"Көне түркі әдебиеті туралы зерттеулер". Классикалық зерттеулер 17-том
Қ.Өмірәлиев
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Ғылыми жинақта қазақ әдебиеті тарихының ежелгі дәуірін зерттеген Қ.Өмірәлиев, Н.Келімбетов, А.Егеубаев сынды ғалымдардың зерттеу еңбектері топтастырылды. Зерттеушілердің түркі әдебиетіне қатысты ХХ ғасырдың 80-90 жылдарда жазылған ғылыми жұмыстарында ежелгі әдеби мұралардың генезисі, даму, таралу...
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
КЛАССИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР
17-ТОМ
КӨНЕ ТҮРКІ ӘДЕБИЕТІ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕР
«Ғылыми қазына» мақсатты бағдарламасы
Фольклортану, әдебиеттану және өнертану секциясының мүшелері:
Қалижанов У.Қ. (төраға), Әлібекұлы А. (төрағаның орынбасары), Қалиева А.Қ. (жауапты хатшы), Ананьева С.В., Әзібаева Б.У., Әлбеков Т., Елеукенов Ш.Р., Ерғалиева Р.Ә., Күзембай С.Ә., Қасқабасов С.А., Қирабаев С.С., Қонаев Д.А., Қосанов С.Қ., Қорабай С.С., Мұқан А.О., Ісімақова А.С.
Томды баспаға М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Ғылыми кеңесі ұсынған
Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА-ның мүше-корреспонденті, филология ғылымдарының докторы Қалижанов Уәлихан Қалижанұлы.
Томды құрастырып, баспаға дайындағандар:
С.Қосанов (жауапты редактор), А.Әлібекұлы, (жауапты шығарушы), Б.Тоекина, А.Хаван.
Пікір жазғандар:
Хамраев А. – филология ғылымдарының докторы
Қалиева А. – филология ғылымдарының кандидаты
Ғылыми жинақта қазақ әдебиеті тарихының ежелгі дәуірін зерттеген Қ.Өмірәлиев, Н.Келімбетов, А.Егеубаев сынды ғалымдардың зерттеу еңбектері топтастырылды. Зерттеушілердің түркі әдебиетіне қатысты ХХ ғасырдың 80-90 жылдарда жазылған ғылыми жұмыстарында ежелгі әдеби мұралардың генезисі, даму, таралу аймақтары, сюжеттік-типологиялық және көркемдік ерекшеліктері жеткілікті сараланған. Кітап ЖОО филология факультетінің студенттері мен магистрлеріне, докторанттарына және әдебиеттанушы ғалымдарға арналған.
Алғысөз
Әдебиет тарихы мен мәдениет тарихы – егіз арна. Басқаша айтқанда, бір халықтың ерте дәуірлердегі әдебиетін зерттеу дегеніміз, сол халықтың тарихын, мәдениетін, этнографиясы мен фольклорын кешенді түрде қарастыру барысында ғана толыққанды жүзеге асырылатын ғылыми үдеріс. Әлбетте, бүгінгі күні қазақ әдебиетінің тарихы атты пән осы айтылған күрделі мәселені шешудің ғылыми жолдарын қарастыру бағытында үнемі ізденумен келеді. Кенжелеп дамыған қазақ әдебиеті тарихының өзекті мәселелері аз емес. Кеңес кезеңінде, әсіресе, ұлттық сөз өнері тарихын дәуірлеу бағытында біржақтылық орын алып, ғалымдарымыздың көпшілігі коммунистік идеологияның ықпалынан аса алмады. Дегенмен, ХХ ғасырдың 70-жылдарынан бастап, қазақ әдебиетінің тарихын ежелгі сақ-ғұн замандарынан бастау жөніндегі көзқарастар ішінара қолдау тауып, Ресейде ғана емес, бүкіл түркітану ғылымында бұрыннан зерттеліп, мойындалған Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін ғылыми нысан ретінде қарастыру қолға алынды. Бұл игі жұмысты ең алдымен тілші ғалымдар бастағанымен, кейінірек, қазақ әдебиеттанушылары да батыл кірісіп кетті. Бұл орайда, С.Аманжолов, Ғ.Айдаров, Е.Жампейісов, І.Кеңесбаев, М.Томанов, Ә.Құрышжанов, Б.Кенжебаев, Қ. Өмірәлиев, Х. Сүйіншәлиев, Ә.Ибатов, М.Жолдасбеков, т.с.с. бірқатар қазақ ғалымдарының зерттеу еңбектерін атап өткен жөн. Осы бағыттағы ғылыми жұмыстар А.Қыраубаева, Қ.Сыдиықов, М.Мағауин, Н.Келімбетов, А.Егеубаев сынды зерттеушілердің тың ізденістерімен жалғасты. Алғашқылар негізінен, көне түркі жазба ескерткіштерінің аудармасы, тілі мен стилі туралы жазса, кейінгі ғалымдар сына жазуларынан (ҮІІ-ҮІІІ ғ.ғ.) бөлек Қарахандар кезеңі (Х-ХІІ ғ.ғ.), Алтын Орда мен Қазақ хандығы дәуіріндегі әдеби мұраларды, жыраулар поэзиясын зерттеумен шұғылданды. Соңғы 20-30 жыл ішінде қазақ әдебиеті түр мен мазмұн, жанр мен стиль жөнінен байып жатса, бұл ретте ұлт мәдениетінің алтын қорына қосылған түркілік мұралардың үлесі орасан. Сондай-ақ, сақ-ғұн заманынан үзік-үзік жеткен ерлік дастандарының маңызы да бүгіндері қазақ даласының әр шалғайынан табылып жатқан сақ мәдениетінің үлгілерінен ешбір кем емес. Расында қазір қазақ эпостары мен ежелгі түркілердің арғы ата-тегі саналатын сақтардың батырлық жырлары арасындағы мазмұн, түр, стиль бірлігі көркемдік дәстүр жалғастығы тұрғысынан ғылыми негізде дәлелденді. Сонау б.з.б. дәуірлерде шығарылған «Алып Ер Тоңға», «Шу» батыр, «Атилла», «Көк бөрі» және «Ергенеқон» дастандары бүгінгі қазақ әдебиетінің қайнар-бастаулары болып табылады. Аталған қаһармандық дастандар өзінен кейінгі тарихи кезеңдердегі «Түрік қағандығы тұсындағы (VІІІ ғ.) әдеби жәдігерлердің («Күлтегін», «Тоныкөк», «Білге қаған» жырлары) жазылуына өнеге-өрнек, негіз болуы да мүмкін. Жартылай көшпелі түрік халықтарының Ортағасырлық жазба әдебиеті де өзінен бұрынғы сақтар мен ғұндардың ауыз әдебиеті үлгілерімен тарихи-типологиялық байланыста, дәстүр жолымен үндестікте көрініс тапты. Түркі қағанаты дәуірінде туған ерлік пен елдік эпостарының қатарында «Оғыз қаған», «Қорқыт ата кітаптарын» атаймыз. "Оғыз қаған" дастанын зерттеуде бірқатар Еуропа, Түркия ғалымдары көп тер төкті. "Оғыз қаған" дастанының ұйғыр әрпімен жазылып, Париж ұлттық кітапханасында сақталып келген нұсқасын тілдік тұрғыдан зерттеп, оған ғылыми түсініктеме берген ғалым – көрнекті түркітанушы А.М.Щербак болатын. Ол "Оғыз қаған" дастанының мәтініне транскрипция жасады және оны орыс тіліне жолма-жол аударып, маңызды қызмет атқарды. Сондай-ақ, бұрындары ғылыми еңбектері бізге беймәлім Н.Атсыз, Н.Банарлы, Ф.Көпрүлузаде, Б.Аталай, Б.Рифат сияқты түрік ғалымдарының оғыз-қыпшақ дәуірінен жеткен дастандар жайындағы толымды зерттеулері қолымызға тиді. «Оғыз қаған», «Қорқыт ата» дастандары мен қазақтың батырлық жырлары арасындағы типологиялық, әдеби және фольклорлық байланыстың ғылыми аспектілерін зерттеуге Ә.Дербісәлин, М.Жармұхамедұлы, Ш. Ыбыраев, Ө.Күмісбаев сияқты қазақ ғалымдары да атсалысты. Сонымен бірге, ағылшын, неміс, француз және орыс зерттеушілері де түркітану саласында үлкен жетістіктерге жеткені мәлім. Ал, бұдан кейінгі Қарахан мемлекеті тұсындағы түркі халықтарының қоғамдық-мәдени даму тарихындағы алтын белесті Қайта өркендеу дәуірі деп атаса да болады. Түркілердің атағын әлемге танытқан Әбу Наср әл-Фараби, Әбу Райхан әл-Бируни, Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұни, Ахмет Йүгінеки, Қожа Ахмет Йасауи, Сүлеймен Бақырғани, т.б. ойшылдар осы Қайта өркендеу дәуірінде ғұмыр кешіп, соңдарына өлмес мұра, өшпес даңқын қалдырды. Олар өздерінің ғылыми және көркем туындыларында гуманистік идеяларды, адамгершілік пен қайырымдылықты, т.б. ізгі қасиеттерді ту етіп, діл мен дінді тазалыққа үндеді, өнер мен ғылымда тың жаңалықтар ашып, рухани дүниені жаңа биіктерге көтерді. Атап айтқанда, әл-Фарабидің «Риторика», «Поэзия өнері туралы», ибн-Синаның «Даныш-намесі» («Білім кітабы»), әл-Бирунидің «Хикметтері» («Даналық сөздері»), Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» («Түркі сөздерінің жинағы»), Баласағұнидің «Құтты білігі», Иасауидің «Диуани хикметі» («Ақыл кітабы»), Бақырғанидың «Бақырғани кітабы», т.б. осыған толық дәлел. Түркітану тарихына көз жүгірткенде, бұл саладағы ең бір қызықты әрі қиын «сына жазулары» болғандығы мәлім. Орхон, Енисей, Селенгі өзендері бойынан табылған көне түркі жазба ескерткіштерінің мәтінін ғалымдар көпке шейін тани алмады. Соған орай, жазулардың мазмұны да ғылыми қауымға жұмбақ болып келді. Көп ұзамай Еуропа түркологтарының тынымсыз еңбегі өз нәтижесін берді. Яғни, 1893 жылы қарашаның 25-і күні Дания Корольдік Ғылым академиясының мәжілісінде Вильгельм Томсен (1842-1927) тосын сый жасап, дүниені таң қалдырған ғылыми мәлімдеме жасады. Ғалым Орхон және Енисей өзендері бойынан табылған сына жазулардың құпиясын ашқандығын хабарлады. Профессор бұл ескерткіштердің ертедегі түркі халықтарының тілінде жазылғанын мәлімдеді. Шынында, оның ең алдымен оқығаны «тәңірі» және «түрік» деген сөздер еді. Зерттеуші аталған сөздердің мәтінде жиі қайталанатынына назар аударып, соның нәтижесінде біраз әріптердің таңбалану жүйесін дұрыс айқындай алған. Жазба ескерткіштің дыбыстық жүйесінде байқалған сингармонизм құбылысы да мәтінді оқуды біршама жеңілдеткенге ұқсайды. Ресейде қызмет атқарған неміс ғалымы академик В.В.Радлов та өз бетінше ізденіп сына жазуларының он беске жуық әрпін анықтаған болатын. Арадан аз уақыт өткенде В.В.Радлов Орхон өзені бойынан табылған үлкен тастардағы мәтінді оқып, ескерткіштің толық тәржімесін жасады. Бұдан бұрын ғылым әлемінде қауымға белгісіз болып келген көне түркі жазба жәдігерліктерінің («Күлтегін», «Тоныкөк», «Білге қаған» жырлары) мәтінін оқу, зерттеу және басқа тілдерге тәржіма жасау ісіне кезінде В.В.Томсен, В.В.Радлов, Ю.Немет, Х.Н.Оркун, С.Е.Малов, И.В.Стеблева, Ғ. Айдаров, А. Аманжолов сияқты ғалымдар мол үлес қосты. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары М. Жолдасбеков, Қ. Сартқожа, Б. Орынбай т.б. тіл, әдебиет зерттеушілерінің тың еңбектері түркітануға соны серпін бергендей. Рас, «Күлтегін» сияқты көне түркі жазба жәдігерлерінің жанрлық ерекшеліктері жөнінде соңғы уақыттарға шейін түрлі қарама-қайшы пікір-көзқарастар орын алып келеді. Кейбір зерттеушілер Күлтегін немесе Тоныкөк ескерткіштері жалпы әдебиетке, соның ішінде поэзияға ешбір қатысы жоқ, Түрік кағанатының дәлме-дәл жазылған тарихы деп қарады. Екіншілері сына жазулы жәдігерлерді поэзиялық шығармаларға тән барлық белгілері бар, ежелгі түркілердің өзіндік әдеби дәстүріне негізделген көркем туынды деп таныды. Мұндай ғылыми көзқарастардың алуандығы көп жылдар бойы түркітанушылар (әдебиетшілер, тілшілер, тарихшылар т.б. ) арасындағы пікірталасты өрістете түсті. Мысалы, М. Жолдасбековтің пікірінше, Күлтегін және Тоныкөк ескерткіштері поэзиялық туынды болса, Қ. Өмірәлиевтің зерттеулерінде олардың прозалық шығарма, арысы, ауызекі тілде жазылған эпитафия үлгілері ретінде қарастырылған. М.Әуезов Орхон ескерткіштерін поэзия, ерлік жыры деп алғаш бағалаған болатын. Академик-жазушы руна жазуындағы ескерткіштердің мазмұны мен сипаты туралы айта келіп, былай деген-ді: «Олардың мазмұнында эпостық баяңдау сазы басым, аңыздың көркемдік түрі де соған орайлас. Күлтегін, Тоныкөк немесе Суджа жазуларында қанша адам, қанша ерлік бейнеленген десеңізші?! Оларда әр алуан рулар мен тайпалардың кескілескен шайқастарының, соғыс суреттерінің, батырлар ерлігінің, жорықтардың шежіресі бар. Тіпті сол жазулардың бір талайында Күлтегіннің ежелгі жырларындағыдай жеңілуді білмейтін батыр болғандығы баяндалады. Ол жазуларда хронологиялық тәртіп те бар. Күлтегіннің он алты жастан қырық жеті жасына дейін, яғни өлгенге дейінгі өміріндегі ерлік қимылдары баян етіледі. Мұнда батырдың жас жағынан бастап, өмірінің ақырына дейінгі ерліктерін жырлайтын батырлық дастандардың сюжеттік құрылысында ұқсастық бар» (Әуезов М. 12 томдық шығ. жин., 11-том, 1968,136). Қалай дегенмен, М. Әуезов сол уақыттың өзінде ежелгі әдебиет пен кейінгі кезең поэзиясының арасындағы стиль жағынан назар аударуға тұрарлық кейбір мәселелер хақында ойлы тұжырымдар жазғанын көреміз. Соңыра батырлық жырлардағы ортақ сарындар мен құбылыстардың табиғаты жайында белгілі фолклортанушы Ш.ЬІбыраев былай деп жазады: "Қаһармандық эпос өзіне дейінгі көне эпостың бай эпикалық тәжірибесін, жалпы ауыз әдебиетінің ең көркем тәсілдерін, жеткен биігін өз бойына сіңіру арқылы қалыптасты. Қоғамның дамуына байланысты ежелгі адамдардың дүниетанымында, көзқарасында үлкен өзгерістер болды. Мифтік сананың орнына өмірдегі құбылыстарды, табиғат дүниесін өз қалпында ұғыну, тарихи ойлау жүйесі қалыптасты. Бұрынғы жекелеген рулар мен тайпалар халық болып құрала бастады. Күн көру кәсібі мал немесе егін шаруашылығына негізделеді. Алайда бұл өзгерістердің барлығы да оп-оңай іске аса қойған жоқ, ұзақ тарихи даму кезендерді бастан өткерді. Қоғамдағы, адамдар өміріндегі өзгерістер эпостық шығармаларға да жаңа талаптар қоя бастады. Олар елдің еркіндігі, халықтың мүддесі мен бірлігі үшін жүргізілген күресті жаңа дәуірдің түсінігіне лайықты бейнелеуге тиіс болды». (Ыбыраев Ш. Эпос әлемі. – Алматы, 1993, 75-б.). Кезінде М.Жолдасбековтің көне түркі жазба ескерткіштерінің қазақ эпостарымен сабақтастығын салыстыра сөз етіп, әдебиетімізде алғаш арнайы зерттеу нысанына айналдырғаны белгілі. Осы тектес ғылыми көзқарастардың орын алуының өзі түркітану ғылымына деген қызығушылықтың бар екендігін, ежелгі дәуір әдебиеті тарихын зерттеу аз да болса ілгері даму үстінде екендігін аңғартса керек. Әділін айтқанда, бұл саланың өркендйтін, өсетін дәуірі енді ғана туды десек, қателеспейміз. Бұл орайда, түркітануға көп еңбек сіңірген аға буын ғалымдарымыздың зерттеулерін қайталай оқып, олардың маңызды саналатын негізгі зерттеулері мен монографиялық жұмыстарын насихаттау жарыққа шығару – ұлттық әдебиеттанудың келелі міндеттерінің бірі. Ежелгі дәуір әдеби мұраларын зерттеу барысында белгілі әдебиеттанушы Н.Келімбетов көп еңбек сіңірді. Ол талантты жазушы әрі тәжірейбелі ғалым болатын. Филология ғылымдарының докторы, профессор ретінде жоғарғы оқу орындарында қазақ әдебиетінің тарихы, түркітану пәндері бойынша ұстаздық етумен бірге Н.Келімбетов аталған салаларда салмақты зерттеулер жазып, соңына өлмес мұра қалдырған сарабдал ғалымдарымыздың бірі. Зерттеушінің қаламынан туған көптеген ғылыми еңбектері мен оқулықтары терең пайымдауларымен және бай дереккөздерімен ерекшеленеді. Содан болар, ғалым-ұстаздың арнайы жазылған оқулықтары ғана емес, жекелеген ғылыми монографиялары да ҚР ЖОО филология факультеттерінің студенттері мен магистранттары үшін негізгі оқу құралдарының қатарында қолданылып келеді. Н.Келімбетовтың алғашқы зерттеу еңбектерінің бірі «Шәді ақын» (1974) кітабы да бұл күндері сирек басылымдардың біріне айналды. Ғалым әсіресе, ұлттық әдебиеттануда кештеу қолға алынған түркітану бағытында зерделі зерттеулерімен танылып, елеулі табыстарға жеткендігі мәлім. Атап айтқанда, «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» (1986), «Шығыстың классикалық поэзиясы және қазақ әдебиеті» (1989), «Ежелгі дәуір әдебиеті» (1991), «Түркі халықтары әдебиеті» (1986), «Қазақ әдебиеті бастаулары» (1998), «Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы» (1998), «Көркемдік дәстүр жалғастығы» (2000) т.б. Бұл аталған еңбектерде қазақ халқының арғы замандардағы ата-бабалары саналатын сақтар мен ғұндардың жауынгерлік жорықтары жайындағы жыр-дастандары кейінгі дәуірлерде қазақ топырағында туған эпикалық мұраларымызбен салыстыра талдау нәтижесінде әдебиетіміздің тарихи даму аспектілері, поэтика заңдылықтары, сондай-ақ дәстүр жалғастығы мәселелері жан-жақты талданып көрсетілген. Автор көне түркі әдеби жәдігерліктері қазақтың ұлттық сөз өнерінің түп-төркіні екендігін, оған қоса, заманауи әдеби үдерістер барысында көрініс тапқан көптеген тарихи-типологиялық һәм жанрлық, стильдік құбылулар орын алғандығын арнайы мысалдар арқылы дәлелдейді. Сонымен қатар, қазақ әдебиетіндегі көркемдік дәстүр жалғастығын эстетикалық фактор ретінде айқындай отырып, автор бұл құбылысты көне түркі поэзиясының контексінде нақтылай қарастырады. Еңбектерде түрлі тарихи кезеңдерде туындаған ежелгі түркі әдеби жәдігерліктерін өзара типологиялық салыстыру арқылы түркі поэзиясының мазмұн, форма, композиция, стиль, поэтика жақтарынан сатылы түрде үнемі жетіліп отырғандығын орынды пайымдайды. Тағы бір атап айтатын нәрсе, зерттеуші ислам дәуірі әдебиетінің гуманистік, философиялық және моральдік-эстетикалық ой-көзқарастарының әсері қазақ жыраулары поэзиясында белгілі бір дәрежеде көрініс тапқанын да талдап, таразылай алғандығын көреміз. Ғалымның пайымдауынша, көркемдік дәрежесі мейлінше жоғары, шешендік сөздері мол, көріктеу құралдары айшықты болып келетін "Күлтегін" және "Тоныкөк" сияқты ғажайып дастандардың ғайыптан, өзінен-өзі өмірге келуі мүмкін емес. Демек, бұл дастандарды жазған Йоллығтегін өзінен бұрынғы түркі поэзиясының көркем сөз дәстүрін жақсы меңгерген ақын. Басқаша айтқанда, Йоллығтегін сақтар мен ғұндар дәуірінің "Алып Ер Тоңға", "Оғыз қаған", "Аттила", "Шу", "Көкбөрі", "Ергенекон" сияқты дастандарды үлгі тұтқан. Бұл жайтты, әсіресе, осы екі дәуір дастандары арасындағы бірқатар көркемдік ұқсастықтардан аңғаруға болады. Ғұндар дәуірінің ауыз әдебиетінде қолданылған көріктеу құралдары, қанатты сөздер, мақал-мәтелдер кейде Орхон жазба ескерткіштерінде де қайталанып отырады. Тек бұл ғана емес, сонау ескі замандарда (ҮІІ-VІІІ ғ.ғ.) ел билеген Елтеріс, Білге қағандардың кеңесшісі – Тоныкөктің тарихи-әдеби образы арада сан ғасыр өткенде қазақ ханы Абылайдың ақылгөй биі болған Бұқар жырау (XVІІІ ғасыр) бейнесінде көрініс беруі көптеген сауалдардың нақты жауабы сияқты. Олай болса, Күлтегін ескерткіші де тарихи жылнамалық айғақ болуымен қатар, көп заман азаттығын аңсаған түркі халықтарының бақытқа кенелтетін келешек өмір жайындағы мақсат-мүддесін, арман-қиялын, тәуелсіздік үшін ғасырлар бойы жүргізіп келген ерлік күресі мен, сол қанды майдандарда қол бастаған ең атақты ерлерін жыр еткен батырлық эпосының ілкі үлгілері деп бағалау ақиқатқа бір табан жақын. «Міне, осы тұрғыдан қарағанда тайпа-ұлыстық дәуірде өмірге келген "Алпамыс батыр", "Қамбар батыр", "Қобыланды батыр" және "Шора батыр" сияқты қазақ эпостарының да "Күлтегін" жыры секілді тарихи негіздері бар болуы ықтимал», – дейтін зерттеуші пікірі осы ақиқатты дәлелдеуге ұмтылуымен бағалы. Әрине, «ғылымда даңғыл жол жоқ» демекші, бұл Н. Келімбетовтің пікірлерін бас шұлғып, қоштай беруге де болмас, әйтседе, қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірлерін кешенді зерттеуде өзіндік сара жолы бар ғалымның көптеген ой-тұжырымдары жас буын түркітанушыларға бағыт-бағдар беруде таптырмас «үстел кітабына» айналуы күмән туғызбайды. Қазақ түркітану ғылымында елеулі із қалдырған санаулы да саналы зерттеушілердің бірі – тілтанушы-ғалым Қ. Өмірәлиев. Ұзақ жылдар бойы Қазақстан Республикасы ҰҒА Тіл білімі институтының түркітану және тіл тарихы бөлімінде аға ғылыми қызметкер болып еңбек еткен дарынды ғалымның соңында көптеген құнды мұрасы қалды. Атап айтқанда, «ХV –ХІХ ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі» (1976) және «Қазақ поэзиясының жанры мен стилі» (1983) атты монографияларында зерттеуші Қазақ хандығы дәуіріндегі жыраулық поэзия үлгілерін жан-жақты қарастыра отырып, ғылыми тұрғыдан жүйелі әрі қисынды қорытындылар жасай алған. Оның ғылыми қауым тарапынан нәижелі еңбек ретінде жылы қабылданған бұл кітаптарында жыраулар поэзиясының тілімен қатар, қазақ әдеби тілінің тарихы, мәтінтану, этимология, тілдік норма, сондай-ақ қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың әдістемелік мәселелері тұтастай қамтылды. Бұдан соң іле-шала жылы жарық көрген «VІІІ-XІІ ғғ. көне түркі әдеби ескерткіштері» атты ғылыми еңбегінде (1985) ол көне дәуірлердегі жазба әдеби ескерткіштерді тарихи-салыстырылмалы негізде талдай келе, қадім заман жәдігерлерін қазіргі қазақ әдебиетінің бастау-көздері ретінде қарастырады. Өзі өмірден өткеннен кейін де Қ. Өмірәлиевтің «Оғуз Қаған» эпосының тілі», «Дулат Бабатайұлы. Замана сазы», «Абай афоризмі» атты бұрын жарияланбаған ғылыми жұмыстары баспа бетін көрді. Зерделі ғалым көне оғыз эпосын зерттеумен бірге оның мәтіндерін көне түркі тілінен аударып шықты. Ал, оның Дулат пен Абай поэзиясын әдеби және тілдік жақтарынан жеріне жеткізе талдаған еңбектері де қазақ филологиясына қосылған соны да сүбелі зерттеулердің қатарынан орын алары анық. Тарих, этнография, тіл мен әдебиет пәндерін үйлестіре жүргізген жүйелі зерттеулерінде ғалым өткен замандағы түркі-қазақ жазба ескерткіштері мен ауыз әдебиеті туындыларының ұлтымыздың мәдени өміріндегі маңызды рөлін жан-жақты ашып көрсеткен. Қ. Өмірәлиев ежелгі дәуірдегі Атилла, Оғыз қаған туралы еңбектерінен басқа көне түркі, Қарахандар дәуірінің ескерткіштерін зерттеуге де біраз ден қойды. Еңбектерін оқи отырып, зерттеушінің ойлы да өткір пікірлері әлі де маңызды, әлі де күн тәртібінде тұрған мәселелер екендігін аңғарамыз. Ол – кейбір ғалымдар секілді ілгеріде айтылған «беделді» пікірлерге басын шұлғи бермейтін өзіндік ғылыми ұстаным иесі. Мәселен, оның белгілі түркітанушы И.В.Стеблеваның «Орхон-Енисей ескерткіштерін» поэзиялық туындыға жатқызған қисынды пікірлеріне қайырған ғылыми уәждері мен тұжырымдары да көкейге қонарлық. «Сөз жоқ, орхон-енисей жазбалары – бұл күнде тарихы белгілі ең көне сөз үлгілері. Бірақ бұл ескерткіштер ҮІ-ҮІІІ ғасырдағы түркі халқының фольклорлық әдебиетінің, нақтырақ айтқанда, ауызша поэзиясының сипаты қандай болды деген сұраққа бірден жауап бере алмайды. Өйткені бұл жазулар – өлең өлшемінде туған поэзиялық туындылар емес», - деп кесімді пікір білдірген зерттеушінің де өз қисыны бар. Ғалымның пайымдауынша, ... Тарихы белгілі сөз үлгілері тарихы белгілі әдебиеттің ғана басы болып табылады. Сондықтан да Ү-ҮІІІ ғасырға тән сөз үлгілері – түркі тектес халықтардың сөз мәдениетінің шартты түрде ғана «басы» болып естептелмек. Ал Ү-ҮІІІ ғасырдан ары, айталық, І ғасырға тән тұтас сөз үлгілері (жазба ескерткіш) табыла қалған кезде, бұл ҮІІІ ғасырдағы сөз үлгілері түркі тектес халықтардың сөз мәдениетінің басы болудан қалып қояды. Ол кезде түркі халықтарының сөз мәдениеті жайлы ой барысы қазіргідей ҮІ-ҮІІІ ғасырдан басталмай, І ғасырдан басталатын болады. Яғни, ауызекі тілге тән стильден алшақ емес сөз үлгісін поэзия деп тану – «түркі халықтары ҮІІІ ғасырда ауызекі тіл стилі мен поэтикалық стилі бөлінбеген, поэзиялық стильдің элементтері ғана жасала бастаған сөз үлгісінде ие болды» деген қате түсінікке ұрындырады. ҮІІІ ғасырда түркі тайпаларында бір қалыпқа түскен ауызша поэзия болмады деген пікір туғызады. «Шынында да солай ма?» - деп өзіне де өзге түркітанушыларға да сауал қойған ғалым одан арғы ой-пікірлерін былайша сабақтайды: «Жоқ, ҮІІІ ғасырдан ескерткіштерді поэзия деп тану – түркі халықтарының сол тұстағы және оған дейінгі поэзиясын жоғалту және оның анық сипаты турасында ғылымда жасалар танымдардың алдын кесу болып табылар еді». Расында, ойлап қарасақ, түркілердің поэзиясы соншалықты қарабайыр болды, оларда бұлардан басқа өлең түрлері, жанр, стиль болмады деудің өзі көшпелі мәдениеттін ең жоғары деңгейіне жеткен ата-бабаларымыздың рухани кеңістігін, Тәңірінің өзімен тілдескен, қиялдары көкте жүзген ғажайып поэтикалық әлемін тым тарылтып жіберер асығыс тұжырымға жетелейтін сияқты. Демек, бұл бағытта тағы айналып соғатын, әлі ойланып жауап беретіндей күрмеулі мәселелер жетерлік.
Қ.Өмірәлиевтің ежелгі түркі жәдігерлерінің маңызы жайында да бағалы ой-тұжырымдар айтқан. Мәселен, «Сайып келгенде, түркі халықтарының ҮІ-ҮІІІ ғасырлардағы мұраларының табылуы, осы ғасырларға тән жазба әдебиеттің табылуы – түркі халықтары үшін «Ертедегі Греция дәуірі» іспетті мәнге ие болды», – деген зерттеушінің қорытынды пікіріне еріксіз ден қоясыз.
Ал, мына бір тұжырымдары ғалымның өткір ой иесі ғана емес, ескілікті ұлттық мұраларымыздың шын жанашыры екендігін дәлелдейді: «Бірақ қазақ филологиясы мен тарихы соңғы кезге дейін асыл мұраны таныта алмай келеді. Ал егер осы «Құтадғу біліг» жан-жақты талданылып, ондағы тілдік, әдебиеттік, тарихтық, педагогикалық, философиялық, этнографиялық материалдар бүгінгі ұрпақтың игілігіне шын мәнінде айналған болса, онда қазақ халқының өзге түркі халықтарымен ортақ «ХІ-ХІІ ғасырдағы мәдени тарихы» басқаша сипатталар еді де, бұл дәуір қазақ халқының өз «Ояну дәуірі», «Ағарту дәуірі» сияқты мәнге ие болар еді. Әсіресе, Юсуф Баласағұнидің шығармасының тарихи мәні оны жазба әдебиет қазынасы тудырған сол кездегі халықтармен салыстырғанда арта түседі. Мұраның баға жетпес құндылығына көз жеткізеді».
Көрнекті түркітанушының жанайғайын әдебиеттанушы, тілші ғалымдардың санаулылары ғана есітті, сол санаулы саналыларымыздың бірі – белгілі ақын әрі әдебиет зерттеушісі А. Егеубаев еді.
Көрнекті қазақ ақыны Асқар Егеубаевтың ғылымға келуі кездейсоқ емес. Ол сонау өткен ғасырдың 70-жылдарында-ақ әдебиет сыншысы ретінде таныла бастаған-ды. Талғампаз қазақ өлеңіне «Қыран Ғұмыр», «Өліара», «Ойлан қазақ», «Желтоқсан», «Аламан» сынды біршоғыр таңдаулы поэмаларымен елеулі үлес қосқан ақын аудармамен де үздіксіз айналысты. Әсіресе, оны көне түркі әдебиетінің інжу-маржандарын тамылжыта тәржімелеуі қаламгердің шығармашылық өміріндегі күрделі бетбұрыс қана емес, XX ғасырдағы қазақ руханияты тарихындағы айта қаларлықтай соны құбылыс еді. Тіпті, Асқардың осы қадамы әдебиетіміздегі ілкі тегіне тартқан жаңғыру мен жаңарудың басы болды десек, артық айтқандық емес. Болашақ түркітанушы ежелгі түркі поэзиясының алып шынары – «Құтадғу білік» поэмасын аудара бастағанда небәрі жиырма бес (1976 ж.) жаста екен. Аталған зор еңбекті Асқар он жылдай аударып, оны 1986 жылы «Жазушы» баспасынан жарыққа шығарды. Көлемі 600 беттен асатын, жалпы саны 6645 бәйіттен тұратын теңдесіз түркі мұрасы – «Құтты білік» тұңғыш рет қазақша сөйледі. Ұлттық құндылықтар ұмыт болып, Кеңестік жаттанды өсиеттерге құрылған қоғамдағы рухани дүниеміз дүмшеленіп, азғындаған тоқырау кезеңінде жас жігіттің ақындық желігін жеңіп, түрікшілдік, елшілдік идеясына елігуі, сөз жоқ, Асқардың адами болмысы мен ақыл-парасатының биіктігін аңғартады. Әйтпесе, түркі қағанатының биік тұрпатты, тұғырлы да тұлғалы кең тынысты эпикалық сипаттағы астары мол айтулы мұрасы «Құтты білікті» қазақша сөйлетуге небір мықтылардың жүрегі дауаламаған. Ақын болудан гөрі азамат болудың жолы ауыр. Бұл ретте Асекең азаматтық танытты. «Құтты білікті» аударып қана қоймай, осынау ұлық поэманы зерттеуге бүкіл саналы ғұмырын арнады. Мәселен, 1989 жылы түркі дастанын Пекиндегі «Ұлттар» баспасынан араб әліпбиінде қайта шығарса, сол жылы «Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» дастаны (XІ ғ.) және оның қазақ әдебиетінің дамуына идеялық көркемдік ықпалы (дәстүр, поэтика және аударма мәселелері)» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. 1998 жылы «Ана тілі» баспасынан аталған шығарманы жан-жақты зерделеген «Кісілік кітабы» атты ғылыми эссе кітабы жарық көрді. Ал 1999 жылы түркі әдеби мұраларының көкемдік эстетикалық қырларын ашуға арналған «Ежелгі дәуірдегі қазақ әдебиетінің көркемдік жүйесі» атты докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Сондай-ақ, 2005 жылы «Жүсіп Баласағұн: Роман – эссе» («Арда» баспасы) кітабы, 2006 жылы «Құтты білік» дастанының қазақша басылымы қайта қаралған, өңделген түрінде «Өлке» баспасынан жарық көрді. Бұған атағы төрткүл дүниеге мәшһүр Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат-ит-түрік» атты аса көлемді энциклопедиялық сөздігін аударып, 1997-1998 жылдары 3 том етіп шығарғанын, поэтика тарихы туралы 2001 жылы «Құлабыз» ғылыми монографиясын жариялағанын қосыңыз. Түркі әдебиеті мен мәдениетінің аталған қос діңгегі жайындағы ондаған зерттеу мақалалары да осы ширек ғасырда әртүрлі республикалық газет-журналдарда үздіксіз жарияланып жатты. А. Егеубаев 2003 жылдан өмірінің соңына дейін (2006 ж) М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті» бөлімінде меңгеруші, бас ғылыми қызметкер болып істеді. Кейінірек, ғалым ұлы Абайды зерттеуге біржола ден қойып еді. Қайткенмен, оның ғалым ретінде Абайға Жүсіптің «Құтты білігі» арқылы мол дайындықпен келгені еш күмәнсіз. Зерттеушінің әл-Фараби, Ж.Баласағұн, Абай арасындағы рухани үндестікті сөз еткен еңбектері құрғақ дидактика емес, шынайы ғылыми, әдеби-салыстырмалы, поэтикалық және танымдық-фәлсапалық көзқарастар тұрғысынан жазылғаны анық. Тіпті, зерттеушінің кейде өткен дәуір ғұламаларының құнарлы ойға суарылған қанатты сөздері мен адамзат өркениеті туралы терең де мағыналы пікірлерін талдай отырып, кейде өзі де соларға ұқсап қатты тебірене, толғана жазып кететіні бар. Бұл қасиеті, көбінесе, ғалымның ұлттық менталитет, идея, мінез, кісілік тақырыбындағы талдау-пайымдауларынан көзге шалынады. Асқардың отаншыл ойларының төркіні қайда апарып соғатынын мына бір толғамынан табасыз. «Ғаламдық түйсік-сезімге арна тоғыстырған ежелгі түркі жазбаларынан бастап Абай, Шоқан, Әуезовтерге дейінгі рухани таным дүниесінің самаладай құс жолы тарихтың талай тоспаларында әруақтай демеп өтері де күмәнсіз. Күнделікті күйбең тірліктің, іркіс-тіркіс сабылыс пен алқыныстың жаратылысы сол бір жұлдызды жолдың көңіл көзіне іліну, ілінбеуіне байланысты да шығар. Ендігі табынатын пірің де, сүйенетін иең де сол бір үлкен мұратты, қасиетті ұғымдар. Пірсіз пенденің күні – күйкі, көңілі – қараңғы. Әлі де болса баршаға мәлімденіп, тәлімделіп үлгірмеген «Құтадғу білік» – құтты білім – сол асыл арқау, арқалы ағыстың бір шоқтығы... Осыдан он ғасыр бұрын хатқа түскен даналық толғамдар бүгін де солғындамай, еңсе көтеріп, ел болсам деген үміттің отын маздата түскендей». Міне, өз ұлтының шын жанашыры осылай көсілте қалам тербеген-ді. Ғалымның, ақынжанды зерделі зерттеушінің қашанда Абай әлеміне ой жүгіртіп, ұлт көсемімен сырласуына таң қалмайсыз. Ол Баласағұн мен Абай өлеңдерінен кісілік көздерін – ұлтты ұлағатқа тәрбиелейтін ғақлият сөздерін теңіз түбінен інжу іздегендей, үздіксіз тереді. Абайдың түркі ойшылдарының еңбегімен, «Құтты білік» сынды ғажайып дастанның рухани мәйегімен терең таныстығын тамыршыдай дөп басады. «Дүниенің арғы-бергісін ой көзімен салмақтаған Абай ата да құттың кілтін бір түйінге тірейді. Ол – адамның өзі. Ниет-құлқы, білімі, еңбегі, адалдығы... Арсыз, надан, жалқауларға жаны күйген Абай да Баласағұндай тығырықтан жол іздеп, құтты қоғам, ізгілікті қоғам жолын аңсайды. Баласағұн мен Абай арасындағы үндестік тақырыптық, поэтикалық үндестік қана емес, ең бастысы рухани үндестік, танымдық мектеп тұтастығы», – деп қорытады ғалым. Оның ойынша, «Абай дүниетанымы тұтастай Сократ, Фараби, Баласағұндардың заманауи ойларына жетелейді. Фараби, Баласағұн, Абай дүниетанымы мен эстетикалық құнарының күретамыры Сократ, Платон, Цезарь, Аристотель секілді әлемдік алыптардың қиялымен қанаттасып қатар соғатындай» (Түркі әлемінің ұлы мұрасы. // Құтты білік. А., «Өлке», 2006, 25-бет). Ақын-ғалым өз халқының өткені мен бүгінгі тағдыр-талайы, адамдық қалып, қоғамдағы күрделі қайшылықтар жайында да мейлінше терең, мейлінше өткір де өзекжарды пікірлерін әсерлі жеткізеді. «Пенде мен пенденің пендешілігі емес, XXІ ғасырдың табалдырығында таразы басында имандылық пен ұлт, жер тағдыры тербеліп тұрған сәтте, қайдағы бір күйкі тірліктің күйбеңін күйттеп кердеңдегендер мен арғы-бергіні жанымен сезіп, ақылға қондыруға жанталасқандардың арасында қаралы қанды судай тағы да сол надандық тұр. Он алтыншы жылдан да... сексен алтының желтоқсанынан да ... отыз екі ... отыз жетінші жылдардан да күңіренген қалың елдің қыр желкесінен осы надандықтың үңірейген обыр көздері тұнжырайды. Балауса тәуелсіздіктің саумалынан бас айналған күнәсіз масаң заманның бір шалғайында тағы да сол надандықтың, сыпайылап сипап айтсақ, қатып қалған тырысқақ тасмаңдайлықтың даурыққан, қарлыққан үні естіледі» (сонда, 37-бет). Ғалымның көп айтатыны ілкідегі түркі жұртының, бүгінгі қазақ ұлтының ғұмырлық дүниетанымы, мінез-құлқы, эстетикасы – Қанағат, Рахым, Сабыр, Құт, Кісілік т.б. қасиеттері. Ақын өзі зерттеген көне түркі дастанында жарқырай төгілген дүр даналықтың дәнін бүгінгі қазақ баласының кеудесіне егіп, көкірегіне сіңіргісі келеді. Осы мақсатта ұлы Абай мен Баласағұн, Әл-Фараби мен Қашқари сөздеріне салиқалы ой көзімен қарап, салыстыра саралай отырып, салмақты пікір сабақтайды. Бұл орайдағы толғаныстарын «ХХ ғасырдың аласапыранынан арып-ашып шыққан қазақ жұртының қазіргі менталитеті ұлттың әуелден өзіне хас қасиеттерін толық танытады дей алмаспыз. Соңғы бір ғасырға жуық кезең шамасында рухани топан су тасқынына тұншыққан қазақ халқының көш басын қайта түзеуіне дейін, ұлттық менталитетін сауықтыруына дейін ұзақ жылдар керек. Осы жолда шөліркеген ұлттың өзегіне нәр болып тамып, қанын тазартып, жанын жаңғыртатын бір күретамыр – осынау ғасырлар қойнауынан тінін бұзбай жеткен түркі танымы, түрік эстетикасы» деп тұжырымдаған екен. Әлбетте, мұндай тебіреністер тек ел қамын ойлаған есті азаматтың арналы ойын аңдатары күмәнсіз.
Серікбай Қосан,
филология ғылымдарының кандидаты
ӨМІРӘЛИЕВ Қ.
РУХАНИ ҚАЗЫНАЛАРДЫ ТАНЫП-БІЛУДІҢ МӘНІ
Өз тарихы мен әдебиетінің түп-негіздерін зерттеп білу, оның із соқпағы көмескі тартқан тылсым сырларына үңілу, тарих пен мәдениеттің ортақ бастау кезеңдерін табу, сөйтіп өздерінің төл мәдениетінің көне дәуірден бастап бүгінгі күнге жалғасып жатқан біртұтас ортақ тарихын жасау – барлық мәдениетті халықтарға тән дәстүр. Бұл дәстүрдің тым қарапайым түрлері сонау рулық коғамның өзінде-ақ өмірге енсе керек: олар ру шежіресі, сондай-ақ қасиетті жері мен суы туралы талай-талай түрлі аңыздар ойлап тауып, оған әрі өздері сенген, әрі кейінгі ұрпаққа осы өздері туғызған дүниені сенімдерімен қоса мұраға қалдырып отырған. Бірақ олар өздерінің «тарихын» өз аталарының, әрі кетсе аталастарының «тарихынан» ары апара алған емес. Біздің жыл санауымызға дейінгі сонау ІІІ ғасырда болған «Хун державасы» құрамындағы рулар да, бергі ҮІ-ҮІІІ ғасыр түркілері де, ХҮ ғасырдағы түркі рулары да осы жағдайда болған. Тіпті ХҮІІІ ғасырдың қазақтары да осы таным дәрежесінен ұзап кетпеген. Бірақ қалай дегенде де осы «тарихтың» бәрінің негізінде тану мен таныту сияқты ұлы мақсат жататыны ақиқат. Әрине, халықтардың мәдениеті, білімі арта түскен сайын олардың бұл ізденуі мен тануы да күрделене түскен. Мұндай мәдениетті халықтың білімді топтары өз халқының тарихы адамзат тарихының ұлы көшінде қай күйде, қандай дәрежеде болғанын, өзге халықтар тарихымен қатар қойғандағы олардың алатын орнын анықтауға күш салған. Осы іздену мен зерттеудің негізінде келіп өз халқының өткені жайлы ғылым жасаған. Егер адамзат тарихының өткені жайлы осы ғылымға көз салсақ, қазіргі халықтардың деректі тарихының әр мезгілде басталатынына көз жеткізуге болады. Бір халықтың тарихы «Вавилон патшалығы тарихы» немесе «Урарту патшалығы тарихы» т.б. түрінде біздің эрамыздан көп бұрын басталса, қайсыбір халықтың тарихы мына иек астындағы XVІ–XVІІ ғасырдан басталады. Халық тарихының «көнелігінің» бір себебі, көбіне оның арғы ата-бабаларының кезінде материалдық мәдениет жасап, қала-қамалдар салып, жазу ойлап тауып, бұл жазу арқылы жазба әдебиет жасап, және де бұлардың бәрін кейінгі ұрпаққа мұраға қалдыра алуына байланысты болып келеді. Мұның сыртында, өздері мәдениет қазыналарын жасамағанмен, бірақ мәдениетті ортадан оқшау қалмай, олармен тығыз қарым-қатынаста болу фактісінің де зор мәні бар. Айталық, егіншілік кәсіппен айналысқан, өздерінің қажетіне сай түрлі материалдық игіліктер жасаған, әрі ұланғайыр территорияны тұрақты иемденіп, өздерінше билік-басқару институттарын құрған, сөйтіп бағы заманнан бермен қарай осылай тіршілік жасап келе жатқан халықтардың жазба мәдениеті болмағаны себепті өздері туралы дерек қалдыра алмады. Бірақ осындай халықтардың қайсыбірі мәдениеті дамыған көрші өзге бір халықтармен қарым-қатынас жасау негізінде тарихқа мәлім болды. Міне, біздің эрамызға дейінгі ІІІ ғасыр мен біздің эрамыздың І–ІІІ ғасырында тарих аренасына шыққан Хун, Үйсін, Қаңлы қағанаттары осындай халықтардың қатарына жатады. Жазу мәдениеті дамыған көршілес елдер олар жайлы алуан түрлі деректер жинады, ал бұл деректері бертін келе тарих қазынасына айналды. Дерек көздерінің өте күңгірт болғанына қарамай, осы ежелгі Хун, Қаңлы Үйсін бірлестіктерінің тарихы адамзат тарихының сол дәуірлердегі күллі Орталық Азияға, Таяу Шығысқа, Шығыс Европаға қатысты тарихымен берік сабақтасып жатыр. Мұны бергі Түркі, Қарахан, Қыпшақ бірлестіктерінің тарихына да қатысты айтуға болады. Демек бүгінгі қазақ халқының тарихы өзінің бастау көзін сонау Орталық Азияға, Таяу Шығысқа, Шығыс Еуропаға қатысты тарихпен сабақтасып жатқан осы тарихтан, яғни ежелгі Хун, Үйсін, Қаңлы бірлестігі мен ертедегі Түркі қағанаты, Қарахан қағанаты және Қыпшақ бірестігі тарихынан алады. Міне тарихты білудің, көне мәдениетті білудің сөзсіз қажеттігіне және оларды білу, қайта қорыту арқылы ғана бүгінгі мәдениетті жасауға болатынына осы қағиданың гұрғысынан келіп барып мән беру керек. Егер біз өткеннің рухани қазыналарын өз дәуірінің материалдық жағдайларынан бөліп және сол мәдени мұралардың мазмұнын, қызметін жалаң ғана алып қарайтын болсақ, сол сияқты олардың мәні мен маңызын біздің түсінігімізге сәйкес келетіндігі не сәйкес келмейтіндігі тұрғысынан алып қарайтын болсақ, онда біз ол мәдени мұралардың өз кезіндегі тарихи сипаты мен сырын түсінбей кетеміз. Сондықтан да таным мәселесіне баса назар аудару керек. Әрине, оқушыға Ертедегі Түркі қағанаты дәуіріндегі «Күл тегін» немесе т.б. рухани дүниелерді өздерін туғызған қоғамдық жағдайлармен бірлікте ала отырып баяндау және осы сипатты баяндаулар арқылы оларды таныту бар да, ілгерірек кетіп, осы тану мен танытудың қайнар көздерін айту тағы бар. Біз танытудың негізінде жатқан насихаттық, үгіттік мәні бар бір-екі жайға ғана тоқталмақпыз. Айталық, ХІ ғасырдың екінші жартысында Жетісуда (қазіргі Мерке төңірегі) Юсуф Баласағұни сияқты аса талантты ақын әрі философ өмір сүрді. Ол көлемі 13000 жолдан тұратын «Қутадғу біліг» атты атақты дастанын жазды. Бұл даналық дастанда автор «әділет», «дәулет», «ақыл», «қанағат» деген төрт категорияны мәдениентті қоғамның негізгі мәні ретінде ұсынып, жобанмәрттік ілімінің негізін қалады. Бірақ қазақ филологиясы мен тарихы соңғы кезге дейін асыл мұраны таныта алмай келеді. Ал егер осы «Құтадғу біліг» жан-жақты талданылып, ондағы тілдік, әдебиеттік, тарихтық, педагогикалық, философиялық, этнографиялық материалдар бүгінгі ұрпақтың игілігіне шын мәнінде айналған болса, онда қазақ халқының өзге түркі халықтарымен ортақ «ХІ-ХІІ ғасырдағы мәдени тарихы» басқаша сипатталар еді де, бұл дәуір қазақ халқының өз «Ояну дәуірі», «Ағарту дәуірі» сияқты мәнге ие болар еді. Әсіресе, Юсуф Баласағұнидің шығармасының тарихи мәні оны жазба әдебиет қазынасы тудырған сол кездегі халықтармен салыстырғанда арта түседі. Мұраның баға жетпес құндылығына көз жеткізеді. Бірақ, амал не, «Құтадғу біліг» сияқты өте күрделі шығарманың бір кездері тек болғандығын ғана айту – біздің оған иелігімізді, сол асыл қазынаның мұрагері екенімізді толық дәлелдей алмайды. Ол үшін бұл шығарма танылуы, танытылуы керек. Және осы көне заманның мұрасына бастап алып барар ғылыми «көпір» салынуы тиіс. Өйткені біздің өткенімізге қатынасымыз көрсетілмейінше, өткен мен бүгінгінің арасы байланыстырылмайынша, өткен дүниелер бізге өгей күйде қала береді. ҮІІІ ғасырдағы «Күл тегін» есткерткіші – Алтын Тас кітап зерттелгенге дейін ғылымда бұл Ү-ҮІІІ ғасыр аралығын қамтитын «Ертедегі Түркі қағанаты» деген дәуір, тіпті бұл дәуір жайлы анық ұғым да, түсінік те жоқ болатын. Ал бергі ХҮІІІ –ХІХ ғасыр қазақтарына келсек, олар өздерін бір шежіреде «Мухаммед пайғамбардың сахабасынан» шығарса, енді бір шежіреде тарих басын Шыңғысхан дәуіріне әкеп тіреді. Сырт көзге ХҮІІІ ғасыр қазақтары жазуы, жазба әдебиеті, ғылымы т.б. жоқ қыр тағысы боп көрінді. Капиталистік елдердің Шығысты зерттейтін ғалымдары бұл өлкені баяғыдан тағы, мәдени дүниеден шалғай жатқан мекен деп есептеді. «Күл тегін» және т.б. ескерткіштер табылып, олар сөйлеп беріп еді – түркі халықтарының сонау ҮІ-ҮІІІ ғасыры табылды. «Түркі әдебиеті ескерткіштері», «Ертедегі түркі әдебиеті», «Ертедегі Түркі әдеби тілі», «Ертедегі Түркі тілі» деген ұғымдар туды. Сайып келгенде, түркі халықтарының ҮІ-ҮІІІ ғасырларының табылуы, осы ғасырларға тән жазба әдебиеттің табылуы – түркі халықтары үшін «Ертедегі Греция дәуірі» іспетті мәнге ие болды. Ал ҮІІІ ғасыр түркілері осы дүниелерді өздері жасады. Ал егер тереңірек көз жіберетін болсақ, бұл жазба әдебиеттің тасасында алфавит жасау сияқты аса зор мәдени, тарихи құбылыс жатыр. Ертедегі Түркі қағанаты алфавитті, жазуды ойлап табу арқылы мәдениеттің өте елеулі, айырықша түрі жазу мәдениетінің таралу ареалын Орта Азиядан Орхон өзені бойына дейін жеткізді, сөйтіп бұл екі аралықты жазудың мәдени ошағына айналдырды. Түркілердің көне заманының куәгері «Күл тегін» ескерткіші – ұзақ ғасырлық мәдени тарихтың жемісі. Онда Ертедегі Түркілердің тұтас тарихы жатыр, онда Ертедегі Түркілердің таным-түсінігі, мінез-құлқы сана-сезімі, ой-өрісі, мұң-шері, аңсаған арман-мұраты өрлік пен ерлік үні – баршасы көрініс берген; оны Ертедегі Түркілердің тарихи шындықты тануы, өткен тарихын, өз заманын, өздерін қалай тануы, өздерінің қоршаған ортасын қалай, қай дәрежеде танығаны анық көрініп тұр. Осыдан 1250 жыл бұрын Орхон бойына қойылған осы бір тас кітап («бітіг таш») түркі халықтарының тарих сахнасына шығуы мен өзін танытуының, өзгелерге осы танымды мойындатуының тарихи куәсі іспетті қызмет атқарып тұр.
* * * Ежелгі Хундар сияқты Ертедегі Түркілер де тарих сахнасына зор күрес жүргізу арқылы шықты. Осы күрес кезінде олар бірде жеңіп, бірде жеңіліп отырды. Өркендеген, күшейген тұстарында шапқыншылық жорықтар жасап, көктемгі өзен суындай аяғын кеңге көсіді. Кейде өздері өзге бір жұртқа барып сіңісіп кетсе, кейде қайсы бір жұртты өздеріне бағынышты етті. Сөйтіп Ежелгі Хун мен Ертедегі Түркілер1 шығысы – Ордос, батысы – Дунай, оңтүстігі – Мысыр аралығындағы тарихын Азия мен Европаның көптеген халықтарының тарихымен ортақтастырды, біріктірді.
Осы Ертедегі Түркілердің бір бұтағы – қазіргі қазақ халқы.
Әрбір халық өз тарихнамасының маңызды беттерін, өзінің өткенінің мән-мағынасын құрайтын, өткен деген тарихты жасайтын барша асыл қазыналарын бүгінгі күнінің игілігіне айналдыру арқылы ғана қазіргі жасап жатқан рухани дүниелерінің сыр-сипатын кеңінен таныта алады. Демек, қазақ халқы да өзінің сонау арғы дәуірлерден бермен қарай жасалып келген бай қазыналарын, мол мұрасын бүгінгі күннің әдебиетімен, өнерімен, мәдениетімен ұластырғанда ғана, өзге көп ұлтты халықтармен бірлесе отырып бүгінгі социалистік мәдениетке өзіндік қолтаңбасын қалдыра алады.
ІІ. ДӘУІР. XАЛЫҚ. МӘДЕНИЕТ
Адамзат қоғамының даму заңдылықтарынан хабары жоқ кісіге «осыдан мың жарым жыл, екі жарым мың, бұрын жеке-жеке рулар өзара одаққа бірікті» деген сөз жай бір ертегі әңгіме сияқты қабылданбақ. Ал шындап келгенде, өз алдына бөлек-бөлек жүрген рулардың бірігіп, бір одақ құруы адамзат тарихында аса зор шешуші рөл атқарды. Рулардың одақ болуы негізінде қауымды басқарудың жаңа бір ұйымдары туды, олармен бірге қоғамдық жаңа праволар, жаңа билік ережелері, т.б. категориялар туды. Қауым мүшелері жаңа бір қоғамдық тәртіп билігіне түсу арқылы мәдениетке қарай тағы да бір адым ілгеріледі, жаңа бір артықша қоғамдық сана туды. Міне, осы бір замана заңдылығы Түркі қағанатына, яғни Ертедегі Түркі мемлекетіне де тән еді.
ТҮРКІ ҚАҒАНАТЫНЫҢ ТАРИХИ АРЕНАҒА ШЫҒУЫ
Ежелгі Хун Ордасы біздің жыл санауымыздың І ғасырынды құлады да, оған ұйытқы болған туыстас тайпалардың бір бөлегі Орта Азияға, Еділ сыртына кетті де, бір бөлегі Қиыр Шығысқа ауып, жат жұрттың қолына қарады. Енді бір бөлегі Алтай тауында қалып, әуелі сянбиердің, кейін жужандардың билігінде өте елеусіз күйде 400 жылдай өмір кешті. Ұлы Хун Ордасының алтын тірегі болған халық өзінің мемлекекетін, еркін жоғалтты. Тек халықтың қастерлеп, қадірлеп ұстаған, жоғалтпаған бір-ақ нәрсесі болды. Ол «Хун державасы» дәуірі берген сергек сана, тіршілік етуге қабілеттілік еді.
Өзінен сан жағынан әлдеқайда көп, мал-мүлкі мол бөтен жұртқа тәуелді жағдайдағы өмір хун ұрпақтарын Алтай тауының бір тар аңғарлы алқабына («Ергене қон» деген жерге) апарып, ежелгі түркі тілімен айтқанда, йатын (жатын, жатақ) түрде тіршілік етуге мәжбүр етті. Бір кездері ат үстінде өмір сүрген халық жаяудың кәсібіне көніп, егінші халыққа айналды, қолөнермен айналысты. Жужан ханына «салық орнына темір өндіріп беретін»2 ханның «темір балқытқыш» ұста халқына3 айналды.
Міне, осы кәсіп өздерінің байырғы арғы аталары хундардан мүлде бөлек жаңа халықты туғызды. Бұл халық егінші және темірші халық болғандықтан, тек байырғы руластық ыңғаймен ғана емес, кәсіптік жағынан да біріге бастады. Егіншілік, теміршілік бұл халықтың көрші жұрттармен айырбасқа жиі баруын күшейтті, ал айырбас кәсібі мал өсіруді қайта жандандырды. Бақташылық тұрмыс бірте-бірте гегемондыққа не бола бастады. Бұның себебі де болды. Өйткені айнала көшпенді соғысқұмар жұрттың қоршауында тұрған кішкентай халық, әлсіз халық егіншілік сияқты бір ғана кәсіппен өзін-өзі сақтап қала алмайтын еді. Сондықтан да тарихи жағдай бұл халықты атқа қайта мінгізді, етек-жеңін жинақы ұстауға мәжбүр етті. Бұның өзі олардың бірте-бірте нығаюына игі әсерін тигізді. Әсіресе, 535 жыл мен 552 жылдар аралығы – ежелгі хун ұрпағының қайта ояну жылдары болады. Олар Тумын (Бумын) атты қолбасшыларының бастауымен бұл кезеңде өз тәуелсіздігі үшін күреске шықты. Тумын әуелі күшею үшін өзіне туыс, әрі қауіпті жауы, бәсекелес тайпа одағы телеуттерді (тиелэстерді) өзіне қаратып алды. Сол дәуірдің салтына қарсы соғысқа шығудың, терезесі тең ел екенін білдірудің бірден-бір жолы – жауының қызын әйелдікке сұрау болған. Тумын жужанның билеушісі Анахуанға «қызыңды әйелдікке бер» деп елші жібереді. Жужан ханы қатты қорланып намыстанады, «Менің темір балқытушымның осындай тілек айтуға дәті қалай барады?!» деген намысқа тиер хабар қайырады. Тумынның тілегені де осы болатын. «Темір балқытушылар» өздеріне 200 жылдай үстемдік еткен жужандарға – көшпелі шапқыншы мемлекетке қарсы азаттық күреске аттанады. 552 жылы жужандарды қирата жеңіп, өздерін ерікті ел деп жариялайды. Билік ордасын Түрік деп атайды да, оның билеушісі Тумынға Ел хан (елдің ханы) деген ат береді. Осылайша Түрік мемлекеті дүниеге келеді.
* * * Енді осы VІ ғасырда пайда болған Түркі хандығына тән әдебиетті, тілді білу үшін ең әуелі осы әдебиетте тікелей көрініс беретін, әрі әдебиеттің өзіне сипат, мағына беретін өзге де категорияларға назар аудару керек. Бұларсыз әдебиетті, тілдік деректерді жалаң алып қарайтын болсақ, онда біз бұл екі тарихи категорияның сол дәуірге неге дәл осы сипатта болуының тарихи сырын әсте түсіне алмаймыз.
Қағанаттың шаруашылығы және материалдық мәдениеті. Түркілер VІ ғасырдың 50-жылдарына дейін негізінен жатақ, жартылай көшпелі халық болды. Бертін келе Ертедегі Түркілер бақташылық жағдайға көбірек ойыса берді. Өйткені бір жағы шапқыншылық заман, бір жағы қытаң, табғач сияқты көршілес жау елдер халықтың егіншілік кәсіпке біржола көшуіне ерік бермеді. Мұның сыртында түркі халқының өзі де малды, әсіресе жылқы малын көбейткен сайын ат үстіне жиі қонып, егіншілікпен айналысуды мүлде азайтты. Бірақ егіншілікпен түркі тайпаларының ешқайсысы да біржолата қол үзіп кетпеді4. Керісінше, жорық-шеру ісі кең көлемде негізгі кәсіпке айналған сайын, теміршілік, ұсталық кәсіп те ұлғая түсті. Тіпті сол кездегі соғыс шарттарының өзі осы екі кәсіптің мүддесіне негізделіп барып жасалатын болды.
Әдетте мәдениеттіліктің аксиомалық өлшемі – қалалар, биік қамалдар, сарайлар, храмдар және қолөнершілік, егіншілік, жазу, ақша, әдебиет т.б. болып келеді. Ал көшпелі тұрмысы басым бақташы халық мәдениетке аксиома болған бұл материалдық игіліктерді түгел қамти алмады. Егер адамдардың іс-әрекетін олардың шаруа жағдайлары белгілеп отыратынын ескерсек, олардың шаруашылық жағдайлары талабынан аттап өтіп, өздеріне «керексіз» игіліктерді, «басы артық» мүліктерді жасауға әсте әуес болмағанын аңғарамыз. Сол сияқты ежелгі Хундар да, Ертедегі Түркілер де, отырықшы халықтардай емес, көбіне өздерінің көшпелі тұрмыс жағдайлары талап еткен, соған лайық материалдык игіліктерді жасады. Олар тіпті соғыста темір қаруды қолдану мен оны өндіруде сол кездегі отырықшылық жағдайда болған халықтардан асып түсті. Сөз жоқ, оларға мұны өз кезінің саяси-экономикалық жағдайлары міндеттеді.
Сонымен бірге Орхоннан Еділге дейінгі өздері иемденген ұлаңғайыр территория түркі тайпаларын бақташылық тұрмысқа бейімдей берді. Бұл кең территория төрт түлік малға ғана жайлы мекен болып қойған жоқ, ол сондай-ақ қытаң, табғач сияқты күшті көршілермен, ұсақ халықтарды тәуелді жағдайға кіріптар ету саясатын берік ұстанған көршілермен қаша ұрысып, құтылып кету үшін де қажет болды. Отырықшы жұрт мұндайда қала, қамал салып қорғанса, түркі халқы үшін кең жер осындай қорғаныс құралы қызметін атқарды. Сол үшін де осы екі керекке бола жерді, мекенді сақтады, ал бұл құт мекен олардың өзін де сақтады. Егер ертедегі түркілердің мекені шағын болып келсе және сол мекеннен өзге барар жер, басар тауы болмаса, онда олар жауынан я жеңіліп, құрып кетер еді, я болмаса, жауы ала алмайтын қолайлы жер тауып, тас қамалдар салып, берік қорған ішіндегі қала жұртына айналар еді. Бірақ табғач, қытаң сияқты цивилизациялы көршілердің отаршылдық мақсатпен үздіксіз соғыс жүргізуі түркі халқын отырықшылықтан үнемі қақпалай берді. Сонау «Хун державасы» өмір сүрген дәуірден бермен қарай Орталық империяның осы саясаты түркілерді егіншіліктен, жерден тым өгейсітіп жіберді. Бұған біріншіден, құлдыққа бой ұсынбайтын қасиет пен «Хун державасынан» мұраға қалған мінез өрлігі де үлкен себепші болды.
Міне, Ертедегі Түркілер осындай экономикалық-саяси жағдай ортасында өмір сүрді. Ал замана болса өзін аман сақтау үшін жауына қарсы төтеп бере алатын тұрмыс сипатын «таңдауға» түркі халқын үнемі мәжбүр етті. Сонымен бірге жаулаушы мемлекетпен, қидан сияқты варварлықтың орта шенінде тұрған хандықпен ортақ географиялық шеңберде өмір сүру жағдайы ертедегі түркі халқына негізінен бақташылық тұрмысты, бақташылық таңған көшпелі өмірді сыйлады. Бірақ бұл бақташылық тұрмыс ертедегі түркі халқының өздерінен ғана басталған жоқ. Түркілер арғы аталары хундардан басталатын ең кемі үзіліссіз даму жағдайында болған өзіндік тарихы бар өте байырғы бақта тұрмысты мұраланды. Сондыктан да бұл бақташылық тұрмыс әуелі көшпелілік, одан соң отырықшылық түріндегі сатылы дамудың тұрғысынан барып бағалануға тиіс емес. Бұл – өзімен-өзі томаға-тұйық жатқан бақташылық тұрмыс та емес. Бұл – өзінің байырғы отырықшы көршілерімен ұзақ уақыт қарым-қатынаста болған, солармен жарыса дамып отырған, отырықшылыққа тән көптеген тұрмыс белгілерін («балық» деген өздерінің орда-қалаларын, қыстау-ауылдарын т.б.) қабылданған, ерекше күрделенген бақташылық тұрмыс еді. Бұл бақташылық – малды еңбек өнімі ретінде барынша көбейткен және өнімдерінің неғұрлым көбейе түскен бөлімі тікелей айырбас үшін өндірілген, мал байлық белгісіне, мал үстемдік қызметіне, мал билік бәсекесіне айналған, мал тіпті адамдарды әлеуметтік тапқа бөлген бақташылық еді. Егер біздің заманымызға дейінгі ІІІ ғасырдан біздің заманымыздың ІV ғасырына дейінгі дәуір ішінде ежелгі гректер мен римдіктер құлдардан еңбек армиясын құрып, олардың еңбегін кеңінен қолдану арқылы қала-қамал орнатып, храмдар, сарайлар т.б. салғызып жатса, дәл осы уақыт аралығында әлемнің екінші бір бөлегінде ІІІығыс Азияда хундар, үйсіндер, ал VІ—VІІІ ғасырды түркілер бақташылық тұрмысты кең көлемде дамытып жатты. Олар жылқы, түйе, қой, сиыр малын көп өсірді, олардың тұқымын жетілдірді, мәдени сұрыптау тәсілін қолданып отырды. Жазба тарихтың өте сараң мәліметтерінің өзі бұл жұрттың төрт түлік малды сонша есепсіз өсіргенін аңғартады. Бірде Үйсін қағаны Батыс Хундарға жорық жасап, жеті жүз мың жылқы, өгіз, қой, есек, түйе айдап әкетеді. Осы жорыққа Үйсін қағаны өзінің елу мың атын жауынгерлерге мінгізген. Ал Хун қағаны Модэ бір жорықта үш жүз мың кісіні атқа қондырған. Түрк Кигин қаған бір жолға жүз мың қолды, ал Шабола хан төрт жүз мың қолды әр кезде-ақ атқа қондыра алған. Ал түркілердің дәулеті орташа байларына да төрт мың, кейде алты мың жылқы біткен 5. Міне сондықтан да қазақтың көне жырларында өзге ешбір халық эпосына тән емес өлшем, «тоқсан мың жылқы», «тоқсан тоғай түйе» тек бір кісінің байлығы болып келе береді. Сөз жоқ, байлықтың осылай жеке-жеке семья қолына топталуы еңбек бөлінісіне де, меншік формасына да өте ерте дәуірде өзгеріс енгізді. Байлық бір қолға топтала түскен сайын аристократ семьялар мен «қара халықтың» ара-жігі анық ашыла берді. Жерге қауымдық меншік болғанмен, қауым жерін жеке бай семьялардың молырақ иемденуге тырысуы қара халықты оларға жер жағынан тәуелді ете түсті. Халықтың малсыз бөлігінің аристократтардың тұрақты басы байлы жалшы қызметкерлеріне айналуы қауымдық жерге телінген бақташы шаруалармен (жерге телінген крепостнойлар сияқты) қатар, қауымның ірі аристократтарының мал байлығына телінген кедейлердің, яғни қаналушы таптың пайда болуына әкеліп соқты.
Қағанаттың басқару және билік жүйесі. Ашина ұрпақтары әуелі VІ ғасыр ортасында қағандықты «бірікі оғуш» (тайпалар одағы) негізінде құрды. Кейін қағандыққа осындай бірнеше «бірікі оғуштар» біріктірілді. Әкімшілік, этникалық бірлік әрі территориялық ыңғайластық негізінде бірнеше тайпалық одақтар федерациялық жағдайда бір мемлекет құрды, әрі бірыңғай халық болып бірікті.
Хандық мемлекеттің байырғы рулық, тайпалық бөлінуді бұзбауы өзіндік бір ерекшелігі болды. Экономикаға әрі тарихи дәстүрге негізделген бұл жікті бұзуға хандық билік әлсіздік етті, керісінше ол басқару жүйесін осы рулық, тайпалық жікке ыңғайлап құрды. Сөйтіп, бұл мемлекет рулық-тайпалық құрылысқа негізделген мемлекет болды. Бірақ хандық билеуші орган ру-тайпа билеушілерінің негізінде құрылмады. Хандық үкіметтің өзінің сатылы басшылық органдары болды. Оған тек ұлығ қағанның аға-інілері және олардың балалары ғана мұрагерлік етті, Мемлекеттің ең жоғарғы органы – Старшиналар кеңесі болды. Старшиналар кеңесі үлкен қағанды мұралық жолына қарай сайлап отырды. Қағаннан төмен бірнеше сатылы әкімшілік-әскери басшы орындары болды.
Ең жоғарғы билік – Шеху (хундардағы – Чжуки, орхон жазуындағы жабғу//йабғу);
екінші – Дэлэ (хундардағы – Лули, орхон жазуындағы тегін);
үшінші – Сылифа (хундардағы – улығ бег, орхон жазуындағы – сіліг бек)
төртінші Тумаофа (түмен бег, хундардағы – ұлы Дуюй)деп аталды. Бұл төрт билік-дәреже орындарын «төрт мүйіз» деп атады.
Төменгі дәрежелі 20 әкімшілік-әскери басшы орындар болды. Бұлардың бәрі мұрагерлік орындар еді. Бұл 24 билік орын Хун Ордасына тән 24 старшинаны еске түсіреді. Қаған әулеті деп аталатын үлкен тайпалар болды. Қағандар осы тайпалардан қыз алуға тиіс еді. Егер қаған тенгі тайпалардың бірінен әйел алса, одан туған баланың қаған болуға мұрагерлік правосы болмады. Қаған ұрпақтары тақты жолына, жасына қарай иеленетін болды. Бірақ бұл «жол» тақ тартысына кедергі бола алған жоқ. Түркілерде ел төресі (мемлекет конституциясы), әр алуан кесік, жарғы-жарлықтар (кодекстер) «Билер кеңесі» деген негізгі өкілдігі бар жиында жасалып отырды. Олардың негізгі өкілдері қаған қасындағы айғучы (кеңесші) және өге буйуруқы бек апа тарқан6 тб. болды. Ел төресі негізінен Түрік будунның (қағандықтың) бірлігін, тұтастығын, қоғам мүшелерінің азаматтық праволарын қорғаған ірі-ірі жеті статьядан тұрды:
1-статья. Көтеріліс жасап, бүлік шығарған кісілерге өлім жазасы бұйырылсын (Бұл статья мемлекеттің бүтіндігін сақтау талабынан туды.).
2-статья. Түрік будун мүддесін сатып, елге опасыздық еткендер өлім жазасына бұйырылсын (Бұл статья ортақ мүддесі – елдің бүтіндігін қорғаған біртұтас қоғамдық сананың жемісі).
3-статья. Қағандық ішінде жазықсыз кісі өлтірген кісілер өлім жазасына бұйырылсын (Бұл статья варварлықтың төменгі сатысына тән кісі өлтірушілік культына тыйым салған және мәдениеттіліктің белгісі ретінде танылуға тиіс өте елеулі жаңалық).
4-статья. Өзге біреудің әйелімен зинақорлық жасап, ақ некені бұзушыларға өлім жазасы бұйырылсын (Бұл статья семьяның бірлігін, адалдығын талап еткен, неке парызына аса биік талап қойған маңызы зор жаңалық).
5-статья. Өреде тұрған, тұсаулы тұрған сайгүлік атты ұрлаған кісіге өлім жазасы бұйырылсын (Ол кезде «ер қанаты – ат» елдің, қағандықтық соғыс күші ретінде бағаланды).
6-статья. Төбелесте мертігудің түріне қарай мүлік түрінде құн төленсін:
а) біреудің көзін шығарған кісі айыпқа қызын береді, ал қызы жоқ болса қыздың қалыңмалын береді;
ә) төрт мүшенің бірін мертіктірген кісі айыпқа ат береді.
7-статья. Ұрланған жылқы, өзге де құнды мүлік үшін он есе артық айып төлеттірілсін.
Міне, бірнеше заман өткен соң, бергі XVІІ ғасырда «Әз Тәукенің жеті жарғысы» деп өмірге келген заңның негізі – Түрік қағанатында VІ ғасыр ортасында осылай туған еді.
Қағанаттың әскери күші, қару-жарағы, жорықтары.
Ертедегі Түркілердің өз тәуелсіздігіне ие болғанша төрт жүз жыл өткенін, бұл кезеңде олардың «темір балқытушы», егін салушы ел болғанын жоғарыда айтып өттік. Осы дәуірде олар темір, алтын, күміс, қалайы, мыс сияқты түрлі металдарды өңдейтін теміршілікті кәсіп етті. Бұл «темір балқытушылар» темір рудасын тауып, балқытып, оған көміртегі тотығын қосу арқылы «құрыш» деп аталатын кеуекті металл айырып алып отырды. Қазір осы ежелгі түркілер «құрыш» деп атаған темірдің сапасы домналық балқытудан шыққан темірдің сапасынан әлде қайда жоғары болатындығы анықталды.7 Түркілер темірді теңдік әперетін құрал деп білді. Халық тағдыры алмас семсер жүзінде тұрған заманда бірінші кезекте қару жасау ұлы мақсат болды. Ертедегі Түркілер әлгі өздері тапқан құрыштан қайқылау келген сала құлаш қылыш, екі жүзді ауыр семсерлер жасады. Ұзындығы кезге жуық сүңгілі найза, құрыштан жасалған ысқырық оқ, мүйіз жақ, темір сауыт іші мақпал, етегі мойынды жапқан темір дулыға жасады.8 Түркілердің екінші бір ұлы қаруы – ат болды. Сөйтіп бір кездегі «жатақ халық» көк темір құрсанып атқа қонды. Төрт жүз жыл тәуелдікте болған халық әуелде бостандық үшін атқа қонса да, сол дәуірдің тарихи-саяси жағдайына, көшпелі тұрмысқа тән жауынгершілік салт түркілерге ат басын іркуге ерік бермеді. Олар бас-аяғы төрт-бес жылдың ішінде шығыста татабы (қидан), татарды бағындырып, Корей түбегіне дейінгі жерді қаратты, ал батыста Амудария – Арал теңізі – Еділ өзеніне дейінгі жерді9 қаратып, өзіне тәуелді, бағынышты халқы бар үлкен держава құрды. Сөйтіп, өздерінің арғы аталары хундардың ісін жеті жүз жылдан соң қайта жаңғыртты.
Ертедегі Түркілердің мәдениеті. Ертедегі түркі жазуы жайлы VІ ғасырдағы көне жазбаларда «мола алдына өлген кісінің бейнесі салынған және өзі жүргізген соғыстары баяны жазылған тастар қояды, олардың жазулары, әрпі Ху халқының әрпіне ұқсас»,10 «түркі жазуы ху (соғды) халқының жазуын еске түсіреді»11 деген деректер бар.
Бұл жазудың Алтай түркілеріне келу тарихы Хун ордасы құлап, оның ұрпақтары «түркі» атанып, қайта күшейгенге дейінгі ІІ—V ғасыр арасындағы белгісіз тарих сияқты өте күңгірт. Ертедегі Түркілердің жазбаға түскен аңызыңда мынандай қызғылықты дерек бар: Ел хан Тумынға дейінгі аты мәлім түркі билеушілері Надул шад, Ақхан шад деп аталады. Екеуінде де соғдыларға тән «шад» деген билік, атақ кездеседі. Шамамен осы билік-дәреже атауы сияқты жазуды да Ертедегі Түркілер сол V—VІ ғасырға дейінгі күңгірт дәуірде жасаған болса керек. Руна жазуын Ертедегі Түркілерге өліні сөйлету сияқты наным-сенім әкелді ме, болмаса көршілес халықтармен болған саяси-мәдени қарым-қатынас әсер етті ме? – ол өз алдына шешімін табар жай. Бірақ қалай дегенде де Ертедегі Түркі руна жазуларының көбі қайтыс болған кісілердің басына қойылған құлпы тастағы жазулар боп келеді. Түркілер бұл ескерткіш жазуларды «бітіг таш» деп атаған. Бұл «бітік тастар» – ұйғыр ханы Моюн чурдың «мың жылдық, түмен күндік (мәңгі) бітігімді, белгімді жасыл тасқа қашап түсірдім» дегеніндей, – тас кітаптар өзінің жанры жағынан өлінің атынан баяндалған бес-алты сөйлемдік «арыздасу-бақылдасу сөз» түрінде және «ел тұтсықы» («халық өсиеті») аталған өмірбаяндық тарихи шығарма т.б. түрінде болып келеді. Сөйтіп, Ертедегі Түркілер V–VІ ғасырда өзіне ғана тән алфавиттік жүйесі мен жазу емлесі бар (кейін орхон-енисей атымен аталған) руна жазуын дүниеге әкелді. Жазу сияқты мәдениеттің ұлы қазынасын жаратты. Бұл жазумен оның кейінгі VІІІ ғасырдағы ұрпақтары Түрік қағанатының VІ–VІІІ ғасыр арасындағы тарихын қысқаша баяндаған тарихи шежірелерді туғызды. Сонымен бірге олар, кейінгі дәуірге өздері және арғы аталары жайлы жазба тарих қалдырды.
ОРХОН-ЕНИСЕЙ ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШТЕРІНІҢ ЖАНРЫ
Орхон-енисей сскерткіштері қандай жанрда жазылған? Бұл ескерткіштер түркі халықтарының сол кездегі ауызша әдебиетінің жалпы сипаты туралы қандай мәлімет бере алады? Міне, бұл мәселе Ертедегі Түркі әдеби ескерткіштерінің негізгі мәселелері болып табылады. Орхон-енисей ескерткіштерінің жанры туралы ертеректе жалпылай айтылып келді. Ал соңғы кезде бұл дәуір жазбалары тұтас күйінде «поэзиялық туынды» деп танылды: И.В.Стеблеваның «Поэзия тюрков VІ–VІІІ веков» (М., 1965) деген еңбегі шықты; қазақ филологиясында да осы пікірді жақтау тенденциясы бой көрсетті. Сөз жоқ, орхон-енисей жазбалары – бұл күнде тарихы белгілі ең көне сөз үлгілері. Бірақ бұл ескерткіштер VІ–VІІІ ғасырдағы түркі халқының фольклорлық әдебиетінің, нақтырақ айтқанда, ауызша поэзиясының сипаты қандай болды деген сұраққа бірден жауап бере алмайды. Өйткені бұл жазулар – өлең өлшемінде туған поэзиялық туындылар емес. Халықтардың тарихы қай жерден басталса, олар жайлы ой барысы да сол жерден басталады дегендей, ежелгі түркі тайпаларының ауызша поэзиясының тарихы да сол халықтың поэтикалық сөз12 үлгісінің тарихы сияқты белгілі дәуірден басталады. Бірақ түркі тайпалары поэзиясының тууының қайнар көзі сол тарихы белгілі сөз үлгілері емес. Бұл тарихы белгілі сөз үлгілері тарихы белгілі әдебиеттің ғана басы болып табылады. Сондықтан да V–VІІІ ғасырға тән сөз үлгілері – түркі тектес халықтардың сөз мәдениетінің шартты түрде ғана «басы» болып есептелмек. Ал VІ–VІІІ ғасырдан ары, айталық, І ғасырға тән тұтас сөз үлгілері (жазба ескерткіш» табыла калған кезде, бұл VІІІ ғасырдағы сөз үлгілері түркі тектес халықтардың сөз мәдениетінің басы болудан қалып қояды. Ол кезде түркі халықтарының сөз мәдениеті жайлы ой барысы қазіргідей VІ–VІІІ ғасырдан басталмай, І ғасырдан басталатын болады. Міне, орхон ескерткіштерін «түркі поэзиясы» деп тану – бізге жеткен дүниені (табылған барды) түркі халықтарының сөз мәденнетінің басы деп түсінуден барып туған қате пайымдаулар. Жұртқа белгілі,қола дәуірі дегенұғым ежелгіру адамдарының жасаған,тұтынғанқұралдарыныңсипатынан барыпқалыптасты.Жәнебұлқоладәуірідеген дәуір менарғы мыс дәуірі дегендәуірдіосыларданжасалған құралдарғақарапайырып,белгілепотыр.Егер археологияқазбаарқылытабылғанмысқұралдықола деп таныса,біріншіден, олсолқұралдыңуақытқақатысты тарихынжоғалтареді,екіншіден,заттардыңөзіне тән қасиеті,сапасытуралыүғымдышатастырареді. Міне, орхон ескерткіштерін поэзия деп танудан да осы жайды анық көреміз. Яғни ауызекі тілге тән стильден алшақ емес сөз үлгісін поэзия деп тану – «түркі халықтары VІІІ ғасырда ауызекі тіл стилі мен поэтикалық стиль бөлінбеген, поэзикалық стильдің элементтері ғана жасала бастаған сөз үлгісіне ие болды» деген қате түсінікке ұрындырады. VІІІ ғасырда түркі тайпаларында бір қалыпқа түскен ауызша поэзия болмады деген пікір туғызады. Шынында да солай ма? Жоқ, VІІІ ғасырдан қалған ескерткіштерді поэзия деп тану – түркі халықтарының сол тұстағы және оған дейінгі поэзиясын жоғалту және оның анық сипаты турасында ғылымда жасалар танымдардың алдын кесу болып табылар еді. Түркі тектес халықтардың ауызша поэзиясының нақ жасала бастау дәуірі туралы пікір айту қиын. Егер түркі халықтарының белгілі тілдік құрылымының сипаты сол тарихи дәуірге дейінгі жерден ары тағы қанша дәуірді қамтыды дегенді айту қандайлық қиын болса, тарихы белгілі поэзия үлгілері сол дәуірден арғы жерде тағы қанша дәуірді қамтитынын айту да сондайлық қиын. Қазіргі түркі тілдері өзінің фонетикалық, граммиткалық құрылымы жағынан бұдан 1300–1500 жыл бұрынғы руна жазу тіліне қаншалық жақын болса, мұның өзі ІІІ ғасырдағы тіл аздаған ғана өзгерісімен сол өзіне дейінгі тағы да сондай бірер дәуірді қамтыды деген сөз. Мұны түркі халықтарының ауызша творчестволық табыстары туралы айтқанда да басшылыққа алуға болады. «Өлең тілі халықтарда тіл әлі жетілмеген кездің өзінде-ақ жасала бастауы мүмкін»13. Сондықтан да бізде әдетте айтыла беретін, көбіміз қолданып жүрген «түркі халықтары поэзиясының V–VІІІ ғасырдағы алғашқы дәуірі» сипатында келетін танымдарымыз барынша шартты танымдар. Түркі тайпаларында айтыс, қайым айтыс өте көне дәуірден бар14. Егер өлең тілі халық тілінің әлі жетілмеген кезінің өзінде-ақ жасала бастауы мүмкіндігін» ескерсек, сөз дүкенін керек ететін айтыс халық поэзиясы жасалып, қалыптасқан дәуірден көп кейін, жеке ақындардың шыға бастауымен орайлас жатады. Жеке ақындық өнер – халық поэзиясының даму негізінде барып туатын тарихи қүбылыс. Осы жеке ақындық өнердің тууымен байланысты көне тұрмыс салт жырларынан бөлек, тарихи-әлеуметтік тақырыптағы өлеңдер туа бастайды. «Дивану луғат-ит түрктегі» X–XІ ғасырға дейін туған «Алп Ер Тоңа», «Мыңлақ елін алғанбыз», «Мен жеңбесем кім жеңер» сипаттас азаматтық жырлар, өзге де өсиет өлеңдер – осындай жеке ақындық өнердің жемісі. Міне, VІІІ ғасырда, осыған қарайлас кезеңде түркі халқында тұрмыс-салт жырлары, айтыс дәстүрі, жоқтау өлең айту салты, жеке ақындар, олар шығарған ерлік-азаматтық, өсиет өлеңдер болуын мойындамау ғана «Күл тегін», «Тоңуқуқ» т.б. сипаттас ескерткіштерді «поэзия» деп тануға әкеледі. Рас, «Күл тегін», «Тоңуқуқ» ескерткіштерінде поэзияға тән, соған жақын үзіктер бар. Бірақ ол тұтас ескерткіштер тіліне, жанрына тән, бір бүтіннің жасалуына тән ерекшелік емес, ол – ескерткішті тасқа түсірген автордың ауызша поэзияға тән тәсілдерді арагідік пайдалануы, кіргізуі ғана. «Қүл тегін», «Тонуқуқ» – поэзия да, творчестволық өлең-жыр да емес. Олар, жұрт айтқандай /«поэма» да/ емес, түркі қағандары мен батырларының ерлік жорықтарын баяндайтын көркем тарихи шығарма, баяндау үлгісіндегі тарихи әңгіме. Оның стильдік ерекшелігі бірінші жақтан баяндалуы («мен»). «Күл тегін» айтып отырып жаздырылған («барқ ітгүчі, бедіз йаратығма, бітіг таш ітгүчі табгач қаған чықаны Чаң Сүңүн келті...») –«Тоңукук» та айтып отырып жаздырылған [«Түрк Білге қаған іліңе бітідім (жаздырдым) бен Білге Тонукук]. Сондықтан да бұлар ауызекі сөйлеу тілінің баяндап айту нормасына жақын.
* * * Әрине, орхон ескерткіштерін поэзия жанрында туған сөз үлгілері емес деу үшін бұл ескерткіш текстерін прозалық үлгіде бере салу жеткіліксіз (Ал орхон жазбаларын жоғарғы авторлар өлең өлшеміне қолдан түсірген). Бұл үшін ең әуелі поэзияға, өлеңге қайшы келетін тілдік, стильдік белгілер атап-атап көрсетілуі, олардың олардың ғылыми негізде дәлелденуі керек. Үлгі үшін нақты салыстырудан бастайық: В.В.Радлов XІX ғасырдың орта тұсында Қырым татарларынан «Тумалай ару» атты ертегі жазып алған. Егер осы ертегіні «поэзиялық тәртіпке» түсіріп жазсақ, не сөйлем ыңғайымен жазсақ, төмендегіше болмақ:
(жолда) бір қумай жылқы көрдү,
(шу жылқынын) ічінде бір тай көрдү,
(о тай) жұртта болса екі еді,
болмаса бір еді.
ондай ділбер айуан жоқ еді.
Өзі жүрүк еді,
өзі арық еді.
Егер орхон ескерткіштері тексін осы ретпен берсек мына үлгіде болмақ:
І Үзе Көк тенрі йеті йегірмі йашыма Танут тапа сүледім,
Танут будунығ буздым;
оғлын, йотузын, йылқысын, барымын анта алдым. Секіз йегірмі йашыма Алты чуб Соғдақ тапа сүледім, будунығ анта буздым.
ІІ Ол йылқа Түргіс тапа Алтун йышығ аша, Ертіс үгүзіг кече йорыдым.
Түргіс будунығ уда басдым.
Түргіс қаған сүсі отча, борча келті.
Болчуда сөнүшдіміз.
Қағанын, йабғусын, шадын анта өлүртім.
ілін анта алтым («Могилян хан»).
Бұл «Туламай ару» ертегісі мен «Могилян хан» ескерткішінің жай сөйлем үлгісі де, олардың баяндауыштары да бір сипаттас. Егер бұларды «поэзия» десек, онда жалпы ертегі тілі деген тіл жоқ болып шығар еді. Енді мәселеге бұдан да жақынырақ келіп, салыстыру жасайық. Әуелі орхон ескерткіштері тексін әрі пікір (мағына) жүйесі жігімен, әрі синтаксис (форма) жүйесі жігімен жол-жолға бөліп түзейік.
Текст
І. 1. Үзе Көк тенрі, асра йағыз йір қылынтуқда,
(1)екін ара кісі оғлы қылынмыс. 2. Кісі оғлынта үзе ешүм-апам Бумын қаған, Істемі қаған олурмыш.
ІІ. 3. Олурыпан Түрк будуның ілін, төрүсін тута бірміс,
іті бірміс. 4. Төрт булуң қоп йағы ерміс. 5. Сү сүлепан.
(5) төрт булуңдақы будунығ қоп алмыс,
(5) қоп баз қылмыс.
6. Башлығығ йүкүнтүрміс. 7. тізлігіг сөкүрміс. 8. Ілгері Қадырқан йышқа тегі, кірү Темір қапығқа тегі қонтурмыс. 9. Екін ара іді, оқсыз Көк Түрк анча олурур ерміс («Күл тегін»). Орхон ескерткіштерінің поэзияның ырғақ-бунақ өлшеміне, ұйқас-тармақ өлшеміне, тармақ-сөйлем не шумақ сөйлем жігіне, объекті (зат) сөздердің әрі оларға үйірілетін сөздер тобының үйлесімділігіне, буын санының белгілі дәрежеде сақталуы талабына келе бермейтін, яғни жалпы поэзияға жат тілдік-стильдік белгілер оның қай жанрда жасалғанын анық танытпақ. Б і р і н ш і д е н, Орхон ескерткіштері тексінде бір сөйлем ішінде бірыңғай мүшелердің көп қатарлы тізбегі жиі келіп отырады. 1 2
І. Иуғчы, сығытчы//Қытан, Татабы будун башлайу//
Удар сеңүн келті //; Табғач қағанта/ Ісиі Лікең келті //,
1 2 3
бір түмен ағы/, алтун, күмүш/ кергексіз күлүрті//. Түпүт
1
қағанта /Белен келті//. Қурыйа /күн батсықдақы/ Соғд,
2 3
Берчекер, Буқарақ улыс будунта/ Нең сеңүн оғул тарқан келті.
Егер бұл жолдарды сөйлем жігімен берсек, мына үлгіде болмақ:
1 1 2 2
Йуғчы, сығытчы, Қытаң, Татабы будуң башлайу |р сеңүп келті (жоқтаушы, сықтаушы қытақ, татабы жұртын бастап Удар сеңүн келді). Табғач қағанта Ісиі Лікең келті, бір түмен ағы, алтун, күмүш кергексіз келүрті (Табғач қағаннан Ісйі Лікең келді, бір түмен ақы, алтын, күмісті есепсіз келтірді).
Түпүт қағанта Бөлен келті.
Қурыйа күн батсықдағы Соғд, Берчекер, Буқарақ, улыс будунта Нең сеңүн оғул тарқан келті (кейіннен — күн батыстағы Соғд, Берчекер, Бұқарақ жұрт халқынан Нен сеңүн оғыл тарқан келді).
ІІ Йуғчы, /сығытчы/ өңре, күн тоғсықда /Бөклі чөліг
1 2 3 4 5 6 7
/ іл, табғач, түпүт, апар, пурум, қырқыз, үч қурықан,
8 9 10 11
отуз, татар, қытаң, татабы–бунча будун келіпен, сығтамыс, йуғламыс [жоқтаушы, сықтаушы ілгері күн шығыстан – Бөклі шөл ел, табғач, тибет, абар, пурум, қырғыз, үш құрықан, отыз татар, қытан, татабы – бунша келіп сықтаған екен, жоқтаған екен] («Күл тегін»).
(1) Тенрі тег Теңріде болмыш түрк білге қаған бу өдке олуртым (2) Сабымын түкеті есідгіл: (2а) улайу інійгүнім, оғланым, бірікі оғушым, будунум, бірійе шадапыт, беглер, йырыйа тарқат буйурук беглер, отуз татар, токуз оғуз беклері, будуны, бу сабымын едгүті есід, катығды тыңда [Тәңрідей Теңріде болған түрк Білге қаған бұл заманда билеуге отырдым. Сөзімді түгелдей есіткіл: жалғасқан інішегім, оғланым, жаныма біріккен руым, халқым, оң жақ шад-апыт бектер, сол жақ тарқат бұйрық бектер, отуз татар, тоғуз оғуз бектері, будуны, бу Сабымды жақсылап есіт, мықтап тынла!] («Күл тегін»)
ІV. (1) Түрк будун өлті, алқынты, йоқ болты («Тоң».3).
V. (1) Ечүміз — апамыз Бумын қаған төрт булуңығ қысмыс, йығмыс, йаймыс, басмыс. Ол қан йоқ болтуқда кесре, ел йітміс, ычғынмыс, қачышмыс (48, 18) («Ілтеріс қаған»).
Екіншіден, Орхон ескерткіштерінде жалаң сөйлемді төл сөз жиі келеді. Сөйлем жігімен бергенде олар мныа сипаттас: 1 2
І. (1) Қара ігіл будунығ йоқ қылмадым (2) ебін, барқын,
3
йылқысын йулмадым.
(3) Қыйын айдым.
(4) турғуру қотым.
(5) «кентү будуным» – тідім
(6) «Уду келің» – тідім.
(7) Қодуп бардым.
(8) келмеді.
(9) Йіче іртім.
(10) Бурғуда йетдім.
(11) Төртүнч ай тоқуз йаңықа сүңүсдім, санчдым.
1 2 3 4
(12) йылқысын, барымын, қызың, қудузын келүртім...
ІІ. (1) Тай Біле тутуқ йаблақын үчүн,
(2) бір-екі атлығ йаблақын үчүн, –
(3) қара будуным, өлтің, йетдің,
(4) йана ічік!
(5) «Өлмечі, йітмечі сен», – тідім.
(6) «Йіче іс-іг, күч-іг біргіл», – тідім.
(7) Екі ай күтдім.
(8) келмеді
(9) Секізінч ай бір йаңықа сү йорыйын, – тідім («Моюн чур»).
ІІІ. (1) Ол саб-ығ есідіп,
(2) қағаным:
(3) «Бен еб-герү түсейін», – тіді.
(4) «Қатун йоқ болмус ерті, аны йоғлатайын», –
тіді.
(5) «Сү барың», – тіді.
(6) «Алтун йысда олуруң», – тіді.
(7) «Сү басы Інел қаған, Тардус сад барзун», – тіді.
(8) Білге Тоңуқуқ баңа айды:
(9) «Бу сүг елт», – тіді.
(10) «Қыйынығ көңлүңче ай, бен не айайын» – тіді («Тоңуқуқ»).
Әрбір сөз үлгілерін бір-бірінен жіктейтін өзіндік тілдік, стильдік белгілері болады. Бұл тілдік, стильдік белгілер – әрбір сөз жанрының табиғи сипатының суреттері. Олардың бұл табиғи қалпы жұрттың өз көңіл қалауымен сырттай «солай» деп ат қойып, айдар тағуына ерік бермейді. Айталық, қарағай, қайың, тал, теректі бәрін тұтастай «ағаш» деп атағанмен, олардың осы «ағаш» деген ортақ атқа ие бітімі, сырттай өте жақын ұқсастықтары болғанымен, бірінен-бірін бөлектейтін ішкі бітім жүйесі, формасы, бояуы т.б. бар. Міне, бұл олардың осы өзіндік белгіірі талды «терек» деп, не теректі «қайың» деп атауға әсте ерік бермейді. Міне, осындай ерекше белгілер сөз үлгілерінде де бар. Сөз, сөйлем т.б. сөз үлгілерінің бәріне ортақ болғанмен, олардың жасалуында, бітімінде, формасында т.б. бір-біріне ұқсамайтын бөлектік, өзгешелік бар. Қарасөз, мақал-мәтел, өлең-жыр – бұл үшеуі ту баста өзді-өзіне ғана тән ерекше белгілерімен бөлек-бөлек аталған. Әрине, сөз, сөздердің өзара тіркесуі, сөйлем дегендер бұлардың бәріне ортақ. Бірақ, олар о баста осы ортақ материалды бөлек-бөлек тәсілмен пайдаланды. Осы тәсілдері олардың әрқайсысына тән модель-үлгілердің жасалуына бастап әкелді. Бұл модель-үлгілер әрі бұлардың тәсіл-қалыптары болды. Келе-келе бұл қалыптар жалпылық сипат алып, ортақ өлшемге айналды: мақалды да, өлең-жырды да осы өз өлшемдерінде туғызу, жасау заңға айналды. Жұртқа белгілі, адамдар қазан жасаймын деп, оның материалын, құралын дайындап алып, бұл материалдан әлгі құрал арқылы құман, я ожау жасамайтыны анық. Осы сияқты адамдар қай сөз үлгісін қаласа, оны өзге сөз үлгісіне ұқсатпай туғызатын болды Өйткені әр жанрдың дайын қалыбы, өлшем-формасы бар. Осы қалыпқа, өлшем-формаға салмайынша нақты бір жанрда сөз тумақ емес. Орхон ескерткіштері, олардың жанры туралы да осыны айтуға болады. Сөз жоқ, бұл ескерткіштердің жанрын тану үшін оларды белгілі бір жанрдың өлшем-формасына салмау керек, әуелде қандай өлшем-формада туғандығын анықтау қажет. Поэзия әуел баста туғанда әуездің қатысына, сөзбен әуездің үйлесіміне, немесе сөзге әуездің биік, ұзын үйлесімінің я төмен, қысқа үйлесімінің қызметі керектігіне қарай екі сипатта – белгілі формадағы ән құндағында, не ырғақ желісі аясында туды. Мұның соңғысында сөйлем тілінің, дәлірек айтқанда қарасөз стилінің кейбір үлгілері болды. Бірақ бұл таза күйіндегі белгі болған оқ. Біз жоғарыда орхон ескерткішіндегі екі белгіні (қақрсөзге тән өлшем-форманы) келтірдік. Бұл екеуі де өлеңнің ырғақ, ұйқас қатыстығымен жасалатын өлшеміне қайшы келетін белгілер. Орхон ескерткішінде баяндау барысында дәлдікіі сақтау, ойды толық беру, қажетті сөздерді түгел қатыстыру үнемі ескеріліп отырады. Мұның өзі екінші кезекте келуге тиісті грамматикалық формаларды түгел, әрі ашық беруді қалайды. Ал поэзия ырғақ өлшемі, буын өлшемі қалауымен тармақ бойындағы сөздерді осы өлшемге сыятын етіп таңдауға, тармақ қатарындағы бу нақтарды ұйқастыруға бейім тұрады. Поэзияда ықшам дау, ұйқастыру заңы үстем. Мұның бәрі өлшемнің, фор маның талабынан келіп тумақ. Поэзияға тән өлшем, өзгені былай қойғанда, ой желісінің жігіне де барынша қатал. Айталық, «Үлкен Күл тегін жазуында» 15-жолдың аяғы мен 16-жолдың басы— Елтеріс қағанға қатысты сөз. 16-жолдың соңы Қапыған қағанға арналған. Ал, ескерткіш тексін өлеңнің тармақ жігіне бөліп беруге әуес авторлар осы екі бөлек ой желісін, екі бөлек тақырыпты бір тармақ аясында береді, сөйтіп, «өлеңнің» тармақ жігін «көреді» де, ойдың жігін, екі түрлі тақырып жігін байқамай кетеді. Енисей жазулары – елінің тарихын сол өлген кісінің өзінің атынан баяндайтын мұңды шежіре. Мұның «тарих» болатыны – тірі кездегі бірді-екілі істері аталады; мұңды шежіре болатыны – тума-туыстарымен бірге өмір сүре алмағаны, олардан айырылғаны айтылады.
1 2 3 4
(Қараңыз: Сіз: еліме,/ қунчуйума,/ оғланыма/ будуну-
5
ма,/сізіме/алтмыш йашымда/ алдырылдым. Атым – Ел Туған Тутуқ, бен /теңрі елімке елчісі ертім,/ алты бағ будунқа бег ертім15/ (Сіз: елімнен, күнекейімнен, ұлымнан, халқымнан – сіздерден алпыс жасымда айырылдым. Атым Елтуған тұтық мен, теңрінің еліме елшісі едім, алты бау халыққа бек едім).
Бірақ мұңды шежіренің бәрі – өлең тілі емес және оның өлең тілі формасында тууы шарт та емес.
Көлем жағынан бір-екі сөйлем мен он шақты сөйлемнің арасынан шығып отыратын бұл жазулардың қазір жетпістейі табылды және бәрі де шамалы ғана топтағы заттық мәнді сөздерден тұрады. Ал бұл заттық мәнді сөздер үнемі қайталанып, бірыңғай тіркестіріліп, аталып отырады да, сөйлем өлген кісі атынан айтылады, онда үнемі қайталанып келетін санаулы етістік сөздермен аяқталып отырады. Енисей ескерткіштерінде етістік сөздер жалпы аз, қырық елу түрлі ғана етістік сөздер қолданылған. Олардың өзі де ете сирек қайталанады. Ал өзге реттің бәрінде жазудағы сөйлемдер адырылдым (айрылдым, елдім), бөкмедім (қызықтамадым, өлдім) деген екі етістік сөзге бітіп отырады.
Енисей жазуларында «қан ердім» сөзі кездеспейді, «қанға бардым», «бек ердім», «алп туран», «Алп уруқу (тулы) тутуқ бен», «батур мен», «йолчы бен», «Күч күл тутуқ», «Қутлуғ Бақа тарқан», «Өге буйуруқы мен» деген сөздер жиі кездеседі. Мұның өзі ескерткіштердің әлеуметтік топтың орта тобына, көпшілік бұқараға жататын кісілердің басына қойылғанын аңғартады. Екінші кезекте, мұның өзі жазудың халықтың орта тобына да тарағанын, ескерткіш сөз жазу («бегімке бөкмедім», «жолчы бен» дегендерді ескерсек) халықтың бұқара тобына да ортақ болғанын көрсетеді. Өлінің сөзі ретінде келуі, өлінің атынан айтылуы – енисей жазуының стильдік, жанрлық ерекшелігі. Бірақ бұл ескерткіштер өлең жанрындағы туындылар емес.
* * * VІІІ ғасырдың басына тән «Тоңуқуқ», «Күл тегін», «Моюн чур», «Могилян хан» ескерткіштері – қағандар мен қаған қасындағы сәуегей даналардың мавзолейі жанына тасқа ойып жазылған туындылар. Бұлардың енисей жазуымен жақындығы – мола басына жазылуы. Ал негізгі айырмашылығы – тірілерге, бүкіл халыққа арнау сөз ретінде жазылуы. Мұнда жеке бастың меншікті заты аталмайды, тірлікте істеген іс-әрекеті суреттеле әңгімеленеді. Яғни оқиға баяндалады. Ал бұл оқиға түркі тайпаларының белгілі бір бөлігін билеп отырған қағандардың ел басқаруы, көрші туыс тайпалармен, елдермен жүргізген қатынасы, соғысы т.б. жайлы сыр шертеді. Бұл оқиға – түркі халықтары тарихының белгілі бір кезеңіне тән тарихи оқиға. Демек, бұл ескерткіштер – тарихи деректер баяндалатындықтан тарихи ескерткіштерге жатады... Ал жеке адамның қызметіне байланыстырылып баяндалатындықтан, бұл ескерткіштер әрі шежіре – тарих. Бұлар бергі XІV–XVІ ғасырдағы «Жамиғ-ат тауарих» «Шейбани-наме» сияқты хандар шежіресіне жақын. Ал халыққа арнай айтылатындықтан, бергі дәуірдегі хан жарлықтарына тән стильдік белгілері де бар. Бұл ескерткіштер өзінің жазылу стилі жағынан бергі Алтын Орда дәуіріндегі, XV–XVІ ғасырдағы шежірелер мен хан жарлықтарын еске түсіреді. «Кіші Күл тегіннің» «Теңрі тег теңріде болмыш түрк Білге қаған бу өдке олурдым. Сабымын түгеті есідгіл» деп басталуы мен «Могилян хан» ескерткіштерінің «Теқрі тег теңрі йаратмыш түрк Білге қаған сабым» деп басталуы бергі XІV– XVІ ғасырдағы хан жарлықтарына, хаттарына ұқсас. Айталық, «Тоқтамыстың хаты» «Тоқтамыш сөзүм йағайлаға» деп басталады. Ал «Кіші Күл тегіннің» осы сөзінің жалғасы улайу інійгүнім, оғланым, бірікі оғушым, будуным, бірійе шад-аныт беглер, йырайа тарқат-буйуруқ бег-лер, отуз... тоғуз оғуз беклері, будупы...» деп санамалана айтылады. Осы үлгіні «Улуғ улусының оң қолының уа сол қолының түмен, мың, йүз, он білкін оғланлар, билер және ішкі кентлернің уа шаһарларының даруға беклер...» деп басталатын Дәулет Герой жарлығынан да көреміз. Мұның өзі «Күл тегін» т.б. ескерткіштер жазылған дәуірде, яғни VІІ ғасырдың аяғы, VІІІ ғасырдың басында Түркі қағанатында осы ескерткіштер стиліне жақын үлгіде хат, жарлық жазу дәстүрі болған дегенге аналогия жасауға мүмкіндік береді. Ал тасқа жазылған ескерткіштер стилі – осы жарлық стилінің шежіре-тарих стиліне ұласқан түрі, бұл екеуінің араласуы негізінде келіп шыққан жаңа стиль үлгісі. Әрине, орхон ескерткіштері Білге сияқты қағандардың, Тоңуқуқ сияқты даналардың атынан айтылған, солар айтқан (не жазған) сөз болып көрінгенмен, оны жазған екінші авторлар бар. Олар — қаған қасындағы шежірешілер, хатнама иелері, білімді ғұлама кісілер.
Ескерткіш авторлары текстің өзінде «сабым» (сөзім) деп айтып отырса да, аяғында келіп бұл сөзді «бітіг» деп атайды. Бұл – сөзге иелік пен жазуға иеліктің бөлек екенін, «бітігті» жазушылар басқа кісілер екенін аңғартады. «Күл тегінде» «беңгу таш тоқытдым, бітідім» (бітідім – жа-дым) деп, автор атынан айтыла тұрып, артынша «Бу бітіг бітігме атысы Йолығ тігін» деп ескерткіш сөзін аяқтайды. Ал «Могилян ханда «Білге қаған атынан «бітідім» деп аяқталып келіп, ең соңғы сөзі «Білге қаған бітігін Йолығ тігін бітідім... қаған атысы Йолығ тігін мен ай артуқы төрт күн (бір ай күн, – Қ. Ө.) олуруп бітідім, бедізтім» деп аяқталады. Демек Білге қағанның жарлық сөзін, шежіре-тарихын жазған оның туысы (атысы) Йолық тегін деген бітікші, дәлірегі жазушы-тарихшы.
Тіпті осылайша «бітіг» сөзімен аяқтау Алтын Орда хандарының жарлықтарында, хаттарында да кездеседі. 1428 жылы жазылған Улуғ Мухаммед ханның жарлық хаты «өзүңүз білүрсіз тіп бітік сәлем үйрдік, йыл бічін, йыл Орда йағасында бітілді» деп аяқталады. Қорыта айтқанда, VІІІ ғасырдың басында жазылған «Тоңуқуқ», «Күл тегін», «Могилян хан» сияқты ескерткіштер – жазба әдеби нұсқалар. Олар – хан жарлықтары мен шежіренің үлгі-нұсқалары негізінде жазылған көркем шығармалар. VІІІ ғасырда туған (шартты) бұл жанр XІV–XV ғасырға келіп жеткен. Демек түркі халқында орхон ескерткіштерімен бірге хат, жарлық сөз жанры VІІІ ғасырға дейін де болды. Ал «Тоңуқуқ» пен «Күл тегінде» осы жарлық сөз стилі біршама сақталған. Бірақ, олар өз алдына туып қалыптасқан бөлек жанрдың жемісі. Олардың стиліне белгілер мыналар: бұларда ауызекі әңгіме тіліне жақын монолог түріндегі әңгімеден автор диалог сөзді беруге оңай көшіп отырады; сөйлемдері қысқа (түрік будун өлті, алқынты, жоқ болды; Барс бек ерті; ан ат бунта біз бердік); кейде мақалдап, фразеологиялық тіркестерді тізіп, шешендік сөздер қолданып сөйлейді. Сол сияқты тарихи деректерді, оқиғаларды соншалық дәлме-дәл, кішігірім детальдарына дейін тәптіштеп тізіп баяндайды. Ал ұқсас оқиғаларды суреттей әңгімелегенде белгілі топтағы сөздерді қайталап қолданылып отырады. Мұның өзі ескерткіштердің негізгі бір стильдік тәсілі. Әрине, орхон ескерткіштері поэзия емес дегенде, олардың ішінде поэзия үлгілерінің аралас жүретінін жоққа шығаруға болмайды. Оларда арагідік өлең-жыр шумақтары аз да болса ұшырасып отырады.
* * * Адамдар дүние кеңістігін симметрия заңы тұрғысынан қабылдайды. Олар өзін дүние кеңістігінің дәл ортасында тұрмыз деп есептейді де, кеңістікті екіге бөледі.
Тіршілік мүмкіндігі мол кеңістік бетті – оң жақ, тіршілік мүмкіндігіне қолайсыз жақ бетті – сол жақ деп атады, Мұны ежелгі түркілер «төрт булуң» (дүниенін төрт бұрышы) деді. Бұл төрт бүрыш: – ілгерү (күн тоқсық) – қурыйа (күн батсық); берійе (күн ортусы – оңтүстік) –йырайа (түн ортусы – солтүстік) түрінде аталды.
Міне, ертедегі түркі халықтары өздерін тепе-тең төрт жағы бар аспан кеңістігінің ортасында тұрмыз деп есептеп қана қойған жоқ, олар өздерінің де төрт жағы бар деп, әрі өздері тұрған мекеннің де төрт жағы бар, яғни, төрт географиялық-территориялық (мекендік) кеңістік бар деп ұғынды. Өздерінің іс-әрекеті (соғыс істері) осы төрт бағытта жүргізілді. Ал осы әрекетті баяндаған (шежіреге түсірген) кезде, әрекеттің бағытында да тепе-теңдік бар болып шықты. Бірақ әрекет, іс-қимыл біреу, бір сипатты болғандықтан бұл терт жақта (кеңістік атауы да), төрт бағыт барысы да (қимылдың барыс бағытын білдіретін төрт атауыш сөз де) бір қимылға (қимыл сипатын білдіретін бір сөзге) тіреліп отырды. Сөйтіп тепе-тең бағытта жасалған ұқсас әрекеттер тілге де тепе-тең бағыттың тепе-тең формадағы атауын (сөз форманы) әкелді. Ал осы тепе-тең бағыттың бәрінде жасалған әрекет бір сипаттас болды да, бұл тепе-тең. іа І.ІГЫ атау сөздерінің бәрі келіп әлгі бір сипатты әрекеттің атауына бағынып отырды. Немесе әрбір тепе-тең (Іне қарама-қарсы) бағытта жасалған әрекеттер жеке-жеке баяндалды. Мұндай формаластык зат иә объект атауларында ғана емес, қимыл атауларында да көрініс берді. Айталық, ежелгі түркі жазуларында өз іс-әрекетін баяндаған түркі қағандары өздерінің соғыс қимылдарын геодезия тілі көмегімен білдірсе, олары мына суреттегідегй болмақ.
Ал осыны тілдік, грамматикалық формаға түсірсе, мынадай болып шығады:
ілгерү // күн тоғсыққа, –
біргерү //күн ортусыңару –
курмгару // күн батсықыңа – анта ічрекі будун қоп маңа көрүр, анча будун қоп ітдім йырғару // түн ортусыңару
Мұнда да солай: ілгерү (ілгері, күн шығысқа), біргеру (оңға, оңтүстікке), қурығару (артқа, күн батысқа), йырғару (солға, солтүстікке). Бұлар – Түркі қағанатының территориялық-географиялық төрт бағыты. Ал осы сөздердегі күн ортусы, күн батсық, түн ортусы – астрономиялық төрт бағыты. Ал осы сөздердегі ұқсас грамматикалық формалар поэзияға тән ұйқас заңымен жасалып отырған жоқ. Бағытты білдіретін бір тектес, бір сипаттас (йырыйа – қурыйа) сөздер бір тәсілмен бұл текске тәуелсіз жасалған: іл-герү, бір-герү, қуры-ғару, йырығау, тоғ-сықыңа, бат-сықыңа, орту-сыңару.
Мына текстердің қүрылымы да осы сипаттас:
І. йырғару // оғуз будун т а п а,
ілгерү // қытаң, татабы будун т а п а, //улуғ су екі
біргерү // табғач будун тапа //иегірмі сүңшідім
ІІ. ілгерү // Шантуң йазыға т е г і сүледім,
біргерү Тоқуз Ерсенке тегі сүледім,
йырғару // Йінчү үгүз кече Темір қапығқа тегі сүледім
йырғару // Йір Байырғу йіріңе тегі сүледіміз —
Міне, бұл теңдік бағытта ғана емес, объектіде де, әрекетте де бар. Олар мына сипатта келеді.
1 Ілгерү Қадырқан иыш-қа тегі, //контурмыс
кірү Темір қапығ-қа тегі
2 Табғач будунқа //бегілік уры оғлын құл болты.
сілік қыз оғлын күң болты
3 . . . қаным қаған //сусі бөрі тег ерміс йағысы қон тег
ерміс
4 Түрк будун үчүн // түн удымадым, күнтүз олурмадым.
5 Түргіс қаған сусі Болчуда // отча
бөрче келті
6 Уда Ташда қалмысы қубранып, йеті йүз
болты: // екі үлүгі атлығ ерті
бір үлүгі йадағ ерті.
7. Ол сабығ есідіп //түн удысықым келмеді, күнтүз
олурсықым келмеаі 8. Інгек көлүкін Тоғлада оғуз келті:
(1) Сүсі үч бің ерміс
(2) біз екі бің ертіміз,
(3) сүңүсдіміз.
Әрине, орхон ескерткіштерінде шешендік сөз үлгісінде тақпақтап, термелеп кету де кездеседі. Бұлардың бірсыпырасы ауызекі тілдің әсерлі, нақышты айшықтары болса, қайсыбірі фразеологизмдер, мақалдар болып келеді. Енді бір тобы жыр формасына өте жақын. Айталық: «Түрк қара қамуғ будун тіміс: «Ілліг бдун ертім, ілім амты қаны? кімге іліг қазғанурмен?» – тір ерміс. «Қағанлығ будун ертім, қағаным қаны? не қағанға ісіг-күчіг бірүрмен?» – тір ерміс. Анча тіп, табғач қағанға йағы болмыс. Йағы болып, ітінү-йаратуну умадуқ, йана ічікміс». Осы текстің төл сөз бен телеу сөзін айыра көрсетсек, мына сипатта болар еді:
Бұқара түрік, барлық халық былай деген екен:
«Елді халық едім елім енді қані?
Қіммен елді құрармын? [дер екен]
Қағанды халық едім, қағаным қані?
Қай қағанға іс-күшімді беремін? [дер екен].
Бұлай деп табғаш ханның жауы болған екен. Жауы болып, итініп-салынып күш жинай алмай, тағы бағынған екен. Осындағы төл сөз, шешендік сөз үлгісіндегі сөз «Күл тегін» ескерткіші жазылғанға дейін көп бұрын туған сөз. Ескі шежіре тарихты жазушы бұрыннан айтылып жүрген сөзді пайдаланғанның өзінде де баяндау стиліне ірі дәлдік тәртібіне бағынып, әрбір төл сөйлемнен соң «дер екен» («тер ерміс») деген сөзді қосып отырады. Осындай ерекшелікті мына текст аясынан да көруге болады (тілін оңайлатып беріп отырмыз): Қурығару Кеңү Тарманқа дейін түрк будунды анша кондырдық, анша [ел] еттік. Ол кезде:
Құл құлды болған еді,
Күң күңді болған еді,
Інісі ағасын білмес еді,
Ұлы әкесін білмес еді, –
Анша қураған [ел] қылған еліміз – жұртымыз еді.
Түрк оғуз бектері, будуны есітіңдер!
Үсте тәңірі баспаса, аста жер тілінбесе, Түрк будун, [сенің] еліңді, жұртыңды кім бұзады? ... [мені] қаған [қып] отыртты, Мүлкі мол будунға [хан боп] отырмадым: ічре ашсыз, ташра тонсыз йабыз-йаблақ будун үстінде [хан боп] отурдым.
...[Содан] соң тәңірі жарлықтап, құтым бар үшін, енші үлесім бар үшін
Өлмеші будунды тіргізіп еңсерттім [еңсесін
көтердім].
жалаңаш будунды тонды [қылдым]
шығай будунды бай қылдым
аз будунды көп қылдым
Тіпті соңғы текстегі төрт жол Білге қаған қайтыс болғанда шығарылған жоқтаудың немесе көзі тірісінде арнайы айтылған мақтау сөздің үлгісі де болуы мүмкін. Ауызша поэзияда бір кісіге оның тірі кезінде айтылған мақтау өлеңдер кейін ол кісі өлгенде айтылған жоқтау өлеңге оп-оңай ұласып отырады. Мысалы:
Өлмеші будунды тірілтіп еңселеді.
жалаңаш будунды тонды қылды,
кедей будунды бай қылды,
аз будунды көп қылды.
Немесе:
өлтечі будунығ тірігру ігітміс
[өлмеші халықты тірілтіп еңсеген]
йалаң будунығ тонлығ қылмыс
[жалаң халықты тонды қылған]
чығай будунығ бай қылмыс
[шығай халықты бай қылған]
аз будунығ үкүш қылмыс
[аз халықты көп қылған], – деген үлгіде айтылған сөзді шежіреші мына тарихи шығарманы жасау үстінде Білге қағанның аузымен айтқызып, текст ыңғайымен өзгертуі мүмкін. Тіпті «Үлкен Күл тегіндегі» осы жолдар «Кіші Күл тегінде» сәл ғана өзгерген түрде кездеседі: «Теңрі йарлықадуқын үчүн, өзім қутым бар үчүн қаған олуртым. Қаған олурып: йоқ-чығаң будунығ қоп қобартдым, чығаң будунығ бай қылтым, аз будунығ үкүш қылтым». Шежірені жазушы бұл сияқты сөз үлгілерімен қатар, «Қызыл қаным төкті, қара терім йүгірті», «Көк качмыс, түн тірілміс», «Көзін кермедүк, қулақын еліме-ідүк» (кәз көрмеген, қүлақ естімеген), «сары алтун, өрүң күмүс», «сабы сүгіг, ағы йымшақ», «сүчіг сабы, йымшақ ағы» деген фразеологизмдерді де, мақал үлгілес сөздерді де орайы келгенде «айтушы автор» аузына салып отырады. Міне, бұл сияқты сөз үлгілерін, жыр жолдарын шежіренің негізгі стилінен айыра, ажырата білу керек. Ал түркі халықтарында ту баста ауызша туған жыр жолдары, шешендік сөздер бертінде туған осындай сөз үлгілерінен форма жағынан соншалық алыс жатқан жоқ. Себебі сөзді жасау құралы бір болды, ал бұл құралдың тәсілі әр кезде де бір сипаттас болды. Біз көне дәуір поэзиясын сөз еткенде, басқа емес, дәл осы сөз жасау тәсіліне сүйене отырып сөз етеміз. Ал мұндай тәсілмен туған сөз үлгілерінің көне дәуірде жазба ескертіштерінде өте аз кездесуі бұл дәуірде болған поэзия туралы пікір айтуымызға ешқандай нұқсан келтірмейді. К.Маркстың: «Можно априорно определить культурный уровень какого-нибудь народа, зная лишь, из какого металла – золота, меди, серебра, или железа – он изговляет свое оружие, свои орудия или свои украшения»16 деген көрегендік сөзі бар. Міне, көне дәуір ескерткіштерінде кездесіп қалатын бірді-екілі осындай сөз үлгілерін негізге ала отырып сол дәуірдегі ауызша поэзия сипатын анықтауға да болады. XІ ғасырда М.Қашқари төмендегі өлеңді ел аузынан жинап алып өз сөздігіне енгізген.
Алп Ер Тоңа елді му?
Есіз ажун қалды му?
Өзлек ечін алды му?
Емді йүрек йыртылур.
Улышып ерен бөрлейү
Йыртып йақа үрлейү
Сықырып үні йурлайу
Сығтап көзі өртүлүр...
Түркілердің ұлы қағаны Тоңа Алп ер – Афрасиаб VІІ ғасырдан бұрын өмір сүрген. Жоғарыдағы өлең – осы Тоңа Алп ерге арналған жоқтау. Бұл жоқтау елең кейбір тілдік (лексикалық, грамматикалық, фонетикалық) өзгерістермен сол VІІ ғасырдан XІ ғасырға – М. Қашқари заманына келіп жеткен. Яғни бұл жоқтау жыр VІІ ғасырға дейінгі түркілердің тілдік нормасынан гөрі X– ХІІ ғасыр түркілерінің тілдік нормасына жақындаған.
ҮІІІ ғасырдың басында жазылған «Тоңуқуқ» ескерткішінде:
Йуіқа ерікліг топлағалы учуз ерміс,
Йінчге ерікліг үзгелі учуз ерміс:
Йуіқа қалын болсар,
Топлағулуқ алп ерміс;
Йінчге йоған болсар,
Үзгүлүк алп ерміс, – деген жолдар бар.
Ал бұл жолдар – шешендік толғау өлеңнің үлгісі.
Әрине, бұл сөз Тоңуқуқ білге-шешеннің өз сөзі болуы да мүмкін. Бірақ сөз үлгісі (жанры) Тоңуқуққа дейін де көп бұрын жасалған. Яғни түркі халықтарының ауызша әдебиетінде дидактикалық-философиялық мазмұндағы шешендік толғау да ескерткіш жазылған дәуірге дейін бар болған.
Өлеңнің мұндай түрін айтушыларды – жыраулар деп атады. Олар ру-тайпа басына қаған (хан), оның бек (би), шад, жабғу, тарқан сияқты әкімдері отырғанға дейінгі ең ежелгі тайпалардың көсемдері еді. Бұл әкімдік орынға олар өздерінің білгірлігі мен шешендігі арқылы келген. Олар өз кесім-үкімін, байлам-болжамын жырмен айтқан. Ал түркі тайпаларында (одан бұрын хундарда) хандық билік құрылған кезде, бұл тайпа көсемдері ханның (қағанның) ақылшылары болды.
«КҮЛ ТЕГІН» ЕСКЕРТКІШІ АВТОРЫНЫҢ ТАРИХТА БАЯНДАЛУЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТАНЫМ-ТҮСІНІГІ
«Күл тегін» (немесе «Түркі қағанаты туралы сөз») тарихи шығарма. Ескерткіштің авторы – Йолльіғ тегін. Ол – өз дәуірінің ірі идеологы, саяси қайраткері, үлкен тарихшысы. Йоллығ тегін бұл еңбегінде Түркі қағанатының қашан, қалай туғанын, бұл қағанатты құрған ұлы қағандар мен батыр ұлдардың өмірбаянын, халықтың өз мемлекетін ұстап тұру үшін жүргізген ерлік жорықтарын айтуды мақсат еткен. Сонымен қатар автор күшті де айлакер Қытаң жәнеТабғач сияқты империямен көршілік қарым-қатынастың ұзақ жылдық тарихын айта отырып, даланың аңқау, сенгіш жұртын бұл Қыташ Табғач билеушілерінің айлакер саясатынан сақтандыру ды нысана етеді. Қара бастарының қамымен болып, «ек тізгін, бір шылбырды бердік» дейтін бір тұтас елдікке нұқсан келтірген, алауыздық көрсеткен тақ мұрагерлерін – түркі бектерін қатты сынайды, бірлікті, ынтымақты уағыздайды. Осының бәрін кейінгі ұрпаққа «ел тұтсықы» (мемлекет өсиеті, кодексі) етіп жазып қалдырып отырғанын айтады, түркі халқының бүгінгі жағдайын ескере отырып, келешегіне көз жібереді: «Түрк беглер, будун, буны есідің! Түрк будунығ ел тутсықыны бунта уртым, йаңылып өлесікінің йеме бунта уртым» дейді.
Қысқасы, бұл тарихи-әдеби шығармада Ертедегі Түркілердің зін, өзінің елдігін, айналасын тануы, өзін сол кездің тарихи-географиялық ортасында тануы, тарихи-саяси оқиғаларға баға беруі оның себебін дәлелдеуі, болашақ жайлы толғануы сияқты халықтық сана, ой-пайымдаулары көрініс берген, елдіктің тынысы, өз дәуірінің үні айтылған.
Ертедегі түркі халқында осы «Күл тегінге» дейін де тарихнама болды ма? Әрине болған. Ол – халық жадында сақталған бабалардың шежіресі, солардың ерліктерін мадақтаған жыр, аңыз, әңгімелер еді. Ертедегі Түркілерде ауыздан ауызға кешіп, ел ішінде айтылып жүрген тарих болған. Әрине, «Күл тегін» түркілері өздерінің Хун Ордасына барып тікелей тірелетін өздерінің шын тарихын өте көмескі білген. Олар арғы аталары жайлы тек бағы заманғы аңыз түрінде жеткен деректі ғана білген. Онда атақты Оғыз қағанға қатысты шежірені, Оғыз қағанға қатысты тарихи жырдың аңызға, эпостық ертегіге айналған үлгілерін ғана білген (кейін ғылымда «Оғуз нама» атымен белгілі болған шежіре мен батырлық дастан немесе «Оғуз қаған» деген эпос осы VІ–VІІІ ғасырлар түркілерінің айтуында бізге келіп жеткен). Олардың Хун Ордасынан басталатын бұл тарихты білмеуінің түрлі себептері болды: біріншіден, көне тарихпен «Күл тегін» түркілерін ІІ–VІ ғасырлар аралығындағы езгіде өткен 400 жыл беліп жатты, екіншіден, ҮІІІ ғасыр түркілерінде ортақ билік династиясы тек VІ ғасырдан – Тумын қаған мен Естемі қаған таққа келген дәуірден басталады, бұдан арғы ғасырларда ондай династия болған жоқ, үшіншіден, VІ ғасыр түркілері ңа рулық жігі бар жаңа халық болды да, өздерінен басталатын тарихтан арғы жердің бәрін мифке апарып тіреді17. Өзге де ежелгі рулар сияқты өздерін мифологиядан шығару VІ ғасыр түркілеріне де тән болды. Бірақ, «Күл тегін» авторы VІІІ ғасыр түркілерінің тарихын осы түркілердің тарихи аренаға шыққан кезі – ҮІ ғасыр ортасынан ғана бастайды. Тумын қаған билік құып, Түркі ордасын құрған дәуірден бергі 200 жылдық тарихты сөз етеді. Сөз жоқ, мұның өзі – мифтік, образды ойлаудан арылудың, таза тарихи тұрғыдағы ойлаудың көрінісі, шындықты танудағы аса зор прогресс еді. Өткен тарихты, өзінің еткенін білу – әрбір кейінгі дәуірдегі ұрпақтардың білім дәрежесіне байланысты Өткен тарихты бүгінгілердің керегіне айналдыру сол өткен тарихқа деген патриоттық сананың жемісі болса, ал бүгінгісін өткеннің озық дүниелерімен байыту – зор білгірліктің жемісі. Ал өткенді қай тұрғыдан баяндау индивид-тарихшының танымы мен саяси-идеологиялық бағытына және тарих деп нені қабылдайтынына байланысты. Осылардың негізінде тарихи топшыламалар жасалады, қалыптасады, және өткен тарихтың қандай сипатта баяндалуы белгіленеді. Біз мұны «Күл тегін» авторынан да анық көреміз. Ол өткен екі жүз жылдық тарихты тәптіштеп түгел тізіп шығуды мақсат етпеген. Халық жадында аруақты образға айналған әуелгі екі қаған жайлы екі-үш ауыз ғана сөз айтады. Тумын және Естемі қағанның «түркі халқының мемлекетін құрып, билігін ұстап тұрғанын», «төрт жағын қаптаған қалың жауға әскер жүргізіп, тізеліні шөгеріп, бастыны жүгіндіргенін», шығыста Қадырқан тауы, батыста Темір қапығ арасын Көк Түріктің еркін жайлағанын», «қағандары, бұйрықты бектері ақылды, алып болғанын, халықтың түзу болғанын», осындай ел ұстаған, билік жүргізген қағандардың да дүниеден өтіп кеткенін баян қылады. Автор бұдан кейінгі қағандар билік құрған дәуірге 553 жыл мен 630 жылдар аралығына көп тоқталмайды. Бұл дәуір туралы: «Одан кейін інісі қаған болған екен, баласы қаған болған екен, бірақ інісі ағасындай, ұлы әкесіндей етіп іс қылмаған екен, зердесіз қаған ел билеген екен, бұйрықшылары да біліксіз болған екен, жәутік болған екен» десе, былайғы жұртты: «бектері, халқы түзу жолдан шықты, табғач жұртының алдап берген сыйына қызықты, біріне-бірін айдап салған аяр саясатының құлы болды, ағалы-інілер бір-бірімен кектесті, жау болды» деп қана қояды. Автор бұл дәуірде негізгі назарды Суй және Хапь сарайының айлакерлік саясатына аударады және даланың аңқау жұртының сенгіш мінезіне, сый-құрметке қызыққыш, алдана салар аңқаулығына осы саясатты қарама-қарсы қояды: «Алтынды, күмісті, шарапты, жібекті есепсіз берер табғач жұртының сөзі тәтті, сыйы қымбат келеді, тәтті сөзімен, қымбат сыйымен алдап арбап алыс жатқан халықты өзіне жақындатады, ал жақын қонған соң бұл халық олардың жаман пиғылдарын өзіне жұқтырады». Ал осы қулық торына түскен түркі халқының бір бөлегі туралы: «Тәтті сөзіне, қымбат сыйына арбалып, түркі халқы, көбің өлді... Жаман кісілер: «Жырақ жүрсең: жаман сый берер, жақын жүрсең қымбат сый берер» деп сені үгіттеді.Ақылы жетпеген кісілер ол сөзді қабыл алып, жақын барып, көп кісі өлді» дейді. Мұнымен автор түркілердің біраз тобының Ордосқа барып қоныс тепкенін, сол жерде қатты жеңіліске ұшырап, қырғын тапқанын, тірі қалғандарын өздеріне табғачтарға бағынғанын саясаттағы алданыс деп біледі. «Күл тегіннің» «...жақын барып, көп кісі өлді» деген тарихи дерегі 630 жылдың оқиғасын мезгейді. 630 жылы Шығыс Түркі қағанатының Хйелі ханы (Қатты Ел хан) Суй сарайынан күйрей жеңілді. Қағанат құлады. «Түркілер Қытайға бағынды. Орталық империя оларға жат тұрмыс түрін күшпен таңды: егіншілік және тоқымашылық кәсіппен айналыстыру үшін оларды тұтқындар есебінде ішкі Қытайға қоныстандырды»18. Оларды төрт губернияға, жиырма төрт округке бөліп, әрқайсысын басқаруға князьдар тағайындады. Қытайға күшпен апарып қоныстандырылған түркі халқының бұл бөлігі жат жерде 630—679 жылдар аралығыыда езгіде кун кешті. Суй әкімдігінің егінші, тоқымашы жұмыскері болды. «Күл тегін» авторы осы түркілер жайлы былай дейді: «Түрік бектері «түрік» атын тастап, табғачша ат алып (Қытайша дәрежені айтып отыр. – Қ.Ө.), табғачқа қарапты, текті ұл баласы құл болып, сұлу қыз баласы күң болып», «Табғач қағанға қол жаулық болып, елу ісін, күшін беріпті; Табғач қаған үшін шығыста Бөклі қағанға дейін әскер жүргізіліпті. Табғач қағанға ел алып, билік алып беріпті». Бұл жерде автор «жұрт болған елін тоздырып, қаған тұтқан қағанын өлтіріп», «табғачқа көшкен» бектерді, жұртты айыптайды және бұл түркілердің табғачтарға тәуелді болған мерзімін өте дәл көрсетеді. Тарихта бұл түркілер тек 679 жылы ғана «Нишуфи князьді хан көтеріп, 24 округтің старшиналары түгел көтеріліске шығады»19 Бірақ, көтерілісті қытай әскерлері күшпен басады. «Күл тегін» авторы осы көтерілісті жалпы халықтық көтеріліс ретінде баяндайды: 1 «Түріктің күллі қара халқы сонда былай деген екен: «Мемлекетті халық едім, мемлекетім енді кәні? Кіммен мемлекетті құрамын?.. Қағанды халық едім, қағанып кәні? Қай қағанға ісімді, күшімді беремін?... деп, табғач қағанға жау болған екен». Бірақ, автор көтерілістің жеңілуін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған ынтымақтықтың жоқтығынан, екі тізгін, бір шылбырды ұстатар күшті көсемнің болмағандығынан деп түсіндіреді: «Жау болғанмен, итініп-тартынып, тез бірікпеген себепті, тез күш алып, бел алып кетпеген себепті жеңіліп, қайыра бағынған екен» дейді. Тіпті, автор табғачқа тәуелді жағдайдан құтылып, еркіндік алуға мұрындық болмады деп түркі бектерін қатты кінәлайды: «Түрік бектері мұнша ісін, күшін Табғач қағанға бергенін ойлап, қайғыланбады» деп, олардың бағынышты, құлдық жағдайға қорланбайтын зердесіздігін айыптайды. Орталық империяның тарихында түркі халқының өз тәуелсіздігі үшін жасаған бұл көтерілісі «бүлік» деп аталғанын, «бүлікшілерге» қарсы Пхэй Хинь дегеннің қолбасшы болып тағайындалғаны жазылған. Ол кісі «680 жылы Хэй-Шань тауында бүлікшілерге қатты соққы берді, түгелдей талқандады. Өз қарауындағылар Нишуфу қағанды өлтірді, басын кесіп әкеліп, қайта бағынды»20 делінген. «Күл тегін» авторы айтқан 50 жылдық тәуелді тарих осымен бітеді, 681 жылы түркі халқы қайта көтеріліс жасайды. Бұл жолы оларды Қутлу Елтеріс қаған бастап шығады. Йоллығ тегін Елтеріс бастаған көтеріліске үлкен мән береді: «Үсте түрік Теңірісі, түріктің қасиетті Жері, Суы сонда былай деген екен: «Түрік халқы жойылып кетпесін, халық болып тұрсын» депті, солай деп әкем Елтерісті қаған көтеріпті» дейді. Яғни, «Түркі халқы жойылып, құрып кетпесін» деп «халық боп тұрсын» деп түркілердің «қасиетті Жері, Суы» мен түркілердің «Теңірісінің» өзі ұран тастайды. Қасиетті соғысқа, азаттық көтерілісіне жалпы халықтық аттанысты автор осылай басталды дейді. «Күл тегін» түркі халқының азаттық үшін болған осы көтерілісінің тарихын, Түркі ордасының қайта кұрылуын жан-жақты баяндайды. Бұл тарихта Қутлу Елтеріс қағанның «он жеті ермен» түркі халқын аралап, жүріп, жұртты көтеріліске жар салып шақырғаны, оның ұран салғанын «есітіп, халықтың жиналғаны», «жиналып жетпіс ер болғаны», бұл жетпіс ерді соңынан ертіп Елтеріс қағанның күн шығыс пен күн батысқа хабаршы – әскер жүргізгені, сөйтіп, «жеті жүз ер жиналған», бұл «жеті жүз ер мен мемлекетінен айрылғанған, қағанынан айрылған» халықты, күң болған халықты, билікті қолдан кетірген халықты қайта жинап, «арғы баба орнатқан әкімдікті қайтадан орнатқаны» айтылады. Қытай езушілеріне қарсы күресте жеңіске жетіп, Түркі ордасын байырғы ата-бабаның орнатқан тәртібінше билеу барысыңда Елтеріс қаған мен Қапаған қағанның, Елтеріс балалары Білге қаған мен Күл тегіннің жүргізген саяси шараларын, ел іргесін сақтау үшін табғач татабы, отыз татар сияқты сыртқы жауға қарсы соғыстарын, тоқуз оғуз, он оқ (түркеш), қырғыз бектері мәжбүр еткен ішкі соғыстарын баян етеді, отыз бес жылдық тарихты баяндайды. «Күл тегін» ескерткіші желісі жағынан екі бөлек. Ғылымда олар «Кіші Күл тегін» және «Үлкен Күл тегін» аталады. Егер «Үлкен Күл тегін» Түркі ордасы тарихының негізгі бөлігі болса, «Кіші Күл тегін» жазылу мерзімі жағынан кейін тұрғанына қарамай, осы тарихтың кіріспе бөлімі іспетті. Бұл кіріспе бөлім Көк Түрікке арнайы айтылады, кейінгі бөлімде баяндалған тарихтың сабақтары жинақталып, қорытылып, тұжырымдалып айтылады да, келесі сөзді – «Үлкен Күл тегінді» «Ел тұтсықы» («Ел өсиеті») деп атайды.
Автор «Түрік бектері, халық, мұны есітіңдер! Түрік халқын жинап, ел тұтсықын осы [еңбекте] баяндадым. Жаңылып, жолдан тайып, өлер кезге жеткен өткен кездерімді де осында баяндадым. Нендей сөзім болса да оны мәңгі тасқа түсірдім. Бұны көріп, біліңдер. Түріктің ендігі халқы, бектері – таққа қызыға көз салғыш (тақ құмар) бектері, жаңылуға, жолдан азуға бейім тұрасыңдар ау!» деп үлкен ой тастайды. Одан соң, «көңілдегі сөзімді он оқ оғлыңа, татыңа дейін арнадым. Мұны көріп біліңдер! «Мәңгі тас» соқтырдым. Бұл қасиетті орын, қасиетті жер! Осы қасиетті жерге «Мәңгі тас» соқтырдым [өздеріңе деген сөзімді] жаздырдым. Оны көріп, мәнін ұғыңдар!» деп өсиет мәнді арнау сөзін жазған.
Ал «Ел тұтсықы» («Ел өсиеті») деп аталған «Үлкен Күл тегін» үш бөлімнен тұрады: бірінші белім–550–716 жылдардың тарихы, екінші бөлім – Күл. тегіннің 700–716 жылдары жүргізген ішкі-сыртқы жорықтарының тарихы, үшінші – Күл тегінге некролог. Бірінші бөлімнің өзі төрт желіге құрылған: Түркі қағанатының құрылуы, Тумын қаған билігінен соң түркі бектерінің ала ауыз болуы, жат жұртқа тәуелді күйге түсуі, Елтеріс қағанның Түркі ордасын қайта көтеруі және Елтеріс пен Қағанның, Елтеріс балалары Білге шад пен Күл тегіннің ішкі-сыртқы жорықтары. Осында көңіл бөлетін бір жай бар. Күл тегін 731 жылы қайтыс болды. Бірақ, автор бірінші бөлімді де («Түркі қағанаты тарихын» да) және екінші бөлімді де («Күл тегін батыр туралы сөзді») 716 жылдың оқиғасы мен – таққа қағанның келуімен аяқтап, бұл екі бөлімді де «Күл тегін қайтыс болды» деп бітіреді. Арадағы он бес жылдың тарихы жазылмайды. Автор Қапаған кағанның, тоғуз оғуздар қолынан өлуін де, Білгенің таққа келуі кезіндегі сарай төңкерісі жайлы да, сарай төңкерісі кезінде Күл тегін жүргізген күресті де сөз етпейді. Ал – «Күл тегін некрологы» үш бөлек: бірінші – Күл тегінге арналған «Қоштасу сөз» (жоқтау сөз), екінші, Күл тегіннің асына (жерлеуіне) қай-қай елден кімдердің келгендігі жайлы ұзын тізім, үшінші, Күл тегіннің қашан, қанша жасында өлгені, ескерткіш «бітік тастың» қай кезде қойылғаны жайлы дерек. Қорыта айтарымыз, «Күл тегіннің» авторы өз кезінің қоғамдық пікірінен бөлектенбейді. Ол болып өткен және болып жатқан жағдайларға баға бергенде түркі халқының, қағанаттың ортақ мүддесі талабы тұрғысынан келіп отырады. Сол үшін де «Күл тегін» авторы көтерген ой-пікір өз кезінің ортақ қоғамдық ой-пікірі. «Күл тегінде» автор, біріншіден, Түркі ордасын VІІ ғасыр ортасында Табғач сияқты ірі империяның жаулап алуын, жат жұртқа кіріптар болған түркі халқының азаттық күресін баяндайды. Бұл тұста «Күл тегін» авторының пікірі жалпы түркі халқына ортақ пікір болып келеді. Екіншіден, «Күл тегін» авторы Түркі ордасының нығайту, бір орталыққа бағынған мемлекетті құру жолында қағандар жүргізген әрекеттерді, түркі тайпалары бектерінің бұл тұстағы ішкі алауыздығын, Табғач қағанына сатылып, соларды жақтап жүргізген іс-әрекетін т.б. баяндайды. Автор түркі жер-суының бүтіндігі үшін, қағанаттың тұтастығы үшін кіші хандар мен бектерді тізгіндеп ұстауды, олардың қарсылығын күшпен басуды дұрыс деп қолдайды. Бұл жерде автор хандық үкіметтің мүддесін қостап, құптап отыр. Үшіншіден, «Күл тегіннің» негізгі қаһарманы, қозғаушы күші, сөз етер объектісі – халық, түркілердің жері, суы. «Күл тегінде» түркілердің жер-суы мен түркі халқының белсенді әрекет-қимылы мол көрсетілген. Табғачқа тәуелді күйден құтылу үшін бірінші болып үн қатқан да халық, автор «Түрк қара қамуғ будун анча тіміс», «Үзе түк теңрісі, түрк ыдуқ йері, суы анча тіміс» дегенді жиі айтып отырады. Ал қағандар әрекеті халық мүддесін көздеуші ретінде баяндалады. Сол үшін де «Күл тегін» сөзі тұтастай «түрік будунына» арналады. Төртіншіден, «Күл тегін» авторы өз кезінің идеологы. Ол Суй сарайының түркі халқына қарсы жүргізіп отырған идеологиялық күресін ашық әшкерелейді, империяның «дала халқын» қымбат сыймен, жақсы уәдемен өзіне қарату, бір-біріне айдап салу сияқты саясатының бет-пердесін сыпырады.
Бесіншіден, «Күл тегін» авторы Түркі ордасының әкімшілік территорнясы шығысы Хинган тауынан, батысы Арал теңізіне дейін, ал оңтүстігі «Йашыл өгүзге, Хуанхэ (Қуаң, Сары өзен). Ордос жайлауына дейін созылып жатқанын», осы географиялық ортаның тұтастығы үшін Ертедегі Түркі қолы жүргізген ерлік соғыстарды мақтанышпен айтады. Бірақ, автор соғыс жүргізіп барып қаратып алған, өзге елмен шектесетін мекеннен Ертедегі Түркілер әуелде орда көтерген мекенді – «түріктің ыдуқ (қасиетті) жер-суын» боліп айтады. Ол – орхон өзені, Өтүкен тауы, Алтай мен Жоңғар (Сол кар – Сол қол). Ол – Алатау сілемдері, Іле бойы. Автор осы «ыдуқ жер-суда» түркі халқын қозғалмай отыруға үгіттейді. Түркі ордасының бөлініп, жерді тастап, қаша көшуге, әсіресе, Хуанхэ өзеніне, Ордосқа қарай баруына қарсы. Ол: «Сен көшпе, ол жерге барсаң, түркі халқы, құрып бітесің. Өтүкен жерде отырып, алым үшін керуен жіберіп тұрсаң, дүниең көп, қайғың жоқ болады. Өтүкенде отырсаң мәңгілік бірлігің бұзылмайды» дейді.
Ал бұлардан мынадай жайлар аңғарылады: «Күл тегін» түркілерінің өз бірлігі мен елдігін сақтау жолындағы әрекеті, өз болашағына деген үміті мен қауіпі, Табғач сияқты империядан келетін қауіптен сақтануы анық көрінеді. Сонымен қатар тарихты әсірелеусіз, мифсіз, шындық аясында баяндай білген біліктілігі көрінеді, өздерінің сол тұстағы жағдайын ел аралық көлемде, сол кездің күн тәртібінде тұрған тарихи проблемалар аясы тұрғысынан қарай алатын саяси білімділігі анық аңғарылады. Сол сияқты Түркі ордасының өткен тарихын, ішкі-сыртқы соғыстарын, тақ тартысын, бұқара халықтың көңіл-күйін, соғыс суреттерін, қаған мен бектердің, олардың халықтық және жеке бастық мүдде-мақсаттарын – барша-баршасын соншалық қисынды тілмен жеткізудің форма-моделін табу, сөйтіп, бір тұтас шығарма жасау сияқты жазушылық шеберліктері көрініс береді. Бұлар – үлкен әдебиетке ғана тән ерекшеліктер. Бұдан 1250 жыл бұрын жазылған «Күл тегін» сияқты тарихи шығарма авторы Йоллығ тегіннің өз заманының тарихы мен әлеуметтік-саяси жағдайын баяндау дәрежесі, ой-өрісі, ойлау қабілеті, жазушылық шеберлігі, міне осындай. «Күл тегін» ескерткіші – Ертедегі Түркілердің «ыдуқ жері, суы» мен әкімшілік территориясының сөзге түсірілген картасы, өз кезінің тарихи актысы.
4. ЕРТЕДЕГІ ТҮРКІЛЕРДІҢ ПОЭЗИЯСЫ
VІІІ ғасыр жазба ескерткіштеріндей емес, одан бергі дәуірдегі (XІ ғасырдағы) ескерткіштерде, сол кездегі түркі тайпалары арасында айтылып жүрген поэзия үлгілері мол ұшырасады. М. Қашғаридың «Сөздігінде» келтірілетін өлең үзіктеріне, олардың мазмұнына зер салсақ, атақты филологтың осы мұраларды әр рудан, әр тайпадан, әр түрлі мекеннен жинағанына көз жеткізуге болады. Мысалы:
Бузруч йеме қудурды
Алпағутын азырды
Сүсін йана қадырды
Қелгелімет іркешүр
[Бузруч тағы қүтырды
Алыптарын топтап бөлді
Әскерін және қайырды
Келу үшін топтасар], –
деп келетін өлең үзігінде йабағу тайпасының бастығы Бузручтың өзге бір тайпаға соғысқа дайындалып жатқаны айтылады. Өлең жұртты Бузручтың шабуылын тойтаруга үндейді. Бұл қай ел еді?
«Сөздікте» сондай-ақ «Жауға шап» деген өлең де бар:
Таң ата йорталым
Бузруч қанын іртелім,
Басмыл бегін өртелім
Емді йігіт йувулсун!
Бұл өлең Бузруч батырдың қанын жоқтап, Басмыл тайпасына қарсы аттан салған йабағы тайпасында туған.
М.Қашқари «Сөздіктің» енді бір жерінде:
Оттуз ічіб қықралым,
Йоқар қобуб секірелім
Арсаланлайу көкрелім
Качты сақынч севнелім, – деген өлең шумағын келтіреді де, былай дейді: «Үшті отыз сөзімен айтушылар да бар. Мен мұны Көңгүтте йағмалардан естідім. Олар «оттуз ічелім» деп үштен Ішкенін өз көзіммен көрдім. Өлеңде отыз сөзі үш қайтара деген сөздің мағынасын береді». Демек, бұл үзік йағма тайпасына тән. «Сөздікте» М.Қашқари Етіл деген атаудың қыпшақ еліндегі бір дарияның аты екенін айта отырып:
Етіл сувы ақа турур
Қайа түбі қақа турур
Балық тілім бақа турур
Көлүң тақы күшерүр, –
деген өлең шумағын келтіреді. Сөз жоқ, бұл өлең Етіл өзені бойында болған тайпалардың біріне тән. Мына үзіндіде де солай:
Авлап мені қоймаңыз
Айық айып, қаймаңыз,
Ақар көзүм өш теңіз
Тегре йүре куш учар
Йүкүнүп маңа ымлады,
Көзүм йашын йамлады,
Бағрым башын емледі,
Елкін болуп ол кечер
[Көңлімді аулап, қоймаңыз,
Уәде айтып таймаңыз,
Көз жасым ағар теңіздей
Айнала шүйіп құс ұшар.
Жүгініп маған ымдады,
Көзім жасын құрғады.
Жарасын бауыр емдеді,
Елекем болып ол кешер.]
Осы үзіндіге мағыналас әрі формалас тағы да екі шумақ бар. Жігіттің қызға арналған бұл ғашықтық жыры сөз жоқ, оғуз бен қыпшақтың біріне тән. Өйткені мұнда қой деген етістік сөз кездеседі. Бұл дәуірде түркі тілдері д/дз/й түрінде жіктелгендіктен, қой етістік сөзі қод\\кодз\\қот/, әрі қой түрінде әр жерде әр түрлі айтылған. Егер М.Қашқари дәуірінде қой түрінде айту тек қыпшақтарға ғана тән болғанын ескерсек, бұл жырды қыпшақтар арасында туған деуге әбден болады. Бұл пікірді М.Қашқаридың осы өлеңге қатысты грамматикалық формалар мен жеке сөздерге берген түсініктемесі дәлелдей түседі. Ол былай дейді: «көптік үшін барыңлар қамуғ дейді. Тыңдаушы жасы үлкеп құрметті кісі болса, біреу болса да, құрмет көрсетіп, көптік формасын қолданады: «барың» дейді. Тегінде мұның мағынасы барыңлар деу. Оғуз бен қыпшақтар даралықта бар, көптікте барың дейді. Олар лар-ды түсіріп, қолданады: – лар орнына тыңдаушы біреу болса да -ыңыз қолданады». Бұдан соң ол «мына үзіндіде де осылай келеді» деп барып, жоғары «Авлап мені қоймаңыз» деп басталатын бір шумақ өлеңді келтіреді.
Ал екінші шумақта «елкін» сөзі бар. Бірақ «өтрүк» деген сөзге қатысты өзге бір жерде М.Қашқари «Өтрүк отун ағрылайу йүзге бақар, Елкін ташуп, берміш ашығ башқа қақар – өтірікші, оттама ұрыдай бетке қарар. жолаушыны қуып, берген асын басына соғар» дегеп өлеңді келтіре отырып, «өтрүк – айлакер, алдамшы (оғуздарша)» дейді. Ал «елкін» сөзіне келсек, «Древне-тюркский словарь» (1969) бұл жайлы «елкін қыпчақ, оғуз, путник, странник» (675-6.) дейді. Қазақта «ел жатса да елекем жатпайды» деген мақал бар. Осындағы «елекем» сөзі байырғы «елкін» сөзімен бір.
Демек, бұл тілдік фактілер де жоғарғы «Авлап мені қоймаңыз» деп басталатын өлеңнің қыпшақтарға (не оғуздарға) тән екенін дәлелдемек. Осы деректерге қарағанда «Сөздіктегі» өлең-жырлар түркі тайпаларының біреуіне ғана тән болмаған. М.Қашқари оларды әр тайпадан, әр мекеннен жазып алған. Бірақ бұл жырларды белгілі бір тайпа тіліне тән белгілері анық көрініп тұратынына қарамай, түркі халқының X–XІ ғасырдағы (әсіресе, ауызша поэзиясының) үлгілері деп тану керек. Бұл поэзия үлгілерінде әр алуан жанр ізі анық көрінеді. Олар мазмұнына қарай: табиғат-наурыз жырлары, (ғашықтық-жастық жырлары, жоқтау жырлары, ерлік-жорық жырлары, тұрмыс-салт жырлары болып бөлінеді.
Біз енді осы жырларға қысқаша шолу жасалық.
Табиғат-наурыз жырлары
Бұл дәуірдің табиғат жырларында адамды қоршаған табиғат құбылыстары шебер суреткердің сезім көзімен танылып, көркем бейнеленеді. Жайнаған жаз масаты кілемдей құлпырған жер, туған жердің аң-құсы мен жан-жануары – бәрі-бәрі көркем суреттеледі.
Ақын:
Йай барубан еркүзі,
Ақты ақын мундузы,
Туғды йаруқ йулдузы,
Тыңла сөзүм күлгүсүз!
Түрлүк чечек йарылды
Барчын йазым керілді.
Ужмақ йері көрүлді
Тумлуғ йана келгүсүз,
Ағды булыт кекрейү,
Йағмур толы секрейү
Қалық аңы үкрейү
Қанча барыр белгүсүз, – деп жырлайды. Табиғат құбылыстары, олардың ерекше көзге түсетін қасиеттері жан-жақты қамтылған:
Жаз келді тоң жібіді
Ақтарыла сел жүрді,
Туды жарық жұлдызы,
Тыңда сөзді күлкісіз.
Түрлі шешек жарылды,
Барқыт жазым жазылды.
Ұжмақ жері көз ұрды,
Суық қайта келгісіз,
Шықты бұлт күркіреп,
Жаңбыр бұршақ сіркіреп,
Жел айдады дүркіреп,
Қайда бармақ белгісіз?
Тіпті осы бір табиғат суреті кешегі Абай, Ыбырай дәуіріне дейін өзгеріссіз келді деуге де болады. Табиғатты, тіршілікті, дүние болмысын қабылдаулары, сезінуі мен тануы да тым ұқсас.
Сәуірде көтерілер рахмет туы
Көрінер көк жүзінде қаз бен қуы.
Көктен жаңбыр таулардан сулар жүріп,
Жайылар жер жүзіне қардың суы.
Ұжмақтың бір сәулесі жерге түсіп,
Өсірер жердей шөпті нұрдың буы, – деген.
XІX ғасыр ақыны сонау Ертедегі Түркі ақынынша жырлайды. Өзгешелік тек өлең формасында ғана.
Ғашықтық-жастық жырлар
Бұл дәуірдің ауызша поэзиясы ғашықтық жырларға өте бай. «Ғашықтық тілі — тілсіз тіл, көзбен көр де ішің біл» деп Абай суреттеген ішкі сезім әлемінің нәзік қырларын тілмен айтып жеткізу де үлкен жетістік. Бұл біріншіден, мәдениеттің, мәдениеттіліктің жемісі болса, екіншіден поэзияның толыса бастауының белгісі.
Ертедегі жазба ескерткіштерден белгілі, ежелгі түркі халықтары тілінде «өз» деген сөз көп кездеседі. Ол біріншіден, а) барлық, мән; ә) адамның өзі–«мен өзүм»; б) өзінікі – «өз тілі өз башыны йейүр» сияқты мағынаны білдірсе, екіншіден, – әмір – «өз қысылур» – өмір қысқарар; өзек; іші («йығач өзі» – «өзүм ағырды» – ішім ауырды) деген мағына берді. Сол сияқты қазіргі тілде басқа мағыналық реңк алған «қойын» - «қон» сөзі кеуде мағынасында қолданылады. Міне, осы екі сөздің тіркесінен жасалған «өз қонуқы» деген сөз «кеуде ішінде әрекет ететін нәрселердің» аты ретінде жұмсалды, бұл сөз кейіннен араб тілінен енген «рух, жан» деген сөздің қызметін атқарды. Осыларға өте жақын түбір сөз – «өд» (өдз) (– өзек, іш) сөзі әрі «үд (үдз) > үдік (үздік)» –өте жақсы көру, құмарту, ынтықтық сөзі ретінде де жұмсалынды. Бұлардан басқа «махаббат» деп аталатын қатынасқа қатысты ішкі әрекеттерді білдіретін: сев /сүй/, сақының /іштей құса болу/, қадғу /қайғы/, қомы /сағыну, мұңдану/ т б. сөздер болды. \ Адамның ішкі мүшелерінің атаулары көңүл /жүрек/, йүрек, бағыр /бауыр/, өпке /өкпе/ сияқты сөздер осы махаббат сезімін суреттеуге қызмет етті. Ал осы сөздерден: йүрек йарды, йүрек йыртты /жүректі тілді/, көңүл йалунды /жүрек өртенді/, көңүл булған /көңіл тұтқын болды/ көңүл урды /көңіл құлады/, көңүл ал /көңілін алды/, көңүл бер /көңілін берді/, көңүл бағлайу /көңілім, жүрегім байланды/, өкпе, йүрек қағрулар/ өкпе, жүрек қуырылды, өртенді/, йүрек еріді /жүрек еріді/, көңлүм емітті /көңілім, жүрегім емседі, еміренді/, көңлүм қайнайу /көңүілім қайнап тасыды/, бағрым башын қартдым/ бауыр жарасы жаңғырды/, бағрым башын емледі /бауыр жарамды емдеді/, үдік қомытты /ынтық жабықтырды/, өзүк оты тутунуп /ынтық оты тұтанды/, ішім йығлайу /ішім қан жылады/, үдік күчейүр /ынтық күшейді, ұлғайды/ деген сөз тіркестері жасалды.
Ғашықтық тіліне сүйген арудың жүзі, көзі, көркі де сөздік материал болып енді. Осы сөздердің қатысуымен жасалған тіркестер махаббат тілінің нәзік иірімдерін жеткізе білді: қарақ булнады /көзі тұтқындады/; толун айын йүзі йүрек йарды /толған айдай жүзі жүрегімді жарды; көзім йаруқы... /көзімнің сәулесі болған/; көзүм йашын йамлады /көз жасымды құрғатты/; ақтурур көзүм йулақ /көзім сел боп ағар,/ көзі айалвын // йалвын көз/ көзі сиқырлы //сиқырлы көз/, өлес көз /мұңды көз/, толун айын йүзі /жүзі толған ай/, башлағ көз /жаралы көз/ т.б. эпитетті тіркестер болған. Сол сияқты: йүз-көрк, меңіз йүз, көрк-меңіз /образ, форма/, көрк-йараш /көрік сәні, жүз жарастығы, грация/, сілік /сұлу, таза, пәк, әдемі/, арығ /сұлу, таза, пәк/, арығ-сілік т.б. Ертедегі Түркілерде осы сипатты адамның ішкі жан дүниесінің сан түрлі сиқыр сезімдерін білдіретін сөздік материалдың болуын бір жағынан рухани мәдеииеттілігі деп, екінші жағынан әдебиеттің мәдениеттілігі деп санау қажет. Поэзиядағы сезім тілі лирика жанрын туғызды. Бұл махаббат лирикалары сезімді тербер өте нәзік мұңды сазымен, көңіл толқытар құсалы әуенімен, бояуы қанық, айшықты да әсерлі тілімен ерекшеленді. X–XІ ғасыр әдебиетінде поэзияның осындай үлгісі болды. Бұл көркем үлгіні түркі халықтарының сол дәуірдегі көшпелі тұрмысынан, осы тұрмыстың салт-дәстүрінен, салт-салтанатынан, осы салт аясында, табиғат бесігінде дүниеге келген олардың қуанышынан, қайғы-зарынан, көңіл-күйінен бөліп алуға болмайды.
Барды көзүм йаруқы,
Алды өзүм қонуқы.
Қанда ерінч қанықы,
Емді узын удғурур.
Үзік мені қомытты,
Сақынч меңе йумытты.
Көңлүм аңар емітті,
Иүзүм менің сарғарур.
Осы жолдардағы ғашықтық сезімге құндақталған сөздердің мағынасын, ол мағынаның реңкін, бояуын, әсерін сонау XІ ғасыр адамдарынша қабылдау мүмкін емес. Бізге осы тамаша ескерткіштен сөз-формалар, сол сөздердің араға мың жылды салған мағыналық жаңғырығы ғана көрінеді де, сол заман адамдарының сезім сипаты, оның сөздегі формасы, мағына аясы, түсінігі, танымы, идеясы өте күңгірт елес береді. Біз өткен заманның поэзиясында жасалған бұндай көркемдік әлемге тек перде сыртынан қарап отырғандай әсерде боламыз, көп тұсына көзіміз айқын жетпейді, көптеген суреттеулер көңілге қона қалмайды. Мұндайда жеке сөздің мағынасын арнаулы сөздіктерге қарап білуіміз сол сөздің қатысуымен жасалған біртұтас көркемдік картинаны тануымызға толық кепіл бола алмайды. Біз сол заманнан жеткен «Аужар өлең» атты ескерткішке де осы тұрғыдан қараймыз. Бұл ескерткіш пеп біздің арамызды бөліп жатқан уақыт ескерткіште өрнектелген сол заман адамдарынын, психологиясын, эстетикалық талғамын, көзқарасын, салттық ұғымдарын жете білуімізге, терең тануымызға кедергі келтіреді. Ертедегі Түркілерде «қалың мал төлеу» сияқты әдет ғұрып тұрақтанғанмен, оны сақтау-сақтамауда біршама еріктілік болған. Егер «қалың берсе қыз алыр» деген түркілердің мақалы «қыз алудың» шарты — «қалың беру» екенін анық, бұлтарыссыз кесіп айтса; ал «қызымын қалыңсыз бертім» деген сөздің астарында мақтаныш, ер көңілділік, сонымен бірге әкенің қыздың қалауына лайық «жол жасауы» сияқты өзгеден ерекшелену ізі де жатыр. «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз жоқ» деген мақалдың төркіні де осыған жақын. Қыз бен жігіттің көңіл қалауы мен дәстүр арасындағы күресте көбіне, «үлкендердің ұйғаруы» басым түсіп жатқан соң, көңіл өз қалауын, өз қызығын жоқтайтын болған. Жоқтау (құса-сағыныш) жырлары осылай келіп
туды.
Алысқа кеткен сүйгенін аңсаған жас:
Өзік оты тутунуп, [Ынтық оты тұтанып,
Өпке-йүрек қағрулур. Өкпе-жүрек өртенер.
Түн-күн туруп йығлайу, Күні-түні жылаумен,
Йашым менің саврулур. Жасым алдым сел етер], –
деп, жас төксе, ал енді біреуі көз алдында кете барған сүйген жарына:
Йығлап үзу артадым,
Бағрым башын қартадым.
Қачмыш қутуқ іртедім,
Йамғур күні қан сачар, –
[Жылап артынан іздеп жүдедім, бауырымның аузы біткен жарасы қайта жаңғырды, құт-бақытым қолымнан қашты, соны артынан іздедім, көзімнен қанды жас жаңбырша төгілді] деп көкірегін жайлаған мұңы мен зарын ақтарады. Қорыта айтқанда, сол X–XІ ғасырларда ғашықтық сахнасында ауызша және жазбаша туған поэзияның тамаша үлгілері күні бүгінге дейін өз құнын жойған жоқ деп білеміз.
Жоқтау өлеңдер
Қазақ халқының ұлы перзенті М.О.Әуезов жоқтау жырлары жайлы былай дейді: «Қазақта дүние салған адамды жыл бойына, ас бергенге дейін жоқтау салты ежелден бар. Өлген адамның әйелі немесе шешесі мен қарындасы оны күніне екі рет таңның атуы, күннің батуы жоқтауға тиіс болған. Оған арналып шығарылған (0қтау өлеңде оның қадір-қасиеті мақталады, оның қа-(асының орны толмас әкініші, ауыртпалығы айтылады... І Жоқтаудың» өзіые тән аянышты, қайғылы сазы бола¬ды. «Жоқтаудың» образдық-поэтикалық желісінде салыс-тырыла алынған бейнелер мен теңеулер көп ұшырасады. Өлген адамды мадақтағанда бояуы қалың эпитеттер меп метафоралар қолданылуы шарт. Үй ішінің қайғы-шерін білдіретін өлеңнен «жоқтау» кейде жалпы адам баласына ортақ тақырыптарды қозғайтын, терең де түбегейлі, ой тербейтін өлеңге айналады» . Ертедегі Түркі әдебиетіндегі жоқтаулар өзінің барша мазмұны мен сөз саптау тәсілі жағынан осы бір анықтаманың аясына сыйып тұр. Сол заманның әдебиетіндегі жоқтау жырлардың айқын сипатын «Алп ер Тоңа өлді мү?» деген жырдан көруге болады.
Алп ер Тоңа өлді мү?
Есіз ажун қалды му?
Өзлег өчін алды му?
Емді йүрек йыртылур, –
деп келетін ұзақ жоқтауда әуелі Тоңа Алп ердің дүниеден өтуі, дүние-мүлкінің иесіз қалуы, алмай қоймас ажалдың алып ерді мерт етіп, өлімнен қорықпаған батырдан өшін алғаны айтылады. Сол сияқты бұл ауыр қазаға елдің қабырғасы қайыса қайғырғанын, жорықта жолдас болған ерлердің аттарын болдырып, қайғымен жүздерін солдырып, бөрідей ұлысып, өкіре, өкси жыласып, ат қойып келгенін айтып кетеді. Бұдан соң осы өлімнің халыққа ауыр тигенін баяндайды. Ендігі бір жерде Ер Тоңаның жұртқа қамқоршы болған кездерін еске түсіріп, сол бір шуақты күндерді «аһ» ұра жоқтайтынын айтып өтеді. «Күл Тегін» ескерткішінде «Өд теңрі йасар, кісі оглы қоп өлгелі төрүміс» деп келетін жоқтау сияқты бұл өлімнің жұрттың бәріне ортақтығы, сұм ажал өзінің тұзағына жұрттың бәрін түсіретіні, осы ажалдың бектердің бегі Тоңа алыпты да алып кеткені сөз болады. Ажал алдында ешкімнің де көлденең тұра алмайтындығы, оның мың түрлі опаты болатындығы айтылады. Енді бірде жоқтау сарыны тыңдаушысына қарай ойыса бастайды. Тірілерге өсиет айтады. Осылайша, адамдарды Тоңа алыптың қазасына әрі мойындатады, әрі пенденің өлімге шүкіршілікпен қарау керек екендігін шегелей түседі. Бұндай қаза жыры дүние салған батыр ұлды жоқтау ғана емес, сондай-ақ замана туралы толғау да. Мұнда философиялық таным мен түйіндеулер кездеседі. Мұның өзі сол заманнын, әдебиеті үшін үлкен жетістік. Осыдан шамамен 1200 – 1300 жыл бұрын дүниеге келген жоқтау жырлар XІX ғасыр жоқтау жырларымен үндесіп жатыр. Бұл – өзара бірлікті көрсетеді. Ал бұл бірлік – сонау байырғы жоқтаулар мен кешегі жоқтау жырлар арасындағы үзілістің болмағанын байқатады.
Ерлік-жорық жырлары
М.Қашқари заманында, тіпті оған дейін де түркі халқының ауызша поэзиясында соғыстың тарихын баяндайтын, ерлікті, батырлықты мадақтайтын өлеңдер өте көп болған. Өйткені жауынгершілік психология үстем болған ол дәуірдегі көшпелі елде соғыс өмір сүрудің бір кажетті құралы ретінде болды да, ал бұл соғыстарды жырлау, мадақтау салтқа айналды. Түркі тайпалары сол XІ ғасырға дейін, әсіресе, VІ–VІІІ ғасырларда «ұлы жорықтарға» көп шықты. Осы жорық жолдарын мадақтай баяндау сол VІІІ ғасырдың өзінде жазылған «Күл тегін», «Тоңуқуқ» сияқты әдеби ескерткіштерде мол орын алған. Бұл шығармаларда сырттай өлең жолына ұқсас келетін бір тектес сөйлемдер жиі ұшырайды:
Елдісін елсіз еттік,
қағандысын қағансыз еттік.
жауды ел еттік,
тізелісін шөгердік,
бастысын жүгіндірдік.
Академик М.Әуезов ІX–X ғасырларда «Қырғыздардың ұлы мемлекет» құрғанын, осы кезде «ұлы жорықтар» жасағанын, осы жорықтар қырғыздың «Манас» жырының әуел бастағы нұсқасын тудырғанын айта келіп, «Манас» сол «ұлы жорықтың» тұсында немесе соған іле-шала шығарылған болуға тиіс» дейді. Қырғыздар сияқты, өзге түркі тайпалары да сол заманда «ұлы жорықтардың» салтанатын баяндаған жырларды көп шығарған. Оларды сол соғыстың куәгері батырлар мен қолбасшылардың жанында жүрген ақын-жыраулар шығарды. Бірақ соңғысы мұны өз атынан емес, көбіне қолбасшы батыр атынан жырлап отырды. Ертедегі Түркі әдебиетіндегі бұлайша екінші бір кісінің (толғау жырларда жеке батыр, хан атынан, ал эпостық жырларда кейіпкердің монологы түрінде) атынан сөз шығару салты бергі дәуірде қазақ әдебиетінде Махамбет ақынға дейін келіп жетті. М.Қашқари осы жырларды ел ішінен жазып алды. Бірақ оларды «Сөздік» талаптарына сай ғана пайдалана алды. Сөздерді талдау және таңдау ниетімен бұл жырлардың біразын «Сөздікке» түгелге жуық енгізсе, біразын жарым-жартылай ғана немесе үзінді түрінде келтірген. «Сөздіктегі» үзіктерді әрі мазмұнына, әрі ұйқасына қарай жіктеп топтағанда, көлемі әжептарқы бес-алты жорық-жырының басы құралады. Олар: «Мен жеңбесем кім жеңер» /44 жол/, «Мыңлақ елін алғанбыз» /24 жол/, «Таңғутқа жорық» /32 жол/, «Үдіре қуып» /24 жол/, «Жауға шап» /16 жол/, «Соғыс /24 жол/ сияқты өлеңдер. Бұл жырларда «Тоқтамыс жыры» мен «Орақ – Мамай жырындағы» батырлар монологына, тіпті бергі Махамбеттің өршіл жырларына ұқсап кететін сарындар мол.
Мысалы:
Кеме ішіне отырып,
Іле суын кештік біз.
Ұйғыр жаққа бет қойып,
Мыңлақ жұртқа астық біз.
Түнделетіп бастық біз
Тұс-тұсынан бостық біз.
Ат жалдарын кестік біз,
Мыңлық ерін пістік біз.
Бұл «Мыңлақ елін алғанбыз» деген жырда өктем-үстем сес, мадақ-даңқ үні бар. Өлеңде жорық жаңғырығы, жеңіс ырғағы сол қалпында беріле салған. «Фурхан үйін жықтық», «бурхан үстіне т...қ» деген сияқты жұрттың жеңілген жауы мен жауының қаласын ойрандап, тұлымдысын тұл қылған, кекілдісін күң қылған жорықтар жайлы өлеңдегі мінез XІX ғасырдағы Махамбетке дейінгі («Керегесін керту», «туырлығын тілу», «Қанекедей көріктіні тегін олжа қылу» т. б.) поэзияда кеңінен көрініс берді. Бұл мотив XІ ғасырдан XІX ғасырға дейінгі барша ерлік-жорық жырларына ортақ боп келеді.
Үйлену-салт жыры
Халық поэзиясының өзге түрлері сияқты X–XІ ғасырдағы түркілерде үйлену-салт жырлары да басым болды. Әрине, бір жыр түрінің пайда болуы үшін бұл жыр туатын, жыр айтылатын институт болуы шарт. Ертедегі түкілерде ондай өнер орны бар еді. Олар бүл жиын-тойды «аш» деп атады. Және бұл аштың сүннет ашы /ұл тойы, сүндет тойы/, күдеңке аш /үйлену тойы, неке тойы, келін тойы/, қыз аш /қыз тойы/ және т.б. түрлері болды. Егер қыз ұзатар тойы болса, оны «қыз ашы» деді де, келін түсіру тойын «күдеңке ашы» деді. Осы жиын тойдың ала бөтен қызығы йырағу /жырау/ айтқан йыр /жыр/, жігіттер мен қыздар боп бөлініп айтқан я жеке-жеке айтқан көг /ән/ өнері болды. Қалыңдыққа тігілген үйде қыз бен жігіт айтысы қызып жатса, тойы болып жатқан қыздың тұсына келіп, ашығы өзінің қоштасар жырын, табыспаған көңілдің өксікті сырын ақтарып жатты. Сондай-ақ дәл осы той думаны «келін» түскен ауылда да қайталанатын болды. Бірақ қалыңдыққа айтылған қоштасу жырдың орнына келінге жаңадан түскен ауыл-аймағын таныстыру жыры, жаңа ортаның өсиет, үлгі-өнеге жыры, бет ашар жыры айтылды.
Махмуд Қашқари «Сөздігінде» осы жырлардың там-тұм іздері бар.
«Жар-жар» өлең. Бұл өлең-жыр әуелде «жар-жар» сөзінсіз айтылған. Бұл «жар» сөзі «сүйген жар» деген тіркестегі «жар» сөзі /йар парсы тілінде «сүйікті дос» деген сөз/ болу керек. «Сүйген жар» тіркесі түркі тілдерінде кейін жасалған. Парсының бұл йар /ярь/ сөзі М.Қашқари «Сөздігінде» де жоқ. Демек, түркі халықтарының сөйлеу тілінде де поэзиясында да бұл сөзі жоқ, ол кезде қолданыста болмаған. Демек ол кездің «жар-жар» өлеңі бұл «жар-жар» сөзінсіз айтылған.
Бұл дәстүрдің қай дәуірде туғанын тап басып айту өте қиын. Бірақ жас жігіттің ұзатылып бара жатқан сүйген қызы тұсына келіп өлең айту салты X–XІ ғасырларда болды. Мұндай кезде жігіт жол-жораға берік мінез көрсетуге міндетті. Қызды қаншалықты сүйсе де, қимаса да, қиналса да сүйгенінің мына аттанар сапарына оң тілек айтуға тиіс. Жылаған кездің жасын құрғатар, көңіл жұбатар жақсы сөз айтуы керек. Тағдырына мойынсұнған қызға көңіл жұбату сол өлеңдер мына сипатта болып келді:
Кізлеп тутар севүклүк,
Азрыш күні белгүрер.
Башлығ көзүг йапсама,
Йашы аның савруқар.
[Бұл күнге дейін жасырын ұстаған сүйген көңіл мынау ажырасар күні білінді, жаралы көзіңді жұрттан жасырып тасалама, бәрібір жас көңілдің сыры әшкере болады]. Осы бір шумақ өлең тұтас бір жыр түрінің – «жар жар» салты мен қыз-жігіт айтар ғашықтық айтыс өлең түрінің тарихын баяндайды. Осы бір шумақ өлең айтыс өлеңнің сипаты қандай болғанын топшылай пайымдауға мүмкіндік беретін белгі-ескерткіш.
«Беташар» үлгісіндегі өсиет өлең. XІ ғасырдағы үйлену-салт жырларының бір түрі «Беташар» өлеңнің бергі XІX–XX ғасырға келіп жеткен үлгісі – дәл сол қалпында өзгеріссіз болды ма, жоқ па, ол белгісіз және сол заманда «Беташар» жырдың қалай аталғаны да бізге беймәлім. Өйткені ол дәуірде «бет» сөзі түркі тілінде қолданылған жоқ. «Көкке сағурса йүзге түшер» деген мақалдан, «кіші көркі йүз ол, бу йүз көркі көз» дегеп өлең жолынан көрінетіндей, тек «йүз» сөзі ғана қолданылған. Бірақ қалай дегенде де «Беташар» өлең орнында айтылатын жыр да, оның атауы да болды.
Ежелгі түркілер келін түсіруге байланысты еткізген жиын-тойды «күдеңке ашы», неке түнін «күден түні» деп атаған. Чігіл тайпалары келін түсіріп, той қылғанда күйеу мен қалындықты жолықтырьш, шашу шашып өткізетін салтты «мендірі» деп атаған. Осындай тойда келінді жұрттан ала бөтен жасандырып киіндіретін болған. Сол үшін де ол заманның ақындары табиғаттың құлпыра жасануын жаңа түскен келінге балайтын болған.
Безеніп бұл дүниа өзін көргүтүр,
Етінміш келін тег көңүл йелгүтүр, –
дейді атақты «Қутадғу білігтің» авторы Юсуф Баласағуни.
Туған ұясы үлде мен бүлдеге бөлеп, жасандырып, салтанатымен шығарып салған қыз жаңа жұртқа келіп боп келеді. Жаңа түскен келінді құрметтеп, келген аяғың құтты болсын деп шашу шашып, «көрімдік» деген атпен қымбат бұлдан жыртыс жыртып, жұртқа үлестіреді. Одан табылдырық аттатып барып, отқа май құйғызады, «от ана, май ана жарылқа!» деп жас жұбайларды отқа жүгіндіреді, табындырады. Осыдан соң жаңа қауымның үлкендері алдында бір ақын келінге өсиет айтады. Өсиет өлеңнің мазмұны жол-жоралғыны, салтты, дәстүрді берік ұтауға үйрету болып келеді. Осы айтылғандардан нені аңғаруға болады? Мұның бәрі X–ХІ ғасыр түркілерінде барынша жетілген ауызша әдебиет болғанын толық дәлелдейді. Сонымен бірге бұл әдебиет көп жанрлы болған. Оның із-белгісін, із-соқпағын VІІІ ғасырдың жазба ескерткіші «Күл тегіннен» толық байқауға болады.
ЕРТЕДЕГІ ТҮРКІ ХАЛҚЫНЫҢ ФОЛЬКЛОРЫ
«ОҒУЗ ҚАҒАН»21
Таныстыру «Оғуз қаған» – түркі халықтарының ең ежелгі фольклорлық мұрасы. Бірақ өте көне дәуірде жасалған бұл фольклорлық мұра бергі XІІ–XІІІ ғасырда ғана жазуға түскен22. «Оғуз қағанның» қағазға түскен дәуірінің тілдік белгілеріне сүйеніп, оны XІІ–XІІІ ғасырдың мұрасы деп тануға әсте болмайды. «Оғуз қағанды» әуелі әдеби мұра ретінде қарастыру керек. Сонымен бірге оның сюжеттік желісін, оқиға тізбегін, ондағы ел-жұрт, мекен атауларын, кісі аттарын және бұлардың оқиғаға, ал оқиғаның уақытқа қатынасын, сол сияқты суреттеу тәсілдерін, мифтік ұғымдарды, ақырында кличаға айналған формулаларды – бәрі-бәрін негізге ала отырып зерттегенде ғана оның қай дәуірдің жемісі екенін анықтауға болады. Осы аталмыш белгілеріне қарағанда, «Оғуз қаған» ежелгі хундардың ұрпақтары Ашина-түріктердің тарихи аренаға шыққан кезінен көп бұрын – VІ–VІІІ ғасырға дейінгі жерде-ақ түпкілікті жасалған болса керек. Ал «Оғуз қағанды» жазуға түсірген XІІ–XІІІ ғасыр – осы әдеби мұраның қай дәуірге тәндігін белгілейтін дәл меже-өлшем емес, ол тек XІІ–XІІІ ғасыр түркілерінің байырғы сөз қазынасының жазуға түсу фактісік көрсететін тек мерзім-өлшемі ғана. Бұл уақыт өлшемі, яғни «XІІ–XІІІ ғасыр» деген уақыт өлшемі «Оғуз қағанның» тілдік фактілері (фонетикалық-грамматикалық белгілері) үшін ғана маңызды. «Оғуз қағанның» өзі – өте Көне заманның мұрасы. Өйткені ауызша туып, ауыздан-ауызға тарап, кейінгі дәуірге көшіп отыратын фольклорлық туындыларға «әрбір кейінгі дәуірдің тілдік нормасы өзінің шешуші редакциясын жүргізеді, жеке сөздерде ғана емес, дыбыстардағы, грамматикалық формалардағы, тіркестердегі, сөйлемдегі, сөздің орналасу тәртібіндегі жаңа дәуірге тән жаңа норма бұрынғы дәуір сөзіндегі өзіне сәйкеспейтіннің бәрін өзгертеді»23. Бірақ фольклорлық шығарманың негізгі өзекті жүйесі өзгеріссіз қалып отырады. Халықтар қай заманда (да өзінің тарихын жасауға бейім тұрады. Жазуы дамыған халықтарда бұл тарих жылнама, не ұлы қолбасшылар мен патшалардың жорық жолын баяндау түрінде хатқа түскен. Ал жазуы жоқ халықта бүл тарих ата-бабалар және атақты колбасы туралы ауызша туған аңыз әңгімелер түрінде, не басы осы аңыз-әңгімелерге барып тірелетін шежірелер түрінде жасалып отырған. Ертедегі Түркілер осы тарихтың екі түрін де иеленген еді. Олар «Күл тегін» және т.б. жазба ескерткіштерінде қолбасы батырлар мен қағандардың ел басқаруы мен ел қорғаудағы ерліктерін, түрлі жорықтарын жазып қалдырса, ал өздерінің ауыз әдебиеттерінде ұлы қолбасшылар жайлы қиял мен мифтік сана құндағында туған тамаша шығармаларды дүниеге келтірді. Ертедегі Түркілердің осы екі жүйеде жасалған ең ежелгі тарихи дерегінің де басы Оғуз қаған деген тарихи тұлғаға барып тіреледі. Оғуз қаған – Ертедегі Түркілердің өз арғы аталарын тарихқа белгілі еткен алғашқы жазба шежіре мен аңыз-әңгіменің тарихи кейіпкері. Ертедегі Түркілердің арғы аталарының тарихи әдебиетте көрінуінің өзі осы Оғуз қағанның тарих сахнасына келуімен тұтас жатыр. Яғни Оғуз қаған және оның қоғамдық қызметі жайлы жылнама түркі тектес халықтар тарихының бізге жеткен мәліметтерінің басы. Оғуз қаған туралы аңыз-әңгіме – түркі халықтарына тән ауыз әңгімелердің (фольклорлық шығармалардың) бізге келіп жеткен ең ежелгі, ең көне үлгісі. Демек, түгел сөздің түбі осы Оғуз қағанға катысты тарихи дерек пен аңыз-әңгімеде жатыр. «Оғуз қаған» атты эпос сипатты аңыз-әңгіме осы Оғуз қағанның әрекетіне немесе ежелгі хундардың қағаны Модэ әрекетіне құрылған. Демек, «Оғуз қаған» тарихи негізі бар фольклорлық шығарма. Біз кітаптың көлеміне орай «Оғуз қаған» жайлы деректі осы шағын таныстырумен шектедік.
Келімбетов Н.
КӨРКЕМДІК ДӘСТҮР ЖАЛҒАСТЫҒЫ
Көне түркі қаһармандық дастандары мен қазақтың батырлық жырлары арасындағы байланыс белгілері
Еліміз егемендік алып, бүкіл қоғамдық ой-сананы, халықтың рухани өмірін қайта құрып жатқан бүгінгі ұлы бетбұрыс кезеңінде қазақ әдебиетінің түп-төркінін, қайнар-бастауларын объективті түрде танып-білудің мәні ерекше зор болып отыр. Ал, мұның өзі ежелгі түркі поэзиясы мен қазақтың өзіндік төл әдебиеті арасындағы сан ғасырлар бойы бір сөтке де үзілмей келе жатқан көркемдік дәстүр жалғастығын жан-жақты зерттеу арқылы ғана жүзеге асатыны мәлім. Сол себепті біз, ең алдымен, көне түркі қаһармандық дастандары мен қазақтың батырлық жырлары арасындағы байланыс белгілерін айқындап алуды жөн көрдік. Бұл сияқты өзара байланыс белгілерін, бір жағынан, көркем туындының мазмұн бірлігіне қарап, екінші жағынан, стильдік-тілдік формаларының бірлігі негізінде зерттеу арқылы айқындап алу мүмкін деп білеміз. Сонымен, осы зерттеудің бірінші тарауы бойынша алға қойған негізгі мақсатымыз — ежелгі түркілердің қаһармандық дастандары мен қазақтың батырлық жырлары арасындағы мазмұн, стиль, форма, дәстүр бірлігін айқындап алу болып табылады. Басқаша айтсақ, біз мазмұндық бірлік пен модельдік бірлікті өзара үйлестіре отырып, байланыс белгілерін ашып көрсетуді жөн көрдік. Адамзат тарихының түрлі кезеңдерінде өмірге келген көркем туындыларды өзара байланысты түрінде алып зерттеу арқылы ғана әрбір шығарманың туындау жолдарын, мән-мағынасын, мақсат-мұратын, бейнелеу құралдарын, поэтикасын т.б. айқындап алуға болады. Бұл туралы белгілі әдебиет зерттеушісі А.Н.Веселовский мынадай пікір айтады: «История литературы, в широком смысле этого слова, – это история общественной мысли, насколько она выразилась в движении философском, религиозном и поэтическом и закреплена словом. Если, как мне кажется, в истории литературы следует обратить особенное внимание на поэзию, то сравнителыный метод откроет ей в этой более тесной сфере совершенно новую задачу — проследить, каким образом новое содержание жизни, этот элемент свободы, приливающий с каждым новым поколением, проникает старые образы, эти формы необходимости, в которые неизбежно отливалось всякое предыдущее развитие»24. Міне, сол себепті біз көне түркі қаһармандық дастандары мен қазақтың батырлық жырлары арасындағы көркемдік дәстүр жалғастығы проблемасын осы тұрғыдан зерттеуді жөн көрдік. Сол арқылы ғана біз бүгінгі күнге ғасырлар қойнауынан жеткен көркем жәдігерліктердің қалыптасу тарихын, әдеби өмірдің кемелдену кезеңдерін, сан алуан әдеби бағыттар мен идеялардың даму сатыларын, әдеби процеске ықпал еткен қоғамдық-әлеуметтік құбылыстардың шынайы табиғатын тереңнен танып білеміз. Көне түркі әдеби ескерткіштерін зерттеу саласында соңғы жылдары бірқатар игілікті істер атқарылды. Мәселен, тек Орхон жазба жәдігерліктерін тарихи, әдеби, тілдік тұрғыдан зерттеуте арналған бірқатар келелі еңбектер жарық көргенін кіріспеде айттық. Осыған орай, әдебиеттану ғылымында қазақ көркем сөз өнерінің қайнар-бастаулары сол руналық жазбаларда жатыр деген пікір қалыптаса бастады. Әрине, мұның өзі ғылыми негізі бар тұжырым деуге болады. Алайда сол Көк түріктердің тарихнамасы саналатын руналық жазудағы ерлік дастандары бір күнде ғайыптан пайда бола салған жоқ қой. Басқаша айтсақ, Түрік қағанатының әскери қолбасшысы Күлтегін батыр мен Білге қағанның кеңесшісі Тоныкөкке арнаған ғажайып жыр-дастандарды жазуға үлгі-өнеге болған қаһармандық дастандар болды ма деген орынды сауал туады. Әрине, болды. Ең бастысы — «Күлтегін» және «Тоныкөк» жырларын жазуға үлгі-өнеге болған бұл қаһармандық дастандары Түрік қағанаты құрылуынан сан ғасырлар бұрын, тіпті біздің жыл санауымызға дейінгі сақтар мен ғұндар дәуірінде өмірге келген еді. Олар: «Алып Ер Тоңға» «Шу» батыр, «Аттила», «Оғыз қаған», «Көкбөрі» және «Ергенекон» дастандары. Сақтар мен ғұндар дәуірінің ауыз әдебиеті үлгілері саналатын бұл дастандар бізге толық күйінде емес, жеке-жеке үзінділер түрінде ғана жеткен. Ал, кейбіреулерінің жалпы сюжеттік желісі ғана сақталған. Басқа да түркі тектес халықтар сияқты қазақ елі де сонау қадым замандардан бізге жеткен осы асыл қазыналардың — байырғы батырлық дастандарының заңды мұрагері болып табылады. Бұл туралы академик Ә. Марғұлан: «Қазақ халқына көп ғасырдан бері мұра болып келе жатқан ғажайып аңыздарды, мазмұны ертегіге айналған мифтерді, жан күйін көкке сермейтін асқақ ерлік жырларын, фәлсафалық қария сөздерін тереңнен алып қарасақ, онда бүкіл дүние мәдениетіне қосылатын бір үлкен сәулетті сыр бар екені көрінеді. Бұл жойқын шығармалардың ту баста келіп шығуының өзі бір – жарқын дүние. Оны ең алғаш келістіре шығарған елдер ерлік дәуірін басынан кешірген, қазақтың байтақ сахарасын қоныстаған сақтар, ғұндар, үйсіндер, қаңлылар, олардың соңын ала қарыштаған ұрпақтары – оғыздар, қыпшақтар, қарлұқтар (қазылықтар), наймандар, керейлер, пешенелер, хазарлар» — дейді25. Ежелгі сақтар мен ғұндар дәуірінің аңызға айналған тарихынан елес беретін бұл қаһармандық дастандары мен қазақтың батырлық жырлары арасындағы байланыс белгілерін көркемдік дәстүр жалғастығы тұрғысынан арнайы зерттеу объектісі болған емес. Сол себепті біз «Алып Ер Тоңға», «Шу», «Аттила», «Көк бөрі» және «Ергенекон» дастандарының қысқа-қысқа үзінділерін, жекелеген фрагменттерін, жеке-жеке күйінде жеткен сюжет элементтерін жинақтап, белгілі бір ғылыми жүйеге келтіруге өз мүмкіндігімізше әрекет жасадық. Сондай-ақ сақтар мен ғұндар дәуірінің жоғарыдағы аталған ауыз әдебиеті үлгілері мен қазақтың батырлық жырлары арасындағы мазмұн, форма, стиль бірлігін айқындай түсуді мақсат еткен едік. Біз өз зерттеуімізде «Күлтегін» және «Тоныкөк» жырларының өзінен кейінгі дәуірдегі көркем сөз өнеріне жасаған әсері, қазақ эпосында батырлар бейнесін сомдауға қосқан үлесі, қазақ жыраулары поэзиясындағы шешендік-даналық ойлардың қалыптасуында атқарған рөлі көркемдік дәстүр жалғастығы тұрғысынан кешенді түрде арнайы зерттелмегенін де ескердік. Міне, сол себепті жоғарыдағы аталған дастандар негізінде көркемдік дәстүр жалғастығының мазмұн мен форма, жанр мен стиль бірлігі мәселелеріне жеке-жеке тоқталып өтелік.
Алдымен сақтар дәуірінің ең құнды мұрасы саналатын «Алып Ер Тоңға» дастанына назар аударғанымыз жөн. Әйтсе де тікелей дастанды сөз етуден бұрын осы шығарманы өмірге әкелген сақтар дәуірі жөнінде бірер сөз айта кеткен жөн сияқты. Орта Азия мен Қазақстан және Шығыс Түркістан жерінде сақтар тайпасы ғұндардан сан ғасырлар бұрын мемлекеттік бірлестік дәрежесіне дейін көтеріліп, өзіндік жоғары мәдениетке ие болғанын дәлелдейтін тарихи деректер Қытай мен Иран жазбаларында сақталған. Біздің заманымыздан бұрынғы VІІ ғасыр сақтар мәдениетінің мейлінше гүлденген, алтын дәуірі саналады. «Сақтар мемлекетін кезінде «Сақ елі» немесе «Шу елі» деп те атаған. Сақтардың астанасы Тянь-Шань тауының орта тұсында болғаны анық»26.
Соңғы жылдары Есік маңынан (Алматы облысы) табылған сақ көсемінің киіміндегі алтын өрнектер, сақтардың «Берел қорымынан» (Шығыс Қазақстан облысы) шыққан сәндік-әшекей бұйымдар, Таңбалы тас (Қаратау) пен Саймалташ (Қырғызстан) жартастарына ойып салынған орасан үлкен суреттер – сақтардың көркемдік талғамы, бейнелеу өнері, металды өңдеу тәсілі едәуір жоғары болғанын аңғартады. Сақтарда бұғы, арқар, арыстан, самұрық құс суретін салу мен олардың бейнесін алтыннан құйып жасау стилінің өзіндік ерекшеліктері бар. Жоғарыда айтылған «Алтын обадан» табылған зергерлік-әшекей бұйымдардың кейбір бөлшектері мен суреттерінің өте кіші әрі нәзік етіп жасалғаны сондай, оны тек үлкейткіш шыны арқылы ғана көруге болады. Біздің заманымызға дейін «Алып Ер Тоңға» дастанының жалпы сюжеті мен жекелеген үзінділері ғана жеткен. Әйтсе де сол үзінді түрінде сақталып келген жыр жолдарының өзінен-ақ бұл дастаннын сюжеттік желісін, басты идеясын, көркемдік дәрежесін аңғару қиын емес.Дастанның басты қаһарманы – Алып Ер Тоңға. Алып Ер Тоңға – аты аңызға айналған тарихи тұлға. Ол біздің заманымыздан бұрынғы VІІ ғасырда өмір сүрген. Алып Ер Тоңға — Тұран елінің билеушісі, сақтар әскерінің қолбасшысы, ержүрек батыры. Дастанда оны елдің көреген көсемі ретінде де бейнелейді. Тұран әскері қолбасшысының атына қосылып айтылатын «алып « сөзі сол заманда «күшті», «батыр», «қаһарман», «ержүрек» деген мағынаны білдірген. «Алып» – сақтар мен ғұндар заманынан бері ел қорғаған батырлардың, қолбасшы ерлердің атына қосылып айтылып келе жатқан мәртебелі есім. Түрік қағанаты тұсында бұл сөз әскери титул мағынасында да қолданылған. Ежелгі түркі халықтары өз батырларының атына «алып» сөзін қосып айтатын болған. Мәселен: Алып Тегін, Алып Арслан, Алып Бамыс (Алпамыс), Көк Алып сияқты қол бастаған батырлар болған. «Алып Ер Тоңға
- түркі елінің аты аңызға айналған көсемі, билеушісі, батыры, даңқты қолбасшысы, оны парсылар Афрасиаб деп те атаған»27.
Бұл дастандағы батырдың есіміне қосып отырған «ер» сөзі ежелден-ақ «батыр», «қаһарман», «жаужүрек» деген ұғымдарды білдіретінін аңғару қиын емес. Сақтар дәуірінің осы дәстүрі сан ғасырлар бойы сақталғаны, бертін келе қазақтар да өз батырларына «ер» сөзін қосып айтқаны жақсы мәлім. Мәселен, «Ер Тарғын», «Ер Қосай», «Ер Көкше», «Ер Сайын» т.б. батырлар есімі бұл сөзімізге дәлел. Кезінде Тұран меи Иран елдері арасында болған соғыс кездерінде Алып Ер Тоңға сан рет Тұран әскерін басқарып, талай мәрте ғажайып жеңістерге жеткен. Бұл жайында Фирдоуси (940-1030) өзінің әйгілі «Шахнамасында» кеңінен толғайды. Тұран елінің батыры Алып Ер Тоңғаны ұлы шайыр өз дастанында Афрасиаб деп атаған. Қазақтың түңғыш тарихшысы Хайдар Дулатидің айтуы бойынша, Алып Ер Тоңға батырдың, яғни Афрасиабтың ататек шежіресі төмендегідей болып келеді: «Афрасиабтың әкесі – Пишен (Бешен), Пишен—Дад Нишиннің баласы, Дад Нишин – Турдың баласы, ал Тур болса Афридунның баласы. Бұл деректер «Тарихи-и гузида» кітабы бойынша келтіріліп отыр. Ал, мұның өзі Ходжа Рашидад-дин Фазлаллахтың «Маджма тауарих» атты еңбегінен алынған еді»28. Алып Ер Тоңғаның төрт баласы болған. Олар: Барсхан, Қарахан, Шиде, Алақ. Алып Ер Тоңғаның ататегі ежелгі түркі тайпаларынан шыққанын айта келіп, Н.Я.Бичурин:»...Тун Шеху хан батыр болды, оның әрбір соғысы жеңіспен бітіп отырды... Ал, оның немересі Нишу 630 жылдары Тунь алэу (Тоңға алп) Валиба Дулу хан деген лақап атпен таққа отырды», – дейді29. Алып Ер Тоңға туралы кезінде Әбу Райхан әл-Бируни, Махмұт Қашқари, Хамза Исфахани, Рашидад-дин т.б. пікір айтқан. Бұлардың бәрі де Алып Ер Тоңғаны сақтар дәуірінде өмір сүрген қайраткер ретінде көрсетеді. Қалай болған күнде де Алып Ер Тоңғаның тарихи тұлға екені, ежелгі түрік жұртын билеген әмірші болғаны, Тұран мен Иран арасындағы соғыста сақ әскерін басқарғаны анық. Кезінде оның Мауаранахр, Жетісу, Сауран, Шаш (Ташкент), Сайрам (Исфаджаб), Талас, Шу уәлаяттарына билік жүргізгені де бізге аңызға айналған тарихи деректер арқылы жеткен. Алып Ер Тоңға құрған мемлекет әр кездегі түрлі қоғамдық, саяси, әлеуметтік өзгерістерге орай өз астанасын бірнеше рет ауыстырып отырған сияқты. Түрлі тайпалық одақтардың бірлестігі ретінде ол құрған мемлекеттің астанасы Пайкент, Рамитан (ескі Бұхара), Баласағұн, Қашғар сияқты қамал-қалалар еді. «Сувар-и акалим» («Әлем климатының суреті») деген кітаптағы деректерге қарағанда, «Алып Ер Тоңға көптеген ғажайып қалалар салдырған. Солардың бірі – Ханбалық, яғни Баласағұн шаһары Афрасиаб ұрпақтарының қолында болған»30. Сондай-ақ Рамитан, Афрасиаб (Самарқан шаһарының бұрынғы аты) қалаларын да ежелгі Тұран елінің билеушісі Алып Ер Тоңға салдырған деген деректер бар. Біз» Алып Ер Тоңға» дастанының көне тарихи шежірелерде сақталған жұрнақтарын да, Фирдоуси өзінің «Шахнамасында» пайдаланған жеке-жеке үзіңділерін де, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» кітабындағы Алып Ер Тоңғаға қатысты бәйіттерін де, кейінгі кездегі зерттеулерде мысал ретінде келтірілген жеке жыр шумақтарын да жинақтау арқылы осы дастанның жалпы сюжеттік желісін айқындай түсуге әрекет жасадық. «Алып Ер Тоңға» дастанының мүлдем ұмытыла бастаған конструкциясын белгілі бір дәрежеде айқындап алуға Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат-ат түрік», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік», Рашидад-дин Фазлаллахтың «Маджма тауарих» («Тарихи жинақ»), Әбу Райхан әл-Бирунидің «Сувар-и акалим» сияқты орта ғасырда жазылған еңбектердің пайдасы тиді. Сондай-ақ «Алып Ер Тоңға» дастаны жайындағы мәліметімізді толықтыра түсуге бұл салада жемісті еңбек еткен Түркия елінің Б.Аталай, Р.Арат, И.Ертайлан, Ф.Көпрүлузаде, Н.Банарлы сияқты әдебиет тарихын зерттеуші ғалымдарының еңбектері де көмектесті. Бір қызығы – парсы елінің ұлы шайыры Әбілқасым Фирдоуси осы «Алып Ер Тоңға» дастанын толық күйінде оқыған сияқты. Ол өзінің әлемге мәшһүр «Шахнамасында» Тұран елінің патшасы, әскери қолбасшысы, даңқты батыры Алып Ер Тоңға жайындағы әфсана-аңыздарды, тарихи деректерді, мақтау өлеңдері мен жоқтау жырларын аса дарынды сөз зергеріне ғана тән шеберлікпен пайдалана білгені көрініп-ақ тұр. Алайда бұл арада мықтап ескеретін бір жәйт бар. Алып Ер Тоңға – Тұран елі үшін жағымды қаһарман, ал Иран жағы үшін ол нағыз жау, басқыншы патша екені мәлім. Сол себепті ұлы шайыр «Шахнамада» Алып Ер Тоңғаны, яғни Афрасиабты бір жағынан жанкешті батыр, орасан күштің иесі, дарынды қолбасшы етіп көрсетсе, екінші жағынан, Иран елін қанға бөгуге әзір тұрған залым патша ретінде бейнелейді. Соның өзінде, Фирдоуси өз шығармасында Алып Ер Тоңғаның түркі дастанындағы батырлық келбетін көп өзгертпей сол күйінде сомдап берген сияқты. Фирдоусидің «Шахнамасында» Тұран елінін қалың қолын бастаған Афрасиаб (Алып Ер Тоңға) жорықтарын бейнелеп көрсеткен он шақты арнаулы тараулар бар. Олар: «Афрасиабтың Бәрман мен Құмайынды Сұхраб құзырына жіберуі», «Афрасиабтың қорқынышты түс көруі», «Афрасиабтың қайраткерлермен мәслихат құруы», «Сияуыш пен Афрасиабтың бір-біріне ант беруі», «Афрасиабтың Сияуышқа хат жазуы», «Афрасиаб пен Сияуыштың аңға шығуы», «Афрасиаб ордасына Рүстемнің түнде шабуыл жасауы», «Афрасиабтың ирандықтардан жеңілуі» тағы басқалар. Әлемге әйгілі «Шахнама» дастанын бірқатар зерттеушілер ұлы шайыр Фирдоусидің «Алып Ер Тоңға» дастанын кезінде түпнұсқадан, толық күйінде оқығанын, Шығыс поэзиясына тән нәзира дәстүрі бойынша оны парсы тілінде қайта жырлап, Афрасиаб жорықтарына ақын өзінше баға бергенін айтқаны мәлім. Қалай болған күнде де Фирдоусидің «Алып Ер Тоңға» дастанын зор шеберлікпен пайдаланғаны даусыз. Сонымен, «Алып Ер Тоңға» дастанының қысқаша мазмұны төмендегідей: Түркілердің атамекені Тұранға көрші отырған Иран елінің әскері қайта-қайта шабуыл жасап, тыныштық бермейді. Тұран елінің сұлу қыздарын, асыл бұйымдарын қоңды малдарын тартып әкетіп жатады. Дихандардың енді ғана жайқалып өсіп келе жатқан егіндерін, бау-бақшаларын парсы әскері таптап тастай береді. Сол заманда Тұран елінде «арыстандай айбарлы, жолбарыстай жүректі, көк бөрідей тәкаббар» Ер Тоңға деген батыр жігіт бар екен. Ер Тоңға елден көп нөкер жинап, Иран әскеріне қарсы шығады. Тұран мен Иран әскері Дехистан деген жерде кездеседі. Бұл жер екі биік таудың ортасындағы кең жазира дала болады. Екі жақтың әскері үш күн, үш түн дамылсыз шайқасады. Жап-жасыл дала енді қып-қызыл қанға боялып кетеді. Адам өліктері тау-тау болып үйіліп қалады. Ақыры Тұран әскері жеңіп, Иран әскері ойсырап жеңіледі. Сол күннен бастап Ер Тоңғаны «алып» деп атай бастайды. Енді ол халық алдында Алып Ер Тоңға деп аталады да, Тұран патшасының тағына отырады. Дехистанда болған соғыста Тұран әскері Иран патшасын тұтқындап, аяқ-қолын шынжырлап әкетеді. Иран жағы оны тұтқыннан босатып алу үшін тағы да соғыс ашады. Алайда Иран шахын балтамен бір түнде шауып өлтіріп тастайды. Арада көп жылдар өтеді. Иран патшасының тағында талай патшалар ауысады. Алып Ер Тоңға солардың бәрімен де соғысады. Бәрін де жеңіп шығып отырады. Ақыры Иран патшасы Залдың жалғыз ұлы Рүстем қол бастайтын жасқа жетеді. Ол жер қайысқан қалың әскермен Тұран елінен кек қайтаруға аттанады. Алдынан көп әскермен Алып Ер Тоңға шығады. Қылыш, найза сарт-сұрт соғысып, болат қалқандардан от ұшқындайды. Садақ оғы жаңбырдай жауады. Жаралы жандардың құлындағы дауысы шығып, дүние астан-кестен болып кетеді. Адам қаны дария болып ағады. Біресе Иран жағы, біресе Тұран әскері басым түсіп отырады. Екі жақ та әбден әлсіреп, ақыры шайқасты уақытша тоқтатуға мәжбүр болады. Күндердің күнінде Иран тағына Кей-Қауыс отырады. Ол: «Түркі әскерінен жеңіліп қалдындар, қоян жүрек қорқақсындар», – деп өзінің жалғыз баласы Сияуышты және Рүстем батырды қатты ренжітеді. Көпшіліктің көзінше айтылған ауыр сөздерге қатты намыстанған Сияуыш әкесіне өкпелеп, Тұран еліне кетіп қалады. Ол түрік елі билеушілерінің бірі Пиранның сұлу қызына үйленеді. Одан туылған балаға Кей-Хұсрау деп ат қояды. Бір күні Иран жағы Кей-Хұсрауды ұрлап әкетіп, жігіт болған кезінде парсы еліне патша етеді. Арада көп жылдар өткен соң Кей-Хұсрау мен Рүстем батыр бірігіп Тұран еліне қайта шабуыл жасайды. Алып Ер Тоңға талай рет Рүстем батырмен жекпе-жекке шығып, екеуі ұдайы тең түсіп отырады. Ежелгі түркі әдебиетіне тән дәстүрлердің бірі – батыр шешуші шайқасқа шығардың алдында қорқынышты түс көреді. Алып Ер Тоңғаның («Шахнама» бойынша Афрасиабтың) түс көруіне арналған дастанның жыр жолдарын Фирдоуси өз шығармасында зор шеберлікпен пайдалана білген. Мұнда «Афрасиабтың қорқынышты түс көруі» деп аталатын жырда төмендегідей жолдар бар:
Қалтираб, букириб, унғониб кетди,
Унинг дод товуши атрофга етди.
Кутарилиб шу зум шиддаткор бурон,
Байрағимни олиб йиқди ногахон.
Эрон сипохлари мисоли бурон,
Босиб келар қулда найзаю камон.
Хар найза учида бир бош осилган,
Хар ким қултиғида бир бош қисилган.
Бир наъра тортди-ю деви ғаррондак,
Тиғ билан айлади нақ икки булак31.
Біз бұл арада «Шахнама» дастанының өзбек тіліндегі мәтінінен үзінді келтіріп отырмыз. Өйткені ғұлама-аудармашы Шоислам Шомухамедов дастанды парсы тілінен өзбек тіліне жолма-жол тәржіма жасап шыққанын ескердік.
Енді осы жырдың қазақша жолма-жол аудармасын оқып көрелік:
Қалшылдап, айғай сап оянып кетті,
Құлындағы дауысы қиырға жетті.
Долы дауыл жұрт зәресін ұшырды,
Байрағымды жұлып жерге түсірді.
Иран қолы қарақұрым қаптаған,
Жерімізді аямай-ақ таптаған.
Әр найзаға бір-бір басты іліпті,
Бір-бір басты қолтықтап та жүріпті.
Жарқ еткізіп алмас қылыш жасқады,
Қақ ортамнан екі бөліп тастады.
Жаудың келе жатқанын батырдың түс көру арқылы жеткізу тәсілі қазақтың батырлар жырында да ұшырайды. Мәселен, «Алпамыс батыр» жырында қазақ елін шабуға әзірленіп жатқан қалмақ ханы Тайшық батыр да түсінен шошып оянады. Ол түсінде қалмақты қырғалы келе жатқан Алпамыс батырды көреді.
Мен бір бүгін түс көрдім,
Түсімде жаман іс көрдім,
Заманым менің қағынды,
Қағынбаса не қылды?
Құрсаулы қара бура көп,
Қарсы қарап шабынды.
... Қаланың аузын қан қылды,
Қақпаның аузын шаң қылды,
Айдарлымды құл қылды,
Тұлымдымды тұл қылды,
Солқылдаған мырзамды
Табанға салып жүн қынды32.
Ежелті түркі ауыз әдебиетіне тән бұл көркемдік дәстүрдің сол көне дәуірдің өзінде жазба әдебиеттен жалғасын тапқанын көреміз. Біз сөз етіп отырған «Алпамыс батыр» жыры — «Қорқыт ата кітабындағы» (VІІІ- ғасыр) «Байбөрі баласы Бәмсі-Байрақ туралы жырдың» сан ғасырлар бойы талай өзгерістерге ұшырап, біздің заманымызға жеткен нұсқасы. Бұл екі жырдың да сюжеттік желісі де, сөз қолдану тәсілдері де, композициялық құрылысы да бір-біріне жақын тұр. Әйтсе де бұл туралы «Қорқыт ата кітабына» арналған бөлімде кең көлемде тоқталамыз. «Алып Ер Тоңға» дастанын ХІ ғасырдың аса көрнекті ақыны, данышпан-ойшылы Жүсіп Хас Хажыб Баласағұн да түпнұсқадан оқып, өзінің атақты «Құтты білік» дастанында оның жеке-жеке үзінділерін зор шеберлікпен пайдаланғаны күдік тудырмайды. Бұл туралы түріктің Ф.Көпрүлузаде, А.Инан, Р.Арат, С.Банарлы сияқты әдебиет тарихын зерттеушілері өз еңбектерінде талай рет атап көрсеткен. Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» дастанының 277-286-шы бәйіттерін түгелдей Алып Ер Тоңғаны мадақтауға арнаған. Ақын өз дастанының осы бөлімін «Ізгілік қасиеттерінің сипаты, пайдасы айтылады» деп атаған. Бұл бөлімде негізінен түркі бектерінің бойындағы адамгершілік қасиеттер жырланған. Ақын ел басқарған бектерге білімді, парасатты, зерек, өз халқына қамқоршы, әділ болу керек деген үндеу тастайды. Міне, осындай ел билеген бектердің ғажайып үлгісі ретінде ақын өз оқырманына Алып Ер Тоңғаның бейнесін ұсынады:
kөrü barsa әmdı bu bәglәrı
azun bәglәrındә bular yәglәrі
bu türk bәglәrіndә atі bәlgügüg
tona alp әrdі қutı bәlgügüg (276-277бәйіт).
Бұл бәйіттердің қазақша жолма-жол аудармасы төмендегідей болып келеді:
Түркі бектеріне назар салып қарасаңыз,
Олардың ішінде әлемге аты әйгілі, даңқтылары көп.
Түрік бектері ішінде мәртебесі ең биік тұрғаны,
Елге құт болғаны — Алып Ер Тоңға.
Дастанда ақын Алып Ер Тоңғаны қалың қол бастаған батыр ғана емес, сонымен бірге, көреген көсем, білімді жан, ақылды ел ағасы, елге тұтқа болған қаһарман ретінде бейнелейді:
bәdük bılkı bırlә өküx әrdәmı
bılıklıg uқuxluq bodun kөdrümı
nә өdrüm nә kөdrüm nә әrsıg әrәn
azunda tәtık әr yәdı bu jәhan (278-279 бәйіт).
Енді осы бәйіттердің қазақша жолма-жол аудармасын оқып көрелік:
Оның күші мен ерлігіне ешкім тең келмес,
Ал, ақылы мен даналығы бәрінен де асқан.
Қаншама ержүрек, даңқты әрі өктем жандарды,
Мына жалған бір сәтте ғайып (үнсіз) етіп жібереді.
Жүсіп Баласағұн атақты Алып Ер Тоңғаның есімін кезінде тәжіктер (парсылар) өзгертіп, оны Афрасиаб деп атап кеткенін де оқырманға ескертіп өтеді:
tәzıklәr ayun anı әfrasıyab
bu әfrasıyab tuttı әllәr talap
әdı artuk әrdәm kәrәk өg bılık
azun tutquқa өtrü sunsa әlıg
tәzıklәr bıtıkdә bıtımıx mını
bıtıkdә yoқ әrsә kım ukqay anı (280-281-282 бәйіт).
Бұл бәйіттердің қазақша жолма-жол аудармасы төмендегідей болып келеді:
Тәжіктер оны Афрасиаб деп атап еді,
Бұл оның елді басқарған кезі еді.
Ол әрі данышпан, әрі ержүрек болуға міндетті еді,
Өйткені билікті онсыз нығайту мүмкін емес.
Мұның бәрін тәжіктер хатқа түсірген,
Әйтпесе оны кім білер еді?
Сондай-ақ ақын мемлекет тұтқасын берік ұстап тұру үшін білім мен парасат қана емес, сонымен бірге, ерік, жігер, қаһар, өктемдік, өзгелерге үстемдік ететіндей ызғар қажеттігін айтады. Дәл осындай қаһарман — Алып Ер Тоңға деген түйін жасайды:
әdı yaқxı aymıx azıqlıq kür әr
azıqlıq әrәn bәrk tügünlәr yazar
mın әrdәm kәrәk bu jәhan tutquқа
kөr arslan kәrәk bu қulan basquka (283-284 бәйіт).
Қазақша жолма-жол аудармасы:
Хас батырлар туралы айтқан жақсы сөз бар:
«Қиын түйінді нағыз ерлер ғана шешеді».
Ел әміршісі қашанда айбарлы болу керек:
өйткені тек үрейлі арыстанға ғана құлан мойынсынады.
Сонымен, ақын Жүсіп Баласағұн сақтар көсемі туралы дастанды түпнұсқадан оқи отырып, Алып Ер Тоңғаның жарқын бейнесін жасағаны дау тудырмайды. Қорыта айтқанда, «Алып Ер Тоңға» дастанының негізгі идеясы – Тұран елін сыртқы жаудан қорғау, түркі жұртын ішкі ынтымақ-бірлікке үндеу, туған жердің абырой-даңқын арттыра түсу болып табылады. Бұл дастан Алып Ер Тоңғаның қайтыс болып, бүкіл түркі елінің күңіренген жоқтау жырымен аяқталады. «Алып Ер Тоңғаны жоқтау» деп аталатын жыр Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» атты сөздігі арқылы бүгінгі күнге ешбір өзгеріссіз жеткен. Бұл жоқтау «Алып Ер Тоңға» дастанының ең соңғы тарауы болса керек. Аяулы батыры қаза болғанда жоқтау айту дәстүрі түркі халықтары арасында күні бүгінге дейін сақталған. Жоқтау айту дәстүрі қазақ ауыз әдебиетінде кең тарағаны мәлім. әйтсе де біз «Алып Ер Тоңғаны жоқтау» деп аталатын жырға оралайық. Бұл жоқтау төмендегідей жыр жолдарымен басталады:
Alp Er Tonğa öldı mü
Іsız ajun kaldı mu
Ödhlek öçın aldı mu33.
Emdı yurek közettı
Ogrı tuzak uzattı
Beglerbegın azıttı
Karşa kalı kurtulur34*.
Бұл жоқтаудың жолма-жол қазақша аудармасы:
Алып Ер Тоңа өлді ме?
Жаман дүние қалды ма?
Заман өшін алды ма?
Енді жүрек жыртылар35.
Замана сәтін түзетті,
Ұрысы құрды тұзақты;
Бектер бетін аздырды,
Қалай қашып құтылар?!36
«Алып Ер Тоңға» дастанында ақын батырды жоқтай отырып, өмірдің барлық адамдар үшін өткінші екенін, ғұмырдың мәңгі еместігін, тәңір адамды ажалмен сынайтынын, тағдыр оғы тисе, тау шыңдары да быт-шыт болатынын зор күйініш сезімімен жеткізеді:
Ödhlek künı tawratur
Yalnğuk küçın kewretür
Erdın ajun sewrıtür
Kaçsa takı artılur37.
Ögreyükı mındağ ok
Munda adhın tegdeg ok
Atsa ajun uğrap ok
Tağlar başı kertılür38.
Қазақша жолма-жол аудармасы:
Замана күні тебірентер,
Пенденің күшін кемітер;
Әлемдегі ерді сиретер
Қашса тағы, қуалар (іздер)39.
Әдеті нақ осындай,
Бұдан басқа бар себеп,
Дүниеге қарап оқ атса,
Таулардың басы кертілер40.
Алып Ер Тоңға қайтыс болғанда бүкіл ел қайғырғанын, ең қатігез батырлардың өзі еңіреп жылағанын, адамдардың нұрлы жүздері сарғайып кеткенін, батырлар өз жағаларын жыртып, айғай сап жылағанын ақын эмоциялық тұрғыда әсерлі етіп жеткізген. Мұнда «тау қойнауы жыртылар», «атса оны кезеп», «атын болдыртты», «қайғы тоздыртты», «жүз сарғайды», «запыран жаққандай» деген сияқты тұрақты сөз тіркестері жиі ұшырайды. Сондай-ақ жырда Алып Ер Тоңға қайтыс болғанда қайғы халықты жүдетіп, тоздырып жібергендігі айтылады. Алыстан келген бектердің аты жүдеп, бектердің жүздері қайғыдан сарғайып кеткендігі зор шеберлікпен жеткізіледі. Ең бастысы — ақын өмірде ешкім тағдыр оғынан қашып құтылмайды деген ой-пікірді ортаға салады:
Atsa okın kez kerıp
Kımtür anı yıgdası
Tagıg atıp ograsa
Özı kuyı yırtulur41.
Begler atın argurup
Kadhgu anı turgurup
Menğzı yuzı sargarıp
Kütküm angar türtülür42.
Енді қазақ тіліндегі жолма-жол аудармасына назар аударайық:
Атса оғын кезеп,
Кім тураны тоқтатар.
Тауға қарай оқ атса
Оның (таудың) қойнауы жыртылар43.
Бектер атын болдыртты,
Қайғы оны тоздыртты,
Жүз шырайы сарғайды,
Запран оған жаққандай44. «Алып Ер Тоңға» дастанының түпнұсқасынан бізге жеткен үзінділерін оқи отырып, түркі тайпаларының бұл қаһармандық жыры Исламға дейінгі дәуірде, яғни араб, парсы поэзиясына тән термин сөздер әлі түркі поэзиясына әсер ете қоймаған кезеңде өмірге келгенін аңғарамыз.
«Алып Ер Тоңға» дастаны — түркі тайпаларының байырғы поэтикалық өлшемінде - көг өлшемінде туған. Бұл өлшем бойынша, жырдың алғашқы үш жолы өзара ұйқасады да, төртінші жолы келесі шумақтың төртінші жолымен ұйқасып отырады. Көне түркі поэзиясының көг өлшемі негізінен а-а-а-б; в-в-в-б; г-г-г-б түрінде болып келеді. Бұған жоғарыда келтірілген жыр жолдары дәлел.
Ежелгі түркі жырларына тән ұйқастың мұндай түрі бертін келе қазақтың ақын-жыраулары поэзиясынан да кең орын алғаны мәлім. Мәселен, Доспамбет жырау, Шалкиіз жырау толғаулары мен Дулат, Абай сияқты ақындардың өлеңдерінде көг өлшемі жиі ұшырайды. Көне түркі ауыз әдебиеті тудырған мұндай жыр өлшемін ұлы Абай өзіне ғана тән шеберлікпен жазба әдебиетте көркемдік дәстүр ретінде жалғастыра түсті. Мәселен, Абай өзінің «Білімдіден шыққан сөз» деген өлеңінде:
Әбілет басқан елерме,
Сөзге жуық келер ме?
Түзу сөзге сенер ме,
Түзелмесін білген ез?
«Айтшы-айтшылап» жалынар,
Ұққыш жансып шабынар.
Ұқпай жатып жалығар,
Ұйқылы-ояу бойкүйез45 - дейді.
Сөйтіп , «Алып Ер Тоңға» дастаны — түркі халықтарының ежелгі ерлік тарихын аңызға айналған шежіре-деректер негізінде баяндайтын, көне түркі фольклорының дәстүрлі талаптарына сәйкес туындаған қаһармандық жыр. Қадым заман батырлары елін қорғап, қан майданда қаза болғанда қайғылы сарынмен жыр айту дәстүрі қазақ халық ауыз әдебиетінде күні бүгінге дейін сақталып келеді. Қазақ қауымында біреудің жанашыр жақыны немесе халық қадірлейтін адамы қаза болса, оларды жоқтап өлең-жыр шығару ерте кезден-ақ салтқа айналған. Әдетте жоқтауды өлген адамның жанашыр жақыны өзі шығарып айтатын болған. Сондай-ақ жоқтауды белгілі ақындар да шығарған. Қазақ ауыз әдебиетінде жоқтау өлендерінің формасы мен мазмұны әр түрлі болын келеді. Қоғамдық-әлеуметтік құбылыстардың өзгеруіне сәйкес жоқтаудың сипаты да түрленіп отырған. Жоқтаудың кейбір үлгілері қысқа-қысқа, шағын түрде айтылады да, екінші біреулері мол сюжетке құрылып, көлемді дастан сияқты жырланады. Қазақтың батырлық жырларында да «Алып Ер Тоңға» дастанындағы сияқты батыр қаза болғанда бүкіл ел болып күңіреніп, қайғырады. Қазақтың батырлық жырларында да сақтар дәуіріндегі дастандардағы сияқты, ең алдымен, қаза болған батырдың көзі тірі кезінде елі үшін атқарған игі істері, жаумен шайқастағы жанкешті ерлігі, мінез-құлқы, адамгершілікті ізгі қасиеттері мадақталады. Мәселен, «Қобыланды батыр» жырында Тоқтарбай, Аналық және Құртқа айтатын жоқтауларда Қобыланды батырдың қазақ елін жаудан қорғауда атқарған ерлік істері айтылады. Бұл сияқты жоқтау-жырларда қаза болған батырды адамдар ғана емес, сонымен бірге, батырдың көзін көрген сол елдің табиғаты да, яғни өзендері мен көлдері де, таулары мен ормандары да жоқтайды. «Ежелгі түркі тайпаларының әдет-ғұрпы бойынша, күйеуі қайтыс болған әйел жоқтау кезінде өзінің бетін пышақпен тіліп жылайтын болған»46. Бұл сияқты жоқтау кезінде жасалатын қимыл-әрекет (бетін пышақпен тілу т.б.) жоқтау өлеңде баяндау тәсілімен жеткізілген. Сонымен, ежелгі түркі жоқтау өлеңдерінде әрекетті баяндау мен әрекет-қимылдың өзін айту қоса-қабат келетін болған. Бұған түркі дәуірінің ізі сақталған. «Ер Қосай» жырынан бір мысал келтірейік:
Қолдан кеткен сұңқарың,
Есебін тауып жоқтап бақ.
Байың өлді деген соң,
Қыналы бармақ, жез тырнақ
Ақ бетіне салады,
Алды қанға толады
Бүлік ойбай салады47.
Қазақ ақындары жоқтау өлеңдерін түр жағынан да, мазмұн тұрғысынан да мейлінше жетілдіре түсті. Мәселен, Исатай батыр қан шайқаста қаза болғанда Махамбет ақынның батырды жоқтап айтатын мынадай жыры бар:
Тайманның ұлы Исатай
Ағайынның басы еді,
Алтын ердің қасы еді;
Исатайды өлтіріп,
Қырсық та шалған біздің ел48.
Жоқтау өлеңдерін Абай да жазған. Әбдірахманның әйелі Мағышқа Абай шығарып берген жоқтау бұл сөзімізге дәлел:
Қызықтың заңғар басынан
Қорлыққа кеттім жығылып.
Құдай қосқан қосақтан
Жалғанда қалдым жырылып.
Қайғыңда қалдым қамалып,
Қызығым кетті сарылып49.
Сонымен «Алып Ер Тоңға» дастанында айтылатын жоқтау салты араға мыңдаған жылдар салып барып, қазақтың батырлық жырларында, қазақ ақын-жырауларының толғау-өлеңдерінде өзінің көркемдік дәстүр жалғастығын тапты. Кезінде М.Әуезов жоқтау өлеңдерінің батырлық жырлардағы мән-мағынасы туралы айта келіп, төмендегідей тұжырым жасаған. «Жоқтау өлеңі көпке бірдей жайылған көп қазақтың қолданған салтынан туатын шер өлеңі. Жүрек қайғысын өлеңмен, әнмен, кейде күймен шығару ескіліктің сүйген түрі болған. Кей уақытта жалпақ елдің жоқтауы болады. ондайда қайғылы қалың елдің атынан, ақын, жырау жоқтайды, кейде үй ішінің, ауыл-аймақ, рудың ішінде айтылатын жоқтау өлеңі болады. әуелгі түрдегі жоқтау – хан өлгенде қарашаның жоқтауы. Қайғымен күйзелген қалың елдің шерін жыраулар айтады. Мысалы, Абылай әл үстінде жатқанда, Бұқар жыраудың жоқтағаны:
«Қайырусыз жылқы бақтырған, ханым-ай,
Қалыңсыз қатын құштырған, ханым-ай!
Үш жүздің баласынан үш кісі айтсам,
Қалар да ма екен жаның-ай!»
Шер өлеңі өлгенше ұзақ болмайды, шер мен қайғы үстінде кісі ұзақ сөйлесіп тұруға әлсіз болады. сондықтан, шын қайғы қысқа сөзбен көп мағынаны тізіп, тиімді ғып айтады. Бұқар жыраудың жоқтауы, сол жоқтау. Бұл бір ауыз өлеңде Абылайдың кеңшілігі қазаққа қанша жайлы болғаны айтылады»50.
«Шу» дастаны – қазіргі түркі тілдес халықтардың арғы тегі саналатын, көне тарихқа біздің заманымыздан бұрынғы ежелгі дәуірлерден мәлім сақтардың шежіресін аңызға айналған тарихи деректер бойынша жыр еткен ерлік эпосы. М.Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегінде Шу батыр біздің заманымыздан бұрынғы VІ ғасырда өмір сүрген сақ билеушілерінің бірі екені айтылады51.
Ежелгі түркі ауыз әдебиетін зерттеуші ғалымдардың пікірі бойынша, «Шу» дастаны қадым заманда, сақтар дәуірінде-ақ өмірге келген жыр. Белгілі түрік ғалымы Н.С.Банарлы өзінің «Түрік әдебиетінің тарихы» атты зерттеуінде «Шу» дастаны бізге Қытай көне жазбалары арқылы жеткенін, соның өзінде, дастанның жалпы сюжеттік желісі мен жеке үзінділері ғана сақталғанын айтадьі. Қытай жазбалары арқылы жеткен мәліметтер бойынша, сақтар өз мемлекетінің ұлан-ғайыр бір аймағын Шу өлкесі деп атаған екен52. «Шу» дастанын ғылыми негізде дұрыс пайымдау үшін біздің заманымыздан бұрынғы төрт мыңыншы жылдың орта кезінде қазіргі Қазақстан жерінің Шу өзені маңайында болған кейбір оқиғаларды білген жөн. Әлемдік әдебиеттер тарихында түрлі аңыздарды өзінің сюжеттік желісіне арқау етіп алған дастандарды ұзақ жылдар бойы зерттеген ғалым Н.С.Банарлы түрік дастандары негізінен тарихта орын алған маңызды оқиғалардан елес беретінін ескертеді53. Аса даңқты түрік билеушісі, есімі кезінде әлемге мәшһүр болған дарынды қолбасшы Шу батыр сақтар мемлекеттік бірлестігіне қарасты Шу аймағында өмір сүргені мәлім. Ал, сақтар қазіргі Орта Азия, Қазақстан, Шығыс Түркістан, Алтай өңірін біздің жыл санауымыздан бұрынғы дәуірлерде мекен еткен тайпалардың бірі. Иран тарихшылары сақтарды үш топқа бөліп қарастырады. Солардың ішінде, Арал теңізі төңірегін, Қаратау мен Жетісу жерін, Яксарт (Сырдария) пен Оксус (Амудария) өзендеріне дейінгі аймақты мекен еткен сақтарды кезінде парсылар өз тілінде: «Тьяй-парадарая» (яғни теңіздің арғы жағындағылар) деп атаған. Ежелгі дәуірлерде қазіргі Қазақстан жерін мекендеген көне тайпалар тарихын жан-жақты зерттеген қазақ ғалымдары К.Әкішев пен Г.Қошаев өздерінің бірігіп жазған «Іле өзені алқабындағы сақтар мен үйсіндердің ежелгі мәдениеті» деп аталатын зерттеуінде біз сөз етіп отырған кезеңдегі сақтардың тұрмыс-тіршілігі, өмір салты, биік мәдениеті жайында аса құнды деректер келтіреді54. Сонымен, «Шу» батыр дастанында алдымен оқиға болып отырған осы өңірдің көз тартатын ғажайып табиғат көріністері, бау-бақшалы егістік алқаптар, жыландай бұраландап ағатын өзендер мен айдынында аққу құстар қиқу салған көлдер, өзен бойында қалың болып өскен құрақ-қамыстар суреттеледі. Байырғы Баласағұн шаһарының маңайынан жас әмірші Шу батыр жаңадан салдырған Шу қала-қамалының сәулеті жайында айтылады55. Сондай-ақ дастаңда биік-биік тау шатқалдары мен кең жазық далада ойнақ салып жүрген сансыз көп арқар, бөкен, елік, таутеке, марал, барыс, аю, бөрі, арыстан сияқты аңдар көрініс тапқан56. Шу батыр – еңсегей бойлы, қақпақ жауырынды, өткір көзді, түсі суық, шашы ұзын, білектерінде бұлшық еттері ойнаған, сақал-мұрты енді ғана тебіндеп шығып келе жатқан бала жігіт ретінде бейнеленген. Ел билеушісі Шу батыр әрдайым, қысы-жазы көктем күніндей жайқалып тұратын өзінің ғажайып бау-бақшасы ішінен айналасы ат шаптырым, аса үлкен күміс хауыз (әуіз, бассейн) салдырады. Ол хауызда көптеген үйректер, қаздар, аққулар лек-легімен қысы-жазы жүзіп жүреді екен. Ал, Шу батыр сарайдағы ел басқару істерінен, қиян-кескі соғыстардан, аңшылықтан қолы босаған сәттерде осы хауызға келіп, ондағы құстарға қарап, терең ойларға шоматын болған. Дастанда Шу батыр осы киелі құстардың қимыл-әрекетіне қарап отырып өз елінің болашағын болжап біледі. Мәселен, дастанда Шу батыр сақтар еліне қалың қолды бастап Ескендір (Александр Македонский) келе жатқанын хауыздағы суға қарап отырып күні бұрын біледі. Алайда жұртты дүрліктірмеу үшін өзінің болжамын ешкімге айтпайды. Ескендірдің алдынан көп әскер емес, тек қырық нөкерін ғана жібереді. Ескендірдің әскері Ходжанд өзенінен өтті деген хабар келгенде ғана Шу батыр оған қарсы өзінің қырық нөкерін жұмсайды. Талай қанды шайқастарды басынан өткізіп, күллі әлемді жаулап алған Ескендір жау жағынан майданға тек қырық жігіг шығарғанын көріп, мұнда бір сыр бар екенін аңғарады. Соңда жиһангер патшаның ақылгөй қарты: «Шу батыр халықты көп қырғысы келмей тұр. Мықты болсаң, осы қырық батырмен шайқасып көр! Егер сен жеңсең, біз онда соғыспай-ақ бас иеміз»-деген ойды меңзеп айтып тұр дейді. Намысы қозған Ескендір патша да Шу батырдың қырық батырына қарсы өзінің ең тандаулы деген қырық нөкерін шығарады. «Шу» дастанында тау бөктеріндегі кең жазира жазықта қым-қиғаш қанды майдан, шайқас басталып кетеді. Шайқас алдында жекпе-жекке шықкан Ескендірдің бір сарбазын Шу батырдың бір нөкері қас-қағымда қақ белінен қылышпен шауып тастайды. Сонда әлгі өлген батырдың кесіліп кеткен былғары белбеуінен бір уыс алтын жерге төгіліп калады да, оған әлгі нөкердің қаны шашырап кетеді. Соңда Шудың нөкерлері: «Алтыны - қан болды!» - деп қайта-қайта айғай салады. Содан сол соғыс болған жер «Алтынқан» деп аталып кетіпті. Ал Ескендір патша өзінің ең тандаулы қырық нөкерінің жеңілгенін мойындап, Шу батырмен бейбіт келісім жасасыпты. Тіпті екеуі достасып, Шу батыр өз елін, халқын қырғын соғыстан аман алып қалыпты57. Дастанда Шу батырдың «алуан түсті жібек әшекей-әлімшекке малынып», төбесі көкпен тілдесіп тұрған көгілдір шатыры бейнеленген. Бұл көк орданың айналасындағы саф алтынмен апталған биік діңгектер ұшына іліп қойылған әшекейлі құмыралар ішіндегі хош иісті май қараңғы түсісімен лаулап жанып, айналаны жап-жарық етіп тұр. Алайда бізге көк сарай туралы ұзақ жырдың қысқа-қысқа үзік жолдары ғана келіп жеткен. Соның өзінен-ақ түріктердің арғы ата-бабасы саналатын сақтар мен ғұндардың Көк Тәңірісіне табынып, көк бөріні төтем тұтқаны, көк түсті кие санағаны, көк түсті байрақтарын желбіреткені тарихтан жақсы мәлім. Жалпы түркі тектес көшпелі тайпалар ежелгі дәуірлерден бері көшіп-қонуға қолайлы, қыста адам тоңбайтын, жазда ысып кетпейтін, дауылға құламайтын, қар-жаңбыр өтпейтін киіз үйде тұрып келген. Тарихта «Көк түріктер» аталып кеткен осы халықтың тайпалық дәуірдегі ата-бабалары да өздерінің киіз үйін көк түске бояп немесе үйдің сыртын көгілдір жібекпен орап қоятын болған. Бұл туралы атақты түрколог ғалым Ю.Немет мынадай пікір айтады: «Тюркское слово kök – название неба и священного небосного света – встречается не только в этнонимах kök – türk, kök – culut, köke – mongol, но часто и в личных именах. Сын легендарного Огуз-хана, согласно тюркской национальной традиции, именовался Kök – Qan; есть также имена: Kök Börı (Синий Волк), Kök Tas (Синий Камень)»58. Ежелгі түрік дәуірінде өмір сүрген Қытайдың бір ұлы шайыры түрік елінде болып қайтқан соң көшпелілердің киіз үйі туралы өлең шығарған екен. ақын ханның да емес, бекзаттың да емес, қатардағы орта шаруаның киіз үйін жыр еткен. «Көк орда» («Голубая юрта») деп аталатын бұл жыр бізге сол табғаш (Қытай) жазбалары арқылы жеткен:
Мың қаралы қойдың жүні кетті ғой,
Екі жүздей жүзік ала кепті ғой.
Керегесін үйеңкіден қашаған
Неде болса, бір керемет жасаған.
Жан-жағына кілем, киіз ұстаған,
Түк етпейді қақап тұрған қыс та оған.
Текеметтер – көздің жауын алатын,
Отыра ғап, сазды әуенге салатын.
... Төрелерің сарайларын сырлайды,
Бірақ менің көк ордамда тұрмайды.
Көк сарайға өрнек салып тастаған,
Көк ордамды өлсем – айырбастаман59.
Міне, сол кездегі қарапайым шаруаның киіз үйі ақын жырлағандай болса, онда Сақ мемлекетінің тұтас бір аймағына билік жүргізген Шу батырдың ордасы қандай болғанын көз алдымызға елестету онша қиын болмаса керек. «Көк орданы» жырлаған ақын өмір шындығынан алыстап кетпегені анық. Мұны дәлелдейтін жазба деректер бар. Мәселен, Түрік қағанатына елші болып келген Византия императорының бекзаты Менандр Протектор өзінің көптеген қалаларда болып, талай-талай сәулетті сарайларды көргенін айта келіп, «сақ жеріндегідей әсем, тіпті есіктеріне дейін алтынмен апталған, түрлі-түсті жібекпен көмкерілген ғажайып көк шатырларды ешқашан көрмегенін» тамсана отырып жазған60. Бұл дастанда тағы да назар аударарлықтай көрініс бар. шу батырдың көк шатырын үстіне мұздай қару-жарақ асынған, арғымақ атқа мінген 12 нөкер күндіз-түні қоршап тұрады. «Шу» дастаны бізге толық күйінде жетпесе де шағын үзінділері бойынша-ақ мұның өзі көлемді, оқиғасы тартымды, желісі ширақ, көркемдік дәрежесі жоғары, сол дәуірдің тарихынан мол мәлімет беретін шежіре-дастан болғанын аңғару қиын емес. Сақтар дәуірі ауыз әдебиетінің ғажайып үлгісі болып табылатын Шу батыр жайындағы дастан өзінен кейінгі түркі жазба әдебиетінің қалыптасуына зор әсер етті. Мәселен, Шу батыр үлкен бір іске кірісер алдында елдің батырларын, ұлықтарын, бектерін шақырып алып, оларға қарата үндеу-сөз айтады. Шу батырдың халқына қарата айтқан мұндай үндеу-сөздері бізге сол күйінде, яғни поэзия түрінде жетпеген. Шу батырдың сақтарға қарата айтқан монологы бізге зерттеуші ғалымдардың прозалық баяндауы арқылы ғана жеткен. Ал ел бастаған қағанның өз халқына қарата айтқан ұран-сөзі «Күлтегін» жырында да кездеседі:
Тәңірдей тәңір жаратқан
Түрік білге қаған
Бұл шақта отырдым. Сөзімді түгел есітіңдер
Бүткіл жеткіншегім, ұланым,
Біріккен халқым, әулетім61. «Қорқыт ата кітабында» Қазан ханға айтатын Қорқыттың осындай сөзі бар: «О, Қазан, хан! Сені жұрт барлық оғыз жігіттерінің ұстыны, біздей кем-кетіктің қорғаны, Баяндүр ханның күйеуі, Төле құстың тұқымы, Түркістанның діңгегі, тайпалар мен рулардың арыстаны, қара тобырдың жолбарысы, қара аттың иесі, Ораз ханның әкесі деп атаушы еді62. Бұл сияқты өз халқына немесе ел басқарған ханына қарата сөз айту дәстүрі қазақтың батырлық жырларында да жиі ұшырайды. Бұл дәстүр бертін келе Махамбет Өтемісұлының (1804-1846) отты жырларынан да өзінің көркемдік дәстүр жалғастығын тапты. Ақын өзінің Баймағамбет сұлтанға айтқан өлеңінде:
«Ханым, ханым» дегенге
Көтере берме бұтынды,
Көптіре берме ұртынды,
Күндердің күні болғанда,
Өзіңнен мықты жолықса,
Ту сыртынан жармай алар өтінді63, – дейді.
Ғун-Оғыз дәуірінен (біздің заманымыздан бұрынғы ІП ғасырдың соңы мен біздің заманымыздағы ІІІ ғасырдың бас кезі) бізге жеткен екі дастан бар. Олар «Оғыз қаған» және «Аттила» дастандары. «Ғұндар мемлекетінің Орта Азиядағы мейлінше қуатты, алтын дәуірі Мөде қағанның (209-174 жылдар) тұсында болған»64. Бұл кезде табғаш (Қытай) елі ғұндарға бағынып, алым-салық төлеп тұрған. Олар ғұндардан қорғану үшін өздерінің «ұлы қорғанын» осы кезде салған. Алайда бес мың шақырымға созылған бұл биік қорған Мөденің жақсы қаруланған қалың жасағына бөгет бола алған жоқ. Дәл осы арада ғун атауы жайында бірер сөз айта кетейік. Ғұндарды әр елде, түрлі замандарда түрліше атап келген. Мәселен, қытайлар — Ху, Сюңну; гректер — Хойvol; латын — сһunnі,/Нunnі; Батыс елдері — Нuns; орыстар — Хунну/Гунну,Сунну; Түркі халықтары және басқалар Ғұн, Хун, Ғон деп атаған. Қазіргі Қазақстан аумағында әуелгі қоғамдық бірлестіктердің қалыптасуына еуропалықтарға «ғұндар» деген атпен мәлім көшпелі тайпалар бірлестігінің ықпалы да күшті болды. Біздің заманымыздың бірінші ғасырында ғұндар Арал теңізі мен Каспий маңына шығып, оңдағы аландар мен асарларды батысқа қарай ығыстырып жіберді. Кейінірек олар Шығыс және Орталық Еуропаға қоныс аударды. Сөйтіп, «халықтардың ұлы қоныс аударуы» Қазақстанның, Орта және Алдыңғы Азияның, сондай-ақ Еуропаның этностық және саяси картасын едәуір дәрежеде өзгертті. Түрлі түркі тайпаларының шыққан тегі, яғни арғы ата-бабалары ғұндар екенін Батыс пен Шығыстың көптеген ғалымдары тарихи, саяси және мәдени тұрғыдан жан-жақты зерттеп, аса құнды ғылыми еңбектер жазған. «Ғұндар түркі тайпасының арғы атасы екенін қытай тарихынан келістіре аударған жүйрік ғалымның бірі Абел Ремюза. Хун-гун екеуі бір сөз, ескі дәуірдегі ғұндардың аты, олар тегісімен түріктер. Ескі дәуірдегі ғұндардың түрік екенін ең алғаш айқын суреттеген академик А.А.Куник. Ғалым мадьярдың ескі дәуірдегі көз қайнақтарын (анналдарын) жақсылап зерттеп, ғұндардың тарихын ашық түрде айқындап берген»65. Қазіргі түркі халықтарының арғы ата-бабалары саналатын ғұндардың біздің заманымыздан бұрынғы бірінші мыңжылдықтың өзінде-ақ төл жазуы, әдеби тілі, жоғары мәдениеті, сан салалы ғылымы, сәулет өнері, металл қорыту, қару-жарақ жасау кәсібі болғанын дәлелдейтін көптеген ғылыми еңбектер жазылды. Ал, ғұн тілі көптен бері зерттеліп келеді. Бірқатар ғалымдар (Р.Штилф, В.Ф.Миллер, В.Г.Васильевский, В.В.Радлов, Л.Н.Гумилев, Фаң Жуңю т. б.) ғұндардың тілі көне түркі тілі деген пікірге саяды. Сондай-ақ олар Шығыс Азиядағы ғұндар (Сюннулар) мен кейінірек Еуропаға қоныс аударған ғұндар (Huns) бәрі бір текті — түркі-моңғол нәсілінен екенін айтады.
Г. Дерфердің айтуы бойынша, ғұндар баласын «Кutu» деп атаған66. Бұл түркі тіліндегі «Құт» (байлық, дәулет) деген сөзбен дыбыстас сөз. Мағына жағынан алғанда да бұл өзінен туған ұрпағын қара шаңырағының құты, байлығы есептейтін ата-баба дәстүріне сәйкес келеді . Қазіргі тілде «Тәңірден туған», яғни «Тәңір құт» сөзі айтылмаса да осы мағыналас «Қара көктің тұқымы», «Қара көктің ұрқы»деп айту қазірге дейін сақталған. Қазақтың қоңырат руының ішінде «Көктің ұлы « деген тармағы бүгінге дейін солай аталады. Ғұндар Көкті, яғни тәңірді «tangleі»дейді. «Түркі тіліндегі көкті «tangrі», теңізді «tangіz», бұл сөздердің бәрінің түбірі «tang» және олардың бәрі «кең», «шексіз» деген мағынаны береді. Сонымен бірге, түркі тілінде «tangrі» сөзі, негізінен «көктегі құдай» ұғымын білдіреді. Аспанды «көк» дейді. Бұл қытай жазбаларындағы ғұндардың айтатын «көк тірегін «, «көк пен жерден жаралған» деген сөздерімен сәйкес келеді. Ғұн тіліндегі «tangleı» сөзі де «көктегі тәңір, құдай» мағынасын береді67.
Алайда сақ, ғұн, оғыз және қыпшақ тайпаларының ең асыл қазынасы саналатын рухани байлығы — ауыз әдебиеті жайында жазылған зерттеулер жеткіліксіз дәрежеде деуге болады. Біздің жыл санауымыздан бұрынғы ғұндар дәуірінде өмірге келген түрлі аңыз-әфсаналар, мақал-мәтелдер, тұрмыс — салт жырлары, лирикалық өлеңдер және батырлық эпосы әлі күнге дейін толық зерттеле қойған жоқ. Ауыз әдебиетінің бұл үлгілері біздің заманымызға толық күйінде емес, қысқа-қысқа түрінде ғана жетті. Ал, кейбір батырлық жырларының жалпы сюжеттік желісі ғана сақталып қалған. Бұлар негізінен көне заман тарихшылары Геродот, Ктезий, Полиэн, Харес Митиленскийдің еңбектері арқылы белгілі болып отыр. Өздері орта ғасырда өмір сүрген Табарий, Масуди, Исфахани, Бируний сияқты ғұламалардың кітаптарынан да ежелгі ауыз әдебиетінің ғажайып үлгілерін табуға болады. Сондай-ақ «Авеста», «Бехистун», «Бундахшин», «Денкарт» сияқты көне заман туындыларында ғұндар және олардың ұрпақтары қыпшақтар жайындағы ауыз әдебиетінің кейбір үлгілері сақталған. Ал, біздің жыл санауымыздан көп ғасырлар бұрын Еуропаға қоныс аударған дала қыпшақтарының арғы ата-бабалары саналатын ғұндардың ерлікке толы өмірі, тұрмыс-тіршілігі хақында «Вальтария», «Нибелунгтер туралы жыр» деп аталатын көне герман эпостық жырларында айтылады. Сонымен, қадым заманның батырлық жырлары да өмірде болған тарихи тұлғаларды, қоғамдық құбылыстарды бейнелейді. Алайда ерлік эпостарында «тарихи оқиғалардың сол күйінде, ешбір өзгеріссіз, қайталанып айтылуы шарт емес. Мұнда негізгі тарихи деректер сақталып қалады. Әйтсе де бұл оқиғаның өзі халық қиялынан туған ғажайып қызық оқиғаларға бүркемеленіп беріледі»68. Басқаша айтсақ, ерлік эпосының өмірге келуінде халық өмірінде маңызды рөл атқарған тарихи тұлғалар жайында аңыздар ерекше орын алады. Ежелгі батырлық жырларында табиғат пен адамның пайда болуы жайындағы мифологиялық түсініктерге кең орын беріледі. Мұның өзі адамзаттың пайда болу жөніндегі халықтық-поэтикалық концепциядан туындайды. Бұл туралы белгілі орыс ғалымы Е.М.Мелитинский мынадай пікір айтады: «Исследуя пути формирования героического эпоса, в котором содержится определенная народно-поэтическая концепция исторического прошлого, необходимо учитывать наиболее древние мифологические воззрения на происхождение природы и «человеческого племени»69. Ғұн-оғыз дәуірінде өмірге келген осындай ерлік эпосының бірі «Оғыз қаған» дастаны деуге болады.
«Оғыз қаған» дастаны – түркі тектес халықтардың ежелгі шежіресін генеологиялық аңыздар негізінде көркем тілмен баяндайтын эпостық туынды. «Оғыз қағанның» атауы жайында әр кезде әр түрлі пікірлер айтылып келді. Бірқатар зерттеушілер оны күні бүгінге дейін «Оғыз-наме» деп атайды. Шындығына келсек, «наме» сөзі парсы тілінде «хат», «өтініш», «трактат» «кітап» деген мағына беретіні мәлім. Сол себепті «наме» сөзі көбінесе жазба түрінде өмірге келген, авторы белгілі шығармалардың тақырыбына қосылып, оған анықтамалық мағына береді. Мәселен – «Шахнаме» - «Шах туралы кітап», «Мұхаббат-наме» - «Махаббат жайындағы дастан», «Бабур-наме» -Бабыр кітабы» т.б.
Ал енді «Оғыз қаған» дастаны әуелде ауызша жасалып, бертін келе ІХ – Х ғасырларда қағазға түсірілген сияқты. Бұл көне заман мұрасын ұзақ жылдар бойы зерттеген түрік ғалымы Н.С.Банарлы оны батырлық жырлары қатарына қосып, «Оғыз қаған» дастаны деп атайды70. Бұл пікірге ғалым «Оғыз қағанның» тақырыбы мен сюжетін, қаһармандарын және олардың әрекетін, баяндау тәсілдері мен тілдік құралдарын егжей-тегжейлі зерттеу арқылы келіп отыр. Дәл осы арада біз дастанның басты қаһарманының аты болып келетін «оғыз» сөзі туралы айта кетейік. Бұл сөзді Еуропа және орыс ғалымдары «огуз» десе, ал, араб және парсы тілдерінде «ғузз», қазақша «оғыз», әзербайжан тілінде – «оғуз» деп жазылып жүр. Көне түркі тілінде «оғуз» сөзі – уыз, уыздас, сүттес, емшектес, яғни бір емшектен сүт емген деген мағына берген. Ежелгі ғұндрдың кейінгі ұрпақтары бертін келе «оғуз» деген жиынтық атпен де мәлім болған. «Оғыз қаған» дастанында негізінен Оғыз батырдың әскери жорықтары, түркі елін сыртқы жаудан қорғаудағы ерлік істері, ел басқарудағы даналығы мадақталады. Түркі халықтары ауыз әдебиетінің ғажайып үлгілерінің бірі саналатын «Оғыз қаған» дастанының идеялық мазмұнын терең пайымдау үшін оғыз тайпалары туралы кейбір тарихи деректерді еске түсіру қажет. Сонымен, оғыздар – ертедегі түркі тайпаларының бірі. Олар көбінесе дерлік Сырдарияның төменгі ағысы мен Қаратау бөктерін мекендеген. Ұзақ жылдар бойы көршілес тайпалармен соғысып, Арал теңізінің батысы мен Каспий теңізінің солтүстік жағалауын өздеріне қаратып алды. Кенгар-печенек бірлестіктеріне қарсы ІХ–Х ғасырларда жүргізілген осы соғыстардың оқиғалары «Оғыз қағанның» сюжеттік желісіне негіз болған. Х ғасырда оғыздардың саяси бірлестігі – оғыз мемлекеті құрылғанда астанасы Сырдың төменгі ағысындағы Жаңакент немесе Жаңа Гузия деп аталатын қала болған. Оғыз тайпалары бірлестігі 965 жылы Киев Русімен одақтасып алады да, екі жаққа бірдей қатер төндіріп тұрған қуатты Хазар қағандығына қарсы соғыс ашады. Ақыры хазарларды жеңіп, Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауын да жаулап алады. Арадан жиырма жыл өткен соң оғыздар орыс князьдарымен біріге отырып, Еділ мен Кама өзендері бойындағы бұлғарларды да тас-талқан етіп жеңіп шығады. Міне, бұл зор жеңістердің бәрі Оғыз мемлекетінің күш-қуатын, саяси беделін бұрынғыдан да артгыра түседі. Оғыздардың жаужүрек ерлігі туралы алуан түрлі аңыздар тарайды. «Оғыз қаған» дастаны – оғыздар жайындағы осындай аңыз-әфсаналар желісіне құрылған эпостық туынды. Тарихи деректер бойынша, қыпшақтардың катты тегеурініне төтеп бере алмаған оғыздар XІ ғасырдың орта шенінде Дешті Қыпшақтан батысқа қарай ығысып кетеді. Бірақ олардың бәрі бірдей қоныс аударған жоқ еді. Қазақстан жерінде қалып қойған оғыздар бірте-бірте қыпшақ, қаңлы, тағы басқа түркі тектес тайпалармен араласып, солардың этникалық құрамына біржола сіңісіп кеткені мәлім. Бұл ежелгі дәуірдің әдеби мұрасынан алғашқы қауымдық құрылыс пен әуелгі орта ғасырда орын алған тарихи оқиғалардың ізін айқын аңғаруға болады. Мұнда тіпті жеке адамдардың есімдері, нақтылы жер-су аттары, түрлі ру-тайпалар атаулары т.б. бар. «Оғыз қаған» дастанындағы жеке адам есімдері, этникалық және жағрафиялық атаулар туралы көптеген ғылыми еңбектер жазылған. Мәселен, атақты тарихшы-ғалым Н.Я.Бичурин нақты деректер келтіре отырып, Оғыз — есімі тарихтан жақсы мәлім Туманның үлкен ұлы Мөде деп біледі. Ал, Мөде белгілі адам. Мөде ғұндардың билеушісі — шаньюн атағын алады. Ғұндар кезінде Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу жерін мекендегені мәлім. Мөде тұсында ғұндар құдыретті мемлекетке айналады. Сөйтіп, Оғыз қаған — ғұндардың әміршісі Мөденің әдеби бейнесі деген болжам бар. Ал, енді Шығысты зерттеуші белгілі неміс ғалымы Иозеф Маркварт Оғыз туралы мүлдем басқаша пікір айтады. Ол Оғыз бейнесінен Шыңғысханның тұлғасын көреді. «Мұнда Шыңғысханды (яғни Оғыз қағанды) түркі халықтарының жауы емес, қайта досы етіп, әдейі бұрмалап көрсеткен», - деп жазады. Белгілі орыс ғалымы Г. Н Потанин: Оғыз қаған белгілі бір тарихи бейне емес, эпостық қаһарман деген пікір айтады. Сондай-ақ, Оғыз қағанды Александр Македонский немесе қазақтың алғашқы хандарының бірі Жәнібек деп болжам жасаған ғалымдар да бар. Оғыз қағанды белгілі бір тарихи адам бейнесіне телу, яғни оның тарихтағы нақты прототипін іздеп табу мүмкін емес. Әрине, Оғыздың әдеби бейнесі арқылы белгілі бір тарихи адамдардың реалдық іс-әрекеті көрінген болуы ықтимал. Өйткені «Оғыз қаған» дастаны белгілі бір тарихи оқиғалардың желісі, сүрлеуі, ізі бойынша жазылғаны анық. Оғыз қағанның анасы — Ай қаған бейнесін ғалымдар көбінесе дерлік от басының қамқоршысы Ұмай-ана бейнесімен байланысты түрде алып қарастырады. Ал, «Оғыз қаған» дастанындағы Қыпшақ бек, Қағарлық бек, Қаңлы — түркілердің белгілі ру-тайпаларының жинақталған бейнелері болуы да мүмкін. Орыс бек — Киев князьдарының бірі болса керек деген болжам бар. Ежелгі орыс жылнамаларының бірінде Киев Русінің печенектеріне қарсы күресі туралы айта келіп, Орыс бектің есімін шежіреші ауызға алады. «Оғыз қаған» дастанында кездесетін нақтылы жағрафиялық атаулар да аз емес. Мәселен, Шағам — Шам (Дамаск), Сінду — Индия, Итилмуран — Еділ өзені, Тераң муран — Терең өзен, Терең өзен — Днепр өзені деген болжам айтылып жүр. «Оғыз қаған» дастанына негіз болған түрлі аңыз-әңгімелер мен нақты тарихи деректер арасында тығыз байланыс бар екенін аңғару қиын емес. Оғыз батыр жайлы шежіре-аңыздарда айтылатын тайпалар көне дәуір тарихынан жақсы мәлім. Сондай-ақ Оғыз батыр жайлы ауызша аңыз-әңгімелердің сюжеттік желісі мен «Оғыз қаған» дастанының сюжеттік желісі арасындағы ортақ сарындар да зерттеушілер назарынан тыс қалған емес. Бұл туралы, әсіресе, зерттеуші Құлмат Өмірәлиев ұтымды пікірлер айтқан 71. «Оғыз қаған» дастанын зерттеу ісіне, әсіресе, Түркия елінің ғалымдары көп еңбек сіңірді деуге болады. Әйтсе де түрік ғалымдарының зерттеулері соңғы кезге дейін бізге беймәлім еді. Ал қазір Н.Атсыз, Н.Банарлы, Ф.Көпрүлузаде, Б.Аталай, Б.Рифат сияқты түрік ғалымдарының «Оғыз қаған» дастаны туралы терең ойлы зерттеулері қолымызға тиіп отыр. «Оғыз қаған» дастаны мен қазақтың батырлық жырлары арасындағы әр түрлі байланысты зерттеуге қазақтың Ә.Дербісәлин, М.Жармұхамедұлы, Ө.Күмісбаев сияқты зерттеушілері де өзіндік үлес қосқан72. Сонымен бірге, ағылшын, неміс, француз және орыс ғалымдары да бұл салада едәуір еңбек еткені мәлім. Дегенмен «Оғыз қаған» дастанының түркі халықтары фольклорынан алатын орны, батырлық жырының түркі тілдес халықтар әдебиетіне тигізген әсері, әсіресе, оның дәстүр жалғастығы негізінде қазақ әдебиетіне тигізген ықпалы күні бүтінге дейін арнайы зерттеу объектісі болған емес. «Оғыз қаған» дастанының зерттелу тарихына қысқаша тоқталып өтелік. Оғыз қаған туралы аңыз-әңгімелер мен тарихи шындық жайында кезінде В.В.Радлов, Г.КПотанин, П.Пелльо, И.Н.Березин, Л.Лигети, Ю.Немет, Н.Я.Бичурин, В.В.Бартольд, А.М.Щербак, А.Н.Кононов сияқты зерттеушілер сан алуан құнды пікірлер айтқаны мәлім. Бұл пікірлердің бәрін түйіндеп айтсақ, төмендегі жәйттерге келіп саяды. «Оғыз қаған» эпосының ауызша тараған нұсқалары негізінде кейінірек қайта жазылған екі түрлі нұсқасы бар. Бірі ұйғыр әрпімен көшіріліп жазылған «Оғыз қаған» дастанының осы нұсқасы Париждің ұлттық кітапханасының қорында сақталып келеді. Ал, екіншісі араб әрпімен жазылған. Оғыз батыр туралы аңыздардың араб әрпімен жазылған нұсқасының авторы — атақты тарихшы, белгілі әскери қолбасшы, Хиуаның ханы Әбілғазы бин Араб Мұхаммедхан (1603-1663). Тарихшы-ғалым ретінде Әбілғазының жазып қалдырған екі еңбегі бар. Бірі — «Шежіре-й терекіме» («Түрікмен шежіресі»), екіншісі — «Шежіре-й түрік» («Түріктер шежіресі»). Бұл екі шығармасы да Оғыз хан жайында деуге болады. Бұлар Оғыз батырдың ерлік жорықтары, оның ұрпақтары атқарған игілікті істері, оғыз тайпаларының шығу тегі, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы т.б. туралы болып келеді. Әбілғазы жазған «Түрікмен шежіресінің» түпнұсқасы бізге сол күйінде жетпеген. Бұл шығарманың әр уақытта, әр жерде, әр түрлі құснихатшылар тарапынан көшірілген жеті нұсқасы сақталған. Белгілі орыс түркологі А Н.Кононов соның бәрін жинап, егжей-тегжейлі зерттеді, ғылыми негіздегі мәтінін әзірлеп, бір ізге түсірді, әрі оны орыс тіліне аударып шықты. Әбілғазының «Түрікмен шежіресінде» жер бетінде адамзаттың пайда болуы, Оғыздың туылуы, патшалық етуі, оның жорықтары, Оғыз батырдың өз еліне оралып, үлкен той жасауы, Оғыз ханның үлкен ұлы Күн ханның таққа отыруы, оның өзіне қарасты жиырма төрт аймақты інілері мен балаларына бөліп беруі, Оғыз ұрпағының таңбасы мен тамғасы т.б. туралы ғажайып хикаялар айтылады. Мұның бәрі бірдей аңыз емес. Шежіреде түркі елінің ежелгі тарихына тікелей қатысты нақты деректер де көп. Соның бәрін автор тарихшы ретінде ғана емес, көркем сөз зергері ретінде де шебер бейнелеп әңгімелеп береді. Әбілғазы өз шығармасының жазылуы жайында айта келіп: «Бұл кітапты біз «Түрікмен шежіресі» деп атадық. Бізге дейін түріктердің тарихын жазғандардың бәрі халыққа өзінің таланты мен өнерін көрсету үшін араб сөздерін араластырып, сондай-ақ парсы сөздерін қосып жазды, түркі тілін ұйқасты қара сөзге айналдырып жіберді. Біз ондай ешнәрсе істеген жоқпыз. Өйткені бұл кітапты оқитын яки тыңдайтын кісі, әрине, түрік болатыны хақ. Әрбір адамға түсінікті болу үшін түрікпен түрікше сөйлесу керек қой», - деп жазады73. Ал, «Оғыз қаған» дастанының ұйғыр әрпімен жазылып, Париж ұлттық кітапханасында сақталып келген нұсқасын тілдік тұрғыдан зерттеп, оған ғылыми түсініктеме берген ғалым — түркі тілдерінің көрнекті маманы А.М.Щербак болды. Ол «Оғыз қаған» дастанының транскрипцияланған мәтінін дайындады, оны орыс тіліне жолма-жол аударма жасады. Әрине, Оғыз батыр жайындағы аңыздардың жоғарыда біз айтқан екі нұсқасы сюжеті жағынан бір-біріне жақын. Дегенмен әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері де бар. Мәселен, Оғыз қағанның билік пен байлықты өз балаларына бөліп беру эпизоды екі нұсқада екі түрлі суреттеледі. Ұйғыр әрпімен жазылған нұсқасында алтын садақ пен күміс жебелердің бар екенін Ұлы Түрік түс көріп біледі. Ал «Түрікмен шежіресінде» садақ пен жебені нөкерлер құмға көміп тастаған болып шығады. Әбілғазы «Түрікмен шежіресін» жазу үстінде атақты Рашид-ад-Диннің «Жами ат-тауарих» («Шежірелер жинағы») атты еңбегінде кейбір мәліметтерді пайдаланған. Сонымен бірге, тарихшы-ғалым біздің заманымызға дейін сақталмаған, яғни бүгінгі ғылымға белгісіз бірқатар шежірелермен кезінде жақсы таныс болған сияқты. «Түрікмен шежіресі» оғыздар жайындағы нақты тарихи дерекгерге мейлінше бай екені даусыз. «Оғыз қаған» дастаныньң біз атап кеткен екі нұсқасынан басқа да бірқатар варианттары бар. Мәселен, Оғыз жөніндегі деректер атақты тарихшы Хондамирдің (1475-1535) «Хуласат ал-ахбар» («Тарихи мәліметтер жинағы») атты еңбегінде де бар. Ал, енді Стамбул нұсқасында «Оғыз қаған» аңызы «Қорқыт ата кітабымен» біріктіріліп берілген. Шынында да «Оғыз қаған» мен «Қорқыт ата кітабының» кейбір тұстары өзара үндесіп жатады. «Оғыз қаған» аңызының бұлардан басқа да көптеген нұсқалары бар. Әйтсе де соның бәрі біз жоғарыдағы атап айтқан екі нұсқаның біріне — не ұйғыр әрпімен көшірілген Париж нұсқасына немесе араб әрпімен көшірілген Әбілғазы нұсқасына әкеліп саяды. «Оғыз қаған» дастанының ұйғыр әрпімен көшірілген нұсқасы тарихи шежіреден гөрі көркем шығармаға жақын. Сондықтан біз енді негізінен «Оғыз қаған» дастанының ұйғыр әрпімен көшірілген нұсқасын әдеби-тарихи тұрғыдан танып-білуге әрекет жасадық. Міне, «Оғыз қаған» дастанының осы біз айтып отырған нұсқасы тілі көркем, көріктеу құралдары сан түрлі, композициялық құрылысы ширақ жасалған, бейнелі, қанатты сөздерге бай болып келеді. «Оғыз қаған» дастанының Париж ұлттық кітапханасында сақталған нұсқасы көлемі жағынан онша үлкен емес. Қолжазба небәрі 21 парақ немесе 42 бет болып келеді. Әрбір бетке 9 жолдан ғана жазылған. Мұның өзі кездейсоқ жәйт емес. «Оғыз қаған» дастаны өзінің композициялық құрылысы жағынан жазба әдебиеттің ғажайып үлгісі болып табылатын «Күлтегін» жырына өте-мөте ұқсас деуге болады. Тегінде түркі халықтары ауыз әдебиетінде шығарма сюжетін баяндап айтып берудің қалыптасқан өзіңдік жүйесі болған сияқты. Бұл дәстүр эпостық туындыларда ғана емес, сонымен бірге, жазба әдебиетте де өз жалғасын тапқан. Бұған «Оғыз қаған» эпосы мен «Күлтегін» жырын өзара салыстыра отырып көз жеткізуте болады. «Күлтегін» жырында суреттелетін күллі оқиғалар да рет-ретімен жүйелеп, мазмұндап, бірнеше топтамаға (цикл) бөліп-бөліп берілген. Мәселен, мұнда Бумын қаған, Істемі қағандардың таққа отыруы, ел-жұртын басқаруы, айналасыңдағы жаулармен соғысуы, жеңісі, қартайып о дүниелік болуы, бірақ «ұлдары әкесіндей болмағаны», біліксіз қағандардың ел басқарғаны, жеңілісі, ақыры ел билігіне Білге қаған мен Күлтегін батырдың келуі жеке-жеке топтама бойынша баяндалады. Дәл сол сияқты «Оғыз қаған» дастанында да әрбір циклдың өзі үш элементті қамтиды, олар: біріншісі - оқиғаның басталуы; екіншісі - оқиға желісінің ұлғайып, өрістеуі; үшіншісі - оқиғаның түйіні, қорытындысы. Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда, зерттеуші Қ.Өмірәлиевтің «Оғыз қаған» дастанын сюжеттік желісіне орай, шығармашылық табиғатына сәйкес түрде 17 циклға бөліп қарастыруы ерекше назар аударады74. Мұнда әрбір циклға қойылған тақырыптың өзі-ақ сол циклда айтылатын оқиғаны толық аңғартып тұрған сияқты. Атап айтқанда: Оғыз қағанның тууы мен балалық шағы баяны; Оғыз қағанның жігіт болуы және ерлік көрсету үшін аттану баяны; Оғыз қағанның үйлену баяны; Ай, Күн, Жұлдыз, Тау, Көк, Теңіз деген балаларының тууы баяны; Оғыздың қаған болуы және үлкен той жасауы, төрт тараптағы елдерге елшілер жіберуінің баяны; Оғыз қағанның Урум қағанға қарсы аттануы(ның) баяны; Оғыз әскерін көк бөрінің бастап жүруі(нің) баяны; Оғыз қағанның Урум қағанмен соғысы баяны; Урум қағанды жеңуі және елін қарату баяны; Оғыз қағанға Урусбектің ұлы Сақлаптың тарту-таралғымен келу баяны; Оғыз қағанның Етіл суынан өтуі. Етіл суынан өту амалын тапқан ұлуғ Орду бекке Оғыз қағанның «Қыпчақ» деп ат беру баяны; Оғыз қағанға көк бөрінің екінші рет келуі баяны; Оғыз қағанның Шауқартаң атының жоғалуы және ол атты белгісіз ердің Мұзтауынан табуы баяны; Оғыз қағанның тағы ілгері жол шегуі, жолай бір алтын сарайға кездесуі, осы сарайды ашқан ерге «Қалач» деп ат беруі баяны; Оғыз қаған қолын көк берінің үшінші жолы бастап жүруі баяны; Одан әрі Оғыз қолының Шүршіттермен соғысуы, жеңуі баяны; Оғыз қаған қолына ұрыста көп олжа түскені баяны; Олжаны алып жүру үшін қаңға жасаған шеберге «Қаңғалуғ» деп ат бергені баяны; Оғыз кағанның Көк бөрі бастап Сынду, Таңғут, Шағам жұрттарына аттануы және ол жұрттарды жеңуі баяны; Оғыз қағанның күн түстіктегі Барақа деген жердегі Масар қағанға қарсы аттануы, Масар қағанды жеңуі, өз жұртына қайта жүруі баяны; Оғыз қағанның аян айтатын жырауы Улуғ Түріктің түс көруі және бұл түсін Оғыз қағанға айтып жоруы баяны; Оғыз қағанның балаларын аң аулауға жұмсау баяны; Балаларының жолай алтын жай және үш күміс оқ тауып алуы, оны аталарына алып келуі баяны; Оғыз қағанның ұлы құрылтай шақырып, бектерін, ел-жұртын жиып той беруі баяны; Балаларына жұртын бөліп беруі баяны; Оғыз қағанның өсиет сөзі. Ежелгі түркі ауыз әдебиетінің бірқатар көркемдік дәстүрлері қазақтың батырлық жырында өз жалғасын тапты. Мәселен, Оғыз батырдың дүниеге келуі, қырық күнде ер жетуі, жауға қарсы күресте ерлік көрсетуі, үйленуі секілді көріністер Алпамыс, Қобыланды, Қамбар, Қарабек сияқты қазақ батырларының бейнесін еске салады. Бұл жәйтті нақты түрде дәлелдеп көрсету үшін «Оғыз қаған» дастаны мен «Қамбар батыр» жырынан шағын үзінділер келтіріп көрелік. «Оғыз қаған» дастанында Оғыз батырдың дүниеге келуін төмендегідей етіп суреттейді:
Кэнä kÿнläрдäн бір кÿн
Аі kағаннуң köзÿ jаріб бодадï,
Эркак оғул тоғурдï.
Ошул оғулнуң öңlÿrı чïрағï kök эрді,
Ағïзï аташ kïзïл эрді,
Кöзlарï ал, сачларï,
Кашларï kapa эрдіläр эрді75.
Қазақ тілінің қазіргі айтылу қалпына түсірілген аудармасы төмендегідей болып келеді:
Тағы күндерде бір күн
Ай қағанның көзі жарқ етіп,
Ер бала туды.
Осы ұлдың өңі — шырайы көк еді,
аузы оттай қызыл еді,
көздері қызғылт,
шаштары, қастары қара еді76.
Міне, ежелгі түркі дастандарында болашақ батырдың өмірге келуінің өзі де өзгелерге мүлдем ұқсамайтын ерекше сипат алады. Тіпті оның бет-бейнесі, балалық қылығы, күш-қуаты, ерлік істері де басқалардан оқшауланып тұрады. Мәселен, Оғыздың балалық шағындағы көрінісін төмендегідей етіп сипаттайды:
Тіlі(гä) кэlä башладï.
Кïрïк кÿндÿн соң бэдÿкläді,
Jÿрÿді, оінадï
Адағï уд адағï дағ
Бэlläрі бöрі бэläрі дäг,
Jағрï кіш jағрï дäг,
Köгÿзÿ адуғ köгÿзÿ дäг эрді.
Бэдäнінÿң камагï
тÿг тÿlÿкlÿr эрді77.
Қазақша жолма-жол аудармасы:
Тілге келе бастады.
Қырық күннен соң өсті,
Жүрді, ойнады.
Аяғы өгіздің аяғындай,
белі бөрінің беліндей,
жауырыны бұлғынның жауырынындай,
кеудесі аюдың кеудесіндей еді.
Тұлабойын түгел
Қалың түк басқан еді78.
Мұнда Оғыз батырды өгіздің алып тұлғасына теңеудің өзінде де көп мән жатыр. Өйткені, көне түркілерде өгіз бен бұқа әрқашанда адам бойындағы күш-қуат пен ерік-жігердің символы болған. Дәл осындай бейнелеу тәсілін «Қамбар батыр» жырындағы қалмақтың ханы Қараман батырдың образынан аңғару қиын емес:
Келмембет тағы сөйлейді:
Асықпасаң, байеке,
Мүйізі ұзын боз буқа,
Пайкелін аралап,
Пәлегіңді езеді.
Артына қарап бүрылып
Айдайын десең, сүзеді.
Иісі жұртқа жайылып
Піскен екен түйнегің
Қолыңа өткір кездік ап,
Ортасынан тіледі79.
«Оғыз қаған» дастанында Оғыздың бала кезінде-ақ бойында қыруар күш-қайрат, ерлік істерге деген ұмтылыс бар екенін зор шеберлікпен көрсеткен. «Оғыз қаған» дастанында ол туралы:
Кïат кэlіб
Башï бірlä Огуз калканïн урдï.
Оғуз ] ïда біріä кïатнïң башïн урдï,
Анï ölтÿрді.
Кïлïч бірlä башïн кэсті,
Алдï, кэіті
Кэнä кэліб кöрді
Кім бір шуңкар кïатнïң ічагусін j(э)мäктä турур.
Ja біріä ок бірlä шуңкарні' ölтÿрді,
Башïн кэсті80 (38,26).
Қазақша жолма-жол аудармасы:
Мүйізтұмсық келіп,
басымен Оғыздың қалқанын ұрды.
Оғыз сүңгімен мүйізтұмсықты ұрып,
оны өлтірді.
Қылышпен басын кесіп
басты алып кетті.
Тағы келіп көрсе,
бір сұңқар мүйізтұмсықты жегелі тұр.
Жақпен, оқпен сұңқарды өлтіріп,
Оның да басын кесті81, – дейді .
Міне, осындай жас баланың бойындағы алып күшті, ерлікті Қобыланды батыр жырынан да аңғарамыз. Мұнда Қобыланды батырдың баласы Бөкенбайдың дүниеге келіп, тез ер жетуі төмендегіше суреттеледі:
Келді Бөкен бір жасқа,
Бір жасына келгенде
Оғын тартты жартасқа.
Келді Бөкен екіге,
Екіге келген баланың,
Жан қарамас бетіне,
Нан піскендей лебіне.
Келді Бөкен үшіне
Үшке келген жас бала
Қара тасты көтерер
Естіген риза күшіне82.
Батырдың күш-қуатына, ерлік-жігеріне қатысты дәл осындай теңеулерді бертін келе қазақ жыраулары да зор шеберлікпен қолдана білді. Мәселен, Жиембет жырау Бортоғашұлы (ХVІІ ғасыр) өзінің «Еңсегей бойлы ер Есім» атты ұзақ толғауында:
Менің ерлігімді сұрасаң,
Жолбарыс пенен аюдай
Өрлігімді сұрасаң,
Жылқыдағы асау тайындай,
Зорлығымды сұрасаң,
Бекіре менен жайындай,
Беріктігімді сұрасаң,
Қарағай менен қайыңдай83, – дейді.
«Оғыз қаған» дастанында діни-мифологиялық көріністер едәуір орын алған. Алғашқы қауымдық құрылыста өмір сүрген адамдар өзін қоршаған табиғаттың дүлей күші жайында сан қилы аңыздар шығарғаны мәлім. Сол рулық-тайпалық қоғамда адамдар тобының шығу тегін белгілі бір табиғат құбылыстарына немесе кейбір жануарларға тікелей байланысты деп қараған. Көрнекті ғалым Н.Я.Бичурин көне түркілер жөніндегі аңыз-әфсаналарға сүйене отырып, түркілер өздерін көк бөріден тарағанбыз дейтін ойын дәлел етеді. Көне қытай жазбаларына сүйенген ғалым түркі тайпаларының Көк Тәңірге табынып, жақсылықты да, жамандықты да көктен, яғни аспаннан күтетінін айтады84. Бұл сөзімізге Оғыз қағанның үйлену салты және оның Ай, Күн, Жұлдыз, Тау, Көк, Теңіз деп балаларына ат қоюы дәлел. Мәселен, дастанда бір күні Оғыз батыр көк тәңірісіне жалбарынып отырған сәтте көктен бір жарық сәуле жарқ етіп жерге түседі. Батыр әлгі жерге барып қараса, көктен түскен нұрлы сәуленің ішінде бір ғажайып сұлу қыз отыр екен.
Бұл туралы «Оғыз қаған» дастанында:
Караңғулук кэlді.
Кöктÿн бір кöк jарук тÿшті.
ошбу jарукнуң арасïÿнда
Jaлғуз олтурур эрді.
Ануң баш(ï)нда аташлуғ
Jаруклуғ бір мэңі бар эрді,
алтун казук дäг эрді.
Ошул кïз андағ
Кöрÿкlÿr эрді
кім кÿlca кöк тэңрі кÿla турур;
j (ï)ғласа, кöк тэңрі j (ï)ғлаjа турур85, – дейді.
Қазақша жолма-жол аудармасы:
Қараңғылық түсіп,
көктен бір көк жарық түсті.
...Осы жарықтын, арасында
Жалғыз қыз отыр.
Басында алтын қазықтай
Жарқыраған меңі бар.
Осы қыз сондай
көрікті қыз еді.
Күлсе, көк тәңір күлер
Жыласа, көк тәңір жылар86.
Ежелгі түркі аңыз-әфсаналарында бақытты болатын адамның төбесінен нұр-шұғыла жауатыны туралы көп айтылады. Бұл дәстүр түркі халықтарының ерлік дастандарынан да орын алған. Мәселен, қырғыздың «Манас» эпосында болашақ батыр Манас та жолына нұр төгілген, ал өзін көкжал бөрі қоршап, қорғап жүрген қаһарман болып келеді:
Арқасында баланың
Қара көк жалы көрінді:
...Нұр төгіліп жолына
Бәрі ойлаған баланың
Манас деп аты табылды.
Манастың есіміне жиі қосылып айтылатын теңеулердің бірі —»көкжал бөрі». «Манас» эпосыныц басынан аяғына дейін басты қаһарманды ұдайы «көкжал Манас» деп атайды. Бұған «Манас» эпосынан бірнеше мысал келтірейік:
Туылғандан шер болгон
Атағы чығып далайға
Қабылан көкжал эр болгон87.
Немесе:
Манастын қырқ чоросу
Косөө куйрук көк бөру
Көкжал эрдин жөөкөрү...
Көкөр болсоң көк жалаң
Көкжолборстой чамыңып88. «Манас» эпосын зерттеуші ғалым Р.З.Қыдырбаева езінің «Генезис эпоса «Манас» атты еңбегінде қадым заманда түркілердің көк түске ерекше мән беруінің себебі адамдардың мистикалық наным-сеніміне байланысты болса керек деген пікір айтады89. Алайда бертін келе көк түске байланысты теңеулердің мән-мағынасы тереңдей түседі. Енді «kök türk» сөзі «үстем топ», «аристократия» мағынасында қолданыла бастайды. Көк түріктер дәуірін (ҮІІІ ғасыр) зерттеуші ғалым А.Н.Бернштам бұл туралы: «Будучи этнонимом, термин türk чаше всего был связан с понятием господствующей прослойки тюркского общество, почему и вступал, как правило, с высоким эпитетом «голубой»' и «небесный»90, деп жазады. Бұл туралы «Күлтегін» және «Тоныкөк» жырларын талдау барысында кеңірек тоқталатын боламыз. Ал қазақтың батырлық жырларында халық қамын ойлап, елді сыртқы жаудан қорғауға белін буып кірісетін жанкешті қаһармандар қашанда жарық нұрдан жаралған болып келеді. Мәселен, «Қобыланды батыр» жырының бір нұсқасында мынадай жыр жолдары бар:
Шеттен келген дұшпаннан
Ел аймағын сақтайтын,
Асыл нұрдан жаралған
Қыдырбай шалдың еркесі
Қара қыпшақ Қобыланды,
Балаңыздың аты бар91, – дейді.
Оғыз қаған Үрім қағанға қарсы соғысқа аттанған кезде оның әскерін көк бөрі бастап жүреді. Оғыздың әскері тынығып жатқан бір сәтте батырдың шатырына көктен нұр-сәуле түседі. Сол сәуле иісінен бір көкжал қасқыр шыға келеді. Көкжал бөріге табанда тіл бітіп, Оғыз қағанға айтады:
Чаң эртä болдукта
Оғуз кағаннуң курïканïға
кÿн дäг бір jарук кірді.
Ол jаруктун
кöк jаллуғ бэдÿк бір эркäк бöрі чïктï.
Ошул бöрі Оғуз кағанға
сöз бэріб турур эрді.
аі аі Оғуз
Урум ÿстігä сэн атлар боласäн.
Аі аі Оғуз
тапуғуңларға мэн jÿрÿр боламäн92.
Қазақша жолма-жол аудармасы:
Таңертең болғанда
Оғыз қағанның шатырына
бір жарық түсті.
Ол жарықтан
арлан көкжал бөрі шықты
Осы бөрі Оғыз қағанға
былай деп, тіл қатты:
«Ай, ай Оғыз!
Үрім үстіне сен аттанар боларсың!
Ай, ай Оғыз!
Қызметіңде мен жүрер болармын!»93 – дейді.
Ал, «Қобыланды батыр» жырында қазақтың алып батыры өзінің қарсыласы Шошай хан туралы:
Көк шекпенді көк бөрі —
Қызылбастан хан Шошай.
Менен туған ұл болсаң,
Бөкенбай, қалма артынан!94 – дейді.
Мұнда Қобыланды батыр өзінің қарсыласы Шошай ханның қазақ елі үшін осал жау емес екенін меңзеп айтып отыр. Мұндай көркемдік дәстүр қырғыз елінің «Манас» эпосында да өз көрінісін тапқан. Мұнда Манас батырдың келбеті, дүлей күш-қайраты Оғыз батырды еріксіз еске түсіреді. Бұл сөзімізге төмендегі «Манас» эпосынан келтірілген жыр жолдары дәлел:
Каны бир кара, бети көк
Боору чыбыр, сырты көк
О, мына чоң тай саркер эди
Батыр бир Манасын сурасаң—
Көкжал бир дөбөт бөру эди95.
Сонымен, бүкіл түркі тілдес халықтардың ортақ мұрасы болып табылатын «Оғыз қаған» дастаны мен қазақтың батырлық жырларының арасындағы дәстүрлі көркемдік байланыс бар екенін айқын көреміз. Шынында да Оғыз батыр жайындағы дастан мен қазақтың батырлық жырлары арасында сюжеттік, стильдік, образдық, тілдік ұқсастықтар мол болып келеді. Айталық, Оғыздың жанкешті ерлігі қазақтың кезінде жоңғар қалмақтарына қарсы шыққан жаужүрек батырларын еріксіз еске салады. Оғыз батырдың Көк Тәңірге табынып отырған сәтінде аспаннан шұғылалы нұр-сәуле түсіп, ішінен сұлу қыздың жарқ етіп шыға келуі немесе көктен түскен көгілдір нұр ішінен көк бөрінің шыға келіп, Оғыз әскеріне жол бастауы сияқты көріністер қазақ ауыз әдебиетінде де жиі ұшырайтын бейнелер болып табылады. Ал, мұның өзі кездейсоқ ұқсастық емес, сан ғасырлық тарихы мен тағдыры тығыз байланысып жатқан оғыз және қыпшақ тайпаларының этностық туыстығынан туындайтын объективті құбылыс болып табылады.
Ғұндар дәуірін бейнелейтін ежелгі жәдігерліктердің бірі «Аттила» дастаны. Бұл дастан жайында сөз қозғаудан бұрын Аттиланың тарихи тұлғасы туралы қысқаша айтып өтейік. Аттила (400-453 ж) — ғұндардың көсемі, император әрі ұлы қолбасшы. Қазақтар оны Еділ патша деп атайды. Ал, Аттила билік жүргізген Еуропа елдерінде, атап айтқанда, қазіргі Алмания (Германия) мен Скандинавия елдерінің көне тарихында оны Этцель, славян қауымы Атыл деп атап кеткен. Мадярлар (венгерлер) оны өз бабалары деп біледі. Ғұн тайпалары ІV ғасырда Қыпшақ Даласынан Батысқа қарай әскери жорық жасағаны тарихтан жақсы мәлім. Бертін келе ғұндар (450-480 ж) Арал теңізі мен Днепр (Борисфен) өзені аралығын толық жаулап алады. Өзін Мөде қағанның он бесінші атадан кейінгі ұрпағы санайтын Баламыр Еділ бойына өз ордасын орнатты. Бұл кезде ғұндар мен Византия мемлекеті аралығында герман тайпалары бар еді. Баламыр біздің заманымыздың 347 жылы осы тайпаларды күйрете жеңіп шықты. Аттила мен ғұндардың Еуропалық империясы туралы зерттеуіпі Е.С.Омаров өз мақаласында аса құнды деректер келтіреді96. Баламырдан кейін ғұндар тағына Үлті патша отырады. Алайда бұл кезде ғұндар империясы әлсіреп, император Феодосияның әскерінен жеңіліп қалады. Дегенмен, ғұндардың көсемі Ругүл билікті өз қолына алып, 394 жылы бүкіл Кавказ арқылы өтіп, Сирия мен Капподокияны жаулап алады. Сөйтіп, ғұндар Шығыс және Батыс Рим империясымен келісім-шарт жасамақ болады. Алайда Шығыс Рим империясы ғұндардың бұл ұсынысын қабылдамай тастайды. Бұған қатты ренжіген Ругүл көп әскермен Паннонияны (Венгрия) жаулап алады. Ругүл 433 жылы қайтыс болады. «Ругүлдің екі інісі болған. Бірі — Мундзук, оның баласы — Аттила; екінші інісі — Оқтар, Оқтардың баласы — Бледа. Ругүл қайтыс болған соң Еуропалық ғұндар империясын Аттила мен Бледа бірігіп басқарады. Ал, Бледа 445 жылы қайтыс болып, енді бүкіл империяның билігі Аттиланың қолына көшеді.
... Ғұндар бертін келе, «түркілер» деп аталып кетті, бұл сөз «күшті», «сұңғақ бойлы», «салт атты жауынгер» деген ұғымды білдіреді»97. Аттила Еуропада өзін дарынды қолбасшы, көреген көсем, әділ патша ретінде танылады. Ол Кыпшақ даласынан келген ата-бабаларының ұстанған жолына әділ болып, жаулап алған елдердегі қалалар мен мәдени ескерткіштерді қиратуға жол бермейді. Жергілікті халықтың талап-тілегімен санасады. Ғұндардың байырғы әдет-ғұрпы мен салт санасын сақтауды қадағалап отырады. Аттила билік жүргізген кезде ғұндар империясының шекарасы Еділден бастап, қазіргі Франция жеріне дейін жетті. Ла Маныш бұғазында Аттиланың шекара күзетшілері тұрды. Ғұндар тағында Аттила отырған жылдарды тарихшылар «ғұн империясының алтын дәуірі» деп атайды. Сөйтіп, бұл кезде Ғұн империясы өз дамуының шарықтау шегіне жетіп, ең жоғары сатысына көтерілген еді. Ғұндар империясы бүкіл Еуропаны Рим үстемдігінен азат еткені мәлім. Соның нәтижесінде ғұндар бүкіл адамзат тарихында құл иеленушіліктің біржола жойылуына тікелей ықпал жасады. Ал, енді «Аттила» дастанына оралайық. Бұл дастанның бізге сюжеттік желісі мен жекелеген фрагменттері ғана жеткен. Дәлірек айтсақ, «Аттила» дастанының сюжеттік желісі негізінде орта ғасырда қайта жазылған екі поэма сақталған. Олар: күні бүгінге дейін герман және Скандинавия халықтарының батырлық эпосы саналып келген «Нибелунгтер туралы жыр» («Песнь о Нибелунгах») және «Алып қолды Вальтария» («Вальтарий могучая рука») — («Waltarіus vanu fortіs») деп аталатын неміс тіліндегі поэмалар. Бұл поэмаларды оқи отырып, екеуін де қыпшақтар жазғанына шүбә келтірмейсіз. Өйткені, мұнда авторлар қыпшақтардың әдет-ғұрпын, салт-санасын, ішкі жан дүниесін, психологиясын егжей-тегжейлі біліп жазған. Бұл туралы ғұлама-қаламгер Мурад Аджи: «Авторы «Песни о Нибелунгах», и «Вальтария», вне всякого сомнения, по крови были кипчаками, они еще помнили степные адаты, это чувствуется по многим, очень точным деталям. Вот почему их герой Этцель (Аттила) сохранял благородство даже, казалось бы, в непозволительной, с точки зрения европейда, ситуации»98, – деп жазады. Сонымен бірге, Аттила жөнінде жазылған басқа да шығармалар бар екенін ескергеніміз жөн. Бұлар — «Атли туралы жырлар» және «Атли сөзі» деп аталады. Бұл жырлардың жөні бөлек. Өйткені, оларды қыпшақтар жазбағаны бесенеден белгілі болып тұр. Жоғарыдағы аталған екі жырды да солтүстік герман, жерінен шыққан қаламгерлер жазғаны күдік тудырмайды. Мұнда Аттила шектен шыққан қатыгез қолбасшы ретінде бейнеленген. Бұл екі жырда да Аттила Еуропалық психологияға тән жан түршігерлік зұлымдықпен өз жауларын өлтіріп отырады. Ол бірде өз дұшпанының кеудесін жарып жүрегін кесіп алса, екіншісінде — жылан толы шұңқырға тастайды. Қатыгездік — дала адамдарының әдетіне енбеген құбылыс. Ғұндар дұшпанын бірден-ақ өлтіріп тастайды. Бұл үшін оған қылыш пен қанжардың өзі-ақ жетіп жатыр. «Нибелунгтер туралы жыр» шамамен 1200 жылы жазылған. Бұл поэманың тарихи өзегі етіп автор Бургунд патшалығының күйреуін алған. Ғұндар 437 жылы осы патшалықты құлатқаны тарихтан мәлім. Аталмыш поэманың бір емес, екі желісі бар деуге болады. Бірі — поэма жазылған кездегі, яғни XІІ ғасырдағы феодалдық-рыцарлық Алманияның тарихын суреттесе, ал екіншісінде — алғашқысына қоса-қабат бүркемеленіп айтылатып V ғасырдағы ғұндар ғүмырнамасы болып келеді. Бургунд патшалығындағы сән-салтанат, ойын-сауықтар, серілік (рыцарлық), үрдістер мақтанышпен айтылады. Сарайдағы бекзаттардыц ішінде жаужүрек әрі аса қайырымды жігіт Зигфрид және оның сүйіктісі аса сұлу Кримхильда зор сүйіспеншілікпен жырланған. Алайда олардың тағдыры қайғылы болып шығады. Өйткені поэмада өзгелердің бақытын өртеп жібергісі келіп тұратын Гунтер, Брюнхильда, Хаген сияқты қаражүрек жандар бар. Поэмада бірін-бірі сүйген екі жастың қайғылы өлімі — бүкіл Алмания тарихының трагедиясы ретінде суреттелген. Қыздың ағалары — Хаген мен Гунтер астыртын сөз байласып Зигфридті өлтіреді. Кримхильда жесір қалып, он үш жыл бойы қара жамылып отырады. Ағалары оны ғұндардың королі Этцельге (Аттила) бермек болады. Қыз алғашта оған көнбейді. Ақыры оны зорлап алыстағы жұртқа — ғұндар еліне ұзатады. Арада он үш жыл өтіп, Аттиланың әйелі Кримхильда өз ағаларын қонаққа шақырады. Міне, поэма ғұндар өмірін, Аттиланың ерлігі мен қайырымдылығын баяндайтын қызықты оқиғалар осы тұстан басталады. Бургунд елінің королі бастап келген Хаген мен Гунтер ғұндар еліне сапарға аттанады. Өздерімен бірге көп әскер алады. Поэмада «Нибелунгтер ғұндарға бара жатқаны туралы» (Авентюра XXV) деп аталатын бөлім бар. Енді бірнеше жол өлеңнің жолма-жол аудармасын оқып көрейік:
Сөйтіп, корольмен бірге жорыққа аттандық,
Қызметші нибелунгтер — жүз-жүзден (санағанда) он шақты еді.
Олардың бәрін туыстарынан алыс жерде, ғұндар күтіп тұрды,
Зигфридтің қаны ұдайы Кримхильданың жүрегін өртеп жатты99.
Балгер айтты: «Сөзіме иланыңдар,
Сеніңіздер. Жат өлкеде сендерге ешбір жамандық болмайды.
Қорықпай сапарға аттана беріңіздер,
Этцель (Аттила) сіздерге бұрын-сонды ешкім көрмеген зор құрмет
көрсетеді100.
Ғұндардың берекесі қашты, ал Этцель дайын тұрды
Келгендердің өтінішін орындамақ
Бірақ Кримхильда оған келісе алмады
Қызметшілерін дайындап, ағаларынан зұлымдық күтіп
тұр еді101.
Ғұндар! Менің достық кеңесімді тындаңыздар:
Сендер бургунддықтар сияқты қулық-сұмдықты білмейсіңдер.
Келімсектерді залдан далаға шығармаңдар,
Әйтпесе тағы да талай туыстарыңнан айырыласындар102.
Ол ғұндар әміршісінің әйелін (қылышпен) қақ бөліп тастады,
Мандайына өлім жазылған адам — ажалдан құтыла алмайды.
Этцель мен Дитрих қайғыдан қан жұтты,
Олар туыстарынан, достарынан айырылды103.
Бұдан кейін не болғанын сіздерге айта алмаймын,
Бар білгенім — ханымдар мен нөкерлер қайғырып ұзақ жылады.
Көпке дейін көздерінен жас кетпеді,
Нибелунгтер өлімімен хикаямды тәмамдаймын104.
Міне, осы қайғылы оқиғадан кейін бойын ыза-кек кернеген Аттила қалың қол бастап, жауға қарсы аттанады. Поэмада Аттиланың тендесі жоқ жорықтары жыр болады. Ғұндар уәдеге берік, өліп кетсе де антын бұзбайтын жандар ретінде күллі Еуропаны таңғалдырған екен. Шынында да, Аттила бүкіл Батыс Еуропаны тізе бүктіріп, өзінің астанасын Мажарстанға (Венгрия) көшірген кезде де Византияға тиіспеген. Алайда бұл келісім-шартты алдымен Византия жағы бұзады. Олар ғұндар империясын іштей әлсірету мақсатымен түрлі астыртын әрекеттер жасауға кіріскен. Рим әміршілері Аттилаға өкпелеп жүрген ғұндардың бектерін, қызметінен айырылып қалған, бұрын әскербасы болған адамдарды, кедейлене бастаған ханзадаларды құпия түрде өздеріне қонаққа шақырып, «егер Аттилаға қарсы шықсандар, біз сендердің ел билігін өз қолдарыңа алуға көмектесеміз» деп азғырған. Әйтсе де бірде-бір ғұн өз елін сатпаған. Қайта олар Римде есіткен сөздерін тікелей Аттилаға жеткізіп отырған. Бір қызығы — бұл мәселе Рим сенатында қаралған. Сенаттың шешімі бойынша, Византия өзінің бұрынғы жаулары — кельт, гот, вандал, бургун тайпаларымен астыртын одақ жасап, 200 мың нөкері бар, жақсы қаруланған, қуатты әскер жасақтаған. Ал, Аттиланың бар әскері небары 100 мың адамнан тұратын. Бір-біріне қарсы шыққан екі жақтың әскері кең жазықта кездеседі. Міне, «Аттила» дастанында негізінен осы тарихи шайқас суреттелген. Рим әскерін кезінде есімі мәшһүр болған, даңқты қолбасшы Аетиус бастап келеді. Ғұн әскерін шайқас алаңына Аттиланың өзі бастап шығады. Дастанда екі әскердің бір-біріне жақындап келе жатқан үрейлі сәті бейнеленген. Ұшы-қиыры жоқ көп әскер атының дүбірінен жер дірілдеп тұрғандай сезіледі. Сол кездегі соғыс дәстүрі бойынша, екі жақтың әскері арасында садақтың жебесі жетерліктей жер қалғанда екі әскер де кілт тоқтайды. Өйткені, ортаға екі жақтың әскер басшылары шығып, жекпе-жек шайқаста күш сынасып көруі шарт еді. Қолындағы ұзын сапты көк байрағын жанындағы серігіне беріп, ақбоз атқа мінген Аттила жалма-жан ортаға шықты да, қарсыласын күткен бойда кірпік қақпай қалшиып тұрып қалды. Алайда қарсы жақтан шайқас алаңына ешкім шыға қоймады. Жирен атқа мінген Рим әскерінің қолбасы Аетиус ту ұстаған күйінде тырп етпей мелшиіп тұра берді.
Бір кезде Аттила күн күркірегендей зор дауыспен айғайлап:
Ей, Аетиус! Шық бері! Римді ұятқа қалдырма!- деді.
Алайда Аетиус қозғалмады. Оқты көзін Аттилаға қадаған күйінде тұра берді. Бір сәт ол мойнын бұрмай, ат үстінде бойын тік ұстаған күйінде өз тілінде бірдеңе деп күбір ете қалды. Сол-ақ екен үсті-басына түгел темір сауыт киген, қолында ұзын найзасы бар, қаракер атты жауынгер Аттилаға қарай оқтай атылды. Қас қағымда Аттила оны ат үстінен қағып түсірді. Мұны көріп тұрған 200 мың Рим әскері Аттилаға қарай лап берді. Көзді ашып жұмғанша, әп-сәтте қанды шайқас басталып кетті. Темір қару-жарақтың сатұр-сұтыры, адамның жан ұшыра шыңғырған үрейлі дауысы күні бойына бір сәтке де толастаған жоқ. Тек күн батып, қас қарайған кезде ғана екі жақтың әскері де өз шептеріне қарай шегініп, уақытша шайқасты тоқтатты. Шайқас алаңында қан судай ағып, адам өліктері тау-тау болып үйіліп жатты. Ертеңіне күн шыққан бойда шайқас қайта басталуы керек еді. Алайда Рим әскері орнында болмай шықты. Түнде қашып кетіпті. Мұны көрген Аттила әскерін бастап, Римге қарай бағыт ұстады. Аттила әскері Рим қақпаларына жақын келген кезде бұлардың алдынан Рим папасының өзі бастаған бір топ діни адамдар шықты. Олар Аттилаға Рим сенатының шешімін әкеліп тапсырды. Византия сенаты бұл қаулысында: «Аттилаға түгел бағынамыз, айтқанын істейміз, қазынаның бар байлығын береміз, тек ол қасиетті қала Римді өртемесін, бұзбасын», - депті. Бұл өтінішті Аттила қабылдады. Алайда қақпалары ашық тұрған қалаға Аттила кірген жоқ. Ешнәрсе алған жоқ. Аттила бастаған қалың қол Рим қақпалары тұсынан үн-түнсіз өтіп, Батысқа қарай жүріп кетті. «Аттила» дастаны осы оқиғамен бітеді. Алайда тарихи деректер бойынша, Аттила әскері кеткен бойда-ақ герман тайпалары (гот, кельт, бургун) Римге басып кіріп, бірнеше күн бойы қаланы талан-таражға салады. Ел басқарған әкімдер мен ғалымдарды, әскер басыларын, басқа діндегі адамдарды орталық алаңға шығарып өлтіріп жатты. Ақыры Византия империясы осылайша құлады. Аңыз бойынша, Дунай бойындағы жорық кезінде Аттила аса сұлу Ильдико деген қызға үйленеді. Одан тараған Илек, Денгезек, Ирбек деген үш ұл баласы болады. Олар әкесі Аттила 453 жылы қайтыс болған соң ғұндар империясын басқарады. Бір қызығы — ғұндар өздері жаулап алған елдерде қалып қоймаған. Аттила өлген соң араға жүз елу жылдай уақыт салып барып олар өздерінің байырғы атамекеніне, яғни Қыпшақ даласына, Жетісу жеріне, Шу мен Сырдария бойына, Турфан мен Бесбалыққа қайта қоныс аударған. Ержүрек ғұндар қайтадан Еділден бастап, Орхон өзені, Алтай, Саян тауларына дейінгі өлкелерді, Қыпшақ даласын өздеріне толық қаратып алады. Қытай әскерін «ұлы қорғанға» дейін тықсырып салады. Бұл кезде болашақ ұлы Түрік мемлекетінің іргетасы біртіндеп, енді ғана қалана бастаған еді. Араға екі ғасырдай уақыт салып барып қана, дәлірек айтсақ, сегізінші ғасырда Түрік қағанаты (552-745) тарих сахнасына шықты. Түркі халықтарыныц ресми тарихы осы кезден басталады. «Аттила» дастаны сюжетінен мынандай жәйтті аңғару қиын емес: Мұнда барлық оқиғалар басты қаһарман Аттила төңірегінде өрбіп жатады. Басты қаһарманның ағайын-жұрты, дос-жараны, олардың өзара қатысы, қуанышы мен күйініші, жау адамдарының іс-әрекеттері дастанда жан-жақты баяндалады. Осылайша оқиғаның басты қаһарман төңірегінде дамып-өрбуі, яғни оқиғаны тізбектеп жырлау әдісі қазақтың батырлар жырында да кеңінен қолданылады. Бұған «Ер Тарғын» және «Қобыланды батыр» жырының композициялық құрылысы дәлел. Әрине, қазақтың батырлық жырларының тарихи негіздері бар. Ал, «Аттила» дастаны өмірде болған тарихи тұлғаны жырлауға арналған. Соның өзінде, мұнда тарихи деректермен бірге Аттила жөніндегі түрлі аңыз-әфсаналар да көрініс тапқан. Сөйтіпі, «Аттила» дастаны — түркі халықтарының ежелгі ататегі саналатын ғұн тайпаларының Еуропаны қоныстанған кездегі өмірін бейнелейтін ерлік жыры. Түркі халықтары әдебиетінің тарихын зерттеуші, ғалым Ф. Көпрүлузаде: «Славян, фин, француз, герман әдебиетіне этникалық жанр, поэма жазу дәстүрі «Аттила» дастаны арқылы келді»105, - дейді. Еуропа елдерінде ғұндардың ұлы көсемі, император, дарынды қолбасшы Аттиланың өмірін бейнелейтін бірқатар көркем туындылар, музыкалық шығармалар, ғылыми зерттеулер жазылды. Мәселен, француз драматургі Пьер Корнелль (1606-1684) «Аттила» атты трагедиялық пьеса жазды. Неміс драматургі Вернер Дахариас (1768-1823) «Аттила» деп аталатын романтикалық трагедиясын сахнаға қойды. Атақты итальян композиторы Джузеппе Верди (1813-1901) өзінің атақты «Аттила» операсын 1846 жылы сахнаға шығарды. Бұл операда композитор Аттиланың ғажайып бейнесін жасаған. «Аттила» операсына азаттық жолындағы күрес тақырыбы өзек болған. Операда Аттила бүкіл Италия халқын сан ғасырлық Рим құлдығынан құтқарушы қаһарман ретінде көрінеді Жалпы операда Аттила әлемдегі құлдық атаулының құрсауын үзген құдіретті күш, «тәңірдің қамшысы» ретінде көрсетілген. Француз тарихшысы Тьерри Амеди «Аттила және оның мұрагерлерінің тарихы» атты екі томдық ғылыми еңбек жазды. Ғұндар тарихына арналған бұл еңбек 1856 жылы Париж қаласында басылып шықты. Есімі әлемге әйгілі суретші Рафаэль Санти (1483-1527) өзінің атақты «Қасиетті Леон мен Аттиланың кездесуі» деген суретін салды. Бұл шығармалардың бәрі «Аттила» дастанының бізге жеткен үзінділері негізінде жасалғаны мәлім. «Аттила» дастанын кезінде Кыпшақ даласының әдет-ғұрпын, салт-санасын, өлең-жырын Еуропа елдеріне танытқан тұңғыш көркем шығарма деп қарағанымыз жөн. «Аттила» дастанының желісіне құрылып, ІX ғасырда өмірге қайта келген, күні бүгінге дейін неміс халқының ерлік эпосы ретінде бағаланатын ежелгі жәдігерліктердің тағы бірі — «Алып қолды Вальтария « («Вальтарий могучая рука» — «Waltarіus manu fortіs») немесе қысқаша «Вальтария» деп қана аталады. Бұл поэма ежелгі герман тайпалары мен Еуропалық ғұндардың арасындағы сан қырлы қарым-қатынастарды бейнелейді. Герман жұрты Аттиланы өздерінің ұлттық қаһарманы етіп көрсетуге барынша әрекет жасаған. Бұл жәйітті Мурад Аджи жан-жақты талдай келіп төмендегідей пікір айтады: «Первыми, кто заявил на него свои права, были германцы, сделавшие историческое лицо — даря кипчаков Аттилу — национальным героем, персонажем своих эпических произведений. Его именем даже названы горы — Этцельские Альпы. Это уже серьезно! Подумать только: даже потомки кельтов, тех самых кельтов, которых нещадно громил Аттила, назвали его своим национальным героем. Атли, Этцель — такие имена получил кипчакский полководец в германо-скандинавских былинах и сагах»106. «Вальтария» поэмасы ғұндар елін және Аттиланы оқырманға таныстырудан басталады:
Бауырларым, жердің үштен бірі Еуропа деп аталады,
Онда аты мен заты, салты мен санасы сан түрлі көп тайпалар тұрады.
Олардың тілі де, діні де әр түрлі болып келеді,
Солардың ішінде Паннония уалиятын мекен еткен бір халық бар,
Біз оларды әдетте «ғұндар» деп атаймыз.
Бұл халық майдандағы ерлігімен даңқы шыққан.
Олар жақын тұрған көрші жұртқа ғана емес,
Жоқ, олар тіпті Мұхитқа дейінгі елдің бәріне билік жүргізеді.
Көп (халықтармен) бейбіт одақ жасайды, бағынбағанды жазалайды.
Олар осылайша мың жылдан астам билік жүргізіп келеді,
Қадым замандарда оларды король Аттила басқарыпты.
Ол жеңіс даңқын арттыра беруге құштар107.
Аттила әскерінен жеңілген франко, бургунд және аквитан корольдері оған өздерінің қазыналары мен балаларын кепілдікке береді. Аттила кепілдікке алынған бұл ұлдар мен қыздарды ғұндардың әскери өнеріне, салт-санасына, әдет-ғұрпына тәрбиелейді. Мәселен, Бургунд әміршісі Аттилаға өз қызы Хильдегунданы, Аквитания королі өзінің ұлы Вальтерді, Франко королі — бекзада Хагенді тәрбиелеуге береді. Аттила тәрбиелеген ұлдар әскери қолбасшылар болып шығады, ал қыздарды император Аттиланың әйелі тікелей өз тәрбиесіне алады. Аттила қанша жақсылық жасағанмен Вальтер мен Хильдегунда ғұндар елінен қашып кетеді. Өйткені олар ғұндар елінде болуды тұтқында болу деп санайды. «Вальтария» поэмасының бір қаһарманы Вальтердің өз еліне оралғанын көріп:
Қуаныңдар, бәрің де, бұл ғажайып хабарға
Досым менің құтылды ғұңдарға тұтқын болудан,108 – деп айғай салады.
Бұдан кейін поэмада герман тайпалары арасындағы өзара қиян-кескі шайқастар, айтыс-тартыстар, дау-дамайлар баяндалады. Поэманың өн бойында Аттиланың ерлігі, кең пейілдігі, кек сақтамайтындығы сезіліп тұрады. «Аттила» дастанының сюжеттік желісін қайта жыр еткен «Вальтария» поэмасы оқырманын ерлікке, бірлікке, ізгілікке шақырумен аяқталады.
Көк түріктер дәуірінде де ауыз әдебиетінің бірқатар ғажайып үлгілері өмірге келді. Олар: «Көк бөрі» («Бозқұрт») және «Ергенекон» дастандары. Бізге бұл екі дастанның да мазмұндық желісі ғана жеткен. «Ергенекон» дастанындағы кейбір тарихи оқиғалар туралы белгілі тарихшы-шежіреші Әбілғазы Баһадүр хан (1603-1664) өзінің «Түріктер шежіресі» атты еңбегінде жазғаны мәлім.
«Көк бөрі» дастаны — ұлы Түрік қағанаты құрған көк түріктердің ежелгі ататегінің шығу тарихын, олардың халық ретінде қалыптасқанын түрлі аңыздар негізінде жыр еткен эпос. Алайда дастан түгел сақталмай, бізге Қытай көне жазбаларындағы шағын прозалық үзінділері арқылы жеткен.
«Көк бөрі» дастанындағы аңыздар көне дәуірдің тарихи шындығынан алыс емес екенін ерекше ескерте кеткіміз келеді. Өйткені, Көк түріктердің көне тарихын зерттеуші ғалымдардың барлығы дерлік осы «Көк бөрі» дастанында айтылатын ғұндар тайпасына енетін Ашина руы жайындағы аңыздарға назар аударып отырады. Кейде тіпті осы аңыздар мен тарихи шындықтың арасын ажыратып алу қиын. Дегенмен «Көк бөрі» дастанын дұрыс пайымдау үшін алдымен аңызға айналған тарихи шындықтың өзін қысқаша айтып өтейік. Біздің заманымызға дейінгі 109 жыл ғұндар тарихында ерекше жыл болды. Дәл осы жылы ғұндардың көсемі Мөде ғұндардың мәртебесін арттыру үшін Орталық Азияны мекен еткен осы тайпалардың басын қосып, жорыққа шықты. Саян-Алтай таулары өңірінен табғаштарды ығыстырып шығарды. ғұндардың қуатты мемлекетін құрды. Міне, сол Мөде тұсында Алтай таулары өңіріне барып орналасқан ғұн тайпалары арасында бертін келе өзара келіспеушілік пайда болады. Ақыры ғұндардың бір тобы Батысқа қарай ығысып, көптеген жерлерді жаулап алады. Олар қуатты ғұндар мемлекетін құрады. Бертін келе Еуропадағы ғұндар империясы ыдырап, олардың көпшілігі Қыпшақ даласына қайта оралғаны тарихтан белгілі. Міне, осы Еуропадан, яғни Батыстан қазіргі Орта Азия мен Қазақстан жеріне қайта оралып келген ғұндар — түркі халықтарының арғы ататегі саналады. Бұлар Орталық Азиядағы түрлі тайпалық одақтарды біріктіріп, кезінде дүниені дүр сілкіндірген Түрік қағанатын орнатқаны тарихтан мәлім. «Көк бөрі» дастанында ғұндардың «Ашина» деп аталатын «бес жүз шаңырақ руы» туралы, түркі тайпалары осы Ашина тайпасынан тарағаны хақында, алғашқы Түрік мемлекетін басқарған көсемнің есімі де Ашина болғаны жайында хикая айтылады109. Ашина сөзі «асыл текті қасқыр, бөрі» деген мағына береді. Ал, ежелгі түріктер өздерін көк бөріден шыққанбыз деп түсінген. Түріктер үшін қасқыр төтем болған. «Түрік байрақтарына бөрінің басы алтынмен әшекейленіп салынған»110. Көк бөріні киелі аң, қасиетті төтем санау Орталық Азиядан алыста жатқан түркітілдес халықтардың наным-сенімінде сақталған. Мәселен, қазіргі Молдавияның оңтүстік аймақтарын, яғни Буджак далаларын мекен еткен гагауыздар бүгінгі күні де көк бөріні төтем санайды. Бұл туралы гагауз тілі мен әдебиетін зерттеуші белгілі ғалым М.Губогла: «В диалектах современного языка гагаузов сохранились многочисленные наридательные имена, которые даются юлку. Гагаузы верили, что юлку известны все их мысли и намерения. Женщины переходили на шепот, как только речь заходила о юлке. В гагаузских семьях еще и сейчас можно услышать клятву «джанавар урсун» — «пусть покорает меня волк»111. «Көк бөрі» дастанының негізгі сюжеттік желісі болып табылатын Ашина, яғни көк бөріден тараған түріктер жайындағы ежелгі аңыз-әңгімелерді Н.Я.Бичурин көне қытай жазбаларынан және «Нибелунгтер туралы жырдан» алған. Ал, Л. Н. Гумилев өзінің «Көне түріктер» деп аталатын еңбегінде Н.Я.Бичурин еңбектеріне сілтеме жасайды112. Сонымен, «Көк бөрі» дастанының сюжеттік желісі төмендегідей: Қадым замандарда Алтай өңірінде бақытты өмір сүріп жатқан ғұн тайпасының бір руы ағайындарына өкпелеп, өте алыс өлкелерге — күнбатыс жаққа көшіп кетіпті. Бұлар барған жерлерде үлкен-үлкен қалалар салып, мемлекет құрыпты. Тұрған жерлерін бау-бақшалы гүлстанға айналдырыпты. Көрші елдермен сауда-саттық жасапты. Ғұндар сол алыс өлкелерде өсіп-өніп, халқы көп болыпты. Көк темір қару асынған әскері де сансыз көп екен. Күндердің күнінде ғұндардың көсемі Аттила батыр қайтыс болып, бүкіл халық, барша сарбаздар жылап-сықтап жатқанда ойда жоқта бұлардың еліне қалың қол келіп, жау шауыпты. Елдің күллі халқын қанжоса етіп, қырып салыпты. Тек тоғыз жасар бір ұл бала ғана тірі қалыпты. Қаладан шығып бара жатқан жау әскерінің бір нөкері қайтып келіп әлгі тірі қалған баланың аяқ-қолын кесіп, тоғайдагы саздаққа лақтырып тастайды. Тоғайда жортып жүрген бөрінің бір қаншығы саздақта қансырап жатқан баланы тауып алып, өз ініне апарып асырайды. Ақыры сол баладан қаншық бөрі буаз болады. Міне, сол кезде баланың қолы мен аяғын кесіп тастаған жауыз сарбаз тоғайға қайтып келіп, сол баланы тауып алып, қылышпен кескілеп өлтіріп тастайды. Ал, буаз болып қалған қаншық қасқыр бұл өңірден мүлдем безіп кетеді де, алыстағы Алтай тауларына барып, сонда он бала табады. Бұлар бірте-бірте өсіп-өніп, тұтас бір тайпаға, ұлысқа, халыққа айналады. Бұларды «Ашина « әулеті, яғни «бөрі тектілер «деп атап кетіпті. Көктүріктер осы әулеттен өрбіпті. Олар бәрі шетінен мықты, қайсар, батыр болғаны үшін көрші отырған тайпалар Ашина әулетін — «түрік-түкюлер» (түркіттер) деп атап кетіпті113. «Көкбөрі» дастанының сюжеттік желісіне енген тағы бір аңыз бар. Бұл аңыз бойынша да түркі халықтары өздерінің ататегін қасқыр, бөрі санайтыны әңгіме болады. Көк түріктер ғұндардың Батыстан ауып келген «Со» деп аталатын тармағынан тарайтынын хикая ететін бұл аңызды Н.С.Банарлы және А.Инан сияқты көрнекті түрік ғалымдары зерттеген. Кезінде «Көк бөрі» дастанында поэзия тілімен жырланған осы көне аңыздың бізге жеткен проза түріндегі қысқаша мазмұны мынандай: Баяғыда «Со « деп аталатын бір ел болыпты. Олардың көсемі аса қайырымды әрі асқан батыр Қапан-пу деген жан екен. Батырдың өзіне өте жақын, әрі оған берілген он алты бауыры болыпты. Солардың біреуінің анасы бөрі екен. Бір күні елге жау шауып, жұрттың бәрін қырып салады. Тек әлгі анасы мен бөрі баласы ғана бір қуысқа жасырынып тірі қалады. Ақыры ол ер жетіп үйленеді. Екі әйелі болады. Әйелдерінің біреуі — қыс Тәңірісінің қызы, ал екіншісі — жаз Тәңірісінің қызы екен. Арада талай күндер, айлар, жылдар өтеді Екі әйелдің әрқайсысы екі-екіден ұл балалар табады. Солардың ең тұңғыш баласы ерекше күшті, қайсар, мықты болып өседі. Оған күші тең келетін бұл елде жігіт жоқ екен. Сол үшін оған халық «Түрік», яғни күшті, мықты, ержүрек деп ат қойыпты. Бүкіл түркі халықтары сол «Түріктің» ұрпақтары екен114. Жалпы екі әйел алу жөніндегі деректер қадым заман эпостарында жиі ұшырайды. Бұл жәйттің сыр-себептерін белгілі ғалым С.П.Толстов өз еңбектерінде сол дәуірдің талап-тілек тұрғысынан түсіндіреді. Ал, Ә.Қоңыратбаев бұл жәйтке қазақтың ежелгі эпостарын талдау барысында егжей-тегжейлі тоқталып өтеді. Мәселен, ол: «Оғызхан Күннен және Жерден туған екі әйелге үйленеді. Екі әйел оқиғасын матриархаттың тарихтан алаңсыз кеткендігі деп ойлауға да болады. Әйел мен ердің екі расадан тарауы жайындағы «дуализм» Сияуыш аңызында да бар»115. «Көк бөрі» дастанында бұлардан басқа да түрлі аңыз-хикаялар айтылады. Әйтсе де бәрінің негізгі айтар ойы — ежелгі түркілердің ататегі бөрі деген түйінге келіп саяды. Көк бөріні киелі санап, оны тотем тұтыну қазақ қауымы арасында соңғы кезге дейін сақталып келген. Ал, мұның бір көрінісін қазақтың батырлар жырынан анғаруға болады. Мәселен, «Ер Тарғын» жырында батырдың ерлігін төмендегідей етіп сипаттайды:
Мінді батыр еріне,
Іздеген жауға көріне,
Келген қалмақ жолықты
Тарғын сынды бөріге.
Ай бетінен кіреді
Күн бетінен шығады.
Қойға кірді бір бөрі
Бөріктіре қырады.
Талай қалмақ құлады116.
Қорыта айтқанда, «Көк бөрі» дастаны — біздің заманымызға дейінгі кезеңде өмір сүрген, бертін келе этностық тұрғыдан түркі тектес халықтарды қалыптастырған Батыс ғұн тайпалары тарихынан көп мәлімет беретін, түрлі аңыз-хикаяларға негізделген эпостық туынды. Жаугершілік заманда бүкіл бір тайпадан жалғыз қалуы, кейін содан өсіп-өрбіп, тұтас бір ұлыс халқының өмірге келуі, қиын-қыстау сәттерде киелі аңдар мен құстардың адамға көмектесуі, жат жерге амалсыз қоныс аударып кеткен халықтың көп жылдардан кейін қасиетгі ата-бабалар мекеніне қайта оралуы сияқты сарындар қазақтың батырлық жырлары мен ертегілеріңде де жиі ұшырайды.
«Ергенекон» дастаны — ғұндар мемлекеттік бірлестігі ыдырап, Көк Түріктердің алғашқы мемлекеті — Түрік қағанаты құрылған кезеңге дейінгі аралықта 450 жыл ішінде болған оқиғаларды қамтитын, түркі халықтарының ататегін түрлі аңыз-әфсаналар бойынша жыр еткен ежелгі түркі ауыз әдебиеті үлгілерінің бірі. Көне түркі жазба әдебиетінің сюжеттік желісіне енген кейбір тарихи окиғалар, аңыз-әфсаналар «Ергенекон» дастанында ұшырап қалады. Сол жәйтті дұрыс пайымдау үшін алдымен осы дастанның мазмұнын түрік ғалымы С.Банарлының түркі халықтары әдебиеті тарихына арналған зерттеуі негізінде баяндап айтып өтейік: Баяғы өткен заманда Көк Түріктердің елін Иль деген хан басқарыпты (Бұл арада әңгіме кейінгі тарихи дәуірлерде Түрік қағанатын құрған тайпалардың арғы тегі саналатын ғұндардың бір бөлігі жайында болып отыр). Бұл кезде түркі елі аса қуатты екен. Олардың жебесі жетпеген жер, әскері алмаған ел қалмапты. Бұлардың «даңқы жер жарып, беделі асқар таулардан асып тұрған заманда» көрші отырған бір елдің әміршісі оларға зұлымдық ойлапты. Түркілерді алдап соқпақ болады. Осы оймен олар түркілерге қарсы соғыс жариялайды. Қан майдан шайқас енді ғана қызып келе жатқан сәтте жау әскері дереу шегініп, қаша жәнеледі. Бұл олардың айла-тәсілі еді. Түркі әскері соңына түсіп, қуып кетеді. Алайда өздеріне қолайлы жерге жеткенде жау жағы жалт бұрылып, қарсы шабуылға шығады. Қапылыста жау қоршауына түскен түркі әскері жеңіліп қалады. Жау оларды қырып-жойып, тірі калғандарын тұтқыңдап әкетеді.
Иль ханның балалары өте көп еді. Бәрі соғыста қаза табады. Тек кенжесі Қаян ғана тірі қалады. Иль ханның Тоғуз деген жиені де соғыста аман қалып, жауға тұтқын болған екен. Бір күні Қаян мен Тоғуз өздерінің әйелдерімен бірге тұтқыннан қашып шығады. Бұлар қашып шығып, өздерінің баяғы ескі жұртына келеді. Қаян мен Тоғуз жайылып жүрген төрт түлік малды көреді. Олар төрт түлік малдың әрқайсысынан бір-бір жұптан ғана алып, алыс жолға аттанады. Қаян мен Тоғуздың ендігі арманы — артынан келген жау іздеп таба алмайтын, шөбі шүйгін жайылымы бар, жанға жайлы жерұйық мекен табу еді. Бұлар талай күндер, айлар, жылдар бойы сарылып жер кезеді. Ешбір жер ұнамайды. «Бірі - шөпсіз, бірі - сусыз, бірі -күнсіз» болып шыға береді. Түркілер ақыры айналасын аса биік көгілдір таулар қоршаған, сарқырап ағып жатқан асау өзендері бар жерге тап болады. Сол үлкен дарияның бір жағы — жеміс ағаштары жайқалып тұрған бау-бақша, екінші жағы — шүйгін шөбінен түйе көрінбейтін кең жазира жайлау екен. Бұл жұмақ тектес жерді «Ергенекон»деп атапты. Мұнда «ергене» сөзі көне түркі тілінде тау арасындағы «өткел», «шатқал» мағынасында, ал «кон» сөзі қоныстану, яғни «қону» мағынасында қолданылған. Сонымен, «ергенекон» сөзі «шатқалдағы қоныс» деген үғымды білдіреді. Ергенекон жері түркілерге құтты қоныс болыпты. Қаянның баласы Қаяттан тарағандар Қаяттар, ал Тоғуздың баласы Түрілгеннен тараған Түркештер тайпасы өмірге келіпті. Бұлардан тараған ұрпақтар өсіп-өніп, төрт жүз жыл ішінде тұтас бір халыққа айналыпты. Түркілердің малы да төрт жүз жыл ішінде көбейіп, Ергенекон жеріне сыймай кетіпті. Бір күні Ергенекон елінің әміршісі, кемеңгері, алып батыры Бөрте Шене (бөрі) қарамағындағы халықты жинап алып, оларға қарата үндеу-сөз айтады:
- Уа, қасиетті Көк Бөрі ананың ержүрек оғландары (ұландары) мен әулеті! Менің айтар сөзімді пайымда, жақсылап ұғып ал! Біздің ата-бабаларымызға қадым замаңдардан бері осы Ергенекон жері құтты мекен болған. Арада көп жылдар өтті. Көк Тәңірі бізді қолдап, өстік, өндік, көбейдік. Бұл үшін киелі Ергенекон жеріне бәріміз бас иіп, тағзым етейік. Әйтсе де біздің ұлы бабалар зираты жатқан қасиетті ата- мекеніміз анау заңғар таулардың арғы жағында екенін ұмытпайық. Бір кезде бізге қорған болған асқар таулардың қоршауынан амалдап шығайық. Енді аттың басын ата жұртқа қарай бұрайық. Табғаштарды жерімізден қуып шығарайық. Сөйтіп, кек қайтарайық, жер қайтарайық! – деді117.
«Ергенекон» дастанында Бөрте Шене сөзін күллі халық қалай қолдап-қолпаштағаны, алыс сапарға әзірлік, биік таулардан көштің шыға алмай тұйыққа тірелгені, сонда бір темірші ұстаның жетпіс түйе терісінен үлкен көрік жасағаны, сол арқылы темір тау бөктеріне көмір жағып, ақыры тауды ерітіп салынған жолмен керуеннің өткені, туған жерге жеткені, төрт жүз жылдан кейін табғаштардан кек қайтарғаны, «Түрік қағанаты» атты мемлекет құрғаны жырланады. Міне, «Ергенекон» дастанының қысқаша сюжеттік желісі осындай болып келеді. Ал, енді осы дастанға негіз болған аңыз-әфсаналар мен тарихи шындықты бір-бірімен салыстырып көрейік. Академик Әлкей Марғұлан бұл дастанда айтылатын дәуір оқиғаларының тарихи шындығы жайында: «Біздің заманымыздан үш ғасыр бұрын — Қытай үкіметі ғұндарға қарсы жойқын соғыс ашып, алты жүз жыл өткенде оларды қиратып бітірген. Бостандықты жақсы көретін ғұндар Алтай тауының, Жетісудың төңірегіне жиналып, суармалы егін егіп, тау-кен жұмысымен шұғылданады. Темір, мыс, алтын шығарады…, 350 жыл өткен соң ғұндардың қалғандары жаңадан көтеріліп, УІ ғасырдың орта кезінде Түрік қағанатын құрады. Түріктердің бұрынғы аталары Күнбатыс теңізінің жоғарғы жағында тұратын. Олар ғұндардың бір ұлы тайпасы еді»118, – деп жазады. Бізге қытай, иран, грек тарихшылары арқылы жеткен аңыз бойынша, ғұндар өз жауларынан жеңіліп, халқы түгел дерлік қырылып, жалғыз бір бала аман қалыпты. Жау әскері оны өлтіруге қимай шөбі шүйгін бір көл жағасына тастап кетіпті. Баланы Көркем көл (Ыстык көл) маңайында жүрген бір бөрі асырайды. Аңшылар соңынан түсе берген соң әлгі бөрі баланы алып, Алтай тауына қарай кетіп калады. Бөрінің баланы асырап алған жері «Ергенекон» деп аталады. Ә.Марғұлан түріктердің ататегі туралы әфсананы жалғастыра түседі: «Ең таңсығы Ергенекон алабы, жан-жағын биік таулар қоршап алған кең алқап, кандай жау болса да таудан асып түсе алмайтын мықты бекініс іші толған байлық шөбі, суы орасан көп. Бөрінің қаншығы осы арада бекініп, баладан он ұл көтереді. Соның бірі ғұн ұрпағы Ашина. Түрік қағанатын бірінші рет басқарған ғұн ұрпағы Шене (бөрі) — ақылды, кемеңгер, ойшыл кісі болған, Тоныкөкке ұқсас. Өзінің ерекшелігін білдіру үшін ордасының қақпасына бөрі басты сурет салынған ту байлатып қойған»119. Иә, Ергенекон елін құтты қоныс етіп отырған күллі түркі жұртын атамекенге қайта көшіру сияқты аса жауапты істі атқарар сәтте Бөрте Шене: «Уа, қасиетгі Көк Бөрі ананың ержүрек ұландары мен әулеті!» — деп қауымға қарата үндеу-сөз айтады. «Ергенекон» дастанындағы кемеңгер Бөрте Шененің осылайша халыққа арнау сөз айту дәстүрі кейінірек Түрік қағанаты тұсында өмірге келген «Күлтегін» жырында өз жалғасын тапты. Мұнда қаған:
Түркі бектері, халқы -
Бұны тыңдаңдар!
Түркі халқын жиып
Ел болыңдар!120 -
дей келіп, елді ішкі бірлікке, сыртқы жауға қарсы күреске шақырады. Ежелгі түркі ауыз әдебиетінің мұндай дәстүрі араға сан ғасырлар салып барып жазба әдебиетте жалғаса түскенін «Қорқыт ата кітабынан» да көреміз. Мәселен, елді жау шауып, оны қорғау үшін хан сарайына оғыз батырлары жиналып жатқан сәтте Қорқыт атаның айтатын ұзақ монологы бар. Ол: «Тыңдаңыз, хан ием, кімдер келген екен»— деп басталады. Мұның өзі «Ергенекон» дастанындагы Бөрте Шененің халыққа қарата айтқан сөзін еске салады. Өз еліне, халқына қамқор екі кемеғгердің ой-пікірлері өзара астасып жатады. Алтын Орда мемлекеті ыдырап, жеке-жеке дербес халықтарға бөлініп кеткенде Жәнібек пен Керей бастаған қазақ қауымы оңтүстік өңіріне, Моғолстанға қарай үдере көшкені тарихтан жақсы мәлім. Бұл көшудің қиындығы мол болып, бас-аяғы он шақты жылға созылады. Бұл тарихи оқиғаның аңыз-әфсаналарға айналып кеткен сюжеттік желісі бар. Мұнда Әз-Жәнібек ханның кеңесшісі қарт жырау Асан Қайғы Сәбитұлы (ХҮ-ғасыр) өзінің желмаясына мініп алып, халқына «қой үстінде бозтортай жұмыртқалаған жерұйық» іздейді.
Көпті көрген кемеңгер жырау Жәнібек ханға:
Ей, хан, мен айтпасам білмейсің,
Айтқаныма көнбейсің
...Тіл алсаң іздеп қоныс көр,
Желмая мініп жер шалсам,
Тапқан жерге ел көшір
Мұны неге білмейсің!?121 – дейді.
Сөйтіп, «Ергенекон» дастанына өзек болған идея — халыққа құтты қоныс, жерұйық, бақытты өмір іздеу сарыны араға сан ғасырлар салып барып, Асан Қайғы жырау-толғауларында қайталанады. «Ергенекон» дастанындағы әфсаналарда да, Асан Қайғы жайындағы аңыздарда да жерұйыққа үш талап қойылады. Олар: малға қолайлы — шөбі шүйгін жер, жау әскері бармайтын қоныс, адамы жүзге келмей өлмейтін мекен. Сонымен, «Ергенекон» дастаны түркі халықтарының шығу тегін, түрлі тайпалық топтарға бірігуін, көне кәсібін, өмір сүру салтын аңыз-әфсаналармен жекелеген тарихи деректер бойынша жыр еткен, бізге толық күйінде жетпеген ауыз әдебиеті үлгілерінің бірі саналады. Енді көк түріктер дәуірінде, яғни Түрік қағанаты тұсында (УІІІғасыр) жазылған қаһармандық дастандарға тоқталып өтелік. Әрине, сақтар мен ғұндар заманындагы ауыз әдебиеті үлгілерімен салыстырғанда Түрік қағанаты тұсындағы жазба әдебиет үлгілерінің өзіндік ерекшеліктері болды. Бұл ерекшеліктер көне түркі жазба ескерткіштерінің мазмұны мен идеясына, формасы мен стиліне, композициялық құрылысына, тағы басқаларына қатысты болып келеді. Батырлық жырларындағы мұндай құбылыстың табиғаты жайында белгілі қазақ ғалымы Ш.ЬІбраев төмендегідей түйін жасайды: «Қаһармандық эпос өзіне дейінгі көне эпостың бай эпикалық тәжірибесін, жалпы ауыз әдебиетінің ең көркем тәсілдерін, жеткен биігін өз бойына сіңіру арқылы қалыптасты. Қоғамның дамуына байланысты ежелгі адамдардың дүниетанымында, көзқарасында үлкен өзгерістер болды. Мифтік сананың орнына өмірдегі құбылыстарды, табиғат дүниесін өз қалпында ұғыну, тарихи ойлау жүйесі қалыптасты. Бұрынғы жекелеген рулар мен тайпалар халық болып құрала бастады. Күн көру кәсібі мал немесе егін шаруашылығына негізделеді. Алайда бұл өзгерістердің барлығы да оп-оңай іске аса қойған жоқ, ұзақ тарихи даму кезендерді бастан өткерді. Қоғамдағы, адамдар өміріндегі өзгерістер эпостық шығармаларға да жаңа талаптар қоя бастады. Олар елдің еркіндігі, халықтың мүддесі мен бірлігі үшін жүргізілген күресті жаңа дәуірдің түсінігіне лайықты бейнелеуге тиіс болды»122. Міне, сақтар мен ғұндар дәуірінде өмірге келген қаһармандық дастандар мен Түрік қағанаты тұсында жазылған «Күлтегін», «Тоныкөк» жырлары арасындағы айырмашылықты сөз еткенде, соңдай-ақ қадым заман дастандары мен қазақтың батырлық жырлары арасындағы ерекшеліктерді зерттеу барысында жоғарыдағы айтылған ой-пікірді ескеріп отырған жөн деп білеміз.
Ал, Орхон жазба ескерткіштеріне талдау жасаудан бұрын сол дәуірдің кейбір тарихи, әдеби құбылыстары туралы пікір айта кету жөн сияқты. Өйткені мұның өзі «Күлтегін», «Тоныкөк» жырларын тереңірек талдап, танып-білуге мүмкіндік береді. Кезінде дүниені дүр сілкіндіріп, жұмыр жердің жартысына билік жүргізіп тұрған Ұлы Түрік империясы жайында жазылған ғажайып тарихи дастандар бар екені мәлім. Оны жазған Түрік қағанатының қабырғалы бектерінің бірі, өз дәуірінің кемеңгер ойшылы, шешендік сөздің жүйрігі, ұлы ақын Йоллығтегін еді. Бүкіл түркі елін егемендік пен азаттыққа, ерлік пен бірлікке үндейтін бұл дастандардың әрбір әрпі мәңгі өшпестей етіліп үлкен-үлкен құлпытастарға қашалып жазылған. Демек, бұл дастандар бұдан он екі ғасыр бұрын Түрік мемлекетінде болған сан қилы оқиғаларды бүгінгі күнге ешбір өзгеріссіз, айна-қатесіз күйінде жеткізіп отыр.
Дәл осы арада біз кейбір елдерде әр патшаның тұсында қайта-қайта қағазға көшіріліп, бертін келе «саясатнамаға» айналып кеткен «шежіре» яки «жылнама» дастандар да бар екенін ескерте кеткеніміз жөн. Ұлы Түрік қағанатын ешбір жау әскер күшімен жеңе алмағаны тарихта жақсы жазылған. Алайда жұдырықтай жұмылып отырған түрік елінің ішіне жау жағы ғасырлар бойы іріткі салып келді. Мұны істеген табғаш (Қытай) елі еді. Ақыры Ұлы Түрік империясы екіге бөлініп, бірі Шығыс түрік қағанаты, ал екіншісі Батыс түрік қағанаты деп аталып кетті. Тасқа қашалып жазылған дастандардың бірі Түрік қағанатының бүкіл әлемді аузына қаратқан айбарлы да абыройлы дәуірін суреттеуден басталады. Мұнда исі түріктің басын қосып, қуатты мемлекет орнатқан Бумын қаған мен Істемі қаған барынша мадақталады:
Üzä kök taηrı
asra jaγyz jır qylyntuqda
äkın ara kısı oγly qylynmys.
Kısı oγlynta üzä äcüm apam
Bumyn qaγan Іstämı qaγan olurmys.
Olurypan türk budunyη ılın tör(üs)ın
tuta bırmıs ıtı bırmıs.
Tört buluη qop jaγy ärmıs
Sü süläpän
Tört buluηdaqy budunyγ
qop almys qop baz qylmys.
Baslyγyγ jüküntürmıs
tızıgıg sökürmıs123.
Бұл жырдың қазақша жолма-жол аудармасы төмендегідей болып келеді:
Биікге көк тәңірі,
Төменде қара жер жаралғанда
Екеуінің арасыңда адам баласы жаралған.
Адам баласы үстіне ата-тегім
Бумын қаған, Істемі қаған отырған
Отырып, түркі халқының
Ел-жұртын қалыптастырған,
иелік еткен.
Төрт бүрыштың бәрі дұшпан екен,
Сарбаздарымен аттанып,
Төрт бұрыштағы халықты
Көп алған, бәрін бейбіт еткен,
Бастыны еңкейткен,
Тізеліні бүктірген124
Бұл жыр жолдары Түрік қағанатының әскери қолбасшысы Күлтегін батырға арналған дастаннан алынып отыр. Қытай елінің ханзадалары мен саудагерлері «сыйға» әкелген тарту-таралғыларға алтын мен жібекке, табғаштың ару қыздарына өзара таласқан түрік бектері арасында астыртын айқас басталды. Кейбіреулері түрік елі алдындағы парызын, ата-бабалар дәстүрін ұмытты. Елді біліксіз қағандар басқарды. «Билік пен байлыққа таласқан мұндай күрес жиырма жылға созылды. Ақыры ел ішіндегі алауыздық 603 жылы ұлы мемлекеттің екіге бөлініп кетуімен тынды. Бірі - Батыс Түрік қағанаты. Бұған Орта Азия, Жоңғария және Шығыс Түркістанның бір бөлігі енді. Екіншісі - Шығыс Түрік қағанаты. Бұл негізінен Монғолия жеріне орналасқан еді» (56,94). Бумын қаған мен Істемі қаған қайтыс болған соң түрік елінің тағына дарынсыз қағандар отырғаны, халықты опасыз бектер мен әміршілер билегені тарихтан жақсы мәлім. Бұл жайында Түрік қағанаты тұсында, яғни VІІ ғасырда жазылған «Күлтегін» дастанында төмендегідей жыр жолдары бар:
Anta kïrsa ınısı äcısın täg
qylynmaduq ärınc
oγly qaηyn tag
qylynmaduq ärınc
Bılıgsız qaγyn olurmus ärınc
Jablag qaγyn olunmys ärınc125.
Түркі тіліндегі бұл жыр жолдарының қазақшасы:
Соңындағы інісі ағасындай болмады,
Ұлдары әкесіңдей болмады,
Біліксіз қағандар отырған екен,
Жалтақ қағандар отырған екен126.
Табғаш елінің алдауына көнген Түрік қағанатының бектері өзара араздасып, елдің ішкі бірлігіне көп нұқсан келтірді. Елде алауыздық туды. Түрік қағанатының іргесі шайқала бастады. Бұл өте қауіпті кезең еді. Осы қатерлі сәтті ақын Йоллығтегін өзінің Күлтегін батырға арнаған жыр жолдарында мейлінше айқын көрсеткен:
Bäglärı buduny tüzsız ücün
tabγac budun täblıgın kürlıg ücün
armacysyn ücün
bäglı budunlyγ joη urtuqyn ücün
türk budun ıllädük ılın yč γynu ydmys
qaγanladuq qaγanyn jıtürü ydämys
Tabγ ač budunqa bägılık ury lyn qul bolty
Sılık qyz oγ lyn küty bolty127.
Бұл жырдың жолма-жол қазақша аудармасы:
Бектердің, халқының ымырасыздығынан,
Табғаш халқының алдауына сенгендігінен,
Арбауына көнгендігінен,
Інілі-ағалының дауласқандығынан,
Бекті халқының жауласқандығынан
Түркі халқы елдігін жойды,
Қағандығынан айырылды;
Табғаш халқына бек ұлдары құл болды,
Пәк қыздары күң болды128.
Алайда тәкәппар әрі ержүрек түрік жұрты құлдықтың қорлығына көп шыдай алмады. Құлдықтан гөрі өлімнің өзі артық деп білді:
Тük budun ölürajın
uru γsyratajyn tır ärmıs
joqadu baryr ärmıs
Üzä türk täηrısı
türk yduq jırı suby anča tımıs
Türk budun joq bolmazun tıjın
Budun bolčun tıjın129.
Енді қазақша аудармасын оқып керелік:
Түркі халқы:
«Қырылайық, жойылайық»,— десті,
Ажалға жылжи бастады,
Көкте түркі тәңірісі,
Түрікnің қасиетті жері, суы былай депті:
«Түркі халқы жойылмасын»,— дейді, —
Ел болсын»,- дейді130.
Бұдан кейін арада елу жыл өтті. Түріктер өз азаттығы үшін тынымсыз елу жыл бойы күресті. Ақыры жеңіске жетіп, өз алдына дербес, егеменді ел болды. Бірақ егемендікті сақтап қалу үшін түріктер тағы да жүздеген жылдар бойы азаттық күресін жүргізе берді. Біз жоғарыда түрік елінің сан ғасырлық тарихын жыр еткен шежіре-дастандар туралы айттық. Бұл дастандар ғылым тілінде «Орхон жазба ескерткіштері» деп аталады. Ал, біз жоғарыда жыр жолдарынан мысал келтірген дастан түрік елінің даңқты әскери қолбасшысы, Елтеріс қағанның кенже баласы Күлтегін батырдың (684- 731) ерлік істеріне арнап жазылған. Бұл дастан жазылған үлкен құлпытас Күлтегін батыр зиратының басына қойылған. Сондай-ақ, біз Күлтегін батырдың ағасы, түрік елінің көсемі Білге қаған және қағанның ақылгөй-кеңесшісі, данышпан Тоныкөк қарт туралы жазылған тарихи дастандар хақыңда айтып отырмыз. Жоғарыдағы аталған екі дастан да, дәлірек айтсақ, олар жазылған құлпытастар бір кездегі Ұлы Түрік империясының астанасы орналасқан қазіргі Монғолиядагы Орхон өзені бойынан— Көкшың деген жерден табылған. Сонымен, Білге қаған, Күлтегін батыр және данышпан Тоныкөкке арналған бұл ескерткіштерді 1890 жылы түңғыш рет тауып ғылым үшін жаңалық ашқан орыстың саяхатшы-ғалымы Н.М.Ядринцев еді. Бірақ бұдан сан ғасыр бұрын түріктер қолданған әріптердің қалай оқылатынын ешкім білмейтін болып шықты. Тасқа жазылған дастандардың мәтіні суретке түсіріліп дүние жүзінің осы саладағы ең атақты лингивист-мамандарына жіберілді. Ғалымдар әртүрлі болжам айтты. Біреулері оны көне фин жазуы десе, екіншілері ежелгі герман, үшіншілері скиф-славян, яки монғол жазулары деген пікір айтып жатты. Скандинавия елдерінің ғалымдары бұл ескерткіштер жазуын «Рунь», яғни «Руна» жазуы деп атап кетті. Бұл сөздің қазақша мағынасы «сыры ашылмаған», «құпия» деген ұғымды білдіреді. Сол себептіжоғарыда аталған дастандар тілші-мамандар арасыңда «Руна жазуындағы жәдігерліктер» деп аталып кетті. Ақыры 1893 жылы қарашаның 25-і күні Дания Корольдік Ғылым академиясының мәжілісінде Вильгелм Томсен (1842-1927) әлемді дүр сілкіндірген ғылыми мәлімдеме жасады. Ғалым Орхон мен Енисей өзендері бойынан табылған ескерткіштердегі құпия жазуды оқудың кілтін ашқандығын хабарлады. Сондай-ақ бұл ескерткіштер түркі халықтарының тілінде жазылғанын мәлімдеді. Ғалымның ең алдымен оқыған сөздері «тәңірі» және «түрік» деген сөздер екен. Дәл осы кезде академик В.В.Радлов та өз бетінше ізденіп руна жазуының он беске жуық әрпін анықтап алған еді. Арадан көп уақыт өтпей-ақ В.В.Радлов Орхон өзені бойынан табылған үлкен тастардағы мәтінді толық оқып, сосын оны аударма жасап шықты. Бұрын ғылыми қауымға белгісіз болып келген көне түркі әріптерімен жазылған Орхон жәдігерліктерінің мәтінін оқу, зерттеу және басқа тілдерге тәржіма жасау ісіне кезінде В.В.Томсен, В.В.Радлов, Ю.Немет, Х.Н.Оркун, С.Е.Малов, И.В.Стеблева сияқты ғалымдар мол үлес қосты. Қазақтың көрнекті ғалымы М.Жолдасбеков көне түркі әдеби жәдігерліктерінің қазақ әдебиетіне ықпалын тұңғыш рет арнайы зерттеу объектісі етіп алғаны мәлім. Ал, енді біз Түрік қағанаты жайындағы жоғарыда айтып келе жатқан тарихи оқиғаларға қайта оралайық. Сонымен, түріктер елу жылға созылған бодандықтан құтылып, егемендігін алды. Енді түрік мемлекетінің тағына кім отыруы тиіс деген мәселе тұрды. Атақты тарихшы Л.Н.Гумилев бұл туралы былай деп жазады: «Көне түріктерде таққа мұрагерлік жөніндегі заң болды, ол бойынша тақты ағасы інісіне, ал жиені нағашысына (сатылап жоғарылау) мұра етіп қалдырып отырған. Қытайлықтар бұл тәртіпті көңілге қонбайды деп санап, түрік істеріне араласып, оны тіпті елемеген. Қағанатын қалпына келтіріп түріктер ескі зандарын да қалпына келтірді, сол бойынша Қапаған қаған болды. Алайда ол қытай мәдениетінің ықпалын өз басынан өткерген-ді, сондықтан тақты жиені Могилянға емес, өз ұлы Фугюге бергені өзі үшін жақсы болар деп есептеді. Занды ашық түрде бұзуға болмайтынын білген ол «кіші хан» (шадтан жоғары) деген шен тағайындап, оны өзінің ұлына бұйыртты, ал жиенін тардуштардың, яғни түріктердің Батыс қағанатының шады етіп қойды, әрі оған неғұрлым қатерлі соғыс міндеттерін өз бетінше шешуді тапсырды. Бұған қарағанда ол өз жиенінің қаза табуына қарсы болмаған тәрізді. Қапаған 716 ж. көктемінде өз жиенінің даңққа бөленгенін қызғанып, тоғуз-оғуздарға қарсы әскерін өзі бастап шықты. Күлтегін қосыны, хан ордасы, яғни Қапаған ханның әйелдері мен балаларын қорғауға қалдырылды»131. Осы қолайлы сәтті күтіп тұрған қарлұқтар түріктер ордасына оқыстан шабуыл жасап, оларды құртып жібермек болды. Әйтсе де Күлтегін батыр қарлұқтарды тас-талқан етіп жеңіп, өзін даңққа бөледі. Алып Қапаған қаған басқарған түрік әскері 716 жылы Төл өзені бойында Байырқу тайпасын күйретті. Алайда бұл қуаныш ұзаққа бармады. «Бірақ осы арада тарихқа мынаңдай бір оқиға кірігіп кетті: жеңістен кейін үйіне қайтып келе жатқан қаған өзінің күзетінен ұзап, жалғыз өзі ойға бата орманнан өтіп бара жатгы. Тек не дерсің, дәл осы орманда талқандалған байырқулықтар жасырынып жүрсе керек. Жалғыз салт аттыны көрген олар сол арада бас салып, оны атынан аударып түсірген де, өлтіре салған. Қағанның басы қытай елшісіне жеткізілген, ал елші оны Чаньаньге жөнелткен. Кағанаттағы көтеріліс пен Тан империясы арасындағы байланыс, міне, осылай ашылады. ...Қаған өлген соң мұрагерлік туралы мәселе туды. Қапаған тақты иеленушіге Күшікхан, яғни «кіші хан» деген құрметті атақ беріліп, үлкен ұлын өзі тағайындаған еді. Түріктердің ескі заңы бойынша мұрагерлік тардуштар шады Могиляньға тиісті еді, ал түріктік «мәңгі елдің» іс жүзіндегі көсемі батыр Күлтегін болды. Күлтегін әскери төңкеріс жасады: ол өзі қорғаған қонысқа өзі шабуылдады. Қолбасшылық қызмет орнындағы оның мирасқоры Алп Эльэтмиш көтерілісшілер жағына шығып кетіп, мұның өзі олардың жеңіске жетуін қамтамасыз етті. Күшікхан мен Капағанның кеңесшілері түгел өлтірілді... Қапаған ұрпағының өрбу сызығы осылайша кесіліп қалды. Күлтегін ескі занды бұзбады, қаған атағын кабылдамады, сөйтіп, таққа Білге қаған деген құрметті атақпен өз ағасын отырғызды. Білге таққа өзінің сіңірген енбегімен көтерілмегенін және өзі інісінің қолындағы қуыршақ екенін білді. Сондықтан Білге оны әскерлердің әміршісі, яғни қағанаттың нақты қожасы етіп тағайындады. Барлық ақсүйектілердің арасынан тек жалғыз дана Тоныкөк қана, яғни жаңа қағанның қайын атасы ғана аман қалды»132. Міне, біз айтып отырған оқиғалар тарихи оқиғалар, яғни Қапаған қағанға қатысты деректер патша сарайындағы Күлтегін жасаған төңкеріс билік үшін болған қанды шайқастар Йоллығтегіннің тасқа қашап жазылған дастандарында мүлдем айтылмайды. Өйткені «Күлтегін» жыры, «Тоныкөк» жыры өткен дәуірден нақты мәлімет беруге арналған ресми тарих емес. Бұлар тарихи деректерге негізделген көркем туынды болып табылады. Соның өзінде Л.Н.Гумилев Орхон жазба ескерткіштерін «Көк түріктердің өздері туралы» жазған шежіресі деп біледі133. Сөйтіп, «Күлтегін» және «Тоныкөк» жырларында әдейі айтылмай қалған тарихи оқиғаларды танып-білу арқылы ғана осы аталған дастандардың шын мәнін, құпия сырын пайымдай аламыз. «Күлтегін» жырының басты идеясы — Күлтегін батырды Түрік қағанатының құдыретті тұлғасы етіп көрсету. Ал Қапаған қаған жөніндегі шындықты айтудың өзі Күлтегіннің беделіне нұқсан келтірер еді. «Күлтегін» жырының авторын қатты қызықтыратын нәрсе — Түрік қағанатыңда болып жатқан сан алуан тарихи оқиғалар емес, «іші — ассыз, сырты — тонсыз, бейшара, мүсәпір халықты» Күлтегін батыр қалайша дәулетті, бақытты еткенін көркем сөз арқылы жеткізу болып табылады. Күлтегін батыр өзі туралы:
öltäčı budunyγ tırıgrü ıgıtım
jalaη budunyγ tonlyγ
čyγañ budunyγ baı qyltym
az budunyγ üküš qyltym
yγar ällıgdä (jäg qyltym.
Tört buluη daqy) budunyγ
qop baz qyltym134.
Бұл жыр жолдарының қазақша жолма-жол аудармасы төмендегідей болып келеді:
Өлімші халықты тірілттім.
Жалаңаш халықты тонды,
Кедей халықты бай қылдым.
Аз халықты көп қылдым,
Тату елге жақсылық қылдым.
Төрт бұрыштағы халықты
Бәрін бейбіт қылдым,
Тату қылдым,
Бәрі маған бағынды135.
Сонымен, көне түркілердің ежелгі шынайы тарихын оның Орхон мәтінін бейнелі көрінісімен салыстыра отырып, Күлтегін және Тоныкөк ескерткіштері жылнама шежіре емес, сол дәуірдің өзіне тән поэзиялық дәстүрімен жазылған әдебиет үлгілері деген түйін жасаймыз. Әрине, көркемдік дәрежесі мейлінше жоғары, шешендік сөздері мол, көріктеу құралдары айшықты болып келетін «Күлтегін» және «Тоныкөк» сияқты ғажайып дастандардың ғайыптан, өзінен-өзі өмірге келуі мүмкін емес. Демек, бұл дастандарды жазған Йоллығтегін өзінен бұрынғы түркі поэзиясының көркем сөз дәстүрін жақсы меңгерген ақын. Басқаша айтсақ, Йоллығтегін сақтар мен ғұндар дәуірінің «Алып Ер Тоңға», «Оғыз қаған», «Аттила», «Шу», «Көкбөрі», «Ергенекон» сияқты дастандарды үлгі тұтқан. Бұл жәйтті, әсіресе, осы екі дәуір дастандары арасындағы бірқатар көркемдік ұқсастықтардан аңғаруға болады. Ғұндар дәуірінің ауыз әдебиетінде қолданылған көріктеу құралдары, қанатты сөздер, мақал-мәтелдер кейде Орхон жазба ескерткіштерінде де қайталанып отырады. Ежелгі түркі жұртында қалың қол бастап, халқын сыртқы жаудан қорғаған дарабоз батырлары қайтыс болғанда бүкіл ел болып күңіреніп, аза тұтқаны жүрек тебірентерліктей қасіретті жырлар айтатын дәстүр болған. Бір адамның қайғысы бүкіл елдің қайғысына айналған. Сол арқылы ел қорғаудың киелі, қасиетті іс екені күллі қауымға жария етілген. Бұл жәйтті сақтардың ауыз әдебиеті үлгісі болып табылатын «Алып Ер Тоңғаны жоқтаудан» көруге болады:
Ulşıp eren börleyü
Yırtın yaka urlayu
Sıkrıb ünı yurlayu
Sıgtap közı örtülür136.
Бұл жырда Алып Ер Тоңға қазасына байланысты ер азаматтардың өзі жағаларын жыртып, бөрідей ұлып жылағаны айтылады. Тіпті, жылап-сықтаудан, ауыр қайғы-қасыреттен адамдардың көздері көрмей қалады. Жоғарыдағы төрт жол өлеңнің қазақша жолма-жол аудармасы төмендегідей болып келеді:
Бөрідей ерлер ұлысты,
Бақырып жаға жұлысты,
Дауыс салып жырлады,
Суалды көзі жылады137.
Мұнда ақын ажал қасіретінің ауырлығын нақты түрде жеткізу үшін «бөрідей ұлысты», «жаға жұлысты «, «көзі суалды» деген сияқты тұрақты сөз тіркестерін ұтымды пайдалана білген. Алып Ер Тоңғаны жоқтауды ежелгі дәуір ақыны білгір сөз зергері ретінде мейлінше терендете түскен. Бұл жоқтауда ел қорғаған батырдың өлімі «ішті өртеді», «жараны тырнады», «өткенді іздеді» деген сияқты тұрақты сөз тіркестерін ұтымды қолдану арқылы шебер жеткізген:
Könğlüm ıçün örtedı
Yetmış yasığ kartadı
Keçmış üdhük ırtedı
Tün kün keçüp ırtelür138.
Қазақша жолма-жол аудармасы:
Көңілім ішті өртеді,
Тырнады біткен жараны,
Өткен күнді (уақытты) іздеді,
Күн-түн кешіп сұрады139.
Түрік қағанатының әскери қолбасшысы Күлтегін батыр қайтыс болғанда да күллі көк түріктер жұрты шексіз қайғыға батады. Ауыр қасіреттен аспан айналып жерге түскендей болады. Бүкіл ел болып аза тұтқан сәттегі жоқтау сөздерін ақын Йоллығтегін төмендегідей жыр жолдары арқылы жеткізген:
Іnım Kül tıgın kärgäk bolty
özım saqyntym.
Körür közım körmäz täg
bılır bılıgım bılmäz täg bolty
özım saqyntym.
Öd täŋrı jasar
Kısı oγly qop ölgälı törümıs140.
Қазақ тіліндегі жолма-жол аудармасы:
Інім Күлтегін қаза болды.
Өзім кайғырдым.
Көрер көзім көрместей,
Білгір ақылым білместей болды,
Өзім қайғырдым.
Тағдырды тәңірі жасар,
Адам баласы бәрі өлгелі туған141.
«Алпамыс батыр» жырында Алпамысты «өлді» деп естіген кезде анасының жоқтау айтып, зарлайтын сәті бар:
Байыз қылып тұра алмай,
Жүгірді зарлап анасы,
Алдынан шығып көрісті,
Қызы менен баласы. ...
Анасы сонда сөйлейді:
Байладың, құдай, бағымды,
Сындырдың құдай сағымды.
Ертелі-кеш зарлайсың,
Жәдігер саған не қылды142.
Қалай болған күнде де тарихта ерлік дәуірі деп аталған ғұндар заманының ауыз әдебиеті Күлтегін, Білге қаған сияқты батырлар бейнесін жасауға өзіндік ықпал-әсерін тигізді. Әсіресе, батырдың мінген тұлпарын, асынған қару-жарағын, сүйген жарын, сағынған елін, туған жердің табиғатын суреттеу тұрғысынан ғұндар заманының эпосы бертін келе қалыптасқан Түрік қағанаты дәуірінің жазба әдебиеті үшін үлгі-өнеге болды. Дегенмен, алдымен «Күлтегін», «Тоныкөк» жырларының көркемдік пен жанрлық ерекшеліктеріне тоқталып өтелік. Сол арқылы ғана көк түріктер дәуірінің ғажайып туындылары «Күлтегін», «Тоныкөк» жырларының өзінен кейінгі кезеңдерде қазақ ауыз әдебиетінде туындаған батырлық жырлардың қалыптасуына қаншалықты терең әсер еткенін пайымдауға болады. Орхон ескерткіштерінің жанрлық ерекшеліктері туралы соңғы кезге дейін өзара қарама-қайшы екі түрлі көзқарас орын алып келді. Бірі — Күлтегін және Тоныкөк ескерткіштері көркем әдебиетке, соның ішінде поэзияға ешбір қатысы жоқ, Түрік кағанатының дәлме-дәл жазылған тарихы деп қарады. Екіншісі— руна жазуыңдағы бұл ескерткіштерді поэзиялық туындыға тән барлық белгілері бар, ежелгі түркілердің өзіндік әдеби дәстүріне негізделген көркем туынды деп таныды. Бұл екі түрлі көзқарас ұзақ жылдар бойы әдебиетшілер, тілшілер, тарихшылар т.б. арасында алуан түрлі пікір таластарын тудырып келді. Ал, қазір Күлтегін және Тоныкөк ескерткіштері көркем туынды екеніне ешкім күдіктенбейді. Орхон ескерткіштерін поэзия, ерлік жыры деп алғаш бағалаған ғалымдардың бірі — академик-жазушы М.Әуезов болды. Ол руна жазуындағы ескерткіштердің мазмұны мен сипаты туралы айта келіп, былай деп жазды: «Олардың мазмұнында эпостық баяңдау сазы басым, аңыздың көркемдік түрі де соған орайлас. Күлтегін, Тоныкөк немесе Суджа жазуларында қанша адам, қанша ерлік бейнеленген десеңізші?! Оларда әр алуан рулар мен тайпалардың кескілескен шайқастарының, соғыс суреттерінің, батырлар ерлігінің, жорықтардың шежіресі бар. Тіпті сол жазулардың бір талайында Күлтегіннің ежелгі жырларындағыдай жеңілуді білмейтін батыр болғандығы баяндалады. Ол жазуларда хронологиялық тәртіп те бар. Күлтегіннің он алты жастан қырық жеті жасына дейін, яғни өлгенге дейінгі өміріндегі ерлік қимылдары баян етіледі. Мұнда батырдың жас жағынан бастап, өмірінің ақырына дейінгі ерліктерін жырлайтын батырлық дастандардың сюжеттік құрылысында ұқсастық бар»143. Бұл жазба жәдігерліктер өзінің мазмұны мен пішіні жағынан ғана емес, ырғаққа, яки ритмге — үннің жүйелі, мерзімді, мөлшерлі қайталануына негізделуі тұрғысынан да поэзиялық сипатқа ие екенін И.В.Стеблева дәлелдеп шықты. Ол Орхон ескерткіштерінің өлшемі — әрі буын, әрі екпін екенін, ырғақ пен шумақ, тармақ пен бунақ — сол буын мен екпінге негізделеді деген пікір айтты. Мұндай пікірдің теориялық және практикалық мәні зор еді. Қадым заман эпосындағы ырғақ, ұйқас, әуенділік т.б. тарихи даму барысында жетіле түсетіндігі жайында кезінде А.Н.Веселовский мынадай пікір айтқан болатын: «В древнейшем сочетании руководящая роль выпадала на долю ритма, последовательно нормировавшего мелодию и развивавшийся при ней поэтический текст. Роль последнего вначале следует предположить самою скромную, то были восклидания, выражение эмоций, несколько назначаюших, несодержательных слов, носителей такта и мелодии. Из этой ячейки содержательный текст развивался в медленном ходе истории»144. Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда, көне түркі жырының дыбыстық құрылысы ерекше назар аудартады. Дәлірек айтсақ, көне түрік жырының дыбыстық құрылысы қалай болғанын айқынырақ танып-білу үшін осы Орхон ескерткіштерінің біріне, айталық, Күлтегіннің үлкен және кіші жазуларына әдеби талдау жасап көрейік. Өленде бірыңғай дауыссыз дыбыстардың қайталанып қиысуы, яғни аллитерация жырдағы үндестікті, мәнерлілікті күшейте түсетінін ежелгі түрік сөз зергерлері жақсы түсініп, бұл әдісті шебер меңгергені анық. Мәселен, «Күлтегін» жырының авторы әдеби тілге дауыс ырғағы түгіл, тіпті дыбыс қайталаулар арқылы әжептеуір ажар беруге болатынын сезген секілді:
Qyrqyz quryqan otuz tatar
Qytaň tataby qop jaγy ärmıs
Qaηym qaγan bunça...
Qyrq artuq (y jıt) joly sülämıs145.
Бұл жырдың қазақша жолма-жол аудармасы:
Қырғыз, құрықан, отыз татар,
Қытай татабы — бәрі жау еді.
Әкем қаған осынша (жауға)
Қырық жеті рет аттанды146.
Ежелгі түркі поэзиясында осылайша бірыңғай дауыссыз дыбыстардың («Q» — «Қ») қайталанып отыруы арқылы жырдың ішкі мәнерлілігін үдетіп арттыра түскен. Мұның өзі ежелгі түркі тілінің үндестік заңына да сәйкес келеді. Ежелгі түркі поэзиясындағы осындай аллитерация көріністері араға сан ғасырлар салып барып, қазақтың батырлық жырларынан көркемдік дәстүр жалғастығын тапқан. Мәселен, «Қамбар батыр» жырыңда дауыссыз дыбыстардың жол басында бірыңғай қайталанып келуі жиі ұшырайды:
Қарсыласқан дұшпанға
Қайраты асқан алаштан,
Қараман ханды білмейді,
Қыз Назымға таласқан147.
Бұл сияқты мысалдарды қазақтың «Ер Қосай» жырынан да көптеп келтіруге болады. Жырда Ер Қосай өзі қырып салған жау әскерін, яғни майдан даласында қалған жаудың өліктерін санай бастайды:
Тоқсан мыңдай болады:
Ту ішіне топ бастап,
Туын бұзып құлатты,
Тастан соққан қаланы148.
Ежелгі түркі ақындарының бірыңғай дауыссыз дыбыстарды үндестіру әдісін бертін келе қазақ жыраулары да кеңінен қолданған. Мәселен, XVІ ғасырда өмір сүрген Доспамбет жырауда төмендегідей жыр жоддары бар:
Тоғай, тоғай, тоғай су
Тоғай қондым өкінбен
Толғамалы ала балта қолға алып,
Топ бастадым өкінбен149.
«Күлтегін» жырында бірыңғай дауыссыз дыбыстары қатар тұрып қайталанатын екі сөз өлең жолының басында да, ортасында да, соңында да тұрып қиыса береді. Мысалы, Күлтегін ескерткішінің кіші жазуында мынадай жыр жолдары жиі кездеседі:
Süčıg sabyηa jymšaq aγysyηa arturup
Üküs türk budun öltıg150.
(Тәтті сөз, асыл қазынасына алданып,
Түркі халқы қырылдың)151.
Бұл жыр жолдарында дауыссыз дыбыстардан басталатын екі сөз («Süčıg sabyηа» — «Сучіг сабыңа «) жол басында қайталанып тұр. Дәл осындай мысалды «Күлтегін» ескерткішінің үлкен жазуынан да оқып көруге болады:
Qaηym qaγan süsı börtı täg ärmıs
Jaγysy qoň täg ärmıs152.
(Әкем қағанның әскері бөрідей бопты,
Жаулары қойдай бопты)153.
Мұнда дауыссыз дыбыстан басталатын екі сөз («qaηym qaγan» — «қаңума қаған «) жол басында қайталанып, өзара қиысып тұр. Сондай-ақ дауыссыз дыбыстан басталатын сөздер өлең жолының ортасында да ұшыраса береді. Бұған Күлтегін ескерткішінен бір жол өлеңді мысалға келтірейік:
Ol ödka qul qullyγ bolmus ärtı154.
(Ол кезде құл-құлды болған еді)155.
Бұл жыр жолында бірыңғай дауыссыз дыбыстардан («Q» — «Қ») басталатын екі сөз («qul qullyγ»— «кул куллығ») өлең жолының ортасында тұрып, жырдың үндестігін арттыра түскен. Ежелгі түркі поэзиясында аллитерация жасалатын сөздер өлең жолының соңында да болуы ықтимал. Күлтегін ескерткішінің кіші жазуында мынандай жыр жолдары бар:
türk amty budun bäglär
bödkä körıgmä bäglär156.
(Түркі халқының қазіргі бектері —
Таққа кіріптар бектер)157.
Өлең жолының соңында дауыссыз дыбыстардан («В»—»Б») басталып, екі жолда да қайталанатын сөздер («bäglär» — «бектер»)жыр үндестігін күшейтіп тұр. Бұл сияқты аллитерация жасалатын сөздердің өлең жолының соңында тұруы қазақтың батырлық жырларында да жиі ұшырайды. Мәселен, қазақтың «Ер Қосай» жырына назар аударайық:
Атамнан қалған зұлфұқар,
Бабамнан қалған зулфуқар158.
«Көрұғлы»(«Бозайхан») жырында төмендегідей өлең жолдары бар:
Қабағына қар қатқан,
Кірпігіне мұз қатқан159.
Сондай-ақ өлең жолдарында кейде бірнеше сөз немесе барлық сөз аллитерация арқылы өзара қиысып тұрады:
Taηrı töpäsıntä tutup
Jögärı kotarmus ärınč160.
(Тәңірі төбесіне ұстап,
Жоғары көтерген екен)161.
Жырдың бірінші жолындағы үш сөз («Taηrı»—»тәңірі», «töpäsıntä» — «төбесіне»,»tutup»— «ұстап») де өзара үндесіп өлеңнің мәнерлілігін арттырып тұр. Бұл сияқты бір жыр жолының өзінде бір дауыссыз дыбыс арқылы үш сөздің де өзара іштей үңдесіп тұруы қазақтың батырлық жырларында да жиі ұшырайды. Мәселен, «Ер Тарғын» жырынан төмендегі жыр жолдарын оқып көрелік:
Қарт қояндай қасқайып,
Қарсы қарап тұрады162.
Немесе:
Толғанып тұрған Таргынды
Толғап алып салады
Таргынға таман жетеді163.
Ежелгі түркі поэзиясында осылайша бір немесе бірнеше сөздің аллитерация арқылы өзара үндесіп келуі жиі ұшырайды:
Körür közım körmäz täg
Bılır bılıgım bılmäz täg bolty164.
(Көрер көзім көрместей
Білгір ақылым білместей болды)165.
Бұл жырдың бірінші жолындағы барлық сөздер («Körür»— «көрер», « közım»—»көзім», « körmäz»—»көрместей») өзара дауыссыз дыбыстардың қайталануы арқылы үндесіп тұр. Ал, екінші жолдағы үш сөз ( «Bılır»—»білгір», « bılıgım»—»ақылым», « bılmäz»—»білместей») де өзара қиысу арқылы байланысқан. Осыған ұқсас жыр дәстүрін Ақтамберді жырау Сарыұлы да (1675-1768) кезінде кеңінен қолданған:
Балпаң, балпаң, кім баспас,
Басарға балтыр шыдамас.
Батырмын деп кім айтпас,
Барарға жүрек шыдамас166.
Орхон ескерткіштеріндегі ұйқастықтың өзіндік ерекшеліктері бар. Қалай болған күнде де өлеңге қойылатын негізгі шарттардың бірі — тармақтағы сөз соңының үндестігі, дыбыстас естілуі болып табылады. Ежелгі түркі жырындағы ұйқас — екпінді және екпінсіз буындар үйлесімінің біркелкі қайталануы. Мысалы, «Күлтегін» жырында мынадай өлең жолдары бар:
Ädgü bılgä kısıg
Ädgu alp kısıg jorytmaz ärmıs.
Bır kısı jaηylsar oγušy buduny
Bısükıηa tägı qydmaz ärmıš167.
Бұл өлеңнің қазақша жолма-жол аудармасы төмендегідей болады:
Ақылды кісілерді
Батыл кісілерді (табғаш) қозғай алған жоқ.
(Егер) бір кісі алданса да, (онда) руы, халқы
Тұқымына дейін қалмас еді168. «Күлтегін» жырында ұшырайтын ұйқас сөздер, түптеп келгеңде, соңғы бунақтағы дыбыстардың өзара үндестігі, яғни аллитерация жасалуы болып табылады. Мысалы:
Bägılıg ury oγlyη qut bolty
sılık qyz oγlyη küη bolty169.
(Бек ұлдарың құл болды,
Пәк қыздарың күң болды)170.
Осында үндестік, ұйқас туғызып тұрған элемент «болты» (болды) деген сөз ғана емес, сонымен бірге «құл»және «күң» деген сөздердегі «қ» және «к» дыбыстары да екенін аңғару қиын болмаса керек. Жырдың мазмұнына нәр беріп, сыртқы түрін ажарландыра түсу үшін «Күлтегін» және «Тоныкөк» жырларында теңеу, метафора, аллегория, гипербола, эпитет, қанатты сөздер, мақал-мәтелдер жиі қолданылады. «Күлтегін» жырында шындықты пернелеп айту, яғни оқиғаны аллегориялық әдіспен жеткізетін тұстары да аз емес:
Balyqdaqy taγyqmys taγdaqy ınmıs.
Tırılıp jätmıs är bolmys171.
(Қаладағылар өрлепті,
Таудағылар індепті)172.
Осы екі жол жыр арқылы автор ел іші астан-кестен аласапыран болып кеткенін оқырманға пернелеп жеткізіп отыр. Ал, енді «Күлтегін» жырының авторы - Йоллығтегін Түрік кағанатының күш-қуаты артты, жері барынша кеңіді, ел тұрмысы түзелді дегенді төмендегідей етіп суреттейді:
Ol ödkä qul qullyγ bolmys ärtı
(küη küηlıg bolmys ärtı.
Іnısı äcısın bılmäz ärtı
Oγly qaηyn bılmäz ärtı)173.
Бұл жолдардың қазақша жолма-жол аудармасы:
Ол шақта құл — құлды болған еді,
Күң — күңді болған еді.
Інісі ағасын білмес еді,
Ұлы әкесін білмес еді174.
Сондай-ақ Орхон жазуларында суреттеліп отырған көріністерді тағы да ажарландыра, құбылта түсу үшін оны соған ұқсас өзге затқа балау әдісін, яғни метафораны шебер қолданады. Мұндай метафораларға «Тоныкөк» жыры да бай:
Jaγymyz tägırä täg ärtı
bız šäg ärtımız.175.
(Жауымыз тегіс жыртқыш қустай еді.
Біз жемтік едік)176.
Бұған ұқсас теңеулер қазақтың батырлық жырларында да кеңінен қолданылатыны мәлім. Мәселен, қазақтың «Қарабек» жырында Ханбибі атты аруды төмендегідей етіп бейнелеген:
Шекер, шырын, бал сөзді
Алма мойын, аршын төс,
Күйкентай көз, қалам қас,
Көрген кісі дидарын
Хор қызына балаған177.
Түрік қағанаты тарихында Тоныкөк тұлғасы ерекше орын алады. Ол Елтеріс қаған, Бөгі қаған, Қапаған қаған және Білге қағандарға кеңесші болған. Тоныкөк ел қамын ойлаған ақылгөй, дана қарт. Өзі туралы ол: «Ақыл иесі, сөз иесі мен болдым», - деп айтқаны шындық еді. Түрік қағанатына төрт жағынан жау қаптағанда Тоныкөк ақыл-кеңесімен де, тапқыр сөзімен де, батырлық істерімен де қағандарға көмектесіп отырады:
Tün udumaty
küntüz olurmaty.
Qyzyl qanym töktı
qara tärım jügürtı.
Іsıg kücıg bärtım ök
bän özüm jälmäg jämä yt(t)yq178.
Бұл жырдың жолма-жол аудармасын оқып көрелік:
Түнде ұйықтамадым,
Күндіз отырмадым.
Қызыл қанымды төктім.
Қара терімді ағыздым.
Күш-қуатымды аямадым.
Мен өзім ұзақ жорықтарға да бастадым179.
Бір қызығы — VІІІ ғасырда өмір сүріп, Елтеріс пен Білге қағандардың кеңесшісі болған осы Тоныкөктің тарихи бейнесі араға мың жыл салып барып Абылай ханның кеңесшісі Бұқар жырау (XVІІІ ғасыр) бейнесінде дәлме-дәл қайталанған сняқты. Елтеріс кағанға әрі ақыл-кеңес беріп, әрі әскерін басқарып жүрген Тоныкөк сияқты Бұқар жырау да Абылай ханға ұдайы кеңес айтып отырады, әрі хан жасақтарымен бірге жауға қарсы күреске шығады. Кемеңгер Тоныкөктің философиялық ой-пікірлері Бұқар жыраудың дидактикалық-шешендік сөз үлгісіндегі толғауларымен астасып жатады. Тоныкөк Түрік қағанатын сақтап қалу үшін ең алдымен елдің ішкі бірлігі қажет екендігін пернелеп, астарлап нақыл-өсиет айту арқылы жеткізеді:
Juıqa ärıklıg toplaγaly ucuz ärmıs
Jıncga ärıklıg üzgälı ucuz.
Juıqa qalyn bolsar toplaγuluq alp ärmıs
Jıncga joγan bolsar üzgülük alp ärmıs180.
Тоныкөк қарттың осы даналық ойын қазақ тіліне жолма-жол тәржіма жасағанда төмендегідей болып шығады:
Жұқаны бүктеу — оңай,
Жіңішкені үзу — оңай.
Жұқа қалыңдаса,(оны тек) алып бүктейді
Жіңішке жуандаса, (оны тек) алып үзеді181.
Бұқар жырау да қазақ елінің ішкі бірлігі туралы өзінің ой-пікірін Абылай ханға астарлап айту арқылы жеткізіп отырған. Мәселен, Бұқар жырау Қалқаманұлы(1668-1781) бір өлеңінде:
Биік тауға жарасар
Ығынан тиген панасы,
Терең сайға жарасар
Тобылғылы саласы,
Ер жігітке жарасар
Қолына алған найзасы,—
деп ұзақ толғап келеді де өзінің негізгі түйінді ойын жыр соңыңда ғана айтады:
Бұл жалғаңда бір жаман,
Ағайынның аласы182.
Бұқар жырау тіпті елдің ішкі бірлігін бұзған адамның басын алып тастаудан да тайынбайтындығын айтады. Ол өзінің «Садыр, қайда барсың» деп басталатын толғауында Абылай ханға өкпелеп көшіп бара жатқан ру басына қарата:
Абылай алдында сен бітсең
Құдандалы таныспын,
Абылай алдында бітпесең
Атасын білмес алыспын,— дейді183.
Түрік қағанатының іштей берік болып тұруына қағанмен бірге оның ақьглгөй Тоныкөктің де себепші болғанын автор жырда қайта-қайта айтып отырады:
Sab anča ydmys.
Azqyňa türk budun joryjur ärmıs.
qaγany alp ärmıs
aıγučysy bılg ärmıs184.
Қазақша жолма-жол аудармасы:
Сөзді былай жіберді,
Азғана түркі халқы көшпелі еді,
Қағаны алып еді,
Ақылгөйі білгір еді185.
Ежелгі түркі поэзиясындағы кейбір сөз тіркестері перифраз секілді болып келеді. Мәселен, Орхон жазбаларында Йоллығтегін «адамдар»деп айтудың орнына «ел-жұрт «, «адамзат ұлдары» деген сөз тіркестерін жиі қолданады:
Türk qara qamuγ budun anča tımıs
Іllıg budun ärtım
Іlım amty qany
Kämkä ılıg qazγanurmän tır ärmıs.
Qaγanlyγ budun ärtım
Qaγanym qany.
Nä qaγanqa ısıg küčıg bırurmän tır ärmıs186.
Жолма-жол аудармасы:
Күллі түркі халқы былай десті:
«Елді халық едім,
Елім қазір қайда,
Кімге ел-жұрт іздермін?-десті.
Қағанды халық едім,
Қағаным қайда,
Қандай қағанға күш-қуатым беремін?»187 – десті.
Ежелгі түркі поэзиясында айтар ойды нақты, қысқа түрде, әрі бейнелі етіп, жеткізу үшін қолданылатын кейбір сөз тіркестері мақал-метел сияқты естіледі. Мәселен, Күлтегін ескерткішінде төмендегідей жыр жолдары бар:
Yraq ärsär jablaq aγy bırür
jaγuq ärsär ädgü aγy bırür tır188.
(Жырақ болса жаман сыйлық берер,
Жақын болса, жақсы сыйлық берер)189.
Немесе:
Ačsyq tosyq ömäzsän
Bır todar ačsyq ömäzsän190.
(Аштықта тоқтықты түсінбейсің,
Бір тойсаң, аштықты түсінбейсің)191.
«Күлтегін» жырынан тағы бір мысал келтірейік:
Körür közım körmäz täg
bılır bılıgım bılmäz täg bolty192.
(Көрер көзім көрместей,
Білгір ақылым білместей болды)193.
Қазақ жыраулары ежелгі түркі ақындарының дидактикалық-шешендік өнерін өз толғауларында жетілдіре түсті. Асан Қайғы(ХУ ғасыр):
...Қадірін жеңге білмесе,
Бойға жеткен қыз ғаріп.
Ел жағалай қонбаса,
Бетегелі бел ғаріп194.
Тағы бір мысал:
Көлде жүрген қоңыр қаз,
Қыр қадірін не білсін!
Қырда жүрген дуадақ,
Су қадірін не білсін!
Көшіп-қонып көрмеген
Жер қадірін не білсін195, — дейді.
Бұл сияқты айтар ойды қысқа түрде әрі пернелеп жеткізуге, әсіресе, Шалкиіз Тіленшіұлы (1465-1560) шебер:
Жапырағы жасыл жау терек
Жайқалмағы желден-дүр,
...Кешу кешмек сайдан-дүр,
Батыр болмақ сойдан-дүр,
Жалаңаш барып жауға ти,
Тәңірі өзі біледі,
Ажалымыз қайдан-дүр!196.
«Күлтегін» мен «Тоныкөк» жырларына тән тағы бір жәйт— бұл жырлардың кіріспесінде және қорытынды бөлімдерінде лепті үнмен мәнерлеп ғибрат айту, көтеріңкі сарынмен үндеу тастап, асқақтап сөйлеу сияқты эмфатикалық дауыс ырғағы басым болады. Мұның өзі оқырманның сезімін жаңдаңдырып, оны тез әсерлендіру үшін жасалғанын аңғару қиын емес. Мәселен, қарт данышпан Тоныкөктің бүкіл түркі еліне қарата айтқан мына бір монологы бұған толық дәлел болса керек:
Мен былай дедім:
- Мен, білге Тоныкөкпін.
Алтын қойнауын асып келдік
Ертіс өзенін кешіп келдік
Көп (екен) деп неге қашамыз?!
Азбыз деп неге қорқамыз?!197.
Міне, осылайша көпшілік қауым алдында көтеріңкі екпінмен үндеу тастап ақыл-өсиет айту, асқақтата сөйлеу дәстүрі араға сан ғасырлар салып барып қазақтың жыраулар поэзиясында қайталанады. Мәселен, Жәнібек ханның кеңесшісі, данышпан жырау Асан Қайғы ханға қарата батыл сөйлеп, екпіндете толғайды:
Ай, хан, мен айтпасам білмейсің
Айтқаныма көнбейсің. Шабылып жатқан халқың бар,
Аймағын көздеп көрмейсің198.
Сондай-ақ Марғасқа жыраудың (XVІІ ғасыр) Ташкент ханы Тұрсынға қарата айткан толғауы:
Ей, Қатағанның хан Тұрсын,
Кім арамды ант ұрсын,
Жазықсыз елді еңіретіп
Жер тәңірісіп жатырсың199,— деп басталады.
Бұқар жырау Абылай ханға:
Ай,Абылай, сен он бір жасында
Әншейін-ак ұл едің.
Он бес жасқа келгенде,
Арқада Әбілмәмбет төренің
Түйесін баққан құл едің200,— дегені мәлім.
Дәл осы сияқты ханға немесе көпшілікке үндеу тастап, асқақтата сөйлеу, дидактикалық сарында өсиет айту қазақтың басқа да ақын-жыраулары айтқан толғауларда жиі ұшырайды. Ежелгі түркі поэзиясының қарсыласына қарата үндеу тастап, асқақтата сөйлеу немесе дұшпанына сұрақ қою арқылы сес көрсету дәстүрі қазақтың батырлық жырларынан да кең орын алған. Мәселен, «Қобыланды батыр» жырында Көбікті батыр өзінің қарсыласы Қобыланды батырға карата былай дейді:
Ел иесіз дедің бе?
Көл иесіз дедің бе?
Жер иесіз дедің бе?
Мал иесіз дедің бе?
Жан иесіз дедің бе?201.
Бұл сияқты мысалды «Қамбар батыр» жырынан да келтіруте болады:
Қосай жетім, қайдасың?
Айдама менің малымды
Шулатпа кемпір, шалымды,
Менің балам Қараман,
Теспей сорар қанынды,
Шырқыратып жанынды202.
Қазақтың батырлық жырларында қарсыласын бопсамен қорқытатын сәтгер де ұшырайды. Мәселен, «Ер Шобан» жырында батыр Шобан қарсыласына қасында жоқ қазақ батырларының атын айтып, жауын қатты қорқытады:
Жиынымның ішінде
Түрлі-түрлі бай да бар,
Түменді бұзған ер де бар
Суын түсті жүйрік бар
Суырылып шабар батыр бар203.
Бұдан кейін Шобан батыр сол елдегі батырлардың есімдерін (Жылым батыр, Қолай батыр, Жақсымбет батыр т.б.) тізіп айтып шығады. «Ер болса» — бопсаға шыда» деген осы204. Орхон жазба ескерткіштерінің композициялық құрылысының өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл ерекшеліктер сол дәуірдің әдеби дәстүріне байланысты болса керек. Біз әңгіме етіп отырған «Күлтегін» және «Тоныкөк» жырлары өз заманының белгілі бір әдеби талаптарына сәйкес жазылғаны мәлім. Тасқа қашап түсірілген бұл жазулардың әрбір руналық жолында, яғни құлпытастағы әрбір қатар жазуда бір емес, бірнеше сөйлем бар. Дәлірек айтсақ, ұзыннан-ұзақ етіп құлпытасқа бедерлеп жазылған руналық бір жол жазудың өзі — бір ғана ойды білдіруге арналған бірнеше сөйлемнен, яғни бір топтамаға, циклға қамтылған сөйлемдерден тұрады. Мұнда автордың оқырманға айтпақ болған негізгі ойы әдеттегідей бір сөйлемнен екіншісіне емес, бір циклдан екінші циклға беріліп жатады. Бір цикл көлемі жағынан — руналық жазудың бір жолына шамалас болып келеді. «Күлтегін» (кіші жазу) жыры әрқайсысы өз алдына дербес, әрі сюжеттік жағынан бір-бірімен тығыз байланысты сегіз циклдан тұрады. Әрбір цикл — мазмұны жағынан бір-бір хикая болып келеді Оның бірінші циклы қағанның өз халқына қарата айтқан үндеуі; екінші циклы — Түрік қағанаты жерінің кеңдігін суреттейді; үшінші цикл — түріктердіңі әскери жорықтарын хикая етеді; төртінші цикл — көршілес табғаш халқының қастандық әрекетгері туралы әңгіме; бесінші цикл — табғаштармен қатынасу түріктерге ажал қатерін төндіретіні жайында хикая; алтыншы цикл — түркі халқының көреген емес екенін өкінішпен жырлауға арналған; жетінші цикл — түркі халқының даңқын көкке көтерген Білге қаған екендігі жөнінде айтылған жыр; сегізінші цикл — осы ескерткіш-жырды жазуға себеп болған жәйттерді баяндауға арналған. Ежелгі түркі поэзиясына тән дәстүр бойынша, осындай әрбір циклдың өзі міндетті түрде мынадай үш элементтен тұратын болған: 1. Оқиғаның басталуы; 2. Сол оқиға желісінің біртіндеп ұлғая түсуі; 3. Осы циклда айтылуға тиісті ой-пікірдің түйіні. Мәселен, «Күлтегін» (кіші жазу) жырының екінші циклын мысал етіп келтірейік. Екінші цикл — Түрік қағанаты жерінің ұлан-ғайыр кең екендігін суреттеуге арналған. Міне, осы екінші топтаманың алғашқы үш жолы оқиғаның басталуы — Білге қағанның қол астындагы халыққа қарата айтқан үндеу сөзі болып келеді:
Toquz oγuz bäglärı buduny
bu sabymyn ädgütı äsıd
qatγdy tyηla205.
(Тоғыз оғыз бектері, халқы,
Бұл сөзімді мұқият тыңда,
Терең ұқ206.
Екінші топтаманың бұдан кейінгі төрт жол өлеңі жырда айтылып отырған оқиғаның өрістей түскені болып табылады. Бұл төрт жол Түрік қағанаты жерінің кеңдігін суреттеуге арналған:
Іlgärü kün toγsyq(q)a
bırgärü kün ortusyηaru
quryγaru kün batsqyηa
jyrγaru tün ortusyγaru207.
Ілгері — күн шығысында,
Оң жақта — күн ортасында,
Кейін — күн батысында,
Сол жақта — түн ортасында208.
Екінші топтаманың соңындағы екі жол жыр осы циклдың түйіні болып табылады. Мұнда түрік елінің халқы көп екені айтылады:
Anta ıčräkı budun qop m(aηa kötür
anč)a budun qop ıtdım209.
(Осының ішіндегі халықтың бәрі маған қарайды.
Халықты осыншама көбейттім)210.
Сөйтіп, «Күлтегін» (кіші жазу) жырында сегіз цикл, яғни сегіз хикая бар. Әрбір циклдың өзі үш элементтен (оқиғаның басталуы, өрістеп ұлғаюы, түйіні) тұрады. Енді Күлтегін ескерткішінің үлкен жазуы мәтінінің композициялық құрылысына талдау жасап көрейік. Үлкен жазудағы Күлтегін жыры көлемі жағынан 428 өлең жолынан тұрады. Мұның өзі құлпытастағы руналық жазу бойынша есептегенде ұзыннан-ұзақ 53 қатар жазу болып шығады. Бұл жырдың ерекшелігі — осы жыр бір-біріне толық дербес тұрған алты хикаядан, яғни алты оқиғадан құралған деуге болады. Бірінші хикая — түрік халқының ұлы ата-бабалары туралы, екінші хикая — түріктерді табғаштардың бағындырып алғаны жөнінде, үшінші хикая — Елтеріс қағанды сипаттауға арналған, төртінші хикая — Қапаған қаған туралы, бесінші хикая — Білге қағанды жыр еткен, алтыншы хикая — Күлтегін туралы жыр. Түрік халқының ата-бабалары ұлы адамдар болғанын жырлауға арналған бірінші хикая — құлпытастағы руналық жазудың бірінші — төртінші жолдарын толық қамтиды. Бірінші хикая — төрт циклдан тұрады. Бірінші циклда — түрік халқының үстіне билік жүргізу үшін бір кезде Білге қағанның ата-бабалары отырғаны жырланады, екінші цикл - Білге қағанның ата-бабалары жасаған әскери жорықтар туралы, үшінші цикл - түрік халкының арғы ататегінің адамгершілік қасиеттері жоғары болғаны жайында, төртінші цикл — Білге қағанның ата-бабаларын жоқтап-жылауға арналған. Мұнда да әрбір цикл өз ішіне міндетті түрде үш элементті қамтиды — бастаушы (орысша «зачин»), осы циклдағы оқиғаның өрістеуі және түйіні. Бірінші хикаяның бірінші топтамасына талдау жасап көрейік: 1. Осы циклдың бастауы үш жол өлеңнен тұрады. Мұнда жер мен көктің және адамның жаралуы туралы әңгіме болады:
Üzä küčıg bırur
Bunča törüg qazγanyp
ınım Kül tıgın
özınčä kärdäk bolty211.
(Биікте Көк төңірі,
Төменде қара жер жаралғанда,
Екеуінің арасында адам баласы жаралған)212.
2. Циклдың екінші бөлімінде — оқиға өрістей түседі: Білге қағанның ата-бабасы адам баласы үстіне билік жүргізу үшін отырғаны екі жол олеңде айтылады:
Kısı oγlynta üzä äčün apam
Bumyn qaγan Іstämı qaγan olurmyš213.
(Адам баласы үстіне ататегім —
Бумын қаған, Істемі қаған отырған)214.
3. Осы циклдың қорытынды бөлімінде — екі жол өлеңде Білге қағанның ататегінің билік жүргізуі бүкіл түркі халқы үшін игілік әкелгені баяндалады:
Oluranyn türk budunyη ılın tör(üs)ın
tuta bırmıs ıtı bırmıs215.
(Отырып, түркі халқының ел-жұртын
Қалыптастырған, иелік еткен)216.
Бірінші хикаяның алғашқы циклы осымен аяқталады. Бұл хикаяның қалған екінші, үшінші және төртінші циклдарының композициялық құрылысы да дәл осы үлгіде болып келеді. Ал енді осы «Күлтегін» (үлкен жазу) жырының мазмұны жағынан аса қызықтысы, композициялық құрылысы зор шеберлікпен жасалғаны -алтыншы хикаясы. Күлтегін ескерткішінің (үлкен жазу) алтыншы хикаясын Күлтегін батырдың жауынгерлік жорықтары жөнінде жазылған ғажайып жыр-дастан деуге болады. Алтыншы хикая он үш .топтамадан тұрады. Міне, осы алтыншы хикаяның бірінші циклы Күлтегіннің әскери қызметінің алғашқы сәтттері қалай басталғанын суреттеп көрсетеді. Бұл топтаманың басталуы — он жастағы бала жігітке Күлтегін деген ерлік есім қалай берілгенін төрт жол жырда баяндап береді:
Іsıg küčıg bırur
bunča törüg qazγanyp
ınım Kül tıgın
özınčä kärgäk bolty217.
Бұл жырдың жолма-жол аудармасы:
Ісін-күшін беріп,
Осыншама ел жинап,
Інім Күлтегін Өзі қайтыс болды218.
Бұдан кейін оқиға желісі ұлғая түсіп, Күлтегін батырдың туған жері үшін ерлікпен шайқасқаны көрсетіледі. Батыр соғдыларға және табғаштарға қарсы қан майданға шығады. Күлтегін он жасында ер атанады:
On jašda Unaı täg çgım qatun qutyηa
ınım Kül tıgın är at bulty219.
(Он жаста Ұмай текті шешемнің бағына
Інім Күлтегін ер атанды)220.
Бұдан кейінгі жолдарда Күлтегіннің соғдыларға қарсы күресі, табғаштың бес мың әскерімен болған соғысы жыр болады. Мұнда «Күлтегін жауға жалғыз ұмтылды» деген сөз бар. Ол жауды жеңіп, қаруларын қолға түсіреді. Сонымен, алтыншы хикаяның екінші топтамасында Күлтегіннің туған жер үшін жүргізген қанды шайқастары жырланады. Ал, топтаманың қорытынды бөлімінде Күлтегіннің теңдесі жоқ жеңістері зор мақтанышпен айтылған. Соның нәтижесінде түрік елі өзінің егемендігін алып, дербес халық болғандығы баяндалады:
ıl jämä ıl bolty
budun jämä budun bolty221.
(Еліміз қайта ел болды,
Халқымыз қайта халық болды)222.
«Күлтегін» жырының бұдан кейінгі хикаялары түркілердің түргеш, соғды, оғыз т.б. қарсы соғысы Күлтегіннің тайсалмай сол қанды майдандарда ұлық Еркін, Құшы Тұтық, аздардың елтебері сияқты жауларымен жекпе-жек арпалысы суреттеледі. Жырда Күлтегін түркі елінің «төрт бұрышындағы» барлық жауды жеңіп, елде тыныштық, бейбіт өмір орнатады. Күлтегін түркі халқын тәуелсіз етті, байлыққа кенелтті деген пікір айтылады. Жырдың басты идеясы — түркі халқын ауызбірлікке, сыртқы жауға қарсы ұйымдасқан күреске, ата-баба жолын берік ұстауға шақыру болып табылады. Автор түркі халқы ата-баба дәстүрін берік ұстаған кездерінде ешкімге тәуелсіз, жақсы өмір сүргенін жырлай келіп, ол жолдан тайып, дұшпаннан алданған сәттерінде:
Бек ұлдары — құл болды,
Пәк қыздары — күң болды — дейді223.
Жыр соңында Күлтегін өлгенде бүкіл түркі халқы қатты қайғырып, аза тұтқаны, оны жоқтап-жерлеу салтанатына әлемнің төрт бұрышынан көп елшілер, батырлар, тас қашайтын шеберлер, таңбашылар(мөр иесі), бектер т.б. келгені айтылады. Күлтегін батырды жерлеуте татабы елінен келгендерді Удар-Сеңгун, табғаш қағанынан — Ісиі-Лікең бастап келді. Күнбатыстағы Соғды, Бершекер, Бұхар ұлыстарының халқынан— Нең-Сеңгун, Тархан ұлы, «он оқ» елі мен түргеш қағаннан — Мақраш таңбашы және Оғыз Білге таңбашы, қырғыз Тардуш Чур Күлтегінді жерлеуте қатысқаны жырда зор шеберлікпен баяндалған.
Орхон жазба ескерткіштері ішінде «Тоныкөк» жыры ерекше орын алады. Бұл жырдың авторы бөлек, оны Тоныкөктің өзі жазған деген болжам бар.
Әйтсе де бұл жыр өзінің жазылу стилі, көркемдік тәсілдері, композициялық құрылымы, идеялық мазмұны жағынан «Күлтегін» жырына» өте-мөте ұқсас. Әсіресе, композициялық құрылымы — топтамалар мен элементтердің атқаратын қызметі құдды Күлтегін жырындағыдай болып келеді. Әрине, «Тоныкөк» жырының сюжеті, оқиғалары басқаша екені даусыз. Мұндагы басты қаһарман — қағанның кеңесшісі Тоныкөк. Егер «Күлтегін» жырында түркі елінің белгілі бір соғыстағы жеңісіне себеп болған негізгі нәрсе — Күлтегін батырдың ерлігі деп көрсетілсе, ал «Тоныкөк» жырында автор дәл сол жолғы шайқаста жеңіске Тоныкөктің ақыл-айласы арқасында ғана жетгік деп көрсетеді. Бұл жырдың басты қаһарманы батыр емес, бүкіл түркі елінің дана қарты, тіпті Білге қаған мен Күлтегіннің әкесі Елтеріс қағанға да кезінде ақылгөй болған Тоныкөк қарт. Сондықтан бұл жырда уағыз-өсиет, нақыл сөздер көбірек ұшырасады. «Тоныкөк» жыры да көлемді. Ол 313 өлең жолынан тұрады. Мұның өзі құлпытаста 62 руналық жазу жолына сыйып тұр. Жырдың жалпы оқиға желісін зерттеушілер он төрт циклға, яғни он төрт хикаяға бөліп қарастырады. «Күлтегін» жырындағы секілді мұнда да әрбір цикл үш элементтен: оқиғаның басталуы, оқиға желісінің өрістеуі және қорытынды бөлімнен тұрады. Бірінші циклда түркі халқының табғаштарға бағынышты болып қалу тарихы, екіншіде — аман қалған түркілердің бас қосып, бірігуі, үшіншіде — сол біріккен халықты басқаратын қаған сайлаудың қиын болғандығы, қаған сайлаудағы Тоныкөктің зор роль атқарғаны, төртіншіде — Елтерісті қаған етіп жариялағаны, ел ішіндегі тыныштыққа сырттан қатер төне бастағаны, бесіншіде — оғыздардан тыңшы келіп, олар түркі елін шаппақ болып жатқаны, алтыншыда түркі халқының жауларымен күрестің қиындығы және осы қиындықты жеңудегі Тоныкөктің рөлі, жетіншіде — оғыздармен болған соғыс туралы, сегізінші циклдан бастап, он үшінші циклға дейін түркілердің түрлі тайпалармен жүргізген қиян-кескі соғыстары жыр етіп баяндалады. «Тоныкөк» жырының ең соңғы — он төртінші топтамасы бүкіл жырдың қорытындысы сияқты. Мұнда түркілердің өз елі, жері үшін жүргізген соғыстарын атап-атап айтады да, соның бәрінде түркілердің жеңіске жеткенін, сол жеңістер өзінен-өзі келмегені, оған Тоныкөк өзінің ақыл-кеңесімен, ерлік істерімен қыруар үлес қосқаны сөз зергерлеріне ғана тон зор шеберлікпен суреттеледі. Бұл жырда түркі елінің сан қырлы өмірінде Тоныкөктің тарихи рөлі ерекше атап айтылады. Тоныкөк ескерткіші — ежелгі түркі поэзиясына тән әдеби дәстүрде - көріктеу құралдары, тілі, композициясы т.б. жағынан зор шеберлікпен жазылған жыр-дастан болып табылады. «Күлтегін» жырының ерлікті, елдікті мадақтау дәстүрі қазақтың батырлық жырында өз жалғасын тапты. Мәселен, қазақтың «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр» сияқты жырларында батырдың жастық шағынан бастап, өмірінің соңына дейінгі ерлік істері жырланған. Түрік қағанатының есімі мәшһүр әскери қолбасшысы, даңқты батыры Күлтегіннің он алты жастан бастап, қырық жеті жасына дейін, яғни өлгенге дейінгі ерлік істері эпостық сарынмен жырланады. Күлтегін тарихи адам болса да жырда ол бейне бір аңыз қаһарманындай ешқашан жеңілуді білмейтін батыр ретінде көрсетілген. Осы арада батырлық жырдың ең басты ерекшелігі жайында белгілі ғалым Р.Бердібаевтың төмендегі пікірін еске алғанымыз жөн: «Классикалық қаһармандық жырдың ең биік уәзипасы ешкімнен, ешқашан жеңілмейтін батырдың тұлғасын мүсіндеу екені ертеден бері белгілі. Егер мұндай шарттылыққа «өзгеріс» ене қалса, ол жырға басқа жанрлардың (аңыз, тарихи әңгіменің т.б.) ықпалы тигені болын табылады»224. «Күлтегін» жырында эпостық баяндау сазы басым екенін айта келіп, М.Әуезов: «Мұнда батырдың» жас шағынан бастап өмірінің ақырына дейінгі ерліктерін жырлайтын батырлық дастандардың сюжетгік құрылысына ұқсастық бар», - деп көрсеткен болатын225. Күлтегін ескерткіші тарихи фактілер тізбегі емес, ежелден еркіндік аңсаған түркі халқының бақытты өмір жайындағы арман-қиялын, тәуелсіздік үшін ғасырлар бойы жүргізіп келген ерлік күресін, кескілескен шайқастарда қол бастаған хас батырларын жыр еткен батырлық эпосының алғашқы үлгілері деп танығанымыз жөн сияқты. Міне, осы тұрғыдан қарағанда тайпа-ұлыстық дәуірде өмірге келген «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», «Қобыланды батыр» және «Шора батыр» сияқты қазақ эпостарының да «Күлтегін» жыры секілді тарихи негіздері бар болуы ықтимал. Бұл туралы академик Ә.Марғұлан өзінің «Қазақтың ерлік жырындағы әлеуметтік сарындар» деген мақаласында қазақ эпосының халықтық сипаты мен тарихи негіздері барлығын ерекше атап көрсетті. Ғалым оғыз және қыпшақ тайпалары эпосының генезисіне қатысты көптеген жәйттерді айта келіп: «Өткен дәуірдің» жыршынары қандай ерлік жырын жырласа да, оның бәрі материалистік негізге тіреліп, болған тарихи уақиғаны, тарихи фактілерді жырлаған»,— деп жазады226. Қазақ ауыз әдебиеті бай, әсіресе, ежелгі дәуірден көненің көзіндей сақталып келе жатқан дәстүрлі дастандар — батырлық жырлары көбірек дамыған деуге болады. Эпикалық шығармалар желісінде қара бастың қамы емес, халықтың мұрат-мақсаты үшін күрескен батырлар мадақталады. Қамбар батыр, Қобыланды батыр және Алпамыстың ел үшін атқарған ерлік істері, олардың туған жері, елі үшін өз басын ажалға тігуі бұл сөзімізге толық дәлел. Түркі халқын сыртқы жаудан қорғау үшін «түн ұйықтамай, күндіз отырмай», тыным таппай жүрген Күлтегіннің қанды шайқастардағы ең жақын көмекшісі, оның мінген тұлпары болып көрінеді. «Ер қанаты — ат» екені «Күлтегін» жырында да айтылады. Қанды шайқастарда Күлтегін батыр өзінің жеңіске жетуінің бір себебі астындағы тұлпары деп біледі. Күлтегін сан түрлі шайқастарда әртүрлі сәйгүлік аттарға мініп, қан майданға шығады. Небір тұлпарлар Күлтегіннің мінісіне шыдамай бірінен соң бірі құлап жатады. Мұның өзі батырдың қыруар күш-қуат иесі екенін аңғартып тұрған сияқты. Күлтегіннің жекпе-жекке түсетін қарсыласы неғұрлым күшті, айбарлы болса, батырдың майданға мінетін сәйгүлігі де соғұрльім жүйрік, даңқты болып келеді. Күлтегін өзінен бұрын талай рет ерлік көрсеткен алып батырлардың арғымақ аттарына мініп шығады. Мәселен, Күлтегін жиырма бір жасында жаудың ең мықты батырының бірі чача Сеңүнмен шайқасады. Сонда ол Тадықын чурдың Боз атына мініп келеді. Бұл көрініс «Күлтегін» жырында айшықталып берілген:
Bır otuz jašyηa
Čača säηünkä süηü šdımız.
Aη ılkı Tadyqyn Čuryη
boz (atyγ bınıp tägdı.
Ol at anta) öltı227.
Бұл жырдың жолма-жол аудармасы төмендегідей болып келеді:
Жиырма бір жасында,
Чача Сеңүнмен айқастық,
Ең ілкі Тадықын чурдың,
Боз атын мініп шапты,
Ол ат сонда өлді228.
Батыр бұдан кейін де талай-талай жаумен шайқасын, солардың әрқайсысында әртүрлі алыптардың тұлпарына мініп шайқасқа шығады. Бәрінде де ол жеңіп отырады. Өйткені батырдың майданға мінген арғымақ аты қаһарманның бойындағы асып-тасып тұрған шексіз күш-қуатқа сай келеді. «Күлтегін'' жырында Түргеш елімен болған соғыс кең көлемде жырланған деуге болады. Бұл соғысқа Күлтегін әскері Інжу өзенінен өтіп барады. Мұнда автор Күлтегін әскерінің «аты арық, жемі жоқ еді» дейді. Бұларға қарсы шыққан жау «қорқынышты кісілер, алып кісілер болатын». Күлтегін шағын қолмен оларға қарсы барды. Жойқын соғыс ашты. Жаудан жасқанбады. Өйткені Күлтегіннің мінгені Алып Шалшы ақ ат болатын. Бұл соғыс «Күлтегін» жырында төмендегідей етіп берілген:
Kül tıgın az ärın ırtürü ytymyz
Uluγ süηüšmıš.
Alp Salčy aq atyn bınıp tägmıs.
Qara türgıs budunyγ
anta ölürmıš almys229.
Енді осы жолдардың қазақша жолма-жол аудармасын оқып көрелік:
Күлтегінді шағын қолмен жібердік.
Жойқын соғыс жасапты.
Алып Шалшы ақ атқа мініп шауыпты.
Баршасы түргеш халқының
Сол жерде өлім тауыпты230.
Бұдан кейін жырда түркілердің қарлықтармен болған соғысы баяндалады. Тамағ шыңында болған осы шайқаста қарлықтарды қырып салады. Өйткені Алып Шалшы ақ ат бәрінен де жүйрік, бәрінен де тегеурінді еді:
Tamaγ yduq bašda süηüsdımız.
(Kül) tıgın ol süηüsdä
otuz jašajur ärtı.
Alp Šalčy (aq a)tyn bınıp231.
Жырдың қазақшажолма-жол аудармасы:
Тамағ шыңында соғыстық,
Күлтегін сол соғыста Отыз жасар еді.
Алып Шалшы ақ атка мініп шабуылға ұмтылды232.
Күлтегін талай рет Азман ақ атына мініп, жауды шапқанда да ұдайы жеңіске жетіп отырады:
Kül tıgın Azman aqyγ bınıp tägdı sancdy.
Süsın sancdymyz ılın altymyz233.
(Күлтегін Азман ағын мініп,
шапты, талқандады.
Әскерін жеңдік, елін алдық)234.
Сөйтіп, «Күлтегін» жырында шығарманың басты қаһармандарының бірі ретінде батырдың жорыққа мінетін сәйгүлік аттары бейнеленген. Күлтегін соғысқа мінген Боз ат пен Торы ат, Алып шалшы мен Азман арғымақтар туралы Йоллығтегін сүйсіне жырлайды. Түрік қағанатының әскери қолбасшысы мінген сан түрлі сәйгүліктер туралы оқи отырып, қазақтың батырлық жырларындағы «әр аяғы келідей, он екі құлаш Шұбар» тұлпарды, «бір өзі он екі биені еміп өскен ат»— Ғиратты, «бір төбенің шаңын бір төбеге қосатын Тайбурыл», «бір күн шапса айшылық жолды алатын Байшұбарды» еске түсіреміз. Қазақтың батырлық жырларында да батырдың жорыққа мінген тұлпарлары да шайқас үстінде құлап, жаудан жарақаттанып жататын сәттері болады. Мәселен, Тайбурыл Қобыландының мінісіне шыдамай осылайша құлайды:
Екпіндеп шапқан Тайбурыл
Етпетінен жығылды.
Жығылғасын Қобыланды
Аттан түсе қалады235.
Болашақ батырдың шайқасқа шабатын тұлпарын тай кезінен танын, «түтікпенен су беріп, түндікпенен күн көрсетіп, кекіл-жалын тарап өсіреді». «Алпамыс батыр» жырында да батырдың Шұбар атын суреттеуте кең орын берілген. «Алтын бауыр Шұбардың» шабысын зор шеберлікпен суреттей келіп:
Шын жүйрікке не сөз бар,
Тартылды жердің танабы.
Бір күн шапса Шұбар ат
Айшылық жолды алады236,— дейді.
Бұл жырда «қарсақ жортпас қалыңнан қарғып» өтіп, «түлкі жортпас түлейден жұлдыздай ағып» шыға келетін Шұбар ат тек қана Алпамыс батырға ғана лайықты тұлпар етіп көрсетілген. «Күлтегін» жырындағы сияқты қазақтың батырлық жырларында жорыққа мінетін сәйгүліктің түр-түсіне, сыртқы сипатына ерекше мән беріліп отырады. Мәселен, «Қамбар батыр» жырында Қосай батыр мінетін Сары аттың түр-түсі егжей-тегжейлі бейнеленген. Сары атқа тіл бітіп, Қосай батырға ақыл-кеңес беріп отырады.Бұл жырда Сары ат мейлінше мадақталады:
Сары ат зулап келеді,
Ақ бөкендей жосады,
О төбенің тозаңын
Бұ төбеге қосады237.
Немесе:
Астындағы Сары аттың
Көкте екенін білмеді,
Жерде екенін білмеді,
Қос қанатын салады238.
Қазақтың ежелгі жауларымен сан рет шайқасқа шыққан Бөген батырдың астынан да «жер тепкілеп тұрған он екі құлаш Шұбар атты» көреміз. «Бөген батыр» жырында да «қарсақ жортпас қара ойдан, түлкі жортпас түлейден» желдей ағып өтетін қос қанатты Шұбар ат тек Бөген сияқты алып батырға ғана лайықты болып көрінеді:
Шұбар аттың бауыры
Қырық кездей созылды,
Шапқан жерін қарасаң,
Жер ошақ болып қазылды239.
Сонымен, Орхон жазба ескерткіштері мен қазақтың батырлық жырлары арасындағы көркемдік дәстүр жалғастығын талдай келіп төмендегідей түйін жасауға болады. «Күлтегін» және «Тоныкөк» жырлары өзінің идеялық мазмұны, композициялық құрылысы, көркемдік бейнелеуі жағынан қазақтың ерлік пен елдікті жырлаған қаһармандық жырларының алғашқы үлгілері болып табылады. Біз сөз етіп отырған «Күлтегін» және «Тоныкөк» жырлары тарихи тақырыпқа жазылған дастандар екенін жоғарыда айттық. Соның өзінде, бұл жырлардан қазақтың батырлық эпосына тән шынайы белгілер айқын көрініп тұрғанын аңғару қиын емес. Елдің қамын ойлаған ержүрек батырға тән басты белгілер: батырдың текті ортадан шығуы, жастайынан халық қамын ойлауы, өзінің ерлік бейнесін өте ерте танытуы, нағыз батырға лайықты тұлпар тандауы, елін сыртқы жаудан қорғау үшін сан рет шайқасқа шығуы, әрі батырдың шайқастарда міндетті түрде жеңіске жетіп отыруы, сол арқылы халық құрметіне бөленуі сияқты болып келеді. Ал, бұл қасиеттердің бәрі Күлтегін батырдың бойынан табылады.
Түрік кағанаты дәуірінде өмірге келген ерлік эпосының бірі «Қорқыт ата кітабы». Алайда бұл кітапта Түрік қағанаты дәуірінен сан ғасырлар бұрын орын алған кейбір тарихи оқиғалар қамтылған.
«Қорқыт ата кітабы» — түркі тектес халықтардың ежелгі тарихын, байырғы тұрмысын, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ақындық дәстүрін танытатын эпикалық әрі тарихи мұра. Қорқыт ата хикаясы — VІІ-VІІІ ғасырларда Сырдария бойын мекен еткен оғыз-қыпшақ тайпалары арасында туып, сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа тараған, рухани қазына ретінде бүгінгі күнге дейін өзінің әдеби, тарихи, этнографиялық т. б. мәнін жоймаған, аса құнды көркем туынды. Ал, Қорқыт атаның өзі туралы бұл тақырыпты ұзақ жылдар бойы зерттеген ғалым Ә. Марғұлан төмендегідей пікір айтады: «Қорқыт тарихи дәуірлерде Сырдария өлкесін қоныс еткен оғыз-қыпшақ тайпаларының ортасынан шыққан данышпан қария, ақылшы батагөй, асқан ақын (ұзан), болашақты болжап сөйлеген сәуегей кісі болған. Ол кісі туралы айтылатын қария сөз Азиядағы түрік тілдес елдердің көбінде бар. Бірақ қазақ халқы ескі оғыз-қыпшақ тайпаларының тарихи қонысына мирас болған, олардың түбегейлі ұрпағы болғандықтан, Қорқыт туралы айтылатын тарихи жырлар, аңыз-легендалар, ән-күйлер қазақ пен түркімендерде көбірек жолығады»240. Тарихи деректер мен халық шежіресі бойынша, Қорқыт — сегізінші ғасырда Сыр бойында өмір сүрген батыр, атақты ақын, асқан күйші, аңыз кейіпкері. Қорқыттың анасы қыпшақ тайпасынан, әкесі Қарақожа оғыздарынан екені мәлім. Міне, сондықтан да Қорқыт қыпшақтар мен сол кезде Сырдария бойын жайлаған оғыздар арасында екі жаққа бірдей ел ағасы атанған. Данышпан қарттың ұзақ жылдар бойы ел басқарған көсем болғанын, өз өмірінде үш хан тұсында уәзірлік қызмет атқарғанын дәлелдейтін тарихи деректер бар. Ал, оның тендесі жоқ күйші-композитор болғандығын халық жадында сақталған «Қорқыт ата күйі», «Қорқыт сарыны» т. б. музыкалық шығармалары дәлелдейді. Қазақ арасынан шыққан атақты күйші-бақсылар, ақын-жыраулар өздеріне Қорқыт атаны пір-ұстаз түтқан. Олар өздерінің өлең жырларын бастар алдында, алдымен Қорқыт атаның есімін ауызға алуды шарт деп білген:
Жыраудың үлкен пірі Қорқыт ата,
Бата алған барлық бақсы асқан ата.
Таң қалып жұрттың бәрі тұрады екен,
Қобызбен Қорқыт ата күй тартқанда.
Ел аузындағы аңыздардан Қорқыт ата өзінің жүйрік желмаясына мініп алып, халқына мәңгі жасайтын жерұйық іздеуші, ғүмыр бойы өлімге қарсы күресуші, өлім дегенді білмейтін ғажайып қайсар жан ретінде суреттеледі. Әйтсе де ол өмірінің соңында «өлмейтін нәрсе жоқ екен» деген пікірге келеді. Енді Қорқыт ата мәңгілік өмірді қобыз сарынынан іздейді. Ұлы күйші, кемеңгер жырау өзі іздеген мәңгілік өмірді шынында да тапқан секілді. Қорқыт атаның жан тебірентерлік сиқырлы күйлері, ұлағатты ғибрат сөздері, әрбір жолы мақал-мәтелге айналып кеткен өлең-жырлары ұрпақтан-ұрпаққа асыл мұра, мәңгілік қазына ретінде ауысып, мың жылдан астам уақыттан бері өмір сүріп келе жатыр. Қорқытты асқан күйші, ақылгөй, данышпан, атақты жырау деп, мазар-күмбезіне (қорым, ұйық жер, пантеон) бас ию сонау оғыз-қыпшақ заманынан басталады. Қорқыттың мазарын (қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында) халық сан ғасырлар бойы қадірлеп, оны Қорқыт атаның күй тартатын жері деп басына күзетші, шырақ жағушы адам қойып жүрді. Қорқыт ата күмбезі шамамен ІХ-ХІ ғасырларда салынған. Қорқыт — жыр мен күйдің атасы, ерте кезде оғыз, қыпшақ және қаңлы тайпаларын басқарған данышпан кісі бейнесінде VІІІ-ІX ғасырларда-ақ аңыз кейіпкері болған жан. Қорқыт ата жөніндегі жыр-дастан алғашта қыпшақ даласы мен Сыр бойында туып, халық эпосының дәстүрі бойынша сан ғасырлар бойы ауызша айтылып келген. Тек XVІ ғасырда ғана Қорқыт есімімен байланысты бұл дастан қағазға түсірілген. Енді оғыздар жөнінде бірер сөз айта кетейік. Оғыздар Кавказ оңіріне коныс аудармай тұрған кезде олардың түбегейлі мекені Қаратау оңірі, Бөген, Шаян және Арыс маңайы болған. Араб ғалымы Әбу Исхах ибн Мухаммед әл-Фариси әл-Истахридің (850-934) жағрафиялық еңбегінде Келес даласында болған оғыздар қонысы туралы құнды деректер бар. Осы еңбекте «Келес даласында, Ангрен мен Шыршық аңғарында, Шатқал және Угам жоталарының баурайында оғыздар кыпшақтармен және басқа түркі тілдес топтармен аралас мекендеген»241. Оғыз тайпалары сондай-ақ Сырдарияның төменгі ағысында мекен еткен. Истахридің айтуы бойынша, Сыр бойында тұрған оғыз тайпаларының ең маңызды қалалары Янги-Кент (Жаңакент), Жент, Үзкент (Өгізкент), Баршын-кент (Қыз қала), Сүткент т. б. болған. Оғыздармен қатар Сырдария бойында қыпшақ тайпалары да тұрған. Олардың басты қалалары — Сығанақ, Сауран, Отырар т. б. кенттер еді. Демек, қазақ халқының рухани тұрмыс-тіршідігінде оғыздардың тигізген ықпалы аз болған жоқ. Кейінірек XІ ғасырдың орта кезінде оғыздардың бірсыпыра топтары қыпшақтардың тегеурінінен Шығыс Еуропаға, Кіші Азияға қоныс аударып кетті Ал, сонда осында қалып қойған оғыз тайпалары қазақ қауымын құрысуға қатынасып, солардың этникалық құрамына біржола сіңіп кеткені мәлім. Өте ерте заманнан Сыр суының төменгі ағысында тұрған Жаңакент қаласы — ұзақ жылдар бойы оғыз мемлекетінің астанасы болған. «Су аяғы Қорқыт» деген мақал осыдан шыққан. Сөйтіп, тарихи болмысы ғылымға мәлім Қорқыт атаның туылып, өмірге келген, тіршілік еткен, атақты күй-жырларын, нақыл-ғибрат сөздерін шығарған, күллі адамзатқа мәңгілік өмір іздеген, ақырында дүние салған жері де осы Сырдарияның төменгі ағысы, Қармақшы қыстағының маңы, аңызға айналған есімі әлемге мәшһүр ұлы адамның ескі қорымы (пантеоны) тұрған жер. Қорқыт ата туралы сан-қилы аңыз-әңгімелер қазақ арасында ерте кезден-ақ кеңінен тараған. Солардың бірі Қорқыттың туылуына байланысты. Аңыз бойынша, анасы Қорқытты құрсағында үш жыл бойы көтеріп жүріпті. Оны жылына бір рет толғақ қысып отырады екен. Қорқыт туылар алдында күллі әлемді үш күн, үш түн бойы көзге түртсе көргісіз қараңғылық басып тұрыпты. Сұрапыл қара дауыл соғып, ел-жұртты қатты қорқыныш сезімі билейді. Сыр бойы мен Қаратау өңірінің аспаны да қараңғы тартып, қарауытып кетіпті. Сондықтан бұл маңай «Қараспан» аталыпты. Ашық күн тастай қараңғы түнге айналған қорқынышты күні туылғаны үшін баланың атын «Қорқыт» деп қойған екен. Қорқыт туралы аңыздар тарихта болған шын оқиғалармен тығыз байланысып, ұштасып жатады. Мәселен, Қорқыт есіміне байланысты ел арасында көп айтылатын сиқырлы шаһарлардың бірі — Баршынкент. Бұл қала шынында да Сыр бойындағы сол дәуірдегі ең көрнекті қала болғанын тарихшы-археологтар дәлелдеп отыр. Баршынкент – сұлудың қаласы деген сөз. Оны қазақтар соңғы кезге дейін Қыз қала деп атап келді. Аңызда Алпамыс батырдың сүйген жары Баршын-сұлу (яғни Гүлбаршын) осында тұрған делінеді. Ал, тарихшылар XІІ ғасырдың атақты ғалымы өз жырларын түркі, араб және парсы тілдерінде жазған дарынды ақын X.Баршынұлығының осы қалада туылып, осыңда өмір сүргенін дәлелдейді. Сөйтіп, күй атасы, жыр атасы, данышпан қарт Қорқыт ата туралы қазақ арасында ежелден-ақ сан қилы аңыз-әфсаналар кең тарағаны жақсы мәлім. Соның өзінде мұндай аңыз-хикаялардың бірқатары сол дәуірдің тарихи шындығына жақын тұрады. Енді он екі жырдан немесе он екі қаһармандық дастанынан тұратын «Қорқыт ата кітабының» өзіне оралайық. Алдымен «Қорқыт ата кітабының» қолжазба нұсқаларының табылуы, зерттелуі және басқа тілдерге аударма жасалуы туралы қысқаша айта кетелік. Біздің дәуірімізге дейін «Қорқыт ата кітабының» екі қолжазба нұсқасы сақталып келген. Солардың бірі қазір Германиядағы Дрезден қалалық кітапханасының сирек кездесетін қолжазбалар қорында сақтаулы тұр. Бұл қолжазба кітаптың мұқабасында көрсетілген аты: «Кітаби дедем Қоркут ғали лисани таифаи у огузан» яғни «Қорқыт атаның оғыз тайпасы тіліндегі кітабы». «Қорқыт ата кітабының» осы Дрезден қолжазбасы он екі жырдан, басқаша айтсақ, он екі оғыз-намеден тұрады. Ал, «Қорқыт ата кітабының» екінші қолжазба нұсқасы Ватикандағы (Италия) Аростолика кітапханасында сақталып келеді. Бұл қолжазба алты жырдан құралған, ол «Хикаят оғыз-наме Қазанбек уа ғайри» деп аталады. Мұны осы кітапханадан тауып, итальян тіліне тұңғыш рет аударған ғалым Этторе Росси болды. «Қорқыт ата кітабының» Дрезден қаласында сақталған толық нұсқасын зерттеу, Еуропа тілдеріне аудару ісі ХІХ ғасырдың бірінші жартысында басталған еді. 1815 жылы немістің белгілі ориенталист ғалымы Г. Ф. Диц бұл шығарманың бір тарауын — сегізінші хикаясын неміс тіліне аударып, баспасөзде жариялады. Екінші бір неміс ғалымы Теодор Нельдеке «Қорқыт ата кітабын» неміс тіліне толық аударып шықпақ болды. Бірақ ол бұл істі аяғына дейін жеткізе алмады да, барлық материалдарын өзінің шәкірті В. В. Бартольдке тапсырды. В. В. Бартольд бұл кітапты зерттеу, аудару ісімен ондаған жылдар бойы айналысты. Сөйтіп, ол «Қорқыт ата кітабын» 1922 жылы орыс тіліне аударып шықты. Бірақ ғалымның көзі тірісінде аудармасы жарық көрген жоқ. Бұл аударма 1962 жылы академик В. М. Жирмунский мен А. Н. Кононовтың редакциясымен басылып шықты. Сондай-ақ оғыз-қыпшақ дәуірінің ғажайып әдеби ескерткішін зертгеуге А Н. Самойлович, В. В. Вельяминов-Зернов, К. А. Иностранцев, А. Ю. Якубовский сияқты көрнекті орыс ғалымдары да мол үлес қосты. Оғыздардың қаһармандық эпосын әдеби, тарихи және тілдік тұрғыдан комплексті түрде зертгеген белгілі ғалым, көрнекті түрколог X. Г. Көроғлы болды. Стамбул университетінің профессоры Эргин Мухаррем «Қорқыт ата кітабының» толық текстін латын әрпімен транскрипция жасап бастырып шығарды. Бұл кітапқа қосымша ретінде шығарманың Дрезден және Ватикан қолжазба нұсқаларының факсимилесі де енгізілді. Қазақстан ғалымдарынан «Қорқьгг ата кітабын» зерттеу, аудару, насихаттау ісіне Ә. Марғұлан, Ә. Қоңыратбаев, Б. ЬІсқақов, М. Байділдаев, Ш. Ыбраев белсене ат салысып келді. «Қорқыт ата кітабы» сол кездегі оғыз-қыпшақ тайпаларының бәріне бірдей түсінікті көне түркі тілінде жазылды. «Қорқыт ата кітабын» зерттеуші ғалымдар: Ш.Ш. Уәлиханов, В.В.Бартольд, В.М.Жирмунский, Ф. Көпрүлузаде, О.Ш.Кокжай, Этторе Росси. Бұл салада италия ғалымы — Этторе Росси ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етті. Ол «Қорқыт ата кітабындағы» мақал-мәтелге айналып кеткен философиялық ой-толғамдардың түп-төркінін қазақ және қырғыз ауыз әдебиеті үлгілерінің арасынан іздестіреді. Бұл ежелгі мұраның осы халықтар тарихына қатысты екендігін дәлелдейді. Этторе Россидің зерттеулері бізге осы тұрғыдан құнды. Біз жоғарыда «Қорқыт ата кітабы» он екі жырдан, басқаша айтсақ, он екі оғыз-намеден тұрады дедік. Кітап желісі бойынша солардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтелік. Бірінші жыр «Дирсеханұлы Бұқашжан туралы жыр «деп аталады. «Қорқыт ата кітабында» сюжеті жағынан қазақ эпосымен үндес болын келетін сарындар көп кездеседі Әсіресе, бір балаға зар болған әке-шешенің мүшкіл халі жөніндегі хикаялар жиі ұшырайды. Әрине, мұның өзіндік сыр-себептері бар. Патриархал-ру қауымының ұғымы бойынша, тек еркек кіндікті бала ғана отбасының, ру-тайпаның жалғасы, қауымның болашақ тірегі саналған. Сол себеті той-жиындарда ер баласы бар аталар ең сыйлы орынға отырып, оған зор қошамет көрсетілетін болған. Міне, «Қорқыт ата кітабының» бірінші хикаясы — «Дирсеханұлы Бұқашжан туралы жыр» осындай сюжетке құрылған. «Ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша, Баяндүр хан жылына бір той жасап, оғыз бектерін қонаққа шақыратын еді. Бұл жолы да солай істеді. Тойға түйеден — бура, жылқыдан — айғыр, қойдан — қошқар сойылсын деп жарлық берді. Сол күні бір жерге ақ отау, бір жерге қызыл отау, енді бір жерге қара отау тіктіріп қойды. Тойға жиылған бектерден ұл баласы барларын ақ отауға, ұлы жоқ, бірақ қызы бар кісілерді қызыл отауға, ұлы да жоқ, қызы да жоқ қонақтарды қара отауға кіргізді. Қара отауға кірген қонақтарға қара қойдың етін беріп, қара киізге отырғызды. «Не ұлы, не қызы жоқ жандарды тәңірінің өзі қарғаған, біз де солай етеміз», - деді Баяндүр хан. Дирсе ханның ұлы да, қызы да жоқ еді. Ол бұл қорлыққа шыдай алмай, қара отаудан шығып кетті. Қайғымен қан жұтып жылады»242. Бұл жырда Дирсе ханның қатты ашуы келіп, үйіне оралғанда өз әйеліне баласының жоқтығы туралы зарлап айтатын ұзақ монолог-өлең бар. «Қорқыт ата кітабының» түпнұсқасында жырдың барлық монологтары поэзия тілімен, жыр күйінде берілген. Алайда академик В. В. Бартольд кезінде оны неміс және орыс тілдеріне қара сөзбен аударған. Сол себепті бұл монолог орыс тілінен қазақшаға проза күйінде тәржіма жасалған. Ақыры әйелінің кеңесі бойынша Дирсе хан аш-жалаңаштарға қыруар көп қайыр-садақа беріп, ата-бабасының аруағына сиынып, тәңірден бала тілейді. Күндердің күнінде әйелі босанып, бір бала туады. Бала он бес жасқа толады. Бір күні достарымен асық ойнап жүргенде ханның семіздіктен құтырған бұқасы босанып кетіп, балаларға тап береді. Барлық балалар қашып кеткенде Дирсе ханның ұлы қорықпай, дәу бұқаны жұдырықпен ұрып жығады. Содан бала Бұқаш аталып кетеді. Бұған риза болған әкесі ұлына енші беріп, оны бектер қатарына қосады. Бірақ Дирсе ханның күншіл нөкерлері әкесін баласына қарсы айдап салады. Бір күні Дирсе хан аң аулап жүріп, өз баласын өзі атып кетеді. Бір сұмдықтың болғанын жүрегі сезген анасы өзінің қырық нөкер қызымен баласын іздеп жолға шығады. Айдалада өлім аузында жатқан ұлының жарақатын анасы ақ сүтімен емдеп, аман алып қалады. Сол кезде опасыз нөкерлері Дирсе ханның өзін өлтірмек болады. Батыр Бұқаш әкесінің жауларын қырып салып, Дирсе ханды тұтқыннан босатады. Е.М.Мелетинский қаһармандық эпостарда әкесі үшін кек алу рулық-тайпалық өмірдің заңы екенін, әдетте батыр өзінің алғашқы ерлік әрекетін әкесін жаудан құтқарудан бастайтынын, ал бұл секілді көріністер, әсіресе, саян-алтай халықтары ауыз әдебиетінде жиі ұшырайтынын айта келіп, төмендегідей тұжырым жасайды: «Сюжет мести богатыря за отца особенно развит в фольклоре саяно-алтайских народов в общей атмосфере культа родовой взаимопомощи, тесных семейно-родовых связей. Здесь в центре сказания стоит не племя, а род, типичны мотивы взаимопомощи братьев и особенно побратимов»243. «Қорқыт ата кітабында» Бұқашжанның анасы баласына қарата айтатын ұзак монолог бар. Содан шағын үзінді келтірейік: «О, сүйікті ұлым! Басынды көтер де, атқа мін, қасыңа қырық жігітінді ертіп, әкенді қырық қарақшы қолынан құтқар, отырма балам! Әкең сені сорлатқан болса, сен оған болысуың керек», — деді. Бала анасының сөзін екі етпеуші еді. Бұқашбек орнынан тұрып, қара болаттан сауыт киіп, беліне қылыш, білегіне берен садағын асынып, арғымақ атын ерттетті де, қырық жігітін қасына алып әкесінің соңынан кетті»244. Дәл осы сияқты қазақтың «Алпамыс батыр» жырында да Алпамыс батыр өзінің әке-шешесін, сүйікті жары Гүлбаршынды Ұлтан ханның құлдығынан құтқарып, жаудан кек алады:
Тез өлтірмей Ұлтанды,
Қорлықпенен өлтірді,
Елін жиып, келтірді,
Тірсегінен Ұлтанды
Бір ағаштың басына
Салбыратып ілдірді
«Кешегі хан Ұлтан» деп,
Көрген жанды күлдірді245.
Қазақ дастандарында алып батырлар осылайша «әулиеге ат айтып, қорасанға қой айтып» ата-бабалар қабіріне түнеп айтылған көп тілектерден кейін барып қана туылады. Осылайша өмірге келген болашақ батырлар өсе келе ел-жұртының қорғаны, қамқоршысы болып шығады. Қазак халық эпосында көптеген батырлардың бәрінің туылуы осы дәстүрге құрылған. Бұған қазақтың батырлық жырларынан бірер дәлел келтіре кетейік Мәселен, «Алпамыс батыр» жырында болашақ ел қорғаны болған батырдың өмірге келуін бейнелейтін ұзақ толғау-жыр:
Байбөрі деген бар екен,
Байбөрі малға бай екен,
Төрт түлігі сай екен
Бір перзентке зар екен246,и – деп басталады.
Ал, «сексенге жасы келгенше бір бала көрмей, қайғымен қан жұтып жүрген Тоқтарбай әулие қоймай қыдырып», ақыры Қобыландыдай бала туылады. «Қобыланды батыр» жырында бұл туралы:
Әулиеге ат айтып,
Қорасанға қой айтып,
Қабыл болған тілегі,
Жарылғандай жүрегі247, – делінген.
Бұл туралы қазақ ауыз әдебиетін зерттеуші көрнекті ғалым Р.Бердібаев мынадай пікір айтады: «Көшпенді ел жағдайында әкеден қалған мұраға ие болатын ұлдың тууы ерекше оқиға саналған. Перзентсіздік ең ауыр қасиет болып танылған. Мұның көрінісі эпикалық жырларымызда мейлінше мол орын алғаны белгілі. Алпамыс та, Қобыланды да, Шора да, Сайын да ата-аналарының көп арман етіп, Жаратқаннан медет тілеп алған балалары болып сипатталады»248. «Қазан-Салордың ауылын жау шапқаны туралы жыр» деп аталатын екінші жырда көне түркілердің Көк Тәңірісіне табыну, көк бөріні киелі санап, төтем тұтыну көріністері бар. Мәселен, жырда Қазанның ел-жұртын өзі жоқта жау шауып кетеді де, батыр сол жауды іздеп жолға шығады. Қазан-Салордың алдынан көк бөрі шыға келеді. Сонда батыр оған қарап: О, көк бөрі! «Кеш түсіп қараңғы басталған соң, сенің күнің туады. Қар мен жаңбыр саған бір есеп, батырсын. Қаба жал айғырларды сен қорқытып кісінетесің, қызыл бұйра нарлар сені көрсе, шошынып боздайды. Менің ордамды шауып әкеткен кім, білесің бе? Шын айтсаң, саған қара басымды берейін, көк бөрім» дейді249. Ал ғұндар дәуірінің мұрасы саналатын «Оғыз қаған» дастанында батырдың әскерін қиын қыстау жорықтарда көк бөрі бастап жүретінін жоғарыда айттық. Демек, «Қазан-Салордың ауылын жау шапқаны туралы жыр» мен «Оғыз қаған» дастаны бір дәуірдің, бір наным-сенімнің туындысы болып табылады. Қазан Салор – «Қорқыт ата кітабының» басты қаһарманы. «Оғыз-наме» жырының суреттеуі бойынша, алып батыр Қазан – Қорқыт атаның замандасы. Ол оғыз-кыпшақтардың ұлы қорғанышы Баяндүр ханның күйеу баласы, «таулы құстың ұрпағы, Түркістанның тірегі, Қарашақ таудың қабыланы, Қоңыраттың иесі, хан Ораздың атасы...». Белгілі тарихшы Әбілғазының айтуынша, Қазанбектің жақсы көретін әрі ордасының көп тұрған жері, батырдың сыйынып, ас-садақа беретін орны — Казығұрт тауы болған. Ескі аңыздар бойынша, осы тауда ерте кезде ұлы адамдар тұрған киелі үңгір болған екен. Батырлар осында «Алтын қабақ» атысқан. Ақындар домбыра, қобыз тартып, жыр шығарған. Қорқыт ата осы Қазығұрт тауына жиі келіп, Қазанбекті мақтап өлең айтқан. «Қазан-Салордың ауылын жау шапқаны туралы жырдың» негізгі тақырыбы – оғыздардың көрші тайпалармен өзара қарым-қатынасы деуге болады. Көрші тайпалармен өзара қарым-қатынас – оғыз-қыпшақ дәуіріндегі ең көкейкесті мәселе болғанын тарихи деректер дәлелдейді. Сонымен, бұл жырда сол дәуірдің ең маңызды деген мәселелерінің бірі жырланған. Бұл жырда Салор Қазанның алдына қойған мақсаты, іс-әрекеті қазақ эпосының батырларына мейлінше ұқсас болып келеді Жырда Қазан Салор қиян кескі қанды шайқастар жүргізу арқылы өзінің ел-жұртын жаудан қорғап, баласы Оразды, әйелі Бөрте сұлуды, анасы Шашақтыны тұтқыннан босатып алады. «Қазан Салордың ауылын жау шапқаны туралы жыр» Қазанның жеңісімен, той-думанмен аяқталады. «Қорқыт ата кітабына» негіз болған ежелгі жырдың бірі – «Байбөрі баласы Бәмсі-Байрақ туралы жыр». Бұл жырдың өте қадым замандарда, Ислам діні Кыпшақ даласына келгенге дейінгі дәуірлерде, яғни ежелгі түркілердің Көк Тәңірісіне табынатын кезінде айтыла бастағанын аңғару қиын емес. Мәселен, жырда Байбөрі перзентсіз екенін айтып зар жылаған сәтте көпшілік қолдарын көкке жайып: «Тәңірі саған ұл берсін! – деп бата жасады». Сол жиында Байбіжан деген бек: «О, бектер, егер Көк Тәңірі маған қыз беретін болса, оны мен Байбөрінің баласына бесікте жатқанда қоссам деймін, осыған сіздер куәлік етіңіздер, – деді»250. Сондай-ақ жырда Қорқыт ата айтқанына көнбеген тентек Қаршардың қолын сиқырмен қарыстырып қояды. Сол сәтте Қаршар жалбарынып: «О, Қорқыт ата! Тәңірге сенемін. Қолымды орнына келтір, Көктің бұйрығы, Тәңірінің жолы болса, қарындасымды Байраққа берейін, — деді»251. Көктүріктер заманынан көрініс беретін мұндай эпизодтарды «Қорқыт ата кітабынан» жиі үшыратуға болады. «Байбөрі баласы Бәмсі-Байрақ туралы жыр» бертін келе түркі халықтарының қоғамдық өміріндегі сан қилы тарихи құбылыстарға сәйкес бірқатар өзгерістерге ұшыраған сияқты. Соның нәтижесінде Бәмсі-Байрақ туралы жыр «Алпамыс батыр» жырына айналған секілді. Бірқатар ғалымдар Бәмсі-Байрақтың ғұндар дәуіріндегі толық аты Алып-Бамсы деп санайды. Ғұндар «алып» деген әскери титулды шайқаста ерлік көрсеткен батырлардың атына қосып айтатын болған. «Алып-Бамсы» сөзі бірте-бірте келіп «Алпамса», «Алпамша», «Алпамыс» атанып кеткен. «Бәмсі-Байрақ» жыры өзінің композициялық құрылысы жағынан «Алпамыс батыр» жырына өте жақын. Ал сюжетгік тұрғыдан бұл екі жырдың бірінші және екінші бөлімдері бірін-бірі кайталайды. Басқаша айтсақ, Бәмсі-Байрақ пен Алпамыстың дүниеге келуі, сүйген қызына үйленуі, батырлардың жау қолына қапылыста тұткынға түсіп, ұзақ жылдар бойы зынданда жатуы, сүйген жарының басқа біреулермен үйлену тойының үстінен шығуы, жыр каһармандарының мұрат-максатына жетуі т. б. екі жырда да бір-біріне ұқсас болып келеді. «Қорқыт ата кітабындағы» Бәмсі-Байрақтың әкесі Қам-Бура мен «Алпамыс батыр» жырындағы Алпамыстың әкесі Байбөрі бейнелері арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ деуге болады. Екеуінің де іс-әрекеті, ой-пікірі тіпті сөйлейтін сөздері де мазмұны жағынан бір-біріне өте жақын келеді. Ал бұл жырдағы оғыз тайпасының батыры Бәмсі-Байрақтың әйелі Бану-Шешек пен қазақ жырындағы Алпамыс батырдың сүйген жары Гүлбаршын сұлуды бір-бірінен айыру қиын. Бұлардың бір-бірінен айырмашылықтары екі жыр сюжетінің кейбір ерекшеліктеріне ғана байланысты болып келеді. «Алпамыс батыр» жырындағы сақау әйел Бадамшаның мінез-құлқы, жүріс-тұрысы «Байбөрі баласы Бәмсі-Байрақ туралы жырдағы» кекеш қатын Қысыршаның қайта жасалған бейнесі сияқты. Бәмсі-Байрақ жайындағы жырды оқи отырып, қазақ ауыз әдебиетіндегі жоқтау жырларының қайнар-бастауларын Көк түріктер дәуірінен көргендей боламыз. Мәселен, бұл жырда ағасы Бәмсі-Байрақты соғыста өлді деп ойлап отырған батырдың қарындасы мынадай монолог айтады. «Қыз алдыңда тұрған бақсыға қарап, оның сауалдарына төмендегідей жауап береді: «Қобызынды сарнатпа, бақсым. Құлағым бұл кезде қобыз үнін естіп, жыр тындаудан қалған. Мен бір бақытсыз өткен қызбын, бақсым. Қарсы алдыңда тұрған таудың жайлауы кімдікі деп сұрадың сен, ол бір кезде менің ағам — Байрақтың жайлауы еді. Ағам кеткелі мен ол жайлауға шыққан емеспін. Таудың салқын суы кімдікі дейсің, о да бір кезде менің ағам — Байрақтың ішкен суы еді. Ағам кеткелі ол судан біз татып көрген емеспіз. Үйір-үйір жүйрік жылқылар кімдікі деп сұрадың, о да ағам – Байрақтың жылқысы еді. Ағам кеткелі біз ол жылқыға мініп-түскен емеспіз... Менің көз алдымда тұрған Қаратауым құлағалы қашан, бақсым? Ол сенің құлағыңа қалай жетпеген – Есік алдындағы бәйтерегім кесілгелі не заман – Ол сенің құлағыңа қалай тимеген? Дүниедегі тірегім, жалғыз ағамнан айырылдым. Ол сенің құлағыңа қалай жетпеген, бақсым? Мендей бақытсыз қызға дүние деген әлдеқашан адыра қалды емес пе, бақсым?»252. Түпнұсқада поэзия түрінде берілген бұл ұзақ монолог қазақтың жоқтау жырларын еріксіз еске салады. «Қорқыт ата кітабының» осы үшінші жырында қазақ қауымына тән салт-сана, әдет-ғүрып басым болып келеді. Мәселен, жаңа туған ұл (Бәмсі-Байрақ) мен қызды (Бану-Шешек) бесікте жатқан кезінде атастырып қою — қазақтардың көне дәуірден келе жатқан салты. Сондай-ақ қызды алыс жерге ұзату да сол заманның тарихи кажеттілігінен туған салт еді. Бұл салтты оғыздар да, қышпақтар да берік ұстаған. Мұның өзі бір-бірінен алыс жатқан тайпалардың өзара тұтастығын сақтау қажеттілігінен өмірге келгені мәлім. Қыз алып, кыз беру арқылы жасалатын осындай ұтымды одақтың сарындарын қазақтың каһармандық дастандары мен лиро-эпикалық жырларынан аңғару қиын емес. Қадым заман батырлық жырларының шығу тарихын ұзақ жылдар бойы зерттеген ғалым Е.М.Мелетинский бұл туралы: «Часто подчеркивается даьность пути к стойбищу невесты и те трудности, которые приходится преоделеть в дороге... Дело в том что богатырь должен привести невесту не только из чужого рода, но и определенную девушку, «суженую». Добывание этой суженой, женитьба на ней и составляет главный пафос героического сватовства, этого идеалыного подвига богатыря» – деп жазады253. «Қорқыт ата кітабына» енген Бәмсі-Байрақ туралы жыр Көк түріктер дәуірі көркем сөз өнерінің бізге жеткен ғажайып үлгілерінің бірі болып табылады. «Қорқыт ата кітабын» оқи отырып ғұндар мен Көк түріктер дәуірінің өзіндік салт-санасын, наным-сенімін, моральдық-этикалық нормаларын пайымдауға болады. Бұл жәйтті, әсіресе, «Қазанбектің баласы Оразбектің жауға қалай тұтқын болғаны туралы жырдан» айқын көреміз. Ежелгі түркілер бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Оны әскери өнерге үйретуді әкесінің міндеті санаған. Ол кезде әрбір адамның азаматтық мәртебесі оны ел қорғау ісіне қосқан үлесіне қарай бағаланған. Демек, бұл жырдың негізгі тақырыбы — оғыз бен қыпшақ бектерінің бала тәрбиесі мәселесіне арналған. Оғыз-қыпшақ дәуірінің дәстүрі бойынша, он бес-он алты жасқа толған ер балалар міндетті түрде әскери өнерді үйренетін болған. Мұндай бала-жігіттерді ересектер өздерімен бірге қан майданға ертіп барып жүрген. Қолына қару ұстап, жаудың қанын төкпеген жігіттерді ешкім сыйламаған, тіпті адам санатына қоспаған. Ең жаман қасиет — қорқақтық, опасыздық саналған. Жаудан қорқып қашқандарды өз әкелері-ақ қатал жазалап отырған. Оғыз-қыпшақ дәуірінің, жаугершілік заманының осы бір шындығын «Қазанбектің баласы Оразбектін жауға қалай тұтқын болғаны туралы жырдан» айқын көруге болады. Бұл жырдың сюжеті қарапайым: Қазанбек ер жетіп, есейіп келе жатқан жастардың құрметіне ұлан-асыр той жасайды. Той енді қызып жатқанда Қазанбектің сол қол жағында — нағашысы Аруз-қожа, оң жағында — інісі Қара-Көне, ал қарсы алдында — садаққа сүйеніп баласы Ораз тұр екен. Қазанбек оң жағына қарады да — масайрап күлді, сол жағына көз тастағанда — бойын қуаныш сезімі билеп кетті, ал қарсы алдында тұрған баласына көзі түскен бойда-ақ жанары жасқа толып қалды. Сонда Қазанбек ұлына қарап, өзінің неге жылағанын түсіндіреді.
Оң жағыма қарадым да – інім Қара-Көнені көрдім,
Ол қан төкті, бас кесті – сый-сияпат, құрметке ие болды.
Сол жағыма қарадым да – нағашымды көрдім,
Ол қан төкті, бас кесті – сый-сияпат, құрметке ие болды.
Қарсы алдыма қарадым да – сені көрдім,
Сен (мына жарық дүниеде) он алты жыл өмір сүрдің.
Сен садақ тартып та, қан төгіп те көрген жоқсың ғой.
Мен өлетін де күн туады, ал сен (жалғыз) қаласың.
Ержүрек оғыздардан сый-сияпат алған жоқсың.
Бірақ Ораз өз міндетін жақсы түсінеді. Ұлына соғыс өнерін үйретпеген әкесінің өзі айыпты екенін айта келіп, Ораз былай дейді:
Баласы әкесінен үйренбей ме,
Әлде әке баласынан үйрене ме?!
Сен мені қан майданға апардың ба?
Қылыш сермеп, бас кесіп көрсеттің бе?254.
Қазанбек бар айып өзінде екенін мойындап, сол жіберген қателігін түзету үшін Оразбекті аң аулауға ертіп шығады. Әкесі өзінің жауды қырған жерін көрсетпек болады. Қазанбектің қамсыз жүргенін сезген жау әскері бұларды аңдып тұрып шабуыл жасайды. Жауға тойтарыс беруге әзірленіп жатып Қазанбек ұлына: – Таса жерге барып, алдымен менің қалай шайқасқанымды көр, үйренесің, — дейді. Сөйтіп, Қазанбек жау әскерін жалғыз өзі қой қораға түскен арлан қасқырдай қан жоса етіп қыра бастайды. Әкесінің ерлігін көріп, арқасы қозып кеткен Оразбек өзінің жас нөкерлерімен соғысқа кірісіп кетеді Ол әкесінен рұқсат сұрамай, қан майданға шығады. Ерлік көрсетеді. Бірақ тәжірибесіз жас жігітгі қарсы жақ қолға түсіріп алады. Қазанбектің қасындағы бектер: «Балаң қорқақ, қашып кетті!» - деп әкесін азғырады. Ол тіпті жалғыз ұлын өзі өлтірмек болады. Бірақ жыр соңында Оразбектің ерлігі анықталады. Оразбек жау қолында аяқ-қолы байлаулы жатып та дұшпанға берілмейді. Ол өзін қүтқаруға келе жатқан әкесіне қарап өлеңмен өтініш айтады:
Әке сен мұнда келме, жауға тұтқын боласың,
Мен өлімнен қорықпаймын, тек сен аман бол.
Екеуімізден бірдей айырылып, шешем жесір қалмасын255.
Қазанбек жауды жеңіп, үлкен той жасайды. Жұртқа қымбат тарту-таралғылар береді. Бұл хикаяны Қорқыт ата жыр етіп айтады. Міне, бұл жырдың мазмұнынан негізгі идеясы айқын көрініп тұр. Бұл жыр жастарды соғыс өнерін білуге, ар-намысты жоғары ұстауға, ел басына күн туғанда тайсалмай жауға қарсы шығуға, ал жауды жеңе алмаған жағдайда намысты қолдан бермей, ел-жұрт үшін ерлікпен ажалға бас тігуге үндейді. Қорқыт жырының бесінші тарауы – «Тоқа баласы ержүрек Домрул туралы жыр» деп аталады. Бұл жырдың сан ғасырлар бойы халық арасында аңыз болып, ауызша тарап кеткен түрі мен «Қорқыт ата кітабына» енген жазбаша нұсқасының бір-бірінен принциптік айырмасы бар. Домрул жөніндегі халық аңызы – түгелдей дерлік Ислам дініне қарсы айтылған жыр. Бұл жырдың Исламға дейінгі дәуірде айтылған мотиві шығарманың сюжетінен-ақ айқын көрінеді. Домрул деген бір алып батыр аң аулап, өзен жағасында жүреді екен. Бір күні сол маңайға бір ауыл келіп қонады. Көп ұзамай солардан бір сұлу жігіт қайтыс болады. Бүкіл ел азан-қазан болып жылайды. Жас жігіттің қыршын кеткеніне Домрул қатты ашуланады. Ол ызаланып елден сұрайды: «Оны өлтірген кім?» – дейді. Ел айтады: «Тәңірінің бұйрығымен өлді, оның жанын алған қызыл қанатты әзірейіл», – дейді. Қаһарына мінген ер Домрул бостан-бос кісінің жанын алатын әзірейілмен соғысып, жас жігіттің жанын өзіне қайтарып бермек болады. Сонда тәңірі әзірейілге: «Домрулдың өз жанын алып кел», – деп бұйырады. Әзірейіл іздеп үйіне келеді. Домрул қылышын қынабынан шығарады. Сол сәтте әзірейіл көгершінге айналып ұшып кетеді. Қорқыттың ажалмен күресудегі басты мотивтерінің бірі осы жырдан көрінеді. Ал, енді бұл жырдың «Қорқыт ата кітабына» енген жазбаша нұсқасында Домрул әзіейілден қорқып, құдайдан кешірім сұранады. Өзі тірі қалуы үшін қартайған әке-шешесінің жанын әзірейілге әперуге келіседі. Бірақ қартайса да әке-шешесі баласы үшін өлгісі келмейді. Соңда Домрул әйелімен қоштасып шықпақ болады. Әйелі күйеуі үшін өз жанын беруге келіседі. Бірақ әзірейіл әйелдін күйеуіне соншалықты адал, берілген екенін біліп, оның жанын алмайды. Өлгісі келмеген әке-шешесінің жанын алып жазалайды. Домрул сүйікті әйелімен бір жүз қырық жыл ғұмыр кешіпті. Мұнда ерлі-зайыпты адамдардың бір-біріне деген адалдығы, шын берілгендігі, мөлдір махаббаты туралы жырланған. Дегенмен жырдың жазбаша нұсқасы халықтық эпосқа онша ұқсамайды. Домрул туралы жырдың жазбаша түрі Ислам діні енді тарай бастаған дәуірде оны насихаттау мақсатымен жазылған секілді. «Қорқыт ата кітабының'' ғажайып қаһармандарының бірі Домрул жайындағы жырда айтылатын көне дәуір оқиғалары да Кыпшақ даласында болған сияқты. Ертеректе қазақ арасында Домрул жырын «Домбаул дастаны» деп те атай берген. Бұл туралы Ә. Марғұлан төмендегідей пікір айтады: «Домбаулдың дыңы» деп аталатын бірыңғай қалақ тастан өрілген тарихи күмбез (VІІ-VІІІ ғ.) осы күнге дейін Кеңгір өзенінін бойында, Жошы хан күмбезінен үш жүз километрдей жоғарыда тұр. Ол жер тарихи заманнан келе жатқан бір атақты пантеон»256. «Оғыз қанлы баласы Қан-Төрәлі жайындағы жырдың» негізгі тақырыбы – әке-шешесінің мұрагер баласын үйлендіріп, оған жаңа отау тігуі деуге болады. Сонымен бірге, мұнда оғыз-қыпшақ, әсіресе, түркімен батырларының жатжұрттық христиан қыздарына үйлену дәстүрі өз көрінісін тапқан. Тарихи деректер бойынша, ХІ-ХІV ғасырларда түркі елін билеген хан балалары алыс өлкелерге жорық жасап, сол жақтан христиан сұлуларын әкеліп үйленуді өздеріне зор мәртебе көрген. Трапезунд империясының тарихын зергтеуші ғалым Фалмерайер бұл жөнінде қызықты деректер келтіре отырып, Итальян жазушысы Джованни Амброджо Маринидің «Калоандро» романын атап өтеді Түркі елі әміршісінің Сапар деген баласы Трапезунд империясы патшасының қызына құда түсіп келгені романда егжей-тегжейлі жазылған. «Оғыз қаңлы баласы Қан-Төрәлі жайындағы жырда» осы бір тарихи оқиғалардың көмескі ізі, елесі бар. Мұны жырдың сюжетінен аңғару қиын емес. Алтыншы жыр былай басталады: Сонау оғыз-қыпшақ дәуірінде Оғыз қаңлы деген бір данышпан кісі болған екен. Бір күні ол өз ұлы Қан-Төрәліні үйлендірмек болыпты. Бірақ баласы болашақ қалыңдығына бұрын құлақ естіп, көз көрмеген қатал талаптар қояды: «Маған тием деген қыз төсектен менен бұрын тұруы керек, менен бұрын атты ерттеп, атқа менен бұрын мінуі тиіс. Мен әлі жауға шабуыл жасамай тұрған сәтте ол соғыс ашып, маған жаудың басын кесіп әкелуі керек. Мен тек сондай қызға үйленемін дейді. Әкесі ұлына: «Ондай қалыңдықты өзің іздеп тап», – дейді. Жігіт күллі оғыз-қыпшақ елін аралап ондай қалындық таппайды. Сонда Оғыз қаңлы қасына бір топ ақсақалдарды ертіп, баласына қалындық іздеп сапарға шығады. Ақыры олар Трапезунд еліне келіп, сондағы патша қызы нағыз алып екенін, екі қабат садақты қиналмай тартатынын есітеді. Бірақ патшаның күйеу баласы болам дегендерге қоятын талабы қатал екен. Патша қызына үйленуге дәмеленгендерге алдымен үш жыртқыш аңды: арыстанды, қара өгізді, қара түйені жеңуі керек. Осы шартты орындай алмаған отыз екі жігіттің басы қамал қақпасына қағып қойылыпты. Оғыз каңлы мұның бәрін баласына айтып келеді. Қан-Төрәлі қаймықпайды. Сол елге барып, патша шартын орындайды. Қызын алып, той бітісімен дереу еліне қайтады. Жолда батыр бір жерге келгенде ұйықтап алмақ болады. Бірақ қалыңдығы ұйықтамай, қару-жарағын әзірлеп отырады. Өйткені қыз өз әкесінің опасыздығын, артынан қуып келетінін біледі. Шынында да патша көп әскермен келіп, Қан-Төрәліні өлтірмек болады. Сақ отырған қыз ұйықтап жатқан жігітті оятады. Қыз батырларша сауыт, дулыға киіп әкесімен шайқасқа шығады. Қан-Төрәлі жараланады. Қыз қалың қолды жалғыз өзі жеңіп шығады. Бірақ Қан-Төрәлі өзін ажалдан алып арашалаған жігіт емес, қыз екеніне намыстанып қалындығын өлтірмек болады. Екеуі жекпе-жекке шығады. Шайқаста ол Қан-Төрәліні өлтіріп қоя жаздайды. Сонда ғана екеуі қайта татуласып, жігіт қызды өз еліне апарып үйленеді. Жыр осылай аяқталады. Батырлығы, күш-қуаты күйеуінен кем түспейтін қалындық іздеу — ғұндар дәуірінде өмірге келген дәстүр болса керек. Ол дәстүр бойынша, қыз өзі ұнатқан жігітті жан-жақты сынап көретін болған. Жігіт көбінесе садақ тарту, атжарыс, күрес арқылы сыналған. Мұндай мотив қазақтың ежелгі ертегі-аңыздарында да кездеседі. Қан-Төрәлі жайындағы жыр осындай мотивке құрылған. Сүйген жігіті үшін қыздың өз еліне қарсы қан манданға қару алып шығуы секілді көріністер түрікменнің «Көроғлы» және «Саят пен Хемра» дастандарында да едәуір орын алған. «Қорқыт ата кітабындағы» тендесі жоқ алыптардың бірі — Оғыз Қазылық баласы Иекенк « Оғыз Қазылық баласы Иекенк туралы жырда» оны Игенек деп те атайды. Иекенктің жырдағы басқа батырлардан ерекшелігі – ол сегіз қырлы бір сырлы жігіт ретінде суреттеледі. Ол – әрі жойқын алып ер, әрі қобызшы, әрі ақын. Елі оны ерекше ұнатқан. Оғыз Қазылық жауға аттанын, соғыста жеңіліп тұтқын болған еді. Бұл кезде Иекенк әлі бір жасқа да толмаған екен. Ол он бес жасқа келгенде Баяндүр ханға барып: «Маған әскер беріңіз, әкемді тұтқыннан босатам», – дейді. Иекенк соңына ұлы алыптар бастаған әскер ертіп жорыққа аттанады. Жолшыбай Иекенк түс көреді. Түсінде Қорқыт ата кеңес береді. Әулие атаның ақылын тыңдап Иекенк жол-жөнекей сырт оғыздардан тағы да көп нөкер қосып алады. Әкесін тұтқын еткен Дюзмюрд елінің әміршісі Дирек деген екен. Ол бойы он алты аршын, алпыс батпан шоқпарды ұршықтай иіретін алып батыр. Иекенк сондай алыпты жеңіп, әкесін тұтқыннан босатады. Бұлар еліне аман-есен оралып, бұрын-сонды тірі пенде көрмеген ұлан-асыр той жасайды. Тойға Қорқыт ата келіп, ел-жұртқа өлеңмен ұлағатты ғибрат сөз айтады. «Ей, Баяндүр хан, бұл жырымыз Иекенк ерге бағышталсын. Мына өмірге менен кейін келген ұзандар (ақыңдар) да Иекенк туралы осылай деп мәнгі-бақи мадақтап жырлай берсін» – дейді. Сосын Қорқыт ата тойға жиналған игі жақсыларға бата береді: «Қаратаудың жүзі жығылмасын, жапырағы қалың қаба ағаштың басы кесілмесін. Ақсақалды бабаңның жері ұжмақ болсын, ақ бүркендік анаңның жері бейіш болсын» – дейді. Иекенк батыр жөніңдегі бұл жыр қазақ эпосына композициялық құрылысы тұрғысынан да өте ұқсас. Бұл сақталған «Хан-Шентай» жырына сюжетіжағынан да ұқсастықты алғаш В. В. Радлов байқаған. Сөйтіп, Қорқыт ата есімімен байланысты осы жырды да қазақ эпосы сан ғасырлар бойы сол күйінде сақтап келген. «Төбекөз Дәуді өлтірген Бисат туралы жырдың» «Қорқыт ата кітабындағы» басқа жырлардан өзіндік ерекшелігі бар. Бисат батыр туралы бұл жыр дүние жүзі халықтарының фольклорымен мейлінше кең көлемде байланысып, астасып жатыр деуге болады. Оғыз-кыпшақтармен тікелей қатысы жоқ француз, итальян, неміс, грек, фин, славян халықтарында Бисат туралы жырға арқау болған сюжеттің екі жүзден астам нұсқасы бар екен. Әрине, кезінде оғыз-қыпшақтарымен ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Орта Азия, Кавказ, Таяу Шығыс халықтарында бұл жырдың сан қилы нұсқалары одан да көп. «Қорқыт ата кітабындағы» Төбекөз, әсіресе, грек аңызыңдағы Полифемеге ұқсас болып келеді. Төбекөздің іс-әрекеті, әрбір қимылы, ой-мақсаты, қатыгездігі «Одиссей» жырының үрейлі қаһарманын еріксіз еске салады. «Төбекөз Дәуді өлтірген Бисат туралы жырдың» қысқаша сюжетін еске салып өтейік. Бір күні қалың оғыз елін жау шабады. Бүкіл ел дүрлігіп, көше жөнеледі. Асығыс-үсігісте Аруз-қожаның емшектегі баласы жұртта қалып қояды. Оны ана-арыстан тауып алып, емізеді. Үңгіріне апарып бағады. Арадан біраз жылдар өтеді. Ел-жұрт бұрынғы жайлауына қайта көшіп келеді. Күн сайын қамыс арасынан адам секілді бір жәндік шығып, аттардың қанын сорып кетеді екен. Мұны жылқышы жұртқа хабарлайды. Аруз-қожа өзінің жоғалған ұлы сол жәндік екенін біледі. Әкесі оны ұстап алып, үйіне әкеледі. Бірақ жабайы бала қайта-қайта қалың қамыс ішіне кете береді. Ақыры оған Қорқыт ата өзі барып, оның адамзат баласы екенін, ал адам қашанда адамдар ішінде жүріп тіршілік ететінін түсіндіреді. Бала үйіне келеді. Оған Қорқыт ата Бисат деп ат қояды. Бір жолы Аруз-қожа аң аулап жүріп, бұлақ басында су шашып ойнап жүрген пері қыздарын көреді. Біреуін ұстап алып, онымен көңіл қосады. Пері қызы Аруз-қожаға: – «Келесі жылы осы арадан «аманатыңды» алып кет» – дейді де көзден ғайып болады. Бір жылдан кейін Аруз-қожа сол жерден жалғыз көзді бала тауып алады. Ол өсе келе қолына түскен адамды да, малды да шетінен жалмай беретін жалмауыз болып шығады. Ел-жұрт Төбекөзден қатты қорқып, оның күнделікті азығына екі адам, бес жүз қойдан беріп тұрады. Бұл елдің адамы азайып, жұрт қатары сиреп қалады. Ақыры Бисат батыр Төбекөзбен шайқасуға шығады. Бірақ жеңіліп қалып, жалғыз көзді дәу оны қойлармен бірге үңгіріне қамап қояды. Төбекөз ұйықтап жатқанда Бисат оның жалғыз көзіне отқа қыздырған темір сұғып соқыр етеді. Бірақ Төбекөз әлі жеңілмейді. Ол Бисатты ұстап алып өлтіру үшін қойларды біртіндеп ұстап, үңгірден шығара бастайдьі. Бисат бір қойды сойып, соның терісін киіп шығып кетеді. Кейінірек ол ақыры Тобекөзді өлтіреді. «Бисаттың Төбекөзді өлтіргені туралы жырдың» – қаһармандық эпосқа ұқсас сипаттары бар. Алайда мұнда Бисат жалғыз көзді дәуді батырлар жырындағыдай алып күшімен емес, құлығымен, ептілігімен жеңіп шығады. Мұның өзі Бисат туралы жыр ертегіден туындағанын көрсетеді. Ежелгі заманда түркі халықтарында жалғыз көзді дәу жөнінде қиял-ғажайып ертегілер көп болған. Ақын соның бірін жырға негіз етіп алуы әбден ықтимал. «Бекіл ұлы Әмран батыр туралы жырда «оғыздар өздерінің жаңа қонысы – қазіргі Әзербайжан территориясына көшіп келгеннен кейінгі оқиғалар баяндалады. Демек, тоғызыншы жыр кейінірек өмірге келген. Мұнда Әзербайжан жеріндегі нақты жер-су аттары, оғыздардың көне тарихтан белгілі жаулары, кейбір шежірелерде жазылып қалған шынайьі оқиғалар жөнінде айтылады. Оғыздар мұнда көшіп келген соң Грузия мен Арменияның көптеген өлкелерін жаулап алғаны тарихтан мәлім. Бағынышты өлкелер оғыз ханына көп салық төлеп отырған. Грузиндер мен оғыздар арасындағы шекараны оғыз бектері күні-түні күзетіп тұрған. Өйткені грузин, грек және абхаз жансыздары оғыздардың ішіне кіріп алып, шабуыл жасауға қолайлы сәтті ұдайы өз елдерінің патшасына хабарлап отырған. Шекарада талай рет қанды қақтығыстар болған. Міне, «Бекіл ұлы Әмран батыр туралы жырда» осындай тарихи оқиғалардың елесі бар. Бұл жырдың сюжеті басқаларға қарағанда өте қарапайым. Мұнда шытырман оқиғалар жоқ. Жырдың қысқаша мазмұнын айта кетейік. Баяндүр хан Грузиядан көп салық жинап алады. Соның құрметіне барша бектерін шақырып, үлкен той жасайды. Бірақ хан түнеріп отыр. Өйткені бектердің ешқайсысы шекараны күзету қызметіне барғысы келмейді. Тіпті жиналған салықтың үштен бірін берем десе де бармайды. Ақыры Қорқыт ата Бекіл деген бекті шекара күзетуте көндірді. Қорқыт атаның өзі бектің беліне қылыш асып, қолына шоқпар ұстатады. Сөйтіп, Бекіл бекті Барды және Гянджы маңындағы оғыз елінің шекарасын күзетуге аттандырып жібереді. Жау жағы алып Бекілден қатты қорқады. Сондықтан Бекіл тұрғанда шекара, ел іші бейбіт болады. Бір күні хан Бекілді сарайына шақырып, оған сый-сияпат көрсетеді, қымбат тартулар береді. Ақындар Бекілге арнап өлең шығарады. Бір ақын: «Бекілдің» күші өзінде емес, оның сәйгүлік атында»,-деп жырлайды. Бекіл бұған ызаланып, ханның тартуларын өзіне қайтарып береді де, сарайдан өкпелеп шығып кетеді. Әйеліне келіп: «Бүйтіп қорланғанша жүр, біз грузиндер жағына өтіп кетейік», – дейді. Әйелі «Ашу – дұшпан, оған тізгін берме, одан гөрі аңға шығып, көңіл көтеріп қайт» – деп кеңес береді. Ол аң аулап жүріп аяғын сындырып алады. Мұны естіген жау дереу шекарадан өтіп, оғыз еліне шабуыл жасайды. Енді оғыз елін жаудан қорғауға Бекіл ұлы Әмран шығады. Әкесі оған: «Баяндүр ханға барып, әскер сұра», – дейді. Бірақ тәкаббар Әмран хан алдында бас игісі келмейді. Азғантай нөкерімен майданға аттанады. Жекпе-жекте грузин батырын жеңеді. Әмран қашқан жауды қуып, ол жақтан көп олжамен оралады. Хан жас батырға зор құрмет-қошамет көрсетеді. Әмран батырды хан енді төрдегі ең құрметті орынға – Қазанұлы Ораздың қасына отырғызады. Бір қызығы – Әмран қарсы жақтың қалың қолын үрейлендіріп, ыдыратып жіберу үшін құлық жасайды: Қасында жоқ оғыз батырларының атын айтып, жаудың зәресін алады. Әмран айтады: Ей, дінсіз, менің қосынымда кімдер барын білесің бе?! Міне, жанымда бүкіл елдің беделі – Қазан Салор тұр, қасында інісі ер Қара-Көне бар. Жеңілу дегенді білмейтін Дүзенұлы Ербан батыр келді. Алып Рүстем де менің қасымда. Анау ақбоз атқа мініп келген – Бәмсі-Байрақ қой! Бекіл маған атын берді, алмас қылышын сеніп тапсырды, өзінің үш жүз жігітін соңыма ертті. Кәне, мықты болсаң, күш сынасып көрейік! – дейді257. «Бекіл ұлы Әмран батыр туралы жырда» ел қорғайтын жігіт тек қара күштің иесі ғана емес, сонымен бірге, ақылды, айлалы, жауын ақыл-айламен де алып жығатын болуы керек деген пікір жатыр. Қасында жоқ атақты батырлардың есімін жау жаққа айғайлап айтып бопса жасау арқылы дұшпанның қалың қолын қашыратын көріністер қазақтың кейбір батырлар жырында да ұшырайды. Қазақ қауымы арасында «мықты болсаң бопсаға шыдап көр» деген сөз осыдан қалған. Мәселен, «Ер Шобан» жырында артынан қуып келе жатқан жаудан құтылу үшін Шобан батыр жалғыз өзі болса да қасында жоқ батырлардың атын айтып, жаудың бетін қайтарады:
Алдаспан ауыр қылыш суырған,
Ажалға қарсы жүгірген
Бұ жиынның ішінде
Исалының ұлы Жылым бар...
Жаурынына қанды кебе сыймаған,
Жағасына адам қолы тимеген
Үйсіннен Бозтортай ұлы Баубек бар...
Атқан оғын оздырған,
Дұспанның тобын тоздырған,
Бір ойында алпыс ала балта сындырған
Айсаның ару ұлы Қолай бар258.
Туған елдің шекарасын күзету – қашанда қасиетті іс саналған. Сол көне заманның өзінде қаһарман-шекарашылар (оларды оғыздар «акрит «деп атаған) жөнінде халық талай-талай ғажайып дастандар шығарған. Солардың бірі осы «Бекіл ұлы Әмран батыр туралы жыр» болып табылады. Қазақ ауыз әдебиетінде кең тараған тақырыптың бірі – кенже баланың ерлік көрсетуі. «Қорқыт ата кітабында» осы тақырыпта жалғыз ғана жыр бар. Ол – «Оғыз Ұшан баласы Секрек туралы жыр». Мұнда бірқатар әлеуметтік мәселелер сөз болады. Солардың ең бастысы – әдептілік, жасы үлкенді құрметтеу, қария адамдардың алдынан кесіп өтпеу сияқты ежелгі түркі дәстүрлері. Сол кездегі салт-сана бойынша, хан сарайына барғанда әрбір бек тек өзіне лайықты орынға ғана отыруы тиіс. Ал, бектің қай орында отыратыны – сол бектің соғыста көрсеткен ерлігіне, яки мал-мүлкіне қарай белгіленеді. Ел қорғаған ерлік іс қашанда бірінші орынға қойылған. «Қорқыт ата кітабындағы» Секрек туралы жырдың оқиға желісі төмендегідей: Оғыз Ұшанньгң тұңғыш баласы Екрек – барып тұрған өркөкірек, мақтаншақ, қытымыр, әдепсіз адам болады. Әсіресе, оның әдепсіздігі оғыз бектеріне ұнамайды. Өйткені Екрек хан сарайына бектер жиналғанда баса-көктеп төрге шығып, құрметті адамдардан жоғары отырады. Бектер бегі Қазанбектің қабылдауына кез келген мезгілде рұқсатсыз кіріп кетеді. Бұған ашуланған бектердің бірі хан сарайына жиналған көптің көзінше Екрекке кейіп тастайды:
– Ей, Оғыз Ұшанның баласы! Сөзіме құлақ сал. Мына бектердің әрқайсысы өзі отырған орындарын майдандағы ерлігімен, ханға көрсеткен қызметімен жеңіп алған. Ал, сен төрге шығып шіреніп отыратындай-ақ қандай ерлік көрсеттің?! Жаудың басын кестің бе, қанын төктің бе, әлде аштарды бағып, жалаңаштарды киіндірдің бе?!»259. Бұл сөзге намысы келген Екрек дереу Қазан батырдан үш жүз нөкер алып, жауды шауып келуге аттанады. Сол шайқаста жау қолына тұтқын болып түседі.
Екректің үйде қалған Секрек деген інісі болады. Әке-шешесі Секрекке көп жылдар бойы ағасы Екрек жау қолында тұтқында отырғанын айтпай жүреді. Бір күні Секрек бұл құпияны кездейсоқ біліп қалады. Сөйтіп, ол дереу ағасын құтқаруға аттанбақ болады. Бірақ қарт ата-анасы екінші ұлынан да айырылып қалудан қорқып, Секректі жібергілері келмейді. Тіпті оны қалдыру үшін дереу үйлендірмек болады. Сұлу қалындық тауып, той жасайды. Бірақ Секрек: «Ағамды құтқармай тұрып үйленбеймін», – деп қалыңдықтың ақ төсегіне жатпайды. Секрек той өткен күні жауға аттанады. Ағасын тұтқындаған елдің самсаған қалың қолын қырып салады. Ол елде Секрек күш сынасатын, қол бастайтын батыр қалмайды. Сонда жау жағы Секрекке қарсы өз ағасы Екректі шығарады. Алғашта олар бірін-бірі танымайды. Екеуі бірнеше күн жекпе-жек шайқасады. Күн сайын кешке қарай екеуі де ұйықтауға кетеді. Бір күні Екрек келсе, Секрек әлі ұйықтап жатыр екен. Екрек жерде жатқан сыбызғыны тартып Секректі оятады. Сол арада ағалы-інілер бірін-бірі танып, құшақтасып көріседі. Екеуі бірігіп жаудың қалған әскерін қырып салады. Сосын еліне қайтып, екеуі де үйлену тойын жасайды. Оқиға осымен бітеді. Сөйтіп, бұл жырда оғыз-қыпшақ дәуірінің адамгершілік, әдептілік, кішіпейілділік, ерлік сияқты көптеген моральдық және этикалық талаптары әңгіме болады. Шығарманың негізгі идеясы – әдептілік пен ерлік әрбір жігітке қажетті егіз қасиет екенін жастарға жеткізу. Ғұндар дәуірінің ерлік дастандарында түрлі тайпалардың өзара қарым-қатынасына, арадағы шекараны құрметтеуге, бірінің мал-мүлкіне екіншінің қол сұқпауына, сол арқылы ру-тайпалар арасындағы ынтымақ-бірлікті, бейбіт өмірді сақтауға ерекше мән беріп отырады. Оғыз-қыпшақ дәуірінің ел қорғаған батырлары да осы мақсаттарды іске асыру үшін қан манданға шығып отырған. Мұны біз «Қорқыт ата кітабындағы» «Қазан Салордың жауға тұтқын болғаны және оны баласы Ораздың азат етуі» деп аталатын жырдан да көреміз. Бұл жыр өзінің тақырыбы жағынан оғыздардың қазіргі Әзербайжан жеріне көшіп келгеннен кейінгі дәуірде көрші отырған елдермен қарым-қатынасын бейнелеуге арналған. Мұнда қоныс аударған соң оғыздар талай жерді күшпен өздеріне қаратып алғаны мәлім. Сонымен бірге, жаңа көршілер де оғыз тайпасына едәуір қатер төндіріп тұрды. Мұның бәрі осы жырдан өз көрінісін тапқан. Шығарманың экспозициясы – «Қорқыт ата кітабы» үшін дәстүрлі сюжеттен басталады. Қазан батыр Трапезунд әміршісінен сыйлыққа сұңқар алып, аң аулауға шығады. Қайтарда алыптың қатты ұйқысы келеді. Бірнеше күнге созылатын мұндай ұйқыны оғыздар «кіші ажал» деп атап кеткен. Жаудың шолғыншысы Қазанның ұзақ ұйқыға кеткенін дереу әміршісіне хабарлайды. Жау жалма-жан шабуылға шығып, Қазанды тұтқындайды да, қасындағы бектерін қырып тастайды. Қазанның қол-аяғын матап байлап, арбаға салады. Жолда келе жатып батыр ұйқысынан оянады. Бірақ ол титтей де абыржымайды. Қатты бір сілкініп аяқ-қолын байлаған арқанды быт-шыт етіп үзіп жібереді де, қарқылдап күледі: «Мен мына тербеліп келе жатқан жаман арбаны түсімде бесігім екен деп қалыппын. Ал, сендер нөкер емес, менің бесік тербеп, ыңылдап отыратын сүйікті әжем сияқты көріндіңдер» – дейді. Жырдың бір ерекшелігі – мұнда әзіл-оспақ, кекесін-күлкіге, юморға едәуір орын берілген. Бұл сияқты күлкілі көріністер он бірінші жырдан кең орын алған. Қазан бейнесіне тән нәрсе – оны қай жерде көрсе де, тіпті атын естісе де жаудың зәресі қалмай қорқады. Қазан бұл жырда ғана емес, «Қорқыт ата кітабының» басқа жырларында да осындай үрейлі, сұсты, ажалмен бетпе-бет келсе де қаймығуды білмейтін жүрек жұтқан қаһарман бейнесінде көрінеді. Бұдан бұрынңы жырларда баяндалғаңдай мұнда да Ораз алғашта әкесі туралы ешнәрсе білмейді. Кейін бәрін білген кезде дереу әкесін құтқаруға аттанады. Әкесін бірден танымай онымен жекпе-жекке шығады. Жыр соңында екеуі бірін-бірі танын, екеуі де жауға қарсы тұрады. Еліне жеңіспен оралады. Шығарманың топонимиясына қарағанда, бұл жыр оғыздар Кавказ жеріне қоныс аударғаннан кейін жазылған секілді. Мұнда Трапезунд, Акча-қала, Сүрмелі, Акхисар т. б. кенттер мен қамалдар аталады. Бұлар Әзербайжан мен Кіші Азияда екені мәлім. Шығарма оғыздардың жаңадан тапқан Отанында жазылғанына тағы бір дәлел – жырда оғыз батырлары шіркеуді бұзып, оның орнына мешіт салады. Тарихи деректер бойынша, мұндай оқиғалар оғыздар қазіргі Әзербайжан жеріне қоныс аударған кезде болған. Әйтсе де бұл жырда оғыздың Сыр бойында өткен көне дәуірінен алынған көптеген эпикалық материалдар бар. «Қорқыт ата кітабының» барлық жырларында оғыздардың ауыз бірлігі, өзара достығы, мәңгілік тұтастығы көкке көтере мадақталады. Ал енді біз әңгіме еткелі отырған жырда түңғыш рет оғыздардың арасындағы өзара өшпенділік, сыртқы оғыздардың ішкі оғыздарға қарсы күреске шығуы жырға арқау болған. Бұл тарихи шындыққа сәйкес келеді. Оғыздар ұдайы өзара бірлікте, татулықта тұрған деу өмір шындығына жанаспас еді. Сонымен, «Қорқыт ата кітабының» ең соңғысы, он екінші жыры – оғыздардың өзара қырғи қабақ соғыстарын баяндайтын жыр деуге болады. Оғыз тайпасының өзара тату-тәтті, достықта тұрған ежелгі дәуірі мадақталады. Көне заманды жырлағанның өзінде толып жатқан нақты тарихи деректер келтіріліп отырады. Мұнда тіпті тарихи деректер мен эпикалық оқиғаларды бір-бірінен ажырату қиын секілді. «Сыртқы оғыздардың ішкі оғыздарға қарсы бас көтеруі Байрақтың қалай өлтірілгені туралы жырдың» қысқаша сюжеті мынадай болып келеді. Қазан өз үйін өзі тонауға береді. (Өз үйін өзі тонауға беру – ежелгі бір салт па, әлде қолбасшыға соғыстан жиналған олжаны бөлісіп алудың тәсілі ме, әзірше ғылымға бұл мәселе айқын емес). Мұндай тонауға бүкіл оғыз елі, яғни «үш оқ» (іпгкі оғыз), «боз оқ» (сыртқы оғыз) қатысуы керек еді. Бірақ Қазанның үйін тонау салтанатына тек ішкі оғыздар ғана келеді Ал, Қазаннын нағаншысы Аруз-қожа бастаған сыртқы оғыздар өкпелеп, бұл салтанатқа келмей қалады. Олар келмек түгілі, енді қалайда Қазанға бір жамандық істеу жолын іздей бастады. Осындай мақсатпен Аруз-қожа ішкі оғыздардың беделді бегі, батыры Бәмсі-Байрақты шақыртып алады. Сөйтіп, оны Қазанға қарсы шығайық деп азғырады. Бірақ мұндай опасыздыққа адал жүрек Бәмсі-Байрақ сірә көнбей қояды. Бектер бегі Қазанға адалдығы үшін Аруз-қожа оны зұлымдықпен өлтіреді. Бәмсі-Байрақтың өлімі жөніндегі суық хабар күллі оғыз елін дүр сілкіндіреді. Ашу-ыза кернеген ішкі оғыздар дереу сыртқы оғыздардан қанды кекті қайтаруға бел байлайды. Қазанның өзі бастаған қалың қол сыртқы оғыздарға қарсы соғысқа аттанады. Аласапыран, қым-қиғаш шайқас басталады. Осы соғыста екі елдің арасына іріткі салған Аруз-қожа өледі. Жыр осымен бітеді. Сонымен оғыздардың бір-біріне қарсы екі топқа бөлініп кетуіне не себеп болды? Жырда бұл сауалға айқын, дәлелді жауап жоқ. Шамасы Бәмсі-Байрақтың өлімі туралы жыр оғыз бектерінің билік үшін өзара қырық пышақ болып, жауласып жүрген кездерінде өмірге келсе керек. Бұрынғы жырларда – «қалың оғыз « (яғни « күллі оғыз елі» деген мағынада) деп елдің бірлігі мадақталып келсе, бұл соңғы жырда «үш оқ» (үш жебе) және «боз оқ» (сынған жебе) жөнінде көбірек айтылады. Сөйтіп, оғыз елін «екі қанатқа», яғни екі топқа бөлініп кетуі шығармада тарихи шындық негізінде жырланған. Қашанда өзара бақталастық, алауыздық бүкіл елдің құтын қашыратыны жырда аллегориялық әдіспен меңзеп айтылған. Сөйтіп, «Қорқыт ата кітабының» сюжетіне негіз болған қаһармандар: атақты жырау, ұлы күйші, оғыз-қыпшақ елінің данышпан-ақылгөйі Қорқыт атаның өзі, жойқын алыптардың ұлы ағасы, барлық бектердің бегі Салар Қазан (Қазанбек), күйеуі жорықта жүргенде ер кісілерше қару алып асынып, жауға қарсы тайсалмай, қан майданға шыққан Қазанбектің әйелі Бөрте сұлу, оның ұлы Оразбек, әділдік үшін ажалға бас тіккен Бәмсі-Байрақ деуге болады. Сонымен бірге, жан алғыш әзірейілге қарсы шыққан ер Домрул, жалғыз көзді дәуді айламен өлтіретін батыр Бисат, күш-қуаты өзінен кем түспейтін қалындық іздеген алып Қан-Төрәлі, алпыс батпан салмағы бар шоқпарды ұстап соғыстан Директі жеңіп, өз әкесі Оғыз Қазылық жау тұтқынынан босатқан ер Иекенк — Қорқыт дастанының басты қаһармандары саналады. Оғыз елінің шекарасын жаудан қорыған алып Бекіл мен оның ержүрек ұлы Әмран, ағалы-інілі Екрек пен Секрек батырлар, ел басқарған Баяндүр хан, Дирсе хан, оның баласы Бұқаш батыр т. б. жырда жарқын бейнесі жасалған. Бұлардың ішіндегі ең басты қаһарман – Қазанбек. «Қорқыт ата кітабының» тең жартысынан астамы Қазанбектің ел қорғаған ерлігін, ел-жұртқа жасаған ізгілікті істерін жырлауға арналған. Қазанбек бұл шығарманың сюжетіне негіз болған тарихи адам. Сондай-ақ «Көроғлы» және «Жүсіп пен Ахмет» сияқты түрікмен халқының эпостарында да Қазанбектің есімі жиі-жиі айтыладьі. Қазанбектің тарихи болмысы жөніңдегі кейбір деректер Әбілғазының шежіре-кітаптарында да кездеседі. Қорқыт дастанының халықтық сипаты шығарманың сюжетінен, идеялық бағыт-бағдарынан айқын көрініп тұр. Туған жерін, елін, өз Отанын сыртқы жаудан қорғау үшін ажалға бас тігіп, қан майданға шыққан алыптардың ерлігі, жауынгерлік іс-әрекеті зор шабытпен жырланады. Дастанда ел үшін жан пида еткен ұлдарын күллі оғыз-қыпшақ жұрты мақтаныш тұтып, олардың ерлік істерін өлең-жырға қосып айтады. Автор ерлік, әділдік, адамгершілік, ата-ананы құрмет тұту, уәдеде тұру сияқты ізгі қасиеттерді ту етіп көтерген. Шығарма қаһармандары қорқақтық пен опасыздыққа, әділетсіздік пен зұлымдыққа, әдепсіздік пен сарандыққа қарсы күреседі. Сондай-ақ, «Қорқыт ата кітабының» халықтық сипатын дастандағы қарапайым еңбек адамдарының зор шеберлікпен жасалған ғажайып бейнелерінен де көруге болады. Мәселен, оғыз-қыпшақ елі, әсіресе, қойшының ауыр еңбегін құрмет тұтқан. Жырда ол жөнінде зор ілтипатпен айтылады. Тегінде «Қорқыт ата кітабыңдағы» он екі жырдың әрқайсысы кезінде өз алдына жеке-жеке дастандар күйінде өмірге келген болса керек. Қорқыт ата есімімен байланысты бұл жырлар кейінірек жинақталып, белгілі бір жүйеге келтірілген секілді. Өйткені «Қорқыт ата кітабына» енген жеке жырлар кейде бір-бірімен үйлеспей, өзара қабыспай жатады. Қорқыт дастанындағы он екі жырдың кейбіреулері бір қаһарман арқылы, бірдей оқиға бойынша өзара байланысты десек те, бірақ олар кітапта хронологиялық тәртіп бойынша орналаспаған. Мәселен, Қазанбек батыр жөніндегі жырлар циклын алайық. Бұл циклға екінші, төртінші және он бірінші жырлар енеді. «Қорқыт ата кітабында» алып Қазанбек туралы хикая екінші жырдан басталады. Бұл екінші жырда Қазанбекұлы Оразбек ер жеткен жігіт, бек тіпті үш жүз батырды басқарып, әкесі аң аулауға кеткенде ел күзетіп қалады. Ал, кітапта бұдан кейін келетін төртінші жырда Оразбек әлі кәмелетке де тола коймаған, соғысып көрмеген, қылышты жөндеп ұстай алмайтын бала-жігіт. Он бірінші жырда Қазанбектің баласы әлі ақыл-есі кірмеген жас нәресте ретінде суретгеледі. Кітаптағы тағы бір осындай композициялық олқылық туралы айта кетейік. Сегізінші жырда Төбекөздің қолынан қаза тапқан кейбір қаһармандар бар. Сол алғашқы жырда өліп қалған қаһармаңдар кейінгі хикаяларда, дәлірек айтсақ, он бірінші жырда Қазанбекті тұтқыннан құтқарады. Мұның бәрі «Қорқыт ата кітабындағы» он екі жырдың әрқайсысы алғашта жеке-жеке, дербес дастандар түрінде өмірге келгенін, кейінірек жинақталып, тұтас бір шығармаға айналғанын, сол бөлек-бөлек жырлардың басын қосу кезінде композициялық кемшіліктер орын алғанын дәлелдейді. Егер біз «Қорқыт ата кітабындағы» жырларды оқиғалардың логикалык жүйесі бойынша ретке келтірсек, онда он екі жыр мынадай тәртіп бойынша орналасқан болар еді:
VІІІ, І, ІІІ, ІV, XІ, ІІ, V, VІ, VІІ, ІX, X, XІІ.
Бұл дастанның композициялық ерекшелігі — мұндағы өлең шумақтары шығарманың прозалық текстіне сіңісіп кеткен. Түркі тіліндегі дастандарда қара сөздің өзі құдды жыр жолдары секілді ішкі ұйқаспен тақпақталып айтылып, дыбыстардың өзара үйлесуі арқылы беріледі ғой. Сондықтан «Қорқыт ата кітабын» тұңғыш рет орыс тіліне аударған академик В. В. Бартольд контекстегі өлең жолдарын жеке дара бөліп көрсетпеген. Қорқыт хикаясындағы өлең мен қара сөзді бір-бірінен ажырату қиын екенін дәлелдейтін бір мысал келтірейік. «Тізесін бүгіп отырған инабатты әйел көрікті. Сақалынан ағарған баба көрікті. Сүйікті ағайын-туған көрікті. Үлкен шаңырақ үйдің қасына тігілген келіншек отау үйі көрікті». Міне, бұл не? Поэзия ма проза ма? Мұнда өлеңге тән элементтер – ұйқас та, аллитерация да, ассонанс та, сөздің интонациялық дербестігі де бар. Бірақ мұнда поэзия атаулыға тән ең басты қасиет – эмоция жоқ. Ал, «Қорқыт ата кітабының» көне түркі тіліндегі түпнұсқасындағы сөздің ритмикалық құрылысы мен эмоциялық интонация бір-бірімен үйлесіп, тұтасып жатады:
Han kızı yerımden turayın mı?
Yakanla boğazından tutayım mı?
Kaba öncam altına salayım mı?
Kara polat öz kılıcım aluma alayım mı?
Öз gödekten başını kaşıyayım mı?
Can sulusun sana bıldıreyım mı?
Alaca kanını yer yüзüne dökeyım mı?
Han kıbı sebebı nedır degıl mana
Katı kazab ıderum şımdı sana260.
Бұл жыр жолдарының түркі тілдерінен қазақшаға жолма-жол аудармасы төменгідей болып келеді:
Хан қызы, мен орнымнан тұрайын ба?
Жағаңа жармасып, алқымыңнан алайын ба?
Сені таптап, табаныма салайын ба?
Қолыма қара болат қылышымды алайын ба?
Өмірдің тәтті екенін сездірейін бе?
Алқызыл қаныңды жерге шашайын ба?
Хан қызы, себебі не, деші маған,
Қатал жаза қолданам енді саған.
«Қорқыт ата кітабында» өлеңнің буын саны құбылып, әр түрлі болып келеді. Тіпті бір өлеңнің өзінде – үш буыннан бастап, он алты буынға дейін бола береді:
Mara Kazan 4
Dünlügü altın ban evünı getürmı şüz 13
Bızımdur 3
Kırk ınce bellü kız ıle 6
Boyu uzun Burla hatunı getürmışüz 15
Bızımdür 3
Kırk yıgıt ıle oglun Uruzı getürmışüz 15
Bızımdür 3
Tavla tavla şahbaz atlarun 9
Katar katar develerüng getürmışüz 12
Bızımdür 3 261.
Енді қазақша жолма-жол аудармасын оқып көрелік:
Ей, Қазан!
Біз кеше алтын шатырлы үйіңді алып кеттік –
Ол біздікі.
Сұңғақ бойлы қырық қыз бен,
Ұзын бойлы Бөрте қатынды әкеттік –
Ол біздікі.
Үйір-үйір сөйгүлік аттарыңды
Қатар-қатар тізілген түйелеріңді әкеттік –
Ол біздікі.
Қорқыт дастанында көркем сөздің мәнерлілігін күшейте түсу үшін ежелгі тәсілдердің бірі – қайталау – аллитерация кеңінен қолданылады. Әсіресе, бұл жырда бастапқы дыбыстардың аллитерациясы (қайталануы) жиі ұшырайды:
Senden sonra bır yığıdı
Sevur varsam bıle yatsam262.
Сенен кейін бірде-бір жігітті,
Сүйе алмаймын мен енді.
Мұнда ежелгі түркі поэзиясына тән стильдік тәсіл, яғни өлең жолының басындағы дыбыстардың үндестік аллитерациясын жасау тәсілі қолданған.
Жеке сөздерді қайталау арқылы да аллитерация жасалады:
Tul tulara qırdıgum tulaları
Oğul o ulgay oğul
Bılmez mısın neler oldu263.
О, ұлым менің, ұлым-ай
Сен не болғанын білмейсің ғой!
Өлең жолының басында белгілі бір әріптерді немесе бірдей сөздерді қайталау – анафора әдісін ежелгі ақындар зор шеберлікпен қолдана білген. Дыбыстық анафораға мысал келтірейік:
Karşı yatan kara dağlar esen olsa ıl yaylar
Kanlı kanlı sular esen olsa kanın taşar
Kara koç atlar esen olsa kulun doğar
Kaytabanda kızıl deve esen olsa torun verer264.
Жолма-жол аудармасы:
Қарсы жатқан Қара таулар есен болса ел жайлар,
Қан құйылған сулар есен болса – жерге береке берер,
Алып аттар аман болса – құлын туылар,
Қаз тізілген қызыл түйелер аман болса – бота туылар. «Қорқыт ата кітабында» сондай-ақ лексикалық анафора да зор шеберлікпен қолданылған. Бұл сөзімізге мысал келтіре кетейік:
Ağ ellerı ardına bağlu dıyeyım mı?
Ağ boynunda kıl urkan takılı dıyeyım mı?265.
(Аппақ қолдарың артыңа байлаулы дейін бе?
Ақ мойныңа қыл арқан салыпты дейін бе?)
«Қорқыт ата кітабында» біреуге қарата айтылған үндеу сөздер бір синтаксистік қатарда өзіндік ішкі ұйқасқа құрылады. Бұл сияқты поэтикалық құбылыс параллель жатқан жыр жолдарында да қайталанып отырады:
Berü gelgıl başum behtı evün tahtı
Evden çıkup yürüyende selvı boylum
Topuğunda sarmaşanda kara saçlum
Kırılu yaya benzer çatma kaşlum
Koşa badam sığmayan tar ağızlum
Köz almasına benzer al yanaklym
Kavunum vıragım dülegım
Görür müsün neler oldu266.
Қазақша жолма-жол аудармасы:
Бері келші, басыма біткен бағым,
шаңырағымның тірегі,
Сұңғақ бойың кипариске үқсайды,
Қара шашың тобығына түседі.
Тартқан садақ секілді қосылып тұр қастарың,
Оймақ ауыз сұлуым,
Жүздерің де күзгі алмадай ал қызыл,
Піскен менің қауыным,
Сен не болғанын білесің бе?
Бұл жырда ішкі ұйқас бар. Мұнда «бахти» («бағым») және «тахти» («тағым, «тірегім») сөздері өзара үндес, ұйқас арқылы байланысып, өзінің алдында тұрған «башум» («басым»), «авум» (үйім) деген ассонанстарды толықтырып қиыстырып тұр. Сондай-ақ «Қорқыт ата кітабында» синтаксистік анафора және эпифора сияқты жеке сөздерді қайталау әдістері де кеңінен қолданылған. Мысалы:
Soğuk soğuk sularını sorar olsan
Ağam Beyreğın ıçıdı ıdı
Ağam Beyrek gıdelı ıçerüm yok
Tavla tavla sahbaz atları sorar olsan
Ağam Beyreğın bınıtı ıdı
Ağam Beyrek gıdelı bınerım yok267.
Бұл жырдың жолма-жол қазақша аудармасы:
Суык, суық суларды сұрар болсаң,
Ағам Бейрек одан ішкен еді.
Ағам Бейрек кеткелі ішкенім жоқ.
Үйір, үйір сәйгүлік аттарды сұрар болсаң,
Ағам Бейрек мінген еді.
Ағам Бейрек кеткелі мінгенім жоқ.
Сонымен бірге, «Қорқыт ата кітабының» поэтикасында лексикалық эпифора да оқтын-оқтын ұшырасып қалады. Бұған бір мысал келтірейік:
Ağam Beyrege bengzedürem ozan senı
Sevındırdüng yerındırme ozan menı268.
Ағам Бейрекке ұқсайсың сен, күйші
Сен мені қуанттың, енді қайта күйіндірме, күйші).
«Қорқыт ата кітабы» ғажайып эпитет, теңеу, қанатты сөздерге, мақал-мәтелдерге мейлінше бай. Х.Г. Короглы түркі әдебиетіне Шығыстан келген дастандарда араб және парсы тілдеріңдегі көріктеу құралдары жиі ұшырайтынын айта келіп, «Қорқыт ата кітабының» лексикалық құрамы таза түркі сөздерінен тұратынын ерекше атап көрсетеді: «В отличие от дастанов эпитеты «Китаби Коркуг» почти исключительно тюркские, о чем свидетельствует их лексический состав: меч определяется словом «кара пулад» («воронненая сталь»), ковер – словом «итак» («шелк»). Об этом же говорит и позиция самого определения: эпитет в соответствии с нормами тюркских языков стоит перед определяемым словом»269. Мәселен осы жырда Жүгенекті «Жауға тау қыранындай қарсы шабатын» батыр, ал мінгені «жел жетпейтін тұлпар — торы айғыр, сондай-ақ Жүгенек «бар жігіттің арқасы, бар ұлыстың үміті, Түркістанның тірегі, таулы құстың ұрпағы, Қарашақтың қабыланы» дейді. Қорқыт жырындағы кейбір жеке сөздердің құрылысы Орхон жазуындағы Білге қағанның сөзіне өте-мөте ұқсас болып келеді. Ажал әкелген Әзірейілмен айқасқа шыққан Домрул алып былай дейді:
Менің көрер көзім көрместей болды,
Тұтар қолым тұтпастай болды.
Ал, «Күлтегін» жырындағы Білге қаған да осылай сөйлейді:
Інім Күлтегін керек болты,
Өзім сақынтым.
Көрер көзім көрместей болты,
Өзім сақынтым.
«Қорқыт ата кітабының» тіліне келетін болсақ, мұнда оғыз тілімен қатар қыпшақ тілінің де ықпалы кәдімгідей сезіліп тұрады. Әсіресе, кітапта қыпшақ тілінің әсері мал аттарын көрсетуде жиірек кездеседі. Мәселен, құлын, айғыр, бозайғыр, бұқа, құлан, қыран т.б. «Қорқыт ата кітабында» үй тұрмысы мен көшіп-қонуға, тағам атауларына қатысты сөздерде көбіне қазақ тілінің элементтері болып келеді: тұрақ, орда, юрт (жұрт), үлес, үй, юк (жүк), қойма, қоңсы, айран, қымыз, ет т.б. Мұнда музыка өнеріне қатысты – қобыз, сарын, дауылпаз (Мәселен, Ораз дауылпаз ұрды), сайрамақ, түлен (тарту) сияқты сөздер кеңінен қолданылған. Әрине, қан майдан соғыс картинасы жасалған тұстарда қазақтың ежелгі әскери сөздерін (ұран, ер, алып, жарақ, қосын, қалқан т.б.) еркін пайдаланады. Мұндай мысалдарды «Қорқыт ата кітабынан» көптеп келтіруге болар еді. Дастандағы қазақ қауымының ежелгі тұрмыс-салтына, әдет-ғұрпына қатысты жеке сөздер ғана емес, сонымен бірге, ондағы теңеулер, өлең құрылысы, жалпы поэзия табиғаты шынында да қазақтың он бір буынды өлеңдеріне мейлінше жақын екенін төмендегі мысалдардан көруге болады:
Kaytabanın mayasını yüklü kodum
Nar mıdır maya mıdır onu bılsem
Kara ılum koyunu yüklü kodum
Koç mudur koyun mudur onu bılsem
Ala gözlü görklü helalım yüklü kodum
Erkek mıdır kız mıdır onu bılsem270.
Түркі тіліндегі осы жырдың қазақша жолма-жол аудармасы төмендегідей болып келеді:
Үйде түйем буаз күйінде қалып еді,
Нар туады ма, мая туады ма, соны білсем.
Қорамда қойым да буаз қалып еді,
Қошқар ма, саулық туды ма, соны білсем.
Қара көзді сұлу жарым жүкті болып қалып еді,
Ұл туды ма, қыз туды ма, соны білсем.
Сондай-ақ, жырдағы адам аттары мен кітаптың топонимиясы да бұл шығарманың ежелгі қазақ даласында туылғанына дәлел. Қорқыт хикаясында жиі ұшырайтын атаулар – Алатау, Қаратау, Қазықұрт, Қазылық тауы, Көкше теңіз (Балқаш көлі), Арқа белі сияқты жер-су аттары. Мұның бәрі жырдағы тарихи окиғалар, тарихи адамдар байырғы қазақ даласында болғанын көрсетеді. Оның үстіне, ой атасы Қорқыт айтқан мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, ұтымды фразеологиялық тіркестер ғасырлар бойында онша өзгеріске ұшырамай, сол күйінде қазақ қауымы арасында ауызша да сақталып келген. Қорқыт дастанында ақыл-ойдың алыбы Қорқыт ата айтты деген қанатты сөздер, мақал-мәтелдерге айналып кеткен фразеологияльгқ сөз тіркестері, өсиет-нақыл сөздер көп. Бұлардың бәрі дерлік сан ғасырлар бойы қазақ қауымы арасында ауызша тарап, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, бүгінгі күнге дейін рухани қазына ретінде сақталып келеді. «Қорқыт ата кітабында» автордың ой-пікірін философиялық тұрғыдан тұжырымдайтын ғақлия сөздер, өсиет-нақылдар, қанатты сөз тіркестері жиі ұшырайды. Қорқыт ата есімімен байланысты мұндай үлгі-өнеге сөздер ел аузында да көп сақталған. Енді Қорқыт атаның өсиет-нақыл сөздерінен мысал келтірейік. «Жер қадірін ел біледі, ел қадірін ер біледі», «Құлан құдыққа түссе, құрбақа құлағында ойнайды», «Көп қорқытады, терең батырады», «Қыз анадан көрмейінше үлгі алмас, ұл атадан көрмейінше үлгі алмас», «Ежелгі жау ел болмас, ескі мата жіп болмас» т.б. «Қорқыт ата сөйлейді: «Ажал уақыты жетпейінше, ешкім де өлмес. Өлген адам тірілмес, шыққан жан кері келмес. Ер жігітке қара таудай мал бітсе, жияр, көбейтер, талап етер, бірақ несібесінен артығын жемес. Гүрілдей-шұбыра сулар тасыса, теңіз толмас. Тәкаббарлықты тәңірі сүймес. Көңілі пасық ерде дәулет болмас. Жат баланы қанша сақтасаң да ұл болмас. Ол ішіп-жер, киер де кетер, бірақ, көрдім демес. Қар қаншама қалың жауғанымен – жазға бармас. Гүлденіп өскен бәйшешек – күзге бармас. Тозған мақта бөз болмас, ежелгі жау ел (дос) болмас. Ат қиналмай жол шалмас. Қайыспас қара балтасыз жау алынбас. Мынғырған мал жиғанмен, адам жомарт атанбас. Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман. Ондай бала ел басын құрап, үйінен дәм беруге де жарамайды. Ананың көңілі балада болар. Жақсы ана үшін бала – екі көздің сыңары. Ұлың өсіп жетілсе, ол отбасының мерейі, бас-көзі. Атадан қалған малы болмаса, баланың күні қараң. Ақылсыз балаға ата дәулетінен қайран жоқ. Уа, хан ием, сізді тәңірім сондай ісінің сәті түспегендерден сақтасын»271. Қорқыт ата өзінің ел-жұртына тағы мынадай өсиет айтқан: «Қонағы жоқ қараша үйден құлазыған түз артық. Ат жемейтін ащы шөптің гүлденіп өспегені жақсы. Адам ішпес ащы судың жылға қуып ақпағаны жақсы. Атаның атын былғаған ақылсыз баланың, әке омыртқасынан жаралып, ана құрсағында шырланып, тумағаны жақсы. Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді. Өтірік сөз өрге баспайды. Өтірікші болғаннан жарық көріп өмір сүрмеген көп артық. Сөзіне берік, шыншыл адамға бұл дүниеде отыз жылды үшке көбейтіп өмір сүрген де аз»272. Бұл сияқты дидактикалық-философиялық сарындағы қанатты сөздер, мақал-мәтелдер, фразеологиялық тіркестер Қорқыт ата заманынан сан ғасырлар бұрын сақтар, ғұндар дәуірінде-ақ айтыла бастаған. Ол кезде тайпа көсемдері, хандар, ел басқарған әкімдер өздерінің белгілі бір мәселе жөніндегі шешімін яки болашақ жайындағы болжамын қарапайым қауымға бірден түсінікті болатындай түрде қанатты сөздермен түйіндеп, сомдап, қысқаша айтатын болған. Ал Қорқыт ата ойшыл данышпан адам ретінде сол дәуірге көненің көзіндей болып жеткен терең философиялық ой-түйіндерін оғыз-қыпшақ дәуірінің талап-тілектеріне сәйкес келетіндей етіп қайта тудырған. Қорқыт ата айтты деген осындай шешендік ой толғамдары XV-XVІІІ ғасырларда өмір сүрген қазақтың Асан Қайғы, Шалкиіз, Бұқар жырау сияқты көркем сөз зергерлері поэзиясынан өз жалғасын тапты. Сонымен, «Қорқыт ата кітабы» Көк түріктер дәуірінің сан қилы қоғамдық-әлеуметгік көріністерін, салт-санасын, діни сенімін, әдет-ғұрпын, көркем сөз үлгілерін, ертегі аңыздарын біздің заманымызға жеткізген ғажайып туынды болып табылады. Л.Н. Гумилевтің сөзімен айтқанда, «Көктүріктердіңі өздері туралы» жазған дастандары саналатын «Күлтегін», «Тоныкөк» жырлары273 және «Қорқыт ата кітабы» жөніндегі ойымызды жинақтай келіп, төмендегідей қорытынды жасауға болады. Біріншіден, Түркі қағанаты тұсында жазылған «Күлтегін» және «Тоныкөк» жырлары – одан сан ғасырлар бұрын, яғни сақтар, ғұндар мемлекеті гүлденіп тұрған дәуірде өмірге келген «Алып Ер Тоңға», «Шу», «Оғыз қаған», «Аттила», «Көкбөрі», «Ергенекон» дастандары негізінде қалыптасқан, солардың жаңа тарихи жағдайда қайта туындаған көркемдік, қисынды жалғасы болып табылады. Екіншіден, «Күлтегін», және «Тоныкөк» жырлары — түркі елінің VІ – VІІІ ғасырлардағы қоғамдық-әлеуметтік өмірін, түрлі түркі тайпаларының әдет-ғұрпын, наным-сенімін, өзіндік поэзиясын, тілін тарихи негізде танытатын көркем шежірелер. Үшіншіден, «Күлтегін», «Тоныкөк» жырлары Қазақ хандығы құрылғаннан кейінгі кезеңде өмірге келген қаһармандық дастандарының идеялық, көркемдік, композициялық тұрғыдан ерлік эпостары ретінде қалыптасуына негіз болып қаланды. Төртіншіден, «Қорқыт ата кітабының» оғыз-қыпшақ дәуірінің көркем сөзбен бейнеленген көне тарихын, әдебиет үлгілерін, ақындық дәстүрін, қанатты сөздерін, наным-сенімін, салт-санасын, тағы басқаларын біздің заманымызға жеткізген қаһармандық эпосы деуге болады. Бесіншіден, «Қорқыт ата кітабындагы» философиялық толғаныстарға толы нақыл-өсиет сөздер, афоризмдер, мақал-мәтелдер т.б. бертін келе дидактикалық әдебиеттің қалыптасуына, дәлірек айтсақ, Х-ХІІ ғасырларда Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік'', Ахмет Иүгінекидің «Ақиқат сыйы» және Ахмет Иассауидің «Диуани хикмет» («Ақыл кітабы») атты шығармаларының өмірге келуіне өзінің игі ықпал-әсерін тигізді. Алтыншыдан, ежелгі түркілердің ерлік эпосы саналатын «Қорқыт ата кітабы» қазақтың батырлық жырларынан өзінің көркемдік дәстүр жалғастығын тапты.
А.ЕГЕУБАЕВ
ҚҰЛАБЫЗ*
Қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясы заманалар тоғысында уақыт озған сайын өзін-өзі байытып, сол арқылы тарихи сана мен ұлттық таным көкжиегін де кеңейтіп келе жатқан іргелі де күрделі үрдісті байқатады. Егеменді елдікке қол жетіп, бұрынғы-соңғы рухани тәжірибені қорытып, ұлт игілігіне қолдануға мүмкіндік молайып, тыныс кеңігелі әдебиеттің де, мәдениеттің де тарихи қызметі дараланып, салмақтана түсті. Тәуелсіз, дербес мемлекеттің әдебиеті ендігі кезеңде тек томаға тұйық қалыптағы әдебиет үрдісінен шығандап шығып ұлттық, елдік маңызы айрықша айқындала бастады. Уақыттың тынысы, замана талабы, халықтық мүдде соған алып келді. Бұрын да бірқатар зерттеушілердің тынымсыз қызығушылығын тудырып келген ежелгі әдебиет тынысы, қазақ әдебиетінің көне дәуірлердегі өзекті негіздері, көркемдік-эстетикалық заңдылықтарының қалыптасып, дамуы, ұлттық таным мен болмыстың тарихи күретамырлары одан әрі тереңдетіле қарастырылуда. Қазақстандағы қазіргі кезеңдегі рухани-мәдени даму үрдісі осы саладағы бағыттарды да барынша айқын талдай түсуді қажет етіп отыр. Әдеби-мәдени мұраны эстетика, көркемдік таным, тарихи сананың қалыптасуы, этнология, тарих тарапынан тұтастай саралау қажеттігі күн санап күшейе түсті. Ұлттық әдебиеттің адамзаттық өркениет құбылыстарымен жанды байланыстылығы, ол үрдісті шынайы зерттеп, зерделеу тәуелсіз Қазақстанның жалпы адамзаттық мәдени-ғылыми даму жолындағы үлесін айқындап, рухани өсудің болашақ биіктерін саралап көрсетеді. Қоғамның кешегісі мен ертеңі, кауымның түзіліп, тарихи тұлғаның қалыптасу заңдылықтары, тіршіліктің эстетикалық мәні секілді құнды танымдық өзектер – мәңгілік адамзаттық проблемалар – әр кезеңде әр қырынан көрініс беріп келген мәселелер. Осындай жер ауқымды ұлы мәселелердің ортасында, адамзаттық дүниетаным кеңістігінде ұлттық мәдениет пен әдебиеттің өмірге, болмысқа ықпал, әсері де ерекше. Бір жағынан, көркемдік-эстетикалық тарихи мұралар қай тараптан карастырылса да, мемлекеттің тарихына алып шығатын арналы күрежол. Мәдени жазбалар мен әдеби мұралар қадым заманнан бастап күні бүгінге дейінгі рухани даму үрдісінің үздіксіз тіршілігін көзге тосады. Жекелеген сөздер мен таным, ұғымдардың тарихи болмысынан бастап, қанатты сөздер мен мақал-мәтелдердің, тұрақты тіркестердің арасындағы алуан қырлы әдеби жаратылымдардың өзі-ақ тұтас ұлттың толысу арналарының қыр-сырын ашып береді. Сөздің этимологиясы ғана емес, әдеби бітімнің, көркем-әдеби құбылыстың, көркемдік танымның тұтас кешендік түзілімінің заңдылықтары ұлттық нәтіміздің табиғатын танытады. Сонау Орхон-Енисей, бертініректегі әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Абай, Шәкерімдердің көркемдік әлемдері, бір жағынан қазақ жырауларының ақындық эстетикасы өзегі бір, өркені өскен ұлы танымдық құбылыстың қалтарыстарын жалғастырып, халықтық көркемдік-эстетикалық ғаламның ғажайып кең де берік ауқымын бедерлейді. Ол үрдіс қазақ халқының рухани тарихының да өн бойын көктей өткен әлеуетті көркемдік құбылыс. Сондықтан да, әрбір мәтел-мақалдан бастап, кесек-кесек әдеби-эстетикалық өзекті арналарға дейін тұтастықта қарап, оның көркемдік-танымдық заңдылықтарын талдау арқылы ұлттық болмыс ерекшеліктерін саралау, сонымен бірге жалпы адамзаттық өркениет өріндегі қазақ мәдениеті мен әдебиетінің өміршең сипаттарын санаға сіңіру әдебиеттанудың көкжиегін кеңейтіп, әдебиет тарихының маңызын бұрынғыдан да күшейте түсері күмәнсіз. Әдебиет мұраларын тек қана әдеби туынды деп қана қараудың біршама тарөрістілік байқататынын кейінгі кезеңдердегі ізденістер жиірек аңғартты. Түркі мәдениетінің тарихында, қазақ мәдениетінің тарихи заңдылықтарында әдеби мұралар әрі әдебиет, әрі тарих пен философия, әрі этнологиялық сипаттарды қоса білдіретін рухани қордалану көзі секілді екендігі ақиқат. Оған ежелгі түркі әдеби мұраларын әр қырынан келіп игерудің нышандары айғақ. Сондықтан да ежелгі дәуірлердегі қазақ әдебиетінің қайнар көздерін, бастау бұлақтарын зерттеп, зерделегенде сол замандағы әдеби туындылардың осындай көпқырлылығын да ескеру қажеттігі туды. Сол көпқырлы сипаттардың қай-қайсысы да әдеби туындының төл қасиеттері ретінде талданып, сол заманғы рухани болмысымыздың табиғатын таратып танытуы тиіс. Нәтижесінде әдебиеттің танымдық тегеуіріні барынша күшейіп, қоғамдық-тарихи сымбаты бедерлене түспек. Әдебиеттің халық тарихының өзекті тармағы ретіндегі қызметі айқындалып, қоғам тіршілігіне жақындығы оған өзгеше өміршеңдік берекет береді. Ежелгі әдебиеттің көркемдік жүйесі аса күрделі, халықтық сананың жарқын құбылыстарын даралай танытатын жүйелі таным дүниесі. Қазақ әдебиеті де сол рухани үрдістің мәуелі өлкесі. Оның көркемдік жүйесінің заңдылықтары ежелгі түркі өркениеті әлеміне, одан әрі антикалық дәуірдің эстетикалық күретамырларына ұластырады. Оның үстіне қазақ даласындағы ежелгі түркі мұралары өзінің болмыс-бітімімен ежелгі түркі өркениетінің шоқтықты биіктеріне мегзейді. Ежелгі әдебиет тынысынан қазақ сахарасының тарихындағы күллі шығысқа қанаттасып, үнді, иран-парсы тарапына қойындасып, алып Азияның қойнау-қойнауына үн қосқан ұлы рухани әлемнің иранбағын сезінгендей боламыз. Қазақ әдебиетінің көркемдік-рухани тарихы бізге жеткен ежелгі әдеби ескерткіштер арқылы сондайлық құнарлы қасиеттерімен тереңдей түскен. Зерттеу жұмысында нақты әдеби мұраларды талдау арқылы, олардың казақ әдебиетіне ұласқан көркемдік жүйесін желілеу арқылы осы үрдісті тарихи құбылысты әдебиет заңдылықтары тұрғысынан сараптай түсуге талап жасалды. Ежелгі дәуірлердегі қазақ әдебиетінің көркемдік жүйесін көне түркі ескерткіштерімен етене бірлікте қарастырып, тарихи кезеңдердегі көркем ойдың жаратылысын саралап тану қазіргі таңдағы қазақ әдебиеттану ғылымы үшін өзгеше өркенді арна. Ежелгі қазақ әдебиетінің көркемдік таным жүйесінің эволюциясы тек әдеби үрдістің тынысын ғана ашып қоймайды, сонымен қатар ұлтымыздың тарихи көркем санасының күретамырларын анықтап, ұлттық танымның ғасырлар тереңіндегі терең тамырларына жалғастырмақ.
Қазіргі қазақ әдебиетінің көркемдік, тарихи проблемаларын да сол ежелгі дәуірлер туындыларындағы шеберлік, поэтика, этнологиялық жаратылыс ерекшеліктерімен жалғастықта тереңірек тұжырымдай түсеміз. Ежелгі дәуірлердегі әдебиеттің көркемдік жүйесі мен бітімі өзіндік заңдылығы бар, жалқыдан жалпыға ұласып, тұтас эстетикалық танымдық кеңістікті құрайтын күрделі үрдіс. Оның заңды да жанды ұшқындары кейінгі кезеңдердегі қазақ әдебиетінің классикалық бірегей шығармаларынан көрініс тапқан. Рухани жалғастықта дамыған.
Қазақ тарихы өз тізгінін қолына алды.
Болашақ – өткен тарихты қорыту. Тарих сабақтарына үңілу. Тәжірибе түйіндеп, алдағы даму жолын пайымдау. В. Дрэпер274 "Европада ақыл-ойдың дамуы" атты еңбегінде адам баласы ала-құла туады, өзімен өзі, маңайымен арбасып, таласып-тартысып бірде ілгері, бірде кейін ұмтылып жанталасып бағады, бірақ жаратылыстың ұлы ағысы соның бәрін де өз ырқына ыңғайлап, өз бағытымен алып шығады деген ойды таратып дәлелдеген екен. Түптеп келгенде, тарихтың өзі де осы жаратылыс заңдылығының тегеурінді ағысы. Біздің санамызда "тарихты түзу", "тарихты жасау" деген ұғым атойлап тұрады. Тарихты хронологиялық тәртіппен тізіп шыққан оқиғалар, құбылыстар тізбегі деп ұққандықтан болса керек. Ал, көбінесе, "тарихты жасап", қолдан түзіп келгеніміз шындық. Қолдан жасалған нәрсенің тал бойында кір болмауы мүмкін, бір мін болса, ол – қолдан жасалғандығы. Яғни, кұбылыстардың белгілі қағида, дайын таным үлгісіне қарай іріктеліп, сұрыпталғандығы. Яғни, көңіліміз қалаған, жанымызға жағатын тарихты "қолдан" жасап алатынымыз. Соған иланатынымыз. Ол да тарих. Бірақ тарихты танудан гөрі, тарихты таңдау дегеніміз үйлесіңкірейді. Бізге керегі Тарихты тану. Әдебиет тарихы да сол ұлы тарихтың бір көші. Күні кешегі тарихымыздың өзіне де тарих деп қарамау қате. Біреу қазақ әдебиетінің, оның ішінде қазақ-кеңес әдебиетінің тарихын мойындамас, біреу мойындар. Калай десек те, ол да әдебиетіміздің белгілі кезеңдегі даму жолы. Мансұқ етуге келмейтін тағдыр жолы, даму соқпақтары.
Рас, біржақты, идеологиялық сарынға шырмалған тарих шығар.
Рас, құбылысты кемел қамтуы жағынан мүдірісі көп, жартыкеш тарих шығар.
Қалай дегенмен де тарих қой.
Оның да өз бағасы, лайықты орны бар.
Одан былайғы арғы-бергі әдебиет тарихы, мәдениет тарихы турасында да осыны айтуға әбден болады. Бір сипат анық. Әдебиеттің жаңа тарихына қатысты еңбектердің денінде хронологиялық үлгі басымдық алып келді. Кеңес дәуіріндегі мәдени үрдісті талдау, өмірмен байланыстыра зерделеу негізінен социалистік қоғамның экономикалық, әлеуметтік, шаруашылық белестерімен үйлестіріле қаралып келді. Қоғам, ел өміріндегі "бесжылдықтармен", елеулі кезеңдермен (азамат соғысы, Ұлы Отан соғысы, Ұлы Отан соғысына дейінгі, одан кейінгі, тың көтеру, т.б.) байланыстырылды. Оны әдебиетті өмірмен жақын қауыштыра, бірілікте карау деп сендік. Әйтсе де, әдебиеттің диалектикалық қарымы әлдеқайда терең, әлдеқайда кең еді. Оның бір дәлелі ретінде тарихи кезеңдер қаншама жиі құбылғанымен әдебиеттің ұстындық табиғаты өзгере бермейтінін айтсақ та жеткілікті. Осылар ұғымға ықшам, оңтайлы болғанымен, әдебиет пен өнердің ішкі даму ерекшеліктерін, шығармашылық құпияларын, жалпы көркем шығармашылық үрдістің табиғатын кемел таныта алмаса керек. Жалпы көркемдік заңдылықты парықтағанның өзінде, тұтас әдебиеттің тұтас бір ішкі, қуатты да табиғи өсіп, өрбу жолын саралауға мұршасы бола бермесе керек. Хронологиялық тізбе – жылнамашылдықтың, тарихшылықтың әліппесі, шарты. Ол да заңдылық. Әдебиеттің одан да тереңге тартатын қасиеті күшті. Әйткенмен, сол тарихтың аясындағы мәдени - эстетикалық мектептің шығармашылық құбылыс ретіндегі заңдылықтары үнемі тереңдей талданып, нақтылай сараланып келді дегенді кесіп айта алмаймыз. Әдебиеттің тарихы – эстетикалық талғамның тарихы. Әдебиет пен өнердің, көркемдік дүниетанымның өзекті арналары /тірнек өнері, көрнек өнері/,275 олардың ұлттық, эстетикалық топырағы, жаратылысы, жалпы көркемдік табиғаты әрі танымдық, әрі тарихи категория. Сол көркемдік заңдылықтары мен шарттары даму үрдісімен астастырыла зерделеніп, мерзім іздерімен жарыса толысып, жалпы ұлт тарихының толымды көрінісін түзбегі ләзім. Халықтың тарихи сабақтарының көркемдік күретамырларын үзбей, жаратылыспен жарастықта жанды ағза күйінде жеткізбегі шарт. Мәселен, сарындама саласындағы (салт сөзі, ғұрып сөзі, қалып сөзі)276 дарынды сөздердің әр кезеңдегі даму ерекшеліктерін, көркемдік болмысын саралау халық жан-дүниесінің, көркемдік, даналық толғамдардың тарихын соны қырларынан аша түсер еді. Ел ел болған ықылым замандардан адам баласымен бірге жасасып, бірге жарасып келе жатқан сарындаманы, діндар сөзді /ділмәр сөз, мысал сөз, жоқтау, хикаят, марқайыс толғауы, т.б./ барынша танып болдық десек те, түрлі тарихи кезеңдердегі сипат, бітім, көркемдік айшықтары мен түзілу ерекшеліктері, түзілу заңдылықтары қаншама?! Мақал-мәтел, қанатты сөз, теңеулердің, бейнелі сөздің, өлең сөздің тарихы – ел тарихын, әдебиеттің тарихын ішінен нұрландыратын нәрлі түйіндер. Әдебиет шығармаларының негізгі көркемдік белгі, сипаттары да солар арқылы түзілмек. Әдетте, қарапайым теңеу, балама, кейіптеу дегендердің өзі белгілі бір кезеңнен, кезден басталғандай болады да тұрады. Әдебиет әдебиет болғалы сол сипат басты қасиет саналып келеді. Өткен ғасырлардағы рухани күретамырларымыздың лүпіліндей әдеби, мәдени шығармалардан тарих деректерін де тауып, өркениет өрнектерін де танып, кей-кейде жанрлық аражігін де айырып қаламыз. Қызық та, мәнді, қисынды құбылыс. Өте ерте, ықылым замандардан бізге жеткен ескерткіштердің ерекше қасиеті де сол құбылыс жұмбақтарын ұрпақ санасына жеткізетіндігі. Сол тарихи-мәдени ескерткіштер арқылы бүтін бір өркениеттің заңдылықтары, бүтін бір ұлыстың, халықтың рухани әлемі танылмақ. Дүниетанымы қандай? Арман, мүддесі не еді? Табиғаты қандай? Нені қастер тұтқан, неден тіксінген? Бәлкім сол ежелгі дәуір деп отырған кезеңнің өзі бүгінгі өркениеттің бастау арнасы емес, одан да әріден тамыр байлаған өсіп-өркендеу үрдісінің бір белесі ғана шығар. Әдеби-мәдени мұраларды осындай көзқарас тұрғысынан талдап-таразылай түсу әдебиеттің мәңгілік қасиет белгілерін, әдебиет ретіндегі түпкілікті тінін анықтайды. Бір ғана балама, теңеудің тарихилығы арқылы халықтың таным құнары, өнердің ішкі қуаты көрінеді. Сонау, ежелгі түрк заманындағы көркемдік сөз саптау үлгілерінің араға ондаған ғасырлар салып барып, бүгінгі шығармалардан бой көрсетуін калай түсіндіреміз, Осыдан он ғасыр, он бес-жиырма ғасыр бұрынғы таным заңдылықтарының, ұғымдардың, ойлау категорияларының қазіргі ұлттық танымның шартты тұғырларындай байқалатынына не дейміз?! Әдетте ұлттық әдебиет, халықтық әдебиет деп жатамыз. Ал, сол ұлттық әдебиеттің, ұлттық мәдениеттің бедерлі де берік белгілерін де көне заман ескерткіштері арқылы шынайы пайымдаймыз. Күретамыр лүпілі содан басталады. Дүниені эстетикалық көзқарас тұрғысынан танып пайымдау, әдебиет пен өнер атты шынайы ақиқат суреттерінің, көркемдік-эстетикалық үлгілерінің, поэтикалық өзектерінің тарихи кезеңдердегі табиғатын ашып, көркемдік құпияларының заңдылықтарын түзу – туған әдебиетімізде жете тұжырымдалып үлгірмеген тарихи да теориялық мәселе. Бұл жерде біз ежелгі түрк әдеби мұралары мен классикалық қазақ әдебиетіне жалғасатын даму үрдісін, әсіресе, өте-мөте, қарахандар әулетінің дәуірінде туған ірі ақындық, ғылыми, теологиялық әдебиеттерден байқалып, бүгінгі исі түрік мәдениетіне ұласатын сипаттарды айтып отырмыз. Әдебиет – қоғам тарихы, адам тарихы. Әдебиетті мансұқ көру – қоғамды тәркілеу. Әдебиеттің өмірдің өзіндей үнемі жұмбақ, құдіретті күйде қала беретін ішкі зандылықтарын, тіршілік көздерін аша түсу, зерделеп түсіне беру ұлттың рухани тәжірибесін зерттеудің ұлы үрдісі. Ұлттың жан-дүние қайнарларын ашып, рухани жаратылысын парықтаудың әліппесі. Қазақ мәдениетінің, әдебиетінің топырағы бір бастау арнасы – ежелгі түрк дәуіріндегі өркениет мұралары. Ол дәуірді қанша алыстатып, перделегенмен дүниежүзіне әйгілі түрктанушы ғалымдар, мамандар, қазақ зиялылары әркез тиісті дәрежеде көңіл қойып, зерттеп, тұтас бір рухани даму өзегін үзбей жалғастырып отырды. Көптеген зерттеу еңбектер жарық көрді. Бір кезеңде, "пантүркілік бағыт" деген желеумен тежеліп калған бұл ғылыми бағыт соңғы жиырма-отыз жылда қайта жанданып, жаңғырып соны өріске шықты. Көкжиегін кеңейтті. Тегеуіріні артты. Заманында, сол бір саяси астармен жүргізілген "пантүркілікке" қарсылық күллі әдеби, мәдени, ғылыми даму жолына көлеңкесін түсірді. Исі түркке қатыстының бәріне тыйым салу деген көрсоқыр наным-сенімге ұласты. Қалай дегенмен, қазақ ұлттық әдебиетінің, жалпы түрк тектес ұлыстардың бәрінің әдебиеті мен тілінің төркіні, өсіп-өнген алтын бесік, қара шаңырағы түрік мәдениетінің топырағы деген қорытынды ғылыми тұжырым ретінде шексіз еді. Ол әлдеқашанғы ақиқат. Осы мақсатта тілтану саласында да, археология мен этнография аумағында да, әдебиет пен өнер, жалпы этнология тұрғысында да бұлтартпас қорытындылар жасалды. Әрине, белгілі бір ғылыми болжамдар, талдаулар, тұжырымдар төңірегінде кереғар пікірлер, қилы-қилы қисынды ой-толғамдар, қарама-қайшы көзқарастар кездеседі. Ол – ғылым табиғаты, ғылым тіршілігінің тынысы. Ондай пікірлерді тізіп, төрелік айту біздің міндетімізге жатпайды. Біз ежелгі түрік ескерткіштерін зерттеп саралау кезінде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің құнарлы топырағының қымбат қасиеттеріне қаныға түсеміз. Кейінгі ғасырларда біршама даралана бой түзеп, оқшау биіктерін түзген қазақ көркем сөзінің, қазақ өлеңі мен өнерінің бай рухы мен тынысты жігерінің тегін түйсінеміз. Қазақ елінің тарихи санасының төркінін танимыз. Біртуар Құлтегін, Тонықұқ, Өнгүн ескерткіштерінің бірегей бітімі мен шығыс өркениетінің ғылыми таным, ілім дүниесінің ғажайып биік бітімі әл-Фараби мектебінің, одан кейінгі ғылыми зерделеу өлкесінде іргелерін биік көтерген Жүсіп Хас Қажыб Баласағұн, Махмұт Қашқари мен классикалық қазақ әдебиетінің, яғни тарих сахнасындағы тау-тау құбылыстардың рух бірлігінің бедерлі белгілерін аңғарамыз. Бір-біріне әсте ұқсамайтын құбылыстар, ғасырдан ғасырға ұласса да бірінен біріне адаспай, жаңылмай жалғасқан поэтика тектестігі. Поэтиканың тарихи құбылыстары. Бұл, әсіресе, ежелгі дәуірдің бір белесі Х-ХІІ ғасырлар тұсындағы, қарахандар әулетінің дәуірлеп тұрған заманындағы Жүсіп Баласағұнның "Құтадғу біліг", Махмұт Қашқаридың "Диуани лұғат-ит-түрік" сынды шығармаларында, т.б. әйгілі еңбектерде айқын бедерлі білінеді деп ойлаймыз. Казіргі еліміз тәуелсіздік алып, дербес даму жолына түскен кезеңде ежелгі дәуірлердегі ұлттық мәдениетіміз бен рухани жан-дүниеміздің күретамырлары саналатын асыл тұғырлы ескерткіштерге халықтық мүдде тұрғысынан жаңаша қарай бастадық. Тарих қойнауларында жатқан алтын көмбелерді аршып, танып, талдап ұлттық тарихымыздың нақты тарихи деректері, құжаттары ретінде ұсыну енді-енді байсалды ғылыми бағыт ала түсті. Ал, қазақ сахарасына етене жақын ондай қымбат қазыналар баршылық. Ежелгі түркі дәуірлерінің өзінде қазіргі қазак халқының парасат-пайымын қалыптастырып, рухани түп-тегін саралайтын талантты да өлмес мұралар жасалған. "XІ ғасырда өмір сүрген Баласағұн сол дәуірдің аса маңызды әдеби ескерткіштерінің бірі әрі бірегейі - "Құтты білік (Құт дарытатын білім)" еңбегін жазды. Ол Орталық Азиядағы түркі тілдес халықтар әдебиетінің бізге дейін жеткен тұңғыш туындысы" болса, "Махмұт Қашқаридың "Диуани лұғат-ит-түрк (Түркі сөздерінің жинағы)" атты еңбегінің де құндылығы өте жоғары. Бұл еңбек тіл білімі тарихына орасан зор үлес қосып қана қойған жоқ, сонымен қатар түркі тілдес халықтардың тұрмысының, мінез-құлқының тарихынан мол мағлұмат беретін баға жетпес ескерткішке айналды. Ол, соңдай-ақ, орта ғасырдағы табиғи жаратылыс жөніндегі ғылыми көзқарастан да хабардар етеді."277 Осынау екі үлкен еңбек сол кездегі поэтика дәстүрін, ғылым тәжірибесін бойына кемел сіңірген ұлы ескерткіштер. Тарихта қарахандар дәуірі деген атпен белгілі бұл кезең /840-1212 ж.ж./ түрік даласындағы өркениеттің түйінді биігі іспетті. Дәл осы кезеңде мемлекеттілік гүлденіп, өркениет шалқыды. Екінші жағынан ислам діні тұран жұртына дендеп ене бастаған, тарала түскен тұс. Қарахандар мәдениетінде елдік түзу, мемлекеттік, қоғамдық ойды идеология деңгейінде өрістету секілді айқын бағыттар таланттылықпен көрінеді. Қарахандар әулеті, мемлекеті жөнінде В.В.Григорьев, В.В.Бартольд, С.Г.Кляшторный, О.Притсак, С.Е.Малов, А.А.Валитова, т.б. байсалды еңбектері мәлім. Қарахандар дәуірі жөніндегі ілгерілі-кейінді жазылған еңбектерге сүйене отырып түйген ойымызды баспа, баспасөз беттерінде кезінде жариялаған едік. (Қараңыз: Ж.Баласағұн "Құтты білік". А., 1986 ж., Бірінші басылымның алғысөзінде; Ж.Баласағұн "Құтты білік". Пекин, 1989 ж., екінші басылымның кіріспесінде; Ж.Баласағұн "Құтты білік", А., 1997 ж., үшінші басылымның алғысөзінде; М.Қашқари. Түрік сөздігі. Үш томдық. А., 1997 ж., бірінші басылымның алғысөзінде; "Құтадғу білік" /XІ ғ./, "Жұлдыз" журналы, 1996 ж., №3, т.б.) Сондай-ақ, қарахандар дәуірі жөнінде академиялық тарихи еңбектерде жеткілікті айтылғандықтан қайталап түсіндіріп жатпаймыз. Қарахандар дәуірі – түрік өркениетінде елеулі қызмет атқарған дәуір, Ж.Баласағұн мен М.Қашқари – сол заманда өмір сүріп, өлмес ескерткіштер қалдырған хәкімдер. Ежелгі түрік ескерткіштерінің әдеби мұраларының ішкі көркемдік сымбаты, поэтикасының тарихилығы ұлттық көркемдік дүниетанымның тұтас бір кезеңінің жаратылысын көзге тосады. Бұл екі ұлы еңбекті бөле-жара даралап айтуымыздың бірнеше дәлелді себебі бар. Осы екі шығармадан (бірі поэзиялық, бірі ғылыми әмбебап сөздік) сол дәуірдегі жазу өнері бар кемелді келбетімен көрінеді. Олардың поэтикалық бітімі мен ғылыми жаратылысы барынша салмақты, дәстүрлі түрде түзілген. Көркемдік таным мен ғылыми зерделілік сипаты да осыларда айқын. Әрі, эстетикалық таным, дүниетаным ерекшеліктері хақында да тұжырымдар түюге болады. Оның үстіне, екі шығарма да күллі түрк дүниесіндегі бізге жеткен ескерткіштердің ішіндегі аса білікті де бітімді, көлем жағынан да ауқымды дүниелері. Көркемдік таным дәстүріне келсек, бергі Сүлеймен Бақырғани, Ахмет Йүгінеки, Қожа Ахмет Йасауи, Заһириддин Бабыр, арғы Орхон-Енесай, әл-Фараби тараптарымен, ғұндар заманындағы тарихи дастандармен тамырластығы берік. Осындай әдеби-мәдени ескерткіштердің көркемдік ерекшеліктерін, поэтикасының тарихилық арналарын, эстетикалық таным жүйесіндегі бірегей дәстүрін парықтау ұлттық көркемдік танымды да байыта түседі. Тарихи сана, ұлттық таным сынды ұғымдардың мәні қазір артты. Тарихи сананың деңгейі – ұлттың таным қуатының кернеуі десе де сиып тұр. Ал, тарихи сана тарих сабақтарын шынайы жете біліп, ұлттық болмысты сол тарихи күрделі кезеңдер үстінде тану аркылы қалыптасса керек. Тарихи сана - тарихшылдық емес. Тарихи сана – ұлттық сананың ұлы тәжірибесі. Сөз өнерін, ғылым білімді, көркемөнердің қай түрін де, қоғамдық құрылысты, саясат пен социологияны, жалпы ұлт, қоғам тірлігіне қатысты ілім мен тәжірибе атаулыны сараптай отырып сүзілген таным құнары. Бұл зерттеуде қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясына қатысты өзекті эстетикалық, поэтикалық терең тамырлы арналарды қарастыра келіп, поэтикалық таным жүйесінің белгілі бір зандылықтары мен шарттарын талдап көрсетуге ұмтылдық. Ежелгі түрк әдебиетінің мұралары өсіп-өнген рухани топырақ ретінде алынды. Сол арқылы қазақ әдебиетінің, қазақтың көркемдік ойының түп-тегін, гносеологиялық негіздерін танытуға тырыстық. Поэтиканың тарихилығы – әдеби-эстетикалық дүниетаным мектебінің дәстүр белгісі. Бір жағынан, тұтас бір халықтың дүниеге, болмысқа эстетикалық қарым-қатынасының ғасырлар бойы жинақталып, сұрыпталған күрделі заңдылықтары. Тарихи поэтика арқылы қазақ әдебиетінің тарихи мәртебесі айқындалады. Қазақ елінің рухани дүниесінің әлемдік даму үрдісіндегі көкжиектері көрінеді. Әдебиетті халықтың этногенетикалық даму желісінен бөліп қарау толымды болмас еді. Әдебиет тарихы мен теориясын тек қана әдеби талдаулар мен әдеби материалдар аясында қарастыру мәселесі ендігі жерде біртіндеп өріс кеңейтіп, ұлттың мәдени, лингвистикалық, антропологиялық генезисіне орай тереңдете зерттеліп, этногенетикалық барлау, болжамдарға іш тарта бастады. Мұндай үрдіс ұлттың тегіне, тектілігіне тікелей қатысы бар ғылым салаларының бірін-бірі байытуына, сонымен бірге әр саланың өзінше даралана тереңдей түсуіне игілікті ықпал жасайды. Сондай-ақ, ендігі кезеңде ежелгі түрк әдеби мұраларының қазіргі түрк тілдес әдебиеттерге ұласуы үрдісін, рухани мәдениеттің генезисі мен трансформациясы мәселелерін зерттеп зерделеуге құлшыныс артқан тұста әдебиетті этногенез өрісінде пайымдау қажеттігі туады. Оған бір жағынан ежелгі түркі жазба мұраларының ғылыми тұрғыдағы көп қырлылық сипаты себеп болса, екінші жағынан қазақ әдебиетінің өзінің күрделі қалыптасу, даму кезеңдері, қазақ әдебиетінің түп-тамырының әмбебап сипаты да соған мегзейді. Бұл жерде әдебиеттің, сөз өнерінің қазақ ұлтының рухани дүниесіндегі өнералдылық қасиетін еске сала кеткен орынды. Әдеби мұралардың қазақ тарихына, ұлттық философияға, этникалық мәдениеттің басқа да сан түріне қатысты арқа сүйер бірден-бір мол әрі құнарлы қазына болып қалғандығын да естен шығармаймыз. Профессор Кемел Ақышев "Қазақтардың дәстүрлі мәдениетінің шығу тегі жөнінде" деген зерттеу мақаласында қазақ халқы, қазақ этномәдениетінің түп тамыры туралы ой толғай отырып: "оның үстіне антропологиялық түр, тіл, дәстүрлі материалдық және рухани мәдениет халықтың (қазақ халқының – А.Е.) атауының өзі пайда болған кезден көп бұрын қалыптасты. Тұтас бір этногенетикалық үрдісті түзген көптеген құрамдас бөліктердің ішінен этносты анықтап, белгілеп беретін белгілердің кесек-кесек, күрделі құрылымдарын бөліп алып көрсетуге болады"278 – деп тұжырымдайды. Сол құрылымдардың кешенді түрі, күрделі бөлігі – әдебиет, әдеби материалдар. Осы тұрғыда да ұлттық әдебиетіміздің түп-төркініне барлау жасау, ежелгі әдебиет поэтикасының кейінгі тектес әдебиеттердің даму үрдісінде трансформациялануы ғылыми сипаты өзгеше көркемдік таным заңдылығы. Ол бір жағынан әдебиеттің даму заңдылықтарын саралауға бастаса, екінші жағынан жаңа дәуірлерде түрленіп, түлеп барып шыққан ұлттық әдебиеттердің пайда болу, қалыптасып, ежелгі рухани дәстүрлерді жалғастыру үрдісін жүйелеуге мүмкіндік береді. Казақ әдебиеті үшін ондай алтын бесік, асыл тұғыр ежелгі түркі мәдениеті, ежелгі түркі әдебиеті екендігі мәлім. Сондай-ақ, әдеби мұралардың поэтикалық сымбаты, олардың жаңа ұлттық әдебиеттерде түлеп-түрленуі өзгеше күрделі шығармашылық жол. Поэтиканың тарихилығы жалпы рухани, мәдени даму құбылыстарының көптеген ғылыми дәйегі мол, жұмбақ қалтарыстарын ашып береді.
1. КАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ЕЖЕЛГІ ДӘУІРІ:
ПОЭТИКАНЫҢ ТАРИХИЛЫҒЫ
КӨРКЕМДІК ТАНЫМ ТІНІ. КӨРКЕМ СӨЗДІҢ ТАРИХИЛЫҒЫ. РУХАНИ КҮРЕТАМЫР. ПОЭТИКАНЫҢ ТАРИХИЛЫҒЫ
Тәуелсіздікке қол жеткізіп, егемен ел болғалы әлеумет басынан өтіп жатқан жаңғыру үрдісі әдебиет пен мәдениетіміздің де сипат, бітіміне өзгеріс әкелді. Хас асылдың мәртебесі бұрынғыдан да салиқалы, салмақты бола түсті. Қайсыбір кезеңдік ұғымдар, нанымдар көмескі тартты. Даму, өрісі жаңғыру заңдылығы түпкі табиғи арнасын тапты. Тарихи өзегін, өркенді күретамырын іздеді. Тарих пен әдебиет, қоғамдық-әлеуметтік даму мен рухани қазына қайнаулары қайта қауышты. Әсіресе, қазақ қауымының ғылымы мен мәдениеті үшін бұл ерекше құбылыс. Тарих пен әдебиет бірін-бірі іздеді, бірін-бірі толықтырды, бірін-бірі тазартты, бірін-бірі байытты. Қазақ елінің тарихы мен мәдениеті өзінің ғана емес, қазақтың түп-тегін барлауға ден қойды Ежелгі мәдени, әдеби ескерткіштердің мәні артты, ұлттық этнологияға қатысты деректерді сол әдеби, мәдени мұра беттерінен таптық. Ежелгі атаулының бәрі "ескі, ескішілдік" деген сарыннан тез арылдық. Ұлттық жан-жүйе, ұлттық әдебиет, жалпы ұлттық кенеуін сырт көрінісінен талғап үйренген жұрт, көне мұра, ежелгі мәдени ескерткіштерден салмақты хәм салиқалы сырлар түйді. Мемлекеттілік құрудың, елдік түзудің рухани, тарихи сабақтарын барлау барынша тереңдеді. Ендігі жерде "қазақ" сөзінің этимологиясы арқылы ғана қазақ халқының тарихын анықтау "тәсілінің" тарөрістілігі анық байқалып отыр. Осыншама байтақтағы ұлттың ұлы дәстүр, үлкен өркенді өркениеттен өгейсіп өтуі мүмкін емес еді. Сүргінге түскен ұлттық рух оянды. Өткенді де іздеді, кеткенді де іздеді. Келешекке де құлшынды. Тарихи сананың көмескі көлеңкелеріне сәуле таратты. Көзге тосты. Жаңа оянған тарихи сананың ұйқылы-ояу таңдану сәтінен де арылғандаймыз. Күн көтерілді, көк ашылды, көкжиек кеңейді. Енді көп дүниені көзбен көріп, қолмен ұстап байқау қажеттігі туды. Аңыздан ақиқатқа аттау шарт. Даму шарты, таным шарты. Елдік шарт. Қазақ халқының түп-төркіні. Қазақ тілінің бастау көздері. Қазақ мәдениетінің түпқазығы. Қазіргі кезеңдегі ұлттық қоғамдық ой-сананың қайта өрлеу, жаңғыру заңдылықтары. Еліміздің ежелгі тарихы мен жаңа тарихының өзекті байланыстары, жұлын өзегінің тұтастығы. Осы секілді сан-алуан, сан қырлы, түптеп келгенде тұтас, тұғыры бір рухани тұтастықты танытатын ғылыми мәні терең мәселелерге жаңаша барлау жасалуда. Қазақ ғылымы бұл орайда соңғы жылдардың ішінде ғана көптеген зерттеулер мен болжамдардың, талдаулар мен сипаттаулардың, қаншама оқырмандар қолына тиген еңбектердің куәсі болды. Жалпы қазақ халқының тарихи болмыс-бітімі ғылыми таным, тарихи сана сараптауларынан өтіп жатқаны анық. Сондықтан да, қадау-қадау жеке салалар сорабын танытқанымен, рухани дүниенің саналуан сипаты, сан қырлы құбылыстары түптің түбінде бір желіге тартылып, бір тектілікті түзеді. Тәуелсіздік қазақ жұртының тарихи санасы мен танымына да еркіндік әкелді. Тарихи даму үрдісі де өрелі өрісін тауып, көш-керуенін түзей түсті. Жібек жолын тарихи деректен гөрі, тарихи жұлын-жүйке өзегі деуге сияды. Ежелгі өркениет тұғырларына зер салу ғылыми-танымдық көкжиектен әрі шығандап шығып, қоғамдық, мемлекеттік мәнге ие болды. Әдебиеттің өткенін болжап, тарихты талдау елдік, ұлттық қасиеттерімізді парықтаудың ең бір өзекті жолына айналды. Тарихи даму үрдісі өзінің сабырлы да тегеуірінді арнасынан адаспапты. Үнемі өршеленіп өрге жүгіретін үдемелі даму жолы деп қарайтынымыз, бүгініміз кешеден көшілгері түсуге міндетті деген наным үстірттік секілді. Тарихтың жөні де, жолы да бөлек. Өзгеше даму заңдылығы, өзгеше жаратылыс табиғаты. Ұлттың тағдыры міндетті түрде белгілі бір күннен белгілі бір жылдан бері ғана басталмағы шарт деген үзілді-кесілді кесімді үкімнен ел санасы енді айыға бастағандай. Мәдениет, әдебиет те белгілі бір "кезеңнен" бері таратылып, "дәуірленіп" отырды. Мәселен, қазақ әдебиеті, қала берді қазақ тілі, қазақтың көркемдік-эстетикалық таным әлемі Қазақ хандығы шаңырақ көтерген сәттен бері "пайда болды" дейтініміз секілді. Бұл танымдық шарттылықтардың қаншалықты дәйекті-дәйексіздігін ежіктеп жатпаймыз. Ол біздің алға койған басты мақсатымызға қосылмайды. Бәлкім, там-тұмдап кеміктеп сіңірудің де өзіндік жақсылығы бар шығар. Әйтеуір қазақ тілі бір күнде туып, қазақ әдебиеті белгілі бір күні жаратыла қалмағаны бесенеден белгілі жай. Бұларды бажайлау толып жатқан елдік мүддені қуған институттар мен танымдық, (тарихи, философиялық, социологиялық) ғылыми құрылымдардың төл ісі. Қалай дегенде де, "қазақ" ұғымындағы ұлан-ғайыр бүтін аймақты алып жатқан ұлт бір күнде пайда болып, бір жылда жылнама бастай салмағаны ақиқат. Осыларды ойласақ, дамудың шексіз де шекарасыз жайлауына шыға бересіз. Қазақы танымға осы жайлаудың, сана сахарасының бұла еркіндіктің дәл бүгін қажет болып тұрғандығы да кідіксіз. Соңғы бес-он жылдың аясында қазақтың таным дүниесі көне ғасырлар қойнауына тереңдеп бойлап кетті. Бұл – даму заңдылығы. Әрі түрлі бағытта тарамдала жүргізілуде. Арғы-бергі тарихи әдебиеттер, евроцентристік сипаттағы мұралар, Батыс, Шығыс, Таяу шығыс, Азия табалдырығы орайындағы түп-тегімізге қатысты дүниелердің бәрі шама-шарқымызша ой елегінен өткізілуде. Қазақ ру таңбалары мен сонау жапон жазуларының, көне түркі таңба жазуларының, сына жазулардың алыстан шарпысатын елестерін пайымдау да түбі бір нақты жемісін беретін ізденістер секілді сезіледі. Осындай дүниетанымдық құбылыстардың заңдылықтарын парықтау да халықтың генеологиялық түп-тамырын тереңнен тартатын керекті іс.
Қазақ зиялылары бұрын да қазір де негізгі тарихи танымдық тұғыр ретінде әдеби-мәдени ескерткіштерді қарастырып келеді. Ол тек казақ коғамдық ойына ғана емес, жалпы дүние өркениетіне тән заңдылық. Оған батыс, шығыс мәдениетінен мысалдарды көптеп келтіруге әбден болады. Ал, түркі дүниесінің ежелгі мәдени ескерткіштерін күллі Европа ориенталистерінің ғасырлар бойы сұқтана зерттеуі құр әуестік емес. Тек қана ғылыми көкейтесті жанкештілік деп те үзілді-кесілді айта алмаймыз. Көне түркінің тұтас дүниесінің әлемді аузына қаратқан тастағы жазуларының жұмбағын талдаған дат ғалымы Томсонның бүйрегінің бір қалтарысында туған мәдениетінің ежелгі бір дерегі шығып қалмас па екен деген азаматтық та һәм шығармашылық әуестік үміттің жылтылдап тұрғаны анық. Ол жөнінде кезінде ғалымның замандастары білдірді де. Табанды ғалым "Тәңір" сөзінің бетін ашып, тас жазудың тілін шешті. Ұшқыр мәдениет адамзаттық мәнге ие болды. Орхон-Енисей таңбаларының әлемдік маңызы әлдеқайда зор еді. Сөйтіп, бір ғана Орхон жазуының бедері мен сыры дүние тарихына талай-талай деректер сыйлады. Оны тарихшы да, философ та, саясаткер де, мемлекет қайраткері де куәгерлікке тартты, ұлы мұра құдіретіне жүгініске түсті.
Қазақ мәдениеті мен әдебиетінде, рухани дүниетанымында соңғы он-он бес жыл бедерінде бұрыннан бар түркітанушылық, түрікшілдік сипат әлдеқайда анық айқын көрініс берді. Бұл ешқандай таңданарлығы жоқ, керісінше даму заңдылығының ақиқат шындығы. Дамудың тарихи жолы тудырған сипат-белгілер. Осынау рухани дүние шындығына жүгінсек, ана тіліміздің де, туған әдебиетіміз бен тарихымыздың да түп-тамыры айқындалып, тұғыры ежелгі дүниелерге бойлап, беки түседі. Бәрін былай қойғанда тексіздіктің теперішінен құтыламыз. Көзіміз ашылады, санамыз жаңғырады. Әйтпегенде, рухани тексіздіктің кәдімгі ұлттың тексіздігімен түп-төркіні бір. Текті тәркілеу — тарих шындығынан қашу. Өзіңнен өзің безіну. Бұрынғы түрк деген өркениет болмағандай, түрк деген рухани-мәдени өріс, дәстүр жоқтай қараған кез кейін қалды. Адамзат қазынасына басқа халықтармен қатар өлмес қазыналар қосқан түрк дүниесі бар. Зия Гөкалып (Мехмет Зия) өзінің әйгілі "Түрікшілдік тарихы" атты еңбегінде екі жайды айрықша атап айтады. Заманында Ататүріктің ұлттық-тарихи көзқарастарына ерекше ықпал жасаған Зия Гөкалып: "Түрктерде жасалған жібек және жүн маталар, кілем, алаша, ағаштан жасалған бұйымдар, кітап түптеп әрі оны безендірушілердің еңбектері, маңғалдар, шамдалдар секілді түрк өнерінің өнімдері Еуропадағы өнерсүйгіштердің назарын ежелден-ақ өзіне аударған еді. Олар (европалықтар) "бұл әсем өнер туындыларын, дүниелерді мыңдаған долларға сатып алып, үйлерінде түрк залын немесе түрк бөлмелерін жасандыратын. Ал, кейбіреулері тіпті бұл бұйымдарды басқа өркенді халықтардың көркемөнер туындыларын жарыстыра көрмелерге қоятын"279, – деп жазады ол еңбегінде. Ғалым бұл қызығушылықты түрікшілдіктің бір ерекшелігі ретінде дәлелдеген. "Европада пайда болған екінші ағым "Түркология" – деп, Ресейдегі, Германиядағы, Венгриядағы, Дания, Франция мен Англиядағы көптеген ғалымдардың, зиялы қауым зерделілерінің ежелгі түрк тарихы мен этнологиясы туралы іргелі зерттеулер жасап қалдырғанын ауызға алады. Ғалым бұндай дәлелдерді түрк мәдениетінің ежелден дамығандығын, түрк өркениетінің терең тамырлы тарихы бар екендігін санаға сіңіре түсу үшін алға тартқандай.
Сонымен бірге түрк мәдениетті мен әдебиетінің, өнерінің томағаланып тұйықта қалып қоймай дүние өркениеті аясында бағаланып, рухани қарым-қатынасты өрістетіп, өзі де байып, өзгені де жан-дүние парасатына кеңелтіп келгенін айғақтайды. Қазақ мәдениетінің табиғатын талдап-сараптай түсу үшін, қазақ халқының болмыс-бітімін бұрынғыдан да байыпты зерделеу үшін оның арғы төркіні түрк дүниесіне тереңдеп барлау жасау қажеттігі туды. Түрк дүниесінің социологиясын, психологиясы мен этнологиясын зерттеу осы мақсаттағы нақты да іргелі ізденістерге айналмақ. Ондай ғылыми байсалды зерделеулер ұлтымыздың әлемдік өркениетке жедел де өз мінезімен қосылуына себепкер болмақ. Бұл орайда тағы да Зия Гөкалптың түрік халқына қарата айтқан мынадай ойларын назарға сала кеткенді жөн көрдік. "Бұрын Түркияда түрік халқының ешқандай маңызды орны жоқ еді. Бүгін бар құқық – түріктікі. Түрік жеріндегі билік – түріктерде. Саясатта, мәдениетте, экономикада билік – түріктерде. Осындай нақты да үлкен түрікшілдікті жүзеге асырған адам – түрікшілдіктің ең ұлы қайраткері. Өйткені қиялдау мен құр насихат, уағыз оңайдың оңайы. Ал, ойдағыны қиялдағаны іске асыру, жемісін көру қиынның қиыны,"280 – дейді ғалым. Өркениеттің заңдылықты шарттарының бірі де адам, қоғам дамуының нақты көріністері екені аян. Ақыл-ойдың мәуесі, заңды жемісі. Былайша айтқанда қоғамның, өндірістің, ақыл-ой, білім-парасаттың үйлесімді дамуы, белгілі бір кезеңдегі самғау биігі. Түрік өркениетінің көпқырлы сипаттары да көбінесе, тарихи жағдайларға орай ежелгі әдеби-мәдени жәдігерлерінен, материалдық мәдениетінен, айналып келгенде адамзат мәдениетіне қосқан үлесінен танылмақ. Бұл орайда ежелгі түрк әдебиеті, мәдениеті — түрік өркениетінің күретамыры іспетті. Қырық тармақты ұлт-ұлыстардың рухын көтеріп, тілі мен ділінің өзегі болған түрк өркениетінің асыл мұраларының алдағы күнге ашар жұмбақтары әлі де әлдеқайда көп. Қазақ әдебиеттану, әдебиет тарихы саласындағы ғылыми ізденістер де өзгеше сипатты қасиеттерді тауып, табиғи түрде сіңіре бастары анық. Бұған дейінгі зерделеу талдауларға қарағанда әдеби, мәдени мұраларды тарих, философия, этнология, эстетикалық таным тұрғысынан сабақтастырып, негізгі ғылыми дәйектеме-дерек ретінде қолдану, пайдалану айқын аңғарылады. Әсіресе, тарихшылдық, тарихи таным, дәйектеме ретінде зерттеу ерекше басым. Оның бәрі де заңды ғылыми үрдіс. Әйтсе де, әдеби-мәдени ескерткіштердің әу бастан жаратылған жаратылысы-бітімі бөлек екендігіне шек келтірмеспіз. Әдебиеттану ғылымын ғылыми пән ретінде таразылап, мәртебесін айқындаудың осы тұстағы мәні ерекше бөлек сезіледі. Әдебиеттану, сөзтану ғылымына көзқарастың пәстеу тартып бара жатқандығын жиі-жиі айтатын болдық. Ол рас. Әдебиет мұраларына әдеби шығармалар, әдебиет қазынасы ретінде көзқарас өзгеше түйінді әрі өзекті ғылыми сипатқа көтерілмейінше, әдебиетті парықтап, қастерлеу де әлсірей береді, заман ағымы, нарық пен парық талабы осы. Әрбір кәсіп, мамандық, ғылыми сала біліктілік үстіне бірегейлік мәртебесіне, дербестік сипатқа, қазақша айтқанда тегіне тарта бастады. Бұл біліктілік пен кәсіби тектілік заманында болуға тиісті, даму жолының түйінді құбылысы. Ондай мәртебе қазақ әдебиеттану ғылымына ауадай қажетті. Осы кезеңнің әдебиетану ғылымындағы басым сипаты — ежелгі түрік әдеби-мәдени мұраларының даму ерекшеліктері мен тарихи үрдісіне қазіргі түрік тектес әдебиеттердің ежелгі қалыптасу, даму бастаулары деген методологиялық көзқарастың барынша айқын белеске шығуы. Ежелгі түрк әдебиеті өзінің әр дәуірдегі даму заңдылықтарымен кейінгі барша түркі текті әдебиеттердің өркендеуіне алғышарттар жасады. Болашақ эстетикалық мектептердің дәстүрін қалыптастырды. Ортақ қасиеттер дарытты, рухани тұтастығын көрсетті. Бір географиялық ауқымда пайда болып, сол аяда қалыптасып, дамыған алуан түрлі сан алуан түркі ұлыстарының әдебиеттеріндегі ортақ сипаттар, ортақ заңдылықтар, берік әрі өзгеше бір санқырлы рухани тұтастықты алға тартады. Ежелгі көне түрк әдебиетінің тарихи үрдісінде қарахандар билігіндегі кезеңнің шоқтығы биік. Бұл кезең туралы белгілі ғалым Э.Р.Тенишев былай деп жазды: "ІІІ. Қарахан-ұйғыр (хақан, бұғрахан) әдеби тілі. (Зерттеушінің өз болжамы. – А.Е.) Ұйғыр әдеби тілінен кейін XІ-XІІ ғасырларда қарахандар мемлекетінің аумағында басқа тарихи жағдайларда өзінің әдеби тілі қалыптасты. Қарахандар мемлекеті – Орта Азия тарихындағы мұсылман мәдениетін ұстанған алғашқы мемлекет. Орталығы – Қашқар каласы. Батыс шекарасы Самарқанд пен Бұхараға дейін жеткен. ... Қарахандар әулеті билеген дәуірден Жүсіп Баласағұнның "Құтадғу біліг", Ахмет Иүгнекидің "Хибат-ул-хақайық", Махмұт Кашқаридың "Диуани-лугат-ит-түрк" кітаптары мен Құранның тәпсірі сақталып жетті".281
Қазір де негізінен Қарахандар дәуірінен сақталып қалған осы төрт-бес мұра ғана жақсы мәлім. Басқа да ірілі-ұсақты талай шығармалардың бар екендігін жетемен сезінгенмен, дерек жоқ. Ал, бізге аман жеткен осы төрт-бес әдеби-мәдени ескерткіштің барлығы да бірегей бітімімен, шеберлігімен, көркемдік-танымдық сипатының кемелділігімен дараланады. Қарахандар дәуіріндегі әдеби тілді Жүсіп Баласағұн "бұғрахан тілі" десе, Махмұт Қашкари "хақан тілі" деп атаған. Ахмет Иүгнеки болса "қашғар тілі" деп өзгеше атапты. Қалай дегенде де, осы еңбектерге қарағанның өзінде де қарахандар заманындағы тіл ерекшелігі де, әдеби-мәдени даму заңдылықтары да өзгеше, ерекшелеу оқшауланғанға ұқсайды. Қарахандар әдебиеті өз тұсында кеңінен мәлім, әбден танымал еді, кейінгі кезеңдердегі рухани-мәдени дамуға да әлеуетті ыкпалы қауқарлы болды. Оның бірнеше себебі бар деп білеміз.
Біріншіден, ең бастысы, мұсылман мәдениетінің тегеурінді рухы қоғамдық-әлеуметтік тіршілікті тастүйін бір арнаға бағыттады. Мұсылман дінінің шарттары, мұсылманшылық идеясы жеке адамдардан басталып елдік, мемлекеттік дәрежеде кең құлаш жайды. Ықпалы күшейді. Саяси-әлеуметтік танымға айналды. Екіншіден, араб-парсы әдебиетінің, Орталық Азия әдебиетінің даму жолы, ғылым мен мәдениеттің, философиялық ойдың даму үрдісі өзінің межелі бір биігіне көтерілді. Бүған дейін араб әдебиетіндегі эстетикалық сынның, талдаудың, поэтиканы сараптай зерделеудің теориялық тарамдары Орта Азия, түрк сахарасындағы зайырлы қауымға жақсы мәлім болатын. Үшіншіден, нақ сол төрт-бес ғасыр шегінде түрк империясының дәуірлеу тұсына сай келді.
"VІ ғасырдың орта шенінде-ақ Түрк қағанаты тек Орталық қана емес, Орта Азияда да саяси өмірдің көшбасшысы бола бастаған. Маңғұл тілді қидандар мен түрк-қырғыздар бағындырылған, Орта Азиядағы эфталиттер талкандалған болатын және Кимерилік Боспор жаулап алынған еді. Ал, VІ ғасырдың соңында Түрк қағанаты Византиямен, Иранмен, Кытай империялармен саяси әрі экономикалық қатынаста ыкпалды болды."282 Қарахандар билігінің алдындағы дәл осы кезеңдер түрк ақсүйектерінің, хәкімдерінің ықпалының күшейіп, ырысының артуына қолайлы болды. Қарахандар тұсындағы рухани-мәдени дәуірлеу, арада өткен алауыздықтан батыс, шығыс түріктерінің қағанаттары деп қақ айырылғандығына қарамастан алдыңғы дәуірлі дамудың жалғасы еді. Нақ осы қарахандар дәуіріндегі, одан кейінгі шағатай әдеби тілді әдебиеттің кемеліне жету кезеңі, сол арадағы оғыз-қыпшақ руларының әдеби-мәдени үрдісі қазақ әдебиетінің бертінгі, кейінгі орта ғасырдағы жаңғыру, қайта өрлеу дәуренінің алғышарттары сынды.
Төртіншіден "Құтадғу білік" дастанынан, "Диуани-лұғат-ит-түрк" (Түрік сөздігі) атты сегіз кітапты энциклопедиялық сөздіктен, Құран тәпсірінен, "Ақиқат сыйынан" байқалып тұрғандай рухани-мәдени даму тынысы, ғылым мен әдебиет, ілім мемлекеттік, елдік дәрежеге көтерілді. Мағына байытты.
Қарахандар дәуіріндегі әдеби-мәдени мұралардың барша ерекшеліктері, бітімді белгілері тұтас түркі мәдениетінің үлкен асулы кезеңінің сипаттары ретінде мағлұм. Тарихи-әлеуметтік жағдайларды атамағанның өзінде, түрк дүниесіне мұсылман дінінің ілім ретінде дендеп енуі, әдеби-мәдени туындылардың тууына себепкер болып, туына айналуы осы тұс. Бұл аса елеулі құбылыс, түрк дүниесіндегі жаңа тарихтың бастауындай заман болғандығына күмән жоқ. Сөзіміздің басында әдеби туындыларға әдеби таным, ғылым тұғыры ретінде қарау шарт деген ойды бөле-жара назарға салған едік. Сол орайда қарахандар дәуіріндегі әдебиеттің кейбір поэтикалық меселелері, тарихилығы ақлиқаттық-эстетикалық таным заңдылықтары өз тұсындағы қоғамның да, қауымның да, рухани-әдеби тіршіліктің де көптеген тұжырымды, күрделі тұстарын көзге тосады. Әрі сол әдеби-танымдық ақиқаттар барынша кемел, ілім турасында барынша байсалды, парасатты үлгі танытады. Сондықтан да, кейінгі түркі тектес ұлттар мәдениеті мен әдебиетінде осы заңдылық ұшқындары жұлдыздай жамырап, айқын кейіпте көрінді. Ежелгі түрк әдеби мұраларының ішіндегі ең көлемді, жанрлық түзілім сипаты айқын, талантты да білікті қолдан шыққан "Құтадғу білік" /1069 ж./, "Диуани-лұғат-ит-түрк" /1072 ж./, "Хибат-ул-хақайық" /XІ ғ./ сынды шығармаларда көне дәуір әдебиетінің күллі болмысы көрінеді. Олардың ерте замандардағы фольклор үлгілерімен, халық эстетикасымен қатыстылығы, жалпы көркемдік-шеберлік бітімдері, поэтикасы тұтас бір өркениет заңдылықтарын айқындай түседі. Академик Әлкей Марғұлан жазған "Атам замандарда туған /VІ-ХІІ ғ.ғ./"283 эпостардың өзі де осы ұлы шығармалардың тал бойынан елес беріп өтетіндей. Тіл ерекшеліктері, поэтикалық сымбат-бітімдері, ой, мазмұн, танымдық қасиеттері қазіргі қазақ көркемдік таным дүниесінің тынысына ұштасып жатыр. Осынау ұлы шығармалардың өзекті сипаттарын саралау қазақ әдебиетінің жалпы түрк дүниесі әдеби мұраларының ішкі түйінді заңдылықтарын таратып, тануға мүмкіндік береді.
ПОЭТИКАНЫҢ ТАРИХИЛЫҒЫ
Қарахандар дәуіріндегі белгілі әдеби-тарихи мұралардың көркемдік-эстетикалық қасиеттері, олардың авторларының талғамы мен білімі, таланты жайлы, жалпы қарахандар кезеңіндегі тілдің, философиялық ойдың, руханият әлемінің ерекшеліктері туралы тұжырымды түйіндер баршылық. Олардың бәрі де аталмыш ескерткіштерді әр қырларынан – тілдік-стилистикалық, тарихи-лингвистикалық, поэтикалық, жалпы танымдық, т.б. – талдауға күш салған. Қарахандар әулеті билік құрған дәуір әдебиеті деген атаудың өзі де басқа да бұрын-соңды кездесіп жүрген "кезеңдерге бөлу" секілді шартты ұғым деп қабылдаған жөн. Әрине, ғылымда, тарихта "қарахандар дәуірі, қарахандар әулеті" деген түсінік әлдеқашан "ресми-ғылыми" ортада қалыптасқан. Бірақ, мұндай кезеңдеулер белгілі дәрежеде теориялық сипатта болып келетіні һәммаға аян.
Иә, Жүсіп Баласағұнның "Құтадғу білік" дастаны, Махмұт Қашқаридың "Диуани лұғат-ит-түрк" сөздігі, Ахмет Йүгнәкидің "Хибат-ул-хақайық" жыры, Құранның ежелгі түрк тіліндегі тәпсірі жазылғанға дейін Таяу шығыс, Орта Азия ауқымында Әл-Фараби даналығы, Фирдоусидің "Шахнамасы", даналық тәлімін Бұхарадан бастаған Ибн-Синаның философиялық лирикасы, атақты "Мың бір түн" секілді адамзаттың мәңгілік мұралары кеңінен мағлұм болатын. Декартқа дейін 6 ғасыр бұрын "Ишаратында": "Мен ойлайды екенмін, яғни тірі екендігім" – деген Ибн-Синаның тұлғасы дүниеге аян. Сол тұста араб дүниесінде басқару өнерін паш еткен "Саясатнама" және "Сандыбаднама", "Кобыснама" сияқты асыл туындылар мәлім бола түсті. Отыз томдық "Тарихи-әл-Нәсір" (оның "Тарихи-Масуди" атты кейбір тараулары ғана сақталып, біздің заманға жеткен) шежіресі жазылды.
Жүсіп Баласағұн "Құтты біліктің" кіріспесіндегі 73-бәйітте:
Кітаптар көп арабша да, тәжікше,
Біздің тілде бұл жалғыз-ақ әзірше.284
Тек білікті білер мұның құрметін,
Ақылды ұғар ақыл-ойдың қымбатын, –
деп толғағанда да осыны мегзесе керек.
"Құтадғу білік" сынды жаратылысынан шымыр да ұшқыр, ақлиқаттық ақылман дастанның жанрлық түзілімі жайлы толғамдардың бастауында осындай эстетикалық-танымдық, әдеби дәстүр өзектері тұрғаны күмәнсіз. "Құтадғу білік", "Диуани лұғат-ит-түрк" секілді жоғары мәдениетті шығармаларға келгенде "Шахнама" тағдыры мен бітіміне қатысты қайсыбір деректерді жаңғырта ауызға алуға тура келеді. Осы орайда "Шахнама" дастанына қатысты кейбір деректерді еске сала кеткеніміз жөн. Фирдоуси шығармасынан көп бұрын мифологияға, тарихи батырлық дастан аңыздарға, ұлы патшалардың қаһармандық өмір оқиғаларына негізделген Шахнама, яғни падишахтар жайлы кітаптар болғаны мәлім. Ол әртүрлі аңыз, хикаялардан түзіліп, ерлікті, елдікті пәш етіп отырған. Сондай бірнеше кітаптардың ішінде, бізге жетпеген әйгілі төрт "Шахнама" бар. Ол, қарасөзбен жазылған Әбу-л-Муайда Балқының /963 ж./ "Шахнамасы", Әбу-Әли-Мұхамед ибн Ахмет Балқының "Шахнамасы", 966 жылға дейін түзілген Мәсуди-Мәрвәзидің "Шахнамасы" мен 957 жылы Мансұрға арналып жазылған "Мансұрдың Шахнамасы". Осы соңғы туындыны Фирдоуси өз дастанында пайдаланған. Бізге сақталып жеткен "Мансұрдың Шахнамасына" арналған кіріспеден парсы тіліндегі айшықты көркем қарасөздің түрлі-түсті бояуы, кестелі мәнері қанық көрінеді. Бұл эпикалық баламаны жазғандар ауыз әдебиеті үлгілері мен дәстүрін, аңыз-хикаяларды еркін пайдаланған секілді. Соңғы "Шахнаманың" авторларының бірі Дақики 977 жылы дүниеден қайтқаны белгілі. Дақики бірталай әзірліктен кейін өзінің "Шахнамасын" жаза бастағанда, оқыстан той үстінде құлдың қолынан опат болады. Дакикидің мың бәйіттей мұрасын Фирдоуси өзінің "Шахнамасына" қосқан. Ақыры Әбілқасым Фирдоусидің "Шахнамасы" әлемдік әдебиеттің асыл маржанына айналды. Фирдоусидің өмірі, ақындық, ойшылдық тағдыры туралы аңыз, болжам, хикаялар көп. "Шахнама" дастанына қатысты мынадай ғылыми дәйек бар: "Фирдоуси өзінің эпопеясын бастаған кезде, 994 жылы оның алғашқы нұсқасын аяқтар-аяқтамастан саманидтер мемлекеті көшпелілердің соққысынан күйреді. 999 жылы түрк-қарахандар әулеті елдің астанасы Бұхараны алды да, саманидтерді төңкеріп тастады. Саманидтердің таңдаулы түрік жасақтарынан шыққан Махмұд Газнауидың Әмударияның оңтүстік-шығысындағы ұлан-асыр аумақтағы билігі шамамен сол тұста орнықты. Фирдоуси 1010 жылы "Шахнаманың" екінші редакциясын жасағаннан кейін, дастанды жаңа билеушіге арналған кіріспе қосып жазып Сұлтан Махмұдқа тарту етеді."285 (Бұл орайда Жүсіп Баласағұнның "Құтадғу білік" дастанын Бұғраханға арнап жазып, тарту еткенін, ондай дәстүрдің бар екендігін еске саламыз). Фирдоусидің кейінгі тағдырдан көрген теперішіне қарағанда, түрк сұлтаны Махмұд ақынның бұл тартуына мән беріп, елемеген секілді. Бір айта кетерлік дерек, осы Сұлтан Махмұд Ғазнауи "Ақындардың падишасы" деген атақ пен лауазымды алғаш рет тағайындап, оны 5 лирикалық, дидактикалық поэзияның сол кездегі үздіктерінің бірі» Унсуриге лайықтапты. Ал, Фирдоусидың сыйын қабылдамауы да түсінікті, айтқанымыздай Әмударияның оңтүстік шығысы түгелдей Қарахан түрктерінің қолына көшуіне орай парсы мәдениеті мен тіліне көзқарас та саяси сипат алған-ды. Енді жалпы шығыс поэзиясының дәстүріндегі түрк ақылмандық поэзиясының өзіндік дербес үні анық естіле түсті. Бұл бөлек әңгіме. Біз "Шахнамаға" қатысты екі түйінді; мәселені бөліп қараймыз. Біріншіден, сол заманда елдік деңгейдегі шынайы шығарманы арнайы жазып, елбасына тарту дәстүрі болғандығы. Шығыс мәдениетіндегі бұл дәстүрдің көркемдік, танымдық, этикалық мәні де ерекше байқалады. Екіншіден, "Шахнама" жоғарыда аталған өзіне дейінгі табиғаты жақын туындылардың бәрінің өзекті сипаттарын сіңірген, өзінен кейінгі тұтас заманауи дәуірлердің рухани әлеміне тікелей әсер еткен. Оның тек қазақ әдебиетіндегі көріністерін атасақ та жеткілікті. Профессор Өтеген Күмісбаев қазақ халық дастандарын алғаш рет шығыс аңыздарының сюжеттеріне тарата сараптай отырып, "Қазақ "Рүстемнамасының" алуан қырларын ашып көрсетеді, қазақ ақындарының Фирдоусидың "Шахнамасына" қатынасы мәселесіне терең ғылыми талдау жасайды286. Ораз Молла, Мұхамеджан Сералин, Мәжит Дәулетбаев, Айманкүл Тәжібаева, Қалмақан Әбдіқадыров, Тұрмағамбет Ізтілеуов, т.б. казақтың дарынды дараларының "Шахнама" дастанына әр қырынан келуі – тек қана қазақ әдебиеті ғана емес, күллі Орта Азия әдебиетіндегі үрдісті дәстүрдің өзекті арнасы. Шығыстанушы Өтеген Күмісбаев бұл орайда: "Орта Азия, түрк әдебиетіне ықпалы X-XІ ғасырларда басталған Фирдоуси эпопеясымен" Орта Азия жұртының ортасында кеңінен таныс болғандығына, дастанның рухани қуат көзіне айналғанына күмән келтірмейді287. Тек, "Шахнама" дастанына қатысты шығармашылық үрдістердің өзінен-ақ түрлі тарихи кезеңдердегі, түрлі әдебиеттердің бірін-бірі байыту заңдылығы көрінеді. Қазақ әдебиетіндегі бір ғана нәзирашылдық мектептің дамып, толысуы неге тұрады. Қазақтың классикалық дастандарына әсерін, аудармаларын былай қойғанда, бертінгі Тұрмағамбет Ізтілеуовтің "Шахнама" дәстүрімен, ізімен өзінше ұлан-ғайыр (бір зерттеушілер 1000 жол көлемінде десе, тағы бір деректерде 40000 жолдық екені айтылады. Ақынның "Рүстем дастаны" жеке кітап болып жарық көрді де) дастанды жыр тудырғанын мегзесек те жетеді. Жалпы, "Шахнаманың" қазақ әдебиетімен жалғастығы туралы ой-пікірлер ғылыми туындылар, ғылыми зерттеулер бізде мол. Тек Афрасиаб - Алп Ер Тоңға тұлғасына қатысты шығармалар, зерттеулер қаншама. Низамидің "Ескендір-нама", Абайдың "Ескендір" поэмалары да сахарадағы "Шахнама" өрнектеріндей көрінеді. Сол Сұлтан Махмұд тұсында-ақ ақылмандық, ақлиқаттық (этикалық) түрк поэзиясы қанатын кең жайды. Бұл, X ғасырдың соңғы кезеңі болатын. Келесі, XІ ғасырдың табалдырығында, яғни 1069 жылы жазылған "Құтадғу білік" дастаны нақ осы этико-дидактикалық, философиялық-ақлиқаттық, саяси-әлеуметтік трактатқа тән мазмұн-мәнімен мәшһүр болды. Кең тарады. Дастанды сол заманның өзінде-ақ ирандықтардың "Тұран Шахнамасы"288 деп, шын-машын жұрты "Шахтардың әдеп-қағидалары", "Мемлекеттің дәстүрі" деп атағаны тегін емес еді. Ал, Махмұд Қашқаридың "Диуани-лұғат-ит-түрк" кітабы ғылыми сөздік болудың үстіне "Құтты білікте" көтерілген идеяларды ғылыми деректілік жағынан толықтырып, дәйектей түседі. Сол X ғасырдың орта тұсында шығыс әдебиетінде суфизм ағымы аралас көрініс берді. Суфизмді насихаттаған дидактикалық ақылгөй кітаптар жазылды. Суфизмнің әдебиеттегі алғашқы жырлаушыларының қатарындағы Әбу Сейіт Әбілқайыр (957-1049 ж.ж.), Баба Тахир (XІ ғ. алғашқы жартысы), Аттар (т.ж. 1141 ж.) шығармаларындағы философиялық-этикалық дүниетаным ағыстары Руми, Науаи, Рудаки, Фирдоуси секілді ұлы тұлғалар көзқарасына ұласты. Діндар энциклопедияшы ғалым Әбу Хамид Ғазалидің суфизмді түбегейлі жаңғыртқан мұсылманшылдық танымға бейімдеген жаңашылдығы әдебиетте де одан әрі қолдау тапты. Нәсір Хосраудың /1004-1080ж.ж./ ақындық, саяси қызметі мен шығармалары ерекше ықпалды әсер етті.
Қара жердің көк кілемі Хорасанның бағынан,
Шығады өніп жауқазындар патшалардың қанынан.
Шығады өніп қоғажай гүл топырағынан арудың,
Қастарының арасында арбаған мең, қалынан!
(Аударған – А.Е.)
Жалғыз түйір дәмің болса, болса баста баспанаң,
Күн кешемін қанағатта, дәметпей-ақ басқадан!
Билемей-ақ дүниені, кұл болмасам ешкімге,
Шүкіршілік бір Тәңірге! Қонғаны сол басқа — бақ.
(Аударған – А.Е.)
деп тебіренетін Омар Хайам /1048-1131 ж.ж./ "Тұрмыс-тіршілік пен лауазым туралы" трактатын да сол заман ағымында толғаған. Кейінгі замандастарымыз сұлулық пен сезімнің серісі ретінде жаттап оқитын Омар Хайамның өз заманының ұлы ғұламасы, Хорасанның имамы, грек ғылымының зерек білгірі, Шығыс пен батыс ойшыл философтарының падишасы атанғандығын ауызға ала бермейді. Өзін Ибн Синаның шәкіртімін деп санаған Омар Хайамның 1079 жылы жасаған астрономиялық күн күнтізбесі бүгінгі заманға дейін аса дәл уақыт өлшемі ретінде мәлім. "Наурызнама" кітабы да астрономиялық ілім саласындағы бірегей туынды. Зайырлылық пен суфизмді білімділікпен терең ұштастырған Омар Хайам ғылыми-философиялық, этикалық, эстетикалық тұтастыққа көтерілді. Философиялық-дидактикалық сарындағы әдебиет сол дәуірдегі философиялық сыршылдық ағыммен жарыса дамыған өзгеше дәстүрлі мектеп болды, Бұл орайда басқа да ойшылдар мен ақындар шығармаларын атауға мүмкіндік мол. Жалпы, жоғарыда там-тұмдап сөз қозғаған көркемдік-эстетикалық кеңістіктің тарихи-әлеуметтік берік кезеңі бар. Х-ХІ ғасырға қарай Жерорта теңізі мен Солтүстік Үнді жері мен Қытайдың бір өңірін қамти гүлдене кеңейген селжүктер мемлекеті қуатты тегеурінді мемлекет екендігі тарихтан таныс. Профессор Решат Кеніш (Анкара) те өз еңбегінде XІ ғасырдың екінші бөлігінде Түрік дүниесінің ең куатты саяси кұрылысы Ұлы Селжүк мемлекеті болғандығын айта келе,Ұлы Селжүк мемлекеттілігінің тұсында, XІ ғасырдың үшінші ширегінің соңына қарай "Диуани-лұғат-ит-түрк" жазылғандығын білдіреді. "Диуани-лұғат-ит-түрк" жазылған 1074 жылы Ұлы Селжүк империясының тағында Мәлікшахтың (1072-1092) отырғандығын айғақтайды289. Селжүктердің әуелінде Каспий, Аралдан шеру тартқан оғыздар құрамындағы қынықтардың бастаушылары екендігін де тарихшыларымыз жазып жүр. Ал, қынықтар жайлы Махмұт Қашқари сол рудың таңбаларының бедерін сызып көрсете отырып: "Оғыз түрк тайпаларының бірі. Олар жиырма екі ата. ... Ең біріншісі, жетекшісі: қынық-қынықтар. Заманымыздың хақандары солардан шыққан"290 — деп жазады. "Селжүк империясының шекарасы Сырдариядан Ніл дариясына дейін, Каспийден Жерорта теңізіне дейін созылып, құрамында Орта Азияның оңтүстік бөлігін, Иранды, Сирияны, Палестинаны, Кавказ сыртын және Кіші Азияның шығыс аймақтарын қамтыды. Астанасы Исфахан шахары болды".291 Міне, осы аумақтағы, әрі батыс пен шығысты тереңдете қамтыған. бір жағы араб-парсы, бір шеті Орталық Азия, бір шалғайы үнді аумағына ұштасқан рухани-мәдени кеңістік, әдебиет тынысы есік-терезесі тұмшаланған аузы-мұрны жоқ отау болмағандығы бесенеден белгілі. Жаңа дүниетаным ағымдары да, сарай ақындарының толғаныстары да. философиялық-ақылнама да, суфизм де аралас бой көрсетті. XІІ ғасыр басына қарай кең өрістеген сыршылдық көңіл-күй саздары, рубайлар мен ғазалдар сол көркемдік-эстетикалық дамудың бір мәуесі. Дидактикалық, риторикалық толғау мәнері нақ сол заманның төл жаңалығы болатын. Бертінгі, қазіргі заманғы әдебиет білімпаздары философиялық-дидактикалық деп таныған ойшылдық, акылмандық әдеби шығармалар да сол тұста шарықтау шегін бастан кешіп жатты. Ал осы ретте ежелгі үнді әдебиетінің классикалық мұрасы "Панчатантра" ("Бес өсиет") даңқы да дүниеге әйгілі. Тәлім-тәрбие, ақылмандық кітабы. Бұл бес кітапта достық, жаулық, соғыс айла-әрекеттері, тіршілік-тұрмыс заңдылықтары, ең соңында қаперсіздік, қанағатсыздық, алаңғасарлық, даңғойлық туындататын бақытсыздық жағдайлары әңгімеленеді. Дидактикалық сарынмен жарыстыра нақты ақыл-кеңестерін де айта отырады. Аңыз, хикая, нақыл сөздер, мифология мен фольклорлық сипаттар кеңінен қолданылады. "Құтадғу білік" сынды түрк классикалық әдебиетіндегі ұлы шығармалардың ақылмандық сипат белгілерінің көркемдік дәстүрінің бір арнасы ретінде осындай жалпы шығыс аумағының Азияның өркениетіндегі дамудың бел-белестерімен желі жалғастырғандығын атар едік. Өзінің төл топырағындағы V-VІІІ ғасырлардағы жазба ескерткіштерден жеткен дәстүр желісі бәрінен де айқын. Оның да өзіндік даму жаратылысы бар. "Түрк әдебиетінің тарихындағы руна жазуларының дәуірі тек өзінің даму өрісі тұрғысынан емес, көне түрктердің Шығыс, оның ішінде Ирак сасанидтері мен Қытай халықтарымен мәдени байланыстары тұрғысынан да қызғылықты, маңызды"292. Ал, осы этико-философиялық дидактикалық жанр сипаты, кейін бес ғасырдан аса уақыттан кейін Европа тарапында да шықты. Неміс, француз, ағылшын және орыс әдебиетінде осы тақылеттес шығармалар пайда болды. Ежелгі түрк әлеміндегі дидактикалық сарын, ақылмандық, философиялық нәш осындай кезеңдерде туындады. Сол шығармалардың қатарында "Құтадғу білік" те, "Хибатул хақайық" та тұр. Сол желіні бұлардан кейін ортағасырлық түрк әдеби мұралары мен түрк тілдес ұлыстардың классикалық әдебиеті тереңдете жалғады.
1.2. ЕЖЕЛГІ ТҮРК ӘДЕБИ МҰРАЛАРЫНДАҒЫ МИФОЛОГИЯЛЫҚ, ФОЛЬКЛОРЛЫҚ
САРЫНДАР. ТАРИХИ, ТОПОНИМИКАЛЫҚ
АҢЫЗДАР, АТАУЛАР
Ежелгі түрк әдеби мұраларының көршілес еншілес елдердің әдеби ескерткіштерімен байланысы тарихы тереңге тартқан рухани даму дәстүрі. Ол кейінгі түрк тілдес әдебиеттер табиғатында, оның ішінде классикалық қазақ әдебиетінде, қазіргі заманғы қазақ әдебиетінде жалғасын тапты. Мұның өзі сонау ежелгі ықылым замандардан бері үздіксіз жаңғырып, түлеп, жыл маусымдарындай мәуелеп толысып келе жатқан үрдіс. Ұлттық тарихи сананың әр кезеңдердегі көріністері. Қарахандар дәуіріндегі әдебиеттің, мәдениеттің дамуы алдыңғы кезеңдер алғышарттары қалыптастырған белесті іргелі құбылыс. Осынау этико-дидактикалық мәнердегі барынша ширақ, ойы ұтымды, сөзі зерек дастан да, ғылыми-энциклопедиялық сипаты тұрғысынан таза бітімді, үздік ғылыми анықтамалық деңгейін танытқан ежелгі түрк сөздерінің жинағы да, сол қоғамдағы ғылыми, көркемдік-эстетикалық танымның жеке-дара ғұлама тұлғалардың (авторлардың) талант, білім құдіретімен тарихи ұштасқандығының белгісі. Жүсіп Хас Қажыб Баласағұн да, Махмұт Қашқари да, Ахмет Йүгнәки де өзіне дейінгі рухани тәжірибені кеңінен қолданады. Жалпы ежелгі түрк әдеби-мәдени мұраларында мифтік, фольклорлық сипат ұшқындары мол кездесетіні айтылып та, жазылып та жүр. Орхон-Енисей жазуларының бастауындағы аспан мен жердің ортасында адамның жаралуы жайлы әлқиссаның басқа да бірқатар ескерткіштерде қайталануын да бір көркемдік шарттылық десек те, негізінен мифологиялық наным-сенімнің айшығы. Түрлі түрк тілдес әдебиеттердегі "көк бөрі" хикаялары хақында да осыны айтар едік. Осының барлығы ықылым замандардан ғасырлар бойы түзілген, ұрпақтар санасына сіңген эстетикалық таным тұғырлары. "Құтадғу білік" дастанында да, "Диуани-лұғат-ит-түрк" кітабында да мифологиялық дерек, сарындар, фольклорлық "дайын" ұғымдар мен кең таралған аңыз, хикая, қалыптасқан аллегориялар жиі кездеседі. Бірақ, өзінше өрнекпен, аталмыш кітаптардың жанрлық ерекшеліктеріне тән сипатта саралап қолданылып отырған. Профессор Сейіт Қасқабасов мифті фольклордың жанры ретінде қарастырғанда, әдетте мифтің құдіретті күштердің қақтығысын жеткізетін қасиетті, құдіретті ғаламның қиял-ғажайып көріністерін жүйелесе, енді бірде тәңір, алып баһадүрлер жайлы ауызша айтылатын хикая, аңыз болып келетінін айтады. "Миф ежелгі жанр ғана емес, оның үстіне аса күрделі жанр,"– деп жазады293. Грек мифологиясымен тәрбиеленген көптеген фольклор зерттеушілер мифтер тек гректер мен римляндарда ғана болады деп "шынымен" иланатындығын білдіре кетеді. Яғни, миф басқа да халықтардың танымында, жан-дүние дамуы жолында болатын өзгеше көне жанр, ерекше ертеде пайда болып үнемі үздіксіз даму үстінде келе жатқан жанрдың көрінісі.
Ондай сипаттар мен заңдылықтар түрк, қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірлерінің шығармаларына да тән. Мысалдар қазақ әдебиетінің өзінде көп кездеседі. "Хатқа XІІІ ғасырда түскенімен, одан көп замандар бұрынғы ежелгі түркілер тудырған аңыз әңгіме, мифтік сюжеттегі шығарма"294 (проф. Алма Қыраубаева) "Оғызнама", "Қорқыт ата" сынды жәдігерлерде де осындай сарындар мол кездеседі. Оғыз қағанның үйлену баяны. Ай, Күн, Жұлдыз, Тау, Көк, Теңіз деген перзенттерінің тууы хикаясы "Оғызнамаға" ерекше бір көркемдік ішкі қуат, сол заманғы тыңдаған жанның жүрегін қозғап, сезімін шамырқандырарлық рух беріп тұр. Кейіптеулердің өзі мифтік шығармалардағы арыңды асқақ мәнерге /гротеск/ ұласып, ірі ұғымдармен шарпысып қалады. "Осы қыз сондай көрікті еді: күлсе Көк Тәңірі /нің өзі/ күлетіндей, жыласа Көк Тәңірінің /өзі/ жылайтындай еді". – Одан Оғыз қаған үш ұл көріп, есімдерін Күн, Ай, Жұлдыз деп қояды. Келесі бір аңға шыққанда көрген қызды "... көзі көктен де көгірек екен, оның шашы теңіз толқынындай екен, тісі інжудей екен"– деп сымбаттайды. (Мысалдар марқұм Құлмат Өмірәлиев аудармасы бойынша алынды). "... Сондай көрікті еді: жер басқан ел-жұрт оны көрсе: "Ай, ай! Ах, ах! Өлерміз!" — деп сүттен қымыз болатындай еді"– дейді.
Одан да үш ер бала сүйді. Аттарын: Көк, Тау, Теңіз деп кояды.
Еділден сал жасап өткізгені үшін осы жерге еге бол, "Қыпшақ деген бек бол" – деп, Оғыз қағанның ұлығ Орда бегін жарылқауы да топонимикалық астарлы аңыз ұшқыны. Оғыз қағанның әскерінің алдында арлан Көк бөрінің жол көрсетіп бастап жүруі, Мұзтауына жетуі түрік мифтерінде ежелден кездесетін сарындар. Қаңғырлап дыбыс беретіңдіктен "Қаңға" ("Қаңлы" сөзінің түп-төркіні – А.Е.) атанып кеткен көліктің жасалуы, колданылуы да тарихи деректілік мәнді мегзейтін нәш. Әдеби-фольклорлық мұралардың ішіндегі бірегейі "Қорқыт ата" дастаны да бір жағынан түрк аңыздарының, мақал-мәтелдерінің, даналық сөздерінің асыл сандығындай ішті, келісті мұра. Оғыздардың ортасында ІХ-Х ғасырлар шамасында туып, ел ішіне кең тарап, хатқа кейіндеу түскен. Соған орай XІV-XV ғасыр туындысы деп аталып келеді. Енді бір деректерде жыр ХV ғасырда Кавказда хатқа түскен деген болжам бар. Қалай дегенде де біз "Қорқыт жырының" арғы тегі ІХ-Х ғасырларда Сыр бойындағы Жанкент маңында туған (Ә.Коңыратбаев) деген тұжырымға іштартамыз. Бұл орайда, біз Махмұт Қашқари еңбектерін аударып, зерттеу үстінде кездестірген, ой жүгірткен мынадай деректер бағзыдан келе жатқан ғылыми пікірталасын бір бағытты арнаға бұра алады деп сенеміз. "Қоркыт ата" кітабындағы Баяндүр бір жағы аңызға айналған кейіпкер, бір жағы нақты тарихи тұлға. Махмұт Кашқари "Диуани-лұғат-ит-түрк" кітабында оғыз түрк аталарын жиырма екі руға таратып талдағанда, басты аталардың қатарында "қынық". "қайық" пен үшінші ретте "баяндүрді" көрсетіпжазады.295 Байындүр (Баяндүр) руының таңбасын (щ) келтіреді.
Тоғызыншы қатарда "Баят" (таңбасы jYf ) руы аталады, ал Қорқыт ата баят екендігі белгілі. Баяндүр хан бір бұйрығында "Жиырма төрт тайпаның ту ұстаған бектері тегіс менің алдыма келсін!" – дейді.296 Ал, Махмұт Қашқари оғыздар жиырма екі ұрық екенін және соған сырттан жаугершілікте (Ескендір Зұлқарнайын жорығы кезінде) қосылған тағы екі ру ел бар екендігін түсіндірген. Осы деректерге ден қойсақ Қорқыт, Баяндүр тегі оғыз-қыпшақтар деген дұрыс. «Дәдем Қорқыт жырларына» келгенде, ондағы мифология, аңыз, шежіре-тарих элементін жіктеу зиян емес", — дей келе профессор Әуелбек Қоңыратбаев жырда таза көшпелі өмір суреті, тотемизм, шаманизм сарындары бар екендігін айтыпты.297 Сонымен Қорқыт жырының алғашқы сюжеттері фольклор стилінде ерте замандарда Сыр бойында тараған. Шамамен ІХ-Х ғасырларда Сыр, Түркстан тарабында туып, таралып, кейіннен барып Кавказ, Анадолы жерлерінде жүйеленіп, қарасөзбен хатқа түссе керек. Қорқыттың нақыл сөздері де халық даналығынан, даналық сөздерден нәр жинағаны да күмәнсіз. "Күлді қанша үйгенмен төбе болмас", "Қар қаншама қалың жауғанмен — жазға бармас. Гүлденіп өскен бәйшешек – күзге бармас", "Тозған мақта бөз болмас, ежелгі жау ел болмас" сынды небір нақыл, аталы сөздер халық даналығына әріден келе жатқан өсиет ниетке тәнті етеді. Осында айтылатын "Темір қақпа", "Каңлы", "Оғыз" секілді атаулар Махмұт Қашқари сөздігінде кездеседі. Ежелгі түрк жазбаларының біразында бар тарихи мәні бар атаулар. Сүлеймен Бақырғанидың "Бақырғани кітабы" деген атпен белгілі "Ақырзаман кітабындағы" діни мифтік ұғым, сюжеттердің кейбір желісі де он-он екінші ғасыр аралығындағы бірқатар әдеби-мәдени туындыларға өте-мөте тән сипаттар.
Ежелгі космогониялық мифтердің нышандарын "Құтадғу білік" дастанынан да кезіктіреміз. Оғызнамадағы секілді кейіпкерлерге аспан денелеріне мезгеп ат беру, сол арқылы кейіптеу "Құтты білікте" де бар. Басты кейіпкер әділдіктің Кунтуды, оның уәзірі кұт-дәулеттің Айтолды аталуы тегіннен тегін емес. Ал, аспан денелеріне келгенде, Жүсіп Баласағұн ("Жеті жұлдыз, он екі бұржы туралы" атты тарау тұтастай космогониялық тақырыпты қозғайды) мифологиялық, аңыз сипатынан гөрі астрономиялық ілім дәлдігіне іш тартады. Аспан денелерінің атаулары, орналасуы мен қозғалысы жайлы ғылыми дәйектілікпен жырлайды.
Аңыздар, тарихи жырлар мен хикаялар, мифологиялық сарындар ерте орта ғасырлардағы түрк әдеби ескерткіштерінің әрқайсысында әртүрлі дәрежеде көрініп, көркемдік-эстетикалық дүниетаным көкжиегін кеңейтіп отырған. Ғылым мен оқу-білім саласындағы жаңа бағыт, зерделі көзқарастар, діни уағыздық әуен бірқатар шығармаларда басымдықпен көрінсе, енді бірқатар шығармалар аңыз, тарихи жыр-аңыздар, тарихи әпсана сипатына жақын болып келеді.
Осы аталған сипаттар аралас жарыса түсіп отырған туындылар да баршылық.
"Құтадғу білік" дастаны негізінен ілім-білімнің сол кездегі мақсатына сай, дидактикалық ағымда жазылған философиялық трактат тінін берік сақтағанымен, ойшыл ақын жоғарыда айтқандай мифологиялық, космогониялық желілерді де батыл кірістірген. Тарихи деректілік, тарихи тұлғалар сөзі мен мақал-мәтелдерді де шет көрмейді. Және, "бәлен айтты", "түген айтты" деп атап-түстеп мақалдап-мәтелдеп қосып қояды. Жүсіп Баласағұн бірқатар діни мифологиялық тұлғаларды қасиеттеріне қарай сипаттап білдіреді. Оны сол қасиеттері бойынша таратып, атап-түстесек Шаддат, Намрұд, Перғауын, Қарұн, Мұса пайғамбар, Сүлеймен пайғамбар, Иса пайғамбар, Мұхаммет пайғамбар, Қайсар, Нұшырбан, Ескендір Зұлқарнайын, т.б. болып шығады. Осылардың біразы "Құран Кәримде" аталады. Мәселен, Перғауын – "28- Қасас сүресінде" /38,40/, "40-Ғафыр сүресінде" /36, 45, 46/, Қарұн "29-Ғанкабүт сүресінде" /39/, Мұса пайғамбар — "7- Ағраф сүресінде" /104, 107, 117/; "26-Шұғара сүресінде" /31, 32, 63/, Мұхаммет пайғамбар - "2-Бақара сүресінде" /129, 142/, т.с.с.
Дастанда бұл тұлғалар белгілі бір ойды, мақсатты, жақсылы-жаманды қасиеттерді талдап-түсіндіру үшін қолданылады.
Мифологиялық ұғымдар әдеби символдарға айналып, мифтік кейіпкерлердің есімдері поэтикалық баламаларға ұласып семиотикалық таңба сынды белгілі бір идеялық мәнді білдіріп тұрады. "Шахнамада" адам билігі жайлы ұлы желілі оқиғамен көрінген Заххақ, Фаридун есімдері "Құтадғу білік" дастанында тұтас ойды ойып қопарып әкелгендей әсер етеді. Ж.Баласағұн:
Байқа, Заххақ сорлы неге сорлады,
Фаридун жолын қалай қолдап, оңдады? –
деп мегзеумен-ақ өз идеясын ашқан. Мифтік тұлғалардың символдық мағыналары танымда қалыптасқан қордалы үлкен ойды ойып жеткізген. "Шахнаманың" жартысына жуығы Тұранға арналғандығы аян. Түрктердің жері, батырлары жайлы, арадағы өзара қақтығыстарды жырлайды. Мифологиялық ұғымдар мен атаулар да ұқсас түсіп жатады. Фирдоуси түрк империясының қағанат атанып, қуаты артқан V-VІІ ғасырлардың тарихи оқиғаларын барынша шынайы толғайды. "Шахнамада" айтылатын Тұран жерінің сипаттамасы да шындыққа үйлесімді. Сиабұштың қазасы туралы тарихи аңыз, әсіресе, "Шахнама" дастаны арқылы әлемге тараған. Сол Сиабұшты Махмұт Қашқари "Қаз" деген сөзді талдай отырып сипаттайды.
"Қаз – Афрасиабтың қызының аты, – дейді Махмұт Қашқари, – Қазбын қаласын сол салдырған. ... Қыздың атасы Тоңа Алп Ер осы Афрасиабтың өзі. ... Кейбіреулер бүкіл Мауреннахрды түрк елі деп санаған. Ол Иенкендтен басталады. Бұхараға жақын. Осы жерде Афрасиабтың қызы Қаздың ері Сиабұш өлтірілген. Отқа табынушылар жыл сайын бір күн осы жерге келіп, Сиабұш өлген жерде жылап-сықтайды, жоқтасады. Құрбандық шалады. Құрбандыққа шалынған малдың қанын қабірінің басына төгеді".298 Махмұт Қашқари Алп Ер Тоңға (Афрасиаб) туралы көптеген фольклорлық деректер қосқан. Оның ішінде жоқтау да, Алп Ер Тоңғаға мадақ сөз де, оның ерлігі мен игілікті ісін жария еткен деректер де бар. Мерв қаласын, Мыс қаланы Афрасиаб салдырғанын келтіреді. Жүсіп Баласағұн:299
Түркі бектері ішінде атын асырған,
Алып Тоңға Ер еді, құты тасыған.
Білімі ұлы, артық қадір бағасы,
Білікті, ойлы әрі халық сарасы.
Зерек, дана, көңілі сара, сері еді,
Жұтты жалған елге тұтқа ер еді!
Тәжіктер оны Афрасиаб атапты,
Ол елдерді талап,тұтып тапапты.
Қажет шексіз білім, ақыл, даналық,
Қолға алуға дүниені қаратып, –
деп толғайды.
"Шахнамада" Афрасиаб күллі түрк дүниесінің ұлы қағаны. Атақты Қарахан "Шахнама" бойынша Афрасиабтың төртінші ұлы. "Шахнамада" Афрасиабтың Қараханға бір жорықта отыз мың шігіл түрктерінің сайлы сарбаздарын, Тараз, Оғыз, Халлахтардан отыз мың ысылған атты сарбаздар бергені жырланады.300 "Авестада" да Афасиаб (Франграсийан Турский) туралы баяндалған. Ал, Афрасиабтың ажалдан қашып, атақты аты аңызға айналған "Афасиаб қорғанын" салуы, сонда жасырынса да ажалдың алмай қоймағаны екінші бір түрк даналығы "Қорқыттың" ажалдан қашуын еске түсіреді. Бұл ретте "Гильгамештен" белгілі ажал мен өмір арбасуы мәселесі күллі ежелгі Шығыс әлемінің әдебиетінде үлкен орын алатын проблема301" – деген И.М. Дьяконовтың пікірін еске ала кеткен орынды.
Тағы бір әйгілі аңыз Ескендір хикаясы да "Шахнама", "Диуани-лұғат-ит-түркте" сюжеттік желі тартып өтеді.
Дастанда поэзия өрнегінде түссе, кейінгі шығармада тарихи әпсана ретінде талданады. Ескендір кейін де Низами, Абай бастаған жаңашыл ақындар шығармашылығынан елеулі орын алды. "Шахнамада" жырланатын түрк батырларына қатысты аңыздар мен фольклорлық белгі-бедерлер өз ретінде Махмұт Қашқари сөздігінен, Жүсіп Баласағұн дастанынан, "Қорқыт атадан", Рашид-ад-дин, тағы басқа бұрынғы-соңғы жазбалардан үн шарпысып қалады. Бұл әрине көркемдік-таным бірлігі, тарихи тамырластық сілемдері.
Мифологиялық, аңыздық сарындарға ұластыра топонимикалық сипаттамалар мен топонимикалық аңыз, хикаялар, тарихи шежірелер жайлы ой түйе кетпеске болмайды. Осы орайда ежелгі ескерткіштердегі антропонимдер сол заманғы түрк лексикасынан едәуір мәлімет берері анық.
Махмұт Қашқари сөздігінде ел, жер аттарына, антропонимдерге қатысты талдаулар, түсіндірмелер, аңыздар мен тарихи мағлұматтар көп ұшырасады. Әсіресе "Диуани-лұғат-ит-түрк" пен "Құтадғу біліктегі" топонимика, антропонимдердің ғылыми мәні аса зор. Екі ескерткіш те бір дәуірде, бір аумақта жазылғандықтан бірін-бірі толықтырып, жалпы тұран жұртына тән ономастикалық ерекшеліктерді жүйелеуге мүмкіндік береді. Негізінен осы екі үлкен мұрадағы тіл ерекшеліктері, поэтика айшықтары басқа да ежелгі түрк дүниесінің жәдігерлері мен сөздіктердің өзекті сипаттарын даралай түседі.
Ел мен жер, рулар мен түрлі лауазым, адам атаулары көптеген ғылыми болжамдарға бастайды. Махмұт Қашқари топонимдерге, антропонимдерге қатысты тарихи деректерді де қоса жазады. "Тат" деген сөзді "түріктер арасындағы парсыша сөйлейтін адам" деп түсіндіреді. Соған орай, "Татсыз түрк болмас, бассыз бөрік болмас" деген мақалды да қосады.302 "Ыстық көл – Барсғандағы бір көл, ұзындығы – отыз, ені он фарсах болады303"– (фарсах – ұзындық өлшемі, 6,24 шақырымға тең), – деп жазады да түрк өлкесінің бірнеше көлін сипаттап, тізбелеп өтеді. Профессор Зейнаб Қорқмаз "Барсханның ол күнгі аталуы Ордакент"304 екендігін жазады.
Шу қаласының салыну тарихы жайлы тарихи хикаят та қызық. Шу есімді жас хан, батыр адам қала салдырып оған өз атын беріпті. Ескендір Зұлқарнайын түрк даласына жорығында осы Шу қаласының үстіне түскен. Алтынқан тауында болған шайқаста Зұлқарнайын мен Шу хақан бітімгершілікке келіп, тоқтасады. Зұлқарнайын бірнеше қала салдырып, түрк даласынан қайта кеткенде, Шу хан Баласағұнға қарай ілгерілеп, Шу қаласын салдырып, ырымдап, тылсымдатады.305 Алтынқан деген атауға байланысты өзінше бір аңыз бар. Ғалым оны да хикаялап өтеді. Барсған, Тараз, Баласағұн, Ісбіжап, Шаш, Қашқар қалалары секілді елді мекендерді, қыстау жайлауларды атап, талдап, түсіндіріп отырған. Ай, жыл, жұлдыз, аспан денелерінің атаулары Жүсіп Баласағұнда да, Махмұт Қашқарида да үйлесімді сәйкестікте шыққан. Және қазіргі кездегі кеңінен мәлім түрк атауларымен бірдей. Ертіс, Іле, Еділ секілді ірі өзендер, Ыстық көл, Абысғұн /Каспий/ секілді көл, теңіздер сол күйі аталады. Бәрінен бұрын, қаншама ғасырлар, заманалар өтсе де топонимдердің жердің өзімен бірге жасап, бірге сақталатын заңдылығын түйсінбеу мүмкін емес. Жер барда Ел де бар, Сөз де бар.
Махмұт Қашқари талдайтын әлемнің дөңгелек картасындағы ежелгі түрк топонимикасы аса құнды ғылыми деректер. Йағма еліндегі Іле суының үстіндегі Ақтерек аталатын өткелге дейін жазады. Қазіргі "қоқиқаз" деп жүрген құсты ежелгі түрктер "Аңыт" деседі екен. "Барс" атты шағын мақалада Махмұт Қашқари түрк жыл қайыруының пайда болуының мүлде жаңа аңызын ұсынады.306 Іле өзенінен аңдарды, хайуанаттарды қуғанда алдымен тышқан жүзіп өтіп жыл басы атанған екен. Бұл біз үшін тың дерек деп ойлаймыз.
Қазіргі күнге дейін мәлім, кеңінен қолданылып жүрген бірқатар сөздердің бәз күйіндегі тұлғасын, қайсыбір тұстарда этимологиялық түбірі мен мәнін де байқап қаламыз. Ондай сөздердің қай-қайсысына да белгілі деңгейде түсінік жасалып отырған. Мәселен, "Түрк", "кенд"– сөздері қазақ жұртына да таңсық емес. Төл сөз, етене ұғым. Махмұт Қашқарида бұлар жөнінде де түбегейлі түсінік бар.307 Махмұт Қашқари "Тегін" деген сөздің әуелгі мәні "құл" деген ұғымды білдіреді дейді.308 Яғни, күмістей таза құлды – Күмістегін, жаужүрек кұлды – Алып тегін, құтты кұлды Құтлығ тегін дейді екен. Ал, Алып Ер Тоңға /Афрасиаб/ ұлдарына "тегін" деген лақап қоса айтылатынының да мәні бар екен, олардың өздері әуелінде аталарының алдында өздерін кішік тұтып "құлыңыз былай істеді, құлыңыз солай етті" деп жүгініп отырыпты.Біртіндеп "тегін /құл/" сөзі олардың есімдеріне тіркеліп айтылатын әдетке айналған. "Тегін" кейін хан тұқымындағы кіші дәрежедегі адамдарға жаппай қолданылатын болып кетті.
Ежелгі түрк ескерткіштеріндегі антропонимдердің өзіндік ерекшеліктері басым. Қарахандар дәуіріндегі әдебиеттерде араб-парсы, түрк аттары араласып келеді. Мәселен, "Құтты білік" дастанында Жүсіп Баласағұн жалпы 32 адам атын қолданса, олардың екеуі грек есімдері, 21 араб-иран есімдері екен. Яғни Х-ХІ ғасырға қарай түрк дүниесінде араб-иран антропонимдері кеңірек тарай бастаған. Оның көбі негізінен ілім-білім, діннің таралуына орай келгендер. Мысалы, "Евклидті", "Ұқлидис" дегені секілді. Мұхаммед, Ысқақ, Ибраһим, Нұх секілді есімдер сөз жоқ ислам дінінің әсерінен туды. Негізінен алғанда бұл мұралардың барлығында түрк сөздері мен түрк атаулары, есімдері басым. Түрк антропонимдерінің өзін исі түрк табиғатына тән жалпыға ортақ ұғымдағы есімдерге, әртүрлі ру-аталардың атауларының лексикалық ерекшеліктеріне орай белгілі бір топтарға, тайпаларға саралауға болар еді. Мәселен оғыз-қыпшақ ыңғайындағы атаулар қарлықтардың сөзінен өзгеше бітімде екендігі мамандарға жақсы мәлім. Исі түркке ортақ дегенде жаратылыс, жер жағдайына, аң-кұстардың атына байланысты, космогологиялық ұғымдарға қатысты сөздерді атар едік. Түрк тарихында лауазымды, асылтекті адамдардың аттарына белгілі бір анықтаманы, әлеуметтік мәртебесін білдіретін сөздерді тіркеп айту қалыптасқан. Олар негізінен, "бек", "хан, хақан", "тегін", "қаған" деген атаулар болып келеді. "Хан-хақан" сөзіне В.В.Бартольд тәңірдің әмірімен, тәңірдің жазуымен болған билеуші деген анықтама берсе, бек сөзін ірілі-ұсақты үш сатылы мәртебеге жіктейді.309
Жалпы "Диуани-лұғат-ит-түрк" , "Құтадғу білік", "Қорқыт ата", секілді тағы бірқатар ежелгі түркі мұраларында кездесетін есімдер бірде адамның ататегін, шыққан руын аңғартса, бірде өзінің жеке басының сипаттарын білдіріп тұрады, кей-кейде туған уақытын, әлеуметтік жай-күйін сездіріп қалады. Қайсыбір ру, тайпа, ел-жер аттары үлкен тарихи оқиғаларды еске салады. Мәселен, Махмұт Қашқари "Шігіл" сөзінің шығу себептеріне қатысты Ескендір Зұлқарнайынның түрк сахарасына жорығынан қалған тарихи әңгімені дәлелге тартады. Шігіл атауы калай шыққанын, үлкен бір түрк аталарының қалайша "Шігіл" аталып кеткенін хиқаялайды. Шігіл, йағма, қарлық сияқты ру, тайпалы топ атаулары Жүсіп Баласағұнда да жиі кездеседі. В.В.Бартольдың шігілдерден қарахандар әулетінің шығуы жайлы болжамы оларды Ыстық көл мен Іле өзенін бойлай орналастыруға сәйкес туған секілді.310 Заманында оғыздардың өздерінен басқа түрктердің бәрін түгел "шігіл"деп атауында қисын бар. Яғни, шігілдер көп ата, Қарахандар сарбаздары шігілдерден құрылған. Қанша батыр болса да, жауға салма жалғызды деген бар емес пе?!
Әскери атақтар мен шен-шекпендер, қару-жарақ аттары, өсімдік жан-жануарлар мен түрлі дәрі-дәрмек, тағам аттарына орай түрлі-түрлі мағыналы терминдерді алға тартады. Уәзірдің тамғасы, Хас Кажыб, көкшіл сақал, сү басы, ерат, қылыш, қалам, балта, оқ, қалқан секілді толып жатқан терминдер мен атаулар әрі ежелгі, әрі күні бүгінге дейін" азбаған-тозбаған ұғымдар.
Бешенек, қыпшақ, оғыз, иемек, башғырт, басмыл, қай, йабақу, татар, қырғыз, шігіл, тохсы, иағма, ұғрақ, жарұқ, жомыл, ұйғұр, таңғұт, тағы басқа толып жатқан ру, ата, рулық топтардың ел, жер, тіл жағдаяттары көне түрк ескерткіштерінде молынан суреттелген.311 Махмұт Қашқари болса, өзі атап отырған осы аталардың барлығына жаппай, соңынан жеке-жеке талдау жасаған. Тіл ерекшеліктерін даралап көрсеткен. Жер жағдайын түсіндірген. Осы ежелгі атаулар Орхон-Енисей жырларында да, Жүсіп Баласағұнда да аталып отырады. Осы атаулар Европа, Ресей, Қытай, парсы әдебиеттерінде де аталып қалатынын ескерсек, олардың этимологиясын салыстыра талдаудың өзі үлкен бір тарихи-этникалық кеңістік сырларын ашар еді.
Этникатық атаулар, тұрмыстағы құрал-жабдық, шаруашылықтағы кәсіби атаулар, флора мен фауна әлеміндегі түрк тіліне қатысты атаулар, басқа да ежелгі ономастикадан мол мағлұмат беретін сөздер төл қазна, асыл рухани байлығымыз. Арпа, жүн, сүт, тон, май, құрт, тазы, айғыр, қой, өгіз, теке, бөрі, түлкі, құлан, аю, арыстан, алтын, күміс, темірші, диқан, саудагер, ит, елші, әскер басы... "Құтадғу білік", "Диуани-лұғат-ит-түрк", тағы басқа ежелгі түрк ескерткіштерінде мұндай сөздер, атаулар, есімдіктер мен етістіктер өте мол кездеседі. Бір ғана бөрі жөнінде қаншама ғылыми, поэтикалық мағыналық нәш қосылған. Махмұд Кашқари: "Бөрі – бөрі, – деп жазыпты, – Бөрі қоңсысын жемес" — деген мақалды да келтірген.312 Тіршіліктің саналуан түрлі ерекшеліктері мен табиғаттың көп жағдайда былайғы жұрт біле бермейтін құпияларын осындай ежелгі мұралардан кездестіреміз. Бір кездерде кеңінен мәлім болып кейін ұмытыла бастаған жаратылыс тамашалары туралы да әңгімеленеді. Сондай жазбалар мен талдаулар арқылы туған топырақтың керемет қасиеттеріне қаныға түсеміз. "Чатұқ – Шыннан әкелінетін теңіз балығының мүйізі. Кейбіреулердің айтуынша өзгеше бір түрлі ағаштың тамыры, одан пышаққа сап жасалады. Онымен тағамда удың бар, жоқ екендігін байқап біледі. Сорпа, не тағамға у салынған болса, яғни улы ас болса, үстіне осы мүйізді қойғанда отсыз-ақ қозғалысқа түсіп, қайнай бастайды. Отсыз қайнайды. Егер, мүйізді улы ыдысқа салса, бу шықпай-ақ ыдыс буланып, терлей бастайды". "Құұғұ" – аққу; "Чібің" — жынның бір тобының аты;313 "Бүке" – аждаһа, әбжылан.314 "Қордай" — құстың аты; "Қырқұй" — қырғый. "Қылдрұқ" — қылдырық. Бидай масағында болатын қылшық.315 Жүсіп Баласағұн дастанында да аспан денелерінің аттары –"Қарақұс – Юпитер", /5675/ "Иылдырық, Азғыр, Ерентір – жұлдыз атаулары" /5676/ "Бақыр соқын – Марс – Қызыл жұлдыз" /4888/, "Чадан – шаян – ақрап" /4889/, құс аттары – "Сүкіш – қырғауыл", /5677/ "Той, тұт, иүгдүк, тодлыш, қақ, қордай, иуғақ – құстардың аттары", /5377/, терминдер – "мүқабәл – алгебра, Ұқлидис – Евклид" /4382/, тағысын тағылар мейлінше көп.
Ойшыл ақын берекелі, жақсы, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды:
Құт, дарыды, өсті халық өрісі,
Бірге жусап өрді қозы, бөрісі –
деп бейнелейді. ("Құтты білік", 1040-бәйіт).
Шолғыншы сап, шарлаушы сап саралап,
Көз, құлақты тіксе алысқа жағалап, (2342-бәйіт) –
дейді әскери өнерге қатысты. Бұл жердегі "Иәзәк" – шолғыншы, барлаушы; "Тұтғақы" – шарлаушы. Түнде жіберетін атты шолғыншы. Тұтушы, ұстаушы, реті келсе тіл ұстап та әкеледі.
Түрк жұрты табиғатты, жаратылысты, тіршілік заңдылықтарын терең танып білген. Оған бір дәлелді Махмұт Қашқаридан көреміз. Ғалым-тілші Бөрінің айына бір рет міндетті түрде ашығатынын, айына бір рет, бір жұма бойына ауамен ғана қоректеніп, аш жүретінін баяндайды. Бұл табиғат құпиясы. Әрі бағалы дерек. Тибеттіктердің, түбіт жұртының Иеменнен ауып келу, түрк даласына орнығу хикаясы да, тарихи тұрғыдан біле жүретін сөз.
Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари мұраларындағы ежелгі түрк жазбаларының мәнін аша түсетін бір сипат осындай.
Әдеби шығармалардың, бейнелеп айтқанда, жайдақтықты жатсынып тұратыны белгілі. Жайдақ, шынының сыңар бетіндей ғана жып-жылтыр, айқын болып шығып отырған көркем туындылардың тартымсыздығы өз алдына, көркем өнер туындысы ретінде бір мүшесі кемшін соғып тұрғандай көрінер еді. Әдебиет шығармаларының қай-қайсысында да құбылысқа диалектикалық тұрғыдан жан-жақты қараудың, оқиғаның астарын ақтара саралаудың нышандары байқалмай қалмайды. Сол сан қатпарлы поэтикалық түзілімдердің астарында аз ба, көп пе, әйтеуір бір реңде мифтік сарындардың ұшқыны жүреді. Бұл сипат қазіргі заманғы прозалық шығармалардың бірқатарында стилдік ерекшелікке айналған. Қазіргі әлем әдебиетінде Дж. Джойс, Ф. Кафка, У. Фолькнер, F. Мүсрепов, Ш. Айтматов, М. Булгаков, Ә. Кекілбаев сынды суреткерлердің шығармалары мифтік нышандарды жаңа заманға лайықты құбылтып әкетті.
Шығармаға өзінше бір жұмбақтылық сипат, тартымдылық нәш, әлдебір тылсым көркемдік қуат қосқандай сезілетін мифологиялық өрнектердің ұзақ-сонар желісі сонау ежелгі ғасырлар мұраларына барып ұштасады. Сонымен бірге, мифтік нәш, өрнектер қазіргі заманғы шығармалардың өзіне өзгеше ұлттық сипат қосып, адам баласының тарихи түйсік, санасында тегінен сіңіп қалып қойған таным пернелерін аңдатпай пернелей түсіп, тез баурап әкететін эстетикалық тегеуіріні қосады. Калың окырманның жан-жүйесінің жұмбақ тілін де сол ұлттык мифологиялық астарлы қатпарлар тауып жатады. Миф – аңыз, хикая деген мағынаны білдіретін ежелгі грек сөзі. Әуелгіде кұдайлар, бір тәңір, кұдіретті тарихи тұлғалар, кұдайдың рахымы түскен қуатты, құдіретті батырлар туралы аңыздар ретінде көрініп, кейін қиял-ғажайыптарға астасып кетіп отырды.316 Мифологиялық қасиеттердің ең басым, тұтас көрінген тұсы, әрине, антикалық мәдениет кезеңі, көне дәуірлер һәм түрк дүниесінің рухани әлеміндегі мифтің шапағы нұр шашқан ежелгі заманалар.
Түрк тілдес әдебиеттің гносеологиялық бастау қайнарларында түрк мифологиясының антейдей алып қуаты сезіледі. Ежелгі дәуір әдеби мұраларында басым көрінсе, бертін келе заманалар өте келе соншалык, сирексіп, қазіргі заманғы әдбеи шығармаларда қайта бір түрде құбылып, өзгеріп оралған сыңай танытады. Тұтастай үрдіс ретінде қарағанда, алғашқыда мифтік әдебиет атанған шығармашылық дәстүр біртіндеп мифологиялық өрнек атаулыдан ат-тонын ала қаша бастаған. Тек, кейін, жаңа дәуір әдебиетінде мифтік сарындар мен мифологиялық желілерге жүгіну, мифологиялық астарлылықты күшейту қайта жаңғыра түсті. Бұл даму белестерін шартты түрде жіктеп кестелесек: "мифологиялық әдебиет – жартылай мифологиялық әдебиет – таза, реалистік дәстүрдегі жаңа әдебиет – жаңа әдебиеттегі мифтік өрнектер" секілді болып шығар еді. Әрине, бұл орайда бастау арнадағы мифологиялық әдебиет бір басқа да, кейінгі замандағы, қазіргі кезеңдегі әдеби туындылардағы мифтік өрнектердің поэтикасы бір бөлек. Мифтік заман, мифтік таным мифологиялық ойлау жүйесін қалыптастырды. Мифологиялық ойлау, көркемдік таным аясында белгілі бір танымдық ұғымдар, белгілер мен нышандар, тотемдер мен есім сөздер, заттар, тұтас ұғымдар пайда болып, санада қалып қойды. Сөйтіп, біртіндеп Мифтік кезең оқшауланып шықты. Мифтік категориялар сарапталды. Біз бұл ретте түрк тілдес әдебиеттердің түрлі кезеңдеріндегі мифологиялық өрнек іздерін мегзеп, олардың кейінгі таным диалектикасы тұрғысынан трансформациялану ерекшеліктерін сөз етеміз. Түркі тектес әдебиеттердің барлығында дерлік жақсы таныс, бәрінде дерлік жырланған "Жүсіп-Зылиха" дастанының жетпіс нұсқасы бар. Дүрбек жазған "Жүсіп-Зылиха" дастанында бөрінің адалдығы туралы оқиғаға бір тарау арналған. Тоғызыншы тарауында бөріге тіл бітіп, Жүсіпті өлтірмегені, жемегені туралы ант береді.317 Қазақтың батырлар жырында, эпостарында жылқылар "астыңғы ерні жыбырлап, үстіңгі ерні күбірлеп" сөйлей беретін. Ол малсақ қазаққа таңсық емес. Жан-жануарларға, хайуанаттарға тіл бітіру, адамша әрекеттер жасатып қою, кәдімгі қиял-ғажайып ертегілерінің алуан түрлі кереметтері кімге болсын таныс. Бөріге қатысты ұғым басқашарақ болса керек. Жалпы бөрі ұғымы түрк баласы үшін өзгеше киелі, өзгеше әсерлі. Осынау құдіретті қуаттың қазақ әдебиетінде небір керемет келісті суреттері бар. Сүйінбай Аронұлы "Бөрілі менің байрағым" толғауында тұтас бір киелі қасиетті бейнені сомдаған:
Бөрілі байрақ астында,
Бөгеліп көрген жан емен.
Бөрідей жортып кеткенде,
Бөлініп қалған жан емен.
Бөрілі найза ұстаса,
Түйремей кеткен жан емен.
Бөрілі байрақ құласа,
Күйремей кеткен жан емен.
Жау тисе жапан далада,
Бөрілі найза атамыз,
Қарасайлап шабамыз,
Қызыл қанға батамыз.
Бөрілі байрақ астында,
Ту түсіріп, жау алған,
Қазыбек, Қастек атамыз.
Бөрілі байрақ көтерсе,
Жоқты жонып табамыз,
Бөрілі байрақ астында,
Ту түсіріп, жау алған,
Шапырашты батыр бабамыз!
Бөрі басы – ұраным,
Бөрілі менің байрағым.
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып кетер қайдағым!318 –
дейді ақын,
Көкбөрі символы тілге оралады.
Мифологиялық танымның тарихи санада қалдырған ізі сондай. Оның бәрі сонау ықылым замандағы түрк әулетінің шығу тегі жайындағы көкбөрі мифінен тараған. Бөрі, қасқыр деген ұғымға қазақ баласы күні бүгінге дейін ерекше қарайды. "Атилла (Еділ батыр)" дастанындағы бөрі эпизодтары да соған сүйеніп туған желі. Көкбөрінің киесін қазақ әлі күнге дейін арқаланады, көкбөрінің киесінен әлі күнге дейін сескеніп жүреді. Ерекше құдірет тұтады. Сол нанымның өзі сөзге ғажайып киелілік қасиет дарытқан. Сондықтан түрк баласы көкбөрі аты аталған шығармаларға ерекше қарайды. Көкбөрі туралы сөз қазақ баласының жан-жүйесін шымырлатады. Өйткені, онда тарих қойнауларынан ғасырлар бойы қордаланған рухани күш бар. Сондықтан да Махмұт Қашқари бөрі екеш бөрінің көкжалдығы, көрші-қоңсысына шаппайтын қасиеті, бөлтірігі үшін жан алып-жан берісетін кекшілдігі жайлы құлшына жазады. Махмұт Қашқари сөздігіне сүйенсек, түрк қауымы бөрінің ай сайын міндетті түрде әдейі бір апта бойы ашығып, ағзасын тазартатынына дейін біледі. Байырғы замандардың "Көкбөрі" дастаны да осындай рухты толғайды. Бұл жерде антикалық грек мәдениетіндегі бөріге қатысты символдық арқауды еске сала кеткеннің артығы жоқ. Рим қаласының негізін қалаған Ромул мен Рэмді бөрі емізіп аман алып қалатыны жайлы сюжет әлемге мәшһүр. Қос сәбиді емізіп тұрған "Капитолийская волчица"319 деп аталатын бөрінің мыстан құйылған мүсіні Рим мұражайында әлі тұр. Бір жағы тотемдік мифке жататын осы бір желі түрк, қазақ әдебиетінде өзгеше өркештеніп көрінеді әрі сол желі бертінге дейін айқын жалғасып отырған. Махмұт Қашқари сөздігінде қыран құстың соңғы екі жұмыртқасының бірінен құмай тазы, екіншісінен алғыр қыран шығатыны, олар оның соңғы жұмыртқасы екендігі туралы аңыздың да мифологиялық сипаты басым. Бір жағынан қазақтың ауыз әдебиетінен таныс хиқаят.
Аспан денелеріне қатысты астральдық мифтер, күн мен ай арқылы шендестіріп келетін мифтер қазақ әдебиетінің, түрк әдеби, мәдени мұраларының айқын айшықтары. "Қорқыт ата", "Құтадғу біліг" шығармаларында, Махмұт Қашқари сөздігіндегі бай әдеби мысалдарда әр қырынан көрінетін бұл сипаттар да өзгеше желі құрайды. Күнтуды ханның әділдігі, қуаттылығы, мейірім-қайырымға әзір тұратындығы жағынан Күнге баланады. Күндей сәулесін тең шашатын, күндей мейірімді, күндей әділ деп сипатталады. Жүсіп Баласағұн дастанындағы Айтолды бейнесі, аспан денелеріне қатысты толғамдар соны мегзейді. Қазақ әдебиетіндегі толған ай қасиеттерінің адамдарға қарата айтылатыны, әдемі, келісті, ажарлы адамның сұлулығын толған ай арқылы суреттеу, айды ақ сүтке балай сөйлеу, күннің тууы, айдың толуы секілді жалпыға мәлім танымдық баламалар ежелгі мифтік ұғымдарды, астральдық мифтерді еске түсіреді. "Қорқыт ата" мұрасындағы астральдық мифтік нәштерді де осы дәстүрлі желіден көреміз.
Түркі тілдес әдебиеттердегі, оның ішінде қазақ әдебиетіндегі мифтік сарындардың өз сипаттары, күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан дәстүрлі жаратылысы бар. Антикалық дүние табиғатымен ұштасатын жаратылысы дара түркі мифологиясы және оның кейінгі ұлттық әдебиеттердегі түрленуі ұлттық көкемдік танымымыздың да бітімін таныта түседі.
1.3. ТҮРК БАЛАСЫНЫҢ БОЛМЫС-СЫМБАТЫ,
КІСІЛІК КЕЛБЕТІ (ЕЖЕЛГІ ТҮРК ӘДЕБИ
МҰРАЛАРЫНДАҒЫ ҚИСЫНДАР)
Көне дәуір, орта ғасырлардағы түрк әдеби ескерткіштері тұтас бір өркениет белгісін білдіреді, сол арқылы исі түркі халықтарының ортақ мұрасы ретінде сол ұлттарға, халықтарға ортақ қасиеттерді саралайды. Ондай еңбектерден, ежелгі шығармалардан Түрк нәсілінің этнологиясы, этномәдениетіне қатысты мол деректерді кездестіреміз. Соның бір парасы түрк баласының, түрк жұртының әлеуметтік-азаматтық болмысы. Қандай ел, қайда бармақ, қандай болмақ? Осындай сан-алуан сауалдар Орхон-Енисей ескерткіштерінен бастап «жаңа түрк тілдері»320 /С.Е.Малов/ қалыптаса бастаған кезеңдегі мұралардың өзінде жүйе-желімен аңғарылады. Иә, түрк әдеби мұраларындағы түрк адамының әлеуметтік сымбаты қандай. Махмұт Қашқари түрк баласының бірден-бір бедерлі сымбатын сипаттап жазған. "Тәңірі оларды "түрк" деп атады, — деп жазады Махмұт Қашқари, — ...321 Тәңірдің өзі оларға ат берген, жер жүзінің ең биік, ыңғайлы, ең әуесі таза шұрайлы өлкелеріне орналастырған да, оларды "Өзімнің қосыным" деп санаған.
Оның үстіне түрктер көркемдік, сүйкімділік, жарқын жүзділік, әдептілік, жүректілік, үлкендерді, қарияларды құрметтеу, сөзіңде тұру, мәрттік, кішіктік, тағы сондай сансыз көп қасиеттерге ие".
Түріктердің әулетті аталарынан шыққан өзі жөнінде де "мен сол түрктердің қызыл тілге ең шешендерінен, ең әдемі әңгімешілерінен, ең бір зеректерінен, ең білгірлерінен, ежелгі текті тайпаларынан, уа соғыс ісінде мықты найзагерлерінен"322 боламын дейді. Аталған қасиеттердің қай қайсысы да кісілік-имандылық ақиқаттарын насихат еткен. Адам баласына лайықты ізгі ниетті тамаша мінез-құлық, іс-әрекет, қабілетті осыншама айқын, нақты, көзге тосып, қолға ұстатып беру барлық әдебиеттерде кездесе бермейді. Тұжырымды түйін, нақтылықтың өзі ғұламаның тарихи этнологиялық құбылысқа айқын көзқарасын білдірсе керек.
Ежелгі мұралардың көркемдік-рухани бітіміндегі тағы бір типті ерекшелік аталық сөздер, насихат кеңестер, даналық толғамдар тіршілік диалектикасынан туындап отыратындай, өмірдегі қилы-қилы қисындардан түйінделіп, келешекте адам қатеріне ала жүретіндей айтылады. Әрі тілге орамды, ұғымға оңтайлы келеді. Даналық дегеннің бір парасы осыдан да байқалып, құбылысқа зерек жанның өзіндік тәжірибесінен туындап отыратындай. Бұл әсіресе, мақал-мәтел, қанатты сөз, афоризм ыңғайындағы тіркестерден аса жиі көрініс береді. Махмұт Қашқари сөздігінде мақал-мәтелдер, даналық сөздер арқылы кісілік келбетті кемелдендіретін қасиеттер әлсін-әлі қайталанып отырады. "Су ішірмеске сүт бер",323 – біздің санамызда "Таспен ұрғанды аспен ұр" секілді ұлттың құнарлы қасиеттері оянады. "Су сұраса, сүт берген, айран берген"– деген арқалы ақын Мұқағали Мақатаевтың белгілі туындысы тіл ұшына оралады. Бұлар шешендіктен, ақындық тебіреністен ғана туа салмаған, керісінше ұлттық танымның жүйкедегі таңбаларынан жаңғырып барып түскен толғамдар. "Түзумен ұрыс, бұзықпен ұстаспа"324, "Қырық жылға дейін бай мен кедей теңесер"325, – дейді сөздіктің тағы бір даналық түзілімі. Бұл философиялық түйіндер де бәрінен бұрын біздің халықтық тұрмыс, қалыбымызға жақын ойлар. Осы арада, біржағына ойдың танымдық тектестігі, екінші жағынан тілдің, сөздің табиғи жаратылысы шарпысып іргелі дәстүр өрнегінің танымал нәштерін сызғандай. "Сынамаса — алданар, сақтанбаса — алдырар"326, деген де сол секілді. Жауынгерлікті, батылдықты, жеңімпаздық көтеріңкі рухты сипаттайтын сөздер көп. Адамшылық қарым-қатынасты, сыйластықты мәртебелейді.
- Туыс, қоңсы-қолаңды
Құрметте де қадірле.
Сыйын алып, оған да
Жақсы тауар қарым бер. –
немесе:
Ерен ерлер шақырысты,
Қыңыр көзбен бағысты.
Бар қарумен қағысты,
Қылыш қынға күшпен сыйды,327 –
/яғни, қан ұйып, қатқан қылыш қынға күшпен зорға сыйды демекші/.
деп қатал жауынгерлік батылдықты да мегзейді. Қаһармандық, батырлық қасиеттер жиі толғанады. Осындай сипаттар Орхон-Енисей ескерткіштерінде де бар. Әйгілі "Құтадғу біліг" дастанының тұла бойында кісілік, кемел тұлға деңгейінде толысқан бірегейлік, толық-толымды адам тұлғасы, кісілік келбеті мақсатты түрде жырланады. Этикалық-дидактикалық шығарманың табиғатына орай құтты қоғамның, сол құтты қоғамның адамдарының келісті-келісімді келбеті қандай болмағын таразылайды.
Құттың көзі — кісілік, құттың құты — парасат, адамшылық.
Бақытты, дәулетті қоғамның мүшесі, әділетті қауымның өкілдері қандай болмақ керек? Осы орайда ежелгі туындылар ойын түзсек, етене бір қадірлі сипат, бітімдерді байқаймыз. Түрк жұртының дәстүріне, тағдыр-талайына, салт-санасына сәйкес ортақ бір ақлиқаттық-азаматтық бейнесі сараланып шыққандай.
Құт-дәулет қандай? Құтты адам қандай? Бәйіттерге жүгінейік:
Айтолды атты бар еді бір ер кісі,
Даңқын естіп, келді елбасын көргісі.
Жігіт еді, жаны жомарт, жұғымды,
Көңілі зерек, ақылды, ойлы, ұғымды.
Көрікті еді көз қарығар түрінен,
Сөзі шырын, шындық тамған тілінен.
Күллі өнердің бәрін түгел үйреніп,
Жүрген ер-ді өнерді еркін игеріп.328
(462-465-бәйіттер)
Бұл Жүсіп Хас Кажыб жырлауындағы, түркі жұртының ұғымындағы құт-дәулеттің (Айтолды) ажары, бейнесі. Құттың кейпін адамға, білікі адамға балаудың өзінде тәрбиелік мән жатыр.
Адамдыққа – сен де жаса адамдық,
Кісіліктің жолы солай қаланбақ!
(2308-бәйіт)
Жүректі ер ар-намысшыл келеді,
Намысты ер тек күресіп өледі.
Намысшыл ер жаудың қанын шашады,
Намыссыз ез жер бауырлап қашады.
Мәрт қылықты, қыз құлықты еріңді,
Құрметтейді сүйіп, сеніп елің де!
Сыпайы ер көңіліңді ерітер,
Тіні – ащы қытымырлар жерітер!329
(2291-2295-бәйіттер)
Қарттық қамын жігіттікте істегін,
Қартайған соң, ісің өнбес, күш кемір!
Жараспайды қартайғанда кісіге,
Араласса жігіттіктің ісіне.330
(4692, 4696-бәйіттер) Мұндай мысалдар, толғамды түйінді ойлар түрлі мағыналық қырынан әлденеше құбылып, түрленіп келіп отырады. Ойлы түйін, жақсы әсермен баурайды.
Тілесең сен, сөздің өткір, ашығын,
Сұрағанда турасын айт, асылын.
Шақпа жұртты, сөз болмасын ермегің,
Кек сақтама, ұсақ сөзді термегін.
(4300, 4301 бәйіттер)
Мақтан тұтсын десең жұртым өзіңді,
Қылығынды – әз, жарық ұста жүзіңді!
(4283 бәйіт)
Сүйінішпен десең тірлік етемін,
Қастық кылма, дос қадірін жете біл.331
(4276 бәйіт)
Білмесе адам өзін қырық жасында,
Айырма жоқ, мал ғой малдың қасында!
Сынап, көріп, үйренбесе білімді,
Оны кісі санама, ай, ілімді.332
(4633-4634-бәйіттер).
Адам болмақтың күллі әдеп шарттарын жыр тілімен өрнектейді. Ас-тәбеттен бастап, қиындық-мехнатта, қуаныш-шаттықта өзінді қалай ұстау жөн. Бәрі-бәрін жіпке тізгендей жайып салады. Тіршілік шарты, тұрмыс дәстүрі. Зая қылсаң бастан кешкен күніңді, зая өткізбе енді келер түніңді. Дүние түбі – тұйық қой, жоқ кемері, Бары жетер, жоқ артықтың керегі. Кімге шаттық келсе, бірге қуан сен, кімге қайғы келсе, бірге жұбан сен! Жақсы мінез, ізгі ниет, адамшылық – бақытты ғұмыр кепілі. Ел болмақтың алды парасатты ер болудан басталады. Бірлігі берік қуатты ел болу да осындай кісілік қасиеттерден туындамақ. Мақсатты басты идеялар осы. Ежелгі түрк жазбаларындағы адамшылық белгілерін мазмұн жағынан шартты түрде жүйелей сараласақ былай болып шығады eкен:
1/Кісілік, имандық, ақлиқаттық-адамшылық;
2/ Тілге, білімге, дінге беріктік;
3/ Ақыл-парасат; рухани саулық, еркіндік;
4/ Іскерлік, ұлағатты ұлылық;
5/ Ел қорғау, намысшылдық, жүректілік;
6/ Ұрпақ тәрбиелеу, ұлды – ұяға, қызды – қияға қондыру;
7/ Досқа – мейірімділік, жауға – қаталдық;
8/ Қанағат-рахым, адалдық.
9/Ұсталық пен ұстаздық, кәсіпті білу, оны ұрпаққа мирас етіп қалдыру.
Бұл жерде мал бағу, соғысудың әдіс-тәсілдері, адамдармен қатысу жайы, денсаулық секілді өмірде кездесетін басқа да мәнді мәселелер туралы сөздерді қоспадық.
"Құтадғу біліктегі" ел басқару, мемлекет түзу мұраттарының өміршеңдігі сондай, ол дүниежүзі философтарының толғамдарымен үндесіп те отырады. Елдік түзіп, мемлекет басқару өнері әлемдегі талай-талай ғұламалардың, даналардың шығармаларына арқау болған. Кейбіреулерін ғана атайық. Көне қытай ойшылы Мо-Цзы /б.э.д. 480-400/ этикалық-саяси еңбектерінде "Қызметкерлерді жақын тарту" "Даналықты құрметтеу", "Бірлікті қастерлеу", "Жау шабуылын тойтару – секілді тарауларында елдік саясатты талдаса, ежелгі грек ойшылы Платон /б.э.д. 437-347 ж.ж./ "Мемлекет" атты еңбегінде "Әділеттілік пен әділетсіздік", "Ел басқарушылар мен сақшыларды таңдау", "Кемел мемлекеттің үлгісі /қиялдау/", "Кемел мемлекетте байлық пен кедейшілікті жою", "Кемел мемлекеттің төрт тұғыры", "Әділетті адам және әділетті мемлекет", "Мемлекет басшылары философтар болуы керек", "Терапия", тағы басқа тарауларда бақытты қоғам құруды зерделейді Ежелгі үндінің "Артхашастра немесе саясат ғылымы" атты мемлекеттік құрылыс туралы ілімі, ортағасырдағы Әл-Фараби, Макиавелли333 зерттеулері де тарау-тарауларының тақырыптарына дейін "Құтадғу білік" трактатында қарастырылған мәселелер хақында тоқайласады. Жүсіп Баласағұн, берідегі Абай философиясы да осы әлемдік ойдың ұлы ағысына барып үндеседі. Жатырқамайды, жатсынбайды, табиғатты ашып, тереңге тартады.
Ежелгі мұраларда тіл, сөз өнерінің көмегімен түрк жұртының, түрк адамының ой-ниеттегі келісті сымбаты құйылған. Оған қатысты толып жатқан толғамдар қуатты мемлекет, құтты-бақытты ел болсақ деген ізгі мақсаттан туындаған. Әрі игілікті заман адамының әлеуметтік портреті түзілген, әрі ізгілікті мемлекеттің сипаты айқындала түскен. Сөйтіп поэзиялық трактат әрі әдеби-көркемдік, әрі саяси-әлеуметтік қызметті атқарып тұр. Жүсіп Баласағұн әртүрлі әлеуметтік топ өкілдерін де жеткілікті сипаттап отырады. Олардың әрқайсысына қоғамның, мемлекеттің келбетін түзетін әлеуметтік, қоғамдық құрылымға қосылатын өзгеше бітімді бөлік деп қарайды. Олардың ішінде диқандар, малшылар, ақындар, ғалымдар, әскер басы, елшілер де сипатталады. Ал, бек, басшы адамдар қандай болмақ керек? Ел ісін жүргізетін, ел түзетін бектер мен шоралар бейнесі қандай? Жүсіп Баласағұн оған да мінездеме ұсынған. Түрк сахарасының дарабоздары осыдан тұп-тура X ғасыр бұрын құтты, берекелі Ел құру, сол елдің құрылымы, сол Елдің бектері туралы тұжырымдарын түйіп хаттаған. Тәуелсіздік тізгінін қолына енді алған жұртымыз осы тәуелсіздікке талай-талай ондаған ғасырлар бойы әзірленген. Қандай Ел құрып, оған қандай бектер қажет екендігін, Ел басшысына, оның қосшыларына қоятын талабын VІІІ-ІX ғасырлардың өзінде-ақ жақсы білген. Тарихи сана тәлімі. Соның бір тарихи тірі дерегі Жүсіп Баласағұнның "Құтты білік" дастанындағы (28-бап. "Бектікке лайық бек қандай болу керектігі айтылады") сипаттамалар. Ғұлама ақын ел бегіне Күнтуды деп ат қойып, күн сияқты сөнбейтін Әділетке балайды. 1069 жылы жазылған дастандағы түрк даналарының ұғымы бойынша ел тірегі, елдік тұғыры – Әділет! Сол Әділет (Күнтуды) тұлғасын сомдап, сол бейне арқылы берекелі Елдің (мемлекеттің) бектері қандай болмағын түсіндіреді. Ырыс, құттың жөні әділдікте, дұрыстықта, әділдіктің заты бүтіндей кісілік дейді Жүсіп Баласағұн.
Біл, әділ заң — басшылықтың тұғыры,
Бегі әділ ме?! Берік елдің жұлыны!
(819-бәйіт).
Бектік берік әділ заңның жөнімен,
Бектік тегі әділдіктен көрінер.
Бек елінде тура заңды ұстаса,
Бар тілекке жетер қолы қысқасы!334 –
(821-822-бәйіттер).
Бұл "Құтты біліктегі" Күнтудының сөзі. X ғасырдағы білікті, дана қағанның ойы.
Бектері ессіз болмайынша тегінде,
Ессіздердің көзі ашылмас елінде.
(892-бәйіттер).
Бас көтерсе жаман: жақсы қорланар,
Бас көтерсе жақсы: жаман жорғалар.
Болса бектер ізгі, құтты қордалы,
Бөрі де ізгі, қараша тоқ болғаны.335
(890-891-бәйіттер).
Бұл – Жүсіп Баласағұнның төл толғамы. Жақсы бек, ізгі басшы жаманды да, жақсыны да ізгілікке, берекеге бастайды. Ізгі бектің жұрты да түзу, жөн-жосығы, құлқы да түзу. Бектері ізгі, бектері есті елде ессіздік жоғалады, халқы байып құт-берекеге оранады. Ұлысты ұлылықпен билеген бектің бектігі де ұлы, елі де күйлі. Бектік салтанаты — ізгілік, әзіздік. Бекте халықтың хақы бар, халықта бектің хақы бар. Бекті де, бектікті де абырой өріне көтеретін халық, ұлыс, жәрдемші, қызметшілері. Қызметшің құқыңды қадірлесін, қыңырланып құтыңды қашырмасын. Ал, бектің өзі қырсық пақыр болса, ісі кері кетіп, сүйініш-тіршілігі мұң татыр тақыр. Ел бастайтын да, қол бастайтын да бектер, мен зеректер.
Жүректілер жүрексізді бастаса,
Жүрек бітер бәріне де басқаша!
Біл, арыстан басшы болса иттерге,
Арыстандай күркірер кеп иттер де!
Арыстандар басы болса ит бір күн,
Арыстандар жасар еді ит тірлік!
Мейірбанды болсын бектер жайсаң жан,
Қылығынан жайсаңдығы байқалған! — 336
(2045-2048-бәйіттер)
деген секілді дастанның терең тамырлы ойлары да сол бір елдік, ерлік, бектік туралы танымды тереңдете түседі. Еуропа зерттеушілерінде кезінде Наполеон Бонопарт айтыпты-мыс делініп келген, талай-талай батыс кітаптарында Наполеондікі деп көрсетілген осы бір ойлы ақиқат сөз 1069 жылы жазылған "Құтты біліктен", қазақ жерінен шығуы көп жайды аңғартуға тиіс. Наполеон (1769-1821 ж.ж.) қайда, Жүсіп Баласағұн (1015 ж.) қайда?! Осындай даналық толғам тағы бір ежелгі жазбалардан шықса да таңданбас едік. Тарихи сана үрдісі кең де күрделі үрдіс. Осы даналық тұжырым Наполеондікі деп жар салып, жазып кеткен Нобель сыйлығының ардагері, басыр білімдар Хорхе Луис Борхеске де кінә таға алмайсыз. Сондай адам қызығарлық сөз айтқан Жүсіп Хас Қажыб Баласағұнға да Евразия ұрпақтары әрі таңдана, әрі мақтана қарайды. Демек, даналық сөз адамзаттық кеңістікке шықты. Оның өзі әлемдік біртұтас рухани тыныстың лебін жеткізгендей.
Орта ғасырға дейін де түрк жұрты Елдік құрып, талай күйреп, талай еңсесін түзеді. Ал, Баласағұн дәуірі — түрк Елінің тағы бір серпіліп, еңсесін жазып өркениетке ден қойған тұсы-тын. Сондағы, қайтсек іргелі берік мемлекет боламыз дегендегі құтты тұғыр, алтын бесік – білім, білік еді. Текті бектер елді аларда алмас қылыш жарқылдады, ел басқарса алтын қалам жалтылдады, сол қолымен жасқаса, оң қолымен сый беріп, жебеді. Үлкен мұратқа бет бұрған кезеңде, тәңірінен тілек тілеп, елдікке ден қойған тұста сол мемлекеттің, халықтың қаймағы – ерлері, анасы, баласы, ақсақалы қандай болмақ? Елдіктің таяныш, тіректері бектері мен игі-жақсылары қандай болып, қайтпек керек? Осы сауалдарға жауап іздей отырып, Жүсіп Баласағұн сан түрлі әлеуметтік топ өкілдерінің, сан алуан адамдардың портреттерін жасайды. Ел ішінде алуан қырлы адам бар. "Есті-ессіз, ұлық-кішік бар", "Ақылды бар, ақымақ бар, ғалым бар, Бай-кедей бар, надан, аңқау, залым бар", "Соның бәрін бөлектеп алаламай, басқаратын бек қандай болу керек?!" Даналық дастан осыларға жауап іздейді. Ел басқарушы бекке ақыл да, білік те, сақилық та керек. Бек халықты тек қана ақылмен, біліммен билер. Барлығын ақылға жеңдірер. Жазғанда (араб ғарпімен) "бек" ﺑﻚ пенﺑﻠﻚ "білік" сөздерінің бітімі де бірдей екен дейді ғұлама. Тек "ләм" ﻝ (араб әліпбиіндегі "Л" ғарпі) түсіп қалса, құр "бек" сөзі ғана жалаң қалады екен дейді ғұлама.
Иә, бек деген кім? Бектің кандай болмағы ләзім?
Шыншыл, сара болу керек ел бегі,
Көңіл, тілі – түзу, дара, зерделі!
Жұртқа силы, көңілі - тоқ, көзі – тоқ,
Білімді, ойлы, пейілі кең, сөзі – шоқ.
Жасай алар ізгілік пен ірілік,
Заң, ұятты сақтай білер жүгініп!
Осындай бек болар халық көсемі,
Ұрпағы өссе, тарайды ұрқы көшелі...337
(1963-1966 бәйіттер).
Осындай бәйіттермен елдегі бектердің ұлыс көңіліндегі тұлға көзге елестейді. Бек деген ұғымды биіктетіп, даралай түседі. Ақыл да, сабыр да, ізгілік те, мейірімділік пен қаталдық та ең әуелі ел азаматтары бектерге қажетті қасиеттер. Елі үшін, жері үшін алаңдаған бектің көңілі күпті, жаны мазасыз, өзі үшін емес, елі үшін қорқып тұрады. "Қорқақ келер тақуа бек көңілі, Қорыққан ісін бұлтартпайды өмірі!" Бегі қорықпай кейде қорқып тұрады ел, бегің онда қорқау болды – ұға бер.
Елдің құты – білімді, мейірімді бек. Ұшқалақтық, жеңілтектік ызақорлық, қызбалық, тыраштанушылық, ашкөз сұғанақтық, өтірік опасыздық – осының бәрі ортағасыр ғұламасының сөзімен айтқанда "надандықтың белгісі"!
Сұғанақтық – дауасыз дерт, арылмас,
Күллі жаһан емі қонбас, жазылмас!
Барлық аштар, жесе ақыры тояды,
Сұғанақ көз көрде ғана қояды.
Сұқ құтаймас, қанша мүлік жиса да,
Кедеймін дер, әлемді оған қиса да!338
(2002-2004-бәйіттер)
Надандықтың, пақырлықтың бір сиқы. Парасатсыздықтың, тойымсыздықтың он ғасыр бұрынғы хатқа түскен кеспірі... Елді ұйыту, елді береке-бірлікке, құтқа бастау жолдары сол кездің өзінде ұлы мақсат болған. Елді әділ заңмен басқарған жөн.
Елдікке бел буған, ел берекесін ойлаған, әділ бекке бұлардан басқа да үш қасиет керек. Қаһарман жігерлілік, жомарттық және шырын тіл. Бек те, ұлық та, құл да, күң де тілге, сөзге жүгінген. "Түксиген жүз, іріген сөз, құр кердең" елді бектен жирендіреді, өнерлі ойлы бектің "даңқы өсіп, төрден орын тиеді". Ал, аты бек болып, заты болса қап-қара, онда ол қараның ең қоры елде, масқара!
Зұлымдық — өрт, тисе өртеп қырады,
Заң — су, ақса береке өніп шығады.
Елді, ай, дана, десең ұзақ билейін,
Заң түз, үйрет, көгерт елді, сүйрегін!339
(2032-2033-бәйіттер) "Құтты білікте" бектің, елдікті жүргізетін қызметшінің бойы мен ойы қандай болу керектігінен бастап, ауқаттану, жүріп-тұру, сарайдағы жұртпен қарым-қатысына дейін егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Көне жазба беттеріндегі елдік ойлардың өркениетті мемлекеттік түзу өресімен сай, үндес келуі керемет. Осының өзі күллі түркі елінің ежелгі арман, мүддесінің XXІ ғасырға ұласқан үмітті жалғасындай әсер етеді. Түрк данасы Алладан бектерге ұят, ар, намыс тілейді. Барша арамнан сақтаса, тек ұят сақтайды, игі іске бастаса ұят бастайды. Бек ұятсыз, қиянатшыл сұм болса, халқы сорлап, күн күре алмас құл да онша. Ақлиқаттық-әдеп тұрғысынан да терең ой таратады. Бегі ойнап, шарапқа шомылса, ел ісіне ақылы қалай жетсін деп ширықтыра түседі.
Қара ішсе, мал мен мүлкін салады,
Бегі ішсе, елдің шырқын алады!340
(2097-бәйіт).
Тоқсан толғамның түйіні – әділ заң, білім, ақылда. Елдің құтын тасытып, ырысын арттырсаң, елден де береке көресің, елден де аласың. Елді саясатпен түзе. "Ел былығы саясатпен арылар!" Егер, ер елге әділ заң түзбесе, ел обырлардың жеміне айналады, "ел қырқысып, бұзылады", салтанат жығылады.
Бек бұзылса – ел бұзылар.
Қара мінін бек тексерер, түзетер,
Бектің мінін кім түзетер, кім өтер?!
Кір мен ласты кісі сумен жуады,
Су былғанса, кірін немен қуады?!341
(2107-2108-бәйіттер).
Өзің – бексің, дүниеге құл болма!
Елдегі бектер тұлғасы осылай жырланса, елбасы, уәзір, елшілер, ғалымдар, қолбасылар хақында да ретіне орай іші-тысын бірдей түгел сөзбен түгендеген толымды тұжырымдар ежелгі мұраларда аса мол.
Жақын тұрса бектер ізгі адамға,
Жақсылыққа іңкәрланар жаман да.342
(888-бәйіт).
Егер, бекті иектесе жамандар –
Ел үстінде жалаңдар сол арамдар.343
(889-бәйіт)
Егер ізгі болса елдің басшысы,
Түгел ізгі болар атшы, қосшысы!344
(894-бәйіт)
Қарапайым даналық. Трактаттың кез келген пенденің көкейін қона кетерлік оңтайлы орамдары.
"Кім дана бек болса, жақын білімге,
Біліктіні жақын тартар түбінде", –
деп бір түйеді. Жүсіп Баласағұн пайымдауынша, "кісі асылы екі түрлі, бірі бек те, бірі дана елбасы", ізгі, ұлағатты кісі екі түрлі "бірі ұстаз да, бірі шәкірті". Қараны айтсын, ханды айтсын, ең әуелгі қасиетті қадірлі нәрсе білім деп санайды.
Білімсізге төрден орын болса, көр:
Tөp – босаға, ал босаға болды төр!
Орын тисе данаға есік көзінен,
Есік – биік, төр – тағыңның өзінен!
Күллі құрмет білімдіге тиесі,
Мейілі, ол төр, мейілі есіктің иесі!345
(262-264-бәйіттер).
Елдің ісін қолға алар бек сымбаты осындай. Елдік, мемлекеттік үшін от басынан бастап әділ заңға дейін бәрі елеулі, бәрі маңызды Адамның мінез-құлық ниетінен бастап қауымның әл-ауқатына, сұлулық танымы, махаббат-ынтықтық сезімінен бастап елге-жерге деген перзенттік парызға дейін бәрі қасиетті, мағыналы. Мұның бәрі елдікке мемлекеттілікке ықпал жасайтын күштер. Тіршілікте ұсақ, мәнсіз мағынасыз ештеңе болмайды. Күллі жаратылыстың, ақырында фәни жалған мен бақилықтың да жарасымды үйлесімі, табиғи ұнасымы қастерлі қисындылығы болмағы шарт. Бақыт та, құт та сол құдіретті жарастықта. Кісілікте, береке, құтта, даналықта сонда. "Көрсоқырлық, ұятсыздық, ұлығым, Бәрі түгел – жамандардың қылығы!" "Ессіз бүгін қанша есірер, құлшынар. Ертең сонша өкінішке тұншығар!" Бек жұртын, заңын саясатпен түзетеді, елін – жерін саясатпен күзетеді. Ел ішінің береке тыныштығын сақтау, бұзықтарын тию, сұмдарын бездіру, сауда керуен жолдарын алыс саудагерлер үшін қауіпсіз етіп, ел ішіне сауда керуендерін көп жүргізу секілді алуан ойлары да бүгінгі мемлекеттік істерге үндесіп өсиеттей естіледі.
Дастанның даналығы да осы. Бұл – түркі даналығы.
Халыққа алып ұлдар керек саспайтын,
Ұлы істерде ұлы жорық бастайтын.346
(1961-бәйіт).
Кемел сөз, келісті мұрат. Ал Елдің мұратын Шу даласының ұлы перзенті Жүсіп Хас Қажыб Баласағұн әмәнда тауып айтқандай: Шыншыл, сара басшы керек халыққа, Халық үшін түсіп шығар тамұққа! Ел қорғауды, қаһармандықты осындай оралымды ойлармен әрі ақтайды, әрі қайрап жігерлендіреді. Қолбасылар, әскери құрылымдар, баһадүрлерді қалай ұстау туралы толғаныстары өз алдына. Бұл да бір заманына сай бөлек ұғым, серпінді сергек тебіреністер.
Ел жаулаушы қылышымен алады,
Ел бастаушы қаламымен алады!
Қылышпенен басылар ер, ашынар,
Ал, қаламсыз – басшысыз, ел шашылар.
Елді, жерді табындырса қаламың,
Түгенделер тілегің мен талабың! –
(2425-2427-бәйіттер).
деген тебіреністері бар. Хас сарбаздар хақында:
Жақсы болар – жамандарды мақтасаң,
Жаман болмас – жақсыларды жақтасаң.347
(2400-бәйіт).
Ер – мақтаса, арыстанмен алысар,
Ат – баптаса, ұшқан құспен жарысар!348
(2401-бәйіт)
деп бір түйіндейді. Бәйіттен бәйітке ауысқан сайын бүтін тараудың мазмұны айшықталып, қаһарман баһадүр тұлғасы көзге елестейді. Қандай басшы, қандай батыр жаһангер болмақ керектігі бүтін сипат-бітімімен, мінез-құлық, ақыл-парасатымен аңғарылады. Елдік, ерлік деген қасиетті ұғымдар таза поэтикалық суретке айналумен бірге, санаға берік ұялайды.
Терең тамырлы ойлары елдік танымды тереңдете түседі.
Орта ғасырға дейін де түркі жұрты елдік құрып, талай күйреп, талай еңсесін түзеді. Күлтегін жырлары сол тарихтың тасқа қашалған қысқаша шежіресі. Ал, Баласағұн бәйіттерінде түркі елінің тағы бір серпіліп тізесін жазып өркениетке ден қойған тұсы толғанады.
Түрк баласы. Абай толғайтын, Мұстафа Шоқай аңсайтын түрк баласы, түрк азаматы. Мұстафа Шоқайдың Түрк жастарына арнап кезінде шетелде сөйлеген атақты сөзін349 де шешендік, елдік тебіреніс ретінде осы қатардан көреміз. "Түрк халқы – батыр халық. Түрк халқы – арыстан ер халық. "Кімнен таяқ жегендей біздің түрктің баласы алдырып жүрген дұшпанға аузының аласы!" Бұл нақыл сөзді ұмытпауымыз керек. Бәріміз бір болсақ, біздің жеңбейтін жауымыз болмайды, мақсатымызға жетеміз!" – депті Мұстафа Шоқай 1936 жылы Берлин қаласында түрк жастарының алдында сөйлеген осы сөзінде. Адам баласының ізгі ниет-құлқымен ұштасатын ол жарқын бейне сонау ежелгі түрк дүниесінен бергі әдеби шығармаларда сомдалумен келеді.
1.4. ТҮРК ЭТНОЛОГИЯСЫ СИПАТТАРЫНЫҢ ЕЖЕЛГІ ӘДЕБИ ЕСКЕРТКІШТЕРДЕГІ
КӨРІНІСТЕРІ МЕН КЕЙБІР ШАРТТЫЛЫҚТАРЫ, ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Орта, ерте орта ғасырлардағы хәкімдердің жан-жақты білімдарлығы әдеби мұралардан айқын көрінеді. Арабтар мен парсы мәдениетін, ғылым білімін жете түсіну, жалпы Орталық Азия мен Шығыс елдерінің, Үнді, Қытай атырабының ой-қыры мен рухани дүниесін жете білу, бесаспап таным биігі білікті шығармаларды дүниеге әкелген тәрізді. Әлі күнге орыс тіліне аударылмаған, әйтсе де әлемге әсіресе, шығыс дүниесіне етене таныс "Диуани-лұғат-ит-түрк" стилистикалық жағынан да, ғылыми байыбы мен жазу мәдениеті жағынан да аса үздік мұра. "Құтадғу білік" дастанында ғұлама ойшыл ақын құтты қоғамның өзі қиялдаған толымды, кемел үлгісін хатқа түсіруге ұмтылады. Астрономия, математика, медицина, тарих, теология саласындағы ғажайып білімдарлығын танытады. Мемлекетті, әскери күшті басқарудың, елдік дипломатияның теориясын қалыптастырмаққа күш салады. Халықты рухани тұрғыдан байытуды мақсат етеді. Сонымен поэтикасы үздік түзілген іргелі, біртуар асыл мұра қалдырған. "Ақиқат сыйы" мен "Даналық кітабында" елдің рухын түзу, сахара жұртының жан-дүниесін құнарландыру мақсаты күшті. Осынау және көне дәуірдегі руна жазуларындағы ежелгі түрк мұраларында түрк халықтарының этнологиясына қатысты деректер, мағлұматтар, көзқарастар өте мол. Этнографиялық, этнонимикалық, этологиялық сипаттағы деректер түрк халқының жаратылыс болмысын, даму сатысындағы деңгейін, тегін, табиғатын, тұрмыс-тіршілігін даралап береді. Сонымен бірге, түрк жерінің табиғаты мен тарихын, өзгешеліктерін танытарлық құнарлы, ғылыми мәні зор мағлұматтарды кездестіреміз. Ономасиология, топонимика, этноботаника, этология, этнология, этика мен этногенез сынды қазіргі заманғы танымал ғылым салалары бойынша сан-саналы деректер мен әлі назарға ілінбей келген жаңалықтар аңғарылады.
Біз осылардың ішінде: а/ ұлт, ұлыстар мен халықтардың аталуына қатысты (ономасиология) топонимика туралы;
ө/ түрк жұртының шығу тегіне қатысты (этногенез);
б/ имандылық, кісілік әдеп, салт-дәстүр тәртіптеріне қатысты (этика);
в/ түрк жұртының есімдіктер жайлы жүйелі түрде түзілген таным-біліміне (этноботаника) және жан-жануарлар табиғаты туралы ұғымдарына (этелогия) қатысты; г/ салт-дәстүрі мен сөз өнеріне қатысты сипаттарын негізінен мынадай тұжырымдарға түйіндер едік.
Түрк нәсілді жұрттардың қырықтан астам ұлыстары тарихи себептерге орай ономасиология тарапында тұрақты бір ортақ қорытындыларға келген жоқ. Әр халықтың өз ыңғайында ғылыми болжамдары, көзі жеткен дәлелді ғылыми дәйектері бар. Мәселен, Орта Азия жұртының әрқайсысында да алуан қилы көзқарас кездеседі. Қазіргі әртүрлі ғылыми болжамдардың неше алуан үйлесімді, үйлесімсіз кереғар жайлары да жетерлік, оның бәрін баяндау біздің міндетімізге жатпайды. Тек, ондай проблеманың бар екендігін аңғарту үшін, өзіміз қарастырып отырған ерте орта ғасырдағы қарахандардың шығу тегі хақында жеті түрлі, енді бір зерттеушілердің талдауында (В.В.Григорьев) он түрлі болжам айтылатындығын атасақ та жеткілікті.
Ұлттардың, халықтар мен ру, аталардың атауларын зерттеу, сол арқылы ақиқат тұжырымдар түю әсіресе біздің ғылымда кенжелеп қалған сала. Ал, жалпы түрк дүниесінде ономасиологиялық талдау, зерттеулердің барысында барша қырық тармақты ұлттарды қамти отырып, жүйелі зерделеудің, ғылыми тұжырымдаулардың қажет екендігі айқын.
Осы орайда, ежелгі түрк жазбаларындағы ономасиология, этногенез, топонимика, антропоним секілді халықтың тарихи сымбатын айқындайтын деректер мол. Орхон-Енисей, Талас жазуларынан бастап, берісі "Диуани-лұғат ит-түркке" дейінгі аралықтағы көпке мәлім мұралардың өзіндегі материалдардан түрк дүниесінің ортақ тарихы мен рухани әлемі, оның тарихи даму заңдылықтары тарамдалады. Махмұт Қашқари шігілдердің, түбіттердің (тибеттіктердің), т.б. жұрттардың атауына қатысты, шығу тегіне қатысты нақты деректерді келтіреді. Шомыл, басмыл, иемек, кенжек, башқырт, қырқыз секілді ондаған түрк аталарының аттарын атайды. Олар жөніндегі деректерді келтіреді. Ара-арасында тұратын мекендерін, жерлерін сипаттайды, мінез-құлық белгілерінен бастап, қандай шаруаға бейімділігін, қандай жорықта даңқы шыққандығын, қандай істе мазаққа ұшырағандығын – бәрін-бәрін жіпке тізгендей білгенінше түсіндіреді. Кейде белгілі атауларды түсіндіріп талдамай-ақ "Тәжік: тәжік", "Шомұл: шомұл" – түрік тайпаларының бірі,350 – деп қысқа қайырады.
"Шігіл" ең көп тараған аталардың351 бірі. Шігілдер, қарлықтар туралы ғылыми ортада пікірталастары да кездесіп қалады. Калай дегенмен Махмұт Қашқари сөздігі өз заманына да, тарихи шындыққа да жақын. Оғрақ деген елдің мәрт қайсар екендігін айта отырып Махмұт Қашқари мынадай мысалмен сипаттайды:
Оғрақ ерлері батыр, мәрт,
Жейтіндері лақ.
Сүтке толы бақыры,
Жері өнімсіз, тақыр-ақ!352
Лақ етін жейтін, сүті мол, сүт тағамдарын жейтін мәрт батыр жұрт, тек жері құнарсыз, тақыр, тасты келеді дегені. Оғрақ қазіргі әдебиеттерде кездеспейтін беймәлімдеу жұрттың атауы. Бұл тәрізді жер, ел аттары жиі ұшырасады. Құнарлы жайлаулар, келісті кенттер, тарихи жер аттары ғалым қаламынан тысқары қалмаған.
Ертіс секілді үлкен дарияның атауы қайдан шыққаны да еске түйе жүретін сөз екен. "Ертіс – Иемек даласындағы бір өзеннің аты. Бірнеше тармақты бұл үлкен дария сол жердегі бір көлге құяды. Дарияны "Ертіс суы" деп атайды. Осы судан өтерде "кім тез өтеді" деген мағынадағы "Ертіс" сөзінен алынған атау"353 "Кенд-кент, шахар"354 деп түсіндіріп, Ордакент, Өзкент, Семізкент (Самарқанд – парсыша) секілді қала аттарына түсіндірме береді.
"Құтадғу білік", "Хибатул-хақайық", "Хикметтер", "Ақырзаман кітабы" секілді мұраларда осындай деректермен бірге салт-дәстүр, имандылық, кісілік секілді халықтың рухани келбетін айқындайтын тұстар мол. Ұлттық этнографияның, ұлттық этиканың небір құнарлы топырағына байланған мәуелі өркенділік іздері. Әдептің атасы – кішілік пейіл, кісілік көңіл. "Ұлық болсаң кішік бол!" дегенді Жүсіп Баласағұн да, Ахмет Иүгнәки де, Сүлеймен Бақырғани мен Қожа Ахмет Йасауи де әлденеше қайталайды. Ахмет Йүгнәки, Сүлеймен Бақырғани көп тұстарда Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Йасауи еңбектерінде кездесетін имандылық шарт, кісілік әдеп-қисындарды сөзбе-сөз дерлік тізбелеп отырады. Бұл жөнінде алдағы тарауларда талданады. Достық пен жаулық, кісілік қарым-қатынас хақында Жүсіп Баласағұнның мынадай айқын ойлары өзінен бұрынғы-соңғы, бергі замандағы Абайға дейінгі түрк даналарының концептуальды тұғырлы танымының өзегі.
Жарасып бақ, жауларыңмен жақындас,
Саламатта жүрер аман асыл бас.
Жаулықтан жоқ пайда, есте жаттағын,
Пайдасы жоқ іске қолды артпағын.
Ісіңді атқар, көбейтпе жау-қасыңды,
Жаулық қуып дауға салма басыңды.
Дос тұт кісі жақсысы мен сарасын,
Жауыз достың бір тартасың наласын.
(4230-4233-бәйіттер)
Жақын жүрме пенделерге жарамсыз,
Жағадан ап жетер, саған, нанарсыз!
Талай көрдім ізгі, атақты жандарды,
Жамандармен жаманатқа қалғанды.
(4242-4244 бәйіттер)
Жақсылық қыл шамаң келсе, баршаға,
Шүбәләнба, қайтар қарым қаншама!
(4266 бәйіт)
Жау көбейтпе. Аш қабақты, уысты,
Көбейт, жина қаншама дос, туысты.
Егер жауың торын құра бастаса,
Тұзағыңды сайла да күт, саспа аса!
(4259-4260 б.)
Сен сынама, ұлы деп біл дұшпаным,
Таяқтыға темір қалқан ұстағын.
(4263 б.)
Өзіңді өзің қаншалықты күзетсең,
Досыңды да соншама сақ күзет сен!
(4268 б.)
Жауың болса, жаныңды бақ дауынан,
Адамдар аз, аман қалған жауынан.
Жолама ерге екі түрлі, қатыспа,
Қатыстың ба, бастар шатақ-шатысқа.
Бірі – өсекші, шағымшы һәм күңкілшіл,
Бірі — күндес, екі жүзді күдікшіл.
Және ішкішті жолдас етпе, мәйқұмар,
Опа қылмас, көңіліңді қалдырар!
Көңіл берме, досқа пайда көздеген,
Пайдаң жоқ па, дұшпаның боп өзгерер!355
(4270-4275-бәйіттер)
Бұдан өзге де жан-жүйедегі, тұрмыс тіршіліктегі сындарлы сипатта әдет-дәстүрлер жөнінде жақсы айтылады. Этнографиялық танымдық мәні бар деректердің ішіне ұлттық ойындар, тұрмыстық дәстүрлер жайлы жазбаларын атар едік. Шөген ойыны, қонақ күту дәстүрі, ас-мәзірі, ұлттық тағамдар мен дәрі-дәрмектер жайлы соны деректер көп. "Тұтмаш" дәмі, күріштен жасалатын "түрк балмұздағы" хақында қазіргі ағайындар біле бермейді. Ақлиқаттық-әлеуметтік сымбатты этология, этноботаника саласындағы деректер толықтыра түседі. Әсіресе, Махмұт Қашқари сөздігінде этноботаникаға қатысты түрк жұртының ұланғайыр танымын білдіретін сөздер, талдаулар көп-ақ. Мысалы, "Барақ"356 сөзіне қатысты "түрктердің аңыз, нанымдарында бүркіт қартайғанда екі жұмыртқа тауып, соларды басады; жұмыртқаның бірінен барақ шығады екен. Иттің ең ұшқыр, алғыры, аңшы итінің ең мықтысы осы барақ иттер болады екен. Екінші жұмыртқадан бүркіттің балапаны шығады екен, бұл оның ақырғы балапаны болады-мыс" — деп жазады. Бөрі жөнінде, құстар, мал жөнінде түрлі беймәлім жәйіттер де айтылады. Түрк жұртының табиғатына жақындығы, жаратылысты жете білетіндігі, дала тіршілігіне жетіктігі сондай деректерден-ақ аңғарылып қалады. Оның өзі халықтың таным дүниесінің ерекшелігі. Этологиялық таным негіздері. Мақал-мәтелдерден де соның әсері анық сезіледі. "Балықтың өзі суда, көзі – тыста" дегенді кез-келген адам айта алмайтыны хақ. Сондай-ақ "Қарғаның кәрісін кім білер, адамның аласын кім табар" – деген мақалды "Қарға" сөзіне байланысты мысалға келтіреді. Түрк жерінің флора мен фаунасының бар байлығын көзге тосатын өзгеше қызғылықты да мәнді атлас дерлік. Дастанда да, сөздікте де түрк дәрі-дәрмегінің неше түрі аталып, қандай кеселге қалай қолданылатыны айтылыпты. Гуәріш (ас қорытуға қолданылатын), мәжүн (ішті тиятын), чұрны (іш жүргізетін), жүләңбін, жүлеб, тағы басқа тұнба, әртүрлі шырын-жемістер қосылып жасалған дәрілер жайлы Жүсіп Баласағұн да, Махмұт Қашқари да жазады. Бүктәл, арқұн, тазы тай секілді жылқы тұқымының түрлері сипатталады. Ежелгі түрк тіліндегі жұлдыз, аспан денелерінің атаулары, жыл қайыру, әскери терминдер мен билік, бектікке қатысты лауазым аттары тұтастай өркениет белгілерінен хабардар етеді. Әдеби шығарманың өзінде осылайша халықтық этнологияның санқырлы қалтарыстарын білімділікпен хатқа түсіріп өткен.
1.5. КӨРКЕМДІК ТАНЫМ. ӘДЕБИ ТІЛ ҚҰНАРЫ. ДӘСТҮРЛІ КӨРКЕМДІК ШАРТТЫЛЫҚТАР
Ежелгі әдеби мұралардың тағы бір ерекшелігі көркемдік таным дүниесімен әдеби тіл құнарын, шығарманың поэтикалық жаратылысын табиғи ұштастыруы. Барлық шығармаларда дерлік дүниетаным көкжиегін кеңейтуге ұмтылу сезіледі. Оны дүниенің жаралуы, Тәңірдің әмірі жайлы түсініктермен басталып, әдетте міндетті түрде толғанбай қалмайтын аспан денелері, білімнің пайдасы, тілдің құдіреті, адамшылық мейірім-қайырымның қасиеті, өнердің өресі туралы ойлардан байқаймыз. Бұлар бірде көлемді түрде, арнайы тарау ретінде, кейде шағын емеурінмен-ақ бір-ер түйінді орамдармен осы тақырыпты қозғап, насихаттап өтеді. Дүниетаным сатылары сынды ондай толғамдар жалпы көркемдік таным өзегіне айналған. Адам танымын тұрақтандырып, тынысын ашпақ. Шығарма жазған хәкімдер осы жағын да ойластырған. Ахмет Йүгнәкидің шағын көлемді "Ақиқат сыйында" да білім тіл, әдеб-тәрбиелік тараулары бар. Әдеттегідей ондай тақырыптағы тараулар ежелгі шығармалардың алғашқы бөлімдерінде жырланады. "Ақиқат сыйы" да сондай туынды.
Бұл көркемдік табиғаты басым түсіп отыратын, әдеби құнары бай шығармалардың жаратылысындағы ерекшелік өз заманындағы философиялық, ғылыми-танымдық ойлармен іштей етене бауырласып жатады. Шығарманың бітімінен де (архитектоникасы) ниет-мүддесінен де (идея), құнарынан да сол ұлы ойшылдардың ұлағаты танылады. Үлкен таным желісіне қосылатын осындай көркемдік бітімі кемел, таным өресі биік туындыларды жазған хәкімдерді де біз шартты түрде екі топқа жіктеуге бармыз. Бірі сонау Аристотель, әл-Фарабиден бастап шығыс ғұламаларын зерделей сіңірген оқымыстылар да, екіншісі осылардың кейінгі шығармаларының әсерімен ой түйген, естіген-білген толғамдарды өз бетімен өрбітіп хатқа түсіргендер. Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Йасауи сынды Түркістан топырағының бәйтеректеріне Аристотель, әл-Фараби да, ежелгі грек ойшылдарының таным-білігі де таңсық болмаған секілді. "Құтадғу білік" сынды поэтикалық шығармалардың өзінде ойшыл-ғұламалар ілімінің тармақтары қапысыз дәл түскен. Әл-Фарабидің "Ғылымның пайда болуы", "Адам ағзасы", "Жануарлардың жаратылысы", "Даналық негіздері", "Саз әуені туралы", "Философияның дінге қатысы", "Әліпби кітабы", "Философтардың сауалдарына жауаптар" секілді еңбектеріндегі тұжырымдардың желісі Жүсіп Баласағұн жазбаларында желек жайып тұр. Фарабидің Аристотел ілімі арқылы талдайтын жылу, суық, құрғақтық пен дымқылдық секілді заттың төрт физикалық күйі, олардың жанды, жансызға әсері туралы357 тұжырымдарын Жүсіп Хас Хажыб та жақсы біледі. Жазады. Фараби физиологиялық тіршілік тұрғысында "Жүрек жылуы"358 деген ұғымды қолданады. Абайдағы "Ыстық жүрек..."? те сол. Жүсіп Баласағұнның "Ыстық ішіп емделу", "салқын ішіп сергу" жалпы ағзадағы төрт күй туралы айтатыны да осы. "Құтадғу білік"! дастанының 5866 бәйітіндегі359 адам тәнінің төрт негізгі тіршілік негіздері де осы нақты ғылыми танымнан өрбіген. Бұлар Гиппократтың дененің "төрт сөлі" туралы ілімімен үндеседі.
"Бақыт жолы білікпен білінеді" дейді "Ақиқат сыйында" ақын. "Білікті мен біліксіз қашан тең болып еді"; "Білігсіз майсыз сүйек тәрізді", "Білікті ер өлді, аты өлмеді, Біліксіз өлген сәтте аты да өшті", – (жолма-жол мағынасы) деген білік туралы түйінді тұжырымды ойлары Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Йасауи тебіреністеріне іштартады. Көп жерде сөзбе сөз, мағыналас, сәйкес келе кетеді. Тіл өнері жайында да Ахмет Йүгнеки: "Тіліңді берік ұста, тісің сынар", "Саралап сөйлеген сөз сөздің сарасы", "Бұл тілдің бос, бейпіл сөздері талай басты жеді"360 дейді. Әдептің басы тіліңді баққан дейді. Яғни әдептіліктің алды тіліңе ие болғын дейді. Білікті бол, тілді біл. Сол білік пен тілді ұтымды қолдан. Сонда елден ерек білімді боласың, басың да амандықта, құтты, баянды ғұмыр кешесің. Махмұт Қашқари: мен түрктердің ең бір қызыл тілге жүйрік шешенімін361 дейді. Жүсіп Баласағұн ақыл, білім тілмәші – тіл, сөз кісіні ұлы қылар, бек қылар362 дейді. Түрк сөз өнерінің, тілінің ерекше бір дамып жетілген тұсында жазылғандықтан болар қарахандар дәуіріндегі ескерткіштерден шығарманың бітіміне сәйкес тілдік ерекшеліктері де айқын дараланады. "Құтадғу білік" қалай дегенде де поэзиялық туынды; соған орай тілі көркем, бейнелі, әсерлі болып келеді. Өлең сөздің өлшемі мен талаптары айқын. "Диуани-лұғат-ит-түрк" болса ғылыми туынды, энциклопедиялық сөздік, соған орай тілі де ширақ, әсерлі реңге сараң, таза ғылыми сипатта. Бірі — мәйекті, екіншісі дәйекті тілмен жазылған. Осы шығармалардан түрк сөзінің әсемдік құпиялары, көркемдік шарттары танылады. Қожа Ахмет Йасауи хикматтарының дидактикалық бітімі алабөтен айқын. Қожа Ахмет Йасауи толғаныстары да жоғарыда келтірілген Жүсіп Баласағұн қорытындыларына қанаттас сөздерді түзеді. Өзінен бұрынғы ғұламалар ойын қайталағандай, ой жарыстырғандай. Ақылды ойдың төркіні бір екендігін дәлелдей түскендей. Қожа Ахмет Йасауи сөзіңді надандарға айтпағын дейді.363
Осындай толыққанды шығармалар арқылы ежелгі түрк сөзінің құнарын бағамдауға әбден болады. Ғылыми һәм поэзиялық трактат сынды туындылардың мазмұны мен тіл өрнегінің табиғи шебер түзілімі сол заманда кеңінен мәлім ғылыми тіл зері болса керек. Қазіргі "ғылыми, академиялық стиль" деп жүргеніміз секілді. Поэзиялық туындылардан байқалатын көркем шығарма мәнері өзіне тән арқалы жігерлі рухымен, бояулы, бейнелі тілімен оқшау.
Қай-қайсысында да түрк тілінің таза табиғаты адастырмайды. Кірме сөздер сирек, жоққа тән. Бола қалғанда да дәстүрлі түрде жарасып, кірігіп сіңісті болған сөздер ұшырасады. Араб-парсы әдебиетінің әсері бар деп жүрген "Құтадғу білік" дастанының өзінде небәрі 400-ге тарта иран-парсы сөздері кездеседі. Оның да дені кісі, жер аттары.
Есім сөздердің өзінің бейнелілігі, мәнерлі-мағыналы келетіндігі түрк сөзінің табиғатындағы бар өрнектілік, ежелден келе жатқандығын байқаймыз. "Құлабыз", "Ертіс", "гүр", "алып", "шабақ" секілді кез-келген сөзді дәлелге келтіруге болар еді. Осы сөздің әрқайсысының мағыналық астары бар. Тұрақты, бейнелі тіркестер Орхон-Енисей жазбаларынан бертінгі дәуірге дейін жалғасып отырады. Белгілі бір танымдық тұжырымды, ой түйінін, тіршілік тәжірибесін білдіретін ондай тіркестердің дәуірлерге сақталуы таным тереңдігінен болса керек. Ондай тіркестердің бірқатары кейін мақал-мәтел, қанатты сөздерге айналып кеткен. Ондай тіркестерден өмір шындығы, әлеуметтік тыныс-тіршілік, түрктердің рухани әлемі көрініп тұрады. Өлең, жырларының бейнелі, суретті деген сөздерінің өзінде методологиялық сипат басым. Бейнелеп әсірелеп айтты дегенде де нақтылық, әсіреқызыл әсірешілдіктен таза салмақтылық пен шынайылық үстем шығып отырады. Қисындылық мәні күштірек түседі. "Қылыш қынға әзер сиды" деген жыр жолындағы мән-мағына қырғын соғыста қан қатталып қатып қалғандықтан қылыш қынға әрең сыйды демекші. Жалпы ерте ортағасырдағы түрк поэзиясындағы ерекшеліктердің қатарында дәстүрлі, қалыптасқан, әр шығармаларда әруақытта қайталанып келіп тұратын теңеулер мен тіркестерді атар едік. "Кедей халықты бай еттім" – деген тәрізді. Немесе, батырлық, ерлік жайлы, сұлулық жайлы бейнелі теңеулер. Адамның "тал" бойы, "ай" жүзі, "күндей" әділдігі, "аюдай" айбаттылығы тәрізді. Нәтижесінде көркемдік дәстүрлі заңдылық кейінгі түрк тілдес халықтар әдебиетінде де сақталған. Сөздің өз мағынасынан туындатылатын поэтикалық қуат. Бұл ежелгі түрк поэзиясына өте-мөте тән қасиет.
Шайқасқанда арыстандай алып түс,
Айқасқанда қабыландай жарып түс.
("Құтадғу білік", 2310-бәйіт)
Күнім жайнап, көз шырадай ашылды.
(Сонда, 1589-бәйіт)
Кісілерді кісі еткен – кісілік.
(Сонда, 1600-бәйіт)
Тірлік-шырын, уытты удан ажалың.
(Сонда, 1170-бәйіт) Арыстанның айбары, қабыланның қайраты былай да мағлұм ұғым. Күннің жайнап нұр шашуы да сол секілді. Сондай таныс түсініктердің, сөздердің өзінен поэтикалық жігер тарап тұр.
Түркі поэзиясындағы ғарыштық, этнологиялық ұғымдардан туындап, көркемдік нәш танытатын поэтикалық дәстүрлі орамдарды, синтаксистік қатарларды атап-түстемесе де белгілі. Тумысынан, тұрмыс-салтынан жаратылысқа жақын түрк халқының әдебиетіндегі, рухани жан-дүниесі мен көркемдік танымындағы табиғат саздары сәулелерін байқамау мүмкін емес.
Табиғат құдіреті мен бояулары сөз өнерінде де аса қанық көрінеді.
ЕЖЕЛГІ ТҮРК ӘДЕБИ ЕСКЕРТКІШТЕРІНДЕГІ
ДӘСТҮРЛІ КӨРКЕМДІК ЗАНДЫЛЫҚТАР
Әдеби мұралардың көркемдік ерекшеліктері мәселесінде бірнеше шығармалардың композициялық шарттылықтарына қатысты дәстүрлі сипаттары бар екендігі байқалады. Ол, ең әуелі, исләм діні тарай бастаған кезеңнен кейінгі әдеби мұраларда байқалатын мұсылманшылық сарындары. Құран хадистерінің қасиетті сөздерінің шығарманың басталуында, басқа да ұтымды тұстарында келтіріліп отыратындығы. Құрылымдық бітімі жағынан Жүсіп Баласағұнның "Құтадғу білігі" мен Ахмет Иүгнәкидің "Хибат-ул-хақайық" шығармасын салыстырып көрелік.
"Құтадғу біліг" дастаны бойынша: 1, 2 - бапта. Ұлы Тәңірдің, құдіретті пайғамбардың құдіреті, қасиеттері айтылады.
5 - бап. Жеті жұлдыз, он екі бұржы туралы айтылады.
6 - бап. Адам баласының қадір-қасиеті біліммен, ақылмен екендігі айтылады.
7 - бап. Тіл өнерінің қасиет-сипаттары мен пайда-зияны туралы айтылады.
9 - бап. Ізгілік қылықтың жақсылығы мен пайдалары айтылады.
10 - бап. Білім ақылдың қасиетін, пайдасын айтады.
11- бап. Кітапқа ат қойылуы және қарттық туралы айтады.
Ахмет Иүгнәки туындысында да осындай тараулар бар. (Кітаптың жазылу себептері уә қажеттігі; Білімнің пайдасы уа надандық кесірі туралы; Әдептілік пен тәртіптіліктің шарты тілді тию; Жомарттық пен сараңдық жайлы; Жақсының жақсылығы мен жаманның пасықтығы туралы). Сол тарауларда жырланатын ой, сөз орамдары да, қайсыбір поэтикалық нақыштары да үндесе түскен. Ал, білім, тіл, ізгілік пен кісілік жайлы тараулар соншалықты үндесіп, ұқсас түскен. Нақ осы имандылық, білім, тіл, кісілік – адамшылық тақырыбы басқа да түрк әдеби мұраларында әрдайым кездесіп отырады. Тек тақырып үндестігі ғана емес, ой ордалылығы, сөз төркіндестігі де күмән-күдіксіз. Бұл сыртқы құрылымдық, сюжеттік шарттылықпен бірге мазмұн, ой-идея, эстетикалық таным бірлігінен туған рухани аясы ортақ көркемдік құбылыс.
Осыған қарағанда тарихи кезеңдерде желісін үзбей жалғасып, өз ретінде дамып отырған ақлиқаттық - ағартушылық дәстүр ағыны байқалады. Оларда негізінен жалпы нәсілге, жұртқа тән, жақсы таныс ағартушылық, өсиетнама сарындар сақталып, келесі ойшылдың талант, қабілет қарымымен байып отырғандай. Ол ой өрісі жалпы таным, дүниетаным көзқарасы ретінде желіленсе, екінші жағынан поэтикалық ұшқыр тұрақты тіркестер, түйінді ойлар, әйгілі бәйіт, рубаи үлгісінде көшіп отырған. Білім, тілдің пайда -зияны, кісілік, адалдық, т.б. секілді түйінді мәселелер жайлы ұғым да, айтылар сөз де, сипаттама да ортақ толғаммен тоғысып отырады. Адам ғұмырына, елдің тағдыр-талайына қатысты сөз желісі де сабақтасып, тінін жоғалтпайды. Орхон-Енисей, Талас жазуларынан бастап бертінгі замандағы түрк тектес халықтардың классикалық әдебиет үлгілерінде тарамдалып кететін үлкен бір әдебиет әлемінің жұлын-жотасы сынды эстетикалық-танымдық дәстүр. Осы көркемдік заңдылық жекелеген эпитеттік қатарлардан, поэтикалық аллегория, теңеу, кейіптеулерден бастап кесек суреттерге, бәйіттерге, сюжеттерге, концептуальды тұжырымдарға дейін ұласып кетеді.
Ұлағаттық, ойшылдық үлгідегі танымдық-тағлымдық шығармаларда көркемдік таным дүниесінің осындай сипаттары басым шығып, өзінше бір заңдылық түзсе, сыршыл, көркем мәнерлі жырларда, бәйттерде поэзияның небір мөлдір де шебер құйылған асыл моншақтары көз жауын алады. Мысалы, имандылық сарыны күшті, діндәрлыққа шақыру ниеті қанық "Ақырзаман кітабының" өзінде Сүлеймен Бақырғани таңсәрінің тамаша көріністі, сиқырлы сазды сыршыл айшығын түсірген. "Таңнан тұрып әдеттен", "Таңсәріден оян..." деген сынды риторикалық - речитативті рефреннің өзі уағыз, ақылнама реңіндегі шығармаға өзгеше әсемдік шұғласын төккен. Қарапайым да құдіретті поэзия рухы. Сол поэзия рухы "Бақырғани кітабын" сымбаттандырып, тәлімділік әсерін еселеген.
А.Н. Веселовскийдің364 "көшпелі сюжеттер" хақындағы теориясы түрк дүниесінің әдебиетінде аса ежелгі дәуірлерден бергі қаһармандық ерлік, даналық жайлы туындылардың бәрінде дерлік байқалады. Көшпелі сюжеттердің негізінде мифологиялық аңыздар, ертегілер жатыр. Сол арқылы барып "көшпенлі сюжеттер" берік заңдылық сипат алады. Түрк әдебиетіндегі мұралардың поэтикалық жаратылысын саралағанда "көшпелі поэзиялық зерлердің, өрнектердің" жиі кездесетініне көз жетеді. Көшпелі образ, көшпелі теңеу, көшпелі қанатты сөздер, көшпелі кейіптеулер, тағысын тағылар... Бұл да көне түрк әдебиеттің рухани-көркемдік дәстүр-заңдылықтарын қалыптастырған шығармашылық арна.
"Көшпелі сюжеттер" шарты әсіресе ежелгі түрк дүниесінің шығармаларында өзгеше ерек заңдылығымен көрінеді. Ол ауыз әдебиеті шығармаларына, халық әдебиетіне, тарихи жырлар мен аңыздарға дейін қанат жайған. Бір жағы Орта Азия халықтарының әдебиетінде берік қалыптасқан нәзирашылдық дәстүрі де соның бір заңды себепкері болғандай. Сюжеттік желілердің әртүрлі дәрежеде қайталанып түрленіп отыруы жалпы әдебиетке тән заңдылық десек, оның түрк мәдениетіндегі көрінісі өзінше бір көркемдік әлем. Ал символдық бейнелер символдық түйіндер мен танымдар сөз өнерімен бірге бейнелеу өнерлеріне де ұласып кетіп отырған. Мәселен көк бөрі, бөрілі байрақ, күн секілді қазіргі заманда да кеңінен мәлім айшықтарды алайық. Сюжеттерден басқа да этнологиялық, этнографиялық сипаттарды білдіретін көріністер, тарихи кезең белгілері, салт-дәстүр сипаттары ежелгі түрк әдебиеті туындыларының ортақ қасиеттері. Ерлік рухы, құмай тазы, жүйрік ат, батырлық, мәрттік сынды серілік - ерлік сипаттар асқақтата жырланады. Түс көру, түс жору, жаратылыс құбылыстарына мән бере сөйлеу де сондай дәстүрлі нышандар. Академик Әлкей Марғұлан дүниежүзіне мағлұм, әйгілі "Үлкен Эдда" жырына қатысты, оны "Манаспен" салыстыра отырып, "Бұл екі жырдың этнография ұқсастығымен қатар, олардағы ақындық бейнелер де көп жерінде біріне - бірі жақын келіп отырады; олар – ерте заманнан қалыптасып, белгілі дәстүрге айналған көркемдік бейнелер. Европа ғалымдары (Паве де Куртеиль, Чэдвиктер) бұл бейнелерді бір ғана көшпелі елдерге тән ақындық бейнелер деп түсіндірген"365 – деп жазады. "Үлкен Эдда" – түрк «дүниесінің ықпалынан туған дүниежүзі әдебиетінің әйгілі мұрасы. Түрк дүниесінің тамаша тарихи жырларының, аңыз, хикаяларының, түрлі рухани мәдени мұраларының Европаға мол таралуына заманында гүндер басты себепкер болды. Сол іздердің сорабында да талай-талай мәдени, әдеби өркендеу арналары жатыр.
"Манас" жырының оқиғаларын бірқатар ғалымдар қарахандар дәуірімен ұштастырады.366 Шынында да "Манас" дастанында XІ-XІІ ғасырлар арасындағы тарихи кезеңнің іздері көрініс тапқан. Шоқан "Манасты" ноғайлы заманына балай зерттейді.367 Аса көлемді дастанның жырлаушылар арқылы өрбіп, байып отырғанын ескерсек көшпенді жұрттың тағдырының біраз іздерін кездестіретініміз өзінен өзі түсінікті. Соның бәрінде де ең алдымен түрк әдеби мұраларының дәстүрлі көркемдік, тарихи заңдылықтары, эстетикалық шарттары айқын танылып тұрады. Олар – ірілі-ұсақты тарихи сюжеттер, этнографиялық деректілік, ел-жер аттары, көркемдік бейнелер, шығармалардың рухани жігері, мәнері мен құрылымындағы дәстүрлі белгілер. Осыған жалғастыра халықтың салт-дәстүр көріністерін, мақал-мәтелдер мен халық даналығының өрнектерін, әртүрлі жыр саздары мен сөз өнерінің түрлі сипаттарын қосар едік. Жаратылыс, табиғат құбылыстарына қатысты да түрк дүниесі әдебиетіндегі көркемдік танымның өз ерекшелігі басым қанық көрініп отырады.
ӘДЕБИ МҰРА ТАБИҒАТЫ ЖӘНЕ
КӨРКЕМДІК-ЭСТЕТИКАЛЫҚ ТАНЫМ
ҚҰРАН ЖӘНЕ ЕЖЕГІ ТҮРК ӘДЕБИ
МҰРАЛАРЬІНДА ҰШЫРАСАТЫН ҚҰРАН
ШАРТТАРЫ
"Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау бүкіл әлемнің Раббы Аллаға тән.
Аса қамқор, ерекше мейірімді.
Қиямет күнінің иесі.
(Ай, Алла!) Саған ғана құлшылық қыламыз, әрі Сенен ғана жәрдем тілейміз!
Бізді тура жолға сала гөр!"368 (1-Фатиха сүресі; 1,2,3,6.)
Аллаға жалбарынудың нағыз бір үлгісі, Құранның негізі, Кітаптың кілті – «Фатиха» сүресі осылай басталады. Ал, Құранның шоқтығы «Бақара» сүресінде: "Алла жер жүзіндегі барлық нәрселерді сендер үшін жаратты. Содан кейін аспанға көңіл бөліп оны жеті қабат көк етіп тәртіптеді",369 – деп жазылған. Әли «Ғымран» сүресінде: "Шын мәнінде Алла қасында Ғайсаның жағдайы: "Өзін топырақтан жаратып, сонсоң "Бол!" дегенде бола қалған Адамның жағдайы сияқты"370 – деп жазылған. Дәл осы ой "Құтадғу білік" дастанында сөзбе-сөз түскен.
Осыдан он ғасыр бұрын, яғни екінші мыңжылдықтың табалдырығында атамекенімізде, Баласағұн, Барсған, Бағдад, ғылыми ұлы мұралар осындай түйінді, иманды тұжырымдармен зерленген. Жүсіп! Баласағұнның "Құтты білік" әдептілік-имандылық дастанының кілті алғашқы кіріспесі де, Махмұт Қашқаридың "Түрік сөздігіндегі" кіріспе де Құранның кілті «Фатиха» сүресіндегі қасиетті сөздермен басталған.
Жүсіп Қас Хажыб сонымен бірге Алланың ризығын, мейірімділігін, жаратушы құдіретін, көзден алыс көңілге жақын мәңгілік қасиеттерін жырлайды. Жер, көк, адамды, тілді, білімді жаратқанын, екі-екіден қол, көз бергендігін бәйіт үлгісінде түсіндіреді. "Бол!" деді де бәрін бірден болғызды",371 – дейді. "Құтты біліктің" әрбір елеулі бөлімі "Бісмілләһ-ир-рахман-ир-рахиммен" басталып, әр жерінде иман сөзімен, шаһадатпен құпталып отырады. Қасиетті кітап Құранның да сүресі сондай сөздермен басталып отырған. Махмұт Қашқаридың "Құтты біліктен" төрт жыл кейін жазылған таза ғылыми үш томдығының өзі де осылай ашылады. Махмұт Қашқари ұлы еңбегінің беташарында Аллаға жалбарынып, оның халал мен харамды айырып беретін Құранды түсіргенін баяндайды. Екі ғұлама да Алладан осынау үлкен еңбектерін аяқтауға медет беріп, қолдап-жебеуін өтінеді. Әрбір ауқымды тараулар жазылып біткен сайын Тәңіріне шүкіршілік айтып, құлшылық етеді. Осындай сипаттарды Қожа Ахмет Йасауидың "Даналық кітабынан" ("Диуани хиқмат"), Ахмет Йүгінекидің "Ақиқат сыйы" ("Хибатул хақайық") кітабынан, Сүлеймен Бақырғанидың "Ақырзаман кітабынан", Құрбанғали Халидтың "Бес тармақты тарих" ("Тауарих хамса") кітабынан келтіруге әбден болар еді. Әсіресе, Жүсіп Баласағұнның әйгілі дастанындағы терең рухани үндестік сарыны санаға тез сіңіп, көкіректі кең жайлай түседі. Аталмыш сипаттар шартты ұқсастықтар ма, сол кездегі жазба кітаптардың барлығында міндетті түрде ұшырасатын, бірақ негізгі өзекті тақырыбына үнемі кірігіп, үндесіп кете бермейтін шартты талаптар ма?! Әлде, белгілі бір таным заңдылығы, көркемдік-имандылық ойдың өзекті арнасы ма? Міне, осы жерден барып, бізге жеткен өлмес ұлы мұралардың құдіретті күш-қуаты, қасиетті парасаты есік ашады. Әрі-беріден соң, осы жерден барып Сөз өнерінің, әдебиеттің, ілімнің мәні, пән ретіндегі ұлы мұраты белгілі болады. Сөз орайында айта кететін бір ой, қазіргі әдеби үрдіске көңіл жүгіртіп, саралай зерделесеңіз өмір бойы үйір-үйір өлең жазып, өмір бойы том-том роман, хикая жазып жүріп әдебиеттің тінін зерделеп білмейтін, ол жөнінде әсте ойлана да бермейтін жазушылар көп. Әдебиеттің эстетикалық танымдық ағымы, көркемдік - эстетикалық әлемі, оның заңдылықтары мен мақсаты ескеріле бермейді. Көркем сөздің дүниетанымдық жаратылысы мүлдем бөлек категория. Бір кездегі. насихатшылдық, тәлімдік әдебиет қасиеттері енді дүниетанымдық, эстетикалық күрделі үрдіске ауысты. Ежелгі әдеби мұралар мен қазіргі әдебиет бітіміндегі поэтикалық жалғастық пен жаңғырудың бір бедерін осыдан да көрер едік. Яғни, әдебиет тегеуірінді, өз тынысы, өз заңдылығы бар тұтас бір тұғырлы таным ғаламы. Тұғырсыз нәрсе тұл қалмақ. Кейін діндар дәуір әдебиеті атанған арғы түбірі ислам дүниесінің түрк сахарасына таралуынан басталған өзгеше көркемдік-әдеп танымы әсіресе әдебиет әлемінде ұзақ ғасырлар бойынша қалыптасқан ағым екендігіне ешкім күмәнданбайды.
Әуелі Алла қалам мен тақтаны жаратқан дейді Жүсіп Баласағұн.
Түп нұсқасы:
2227 Tөrүtmәzdә ашnu bajat bu ғаlаm
Tөrүttі jorыttы bu Іәwh-u qalam -
Қазақ әліпбиіндегі транскрипциясы:
Төрүтмәзде ашнұ байат бұ ғалам,
Төрүтті иорытты бұ ләвх-ұ қалам.
Жолма-жол аудармасы:
Тәңір бұл ғаламды жаратпастан бұрын, (1-жолы)
Тақта мен қаламды жаратты, жүргізді. (2-жолы)
"LӘWH /Іәwh/ ләвх - тақта: Төгүttі jorыttы bu lәwh-u qalam - Төрүтті иорытты бұ ләвх-ұ қалам - Бұл тақта мен қаламды жаратты, жүргізді. (QBK 117 /17) - 2227." (Жүсіп Баласағұнның "Құтты білік" дастанының әдеби сөздігінен. Сөздікті түзуші – А.Е.).
Қазіргі қазақ тіліндегі көркем аудармасы: 2227. Дүниені жаратпастан бір Аллаң,
Ең әуелі қалам, тақта372 шығарған.
("Құтты білік" – А.Е.).
Бұл исләм дінінің кең танымал уағыздарының бірі. Демек, қаламмен хатталған сөз қадірлі, қасиетті. Алла ең әуелі жазуды шығарған... Тілге, сөзге жол ашқан. Ежелгі әдебиетте де алып Ер тоңға, Афрасиаб хақында құрметпен, қошаметпен айтылады. Ескендір Зұлқарнайын туралы жазғандарынан ұлы тарихи тұлға жайында да айқын пікірлер түюге болады. Ескендір Зұлқарнайын жөнінде Құранда да сөздер, әңгімелер кездеседі. Зұлқарнайын есімі Құранда үш жерде аталады. 18-Кеһф сүресінде /83,84,85/ Онда былай делінген: "Олар сенен Зұлқарнайынды сұрайды: "Сендерге оның жайын түсіндірейін" де. (Бұл Зұлқарнайын "екі мүйізді" деген ұғымда. Екі тұлымы немесе тажында екі мүйізі болғандықтан атанған. Аты Ескендір, пайғамбар емес. Батыс, Шығысты кезген; Рүм, Фарсы деген тағы басқа рауаяттар бар).
Негізінде Зұлқарнайынды жер жүзінде күшке ие қылдық. Өзіне әр істе қолайлық бердік. Ол да бір шара қолданды. Тіпті күн бататын жерге жеткен сәтте, оны қара балшықты бұлаққа батқан түрде көрді. Сондай-ақ, сол маңнан бір ел тапты. "Әй, Зұлқарнайын, не (ол елді) азаптарсың, немесе оларға жақсылық істерсің" дедік. (Құран Кәрим, 18-Кеһф сүресі. 303-бет). Одан әрі Зұлқарнайынның Шығысқа барғаны, күн астындағы елге жеткені, одан екі таудың арасына жеткенде сөзді түсіне алмайтын елге кездескенін айтады. Темір қорған (қақпа) құйғанын әңгімелейді. Ал, Құранда айтылатын осы оқиғаның бір ұшығы Махмұт Қашқаридың "Түрік сөздігінде" ұшырасады. Махмұт Қашқари Зұлқарнайынның түрік даласына, Шынға қарай жорығына қатысты бірнеше тарихи аңыз, әңгімені кірістіреді. Алтынқан оқиғасы, Тұтмаш деген тағамды ойлап табуы, ұйғыр атауына қатысты ойлары тікелей Ескендір Зұлқарнайын есімімен байланысты дәлелденеді. Түрк даласында Зұлқарнайын сел жауынға ұшырап, жүре алмай, "бұл неткен батпақты жер" деп қалады, Сол жерде ел аты солай аталып кетеді. Төрт-бес қала салдырады.
"Шігіл" сөзін түсіндіргенде Махмұт Қашқари бұл турасында: Тараз жағындағы шахарда тұратындар Шігіл деп аталады. Зұлқарнайын Арғулар шахарына жеткенде қатты жаңбыр жауып, батпақ, лайсаң болып Ескендір жүре алмай қалған. "Бұл қандай батпақ, лайсаң" деп қиналыпты. Арабша "ин чи гил аст" деген сөз екен. Сол жерде қонады. Сол жердегі түрктер содан былай "Шігіл" аталып кетіпті. Жайхұннан Шынға дейінгі түрктердің барлығы Шігіл аталған"373 – деп жазады. Жаңағы Құранның сүресінде айтылатын "балшықты бұлаққа батты" деген дерек Махмұт Қашқаридың осы хикаясына үндеседі.374
Бұл, дәл сипатталған тарихи деректер, оқиғалар. Ал, адамгершілік, имандылық, тіршілік туралы пәлсафа, толғамдарға келгенде мағыналық жағынан, тіпті сөз орамдары жағынан орайласып, өріліп шығатын желілер көбірек кездеседі. Махмұт Қашқари үш томдық еңбегінің талай жерінде Құраннан, Пайғамбардың хадистерінен бұдан басқа да үзінділер келтіріп түсіндіріп отырады. Кей тұстарда Құран оқығанда қалай оқу керектігін, кейбір қараңғы адамдардың Құран сөздерін дұрыс түсіне алмай қалып, күнәһар болмауы үшін дұрыстап, жатық сабырлы оқитын тұстар бар екендігін де түсіндіреді.375 Былайша айтқанда, тек тіл білімі туралы ғана емес, Құран қасиетін еске түсіріп, түсіндіріп отырған байсалды да мақсатты ғылыми зерттеу. Иә, мұның қай-қайсысы да қасиетті кітап Құранның өміршеңдігін, тек жаттанды діни уағыз түрінде қалып қоймай, тарихқа, адам баласының таным дүниесіне жақын тұрғандығын дәлелдейді. Екінші жағынан, сол тұстардағы әріден жалғасқан таным, білім дүниесінің тұтас жаратылысын, заңдылықтарын аша түседі.
Осынау ойларды түзгенде, пікір түйіндегенде өзім игерген басқа кітаптармен бірге қазақ хәкімдері Халифа Алтай, Дәлелхан Жаналтай, Әбдірахман Алтай еңбектерімен жарық көрген "Құран Кәримнің қазақша мағынасы мен түсінігіне" сүйенгенімізді білдіру парыз. Ақсақалдарымыздың ұлы еңбектеріне Алла разы болсын!
Қарахандар дәуіріндегі сақталып қалған әдеби-мәдени мұралардың қатарында "Құранның түсіндірмесінің" де бар екендігін кіріспеде атаған едік. Сондықтан, "Құран кәримге" сүйене отырып, арнайы тарауша қосып, ой түйдік. Біз әлі де болса имандылыққа қанша ұмтылғанымызбен киелі кітаптың адам баласының мәңгілік құт-қасиеті ретінде ұсынған шарттарынан алыстау жүрміз. Оған кінәлі замана, тарих. Екінші жағынан әлгібір саясатшылар айта беретін соқыр сенімнен, діні фанатизмнен де аулақпыз. Егер, Құранның өз мәтініне ден қойған фанатизмнің онда да дәріптелмейтініне көз жеткізер еді. Қазіргі ғылым мен білімдегі бір олқылық дүниетанымымызды қалыптастыратын рухани саламыздың адам баласының ежелгі танымдық өзегінен, тарихи санасынан ажырап қалғандығында болып тұр.
Тарихи-мәдени ескерткіштер табиғатына үңілгенде олардың жеке дара жаратылмай тұтас бір имандылық, танымдық ілімнің аясында туғандығын аңғарамыз. Қазақ сахарасына етене мәлім Ахмет Иүгінеки де, Қожа Ахмет Иасауи да сол өркениеттің жарқын тұлғалары. Ал, Жүсіп Баласағұн жасаған Х-ХІ ғасыр түрік аумағына исләм дінінің деңдеп тарай бастаған кезі. Ж.Баласағұнның "Құтты білік" дастанында Құран сүрелерінде түсіндірілетін имандылық, адамгершілік насихаттың барлығы да кездеседі. Құдіретті кітапта заңдастырылған кісілік, адамгершілік, ақлиқаттық қағидаларын, шарттарын өлең, философиялық трактат жанрында қалың халыққа кең таратуға, түсіндіруге ұмтылған тәрізді. Ол ойларын ақын еркін, халық әдебі мен дәстүріне лайық, санасына шақ ақиқаттық, кісілік ғұрыпты түсіндіріп отырғандай жарасты, жеңіл жеткізеді. Соның бәрін, жеке адамның құлқынан бастап, халықтық, елдік дәрежедегі тарихи сана өресіне жеткізуге ұмтыла отырып жазады. Сол кездегі қарахандар ханы Бұғраханның Жүсіпке Хас Қажыб деген атақ беріп, сарайынан жоғары мәртебелі қызмет ұсынуы тегіннен тегін болмаса керек. Яғни, Жүсіп Хас Қажыб Баласағұн өзінің дастанында мемлекеттік саясаттың шарттарын түзіп, елдіктің іргесін бекіткен адам.
Бұл орайда Құранда уағыздалатын тақырыптар мен "Құтадғу біліктегі" тараулардың аттарын, айтылатын сөз, қозғалатын мәселелерді атап қана өткеннің өзінде көп нәрсеге көз жетеді. "Құран Кәримнің қазақша мағынасы мен түсінігінде" мынадай мазмұндық анықтамалар бар:
"Адам баласы;
Алла;
Алланың сипаттары;
Әлемге байланысты аяттар;
Ғибадат;
Ғылым;
Ақыл;
Ой жүгірту, ғибрат;
Дін-иман және жақсы-жаман жол;
Жиһад, яғни соғыс;
Қоғамдық тәртіп;
Мінез-құлық /ахлақ/:
Өлім және өлімнен кейінгі ахуал;
Үй-іші тәртібі;
Экономикалық өмір"376
Міне, осындай он төрт тақырып. Олардың әрқайсысы тарамдалып кеңейіп кетеді. Ал, "Құтты білік" дастанында Жүсіп Баласағұн осы мәселелердің бәрін де жете қамтиды. Әрі өлең жолымен, өз заманына лайық қарапайым да ұлағатты ұғыммен түсіндіреді. Азғындыққа салынбау, имандылықты сақтау, кісіліктен айнымау, арақ ішпеу, қылмыс-қиянатқа бармау, білім қуып, тіл ұстарту, ұрпақ тәрбиелеу, тағы басқа тіршілікте, қоғамда маңызды орны бар мәселелер хақындағы ақын тебіреністері Құранның талап-шарттарымен үндесіп түсіп отырады. Қайсыбір тарихи, танымдық деректердің өзінде де құдіретті жазудың әсері сайрап жатыр. Мына бір дерекке назар аударсам деймін. "Меккенің алынуынан кейін, Мекке мен Тәйіптің арасындағы "Құнайын" деген жерде болған шайқаста, жау төрт мың мұсылмандар он екі мың болғандықтан қайтсек (те, - А.Е.) жеңеміз деп ойлады. Расында Алла, сендерге көп жерлерде нұсрат берді" – делінген Құранның 9-Тәубе сүресінде /25/. Ал Баласағұнның "Құтты білік" дастанында "Әскербасылар, қолбасылар қандай болуы керектігі туралы", соғыс өнері туралы тарауда:
Ер айтыпты сынап, көрген көп кеңес:
"Он екі мың әскер тегі көп те емес!"
Түзетіпті ер, көрген талан-талайды:
"Маған төрт мың әскер болса, жарайды!"377
(2334-2335 бәйіт).
Мен осы жолдарды оқығанда, аудару үстінде де неге дәл "он екі мың?". "Неге төрт мың?" деген ойда қалған едім. Кейін де сол ойда жүрдік. Расында, бұл сандарды неге сүйеніп айтуы мүмкін. Бұл да тегін емес, тарихи дерек болып шықты. Оған "Тәубе сүресін" оқығанда көзім анық жетті. Дастандағы аталмыш сандар Құрандағы әңгімеден алынғаныкүмәнсіз. Демек, Жүсіп Хас Қажыб Құранды жете зерделеген, білімдар адам. Одан әрі "Құтадғу білікте" қаптаған қолдан гөрі сақадай сайланған, өзінің ісіне, өзіне сенген шымыр-ширақ шағын шеріктің ұтқыр оралымды, жеңімпаз болатыны түсіндіріледі. Тәубе сүресінде де Алла жолына сенуді, әрі көптікке мәз болып масайрамауды айтыпты, "Сол уақытта көптіктеріңе мәз болған едіңдер. Сонда ол сендерге түк пайда бермеді. Сондай-ақ, кең бола тұра жер сендерге тар келді. Сонан соң бет бұрып қайта қаштыңдар /25/. Сонан кейін Алла Елшісіне, әрі мүміндерге тоқтау салды"378 дейді әрі қарай Құранда. Иә, жалпы идеялық-мазмұндық тамырластығы, дәстүр бірлігін былай қойғанда, тарихи-деректілік тұрғысындағы үйлесімділік те айқын көрінеді. Ол тарихи тұлғалардың есімдерінен, топоним сөздерден мифологиялық сипат, белгілерден де танылады. Ақын мазмұн, мағына жағынан қасиетті кітап рухын ойшылдықпен, ақындықпен өрбітіп әкеткен. Жалпы алғанда, бұлар бір танымдық дүниенің, тамыры бір рухани әлемнің, бір топырақтың өркендері екендігі күмәнсіз. Мәселен, Жүсіп Баласағұн дастанның соңғы тарауларында бірқатар мифологиялық тұлғаларды, тарихи аңыздарда айтылатын бейнелерді іс - қылықтарын, мінез-құлқын, ақлиқаттық ерекшеліктерін мегзей отырып сипаттайды, бірқатарының атын атайды. Соның бәрі Құранда аталатын, мінезделетін, іс-әрекетіне қарай хикаятталатын тұлғалар. Жүсіп Хас Қажыб оларды сипаттағанда нақ сол Құранда айтылған ерекшеліктерін, белгі қасиеттерін түгендеп атай отырып жырлаған. Құрандағы Перғауын (28-Қасас сүресі, 38;) "Құтты білікте" 4712-бәйітте, Мұса пайғамбар (7-Ағраф сүресі, 104, 107, 117; 26-Шұғара сүресі, 31,32,63) "Құтты білікте" 4715-бәйітте, Ескендір Зұлқарнайын (18-Кеһф сүресі, 83,87,86) "Құтты білікте" 4714-бәйітте; Сүлеймен пайғамбар (2-Бақара сүресі; 102) "Құтты білікте" 4216-бәйітте; Ғиса пайғамбар (5-Мәида сүресі, 78,110), "Құтты білікте" 4717-бәйітте суреттелген. Тағы басқа да негізінен Құран арқылы мәлім тұлғалар, ойлар, ақлиқаттық қағидалар, тыйым-нанымдар ақлиқаттық-данагөй дастанда жүйелі түрде, мол кездеседі. Әрине, бұл кейіпкерлерді, ой идеяларды жырлағанда, әдеп-имандылықты толғағанда Жүсіп Баласағұн қасиетті кітап сөзін қаз-қалпында көшіре қайталап өтпейді. Өзінің ақындық қуатымен, ғұламалық таным биігінен одан әрі өрбітеді, тіршілік шарттарына жақындата түседі. Құран мазмұнынан, деректерінен таратып, талдап, көркемдік-философиялық өріске шығарып әкетеді. Дастанның көркем шығарма, этико-дидактикалық поэма ретіндегі жанрлық ерекшелігі, өзіндік эстетикалық бітімі қалтқысыз. Бұл орайда Құран ақынның дүниетанымына әсер еткен ілім көздерінің бір парасы.
Х-ХІІ ғасырлар аралығындағы әдеби ойдың өрісі негізінен исләм дінінің адамгершілік-имандылық рухын әр қырынан танытып отырды. Әртүрлі шығармаларда әр қырынан әртүрлі дәрежеде Құран шарттары насихатталып, бұқара арасына таратылды. Бұл тарихи сананың өзінше бір бірегей де өзегі берік көркемдік-танымдық өрісі болды. Осының өзі-ақ "Құтадғу-білік", "Диуани лұғат-ит-түрк", "Диуани хикмет", "Хибатул хақайық" сынды сол кездегі бітімі бірегей туындылардың әлемдік дүниетаным жәуһарларының қазынасына қосылумен бірге, адамзат баласының ұлы жазуымен рухани біртектілігін анық танытады.
Қожа Ахмет Иасауидың шәкірті Сүлеймен Бақырғани "Ақырзаман кітабында" ерте тұрып, таңсәріден тұрып құдайға құлшылық етіп сергек жүріп еңбек етуге әдеттен дейді. "Сахарда бір Алла десең, Уа, Аллаң жүз мың күнәңді жуып жібереді" – деп жырлайды.379 "Ақиқат сыйы" (Хибатул-хақайық") Мұхаммед пайғамбарға, оның төрт сахабасына шүкіршілік айтып, діни құлшылық ойлармен басталады. Әрі қарай имандылық әліппесін тұрмыс-тіршілік ақлиқатымен астастыра түсіндіреді.380 Ал, Қожа Ахмет Иасауидың әйгілі "Даналық кітабы" діни сазға бөленген адамшылық, имандылық кітабы, кісілік ілімі. Бұл дүниетанымның ұлы мектебі. Ежелгі түрк әулетінің көркемдік таным дәстүрінде қалыптасып, желек жайған өркениет мәуесі. Бұл сипат белгілерін сол кездегі басқа да әдеби-мәдени ескерткіштерден, қолөнер туындыларынан, сәулет өнерінен де келтіруге болады. Этнологиялық ерекшеліктерінің бәрінде халықтың тұрмыс-сана сипатының осы бір өрнегі табиғи заңдылығымен бой көрсетеді. Қазіргі тәуелсіздікке, ұлттық сана еркіндігіне ұмтылған шақта түрк тектес жұрт үшін халықтық, адамгершілік-имандылық түйсік-танымның ендігі темірқазығы болар бағыттың өзегі де осы.
2.2. КӨРКЕМДІК-ЭСТЕТИКАЛЫҚ ТАНЫМ
ТАБИҒАТЫ.
ПАРАСАТ ЭСТЕТИКАСЫ
Ежелгі Түркістанның батысы мен шығысында бірдей ІX ғасырдан бастап-ақ ықпалды іргелі елдік құрған қарахандар әулетінің билігі дәуірлеп тұрған заманнан (841-1212 ж.ж.) бізге жеткен Жүсіп Қажыбтың "Құтты білік", Махмұт Қашқаридың "Түркі сөздерінің жинағы", Ахмет Йүгнекидің "Ақиқат сыйы" туындылары мен Құранның түсіндірмесі адамзат өркениетінің өлмес қазыналарының баға жетпес асыл мұралары болып отыр. Осындай кең толғамды, парасатты пайымдаулары мол ғылыми ойдың, ақындық өнердің үздік дара туындыларының дүниеге келуіне белгілі бір өркениетті ахуалдың құнарлы топырағы, тарихи-әлеуметтік орта тынысы мен қоғамдық-саяси жағдайлардың заңдылықтары, алғышарттары болғаны күмәнсіз. Бұл классикалық шығармалар сол кездің өзінде белгілі дәрежеде әдеби - мәдени дәстүрдің, көркемдік-эстетикалық танымның қалыптасқан мектебінің болғандығын меңзейді. Мұндай үрдісті, өркенді шығармалардың дүниеге келуі, жазылуы – тұтас бір шығармашылық кезеңнің, өрісті дәстүрдің мәуесі. Сол кезеңнің өзінде-ақ түрлі ірілі-ұсақты, мәнді – мәнсіз сан алуан шығарма, жазбалардың болғандығын бүгінге дейін сақталып келген түрлі тізбелерден ("библиографиялық көрсеткіштер") жақсы аңғаруға болады. Бір қызығы, Орта Азия мен Қазақстан жерінде жазылған шығармалар, кітаптар жөніндегі көне сипаттамаларда, библиографиялық тізбелерде осы екі ірі еңбектің аты да аталмайды. Әлдебір елеусіз, ортақолдау авторлар жөнінде нақты деректер жиі кездеседі. Мәселен, Әбу Сейіт Сәмәдидің (1113 ж.ө.) белгілі "Китәб әл-әнсәб" атты еңбегінде сол дәуірдегі белгісіз, ұсақ авторлар жөнінде жүздеген бет мағлұматтар жазылғанда, Жүсіп Баласағұн мен Махмұт Қашқаридың әлемге аян еңбектері хақында еш дерек түспеген. Аталып, түстеліп, хатталып ен тағылған шығармаларға қарағанда "Құтты білік" пен "Түркі тілі сөздігінің" бізге тұтастай сақталып жеткені деерекше жағдай.
Түрк мәдениетінің ұлы да ұлағатты әдеби ескерткіші "Құтадғу біліг" дастанын жазған Жүсіп Баласағұнның өмірі мен қызметі, мақсаты, жас шамасы хақындағы там-тұмдаған деректерді негізінен шығарманың өз мәтінінен ғана табамыз. Дастанның ел өміріндегі маңызы, сипаты мен қасиеті, мұрат-мақсаты мен тілі жайлы мағлұматтар да мәтінде кездесетін (кіріспе, қорытынды тарауларынан) автордың өз пайымдауларынан жақсы аңғарылады. Жүсіп Хас Қажыб X ғасырдың соңы мен XІ ғасырдың алғашқы жылдарында қазіргі қазақ елінің жер ауқымына енетін ежелгі Баласағұн шаһарында туып өскен, айтулы этикалық-философиялық даналық мұрасын жазып қалдырған ғұлама ғалым, ойшыл ақын.
Жүсіп Хас Қажыб 1010-1015 жылдар шамасында Шудың бойында, Талас даласында Баласағұн шаһарында дүниеге келген. Баласағұн мен Қашқар сол кезеңдегі Қарахан мемлекетінің бас қалалары ретінде елдің батысы мен шығысындағы ірі орталықтар, қос астана екендігі тарихтан белгілі жайлар. Ғұлама ойшылдың туған жылы, өмір сүрген дәуірінің хронологиясы туралы пікір, болжамдар әртүрлі. Зерттеушілер оны негізінен шығарма деректеріне, мәтіндегі мағына, меңзеулерге сүйене отырып есептеп шығарған. Түркияның көрнекті ғалымы Рәшит Рахмати Арат ақын атақты дастанын аяқтағанда шамамен 54 жаста болған, демек 1015-1016 жылдары туған деген болжам айтады. Ал, сол елдің екінші бір әйгілі зерттеушісі А. Ділашар Жүсіп Хас Қажыб дастанды жазуды елу жасында бастаған, сонда 1018 жылы туған болып шығады деп жазады. А. Ділашар ойшыл ақын 1068 жылы Қашқарға аттанды, шығармасын сонда жазды деген де болжам білдіреді. Дастанның кіріспесінде: "Қашқарда жазып бітірдім" – деген дерек түсірілген (24,25,59 -бәйіттер). Соған сүйенсе керек. Дегенмен, Баласағұнда бастап Қашқарда аяқтаған деген P.P. Арат пікіріне ден қойған жөн деп ойлаймыз. Бұған мынадай мысалдарды да келтіре кеткеннің артықшылығы жоқ. Жүсіп Баласағұнның өзі "Иыл алтмыш екі ерді төрт иүз білә, бітіиу түкәттім бұ сөз үлгүлә" (6495- бәйіт)381, "Түкәл он сәкіз айда айдым бұ сөз, Әдүрдұм адырдым сөз әудір нечә" (6624)382. "Бұл сөзді үлгілеп 462 жылы жазып бітірдім", "Он сегіз айда айттым бұл сөзді, сөздерді теріп түзіп сараладым, таңдадым", – деп жазады. Мәтінде айтылғандықтан болар, зерттеушілердің дастанның жазылған жылына қатысты пікірлері негізінен бір жерден шыққан. Тек Құрбанғали Халид қана "Тауарих хамса" кітабында (Қазан, 1910 ж.) Баласағұнның "Иыл алтмыш екі ерді төрт иүз білә" дегені ескі жыл санау бойынша төрт жүзінші жылдың алпыс екінші жылы еді деген мағынада, яғни хыжра бойынша 362 жыл болып шығады деп түсіндіреді де, Уамбери (Г. Вамбери), тағы басқа Европа зерттеушілерімен бұл мәселеде келіспейтінін жазады. Құрбанғали Халид өз пікірін кітабының "Алты шәһар хабарлары" тарауында: "Қарун өлген соң Садық таққа отырып, айналасының бәрін исләм дініне енгізді (350-400 хыжра) деп дәйектей отырып, Садықтың уәзірі Жүсіп Қыдырхан – лақабы имам Патшах – "Құтадғу білік" кітабын жазып, Садық Бұғраханға тарту еткен. Жүсіп Қыдырхан хан болмаған, атына "хан" сөзінің тіркелетіні өз аты солай болу керек. Себебі Бұғраханнан ұл болмай, Нұрғалия хан атты жалғыз қызы қалып, содан Алып Арыстанхан туады," – деп Алып Арыстан хан таққа отырғанға дейінгі бірқатар жайларды айқындап кетеді. Садықтың атын (915-955 ж.ж.) С.Г. Кляшторный да тілге тиек етеді.
Ал, А.Н. Кононов өз кезегінде В.В. Бартольдқа сүйеніп ол кезеңдегі қарахандар билеушісінің аты-жөнін: "Тауғаш-Бұғра-Қарахан Әбу Әли Хасан, Арслан Қарахан Сүлеймен ұлы" деп білдіреді. С.Г. Кляшторный; "Дастан сыйға тартылған елбасының аты арабша Әбу Әли Әл-Xacaн, лақабы Нәсір әл-хақ-уа-ддин Мәлік әл-машрық еді де, түркіше лауазым-мәртебесі Тауғаш Бұғра Қарахан болатын" деп түйеді. Дастанның жазылуының тарихи себептерін, әрі түркі жұртына мұсылмандық ұшқындары келе бастаған кезеңдегі туған шығарма екендігін ескерсек, Құрбанғали Халид айтқандары жобаға үйлеседі. Әйтсе де осы күнге дейінгі зерттеулердің бәрінде де В.В. Бартольд болжамы негізге алынып жүр. Біз де жылдар бойы дүние жүзі түрктанушыларының танымында қалыптасқан тұжырымға тоқтағанды жөн көрдік.
Сөйтіп, Шу бойынан шыққан Жүсіп осынау қалың елдің моральдық-этикалық бағдарламасы іспеттес еңбегін 54 жасында жазып сол "Құтты білік" атты даналық дастаны ғұлама атын күллі Тұран еліне, Шығыс әлеміне танытты. Батыс пен Шығысты тең шарлап кеткен бұл әдеби жәдігер он ғасырдай мерзім өткенде, өз атамекеніне оралғандай болды – 1986 жылы қазақ жерінде өз ана тілімізде алғаш рет жарық көрді383. Сол Х-ХІІ ғасырлардың өзінде-ақ Орта Азия, қазіргі Қазақ елі аумағын мекендеген халықтардың мәдени даму биіктерінің бірі болған философиялық поэманың даналық ойлары күні бүгінге дейін аса құнды, өміршең. "Құтты білік" - ежелгі түркі тіліндегі классикалық поэзияның тұңғыш шығармасы. Философиялық толғамдарымен де, көркемдік нақыстарымен де, поэтикалық ойлау ерекшелігімен де шеберліктің үздік үлгісіндей бұл ауқымды дастан сол дәуірдегі өнер өрісін, көркемдік таным биігін қапысыз аңғартады. Дастанға белгілі түрктанушы академик А.Н. Кононов: "При всей своей моралистической направленности "Кутадгу билиг" не является и не может считаться, как иногда на этом настаивают, книгой сухих этико-дидактических наставлений и нравоучений. Это - философское произведение, в котором анализируется смысл и значение человеческой жизни и определяются обязанности и нормы поведения человека в обществе; при этом Юсуф не страшиться критиковать общество, в котором он сам живет"384 - деп сипаттама берсе, туындыны орыс тіліне толық, еркін аударып шыққан С. Н. Иванов: "Благодатное знание" – выдающееся произведение тюркоязычной литературы (XІ в.)"385 деп бағалайды. Дастанның авторы әлеуметтік-эстетикалық, адамгершілік-имандылық мұраттарды халықтың санасына жақын қарапайым да, қанатты тілмен, сол кездегі ғылыми танымның жоғары деңгейінде аса ұғынықты, ұтымды жеткізеді. Бүгінгі халық әдебиетіндегі, халықтың тұрмыс-дәстүріндегі моральдық-психологиялық, эстетикалық ерекшеліктердің, заңдылықтардың сол XІ ғасыр шығармасындағы сүттей ұйыған негізін, тұғырын көргенде, түптеп келгенде шынайы творчество, құбылыс жалпы халық санасымен, халықтың эстетикалық ой-өрісінің даму деңгейімен тікелей сабақтас екеніне тағы бір көз жеткізгендей боламыз. "Құтадғу білігтен" Орта ғасырдағы қоғамдық-әлеуметтік жағдайдың, ғылым мен мәдениеттің, тіл өнерінің, саясаттың даму дәрежесін де пайымдап, мол мағлұмат аламыз.
Жүсіп Баласағұнның бұл кітабы арқылы қарахандар дәуіріне барлау жасап, тарихи-этнографиялық, ақлиқаттық-эстетикалық, тіл ерекшеліктеріне қатысты орамдарға байланысты құнды пайымдаулар түйіндеп, пікір қорытуға болады. Шығармада ел басқарудың, экономиканы, әлеуметтік-тұрмыстық ахуалды, әскери істі ұйымдастырудың, шаруашылықты, тағы басқа да мемлекеттің әл-ауқатын жақсартудың ерекшеліктері суреткерлік-философиялық тілмен баяндалады. Сол заманғы ғылым мен мәдениеттің жетістіктері де аңғарылып отырады. Дастан көне түрік өркениетінің мәуесі болғанымен жалпыадамзаттық, адамгершілік-имандылық мұраттарды терең толғап, күллі адам баласына тән ізгі қасиеттерді ұлағат етіп ұсынады. Академик А.Н. Кононовтың жоғарыда аталған еңбегіндегі: "В " Кутадгу билиг" нашли свое выражение идеи давно волновавшие многие народы" – деген тұжырымды ойы өте әділ айтылған баға. "Құтадғу білік" 1069 жылы он сегіз айдың ішінде жазылған. Авторы – Жетісу өңірінің Шу өзенінің бойындағы тарихта ықылым заманнан белгілі ірі шәһарлардың бірі Баласағұнда (зерттеулерге қарағанда ертеректе Құз Орда деп те аталған) туып-өскен Жүсіп Баласағұн. Жүсіп бұл қоғамдық-әлеуметтік мәні терең, халықтың моральдық-этикалық бағдарламасы іспеттес еңбегін Шу бойындағы Баласағұн қаласында бастаған да, Қашқарда аяқтап, бұл шығармасын қарахандар мемлекетінің сол кездегі әмірі Бұғра ханға тарту етеді. Хан ойшыл ғұлама еңбегін жоғары мәртебелеп, "Хас Хажыб" деген лауазымды атақ, өз қасынан бас кеңесшілік қызмет берген. Сөйтіп Жүсіп Хас Қажыб Баласағұн деген аты дүниеге тараған. Қарахандар мемлекетінің тарихын талдап, зерттей түсу дастанның қоғамдық-әлеуметтік, тарихи негізін, алғышарттарын білуге көп көмегін тигізері анық. Ғылымда бұл жөнінде бірқатар зерттеулер, болжамдар, қарама - қайшы пікірлер баршылық (В.В.Григорьев, В.В.Бартольд, О.Притсак, В.В. Радлов, О.Г.Большаков, т.б.).
Алтай түркілерінің VІ ғасырдың орта тұсындағы Тынық мұхит Қара теңіз аралығына дейін созылған елеулі ықпалы деректерден белгілі. ІX ғасырға дейін ұланғайыр жер аумағында қуатты империя құрған батыс түркі мен шығыс түркі қағанаты ішкі алауыздықтың, сыртқы жаугершіліктің әсерінен күйреді. Іргесі ыдырап, сөгілді. Ол дәуірден әлем мәдениетінің жалпыға мәлім ірі феномендері, әйгілі түркі сына жазулары, Орхон-Енисей ескерткіштері, күні бүгінге дейін әр аймақтан табылып қалып жүрген балбалдар қалды. Содан кейінгі ІХ-ХІІІ ғасырлар арасы (841-1212 ж.ж.) қарахандар әулетінің дәуірлеген дәуірі. Қарахандар әулетінің, ханының, империясының шығуы жөнінде онға тарта болжам бар. Қазір, қарахандар мемлекетінің негізі қарлықтар (В.В. Григорьев) деген болжамға ден қоюшылар басым. Қарахандар елі "Афрасиаб үйі", "Мүлік Әл-Хақани" деп те аталған. В.В. Бартольд та негізінен қарахандар әулетінің саяси, әлеуметтік, мәдени қаңқасын құраған үш тайпаны ғана атайды. Олардың қатарында қарлық та бар. Карлықтар кімдер? Батыс Алтай аймағын, Қара Ертісті қапталдай мекендеген түркілер. Қарлықтардың (таулықтардың) алғашқы легі Орта Азияға VІІІ ғасырдың басында-ақ өтіп, Әмудария жағасына дейін жеткен. Алтайда, Тоғарстанда, Жоңғарияда иелік ете берген. Ал, 681-682 жылдары Монғолияда екінші түрік қағанаты пайда болғанда қарлықтар "Өтүкен қожалықтарына" бағынады. Мұны келтіріп отырғанымыз "Құтадғу білікте" "Өтүкен", "Өтүкен бегі" деген атаулар кездеседі... Махмұт Қашқаридың Дөңгелек картасында Өтүкен жері көрсетілген. Дастан беттерінде кездесетін шығыл, йағма атауларына да, адам аттары мен жер-су атауларына да әдеби еңбектегі тарихи шындықтың түйінді бір деректері деп қарау керек. "Возникновение Караханидского каганата было естественным следствием развития древнетюркской государственности, носителями которой стали карлуки. Они унаследовали западно тюркский каганат и восстановили ту систему, которая сложилась, в основных чертах, еще в VІ в."386 Тарихшы М. Ақынжанов: "...қарлықтар Алтай, Тарбағатай тауларынан бастап, Жетісуға дейін, одан әрі Талас, Сырдария өзендеріне дейін өзіне қаратып, 766 жылдары Қарлы атымен феодалдық мемлекет құрды. VІІІ ғасырдың аяғында, ІX ғасырдың басында бұл мемлекет өте күшейіп... қазақ аталып кеткен барлық ру-ұлыстарды бағындырды",387 деген жеке өзінің байламын осыдан қырық жылдан аса бұрын жазады. Кляшторныйдан алған мысалмен салыстырып көргенде ойландыратын да пікір. Дастан мәтінінде "Йабғу" деген сөз кездеседі. "Йабғу,– деп жазады "Худуд әл-әлемнің" авторы, – бұл қарлықтар ханының бұрынғы лауазымы. "Әл-Жиһәзи, Гардизи Тахир Мәрбәзи және Әл-Мәсудидің дәлелдері бойынша, ұйғырлар ықпалы әлсіреген кезде түркі тайпаларына жоғарғы билік қарлықтың Йабғасына көшті.
Қарахандар елінің ең жоғарғы, мәртебелі қаған (шығылдар) орталығы Баласағұнда орналасады да, кіші қаған (йағмалар) орталығы әуелі Таразда болып, кейін Қашқарға (Ордакент) ойысады. Осы кезеңдерде, кейін XІІ ғасырдағы жаугершілік уақыттарда да Баласағұн тарихи оқиғалардың нақ ортасында тұрды. Ескі екі керуен жолының біреуі Самарқанд–Ташкент–Тараз–Баласағұн арқылы Қытайға ұштасып жатты. Шу өзенін бойлап Іле Алатауының бауырына карай тартқан жол Шелекті басып Шығыс Түркістанға, бір тармағы Іледен асып, Қойлық, Қопал, Алакөл арқылы Монғолияға бастайтын жаңа керуен жолы да батыс пен шығысты жалғастыратын күретамырлардың бірінен саналған. Осының өзі-ақ Баласағұн шаһарының дамуына қызу ықпал жасаған. Кейін, XІІІ ғасырда Сарайшық қаласынан табылған қыш құмырада "Ақыл көркі – тіл, тілдің көркі – сөз, Кісі көркі – жүз, Жүздің көркі – көз" деген "Құтты біліктің" бір бәйіті жазылғаны тегін болмас.
"Құтты білік" көшірмелерінің өзі бір шеті Мысырдан, бір шеті Венадан шығуы тағы да кездейсоқтық деп ойламаймыз. Бұл мәдени даму тынысының қарымдылығының, қызу қарым-қатынас пен өркениетті үрдістің белгісі. Баласағұн қаласының орны жөніндегі болжамдар да біршама. Мысалы, В.В. Бартольд күйреген Ақ Бешім мен Боран бекеті ме деп шамалайды. Қазақ ғалымдары (проф. F.Шәлекенов) қазіргі Ақтөбедегі экспедициялық іздестіру, зерттеу жұмыстарына сүйеніп оны Баласағұн деп дәлелдейді. Қалайда, Жетісу жеріндегі қазақ даласындағы іргелі астана. Баласағұн қаласы тарихта әлденеше күйреп, әлденеше қалпына келтірілген көне шаһар. Бірақ, біздің негізгі әңгімеміз негізінен түркі жұртының тұңғыш классикалық дастаны хақында болғанымен шығармаға қатысты деректердің қай-қайсысы да назардан тыс қалмауға тиіс. Сондықтан да толық болмаса да сол дәуір, қала жайлы бірлі-екілі тұжырымды мағлұматтарды білдіре отырғанды жөн санадық. Дастанның басты мақсаты – бақытты қоғам, құтты ел түзу ғой. Сондықтан да отбасын ұстаудан бастап мемлекет құру, ел басқару ісіне дейін баянды баяндайды, ғұлама ақын бірде өмір, тұрмыс заңдылығынан туған, бірде қиялын оятқан утопиялық тебіреністерге батады, терең мағыналы пәлсәпалық пайымдаулар түйеді. Баласағұн ірі саяси мәдени кіндік шаһар, Орта ғасырлардағы тарихи керуен жолдарының оған соқпай өткені жоқ. "Құтты білікте" елші, жиһанкездердің, саудагерлердің, қолөнершілердің мінез-құлқы, олармен қарым-қатынас жасау реттері жеке-жеке арнайы тарауларға негіз болғандығы тегін емес. Осындай сараң деректердің өзі-ақ сол кездегі қоғамдық-әлеуметтік жағдайдан хабардар етеді. Қала сәулеті, сауда-саттықтың өркендеуі, отырықшылықтың қалыптасуы, өнер, ғылым – осының бәрі де "Құтты білік" секілді дастанның дүниеге келу заңдылығын, тарихи алғышарттарын танытады. Дастанның өз кіріспесінен де кітаптың сол кезде-ақ дүниеге кеңінен мәлім болғанын білеміз. "Машрық уәләятында, күллі Түркістан елдерінде Бұғрахан тілінде, түркі сөзімен бұл кітаптан жақсырақ кітапты әркезде ешкім жазған жоқ".388 Машын, Шын, Шығыс елдерінде "Шахтардың әдеп-қағидалары... "Мемлекеттің дәстүрі", "Өмір зейнеті" десе, ирандықтар "Шахнама түркі", бағзы біреулер "Падишаларға насихат", Турандықтар "Құтадғу білік" десіп ат қойыпты.389
Бізге "Құтты біліктің" үш қолжазбасы жеткен. Әрқайсысының тағдыры, бүгінге жету жолы бір-бір аңыз, өзінше бір тарих. Вена нұсқасы Венада сақтаулы тұр. Кейде көшіріп алынған жеріне қарай Ғират нұсқасы деп те аталады. Академик А.Н. Кононов көшірушінің есімі Хасан Қара Сейіл Шамс (?) болу керек, ... 1439 жылы 17 маусымда көшіріп біткен деген пікір білдіреді.390 Арап әрпімен жазылған нұсқадан ұйғыр әрпімен көшірілген. Бұл қолжазба белгісіз себептермен Ғираттан Тоқат қаласына (Түркия) жетеді, одан 1474 жылы Стамбұлдан шығады "Хыжра бойынша 879 жылы, жылан жылы Тоқаттан Стамбұлға Фенәризада Қади әлі Әбдіразақ Шейх-заде Бақсы үшін жаздырып алады."391 Бұдан кейін қолдан-қолға көшіп жүргенге ұқсайды. 13-14 бетінде: "Біз Налбанда Хамзадан сатып алдық. Хайреддин молланың жұма мешітінің жанында; делдал Хожа Қажы куәгер" (190) деген жазуы бар. 1796 жылы елшілік қызметте жүріп Австрия ғалымы Иосиф Фон Хаммер-Пургшталь (1774-1856) букинистен сатып алып, Венадағы Король кітапханасына тапсырады. Вена нұсқасын тұңғыш рет венгер ғалымы Г.Вамбери 1870 жылы Инсбург қаласында бастырып шығарды. Сәл кейінірек, 1890 жылы орыс ғалымы В. Радлов жариялатты. Екіншісі – араб әріпімен жазылған Каир нұсқасы, 1896 жылы Каирда кітапхана директоры, неміс ғалымы Б. Мориц тапқан. Каир нұсқасының көшірмесін 1898 жылы В.В. Радлов Петербург ғылым академиясының Азия музейіне алдырған. Мұны да бастырып шығарған. Көшірме қазір Ресей ғылым академиясы Шығыстану институтының Ленинград (Санкт-Петербург) бөлімшесінің қолжазбалар қорында сақтаулы.
Үшіншісі – ең толығы, жақсы сақталғаны Наманған (Ферғана) нұсқасы. Арап әрпімен жазылған. 1913 жылы Наманған қаласынан, (Өзбек КСР-і) Мұхамедхожа ишан Ләләріш дегеннің жеке кітапханасынан А.З.Валидов тапқан. Кейінірек, 1925 жылы өзбек ғалымы Фитрат қайта тауып алып, Ташкентте қысқа сипаттама жазады.
Қазір Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Шығыстану институтында сақтаулы. Үш нұсқаны салыстырып қарағанда, Каир, Наманған нұсқалары өзара жақын, үндес келіп отырады да, Вена - Ғират нұсқасы көп жағдайда бұлардан алшақтап кетеді. "Құтадғу біліктің" үзінділерінің неміс тіліндегі алғашқы аудармасы мен толық басылымын Г. Вамбери жасаған. Одан кейін В.В. Радлов өзінің мәтіні мен өзінің неміс тіліндегі аудармасын жариялатты. Үш қолжазбаның басын қосып, транскрипцияланған құрама мәтінін, аудармасын, индекстік сөздігін жасаған түрік ғалымы P.Р. Араттың сіңірген академиялық еңбегі аса зор.
А.А. Валитова диссертация, мақалалар жазып, сыни мәтінін құрастырды. Кезінде француз ғалымы А.П. Жауберт, дат ғалымы В. Томсон, неміс дәрігері Отто Альбертс, Н.И. Ильминский, Ф.В. Мюллер, А. Лекок, тағы басқалар әртүрлі дәрежеде назар аударып, пікір білдірген.
Егер тарихи дәйектілікке жүгінсек, ғылым алдындағы әділдік үшін алғашқы зерттеуші ретінде шартты түрде болса да француз ғалымы А.П. Жауберт (1779 - 1847 ж.ж.) есімін атауға тиіспіз. Мәтіннің мазмұнын түсіндіріп, оқуда жіберіп алған елеулі ауытқуларына қарамастан, оның "Құтадғу білігке" арналған хабарламасы алғашқы ғылыми көзқарас болды, әрі поэмаға бірқатар ғалымдардың назарын аударды.
Флюгель, И.Н. Березин, Н.И. Ильминский соның мақаласына сүйенді. Содан кейін барып Г.Вамбери, В.В. Радлов...
Өзбек тіліндегі жолма-жол аудармасы мен Өзбек әліппесінің ыңғайына қарай транскрипцияланған мәтіні Ташкентте 1972 жылы (Қ. Кәрімов) жарық көрді. Орыс тілінде таңдаулы тараулары тым еркін, көркемделіп аударылып "Наука быть счастливым" деген атпен – 1977 жылы (Н. Гребнев, "Худ. лит." баспасы), толық әдеби аудармасы 1983 жылы (С.Н. Иванов, "Наука" баспасы) жарыққа шықты. Ұйғыр тіліндегі аудармасы мен ұйғыр фонетикасының ерекшеліктері ескеріле отырып латын әрпімен транскрипцияланған мәтіні Пекинде 1984 жылы (бір топ аудармашылар) жарияланды.
Қазақ тілінде толық мәтіні көне түрік тілінен тұңғыш рет аударылып 1986 жылы (А.Қ. Егеубаев, "Жазушы" баспасы) жеке кітап болып шықты. Осы басылым 1989 жылы Қытайда (Жүсіп Баласағұн. Құтты білік. Пекин, "Ұлттар" баспасы; ауд. А.Қ. Егеубаев) араб әрпімен екінші қайтара жарияланды. Осы аударма, зерттеу еңбегінің нәтижесінде 1989 жылы “Жүсіп Баласағұнның "Құтадғу білік" дастанының (XІ ғасыр) қазақ әдебиетінің қалыптасып, дамуына идеялық-көркемдік әсері” деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғалды. "Құтты білік дастанын тек қана әдеби мұра деп қарау біржақтылық болар еді. Оның жалпы түрік тілдес халықтар тарихындағы әдебиеттану, тілтану, тарих, мәдени-тарихи қатынастар саласындағы алатын орыны, маңызы мен мәні аса зор. Осы мәселеде Халел Досмұхамедұлының (1883-1939 ж.ж.) тұжырымды пікірлерінің де өміршеңдігін айту ләзім. Ғалым: “...Түркістандағы калифийат (открытие) заманында табылған, ХІX ғасырдың басында-ақ майданға шыққан мәшһүр "Құтадғу білік" кітабы бар еді... "Құтадғу білікті" жаңадан қарап шығу ләзім болады һәм түркі тілдердің, түрк әдебиетінің тарихи үйрену бабында жаңа дәуір (бөліп көрсеткен А.Е.) кіргізген,"392 –деп жазады.
Бұл тұрғыда, қазақ халқының да рухани кәмелеттену жолының күретамыры Жүсіп Баласағұнның эстетикалық әлемінде жатыр. "Құтадғу білік" дастанының Орхон-Енисей жазбаларымен (V-VІІІ ғ.ғ.) тамырластығы және ХІV-ХV ғасырлардағы қазақ жырауларының үрдісімен, классикалық қазақ әдебиеті үлгілерімен сабақтастығы өркенді әдеби дәстүр арнасын танытады. Қазақ мақал-мәтелдерімен, қанатты сөздерімен, шешендік сөздер табиғатымен, Абай тағылымының, Шәкәрім қажының көркемдік дүниесінің Жүсіп Баласағұнның рухани-көркемдік әлемімен жарастығын білдіретін желілер өте көп. Шәкәрім қажының күллі шығармашылық танымының өзекті мақсатын білдіретін "Мен жетпіс екі жасқа келгенше...", "Шын бақыттың айнасы", "Мәнді сөздер"393 секілді тебіреністі философиясын, эсселерін еске түсірейік. Поэманың философиялық-эстетикалық таным өзектері, мәтіннің образды-семантикалық құрылысындағы ерекшеліктер мен заңдылықтар түрік поэзиясының төл сипаттарын саралауға да мүмкіндік береді. Ел ішінде ежелден кең таралған адамшылық, имандылық хақындағы, өмір тіршілік жайлы тұжырымдардың, ырым-нанымға, танымға айналып кеткен қағидадай әдет-ғұрып, салттарының бедерлі белгілерінің ескі мұра беттерінен, өлең шумақтарынан, ұшқыр сөздерден, мақал-мәтелдерден көзге жылы ұшырай жамырап көрінуінің өзі тарихи көркем танымның, тарихи поэтиканың, тарихи сананың мағыналы заңдылықтары. "Құтты біліктегі" қазіргі қазақ әдебиетінде қаз-қалпында жүрген ұшқыр сөз, мақал-мәтелдердің бірқатарын өзбек, қырғыз, татар, ұйғыр халықтарының әдебиетінен де кездестірдік. Осылардың өзі-ақ, дастанның поэтикасының тарихилығын меңзейді. Бұл орайда, И.В.Стеблеваның: "Первым оригинальным сочинением тюркоязычной художественной литературы до сих пор считается поэма XІ в. "Кутадгу билиг" Юсуфа Баласагунского. ... Те формальные показатели, которые мы перечислили выше, позволяют считать памятник XІ в. "Кутадгу билиг" первым произведением классической тюркоязычной литературы, которая в творчестве отдельных поэтов просуществовала вплоть до XX в."394 – деген пікірін еске сала кеткеннің артықтығы жоқ, Қалай дегенде де, классикалық түрік поэзиясының тарихы осы "Құтадғу білік" дастанынан басталатынына ешбір күмән болмасқа керек. Осы тұжырымды қолдайтын пікірлер академиялық басылымдарда да айтылған.395 Түрік өлеңінің бір мәуелі бұтағы, түрік өркениетінің құнарлы өлкесінің бірі – қазақ өлеңі, қазақ халқының эстетикалық таным тәжірибесі осынау шоқтықты биіктерден айналып өтпеген, бірге өріліп, бірге көктеген. "Орхон-Енисей жазбалары" мен "Құтадғу біліг" сынды көпқырлы жәуһарлардың ішкі-сыртқы бітімінен көзге ұрып тұрған қазақтың көркемдік әлемімен сабақтастық заңдылықтарын тереңнен талдап-зерделей түсу қазақ әдебиетінің тарихына да мағыналы да қызықты беттер қосатынына, рухани дүниеміздің тынысын кеңейте түсетініне күмән жоқ. Бұл желілер, дастан мен классикалық қазақ әдебиеті шығармаларының арасындағы көркемдік-эстетикалық таным үрдісінің сабақтастығынан (1), образдар жүйесі табиғатының бірлігінен (2), жалпы поэтикасынан (3), тарихи сана мен тарихи танымның диалектикалық өзектестігінен (4), қоғамдық-әлеуметтік, этникалық түп-тегінің (топырағының) бірегей жаратылысынан (5) тарамдалады. Түрік жырының тарихи поэтикасынан қазақ поэзиясының бұған дейін ауызға көп алына қоймаған тағы бір түйінді сипатын байқаймыз. Қазақ өлеңін, жалпы түркі поэзиясын былайғы жұрт әйтеуір бір шығыс саздары деп қарайды. Ол анық. Ал, шын мәнінде қазақ жыры әу басынан-ақ, абстракциялық солықтаулардан ада, бедерлі де тегеуірінді, берік бітімді поэзия ғой. Керісінше, әсем саз, әсіре сыршылдықты ғана күйттеп кетпейтін, ойшыл һәм нақты-бейнелі поэзия үлгісі. Осы сипаттарды, әсіресе, ежелгі түрік жырларынан, әсіресе, "Құтты білік" дастанынан жақсы пайымдауға болады. Түрік - қазақ поэзиясына ежелден етене тән сипаттар метафора өзегіндегі нақтылық, дәлдік, ой-толғам желісіндегі өмірлік тәжірибе, тұрмыс-тіршілік диалектикасынан туған айқындық, троптар жүйесіндегі қолмен қойғандай тиянақтылық – осылардың бәрі де араб-парсы саздары басым көрінетін жалпы шығыс әлемінің көркемдік-эстетикалық шарттылықтарынан мүлде бөлек қасиеттер. Поэтика тарихындағы әр кезеңдерде әрқилы көрінгенімен бұл сипаттардың өзегі бір көркемдік заңдылықтары қазақ поэзиясының бұрынғы-соңды ерекше қасиет-қисындарын, ішкі-тысқы өлеңдік табиғатын, дүние поэзиясы алдындағы өз үнін айқын, ашық танытады. Мысалы, дастандағы "Арыстан мінсең қылышыңды қамшы қыл!", "Жауды көрсе ердің жүзі қызарар, Жауға кірсе жердің жүзі қызарар!", "Таяқты жауға темір қалқан дайында" (бәрі де "Құтты білік" дастанынан) деген жолдарды хас поэзия емес деп айта аламыз ба, олай болса осындай бітімді жыр үлгісін басқа дүние поэзиясынан кездестіре аласыз ба? Бұдан да әсерлі, бұдан да қуатты поэтикалық түзілімдер болуы мүмкін, бірақ мына жаратылыс қайталанбайтын қуатты, күрделі құбылыс. Берідегі Ақтамберділер аса бір сыршыл махаббат сезімінің өзін айдан анық өрнекпен "Азу тісін ақситып аруды сүйер ме екенбіз!"- деп естен кетпес кесек суретпен елестетеді.
Доспамбет жырау болса:
Дүниенің басы – сайран, түбі – ойран,–
деп, енді бірде:
Жазыда көп-ақ жортқан екенбіз,
Арғымақтың талдай мойнын талдырып,
Үйде қалған арудың
Ал иіндігін аудырып!..
Немесе:
Тұлымшағын төгілтіп,
Ару сүйдім өкінбен!"396 –
деп ойды орақ тілмен ора кесек тастайды.
Сол Ақтамберді жырау: "Жомарт қолын жоқ кесер",– деп ақиқатты түйін түйсе, бірде:
Арудан асқан жар бар ма,
Жылқыдан асқан мал бар ма!?,
Бұлттан шыққан ай бетті,
Мұнардан шыққан күн бетті..., –
деп, толқып тебіренеді. "Табаны жалпақ тарланды, таңбалап мінер ме екенбіз"397. Бұл да Ақтамберді. Үлдемен басын ораған, Семсермен шашын тараған!"398-деп бедерлейді Бұқар жырау. Мұны ұққан ғана ұғар. Бәлкім басқа дәуірдің, басқа этностың өкілдері (ақын-жыраулары) бұлай жырлау өз алдына, осындай поэтикалық сом зерлердің өзін түйсініп көзіне елестете алмауы мүмкін. Ұлттық бояуы қанық осындай поэзия үлгілерін бес ғасыр жырауларынан да аса жиі кездестіреміз. Поэтикалық дәстүрдің осы арнасының өзі-ақ, қазіргі қазақ жырының тарихи поэтика заңдылықтарын тереңнен аша түсетін толымды үрдіс.
"Құтадғу білік" – дәстүр, поэтикалық таным биігін білдіретін арналы дәстүр. Бұл сипат этикалық-даналық дастанның өз заманындағы, өзінен бұрынғы көркемдік, философиялық үрдіспен, кейінгі өзіне тектес әдеби-эстетикалық өркендермен тікелей тамырластығынан, рухани үндестігінен туындайды. Жүсіп Баласағұнның дүниетаным, біліктілік тұрғыда сол кездегі әлемге мәлім ойшылдармен қанаттас түсіп отыратындығы көрініп тұрады. Неміс зерттеушісі, дәрігер Отто Альбертстің: "Юсуф в молодые годы являлся наследователем и даже учеником Авиценны,"– деп топшылауы тегіннен-тегін айтылған сөз демейміз. Егер, әлем философиясынан ондай аналогиялар іздесек, "Құтадғу білік" дастанындағы әлеуметтік ойлар желісін ағылшын Адам Смиттің "Богатство народов" (1775 ж.) атты әйгілі де абыройлы еңбегінің үндес идеалдарымен ұштастыруға әбден болар еді. Бірақ, біз үшін топырағы бір, рухы туыс Күлтегін жазуларымен, Аристотельден кейінгі "екінші ұстаз" Әбу Нәсір әл-Фараби даналығымен, қазақтың бес ғасыр ойшылдарымен, ұлы Абай философиясымен табиғи жақындығы әлдеқайда берік, әлдеқайда жанды жалғастық ретінде қадірлі. Дана Фарабидің қуатты қоғам, бақытты мемлекет туралы толғаныстары дүниежүзі ойшылдарынан лайықты бағасын алған. Осы әл-Фарабидің даналық ойлары мен Жүсіп Баласағұнның әлеуметтік-эстетикалық көзқарастарының сабақтастық желісі айқын аңғарылады. Фараби әлеуметтік трактаттарында ақыл, білім, ғылымның пайдасын, адамның құт-бақыты, жақсы әкімдердің құлық-табиғаты туралы көзқарастарын білдірсе, "Құтты білікте" осынау әлеуметтік мәні терең ой-толғамдар өлеңмен, дидактикалық поэзия үлгісімен көркем жырланады. Әбу Нәсір әл-Фарабидің "Қайырымды қала тұрғындарының көзкарастары", "Данышпандықтың маржаны", "Бақытқа жету жайында", "Мемлекет қайраткерлерінің нақыл сөздері", "Ақылдың мәні туралы трактат", тағы басқа әйгілі туындыларының ой-идеялары мен "Құтты білік" дастанындағы аналогиялық толғам, философиялық түйіндер бір мәдениеттің, бір өркениеттің, заман мен әлеуметтік жағдай ғана емес, бір тектес ел-жұрт тіршілігі тұтастырған бір дүниетанымның жемістері. Екі ғұламаның ел, ел басы, қоғам туралы ой-толғамдары бір арнадан тоғысып отырады. Екеуі де адамгершілікті, имандылықты, мейірім-рахымшылықты адам баласының асыл қасиеті ретінде жоғары қояды. Парасат, білімді адамшылықтың алды деп таниды. Барша жұртты тең көруді, тең көріп, еңбегі мен парасат пайымына қарай бағалауды парыз деп біледі. Әлеуметтік салмағы зор "Құтты білік" сынды дастанның көркемдік-танымдық сипаттары, күллі қасиеті өз тұсындағы, өзіне дейінгі ойшылдар мен зердешілердің талантты туындыларымен астастыра қарағанда кемелдене, барынша айдындана түседі. Күлтегін жырларынсыз, Фарабидің өлмес мұраларынсыз бұл біліктілік туралы дастанның іргесі үнемі жалаңаш қала бермек. Жүсіп Баласағұнның көркемдік әлемі осындай тектес құбылыстармен сабақтастыра қарағанда ғана қатпарланып, даралана көрінеді. Бұлардың арасында ірі көркемдік-танымдық құбылыстардың басын тоғыстырған үлкен мәдени-шығармашылық заңдылық жатыр. Қандай құбылыстың, болмысқа эстетикалық көзқарастың ішкі табиғаты, белгілі бір дәстүр өзегінде түзілген, өсіп-өнген топырағы болатыны белгілі. Классикалық көне түрік поэзиясының алғашқы кітабына да осы тұрғыдан қараған жөн. Осыншама кемел де келісті поэзия шығармасы келісті кітап бірден дүниеге келе қоймағаны күмәнсіз. Бұл орайда "Құтты біліктің" алдында ерте, ерте орта ғасыр дәуіріндегі түріктердің өркенді мәдениеті тұр. Түрік дүниесінің біртуар айтулы құбылыстарының ішкі дәстүрлі байланыстары зерделей үңіліп, тереңнен талдауды қажет ететін тұтас бір этностың этнологиялық өркендеу желілері қойындасып жатқан күрделі жүйе. Сол құнарлы топырақтың қазіргі алуан түсті, түбі бір, топырағы ортақ түркі тілдес халықтардың кейінгі мәдениетіне ұласу тұсындағы жұмбақтары қызық та мәнді-мағыналы мәселелер. Бұл орайда да, Жүсіп Баласағұнның творчествосы үлкен бір кезеңді сан қырынан алдыға тосатын бірегей бітімді туынды. Орхон-Енисей жазбалары тарихи ескерткіштер болумен қатар, поэзия туындылары екендігіне күмән жоқ. Осынау өзіндік көркемдік мәнері басым, көркемдік өрнектерінің түйінді заңдылықтары айқын "ерлік жырларының" (М.О.Әуезов.)399 көркемдік-эстетикалық нышандарының кейініректегі "Құтадғу білік" сияқты шығармалардан бой көрсетуі тұтас бір әдеби дәстүрдің болғандығының тағы бір айғағы. Әрине, V-VІ ғасырдан кейінгі төрт-бес ғасыр кезеңнің өзіндік даму кеңістігі екендігін, көркемдік, талғам деңгейінде көп жаңғырулар, түлеулер жатқандығын естен шығаруға болмас. Әйтсе де, өркені де, өрісі де бір өзіндік көркемді дәстүрі барынша қанық дараланған жырлар. Екеуі де бір өркениеттің ескерткіштері болғандықтан рухының, сөз орамдарының, тілдік-стилдік ерекшеліктерінің тектестігі анық. Оның сыртында ел, жер, кісі аттары, бірқатар тұрақты сөз тіркестер, ой орамдары, тарихи кезең мен әлеумет сипаттарын білдіретін ұғымды Күлтегін жырларында да, Жүсіп Баласағұн дастанында да бірдей кездесіп отырады. Осылардағы ономастикалық, антропоним сөздермен қатар, жүздеген жекелеген сөздер тілімізде қазір де жиі қолданылады. Сына жазулары мен "Құтадғу білік" арасындағы дәстүрлі байланысты тек қана түркі сөздерінің біртектілігінен, лексикалық бірегейлігінен ғана емес, поэтикасынан, көркемдік заңдылық шарттарынан да танимыз. Орхон-Енисей жазбалары тарихи шежіре, жылнама рухындағы шағын дастандар. "Құтты білік" этико-философиялық дастан. Руна жазуындағы жырлардың эпостық сазы, рухы қазақ эпосы мен батырлар жырымен үндесетін болса, бір жағынан біз тілге тиек етіп отырған дастанмен де етене қойындасып кетеді. Мәселен, түркілердің көркемдік таным дүниесіне тән үлгідегі бір ғана дәстүрлі эпитеттерден-ақ (алып ер, қара жер, шырын сөз, қызыл қан, қара тер, қасиетті жер - су, т.б.) ортақ заңдылықты, жаратылысынан біткен жақындықты алға тарту қиынға түспейді.
Өлең әуезесі жағынан келгенде, ішкі үндестікке бай, бірер тармақтан абзацтарға, шумақтарға ұласып қайтып отыратын, ағынды судай екпінді –экспрессивті Күлтегін, Білге қаған, Тоңықұқ тебіреністері әр бәйіті берік өлшемге бағынған рациональды, дидактикалық "Құтадғу біліктен", "Хибатул-хақайықтан", "Хиқметтерден" гөрі, классикалық қазақ әдебиетіндегі шешендік сөздерге, билер толғамына, эпикалық қарымы кең қаһармандық жырларға өте-мөте іштартады. Бұл – ақиқат (аксиома). Құтты білімдегі сипаттармен ұштасатын көркемдік-рухани туыстық нышандары өзге бір қырынан білінеді. Әсіресе, шығармалардың композициялық, структуралық принциптеріндегі ерекше заңдылықтар назар аударарлық. Күлтегіннің кіші жазуы алғашқы жолында-ақ, "Тәңіріні" ауызға алумен басталады. "Құтты білік" те солай. Күлтегіннің үлкен жазуы: "Биікте көк тәңірі, Төменде қара жер жаралғанда, Екеуінің арасында адам баласы жаралған", – деп басталатыны мәлім. Жүсіп Баласағұн да алғашқы тарауларда әуелі әуе, көк, жер, арасында адам жаратылғанын айтады, тек кеңірек, ауқымдырақ көркемдік тыныспен әңгімелейді. Қазақ зерттеушісі Н.Келімбетов "Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі" атты еңбегінде И.В.Стеблеваның зерттеулеріне сілтеме жасай отырып, Орхон-Енисей жазуларының композициялык құрылымының түйінді белгілерін талдап көрсеткен: "Ежелгі түркі поэзиясына тән дәстүр бойынша, осындай әрбір циклдің өзі міндетті түрде мынадай үш элементтен тұратын болған: 1.Оқиғаның басталуы; 2. Сол оқиға желісінің біртіндеп ұлғая түсуі; 3.Осы циклде айтылуға тиісті ой-пікірдің түйіні..."400 Осындай ішкі реттілік "Құтты білік" дастанында да байқалады. Бірқатар бәйіттерде, кітап ішіндегі тарауларда, кітаптың тұтас бітімінде осы өз ішінен тұйықталып отыратын сюжеттік заңдылық (Оқиғаның, ойдың басталуы // дамып, өрбуі // айтпақ түйін, тиянағы...) басым. Бейнелеп айтқанда, сюжеттік шеңбер ішіндегі бірінен бірі кішірек әртүрлі көлемдегі сюжеттік шеңберлер тәрізді. Сөз орайында Жүсіп Баласағұн бәлен дана, бәлен ғұлама былай деген, былай деп түйген екен деп өз толғамын тиянақтап, түйіп, дәлелдеп отырады. V-VІІІ ғ.ғ, жазбаларында да осындай сілтемелер (Тонықұқ. "Елші сөзі мынадай", "сөзді былай жіберді","Ол үш қаған кеңесіп...", "Түргеш қағаны былай деді...", "Түргеш қағаннынан елші келді, сөздері мынадай...", т.б.) жүйелі кездеседі.
Дастанның басты мұраттарының бірі: құтты қоғам құру, әлеуметті түзіп, "кедейді - орташаға, орташаны - байға" ("Құтты білік") жеткізу, елдің әл-ауқатын өсіріп, іргесін нығайту.
Халық байып, ырысы артты елінің,
Тілін безеп көтерді елі Елігін.
Құт дарыды, өсті халық өрісі,
Бірге жусап, өрді қозы, бөрісі.
Жақсылардың кетер жебеп, еңсесін,
Жамандардан бүтін сақта ел шетін.
Заңды түзе, сұмдық сонда сасады,
Құтың өсіп, абыройың асады.
Осы жолдардың өзі-ақ ел тірлігін, елдің бір әлеуметтік кезеңдегі суреттерін елестеткендей. Орхон-Енисей жырларында да "Жалаңаш халықты тонды, Кедей халықты бай қылдым. Аз халықты көп қылдым" дей келе:
Бектері де, халқы да сенімді екен,
Сол үшін де елін сонша билеген екен,
Ел ұстап, заң жасаған...
деген сияқты ойларымен әлеуметтік толғамдарын сездірмей ме? Осындай ойлар ежелгі кезең әдебиетінің азаматтық, саяси-әлеуметтік мұраттарын айқын танытады. Ой бірлігі, мағыналық үндестік әскері іс, жорық тәсілдері жайлы тарау, тармақтардан да көзге көрініп тұрады. Мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерге, ұшқыр ойлы тіркестерге қатысты да шығармашылық мектептің табиғи қалыптасқан арналарын аңғармау мүмкін емес. Тәрбие, моральдық-этикалық өсиеттер, адамдардың арасындағы қарым-қатынас негіздері хақында да ой тебіреністер бір өзектен шығып отырады. Көбінесе, арасында бес ғасырға жуық заман өткенімен, мағына, ой-толғам, бейнелеу тәсілдері жағынан да қатар түсіп отыратын тұстар шығармалар тініндегі дүниеге көзқарастың, белгілі бір қалыптасқан идеялық-эстетикалық тұжырымдардың сабақтастығынан. Ежелден символдық мәнге ие болған, баламалы астарлы мағынаға ие болған сөздер, поэтикалық түйіндер, семиотикалық құймалар мен таңбалар шығармаларға өзгеше тарихи көркемдік шырай қосумен бірге, ұлттық-этникалық қасиеттерін әрлей түскен. "Құтадғу білік" дастаны XІ ғасырдың жұлдызды шығармаларының бірі ретінде өз бойына классикалық түркі әдебиетінің, поэзиясының бірегей қасиеттерінің, эстетикалық тәжірибелерінің нәрін жиған туынды. Қоғамдық-әлеуметтік мақсаты айқын, танымдық талғамы биік поэтикалық құбылыс. Таза әдеби шығарма ретінде ол өзіне дейінгі түркі поэзиясының ішкі заңдылықтары мен барша көркемдік қасиеттерін шығармашылықпен сіңіріп, әдебиеттің кейінгі кезеңдеріне өзгеше даму арналарын ұсынған шоқтықты эстетикалық белес. Қазақ халық поэзиясына да, жыраулар поэзиясы деген атпен танылған бертінгі ХV-ХІХ ғ.ғ. жыраулығына да табиғатынан жақын тұрған өзгеше арналы әдеби үрдістің, ерекше тарихи әдеби дәстүр желісінің асыл арқауы. Жүсіп Баласағұн поэмасы басқа түркі тілдес ұлттармен бірге қәзіргі қазақ жұртшылығының да рухани алтын қазығы. Оның қазақ әдебиетімен, халық әдебиетімен де тамырластығы, бір топырақтың өркені екендігі дау тудырмайтын тарихи шындық. Ғұлама ақынның туып-өскен жері Баласағұн да, дастанның тілі, образдық-стилистикалық жүйесі де, түрк өлеңінің классикалық өлшем, үлгісі мен тарихи, философиялық-эстетикалық өрнектері де бұл ойымызға толық негіз бола алады.
Шынайы талантты энциклопедиялық бітімдегі шығарма – тарихи түйінді құбылыс. Халықтық сипат, ұлттық мінез-құлық қырлары, сана, дәстүр болмысы солардан бедерленіп көрінбек. Ұлттық ой-сана, менталитет ұзақ сүзіліп, баяу қалыптасатын әрі баянды сақталатын күрделі түзілім. "Құтты білік" дастанының беттерінен де қазақ елінің жаратылысына тән сипаттарының куәгері болғандаймыз. Халқымыздың қанына сіңген әдет-құлықтар, қасиеттер: үлкенге құрмет, кішіге ізет, барға қанағат етушілік, жомарттық пен қонақжайлылық, мейірімділік пен қайырымдылық сынды көптеген адамгершілік өнеге-сипаттар мемлекеттік іс, тұрмыс, өмір, ақлықат, әдеп-иман тақырыптарын жырлаған тарауларда ақындық ой маржандарымен астасып жарқырай көрініп отырады да, бір-бірімен ұласып келісті бір тұтас ұлттық бітімді көзге елестетеді. Бала тәрбиесі, әйел алу, жар таңдау, қонақ шақырып, қонақ күту, қызметшілермен, алуан мамандық иелерімен қарым-қатынас жасау жөніндегі тараулардағы осындай мағынадағы ойлар, тұжырымдар халқымыздың қазіргі бойында тумысынан біткен, тұрмысында бар, санамызға ана сүтімен сіңіп, бабалар ақылымен дарыған қасиет-сипаттармен жалғасып, жақын түсіп отырады. Баланы жасынан қолыңда тәрбиеле, жатқа жіберме, үйіңде өсір, өнер-білім үйрет, имандылыққа баулы, еңбекке баста дейді ақын. (63- тарау.) Ұзын жолдың бойына үй тікпе, тасыған арынды өзенге жақын қонба, қамал қасынан алыс жүргін дейді. (64- тарау). Бұлар әдет-нанымнан да, әдеби шығармалардан да жақсы таныс саздар.
Қазір де халық эстетикасында тұрақты мағыналық баламалары берік қалыптасқан, белгілі бір символдық мәні ежелден қанық "ақ", "көк", "қызыл", "қара", "жасыл" түстер бояу реңдеріне қарай қалыптасқан поэтикалық қызметіне орай (ақ құс, ақ сүт, қара зәңгі, қара түн, жер мыстай қызыл болғанша, жердің жүзі қызарар... т.б.) жиі қолданылады. Осының бәрінің де халық санасына берік сіңген негізгі мағынасы қосарлы символдық мәні, семантикалық астары бар. Мәселен, ақ пен қара күні бүгінге дейін екі түрлі мағынаның баламасы. Қазіргі әдеби тілімізде тұрақты тіркестерге айналып жеткен "ұйқы - өлім", "ұйқы ғафылдық" (5267), "асыққан шайтан ісі" (5218), "немене ексең ертең соның өнеді" (4733) секілді баламалар да дастан беттерінен жиі көзге түседі. Аю, түлкі, бөрі, қозы, арыстан, т.б. хайуанаттар жаратылысының ерекшеліктерін адамның әртүрлі мінез-құлық бітімін таңбалайтын баламалар ретінде сипаттап қолдану да дастанның жаратылысындағы поэтиканың тарихилығына қатысты соны мысалдар. Күлтегіннің үлкен жазуындағы "Әкем қағанның әскері бөрідей болыпты, жаулары қойдай болыпты" дейтін теңеулерін еске түсіретін дастандағы: 1040. Құт дарыды, өсті халық өрісі,
Бірге жусап өрді қозы, бөрісі. 449. Тәртіп орнап жұрт байыды, білісті,
Бөрі мен қой бірге тұрып су ішті. 2310. Қарысқанда – керек ірбіз білегі,
Жауласқанда – арыстанның жүрегі.
Доңыздай доң, аш бөрідей азулы,
Ызалы аюдай, дәл қодастай ашулы.
Аяр болса қызыл түлкі секілді,
Кекшіл болса хас бурадай кесірлі, – тағы сол секілді бәйіттер дала поэзиясының малсақ қауым түйсігіне жақын зерлерін білдірсе; 1218. Сабаз ердің сөзін ұқ та, біле бер:
"Сабыр етсең – бұзылған іс түзелер!
Сабырлы ер өз тілегін табады,
Сабырлы аушы, шыдаса ақ құс алады!"–
деп, адамшылық, қайсарлық, табандылық, сабыр, кісілік сияқты қасиеттердің пайдасын зердеге жеткізеді. "Құтадғу білік", бір жағынан, ақылнама өсиет сөз. Өмірдің өз табиғатынан, тұрмыс толғамдарынан туған даналық. Сол ақыл сөз, тағылымды толғаныстар уақыт өте келе түрленіп, құбылып мақал-мәтелдерге, нақыл, қанатты тіркестерге айналған. Он ғасыр бойына мәйегін сақтап, сүйегін бұзбай қазіргі қазақ тілінің шұрайына айналу үрдісі айтуға ғана жеңіл түрлену (трансформация). Оның үстіне, "Құтадғу біліктегі" қанатты сөздердің бәрін бірдей автордың ғана төлтумасы дей қою да қиын. Бүкіл бітімімен, поэтикалық айшықтарымен сол замандағы түркі жұртының тіл байлығынан алынғаны да баршылық. Бұл пікірімізді М. Қашқаридың сөзімен өрбіткен дәйекті болар деймін. Ол атақты сөздігінде: мен ең бір қызыл сөзге жүйрік түркілердің бірімін, бәрімен жақсы түсінісемін, бәрінен жақсы түсінемін, тегімнен ең бір жауынгер, өжетпін, ең бір озығымын дей отырып, түркілердің күллі "шаһарларын да, сахараларын да бастан-аяқ аралап шықтым. Түркілердің түркімен, оғыз, шығыл, йағма, қырғыздардың сөздерін анықтап шығып, олардан үйрендім, пайдаландым. Сонымен, олардың әрбірінің тілі менің діліме етене жақсы үйреністі. Мен оларды мұқият реттеп, әбден тәртіпке салып шықтым. ...Әрі бітпес-түгесілмес бір байлық болып қалсын деп, ұлы тәңіріге сыйынып, бұл кітапты түзіп шықтым да, оған "Диуани лұғат-ит -түрки – Түркі тілдер диуаны" деп ат қойдым,"401 – деп жазады. Тіл біліміне, тіл ұстартуға сол кезден-ақ терең мән берілгендігі Махмұт Қашқари сөзінен де көрініп тұр. Осыншама саралап талдауға қарағанда, Жүсіп Баласағұнда айтылатын "хан тілінде" ("хақан тілінде") деген тіркеске назар аударсақ, жалпы түркі қауымына ортақ мемлекеттік тіл деген ұғым болуы да әбден мүмкін. Оны сол кезеңдегі үзеңгілес, қанаттас шығармалар тілі арқылы дәлелдеу қиынға түспейді. Иә, бұл болжамның табиғаты бөлек, өзге бір әңгіме желісінің тақырыбы. Ал, дастандағы қанатты сөздердің бүгінге жету жолын, түрлену үрдісінің көріністерін шартты түрде мынадай ыңғайда жіктеп қарадық:
1) Жұмырланып, жетіліп тілдің поэтикалық ерекшеліктерімен ұшқырланып мақал-мәтелге, шешендік сөзге, қанатты сөзге, өнегелік шағын шумақ, жырларға айналып, халық санасына, әдебиетіне шығармашылықпен сіңу арқылы жеткен толғамдар;
(Мыс.: "Шайтан ісі – абдыраған, асыққан, Асыққан іс ығын бермей жасытқан." (5217) - "Асыққан – шайтанның ісі" (қазақ халық мақалы). "Кісі сүйсе айыбы асыл көрінер, Сүймесе егер, асылы айып көрінер" (533) - "Сүйгеніңнің шұнақтығы байқалмас." (халық мақалы).
2) Түпнұсқадағы бәз күйінде, қаз-қалпында сақталған ұлағат, өсиет сөздер;
(Мыс.: "Ұлық болсаң, кішік бол", (4532)."Ақыл көркі – тіл, тілдің көркі – сөз, Адам көркі – жүз, жүздің көркі – көз". (274).
3) Мағынасы, мәні, өзегіндегі нәрі, өміршең қағидасы жаңа сөз тіркесімен, жаңа үлгімен жеткен ой-толғамдар;
(Мыс.: "Өзіңнен де зорлар сөзін қозғаса,// Құлағың сал, сөйлеп әуре болма аса." (4116) – "Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін (мақал), "Күштілерім сөз айтса, бас изеймін шыбындап" (Абай) ; "Ас – арқауың, онсыз күнің қараңғы,// Құлқын-өңеш билемесін адамды." (3667) - "Ac – адамның арқауы" (мәтел), "Құлқынның құлы" т.с.с.)
4) Халықтың наным-сеніміне, ырым-нанымына, салт-дәстүрі мен әдеп-танымының көрінісіне айналған; тұрмыс, этика шарттарына сіңген ұлағат, өсиет сөздер;
(Мыс.: "Қол созба асқа, тұрған кісі алдында, Ал, ей, зерек, қойған асты алдыңа" (4130); "Оң қолмен ал қойған асты алдыңа" (4129); "Әйелдердей түсіп кетпе қызығып, әйелдердей және қалма сызылып" (4132);
5) Тіршілік-тұрмыстың үлкенді-кішілі заңдылықтарына айналған рәсімдер;
(Мыс.: "Өсекшіге араласпа жақындап, өсекшінің өртер тілі лапылдап" (4212) ; "Аузыңды бақ, өнер содан кесел де!" (4615), "Әдептінің түр-түсі де әдемі." (4604); "Айтарыңды сайлап сөйле, жүректі ер!" (3878); "Сөйлемесең, сөзің саған құл болар, Сөйлеп қойсаң, сені өзі құл қылар..." (3880) ; "Көңіл жақын болса, жақын алыс жер, Көңілді бақ, алыс кейде қарыс жер!" (3705) .
6) Халық даналығына ұласып, ұлттық парасат-сана қисындарымен суарылып, мазмұнын байытқан толғаныстар;
( Мыс.: "Тіршілікке алданбағын, өшеді, Дүниеге алданбағын, көшеді!" (1274); "Жамандықты қусаң, азап шегесің, Жамандыққа жақсылық қыл, жеңесің!" (929); "Ақыл-бұйда ере түссең жетелер, Сөйтіп арыз-тілегіне жетеді, ер..." (159); " Ақылдылық – асылы ізгі жандардың, кішілікте кісілік бар, аңғарғын..." (934), т.с.с.).
Көлемі (6645 бәйіт) ауқымды дастанның ойлары, насихат-уәзипалары осылайша алуан қырымен халқымыздың тұрмысына, салт-дәстүріне, санасына, әдебиетіне сіңіп, кең таралып кеткен. Шығарманың халық рухына осыншама қойындасып, біте қайнасып, өлмейтін өрелі сөзге айналуы сирек құбылыс. Бір жағынан, толғам тереңдігі, көркемдік шындықтың әлеуеті тәнті етсе, екінші жағынан, халықтың өз тәжірибесінен, халықтың өз рухани тірлігінен еркін алып қолданған, игерген даналық сөздері, мақал-мәтелдері тілге орамды, жүрекке жылы тиіп баурап алады. Ойды ой жаңғыртып, ойды ой дамытып санғасырлық әдеби - көркемдік таным диалектикасын алға тартады. Шешендік сөздердің жанрлық табиғатынан байқалатын ой мен сөздің өзгеше ұтқыр жарастығынан туған ақылман түйіндеулер де ортағасыр шығармасына жат емес.
Қазіргі қазақ әдебиетінің алуан қырлы жанрлық нышандарының бірқатар алғашқы белгілерін де осындай ежелгі дәуірдің құнарлы көркем дүниелерінен көреміз. Шешендік сөздердің, жұбату мен жоқтаудың, естіртудің, көңіл айтудың, түс жорудың жоғарыда өзіміз айтып отырған мақал-мәтел, афоризмдердің, өсиет сөздің, батырлық жырдың алғашқы түрлік, жанрлық белгілері "Құтадғу білік" дастанының тағы бір маңызды қызметін аша түседі. "Классикалық түркі поэзиясының тарихы "Құтадғу білік" поэмасынан басталады"402 – деген пікірдің бір дәлелі осындай таза теориялық, бітімінен де аңғарылады.
Кейінгі кезеңдердегі халық әдебиетіндегі, ауыз әдебиетіндегі, классикалық поэзия үлгілеріндегі ағартушылық мұраттардың бір ұшығы осынау ежелгі дәуір дастанында жатыр. Қазақ әдебиетінің ХVІІІ - ХІХ ғасырларда жарық көрген, сол кезеңде жазылған туындылардың дені осындай насихат-ғақлия мәнерінде жазылып, саяси-әлеуметтік, моральдық, этикалық мәселелерді батыл да ашық үнмен толғаса, сол арқылы халыққа жол нұсқауды ниет етсе, мұндай этико-дидактикалық бағыттың түп-тамырын тағы да ежелгі түркі толғауларынан табамыз. Өткен дәуірдің зерттеушілері (И.Березин, Ә. Диваев, А. Янушкевич, Бессонов, Н.Веселовский, Б.Бреслин, т.б.) жинастырып, жариялатқан халық әдебиетінің інжу-маржандары да негізінен аталған әдеби-ағартушылық бағыттағы мұралар екені белгілі. Замана "судан ылай болып" (Әбубәкір К.) бұзылып, адам құлқы азып, тоғышарлық толқыны қатты соққанын толғаған кітаптар XX ғ. басына дейінгі жарық көрген басылымдардың да қатарында көп кездеседі.403
Олар да бірде оқу, білім, бірде әлеуметтік әділдік мәселелерімен, адамгершілік идеяларды жырлау өрнегімен, тіл өрнегімен дастанның мазмұн, бітімімен шарпысып қалып отырады. Уақыт, заман, қоғам тынысы осылардың қай-қайсысында да қанық түскен.
Сондай-ақ, ХV-ХХ ғасырлар арасындағы қазақ әдебиетінің мұраларына ой жүгіртсек, басқа мәселелермен бірге жоталанып көрінетін ғибраттық, насихаттық сарындар өзгеше бір бөлек арна жалғастырып жатыр. Ақылды кісі, жақсы адам, жақсы ат, жақсы жар, жақсы ана, адал дос, жетелі бала, жақсы хан, даналық... Осыларға карама-қарсы – надандық, зұлымдық, аярлық, зинақорлық, пасықтық, ақымақ дос, ақылды жау, т.с.с. "Құтадғу біліг" дастанында да ойды толымды мәнерлеудің бір тәсілінің табиғаты да осындай типтік айырмашылықтарға (контрастарға) негізделген. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірлерінен кеңінен таныс насихат, дидактикалық, өсиет сарындарының жанрлық бірегей сипаттарға ұласуы өзінше бір даму өзегі. Бұл тұрғыда, М. Сералин, Ақмолла, Ыбырай Алтынсарин, тағы басқа ондаған ақын-жыраулардың өлмес мұралары осы дәстүрлі арнада жарқырай көрініп, тарихи мән-мағынасы бұрынғыдан да тереңдей түседі.
Ұлы Абай өлеңдеріндегі үндес өрнектерді атамағанның өзінде, қарасөздеріндегі философиялық тамырластық қандай! Дүниенің арғы бергісін ой көзімен саралап-салмақтаған Абай ата да құттың кілтін бір түйінге тірейді. Ол – адамның өзі. Ниет-құлқы, білімі, еңбегі, адалдығы... Арсыз, надан, жалқауларға жаны күйген Абай да Баласағұндай тығырықтан жол іздеп, құтты қоғам, ізгілікті қоғам жолын аңсайды. Баласағұн мен Абай арасындағы үндестік тақырыптық, поэтикалық үндестік қана емес, ең бастысы рухани үндестік, дүниетаным табиғатының тектестігі. Философиялық-эстетикалық көзқарас, танымдық мектеп тұтастығы. Бұған қос ғұламаның қоғам, адам жөніндегі әр қырынан айтылған ойлары дәлел. Абай өзінің өлеңдеріндегі толғамдарына қара сөздерінде қайта бір оралып, пысықтап талдап, түсіндіріп отырғандай әсерде қаласыз. Қарасөздегі терең тебіреністері өлеңінде шымыр да ұшқырлық қасиетке ие бола бастайды. Абай дүниетанымы тұтастай Сократ, Фараби, Баласағұндардың заманауи ойларына жетелейді. Фараби, Баласағұн, Абай дүниетанымы эстетикалық құнарының күретамыры Сократ, Платон, Аристотель секілді әлемдік алыптар қиялымен қанаттасып, қатар соғатындай. Сондықтан да, Абай – Баласағұн әлемі ілім, таным дүниесінің туысқандығынан туған. Баласағұн мен Абай эстетикалық әлемінің тамырластығының мынадай төрт сипатын даралап көрсетуге болар еді. Біріншіден, дүниетаным, эстетикалық көзқарас, адамгершілік мұрат бірлігі; екіншіден, қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді, заман тынысын нақты сезіну; көркемдік танымда реалистік-рациональдық қасиеттерге жүгіну; үшіншіден, тақырып тамырластығы, ой толғап отырған жәйлардың ортақтығы; төртіншіден, поэтикалық табиғатының үндестігі (ойшылдық, суреткерлік қисын, шешендік, афоризм, нақыл... жалпы поэтика табиғатындағы жақындық).
Әл-Фараби – ІХ-Х ғасырлардағы өркениеттің алып шыңы.
Жүсіп Баласағұн – Х-ХІ ғасырдағы көркемдік-эстетикалық дүниенің жұлдызды биігі. Абай – ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ халқының көркемдік таным дүниесінің асқар биігі, дәстүр егесі. Қазақ жырауларының кемелді кезеңі – бес ғасыр жырлары осынау ұлы тұлғалардың иығында тұрған дала бұлбұлдарының сұлу саздарындай өнердің кереметтей толысқан, көркемдік жағынан да, ойшылдық жағынан да түу биікке самғап шығып күрделі де қатпарлы әсемдік дүниесін түзген, рухани марқайған дәуірінің белесі. Бес ғасыр жырауларының шығармаларынан да өлең құрылымы, ұйқас түзілімі мазмұн үндестігі ой сарындастығы, поэтикалық рухы жағынан "Құтты білікке" қабысып түсіп отыратын тұстарды тым көп ұшыратамыз. Бір ғана әйел затына қатысты, болмаса адамның өмір кезеңдерін қамтитын кәрілік пен жастықтың қадірін түсіндіре отырып, өмірдің мәнін білдіретін жас шамасына қатысты жырлардың өзі-ақ сонау Күлтегін жазбаларынан бастап бірнеше ғасырлық кезең тынысын сезіндіреді. Жүсіп Баласағұн:
Алпысты ассаң – шілденің аптабынан,
Аттадым де қысқы аяз қақпанына.
Елу отыз жиғанды кері алады,
Алпыс қолын тигізсе, нең калады? –
десе, Күлтегіннің үлкен жазуында:
Әкем Қаған өлгенде
Інім Күлтегін жеті жаста қалды.
Ұмай текті шешем - қатынның бағына,
Он жасында інім Күлтегін Ер атағын алды.
Он алты жасқа...
... Ол жиырма бір жасқа (келгенде)
Чача Сенгүнмен шайқастық...
...Күлтегін жиырма алты жасқа келгенде...
...Күлтегіннің жиырма жеті жасында...
...Күлтегін сол соғыста, Отыз жаста еді... –
сияқты жыр тармақтарын оқимыз. Адамның жас шамасына, өмір кезеңдеріне қатысты мұндай ойлар руна жазбаларында да, "Құтты білікте" де әртүрлі поэтикалық реңде, әлденеше кездеседі. Бұхар жырау, Шал ақын, Сүйінбай, Ақан сері, Әріп, т.б. Ақын-жыраулар бұл тақырыпты сан қырынан тереңдетіп әкетеді. Бұл дәстүрлі тақырып бастауы тағы да Орхон, Енисей жазбаларының жұмбағы көп жолдарында жатыр. Қаған, батырлардың жасын, сол жастарына карай кезіндегі ерліктерін хиқаялайтын жолдарды еске түсіріп көріңіз... Бұл сол бір қаһармандық жырлардан өсіп-өнген, кейін жыр, дастандарда міндетті түрде болуға тиісті шартты қисынға айналып кеткен сипаттар секілді. Адамды, жастықты ("дәл он жеті жасында, кәмшәт бөркі басында" дегендей) былай қойғанда, қазақ мал екеш малдың өзін жас шамасына қарай атап түстейді. Осы сияқты ана, жар, жаман әйел мен жақсы әйел туралы толғамдар да "Құтты біліктен" (62- тарау) ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ ақындарына дейін жалғасқан тақырып арнасы. "Құтты білік" дастанының ғасырлар сынынан өткен, заманалар бойы мәнін жоғалтпай жеткен түрлі әдеби, тарихи, этникалық, философиялық, көркемдік заңдылықтары өзінше бір әлем. Олардың барлығын мысалдармен тізбелемей-ақ, әдеби шығарма тұрғысынан алғандағы кейбір сипаттарын шартты түрде жүйелеп атаса да еркін аңғарылады.
"Құтадғу біліг":
а) түркі тіліндегі сөз өнерінің, ой өнерінің сөлін бойына жиған, бірегей бітімді поэзия шығармасы;
ә) дастанның бүкіл мазмұны ел бірлігін сақтап, елді құтайтуға, қорғауға, өнер, ғылым, білімді дамытуға шақырады. Кісілікті қорлауға, орынсыз қантөгіске, әлеуметтік әділетсіздікке жаны қас ақынның дүниенің қызығы, құты - білім, ақылда, адамшылықта деген мүддесін биік көтерген толғаныс;
б) насихат, ғақлия саздары айқын, елдік, мемлекеттік құрылысты егжей-тегжейлі түсіндірген тариқат;
в) адам баласының отбасы бақытына, тұрмыс қызығына (бала тәрбиесі, туысқандық қарым-қатынас, отбасы, ана, жар, адамшылық) терең мағына қосқан тебіреніс;
г) заманның, уақыттың озмыштығына ойшылдықпен мән берген, дүниенің асыл мәнін байсалды түсіндірген ақылман дастан.
Жүсіп Хас Қажыб әдебиетте әділетті, ырысты елдің, құтты мемлекеттің үлгісін жасаған. Өз өмірі, күйініш - сүйініші жайлы, өмірдегі өкініші, кәрілік пен жастық жайлы, халықтың салт-дәстүріндегі ерекшеліктерді (түс жору, жоқтау) де, тұрмыс ерекшеліктерін (көшпенділер, аңшылар өмірі мен тұрмыстық белгілерін, мінез-құлық тұрмыс тіршілігін білдіретін штрихтар) де астастыра отырып, өзі тамаша білетін түркі фольклорының маржандарын таланттылықпен сіңіре өрбітіп өз дәуірінің барынша кемел суреттерін түсірген. Экспрессивті, эмоциональдық әсері күшті риторикалық, сұрақ-жауап үлгісі ауқымды дидактикалык дастанды ширатып, тілге жеңіл, жүрекке жақын оралымды мәнерге жеткізген. Дастанның бірнеше тарауы ұйқас жағынан да, өлшем жағынан да классикалық қазақ поэзиясында бертінге дейін кездесетін (Бұхар жырау, Жанақ, Шөже, Мәделі. Алмажан, Сүйінбай, Кемпірбай, т.б.), әлі де ұшырасып қалатын бір бітімде шыққан. Алғашқы шумақ он бір буынды қара өлең үлгісі, одан былайғысы аттамалы ұйқаспен (ааба - әа - ва -га- да..,) жазылады. Осы үлгі Абайда да, Сұлтанмахмұт, Ақан серіде де кездеседі. Абайдың "Қансонарда бүркітші шығады аңға", "Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы", "Қыран бүркіт не алмайды салса баптап...", "Базарға қарап тұрсаң әркім барар..." деген өлеңдері құрылымы жағынан нақ сондай өлең бітіміндегі классикалық дүниелер.
Дастан мен қазақтың классикалық әдебиеті үлгілеріндегі үндестік, образ жасап, ой түзу тәсілдерінің бірлігі, қайсыбір тұстардағы өлең құрылысы мен ұйқас шарттарының да егіздің сыңарындай ұқсас шығып отыратындығы ақынның қазақ даласынан, Шу бойында туып-өскендігінен ғана емес, тіл, ой өнерінің терең тамырлы даму заңдылығының көрінісі. Өлең түрі, өлең құрылымы сирек құбылатын, аса жиі өзгеріске түсе бермейтін тілдің өзіне ғана тән қасиеттерінен нәр алып ұзаққа бастайтын тұрақты категория. Яғни, шығарманың туу алғышарттарын қалыптастыратын, авторын толыстырып, іштей дайындайтын қасиет – ең әуелі өскен орта, географиялық, мәдени-әлеуметтік кеңістік. Эстетикалық мектеп, халықтың рухани әлемі. Өлеңмен жазылған бұл философиялық трактаттың жанрлық ерекшелігі, поэтикасы автордың ақындық талантын, үздік дарыны мен білімділігін де, сол кездегі жазу өнерінің қаншалықты дәрежеде дамығанын да көрсетеді. Әуелі екі кіріспеде ақын жаратқанға шүкіршілік етіп, кітаптың жалпы мәнімен таныстырып өтеді. Кіріспенің өлеңмен жазылған нұсқасы мәтінге үндес, жақын. Соңғы тарауларда Жүсіп Қас Хажыб өмірдің өтпелілігін, заманның опасыздығын, достардың жапасын айтып, өзінің кемшілік күнәларына күйініп күңіренеді, кейінгілерге өсиет сөздерін қалдырады. Оқиға өрбуі сылбыр, жоққа тән, соншалықты көлемді дастан композициялык жағынан шымыр, ұтқыр. Поэма көлемі – сексен бес тарау, яғни кіріспе түйінсіз таза мәтіні – 6645 егіз жол. Негізгі нұсқадағы бәйіттердің ұзын саны – 6520. Қорытынды іспеттес үш тарау өзара үндесіп келеді де, негізгі мәтіннен ұйқас, ырғақ, өлең құрылымы жағынан өзгешелеу шыққан. Ақын ойларын сол кездегі астрономия, геометрия, математика, медицина, философия, тағы басқа ілімдер саласындағы мағлұматтарымен безендіріп отырады. Оларға қатысты тараулар да бар. Белгілі бір ойды айтқаннан кейін оны бір дананың, қарияның, не елбасының, не ғалымның сөздерін келтіріп дәлелдеп, түйіп тастайды. Кейіпкерлердің атының күн, ай сынды аспан денелеріне орайластырып қойылуының өзінде мән бар. Бұл тәңіріні пір тұтқан түркі жұртының космологиялық наным-танымына қатысты есімдер. Түркі атауларымен қоса араб, парсы, есімдері де кездеседі. Күллі шығыс елдеріне мәлім Нұшырбан, Фаридун, Заххақ, Афрасиаб, т. б. есімдер қазаққа да мағлұм. Бірақ, бұлар өте аз қолданылған. Кейіпкерлерімен қоса бір рет те болса да аталып қалатын адам аттарының ұзын саны отыз екі, ал соның жиырмасы (ішінде Құраннан келтірілген де есімдер бар) араб - иран есімдері. Жер, ру, ел аттары аталады. Бірқатар ғұлама ғалымдардың, жиһанкез батырлардың, билеушілердің аттары ауызға алынады, немесе мифтер мен аңыздардағы кең тараған белгі-қасиеттері арқылы меңзеледі (4710 - 4718, 6547, 6548, 6549, 6550, т. б. бәйіттерді қараңыз.). Демек поэзия туындысы, иә философиялық туынды дегенмен, осындай нақты деректілік белгілері ғылыми, ақындық ой-толғамның негізділігін күшейте түскен. Осы сипаттарының өзі-ақ, өркендеген іргелі мәдениеттің, қалыптасқан жазба мәдениетінің мәуесі екендігінің дәлелі. Жалпы дастанның мәтінінде шамамен төрт жүздей ғана кірме (араб, парсы) сөздер кездесті. Араб, парсы тілдерінің синтаксистік түзіліміне бейім жолдар жоққа тән. Мұны назар аудара санап, түстеп отырғанымыз "Құтадғу білікке" араб, парсы әдебиетінің, мәдениетінің ықпалы, әсері күшті деген кейбір ертеректе айтылған әралуан пікілердің негізсіз екенін білдіру ғана. Сондықтан да "хан тілі" десек те, "қарлық-қыпшақ ", "оғыз-қыпшақ", "түркі тілі" десек те, "Құтты біліктің" қоспасы аз, таза түркі тіліндегі шығарма екендігі шүбәсіз. Жаратылыстану, математика ілімдеріне қатысты терминдер, ел - жер, кісі аттары да ерте ортағасыр сипаттарын көзге тосады. Дидактикалық сарындағы ақылман дастанның жанрлық табиғаты тереңнен, әрідегі ғасырлар қойнауындағы өркениет топырағынан тамыр байлағанын атап айтқан жөн. Бұл ежелгі Мысыр еліне, үнді жұртына, араб, парсы ("Саясатнаме", "Пәнднаме") әлеуметіне ежелден-ақ мәлім өсиет, даналық сөз түріндегі (дидактикалык) жанр. "Құтадғу біліг" жазылғаннан кейін, бес ғасырдай кезең өткенде европалықтар да еркін қолданған дидактикалық сарын Ренессанс дәуірінде француздарда, немістерде, ағылшындарда да осы жанрда халықтық мәні терең туындылар дүниеге келді. Ежелгі славян жұртының "Златоструй", орыс халқының "Златоуст", "Домострой" секілді мұралары жанрлық ерекшелігі жағынан ең әуелі дидактикалық шығармалар. Шығарманың образдар жүйесі, көркемдігі жөнінде сөз еткенде қанатты, бейнелі сөздердің, мақал-мәтелдердің жиі ұшырасатынын айтудың артықшылығы жоқ. Мәтіннің кез-келген жолдарынан афоризмге тән ұшқырлық, қанатты сөзге тән ұтымдылық көрініп-ақ тұрады. Кестелі сөз, көркем ой... Көркем ойдың төл тумасы көркем тіл. Троптардың басым көпшілігі ежелгі түркілердің нанымына дәстүріне, көшпенді жұрттың тіршілік-санасына жақын ұғымдардан туындайды. Заман бояуларын қанық түсіреді. Бәйіттердің структуралық түзілімдері, ырғақ-сазы қанатты сөздерге, мақал-мәтелдің поэтикалық бітіміне іштартып тұрады. Ішкі ұйқастар мен үндестік үйлесім, сөздің поэтикалық трансформациясы, жалпы ой үлгілерінің ұшқырлығы және қанатты сөздердің, шешендік сөздердің бітіміне, философиялық түйіндеулеріне жақын, тұтасып келуі шығарманың тұтас стиліне, бейнелеу жүйесіне ерекшелік, белгілібір поэтикалық тұтастық, заңдылық береді. Ұйқастары берік, теңеулері дәл де нақты. Бұл түркі өлеңінің тарихи қағидасы. Бұл ойларымыздың дәлелін кез келген бәйіттен-ақ көруге әбден болады.
Мәселен: 180. Тоғұғлы өлұр көр қалыр белгүсүз,
Сөзүң езгү сөзлә өзүң өлгүсүз. (Бәйіттің аудармасын келтірмей, қазақ тілінің фонетикалық ерекшелігіне қарата жасаған транслитерациясын ұсындық). Ішкі мағыналық қуаты қандай. Туған – өлер, белгісіз болып қалар, сөзіңді өзің өлмейтіндей жақсылап айт. Өмірдің өзіндей шынайы да қарапайым. Мақал, нақыл сөздер көбінесе ауыспалы келер шақпен айтылып, әруақытқа да тән әрекет, ой-тұжырымды білдіріп тұрады. Бәйіттерде баяндауыштар әмәнда бастауыштан кейін келіп отырса да, ішкі үндестік тәртібіне қарай инверсияға түскен шумақтар да баршылық. Поэма ассонанс, аллитерация, анафора, символика, эпифора, қала берді полиптотон сынды суреткерлік айшықтарға бай. Ақын ішкі ұйқасқа, ішкі үндестікке жиі барады. Бәйіттің басындағы ассонанс, аллитерация ауық-ауық сөз арасындағы, сөз ішіндегі аллитерацияға ұласып кетеді.
Кейде 187- бәйіттегідей:
Сеңә сөзләдім мен сөзүм ай оқұл,
Сеңә берді бұ пәнд өзүм ай оғұл, –
Алдыңғы, әрі соңғы сөздерді, бунақтарды тұтас, қаусыра ұйқастырады. Өлең техникасы аса жетік, әрі еркін барынша табиғи І таланттылықпен түрлендіріледі. Алғашқы тармақтың соңғы сөздерін келесі тармақтың басында қайыра қайталау арқылы поэтикалық экспрессия тудыру үлгісін де кездестірдік. "Кісіден кісіге өсиет сөз ол, Өсиет сөзді ұстанса, жүз пайда ол"). Бұл үлгі қазіргі поэзияда да кездесіп қалады. ( М.Мақатаев, К.Салықов).
Аллегория, гипербола, контраст, лаконизм, символ секілді әдеби мәнердің кесімді классикалық үлгілеріне үндесетін ақындық өрнектер уақыт көшінде жасымай, тотығып күңгірт тартпай сара алтындай сақталып жеткендігі өлең сөздің өлмейтіндігінің бір дәлеліндей. Образды түзу әдістерінде де өзіндік ерекшеліктер басым. Көне дастан бір қарағанда қарапайым тілмен жазылғандай көрінгенімен жалпы көркемдік әсері тегеуірінді, өзінше бір поэтикалық ойлау жүйесі көзге ұрып тұрған ескерткіш. Бейнелеп ойлап, бейнелеп сөйлеу, бейнелеп көру – эстетикалық талғам биігінің, терең де тебіреністі философиялық толғаныстың жемісі. Негізінен лаконизм кездессе де, бұл көргенді көргендей жеткізетін қара дүрсін көшірме емес, күрделі бейнелердің астасуынан туған поэтикалық сурет. "Арыстан мінсең қылышыңды қамшы қыл!" (2354), "Таяқты жауға темір қалқан дайында". Қарапайымдылығына да, көркемдік қуатына да күмән жоқ. Қарттық жайында: "Жебедей ем, иілдім садақтайын" (371), "Жас кезде у ішсем де шырын еді, У қылды ішкен асты бүгін енді" (370) – деп, ойын сомдап түсірген. Сүйекті де суретті, ішкі жігерге (динамикаға) бай, бейнелі тіркестер тасқа түскен таңбадай санаға жазылып қалады: "Білімсізге төрден орын болса, көр: Tөp – босаға, ал босаға болды төр!" (262), "Тіл – арыстан, есік баққан ашулы"(164), "Ақыл бұйда, ере түссең жетелер" (159), "Сүйіктіңнің міні – басты қадірі" (532), "Надан, пасық сөзге өгіздей жайылар, Тойса, ыңқылдап – жатып күйіс қайырар"(988), "Бұл тіршілік көрген түстей өтеді" (1132), “Адам білсең, үй түн түнеп түнерген, Ақыл шырақ жарық төгіп жіберген" (1840), "Білім деген шым бүркеген бір теңіз, Бұрқырар су аяқ басып жүрсеңіз" (2380) . Мұндай мысалдарды әр беттен-ақ тізіп түсіру қиынға түспейді. Бұл бәйіттер поэзия шығармасының ғана зерлері емес, көркем ойлап, келістіріп сөйлеудің көрнекті үлгісі. Ел тұрмысы мен тарихи мәдени танымының жанды көрінісі. Күрделі ойлар – жұрттың барлығына бірдей етене жақын түсінікті бейнелеулер. Бар болмысымен жүрекке шұғыл жетіп, санаға сіңіп қалатын толғамдар. Қылыш, қамшы, таяқ, қалқан, жебе. Садақ, шырын, у, күл, төр, босаға, бұйда, өгіздей жайылып күйіс қайыру, тағы басқа сөздердің әрқайсысы сахара халқының ұғымында өз бояуымен, астарлы һәм тұрмыстық сан алуан мағыналарымен әсерлі поэтикалық ассоцация туғызады. Мәселен, "төр" мен "босаға" ұғымдары қазақ халқы үшін ұлан-ғайыр философиялық ойларға ұштасып кетеді. "Өгіздей жайылып, күйіс қайыру" малсақ халықтың миына жедел жететін сурет. Ақын шығарманың ең әуелі халыққа қажеттігін жақсы бағамдаған, сөйтіп елдің психологиялық ерекшеліктеріне, рухани-эстетикалық тәжірибесіне иек артқан тәрізді. Халықтың жан-дүниесіне жақын келіп, түсінісушіліктің өзінше бір психологиялық "кілтін" ұстаған. Керек жерінде градация, гипербола, гротеск, литота, ирония, сарказм сипаттарын астастыра, бірін бірімен күшейте қолданады. Күрделі шеберлік. Адамды түнек үйге теңеу, бұрын да қазір де кездеспеген, кездесе бермейтін тапқырлық. Сондай-ақ, дәстүрлі троптардан, дәстүрлі заңдылықтардан шығып, өзінше тың өрнектер түзуімен шығарманың көркемдік-эстетикалық құдіретін, өміршеңдігін күшейте түскен. "Есізлік от ол от күйүргән болұр, Йолында кечік йоқ өтүлгән болұр" (249) - "Жамандық от ол, от күйдірер болар...", "Көкіш тұрна көктә үнүн йаңқұлар, Тізілміш тэтір-тэг ұчар йалпұнар" (74) - "Көкіш тырна көкте үні саңқылдап, түйелердей тізіліп желпініп ұшар" , " Ай дүниә йамалы ұлұқлұққа көрк, Ай мүлкәтқа нұр ай йайық құтқа өрк" – "Ай – дүние жамалы, ұлықтықтың көркі, Мемлекетке – нұр, өткінші құтқа – тізгін," "Йағыз йер бақыр болмақынша қызыл" – "Қоңыр жер мыстай қызыл болғанша"... Жамандықты отқа, бәлеге, өртке балау, көктегі тырналардың түйелердің тізілген керуеніне ұқсауы, жердің мыстай қызаруы (яғни, ақырзаман болғанша...) – бәрі де ақындық қиял мен өмірдегі табиғи құбылыс, заңдылықтардың ұштасуы, содан туған тірі суреттер. Әсіресе, гипербола, кесек сөйлеп, ірі кескіндеу халық әдебиетіне, фольклорға өте-мөтө тән қасиеттер. "Құтты біліктегі" осындай кесек поэтикалық бейнелерді оқыған сайын тілге халық эпосындағы биік, кесек ақындық самғаулар да оралып отырады ("Ер Тарғын", "Қобыланды", "Алпамыс", т.б. еске түсіріңіз). Мұрын жырау жырлайтын "Қырымның қырық батырында" да ондай бедерлі кесек көріністер мол. Мәселен алапат шайқас дүбірін:
Алдынан қалың қол шықты,
Ат дүбірі мол шықты.
Көктен ұшқан құстар да,
Тозаңына тұншықты! –
деп суреттесе, Аңшыбай батыр:
Қырлы найза көтеріп,
Қара бұлтты тірейді!404
Әсірелеу, ірілендіру тәсілдерін тілге тиек еткенде, ашып айтатын ерекшелік – "Құтты білікте" орынсыз әсірелеу, өмір шындығынан алыс толғамдардың әсте кездесе бермейтіні. "Құтадғу біліг" поэзия туындысы болса да, реалистік қалыптарды қатаң сақтай алған, тіршілік диалектикасына негізделген, мейілінше табиғи шыншыл шығарма. Әйгілі Шығыс жұлдыздарында (Фирдоуси, Науаи, Низами, Хафиз...) кездесе беретін гиперболалық самғаулар Жүсіп Баласағұнда жоқ. Дастан реалистік поэзия әрі философиялық-эстетикалық трактат. Аталған ерешелікті тек осы жанрлық сипатына қарай түсінген жөн. "Құтты біліктегі" ақындық әсірелеулер шектен шығып кетпейтін, байсалды да ішті, әдеттегі біз білетін фантастикалық, қала берді абстракциялық шарықтауларға мүлде қиыспайтын өзгеше бітімді зерлендірулер. Бұлбір жағынан жоғарыда атап кеткен түркі өлеңінің төл табиғатынан да туындап жатыр. Дастанның көркемдік қасиеттерінің ішінде күрделі троптармен қатар лаконизмнің (әсіресе, қысқа да нұсқа қанатты сөздерге қатысты) де мол ұшырасатынын білдіре отыра, образдардың автологиялық жаратылысын да атап көрсетсек дейміз. Себебі, дәуірі жағынан қалай дегенмен де тым әріде жатқан ежелгі түркі поэзиясының өзіндік ерекшеліктерінің де бірі осы – автологиялық сипаты. Яғни, сөздердің тура мағынасында әрі өлең жанрының көркемдік-эстетикалық қуатын жасытпай қолданылуы. "Құтты білікте" алуан қырлы көркемдік желілердің арасында айырықша басым көрінгені де, әрі күшті, әсерлі шыққаны да осы автологиялық мәнер.
3377 Егер, ұл-қыз ізгі, сүйкімді болса,
Тілегің де сондай болар.
Егер, жаман болса, сені ұлытар,
Өзің өлсең, сені тез ұмытар.
Жаман атқа, қарғысқа қалдырар,
Сені сөгіп, жатың бас көтерер.
Ол ұл-қыз – жау, жау неге керек,
Жаусыз тірлік бәрінен ізгірек (жақсырақ).
(Жолма-жол аударма).
Арнайы телінген образ жоқ. Әр сөз өз мағынасында өлең шырайы сөздердің төл мағынасынан, ақындық қисыннан ұшқындап тұр. Төрт бәйітте басталуы, шарықтау нүктесі, түйіні бар бір ғана ой айтылған. Кішігірім сюжет шеңбері. Поэтикалық қуат, әсер - ой қозғалысында сөз мағыналарының құбылуы мен шендестіру (контрасты) қалтарыстарында. Таза поэзия. Ойдың, жан-дүниенің поэзиясы. Немесе:
2873 Ақылды кісіден кісілік келер,
Білікті - кісілер кісісі болар.
Небәрі үш-ақ сөз. Ақыл–Кісі–Білім. Айтпағы ұшан-теңіз. Тағлымы мәңгілік. "Бұл дүние тұзды судан аумайды, Ішсең – тілің құрғап, шөлің қанбайды", "Құрғақ құмға ұқсас екен бұл адам, Дария құйсын тоймайды көз сұғанақ", "Кірді сумен жуады, Су кірлесе немен жуады", "Бетке қатер ауыздан (астан) болар, Аспазды ісін істегенде кім күзетер" деген жолдарды да ой өрнектілігі оздырып тұр. Риторика даналық жыр жанрына үйлесіп-ақ түсетіні анық байқалады. Табиғат лирикасының тамаша нұсқалары жаратылыстың өзіндей біртуар сұлу сезім суреттерімен баурайды. Жарқын жаз жайлы төртінші тарау, Күнтудыны сипаттайтын тараудың алғашқы бәйіттері (398-410), соңғы тараулардағы түс, жоқтау сарындары, өкініш тебіреністері ақындық шеберліктің шын биіктері! Ал, мынандай поэзиялық жәуһарлар мәңгі ескірмейтін жолдар:
Бұл кәрі жаһан құлқы жалған, байқасаң,
Қылығы - қыз (тәрізді), жасы ұзақ (кәрі)...
Бақсаң, құлқы қыз секілді, қылығы кылықты, сүйкімді,
Сүйіндірер (сүйдірер), ұстамаққа ұмсынсаң қолын бермес...
(Жолма-жол)
Жалған дүниенің ең бір дәл, ең бір ықшам мінездемесі шығар.
Бір ғана "ақыл" ұғымының өзіне біршама мағына сиғызады. Ақыл – шырақ, Ақыл–жан, Ақыл–көз, Ақыл–тірлік, Ақыл–сөз, Ақыл–кісен ... т.с.с. қаншама сипат берілген. Енді бірде дүниені аждаһаға теңеп "өзі өсіріп, өзі баптап, семіртер, өзі сорып, әлсіретіп жем етер!"(6389) дейді. Ақындық ой құбылысы. Сөйтіп, метологиялық, бейнелі тіл де Жүсіп Баласағұнның туындысының өзіне ғана тән көркемдік ерекшеліктерін құрайды. "Құтты білік" сынды қазіргі қазақ тілімен, басқа да туысқан түркі тектес тілдермен табиғаты бір ежелгі дәуір шығармаларын барлық поэтикалық мәнін сақтап, мазмұны мен көркемдік қасиетін жасытпай аудару өзгеше күрделі, өзіндік қыры мол іс. Этнологиялық тұрғыдағы тектестік, рухани туыстық, поэтикалық тегінің бірлігі, көркемдік дүниетаным жалғастығы сөзден бастап тармақ, шумаққа дейін жете мән бере отырып жасалатын аудармадан гөрі қайта жаңғыртуға, реставрацияға көбірек келетін іс. Тектес тілдерден аударудың теориясы мен тәжірибесіне қатысты бұл мәселелер де жаңа кезеңдегі әдебиеттанудың ендігі кезде жиірек айналысатын саласы болары сөзсіз. Ұлттың ұлылығы ұлықтығынан емес, ұлағатынан танылмақ. Ұлтымыз ұлықтарды аз көрген жоқ. Солардың бірі де есте сақталмапты, ұлт жадында қалмапты. Қалыпты: ұлағатты ұлықтар қалыпты. Нағыз ұлығтар (бұл сөздің ежелгі бір тұлғасы осындай үлгімен жазылған) асылдың сынығындай хас ұлықтар қалыпты! Ұлағатты сөз, ұлы қасиеттер қалыпты! Ұлық ұғымының төркініне үңілсеңіз, ежелгі түркі жазбаларына жүгінсеңіз, оның ішінде "Құтадғу білік" беттеріне де көз жүгіртіп байқасаңыз – ұлы, биік, тұлға деген ұғымдар көкіректі кең жайлап шыға береді. Ондай сәтте, "ұлық" деген бертінгі тыртиған, тыраш сөз сол бір бітімі бөлек "ұлығлығтың", ұлылықтың біршама азған түріндей көрініп кетеді. Заман озғанда, сол заманның адамы да, сол адамның танымы да азбай қалсын ба!? Замананың азғаны – сананың азғаны. Кісіліктің кісі киіктеніп жерігені, қағынан безген киіктей қиыр жайлап шет қонып кеткені. Ол ең әуелі сол қасиетті ұғымдарды танып-бағалаудан, соларға көзқарастан аңғарылатын сияқты. Қызық құбылу: "ұлықты" ежелгі түркілер бәз мағынасында ұлы, биік деп түсінеді, біздің замандастар өзімізше "ұлық" деп біледі! "Құт" мәнін ежелгі түркілер білім, бақ-дәулет, жанның семіріп, сананың кемелденуі деп ұғады, біздің замандастар әдетте байлық, барлық, қарын тоқтық, қайғы жоқтық деген мағынада қолданады. Ал, "ұлық" ұғымы атақты "Құтадғу білік" дастанының кіріспе тарауында мынадай мағынада да кездеседі. "Бұл кітапты Баласағұнда туған бір сахаба, тақуа кісі жазған. Әммә бұл кітапты Қашқарда тәмәмдап, Машрық мәлігі Табғаш Бұғраханның Құзырына ұсынған. Мәлік оның еңбегін қадірлеп, жарылқап һәм ұлықлап Хас Қажыб деген атақ беріп ерекше ілтифат білдірген, сол үшін ол Жүсіп, ұлы Хас Қажыб атанып атақ-даңқы дүниеге жайылды." Ұлыны ұлыға балап, қастерлеген. Ұлылық – ұлағатта. Ұлағатсыз ұл мұратқа жеткен бе, ұлағатсыз ел мұратқа жеткен бе?! Ұлағатсыз өркені өскен ұрпақ бар ма?!
Тағлымсыз ұрпақ – тұл
Тұлдың тұрқы – жетімдік.
Тұлдың құлқы – құлқындық.
Тұлдың жұрты – құлдық.
Халық көкірегінде көзі жоқ, көңілінде сергек сезігі (интуиция) жоқ пендені "көргенсіз" дейді. Көргенділік те сол тағлым, тәлім ұшқындары. Ежелгі мұра тағлымы, халықтың дәстүрлі эстетикасы кейінгіге даналық мектебіндей. Рухани жетімдік пен тағлымсыз тасырлықтың ауыр індеті – ілгерідегі тарихи тағдырлардан тараған кісіліктің киелі тұғырларын түйсінбеу, сезінгенмен де селт етіп санадан сарғая сіңіре алмау болып тұрған мына заманда Жүсіп Баласағұн, Ахмет Иүгінеки, Ахмет Йасауи, Абай, Шоқан сынды алып тұлғалардың әр сөзі асыл, әр толғамы елдікке, кемелділікке бастайтын аталы арна. Санаға сіңбегеннің адамның тал бойына жарасып, мінез - құлқына дарымайтыны аян. Тұсыңдағы, тысыңдағы асылзаттың өзекжардысын өзгеден аршып танудың өзі де сол рухани түйсікке тікелей тәуелді. Бірінсіз бірінің күні қараң. Халық даналығының арналы дариясына жұлдыз болып құйылған түркі дүниесінің даналық эстетикасының әлібі мен танымы осы орайда ұлттың дәл бүгінгі күнгі арқа сүйер алтын босағасы іспетті. Ұлттық идеология дегенді жиі айта бастадық. Жөн-ақ. Бірақ, идеология дегенге ет үйреніп алғандыкі ме, әлде басқалай себептерден бе, әйтеуір идеология хақында айтылған сөздер мен жазылған толғамдардан, жалпы жұртты жандандырмақ жиындардан кейде бәз-баяғы саяси сарындардың талансыз салқын лебі есіп тұрады. Әуелі осы идеология дегеннің өзін ағайындар не деп түсінеді екен деген ой келеді сонда. Идеологияның төркіні "идея"(фран.), "идеал"(грек.) болса, ұлттың мұраты емей немене?! Ұлт мұраты, ұлттың түпкі мақсаты, былайша айтқанда, іздеген иманы емей немене?! Мұрат бітімі ұлттың мінез-құлық, тәлім- тәрбие, таным түйсігінен бастап әл-ауқат, тұрмыс-тіршілік, ішкі-сыртқы қарым-қатынастарына дейін қамтып бір мүддеге, бір ниетке жұмылдырылған ұлттың тұтас келбетін кескіндемей ме?..
Ұлттық менталитет десіп жүрген танымдық ой-сана сарасы осыған сүйеніп барып, жаңғырып, түлеп, жаңармас па? Осы ретте де, қазақ жұртының тектілігінің күретамырындай тегін диалектика өресімен бірге көне түркі мәдениетінен де іздейтініміз анық.
Ғаламдық түйсік-сезімге арна тоғыстырған ежелгі түркі жазбаларынан бастап Абай, Шоқан, Әуезовтерге дейінгі рухани таным дүниесінің самаладай самсаған құс жолы тарихтың талай тоспаларында аруақтай демеп өтері де күмәнсіз. Күнделікті күйбең тірліктің, іркіс - тіркіс сабылыс пен әлдеқандай алқыныстың жаратылысы сол бір жұлдызды жолдың көңіл көзіне іліну, ілінбеуіне байланысты да шығар. Ендігі табынатын пірің де, сүйенетін иең де сол бір үлкен мұратты, қасиетті ұғымдар. Пірсіз пенденің күні күйкі, көңілі қараңғы. Әлі де болса баршаға мәлімденіп, тәлімделіп үлгірмеген "Құтадғу білік", құтты білім – сол асыл арқау, арқалы ағыстың бір шоқтығы. Жылдар өткен сайын ордалы ойдың тереңіне тартып, даналық пен даралықтың өзгеше бітімін айғақтап тұрғандай қуатты иіріміне үйіріп әкете бермек. Осыдан он ғасыр бұрын хатқа түскен даналық толғамдар бүгін де солғындамай, еңсе көтеріп ел болсам деген үміттің отын маздата түскендей. Қазіргі Жетісу жерінде X ғасырдың табалдырығында дүниеге келген ғұлама ақын, жаһангер ақылман, ойшыл Жүсіп Баласағұнның дүниетаным маржандары халықтың өз топырағында туған төл тебіреністері болғандықтан да, иісі түркі елінің жан-дүниесіне жақын мұрағиятты мұра.
Халықтық туынды тағдыры да халық тағдырымен егіздің сыңарындай ұқсас болады екен - ау деген де ойға қаласың. Дастанның қолжазбасының әр елде, әртүрлі кітапханалар мен архивтерде, шетте өткен "көшпелі" тағдыр тарихынан бастап, кейіпкерлерінің болмыс, бітіміне дейін айнымайды, халықтың рухани тағдырының баламасындай. Оның әр жолынан, ойларынан елдің елдік мінез-бітімін, арман-мүддесін көргендейсің, тағдырынан елдің тағдыр-талайының сорабын аңғарғандайсың. Осыны "Құтадғу білік" тағдыры мен тәлімі айғақтай түседі. Бір кереметі, құтты білімді қолына әлі ұстап үлгірмеген балғын-балауса буынның бойындағы ана сүтімен дарыған тағлым, адамшылық қасиеттер жүйе-жүйесінің, замандастар тірлігінде қағидаға айналған салт-дәстүр, кісілік қарым-қатынас түзілімдерінің осы көне кітап беттерінен бедерленіп көрінетіндігі. Халықтық сипатты даралайтын ерекшеліктер ме, даналық толғам, қанатты сөз, мәйекті мақал-мәтелдер ме?.. Түйдек-түйдек үлгі, түйін-түйін ой. Жатырқамайсың, жатсынбайсың... Жалтақсыз қауышып, жамырай сырласып, бірге қанаттанып, қомданасың. Қәзіргі әдебиетімізде, ел-жұрт аузында, халық әдебиеті үлгілерінде тұнып тұрған терең философиялық толғамдардың бастауларын, халықтық таным-нанымның нәрлі өзектерін, мақал-мәтелдердің құнарлы топырағын танығанда эстетикалық түйсіктің табиғилығына, болмысты философиялық танудың құдіретті куатына тәнті боласыз.
Осынау түркі поэзиясының тұңғыш кітабын көне түркі поэзиясының поэтикалық нышандарын кемел жеткізген ұлы жазу десе де болады. Түркі тектес халықтар поэзиясындағы бұл алтын желінің бір ұшығы сонау тәжік-парсы, бір ұшығы қырғыз, өзбек, ұйғыр, татар, ноғай, тағы басқа ел мен ұлыстардың мәдениетіндегі көркемдік көкжиектермен ұласады. XІ ғасырда Шу бойындағы Баласағұн шаһарында жазылып, кейін кең дүниеге танылған ұлағатты әдеби ескерткішті кезінде дат, француз, венгр, австрия, неміс, түрік ғалымдарының тесіле зерттегені, кейбір тарауларын түрлі деңгейде аударғандары тегін де емес... Әсіресе, бұл еңбек хақында неміс тілінде бірқатар құнды құнды еңбектер, пікірлер бар. Венгр ғалымы Г. Вамбери де, көрнекті тюрколог В.В. Радлов та кезінде (1870-1890 жылдары) әуелі неміс тіліне аударған. Бірқатар батыс, шығыс ғалымдары біздің түркітанушылардан көп бұрын-ақ "Құт дарытатын ілімнің" табиғатын түсінуге барын салған. Осылардың бәрі де Жүсіп Баласағұн дастанының адамзаттық, имандылық, кісілік рухын таныта түседі. Адамға тәннің бәрі маған да тән, адамшылық қасиет адам баласының бәріне бірдей етене жақын деген түйін айқын аңғарылады
"Құтадғу біліктің" әлеуметтік-қоғамдық, эстетикалық, поэтикалық бітімін даралайтын алуан сипатты өзгешеліктердің қатарында туындының тінінен тарайтын күрделі де, қабырғалы бір қасиеті оқшаулау көрінеді. Ол осы бір даналық дастанының өз заманындағы өркениеттік өзектердің жарқын белгілерін бойына түбегейлі сіңіргендігі. Нақ осы сипаттары арқылы ежелгі түркі дүниетанымының өресін, түркі мәдениеті мен көркемдік танымының тынысын, жалпы адамзат тарихындағы жарты дүниені алып жатқан жұмбағы мол құбылыс ғаламының жаратылысын тереңдей таныта түседі. Түрк мәдениетіндегі қырық қырлы дәстүр іздерін көзге тосады.
"Құтты білік" бір сөзбен айтқанда, адамшылық мектебі. Бұл мектепте адам баласының басындағы ақыл - сезімнен ажалға дейінгі жақсылы-жаманды жай - жағдаяттардың сан қатпар қалтарыстары елең өрнегіне түскен. Ақыл, санаға ақылмен ұялатқан. "Адамды адам түсінбеу бір ақырет!"– деп XX ғасырдың Мұқағалиы айтқандай, адамды адамға надандық емес адамдық қана ұқтыра алмақ. Пенде мен пенденің пендешілігі емес, XXІ ғасырдың табалдырығында таразы басында имандылық пен ұлт, жер тағдыры тербеліп тұрған сәтте, қайдағы бір күйкі тірліктің күйбеңін күйттеп кердеңдегендер мен арғы-бергіні жанмен сезіп, ақылға қондыруға жанталасқандардың арасында қаралы қанды судай тағы да сол Надандық тұр. Он алтыншы жылдан да... сексен алтыншының желтоқсанынан да... отыз екі... отыз жетінші жылдардан да күңіренген қалың елдің қыр желкесінен осы Надандықтың үңірейген обыр көздері тұнжырайды. Балауса тәуелсіздіктің саумалынан бас айналған күнәсіз масаң заманның бір шалғайында тағы да сол Надандықтың, сыпайылап сипап айтсақ, қатып қалған тырысқақ тасмаңдайлықтың даурыққан, қарлыққан үні естіледі. Жүсіп Баласағұнның ғұламалық дастаны X ғасырдың өзінде осы кеселдің келбетін күңірене кестелеген:
199' Білімді – аз, білімсіздер қаптаған,
Ақылсыз – көп, ақылдыны таптаған.
Білімсіздер білімдіге жау болды,
Надандардың аңсағаны дау болды.
Біліп сөйле, сөзіңде сол, оң болсын,
Сөзің түпсіз қараңғыға көз болсын!
179 Біліксіздер өзі нағыз басырдың,
Білім үйрен, надан, көзің ашылсын!
Біліп сөйле.. Білмегенге білдіріп сөйле...
Білімнің құдіретін жанмен ұғынып, санамен төгілген өкініштің ащы мұңы, кеш те болса керегіңе жарар, кесірленбей көзіңді аш дейтіндей... "Білімді мыңды жығар"... демей ме ел. Сірә, бұл мақалдың да нәрлі тамыры сол көне замандарда жатыр-ау. Дана халық, көкірегі сара халық надандыққа, тасырлыққа ежелден ақыл, білім, тілді, сезімді қарсы қойған. Ақылды арқа тұтқан. "Құтты біліктің" дәстүрі де осы дәстүр. Бұл өсиет кейін талай-талай ірілі-ұсақты шығармаларда желі жалғастырды, әрине.
6612 Білікті, бір, ойдан, мұңнан арылмас,
Біліксіз құр ыржақтаудан жаңылмас.
6614 Білік – кісен, білікті оймен алаңдар,
Ал, біліксіз тұра шауып араңдар!
262 Білімсізге төрден орын болса, көр:
Төр – босаға, ал, босаға болды төр!
Орын тисе данаға есік көзінен,
Есік – биік, төр-тағыңның өзінен!
288 Ақыл – шырақ, қара түнді ашатын,
Білім – жарық, нұрын саған шашатын.
Қандай десең, ақыл-ессіз түр-өңі,
Ақыл-ессіз кісі үлессіз жүреді!
Білім мен ақылдың адам баласына шапағатын көне дәуір ғұламасы түрлі - түрлі реңмен, алуан - алуан астармен толғайды. Соның бәрінде бүгінде әр көкіректегі салт - дәстүрден, әр шаңырақтың кісілік тәлімінен сіңген сындарлы сипаттар басым. Тарих тәлімі... Парасат сабағы... Дастанның тәлімі бүгінгі замандасқа да тағлым. Ғасырлар бойына халықты кісілікке баулыған жазу шынында несімен қымбат? Несімен қызықтырады? Тағы да сол адамгершілік, имандылық дәстүрімен!... Ақиқатқа жығылған, әлеуметке адалдық дәстүрімен. Ежелгі дәуір ақынының әлеуметтік мұраттары қашанда әсерлі, ақиқаттың өз тіліндей ашық естіледі. Қоғамға, адамға зардап атаулыға ышқынған қарсылық, рухани жиреніштің күйінішті үні сол тілден төгіліп көкіректерге жасындай жетеді. Ақын сан-салалы толғамды бәрінен бұрын әлеуметтік-моральдық күйзеліске әкеліп тірейді..:
6453 Зұлымдардың қолы елді жайлады,
Момындардың қолын жоқтық байлады!
Маскүнемдер бетін жуған шарапқа,
Ер атанып, аты шықты алапқа !?
Зинақорды ерен десті, жаратты,
Сараң десті татпайтынды шарапты.
Адалдықты түгел арам таптады,
Арам ниет жердің жүзін қаптады.
Иә, ақын қасіреті – адам қасиетінің кеткені. Иә, ақын қасіреті – адам қасіреті. Ел үшін, ұрпақ үшін санасынан сарғайған ақын бұл ойларын сонау "қараңғы", "түнек", "ортағасырлық найсаптықтың" ортасында тұрып күңірене айтқан еді... Айта тұрып, "Ащы айтты деп кінәләма ақынды, Ащы сөздің түбі балдай татымды", "Кірді сумен жуады, су кірлесе немен жуады?!" – деп жұртына жан күйзелісін қоса сездірген-тін. Осы тұрғыдағы қисындарын «ел бұзылса бек түзейді, елді бек түзеді, ал бек бұзылса, бек азса кім түзейді?» деген толғамдарына тоғыстырады.
Иә, ортағасыр күйігі...
Ортағасыр...
Қазір ғалам маңдайын XXІ ғасырдың кернеуі биік лебі үріп кетіп, үріп кетіп тұрған заман. Сол ортағасыр күйігі XX ғасырда да талайды күңіренткен. Атышулы "тоқырау" төрінде тұрып та осы жолдарды оқып күйзеліп, осы жолдарды оқып іштей ширығып, іштей ширап еңсе түзеген. Сол ортағасыр биігі XX ғасырда да биіктігінен таймаған. Биіктігімен дүниені үйіріп, биіктігімен сананы билеп тұр. Жазбаға, ақындық куәге жүгінсек, ықылым заманғы трагедия ежелден ілесіп жүрген екен-ау. Түркі деген жұрттың күйігі қазақ деген ұлттың күйігіне ұласқан екен-ау, бабаның мұңы баланың басына көшкен екен-ау.
Орхон-Енисей жырларын оқыңыз... Рухын сүйіңіз...
Жүсіп Баласағұнды оқыңыз... Жадыңызға түйіңіз...
Абайды оқыңыз... Күйігіне күйіңіз...
Шәкәрім қажыны ...
Бұлар ұлт-халық ретіндегі жан-дүниеміздің хатқа түскен күйзеліс-күйігі. Кардиограммасы. Тұтас бір этнос трагедиясының тарихы. Ел болмақтың алды ең болмағанда соны түсіну!
Жұртты жафа жеді, опа тоналды,
Сүйенерге лайық кісі жоғалды.
Байлық кімде – билік сонда. Құдірет те сол, білек те сол. Әрине, құдіретті білікке қолы жетпеген елде бұдан өзге соқпақ та жоқ өзі.
Діл қатайып, тіл мүләйім боп алды,
Аты қалды, шындық өзі жоғалды.
Атасына, көр, аталық етті ұлы,
Ұлы бек те, ал атасы бек құлы!..
Кедей, жетім, тұлды демер пенде жоқ,
Азды жаһан, таңырқайтын ер де жоқ!
Ұмытты ұл-қыз ата-анаға құрметті,
"Қария" аты, ерді қорлау іспетті.
Заман сыңайын баққан үлкен тараудың ұшқындары ғана. Ежелгі әдебиет демесек, жұмыр басты пендені қай кезде де ойландыратын тебіреніс. Ақын өз заманының тілі мен діліне айналып кеткендей. ...Мұңымды айтсам мұңаярсың өзің де... Кісіліктің кісілігі кішілік ... Ақжарма сыр. Дәуірдің ақынға, ақынның дәуірге ұласуы. Тұтас бір халық жанына айналуы. Ел болып ойлап, ел атынан тебіренуі. Жеке ақындық дарынға халықтың рухани дүниесі, халық даналығы қуат беріп, қанат бітірген. Сол, ІХ-Х ғасырлардың өзінде-ақ, халықтық пәлсапа, халықтық эстетика танымы жақсы мен жаман, ақ пен қараны ажыратып, шендестіріп отырған. Сол эстетика рухымен ойды, сезімді тәрбиелеп, ұрпақты баулыған.
2660 Тіл, жүрегің шырын болсын қайда да,
Сөз бен есті тектен-текке лайлама.
2645 Кім білікті, аты даңққа бөленер,
Кім өнерсіз, ат-атақсыз көнерер.
Көне мұра өнегесі: білімді, кісілікті кісі бол! Халықтық парасат-пайым, дәстүр, халықтық құлық деген ұғымға осы жерде баса назар аударған абзал. Үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді күнделікті тұрмыс әдебінен бастап елдік деңгейдегі, мемлекеттік дәрежедегі моральдық қарым-қатынас әдібіне дейін "Құтты білікте" түзілген. Қанағат, сабыр, сезім-ақыл, кішіпейілділік тәрізді небір ізгі қасиеттердің әлеуметтік бітімін тани түсеміз. "Қастық қылма, арамдықты сайлама, Тый құлқыңды, жақсылық қыл қайда да!" (1315), "Сабыр етсең – бұзылған іс түзелер" (1318), "Сабыр соңы – салқын сая жаныңа"(1317)...т.т. Сабырлылық, ұстамдылық халықтық мінез-құлық ерекшелігі ретінде де мәлім. "Сабыр түбі сары алтын", "Сабырсыз қалар ұятқа"... деген әдеп қағидалар ұрпақ құлағына ата-баба аузымен құйылып келгені "шарт".
1324 Жұрт алдында аузыңды бақ, лепірме,
Кісі үйінде көз қадірін кетірме...
1327 Дос, туғаннан лебізіңді аяма,
Кіші, үлкенді жылы жүзбен аяла. –
дегендер де сол сияқты.
Классикалық шығармалар заман сыңайын, дәуір бедерін уақыт көшінің бір үзік сәтіндей хаттап кетеді. Тіршілік, тұрмыстың көркем өрнектері арқылы кезеңдік заңдылықтарды, диалектикалық типтік құбылыстарды тұтас көзге тосады. Дастан бейіттерінде сараланған әлеуметтік топтардың бірегей портреттері, қоғамдық-әлеуметтік құбылыстардың өзекті өрнектері, сан қырлы психологиялық кескіндеулер уақыт озса да тозбайтын, бояуы солғындамайтын таланттылықпен бедерленген суреттер екендігі күмәнсіз. Солардың бәрінің тұғырындай тұтас дәуір тұрқы туралы толғаныстары (қорытынды тараулар) көркемдік қуатымен де, ширыққан шиеленісті күйімен де, шыншылдығымен де бүкіл дастанның идеясын мегзейді. Тағы да заман азған, парықсыздық жайлап, надандық талаған тұста қайтіп ел болмақты күңірене күйзеле жырлаған. Ұлт мұраты, ұлттық қасиет дегеннің бірі ұшығы осында жатыр.
Құтты ел құру үшін не істемек жөн, адам қандай, қоғам қандай болмағы ләзім, бәрін де жіпке тізгендей ақындық тілмен түгендеп шыққан Жүсіп көзі көріп, көкірегін өртеген заманның ащы шындығын ашына ақтарады. Ащы айтты деп кінәлама ақынды, ащы сөздің түбі балдай татымды дей отыра жан күйзелісін жасырмайды. Жүсіп Хас Қажыбтың ақындық мұң-зарын тарихқа жетік қазіргі оқырман да түсініп қабылдайтынына дүдәмалданбаймыз. Тура бастап, тік сөйлейтін ақиқатшыл арқалы талант осы бір түйінді тарауларда барынша серпіліп, ашыла да ашына түскендей.
6451 Ай, білікті, бақсаң заман сыңайын,
Бәрі өзгерген, өзгерткен ел райын.
Біліктіге есе бермей қорлады,
Ақылдылар тілін ашпай сорлады!
Көбейді елде қорлаушы да, зорлар да,
Бас көтермес сорлы болды қорланған.
Адалдықтың аты қалды, көзі жоқ,
Қарақшы – арам, әттең тоқтау, тезі жоқ!
Жаһан құлқы мүлдем бөлек болды, көр,
Кісі жаны тілден бөлек болды, көр! –
деп ғұлама заманның бар кейпін өлең жолына толық түсіріп кеткен. Сірә, қоғам, дәуір шындығын ешбір тарихи жылнама, шежіре, пәлсапалық зерттеулер осыншалықты суретті, осыншалықты толымды жеткізе алмас. Жүсіп ел рухын жасытып, елдіктің іргесін күлдірететін әлжуаз тұстарды бұлтартпай нұсқаған. "Опа кетті, елді жафа жалмады, Сенетін бір кісілікті ер қалмады!", "Бауырынан бауыр безіп суысты, Жатбауыр боп сөкті туыс-туысты!" "Құтадғу біліктің" осындай тұстарында тіл ұшына тағы да Орхон-Енисей жазуындағы ауыр күндер елесін суреттеген жыр жолдары келеді. Түркі жұртының толысып кемеліне келген тұсында "Ол кезде құлы - құлды болған еді, Күңі - күңді болған еді" – деп масаттанатын шабытты толғамдардың орнына:
Бек ұлдарың құл болды,
Пәк қыздарың күң болды ! –
деп ашынып аһ ұрмаушы ма еді?! Ерлік жырлары емес, нағыз намыс жырлары!
Соңындағы інілері қаған болған,
Ұлдары да қаған болды.
Соңындағы інісі ағасындай болмады,
Ұлдары әкесіндей болмады.
Біліксіз қағандар отырған екен,
Жалтақ қағандар отырған екен.
Әміршілері біліксіз екен,
Жалтақ болған екен.
.....................................................
Інілі-ағалының дауласқандығынан,
Бекті халқының жауласқандығынан,
Түркі халқы елдігін жойды,
Қағандығынан айырылды.405
Бұл Баласағұн дәуірінен де әрідегі, одан төрт-бес ғасыр ілгерідегі тарих. Құт дастанындағы орамдар болса Х-ХІ ғасырлар суреттері:
Кішіде – әдеп, қалмады ақыл ағада,
Сыйластық жоқ, бөктік дау-шар, жалаға!
Жақындықтың бәрі пұлға сатылды,
Адал адам таппай жаным ашынды!
Кетті әділдік сұм-аярлық арбады,
Құдайшылық сұрар кісі қалмады!
Ел ақшаның құлы болды, табынды:
Күміс кімде болса, соған жағынды!
Заман ақыр келді, Жарғы бұзылды,
Жамандарды көріп, жақсы бұзылды!
Ақылды ұғар, біліктілер біледі,
Жыл, ай, күнмен заман түгел құбылды!
Ақырзамандай ауыр кездегі адамдардың құлқын да: "Саудагерлер аманатты ұмытты, Ұста өнеге, мұрагерін ұмытты!", "Білікті айтпай ақиқаттың ашығын, Ұят кетті, әйел беті ашылып!"– деп жеке-жеке мінездеп, талдап айырып береді. Қорытынды тараулардағы осынау әлеуметтік толғамдар 85 тарау бойы насихатталып, уағыздалып шыққан моральдық-этикалық тебіреністердің астарын ақтарып, тәрбиелік мағынасын мүлде тереңдетіп жібереді. Жақсы мінез-құлық, тәлім-тәрбие жөнінде небір даналық ойларын білдіріп, ізгілікке мезгегенде ақын адамның жеке тұлғасының сол бір аласапыран кезеңдерде әлеумет ортасында қаншалықты мәнді орын алатынын ескерсе керек. "Сүтпен сіңген сүйекпен кетеді", – дейді қазақ. Осы мақалдың өзекті ойы бірнеше бәйітте ұшырасады.
881 Ақ сүтпенен бірге сіңген жақсылық,
Айнымайды алғанша ажал қапсырып.
Іште біткен қылық, парыз мойныңа,
Бірге кірер қара жердің қойнына! –
деген бәйіт те осы мақал ойымен жамырап табысқандай.
2580 Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді,
Сөз қалады, таяқ табы кетеді, –
десе де, тіл ұшына кәдімгі "Сөз сүйектен, таяқ еттен..." келеді. Күнтуды (Әділ хан) отырған күрзінің үш сирақты екендігін тілге тиек ете келіп, үш тағанды, үш сирақты нәрсенің қашан да берік, тиянақты болатындығын, қай жерге қойса да қолмен қойғандай қона кететіндігін түсіндіреді. Төрт аяқты нәрсе тақтайдай түзу жерде болмаса, аса орнықты емес. Үш сирақтың бірі қыңыр болса бірі қисық шығады, бірі құласа бәрі құлайды дегеңді тағы айтады.
800 Міне, мені көргін, заңмын, әділмін,
Тұрқымды сен байқа, барла – бәрін біл.
Мен отырған күрзі мынау, төрімде,
Үш сирақты, көр де тоқы көңілге.
Үш тағанды нәрсе берік, мызғымас,
Үш аяғы тұрғанда ұстап, жылжымас!
Егер, үштің бірі тайса, жетеді,
Қалған екеу өзі-ақ ұшып кетеді.
Үш сирақты нып-нық, түзу тұрады,
Төртеу болса, бірі қыңыр шығады.
805 Бірі түзу болса - түзу бәрі де,
Бәрі түзу болса - түзу мәні де.
Бір қыңырдан - бәрі қисық шығады,
Бар қисықтан - әмән, қырсық туады.
Қай тұғыр да қисық болса тұра алмас,
Түзу нәрсе - орнықты, ешкім жыға алмас.
Осы үш тұғыр туралы ойды ел бірлігі, елді басқару жөніне қарай реті келгенде әрі қарай тереңдете түседі.
Бірі – дана, ғалымдар, зейінділер,
Бірі – хатшы, білсін дер кейінгілер.
Үшіншісі – жүректі ер, батырларың,
Жау десе, жайдай жайпар жасындарың.
Бұл үш түрлі ер бір жеңнен қол шығарса,
Қалған жұртты үйіріп, қоңсыға алса...
деп, елге бас-көз болар бектердің үш түрін, тобын түсіндіреді. Үшеуінің пайдасын, қызметін саралайды. Мемлекеттік жүйені танытатын желі. Ал, мына жолдардың мағынасы аса айқын:
Ішпек-жемек - әуелгісі бұлардың
Қатын алмақ - бірі, рахат - құмардың.
Үшіншісі - тән саулығың, тірлігің,
Бұл үшеудің ұстау қажет бірлігін.
Бұл да тіршіліктің үш негізгі тиянақтары, біз үшін кәдімгі "Әуелгі байлық – денсаулық, екінші байлық – ақжаулық, содан кейін – он саулық!" деген әйгілі мақалмен үндестігімен қымбат.
2711 Елді аларда, алмас қылыш жарқылдар,
Ел басқарсаң, алтын қалам жалтылдар.
Білім, ақыл елдің ішін түзетер,
Үш батырың күллі әлемді күзетер.
Тағы да үш ұғым. Үш сала, үш бағыт. Үш биліктің бірлігі. "Алтын көрсе періште жолдан таяр" – дейді қазақ ұғымы. Төл қазынамыздың төркіні тереңде жатқан текті нақылы. Оған мына бәйітті оқығанда көзіміз жеткендей.
2748 Күміш көрсә иалңүғ (адам, пенде) көңүл тұтмаса,
Иарағай аны шын фәріштә тесә.
(Яғни: "Пенде күміс көрсе, көңіл бұрмаса, оны шын періште десе болар...").
Дастаннан "Ұлүғ болдұң әрсә кішіг тұт көңүл, Ұлұғға кішіглік иарашұр оғүл" (4532) - (Ұлық болған болсаң көңіліңді кішік тұт, Ұлыққа кішіктік жарасар, ұл!) деген бәйітті оқығанда еріксіз тіл ұшына "Ұлық болсаң кішік бол!" келеді. Мұндай бертінгі кездердегі ұлттық әдеби туындылармен біртектілік жол сайын көзге ұрып тұр. "Жаманға жолама, жаласына қаларсың" – "5256. Есізге қатылма көйүргәй есіз..."; ; "Не ексең, соны орарсың" – "4733. Бұл дүние іші бір тарыжай (егінжай) сынды, Мұнда не ексең, ертең сол өнер."; "Ет бұзылса, тұз себеді, Тұз бұзылса не себеді?" – "Кірді сумен жуады, Су кірлесе немен жуады?", т.т. Бұлармен қатар, жұртшылыққа таңсық, поэтикалық қарымы жағынан алымды, әрі қарапайым әрі ұтқыр тіркестердің даналығы қай ғасырда да тозбасы анық.
Соның бәрі елдің елдігін түзеу мүддесіне қарата жазылған.
Біліксіздің тілін тиған жөн болар,
Білімдінің сөзін жиған жөн болар, –
Жүсіп Баласағұнның өзі айтқандай, білік те құт та білімді сөз, білікті ой. "Білімдінің нұрлы сөзі сарқылмас." Халықта Құт, Дәулет, Ырыс... Несібе... деген құдіретті ұғымдар бар. Сол сөздің қат-қат мағыналық астарын ұлт дүниетанымымен астастыра алуан қырынан ашқан кенеулі толғам, келісті тілек, ықыластар, ырым - нанымдар қаншама. Атамыз қазақ "құт қонған...", "құт дарыған..." деп сүйінеді елге, жерге, текті кісі, тәңірлі шаңыраққа мейірімі түскенде. Қаншама тілге жүйрік, сөзге сергек дегенмен қазақ жұртының кез-келген жерде оңды-солды сапырып шашып-төге бермейтін, қадірін кетірмей қастерлеп қолданатын ұғымдарының бірі де осы Бақ-Дәулет, Береке киесі! Әрі соның бәрі бір арнадан, халықтың жан - дүние жайлауынан барып тоғысып, өзгеше бітімді кіршіксіз де, кірпияз адамдық қасиеттер төрінен табылып жатады. Жартыкеш ұғым, жалаң сөз ғана емес біртұтас таным дүниесі. Ел-жұрттың ықылым заманнан бергі пейілін, ниет-құлқын, жан сарайын қанық түсірген бірегей ұғым, рухани ғалам! Түркі дүниесінің ұлы ойшыл ақыны, энциклопедияшы ғұламасы Жүсіп Хас Қажыб Баласағұн әлемге әйгілі "Құтадғу білік" ("Құтты білік") дастанына осы дәулет, құт - береке, ырыс ұғымын басты тұлғалардың бірі етіп алғаны тегін болмаса керек. Ел санасындағы сан сырлы құт, дәулет сымбатының ежелгі дәуірден бейнелі келісті түскен тұсы да осы "Құтты білік" дастаны. Дүниедегі ғаламат тарихи - мәдени, әдеби ескерткіштердің бірегейі, иісі түркі жұртының рухани мақтанышы "Құтадғу біліктегі" ұлағатты төрт ұғым Күнтуды, Айтолды, Өгдүлміш, Одғүрмыш сынды төрт бас кейіпкердің бірі осы Дәулет. Оған Айтолды аты берілген. Бұларды қазақ табиғатына бейім нұсқасына сүйеніп атасақ: Әділет (Күнтуды), Дәулет (Айтолды), Ақыл (Өгдүлміш), Қанағат (Одғұрмыш) болып шығады. Күнтуды – Әділет, яғни әділ заң, әділ елбасы, әділетті әмір. Айтолдымен алғаш жолыққанда өзінің дүниеге ақиқат нұрын бірдей түсіретін әділетті де, мейірімді екендігін, тұрақтылығын, ақ жол әділ заңды ұстанатындығын айғақтап, атамыз қазақ атын күнге балап Күнтуды қойғандығын түсіндіріп, дәулеттің есімі неге Айтолды екендігін сұрайды.
730 Айтолды айтты: – Дана кісі, атымды,
Қойған екен Айға меңзеп затымды.
Ай туғанда кіп-кішкентай болады,
Күннен күнге көтеріліп толады...
Ай толғанда, көзі ашылар әлемнің,
Жүзі жайнар жаһандағы әр елдің.
Толған ай да, қарасаңыз шетінен,
Бозаң тартып, ажары азып кетілер.
Нұры сөніп, семіп мүлде жоғалар,
Қайта туып, қайта толар, оңалар.
735 Мен де айдай жаңаланып тұрамын,
Бірде бармын, бірде жұмбақ тұрағым.
Ғәріп жанға түссе жүзім, жанарым:
Көркі артып, нұр жуады қабағын.
Байып, тасып даңқы алысқа жайылар,
Кетуім мұң – су алғандай шайылар,
Жиған - терген мүлкі күлдей шашылар,
Таз қалпына түсер, еңсе басылар.
Шайыр сөзін есті мұны меңзеген,
Білікті сөз – білімсізге көз берер:
"Бақ қонса, адам атақ-даңқы артылар,
Жаңа айдай толысар да, жарқырар.
Көңіл қойма, ол опасыз, ессіз ол,
Толған Дәулет, толған Айдай сарқылар!.."
Бақ – дәулет. Құт – береке. Адам баласының бақыты мен талайлы тағдыры. Талай-талай аңыздардан, ертегілерден жұмыр басты пендеге соншалықты таныс ұғым. Халық ертегілеріндегі Дәулет, Бақ хақындағы толғамдарды еске түсірсек, дастандағы бас кейіпкердің бірі Дәулет – Айтолды бейнесінің түп-төркіні түсінікті бола түседі. Мыңдаған ғасыр ойшылдардың санасын жайлаған, небір шешендердің тілін, көсемдердің күнін байлаған ұлан - ғайыр ұғым. Адам баласының бақыты атты күрделі үғым бір ғана бейнелеумен, кейіптеумен хатқа түскен. Және де қандай бейне! Жұлдызы жамырап, топырағы гүлдеген касиетті Жер-Судың иесі, ақындары аруларына "айды алқа" (Мағжан) қылып таққан, батырлары ай астында жортқан, аруақтары басына айын тігіп жатқан түркі жұртына, дала ғұрпына Айдан, Күннен, Жұлдыздардан жұмбақ, олардан айқын, түсінікті қандай ұғым болсын. Жаратылыс тілін ғарыш денелеріне қарап ұғу, сол арқылы табиғат заңдылықтарын шешіп, ғарыштан ғалам жұмбақтарына бойлау ежелгі түркілердің таным дүниесінің өзгеше таным үрдісі. Космогологиялық зерде. Дүниетаным өрісі. Сол бір Ай келбеті, толған Ай мен солған Ай арасындағы аспан денелерінің ажары қазақ баласына қаншалықты таныс, қаншама ұғынықты десеңізші! "Құтадғу біліктің" құтты мемлекет, қуатты қоғам құру хақындағы күрделі ойлары осылайша елдің таным дүниесінің ажарлы айшықтарымен, төл санасының аясында берілгендіктен де соншалықты ұғымды, ғұмырлы.
"Орын сайлап, жантаймас ай жайланып,
Мекен - жайсыз жүрер сырғып айланып.
Саратанмен жанып, бірге өшеді,
Ол көшпелі, бұл да бірге көшеді.
Ай бұрыжы406 – Саратан, ол тынбайды,
Үйі айналса, ай да бірге зулайды.
745 Қай үйге енсін, тәрк қып шыға береді,
Кіріп - шығып, шығып - кіріп желеді.
Мен де Айдан айнымаймын, білемін,
Бірде – өрде, бірде ылдида жүремін.
Келіп - кетіп шарқ ұрамын, жатпаймын,
Кең жаһанды кезсем де орын таппаймын.
Затыма сай, "Айтолды" деп атаған,
Білімдінің айтқаны аумас батадан."
Шыр етіп жерге түскеннен қазақ баласының маңдайына жаза көр деп тілейтін "бармақтай бақтың" бітімі осы. Тағы да сол Айтолды – Дәулет: өзім Бақ-Дәулетпін, басырмын, сондықтан "Кім жұғысса, соны ұстап алып еремін", көзім көрмегендіктен жақсы-жаман демеймін, таңдап жатпаймын, еріп жүре беремін дейді. Иә, иә... Бақ кімге қонбайды, дәулет кімге бітпейді... Бірақ, соның бәрі қайда?! "Бір қылығым: айнып кете беремін, Тұрақсызбын, маған сенбе! – дегенім" деп тағы ескертеді. Су, сөз, дәулет бір орында тұрмайды:
668 Құтты кісі "Құттымын!" – деп лепірме,
Даңқты кісі даңқыңды айтып есірме! –
деп сескендіреді Айтолды. Жұртқа игілік шуағы тисе, Айтолды да нұрлы, ажарлы. Құттың өзі де, көзі де өзі. Ұлылық та, бектік те, мейірім. шапағат та Дәулеттен тарайды. Жүзі нұрлы, қылық-құлығы сырлы, сабырлы. Қайда барса, жұрт сонда барып "еріп жүреді". Тозақ та ұзақка төзбей тоз-тозы шыға безіп кетеді, өйткені сабыры бар! Уайым да тайқып кете береді, өйткені шаттығы бар! Дәулетке қарсы шыққан жан азаппен өтеді, бой ұсынып жақын тартқан жан мұратына жетеді. Құтты құртамын дегендердің өзі құриды. (670 - 685 бәйіттер).
Айтолдының сипатына сүйінген Күнтуды елік тағы да сауал тастады:
"Елік айтты: – Ұқтым қадір, бағаңды,
Мінің бар ма? Айт, білейін шамаңды...
Айтолды айтты: – Жоқ залалым, жоқ мінім,
Жоқ мінімді тергіштер бар, күптімін.
685 Тұрақсыз һәм опасыз деп сөгеді,
Жұртқа жайып, тілдің кәрін төгеді.
Тұрақсыздық мінім емес, біл өзің,
Жаңаны аңсап, түлеп тұру – мінезім...
Ескі нәрсе – бәрі тозған, сүйкімсіз,
Сүйкімсіздің жүгі болар сүйкімсіз.
Барша ескілік – түбі азапқа айналар,
Ал, азапқа тозақ әркез сай болар.
Жаңа нәрсе табылса, ескі не керек,
Жақсы нәрсе болса, жаман не керек?!"
Елбасы тағы толғанды:
Із қала ма жүріп өткен жеріңде?
Айтолды айтты: – Жарда ойнаған киікпін,
Сол мінезбен сүйікті һәм күйікпін.
Ұшқырмын мен , іздеген жан таба алмас,
Тапқанымен, ұстап мәңгі қала алмас.
700 Қатты ұстаса ер, болса ақылдың ұстасы,
Қаша алмаймын одан, сөздің қысқасы!
Сол Дәулетті ұстаудың, сақтаудың жолы бар ма өзі?
Іздеген жан болсын жібек мінезді,
Көңілі таза, тілі майда, жігерлі!
Аяса өзін , мекерлікті білмесе,
Жауыз істің маңынан да жүрмесе
705 Жиған малын ысыраптап, шашпаса,
Құлқын оңдап, жөн-жосыққа бастаса.
Құрмет қылса үлкендерге өзінен,
Кішілерге мейірім төксе сөзімен.
Паңдылықпенен қорсынбаса кісіні,
Күлкі ғылып, басынбаса кішіні.
Кісілерді кішіктікпен тыңдаса,
Кіші сөзін аяқ асты қылмаса.
Тектен - текке шарапқа аран ашпаса,
Көңіл – арсыз көрінгенге лақпаса.
710 Міне, осылар баянсыз құт кісені,
Кісендесе, қашпайды, өзі-ақ түседі!
Тұта білсең, дәулет тозып, безбейді,
Қолдан шықса, қайта айналып келмейді
Құт та келер, тұта алмасаң – озады,
Дүние берер, тұта алмасаң – тозады!
Қонған құттың біл қасиет-қадірін,
Қадірді ұққан – көрмес тірлік жәбірін!
Бағыңды байлама, бақытыңды басқа теппе, ырысыңды шашпа, несібеңнен қағылма дейді қазақ. Бұған қатысты сенім-нанымдар, жұрт аузындағы қағидаға айналған ырым-дәстүр, аталы сөздер қашанда тіл ұшында тұрады. Соның бәрінің жылы ұясы сонау ежелгі түркі дүниетанымы. Түркі жұрты жаралғалы тұрмыс - тіршіліктен сіңген, сонда туып мысқалдап қалыптасқан қағидалар. Бір кереметі адам баласын күні бүгінге дейін арбап келген, әлі де алдандыра беретін дәулет екеш дәулеттің өзінің сұрқын ашып, оған парасат - сананы, жақсы мінез, жампоз кісілікті жарыстыра ақылшы ету арнасы әріден тартылған ғұмыртанымның заңға айналған тұжырым тірегіндей. Сананың сарғайып піскен сары алтындай дәні. Халықтың сол тарихи таным топырағына түскен дән көктеп, тіл жарып жүре берді. Қазіргі қазақ жұртында көзге көрінбей көңілді билеген Қанағат, Рахым деген құдіретті ұғымдар болса, сол ежелгі құнарлы топыраққа түскен кісіліктің кіршіксіз дәнінің жемісі. Бұл екеуі де дастанның бас кейіпкерлері, басты рухани-эстетикалық арқаулары. *** Ақылман дастанның халықтың тәні мен жанын сұлуландырып, рухын аспандата түсетін талай-талай тамаша толғамдары әдебиеттің ең бір өміршең қасиеттерін дәлелдеп береді, Ұлттың елдігін, зердесі мен сезім тұңғиығын ұғындыра түсетін ой орамдары ұлттық сана, таным мен салт-дәстүріміздің тұнық қайнар бастауы ретінде қастерлі. Бұл күндері менталитет деген ұғымды жиі қолдана бастадық. Қазақ жұртының ежелгі әдеті тілге де, жүрекке де таңсық нәрсеге үйірсектік, тосын нәрсеге еліккіштік. Бұл сергектіктің, әсершіл қызығушылықтың жақсылығын да, зиянын да қазақ ағайындар көрудей-ақ көрген. Бұл Абайды да талай күйіндірген мінез. Иә, қазақ жұртының бүгінгі күнгі менталитеті дегенде тұтас бір ұлттың қырық қырлы бірегей бітімі елестейтіндей. Ал, осы ұлттық менталитеттің өз тарихы, өз тағдыры бар. Ол бір жағынан, тарихқа бойлау, санамен сарғая сіңіру арқылы ұлттың жаратылысынан өзіне ғана тән бітім тұлғасын, мінез-құлық табиғатын, айналып келгенде өзін өзі табуына, тануына жәрдемдеседі. XX ғасырдың аласапыранынан арып-ашып шыққан қазақ жұртының қазіргі менталитеті ұлттың әуелден өзіне тән хас қасиеттерін толық танытады дей алмаспыз. Соңғы бір ғасырға жуық кезең шамасында рухани топан су тасқынына түншыққан қазақ халқының көш басын қайта түзеуіне дейін, ұлттық менталитетін сауықтыруына дейін ұзақ жылдар керек. Осы ұзақ жолда шөліркеген ұлттың өзегіне нәр болып тамып, қанын тазартып, жанын жаңғыртатын бір күретамыр осынау ғасырлар қойнауынан тінін бұзбай жеткен түркі танымы, түркі эстетикасы. Осы тұрғыда, "Құтты білік" – халықтың құтына, ырысына айналған ілім. Ұрпақтан ұрпаққа, адамға құт берген, береке-ырыс әкелетін білім. Көзі ашық, көкірегі ояу ұрпаққа ғасырлар бойы адамдық, азаматтық, қасиеттерін, әдеп-салихалылық дәстүрін сіңірген дастан. Дана дала төсінде не өтпеді, не болмады.
Қанша берік бекет, орда, қаланы,
Жермен жексен етіп ажал тонады!
6435 Қанша шәһар, қаншама бау жайнаған,
Қалған қурап, бағын өлім байлаған.
Талай шәһарлар, талай сарайлар із-тозсыз жоғалды, талай баһадүрлер, асылзадалар құмға айналып құрдымға жұтылды. Талай ғалымдар, ғұлама бекзадалар, ақ иінін ай сүймеген арулар ескерусіз, елеусіз өтті, қадірсіз кетті. "Оған да тек екі кез бөз бұйырған!.." (6443). "Кұтадғу біліг" ("бітік" – жазу, жазба) ғана он ғасырға жуық ұланасуды асып, жаңғыруға бет алған ұлыстың алдынан шығып отыр. Кітапты қолға алған сайын, өлең жолдарына үңілген сайын ұлы даланың ұлы тарихына таңданып, туған ел, өскен жердің рухани қазынасының қайнар бұлақтарының таңдайға балдай тиетін мұздай мөлдір кәусәрінен татқандай боласыз. Халық атты ұлы ұғымға ұласқан ұлы қәдір-қасиеттің, тәлім-тәрбие мектәбиәтінің табалдырығынан аттағандай, күн айналған күмбезінің нұрын сезінесіз. Бұл жазба жүзінде ғана емес, ұлттың тұла бойына дәстүрмен сіңіп, тіршіліктен дарыған сол жұрттың өзімен бірге өсіп-өніп отыратын рухани нәр дәні. Сондықтан да, ақылман шығарманы оқығанда түркі халықтары ғылымының, тілі мен өнерінің тынысын танып, құнарлы топырағының ыстық табы бойға тарағандай күй кешесіз. Жүсіп Баласағұнның өзі де:
Кітап атын "Құтадғу біліг" қойдым,
Құтын тұтсын оқушым білікті ойдың! –
дегенде де осы ізгі ниетті аңғартқан шығар. "Әділдік – құт. Құт құрығы – кішілік. Әділдіктің заты – тұнған кісілік!" – дейді ғұлама. Әділет – әділ хан, елбасы. Жаһанға жарығын тең шашқан күндей Күнтуды:
Заң алдында бәрі бірдей мен үшін,
Көсем әділ. "Болмайды ешбір келісім...
Біл, Әділ заң – басқарудың тұғыры,
Бегі әділ ме?! Берік елдің жұлыны!
Бек елінде тура заңды ұстаса,
Бар тілекке жетер қолы, қысқасы! –
дейді өзін таныстырғанда.
Айдай бірде толып, бірде солып ортайып тұратын ай дидарлы Айтолды, дәулет - уәзірі. Осынау төрт бас кейіпкердің портреттері, әдеби көркем тұлғалары арқылы-ақ ел өмірінің төрт діңгегі Әділет, Дәулет, Ақыл, Қанағат жайлы ұлағатты ғибрат айтылады.
Кісілер көп, кісілікке кендеміз,
Адалы аз, адам атты пендеміз.
Кісі сирек емес, сирек кісілік,
Кісіліктің қадірін біл, түсініп! –
дейді даналық дастан ұлағаты.
Қоғамның, тіршілік-танымның әр сәтіне, әр құбылысына Жүсіп Баласағұнның өз түйіні, айқын көзқарасы, байсалды байламы бар. Адалдық, тіл, білім, ерлік, ездік, байлық, мәрттік, махаббат сынды терең мағыналы астарлармен, аллегориялық парықтаулармен өмірдің мәні зерделене түседі. Сипаты айқын, сырлары қанық. Тіл өнеріне арнайы жеке бір тарау арнаған ғұлама көлемді дастанның әр тұсында түркі тіліне деген ерекше құрмет сезіммен тебіренеді. Дастанның соңғы қорытынды тарауларында да "түркі тілін үркек, тағы киіктей" сылап, сипап қолыма үйреттім, мәнерлеп зерледім, тіздім, сөйтіп осы сөздерді жаздым дейді. І
Кітаптың сексен бес тарауының әрқайсысы бір-бір мәнді-мағыналы тақырыпқа арналған да, сол тақырып аясы, ақынның көзқарасы ұтымды тіл, бедерлі оймен нақышталған. "Адам баласының қадір-қасиеті біліммен, ақылмен екендігі айтылатын" алтыншы тарауда: 155. Ақылды ұғар, білімділер біледі,
Түгел болар білімді есті тілегі! – деп қайырады. Білімсіздік, надандық – кесел, дерт. Дертіңді емде, көзің ашылсын дейді. Ал, жетінші тарауда тұтастай "Тіл өнерінің қасиет-сипаты мен пайда, зияны айтылады":
Ақыл, білім тілмашы – тіл, тіл – кепіл,
Жадыратар ерді шырын тіл деп біл!
Тіл қадірлі етер, ерге бақ қонар,
Қор қылар тіл, кететұғұн бас болар.
Тіл – арыстан, есік баққан ашулы,
Үй иесі, сақтан, жұтар басыңды!
Алдыңғы тарауда ақыл, білім мәні сөз болса, енді сол ақыл мен білімнің тілмәші тіл хақында небір зерлі ой кестесін төгеді. Бірде қазіргі қазақ халық әдебиетіндегі мақал-мәтел, қанатты сөздерге етене жақын құлаққа жылы тиетін ұшқыр тіркестермен жаныңды баураса, бірде тіл туралы тосын да, тапқыр ой ұшқындарымен тәнті етеді.
Тілімнен көп жафа шектім, есебім:
Бас кесілмес үшін, тілді кесемін!
Сөзіңді бақ, басың кесіп алмасын,
Тіліңді бақ, тісің сынып қалмасын! –
дейді ғұлама.
Көп сөйлеуден артық пайда көрмедім,
Және сөйлеп, және ештеңе өнбеді!
Көп сөйлесең, "Езбесің!" – деп жек көрер,
Сөйлемесең, "Мылқау екен!" – деп, сөгер.
Олай болса, тең ортасы керегің, "Тілге ұстамды болсаң, өсер беделің!"(175), "Тіліңді бақ басың аман болады, Сөзді қысқа айт, жасың ұзақ болады!"(176) – дейді. Басқа пәле тілден демекші, қызыл тілдің де қырық қырлы қасиеттерін санаға сіңіре түседі, "Біліп айтқан сөз даналық деседі, Білімсіз сөз қайран басты кеседі!" (170). Тіл өнерін дертке балаған Абай атамыздың ақындық-философиялық дүниетанымы да Баласағұн әлеміне шарпысып жатқан жоқ па?!
Біліп сөйле, сөзіңде сөл, өң болсын,
Сөзің түпсіз қараңғыға көз болсын!
дейді дана ақылы. Сол асыл сөзді, толғамды тілді ұлына өсиет етіп, атадан балаға мирасқа тапсырады.
Күллі сөзді жисаң да, ақылды асырмас,
Керек сөзді сөйлер кісі , жасырмас.
Сөзді ұлыма арнадым мен, ер-батыр,
Ұлым, тыңда, менде алтын-кен жатыр.
Саған арнап сөз сөйледім, ей, ұлым,
Қасиетімді қабыл алғын, құлыным!
Күміс, алтын қалса менен сендерге,
Оларды сен бұл сөзіме теңгерме!
Күмісті іске, тұтсаң – бітіп қалады,
Сөзімді іске, тұтсаң – күміс табады...
Осы шағын үзінділерден-ақ, ойшыл ақынның сол кезеңдегі оқымысты һәкімдердің орта ғасырлардың өзінде тіл өнеріне қаншалықты мән бергендігін аңдауға болар. Шығарма ел басыларына, хан құзырына ақыл-кеңес ретінде жазылғанын, мемлекет түзуге аса қажетті мәселелердің жеке-жеке талданғанын ескерсек, тіл, білім, рухани дүние хақындағы ақын толғамдарының әлеуметтік мағынасы барынша жарқырай көрінеді. Парасат, білім, тіл, сана жайында ғұлама ауқымды дастанның әр тұсында-ақ оралып соғып, әлсін-әлсін тиянақтап, пысықтай түседі. Соның бәрінде тілдің қасиетін, білімнің қәдірін әмәнда асқақтата, жарық дүниедегі асылдың асылына балап толғайды. Әдеби аяда, этико-философиялық дастанның көркемдік өнегесі, кейінгі түркі тілдес әдебиеттерге ұласқан дәстүрі, тақырыптық тынысы, халықпен бірге жасайтын өміршеңдігі айқын сезіледі. Шығарма тақырыптарын шартты түрде: а) имандылық, әдеп-адамгершілік тұғырлары, ә) тіл, білім, ақыл-парасат сипаттары, б) әлеуметтік-қоғамдық түйіндер, в) тұрмыс-тіршілік толғамдары, г) мемлекет түзіп, ел түзеу туралы толғаныстар, д) табиғат, жаратылыс суреттері деп қысқа қайырып топтастыра білдіруге де болар еді. Тақырып аясының кеңдігімен бірге, троптардан бастап тұлғалы көркем суреттер мен портреттерге дейін типтендіру, сол арқылы заманның хатқа түскен мәңгілік таңбаларындай әлеуметтік, қоғамдық, психологиялық ірі құбылыстарды даралау сынды суреткерліктің кемеліне келген шеберлігі асыл мұраны қашанда өзінің өзгеше биігінен танытады. Халықтық, ұлттық мінез-құлық, жалпы этнологияға, әлеуметтік-психологиялық жаратылысқа қатысты бітімді кескіндеулер күні бүгінге дейін мәнін жоғалтпаған, кейін де символдық сипатын сақтап қала беретін поэтикалық таңбалар. Жаугершілік заман, жауынгерлік рух, ерлік-батырлық туралы ауыз әдебиетінде де, кейінгі заман шығармаларында да жеткілікті жазылған. Жауынгерлік, батырлық ұғымы әр дәуірде әртүрлі ыңғайда танылып, суреттелгені де мәлім. Баласағұн заманындағы батырлық, бағландық тіні тіпті бөлек. Ежелгі дәуір ақыны ең әуелі жау - дос, жауынгерлік, ерлік деген абстракциялық түсініктердің нақты суреттерін сызады. Олардың қоғамдық, әлеуметтік қисындарын алға тартады, Қызыл сөзбен әспеттемей, поэтикалық әрін де жоғалтпай өзекті заңдылықтарын түсіндіреді. Жау дегеннен-ақ жау шапқандай байбаламдап, ұрандап, жан таласып, жан бергін деп "үрейді" ұшырмайды. Ежелгі түркілердің Баласағұн жазған танымы өзгелеу, әлдеқайда байсалды, биіктеу көрінеді. Жаудың аты жау. Жаусыз қалай жауынгер болмақ?! Жау болмаса, қалай батыр атанасың!? Атың, атағың, күш-қайратың, кісілігің, білім-парасатың, адамшылық қасиетің, арсыздығың – бәрі де жауыңмен күресіңнен танылады. Ерлер жаугершілікте сынға түседі, жаугершілікте ширайды. Жаумен жауынгер болып шығасың, жау атыңды жалпақ әлемге жаяды, абыройыңды асырады. Жау екен деп жаныңды отқа тастама. Күшті, саны басым жау болса елші салып тілдес, жақындаспаққа ниет қыл. Табысқын, сыйласқын, сонда да мәмлеге келмесе, табысуға иілмесе соғыс, жеңіп ал дейді. Ал, жауласқан екенсің, сақ, сабырлы бол, шабуылды бастап, тез бітір, жау әскеріңнің аз-көбін біліп сырыңды алып қоймасын, көзі үйреніп үлгірмесін дейді.
Туғаннан соң текке өлу жоқ, біл енді,
Жауды көріп қалтыратпа тізеңді!
Өрттей тиіп, мәрттей жауды алқымда,
Ажал жоқта айбалтадай жарқылда!
Бұл тұста, соғысудың тактикасы мен стратегиясына қатысты айтатын айла-шарғыларын, тәсілдерін мазмұндамай-ақ қояйық, оның есесіне "Тобырлы емес, толымды әскер керегің", "Арыстан мінсең, қылышыңды қамшы қыл," "Таяқты жауға темір қалқан дайында!" секілді поэтикалық құдіреті көзге ұрып тұрған бірер мысалды оқып көрейік:
2366 Созба ұрысты – жау сырыңды алады,
Көп қараса, көзі де әбден қанады...
Көрмеген жау даңқын дақпырт асырар,
Көргеннен соң, көз үйреніп – басынар...
Жасындай ти, есін жиып алмасын,
Жіті адымда! Өлдің – созсаң арбасып.
2380 Қыз-келіншек ләззәті – неке қиған түндері,
Ер-жігіттің ләззәті – жау қайырған күндері!
2384 Жауды көрсе, ердің жүзі қызарар,
Жауға кірсе, жердің жүзі қызарар!
Заманына сай сара сөз, дара мінез кескіндері.
Құтты білік – құтты ел түзудің тұғырлы жолы. Күлтегін жырларымен салыстырғанда Әл-Фараби ойлары ғылыми дәйекті. Күлтегін жырлары – рух, жігер жыры, қаһармандық, Әл-Фараби толғамы – ілім! Жүсіп заманы мемлекеттіліктің өркенді өркениетіне ой жүгірткен, кемелділікті аңсаған кезең. Қайтсек ел боламыз, қайтсек іргелі ел, берік мемлекет боламыз дегендегі құтты тұғыр, алтын бесік – білім, білік екендігіне көз жеткізген. Үлкен мұратқа бет бұрғанда, елдікке ден қойғанда сол мемлекеттің, халықтың қаймағы – ерлері, анасы, баласы, ақсақалы қандай болмақ? – деген күндер. Елдіктің таяныш, тіректері бектері мен игі-жақсылары қандай болып, қайтпек керек? Дастандағы әртүрлі әлеуметтік топтар мінездемесі содан туындаған.
Жаратты адам баласын да бір Алла,
Есті-ессіз, ұлығ-кішік бар – онда.
Ақылды бар, ақымақ бар, бар ғалым,
Бай-кедей бар, надан, аңқау, бар залым!
Бәрін соның алаламай бөлектеп,
Басқаратын қандай болу керек бек?!
Иә, бек тұлғасы қандайлық? Бек қандай сипатта қадірлі? Жақсыға да, жаманға да, естіге де, ессізге де сипаттама береді. Бек деген ұғымды биіктетіп, даралай түседі.
Ақыл керек, бекке керек білік те,
Сақилық та керек лайық жігітке!
Бек халықты тек білікпен сендірер,
Барлығын да ақылына жеңдірер.
Бек дегенің білікпенен берік тұр,
Білік кетсе, "бек" қалады – желік құр!..
Бектердің ұлт көңіліндегі азаматтық тұлғасы көзге елестейді. Ақыл да, сабыр да, ізгілік те, мейірімділік пен қаталдық та ең әуелі елге қадірі жүрер бекке қажетті қасиеттер.
"Құтадғу біліг" ежелгі түркі жұртының поэзия түріндегі тұңғыш кітабы, адам мен қоғам хақындағы мәні терең философиялық трактаты. Оны аудару көне түркі поэзиясының ішкі қасиеттерін бүгінге жеткізумен қатар, ежелгі тілдің қазіргі төркіндес түбірі бір тілдермен сабақтастығын, туысқандығын іс жүзінде көзге тосу деген сөз. Басқа аударма ерекшеліктеріне қарағанда көне тілден туысқан тілдерге аударудың өз тәжірибесі, өз сипат-заңдылықтары бар. Сөздердің бәз күйіндегі тұлғаларда кездесуі, мағынасы ұмытылған, ұмытыла бастаған тұлғасы таныс сөздер, тұрақты сөз тіркестері, мақал-мәтелдер, образдар, метафоралар, жалпы поэтиканың тарихилығы – міне, осының барлығы тектес тілдерден аударудың өзіндік қиындықтары мен ерекшеліктерін түзеді. Бұл жерде еркін аударма да, сөзбе-сөз аударма да, мағыналық аударма да, көркемдеп, мазмұндап аудару да толық жемісті шыға бермейтіні заңды. Қазіргі тілдің ежелгі замандағы күретамыры іспетті көне түркі тілінің поэтикалық нәрін, көркемдік куатын жасытпай, сонымен бірге дәл де тиянақты аудару бір жағы шеберлікті керек етсе, екінші жағынан үлкен жауапкершілік жүктейді. Көптеген сөздердің тұлғалары сақталса да, мағынасы мүлде өзгеріп, түлеп шыққан, кейбір идиомдар мағынасын әлі күнге дейін өзгертпей сақтаса, кейбірі мүлде жаңа мағыналық қырынан көрінген. Оның үстіне тілдің қоғамдық әлеуметтік факторлардың бірі ретіндегі тарихилық нәрін қосыңыз. Міне,осындай сан-алуан қасиеттерін ескере келсек, әрі дастанның поэзия туындысы екенін еске алсақ ежелгі, осыдан оншақты ғасырлар бұрынғы туындыларды қазіргі туыстас тілге аударудың барша мәселелері қордаланып шыға береді, Бұл аударма тәжірибесінде соңғы жылдары көрініс бере бастағанымен, теориялық тұрғыда тиянақталып белгілі бір зерттеу-зерделеу жұмыстары жасалып, ғьлыми жағынан негізделмеген сала. "Құтты білік" секілді көне түркі мәдениетінің бірегей де бітімі берік туындыларын аударып, насихаттауда осы мәселелердің де ғылыми-тәжірибелік мәні өзгеше. Сонымен бірге мұндай сипатты аудармалар тілдің байлығын танытумен қатар, ұлттың эстетикалық таным өресінің қаншалықты таза да биік екендігін, тарихи поэтика тарапынан рухани дүниеміздің қаншалықты сан қырлы бай келетіндігін де аңғартады. Біз осынау көнетүркі ескерткішінің бір жағынан өзбек, ұйғыр, қазақ, түрік тілдеріне аударылған (филологиялық, әдеби, жолма-жол аударма мәтіндерін) нұсқаларын, екінші жағынан орыс тіліндегі түрлі (еркін, жолма-жол) аударма нұсқаларын қарап, салыстыра келгенде көптеген ғылыми жайларды байқадық. Соларды түйіндей айтар болсақ, көне тілден қазіргі туысқан тілге аударғанда туындының көркемдік-эстетикалық табиғаты, тіл ерекшелігі, тілдің ғасырлар бойғы даму, түлеу, өзгеру тәжірибелері ескерілуі, ең бастысы түпнұсқаның бар бояуы сол тіл түбірінің тектестігі негізінде сақталуы, мүмкіндігінше толық жетуі шарт.
"Құтты білік" түркі елінің ел болу жолындағы қоғамтану, елтану дастаны десе де сияды. Көркемдігі кемел, ойы зерек, тұғыры берік ақылман трактаттың қазақ жерінде жазылуының өзі, осы өңірді мекендеген жұрттың құпия да қастерлі жазуы болғандығының өзі көп жайды мегзесе керек,
"Құтты білік" жазылған тұста "Игорь жасағы жайлы жыр" да, "Монғолдың құпия шежіресі" де дүниеге келмеген-тін.
Орта Азия түркі тарихының аласапыранға килігіп, түркі дарабоздарының шашасына да, санасына да шаң тимеген тұнық тұста туған туынды. Сонысымен де қымбат. Қазіргі қазақ еліне байырғы елдік, мемлекеттік дәстүрін, суреткерлік салтын сездіруімен қымбат.
ПАЙЫМ ЭСТЕТИКАСЫ
Махмұт Қашқари түрік жұрты, түрік ұлысы жөнінде былай деп сөз қалдырыпты:
"Мен тәңірінің дәулет ұясын түріктер жұлдызына жаратқандығын және ғарышты солардың заманы үстінде айналдырып қойғанын көрдім. Тәңірі оларды "түрік" деп атады. Әрі оларды мемлекетке еге қылды. Заманымыздың хақандарын түріктерден шығарып, дәуір, халықтың ақыл-ерік тізгінін солардың қолына ұстатты; оларды адамдарға бас қылды; хақ істерде соларды қолдады; олармен бірге күрескендерді әзіз қылды әрі түріктер ішінен соларды барша тілектеріне жеткізіп, жамандардан, зұлымдардан қорғады407.
Шайх Әбубәкірдің ақырзаман турасында жазған бір кітабында ұлы пайғамбарымыздан нақыл келтіріп, мынадай хадисті баян етеді: "Ұлығ тәңірі: Менің бір тайпа қосыным бар, оларды "түрік" деп атадым, оларды күншығысқа орналастырдым, Бір ұлысқа ашуланып, назалансам, түріктерді соларға қарсы саламын"408 депті. Сондықтан да Тәңірдің өзі оларға ат берген, жер жүзінің ең биік, ыңғайлы, ең әуесі таза шұрайлы өлкелеріне орналастырған да, оларды "Өз қосыным" деп санаған. Оның үстіне түріктер көркемдік, сүйкімділік, жарқын жүзділік, әдептілік, жүректілік, үлкендерді, қарияларды құрметтеу, сөзінде тұру, мәрттік, кішіктік, тағы сондай сансыз көп мақтаулы қасиеттерге ие."409 Өз заманында айтылған сөздердегі ғалымның еліне деген ерекше ықыласы көрініп тұр. Екінші жағынан қазірде қырықтан астам ұлыс-ұлттардың тегін білдіретін "түрік елі", "түрік жері" ұғымының дүние тарихында өзіндік орны бар екендігі күмәнсіз әрі айдан анық тарихи ақиқат. Тағы да сол түрік жұртының тілі жөнінде ғұлама тілші ғалым Махмұт Қашқари былай деп білдіріпті: "Түріктердің оқтарынан сақтану үшін, олардың жолын берік тұту әрбір ақыл иесіне лайықты да парызды іске айналды. Өз дертін айту уа түріктерге жақын болу үшін оларға түрік тілінде сөйлесуден пайдалы жол қалмады. Кім өз дұшпандарынан безіп, түріктерге мұңайып келсе, түріктер оларды қанатының астына алып, қауіптен құтқарады; олармен бірге басқалар да қамқорлық, пана табады. ... Пайғамбарымыз қиянат белгілері, ақырзаман бітінәлары мен оғыз түріктерінің жорыққа шыққандығы туралы айтқанда "Түрік тілін үйреніңіздер, сонда олардың егелігі ұзақ, ғұмырлы болмақ!"410 — деген екен.
Бұл хадистің дұрыс-бұрыстығына сол айтушы кісілердің өздері жауапкер. Бұл шын болса, түрік тілін үйренген абзал, білген жөн, шын болмаған жағдайда, түрік тілін үйренудің зияндылығын ақыл парықтар.
... Ең ашық-айқын әрі тура да түзу тіл — тек сол бір ғана тілді біліп, парсылармен араласпайтын және шет өлкелермен барыс-келіс. жасамайтын кісілердің тілдері.411" Түрік елі мен түрік тілі туралы осындай ой айтқан Махмұт Қашқари өзі жайында:
"Сонымен, мен сол түріктердің қызыл тілге ең шешендерінен, ең әдемі әңгімешілерінен, ең бір зеректерінен, ең білгірлерінен, ежелгі асыл тайпаларынан уа соғыс ісінде мықты найзагерлерінен болғандығымнан, олардың шаһарлары мен сахарасын бастан-аяқ аралап шықтым. Түрік, түркмен, оғыз, шығыл, йағма, қырғыздардың сөздерін және (сөздерінің) қасиет, құпияларын анықтап шықтым, оларды пайдаландым. Мен бұл істерді осы тілдердегі әрбір кішігірім айырмашылықтарды парықтап білу үшін істедім. Сонымен олардың әрқайсысының тілі менің көңілімде ұялап, берік сақталып қалды. Мен олардымұқият реттеп, әбден тәртіпке келтіріп, жүйелеп шықтым.
Бұл бір мәңгілік жәдігерлік уа таусылмас-түгесілмес, азып-тозбас бір байлық болсын деп, бір Тәңірге сыйынып, осы кітапты түзіп шықтым да, оған "Диуани лұғат-ит-түрк — Түрік тілдерінің диуаны" деген ат бердім,412" - деп баян етеді...
Жалпы, түрік жұртының бір тарихи кезеңін Қүлтегін, Тоңықұқ ескерткіштері жеткізсе, сол ескерткіштерге қашалған сөздердегі "Түрік" ұғымы атаулыға қастерлей қарау дәстүрі, байқап отырсыздар, осы еңбекте де айқын. Ал Өнгін ескерткіштеріндегі "(3) Батыр ерлерін балбал етіп қойды. Түрік халқы аты жоғала бастаған еді. "Түрік халқы құрымасын, құрбан болмасын!" – деп үстіндегі Тәңірі айтқан еді," – дегендегі Тәңірдің аузынан айтылған сөздің рухы да Махмұт Қашқари ниетіне өте-мөте жақын.
Тәңірдің сөзін ортаға ала сөйлеу...
XІ ғасыр табалдырығында тұрып зерттеуші тілші түрік тілі мен елі туралы хәм өзі туралы осындай тұжырымдар айтқан. Айқын, нақты, түйінді ой. "Түрік сөздігінің" мақсаты мен маңызын осы сөздердің өзі-ақ жақсы түсіндіріп берген.
Қүлтегін, Тоңықұқ, Өнгүн жазуларында да, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари еңбектерінде де өзекті бір рухани желі бар. Ол – Түрік елі, түрік өркениеті.
Руна жазуларында елді сақтау, мемлекетті түзу, кеңейту, нәсілдің құрып кетпеуі қысқа, нақты ой, түйіндерімен жетсе, кейінгі XІ ғасырдағы әйгілі жазбаларда сол рухты ұстанып әрі қарай гүлдену мақсатын өнер мен ғылым тілінде толғайды. Кейінгі шығармаларда елдік дәстүр, халықтық рух, өнер-білім, білік мұраттары айқындала түскен.
Барша түрік әулетіндегі халықтардың қатарында қазақ елінің де мәдениетіне, тіліне, өнеріне тікелей қатысты ұлы ескерткіштердің ішінде осы "Түрік тілдері жинағының" үш томдығы да ерекше шоқтықты биігінде бағаланады. Жүсіп Баласағұнның атақты "Құтадғу білік дастаны хыжра бойынша 462-жылы жазылса, Махмұт Қашқарлы бұл үш жинаққа топтастырылған, сегіз кітаптан тұратын тілтану жайлы еңбегін хижра бойынша 464 жылы бастап 466 жылы аяқтап шыққан. Екі білге де бұл тарихи деректерді аталмыш еңбектерінің қолжазбасында жазып, көрсетіп кеткен. Арасында небары 4 жылдай ғана уақыт айырмасы бар. Әрі екеуінің өмір сүрген дәуірі мен жері де, білім түзіп, ғылым сүзген топырақтары да бір. Бір өркениаттың, бір мәдениеттің өзгеше дәуірлеу тұсының мәңгілік бәйтеректері. Басқа да ежелгі түрік ескерткіштерінің ішінде жазылу мәдениеті, поэзия мен ғылыми-зерттеу еңбектеріне тән ерекшеліктердің аса айқын, маңызды әрі кемел сипата көрініс табуының өзі-ақ "Құдатғу білік" пен "Түрік тілдерінің жинағы" байтақ Тұран даласындағы қоғамдық ойдың, көркемдік-эстетикалық танымның каншалықты таңқаларлық жоғары дәрежеде толысқанының тарихи кұжатына айналған, Бірі – аса шебер толғанған философиялық-дидактикалық дастан, екіншісі – бүкіл түрік тілдеріне ортақ Тілтану энциклопедиясы. Түрік тілдес халықтардың қай-қайсысының да ұлттық тіл біліміне кіріспе қадамдары ежелгі руна жазуларымен қатар, арнайы ғылыми сипаты қанық осынау үш томдық "Диауани лұғат-ит-түрк" еңбегінен басталуы тиіс.
Философиялық әрі поэтикалық трактат пен тіл білімін түзген осынау ұлы зерттеудің биігінен қарағанда күллі түрік мәдениетінің көкжиегі әлемдік деңгейде кеңейіп, тынысы ашылып аруақтанып кетеді. Осыған дейінгі ұлан-ғайыр даму белестері бедерленіп көрініп, шоқтықтана түседі. Махмұт Қашқаридың толық аты-тегі: Махмұт Құсайын ұлы, бабасы Мұхаммед. Ата-бабасы Барсғанда туған. Яғни ата-тегінің шыққан жері, өзінің өсіп-өнген жері осы көне түрік шахарларының аумағы. Баласағұн, Барсған жері. Өзі де осы құнарлы Талас, Шу топырағында, Барсхан қаласында дүниеге келген. Өз басым Махмұд Қашқари өзінің картасын жасағанда нақ ортасында дүниенің кіндігіндей етіп Барсғанды көрсетуі тегін емес деп сезінемін, Ғалымның өзі де Барсған жөнінде толық мәлімет келтірген: "Барсған – Афрасиаб ұлының есімі. Барсған қаласын сол салдырған..."413 – деп бастап, тиянақтап түсіндіреді. Жері шүйгін, ауасы таза, жақсы жер екендігін, сол жерде жылқы баққандығы, кейін оның есімімен Барсған аталғандығын түсіндіре кетеді. Сонымен бірге, сөздігінде осы аймақтағы бірнеше ауыл, жайлаулардың атауы кездескенде "біздің жайлау", "біздің жер" деп қосымша мағлұмат білдіріп отырады. Сондықтан әртүрлі пікір-болжамдар болғанымен, Махмұт Қашқаридың туған, өскен жері турасында күмән, күңгірттік болмаса керек. Ал, ғұлама ғалымның туған-қайтыс болған жылдары белгісіз. Ол жөнінде кітапта да дерек кездеспейді, басқа зерттеулер мен сол тұстағы жазбаларда да ештеңе демейді. Қолжазбада Махмұд Қашқаридың бұл еңбекті қай жылдарда не үшін бастағанын, не үшін жазғанын һәм қай жылы, қай күні тәмәмдағанын түсіріп кеткен мерзімге қарап шамалауға болады. Сондай-ақ кейінгі, бертінгі тұпнұсқаны көшіріп сақтап, таратушылар қай жылдары көшіріп жазғандарын білдіріп отырған. Кітаптың өз мәтініндегі деректер бойынша хыжра бойынша 464 жыл мен 466 жыл аралығына төрт рет редакцияланып, түзетіліп жазылып шыққан екен. Әрине, осыншама ұлы еңбекті жазуға Махмұт Қашқари білге талай жылдарын сарп еткені анық. Бүкіл түрік жерлері мен тайпаларын тегіс аралау, тіл ерекшеліктерін салыстыра талдап саралау, әр ру-тайпаның тіл байлығы мен тіл кұнарына ден қойып зерделеу үстіне айтылу, жазылу заңдылықтарына дейін жетеге жеткізе зерттеу, тіршіліктегі, тұрмыстағы қолдану аясына байланысты өміршеңдік жағын карастырған қағидалар шығару –ғұлама ғалымның ғұмырлық мұраты болғанға ұқсайды. Егер "Құтадғу білік" ("Құтты білік") дастанын жазған кезде Жүсіп Қас Хажыб Баласағұн 51 жас (А. Ділашар), 54 жас (Р. Р. Арат) шамасында деп сенімді түрде түйіндесек, Махмұт Қашқариға келгенде, жас шамасын айқындау біраз қиындықтарға түседі. Жүсіп Қас Хажыб дастанында өзінің жас шамасына қатысты, шығарманың жазылу мерзіміне қарай (он сегіз айда жазған) там-тұмдап болса да деректер ұшқыны бар. Ал Махмұт Қашқари өзінің ең бір қызыл тілді шешен, батыл, өжет, найзагер екендігін айтады. Әрі араб, парсы және түрік мәдениетіндегі, олардың қоғамдық-эстетикалық дамуындағы ағым үрдістерді еркін ажыратып, салыстырып отырады. Әрине, ел-жұрт ішінде танылып, белгілі болмаған, мойындалмаған болса, Махмұт сияқты ұлы хәкімдер құр мақтанға бармас еді. Демек, осы сегіз кітаптан тұратын еңбегін жазуға кіріскенде ғалым кемеліне келіп, ел ағасы боларлық жасқа жеткен кезі деп шамалауға болар еді. Еңбек біздің жыл санауымызша 1072 не 1078 жылдарда жазылған деп жобаланып келсе, оны жазған хәкім елулерге кең-мол қадам басқан адам. Әйтсе де, 1029—1038 жылдар аралығында туған (О. Прицак) деген болжам бар.
Ғалымның тегі, елі жөнінде де түрлі болжамдар, кайшылықты пікірлер жеткілікті. Оның қайсыбір кереғар бағыттары көзі ашық, құлағы түрік оқырмандарға мағлұм. Кереметтей еңбек тындырып, тарихи маңызы терең зертеулер жазған, аудармалар жасаған ғалым-хәкімдеріміздің осындай "нәзік" тұстарда тарихи ұлы тұлғаларды жанына жақын санап, іштартқан ниеттерін, адамға тән таза да бейкүнә ұлағатқа құштарлық сезімінен туған ықыласты болжамдарын бұл жерде олай-былай еді деп жіктеп-жіліктеп жатудың реті жоқ. Бұрынғыдай емес, қазір бүлінген түрік дүниесі қайтадан тұтастыққа бейіл бұрған кезде ондай пікірталасының ғылыми да, әлеуметтік те дәрежесі қатардағы ғана әңгіме. "Түрік сөздігінің" өзі исі түрік тақырыбын мұрат еткендіктен, ондай ұлы тұлғаның да ежелгі тұғыры — тұтас түрік әлемі. Ал тегімізге тән дәстүрмен ой жүгіртер болсақ, кітаптың мазмұн-сипатына, автордың өмірі мен қызметіне, ой-ниетіне қатысты деректер мен болжамдарды шолғанда, оғыз-қыпшақ ортасынан шыққан, Туран жұртының ұрпағы. Көрнекті түркітанушы Әмір Нәджіб өзінің "Исследования по истории тюркских языков XІ—XІV вв." деген еңбегінде: "Оның Қашқари деген лақап аты Қашғарда дәріс алып, сонда тұрғандығын ғана аңғартады. Автордың өзінің сөзі бойынша, ол ортаазиялық әскери қолбасшы, белгілі отбасынан, оғыз ортасынан шыққан. Ол жайында өзі "Біздің бек бабамыз "әмір" деген сөзді "хамир" деп атайды. Себебі, оғыздардын "әмір" деген сөзді айтуға тілі келмейді. Сондықтан олар міндетті түрде "хамир" деп айтады,"— деп жазған.
Махмұт Қашқари Самани әулетінен Орта Азияны тартып алған бектің есімі Хамир Темір екендігін білдірген. Осындай тұжырымдар автордың оғыз тайпаларының бірінен шығуы мүмкін екендігін меңзейді", – дейді. Ал, Әмір Нәджіб ақсақал білікті түріктанушылардың көшбасындағы ғалым. "Диуани лұғат-ит-түрк" кітабының бізге жалғыз қолжазбасы жеткен. Ол Түркияның Стамбол кітапханасында сақтаулы тұр. Кезінде Бағдаттағы халифат кітапханасында сақталып, кейін әртүрлі жағдайда көшіріліп, жер-жерге таралған, Түркиядағы қолжазбаны көшіруші сабалық, кейін Шамда тұрған Мұхаммед ибн Әбубәкір Әбл Фатих Махмұт Кашқаридың өз қолымен жазған түпкі нұсқасынан тікелей көшірілгенін куәландырып, хаттаған. "Бұл кітапты түпнұсқадан көшіріп болған күн 644 жылғы шәууәлінің 27 күнгі базар еді" деп жазған, осы кітаптың соңында. Соған қарағанда бұл қолжазба нұсқа "Диуани лұғат-ит-түрік" жазылғаннан кейін 180 жылдан соң көшірілген. Біздің жыл қайыруымызда 1266 жылғы 1-тамыз, Броккельман тұжырымы бойынша 2-тамызда, көшіріліп біткен. Кезінде "Түрік сөздігі" ("Диуани лұғат-ит-түрк") көптеген зерттеу еңбектердің жазылуына негіз болды. Көптеген ғалымдар Махмұт Қашқари еңбегі туралы құнды пікірлер айтып, жоғары бағалады, тіл біліміне қатысты соны жаңалықтар ашты. Мысыр, неміс, венгр, түрік, орыс ғұламалары қызыға зерттеген. Насихаттаған. Әйгілі мысырлық тарихшы Бәдреддин Махмұт ибн Ахмет ибн Мұса (хижра бойынша 758 жылы өлген) "Замана ақыл-ойының ақық-інжулері" деген еңбегінде түрік жұртының ру-тайпалары, таңбалық белгілері, тілі мен тұрмысы туралы тұжырымды, тиянақты да ықшам мағлұматтарды Махмұт Қашқаридың кітабынан оқығанын жазған. Бірқатар ежелгі Шығыс дүниесінің ғалымдары Махмұт Қашқари еңбегіне сүйенгендерін айтып, пікір білдіріп, сілтеме жасап отырған. Махмұт Қашқаридың тілдерді салыстырмалы түрде зерттеу тәсілі бүкіл араб, шығыс тілшілеріне ортақ зерттеу тәсілі ретінде, өзінше бір мектеп болып қалыптасты десе де болады. Арабтың мәшһүр тілтанушы ғалымы Жамаладдин ибн Мұхан түрік данасы Махмұт Қашқариды өзімнің ұстазым деп атаған. Стамболда сақтаулы тұрған осы жалғыз дана қолжазба тарихы да бір аңыз. Оны 1914 жылы түрік ғалымы Әли Әмір мұқтаждықпен саудаға салып тұған адамнан кітап жаймасынан сатып алады. Содан кейін Рифат білге баспаға әзірлейді. Жариялатады.
Неміс ғалымы К. Броккельман "Диуани лұғат-ит-түріктің" табанды зертушісі ретінде танылды. 1919 жылдан бастап зерттеу мақалаларын жазып, жүйелі зерделеді. Ал, 1928 жылы жинақтың неміс әліпбиінің ретімен түзілген немісше индекс сөздігін жариялады.
Махмұт Қашқаридың ұлы қызметі мен еңбегінің жемісін танып, бағалап, болашақ ұрпақ игілігіне айналдырудағы түрік ғалымы Басым Аталайдың талантты да ыждахатты еңбегі күллі түріктану ісіндегі ғажайып зор әрі зейнетті ғылыми іс болды. (Бұл жерде, Б. Аталайға дейін Рифат білге, тағы басқа бірнеше зерттеушілер аударған. Бірақ олардың ғылыми нәтижелері қауымға кеңінен мәлім бола қоймаған сияқты). Басым Аталай көп зерделеп ізденіп, өлмейтін, түрік тарихымен бірге жасай беретін ғұмырлық кызмет сіңірді. "Диуани лұғат-ит-түрк" кітабын Түркия түріктерінің қазіргі тілінде тәржімелеп, жүйелеп 1939 жыл мен 1941 жыл аралығында 3 томы мен индекс сөздігін жарыққа шығарды. Сонымен қатар, қолжазбасының факсимильді басылымын жүзеге асырды. Басым Аталай қолжазбадағы түсініксіз тұстарды парақтап, талдап түсіндіріп, өзіне дейінгі зерттеу жұмыстарын саралап зерделеп, К. Броккельман еңбегінде орын алған жаңсақтықтарды дәлелді түрде түзетіп, тиянақты ғылыми түсіндірмелер жасап кейінгі түрік танушы мамандарға аса пайдалы, халық тарихына да жарайтын академиялық іс тындырған.
Түрік танымына тән ерекшеліктерге, ел-жер аттары, этнологиялық таным-түсініктерге, этнографиялық, топонимдік ерекшеліктерге қатысты мұқият ғылыми жүйелілікке ұмтылды. Махмұт Қашқаридың "Диуани лұғат-ит-түрк" кітабының ғылыми, тәжірибелік маңызын танытуға талантты да ғылыми дәйекті бағыт салды. Үш томдағы аудармаларда орын алған кемшіліктерді, жаңсақтықтарды индексті сөздігінде (4-том) түзетіп, тұжырымдады.
Басым Аталайдың ғылыми еңбегі, тұжырымдары кезінде Қарл Броккельман, тағы басқа айтулы мамандар тарапынан қолдау тапты, жоғары бағаланды. Басым Аталайдың Түркия түріктері тіліне аударған аудармасы, талдаулары, түптеп келгенде ғылыми аударма. Сонысымен де, осы саладағы мамандар мен зерттеушілер ден қойып, бағыт етіп ұстанатын бірден бір басылым нұсқасы. Батыс пен шығыс зиялыларының назарын біртіндеп аударып келген бұл ғылыми ескерткіш осы 1939-41 жылғы жарияланымнан кейін мүлде жаңа белеске көтеріліп, тынысы кеңейіп, екінші бір өмірін бастап кетті. Дүние жүзіндегі аса құнды энциклопедиялық асыл қазыналардың қатарына қосылды. Шындығында да, Брокгауз, Даль, Радлов секілді ұлы зерттеушілердің іргелі еңбектерінің қатарында адамзат баласы игілігіне айналды. Түрк тектес халықтардың басқа тілдеріне аудару кезінде жоғарыдағы зерттеулер мен аудармалар, әсіресе Басым Аталай еңбегі басшылықа алынып келеді. Бұдан кейін 1960 жылдары Ташкентте үш томдығы өзбек тілінде араб және кирилица әліппесімен жарық көрді. Аударып, баспаға дайындаған Салық Муталлибов. Ол аударып, алғысөз, ғылыми түсініктерін жазған. Ұйғыр халқының зиялылары ежелгі түрік жазбаларының қай- қайсысына да ізгі құштарлықпен қарап, іштартып отыратыны түсінуге болатын жақсы қасиет. Ұйғыр тіліндегі аудармасы Қытайда 1981 жылы жарық көрді, үш том. Онда ұйғыр аудармашылары Б. Аталай мен С Муталлибов аудармаларына ғылыми сыни көзқараспен қарап, дұрыс тұстарын қолдап, қателіктерін түзете отырып, факсимильдік басылыммен қатар алдыңғы көш ретінде оларға да сүйенгендіктерін айтып, жазыпты. Мұндай сүйекті ірі дүниелерді игергенде ғылыми түрлі көзқарастардың болуы заңды. Біз барлық (түрік, өзбек, ұйғыр) аудармаларындағы ондай тұстарды аңғарып, салыстырып отырдық та, жеке-жеке ұлт өкілдерінің емес, тұтас түрік қауымы ғалымдарының түрлі көзқарастары, пікір-болжамдары деп қарадық. Сол дұрысырақ, Біз де өз еңбегімізде сол тұрғыдан, алдыңғы басылымдардың үрдісін құлабыз еттік. Аталмыш еңбегінде Махмұт Қашқари түрік тайпаларының тілдерін тұңғыш рет салыстырмалы талдау тәсілімен жарыстыра түсіндіріп, араб тілінің зандылықтарымен екшеп салмақтады.
"Мен бұл кітапты хикмат сөздер, сежілер, мақал-мәтелдер, өлең- жырлар, режез және несір (көркем қарасөз — А. Е.) секілді әдеби сөздермен безендіріп, мақсұс әліппесі ретімен түзіп шықтым. Үйренушілер мен қызығушылар керекті сөздерді тез, оңай табуы үшін көп жылдар бейнет шегіп, сөздерді орын-орындарына қойдым. Көмескілерін аштым, жарық еттім, қателерін жұмсарттым, түзеттім.
Ақыры, бұл тіл кітабын (сөздікті) мынадай сегіз бөлікке жіктедім"414,— деп, Махмұт Қашқари өзінің кіріспе бөлімінде арнайы түсіндірме жасаған. Мұнда да араб, парсы мәдениетін, әдебиетін жетік білетін білікті маманның ғылыми таным мәнері, айырықша айқын түсініктілікке ұмтылатыны көрінеді. Ол әйтеуір сөздердің бәрін құлағынан тартып тізе бермей тек қолданылып жүргендерін алғандығын, қолданылмайтындарын қалдырғанын да негіздеп түсіндіреді. Кітапты оқитын адамдардың жалығып, зерікпеуін, әрі іздеген сөздерін қиналмай тауып алуына мүмкіндік жасауды ескерген. Ал жоғарыдағы сөзіндегі “сежі, режез” деген терминдер, түсініктер араб әдебиетінің теориясынан алған атаулар. Онда осы екі сөз белгілі бір жанрлардың белгілі бір даму кзеңіндегі ерекшелік сипаттарын білдіретін атаулары. Мәселен, сежі – араб өлеңінің ең ежелгі көне түрі. Бұған әуелінде арабтардың ішкі ырғақка бай ұйқасты сөздерін де, қысқа хикаяларын да жатқызған. Ұйқасты қарасөз деп те, қарабайыр өлеңнің алғашқы көрінісі деп те айтылып жүр.
Жалпы араб өлеңі поэтикасының тарихында негізінен, өлең сөздің үйлесімді жалғасқан үш түрлік даму үлгісі аталады. Бұл қағиданы құптаушы ғалымдар көп. Режез — өлең түрі ретінде сежіден кейінгі кезеңде көп тараған, өзінің табиғаты, ішкі бітімі жағынан сежіден туындап, ілгерірек басып, күрделілене түскен өлең түзілімі. Оны қазіргі араб зерттеушілері "халық өлеңінің" үлгісі ретінде талдайды. Ал, үшінші қасыда, аруз өлең өлшемі араб поэзиясының ең кемеліне келе дамыған, кең тараған поэтикалық бітім үлгісі. Зерттеушілер сежі өлең үлгісінің V ғасырлардан көрініс беретіндігін, сондай-ақ тастағы шежіре жазулар, тарихи баяндар (мәселен, Табари (923 ж.д.) Йемен шахы Иасир Әнән Әл Химиаридың тасқа жазған жазбаларын, Ж. Әли Орталық Арабиядағы Иамамдағы құдыққа таяу тұстағы үш тасқа Йемен әскерлерінің шабуылынан кейін түсірілген жазулар жөнінде сипаттайды) оған дәлел бола алатындығын жазған. Сежі мәтіндері негізінен тарихи туындыларға іштартады. Кейін әртүрлі тақырыптарға жазылған. Пайғамбардың хадистерінде де сежі әуезі, үйлесімі кездесіп қалады. Сежінің Құранда кездесетінін бірқатар ғалымдар теріске шығарса, бірқатар зерттеушілер Әр-рахман", "Әл-қамар" сүрелерінде сежі үлгілері бар дегенді дәлелдеуге тырысады Осының бәрі қалай дегенде сежінің ең көне өлең үлгісі екендігін аңғартады. Ат, режез сөзінің түп-төркіні арабтардың өзіне де бұлдыр қалып келген. Араб тілшілері режездің шөккен түйе көтерілгендегі артқы тірсегінің дірілін білдіретін бір мағынасын көбірек ұстанады. Жалпы режездің көп қолданылатынына, әрі түрлі тақырыпқа бейімдігіне қарай "өлеңнің қара нары" атануы да тегін болмаса керек. Бертінірек режез түрлі ғылымның негізін қысқаша өлең жолдарымен түсіндіруге де қолданылғаны белгілі. (Өлеңмен жазылған трактат ...) Яғни, өлеңнің кең тараған, халық ұғымына жеңіл үлгісі. ("Сежі араб өлеңінің көне үлгісі", "Режез — араб өлеңінің өтпелі түрі")415. Махмұт Қашқари бұл терминдерді атап қана өтеді. Түсіндіріп уақыт, көлем ұтқызбайды, Онсыз да араб тілі заңдылықтарынан белгілі жәйт деп санаған сияқты. Сондай-ақ, түрік тілінде сөз араб тіліндегідей әйел, ер жынысына қарай (муж. род; жен род) ежіктелмейтіндігін айтқанда да, етістіктің жақтары мен жіктелуі хақында да араб грамматикасына салыстыра отырып қағидалар түзеді. Махмұт Қашқари еңбегінде аталып қалған осы екі терминді түсіндіре талдаудағы мақсат: түрік жұртының тұңғыш тілші ғалымының сол кездің өзінде сөз өнері ғылымы саласында қаншалықты терең, байсалды зерттеулерге зерделеп барғандығын, ол терминдердің поэтика тарихындағы алатын айрықша зор орнын аңғарта кету. Махмұт Қашқари бұл еңбегін сегіз кітапқа жіктеген. Алғашқы кітапты Тәңірінің жөнімен Әліптен бастадым дейді. Әліптен басталатын кітабын "Хамза кітабы" деп атаған. Екіншісі, "Сәлім кітабы", яғни кұрамында "харфи илет" деп аталатын "әліп (ﺍ а), (ﻮ у), иай (ﻱ й)" әріптері болмаған сөздер, әріп қайталанбаған сөздер; үшінші Мұзоаф кітабы, яғни бір әрпі қайталанған сөздер кітабы: Төртіншісі, Мисал кітабы, яғни "харфи илеттің" бірінен басталған сөздер кітабы; Бесіншісі, үш әріпті кітап; Алтыншысы, төрт әріпті кітап; Жетіншісі, мұрын дыбысты әріптер кітабы, "ғұнналылар" деп аталады; Сегізіншісі, екі сүкүндікпен қатар келген сөздер кітабы.
Кітаптарда әуелі есімдерді, одан кейін етістіктерді түзіп отырады. Былайша айтқанда, әр кітапта сөздер "Есімдер" мен "Етістіктер" деген екі үлкен бөлімге түзілген. Жалпы осы еңбегінде, қаншама араб әдебиетінің терминологиясын, кейбір зерттеу түзу тәртібін қолдандым десе де, салыстыра қарастырса да Махмұд- Кашқаридың өз сөзімен айтсақ, "Түрк тілінің араб тілімен бәйгеге шапқан екі аттай (үзеңгі қағыстырып) қатар шауып бара жатқанын"416 көрсетуге тырысқан. Ғұлама ғалымның таным, білік, талант қуаты қаншалықты тегеурінді, кемел болса, түрік мәдениетіне, күллі түрік тіліне деген перзенттік құрметтеу, әспеттеу сезімі соншалықты күшті.
Кітапта түрік тілінің түзілу, түрлену, жасалу жолдары тұжырымды, кідіксіз түсіндіріледі. Түрік әліппесінің ерекшелігі де талданған. Түрік тілінде негізгі 18 әріп бар екендігін, оның сыртында екінші ретте тұратын тағы 7 әріп бар екендігін, оларсыз түрік сөзінің құрылмайтынын да, жазылмайтынын да бажайлай баяндайды, Үндестік заңы, үндестік заңына сәйкес қосымшалардың, жалғаулықтардың үндесуіне қатысты кағидалар түзеді Көне түрік әліппесінің кескіндерін түсіріп көрсетеді. Ал, көне түрік әліппесінің, руна жазуларының, олардың әріптерінің көне грек әліппесімен ұқсас тұстарын, жалпы көне түрік әріптерінің қазақ ру таңбаларымен сағымдай шарпысып қалатынын ескерсек, Махмұт Қашқари кітабында келтірілген әріптер мен картаның ғылыми қарымы күшейе түседі. Жалпы түрік тіліне ортақ зандылықтарды тіл білімінің өзекті күретамыр шарттары ретінде түзіп, қорытындылайды. Сол заңдылықтардың барлығы дерлік қазақ тіліне де етене жақын, сабақтасып, үндесіп түсіп отырады. Сөздердің этимологиялық тектестігінен бастап, түрленіп, жасалу, түзілу тәртіптеріне дейін егіздің сыңарындай ұқсас. Бұл жерде жекелеген түбі бір сөздерді, ұқсас сөздерді тізбелеп жатудың да реті жоқ. Екі сөздің бірі қазіргі қазақ тілінің сөзі. Мақал, мәтел, қанатты сөз, нақыл сөздер де жанға жақын, санаға таныс. Дүниетаным түзілімдері мен әлеуметтік-қоғамдық көзқарас өзегіндегі тектестікті де аңғарту қиынға түспейді. Бұл негізінен түрік жұртының бүкіл даму тарихында түзілген, қалыптасқан дүниетаным әлемі. Сөз әлемі.
Түрік жұртының бай тарихы, географиялық жағдайы, әдебиеті мен өнері, этнологиялық ерекшеліктері "Түрік сөздігінде" барынша нақты тарихи -деректілік сипатпен танылған. Яғни, тіл туралы еңбек болумен бірге түрік әлемінің бай рухани қазынасын, кенеулі жан-дүние кеңістігін бәз күйінде алға тартады... Түрік жерінің аумағы, онда мекендеген ұлт-ұлыстардың сипаты, тарихы, соған қатысты тарихи деректер мен аңыз әпсаналар, бірқатар тайпардың түрік жеріне келуі мен қоныстануы, олардың шежірелері ізі ашылмай келген тарихи көмбе. Кітаптағы осыған қатысты деректердің кұндылығында шек жоқ. Ал, Махмұт Қашқаридың дөңгелек картасы әлемнің ең ежелгі түрік картасы ретінде белгілі417. Осы картада Барсған, Баласағұн, Тараз, Екіөгіз, Қашқардан бастап түрік дүниесінің ежелгі шаһарлары, елді мекендері, жер бедері түгелдей дерлік қағаз бетіне түскен. Әрі сол X-XІ ғасырлардағы атауларымен жазылған. Махмұт Қашқари осы картаны назарға ұсынып, сипаттаумен қатар Рүм жерінен сонау ұлы мұхитқа дейінгі аралықтағы түрік тайпаларының барлығына сипаттама беріп шығады Әрі жер көлемін көрсетеді. Қай жерден қай жерге дейін мекендейтінін айтады. Әрі әр тайпаның тілдік ерекшеліктеріне тоқталады, тілді таза сақтаудың әлеуметтік, географиялық алғышарттарын сөз етеді. Осынау ең көне дәуірдегі түріктің әлемдік картасы, түрік дүниесі жөніндегі егжей-тегжейлі сипаттама, талдаулар ғалымның өлмес мұрасының басты бір қасиеті. Түрік ұлдарының тұмары іспеттес. Түрік елінің әр шаңырағында сақталар, төрінде тұтар, санасына сіңірер қасиетті атамекен суреті. Шұғылалы түрік жерінің үкілі ескерткіші. Түрік жерінде тіршілік етіп жатқан ұлыстардың, ел-жұрттың тұрмыс- салтына, әдет-ғұрпына қатысты, деректер де мол кездеседі. Сөйтіп, тарихи құнарымен, бәз күйінде танып-білуге мүмкіндік береді. Бұл орайда, Махмұт Қашқари еңбегін түрік жұртының тұңғыш энциклопедиялық анықтамалығы деген дұрысырақ. Түрк елінің құрал-жабдықтары, қару-жарақ, сауыт саймандары жайлы да, ас-ауқаты, алуан қырлы дәм тағамдарының кейбірінің пайда болуы, кейбірін әзірлеу әдістері туралы да, толып жатқан дәрі-дәрмектер жөнінде де қазіргі замандастарымыз біле бермейтін, бай деректер әрі таң қалдырады, әрі ежелгі өркениеттің қасиетті топырағына тәнті етеді. Мәселен, ыстық күндерде салқындау, шөлді басу үшін жейтін әрі балмұздақ, әрі тағам күріштен әзірленетін ерекше дәм кім-кімді де елең еткізеді. Әзірлеу әдісі де қарапайым дәмнің геоэтникалық ерекшелігі де айқын. Болмаса түрік шараптарын ашыту тәсілдері.
Түрлі дәрілердің өсімдіктен, жан-жануарлар өнімдерінен әзірленетіні. Егер, көне түрк ескерткіштеріндегі әртүрлі кеселдерді емдеу үшін, адам ағзасын тоздырмау үшін, тағы басқа түрлі мақсаттарға арналған дәрі-дәрмек, шипалы қоспаларды жасау жолдарын, тәсілдерін (рецептерді) бөлек жинақтап, басын қосса түрік медицинасының табиғатын ашатын өзінше бір ғылыми еңбек шығар еді. Ac-су, тағамға қатысты да осындай жайлар жеткілікті. Қалың қолы жорықта арып-ашып талып-шаршағанда, ашыққанда Ескендір Зұлқарнайын ойлап тапқан әрі нәрлі, әрі ұзақ сақталатын, ұзақ жорық жағдайында қолайлы "Тұтмаш"418 (мағыналык атауы "Тұтма аш — аш ұстама" сөзінен шыққан) тағамы туралы баян да қызғылықты. Тибет жұртының (түбіт419 жұртының) тарихы, Ескендір Зұлқарнайын салдырған қалалар тарихы, өзен-сулардың, қала-қыстақтардың тарихы қалың жұртшылыққа атамекеніміздің ежелгі дүниесін, мәдени даму жолдарын шынайы дерек, мағлұматтар арқылы таныстыратын соны да бағалы түйіндер. Түрік сахарасының жан-жануарлар дүниесі мен өсімдіктері туралы да бұрын-соңды көпшілікке жете таныс бола қоймаған деректер жеткілікті. Хайуанаттар мен мақлұқаттардың біразының ежелгі атауларына, өсімдіктердің, шөп, ағаштардың, жемістердің атауларына, табиғи жаратылыс ерекшеліктеріне, қандай жерлерде қандай жағдайларда өсетініне қаныға түсеміз. Ғұлама олардың барлығының атауларына, неге олай аталғандығына, басқа жерлерде өссе, ол жақта қалай аталатынына, реті келсе араб тіліндегі аталуына тоқталып, табиғи жаратылысына, қолданылу аясына түсінік береді. Пайдалы, пайдасыздығын баяндайды. Жеуге, емге, тұрмыстың басқа шарттарына жарамды болса, пайдалану жолдарын айтады.
Тарихи тұлғалар жайлы аңыздар, шағын-шағын өлең, жырлар өзінше бір поэтикалық ғалам десе де болар. Табиғат, жаратылыс сипаттарын толғаған жыр шумақтары да түрк жұртының топырағынан тән тосын да бірегей құбылыстарын мәңгілік есте қаларлықтай санаға сіңіре түседі. "Түрік сөздігінде 242 шумақ өлең, жыр, 200-ден астам даналық сөз бен мақал-мәтелдер, қанатты сөздер болса, солардың барлығы да белгілі бір мағынаны, ордалы ойды, тебіреністі толғамды білдіріп тұрады. Ол жырларда негізінен жат жұрттықтармен соғыстар, ел ішіндегі рулық, тайпалық қақтығыстар, тарихи адамдардың ерліктері, қаһармандық, ақлиқат, тағдыр, тіршілік туралы ой толғамдар, табиғат суреттері, адамның әртүрлі көңіл-күй сезімдері толғанады. Ал, мақал-мәтел, даналық сөздер, қанатты сөздер — халықтың, елдің рухани тарихи тәжірибесінің түйінді мәуелері. Олар көркемдік-эстетикалық таным өрнектері болумен бірге, тарихи дерек те. Ұлттық тарихи-мәдени мұраның өлмейтін өркені, өшпейтін тынысы, жоғалмайтын қазынасы. Бұл өзі ішінара кәдімгідей флора мен фауна, жаратылыстану саласындағы бірқатар жайларды дәл де жете түсіндіріп беретін ғылыми анықтамалық сөздік қызметін де атқара алады.
Көптеген тайпа, ұлыстардың тіл ерекшелігін саралап, түрік тілінің бітімін ежіктей түседі. Бірқатар қаламгерлердің, ғұламалардың, тарихи адамдардың аттары мен өмірбаяндық деректеріне қанығамыз. Әйгілі ұлы тұлға Ескендір Зұлқарнайын туралы соны деректер бар. Зұлқарнайын есімі Құранда үш жерде аталады дедік. Құранның 18-Кеһф сүресінде. Пайғамбар емес екендігі, қаһармандық қасиеті, кызметі, жорықтары айтылады. Елеулі күш егесі екендігін білеміз. (Құран Кәрим, 18-Кеһф сүресі, 303-бет.) Зұлқарнайынның Шығысқа жеткені, күн астындағы елге кіргені, одан екі таудың арасына жеткенде сөзді түсіне алмайтын елге кездескенін айтады. Темір қорған соқты, кақпа құйды. Бұл мәлім деректер десе де нанымды. Ал, Құранда айтылатын осы оқиғаның бір ұшығы Махмұт Қашқарлының "Түрік сөздігінде" ұшырасады. Махмұт Қашқарлы Зұлқарнайынның түрк даласына, Шынға қарай жорығына қатысты бірнеше тарихи аңыз, әңгімені кірістіреді. Алтынқан окиғасы, Тұтмаш деген тағамды ойлап табуы, ұйғыр атауына қатысты ойлары тікелей Ескендір Зұлқарнайын есіміне байланысты дәлелденеді. Түрік даласында Зұлқарнайын сел жауынға ұшырап, жүре алмай қалады. Төрт-бес қала салдырады. Түрік тілдері жинағында еркін аңыз-хиқаят түрінде баяндалатын бұл жайлардың кайсыбір сәттерінің Кұран беттерінен ұшырасуы әдеби-тарихи деректің маңызын ашып, мағынасын байытып жібереді. Ежелгі тарихи сюжеттерге әлдебір ақиқаттық сипат қосады. Сонымен қатар Махмұт Қашқаридың да жан-жақты білімдар екендігін сездіріп қалады. Жалпы тұстардағы әдеби мұраларды ислам дінінің ескерткіш жазбаларымен астастыра зерттеудің әрі тың бағыт, әрі шындыққа үйлесімді жол екенідігіне көз жеткізу қиын емес. "Шігіл"420 сөзін түсіндіргенде де Махмұт Қашқари бұл турасында: "Тараз жағындағы шахарда тұратындар Шігіл деп аталады. Зұлқарнайын арғулар шахарына жеткенде қатты жаңбыр жауып, батпақ, лайсаң болып Ескендір жүре алмай қалған. "Бұл қандай батпақ, лайсаң," "Бұл неткен батпақ!"— деп қиналыпты. (Арабша "Ин чи гил аст" деген сөз екен.) Сол жерге қонады. Сол жердегі түріктер содан бері шігіл аталып кетіпті. (Сол жер де, ел де солай аталып кетеді.) Жайхұннан Шынға дейінгі түріктердің бәрі Шігіл аталған1" — деп жазады. Жаңағы Құран сүресінде айтылатын "балшықты бұлаққа батты" деген дерек осы Махмұт Қашқари хикаясына үйлеседі. Бұл дәл де нақты тарихи оқиғалар.
Жалпы Махмұт Қашқари Құраннан мысалдар келтіріп, Пайғамбар хадистерін түсіндіріп, ойын нықтап отырады. Кей тұста Құранды қалай оқу керектігін, кейбір караңғы адамдар түсінбей қалып күнәһар болмауы үшін дұрыстап, сабырмен, жатық оқитын тұстар бар екендігін де түсіндіреді. Өзен, су, жер аттарына қатысты кұнды мағлұматтар қаншама. Еділ, Іле, Ертіс секілді ұлы өзендер, олардың бойындағы тіршілік, тұрмыс сымбаты, тайпалардың өзгешеліктері қысқа да тұжырымды хатталған. Егер, ғылыми стиль, ғылым тілі дегенді ойласақ, бұдан ұғынықты, бұдан айқын мәнер болмайтын шығар Шеберлік деген осы. Тіл шеберлігі, көркемдігі туралы өзі де ойларын айта отырады. Мәселен, ең жеңіл тіл ретінде оғыздардың тілін атаса, иағмалар мен тохсалардың, Іле, Ертіс, Иамар, Еділ бойындағы жұрт пен ұйғыр атырабына дейінгі аймақта тұратын тайпалардың тілі ең дұрыс тіл деп кесімді тұжырым түйеді. Ертісті Иемек даласындағы ірі өзеннің атауы дейді. Ертістің бірнеше тармағы бар екендігін, өзі үлкен көлге кұятынын әңгімелейді. Ертіс өзенінің аталуы жөнінде де қызық бір мағлұмат бере кетеді. Бұл осы үлкен өзеннен кім бәсекелесіп, жарысып, тез жүзіп өтер екен деген мәнді білдіретін, "ертіс" ("Ер, түс!" дегені ме деп те ойлауға болады. Бірақ, М.Қашқари "ертіс" деп жазған. – А.Е.) сөзінен шыққан атау екен. Тараз, Ташкент, Баласағұн, Самарқанд, тағы басқа біраз қалалардың, ауылдардың аттарына талдау жасалады. "Кенд" сөзіне кесімді анықтама береді.
Еуразияның ұлан-байтак кеңістігін ен жайлаған түрік тайпаларының жеті мың бес жүзден астам әртүрлі сөздері жинақталған "Түрік сөздерінің кітабы" ұрпақтан ұрпакка ауысқан сайын тарихи маңызы айқындала түсетін, қадірі арта түсетін халықтық мұра, қасиетті кітап. Соншама сөздердін қай-қайсысы да белгілі бір тарихи мәнге ие. белгілі бір өркениет мәуесі. Бір сөздің этимологиясынан-ақ, даму, түрлену тарихынан-ақ көп жағдаяттарды аңғаруға әбден болады. Олар оқыған адамға маңызды мағлұмат берудің үстіне, мәдениет, салт-сана, таным тарихынан хабардар етіп, ежелгі түп-тегімізді түйсіндіріп отыратын алтын дән іспеттес. Тарихтың даму үрдісінде, қырық қатпарлы түлеу құбылыстарында кен көзіндей байып, қордалана түскен бірегей қасиеттердің түйінді бөлшегі. Рухани қазына өзегі. Мәдениетіміздің, тіліміздің, әдебиет пен өнеріміздің, қала берді ұлт, ұлыс ретіндегі толысу жолдарымыздың бедерлі белгілері, тума қасиеттері сол алтын өзекте тұнып тұр. Бұл жерде Махмұт Қашқарлының ел ішінде қолданылып жүрген сөздерді ғана алдым, қолданылмайтындарын (яғни, архаизмдер) тастадым, түрік тайпаларына тән сөздерді ғана жинақтадым, бөтен сөздерді қоспадым деген түсіндірмелерін еске саламыз. Бөтен сөз мүлде кездеспейді десек қателеспейміз. Кейбір адам аттары мен ел, |жер атаулары ілеуде біреу көрініп қалса, ол қай елдің тіліндегі сөз екендігі, қайдан шыққандығы баяндалады. Демек, сөздікте қоспасыз, таза түрік елдерінің тіліндегі сөздер жинақталған деген тұжырым. Жоғарыда анықтап айқанымыздай, топонимика мен этнонимдер, тарихи есімдер мен тарихи тұлғалар, оқиғалар, ежелгі өлең жырлардың текстологиялык, қыр-сырлары, жалпы түрік тілінің тарихы мен этимологиясының ерекшеліктері, диалектологиялық заңдылықтары, морфологиялық, фонетикалық, грамматикалық сипаттары, тағы басқа маңызды мәселелер осы үш томдық энциклопедиялық еңбекте толымды көрінген.
Мақал-мәтелдердің, қанатты сөздердің, сонымен қатар, тұрақты тіркестердің сонау ІX-XІ ғасырлардан бүгінге дейін жалғасқан тарихи жолы сайрап жатыр Оларды әлі де зерделеп, жүйелі түрде зерттеу қазақ тілінің, жалпы түрік тілінің бай мазмұн өрнектерін, мағына құнарын аша түсетіні күмәнсіз.
Басқа да ежелгі түрік мәдени ескерткіштерінде кездесетін сөздер, ұғымдар, тарихи атаулар, толып жатқан тілдік диалектілерден туындайтын сөздердің мағыналық реңдері нақты талданып, түрік дүниесінің ежелгі дәуірдегі тілі мен мәдениетіне, өркениет өрісіне тұтастық сипат дарытады. Туран даласындағы заманындағы тұтас бір өркениет тынысының айшықты кардиограммалары тұтас бір тіршіліктің біртуар жаратылысын көзге елестеткендей болады. Көкжиегі кең, өресі биік, өрісі нәрлі мәдени кеңістік. Әріге бармай-ақ, төрт-бес жылдық қана уақыт айырмасы бар "Құтадғу білік" дастанын түгелдей "Диуани лұғат-ит-түрк" арқылы талдап, әр сөзіне дейін таразылап шығуға болар еді. Біз қазіргі қазақ, яки түрік тектес елдердің тілінде күні бүгінге дейін еркін қолданылып жүрген, қазіргі қазақ тілінде де молынан ұшырасатын сөздерді, тұрақты тіркестерді, даналық сөздерді, мақал-мәтелдерді айтып отырған жоқпыз. Ол өзінен өзі түсінікті жайлар. Сол кездегі таным, білім тынысын, белгілі бір салалардағы ғылым жетістіктерін ашып беретін сөздер, ұғымдар қаншама! Тек қана космологиялық таным дүниесіне қатысты сөздердің, терминдердің, ұғымдардың өзі неге тұрады?! Ай, жұлдыз атаулары, жалпы аспан денелеріне, ғарыш әлеміне қатысты сөздер, терминдер "Құтадғу бітік" дастанында да, "Түрік сөздігінде" де жүйелі түрде көрініп, белгілі бір жүйелі дүниетаным желісін аңғартады.
Махмұт Қашқари тұңғыш тіл маманы. Тұңғыш түрік тілінің оқулығын жасап шыққан, грамматикасын түзген, жалпы түрік әлемінің өнерінің өрісін мәңгілік кеңейтіп, өркенін өсірген ғұлама. Күллі түрік тілдерінің тұтастығын білдіретін қасиеттерін, өзара айырмашылық белгілерін айқындап, өзекті заңдылықтарын жүйелеп түзіп ұсынған тұңғыш ғалым. Ұлы еңбек, ұлағатты дәстүр. Түрк тілдерінің диалектологиясының, грамматикасының, лексикасының түп-тұғыры осы сөздікте қалыптасқан. Салыстырмалы сөздік қана емес, тіл саласындағы салыстырмалы тәсілді алғаш рет кеңінен қолданған тынысы кең байсалды зерттеу. Халел Досмұхамедұлы Махмұт Қашқариды: " Қалай болса да, бұл адам дін ғалымы емес, бәлки таза дүниауи (светский) ғалым болған. Бұл оның кітабынан ашық көрініп тұрады,"– дей келе, – " Ислам дүниесінде иктисадий ғылымдарды Сырдария жағасынан барған бір түрік ғалымы (Фараби) бастап жазған болса, Махмұт Қашқаридың да таза бір дүниауи (светский) ғалым, дүниауи жағрафия һәм тіл ғалымы болып, кітабын мынадай бір жолға қойды,"421 – деп бағалайды.
Халел Досмұхамедұлы осы еңбегінде ежелгі түрк кітаптары бертін дәуірге, мағолдар заманына дейінгі рухани қазыналарымыз деген ойды өрбітеді. Түрік руханиатының әлемдік өркениеттегі орнына меңзеу жасайды. Сонымен қатар, "Махмұт Қашқари, Фараби сияқты ғалымдардың дүниауи ғылым түзулері, түрік хандарының риадиат, расадпен болулары сияқты фактілердің арасында бір-біріне байланыс болса керек. Бұл фактілер Орта Азияның түрік қауымы ішінде Сырдария, Тарым, Тянь-Шань аудандарында (астын сызған біз – А.Е.) дерексіз дүниеге (мафауқа ат-табиғати) рухани мәдениет, фәлсафаға қарамай, мәдениет мәддие дүниеге ашық көзбен қарайтын иран, жуһуд мәдениетіне қарсы бір мәдениет болғанын көрсетеді.
Осыған қарағанда да Махмұт Қашқари, оның кітабын былай қоя тұрғанда да өзі мәдени, тарихи жақтан мухим бір факт болды. Не үшін араб яки парсы ғалымдарынан еш біреу өзінің қауымы, тілі туралы осындай бір кітап жазбаған, не үшін "Саясатнаме", "Жамиғ ат-тауарих" сияқты кітаптар ислам тарихында факат салжұқ, мағол хандарының қалағанына жазылған себебінен ғана жалғыз-ақ әсерлер болып қалған. Бұл оқиға, яғни Махмұт Қашқаридың өзі шахси һәм түрік тілі тарихында үлкен бір уақиға болуында кәдік жоқ,"422 – деп болжайды. Халел Досмұхамедұлы Махмұт Қашқаридан әзірше қысқаша мағлұмат жазғанын білдіріп, кітапханалары толық болған жерге барсақ, сәті түскенде бастырамыз дейді (Яғни, кең талдап, ұлы мұраның мәтінін тауып, бастырып шығаруды мақсат етіп қояды. – А.Е.). Және Maxмұт Қашғариды 1) тіл тарихы, 2) түрік ата-тектері, рулары, 3) түрік танымы, рухани тіршілігі, 4) тілі мен әдебиеті, мәдениеті орайында төрт тармаққа тарата талдау қажеттігін423 айтып барып сөзін тұжырымдайды. Ғалым ойлары қазір де мағыналы. "Түрік сөздігі" қазіргі қазақ тілінің де ерекшеліктерін, мол шығармашылық мүмкіндіктерін, көркемдік мағыналық мәнін тереңдеп біле түсуге жол ашатын құнды еңбек. Тілге қатысты сан қырлы қорытындылар мен ережелер, ортақ заңдылықтар қазақ тіліне де өте-мөте тән. Сөздікте соның бәрі де жете талданып, жеткілікті көрініс тапқан. Ежелгі түрік халықтарының сөздері қатарында жүрген есім сөздер, етістіктер, топонимдер, аңыздар, мақалдар қазір де қазақ тілінде жан-жақты қолданылады. Оның сыртында, сөздікте аталатын жер аттарының, тарихи оқиғалардың, соғыстардың, аңыз-хиқаялардың дені, тағы басқа жайлар қазіргі қазақ жерінің аумағына тікелей қатысты. Мысалы, Ескендір Зұлқарнайын мен Шу деген түріктің жас батырына қатысты тарихи хикаядағы салынатын Шу шаһары, Шу атауы бүгін де жақсы мәлім. Ал, жыл қайыруға байланысты біз, негізінен Тышқанның қалай жыл басы болғандығы жайлы әйгілі аңызды білетінбіз. Онда тышқан өрмелеп түйенің төбесіне шығып, келе жатқан жылды көріп алғаны айтылатын. Ал, Махмұт Қашқари мүлде бөлек аңызды айтады. Аңыз оқиғасы Ілe өзенінің бойында өтеді. Түрік қағаны өзі жаңылыса берген соң жыл санауды ыңғайлы бір ретке түсіруді ойлайды. Ол үшін жылдарды он екі хайуан атымен атауды ұсынады. Содан кейін, аңға шыққанда аң, хайуан атаулыны Ілеге қарай тоғытып, қуалайды. Сонда, Іленің, арғы бетіне бірінші болып тышқан жүзіп шыққан екен. Одан кейін ілесе жүзіп шыққан жан-жануарлардың аттарын рет-ретімен белгілеп, санап он екі жылдың атауларын белгілейді. Он екі жылды бір мүшел санайды. Жыл атаулары, реті қазіргі қолданылып жүрген жыл аттарына толық сәйкес келеді. Осы хиқаяның өзі-ақ көп жайды аңғартып, тарихымызды, ел тарихына тікелей қатысты байырғы оқиғаларды жақын таныстырып, ұлттық, мәдениетіміздің өзіне ғана тән шарт, белгілерін тайға таңба басқандай алдыға көлденең тартатындай. Ал мақал-мәтелдердің табиғатынан, жанрлық түзілім зандылықтарынан қазіргі қазақ тіліне жақындықты түйсінбеу мүмкін емес. Түрік тілінің мәуелі бұтағы қазақ тілі қазақ елі тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде дамудың өзгеше белесіне қанат жайды. Тіл білімінің теориялық, тәжірибелік маңызы ерекше артты. Тіл тағдыры, тіл шеберлігі, жалпы Тіл білімі мәселесі елдік, мемлекеттік маңызға ие болды. Қазақ тілінің бағы ашылып, ұлттық қасиеттердің басты белгісі ретінде мемлекеттіліктің бірден бір бедерлі нышанына айналды. Нақ осындай қайта жаңғыру, қайта өрлеу белесінде ғұлама ғалым Махмұт Қашқаридың өлмес мұрасы атамекеніміздегі рухани түлеулердің занды тұғыры, кемелділікке бастайтын алтын бесігі санатты. "Түрік сөздігі" ұлттық мәдениетіміздің, тіліміздің мәртебесін көтеріп, беделін бекітетін өркенді кітап.
Бұл баға жетпес асыл қазынаны зерттеу, ел игілігіне айналдыру рухани тіршіліктің бұрын-соңды өзіміз аңғара қоймаған тосын да тың, әрі тіл мәдениетіміздің ежелгі замандарда-ақ күретамыр өзегіне нәр болып байланған бірегей қасиеттерін байыта түседі. Түрік дүниесінің құнарлы да тегеуірінді өркениет әлемінің тұнық тұма, терең көмбелерінің көзін ашады. Сол арқылы біз дүниежүзілік тұтас бір өркениаттағы өз үнімізді танып, өз тінімізбен қауышатын боламыз. "Түрік сөздігі" І арқылы Орхон-Енесай жырларының заманындағы мәдениет тынысына, Ә. Фараби мен Ж. Баласағұн өмір сүріп, өлмес туындыларын жазған кезендердің шығармашылық құпияларына, тарихтың әлі де еркін таныла қоймаған қойнауларына жол табамыз.
"Диуани лұғат-ит-түрік"— түрік өркениетінің алтын кілті.
Орхон жазбалары, "Құтты білік" дастаны, "Түрік сөздігі" сол тарихи тынысы тереңге тарткан өркениеттің биік мұнаралары десе де сияды. Түрк әлемінің ғылымы мен мәдениетінің адам баласының рухани игілігіне қосылған парасат мәуесі.
Осы ретте "Диуани лұғат-ит-түрк" кітабындағы тіл қазнасы, ерекшелік сипаттары, асыл мұрасы қазақ елінің де мерейін өсіреді, еңсесін көтереді деп кәміл сенеміз. Мамандар мен зерттеушілердің аз тобының ғана еншісі болып келген осынау асыл қазына, қастерлі мұра жаңа толқынның, жалпы халықтың назарына ілігіп, ұлттық игілікке айналған сайын, ұлттық қасиетіміздің ғасырлар қойнауында тұнып аққан кәусарына қана түсеміз. Таза бастауға ден қойған мәдениеттің ғана рухы биік, тынысы кең, тіні таза. Кезінде осыдан он ғасыр бұрын ұрпақ, болашақ қамын ойлап аса білікті, талантты сөздік түзген ғұламаның мұратты мақсаты да орындалады. Сөздіктің бұған дейін неміс, өзбек, ұйғыр тілдеріне аударылғанын айттық. Қазақ тіліне аударып жариялау, зерттеу де кезі келген іс деп ойлаймыз. Оның сәті Еліміз еркіндік алып, тәуелсіздік түтінін түтеткеннен кейін ғана түскендей, Кезінде Жүсіп Баласағұнның "Құтты білігін" аудару үстінде сөздік ретінде пайдаланып, маңызына, кұндылығына еркін көзім жеткен ұлы мұраны исі қазақ хәкімдерінің қызметіне жарату іште жүрген үмітті мақсатым, әр жылдары тиіп-қашып қарастырып, аударыстырып жүрген зерттеу ісі еді. Соның реті енді келгендей болды. Махмұт Қашқаридың шарттары мен түсіндірмелерін бұлжытпай, "Диуани-лұғат-ит-түрктің" де кадірін жеткізе аударуға күш салдық. Бұл жерде бүкіл аудару ісіндегі ішкі тынысты түгел әңгімелеп жатудың мүмкіндігі жоқ, ол қажет те емес. Ең бастысы, бұл түрк халықтарының тұңғыш сөздігі, тіл энциклопедиясы, тіл таныту оқулығы. Өлеңдер мен мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, жырлар, аңыздар бәз күйінде еш әрлендірусіз аударылды. Кейбір мәні де, көркемдік түзілімі де үйлесіп, құйылып тұрған тұстарда болмаса, өлеңдердің аудармасын көркемдеуге әдейі ұмтылмадық, төл бітімін, мазмұн-мағынасын, тілдік түзілімін бұзбауға тырыстық. Бұл көркем шығарма емес. Ғылыми еңбек. Тіл таныту саласындағы зерттеу. Бітімі – сөздік. Сондықтан, ғылыми-анықтамалық зерттеуге тән сипаттар сақталуы шарт. Яғни, әрбір мысалдың, сөздің тініндегі белгілері, қасиеттері, бітімі құбылып, өзгеріп түспеуі тиіс. Оның үстіне тарихи мұра. Тарихи деректілік сипаты да аса маңызды. Сөздердің арабша жазбалары қаз-қалпында берілді. Түсіндірмелерінде де ғалымның өз мәнерін, талаптарын бұзбауға күш салдык. Махмұт Қашқаридың өзі де барынша ықшам, түсінікті, тұжырымды жазуға ден қойған. Кітаптың көпшіліктің қолдануына ыңғайлы, ұғынықты, барынша тұжырымды болуын қатты ескерген.
Қазақ тіліндегі аударма нұсқасында да кітапты өз құрылымы, түзілім түпнұқаның бітім-болмысы тұтастай бұлтартпай сақталды. Сөздердің орналасу тәртібі мақсұс әліппесімен ыңғайластырылып, сөздердің өзі әуелі екі әріпті, одан кейін үш әріпті, төрт әріпті, бес әріпті... тағы осы рет бойынша одан әрі қарай тізілген. Әр кітаптың алғашқы бөлімінде есім сөздер, екінші бөлімінде етістіктер келеді. Көптеген сөздердің тұсында қай тайпаға, қай жұртқа тән екендігі көрсетілген. Ал, басым көпшілік сөздерде ондай анықтамалар тіркелмеген, яғни жалпы түрік тіліне тән, ортақ деген ойды аңғартса керек. Түпнұсқа мысалдары, түсіндірмелері мұқият сақталды. Қайсыбір, түп-тегі бір болғандықтан да, түсіндірмей-ақ түсінікті сөздердің өзінде анықтама, талдаулары сол күйі өзгеріссіз алынды.
Әуелгі кезекте сөздердің араб әліпбиімен жазылған түпкі нұсқасы берілді. Сөздерге қатысты дәлелді де дәйекті тиянақ осы араб әліппесіндегі түпнұсқа сөздерінің өзі екендігі белгілі. Одан кейін латын әліппесіндегі транскрипциясы қоса берілген. Бұл халықаралық түріктанушылар келісіп тұжырымдаған транскрипциялық нұсқасы. Осылардан соң қазіргі қазақ әліппесі бойынша, қазақ тілінің ерекшеліктеріне орай траскрипцияланған нұсқасы түзілді. Содан кейін ғана барып, тиісті сөздің мән-мағынасы, түсіндірмесі, мысалдары мен талдаулары тіркеседі.
"Диуани лұғат-ит-түрк" сөздері, сөз тіркестері осы араб әліппесінде жазылып, түп-тұғыр ретінде бірінші кезекте түскен. Оны бұлжытпай араб әліппесінде қаз-қалпында түсірдік. Келесі латын әрпімен жазылатын транскрипциялық мәтінде бірнеше әріпті қазақ әліппесінің бірнеше әрпімен алмастырдық. Бұл біріншіден, қазақ әліппесінің ыңғайына қарай, қазақ тілінің ерекшелігі ескеріле отырып жасалды. Екіншіден қазақ басылымында қазақ оқырмандарына оңтайлы болу жағын да ойластырдық. Соларға қоса, қазақ тілі мен ежелгі түрік тілінің етене үйлесімділігін сезіну үшін де көп қызмет атқаратынын жасырмаймыз. Сөйтіп, транскрипциялағанда қазақ әліппесі ерекшелігіне орай ептеп болса да үйлестіру мүмкіндігін есте ұстадық. Әрі сөздіктің қазақ оқырмандарының тез түсініп, оңтайлы қолдануын ойладық.
"Диуани лұғат-ит-түрктің" қазіргі қазақ тілінде қолданылып жүрген әліпби бойынша тұңғыш рет транскрипциялық мәтіні жасалды. Әрине, қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктері ескерілді. Транскрипциялау кезіндегі әр тілдің ерекшеліктері, талдау және таңдау тәртібі салыстырмалы түрде сарапталды да қазақ тілінің табиғатына, түрік тілінің өзекті қағидаларына сай түзілді.
Әрбір сөзді аударғанда да, соған берілген мысалдарды қазақшалағанда да айтылған үлгі сақталды. Әуелі араб әліпбиіндегі нұсқасы, латын әліпбиіндегі әрі қазақ әліпбиіндегі транскрипциясы, содан кейін аудармасы. Аударғанда қазіргі қазақ тілінде бар сөздер сол күйі алынды. Кейбір тіл біліміне қатысты терминдерге, атауларға түсіндірмегежасалды. Ондай ғылыми-теориялық терминдер алғаш кездескен сәтте түсіндіріліп отырады. Қайсыбірінің қазіргі қазақ тілі грамматикасындағы баламалары аталып, ретті жерінде қолданылды. Бір сөздің бірнеше нұсқасы, түрі болса, келтірілді. Бірақ ондай сөздер жоққа тән. Махмұт Қашқаридың "Түрік сөздігі" осыдан он ғасыр бұрын жазылған ұлы ескерткіш. Бүкіл түрік қауымының тіліне де құрмет белгісі, еліміздің, ғылымымыздың мәртебесін арттыратын, білім жолында жаңа бетбұрыс қадамдарға жол ашатын Тіл энциклопедиясы. Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари сынды білімі дария, өресі ен жайлау, өз заманындағы ілім-білімді жете игеріп, ілгері апарған ұлы тұлғалар адамзат өркениетінің жарық жұлдыздары. Олардың қоғамдық-әлеуметтік ойлары, ғылыми зерттеулері мен тұжырымдары түрк тектес елдерді танымның таусылмайтын тұнық көздеріне бастайтын күретамыр арналар. "Диуани-лұғат-ит-түрк" қарапайым оқырмандардан бастап, маман ғалымдарға дейін аса қызғылықты, байсалды, ұлттық мәдениет бастауларынан сусындатып, рухани дүниемізді байытатын ұлағаты мол, болашағы зор кітап.
2.3 ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ ҚАДЫМ ЗАМАНҒЫ ӘДЕБИ ДЕРЕКТЕРІ
Ежелгі мұралардағы әртүрлі деректер мен маржандай шашылған сөз, ой толғамдарын салыстыра түзгенде көз алдымызға тарихтың тірі тұлғалары елестеп, тағдырдың қадым заманғы деректері мен дәйектері шұбырады. Баласағұн, Семізкенд, Шу, Отырар, Түркістан, Сайрам дегенде қиял төрінде шаң арасында бұлдыраған көне қалалардың сұлбалары оянады. Қазақстанның ежелгі қалалары туралы археологтарымыз, тарихшыларымыз тереңдей зерделеп бірқатар еңбектер жариялады. Біз оларға тоқталмаймыз. Ол кұнды еңбектерде, зерттеулерде түрік сахарасындағы талай-талай шахарлардың аты аталып, орны көрсетілген. Баласағұн шахары, Отырар орны жайлы недәуір археологиялық мағлұматтар білсек, Шу секілді шаһарлар тағдыры әлі де көп жұртқа беймәлім. Шу қаласының қалай салынғандығы, оның қалайша Шу атанғандығы әдеби шығармаларда, мұраларда, тарихи дастандарда барынша айқын жазылыпты. Әдебиеттің, әдеби мұра поэтикасының тарихилығының қаншалықты өзіндік мән-мағынасы зор санатты ұғым екендігін содан-ақ байқаймыз. Махмұт Қашқари Шу қаласы жайлы тиянақты, нақты тарихи мағлұмат береді. Шуды Шу батырдың салдырғаны айтылады. Шу батырдың Ескендір Зұлқарнайынмен қақтығысу оқиғасын баян етеді. Дәл осы оқиға дала дастандары қатарына жататын "Шу батыр" дастанында жырланады. Оқиға біреу. Ішкі, нақты сипаттамаларда бірін-бірі толықтыратын тұстар да, бірінен бірі сәл алшақ, кететін деректер де бар. Негізінен әдебиеттің ежелгі тарихына енген дастан мен Махмұт Қашқаридың энциклопедиялық деректері үлкен бір тарихи белестің жанды көріністерін жайып салады.
Баласағұн қаласының бауырындағы Шу шаһарының еңсесі биіктеп, тарихи маңызы арта түседі. Махмұт Қашқари424 Шу қаласының әмірі, Шуды салдырған Шу батырдың Ескендір Зұлқарнайынды қарсы алуын баяндағанда Зұлқарнайынның әскеріне қарсы қырық таңдаулы баһадүрлерін шығарып, шайқасқанын суреттейді. Шу жері заманында мемлекеттің біp ірі аумағы болғанға ұқсайды. Махмұт Қашқари Шу батырды әрі хақан (хан) деп түсіндіреді. Ол тегін атала салмаған болса керек. Дастан деректері бойынша Шудың қырық батыры үстем шығып, Ескендір мен Шу батыр алғашқы қақтығыстан соң мәміле жасасады. Ал, Махмұт Қашқари Шу батырдың Шынға қарай жылысып, кейін жау беті қайтқан сон кері оралғанын айтады. Сонымен бірге Ескендір Зұлқарнайынды тоқтатты дегенді де аңғартып өтеді. Бұл тарихи деректер дастанның оқиғаларының шындық екендігін айғақтайды. Ал, дастанның көркемдік бітім-болмысы, поэтикасы жалпы ежелгі түркі поэзиялық туындыларының табиғатына жараса кетеді. Әлқиссада ел, жер жағдайы тамаша көріністермен суреттеледі. Құсы жыртылып айырылған өзен-көлдер, жағасында жамырай жусаған мал, арқар, киік, жайран... Арыстан, жолбарыс, бөрі... Шу қамалының салтанаты. Жаратылыстың ғажайып кемел бітімі. Осы табиғат, жаратылыс суреті шайқас кезінде дe көңілден таса қалмайды. Шу батыр намыстан өртеніп шайқасқа шыққанда, әскерлер бір-біріне араласып, көк пен жер бір-біріне соғысты деп термелейді. Сол кезде арыстан мен барыстар қалың қамысқа бой жасырып, жайран, киік, арқарлар бір-біріне қарасты, көлде жүзген қаз-үйрек шулап, көл суын сапырысты дейді.425 Дәл осы тұста көлдің көркемдігі жарасты жырланған Жүсіп Баласағұнның "Құтты білік" дастанындағы ІV-тарауды еріксіз еске аламыз. Осы тамаша пейзаждар Шәңгерей Бөкеевтің "Көл" ("Көл суреті") өлеңіндегі көзге таныс, көнілге пір сымбатты суреттерге тіл бітіреді. Бұларға өз кезеңінде Абайдың атақты антологиялық "Жаз", Ыбырай Алтынсариннің жаз(туралы) толғаулары сырлы сурет қосады.
"Алып Ер Тоңа" дастаны дала тарихының тарихи тұлғаларының тағы бір өзгеше тағдырларын жырлайды. Махмұт Қашқари сөздігінде "Алып Ер Тоңа" дастанының жыр үзінділері кесек-кесек күйі кездеседі. Алып Ер Тоңа, Сыйауыш жөнінде де "Диуани лұғат-ит-түркте" біраз деректер бар. Жоқтау жырының бір дәстүрлі үлгісі де осы дастанда жүр. Алып Ер Тоңа дастаны ежелгі дәуірлердегі ең бір тынысты, ауқымды, жыры да, кейіпкері де аңызға айналған туынды. Тек қана түрік дүниесі ғана емес күллі шығыс мәдениетінде кеңінен мәлім тұлғаның рухы әлі де биік. Қазақтың батырлар жырының тынысты рухы, эстетикалық қуатының бір көзі сол сақ, ғұндар даласындағы дастандарда жатқандай. Эпикалық дастандардың дәстүр егесі де солар. Ал, тағы бір әйгілі "Еділ" дастанында Еуропада Атилла деген атпен мәлім Еділ батыр ерлігі, жорықтары жырланады. Түрік мемлекеттігіне дейінгі сайын сахара тарихын деректейтін жыр-дастандардан да нәсіл қасиеттері танылады. Еділ батырдың, Балаәмір мәрттігін Махмұт Қашқари жазатын түркілердің "мәрттігімен, қайсарлығымен", жаужүректілігімен ғана салыстырар едік. Ғұнның құдіретті батыры Атилла деген атпен дүние әдебиетінде кеңінен мәлім. Еуропа аумағындағы ең бір әйгілі қаһарман кейіпкерлердің бірі де осы шығар. Неміс жұртында – "Эдил", скандинавиялықтарда – "Атли", шын-машын тарапында "Этил" атанған. Неміс тарихшылары зерделеген "Атилланың Галлияға жасаған алғашқы жорығы" атты поэма 1777 жылы табылыпты. Еділ патша туралы әлемге әйгілі жазушы, драматургтер талай-талай тамаша шығармалар жазып қалдырды. Еділ патша (Атилла) сынды тарихи негізі берік дастандар ғұн, түрік мәдениетінің рухани күретамырлары іспетті. Салыстырмалы сыңайда бейнелеп айтқанда, ежелгі түрік әдеби мұралары түрік тілді (ішінде қазақ әдебиеті де бар) ұлттық әдебиеттерге қалай ұласса, көркемдік танымның жалғастығы мен жаңашылдығы тұрғысында ғұн, сақ дәуірінің мұралары ежелгі түрік мемлекеттігінің бой түзеу тұсында нақ сондай орын алады. "Еділ батыр" ең әуелі тарихи шындықтың бізге жеткен әдеби дерегі. Осы еңбек те түрік халқының өнеріндегі проторенессанс кезеңіндегі атаған тұтас бір рухани серпіліске бастаған қуатты арналардың айқын өзегі. Басқа әлемге танымал ғалымдармен қатар қазақ зерттеушілері де недәуір саралаған "Оғыз қаған" дастаны да жоғарыдағы рухани дәстүр мен әдеби заңдылықты байыта түскен, жалғастырушы шығарма. Негізінен тарихи шығарма, тарихи шежірелік, танымдық сипаты басым Оғыз жырында поэтикалық символдар жиірек көзге шалына бастаған. Көк сәуледен шыққан көк бөрінің рухы да әлдебір жұмбақ, құпия құдіретке қоса, көркем де әсерлі наным-сенім қасиетін ала келген. Поэтикалық рухы жағынан оған үндес туындылар – "Көкбөрі", "Ергенекөн" дастандары. Аңыздарға тән тылсым сырын құпиялау ишарасы, Көкбөрі сынды бір жағынан тотемді мегзейтін, бір жағынан әлдебір құдіретті рухани күшке айнала бастағандықты білдіретін желі күшейе түскен. Таза тарихи шындыққа негізделген дастандармен ілесе аңыз, рухани құдірет нанымға жалғасқан поэтикалық құбылыстар қосылды. Халықтың рухани қуаты поэтикалық жолдармен әлдебір құдіретті қасиетке айнала бастаған. Бірте-бірте Көкбөрінің поэтикалық бітімі барынша әлеуеттеніп, күллі түрк нәсілінің пір иесіне айналып кетті. "Ергенекөн" дастанындағы жерұйықты аңсау, жерұйықты іздеу желісі қазақ әдебиетіндегі Асанқайғы арқылы XX ғасырға асқан әдеби-көркем желіге ұласты. Жерұйықты іздеу аңсары әдеби шығармалардың қасиетті қисындарына айналды. Жерұйықты іздеу сонымен көшпенділер философиясының да ардақты, өзіндік толғамдарын қалыптастырды. Сөйтіп, тұтастай алғанда "Жерұйықты іздеу" жаратылысы өзгеше ағынды философиялық ағымға бастады. Әдеби тарихи көне мұраларда поэтикалық, рухани сипат күшейді де соның өзі көркем-әдеби дастандардың эстетикалық, көркемдік-танымдық көкжиегін кеңейтті. Соған орай тарихи дастандардың қоғам, қауым алдындағы рухани қызметі де артты. Сөйтіп, ежелгі бастаулардан түзілген тарихи санаға тарихи шындықпен ұштасып көркемдік шындық келіп кірді. "Көкбөрі" мифі мен образының өзі бір шеті антикалық грек өркениетіне, бір шеті түрік танымынын жаңғыру заңдылықтарына бастайтын тұтас күрделі тарихи-поэтикалық құбылыс. Ежелгі ғұндар заманындағы дала дастандарының поэтикалық түзілімі, солайша, көркемдік танымның өзіндік ерекшеліктерін айқындап та берді.
2.4. КӨРКЕМДІК ТЫНЫС ТАБИҒАТЫ. ӘДЕБИ-ЭСТЕТИКАЛЫҚ ТАҒЛЫМ ПОЭТИКАСЫ
Ахмет Байтұрсынов әдебиетті дәуірлей сипаттағанда "Діндар дәуір" деген ұғымды талдап түсіндіреді. Табиғатына, бітім-болмысына қарай әдебиетті "Қара сөз", "Дарынды сөз" деп және жіктейді. Қарасөзден адам тек ұғым алады дей келе, ұғым түрлеріне қарай бірнеше тарапқа бөледі. Атап айтқанда: "1. Ғалам тарабына, 2. Құдай тарабына. 3. Ғылым тарабына. 4. Әлеумет тарабына 5. Үгіт-насихат тарабына. 6. Сын тарабына.426 Бұған "Діндар дәуірге" қатысты шығармаларға берген анықтама, сипаттамаларын қосайық. Бұл пайымдаулар түр-тегі, жанрлық түзілімі дараланған кезеңдегі әдебиетке, қазақ әдебиетінің, негізінен, Абайдан бергі жаңа дәуіріне қатысты айтылғанына күмән жоқ. Әйтсе де, осы әр санаттағы сипаттамалар ежелгі түрк дәуіріндегі сараланған әдеби мұраларда да қылаң беріп, бой көрсетіп отырады. X-XІІІ ғасырлар мұраларында кәдімгідей сұрыпталу, шығарма табиғатының жаратылыс ерекшеліктері айқын көрінеді. Егер, "Құдай тарабына", "Үгіт-насихат тарабына", "Діндар дәуірге" берілген сипаттамаларға орай Жүсіп Баласағұнның "Құтадғу білігінен" бастап, Қожа Ахмет Иасауидың "Диуани хиқмет" дастанымен жалғап, олардан бертінгі Н. Рабғузидың "Хисса-сул-әнбия" діни-мифологиялық хиқаяларына дейінгі ағысты арнаны (шартты түрде болса да) бөле-жара дараласа, осы арнадағы шығармашылық даму үрдісінің сілемдері жоталанып көрінер еді. 1914 жылы қазанда басылып шыққан "Хисса-сул-әнбия" кітабындағы 79 хиқая тұтастай жер, көк, адам баласы. хайуанат, әулие, әнбие, пайғамбарлар жайлы діни, үгіт-насихат сөзге кенелтеді. Шежіре сипатты тарихи оқиғалар да жетерлік.
Осы тараптан келгенде "Құтадғу біліг" дастанын ықылым замандардан басталып адамгершілік-кісілік мұраттарын өнеге еткен әдеби дәстүрдің жалғасы дерлік. Қазақ әдебиетінің ХV-ХІХ ғасырларында өзінше бір бағытты арна түзген діндарлық таным мен насихаттың бір ұшығы сол дәстүр топырағынан нәр түйген. Осынау эстетикалық дүниетаным ағыны ислам діні түрк даласына қанат жайған кезден бастап ерекше дараланып, даму қарқынын үдетті. Діндар дәуір әдебиеті кісілік, адамгершілік ұғымдарының баламасына айналды, рухани жасампаздыққа ұмтылды. Әдебиеттің, қоғамтанудың ішкі даму үрдістеріне үңілсек, діндарлық ағымның да өз табиғаты, жетістіктері мен кемшіліктері бар. Қожа Ахмет Иасауи дәстүрінде шығармашылық тегеуірінмен, кісілік кемелділік мектебіне айналдыра жырлаған ұлы биік, ұлан асулар бар да, шариғат шарттарын шала-шарпы уағыздап, схоластикалық дүбәра туындылар жазған "молда" ақындар бар. Біз қарастырып отырған кезеңдердің әдеби мұраларына сәйкес, әдебиет жаратылысының тарихына орай діндарлық ағымның тарихилық сипаттарының кейбір ерекшеліктері мен заңдылықтарын кысқаша айта отырғанды жөн көрдік. Ислам діні түркі, кейін түркі тектес ұлттардың жаңа әдебиетке өзгеше дүниетанымдық ағым, эстетикалық-этикалық тәлім ретінде кіріп, кірікті. Мұсылмандықтың шарттары халық жүрегіндегі адамшылық-кісіліктің асыл сезімдерін қапысыз пернеледі. Академик Д.С. Лихачев "Ортағасырдағы христиандық эстетика өнерді (искусство) эстетикалық рухани ләззат ретінде тәрк еткенін естен шығармайық. Сондықтан да, христиандық эстетиканың көп жағдайда негізінен қолданбалы сипаттары басым,"427 – дейді. Русь мәдениетіндегі қолданбалы сипаттағы шіркеу әдебиеті мен шіркеудің бейнелеу, саз өнері қазақ әлеміндегі діндар әдебиеттен ерекшеленіп дараланып тұрады. Сөз өнерінің қазақ ортасында, көшпенді түркі мәдениетінде өзгеше мәртебелі орын алатындығынан да болар, діндарлық әдебиет шығармалары діни қызметтің орнын алмастыруға құлшынбайды. Халықтың ежелгі тұрмыс-салт, әдеб, этикет, кісілік қасиеттерін сипаттай отырып, мұсылманшылық шарттарын алға тартады. Әрине, ежелгі әдеби шығармалар мен туындылардың жанрлық ерекшеліктері арнайы теориямен қалыптасқан сипат-белгілер емес. Жалпы, жазылған шығарманың мақсатына, не үшін жазылғанына, қандай мақсатқа бағытталғанына қарай табиғи түрде түзілген нышандар. Сондықтан, әлдебір әдеби жанр түп-тегі, ерекше болмыс-бітімі, жаратылысы туралы ой қосқанда, көп жағдайда сондай жанрлық нышандардың өзекті көріністерін ғана тілге тиек етеміз.
Олар сол ежелгі дәуір мұраларында шығармашылық талғамнан тууы да тұрмыс-тіршілік құбылыстарының заңдылықтары (жоқтау, көңіл айту, т.б.) салт-дәстүр белгілері ретінде, адам танымының, жан-дүние жаратылысының құбылыстарының көріністері (сезім күйі, лирика) түрінде де, ақыл-өнеге, өсиет уағыздары ыңғайында да көрінеді. Мәселен, Қожа Ахмет Иасауи, Сүлеймен Бақырғани, Ахмет Иүгнеки шығармаларында біріне-бірі ұштасып, ұласып жататын ой толғамдары, бірін-бірі қайталайтын сөз толғаулары да, жалпы танымдық дәстүрлілік те бірдей көрінеді. Қалай дегенмен әр түрлі уақыт аралығында өмір сүрген ақын, ойшылдардың туындыларында осындай табиғи тектестіктің болуының өзі, әр тұстағы әдеби шығармалардың бір арнада ұласуының өзі эстетикалық дүниетанымдағы құбылыс. Бұл кездейсоқ құбылыс емес. Дүниетаным, салт-дәстүр, тұрмыс ерешеліктерінің тоғысындағы құбылыс, Қожа Ахмет Иасауи "таңсәрі" ұғымына мән бере әлденеше тебіреніп өтсе, сол "таңсәрі" рефреніне Ахмет Иүгнеки мен Сүлеймен Бақырғани іш бұрып, бейіл қосса – кездейсоқ болмағаны. Қожа Ахмет Иасауи ғашықтар түнде жылап, " таңсәріде тұрады", "Таңсәріде хаққа" жылап жалбарын деп тебіренеді.428 Ол ойды қазақ "ерте тұрған еркектің..." деп төтесінен тұжырса, бұл "қайталаулар" әншейін "еліктеуден" көрі тұтас бір таным құпияларын танытады. Ежелгі қазақ әдеби мұраларындағы жанрлық сипат, поэтикалық түзілім, нышандар осындай әдебиеттің әлеуметтік-эстетикалық жаратылсынан туындап жатады.
Осы тараптардан қарағанда, "Құтадғу білік" дастаны әрі көркем сөзге, әрі ғылыми ұғым сөзіне, діни үгіт-насихат сөзіне ұштастыра бағаласақ та, ақылмандық дастанның ақындық рухы, поэзиясы мен философиялық тіні берік. Сол арқылы дараланып тұрады. Қалған жанрлық, тектік сипаттар содан кейін барып, әртүрлі дәрежеде, бірде басым, бірде пәстеу көрініс беріп отырады. Бұған қарағанда, "Диуани-лұғат-ит-түрк" кітабын ұғым сөзіне, ғылым мен ғалам сөзіне бірыңғай жатқызуға болады. М. Қашқари еңбектері негізінен ғылым туындысы. "Пән яки ғылым деп жүйеленген білімді айтамыз. Жүйеленген білім жайын сөйлейтін байымдаманы да пән яки ғылым дейміз."429
Қожа Ахмет Иасауи диуаны да негізінен сәл кезеңдегі әдеби дәстүр заңдылығында жазылып, аралас сипаттарды танытатын жинақ болса да, табиғаты біршама сараланған, көркемдік-эстетикалық бағыты ашық шығарма. Діни сарынды рухани қажеттілік рухына ұластырған софылық поэзия жәдігері. Қожа Ахмет Иасауидың дүниетанымы, мақсаты, мүддесі айқын. Тиянақты. Шығарма, жалпы ақындық рухы мен таланты сол айқын софылық ағым мүддесіне бағындырылған. Орта Азия, Қазақстан жұртына софылық ағымды барынша жүйелі жеткізіп, насихаттады. Бұл ретте "Диуани хиқметтің" әлеуметтік, саяси мақсаттылығы әрі айқын, әрі жергілікті халықтың рухани өзегіне өзгеше ағын болып қосылған. Сопылық поэзияның көрнекті, ірі тұлғасы, өзінен кейін дәстүр қалдырған ақын. Ахмет Иүгнеки, Сүлеймен Бақырғани осы дәстүрдің жалғастырушылары. Қожа Ахмет Иасауидың рухани мұраттастары. (Ахмет Иүгнекидің "Ақиқат сыйын" С.Е. Малов "шамамен XІІ (немесе X) ғасырға жатады" – дейді. Қазақ әдебиетшілері бірде XІІ ғасыр деп түйіндесе, бірде ХІІ-ХІІІ ғасырларға теліп, болжам жасайды. Тілдік түзіліміне, поэтикалық бітіміне қарағанда XІ ғасыр шығармасы деуге келеді. Яғни, Ж. Баласағұн, М Қашқари заманына жақын). Қожа Ахмет өз тарапында алдыңғы әдеби, діни-рухани дәстүр желісін жеткізеді. Танымның тұтас түзілімдерін, тұтас ұғымдарды, әдеби көркемдік тәсілдерін қолданады.
Кайда Қарун мал жинаумен талмаған?
Өсиет шашқан кайда Перғауын һәм һаман?
Қайда Фархат, Шырын, Мәжнүн зарлаған?
Қаһарланса, жерге тығар жаныңды!
Көрдің бе адам өлмей тірі қалғанын,
Білдің бе енді бұл пәнидің жалғанын?430
("Хикметтерді" әр жылдарда белгілі ақындар Әбіраш Жәмішев, Есенбай Дүйсенбаевтар көркем тәржімаласа, ғалым Б. Сағындықов филологиялық аудармасын түзген. М. Жармұхамедов зерттеп, аударды. Біз кейінгі жарық көрген Есенбай Дүйсенбаев аудармасынан мысал келтірдік.) Осындай мағыналас түйдектете бернелеу (Ахмет Байтұрсынов) "Құтадғу білікте" де (4710-4730 бәйіттер) айна-қатесіз кездеседі. Ал, профессор Немат Келімбетов: "Ахмет Иасауи орта ғасырдағы көшпелі тайпалардың дүниетаным мүмкіндігін ескере келіп, исламның кейбір қағидаларын Жұмақ пен Тозақтың айтысы түрінде түсіндіреді,"431 деп жазады, әрі Махмұт Қашқаридың кітабындағы Жаз бен Қыстың айтысымен ұқсатады. Поэтикалық әдістің тектестігіне мегзейді. "Хикметтер" ислам дінінің негіздерін халық ұғымына жақын, ақындық дәстүрмен ұғындырады. Діни қағидаттарды кісілік, имандылық секілді этикалык, эстетикалық кеңістікке алып шықты. Орта Азия аумағындағы әдеби-эстетикалық ойдың жүйелі де қарымды көрінген тұсы осы кезеңдер. Ықылым замандардан бергі поэтикалық тәлім-тәжірибе, күллі түркі дүниесінің әдеби, рухани даму жолы өзінше бір теориялық тұжырымға жақындай түсті. Поэтикалық тәжірибе рухани бағытқа айналды. Әдебиеттің тәлімдік, баянды бақыт жолындағы адам әдебін байыптаушылық, өнегелілік қызметі рухани дүниенің шығармашылық тебіреністеріне ауыса бастады. Оны ең алдымен, хиқыметтердегі ақындық құлшыныс пен өлеңдік сазынан байқаймыз. Поэтикалық оралымдылық, шабыттылық, ішкі түйсіну үрдісі айқындала түскен. Әдеби-эстетикалық ойдың тиянақты бір желіге түсе бастағандығы білінеді. Әуелгіде әдебиеттің, кестелі сөздің бар мақсаты қоғамдық-этикалық санатта ғана бағаланды. Ол уақытта әдебиеттің қауым алдындағы өнегелілік қызметі ерекшеленді. Белгілі деңгейде әдебиет, шынында да, әлдебір рухани құрал ретінде танылды. Біртіндеп, эстетикалық ойдың қанат жазуы әдебиеттің де рухын көтерді Әдебиет әлдебір қоғамдық міндетті қызмет, парыздар шегінен шығып, әдеби-эстетикалық, философиялық кеңістікке ұласты. Рухани қуат көзіне айналды. Осы екі үрдістің тоғысын "Құтадғу білік", "Диуани хикмет" дастандарынан да көріп байқауға болады. Әдеби-әдеп, ақлиқаттық насихат, өнегелілік сөзі де, әдеби-эстетикалық ой-таным өзегі де бірдей көрінеді. Схоластикалық, материалистік қағидалардың, тәрбиелік діни уағыздардың жер табанындағы ақиқаты ой-сезімнің, көркемдік танымның шындығына ұласқан. Әбунәсір әл-Фарабидың, Захриддин Бабырдың өлең сөз, поэтика туралы шығармалары әдебиет пен өнердің ежелгі "уағыздық" қалып құрсауынан арылып, көркемдік-эстетикалық ағымға ауыса бастағанын білдіреді. Бұл талдаулар мен пайымдаулар әдеби, көркем сөздің дамуын ілгерілетті, әдеби туындылардың жаратылыс бітімін жетілдіре түсті. "Диуани хикмет" беттерінде әдеби-эстетикалық, ақлиқаттық-этикалық ой-толғау, рухани сыпалық, софылық сарын қуатты арналы ағынға түскен. Өзінен бұрынғы, ежелден дәстүрлі мемлекеттік, ақлиқаттық-мемлекеттік ағымдардан таза. Ү-ҮІ ғасырлардағы, тіпті ІX-Х ғасырлардағы әдеби, ғылыми мұралардағы мемлекеттілік, саясат туралы толғамдар Қожа Ахмет Иасауи мектебінде кездеспейді. Қожа Ахмет Иасауи, Ахмет Иүгнеки, Сүлеймен Бақырғани әдеби-эстетикалық, ағартушылық, рухани тебіреністердің тәлімгерлері. Ахмет Иүгнеки болса, "Ақиқат сыйында" Жүсіп Баласағұнның әдеби-эстетикалық, этикалық толғамдарын сұрыптап жеткізуші сияқты да көрініп кетеді. Білімді, білікті адам жайлы, тіл туралы, ("тіліңді тарт, тісің сынбасын", "тіл жарасы жазылмайды, оқ жарасы жазылады"), кісілік, жомарттық пен сарандық хақындағы ойлары қалыптасқан әдеби ұстын (канон), өзекті желіні ұстанғанын, әдеби үлгіні қуғанын танытады. Бұл дәстүр үлгісі Абайда да жалғасын тапқан. Сүлеймен Бақырғани өзінің "Ақырзаман кітабында" адам нәпсісі мен рухын жарыстыра толғап, рухани қасиеттердің артықшылығын ашық басымдықпен жырлайды. Қытай, қырғыз, үндістан, қыпшақ, күллі дүниені жаулап алсам, қала салып, алтын-күміс жиып, алсам-жеңсем, ләззаттансам дейтін нәпсіні рухани парасатпен тежеуді, рухыңды биіктетуді, рухани тазалық, ақлиқаттық адалдық жолын ұсынады. Сүлеймен Бақырғанидың бұл этико - эстетикалық ойлары антикалық дүниедегі, ежелгі грек өркениетіндегі кирендік философиялық мектепті еске түсіреді. Гедонизм – тіршіліктің рахаты, құт-дәулеттің мәні, дүниенің қасиеті – ләззатшылдық, адам құмарының тояты деп байымдайды. Адамды рахат, ләззатқа бөлейтіннің барлығы да құт, дәулет, байлық дейді. Рим империясының күйреп, құруының ең басты үш себебінің432 бірі де осы мәдени гедонизм еді, Мәдениеті мешеу елдің бәрі де тарихта дамудың алғы легінде ұзақ уақыт шыдап тұра алмаған. Әлдебір тарихи себеп-салдарлармен жарқ етіп алға оза шықса да, кейін күйреп, малтығып қала берген. Мәдениет, әдебиет тарихының дана тәлімі солай. Сүлеймен Бақырғанидың толғамдарына әрі қарай жалғасқан әдеп-ақлиқаттық таным парасаты әлем әдебиетінің тарихындағы мәдениет философиясының қағидаларына үн қосады. Қожа Ахмет Иасауи тұлғасы арқылы талантты поэтикалық түзілім тапқан бұл эстетикалық көзқарас, бір жағынан, бірыңғай мұсылманшылық ілімді, исламдық этиканы насихаттаудың үздік үлгісін танытты деп қана шектелсек, әдебиеттің үрдісінің тынысын тарылтып аламыз. Қазақ әдебиетінің тарихында "софылық" деген атпен қалыптасқан осынау әдеби-эстетикалық бағамдаулар адамзаттық мұраттарға ұштасып, елдіктің, халықтың рухани жан өзегін, рухани қайратын жаңа бағытқа бұрды. Елдіктің, мемлекеттіліктің парасатты қасиеттерін саралады. Сол замандағы осындай еңбектер поэтикалық жаратылысы жағынан да діннің, философияның және құқықтанудың терең де аса күрделі әрі үйлесімді түзілімі болды. Бір жағы көркемдік, эстетикалық сипаты басым әдеби шығарма, бір жағы философия, құқық негіздеріне сүйенген ғылыми байымдама. Бұл орайда Құранды тану, оның көптеген түсіндірмелерін зерделеу діни – этикалық тәрбиенің қазығына ғана айналып байланып қалған жоқ, бірегей этикалық-эстетикалық танымды қалыптастырды. "Құранды талдап, түсіндіру кең мағынада алып қарағанда, орта ғасырдағы мұсылман ғылымы мен жазуының бірқатар салаларының дінтанудың, тіл білімінің (тіл танудың), стилистика мен риториканың, мұсылмандық философияның, социологияның, тағы басқа салалардың берік негізін сала береді"433 Құранның түркі әдеби мұраларына ықпалы жөнінде алдыңғы тарауда айтқанбыз. Орта Азия әдебиетіндегі софылық саздарға келгенде де Құран канондарын (ұстындарын – А.Е.) ауызға алмау қиын. Діни қисса, хиқаялар ("Қиссас-ул-әнбия", т.б.) өзгеше бір әдебиет, фольклор дүниесі. Қазақ ортасында Қызыр туралы, Зұлқарнайын туралы, Лұқман хәкім туралы Құраннан тараған аңыз-әпсаналар кейін көркем әдебиеттің алуан қилы желілерін құрап әдеби көркем шығармалар үлгісіне айналды. Жоғарыда өзіміз сөз еткен "Жүсіп-Залиха" дастан, жырларының да Құрандағы аңызнама желісі белгілі. Рухани, діни, философиялық танымдық қасиеттерімен бірге, осындай әдеби-көркемдік арнадағы поэтикалық трансформациялары да әдебиеттану тұрғысынан қызғылықты да мәнді құбылыстар.
Қожа Ахмет Иасауи мектебі де осы дәстүрді дамытты. И.В.Гете ('Мұхаммет" трагедиясы, "Батыс-шығыс диуаны"), А.С. Пушкин (Құранға еліктеу") Құранның поэтикалық қасиеттеріне мойынсұнғаны әдебиет тарихынан белгілі. И.В. Гете Алланың арабқа қасиетті төрт нәрсені – шалма, шатыр, болат (қару), сұлу әуезді жырды сыйлағанын жырлайды. Ақын бұл жерде "Батыс-шығыс диуаны" кітабындағы "Төрт сый"434 (Аударған Асқар Егеубаев) атты өлеңінде діннің, атамекен- – қара шаңырақтың, қарудың, сөз өнерінің мәнін қасиеттеуге құлшынады.
Софылық таным философиясы құнарлы да қуатты әдебиет шығармаларын тудырды. Қарапайым халыққа лайықталып ұғынықты тілмен, халықтың өзінің сөз өнерінің үлгілерімен ұластыра жазылған діндар туындылардың поэтикалық жаратылысы біртіндеп күрделілене түсті. Діни тұжырымдар мен Құран шарттарын жете білмейтін оқырман түсіне қоймайтын туындылар да пайда болды. Жалпы тұтастай алғанда әдебиет тарихы мен теориясында өзгеше мектеп ретінде мәлім әдеби кезеңнің бірі – осы діндар дәуір, софылық философияның қанат жайған тұсы. Махмұт Қашқаридың "Диуани-лұғат-ит-түрк" кітабында сүрелердің үзінділері, аяттар кездескенімен, ғылыми бітімі ерекше берік әдеби ескерткіш. Онда ислам дәуірінен, мұсылмандық танымнан да бұрынғы, көп ілгерідегі ықылым замандардағы әдебиет нұсқалары, әдеби шығармалар үлгілері мен үзінділері басым. Ислам әсерінен таза ғылыми-танымдық сипаты айқын ғылыми еңбек. Сөздіктегі өлең-жыр үзінділері мен үлгілерінің поэтикасы да әдеби-танымдық үрдісті танытады. Тақырыбы да (жаратылыс, махаббат сезімі, көңіл-күйі, жауынгерлік рух, тұрмыс суреттері, ақлиқаттық-эстетикалық, мифологиялық, т.б.) сан алуан. Мұның барлығы "Диуани-лұғат-ит-түрк" кітабының ғылыми сипатын ашып көрсететін, халықтық маңызын анықтайтын ерекшеліктер. Ғылыми бағытты ұстанған туындылар қатарында Захриддин Бабыр мұралары да аса бағалы. Өзінің "Құмайыннама" кітабында Заһириддин Бабырдың қызы Гүлбәден-бегім мынадай бір деректі келтіреді. Кезінде Бабыр салтанатты бау-бағының ортасынан шөген ойнайтын арнайы алаң жасатады. Шөген – ойынның аты. Осы, тағы басқа әдебиеттердегі суреттеулерге қарағанда бұл әжептәуір шеберлікті, ұшқырлықпен шабандоздықты, күш-жігер мен ептілікті бірдей қажет ететін ойын болса керек. Әрі ақсүйек бекзадалардың несібесіне тиесілі тамаша секілді. "Шөген" – Махмұт Қашқаридың "Диуани-лұғат-ит-түрк" кітабында сипаттауы бойынша – ат үстінен арнайы имек таяқпен доп қуалап ойнайтын спорт түрі. Шөген ойыны туралы "Құтадғу білік" дастанында Жүсіп Баласағұн да нақты жырлайды. Ежелгі дәуір ақынының жазуы бойынша игі жақсы елшілер мен қолбасы бектер шөген ойынына жүйрік болып, шахмат ойыны мен басқа шеберлік, ептілік, ақылдылық, сергектік, зеректік қажет әртүрлі ойындарды, өнерді білуі шарт. Сегіз қырлы, бір сырлы дегендей. Ат құлағында ойнайтын ширақтық пен домаланған допты таяқпен іліп түсер оралымдылық та қажет. Ежелгі заман ермегі дегенге жатпайтын осы бір тамаша дене шынықтыру әрі демалыс түрін біз бүгін Европа тарапынан естиміз. Ағылшындарда ата дәстүріндей ерекше мәртебемен аталады "Конное поло" дегенде европалықтардың тандайы тақ-тақ етеді. Шөген ойыны тек асыл текті ұлықтарға лайық екендігін сол заманғы ойшылдар да еңбектерінде нанымды сипаттайды. Қажырлы, қайратты, сергек те сырбаз тұрмыс белгісі. Бабыр сынды асылзадалардың бір сымбаты осындай деректерден де көрінеді. Бабыр заманы бертінірек болғандықтан ба екен, тарихты жазу-сызудың, өлең өнерінің, ғылымды танудың белгілі бір дәстүр іздері қалыптасқандығы байқалады. Шындығы да сол. Бабырдың ата-тегі, туған жылы мен дүние салған уақыты, жорықтары мен шығармалары, олардың мерзімдері тайға таңба басқандай айқын. Жазу-сызуында да талғам мен талантты ойдың сорабтары сайрап тұр Оның айқын айғағы – "Бабырнама". Бабырнаманың үш бөлімі үш кезең, үш өлкені сөз еткенімен, бір тарихтың сабақтас өзектері. Сол үш тармақты тұтастырып тұрған Бабыр тұлғасы, Бабыр танымы, түрк әулетінің қатпарлы тағдыры. Бір жағынан өмірбаяндық ғұмырнама десе де қателеспес едік. Ол жөнінде батыс талдаушылары "Бабырдың ғұмырнамалық баяны исләм әдебиетіндегі ерекше бітімді сирек кездесетін жанр" (Луи Базан, Франция) деп те жазды. Бабыр қаламгер ғұлама ретінде өз толғамын қапысыз хас шеберлікпен өрнектейді әрі қалам ізі адастырмайды, оның үстіне оның шығармалары өз заманындағы танымдық та, көркемдік те дәстүр арнасынан ауытқымайды. Түрк дүниесінің дүниетаным мектебінің қасиеттерін қанынан сіңіріп, қаламгерлік жанынан құнарландыра түседі. Сонымен қатар, шығарма сымбаты тұрғысынан, қайраткерлік тағдыры тұрғысынан тарихи тұлға ретінде дараланады. Толымды тұлға. Хәкім бейнесінің ортағасырлық бірегей бір бітімі. Тарихи портреттері, тарихи танымдық хиқаяттары, елтану мақсатындағы жазбалары, ел мен жер жаратылысын талдап таныстыратын әрі келешек ұрпақ зердесіне әліппедей дарытатын толғамдары. Осылармен қатар түрк өлеңінің теориясы мен тарихын тереңнен тарататын ғылыми эсселері. Самарқанд шахарына деген ұлы махаббаттың жарқын әсерлері мен ақынды үнемі ақыл мен сезім биігіне тартып отырған сол туған топыраққа деген ұлы құштарлық, шексіз перзенттік тағзым. Үнді мен Ауған жері, ондағы халықтар жайлы шынайы да шалқар танымдық суреттер.
Үнді мен Ауған жері жайлы қалам тербеген, ой толғаған алғашқы түрк зиялысы да осы болар. Захриддин Бабырдың кейінгі ұрпақ қолына жеткен шығармалары жайлы ойлағанда, осы сипаттары еріксіз тіл ұшына оралады. Ғалымның жалпы түркі әдебиеті мен мәдениетінің даму арнасындағы ұлы дәстүрмен қаншалықты үндестігі айқын. Оны орта ғасырлық түркі өркениатының, түркі дүниесінің қайта жаңғыру кезеңінің бел баласы деп бір сөзбен түйіп жеткізсе де түсінікті. Әйтсе де жоғарыда анғартып өткеніміздей, ғұлама ғалымның ортақ дәстүрді ұстанған, хәм оны байытқан, сонымен бірге өзінің суреткерлік-танымдық даралығын мүсіндеген тұстары бар. Сөз осы төңіректе өрбігенде, Бабырдың ұлан-ғайыр шығармашылық дүниесіне біршама жүйелі ретпен келер едік.
Сөйтіп, ұрпақ санасында Бабырдың жазушылық, тарихшылық, қолбасылық сипаттары тарам-тарам танылған. Оның мұраларын дүниенің төрт бұрышындағы күллі шығыстанушылар, түрктанушылар танып зерттеп, әлдеқашан мойындаған. Ал осы ұлы тұлға тағдыры мен шығармалары, дүниетанымы сол заманның арғы-бергі, бұрынғы-соңды мәдени, әдеби, тарихи мұраларымен тұтастықта байланыстыра қарағанда бұрынғыдан да жарқырай еңсе көтеріп, айдынданып кетеді. Тұтас бір тектес, тамырлас дүниетаным кеңдігіне көміліп, тіні бір тарих ағыстарына шомғандай боламыз. Жер жағдайын сипаттаса, ел дәстүрін толғаса, ұлыс жағдайын барласа ортақ атау, ортақ таным, ортақ заңдылықтар алға өріліп отырады. Жүсіп Баласағұн мен Махмұт Қашқари, Ахмет Иүгнеки X ғасыр мен XІ ғасыр арасындағы құлабыз сынды белесті биігінен ешқашан аумай тұрып қалды. Олардың әйгілі екі шығармасы сол замандағы түрк дүниесіндегі ең ұлы ескерткіштер. Одан әрі Әл-Фараби жұлдызы жарқырайды. Берірек Қожа Ахмет Йасауи, Сүлеймен Бақырғани секілді ақылгөй бабаларымыздың әйгілі шығармалары тіл ұшына оралады Бұрын осы тұлғалар жеке-дара қарастырылып келді. Жеке-дара тұлғалар ретінде талданды, таныстырылды. Тарихи қызметтері, мәдени-ағартушылық еңбектері, халық тағдырындағы орны мен үлестері барынша сараланған да секілді. Әйтсе де, осындай ұлан-ғайыр таным әлемі, көркемдік-таным заңдылықтары бір өркениет топырағындағы жаратылған тіні мен ділі бір рухани қазна ретінде жеткілікті қарастырылмады. Өркениет деген ұғымның өзі түркі қауымына қатысты қолданылмағаны мәлім жай. Дүние жүзіндегі өркениет ұғымы негізінен жиырмасыншы ғасырда жұлдызы жарқырай жанған, жақсылы-жаманды реңде өктемдік сипаты басым болған елдер мәдениетіне телінді де отырды. Біз Бабыр мұраларын алдыңғы ІX-XІІ ғасырлардағы түркі дүниесінің рухани әлемімен табиғи тамырластықта көруге тиістіміз. Таза теориялық, көркемдік таным заңдылықтарын желілеу орайында қарағанның өзінде, Бабырдың лирикалары мен Аруз туралы трактатын атағанның өзінде өзекті ғылыми-шығармашылық заңдылық үдесінен шығамыз. Өлең мен саз өнері туралы Әл-Фараби туындыларын, тіл өнері мен ілім-ғылым туралы Жүсіп Баласағұн тебіреністерін, Махмұт Қашқаридың тек қана өлең түрлерін атап-түстеген (классификация) тұстарының өзінен-ақ тұтас бір көркемдік таным тарихы мен тәжірибесін бажайлаймыз. Бұл ретте, Захриддин Бабырдың аталмыш теориялық еңбегі түркі поэзиясының табиғатын танудағы сол ұлы дәстүрдің жалғасындай. Және теориялық пайымы мен талдау ерекшелігіне қатысты өзіндік шеберлік деңгейі мен білім дәрежесін айғақтайды. Бабыр Аруз туралы талдауында ұйқастан бастап ырғаққа дейінгі өлең құрылымына қатысты маңызды жайлардың бәрін де білгірлікпен алдыға тартады. Өлең өлшеміне қатысты талдауы да түркі поэзиясының өзекті қасиеттерін саралайды. "Сонымен, – деп көрсетеді бұл еңбегінде Захриддин Бабыр, – барлық негізгі және қосымша екінші қатарлы бунақ түрлерінің саны қырық үш болады. Бунақтар бунақты құрайтын бөліктерден қосылып жасалатынын білген жөн, ал олардың өзара кезектесіп, үйлесіп келуінен тармақтардың өлшемі пайда болады. Алайда кезектесіп үндесіп келуі (бунақтардың) белгілі бір мөлшерден аспауы, не ұзақ болып шұбатылып кетпеуі, не қысқа болып шолақ қайырылмауы керек. Кезектесіп келудің ең аз түрі – екіден келеді, ең көбі төрттен шығып отырады. Мисра екі еселенгенде бәйіт пайда болады. Бәйіт, сөйтіп, төрт, немесе алты, немесе сегіз бунақтан түзіледі. Ол жөнінде өз кезегінде айтамыз. Бәйіттен ғазалдар, төрттағандар немесе қасыда секілді тағы басқалар құралады."435 Тағы да осы еңбегінде өлең өлшемі туралы әлде де бірнеше терминдерді білу шарт екендігін ескерткен. Аруз бен зарб көп өзгеріске ұшырамай тұрақтылық танытса, оларды сахих (дұрыс) деп атайтындығын түсіндіреді. Ғалымның өлең теориясына соншалықты байсалды қарағанының дәйегі ретінде аталмыш еңбектен мынадай да мысалдарды келтіруге болар еді. "Негізгі бунақтардың қайталануынан, немесе бунақтардың бірінің екіншісімен қосылуынан өлшем туындайтынын білген жөн. Қолданылып жүрген әрі жалпыға бірдей таныс өлшемдердің ұзын саны он тоғыз – 1. Мүтәкариб, 2. Мүтәдарик, 3. Хазаж, 4. Рамал, 5. Ражаз, 6. Бафир, 7. Каил, 8. Тавил, 9. Мәдид, 10. Басит, 11. Мүнсарих, 12. Мүзарит, 13. Мүктазаб, 14. Мүжтас, 15. Сари, 16. Жәдид , 17. Кәриб, 18. Хафиф, 19. Мүшәкил. Ариз және амик деп аталатын тағы екі өлшем бар, олар сирек қолданылады. Осылардың барлығының басын қосқанда 21 өлшем болып шығады."436 Осындай түйінді тұжырымдарды түрк өлеңдерінен мысалдар келтіре отырып тиянақтайды. Өз еңбектерінде режез, сежі секілді өлең өлшемдерінің түрлері жайлы Махмұт Қашқари да жазған. Осылардың сыртында аруз туралы ежелгі түркі поэзиясын зерттеген еңбектерінде көптеген атақты түркітанушылар сан қырлы талдаулар жасағаны мәлім. (Валидова, Стеблева, Кононов, Малов, Радлов, т.б.) Бабыр аталмыш зерттеуінде де алдыңғы түркі дүниесінің әйгілі ғұламалары секілді араб әдебиетінің шарттарына қарай салғастыра отырып жазғаны күмәнсіз. Араб жазу өнерінің ішкі сырларын жете менгерген, сондай-ақ өз заманындағы барша хәкімдер сынды араб өркениетіне жетік болған. Сөз басында шөген ойыны жайлы ауызға алған едік. Ол туралы Бабыр сыршыл жырларында да толғап отырады.
Қолыңдағы шөгенді көр, жолындағы допты көр,
Бұйра толқын шашын қара, ай дидарлы бетті көр.
Соқпақ қуып ырғатылған ағаш допқа қараңыз,
Шанды серпіп ұшқан ұшқыр арғымаққа қараңыз!
Шаршы алаңда ол ойнақ қағып ойнағанда нәшпенен,
Іші күйген жүздеген жан қарар көзді жаспенен.
Көз сұғына жебелердей нысана боп қалам ба!?
Көргін, кірпік жебелері жүз жүрекке қадалған.
"Бабыр, келші, сырласалық!"– деп шақырды. Мен келдім...
Өтірік, шыны араласқан сөзін тыңдап сен көргін...437
(Өлеңдерді аударған – А.Е.)
Әрі өлеңге қосса, әрі өз үйінің ауласына арнайы алаң жасатса, шөген ойынының сол замандардағы аса әйгілі спорт ойыны болғаны ақиқат. Сыршыл жырлары да түрі жағынан, жазу мәнері жағынан сол заманғы түркі өлеңінің қалыбында. Бұл жерде біз ақынның тарихи дерегі бар өлеңін мысалға алдық. Негізінен сыршыл жырларының өзі ойшылдығымен, нәзік сезім пернелерін теріп толғайтын талғамдылығымен баурайды. Таза поэзия туындысы ғасырлар өтсін, мәнін жоғалтпақ емес. Өйткені, ол жырлар адам жан-дүниесінің сәттік суреттерін мәңгілік мәнге бөлеген хас өнер туындылары.
Өз жанымнан жақын жанды таба алмадым өзіме,
Жүрегімнен ақ жүректі таба алмадым өзіме!438 –
дейді Заһириддин Бабыр. Осы ойды Жүсіп Баласағұн да әлденеше рет өрбітіп өлең жолдарына өреді. Өзіңе жақын өзіңнен ешкім де жоқ. Бұл да бір танымдық заңдылықтың ұшығы. Бабырдың негізінен тарихи жазбалары ауызға көп алынады Оның үстіне сол жазбалардағы құнды деректерге жүгініседі. Көлем жағынан әлдеқайда шағын болса да, ақын жырлары саф тазалығымен, сырлы өрнегімен сахара поэзиясының өзгеше соны бір биігіне бастайды. Қазіргі әдеби ұғымда инттелектуальды поэзия деген атау жиі-жиі айтылып жүр. Соған қарағанда, интеллектуальды туынды тағы да осы XX, не XXІ ғасырларға тән секілді көрінуі әбден мүмкін. Ал тарих дерегіне жүгінсек, нағыз парасат поэзиясы, нағыз білімдарлық поэзиясы осынау Жүсіп Баласағұн, Захриддин Бабыр, бертінірек келсек біз үшін Шәкәрім, Абай толғамдарымен, шығыстың дәстүрлі ойшылдығы мен лағылды тіл тұмасын тамсаған жаратылыстарына ұласатындай. Ол жазу мәнерінен де, сөз нәші, сезім бәсінен де, қылаудай жасандылығы сезілмейтін білімдарлық бояуларынан да етене еркін аңғарылып тұрғандай. Сол интеллектуальды поэзияның өшпес үлгісі Бабыp лирикасы. Махаббат лирикасын жырласын, ойшылдық төрттағандарға қалам сызсын Бабыр талғамы, Бабыр білімі мен парасаты мұзарт биігінде қапысыз қайралған алдаспандай жарқылдайды.
Ұйқыңды аш, Заһириддин Мұхаммед-шах Бабыр,
Көзіңді аш, Заһириддин Мұхаммед-шах Бабыр,
Жалған дүние бақытының бұғауынан құтылып,
Қанағат қыл, Заһириддин Мұхаммед шах Бабыр!439
(Ауд. –А.Е.) Бабыр жырларының бір тұғыры осындай танымдық философия. Діндарлық саздарының шарпуы да жоқ емес. Осы ойлардың өзі де ежелгі түркі танымының қалыптасқан канон, ақлиқат шарттарынан хабар береді. Оның үстіне Ұйқыдан сергектікпен арылу, қанағат, рахымды ойлay, жалған дүние қызығына алданбау секілді толып жаткан міндетті шаралар мен шарттар басқа сол заманғы, одан да ертеректегі әдеби туындылардан жақсы көрініс тапқан. Ол тұстағы философиялық поэзияда айқын екі бағыт байқатады. Бірі – ойшылдыққа, өсиет, ғақлия ойларға негізделген философиялық-дидактикалық бағыттағы жырлар, екіншісі – философиялық-лирикалық бағыттағы алуан қырлы сезім толқындарына құрылған сыршыл сырлар, Бабыр осы сыршыл бағыттағы тебіреністерімен де дара. "Бабырнама" атты шығармасы хәкімнің ең бір кең таралған, кеңінен мәлім әрі дүние зиялыларынан лайықты бағасын алған өлмес туындысы. Самарқандтың саялы табиғаты мен сымбатты келбеті ежелгі жазбалардың ішінде дәл осындай кемел сипатталмаған шығар. Заһириддин Бабыр ата мекенін әр тасына дейін перзенттік ыстық махаббатпен суреттейді. Әр тасына дейін, аң-құсына дейін, үп еткен жел, елп еткен ебелегіне дейін қолмен қойғандай нақты елестетеді. Сол заманғы Самарқандтың шынайы тұрмысы мен жаратылысын мәнгілік жәдігерге айналдырғандай. "Самарқандты Ескендір салдырған. Моғолдар мен түркі жұрты оны Семізкент деп айтады. Темір бек Самарқандты өзінің астанасы етіп алған, – дейді Захриддин Бабыр, – Темір бектен бұрын бір де бір сол Темір бектей ұлығ падишалардың ешбірі Самарқандты астана деп жария етпеп еді; Мен бекіністің ішкі қабырғасын бойлай ішкі жағынан өлшеп шығуды бұйырдым, санағанда – он мың алты жүз қадам болып шықты."440 Самарқандт туралы осынау деректерді Махмұт Қашқари өзінің "Диуани-лұғат-ит-түрк" кітабында барынша толықтыра түседі. Нақты тұжырымдармен байытады. Портреттер дегенде Бабырдың суреттеу мәнері мүлде ерекше. Кейіпкерінің ата-тегін, өмірбаянын, сыртқы пішіні мен сымбатын әрі кісілік қасиеттерін, мінез-құлқы мен әдет-қылықтарын, қатысқан жорықтары мен шайқастарын, қандай ерлік көрсеткендерін, атамекені мен иелігіндегі жер жайлы, үрім-бұтақтары жайлы тәптіштеп жазады. Әрі аталған сипаттардың барлығын жеке-жеке тарауларға тармақтай отырып түсіреді. Сонда сөз болып отырған тұлғаның күллі болмысы кемел үйінде хатқа түседі. Тарихи тұлғалар жайлы айтқанда, олардың мінез қырын ашатындай өмірбаяндық деректерін де қисынды жеткізе қояды. Мысалы, Омар шайхы туралы сипаттағанда былай дейді: "Ол аса жомарт еді, оның құлқы да сол жомарттыққа сай." Бабыр тілі Үнді, Ауғанстан топырағына келгенде де соншалықты нақты, соншалықты терең мағыналы бейнелі мәнермен парасат, таным шырынын төгеді. "Бабырнамада" жылнама сипатында көптеген тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалар жайлы деректер мен дәйектер бар. Қаншама белгілі адамдардың өмірбаянымен, табиғи болмысымен, саяси портреттерімен танысамыз. Бұл да сол замандағы жазу өнерінің дәстүрінде калыптасқан көрініс. Сол Орхон-Енисей жазбаларынан, сол Алып Ер Тоңға туралы жырлардан, сол "Құтты біліктен", Махмұт Қашқари энциклопедиясынан тарихи тұлғаларды сипаттаудың сан алуан үлгілерін мысалға келтіруге әбден болады. Бір ғана Алып Ер Тоңғаның тарихи сымбатын Фирдоуси, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари қандай толымды, өз көзқарастарымен әр қырынан бедерлі жеткізеді. Бабырнамада жылнама ретімен сипатталған тарихи оқиғалардың басты кейіпкерлері – белгілі адамдардың жарқын портреттері де мол. Мұхаммед Қайдар Дулатидың "Тарихи Рашиди" атты ұлы мұрасының табиғаты да осындай шежірелі кітаптардың жаратылысынан хабар береді. Танымдық баян. Тағлымды тарих. 1499 жылы Ташкентте дүниеге келген Мұхаммед Кайдар Дулати Захриддин Бабырдың туған бөлесі екендігі белгілі. Бабырдың тәлімін алып, тәрбиесін көрген, кейін Құмайынның қанаттасы болған Қайдар Дулаттың тарихи мұрасы әдеби, тарихи дүниелеріміздің оқтықтысы. Қазіргі қазақ даласының, күллі Орта Азия атырабындағы халық, ұлыстардың шежірелі тарихи көшін хаттаған. Көрнекті қайраткер, тарихшы. Оның өнерлі, қабілетті, тілге шешендігін Захриддин Бабыр да атап жазыпты. Тарихи кітап әрі өмірбаяндық баяннама, әрі ғалымның заман жайлы, қауым жайлы философиялық толғамдары. Бұған дейін мұндай ғылыми сипатты шығармалардың ішінде көбінесе "Бабырнама" көп айтылатын. Казақстанда Мұхаммед Хайдар Дулати мұрасына жан-жақты байсалды ғылыми көзқарас Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қалыптасты. Бұған дейін "Тарихи Рашиди" талай тарихи еңбектерге негіз болып, бірқатар тілдерге аударылып та қойған еді. Өткен ғасырдың аяғында 1895 жылы ағылшын тілінде де жарияланғаны мәлім. Орыс тіліндегі толық басылымын 1996 жылы Ташкент баспагерлері жүзеге асырды. Осының өзі-ақ ғалым мұрасына деген тарихи ықыласты білдіреді. Нақ осы тарихнамада Керей, Жәнібек, Бұрындық, Қасым хандар туралы нақты тұжырым, тарихи деректер бар. Қазақ сұлтандарының ел билей бастағаны 870 (1465) жылдар шамасы екендігін сол шежіреден білеміз. Қасым ханның Сайрам, Тараздағы тірлігі, Бұрындық ханның Сарайшықтағы өмір дерегі де осы жазбада хиқаяланған. Сарайшық, Сайрам, Тараз қазір де қазақ жерінің елге мәлім мекендері. Бұл күндері Қазақстан зерттеушілері де Мұхаммед Хайдар көзқарастарын талдауды тереңдетті. Оның өлеңдері мен рубаилары әдебиет тарихының асыл қазнасы, "Жиһаннама" дастаны Берлин кітапханасының қорында сақтаулы тұр. Оны кезінде Ахмет Зәки Уәлиди тауып, анықтаған көрінеді. Ежелгі түрк, шығыс әдебиеттерінің дәстүрінде жазылған "Тарихи Рашиди" табиғаты жағынан да қазақ әдебиетінің танымдық, байыптама сипатын айқындап берген ғылыми дүние. Әдебиеттегі көркемдік тыныс, көркемдік кеңістік ұғымы өте кең мағыналы. Әдеби шығарма көркем сөздің ең ежелгі кезеңдерінен бастап өз тұсына дейінгі поэтикалық қасиеттерінің бәрін еркін сіңіре алады. Сондықтан да, оның бітімінен мифологиялық канондарды да, автордың жеке қабілетінен туындаған әдеби-эстетикалық сипаттарды да кездестіре аламыз. Көркемдік кеңістік, эстетикалық тыныс кеңдігі деген ұғымға байланысты Қожа Ахмет Иасауи бастаған софылық поэзияны, Жүсіп Баласағұнның "Құтты білігі" мен Махмұт Қашқаридың "Түрік сөздігін" салыстырмалы түрде қарастыруға әбден болады. Ғылыми-танымдық, эстетикалық кеңістігінің күллі түрк тарихын қамтитын тыныстылығы, кеңдігі жағынан "Түрік сөздігі" кезеңдік дәуірдің философиясын толғаған софылық мектеп тынысынан әлдеқайда алымды. Демек, поэтиканың тарихилығы тұрғысынан да "Құтты білік" пен "Түрік сөздігі" сынды шығармалар ұлы үрдістің құбылыстарын барынша кең қамтыған. “Географиялық” аясы орайында "Бабырнаманың" кеңістік тынысы да барынша бай, кең. Осы әдеби құбылыстар тізбегін тұтастай алғанда әдеби-эстетикалық таным поэтикасының көп қырлы тарихын көреміз.
Авторлар туралы мәлімет
Өмірәлиев Құлмат (1930-1985) Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы Алтынтөбе ауылында дүниеге келген. Ол алғашында Шымкент қаласында мал дәрігерлер даярлайтын техникумда оқыған.
1952 жылы Шымкент педагогикалық институтын, 1957 жылы Қазақ педагогикалық иститутын және 1960 жылы осы институттың аспирантурасын бітірген. 1972 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін Қазақстан Ғылым Академиясы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының Түркітану және тіл тарихы бөлімінде әуелі ғылыми, сосын аға ғылыми қызметкер болып қызметтер атқарған. 1976 жылы ғалымның «ХV –ХІХ ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі» және 1983 жылы «Қазақ поэзиясының жанры мен стилі» атты монографиялары жарық көрген. Қ.Өмірәлиевтің бұл еңбектерінде қазақ поэзиясының тілімен қатар, қазақ әдеби тілінің тарихы, қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдістемесі және текстология мәселелері қамтылған. 1985 жылы Қ.Өмірәлиевтің түркітану ғылымына айтулы үлес қосқан «VІІІ-XІІ ғғ. көне түркі әдеби ескерткіштері» атты ғылыми еңбегі жарық көрген. Көзі тірісінде ғалым аталған еңбектің сигналды данасын ғана көріп үлгерген. Бұл еңбегінде ол көне дәуірлердегі әдеби ескерткіштерді қазіргі қазақ әдебиетінің қайнар бастауы ретінде қарастырады. Ғалым өмірден өткеннен кейін, оның бұрын жарияланбаған ғылыми зерттеулері М.Мырзахметов, Р.Сыздықова сынды ғалымдардың атсалысуы арқасында «Оғуз Қаған» эпосының тілі», «Дулат Бабатайұлы. Замана сазы», «Абай афоризмі» деген тақырыптарда жарық көрді. Қ.Өмірәлиев осы аталған зерттеулердің ішінде «Оғызнаманы» қыпшақ тілінен аударып қана қоймай, жанды-жақты қарастыра зерттейді. Ал Абай және оған дейінгі қазақ поэзиясы, Дулат ақын шығармаларын зерттеу нысанына алған ғалым бұл көркем сөз үлгілерінің қазақ халқының руханиятына қосқан орнын айқындайды. Өмірәлиевтің 70-жылдығына орай, Тіл білімі институты «Ата тарих айғақтары» (жауапты шығарушысы С.Құлманов, редакторы Ербол Жанпейісов) атты жинақ шығарды. Ғалымның 4 монографиялық еңбегі мен баспасөз беттерінде алпыстан аса ғылыми мақалалары жарық көрген.
Келімбетов Немат – 1937 жылдың 4 сәуірінде Қазіргі Өзбекстандағы Ташкент облысы, Янги-Юль қаласында дүниеге келіген. Орта білімді Сарыағаш ауданының Абай ауылындағы орта мектепте алған. 1959 жылы Ташкент қаржы-экономика институтының экономикалық есеп факультетін экономист мамандығы бойынша бітірген. 1966 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетін журналистика мамандығы бойынша сырттай оқыған. Филология ғылымдарының докторы (2002), профессор, Қазақстан республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі (2004), КСРО Жазушылар одағының (1990) және Қазақстан Жазушылар одағының (1994) мүшесі, жазушы, аудармашы, түрколог-ғалым.
Н.Келімбетов еңбек жолын 1959 жылы Қостанай облыстық мемлекеттік банкінде экономист-инспектор болып бастады. 1960-1962 жылдары Шымкент облысы Келес және Сарыағаш аудандарының аудандық газеттерінде әдеби қызметкер, 1962-1965 жылдары ҚазССР Ғылым академиясының Экономика институтында кіші ғылыми қызметкер, 1965 жылдан «Социалистік Қазақстан» газетінде (қазіргі «Егемен Қазақстан») әдеби қызметкер болды болып істеді. 1970 жылдан бастап ҚазКСР Министрлер кеңесінің референті, ҚазКСР Министрлер кеңесі жанындағы Әдебиет, өнер және архитектура саласы бойынша Мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссияның жауапты хатшысы қызметтерін атқарды. 1976-1981 жылдар аралығында «Қазақстан» баспасының редакторы, 1981 жылдан бастап Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының, 1997-2002 жылдар аралығында Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің қазақ тілі кафедрасының профессоры болып істеді. Жазушы Немат Келімбетов қаламынан «Үміт үзгім келмейді» (1981, 2005), «Жарлы емеспін, зарлымын» (2001), «Өмір өзен» (2003) повестері және «Ұлыма хат» (2005), «Қариялар», «Күншілдік» атты эсселері жарық көрді. Сонымен қатар, ол бірнеше көркем шығарманы қазақ тіліне аударды. Армян жазушысы Леонид Гурунцтың «Шіркін біздің Шушикент» повесін (1971), украин жазушысы Василь Козоченконың «Найзағай» романы мен «Ажалханада салынған суреттер» повесін (1979), өзбек жазушылары Саид Ахмадтың «Көкжиек» (1981), Пірімқұл Қадыровтың «Жұлдызды түндер» романдарын (1986) және басқа да шығармаларды қазақ тілді оқырмандарға таныстырды. 1973 жылы «Ақын Шәді Жәңгірұлының өмірі мен шығармашылығы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация, 2001 жылы «Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі көркемдік дәстүр жалғастығы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен (2001), Украинаның «Почесна відзиака» («Құрмет белгісі») медалімен (2008) марапатталған. Күлтегін атындағы сыйлықтың (2005), ЮНЕСКО шеңберіндегі Еуропаның Франц Кафка қоғамының алтын медалінің иегері.
2010 жылдың 14 желтоқсанында дүниеден озды.
Асқар Құрмашұлы Егеубаев (6 наурыз 1950 жылы, Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Қыстау Күршім ауылы – 8 қазан 2006 жылы, Алматы қаласы) – ақын, аудармашы, әдебиет-зерттеушісі, түркітанушы ғалым, сыншы, филология ғылымының докторы (1999). 1967 жылы Зайсан ауданының Қаратал ауылындағы М. Горький атындағы орта мектепті бітірген. Алғашқы өлең, мақалалары аудандық «Достық» газетінде, облыстық газетте, республикалық жастар басылымдарында 1964 жылдан көріне бастады. Орта мектепті бітіргеннен кейін Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл аудандық екі тілде шығатын «Шамшырақ» («Маяк») газетінде аудармашы, әдеби қызметкер, Зайсан аудандық «Достық» газетінде корректор, журналшы, бөлім меңгерушісі болып істеген. 1974 жылы С.М. Киров атындағы ҚазМУ-ды бітірген. «Қазақстан коммунисі» журналында (1974–84), «Қазақ әдебиеті» газетінде (1984–87), «Жазушы» баспасында (бас редактордың орынбасары, 1987–88), «Жұлдыз» журналында (1988–89), «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясында (бас редактордың орынбасары, 1989–90), Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінде баспасөз хатшысы, Қазақстан Парламенті Сенаты аппаратында кеңесші (1991–97), ҚазҰУ-да оқытушы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебінде бағдарлама жетекшісі (1997–2001) болды. 2001 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының Әдебиет және өнер институтында Абайтану бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.
Әдебиеттанушы-ғалым ретінде ол «Ежелгі дәуірдегі қазақ әдебиетінің көркемдік жүйесі (Х–ХІІ ғасырлар: көркемдік-эстетикалық ізденістер мен түрленулер)» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. «Сыр мен сымбат» (1981), «Сөз жүйесі» (1985), «Әділет» (1990), «Аламан» (1996), «Қала салған қазақтар: Поэмалар» (2002), «Тайқазан: Дастандар мен өлеңдер» (2003), «ХХ ғасырдың екі сағаты» (2005), «Жүсіп Баласағұн: Роман-эссе» (2005), т.б. кітаптардың авторы. Түркі мәдениетіне қатысты көне әдеби мұраларды қазақ тіліне аударып, зерттеу жұмысымен айналысқан. Ж.Баласағұнның «Құтадғу білігін» қазақ тіліне аударды (1986). Бұл кітап 1989 ж. Пекиннің Ұлттар баспасынан араб әліпбиімен екінші рет жарық көрді. М.Қашқаридың «Диуани лұғат ит-түрк» еңбегін қазақ тіліне аударды (1998). «Кісілік кітабы» (1998), «Ежелгі дәуірдегі қазақ әдебиетінің көркемдік жүйесі» (1999), «Құлабыз: Поэтиканың тарихилығы» (2001) т.б. монографиялары жарық көрген. А. Егеубаев Қазақстан Ленин комсомолы (1984), Жамбыл атындағы халықаралық (1996), Махамбет атындағы (2003) сыйлықтардың лауреаты. Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының құрметті азаматы (2000). «Құрмет» орденімен (2003) және медальдармен марапатталған.
ТҮСІНІКТЕМЕ
«VІІІ-XІІ ғасырлардағы көне түркі әдеби ескерткіштері»
Көрнекті түрколог ғалым Қ.Өмірәлиевтің «VІІІ-XІІ ғасырлардағы көне түркі әдеби ескерткіштері» атты зерттеу еңбегі ежелгі түркі дәуірін зерттеушілерге нақтылы бағыт-бағдар беретін еңбектің бірі. Кітап 1985 жылы Алматы қаласы «Мектеп» баспасынан жарық көрген. Кітап жарыққа шыққанға дейін, ондағы жекелеген тақырыптар мерзімді баспасөз беттерінде жекелеген мақала түрінде жарияланып келді. Көлемі шағын болғанымен, Қ.Өмірәлиевтің бұл зерттеуі әдебиет тарихының ежелгі дәуіріне, жалпы түркология ғылымына сүбелі үлес қосқан еңбектер қатарын құрайды. Оның басты құндылығы – қазақ әдебиетінің ежелгі рухани қазыналарын тарихи-дерекнама негізінде және тілтану ғылымымен тығыз байланыста алып қарастырғандығы. Зерттеу еңбек VІІІ-XІІ ғасырларды қамтығанымен, біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ-І ғасырларда тарих мәресіне шыққан Ғұн, Үйсін, Қаңлы қағанаттары дәуірін де шолып өтеді. Ғалым аталған бірлестіктер дәуірін сол кезеңдегі Орталық Азия, Шығыс Еуропа тарихымен сабақтастыра қарастырудың тиімділігіне аса назар аударған. Түркілердің VІ-VІІІ ғасырларда-ақ жазу мәдениеті болғанын мақтаныш сезіммен зерделеген ғалым, ол жазба әдебиеттің тасасында әліпби жасау сияқты аса зор мәдени, тарихи құбылыс жатқандығын және бұның түркілерді өзге елдердің мойындауының тарихи куәсі іспетті екендігін баса айтады. Қ.Өмірәлиев аталған еңбектің «Орхон-Енисей жазба ескертіштерінің жанры» атты бөлімінде түрколог ғалымдар С.Г.Кляшторный, И.В.Стеблева, Н.Я.Бичурин, С.Е.Малов зерттеулерін қарастыра отырып, өзіндік тұжырымдарын ұсынады. Мысалы И.В.Стеблеваның «Поэзия тюрков VІ-VІІІ веков» атты еңбегіндегі VІІІ ғасырлардан қалған ескерткіштердіпоэзиялықмұраларретіндетаниқарастырудыңөзітүркіхалықтарыныңсол тұстағыжәнеоғандейінгіпоэзиясын жоғалтатынынжәнедеоныңанық сипатытурасындағылымдажасалартанымдардың алдынкесуболыптабылатынынатапкөрсетеді.Қ.Өмірәлиев Орхонескерткіштерініңмәтінінталдай отырып, ондағы поэзияның ырғақ-бунақ өлшемінің ұйқас-тармақ өлшеміне, ал шумақ жігінің сөздердің әрі оларға үйірілетін сөздер тобының үйлесімділігі мен буын санының да белгілі дәрежеде поэзиялық талапқа сай келмейтіне назар аударған. Сондықтан бұл тұрғыда ғалымның «Көне жазбалардарғы кез келген тілдік-стильдік белгілер оның қай жанрда жасалғанын анықтауға септігін тигізеді» деген пікірі орынды айтылған пайымдауларының бірі болып табылады. Зерттеу еңбектің «Күлтегін» ескерткіші авторының тарихта баяндалуы және оның таным түсінігі» атты бөлімінде ғалым «Күлтегін» ескерткішінің дүниеге келуі көнеден келе жатқан мифтік, образды ойлаудан арылудың, өмірді таза тарихи тұрғыда ойлау мен шындықты танудағы прогресс болып табылғанын баса айтады. «Күлтегіннің» авторы өз кезінің қоғамдық пікірінен бөлектенбейтінін, болып өткен және болып жатқан жағдайларға баға бергенде түркі халқы мен қағанының ортақ мүддесі талабы тұрғысынан келіп отыратынына да ғалым аса мән берген. Сонымен қатар ол ескерткіш авторының айтпақ ойы біріншіден түркі халқының азаттық күресін баяндаса, екіншіден, Түркі ордасын нығайту, бір орталыққа бағынған мемлекетті құру жолында қағандар жүргізген әрекеттерін айтумен қатар, түркі тайпалары бектерінің сол тұстағы ішкі алауыздығын да көрсету болып табылатынын атап көрсетеді. Зерттеу еңбектің «Ертедегі түркілердің поэзиясы» атты тарауында Қ.Өмірәлиев М.Қашғаридың «Сөздігінде» келтірілген өлең үзінділерінен мысал келтіріп, талдап қарастырады. Сондай-ақ ғалым «Сөздіктегі» өлең шумақтарының түркілердің қай тайпасына тән екендігін айқындауға тырысқан. «Сөздіктегі» табиғатқа байланысты келтірілген жырларды талдай отырып ол бұл жырлардың көркемдік ерекшеліктері Абай, Ыбырай дәуіріне дейін өзгеріссіз келгенін, олардың табиғат, тіршілік, дүние болмысын қабылдаулары, сезінуі мен танымы тым ұқсас екенін, ал ерекшелік тек өлең формасына ғана тән екенін айтып өтеді. Сонымен қатар ғалым, VІІІ-XІ ғасырлар ескерткіштерін өзара салыстырып, қарастыра келгенде XІ ғасыр жазбаларында VІІІ ғасыр жазба ескерткіштеріне қарағанда түркі тайпалары арасында айтылып жүрген поэзия үлгілерінің аса мол ұшырасатынын байқаған. М.Қашғари «Сөздігінде» келтірілетін өлең үзінділерінің текстологиясына мұқият зер салған ғалым, ондағы мұралардың әр рудан, әр тайпадан, әр түрлі мекеннен жиналғандығын атап көрсетеді. Сонымен бірге ол Қашғари еңбегіндегі поэзия үлгілерінде әр алуан жанр ізі байқалатынын жаза отырып, олардың мазмұнына қарай: табиғат-наурыз, ғашықтық-жастық, жоқтау, ерлік-жорық, тұрмыс-салт жырлары ретінде әрқайсысын жеке-жеке зерттеп қарастырады. Зерттеу еңбектің «Ертедегі түркі халқының фольклоры» атты тарауында Қ.Өмірәлиев «Оғуз қаған» жырын – түркі халықтарының ең ежелгі фольклорлық мұрасы ретінде зерттеп зерделейді. Ғалым мұраның пайда болу уақыты, оның XІІ–XІІІ ғасырларда хатқа түскендігіне орай қарастырылмауы керек екенін тілге тиек ете отырып, оның шын мәніндегі пайда болу кезі тым көне дәуірлерге барып тірелетіндігін ғылыми тұрғыда негіздеген. Томға ұсынылып отырған зерттеу мәтіні ғалымның «VІІІ-XІІ ғасырлардағы көне түркі әдеби ескерткіштері» атты оқу-құралының (Алматы, Мектеп, 1985.) 5-59 және 104-106 беттерінен алынып, дайындалды.
Балжан Тоекина
«Көне түркі қаһармандық дастандары мен қазақтың батырлық жырлары арасындағы байланыс белгілері»
Қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу мәселелері өткен ғасырдың екінші жартысында қызу талқыланды. Халқымыздың тарихы мен мәдени бастауларын тереңнен тартуға тыйым салған тоталитарлық жүйенің өзінде-ақ қазақ әдебиетінің білгірі М.Әуезов сыналап болса да рухани құндылығымыздың қайнар көздерін айтқан болатын. Кейінгі жылдарда бұл ұстанымды ғалым Б.Кенжебаев ғылыми тұрғыда дәлелдеп, терең тамырлы әдебиет тарихының түрлі мәселелеріне қатысты шәкірттер даярлады. Оның М.Жолдасбеков, М.Мағауин, А.Қыраубаева сынды шәкірттерінің кандидаттық диссертациялары елді елең еткізді. Б.Кенжебаевтың маңына топтасқан жас ғалымдар әдебиетті тереңнен бастауға батыл кірісті. Х.Сүйіншәлиев 1960 жылдардың ортасында-ақ жазба әдебиет шежіресін Түркі қағанатынан бері тізбектеп, жоғары оқу орындарының студенттеріне арнап оқу құралын дайындады. Кандидаттық диссертациясын Шәді ақынның мұрасынан қорғаған Немат Келімбетов өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап әдебиет тарихымен түбегейлі шұғылданды. Ғалым көне түркі әдеби жәдігерлерін зерттеумен ұзақ айналысты. 1986 жылы жоғары оқу орындарының студенттеріне арнап «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» атты оқулық шығарды. «Шығыс классикалық поэзиясы» (1989), «Ежелгі дәуір әдебиеті» (1991, 2005), «Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы» (1998), «Қазақ әдебиеті бастаулары» (1998), «Көркемдік дәстүр жалғастығы» (2000), «Ежелгі әдеби жәдігерліктер» (2004) кітаптарының авторы. Көп жылғы ғылыми ізденісінің нәтижесінде 2001 жылы «Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі көркемдік дәстүр жалғастығы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Н.Келімбетов әдебиет тарихын зерттеуде орасан еңбектер атқарды. Ол қазақ әдебиетінің шежіресін біздің жыл санауымызға дейінгі сақтар дәуірінен бері тарқатып, ғұндар кезеңі мен Түркі қағанатынан бері өрбітеді. Ғалым аталған еңбектерде сақтар мен ғұндар дәуірінде өмірге келген қаһармандық дастандардан бастап, қазақ хандығы құрылған кезеңге дейінгі ежелгі түркі әдеби жәдігерліктеріне талдау жасап, ғылыми тұрғыда зерттеді. Ғалымның ғылыми еңбектерінде түркі әдеби мұралары мен қазақ ақын-жыраулары поэзиясындағы көркемдік дәстүр жалғастығы мәселелеріне арналып, онда көне түркі қаһармандық дастандары мен қазақтың батырлық жырлары арасындағы байланыс белгілері, мазмұн, түр, стиль бірлігі, ұқсастықтары мен ерекшеліктері сараланады. Ислам дәуіріне жататын қарахандықтар тұсындағы әдебиет өкілдерінің этикалық-дидактикалық сарындағы шығармалар, нәзиралық үлгідегі қазақ қисса-дастандары автор зерттеуіне өзек болады. Автордың сақтар мен ғұндар дәуіріндегі әдеби жәдігерліктер туралы ғылыми мақалалары М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты дайындап, баспадан шығарған «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты 10 томдықтың 2-3-томдарына енді. Осы томға кірген Н.Келімбетовтің «Көне түркі қаһармандық дастандары мен қазақтың батырлық жырлары арасындағы байланыс белгілері» атты зерттеуі «Көркемдік дәстүр жалғастығы» (Астана, «Елорда», 2000. 7-128-бб.) атты монографиясынан алынды.
Ақжігіт Әлібекұлы
«Ежелгі дәуірдегі қазақ әдебиетінің көркемдік жүйесі (Х-ХІІ ғасырлар: көркемдік-эстетикалық ізденістер мен түрленулер)»
Белгілі қазақ ақыны, түркітанушы-ғалым А. Егеубаевтың «Ежелгі дәуірдегі қазақ әдебиетінің көркемдік жүйесі ( Х – ХІІ ғасырлар: көркемдік-эстетикалық ізденістер мен түрленулер )» – монографиясы түркі халықтары әдебиетінің ежелгі және орта ғасырларда жазылған немесе хатқа түсірілген жазба мұралары мен ауыз әдебиетін зерттеуге бағытталған. 1999 жылы автор осы тақырыптағы докторлық диссертациясын сәтті қорғап шыққан болатын. Аталған ғылыми еңбек алғаш Алматыда (АБА «Айкос» баспа үйі, 1999 ж.) жарық көрді. Зерттеу жұмысының бірқатар тараулары мен жекелеген тақырыптар кітап жарыққа шықпай тұрып-ақ, мақала күйінде мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған болатын. Кейін, өңделіп, толықтырылған нұсқасы автордың «Құлабыз: Поэтиканың тарихилығы» (2001) атты т.б. монографиялық зерттеу кітабына енгені мәлім. Кітап негізінен, ЖОО филология факультеттерінің студенттері мен магистранттарға, әдебиет тарихы мәселелерін зерттеушілерге, түркітанушылар мен мәдениеттанушыларға арналған. А. Егеубаевтың бұл зерттеу еңбегі қазақ әдебиетінің көне дәуірлеріне қатысты келелі мәселелерін қарастыруымен бағалы. Автор ежелгі дәуір әдебиетінің көркемдік жүйесін саралап, талдай отырып, оның қазақ әдебиетіне ұласу, тарихи түрлену үрдісін терең зерделейді. Әсіресе, мұнда поэтиканың тарихилығы, көркемдік жүйенің эволюциясы мен әдеби үдерістер барынша терең айқындалып, нақты мысалдармен сараланған. Кітапта қазақ халқының өткендегі рухани мұралары ғана емес, ұлтымыздың философиясы мен мәдениеті, тарихы мен этнологиясы хақында маңызды мағлұматтар мол ұшырасады. Автор өз зерттеулерін сонау ғұн-сақ дәуірінің мұраларынан – Атилла, Шу батыр, Қорқыт туралы аңыз-дастандардан бастайды. Зерттеушінің тарихи-салыстырмалы әдіс арқылы талдаған жүйелі ой-пікірлері деректілігімен құнды. Ғалым өз еңбегінде қалыптасқан ғылыми ұстанымдарды сақтай отырып, көптеген алдыңғы буын зерттеушілерінің сирек кітаптарына сілтеме жасағандығын көреміз. Бұл кітапта тек Ежелгі дәуір әдебиеті ғана емес, Орта ғасырдың асыл мұралары, Қазақ хандығы кезеңінде туған «Бабыр-наме», «Тарихи Рашиди» сынды жазба жәдігерлердің тарихи-көркемдік қырлары жөнінде де қарымды ой-пікірлер кездеседі. Бұл зерттеуінде ғалым қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясына қатысты өзекті эстетикалық, поэтикалық терең тамырлы арналарды қарастыра келіп, поэтикалық таным жүйесінің белгілі бір зандылықтары мен шарттарын талдап көрсетуге ұмтылғандығы аңғарылады. Ежелгі түркі әдебиетінің жазба және ауыз әдебиеті үлгілерін кең көлемде талдай отырып, сол арқылы қазақ әдебиетінің, халықтың көркемдік ойының түп-тегін, гносеологиялық негіздерін таразылай танытуға ден қойған. Сонымен бірге, зертеу еңбегінде тұтас бір халықтың дүниеге, әлемдік болмысқа қатысты тарихи-мәдени және көркемдік-эстетикалық көзқарастары мен қарым-қатынасының ғасырлар бойы жинақталып, сұрыпталған күрделі заңдылықтары жан-жақты көрініс тапқан. Автор диахрондық әдісті қолданмен қатар, тарихи поэтика арқылы қазақ әдебиетінің тарихи мәртебесін өзінше айқындап, жүйелеуге ұмтылады. Зерттеу жұмысында ғалым нақты әдеби мұраларды талдау арқылы, олардың казақ әдебиетіне ұласқан көркемдік жүйесін желілеу арқылы осы үрдісті тарихи құбылысты әдебиет заңдылықтары тұрғысынан мейлінше әділ сараптауға талаптанғанын көреміз. Расында да, ежелгі дәуірлердегі қазақ әдебиетінің көркемдік жүйесін көне түркі ескерткіштерімен үйлестіре қарастырып, тарихи кезеңдердегі көркем ойдың жаратылысын тани білу бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымы үшін ерекше мәнді мақсаттарымыздың бірі. Ғалым ежелгі қазақ әдебиетінің көркемдік таным жүйесінің даму сатыларын зерттеу бір ғана әдеби үдерістердің заңдылықтарын ашумен қоймай, сонымен қатар ұлтымыздың тарихи көркем санасының күретамырларын анықтап, ұлттық танымның ғасырлар тереңіндегі терең тамырларына жалғастырушы – алтын діңгек екендігін салмақты, ойлы пікірлер арқылы дұрыс пайымдайды. Х-ХІІ ғасырлар аралығындағы әдеби ойдың негізгі қайнары Шығыстық құндылықтардың қайта жаңғыруы, Ислам әлеміндегі ғылыми ойдың қарқынды дамуымен тікелей сабақтасып жатқанын ескерсек, «түркі ренессансы» аталатын Қарахандар кезеңінің көркем ой кеңістігі де осынау құнарлы бастаулардан – дүниеуи және бақилық ілімдердің терең иірімдерінен һәм имандылық нұрынан қуат алады. А. Егеубаев еңбегінде талданатын "Құтадғу-білік", "Диуани лұғат-ит-түрк", "Диуани хикмет", "Хибатул хақайық" т.б. жазба жәдігерлердің өн-бойындағы өр рух пен өрелі ой, сойлы сипаттар мен ойлы образдар осының толық дәлелі іспетті. Бұл сияқты бітімі бөлек бірегей туындылардың әлемдік рухани қазыналар қорынан ойып орын алуы да кездейсоқтық емес, түркі халықтарының адамзат өркениетіне қосқан сүбелі үлесі асыл ойларының сыбағасы десек артық емес. А. Егеубаевтың Махмуд Қашқаридің «Диуани лұғат-ит түрки» атты үш томдық энциклопедиялық еңбегін қазіргі қазақ тіліне тәржімелегені (1998 ж.) белгілі. Осы атақты сөздік пен ондағы кездесетін көне түркі халық әдебиетінің үлгілері жайында ғалым кеңінен сөз қозғайды. Ежелгі түркілердің даңқты көсемі Алып ер Тоңға(Афрасияб) туралы деректі толғамдары да көңіл аударарлық. Дегенмен, осы еңбекте ғалым өзі жастайынан зерделей зерттеген «Құтадғу білік» дастанына ерекше тоқталып, шығарманың жанрлық, стильдік және поэтикалық жақтарынан үңіле, үңги қарастырғаны айқын байқалады. «Түркі тектес халықтар поэзиясындағы бұл алтын желінің бір ұшығы сонау тәжік-парсы, бір ұшығы қырғыз, өзбек, ұйғыр, татар, ноғай, тағы басқа ел мен ұлыстардың мәдениетіндегі көркемдік көкжиектермен ұласады. XІ ғасырда Шу бойындағы Баласағұн шаһарында жазылып, кейін кең дүниеге танылған ұлағатты әдеби ескерткішті кезінде дат, француз, венгр, австрия, неміс, түрік ғалымдарының тесіле зерттегені, кейбір тарауларын түрлі деңгейде аударғандары тегін де емес...» – деп жазады ғалым. Шынында да, «Құтты білік» хақында көптеген Еуропа оқымыстылары бағалы ой-пікірлер жазған, бірнеше зерттеу ебектері мен аудармалар да сақталған. Осы орайда венгр ғалымы Г. Вамберидің, неміс ғалымы, белгілі түркітанушы В.В. Радловтың тәржімелері мен ғылыми мақалаларын ерекше ілтипатпен атаймыз. Еуропа ғана емес, Түркия ғалымдарының да көне түркі әдеби мұраларын зерттеу жұмыстарын бізден әлдеқашан бұрын қолға алғандарын еріксіз мойындауға тура келеді. Қазіргі қазақ әдебиетінің көркемдік, тарихи проблемаларын да сол ежелгі дәуірлер туындыларындағы образ жүйесі, имани ой, шеберлік, поэтика, этнологиялық жаратылыс ерекшеліктерімен етене талқыласақ, рухани әлемнің түйінді мәселелерін дұрыс бағамдауға бір табан жақындай түсер едік. Әлбетте, «ежелгі дәуірлердегі әдебиеттің көркемдік жүйесінің өзіндік заңдылығы бар, жалқыдан жалпыға ұласып, тұтас эстетикалық танымдық кеңістікті құрайтын күрделі үрдіс» екендігі даусыз. Осы озық дәстүрдің заңды да жанды жалғастығы кейінгі кезеңдердегі қазақтың классикалық жазба әдебиетінен лайықты көрініс тапқанын сәтті салыстырулар арқылы әдемі көрсеткен. Зерттеуші «дастан бәйіттерінде әлеуметтік топтардың бірегей портреттері, қоғамдық-әлеуметтік құбылыстардың өзекті өрнектері, сан қырлы психологиялық кескіндеулер уақыт озса да тозбайтын, бояуы солғындамайтын таланттылықпен бедерленген суреттер» екендігін де әсерлі мысалдармен көзге тоса білген. Қарахандар әулеті билеген кезеңдегі түркі халықтарының мәдениеті, тарихы, тілі мен әдебиеті жөнінде В.В.Григорьев, В.В.Бартольд, С.Г.Кляшторный, О.Притсак, И.В.Стеблева, Н.Я.Бичурин, Р.Кеніш, С.Е.Малов, А.А.Валитова, Ә. Құрышжанов, Х. Сүйіншәлиев, т.б. зерттеушілердің әр кезде жазған, жариялаған еңбектері мәлім. Бұл қатарға сыншы-ғалым А.Егеубаевтың аталған еңбегі де өзіндік үлес қосты деп санауға әбден болады. Томға ұсынылып отырған еңбектің мәтіні аталған кітаптың алғашқы басылымы (1999) бойынша әзірленді.
Серікбай Қосанов
ЖИНАҚТА КЕЗДЕСЕТІН ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАР МЕН КЕЙІПКЕРЛЕР
Афрасиаб – аты аңызға айналған Тұран патшасы, қолбасшы, түркі жұртының ұлы тарихи тұлғасы. Ол ІҮ-ҮІ ғасырлар аралығы шамасында өмір сүрген. Бұхара қаласында жерленген. Тарихи шығармаларда түркілер Афрасиабты Алып Ер Тоңға деп атағандығы айтылып, оның теңдессіз әскери қайраткерлігі, жеке басының батырлығы мадақталады. Афрасиабтың есімі Фирдаусидің «Шаһнамасы» арқылы жұртшылыққа кеңінен танылды. «Шаһнамада» Афрасиабтың әкесі Бошан (Пышан), балалары Барысхан, Қарахан, Шиде (Шайда батыр), немересі Аржасып туралы мол деректер келтіріледі.
Әбдіқадыров Қалмақан – ақын, жазушы, аудармашы. Қ.Әбдіқадыровтың көпшілік оқырманның ықыласына бөленген “Қажымұқан” повесі 1954, 1956, 1959 жылдары үш мәрте қайта басылды, 1970 ж. орыс тілінде жарық көрді. “Алатаудың бауыры” (1935), “Амантай” (1936), “Тапқыш” (1937), “Тәтті қауын” кітаптары республикада балалар әдебиетін дамытуға айтарлықтай үлес қосты. “Серт” жинағына 1941 – 45 жж. Ұлы Отан соғысы кезінде майданда жүріп жазған өлеңдері топтастырылған.
Әбдіқадыров аударма саласында да жемісті еңбек етті. Ол Шығыс әдебиетінің классиктері Әбілқасым Фердоусидің «Шаһнамесін»(1938), Әлішер Науаи өлеңдерін (1948), қырғыз А. Тоқомбаев, орыс жазушысы В.М. Кожевников шығармаларын аударған. Ол тікелей парсы тілінен тәржімалаған “Мың бір түннің” 4 кітабы бірнеше рет қайта басылды. Әбдіқадыров аудармасы әлемдік әдебиеттің алтын қазынасына жататын осы шығарманың ең үздік нұсқаларының бірі болып саналады. Жазушы Отан алдындағы қызметі үшін жауынгерлік Қызыл Жұлдыз орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған.
Әбу Хамид Ғазали Әбу Мұхаммад әл-Ғазали Әбу Хамид Мұхаммад бин Мұхаммад ат-Туси әл-Ғазали (1058 – 1111) – аса ірі діндар, философ және факихші (мұсылмандық құқық білімпазы). Тус қаласында (Хорасанда) туған, Нишапурда әл-Джувейнидің ( имам әл-Харамайн) шәкірті болған. Ұстазы қайтыс болған соң, 1085 жылдан бастап салжұқ уәзірі Низам әл-Мүлктің қызмет істеген. Сұлтан оны 1091 ж. Бағдатта өзі негізін қалаған Низамия медресесіне фикхтан дәріс беретін ұстаз етіп тағайындайды.
Ғазали өзінің басты еңбегі “Ихйа улум әд-динде” (“Діндегі ғылым сәулесі”) діни-философия, этика қағидаларын саралап, онда суннит дәстүршілдігі қағидаларын сопылық түсініктермен үйлестірді (мысалы, шариғатта көрсетілген ғұрыптарды сопылық дәстүрлермен толықтырды). Адам еркі мен жазмыш туралы мәселеде Әбу Мұхаммад әл-Ғазали “таңдап алу” ұғымын (касбаны) дамытады, оған сәйкес адам Алланың ұсынған жақсы-жаман әрекеттерінен өзіне қажетін таңдап алуына ерікті екендігін, бірақ соған орай жауап та беретіндігін айтады. Әбу Мұхаммад әл-Ғазали мұсылмандық ақыл-ойдың дамуына, сондай-ақ орта ғасырлық еуропалық философияға зор ықпал жасады. Әбу Мұхаммад әл-Ғазалиды әдетте худжжат әл-ислам (ислам дәйекшісі) деп атайды.
Әлкей Хақанұлы Марғұлан –көрнекті этнограф-тарихшы, фольклор танушы. Филология ғылымының докторы (1945), Қазақстан ғылым академиясының академигі (1958), Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1961). Бүкілодақтық география қоғамының толық мүшесі (1933), Оның редакциясымен Шоқан Уәлихановтың шығармаларының 5-томдық толық академиялық жинағы жарық көрді. Қазақстан ҒА-ның Уәлиханов атындағы (1967), Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерімен және медальдармен марапатталған.
Білге қаған –Түрік қағанантында 717-734 жж. билік құрған қағаны. Шамамен 683-734 жылдары өмір сүрген. Құтлық қағанның (Елтерістің) үлкен ұлы, Күлтегіннің ағасы. Шешесі Елбілге қатұн. «Ачынұ» текті. Білге қаған 9 жасқа келгенде әкесі Құтлық (680—692 жж.) қайтыс болады. Түрік қағанатының тағына әкесінің інісі Қапаған (Қабаған) (692—716 жж.) отырады. Қапаған тұсында ел іші ушығып, тайпалар арасында соғыстар өрбиді. Қапаған қайтыс болған соң ел билігін інісі Бөгү (716 ж.) өз қолына алады. Дегенмен, Күлтегін Қапаған қаған тұсында белең алған тайпа ішілік соғысты тоқтату үшін 716 ж. әскери төңкеріс жасап, қағандыққа ағасы Білгені қойды. Білге билікке келген соң інісі Күлтегінді әскербасы, ал қайын атасы Тоныкөкті өзінің кеңесші етіп тағайындайды. Білге қаған 19 жыл билік етеді. Ол інісі Күлтегінмен бірге елдің қамы, жердің тұтастығы үшін күресіп, көшпелілер тарихында ұлы империяның іргесін бекітті. Білге қайтыс болған соң Түрік тағына ұлы Иоллығтегін отырды.
Бөрте (1154-1230/31) – Шыңғыс ханның жұбайы. Қоңырат тайпасының көсемі Дай (Тай) мырзаның қызы. Шыңғыс хан Бөртеден туған төрт ұлын: Жошыны (1182-1227), Шағатайды (1183-1242), Үгедейді (1185-1241), Төлені (1193-1256) өз мұрагерлері ретінде таныған. Бөртеден туған төрт ұл мен олардың ұрпақтары Шыңғыс ханның серіктері болып қана қоймай, ол бастаған істі әрі қарай жалғастырушылар ретінде түркі-моңғол халықтары тарихында үлкен із қалдырды.
Будда – будда дінінің негізін қалаған әулиенің лақап аты. Шын есімі – Гаутама Сиддһартһа. Солтүстік Үндістанда (бүгінгі Непал жерінде), шак (сақ) халқы патшасының отбасында дүниеге келген. Будда (біздің заманымыздан бұрынғы 623 – 544 жылдары; санскритше Буддһа көкірегі ояу, көзі ашық деген ұғымды білдіреді) сол кездері Үндістанда үстемдік құрған Веда ілімін мойындамай, аһимсаны (тіршілік иелеріне жамандық жасамауды) уағыздаған.
Бумын қаған (? – 552 ж.) - Бірінші Шығыс Түркі қағанатының негізін қалаушы. Білімділігі мен алғырлығы және ұйымдастырушылығының арқасында ұсақ тайпалардың басын қосып, мемлекет деңгейіне жеткізді. Оған дейін олар Жыужән қағанаты құрамында темір кенін өндіретін бодан ел еді. Әскери әдіс-айласының молдығымен жауларын бірінен соң бірін жеңіп отырды. Бумынның саяси көрегендігі мен халқының ауызбіршілігі арқасында Батыс Вей империясы 545 жылы елші жіберіп, Жыужәндарға қарсы одақ құру туралы ұсыныс жасады.
Бумын жауынгерлер санын көбейтіп, әскери қуатын нығайтып алғаннан кейін, ғасырлар бойы қанап келген жыужәндарға қарсы шығудың жолын қарастырды. Бумын жыужәндардың билеушісі Анагүйге елші жіберіп, қызын өзіне әйелдікке беруді сұрады. Бұл сол кездің дипломатиясында: «менің енді сенімен терезем тең. Менімен санасуға тиістісің» дегенді білдіретін еді. Бұған Анагүй тас талқан болып ашуланып, Бумынды балағаттап: «Сен менің темірші құлымсың, бұлай істеуге қалай батылың барады» деп, арнайы шапқыншысын жібереді. Бумынның күткені де осы еді. Дәстүр бойынша, енді оның қорланған жан есебінде не істеймін десе де еркі бар, халықтың толық қолдауына ие болады. Осыны қапысыз пайдаланған Бумын өшпенділікті одан әрі өршіте түсу үшін Анагүйдің шапқыншысының басын алуға әмір береді. Қаған шапқыншысын өлтіру бұл дағы соғыс ашудың бір сылтауы болатын. 552 жылы Хуәй хуанның терістігіндегі кең жазықта жыужәндар мен түркі әскері шешуші айқасқа шықты. Осы шайқасқа жеті жыл бойы қапысыз дайындалған Бумын ашудың жетегінде асығыс жиналған жыужән әскерінің тас талқанын шығарды. Ойсырай жеңілген Анагүй өзін өзі жарып өлтірді. Сөйтіп байтақ далада бір жарым ғасыр бойы дара билік жүргізген Жыужән қағандығы құлады. Оның орнына Ұлы Далаға бірнеше ғасыр бойы үстемдігін жүргізген атақты Түркі қағанаты орнады.
Гегель В.Г. – (1770-1831) Берлин Университетінің философия профессоры, неміс классикалық және романтикалық философиясының негізін қалаушы.
Ескендір Зұлқарнайын, Александр Македонский (патшалық құрған мезгілі б. з. б. 336 – 323) – әлемге аты мәшһүр қолбасшылардың бірі. Шығыс әлемінде Александр Македонскийдің қос мүйізі бар екен деген аңыз тарап, сол себептен ол «Зу-ль-Қарнайн» («Қос мүйізді») аталыпты. Александр Македонский жаулап алған жерлерге қалалар тұрғызып, өз атымен атаған.
Заратуштра (шамамен б.з.б. 630/18 – 541/33) – Зорастр дінінің негізін қалаған, көшпелі Азия халықтарының даласының ұлы, Еділдің шығыс жағын мекендеген тайпадан шыққан. Заратуштраның өмір сүрген уақыты туралы нақтылы мәліметтер жоқ. Орыс шығыстанушысы В.В. Струве (1889 – 1965) және тағы басқа ғалымдар Заратуштраның Орталық Азия кеңістігінде туып-өскенін дәлелдеді. Заратуштра ілімі Бактрия арқылы ежелгі Иранға тарайды. Арада бірнеше ғасыр өткен соң Заратуштраның діни-мистикалық уағыздары мен дұға-өлеңдері жинақталып, жүйеленіп, «Авеста» деген атпен көне парсы тілінде кітап болып шығады.
Киселёв С.В. (1905-1962) Кеңес дәуірінің тарихшысы және археологы. Ол ежелгі және орта ғасырлардағы Орталық Азия мен Сібір тарихын зерттеуге бар күш-жігерін жұмсаған Киселёв осы тақырыптарға байланыста 120 ғылыми мақала жариялаған. 1927 жылы Алтай, Орталық Қазақстан және Оңтүстік Сібір жерлерінде жүргізілген археологиялық экспедицияларға қатысқан. Соның нәтижесінде «Оңтүстік Сібірдің ежелгі тарихы» атты 1941 жылы жарық көрген көлемді еңбегі жарияланған. Осы еңбегі үшін оған Кеңестер Одағының Мемлекеттік сыйлығы берілген.
Кляшторный С.Г. – Ресей шығыстанушысы, филолог және тарихшы. Қазақстан және Орта Азия жерінің тарихы – ғалымның негізгі зерттеу нысандары. Көрнекті ғалымдар А.Н. Бернштам және С.Е. Маловтың жетекшілігімен «Көне түркілік руникалық жазулар Орта Азия тарихының деректері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған. Халықаралық тұрақты алтаистік конференцияның алтын медалінің иегері.
Күлтегін – (684-731ж.ж.) екінші Шығыс Түрік қағанаты әскерінің бас қолбасшысы. Құтлық (Елтеріс) қағанның екінші ұлы, Білге қағанның (Могилян) туған інісі. Күлтегін жеті жасқа толғанда әкесі Құтлық қайтыс болып, Түрік қағанатының тағына әкесінің інісі Қапаған (692—716 жж.) отырады. Қапаған тұсында ел іші ушығып, тайпалар арасында соғыстар өрбиді. Қапаған қайтыс болған соң ел билігін оның інісі Бөгү (716 ж.) өз қолына алады. Дегенмен, 716 ж. Күлтегін Қапаған қаған тұсында басталған тайпа ішілік соғысты тоқтату үшін әскери төңкеріс жасап, қаған тағына ағасы Білгені отырғызады. Өзі Түрік қағанаттың бас әскербасы болады.
Күмісбаев Өтеген (20.5.1939 жылы туылған, Қызылорда облысы Жалағаш ауданы, Мәдениет ауылы) – ақын, филология ғылымдарының докторы (1990). ҚазМУ-дың (1963, қазіргі ҚазҰУ) филология факультетін бітірген. Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бөлімінде, «Социолисттік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») және «Қазақ әдебиеті» газеттерінде (1963–69), КСРО Ғылым Академиясының Шығыстану институтында (1969–74) қызмет атқарған. 1974 жылдан Қазақстан Ғылым Академиясының Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, ҚазҰУ-де оқытушылық қызметте болды. 1989 жылы «ХІХ–ХХ ғғ. қазақ және парсы әдеби байланыстары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Алғашқы өлеңдер жинағы «Тұңғыш» деген атпен 1964 жылы жарық көрген. Поэзия, проза және аударма (Ә.Х.Дехлеви, М.Рыльский, Р.Ғамзатов, Қ.Күлиев, В.Рождественский) саласында жемісті еңбек еткен. Шығыс және қазақ әдебиетінің байланысын зерттеуге арналған «Терең тамырлар», «Абай және Шығыс» (1995), «Мұхтар Әуезов және әдебиет әлемі» (1997), т.б. монографиялары жарияланды. Күмісбаев 500-ден астам ғылыми мақаланың авторы. Жазушының кейбір туындылары қырғыз, башқұрт, украин, белорус, ағылшын, поляк, араб тілдеріне аударылған. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығын алған.
Кюнер Н.В. ( 1877- 1955 ) – кеңес дәуіріндегі шығыстанушы, тарихшы және этнограф. Петербор университетінің Шығыстану факультетін бітірген. 1935 жылы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алған. Тарих және этнография салалары бойынша негізгі зерттеулері Қытай, Жапония және Корея тарихына арналған. 1950 жылы «Ежелгі кездерде Азияны мекендеген халықтар туралы мәліметтер жинағы» атты Н.Я.Бичурин еңбегін қайта басып шығарған. Ленин, Қызыл Ту ордендерінің иегері.
Құтлық Елтеріс – (650-692) екінші Шығыс түрік қағанатының негізін салушы, алғашқы қағаны (682 – 692). Құтлық – оның шын есімі, ал Елтеріс Білге лауазымы. Білге қаған мен Күлтегіннің әкесі. 682-687 жылдар аралығында шығыс түркілер Құтлықтың қолбасшылығымен Қытайға қарсы соғыста жеңіп, өз мемлекетін құрды. Құтлық ел басқарған 9 жыл ішінде Қытайға және басқа да сыртқы жауларына 47 мәрте жорық жасаған. Соның ішінде 20 шайқаста Құтлық басқарған қол ірі жеңіске жеткен. Құтылықтың әкесі де Ашина тайпасын бастап жорыққа қатысқан.
Малов Сергей Ефимович – (1880-1957) көне және осы заманғы түркі тілдерінің ескерткіштерін зерттеуге, Орхон-Енесай жазбаларының оқылуына маңызды үлес қосқан орыс түркітанушысы. Малов Қазан теологиялық академиясында оқыған. Кейінірек Петербор университетін шығыс тілдері бойынша бітірді. 1939 жылы тіл мен әдебиет бойынша КСРО Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды. Ұлы Отан соғысының кезінде Малов Алматыдағы Қазақұлттық университеті және Қазақ педагогтық институтынде сабақ берді. 1952 жылғы Енисей жазбаларына арналған іргелі еңбегінде С.Е. Малов түрлі-түрлі жерлердегі (Хакасия, Тува, Моңғолия) руна тәріздес әліпбимен жазылған мәтіндерді қамтып, солардың әліпбилерін палеографиялық, тарихи және әлеуметтік-саяси тәсілдерді қолдана отырып зор табыспен классификациялады. Оның еңбектері жан-жақты білімімен, егжей-тегжейлі мәліметтерімен, ғылыми адалдығымен және ұқыптылығымен ерекшеленді.
Мәлік Шах – салжұқ сұлтаны (1072 – 1092). Оның тұсында Грузия мен Қарахан мемлекетін бағындырған Салжұқ сұлтандығы саяси жағынан күшейді. Шекарасы Сырдариядан Нілге дейін, Каспийден Жерорта теңізіне дейін созылды. Мемлекет астанасы Исфаһан қаласы болды. Мәлік Шах тұсында Салжұқ әулеті билеген Керман (1041 – 1187), Рум (Кіші Азияда 1077 – 1307), Сирия (1094 – 1117) сұлтандықтары құрылды. Бірақ 1-крест жорығынан кейін салжұқтар Палестинадан, кейін Сириядан, Грузиядан, Азияның кейбір аймақтарынан айырылды. Мәлік Шахтың өлімінен кейін исмаилшылдар қозғалысына байланысты ішкі тартыстар шиеленісті. 1118 жылы Салжұқ мемлекетін Мәлік Шахтың балалары бірнеше иеліктерге бөліп алды.
Мұстафа Шоқай(1890 – 1941) – қазақ ойшылы, оқымысты, мемлекет және қоғам қайраткері. Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) қаласында дүниеге келген. Ол – белгілі Торғай датқаның немересі, Ер Шоқай бектің ұлы. Нағашылары Хиуадағы қазақ хандары тұқымынан. Мұстафа бастауыш білімді ауылда ата-анасынан алады. Кейін Ташкенттегі орыс гимназиясын және Петербург университетінің заң факультетін үздік бітіріп шығады.
1917 жылы Марғұланда өткен өлкелік мұсылмандар кеңесінде қайраткер Бүкілтүркістандық мұсылмандардың құрылтайын Қоқан қаласына шақыру туралы бастама көтереді. Қарашада Қоқанда Түркістан автономиясын жариялау шарасына бастан-аяқ қатысады. 1918 жылы қаңтарда Түркістан автономиясының алғашқы үкімет басшысы М.Тынышбаев өз еркімен жұмыстан босағанда, М.Шоқай осы қызметке сайланады. Большевиктер бұл автономияны ақпанда қанды қырғынмен таратқан соң Мұстафаның қалған саналы ғұмыры эммиграцияда өтті. Ол Баку, Тифлис, Стамбул, Берлин, париж сияқты қалаларда тұрып, «Яни дүния», «Шафак», «Вольный горец», «Жаңа Түркістан», «Жас Түркістан» т.б. газет-журналдардың жұмысына белсене араласып, түркі халықтарының қилы тағдыры мен кеңесті үкіметтің озбыр саясаты туралы өткір мақалалар жазады. Ұлы күрескер, ұлт қайраткері 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлинде жұмбақ жағдайда қайтыс болады. Гуманист-ойшыл, демократ, энциклопедиялық білім иесі Мұстафа Шоқай ағартушы, Орта Азия мен Қазақстан халықтары тарихы мен мәдениетінің жоқтаушысы болды. Бүкіл ғұмырын ол Орта Азия мен Қазақстан халықтарының ар-абыройын қорғауға, шындық үшін күреске арнаған Мұстафа түркі дүниесінің біртуар тұлғасының бірінен саналады.
Мөде қаған – (б.д.д. 228-174) Ғұн империясының негізін қалаушы. Қытай жазбаларында оның есімін «Маудун», ал билік лауазымын «чәниүй» деп атайды. Мөде шамамен 18-19 жасында, б.д.д. 209 жылы, әкесі Тұманды өлтіріп, ғұн хандығының тағына отырған. Ол шығыста дунху, батыста жыужы (юечжи), терістігінде хуниүй, чуйшы, динлиң, гыгун және шыңли, оңтүстігінде лыуфаң, бай - иән секілді елдерді жаулай отырып, шағын ғұн хандығын Шығыста теңдесі жоқ далалық ұлы империяға айналдырады. Көсемдік дарыны аса жоғары Мөденің таққа отыруы тек ғұн халқының ғана емес, бүкіл Шығыс халықтарының тағдырына үлкен өзгеріс әкеледі.
Нәсір Хосрау /1004-1080ж.ж Насыр Хосрау Әбу Муин әл-Кубадияни әл-Марвази (1004, Кубадиян қыстағы, Балхы маңы – 1072(1088), Бадахшан) – тәжік-парсы ақыны, философ, діни қайраткер. Жасынан сарай маңында қызмет етіп, философияны, математиканы оқыған. Ақындығымен көзге түскен, қасида, махаббат лирикаларын жазған. 1046 – 52 жылы Мысыр жеріне саяхат жасап, нәтижесінде “Сапарнама” кітабын жазып шықты. Оның әйгілі сапары Меккеден бастау алып, Иран, Араб, Африка елдерін қамтыды. Тілі жеңіл, мазмұны жинақы прозалық туынды “Сирия, Траполис және Бейрут”, “Мысыр қаласын суреттеу”, т.б. тараулардан тұрады. Саяхаттан оралған соң сарай маңындағылармен сыйыспай, туған жері Балхтан қуылып, өмірінің соңғы кезеңін Бадахшан (Памир) өңіріндегі Юмган қыстағында өткізген. Ол діни-философия трактаттарында (“Зад әл-Мусафирин”, “Хан әл-ихван”, “Ваджхи дин”), 12 мың бәйіттен тұратын “Ровшанайинаме” (“Білім туралы кітап”) поэмасында өзінің діни көзқарасын жан-жақты тұжырымдады. Ал қасида мен махаббат лирикаларында адалдық, достық, ғашықтықты жырлап, ақындық шеберлігін танытты, дидактика жанрын дамытуға зор үлес қосты.
Низами Гәнжауи, Ілияс ибн Жүсіп Низами (1141-1209) – әзербайжан ақыны. Негізгі шығармалары парсы тілінде жазылған. «Гәнжауи» – оның лақап аты. Әкесі Иранда, кейін Гәнжа шаһарында тұрған, ұлын түркі халқының дәстүрінде тәрбиелеген. Низами ХІ-ХІІ ғасырлардағы Тұран, Иран, Кавказ билеушілерінің тақ таласын батыл сынап, ел тұрмысын жырлады. Оның басты шығармасы – «Хамса» («Бес кітап»), оған «Құпиялар қазынасы» (1173 – 80), «Хұсрау – Шырын» (1181), «Ләйлі – Мәжнүн» (1188), «Жеті сұлу» (1197) және «Ескендірнама» (1203) атты бес дастаны кірген. Өлеңдер жинағының жеке бөлімдері, 6 қасида, 116 ғазал, 2 қыта, 30 рубаи, тағы басқа туындылары сақталған. Низами дастандары композициялық құрылымы, сюжет тартымдылығы, тіл көркемдігі және биік адамгершілік идеясымен ерекшеленді. Низами шығармалары көптеген шығыс ақындарына әсер етті, ХІІІ ғасырдан оның поэмаларына еліктеп жазылған туындылар пайда болды. Мысалы, Әмір Хұсрау Дехлеуи, Ә.Науаи, Ә.Жәми, тағы басқа ақындардың дастандары. «Хұсрау-Шырынды» 1383 ж. Сарай Беркедегі қыпшақ Құтып жырға қосса, «Жеті сұлу» дастанының «Турандот ханшасы» атты бөлімін неміс ақыны Гете жырлаған. Низами дастандары ерте кезден-ақ қазақ арасына тараған. Низами дастаны негізінде Абай «Ескендір» поэмасын жазса, Шәкерім де шығармасында Низами сюжеттерін пайдаланған.
Омар Һайям, Ғийас әд-Дин Әбу-л-Фатх Омар ибн Ибраһим әл-һайям (1048-1122) – көрнекті парсы-тәжік шайыры, математик, астроном, философ. Шамамен 1048 жылы Хорасанның Нишапур қаласында дүниеге келген, әрі сонда қайтыс болған. Жас кезінде жақсы отбасының тәрбиесінде болған, әрі өлеңге құмартып өскен, оның кейбір өлеңдері осы күнге дейін жеткен. Ұлы шайырдың төрттағандары әлемнің көптеген халықтары сүйіп оқитын рухани қазынаға айналды. Нишапурда жүмыс атқарған кезінде, сол кездегі оқымыстылармен бірлесіп сол замандағы күнтізбеге өзгерістер енгізген.
Оның ең негізгі еңбегі «Алгебра мәселелерінің дәлелі» атты кітап. Бұл кітаптың арабша қолжазбасы мен латынша аударма нұсқасы сақталған, әрі қазір көптеген шет тілдеріне аударылып басылды. Евклидтің кітабын аударып және оның түініктемесін жазды. Оның «Евклидтің геометрияның бастамалары кітабындағы қиын формулаларға түсініктеме» атты кітабы шығыс математикасының дамуына ерекше рөл атқарған.
Ораз Молла – шамамен, 19-ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген белгілі шайыр, руы – найман. Ол туралы басқа дерек жоқ. Ескіше хат танумен бірге араб, парсы тілдерін жақсы білген. Атақты парсы шайыры Әбілқасым Фирдоусидің «Шаһнаме» дастанын ең алғаш қазақша сөйлеткен де осы Ораз Молла. Бұрынғы Ақмешіт өңірінің, Сыр бойының тумасы «Шаһнамені» қара сөзбен аударғанмен, кейбір тұста бәйіттер келтіріп отырған. Кейбір анықталмаған деректерге қарағанда, Ораз Молла тәржімесі ХІХ ғасырдың 80-жылдарында Ташкент шаһарында жарияланған көрінеді. Өкінішке орай, Ораз Молланың шығармашылық өмірбаяны зерттелмегендіктен, ақынның қазақ әдебиеті тарихындағы орны әлі күнге беймәлім болып келеді.
Платон (Platon) Афиналық (б.д.д. 427 — 347) — ежелгі грек философы, Сократтың шәкірті, еуропалық идеализмнің негізін салушы. Платон оның лақап аты (жалпақ, кең), өз есімі — Аристокл. 407 ж. ш. Платон Сократпен танысып, оның ең сүйікті шәкіртінің бірі болды. Сократ өлгеннен кейін Афинадағы саяси жағдайдың қолайсыздығына байланысты Мегарга кетті. 389 ж. Оңтүстік Италия мен Сицилияға саяхат жасап, онда пифагоршылармен ғылыми, философиялық, діни ілім жайында пікір алысты. Платон Афинада өз мектебі – Платон академиясының негізін қалайды. 367 және 361 ж. Сицилияға екі рет саяхат жасап, өмірінің соңғы жылдарын Афинада өткізді.
Руми (13 ғ.) – сопылық ақын. Маулауи, Маулана деген атты Жалаладдин Румиге оның шәкірттері берген. Арабшадан аударғанда «маулауи» менің ұстазым, «маулана» біздің ұстазымыз деген мағынаға ие. Маулауи Руми ақындықтан бұрын ұстаз ретінде танымал. Маулауи орта жастан асқан шағында Шәмс Тәбризимен жолығады, бұл оның өміріне де, шығармашылығына да ерекше із қалдырды. Тәбриздік Шәмсуддин Мұхаммад Ибн Әли Ибн Малекдод Моулауидің өмірін толығымен өзгерте алған жан. Жалаладдин Руми Шәмс Тәбризиді өзіне ұстаз тұтады. Маулауи Шәмсті кездестірмей тұрғанда да өлең жазатын болған. Бірақ Шәмс ғайып болған соң жазылған жырлар Румиге әлемдік әдебиеттен орын ойып беріп, өшпес даңқ сыйлады. «Моулауие» сопылық мектебінің негізін қалаған Моулауи Руми жаратқанға жалбарынып Шәмсті жоқтап жүріп, ақырындап айналып басталатын, бірте-бірте үдете түсетін, соңынан бас айналып, талып түсетін жағдайға дейін шырқ айналып қозғалатын «семаъ» үрдісін қалыптастырды. Семаъ найсыз орындалмайды. Маулави сызылтып тартқан сырнай үнімен семаъның серпіліс күйіне түсіп, шыркөбелек айналып жүріп, алты кітаптан тұратын «Маснауи-е маънауи» шығармасын жырлап шыққан. Семаъға түскенде айтқан ақынның өлеңдерін алғаш оның Салахаддин атты мүриді, кейін Хисамуддин есімді хатшысы қағазға түсіріп отыратын болған. Маулауие мектебі де, семаъ да әлі күнге жалғасын келе жатыр. Түркияда 1924 жылы Ататүрік оған тыйым салғанымен, ол елуінші жылдардан бермен қарай қайтадан жаңғырды.
Сералин Мұхамеджан (1872-1929) - жазушы, ақын, публицист, журналист. Қостанай облысы Қарабалық ауданының Өрнек ауылында дүниеге келген. Троицкідегі медреседе оқып, Қостанайдағы 2 кластық орыс-татар мектебін бітірген. 1911-1915 жылдары Троицкіде «Айқап» журналын шығарды. 1919-1920 жылдары - «Ұшқын» газетінің қызметкері. 1921-1922 жылдары -Қостанайдағы Шұбар болыстық атқару комитетінің төрағасы. 1922-1923 жылдары Қостанай губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1923-1926 жылдары - «Ауыл» газетінің редакторы қызметтерін атқарған. М.Сералиннің журналистік қызметі екі кезеңге бөлінеді. 1- кезеңіне «Айқап» журналында төңкеріске дейін басылған 40-қа жуық мақалалары жатады. 2 кезең 1918-1928 жылдар аралығын қамтиды, бұл кезеңде «Ұшқын», «Еңбекші қазақ», «Ауыл» газеттерінде саясат, шаруашылық, мәдениет мәселелері жайында мақалалары жарияланды. 1900 жылы алғашқы жарияланған «Топжарған» поэмасы қазақ әдебиетіндегі тарихи шығармалар қатарына жатады. Поэмада ХІХ ғасырдың 30-40- жылдарындағы қазақ өмірі, Кенесары, Наурызбай бастаған қозғалыс бейнеленген. 1909 жылы жарық көрген «Гүлқашима» поэмасы әйел теңсіздігі мәселесіне арналған. М.Сералин Ы.Алтынсариннің ағартушылық-демократиялық идеяларын қолдады. Ол Фердоуси «Шаһнамасының» «Рүстем-Зораб» бөлімін В.Жуковский нұсқасынан, сондай-ақ А.Сорокиннің «Жусан» повесін қазақ тіліне аударған.
Томсен Вильгельм Людвиг Петер (1842 – 1927) – дат түркітанушысы. Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін алғаш оқыған, Копенгаген университетінің профессоры, лингвист-ғалым.
Тоныкөк (646-741) – Екінші Шығыс Түркі Қағанатының негізін қалаушылардың бірі, оғыз тайпасынан шыққан ұлы дана, заманында Түркі қағанатының үш бірдей қағанына уәзір болып, түркі елінің халқын көбейтіп, жерін кеңейтуге үлкен үлес қосқан кемеңгер. Түркі жұртының азаттыққа қол жеткізіп, жеке дербестік ел болып отыруына айтулы еңбек сіңірген. Кемеңгер Тоныкөк өзінің тарихтағы орнын тасқа өзі қашатып, жаздырып кетті. Тоныкөктің қай жылы өлгені белгісіз. Тарихшылар оны әбден әртайып барып өлді дегенді айтады. Соған қарағанда ол 741 жылдың шамасында 95 жасқа жетіп қайтыс болған тәрізді.
Ізтілеуұлы Тұрмағамбет (1882-1939) - халық ақыны, кәсіби аудармашы. Ауыл молдасынан сауат ашып, кейін Бұхара қаласындағы «Мир араб», «Көкілташ» медреселерінде оқыған. Мәрді дихан», «Данышпан қарт», «Тұтқын қыз», «Рауа бану», «Әшкәбус», «Мақта» дастандары, мысал-өлеңдері мен айтыстары халық арасында кеңінен таныс. Ақын 1936-38 жылдары Ә. Фирдаусидің «Шахнамасын» қазақ тіліне 40 мың жол көлемінде еркін аударып шықты. Ақынның «Рүстем-дастан», «Назым» жинақтары жеке кітап болып басылған. Т.Ізтілеуұлы ескіден келе жатқан терме жанрын түрленте жаңғыртып, қазақ поэзиясының дамуына үлкен үлес қосты. Дегенмен, Тұрмағамбеттің шайырлық даңқын жалпақ елге танытқан өзі өлеңмен аударған атақты «Шаһнаме» дастаны болды. Діни өлеңдері мен Алаш зиялыларымен жақсы қарым-қатынаста болған үшін ХХ ғасырдың 30-жылдары Кеңестік өкімет тарапынан қудаланған. Бірнеше мәрте түрмеге отырып шыққан.
Шыңғыс хан (1162-1227) – Азияда біртұтас мемлекет құрушы, өз заманының аса ірі әскери және мемлекет қайраткері. Ежелгі ру басшысы Есугей батырдың отбасында туылған. Өзінің әскери дарынының арқасында және дұшпандарының әлсіздігі мен бытыраңқылығын пайдаланып, 1183 – 1204 жылы өкімет билігі үшін күресте негізгі жауларын (Меркіт тайпасының көсемі Тохтадан бастап, Найман тайпасының басшысы Таян (Даян) ханға дейін) талқандады да, кең-байтақ территорияны басып алды, сөйтіп онда мекендейтін көптеген ру тайпалық одақтардың бірден-бір билеушісі болды. 1206 жылы барлық тайпалардың ұлы ханы болып жарияланды да, "Шыңғыс хан” лауазымын иеленді. Ұлы хан жазбаша іс жүргізуді ұйымдастырды. 1206 жылы ол әдеттегі құқық (яса) ережелерін бекітті. 1207-11 жылы Шыңғыс хан Сібір мен Шығыс Түркістанды (буряттарды, якуттарды, ойраттарды, қырғыздарды, ұйғырларды) бағындырды. 1211 жылы Цзинь мемлекетіне жорық жасады. 1215 жылы Пекинді алды. 1217 жылы Солтүстік Қытай түгел Шыңғыс ханның билігіне көшті. 1219 жылы Корея патшалығы Шыңғыс хан әскерлерінен тізе бүкті. Моңғол әскерінің Солтүстік Қытай мен Корея патшалығына жорықтарын ірі қолбасшы, әмір Мұқылай Гауин Жалаири басқарды. Қытайға қарсы шабуылдан кейін Шыңғыс хан әскерінің бір тобы 1218-19 жылы Жетісуды, 1219-21 жылы Қазақстан мен Орта Азияны жаулап алды. Басып алған жерлерді Шыңғыс хан ұлыстарға бөліп, төрт ұлының билігіне берді. Кіші ұлы Төлеге Моңғолияның өзін, үшінші ұлы Үгедейге батыс Моңғолия мен жоғарғы Ертіс пен Тарбағатай аймағын, екінші ұлы Шағатайға шығыс Түркістан, Жетісу және Мауераннахрдың көп бөлігін, үлкен ұлы Жошыға Ертіс пен Жетісудан бастап Еділ бойына дейінгі бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақ жерін бөліп берді.
ТАРИХИ-ӘДЕБИ ШЫҒАРМАЛАР ЖАЙЫНДА АҚПАРАТ
Ескендір-нама – Әзербайжан әдебиетінің классигі әрі ұлы шайыры Низам-уд-дин Гәнжауидің ең атақты туындыларының бірі. Низами шығармалары көптеген шығыс ақындарына әсер еттіп, көптеген шығыс ақындары Ескендір оқиғасмын өз шығармаларына арқау етті. Мысалы, Әмір Хұсрау Дехлеуи, Ә.Науаи, Ә.Жәми, тағы басқа парсы-түркі шайырлары Низами «Хамсасына» енген бес поэманы өзінше өңдеп, жаңғырта жырлады. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы да «Ескендір» поэмасын өзінше жаңа бағытта жырлаған.
Ергенеқон дастаны – ғұндар мемлекеттік бірлестігі ыдырап, көк түріктердің алғашқы мемлекеті – Түрік қағанаты салтанат құрған (552 — 745) кезеңге дейінгі 450 жыл ішінде болған түрлі оқиғаларды қамтитын, түркі халықтарының ата тегін тарихи деректер бойынша жыр еткен ауыз әдебиеті үлгілерінің бірі. «Ергенеқон» дастаны бүгінгі күнге толық күйінде жетпеген, оның бізге жекелеген үзінділері мен жалпы сюжеттік желісі ғана мәлім. «Ергенеқон» дастанындағы халыққа құтты қоныс, жерұйық, бақытты өмір іздеу сарыны араға сан ғасырлар салып барып, Асан Қайғы жырау-толғауларында дәлме-дәл қайталанады.
«Жамиғат-тауарих» – («Шежірелер жинағы») Қадырғали Қосымұлы (Жалайыр) еңбегінің атауы. Шежірелік сипаттағы тарихи-әдеби туынды ХVІІ ғасырда дүниеге келген. Оны 1825 жылы түркітанушы И.Н.Березин Қазанда бастырған. Жазбаның басы Борис Годунов патшаға мадақ ретінде жазылған. Шежіреде Орыс хан мен Оразмұхаммед аралығындағы оқиғаларды қамтыған Шыңғыс ұрпақтарының тарихы баяндалады. Туынды Қазақстан мен Орта Азия Алтай, Моңғолия тарихын зерттеуде тарихи дерек көздердің бірі ретінде қолданылып келеді.
Наурызнама – авторы парсының ойшыл ғалымы, математик, ақын Омар һаям. Шығарма күнтізбенің, наурыз күнінің шығу тарихы туралы жазылған. Сонымен қатар жұлдыздар есебі туралы да айтылады.
Могилян – көне түркі тілінде тасқа қашалып жазылған ескерткіш (VІІ ғ-дың соңы). Могилян жазба ескерткішін Орхон өзені алқабындағы Эрдени Цзу монастыры жанынан (МХР) алғаш рет орыс ғалымы Н.М.Ядринцев тауып, В.В. Радлов (1887-1918) оқыды. Пирамидаға ұқсас жазба ескерткіштің биіктігі 3 м 45 см, ені 1 м 74 см, қалыңдығы 72 см. Тастағы үлкен жазу 41 жолдан, оның сол жағындағы жазу 15 жолдан тұрады. Жазуда Могилянның (Білге), Күлтегіннің және білгір Тоныкөктің басшылығымен жасалған әр түрлі жорықтар мен шабуылдар жөніндегі тарихи оқиғалар бейнеленген.
«Қабуснама» – 1082-1083 жылдар ішінде жазылған аса бағалы педагогикалық мәні бар туынды. Авторы – Кайқаус Каспий теңізінің оңтүстік жағалауында мекендейтін Гилан ру-тайпасының ұсақ феодал семьясында (1021-1022 жылдарда) дуниеге келеді. Кайқаус 63 жасында «Қабуснаманы» өзінің ұлы Гиланшахқа арнап жазған. Өзінің қартайғанын баяндай келіп: «Мeнің дүниедегі жиып-терген ең қымбат асыл заттарым — саған арнап жазған осы үгіт-насихат кітабым», – дейді. Кайқаус «Қабуснаманы» жазар алдында өзінен бұрын өткен ғалымдар мен зиялылардың шығармаларымен кеңінен танысады. Өткен дәуірде жазылған педагогикалық шығармаларды оқып шығады, өз дәуіріндегі мәдени орталығы бар мемлекеттермен танысады. Бұл тұрғыдан «Қабуснама» тәлім-тәрбиелік мәні жағынан ХІ ғасырдағы шығыс педагогикасы тарихында аса құнды шығармалар қатарынан орын алды. «Қабуснама» 1432 жылы түpік тіліне, 1786-1787 жылдары – ұйғыр тіліне, 1881 жылы – нeміc және татар тілдеріне, 1886 жылы – француз, орыс тілдеріне тәржімаланады. 1953 жылы шығыc әдебиетін зерттеуші атақты ғалым Е.Э.Бертельс екінші рет орыс тіліне аударған. Парсы, тәжік тілінен ecкі өзбек тіліне өзбектің атақты ақыны Огахи 1860 жылы аударады. Ecкі өзбек тілінде жазылған Огахи нұсқасы негізінде және оны толықтыру мақсатымен орыс тіліне аударылған Бертельс нұсқасын пайдалана отырып филология ғылымының кандидаты Сүбітай Далимов 1967 жылы және кейбір өзгертулермен екінші рет 1973 жылы қазіргі өзбек тіліне аударып, жариялайды. Қазақ тіліндегі басылымын Тұрсынәлі Айнабеков осы 1973 жылы өзбек тілінде шығарған нұсқасы негізінде аударып шықты және ол кітап 1992 жылы "Балауса " баспасынан жарық көрді.
Саясатнама – Селжүктер мемлекеті ХІ ғасырда өзінің даму шыңына жетіп, Орта Азияның басым бөлігін, Иран, Әзірбайжан, Сирия, Ирак, Армения, Грузия, Палестина елдерінің аумағында орасан зор империя құрды. Осы мемлекетті басқаруда оның негізін қалап, бастауында тұрған Тоғрұл-бек, Алп-Арслан, Мәлік-шах тәрізді билеушілер негізінен уәзірлер көмегіне жүгінді. Әсіресе Мәлік-шахтың мемлекет басқару жүйесін жетілдіру мақсатында осы тақырыптағы ең үздік еңбекке, қазіргіше айтсақ «тендер жариялағаны» – қызық тәжірибе. Оны орта ғасырдың көрнекті ойшылы Низам әл-Мүлк «ұтып алды». Нәтижесінде, сол замандағы Орта Азия мен Таяу шығыстың мемлекет басқару жүйесіне үлкен әсер еткен «Саясат-нама» («Сиясат-наме») еңбегі дүниеге келді. Низам әл-Мүлктің бұл кітабында ел басқарудың көптеген мәселелері көрініс тауып, оның 51-тарауында мемлекет өмірінің түйінді тұстары сараланып, тиімді шешімдер ұсынылады. Кітап өте қызықты оқылады, өйткені мұнда бір мәселенің оңтайлы шешімін ұсыну өте мұқият таңдалған дидактикалық материалдармен – әңгіме-әфсаналармен бірге беріледі. «Сиясат-намеде», сондай-ақ оның тұстасы Ибн Халдунның «Үлкен тауарих» кітабының кіріспесі – «Муқаддим» еңбектерінде адамзат қауымдастығы дамуының заңдылықтары саралана келе, қазіргі заманғы экономиканың заңдылықтарының негізі қаланғанын байқауға болады. Олар қазіргі экономиканың басты түсініктері – қосымша құн, еңбектің бағалану принципін Адам Смиттен сегіз ғасыр бұрын, мемлекеттің экономикадағы тұрақтандыру саясатын Кейнстен 900 жыл бұрын айтып кеткен болатын.
Панчатантра ("Бес өсиет") – шамамен біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырда дүниеге келген. Алайда біздің дәуіріміздің ІV ғасырында Кашмир хатқа түсірілген. ХІV ғасырға дейін-ақ шығыстың көптеген тілдеріне аударылып үлгереді. ІV ғасырда Иран патшасы Ануширван бұл кітапты пехлеви тіліне аудартады. VІІІ ғасырда араб тілінде әл-Мукафылұлы Абдулланың аудармасымен «Калила мен Димна» болып жарық көреді. ХІІ ғасырда көне еврей тіліне және латын тілдерінде тәржімаланады. Парсы тілінен түркі тілдеріне аударылғандардың ішінен көбірек таралғаны әрі ең тәуір жазылғаны «Хұмайуннама» болды.
1888 жылы Исаұлы Фазылулла оны өзбек тіліне аударып, Ташкентте бастырса, 1889 жылы Ғабдулғаллам Файзханұлы татарша нұсқасын Қазаннан бастырып шығарады. Осылайша шығыста кең тараған бұл кітап, қазаққа бір жағы татар, өзбектер арқылы танылса, екінші жағы, орыс әдебиеті мен фольклоры әсерімен тарай бастағаны белгілі. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінде осы «Калила мен Димнаның» сюжеті желісінде дүниеге келген өлең, терме, нақыл сөздерді молынан кездестіруге болады. Мұса Байзақов, Шәді төре, Майлықожа сияқты халық ортасынан шыққан ақындардың термелері халық арасына кеңінен мәлім болды. Алайда көне үнділік хикаяларды қазақ тіліне кәсіби деңгейде Сәйділ Талжанов аударады.
ЖЕР-СУ АТАУЛАРЫ
Алтай – Азия құрылығының ортасындағы таулы өлке. Ұзындығы 2000 км. Алтай солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай Батыс Сібір ойпатынан Гобь шөліне дейін жан-жаққа таралған. Оңтүстіктегі табиғи шекарасы Қара Ертіс өзені мен Зайсан көлі, ал батыс бөлігі Сарыарқадан Қалба жотасы арқылы бөлінеді. Солтүстік-шығыста Шығыс Алтайдың Шапшалы жотасы Батыс Саянмен жалғасады. Алтай таулары 4 мемелекеттің шектік аймағында орналасқан (Қазақстан. Монғолия, Ресей және Қытай). Алтай тауларының қазақстандық бөлігі геол. тұрғыдан 4 ауданға бөлінеді: Кенді Алтай, Таулы Алтай, Оңтүстік Алтай және Қалба жотасы.
Вавилон немесе Вавилония ежелгі мемлекеттердің бірі. Месопотамияның оңтүстік бөлігінде (қазіргі Ирак жері) б.з.б. /24 – 22 ғ.ғ./ Аккад мемлекеті патшаларының, кейіннен Ур әулетінен шыққан патшалардың қол астына қараған. Б.з.б. 1894 жылы аморит тайпасынан шыққан Сумуабум әулеті Вавилон патшалығының негізін қалады. Біздің заманымыздан бұрынғы 538 жылы парсылардың патшасы Кир ІІ Вавилонды басып алғаннан кейін Вавилон патшалығы өзінің өмір сүруін мүлдем тоқтатады.
Еділ – Еділ, Волга (ежелгі атауы Ра, орта ғасырларда Итил) – Еуропадағы ең үлкен өзен. Ұзындығы 3530 км, су жиналатын алабы 1360 мың км2. Өзен суы Еділ-Жайық аралығындағы бір миллион гектар жерді суғаруға және тоғыз миллион гектар жерді суландыруға мүмкіндік береді. Өзенде кеме қатынайды. Волга-Балтық су жолы арқылы Балтық теңізімен, Волга-Дон каналы арқылы Азов (Азау) және Қара теңіздермен байланысады. Аса маңызды өзен порттары: Тверь, Рыбинск, Ярославль, Кинешма, Нижний Нижний Новгород, Чебоксар, Қазан, Ульяновск, Тольятти, Самара, Саратов, Волгоград, Астрахан.
Дунай – Батыс Еуропадағы ең ірі өзен. Ұзындығы 2850 км, су жиналатын алабы 817 мың км². Шварцвальд тауынан (Германия) басталып, Қара теңізге құяды. Дунай Германия, Австрия, Болгария, Венгрия, Румыния, Югославия, Словакия жерімен аздаған бөлігі Чехия, Хорватия, Швецария, Италия, Польша, Украина, Молдова жерімен ағып өтеді. Жоғары ағысында (Венаға дейін) Бавар таулы үстіртінің шетімен, Чех массиві мен Шығыс Альпі аралығында тар әрі терең аңғармен ағады. Дунай орталық және оңтүстік-шығыс Еуропа елдерінің көлік байланысында маңызды орын алады. Ульм қаласынан атырауына дейін кеме қатынайды.
Грекия – Еуропаның оңтүстігі, Балкан түбегінде Ион, Жерорта, Эгей теңіздерінің ұсақ аралдарында орналасқан мемлекет. Ол б.з.б. ІІІ-мыңжылдықта пайда болған. 395 жылдан бастап Византия империясына бағынды. ХV ғасырда Осман сұлтандығына қосылды. 1821 - 29 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысынан және 1828-29 жылдардағы орыс-түрік соғысынан кейін Грекия 1830 ж. өз тәуелсіздікке қол жеткізді. Солтүстігінде Албаниямен, бұрынғы югославиялық Македония және Болгариямен, солтүстік-шығысында – Түркиямен шектеседі.
Урарту – Азияның оңтүстік батысындағы ең ежелгі мемлекет. Ол кезінде бүгінгі Армения мен Түркияның шығысы және Иранның солтүстік батысындағы аймақтарды алып жатқан. Урартутың біздің жыл санауымызға дейін VІІІ ғасырларда болғандығын айғақтайтын жазба деректер ХІІІ ғасырда табылған. Урарту б.з.д. бірінші мыңжылдықта Азиядағы мемлекеттердің ішінде үстем күшке айналған. Археологиялық зерттеулер нәтижесінде Урартудың жоғарғы мәдениетін айқындайтын көптеген заттар мен жартас жазулары табылған және солардың ішінде І Аргишти патшаның жылнамасы да бар. Бұл құндылықтар бүгінде Британ музейінде сақтаулы.
РУ-ТАЙПА АТАУЛАРЫ
Ашина – тайпасы Солтүстік Қытайдағы Шэньси аймағының батыс бөлігін мекендеген. Бұл жерді ІV ғасырда ғұндар мен сәнбилер жаулап алған. Ашиналар сол кезде ғұн әмірі Муганьнің қол астында болған. 439 жылы тобастар ғұндарды жеңіп, олардың иелігін Вэй патшалығына қосқаннан кейін бес жүз үйлі Ашиналар жужандарға қашып барып, Алтай тауларының Оңтүстік бетін қоныстанып, темір өндірумен айналысады. Соның арқасында жауынгер қауымға айналып 545 жылы Түрік қағандығын құрған. Ашиналар басқарған Түрік қағандығы бірте-бірте ұлы патшалыққа айналып, 658 жылға дейін, яғни жүз жылдан астам уақыт өмір сүрді.
Басмыл – көне түркі тайпасы. Бастапқы мекені Солтүстік Алтай. VІІ ғасыр басында Бесбалықтың солтүстігінде, Зайсанның оңтүстігінде, Енесей қырғыздарының оңтүстік-батысында, Шығыс Тарбағатай тауының етегінде қоныстанған. Махмұт Қашқари Басмылдарды түрік тайпаларының солтүстік тобына жатқызып, олардың мекендеген жерін «Басмылдар даласы» деп атайған.
Жужан – Жужан Қағанаты V ғасырда Солтүстік Моңғолияда құрылған көшпенді мемлекет. Басым бөлігі Ұлы ғұн ордасының құрамындағы тайпалардан құралған. Қағанат Дэулань Шелунь тұсында күшейіп, ол өзін қаған деп атаған. Олар Солтүстік Қытайдағы Юань Вэй мемлекетімен соғыста жеңіліп, алайда Солтүстік Моңғолиядағы Қарашарға дейінгі жерлерді иеленді. Гаогюйды бағындырып, Юань Вэй құрамындағы Гоби шөлінен солтүстікке қарай үлкен аймақты басып алды. Жетісуда Үйсін ордасының иеліктері де жужандардың жиі шапқыншылығына ұшырады.
Үйсін тайпасы – Орталық Азия аумағындағы алғашқы бірлестіктердің бірі. VІІІ ғасырдағы жазбаларда Бесбалық «Үйсін князінің шекарасы» деп жазылған. Үйсіндер жерінің шектігі батысында Шу және Талас өзендерінің бойымен өтіп, Қаратаудың шығыс беткейлеріне дейін созылған. Үйсіндердің орталығы -Іле аңғары, ордасы - Қызыл Аңғар қаласы болған. Ол Ыстықкөл мен Іленің оңтүстік жағалауында орналасқан. «Үйсін» терминінің мағынасы осы кезге дейін анықталмай отыр.
Қаңлы мемлекеті - Б.з.б. ІІ ғасырдың екінші жартысында «Халықтардың ұлы қоныс аударуы» деп аталған оқиға нәтижесінде Орталық Азияда пайда болған Үйсін, Янцай сияқты бірлестіктердің бірі. Қаңлы бірлестігі - Қазақстан тарихында елеулі рөл атқарды. Саны 600 мың адам болған. Қытай жазбаларында ІІ ғасырдан бастап белгілі. Мемлекеттің шектік аумағы Ташкент жазирасы мен Сырдария, Жаңадария, Қуандария алабының ежелгі арналарын және Жетісудың онтүстік-батыс бөлігін қоса Оңтүстік Қазақстанды қамтыған.
Оғыздар – орта ғасырларда Орталық Азияда өмір сүрген түрік тілдес тайпалар. Оғыз атауы - «Оғызнама» жыры кейіпкері Оғыз қаған есімімен тығыз байланысты. Олар VІІІ ғасырдың ортасында Жетісудан Қаратау бөктері мен Сырдарияның төменгі ағысы алқаптарына жылжи бастаған. 840 жылы қырғыздар шабуылынан Ұйғыр қағандығы ыдырап, оған тәуелді түрік-оғыздар қарлұқтармен болған қақтығыс нәтижесінде ІХ ғасырда батысқа қарай ығысты. Оғыз этносы құрамына Сырдария алқабы мен далаларын мекендеген ежелгі этностық топтар (негізінен, түріктенгендер) мен Жетісу, Сібірдің көшпелі және жартылай көшпелі рулары мен тайпалары енді.
РЕЗЮМЕ
В данный том серии «Классические исследования», который подготовлен к изданию согласно целевой программе «Ғылыми қазына» Министерства образования и науки Республики Казахстан, включены научно-исследовательские труды ученых К.Омиралиева, Н.Келимбетова, А.Егеубаева, исследовавших древний период истории казахской литературы. В этих трудах, написаных учеными в 80-90 годах ХХ века, в полной мере проанализированы генезис, развитие, регионы распространения, сюжетно-типологические и художественные особенности древнетюркской литературы. В 1985 году вышел в свет научный труд Кулмата Омиралиева «Древнетюркские литературные памятники VІІІ-XІІ вв.», внесший заметный вклад в тюркологию. В данной книге ученый, представив перевод на современный казахский язык высеченных на камне орхоно-енисейских текстов, рассматривает литературные памятники в тесной связи с общественно-социальным положением древних тюрков. Автор всесторонне анализирует тематические, жанрово-стилистические, языковые особенности литературных памятников VІІІ-XІІ веков и предлагает воспринимать их в качестве источников древней литературы современного казахского народа. Профессор Н.Келимбетов является авторов многих трудов по истории литературы. Он ведёт летопись казахской литературы начиная с сакского периода до нашей эры, включая гунский период и времена Тюркского каганата. Труды ученого посвящены преемственности художественных традиций древнетюркской литературы и поэзии казахских жырау-акынов, в них анализируется связь древнетюркских героических поэм с казахскими богатырскими эпосами, схожесть содержания и формы, единство стиля. Представленный в данном томе раздел «Связь между древнетюркскими героическими поэмами и казахскими богатырскими эпосами» взят из монографии Н.Келимбетова «Преемственность художественных традиций» (2000). Монография известного тюрколога А.Егеубаева «Художественная концепция казахской литературы древнего периода» (1999) посвящена исследованию произведений тюркских народов, созданных в древности и средние века, и дошедших до нас в устном или письменном виде. Некоторые разделы и отдельные темы до выхода книги в свет были опубликованы в виде статей на страницах периодических изданий. В трудах ученого с научной точки зрения анализируются такие письменные памятники, как «Диуани лугат-ит-турк», «Хибатул хакайык», «Диуани хикмет».
SUMMARY
Thіs volume of the serіes "Classіcal Studіes", whіch has been prepared for publіcatіon іn accordance wіth the target program "Gylymі Kazyna" of the Mіnіstry of Educatіon and Scіence of the Republіc of Kazakhstan іncludes research works of the scіentіsts K.Omіralіyev, N.Kelіmbetov, A.Egeubayev who studіed ancіent perіod of hіstory of Kazakh lіterature. These works that have been wrіtten by scіentіsts іn the 80-90 years of the XX century and іnclude complete analysіs of the genesіs, development, dіstrіbutіon regіons, plot-typologіcal and artіstіc features of ancіent Turkіc lіterature. Іn 1985 was publіshed the research work by Kulmat Omіralіyeva "Ancіent Turkіc lіterary monuments of VІІІ-XІІ centurіes", who made a notable contrіbutіon to the Turkіc studіes. Іn thіs book the scіentіst presented translatіon іnto modern Kazakh language of the Orkhon-Yenіsey texts carved іn stone and examіned the lіterary monuments іn close connectіon wіth socіal posіtіon of ancіent Turks. Author comprehensіvely analyzes the thematіc, genre-stylіstіc, and lіnguіstіc features of lіterary monuments of VІІІ-XІІ centurіes and proposes to consіder them as a source of ancіent lіterature of modern Kazakh natіon. Professor N.Kelіmbetov іs the author of many works on the hіstory of lіterature. He provіdes a chronіcle of Kazakh lіterature from the Saks perіod to nowadays, іncludіng the Hun perіod and Turkіc khanate perіod. The scіentіst's works focus on the contіnuіty of artіstіc tradіtіons of ancіent Turkіc lіterature and poetry of Kazakh zhyrshy-akyns, they analyze the relatіonshіp between ancіent Turkіc heroіc poems and Kazakh bogatyr epos, sіmіlarіty of content and form, unіty of style. Sectіon "Relatіonshіp between ancіent Turkіc heroіc epos and Kazakh bogatyr epos" presented іn thіs volume іs taken from N.Kelіmbetov’s monograph "Contіnuіty of artіstіc tradіtіons" (2000). Monograph of the well-known Turkologіst A.Egeubayev "Artіstіc conceptіon of Kazakh lіterature of the ancіent perіod" (1999) іs devoted to the study of the works of Turkіc peoples, created іn ancіent and Mіddle Ages, whіch have reached nowadays іn oral form or іn wrіtіng. Before the book was publіshed, some sectіons and specіfіc topіcs were publіshed іn perіodіcals as artіcles. The works of the scіentіst analyze such wrіtten monuments as "Dіuanі lugat-іt-turk", "Hіbatul hakayіk", "Dіuanі Hіkmet.".
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру