Келбет
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Шілдебай Қабыл
УДК 82.512.122-3 ББК 84 (5Қаз)-4 Ш 98 ШІЛДЕБАЙ ҚАБЫЛ ӘБДІРАХМАНҰЛЫ Пікір жазған: Дәутайұлы Н. – жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Шілдебай Қ.Ә. Келбет. // Әңгімелер жинағы. Оқырман қауымға арналған. - Алматы, 2022ж. 134 бет.
Сөз өнерінің асыл қазынасын жүйелей отырып, қазақ ауылының, оның ақкөңіл азаматтарының тыныс-тіршілігін, өмір тынысын, дүниетанымын, шынайы бейнесін жеткізуде жазушы Қ.Шілдебайдың жазған шағын әңгімелерінің өзіндік орны ерекше. Ол өз әңгімелерінде қазақ ауылындағы заман тіршілігі мен ауыл көрінісін, адамдар арасындағы қарым-қатынасты, замандастарының бейнесін тереңнен ашып, бүкпесіз анық бере алған. Жазушының қаламы қарымды, әлі де талай жақсы дүниелер әкелері сөзсіз. Кітап жалпы қазақ оқырман қауымына арналған.
«КЕЛБЕТ» ӘҢГІМЕЛЕРІ ЖИНАҒЫ ISBN 978-601-06-8766-0
УДК 82.512.122-3
ББК 84 (5Қаз)-4 ISBN 978-601-06-8766-0 © Шілдебай Қ.Ә., 2022ж
АЛҒЫ СӨЗ
Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты
Қазақ халқының табиғи болмысының өз ерекшеліктері бар. Ғасырлар қойнауынан ұрпақтан-ұрпаққа жеткен дүниетанымы мен болмысын өз шығармаларында бейнелеу жазушыға тән қасиет. Сөз өнерінің асыл қазынасын жүйелей отырып, қазақ ауылының, оның ақкөңіл азаматтарының тыныс-тіршілігін, өмір тынысын, азаматтарының бейнесін жеткізуде жазушы Қабыл Шілдебайдың жазған шағын әңгімелерінің өзіндік орны бар. Маңғыстаудың қиырындағы ауыл мұғалімінің жылдар бойы кеудесіне жинаған сөз құдіретін қағаз бетіне түсіруі құптарлық іс. Оның «Ожданның көлемі қанша?», «Гастарбайтер», «Себепші», «Консерватор», «Кездесу», «Атмосфера» т.б. да әңгімелерінде өз замандастарының бейнесін ашып көрсетіп, бүкпесіз анық жазса, «Коучинг» әңгімесіндегі бүгінгі мұғалімдердің жаңашылдыққа бет бұру мақсатындағы әрекеттерін, мінез-құлықтарын терең де шынайы аша алған. Ал «Неме керектегі» адуынды Батай қарт бейнесі бүгінгі күні жастарға нағыз керек бейне, «Еңбек мәдениетіндегі» Данышпан атты суретшінің өнері мен бей-жай тіршілігі, оның өмірінің, көзқарасының өзгеруіне себепші болған қарт суретші бейнелерін талантты қаламгер шебер бейнелеген. Айналасында болып жатқан түрлі оқиғаларға мән бере қарап, өз заманының геройларын тауып, әңгімелеріне кейіпкер еткен жазушының қаламы қарымды, әлі де талай жақсы дүниелер әкелері сөзсіз. «КЕЛБЕТ» әңгімелер жинағын баспаға ұсынуға болады деп есептеймін. Әр адам болмысының өз ерекшеліктері бар. Біреудің бары ерте көрінеді, біреуде кейін, тіпті күтпеген жерден. Қабілет шіркінге байланысты әңгімені айтып отырмын. Маңғыстауда Қабыл деген азамат бар. Ауыл дейтін терең түкпірде. Мектепте математик. Қайран қалатын нәрсе осы Қабыл – жазушы. Жылдар бойы үн-түнсіз жүріп-жүріп келіп, төтеннен шыға келген талантты қаламгер. Дүниені көрді, қоғамда адамтанудағы қым-қуыт құбылыстарды байқағыштығы, оларды жазудағы табиғи ерекше қолтаңбасы қайран қалдырады. Егер Қабыл қаламды ертерек қолға алғанда әдеби ортадан баяғыда ойып тұрып орын алатын еді. Дегенмен, ештен кеш жақсы. Әдебиетте том-том кітап жазып, ұмытылып қалып жатқандар жетіп жатыр. Гончаров деген орыс жазушысы 64 жасында роман жазып, сол жалғыз
дүниесімен орыс әдебиетінің тарихында қалды. Біздің Қабылдың мына «Келбет» жинағындағы әңгімелері әлі-ақ өз бағасын алады. Құдай берген қабілет дегенің де – өткір кездік. Ал ол қап түбінде жатпайды.
ОЖДАННЫҢ КӨЛЕМІ ҚАНША?
Франциско де Гойя. 1808 жылдың 3 мамырға қараған түні көтерілісшілердің атылуы Мен ішіме сыймаған удың барлығын қағазға бүркемін. Одан дүние өзгермегенмен, жеңілдеп қаламын. Лион Фейхтвангер
Құрыс-тырысыңды жазу үшін, қан айналысын жақсарту үшін спортқа не еңбекке жүгінетін адам сергек әрі ұйқысы қанық болады. Жалқаулыққа қоса екі дүниені бір пұл ететін (елітетін) ішімдікке не басқа да заттарға тәуелді болып алған адамдарды осы тұтыну заттарын сатушылардан басқа адамдар қолдай көрмейді. Айналаңа жеккөрінішті, бастысы, өзіңе жеккөрінішті көрінбеу үшін әйтеуір пайдалы бірдемемен айналысу керек. Бұдан шығатын қорытынды – жарғақ құлағы жастыққа тимей, күні-түні шапқылайтын «тыным таппас атан» деген сөз емес. Тыным таппастарды да елдің суқаны сүйе бермес. Саламаттығыңды сақтағың келсе, дене еңбегіне бір уақ көңіл бөл дегенге меңзейтін осы ұстанымды әрбіріміз ұстанамыз. Еңбек демалысы кезінде көршімнің ұсынысымен кірпіш құю жұмысына жегілдім. Кірпіш құрамы анау айтқандай күрделі емес. Мексерге (миксер) 22 шелек сусылдақ құм, 4 шелек цемент және қандай да бір күреңіткен желім судан 1-1,5 шелек құйылар екен. Мексерден бабына келіп, иленіп піскен соң, қалыпқа күрекпен шақталып салынар екен. Қалып 4 кірпішке лайықталып жасалған. Бұл кірпіштің көлемі – 20х20х40 см куб. Карерь тасына барабар болғанымен, карьердің ұлу тасынан жеңілірек. Жұмысқа жегілушіден: - «Күндік (кесіп алып) істейсің бе не айлық (сағаттық) жұмысқа тұрасың ба?» - деп сұралады екен. - «Айлық қанша?» - деп сұрадым. Бұғағы мен қарыны салбыраған, жанарына қысым түсіріп тұратын ой болмағасын, жүзіне күлкі үйіріле беретін бұқа мойын оператор: - «100-130 мың», - деді. - «Аптасына неше күн жұмыс?» - деп сұрадым. Ол: - «Аптасына 6 күн», - деді.
Айлық жұмысқа тұрмайтынымды, күндік жұмысқа тұратынымды айттым. Менің мақсатым осы жерден шай-суымды ажырату емес, құрыс-тырысымды жазу әрі еңбек бөлінісімен танысу еді. Мені айрықша қызықтыратыны менің мұғалімдік күндік табысымнан қанша пайыз артық-кем төлейтіндігі, қара жұмыс пен ақыл еңбегінің арасындағы арақатынасты анықтау. Қазір елімізде білімге көңіл бөлгендіктен, мұғалімдердің жалақысы көтерілген. Сондай болса да, кезінде мұғалімшілікті тастап кеткен, тасқалаушы: - «Жүре берсем, әулие болғанда мектеп директоры болар едім. Мектеп директорының 30 күндік табысын 5 күнде табамын. Мұғалімдікті тастағаным, «алтын уақытымды» үй – мектеп - әжетхана деген үшбұрыштың ішіне жұмсамағаным қандай жақсы болған», - деп мақтанған-ды. Ол – бөртірілген сөз еді. Өзі сыраға бөртіп алған тасқалаушы сөзін де бөрттіріп қойған екен. Осыдан 24 жыл бұрын, «Қазақстан-2030» бағдарламасы қабылданғанда, ақша қара жұмыс істейтіндерде еді. Соңғы жылдары құрылыс жұмыстары бәсеңсіді. Енді ақша қызмет көрсететін салаларға ауысты. Мысалы, кафелерде 1 стақан шай 100 теңге тұратын болса, оны клиентке апарып беру 10 теңге тұрады. Сондай-ақ 1 саптыаяқ сыра 380 теңге тұрса, оны құйып бергені үшін 40 теңге алар. Бұл 1 саптыаяқ сыраны 10-20 метр жерге апару еңбек ақысымен, 10 литрлік шелектен 6-7-сін құмға толтырып, сол межелі жерде тұрған мексерге салған жұмысшыының еңбек ақысымен бірдей еді. Кафе-ресторан ішіндегі көлеңкеде тұрып істейтін жұмыс орны мен шаң, цемент бұрқыраған цехтағы жұмыс орнын, сірә, адам баласы салыстырып болмайды. Мен мұны айтып отырғаным жастардың оқуы керек екенін, оқымай қалса, өмір бойы әркімге жемтік болып өтетінін білдіргім келгендіктен, тоқталып отырмын. Егер осы цехқа мексерші әрі құм тасушы болып айлыққа жұмысқа тұрсам, айналамдағы сынық жүзді шаршаңқы адамдардай ай бойы мақта плантациясындағы негрлердей арқа етім – арша, борбай етім – борша болып жұмыс істеуіме тура келер еді. Бұл жұмысқа организм шыдағанымен, маған лайық жұмыс емес еді. Айналамдағы жүзі сынық, шаршаңқы адамдар шаңға көміліп, қанша барын салғанымен, бір-бірін қажасқан болып қалжыңдасқанымен, жанарларының тұңғиығына шарасыздық мұң бұлтын үйіре беретін еді. Жалғыз-ақ жайлауды басына көтеріп, өзінен-өзі ақырып-шақырып, мүйізімен бұталардың ойран опырын шығарып, алдыңғы оң аяғымен уыс-уыс топырақты бұрқырата лақтырып жататын бұқа бітімді оператор ғана өзге жұмысшылардың іштей мүжіліп, жүнжіп, күйрей сынып жатқанына айызы қанып, гуманизмге жат мысқылмен күліп жүрер екен. Өзінен интеллектуалы кем әрі ғылым-білім, өнер-әдебиет, философия деген ізгілік атаулы жетістіктердің иісі мұрынына да бармаған, өгіздей жұмыс істейтін, лас жерде тамақтанатын оператордай дүлей күшпен кім-кімнің болса да әңгімесі жараспас еді. Оператор дегенің ғалым, философ, ақын небір құрылыс жұмысына бас-көз болған нишапурлық Омар Хаям сияқты қарамағындағыларды сөзімен жігерлендіріп жүрмес пе?! «Адамды адам еткен – еңбек» - деп, Ф.Энгельс гуманизм сарынында айтқан. Ортаны
ескермеген. Жалпылама айтуға жақсы, тыңдауға жақсы. Етпекке пайдасы жоқ. «Адамды адам ететін де, адамды мал ететін де – орта». Сол ортаны талантына, бейіміне қарай мықтылар қалыптастырып, қайдағы бір кодекстермен шырмап тастайды. Орта әртүрлі болады. Құдай айдап, сол орталардың біріне тап болған, ортаға бейімі жоқ адамдарға заманақыр. Күнінде аспанды алақаныңмен тіреп тұрған адам бол, бәрібір – «конец фильма». Жалпы тұжырым жасауда Ф.Энгельсше құдайдың ісіне араласып керегі жоқ. Ал не болды, енді 200-300 жылдан соң да өлген адамның соңынан сөз айтып отырамыз. Мақтау болса бір сәрі. Ғайбаттан әрі түзетулер. «Құдай адамды топырақтан жараттым деді ғой», - деді ғой көке, ... ал сен келіп адамды еңбек жаратты дейсің... Ал еңбегіңнің түрі мынау... Жұмыс беруші келе жатқанымызда: - «Қасымдағы көршіме телефоннан «энерджи» сусынының орнына қолданып жүретін, ұйқыңды қашырып, жүрегіңді соқтыратын «маймыл» аты жазылған қалбырдағы судан алып кел, ақшасын беремін», - деді. Көршімнің жұмыс берушісінің меселін қайтаруға жігері жетпеді не жарамсақтану амалын жасап: - «Ақсақал, болады. Алып барамын», - деді. Дүкеннің тұсына тоқтап: - Жаңағыңды ал, - дедім көршіме. Көршім қипақтап қалтасының өңін айналдырып тұрып маған: - «Ақсақал, кешке беремін. 500 теңге бере тұршы», - деді - «Қалтаңда ит үріп жатса, бардың сөзін сөйлемес болар», - деп зеки отырып көршіме аяғаннан 400 теңге бергенмін. Көршім ішкен кездері құтырғанымен, жайшылықта үнемі жұрттан мүсіркеу тілеп, жалынышты рең беріп жүрер еді. «Зекуге әбден лайықты» деп ойладым. Сол «маймыл» аты жазылған қалбырдағы суды сораптап ішіп отырған жұмыс берушінің өкілі, операторының бітімін суреттегеніммен, әдебиетшілердің нобайы жағымсыз кейіпкер «бай баласына» не Алдар Көседегі «Шығайбайға» теңер еді. Негізі есі кеміс адамға ұқсайтын. Тиынын сұрамадым. Мен күндік жұмысқа жегілдім. - «Күндік ақы қанша деп», - сұрадым. Ол: - «8 000 теңге», - деді. Менің жұмысым – мексерді толтыру. Жоғарыда айтқанымдай, 22 шелек сусыма құм, 4 шелек цемент және күрең қызыл түсті 1-1,5 шелек желім су құю еді. 22 шелекті үнемі тақ толтырып, апара алмауыма байланысты орта бөксе шелектің кеміс-құтығын толтыруым үшін 25-28 шелек тасуыма тура келді. Әйтпегенде бабына келіп, піспеген кірпіш ұнырап кете беретін еді. Мексерден ақтарылған қойыртпақты қалыптау – оператордың жұмысы екен. Сапасына да сол жауапты. Кірпіштер сапасыз емес еді. Қалып 4 кірпішті бірден қалыптайды. Қалыптанған 4 кірпішті қалыбымен қоса рельспен анадай жердегі арнаулы орынға 2 адам төгіп
тұрады. 1 адамның шамасы келмейді. Бір қатарға төрттік кірпіштен 16-сы орналасады екен. Шамамша 1 мексер 4 қалыпқа жетеді. Сонда 1 қатарға 16 қалып, яғни, 64 кірпіш жайғасады. 64 кірпіш үшін 4 мексер қойыртпақ дайындауым керек екен. Норма 11 қатар екен. 4 жұмысшы 664 кірпіш құюы керек екен. 664 болса, неге 665 болмайды? Математика – менің 43 жылдан жолдасым. Еңбек бөлінісін ойша есептеу қиын емес еді. Бұл жерде еңбекті қанау барын, яғни, жұмыс көп жасалып, ақысы аз берілетін орын екенін айналамдағы жүздері сынық, шаршаңқы жүзді концлагерьдегі еврейлердей болып жүрген жұмсшылардың ұсқыны әлден-ақ айтып тұрды. Тастап-тастап кетуге болар еді. Мойнындағы кредиті, бала-шаға ақысы, қара тамағы жанжақтан қаумалап, аш қасқырша қысқанда, қашып шыққан ағашы еді – бұл жұмыс. Жүздері сынық, шаршаңқы кейіптегі адамдарды да құтқарушы біреу келер. Қазірше, 2000 жыл бойы құлды бұйым ретінде қарастырған, құл иеленуші зұлым билеушілерінен құтқаруға Византияны қамал қылуды ойлаған мұсылман Ұлы Әмір Темірлерді уақыт толғатуда... Мүмкін маған солай болып көрінді. Айлықтағылардың ешқайсысы жұмысқа құлшыныс білдірмейтін еді. Орыс саяхатшыларының куәлік беруінше, Сібір халықтарында балалардың үлкені кішісіне әлімжеттік жасаса, үлкенін де, кішісін де жазалайтын тәртібі болған. Себебі езілгені, таяқ жегені мүсіркеу тілеп тұрады. Бұл – жаман әдет. Үнемі таяқ жеуге бойы үйреніп кетеді. Ез болып өседі деп, сабағанын да, таяқ жегенін де жазалап отырған. Бұл – біздің қоғамға керек ереже. Өл-тіріл ақыңды жіберме. Еңбегіңді жегізбе. Ал біз «күштімен күреспе, тізелімен тіреспе», - дейміз. Көшпелілер өркениетінің жойылуы – адамдық қасиеттің жойылуымен тамырлас. «Сабыр, сабыр» деп жүргенде жемқор қоғамға айналып кеттік. Әдебиет – күштінікі. Заң – күштінікі. Тендер – күштінікі. Мемлекеттік сыйлықтар – күштінікі. Жұмыстың жақсысы – күштінікі. Парламенттегі «халық сөзін сөлейді» дегендерің «күштінің» сөзін сөйлеп жүр. Өз күштің болса бір сәрі-ау, құныкерің орыс пен қытайдың сөзін сөйлеп жүр. Физиканың алтын ережесін жаттап өсеміз. «Есеңді жіберме, еңкейме, намысты бол, ешкімнен қорықпа, өзгеге сенбе, өзіңе сен!» дейтін асыл қасиет дарытатын өмір заңын балаларға бала күннен дарытпаймыз. «Мал тап, есектің көтін жусаң да, ақша тап!» дейміз. Жатқан бір гуманизм... «Кең болсаң, кем болмайсың». «Таспен атқанды аспен ат». Ұят... Сосын қайдағы бір молдалықты қазы қыламыз. «Алла көріп тұр, жазасын Жаратқан береді, о дүниеде қинайды»... «Әй, балам, жығылғаннан бола бер. Көрде тұр, сол бала ертең жаман намыссыз болып өседі. Біреу ұрса, жығыла кетеді. Бетіне жел болып келмейді». «Жасынан еңбекпен қоса жауынгерлік өнерге, ерлікке, төзімділікке баулимыз» деп балаларды көшеге жібермейміз. Орыстар айтпақшы, «тәрбиенің ұлысы – көшеде» деп. Балалардың ұрысы көшеде жүргенімен, тәрбиенің дұрысы көшеде жүр. Бұл жерде айтылатын сөз көп болғанымен, бәрін айта алмаймыз. Біреуін біреуі терістеуі мүмкін. Әке-шешесінің саясынан алысқа бармаған, жақсы тәрбие алған, артық сөзі жоқ, үлкен-кішіге сыйлы деп жүрген бозымыз тәрбиені терістеп жүргенін көріп отырмыз.
Тәрбие мәселесі өте нәзік болғандығы сондай, кейде өзін-өзі ақтай алмай жатады. Міне, көз алдымызда біреуді-біреу іреп, сойып жатыр. Бірін-бірі алдап, еңбегін жеп отыр. Осыған көнбістікті адамдар қайдан алды? «Мұқтаждықтан алды» дейміз. Мұқтаждықтың ең басында қарақан тамақ, шөлбасар тұр. Сол қарақан тамақ, шөлбасарды алатын ақша біреудің қолында. Сол ақшаны не авторитетті қолына шоғырландырған байшыкешке, жұмыс берушіге жалпаңдауың керек. Тілін табуың керек. Бұның бәрі – бос сөз, бекер әңгіме. Еңбекақымызды талап ете алмаймыз. Таяқ жесек, көзіміздің жасын сүртіп, құрғатып, минут өтпей ыржалаңдап шыға келеміз. Осынымыз дұрыс па?.. Мен неге 10 000 теңге алатын жерімнен 5000 теңге алып жүре беруім керек. Біз – бірімізге-біріміз қасқырмыз. Көзімді ашқалы колхоз-совхоз болсын, төменгі курс-жоғары курс студентері болсын, еңбек бөлінісі болсын, осыны көріп келемін. Профком дейтін бар. Профкомдар да – теспей соратын сүліктің нағыз өзі. Осы жерге политэкономияны оқыған не К.Маркстың атын естіген адам келіп жұмыс істейтін болса, осы мені тұмшалаған ой оны да тұмшалаған болар еді. Жұмыстың қызған шағында тер басайын, өзіммен бірге алып келген фильтрленген судан (ауыз суымыздың сапасы сын көтермейді. Лабароторияда тексерістен өткізсе, судың құрамындағы шлактар 5 батпан. Онда ауру тудыратын не ауруды қоздыратын құбырдың қақтары болар. Біздегі ауыз судың сапасы сын көтермейді. Бұл туралы су фильтрін қондырушыларды тыңдасаңыз, көзіңіз жетеді) ішейін деп көлеңкелеп тұрған машинама келсем, телефоным ойбайлап жатыр екен. Мені таңертеңнен бері іздеп жатқан Жаңаөзеннің маңындағы селолардың бірінде тұратын кластас-құрдасымның баласы екен. Әкесін арақ ішетіндерді жауып тастайтын наркологиялық диспансерге жауып тастапты. Өзі Таразда жүр. Менен өтінері – әкесінен хабар алу және жан баласына тіс жармау. «Бұл мүмкін емес, жаңсақ хабар шығар», - дедім. «Бүгін барамын» деп, оның көңілін орнына түсірдім. Бұны қоя тұрайын. Кірпішіме келейін... Норманы орындау үшін Сталиннің стахановшыларынша жапырдық келіп. «Құрыш қалай шынықтыдағы» Павел Корчагинше, барын салып көршім жүр. Оператор буаз қатындардай қанша жуан қарынды болса, сонша жұмысқа жуан екен. Мендей 2-3 жұмысшыны шаршатып барып, болдыратынын шамаладым. Барды бар деу керек. Қара жұмыстын нағыз нары екен енеғар... Норма да орындалды. Біткен істің ләззатына сәл-кем бой алдыра тұрып, бұршақ-бұршақ маңдай терімді сүрттім. Маңдай тер – адал жұмыстың тұщы тері еді. Көршім екеуімізге 6000 теңгеден берді. Мен операторға: - «8000 теңгеге келістік қой. Бұл сома аз. 1000 шелек топырақ тасыдым, әр шелекке 6 теңгеден келіп тұр», - дедім. Оператор түнеріп тұрып: - «Бұл айлықтағылардың нормасы. Күндік жұмысшыларға әр қатарда 16 қалыптан емес, 18 қалыптан келуі керек. Сонда ақшаң 8000-ға толады», - деді.
- «Егер 8000 аламын десең және 8-9 мексер илеу керек», - деді. Қажетті материал, оның еңбек ақысын ойша тақтаға жаздым. 250-300 шелек толы құмды тағы мексерге ақтаруым керек екен. Бұл – даяршылардың 40 бокал сыраны клиентіне апарып бергендегі алатын ақшасымен тең. Салыстырып болмайды. Әділет болуы керек қой! - «Ай, осыдан 24 жыл бұрын, 1997 жылы осындай жұмыс істегенмін. Онда 2 адам 500 кірпіш құйса, 5000 теңгеден алатын едік. Сол баға әлі көп өзгермепті ғой. Кірпіштің бағасы сатылымда қанша?» - дедім. - «150 теңге. 50 теңге еңбекақы. 50 теңге материал. 50 теңгенің 25 теңгесі аренда ақысы. Хозяинге 25 теңге қалады», - деді. - «664 кірпіш 4-ке бөлсең, 166 кірпіштен. Оны 50-ге көбейтсең, 8300 болады. Бала-шағаң бар ма? Құдайдан қорықпайсың ба?» - дедім. - «Бала-шағам жоқ. Жақса осы, жақпаса кете бер!» - деді. - «Жарайды, менікі күндік. Мына айлықта жүргендерге обал емес пе? Иманды былай қояйық, адамда ұждан болуы керек емес пе? Менен 2300, айлықтағыларыңнан 3300 теңге күніне жеп отырсың ғой», - дедім. Ол маған: - Пошел! - деді -« 2300 теңге және «маймыл» аты жазылған суға төлеген 400 теңге саған садаға», - дедім. Нарық заманы ұжданды басып-жаншуда еді. Ол маған емес, ұждан атты ізгілікке «пошел» деп тұрғандай түйілді. Осындай итаршылардың кесірінен қоғамымыздан ұждан жүзін бұрған еді... Әзер тұрған көршім қашуға жинала бастады. Көршімді жазғыра алмас едім. Адал еңбекақысын ала алмай, миллиондар еңіреуде... Оны естір қоғам жоқ. Қожайынына адал, лақтырған сүйек-саяғына бола адамдармен төбелесуден не жарып тастаудан да тайынбайтын қарғылысына сенген жұмыс берушілердің көңілі тоқ болар, сірә. Бір жақты жұмыс берушілерді жамандауым да дұрыс емес шығар? Жұмысшыда не квалификация, не мамандық бар? «Менен кеткенше, иесіне жеткенше» деп, не іс болсын, көбі сапасына қарамайды. Сапасын талап етіп жатқан бір адам жоқ. Жер бауырлап жатқан ірге тастар, желді күні ұшқан шатырлар – жұмысшының кемшілігі. Бұл – адамгершілік нормаға да, шариғатқа да қияс. Бұл қоғам түбі апатқа ұшырамаса игі еді... Құрдасымның арақ ішетіндердің қонақ бөлмесіне түскенін жоғарыда айттым ғой. Өзі полициядан пенсияға шыққан. Жасынан тұзы жеңіл еді. Бастықтарға жағынғыш. Осының отбасы құтаймады. 6 мың теңгенің 3 мың теңгесіне жанармай құйып алдым да, километрлік жердегі наркологиялық диспансерге бардым. Ол жерде іздеген адамым жоқ. Түк түсінбедім. Өздері түсініп алмаса, күзетшінің айтуы: - «Осы маңда «машинамыз бұзылып қалды, су ішіп алайық» - деп әйелі мен қызын ертіп келді. Су сұрап ішті де, кетіп қалды. Жынымды келтіргені осындай түсініксіз адамдардың жүріс-тұрысы еді. Ұлына хабарымды айтып, мені мазаламауын өтіндім. Машинамды қыздыра
бергенім сол, мен келгенде биылғы Маңғыстаудың түйелеріндей абыржып кеткен ұсқынсыз әйелмен сөйлесіп тұрған екеу автовокзалға апарып тастауымды өтінді. Ол жолдан бұрулау еді. Жолшыбай қайда баратындарын сұрадым. Қалаға жолымыз бір болып шықты. Таңертеңнен бері дұрыс адамдарға жолығуым еді. - «Мен – Балықшымын, Жүйрікпін, Қармыстанмын», - деді бірі. Сөзуар екенін сөз саптасы айтар еді. - «Ер Қармыс жырындағы Қармыс па?» - дедім. - Адайда шейіт кеткен жалғыз батыр Қармыс болса, өз ажалынан өлген – Ер Төлеп. Біз шалдардан естігенімізді айтамыз. Жанымыздан сәрсенбайшылап ештеңе қоспаймыз. (Сәрсенбайы жырау шығар?) Иә. Жорық жырауы оқиғаны жырмен баяндайды. Негізі жырды шығарушы Қалнияз ғой. Беріректен алып баяндаған. Негізі былай дейді: - Жиені Ер Төлеп нағашысы Қармыстан жауға мінер атын сұрап, тойға мініп кетеді. Қазіргінің тілімен айтқанда «777 (три семерка) БЕХА». Жауға мінер ат күшке күш қосады дейді. «Лазер» атауымен танымал болған оңтүстіктен шыққан көкпаршының аты 44 автокөлік мінгізген ғой иесіне. Сол «Лазер» көкпарда қарсыластың атына сауырын беріп, сыртын беріп ығыстырып шығара береді ғой. Көкпаршы сол «Лазер» аты өлгенде қандай қиналды?.. Оны интернеттен көрдік. «Бірді айтып, бірге кетті-ау» деген елес үн күңк еткенше, жолаушы баяғысына келді. Айтушы тыңдарманым түсінбей қалады дей ме? Не дағдысы ма? Бүгінгінің сөзімен оқиғасын шылай береді екен. Онысы үлкендердің бала тілінде сөйлеймін деп әуреленетініндей жеккөрінішті бірдеңе болып шығады. Солай бола тұра әңгімесі тартымды. Маңдайға біткен жалғыз «жауға мінерін» жиені сұрап, мініп кетеді. Сол аты астында болғанда 3000 жаудың 300-ін алып кетеді. Жырда баяндалатындай, қансырап жатқан Ер Қармыстың түстеп айтуына қарағанда, «көк атты» түрікпен жігіті шалға қорынатындай бірдеңе жасаған. Мүмкін, қазіргінің тілімен айтқанда «Блатной шалсың ба?» дегені шығар. Болмаса 10 найзагердің ішінен қадап айтатындай кімнің шікәрасы? Жоғарыда айтқанымдай, тағы көше тілімен кетті. Кетсе кетсін дейміз де... Төлепке «сол жігіттің басын кесіп алып кел!» дейді. Сол түрікпен жігіттің басын күтіп жатқан ғой. Айдалада қансырап жатқан қайран да менің бабам... Жау да болса өлтірмей кеткен. Адайдың 100 батыры отарға шапқан аш бөрідей, бөріктірген ғой шақша бастарды. Аманатын орындап, жас жігіттің басын кесіп алып келгенде, Қармыс бабам қанын сырқып екі ұрттапты. Кектің өтемі деп, қанын ұрттап барып жөнелді дейді. Соған дейін күтіп жатқан екен. - «Менің де басын кесіп алып, қанын ұртағым келіп жүрген адамым бар», - деп, жуан санын жұдырығымен қойып-қойып қалды жолаушы. Көзі қанталап кетіпті. Көз алдымда, сахнаға шыққанда шағын денелі
маңғыстаулық ақынның ақырып қалғандай әсермен сөз бастағанда таудай болып кететініндей, бұл да алыптанып кетті. - Ол кім? – дедім - «Ол – тергеуші. «Ел ақсақалынан қалмаймыз» деп, елді жеп жүрген, еңбекті қанап жүрген ұры-қарының жендеті... Өзімізге тиесіліні сұрап, бейбіт шеруге (забастовкаға) шықтық 2011 жылы. Қолдан арандатып, 37-сін соттады. Неше 17-сін өлтірді. Одан хабарың бар ма?» – деді. Әдейі сұрады. Ағайынға өкпесі бардай түйілді. - «Хабарым бар. Ақтаудан әскерлер техникасымен барды ғой. Ютубта бар», - дедім. - «Телевизор деген – өтірікші. Телевизор емес, өтіріквизор. «Зиялымыз» деп жүрген ақын-жазушыларың бар ғой, «тойдың шырқын бұзды» - деп бізді күстаналады. - «Бәрі емес шығар», - дедім - Ақтың жағында жүреді деген адамдарың қараның артына кіріп кетті. Мен жазбаймын. Сөзге әуестігім бар. Меніңше, ұждан деген мәселеде ертеңгі күні қарабет болмайын деп ойлайтын сөз иелері: «Қоңыз» атты кітап шығарған жоғары жақтың баласы, Светқали, Сабыр, Ұлықбек. Ұлықбекті арнайы айту керек, ол поэма жазды осы забастовкіге арнап. Басқасын білмеймін. Заман бір орнында тұра ма? Адам – шайтан емес. Бір күні өледі... Мына ұры-қарылар кетеді. Сонда «ой, халықтың сөзін сөйледім, бәлен деген кітап жаздым» дегенге қарата екі сұрақ қойылады. 2011 жылы жер басып жүрдің ғой? - Ал жүрдім. 1. Назарбаевты жамандадың ба? - Жоқ. 2. 2011 забастовкі туралы жаздың ба? - Жоқ. - Онда сенің жазушымын, ақынмын деп айтуға құқың жоқ. (Бұлай айтуға болмайды ғой. Бұлай айтушыларды, ата-ене, ағайын-тумасын жамандап-жамандап, ақыры күйеуін қарсы қоятын әйелдер сияқты бас-күш берудің маманы деп ойлап қаласың. Қоғам айнасы жазушыларда не кінә бар. Олар да бастықтарымен қырбай болмай жасасын). - Ол жазушы жаза ма, жазбай ма, өз еркі емес пе? Өз еркімен жазушылықты таңдаған екен, ақ жолдан танбасын. Жазушының жолы – бас шайқап, зікір салатын сопылық жол емес. Ой шайқап, адалдық туралы пікір айта опырылатын опырық жол. - Жазушыларға өкпең қара қазандай екен. Олар – өмір жолын таңдауда адасушылар шығар мүмкін. Құрысын, осы заманда кім-кімді жарылқайын деп жүр дейсің? Серікжан Біләшша, өзіңше пәтуа айтуға бола ма? Қоғаммен санасу керек. 2011 жылғы забастовкі туралы «Қоңыз» деген кітап шықты дедің ғой. - Төте жазумен (мүмкін ағылшынша) басылып шыққан ба, бірдеңе. Оқи алмадым.
"- «Жаңағы тергеуші туралы айтып қалдың, қанын ішкім келеді», - дедің бе? «Ол неғылған адам?» - дедім. - Ғазиз басым нені көрмеді?.. Қарағандыдан келген бір тергеуші: - «Адаймын де, қ....баспын де деп, құлақтың сырғалығын степлермен тескен. Жауда болса сол «көк атты» түрікпен жігіті, Бабам Ер Қармысқа ондай сөз айтпаған шығар деп езілемін. Ұждан алдында езілемін», - деді. Екінші жолаушы ол да – «забастовщик» деп танылған мұнайшы. Ол алаңда бір күн де тұрмаған. Арандап қалған мұнайшыларға қосылып кеткен екен. - «Аяғым тыз ете қалған бетте құлағым бітіп, көзім қарауытты. Ішімнен бірдеңе үзіліп кеткендей болды. Аяқтан оқ тиген екен. Есімнен танып қалдым. Бір есімді жисам, жігіттер машинаға жатқызып жатыр екен. Ауруханада есімді жидым», - деді. Адвокат мықты болып «условный жыл» кескен. - «Халыққа оқ атқан ешек Нұрат және бір-екі полиция қазірде лауазымды жұмыс атқарады екен», - деді Балықшы жігіт. - «Негізі үкіметті әскери адам басқаруы керек. Сонда тәртіп болатыны патшалықтар туралы кітапта жазылған дейді. Халық митингімен үкіметті ауыстыра алмайды. МВД-ның генералдары мен әскери генералдар дейді үкіметті ауыстыратын. Жанболат Мамай сияқты соттасып, митингіге шыққанмен өзгеріс болмайды», - дейді. Негізі генералдарды көндіру керек дейді ғой білетіндер, - деді екінші жолаушы. Қорқайын дедім... - «Осы сендер қайда бара жатырсыңдар» - дедім? - «Сары қарын, қара қазанның қамы. 34-ші ықшам ауданда мектепгимназия салып жатырмыз. Қара жұмысшымыз», - деді һас батырдың тұяғы. - «Қанша шығады?» - дедім қызығып. - «Айына 150-180 болып қалады», - деді. Көздері «кезінде 500-600 мың айлықпен жүргенбіз» деген өкінішті айтып тұрды. - «Жесе жесін, нең бар еді забастовкіде?» - дегенді көзіммен ұқтырдым. Олар да түсінді, үндемеді. Ұждан өлген жерде әділет, береке туралы айтып бола ма? Үйді жеп, құлататын термит дейтін жәндік бар. Күні-түні аналығына жемтік тасиды дейді. Аналығы ірілігі лақтай болып, жер түбінде жатады. «Өз қолымызбен тұрғызған ЕЛДІ құлатуға жұмыстанып жатқан жемқорлар термитше ойлай ма?» деп қаласың... Термитке салсаң, «күнелтістің қамы» дер еді. Ұждан өлген жерде адамша ойлауды доғарып, «термитше» ойласаң ғана жан азабынан құтыла аласың...
КЕҢІСТІКТІҢ ІЗГІЛІК ТЕҢДЕУІ
Болмыс пен тәрбие қалыбы туралы әңгімелеу не болмаса осы тақырыптар жөнінде тыңдарман болу бәрімізге қызықты. Бірде көзқарастары
қарама-қайшы адамдардың ортасында болдым. Екі полюстің диалогына куә болдым. Соны тарқатайын. Материя мен уақыт кеңістіктің ішінде қозғалады, басқаша болуы мүмкін емес дегенді диалектикалық материализмнен жаттап алғаным бар еді. Түсінбеген соң жаттап алғаным ғой. Жалпы ғылым бір тұтас. Қай ғылымды ал ғаламдық, ұлттық проблемаларды қаузайды. Түсіндіру мен түсіну оңай болсынға келтіріп адамзат баласы бір тұтастықты түрлі салалы ғылымға бөліп алған. Шешілмеген ғаламдық проблемалармен айналысқан, айналысып жатқан көзілдірікті оқымыстылар қаншама.
Классикалық математикалық теңдеулердің жер мен көктен адамзатқа келер ырыстың арнасына айналғаны қашан. Теңдеу туралы әңгіме айтпас бұрын теңдеу дегенімізге тоқтала кетейік. Жүгіне қарай нары демекші теңдеудің қарапайым түсінігінен бастайық. Мысалы: 6х-12=6 теңдеуін шешу дегеніміз белгісіздің орнына мән тек қана бір мән қойғанда теңдік тура болатын белгісіздің мәнін табу немесе жүкті бір салмаққа келтіру болып табылады. Сол мәнді табу теңдеуді шешу делінеді. Белгісіз шаманың анықталу облысы, құдайдың шексіз мың миллион мәнін қабылдайды. Ал сол шексіз мың миллион санның ішінде теңдеудің бір түйір түбір-шешімі жасырынып жатыр. Үстірт жазығына лақтырылған инені көрмеген адамның сол жазықтан ине іздеуіндей, сол бір санды математикадан хабары жоқ адамның іздеуі де сондай болмақ. Ол сан, координаталық түзу бойымен санақ басынан оң да үш өлшем бірлік кесіндінің ұзындығындай жерде жатыр. Ғылымда проблема бар оны математикалық моделдеп шешу бар. Ғаламдық математикалық жеті проблеманың біреуін шешкен орыс ғалымы ұсынылған мың миллион сый ақыдан бас тартты. Осы қылығымен Гриша екі бірдей теңдеуді шешті. Біздер күнделікті тұрмыста заңдылықтар мен теңдеулерге бетпе-бет келгенде оның шешімінің классикалық шешу жолдарына бас ауыртпай тастай саламыз. Не қате болса да, сауатсыздық деңгейіне қараңғылық тұңғиығына тартатын болса да өз пайымымызда қаламыз. Осындай ойлардың ұшқыны мені жазғырып жүргенде осындай проблемалы теңдеуді шешу және анау-мынау емес гуманитарлық ізгілік теңдеуінің шешілуі туралы хал қадырымша баяндамақпын. Ал, хош деңіз...
Биыл қыс қатты болады. 1959 жылғы жұтқа 60 жыл, жалқы түйені боталы түйеге сойып беретін 1969 жылдың қара суық қысына 50 жыл толады. Қыс шанаңды жаз сайла деп білетіндер әріден дабыл қаққан. Қала, кент тұрғындарының көгілдір отыны келіп тұр, күрілдеген ошағы суырып тартып тұр. Бұрасаңыз құлағын ағызатын бұлағын шүмекке ауыз су келіп тұр. Іліктір жарығы өз алдына. Осы елде атам заманының көзімен қарағанда бәрі бар, тек ертегіде айтылатын «Піс қазаным» мен арамтамақтар мен жемқорларды қуалап жүріп ұрып өлтіретін «ұр тоқпаққа» қолдары жетпей отыр. Ол да бір күні болар, әсілі ертегіде айтылғандардың барлығы алдымыздан шыға келіп жүр ғой. Қан қысымы 105, 42, 70-ке түсіп кеткен адамдай ауысып сөйлеп кеттім бе? Қыс қатты болады деген жылдың қаңтарының бел ортасында ай
қораланды. Ай қораланса күн жайсыздау болатынын үлкендерден естіп өстік. Айдың қоралануымен әлдебір табиғи құбылыс дәл келді де айдың сәулесінен ірік-ірік бұлттарға түрлі түсті сәулелі концентрлі шеңберлі сақина салуға әлдебір шебер әуестеніп 40 минуттай уақытын жұмсап «піс қазаным» жоқ кент тұрғындарына мастер класс өткізді. Табиғат суретшісінің бояуы сорғаламайтын әлдебір қылқаламмен салған суреттері мен көріністеріне таң-тамаша қалған кент тұрғындары көшеге шықты. Түнгі мезгілі екенін ай қораланған мезгіл ай ортасынан ауа болатынын айттым ғой. Түнгі уақытта, қыстың көзі қырауда тұрғындардың бұлай көшеге шығуы болмайды десе де болады. Ұмытпасам өткен бір-екі жылдықта тауық жылы болуы керек газ құбырына үйдің жылыту қазандығын жалғаймын деп жүріп көршімнің бірі бүкіл газ аймақты аяғынан тік тұрғызған авария кезінде осылай көшеге шығып еді. Алла тағала көршіден мені жарылқаған. Түркменбашы Сапармұрад Ниязовтың «Рухнама» кітабында қымбат үйлердің көршілері жақсы болатыны баяндалады. Егер сататын болсам үйімді қымбатқа бағаламаймын, бірақ көршілерімді қымбатқа бағалаймын. О дүниеде көршілеріңмен қандай болдың деп сұрайды дейді ғой. Көршілерімнен хабар берейін. «Ағайынға қадірсізбін күнде бетімді көреді, қатынға қадірсізбін күнде етімді көреді» дейтін алашқа абыройлы шалдар көршілері туралы алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық дейді.
Үнемі алқын-жұлқын жүріп қоқыстардан темір іздейтін, тапқан тиын тебеніне ұрттап алса тілі ащы қатынымен төбелесетін, көршілерінен ештемесін аямайтын көршілерінің бәрін «ақсақал» деп атайтын Барақтың өзі неге тұрады. Даладай алқам-салқам ер көңілді, университетке оқу ақысын төлей алмай шығып кеткен, жоғары оқу бітіру арманым дейтін әңгімешіл Сәулебайдың «көрші деп айтпаңдар, «көрші» деп көр қазатындарды атайды қоңсы-қобаны сыбай атаң деп сөз тергейтіні неге тұрады. Арақтан ауызы босамайтын, көше балалары военный адам атандырған Мұрат ағамыз көшеміздің маягы іспетті. Военный адам Мұраттың көршісімін десең шамалы адам адресіңді тап басады. Тауарды қымбатқа сатайық деген балашағасына ашуланып, көршілерден ұят болады деп, көршілеріне бола дүкенін өртеп жібере жаздаған Естемісті ер демей көр? «Қалаулым» бағдарламасын көрмесем болмайды деп, төркініне кетіп қалған келінін облыстық газетке жазып тәрбиелеп алған Ғаниды мінезді демей көріңіз. Өз итінен өзі қорқатын, иті аулада бос жүрсе бала-шағасына итін байлатып барып кіріп шығатын бала мінез Ырысбайды қалай жамандарсың. Жұмыртқадан жүн қырыққан тызаңдаған, балалары тәрбиелі, пысық, құран сауаты бар Кенжебай таксисттің сәлемінің өзі қымбат емес пе? Негізі бірінші тілге алатын іргелес күйші Дариябай сыбайым еді. Басқа көршілерім тасасында қалып қоймасын деп әдейілеп соңында таныстырып отырмын. Әңгіме осы көршімнің от басынан басталғалы отыр. Ал, енді созбайын.
Қырықтан асқан шағында өнер қонған Дариябай мінезге бай. Таң алдында өң мен түстің арасында Дариябайдың қолына ақ сақалды аппақ киінген қарт қыл қобыз ұстатып кеткен. Өзі Қорқыт ата дейді. Бала күнінен бері суымаған өнерге ынтасына бола Алланың ықыласы түсіп жарылқағаны да. Өнер көңілдің адалдығына құлайды-ау деймін. Ағынан жарылып жүретін көршім бала сияқты. Ол бүкір қобызын арқалап екі-үш күнге біржаққа барып келеді. Кейде түн ортасы ауғанша қыл қобызын қасқырша ұлытып, ақ қуша қанатымен су сабалатып, қиқулатып, қобыз сарынын аңыратып отырып алады. Алматыға құдалыққа барған жерінде қыл қобызын аңыратқанда мен деген музыка зерттеушілері келіп рюмке соғыстырды деп отыратын. Тыңдарманын күймен матап кетеді. Дүниенің жалғандығын мұңлы бір иірімдермен жеткізеді. Ана күйші былай тартады, мына күйші былай тартады деп тап басады. Бір күйді ұзақ ойнағанда түн түнереді. Көрші қолаң тойтомалағын бергенде міндетті түрде Дариябай қыл қобызын аңыратады. Дариябайды кейде жын буа ма кемпірін боқтап шыға келеді. Бір қарасаң жарқылдап кемпірімен тойдан келе жатады. Бір қарасаң кемпірі екеуі шүңкілдесіп концерттен келе жатады. Бір қарасаң жоқ ондайда қарамай-ақ кемпіріне зілдей сөздер айтып шешеден тілдеп буынып қалады. Дариябай жұрт сияқты жасырынып ұрыспайды көшеде ме, тал түс пе, көлікте ме қарамайды. Боқтықты сықпыртады. Жұрт боқтанбайды емес боқтанады ғой, бұндайда дауысымды ел естімесін деп қымтанады ғой. Дариябайдікі жариялылық, кемпірі қымтанса бұл есік терезені ашып тастайды. Ай толысқан күні, ай қораланған түнде Дариябай буынып жатыр екен. Әдеттегісінше даусын алты қырдан асыра: «Әй, шешеңді ... қараспанды қапылтасың да отырасың, кітапта тұрған не бар дейді» кейіпкеріміз.
- «Әй! Шешемнің аруағы атқыр. Екі сөзінің бірі асылып өлген, өзін-өзі суға лақтырған, өзін-өзі атқан адамдар туралы айтады. Сөздері әрпіл-тәрпіл. - - «Құрт қобызыңды. Жүрек ауру болатын болдым», - дейді жеңгеміз. Бәрі жартылай ашық есіктен ап-анық естіліп тұр. Ауа сондай мөлдір тербеліс заңына сәйкес көшеден әрі асырып тұр. - «Ай бала! Не айтып жүрсің? Бұрнағы жылы «Сини кит» оқуын оқып көк киттің үстіне мініп тұрған суретіңді көріп шешең өліп қала жаздады. Шешеңді аясайшы. Шешеңнің не жазығы бар. Өлу керек екен деп өле берсе жер бетінде адам қала ма, Алланың аманатына қиянат жасаған жаны қастардың жаназасын шығармай бөлек көметінін білмейсің бе?» - деп Дариябай әңгіме ауанын баласына қарата бұрды. Дариябайдың жиырмажиырма бірлерге келген баласы Ақтөбеде оқиды. Не оқу десең аудармашы дейді. Дариябайдың баласы қалам ұстап өлең жазған болып жүретін. Ашық алаңда доп теуіп ойнайтынын көршілері көретін. Кемпірі екеуінікі үйреншікті ғой, баласынікі не жорық деп көршілер болып құлақ түре-түре қалдық.
- «Алла шын шығар, жаратушы болуы керек шығар, бірақ пайғамбарлар өтірік, бәрі ойдан шығарылған, еврейлердің ойластырғаны. Сіздер өмір сүрудің мәнін білмейсіңдер. Жыл бойы тырбынасыңдар демалуды білмейсіңдер. Өмірдің мәнін ақша табу деп білесіңдер», - деді Дариябайдың оқымысты баласы. - «Астапыралла, астапыралла дінсіз болма. Хақ дінді ұстанушы Мұхаммедтің үмметі екенімізді жадыңнан шығарма балам», - деді Дариябай.
- Ауылға келсем екеуіңіз неге маған тиісе бересіңдер. Кетем ғой ертең. Көпсініп жүргендерің ай сайын салып тұрған ақшаларың ба? Ертең оқуымды бітіргесін кредит алып сендерге беремін. Бір мен емес бауыр-дос жігіттердің бәрі солай жасайды. Қарыз деп біліңдер. Маған тәуелсіздік керек, материалдық және рухани тәуелсіздік, парасат пайымы төмен адамдар өмірлік мәнді түсіне алмайтын болған соң діннен іздейді. Дін ойдан құрастырылған. Оны сіздер түсінбейсіздер деп оқымысты бала сырт киімін киіп есікті сырттан жауып тысқа шықты. Айлы түндегі табиғат құбылысын тамашалап тұрғандар өздерінен өздері қысылғандай оқымысты балаға төменшіктей қарады. Көрші ақысы бірбіріңе қарлығаш достықта өтеледі. Соны көкейіне мықтап түйген Кенжебай, көршілігімді жасайын, Алланың разылығы үшін мына жігітті райынан қайтаруға тырысып көрейін деген ой жылт ете қалды. Кенжебай қанша дегенмен молданың баласы ғой. Иманды болсын әкесі: көршіңмен тату бол. Көршіңнің жетпесін жеткіз, бітпесін бітір, қисығы болса түзе. Алла көріп біліп тұр. Алла алдында адам алдында абыройың артады дейтін. Арыны басылды-ау, сабасына түсті-ау деген шамада Кенжебай:
- «Студент бала! дебат ұйымдастырсам қатысушы боласың ба?» - деді Үйдегі айқайды жұрт естігенін сезіп тұрған студент, бірден шиыршық ата: - Төбелес болса шығайын, арзан сөзге уақытымды текке өлтірмеймін», - деді. Кенжебай - молданың баласы. Адасқанды жолға салудың, жетпесті жеткізгеннің сауабы ұшан теңіз екенін құлағына құйып өсті. Әділетсіздік көрсең қолыңмен түзе, түзеу қолыңнан келмесе тіліңмен түзе, ондада болмаса жүрегіңмен қарсылық жаса дейтін ізгілік қағидаты.
- Арзан сөз болғанда, сені анау-мынауға емес университет бітірем деп шашы сұйылған кітап жазам деп қоңы жұқарған қасқа басқа салайын - деп отырмын. Өзіңе жақсы болады дегенді Кенжебай қосып қойды. Тулап тұрған тарпаң мінез студент көршінің ұсынысын не қылсын деген пікірде едік. Студент сәл ойланыңқырап: - Ол қашан болады? - деді. Ертеңгі сенбі күні бізің үйде. Университетте мұғалім нағашымды шақырамын. - «А, мұғалім бе, ғылыми атағы бар ма?» - деді студент.
Өзіне сенімді емес екенін студенттің жиырыла қалған маңдайы, тайғанақтап кеткен көзі бозаң тартқан жүзі айтып берді. Түн мезгілі болса да еріксіз біреудің ықпалында кетіп өзін жоғалтып алған адамның кейпін таныған көршілер студентті аяп кетті. Атейс не пантейстер мұрындық өткізіп алған студент - тәжірибесіз, жорушысы не десе сол болар әлі жорылмаған түстей өз мені әлі тумаған бозбала еді. Ақшасы түгесіліп ашыққан жолаушыдай кім пейіл танытса соның ығына жығылып, жағын жақтап, қапшығын арқалап машинасын жуып, сусынын құйып жүрген ыңғайтөк
болар кез емес пе? Осы кезде ұры-қарының ырқына кетсе бандит, оқымыстының ырқына кетсе оқымысты болып шыға келеді. Бірақ қой екеш қойдың да қырық қайыруы болады деген оқудың түмен бабы бар қисапсыз бағыты бар. Аңдамаса болмайды. Сақтансаң сақтаймын деген.
Талайлар олай боламын, бұлай боламын деп жүргенде ішкіш алқаш не қайыршы, не алаяқ болып шыға келгені өз менінің әлсіздігі емей не? Оң солын танымаған студент жыр құмар, қыз құмар кілең үш-төрттен қатын айырған ортада тыныстайтын. Өзі іздеп тапқан жоқ. Студентті өздері тапты. Оқуы солай. Кісінің аузына қараған біреудің көңіліне қарайды деген. Атаананың көңіліне қараса мейлі дерсің. Ата-ананы артта қалған көреді. Төрт жылдан бергі ортасы өзгертіп жіберген студенттің ортасына тілден байланса да ділі мықтап байлана қойған жоқ болатын. Өмірде жолы бола қоймаған жандар айналасына үнемі жылауық бірдеме бүркіп тұрады ғой. Өзгеден жылу іздегенмен өздерінен жылу бөліп бере алмайтын ортаның әсері, еңбекке жалқаулығы, кітапқа құмарлығы сіңісті болған студент келсең-келге нар тәуекел ете алмай «қажет емес» деді студент.
- Сөз сайысы емес, сұхбат болса келер ме едің? - деді Кенжебай. «Сенбі күні шаруаларым бар еді» деп студент шынымен қашуға айналды. Студент көп үйірсектейтін темір жинаушы Барақ: «Студентбай тартынба, жеңілмейсің, берілме. Бойың жеңілдеп тазарып қаласың», - деді. Қит етсе қатынымен ұрсысып жаман үйреніп қалған Барақ дебат дегенді қатын ұрыс деп ойлап көңіл күркедегі былапытты шығарып тастау деп түсінсе керек. Барақ мас болуды ми тазару, төбелес-жанжалды жан тазару деп түсіндіреді. Өзі соған әбден лайықталып алған.
- «Нар тәуекел, темірді кувалдымен соққандай соққы сөз дайында деп Барақ тағы үйірді. Қосақ арасында кетіп жүрген студент одан аса алмай «жарайды» деді. *** Сенбі күні де келді. Сенбінің кеші болды. Тызаңдаған Кенжебай машинаны ерте қаңтарып тастаған. Үйіне жүз кіріп жүз шығып жүр. Шай келді студент жоқ. Шай ішілді. Студент жоқ. Шайдың батасы жасалды студент жоқ. Тызаңдаған Кенжебай студенттің ұялы телофонына кемі 50 рет соққан шығар, телефон отключень...
Көршілер қонақты тыңдап отыр. Әңгімесі дұрыс. Теледидардан көріп жүрген адам екен. Шамалыны теледидар экранға шығара ма? Оқытушы ғалым деуден көре К-700 тракторына әлде Камаз жүк машинасын жүргізуге лайық жуан қарын бадырақ көз төбедей болып отыратын кісі екен. Қонақ есіп отыр. Пәтуа айтқанда иығын қомдап алып қолын алдыға жартылай созып сұқ саусағымен ауаға жазғандай етіп нүкте қойып отыратын дағдысы бар екен. Саққа жүгіне отырып әңгімеге ұйыған тыңдармандарын көзге шұқығандай сұқ саусағымен ауаға үтір белгісін салудың ишарасын жасап айналасына көзінің астымен барлап алады екен.
- Аға, деді көрші демей сыбай деп атаңдар деп жүретін Сәулебай: - «Мен вахтада істеймін. Намаз оқитын жігіттер түрліше оқиды. Кейбір намазхандар ас ішіліп болған соң ас қайырмайды бұған шариғат қағидасы не дейді?» - деп сұрады.
Түбірінен қопарып ұлтаннан бастайтын дегендегі оң қолын 30 градусқа жоғары көтеру дағдысымен тыңдармандарды ұйытудың алғы шартын жасап алды да, Ей! Ағайындар. Адам маймылдан жаратылды дегенге иландық па? Иландық. Ал маймылдың мақсаты не? Адамның мақсаты не дегенге бас қатырмадық. Қайталап айтамын, адамдар маймылдардың эволюциялық дамуының жемісі деп түсіндіргендер, адам неден жаратылды дегенге бас қатырады да адамды жаратқандағы Жаратушының мақсаты не? Екінші проблеманы ойламаған да деп ауаға үтірін қойып алды да айналасына барлай көз салып алып сөзін жалғады. Бізге көрінетін, көзге көрінбейтін жанды-жансыз заттарды жаратқанда Жаратушы оларға белгілі бір миссия жүктейді. Адамды көркем етіп, ұлық етіп жаратқанда жерге иелік етсін деп жаратқан. Жаратушысын тануды мақсат етіп жаратқан. Адамның мақсаты бұл жалғанда құдайға құлшылық ету. Адам тәннен және жаннан тұрады. Тән азығы ішіп-жем. Материалдық байлыққа тәуелділік. Жан азығы білім, ғылым, музыка және Аллаға құлшылық. Тән қалауына беріліп жан қалауынан ажыралу - қасірет. Жан қалауы рухани байлық деп материалдық байлықтың шүкіршілік деңгейіненде баз кешу ол да болмайды. Алла нығметін орнымен қолдану керек. Намаз мәселесіне келелік, - деп сұқ саусағымен ауаға үтірін салып алды да көзінің астымен тыңдармандарына барлай қарады. Тыңдарман ұйып отыр. Ұйымай қайтсын, кредитке екі-үш жерінен байланған тұрғындар күнімен еңбектенеді, шаршап келгесін сериал қарауға да мұршасы жоқ жастыққа басы тиер-тиместен ұйықтап қалады. Ақ-қараның ара жігін ашып айтар осындай молдалар болмаса дейді іштей. Бұл қонағымыз университет оқытушысы болса да молда деп білді көршілер.
Осы кезде студентті сүйрелеп алып келгендей Барақ келді. Қаратауды айырғандай алқынып келді де аяқ жаққа студентті отырғызды, өзі де студентке дастарханның төр жағында студентке қарсы қарап отырды.
Пайғамбар қолдан жасалған діни кітаптар яһудилардың ойдан құрастырғандары, дін дамуды тежейді, ғылыми революция жасағандар атейстер, дін мен ғылым қарсы. Ақын ібілістің нөкері. Қоғамға революция керек. Салт-дәстүр ескіліктің сарқыты, ырым-тыйымдар қараңғылықтың жоралғылары. Онысымен қоймай «Абай ескірген күні, қазаққа ес кіреді». Адам ата дегеніміз молекула Хауа ана дегеніміз де жаратылыстың бастапқылары қараңғы адамдарға түсінікті болсын деп әуелде солай түсіндірген. Әдебиет жасағандардың дені өздеріне өздері қол жұмсаған. Шетел әдебиетін қазақ әдебиеті қайталайды, - деп уағыз айтып жүретінін бірі біліп бірі білмейтін көршілеріне парасат биігінен қарап студдент отыр. Әңгіме бөлінді. Әңгімесін жалғамаққа қонақ ыңғайлана беріп еді. Қақ төрде отырған сары өңді, үй иесінің бөлесі: - Тақсыр, лұқсат болса бір сауалым бар деді.
- «Қойыңыз, қойыңыз шамам жеткенше жауап берейін, шамам жетпесе ренжімейсің ағайын», - деді кішіпейілділік танытқан университет оқытушысы.
- «Жиенім Шетпе жақтан бір діндарға шәкірт болып па, пірге қол берген болып па біз түсінбейтін жоралғы тауып алды. Өнер ашты. Істі болып, кесігін өтеп келген пірадарын ұстаз деп атайды. Жездем баламның ұстазы келеді екен ішінде бол дегенге бардым. Қой сойылып, қазан көтеріліп ұстаз келеді деп күтініп отырғанда ұстаздың өзі салт келді. Немістің СС описеріндей қақшиған, көзі өңменіңді тесіп жіберердей үстіне бір түйір тозаң қондырмайтын, шалбарының қыры пышақтың жүзі сияқты санды сойып кетейін деп тұр. Ұстаз сұсты әрі сыпа кісі екен. Хош келдіңіз, мал-жан аман ба деп бола бере жиенге оң аяғындағы бәтеңкесінің тұмсығын көрсетті. Жиен де қалбалақтап әдейі дайындап қойған болуы керек майлықтың қарамындай көк мақпалмен оң аяғының бәтеңкесін сүртті, сол аяғының бәтеңкесінің тұмсығын көрсетіп еді сол аяғының бәтеңкесін сүртті. Табалдырықтан аттай бере жиенге оң аяғын, сол аяғын созып аяқ киімін шештірді. Дастарханнан ауыз тиді де қойды. Онда да жиен күлше нанды қос қолдап ұстап, ұстазға иіліп аса құрметпен: дәмнен ауыз тиіңіз», - деді. «Егер ұстаз, қойны-қоншыңа динамит толтырып алда бәлен елге барып жарылып өл десе қас қақпай өлетін. Көрші-қолаң, жекжат-жүряттың алдында жиенге: «сен менің бағыныштымсың вассалымсың, армияда айтылатындай щеголымсың дегенін ишарамен ұқтырып көптің алдында жиенге онысын дәлелдетіп мен көрмеген жоралғы жасатты. Ұстаз деген ұлағатты ісімен дараланушы еді. Көптің алдында жездем жер болды да қалды. Отыз жылдан бері өз баласынан мұндай құрмет көрмек түгілі айтқанын тыңдата алмайды. Бұрынғы, бұрынғы намаз оқымайсыңдар, кәпірсіңдер деп әке-шешесін тілдейтінді шығарған ұлы қайдағы-жайдағының М.Шахановша айтсақ туфлиін жалап жүр. Осы баланың жүрісі не жүріс» деді үй иесінің бөлесі.
- Өкінішке орай, ағайын арасында осындай жәйттер кездесіп қалады. Көз көрмеген соң пәтуа айту қиын деп сырғытып өте кетуге тыңдарманнан қаймықты-ау деймін. Осыған ұқсас бір оқиғаны айтып сыдыртып өте шықты. Бір ағайыны көлік жүргізетін куәлігін алдырып алады. Алты айға ма, жыл жарымға ма көлік жүргізуге хұқы болмай қалады. Нәпақасын таксиден ажыратып отырған ағайын ашығады. Бала-шаға торығады. Амалсыздан бұрын сотталған сол жақтан діндар болып келген пірадардан көмек сұрайды. Пірәдар, менімен жүр дейді. Басыңды ауыртып не керек, жыл жарымға кеткен жүргізушілік куәлігі сағат жарым болмай қолына тиген ағайынға пірадардың сөзі өтпегенде бәтеңкесін тазалатпағанда кім тазалатады? Әрине өкінішті. Ата-анаға кәпірсің деуі өзін арамға шығаруы. Тілін кәлимаға келтірген мұсылман санатында болып есептеледі, ал мұсылмандықтың шарттарын орындамағаны бұл өз алдына мәселе. Әке-шешеңді кәпірсіңдер деп ғайбаттауға болмайды. Жоғарыдағы жағдайдайллар ағайын арасында болып тұрады. Өкінішке орай ағайындарға түсінік жұмыстары аз жүргізілгенінен деп білу керек.
- Ұстаздың аяқ киімін тазалатуы дұрыс па әлде дұрыс емес пе? Сұрағыма қанағаттанайын деді әлгінде сұрақ қойған осы үйдің бөлесі. - «Мен талай шәкірт шығарған ұстазбын, еш уақытта шәкіртімді көпшіліктің алдында қорлап аяқ сүрткізген адам емеспін. Құманға жылы су құйып беріп кішілік ілтипатын білдіруге болады. Осы үйде мені құрметтеп отыр ғой, құрмет көрсетуде белгілі бір шектен аспауы керек ағайындар», - деді профессор.
Өз бетімен логикасын дамытып жүрген студент тұманды ойларынан арыла алмай отыр. «Қонақтың сөз саптасынан жаныңды ауыртпайтын жылылық емес-ау, жылысу жуастық шындықтың жүзіне тура қарауға тайғанақтық жалпы принцпсіздік ұстанымды адами қалып байқағандай болды. Айтысқа заготовкаға тойып алып шығатын айтыскерше ютубқа тойып алып сөз құрап пікір айтып отырған адам ғой деп топшылады. Қырымның қошқарындай сойы бөлек студент ортадан киіп кетейін деді ме? Әлде, сірә ырғасу үшін икеліп отырмын деді ме кім білсін.
- Ағалар, мен бір ойды індете алмай дал болып жүрмін, сол ойымды ортаға салсам, ғалым ағадан жауабына қансам пәтуа-тоқтам деген осы емес пе? Менің ойым: «Қоғам үнемі даму үстінде. Дамусыз қоғам ағынсыз сумен тең. Дамудың қозғаушы күштері интелегенция өкілдері. Осы интелегенцияның ой айшықтарынан еркін ойлылықтың лебі еседі. Сен, мейлің сенбе ғылыми теориялық революцияларды атеистер жасаған. Дін мен дәстүр еркін ойлылықты тежейді» дейді. «Бұған қалай қарайсыз?» - деп студент қонақты басқа бір іздің соңына түсірді. Қонақ саспады.
- Ағайындар қазір төртінші технологиялық революция жасанда интелект кезеңінде өмір сүріп жатырмыз деп ауаға үтір белгісін қойып алды да сөзін жалғады. Жер бетінде бірінші технологиялық революцияны жасаған адам баласы ол Нухы пайғамбар. Бумен жүретін кемені жасауды Жебірейіл періште арқылы үйреткен Жаратқан Алла тағала. Бұған толып жатқан ыспат дәлелдеріміз бар. Ал, еркін ойлылыққа келсек олар белгілі бір заңдылықты ашады. Бұл заңдылықтар сыртқы дүниені болсын ішкі дүние болсын қозғалысқа келтіріп тұрған заңдылықтарды көре білген И.Ньютон болсын, А.Эинштейн болсын керемет жасаған жоқ, сол Алла тағала жасаған кереметті көріп адам баласына айтып берді. Ғылыми ашылулар болмыста бар солай жаратылған Алланың өте үлкен дәлдікпен үйлесіммен жаратқан өзара әрекетін көре білуі болып табылады. Еркін ойлылық шығармашылыққа бастаса құп, еркін ойлылық құдайсыздыққа бастаса жамандық шақырады, - деп қонақ ауаға қолын жартылай көтеріп сұқ саусағымен нүктесін қойды.
Жұрт риза болды. Құдай деген ел ғой құдайды дәріптесең жаға бересің. Құдайға жалбарынып дұға жасап Алланың нығыметін сезіп біліп отырған елді құдайына қараған, қоңырқай тірлікті берекелі ел деп қазақ осыны айтады. Өз логикасының қуатының әлсіздігін іштей сезінген студент жауапқа қанағаттанса да қанағаттанбағандық кейіпте тағы бір сауалым бар еді деді. Сенікі дұрыс емес менікі дұрыс деп бірін-бірі мойындамай соңы төбелеске ұласатындай есірік жастар болмаса да намыс бар емес пе?
- «Қойыңыз, қойыңыз шама келсе шешімін айтармыз, шама келмесе ағайын өкпелемес», - деді әңгімешіл қонақ. Александр Македонскийдің рөлін сомдаған жігіттің иығына түскен бұйра сары шашы бар еді ғой студенттің де дәл сондай шашы бар. Бұйра шашын бір сипап алды да студент қоқилана отырып сауалын қойды. Студентттің қоқиланатын жөні бар екен. Шетелдік жазушылар мен ойшылдарды шұбырта жөнелгенде саны шағын комплектілі мектептің оқушыларынан көп болмаса аз емес. Жада неткен мықты. Мен ол есімдер аталып жатқанда алдыңғыларын ұмытып қалдым. Қонақ та он пайыздық кәдеге асарлығы бар орыстың С 200 ескі зымыран жойғыш кешеніндей, оннан бірін жадына сақтай алды-ау деймін. Студенттің сауалы шамамша төмендегіше болды, долбарлап айтайын. шұбыртпалы ойына қарап емес, пәтуа айтатын қонақтың жауабында да аты аталған ойшыл ма жазушы ма әлде әкімдердің үстінен Жаратқанға арызданушы ма, ол арасын мен ажырата алмаймын, тек естігенімді онда да парасаты төмендеу кейбір көршілердің айқай-жанжалына басу айта алатын деңгейдегі түсінікпен жазып отырмын. Студент бүй деді.
- Өмірге көзқарас тақырыбына адамзат әлмисақтан әуестенген. Л.Толстойды айтпағанның өзінде Бернарден Десан Пиер «Сураттағы кофеханасы» әңгімесінде білігі төмен жандар намысқа тырысып өзін жалған биіктен көрсетуге тырысатынын баяндаған. Сол баяндаудағы оқиға қазір «жиеннің үйінде» болып қайталанып отыр. Уақыты мен мерзімі, координаты басқа кейіпкерлерді онда да ойдан құрастырған шығар егер жазу керек болса сол әңгімеден де әсерлі әңгіме жазуға болады мына отырыстан. Бұның бәрі намыстанып саяз білімімізді сарапқа салып отырмыз. Былай қарағанда білімдіге ұқсаймыз бірақ ішіміз кеуек дауылпазға ұқсайды. Ал Габриэл Гарсиа Маркес «Жүз жылдық жалғыздық» әңгімесінде көкке ұшып кеткен пәк кейіпкер немесе көктен жауған сары жапырақтар әруақтар мен тілдесу бұл реализмді адами модельдеу арқылы сіз бен біздің түсініп болмас құбылыстарды түсіндіруге тырысады. Осы жазушылар сияқты жазуды білетін адамдардың ақиқаты әртүрлі болады. С.Есенин неге асылып өлген? С.Есениннің өзіндік ақиқаты болды. Д.Лондон өзін-өзі өлтірген кейіпкер жасады да өзі кейіпкеріне айналып өзі жазғандай өмірден озды. Әр жазушының ақиқаты әртүрлі болады-ау деймін. Рюноске Акутагава «Тозақ азабы» әңгімесіндегі жанкешті суреттер өнерді дамытады. Бұл - еркін ойлылық. Тәуба, шүкір деп жүре берсең жүре бересің, тамақ та таба алмайсың. Станиславский «Қиындықтан жеңілдік туады, жеңілдіктен сұлулық туады» дейді. Еркін ойлылықтың мехнатын тартпай өнер де ғылым да дамымайды деп толғады-ау деймін.
Мұғалім ашуланғанда жүзі күреңітіп, құлағы қызарып кетеді екен. Мұз тоңдырарлық ашуы бар мұғалім сабырлы қалпын жоғалтып алмайын деді ме? Күбірленіп бізге таныс емес бір дұға оқыды да саққа жүгініп отырды: Мен шама шарқымша жауап беремін, жауап бере алмасам ағайын өкпелемесін деді. Ағайын дегенде кімдер бар деп саусақ бүктім. Бұзып-жарып сөйлейтін болмай қалған мұғалім Сәулебай, төрде отырған осы үйдің бөлесі, алқынжұлқын жүретін қоқыстардан темір жинайтын Барақ, сөз ырғасып отырған студент және мен. Кенжебай көршілерін теріп шақырған ба? Кімді шақырады ол өз еркі. Әңгімені үзе бермей келген жерімнен жалғайын.
- Бұл жерде әңгіме табиғатқа соның ішінде қоғамның табиғатына байланысты болады деп ауаға үтірін қойып алып айналасына бажайлап қарап алған мұғалім студентті одан әрмен құтыртып шамдандыруға ыңғайланды. Негізі бұл парасат пайым сұхбаты еді. Мейлінше сыры сорғалаған күйінде жеткізудің оқырманға берері мол. Еуропаның әдебиеті болсын, Жапон әдебиеті болсын тіпті пұтқа табынушылардың жасаған әдебиеті болсын сол елдің сенім-наным деңгейіне байланысты. Сенің айтып отырған Жапон жазушысы Акутагава «Мұғалім Мори» әңгімесін оқыған адам мына жазушының құдайдан үміті жоқ өз ісіне сенген жазушы екенін байқайды. Қиналған жерде Алладан дұға жасап сұралса Жаратқан жарылқайды. Мен өзім куә болған жаратқанның жарылқауын айтып бере аламын. Және Алланың атымен болған оқиғалардың шындығына ант етемін осы көргендерімнің бәрі рас. Осыдан отыз жыл бұрын болған оқиға еді. Мен студенттің төменгі курсында оқып жүрген шағымда шайтанның уәсуәсіне еріп азды күн арақ ішетін, наша тартатын, ақша тігіп құмар ойнайтын ортамен связ болдым. Шынын айтқанда азғындап, бұзыла бастадым. Ақшалы картта қалтадамдағының бәрін ұттырдым. Жігіттерге кіріптар болып жалынып жалбарынып қарыз алып ол ақшаны да ұттырдым. Қолыма тиынтебен түссе өз ортама асығып тұратын едім. Әкей қатты кісі еді. Содан қорқатынмын. Жұрттан алған қарызымды қайтара алмай жүрген шағымда базарда кездескен ақсақалды қарияға мен: - ата, Аллаға дұға жасап берсеңіз деп өтіндім. Берген тиын-тебенімді азырқанбай дұға жасады. Не тілейтінімді сұрады. Мен Алладан қарыздан құтқаруды айтып жалбарынуын сұрадым. Ақсақал, мені қарыздан құтқар деп Аллаға мінажат етті. Содан көп өтпей түс көрдім. Түсімде, ақсақал қарияның: тұр, базарға бар, базарға бар деген дауысынан оянып кеттім. Жүрегім қуаныш хабарын айтып тұр екен. Асығыс жиналып базарға тарттым. Базарға да жақындап қалдым. Саған өтірік Алланы куәлікке тартып отырған маған шын аспаннан ақша жауып жатыр. Жұрт көрмейді мен көріп аяқ астындағы ақшаларды жиып алдым. Кіл советтік көкпеңбек үш сомдық. Сол үш сомдықтың 120 данасын жинап алған екенмін. Қарыз-қауғамнан құтылдым. Сол, сол екен құмар ойыннан сап тыйылдым. Соңынан екі рет степендиямды ұрлатып алдым. Есепсіз дүние жоқ. Мұғалім Мори Аллаға мінәжат етіп дұға жасағанда қиындықтарынан құтылады ғой. Егер маған Алла тағала талант берген болып мұғалім Мори әңгімесін мен жазатын болсам, ізгілік сүрлеуімен сондай өмірге кіріптар боларлықтай бойында қандай жамандығы бар соны тізіп берер едім де сол кіріптарлықтан қалай шығуға болатынын көрсетер едім. Әдебиет кеңістіктегі ізгілік теңдеуін қалай шешуге болатынын, ізгілік теңдеуінің түбірлерін табудың жолдарын үйретпесе оның несі әдебиет. Жазушылар проблема
қояды, ал оны шешудің жолдарын көрсетпейді. Сол проблемаға тап болған оқырман кейіпкер кейпіне енеді де автордың қате шешімін қайталайды. Осы жерде Сократтың даналығын айту орынды. Сократ: «философ болғың келсе қатын ал», - дейді. Өміріңді өзгерт дегенді данышпан меңзегені ғой. Ұлы Абай: тамағына тартпайтын мақлұқ болмайды дейді. Солтүстік жарты шар тұрғындары шошқаның етін жейді. Шошқада қызғаныш болмайды. Еркегі ұрғашысын қызғанбайды. Төрт түлікке әсіресе жылқыға тән тазалық дағды шошқада жоқ. Сондай жануардың етін тағам ретінде тұтынатын ортаның да тамағына тартаныны рас болса, ұрда-жық пен тізе батыру ол қоғамда болмай қоймайтыны сөзсіз. Шошқа жейтін елдің ізгілік туралы пайымдары халал тағамдарды тұтынатын ортаның өмір сүру этикасы қабыса бермейді. Шүйгінге жайылған сиыр да сүт береді, қала ішіндегі қоқысқа жайылған сиыр да сүт береді. Құрамында өзгеріс шамалы болуы мүмкін бірақ түптің түбінде сол шамалы өзгеріс адам ағзасына көп әсер ететінін ғылым дәлелдеп отырған жоқ па?
- «Әп, бәрекелде», - деді Сәулебай. - «Ақсақал - еркек, еркек», - деді Барақ. Сұқ саусағымен ауаға нүктені қоя отырып қонақ айналасын бір шолып алды. Студентке сөз жұқпай жай ғана тыңдап отыр және қонақты шалайын деп бірдемелерді ойша құрастырып отырған жайы бар-ау деймін. Сәулебайды жолы болмаған дарақы, Барақты ұры деп білетін студент көлденең көк атты қонақты пысқырсын ба?
- «Екінші мәселеге келейік», - деді қонақ. Ол екінші мәселе жаны қастық мәселесі. Алла жанды адамға аманаттаған. Аманатқа қылдай қиянат жасауға болмайды. Жаны қас, өзін-өзі бауыздап не жарып өлтіргендерге хадис бар. Егер кім жанына қастық қылатын болса жаназасы оқылмасын - деген. Жаназа шыққан күнде де ауыл имам оқымайды және жаназаға ауыл ақсақалдары қатыстырылмайды. Жаны қастық ізгілік амалдары болмайды. Ютубтан кейде мойнына жіп салып тұрған кезде Аяз бидің Меңдісіндей біреулер келіп мұғжизалы көріністе тұзақты біреулер қиып кетті деген кісілердің оқиғасын айтады. Алла оңынан келтірген екен. Осы күнгі жастарда жаман әдет бар теледидарға түсетін болса терезені қап-қара пердемен тұмшалап, қап-қара түнекте отырып алып қараңғы әңгімелерді айтады. Дұрыс айтсын бұрыс айтсын әңгімені жарықта отырып айту керек. Есенинді орыстар кісі қолынан өлді деп кино шығарған. Есенин жас кетті ғой. Жүрегі халқы деп соққан жанның, отаны үшін жан пида еткен батырдың жанында Алла тұрады. Акутагаваның «Тозақ азабына» келелік. Мен оны оқығаным жоқ киносын қарадым. Дұрыс қадам жасалмаған. Самурайлық қадам жасалған болар. Ал, не болды тозақ азабының суретін саламын деген суретшінің тағдыры. Тозақ отында шыжғырылған әкімдерді бейнелеген жері дұрыс. Жазықсыз қызды отқа өртеп жібергені дұрыс емес. Мен Акутагава болсам... деп ауада сұқ саусағымен үтірін қойып солығын баспаққа ыңғайланғанда: «Ақсақал, е де о-й-д-д-о-й-т деген деді», - Барақ, «Е деген құстың ұясы», - деді дарақыланған Сәулебай.
Құлды қошамет өлтіреді деген. Қонақ елірейін деді. Үстірт жағында бір жырау өткен, ажарлы әйелдер термесін тыңдаса құтырып құйқылжып айтады екен. Шаршамайды екен. Сенікі дұрыс десе өзі жиенінің үйі болса қонақ арқаланбай кім арқалансын. Жалпы жібі түзу әңгіме ғой. Акутагава кім, простой мұғалім кім. Нобель сыйлығын берген кәмиссия ақылсыз емес шығар. Хош, сонымен езе берсең әңгіменің дәмі кетеді. Ет те келіп қалған шығар. Әңгімемді аяқтап тастайын. Ауада жартылай көтерілген қолын қалпына келтіріп жұртты аузына қаратып алған қонақ. Мен Акутагава болғанымда өртенейін деп жатырған қызын әлде қайдан жебеуші күш келіп құтқарып алған етер едім. Ютубтағы Есенинмен ауырған жазушы жігітті жебеуші күш құтқарып қалған ғой, ол жігіт құдайға сенеді не ата-бабалары қасиетті кісі болған. Мастер Маргаританы кім жазса да ауылды қоқыс басса жын-жыпыр ауылға жақындайды дегені дұрыс. Біссіміллә деп жүрсе адамға бәле жоламайды. Жалпы жапондар да самурайлар өздерін өздері өлтіру салты болған. Қожаларына адал берілгендігінің дәлелі қожалары бұйырса өмірін қиған. Бізің ұстанымымыз бұны терістейді. Ізгілік теңдеуінің шешімі мұсылмандықта жатыр. Өнерде, ғылымда бізден оздық деп жүргендер қателеседі. Сүлеймен пайғамбар заманындағы өркениет бесінші не алтыншы не оныншы технологиялық революция борлар.
- «Кеңістіктің ізгілік теңдеуі дегеніңіз қонымды», - деді студент.
- «Кеңістіктің ізгілік теңдеуінің параметрлерін табу жолында шығыс философиясын оқу және тоқу сол көңілге қонымды болмақ» - деді оқымысты қонақ. Бірақ Станиславский сияқты қоғамды алға ілгерілететін қанатты сөздер тудырған әлемдік деңгейдегі жазушылардың ой қаймағын сыпырып алып ішу екінің бірінің қолынан келмейді. Менің айтпағым шетелді мақтай бермей озық жерлерін ғана үлгі ретінде алуымыз керек. Өнеркәсіпте алда кеткен елдің әдебиетін қомсынып отырғаным жоқ, біздің өмір сүру әдебімізге кереғар тұсын арам ас деп білемін деді қонақ. Осы кезде Аллаһу акбар деп қонақтың ұялы телефоны азан шақырды. - «Құптан мезгілі болып қалған шығар, намазымды оқып алайын», - деп қонақ түрегелді. Қонақпен бірге, манадан бергі айтылып жатырған Сократ, Акутагава, Есенин, «Жүз жылдық жалғыздық»ты жазған Габриэл Гарсиялардың рухы өз орнына көтеріліп кеткен болар. Дастархан маңы жеңілдеп қалды.
- «Сен бала! Ізгілік теңдеуін шеш», - деді математика факультетінен жарлылығынан шығып қалған Сәулебай. - «Шешілмесе маған айт», - деді Барақ. - «Ой, адам деген оттай береді-ау, ол сен сілтеп жүрген 30 килолық сом балғадан миллион есе ауыр», - деп құрдастығына бұрып қағытып қалды Кенжебай. - «Иә, ол ауыр мәселе», - деді студент.
ГАСТАРБАЙТЕР
Әлімсақтан «Қоңырат» дейтін елдің атымен аталатын қаланың вокзалы күні-түні ығы-жығы болып жатады. «Құл қашса қоңыраттан шығады» дейтін сөз тіркесі келім-кетімі үзілмейтін Қоңыраттың, Бесқаланың қырға жақын бір қаласы екендігін айқындаса керек. Кірсіңді ала кәрзеңкесін арқалап алып тыным таппайтын ала тақиялы ағайынмен, киім мен күй талғамайтын қарақалпақ бауырлар осы вокзалда жөңкіледі де жүреді. Күй талғамайтын қасиет садағына сары шіркей ұялаған жауынгер бабаларынан дарыса, қол қысқалығы киім талғатпайды. Күй талғамайтын дағдысы бұрын ұшпаққа шығарса шығарған-ақ шығар, күй талғамайтын дағдысы Иса пайғамбар замандарында атын шығарса шығарған-ақ шығар, сол дағды ХХ-ХХІ ғасырларда ыңғайтөктікке айналып кейбір қарақалпаққа сор болып жабысқан. Барар жері Қазақстан және Ресей Федерациясы болып келетін көп жүргінші Қоңырат вокзалынан иә сәт деп пойызға отырады. Сол көп жүргіншінің бірі болып «Қоңырат-Бейнеу» пойызына қырықты молынан еңсерген, тұлғасына ұзын қолы шақ келіңкіремейтін, жұқалтаң келген биязы бір кісі отырды. Ал сонымен, хош деңіз. Бұл неғып жүрген жолаушы деңіз.
Бұл - Кегейлі деген елаттың байырғы тұрғыны, қарақалпақ тілі мен әдебиет пәнінен мектепте сабақ беретін Аралбай есімді мұғалім, қарақалпақ ағайын еді. Бағыты - Маңғыстау. Мақсаты жасынан аурушаң немере інісінің үйленетін қалыңдығына төлейтін қалың малының түйіншегіне түйетінін, жаз мезгілінде тірнектеп жинау. Бұрын барып көрмеген жері. Сары базарда самса пісіріп сататын ауылдағы жеңгесі жаңа жылда ауылға келгенде облыстық газет ала келді. Сол газетте осы ауылда елу жыл бұрын ауа көшіп келіп 7-8 жыл тұрып кеткен Сыдық молданың баласы туралы жазылған екен. Қалталы азаматтың елге қайыры тиеді екен. Нұр Отан партиясының белді мүшесі екен. Құрылыс компаниясын басқарады екен. Сыдық молда әкесінің әкесімен дос болған дегенді естіген Аралбай бір кәдеме жарар деп сол газетті сақтап қойған. Газет редакциясы арқылы телефоннан кәсіпкермен байланысқа шыққан. Ұялы телефонын, мекен жайын жазып алып, көңілі жайланған. Білім, абырой өздігінен келмейді. Маңдай теріңмен және шығынмен келеді. Ортан қолдай оқыдым дегеніңмен кейде шығындануыңа тура келетін студент кездері қалада инженер болып істейтін жамағайыны көп көмектесті. Қазір сал болып қалған ағасының, жіп-жіңішке ілмиген баласы қашан көрсең тұмаурататын да жүретін, қашан көрсең дәрігерге қатынайтында жүретін. Шінжәу өскен інісі отыз беске дейін жүріп, көрші ауылдың отырып қалған, отызға келген қызымен сөз байласқан. Отырып қалған қыз қашып кетуді ерсі көріп, айттырып ал деген. Айттырып баруға түйіншекке орайтын түк жоқ. Содан ағайындар кеңеспей ме, ақылдасып тон пішпей ме? Ойда кеңесте не істейміз, не істейміз деп палуандыққа тұратын осы Аралбай болып шешілген. Оқу аяғы болып қалды, ағайын үшін Аралбай бір отпескісін қияды да. Облыстық газетті тәбәріктей сақтаған Аралбай сол облысқа барып қара
жұмыс жасап, жазымен ақша табады. Бір тиын тапса да ағайынын риза қылмаққа бекінген жолаушы Гастарбайтерлық қамытын киюге келе жатыр. Телефоннан мән-жайды ұққан үлкен кәсіпкер, тиын-тебен табам деген мұның келісін құптамаған. Екі айлықпен жұмыс жасауға болмайтынын айтқан. Бұл жағдай айтып жалынғандай болған соң, кең кісі кеңшілігін танытып, келе бер бірдеңкесі болар деп ыңғай берген соң мектеп директорына жағдайын айтып жазғытұрымғы мақта компаниясынан әзер босап, ерте күнді кеш қылмай, келе жатқан беті осы. Гастарбайтерды күтіп алар ешкім жоқ. Үлкен кәсіпкер біреуге тапсырып қойғанын өзі бір жетіден соң ауылға келетінін телефонда айтқан. Тапсырып қойдым деген танысы телефонда келсең-кел, тіркеу мәселесін шешіп, жатын орыныңды тауып беремін, тамақ мәселесімен басымды ауыртпа деп басын аршып алған. Поезда тамақ, киім сататындар ары өтеді, бері өтеді. Шөлейт дала аспан айналып жерге түскендей өртеніп тұр. Шөлінде киік қашқан ұшы қиырсыз баябан дала туралы кітаптан оқығаны болмаса, көзбен көргені осы болар. Адамдардың айырмашылығы ажарында емес, көңіл ажарында. Шекарадан әрі асқасын қатыңқы қабақты жолаушыларға жолай жарқылдап тойға бара жатқан, жұмысқа бара жатқан жолаушылар қосылды. Межелі жерге жеткесін, айтылған адреске барған гастарбайтер құжаттарын Арман деген жігітке өткерді. Өзі күре жолдың жиегіндегі шиномонтажшының күркесіне орналасты. Мал табар киімдері қандай лас, қолдары қандай кір-кір болса, төсеніштері сондай лас, күркенің ішіне сынған дивандарға лас, мақтасы жұлым-жұлым болып шығып жүрген жыртық-жыртық матрацтар төселген. Жастық дейтіні ішіне фуфайка, комуфляж тығылған теміржол дейтін жазуы кірден көрінбейтін буылтық-буылтық бірдеме. Шуаштың иісіне қосылып темекінің күлімсі иісі қолқаны қабады. Кешегі мұғалім бүгінгі Гастарбайтер келіп түскен жер осы болды. Күн қыза күрке маңы машинаға толып кетті. Ауылдастары құлбазар атап кеткен мердігерлер жиналатын орынға шығып, көрмекші болған Гастарбайтер күркелестерінен жол сілтетіп алып, ішегі шұрылдап жолда ілбіп келе жатты. Ауылға қайтып кеткісі-ақ бар, бірақ жолына сеніммен қарап отырған ағайындарының дәрменсіз жүзі көз алдына елестеп жолын кес-кестей береді. Құлбазар. Таңертеңнен кешке дейін тұратын тобыр. Бұл қалада небір ұлт жасайды. Соның ішінде бұл жерде тұратыны негізінен, қарақалпақ пен қазақ жігіттері. Өзіне бек, сөзі майда, тілі жұмсақ ділі қатты өзбек өлімтігін көрсеткісі жоқ. Бұл жерге жоламайды. Орыстың жаманы бомждар күлқоқыстан сүйек-саяқ тауып қаужаңдағанымен жанаярлығы басым, бұл жерді маңайламайды. Жолай машина тоқтаса тобыр гу ете қалады. Жанталасып жүгіреді. Алысқа айдаса барғысы жоқ. Джип машинасымен келген орта жастағы кісі: - «Екі жүз шақырым жерде тас қалайтын жұмыс бар, төрт жігіт керек», – деп дауыстады. - «Кубына қаншадан төлейсің?» - деп жатыр. - Оны бара көресіңдер.
Алыс жер, сырын білмеген аттың сыртынан жүрме мен барғысы жоқ жігіттерден екі жігіт баратын болып машинаға отырды. Барар жері жоқ, ақшасы да жоқ Аралбай да жүрексіне машинаға отырды. Машина сәл-кем кідірістеді. Беті іспек-іспек, қолы мен білегі қыршылған еңгезердей отыз бестердегі темір тісті жігіт ағасы: - «Братан, мен де барамын», - деп машинаға отырды. Экипажы түгенделген джип күре жолға түсті. Бағытымнан жаңылысып қалмайын деген кісіше Гастарбайтер алды-артын бажайлай бір қарап алды. - Жігіттер, әкей де қызық кісі, тас қалауға адам керек дейді, сонша жерден алып барған жігіттерге көңілі толмаса, жарты күндік ақысын төле де алған жерге апарып таста дейді. Жеті-сегіз бригада апардым, көңілі толған жоқ. - Братан, жарты күндік ақша қанша болады? - деп сұрады темір тісті мердігер - «Екі мың теңге, көңілі толмаса, тамақтанып қайтқан-ақ боларсыңдар. - «Братан, авансқа бір чекушка мен сушняк алып берші, екі мыңның шетінен қайырамын», – деді темір тісті жігіт ағасы. Түсінігі мол кісі болу керек джипті кісі сол қолымен мәшінін басқара отырып, төсқалтасын шіреп тұрған бір шеңгел кіл бес мыңдықтардың арасынан оң қолының басбармағына сұқ саусағын тепкіш етіп, мың теңгелікті іліп шығарды да, темір тістіге беріп жатып, желкесімен үн қатты. - Інім, атың кім? - «Атым Қайып»,- деді темір тісті дауысын жасанды күжілдетіп. -« Қайып, жолай дүкенге тоқтаймын. Чекушкіңді, суыңды, темекіңді ал, қалғанын қайтарарсың», –деді рульдегі кісі.
Сол жүргеннен мол жүріп анық екі сағаттың шамасы дегенде діттеген ауылға да джип мінгендер келіп жетті. Ұзын саны он-онбестен көп емес үйі бар шаруаның ыңғайымен отырған ауыл екен. Мастардан жүрегі шайлығатын Гастарбайтер үй-үйдің арасында мас жүрген жоқ па екен деп үйдің айналасын қораның айналасын көзбен тінтіп шықты. Мердігерлерім келгесін бұларды бір байқайын деп қазан толтыра сүрленген ет асқызып, көз шырымын алып жатқан қария сергек екен аулаға машина тоқтағаннан ұшып тұрды. - А, келін ағарғаныңды әкел! - деп айғайлады. Амандық-есендіктен соң жөн сұрасты. - «Е, балдызым болады екенсің»,- деді келген төртеудің біріне. Ал менің жатып лақтырар деген ойыным бар, соны ойнап жіберейік. Оң жағыма шығып отыршы деп мердігердің арасынан балдызым дегенін оң жағына шығарып отырғызып, мына белдікпен беліңді мықтап бу деп қайыс белдік берді. Жуас, ыңғайтөк жігіт ыржиып күліп, жетпіске молынан енген қарияның қолынан не келер дейсің деген сыңаймен белін шарта буынып алып үй иесінің оң жағына келіп жүгініп отырды. Үй иесі, оң қолын белдіктен сол қолын желке тұстан теріс бүре ұстай:
- «Мынауыңда салмақ жоқ қой», - деп әуеде басынан асыра бір-екі рет сол иығының тұсына келтіріп, қып-қызыл болып буынып алқынған жігітті орнына қоя салды. - Балалар, құрыс-тырысымды жазайын деп таудан 500 күба тас сындырып алып қойдым. Соны қалаймыз. Темір тісті мердігер: - Қотыр тасты қаншадан қалаймыз? - деді. Заказшік те қулана: - «Текшесіне үш мыңнан ақшасын төлеймін, бірақ өзім бір пай боламын», - деді. Ет келді. «Ал балалар, алыңдар» деп үй иесі де қарбытып жатыр. Аралдың балық консері мен күріш жеп өскен Гастарбайтер қанша ашығып келсе де келген әзірде ішкен бір зерен шұбаттың тоғы тамақ алдырмады. Екіүш қарбытты да қойды. Гастарбайтерден кейін қақпақыл болған балдыз шегінді. Үшіншісі біраз ілесем бе деп еді, ол да шығып қалды. Беті іспекіспек мердігер соғып отыр, соғып отыр. - А айналайын, ал, ал! - дейді үй иесі беті іспек-іспек мердігерге. Бұларды әкелген баласы еттен ауыз тиді де сорпа сораптап отыр. Қайыпта қашанғы жесін алдын опырыңқырап барып тоқтады. Сорпа ішілді. Шұбат келді. Зерен шұбатты Қайып орталады. Үй иесі сарқып ішті де келінге табақ алғызды. - «Мына үшеуі жарамайды, ана тасты жинат та алған жеріңе апарып таста. Мынау ілекер қалады», - деп Қайыпты көрсетті. - «Балалар, тамақ жемейсіңдер ілініп-салынып әрең жүресіңдер. Салған құрылыстарыңды қамшымның сабымен түртіп қалсам құлайды. Одан жұмыс бола ма? Баяғы құдықшылар бір қойды бір өзі жейтін. Сол құдықшылардың қалаған байланыс бөлімінің үйіне 120 жыл болды. 115 жыл толғанда бір рет күрделі жөндеуден өтті. Сендердің соққан мектептеріңіз 100 күннен соң күрделі жөндеуді қажет етеді. Дұрыс жасамайсыңдар, жұмсаушыларыңа қоса сендермен тек қамшымен сөйлесу керек», – деді үй иесі ренжулі кейіпте - Сен бала көңілсізсің ғой, жездем жұмыс бермеді деп тұрсың ба? –деді үй иесі мердігерге қарата. Бұл жерден тезірек кеткісі келіп тұрған мердігер: - «Жо-жоқ», –деді. Қора айналасындағы тау болып үйілген қотыр тастың 10 текшесін үшеуі іңір қараңғылығына дейін әзер алды. Бойы дел-сал болған Гастарбайтер Джипке отырғанда батпаққа жұтылмай әзер шыққан адамша есеңгіреңкіреп отырды. Қолына екі мың теңгені «біссіміллә берекетін берегөр» - деп алған Гастарбайтер ит сілікпесі шығып, түн жарымында күркесіне келді. Қолқаны қабатын иісті де жұлық-жұлық мақтасы қобыраған матрацты да өгейсімей келе құлады. Таңертең тұла бойы қирап лас төсеніште кір-кір қалың көрпені серпіп тастай алмай, мүжіліңкіреп біраз жатты. Қай қайдағы еске түсіп, езіліп жата бергісі бар. Күркелестері жұмысқа әбден піскен, кілт бұрағанда ойынды еттері бұлт-бұлт етеді. Жабығу дегенді білсеші, бір-бірімен қалжыңдасып қояды.
Мердігерлер жиналатын кешегі орынға бүгін барғысы жоқ. Мына қалада бұған орын жоқтай көрінді. Бұл қоғамға жарамсыз, дәрменсіз екенін Гастарбайтер пайымдады. Мердігерлер жиналатын орынға енді бармасқа бекінді. Арманмен хабарласты. Үлкен кәсіпкер түнде ұшақтан түседі, келгесін құрылысқа жібереді алаңсыз жата бер деді. Ертесі таңертең Арман Үлкен кәсіпкер барсын деді деген офисіне алып барды. Сырты қоршалған он гектардай аумақта құрылыс жүріп жатыр. Ақ, сары каскалы 70-80-дей жұмысшылар жүр. Офис дегені бөліп –бөліп кантор жасап қойған 40 тонналық контейнерлер екен. Күн, сәске болмай-ақ 40 градусты көрсетіп өртеніп тұр. Жүрексіне ішке енген бұны Арман кимелей: - Жандос, шығып кеткен братичкінің атына оформит ет, Сағадат тапсырды. Братичкінің пенсионкісі жүріп тұра берсін. - Қай бригадаға жібереміз, Тіф-тіф ке жібереміз бе? –деді орта бойлы Жандос орнынан тұра. - «Жоқ, бұл оған жарамайды», - деді Арман. - Онда Кинг-конгтің бригадасына жібереміз бе? –деді Жандос. - «Әй, ол подсобник талғайтын ыңыранған пәле ғой, ол бұны алмайды. Романтиктің бригадасына жібер, ол шал болса да қабылдай береді», - деді Арман бастырмалата. - «Жарайды, романтик кеше объем алды. Врач шал шықпай жатыр деп еді. Врач шалдың орнына уақытша жіберейік», - деді жұмыс беруші. - «Жұмыс сегіз сағат, аптасына бір күн отголь киімдеріңді ал да, айда романтиктің бригадасына, романтик жақсы бригадир деді Жандос. - А, айтқандай медосмотрың бар ма еді? - деді жұмыс беруші. - «Бәрі окей, Жандос, бұл – мұғалім», - деді Арман. Контейнерден алған списопкі, ақ каскі, бауы бар қысқа қоныш керзі етігін арқалап Арманға еріп Гастарбайтер келе жатыр. Төрт жігіт фундаментке деп бетон құйып жатыр. Басына ақ шыт орамал байлаған қара көзілдірікті енгезердей жігіт: - «Тарт бала, құдағилардың табағын, жауырын салынды ма қара, майсыз болмасын» - дейді. Табақ дегені раствор. Жауырын дегені апалкіге салып жатқан таудың жабайы тасы. Майсыз болмасыны сұйықтау болсын дегені екенін біліп алған, қап-қара болып жылтыраған, қоймалжың растворды әуп деп тірсегі қайыса көтергенде тісі түгелге жуық түсіп қалғаны білінетін жіңішке қара жігіт 12 литрлік шелек тола растворды апалкіге қотара салып қайта келеді. Қой көзді, бұйра шашты, ат жақты шыбықтай жігіт растворды шиырып тұр. Гастарбайтер қой көзді шыбықтай жігітті атаман Бурнаш кинофильміндегі контрразведканың бастығының рөлін сомдайтын жігітке бірден ұқсатты. - Романтик, подсобникті қабылда! - деді Арман. - Қасқаның баласы, Шымбайыңда көже-жармаңды ішіп жүре бермедің бе? –деп, Гастарбайтерге олқысынып қарады енгезердей жігіт. - Аға, нешінші келуің? - деді романтик күлімсіреп. - «Бірінші рет», - деді Гастарбайтер. - «Первый раз замужем что ли, хи-хи-хи», – деп күлді енгезердей жігіт.
Енгезердей жігіт ер көңіл жігіт екен. «Басымда болса ақ каскім, қандай жұмыстан бар қашқым,» - дейді әндетіп. «Тартып жіберіп двесті, түгесейін ПГС-ті» - дейді, 5 литрлік пластмасса ыдыстан крушкілетіп су іше тұрып. - Аға, атың кім? - деді тісі ерте түсіп қалған жіңішке қара жігіт. Бұның орнына енгезердей жігіт жұлып алғандай: - «Кастарбайтер», – деп жауап берді. - Інішек, өзіңнің атың кім? – деді, Гастарбайтер еңгезердей жігітке. Романтиктің дауысын айнытпай салған енгезердей жігіт: - «Аға де, – деді. Ымһ -һ-һ», – деп, ішегін тарта, құдайды қайтесің деп оң қолын жүрек тұсына қоя, көзін жұмып тұрып: - «Философ деп атасаңыз болады», - деді. Шыбықтай болған бригадирге ілесу тек ана үшеуінің қолынан келер. Бригадаға бесінші болып қосылған Гастербайтер мұздай киініп жұмысқа кіріспей жатып қан сорпа болып терледі. Жұмысы су тасу, раствор илеуге көмектесу, каритадағы раствор төмен шөгіп қалмауы үшін былғап тұру. Апалкі жасауға көмектесу, рейкіден 60 см –лік шаблон дайындау, желкі жіп керу және жіпті жинау. Арматурды қағып, босатып алу. Бетонға таудың жабайы тасын шақтап, уатып салу. Бригадир: - «Аға, жұмыс аяғында жіпті жинап кетуді ұмытпа, жіп керулі қалса, жұмыс ащы ішектей шұбатылып аяқтатпай кетеді. Бұл құрылысшылардың ырымы, - дейді. Жіп кергенде «бісіміллаңді» айт», - дейді. Ырымшылдығына қарай бригадирді құрылысшылар романтик атандырған. Қара көзілдірікті енгезердей жігіт жарты сағат сайын бір минөт демалып алайын дейді де: Аһа-һа-һа, хи-хи-хи, үс-үс-үс,ықһ-ықһ-деп өтірік күліп алады. Философтың бұл күлісіне романтик басын шайқайды. Төртінші подсобник түтігіп тұрып, мынаның дені дұрыс емес шығар деген кісіше түнере қарайды. Жіңішке қара жігіт: - «Ағаның арқасы ұстады», - дейді. Жүре берсең көре береді екенсің, бәріне де көне береді екенсің деген осы. Екі сағатқа әрең шыдаған Гастербайтер түс кезінде жуынуға қолы әрең жуысты. Түскі тамаққа отырғанда өз бригадасынан кейін қалған гастарбайтер басқа бригадамен отырып ас ішті. Жұмыс жасап шаршап келгендікі ме, қатықсыз макарон сорпаның өзі бал татыды. Дастархан басындағылар дүрдиіп-дүрдиіп Гастарбайтерді жаратпай ала көзімен атумен болды. Ұлты кім екені белгісіз қазақша сөйлейтін үсті жазу-жазу дембелше келген жігіт каскаңды маған бер деп жабысты. Қасында отырған өндіршегі шодырайған ұзын қара кісі су жаңа етігіңді маған бер деп жабысты. Жаңа төсеніш берген болса, маған берерсің, - деді үсті жазу-жазу, каскасын сұрайтын жігіт. Тамақтанып болып өз үйірін тауып алып, солардың қасына су жаңа матрасын плацтың үстіне төсеп каскасын қасына қойып, етігін шешіп, түскі үзіліс кезінде ұйықтап кеткен екен. Түс көріп жатыр ма біреулер аударып тастап астындағы атын алып кетті ме?... - Әй, тұр-әй! - деген дауыстан оянып кетсе енгезердей жігіт екен.
Етік қайда? - деді. Етігі орнында жоқ. Аяқ жағында екі тай растворға былғанған крассовка жатыр. Каска жоқ. Су жаңа матрацын тартып әкетіп, орынына шиномонтаж күркесіндегідей жұлық-жұлығы шыққан матрац әкеліп төсеп, соған Гастарбайтерді аударып жатқызып кетіпті. - «Әне, қор болды деген осы Гастарбайтер шырақ», - деді философ. Тұла бойы қирап қалған Гастербайтер тағдырдың салғанына мойынсұнып қайта жатар ма еді кім білсін?. - «Аға», - деді романтиктің дауысын айнытпай салатын енгезердей жігіт. Гастербайтер манаурай отырып: - «Ау, іншек», - деп жаси сөйледі. - «Жігіттің құдайдан тілеп келтіре алмай жүретін кезі келді емес пе? Барда каскімен басқа ұр, көзге төпе. Төрт миллион қарақалпақты жерге ұрдың ғой. Өзің ез болсаң ез бол, төрт миллион адамды тірілей көмбе, үсті жазу-жазу болған немені мен нетіп жіберемін», - деді философ. Төрт миллион адамды тірілей көмгенің бе деген сөз өңменінен өтіп кеткен Гастарбайтер ұшып тұрды. Қолына екі тай красовканы алды, аяғына екі тай крассовканы киіп алды. Ғимаратты жағалай көлеңкелеп жатқан құрылысшылар арасынан 10 тонналық жерге көмілген су сақтағыштың жанында қауға шелекті бас жағына қойып су жаңа касканы бас ұшындағы қадаға ілдіріп, су жаңа матрац астында, аяқ жағында су жаңа керзі етікті қойған, ұлты бұлышпа некесіз туған ба әйтеуір, ұлты белгісіз, үсті суретсурет болып екпетінен жатыр екен. Гастарбайтер сәл-кем жүрексініп тұрды да жарты шелек суы бар шелекпен қарақұстың тұсынан салып қалды. Баж ете қалған жігіттің бетіне оң аяқпен теуіп қалды. - Не болды, не болды? - деп құрылысшылар атып-ытып тұрды. Үсті жазу-жазу жігіт өлтіремін деп Гастарбайтерға шап берді. Үсті жазу-жазу жігіт жағаға жармаса кетіп баспен гастарбайтерді тұмсықтан ай-д-д-ә-п келіп жіберді. Мұрынынан қан сау ете қалған Гастербайтер тәлтіректеңкіреп барып жығылмай қалды. – «Хит болдың не ит болдың, Гастербайтер», - деп дауыстай сөйлеген енгезердей жігітке қараса, ол мырс-мырс күліп тұр екен. «Мына жанды қайда апарамын осы, болары болды көп болса мертігермін, итшілеп өмір сүргеннің несі өмір атасына нәлет» - деген ой Гастарбайтерді толқытып жіберді. Өмірі боқтанып көрмеген Гастарбайтер боқтықты сықпырты. Жаны интеллегент адамның боқтануынан сөлекет нәрсе жоқ екен. Жаны интеллегент Гастарбайтер бір боқтанса тоқтамайды екен. Сықпырта жүріп қол созым жерде жібі шұбатылып домалап жатқан шелекке жан дәрмен қол созды. Шелекпен бас-көзге төпелеп ұра берді, ұра берді. Аяқта екі тай крассовка, бет жүзі, өңірі қан-қан болып бойына шақ келмейтін ұзын қолы ербеңдеп кеткен Гастарбайтер шиыршық атып тұр. Осы тұрысын интернетке салса, былайғы жұрт «Мынау бір қатыгез – қаныпезер жан» ғой дер еді. - «Жаса, төрт миллион жаса», – дей жүріп философ каска мен етікті төсенішті алып тайып тұрды. Үсті жазу-жазудың боқташағын қайыра әкеліп лақтырып тастаған философ қойыңдар деп аршалап, Гастарбайтерді алып
кетті. Шекесінен шып-шып қан аққан жігітті бригадасы ортаға алып басу айтып жатыр. Шекесінен шып-шып қан аққан жігіт: - «Ур-р-о т ты өлтіремін, қ - а - л - п - п - а – қ», - деп жер дүниені көшіріп боқтанып жатыр. Гастарбайтердың маңдайы шамалы қыршылған. Қан жуған жүзін төбелес ләззаты сұстандырып ажарландырып тұр. - «Енді саған ешкім жоламайды, заттарыңды түгендеп қойғаным, жеңіліп қалсаң да заттарың түгел болсын дегенім, достығым аға», - деп философ романтиктің дауысын айнытпай салды. Философтың дем беруімен көтеріліп кеткен зәті жуас Гастарбайтардың жүзіндегі жігіттік жігер әлі теуіп тұр еді. Түс мезгіліндегі 3 сағаттық демалыста әл жинап, абырой жинап, алған Гастарбайтер жұмысқа құлшына кірісті. Философ кешке үйіне кетеді екен. Опель машинасын қыздырып тұрып: - «Аға, если что созвонимся», - деді өз дауысымен Гастарбайтерге. Осылай басталған жұмыс өз ырғағымен жүре түсті. Гастербайтердің жұмыс жасаған күні бес күнге толғанда романтик ақша үлестірді. Бес күніне 47 000 (қырық жеті мың) теңге алды. - «Аға», - деді философ. - «Иә», - деді Гастарбайтер. - «Ақшаңды маған беріп қой, процентсіз сақтап берейін», - деді философ. Сенем ғой, - деді Гастарбайтер. Көрші бригададағылар Гастарбайтерді көрсе теріс айналып кететін болды. Келесі апта бригада тас қалады. Философ бес қатар қаланған тастың көлеңкесінде двестісін сіміріп салып, бұлауға түскендей болып отырып: - «Айхай, өзі қолымен қалаған бесқатар тастың көлеңкесінде жарлының жұмағы болады екен ғой», - деп, күнқақты жүзі күлімсіреп әңгімені гөйітеді. - «Бригадир», - дейді философ. - Аға, не болды?- дейді бригадир тершіген жүзі жібігендей болып. - Гастарбайтер ағаны ертең демалыста қалаға алып кетсек қайтеді? - «Оны, өзі біледі де», - дейді бригадир. - «Өзі де біледі, бірақ ана 3-тегі күйеуі тастап кеткен әзірбайжан әйелмен таныстырсам ба деп едім, менікі ұсыныс», - дейді философ. Қанша айтқанмен арғы жағы жігіт емес пе, әйел десе жүрек шіркіні лүп ете қалған Гастарбайтер: - «Жеңгелеріңнен ұят болып жүрер», - дейді. - «Мое дело предлагать, твое дело отказать», - дейді философ. Жұмысқа бойы үйренген Гастарбайтер тіл алғыш подсобник болып алды. Келгеніне елу күн болды дегенде Гастарбайтерді Сағадат үйіне шақырды. Философ Сағадаттың ағайыны екен. Бәрінен хабардар философ Аралбайға Қоңыратқа дейін қайтар жолға пойызға билет алып қойған екен. Баяғыдан бергі жинағаны 400 000 (төрт жүз мың) теңге болған екен. Банкіден Кегейліге ақша аударып көңілді бірлеген Аралбай ауылға қайтты.
*** Нөкіс шаһары. Бердах Қарғабайұлы көшесінің бәленінші үйі. Құдалыққа жиналған жұрт көңілді. Жауды қайырған қырық қыздың бірі сияқтанып жарқын–жарқын сөйлеп жүрген сусылдақ шәйі көйлекті әйелге өзгелер ерекше құрмет көрсететін дейме-ау. Үстіне сусылдақ шәйі көйлек киіп, басына көк орамал байлаған Аралбайдың әйелі Гүлханым қақ төрде диванда жатқан ашаң кісіге көк шайын демдеп әкелді. Төрдегі диванға арқасын бере, диван жанындағы төрт сирақты үстелдің үстін сипай Аралбай өткен кеткенді әңгімелеп отыр. - «Айналайын-ай, дүние тұрғанша тұр», - дейді төрдегі ашаң жүзді кісі. - «Қолдан келген көмегімізді ағайыннан аямаймыз ғой», - дейді Аралбай. - «Атаның досы – дос» деген осы, әсілі қазақ пен түрікпеннің жақсысына адам жетпейді-ау! Сағадатқа мың да бір алғыс - деді төрдегі ашаң жүзді кісі. - «Әй, жеңеше, базарлық, «бір шыны қара тау» - дейді, верандада отырған жігіт-желеңдер жаңа қуырылған сазанды алдарына қойып жатқан, Аралбайдың әйеліне. - «Қайныларым-ау базарлықты барып татпаушы ма еді», - дейді, жүзі қуаныштан алабұртып, үстінен қуырылған балықтың иісі аңқып тұрған Гүлханым. Бұл ағайынның жетпесін жетілдірген мерейлі, шуақты сәт еді.
АТМОСФЕРА
Облыс орталығында, Ұлы Отан соғысы жеңісінің 70 жылдығына арналған парадқа қара құрым ел жиналған екен. «Әй, Мәскеуде де осындай халық жиналмаған шығар!» дейді біреу. - «Сыңсып тұр ғой, қала түгел далаға шыққан екен», – дейді, оны қоштап тағы біреуі. Қала орталығын тіліп өтетін үлкен жолды күндік жерден буып, көлік жібермей тұрған тәртіп сақшыларының өзі - бір тойдың адамы. Георгий лентасын өңіріне қадап алған жұрт шыныменен көңілді. Кейбіреудің жанынан өткенде арақтың иісі келеді. Немерелерін мойындарына мінгізіп алып парад тамашалаған «жас аталар» немерелерімен былдыр-былдыр тіл қатысып қояды. Шеруді тамашалаған жұрттың ішінде төрт кісі бөлек тұр. Төртеуі құрдастар. Төртеудің бірі ұзын бойлы, тұла бойында бір шайнам шығар қырым еті жоқ, қоңқақ мұрынды, шашы аппақ қудай болған шикіл сары. БұлБіртай деген шойынжолшы кісіміз.. Біртайдың ұзын бойына өлшеп айтылғандай «Төртпақ шымыр келеді, ұзын қыңыр келедінің» өзі. Шамасы, келмейтін шоқпарды беліне байлайтынның өзі.
Ал екіншісі орта бойлы, жуан қарынды, бұқа мойын, шашын тақырлатып алдырып жүретін көзі аларған, жайын ауызды кісі. Бұқа мойын, сом білектегеуірінді, қайратты жан екендігінен хабардар етсе, аларған көз - қорқақтықтығының, үркектіктігінің, сақтықтығының белгісіндей. Қайраты тасығанымен қорқақтау екен дейсің. Жайын ауызына қарай отырып, тамақсау кісі екен ғой дейсіз. Бұл - Қайранбай деген мұнайшы кісіміз. Үшіншісі, төрешілердей шалт қимылды, жауырыны қақпақтай, мұрты едірейген ұзын қара. Көзі жыпылықтай беретін ұзын қара қасындағылардан омыраулылау көрінеді. Жүріс-тұрыс, сын-сымбатына қарап, паһ, азамат-ақ екен дейсің. Бірақ жыпылықтай беретін көзі адамды күш-қайрат, қажырына, байлығына қарап бағалайтын бәсекенің адамы екендігінен хабар бергендей. Бұл - Арман деген кісіміз. Төртіншісі, кісілікпен ісі жоқ, жоғалған түйедей маңқиып жүре беретін, еңкіш тартқан, біртоға сары өңді кісі. Сары өңді кісінің қабағы қалыңдау екен. Күлкіні емес, ұйқыны жақсы көретін сабазсың ғой дейсің. Еңкіштігі кісі ыңғайымен жүрер ыңғай төктігінен, құрсыншы соныкі-ақ дұрыс болсыншы дейтін қайымшылдығынан хабардар еткендей. Бұл - Кәдірбек деген кісіміз. Бұл құрдастар тобын ұзын қара бастайды. Ұзын шикіл сары ұзын қараға бірде ерсе, бірде ермейді. Бұқа мойын, тақыр бас ұзын қараға өкпесі бардай әр сөзін іліп алып, әжуа етеді. Еңкіш тартқан сары өңді бұйдалы түйедей жетекке ере береді. Ұзын қара мен сары өңді іш-тысты сияқты. Ұзын қара қазіргісін ойлап амал қылса, сары өңдіге «Абай» өтіп кеткен бе ар тазалығына ойыса береді. Сары өңдінің тақуалығын ана үшеуі әжуалайды. Сары өңді ұзын шикіл сарыдай аңқау болмағанымен, бұқа мойын тақыр бастай бас пайдасына жетік емес. Топ бастайтын ұзын қара: - «Мұртты майлайық» - деді. - Мұрт жалғыз сенде бар, мұрты жоқ біз немізді майлаймыз? - деді бұқа мойын. - «Онда өзің біл, біз шашлық жейміз», – деді мұртты ұзын қара.
**** Шағын кәуапхананың айналасы да іші де адамға лық толы. Зыр жүгірген жас орыс әйелі іштегі тамақтанушылардың бабын тауып, не сұраса соны әкеліп беріп жүр. Төртеудің ішінде орысшаға жүйрігі бұқа мойын. Даяшы жас орыс әйелді байқаған мұртты ұзын қара, сары өңдіні ымдап ана екеуіне көз қысты. Бұқа мойын мен ұзын шикіл сары болмашыны сылтауратып тыста қалып қойды. Бұлар үстелге келіп отырды. Сыраға бөртіп суыртпақтап әңгіме айтып отырғандар, үстелдерінің үстін ауық-ауық тазалап кететін жас орыс әйелге – «спасибо, спасибо» деп қалады. Бұлар отырған үстелге жасы 23-24-тер шамасындағы, шашын тастай бір өрім етіп өрген, ақ сары өңді, сұңғақ бойлы, аяғы оқтаудай, еңкейгенде омырауының ашығынан әлі торлай қоймаған егіз қауындай былқылдағы
көрінетін орыс әйел келді. Даяшы жас орыс әйел келгенде, тамағым қышып кетті деп жөткірініп мұртты қара орнынан тұрып кетті. Кәдірбектің орысшаға тілі добал. Теледидардан хабардың орысшасын тыңдағанда 70-80 пайызын түсініп отыратын деңгейде, үйінде орысшасы жетпегендерге орысшаның аудармасын тұспалдап айтатын Кәдірбек акцентпен сөйлеуі өз алдына, орысша сөздерді қысыла-қымтырыла айтатынынан болу керек, орысшасы түсініксіз бірдемеге айналып кетеді. -« Шашлық четыры чампур, пока», - деді. Орыс әйел: - А, хлеб? - деп қайыра сұрады. - «Да, да хлеб», - деп Кәдірбектің қаралай діңкесі құрыды. - Какие, свинин или баранин, окорочка деп отты ала жүгірген адамша орыс әйел жылдам-жылдам сөйледі. Оған ілесе алар Кәдірбек пе:
- «Да, да баранин», –деді. - Чай с молоком один, чай без молоко один, чай с лимоном? - деп әркімнің тәбетіне қарай тапсырыс беріп жатқанына орыс әйел түсінбей қалды-ау деймін. - «Не поняла», - деді. Кәдірбек қайталап айтты, орыс әйел түсінбедім дегендей қызарақтап екі иінін қысты. - Кәдірбек түсіндіре алмасын білді–ау деймін. Четыре стакан чай с молоком и двесте грамм водка, - деп қолын бір сілтеді. Ана үшеуі де келіп үстел жағалап отырды. - «Аққудай екен», –деді мұртты ұзын қара. - «Аққу мойын екен де», - деп, Кәдірбек теңеуді түзетіп қойды. - Паһ, ақтығы мақтадай екен! - деді бұқа мойын
- «Әй, мұндайды «аршыған жұмыртқадай» - дейді. Теңеуді дұрыс қолдана білмейсіңдер", - деді Кәдірбек. Аршыған жұмыртқалардың дәмін талай татқан Кәдірбек біледі де теңеуін, –деп қоңқақ мұрын жұтқыншағын қылқ еткізді. Аз-кемнен соң үстел үсті тола бастады. Тас табаққа салынған, сірке суына бұқтырылған, дөңгелене туралған жуаны жастықша жастанып, буы бұрқырап істікке шаншылған кәуап келіп жайғасты үстелдің қақ ортасына. Тоқымалы ыдысқа салынған, туралған ақ бөлкенің ізін ала шәшкемен сүт қатқан шәй, қағаз құтылы алма шырыны келді. Ең соңынан, мықынсыз, бұлтиған бөксесіне қылтиған мойыны жарасқан шыны ыдысқа құйылып Кәдірбектің зәкәзі келді .
- «Менің үккіштен өткізілген еттен жасалған кәуап жегім келіп отыр. Кәдірбек, сенің таныстығың бар ғой даяшыны шақырып айтшы», - деп бұқа мойын қолқа салды. - «Девушка», - деді Кәдірбек. Жас орыс әйел лып етіп қасына жетіп келді. - «Паршовый шашлык»,- деді Кәдірбек. - «Не поняла», - деді жас орыс әйелі. «Люля кебаб» деді Кәдірбек. - Не поняла», - деді орыс әйел. Ана үшеуі күлкіден булығып, бұралақтап жатыр. Кафе іші қыран-топан күлкі.
- Әй, өз қотырыңды өзің қасысаң өлетін бе едің, азаматты күлкіге қалдырып Қайранбай сенікі ұят деп бәле бастайтын ұзын қара, бұқа мойынға көз қылып ұрсып жатыр. Бұқа мойын, ұзын қараның қулығына құрық бойламайтынын біледі. Арандатқыш, астаудан секірткіш қудың орына үшеуі кезек-кезек жығылады. Білдіртпей істедім дегеннің өзіне Арманның бірдеме бүлдірейін деп тұрғанын үшеуден бұқа мойын біліп тұрады. Бұқа мойынкүннің райын қабағынан танитын Кещенің Құрымдарынша ұзын қараның не айтпағын да біліп тұрады. Ұзын қараның таппайтыны жоқ. Қатын құрдасты да тауып жүрген де осы. Қатын құрдас демекші...
«Баяғыда, ұзын шикіл сары мен сары өңді жоғары оқуда оқитын кезі. Ауылға жақын жерде малшылар қыстады. Малшының әйелі бұлармен бірге оқыған Тұрахан. Жастай ата-анасынан айырылып, апа-жездесінің қолында өскен Тұрахан бәлендей қыз болып бой түзеген жоқ сегізіншіні аяқтау емтихандарын тапсырып жатқан кезде Молақбай алып қашқан. Молақбай о күнде 25-26-лардағы сүр бойдақ. Отызға келсе де менен көрме. Молақбай шопанның көмекшісі болғанымен көбіне тракторын айдап ойда жүретін. Елдің Молақбайға қыз бермейтіні, кәрі шешесі көкбет жан болатын. Ауыл - аймақ «айғыр кемпір» атайтын Молақбайдың әжесінен, ауыл әйелдері қатты сескенетін. Ауылдың бойжеткен қызы бар үйдің әйелдері, қыздарының құлағына сіңсін деп, әдейі Молақбайы құрысын деуші еді. Сол Молақбай ауылға жақын жерге қонған. Қатынын қызғанатын Молақбайды сөйлетейін деді ме, әлде басқа ойы барма кім біілсін ұзын қара: «Осылай да осылай аң аулап жүргенде Тұраханды көрдім, аппақ сазандай болып кетіпті, сендерге сәлем айтты. Шәй ішіп кетіңдер деді. Келесі сенбі барайық. Алдағы жаңа жыл үмесіне Молақбай екеуін шақырайық» деген ғой. Он шақырым жердегі «Қыз жібек пен Төлегеннің» көшпелі будкісіне аттылы жаяу төртеу бармай ма? Салған жерден отағасы: «Намаздігердің көлеңкесіндей болған мыналарың кім? - деп әйелге тиісті. «Мал арық, дым таппай отырғанда қонақта үйір болады деген» - деп қаралай тарылды. Бұларды кім дейміз дегенде Тұрахан:
- Кластастар ғой, - деді.
Қара көлеңкеде, үзбей тамшылап жанып тұрған, солярка пештің қуысында Молақбай түйіліп отыр. – Мына пәлекеттер көзін ала бере әйелімен сыбырласып сөйлесетіндей ме? Үйіріне жақындаған өзге айғырды көрген бесті айғырдай, шарпысып шатақ шығарып мыналарды желкелеп - желкелеп қуып жібергісі келіп отыр. Тұрахан төртеуінің алдына төрт зерен шұбат қойды. Төрт жерге қойылған төрт зерен шұбат емес, төрт зеренге құйылып Тұраханның ықыласы, махаббаты кетіп бара жатқандай Молақбай қызғаныштан өртене жаздап отыр. Қызғанышты тазалықтың, адалдықтың, жігіттіктің сыны санайтын Молақбай, махаббатта ардың адамы. Кім көрінгенмен әйелінің ыржаңдасуын көтермейді. Тұрахан Молақбайдай қызғаншақ адамы болғанына бақытты еді. Күйеуін адамсынбайтын әйелдерді Тұрахан түсінбейді. «Адамыңды бақытым деп білмесең бақыт сені
неғылсын» деп ойлайтын Тұраханның өмірге өкпесі жоқ еді. Молақбай қазан көтер деген жоқ. Отағасының қабағын танитын Тұрахан да қазан көтерейін деген жоқ. Молақбай: - Кластасшылын мұның, - деп әйеліне аларып қарады. Жыны келген, оқығаны көп Кәдірбек: «Отағасы біз сізге бөтен емеспіз, «қатын құрдас» боламыз, - деді. Ұйықтағанда қатынын қызғанып бір көзін ашып ұйықтайтын Молақбай:
- «Қатын құрдастарым, мен өлгенде топырақ салмай-ақ қойыңдар» - деді. Кетуге ыңғайланған төртеудің көсемі ұзын қара: - «Молақбай, Тұрахан, біз сіздерді жаңа жылдағы үмемізге шақыра келдік, келіңіздер», – деді. Шатақ шығарғысы келіп әзер отырған Молақбай: - «Тойшылын, сауықшылын бұлардың, қолымды екі ете алмай жүрмін, мал қырылып жатыр, бара алмаймын. Сау болың» - деді. «Қатыны жоқ, кіл текедей бақылдағандар аппақ жас қатынды (Тұраханды айтқаны) ортаға алмақсыңдар ғой» - деген сөзді ұзын қара Молақбайдың жүзінен оқыды. Азып-тозып он шақырым жерге төрт желөкпе қайта кетті. Ұзын қара тізем ауырады деп жирен дөненін жайдақ мініп алған. Бұлар жаяу. Ұзын қара құрдастарын мақтан тұтатындықтан осылай істейді. Ұзын қараның төртінші атасы ел арасында «Бұзық» атанған дегенді еститін. Ұзын қара оқыс оқиға (приключение) ішінде құрдастарын кейіпкер ретінде көргісі келеді. Жаны осындайға құмар. Қазір де тілі орысшаға добал Кәдірбекті орға жығып отыр. Оны Кәдірбек білмейді. Өздерің айтың, орыс әйелмен өздерің сөйлесің деп ұзын қара судан таза кейіп танытып отыр. Орысшаға жүйрік Бұқа мойын даяшыны он орады. Кәдірбектен өзгесі ішпейтін болды. Бұқа мойын рөлдемін деді. Ұзын сары емделіп жүрген екен. Ұзын қара жолдағы ауылдағы әкесіне соғып кететін көрінеді. «Піскен астың күйігі жаман» деп Кәдірбек екі жүз грамды тәшләп жібереді. Баяғы төменшіктеу қалады. Лев Толстой «бір адам бар ішсе кісіліктен кетеді, бір адам бар ішсе-ақ ақылды болып кетеді. Арақты соңғысы ішу керек әуелгісі ішпеу керек» дегенін ішкенде үнемі айтып отыратын Кәдірбек қазір-ақ өзгереді, әңгіме айтады. Өлең оқиды. Анектод айтады. Әрине, бұл ұзын қараның ішкі ойы. Кәдірбектің әңгімесін сағынып та қалды. Кәдірбек бұзды дегенді әлі ешкім естіген жоқ. Кәдірбек соң ішемін деп екі жүз грамды шетке ысырып қойды. Әңгіме айтылмады. Мырс-мырс күлген ұзын қара Кәдірбектің ығына жығылып отыр. Бұқа мойын Кәдірбектің орысшаға тілінің добал екенін шыжғырып тұрып бетіне басайын деді ме, әлде құрдастығына басып қажағысы келді ме? - «Кәдірбек, баяғыда орыс қыздармен жүрдім дейтін едің? Екі ауыз орысша сөйлей алмайсың ғой. Мәдениет, эстетика қалыптасу үшін орысша білу керек. Ең азы қалалы жерде орысшаң жоқ болса, көшеге шығудың керегі жоқ», – деп ділмарсыды бұқа мойын.
- Оның бәрі менен қалған сөз. Сонда қазақша сөйлеу кеңістігі үйден кафеге дейін болғаны ма? - Қандай даналық? - деп қалды ұзын қара. Қазір бәрін баяғы Әділбай мұғалімше түсіндіремін, бәрін түсіндірген соң екі жүз грамм ішемін. Мен үшін ұялмаңдар. Кәуапты бір жеп алалық деп Кәдірбек сапты аяқтағы алма шырынын ала берген қолы сәл қалтырап кеткенін ұзын қара байқап қалды. Кәуап желініп болды-ау, енді тұралық деген мезгілде Кәдірбек даяшы орыс әйелді шақырды. Лып етіп жетіп келген даяшыға Кәдірбек:
- «Арыз-шағым жазатын кітабыңды әкел жазатын арызым бар» - деді. - «Не поняла», - деді орыс әйелі. - «Әй, Кәдірбек, қажет емес, орысшаға тілің добал өзіңнен көр, төлем қағазыңды бер» деп бұқа мойын орыс әйелге бұрылды. - «Жоқ», - деді Кәдірбек. Сендер неге күлу керек екенін білмейсіңдер. Неге күлу керек екенін Кәдірбек қазір сендерге үйретеді. Арыз-шағым кітабыңды әкелдеп, қалшылдағанда орыс әйелі араша сұрағандай көрші үстелдегі күнде келетін жүз таныс әйелдерге қарады. - «Он, спросит Книга жалоба, дай ему», - деп көрші үстелдегілер үнтүнсіз тына қалды.
- «Қарындас бір минут құлақ ас сөзіме, сендер де тыңдаңдар», - деп қасындағы үшеуіне дауыс көтере сөйлеген Кәдірбекке, кафеге кәуап жеуге жиналғандар құлақ түре қалды. «Мынау менің ауылым, өлең төсегім, өз жерім, өз қалам, өз үйім. Өз үйімде тәбетім шапқан тағамды қазақша сұрауға құқым бар. Орыс досымыз. Тарихымыз орыспен бір оған шүбам жоқ. Мен енді қырық бес - елуге келгенде орысша сөйлеуге құмартпаймын да, талпынбаймын да. Ауыл қазағы болып қаламын. Өз төрімде өз тілімде сөйлеймін. Қазақ болып өлемін, қазақ болып туғасын, былайырақ барып қазақ болып өлгенге және шалқайып өлгенге не жетсін. Қытайда мектеп бағдарламасы бойынша берілетін тест сұрақтарында әлемде өз тілінде сөйлемейтін мемлекет қандай мемлекет дегенде дұрыс нұсқасы - «Қазақстан» деп оқытады екен. Европа жиһангезі әлемдегі ең сорлы халық қазақтар дейді. Шетел бізге күледі, ал сендер маған күлесіңдер. Баяғыда Қараш Батанияз «Осы, Адай мені Қараш көреді, мен Адайды қораш көремін» -деп айтады екен. Сол айтқандай сендер күлмеске күлесіңдер. Иә, Елбасы үш тұғырлы тіл туралы айтқанда, мал табар тілің орыс тілі мен шет тілі дегені. Базар тілің, мал табар тілің дегені, өндірісіміз дамығасын не жыным бар басқа тілді үйреніп, сібір халықтары сияқты өз тіліңді ұмытып кет дегендік емес. Тіл атмосферамыздың иммунитеті. Менің үйімде маған: «Не поняла» дейсің. Мен не істеуім керек, өзге кафеге жылыстап кетуім керек пе? Жоқ. Мен, сенің бастығың жеке кәсіпкердің атына, халыққа қызмет көрсететін даяшы қазақша білсін не қазақша курстардан өткізіп алыңыз деген шағымымды жазамын. Істің мән-жәйін енді түсінді-ау деймін» - жас орыс әйелі:
- «Менікі бала бар, бай жоқ, жұмыс жоқ. Я, изучаю по казахскиий, не надо ссорит, менікі түсінеді. Мен үйренеді» - деп даяшы шырқырап қоя берді. - «Жарайды шыныңды айтып тұрсың ғой. Давай, давай жақсы» - деді Кәдірбек. Даяшы мен бұқа мойын есептесті. - «Ал жігіттер, мерекелеріңмен деп», - Кәдірбек екі жүз грамды тартып жіберді. - «Ал, жігіттер сыртқа шығайық», - деді Кәдірбек.
Үшеуі қопарылып тұрды, Кәдірбектің қасындағы үшеуі де өздерін сәл төменшіктеп, аласарып бара жатқандай сезінді. Жұрт осыларға сүйсініп қарап қалды. Манағыдай емес Кәдірбек енді еркін, даяшы орыс әйелге сау болыңыз деп оң қолын көтерді. Өз кезегінде орыс әйел де тап-таза қазақша «сау болыңыз» деп орысқа тән мәрттікпен басын изеді. Осы көрініске тәнті болған шығар, шашын сарыға бояған джинси шалбар киген әйел кісі ағай деп Кәдірбекке қарай жүрді. Өзін Гүлмайсамын, кафе жанындағы базарда сатушымын деп таныстырды. Кәдірбек жас әйелге не айтасыз деп тіксініккіреп қарап тұрды.
- «Ағай, жарайсыз, мен үнемі осында келіп тамақтанамын. Сіз атмосфераны өзгертіп жібердіңіз. Кафедегі атмосфера бұрын басқа болатын, қазір басқа күйге енді деп мына отырған қыздар айтып жатыр, соны сізге айтайын деп», - едім деп сатушы әйел ризалықпен Кәдірбайға қарады. - «Ойд-ө-ө-йт дерсің, Кәдірбектің құрметі асты-ау» - деп ұзын қара құрдасына дем беріп жатыр.
СЕБЕПШІ
Қос салт атты, тораңғыл тоғайын жағалай, қасқаланған бұралаң жолмен дүңкілдетіп, тоғай шетіндегі жалғыз үйді бетке алып келеді. Баяғы «Асау дария, қайратыңа бусанба, Сен де бір күн аңқаң кепкен шөл боларсың» - деп, кешу бермес дарияға айтатын Ер Көроғлының көзін көрген дарияның ұлтаны бүгінде тоғайға айналған. Көроғлының заманында бұрқып аққан, бұрылып аққан дарияның табаны делінетін өлі дарияның өзегі, бір-біріне жалғасып жатқан, құмырысқаның илеуіндей болған көлдердің тізбегіне толы. Бұл көлдерді отырықшы ел, «Жәуміттің көлі», «Қайыптың көлі», «Жамалдың көлі», «Шалбар құм», «Шұбар құм», «Қыдырсиықтың көлі», «Нұрай баба», «Шегем тамы», «Моншақты», «Кәлле асқан» деп атайды. Осы көлдерді көмкерген ит тұмсығы өтпейтін қалың тоғай мемлекеттің қорығына алынған. Жазғытұрым, әрбір жантақ, жыңғыл, шеңгелдің түбі жұмыртқасын шайқаған құстың ұясына, қоянның көжегіне толып кетеді. Әсіресе, ымырт үйіріле, үйрек-қаз көлде сұңқылдап, тораңғыл бұғып сыр тыңдап, маң төбеттер еріне әупілдеп, мініс аттары жоңышқаны күртілдете шайнап,
түйелер шаңдағын шаңдатып, әр жерде үркіп қонған жалғыз-жарым үйлі ауылдың берекесін келтіреді-ақ. Атандай сары атын сипай қамшылап, киіз қалпақты, жеңі ұзын шәтленкі көйлекті, ұзын қоныш қытайдың қасқа бас брезен етігін киген, алпысты алқымдаған, мұртын қырау шалған, еті ерте қашқан кісі, баласының ат үстіне отыра алмай қомпаң-қомпаң еткеніне іштей кейіп келеді. Тақымы бос, аттан ауып қала жаздап келе жатқан, бозбаладан көре мазалырақ, тобы шағын жігіттің көңіл хошы жоқ. Шілденің кезі болса да, көкнаршы түркмендерше күз киім киіп алған жігіттің жүзі жарадан іріп тұр. Екі бетінің алмалығы, қабағы мен көзінің асты ғана жарадан сау, саржара сияқты күшіктеп, жанды жара мұрынға да түскен. Әзірге мұрны сау. Ай толыса, тұмсығы үйіткен қойдың тұмсығындай кесіліп, кесіліп, ырсиып кетеді. Ай толысқан түннен әбден запы болған. Жігіттің нағашыларын да мұрнына құрт түсіп, мұрны тесіліп жүретіндер болған екен. Суланған жарасына шыбын қонбасын дегендей ауық-ауық өз жүзін, өзі, кір сіңді бет орамалын желпуіш етіп, шыбыннан қорып келеді. Қорынып келеді. Жалғыз үй - Әбікеннің үйі. Әбікен тілді кісі. Ығынан бармасаң шалқалай кетеді. Дауыс жетер жерден, аттан түсіп, мініс көліктерін қаңтарып, қазықтады. Үйдің жанынан өтетін өзектің бергі бетінде төбенің басына өскен тораңғылды қоршай жаңадан жазғы қой қора салыныпты. Қой өрістен оралатын уақыт болмаса да, қораны маңайлап он шақты ешкі-лақ жүр... Қойдан бөлініп қалған ешкілерді, басына қағаздан қалпақ киген бала боқтанып қораға қамағалы жүр. Жолаушы: «Дәу де болса мына мал қосуыт, басқа біреудің малы екен» - деп ойлады. Қорадан былайырақта қызыл шыт орамал тартқан бойжеткен қыз бала, аруана түйені сауып тұр. «Імм, Әбікеннің университетте мұғалімшілік оқитын қызы осы екен ғой!» - деп жолаушы іштей түйді. Көк жорға болған тайлақты Әбікеннің кемпірі «жамалдатқыр, әйт-шу деп аулаққа қуып тастап жүр. Көк жорға болған тайлақ үйді маңайлай береді. Әбікеннің, бірінші сыныпқа енді баратын немересі тұз, кепкен нан беріп, жаман үйретіп тастаған тайлақтың кеткісі жоқ. Әжесінің етегіне оралған немересі оң алқанындағы қойдың тобығындай қарауымбеттің тұзының кесегін тайлаққа алыстан көрсетіп қояды. Дәндеп алған тайлақ, тұздан татпай кеткісі жоқ. Көк жорға болған тайлақты нағашысына жетектеткенім деп бір жиенінің түскен жері осы көктем әкеліп тастаған. Сол тайлақты үйірсек қылған Әбікеннің немересі. Қайдан шығарғанын кім білсін? Тұз жалатып, қатқан нан беріп үйге қарай зытып беретін балдырғанның ізінен осы тайлақ қалмайды. - Әбікеннің жас кезінде «үш қыздың бәсін беріп алдым, таңдап алдым» дейтін әйелі де кемпір болыпты-ау. Он баланы тауып, оны өсіру, адам қылу да оңай шаруа емес-ау! деп жолаушы хикмет ойлады. - «Ассалаумағалеукум», - деп сәлем берген жолаушыға қарай емес, үйге қарай зытқалы тұрған немересіне қарата, - «Кісі келеді де, Тектұрмастағы Шағырлар келеді де» - деді. Резеңкесі созылып кетіп, қайтақайта түсе беретін, күн жеп өңіп кеткен лыпасының ышқырын сол қолымен
ұстап алған жалаң аяқ неме, мұрнын бір тартып алды да үйге қарай, жерді теріп-теріп жүгіре жөнелді. - «Әліксалам. Өзі үйде. Бара беріңіздер. Үйде келін бар. «Жаман маяның» тұсауы үзілген екен. Соны тұсаулап тастайын. Бара беріңдер», - деді Әбікеннің кемпірі. *** Біріне бірін жалғап сала берген көп бөлмелі үй, әуелден жоспарсыз салынған сыңайлы. Бір бөлменің сүйегі ағаш болса, екінші бөлменің сүйегі балшық, үшінші бөлменің сүйегі күйдірілген кірпіштен қаланған екен. Жауын-шашын өтпесін деп кей бөлменің төбесін қалың етіп сылапты. Кей бөлмесінің үстін шифермен шатырлаған. Симметриясы атымен жоқ үйдің төбесі әркелкі бастырылған. Жалпы жиырмасыншы ғасырдың үйі атауымен үйлеспейтін үйдің, алдындағы он сөтек жерге егілген бақша өсімдігі тұнып тұр. Әбікенге сәулет, мәдениет туралы айтсаң жақпайсың. - Европаның мәдениеті әлі-ақ енеңді ұрады. Осы елдің, ұл баласы қайсы қыз баласы қайсы ажырата алмайтын болып бара жатырмыз. Ата-енені балакеліннің сыйлауы қалып барады. Жалтыраққа үйір болып қалтырақ болып барамыз. Осы ел үй салғыш болып алған. Дым татпаса да төрт қабырғаға қарап отыруға мейіл. Үйіне қонақ келсе, бір асым ет салып, қазан көтере алмайды. Баяғыда деп мәдениетті кісі туралы әңгіме бастаса-ақ ауыл адамдары төмен қарайды. Не айтатынын осы ауылдың бәрі біледі. Жақтырмай тыңдайды. Әбікенді жаратпайтыны, ескілікті аңсаушы, ескінің сарқыты дейді. Әбікен баяғыда не істеді десеңізші. Әбікеннің сөз мәнерімен жеткізейін. «Баяғыда Қуанышбек деген құрдасым болды. Ол да өлді-ау! Иманды болсын. Сол Қуекең: «Адам мәдениетті болсын» - дейтін. Атқа тәуір ер-тұрман салып, қамшысын күміспен күптетіп, үсті-басына шаң жуытпай сыпа болып жүретін. Кісімсіп сөйлейтін. Бір күні он-он бестей адам болып Қуанышбектікіне сау ете қалайық. Қазан көтере алған жоқ. Дұрыстап шай да бере алған жоқ. Жұмыртқа ма бірдеңе қуырып бергендей болды. Сол Қуанышбек, қазансыз қалпы қатарға қосыла алмай-ақ кетті. Бірде, сол қазан аңдыған қыдырмаларға ілесіп Қуанышбек те үйге келді. Бір бөртемді қуырдаққа, бір марқамды қазанға деп сойып, күттім. Жырау алдырып, жырлаттым. Қонақтарым риза болып аттанды. Кетерінде Қуанышбеккке: «Қуеке, жігіт тоқымды болмасын, қоқымды болсын» - деп тәмсіл айттым. Жер жарылмады, Қуанышбегім кіріп кете алмады. Жігітсің бе? Жиырма-отыз жандығың қораңнан өрсін, бес-алты аруана түйең есігіңнің алдында ыңыранып тұрсын. Жора жолдасың келгенде қызыл қуырдақ былқып тұрсын. Көп жігіттер бала-шағаның айтқанынан шыға алмайды. Балаңды оқыт, дұрыс жерден қатын алып бер. Мен, білмей отырған жоқпын зәулім үй салуды. Ерте ме кеш пе, ата жұртқа ауамыз. Балаларымның қонысы сол жақта. Балаларым оқысын деп жүрмін» дейтін. Дұрысында да Әбікен балаларын бір–екі оқудан оқытты. Соны көре алмағаны ма? - Ағайындары: «Әбікен балаларынан бір-бір Горбачев жасағысы келіп жүр» , – деп күндейтін.
Екі адамның құшағы жетпейтін қою саялы қос талдың астына алты қанат ағаш үйдің аумағындай жерді аларлық ағаш еденннің үстіне қабаттап төсек салдырып «Романтик» магнитофоннан зор дауысты «Жақсылық жыраудың» насихатын тыңдап , ала пемкілі, майкішең Әбікен бұршақ есіп отыр. Тіф, тіф деп алақанын ысқылап алып, шпагат жіптен үш-төрт тінді, күрмеуге молдан келетіндей жіп есіп отыр. Жетпіске таяса да еңкеймеген Әбікеннің тарамыстанған қолы, тобылғыны сығып сөлін алардай әлі тегеурінді. Екі табанының қырымен қыса ұстаған жіптің бір ұшы, жіптің өн-бойы ысқыланған сайын жан біткендей сытыр-сытыр етеді. Тектұмастағы Шағыйлай келеді деп атасының жанынан жүгіріп өткен немересі, сол ағысымен ошақ маңында жүрген шешесіне: – «Шай қой, көпеше сал, мынадай қонақ келеді», - деп балан үйрегімен ортан терегін қоса көрсетті. Әбікен мән бермеді-ау деймін алаңсыз жіп ширатып отыра берді. Келіні: - Ата, кісілер келе жатыр дей ме, қайда шай жасайын?- деп жасқана сұрады. - «Басып тасташы мынаны, осы жерге қамдай ғой. Тақиям мен көйлегімді, шұлығымды әкелші», - деп Әбікен келінін жұмсады. - Ассалаумағалейкум! – деп, брезен етігінің қонышына қамшысын бүктей тыққан, бойы шөккен орта бойлы кісі қос қолын созды. Барған жерінде әкесі не істесе соны істеп амандасуды дағдыға айналдырған жігіт те қос қолын созды. Қонақ десе құрақ ұшатын Әбікен: - «Бәрекелде, жоғары шығыңдар», – деді. Сөз, сөздің қуғыншысы әңгіме қоздап берсін. Жолаушы шайдан сораптап қойып әңгіме тиегін ағытып отыр. Баласы бір аяқ шай ішті де шайды доғарды. Жүзін төмен салып, ауық–ауық кірсіңді бет орамалын желпуіш етіп шыбыннан қорынып отыр. Көзімен жер шұқый отырып әңгіме тыңдап отыр. - «Әбеке, әуелгілері жат жұрттық бала болды. Кенжем, мына бала, аты Естөре. Өзі жалғыз ұл. Жасы қазір жиырма жетіде. Он екі жасында тілікті ме, білмеймін бетіндегі жара пайда болды. Ай туғанда жара жаңарып, ай толыса беті іріп кетеді. Ай, соңында бір жеті жақсы болады да қайта бастайды. Он бес жыл болды апармаған жерім қалмады. Он бес жыл осы жүрісім. Минвода, курорт, санатория бізден қалмады. Қоныс аудар дегенге Алматыдағы апажездесінің қолына да екі-үш жыл жіберіп байқадым.Ташкеннен үй де алып бердім. Қиын болып тұр. Қатарлары үйлі-күйлі болып кетті. Іштегі дертім, арманым осы баланың қатарға қосылуы. Қаралмаған дәрігерім, бармаған тәуібім қалмады. Бір білгіштер Израйльды айтады, оған шамам келмеді. Атаға қатынап жүрсің ғой мені мен баламды ала кет. Зиарат етейік. Ниеттеніп келдім, талайға шапағатшы болған Ата ғой Әбеке», - деп жолаушы қамыға сөйледі. Жолаушының босағанын көріп, шай құйып отырған келін суланған жанарын орамалының үшімен білдіртпей сүртті.
- Жолжан-ау, баланың бейнеті де. Менің Бекет атаға қатынағаныма жиырма бес жылдай болып қалды. - «Одан, хабарым бар», - деді жолаушы. - Мен, атаға қатынайтын себебімді осы ел біледі. Алпысыншы жылдары шығар деймін, руы Балықшы Молжігіт дейтін қасиетті кісі Атаның мұртын басып, тырнағын алып қызмет етіп жүреді деп еститінмін. Ол күнде жаспын. Он шақты үй Қазақ, Түркпендермен аралас отырамыз. Бір күні, ымырт үйіріле түйесін жетектеп Балықшы Молжігітпін деп, үйіме бір кісі келді. Сонда айтқаны: «Атаға бара жатырмын, Ата келіп кет деп шақырды. Бүгін қонаға Жаз құрдасымдікіне түсіп едім. Ата: бұл үйге қонба албастысы бар, осы ауылда жалғыз үй Шегем бар, отбасы таза соған қон, – деді. Мен құдайы қонақ боламын деді. Қонақ асы бердім. Өткен-кеткенннің үрейіне деп, Балықшы Молжігіт бата оқыды. Содан бері түс көремін. Түсімде Бекет атамен жүздесіп жүремін. Бірде, маған бөле болып келетін Ақан келді. Ол да дертін айтты. Атасының басына барғысы келеді екен. Дерті ізінде тырнақ жоқ. Жас болса қырықтың бесеу-алтауына келді. Еміренер ешкімім жоқ Атаға алып бар деді. Ол күнде Ата басына келушілер некен саяқ. Ойдағы Атаның басында аят оқып отыр едім, жүрелей отырған бөлемнің оң тізесінің астынан жалт ойнап кеткендей болды. Аятымды оқып болып, бөле оң тізеңнің астын сипашы дедім. Алланың әмірі оң тізесінің астынан алмас кездік жарқ ете қалды. Құдай берді, үйге барғасын Құдай жолына деп, Ақсарыбас ата дедім. Қазір, сол бөлем бір рулы ел болып отыр. Бірде қырдағы бала-келінімді алып садағаң кетейін Атаның басына бардым. Зияраттап келушілерде есеп жоқ. Бір отырғанда елу-алпыс табақтық адам болады екен. Содан төмен түсейін. Шеретпен, ойдағы Ата басына жіберіп тұрған шырақшылар мені танып сіз бара беріңіз деді. Ата басына түссем, іштегі шырақшы бала: - Әбікен дейтін кісі бар ма, Әбікен дейтін кісі бар ма дейді. - Мен - Әбікен, - дедім. - Сізді манадан бері бір битап іздеп жатыр. Мұрын атамыз айтты деп битап болмай, сізді күтіп жатыр деді шырақшы. Жұқалтаң келген, талдырмаш қана қызалақ екен. Көзіккен білем. - Ата, Мұрын Ата, сізден бата ал деп жатыр ! - деді. Қызалақтың әкесі:
- «Аға, батаңды берші, көз қырыңды салшы, көптен ауырып жүр еді. Ем түсіп, Алла сәтін салайын деді-ау», деймін деді. Сол, қызалақты көз бұлақтың суымен ұшықтадым. Таңертең ерте бір жігіт келіп тұр аға қызыңыз жазылып кетті. Сізді әкем шақырып жатыр дейді. Қол мен ұстатқандай құлан таза айығып жүре берді. Университеттің соңғы курстарында оқитын бала екен. Кетерінде әкесіне: - Қарағым енді жазылды. Алла сәтін салды. Көріпкелдік қонса, дұрыс адамнан бата алып бер деп ыждағаттап тапсырдым. Сол, қызалақ маған әлі күнге телефоннан хабарласып тұрады.
Алла сәтін салса Естөре баламыз жазылып кетер. Бейнеттің зейнетін көрер. Алла сәтін салғалы тұр-ау деймін. Ата көрсетіп жатыр. Көз алдыма болып тұрған, толып тұрған жеміс ағашы көрініп, келіп тұр. Иншалла балаң қатарға қосылар. Майбалақтау, «бала табар, нан жабар» қатыны болар. Ол қатыны да жылда туар. Әй, ағайын, сонда тойыңа шақыруды ұмытпа. Бәрі бір Алланың қолында, себепші, әуелі Алла, қалды ер Бекет. Тілегіңді Алла берер, ақ бейіліңмен келіп отыр екенсің жолың оңғарылар, – деді Әбікен. - «Әумин, әумин», - деп жолаушы бетін сипады. Әбікеннің көзі қызарып кетіпті. Тамағын кенеп алып бүй деді: - «Әңгіме былай. Атаға ниеттенген адам, шаршап баруы керек, сынып баруы керек. Бортты машинамен кетеміз. Мен автобуспен бармаймын. Көнсең сол ағайын. Көнбесең өзің біл», - деді. - Әбеке, осы баланың жолында жаным құрмалдық. Шешесі осының дертінен көзді болды. Шешесін аяймын. Мен олай, бұлай болып кетсем осыным қор болады-ау деп ойлаймын. Ал онда біз тұрамыз деп жолаушылар кетуге ыңғайланды. Әбікеннің кемпірі: - «Қап, құрауыз кеттіңдер-ау. Бәтеске сәлем айт», - деді. Жолжан көңілденіп аттанды.. Әкесінің көңілденгенін байқаған баласы, көңілі жібіп, осы үйге іш тартып қалды. ***
Уаз автокөлігі тастақ жолмен ағызып келеді. Рөлдегі жиырма төртжиырма бестегі қырма сақал жігіт көлікті шебер меңгерген екен. Жол жыртығына соқпай, машинаны, бір бүлк еткізбей ынты-шынтымен жүргізіп келеді. Алдыңғы орындықта отырған елу бестердегі кісі: - Балам, жәйла дейді. Артқы салонда отырған, ақ орамалды, қазақы бешпент киген, күрең жүзді, домаланған әйел: - «Жас бала емес қой. Өзі білед те. Күнім, бес жылдан бері мұнайдың үлкен көлігін айдап та жүр ғой», - дейді. Алдыңғы орындықта отырған кісі: - «Мейлің білсін» - деді. Артқы орындықта өзімен қатар жайғасқан, алдына алып отырған баласының маңқасын аппақ бет орамалы мен тазалап отырған аппақ келініне, бұйырып үйреніп қалған енесі: - «Жайырақ, баланың мұрынын ауыртарсың» - деді. - Баяғы, көріпкел ата (Әбікенді айтқаны) болғанда, әңгімеге қарық қылар еді. Естөре есіңде ме? Бізді Атаға алып келе жатқанда ұйықтай бересің деп саған ұрысқаны. - Ондай, адамдар екі айналып келмейді ғой. Кейде мешітке барғанда, кейбір молдалардың Атаға бармаңдар дегенін естігенде қап, Әбікендер болар ма еді?! - деп ойлаймын деді Естөре.
- Дәм болсын да, Көкемнің (тұңғышы Көбейсінді айтқаны) атын көріпкел атаның өзі қойды ғой, Атаның берген баласы деп. - «Сонда, он жеті жыл болғаныма көріпкел атаның қайтқанына», - деп Бикен есепке жүгінді. - Тоқта, Кесікбай туар жылы Әбікен қайтты, Сәлім туатын жылы әкем қайтты-ә? – деп, Естөре әйелінен қайта сұрады. - «Иә, дәл өзі. Ана келіндікі (Жалғас дейтін екінші ұлының әйелін айтқаны) ұл дейді ғой, аман-есен тікенін алдырса, Көріпкел атаның атын қойсақ ауыр болар ма екен», –деп Бикен шалынан сұрады. - «Атын атай алмай жүрмесек», - деді Естөре. - «Алик, дейміз де деді», - рөлдегі Көбейсін. - «Алик болса Алик болсын», - деп отағасы күлімсіреді. - «О, келінге де келесі апта депті ғой дәрігерлері», - деді Бикен. - «Алла қабыл етсін. Осының бәріне себепші, Бекет Атаға бара жатқанда қойылған ат болды ғой», - деді Естөре. - Енем қуанатын болды-ау! - деді Бикен.
КОНСЕРВАТОР
- «Ыһм, ыхҺ тфу» - деп алдындағы насыбай түкіретін құм толтырылған литрлік банкіге қақырып алып төрде төбедей болып отырған Буденный бурыл мұрты ширатылған, жетпіске таяп қалған бұжыр бет кісі күрілдеп әңгімені соғып отыр. Шариғаттың шатқалдарына із салып, бұл дүниенің жалғандығын жырлаған шайырлардың толғауларын тізбелеп, Байбақты бала Сырымның шешендігін, Датқалардың, даналардың сөзге тоқтау тарихын айтып тыңдарманын таңдай қақтыра тыңдатып отыр. Әңгімеші әңгімені тұспалмен бір бағытқа қашыртып қоя беріп, екі-үш белді артқа тастады-ау дегенде саябырсытып, солығын бастырып дәлелмен ноқталап жібереді екен. Әңгімесінде ел аузындағы қисса-дастандардағы ерліктің көбін бір адамға теліп жіберушілік бар. Дегенмен, әңгімесі тұзсыз емес. Кім ерлік жасаса да әйтеуір қазақтың батырлығы, даналығы ғой! Тыңдарманын елітіп барады. - Осы біз жеті қазынаға әйелді, тазыны, қақпанды қосып жүрміз. Мен ескілердің сөзін бала күнімде көп тыңдап өстім, ескілер былай деуші еді: «Қазына ақыр заманға дейін ортаймайтын не қолданыстан қағыс қалмайтын жердің жүзі күннің көзіндегі жанды, жансыз жаралған әмбеге ортақ болуы керек. Итті, иісі мұсылман қазынаға қоспақ түгілі арамға жатқызады. Бірақ біз, иттің несібесі тұтам бидайға ортақ екеніміз анық айтылып кеткен. Ал қақпанды осы күнгі қалалықтар білмейді де, - деп қолын құм толтырылған банкіге созды. Ыһм, ықх тфулетіп алып Буденный мұртты бір сыйпап қойып әңгімесін жалғастырды. Жұртта сыбыс жоқ. «Бірінші қазына ол - Алла. Аллада бауыр жоқ. Алла жалғыз. Қалған алтауы жұп-жұптан болады. Алла әрбір затты жұбымен жаратты. Екінші
қазына - Жер мен Көк. Үшінші қазына – ілім мен білім. Төртінші қазына - От пен су. Бесінші қазына - Күн мен Түн. Алтыншы қазына - Патша мен Халық. Жетінші қазына – той мен садақа», - деп, құлақтың құрышын қандыра бір тоқтады. Аяқ жақта отырған көзінің жылты бар он төртон бестегі жігітшік болып қалған бала ден қойып тыңдағаны болар әңгімені ұялы телефонына білдірмей жазып алып отыр. Басына қытайлық телпек, үстіне қытайлық күпәйке, аяғына қытайлық қысқа қоныш, ысырмалы етік киген ұзын бойлы жігіт ағасы аяқ киімін шешпей төргі бөлмеге ентелей, табалдырықтан бері өте: - «Ал құдалар, автобус келді. Шығайық, жол ұзақ. Барамын дегенше түс ауып кетеді. Құдалар күтіп қалды. Тездетейік», - деп адамдарды асықтыра бастады. Екі газель, бір автобус қаптал айнасының ұстағышына қызыл мата байлап алып иә, сәт деп жолға шықты. Екі газельдің бірі қыздың жасауын тиеп алған жүк тасуға арналған газел де, қалған бір газел, бір автобуста құда - жегжат, -күйеу, апа-жезде аталас ағайын әйтеуір, қызы кеткен үйге бір орын аталатын тілеулес жандар отыр. Бағыт жаңа құданың ауылы. Барыс - қыз берген жақтың жаңа құдамен араласуы.
*** Сексеуілді жал-жал құмға арқасын бере шегініңкіреп, бірінің иегінің астына бірі кірмей оңаша отырған, жарқабақтың құлауына жағалай есігін қаратқан ойдағы ауыл қоңырқай тірлікті шаруа баққан ел. Кезінде қыстау, бертінде ферманың орталығы болған шағын ауылға бүгінде мәдени ошақтар салынып, дөңгелене қанаты жайылған ажарлы ауыл келбетіне енген. Ауыл орталығындағы жалғыз құдықтан құрмен су шығаратын нассос су айдап әйкелдерге толтырып-толтырып су құяды. Ауыл үй шеретпен мал суарады. Су басындағылар: - «Бүгін құдалық дейсің», - дейді. - «Иә, Бекеңнің кеше әкеліп қойған тайын таң атпай жайғадық қой», - дейді ытырыла жөнелейін деп тұрған асауша көзі шатынап тұратын кәмшат бөрікті дембелше жігіт. - Құдасы кім екен? - дейді суыртпақтап сөйлейтін күрткесінің ысырмасы кетіп қалып, белін қайыс жіппен шандып алған, свитерінің кірсіңді мойыны салбырап кеткен ауыл мектебінің қарауылы Молжігіт. - «Құдасы қалада тұрады, тұрақты жұмысы жоқ» -деді салып қалғандай сөйлейтін, ытырыла жөнелейін деп тұрған асауша көзі шатынап тұратын дембелше жігіт. Құданың кім екенін қайда тұратынын әбден індетіп біліп алған, ойындағысын біреудің аузымен айттыруды жақсы меңгерген ауылдың шалдарынша өтірік аңқаусып, өтірік білмегенсіп сөйлейтін Молжігіт:
- «А, деді де», - қойды. Бердібектің Құдасының тұрақты жұмысы жоқ екенін, отбасын тастап кетіп қалып, қайта қосылғанына дейін біліп отырған осы ауылда бір Молжігіт емес ауылдың мектеп оқушысына дейін біледі. Түс әлетіне жақын оқ жыланша сумаңдап қатқақ жолмен жол қуған құдалар Бердібектікіне жақындай бере көліктерін қаңтарды. Түсе-түсе шоферлар қора айналып кетті. Буденый мұрты ширатылған кісі бастаған қыздың әкесі қостаған он бестей ер адам шоғырының ізін ала мама қаздай мамырлаған жарқырап киінген бесбиенің сабасындай құдағиға бастатып жиырма-жиырма бестей қыз ауылының әйелдері мен бірен-саран бозбала, қылықты құдашалар аулаға келіп иіріліп тұра-тұра қалысты. Иін ағаштай бүгілген, аппақ көйлегі, төрт қабырға сорып аппақ болған өңін одан әрмен ағартып көрсететін, костюмінің етегі жер сызған, шапаны жер сыпырған аяқ жолын әзер көретін, балалары сәбидей мәпелеп отырған тоқсандағы Жақып қартқа «қош келдіңіз» айтқызып, ауыл үлкендері құдаларын құшақ жая қарсы алып көрісіп жатыр. - Ой, ужас, музыка жоқ па, не? - деп қалды қыздың әкесіне аталас болып келетін облыста нотариус болып жасайтын Мүслім Худияровичке бара бәйбіше ретінде тиген Гулия Искендеровна. Ерінін шиедей бояп, кірпігіне кірпік жалғап сояудай тырнақ киіп алған абысынының тыжырынғанын қыздың шешесі Баян жаратпай: - «Бұл ауыл ғой. Қала деймісің», - деді. Жетпіс-сексен адам еркін сиятын қонақ бөлменің төр жағына құдалар мен құдағилар жайғасты. Төменгі жағына ет жақын туыстарымен ауылдың ақсақал, қарасақалдары ауылдың отаналары жайғасты. Үй салқын екен. Әлі күнге ошаққа от жағатын ауыл Қазақстанда санаулы десек сол санаулылардың бірі осы ауыл. Ағы мол ауыл ғой, қолдан жасалған экзотикалық дәмдер тіл үйіреді. Бауырсақ, тандыр нан, жал-жая, қазіргінің күрт еткізіп тістесең таңдайыңда қарша еритін печеньесі, конфеті дейсің бе бәрі бар. Тайдың қуырдағы тартылды. Арақ жоқ. Құдалық басталды. Кәсіби асаба жоқ. Бұрынғы зоотехник қазіргі ауылдың мәдениет үйі мен кітапханасының от жағушысы Дүйсенбай қарапайым сөзбен-ақ ауыл ақсақалдарын, Бердібектің туыстарын құдаларға таныстырды. Құмығып сөйлейтін сөз ұстар «Ассалаумағалейкумге, уағаликум саламын» айта алатындай сөздік қоры бар кісі екен. Сол сөздік қорымен-ақ, тапақтатпай-ақ, әзілдемей-ақ бар жоғын түгендеді. Буденный мұртты, мұртты сипап қойып тіс шұқып айналасына аласы мол көзімен барлай қарап отыр. Салмағы бар қыз берген жақ оқыған тоқығаны көп әрі дұшпан көз етіп таныстыру тізгінін Мүсілім Худияровичке ұстатты. Ылдым-жылдымы бар Мүсекең дүрдік ерін астынан темір тісін көрсете бір күліп алды. Қазақшасы мен орысшасы қоса қабат жүретін сөз ұстар, зоотехникше ыбылжып құмыққан жоқ сарт-сұрт айтты да тастады. Мауыздар құданы нағыз құдаң деп атағаны болмаса, мынау қарындасымыздың ағасы бәлен дегеннің әйелі, мынау қыздың әкесі то есть сіздің нағыз құдаңыздың шешесінің сіңлісінің баласы деп алыстан орағытқаны болмаса, туыстықты осы үйге түскен
қыздарына матап айтқаны болмаса көп қазақы жөн жосықтан адасып кеткен жоқ. Ауылдың сөз ұстары бұрынғы зоотехник Дүйсенбай құдалар жағының сөз ұстарының қазақ табиғатынан бөлектеу таныстырылымына студентінің қатесін бірден аңғарған терең білімді профессорша іштей баға беріп отырды. «Негізі құдаларды таныстырғанда қыз әкесіне туыстықты матап таныстыруы керек еді, қап мына құжат бойынша сөйлейтін құда алдырды-ау!» - деп қабақтай қарынымен тыныстағандай болып отырған бурыл Буденный мұрт бәсі келмей мал сатқан ақшаға мұқтаж шаруадай болып отыр. Шай ішілді. Құйрық-бауыр салынған табақ келді. Қыз-күйеу келіп көрісті. Ауыл клубының домбырашысы оншақты ән салды. Шайдіың асы қайырылды. Құдалар тысқа шықты. Дүңкілдеген музыка ойналмады. Дүңкілдеген музыкаға құдағилар жаулығы желбіреп билемеді. Дүңкілдеген музыкаға шалшауқандар билемеді. Шай басында арақ ішілмеді. Ет тартылғанша деп басталып, тамақ суып кетті тастаң, тастаң мен әрең қойылатын ақшалы карт ойналмады. Есесіне Буденный бурыл мұрт Қырғыз Қатаған мен Сүйінбайдың айтысынан ойып алған үзіндісін төгіп-төгіп жіберіп еді ауыл қарты Қалбай әңгімені қағып алып, Түрікмен бақшылары мен қазақ ақын жырауларының сөз қағысын баян етті. Тіпті тереңдеп Парфария патшалығы, Иса пайғамбар заманы, Бірғауындар заманындағы салынғанына шүбә келтіретіндер, ертедегі періштелер заманында салынды дейтін даулы тақырып пирамидалар сөз болды. Баяғы бір орынның, орнына келген он төрт-он бестегі балаң жігіт талай-талай хикаяны дала қарттарынан естіп телефонға басып алды. Сұратып алдырдырды ма әлде адамын таныды ма білмеймін, Худияровичтердің табағына еттің тоғын басар деп сорпа мен шұбатқа қоса коньяк әкелінді. Басқа табаққа еттің тоғын басар деп сорпа мен шұбат келді. Қыз жағынан келген құда Худиярович пен Худиярович жаңа ғана төл құжаттағы аты-жөні бойынша Серік Жалғасбаевич атандырған құдаларға ет турап берген ауылдың қойшысы Серік қана рюмке қағысты. Ет желінді. Ас қайырылды. Бата оқылды. Ендігі жұмыс құдаларға киіт кигізіп, жорға мінгізу. Баяғы зоотехник қазіргі кітапхана от жағушысы: - Ал құдалар, ішке кіріңдер! – деп, шай ішілген үлкен бөлмеге, әйелдердің үстіне құдаларды қайта кіргізді.
*** Салтымыз бойынша құдаларға Бекеңнің атағаны бар соны атайын, - деді Дүйсенбай. Бекең, қыздың әкесіне қалы кілем жабылған нармая, қыздың нағашысына ат мінгіземін,- дейді. Сүт ақыға мама сиыр беремін, - деді. Одан әрі құдалардың берген ісписогы бойынша сыртына аты-жөні жазылған ішіне жаға салған үлкен ала пакеттерді құда-құдағилардың алдына қойды. Қыз жағынан барған құдағилар қыздың жасауын, тап бір акттеп тапсырып жұмыстан шығып бара жатқан завхозша бір-бірлеп құдағиларының қолына өткізді.
Буденный мұртты құданың құдасы бата жасады. Құдалар аттанарда құдасымен бөлек сөйлескен Бердібек: - «Ал құда, нармаяң мен сиырыңды апарып тастармын, түйені тудырып бер десең жазғұтырым боталы түйеңді апарып беремін. Келіннің нағашысының аты мен сүт ақыны балалар апарып тастар», - деді. Сөзге жоқ құда риза кейіппен: - «Өзің біл, өзің біл. Келесі демалыс келесіңдер ғой», – деді. Өзің біл дегенін шаруа жағдайын сенен артық білмеймін ғой дегені, келесі демалыс келесіңдер ғой дегені бала-шағамен ақылдасайын дегені деп ұққан Бердібек: - «Иә, Алла қаласа барамыз ғой», - деді. Музыкасыз құдалар көліктеріне отырып аттанып кетті. Құдағи өкпе Құдалықтан кейін айтылмаса бола ма? Өкпелемесе қазақ бола ма? «Үйі салқын екен» деді, бүйрек тұсын сипай отырып мама қаздай мамырлап жүретін құдағи. «Малмен отырған адамдар да» деп қостады соған еліктеп киінетін тағы бір құдағи. - «Отсталый адамдар екен, условия жоқ. Оның үстіне какой там той, бірде-бір музыка ойналған жоқ ішіп-жеп қайттық», - деді Гулия Искендировна. - «Да, да», - деді Мүсілім Худиярович. Газелдің алдыңғы салонында отырған Буденный мұртты мұртын бір сипап қойып хикмет ойлады. Қазір не көп той көп. Туған күнді қазір ауылдың шалдары да тойлайтын болған. Баяғыда жас балалар тойлайтын еді. Айына кем дегенде жиырма тойға барады. Қазіргінің тойы бала бажырлыққа ұрынды. Қай тойды көрсең жас-кәрісі жұлқынып билеп жатады. Төрінен көрі жақын кемпірлердің билегені ерсі көрінеді. Әй, бірігіп арақ ішкесін келінге не беделің болады. Бұрынырақта арақты ерлер көп ішетін, қазіргі тойларда әйелдер, келіндер ішетін болған. Мына Бердібек қазақтың салтын берік ұстанатын кісі екен. Жөн-жоралғыны да дұрыстап берді. Артқы салондағылардың күңкілі жаңағыдай. Бетке ұстар деген нотариус құданың қазақшылығы шамалы екен, келіннің ығына жығыла бере ме өзі. - «Тамада жоқ, зоотехникті тамада етіп, той деген тамашалы, ойынсауықты болмай ма», - деді тағы да Гулия Искендировна. Ағайынға саясы шамалы, Гулия Искендировна түшкіріп қалса жәрекімалдасы даяр тұратын Мүсілім Хұдиярович: - «Да, да құдамыз консерватор екен», - деді. Жөн-жосықты білетін Буденный мұртты: - «Құда», - деді желкесімен үн қата. - Ау, маған айтасың ба?- деді Мүсілім Хұдиярович Алдыңғы салондағы кісі: - «Саған айтам» - деген жоқ. - «Құда, Бердібек құданы консерватор дегенше, есі бүтін адам екен десейші, - деді.
Мүсілім Хұдиярович қызарақтап кетті. Жөн-жоралғысын дұрыстап берген құдасын есі бүтін адам дегенге, дұрыс жерге кеткен қыздың әкешешесі бір марқайып қалды.
НЕМЕ КЕРЕК?
Тыныштық деген жан ізгі, сипасаң болды маңдайын, оянып кетер тәрізді. М.Мақатаев
Тойға келген жұрт лықсып сыртқа шықты. Жұртпен ілесе Оразбай да шықты. Ауыз үйге шешкен бәтеңкесін тойшы қауым таптап кетіпті. «Қап, әттеген-ай, бір киерім еді!» деп қиналса да сыр бермеді. Үйде бойжетіп, болдырып отырған әкесі балаларына күнбе күн қайталап отыратын ақылы бар. «Жігіттер, аяқ киімнің қымбаттауынан киің. Қарызсыз, кредитсіз жүр. Ұрлық істеме. Ойнас жасама. Өтірік айтпа. Қыста тоңба, аш құрсақ жүрме. Жолдан өткенде ескі мәшіннің алдын кесіп өтпе. Тозығы жеткен мәшіннің тежегіші (тормозы) ұстамай басып кетеді. Жолдан жолаушы алсаңдар, мәшіннің майын бұлдамаң, бергенін алың, пойызда ішімдіктен татып алма», - деп. Оразбай кенже ұл. Қара шаңырақ. Әкесі қолында. Әкесі күнде қақсап отырғасын аяқ киімге мән береді. Кәстөм шалбарды талғамайды. Тойдан түскен көйлек, кәстөм шалбарды әйелі Збира ұқсатып береді. Бір орын деп әкесіне киіттен түседі. Ысқаттан түседі. Түскен жағалардың тәуірлеуін шақтауды Збираға үйретіп қойған. Збира Оразбайға келген кезде ер адамның киім шақтауын, балақ қайыруын ерсі көретін. Збираға тігіншілікті Оразбай үйретті. Соңғы кезде қытайлық күпәйкелерді (дубленка) шақтауды машақаттанып үйреніп жүр. Оразбай жазушы баланы жағалады. Осы үйдің кеш үйленген ағасының тойына әкелген сомасын жаздырды. Ағасы үйленгелі де де төрт-бес жыл болыпты ау!.. Дәптерге көзінің қиығы түсіп еді, бұның жаздырғанындай жаздырған кісілер де бар екен. Бұның бір апталық табысын жаздырғандар да бар. Ағайынның тойында төбе көрсетті. Ең негізгісі осы емес пе? Күн аптап. Көше жаққа он екі қанат темір сүйекті ағаш үй тігілген. Темір үй демей қазақ әдетінше ағаш үй дейді. Аумағы ат шаптырым ағаш үй. Ет тартылғанша уақыт өтсін деп ер адамдар жетеу бір қол болып свар ойнап жатыр. Іргені түріп қойып, кейбір ақсақалдар жағы көншинә қызығына берілген. Ойдымойдым болып әр жерде карт ойнап жатқандар дүниені ұмытқан. Оразбай ақшалы картқа кіруге жүрексінді. Ақшалы ойын ғой, Төребай шеберге подсовник болып, ай жүріп тапқанын ұттырып қояр! Көншинәға зауқы жоқ. Қой, не болсада әңгіме тыңдайын деп төрдегі шалдарға таман отырды. Аяғы талғасын жантайып жатты. Таңертеңнен бергі балшық илеу
шаршатты ма, әлде дастархан басындағы сусын буынға түсті ме біткентайдан көзі ілініп кетіпті. ... Шарта шұрт, шаң-щұңнан Оразбай оянып кетті. ***
Ет жақын түгел жиналған тойда бір мәселе көтерілген. Келер наурызда үлкен таудың басына ұран отын жағу мәселесі. «Ал, ағайын!»- деп бастады сөзін Жұлдызбай. Бүкіл әлемге танымал Ұлы атамызға ас беріп, ұран отын жағу биыл Дабыс ата балаларына тапсырылған. Сол тапсырманы тиянақты етіп орындау үшін кәмиссия шығады. Отырыс болады. Кәмиссияның мүшесі менмін. Жұлдызбай қулық сұмдығы жоқ, білігі де жоқ омыраудың адамы. Жасы жетпістен асса да бала сияқты жеңілтектеніп шапқылап жүреді. - «Жәке», - деді, Нәуке дейтін жамағайыны. Естіп жатырмыз, жылда ас береміз деп қыруар ақша жиналады екен, соның есеп санағын кім жүргізіп жатыр. Бір пысықайдың қалтасында кетпей ме? Нәуке Жұлдызбайдың ала шапқын жүрісін біреулер пайдаланып кете ме деп қауіптенеді. Жұлдызбайдың адалдығына сенеді. - Нәуке айтқаның өте дұрыс. Күмән иманнан айырады деген. Жұлдызбай жүрген жерде бәрі пәриадкі қам жеме. Ымм, иә, қаржы орнымен жұмсалады деп Жұлдызбай өзіне өзі кепілдік бере сөйледі. - Сонда қаншадан жинайды екен? - деп, Батай шал аса таяғын қозғай отырып сөзге араласты. - Алла тағала Дабыс атаға берген ғой. Ошақты ауыл екі болғанда Дабыс ата балалары бір жарым есе емес пе? Дабыс ата балалары жүз - жүз жиырма мың болып қалар, әр түтіннен он мыңнан жинайды. Мына Өтептер жылқылы ғой, атасына бір жылқыны былай берер. - Әй, Жұлдызбай, - деді насыбайын ерніне қыстыра Батай, сенің есебің бойынша Дабыс ата балалары жиырма бес-отыз мың түтін болады екен. Бірақ бұл есебің көптеу. Солай-ақ болсын. Сонда оннан жинағанда жарты миллиард ақша болады. Өтептердің берген жылқылары тағы бар. Сол сомалы ақшамен шаһар салуға болмай ма? Бір шаһардың ақшасын жылмажыл желге ұшырмай, басқа өнегелі іс ітеуге болмайды ма?. - Батай, сен тарылма, аллада қазына көп, Ұлы атаңнан аяғанды ит жесін, аста аламан бәйге, атан жарыс, жорға жарыс, палуан күрес болады. Қыз қуу болады. Лотерея ойыны болады, - деді Жұлдызбай. - Батай сен несіне қазымырланып отырсың? – деп, темекінің түтіні мұртын ыстаған сарғылт мұрт шал кіржиді. Осы кезде Оразбай шалдардың жанына қисайған. Оразбайды ерте келгендей «жанжал» дейтін қызыл көз пәле ақсақалдардың арасына енді жайғаса беріп еді... Батай тракторшылық жұмыстан зейнеткерлікке шыққан. Сексенге таяп қалған ауыл ақсақалы еді. Адал жүріп, анық сөйлейтін. Бір қисайған жағынан қайтпайтын қыңырлығы да бар. Ағайынға беделді. Ағайын үшін палуандыққа
тұрып та беретін. Жығып та білетін. Шындық - Батай үшін құнды еді. Өзінің пайымы жұрттың пайымымен қабыса бермейтін. Батай атақты бидің тұқымы еді. Тауып та, ауып та, қауып та сөйлейтін. - Матрманыштың жиені не бөсіп отырсың? - деп сарғылт мұртқа Батай ауызды салып қалды.. Сарғылт мұрт жым болды. Шамасы жүйелі сөз шымбаына баттыау деймін! Сарғылт мұрт қызарақтап кеттті. - «Сен Жұлдызбай, қызыл папкі көтеріп депутат болдың ба болдың, сені біреулер пайдаланды ма, пайдаланды. Ана ақша жеп шығып қалатын жау жиен (тендерден ақша жеген ЗавРайоно) үшін тер төктің бе төктің. Сен тыңда, енді келіп кәмиссиямын дейсің, қызғанбаймыз бола ғой. Елден ақша да жинай ғой, өзің есептен түк татпайсың, білмейсің. Тағы да сені итермелеп отырғандарды білмей отыр деймісің, мына ел біліп отыр. Аңқаусың Жұлдызбай. Кәмиссияға сені біз сайлаған жоқпыз. Қаладағы оқуы мықтылар. Жұлдызбай, Жұлдызбай дегенге құтырасың. Жұлдызбай ағайынсың, өзімсің, намысым келеді. Ойсыз қылығыңа зығырданым қайнайды», - деп бір тоқтады Батай. - Елдің ақшасын аяйсың ба, Батай, Жұлдызбайда нең бар?- деп майдалап келе жатқан ағайыны Белгімұратты Батай жасқай салды. - Әй, сен түркменнің қолтығын жайлап келген Белгімұрат, сенің де жылың бұзаубас. Жайыңа отыр. «Шұбат тойында» Облыс әкімі келгенде шұбатты өзім әкімге беремін деп, қалт-құлт еткен сен едің. Сүрініп кетіп әкімнің кәстөмін шұбат төгіп былғаған сен едің. Ойбай, тәбәрік деп әкімнің кәстөмін жалаған сен едің. Абыройымызды төккен сен едің. Шұбат ұсыну саған қалып па, жастардың өзі ұсына бермей ме рабайымен. Ақсақалдық сенде жоқ. Белгімұрат сен араласатын жер бұл емес. Сен алу мен беруді біл. Азуы алты қарыс Батайды білмесең енді білесің, ағайын, ағайын дегенге жүдә, жемтік жұтқан жыландай жуандап «боққа тойған қораздай» болыпсың ғой. - «Садағаң кетейін, Бәкем-ау, тұшпанды жерде керексің міне, міне» - деп қос қолын көтеріп жатыр Белгімұрат. Енді Батай шалды тоқтату қиын, оң келгенін оң сол келгенін сол қағып тастап отыра береді. Қолтығы терлеген жүйрік десең де өзің біл, тоқтау білмес тұлпар десең де өзің біл. Бұл Батай көтерілмес, көтерілсе шамалыға тоқтамас. Батай шал дауысын көтере сөйлейтін мақамына басты.... Көншинә ойнап отырғандар ойынды қойып Батайдың аузына қарады. Свар ойынындағылар тірі Батай түгілі, «түп атасы, Ұлы ата» тіріліп келіп сөйлесе де көңіл аударар емес. Құмарға құнығып естері кетіп жатыр. Осы кезде Оразбайдың көзі ілініп кеткен. Сексенге таяған жасым бар, көпті көрген басым бар. Ағайын ақылдың кенімін, үйдің сарай кеңімін, өткен билердің теңімін. Ағайын ала болсаңдар, кез келгеннің жемімін. Сөздің қызыл желімін. Сөзге қызыл су нелер өткен. Ақылды, сөзде келер өктем. Бұл Ұлы ру, Ұлы ру болғалы кіммен тіреспеді, кіммен мәслихаттас болмады. Қырғыздың ала тауынан әуелгі лек жетпіс үй болып Үшқиянға келіп еді, Ноғайлардың құдығын аршып аларға. Соң он
мың түтін болып қоныс аударып еді. Сейілханнның Айладырын аңыратып қуып еді. Бұған Торайғырдың ұлы Сұлтанмахмұт куәлік беріп хатқа түсіріп еді. Қайырымды ата басында Пір ата болып сүйенері антқа да тұрып еді. Үш қиянды жайлаған қалың Ұлы атаның балалары дәурен сүріп еді. Үш жүз жыл кәпірдің аяғына тұсау болып еді. Жаугершілік заманда Үлкен таудың басына ұран отын жағып еді. Ұлы атаның балаларына Пір атаның өзі «көрші ақысы Құдай ақысы, орысқа көмек беріңдер, көршімізге көмектесіп иншалла жеңіспен ораларсыңдар деп ақ батасын беріп еді». Бұл Ұлы ата балаларын Наполеон, Кутузов танып еді. Герман соғысында Ұлы атаның балалары ерлік танытып еді. Ұлы атаның балаларының ер екенін батыр Баукеңде біліп еді. Отыз бірдің кезінде қып-қызыл қырғын болып еді. Бертінде қарын тойғасын, қызыл шырайлылар жағалайтын болды ойнасын. Қызың оң жақта туып, ұлдан ұлылық кетіп еді… Егемендік алғалы Ұлы ата балаларына есе тиіп еді. Ұлы ата балалары есебіңнен жүрсің жаңылып, ас берем деп шашылып. Бейбітшілік заманда жаман ырым бастайсың, жау хабаршысы Ұран отын жағасың, бұл ісіңмен Құдайға қалай жағасың. Қазақ өз алдына хандық құрып, шашағы сыртында жүз руды үш жүзге бөлген еді. Ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз болғанда. Жиырма бес таңбалы кіші жүз еді. Ұлы ата балалары қазақ хандығын құруға ат салысып еді. Бұл күнде беріден қайтып балалар балалық жасап жүр. Жалғыз адам хандық құруға атсалысқан рулы елмен қашан терезесі тең болатын еді. Ұлы ата тарихы балалар жазғандай Қара қыпшақ Қобландымен тұстас емес, Қыпшақ атаның өзімен тұстас әріден басталады. Он екі ата Дайұлы болғанда, Дайұлының кейбірі Иса пайғамбармен тұстас болғанда мен неге күні кешегі бес жүз жылға тоқтаймын. Мен тарихымды жоқтаймын. Пір атадан бері екі жүз жыл болды. Сол тұрысым сол тұрыс. Соның ар жағында көп болса он ата жерден басталады дейтін тарихыммен қай кезде Қап тауын жайладым, мұхит асып Әмірқанды жайладым. Үлкен жеменей, Кіші жеменей өзендерімнің тарихы аржақта жаттыр. Тарихымды балалар балалық етіп шонтитты. Өткеннің құйрық жалын күзегенде не ұтамын осы мен. Осыған мен өкпелемегенде, кім өкпелейді? - деп деп екі тоқтаған. Осы кезде Белгімұраттың облыста көші-қонда істейтін қозы қарын баласы Мәңгімұрат Батайға «Аға, сізде төндіре бересіз, аста тұрған не бар? Елмен ағайынмен танысып білісеміз-дағы», - деді. Бұл енді Мәңгімұраттың әкесінің орнына қарымта қайырғаны. Көзі қанталап, делебесі қозып арқаланып отырған Батай шалдың мынау оң жамбасына келе кетті. - «Әй, мынаусы кім тағы, қортық қошқар сықылданып домаланған, анаңды деуге әкең жас, атаңды деуге ағам болар. Енеңді ұрайын. Үнің қандай жаман еді жарқыным. Қақ басыңа аса таяқпен тартып жіберейін бе осы», - деп ақырып қалды. Баяғы Белгімұрат осы сәтте көтерілсін. Белгімұрат осы елдің көші-қонын бітіріп беретін-ді. Әрине, көп ақшамен. Белгімұрат көшіп келген түтін квота аларда ара ағайын болып жүретін. Делдалдың қызметін атқаратын. Сонысы бетіне шіркеу болды ма, баласына даусын көтеріп ұрыса жөнелді.
- Әй, анаңды ұрайын, сен араласатын жер емес, картаңды ойнап отыра берсейші жайыңа қарап. Маған Бәкең ұрысса өз ағам. Бәкеңхалықтың ақсақалы. Сабап тастайын ба осы? Бәкеңе сөз айтатындай сен кім едің, кет, шық жоғал! Белгімұраттың бұнысы жөліктік. Батайды сыйлағанынан емес, ақшаға жақындығымды ағайын арасында бетіме баса ма дегендегісі. Жұрт Белгімұратқа риза болып жатыр. Белгімұраттың айқайынан Оразбай оянып кетті. Жұрт сияқты малдасын құрынып отырды. Батай шал одан әрі сөйлеп кетті. - Әулие жоқ, Құдай жоқ, бісімілдә жоқ осы ел ойына келгенін істеп жүр. Ұлы атам әулие болса Мұхаммед пайғамбарымдай-ақ болар. Пайғамбар бір рәуаятта: - Мұхиттың ортасындағы аралдың жағасында тұрсаң да суды ысырап қылма, орманның қақ ортасында тұрсаң да ағашты ысырап қылма!»- дейді. Мен жүз мың жинаса да қысылмаймын орнымен болса, әрине. Өз әкеңді риза қыла алмай жүріп түп атаңда нең бар. Осы сен Белгімұрат әкеңнің басына барып садақа бергеніңді естігенім жоқ. Шиқандай болып қызарған Белгімұрат: - «Бәке тауып сөйлейсің-ау, қатынас қиын ғой», - деп міңгір-сіңгір етті. - «Ей, жігіттер тиетіні Құран, Ғұлама Нияз Тобыш ағайынға бастатып сегіз жерден Ұлы атамызға құран шығартайық дегенің дұрыс, жылма-жыл дүбірлетіп ас беру бұл да дұрыс болсын. Ал енді жаман ырым бастап, Ұран отын жағу дұрыс емес. Мен қосылмаймын. Ұран отын бірлік оты деп жүргендердікі дұрыс емес. Атам Қазақ «арасына от салмаң!» - дейді. От араздықтың нышаны. Бірліктің нышаны бүтін күлшені бір үзімнен бөліп жеу. Дос болған адам нан сындырысады. Мен өскен ауылданмын. Жеті атаны былай қойғанда бес атадан елу жеті түтінбіз. Өзіме қараған түтіннен ақша жинатпаймын. Жинатамын, кім мүжәлсіз соған көмектесуге жинатамын. Ағайын арасында денсаулығы болмай, қаржыға ағайынның көмегіне мұқтаж жандар бар. Ау, ана Кесікбайдың баласы Қытайға барып ота жасатуға қажыры жетпей отыр емес пе? Ал ана Сұлтанбайдың жиенінің кісі есігінде тентіреп жүргеніне жиырма жыл болды. Қатын алып берейік, соған үй алып берейік. Жетімге жасаған қамқорлықтың сауабы ұшан-теңіз емес пе? Бір тиын болса да мұқтаж жандарға берейік. Кем-кетікке болысайық. Он теңге бермеді деп маған сәлем де бермей ақ қойыңдар», - деп үш тоқтады. Әңгіменің байыбын ағайындар енді түсінді-ау деймін. Ұзын бойлы жуан қарынды Тоқбай: - Бәке, дұрыс айтасың, бір тоқтамға келу керек, кейінгіге үлгі болу керек. Анада Пір атамыздың асы сонда өтті. Молшылық болды. Босаған сыраның бөтелкелерінен аяқ алып жүре алмай қалдық. Бұл масқара ғой. Киені қорлау ғой. Он жылдан ас өткізіп құран бағыштатып отыру парызымыз. Бәке, бірақ асқа барайық, осыны алдын ала Жұлдызбай кәмиссия арқылы ағайындарға жеткізейік. Ысырапқа жол бермейік. Мен де
өзіме тиісті отыз түтіннен әзір жинамай тұрайын». Батай қарт Тоқбайдың дұрыстығына риза болатын. Әп бәрекелді!- деді. Жұлдызбай үлкендердің қолдауынсыз қалды. Жұлдызбай ағайыннан аса алмады. Ал жастар жағы асқа барамыз, қызық көреміз, - деп қауқылдасып тарасты.
*** Төребай шебер десе дегендей. Қолынан келмейтіні жоқ. Электрик десең, электрик. Шаштараз десең, шаштараз. Тігінші десең, тігінші. Моторист десең, моторист. Ұста десең, ұста. Сауданы өзбектен өткізеді. Шаруа десең, шаруа. Дихан десең, дихан. Аспаз десең, аспаз. Төребайда бір кемшілік бар. Тұтығыңқырап сөйлейді. «Әй адамзаттың асылысың, құрдасымсың», - дейді Оразбай қызыңқырағанда. Оразбайдың бұнысы әбден ағынан жарылғандағысы. Төребай ойдың қаймағын сыйырып алып бір сөйлейді. Тоқ етерін айтады. Тойдағы хабарды айта жүріп, Оразбай қарбыз жинап жүр. Төребайдың шаруашылығы мен егініне інісі Аралбай қарайды. Жұмысшыларына ақысын Төребай төлейді. Төребай Оразбайға тасын төгеді. Төребай тұтығыңқырап тұрып: - «Батааййдікі дұрыс», - деді. Оразбайдың кімдікі дұрыс бұрысына ақылы жетпейді. Оразбайға Жұлдызбайдікі де, Батайдікіде, Белгімұраттікі де, Мәңгімұраттікі де, Тоқбайдікі де дұрыс сияқты. Құшаққа сыимайтын қарбызды көтеріп тұрып, Төребай күлімсіреді. «Құрдас м м мынаны қатынға бер» деді. Қатын дегені құрдасы - Збира. Дәл осыны естігендей Збира Оразбайға ұялы телефоннан хабарласты. - Әй, қашан келесің, үйге қара бала келіп отыр. «Қара бала» дегені Оразбайдың немере інісі. Қалада тұрады. Базарда балық сатады. Асабалық өнері бар. Аты - Дәулет. Жеңгесі еркелетіп «қара бала» дейді. Қара баланы осы ауылдағы ағайындардан жылу жинауға қаладағылар жұмсапты. Баяғы он мың. Оразбай ақша жоқ деді. Аржақтағы әйелі зәті жуас болуы керек: өзің білесің, ұят болмаса, - деді. Негізі билік Оразбайда сияқты. Бұл: - «Ұят болмайды. Ысырапшылық неме керек», - деді. Төребай дұрыс дегендей басын изеді.
КОУЧИНГ
Ауыл мұғалімдері коучингте тарихи тақырыпты көкпар тартқандай тартқылап, талқылап жатыр. Құдды сөз көкпары, ой көкпары дерсің! Сөз ауыздан-ауызға өтіп жатыр. Кімнің ойы терең, кімнің білігі көп сол сөз алып жатыр. Тақырыпты әрі тартқылап, бері тартқылап қазандыққа бір-біріне салдырмай жатыр. Әр топтың ділмарлары сөзді сирақтап, тақымдап жүріп өз пікірін әупірімдеп қазандыққа салдым дегенде қарсы топ қағып алады да тартыс қайта басталады. Ара-арасында сөз алған әлжуаздауы
тақырыпты өңгере алмай сыр беріп те қалады. Өз пікірін еркін білдіре алмай өзгенің ыңғайына қарай сөзін икемдейтіндер де бар. Тартысқа белсенді қатысушылар ежелгі Рим консулы міндетін атқарып болған сенаторларынша мәдениетті айтысады. Көшенің көкбет қатындарынша шаптығып төске ұрмайды. Бұрынғының дуалы ауыз билерінің салған сара жолымен кезек –кезек қағысады. Ал сонымен хош деңіз. Бұл қандай талқылау, қандай сабақ деңіз? «Коучинг» - ағылшын сөзі. Коучингті ұйымдастырушыны «коуч» деп атайды. Коуч қысқа уақыт аралығында мәлімет қорын жинақтап алу мен қатар Коучингке қатысушыларға мәлімет бере білуі тиіс. Коучингтің тартымдылығы – оның ашық өткізілуімен, әрбір пікірдің құндылығымен байланысты. Аз уақытта көп пікір жинау. Уақытпен мәліметтің кері пpопорционалдығы. Жай сөзбен айтқанда уақытты тиімді пайдалану. Қой жылы енер, жаңа жыл алдындағы әріптестердің бір-біріне ыстық лебізімен басталған коучинг сессия бел ортасына келгенде әбден қызды. Былбырап піскен етті сүзіп алып, еттің нанын саларда, ошаққа жалбырақ отынды молырақ салып қазанды бұрқ-сарқ қайнатушы еді ғой, дәп сол сияқты коучинг сессия бел ортасында сақырлай жөнелді. Тақырып: Сын тұрғысынан ойлау арқылы І.Есеберлиннің «Қаһар» романын талқылау. Талқыға түскен тақырыпты оқығаны бар оқымағаны бар бүгінгі күннің ауыл мұғалімінің ой таразысымен шегіп анализдеу және синтездеу. Коучингті жүргізуші – коуч, ажарлы әйел кісі. Берген білімі оқушыларға жұғымды мұғалім болар, сөз танитыны байқалады. «Түстүлкінің боғы» сөз тіркесін қалай түсінесіңдер деген сауал экранға шыққанда, мұғалімдер сауалды шекілдеуікше шақты. Кейбірі Әлімсақтан қайырып түсінде қасқыр көретін әйелді сол қасқыр жарып кетті дейтін аңыздан толғаса кейбір әріптестер түс жоруды Жүсіп пайғамбарға дейін індетті. Кейбірі өздерініңде түс жори алатындығын айтысты. Сын тұрғысынан ойлау дегеніміз - ойлану туралы ойлау екендігін білеміз. Коуч Кенесарының қанды көйлек жолдастарын жинап алып айтты дейтін түсін баяндай түсе кілт тиылады. -Иә, одан әрі оқиға қалай өрбиді екен қалай ойлайсыңдар? - деп ортаға сауал тастайды. Тарихи романды оқыған мұғалімдерге оңай оқиға желісін біліп отырады. Ал тарихи романды оқымаған, не оқып ұмытып қалған мұғалімдер құр долбармен жауап береді. Коучинг сессиясына қатысушылардың ойын онға бөлген сауал қызу талқыға түсті. «Қаһарлы қаған Шыңғысханның үрім бұтағы, Шоқан Шыңғысұлымен тұстас, қандас болып келетін хан тұқымы Кенесары Қасымұлы ізіне ерген қарашаның игі жақсылары жиналған жиында «Уа, игі жақсылар, мен түс көрдім, түсімде жаман іс көрдім, түсімде өзімнің кесілген басымды көрдім. Қырғыз манаптарымен одақ болып Қоқан ханын шабамын деп жүргенде жаман іс болды. Қырғыз манаптары опасыздық жасап осы отырған игі жақсылардың бастарын кесіп арбаға толтырып Қоқан ханына жіберіпті.
Менің басымды кесіп, Аршабоққа (генерал губернатор Обручев) жіберіпті. Кесілген басым Аршабоқтың алдындағы үстел үстінде жатып қарқылдап күлді. Аршабоқ менің басымды Петрбор асырып ақпатшаға жөнелткен екен. Орыс патшасы, сарайында кесілген бастарды сақтайтын орынға менің де басымды қойыпты. Денемнен бөлінген басымды тамашалаған жұрттың кейбірі: - «Он жыл орысқа берілмеймін деп соғысқан Кенесарының басы осы ма?» - десе, кейбірі: «Күштімен тіресемін деп арамтер болған Кенесары ханның басы осы ма?» - десе, кейбірі үндемей өте шықты» - деп, коуч оқиға баянын кілт тыйды. Ал ары қарай өз пікірімізді ортаға салайық. Әріптестер, жоғарыдағы үш пікірдің қайсысы дұрыс деп ойлайсыңдар?- деп мұғалімдерге салмақ сала сөйледі. Өзін тарих пәні мұғалімі деп таныстырған, басын қырау шалған аласа бойлы егдерген кісі бірінші болып сөз алды. Шаршаңқы жүзді егдерген кісі, терминдерді тым көп қолданатын болғандықтан ба, сөздік қоры қырық құрау болып көрінеді екен. Сөйлегенде екі қолын жоғары көтере береді екен. Екі қолын жоғары көтеру дағдысы менің пікірім әрдайым дұрыс болады, мен білемін дейтін ішкі сенімнің сыртқы көрінісі болса керек. Әлемдік деңгейде мойындалған ғалымдардың еңбектерінен сөзбе-сөз дәлелдемелерді ғалымның еңбектері қай тілде жарық көрсе, сол тілде келтіре отырып, сол дәлелдемелерді сөзбе сөз табан астында қазақшаға аударып өз ойын тым шұбалаңқы білдірді. Егдерген кісі тым жай сөйлейді екен. Түркі, парсы, орыс, неміс тілдерінде жазылған еңбектерді атай келе «бұл оқиғаның түрлі нюанстары бар» - деп екі қолын жоғары көтере, бір тоқтады. «Көшпенділер өркениетінің тоқырау кезеңімен сәйкес келетін тарихи тұлға Кенесары Қасымұлы - күрделі тұлға. Кенесары Қасымұлы колонизациялау (отарлау) процесін (үдерісін) шамасы келгенше тежеген. Бірақ бұл процесті (үдерісті) тойтара алмаған. Ұлт-азаттық көтерілістің көсемі ретінде тарихта аты қалған. Үш жүздің басын біріктіріп, отаршылдыққа қарсы қол бастап шыққан хан тұқымы. Шыңғысханнан тарайды. Бірақ сол кезде Ресей империясына қызмет етіп шен алғандар Кенесарыны қолдамаған. Қолдамаған 44 (қырық төрт) сұлтанды бауыздап өлтірген. Тәуелсіздік жолында күреске соңына ермеген қазақ ауылдарын көп шапқандығымен де ерекшеленеді. Отаршылдықты мойындағандар шарасыздан «орыс бұғауы-созылмалы бұғау, қытай бұғауы - темір бұғау», - деп әліптің артын баққан сұлтандар», - деп екі қолын жоғары көтеріп келе жатыр еді. - Медальдың екі жағы бар дейсіз ғой деп көзілдірікті, әрбір сөзін шегелеп айтатын, тұрса тіп-тік жерге шаншылып тұратын, орындыққа да шаншылып отыратын апай екінші бір топтан үн қосты. - «Бұл тақырыпты бір жақты қарауымыз керек», - деп бетіндегі секпіл дағы бар жас әйел кісі үшінші бір топтан үн қосты. Ауада ілініп тұрғандай қос қолы жартылай көтерілуімен тұрып қалған егдерген кісі: - Біз либералдық (ымырашылдық) тұрғыдан қарауымыз керек. Бізде шығыс менталитеті басым. Мансап иелеріне «ләббай тақсыр» деп тұрамыз.
Түсінген адамға либерализмнің артықшылығы көп. Ал батыс тұрғындары бұрыннан корольдерінің алдында тап анау айтқандай құрдай жорғаламаған. Біз де қатты айтсам, әріптестер кешірім өтінемін, лауазым иелерінің алдында «шыбындаған атша» бас изей береміз. Батыс пен шығыстың ара жігі осында жатыр. Кенесары ханды, біз тарихшылар кейінгіге Ганибалл сияқты тамаша қолбасы деп дәріптеуіміз керек. Тарих пәнінің тамаша заңы бар. Мысалы, математика формуласы сияқты тарихтың да өз формулалары бар. Тарих бұрмаланбайды. Тарихты заңдылыққа сәйкес оқыта білуіміз керек. Иә, Орыстар Лениндіде екі жақты қарайды. Ал өз халқымыздың шежіресін алып қараңдаршы, бір жақты қарай алмаймыз. Бұл жерде бір нюанс бар деп қос қолын жоғары көтерді. Қос қолын жоғары көтергені ең дұрыс көзқарас, менің көзқарасым деген ишара жасауы. Егдерген кісі өзіне сенімді, орнына нық жайғасты. Егдерген кісінің уәжіне қарсы айтары бар болуы керек қызғылт шырша тобынан «той сыйында» берілетін арзанқол сувенир галстук байлаған көзілдірікті ағай суырылды. - Осы мен түсінбеймін, тарихты тым көп бұрмалаймыз. Бұрмалайтынымызды мойындауымыз керек. Біз оқыған кезде басқаша еді деп бұйра шашы селдіреген, ызыңдап сөйлейтін мылжың екені көзілдіріктің аржағындағы жасаураған көзінен білінетін жігіт ағасы. - «Сіздер үнсіз қалдыңыздар ғой», - деп, 5 (жасыл шырша тобы) топқа белсенділік танытуы қажет екендігін коуч ескертті. Жасыл шырша тобына сыр мінез мұғалімдер топтасқан ба, әлде әліптің артын бағып отыр ма ол жағын байқау қиын. Сен айт, сен шықпен көзі күлімдеп тұратын орта жастағы мұғалім әйел кісі орнынан тұрды. - «Енді, соғыс шығынсыз болмайды деп Ленин айтқандай соғыс құрбансыз болмайды. Дегенмен, соғыспаған жақсы», - деп күмілжігенде төртінші (боз шырша тобы) топтан шегір көз, бұжыр бетті елуді еңсерген кісі күліп жіберді. Күлгенде екі иығы селкілдейді екен. - Шырағым, Кенесарының кім екенін өзің білесің бе? – деп, шегір көз мүсіркей сұрақ қойды. Жасыл шырша тобындағылар шу ете қалды.- «Ағай, қызықсыз, Кенесарыны кім білмейді? - деп. Жасыл шырша тобының атынан сөзге шыққан әйел кісі самарқау ғана «йә, білемін» - деп жауап берді. - «Ағай, өзіңіздің пікіріңіз»,- деді коуч шегір көз ағайға. Шегір көз ағай қамшы салдырмады. Сөзін саясатпен әдіптеп, тарихи құжаттармен астарлап төгіле жөнелді. - «Келесі жылы елбасымыздың бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтпекші. Құрметті әріптестер тақырыпты орынды қозғап отырмыз. Әрине ол алдымыздағы әріптесіміздің (коучты меңзегені) саясатты дұрыс түсінгенінде. Саясаткер бол, қарапайым адам бол дәуір қажеттілігін сезіне білуіміз керек. Кенесары - ұлы тұлға, тәуелсіздік жолында басын бәйгеге тіккен нағыз нар. Барлық пікір құнды. Алайда жас ұрпаққа дұрыс бағдар беру үшін, біз дұрыс жол көрсете білуіміз керек. Бұл ретте Үкіметіміздің көреген саясатын дұрыс түсінуіміз керек. Елбасымыз алдағы
уақыттары тарихымызды жүйелеу туралы тапсырмасына бәріміз бір кісідей атсалысайық. Қазақ хандары арасында тәуелсіздік үшін күрескен Кенесары Қасымұлының еңбегі ұшан теңіз. - «Егер мүмкін болса», - деп ызыңдап сөйлейтін бұйра шашы селдіреген көзілдірікті жігіт ағасы қолын көтерді. Коуч «иә, ағай айтыңыз» - деді. - Осы Кенесары хан туралы көлемді еңбек жазған ғалым ХХ ғасырдың 80 жылдары студент кездерімізде сабақ берді. Ғалымның аты-жөнін атау маңызды емес, маңыздысы сол кездегі көзқараста болып тұр. Сәл арырақта Кенесары хан туралы тарихи сипаттама берген және осы еңбегі үшін істі болған зиялы кісі. Кенесары Ханды қазақ тарихындағы ұлы тұлға ретінде көпшіліке таныстырады. Алайда бізге дәріс оқыған ғалым жоғарыдағы Кенесарының жоқтаушысын қаралаған көлемді еңбектерін бізге оқуға беретін. Біздер Кенесарыны феодалдық құрылысты аңсаушы замана көшінен кенжелеп қалған дейміз бе, әлде бұқараның пікіріне құлақ аспаған дара билеуді көксеген дейміз бе деген бағытта рефераттар жазатынбыз. Қаншалықты Кенесарының іс-әрекетіне қара бояуды қалың жақсақ, бағамыз соншалықты жоғары болатын. Әрине, ең жоғары алған бағамыз «бестік» болатын. Сол кездегі «Правда» газетіне көбірек сілтеме жасайтынбыз. Мен «Қаһар» романын оқыдым ба, әлде тарауларын оқыдым ба ол маңызды емес. Баяғыда «Жұлдыз» журналын қыздардан алып оқитынбыз, ол кезде қазіргідей интернет жоқ еді. Оқығымыз келмейтіннен емес қол қысқалықтан солай амал жасайтынбыз. Көзілдірікті кісі көзілдірігін алып үстел үстіне қойды. Қалтасынан бет орамалын асықпай алып, баяу қимылмен жасаураған көзін сүртті. Көзілдірік жеп жасаураған көзінің айналасы күлтеленіп ісіпті. Отырғандар көзілдірігін тезірек киюін тағатсыздана күтіп отыр. Әрине, үзілген әңгімеге асыққандықтан емес. Көзілдірік жеп жасаураған көз көріксіз жүзді одан әрі сұрқайландырып, сұрын қашырып жібереді екен, отырғандар көзін тайдырып төмен қарасты. Көзілдірікті асығар емес көзілдірігін күнге көлегейлеп алды да асықпай баппен көзілдірігін қайта-қайта сүртті. Менің түсінбейтінім, - деп үзілген сөзін қайта жалғады. Кенесары Хан Шыңғысханның үрім бұтағы бұл шындық. Шыңғысханның кезінде де қазақ халқын құраған тайпалар болды. Найман тайпасының жазуы, ақшасықазіргіше айтқанда теңгесі болды. Болса-болсын дейтіндер бар. Ал мың жылдықтағы Дақтарды-ақ айтайық деп келе жатыр еді.... Иығынан күлетін ағай, селдір шаш көзілдіріктінің бір былжырақтаса «әйелі өлген кісіше» жарты күн малта езетін мылжыңдығынан хабары болуы керек. - «Регламент сақтайық жолдастар», - деп қалды. Зәті жасық болғанымен, қатты ағаштың діңіне бір бойлап алса, ағашты кеулеп, құлатып тынбайтын «жұмсақ құртша» мылжыңдық дағдысымен селдір шаш ағай:
- Енді әңгімемді аяқтап тастайын. «Айтылмаса сөздің атасы өледі» деген. 1979 жылы баспасын ұмыттым «социалистік реализм» атты ғылыми еңбек шыққан. Авторын ұмыттым, авторы маңызды емес онда былай дейді дегенше болмады: - «Ағай, тоқ етерін айтшы, уақыт кетіп барады», - деп жасыл шырша тобынан тығыншықтай денелі «үріп ауызға салғандай» жас келіншек күңк етті. Жас келіншек емізулі баласына асығып отырғандай, селдір шаш жігіт ағасына шытынай қарайды. Мұндай ескертулерге еті өліп кеткен көзілдірікті селдір шаш жігіт ағасы қыңар емес. Көзілдірігін қайта шешті. Қайта киді. Көзілдірігін қайта алып үстел үстіне қойды. Дағдысы болу керек асықпай қалтасынан бет орамалын алып, жасаураған көзін сүртті. Коучингке қатысушылар жүзін тайдырып төмен қарасты. Иығынан күлетін ағай иығын селкілдетті. Коуч езу тартты. - Менің айтпағым мынау еді. Әбден запы болған болу керек, иығынан күлетін ағай селдір шашқа екінші рет ескертті. - Сөзіңіздің ұзын ырғасын түсіндік. Кезекті мына жігіттерге берейік. Жоспар бойынша алда әлі 3-4 сабақ бар. Уақыт болып қалды. Қане сендер не айтасыңдар? - деп қарсы алдында отырған топ мүшелеріне қарады. - «Дұрыс, дұрыс созбақтай бермей аяқтайық», - деп коучингке қатысушылар шу ете түсті. - «Туу, мені түсінбедіңдер, әріптестер өзім түсінбеген мән-жайларды ортаға салайын деп едім, тіптен сөзімді аяқтамақ түгілі әлхиссамның бісімілдәсін де айтуға ауыз аштырмадыңдар ғой», - деп кейіс пішінмен селдір шаш қолын бір сілтей орнына отыра бере, сөндірулі арзан қол ұялы телефонын қолына алып телефонын айналдырды. Әріптестер, менде өз ойымды ортаға салайын, - деді ұзын бойлы, шашын сілкіп қалғанда орнына түсетіндей етіп фасондап қойған, сөйлегенде иегін қағып, басын қалтылдатып сөйлейтін ағай. Мен оқыған кітаптың бірінде мені сұлтандыққа сайлаң деп қарашаға сөз салған төрені шылбыр салып сүйретіп, қылқындырып, өлтірмей кеткен Құнанбайдың жүріс тұрысы суреттелген еді. Сол туралы айтайын деп шаршы топтан сөз сұрады. Дауысы дөнен қойдың маңырауындай ашық екен. Мына дауыс істің адамына бітетін дауыс екен деп Иығынан селкілдеп күлетін ағай қызыға қарады. Ағай, қысқарақ сөйле деген сөзді айтпағанымен Коучтың бет-жүзінен қысқарақ сөйле деген емеурінін оқуға болатын еді. Басын қалтылдатып, иегін қағып сөйлейтін ағай; - Коуч әріптес, ауылдан ұзап кетпесін деп, ишара мен тұсаулап тастады ғой дегенде, иығынан селкілдеп күлетін ағай еріксіз басын шайқады. - Мен Құнанбайдай ақылға жүйрік емеспін. Құнанбай жалпы хан тұқымы, ел басқарсын дегенге қарсы екенін төмендегі сөзі мысал бола алады. Ашық дауысын одан әрмен жуандатып сөйлеп кетті. «Хан тұқымы-төрелер сендерге ерген қараша халық ер-тоқымын арқалап қалады. Ойлайтындарың қарақан бастарыңның қамы. Бұқара жұрттың даты мен шаруаларың жоқ. Иттей ырылдасып өткен күндерің бар. Қазақты ел қыламын
деп жүрген біреуің жоқ. Қай-қайсыңның көкейінде жүргені мансап, атақ. Ел үшін, ел қамы үшін деп жүрген бірің жоқ», коучинг сессиясына қатысқандар әуезді әнге елтігендей, күмбір күйге балқығандай үн-түнсіз қалған. - Әріптестер, ақты ақ деп бағалар, қараны қара деп қаралар кез жетті дегенде, дауыс сазына қарай еңсеріліп бара жатқан мұғалімдер ойларын іштей түзеп, іштей қарсылық кейіпте қалды. - «Оның бәрі өткен күннің еншісі», - деді ашық та анық сөйлейтін шаншылып отыратын апай. - «Өткен күннің еншісі дегеніңізбен ол да тарих қой», - деп, баяғы көзілдірікті селдір шаш орнынан тұрды. Барлық пікір құнды болса, неге баяғының пікірін ескермеске, мен ұпай жинайын деп тұрғаным жоқ, пікірлердің құндылығын айтқым келген деп көзілдірігін шешіп үстелдің үстіне қойды. Қалтасынан беторамалын асықпай алып, жасаураған көзін сүртті. «Үріп ауызға салғандай» жас әйелдің шыдамы бітті-ау деймін шырт ете қалды. - «Тезірек аяқтайықшы, әріптестер, Кенесарының кім екенін білдік. Ұлттық батыр деуге болатын тұлға. Оқушыларға солай дәріптейміз. Ол кез басқа, бұл кез басқа. Несіне қайталай береміз», - деді. - «Дұрыс, дұрыс. Идеология қаруы тарихи тұлғалар», - деді бұжыр бетті, иығынан селкілдеп күлетін ағай. - Сізге түсінікті болса болар. Сіз қай пәннің мұғалімісіз, білуге болады ма? - деп «үріп ауызға салғандай» жас әйелге сұраулы жүзбен қарады селдір шашты ағай көзілдірігін сүртіп тұрып. - Бастауыш сынып мұғалімі. ІІ деңгей бойынша сертификатталған тыңдаушы, Алматыда курстан өткенмін дегенді тағы қосып қойды. - Өзіңіз қай деңгейлік курсты бітірдіңіз? - деп жас әйел қайыра сұрады. - «ІІІ деңгейлік курс», - деді селдір шаш ағай. - «Олай болса әріптестер рөльдік ойынға кірісейік», - деді коуч.
- «Кіріссек кірісейік», - деп шу ете түсті коучинг сессиясына қатысушылар.
*** Мектеп асханасы. Аумағы атшаптырым асхананың сол жақ бұрышына таман жасалған кішігірім үстелде семинардан шыққан мұғалімдер тамақтанып отыр. - Жаһандық дағдарыс кезінде бастауыш сынып оқушыларының тегін тамақтануы Елбасымыздың арқасы, анда-санда мектеп асханасынан тамақтанғанда үкіметіміздің болашаққа қамқорлығына дән риза боламын, - деп иығынан селкілдеп күлетін ағай ағынан жарылды. - «Иә, айтары бар ма? Қазір бәрі де қол жетімді ғой», - деп мұғалімдер қоштап жатыр. Көңілді отырыста тек бір мұғалімнің көңіл күйі пәс. Сөзін жеткізе алмаған селдір шаш ағайдың мазасы жоқ. Қонаққа барған жері, шыж-пыжын
ғана алдына тартып, көкейіндегісі дастархан үстіне келмей басы ауырып отырған қонақ іспетті болып отыр. Коуч әйел ажарлы кісі еді, бұрынғысынан бетер ажарланып кетіпті. Бір білем тортты шәшкеге салып алып, шашын сілкіп қалғанда орнына түсетіндей етіп фасондап қойған ағай орнынан тұрып: - «Мықты коучты, тортпен сыйлайын», - деп Ұлболғанға торт ұсынды. Бұрыннан таныс па әлде қатар оқыған ба әзілдері жарасады білем. Кірпігін айқастыра қағып-қағып жіберген Ұлболған: - «Сау бол Кінәз. Әй, сен торт алып бергіш болсаң баяғыда қайда қалдың. Зағипа, Зағипа дей бергенше Ұлболғанға да назар салсаң нетті», - деп достық әзілмен бақайдан қағып қалды. - Сұлуым, сенің семинарда жоғары деңгейде коучинг өткізетініңді, жоғары санатты мұғалім болатыныңды, ІІ деңгейлік курстан өтетініңді білсем ғой, әттең!- деп Кінәзде сөз тауып кетті.
ЕҢБЕК МӘДЕНИЕТІ
Шөлейт даланың шыжғырған аптабы. Күн арқан бойы көтерілмей жатып-ақ тірі жанды көлеңкеге айдап салатын ыстық иттерге қиын соғып тұр. Тілдері сала құлаш болып кеткен аула күзетшілері жандарын қоярға жер таппай, бұта көрсе түбін қазып, дымқыл топыраққа кеудесін төсеп, солықтарын баса алмай әуре. Кешегі қою ымырттағы сүйек саяққа бола желкесін күжірейтіп бір-біріне абай саясат танытқан түр кейіптен нышан жоқ. Ойын балалары қызыл шақа болып күнге әбден піскен. Шашы оңып, үстінен күн иісі аңқып, кешкі ауыз ашарға қажет ол-пұлды жақын жердегі дүкеннен дорбалайтын базаршылар болып алған өздері. Еңбектерін бағалап шешелері арзан сағыз аларлық тиын-тебен бергеніне мәз, шикі өкпелер құлдыраңдап шауып жүр. Көлеңке басы ұзара тіршілікке қайта жан біткен сияқты болады. Биылғы отыз күн ораза шілдеге шақ келді. Дініне берік жандар отыз күн ораза ұстау арқылы о дүниелік ризығы сауаптарын тірнектеуде. Ораза қабыл болсын!... Ауылдың сұрын кетіріңкіреп тұрған жатағандау үйде төрт кісі қауқылдасып отыр. Ортада ас үстелі. Самсаған бөтелкелі сыра мен арзан арақтан үстел белі қайысып тұр. Бөлме ішін шыбынсыз жаз дерсің! Қақ төрге жайғасқан, елуді еңсеріп қалған бурыл шашты майдалап әңгіме шертіп отыр. Көңілге тию жоқ. Отырған үшеудің ығына қарай шалқып, ыңғайына қарай әңгімесін өрістетіп отыр. Бурыл шаш әңгіме айтқанда өңірін ағытып, жағасын молдан кері салады екен. Жеңді түріп, малдас құрынып отырып шегіншектей береді екен. Кондиционердің астын ала, бурыл шаштың оң тізесін баса ысқаяқтанған қатпа қара мұртты отыр. Әңгімеге елтігенде көзі суланып, мұрны тершіп кетеді. Бурыл шаштан әлдеқайда жас болып көрінгенімен, ысқаяқтанған қараның бірер жас үлкендігі бар. Бурыл шаштың
сол тізесін баса, шашын түгел ақ шалған қозы қарын, жауырыны қақпақтай боқтанып сөйлейтін кісі отыр. Бурыл шашқа түйдей құрдас ақбас кісі үстелді төбелеп қояды. Төменгі жақта үй иесі көзін ашып-жұмып көлбеп жатыр. Анда-санда аһылап-үһілеп қояды. Нұргүл қайда, Нұргүл қайда? дейді. Есі кіресілі-шығасылы адамша аха -һа-һа-һа-һау-лап та қояды. «Ей, данышпан сөйле» дейді жоғары отырған мәртебелі меймандары. - «Қой жақсы, ал давай, не дейміз сөзге кедейміз, құйдыңдар ма» - деп дұрысталып отырып, «аһ-һа-һау» - деп бір күліп алды да қиыстырып сөйлейтін әдетіне басты. - Бурыл шашты ағасына қарата, ағаның жағасын қайырғаны әңгімені айырғаны деймін, мұртты қараға қарата, ағамның тершігені әңгіменің өршігені деймін, енді мынау нағашымның үстел төбелегені әңгімені шегелегені деймін, той болсын деймін...» деп келе жатыр еді, сырттан сәлем беріп сұсты бір кісі кіріп келді. Үй иесі мастығынан айыққандай орнынан лып етіп атып тұрды. Соңғы келген кім, үй иесі кім, ныспы кім таныстыра кетейін. Ымм, сонымен хош делік. Бұл үй Данышпанның үйі еді. Өзі мұғалім еді. Отпескіде демалыста еді. Осыдан қырық екі жыл бұрын дүниеге келгенде иманды болсын жарықтық кәкесі, мына күшіктің құлағы қалқандай, шекесі торсықтай екен Данышпан болар сірә, тіфә-тіфә тіл ауызым тасқа деп атын Данышпан қойған. Кәкесі аузына түкіріп, ауылдағы Орақбай молдаға азан шақырып, бергенінің ақысы деп көйлек-дамбал кигізіп, шақалақтың құлағына «Сенің атың Данышпан, сенің атың Данышпан» деп үш рет айғайлатқызып азан шақыртқан. Кәкесінің арманы орындала қоймады. Данышпан данышпандығын әзірге таныта қоймады. Бірер күн бұрын кредитімді жауып тастаймын деп кеткен Данышпан үйге сұр мас күйінде әлгінде оралған. Қасындағылары, ұрттаса-ақ мен ақынмын деп желпінетін арғы көшедегі бурыл шашты Ертай, дүкен ұстайтын Бурабай, нағашым, нағашым дейтіні Оралдан жұмысы үшін көшіп келіп, забастовкіге қатысамын деп жұмыстан қуылған көшенің басында тұратын Қожантай. «Күн көре алмай қаңғырып келіп, нанға тойғасын құдайын ұмытып ереуілдетіп. Ал енді жат, арам тамақ болып, бес балаңа қосылып менің жиырма мыңыма қарап» деп әйелі күн сайын құлағының құрыш етін жейді. Әйелінің түрі түр емес. Өзі ажарсыз әйел еді. Оның үстіне қап-қара болып түтігіп кеткен. Иә, әйелдікі дұрыс. Қожантай жұмыстан шыққан соң кеңсенің еденін жуатын жұмысқа да әзер тұрған. Бір лажы болар да, - дейді Қожантай. Бұлар арқаланып кіріп келгенде, қаны қарайып отырған Данышпанның әйелі жорта күліп қарсы алып, үстел жасап сіздер отыра беріңдер мен базарға барып келейін, - деп рұқсат сұрап кеткен. Әйелі базарға кетпеген, үлкен ұлына мәшін айдатқызып, Данышпанның ағасына, інісінің ел-жұртқа күлкі болып жүргенін айтуға кеткен. Әйелдікі дұрыс. Ер адам екі-үш күн телефонын сөндіріп тастап, түзде қонады деген не сұмдық. Соңғы кезде байқайды Данышпан тез мас болып қалады да жынды адамша сөйленеді, күледі. Тойларда ішімдікке тойып алып билейді. Биі де ерсі сияқты. Жұрт
сияқты билемейді. Беріліп билейді. «Мұзарттағы» Мейрамбек жүрекпен ән салса, мен жүрекпен билеймін, өнер адамымын» - дейді. Жанына ауыр алатыны, мас болса бала отыр екен-ау, ұят болады екен-ау жоқ «Нұргүл қайда, Нұргүл қайда?» дейтіні. Айыққасын «Нұргүлің кім шырағым» - деп сұраса «қой білмеймін» дейді. Әбден ләйліп бітті. Су шайып бүлінген үй іргесі бұл тұр, септик ол тұр. Еңбек демалысы бітіп қалғасын қолы тимейді. Үлкен ұлы әскерден жақында келіп оқуға тапсырып жатыр. Ортаншысы қыз бала. Кіші ұлы бұғанасы қатпаған жас. Оны ойлайтын Данышпан жоқ. Отағасын ақылға салайын деп ұятты қойып ағасының үйіне барған. Обалы не керек Данышпанның бір қасиеті үлкен айтса заң. Көпке дейін ұялып жүреді. Ұяты күшті. Қасындағыларға ереді. Ермелеу. Ағасы кіріп келгенде Данышпанның ұшып тұрғаны ұялғаны, үлкенді сыйлағаны. Ағасы түнере «Әй, Данышпан не бүлдіріп жүрсің, ұят емес пе өзің мұғалімсің, мұғалім молдадан да ұлы емес пе, есіңді жи!» - деді. - «Данышпан ыржалақтап болды, болдым жетті қойдым көке, - деп екі қолын көтеріп мен дем аламын болдым», - деді де манағы үшеуіне ал жақсы осы тойғандарыңмен қайқайыңдар, - деп қол сілтеді.
*** Еңбек демалысы біткен бойда Данышпан Алматы қаласында өтетін көрмеге тартты. Данышпан осы ауылға бала жасынан бері белгілі шебер суретші. Құлағы қалқиып майлы кенепке тас кенедей қадалып талай түнді сурет салумен өткізген Данышпан бұл. Бала кезінде табиғат көріністерін, батырлардың бейнелерін, соғыс техникаларын, тырағайлап бара жатқан басқыншы фашистерді, сұсты да келісті етіп кеңес солдаттарының суреттерін салуға құмартатын. Балдырған журналына Данышпанның салған суреті алғаш шыққанда әкесінің қуанғаны-ай! «Бізің бала әлі-ақ Ленинградта оқиды. Көрсетеді әлі-ақ жұртқа өспеген ауылдың ұланының қандай екенін. Бұл жеті атамыздан бері желісі үзілмей келе жатқан батырлықтың белгісі. Қанында бар. Тұқым ғой тұқым» - деп бала сияқтанып масаттанған. Әкесінің масаттанатын жөні бар. Жетінші атасы батыр болып, ел қорғаған, қалмақтың батырының ауылын шауып, мал-жанын олжалап келе жатқанда өз олжасына тиесілі қалмақ қызын жолда сауғаға беріп кетіп, қалмақ қызының қарғысына қалған дейді аңыз. Содан жеті атадан бері өспеген ауыл атанған. Өспеген ауылдың баласысың деп жасында ағайындары зығырданын қайнататын. Сол қыжыл әкесінде өлгенше сақталды. Мақтанып жүргені ағайынның сөзіне қарымтасы. Мақтанатыны сендерден осындай ұл туды ма дегендегісі, сыртқа абай саясаты. Маған да құдай берді дегендегісі. Тәуба дегендегісі. Қазақ тәубасын да мақтан қылып айтады. Данышпан жоғары сыныптарда сыныптас қыздарының бет жүзінің нобайын (эскизін) салумен әуестенді. Данышпанға сурет салдыруға ықыластылар көп еді. Өзі сурет салумен қатар, кітап оқығанды ұнатын. «Қазақ солдатын» үш күнде бітіріп тастағаны бар. Данышпанның іштей
үгітіліп отырып істейтін жұмысы – құлыптасқа сурет қашау. Құлыптасқа сурет салуды қаламайды, алайда ауылдастары жүз салып келгесін көңілдерін жықпайды. Әке қайтыс болып кетті. Әйтпесе Ленинградта оқытар еді. Шүпірлеген жеті-сегіз жанды жалғыз жүріп, шеше жетілдірді. Данышпан ерте жұмысқа жегілді. Заманның, адамның кеңдігі ғой, мектеп директоры болып жұмыс жасайтын аталас ағайыны жеңгесін аяды ма Данышпанды мектеп бітірісімен қасына алып жұмыс берді. Кең кісі еді, жоғарылап әкімдікке ауысып кетті. Мектептен қол үзбей жүріп, иниституттың сырттай «бейнелеу өнері» факультетін бітірген. Ал, хош, сонымен мына көрме ненің көрмесі деңіз... Жылда өткізілетін дәстүрлі қылқалам шеберлерінің туындыларының байқауы болатын. Эстетикалық өнердің шыңын бағындырғандардың бірі ауылда Данышпан екенін білеміз. Данышпанда баяғы жас кезіндегі құмарлық саябырсығаны мен шеберлігі біршама қалыптасқан еді. Соңғы кезде саясатты көп айтатын, әлемде не болып жатыр, не қымбаттап бара жатыр, анау не істеп жатыр, мынау не істеп жатыр, мақсаты не деген сауалдар төңірегінде әңгіме өрбіткенді тәуір көре бастады. Тойға барғанды, онда да көлігін тастап барғанды, тойды қыздырып биледім дейтін желеумен билегенді ұнататын. Жора-жолдастарымен бас қосқанды, түн ортасына дейін карта ойнағанды кісіліктің белгісі деп білетін. Жалпы қысыр әңгімеге үйір бола бастады. Жылында бір мәрте өткізілетін байқауға Данышпан жылда қатысатын, көбіне аудан біріншілігін бергенімен, облыста екінші, үшінші орынды місе тұтатын. Биыл облыста сурет көрмесінде біріншілікті бермейтін орыс шал өліп қалған ба әлде сырқостанып қалған ба әйтеуір, суретші орыс шал көрмеге қатыспай қалды да, біріншілік Данышпанға тиді. Көрменің ережесіне сай келетін жиырмадай туындысын арқалап Алматы қаласына келе жатқан беті осы. Жалпы Данышпанда жүзге тарта туынды бар соның ішіндегі жүлде алғаны жиырмадан асады. Бұл соңғы жылдары салған суреттері. Данышпанның өлшемінше жиырма сурет көп дүние.
*** Көрме үш күнге созылды. Данышпан өзінің осал тұстарын сезді. Дұрысы, кәсіпқойлар мойындатты. Әсіресе, қазақша судай сөйлейтін Қазақстандық Неміс Эрнстьтің салған суреттері сөйлейтін тірі жан сияқты. Әсіресе, «Қазақ отбасындағы этика» суретінде шеберлікпен қажеттінің бәрі қамтылған. Атаның орны, әженің орны, ұлдың орны, келіннің орны, немеренің орны, бесік, төрдегі ілулі домбыра, қамшы, атаның әжімді маңдайы, атаның салалы саусақтары, аржақтан көрінетін омырауы орденге толы китель дейсің бе мың эпизодттан миллион түрлі сәулелі ой ұшқындатқан неміс кәсіпқой-ақ екен.... Қарт неміс Данышпанның көрмесін ұзақ тамашалады, басын шайқады, сұқ саусағымен түртті, қапталдан қарады, ұзақтан қарады. Жағалай көрмені аралап келіп Данышпанның «Жыланды мүйісі» суретіне қайта шұқшиды.
Класс! - деді. Қарттың әрбір қимылын бақылап тұрған Данышпан қарт суретшіге сүгіреттің ұнағанын байқады. Қарт суретші қайдан келгенін, қайда жұмыс жасағанын, бұрын неге көрінбей жүргенін тәтпіштеп сұрап жатыр. Бұл қарт суретшінің атақты Эрнсть екенін білгенде Данышпанның қазақшылығы ұстап өзіне өзі риза болып әндетіп жібергісі келді. Алайда, зиялы қауымның әсіресе, Эрнстьтің мысы басты да іштегі уәж құмығып қалды. Осы жерде білді, қарт суретшінің әлемдік суретшілер конкурсынан жүлде алған суретінің өзі екі мың жеті жүз сегіз екен. Бәрін тіркеп күніне дейін жазып қою Эрнстьтің дағдысы екен. Жалпы өмір бойы салған суреттері отыз төрт мың үш жүз отыз жеті екен. Қай сурет қайда тұрғанын тіркеп жазып қойған қарт суретші құдды бір сурет зауыты сияқты екен. Қарт құнтты кісі екен. Данышпан жиырма суреттің өзін көп көріп, «болдым, толдым» деп жүретін. Бұл жайлап еңбекқор қарттан жұмыс дағдысы туралы сұрады. Қарт неміс әлі күнге колледжде бейнелеу өнерінен сабақ береді екен. Шәкірттеріне ренжитіні қазақ жастары дарындылықтан алдына жан салмайды сондай-ақ жалқаулықтан, құнтсыздықтан да алдына жан салмайтын көрінеді. - Осы, өмірімде қазақтан дарынды, қазақтан жалқау ұлт көрмедім, тойға шақырды деп қазақтардың сегіз сағат тойда отыруын және ол тойдың уақытынан төрт-бес сағат соң басталуын түсінбеймін. Немістерде тойға шақырса 12.00-12.30 аралығы, бітті, сонымен тәмәм, болды. Уақытты қадірлеу керек. Мысалы, мен күнде таңертең не істейтінімді жоспарлап жазамын. Кешке әркүн сайын өзіме есеп беремін. Жасалынбай қалатын жұмысты ертесіне жасаймын. Әрине, қиындықты жамай беріп не істеймін жоспарды орындауға тырысамын. Менің жоспарым ұзақ мерзімді 5-10 жылға арналған, орта мерзімді 1 жылға, айға, аптаға арналған және қысқа мерзімдік жоспар 1 күнге арналған болып келеді. Мен ішімдікке жоқ адаммын. Болады енді анда санда айында-жылында үлкен отырыстарды бір-жар рюмке коньяк ішу, кейбір қазақ суретшілеріндей шелектеп сыра, орылған шөлмек шөмеле болғанша апталап ішу менде жоқ. Мен уақытты қадірлеймін. Қазақта бір керемет данышпан жазушы болды Мұхтар Әуезов дейтін, сол айтатын «Еңбек мәдениеті - өнім сапасының өлшемі», - деп. Мен қатты құрметтейтінмін Мұхтар Омарханұлын. Мұхтар Омарханұлы уақытты текке өлтірмейтін. Талайды тәртіптілікке шақырған. Мен де талайға осы сөзді айту арқылы мәдениет туралы көзқарас қалыптастырдым. Мұхтар Омарханұлының бір ауыз сөзімен талайды емдедім. Данышпан «еңбек мәдениеті өнім сапасының өлшем» - деп қайталай берді. Данышпан дананың сөзін қайталаған сайын, алдынан тек қана нәтижеге бағытталған мақсатты еңбектенуден тұратын Мәдениет дейтін кеңістікке тезірек енгісі келген ішкі байлам, ішкі уәж серпін бере бастағандай, әлде бір тылсым күш заряд бере бастағандай кейіпке енді. – Мына Қарт суретші ұлы дананың бір ауыз сөзі арқылы мені тәртіпке шақырды-ау, кел тәуекел екеуміз достасайық дегісі келіп тұрды да
арасындағы жер мен көктей айырмашылық теңіздің қасында өзін тамшыдай көрушілік бағамы ол ойынан қайырып тастады. Тезірек ауылға барып, жоспар жасап ойындағы піскен картиналарды салуға кірісуге деген құлшыныс тудырған қарт Эрнстьке «Қарт Эрнсть» тақырыбында суретін салуға рұқсатын сұрады. - «Осы жасыма дейін талайдың суретін салыппын. Алайда, менің суретімді салуға ешкім жүрексінбепті. Ей, балақай, бір шартым бар», - дейді неміс қуланып» - Ал айтыңыз не болса да көріп алдым. - Ұқсата алмасаң сабаймын балақай, көңілімнен шықса сендер де жол бар ғой бата беру. Батамды беремін, алайда срок алты айдан кем болмасын не көп болмасын, керек жарағыңды өзің түгендеп ал. Атақты Эрнсть осылай деді-ау! Әлемді шедеврлерімен таң қалдырған қайран Эрнсть сенейін бе, сенбейін бе? - деп қартқа естіртте сөйлеп Данышпан қолын шапалақтап жіберді. Айналасындағы суретшілер қызғана қарады ма, жоқ жек көре қарады ма белгісіз үн-түнсіз тігілетігіле қалыпты. Бүгін өліп кетсемде арманым жоқ, бергеніңе шүкір Алла, ауылға жүлдесіз қайтсамда мейлі деп Данышпан өзінен-өзі күбірледі. Эрнстьтің күнде көріп жүрген қала қазақтарынан өзгешелеу бітімді Данышпан шынында да дарынды суретші еді. Кәнігі қылқалам шебері теңіздің дәмін тамшысынан білген-ді. Мына қазақ ортасына тап болса бір ерекше құбылыс болар деп пайымдаған. Әрине әлі дамымай жатқан тұстары баршылық. Эрнстьке Данышпанның туындыларындағы батылдық ерекше ұнады. Кейбір суретшілер сияқты туындылары жылаңқы емес екен. Өзін батылдық биігінен көргісі келетін қартқа батыл ұсыныс ұнады. Кейінгіге «батыл неміс Эрнсть» кейпінде қалу қарттың қашанғы арманы. Өз суретін өзі сала алатын Эрнсть батылдығымды өз портретіме бере алмай қалам ба деп қобалжитын. «Мына батыл суретші ұқсататын сияқты ма?» деген көкейінен бір қызғаныш жылт ете қалған Қарт суретші өзінің көрмесіне қарай адымдай жөнелді.
*** Данышпандар келе жатқан жай поезд екінші жолға тоқтайды деп хабарланды. Данышпаннның зайыбы кіші ұлымен отағасын күтіп алуға вокзалға келгеніне жарты сағат болған. Мәз-мәйрам болып Данышпан поезден түсті. Кіші ұлы сәлем беріп, әкесін туған күнімен құттықтады. Данышпан балаларын іштей еміреніп сүйетін. Еш уақытта балаларын айналып-толғанбайтын Данышпан, сол дағдысымен ой, мәледес, - деді де қойды. - «Әй, жүлде құтты болсын», - деді әйелі күлімсіреп. -«Айтсын, үшінші орын береді деп ойлаған жоқпын, жүлдесі де қомақты 100 000 (жүз мың) теңге, міне жаратарсың», - деді Данышпан конвертті әйеліне беріп жатып.
- «Әй сау бол ай, еңбегі жанды деген осы, туған күніңмен, мына кафеге кіріп кәуаппен сыра ішіп аласың ба өзіңнің мерекең ғой»- деді әйелі (әйелі шынымен айтып тұр) Данышпанға. - Қой, сыртта ішу еңбек мәдениетіне қайшы келеді. - «Не ғып», - деген сөз әйелдің аузынан еріксіз шығып кетті. - Үйге барған соң бір-жар рюмке коньяк ішермін, жұмыс көп болып тұр, жоспар құруым керек - Ой, ана достарың жолыңа айдай қарап күтіп отыр ғой, дегеніңе қоя ма сені, оның үстіне құдай беріп жүлделі келесің, үш күн жататын шығар достарың жетістігіңді тойлап. - «Оларға екі шөлмек алып беремін де қайқайың, менің шаруам көп деп үйге отырғызбаймын. Өзім де енді олармен мүлдем ішпеймін. Біле білсең «еңбек мәдениеті - өнім сапасының өлшемі», - деген екен бір ұлы адам деді Данышпан. - Кім болса да дұрыс айтқан екен, сені Алматы дұрыстап тәрбиелеп жіберген екен. Кім айтқан жаңағы сөзді? - «Еңбек мәдениеті - өнім сапасының өлшемі», - деп Мұхтар Әуезов айтқан. Оны маған жеткізген үлкен суретші - Эрнсть - «Ай, сау бол-ай, азаматсың», - деді әйелі. Жоғарыдағы еңбек мәдениетінің пайымына жете түсінбесе де ерінің ішімдікке үйір достарынан жерінгеніне қуанды. Данышпанды азамат деп алғаш атауы. Күйеуін әйел болып азаматым деп, арқа сүйерім деп осы үйге түскелі алғаш сезінуі еді.
КЕЗДЕСУ
- Алло, алло! Бұл Губернатор ма екен? Көптен бергі естімеген жанама атын естігенде кәдімгідей марқайып қалған қайқы төс, кең кеуде гүрілдеп сөйлейтін елулердегі ат жақты ұзын бойлы кісі: - Бұл кім әй, адамның мазасын алып жатырған? - деп қарсы сұрақ қойды. Телефон соғып тұрған орта бойлы еңкіш тартқан сары өңді кісі: - «Жаман студент, Фейербах тағы, сені мен іздемесем кім іздеуші еді», –деді. - Қазірде Ләйлі жоқ Мәжнүн көп дейтін Қосшы бала, қайдан жүрсің, мал-жаның аман ба? - «Қосшы бала дегенің орынсыз енді, аң аулауға немесе басқа бір тырнақшаға алынып айтатын істерге баулып жүргендей сөйлейсің, сендердің жағдайларыңды біліп сәлем беріп өтейін дегенім», - деп жаман студентпін деген кісі қысқа қайырды. - «Қазір қайдан соғып тұрсың», - деп Губернатор атанған кісі елпілдеп қалды. - «Сенің ауылыңдамын директорлықты тапсырыпсың, жұмыстастарыңнан телефоныңды алып соғып тұрғаным деді», – жаман студент.
- «Харектер мен директор үйлеспеді», - деп губернатор сәл өкініш білдіре сөйледі. - Миссионерің мен Вино-Батьяң қайда, мен осылай тұра берейін бе, бір отырыс ұйымдастырмайсың ба? - деді жаман студент Фейербах - «Сен қозғалма қазір барамын. Миссионер дүкен ашып кетті, ВиноБатья физика-математика ғылымының кандидаты, профессор болды. Кездестіремін деп» - губернатор қолындағы телефонын жаңғырып сөйлейтін режиміне қойып жүре киіне бастады. Математика пәнінде бір теореманың ондаған дәлелдемесі болады. Сол сияқты, құжаттағы есім аксиома іспетті де, жанама аттардың шығу тарихы болады. Жанама атау тәспірлеуді сұранып тұрады. Төмендегі оқиғаларда кейіпкерлерім жанама атымен аталатынын оқырманның қаперіне сала отырып әңгімемді сабақтайын. Американың байырғы тұрғындарының есімдері Қара қабылан, Өрмелегіш жылан, бір сөйлейтін Чингачгук не Аңсоғар, Ақ аю сияқты өзінің жаратылысына байланысты болып келсе студенттік кезеңдерде студенттің қалыптан тыс мінез-құлығына байланысты өз ортасында қосалқы айдар таққан аттар мода болып есептеледі. Әңгімеші ретінде кейіпкерлерімнің жанама атауына сәйкес енді затын таныстырайын ал тыңдаңыз. Хош деңіз.
*** Губернатор, Миссионер, Вино-Батья, жаман студент Фейербах университеттің математика факультетінде бір курста оқыды. Губернатордың губернатор атануына төрт жерде көзге түсуі себеп болды. Губернатор шу дегенде, абитуренттер қабылдау емтиханын математикадан тапсырғанда бес есептің бесеуінде дұрыс шешіп тек бір есептің жауабында сегменттің орнына жарты интервал жазып жіберген абитурент «төрттік» бағаға көңілі толмай апеллациялық комиссияға шағынып абитуренттер түгілі бүкіл факультетті «ойпырмай» дегізді. Жатахқанада курстастарын қорғаймын деп көшенің бұзық балаларымен төбелесіп ақыры бірін пышақтап тынды. Үшінші бір ретте партократ әрі бюрократ Ғылыми бір измнен беретін мұғалімге қарсы қол жинап курстастарының құқын қорғаушы болды. Төртіншіде Кеңес одағы ыдырар тұста жиналыстарда саясат айтатындар мінбелерді босатпайтын. Бұл да мінбелерден көрініп жүрді. Ресейдің тоқсаныншы жылдардағы Лебедев дейтін генералының даусы айнымай осының даусына келетіндіктен Губернатор атанды. Ал,енді Миссионерге келейік. Ғылыми бағытта өз жөнімен жүрген курстас жігіттерге құмар ойынының қызығы мен шыжығын талмай әңгімелейтіндіктен, қол шыққан күні группаластарын 1 сом 15 тиын тұратын кәрістің «көк суымен» үсірлететіндіктен өзіне үйірсектеп алған курстастарына түгел үш карт үйреткендіктен «шуллер ұстаз», «миссионер» атанды. Вино-Батья ә дегеннен ұлттық құндылықтардың артықшылығын айтудан жалықпайтын патриот әрі қызыл арақты жарнамалаушы ретінде
көзге түсті. Студенттер оны патриот атамай Вино-Батья атағаны қызыңқырағанда математика, ғылым туралы көбірек әңгіме қоздататын білімдарлығына бола өзі сөйлейтін кітапты тыңдау үшін көбірек маңайлайтын ортасы болғаны үшін Вино-Батья аталса керек. Жаман студенттің бұлай атануы төменгі курста орыс тілі пәнінен беретін ленинградтық әйел кісінің орыс тілінен нашар оқитын бұның тақтаға шыққанда үнемі қып-қызыл болып кететіндігін әжуалап «Неряшливый студент похоже помидори» деген теңеуіне сәйкес орыстың қопыраңқы дегенін азиаттандырып Аяз би аңызындағы «адамның жаманы сияқтандырып» жаман студент атанды. Төртінші курсында жаман студент орталық басылымда философиялық сарындағы мақаласын жариялады. Тақырыбы «шектілік және шексіздік» ұзын ырғасы төмендегіше: Сан табиғатына текқана шексіздік үздіксіздік тән емес, сонымен қатар математика ғылымы қозғалысты сипаттағанда «Зенонның парадосына» ұрынбауы үшін әлем жаралғанда бірге жаралған түзуді стандарт түрге келтіруде санақ басы, бағыты, бірлік кесінді таңдап алынатыны сондықтан деп философтардың еңбегін, әсіресе Людвиг Фейербахтан көбірек мысалдар келтіргендіктен жаман студентке Фейербах атауы қосылып, жаман студент Фейербах атанды. Төртеуі бас қосқан сайын айтылатын бір емтиханның тапсырылу тарихы бар. Төртеуі төрт түрлі етіп айтады. Губернатор сол емтихан мені оқсатты. Болашағыма жағымсыз әсер етті десе. Вино-Батья сол емтиханға тыңғылықты дайындалғанын айтады. Миссионер жездемнің арқасында алдым дейді. Фейербах менің есімде ұмытылмастай болып қалды дейді. Сол емтихан туралы айтайын да кейіпкерлерімнің отырысына қайта оралайын. Ал, хош деңіз.
*** Бұлар бірінші курста ең бірінші рет жоғары математикадан еңсегей бойлы ақ шашты факультет деканының дәрісін тыңдады. Сонда факультет деканы үшінші курс болмай нағыз студент болмайсыңдар, емтихан сынақтың бәрі оңай емес алайда екі қиын белес алдыңыздан шығады, бірі гуманитар пән онымен биыл кездесесіңдер, екіншісі математиканың бір саласы онымен төртінші курста кездесесіңдер деп табалдырықтан аттар аттамастан таныстырған еді. Гуманитар пән Ғылыми Измнен беретін мұғалім мен Ә дегеннен Губернатор шатасып, соңы қол жиналып әупірімдеп жүріп курс түгел мұрты бұзылмай өтті. Әу баста ескерткен қауіптің бірі есептеу әдістерінен лекция оқитын мұғалімнің жүзі суық, әрбір сөзінде есебінде шегелеп айтады. Лекцияның соңғы бір-екі минутында әлемдік саясаттан хабардар етеді. Сескенген жерден оқ тиер деген, әрбір студент лекциядан кешікпеуге тырысады. Миссионердің уағызына елтігендер де түнімен қол қараса да лекциядан қалмайды. Губернаторға уағыз өтіп кетті-ау деймін қара басып есептеу әдістерінен беретін мұғалімнің лекциясына жалпы оқуға келмей қала беретінді шығарды.
Бұл профессордың семсер серті бар екен. Ресейде іргелі университетінің бітірушілеріне диплом тапсыру рәсімінде түлектерге профессорда диплом тапсырады. Сол шарада орыстың ардагер бір ғалымы ортаға шығып сөз сөйлейді. Сонда мен бұл студенттерге төменгі курста сабақ бердім арасында екі студент болды. Математиканың не екенін білмейді. Соған сендер диплом беріп қылмыс жасап тұрсыңдар. Ертең бұлардың алдынан өздерінен де өткен сорақысы шығады дейді. Сол жерде өзін ыңғайсыз сезінген профессор он пайыздық тазалау жүргізуді өзіне өзі міндет етіп алады. Ауыр міндет бірақ елге жанашырлық патриоттық міндет.
*** Төртінші курстың соңғы күндері. Есептеу әдістерінен емтихан жүріп жатыр. Ұстаздың қаталдығы сондай аудиторияның төрт қабырғасына дейін кәрленіп алғандай. Сағаттың секунд тілінің сыртылдысы жайшылықта өтіп болмайтын уақытты асықтырып қамшылап бара жатқандай. Миссионердің көзі аларып кеткен. Миссионерге дауа жоқ. Университетте жездесі сабақ береді. Тілді кісі. Университетте екі фамилияласпыз. Ол буржуй пәленшеев мен пролетар пәленшеевпін дейтін үнемі шақпақ шақпақ костюм шалбар киіп жүретін адамгершілікті кісі еді. Бар тірнектеп жиған абыройын айрандай ақтарып миссионерге ерем деп әбден азып-тозған Мауглидің шашындай шашы жалбырап кеткен Губернатор ойындағысын жаза алмай ызаланып отыр. Өзіне де сол керек өзінде бар қабілетті бағамдамай картожниктік әбілет жолмен жүруін, отырсын енді ызалы жолбарыстай ырылдап. Карта сенің не көтіңе керек. Бес тиындық жаман студентсің. Қайраулы пышақтай лыпылдаған Вино-Батья билетке жауапты ұстаздың ойындағы межесіненде өткізіп кемерінен асыра сыртылдатып жазып жатыр. Ақтарып жатыр. Дарын дегеніміз осы. Студент дегенің осы. Болашақ жастардікі деп сенетін жасың осы. Вино-Батья жасасын! Өлең жазатын жаман студент Фейербах математик ақын жанды болу керек бұл дұрыс, ақын математикалық ұшқыр логикалы болуы керек деп былжырықтап жүретін еді. Математикалық ұшқыр логикасы да ақынжанды сезімталдығы да қамсыз кедей ауылға келген қарлы қыстай тыпыр еткізбей тастаған жаман студент берекесіз-ақ. Өзіне де сол керек бірінші курстың табалдырығын аттамай жатып ескерткен қиын белесі осы. Есептеу әдістерін әріптеп жаттап алатындай уақыты да қабілеті де болды. Кезінде көрерміздағы, сосын бітпейтін бір ұйқы. Кеш батса қатықсыз макаронға тойған соң сабағын бір қарап алып шалдар құсап құдая тоба деп елден ерте жатып қалмай, студенттер сияқты жылтың-жылтың қыдырыста, есебіңді шығарып болған соң есептеу әдістерін күніне болмаса аптасына бір қайтала. Кино, театр, кездесулерде өлең оқу философтармен, атеистермен айтысу не берді ал айтшы. Отырысың енді. Миссионерге ашулы ұстаз ұрсып–ұрсып екілігін қойып берді. ВиноБатьяны рахаттанып тыңдаған әділ ұстаздың жүзі жайдарылана отырып
«бестік» қойды және 5 курсты бітіргесін ғылыммен айналысуын шәкіртіне ұсынды. Әділ де қатал профессор мен қабілетті де еңбекқор студент бір біріне іштей риза болып қалды. Губернатордың гүрілдісі ұзаққа бармады. Картожникте не бір дайындық болсын «үштікті» олқысынып ызалы жолбарыстай гүрілдеп есікті теуіп ашып ол кетті. Зачеткісіне бірінші рет үштік түскесін кім болса да қиналар-ау. Жаман студент көп іркілмеді профессор күзде кел деп шығарып жіберді. Одан әрі жаман студентті сөйлетейік. Жазғы каникулда жүз тіпті мың рет оқып қай сөздің әрібі қалай салынған, конспекті дәптердің қай беті шимайланған есептеу әдістерінің практикалық есептерін Пифагор таблицасынан әрмен жаттап алған жаман студент күзгі сынаққа қалған 37нің арасынан жалғыз өзі «төрттік» алған 37-нің 11-і комиссиядан да өте алмай оқудан шығарылған. Миссионердің жездесі қайта сынақтың кезінде өзінің группаласы әділ профессорға келіп: - «Әй, әділ профессор мың жерден әділ болсаңда ескертейін, бұрынғы группаласың менің әйелімнің інісі мынау деп иегімен балдызын меңзеген қалпы жыланның алдындағы құрбақадай болып отырған», – деді де шығып кетті. Қап-қара болып түтіккен профессор Миссионерге есептер беріп байқады. Тағы екілігін қойды. Комиссияда әупірімдеп өткен Миссионер оқуды аяқтаған соң дүкен ашып кәсіпкер болды.
*** Төрт курстас кафеде отыр. Ортада хожелілік шашлык. Қаратауды кәсіпкер мен гүрілдеп сөйлейтін кісі орталаған. Физика-математика ғылым кандидаты мен сар өңді кісі рюмкі ұстамай, шырыннан ұрттап қойып бұрынғы Губернаторды тыңдар отыр. Губернаторда әңгіме көп. «Губернатор мені оқсатты», - деп, әділ профессордың да аулына әңгімені соқтырып қояды. Өмір өткенімен қызықты, ертеңімен тартымды деген осы-ау дейді ішіндегі ғалымы.
ӘСЕР
Бірде ауып, шашырап жүріп буырқанған бозбалалар мен бала қиялын дара қиялға балайтын мектеп оқушыларының жыр додасына тап болдым. Жыр десе, жау десе, ет десе елең етпейтін қазақ болады ма? Қанмен берілген бұрынғылардан ауысып жұққан бойындағы асыл қасиетін таза сақтап жол ұстанып халқының қадірін арттырмаққа қызмет етуге бел буған ұлдарының арасынан қасиетті әулиелерінің, жау жүрек батырларының, ақынжырауларының, би-шешендерінің есімін аса ұлықтайтын ұлт қазақтай-ақ болар. Қыдыр дарып, сөз қонған ақындар туралы «Ақын болмақ сойдан-ды» дейді халық. Жауды көрсе, жұтынып бес қаруын сайлаған, ұзын мылтық дүрбісінен сығалап, мұртты майлаған батырлар туралы «Батыр болмақ ойдан-ды» дейді ер Махамбет. Ақындық батырлықты насихаттаса, батырлық
ақындықты насмхаттайды. Қан майданда иманын үйіріп, жанын шүберекке түйген, еңіреген ерді ақын демей көр. Елдіктің туы Гимнді жазған ақын мен музыкантты батыр демей көр. Ақындық болсын батырлық болсын ұстазғалымдық болсын үлкен жүректі, ақ көңіл, мөлдір сезімді, жаны таза, рухани көркем мінез әулиелікке үндейді. Содан, көңілі қардан да аппақ желкілдеген жасөспірімдерге құлақ түрейін. Әдебиет теориясынан хабарым болмаса да сөзден әсерлене алатын дәлірегі жақсы сөзге семіріп жаман сөзден ортайып, ұяла білетін қазақтың бірі болғандықтан жыр додасынан алған әсерімді баяндауға бекіндім. Әрине, тым шұбалтпай, сорпа бетіне шығарларына тоқталамын. Сөз қалыптауға теория жүргенімен, әсерге теория жүрмейді ғой. Теорияға көнбейтін әсерімді айтуға құқым болғандықтан, оқырман түсіністікпен қабылдар деп білемін.
Жабылған уран карьерінің күнгей бетінде отырықшы елдің аппақ ниетіндей болып ұйысқан аппақ үйлері сап түзеген ауыл бар. Батырдың ұрпақтары тұрады дегендей ауылды «Батыр ауылы» деп атайды. Тәуелсіз елдің әрбір тұрғыны, әрбір ұланы батырлардың жұрағаты деуге әбден лайықақ. Сол ауылдың мектебінде Қазақ қызының өжеттігін, дарындылығын, сыншылдығын, сыршылдығын, қайсарлығын алты алаш түгілі алты құрлыққа таңдай қақтыра танытқан ақын Фариза Оңғарсынованың жырларын насихаттауға ойдан қырдан 34 оқушысымен мұғалімдер жиналған екен. Елдегі ақынжанды жаңа талаптарды жар сала жиған Республикалық «Қосай ата» қоғамдық қоры. Атақты Мәтжан бидің: «Тәзіке–Қосай болып бір кетеді. Ақпан-Құнанорыс болып бір кетеді. Балықшы-Жеменей болып бір кетеді. Ай, осы Мұңал-Тобыш болып бірге жүре алсақ жарар-еді», - дегенін дәлелдегендей «Қосай ата» қоғамдық қоры игілікті іске мұрындық болған екен. Ал,хош сонымен шарамызды бастайық.
*** Әлгінде жүргізуші, Қазақстан журналистер одағының мүшесі деп таныстырған орта жастағы жігіт ағасы сөз алды. «Құрметті ұстаздар мен оқушылар, қазақтың қайталанбас ақын қызы Фариза Оңғарсыноваға арналған «Поэзия патшайымы» атты жыр кешіне қош келдіңдер! Бүгінгі сайысымыз екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең поэзия патшайымы Фариза Оңғарсынованың жырларын жатқа айту, екінші кезеңде ақын Фариза Оңғарсыноваға арнау өлеңдеріңізді оқисыңдар. Бүгінгі жыр кешіне төрелік ететін қазылармен таныстырайын» деп мәжіліс залын толтырып отырған сайысқа қатысушылар мен тыңдармандарға бір қарап алды да дауысын жуандата: «300 әннің, 20 кітаптың авторы, балалар ақыны Көмек Ыбыраев, сазгер, әндері Орта Азияға танымал «Маңғыстаудың Мараты» Ордабаев Марат, қазылар төрайымы танымал дарынды ақын Ақшагүл Рамазанова.
Ақын апамыз туралы, ақын Орақ Байғалиев: «Біреу білер біреу білмес жадыңызда жүрсін. Өздерің сияқты Ақшагүл апамыз жаңа көрінген кезде «Қазақта қыздан ақындығына теңдесер ешкім болмап еді» дейдіге келгенде шамасы көңілдері әділ-қазыларға толды-ау деймін залда отырғандар қолды соғып шапалаққа көміп жіберді. Алтынды пробасынан жазбай танитын зергерлер сияқты сөзді жазбай танитын сөз зергерлерінің алдына, бозбалала мектеп оқушыларының туындылары рет-ретімен қойылған екен. Сахнаға бірінші болып жоғары сыныпта оқитын Қарақиялық оқушы шықты. Қазақы шапан киіп алған оқушы мәнерлеп оқуға төселіп қалғаны ә дегеннен көрерменін баурап алғанынан байқалды. Ақынға арнау өлеңін, атақты «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз», - деп Мұқағали Мақатаевша бастады. Балалар әдебиеті мен жастар әдебиеті аралығындағы кеңістікте мосқал тартқан, айтарын ақылмен аптап, тәжірибелерімен түйіндейтін әдебиет ардагері арнау оқып тұрғандай көңілде көрініс қалдырды. Біршама күңіреніп алып Фариза Оңғарсынованың жырлары «архивтерде шаң басып жатпағанын» алдағы уақыттары да өнер көгінде жарқырап тұратынын баян қылды. Ай, бала көктемгі самал қайда, өлеңдегі жас құрақтан аңқитындай иіс қайда? Есениндік бозбалалық дес қайда дегің келеді екен. Өзіме таныс теңеулер, коншина ойынында қолдан қолға өтетін крестің тұзынша қолдан қолға өткен таныс түйіндер оқылды. Өзіне таныс бетон бет асфальт жолмен күніне жүз өтетін, жол белгілерін жаттап алған таксисше келесі жолаушымды күткендей болып отырдым. Екінші болып жоғары сыныпта оқитын «Қаһарман қала - Жаңаөзендік» оқушы шықты. Бітімінен ақылдылық байқалады. Біршама өлең оқу мәнері бар. Өзіне құйып қойғандай қара пальтосы мен жарасымды қара кепкісі бозбалаға жарасымды-ақ екен. Тіпті мәнерлеп оқуда сауаттылық танытып ауада жерге түсіп бара жатып аунап кеткен кейбір сөздің түйірін қағып алып оңына аударып тыңдарманға бағыттап жіберіп тұрды. Арнау өлеңін көпті көрген тәжірибелі кісіше көсіле бастаған бұланың «тастан жұмсақ, судан мөлдір» деген өлең жолындағы судан мөлдірі түсінікті, ал «тастан жұмсағы» жамбасқа тастай батып көңілге қонбады. Содан соң үш, төрт, бес. Тоғызыншы ма болып Маңғыстау ауданынан бір оқушы шықты. Ақын өлеңін бір сыдырғы оқып шықты. Болады енді. Арнау өлеңіне Фариза Оңғарсынованың туған ауылы мен шыққан руы Тәзіке руын қосып, поэзияны рулық деңгейге Қазақ хандығы тұсындағы жыраулық поэзиямен қосып теңдеді. Поэзияны Абай өлшемінен төмендетті, сонымен қоса өлеңінің де бәсін түсіріп алды. Мұнайлылық жас өрен сахнаға батпанға толып шықты да салған жерден тақпақтата залға қарап: - Жол берсеңдер күллі жарты миллион Адайды жерге қаратпаспын», - деді. Дауысы ашық жойқын салмақты екен. Жол сұрау әдебі қадымнан бар болғанымен, тура баяғы үш жүздің батырлары бір тудың астына жиылып жауға шеп құрап тұрғанда «жекпе-жек, жекпе-жек» сұралғанда жол сұрау
әдепті көрінгенмен поэзияда біріншілікті маған бер деген омыраулау болып көрінеді екен. Жалпы жайшылықта үлкенге жолыңды берсең ізетті көрінесің. Фариза Оңғарсынованың жырын жеріне жеткізе оқыды. Арнау өлеңін де жақсы оқыды. Ерте есейген бала екендігі байқалды. Дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың оқушысы өлең оқысы бөлектеу екен. Тәрізі Фариза Оңғарсынованың табиғатына болмысы жақындау не актерлық қабылеті бар, ақ жаңбырдай құлақтың құрышын қандыра жайлап айта түсе нөсерлетіп төгіп-төгіп жіберетін жақсы мәнері бар екен. Мұнайлы ауданының №5 орта мектебі болуы керек, жоғары сыныптың сүйріктей бір оқушысы ақын өлеңін оқығанда образға беріле оқыды. Айтушының аузынан шыққан сөз қылаулап жауған қардай тыңдарман көңіліне салмақ түсірмей түсіп, бабымен жібіп, өршіл рух нәрі тамырдағы қанға сіңіп, сана жүрекке ұялай баурап әкетті. Арнау өлеңі суретке құрылыпты, Қабдеш Жұмаділевше айтқанда «нешауалау» (жақсы) өлең екен. Осы шараны ұйымдастыруға атсалысқан орта мектептің оқушысының жыр оқу мәнері өзгешелеу болды. Темірді болгаркімен кескенде жан-жаққа от шашырап ұшқындағанымен жарқыл-жұрқыл тез сөніп қалады ғой, сол сияқты ауыздан ұшқындап жан-жаққа шашырап түскен сөз жеріне жеткенімен көңілдің толқын гармониясын қозғалысқа келтірерліктей шеберлігі дәлірегі жүректің сөйлеуі мен көркем сөз оқу машығы кемдеу болды. 34 оқушының ішінен өзіндік ерекшелігімен дараланғандары осылар болды. Қазылар не деді?... Соған аз-кем тоқталайын. Бірінші болып сөз алған журналистер одағының мүшесі: «Өнер жолы қиын жол, барлығың да өз деңгейінде дайындалып келген екенсіңдер. Барлығыңның ақын болуыңыз шарт та емес. Ең маңыздысы, тым құрыса бір шумақ отты жыр бойларыңа сіңсе, сол сіңген жыр рухыңызды бекемдейді. Алма ағашының түбіне ағаш берік болсын деп темір көмеді. Сол темір уақыт өте келе топырақта корозияға ұшырап алма ағашына беріктік сыйлайды. Сол сияқты жаттаған жыр шумақтары уақыт өте келе ұмытылады, алайда сол жыр шумақтары сендерге қайсарлық дарытады. Әдебиетті сүйіп оқитындардың орта жаста бір беткей болып тек қана адалдық іздейтіні сондықтан деп білемін. Жарайды, бүгінгі жазып келген арнау өлеңдеріңе тоқталайын. Сендер кітаптан оқығандарыңызды өмір өрнектері деп ойлайды екенсіңдер. Оқығандарыңды ұйқас етіп құрастырып келгенсіңдер. Он сегіз мың ғалам жаралғанда тас та жаралған. Алайда сол тасты қалай болса солай пайдалана алмаймыз ғой. Пайдаланған күнде де симметриясы болмайтын, сұлулығы болмайтын дүниелер жасап шығар едік. Адамзат тасты қалыптап (стандарттап) әдемі зәулім ғимараттар салмай ма? Сөзді де қалыптау керек. Буын сандарының әр келкілігі бірден ұрып тұр. Қалыптаған сөзде ойнақылық, жорғақтық керек. Бұл алғы шарттары. Ең негізгісі сендердің бойларыңнан тапқырлық пен билік, шешендік табылуы керек. Мұқағали аталарыңыздың өлеңдерін алып қараңыздар. Мысалы «Қариялар азайып бара жатыр, бірі мініп келместің кемесіне, бірі жағада тұр, немесе Махаббат
диалогіндегі «Қойшы сәулем бәрінде көтеремін». Ал, жақсы жассыңдар ғой, ал жастың өлеңінде жастық кешірімді балалық болмайды ма? «Көшпенділер» киносындағы Абылайдың Шарышты өлтіретін кезі ескі қорған түбінде суреттелген. Жаугершілік заманда қорғанның маңызы зор болған. Сол қорғандарда батырлықтың ізі жатыр. Сол қорғанда бүгінгі бақытты заманның балаларының ізі де жатыр. Қорғанның қабырғасына бір тентек бала махабаттың символы жүректі жарып өткен жебенің суретін салып кеткен. Баланы жазғыра алмаймыз. Баланың аты - бала. Ал, сендер бесіктен белдерің шықпай үлкендердің әңгімесін айтқыңыз келеді. Мен бір жақсы ақынды білемін. Ақындығында мін жоқ. Бірақ еліктеудің құрбаны болды. Жас кезінен Төлеген Айбергеновке еліктеді. Жырларынан Төлеген Айбергеновтің әсері көзге ұрып тұрады, бірақ бас ашық шындық Төлеген Айбергеновтен аса алмады. Енді журналист болып жүр. Шама келсе өз үндерің болғаны дұрыс. Аса өзгеге еліктеуге бой алдырмау керек. Алпысыншы жылдар болса керек кейін әлемге әйгілі жазушы болған бір аталарың жиырма жасында группаласына қыз айттыра барған ғой. Сонда қыз әкесі қыз айттыра келгендерді баласынып үлкендерің қайда демей ме? - Оны соғыстан сұраңыз, - дейді қыз айттырушы - құда. Үлкендерді соғыс жалмады дегенін ұқтырғаны ғой. Сол айтқандай, аллаға шүкір алдарыңызда одаққа мүше 800 ақын-жазушы бар. Олардың сыртында ақын-жазушымын және үлкен ақын-жазушымын, - деп жүрген Одаққа мүше емес 8000 ақын-жазушы тағы бар. Үлкендердің сөзін солар-ақ айтар. Сендердің сезімдеріңіз санаңызға нені сәулелендіреді соны жырлаңдар. Асықпаңдар. Мысалы Автодром деп тұрғындар атап кеткен ел бар. Кезінде автомобиль жүргізуге машықтандырған алаң болуы керек. Автомобиль қазаққа 40-50 жыл бұрын таңсық көрінді. Ал, қазір пилотсыз басқарылатын дрондар таңсық көрінеді. Автодромды суреттегеннен суретші боларсың, бірақ ол жаңалық емес. Сен аквадронды суреттесең бүгіннің суретшісісің. Қоғам келбеті өзгерді. Поэзияға да мыңның бір үлесіндей тіпті миллионнан бір үлесіндей пайыздық өзгеріс енгізуге тырысыңдар. Осыларды сендерге айтпаған аға буын біздердің кемшілігіміз бар. Кітап жазсақ кіл биіктер туралы жазамыз. Құдай жарылқаған биіктерді биік-биік дей бермей, өскелең жастардың арнасына да көзімізді салуымыз керек. Көш жүре түзеледі. Араларыңда бала тілімен жазған өлеңдері шикілеу жаңа талаптар бар екен. Дегенмен осы бағыттан жаңылмау керек, жарайды сәтсіздіктер сәттіліктің қақпасы, - деді. 300 әннің авторы балалар ақыны атанған әділ қазы: - «Оқушылар жақсы дайындалып келген екен. Алайда сендер өлең жазып келгенсіңдер. Бір бөшке суға зәмзәмның бір тамшысын тамызса, сол тамшы - поэзия. Араларыңызда поэзияны түсінбейтіндеріңіз де бар, ақындарға жаздырып алып өз туындым деп оқып бергендеріңіз де бар. Дегенмен, үміт күттіретіндер араңызда баршылық» - деді. Әділ қазы төрайымы А.Рамазанова «Поэзия патшайымы» атанған Фариза Оңғарсынованың қайраткерлігі туралы, әрбір қазақ қызын өз
сіңлісіндей көріп, қамқорлығын аямағандығы туралы, өзін жоғары оқуға түсуін тұрмыстық қиыншылықтар болса дағы қоярда қоймай жоғары оқуды аяқтауын талап еткен Фариза Оңғарсынова екенін тартымды етіп баяндап келе бұл игілікті шараға мұрындық болып отырған Республикалық «Қосай Ата» қоғамдық қорына алғысын айтып, болашақта осы шара жалғасын тапса деген ізгі тілегін айтты. Әділ қазылар төрайымы А.Рамазанова «Поэзия патшайымы» атты жыр кешін қорытындылап жүлделі орын алған оқушыларды марапаттады. «Поэзия патшайымы» атты шарада өлкемізге, Республикамызға белгілі шәкірттері үнемі жақсы қырынан көрінетін «Облыстық дарынды баларға арналған мектеп интернаттың» қазақ тілі мен әдебиеті пәннің жоғары санатты мұғалімі В.Әбдіқалықованы, Жаңаөзен қаласындағы №15 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Мұнайлы ауданы №10 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі «Қосай ата» мерекелік төс белгісімен марапатталды. Жиын тарарда сегізінші әлде тоғызыншы сынып оқушысы болуы керек бір оқушы: «Әділ қазылар,әділ қазылар», –деді. Шараға жиналғандар аң-таң . - «Әділ қазылар, ақыры орын бермеген екенсіңдер, менің жыр дәптерімді өзіме қайтарыңдар бәрібір түсінбейсіңдер, жыр түсінбейтін адамға жырларымды беріп жібере алмаймын», - деді дөң айбат шеккен балапан ақынымыз. - «Әй, балақай ереже бойынша қолжазба қайтарылмайды. Осы сен түбі бір жерден шығарсың. Мына мінезің бәрінен де әсерлі болды. Мен де кезінде солай ойлайтынмын», - деді журналистер одағының мүшесі езу тартып.
ВАХТА
«Құрыш қалай шынықтыдағы» бұрқ-сарқ қайнап жататын еңбек қазаны әлі күнге тасып төгіліп жатыр. Күн сөнгенше оттан түспейтін еңбек қазанының кешегіден айырмашылығы идея - мақсатында, бүгінгі еңбек қазаны көп жыл езілген, бүгінде рухани жаңғыру үстіндегі тәуелсіз елдің ертеңі үшін қайнайды. Машинадағы термометр талма түсте 52 градус ыстықты көрсетсе ұялы телефонның температура көрсеткіші 46 градус ыстықты көрсететін шілденің таңертеңгілігінде жол сөмкесін арқалап желіні сыздаған мама сиыр жүрісті салмағын аудара адымдайтын орта бойлы бір кісі автобазға жиналып, буынып, түйініп отырған бір топ шоғырға таяп келді. - «Ің-ң – ах-ха-ха-ха», - деп автобаз ауласын басына көтере кісіней күлген орта жастағы дембелше келген, арнайы темекі тартатын орында отырған шортилы жігіт ағасы бұған: - «Сен-әм, мен-әм пахтаға бара жақпыз», - деп кісіней күлді.
Күннің ыстықтығы, жұмыстың қиындығы қаперіне кіріп шықпайтын өзі айтып өзі кісіней күлетін жігітке қарап жаңа қосылған кісі: - «Пайғамбар да мұқтаждықтан қой баққан», - деді. - «Қарақалпақтар мақта егеді екен, сол мақтаға мұғалімдерді кезекпенен 15-20 күн еріксіз жұмсайтын көрінеді соны қарақалпақша пахта дейтін көрінеді. Мұғалім сыбайым жасайтын мектепке барғанда сені көретін едім, шахматтан бермейсің бе?, - деді? Өзі айтып өзі кісіней күлетін жігіт. Өзі айтып өзі кісіней күлетін жігіттің қасында шойыннан тұтас құйғандай жұмысқа әбден піскен күнқақты жүздері ызғарлы екі кісінің бірі әлдебіреудің өтірік айтатыны туралы, оның жұмысқа қырсыздығы туралы айтып отыр. Екіншісі әңгімені қоштай отырып, жаңа келген бұған сен де өтірікшінің бірі шығарсың дегендей ызғарлы қарады. - «Иә, мұғалімбіз. Шахмат клубы орналасқан ғимаратта «қызметтік мамандықтар» бойынша даярлайтын ақылы қысқа мерзімді курстар ұйымдастыратын оқу орталықтары бар, солардың екеу-үшеуін бітіріп алдым. Бұрында еңбек демалысы кезінде аспаз болып жұмыс жасайтын едім. Биыл «аттарыңды жиі ауыстырың», - деп Конфуций айтпақшы сертификат бойынша регулировщик-нұсқаушы ретінде жұмыс жасамаққа бекіндім. Регилировщик сөзін қазақшаға нұсқаушы деп аударған. Реттеуші нұсқаушы сөздері бір-бірін қабады. Аудармасы абсурд сөздер де бар. Мысалы жирафты керік дейді. Атақты күйші Сержан Шәкіратты сөйлетсең: «Мойны ұзын теңбіл-теңбіл жануар бұл өлкеде жоқ, болмаған да. Ал, керік сөзі бізде сұлу, әдемі дегенді білдіреді. Құлшардың «Кербез керік» күйі осыны айғақтайдыдейді. Шөбім түскені осы «Жаңажол Құрылыс» ЛТД болды. Біз үнемі көлеңкеде жүреміз, 15-20 күн күнге қақталып зарядталып, құрыс-тырысты жазып денсаулықты нығайтып алғанды айып көрмейміз. Қойшылық қызметке кемі үш ай қой бақпасаң алмайды. Таза ауа да Суворовша күн кешуге әрбір ерікті азаматтың құқы бар дегендей. Үш ай қой бағуға ертең дәстүрлі Жаңақорғанға барып ем-дом алып келуге де уақыт керек. Күнде ыстық болып тұр. Үйдегі сауданы базардағы нарық бұзады, әлі қан қысымы қалай сөйлейді? - деді сөзі ұзын шахматист мұғалім. - «Мұғалім, 45 минутта қырық бес түрлі ақыл айтады дегенге көзімді жеткіздің аға», - деп ойын айтып болмай кісіней күлетін жігіт ағасы -ің-ің ахха-ха-ха-лап автобазды басына көтерді. Өзі айтып өзі күлді. Шамасы ойы тілдің үшіне келгенде сөзге айналмай, көмейге қарай лықсып қайта бері шалқып күлкіге айналып кететін болуы керек. - «Әй, көже батырлар! Айдаң ақ жағалылар құсап көлеңкеге тығыла бермей анда барып отырыңдар, жұмысқа кедергі келтіресіңдер», - деп бокста көлеңкелеп, вахтаның автобусын күтіп отырған кіл сәуріктей жұқалтаң келген оншақта жас жігіттерді бокстың қақпасына дейін қуып тастаған, күнге шағылысып жалт-жұлт еткен қолында түйенің жілігіндей ауыр кілті бар қарт механик сауыс-сауыс комбизонын қаудырлатып керзі етігін сүйрете басып аюдай қорбаңдап боксқа қайта кіріп кетті. Қарт механиктің жүрісін
салған біреуінің мимикасына ырқ-ырқ күліп, өкшесімен жер теуіп былқ-сылқ жүрген жас жігіттер шахматист мұғалімдер тұрған арнайы орынға келіп темекілерін тұтандарды. Шофердың қасына жайғасқан бұнымен енді ешкімнің ісі болмады. Кондиционеріңді жайлап қой деп шоферға ескертті де өзі қалғи бастады. Күн айналып жерге түсердей от есіп тұрған аптап ыстықта түске тырмыса жұмысшылар қалашығына жетті. Жұмысшылар қалашығында 40 тонналық контейнерлерден жатақханалар құрастырылған екен. Контейнерлердің ішін боз қыраулы күз дерсің, сырттан барған кісінің тері қатып кәдімгідей түшкірер күз тымау боларлықтай салқын екен. Алты адамға шақталған екі ярусты кроваттар орнатылған контейнер қорапты бөлмелер кондиционер күшімен салқындатылған. Душ кабиналарында ыстық су, салқын су тас төбеңнен саулап тұр. ТБ-шниктер қауіпсіздік ережелерімен, қалашықтағы жүріс-тұрыс ережелерімен таныстырып қол қоймаққа топ-тобымен кабинеттеріне тоғытып кіргізіп алып мораль оқиды. Шахматист мұғалімрегулировщик төрде жасыл желетті ақ каскалы ТБ-шникке жақындап барып қол қоймаққа ыңғайлана бергенде ұзын бойлы жол қауіпсіздігіне жауапты жігіт: - Абеке, мына регулировщик әкеммен жасты екен деп жасының біршамаға келгенін қағытып өтті. Мұғалім сөзден қалған ба, қалжыңдаған жігітке сыртын бере тұрып: - «Бұл мекемеде де боқтауға құқым бар, бір бастық табылды», - деді. - «Қойыңыз, адам құрығандай бастықтарды боқтаудан жұмыс бастағалы тұрмысыз, әдепті болыңыз әйтпесе...», - деді, төрдегі әлдебір қағаздарға қол қойғызып отырған ақ каскілі жасыл желетті ТБ-шник шахматист мұғалімге қарап езу тартып - «Бір тиынның құлы болып жүрген кісіде неғылған нәндік дейсің, қам жеме нәшендік», - деді шахматист мұғалім. Күрең каскі (дулыға), күрең желет, қызыл түсті таяқ ұстаған шахматист мұғалім қызыл құмырсқа түске еніп жұмыс адамына айналып шыға келді. Жасыл желет, ақ каскі (дулыға) кигендер үлкенді-кішілі бастықтардың құрамында болып келеді екен. Асханадан тамақтанған бұлар сағат 13.30-да өздерінің жұмыс орындарына автобуспен жеткізілді. Төлеген Айбергеновтың жырындай бұрқырап екі асфальт зауыты мойындарын созып алып күніге, әрқайсысы 1200 метрлік жолға жететін асфальтті көрдім демейді екен. Кузовындағы 2025 текше метрлік жүктің салмағын оқушы сөмкесі құрлы көрмейтін кең астаулы қытайлық «шахман», «коба», «стербалар» сөткелеп тыным таппай шапқылап жүр. Шай құйған жаңа түскен келінше ожауы топырақтан бір құрғамайтын «хундай» экскваторлар төбелерді әп-сәтте жеп тауысатын қомағай болады екен. Айлы түнде айға қарап ұлитын құртқаларша әрбірі әр төбенің басында шоңқиып алған экскваторлар шаңды бұрқыратады келіп. Күн бір жауса терек екі жауады дегендей, күн бір ысыса шағыл топырақ екі ысиды. Тауықтың жұмыртқасын бетіне көмсең жұмыртқа пісетін ыстық.
Төбе төбе етіп отметщиктер төктірген топырақты жаюға қытайлық «шантүй» булдозерьлер, грейдерлер кіріссе, катоктар жол таптайды. «Водавоз» деген жазуы бар 10 тонналық су машиналары ұзына бойы геодистер өлшеміне ылайықталып жайылып, тапталған топырақты бұқтырып, иін қандырып нөсерлетіп жүр. «Қырманға кел қалқатай» әнінің шырқалатын жері міне, осы. Шахматист мұғалім қызыл құмырсқа түстеніп киініп алып қытайлық жүк машиналарды жолға шығарып, жолдан күтіп алып тұр. Экскаватор тасбақаның дауылынан жаман дауыл туғызады екен. Самұрық құс қонарда дауыл тұрады дегенді оқығаны бар еді. Төбе басында ойқастап тұрған экскватор тұрғызған шаңды дауыл жел төбе жаққа ауысып соқса көз аша алмай қаласың. Дауыл емес бархан дерсің. Үсті басы шаң-шаң, тісі топырақтан қышыр-қышыр еткен шахматист мұғалімнің тек көзі жылтырайды. Су өтпеген жерге шаң өтеді деген тершіген мойынына бір елі майлы топырақ қаймақтанып жабысқан, ауыр ботинкасының қонышынан ба басқа жерінен бе шаң өткен аяғындағы шұлығы майланып жаман әсер етіп тұр. «Ал саған күннен заряд алған керек болса, ал саған Суворовша 15-20 күн өмір сүруге құқың бар болса, салпақтап қой бағам дейсің еще, Конфуциды айтатынын айтсайшы ойбай-ау, не жетпейді осы саған, шахматыңды ойнап көлеңкеде тап-таза болып жүре бермейсің бе?» - деп шахматист өзіне өзі ұрысып тұр. Жаңа әзірде бортты газелін жабусыз мініп діңкілдеп жүретін ТБ-шник жұмысшыларға таратып жүрген баклашкадағы мұз қатқан суы сүт пісірім болмай ысып кетті. Ысыған суға пластмассаның иісі ұрып ішсе құсқысы келеді. Күндегі түс мезгілінде көз шымырын алатын дағдысы бар еді, ұйқы деген арсыз ит 14.00-16.00 арасында жаман қысты. Ауыр ботинкісі де зіл тартып жерге жабыстырып барады. Діңкең құрыса қара жер болар мақпалдай демекші асфальт жолдан әрі өткен, бері өткен жүк машиналарының ыстық лебіне кеудесін тосып солығын басып жан сақтап тұр. Дегенмен шахматист мұғалім ермек тауып алды. Ойша шахмат тақтасын жайып, қайдағы Х ойыншымен логика сайыстырады. Өзі-өзімен күбірленіп жүріп алғашқы күнін де өткізді-ау. 19.30-да автобусқа отырды. Автобуста қайдан сап ете қалғаны ойына Тарас Шевченконың кемеге отырардағы сахараны басып тұрып айтты дейтін соңғы сөзі оралды. Қайран данышпан жазушы Тарас Шевченко жазықты болып жер аударылып келіп, кесігін аяқтап, айдауда күнін өткізген қазақ сахарасына қарап тұрып: «ит байласа тұрғысыз жер екен, бірақ осы жерде қандай тамаша жандар жасайды десеңші», - депті. Жұмысшылар қалашығына келіп жуынып шайынып, кешкі тамағын ішіп ерте жатуға қамданды. Автобустың шоферымен бөлмелес екен. Автобустың шоферы сергек. Омар Һаямның рубаиларын орысша төгіп-төгіп жібереді де дәл сол төрт тағандарды қазақша, Қуандық Шаңғытбаевтың әлде Рза Оңғарбайдың тәржімасы болуы керек қазақша судыратады. Шахматист мұғалім таңданысын жасыра алмай: - ОҺо! - деп қалды.
Ұйқысы қанбай жүргендей манаурай мұрынынан сөйлейтін автобус шоферы: - Аға ішімдікке қалайсың? - деді. - «Ішпеймін. Негізі адамды жолдан қалдыратын нәрсе ғой. Саған да кеңесім әуес болма, оның үстіне күн ыссы ғой», - деді шахматист мұғалім. - «Қанша жаман болса да, араққа сау болсыннан басқа айтпаймын. Арақ сау болсын 540 (бес жүз қырық) әйел затымен төсектес етті», - деді мұрынынан сөйлейтін автобус шоферы. - Санап жүрсің бе? - деді. Таң қалған шахматист мұғалім - Аты-жөнін күнін жазып жүремін», - деді автобус шоферы. Осы кезде, жиналысқа деп дәлізден біреу айқайлады. 50-60-тай адам шеңбер жасап жиналып тұр екен. Бұл да шетіне барып тұрды. - Арыз-шағымдарыңыз бар ма? - деді ортада тұрған ТБ-шник. Әзер тұрған болуы керек орта бойлы алпыстарға келген бір кісі: - «Кеше түсте барған тамақтың ішінен болт шықты, компот керек емес түсте жұмыс басына шай жіберсін», - деді. - «Түнгі кезектен келгендер душта ыстық су болмағанын айтты», - деді бір жас жігіт. - «Бүгінгі түскі тамақтан шаш шықты», – деді енгезердей бір жұмысшы. - «Механиктер техникадан хабары жоқ. Ремонтта тұрған «коба» машинама бір поршеньді теріс салып жіберіп блоктан айырды. Ал мен күндегі табысымның жартысынан қағылдым. Қарайған машинасы бар базда поршень салуға 2500 теңге тұратын бір зажим табылмады. Бір күн босқа кетіп зажим алдырдық», - деді қырғыз акценті бар бір шофер түтігіп. Түтікпей қайтсын біреудің кесірінен табыстан қағылды. - «Айран-сүт ішпегелі апта болды», - деді көзілдірік таққан аласа бойлы бір кісі. - «Жұмыс басына нанды жіберіңкірең», - деді. Қазақша сөйлесе де өзбекше акценті жеңіп тұратын шахматист мұғалімнің тағы бір бөлмелесі, нанды шамадан тыс көп жейтін экскваторшы өзбек жігіті. Біраз үнсіздіктен соң, арыз-шағым айтылып болды-ау, деді ме ТБ-шник дауысын көтере: - «Бұның бәрі өткен вахтада болған екен, сіздер бір айлықтағыларсыңдар ғой ә», - деп сұраулы жүзбен шағымданғандарға қарап алған ТБ-шник сөзін қайта жалғады. - «Аспаз құрамы өзгерді, тамақ сапасына көңіл бөлеміз. Шағым кітапшасына жазыңдар», - деді. - «Жаздық, жаздық қажет болса соткаға түсіріп алдық», – деді жұмысшылар. Екі күннен соң регулировщиктердің бірі мәселе көтерді. Таңертеңгі мезгілде мәселе көтеретін жаңадан жұмысқа келген орта бойлы қағылез жігіт регуловщиктер түгел ТБ-ға деп тұрып алды.ТБ-шниктің өзі де келе кетті. - «Мәселені шешіп алуымыз керек деді», - қағылез жігіт.
- Асеке, не мәселе? - деді ұзын бойлы жол қауіпсіздігіне жауапты ТБшник. - «Біз, бекет басынан түскі тамақ ішуге қарсымыз», - деді Асекең. - Бұрынғылар ішіп жүрді ғой, не болды? - деді ТБ-шник. - «Мен, мұнайда да, жолда да түріктерде де, американдықтарда да, қытайлықтарда да істедім. Барлық жерде айтарым бірінші условия (қолайлы жағдай) болсын деймін. Шаңның астында шаң-шаң болып отырып тамақ ішпеймін, тамақ жіберсең қайтарып жіберемін», - деді Асекең. Ашудан жүзі күреңітіп кетсе де тілін тістеген ТБ-шник: - «Сіздер не», - деді? Екі жас регулировщик ішпейміз деді келісіп алғандай. - «Ал, сіз», - деді шахматист мұғалімге тістене қараған ТБ-шник - «Мен бұл жерге условия іздеп келгенім жоқ еді, жігіттердікін де теріс дей алмаймын. Бөлініп кетсем ізімнен сөз ереді. Ұсталмаған қарыз бір күн оразам бар еді», – деймін деді. Жақсы ақылдасармыз, жұмыстарыңнан қалмаңдар деп ТБ-шник бұларды шығарып салды. Қағылез жігіт жаратпағандай «Таңертең тамақ іштің ғой, оразаны неге қыстырдың? - деді. - «Шахматта сондай жүрістер бар», - деді шахматист мұғалім. Бұл мәселе түсте қайта қозғалды. Бекеттің басына тамақ тарататын автобус келді. Шахматист мұғалімнің паегі де келді. Паегін алған бұл «Құрқылтай шебер ме? Құдай шебер ме?», - деген. Регулировщик мықты ма, ТБ-шник мықты ма шешілсін. Алаңсыз тамақтана берің деп су ішіп тымсырайып отырып алған. Регулировщиктерге прораб арнайы көлік жіберіп базға алдырып тамақтандырды. Салқын суға түсіп шөп-шаламнан дайындалған біріншісі бар тамақты жеп болған соң прораб кабинетіне шақырды. ТБ-шникте сол жерден табыла кетті. Тыжырынып отырған ақ каскілі прораб: - Иә, жігіттер не мәсел? - деді. Асекең баяғысын қайталады. - «Жоқ жігіттер тамақ басына барады», – деді прораб. - «Біз офиске барамыз», - деді Асекең де қайтпай. - «Барсаң бар, ол жерден де еститінің осы сөз» - деді прораб. - «Бірақ сіздерді ликвидировать етеді», – деді Асекең. Іс насырға шаппасын деп шахматист мұғалім сөз алды. Мұғалім сөйлегенде бүй деді: - Қарға тамырлы қазақпыз. Азия даму банкінен жер асты қазба байлықтарын кепілге қойып несиеге алынған қыруар қаражатқа түріктерге мердігер болып 50 шақырым жолды асфальтап жатырмыз. Инвесторлардан итальяндықтармен істес болдым. Обалы не керек ол жерде еңбек сапасына көңіл бөлетін еді. Кейбір инвестор компаниялар жергілікті тұрғындарды езгізі келеді. Қазақ өзін-өзі езбесін. Жұмыс сапасы мен еңбек сапасы туралы әлем экономистері әртүрлі көзқарас танытып отыр. Сіздер ақша қуып жұмыс сапасын ғана ойлайсыңдар. Қазақстан халқының 5-ақ пайызы жұмыс берушілер. 70-80 пайызы қарапайым жұмысшылар. Еңбек сапасы дегенде жұмысшылардың әлеуметтік тұрмыстық жағдайларына баса назар
аударылады. Жұмыс сапасы екінші кезекте тұрады. Жұмыс сапасына назар аударып әлеуметтік мәселелерге көңіл бөлмеу адамды адамның қанауы болып табылады. Халық аралық ұйымдарда қанау еңбек өніміне аса мұқтаж дық танытпау мәселелері күн тәртібінен түспейді. Асекеңнің қозғап жүрген мәселесі мың жылдықты ойлаудан туындап отыр. Егер халықтың көзін құлдық психологияға ақша тапсам болдыға үйретсек мемлекетіміздің беріктігінің арқауының бір тініне көңіл бөлмеген боламыз. Инвесторлар еңбек сапасы қалыптасқан өндірістік көзқарасы орныққан халықпен санасады. Мысалы, Европа елдеріне барып жұмыс істейтін компаниялар еңбек сапасына көңіл бөлуді бірінші парызы деп біледі. Механиктерді тестпен қабылдау керек екенін өзіңіз де біліп отырсыз. Механиктерің күнде таңертең техникалық байқау өткізбейді. Ал шоферлардан машиналарының бір секунд кідірмеуін талап еткеніңізді көріп жүрміз. Бұл маған тиісті емес мәселе. Дегенмен, ортақ мәселе. Бекет басына көшпелі будкалар мен көшпелі душтар орнатылса кім әңгіме айтады. Ас адамның - арқауы дейді. Тамақтану туралы Төрегелді Шармановты да оқып қойған артықтық етпес. Таңертеңгілік асқа әңгіме жоқ. Түскі аста бірінші суп емес сәбізден жасалған шырын дер едім. Мен аспаздық туралы тамақтану туралы көп оқыған адаммын. Жол жұмыстарында радияция бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Көкөніс өнімдері қазір арзан маусымында бір мезгіл көкөніс берілуі керек. Түскі тамақтың біріншісінде ет жоқ. Ет болуы керек. Тоңазытқышта сақталған өлі ет емес. Мына бір екі қырдың аржағында «Сенек» ЖШС мал шаруашылығымен айналысады. Шаруашылықтың малы әлдеқайда арзан соған тапсырыс берілсе еттен проблема болмас еді. Тамақтанудың рационында бірінші деп аталатын сорпада міндетті түрде шабылған сүйек етімен қоса қайнауы керек. Алыстан ет арбалайтын барлық жұмыс беруші жергілікті жердің осы шаруашылығымен келісім-шартқа отыруы жергілікті шаруашылықтың дамуына жағдай туғызуы керек. Әрине бұл үшін сіздерді кіналаудан аулақпын бұны реттейтін жергілікті әкімдік не әкімдіктің әлеуметтік саласын басқаратын орындар соларға тиісті жұмыстар. Сіздер жұмысты білесіздер. Мен өзім условия сұрамаймын. Бірақ бүгін солай жасалмаса ертеңгі ұрпақтарымыздың хал күйін көзге елестету қиындау. Асекеңді жұмыстан қумаңыз, қайта өзіңізге көмекшіліке жоғарылатыңыз. Осы жерге келгенде жол қауіпсіздігіне жауапты ТБ-шник еріксіз күліп жіберді де жалғастыра бер дегендей сөйлеушіні қостағандай бас изеді. Ағып келе жатып кілт тоқтаған сөйлеуші екі ауыз сөзден кейін сөзін доғарды. Қай жерге келгенін ойша тауып алып селқос сөзін жалғаған шахматист мұғалім: - «Мысалы, ТБ-ның көмекшілігіне, екі айлық курсқа жіберіп алыңыз осындай жігіттер арамызда болса біздің жоғалтарымыз аз болады мүмкін мүлде болмайтында шығар. Көп сөйлеп кетсем артықтығы жоқ», – деді. - «Сендер не ішсеңдер мен де соны ішемін. Мен 1800-2000 шақырым жол салған прорабпын. Бос сөзді қойың жұмыстарыңды жасаңдар. Сенің айтқандарыңды шешіп беремін. Мына жігітке көмектесейін. Қағазы болса
ұсыныс беремін. Бірақ түсте басында боласыңдар», - деді прораб. Бірге жұмыс жасаймын десе курстан өтсін. Айғайшыл прораб сыр бермеді. Әйтсе де регулировщиктерден сасайын деді ме, прораб ақ каскісін шешіп тершіген маңдайын алақанымен сүртті. Прораб жұмысқа жан бітіріп бортты уазикті жабусыз мініп алып діңкілдеп жұмыстың ырғақтылығына, жұмыс сапасына мән беретін адал істейтін жігіт екенін жұмысшылар байқайды. Күн ара өткізілетін дәстүрлі кешкі жиналысқа төрт адам қатыспайды. Қатыспайтынның бірі 540 (бес жүз қырық) әйелмен төсектес болдым дейтін автобустың шоферы. Ермегі уатсап болған соң көлденең проблема не керек дейтін шығар? Екіншісі компорт экскватор айдайтын, Джип машинасында отырып түскі тамағын ішетін экскваторшы. Бұрын ақ жағалы райком болған ба кім білсін? Атын сұрағандарға: - Оразғали Әбдуғаниевич, Бейнеуден дейді де қояды. Ары қарай сенімен сөйлесуге зауқы жоқ болғасын созбайсың. Ассалаумағалеукум, Уағикассаламнан басқаға тереңдетпейді. Жиналысқа қатынаспайтынның үшіншісі жағына тыным жоқ, өз тарихын жыр қылып айта жүретін «шахманның» шоферы. Жетінші сыныпта мектептен қуылған соң кісәпірлерге (карманщик) қосылып үлкен қалаларда ұры-қары болғанын, 89да Жаңаөзен оқиғасына қатысқанын, беріректе мешітте молдалардан сабақ алғанын бәрі біледі. Жиналысқа неге қатыспайтынын сұратпай-ақ өзі айтады. Мәселердің оң шешімін Алладан сұрау керек. Жаратқан пендесіне сабыр сыйлайды. Сабыр бәрін шешеді. Не бәрінің аузы бір болса жұдырық шешеді дейді. Өзінің телефоннан аузы босамайды. Негізі жиналысқа құлқы жоқ. Ал төртіншісі балдыз деп қалжыңдаған бульдозершіге ренжіп қалған орыс жігіті. Автобуста шамына тиіп сөйлетейін деді ме? Кім білсін. Орындықта отырған орыс жігітіне қарап, біз тұрғанда орысқа орын болатын ба еді деп, жасын бұлдап орын сұраған булдозерші жездесіне өкпелеген орыс жігіті таза қазақша: «Сіздер адам да орыс адам емес пе? - деп көтенге өкпелеген қойшыша сөйленіп орын берген жездесі қалжың деп еді? - Мен, қалжыңды түсінбеймін деді. Содан жиналысқа қатыспайды. Негізі футболға қызығады-ау деймін, теледидардан футбол қарайды. Жиналысқа қатысу керек қой? Жиналысы бар, шахматист мұғалімнің лекциясы бар содан условия жағына ойысайық. Вахтаның жартысында жұмысшылар жұмыс жасап жатқан бекеттің басына көшпелі будкалар, көшпелі душтар мен 500 литрлік пластмасса су сақтағыштар жеткізілді. Танк батереясына жалғанатын күннен энергия алатын шағын күн батереялары және су айдайтын насостар қолданысқа енгізілді. Тамақ мәселесі де реттелді. Жиналыстарда шағым айтылмайттын болды.
*** Вахта аяқталды. Кісінеп күлетін жігіт ағасы күлмейтін болыпты. Автобуста өзімен өзі отыр. Күн қақтаған жүзінде шаршау бар.
Ал, жақсы келесі вахтада көріскенше болып тарасарда шахматист мұғалім мәселе көтерген қағылез жігітке қарата: - Інім оқуға барасың ба? ТБ-ның курсы бізге жақын жерде бар әрі арзан -деді. - «Аға, әзірге жағдайымыз жаман емес қой, осынымда үре тұрам да», - деді мәселені қабырғасынан қоятын қағылез жігіт. - «Оның да дұрыс. Негізі прораб азамат екен, - деді шахматист мұғалім. Шоферлық куәлігім жатқан жерде қалып қойыпты», - деген Шахматист мұғаліммен бөлмелес мұрнынан сөйлейтін шофердың байбаламы жұрттың назарын өзіне еріксіз аударды.
НЕКРАСОВ НЕ ДЕП ЕДІ?
Осы бір қоғамдық ұйымның ә дегеннен-ақ ауған жүгі түзелмеді. Осыдан он сегіз жыл бұрын ұлы мұрат жолында ақиқаттан танбаймыз, республика көлемінде қанатымызды кеңге жайып партия боламыз деп ортақ мүдделестік негізінде құралған қоғамдық ұйымның мүшелері Облыстық Ішкі саясат жариялаған екі тендерді жеңіп алған соң, жұмысты бастамай жатып қоғамдық ұйым мүшелері арасында алауыздық туып бір-біріне ренжіп, бір-бірін боқтап, бір-бірін күндеп бір сыпырасы өз алдына бір-бір нән болып ТОО ашып сауда мен айналысып кетті. Мүдделестіктен гөрі жеке бастың араздығына жеңдірген тау тұлғалылар аласарып кетті. Әу баста тізе қосып аттанға ақыра үн қосып шыққанда «шындық айнасы» қоғамдық ұйым мүшелерінің аттары жер жаратын. Сол қоғамдық ұйымның жұрнағыдай болып қайта құрылған «Шындық айнасы» дебат клубы мүшелері әр айда бас қосып тұрады. Клубтың жарғысына сай әр айда өткізілетін дебат алаңына клубтың мүшесі болып есептелетін кез келген мүше төрағалық етеді. Клуб мүшелері әр саланың мамандары. Көкпарға тартылатын тақырыпта әртүрлі бағытта болады. Тақырыптар тізбесі алдын ала сала-сала бойынша жіктеліп жыл сайын наурыз айында бекітілгенмен күн тәртібіне өзгерістер енгізілуі қалыпты жағдай болып табылады. Әсіресе, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жолдауында айқындалған басым бағыттар талқыға түсетін. Тапсырыс беруші жергілікті Ішкі саясат басқармасының келісімін алу үшін тақырыптар саясиландырылып жоспарланады. Жергілікті Ішкі саясат жариялайтын жұмыстарды жүргізуге дебат клубы қауқарлы болғанымен көбіне тапсырыстың заңды орындаушысы болуға қолдары жетпей қала беретін. «Шындық айнасы» клубы өз жоспары бойынша тәжірибесін арттыру клубқа көптеп мүшелер тарту мақсатында ақысыз-пұлсыз дебат сайысын өткізе беретін. Тіпті кейбір табысты кәсіпкерлер клуб мүшелеріне екі апталық демалыс путевкаларын сыйлайтын. Қасына жолап кетсең боқтанып сөйлеп, өзінен басқаның бәрін мансұқтап болатын клуб мүшесі ақын шалдың жыр кітабының
тұсаукесерінде бір кәсіпкер автокөлік сыйлағаны бар. Дегенмен, клуб мүшелерінің дені бір түрлі адамдар еді. Бүгінгі дебат тақырыбы «Рухани жаңғыру және әдебиет» болатын. Клубтың бірден бір ерекшелігі дебат алдында он-он бес минуттық баяндамалар жасалатын да бір сағатқа созылатын шешендердің сөз сайысына ойысатын. Баяндама жасайтын лектор Мәскеуде жоғары оқу орнын бітірген физика-математика ғылымының кандидаты, жергілікті университеттің профессоры болды. Алпысты алқымдаған профессор - көз әйнексіз жазғанын оқи алатын, маңғаздығы мен майда тілділігі жоқ синусойда графигіндей -1 мен +1-дің арасында тербелмелі, жоғары пафосты жалынды сөздері жарқ-жұрқ етер аса оптимис те емес, тыңдарманды тығырыққа тақап болашақтан үмітті үздіре сөйлеп, мұхиттың арғы жағынан соғатын консервативті сеңді сөгуге арналған шынтуайтында елдікті сөгуге арналған арамзалық лепті төске алған песимис те емес «+» пен «-» баланысын оңға аудара сөйлейтін мұсылмандығы бар кісі. «Мен, саясаттың адамы емеспін, алайда қоғам мүшесі ретінде өз ойымды білдіруге құқылымын», - деп профессор сөз бастады. - Қазақ халқының өзге халықтардан қазіргі таңда бірден бір ерекшелігі неде? Әрине орыс тілінде ойланатындар мен сөйлейтіндердің ара салмағының елеулі болып отырғандығында. Ана тіліміз қоғамымызда толық үстемдікке ие емес. Кешегі күн дін мәселесін де туындатты. Діни көзқарасымызды бір бағытта тоғыстыру жұмыстары қолға алынуда. Сондықтан бүгін салт дәстүрімізді қалпына келтіру ұлттық ерекшелігімзді қалпына келтіру. Қазақи ерекшелігіміз арқылы ұлттық болмысымызды нығайту қолға алынуда. СПИД деген дерт қандай қатерлі болса, яғни иммунитет тапшылығы өмірімізге қандай қатерлі болса, жаһандану кезеңінде өзіміздің мәдени ерекшелігімііз ұлттық иммунитетіміз қауқарсыз болса ұлттың айықпас дертке шалдыққаны. СПИД өмірімізге қауіпті болса жаһандану үдерісі алдында ұлттық иммунитетіміздің қауқарсыздығы ертеңімізге қауіпті. Қазіргі таңда еуропа елдерінің жастарынан «азиялық мәдениет жоғары ма, еуропалық мәдениет жоғары ма?», - деген сауалнама алынса әрине еуропалық мәдениет жоғары деген жауаптың пайызы жоғары болар еді. Бұл қате түсінік. Мәдениет деген ұлттық ерекшелік. Мәдениетте жоғары-төмен деген түсінік болмайды. Рухани жаңғыру бағыты бойынша салт-дәстүрімізді, бабалардың батырлығын дәріптеуді ұстанған саясатты насихаттауда бір шама шаруалар тындырылып жатыр. Дәріптеу арқылы бабаларымыз батыр болғандығын айтудай-ақ айтып жатырмыз. Батырларды дәріптегенде басқыншыларға қарсы күресті сәтті ұйымдастырып Римдіктерді өз жерінде талқандаған Карфагендік Ганибалл жеңіс кілтін қолға алып тұрып-ақ жеңіліп қалғандығын жадымыздан шығармауымыз керек. Жеңісті пайдалана білетіндер әккі саясаткерлерден шығады. Сондықтан батырларымызды дәріптеуде саяси жағдайларды ұтымды пайдаланған билеушілерді сахнадан ығыстырып шығармауымыз керек. Жеңістің туын желбіреткен батырларымызды шығыс менталитетіне сай ұлықтауымыз дұрыс. Қазіргі таңда ұлттық батырларымызды аз күшпен жүздеген есе көп
жауды ойсырата жеңген қолбасшыларымыз кино арқылы дәріптелсе нұр үстіне нұр болар еді. «Рухани жаңғыру» эпостық негізде жүргізілсе қазақ ұтады. Батырлар жырында дара батыр 40 000-дық қолды жалғыз өзі жеңеді. Бұл аз халықтың арман қиялы. Халықтың арман қиялы болашақтың қоғамдық климатын жасайды. Сол жағымызда орман, шығысымызда қаптаған қысық көздің көптігі сөз болмауы керек. Кезінде І Петрдің «Идеямыз үшін соғыста солдаттарды аямаңдар, орыс әйелдері аман болса солдаттарды әлі-ақ туар, қару жарақты сақтаңдар» - дейтін сөзі мәнін жойды. Төртінші технологиялық революция кезеңінде аздың көпке үлгі болар кезеңі келді. Рухани жаңғыру бұл жапа тармағай жалпыны дәріптеп кабинеттер жабдықтау емес. Қазақ науқаншыл. Қазіргі таңда мектептерде Абайды насихаттап жүрген зерттеушілердің өздері де «Абайтану» кабинеттерінің қасынан «пәленше тану» атты өздерін насихаттайтын кабинеттер ашып жатыр, ашып жатыр. Болашақтың талғамы терең болсын десек Абайды аласа өзіңмен қатар қойма. Тіпті тұзы татымайтын кітаптарын сериялап шығаруға қауқарлылар өздерін насихаттауғдың бұқпантай әдісі мектепке демеуші болған болып «бірдеңетану» кабинеттерін ашып алған. «Әуезовтану», «Әбіштану», «Серікболтану» кабинеттері сияқты санаулы кабинеттер болуы жарасымды. Әйтпесе әлем таныған талант кім, әлем түгілі ауылы талант деп танымайтын «кресло» биіктер кім екенін балдырған жадысы айыра алмай қалуы кәдік. Жалпы кабинеттер жабдықталуына халық жазушыларынан рецензия алынуы керек деп ойлаймын. Қазіргі рухани жаңғыруды дәулерді шайқаста жеңген батырлар мен тау көтерген Толағайларды, ұлтты ұйыстырып ел еткен билеуші ұлттың үлкен жүректі генералитет тұлғаларын дәріптеу деп түсіну керек. 300 спартандықты 20 000 басқыншыға қарсы бастап шығып жеңіске жеткен спартандық Леонид патшаны он орап кететін 300 жауынгермен 10 000 жауды жойып жіберіп 50 000 жауды ойсырата жеңген, осы айқаста сол кездегі озық қарумен қолды жарақтай білген салқам Жәңгір туралы немесе бір өзі жаудың 70 найзагерін бір соғыста түсірген Балықшы Балуанияз туралы немесе құралайды көзге атқан жаудың жүздеген снайперлерін жоятын мерген Қаңғабай немесе үш соғыстың батыры Байғали туралы, екі мәрте Кеңес одағының батыры атанған Талғат Бигельдинов туралы, генералдарымыз туралы көптеп көркем фильдер түсірілсе әлемдік деңгейдегі туындылар болар еді. Еуропада Вольтер деген философ өткен сол ойшыл: - Мен дворяндарды жек көремін олар өткенімен мақтанады, өздері түкке тұрғысыз дейді екен. Сол айтпақшы ғылымның батырлары мен конструкторлар өздерін көрсететін әлемді мойындататын шақ туды. Сонша қаржы жұмсап өткізген ЭКСПО-2017 көрмелеріне арнап мектептер жанынан үйірмелер ашу керек. Қазіргі таңда әншілер жарап тұр. Ғылымымыз төмен қарап тұр. Әл фарабилік кеңістігіміз игерілмей жатыр. Сол сияқты ордаларымызда кісілік келбетін саясатта жұмсақ та серіппелі саясат қағидаларын жетік білуімен көрсететіндей жастардың кеңістігіне көп көңіл бөлу керек. Ал, материалдық байлығымыз шет ел асып жатыр. Қалталы азаматтарымыз шет елде түгел кварталдар сатып алып жатыр. Бұл
патриоттық емес. Шет елдің базарларын жаулап алуымыз керек. Өз базарымызға өзбектер ұялай бастады. Жастарымызды базар қарымқатынасына баулуымыз керек. Уақ-түйек сататын базардағы өзбек балаларының менен табысы жоғары. Қазіргі нарық заманына лайықталған сфера бойынша дамыған жаңғырулар сананы қайта тәрбиелейді. Американдық қалталылар «мен салық төлеушімін» деп мақтанышпен айтса қазақстандық қалталылар байлығын шет елде сақтауға әуес. Бұл категорияларға да Атымтай жомарттың сахилығын жаңғыртар кез келді. Рухани жаңғыру бағытында жастарымызды мемлекеттік деңгейдегі істерді Римдік жолы болғыш Сулише шешуге дайындауымыз керек. Рухани жаңғыру тасқыны ғылымға әлі жеткен жоқ, - деді лектор. Бүгінгі отырыстың төрағасы ережесіз жекпе-жектің жырындысы әрі осы тақырыпта Джек Лондон сарынымен әңгіме жазатын жазушы еді. Соққылары әлсіз, дұрыс төбелеспей тайсақтай беретін жұдырықтасушыға қарайтын көз қараспен төраға айызы қанбаған рәуіште лекторға көз тастап отыр. Лектор болдым деді. Дебатқа арнайы дайындалып қойылған орынға екі шешен көтерілді. Тақырып: Өнердегі болмыс және шындық. «Дебаттың мақсаты жеңіске жету емес азаматтық көзқарас қалыптастыру» деген ереже экраннан көрініп тұр. Кім бірінші болып сөз алатынын анықтау үшін ортаға жеребе тасталды. Көк түсті тілімдей қағазды алған шешен қолын көтерді. Бұл бірінші мен бастаймын деген белгі. Көк қағаздың астарына рим цифрымен бірінші деген сан жазылған екен. Лағын өлі туған ешкінің түбітіндей сақал шашы қобыраған орта бойлы шешен сөз алды. «Мен сөзімді, «шындық бұл сұмдық» - деген Александр Бектің сөзімен бастаймын. Шындық сұмдықтығымен құнды. Шындық - ар өлшемі. Барлығымыз ұлы Абайша сөйлегіміз келеді. Ал, Абайша айтқанды жаратпаймыз. Өнер шындығы математикалық формула сияқты мыңдаған дәлелдемелері бар базистік ұстаным. Кейде қоғамдағы өтпелі қондырма компоненттерін шындық деп өнерде бейнелеймізде қателіктерге бой алдырамыз. Шындықтың көркемделіп дәріптелуіне дау айтпауымыз керек. Шындықты тұншықтырып үнін шығармай, аузын скотчтап тастауға төзбеуіміз керек. Мысалы Шыңғысхан туралы жағымсыз рәуіште баяндауларға бір кезде бой алдырдық. Түптің түбінде Шыңғысханның ұрпақтары (жетесіздері емес) қол бастап қазаққа қызмет еткендігі туралы шындықты айтатын кезде өмір сүріп жатырмыз. Не үшін Шыңғысхан туралы жағымсыз әңгімелер, сахналық қойылымдар қойылғанын біріміз білмейміз, біріміз білеміз. Сол баяғы өтпелі қондырма компоненттерін шындық ретінде өнерде бейнелеуіміз қазірде жалғасуда. Қазір шындық 100 пайыз айтыла ма, әрине жоқ. Себебі шындық дегеніміз сұмдық. «Мен, келіспеймін, – деді екінші шешен. Бұл өзі аузын толтырып күшеніп сөйлейтін, өзінен өзі үріліп жүретін ине жіптен жаңа шыққандай етіп костюм шалбарын қырлап киетін елулердегі танымал журналист еді.
Келіспейтінім, әр дәуірдің өз шындығы бар. Мысалы киімді алайық киім былғарыдан тігіілсе де киім аралас қоспадан тігілсе де киім. Кейбір аралас қоспадан тігілген киім былғарыдан тігілген киімнен анағұрлым арзан әрі жылы. «Бекежандар ата берсін жебесін, кім не десе о десін, шын ғашықтар қосылмайды демесін», - дейтін ән әр кезеңнің шындығын әртүрлі екендігін дәлелдейді. Сенің айтқан математикалық формулаң мұздатқышта сақталатын өлі ет сияқты. Қажет кезде мөлшерменен пайдаланамыз. Әрине бұл жерде адалдап сойылған малдың консервісін түсінуіңізді өтінемін. Сізің пікіріңіз құнды. Алайда Испандық Кортесті жадыңа салайын. Сол Кортес 200-ақ жауынгермен 25 000 000 тұрғыны бар Мая мемлекетін жаулап алды емес пе? Әрине, Маялықтар шыншыл, сөзге тоқтайтын жауынгер әрі жауыз болды. Бір қызығы адамды құрбандыққа шалатындардың бухалтериясы жақсы жолға қойылған әрі математика ғылымы дамыған мемлекет еді. Саясат соғысында жеңіліс тапты. Саясаттың алдында шындық дәрменсіз. Бұл бір. Шындық деген болмыстың бір компоненті. Болмыстың мың бояуы бар. Шындық үстемдік етсін деп шындыққа негізделген ережелер мен заң шығарылады. Шыңғысхан қулық жасамады десек қателесеміз. Күшті әлсізді бөріктіріп сабайды. Әлсіз қулық арқылы күштіні жеңеді. Шындық пен өмір сүру әділеттілік емес. Өмір күрес шындығы екенін жадымыздан шығармайық, - деді танымал журналист. - «Құдайды ойламайтындар шындықтан қорқады. Өмір мен өлі біртұтас дүние. Мені мен менікінің айырылғанын өлді деп жүр өңкей білмес, - деп, ұлы Абай айтпақшы осы өлімнен қорқатынымыз Құдайды жадымыздан шығарғанымызда. Құдайды ойламайтынымыз ылғи қорқақтыққа бастайды. Перғауын мен Мұса пайғамбарды алайық», - деп, дастандардан үзінді келтіре бастаған шешенді төраға кідіртті. - «Бүгінгі күннің аясына ойысайық», - деді төраға. Төрағаның сөзін бөлгенін қабылдай алмай ашуға сәл ерік бергендей төрағаға кекесінмен қарай қалған шешен төбеден түскендей дүңк еткізе сөзін жалғады. - «Бүгінгі күн керек болса, бүгінгі күннің ең шыншылы туралы айтсақ онда М.Шаханов туралы айтайын деді. М.Шаханов қоғамда дау туғызды, алайда шындықты айтты», - деп солығын баса алмай аз-кем кідірістеді де өз дәлелдерін келтірді. Математика факультетінде оқыған кездері Казиев деген дене шынықтыру факультетінде спорт мастері оқыды. Жатақхана студенттеріне ай сайын бір сомнан салық салатын, иттің етінен жек көретінбіз. Спортта саңлақ болғанымен азаматтықта саңлақ емес еді. Қазір бізді көрсе ұялғанынан ыржалақтайтын шал болыпты, кездестірсем боқтаймын. М.Мақатаевтың өлеңдерін кезінде С.Әшімбаев сынаған. Сол сын жарыққа шықса поэзиямыз одан әрмен ажарланар еді. Сыннан қорқамыз. Арамызда ақын отыр. Сол айтады: «Редакцияға өлең апарып едім, Тұмаға: «Әй, Мұхтар мынаны қарашы деп» менің жазғандарымды Шахановқа берді. Шаханов: - Мұртын қағатын жерлері бар екен деді», - дейді. Шаханов ақын болмаса Тұмағаң өлеңді қарап жібер демес еді. Шаханов мәрт адам. Шаханов мінезді адам.
Мақтұмқұлы айтады: «мінезде мәрттік, теліде жаубасарлық болады», - деп. Мәрт адам деп асыл азаматтарды айтады», деп шешен қалшылдап барып тоқтады. - Дұрыс, азаматтықта алдына жан салмайтын қазақтың Шахановын әлсіз дей алмаймыз. Кремльде намаз оқыған Жамбылды Сталиннің құрметтегенін де естідік. Жыр алыбы марапатталарда Сталин қабылдамай Кеңес үкіметі төрағасы Калинин қабылдағанда, Калининді олқысынған жыр алыбы иегімен Калининді көрсете: - Енеңді с... , мына теке сақал кім депті. Бұл жалбаңбайлық емес. Шаханов - «Ленинградтық өренімді» жазған жыр алыбының «Сталинге тең табалмай қиналған жері осы Жамбылдың» - деген жыр жолдарын меңзейді. Әрине, қазақты қынадай қырған қаскөйді бір Жабаев емес сол тұста бәрі мақтаған. Қазақты құрмалдыққа шалуға дайындағандардың бір сыпырасын Тұрсын Жұртпай сұхбатында құжаттарды сөйлете отырып айтты. Әрине қынжыламыз. Дәуір шындығы дегеніміз осы»- деді екінші шешен. - Университетте оқыған жылдары деканымыздың су жаңа ректорды дәріптеп 54 шумақ өлең шығарып оқып бергені бар. Сол ректордың орнына келген ректорға 103 шумақ өлең шығарғанда сол декан еді. Ұстаз тұрмақ студент адамсынбайтын декан еді. Құрметті төраға мәселесіне тоқтала кетсем, жеті халық жазушысы қарсы шықты. Дұрыс болды деп есептеймін дегенше болмады. Екінші шешен қол көтерді. - Келісемін, алайда қазіргі кезде төрағаның менеджерлік қабілеті болуы бірінші тұрады. Жалпы талант атауы ақшадан, табыстан келіп шыққан. Өгіз терісінің көлеміндей күмістерді ертеде талант атаған. Қоғамнаң мүддесіне сай Шалкиізше өз менін әманда төмен ұстап келген деп ойлаймын. Орысты ал, өзбекті ал, қырғызды ал жазушылар үйінен айырылып қалған, төраға не болса да ғимаратты ұстап тұрды. Шындық пен қоса ақындық жоғары талант төрағаның бойында да бар, кезінде «Мұз ағамнан Муза ағам жоғары тұрады» дегенін көзі қарақты адамдар біледі, осы біздер төменнен қарап биікке баға беруіміз дұрыс па?... Сыңайын байқады ма сөйлетпейін деді ме бірінші шешен: - Некрасов не деп еді? Азамат болу парызың, ақын болу шарт емес, - деп бірінші кезекке азаматтықты шығарды. Дұрысы сол. Азаматтық деңгейде сөйлей алмайсың ба сөздің қысқасы жайыңа жүр дейді. «Қыңырдың қиған қиығы қырық жылдан соң білінеді» деген, бұл айтылған сын өткендерге ауыр болуымен қатар болашаққа сабақ болады. Болашақ ойланады. Негізі Шаханов тәуелсіздік алуымызды бір ғасыр жақындатқан Ұлттың ұлы екенін бір сәт жадымыздан шығару қылмыс. Кезінде педагог Макаренко көше кезіп адам тонайтын, адам өлтіруден де танбайтын кіл бұралқы шпаналардан қауымдастық құрап шаруашылық жүргізіп, соларды оқытып адам етіп шығармады ма? Оларды біріктірген күш не деп ойлаймыз? Әрине сенімділік. Шыншылдық. Сосын үзім нанды адалдықпен бөлісу еді. Мұғалім ережесінен аттап дүние қоңызданса бір шпанасы лақтай бақ еткізіп бауыздай салар еді. Бақытымызға орай мұғалім шындықтан ауытқымады.
Жекпе-жекте қарсыласын талдырып тастауды мақсат тұтатын төраға, төрешілердің кейде көре тұра бұра тартатыны жеңіске деген жігерін жасытпағанымен өмірге көзқарасының қалыптасуына теріс әсер ететінін жастайынан біліп өсті. Бір қызығы өзі де төреші болғанда ықпалды күштердің ырқында кететін кездері болатын. Жекпе - жектің жырындысы, шешендердің екеуіне де көңілі толмады-ау деймін. Бүгінгі әдебиет, өнерімізге ойысайық деді. - «Екінші шешен қомданып сөзімді аяқтауға мұрса берің», - деді. Қысқа нұсқа айт. Бүгінгі күннің әлемдік өнер жетістіктерін экраннан тамашалайық, біздегі мүмкіндіктер туралы сөзімізді жалғайтын боламыз деді төраға. - «Менің айтпағым, әр дәуірдің шындығы бар. Мүмкін біз бұл мәселені ертерек талқылап жатқан шығармыз. Философияның категориясы терістеуді терістеу бар. Соған сүйенсек. Азаматтық көзқарас өнер сұлулығын тұсаулауы да мүмкін ғой. Біреуге өнер сұлулығы керек. Әркім «өмірлік мәнді» әртүрлі түсінеді. Біреу үшін «өмірлік мән» тоя тамақ ішсе сосын тойған қозыдай арқаны кеңге беріп ұйықтаса болды. Ал біреу үшін «өмірлік мән» әділет үшін күрес болып табылады. Үшінші біреуге «өмірлік мән» байлық. Біреулерге өмірдің мәні саясат. Некрасов айтты екен деп саясаттың жүргізілуіне әр бір ақын жазушы тежегіш бола берсе не болмақ. Өмір бойы әділеттілік іздеп шаршайтын адамның өзі - әділетсіз. Анау бүй деді, Некрасов не деп еді? – дей бергеніміз деп сөзін жалғағалы жатқан шешеннің сыңайын байқаған мінезді төраға: «Некрасов не десін. Некрасов: «Шынға тоқтайтын қоғам бүгін шындықты айтқан ақынды құрметтеуі керек, әйтпесе ертеңнің өзі-ақ шындықты айта білгендерді құрметтейді, ертең-бүгінді бүкпесі үшін айыптайды», - деген деді. Екінші шешен шытынап бірдеме дегісі келіп еді, боқтанып сөйлейтін, баяғыда Шаханов өлеңін қарап берген ақын шал: - «Бала, болды ғой» деп тиып тастады. Осыны күткендей-ақ, экранан Геленвагеннің сумен жүретін Қазақстандық макетін жасап шығарған, сол машинасына «Қазақваген-1» деп ат қойып алған конструктор патент ала алмай жүргені туралы қоғамға өкпелі сөзін бастап кетті.
ШЫН КӨҢІЛ
- «Імм, ойымнан шықты, азудай-ақ азған екен сабазың», - деді соткісі таңғы 5.40-та музыкалатқаннан күндегі әдетімен тұрып алып тілінің астына насыбайдан бір шымшымдай салып дәмін алып отырған Отарбай. Азды деген сабазың шалқадан жатыр жарықтық. Өліп жатыр. Әй, өліде де ес болар. - «Тым жақсы қатыны бар, үш мыңның жаман қатындарына барып ләпсісіне еге бола алмай арамданып жатысын. Антұрған, ең болмаса қолында дерегі бар, печаты, мөрі бар адам ұялмайтындай қызметкер, байы жоқ
қатындармен ойнас жасаса екен-ау. І-щ-щ-ай, ұялмай бала шағасының арасында отырып шай ішеді-ау», - деп Отарбай ойын тағы үстеді. Таң атпай тақуаша өзімен-өзі сөйлесіп отырған Отарбай кім, үш мыңның жаман қатындарына барып есі кете болдырып жатырған кім? таратып сөйлейін, ал тыңдаңыз. Отарбай шаруа баққан адал еңбегімен күн көрмекті мақсат біліп ауылдан 25 шақырым жерден 49 жылға 1000 га жер арендаға алып шаруасын күйттеп, тымау-сымауда 100 грамын ез-і-і-п ішіп жүрген кәсіпкер еді. Кеше көршісі той берген. Аптаның аяғы емес дәл ортасында мерекесін таратуға көршісі бағасы қол жетімді деп ауылдан 90 шақырым жердегі вокзалға жақын ресторанды таңдаған екен. Тойға таксилетіп келген Отарбай осы маңда тұратын кластасы Кесікбайға бүгін сенікіне қонаға барамын, - деп ескертіп қойған. Кесікбай құрылыс мекемесінде істейді. Мекемесі де ТООма, жарымаған мекеме әйтеуір. Осыдан екі жыл бұрын кредитім өсіп кетті - деп жылап келіп 130 000 тг қарызға алып кеткен. Соның 20 000 теңгесін қайырып берген де 110 000 теңгесін әлі бермей жүр. «Көшпеліде ақың кетсе, көше-көше үстіңе келеді», - деген, бүгін соны сұраудың сәті түскесін той тарағасын кластасын шақырып алып қонаға барған. Барған құрлы берекесі кетті. «Буш саны» аталатын окорочкасын салып бұқтырған күрішін бере отырып Кесікбайдың әйелі Айжамал отағасын жамандасын келіп. - «Жұрттың еркегі сияқты жалмаңдап тұрған жоқ. Пайдасын білмейді. Мен болмасам далада өліп қалатын адам. Шынын айтпайды. Арам. Туысқандары адамсынбайды», - деп Айжамал бұған мұңын шаққан. Ұрының қатыны өзіне ылайық деп оқытып қойды ма, әлде шыны ма, аясын дегендегісі ме екен. Түн ортасы ауа Кесікбай таза ауа жұтайық деп бір танысын шақырып алып саунаға апарып суға түсірді. Отарбай қажеті жоқ десе де қатын іздеді. Отарбайды күттім дегені атақ қана? Қызығын өздері көрді. Отарбай су-суаны мен қытырлақтарынан ауыз тигені болмаса дәретін бұзбады. - «Әй, шабылып неғыласың «қарызың көп болса жұмыртқа бөрек же»- деп Қарақалпақ ағайындар айтпақшы бір тиын болса да борышыңды өтесейші», - деп Отарбайдың кейіп отырғаны осы. Кесікбай қарыз мәселесін ертең шешіп берем, мекемеден алынбай қалған 40 000 теңгем бар, бастығымнан алып беремін, қалғанын ұзатпай берермін дегесін насыбайын атып жіпсіз байланып Отарбай отыр.
*** Кесікбайдың жұмыс жасайтын ТОО-сына барып «жылап қайтарын» санап алып кеңседен шығып келе жатыр еді. Ауылдағы бажасы жолыға кетті. - Әй, Бажок, - деп дауыстаған бажасы Қамысбаймен амандық-саулық сұрасып болып: - Жүрген аяққа жөргем ілігеді деген, 20 қапшық жем алып кете аламыз ба? - деді Отарбай
- Бажа сен айтқанда арқаласам да апарып бермеспін бе? - Осында, нағашым жұмыс жасайтын еді, мені күт қазір шығамын. Әй, сен поэзист едің ғой, бір мықты ақынның орталық кітапханада кездесуі болады. Әрі кеткенде сағат жарым болар бірге кетеміз. Балдызыма көзайым етіп өзім жеміңмен қосып үйіңе лақтырып тастаймын, менімен жүр деді, - Қамысбай. - «Танымайтын жер, ыңғайсыз болмаса», - деді Отарбай. - «Батыр жауын таныса да, ақын оқырманын танымайды», - деген. «Сөзді қой. Мықты ақын», - деді Қамысбай. - Иә, сен сөз танисың. Сөз танымасаң кәсіпкер болып жүріп кітап жазасың ба? - деді Отарбай. Сонымен екі кәсіпкер бірі шақырулы, бірі шақырусыз кездесуге келді. Хош сонымен кездесуге келелік.
*** Қала ортасында кезінде күнін көре алмай жабылып қалған бала бақша ғимаратын тым жақсы етіп орталық кітапханаға айналдырған екен. Ұядай кітапхана базары ауған бастықтардың үйіндей болып қалған. Келім-кетімі шамалы. Осы қазақ білімнен күпті болғандай, кітап десе теріс айналатын болыпты. Кітапхананың екінші қабатындағы оқу залында ақынға арналған бұрыш жасалыпты. Көрнекі етіп Жұмекен Нәжімеденовтың: «Ақын Орақ Байғалиевтың өлең шумақтары барынша мығым, арасында артық арам ет жоқ, нағыз поэзия» деген пікірі ілінген екен. Бұрышта ақынның жазған кітаптары мен осы ақын туралы қазақтың сөз қалыптаған, Отарбай танымайтын белгілілерінің пікірлері мен ақынға берген бағасы анық етіп үлкейтіліп көрмеге қойылған. Жарқылдаған жасандылық жоқ. Қоңырқай отырыс болайын деп тұр екен. Жасынан жұлдыз журналын, қазақ әдебиеті газетін қонышына тығып жүріп оқып қой баққан Отарбай сөздің дәмін біледі. Отарбай кейбір ақынның сөздерінен қате табарлықтай сөз қонған кісі. Қазіргі ақындардың сөз саптасын келекелейді. «Қырау жапқан» деп жазады дұрысы - қырау түскен. «Тоқта такси, сүйіктімді алып кет» дұрысы өлең емес қара сөз. Сонджай–ақ, белгілі Бегейлердің де сөз қалыппауында ханның қызында да болатын кемшіліктерді жіпке мөлдіретіп тізіп береді. Қазаққа белгілі ақын Ж.Молдағалиевтың «бір уыс нанды бөліп жеген» деген өлең жолы сәтсіз шыққан ұйқас үшін құрылған, дұрысы - қазақшасы «бір үзім нанды бөліп жеген» дейді. Отарбайды сөйлетсең шамалыға шалдырмайтын шалқарлығы бар. Кездесуді жүргізетін көз әйнек таққан, бір сөзін бір сөзі басып озатын асығып сөйлейтін әйел кісі екен. Ақынның өмір дерегі мен өлеңдеріне тоқталып өтті. Ақын ортасына лирик ақын ретінде танымал екен. Ақын Орақ Байғалиев есімді ардагер ұстаз әрі Махамбеттің жиеншары екен. Өлеңді ерте бастаса да, айлаудан шығып кеткен басы қатты бәйге атындай өнер қумай, мұғалімшілікті де бастай сала тастап өндіріске кеткен бе, соң қайта мектепке келген бе, бұралқының бұралаң жүрісіндей өмірі бар
Жетібайлық бір шал көрінеді. Ақын ортасына лирик ақын ретінде танымал екен. Алдын ала дайындалған студенттер ақынның өлеңдерін оқыды. Студенттердің бірсыпырасы өлеңді жүрекпен емес көмейден оқыды. Қажет болса кітапханашылар дарынды қолдан жасап күмпитіп қоюды әдетке айналдырған кез ғой, кім екенін сөзінен таниын деген кісіше Отарбай төрде жалғыз отырған ақынға сынай қарады. Ұзын бойлы, шағала мұртты жетпіске енсе де жидімеген, қунақ көрінетін өзінің өлеңі сияқты артық арам еті жоқ, сидаң кісі екен. Ақын ортаға шығып сөз алды. - Мен өлеңді, ерте бастадым. Мүмкін әкемнің ықпалы болар, әкем өнерге жыр шежіреге жақын адам еді. Адай көтерлісіне қатысқан, Ұлы отан соғысында тұтқынға түсіп неміс күзетшісін ұрып өлтіріп қашып, франция жерінде болған. Өзі жігіттің төресі Доғал деп отыратын. Доғал дегені – Шарль де Деголь. Дегольдың партизан отрядында Қасым Қайсенов сияқты ерлікпен соғысып елге аман оралды. Жылқышы болды. Әкем - Жамбылға түстен, Абайға қон, Абайдың ақылын ал. Абай барма деген ауылдың маңынан жүрме дейтін. Тарихтан жақсы оқығасын жоғары оқу орынының тарих факультетінде Алматы қаласында оқыдым. Жазушылар үйіне жиі баратын едім. Жұмекен Нәжімеденов алғашқы жыр жинағыма мақтап алғы сөз жазып берді. Мұқағалидың мен туралы жылы-жылы жазбалары сақтаулы. Тұманбай Молдағалиев сен классик боласың Алматыда арамызда қал деген ақылын алмадым. Мүмкін бұным дұрыс та болған шығар. Алматы жазушыны пісіреді. Бірақ кітаби ақын болып бөлмеде сөз құрастыратын ағалардың ығынан жүрмесең құрдымға кетеді екенсің. Мектепте, өндірісте, ел арасында жүріп жетілдім де тоқырадым. Ең негізгісі көңілімді пенделік деген кірден таза сақтадым. Ішімдік атаулыдан бойымды аулақ ұстадым. Қазақ әдебиетінде ақын кімдер дегенде? - Меніңше, Ұлы Абай мен Махамбет бөлек тұлғалар. Менің көзім көрген бүгінде бақилық болғандар арасынан Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Сағи Жиенбаев Тұманбай Молдағалиев, Өтежан Нұрғалиевтер еді. Менің қатарластарымнан Темірхан Медетбек сосын мына Қалбай Әбдіраман. Ізімізден қуып келе жатқандар арасынан Есенғали мен Тыныштықбек. Одан кейінгі буын арасынан екі ақынды ел айтып жүр ғой. Халық айтса қалпы айтпайды деген Светқали Нұржан мен Сабыр Адай бар. Мен өмір мен өлімді бөліп қарамаймын. Қазақ бар жерде тірі Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, адамзат бар жерде тірі Мәскеудегі Сергей Есениннің, М.Лермонтовтың, В.Высоцкийдің бейіттерінің басына бардым. Рухани іштей бір күш алдым. Аварлық ақын Расул Гамзатовтың, орыс поэзиясының үш бәйтерегінің екеуі Роберт Рожденствский, Андрей Вознесенскийлермен поэзия туралы таңды таңға ұрып әңгімелесетін кездерім күні кешегідей. Менің өлеңнің ұлықтығы туралы өлеңдерімді олар құптайтын. Әсіресе ертеректе жазған: «Тіке емес екі дүние арасы ирек, туған тау даналарды дала сирек, өр өлең өлгенімше сені аңсадым, құл көріп қара
сөзді қара сирақ» деген жыр жолдарымның тәржімасын оқып сәтті шыққан шумақ деуші еді. Қарапайымдылықтан асқан биіктік жоқ екенін өмірлік ұстаным етіп алған ақынды Отарбай жақын тартып қалды. Ал, енді бір-екі өлең оқып берейін деп ақын өлеңдерін оқыды. Өлеңдері қысқа үш-төрт шумақтан болады екен. Отарбайдың оқыған ақындарынан бөлек екен.Сөзі мемлекет қайраткерлерінің сөз саптасындай ма? Адамзат, қазақтық биіктен ой түйетіндей ақын: «Алатау, Алтай, Альпі өр анасы, Туымда қыран мен көк бөрі арасы, білмеймін қанша ғасыр өткен далам, планета парламенті төрағасы», «Мен нөсер жыр, сен бұлттан пырақ мініп, күнді қолға көтеріп шырақ қылып, кеңістіктен кетейік көз жаздырып. О дүние, бұ дүниені лақтырып»... Логикасы бөлек, таза қалыпты жырдың атасы ғой деген ойды залға иіріп әкелген ақын, өлеңді қойып жүрмін деді. Ақынмен бір институтта оқыған ғылым докторы атағы бар атыраулық ғалым - жазушы ортаға шықты. Құлап қалар ма екен? Қалт-құлт етіп әрең қозғалады. Кездесу сенің не теңің дегендей кездесуге қатысушылар жазушыға мүсіркей қарады. Отарбай жасына жетпей күзге салым бала кезінен бақылдап жарайтын, қыс аяғында өлімтігін сүйреуге жарамай қалатын көк текемнің тұқымынша қаңғалақтап-ақ қалған екен, ұзын сарыдан аман өтсе жарар еді деп ойлады. Қаңбақ шал командир дауысты екен. Ашық жуан дауысы залды толтырып жіберді. «Менің жырым - бүкіл әлем» атты шын ақынның, шоң ақынның кездесуіне келіп отырмыз. Орақ Байғалиев классик ақын. Мен соғыс поэзиясын зерттеген жоқтаушымын. Жорық жырларын бір адамдай зерттедім. Қазіргі қазақ поэзиясы дегенде мына бір эпизод ойға оралады. Жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдардың ортасы болуы керек Москвадағы Кремльде Сталиннің жиналысы болып жатыр дейді. Күн тәртібіндегі тақырып: Болашақтың армиясы қалай болуы керек? Сонда Ворошилов пен Буденный атты әскер басымдыққа ие болуы керек десе Германияда соғыс әдістерін оқып келген Тухачевский жақын жылдардың армиясы моторлы механизмді армия болуы керек дейді. Ана екеуі жеңістік бермейді. Сол айтпақшы бүгінгі қазақ поэзиясы атты әскерлі армиядай бүгінгі күннің талабын қанағаттандырмай жатыр. Поэзиямызда ұшақтың гүрілі, ракеталардың ысылдысы жоқ. Бүгін поэзия сыншысы жоқ. Біренсаран сыншылар ХХ ғасырдың 60-70 жылдарының көзімен қарайды. Бұл дұрыс емес. Жаңа көзқарастағы сыншылар керек. Бұрынғы мөлдір лирика мен бүгінгі қоғамды жаулай алмайсың. Бойжеткеннің қолы денеме тиіп кетті деп жылдар бойы жырлап жүрсең сені таза мәжүгін жынды дейді. Бүгінге басқа өлшемді өлең жыр керек. Поэзия он сегізінші он тоғызыншы ғасырдың күйінде қалып қойды. Ақындар «Семсер серт» дейді, қалқан дейді моральный архивке сұранып тұрған көнерген сөздерді пайдалана бермей бүгін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында айтылғандай төртінші технологиялық революция кезеңіндегі сөздермен, ойларды поэзиямызға сіңіруіміз керек. Қасым Аманжоловтың «бомба бол да, жарыл жүрек – деп аттандауы немесе Сырбай Мәуленовтың соғыс кезіндегі
құлындайын деп жатқан биені суреттеу жырлары сол механизмді соғыстың әсері. Қоғамдағы құбылыс ақынның тақырыбы болуы керек екендігін әлем ақындары айтып өткен. Ақындар кабинетте отырып алып сөз құрастырмай далаға шығу керек. Ақын Орақ Байғалиевтың мықтылығы, көрегендігі сонда бұл қолына қалам алғалы өмірімізде болып жатқан құбылыстарды жырына – зек етіп келеді. Ақынның тақырыбы: Планета, мотор, автоарғымақ, ғарыш материктер болып келеді. Жапондарда бір сөз бар «последний самурай» деген. Біз последный самурайлықтан арылуымыз керек, поэзиямызды өркениет кеңістігіне алып шығуымыз керек. Біз осыдан ақсаудамыз. Қазіргі танымал кейбір ақындарымыздың поэзиясы «Солған гүлдей» семіп тұрады. Мұндай өлеңдер сізге білмеймін, маған керегі жоқ. Міне, Орақ ақыннның ерекшелігі осыны көре білген деп ойлаймын. «Көшелер көл орындалар бар мақсат, қызыл гүлдер қауыз-дәнін жармақ шақ, жол сақшысы джиптерге ау таппай, жағада тұр жигулиге қармақ сап», немесе «Бұл күнде бойымдағы айып күш кем, жиырма бес! Каспийді ұрттап, Жайықты ішкен», «сөзі су сияқты ма құм мекені, жолықтым мұңым шағып кімге тегі, көзі де көңілі де өп-өтірік, иісі күлкісінің мүңк етеді» тамаша емес пе? Айтыңдаршы осылай жазған Орақ Байғалиевті өлкеміздің ең мықтысы демей көр. Қазақ поэзиясындағы екеудің бірі, Маңғыстаудың бас ақыны Орақ Байғалиевке «Соғыс және поэзия» атты зертеу монографиямды тапсыруға рұхсат етіңіз деді. Оқырмандар қол шапалақтап қаңбақ шалға ризалығын білдіріп жатыр. Отарбайды лектор тәнті етті. Жүргізуші қолына қағазын ала бергенде. Залдан гүр-гүр етіп бір тыңдаушы сөз сұрады. Ішіп алған ба әлде жаратылысы солай ма? Көзі шоқтанған, тілі күрмеліңкіреп сөйлейтін шашын тақырлатып алған шешен суырылды. Арқасы қозған ақынша қолын сермеп сөйлейді екен. Шамасы филолог болар. Ақын өлеңдерін кіл тоникалық па, силаботоникалық деді ме өрмекшінің торынша әдіптелген шумақтарды гармонизм деді ме, геройзм деді ме әйтеуір мақтады. Отарбайдың ұққаны: Орақ Байғалиев жоқтаушысын, зерттеушісін күтіп жатқан ақын. Ашылмаған материк, игерілмеген тың екен. Сөйлеушінің ақындарға, жазушыларға өкпесі қара қазандай ма? Бұрынғының ақыны қоғамның ауруын айтамын деп көштен қалады екен. Мысалшы Крылов аштан өлген екен. Талай ақын көштен қалған екен. Максим Горький туралы шетелдіктер естеліктерінде: Шетел жазушыларын кеңестің қаратабан жазушыларынан М.Горький қабылдады. Жазушылығында мін жоқ жазушы майкісінің сыртынан көйлексіз пиджак киіп алған. Онысын жасырып мойынына шарф орап алғаны жазылды. Біздердің көзқарасымызша жазушы бол, ақын бол үсті мен көңілін бүтіндеуді ойламайтын, Курчатовша сақалын алуға қолы тимейтін еңбек адамы болып өтетін интелекттінің адамдары деп түсінетін едік. Америкалық Нобель сыйлығын алған бір жазушыны Америка президенті шай ішуге шақырғанда: 200 шақырымға бір аяқ шай үшін жанармай шығындап барып, уақытымды шығындап барып жыным бар ма? - деп бармағанын көріп біліп отырмыз. Ал, біздегі ақын-жазушылар ру басы болып айналасына топ құрап Құнанбайша
қоңданып алып ас беріп жүр. Тарихты бұрмалап кітап жазатынын қайтерсің? Қу бастан қуырдақтық ет алатын қу болып алған өздері. Жазушы кім, ақын кім? Одашы кім айырып болмайтын күй кешудеміз деді. Ақын деген халықтың адамы, халықтың биігі емес пе? Мен бұл кездесуге шақырылғаным жоқ. Кітапхана дайындалып жатыр екен. Кездесуде болайын деп іркіліп қалдым. Орақ Байғалиевті білемін. Жақсы ақын. Жалын атқан жас кезінде бұрқыратып жазды. Өзіндік қалыбы бар ақын ретінде сыйлаймын деді. Айтпағы не, дәті не өзің тауып ал дегендей қолды бір сілтеп залдан шығып кетті. Мүмкін ащы судың уыты тарағасын тағы бір сіміріп алмаққа кетті не қоғамға өкпемді айттым, менің кешімді қашан өткізесіңдер деп зіл тастап кетті. Отарбайдың ойына моторист Қамбар оралды. Темірдің тамыршысы Қамбар ашы су ішсе маторды шашып тастап арақ ішпекке кетіп қалып араға күн салып келіп жинап беретін. Әдебиеттің бұл да бір Қамбары да. Жүргізуші сәл-кем ыңғайсызданып, ақша жүзі күреңітіп кетті. Сәл үнсіздіктен соң, құрметті кездесуге қатысушылар сценарий бойынша уақытымыз аз қалды. Бір-екі әннен кейін Орақ Байғалиевтің өлеңдерін зерттеп жүрген ұстазға сөз берейік. Кездесуге арнап шақырған өлкетанушы жетпіс кітаптың авторы журналист ағаға сөз берейік, - деп тізгінді қолға алып сөзді азайтайық дегенді емеуірінмен танытты. Өнер коллежі студенттері ақынның сөзіне жазылған әнді орындады. Әннің сөзі ойлылау екен. Ән орындалып болған соң ортаға еңкіш бойлы, кезінде іште бұғып қалған ба көпшілікке жасқана қарайтын сары өңді кісі шықты. Қобыраған қағаздарын жиып қойып, ыңғайға көшіп сөзімді қысқартып айтайын деді. - «Жаңағы ағай, соғыс поэзиясы туралы айтты ғой. Мына бір аударма есіме оралып тұр: «Дамылдайық фашистерді қырармыз, люкті аш, мотор тынсын дұрыс қой, біз адамдар бәріне де шыдармыз, ал машина не дегенмен құрыш қой», - дейді осыдан 80 жыл бұрын орыс поэзиясы. Қазақстан бойынша осыдан екі жыл бұрын патриоттық әнге байқау жарияланды сонда ақындарымыз сарбаздарды құрышқа теңеді. Бұдан байқағанымыз бізден орыс поэзиясы көп жылға алға кетті деп айта аламыз. Осы олқылықты толтырып тіпті бәрінен де асып уақыт пен үш өлшемді кеңістіктен асып жырлап жүрген ақын Орақ Байғалиев десек қателеспейміз. Ақын: «Жылжыған жылдар уатып еміп, барады қайран қуатым кеміп, өлеңім өмір сүрер-ау мәңгі, қалмаса мына уақыт өліп» немесе «Мұхит та теңіз» ... дейдіау Нұқ бар, қоңсы емес демеу кейде алыс жұрт жар, араби әлем бөленген нуға, Арқадан ауса Бейбарыс бұлттар», - деп қазақы өлшемді биіктетеді. Қыпшақ даласынан шыққан тұлғалардың өркениет қалыптастырудағы әлемдегі орынының жоғары екендігін біздердің кезінде әлемді тітіреткен сұсты ел болғанымызды өлеңмен өрнектеген. Бұл басқаларда жоқ. Сондай-ақ «Құтылған аз қызыл қанға бөккен көп, күндер заулап машинадай өткен лек, тамырыма тежеуі жоқ дерт кірді, бағытында бағдар шамдар көкпеңбек», - деп поэзияға бүгінгі күннің құбылыстарын адам қолымен жасалған
жасампаздықты сіңіреді. Жалпы мен өнерге математикалық көзқараспен қараймын. Он сегіз мың ғаламда жаратушы жаратқанда жай сызықты да жаратқан. Осы жай сызықты адамзат ақыл-ойы координаталық түзуге айналдыру үшін жай сызыққа бастапқы нүкте, бағыт, бірлік кесінді ұғымын беріп қалыптайды.Осы қалыптау бүгінгі өркениеттің өзегі, сұлулық симметриясының іргетасы және күре тамыры болып табылады. Мысалы, ғимараттар адамзат қолымен стандартталған тастардан тұрады. Стандартталмаған табиғи күйінде қотыр тастардан ғимараттар тұрғыза алмайсың. Сол сияқты сөзді қалыптайтын жазба ақындары болмаса әдебиет жетістіктерге жете алмайды. Кезінде жыраулар поэзиясы біріншіден не жаман, екіншіден не жаман биігінен әрі аса алмай тоқырады. Осы кезде Ұлы Абай қазақ поэзиясына әлемдік түр берді. Кеңістікке алып шықты. Қазір импервизаторлықты жазбаша қалыптаудан жоғары қоятындар әлі де арамызда бар. Оларға сөз қалыптаудағы жазба ақындарды дизайнер ретінде түсіндіру керек. Мысалы, айтыста айтыс ақындары дайындалып шығады екен дегенді ақпараттардан естіп қаламыз. Дайындалу керек және оларды дайындауда Орақ Байғалиевтың поэзиясымен сусындату керек дер едім. Сондай-ақ ақын: «Аспанның аты қара бұлты кісінеп, бұлақтар бұраң қағып күлкісі ніл көк, көкжиек кемпірқосақ - басқұрын тартып төңірек, мың құбылған түлкі сүгірет» - ешкімде жоқ, тек қана Ә.Қастеевтың суреттерінде бар көріністер. Ақын Орақ Байғалиевті лирик ақын деп баға берген. Әрине лирик ақындардың бағасына дауым жоқ. Алайда мынаны айта кету орынды, лирика музыканың алдына түсіп алып су төгілмес жорғадай тайпалып тұрады. Бір түйгенімді айта кетейін. Менің нағашыларымның ауылында Мүдір деген баукеспе болды. Аттары жорға емес, кіл жарау, шоқтығы биік келетін. Аяңы адамды соғып тастайтын. Сол сияқты Орақ Байғалиевтің өлеңдеріне ән-саз аз жазылатынының себебі қуаттың дүмпуі мықты. Ақын өлеңдерінде қуаттың дүмпуі байқалады. Сезім мен ой қатар жүреді. Өлеңдері қысқа бұл философтың қолы. Басын ашып айту керек. Кей философтар өлеңді ойға, ақылға қалыптайды. Бұлай өлең жазу кемпірінен айырылып жалғыздықты мойындап сопылыққа бет бұрған жетім шалдың заман ақырды төндіріп отырған кейпін береді. Ал Орақ Байғалиевтай ақынның өлеңінде сезім үнемі астасып жүреді. Жалпы ақынның ерекшелігі өлеңді қысқа жазуы, қоғамнан алшақ кетпеуі, кітаби білімді көкірек лабароториясынан өткізуі, озық ойы, қуаттың дүмпуі. Әлемдік деңгейде ойлауы болмақ. Бұл жағынан өлкемізде Орақ Байғалиев оқшау тұрған жалқы, дара ақын деді. Бір кітап жазбағанның сөзі мынау болса жетпіс кітап жазған журналист жеті қырдан асар деді ме? Жүргізуші әйел: Делебесі қозып әзер отырған журналистке қарап қиылғандай аға, қысқарақ сөйлерсіз» деді. Журналист: - Мен Орақ Байғалиевпен бір класта оқыдым. Мен де өлең жаздым. Ортанқол ақын болғанша үндемегенім жақсы деп тастап кеттім. Орақ Байғалиевті пейзажист Бунинмен қатар қою керек. Бунинді тәржімалаған заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев. Тәржімасы түпнұсқадан әлде қайда сәтті шықты. Ақынның ерекшеліктерін сөзтанушылар атап өтті ғой,
Орақ Байғалиевты өлкемізде бас ақын деп атау орынды шығар. Мен Орақтың өлеңдері туралы айтқанда лирик деп танимын. «Сен жақта күн ашық шығар, ал біз жақта күн сіркіреп тұр» - деп басталатын өлеңінде қаншама сыр жатыр. Жалпы ауыл туралы жазсын, махабат туралы жазсын, «Бүкшиген мотор, автоарғымақ, планета, кеңістік, бағдаршам» атаулары тілдік қорымызбен жымдасып кеткендігі үлкен ақын екендігін білдіреді. Ақынды аулына бірде Әбу Сәрсенбаев іздеп келді. Бұл туралы, Орақтың әкесі туралы жаздым. Бұл кітаптарымды оқыған шығарсыңдар қайталамай-ақ қояйын», - деді. - Аға, дұрыс айтасыз,сіздің жазбаларыңызды оқыдық. Рахмет аға, енді бір әнге кезек берейік. Уақыт таяп қалды деді асығыс сөйлейтін жүргізуші әйел. Отарбай қол көтерді. - Сөйлейін деп пе едіңіз? - деді тықыршып тұрған жүргізуші. Рұқсатын алмай-ақ Отарбай ортаға шықты. «Бүгінгі кездесуге шақырылмасам да Кесікбай құрдасым сеп болып ортаңызға келіп қалдым. Жалпы ақынды ақын ететін жарнамалау, насихаттау екеніне көзім жетті. Бүгінгі кездесуге көңілім толды. Поэзия туралы, жыр туралы курс оқығандай мағлұмат алдым. Менің айтайын дегенім, жамандарымның ішінен біреуі осы қалада дарында оқиды. Бірдемелерді жазған болып жүр. Өлкеміздің дара ақынын, бас ақынын осыдан 100 шақырым жерде үй бар, аллаға шүкір, шақырғалы тұрмын. Жабағымды жығып жаңағы жаманыма Ореке батаңызды алып берейін деп едім, - деп ақынға қарады. Ағалар бар. Жүзін танымасақ та атағына қанықпыз. Қонағым болыңыз. Поэзия үшін, поэзияның болашағы үшін келіңіздер. Мен жылқым 30 болмаса 29-ақ болар деген эмоциямен емес, шын көңілден айтып тұрмын ағалар», - деді Отарбай. - «Алла риза болсын, оның бір реті болар», - деді Орақ Байғалиев. - «Інішек, шын көңілмен айтып тұр екен», - деді кездесуге қатысып отырған ақынға жамағайын болып келетін шоқша сақалды төртпақ кісі. - «Шын көңілден», - деді Отарбай. - Ет дегенде бет бар ма? - деді тағы да шоқша сақалды кісі. - «Сен, інішек, атыңды да білмеймін, сен былай жаса, маған осы кітапхана қызметкерлері арқылы ұлың менімен хабарлассын. Жазған сызғандарын қарайын. Көңіліңе рахмет», - деді ақын. - «Жақсы, онда әдемі әнге кезек берейік деді», - жүргізуші. Әдемі әнмен аяқталған кездесуден ел ет жемесе де жабағының буы бұрқыраған жас етін жегендей болып тарасты. Шын көңіл деген осы-ау.
ӘКІМНІҢ ЕСЕБІ
Жұрт әңгімесін басынан бастап тарқатса, мен әңгімемді соңынан қайыра айтайын. Ал, тыңдаңыз...
Ауыл әкімдігіндегі жиналыстан шығып мұғалімдер бөлмесіне келіп енді отыра берген Әбдікәдірді хатшы қыз арқылы директор шақыртты. Мектеп директоры әйел кісі. Директордың мұғалімдердің әсіресе жасамыс педагог қызметкерлердің адами факторларына құрметпен қарайтындығы бар. Орынбасарлары мұғалімдердің үлкен кішісін бірдей қоғамдық жұмыстарға жеккенде директор егделердің тапсырмасын жеңілдетеді не мүлдем босатады. Сондықтан егде мұғалімдер директорға риза болып жүреді, кабинетіне еркін кіреді. Мектеп басшысы жайшылықта жайма-шуақ болғанымен ашуланғанда ызғар тепкен жүзіне кекесін үйіріліп сөзін тым салмақтап айтады. Ашуланғанда, ә дегеннен көзін шықтап үні тығылып қалып, біткентайдан соң басталған бұрқылдауы күн ұзын басылмайтын үйдің жыбыр-жыбыр әйелі емес, ашуланса болмысымен ашуланатын, қуанса болмысымен қуанатын істің адамы. Түтіні түзік шығатын үйде ерінің бағын жандыратын түс әйелдердің үш түрі болады. Бір әйел бар - үйде сөйлеп түзде сөйлемейтін. Бұл алтын құрсақты демографияның адамы. Екінші әйел бар - үйде сөйлемейді, түзде сөйлейтін. Бұл алтын жүректі демократияның адамы. Іскер әйелдер осылардан шығады. Үшінші әйел бар - үйде де түзде де сөйлемейді. Қарағым-шырағымды көбірек қалап тұратын гүл әйелдер осылардан шығады. Директор шығармашыл істің адамы. Өзгелерден де соны іздейді. Әбекеңнің пайымы - директорын жоғарыдағылардан екінші топтың әйеліне жатқызады. Әбдікәдір әкімдіктегі жиналыстағы сөзге бола шақыртқанын директордың ызғарлы жүзіне кекесін үйірілгенінен сезді. - «Әбдікәдір Бөлегенович, сіз қызық адам екенсіз», - деді директоры. - «Неге», - деді Әбдікәдір. - «Өз жерің түгел, өзгенің жерімен не шаруаң бар, әкім болсаңыз, мен орынбасарың болар едім», - деді директоры. Әбдікәдір үндемеді. - Сонда сенің ойыңша бәрі жүз пайыз болуы керек екен де? - деді директор. - «Он жылдан бері шешілмеген мәселе мына барысында мүлдем шешілмес, мен барды бар, жоқты жоқ деп айттым», - деді Әбдікәдір. Мұны қоя тұралық... Сәл шегініс жасап, Әбдікәдірді директоры шақыратындай не айтылды екен соған келелік. Әбекең жиналыста не айтты деңіз...
*** Село әкімі мен аудан әкімі жаңа жылдың кірісінде село тұрғындарына есеп беретін дәстүр бар. Әкімдер есебінде жылдық жұмысының қорытындысын және алдағы істелер жұмыс жоспарларын тұрғындарға баяндайды. Ауыл әкімдігінің мәжіліс залы 120 адамға шақталған. Сол 120 - ның 40 пайызы мұғалімдер, 40 пайызы бала бақша тәрбиешілері мен медиктер де 10 пайызы ауыл ақсақал қарасақалдары, 10 пайызы жиналысқа шақырылмай келетін тұрмыстық мәселелері шешілмей жүрген тұрғындар мен әкіммен кетісіп жүргендер. Сонымен әкімдердің есеп беру жиналысына қатысушылар түгенделді.
Жиналысты аудандық маслихат хатшысы ашып жиналыс регламентін бекітіп алған соң ауыл әкіміне сөз берді. Ауыл әкімі жиырма минутқа лайықтаған баяндамасын қарапайым ғана түсінікті етіп оқып шықты. Атқарылған жұмыстар да, атқарылуы тиіс жұмыстар да көп екен. Осы жылы ауылға бір мектеп салынады екен. Ауылға ауыз су тартылады екен. Төрт километрдей асфальт жол жүргізіледі екен. Ауылдың жыл санап көркейіп келе жатқаны шындық. Әкімнің сөзінің бәрі рас. Осыдан кейін регламент бойынша аудан әкімі жарты сағатқа шақталған баяндамасын оқып шықты. Бір қарағанда атқарылған жұмыстарға көңіл тоярлықтай екен. Жиналыс ұсыныс, сұрақтарға ойысты. Балалары қалада, ауылда жалғыз өзі тұратын, жақында кемпірінің жылын өткізген Сәлім қарт аяғын сылтып басып микрофонға жақындады. - Әкім інім, айтқаныңның бәрі рас жұмыстар жасалып жатыр. Бұдан жаманымда да тойға барғанмын. Бірақ көшеміз судан құрғамайды. Үйім құлайын деп тұр. Қазір барып қарасаңдар да болады үйім шылқыған су. Сені ұстай алмадым. Қыздарың водавоз барады дегеніне, міне ай болды, су соратын машина жоқ. Үйдің алды теңіз. Сол машинаңды жіберсең алып кетер едім», - деді. Әкім: - «Сәке, бәрінен хабарым бар. Ертең адам жіберемін. Үйде бол», - деді. Сәлімнің тағы айтары бар ма, құлағы тосаңдау ма? Сол машинаңды жіберсең алып кетер едім, екінші бір мәселе почташы қыздарды көбейтсең жақсы болар еді, - деді. Әкім: - «Сәке, осы маңға жақын жерден почта ғимаратын салуды бастағалы жатыр, штат мәселесін ескертерміз», - деді. Дүкен ұстайтын, арағайындықта жүретін ардагерлер кеңесінің төрағасы Сатыбалды құрулы микрофонға таяды. Әкімнің баяндамасында бәрі қамтылды. Істелетін жұмыстар алдағы уақытта өз шешімін табады. «Әкімге рахметімізді айтып, жұмысына «қанағаттанарлық» деп баға берейік» деді. Қашан көрсең жұмыс аяғында ауди машинасы Инвет (компьтермен ақшалы ойын бәсекесі) ойынханасы алдында қаңтарылып тұратын Ертай микрофонға жақындамай-ақ тұрған жерінде сауалын төтесінен қойды. - «Біздің көшеге газ тартылады дегенге жылдан асты. Көгілдір отын қашан тартылады, нақты жауабын айтсаңыз», - деді. Газ тартылмаған көшеге газ тарту жұмыстары биыл жоспарланғандығын, бәрі де қаржыға тірелетінін әкім Ертайға түсіндірді. Компьютермен ойында ұтылса да, ұтса да ойынын жалғастыра беретін құмарпаздық қанына әбден сіңген Ертай сол дағдысымен: - Көшемізді газдандыру биылдан қалып қоймайды ғой, - деп сұрағын тағы бір нақтылады. Ауыл әкімі де өткен жылы түскен 6 ұсыныстың шама-шарқынша орындалғанын, жоспарланған істер және тұрғындар тарапынан түскен ұсыныстар үстіміздегі жылы орындалатынын тағы бір қайталады. Сақалы
мен шашы өскен, ұрттайтын адам екенін іспектенген жүзі айтып тұратын ұзын бойлы ауыл тұрғыны мәдениетті, оқыған адамның бірімін дегенін білдіргісі келгендей тым майпаздап сөйлей, тап бір қыз берген жақтағы құдасын мақтаған келін түсірген ауылдың адамындай ауыл әкімін мақтап – мақтап барып сұрағын қойды. Сұрағы: - Көктем көшесіне таңертеңгілік машиналар сыймай кететіндігін, 6 көшенің басынан көлденең кесіп өтетін газдың сары құбырын қиып автокөліктерге жол аршып беруін сұрады, алты көшеден кемі 40-50 машина жұмысқа шығатынын, бұл ауылдың бақуаттылығын білдіреді деп есеп-қисапқа жүгіне отырып, дүкеншіден арақ жаздырып алар адамның сөзімен қиыла сұрағандай етіп жол аршуды сұрады. Бұл сұрақ әкімге жақты. Ауыл әкімі бұл бағытта жұмыстар ұсыныстар жүргізіп жатырғандығын айта келе, ауыл тұрғындарының күйлі екендігін білдіре отырып сұрақ қойған тұрғынға бұл мәселенің шешімі қиындау екенін айтып түсіндірді. Сұрақ қойған тұрғын әкімнің жауабына риза болып орнына отырды. Ауыл қоғамдық кеңесінің мүшесі, өзінен өзі ашуланып өжектеңкіреп сөйлейтін өзінің кем өлшемін кең өлшемге балайтын жағы пышақпен жанығандай бурыл шашты, әкімнің жағына шығып алып бұқараға ұрсып сөйлейтін молдаларға қосылып үнемі садақа жағалап жүретін Қалыбай сөз алды. Соңғы кезде обал-сауап жөнінде шариғат айтып газеттерден де көрініп жүрген Қалыбай: - Сөзді шариғат айтудан бастады. Өткен замандарда бір ханның тұсында қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болған екен. Сол заманда бір лақ он жылда мыңға жетіпті. Адамдарының көңілі пәк, адал еңбек етіпті. Әкіміне қарсы келмепті. Әкімсіз күнің бар ма? - айтыңдаршы деп, тұрғындарға ұрыса жөнелді. Осыдан жиырма жыл тіпті он жыл бұрын қандай едік қазір қандаймыз. Әкім мектеп салып берсе, тротуар салып берсе, балабақша салып берсе міне жолың сайрап жатыр. Адым жерде дүкен. Не ішем, не кием демейсіңдер. Құдайдың бергенін білейік жігіттер. Осы әкімдерге қарап сен деп сөйлеудің өзі артық дегенде зал қол шапалақтап жіберді. Қол шапалақтау болды доғар дегенді білдіретін ишара екенін Қалбай да жиналыс жүргізушісі аудандық маслихат хатшысы да сезді. Маслихат хатшысы: - «Сұрақ, ұсыныс нақтыланса», – деді. Айтары болмаса, ұсынысы болмаса Қалбай ортаға шыға ма: - «Ұсыныс бар ауылға мешіт салынып жатыр, соған имамдыққа өзіміздің бала Сазанбай лайық, сырттан жергілікті салт-дәстүрді білмейтін адамдардың керегі жоқ екендігін айтамын», - деді. Ауыл әкімі: - «Ұсынысыңызды қолдаймыз, жұмыстанамыз», - деді. Ортадағы құрулы микрофонға мамырлай басып ауыл тұрмысына өз тұрмысына көңілі тоқ екендігін жүрісімен-ақ ұқтырғандай ақжаулықты әже жақындады. Үлкен кісілердің шүкірлігі басым болады ғой. Ауыл тұрмысының бұрынғыдан көп жақсарғандығын бұның бәрін жасап отырған
аудан әкімі екендігін айтып өтті. Әкімдерге рахметін айтты. Осымен сөзін аяқтағанда бәрі жарасымды-ақ еді. Өткен күнді шиырлап әкімдерге қайтақайта алғысын жаудыруымен болды. Жиналысқа қатысушылар әженің сөзін бөлмеді. Ақ жаулығын сыйлады. Қариялардың түсінігінше жер үстіне жұмақты тек әкімдер орнататындай екен. Әжеден соң ауылды әкімдер асырайды деген сыңайда сөйлеген бір-екі қарасақалдан кейін Әбдікәдір ортаға шықты. - Мен сөзімді Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының сөзімен бастағалы тұрмын. Елбасымыз қаражат халықтан, үйлестіру әкімнен дейді. Қаражат халықтан қалай жиналады, әрине табыс салығынан салық төлем түрлерінен сосын анда-санда төлейтін штараф бар осылардан жиналады. Әкімнің қалтасынан бір теңге шықпайды әкімдер даму жоспарын үйлестіреді. Біз айтамыз, жүз метр жерге газ құбырын тарттық, не асфальталды деп не болмаса мектеп салып берді деп. Мектеп те, жол да, газ да өзіміздің қаржымызға салынатынын біле тұра әкімдер жасасын дейміз. Халық жасасын демейміз. «Быламықты май келтіреді», - дейді дана халқымыз. Қаражат болмаса даму болады ма? Сайып келгенде ауылымыз өзіміздің қаражатымызбен дамиды. Мына отырған сіздерден жиналған қаражат есебінен ауыл дамиды дегенде мәжіліс залы демін ішіне тарта қалды. Мен ұсынысымды өткен жылы да айтқанмын, биыл да соны сөзбе-сөз қайталаймын деп аудан әкіміне Әбдікәдір сұраулы жүзбен қарады. Әбдікәдірдің сөйлеу мәнерінде ырғақтылық жоқ, бір свечосы жасамай тұрған матор сияқты кідіріп қала ма үні синусойда графигімен келе жатып косининусойда сызығына атттап түсіп кете ме, сөздік қоры буын саны келмейтін ырғағы іркіс-тіркіс ақыннның өлеңінен жаман қожыраңқы екен. Бірақ айтар ойы нақты. Ойдың үзілген жерін тұрғындардың өзі жалғапжалғап алғандай. Тісі жоқ адам талмап жұтса жарасады ғой, отыз екі тісі бүтін адам еттің нанын шайнамай жұтқандағы тамақтану гармониясы бұзылғаны сияқты Әбекеңнің көпшіліктің алдында сөйлеу гармониясы оңбады. Әбдікәдір қобалжып тұр ма? - Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы қазіргі таңда кәсіптік білімді дамытайық, дуальды оқыту жүйесіне көшейік дейді. Соған ауылымызда үн қосайық. Аула клубтарынының ескірген жүйесін жаңғыртайық, балаларымызға үй жағдайында саңырауқұлақтар өсіру, жылыжайлардың жағдайын үйрету мақсатында еңбекке баулитын үйірмелер, конструкторлық, жаратылыстану математика бағытында балаларға жұмыстар жүргізейік. Сонымен қатар жаһандану кезеңінде үш тұғырлы тіл аясында өзге халықтан үйрене бермей біздіңде тіліміз арқылы алыс-жақын шет елге тіл құдіретін танытар жергілікті балаларымыздың жазғандарымен ардақты ақынжазушыларымыздың еңбектерін тәржімалауды жоспарыңызға енгізуіңізді қалар едім. Менің ойымша ауылды көркейту үшін жасалған жоспарлар ауыл тұрғындарының ұсыныс пікірлері негізінде жасалуы қажет сияқты. Былтыр да осыны айттым, биыл да осы ұсынысымды қайталап тұрмын. Енді ортаға шықтым ғой, әкім күнде уысымызға түсе бере ме, көптен бері шешілмей келе
жатқан бір мәселе бар? - деп Әбдікәрім жиналысқа қатысушыларға қарады. Залдан айтыңыз, айтыңыз деп әр жерден қолдау білдірілді. - «Онда былай», - деді Әбекең. Баяғыда Омар Хаттап ел билеуші екен. Нөкерлерін ертіп жаяу келе жатса бір әйел жылап отырса керек. Сонда билеуші: - Неге жылап отырсың? – десе, - әйел: «үйде балаларыма берер дым жоқ, жас балаларым аштықтан бұратылып жатыр» дейді. Әмірші сендер бара беріңдер деп нөкерлерінен қалып қойған көрінеді. Жақын жердегі базарға өзі жаяу жалпылап барып бір қапшық астықты сатып алып, арқалап әкеліп берген көрінеді. Сонда Омар Хаттап айтты дейтін бір ауыз сөз ауыздан-ауызға өтіп бүгінге жеткен. Сол жерде айтылған сөз көрінеді. «Мен басқаратын аймақта төтеннен келген апат болса амалым жоқ, жайшылықта тұрғындардың көңілінде ел басқарушысына деген иненің жасуындай не тозаңның салмағындай реніштері болмауы керек. Олар қиналғанша мен қиналайын, ел басқару алланың маған жүктеген міндеті ғой деген екен. Бұл оқиға кітапта бар анық оқиға» деп бірді айтып бірге кеткен Әбдікәдір аз-кем тыныстап ойын жинамаққа бірер секунд солығын басып алды. - Мұғалім ата-аналармен тығыз жұмыс жасайды. Кейбір оқушылар айлап басқа мектепте оқиды да қайтып келеді. Не ғып жүр десең қайда арзан квартира бар соны сағалап жүрген ата-ана басында баспанасы жоқ. Үй салуға жер жоқ. Жер телімінде тізімде тұрғанына он жыл болған. Жерді жеке меншіктен сатып алу удай 2 000 000 (екі миллион) теңге тұрады. Село әкімдері шамаңыз келмей ме аудан әкіміне шығыңдар осы аудан аумағынан инфрақұрылым жасаңдар. Он жылдан бері үй-күйі жоқтарға 100 000 теңгеден – ақ беріңдерші. Аудан әкімі шеше алмай ма облысқа шықсын, не мына іргедегі Бейнеу ауданы басшыларынан үлгі алсын ол жерде инфрақұрылым бар. Жері де арзан. 10 жылда Астана қалай көркейді. Еліміз қалай бақуаттанды. Тіпті, Кеңес тұсында Қазақстанда отыз жылда қырық қала салынған жоқ па? Біз шағын ауылда 10 жылдан бері тұрғындардың мәселесін шешпейміз. Осы отырғандар жылына бәленбай мың табыс салағын төлейміз. Мысалы 100-150 мың тг, 100 мыңға татитындай жұмыстар жүріп жатқан болар, алайда жыл сайын сары труба, көшенің жыртығын жамадық демей ...- деп келе жатыр еді зал қол соғып жіберді. Залдың қол соғуын сенде қоя қой деген деп ұққан Әбдікәдірдің көзі тұманданып па, буалдырланып па кетті. Шамасы давлениесі көтерілді-ау деймін. Осылай жүріп құлап қалармын деген Әбдікәдір орнына озды. Аудан әкімі ұсынысты дұрыс қабылдады. Жоспарға ұсыныстар міндетті түрде енгізілетінін, алайда жер мәселесі өзінде толғандырып жүргенін аудан бойынша 30 000 тұрғын жер телімінде кезекте тұрғандығын соның жақын уақыттары тек қана 3000 тұрғынның арызын қанағаттандырып тұрғын үйге жер бере алатынын айтып өтті. Әбдікәдірден кейін сөз алған ұлты шешен балуан жігіт әкімдерге алғыс айтты. Спорт зал салып беріп ауыл балаларына қамқорлықты молдан жасағандықтан талай
белестерді бағындырыпты. Балғын балуандар күні кеше жеңіспен оралыпты. Спортқа көңіл бөлу болашаққа көңіл бөлу екендігін шәкірттерінің әрбір жеңісінде әкімдердің үлесі бар екендігін жаттықтырушы ретінде ауыл тұрғындары мен әкімдерге спортшылар атынан рахмет айтып әкімге кубок сыйлады. Бұл жиналыстағыларға жақсы әсер етті. Аудандық маслихат хатшысы жарыс сөзге шығушылар болмаса жиналысты доғаруды ұсынды. Жиналысқа қатысушылар мақұлдады. Бары сол.
*** Енді үзілген әңгімені жалғайын. Директор Әбдікәдірді шақыртқанын, Әбдікәдірдің директордың алдында отырғанын айттым. - «Әбдікәдір Бөлегенович, жасалған жұмыстарды көрмегендей сөйлегеніңе жол болсын», - деп директор Әбдікәдірге сұраулы жүзбен қарады. - «Әңгіме сапада деп білемін. Мен, мұғалім ретінде сөйлеген жоқпын, мен тұрғын ретінде сөйледім. Жігіттің нары әкім болады. Нарға ылайық өз жүгі болады емес пе», - деді Әбдікәдір. - «Түсіндім. Әбеке мен басқаша ойлап қалып едім», - деді директор. Сөзге тоқтамайтын адам ел басқара ма, аталы сөзге тоқтамайтын адам директор болама? Директордан шығып бара жатқан Әбдікәдірге жолай жолыққан, жиналысқа қатысқан Айжан есімді қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі ағай «жақсы сөйледіңіз» деді. Әбекең сәл кідіре ойланып тұрып «жақсы сөйлей алмадың, жақсы айттыңыз десеңіз келісемін» деді.
МАРАПАТТАУ
Милади (Айса пайғамбардың туған күнінен басталатын жыл қайыру) бойынша 2017 жылдың кірісіне екі-үш күн қалғанда селолық округ әкімдігінің ғимаратында жиналыс болды. Отыз мың тұрғыны бар селолық округ болғанымен село әкімдігінің мәжіліс залы 70-80 адамға шақталған.
Алдыңғы қатарда ауыл белсенділері, село әкімінің ығына жығылып сөйлейтіннің бір-екеуі және еңбек ардагерлері жайғасқан. Екінші қатарда жасынан бейнетті болып туған балалар шешелерімен орналасыпты. Кейбір арбаға танылған балалар екі қанатты ала жайғасқан. Үшінші қатарда жәрмеңкеге шығатын сатушылар мен дүкен ұстаушылар орналасқан да әрі қарай реттілік сақталмай тұрғындар мен мекеме қызметкерлері аралас-құралас отыр. Лық толы залдың бесінші ме алтыншы ма қатарында Байқадам дейтін мұғалім, Лұқпан дейтін дәнекерлеуші, Елтай дейтін таксист қатар отыр. Үшеуінің де жанама лақап аты бар. Ауыл адамдары Байқадамды «проблема», Лұқпанды «бөлек шығар»
ал Елтайды «алтын балық» дейді. Байқадамды ауылдың «проблема» дейтіні жиналыстарда ылғи ауыл проблемасын көтеретіндіктен «проблема» атайды. Лұқпанды ауылдың «бөлек шығар» дейтіні ұзақ әңгіме: Осыдан жиырма бес жыл бұрын, тура Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алар жылы Лұқпан әскерліктен оралды. Сол жылы жаңа жылды қарсы алуға қатарластары Лұқпанның үйіне жиналады. Араларында осы күнгі жары, ол күндегі бойжеткен, сөз байласқан Дариғасы бар ауыл жастары таңға дейін дуылдасты. Таңертең қорада ұстайтын қой-ешкісін жемдеп келген әкесі Ділмағамбет кіріп, шығып жүрген баласы Лұқпанға: «Балам етігімді тартып жіберші дейді. Ойында ештеңе жоқ әке сірісі кетіп қалған етігін шешпекке кіре берістегі столға отырып баласына оң аяғын созды. Етікті шешуге көмектеседі деген баласы: - Мен армияда тіпті, Демблімнің етігін кремдемегенмін, өзің шеш, - дейді. Содан боқтықты сықпыртқан әке шамалыға басылмады. Бес алты баласы, әйелі, үйде қонып қалған Лұқпаннның құрбылары болып жабылып, жалынып жүріп әупірімдеп Ділмағамбетті сабасына түсірді. - «Ана қыз үйге келмей жатып баламды улап бөлек алып кетейін деген екен соны білдім, міне пожалуйста, міне бөлек шығу деген, міне, міне пожалуйста әке-шешеге баланы айдап салу деген, міне, міне пожалуйста іштен ірітті деген, келін болмай кері бол», - деп он екіде бір гүлі ашылмаған Дариғаға қаралай тиісті. Болашақ осы үйдің адамымын ғой деген Дариға бір-екі қыз болып үстел үстін жинап болып кетеміз деп қалып қойған еді. Мына сөз ауыр тиген Дариға жылап жіберді. Ділмағамбет былай қалып жұрт енді Дариғаны жұбатуға кірісті. Сол күннен бастап ауыл, Лұқпанды «Ділмағамбеттің бөлек шығатын баласы» атады. Үйдің екіншісі болса да, өзінен кейін үш інісі үйленгенде де Ділмағамбет еншісін алып бөлек кетпеді. Тұңғышын әкесінің атына өткізді. Лұқпан әке-шешесінің қолында қалса да «бөлек шығар» аты қалмады. Дариға бүгінде кәсібін жолға қойған кәсіпкер. Елтайды ауыл аймақ «алтын балық» дейтіні: Елтайдың әйелі әкімшілікте жұмыс жасайды. Келіншегін жұмысқа әкеледі, жұмыс аяғында кейде ұзақ күтіп қалады. Елтайды жиендері таксистігінен қақшиыстығы көп, «Алтын балық нағашы» - деп айдар тағып алтын балық ертегісіндегі балықшы шалға ұқсап әйелінің айтқанымен жүретінін ерсі көріп әжуаға айналдырғандағысы, ертегі кейіпкеріне ұқсатқандағысы. Ауылда ерсі қылығына орай айдар тағылғандар көп-ақ. Сонысымен ауыл, сонысымен ауыл өмірі қызықты. Хош, сонымен ту түстес матамен үсті жабылған төрдегі үстелге үш әйел кісі екі ер адам жайғасты. Мұрты бозғылт, шашы аппақ қудай зейнеткерлікке таяп қалған село әкімі үстелге отырар отырмастан, сөзге келіп қалса сөзбен ырғаспай-ақ салып қалып төбелесті бірден бастап жіберетін мінезсіз кісіше жиналысты ашып, күн тәртібімен таныстырмай-ақ облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық іскер әйелдер
ассосациясының төрайымы Сәуле Бердіханқызына сөз береміз - деп, аппақ боп киініп, басына көк шәлі ораған әйел кісіге сөз берді.
Қатар отырған әлгіндегі үшеуі: - Сәуле қажы осы екен ғой, - деп өзара сыбырласып қалды. - «Құрметті село тұрғындары, біссімілла деп кіріп келе жатқан жаңа жылымыз құтты жыл болсын, тәуелсіздігіміздің жиырма бес жылдығы құтты болсын», - деп амандасып алған әйел кісі. Кейбір белсенділер сияқты тілдің үшімен жаттанды сөздерді айтпай жүректен сөйлейді екен. Жүректен сөйлегенді адамның бет жүзі, көзі айтып тұрады емес пе. Опамен әр берген жүзінде, көзінде имандай шынымен ақтарылып тұрғанын тұрғындарға сездіріп тұрды. Одан әрмен сөзін жалғаған Сәуле Бердіханқызы: - «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бұл жерде село тұрмақ, ауылдың иісі де жоқ еді. Қанша мектеп, қанша балабақша, қанша емхана салынды бұл тәуелсіздігіміздің жемісі, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың көрегендігінің арқасы. Бүгінгі «үміт сыйла» акциясы аясында жүздесіп отырмыз. Облыс бойынша кәсіпкер әйелдер қауымдастығының аудандық, селолық қауымдастығын құрып төрайымдарын тағайындап, төрайымдарын тұрғындармен, әкімдермен таныстырып кеткелі жүрген жайымыз бар. Бүгінгі жиналысқа өзім әйелдер қауымдастығы атынан жасынан бейнетті жандарға жаңа жылдық сыйлықтар беруге және жаңадан сайланған кәсіпкер әйелдер төрайымының да тұрғындарға алғашқы қайырымдылық мақсатындағы игі қадамына сәттілік тілей келдім», - деді.
- «Құрметті село тұрғындары, араларыңызда шетелде шұғыл ота жасатуы қажет балдырғанның ата-анасы отыр, мен сол балдырғанның барлық ем-шарасына жетерлік қаржыны ата-анасына тапсырғым келіп тұр», - деп әкімге қарады. Әкім, - Хасеке келіңіз - деді. Ортаға орта бойлы әбден жүдегені сондай иығындағы қытайлық күпәйкесі олпы-солпы болып тұрған сынық жүзді ер адам ортаға шығып конвертті алды да «Алла сыйласын» - деп алғысын сараң ғана білдірді.
- «Бүгін сіздерге алтын құрсақты ана, он екі баланы өмірге әкеліп тәрбиелеген кәсіпкер ананы селоңыздың кәсіпкер әйелдер қауымдастығының төрайымымен таныстырғалы тұрмын, бірге қоян-қолтық жұмыс жасайды деп сенемін», - деп ортаға жүзі бал-бұл жанған орта жастағы әйел кісіні атыжөнін атап шақырды.
Баяғы үшеудің бөлек шығары: «әйел туған сайын жасарады деген шын екен деді. Ер адам неден жасарады? - деп қарсы сауал қойған проблема сыбыр ете қалды. Шалт мінезді бөлек шығар: - Жас тоқал алса деді. Қатар отырған таксистігінен әйелін күтіп қақшиыстығы көп «алтын балық» әйелім естіп қалмасын дегендей жорта жөткірініп қаралай қысылып бұларға желкесін бере жүзін бұрып әкетті. Ибалы, төрайым болып тағайындалған әйел Сәуле Бердіханқызына алғыс білдіріп, бүгінгі акцияға он сегіз адамға сыйлық әкелгенін жиналыс аяғында сыйлықты иелеріне үлестіретінін айтты.
- «Бұл акция әрі кәсіптік семинар болған соң араларыңызда меценаттығымен аты шығып жүрген Дариға есімді ауылдастарыңыз бар, сол кісіні тыңдайық», - деп, Сәуле Бердіханқызы сөз мінберін босатып төрдегі орнына жайғасты. Енді-енді саркідір бола бастасада сыны кетпеген, ұзын шашын төбеге жиып түйген ұзын бойлы, европаша киінген Дариға мінбеге шықты. Жұрт ду қол шапалақтап жіберді. Күтпеген қолпаштаудан қысылып қалды ма екі бетінің алмалығына қан жүгіріп өтті. Жұрт қошеметтемегенде қайтсын, жұрт қол шапалақтамағанда қайтсын осы ауылдың Дариғаға күні түспегені кемдекем. Осы ауылдың Дариғаның атасы Ділмағамбеттің мәрттігіне тоқтамағаны кемде-кем. Бұл баяғы демблінің етігін кремдемейтін Лұқпаннның әйелі Дариға еді. - «Құрметті ауылдастарым, мен араларыңда өстім, өздеріңнің демеулеріңізбен атамның кеңесімен кәсіпкерлігімді аяқ киім сатудан бастадым. Атамның кеңесімен қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастырдым. Кедергілер көп болды. Кедергілерді, атамның мойымайтын табандалығы арқасында жеңдім. Бүгінде цехтарым мен мейрамхана, асханаларымда елуалпыс ауылдасымыз жұмыс жасайды. Бұл жиырма-отыз жанұя нәпақасын айырады деген сөз. Өзіміздің өнімдер тұтынушылар тарапынан жоғары бағаланып «алтын сапаға» ие болғанын білесіңіз. Бұл бәріміздің жетістігіміз, атамның жетістігі. Бүгінгі акцияға құр қол келгеніміз жоқ, мүжәлсіз отбасыларға табыстар конвертті сыйлықтарымыз бар. Атам жиналыс соңында иелеріне сыйлықтарын табыстар», - деді. Алдыңғы қатарда отырған ауыл ақсақалының бірі Ділмағамбет: - Айналайын, өзің тапсыра бер келін, бейіліңе берсін, - деді. Жиналыс тізгіні қолында отырған село әкімі: - «Ал, енді марапаттауға көшейік», - деді. Сәуле Бердіханқызы қайта мінбеге жақындады. Сәуле Бердіханқызының көмекші қыздары шамасы бір сандық сырты тысталған алғыс хаттарды арнайы қойылған үстелге текшелеп қойып бір-бірлеп Сәуле Бердіханқызына алып беріп тұрды. Ауыл ақсақалдары мен белсенділерін, үлгілі ұстаздарды, үлгілі ақ халатты абзал жандарды, әйелдер қауымдастығы атынан Сәуле Бердіханқызы марапаттады. Мұғалім Байқадам да марапатталды. Марапаталғандар жиылып суретке түсісті. Байқадам бірер ауыз сөйлегелі жиыннан рұхсат сұрады. Жиын болса осы-ақ сөйлейді екен деген ойын жүзінен ұқтырған бозғылт мұрт, аппақ қудай шашты әкім: - «Мұғалімсің ғой қырық бес минутқа созба Сәуле Бердіханқызының уақытын алмайық», - деді. Мінбеге шықпай-ақ сахнада тұрып микрофонды қолға алған Байқадам бүй деді: Отыз жылдың мұғалімімін, марапаттаудан, алғыс хаттан құр алақан емеспін. Бір данышпан: Елдің мәдениетін білгің келсе, сол елдің әйелдерге құрметін байқа деген екен. Мен соған өзгеріс енгізгелі тұрмын дегенде, әкім: - Мынау баяғы мың бір түніне басқалы тұр екен дегендей, жаратпай қарады. Микрофоны қолында Байқадам сөзін одан әрі жалғады. - Мен айтар едім:
Елдің мәдениетін сол елдің әйелдерінің ер адамдарға деген құрметімен бағала деп. Жалпы марапаттау совет заманынан қалған үрдіс. Мысалы екінші дүние жүзілік соғысқа советтік он бес миллион сарбаз қатысты. Он бір мыңы кеңес одағының батыры атағын алды. Статистикаға жүгінсек бір пайызға да жетпейді. Қазақ жігіттерінен осы атаққа лайықтылары болды. Алайда атақты басқа ұлт өкілдеріне берді. Бұл әділетсіздік еді. Қан кешу майданның өзінде кейде әділетсіздік үстемдік құрған. Кетпен күрек ұстап білмейтін шенеуніктер еңбек ері атанды. Бұл факт. Таңнан іңір қараңғылығына дейін аңыздардан шықпай еңбек еткен кейбір аталарымыз алақандай алғыс хат ала алмағаны шындық. Менің бүгінге дейін марапаттауға деген көзқарасым басқаша еді. Бүгін мен марапаттауға лайықты болсам да, болмасам да алған марапатымды риясыз қабылдаймын. Менің бүгінгі, Облыстық әйелдер қауымдастығынан алған марапатым бір төбе де отыз жыл бойы алған марапатым бір төбе. Сәуле қажы мүмкін бірімізге жеңге, бірімізге келін, бірімізге апа немесе қарындас болып келеді. Әңгіме онда емес, өлкемізде аты жақсылығымен шығып жүрген қоғам қайраткері деп танимын. Мұндай қайраткерлерге алтын құрсақты еліміз бағзыдан да кенде емес. Ақкелін болысы атанған болыстық осыған дәлел. Гендрлік саясаттың жемісі іскер әйелдер жасасын! Қажылар Тәуелсіз елімізде мыңдап саналады. Қажы деген атқа лайық адамдар көп шығар, Отыншы Көшбай ағаның «Меккеге сапар» атты кітабында жылына 2 000 000 адам қағбаға тәу ететіні айтылады. Алайда мен екі қажы туралы айтпақшымын. Бір қажының ерен еңбегін көнелерден естіп өстім. Ал екінші қажының ел арасында жасаған қайырымды істерін көріп келемін. Аудармашы ғалым Нияз Тобыш ағадан бір рәуаят естіп едім сол рәуаятта: Баяғы заманда кедей жігіт он жасынан бастап отыз жыл бойы ауысқан тиын-тебенін қажылыққа бармақ болып жинап жүреді екен. Бір жылы жұт болып ел ашығады. Сол жылы кедей үйленеді. Күндердің бір күнінде кедейдің жүкті әйелі көрші үйден шыққан тамақтың иісіне аңсары ауады. Отағасы көрші үйге табақ алып барса, көршісі жылап жіберіпті. Өлген малдың өлексесін шиеттей бала-шағама асып жатыр едім, балаларымнан жырып бере алмаймын дейді. Баяғы жинап жүрген қаржысын көршісіне беріп, сол бір асым етті сатып алыпты. Сол жылы Меккеге қажылап кеткен ауылдастары ауылға оралғасын кедей жігітке: - Қажылығың қабыл болсын, біз сені Меккеде көрдік қой, - дейді. Бармаса да сол кедей жігіттің қажылығын Алла қабыл етсе керек дейді. Пендесінің адал жүрегімен жасаған жақсылықтарын Алла ешқашан ескерусіз қалдармайды дейді. Мен білетін жерде жоғарыдағы екі адамның атымен де затымен де қажылық атау үйлесетін сияқты. Олар, ел билеуде әділдігімен танылған, Меккеден өз қаражатымен үй салдырған исі қазақтың жазба әдебиетінің атасы Абайдың әкесі Құнанбай қажы. Кешегі Кеңес үкіметі кезінде Арабиядан Қазақстан Республикасына төмендегі мәтіндегі хат келеді: Көшені абаттандырып құрылыс жұмыстарын жүргізуімізге байланысты Қазақ елінен Құнанбай есімді кісінің салдырған
үйін бұзып екінші бір жерден салып берейік деп едік, соған орай иесі хабарласуы керек дейді. Ол күнде дін апиын, дін ескіліктің салдары деп қаралғандықтан хат жауапсыз қалдырылған. Халықаралық сипатқа ие болған тұлға Құнанбай қажы еді. Екіншісі өзін танымасақ та ісімен танылған жомарт жүрек иесі өлкемізге ісімен танымал, түбегімізді айран-ағымен қарқ қылып отырған, бүгін жүздесіп отырған Сәуле қажы дер едім, - деп Байқадам қол соғудың ишарасын жасады. Зал қол соғудан дүрілдеп кетті.
*** Жиналыс соңында жаңа жылдық сыйлықтар үлестірілді. Залдағы отырғандардың барлығы дерлік жаңа жылдық сыйлықтар алды. Жасынан бейнетті болған балалар мен арбаға таңылған егделерге жаңа жылдық сыйлықтар қалың-қалың конверттер табысталғанда, елдік дегеніміз осы емес пе деген риясыз ой жиналысқа қатысушылардың әрбірінің көкейінде тұрды.
БАЯҒЫ ПРОФКОМ
«Мен ойлаймын ендеше мен күмәнданамын, күмәнданамын демек тірімін, ой күмәннан аршылған жерден ақиқат басталады», - деп тұжырымдаған Рене Декарттың қозғалысты сипаттайтын координаталар жүйесінде координаталар басы ретінде қабылданған математикалық нүктеде абцисса өсі мен ордината өсі қиылысады. Сол, Декарттың координаталық жүйесі миллиондаған сәулет құрылысына негіз болды. Сол, Декарттың ақиқатты айқындайды дейтін координаталық жүйесі миллиондаған әңгіменің өрбуіне негіз болды. Координаталар басын сипаттайтын көп жолақты жолдар қиылысы автокөлік жүргізушілеріне реттілікті нұсқайтын бағдаршамдардың тұрағы ретінде алынатыны елге мәлім. Үш жолақты жолдардың осындай бір қиылысында «Нұр плаза» ресторанының маңында бір әңгіме басталды да кетті. Сол әңгімені төркіндетейін. Ал тыңдаңыз?...
*** - «Ай бала, өз жөнімізбен жүре берейік, әркім өз машинасын жасатып алсын», -деді шағала мұртты ақселеу шашты, көп жасаған әжімі терең орыс ағашындай еңселі кісі жолдың қиылысында автокөлігінің қамшылар жақ есігін, ішке қарай мыжырып жіберген Джиптің иесіне. - «МАИ шақырамын. Орныңнан тапжылма старик», - дейді машиналардың үздіксіз сигналына даусы көмілген отыздардағы төртпақ жігіт. - Денің дұрыс па? - дейді шағала мұртты ақселеу шашты еңселі кісі. - «Орысша привет, как дело деуге ебі бар төртпақ жігіт ұялы телефоннан: «Бір проблеманы решать етіп тастау керек», - деп әлдекімдерге
хабарлап жатыр. Төртпақ жігіт шағала мұртты адам санатына алмай тұрған сияқты. - «Ай, бала мен өз жөніммен кетіп бара жатқанда қапталдан келіп соқтыққан өзіңсің, жол ережесін білмейді екенсің рулге отырып нең бар. МАИ келсе уақытты алады. Менің машинаманың жылы ескі, сақтандырудан тиын тебен алам деп жүргенде он жыл өтеді, жөнімізбен кете берейік», - деді ақ селеу шашты ұзын кісі. Ашуланғанда жүзі түтігіп, шағала мұртына жан біткендей қанатын қомдайды екен. - «Старик сөзді қой, техпаспортты бер», – деді қара көзілдірік таққан төртпақ жігіт тағы әлдекімдерге ұялы телефоннан хабарласып жатып. Телефоннан арғы жақтағы әлдекім консултация беріп жатыр ма, әлде жағдайды сұрап жатыр ма бұл «аһа, аһа он виноват, дядя, айтыңыз, айтыңыз», - дейді. - «Ай, баламысың деген, жұрт соқыр емес қой», – деді шағала мұртты. Шағала мұртты кісілігі бар адам сияқты. - «Аға, проблеманы решат етіп тастау керек, вампир жөндейтін өзімнің кастоправтарым бар соған барайық жүз мың демей-ақ қояйын сексен штук бер қанша айтқанмен 200-дік емес пе», - дейді қолма-қол саудаласып төртпақ жігіт. - «Өзің біл бала, МАИ шақыртсаң шақыртшы», - деді ақселеу шашты жасамыс кісі. Сәл шегініс жасап, ақселеу шашты кім, шағала мұрттыға соқтығысқан көлденең көк атты кім таныстыра кетейін.
Бұл - шағала мұртты ақселеу шаш жапырағы жайылған қаланың бір құрметті қарты еді. Тоқтаған жері тоқты іздеп, дүкеннен қымбат арақ іздеп бүлінетіндей абыройы бар, сөздің иесі еді. Күнінде Мұқағали, Төлеген, Жұмекендермен аралас құралас бола жүріп, олар өлең оқығанда бұл бүкір қобызымен солқылдатып күй тартып атақты домбырашылар оң жағынан орын бергендей қобызшы атанған еді. Қарға бойлы Қазтуғанды қайта тірілткен осы еді. Иә, оның бәрі күнінде болған. Қазіргі күні бүкір қобыз қадірсіз. Тірлік қамымен күн-түні дүниеқоңызданып жүрген бала-шағаға базардағы шашлықшы қызылбастың істігі қобыздан қадірлі. Бабадан қалған қобызды ұстаған немересі көрші шашлықшы қызылбасқа үйірсектеп ақыры қобызды істікке айырбастап тынды. Өнер мектебінің екінші сыныбынан шығып кетті. Күндізгі мектептен кешкі мектепке оқуыңды ауыстыр деген қызылбас шашлықшының сөзіне ерген немересі оныншыдан бастап кешкіге ауысам дегенде кешкіде оқып не істейсің десе: - «10О-дік көк қағазға орта бөксе болған печене қорапты қолымен нұсқап көк қағазға толтырамын», - дейді немересі. - «Ол, онсыз да толады ғой», - дейді қарт. - «Оқымаймын деген баланы оқытып»», - дейді кемпірі. Бір мезгіл баланың орнына өзің шық дейді. Бабалардың жолын шаңдатады-ау, өнер жолын ұстайды-ау деген немересі шашлықшы болып кетті. Кемпірі шалының да шашлық сатып ақша табуын теріс көрмейтін сияқты.
- Әй, Жаңай тәуелсіздіктің жиырма бес жылдығына орай, келін мектепте ашық тәрбие сағатын өткізетін көрінеді соған стикер, маркер алып кел. Пенсие түскен шығар, банкаматтан ал, жәрменкеге барып ана қыздан олпұл аларсың», - деді кемпірі. Аяғы түскірі бастырмай топ аяқ болып қалған кемпірінің осы үйде батынып, шағып сөйлейтіні шалы. Содан жиырма жылғы серігі Ваз-99 машинасын сипай қамшылап жолға шыққаны сол, баяғы ауылда бірге отырған ағайынды екі қырсықтың кішісі «аты жоқ қырсық» атанған Жақан жол жиегінде такси ұстамақ болып қол көтеріп тұрмасы бар ма. Көптен жүздеспеген Жақанға ыңғайланып барып тоқтады. Жақан үлкейіпті. Қол-аяғы дірілдек қалтылдақ болыпты. - «Жа-ңай-мы-сың», - деді бір-екі жас үлкендігі бар қалтылдақ болған Жақан. Ассалаумағалейкум деген бұның сәлемін қаперіне де алмаған қасарма Жақан: - «Облыстық болницаға», - деді де макенточының сол қалтасынан ұзын жеңіне малынған үздіксіз секірген сол қолымен уыстап алған жәмі 200 теңге болатын бақыр теңгеліктермен күмістей жарқыраған жиырма теңгеліктерді біраз шоршытып алып әлектеніңкіреп барып машина панеліне насыбай шақша қаққандай қимылмен бейне құсқа жем шашқандай уыс теңгесін сүйрете шаша салды. Сүтпен біткен мінез сүйекпен кетеді деген шын-ау осы деп ашуға булыққан Жаңай: - Мен сені былай жеткізіп салам, Жақа» - деді. Жақанның сол қолы секірген қалпы горизонталь-вертикаль бағытта жоғарытөмен ишара жасалғасын бұл үндемеді. Жақан мектеп оқитын кезінде, «қатыны жоқ қырсық» атанған ағасы география пәні мұғалімі болып жолдамамен ауылға келген мұғалім қызға қырындап сөзін өткізе алмайды. Соған бола оқушы Жақан мұғалімімен ерегеседі ғой. Сабақта тыныш отырмайды. Мұғалімнің үстеліне махорка насыбай шашып тастайды. Бір күн емес, екі күн емес күнде солай. Ол күнде мұғалімдер оқушыны шапалақпен тәртіпке шақыратын салт болатын. География пәні мұғалімі Жақанды шапалақпен тартып жіберсе керек. Жақан мұғаліміне: - Қап бәлем, саратан сиязында көремін сені, – дейді. Бұл, атасының басқармаға ашуланғанда отбасында айтып отыратын дөң айбаты еді. Ашуланғанда атасының сол сөзі аузына түсе кетті. Мұндай сөз күтпеген мінезсіз мұғалима: - Әй мынау не дейді, - деп бөз астарының бүктелетін жерінің жібі сетінеген сегіз бүктеулі, георафия пәнінде үнемі тақтаға ілінетін дүниежүзінің саяси картасымен бастан салып–салып жібермей ме. Жақан тұра қашсын. Мұғалима тұра қашқан оқушысын түре қумайды. Сабақ аяқталғасын мұғалімдер бөлмесіне барса директор түнеріп отыр. Мән-жәйді ұққасын директор үндемеген. Не десін, кінә оқушыдан. Жабулы қазан жабулы қалар ма еді. Арадан апта өтпей Райком хатшысы директорды бюроға шақыртты. Бюрода Райком хатшысы: Бізде сондай мектеп директорлары бар, мұғалімі оқушысын дүние жүзілік саяси карта мен соқса да үндемейді. Физикалық карта болса бір сәрі, Саяси картамен оқушыны соғу бұл саяси астары бар оқиға. Жолдастар, жолдас директор саяси картада
еліміздің жүрегі Москва барын, Москвада пролетариаттың ұлы көсемі Лениннің Мавзолейі бар екенін білмейтін сияқты. Мұғалім де, жолдас директор да бұған мән бергісі келмейді, ал оқушысы мән береді, - деді ызғарланып. Директор табан астында: Ол мұғалімге мектепте орын жоқ, ол жұмыстан күні кеше шығарылды, – деді. Райком секратары: Жолдас директор дұрыс шешім жасағансың, - деді. Бір партократ белсенді: «Ондай мұғалімді жұмыстан қуу аз, итжеккенге айдату керек», - деді. Райком хатшысы: шешім шығарылған екен талқылауға жатпайды деп нүктесін қойды. Директор ауылға келген бойда мұғалімді жұмыстан шығарып жіберді. Жақан, ауылдағы бір аяғы жоқ фронтовик домалақ арызшы пошташыға барып бәрін жайып салған ғой. Пошташы: Сен, мұғалімің қолында саяси карта болды ма, физикалық карта болды ма соны біл деп мұқият тапсырған. Ертесіне бұл «география пәні мұғалімінің картасының жоғарысында политическая карта мира деген жазуы» бар деді. Пошташы өтеуіне «жабағымды жуасытып берерсің, Құдайың берді» деді. Пошташы Райкомға оқушының атынан арызды айдаған екен. Мұғалімге қырсығып оны жұмыстан қудырған қайран Жақан «аты жоқ қырсық» атанған. Бөлтірігінде қысастықпен ауызданған Жақам-ау сен де үлкейіпсің-ау, деп ойланып келе жатқан Жаңай жолдың қиылысына келіп тоқтаған. Светафор жібергесін жөнімен бұрыла бергенде бүйірден джип соққан. Қалтылдақ Жақан қаннен қаперсіз отыр. Машинадан түсейін десе есігі ашылмайды. Бір-біріне атар оғы жоқ қос жүргізуші машиналарынан түсе-түсе қалысып байланысты. Күре жолдың қиылысын машиналар ойбайлай азан-қазан етті. Бір бірін ұғыспаған қос жүргізуші әудем жерге барысты. Ақселеу шашты өзінікін дұрыс десе, Джиптің жүргізушісі өзінікін дұрыстайды. Азан қазан болып жатқан жерге көліктерін сәйгүлікше сылаң қаққызып МАИ қызметкерлері жетіп келді. Өзін таныстырған кіші шенді жігіт мән-жәйді тәтпіштеп сұрап алды да машиналарды айнала сызып шыққан соң екі жүргізушіге де бос бланкілерге қол қойғызып алып машиналардың техпаспорттарын алып қойды да уақытша мерзімге жарамды құжат беріп бұларды қоя берді. Арадан апта өтпей қалалық сот шақырды.
*** Әділдік үстемдік ететін, әділет іздеушіге құныкерін жығып беретін қоғамдағы бірден бір орын болса ол сот кеңсесі. «Жаманды түйе үстінен ит қабады»-деген, тапа тал түсте сатпағы кеппеген боқ мұрын сәплякке байланып жүрісін қара –деп тобан аяқ кемпірі іреп шығарып саоған Жаңай сот кеңсесіне келді. Кескір алмас сияқты турап-турап сөйлейтін жүзінде ызғары бар жас әйел судья дауға төрелік еткелі шақырған екен. Сызбасын сызып хаттамалаған МАИ қызметкері денсаулығына байланысты келе алмай, орнына қасындағы шені кіші МАИ қызметкері сотқа куәлік беруге келген екен. Хош, сонымен...
МАИ қызметкерінің сызбасы сотқа жолданған протоколы, Жаңай қарияның жүрісін бұрысқа шығарып джиптің жүргізушісін дұрысқа шығарған екен. МАИ қызметкері айтады: «Джиптің жүргізушісі жол ережесін сақтаған, ВАЗ-99 автокөлігінің егесі жол ережесін бұзған, дауды жәбірленуші Джиптің жүргізушісінің пайдасына шешу керек» деп. Шағала мұрты қанатын қомдап, жүзі тауықтың жалаңаштанған сан етіндей бүртіктенген Жаңай тұманды күнгі мұржадан шыққан түтіндей тынысы тарылып бір сөйлесін. Сөйлегенде бүй десін «Бұрмаланған шындық, бұрмаланған шындық жұлмаланған шындық, жұлмаланған шындық» деп қобызша күңіреніп алып сөз бастады. Жаңайда бала күнінен сөзді оқыс бастайтын әдет бар. Тебіренген кезінде бақсылардың қобызының өз-өзінен бір аңырап барып басыатынындай мағынасы өзіне ғана аян сөздерден жеті сегіз буынды шумақ құрастырып тақпақтатып жібереді. Бұндай тебіренген сәттері жараған үлектей ішін тартып, мұрты көкке шаншылып көзі қызарып кетеді. Және осындай күндері кешкісін жараған үлектей басын бұлғақтата отырып қобызды аңыратады. Қобыз сарынына кемпірінің құлағы үйренген, қобыздың дауысы шықса болды үн түнсіз ұйығандай мүлги қалады. «Бұрмаланған шындық, бұрмаланған шындық жұлмаланған шындық, жұлмаланған шындық. Балам қатарлы балаларсыңдар, Мен келіспеймін. Мен, бұрылар жақ жолақта өз жөніммен бұрылып келе жатыр едім, маған соқтығысқан Джиптің жүргізушісі. Оны МАИ қызметкері де көрді. Аппақ қуарған сақал-шашымды сыйламасаңдар да шындықты сыйламайсыңдар ма шырақтарым, ертеңгі күннен дәмелерің бар ғой. Сол жерде камера бәрін жазды ғой, камерадағы жазбаны алдырыңдар, содан соң ақ –қарасын айырып беруіңізді сұраймын», - деді. - «Жазбаны алайық деп едік, бейне камера бұзылып қалған», - деді МАИ қызметкері. - «Қолымыздағы бірден-бір айғақ хаттама негізінде шешім шығаруға болады, бірақ айғақ жетімсіз болғандықтан жәбірленуші талапкерді тыңдайық деді», - судья. Әйелін алдап үйренген қазіргінің серісінше дәлел келтіре сөйлейтін Джиптің жүргізушісі таразыдан жеп не бағасынан жеп клиенттерін алдауға еті үйренген комерсанттарша гулей жөнелсін. Джиптің жүргізушісі тиянағы жоқ сөздермен басты айналдырар епті логикасымен ойын құрастырып айтқаны: Мен, жүргіншілер өтетін жолақтан өтіп жол ережесіне сәйкес бағдаршамның көк түсі жанғанда бұрылыс жасай бергенімде рұхсат етілмеген жылдамдықпен келе жатқан ВАЗ-99 автокөлігі пайда болды. Мен тормоз басып үлгердім әйтпесе аға басқаша жағдай болуы мүмкін еді. Аға маскіңді шешіп алдың ғой, – деп жәбірленуші кейіпте жүзі сына сөйледі. Әрбір шешімнің геометрияның аксиомасындай бұлжымайтын шындық болуына аса мән беретін жас әйел судья: Оқиға болған уақыттағы бейне камера жазбасы алып келінгесін шешім шығады, бүгінгі айғақтар жетімсіздіктен шешім шығатын күн қосымша хабарланады деп отырыстың
жалғасы болатынын тараптардың өзара келісімі болып жатса іс қысқартылатынын хабарлады.
*** - «О, сорлы әркімге бір жем болып жүр енді. Аты жоқ қырсықта басың қалғыр, жаманның жолдасы көп басына пайда салғысыз, ал Жақаң құтқарсын енді, Жақаңа бар. Мелисса ведоны берер ме екен. Көрде тұр, әулие екенсің дерсің ведоны сындырып тастайды. О, сорқайнаған, алжыған машина айдау не теңің. Бір тиында бермеймін, тап та төле, жұрт сияқты ақшалы мұнайға бармай, пенсияң мұрт майыңа жетпейді, пенсияң газ, светіңнен ауыспайды. Менің пенсиям болмаса той-садақаға бара алмай адамдықтан да қалар едің. Алматыда жүрдің тентіреп қобызшы мыс, балаларым жетіліскесін ауылға келіп аққа аузың тиді емес пе? Мен болмасам әлде қашан алқаш не наркоман болып кетер едің, не далада өліп қалар едің», - деп тобанаяқ кемпірі аспанды алақанымен тіреп тұрғандай бұрқылдасын. Тобанаяқ кемпірі өстеді. Елу жылғы жолдасы, сырласы тілі ащы. Жүріп-тұрудан қалғасын шалын шағып сөйлейтінді үдетті. Шалы үндемейді. Кемпірі бұрқылдап-бұрқылдап басылады. Басылғасын шалына жаны ашиды. Жаны ашығасын дүниені кеңітіп сөйлейді. Не дейді дейсіз ғой. Кемпірекең бүй деді: Заң бар, әділ сот бар, қазір бәрінің көзі ашық. Көлігіңді балалар жөндетті. Шығыны дым емес екен. Әлегін айтамын да. Ана баланың машинасы қаңтарылып тұрады да қояды соны айда, қашанғы жолдасым деп ескіңді салдырлата бермей, ведоны тығып тастаған мелиссаны прокурорға айт, – деп ақыл айтты. Кемпірінікі де жөн екен шайға қанған соң прокуратураға келді. Прокротура кеңсесіне арызын тіркетіп шығып келе жатыр еді орта бойлы мұртты кісі қарсы соғып жылышұрай амандаспаққа қол созды. Жаңай, көп ақ жағалының бірі шығар деп мән бермей қарсы соққан кісі мен салқын амандасып өте берді. «Аға, танымадыңыз-ау» дегенге артына жалт бұрылса жаңағы жылышұрай қолсозып амандасқан орта бойлы кісі бұған қарап тұр екен. Шырамытқандай болды. - Аға, баяғы профкомсыз ба? – деді қарсы соққан орта бойлы мұртты кісі. - «Иә, баяғы профкоммын», - деді. - «Өзіңіз Декабрист атандырған Төремұратпын ғой, аға», - деді қарсы соққан кісі күлімсірей. - Е,е жөн-ақ. Сен қайдасың қазір ол уақытқа да отыз жылдай болыптыау», - деді Жаңай. - «Мен, осында басқармадамын. Оқудан қуылып жағдай кетіп, әр мекеменің есігін сығалағанда өзіңіз емес пе, мені мәдени шараларға тартқан. Бастықтарың қарсы болғанына қарамастан омыраулап ансамбльге алдырған. Тәуелсіздік алған соң оқуымды қалпына келтіріп соңғы курсымды аяқтап Прокуротураға жұмысқа жүрдім. Алматы, Астана жағында біраз болып, соң
елге келіп қызмет жасап жатқан жайымыз бар», - деді орта бойлы қара мұртты кісі. - «Ай, бала баяғы профкомыңның жүрісі осылайда осылай», - деп өз жүрісінен хабардар еткен Жаңайға Төремұрат: «Аға,телефоныңның нөмірін берші», - деді. - «Ай, бала өзіңнің телефон нөміріңді жаз және атыңды баяғы профкомсыз ба деп жазып қой сол күндердің естелігіндей болып тұрсын», - деді Жаңай. Кабинетке барайық деген Төремұратқа, Жаңай «бәлендей қиын шаруа емес қой уақытыңды алып не істейін телефоның бар ғой» деді. Арадан көп уақыт өтпей Жаңайды қалалық сот қайта шақыртты. Өткендегі жол көлік оқиғасына байланысты сызылманы сызып, сотқа протокол жолдаған кіші шенді МАИ қызметкерінің өзі қатысты. Камерадағы жазба алдырылыпты. Джиптің жүргізушісі де МАИ қызметкері де жуаси қалыпты. Бәрін көзімен көрген судья Жаңайдың пайдасына шешті. Сабақ оқымаған оқушы сияқтанып тұрған МАИ қызметкеріне судья: Жұмыс бабында оқиғаны теріс бұрмалап көрсеткен қызметкер ретінде өз алдына хаттама толтырылып шешім шығарылады деді.
*** Ылау жолда келе жатқан ВАЗ-99-дың жүргізушісі жолдың жиегіне шыға тоқтап, баяғы профкомсыз ба дейтін есіммен телефон шалғанға: - Сен араласқаныңды сездім. Шешім шықты. Құжаттарымды алдым. Иә, көліктемін. Қой, құрсын несін қудалаймын. Төремұрат сенің «баяғы профкомсыз ба» дегеніңнен әсерленіп, сол күндер кейінгіге естелік болсын деп «Баяғы профком» - атты күй шығарғандай болдым, келіп тыңдарсың – деді. - Бұйырса, - деп жатыр арғы жақтан баяғы профкомсыз ба дейтін кісі. Соттың шешімі шыққан. Онда былай делінген: Сот мәжілісінде куә ретінде сұралған ІІБ ЖПҚ ЖППБ–ның полицейі қызметте болған кезде шағын аудандар арасындағы реттелген жол қиылысында орын алған жол көлік оқиғасын көріп, барғанын. Екі жүргізушіден түсініктеме алып, жол көлік оқиғасының сызбасын сызғанын. Осы жол көлік оқиғасы жедел басқару орталығының бейне камерасына жазылғанын. Осы бейне жазбадан Жаңай Түгеншеевтің басқаруындағы автокөлік, кері бұрылған Джип автокөлігін соққандықтан тек Жаңай Түгеншееевке жол жүрісі қағидаларының 13 бөлігі 3–тармағын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігімен хаттамасын толтырғанын. Әкімшілік құқық бұзушылықтың мәнін толтырмай Жаңай Түгеншеевке қол қойғызғанын көрсетті. Бейнежазбадан Жаңай Түгеншеевтің басқаруындағы автокөлік сол жақтағы үшінші жолақпен, ал Джип автокөлігі оның оң жағында қозғалғаны, қиылысқа жақындап, көлденең таңба аяқталған жерде К.Т-ның басқаруындағы автокөлік кері бұрылып, Жаңай Түгеншеевтің басқаруындағы автокөлікпен соқтығысқаны анықталды. Осы дәлелдемелер жиынтығы Ж.Т-ның түсінігімен үйлесіп К.Т-
ның маневр жасау кезінде жоғарыда аталған талартарып бұзып, жол-көлік оқиғасын тудырғанын дәлелдейді. Сондықтан осы жол-көлік оқиғасы Ж.Түгеншеевтің кінәсінен болған деген уәждер негізсіз. Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 2-бабына сай осы Кодекстің Ерекше бөлімінде көзделген құқық бұзушылық құрамының барлық белгілері бар әрекет жасау әкімшілік жауаптылықтың негізі болып табылады. Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 741 бабы 1-бөлігінің 2) тармақшасына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылуға жатады. Жоғарыдағыларды ескере отырып, Судья Қазақстан Республикасы ӘҚБтКнің 610-бабының 1-бөлігімен Жаңай Түгеншеевке қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтату қажет дей келе, Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 818-822-баптарын басшылыққа алған судья Жаңай ағаны шырғалаңнан босатып қоя берген. Ақтың жағы ашық деген осы. Осындай шырғалаңнан шыққан Жаңай шағала мұрты көкке шаншылып отырып екі күн-түн қобызын аңырата боздатып күй шығарған. Күй деуден көре күйлер циклі деуге келетін дүние туындаған. Терең күй емес, иірім күйі дейді өзі.
*** Күй тыңдауға келген жұрт залдағы үстелді жағалай отыр. Кең қаусырмалы шапанды желбегей жамылып, басына оюлы тақия киген күйшінің көңілі солқылдап қобызды боздатып отыр. Қобыздан шыққан үн жұрттың алдында суреттер иіріміне айналып бара жатыр. Еліктіріп бара жатыр. Машиналардың үздіксіз сигналына көмілген қала суреттері, ышқына тоқтаған Джиптің дауысы, көшедегі шаң-шұң, тақтаға жазған бордың сытырсытыр дыбысы, астары бөз сегіз бүктелген саяси картаның соққандағы букбук еткен дыбысы, өкпек желге кеудесін тосқан асқар таудан құлаған көшкін дауысы... «Бұрмаланған шындық, жұлмаланған шындық», - деп ыңыранған қария дауысы. Құртқа қасқырдың түнді тілген ұлыған үніндей қобыз ұлып басылып, баяғы профкомсыз ба, баяғы профкомсыз ба? - деп екпіндете айта келіп қобыз басқа бір арнаға ауып, өрге қарата лықсып кетті. Лапылдаған от, желдің уілі, аязда қаршылдап жүрген аяқ дыбысы, шынжыр табанды танкінің гүрілі, автоматтың тырылы, қасқыр иттің арсылы ышқына айқайлаған бойжеткеннің үні, 86 желтоқсан, 86 желтоқсан деп алып ышқына боздаған паровоздың дүрсілі үнін айна қатесіз берген қобыз үні Қазақтың Ән Ұранына ұласты. Көкте қыраннның шаңқылдаған үні, қыранның қалықтағаны, Көк тудың желбірегені олимпиада жеңімпаздарының мерейлі маршы, «Үш қоңыр» әнінің сазын қалықтатып алып баяғы профкомның күйі, баяғы профкомның күйі деп келіп күй тына қалды. Анық жарты сағат күй циклі орындалды. Шағала мұрты көкке шаншылып барып, шаншылып барып Жаңай тоқтады. Күйге құтты болсын айтқан қонақтардың арасынан Төремұрат орнынан тұрды. - Бүгінгі күй, қазақ күйі тарихында жаңа күй деп білемін. Күй құтты
болсын. Мен күйге елтіп қалдым. Мен Жаңай ағаны, баяғы 1987 жылдың ақпан айынан бастап таныймын. Мен ол кезде КАЗГУ-дың төртінші курсында оқитынмын. Сол Желтоқсан оқиғасына байланысты оқудан шығарылдым. Елге келдім. Күнелтіс қамымен жұмыс іздеп бармаған жерім жоқ. Мекеме бастықтары бәлесінен аулақ-деп маңайлатпайды. Сөзі дұрыс профком бар дегенге, осы Жаңай ағаны іздеп бардым. Жаңай аға бастығына мән-жәйді айтып келісімін алған соң мәдени шараларға тартып, ансамбльге алды. Жалақысы тәуір екен. Мені қамқорлығына алған Жаңай ағаны, жанашыр аға деп білемін. Отбасымыздың атынан аға мен жеңгеге аздаған тартуымыз бар, келініңіз берер, – деп әйеліне қарады. Бес биенің сабасындай келісті жарқылдап сөйлейтін етжеңді әйелі суыр құлақшын мен таза былғарыдан иленген тонды, қаусырмалы қазақы бешпентті Жаңайдың кемпірінің алдына қойды. Жұрт қол шапалақтап жатыр. - Ал, енді немереміз Мұрат, өнерін көрсетемін деп жатыр қабыл алайық, деді Жаңай. Істік шаншып үйренген қол жылдам екен. Бұрқыраған бозбала емес пе, есепсіз күштің иесі емес пе қолға қобызды алып екпіндете күй тартқанда, айналаны жасартқандай күй әуенінен мың түрлі бояу тарап жатты.
ӨЗГЕРІС
Әңгімемді бастамас бұрын кейіпкерлерімді төркіндеткеніме, кейбір мәліметтерді індеткеніме, оқырман әңгімеші-поппури айтатын әншіше бірді айтып бірге кетеді екен демей түсіністікпен қарауын өтінемін. Ал, тыңдаңыз... Мектепте қысқа үш қоңырау берілсе мұқым мұғалім мәжіліс залына жиналсын деген белгі. Қысқа үш қоңырау берілген соң, жаңа оқу жылының алдындағы тапсырмалар болар, не ЭХПО - 2017 көрмесі туралы хабарлама болар деген мұғалімдер мәжіліс залына шұғыл жиналды.
Мұғалімдерді жинауының себебі «жаңаша оқытудың әдіс-тәсілдерін үйрету» тақырыбындағы ықшамдалған жүрмелі ақылы курс оқуға Астанадағы іргелі жоғары оқу орнынан келген профессор апай мен жергілікті университеттен әйел кісі мұғалім келген екен.
Сыры кетсе де сыны кетпеген деп айтуға келмейтін ажарсыздау әрі аласалау ақсары түске бояған қырқылған шашты астаналық профессорды жергілікті университеттің мұғалімі таныстырды: «Батыс шығысқа танымал профессор апай 200-220 кітаптың авторы екен. Білімі салмақты кісі екен». Адам адамға ұқсай береді екен. Жергілікті оқу орнынан келген әйел кісі сары базарда автобөлшек сататын кәрістің әйелінен аумайды-ау аумайды. Ә, дегеннен суырыла жөнелген профессордың білімі салмақты екен де өзі салмақты болмай шықты. Өткеннің бәрін мансұқтап сөйлеген профессор мұғалімдердің біліміне де шүбәленетін сияқты.
- Ал, айтыңдаршы Абылай ханның үш арманы не еді?, - деді профессор. Зал үнсіз. Ал, айтыңдаршы жай бөлшектің неше қасиеті бар?, - деп профессор төтеннен сұрақты тағы қойды. Енді үнсіз қалуды жөн көрмеді білем, арыз жазуы мен аты шыққан география пәні мұғалімі Ғиззат орнынан тұрып еді, профессор отырып айта бер деді. Орнынан бір тұрған Ғизекең қайта отырсынба?
- Тұрып айтқан ыңғайлы деген Ғизакең: «Абылай ханның бірінші арманы ақбоз аттың құнын ер құнына теңей алмадым, екіншісі етікшінің құнын жарты құн ете алмадым, ал үшіншісі үш жүздің баласына жерді емізе алмадым, - деген. Жай бөлшектің бір қасиеті бар бөлшектің алымын да бөлімін де бірдей санға көбейтуге немесе бөлуге болады», - деді.
Профессор Ғиззат мұғалімге: «Сіз, күнделікті сабақ жоспарына қанша уақыт жұмсайсыз?», - деді. - Бір тақырыптық жоспарға 10-15 минут уақытым кетеді, - деді Ғиззат ағай. - Сіз, өзгеруіңіз керек бір тақырыптық жоспарға БЛУМ бойынша кемінде 5 астрономиялық сағат яғни 300 минут уақыт бөлуіңіз керек. Бүгінгі күннің талабы осы, өзгергіңіз келмей ме жұмысты қою керек –деді профессор. - Осы 5 сағат уақыт алатын дайындық жұмысының авторы сіз бе? - деп қайыра сұрады профессордан Ғиззат ағай. - «Жоқ мен емес, авторы министр», - деді профессор. - «Онда министр мырза мектеп өмірін жете бағаламайтын болды», - деді Ғиззат.
- «Сізге тағы айтамын курс ұнамай ма шығып кетуге болады», - деп профессор әйелдікке салып шаңқ ете қалды. - «Шығып кетемін бе шығып кетпеймін бе оны өзім білемін. Алайда мен сіздің оқу орныңыздың ректорына шағымдана аламын не басқа лектор жіберіңіз деп білім басқармасына арыздана аламын», - деді Ғизекең түтігіп. Отағасымен шарпысып бойы үйреніп қалған ба? Немесе болмысы солай ма лектор ол өз шаруаңыз, мұғалім өзгермесе болмайды, сіз оппозициялық пығылдан арылыңыз не өзгеріңіз деді. - Өзгер, өзгер, - деп жау қуып келе жатпаған болар? - деді Ғизекең Талғаммен киініп жүретін, жүрегі қаламаса да қоғамдағы өзгерістерге үнемі оң баға беріп отыратын математика пәнінен сабақ беретін Аққу апай: «Ғизеке, жаңалықтың жаршысы бола білу керек», –деді. - «Өңмендей беріп не керек», - деп күңк етті, каникул кезінде көршісінің әйеліне «Ыһы, іһім» деймін деп, көзін қысып сөйлеймін деп көршісінен көкала қойдай болып таяқ жеп, дүзіқара болып қала жаздаған сурет пәнінің мұғалімі Қисар. Қысқа мерзімді жоспарды дайындағанда мұғалім тақырыптың проблемасын тақырып етіп алуы керек, оқушы бұрыннан білетін ұғымдарды қайталап отырудың қажеті жоқ, мұғалім 7-8 минутта тақырыптың түйінін
шешіп берсе болды оқушылар өз бетінше ізденуге мүмкіндік алуы керек. Бұрын мұғалімдер оқушының нені білу керек, нені іздену керектігіне көңіл бөлмей тек кітаппен шектелетін еді, бүгінгі күннің талабы қоғамға құзіретті оқушы дайындап шығару.
Адам ата ұрпақтарының ішіндегі ең абзалы, ең білімдісі адамзаттың сұлтаны Мұхаммед пайғамбарымыз: «Дүниенің төрт тірегі бар, олар-білім, әділ патша, байлардың қайырымдылығы, кедейдің дұғасы» деген екен. Бұл әңгіме білім берудің әдіс-тәсілдері туралы болады. Дүниенің төрт тірегінің бірі білім болса сол білімді берудің әдісі туралы айтамыз. Біз бүгін қысқа мерзімді жоспарды қалай жасау керектігіне тоқталамыз. Егер сен, математикадан 7-сыныпқа жоспар жасайтын болсаң онда 1-6 сынып математика кітабын қайта қарап шығуына кеңес берер едім. Ұйымдастыру кезеңінің қажеті жоқ. Қазіргі қоғам ашық қоғам қалыптастыру, сыныпта қолайлы психологиялық жағдай қалыптастыру керек. Оқушының бар жоғын барлаудың да керегі жоқ деді профессор.
Залдан дауысы қарлығып шығатын мұғалім сөз сұрап қол көтерді. Бұл мұғалім ресейде жоғары оқу орнын бітірген, істі болған азаматтарға кеңес беретін азаматтық құқықтың баптарын жақсы білетін, оқушылары «золотой ағай» атаған тарих пәнінің мұғалімі еді. Бір-екі күннен бері ауыл шаруашылығында тіркеуде тұрған құжаты бар ит сойып жеп басы дауға қалған өзбекстаннан келген гастарбайтарлардың жыртысын жыртып, сотқа дейінгі тергеуде гастарбайтарларға сұбыхан үйретіп жүргенінен ауыл мұғалімдері хабардар еді. Сөзін бөлгенді жаратпайтын профессор: - Сұрағыңызды жазбаша беріңіз? - деп тұқырта сөйледі.
- Сұрағымды жазбаша немесе ауызша беруге азаматтық құқық тармақтарының бәленінші тармағы бойынша құқылымын, сіз менің құқымды шектеуге хақыңыз жоқ, тағы да бір тармақтар бойынша мені тыңдауға тиіссіз деп заңды шұбырта жөнелгенде профессор еріксіз тосылды. Профессор ауылдан білгірлер шығады-ау деп ойламаған сияқты. Ауылда да өркениет бар екенін ол жерде де ит сойып жеген гастарбайтарларға кеңес беруге жарайтын мұғалімдер бар екені үш ұйықтаса да түсіне кірмеген ғой.
- «Құрметті профессор! Теориялық тұрғыда жаңа форматтағы сабақ беруді ұйымдастыру туралы интернете жүздеген тіпті орыс тілінде жазылған әдістемелік теориялық нұсқаларды қосқанда ондаған томдық портфолияны тізіп атап шығуға болады. Теориялық тұрғыда элитный мектептер мен сыныптар үшін жарамды жаңаша оқыту әдістері қарапайым мектептер үшін тиімді ме? Вольтер: «Мен, дворяндарды жек көремін, олар өткенімен мақтанады, өздері түкке тұрғысыз. Мен кедейлерді жек көремін қиялшыл, практикалық жақтан қауқарсыз», - деп айтады. Бізің балалар «қамысты бос ұстасаң қолыңды кеседі» деген қағиданы ұстанбасаң бас-басына кетеді. Европада болсын Америкада болсын қоғамдық сана біздегіден өзгеше. Олар білімді саясат деп біледі. Бізің қоғамда білімді өнер, бәсекеге қабілеттілік деп таниды. Мектепте оқитын оқушылар саны миллиондар мен саналады.
Барлығы Белинский, барлығы көшбасшы болғанда кім қой бағады, в друг машинамның аяғы жарылса, маторы май жеп кетсе кім жөндеп береді, шашым өсіп кетсе кім қысқартып қиып береді? Қой сойып сататын кім? Оқушылардың барлығы сіздің қойып отырған критериіңізге сай келеді ме? Бұл туралы ойлау керек. Европа тұрғындарының әу бастағы корольдерге тәуелсіздігі мен біздегі байларға тәуелділік жергілікті климатқа байланысты екені ғылыми тұрғыда дәлелденген. Бізде тәртіп қатты болуы керек. Мемлекет мықты болуы керек. Сіз, мүмкін жаратарсыз, мүмкін жаратпассыз осы теориялық сабақ негізінде ең болмағанда бір практикалық сабақ өтіп берсеңіз менің сізге құрметім артар еді», - деді қарлығыңқы дауыспен сөйлесе де тартымды сөйлейтін тарих пәнінің мұғалімі.
- Мен, жаңа да айттым, әріптестеріңіздің уақытын алмаңыздар, сабақ ұнамай ма шығып кетіңіз, солай ма, ағай? - деп Қисар мұғалімге қаралы. - Дұрыс, сабағыңызды жалғастыра беріңіз көлденең сөз неге керек, - деді Қисар Ашуға булыққан тарих пәнінің мұғалімі: «Қайталап айтамын» - деді дауысы қарлығыңқырап. Қисар ол Қисар. Зейнетолла ол Зейнетолла. Ол түсінеді екен. Мен түсінбеймін. Сізге 6000 теңгені түсінбегенім үшін төлеймін де, сіз түсіндірмегенің үшін аласыз ба? Бұл парадокс. Маған 6000 теңге ақшаның орнын толтыратындай түсінікті етіп сабақ өтуіңізді сұраймын», - деді Зейнотолла.
Жеңіл көшетін, ішімдікті тәуір көретін орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бұғыбай: - «Өзгереміз, бұл заман талабы, бүгіннен бастап, мен басқа Бұғыбаймын.
Қолданыстағы әдіс-тәсілдер шаршаған. Жаңарған әдіс-тәсілдер қажет екендігін сезіп жүрміз. Міне менің ойымдағы жүрген жаңаша оқыту тәсілдері. Күнделікті сабақ жоспарын 5 сағат отырып жазуға мен әзірмін. Құрметті әріптестер, ұсыныс профессордың сөзін бөлмейік тыңдайық», - деді. - Тақырып өткенде негізгі проблеманы тақтаға жазып қою керек. Оқушы білетін оқушының білім қорында бар ұғымдарды қайталаудың қажеті жоқ. БЛУМ бойынша әрбір пунктке проблемалық сұрақтарды қою арқылы оқушыларда өз бетінше білім алуға жағдаят туғызуымыз керек. Мысалы: Математикадан жаттығулар орындау жағдаяттан шығуға оқушыларды дайындай отырып өз бетінше ойлауға, эксперименттер жүргізуге бағдарлау болып табылады. Бүгінгі білім беру оқушы өз құзіреттілігін өз бетінше жетілдіру болып табылады. Мектептердегі оқушыларымыздың математикалық сауаттылығы логикалық шапшаң ойлау арқылы жетілдіріледі. Жағдаяттардан шығуға бағдарлау арқылы оқушыларымызға өз бетінше білім алуға орта қалыптастырамыз. Қазіргі бағалау оқушылардың критерийлер арқылы өз қатесін түзеуге, ЖАДА (жақын аралық даму аймағы) арқылы бірбірінен білім шкалаларының алшақ болмауын қамтамасыз етеді.
Сыныптағы білім алу, бағалаудың критерий бойынша жүзеге асуы сыныптық, арифметикалық ортаның, моданың баға ауытқуының мөлшерінің өте аз болуына бағытталған болуы керек. Тақырыптық сабақты жоспарлау сыныптағы әрбір оқушының назардан тыс қалмауын баса назарға алады. Сабақ жоспарында үш тілділік бойынша, қазақ әдебиетінде «Қыс» тақырыбы өткізілсе, орыс әдебиетінде «Зима» тақырыбы, ағылшын тілінде де «» тақырыбы өткізілуі қолға алынуы керек. Бұл бағытта мұғалімдердің біраз еңбектенуіне тура келеді. Осы жерде жеңіл көшетін Бұғыбай: - Күнтізбелік жоспарды қазақ әдебиеті бағдарламасынан түп-түгел орысшаға аударып аламыз ғой, - деді.
Профессор: «Әрине болашақта осылай жоспарланады», - деп лекциясын жалғастырып кетті. - Бұғыбай: «Правильно», - деді. Бұғыбай да қызық, оқулық қашан шығады, ол қашан келеді. Сапасы қандай деңгейде бас ауыртпайды. Командаға бағынатын қатардағы сарбазша «ләббайлай» береді. Өзгереміз дейді. Өзгерсін-ақ. Бір Бұғыбай өзгерді екен деп ауыл, қоғам бір күнде өзгермейді ғой.
Профессор түске дейін теориялық тұрғыда түсіндірме жүргізеді де, түстен кейін күнделікті сабақ жоспарын қалай құру керек екендігі туралы практикалық жұмыс жасатады. 170 мұғалім қысқа мерзімді жоспар жасап екі күн сапырылысты. Екі күнде де Бұғыбай тақтаға шығып қысқа мерзімді жоспарын көрсетті. Екі күнде де Бұғыбайдың жасаған практикалық тапсырмасы шикі болды. ***
Үшінші күні күн ұзақ мұғалімдер практикалық тапсырма қысқа мерзімді жоспардан сынақ тапсырды. Профессор шаршамайтын шығармашылық жұмыстан ләззат алатын ұстаз екен. Бірлестік-бірлестік болып сынақты қайта –қайта тапсырып әзер сынақтан өтіп жатыр. География пәні мұғалімі Ғизатпен тарих пәні мұғалімі Зейнетолла қысқа мерзімді жоспарды бірігіп жасақтады. - Құрметті профессор, шалғы ұстаған орыстың мұжығынан ғарышкер жасаған Кеңестік оқыту әдіс-тәсілдері моральдік шаршаған дегенге мен келіспеймін. Сіздіңше 5 сағат отырып жасаған қысқа мерзімді жоспарларда сапаны 100 пайызға көтереді дегенге сенбеймін. Өзгеріс эволюциялық сипатта болуы заңды. Осыдан жүз жыл бұрын аталарымыз Айрақтыдан Қоңыратқа дейін базаршылап 17 күн жүреді екен. Қазір 17 сағатта, тіпті 17 минутта жетеміз. Сізің идеяңыз осыдан 100 жыл бұрынғы өмірмен эквивалент сияқты. Математикада мода деген ұғым бар, сол модалық жиілікте көрінуіміз үшін сынақ тапсырып отырмыз. Сертификат алғанымыз бен Бұғыбайша өзгеріп кете алмаймыз. Біз өзгергеніміз бен оқушыларымыз оған дайын емес. Біз жалпы білім беретін орта мектептің мұғалімдеріміз.
Генрих Гейне «Теория сұрғылттау ғой, өмір жап-жасыл» деген екен», - деді Зейнотолла. Зейнетолланы үнсіз қостаған Ғизат күреңітіп отыр. - Өмір бізді қашан өзгертеді, - деп күтіп отыра бересіздер ме, ортаңызды өздерің өзгертуіңіз керек, - деді профессор. Зейнетолла мен Ғизаттың бірігіп жасақтаған қысқа мерзімді жоспарларының бір-екі жерін қызылдап проблемалап, профессор екеуіне де сертификатталдыңдар деді. ***
Мектеп мұғалімдері сертификатталған күнінің ертесіне математика пән бірлестігі жетекшісі Дәулет қоныс тойына шақырды. Ғиззат пен Зейнотолла гастарбайтарлардың шаруасымен сәл кешігіп келді. Отырыстың қызған шағы екен. Бұғыбай ортада түрегеліп тост айтып жатыр. Қоныс құтты болсын. Аздап ұрттап қойдық. Айып етпең. Арақ ішу арман емес, мас болу мақсат емес, бүгін бес күн жалғанның біреуі кетті төрт күн қалды. Өзгеру керек дейді. Өзгерейік. Ал, менің ұжымға тілерім, «коллективтің жырын айтып» келген комиссияны қарсы алып шығарып салып жүре берейік. Оқушыларымыз азамат болсын. Ал, кеттік. - «Тілі өзгерейік дегенмен ділі өзгермейім», - деп тұрғой деді Зейнетолла
Қайдан өзгеріс бола қойсын. Бұғыбайдікі тек асығыстық та дегенді Ғизаттың жымиған жүзі айтып тұрды.
МОРАЛЬ
Қыраулы күз мезгілі. Ерте барсам жерімді жеп қоям деп ықтырмамен күзеуде отырар байдың тұсындағы осыдан бір жарым ғасыр бұрынғы аспанды сұр бұлт қаптаған сұрқай өңді күздей емес, қош аман бол күрең күздегідей күрсініспен ұзатып салар да күз емес. Қазақтың алтын ғасырының берекелі қарашасының мерекелі бір күні еді.
Ауылдың иттері арсылдай үріп қарсы алып шабалана үріп үйдің тұсынан ұзатып салған салт атты, дүңкілдетіп келіп село әкімінің дарбазасының алдына атын қаңтарып шылбырының ұшын электр сымының бағанасына қазықбау шалып байлай салған жолаушы кең қолтық военный түсті сулығын шешіп ердің үстіне тастай салды. Дарбазадан ішке енген жолаушы машинаның ременін тобылғыға саптап алған қамшыға ұқсас шыбыртқысын екі бүктеп білемдеген күйі шабалана үрген шәуілдеуіктерді назарға ілместен: - «Уа, кім бар хабарлас», - деді. - «Кім екен, таң атпай адамның мазасын алып, - деді әкімнің бәйбішесі. Кірсін, шақыр», - деді село әкімі әйеліне. Ағылшынның жүк атының шығыңқы көтендігіндей бөксесі бар бәйбіше шамалыға қозғала ма?
- «Күтеді де», - деді. Өтпес пышақ, шабан аттың минут сайын орнын толтырып отыратын қырық жылғы сыралғы салпы етек шайпауы емес пе? Жұмсалып қалған қолбалаша жұмсауды сұранып тұратын шай құйып отырған келініне, село әкімі: - Шырағым сен шақыршы, - деді. - «Ассалаумағалейку-у-у-м, - деп жуан дауысымен үйді толтыра амандасқан, күміс сақалы беліне түскен қонақ: - осы үйде Марат деген бар дейді ғой, сол Маратта шаруам бар», - деді Қорыққанынан бұтына жіберіп қоя жаздаған немересіне жаратпай қараған үй иесі:
- Жәке аманшылық па? - деді. Қаздай тізіліп отырған үш сары үрпектің үй иесіне таяу отырған он бір-он екідегі шашын қызылға бояп алғанын шыбыртқымен тартып-тартып жібергенде дастархан басындағылардың бәрі өздерінің жонын қайыс ремен осып-осып өткендей болды. Жоны таспа мен тілініп жан дауысы шығып шырқырағаны атасының артына тығылды. Үй иесі: - «Жәке бір ашуыңды бер», - деді. - «Әй, әкім бала! Баяғыда құдықтың басында да қамшың батқан ел едің, күшігіңді сұғанақтатпа», - деді жуан дауысы үйді шайқалтардай гүжілдеген ақсақалды, столбының жартысындай бойы бар алпамса денелі қарт.
- «Ойбай, ойбай тапа-тал түсте өлтірді, өлтірді ит, полиция шақыр, әй неғып отырсың. Соткім қайда, әкел келін, ойнаған екен түрмеде шірітейін сені», - деп бөкселі бәйбіше барқырды да қалды. - «Әй, әкім бала! Сенің қайын жұртың әкемді банды деп Сібірге айдатып еді, өлген жоқ. Жеті жылда елге келді. Одан соң да елу жыл өмір сүріп өз ажалынан өлді. Осы ел көмгенін көзің көрді. Мені де айдат, ас, аттыр. Шақыр мелисаңды», - деп құлақшыны потолокқа тиердей болып тұрған қонақ үй иесіне тұздай көзін қадады. Қара сұр жүзі одан әрмен қоқшылданған үй иесі: - «Әкемсің, әкемнің құрдасысың телефоннан айта салмадың ба, тізеңді бүк», - деді.
- «Жаңай деген осылардан кіші жиенімді қолыма алып едім, қыңсылай бергесін жынын қағып алайын деп өзім келдім. Нан ауыз тием де кетем», - деп тізесін бүккен қонақ ебедейсіз күректей қолымен наннан үзіп алып, рұқсат сұрады. Ауызды бәйбіше қолына соткісін бір алып, бір қойып жыны басылған бақсыша, жаулығын дұрыстап тартып жыламсырап ләм-лим демей немересін айналып толғанумен болды. Үйдің еденін сықыр-сықыр еткізіп алпамса қария орнынан тұрды. Үй иесі де шығарып салуға орнынан тұрды. Үй иесі басын шайқап күлімсіреп үйге жүзі жіпсігендей болып кірді. Көптен бергі жоғалтып алған даланың далиған құшағының жылылығын бүгін сезгендей болды.
- «Неңе мәз болып отырсың, сені де әкім дейді-ау. Маратжанды емханаға апар, еп-ерсі қылып таяқ жейді еще (әрі??) күледі ғой, осыдан Маратжанға бірдеме болсын көрсетемін алжығанға», - деп бәйбіше бұрқылға басты. Бұл енді тоқтамайды. Енді шай болмас. Жұмысқа кетпекке үй иесі жинала бастады. Шопырын шақырды. Село әкімі жұмысқа келгесін ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасын шақыртты. Төрағаны неге шақырды деңіз. Таңертеңгі топалаңның кейіпкерін ардагерлер кеңесінің атынан Қазақстан Республикасы тәуелсіздік күніне орай мемлекеттік наградаға ұсынуға, мерейлі отбасы сайысына ауданға ұсынуға ақылдасуға шақырды.
Ал, хош деңіз. Әкімнің немересін сілейтіп салып мараппатқа ұсынылардай қиқар шал кімнің шікәрасы еді деңіз. Баяндайын тыңдаңыз. Сексенге келсе де әлі шөкпеген таудың жартасындай мұқалмаған Жәдігердің кім екенін айтайын. Банды атанған әкесін түстейін. Банды атанған әкесі Момын «Пірдің соңы» аталатын Бекет атаның ауылына жиен екен. Қасиетті ауылдың қызы ғой Момынға аяғы ауыр боларда сарыүйекке жеріді деген дақпырт күні кешеге дейін айтылатын. Жүзі суық Момынға жан баласы тіктеп қарай алмайтын деуші еді. Село әкімі мектеп интернатта төртіншіні бітіретін жылы шілдеде колхоз орталығында соңы сойқанға ұласа жаздаған шопандар слеты болып өтті.
Жылқышы Момын іңір қараңғылығында бас сұққан ағаш үйде жақсылар мен жайсаңдар жиылған екен. Қақ төрде бұрын белсенді бадрақ кезінде Момынды сыртынан үкіметке көрсеткен Мамық әңгімені соғып отырса керек. Жоғары шық, жоғары шық болғанда Момын: - «Ер азаматтарға ту сыртыңнан пышақ салатын Мамық-ақ ауылдың төрін жайлай берсін», - деп гүр етеді ғой. Қуыстанып отырған Мамық:
- «Осы жұрт ажалын да менен көрер», - дейді. Керегеде ілдірулі тұрған оқшантай қатарымен вертикаль 32-лік қосауызды жұлып алған Момын: - «, Мамық иманыңды үйір», - деп мылтықты сарта-сұрт құралдаған. Өзіне қаны қарайып жүрген Момыннан шошынған Мамық дастарханды баса-маса жалаң аяқ далаға безе жөнеледі. - «Ой, имансыз талайдың обалын арқалап, көзінен тізіп беріп әңгімеге айналдырып отырысын», - деп Момын гүр-гүр етті. Қайтсын енді талайға зияны тиген адам ғой десті жұрт. Сол түні Мамық шөп маясына қонып шыққанда таң сыз бере ауыл қайдасың деп зытып отырған.
Осы оқиға әлі күнге айтылады. Өзі алты ағайынды Жәдігердің кіндігінен тараған жеті ұлы жеті ауыл болып отыр. Кіл апайтөс, Жәдігердің ұлдары Қарақасқа атты Қамбардағы Әзімбайдың алты ұлындай қолы қаттылау болып өсті. Екі ұлы ауған (Ауған??) соғысында болды. Біреуі бір аяғын беріп оралды. Шетінен дәулескер күйші, гармоншы. Жәдігер қария әлі күнге ауыз әдебиет үлгісімен толғау-терме жазады. Жәдігердің даулы бір мақаласы орталық үкіметтік емес газетте үш-төрт жыл бұрын жарияланды. Мақаланың тақырыбы: «Бір қадам алға, үш қадам артқа» мазмұны
төмендегіше. Мақала мораль ұғымын талдаудан басталады. Мораль дегеніміз ұғым, ол әр ортада әртүрлі болуымен ерекшеленеді. Мораль ұғымы халықты жақсылықтарға жетелеуі керек. Кей ортада шындық қана құнды болса, алаяқтардың жемқорлардың ортасында шындықтың құны көк тиын. Идеология моральді қалыптастырады. Мысалы кемпіріме жасыңа ылайық киін десем ол мықты болсаң түнгі клубтарға баратын кемпірлерді тый, олардың қасында мен әулиемін десе бармағыңды тістейсің. Түнгі клубта әжелер жүр бұл моральдік мәселе деп кемпірлерге біраз шүйлігіп алады да тәрбиеге ойысады. Соңғы кезде еркек балалар жаппай әншіге еліктеп жүр, негізі еркек балалар жауынгерлерге, қаһармандарға еңбек адамына ұқсауға талпынуы керек. Еркек балалардың көбі иттен қорқады. Ең азы ит ататындарға еліктеуі керек деп баланың сөзін айтып алады да негізгісіне көшеді. Бұл елді бірлікке жұмылдырамыз деген соңғы жылдары жасалып жатырған халықтық амалдарға сын көзбен қараған көзқарасты қозғаған мақала сияқты еді.
Амалда ел болып жиылып ұлы тауда Ұлы атаның ұрпақтарының басын қосып үлкен ас береміз. Бұл елдік, бұл бірлік, ел болуға жасалған игі қадам алға жасалған қадам осы. Ал енді артқа жасалған бірінші қадам: «Ұлы таудың басында Ұлы атаның сүйегі жоқ, ескерткіш ашылды. Ескерткішке ұрпақтары жылда тәу етеді. Діннің абзалы ислам ол тасқа табынуды һарамға шығарады. Болашақ ұрпақ бұл үрдісті ұлғайтып жіберуі, Нухының заманындағы жақсы адамдардың қолдан жасалған бейнесіне кіші құдай ретінде табынған буындай болу ықтималдығын жоққа шығара алмайсың. Жалпы болашағы байқаусыз поэтикалық бастама десе. Екінші, кері кету Түркістандағы тайқазанның көшірмесін Ұлытауға алдыру. Он төрт облыс он төрт жерден тайқазанның көшірмесін алдырса ұлттық құндылықтардың қасиеті құты қашпай ма. Бұл Жалпы қазақтық бірлікке сыймайтын қадам. Қазақстан - жалғыз ұлы қазақтың деп айтылғандай жалғыз ұлдың басын әрісәрі етпей тек қана озық амалдарды бойына сіңірейік. Бүтіндікті сіңірейік. Ал үшіншісі, Ұлы атаның жасын кішірейтіп басқа тайпалардың алдында бала болып қалдық. Басқа тайпалар нағашы жиендігіне бұрып сендер баласыңдар ғой деп қалжыңдап айтатын болды». Мақала қоғамда түрлі ой туғызды. Соның бірін сөзбе сөз келтіріп кетелік. Хит болған мақаланы талқылай келе ауылдастары да фейсбук парақшасында үн қатқан: Аталмыш мақалада -дейді Тасқұдықтық бір тұрғыны: «Салт-дәстүрді насихаттағанымыз ол дұрыс. Бұл қадам игі қадам екеніне тоқтала келе салт-дәстүрді насихаттауға қосарымдейді Жәдігер қария. Амал келсе ұлы жүзге көрісе барайық. Астана жұртын «ұлы мұрат арқалап, ұлы аманат арқалап салт-дәстүрімізді арқалап ұлы атаның балалары келе жатыр» дегендей болайық. Сол тұста аямауыз алты күн алты ай қыстан қатты күн аталалатын амалдың кірісіндегі алты күнгі боранға ұрынбай амалдың үшінші он күндігінде насихат делегациясын шығарайық, тіпті астанада апталық өткізейік. Бұл салт исі қазаққа ортақ. Асылы пайғамбарымыздың сүндеті мазаратқа сүйекке бару керек. Сүйек жоқ. Тас мүсінге барғанымыз жөн бе? Бұл Нухы заманындағыдай жақсылардан
кіші құдай жасаудың бастамасы дейді. Асыл дініміз ислам діндердің абзалы болса тұрмыстың этикасы салт-дәстүр дейді. Қондырманы айтады, базисті айтады. Шамасы философтармен әңгімелескен. Шалдармен әңгімелескен. Тайқазанды көкпарға салмайық дейді. Тарихымызды жасартқанымызбен мифті ғылымнан жоғары қойғанымызбен не ұтамыз дейді. Әр кәлледе бір қиял не деседе өз еркі. Жалпы осындай пікірлер елдігімізді нығайтады деп қол қойған. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Жәдігер қарияның ит терісін басына қаптағандар да ұлттық деңгейде жақтағандар да табылды. Хош, сонымен кейіпкерімізді аз-мұз характерледім.
Ауылдан он бес шақырым жерде мал ұстап, жылқысын шұрқыратып, інгенін ыңырантып, қойын қоралап жататын ауылдың ақсақалы қожалықтың басшысы. Төрт түлік өнімдерін дүкендерге шығаратын кәсіпкер. Арасында теледидардан толғау айтып шығатыны бар. Бәлендей ақын-жазушылар да қартқа үйір емес. Соған қарағанда алып бара жатқан дарын да емес шығар. Сөзі дұрыс. Мүмкін жел көңілі ұйытқыған ақын жастар шекесімен қарайтын да шығар. Бұзып-жарып сөйлейді. Омыраулы қарттың балалары тұрмақ немерелері де аузымен құс тістеген жүйрік. Ғалым, меценат кәсіпкер. Тек анау ауған жүгі түзелмей жүрген, ішімдікке салынған Сүндетбайы болмаса. Оның да әйелі жақсы жердің қызы деп ел айтады, дымын шығармай келеді.
Бұл келісін айтайын. Болыңқырамай жүрген қызынан туған жиенін бауырына басқан. Алты ай жаз ауылда. Алты ай қыс село басында немересінің үйінде жатып оқиды. Бір келсе жиені жүдеп кетіпті. Суыртпақтап сұраса мектептегі балалар оқудан қайтарда азаптайтын көрінеді. Тиын алып кел дейді. Кітабымды арқала дейді. Ж-ға тілің келмейді дейді. Келініне осы балаларды анықта мұғаліміне бар дейді ғой. Мұғалімі сұрастырса село әкімінің немересінің маңында топталып жүретін сары ауыздар екен. Мұғалімі ескертермін депті. Дегеніне ай болған. «Мұғалімнің сөзін қыстыратын бұрынғының баласы бар ма қазір. Шеттерінен мұғалімге пір болып алған. Ескі сары тіс мұғалімдер болмаса, соңғы жылдары бітіргені болмаса жоғары мектептің өздерінде өліара шақта дұрыс ғалым болмады дейді ғой. Қазіргі мұғалімде салмақ қалды ма. Жел айдаған қаңбақтай перепис алып көшеде қалбалақтайды да жүреді. Қалбалақтамай қайтсын мектепті әзер бітіргендердің барлығы дерлік мұғалім. Директорға бас шұлғымай қайтсін кейбірінің білімі оқушыдан төмен. Әкімге қолбала болмай қайтсін кейбірі әкімдерге звандатып жұмысқа әзер кіргесін». Әрине бұл Жәдігер қарияның ойы. Құдалыққа келген қария түнделетіп ауылына қайтуға, қолындағы баланың телефонын сиыр басып сындырып, соған телефонның тәуірін алдыруға қонып қалған. Біріншіге берген жиені айғыр талаған сәуріктей құлағы қалқиып жуасып қалған екен. - Мұғалімді адам екен демесе, жуас адам жүрмеу керек пе сонда, мен боқ сасыған немені әкесімен тіпті әкім атасымен қосып сабайын дегенде жиенінің құлағы елең ете, жүзі жарқ ете қалып: - Ата сіз батырсыз ба? Бәріне күшіңіз жете ме? - деді.
- «Балапанын қорғауға келгенде бармақтай торғай екеш торғай да батыл. Иә, мен батырмын. Менің жиенім Жаңай менен өтіп батырлардың көкесі болады. Қаптаған жауды жалғыз өзі жайпайтын, жекпе-жек сұрағанда қарсы шығуға жан шыдамайтын батыр боласың әлі-ақ», - деді Қария. Осы сөз балдырғанның жүрегіне ұялап тамырын бойлай аққан қанға ілесе түгел денеге жайылып бара жатты. Қайта-қайта айта түссе екен деп тіледі. Жүрегі жарылардай қуанған титімдей Жаңай: «Ата, тезірек өсіп батыр болсам екен» деді. Қария: - «Сен, қазір де батырсың, батырлар атасына көмектеседі, атасының тілін алады, атасының айтқанын батырлар өмір бойы жадында сақтайды, ал қоян жүректер атасының сөзін ұмытып кетеді», - деді. - «Атасына тимей-ақ қой, қатын құсап шашын қып-қызыл етіп бояп алған Мараттың жонын тілші ата», - деді. ***
Қазақстан Республикасының әрбір күні жағымды жаңалықтарға толы. Облыстық телеарнадан жаңалықты жібермей қарайтын адамның бірі село әкімі. Теледидардан тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған бағдарламада ауданның құрылғанына атаулы жыл толуына орай шығарылған төс белгілерін тұрғындарға тапсыру рәсімі көрсетілді. Оператор аудан әкімінің Жәдігер қарияға төс белгі тапсыру сәтін анықтап алған екен. Былайғы жұрт иығынан келіп тұрған Жәдігер қарияның омырауына аудан әкімі күлімсіреп төс белгі тағып жатыр. Әлі күнге шөкпеген бойы электр бағанасының жартысындай болып қасқайып тұрған еңбек ардагерін көргенде көрерменнің өзі таудау болып кеткендей марқаяды екен. Қорытынды хабарды қалт жібермейтін село әкімі езу тартты. - Мынау мал ауылдың алжығаны емес пе? - деді село әкімінің бәйбішесі Ақмарал. Село әкімі тауып сөйлейтін әдетімен: Маральдық тұрғыдан солай шығар, бірақ моральдық тұрғыдан дұрыс болды, - деді.
ЖОЛДАУ
Биылғы желтоқсан екпіндетпей, оқығаны көп иі жұмсақ, үлкейген молданың ауылға келісіндей келді. Қамсыз жатқан ауылды қымтандырмай келерін желтоқсан қарашада-ақ білдірген. Дала тышқаны қарашаның аяғына дейін інінің ауызын бекітпей жылтың-жылтың жол қарады. Қой жылының жауын-шашыны мол болған соң мал күйлі. Мал күйлі болған соң базарда сатылымға шыққан мал көп. Доллардың аспандағаны, орыс-түрік, орысАмерика кикілжіңі мал базардағы саудаға көлеңкесін түсірмеген. Мал базарында зеңгі баба түлігі мен қой саудасы жүріп тұр.
- Мына кетпен құйрық саулыққа не айтып тұрсың? - дейді сұраушы. - «Отыз бес келі анық шығады, қошқар салмаған саулықтар ғой, күйлі, қырық айтып отыз сегізге беремін дейд», - шаруа. - «Отыз беске болмай ма, алып-сатар емессің ғой», - дейді сатып алушы. - «Тәмем бар», - дейді қойшы жігіт. Тәмем бар дегені сұрай түс дегені. Базарда қой етін мүшелеп бұзып мың үш жүз теңгеден сатады. Мынау арзан дүние ғой деген мен әлі де байырқайын деп, әрі ұзап кеткендерден мал танитындар қайта айналып келіп қойшы жігіттің қойын қайта саудалап сатып алып жатыр. Қойшы жігіттен қарағай мүйізді үш жасар серкені он бес мыңға сатып алған Кендебай серкенің үш аяғын байлап машинаның багажына салдырды. Үнемі қасынан қалдырмайтын оңтайлы қосшы жігітіне: - Күйі қалай екен? - деді. Қосшы жігітте жұмсалып қалған бала ғой, лып ете қалды.
- «Жақсы екен, биыл жер от болды ғой, жиырма келі таза ет берер», - дейді. Қажарлы машинасын жүргізіп келе жатып Кендебай қажарлы ұялы телефоннан әлдекімдерге хабарын айтып жатыр.
*** Екі учаскені қатар қамтыған ауыл үйлерінен еңселі екі қабат үйдің алды абың-күбің. Жеткіншектер үй маңында велосипед теуіп, аулада құрулы серпе лақтыратын гимнастикалық батутта сальто жасап, айналып сегізтоғыздардағы екі-үш бала серпіле ұшып ойнаса, асфальтталған кең аулада он-он бес балдырғандар аккумляторлы қаңылтыр үш машинаны кезек пе кезек иемденеді. Сүт тістері кетік-кетік болып алып қаңылтыр мәшіннің кезегін күткен балдырғандар орысша-қазақша тақпақтар айтысады. Сулипалатып алып аккумлияторлы қаңылтыр машиналарына отырады. Асық иіреді. Кішігірім балалар қалашығы дерсің! Кейбірі, түбіт жаулықты қазақы қаусырма шапан киген мамырлап жүретін қарт кейуанаға дүкеннен қайтқан тиын-тебенін әкеліп беріп, алған бестіктерін санап, жарыса мақтанып, күнделіктеріне ата-ананың қол қоятын тұсына қол қойғызуда. Ұл немерелері күнделіктерімен қоса мадақтама қағаздарын көрсетіп марқаюда. Мал базардан серке сатып алғандар осы үйге маңдай тіреді. Ұлы далада іргесі берік қаланған тәуелсіз Қазақстан Республикасының қиыр бір шетіндегі үй ауласында ойнап жүрген балдырғандар, тәуелсіздік таңына күн сайын тәуба дейтін қарт кейуананың немере-шөбере, жиендері еді. Қарт кейуана не көрмеді... Он тоғыз жасында осы елге ұзатылып келген кейуана сәл-кем сексенде. Әкесі: «Туған кезің Барыстың өліарасы» деуші еді. Соғыстан соң Үкімет есін жиғасын паспорт таратарда туған мезгілін жорамалдап көрсеткен. Жаратқанға шүкіршілік етеді. Отыз бірдің ылаңында ойға құлаған шаруаның отбасында дүниеге келді. Шаруаның ыңғайымен жүретін әкесі қызын
бастауышта оқытты да, жоғары сыныпта мектепке берген жоқ. Ерте туған төлді көрпешке салу, қозы көгендеу, қой, ешкі сауу, сіркелеген ешкі түбітіне бүрге дәрі шашу, бота бағу арық-тұрақ жандықтарды жемдеу, колхозшы шешесіне көмектесу үйдің ас-суын қамдауы ойын-баласын өмірге ертерек бейімдеді. Қошқарына күйек салмайтын ойдың жандығы ілгерінің малынан ерте төлдейді. Қыс ортасы жауын-шашында енесі алмайтын қозы-лақты үйдегі пештің қуысына әкеліп қояды. Кейбір боранды түнде, адам айнала алмайтын тар құжыра іші лақ-қозыға толып кетеді. Сүп-сүйкімді қошақандарын суықтан алып қалуға ойын баласы әкесіне көмектесетін. Қашан көрсең қолы күс-күс болып жүретін шаруаның қызы малсақ ширақ болып өсті. Түскен жері сіңірі шыққан кедей отбасы екен. Қызының атыМайдабике, есігінің алды қос тандыр, сыпырасында бір елгезер ұны жоқтың өзі екен. Бірін екі қылуға қыры жоқ ауыл екен. Салған жерден күйеуін тықсыратын қазіргінің әйелдерінше, ауылдағы ахун атаның үйінен басқасының еркектері салған жерден шешеңді .. деп әйелдеріне жұдырық алып жүгіретін берекесіздеу ауыл екен. Келе колхоз жұмысына жегілді. Таңның атысы, күннің батысы колхоз босатпайды. Қыста қазу қаздырады, жазда мақтаға салады. Колхоздың жұмысында шаршауды білмейтін Кейуана 13 құрсақ көтерді. Жаратқанның жүрім бергені осы сегіз ұл, екі қызы. Отағасы ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, бақытты ғұмыр кешіп, абыроймен дүниеден озды. Балаларының алды ақсақал болып қалған, той томалақта ұбырып-шұбырып келе қалса, жер жаһанға сыймай кетеді. Балалары біреуден ілгері біреуден кейін өмір сүріп келеді. Онының мінезі он түрлі. Әсіресе, екінші баласы жасынан кежір, қыңыр болып өсті. Кіші атекесінің өзі. Келін болып алғаш шай құйғанда көзі аш ел күнара жылқыдай шайға қанбаған, бір самауырды көрдім демеген екіншісін сарыққан, үшіншісін тауысқан жұрт төртіншісінде орталаған. Жасаумен келген жаңа кесеге араласқан сыры ұшқан жыртық кеселер кірсіңді бөз дастарханды жағалап, өрт сөндіргенде қолдан қолға өткен шелектерше қақтығыса соқтығысып, анық өріске шыққан қой тоғайар уақыт шай ішілді. Қарғадай балалар да аяқ жақта дастарханда әр жерде шашылған бор кәмпитті теріп алып нанға қосып жеп, шаншылып отырып, шалдарша мұрыны тершіп шай ішті. Кесесі ауысып кетіп бұлданған кісілер көп болды. Әсіресе, ортадағы үюлі бауырсақтан ерсі қимылмен өзіне қарай икемдей ортаны опыра тартып алып, бауырсақты біраз еңсеріп тастап, кері шегінген тұрымтайдай болған сары кісі жұртқа естірте, «келін кәріс аяқ (аяғы қисық дегені) екен», - деді. Жамаулы шалбар, жамаулы көйлек киген жұпыны ел шала байығандай жымың-жымың етеді. Тұрымтайдай сары кісі тағы да: «Есіл күрең шайдың қызылын кесіп, шайы шай емес-ақ су», - деді. Жас келін ұялған сайын ауылдың қатын қалаштарының жаны кіріп барады. Сол, тұрымтайдай сары кісі кіші атекесі талай рет келіп шайын ішті. Кіші атекесі: «Келін, наның қалың болған екен, наның күйіп кеткен екен, тамағыңның тұзы татымапты», - дегенін дастарханнан кері шегіне отырып, алда риза болсынындай тала-а-а-й айтты. Ауыл, ел мереке берсе
тұрымтайдай болған сары кісі ішке ел қондырып алған соң, мерекеден әлде қонысынан бір ілік табады. Дым болмаса той иесіненің бойынан бір мін табады. Жаратқанның шебері екінші ұлы Едіге тап сол тұрымтайдай сары кісіше бірдемеге өмірі көңілі толған емес, кіржиіп жүреді. Мекемеде қысқарту жүрсе, қысқартуға бірінші ілігетін Едіге. Едігенің бопсасына шыдамағандар бастыққа жамандайды, жаман адамды бастық жаратсын ба, қысқартуға бірінші іліктіреді. Германиялық компания келіп, Едігенің есегі жорғалады. Тәртіп дейтін, тазалық дейтін жұмысына адал жанды немістер шет қаққан жоқ. Тіпті сыртынан боқтасаң да неміске бәрібір. Шетелдікке жұмысын жүргізсең, ереже бұзбасаң болды сенімен шаруасы жоқ. Едігеге кіл әңгіменің шырайын шығарып айтпайтын ағысқа ырай танытпайтын тоң теріс адамдар үйірсек. Үлкен ұлы Мамай қайымшыл, қайырымшыл. Үшінші ұлы Тоқтамыс - оқымысты. Мұнайда инженер еңбекқор табысты. Екі қызы мектепте ортан қолдай оқыған қазірде ортан қолдай мекеме басшылары. Алтыншы ұлы дақпырты шетел асқан аудармашы, жазушы. Кенже ұлы кәсіпкер. Алтын сапа белгісімен марапатталған үлкен жүректі жомарт кісі атанды. Ерназардың Төстігіндей ауыл аймақтың қамын ойлап жүретін кенжесі келім-кетімі көп ел азаматы. Манағы серкенің жарты еті асылып, жарты еті сорпасы жеңіл болады деп шешелерінің кебежесіне салынды. Кейуананың диета сақтап тамақтануына көңіл бөлетін балалары кезектесіп ешкі сойып береді. Шешесінің ағарғанының үзілмеуін кезек-кезек қадағалайды. Қыздары қысқа күнде қырық рет шешесіне телефон соғып, аға-інілерінің қалай қарасып жатқанын тәтпіштеп сұрап жатады. Айдың бір күнінде осылай шешесінің маңына жиналуды дағдыға айналдырған да осы қыздары. Ал жиналайық дегенде: - Үйін билеп, жаман үйреніп қалған осы қыздардың-ақ қорлығы өтті-ау, бізді ерігіп жүр дей ме екен? - деп Едіге атам заманғы москвичін гараждан шығарып жатқаны. Апама жездем сай дегендей кессе қан шықпайтын қарасұр жеңгей де: «Тиіп тұрған төркінімізге бармағалы бәлен жыл, шешесіне қараспайды деген бәлесіне қалармыз баралық», - деп зейнеткерлікке енді бес жылдан шығатын Едігеден мүшел жас кіші болса да тілмен жалағандай тап-таза, маторы ашылмаған москвичке бұрқылдап отырып жатады. Қолдағы бала-келіні москвичке жоламайды. Шетелдік көліктерімен бөлек кетеді. *** Дастархан П әрпі формасында жайылған. Дастарханда ас атасы наннан бастап, біз атын білмейтін мың түрлі тағам тұр. Қазақшылап айтқанда жүз түрлі көкөніс өнімі мен он түрлі шетелден жеткізілетін жеміс-жидек дастархан үстіне орны-орнымен қойылған. Төре тағамы жал мен жая, құс еті, буы бұрқырамайтын бұқтырылып пісірілген неше түрлі дәмді тұр. Ешкім дастарханға сұғына қол салып отырған жоқ. Тоқ елдің адамдары дастарханнан тек ауыз тиіп отырғандай. Баяғы, аштан келгендей атжал ғып төгілген бауырсаққа жапыра тиісетін ашқарақ кісілер бүгінде жоқ. Баяғы
қарғадай болып алып бор кәмпитті нанға қосып жейтін ашқарақ балалар бүгінде жоқ. Нан сұрап қолыңды жалайтын, үзім нанды жерге түсірмей қақшып алатын баяғы тілемсек көзді күшіктер бүгінде жоқ. Нан салсаң, тістеп алып үйшігінің жанына апарып тастайды. Тоқ елдің иті де тоқ. Залдың еніне ендеп тұрған диоганалы екі метрлік теледидар уақытылы хабарынан қарашаның соңғы күні, кеше қазақстан халқына жолданған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жолдауын үздіксіз беріп жатыр. Елдің игі жақсыларының алдында Ұлт көшбасшысы анық та ашық сөйлеп отыр. Қазақ ел болып, бір тудың астына жиналғалы «топтан торай шалдырмаған» елінің қамын жеген талай хандар өткен ғой, сол хандардың кеңесі қараша халыққа не өсіп, не өшіп жететін, ал қазіргі келелі кеңестерді эфир арқылы бұқара жұрт өз көзімен көріп, құлағымен естіп отырады. Едіге теледидар алдында хабарға елтіп мойнын бұра сол құлағын теледидарға төсеңкіреп, алдыға ұмтылыңқырап шұға мен тысталған креслоға отырып тыңдап отыр. Айта түс дегендей өзімен өзі болып айызы қанғандай маңыздана басын щұлғып-шұлғып қояды. Хабар аяқталған соң дастархан басына қайта отырды. - әЖаһандық дағдарыс кезінде елдің бабын табу, елге жұмыс тауып беру және қоғамды одан әрі ізгілендіру, бәсекеге қабілетті тауар өндірудің жолдарын қарастыру, білім мен ғылымды дамыту үшін бел шешпей үнемі ат үстінде жүретін Елбасына деген құрмет көрсету әрбір қазақстандықтың міндетіә, –деді Тоқтамыс. - «Елбасы жолдауынан кейін жыл сайын кәсіпкерлікке жаңадан серпін беруге мол мүмкіндіктер ашылады», - деді кенже ұл Кендебай. - «Тәуелсіздік алғалы, өз даму даңғылымызды өзіміз салып жатқалы ширек ғасыр болған екен, осы жиырма бес жыл ішінде ерен табыстарға қол жеткіздік. Баяғы үш жүздің басы құралған тұста ұлт болып ұйысу үрдісін шапшаңдатқан елдікке деген ру-тайпалардың ұмтылысы, Орыс ханның немерелері Керей мен Жәнібектің айналасына алғыр да білгір, терең даналардың шоғырлануы болса, езілген елдің рухын көтеріп, елдің тұтастығын сақтай отырып, қарқынды дамуға серпін беретін Тәуелсіз елдің Ұлт Көшбасшысының дәстүрлі Қазақстан халқына жолдауын өзге іргелі елдер де жақсы бағалайды. Тәржімашы болғандықтан шетел ақпарат құралдарын тыңдаймын қай елде Қазақстан даму бағытын оң бағытта деп таниды», - деді Қази - «Герольд Белгер туралы айтатының бар еді ғой», - деді Едігенің тетелес інісі Тоқтамыс. - «Е, жөні бөлек Герольдте Елбасымызды кең, кісілігі жарасқан тұлға деп айтып отыратын», - деді Қази. - «Қазір талаптансаң бәріне де қол жеткізуге болатын заман, кезінде киерге киім, ішерге тамақ таппай қиналып жүргендер бүгінде байшікеш, қаптаған магазиндері мен ресторандары бар, осы қалада адамнан мәшін көп, сол елдің күйлілігі ғой», - деді төркініне келген екі қыздың бірі Құртқа.
- «Бәсекешілер де кіл өңшең», – деп қалды қайын сіңлілерін жамандайтын қарасұр жеңгейдің уағызына әбден уланған Едіге. Айтайын деп айтпайды Едіге, адамдарға қитығып айтады. Жұрт жамандайтынды бұл мақтайды. Жұрт мақтайтыннан бұл ілік іздейді. Бесігінен жабысқан бұл әдет Едігемен бірге кетер. - «Кезінде үрерге иті жоқ, сығарға биті жоқтар байып болды», - деп отағасын қарасұр жеңгей қоштады. Иті қырын жүгіретін Едігенің қан қысымы соңғы кезде ауық-ауық көтерілетін болып жүр. Қан қысымы көтерілмей қайтсін, қарасұр әйелі мыжи береді, мыжи береді. Қолыңнан дым келмейді деп бір тиіседі, табысың аз деп екі тиіседі. Бала-келінді жаман үйреткенсің деп үш тиіседі. Тумаларың көмектеспейді, сені адамсынбайды деп тағы тиіседі. Қарасұр сарықарын болса да Едігемен бірге істейтін байдан қайтқан әйелдерден қызғанып тағы тиіседі. М.Шолохов «көркем әдебиет адамды бұзып қайта жасайды», - дейді. Сол Шолохов айтпақшы қарасұр әйелі отыз бес жылда, әуелден мінезі оңып тұрғаны шамалы, отағасы Едігені кісіліктен біраз шығындырыңқырап әкетті. Қарасұр әйелін тыңдаймын деп Едіге құда-құдағиларымен қырғи қабақ болды. Көршілерінің есігін ашпайтын болды. Едігенің дәтке қуат ететіні бұрынғыдай емес қазір, барлығына қол жетімді. Заман жақсы. Адым жерде дүкен. Ауырсаң дәрігерің бар. Оқимын дегенге жоғары оқу орындарының есігі ашық. Сексенге келіп те адамдар жоғары оқу орынын бітіріп жатыр. Молшылық заман. Едігенің көңіл кілтимесі ұстағанда Самарқанды суға алдырып, жыланады. Өзі де торығады өзгені де торықтырады. Сол мінез, сол дағды Едігені ұшпаққа шығармай жүр. Парасатты отырыс Едіге айтты-ау деген жоқ. Парасатты отырыс Едігенің қарасұр әйелі айтты-ау деген жоқ. Отырыс ыңғайсызданған жоқ. Жарқын-жарқын сөздер мен тумаластар бір-бірін қоштап ала жөнелді. Заманның жақсылығын айтысты, еңбектегі бәсекенің жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтысты. - «Балаларым», деп үн қатты кейуана. Ұл-қыздары Қағаны сөйлеген жауынгер түркілерше тыңдай-тыңдай қалысты. «Мен әкелеріңе келгенде он тоғыз жаста едім. Қазір сәл-кем сексендемін. Түйе арбамен келдім. Ел ендіенді тойына бастаған кез. Мынадай салтанат о күнде жоқ болатын. О кезде ойда болдық. Колхоз жұмысына таң қараңғысынан кетіп, қою іңірде келетінбіз. Қара жұмыстан көз ашпадық. Мұрныңыздан шаншылып жұмыс істеп жүрген жоқсыңдар. Сағатты жұмыстасыңдар. Кәсіптеріңде тап колхоздың жұмысынан ауыр емес. Бастарыңда зәулім үй, астарыңда қосқостан әкелерің міне алмаған өгіздей мәшіндер. Балаларың түгел оқуда. Не ішем не, кием демейді. Сендер бір-біріңіздің киімдеріңізді жамап кигенсіңдер. Сатармандар заттарын өздері үйіңізге әкеліп тастайды. Осы заманды орнатқан үкіметке мың алғыс. Осы заманды одан әрмен жақсартам деп жүрген Нұрсұлтан Назарбаевқа мың алғыс, үлкен бастықтар үлкен жиындарда жолдауға деген елдің ықыласын білдіріп жатады ғой, мен үлкен
бастық болмасам да от басымда Назарбаевқа шын жүректен алғысымды айтамын» - деді кейуана. Егемен елдің бір қиырындағы шаттығы шалқыған шаңырақ берекенің ұясы екенін дәлелдегендей кейуананың сөзіне ұл-қыздары ризалықпен жымиысты.
МАЗМҰНЫ
Ожданның көлемі қанша? ........................................................................... 4 Кеңістіктің ізгілік теңдеуі ........................................................................ 12 Гастарбайтер ................................................................................................ 24 Атмосфера .................................................................................................... 33 Себепші ........................................................................................................ 39 Консерватор ................................................................................................ 45 Неме керек?.................................................................................................. 49 Коучинг ......................................................................................................... 55 Еңбек мәдениеті ...........................................................................................62 Кездесу .......................................................................................................... 68 Әсер ............................................................................................................... 72 Вахта .............................................................................................................. 77 Некрасов не деп еді? ....................................................................................85 Шын көңіл .....................................................................................................91 Әкімнің есебі ............................................................................................... 99 Марапаттау .................................................................................................. 105 Баяғы профком .......................................................................................... 110 Өзгеріс .................................................................................................. 118 Мораль .........................................................................................................123 Жолдау ......................................................................................................... 128
Шілдебай Қабыл Әбдірахманұлы. КЕЛБЕТ Әңгімелер жинағы. Оқырман қауымға арналған. Алматы, 2022ж. 134 бет. Редакторы: Есімбекова Б.О.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру