Мазмұнға өту
Home

Құныпия Алпысбаев. Ілияс Есенберлин және тарих: таным мен тағылым

ISBN: Беттер саны: 160 Жанр: Ғылыми-танымдық әдебиет

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Құныпия Алпысбаев. Ілияс Есенберлин және тарих: таным мен тағылым

Авторы: ISBN: Беттер саны: 160 Жанр: Ғылыми-танымдық әдебиет

Құныпия Алпысбаев Ілияс Есенберлин және тарих: таным мен тағылым «Ан Арыс» баспасы Алматы, 2016 Алпысбаев Қ. Ілияс Есенберлин және тарих: таным мен тағылым Құныпия Алпысбаев. – Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2016.– 216 бет.

Ғалым, ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Алпысбаевтың бұл монографиясында Қазақ мемлекетінің жеке шаңырақ көтеруі мен қалыптасуының, ақырында отарлыққа тап болған халықтың азаттық үшін күресінің көркем шығармадағы көрінісі зерттеу өзегі болады. Ілияс Есенберлиннің тарихи романдары арқау етіліп, көркемдік таным мен тағылым тұрғысынан қарастырылады. Қаламгердің тарихи тақырыпты игеруі, өмірлік шындықты көркемдік шындыққа айналдырудағы әдістәсілдері, оны жүзеге асырудағы шеберлік қырлары сараланады. Кейіпкер бейнесі, замана көріністері арқылы берілетін уақыт сабақтастығы, шығарма мәтініндегі сөз астары, ой жапсары, сыр қатпары байыпталады. Кітап докторанттарға, магистранттарға, студенттерге, сондай-ақ жалпы әдебиетті сүйетін оқырмандарға арналады.

Ұлттық рухты жаңғыртқан қаламгер (Кірспе орнына)

Өткен ғасырдағы алпысыншы жылдардың соңына қарай қалың көпшілікті дүр сілкіндіре бір шығарма дүниеге келді. Әдеби ортаға ұйқыдан оятқандай әсер еткен бұл шығарма «Қаһар» романы болатын да авторы бұған дейін бүгінгі күн тақырыбына бірнеше роман жазған, оның ішінде «Айқас» романы үшін Абай атындағы мемлекеттік сыйлық алған Ілияс Есенберлин еді. Шындығында да «Қаһар» романы қазақ әдебиетіне сілкініс әкелді. Өйткені роман қаншама аңыздарға, жырларға, әңгімелерге арқау болған, қаншама ғылыми-зерттеулер, көркем-әдеби туындылар жазылғанымен, кейінгі ұзақ жылдар бойы ауызға алуға тиым салынған Кенесары көтерілісі жайлы болатын. Бұл шығарма кезінде тарихи шындықты объективті түрде жазғанымен саяси қылмыскер ретінде сотталған Е. Бекмаханов зерттеуінің негізгі өзегі етілген, «Хан Кене» пьесасын жазғаны үшін М. Әуезовті қуғындауға себеп болған тарихи тұлға жайлы еді. Зерттеу еңбектер «қамауға» алынып, ол туралы аңыз, әңгіме, жыр айтқан ауыздарға қақпақ қойылған уақытта тарих тағылымын кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатын көздеп, ел шежіресінің, ұлт тағдырына қатысты шетін мәселелерді жеткізудің ауыр жүгін арқалап тағдыры беймәлім сапарға шыққан осы «Қаһар» еді. Халық тарихына барлау жасаған алғашқы сапар сәтті болды. Оқырманның ықыласына бөленіп, қалың жұртшылықтан қолдау тапқан «Қаһардан» кейін ұлтжанды қаламгер ел рухын көтеріп, ұлт санасын оятуға деген ынта-жігері бұрынғыдан да күшейіп осы тақырыпты жалғастыра кітап артынан кітап шығарды. «Алмас қылыш», «Жанталас» романдары дүниеге келді. Үш роман «Көшпенділер» деген атаумен трилогияға бірікті. Сөйтіп, І.Есенберлин бұрыннан бар «Көшпенді» сөзін қазақ әдебиетінде бірінші болып айналымға енгізді. Экранға шыққан «Көшпенділер» фильмінің аты мен идеясы І.Есенберлин әкелген тарихи ұғымның жаңғырығы мен ізі екені шындық.

Кейінірек «Алтын Орда» трилогиясын жазып бітіріп, бірақ толық кітап болып шығуын көрмей өзі дүние салды. «Қаһар» романы бірінің артынан бірі жазылып толықтырылған алты кітаптан тұратын тарихи эпопеяның нүкте қойылатын соңғы бөлігі болғанымен, ұзақ ғасырлық шежіренің роман түрінде қағазға түскен, кітап болып оқырман қолына тиген алғашқы қарлығаш үзігі болатын. Шығарманың эстетикалық мәнімен қатар, көкірек көзін ашып, көңіл көкжиегін кеңейтер танымдық маңызын оқырман жақсы түсінді. Сондықтан да тарихи эпопеяның алғашқы кітаптары шыға бастағанда студенттік жатақханаларда, алыстағы ауылдарда оқырмандар бірбірінен қолқалап сұрап, қолдан-қолға көшті, қойшының қонышында, егіншінің қойнында, студенттің қолтығында жүрді.

І.Есенберлинді көруге ынтыққан студенттер қауымы жазушылар одағының үйіне жиі-жиі барғыштайтын болды. Оқиға желісі жеті ғасыр бедерін қамтитын «Алтын Орда, «Көшпенділер» трилогияларында кең ауқымда суреттелетін мың-сан тағдырдың тоғысып, мың-сан тағдырдың бір-бірімен байланыса жалғастық тауып жатқан сипаты, сан тарау бағыт алған өмір көші, сан тарау арна тартқан тіршілік ағыны – болған істің баяны, шертілген шежіре-сырдың аяны ғана емес еді, әрине. Ғасырлар бойы ат тұяғының дүбірі басылмаған, ғасырлар бойы ат тұяғы көтерген шаң екпіні толастамаған дала төсінің кескін-келбеті Ілияс Есенберлин қаламының қуатымен өрнектеліп, өзіндік бояу нақышын тапқан бар болмысында өзгеше ой түйіні жатқанын айтуымыз керек. Бір ұрпақтың ауысуы ғана емес, бір халықтың екінші халыққа ауысуы сипатын да көркем баяндайтын тарихи шежіре болмысында тарихи тағдырлардың қатыгез әрекеті мен жанкешті тіршілігі арқылы көрінетін тарихи тағылым мен тарихи таным тұжырылатынын аңғартады жазушы. Тарихи дәуірлер бедерін реалистік тұрғыдан көркем бейнелеудегі Ілияс Есенберлин концепциясының дұрыстығын бүгін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Тарихқа жаңа ғылыми көзқарас Ілияс Есенберлин сонау алпысыншысексенінші жылдар арасында-ақ өзінің тарихи романдары арқылы халық зердесіне ұсынып кеткен философиялық тұжырым бағытымен тәуелсіздік жылдары ғана тоқайласа бастағанын көреміз. Оған тарихи кітаптарында ел бірлгі мен халық тұтастығын басты идея етіп алған автор мақсатының бүгінгі Тәуелсіз Еліміз бағдар еткен ұлы идеямен үндесіп жатуы дәлел.

Батый ханнан Кенесарыға дейінгі тарихи тұлғалардың бейнесі жасалған І. Есенберлин эпопеясында қатыгез қағида мен қайсар принцип қатар өріле отырып гуманистік идеяның қалыптасуына бастайтын ой түйеді.

Еуразия құрылығы деп аталатын кең ауқымды географиялық кеңістікті алып жатқан дала төсінде Шыңғыстан басталып, оның ұрпақтары арқылы жалғасқан қоғамдық, әлеуметтік тарихи өзгерістер жайлы халық санасына кеңестік тарих ғылымы қалыптастырған бір жақты жадағай түсініктің тігісін сетінетіп, ұрпақ зердесін жаңа бағытқа бұра білген эпопеяның көркемдік қуаты – оның тарихи шындық астарын ашып, жан бітірген, бүгінгі заман ақиқатын дәуірлер елесімен сабақтастыра бейнелеуінде жатыр. Ілияс Есенберлин эпопеясындағы өзекті идея сол халық қозғалысының әртүрлі даму сатысындағы көріністер мен сол тұстағы билеуші әкімдердің жеке бастың әрі кеткенде өз нәсілдерінің ғана қамын ойлау тұрғысынан ел мүддесіне, елдің бірлік хақындағы түпкі арман-мақсатына қарсы күресуі негізінде өрілген.

Қос трилогия жеті ғасырдың басын біріктіріп, халық өмірінің үлкен бір эпостық жырына айналған. Бұл шыншыл жыр, реалистік жыр. Бұл еркіндік пен бостандық жыры еді. Рас, Кеңес Одағының құлауын көздейтін, тәуелсіздік алу үшін күреске ашық үндейтін идея, көзқарас ашық көрінген жоқ. Бір мемлекет құрылымындағы билік психологиясын, империялық саясат үлгісін арғы дәуірлер фонына байланыстыра отырып, халқымыздың

ғасырлар бойы аңсап келе жатқан азаттық идеясын, бостандыққа жету арманын бүгінгі ұрпақ санасына ұялата білді. Ұлттық рухын көтеріп, патриоттық сезімін оята алды. Қай заманда да алып империя, жеке ұлт гегемондығы түбінде бір ыдырайтын құбылыс екенін тарихи шындықты көркем суреттеу арқылы халық санасына сыналап енгізді, жүрегіне жеткізді. Бұл айтылғандардың шындығын «Алтын Орда» трилогиясынан айқын сезінеміз. Халық зердесі ешқашан ұмытшақтық кеселіне ұшыраған емес. Ал, зерденің зерлі нұсқаларына зер сала қарап, қара қылды қақ жарар әділет биігінен пайымдау сол халықтың қанатты перзенттерінің парызы болған. Бізге тұстас дәуірде, алғашқылардың бірі болып, осы үдеден шыққан жазушы Ілияс Есенберлин болды. Оның алты кітаптан тұратын тарихи эпопеясы сөз өнерінің әлемдік нұсқасына қосылып тарихты көркемдік пайымдаудың өзіндік үлгілерінің бірі болып қала бермек. Қаламгердің «Көшпенділер» трилогиясы партиялық идеологияның қылышынан қан тамып тұрған уақытта дүниге келген шығарма. Ол кезде мұндай шығарманы жазбақ тұрмақ қазақ халқының ертеректе өмір сүрген, елім деп еңіреген, ел үшін, жер үшін мерт болған батырлардың, хандардың, қара тілді шешендердің атын атаудың өзі, олар жөнінде әңгіме қозғаудың өзі қиын еді, қауіпті еді. Ал Ілияс Есенберлин осының бәрін біле тұрып қазақ халқының өткен тарихын бейнелейтін, тарихтан мол мағлұмат беретін бір кітап емес, бірнеше роман жазып, оқырманға ұсынуы жай ерлік қана емес, талантты жазушының, саяси жеңісі еді. «Көшпенділер» романы ұлт тарихының бастау көзі беріде емес, әріде жатқандығына жөн сілтеді. Бүкіл бір халықтың өмір-тарихы ұмытылып бара жатқандығын еске сала отырып, оған кінәлі коммунистік саясат екендігін ашып айтпаса да, өмір ағысы басқа арнамен ағып бара жатқандығын, тарих беттері бұрмаланғандығын көркем тілмен астарлап сана түкпіріне ұялатты. Есенберлиннің осы триологиясынан нәр алып, көп нәрседен мағлұмат алған көпшілік оқырман ондаған жылдардан соң тоталитарлык, жүйеге қарсылық білдіргенін дүние жүзі біледі. Кеңес үкіметі тұсында әдебиет пен өнер тек социалистік реализм тұрғысында қарастырылып, сол бағытта зерттеліп келді. Жарық көрген немесе жарық көретін қандай шығарма болсын партиялық идеология принципінен ауытқымайтын, соған сай жазылатын, соған жауап беретін. Әсіресе, тарихи туындылар қатаң бақылаудан, елеп-екшеуден өтетін. Сәл нәрсеге бола небір үлкен шығармалар қайта өңделіп, ұнамаған жерлері қысқартылып барып, жарыққа шағатын. Ал кейбірі мүлдем қиылып, оны жазған автор қуғын-сүргінге ұшырайтын. Кеңестік кезеңде жазушылар әр кез «Партия сарбазы» болып келді. Сол бағытта жұмыс істеді. Әрине, олардың арасында басын тәуекелге тігіп, ойын ашық білдіретін қаламгерлер де болды. Ілияс Есенберлин – солардың бірі.

Қазақтың көптеген аға буын жазушылары секілді Ілияс Есенберлин де революциядан кейінгі өтпелі дәуірдің сан қилы оқиғаларына қатысып, соған куә болды, соны өз шығармаларына арқау етті. Ол кезең, расын айтқанда, үлкен шырғалаңға, терең трагедияларға толы еді. Есенберлин сол шырғалаңды, халық басындағы сол трагедияларды жазып, өзге қаламгерлер бара бермеген тақырыптарға қалам тербеді, ел өміріне, ұлт тағдырына қатысты мәселелерді арқау етті. Оның қаламынан туған «Айқас», «Ғашықтар», «Көлеңкеңмен қорғай жүр», «Қатерлі өткел», «Маңғыстау майданы» тағы басқа романдары соған дәлел. Бұл романдарда бүкіл бір қоғамның, бүкіл бір дәуірдің тыныс-тіршілігі, мәдени-тарихы, әлеуметтікпсихологиялық жағдайлары кең көлемде қамтылды. Жазушы әр кезде де заман шындығын жазуда, қарама-қайшылықтарды баяндауда асқан шеберлік таныта білді. Ол өз шығармаларына оқиғаларды боямасыз баяндап, нақты деректерді шебер пайдаланды. Өзі өмір сүрген кезеңде етек алған жағымпаздық, шенқұмарлық, мансапқорлық, ұлтшыл нигилизм секілді жаман әдеттерді ашына айтты, халықты сондайлардан сақтандырды, олармен шығармалары арқылы күрес жүргізді. Бұл өмір шындығы, тоталитарлық жүйе заманында орын алған олқылықтар болатын. Жазушының «Қатерлі өткел» романында қазақ интеллегенциясының қиын тағдыры суреттеледі. Сонымен қатар қазақ жұмысшы табының өсу жолдары, қалыптасуы, өткелден өту барысындағы көрген қиындықтары баяндалады. Біреулер революцияны қабылдамайды, екіншілері оған зорлықпен келеді, ал үшіншілер оны нағыз жауындай көреді. Азамат соғысы жүріп жатыр, ол туыстық жақындықты үзді. Керек болса, бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан бір отбасы адамдарының арасында революцияға деген пікірі, көзқарасы әр түрлі болды. Бір шындығы – революцияны орнатқандар жалпы халықтың тұрмыс салтымен, әдет-ғұрпымен санаспады. Сол себепті, жаңа заманның орнауын әр кім әр қалай қабылдады, әр түрлі түсінді. Міне, осы мәселелерді «Қатерлі өткел» романында ашып көрсетіп, халыққа жеткізді. Ілияс Есенберлин ұлт тағдырына қатысты шетін сырлары мен идеяларын одан әрі дамытып, 70-80 жырлары «Көшпенділер», «Алтын орда» атты тарихи трилогиялар жазуы арқылы қазақ жазушыларының арасында алғашқы болып тарихи тақырыпты жете меңгерген, оны көркем тілмен сөйлете алатын қаламгер екенін танытты. Кітаптың жарық көруі, оқырман қолына тиюі өте қиын болды, бірақ соншалықты көп таралыммен шықса да, оқырман қауым бұл кітапты санаулы айлар ішінде талап алып кетіп жатты. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жазушының туғанына 80 жыл толуы қарсаңында былай деп жазған еді: «Ақиқат шындық темір шымылдықтың ар жағында тұтқындалып, ата тарихының «Ақтандақтарын» зерттеу тиым салынған жылдары Ілекең қазақ қаламгерлерінің алғашқысы болып қиын да күрделі тақырыпқа – Қазақ хандығының бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күресі тақырыбына қалам тартып қана қойған жоқ, өзінің эпикалық құлашы, халық өмірінің сан

алуан қырын кең қамтуы, қазақ тарихының кемеңгер көсемдерінің қайталанбас бейнелерін сомдауы жағынан өзге туындылардан оқ бойы алда тұрған талантты шығармасы – «Көшпенділер» тарихи трилогиясын дүниеге әкелді. Бүгінде дүние жүзінің көптеген халықтарының тіліне аударылып, әлденеше рет басылған жазушының осы еңбегін хандық дәуірдегі қазақ өмірінің энциклопедиясы десек артық бола қоймас» [1, 3]. Елбасының берген бағасына сәйкес қаламгердің туындылары бүгінгі күн тақырыбына да үн қосып тұр. Қазақ халқының бұрмаланған тарихын зерделей білген Есенберлин ұлт тағдырының дәуірлер бедеріндегі болмысын өнер тілімен өрнектеген тарихи трилогиясында Қазақстанның Ресей қол астына қалай қарағандығын, оның пайдалы және зиянды тұстарын дәлелді ой-тұжырымдармен оқырман алдына тосты. Әбілқайыр хан мен Абылай ханның әр кезеңдердегі осы мәселелерге байланысты іс-әрекеттерін көрсетуге тырысты. Қазақ халқының қандай жағдайда болсын елін, жерін сыртқы жаулардан қорғай алатындығын көрсетіп берді. Қазақ қандай халық, олар қашан және қалай қалыптасты, жеке ұлт ретінде танылуға қандай мүмкіндіктері бар? Романда осы сұрақтарға нақты жауап берілген. Бұл тотаритарлық жүйе билік құрған кезеңдегі ұлттың санасын оятуға жасалған бірден-бір қадам болатын. Архивтік деректер, халықтық аңыздар, этнографиялық сипаттар негіз болған тарихи эпопеяда автор оларды сол өткен дәуір елесін дәл бейнелеу үшін ғана емес, оған қоса түрлі қағида мен идеялардың, түрлі психология мен мақсат мүдделердің қандай заман, қандай қоғамдық жүйеде болсын сабақтастық алып жатқан көрінісін беру үшін де пайдалану мақсатын тұтынған. Былайша айтқанда Ілияс Есенберлин халқының көне заманғы тарихынан өзі өмір сүрген дәуірдің де даму диалектикасын көрді. Уақыт сабақтастығын жіті тани білген жазушы тарих тұңғиығына бойлап, ұлт тағдырының, халық қасіретінің қилы кезеңін суреттеу арқылы бүгінгі күннің міндеттері мен ертеңгі күннің бағыттары туралы ой сілеміне жетелейді. Ең әуелі қазақ әдебиетінің, онан соң әлемдік әдебиеттің тарихи тақырыпты игерудегі мол тәжірибесін, игі дәстүрін жинақтай отырып бір кездерде, революция жылдары Алексей Толстой «Бірінші Петрді» жазғаны, Ұлы отан Соғысы жүріп жатқан сұрапыл жылдарда Мұқтар Әуезов Абай туралы роман-эпопеясын жаза бастағаны сияқты, өзге кейбір әріптестері коммунистік партия туралы әсіре мадақ одаларын жазып жатқан шақта Ілияс Есенберлин хандық дәуір тарихына қалам тербеді. Халық зердесінің қалғи бастаған сәтін оятуға, ұрпақ санасына ұлттық патриотизм қалыптастыруға қызмет істейтін бағытта жанарын тарих тереңіне қадады. Есенберлин романдарының айналасында әр қилы пікір, әр алуан ой айтылды. Романдардың көркемдік бітімі мен тарихи тілі, композициялық құрылымы мен сюжеттік желісі жәйлі әдеттегі салыстырмалы тәсілмен сын

нөсерін төккен мақала да, зерттеп, зерделей жазылған мақалалар саны да жеткілікті. Суреткер болмысындағы қажыр мен талант ұштасуынан барып дүниеге келген туынды іргелі елдің тарихындағы ұзақ-сонар дәуірдің аласапыран арпалыс сәтін қамтуды діттеген. Әдебиетіміздің арғы-бергі тарихында ұлы сахараның бірде құландай тулап, бірде ұлардай шулап қалған алмағайып тағдырын Ілияс Есенберлиндей азаматтық қажырмен, суреткерлік қуатпен толғаған жазушы болған жоқ. Қазіргі қазақ әдебиетінің тарихындағы ең көп роман жазған да – І.Есенберлин. Ол он жеті роман жазуы арқылы қазақ романистикасын өзіндік ізденістерімен байытып қана қойған жоқ, әдебиетке жаңа, тарихи дәуірлерге қалам тартуда тың көзқарас әкелді. Саясат құрсауындағы тарихи кезеңге шығарма жазуда бірінші болып түрен салды. І.Есенберлиннің тарихи романдары жарыққа шыққаннан кейін осы бағытта кейінгі буын қаламгерлердің қалам тартуымен ондаған роман жазылғаны соның айғағы болса керек. Сондықтан да І.Есенберлинді ұлы шығармалары арқылы Кеңестік державаны құлатушылардың бірі, бір мың тоғыз жүз отызыншы жылдардан кейін үзіліп қалған алаш идеясын қайта жаңғыртып, жалғастырушы, Тәуелсіздік қадасын қағушылардың алдыңғы шебінде тұрған тұлға ретінде көруге болады. Егер шындыққа жүгінсек жазушы ерлігіне берілген бағадан гөрі берілмек баға әлдеқайда салмақтырақ болуға тиіс деп ойлаймыз. Бүгінде Ілияс Есенберлин десек қазақ тарихы ойға оралады, қазақ тарихы туралы сөз қозғалса Есенберлин еске түседі. Қазақ хандығының бес жүз елу жылдығы мен Ілияс Есенберлиннің туғанына жүз жыл толуы қатар келіп, символдық мәнге ие болуының өзі қандай сәттілік. Мың тоғыз жүз отызыншы жылдардан кейін үзіліп қалған Алаш идеясын аталған ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап қайта жаңғыртып, жалғастырушы тұңғиық сырлы қаламгер өзінің артына қалдырған он жеті романымен бастауында елбасы тұрған ұлт тарихы мен ел болашағы үшін қызмет атқаратын ұлы идеяға үн қосып, келер күндерге халқымен бірге қадам басып бара жатқаны кәміл.

*** Жиырмасыншы ғасырдың соңында жаңа қоғамдық сілкініс сананы тазартып, қоғамдық көзқарасты жаңартуға мүдделі етті. Тарих қайта жазылуға тиіс болды, өнер бағасы өзгеше сипат ала бастады. Ал Қазақстанның тәуелсіздігі салтанат құрып, ел тізгіні қолымызға еркін тигені кең айдынға шыққандай әсер беріп, ойлау шеңберіміздің ұлғая түскені де шындық. «Ақтаңдақтар» деп жүрген кезеңнің ақиқаты ашылып, алыптар тобы ортамызға қайта оралған сәтте қазақ әдебиеті тарихының жаңа беттері жаңғырып, рухани байлықтың мол арнасы келіп қосылғандай болды. Бұлардың жеке творчестволық өмір-баяндарын қамтитын, жекелеген шығармаларына талдау жасайтын алғашқы ғылыми-зерттеу мақалалар, монографиялар дүниеге келді. Бұл орайда Р.Нұрғалиев, С.Қирабаев,

Т.Кәкішев, Ж.Ысмағұлов, Ш.Сәтпаева, Ш.Елеукенов, М.Базарбаев т.б. еңбектері оқшау тұрғанын айту керек. Олар ұлтымыздың рухани көсемдерінің ақталу қарсаңында үлкен белсенділік көрсетті, шын патриоттық және білімпаздық танытты. Алыптар тобы ақталған кездің алғашқы сәтінде-ақ комақты монографиялық зерттеулер жазып ұлгерді. Р.Нұрғалиевтің [2] Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев туралы, С.Қирабаевтың [3] Жүсіпбек Аймауытов туралы, Ж.Ысмағұловтың [4] М.Дулатов, Ш.Сәтпаеваның [5] Шәкәрім туралы, Ә Тәжібаевтың [6], М.Базарбаевтың [7], Ш.Елеукеновтің [8] М.Жұмабаев туралы зерттеу жүргізіп, жинақтарын шығаруы кейін жазылған әлі де жазылып жатқан ғылыми зерттеулердің бастау көзі, бағдаршысы болғаны анық. Қоғамдық ғылымның өзге салалары да қасаң қағида, марғау күйінен арыла, қуатты серпінмен жаңа бағыт түзеді. Ұлттық тарихымыздың зобалаң дәуір кесапатына ұшырап, саясат құзырымен айтылмай келген шындықтың беттері ашыла бастады. Алайда өткен істің, артта қалған өмірдің бәрін мансұқ етіп, қиынқыстау заманалар ығында адаса жүріп жол тауып, қаймыға жүріп жөн тауып атқарған жұмыстың, қыруар еңбектің бәрін жоққа шығарып тастау өркениет ұлағатына ұнаспайтын қылық деп ойлаймыз. Олар қалай болғанда да кешеден бүгінге жету сапарында ұрпаққа қызмет еткен, мүмкіндігінше ұлттық сана қалыптастырған еңбек деп санаймыз. Қысаң жерден сыналап өтіп, қалтарыс ойын астарлап айтып, ұлттық сезімін перделеп жеткізіп, намыс отын тұтата білген, «ақырын жүріп, анық басумен»-ақ «бүгінге» жетудің ұрымтал тұстарын дәл баса білген, ісінде өнеге, сөзінде мағына қалған дегдар азаматтар сол социализм дәуірінде де аз болған жоқ. Ұрпақ санасына «азаттық» идеясының сіңіп, шоғырлана, жинақтала түсуі солар берген білім қуатының, ғылым әсерінің жемісі десек артық емес. Осы тұрғыдан келгенде туған әдебиетіміздің жетістігі мен кемшілігін саралап, өткен тарихтың өнегелі үлгісін, қазіргі дәуірдің тамаша табыстарын айқындап беретін қазақ әдебиеттану ғылымы «ақтаңдақтар» кезеңімен қайта толығып, жаңа тағылыммен арна тартуда. Әдебиеттану ғылымы әдеби процесс дамуымен сабақтас жүретіні белгілі. Сондықтан да М.Әуезовтың «Абай жолынан» кейін қалыпты құбылысқа айналған казақ тарихи романы алпысыншы жылдардың екінші жартысынан бастап жаңа өркендеу жолына түсті де, әдебиеттану ғылымында жаңа проблемаларды қозғауға ықпал етті. «... Атам заман» барлық жағдайда болашақ ұрпақ үшін ерекше дәуір боп қалады, өйткені ол тым жоғары дамудың ең соңғы негізін қалайды», – депті бірде Ф.Энгельс [9,118]. Тарих тұңғиығына тереңдеп барудың халық болашағы үшін, келер ұрпақ үшін қаншалықты мәнді екенін нұсқап отырған Ф.Энгельс ойының шындығына бойласақ, кез келген халықтың әдебиетіндегі тарихи тақырыпқа, әсіресе алыс

дәуір бейнесін жасауға арналған шығармалардың мақсат-міндеттерін айқын сезінгендейміз. «Әдебиеттің қай жанры да уақытқа, заман талабына қарай ер жетеді»[10,93] деген Б.Кенжебаев пікірінің мәні осында жатса керек. Бір мың тоғыз жүз алпысыншы жылдардан кейінгі кезеңде қазақ жазушыларының да тарихи өткен заманға көбірек назар аударуы ұлттық сананың өсуі мен олардың ұлттық мақтаныш сезімінің кұшеюін айғақтайтын жай болса керек. Мұны кезінде Г.Ломидзе: «... тарихи тамырлар мен дәстүрлерге әсерлене қызығушылық» [11,136], – деп жазды. Тарихи тақырыпқа деген қызығушылықтың артуы, халықтың өткен өмірін, бастан кешірген тағдырын суреттеуге арналған шығармалардың көптеп дүниеге келуі бір жағынан ұлттық сезімнің кұшеюіне байланысты өз мүмкіншілігін сезіну, бүкіл адамзат тағдырын бейнелейтін тарихи шығармашылыққа өз үлесін қосу болса, екінші жағынан өткен дәуір елесіне бүгінгі күн биігінен қарап, кешеден бүгінге жету соқпағының бастауында не тұрғаны туралы ой сүзгісінен өткізе отырып жан-жақты бейнесін жасау жатқандығында. Бұл, әрине, ұлттық әдебиеттің өсіп-өркендеу биігіне байланысты болатыны да рас. Дей тұрғанмен қазіргі әдебиеттегі тарихи тақырып туралы сөз еткенде оның бастау-көзі көне фольклор мен ежелгі әдебиетте жатқандығын естен шығармау ләзім. Тарихилық мәселесі тарихи тақырыпқа жазылған қазіргі дәуір әдебиетіне ғана тән емес, тіпті халық ауыз әдебиетіне, фольклорлық, шығармаларға да қатысты болатыны белгілі. Ол туралы фольклористғалымдар Р.Бердібаев [12], С.Қасқабасов [13], Ш.Ыбыраев [14] еңбектерінде жан-жақты талданған. Қазақ прозасының тарихында өткен ғасырдағы алпысыншы жылдардан кейінгі кезең бұрынғы жылдармен салыстырғанда ілгерілеу кезеңі екеніне ешкім де шүбә келтірмеуге тиіс. Алайда, бұл құбылыс бұған дейін М.Әуезов әкелген ұлттық олжаны, әлемдік көркемдік ойлауға ол қосқан үлесті, көркемдік биік пен тарихи роман үлгісін жоққа шығару емес. Ұлы жазушының өнеге бастауы өзінен кейін де кең арнаға ұласып, жалғастық тапқаны қашанда естен шықпайтын бөлек әңгіме. Бұл кезде әдебиетке М.Әуезов тағылымын көріп-біліп, танып өскен жаңа толқын қосылды, жаңа көзқарас пайда болды, көркемдіктің өзгеше өрнегі айқындала түсті. Осы орайда ерекше айта кететін бір нәрсе, профессор Б.Кенжебаев бастаған ғалымдар тобының қазақ әдебиеті тарихын арғы дәуірге жылжытып, әуелі он бесінші, одан соң бесінші ғасырға дейін апарып, үлкен концептуальды мәселені шешкені – көптен бергі ғылыми таласта өз пікірлерін дәлелдеп шығуы еді. Тарихи тақырыпқа құлшына ұмтылыс та ұлттық әдебиет пен әдебиеттану ғылымдарындағы осындай тың серпін, оңды өзгерістердің аясында көрініс тауып жатты. Стильдік кестесі, баяндау формалары сан алуан түрдегі, тақырып ауқымы жағынан бағзы заманнан бастап бүгінгі күн

мәселелеріне дейін қамтитын, көркемдік биігі жоғары, бояулары айшықты, ішкі иірімдері мол романдар шоғыры дүниеге келді. Бұл бұған дейін салынған М.Әуезов соқпағы сан тармақпен ілгері басып, алға жылжуы еді. Бұл кезең тарихи роман жанрының ерекше дамып, гүлденген, жоғары биік белеске көтерілген жылдары болды. Дей тұрғанмен осы биік белеске бір-ақ күнде қол жеткізіп, көтеріле қойған жоқ. Әр кезеңдегі саяси жағдайға орай бірде қақпай көріп бәсеңдеп, өшуге таяп барып, енді бірде қайта күш алып, өз бетін айқындай алға ұмтылып келді. Соған орай тарихи романдарды зерттеу мәселесі де уақыт ерекшелігіне сәйкес әр түрлі деңгейде көрініс тапты. Тарихи тақырыптағы шығармалар, оның сыны мен зерттеу ісінің жолы әрқашан жіңішке болды. Соған қарамастан, жазушылар өзі діттеген мақсатқа жол табуға тырысты, оған бар қажырын жұмсады. Оның айқын дәлелі – М.Әуезовтың тәжірибесі. Бірақ М.Әуезов те бұл биікке үлкен қиындықпен, соқтықпалы, соқпақсыз ауыр жолмен жеткені белгілі. Ал, бүкіл Кеңес Одағының тарихы «аға халықтың» – құқығы мол орыс халқының тарихына сай, орайластыра жазылғандықтан, орыс тарихи романдары ерте жазылып, ол туралы әдеби-зерттеу жұмыстары да сол 20-30 жылдардың өзінде-ақ жан-жақты қолға алына бастаған [15,136]. Біз бұл жерде тек тарихи романдарға қатысты еңбектерді ғана еске алып отырмыз. Жалпы әдебиеттің тарихында, поэзия, проза, драмалық жанрларға жеке-жеке арналған, роман теориясына қатысты еңбектер өз алдына сала-сала болып кете беретіні тағы белгілі. Бұған қоса мерзімді баспасөзде жарияланған пікір-таластар мен мақалалар каншама! Бұл сынзерттеулердің қай-қайсысы болса да өз кезіндегі әдеби процестің деңгейін аңғартатын, уақытқа сай мәні бар еңбектер екені даусыз. Солай бола тұрса да, ғылыми жұмыстардың ішінде қазақ әдебиетіндегі тарихи тақырыпқа жазылған шығармаларды, қазақ тарихи романдарын сөз ететін еңбектердің көпшілігі әдебиет пен тарихтың арақатынасын монографиялық зерттеу объектісіне айналдырмай, тек поэтиканың бір қыры ретінде тілге тиек етеді. Бұл орайда Л.М.Әуезованың «Исторические основы эпопеи «Путь Абая» [16], Р.Бердібаевтың «Қазақ тарихи романы» [17], Ж.Дедебаевтың «Өмір шындығы және көркемдік шешім» [18], Т.Жұртбаевтың «Бейуақ» [19], Т.Сыдықовтың «Қазақ тарихи романы» [20] тәрізді санаулы еңбектерден басқа ауыз толтырып айтарлықтай іргелі зерттеулер аз. Ал аталған ғылыми еңбектерде қазақ тарихи романына қатысты мәселелер түгел қамтылды, шешімін тапты десек, әсіре қызылдық болар еді. Ғылымның ілгері басуы дегеніміздің өзі қол жеткізген мәселені жаңа ойлармен толықтырып, жалғастыра беру екені кімге болса да аян. Бұл орайда зерттеушілердің бірін-бірі кайталамауы деген сөз бір автор шығармасын қатар алмауында емес, көтерген мәселе, зерттеу нысанасының өзгешілігінде болса керек. Бұл мәселені орындауда бір автор шығармаларын жеке алып та, бірнеше автор туындыларын ортақ ой төңірегінде біріктіріп те зерттеу тәсілі жүзеге асатын құбылыс.

Қазақ әдебиетіндегі тарихи шығармалар, ондағы дәстүр жалғастығы, авторлық идея, ой-нысана, образ жасау жолдары, тарихи дерек, архивтік материал, аңыз желілерін пайдаланудағы жазушылық мақсат пен ой түю ерекшеліктері, оны қазіргі заман көріністерімен сабақтастыру сипаты – тұтас күйінде бұрын терең зерттелмеген, қазіргі Қазақстанның әдебиеттану ғылымы үшін зәру әрі актуальды проблеманы қозғайтын тақырып. Сондықтан өнер туындысындағы жазушының тарихқа көзқарасын тарихи шығармадағы көркемдік таным тұрғысынан пайымдау қазіргі әдебиеттану ғылымындағы өзекті мәселе деп қараймыз. Әдебиет теориясында «Көркемдік таным дегеніміз – заттар мен құбылыстардың адам өмірімен тікелей байланыста болатын шындық болмысқа адамның эстетикалық қатынасының жоғарғы формасы» [21,69] деп көрсетіледі. Көркемдік таным [22] ұғымы философиямен, эстетикалық категориямен байланыста түсіндірілуі тиіс. Эстетика категориясындағы герменевтика [23] саласы – өнер туындысының, көркем шығарманың мәтініне мән беру. Яғни сөз астарын табу, ой астарын тану, сөз жапсарын ойлау, сол арқылы ой тереңіне бойлау, образ арқылы автор ойын бағамдау, заман сабақтастығын түйсіну, уақыт ұқсастығындағы шындықты мойындау. Өйткені, «Эстетиканың бір бұтағы – әдебиеттану ғылымы» [24,38] екені мәлім. Тарихи өткен дәуір оқиғаларын суреттей отырып, өзі өмір сүріп отырған заманның болмысын еске салу азат саналы қаламгердің қайқайсысының да шығармаларында бар екендігі, тарихи тақырыпқа қалам тарту арқылы, ұлттың рухын кейінге жеткізуді көздеген, кешегіні айту желісімен бүгінгі дамудағы керексіз, ұлт болашағы, мемлекет ертеңі үшін қауіпті құбылысқа оқырман ойын, сана жанарын бұру ұсынылып отырған зерттеудің өзекті меселесінің бірі. Осы тұрғыдан келгенде, зерттеу еңбекте тарихи шығармаларды талдаудың өзіндік тәсілі, кеңестік дәуірде жазылған шығармаларды жаңа көзқараспен пайымдай білу, мәтін мәніне, сөз астарына бойлауға, ондағы автор идеясын, астарлы ойларын ашуға мән беріледі. Жалпы ғылыми зерттеудегі әр түрлі пікір-танымдардың түп-тамыры әрбір зерттеушінің өзіне ғана тән субъективті санасында жатыр деуге болады. Әрі оның өзі әрбір жекенің тарихқа деген өзгеше көзқарасын қалыптастыратын ұйытқыға айналуы мүмкін. Ал тарихи тақырыпқа қалам тартқан жазушының өзіне ғана тән субъективті сана-сезімін қалыптастыратын факторлар өте күрделі болып келеді. Яғни ол сан тарау таным мен талғамның қосындысынан тұратын фактор болмақ. Дей тұрғанмен, негізгі субъективті сананы қалыптастырушы тұрақты, арналы, дің іспетті іргелі танымдар болады. Оларды, біздіңше, мынадай бірнеше түрге жіктеуге болар еді: 1) философиялық; 2) саяси тұрғы; 3) білім негізі; 4) өмір сабақтары; 5) сезім; 6) мінез бен жігер. Мұның өзі тарихи шығармаларды зерттеу дегеніміз бірнеше пәндік, ғылыми негіздердің тоғысуы, жапсарласуы барысында жүзеге асатынын көрсетеді.

Міне, осы тұрғыдан келгенде, тарихи тақырыптағы шығармаға қатысты іргелі мәселенің бірі жазушы және тарих немесе жазушының тарихқа көзқарасы деуге болады. Қазақ филология ғылымдарының атасы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, «Тарихтың қызметі – бүтін адам баласының яғни бүтін бір жұрттың, я бір халықтың өткен өмірін болған күйінде айнытпай айту» [25,215] болса, әдеби шығармада суреттеліп отырган кезең автордың ой көзінен өтеді, сұрыпталады, қорытылады, одан әрі сол туындыға ғана тән сипатқа ие болып, оқырман алдында қайта тіріледі, тарихи келбеті жасалады. Осыған орай, «Көркемөнер тілімен өткен тарихты қайта тірілтудің принциптері, әдіс-тәсілдері, ерекшеліктері қайсы? Оның көркем шығармадағы көрінісі қандай?» деген тәрізді сауалдар әдебиеттану ғылымының басты нысанасы болып келеді, әлі де бола беретіні сөзсіз. Өйткені көркем шығарманың тарихты бейнелеудегі өзіндік тәсілімен қоса, әрбір шығарма қайталанбас өнер туындысы. Өнер шығармасындағы мұндай сырды ашу, оның зандылықтарына үңілу, сол арқылы белгілі бір шығармадағы айтар ой мен құпия сыр түйінін айқындау әдебиеттану ғылымы жүргізетін зерттеу ісінің бірі болуға тиіс. Рас, тарихи шығармалар бұрын да зерттеліп келген, әсіресе, тарихи роман мәселесі көбірек сөз болып, тарихилық проблемасы қаламгер шығармашылығы бойынша монографияларда, жанрлық тұрғыдан зерттеулерде, тарихи роман хақында жазылған кітаптарда поэтиканың бір қыры ретінде айтылып келе жатқанын жоғарыда сөз еттік. Бұл орайда С.Қирабаевтың, З.Ахметовтың, Р.Бердібаевтың, Т.Кәкішевтің, Р.Нұрғалиевтің, Ш.Елеукеновтің, Ж.Дәдебаевтың Т.Сыдықовтың, т.б. еңбектерін еске аламыз. Алайда қазақ әдебиетіндегі тарихи шығарма мәселесі танымдық және көркемдік тұрғыдан бұрын арнайы қарастырылмаған. Тәуелсіздік туы желбіреген бүгінгі таңда тоталитарлық жүйе дәуірінде дүниеге келген тарихи шығармаларды қайта қарап, жаңаша пайымдағанда, тарихи тақырып проблемасына арналып, бүгінге дейін жазылған зерттеулерге жаңа көзқараспен қарап зерделегенде, уақыттың талап етіп отырған бұл бағыттағы нысанасы бөлек, күрделі ғылыми зерттеулердің қажеттілігі туындайтыны сөзсіз. Осы тұрғыдан келіп, казақ әдебиетінде бұрын көтерілмеген мәселені қозғап, тарихтың терең қатпарларын қопарған, саясат қамауында жатқан дәуірді көркем шындық аясында суреттеп берген Ілияс Есенберлин туындыларын бұрын қарастырыла қоймаған бағытта, сөз етілмеген проблема танымдық және тағылымдық көркемдік жүйе төңірегінде зерттеудің тақырып ауқымын негіздедік.

І-ТАРАУ

ТАРИХИ ТАҚЫРЫП: ДӘСТҮР ЖӘНЕ ЖАЛҒАСТЫҚ

Тарихи тақырыпқа бару, яғни өткенге көз салу, сол өткендегі айтпауға болмайтын жайларды айтуға талпыныс – уақыт талабынан туындайтын құбылыс. Өйткені әдебиет халық өмірінің идеялық-эстетикалық айнасы. Әдебиеттің ілгерілеуі де, өсуі де халықтың өткеніне көркемдік байыптау, қорытындылар жасау арқылы болады. Қазіргі өмір мен өткен заманның арасындағы байланыс, сабақтастық тарихи тақырыпты игеру нәтижесінде ғана ашылмақ. Халық өткен тарихын толық зерттеп, ондағы кемшіліктерден тиісті корытынды шығармай тұрып, рухани дамуда үнемі жетістікке жету неғайбыл. Тарихи тақырып арқылы бүгінгі күнге, қазіргі дәуірге қатысты идеялар айтылатынын естен шығаруға болмайды. Тарихи шығарма ол өткен заманның әлеуметтік-эстетикалық реконструкциясы ғана емес, онда бүгінгі уақыттың да философиялық концепциясы жатады. Тарихи тақырыптың маңыздылығы туралы белгілі суреткер Константин Юонның тарихи шығармалар туралы: «Всемирная ценность искусство тем больше, чем больше национального в человеческих образах, и человеческого в национальных образах» [1,159] деген пікірі әлі де мәнін жоғалтпаса керек. Демек мазмұн мен форма үйлескен, философиялық ойларға негізделген тарихи тақырыптағы шығарма бір ғана ұлттың рухани дүниесі болып қалмайды. Осы тұрғыдан келгенде қазақ халқының өткені мен бүгінгісін, адамшылық табиғаты мен азаматтық тағдырын танытудағы тарихи шығармалардың алатын міндеті айрықша мол екендігі шындық. Әдебиет қашанда ұлттық-азаматтық сана-сезім мен ұлттық мораль қалыптастырушы гуманистік қасиеттердің жаршысы міндеттерін атқарады. Шын мәніндегі әдеби шығарма – игі ниетті халықтарды бір-бірімен таныстыратын көркемдік дәнекер. Осы тұрғыдан келгенде, нағыз көркем туынды эмоциялык әсерлі әсемдік сезім сыйлаумен қатар, сол ұлттың ұлағаттарын, адамгершіліказаматтық игі дәстүрлерін, тамаша қасиеттерін басқа халықтарға мөлдіретіп жеткізетін қоғамдық-философиялық ойдың көркем формасы екені мәлім. Бұл тұжырымдардың тарихи тақырыпқа жазылған шығармаларға да қатысы мол. Тарихи шығармалардың өмір танытқыштық мәнін айтқан кезде, онда бүгінгі рухани тіршілігімізге қатысты көп мәселелер қамтылатынын ескеру керек. Бұл орайда тарихи тақырыптың қазақ әдебиетіндегі туып, қалыптасу,

орнығу үлгісін танытатын алғашқы туындыларды, яғни, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, С.Мұқановтардың тарихи шығармаларын айтпағанның өзінде І.Есенберлиннің «Көшпенділер», «Алтын Орда», Ә.Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі», «Жаушы», Ә.Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры», «Елең-алаң», «Үркер», М.Мағауиннің «Аласапыран», С.Сматаевтың «Елім-ай», Қ.Жұмаділовтың «Дарабоз», Ж.Тұрлыбаевтың «Тамыз таңы», «Райымбек» романдарын өткенді айта отырып оны қазіргі өмір құбылыстарына байланыстыра білу көркем шығарманың эстетикалық актуальдығын арттыратын көркемдік фактор екенін дәлелдейтін, уақыт рухы көрінетін, жаңа концепция әкелген шығармалар деуге болады. Тарих – адамның әлеуметтік тірлігінің сорабы. Адам – әрі тірліктің субъектісі, әрі тарихи танымның субъектісі. Әлеуметтік тірлік практикасы арқылы адам тарихты жаратты, өзін кемелдендірді. Сонымен бірге тарихты да, өзін де танып отырады. Демек, адамның тарихты тануы, өткеруі, меңгеруі, түйсінуі, бағамдауы – тарихи сана болып табылады. Тарихи сана өз ішінде екі үлкен саланы қамтиды; оның бірі – танылған, еске алу, бүгінді бағамдау, ертеңді болжау түрінде көрініс береді. Екінші бір саласы – адамның өз басындағы тарихи әрекеттердегі орны, рөлі және мәні жөніндегі өзіндік санасы. Осы екінші сананы «тарихтың субъектив санасы» дейміз. Тарихтың субъектив санасына гуманистік, субъективтік таным, героизм тұрғысынан талдау жасауға болады. Гуманистік танымның бел алуы, азаматтардың өзіне ден қоя бастауы – субъективтік танымның өскендігінің белгісі, сондай-ақ жаңа дәуір әдебиетінің ерекшелігі деуге болады. Алайда, ол кешегі Кеңестік кезеңде бірнеше он жыл бойы бұрмалауға тап болды. Яғни гуманистік идея кешегі коммунистік жүйеде біресе шымды жамылып ағатын, біресе жартастан сарқырайтын тау бұлағы тақылетті, керек кезінде жарқ етіп көрініп, қажет емес кезінде жерге көміліп қала беретін. Гуманизм көміліп калған кезде, халықтың субъективтік белсенділігі жойылып, тарих қаһарланып шыға келетін. Ал гуманизм жарқырап көрінген кезде азат ой, кісілік ар-ождан салтанат құратын. Ойдың азаттығы дегеніміз іс жүзінде адамның бостандығы. Өйткені ой азаттығы адамның рухына, ой-санасына, жасампаздығына еркіндік береді. Міне, осындай еркіндіктер арқылы адам өзін, өзінің тарихтағы бағасын жан-жақты тани түседі. Сондықтан ой азаттығының қозғалысы түптеп келгенде гуманистік қозғалыс, әрі гуманизмнің сипаты деген сөз. Гуманизм адамның өз тарихын, танымын бейнелейді. Ол адамгершілік сезім, адамның қадірі, еркі және т.б. ұғымдарды қамтиды. Адамның өз танымы – тарихи құбылыс, сондай-ақ толассыз тереңдеп отыратын процесс. Сол себепті гуманизм дамудағы, өзгерістегі категория болып табылады. Тарихи тұрғыдан айтатын болсақ, әр замандағы әр түрлі таптардың гуманистік пікірлерінде өзгешелік болғанмен де гуманизм адамзаттық ортақ ойлауының ағымы болып табылады. Ол адамгершіліктің ортақ қасиеттеріне

негізделіп, таныммен байланыстылықты дәріптейді. Тарихтағы гуманистердің мейлі сүйіспеншілікті уағыздауы болсын, мейрімділікті ту етіп, рақымдылық іс-әрекеттері туралы пікірлері болсын – бәрінікі ұқсас. Бұл әр ағымда дамыған гуманистік ойлардың жалғасты дамуы мен қарамақайшылығын анықтайды. Ұқсас, мойындалған адамгершілік принциптерді негіздеуді дәріптеумен бірге, қайшылыктарды да ескеріп отыру гуманистік ойлардың абстрактылығын көрсетуі мүмкін бе? Әрине, жоқ? Үлкен тарихи бұрмалау белгілі бір дәуірдің рухы тұманды жолға түскенде ғана болатын трагедия қазақ әдебиетінің тарихында да жеткілікті екені жасырын емес. Қазақ тарихының бірнеше ондаған жылы түн-түнекті, меңіреу күй кешіп, өзге халық тарихының қосағында болғаны кім-кімге де белгілі. Мұның өзі қаншама буын ұрпақтың жан дүниесіне әсер етіп, дүниетанымына салқынын тигізді, ақыл-парасаты аяқ асты болды. Жаңа дәуір әдебиетіндегі тарихи сана тарихи сабақтарды қорытындылау, саралау барысында әлеуметтік дамуларға ілесе отырып, бірте-бірте ояна, тереңдей түспек. Егер әдебиет саяси күштердің зорлығымен солардың құлы немесе құралы болған жағдайда, ояу сана-сезім жаншылады, адами биік парасаттың үні өшіріледі, сол арқылы өткен тарих көлегейленеді. Мұндай жағдайда ояу да айқын тарихи сананы іздеуге тура келеді. Міне, бізге тұстас дәуір әдебиетіндегі тарихи сананың оянуын, тарихқа деген ықыластың артуын ерекше мәнді де мағыналы, төтенше маңызды мәдени құбылыс деп санаймыз. Мұның бірден-бір факторы қазақ әдебиетінде тарихи тақырыпты игерудің Әуезов қалдырып кеткен шығармашылық концепциясы алпысыншы жылдары жаңа серпінмен қарқын алуы еді. Бұл тұста тарихи тақырыпқа үлкен құмарлықпен кіріскен қазақ қаламгерлері өткен заман, алыс дәуір қойнауына бұрынғыдан да терең барлау жасап, батыл енді, ғасырлар бойы тылсым жатқан заманалардың қалың қатпарларын ашып, халық тарихында елеулі мәні бар әлеуметтік оқиғалардың туу себептерін түсіндіруге тырысты. Қазақ әдебиетінде бұлайша тарихи тақырыпқа деген көзқарастың ерекше белең алуы азаматтық пафостың ерекше күшейе түскендігін көрсетеді. Орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің мына бір сөз орамы бұл құбылыстың сырын аша түскендей: «Өткен тарихқа деген ілтипат – тағылықтан білімдарлықты айыратын ерекше белгі» [2, 362]. Сондықтан тарихи тақырыпқа жазылған шығармалардың көбеюі халықтың патриоттық сана-сезімін көтеріп, рухын оята түсетіні ақиқат. «Асыл сөз» [3,138] – әдебиет адамның этикалық, эстетикалық көзқарасын қалыптастыру арқылы коғамдық ойдың өсуіне әсер етеді, дүниенің өзгеруіне ықпал жасайды. Өйткені әдебиет рухани ұлы күш. Бұл ойпікірдің нақты айғағы – І.Есенберлин романдары. Қаламгердің туындылары дәл осы халық санасы қалғыған сәтте өмірге келді де ұлт тарихын ұмытпауға, ұлықтауға әсер етті. Сөйтіп өткен ғасырдың 70-80 жылдарындағы қазақ жастарының ұлттық рухының ерекше көтерілуіне І.Есенберлиннің «Көшпенділер», «Алтын Орда» тарихи эпопеясының зор ықпал еткені

нақты мысал бола алады. Бұл ықпал-әсердің, ұлттық рухани оянудың бір дәлелі 1986 жылғы желтоқсанда қазақ жастарының алаңға шыққан бейбіт шеруі еді. Бұл шеру коммунистік империяның құлауындағы алғашқы баспалдақ болғаны белгілі. Бұдан шығатын ой түйіні тарихи тақырыптың жазылу сыры әлеуметтік ой-сана дамуымен байланысты екен. Яғни, әрбір халық ұлттық сана-сезімі оянған сайын өткен тарихындағы елеулі оқиғаларға, жетістік, кемшіліктерге көз жұмып қарай алмайды. Бұл адамның есейген сайын сәбилік, балалық, жастық шағын көбірек еске алып, ойлайтыны сияқты құбылыс. «Жалпы халықтық сананың оянуы – әдебиет дамуының факторы – деп жазады белгілі әдебиет сыншысы С.Әшімбаев. – Ал жекелеген суреткердің азаматтық парасаты, таланты, шеберлігі, дүниетанымы – бәрі қосылып келіп субъективтік факторларды құрайды. Мәселен, М.Әуезовтың «Абай жолы» жеке бастың осы бір тақырыпты жазсам деген субъективтік тілегінен тумаған – ол тарихи әлеуметтік қажеттіліктен туған эпопея. Оның дүниеге келуіндегі тікелей объективті фактор халықтық сананың бұрын-соңды болмаған өзгеше сипат алып, революциялық дамуының нәтижесінде жаңа белеске көтерілуі еді» [4,386]. І.Есенберлин романдарының да жазылу себебі осы пікірдің аясына кіреді. «Суреткер белгілі бір қоғамда өмір сүреді, белгілі бір қоғамдық коллективтің мүддесіне ортақтасады, сондықтан оның творчествосында да белгілі бір қоғамдық мән және мазмұн бар» [5, 15], – дейді академик З.Қабдолов. Оған мысал жеткілікті де. Қандай да бір өткен дәуірді арқау етіп, тарихи тақырыпқа жазылған шығарма болсын, қандай өмір құбылысы суреттелсін мейлі ол туындыда жаңа өмірдің сәулесі, жаңа өмірдің жаңғырығы, уақыт рухы мен ықпалы жатады. Осы тұрғыдан келгенде жоғарыда аталған шығармаларда да тарихи өткен дәуір мен қазіргі заман сабақтастығын көруге болады. Кейбір шығармалардың композициясындағы жасанды схематизмнің орын алуы, насихаттық, үгіттік үлгінің орайластырылуы уақыттың әсері, саясат ықпалы екені шындық. Бұл құбылыс жазушының тарихқа ұстайтын субъективті санасына тәуелді. Ал, субъективті сананы қалыптастырушы іргелі танымның бірі саяси тұрғы немесе саяси позиция тарихи тақырыпқа барушы жазушының, тіпті тарихшының әлеуметтік сипаты, мәні. Демек, саяси тұрғы субъектінің тарихты тану әрекетіне ерекше ықпал етеді. Өйткені тарихқа үңілуші (мейлі жазушы, мейлі ғалым) қоғамнан тыс, жұрттан дара жасайтын адам емес, бұл ретте «Адам әлемнен тыс тұрған абстракты зат емес, яғни адам дегеніміз – мемлекет, қоғам» [6,443], – деген К.Маркс пікіріне қосылуға тура келеді. Демек, тарихшы да, жазушы да белгілі қоғамда жасай отырып, әлеуметтік мәселелерді, гуманитарлық пәндерді зерттеумен айналыса отырып, өзі өмір сүріп отырған мемлекеттің, қоғамның кешегісі мен бүгініне, болашағына белгілі бір саяси тұрғыда козқарас қарастырмауы мүмкін емес. Яғни, субъект саналы, кейде санасыз түрде белгілі бір саяси майданда болады. Әрине, тарихи тақырыпқа барушы

қаламгер өзінің саяси позициясын көбіне-көп анық-әшкере айта, аңғарта бермейді. Алайда, жазушының осы позициясы оның шығармасының ұзына бойына сіңіре, әдіптесе отырып, жасырын, белгісіз түрде өзгелердің басқа да тарихи әлеуметтік мәселелерді түйсінуіне ықпал етіп жатады. Ал енді қазіргі саяси жағдай мен ауқым тарихтағы саяси жағдайдың, ауқымның заңды жалғасы, сабақтастығы екені белгілі. Мейлі бүгінгі қоғам қандай саяси тон киіп, қандай кезеңде тұрсын тарихты бүгіннен артына шегіндірсең кешегіге барады да, кешеден дамытсаң бүгінге ұласады. Сондықтан тарихи тақырыпқа барған жазушы тарихтағы әлеуметтік, саяси мәселелерді сөз еткенде, табиғи әрі мақсатты түрде бүгінгі саяси жағдаймен іліктестіріп, байланыстырып бейнелейді. Сөйтіп, қаламгердің қазіргі саяси жағдайға деген түсінігі, сондай-ақ оған ұстаған позициясы міндетті түрде тарихи жағдайды танудағы дәнекерлік, көпірлік рол атқарады. Субъективтік таным тарихи субъективтік таным бейнелерінің маңызды бөлігі. Сондай-ақ субъективтік таным ылғи да тарихты қайталай безбенге салып, бағамдап отырады. Міне, бұл тұрғыдан келгенде таным көбінде адамның өзіне деген нық сенімнен туындайды. Сөйтіп ол белсенді түрде әлеуметтік өмірдің, тарихи дамудың, тарихи оқиғалар мен тұлғалардың лайықты бағасын береді. Мұндай субъективтік сананың орнығуы – жалпы тарихи сананың орнығуындағы маңызды психологиялық фактор, әрі әдебиеттің өз арнасьн тауып, жазушының эстетикалық жеке қол таңбасының қалыптасуындағы үлкен алғы шарт. Егер жазушы кейбір сыртқы шектеулер, кедергілер салдарынан, мақсатты-мақсатсыз түрде өзінің сезімін, пікірін, мұратын, бүркемелеп, басқа жолдармен өзгелердің санасына жеткізіп бере алса, онда, тіптен субъективтік танымға қанат біте түсер еді. Азат кісілік болмаған жерде, азат ой-сана болмаған жағдайда «Адам» адам емес. Ондай кезде қайдағы субъективтік сана?! Қайдағы тарихи бағамдау?! Демек мұндайда тарихтың өзі әдебиетке қатыстырылғанымен құмда қазылған арықтың кебін киіп қалмақ. Шындық ауқымын бейнелеу қоғам өміріндегі құбылыстарды уақыт сабақтастығы және өткен өмір мен келешектің тарихи жалғастығы арқылы көрсету құбылыстарымен астасып жатады. Яғни, профессор Т.Кәкішев айтқандай «... өткендегіні ұмытпай, бүгінгіні қастерлеу, болашаққа барлау жасау принциптері барлық аумағымен, игілікті шапағатымен көріне бастады» [7,192]. Көркем творчество өз бетімен қалыпқа түсіп, өрістей беретін процесс болмаса керек. Теориялық және тарихи-әдеби астарының ашып көрсетілуі көркем ізденіске саналы да мақсатты сипат береді, жақсыны жаңғыртып, жаманның жолына тосқауыл қояды. Әрбір суреткер творчестволық тұрғыдан тұжырымдалған тарихи-мәдени қазына, жаңа табыстарға жетелеп, болашаққа жол ашатын нақты мүмкіндіктер туралы жан-жақты білуге тиіс. Осы тұрғыдан келгенде І.Есенберлин өзі өмір сүріп отырған дәуір тынысын басқаша пайымдай бастаған. Бастан кешіріп отырған жағдай, заман

ағымы, мезгіл мінезі оны халық тағдырына өзгеше таныммен ой тастауға мәжбүр еткен тәрізді. Қаламгер енді туған халқының зердесіне тарих тағылымын ұялатуды діттеген. Мемлекеттік жүйенің өз ұлтына жасап жатқан қиянаты, зорлығы жазушы жүрегін сыздатқаны сөзсіз. Неше мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан салт-дәстүр, көшпелі өмір тіршілігі, дала болмысымен қиюласып сараланған сана ұлттық сипатынан айырылып қалу, жойылу қаупі шаң бере бастағанын зерделі тұлғалар, зейінді қаламгерлер сезініп білді. Қызыл империя патшалық Россияның жалғасы екенін, отарлаушылдықтың жаңа сатысына көтеріліп, ыңғайлы тәсілін игеріп жатқанын іштей ұғынды. Оған ашық күресу қиынның қиыны болғанына тарих куә. Осындай жағдайда өзі де комунистік идея құшағында өсіп ер жеткен жазушы халықтың өткен тарихына ой нысанасын бұрып, тарихи тақырыпқа роман жазуға кіріскен. Шығарма болмысына тереңнен еніп, сана жанарын қадағанда ондағы идеялық бағыт бұрынғы оқулықтар мен зерттеу еңбектерде бір жақты айтылып келгендей «ескіні жамандау, жаңа дәуірге қарсы қою» емес, ел тарихына, ұлт болмысына қатысты дәуір дидарын, азаттық үшін күрес күндерін, бабалар бастан кешкен ауыр тағдыр тұрпатын ұрпақ санасына ұялатуды, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық сананы жаңғыртуды көздеген. Өз заманындағы жан айқайының бірі өткеннің бәрін мүлдем жойып, ескіні ұмыттырып жіберу қаупі туған шақта, тарихи өткен кезеңдерді фон ретінде алып өз заманының көкейкесті мәселесіне жауап беруге тырысқан.

Тарихи романның аса маңызды принциптерінің бірі – ол тарихилық. Бір принципке бойлау сипаты нақты жағдайлардағы адамдар характерлері мен өмір ситуацияларын шынайылықпен бейнелеу талаптарынан келіп шығады, контексте тарихтың – әрбір халықтың және бүкіл адамзаттың жалпы даму қозғалысы тұрады. Өткен тарих соншалықты алыстап кетпеген, әрбір өткен күн, әрбір келер күн сияқты бүгінгімен сансыз жіптер арқылы байланысты болады. Бұл қазіргілердің өткен адамдарға, тарихи тақырыпқа, соның ішінде тарихи романға – қарқынды және кең ауқымды көркемдік жанрға деген қызығушылықты анықтайды. Тарихи жолы түп-түзу халық болмайтыны сияқты, барлық адамдарға тән болып келетін құмарлық, көрмегенді тануға деген ұмтылушылықты айтпағанның өзінде, тарихи романның тақырыптық әр алуандығында да шек жоқ. Бұл мәселеде ұлттық түсінік әрбір жаңа дәуірдің көз қарастары мен мүдделеріне сәйкес объективтік тарихи процесті баяндап түсіндіруге жазушы өз реңкі мен дәлелдеулерін енгізеді. «Өнер саяси идеология, құқықтық сана, мораль, ғылым, философия және дінмен бірге қоғамдық сананың үлгісі болып табылады» [8,6] – дейді Ю.И.Лукин. Демек қоғамдық сананың арнаулы формасы ретіндегі өнер – шындықты танудың және оны эстетикалық қызмет процесінде өнердің белгілі бір түрінің материалы бойынша нақты сезіммен елестетудің бөлініп жарылмайтын тұтастығы. Көркем творчестваның практикалық нәтижесі адамның тікелей сезімдік қабылдауына әсер ететін

көркем құндылықты жасау болып табылады. Ол адамдар сезімін, ойын еркін біріктіреді. Олардың бойындағы суреткерлік қасиетті оятады және дамытады.

Жазушының тарихқа ұсынатын субъективтік санасы тұрғысынан келгенде сезім-субъективтік санадағы ақылдық емес фактордың бір жағы. Ол субъективтік санада танымдық фактордың ішінде бүркемеленіп жатады. Сондықтан адамдар ылғи да оның шығармада өмір сүріп отыратынын аңғара бермейді. Тіпті оның танымдық қызметте атқарар рөлін де мойындай бермейді. Сезім іс жүзінде адамдардың бүкіл танымдық әрекетінің бәрінде болады әрі ақылдық таныммен өте бір күрделі жағдайда байланыста болып, жеке танымның қалыптасуына ықпал етеді. Сезім құдыреті дегеніміз осы. Кезінде Энгельс: «Қоғамдық таихи салада әрекеттенушілердің бәрі дерлік саналы, мақсатты, ойлы, сезімді» [6,50] – деген екен. Өнер қайраткерлері, оның ішінде жазушы тіпті де солай.

Сезімнің тану мәселесіндегі рөлін, қызметін оның өзінше психологиялық құбылыс ретінде көбіне-көп психологтар қарастыратыны рас. Ол заңды да. Бұл арада біздің айтпақ ойымыз осынау құбылыстың таным қызметінде өмір сүріп отыратындығына көз жеткізу, соған мән беру. Адамзаттың сезім әлемі төтенше субъектінің әлеуметтік санасында көрініс тауып жатады. Сондықтан тарихи таным процесінде ол кейде белсенді, кейде кертартпа рөл ойнай беруі әбден мүмкін. Алайда сезім – субъективтік танымның ішкі құрамдас бөлігі жалпы халықтық сипат ала бастайды.

Қоғамдық болмыс өнерде тікелей қайта жасалып қоймайды, белгілі бір қоғамдық ортаның мұраттарын білдіретін саяси, экономикалық, діни, көркем және тағы басқа идеямен суарылған көркем бейнеге айналдырып беріледі. Рас, Л.Н.Толстойдың көркем творчествосында 1905-1907 жылдардағы революция оқиғасы бейнеленбегені белгілі, жазушы бұл оқиға туралы бірдебір шығарма тудырған жоқ. Яғни, Л.Н.Толстой революцияның сипатын түсінген жоқ, сондықтан одан шет қалды. Соған қарамастан В.И.Ленин, Л.Н.Толстойды орыс революциясының айнасы деп атады. Бұл орайда Л.Н.Толстойдың ұлылығы Ресей халқының ішкі жан-дүниесін тереңінен ашып берген суреткерлігіне қарап бағаланды.

Қазақ әдебиетінде алпысыншы жылдардан бастап дүниеге келген тарихи шығармаларда Кеңес Одағының құлауын көздейтін, тәуелсіздік алу үшін күреске үндеген ашық идея, көзқарас көрінген жоқ. Бірақ мемлекет құрылымындағы билік психологиясын, империялық саясат үлгісін арғы дәуірлер фонына байланыстыра отырып, халқымыздың ғасырлар бойы аңсап келе жатқан азаттық идеясын бүгінгі ұрпақ санасына ұялата білді. Ұлттық рухын көтеріп, патриоттық сезімін оята алды. Қай заманда да алып империя, жеке ұлт гегемондығы ыдырайтын құбылыс екенін тарихи шындықты көркем суреттеу арқылы халық санасына сыналап енгізді, жүрегіне жеткізді. Жоғарыда айтқанымыздай 1986 жылы Алматыда болған желтоқсан оқиғасы ғасырлар бойы жалғасқан азаттық үшін ұмтылыстың, ұлттық оянудың тарихи романдар тағлымы қанат бітірген бір көрінісі еді. Комунистік тоталитарлық

жүйенің алпауыт күшіне тойтарыс берудің басы болған бұл оқиғадан кейінақ ыдырауға бет алған «Одақтың» тағдыры «Алтын орда», «Ақ орда» болмысын еске түсіретін еді. Бұл кезде осының бәрі І.Есенберлиннің тарихи романдарында астарлы ойлармен, терең философиялық пайымдаулармен көркемдік өрнек тапқан болатын. «Көркем образ жасау, өмірлік материалдарды сұрыптау жазушы лаборториясы дегендер тылсым құпия емес. Бірақ ол сөз жоқ аса шетін, аса күрделі процесс»[9,169]. Қазақ халқының тарихи өткен дәуірін суреттейтін Ә.Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы», Ә.Кекілбаевтің «Үркер», «Елең-алаң», «Аңыздың ақыры» М.Мағуиннің «Аласапыран» С.Сматаевтың «Елім-ай», Д.Досжановтың «Жібек жолы» романдары тарихи, этнография, фольклорлық және әдеби негізі тұрғысынан Ж.Дәдебаевтың [10] зерттеуінде, жанрлық спицифика, типология, стиль, тарихилық сипаты және пэтика тұрғысынан Т.Сыдықовтың [11] еңбегінде жан-жақты талданған. Дей тұрғанмен І.Есенберлиннің «Жанталас», «Қаһар» романдарымен суреттелетін кезеңдері сәйкес келетін Ә.Әлімжанов пен Ж.Тұрлыбаев романдарының ортақ идея, өзіндік ерекшеліктерін сөз ете кетуді жөн көрдік. Ондағы ортақ идея – халық тұтастығы, ел бірлігі болса, ерекшелік – қаламгерлердің алдына қойған мақсаттарына, шеберлік қырларына байланысты көрінетін мәселе. Алғашқы қадамын журналист ретінде бастаған Ә.Әлімжанов жазған мақалалар тың тақырып, соны ой, өте зәру мәселелерді көтере білгенімен жұрт назарын бірден өзіне аударған. Журналистік тұрғыда ол көтерген ықылым замандардағы қазақ мәдениеті мен тарихына қатысты тың деректері мен байсалды байыптауларын, Отырар мен Фарабиге қатысты концептуальдық ойлары мен идеяларын көркем шығарма желісіне айналдырды. Туған ел мен туған жердің бүгінгісі мен кешегісін бірдей құрметтеп сүйе білу, тарихына тағзым етіп, тарихи тағылымын естен шығармауға үндейді. Кешегі тарихты бүгінгі күннің мүддесімен, бүгінгі күнді өткен тарихпен сабақтастыра отырып, концептуалды тұрғыдан сөз ету – Ә.Әлімжанов творчествосының эстетикалық мұраты. Ә.Әлімжанов шығармаларындағы туған халқымыздың кешегі өткен шырғалаңы мол, шытырманы көп тарихын суреттей отырып, бүгінгі өмірге, ондағы әлеуметтік психологиялық түрленулерге, әр түрлі моральдық-адамгершілік күрделі мәселелерге азаматтық жоғары деңгейдегі саналы көз қарасты байқатады. Жазушының уақыт, қоғам, өмір, заман, тарих туралы концептуальды көзқарасы оның тарихи романдарында да айқын көрініс табады. Жиырмасыншы ғасырдағы алпысыншы жылдардың соңына ала қатар шыққан І.Есенберлиннің «Қаһар», Ә.Әліжановтың «Махамбеттің жебесі» романдарына ортақ сипат – халқымыздың өткен тарихына ілтипатпен қарайтын парасаттылық, оның жақсысына сүйініп, жамандығына күйіне білетін азаматтық пен өткен үшін де, келешек үшін де өмірлік мәні бар күрделі мәселелерді қаймықпай көтерген батылдық, суреттеп отырған кезеңнің тарихи шындығын, дүние тірлігін, рухын айқын таныған білгірлік. Олар өз шығармаларында бір ғана халықтың тағдырына қатысты тар ұлттық

шеңбердегі емес, бүкіл адамзаттық мәні бар мәселелерді көтереді. Екі романның да суреттейтіні ХIХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанда болған тарихи оқиғалар. Екеуінде де көтерілетін мәселенің негізгі өзегі азаттық үшін күрес, отаршылыққа қарсы бас көтеру. Солай бола тұра тақырып өзегін өрнектеу, тарихи тағылым тұрғысынан екі түрлі бағытты меңзейді. «Қаһар» романындағы көтерілістің басында ел билеуші хан тұрса, «Махамбеттің жебесінде» қалың бұқара арасынан шыққан халық батырлары көтеріліске басшылық етеді. Батыс Қазақстан жерінде болған Исатай-Махамбет бастаған ұлтазаттық қозғалысы басшыларының бірі атақты күрескер ақын М.Өтемісовтың өмір жолына арналған «Махамбеттің жебесі» атты тарихи романында Ә.Әлімжанов тарихты терең ой елегінен өткізе отырып, бұл көтеріліс сипатын Россияда болған халық қозғалыстарымен байланыста қарастырып түйіндеген. Бұл роман жазылған кезеңнің саяси көзқарас ықпалы мол әсер еткен сипат болғанымен тарихи шындықтан көп ауытқи қоймаған. Романда халық санасында қалыптасып сақталған тұлға Махамбеттің нақты да жанды бейнесі айқын көрінеді. Өйткені бүгінгі күннің тарихи сабақтастығы тұрғысынан қарап суреттеген автор романда уақыт бірлігін, оқиға жалғастығын аңғартады. Жазушының бұл шығармасында символикалық астарлау арқылы берілетін терең сыр бар. Ол сыр «Махамбеттің жебесі» атты тарихи романның атына да, затына да қатысты. «Елі өзін кеш сүйгенімен, өзі елін ерте сүйіп» (С.Әшімбаев) махаббаттың соңғы тынысына дейін жоғалтпай жүрген Махамбет секілді жалынды ақын, патриот ақынның трагедиялық өлімі, кездейсоқ келген ажал емес, ол сол кездегі ұлттық психологиядағы кейбір кертартпалық жағдайдың құрбандығы екендігін көрсету арқылы қат-қабат қалың ойларға жетелейді. Жазушының тарихи тақырыпқа жазылған шығарма арқылы ұсынатын тарихи тағылымы назар аударарлық. Роман болмысында Махамбеттің ақындық және азаматтық идеалы бүгінгі күнге де әбден қажет идеал екендігі, Махамбеттің трагедиялық өлімі ешуақытта естен шығармайтын қажет сабақ және ұлттық психолоиямызда кездесіп отыратын трагедияны танудың кілті ретінде айқын көрініс табады. Генерал: «Бұл бізге мейлінше қиын істердің бәрінде де және орындалуы айрықша ептілікті талап ететін тапсымаларды жүзеге асыруда таптырмайтын адам» деп мінездеме беретін хорунжий Ықылас Төлеевті басшы етіп, Беріш руының биі Жаңаберген Боздақов, тобықты Төрежан Тұрымов, беріш жігіттері Мұса Нұралин мен Жүсіп Өтеулин – барлығы жиырма адам келіп Махамбетті өлтіретін сәтті елестетейік: «Біз саған жау емеспіз, дос ниетпен келдік. Жанымыздағылар беріш жігіттері, Махамбет Жәңгір хан дүние салғалы біраз болды, сұлтандар сені кешті, – деді Жаңаберген би. Махамбет қонақтарын үйіне шақырды. Ішке төртеуі-Жаңаберген, Ықылас, Мұса, Төрежан кірді де, басқалары сыртта қалды. Мақпал дастархан жайды. Әңгіме басталған кезде кішкентай Нұрсұлтан үйден шықты. Қонақтар қаруларын кезене ұстап, киіз үйді айнала қоршап

алған екен. Бала әкесіне айтпақ болып еді, оны біреу шап беріп ұстап, аузын баса қойды. Дәп сол сәтте Ықылас та қанжарын суырып алып Махамбетке ұмтылды. Ақын оның қанжарын қағып түсіріп, өзін ұшырып жіберді. Бірақ қалған үшеуі тарпа бас салады. Ақын Хорунжийді өкшесімен жерге жаныштап, бел омыртқасын үзіп жібере жаздайды. «Тірідей алдырмаспын!» – деп айқай салып, үшеуін де лақтырып тастамақ болды. Біреуі омақата құлағанмен екеуі екі қолын жібермеді. Күйеуіне көмектеспек болып ұмтылған Мақпалды біреуі іштен теуіп жалп еткізеді. Үйге қолында қанжары бар Жүсіп Өтеулин жүгіріп кіріп, желке тұстан салып қалды. Қызыл қанға боялған Махамбет құлай берді. Орнынан тұрған Ықылас қылышымен екі рет шауып, ақынның басын кесіп алды»[12, 540]. Халық тарихының ең бір қайғылы да өшпес ерлікке толы кезеңін шығармасына тақырып етіп ала отырып, Әлімжанов оны басты кейіпкер Махамбет трагедиясымен орайластыра түйінді ойлар тастайды. Ол ой күйеуінің бассыз қалған денесіне жете алмай жан тәсілім еткен Мақпалдың өлер алдындағы мына сөздерімен түйінделеді: «бәріңді ... бәріңді де қарғыс атсын... Сендер оны өздерің өлтірдіңдер... кәпірлер емес, – деді Мақпал ерні әрең қыбырлап. Қансырап, әлсіреп қалыпты. Жусаннан ұстап тырмысып, сүйретіле жылжып, үйіне әрең жетті. – Қашаннан бері өздеріңді... өздерің өлтіріп келесіңдер... О, құдай, Махамбетім дұрыс айтады, дұрыс»... Ел болмай кеткір ездер-ай «... Құтылмассың құлдықтан...»[12, 541]. Бұл шығарма жазылған кездің де шындығынан туған түйін, заман сабақтастығынан өрбіген ойлар еді. Тарихи тағылымды меңзейтін тарихи тақырып мәні де осында жатыр. Махамбеттің өзі де, сөзі де алмастай жарқылдаған ақиқат екені аян. «Махамбеттің жебесі» – символикалық тұрғыдан алғанда шындықтың, адалдықтың, адамгершіліктің, азаматтықтың жебесі. Бұл ақиқаттың бір көрінісі былай сипатталады: «1841 жылғы 20 июльде Орынборда Махамбетке әскери сот болды. – Біз шындық пен әділдік үшін, жауыздыққа қарсы соғыстық. Сондықтан біз өзімізді Ресейдің алдында кінәлі дей алмаймыз. Біз сендерді ордаға да шақырған жоқпыз. Ал өздерің бізге тигенде біз де қарап қалмағанымыз рас... Капитан Василий Шустиков көтерілісшілердің қолға түскен солдаттар мен казактарға күш көрсетпегенін, Исатай мен Махмбеттің тұтқындалған орыс солдаттарын айқас аяқталысымен босатып отырғанын сотқа растап берді...[12, 538]. Адамгершілікке толы гуманистік идея да, азаттық тілеген мақсат та осылай болғанын меңзеп тұрғанын көреміз. Символикалық мәндегі сол ұшқыр жебе бір-бірімізге емес, ақынның басын жұтқан бір кездегі зұлымдық пен жамандықтың әлі де аракідік кезігіп қалатын көріністеріне қарсы көзделуі тиіс екендігін ескертеді. Ақиық ақын жаудың қолынан емес, өз ішіміздегі жауыздықтың қолынан мерт болған деген идея бұл романның негізгі концепциясынан туындайды. Махамбеттің өлімі кешегі тарихымыздың қабырға қайыстырар ең бір қаралы, ең бір

қайғылы беттері ғана емес, ол талантты ұлын үкілеп ұстаудың орнына сатқындықтың садағына байлап беріп, опасыздықтың орына итеріп тастаудың түп-тамырына бойлап, тағылым алудың көрінісі деген жазушы консепциясын түюге болады. Жазушы романдарындағы елдік ортақ мүдде, азаматтық парыз, адамгершілік мұрат, халықтық қасиет, адамшылық парасат пен қайырым, ұрпақтардың бір-біріне деген құрметі мен сенімі, өмірдегі ізгілік пен ізеттілік, ұлттық рухани бірлік туралы монолог, диалог, авторлық баяндау, оқиға мен характер логикасы арқылы берілген философиялық толғау, концепциялар тарихи таным тұрғысынан сипатталады. Тарихи фактілердің нақтылығы, нанымдылығы өткен дәуірдің көрінісін қайта жаңғыртудағы тарихшылдығы, эстетикалық тұрғыдан сезіне білетін нәзіктілігі және Әлімжанов творчествосына тән шалқар шабыт жазушыға тарихтық тағылымы мол, көркемдігі кемел, бүгінгі дәуір рухына сай шығарма жазуына, яғни ғылымның бір саласы – тарихтың сөз өнерімен шектесіп жататын нүктесі деуге болатын тарихи роман жанрының қазақ әдебиетінде қалыптасуына өзіндік үлес қосты. Бұл орайда жазушының кітаптан кітапқа өсіп, фактілердің жиынтығын ой сарабынан өткізе отырып, даму заңдылықтарын, тарихи бағытын ашып көрсететін, өзіндік тақырыбы, өзіне тән өрнегі бар, аралас әдеби жанрларда қалам тартып, өнімді еңбек етуінің бір мысалы – оның тарихи тақырыпқа жазылған «Жаушы» романы. Қаламгердің бұл романы оқиғасының суреттелетін мезгілі жағынан І.Есенберлиннің «Жанталас» романымен сәйкес келеді. Оған қарап «екі романдағы оқиғалар бір-бірінің көшірмесі емес пе?» деген күмән тумауы керек. Әрқайсысы авторлардың өзіндік пайым, өзіндік көзқарас, өзіндік тәсілімен өрнектеледі. Романда жоңғар жаугершілігінің қазақ еліне шабуыл жасаған қайғылы кезең, жеке рулардың ғана емес, бүкі қазақ халқының қырылып-жойылып, тарих бетінен өшіп кету қаупі туған шақтар таңдалып алынған. XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ халқының тұтас тұрмысы, өмірі суреттелген «Жаушыдағы» негізгі идея – басқыншы жаулардан ел іргесін тазарту үшін хан тағына таласып өзара қырқысқан хандарды, халықтың бойындағы барлық күш қуатын біріктіріп, қиын-қыстау кездерден аман өту үшін бас біріктіруге шақыру. Тарихшылдық принципті орынды қолдана отырып Ә.Әлімжанов бүкіл халықтың өміріне қауіп төндіретін қатерлі оқиғалар елдің намысын оятып, бойына қуат бітіріп, ғажайып ерліктер жасауға итермелейтін, тіпті мансапқор, өз қарақан басының ғана қамын ойлайтын пенделердің, билік иелерінің өзін жалпы ұлттық жауға қарсы тұру үшін бірігуге мәжбүр ететін жағдайды жақсы сезіну үрдісін көреміз. Жазушы «Жаушы» романында осы сипатты яғни ұлттық сезімнің оянуының бір көрінісі – рухани ұлы бірліктің құдыретін көрсетеді. Роман қазақ тарихындағы осыдан бірнеше ғасыр бұрынғы ішкі сыртқы қайшылыққа толы ең бір қиын-қыстауда шешуші кезеңді көрсету арқылы сол тұстағы ұлттық бірліктің нәтижесінде ғана жат

жерліктерден ұлан-байтақ жерімізді босатқан ұлы жеңістің тарихи тағылымын, тарихи себептерін көркемдік тұрғыдан ашып береді. Ұлттық психологиямыздағы басына ауыр іс түскен ауыртпашылықтың тұсында ғана бірігіп, ал жақсылық кезде, бейбіт күндерде бір-біріне ши жүгіртіп, қырын қарайтын мінез сыналады. Өз заманы, өз уақыты қанықтырған философиялық мәні бар жайларды жазушы тарихи дәуір оқиғаларын суреттеу арқылы сабақтастырады. Романда, нақтылап айтсақ, 1723 жылдан 1731 жылдың аралығындағы қазақ халқының өміріндегі тарихи кезең қамтылады. Ұлан-ғайыр материалды көркем тұрғыдан игеріп, шағын көлемге сиғызу – үлкен шеберлікті қажет ететін қиын жұмыс. Белгілі орыс жазушысы Алексей Толстойдың «өнер – еске түсіру қызметін атқарады [13,137]», – деп жазғанындай, қаламгер өз дәуірін қоғамның, елдің, мемлекеттің даму кезеңдерінің бірі деп түсінеді, қазіргіміз өткен дәуірлердегі ойлардың, іс-әрекеттердің, тәжірибелердің қозғалысқа түсуі барысында жасалатын заңдылық деп біледі. Жазушы халықтың мінез-құлқының пайда болуы мен шоғырлануы, өсіп-өркендеуі, орнығып-бекуі, оның ұлттық сипаттарының қалыптасуы сияқты әр түрлі кезеңдерін ұғынуға тырыса отырып, кейіпкерлердің іс-қимыл, әрекет болмысы арқылы тұтастай көз алдына келтіруге қадам жасайды. Мұндай жағдайда, әрине орталық кейіпкері тарихи орта болып келетін шығарма үшін кейде өнімді бола бермеуі мүмкін. Мұндай жағдайда суреткер жеткізетін қазіргі, көне тарихи ізденістер мен жорамалдар, деректер мен олардың көп ғасырлық түсіндірмелері тәрізді шындықтар негізінде алынған халық тағдыры, ұлттың жүріп өткен жолы кейіпкер болып табылады. Суреткерге тән тарихилық өткенді дәлме-дәл көрсету ғана емес екені белгілі. Ол өткен мен қазіргі кездегі маңызды мәселелердің жанасуынан шығатын қорытындыларды автор өз керегіне жарата білуінен байқалады. Көркем образда тарихилық сезімдердің, ой қозғалыстарының, психологиялық хал-күйлердің пайда болуы мен ауысуы түрінде, сондай-ақ қоғаммен, қоршаған ақиқат-шындықпен диалектикалық байланыс орнатқан күйінде көрінеді. Суреткер мен оның туындыларының арасында өзара әрекеттестіктің ерекше логикасы пайда болады. Өмірдің көркем образының тарихи шарттылығы – тұрмыстың тарихи мәнін және азаматтық пен руханиадамгершілік қатынастардың көрсеткішіне жете түсіну. Өйткені адам тек белгілі бір уақыттың ғана өкілі емес, сонымен бірге өзі жасаған барлық мүмкіндіктерді іске асыра отырып, келешектің адамы дәежесіне көтеріледі. Тарихилық ең алдымен тек өткенді ғана емес, тарихи және оны суреткер қабылдаушының призмасы арқылы қазіргінің басқаша жолмен бұлай ашып көрсету мүмкін болмайтын жақтары мен негізгі ойларды көріпбілуге мүмкіндік беретін адамгершілік және эстетикалық дүниетану тұтастығының мәнді сипаты ретінде қызмет етеді. Тарихи тақырыпқа барғанда кешегі мен бүгіннің арасынан сабақтастық, үндестік тауып, оларда ортақ философиялық мәселелерді көтеруге ұмтылатын Ә.Әлімжанов «Жаушы» романы арқылы оқушысын ойға

жетелейтін, толқытатын, қазіргі заманда болып жатқан оқиғаларға сергек сезіммен қарауға шақыратын поэтикалық сипаты мол туынды жасады. «Ә.Әлімжанов не себепті кітабының атын «Жаушы» деп, жаушыны оның басты персонажы етіп алды, – деп жазады академик М.Қаратаев, – кітаптың бұлайша аталып, персонажының осылайша таңданып алынуы бұрыннан келе жатқан жақсы әдеби дәстүрдің жемісі деп білу керек. Түсінікті болу үшін мысалға К.Симоновтың «Тірілер мен өлілер» атты трилогиясы үшін орталық персонаж етіп Синцовты таңдап алғанын еске түсірген жөн. Өйткені, автор Синцовтың тағдыры арқылы кешегі сұрапыл соғыстың қан кешкен түрлі майдандарын траншеялардан бастап әскери штабтарға дейін суреттеуге, сөйтіп бүкіл соғыстың панорамасын кеңінен қамтып көрсетуге мүмкіндік алады. Міне, Әлімжанов та осы сияқты барлық жерде де көрініп жүретін персонажды сәтті таңдаған да, сол арқылы соғыстарды да, тылды да оңтайлы көрсете білген» [14, 265]. Бұл жерде жаушының өз заманының хабаршысы әрі дипломатиялық өкілі болумен бірге реті келген жерлерде дипломат елші де, үгітші де, жалпы әр нәрседен хабары бар, көп білетін, көпті көрген адамдар екенін айтуға болады. «Жаушыда» суреттелетін кезең қиян-кескі қырғын болған жылдар еді. Шапқыншылардың жүз мыңдық армиясының болуы, оның Қытай зеңбіріктерімен қарулануы және кенеттен шабуыл жасауы сияқты үш түрлі себеп көшпенді қазақ руларының алғашқы кезде үлкен жеңіліске ұшырауына әкеп соқты. Жеңіліс адам айтқысыз ауыр тиді. Басқыншылардың артында өздерінің зорлықшыл ниеттеріне бола бір халықты екіншісіне айдап салып, басқыншыларға әскери күш, дем беріп Қытай тұрды. Қытай боғдыхандарының бұйыруымен жалған тарихшылар бүкіл әлемге енді қазақ елі жоқ деп жалпақ дүниеге жар салды. Рас, шығарма болмысында уақыт табының, оның жазылған кезінің, сол кездегі саяси көзқарас тигізген әсер айқын. «Қазақстанның Россияға өз еркімен қосылуының 250 жылдығы» қарсаңында тарихи тақырыпқа қалам тартқан қай жазушы болса да өз шығармасының идеялық түйінін осы мақсатқа ыңғайластыра көрсетуі сол кез үшін өте тиімді өріс болатын. Дәл осы «250 жылдық қарсаңды» ұтымды пайдалана отырып І.Есенберлин бастаған қазақ жазушыларының ұлт тарихының ең бір соқталы кезеңін, ащы шындықты анық айта алмай жүрген ең бір нәзік те шетін мәселе төңірегінде құрып, көркем өнер тілімен көрсетіп беруге ұмтылды. Ұлт тарихына, елдің өткен өміріне қатысты тарихи шындықты оқырман ойына ой сала жеткізіп, ұрпақ санасына түрлі тарихи бұрылыстардың, жеңіс пен жеңілістердің түпкі мәнін, оның саяи тұрғыдан ашық айтуға келмейтңн тұстарын астарлап айтып беру жазушы талантына, ой тереңдігіне, шеберлігіне тәуелді. Шындықты көркемдік жағынан тану жазушы көзқарасының ерекшеліктері арқылы көрінеді. Бұл орайда «250 жылдық қарсаңға» орайластыра жазылған тарихи романдар жайлы сөз еткенде, мәселе, «өз еркімен қосылу» қалай мадақталды деген тұрғысынан емес, қалай көрініс

тапты, халықтың ащы зары, қиын тағдыры қалай суреттелді деген тұрғыда болуы шарт. Жазушы көзқарасының түйіні неде деген мәселе төңірегінде ой өрбіту керек. Ә.Әлімжановтың «Жаушы» романында осы бір жазушы ойының түп бағдары көрінетін бір сәтке назар аударайық: «Орыс елшілігінің келгені туралы хабар қазақ даласына тез тарады... Келіссөздің үшінші күні әңгіме түйінін күтуден шыдамы таусылған Бөгенбай, қасына батырларды жинап алып, Әбілқайырдың шатырынан шығып келе жатқан орыс елшісін тоқтатты да: – Орыс патшасына қазақ жерінің қандай қажеті бар? – деп сұрады Тевкелевтің көзінен көз айырмастан. Төңірек тына қалған. Елшінің соңына ерген орыс офицерлері де, қадірлі мейманды үйіне шығарып салып тұрған Әбілқайыр хан да Бөгенбайға таңдана қарасты. Бірақ батыр өңінен ешқайсысы да не зұлымдықтың, не қулықтың ізін таба алмады. – Орыстарға қайсақ даласы мен бейбіт қарым қатынас қажет! Сіздердің хандарыңыз Россиямен достықта болу жайлы Иван Грозныйдың тұсында-ақ келіссөз жүргізіпті, ана атақты Тәуке хандарыңыз Ұлы Петр патшамен соғыс одағын құру туралы келіскен екен. Біздің Петербургке сіздердің елшілеріңіз тек қайсақ хандарының атынан ғана емес, батырларңыздың атынан да келген еді және біздерге құрмет білдіріп, далаларыңызға бастап әкелді олар. – Одақ болуды ойлай тұрып, әркімнің пайда түсірсем-дейтін ниеті болады ғой... – деді Бөгенбай сөзін жалғап» [12, 346 – 347]. Сөз ұшығына, ой жапсарына бойлап қараңыз. Шығарма мәтініне мән бере отырып, сөз астарына үңілсек жазушы көзқарасының да негізгі бағытын байқаймыз. Біріншіден, «еркімізбен қосыламыз», «ерікті түрде Рссия қол астына кіреміз» – деген сөз жоқ, «Одақтасу» деген сөз бар. Екіншіден, одақтасудың өзіне халықтың жойқын қарсылығы мен күдік-күмәні айқын сезіледі. Энгельстің «Көркем творчествада автордың көзқарасы неғұрлым жасырын болса, ол өнер шығармасы үшін соншалықты жақсы болады» [6,450], – дегеніндей, Ә.Әлімжановтың «Жаушы» романының ішкі мәні, тарихи тағылымы осылай көрініс береді. Демек, жазушының тарихи тақырыпқа жазған шығармаларында көрінетін ой бағдарына қарап отырып, Ресейдегі жаңа тарихи қоғамдастық өзге халықтардың өз еркімен қосылған емес, қайта ұлттық жауластық пен халықтар арасындағы сенімсіздікке алып келген патша өкілдерінің отарлаушылық саясатынан туындаған шектен тыс қиындықты жеңе отырып қалыптасқан. Бұл тұрғыдан алғанда Ф.Энгельстің [15,103] Түркістанға патшалық Ресейдің көрсеткен айуандық іс-әрекетін әшкерелейтін шындығына көз жеткіземіз. Халқымыздың санасында мәңгі орын тепкен ауыр да, сұрапыл оқиғалар, намыс пен кек үшін күрес жаңғырығы көп жылдар, сан алуан өзгерістер өтсе де естен шықпай бүгінгі заман адамдарын толқытатын,

жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық күрес көрінісінің тарихи тағылымы осындай. «Жаушы» романының тарихи тағылым үлгісін көрсететін басты белгілерінің бірі – жоңғарлықтарға қарсы күрестің халықтық сипатын ашу. Халықтың қаһарлы күшін, қоғам дамуындағы шешуші орнын көрсету басты нысана ретінде алынған. Тарихи тақырыпқа қалам тартып, көркем туындылар беру үшін күрделі мәселенің бірі – шығарма идеясына сай, оқиға таңдау, кейіпкер талғау. Ә.Әлімжанов «Жаушы» романында осы үдеден шыға білген. Роман оқиғасы басталатын кез Тәуке хан өлген соң мемлекет тұтастығы бөлшектеніп, ел бірлігі ыдырап, күші әлсіреп тұрған уақыт еді. Сондықтан кенеттен тиген жау шабуылы халық басына қара түнек орнатқан заман болды. Романда суреттелетін алғашқы шабуылда қазақ елінің жеңілуін М.Қаратаев былайша түсіндіреді: «Қазақтардың Жоңғар шапқыншыларына жөнді қарсылық көрсете алмай әлсіз соғуы ел билеген хандардың билікке таласып өзара қырқысып, жауласып келуінің салдары еді» [14, 263]. Мұны халық айқын сезіне бастайды. Бұл жөнінде Р.Бердібаев былай дейді: «Басы бірігіп, ынтымақтасып тұрған шақтарында ешкімнің зорлығына көнбеген айбарлы, іргелі елдің мүшкіл халі әркімді-ақ айықпас ойға батырады, адамдар мұншама сәтсіздіктің түп себебі неде екеніне көз жеткізеді. Ыдыраңқылық үш жүздің баласын кіріптар болуға әкеп соққанын жас та, кәрі де күңірене сөз етеді» [16, 181]. Міне, осындай өкінішті ызаға толы сөздер мен ойлар романда көпшілік бұқараның бүкіл жұртшылықтың ортақ лебізіндей болып естіледі. Бір орталыққа бағынудың, тұтастықтың артықшылығын халық бұрынғыдан да жете түсінген. Үш жүздің баласы бөлек-бөлек хандыққа қарауына орай ыдыраған кезді көздеп дәл ұрымтал тұстан соғуы жаудың стратегиялық ұтысы екенін аңғарған халық бойында патриоттық сезім, намыс оты жандана бастаған. Мейірімсіз жау соққысын көріп, ауыр азабын арқалаған да осы көпшілік қауым, бұқара халық болатын. Жоңғарға қарсы күрестің бүкіл халықтық сипатын аша отырып, сол күрестің қозғаушы күштері, олардың өзара бірлігі мен қайшылығы қандай дегенді шебер жеткізе біледі. Кейіпкерлердің диалог, монологтарнан да, авторлық баяндаулардан да ыдырауға түсудің сипатын, тек жау шапқан кезде ғана амалсыз ынтымаққа ұмтылу көрінісін беріп отырады. Алтыбақан-алауыз қазақ елінің құпиясын аңдап білу кімге болса да қиын соқпайтын. Қазақ арасындағы қайшылықтар мен алауыздықтардың астарын жоңғар хандары дер кезінде толық біліп отырған. Ол тыңшылық арқылы еді. Тыңшылық қызметінде қазақ тілін білетін түрі ұқсас көршілес, туыстас халықтардың өкілдері жүретін. Бірін бірі жамандаған, ұдайы өштескен қазақ сұлтандары мен оған жақтас адамдар да кейде тыңшыдан жаман әрекеттерге барған. Романдағы азаттық үшін халық жасағын алғаш ұйымдастырушылардың бірі Малайсарыға Саңырық батырдың айтқан сөздері көп шындықты аңғартады: «Алайда елдік бірлігімізді құруға әлі ешкім алғашқы қадамды жасаған жоқ: Тәуке хан қазақтың басын бірнеше жылдай ғана біріктірді. Ол өлген соң бәз баяғы таз

қалпына түсті. Әрбір хан, әрбір сұлтан, әрбір билеуші өзара кикілжіңнің кесірінен әрі аса алмайды, ағайынын жау келіп шауып жатса айызы қанып отырады. Найманның ауылын өрт жауласын, тек Арғыннан, немесе Қоңыраттан аулақ болсын дейді... Ал батырлар ше... Бұл далада қаншама батыр бар десеңізші, әрқайсысы өзінің жүзімен, яки мыңымен жалғыз жарым кеп жоңғардың бірде бүйірінен, бірде құйымшағынан, бірде қарақұсынан тістелейді. Бірақ бетпе-бет келіп соғысып жеңе алмайды. Әр батырдың өз көкірегі бар, біріне-бірі кішірейіп, бір тудың астына тұрғысы келмейді... Бұл біздің ескілікті, арыла алмай келе жатқан ауруымыз ғой. Мойындағымыз келсе де, келмесе де бір шындықтың басы ашық, біз өзара кикілжіңіміз, опасыздығымыз, бір-бірімізге деген қаскөйлігіміз үшін ылғи да таяқ жеумен, жеңілумен келеміз. Сұлтандар мен хандардың өзара қырқысуы – жауға көрсеткен көмегіміз»[12, 256]. Халық бірлігінің, ел ынтымағының тағылымын пайымдайтын түсінік ауыл ағасы Манай қарт пен бақташы Орақбайдың диалогында көрініс тапқан. «Біздің хандарымыз бен сұлтандарымыз ата-бабаларымыздың жеті сертін ұмытқан, тіпті оны халық тегіс ұмытты десе де болады. Міне, сонан кеп алла тағалам бізге қатулы», – деп күрсінеді Орақбай бақташы. – Халқыңның байлығы-бірлік пен татулық, деген екен бабаларымыз. Ал сол бірлік біздің қай рудың арасында сақталды? Ау, бір атадан тараған ауыл мен ауылдың арасында бар ма, сол бірлік? Жоқ қой! – деді тұңғиық үнсіздіктен соң Манай. – Рулардың бірлігі дұшпан алдындағы жеңіс семсерің демеп пе еді бұрынғылар. Сол бірлік бар ма бізде? Жоқ! Үйірлі бөрідей боп кеп тиген жоңғардан үріккен қойдай, тоз-тоз боп қашып жүрміз. Дүркірей қашқан қойды көргенде қасқырдың одан арман қан құмарланып, құтырынып кететіні бар. Тұлпардың ізін тай басар, деген мәтел бар бұрыннан. Бірақ амал қанша, Тәуке ханның ізін басар лайық ұрпақ тумапты. Арыстанның ұрпағы мысық болыпты. Ақыл да жоқ ерлік те жоқ өзінде. Тәуке бастған іс аяқ асты болды. Хандар мен сұлтандар Ұлытауда қанмен бекіткен қасиетті антты ұмытты. Тәукенің мұрагері Болат әкесінің жолынан тайып, Тәуке қалдырып кеткен мұраға иелік ете алмады. Ел басқаратын адамның екі қасиеті болса керек: ақыл мен күш, яки қатыгездік пен қулық-сұмдық. Онсыз мынау далаға бас болу қиын»[12,215]. Заман диалектикасы айқын көрінетін сурет. Шығарма жазылған дәуірде де, бүгінгі таңда да орнығып болудың, қалыптасып бітудің шегіне жетіп болмаған бірлік туралы, тұтастық жайлы идеал-арман. Романда өткен заман оқиғаларын суреттей отырып, елдің азаттық үшін күрес хикаяларын алғы кезекке шығарып көрсету, олардың қазіргі дәуірмен байланыс сипатын көрсету, тарихи фактіні көркемдік шындыққа, эстетикалық танымға айналдыру, тарихилық принипті басшылққа алу амалы жүзеге асқан. Шығармада халықтың тарихтағы шешуші рөлін көрсету, ілгерішіл және кертартпа күштердің сипатын ашу, типтік оқиғаларды екшеу, тарихи қайраткерлер ісін халық мүддесі тұрғысынан бағалау терең философиялық мағынада ашылады. Тарихи тағылымды, тарихи танымды тарихи тақырып

өзегіне пайымдау құбылысын алдыға тартады. Өзінің тарихи тақырыпқа жазылған романдарында Ә.Әлімжанов философиялық тарихи методологияға сүйене отырып, тарихи фактілер диалектикасына көркемдік тұрғыдан суреткерлік анализ, синтез жасайды. Суреттелетін кезеңі І.Есенберлиннің «Жанталас» романымен сәйкес келетін шығамалардың қатарына Ж.Тұрлыбаевтың «Тамыз таңы», «Райымбек» дилогиясы да жатады. Бас қаһарман етіп Райымбек батыр алынған дилогияның алғашқы бөлімі «Тамыз таңы» деген атпен 1987 жылы «Жазушы» баспасынан жарыққа шықты. Негізгі кейіпкері бір ғана тұлға бола тұра диологияның бірінші кітабының «Тамыз таңы» аталуында заман тынысына қарай ойластырылған амал-себеп бар еді. Комунистік идеологияға бағындырылған әдебиет әлемінде өткен дәуірде өмір сүрген ұлттық батырлардың атын бадырайта көрсетіп дәріптеу, мадақтау ол кезде саяси тұрғыдан қателік болып есептелетін. Ал аты аңызға айналған Райымбек батыр – XV-XVIII ғасырлардағы қазақ батырларының ішінде жеке әрі бас кейіпкер ретінде алынған бірінші тарихи тұлға. Сондықтан әуелгі кітап бас қаһарманның атымен аталмай «Тамыз таңы» делінген. Романның екінші кітабының шығуы тәуелсіздік алу кезеңіне орай келгендіктен о бастағы жоспарланған Райымбек атауымен басылды. Дилогияда XVIII ғасырдағы Жоңғар шапқыншылығына қарсы ұлы шайқастардың бір тармағы суеттеледі. Оқиға негізінен қазіргі Қазақстанның Оңтүстік шығысында, оңтүстігінде, Ташкент, Самарқанд, Сырдария маңында өтіп жатады. Ташкент, Самарқанд, Түркістан, Ходжент, Хиуа, Бұхара сияқты қала, кент, елді мекендер, Іле, Шу, Талас, Сырдария, Балқаш, Көкпек, Торайғыр, Көртоғай, Жалағаш, Алматы, Алатау, Асы, Қарқара, Шалкөде т.б. тәрізді жер, су түгел қамтыла оқиғаға қатысты баяндалып отырады. Романда бас кейіпкермен қатар сол дәуірдің тарихи тұлғалары Әбілқайыр, Абылай, Жолбарыс, Болат, Сәмеке, Барақ, Қазыбек, Әйтеке, Қойайдар, Биеке, Қабай жырау сынды хандар мен билердің, ақылгөй дана қарттардың, Есжандай ақылшы ағаның образы жасалған. Әбілқайырдың, Абылайдың немесе өзге де хан-сұлтандардың бейнесін сомдағанда жазушы олар жайлы жазылып қалған тарихи деректен, халық жадында жатталып айтылып келген мәлімет сорабын мүмкіндігінше сақтауға тырысқан. Алайда тарихи деректі, құжаттық мәліметті сол қалпында көшіріп бере салған деген ұғым тумаса керек. Абылай жайында дерек те, мәлімет те, ауыздан-ауызға көшкен, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, есте қалған әңгіме көп. Автор соның бәрін жинақтап ой елегінен өткізе, қиял әлемінде қорыта жан бітіріп, Сабалақтан Абылайға ұласқан тарихи тұлға бейнесін халық санасындағы болмысын төмендетпей өзіндік өрнекпен нанымды жасай білген. Әбілқайыр бастаған өзге хандар бейнесі туралы да, Қабанбай, Бөгенбай бастаған тарихи бейнелер халық жадында әбден орныққан, ел тарихында орны бөлек қас батырлар образы жайлы да осыны айтуға болады. Романда Төле би образы дәуір дидарына сәйкес санаға орнығып қалатын, оқырманды ойға жетелейтін, ұрпақ санасын оятып, ұлттық ар-

намысты ұштай түсетін биік парасатқа толы деңгейде жасалған. Төле би аңыз ауқымында айтыла беретін ділмарсыған шешен деңгейінде ғана алынбай кемеңгерлікке толы парасат иесі, данышпандықпен ұласқан ақылгөй, көсем ретінде суреттеледі. Оның бәрі жай баяндау емес, оқиға жүйесінде, детальды көріністе, қисынды фактілермен өрілген сюжеттік желілер арқылы беріліп отырады. Төле би бойындағы ұлы қасиеттерді автор орнын тапқан оқиғамен, жүйесіне түскен қисынмен қызықты да мәнді түрде жеткізіп береді. «Біз ошақтың үш бұтындай үш ұлыс елміз. Біреуінің аяғы жерге толық тимесе, ас толы қазан ақтарылып түседі» деп ел ішіндегі береке-бірлік жолында шырпыр болған данышан Төлені, «...Ешкімге де бағынбай, ешкімге тәуелді болмай өзінше өмір сүрудің жақсы екенін әркім де біледі. Бірақ, бізді өйтіп алшаңдатып қоятын кім? Айналада аш бөрідей анталаған жау анау. Әуелі жоңғардың шеңгелінен шыға алмай жатып, кімге желке күжірейтеміз?! Біз түгіл жарты дүниені жаулап алып, дүрілдетіп тұрған Қоңтайшының өзі де Қытайдан қысым көргенде құйрығын бұлғаңдатып, орысқа қарай ойысқысы келіп тұратын көрінеді. Біздің жөніміз бөлек», – деп халық тағдырын шын ойлап, шынайы толғаған ардагер Төлені өз кезегі, сөз қисынымен үнемі кезіктіріп отырамыз. Дилогияның бірінші кітабы бас қаһарман Райымбектің бала кезінен бастап, жігіт болып алғашқы ерлігін көрсеткен кезеңге дейін камтылады. Бас кейіпкердің эволюциялык өсу жолы, аты алыс-жуыққа кең тарай бастаған уақытқа дейінгі көтерілу баспалдақтары ел санасына сіңіп кеткен аңыздық сипаттан аршып алынып, табиғи қалыпта, қарапайым адамдық кейіпте суреттеледі. Райымбек батыр секілді халық үғымында жылдар өткен сайын әулиелік қасиеті басым аңыздық кейіпке көтеріліп кеткен тарихи тұлға бейнесін реалистік сипатта оқырман ойына орнықтырудың өзі оңай емес. Нақты дерек пен шынайы болмысты ғана баяндап жаза салу да көркем шығарма талаптарына жауап бере алуымен қатар аңызбен астаса отырып халық санасына әбден орнығып қалған батырдың жазушы сомдаған бейнесі көп адамды нандырады. Екінші кітап Райымбек батырдың ұзақ жылғы жауға қарсы жорықтары кең көлемде, жан жақты көрсетіліп, қайтпас сапарға аттанған сәтімен аяқталады. Сюжеттік желіні, негізгі оқиғаны бас кейіпкер Райымбектің айналасына шоғырландыра отырып, жазушы жоңғар шапқыншылығы дәуіріндегі қазақ елінің басынан өткен қиын тағдырының бір аймаққа тән көрінісі арқылы тұтас халық тарихының көркем шежіресін, тарихи болмысын суреттеп беруге тырысқан. Романның бас кейіпкері Райымбек – тарихи тұлға. Батырлығымен аты шыкқан, даңққа бөленген. Оның шындық көрінісі – Райымбектің тұтас бір рулы елдің ұранына айналуы. Сол ұранға айналған тұлғаның болмыс-тірлігі бірте-бірте уақыт оза келе аңыз желісіне ұласып, әулиелік сипатқа ауысып

кетуі халық көңіліндегі тарихи нысан, батыр баба бейнесінің көлегейлене түсуіне себеп болғаны да шындық. Сондықтан халық жадында Райымбектің батырлық бейнесі мен әулиелік қасиеті қатар жатталып, қабаттаса өрбіп, дамып отырған. Міне, осындай тұлғаны көркем шығармаға, оның ішінде тарихи романға бас кейіпкер етіп алу бар да, оның тарихи шындықпен сәйкесер тұсын дөп басып, нанымды образ тудыру талабы бар екені белгілі. Өйткені, айтып отырғанымыздай заман озған сайын халық ұғымында Райымбектің батырлық болмысынан гөрі әулиелік қасиеті басым сипатқа ие болып бара жатқаны акиқат еді. Романда санаға сіңіп қалған әулиелік ұғым мен тарихи дерекке негізделген батырлық сипаттың ара-жігін ашып, халықтың елестетуіндегі батыр тұлғасын сетінетіп алмай нанымды образ жасауға талпынған Жолдасбай Тұрлыбаев ізденісі мен соны мәресіне жеткізе алған жазушылық шеберлігі айқын көрінеді. Бұл орайда жазушы көркемдік ізденістің шығарма тудырудың сан тарау қайнарларынан, дәстүрлерінен нәр алған, үйренген оны өз туындысына жымдастыра пайдалана білген. Сюжет құруда, оқиғаны өрбіту, байланыстыру, дамыту, шарықтау шегі мен түйіндеуде, образ сомдауда түрлі тәсілдер қолданылады. Роман тарихи шығарма болғанымен тек тарихи фактілердің ізімен баяндалмайды. Әдеби туындыға тән қолданатын сипаттарға авторлық мақсатқа орай қиялдан қосу тәрізді түрлі көркемдік шарттарды автор қолданып отырған. Батырлық та, батылдық та көп жағдайда кара күштің молдығына ғана тәуелді болмай, намыс, жігер құдіретімен өзектесіп жатады. Жазушы адам бойындағы осынау жасырын жататын құдіретті жақсы сезіне біліп, ұтымды пайлаланады. Бала Райымбекті автор оқырманына алғаш осы қырынан көрсетеді. Әкесі қалмақ тұтқынында қалып, өзі нағашысында жүрген Райымбекті бірге ойнатып жүрген балалар әлденеге ерегесе қалса, оның намысына тиіп «тірі жетім», «нағашысының жуындысына семірген қаңғыбас», «әкең қалмақтың құлы» деп мазақтайды. Оған намысы қозған Райымбек «әкемді құтқарып алам» деп бұлқынады. Райымбектің батырлық іс-әрекеттеге барар жолы, қалыптасуы, өмір баспалдақтары намысқойлық сезіммен ұштастырыла өріліп, анымды беріледі. Шығарманың алғашқы беттерінде жаугершілік заманның тынысымен соғыс алаңында емес, бейбіт ауыл аясында, қарапайым тұрмыссалт орынында танысамыз. Ойнап жүрген «тентек» Райымбектен жылап қалған балалардың шешелерінен «тірі жетім», «әкең қалмақтың құлы» деген сөздерді айтып «кірме», «баладан» кек алуы болашақ батырдың алғашқы намысын оятуға себеп болса, оқырманға қалмақ тұтқынында жатқан Райымбектің әкесі туралы сырттай мәлімет береді. Өзі қатарлас ойын балаларының, мазағы намысын оятып әкесін құтқаруға ұмтылған бала Райымбектің алғашқы талпынысы бірте-бірте отаншылдыққа ұласқан, елі

үшін отқа, суға түсуден тартынбайтын қолбасшы батыр деңгейіне көтерілген сәтін көреміз.

«Бірлік түбі – береке», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген жосықты тірлік қыбыланамасы ретінде қай кезде де алға тартып өскен қазақ халқының өзі осы пәтуаға аса тоқтай бермейтіндігі туралы көп айтамыз... Ал «Райымбск батыр» романында халқымыздың бойындағы осынау келеңсіз қылық та қақас қалмаған. Аса маңызды астармен қиюластыра отырып, бүкіл халық тағдырына қатысты толғаныстарда, талқы-тартыстарда көкейкесті мәселе ретінде көтеріледі. Мысалы, бір халық ретінде қол құрап, ортақ жауға бірге шабу, немесе әр ру өз алдында қимылдау жөніндегі талқы-тартыстарда бір ел ретінде Ресейге косылу-қосылмау жөніндегі алауыздығы, тағы басқа секілді халық тағдырымен қатысты аса шешуші сағатта бір ауыздылығы кем түсіп жататын халықтың жайшылықтағы береке-білігінен не күтуге болады деген ойды автор бүгінгі ұрпаққа ашып айтпай-ақ, ашыну күйін аңғартады. Ал ел ішінің ұсақ-түйек берекесіздігі дегеніңіз бүкіл шығарманың кез келген тұсындағы келесі істің басы-қасынан табыла береді. Оны да әсте жайдан-жай айтыла салған, басы артық деталь деп ұқпаған орынды. Бұл орайда Өмен би мен Тұяқ бидің образдары нақты дәлел бола алады. Олар ұсақ мінез, керітартпашыл қасиеттерімен есте қалады. Яғни, олардікі «өзге рудың» адамы бас болып жүргзіп бара жатқан істің алдына дөңбек болып жатып алу арқылы жан жарасына, атап айтқанда кызғаныш салған жараға шипа іздеуден басқа түк емес. Кешегіні айтып отырып бүгінгіні көрсету құбылысын танимыз. «Райымбек батыр» роман-дилогиясы қазақ тарихи романдары санына Тәуелсіздіктің қарсаңы мен алғашқы жылдары қосылған шоқтығы биік сүбелі туындыларының бірі ретінде жұртшылық жүрегінен орын алған тағылымы мол, тарихи танымды терең еңбек екенін көреміз. І.Есенберлин шығармасын сөз ету аясында Ә.Әлімжанов, Ж.Тұрлыбаев туындыларын да қатар талдап көрсетудегі басты мақсат авторлардың бір кезең оқиғаларын арқау еткенде ортақ позициямен бірге олардың әрқайсысы бір-біріне ұқсамайтын өзіндік көркемдік шешім, өзгеше ұстанымда болғанын пайымдату болатын.

*** Шығармашылық жолын поэзиядан бастап, көптеген өлең, бірнеше ән мәтіні мен дастандарды өмірге әкелген, прозалық жанрда «Айқас», «Ғашықтар», «Қатерлі өткел», «Алтын құс» сияқты романдар жазып бүгінгі заман тақырыбына қалам тартып жүрген, оның ішінде «Айқас» романы үшін мемлекеттік сыйлық алған қаламгер кенет тарихи тақырыпқа бет бұрды. Алайда, І.Есенберлиннің бұл жолға келуі кездейсоқ емес еді. Халықтың өткен тарихы туралы шығарма жазу қаламгерді ертеден толғандырып жүрген сияқты. Оның да себебі бар. Мектеп бағдарламасы бойынша оқытылатын тарих пәні СССР тарихы деп аталатын да онда тек орыс тарихы ғана

қамтылатын. Ал жоғары оқу орындарында тек КПСС тарихы деп аталатын пән жүретін. Бұл екі тарихта да ұлттық тарихқа қатысты ешқандай мәлімет берілмейтін. Ол жылдары тарих пәні тек оқу пәні ғана емес, кеңес өкіметінің, компартияның қолындағы негізгі саяси құрал болды. Мұндай тарихи процесс, ұстаным жазушыны жан толқынысына түсіруі заңды. Жасынан естіп өскен жыр-дастандарда, аңыз-әңгімелерде айтылатын ел өміріне қатысты оқиғалар, ел басқарған көсемдер, сөз бастаған шешендер, қол бастаған батырлар жайлы көпшілік, кезекпен келетін ұрпақтар неге білмеуге тиіс деген мәселе қаламгерді ұлт перзенті ретінде маза бермесе керек. Қаламгердің бұл талпынысы халықтық сұранысқа орайлас келуі, сол кездегі тарихи жағдай жазушы жанын толқытып «Қаһар» сияқты тарихи дәуір келбетін бейнелейтін романды жазуға себеп болуы заңды еді. Өйткені дәл осы кезеңде ұлттық тарихты, ұлттық ерекшеліктерді айту емес, «мазмұны социалистік» совет халықтарына ортақ қасиеттерді көрсету, дәріптеуге ерекше көңіл бөлінді. СССР құрамындағы Ұлттық республикалар мемлекет атын жамылғанымен оны иемденетін халықтардың өткен тарихын зерттеу біржақты бағытта ғана жүрді. Тоталитарлық жүйе ықпалының күшті болғаны сонша, олар өздерінің өткен тарихын жоққа шығарып, тек Октябрь революциясынан кейінгі кезеңді ғана идеал тұту тиіс болды. Оның үстіне ғылыми зерттеулердің көбі орыс тілінде жазылды да қазақ тілінде көне тарих жөнінде еңбектер жоқтың қасы болғандықтан жас ұрпақ өз халқының тарихын білуден қалды. Жазылған, жазылып жатқан ғылыми еңбектердің өзінде фактілер орасан деңгейде бұзылды. Ал, ұлт бостандығы, халықтың тәуелсіздігі үшін күрес тарихында айрықша орны бар Кенесеры-Наурызбай бастаған келелі тарихи оқиғалар советтік цензура талабына сәйкес бір кезде біржақты баға алып, жабық тақырыпқа айналды. Олардың есімдері айтылудан қалды, айтылса да тек реакцияшыл, ұлтшыл ретінде ғана аталды. Осындай аса күрделі және қажетті проблеманы алғаш түйсініп, көш басшы болған қаламгер І.Есенберлин «Қаһар» романы арқылы «тарихи тақырыпты игеру жөніндегі батыл жаңашылдық көрсетті» [16, 141]. Алайда бүгінге дейін жарық көрген зерттеулерде авторын әлемге танытып, халықты өзіне өзін танытқан осы алып эпопеяның көркемдік құпиясы мен танымдық, тағылымдық сипаты толық ашылды, барынша қамтылды деуге болмайды. Бұл – эпопеяның алғашқы басылған күндерінен бастап мерзімді баспасөзде жарияланған, монография тарауларында қамтылған бірнеше ондаған сын, зерттеу мақалаларды жоққа шығару емес. I.Есенберлин творчествосы бір сәт те сынның объектісінен түсіп көрген жоқ. Тарихи эпопея жайында кезінде Ә.Марғұлан, Ә.Әлімжанов, М.Дүйсенов, Ә.Қоңыратбаев, Т.Кәкішев, Н.Ғабдуллин, Т.Жұртбаев, Г.Ломидзе, Н.Ровенский, П.Косенко, В.Оскоцкий, В.Щербина, Ч.Гусейнов, Б.Хотимский т.б. баспасөз бетінде толымды пікірлер айтты. Өздерінің қазақ әдебиетінің қазіргі даму процесіне, көркемдік әлемі мен оның түрлі жанрлық мәселелеріне арналған монографиялық

зерттеулерінде Ғ.Мүсірепов [17,577-580], М.Қаратаев [18,238-254], З.Ахметов [19,218], Р.Бердібаев |16,140-163], Р.Нұрғалиев [20,290-308], Ш.Елеукенов [21, 224-238], Ж.Дәдебаев [22,44-150], З.Серікқалиев [23,155156] т.б. І.Есенберлиннің қазақ романын байытудағы орны мен тарихи роман арнасын жаңа бағытқа бастаудағы ролі жайлы әр түрлі бағыт, деңгейде баға берді. К.Аралбаев «Историческая трилогия И.Есенберлина «Кочевники» атты кандидаттык диссертация қорғады [24]. Қаламгердің шығармашылығын насихаттауда көрнекті әдебиетші Сұлтан Оразалин жүргізген телесұбхаттың орны бөлек. Ал, біз Ілияс Есенберлин романдарының танымдық, тағылымдық сипатын байыптауды көздедік. Рас, І.Есенберлиннің тарихи тақырыпқа жазылған романдарынан бұрын да одақ көлемінде фундаментальді тарихи шығармалар жарық көрген. Алексей Толстойдың «Бірінші Петр», Василий Янның «Шыңғысхан», Г.Гамсахурдияның «Давид IV Строитель», тағы басқа романдар сөз жоқ тарихта үлкен орны бар, олардың авторлары да өте талантты танымал тұлғалар. Бірақ олар өз шығармаларындағы кейіпкерлерін қай қырынан көрсетем десе де, ашығын айтқанда «жоқтан бар жасап, болмағанды болды» десе де шек қойылмады. Роман қалай жазылса, баспадан солай жарық көрді, барынша ерік берілді. Идеология тарапынан ешқандай қысым, ешқандай кедергі болмады. Міне, осыны жоғарыдағы кітап авторлары қажетінше пайдаланды. Ал І.Есенберлинде мұндай еркіндік жоқ екені белгілі. Қазақтан шыққан батырларды, атақты хандарды, от ауыз, орақ тілді билер мен шешендерді насихаттауға, олардың батырлығы мен ерлігін, өнері мен өткірлігін, ұйымшылдығы мен бірлігін қалың оқырманға жеткізуге партиялық цензура тарапынан қатаң тыйым салынатын кез. Керек болса, партиялық идеология қазақ халқының ғасырлар бойғы бай тарихын жылы жауып қойып, қазақ тарихы «Ұлы октябрь революциясынан бастау алады» дегенге дейін барды. Ал коммунистік партияның сол кездегі көш басшысы Л. Брежнев бір съезде «Қазақстанда қайдағы бір Кенесары Қасымов дегенді шығарып алды» деп ашуланып, сес көрсеткені бар. Трилогияның түйінді бөлімі – «Қаһар». Автордың алғашқы кітаптан бастамай, трилогияның соңғы бөлігі «Қаһардан» бастауында түрлі себептер болғаны байқалады. Оны кезінде қандай іске құлаш ұрғанын қаламгердің өзі айтқан мына сөзінен айқын байқалады: «Тарихи эпопеяны жазуды соңғы кітаптан бастауымның себебі – жиналған архив деректерінің молдығы, қамтылатын дәуірлер ауқымының кеңдігі, ойлаған, жоспарлаған кітаптарды түгел жазуға ғұмырым жете ме, жетпей ме деген күдік» дей келіп, ол көңіліне ұялаған күдігі туралы «Жұлдыз» журналының тілшісіне берген сұхбатында былай деді: «Мұның мәнісі бар. О баста, тарихи деректерді жинау кезінде, романға кіріспес бұрын, іштей жоспар жасаған едім. Яғни көңілімде, іс жоспарымда халқымыздың 500 жылдық тарихын қамтитын трилогия болып қалыптасты. Бірақ трилогияның ең соңынан бастауыма себеп болды. Ең алдымен тіршіліктің кейбір

тауқыметін тартқандықтан ба, үшеуін бірден қамтып жазуға өмірім жете ме, жетпей ме деп те қауіптендім. Содан болар халыққа, болашақ үрім бұтаққа айтпақ болған ойымның тарихи оқиғаларға деген жазушылық тенденциям мен позициямның айқын көрінісі болған басты темір қазығым- «Қаһар» еді. Егер алдыңғыларын айтып келіп, көксеген негізгі ойыма қол жетпей қалса, өмірбақи арманда, орны толмас өкініште өтуім мүмкін ғой. Ойға алған, көңілге түйген трилогияның ең әуелі соңынан бастап жазылу сыры осы еді» [25, 209–213]. Бүгінгі болмыстың деңгейінен қараған оқырманға жазушының бұл жан сырында жасырын иірімдер көп нәрсені аңғартса керек. Біздің пайымдауымызша, Ілияс Есенберлинге болашақ эпопеяның тарихи нысанасы – ұлттың рухани болмысындағы елеулі тұста шындықты тұспалсыз тура айтудың алғашқы мүмкіншілігі тым әлсіз еді ол кезде. «Қаһар» романы билікке машыққан «білгірлікке», «Сақтықтан» самарқау тартқан санаға, аттыға ілесем деп таңы айырылғандардың «хан-талапай» қауымының қасқабағына жасалған барлау болатын. Роман сонымен бірге, оқырман деп аталатын, жақсыны – жақсы, жаманды – жаман деп айтуға арын да, барын да салуға әрқашан даяр тұрар тура бидің тарихи зердесін тағы бір селт еткізерге жасалған талпыныс еді. Халық «Қаһарға» деген адалдығын, таланты тас жарған перзентіне деген махаббатын бірден байқатып, суреткерді алакөзден де, жала сөзден де арашалап алды. Аты озғанның алдынан жарылқар батасын берді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырға ғасырларға жетер қуат қосты... Қазақ тарихы, қазақ әдебиеті, қазақ қауымы дамудың дара биігінде орны бар, өзгенің өресіне де, сөресіне де көлеңкесін түсірмей, көсіліп жатқан рухани, мәдени, геосаяси өрісі бар елдің болмысымен қайтадан қауышты. Бұдан соң автор көп ұзамай трилогияның бірінші кітабы «Алмас қылышты» (1971) жарыққа шығарды. Үшінші кітапта суреттелетін ХIХ ғасыр оқиғасынан кейін оған жалғас жатқан аралық дәуірді айналып өтіп, XV ғасырға аттап кетуінде үлкен мән жатыр. Жазушы алғашқы діттеген межесіне қол жеткізгеннен кейін оқиғаны қалыпты жүйеде өрбітіп, халық тарихының ең бір күрделі кезеңінің көркем шежіресін жасауды көздеген. Ол қазақ хандығының жеке отау тігіп, қалыптасу үстіндегі кезең еді. Бұл орайда оқырманға танымдық түсінік орнату да – негізгі мақсаттың бірі. Кітапқа жоғары баға берген ғалым Р.Бердібаевтың: «Біздіңше, І.Есенберлиннің «Алмас қылыш» романының жұртшылық үшін ең маңызды жері – өзге мамандар түгілі тарихшылардың өзі де әлі күнге дейін жете зерттеп болмаған кезең – XV ғасыр оқиғаларын ... тұңғыш рет жүйелі өріп, аса көп керекті мағлұмат бере алатындығында. Қалың оқушы бұл кезге дейін XV ғасырдан Жәнібек пен Керей бастаған қазақ рулары Сарысу, Шу, Талас өзендерінің алқабында, Мойынқұм бойында алғаш рет қазақ хандығын құрды деген қысқа деректен өзгені біле бермейтін. «Алмас қылыш» тарих кітаптарында жазылған сараң тұжырымның тасасында қанша хикмет

жатқанын нақтылы оқиғалардың хронологиялық ізіне түсе отырып, кеңінен баян етеді» [16,142], – деген пікірін әбден қолдауға тура келеді. «Жанталас» романында «Алмас қылыш» пен «Қаһар» романдарында суреттелген тарихи кезеңді жалғастыратын аралық дәуір оқиғалары шежіреленген. Сөйтіп, қазақ халқының бес ғасырға жуық тарихының (ХVХІХ) көркем шежіресі жасалған. І.Есенберлин өзінің бұл трилогиясы арқылы халқына өз тарихын таныту, жас ұрпаққа тарихи сана қалыптастыру мақсатын орындап шықты. Ол автордың өзінің алдына қойған қаламгерлік арман-мақсаты болатын. «Қаһар» романы алты кітаптан тұратын тарихи эпопеяның нүкте қойылатын соңғы бөлігі болғанымен, ұзақ ғасырлық шежіренің қағазға түскен, кітап болып оқырман қолына түскен алғашқы қарлығаш үзігі еді. Алайда романдағы жазушы арқа сүйеген тарихи негіз бен көркемдік шындық көрінісін сөз етуге саясат құрсауы жол бермей келгені аян. Соған қарамастан тарихи деректерді там-тұмдап жинап, қолға түсіру үшін автордың қаншалықты еңбек етіп, тер төккендігін материалдарды салыстыра отырып көз жеткізу уақыт талабы. «Қаһар» романында автор тарихи дерек пен көркемдік қиялды шебер үйлестіре білген. Мұнда трилогияның басқа бөліктеріндегідей тарихи деректерді тізбелеу, шежірелік материалдарды әңгімелеп кету сирек. Құрылымы жинақы, бір-бірімен тығыз байланысты өрбіген оқиғалар арнасын көреміз. Роман түнделетіп, үдере көшкен Сейтеннің көшін суреттеуден басталады. Табиғаттың әсем көрінісін көз алдыға әкелетін суретпен қабат шығарма кейіпкерлерінің алғашқы өкілдерімен де таныса бастаймыз. «Тақымында келте шоқпар, қарына темір баулы қайың сойыл ілген. Үлкен өткір қара көзді, ұзын, қою қара мұртты адам. Таңмен бірге ашыла түскен қара сұр жүзі ақ сұпыдай. Бұл осы көштің басшысы, Баянауылдағы Қаржастан шыққан Азнабай ұлы Сейтен. Қазіргі беті Балқаш көлі маңындағы кең алқап. Ал арғы мақсаты осыдан үш жыл бұрын Алтын, Алтай, Тоқа, Уақ руларының қырық мың шаңырағын ертіп Қоқан хандығы қарауындағы Сыр бойына өтіп кеткен Қасым төренің балалары Есенгелді, Саржанға қосылу. Сейтенмен үзеңгілес түксиген қабақты, кескен томардай келте қара сұр жігіт келеді. Сары ала қынапты қисық табан кете қылыш тағынған. Кісі өлтірген адамдай түсі зәрлі. Бұл Қубет ұлы Ожар. Біркездегі барымтаға да, жауға да қатар шапқан Сейтеннің үзеңгілес досы. Соңғы үш-төрт жыл ішінде Ақмола аға сұлтаны Құдайменденің Қоңырқұлжасының қасында болып, жақында ғана өз еліне қайтып келген» [26, 7], – деген жолдардың өзі-ақ оқырманды өзіне бірден баурап, болашақта болатын оқиғаға қызықтыра түседі. Бұл екі кейіпкерді сомдауда автор тарихи шындықты тірек еткені ақиқат. Оған айғақ ретінде Қошке Кемеңгерұлының 1924 жылы Мәскеуде шыққан «Қазақ тарихынан» атты кітабындағы мына жолдарды келтірсек те жеткілікті. Онда былай делінген: «...Кенесарының бас ақылдас адамдарының ішінде тыңшы болып, Кенесарының жайынан үкімет

төрелеріне хабар жеткізіп тұрған, сондай тыңшылықтың кеселінен арғынның Қаржас табынан шыққан Кенесарыға ерген ағайынды: Тайжанды үкімет Қараөткелде атып, Сейтенді Тобыл жаққа айдады» [27, 57]. Романдағы Сейтен мен Ожар іс-әрекеті тарихи дерекпен өте дәл келеді. Жазушы тарихи еңбекте көрсетілген Сейтеннің атын өзгертпей алған. Ал, Қ.Кемеңгерұлының кітабында нақты көрсетілмегендіктен тыңшы болған адамның есімі Ожар деп алынған деуге болады. Романда Сейтен азаттық үшін жанын құрбан еткен ер күйінде көрінсе, Ожар Сейтенді ұстап беріп сатқындық жолға түскен, тұтқыннан кашып кетті деген лақаппен Кенесары тобына өтіп алып, тыңшылықпен айналысқан опасыз тұлға ретінде суреттеледі. Бас кейпкермен әрқайсысы төрт тарауға бөлінген үш бөлімнен тұратын романның алғашқы бөлімінің төртінші тарауында бірақ кездесеміз. Кенесарының отарлық саясаттың бағытынан іш жия бастаған сәтін көреміз. Автор Кенесары болмысы арқылы патша өкіметінің қазақ даласын біртебірте қусырып, тынысын тарылтып келе жатқанын тарихи деректерді көркем образға айналдыру арқылы көрсете білген. Бұл кезде казақ даласының қай аймағында болса да патшаның отарлық саясатына қарсы толқулар мен ереуілдер көбейе түскен болатын. Тұтас халық болмаса да ел тынысын терең сезіне бастаған кейбір азаматардың прогресшіл ойлары шығармада нанымды беріледі. Ол – топ-топ, ру-ру болып күресу емес, езілген елдің тұтас бір тудың астана жиналып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару және сол ойды жүзеге асыратын тұлғаны айқындау шарасы. Қарауылтөбе-Жайық арасыңдағы көтерілісті басқарған Жоламанның: «Алты алашқа аян ондай кім бар? Осындай бір ұл табылса, намыс дегенді былай қоя тұрып, өзі де оның қол астына кіруден тартынбас еді» [26,35], – деп толғанысы соның бір мысалы. Бұл эпизодтың да тарихи шындықтан алынғаны мына мысалдан көруге болады: «...20 жылдары Жаңа-Илецк жүйесі құрылысын басып алуға байланысты болған көтерілістің жөні бөлек, – делінген онда. Бұл көтерілісті Жоламан би Тленшиев басқарды. Өз отбасының хандық билгін қайтару мақсатыменен бас көтерген Саржан Қасымовтай емес, Жоламан патша өкіметі тартып алған қазақ жерлерін қайтарып алуға ұмтылды. Жеңіліске ұшыраған Жоламан жаңа ғана күш жиып 30-жылдары қайта көтеріліс ашты. Жоламан Тленшиев халқына рух беріп оларды тартып алған жерлерін қайтып алу үшін күреске шақырды. Қазақтар Жаңа линия ауданының жұртшылығын шабуылдап, малдарды айдап әкетіп, Орта Азияға баратын керуендердің жолын жапты» [28, 271]. Бұл жағдай романда көркем түрге еніп, жанды кейіпте қозғалысқа түсіп әсем суреттеледі. Романда Табын руының жігіттерін ұйымдастырып, патша өкіметіне қарсы жеке соғысып жүрген Жоламанға Иман батырдың көмекке келу сәті былайша суреттеледі: «Екі жақ садақ оғы жетер мөлшерге келген кезде кенет бір бүйірден ұрандаған дауыстар шықты. – Қара қыпшақ Қобыланды! Қобыланды!

– Дулат! Дулат! Жоламан жалт қарап еді, оң жақ қапталдан жауына қарсы ағызып келе жатқан самсаған қолды көрді. ... Ұзын бойлы, қапсағай денелі, елуден асып кеткен Қыпшақ батыры Дулатұлы Иманнан Жоламан өткен жылы ақ патшаға қарсы Ор меп Ұлытау арасындағы Арғын, Қыпшақ, Найман, Керей, алШЫН руларының көп ауылының ереуіл көтергенін естіді. Ал биыл Торғай бойына көп әскер шығып, Иманның уақытша Мұғаджар тауының ішіне сарбаздарымен тығыла тұруға мәжбүр болғанын білді» [26, 51 – 52]. Батырлар ел наразылығына басшылық жасап, ұйымдастыруға лайық адам туралы ақылдаса келіп, ақыры Кенесарыға тоқтайды. Бұлай шешім жасаудың басты себебі, Кенесары үрім-бұтағымен ақ патшаға қарсы күресіп жүрген Қасым төре ұрпағы еді. Сондықтан батырлар ел ішінде беделді әрі білікті Кенесарыны басшылыққа лайық бірден-бір адам деп тапты. Бұл шешімді Кенесарыға жеткізу үшін Қасым төре ауылына Құдайменде батырды аттандырады. Ал, мұндай өзін басшылықка таңдаған ел тілегі Кенесарының ішкі есебіне де сәйкес келіп еді.

Романда суреттелетін Кенесары қозғалысы, оның даму өрісі, себепсалдары бәрі де дәл тарихи еңбектердегі жүйемен берілген. Кенесарының 1838 жылғы 26 майда Ақмолаға жасаған шабуылы жайында 1949 жылы жарық көрген Қазақ ССР тарихында: «Кенесары шабуылды таң сәріде бастады. Қазақ мергендері қамалды садақпен атқылады, жебенің ұшына тез жанатын шүберектер байлап алып атқылады. Қамалдың ішін қызыл алау өрт жайлады. Гарнизонның жартысы оқпен емес, отпен арпалысқан сәтін пайдалананған Кенесары отрядының Басығара батыр басқарған бөлігі қалаға басып кірді. Шабуыл үстінде Басығара батыр қаза тапты. Ал оның отряды гарнизонның күшіне төтеп бере алмай кейін шегінді, бірақ Кенесары өз жауынгерлеріне Басығараның денесін қалайда алып шығып, алған беттерінен қайтпауға бұйрық берді. Түнде әскер басшысы Карбышев пен Қоңырқұлжа бірнеше отряддарымен қашып құтылды. Ертесіне қираған қамал әлі де бықсып жанып жатты» [28,280]. Ақмола бекінісін алуға арналған алғашқы шайқас Кенесарының даңқын асырған шайқас екені романда тарихи фактіге негізделе отырып, реалистік сипатта өрнектелгенін көреміз. «Сондықтан осы ең алғашқы үлкен айқаста Кенесары өзінің қамал бұзар ер, ел бастай алатын кемеңгер екенін жұрт көзіне көрсетуі керек. Әйтпесе ол жұрт соңынан ерте алмайды» [26, 128 ] - деп суреттейді жазушы. Кенесары бұл үдеден шыға білді. Оның осы шайқастан соң үлкен абыройға, сенімге ие болуы келер мақсаттар үшін маңызды рөл ойнады. Бұған жету үшін не істеу керек, қандай әрекет етіп, қандай шара жасау керек?! Жазушы мұны да нанымды көрініс, сипаттар арқылы бейнелеп береді. Кенесары образын жасағанда автор ақыл-ой, әдіс-тәсілдің бәрін соның ғана бойына үйіп-төгіп, асыра дәріптеп көрсетпейді. Соғыс тактикасына қатысты амал-айла кейде халық өкілдері тарапынан болған тұстарды Кенесары қажетіне жаратқызып жатады. Мысалы, Ақмола бекінісін қалай

алу тәсілін үйретуші – Салауат Юлаев көтерілісіне қатысқан башқұрт азаматы – Әшірап ойын Кенесары шебер қолдана біледі. Ал, Кенесарының айлакерлігін, қатыгез хан ұрпағына тән ерекшелігін Әшірапқа ойын айтқызып алған соң, оны Қараүлекке өлтіртіп жіберген әрекеті арқылы көрсетеді. І.Есенберлин нақты фактіге, тарихи дерекке сүйене отырып, Кенесары образы арқылы билеушіге тән қатыгез мінездің бір қырын ашып берген. Архивтерде сақталған Кенесары қолымен жазылған хаттарды түрлі формада пайдаланғанына қарағанда, қаламгер архивтік деректерге көбірек ден қойған. Ал, архивте жатқан мұндай хаттар аз емес. Олар түрлі мазмұнда және Кенесарының орыс өкіметіне ғана емес, қазақ билеушілеріне, атақты адамдарға арнап жазылған хаттары да бар. Бұл хаттарды автор Кенесарының түрлі қырын ашу үшін өз мақсатына орай түрліше пайдаланады. Өйткені хаттардың мазмұны кейде қозғалыстың жайын хабардар етіп, кейде Кенесарының саяси-дипломатиялық істерін айқындайды. Соған орай хат мазмұны кейде сюжетке кірігіп кетеді. Сол арқылы астарлы ойлар көрініп жатады, кейде өңі өзгеріп, авторлық баяндау арқылы ғана беріледі. Кейде толық беріліп, кейде үзінді ғана келтіріледі. Мұның бәрі, әрине, жазушының қажетіне орай орындалады. Ал, автор кейде хатқа қатысты дерек, мәліметті түгел көрсетіп, көркем әдебиеттің міндетіне жатпайтын тәсілге барып, саналы түрде ғылыми еңбектерге тән нақтылықты қолданады. Мысалы, Кенесарының 1838 жылы Батыс Сібір генерал губернаторы Горчаков князға жазған хаты архив деректерімен толық сәйкес келеді [29, 268–269]. Ал, Кенссары мен Балғожа арасындағы жазылған хаттың архивте сақталған түпнұсқасы кітапта өзгертіліп пайдаланылған. Тарихи детальдарға, жер-су аттарын суреттеуде де жазушы аса мұқият болғанын байқаймыз. Кенесары қозғалысы туралы сақталған кейбір құжаттар шығарма кейіпкерлерінің өз қолымен жазылған. Бұл кейіпкерлердің қатарында башқұрт Әшірап, поляк Иосиф Гербурт, орыс Николай Губин сияқты әртүрлі ұлттың өкілдері бар. Солар хатқа түсірген көтерілістің тарихи сипаты романда айқын көрініс табады. Сонымен қатар көтеріліс сипатын хатқа түсіруші Иосиф Гербурт, Сидақ қожа сияқты өзге ұлт өкілдерінің шығарма жазылған кездегі көзқарасқа сай образдары жасалған. Мұның сыртында тәуелсіздікке, еркіндікке ұмтылған халықтың арман-мүддесімен ұштасқан көтеріліс сипаты халық жүрегінде мәңгі жатталып қалған. Ол туралы халық даналығы талай жыр-аңыздар туғызып, сол кезде өмір сүрген белгілі ақынжыраулар тарихи дастан, жырларды дүниеге келтіріп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізгені белгілі. Қаламгерлік қиялына жел берген бұл халықтық мұраны жазушы роман сюжетінің көркем құрылуына, тарихи нақтылықты күшейте түсуге пайдаланған. Көтерілістің бас батырлары Наурызбай, Ағыбай, Жөке батыр, Байтабын, Жанқожа т.б. туралы әңгімелер, аңыз жырлар өте көп тарап, айтылып келгені аян [30].

Көтеріліс және оның батырлары жайлы жырлар жатқа айтылып, біздің дәуірге жеткен. Сол көтерілістің тірі куәсі Нысанбай жырау бейнесі романда өзіндік әсері мол сипатымен есте қалады. Рас, жазушы оның бейнесін кең тыныста көрсетуге талпынбаған. Қиял-қоспасы мол, бірақ тарихи шындық деңгейінен ауытқымаған ел аузындағы аңыз-әңгімелерді автор тиімді пайдаланып отырғанын тағы да қайталап айтуға болады. Романда Кенесары образы ішкі толғаныс, әрекет үстінде ашылады. Оның әр қырынан көрініс тауып жататын іс-қимылдары, бүкіл халық атаулыны ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда ұстаймын деген билік құмарлығы ащы шындық тұрғысынан бейнеленеді. Жазушы Кенесарының оқырман бірден байыптай алмайтын күрделі тұрғысын жасай отырып оған авторлық көзқарасты да байқатып отырады. Бұл құбылыс Иосиф Гербурт көзқарасы арқылы беріледі. «Ол Кенесарының жүрегінің қалай соғатынын кейде мүлде түсінбейді. Бұл түсінбестіктен Жүсіп-Иосиф Гербурт тек екі жыл өтіп, Кенесары өзін хан деп атағаннан кейін арылды» [26, 187] деген жолдар арқылы да жазушы шығарма жазылған кездегі «саяси қырағылықты» адастырып отырғанын көреміз. Тарихи роман зерттеушілерінің бірі В.Оскоцкий романның осы бір тұсы жөнінде былайша ой түйеді: «Романның көркем концепсиясы үшін, – деп жазады ол, – жер аударылған поляк ревлюционері, ақын Гербурт образы үлкен маңызды рөл атқарған. Романда Иосиф Гербурт Ресей халықтарының революциялық-азаттық күресінің интернационалдық рухы мен тарихи тәжірибесіне сүйенген Кенесары көтерілісіне өзіндік баға береді. Ол «сотқар сұлтанның» бірбеткей төрелігі мен намысқойлығын да өзінше бағалайды. Көтерілістің кең қарқынын мойындай отырып Кенесарыдай талантты қолбасшы әрі айлалы саясаткерге сенім артады. Ол хандық билік идеясын ұстанған және ол үшін көзсіз күрестен басқаны білмейтін, одан өзге киелі ұғым жоқ деп білетін адам екенін таныды» [31, 321]. Қазақ тарихында өзіндік орны бар ірі тұлға Кенесары образының өз кезеңіне сай, қайшылықты да күрделі биік бейнесін тарихи деректер негізінде сомдай алуы «Қаһар» романының басты жетістігі деп білеміз. Кеңестік саясатқа жат, қайшылықты тұлға ретінде отыз жылдан астам ауызға алынбай келген «үрейлі» есім жөнінде роман жазу, оның образын тарихи шындықтан алшақтатпай сәтті жасап шығуы І.Есенберлиннің жазушылық зердесі мен таным қуатына тәуелді шындық. Автор суреттеуінен Кенесарыға бір жақты баға беруге ұмтылмайтын, оның тарихи-трагедиялық жанды тұлғасын реалистік тұрғыдан елестетуге тырысатын құбылыс айқын байқалады. «Қаһар» жазылған уақыт І.Есенберлин заман ақиқатын астарлап жеткізуге тура келген, шындық сорабы қат-қабат ойдың, шытырман мінезді бейненің қатпарынан ізделген кезең болғаны белгілі. Рас, бүінгі күннің жайы бір басқа. Уақыт орайымен есептегенде «Қаһар» романының құндылығы да өз кезінде ешқандай тарихи зерттеуден, оқулықтан таппайтын шындықты ашуында болса керек.

Ал жазушының Кенесары қозғалысының соңғы сәттеріндегі шайқастарын роман желісіне енгізбеуінде тарихи фактілерді іріктеудің, идеялық мақсаттарға қарай екшеудің мәнді көрінісі жатыр. Қаламгер үшінші кітаптың желілі шегіністен, астасқан психологиялық толғаныстан бас тартып, логикалық толғауға, көркемдік желілердің даралана дамуына еркіндік берген. Халық бұқарасының арасындағы ыза мен кек, ашыну сияқты құбылыстарды кеңінен қамтып халықтың рухани жандүниесіне терең үңілген. Қорытынды кітаптың логикалық анализге күш салуы оның «Кенесарының бұл асыға көтерілуі ажалына асығуы болды. Екі жыл өтпей биылғы көрген түсі дәл өңіндегідей келіп, ол Кекілтауының бауыруынан ажал тапты»[26,324] деген сөйлемінде айқын нышан танытады. Кенесарының өз ажалына асығуы, оған ерген көш – бәрінде де осы философиялық астар жатыр ... Эпопеяның «Қаһар», атанған бөлімі кітап боп шыққан кезден бастап бірде-бір оқырманын бей-жай қалдырған емес. Қазақ халқының тарихындағы аса бір шытырманды кезеңді көрсетуге арналғап бұл романды жазып шығу үшін жазушыға шеберлік пен тәжірибе ғана емес, сонымен қатар тарихқа терең бойлай алатын ғалымдық, батылдық керек еді. Ілияс Есенберлин осы талаптар үдесінен шыға білді. Сондықтан бұл роман кезінде қазақ әдебиетінің өсу жолындағы жаңа бетбұрыс, жаңа кезеңі деп бағалануы өзінің мәнін арттырмаса кеміген жоқ. Г.Ломидзе, В.Оскоцкий, М.Қаратаев, Ч.Гусейінов, Б.Хатимский, Р.Бердібаев сияқты ғалымдар мен сыншылардың кезіндегі Одақтық, Республикалық баспасөз беттерінде Ілияс Есенберлиннің тарихи эпопеясы туралы айтқан салмақты да салиқалы тұжырымдары кездейсоқ болмаса керек. Жер аударылған поляк революционері Иосиф Гербурттың әуелінде Кенесары бүліншілігін қостауы, іле халықты адастырған ханның мансапқорлығын түсініп, одан бас тартуы, қазақ сахарасына орыстың пушкасы емес, Пушкині қажет екеңдігі туралы толғауы да тарихи шындықтың логикалық өрісін танытады. Жазушы өз позициясын тарихи шыңдық негізіне құрады. Қазақ халқының өміріндегі бір дүрбелең кезең – Кенесары Қасымовтың отарлыққа қарсы күресі. Есенберлин «Қаһар» романында сол бір сұрапыл оқиғаларды тарихи дәлдікпен көркем шығармаға айналдырып, реалистік тұрғыдан суреттейді. Бұл автордың парасатты пайымдауының, тарихи оқиғаларды екшей отырып, бағалауының көрікті көрінісі. Халықтың мұрат-мүддесін көлегейлеп, билік тізгінін ұстаған топ өкілдерінің аярлығын, олардың қара бастарының қамы үшін өзара қырқысқан қарамақайшылықтарын өмірлік шындыққа сай дәлдікпен аяусыз әшкерелейді. Трилогияның соңында Кенесарының шағын топпен Кекілтауға аттануы, қалың бұқараның оған ермей қалуы жазушының философиялық ойының астарын аңғартады. Қаламгер қат-қабат оқиғаларды баяндау барысында диалектикалық заңдылыққа жүгінеді, интернационалдық сезімді үнемі басты нысанаға алады.

Дей тұрғанмен біздің тарихнамада ХVІІ-ХІХ ғасырлардағы ұлт-азаттық қозғалыс империя тұрғысынан қаралып келген кезеңде жазушының тарихқа көзқарасындағы жаңа бетбұрысты бастаған Ілияс Есенберлин «құрсау» саясат ықпалынан толық шыға алды, бүгінгі сәттей ой еркіңдігінде қалам сілтей алды десек, дұрыс болмас еді. Алайда, қайсар талант сана жанарының қуатымен ұлт тарихының құлыптаулы тас қараңғы болмысына саңлау ашып, сәуле түсірді. Уақыт ағымының аласапыран толқыны астына көміліп, мүлде жойылып бара жатқан ұлттық тарихи сананы қалыптастыру жолында ол «Қаһар» романы арқылы алғаш барлау жасаған. Қысаң қағида шеңберінде тұрып-ақ ой сәулесінің нұрымен ұрпақ санасына бағыт сілтеді. Сонау ХVІ ғасырдың аяғынан бастау алған ұлт азаттық қозғалысының қазақ даласында ең ушыққан кезеңі XIX ғасыр екені белгілі. Тарихшылардың айтуынша сол ХVІ ғасырдың аяғы мен 1916 жыл аралығында үш жүзге жуық түрлі деңгейдегі көтерілістерді санауға болады. Кеңестік тоталитарлық дәуірде ұлт-азаттық қозғалыс шындығын ашып айтуға, ғылыми тұрғыдан зерттеуге мүмкіңдік болмады. Тек еліміз тәуелсіздік алып, дербес республика ретінде мойындалған соң ғана, коммунистік идеология қыспағынан арылу, қоғамдық санадағы жаңа құбылыстар патша өкіметінің қазақ өлкесіндегі отарлық саясатын жаңа талап тұрғысынан зерттеуге жол ашты. Соның нәтижесінде тарихи оқиғаларды жаңа деректерге сүйене отырып, мазмұнын айқындауға мүмкіндік туды. Бұл орайда тарихшы ғалымдар М.Қозыбаев [32], Ж.Қасымбаев [33], М.Әбдіров [34] зерттеулерінде жалпы қауымға беймәлім болып келген ұлт азаттық көтерілістердің туу себептері, бұрмаланып, не айтылмай келген тарихи шындық айтыла бастады. Е.Б.Бекмахановтың кезінде саясат бұғауына қамалып, тыйым салынған еңбектері қайта шыға бастады [35]. Әрине, І.Есенберлин тарихи шындықты білді, Кенесары бастаған көтеріліс себептерін зерттеп түсінді. Оның ұлт тарихы үшін мәнмаңызын, трагедиялық сипатын терең сезінді. Сондықтан да Кенесары образын жасаудың оңтайлы жолын ұрымтал тұсын тауып, қыспақтан өту тәсілін іздеді. Сол себепті де, жазушы көтерілістің туу себептерін де, оның жеңіліске ұшырау сипатын да тереңнен толғап бейнелеуге тырысады. Патша үкіметінің қазақ жерінен бекіністер салуы, елді ата-қонысынан ажыратуы, алым-салықты шектен тыс молайтуы сияқты бұрыннан да белгілі фактілермен қатар, жан-түршігерлік жаңа деректер келтіріле отырып, көтерілістің басталу себептері реалистік тұрғыдан қисынды, әсерлі көрсетілген. Отаршыл өкіметтің қазақтарды шоқындыру үшін Ақтау бекінісінен шіркеу салдыруы, оңдаған попқа жылына үш мың сом жалақы дайындауы, қазақтың жас қыздарын тартып алуы нағыз зұлымдық еді. Сондайлардың салдарынан туып-өскен жерінен үдере көшіп, үлкен әбігерлікке ұрынған қазақ руларының наразылығы Кенесары бастаған көтеріліске ұласады.

Кенесары мен халықты бір-бірімен табыстырған, бастарын бір жерге қосқан жаңағыдай тарихи кезең болды да, халық Кенесарыға ғана үлкен үміт артты. Романда Кенесары бұл жағдайды өз мақсатына пайдаланбақ болғысы келгендей етіп көрсетуді көздеген қаламгер, оны атасының алтын тағын армандаған ниеті ғып қиысынды орайластырады. Әрине, бұл эпопея жазылған кездің саясат ықпалы екені белгілі. Кенесары бастаған көтеріліс романда ең бір өзекті мәселе реетінде алынып, сол арқылы қазақ халқының белгілі кезеңдегі әлеуметтік саяси халжағдайы жан-жақты ашыла суреттеледі. Отаршылдық идея саналарына берік ұялап, әбден жетілген, империялық пиғыл дендеп алған мемлекеттердің озбыр әрекеті, олардың жасаған зорлық-зомбылығы, шыдамы әбден таусылған халықтың азып-тозуы, адасып аңырауы, егескен ерегеске барып, қанды қырғынға ұрынуы жан-жақты көркем образ түрінде баяндалады. Романда көп қырлы, қалың қыртысты Кенесары тұлғасы жасалған. Тарихи Кенесарыны жабық тақырыпқа айналуына байланысты халық нақты біле бермейтін. Романда оның болмыс-бітімі, қабілет-қаракеті өзгелерден оқшау, дараланып көрсетілген. I Есенберлин Кенесары образын жасауда, бас кейіпкерін кең көлемде, әр қырынан даралап суреттеуде М. Әуезовтің Құнанбай образын сомдау тәсілінен үйренгендігі сөзсіз. Бұл екі кейіпкердің ұстанған бағыттары әр түрлі болғанымен, айла-әрекет, мінез, болмысы тұрғысынан ұқсастық байқалады. Кенесары романда үлкен ақыл иесі, байсалды да, байыпты, әрбір нәрсені алдын-ала шешіп алып, тоқ етерін бірден жеткізетін пайымды адам ретінде көрінеді. «Сараң қыймылы, жұмыла біткен жіңішке еріндері, аз сөйлеп көп тыңдайтын адамды сездіреді. Егер тұлғасына, көңіл райына қарасақ ішінде тынып жатқан үлкен ақыл, бұлқынып сыртқа шыққысы келген жігер барын ұғасың» деп суреттеліп, портреті жасалады романда. Ол баяғының батырларындай бірбеткей, ұрдажық қара күштің батыры емес. Өз кезінің соғыс өнерін жете меңгерген, айла-амалы, қулық-сұмдығы мол басшы. Оған Россия патшасы да, Қоқан, Хиуа хандықтары да жау. Алғашқы қантөгісті қазақтың өз жерінен бастаған ол Ақмола, Ақтау, Ортау сияқты қарулы қол шоғырланған бекіністерді аларда үлкен стратегиялық өнер көрсетеді. Ол орталықтарды тез өртеп, із тастамай бұрылып кетеді. Батыс Сибирь мен Орынбор генерал-губернаторларының өздеріне қарсы арнайы аттандырған отрядтарына талай рет тұтқиылдан тиісіп, көп шығынға ұшыратып отыратын, қажетті кезінде өз сарбаздарын мыңдыққа бөліп, жауын жаңылдыратын әдіс-тәсілдерін көрсететін тұстар романда тартымды суреттелген. Кенесары бірқатар жеңіске жетіп, қол астындағы халықтың сеніміне әбден еніп алғанша өз ойын іске асыруды ел көзінен қаға беріс қалтарыста ұстайды. Содан соң ғана барып, өзін хан көтереді. Хандықтың заң жобаларын қабылдаттырады. Бұл уақытта ол басқарған көтерілістің негізгі сыр-сипаты бұрынғыдан гөрі әйгілене түсті. Өзі де бірбеткей қасарысқан қаталдыққа беріледі. Ол ойын жасырмай былайша білдіреді: «Дегеніме көнбеген елді аттың бауырына, қамшының астына аламын. Кімде кім

айтқаныма көнбейді екен, Кенесарының жасыл туының астында жүргісі келмейді екен – ол менің жауым. Россия губернаторы қандай қасым болса, ол да менің сондай қасым. Не оларды өз дегеніме жүргізем, не біржолата қырып жоқ етемін. Екі шешім болуы мүмкін емес. Жауын аяған мерт болады. Бұрын жұртты жер-суыңды алып беремін деп ертсем, енді хандығымды қорғаймын деп ертемін» деген жолдардан Кенесарының қайшылықты тұлғасы роман жазылған дәуір мінезіне сай сомдалғанын көреміз.. І.Есенберлин тудырған тарихи шығармалардың танымдық-тәрбиелік қуатының күштілігі мен көркем шығарма ретіңдегі эстетикалық пәрменінің ерекше әсері «Қаһар» романының өзінде-ақ жеткілікті түрде көрініс табады. Роман композициясы ширақ өрілген. Қаламгердің сол дәуірдің бейнесін жасап, ұлы оқиғаның шындығын ашуға негізделген идеялык нысанасы айқын көрініс тапқан, Әйгілі көтеріліс себебі шығармада былай баяндалады: «Үш жақтан бірдей қадалған найза қазақты да оятқандай. Кеше сонау Ұлытаудан Құдайменді батыр келген. Ол Жоламан мен Иман батырдың сәлемдемесін әкеліп, қазір Сарыарқаның кай қиырында болса да, ақ патшаға қарсы шығатын жұрттың көп екенін айтқан ... Қазір бас көтеруге ең бір қолайлы кез. Қиянат жанын жеген бұқара қураған шөп тәрізді от тисе болды-ақ лап етіп бүкіл Сарыарқаны, Сыр бойын, Жайық, Маңғыстау, Үстірт даласын алып кетуі ғажап емес» [26, 82–83]. Осы ұрымтал сәтті Кенесары дәл аңғарады. Сондықтан «Абылайлап» атқа қонған оның артынан ел ере жөнеледі. Алайда, автор Кенесарының ішкі есебін де көрсетеді. Ол – ата жолымен хан болу. Шығармада бұл ой былайша беріледі: «Хандыққа жүз бен жүз, ру мен ру таласса, жұрттың арт жағында тұрып елді қырғынға айдап салып, ақыл-айламен, зұлымдықжауыздықпен мұратқа жетуге болады. Ал бүгінгі таластай, қалың бұқараның тәуелсіздігін қорғау арманы мен сенің жұрт билігін қолға алам деген көкейкесті тілегің ұштасып жатқанда, соңыңнан ерген қолдың артында емес, алдына шығу қажет» [26,86]. Жазушы Кенесары сияқты бас каһарманның қайшылықты бейнесін шыншылдықпен жасап оқырманды ойға жетелейді. Халық мүддесін өз мүддесіне бағындырған бүлікшіл, зымиян ғана емес, керек жерінде үлкен ақыл иесі, ержүрек, қайсар, жігерлі қаһарман батыр, сөзге ұста, майталман шешендігін әсерлі сипаттай отырып, оның жанды образын жасайды. Мұндай күрделі характерлер сипаты романда жеткілікті. Зұлымдықтың символындай әсер ететін Қоңырқұлжа, Халық қамы үшін отқа түсуге даяр Ағыбай бастаған батырлардың, Күнімжан, Ақбөкен, Бопай, 3ейнеп, Алтыншаш, Күміс сияқты әйелдер образы сала-сала боп көрініс табады. Романда өздерінің нақты іс-әрекеттерімен жекеленіп алынған кейіпкерлер де көп. Олар: Кенесары төңірегінде топтасқан Наурызбай, Ағыбай, Құдайменді, Басықара, Жанайдар, Иман, Жоламан, Таймас, Байтабын секілді көптеген батырлар. Бұлардың көпшілігі тарихи адам болғандықтан, шығармада осы тұрғыдан алынып баяндалады. Олар жауға қарсы жан аямай батыл күрескенмен, олардың өмірге көзқарасы, күрес

жолындағы мақсаты бірдей емес. Олардың кейбіреуі Кенесарының хандық құру ниетін шындап жақтаса, Ағыбай, Иман, Таймас, Байтабындар аңғарттықпен алданып қалған тұрғыда бейнеленеді. Өз өкіметінің бір дегенін екі етіп, іске асыратын Горчаков, Скоблевтер секілді патша генералдары да әртүрлі кейіпте, әртүрлі мінез-құлықта көрсетіледі. Егер соларға билік тисе, барлық қазақты құртып жіберуге даяр. Бірақ автор бұларды орыс халқының өкілі ретінде емес, патша өкіметінің қолшоқпары ретінде берген. Перовский – өз өкіметінің ырқынан шықпағанымен, уақытша болса да алды-артын ойлап барып іске кірісетін генерал. Ол бірден батыл әрекетке бармай, көбіне либералдық жол ұстайды. Генс – бұл екеуіне қарағанда демократтық көзқарастағы әскери адам. Ол Кенесары үшін оның соңына ерген халықтың қырылмау жолдарын қарастырады. Оларды соғыссыз Россияға қоспақ болады. Солдаттары ауылды шапқанымен өзі қазақтың жетім балаларын үйіне жинап бақтырады. Күміс пен Алтыншашты да оларға тәрбиеші етіп, өз қамқорлығына алады. Астанаға аттанып бара жатқан Есіркегенге «Петербургта демократияшыл, ақыл-ой иесі кісілер көп. Соларға жақындай біл. Олар сені қанды жолға салмайды», – деп ақыл береді. Кенесары бейнесін сомдауда І.Есенберлин жыр-дастандар мен аңыз желісін тарихшылар жазып қалдырған мінездемелермен ұштастыра көркем деңгейге көтере суреттейді. Кенесарының жеке қасиеті, батыр тұлғасы, ақыл-парасаты, терең саясатшы, алғыр қолбасшы екендігі сол дәуірдің өзінде жазылған орыстың әскери тарихшылары мен шетел саяхатшыларының еңбектерінде айтылатынына М.Қозыбаев пен Ж.Қасымбаев өздерінің зерттеулерінде нақты деректер келтіреді. Кенесарының жеке басы туралы шынайы мәлімет пен әділ бағалау әсіресе Н.А.Середа еңбегінде ерекше көрінетіні айтылады. Ол туралы Ж.Қасымбаев былай деп жазады: «Оның сарбаздарының рухының беріктігіне кез келген Европа әскерлерінің қолбасшысы таң қалуы мүмкін екендігін таң қала атап көрсетеді сол М. Середа» [33, 59]. Ал орыстың әскери тарихшысы В.А. Потто Кенесарыны қазақтардың Шәмілі деп бағалаған. Осыған ұқсас бір деректі әдебиетші М. Әбсеметов те келтіреді. Ол архивтен табылған дерек мазмұнын былайша баяндайды: «XIX ғасырдың екінші жартысында-ақ Кенесары есімі жыраңыздарға арқау бола бастады. Халық көтерілісі басшының даңқы бүкіл Россияға таралумен қатар, жер аударылған поляк революционерлері мен орыс декабристері арқылы батыс Европаға да мәшһүр болды. Сол кездегі орыс тарихшылары Кенесарыны «қазақтың Шәмілі» деп атаған. Екі қуатты мемлекет Англия мен Франция өз бақталасы патшалық Россияның көшпелілерді бағындыруын сырттай бақылап отырды. I Петрдің «қазақ даласы – Орта Азияға кірер қақпа» деуі де сол кездегі мемлекет саясатының отаршылық ниетінен хабар береді. Кенесары бастаған көтерілістің даңқы француздың ұлы жазушысы Жюль Верннің назарын аударған. Ол сол кездегі газет хабарламаларына және

Адольф Янушкевичтің Парижде 1861 жылы басылған күнделіктеріне сүйене отырып, «Михаил Строгов» атты кітапты жазды [36, 157]. Тарихи тұлғасы осылай әлемге танылған Кенесарының негізгі принципі отаршылдыққа қарсы күрес еді. Ол хандық билікті қалпына келтірем деп күрес бастағанда атасы Абылай, әкесі Қасымның жолын қуған. Ол қазақ елінің тәуелсіздігі үшін, дербестігі үшін, біртұтастығы үшін күрес жолы болатын. Кенесарының күресі «қазақ жері Ресей империясының басыбайлы меншігі» деген көзқарасқа қарсы тұру еді. Тәуелсіздік жолы – қиын жол. Тарих оны талай мәрте дәлелдеген. Соның бірі – қазақ елінің ғасырлар бойы тәуелсіздік үшін күрес жолы. Оның бір дәлелі – қиын тағдырлы, трагедиялық сипатты, бірақ ұрпақты өр рухқа құлшындыратын ұлт-азаттық көтеріліс мәні. Хан Кененің өмірі осыған меңзейді. Кенесары болмысы халық басына күн туғанда елдің елдігін, бірлігін сақтау, еркіндік туын ұстай алу қасиетін аңғартады. Сана жоғарыламай, тірлік оңалмай, бірлік тиянақталмай, өнер өрістемейінше тәуелсіздік баянды болмайтын түйінді ұқтырады роман тағылымы. Өйткені қазақ даласында болған көтеріліс біткеннің жеңіліс табуының негізінде патшаға сатылған элиталық топтың іс-әрекеті жатқаны шындық еді. Ол тәуелсіздік үшін күрестің бәрінде қайталанған құбылыс болды. Кеңестік дәуірде де кейбір ұлт зиялылары мен билік тізгінін ұстағандардың бойында осындай мінездің орнығып, өрістеп азаттық ойға кедергі келтіретін істерге мұрындық болып келгені белгілі. I.Есенберлин осындай құбылысты жанымен сезіп, мемлекет құрылымы, оны басқару, тәуелсіздік үшін күрес идеясын көрсетуге қатысты әрекеттерді арғы дәуірлерге апарып, тарихи шындық оқиғалармен сабақтастыра ой тастайды. Жазушы тарихи оқиғалардың өту барысын көру мен бақылап қою ғана емес, қазақ халқының өмірінде өткен оқиғалардың себебі болып тұрған мәселелердің түп-тамырын түсінудің мүмкіндіктерін жасап берді. I.Есенберлин романдарының әрбір бетінде өз мемлекетіміздің дамуымен және орнығуымен тікелей байланысты оқиғалар ашылады да отырады. Әр уақытта, көпшілік жағдайда билік иесі мәселе шешуде өз билігіндегілердің мүддесінен гөрі өз билігін сақтап қалуды көздейтін мүдделік принциптердің айқын көрінісін тарихи тұлғалар болмысымен орайластыра түсіндіру мақсатын танимыз. Бұл аксиома өткен ғасырларға ғана тән емес, шығарма жазылған уақытқа да тән екенін аңғартады жазушы. Тіпті, бұл жеке мүдделік принциптің баю мақсатымен ұштасып, тереңдей түскеніне бүгінгі таңда куә болып отырмыз. Билік иелерінің образдары, олардың шынайы наным түсініктері, ойлары мен айла-әрекеттері көп ретте бүгінгі жоғарғы мемлекеттік чиновниктердің сипаттарымен ұштасып жатады. Бұл мәселенің I.Есенберлиннің тарихи романында осыншама кең ауқымда берілуі жазушының терең де нанымды психологиялық талдауларының бұл орайдағы мол тәжірибе жинақтауының нәтижелеріне байланысты. Осы орайда атақты поляк баспагері Кристина Даммның жазушыға жазған хаттарының біріндегі мына жолдар еске түседі: «Сіздің кітаптарыңыздың үстінгі қабаты – тарихи, ал мен үшін сіздің

романыңыз – бұл билік туралы өте қызықты философиялық тракт. Сіздің толғаныстарыңыз әмбебап және терең даналық....» [37]. Демек, роман өзегінен өзіміздің, өз дәуірімізді жақсы түсіну үшін бабалар болмысы, мінез-құлқы мотивтерін түсіне білу керектігі аңғарылады. Егер қазіргі саяасаткерлер Есенберлин шығармаларының тұнғыиық терең сырларына бойлай білсе, оның кейіпкерлерінің тағдырынан өз тағдырын да көре алатыны сөзсіз. Жазушының «Қаһар» романында да бұл сипат ерекше көрініс тауып отырады. Өмірін халық тағдырынан бөліп алуға келмейтін, бойында жақсылық нұры алаулаған тарихи тұлғалардың кедергі болар кесапат қасиеттерін де қатар өріп бейнелеу арқылы көмілген тағдырды көтеріп, шөгінді ойдан аршып алуға I.Есенберлин жасаған барлаудың сипаты осындай. Жазушы жасаған образ әлемі ойлар мәйегіне бастайды. Өткеннен сыр ұқтырады, тарихтан тағылым ұсынады. Халық бірлігі, бірігу идеясы І.Есенберлин эпопеясында басты желінің бірі боп тартылған. Ол әсіресе, Керей-Жәнібек тұсынан өрлеу алып, кітаптан-кітапқа көшкен сайын жаңа сипаттағы бағытта үзілмей жалғасып отырады. «Алтын Ордада» одақтастық, бірігу нысанасы өзге жұртты шабу арқылы олжа табу, оған үстемдік етуге бағытталған еді. Ал қазақ ұлысының құрылуы мен қалыптасу дәуірін бейнелейтін «Көшпенділердің алғашқы» екі кітабында бірігу идеясы өзгеге үстемдік жүргізу үшін емес, шабуылдан қорғану, үстемдікке қарсы түру мақсатында кызмет етеді. Өмірлік маңызы жоғары бүл тақырып трилогияның соңгы бөлігі «Қаһарда» да ерекше дами түседі. Бірігу идеясы, халық тұтастығы мәселесі кітаптың өнебойында көрініс тауып, нысана айқын сезіліп отырады. Бұл бағытта Кенесары хан образының сомдалуында оның драмалық және трагедиялық қайшылықты тағдыры да өзіндік сипат алады. Өз халқы Ресей империясының вассалы болуын қаламаған ол, Ресейге қарсы шығады, патша әскерімен аяусыз күреседі. Оның бар ойы оз халқының еркін, әрі тәуелсіз, өз отанының күшті де бірлікте болғанын көргісі келеді. Жазушы Кенесары әрекеті арқылы ең қиын да күрделі шайқас империялық саясатқа, отаршылыққа қарсы күрес екені жөнінде ой түйінін тастайды. Мезгіл мінезін аңғару, уақыт сырын түйсіну бағдарын меңзейді. Империя күшағында отырған ел үшін бірлік ұғымы қанша күшейіп, қажеттігі артқан сайын ірітіп, ыдырату мен болдырмаудың жолы айқын, тәсілі жойқын сипатын ишаралайды. Сондықтан да сол кезеңде Кенесары стратегиялық жағынан қателескенін мойындау тұрғысынан көрсетіледі. Тарихи романның соңында өз тағдыры талқыға түскен, өз Отанын жоғалтқан және өз Отаны бақытсыздыққа ұшыраған Кене ханның трагедиясы болғанын бейнелейтін сәт осылайша көрініс табады.

II-ТАРАУ

ТАРИХИ ТАҒДЫР: СЮЖЕТ, ОБРАЗ ЖӘНЕ ИДЕЯ

Жеке адамды, елді, дәуірді бейнелейтін тарихи образ дегеніміз – шындық айқын көрініс табатын тұтас сурет. Осы тұрғыдан келгенде зерттеуші А.В.Гулыганың мына пікірін еске алу керек сияқты. «Историк заявляет видеть событие, но только так, чтобы читатель не забывал о том расскаянии, которое отделяет его от них. Историк заставляет думать, опередуя лишь реальными, неискаженными фактами протест на его страницах появляется в том случае, когда он поражден действительностью» [1, 68]. Жазушы үшін тарихи фактілер, болған оқиғалар, тарихи тұлғалар алғашқы негіз ғана. Ол түрлі көркемдік әдістерден, шартты түрде суреттеу тәсілдерінен бой тарта отырып, өмірдің өзіндегідей етіп жазғанының өзінде ол тарихта болғандағыдан өзгеше болып шығады. Ол тарихи шындықты калпына келтіре отырып, оны көркем түрде қайта туғызады. Әдебиеттің атқаратын этикалық, эстетикалық айрықша қызметімен ештеңе теңесе алмайтынына дәлелдің қажеті жоқ. Онда халықтың арожданы, арман-мүддесі, асқан асу, жүрген жолы, тарих көшіндегі көрген қызық, бастан кешкен қиындығы көркем бейнеленіп, оның этикалық, эстетикалық мұрат-мақсаттары көрінетіндігі белгілі. Олай болса кеше өткен тарихты айта отырып бүгінгі заманды пайымдау әдебиетте қалай көрінді деген сұрау түйіні – күн тәртібінен түспейтін, өзектілігін жоймайтын мәселе. Өткенді ойлау өткенмен ойнаудан сақтандырады. Кешегіні ойлау – кемел келешекті ойлау, бүгінгіге бойлау. Бүгінгі жаксылық та, жамандық та – кешегінің жалғасы. Бәрі де өткеннің жемісі, кешегінің салдары. Өткенімізге сын көзбен қарау, бұра тартпай объективті қорытындылар жасау өмір талабы мен коғамдық ойдың даму зандылығынан туып отырған уақыт қажеттілігі. Халықтың өткені көптеген тарихи романға таусылмас деректеме береді. Ол – бүгінгі тұстастарымыздың түсінігі мен танымының тарихи қалыптасу сипатын көрсететін жәй. Кеңестік дәуірде дүниеге келген тарихи роман бүгінгі таңда тереңірек үңілуді талап етеді. Ол бабалар тұлғасын пайымдап, ұмытылмас бейнесін, лайықты ерлік істерін салыстыруға мүмкіндік береді, қазіргі және болашақ ұрпақтарды тәрбиелеу үшін қызмет етіп өмір сүреді. Тарихи тақырыпты игерудегі көркемдік сипаттың бірі де осы. Қазіргі заман мен өткен тарих арасындағы терең тамырлы байланысты көркем әдебиет арқылы бейнелегенде суреткердің эстетикалық мұратмақсаты қалай көрінуге тиіс, тарихты танудағы әдебиеттің әлеуметтік миссиясы не, тарихи тақырыптың ерекше құлшыныс құштарлықпен жазылуы сол ел әдебиетінің кәмелеттік өсу дәрежесінің айғағы бола ала ма, дәстүр мен жаңашылдықтың белгілі бір кезеңдегі бір-біріне өзара ықпалы болуы мүмкін бе, ұлттық сана-сезімнің ояну эволюциясы қалыптасу процесінің әдебиет

дамуына тигізетін игі әсерлері қандай көркемдік факторлардан көрінеді? – деген сауалдарға жауап іздегенде ғылым мен әдебиеттің тоғысу сипатын пайымдауға тура келеді. Тарихи кезең сорабын құжаттық негізде қалпына келтіру, шын болған оқиғаны, адамдар әрекетін қаз-қалпында баяндау – негізінен тарихшы ғалымға тән басты сипат. Тарихшы жорамал мен қиял аймағына кіре алмайды. Тек типтік көрініс жиі кездесіп тұрса және оны айқын көрсеткен жағдайда ғана оның әңгімесі эстетикалық құндылыққа ие болады. Бұл орайда тарихи зерттеу объектісінің өзі эстетикалық құрылым болып табылады. Яғни, тарихи жинақтау әлемді танудың эстетикалық және теориялық өзіндік синтезін камтиды. Әдеби теориялық және эстетикалық бағаның даму барысында қалыптасқан теориялық категориялар «қиялдан қосу» мен «болжалдап айту» өнердің әр дәуірдегі даму процесінде күшті өзгерістерге түсетін құбылыс екені белгілі. Өнертанушы мамандардың айтуынша, қиялдан қосу – суреткердің реальды шындықты дәл өмірдегідей, өмірді қаз-қалпында суреттеуден ауытқу құралы. Ал болжалдап айту – тарихи шындықты көп әсірелемей, негізін сақтай отырып суреттеу тәсілі [2]. Әдебиет жәйлі айтылған пікірлердің тарихына көз салсақ, сонау қайта өрлеу кезеңінен бастап, өнер танушылардың әлемдік өкілдерінің пайымдауынша көркем образ жасаудың бірден-бір тәсілі – қиялдан қосу. Әр үлкен суреткер қиялдан қосу мен болжалдап айтудың өзінше үлгісін жасамақ. «Бұл құбылыс халық өмірінің, ел тарихының құнарлы кенін қопарған тегеурінді дарын» [3, 302] – І.Есенберлиннің тарихи эпопеясына да тән. Тарихи роман жөніндегі зерттеулердің байыптауларына көз [4,142] салғанда шығармадағы қиялдан қосу мен тарихи шындықтың арақатынасы мәселесіне ылғи да назар аударылып отырады. Бұл жұмыстарда «қиялдан қосу» мен «болжалдап айтудың» жалпы теориясы, оның әдебиеттегі рөлі, жанрдың типологиялық белгілерін анықтаудағы қызметін пайымдауға талпыныс жасалады [4]. Қиялдан қосу – дүниені өнерде, өнер әлемінде бейнелі түрде танудың құралы. Өмірлік негіз бен көркем қиялдың тоғысынан тұратын көркем образ өнер құбылысы болып табылады. Бұл тұрғыда қиялдан қосу – өнердің табиғатын анықтайтын басты сипат. Сондықтан да шығарма жазуда жазушы өзінің творчествосында жүйелі образ туғызуды, содан соң барып оны көркем бейнелеуге қажетті тәсілді таңдайды. Айталық жазушы өзінің шығармасына өмірде нақты болған тарихи тұлғаны кейіпкер етіп алып, жазып отырған күннің өзінде, сол тарихи адамның сипатын шығармаға өмірде болған күйде көшірмейді, оның басты қасиеттерін, өміріндегі үлкен әрекеттерін негіз ете отырып, өз прототипін көркемдік құралдың құзырына бағындырып, жаңа әдеби тұлға жасайды [4].

Эстетикалық сипат, көркемдік таным тұрғысынан келіп тарихи шығармалар табиғатына үңілгенде олардың әрқайсысынан өзінше өрнек табуға, өзгеше ойға баруға болады. Тарихи роман жазатын қаламгер белгілі бір кезеңге назар аудара отырып, оның бүкіл болмысын хатқа түскен шындық, құжаттар мен фактілер арқылы ашады. Сондықтан тарихи шығармада тарихи факт көркем бейнелеудің негізгі өзегі болып табылады. Рас, ең алдымен құжаттың фактімен қаншалықты сай келетініне назар салу ләзім. Егер қолға түскен, мұрағаттан табылған мемлекеттік іс-қағаздар, жарлықтар т.б. құжаттар болса, олар өмірлік фактілермен сәйкес келетіні сөзсіз. Ал, құжаттар қатарына жататын хаттар, күнделік жазбалардың барлығын тарихи факт ретінде қолдана беруге болмайды. Әдебиет дамуының қиян-соқпақ ұзақ жолына көз салған жайда, тарихи шығармаларда құжаттарды пайдаланудың түрлі тәсілдерін байқауға болады. Оның даму эволюциясында фактографиялық материалды, тарихи фактіні көркем типтендірудің негізіне айналдыруға дейінгі ұзақ процесс жатқанын көреміз. Қаламгерлік тәжірибеде құжаттарды пайдаланудын екі тәсілін айрықша айтуға болады. Бірінші тәсілде құжаттық факт шығарма элементіне айналып, суреттеліп отырған дәуірдің кең картинасын бедерлеуге кызмет етеді. Тарихи романды құжатқа негізделген басқа өнер шығармаларынан ерекшелейтін тәсіл де осы. Екінші тәсілде де құжат сол қалпында немесе көркем қорытылып шығармаға енгізіледі де композиция элементі ретіндс қызмет атқарады. Тарихи құжат қаламгер үшін сол кезеңнің кейбір белгілерін танытуға ғана керек болғандықтан, бұл тұста құжат фактілері суреткер қиялында қорытылып, шығарманың идеялық мұратына бағындырылады. Бұл тәсіл аса шеберлікті керек етеді. Себебі, құжаттан өзгертілмей алынған жалаң үзінділер, құрғақ фактілер шығарманың көркем табиғатына нұқсан келтірмеуі ләзім. Алайда, бұл екі тәсіл әр шығармада өзінше сипатқа ие болып, іштей түрленеді, өзіндік бір көркем күйге енеді. Осы тұрғыдан келгенде көркем шығармаларға пайдаланған тарихи деректер мен оны қиялы арқылы өзгеріске түсіріп немесе жетілдірген көркемдік шеберліктің жігін ажырату әдебиеттану ғылымындағы өзекті мәселенің бірі болып табылады. Бұл мәселе – ежелден келе жатқан күрделі проблема. Қазақ әдебиетінің тарихында тарихи романның жаңа үрдіс, өнегесін әкелген І.Есенберлиннің «Алтын Орда» және «Көшпенділер» трилогияларының да тұтас табиғатына осы тұрғыдан көз салған жайда, бұдан өзге талай қызық мәселелердің қылаң беретінін байқаймыз. Қос трилогияның қамтыған кезеңі бірер жыл емес. Тіпті белгілі бір тарихи кезеңде емес, жеті жүз жылдық тарихты, қазақ халқының қалыптасуы мен қабырғалы ел болғанға дейінгі сан түрлі уақыттардың тоғысы көрінетін әлденеше ғасыр оқиғасы суреттеледі. Бұл кезеңдерге қатысты тарихи деректермен түрлі құжаттар, ауызекі мағлұматтар жеткілікті

екені де белгілі. Сырттай қарағанда, сол ұлан-ғайыр деректерді шығарма табиғатымен салыстырса болағаны зерттеуші жүгін жеңілдете түсетін тәрізді көрінгенімен, олай емес. Бұл жолдағы іс-әрекеттің күрделі сипаты мынада. Қазақ халқының көне тарихына қатысты деректер әлі күнге жүйеге түсіп, толық жарияланған емес. Жаңа-жаңа қолға алына бастағаны да көпке аян. Оның үстіне көпшілігі араб, парсы, шағатай тілдерінде, орыс, қытай жылнамалары мен көне түркі, араб жазуларындағы қолжазбаларда жатқаны белгілі. Бұған қоса, әр кезеңдегі саяси көзқарастар мен тұрпайы социологиялық танымдардың әсеріне байланысты бұл деректердің барлығы ғылыми тұрғыдан әлі күнге толық сараланып, лайықты бағасын ала қойған жоқ. Осылайша көптеген ұлы оқиғалар «жабық тақырыпқа» айналып, тарихи тұлғалардың аттарын ұмытуға басты себеп – Кеңестік солақай саясаттың салқыны еді.

Көркем шығарма жазушы қиялында қорытылып, екшеліп, өзінше басқа түрге енген творчество жемісі. Яғни, ол кейде тарихпен сәйкес келе бермейтін, тарихты сол қалпында қайталамайтын, алайда, сол өткен тарихты оқушы көз алдына елестетіп, қайта тірілтетін, өзінше сөйлететін өзгеше жеке бір әлем. Тарихи романдарда фактілер автор ойымен қорытылады, артта қалған дәуір оқиғалары мен құбылыстар бір шығарма кезеңіне тоғыстырылып, тарих шындығына сәйкес көркем шындық жасалады. Сондай-ақ ол бүгінгі кезең талабына жауап беріп, келер күндерге де қызмет етуге бағытталады. Тарихи тақырыпқа қалам тартқан жазушының тарихқа деген субъективті көзқарасы таным түрінде айқын аңғарылуы ықтимал. Философиялық таным – субъектінің дүниеге көзқарасын, тіршілік жөніндегі танымын, этикасын қамти отырып субъектінің дүниеге, қоғамға, кісілік өмірге ұстайтын позициясының жиынтығын меңзейді. Демек, бұл таным – объективтік танымның өзегі деуге тұратын таным. Тарихи тақырыпқа барған жазушының субъективтік сана құрылымындағы барлық танымдық факторлардың ішінде негізгі жетекші орында тұрады. Ол субъектінің өзге де танымдық факторларымен әдеттегі салалас қатыста ғана емес, түптеп келгенде, олардың бәрін меңгеіп тұрады. «Субъектінің күллі танымдық құрылымының бәрі түгелімен осы философиялық танымның меңгеруінде, жетегінде» [5, 55] болады. Әсіресе, кейбір ірі тарихи мәселелерді қозғағанда және жалпы тұлғалық, макролық танымдық әрекеттер барысында қандай философиялық көзқарастың болуы субъектінің танымдық қорытындысында аса шешуші мәнге ие болады. Яғни, философияда тарихтың болмауы мүмкін еместігін көрсетсе, ол тарихи зерттеу мен тарихи туындыда философияның болмауы кисынсыз екенін дәлелдейді. «Шығармада баяндалған фактілерді соған сәйкес құжаттармен, тарихи деректермен салыстыру – белгілі дәрежеде тарихи шығармалардың объективті негізін ашуға мүмкіндік беретін сипат. Алайда ол қыруар еңбекті қажет ететін, тарихи деректі образ әлеміне айналдырудағы жазушының қиял қарымын байыптау, оның өзінің айтайын

деген түпкі ойына бағындыру, шеберлігін айқындай білуді керек ететін нәрсе. Бұл орайда әңгіме тарихи шындықтың көркемдік шындыққа айналудың авторға тән ерекшелігін саралауда болып отыр. І.Есенберлиннің «Көшпенділер» тарихи трилогиясының жанры жөнінде кезінде қазақ ғалымдары, роман жанры бойынша терең зерттеулер жүргізген Р.Бердібаев [6,142] пен Ш.Елеукенов [7,108] еңбектерінде «роман хроника» деп анықтама берілген. Дей тұрғанмен бұл пікірлер шығарма жазылған тұстағы көзқарасыңғайға бағындырылған ой-тұжырым екенін ескеруіміз керек. Бүгінгі көзқараспен қарап, шығармадағы идеялық мақсат тұрғысынан баға берілу ләзім. Рас, трилогияда жазушының лирикалық шегіністерге, арғы-бергі дәуірлерге ауысып отыратын тұстар да жеткілікті. Суреттелетін негізгі оқиғалар, бас кейіпкерлер – тарихта болған, белгілі деректерде сақталған оқиғалар мен тарихи тұлғалар. Шығарма табиғатынан бір айқын аңғарылатын нәрсе, жазушы шығарма жазуға үлкен дайындықпен келгендігі. Яғни, ол әр кезеңдегі тарихи деректер мен мағлұматтарды мол жинаған, ғалымдар еңбектерін барынша оқып танысқан, тереңдей зерттеген. Рас, шығармадағы тарихи деректердің молдығы, автордың сол тарихи мағлұматтарды кейде сол қалпын өзгертпей қолдануы, дерек жетегінен ұзап шыға алмай қалатындығы трилогия табиғатындағы басты кемшілік ретінде танылып кезінде сын айтылған. Мұндай сын айтылуына шығармада автордың тарихшылар еңбегінен үзінділер келтіруі, өзі дерек алған зерттеу еңбектер жөнінде мағлұмат беріп, роман сюжетіне пайдаланған материалдың негізіне бағыт сілтеп отыруы себеп болады. Алайда бұл деректердің барлығы шығарма жазылған кезде тарих пәні тұрғысынан көпшілікке таныс емес еді. Қаламгер сол олқылықтың орнын толтыруды көздегендіктен осындай өзіндік тәсіл қолданған деуге болады. І.Есенберлин ақтарған тарихи деректердің оқырманға бірден белгілі болып айқындалып тұрған бөлігі осылайша көрініс тапса, ал оның көркем шығарма өзегіне сіңіп кеткен мол бөлігінің дерегін табу тіпті де оңай емес. Бұл тұста жазушының тарихқа ұстанатын субъективтік санасының бір саласы – білім негізі тұрғысынан келсек, тарихи тақырыпқа барушы І.Есенберлиннің іздену, зерттеу барысында жинақтаған білім деңгейін пайымдауға болады. Білім негізі дегеніміздің өзі – бір адамның білім қабілеті, білім құрылымы, сондай ақ сол білім өрісінде қол жеткізген ойлау формасы, таным-тағылым қуаты. Бұл түйінді одан әрі таратар болсақ, білім қабілеті дегеніміз – субъектідегі бар білімнің өз саласын зерттеуге сәйкестендірілген, қажетті қалып; ойлау формасы дегеніміз – субъектінің білімді жүйелеу, білім құрылымын қалыптастыру барысында тауып алған ойлау әдісі. Яғни, ол белгілі бір білім қабілеті білім құрылымымен байланыста болады, әрі оны өзіне негіз етеді; ал таным-талғам қуаты дегеніміз – субъектінің қабылдау, түсіну, қолдану және жаңа ұғымдар тарату қарымы деген сөз. Міне, осы факторлар өзара кіріге келіп, өзара ықпалдасып, қосылып келіп, танымдық субъектінің өзіне ғана тән білім негізін айқындайды.

Адамдардың жайшылықтағы танымдарында, ұқсас дипломы бар адамдардың білім негізі де ұқсас сияқты болып келеді. Іс жүзінде туа біткен қабілет-қарымның, шарт-жағдайдың, өмірден оқып-тоқығанның, субъективтік тырысушылықтың, еңбекқорлықтың әсерінде ұқсас диплом алып шыққан адамдардың шынайы білімі мен таным-талғам өресінің ұқсас бола бермейтіні белгілі. Яғни, әр танымдық субъектінің білім негізінің өзіндік ерекшілігі болады. Міне, мұның өзі – тарихи танымның мазмұнын байытып, формасын түрлендіре түсетін маңызды фактор. Білім негізі субъективті сана-сезімдегі маңызды фактор ретінде, субъективті сана жетпек болған таным-талғам биігінің ақиқат өлшемі болып отырады. Сондықтан жоғарыда сөз болған философиялық көзқарас пен саяси тұрғы субъектінің танымдық қимылына бағыт-бағдар беріп отыратын болса, білім негізі субъектінің танымдық табысының ғылымилығына негіз қалап береді. Ілияс Есенберлиннің тарихи шығармаларын талдау барысында бұған айқын көз жеткізуге болады. Қайсар мінез, қажырлы еңбек тұңғиық білім негізімен ұштасқан жазушы болмысын танимыз. Жазушының баяндау тәсілі, кейіпкер толғанысы, психологиясы арқылы берілетін ой қорытулар, философиялық түйіндер осыны көрсетеді. «Ажал – үстемдігіңді жүргізудің ең берік құралы емес пе? Бабасы Шыңғысхан бүкіл әлемді осы ажал арқылы бағындырмақ болған жоқ па еді? Калың бұқараны өліммен әлдилеуден Шыңғыс ұрпағынан шыққан қай хан тартынған?» [8,6]. Бұл сол әлемді тітіркенткен, жер қайысқан қалың қолмен солқылдатып Шыңғысханның ұрпағы Әбілқайырдың монологынан үзінді. «Әбілқайыр ірбіз терісінің үстінде аунап түсіп», [8, 6] толғанып жатыр. «Көшпенділер» трилогиясының бірінші кітабы «Алмас қылыш» ДештіҚыпшақтың бағы тая бастаған жеке билеушінің осы ішкі толғанысымен басталады. Ел басқарудың тауқыметі жанын жегідей жеп, ауыр ойға батып отырған Әбілқайырды көреміз. Романның сюжеттік желісіндегі өне бойы тамыр тартып таралып кететін болашақ ұлы оқиғалардың негізгі көзі – осы Әбілқайырды ішқұстаға салған толғаныс. Шиеленіскен түйіннің шешімін таба алмай, шерменде болған Әбілқайырдың арғы-бергі ата-баба дәстүрін ойға түсіріп, толғанысқа берілу сыры романда былайша суреттеледі; «Көк Орда ел-жұртын жеке билеп келген Әбілқайыр мен қазақ ордасын бөліп алам деген Жәнібек сұлтанның таласы әлдеқашан-ақ басталған. Бұлар бір-бірінің жан алқымынан ала түсер көкжал қасқыр мен арлан тазы теңдес. Араларында бітім болуға тиіс емес. Бірақ әлі қарсы шабар күн туған жоқ, тек қазір сол күнді күтіп жүрген жағдайлары бар» [8,15] – деп, сыр сабақтайды автор Әбілқайыр хан мен Жәнібек сұлтан арасындағы тартыс жайында. Ал осы тартыстың түп-тамыры қайда жатыр? Жәнібек пен Керей әрекеті Әбілқайыр Шыңғыстан бастап ата-баба тарихын еске түсіре отырып ой түйіндегеніндей, билік үшін күрес, таққа талас қана ма? Кейін бүкіл бір мемлекеттің құрылуының, халық болып қалыптасуының басында тұрған

азаматтар туралы Әбілқайыр ханның ой қисыны өзінің жеке билеушілік пиғылының көрінісі екені оқиға желісінде байқалып отырады. Романдағы жанжал сыры неден басталатыны көрсетілетін тұсқа назар аударайық: «Бұл мезгіл сонау Соғды жері мен Еділ өзенінің жағасына дейін Ұлы Дәшті Қыпшақ даласын жайлаған түркі тұқымдас елдердің екіге бөліне бастаған шағы еді. Шаруашылығына қарай Мауреннахр деп аталатын Жейхун мен Сейхун дарияларының ортасында тұрған түркі руларының көбі КүншығысОңтүстігіндегі, түбі көшпелі ирандықтар, өзі тәрізді егіншілікпен шұғылданатын отырықшы Соғды елімен қауымдасып, өзбек халқының іргесін қалай бастаған. Ал, Сейхун дарияның орта шенінен төмен карай сонау Еділ, Жайықтың арғы бетіне дейін көшіп жүрген түркі тұқымдас рулар өзі тәрізді мал бағатын, Жетісу бойындағы көне заманнан келе жатқан Үйсін, Дулат, Жалайыр, Қаңлы тәрізді салты мен дәстүрі бір рулармен бірігіп, қазақ деген ел болсақ деп талпынған-ды. Осы кездегі бүкіл Дәшті Қыпшақтың ханы Әбілқайыр өз ордасын қазақ даласына тіксе де, жаулап алған жерлері сол Мауреннахр, Соғды, Қорасан жағы болғандықтан, көңілін көбінесе осы тұсқа аударған. Солардан қыз алып, Орда салтына да көбіне Мауреннахр елінің әдет-ғұрпын көшіре бастаған. Қарамағындағы көшпелі елдерге алым-салықты көп салып, оны тек бөтен жұртты шабатын әскерге жұмсап, халықтың күйін нашарлатып жіберген. Және өзі де Дешті Қыпшақтың даласынан гөрі Мауреннахр шаһарларының бірін хан Ордасы етуді дұрыс көрген. Бұның бәрі көшпелі Дешті Қыпшақтың асау жылқы тәрізді, арда руларын ханнан шошытуға айналған. Өзінің шаруашылығын, дәстүрін, салт-ғұрпын – бәрін түбі Мауреннахр тұрғын елінің дегеніне қарай айналдырғысы келгенін сезген Дәшті Қыпшақ тайпалары енді Әбілқайырдан іргесін әрі салуды ойлаған. Осы тілектің туын көтерген басты адам – Жәнібек сұлтан» [8,13]. Дәл осы тұста өзімізге тұстас дәуірдің де елесі айқын көрініп тұрғанын айтқан жөн. Мемлекеттік табыстың үштен екі бөлігін әскери мұраттар үшін жұмсаған Кеңес кезеңі, ұлттық дәстүр, салт-ғұрыптан айрылмауға тырысқан 20жылдардағы қазақ зиялыларының болмысы атой беріп тұрғандай. Жәнібек пен Керей бастаған қазақ жұртының Әбілқайыр хан құрамынан жырыла көшу сипатын баяндайтын аңыздық желі мен тарихи еңбектердегі деректерге назар аударайық. Әуелі Шәкәрім қажы қағазға түсірген аңызды келтірейік: «1455 жылы әз Жәнібек немере інісі Шаһгерей ханменен тамам қазақты алып, Әбілқайырға өкпелеп Шудағы Шағатай нәсілінен Есен Бұғаның баласы Тоқлуқ Темірханға қарады. Әбілқайырға өкпелеген себебін біздің қазақ былай айтады. Біздің арғындардың арғы атасы Дайырқожа ханның сүйікті қазысы екен, әділ айтқандықтан Ақжол атаныпты. Және Қара Қыпшақ Қобыланды батыр да Әбілқайырға сүйікті екен. Екеуі ішінен жауласып жүргенде, бір күні далада Қобыланды батыр Дайырқожаны өлтіріп кетіпті. Әз Жәнібек хан біліп, Қобыландыны шариғат бойынша қысас қылып өлтіруге сұрапты. Әбілқайыр хан берейін десе, көп қыпшақ бұзылатын болған соң, бере алмай, үш кісінің құнын алып бітім қыл

деген соң, Әз Жәнібек хан өкпелеп кеткен» [9, 22–23], – дейді. Белгілі жазушы, ғалым М.Мағауиннің «Қобыз сарыны» монографиясында да осы дерек дәл берілгсн [10,13]. Дайырқожаны Қобыланды өлтіргеніне байланысты шыққан Қодан тайшаның өлеңі жайлы М.Әуезов те айтқан [I1, 48–49]. Әдебиетші ғалым Ж.Тілепов «Елім деп еңіреген-ерлер жыры» деген зерттеу еңбегінде өз ойын осы дерекпен ұштастырады [12, 23–24]. Ал тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и-Рашиди» атты белгілі еңбегінде былай деп баяндайды: «Ол кездегі Дешті Қыпшақты Әбілқайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарға күн көрсетпеді. Нәтижесінде Жәнібек хан мен Керей Моғолстанға көшіп барды. Есенбұға хан оларды құшақ жая қарсы алып, Моғолстанның батыс шегіндегі Шу мен Қозыбас аймақтарын берді. Олар барып орналасқан соң Әбілқайыр хан дүние салды да, өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды. Ірі-ірі шиеленістер басталды. Оның үлкен бөлігі Керей хан, Жәнібек ханға көшіп кетті. Сөйтіп, олардың маңына жиналғандардың саны 200 мыңға жетті. Оларды өзбектер «қазақтар» деп атады. Қазақ сұлтандары 870 жылдары (1465-1466) билей бастады...» [13,95]. Романның сюжеттік желісімсн аңыздық және тарихи деректерді салыстыра қарағанда, жазушы екеуін де өз ой мақсатына жаратқан. Жазушы тарихи деректен де, аңыздық деректен де алшақ кетпеген. Шығармада осы деректерден өрбіп, дамыған жазушы болжалын айқын танимыз. Осы деректердің романдағы көрінісіне көз жүгіртіп көрейік. «Жәнібек пен Керей Моғолстан ханымен бір ай бірге болып, бір ыдыстан ас ішіп, бір ауыздан сөз шығарысып, тату-тәтті бітімге келді. Исан Бұғы көшіп келген қазақ руларына бүкіл Шу, Сарысу, Талас, Бадам өзендерінің бойы мен Қозыбас, Қаратаумен Моғолстанға қарайтын теріскей жағын тегіс қонысты берді» [8,174]. Осылайша, роман желісіне негіз болған жоғарыдағы дерек романда өзгеріссіз көрініс тапқан. Бірақ мәселе деректің көркем шығармада нақты көрініс табуында емес, тарихи еңбекте осы бірер сөйлеммен берілген тұжырымның жанды көрінісінің көркем туындыда қалай бейнеленуінде. Романдағы оқиға желісінің көп мөлшері казақ хандығының пайда болуының тарихи алғы шарттарын көрсетуге құрылған. Жазушының жоғарыдағы мағлұматтарды пайдаланғанына шүба келтіруге болмайды, өйткені тарихи дерек, жазба құжаттар шығарма өзегіне көп бұрмаланбай, нақты көшкен. Қаламгер сол дерек, мағлұматтарды көркем шығарманың құрылымына ендіре, қиялда қорыта отырып өзінше дамыта пайдаланған. Қобыландының Дайырқожаны абайсызда өлтіруіне негізгі себеп ретінде, жазушы Қобыландының Әбілқайырдың қызы ГүлбаһрамПатшайым сұлуға дәмеленуін келтіреді. Ал Ақжол би сұлудың сүйгені Саян батырды қашырып, көмек көрсетеді. Әрине, бұл әрлендіру мақсатындағы жазушы қиялының тарихи деректі дамуытуынан туған қисын. Дей тұрғанмен, осы бағыттағы жазушы ойына еріп, екі алыптың соқтығысының басты себебіне терендей үңіліп зерделесек, оның тізгіні хандар қолында

жатыр екен. «Әбілқайыр Ақжол мен Қобыландының арасына астыртын шоқ тастап шиеленістіре түскен» [8,95]. Ондағы мақсаты – енді ғана одақтас бола бастаған Арғын, Қыпшақ руларының арасына жік салу. Алайда Әбілқайырдың бұл тұстағы ойы белгілі дәрежеде іске асқанмен, түбегейлі мақсатына жете алмайды. Керісінше, Әбілқайыр әрекеті Жәнібек пен Керейге сылтау болады. Ақжол бидің өлімі Әбілқайыр теперішіне әзер шыдап отырған елдің ашу-ызасын тудырып, Жәнібек, Керей сұлтандарға ерулеріне себеп болды. Бұл жерде жазушы тарихи деректер негізінде көркемдік әрлеуді дамыта тамаша пайдаланған. Осы орайда айта кететін бір нәрсе, бұл кезеңді суреттегенде жазушыға М.Мағауин зерттеуінің септігі тигендігі айқын байқалады. Романда Әбілқайыр Исанбұғы, Шайбани, Жәнібек, Бұрындық секілді хандар, Саян, Орақ сияқты батырлар, Асан Қайғы, Қотан, Қазтуған сияқты ақындар, уәзірлер, билер, білікті әйелдер, қыздардың нақты бейнелері әр қырынан көрінеді. «Алмас қылышта» сонау Шыңғысханның Орта Азияға жасаған шапқыншылығынан бастап, он бесінші ғасырдың екінші жартысына дейінгі дәуірдегі оқиғалар да бірде Әбілқайырдың ойы, бірде жыраулардың, билердің, кейіпкерлердің еске алуы арқылы қажетті тұстарда сыздықтатып беріліп отырады. Жазушы қалыптасқан тарихи шындыққа ханның қара басының тұрғысынан қарай отырып ой жібереді. Әбілқайыр Шыңғыс ұрпағынан шыққан бұрынғы билік жүргізу әдістерінің күні өтіп бара жатқанын айқын сезді. Оны ойға шомылдырып, жан толқынысына түсірін отырған халық бұрынғы замандардағы қамшының табымен-ақ үйіріп алып, айдап басқара беретін тобыр емес. Ханды қапаға түсіріп, тұңғиық ойға батыруының өзінен халық бейнесінің батырлық сипаты тұлғаланып көрінеді. Ханның қасіреті де, ордадағы ойранның қозғаушы күші де міне, осында, халыққа сүйенбей хан билігінің қараң екендігінде жатыр. Дешті Қыпшақ хандығын күшейтудегі алғашқы күрестердің өзіне сенімді құрал еткен көшпелі рулардың қазір теріс қарай бастағанын Әбілқайыр тек сұлтандардың қастығынан көреді. Ал Жәнібек болса, осы ру таластарына өзгеше қарайды. Тарихи шындықтан негізін ала отырып, жазушы Жәнібек тұлғасын ел басқарудағы өнегелік бағытқа меңзейді. Ол өнегелік үлгі ханның өз мақсатын халықтың арман-мүддесімен орайластыра біліп, халық тілегінің жолында бел шешіп кірісу екенін меңзейді. «– Шырағым Жәнібек, – деген оған халық өкілі ақсақал, ... – Көк Ордадан руларыңды бөліп ал. Өзгенің жер-суына қызықпайтын, өз еліне жат жұрттай ауыр алым-салық салмайтын жеке шаңырақ көтер» [8,29]. Халықтың арманы, халық пен хан, жеке сұлтандардың арасындағы тартыс, қақтығыс, шиеленіс осы арнада өріс алады. Халықтың халықтығы, ханның хандығы, сұлтанның сұлтандығы заманына сәйкес тарихи шындық шеңберінде аян етіледі. Ал, осы орайда Саян батырға, хан үкімінің бірден шықпай қалуы да халықтың ызғары, ханның халықпен санаспауға

қалмағандығын куәландырады. Хан ұрпақтарына керек қызмет атқаратын ежелден қалыптасқан шапқыншылық заманда әскери арасы бұзылмауын қамтамасыз ететін, олжаға таласқанға өлім жазасын беретін мықты ереже бар еді. Ол Шыңғыс ханның жасысында айқын жазылған шарт болатын. Осы шарттың орындалмауы, халықпен санасып, оның дүмпуінен бой тарту ханның қаһарлы күшін қаймықтыра бастаған халық бейнесін айқындаса керек. Тарихтың қозғаушы күші боп есептелетін халықтың бірінші планға, алдыңғы орынға шыға бастауының белгісі. Романдағы ірілі-уақты оқиғалардың қай-қайсысы да халықпен байланысты, қазақ халқының төңірегінде өрбіп отырады. Жәнібек, Керей сұлтандар бас болып Көк Ордадан бөлініп шығуының өзінде жеке сұлтандардың мүддесінен гөрі халық мақсаты, халықтың мүддесі басым. Сондықтан да олардың соңынан қалың жұрт ілеседі.

«Қазақтың көшпелі рулары алмас қылыш, – деп ойлаған сұлтан Жәнібек, – егер жұмсай білсең – ол жауыңа айбар, жер суыңа қорған. Қара халық өз бетімен бірімен-бірі соғыспайды тыныштықты, достықты тілейді. Бар пәле бізде, хан, сұлтандарда. Қолыңдағы осындай күшті аужайлап пайдалана алсаң, ойыңдағыдай ұлы хандықты құруға болады. Ноғай, Қазан, Қырым, Астрахан хандары мен сұлтаңдары таламасын десең, арғы жағыңдағы ұлы жұрт – орыс елімен тіл тауып, одақтасқан жөн. Бірақ, осындай күнге жету үшін ең алдымен Әбілқайыр ордасынан бөліну қажет»[8, 29].

Бұл халықтың көкейіндегі мақсат – қазақтың елдігін, жер-суын сақтап қалудың жолы. Халықтың күшіне, оның халықтығына Әбілқайыр ханның көзі жетпеді. Шындығына келгенде ел тағдырын хан мен сұлтандар емес, халықтың өзі шешетінін ұқты. Халық-Батыр өз дегенін істеді, бой көрсетті, күш көрсетті, елдік-ерлігін білдірді. Ал, хан болса, жаралы арыстандай айбаттанғанымен, өзінің дәрменсіздігін көрді, қайратының жоқтығын аңғарды. Жеке оқиғалардың желісі, түп қазығы халықпен, қазақ халкының тағдырымен байланысып жатады. Мұның барлығы тарихи оқиғалардың, болған шындықтың, болмыстың негізінде айтылады. «Алмас қылыш» романында жеке адамдардың, кейіпкерлердің өміріндегі тартысы, өсіп жетілуі, оның халықпен сан-салалы байланысында көрсетіліп эпикалық сипатта баяндалады. Мұндағы оқиғалардың өріс алуы, дамуы тек халық атынан, ел тұрғысынан алып қозғалады. Керек жерінде халық өзінің күшін қаһарын, қимылын көрсетеді. Керек болса үкімін де шығарады. Әбілқайыр ханның іс-әрекеттерінің психологиялық жайларын логикалық тұрғыдан сыйымды етіп беруінде шығарма дүниеге келген дәуірдің сабақтастығы жатыр. Билік мұратының, өзге жұртты билеп төстеудің, империялық саясаттың қай заманда да ұқсас сипаттарын ойыңа салады. Әбілқайыр ойлау деңгейі жағынан таяз емес. Ел билеуде оның ұстанған өз саясаты бар. Қол астындағы ел – алмас қылыш. Оларды қайрап

қойып, әр руды бір-біріне айдап салып отырмаса, бірігіп кетсе, бой бермесін ол жақсы түсінеді. Өз мақсатына жету үшін ол нендей сұмдықтан да зұлымдықтан да тартынбайды. Бірақ ол біреудің қолымен от көсеп, сол зұлымдығы мен сұмдығын біреу арқылы жүзеге асырады. Жәнібекті, Саянды, Рабиу-Сұлтанбегімді, Гүлбаһрамды, Орақты, Ақжолды өлтіруге жасаған әрекеттерінен соны айқын көреміз. Хан тұқымына, ел билеушіге кісі тағдыры ойыншық сияқты. Әбілқайыр заманындағы бұл құбылыс шығарма жазылған дәуірде де солай болды. Жазушы бұл жайды нақтылап та көрсетеді, Әбілқайыр ойы арқылы да сездіреді. Бақтықожа уәзір Сүйіншікке: « – Хан тағына жетем деген адамда туыс та, туған да болмайды Әкешеше, іні-ағадан оған алтын тақ жақын. Хан болам деген адам өзінің туыстарына осылай қарай алса ғана мұратына жетеді. Кейде ата-ананың, бір туған бауырлардың өлігінің үстінен аттап хан тағына жетуге тура келеді. Өйтпесең, сенің өлігіңнің үстінен өз бауырларыңның біреуі аттап өтеді. Хан тағы тек тастай берік жан аямас мықтының орны...» [8,102], – дейді. Көпті көрген, көпті білетін уәзірдің аузымен айтылатын осы жолдарда хан тұқымдарына тән шындық жатқаны рас. Алайда оны бір қырынан, дәл осы мағынада ғана қабылдауға болмайды. Хан тұқымдарының таққа жету әдістәсілдерінің бір қырын, «қара бояулы» бөлігін жарқырата көрсеткен сәттердің өзінде басқарудағы өнегелі сипатын қатар көрсете алған. Хан тұқымына алтын тақ жақын екендігіне, туыстық сезімінен билік құру мақсатмұратының биік тұратын тұстарын келтіргенде жазушы ойының бағдары басқада жатыр. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп келетін халық даналығындағы қағиданың ой-тармақтарын қатар ала отырып, ел басқарудың күрделі тұстарын меңзейді. Хан тұқымдарының бойына жинақтап суреттеген қатыгездік үлгілерінен туысқа мейірімсіз қара жүрек қалыптан туыстықтың ғана тұрғысын ұстау да ел басының тұрлаулы іс атқаруына жан бітіре, көгерте алмайтын, кедергі келтіріп, аяқтан-шалатын келеңсіз құбылыс екенін астармен аңғартады. Өйткені, ел билігін ұстап отырған адамның қол мықтылығы, билік басындағы тұлғаның өзгеден оқшау қабілет-дарыны – мемлекеттің мықтылығы. Өз алдына хандық құрып, таққа отырғысы келген Жәнібек сұлтан да – терең ақыл, парасат иесі. Ол сол кездегі әлеуметтік шаруашылық жайды жақсы түсінген. Сондықтан да Әбілқайырдың қатесін өз мақсатына пайдалана отырып, ол үлкен іскерлікпен, ақылмен біраз рулардың басын қосып, ақыры қазақ халқының негізін құрады. Әбілқайырдың өлімі мен сол кездегі Орта Азия қалаларындағы жағдайлар Қазақ хандығының біраз күшеюіне мүмкіндік берді. Ал, Жәнібектің баласы Қасымның тұсында Қазақ хандығы тіпті күшейе түсті. Халық аузында «Қасым салған қасқа жол» деген мәтел бар. Сыншы халық бұл сөзді басқа хандарға айтпай, Қасымға айтуы тегін болмаса керек. Қазақ халқының басын құрап, хандықты күшейтуге Қасым аса зор еңбек сіңіріп, үлес қосты. Бұл туралы М.Мағауин өзінің «Қазақ тарихының әліппесі» атты кітабында жаңа көзқарас тұрғысынан байыпты пікір айтады [14|.

Жазушы Қасымның түбі ел бастар мінезін жастайынан-ақ таныта береді. Жәнібек көбіне өз баласымен ақылдасатын. Қасым әр кез әр істің, алдыартын жақсы байқап, дұрыс байлам айтады. Оның ақылдылығы, ұстамдылығы романда орынды берілген. Оның уәдеге берік, мәнді мінезі де сәтті суреттеледі. Саян батырдың да, Орақ батырдың да тағдырлары әралуан, бейнелері қызықты. Саян батыр адамгершілігі мол, ерлігіне серілігі сай ол бір кезде өзін өлім жазасына бұйырған Әбілқайырды да аңда жүргенде өлімнен сақтап қалады. Жамандыққа жақсылық ер адамның ғана қолынан келетінін танытты. Қызға таласып, Қобыланды осы Саяңды өлімге қиған еді. Кейін Жәнібектің бастауымен қазақ елін, хандығын сақтаймыз деп Әбілқайырға карсы күресте сол Қобыландыны да өлімнен құтқарып қалды. Бұл жерде Саян жеке бастың араздық, өшпенділігінен гөрі ел намысы мен мақсатын жоғары қоя білді. Бұл да оның мінезінің жаңа бір қырларын аша түсетін жайлар еді. Ру батыры, хан сарайының қорғаушысы болып көрінген Кобыланды да кейін халық мұраты үшін күрескен батыр болып шығады. Романда қазақ руларына аттары мәшһүр болған, қара басының қамы емес, бері ойласа рудың, әрі ойласа бүкіл халықтың қамын жейтін, айтамын десе ойы бар, сөйлеймін десе тілі бар, шындықты жасырмай, дұрысын мақтап, бұрысын сынап кейде тәтті, кейде қатты айта алатын ақын-жырауларға ерекше орын берілген. Аты аңызға айналған Асан Қайғы, атақты Сыпыра жыраудың немересі Қотан, қарға бойлы Қазтуған сияқты ақындар ел билеу саясаттарына да араласып, халық мүддесін қорғайды. Халықты ұлы мұратқа жұмылдыруда ақын-жыраулардың тарихи орны айрықша екені романда толымды сипатта көрсетілген. Бұқара халықтың мұң-зары, ауыр халі І.Есенберлин романдарының тұлғаланып көрінетін тұстары. Халық үшін таласта ауыр салмақ халыққа түседі, салық төлейтін де, қан майданда қырылып, қанды азапты бастан кешетін де, шапқыншылық көріп босатын да солар. Жазушы осыны тәптіштей суреттей отырып, олардың қоғамдағы орны мен рөлі туралы түйінді ойлар тастайды. Әбілқайырды тастап, Жәнібек пен Керейге ерген халық өз мүдделері үшін күресе біледі. Халық болып бірігіп, іргелі ел болу сол кездегі қазақ руларының тарихи қоғамдық сипатын танытса, осы мүддені пайдалана білген хандардың үлкен табысқа жетуі бұқара халықтың қолдауы еді. Қайткен күнде де халық зорлықпен емес, өз ықыласымен жұмылған кезде – орасан күш екені көрсетіледі. Бұл ретте Орақ батыр бейнесіне айрықша мән беру ләзім. Бұқара өкілі – Орақ өз басының бақыты жоқ сорлы батыр. Хан тұқымынан көп әділетсіздік көреді. Хан тұқымына оқ атып, хан малын айдап, кедей ауылдарға бөліп күн кешірген. Одан басқа жолы жоқ жүрек жұтқан баты ақырында Қасым ханның жасақтарына қосылады. Өзгеше характерлі Орақ образына жазушы әлеуметтік жүк артқан. Оның бұл таңдауы Қасымның халықты біріктіру, ел

қорғау мақсатымен тікелей байланысты болатын. Бұл қазақ руларын біріктіру, сөйтіп іргелі елге айналдыру бірінші кезектегі мәселе еді. Міне, қазақ руларының осы бір тарихи бетбұрысы «Көшпенділер» трилогиясының «Алмас қылыш» бөлігінде өзекті проблема тұрғысынан суреттеледі. Бұл бетбұрыстың әлеуметтік, қоғамдық, экономикалық астары болғаны бүгінгі ұрпақ үшін жұмбақ емес. Шығармадағы Қотан, Қазтуған жыраулардың айтысы көркемдік тәсілдің тағы бір үлгісін көрсетеді. Жазушы бұл орайда 1960-жылдардан кейін әдебиеттану ғылымы ашқан жаңалыққа сүйенгені, сол ғылыми зерттеу материалын пайдаланғаны байқалады.

Осы тұста бір ескертетін нәрсе – Асан Қайғының толғауы ретінде берілген «Таза мінсіз асыл тас» өлеңі Байтұрсыновтың ақталып, творчествосының халқымен қайта қауышуымен байланысты ұлы тұлғаның аудармасы екенін қалың жұртшылық соңғы жылдардың аясында ғана біле бастады. Әрине, І.Есенберлин білді. Сондықтан да авторларымен бірге саясат бұғауына тұншыққан рухани мұра, ұлағатты сөздерді ұрпақ санасына жеткізуді мақсат еткен жазушылық тәсіл деп білген жөн. М.Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасының оқиғасын пайдалануы да осы мақсатта болғанын «Жанталас» жарыққа шыққан кезде-ақ зиялы аға буын бірден түсінген. Яғни, бұл тұста да образ жасаудың, сюжет құрудың, идеялық мақсат қоюдың ізденісін көреміз. Жазушы суреттеп отырған кезеңге сәйкес Асан Қайғының аузына:

Сұмырай, сұрқия, сұм заман, Шаққалы тұрған сұр жылан. Өткені емес халқымның, Болашағы шер-мұңым... – деген жолдарды салса, Қазтуғанның аузына: Алаңда, алаң, алаң бар, Бата алмай жау алаңдар. Сақтан шыққан Кейсақ бар Кейсақ-қайсақ боп, Қыпсақ-қыпшақ боп Он екі атаға таралар, – деген сөздерді салады. Рас, қазақ әдебиетінің тарихында айтыс – көне дәуірден келе жатқан жанр. Алайда, суреттеліп отырған кезеңдегі Қотан мен Қазтуғанның айтысы туралы мәлімет жоқ. Бұл да жазушы қиялынан туған көркемдік тәсіл екені сөзсіз.

Халықтың көне тарихының көп сорабы жыраулар жырының, ақындар толғауының сорабында жатқандығын Қотан жыраудың аузына салған мына жолдар арқылы аңғартады: Жусанды деме қараған, Жұлдызды жарық ай деме, Қытайдан шығып тараған, Хунуға қарсы қол шықса, Жорықта болған маймене А-лунь-Арғын руы, Қыпшақпен қатар жаралған...

Таным-түсінік түрғысынан терең философиялық ой түйінімен өрнектелген бұл өлең арқылы қарт жыраудың сонау көне заманда Солтүстік Қытайдан батысқа қарай хунулар (гундер) аттанғанда Арғындар түркі тұқымдас елдермен бірігіп бас көтергенін, ақыры Этиль күшіне шыдай алмай, сонау Ертістен әрі жоңғар тауына қарай көшіп, хунулар өтіп кеткеннен кейін, Жетісуға келгенін асқақтата жыр етуімен баяндалады. Бұл автордың көркемдік болжауы мен әрлеуінен туған шумақтар деуге болады. Өйткені Қазтуған аузымен айтылатын өлең де, Қотан жырау толғауы да бұл ақындардың жинаққа кірген шығармаларының ішінде кездеспейді. Қотан жыраудың аузымен айтылатын сөздерге жазушы философиялық салмақты жүк артқан. Ол халықтық гуманистік ойдың түйіні мынада: батырлық – ел жаулап, өзгені көбейтуде емес, шын батырлық өз үйін қасық қаны қалғанша қорғауда. Жау қанша батыл болғанмен, бірақ туған жерін қорғаушы адамдар одан күштірек. Шығармада көрініс тапқан ақындардың ұзаққа шабатын сүре айтыс түрінің биік көркемдік сатыға көтерілген кезі XIX ғасыр екені белгілі. Осыған байланысты бұл айтыстың дәл XIV ғасырда болу-болмауына шүбә келтірудің қажеті жоқ. Өйткені жазушы бұл жерде айтысты көркемдік тәсіл, ой айтудың құралы ретінде пайдаланып отыр. Жазушы идеалы үшін қызмет атқарып тұр. Қотан мен Қазтуған айтысу үстінде Арғын мен Қыпшақ руының көне тарихына бойлап, өткеніне көз жіберу арқылы оның өнеге болатын, тағылым алатын сипатын халыққа үлгі етеді. Қашанда автордың негізгі оймақсаты шығармадағы белгілі бір образ арқылы, кейіпкер іс-әрекеті мен сөзі арқылы көрінетіні белгілі. Осы тұрғыдан келгенде оның өнеге болатын, тағылым алатын сипатын Қотан мен Қазтуған айтысы арқылы көрсетейін деген идеялық ой-түйінін жазушы Қотан жырау сөзімен жеткізеді. Төрелік еткен Асан Қайғының сөз астарында терең мән жатыр. «Бейбітшілік әрқашан халықтың көкейтесті мұраты, сен сол халықтың мұратын көксеп отырсың, Қотан жырау, – деді. – Бас бәйге сенікі, – енді ол Қазтуғанға қарады, – елдің елдігін, ердің ерлігін мақтау ол да бір паш өнеге, бірақ ерлік те ел шабуға бағытталса, езгілікке айналады. Демек, Жейхун өзеніндей тасыған жыры үшін орта бәйгені саған ұсынар едік, от ауызды,

орақ тілді Қазтуған жырау, бірақ ақылгөй Қотан қарт Қыпшақтың өзге елге еткен қиянатын бетіңе басып, жусаған жылқыдай өрісіңді кеңіттірмеді» [8, 61], – деп түйіндейді Асан Қайғы сөзін. Қотан жырау жөніндегі ғылыми деректер өте аз мөлшерде, ол жөніндегі бір деректің алғашқысы Шәкәрім қажы шежіресінде [9, 22 – 23] кездеседі, одан соң М.Әуезовтың Қобыланды жайлы зерттеулерінде [11,48–49] айтылады. Оның баласы Дайырқожа өлгендегі жоқтауын М.Мағауин еңбегінен [10,13] де оқимыз. Жазушы осындай аз ғана дерек-көзді пайдалана отырып, оның жыраулық қабілетін кең тыныста, асқақ сипатта елестетеді. Роман авторы Қотанды ерлік тарихының жыршысы ретінде сомдайды. «Алмас қылыштағы» сюжеттік желі – ол тарихи дерек пен қиялдан қосудың тоғысуы арқылы жазушы санасында қорылған көркем шындық. Тарихи деректерге негізделген болжамдап айту жөнінде сөз еткенде осы жайларды байқауға болар еді. Ал, шығармада көркемдік қиялға да бой ұру – І.Есенберлинге тән құбылыстың бірі. Жоғарыда айтылған Қотан мен Қазтуған айтысы осыған дәлел. Алайда көркем шығарма тек тарихи фактілер мен болжалдап айтудан тұрмайды. Жазушы өзі жасаған өнер әлемін көріктендіру мақсатында ойынан қосалқы кейіпкерлер, эпизодтар, оқиғалар қосады. І.Есенберлиннің қос трилогиясындағы Алау батырдан бастап, Саян, Орақ, Қияқ, Тұяқ Құндыз т.б. толып жатқан кейіпкерлер – осындай жазушы қиялы арқылы қосылған тұлғалар. Көркем шығарма өмірдегіден өзгеше әлем болатыны да сондықтан. Жазушы қиялымен өрілген қарапайым салыстырулардың өзі-ақ шындық өмірдің талай құпияларын аңғартқандай. «Тоғыз тарап жол бір жерге келіп түйіседі. Соңдай-ақ сан адамның тағдыры кейде осындай бір тұстан табылады. Хан ордасында тарам-тарам қан тамырындай түйісіп, қайтадан тарасып жатқан құпия сырларға таң қалды. Қан тамырының бәрі келіп бір жүрекке құйып, бір жүректен тарайды. Ордадағы сол жүрек Әбілқайырдың өзі ғой» [8, 127]. Хан сарайында болып жатқан жәйларды аңдату үшін жазушы хан Ордасынан тарап жатқан қайғы мен қуанышты да, жантүршігерлік қаталдықты да көрсететін әрекеттердің сырын алдыға тартады. Романдағы кейіпкерлердің бірі – Саян батыр жазушы киялынан туған бейне. Ол хан ордасындағы құпия сырларды ашуға пайдаланылған. Шығармада ол былайша баяндалады: «Батыр Саян қашқаннан бері ол ОспанҚожаны зынданға салып қойған. Ұзақ жылғы сенімді дәйекшісінің тағдырын өзі шешкен-ді... Үйге екі адам екі жағынан қолтықтап Оспан-Қожаны алып кірді... Өзімен-өзі болып кеткен ханның ойын кенет Оспан Қожа бөліп жіберді. – Хан ием, – деді ол тұншыға қырылдай сөйлеп... – ... Мені өз қолыңмен бауыздасаң да, құдай алдында сұрауым жоқ. Оның үстіне күнәм бар. – Қандай күнәң бар? – Батыр Саянды қашырып жіберген менмін.

... Хан, мен батыр Саянды неге қашырып жібердім, соны неге сұрамайсың?... Батыр Саян – Ұлықбек мырзаның Арғын күңінен туған ең кенже баласы, Рабиу-Сұлтан Бегім бәйбішенің бір әкеден туған інісі. Бұны тек Рабиу-Сұлтан Бегім мен мен ғана білетінмін. Өзіне тиген қырық кұлдың бірі етіп ханым Батыр-Саянды да алып келген. Ұлықбек мырза өз басына ауыртпалық түсе бастағанын сезіп, өлер өлгенше ерте жетіккен РабиуСұлтан Бегім қызы мен осы жеті жасар үлын көздің қарашығындай сақтауымды тапсырған. Ал, мен ұлы данышпан әміршіге өле-өлгенше жас Саянды жауларынан қорғап өтуге ант бергемін. Міне, сол ұшін оны қашырдым» [8,117–124]. Өзі Гүлбаһрамға өлердей ғашық, алайда Гүлбаһрам мен Саянның бірін-бірі ұнатып жүргенін білетін, сондықтан олжа қызға таласты деген жаламен Саянды тұтқындатқан – Қобыланды. Бұл әрекет ханға да ұнайды. Өйткені, хан Саянды Рабиу-Сұлтан Бегіммен ашына деген өсекке сенетін. Саян батырдың тұтқындалуы, қашып кетуі, оған қоса, ханнын қызы Гүлбаһрам-Патшайымды соңынан ертіп кетуі жағдайды шиеленістіріп, әрі Қобыланды мен хан арасын аша түседі. Қобыланды Саянның қашуын арғын Ақжол биден көреді. Хан осыны пайдаланып Қобыландыны Ақжолға айдап салады. Сөйтіп, Қобыландының қолымен Ақжол биді өлтіреді. Ал, әйелі Рабиу Сұлтан Бегімді Әбілқайыр өз ұлы Сүйініш сұлтанның қолымен өлтіртпек. Алайда, оқиға басқаша арна тауып, ажал құрбанына өлімді ұымдастырушы уәзірлердің өздері ілігеді. Осылайша шиеленіскен оқиғалар барысында хан ордасындағы біраз жайлардың сыры мәлім болады. Хан ордасынан қашып шыққан батыр Саян Гүлбаһрам-Патшайымға үйленіп, маңына өзі сияқты еркіндік аңсаған адамдарды топтастырып, азаттық үшін күреске шығады. Міне, аңда жүрген Әбілқайыр хан мен Саянның кездесу сәті суреттелетін тұс. Аң аулаудың құмарлығы бойын әбден билеп алған Әбілқайыр алдынан шыққан аңдардың соңынан қуам деп, қамыс арасына қалай кіргенін байқамай қалады да, оқыс жағдайға тап болады.. Қарсы алдынан түз тағысы, жыртқыш аң жолбарыс атыла ұмтылып еді, бірақ шері ханға жетпей омақаса құлайды. Оны омақастырған Саян батырдың жебесі болатын. Өзін ажалдан алып қалғанымен, Саянның кенет шыға келуі ханға жолбарыстан да қауіпті Әзірейіл болып көрінеді. Оған әсіресе өзінің туған қызы ГүлбаһрамПатшайымның садақ кезенгені жүрегін ауыртты. «...қызы Гүлбаһрам садағын алып, қорамсақтан қозы жаурын жебені әкесіне қарай кезей бастады. Әбілқайырдың жүрегі дір ете қалды. Өзіне шапқалы жатқан жолбарысқа ең болмаса бетін қорғай, жалаңаш алдаспанын қарсы көтеруге жараса, бұл жолы өйтуге де күші жетпеді. Бүкіл денесіне қорғасын құйғандай қозғала алмады. Жанының тәттілігі де, дүниенің қымбаттылығы да, аңға сауыт киіп шықпағаны да – бәрі осы көзді ашып-жұмғандай мезетте жүрегін удай ашытып, өкіндіре санасында жарқ етті де, кенет сөне қалды. Шыңғыс тұқымының мейірімсіз келетіні өзіне мәлім, көзін жұма берді. Бірақ жүрегіне көк құрыш сүйір ұшты жебе қадалмады. Аздан кейін жанынан өтіп бара жатқан ат дүбірі мен Гүлбаһрамның даусын естіді.

– Бекер қолымды ұстап қалдың, – деді қызы әкесінің тұсынан өтіп бара жатып. – Егер біз қолына түссек, бірден басымызды алар еді. Оған қоңырқай жауап берді: – Өз әкесін өзі өлтірген әйелмен қанша жақсы көрсем де бір төсекте жата алмас едім. – Онда өзің өлтіруің керек – Әкесін өлтірген адамды қандай әйел шын көңілмен ерім дейді? – Әрине ғой, – деді қызы күрсініп, – садағымды тартуға менің де дәтім бармас еді... Тек ыза... Сөздің ар жағы естілмеді» [8,143]. Автор осы диалогқа үлкен салмақ арта отырып, кейіпкер болмысы арқылы түйінді ойлар тастайды. Жеке бастық пендешілік пиғылмен ұштасқан қатыгездік қасиетке толы болмыс пен гуманистік, адамгершілік қасиеттің бір-бірімен бетпе-бет келген сәттегі психологиялық шарпысу көрінісін көз алдымызға келтіреді. Осы бір эпизод арқылы Саян мен ГүлбаһрамПатшайымның ішкі жан дүниесі де айқындала түседі. Бұл эпизодта автордың идеялық нысанасының, ой бағдарының бір қыры да көрініс тауып жатқаны айқын. Өйткені, романда Саян тағдырлас өзге де кейіпкерлерді кездестіреміз. Сондай трагедиялы тағдырдың бірі – Орақ батыр. Ол «Жалғыз көз» атанып талай оқиғаны бастан кешіреді. Ханға қарсы жасаған еш қиянаты жоқ Орақтың бар кінәсы – ханның жесір келіні Аққозыны жан-тәнімен жақсы көруі және Ақбақыт деген жүйрік атын бәйгеге қосамын деген ниеті. Әйтеуір тағдыр жазып аман қалған Орақ Аққозы алдындағы арын таза ұстай отырып, қалған бар өмірін хан мен билігі бардың зорлық ісіне қарсы күреске арнайды. Орақ қорлықты Әбілқайыр сияқты Бұрындықтан да көрген еді. Сондықтан ол кек алу мақсатында Бұрындық ханның да малын шауып маза бермейді. Ал, Бұрындық Орақты қолға түсіріп, итімен бірге қосақтап қойып қорлап ұстайды. Роман сюжеті хандар тарихына құрылғандай болғанымен, халық тағдыры да коюлана, жан-жақты көрініс табады. Саян, Орақ, Қияқ т.б. сияқты халық өкілдерінің бейнесі, олардың айналасындағы түрлі кейіпкерлер соның дәлелі. Өз өкілі Орақты да қорлықтан кұтқарған сол халық. Сондықтан ол халық болашағы үшін бағыт ұстанған Қасым қолына барып қосылып, тілегін ұштастырады: «Кенет Қасымның көзі әскерінің алдыңғы қатарында кетіп бара жатқан, бетін қара далбағаймен жапқан көк сауытты батырды шолып қалды. Бұл Орақ еді... Хан ақырын езу тартып күлімсіреді. «Халық қамын ойлаған батыр хан қолына кеп қосылса, бұл жақсы ырым. Хан саясатының онда халық көкейіне қонғаны» [8, 295], – деп суреттеген жолдарда Қасым хан болмысын жан-жақты ашатын сипатпен бірге автор идеясының астары да көрініс табады. Көркем шындық дегеніміз суреттеліп отырған кезең оқиғаларының қисынды бейнеленуі, ауытқып кетпеуі, коғамдық дамудың заңдылықтарының бұзылмауы. Осы тұрғыдан келгенде, «Алмас қылыштағы» көркем шындық сол үдеден шыға алады. Суреттелетін оқиға барысы XV ғасырдың екінші жартысынан XVІ ғасырдың бас кезіне дейінгі кезеңді қамтитын «Алмас

қылыш» романының басты мақсатының бірі – қазақ хандығының құрылу, калыптасу кезін көрсету. Бұл ретте, жазушының міндеті тарихи фактіні анықтау емес. Суеткердің міндеті ғалымның міндетінен гөрі кеңірек. Жаңа материал. информация – оның жұмысының тек бастамасы ғана. XV ғасыр қазақ халқы үшін қиын да күрделі кезең болды. Бірақ тап осы ғасырда өзара қырқысқан қатал күресте бір-біріне қарсы тұрған бытыраңқы қазақ ру-тайпалары өмір сүру үшін түптеп келгенде бірігу керек екенін мықтап түсінді. Трилогияның бірінші бөлімі «Алмас қылыш» қазақтардың бірігуінің қиын процесін жеке ұлт, халық ретінде дербестікке ұмтылу, азаттық жолындағы қасіретті күресін бейнелейді. Бұл орайда Керей, Жәнібек сұлтандардың өз жағына шыққан руларды бастап Әбілқайырдан бөліне көшуі факті ғана. Қазақ деген халықты біріктірген хандықтың пайда болуы, қалыптасуы көп жылдарды қамтитыны заңды. Жазушы романда Керей – Жәнібек, Бұрындық – Қасым болып ауысып отырған бірнеше хандар тізбегінің билеуінен өткен халық өмірінің қысталаң шақтарын, көршілес елдермен бірде тату қарым-қатынаста болған, бірде қырғи-қабақ болып шабысқан тұстарын көрсететін оқиғаларды хронологиялық жолмен бейнелеп, ұзақ жылдарды қамтитын күрес жолының жанды картинасын жасайды. «Алмас қылыш» қазақ хандарының ішіндегі ең көрнектісі – «Қасым салған қасқа жол» аталып, мәтелге айналған даналық сөзге негіз болған, ел билеудегі өзінің даралық атын қағидасымен халық жүрегінде мәңгіге жатталып қалған Қасым хан дәуірін айтумен аяқталады. Қасымнан кейін қазақ жұртын билеген ханның бірі – Хақназар. Алайда Хақназар дәуірі романда өте қысқа қайырылады. Шығармада мұндай қысқа фрагменттерге негізделген кезеңдер жиі кездеседі. Хақназар дәуірі секілді Тәуекел, Есім, Тәуке тәрізді тарихи тұлғалар билеген кезеңдер де шолақ қайтарылған. Бұл орайда жазушының өзіндік ұстанған принципі, көкейкесті мақсаты – қазақ жұртының ел болып, халық болып қалыптасу барысындағы ең қайшылықты аумалы-төкпелі кезеңдерді көрсету болса керек. Романда жазушының ХVІ ғасыр оқиғаларынан кейін ХVIII ғасыр оқиғасына бірден көшуі сол өзі діттеген мақсатына орай деп білеміз. Көркем шығарма сюжетіне керек оқиғаны қалай іріктеу автордың өз құқығыында. Оның үстіне көркем шығарманың бойына жылнамаға тән сипатын талап ету міндет етілмейді. Ал, өткен дәуірді қамту керегіне орай жазушы түрлі тәсілдерге барады. Бұл орайда жазушының кейінгі кезеңді суреттей отырып, өткенге оралып отыруы соның бір дәлелі деуге болады. Мұндай мысалдар «Алмас қылышта» жеткілікті. «Көшпенділердің» ең алғашқы жазылған бөлімі трилогияның үшінші кітабы «Қаһар» екені, одан кейін «Алмас қылыш» дүниеге келгенін жоғарыда айттық. Ең соңында жазылып, қиындықпен басылып шыққан «Жанталас» – «Алмас кылыш» пен «Қаһардың» арасын жалғастыратын трилогияның екінші кітабы. «Жанталас» романының кітап болып шығу тағдырын көрсететін деректер «Жұлдыз» журналының 1990 жылғы бірінші санында қаз-қалпында жарияланды» [15,153 – 177]. Журнал материалын оқып отырып

шығарма дүниеге келген замандағы коммунистік идеологияның «қырағы көз» қаһарлы ызғарын роман қолжазбасының қаншама «сүзгіден» өтіп, кесіліп-қырқылғанынан айқын елестетуге болады. Аталған шығармада қазақ халқының ХVІІ-ХVIII ғасырларда бастарынан кешкен алмағайып тағдыры суреттеледі. Жеке хандық құрған қазақ елінің енді етек-жеңін кеңейтіп, келе-келе іргелі орыс елімен одақтасуы қара кұрттай қаптап, кең даладағы бүкіл жан иесін жұтып, жоймақ болып құжынаған жоңғар, қытай басқыншыларына қарсы кескілескен күресі бейнеледі.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, қанша «қырағы көздің» қиығынан, қысаң ойдың «қағидасынан» сүзіліп өтіп, кесіліп, «түзетіліп» шыққанның өзінде роман болмысынан терең сырлы философиялық түйінді аңғарамыз. Кер заманның кереғар болмысын, тылсым сыры мен шежіре-тарихын өз дәуірінің талап, биігінен саралап, сана жанарынан өткізген жазушы «ғасырлар бойы талан-таражға түсіп, ұл-қыздарының қанына бөккен қазақ ұлты... жүздеген жылдар бойы көл болып төгілген туған елдің көз жасы мен қаны» [16, 218] жатқаны жайлы ойлар қорытады. Романдағы сансыз образ, сурет, оқиға, тартыс жүйесінен шығатын қорытынды осылай. Уақыттың қараңғы сүрлеуі адастырып кетер шымшытырық оқиғалар, қантөгіс пен қақтығыстар өзінің сиқырлы жұмбағынан, қым-қиғаш шытырман қалпынан арылып бір ізге түседі. Сұрыпталып, тарихи табиғилығынан ауытқымай, өсу-даму қисынын тапқан бабалардың бұлтарысбұралаң сүрлеу-соқпағының, ой-сезімінің әлеуметтік негізіне айналады. «Жанталас» романында да ірі тарихи тұлғалар өмір сүрген заманына орай бейнеленген көркем сипаттаманы, дәйек-дәлелдемелерді байқауға болады. Романдағы кейіпкерлердің іс-әрекеттерінің, жалпы болмысбітімдерінің нақты өмір шындығына қатысы төмендегідей: Қазақ хандары Тәуке, Қайыпхан, Болат хан, Әбілқайыр хан, Сәмеке, Абылай хан т.б. жан-жақты сипатталған. Қытай, Жоңғар мемлекеттерінің Қанси, Сыбан Раптан, Қалден Церен, Церен Доржи т.б. соғысқұмар билеушілерінің іс-әрекеттері, жүргізген саясаттары тарихи шындық пен болжалдап айту ұштастырыла отырып суреттелген. Олардың қатыгез, қаражүрек істері көркемдікпен қисынды баяндалған. Рас, «Жанталас» – көркем шығарма болғандықтан, оған тарихи тұлғалардың әр басқан ізін тәптіштеп неге түгел көрсетпедің деп талап қоя алмаймыз. Өйткені, тарихи факт өнер туындысына арқау болған кезде, ол тарихи деректердің, алуан түрлі оқиғалардың өзгеріске түсуі заңды құбылыс. Ең бастысы жазушы өзі білген, жинаған тарихи материалдарды өзінің көркем ой елегінен өткізеді де, өзінің калауынша пайдаланады. Мұның өзі көркем шығармадан арнаулы әдебиеттерде көрсетілген нақты ай, жыл дәлдігін күтуге болмайтындығын аңдатады. Бірақ, бір басы ашық жай, көркем шығарма жазып отырғанына қарамастан, суреткер де белгілі бір тарихи окиғаның ұзын-ырғасын, даму ретін сақтап отыруы шарт.

Үлкен Орда Тәукенің бойына әкесі Жәңгір ханның ерлікке толы қимыл-әрекеттері дарығандығын аңғармасқа болмайды. Жоғарыда көрсетілгендей Тәуке хан жас кезінен-ақ саясатқа жақын болған, әкесі оған жастығына қарамастан сенім артып, елшіліккс жіберіп отырған. Бейнелеп айтқанда, Тәуке қазақ даласының бесігінде жас кезінде емін-еркін тербеліп, көшпелі өмірдің бар қасиеттерін бойына сіңіріп өскен. Анасынан алғыр болып туған жанның балалық шағы жайлы әрқалай аңыздар да, әңгімелер де мүмкін болған шығар. Олар уақыт пердесінің арғы жағында қалып, әзірге бізге жетпей отыр. Көп мәліметтер мен деректер қытай тілінде жазылған еңбектерде сақталып қалуы, шежіре

кітаптарда және қолжазбаларда болуы әбден ықтимал. Осындай деректердің тапшылығына байланысты Тәукенің қай жылдардан бастап хан болғандығы туралы деректер тарихи әдебиеттерде әр түрлі. Қазак сахарасының дарынды философы Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің зерттеулерінде Тәукенің тек хан болып сайлануына ғана тоқталып, былай деп жазды: «Бұл Әз Тәуке Салқам Жәңгірдің калмақтың ханының қызы қатынынан туған баласы еді. Мұнан басқа Үргеніштегі Ғайып ханның қызынан туған Уәлибақы деген баласы бар еді. Жәңгірдің орнына әз Тәуке хан болғанда, хандыққа өкпелеп Уәлибақы Қайып ханға кетіп еді» [9, 25]. Бұл мәліметтен біз Тәуке ханның шешесі қалмақ екенін аңғарамыз. Ал, Жәңгірдің тағын Уәлибақы емес, керісінше, Тәуке басқаны кездейсоқ емес. Бұл Тәукенің ақыл-ой, парасатының терең болғандығын тағы да айқындай түскендей. Бәріміз білетін еліміздің тарихында Тәуке 1680 жылы әкесінің тағына отырды делінген [17,190]. Бұл дерек ешбір өзгертусіз кейінгі жылдары басылы шыққан тарихи әдебиеттерге де енген. Халқымыздың тарихында ірі құқықтық құжат болып саналатын «Жеті Жарғыны» зерттеуге елеулі үлес қосқан шығыстанушы заңгер-ғалым Нұралы Өсеров өзінің кандидаттық диссертациясында «Тәуке 1678 жылы хан болды» [18,11], – деп тұжырымдайды. Бұл мәселе төңірегінде Сәкен Сейфуллин де кезінде өз пікірін ортаға салған. Көрнекті жазушы онда былай деп жазады: «Жәңгірден кейін қазаққа Тәуке хан болды (1688 жылы). Тәуке ханның тұсында да қазақ ылғи қалмақпен қағысып тұрса да, өзге хандардың арасындағы тыныс алмай жөңкілу, аттаныс шабыншылыққа қарағанда сәл шабыншылығы аздау болып, тіршілік жасайды. Бірігіп өмір сүрген: қазақ, қырғыз, карақалпақтың ірі руларында билікк жүргізген алты бидің аты шығады. Ұлы жүзде Төле би (Дулат Әлібек баласы), Орта жүзде «Қаздауысты Қазбек би», Кіші жүзде Әлім руынан Әйтеке би, Қырғызда Кәкім би, қарақалпақта Сасық би, Қатаған-Жайма, басқа ұсақ рудан тағы бір би» [19, 40]. Қазақ совет энциклопедиясының 10-шы томында да Тәукенің хан болып сайлануы 1680 жыл деп көрсетіледі [20,623]. Қытай халық республикасындағы қазақ ғалымдары жазып, 1987 жылы Шыңжаң халық баспасынан шығарған, 1993 жылы Алматыдағы «Жалын» баспасы қайталап бастырған «Қазақтың көне тарихы [21, 260] деп аталатын кітапта да Тәуке

ханның хан болған жылдарын 1680-1718 жылдар аралығы деп жазылған. Заңгер ғалым С.Созақбаевтын (Өзбекұлы), «Тәуке хан. Жеті Жарғы» атты еңбегінде де Тәукенің хан болуы 1680 жылдан басталады делінген [22, 9]. Жоғарыда көрсетілген мәліметтерге қарағанда, осы күнге дейін қазақтың ілгеріде өткен кемеңгер ұлдарының бірі туралы зерттеулердің әлі қарамақайшы екендігін байқатады. Романда Тәукенің туған жылы аталмаған. Тәуке хан қазақ елінің тұтастығы, бостандығы, бірлігі жөнінде көп ойланып, ерекше еңбек сіңіргені белгілі. Ол 1715 жылдың соңында дүниеден өткен. Ханның тарихи тұлғасы романда былай сипатталады: «Тәуке! Ол күшейіп келе жатқан Жоңғар хандығының қазақ еліне өте қауіпті екенін бірден түсінді. Сондықтан да Тәуке Россиямен қарым-қатынасын жақсартып, оған арқа сүйемек болып, бірнеше рет әрекет еткен. Бір мың жеті жүз екінші жылы-ақ Өскемен бекіністеріне қазақ елшілерін жібереді. Бірақ оларды жолай ойраттар ұстап алып өлтірген. Содан кейін Тәуке бір мың жеті жүз онбесінші жылы жаз тоқсанның аяғында қарым-қатынасымызды жөндейік деп, орыс патшасының қарамағындағы Уфа қаласына Тайқымұрын биді бас етіп елшілерін қайтадан аттандырды. Бірақ Уфадан хабар келгенше, көп жылдардан бері сырқат Тәуке бір мың жеті жүз он бесінші жылдың аяғында қайтыс болды. ... Сол кездегі қазақтың алғыр билері – Қаракесек руынан шыққан. отыздардан жаңа асқан қаз дауысты Қазыбек, Үйсін Төле билер Әз Тәукенің ордасына жиі келіп ханның ел билеу ісіне арналған атақты ережесі «Жеті Жарғы» жазылуына көмектесті. Соншалық беделі барлығының арқасында сонау Баянауылды жайлаған қалың Қаржас руынан аты шулы Қалқаманұлы Бұқар Жырау жиырма бесінде Әз Тәукенің ордасына келіп, сарай ақын атанды. Тәуке хан алпыстан аса беріп дүние салғанда, бар қазақ аза тұтып, ардақтап оны Қожа Ахмет Яссауидің мазарының түбіне қойды»[8, 304]. Шығармада Қайып ханның қай жылы туып, қай жылы қайтыс болғандығы жайлы сөз болмаған. Тек кана, оның, Тәуке хан дүниеден өткен соң, Орта жүзге хан көтерілгендігі баяндалған. Қайып – қазақ еліне Жоңғар шапқыншылығының қаншалықты қатерлі екендігін терең түсінген жан. Сол себепті ол Тәуке ханның орыс елімен жақындасу талабын одан әрі жалғастырған. Бірақ орыс патшасы Бірінші Петр бірігіп Жоңғар қонтайшысымен соғысалық деген Қайып ханның тілегін қабылдамаған. Қайып хан 1717 жылы Аягөз өзенінің жағасында Әбілқайырмен бірігіп, сыбан Раптан қолымен соғысқан. Бұл оқиға жөнінде романда былай баян етіледі: «Екі жақтан отыз мыңдай әскер қатысқан. Қазақ қолы сыбан Раптан әскерінің осы бір бөлігінің өзінен жеңіліп қала жаздаған. Бұл ұрыс сыбан Раптанның қазақ елінің қандай күйде екенін білудегі елеулі күш жұмсаған алғашқы барлауы еді. ... Ал патша үкіметі болғалы тұрған қанды оқиғалардың түбі екі жағымен де тіл табу екенін есіне ұстап, Орта Азия істеріне өте сақтықпен қарады. Қайып хан өлісімен, «Арты не болар екен?» дегендей, күту саясатына көшті» [8, 305–306].

Мұның өзі Қайып ханның Жоңғар – қазақ соғысының енді басталғалы тұрған кезеңінде көз жұмғанын дәлелдейді. Романдағы Әбілмансұрды Бұқармен жолықтырып, жырауға Хақназар хан жөнінде әңгіме айтқызатын кездесу сәтін жазушы былайша орайластырады: «Барлауға шыққан Әбілқайыр мен Бұқар жырау бүгін серіктерінен көз жазып қалып, бір сайда жеке отырған осы түйешілердің лашығына кеп аялдап еді» [8, 319]. Мұндағы түйешілер Әбілмансұр мен Ораз құл. Аңыз әңгімелерде ақын өлеңдерінде кездесетін деректің көркем бейнеге айналған сәтін көреміз. Қазақ елі тарихының салқар көшінде тағдыры күрделі тұлғаның бірі – ХVIII ғасырда өмір сүріп, хандық жүргізген Әбілқайыр. Осы Әбілқайырды да жазушы роман желісінде Әбілмансұрмен бір сәтте, бір дастарқан басында отырған жағдайда таныстырады. Бір заманда өмір сүрген, бірі үлкен, бірі кіші, бірі-бірінің жалғасындай болған, бағыт-бағдары, ой-ниеті бірде ұқсас бірде алшақ көрінетін, есімдері мен ел тағдырына қатысты іс-әрекеттері жайлы екі ұдай пікір қалыптасқан Әбілқайыр және Әбілмансұр-Абылаймен шығармада осылай кездесеміз. Қазақстанның Россия отарына айналуына қатысты әңгіме қозғалғанда біреу мақтап, біреу даттайтын осы – Әбілқайыр. Әскери қолбасшы ретінде даңқы шыққан, әмірі Тәуке ханнан кейін ыдырай бастаған, бірте-бірте бөлшектеніп жеке жүз хандықтарына бөлініп кеткен кезеңге тап келген Әбілқайыр хан тағдыры – шындығында күрделі тағдыр. Империя құшағында, коммунистік идеология құрсауында отырған дәуірде ғылыми еңбектер мен ресми құжаттардың бәрінде: «Қазақстан Россия құрамына өз еркімен енді» деген біржақты пікір айтылып келгені белгілі. Осы қағидаға орай Россияға бірінші болып қосылған аймақтың ханы Әбілқайыр да прогресшіл тұрғысынан бағаланып, жақсы жағынан дәріптелді. Қым-қиғаш қырқысу, тақ талас пен билік үшін күрестің түп астары, себеп салдары ашылып көрсетілмейтін. Міне, сол дәуірдегі тарихи заңдылықтардың байыбына барып, жылымына бойлап, құпия сырларын, психологиялық болмысын шығарма жазылған дәуірдің қатал қағида, зобалаң әкелер пиғылынан қаймықпай көркем бейне бедерінде реалистік тұрғыдан ашып беруге тұңғыш қадам жасаған Ілияс Есенберлин болды. Ресми құжаттарда айтылатын «прогресшіл іс-әрекеттердің иесі» Әбілқайыр мен халық санасында екі ұдай сипаттағы болмысымен сақталған Әбілқайыр хан тұлғасы Есенберлин шығармасында ұштаса сомдалып, философиялық түйіндер арқылы өрнектеледі. Қос қыртыс тағдыр, екі ұдай болмыс қиюласа елестеп, көз алдыңа келеді. Заман тынысын байқататын реалистік бояу романда былайша көрініс табады: «Қазақ елі бұл кезде көкпарға тартуға дайындалған тәрізді еді. Жан жағынан анталаған жауының қай тақымында кетеді? Әлде өзара қырылысқан хан, сұлтандар қанын сорғалатып, біреуі аяғын, біреуі қолын, біреуі басын қанжығасына байлап әкете ме, кім білсін?

Ел басына төнгелі келе жатқан мұндай ауыр кезеңді дұрыс ұғып терең болжап, болашақ тарихы мен тағдырының төрт жағынан бірдей соққалы тұрған сұрапылдан халқын құтқарар кімі бар?» [8, 300]. Осы арада мәтіннің мәнін, сөздің астарын түсіне білу талабы тұр. «Жан-жағынан анталаған», «төрт жағынан бірдей соққалы тұрған сұрапыл» сырына бойлағың келеді. Осылай ойлай бастаған оқырман ойын бұрып әкететін мына сөйлемді қараңыз: «Мұндай жанталаста халық алдына шепке ең алдымен өзінің тәжірибесін, ақыл-парасатын, табандылығын салуға тиісті. Өйткені қазақ елін көкпар етіп ала қашуға дайындалып жатқан ең бірінші қасы оған айқын еді» [8, 300]. Осы «ең бірінші қасы» сөздері арқылы «қырағы көз» партиялық, коммунистік идеологияның «солдаттарын» да адастырып, ойларын басқа арнаға жетектеп ала жөнеледі жазушы. Ол «ең бірінші қасы» ретінде жоңғарлықтарды, Қытай боғдыхандарын атын атап, түсін түстеп көрсетеді де өзгелер жайлы артық ештеңе айтпайды. Міне, сол дәуірдің шындығын дәл жеткізу үшін жазушы қатысы бар тарихи құбылысты терең зерттеп, әр топтың көзқарасының тоғысуы мен жанаспайтын сипатын саралап ашқан. Әбілқайыр мен Абылай психологиялық жақтан ұштасып барып, екі тармаққа бұрылады. Жазушы Әбілқайыр тұлғасы жайлы талас пікірдің ұшығын тарихи себептермен орайластыра дұрыс шешім шығарады. Әбілқайыр да, Абылай да хандық билікті қолдан шығарғысы келмейді. Алайда жоңғар мен Қытай шапқыншыларының бұғауынан құтылудың бір-ақ шешімі бар. Әбілқайырдың аузына: «Түбі еліміздің де, келешек ұрпақтардың да көзі жетер, әрекетімізді ақтар, бізге қалған жалғыз жол – ол Россияның қол астына ену» – деп сөз салуында сол объективті шындықтың бір жағы жатыр. Ал хандық билікті қолдан шығарғысы келмейтінін де автор оның жеке адамдық қасиетіне, психологиялық болмысына байланыстыра бейнелейді. Әбілқайыр ханның көркем образына көз сала отырып, жазушының оған қатысты тарихи деректерді шығармаға лайықтап, өзінің көзқарасы тұрғысынан іріктеп, сараптап, таңдап-таңдап пайдаланғандығы байқалады. Жоңғар шапқыншылығы кезінде бүкіл қазақ әскеріне бас колбасшылық рөл атқарған Әбілқайыр ханның алдағы күнді болжамауы мүмкін емес еді. Осы бір қысылтаяң шақтағы Әбілқайырдың ойы, әрекетін жазушы былай сипаттаған: «Сөйтсе де, ел басына туған күннің тым қатерлі, қазақ жеріне қызыққан көршілерінің қауіпті екенін ойлағандар да табылды. Соның бірі Кіші жүздің ханы Әбілқайыр болды. Ол енді батыс жаққа үміттене қарады. Қарамасқа амалы да қалмаған. Сондықтан да Әбілқайыр ханның ЬІрғызға көшіп келісімен қазақ пен қарақалпақ елінің атынан «қарамағыңызға алыңыз» деп жазған хаты Петербургке жеткенде, орыс әкімдері таң қалмады. Жоңғармен күресіп жатқан қазақ елінің түбі өзіне осылай келіп пана сұрайтынын олар бұрыннан да білетін. Сол себептен әлі де аптықпай, қазақ елінің шын жағдайын түсіну үшін, Россия патшалығы арнаулы елші жіберуді ұйғарды» [8, 412]. Осылайша сол тұстағы қазақ-жоңғар, қазақ-орыс қатынастары жөніндегі архив материалдарын негізге алған суреткер, Кіші жүз ханы

Әбілқайырдың шынайы әдеби-тарихи трагедиялық бейнесін сомдаған. Өйткені, сол кездің өзінде-ақ Әбілқайыр ханның орысқа косылуын құптамағандар да кездесті. Романда бұл оқиға былай өрбиді: «Ақырында қазақ елінің өзіне бағынышты болуынан тек пайда түсетінін ұққан, Бірінші Петр патшадан кейін таққа отырған Анна Ивановна Әбілқайыр ханның бір мың жеті жүз отызыншы жылы наурыздың сегізі күні «қорғандық істеуін өтінген қағазына жауап ретінде, қырғыз-қазақ жұртын қарамағына алғандығын білдіріп, бір мың жеті жүз отыз бірінші жылы февральдің он тоғызыншы күні указ шығарды. Бұл указды бір мың жеті жүз отыз бірінші жылы октябрьдің бесі күні Ырғыздағы Әбілқайыр ордасына Сыртқы Істер коллегиясының тіл машығы – аударушысы Мұрза Тевкелев әкеп тапсырды» [8, 413]. Романның бірінші бөлімінің соңында Бұқар жырау әңгімесі арқылы Ақ Орда тарихын әңгімелейтін эпизод бар. Бұқар жырау әңгімесі арқылы автор оқырманға мынадай ой түйінін тастайды. «Ана жолы Әбілқайыр ханның өтінішімен Бұқар жырау Хақназар тұсындағы Ақ Орда шежіресін айтып берген. Сонда бір аңғарғаны – Кіші жүз ханы қан майдандағы халықтың ерлігінен көрі, хан тағының маңындағы тартысқа көбірек көңіл бөлген. Ал кеше жырау, Науан ұстаның тілегі бойынша, Сауран бекінісін өткен заманда қалай қорғағанын жыр еткенде, жұрт халықтан шыққан Қияқ пен Тұяқ батырлардың қимылын құныға тыңдаған. Бұқар жыраудың бір тұжырғаны – хан сұлтан, билерді қызықтыратын бір қызық бар да, халықты қызықтыратын тарих бар екен. Ол – халықтың өз тарихы, өзінің арасынан шыққан, елі мен жері үшін күрескен қаһармандар ерлігі» [8, 381]. Рас, тарихи трилогияда тұтастай халық тарихын көрсету көзделгенімен, халық тарихын биліктегілер іс-әрекетінен тыс қарамайтын тұстар да баршылық. Алайда бұл құбылыс тарихи шындықтан аулақ кете алмайды. Өйткені, бұл дәуірдегі хандар тарихына қатысты фактілердің айналып өтуге болмайтын тұстары аз емес. Соның басты көрінісі – Кіші жүз ханы Әбілқайырдың Қазақстанның Россия қол астына қарауды көздеген іс-әрекетінің құжатпен бекітілуі. Тарихи жазба еңбектегі деректік мәліметтерді автор ой елегінен өткізіп, саралаған, сұрыптап екшеген, ел аузында айтылған деректермен салыстыра отырып, өз ойында қорытып, көркем әлемге айналдырған. Әбілқайыр ханның орыс патшасының боданы болуға ант бергені, оны қалың қауымның түрліше қабылдауы туралы А.Левшиннің 1832 жылы С.Петербургте шыққан «Описание киргиз-кайсацких орд и степей» атты еңбегінде: «...өз тәжірибесін ұтқыр пайдаланып табысқа жеткен Тевкелев өз елшілігінің қуанышын үкімет басшыларына жеткізіп үлгермей жатып-ақ басқа жақтан уайым-қайғы бұлты төнді. Қазақ Ордаларында әсіресе, Орта Орда ханы, оның негізгі күшін құрайтындар Әбілқайырдың Петербор сарайымен достасып, жақын болатынын көре алмай көз алартса, бір жағы одан қорықты. Бұған қарсы қарапайым халық өз дербестігінен айырылғысы келмей, бәрін теріс ұғынып, сондықтан да олар Ресейге табынушы өз

аталастарына (руластарына) қарсы шықты [23, 182–183], – деп жазады. Бұл дерек романда төмендегі мазмұнда көрініс табаді: «Россия қарамағына кіреміз дегеннен бері менің қасым көбеюде, – деді ол. – Қай халыққа болса да, басқа жұртқа бағынышты болу өте қиын. Бірақ біздің жағдайымызда басқа жол жоқ. Жоңғарды жеңсең, ар жағында Қытай бар. Қытай боғдыханына бағыну – тіліңнен де, дініңнен де айырылу деген сөз. Ал, Россия оған қарағанда әділ де адал жұрт. Жеріміз де тағдырымыз да бір... Жоқ не десеңдер де Россиямен қосылу бізге қалған жалғыз жол! ... – Тевкелевтің келе жатқанын жаңа айттым ғой. Әрине босқа келе жатқан жоқ. Бұл жолы қазақ елінің ақ патшаға біржола бағынуын талап етуі хақ. Оған қандай жауап қайтарамыз? – Өзің қандай жауап қайтармақ ойдасың? – Мен жауабымды осыдан бес жыл бұрын бергем. – Мен де жауабымды сонда бергем. Сірә, екеуміздің жауабымыз бір жерден шыға қоймас – Сонда ат құйрығын кесіскен жеріміз осы болды ма? Әбілқайыр мен Барақ арасындағы араздық өз алдына. Қазір бұлардың шешетіні тым жауапты мәселе еді. Бірақ амал не, халық тағдыры бас араздықтың қанжығасында кете барды» [ 8, 424] деген жолдар күні бүгінге дейін мәнін жоймағаны белгілі. Алайда А.Левшин еңбегінде айтылатын бодандықка қарсы көзқарасы бұл уақытқа дейін айтылмай келгені белгілі. Ол сипат романда да толыққанды көрініс бермеуі заңды. Тоталитарлық жүйе қыспағы, көкейдегі сөзді ашық айта алмаудың айғақ тұстары еді бұл. Тарихи деректі өз мақсатына карай көркемдік сұрыптау автордың еркіндегі іс, кейбір фактілерді айналып өту әдебиетте бола беретін заңды құбылыс. І.Есенберлин өз романында Әбілқайырдың Россияға қосылуға бағытталған іс-әрекеттерін ғана суреттеуге тырысқан. Тарихи тақырыпқа жазылған шығармаларда тарихқа, тарихи дәуірге деген субъективті көзқарасы тұрғысынан келгенде, І.Есенберлин ойын кейде көркем шығармаға кіріге бермейтін төте жолмен де авторлық баян арқылы ашық білдіріп отырады. Шығарма жазылған дәуірдің таным-тағылымы, мезгіл мінезі, уақыт иіні айқын көрінетін мына жолдарға назар салып өтейік: «Әбілқайыр ханды бағалай білмеген кейбір орыс пен қазақ тарихшылары оның қара басының қамы үшін жұртын сатқан, бақ күндес жауларын табанының астына саламын деп, қазақ елін Россия патшалығына бағындару саясатын қолдаған дейді. Сол бір қилы кезеңде Әбілқайырдың түпкі ойы солай-ақ делік... Бірақ болашақ тарих ұстаған жолының дұрыс екенідігін айқындады. Қазақ елінің Россияға бағынуының қажеттілігі Әбілқайырдың өз басын қорғап, тығылып қалмауы. Ұстаған жолы үшін өз басы түгіл, туған балаларының ешқайсысын аямай, кезек-кезе аманат ретінде патша қол астына беруі. Демек, бұның бәрі Россияның қол астына кіруі керек екеніне оның шын жүрегімен берілгендігін көрсетеді» [8, 434].

Трилогияда тарихи деректерді пайдалану түрлі тәсілде беріледі. Кейде автор дерекпен таласа өз ойын жарыстырып отырса, кейде тарихи дерек автор ойымен араласып, тігісі жатқызыла көрініс тауып жатады. Енді бірде төмендегідей үзінді ретінде өзгеріссіз келтіріледі. «Тарихи деректерге қарағанда, Россия патшасы Анна Ивановна Әбілқайыр ханға берген грамотасында: «өздеріңнің өтініштерің бойынша жоғарғы көрсетілген тараулардың негізінде, қырғыз-қайсақ ханы Әбілқайыр, сені және бар қырғыз-қайсақ әскерін қол астымызға алдық… сондықтан хан мен оның бар әскері біздің императорлық мәртебеміз бен оның мұрагерлеріне мәңгі-бақи адалдығын сақтау керек» делінген» [8, 439]. Тарихи эпопеяның көркемдік әлеміндегі көрнекті тұстарының бірі – Қазақстанның Россияға қосылу сипатын бейнелейтін тұсы. Коммунистік саясат, идеологияның құрсауы ықпалымен жазылған қазақ тарихының бүркемелі бейнесін тарихи зерде, көркемдік таным тұрғысынан және реалистік сипатта ашып беретін Ілияс Есенберлин шеберлігін көреміз. «Қазақ даласының Россия қол астына кіруін куәлік қағазбен, не бір указ күнімен атау мүмкін емес. Бұл ондаған жылға созылған ұзақ, қайшылығы мен қиыншылығы мол ауыр қалыптасу кезі еді. Және қазақ елінің Россияға қосылуын бір ханның, қала берді, бірнеше қайраткердің есімдерімен байланыстыру – о да дұрыстыққа жатпайды. Бұл – заңды шешімі бар, саяси, экономикалық, әскери фактілер секілді көптеген себептермен шиеленіскен дәуірдің тілегіне қарай тарихтың өзі жаратқан перзенті. …Бірақ келешекке керексіз, болашағы жоқтың бәрін өзінен әрі итеріп, тарих доңғалағы алға қарай айнала берді. Осылай, қазақ даласына аяуды білмес, орасан қатты жаңа тарихтың дауылды көктемі келді» [8, 438]. Тарих ғылымының «бұрмаланған» беттеріне түзету енгізілетін осы жолдардың астарында қаншама тарихи шындық сырлары жатқаны кім-кімге де түсінікті болар. Заман сырын, уақыт түйінін дөп басып айтқан жазушының тарихи танымын көрсететін сөз астарында тұңғиыққа тартар ой жылымы жатыр. Тарихи шындық айқын елестейтін суреттеуде тарих арқылы көрініс табатын жазушы өмір сүрген дәуір елесі де, бүгінгі заман тынысы да көз алдымызға келеді. Тарих пен қазіргі заман сабақтастығының көркем шығармадағы көрінісі дегеніміз осы болса керек. Ал тарих оқулығында тек прогрестік тұрғыдан бағаланып келген Қазақстанның Ресейге қосылуының шын болмысы І.Есенберлиннің «Осылай, қазақ даласына орасан қатты жаңа тарихтың дауылды көктемі келді» деп бейнелеуінде жатыр. Әбілқайыр ханның өлтірілуін суреттейтін мына эпизодта да тарихи дерек бар. А.Левшин еңбегінде бұл туралы былайша баяндалады: «Оның (Әбілқайырдың – Қ.А.) өлімінің себебі мынадай. Орск бекінісінен өз ауылына келе жатып, ол қарулы қырғыздың көпшілігін жиып алып, өзінен және мұның ұлдарынан талай қорлық көрген қарақалпақтарды тонауға аттанды. Жолда ол өзіне өшігіп, бұған келген бақ пен дәулет, орыс басқарушыларының оған жасаған жақсылықтарын көре алмай іштарланып жүрген Барақ сұлтан кездеседі. Әсіресе, ол бұған Хиуа хандығы жіберген

сыйды Әбілқайырдың тонағанына ызасы қайнап жүрген. Оған қоса екеуі де кіші қазақ ордаларына орналасқан кейбір қарақалпақ ауылдарын билікке алған. Екеуі де кекшіл, ашушаң, осыған қарай олардың кездесуі де қан төгіссіз болмайды. Халықтың көбін қамтыған Барақ шайқасты да өзі бастады. Әбілқайыр тобы бірінші соққыға-ақ төтеп бере алмай, қашуға айналды. Осыны пайдаланып, хан да қашуы керек еді. Барақтың ұлы Шығай сұлтан найзамен Әбілқайырды ат үстінен мұрттай ұшырды. Осы кезде оған Барақтың өзі жақындап келіп, Әбілқайырды өз қолымен өлтірді» [23, 215]. Романда бұл оқиға өте ұқсас деңгейде алынып баяндалады. Тарихи деректердің көркем шығарма жолдарына айналған сипатына назар салайық: «Әбілқайыр еліне қайтты. (Мұның алдында Әбілқайырдың Орға келген сәті суреттелген – Қ.А.) Құдабайдың айтқан сырынан қорқып, жолай Орынборға соғып Неплюевке жолықпай, тікелей Ырғыз өзенінің бойында отырған Ордасына беттеді. Әбілқайыр жоңғар жағына шығып кеттіңдер деп көршілес қарақалпақ елін оқта-текте шабумен болатын. Осы ... жүз үйге Ор қаласынан қайтып келе жатқан Әбілқайыр кездесті. Қарақалпақтар айыптарын мойындарына алып, Кіші жүз ханының қолына берілді. Енді Әбілқайыр Барақтан екі мың шаңырақты тартып алмаққа бел байлады. «Өзіміз бар болғаны жүз елу ғана сойылмыз. Бараққа төтеп бере алмаймыз», деген серіктеріне; «Барақтан қорыққан сендер қатынсыңдар. Әйтпесе, еркектен еркек қорқа ма екен?!» – деп болмай сол жүз елу адамымен ұзай берген көшті қуып берген. ...Баяғы Нұрбике оқиғасынан кейін Бараққа әбден өшігіп алған намысқой Әбілқайыр, бұл айқастың қауіпті екенін ақылға сала алмады, бар арманы Барақты өз қолымен өлтіру болды да тұрды. Осы жолы қас жауының қанын ішпесе, оған Барақ екінші рет кездеспейтіндей көрінді. ...Қарамағына енген Жалайыр жігіттерімен жасағы көбейіп қалған Барақ, Әбілқайырдың жүз елу адамына бет бақтырмады. Тықсырып, қоршап алып, біреуін қалдырмай қыруға айналды. Бірақ жаратылысынан батыр Әбілқайыр: «тағдырдың жазғаны осы болса көріп алайын!» – деп, кейін шегінбеді. Өзі де Барақтың баласы Шығайдың қолынан ат жалын құшып құлады. Жерде сұлап жатқан ханның жанына шапқылап жеткен Барақ беліндегі ұзын сапты, өткір ұшты Хиуа қанжарымен жүрек тұсынан сәл төмендеу жерден құлаштап ұрды» [8, 478]. Тарихи жазба дерек сорабы айқын білініп тұрғанын айтпағанның өзінде, нақты деректі жанды образға айналдырудың қисынын келтіре білу шеберлігін І.Есенберлин үлгісінен көреміз. Жазушы қаламынан туындап сәулесін шашып жатқан ой астары, сөз қуаты ұлттық рух, халық қасиетін аңдатуға бастап бара жатады. « – Міне, енді алыс-жұлыс, үміт-арман... бәрі-бәрі бітті, – деді ол үнсіз күбірлеп. Кенет ғажайып бір ой ақырғы ақыл-сезімін шарпып өтті. – Қандай данышпан едің – байқұс қазақ?! Сенен басқа бірде-бір халық дүние шіркінге «жалған» деген ат қоймаған болар. Қалай тауып қойғансың. Қу дүние – шын жалған екенсің... Өттің де кеттің ғой» [8, 379].

Тарих сабағы деген осы. Дәуірлер дидарын бағамдай отырып, уақыт сабақтастығын танисың. Жеке ұлт, мемлекет тұлғаларын империялық гегемонистік пиғылының құрбаны болу үрдісінің әріден бастау алатын үлгісін көреміз. Бұл тәсіл өткен ғасырдың 20-жылдары мен кешегі тәуелсіздік алған 90-жылдарға дейін жалғасқан сипат екенін танимыз. Ол тәсіл – өз жақынының, өз айналаң арқылы ел басшысы, ұлт көсемі, ұлт ардақтыларын құрту тәсілі. Романдағы Әбілқайырдың трагедиялық бейнесі соны еске салып тұрғандай. Қазақ қоғамының кешеден бүгінге келу жолындағы күрделі тұлға XVIII ғасырдағы Әбілқайыр болмысының жеке мүдделік пендешілік пен екі жүзділік қасиетін танытатын көлеңкелі жақтарынан бөлек өз дәуіріне қатысты прогресшіл озық идеялары да І.Есенберлин танымы арқылы айқын бой көрсетіп жатады. Әбілқайыр аузымен айтылатын мына сөздерде сол прогресшіл ойдың мәңгі ескірмейтін мәні жатқаны сөзсіз. «...Мен үш жүздің басын біріктіргім келеді. Сонда ғана өзге жұрт бізбен санасады, – деді сөзін сабақтап» [8, 426]. Левшиннің кейбір сөзін өзгеріссіз үзінді ретінде тырнақшаға алып беруі де тарихи материалды пайдаланудағы жазушы тәсілдерінің бірі деуге болады. Әбілқайырдың өлімін тарихи құжаттардағыдай Барақ сұлтанмен байланыстыра отырып, өз халқының алдында да беделі түсе бастаған ханның енді патшалық Россияға да қажеті болмай, екі оттың ортасында қалған сәтін суреттеу арқылы автор отарлау саясатының зымияндық сырын ашып беруге тырысады. Өйткені отарлау саясатының зардабын ең алдымен сол жалпы халық тартады ғой. Отарлаушы ел билік өкілдерінің зымияндық әрекеті көрініс тапқан тұсқа назар аударайық: «Соңынан ерген жұртының өзінен алыстай бастағанын ұққан Әбілқайыр қатты састы. Біресе қарамағындағы елді Орта Азия хандарының жеріне көшуге не болмаса Иран шахының қол астына кіруге үгіттейді. Ондағы ойы – егер қазақ рулары солай қарай ауар болса, орыс патшасы қарамағыма өзіме керек әскер беріп, қазақ елін біріктіруге тағы шақырар деген үміт. Бұдан да ештеңе шықпады. Қазақ жұрты жат ел хандарына жалынышты болғаннан көрі, қандай қиындық көрсе де өз жерінде қалғанын артық көрді. ... Халық басқа жолын өзі тауып кете ме деп қорыққан Әбілқайыр, сасқанынан орыс патшалығына қарсы қимыл көрсете бастады. ... Осы тұста Кіші жүз ханы Әбілқайырдың күйі бұрынғыдан да нашарлай түсті. Екі жүзділік саясатының салдарынан не қазақ елінің, не орыс патшалығының сеніміне кіре алмады. Ал, Орынбор губернаторы Неплюев өз жұртының алдында қадірі кеткен Әбілқайырдан мүлдем құтылуды қарастыра бастады. Бұл жолы ол Әбілқайырды сенат не Сыртқы істер коллегиясы арқылы емес, Кіші жүз ханының Орта жүз сұлтандарымен баз баяғы бас араздығын пайдалану арқылы-ақ құртпақ болды» [8, 472 – 475], – деп келетін Әбілқайырдың өлуіне себеп болатын тарихи жағдайлар мен Әбілқайырға қарсы Барақ сұлтанды пайдалануды ойлаған Неплюев әрекеті бұл ойымызды дәлелдей түседі. Авторлық мақсатына орай көркемдік тәсілмен дәуір саясатының құрбаны болған

Әбілқайырдың пұшайман халге түсуін тарихи шындық тұрғыдан жан-жақты ашқандығы көрініп тұр. Дей тұрғанмен, таққұмарлық пен жеке бас мүддесі алғашқы кезекте тұратын пендешілік психологиясы меңдеген Әбілқайыр болмысы арқылы көрінетін адасудың тұманына тап болған тағдырдың, азап тауқыметін өзі емес, өзгелер көбірек тартып, зардабын халық шегетін құбылысы кітап жазылған дәуірде де айыға қоймаған тұрпаты І.Есенберлин қалам қуатымен өрнек тартқан. Тарих сабақтастығы, уақыт ұқсастығы, психологиялық сәйкестігі көрініс тапқан. Тарихи шындықтың көркемдік таным қуатымен жанды бейнеге айналған сипатына бойлаймыз. Қазақ тарихындағы тағдыры күрделі тұлғаның бірі – Әбілқайырдың І.Есенберлин шығармасындағы саяси тұрғы, тарихи сана, субъективті көзқарасы бойынша сомдалатын тарихи кейпі осындай. Мемлекеттік басқару құрылымында жеке мүдделік ой мен бақталастық жайлаған елдің болашағы қашанда тұманды болатынын ескертіп тұрғандай. Өткен заман шындығын жазушы өзі өмір сүріп отырған кезең болмысынан алып көркем бейне жасап отырған тәсіл. Тарихи өткен дәуір шындығын суреттегенде жазушы болған оқиғаны көркем баяндап, әдеби шығармаға айналдыруды мақсат етіп қана қоймай, тарихи фон арқылы өз заманының мәселесін астарлап айтып беруді көздеген. Есенберлин эпопеясындағы образдар жүйесінің астары осы ойға меңзейді. Жазушылық таным құдіреті, тұңғиық ой жылымы сана бағдарын өзіне бұрып әкетеді. Қазақ халқының Россия қол астына бодан болмауға шарасы қалмаған сәттің бір ұшығы алауыздық пен бақталастықта жатқандығын ескертеді. Тарихи шындық тұрғысын зорлап мойындататын кей сәттердің себепсалдары, түп-төркіні жеке психологиялық ой-мақсаттардың арпалысы мен шарпысуында жататындығын меңзейді. Ойлап қараңыз. Ұлт бостандығын, жеке ұлт өркениетін, халық теңдігін «дәріптеген» коммунистік жүйеде сол мақсат-мүдделер толық жүзеге асу сипатына ие болды ма? Әрине, жоқ. Қайта күн өткен сайын жеке ұлт мүддесі қусырылып, ұлттық салт-дәстүр жұтылып, тілдің қолдану аясы барынша тарылып, жойылу қауіпі дендегені шындыққой. Мұның бәрі шовинистік идея, империялық саясат құрсауымен жүзеге асып жатпады ма. Бұл отарлауды жаңа үлгіде жалғастыру екенін зиялы топ білді. Алайда, ашық айтуға дәрмен жоқ. Өз ішімізде де мұндай араздық пен таққұмарлық бар екенін көре білген жазушы осы бір дерттің зиянды сипатын тарихи өткен көрінісін бейнелеп беру арқылы ұрпақ зердесін оятуды, тарихтың кесапатты тағылымын айта отырып өз дәуірін танытуды көздеген. Ұлт ретінде жойылып кету қаупін ескертеді. Отар болу емес, одақтас боламыз деген сенімнің соңы тәуелді тағдырға ұласу сипатының төркінін еске салады. Шығармада тарихи шындық осылай бой көрсетеді. Патшаның халықты асықпай отырып-ақ бұғаулаудың оңтайлы тәсілінің сырын ашады. Осы бір азаттық-еркіндік үшін, тәуелсіздік үшін күрес бір сәт те тоқтамағаны белгілі. Қазақ қоғамының ХVIII ғасыр бедерін суреттейтін «Жанталас» романында осы «жанталас» күрес cуреттеледі.

Соңғы рет қазақ халқының басын құрап, Жоңғар, Қытай басқыншыларына тойтарыс берген кезеңнің шежіресі және сол тарихи дәуір оқиғасының басында тұрған Абылайдың билік кезеңі «Жанталас» романының үшінші бөлімінде суретттеледі. Қазақ хандарының ішінде есімі ең көп аталатын, ақын-жыраулар ең көп өлең-толғау, жыр-дастандар арнаған, ең көп әңгіме арқауы боп, аты аңызға айналған тұлға – ол Абылай. Абылай есімінің халық жадында көбірек сақталып, аты айналуының, жазба деректерде де мол кездесуінің себептері бар. Біріншіден, Абылай дәуірінің біздің ғасырымызға бір табан болса да жақындығы, екіншіден, ол қазақ халқы үшін аса бір маңызды кезеңді бастан кешіріп, сын сағатта халық мүддесінен шыға білгені, үшіншіден, тарихи хаттама, жазба дерекке атының көбірек түскені болса керек. Абылай тұлғасының оқшау сипаты жайлы Р.Бердібаев былай деп жазады: «Халық әр дәуірде ел тізгінін ұстаған білікті билеушілерін естен шығармай, олардың жамиғат алдындағы өшпес қызметін қанатты сөздермен мінездеп отырған. «Қасым салған қасқа жол, Есім салған ескі жол» деген секілді бейнелі тіркестер тасасында терең мағына жатқаны анық. Қазақтың ең әйгілі хандарының бірі әз Тәуке болса, оның тұлғасы төңірегінде жылы лебіздер мол айтылатыны мәлім. Басқа да белгілі хандар мен сұлтандардың ел үшін елеулі әрекет жасағандары жұртшылық ілтипатына бөленгенін байқаймыз. Сонда да болса, солардың бәрінен де хан Абылай даңқы басым жатады. Өзге ел өкілдеріне қазақ хандары ішінен неғұрлым әйгілісі де, халық әдебиетінде көркем бейнесі жарқын мадақталғаны да Абылай екені кәміл. Қазақ қауымының сан буыны қысылғанда медет көріп, намыс кегі қайралғанда ұран етіп шақыратыны да Абылай есімі болуы тегін емес. Ол жөніндегі көне сөздердің көптігі соншалық – Абылайнама деп атарлық мол туындылар шоғыры жасалған. Орыс халқының тарихында былина-жырлардың ең көбі ертегі «күн дидарлы князь» Владимир дәуіріне арналған десек, қазақтың тарихи эпикалық өлең жырларының аса көрнекті бөлігі де Абылай және оның айналасындағы батырларға, билерге, шешендерге бағышталған [24,4]. Абылай атының аңызға айналып, жақсы лебізбен айтылуының тарихи негіздерінің бірі – ел басқару ісіндегі тактикасы, сыртқы елдермен қарымқатынасындағы дипломатиясы мен жаугершілік, Отан қорғау тұсындағы әскери қолбасшылық стратегиясы. Оның ел басқару, хандық беделі жөнінде атақты орыс ғұламасы, академик В.В.Бартольд «XVII ғасырдағы ең күшті Орта жүздің ханы Абылай болды» [25] деп жазды. Өткен дәуірдегі қазақ тарихына қатыста мол мағлұмат қалдырған орыс ғалымдарының бірі А.И.Левшин де кезінде Абылай туралы «ақылды да іскер Абылай сұлтан» [23, 230] деп жазған. Қазақтың ұлы перзенті Ш. Уәлиханов Абылай атының халық аңыздарында аталатын поэтикалық сипат алғанын, Абылай ғасыры қазақ ерлігінің ғасыры ретінде айтылатынын, көптеген музыкалқ шығармалардың Абылай дәуіріне байланысты екенін көрсетеді [26, 116]. Октябрь революциясына дейін жарық көрген басқа да біраз еңбектрде

Абылай ханға қатысты көптеген мәлімет берілді. Қ.Халидұлының [27], И.Златкинның [28, 43–44], И.Г.Георгидің [29], В.Вельяминов-Зерновтың [30, 57], Б.В.Радловтың [31, 157], Г.Н Потаниннің [32, 67–68], Н.М.Ядринцевтің [33], Шәкәрімнің [9,26–33] т.б. тарихшылардың жазбаларында Абылайға қатысты тарихи шындықтар қамтылған. Ал мұның сыртында Бұқар жырау бастаған Үмбетей, Тәтіқара, Көтеш, Жанақ, Күдері, Шал сияқты ақын-жыраулардың өлең-толғауларында, Көкбайдың «Сабалақ», Ш.Жәңгірұлының «Тарихат», «Абылай хан», С.Досперұлының «Есенкелді», О.Нұралыұлының «Сабалақ-Абылай хан» дастандары, т.б. шығармаларда Абылай өмірінің әр кезеңі суреттеліп, сом тұлғасы жасалғанын көреміз. Алайда халық аузында көп айтылып келген Абылай хан есімі кеңестік кезең тарихында қайшылықты тұлға ретінде бағаланып ел санасынан шығарылды. Рас, кеңестік кезеңде М.Әуезов бас болып Абылай туралы өлеңтолғаулар, тарихи жырлар жиналып, зерттелді де. Алайда мұндай ғылыми еңбекті сол кездегі идеология, коммунистік партиялық саясат қатты сынға алды, әрі оны зерттеуші ұлы ғалым қуғынға ұшырады. Дегенмен, орайын тауып Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, Қ.Мұхаметханов, Х.Сүйіншәлиев, Ә. Дербісәлин, Ә.Қоңыратбаев, М.Мағауин, С.Қасқабасов секілді әдебиеттанушы ғалымдар ақын-жыраулар мұрасын зерттеу барысында Абылай бейнесіне қатысты ой-пікірлерін білдіріп отырды. Міне, осындай қытымыр саясаттың кырағы бақылауында тұрған хан Абылайдың тарихи тұлғасын сұңғыла сана, тұңғиық ойдың икемімен елдің есіне түсіріп, коммунистік көзқарас, партиялық саясат құрсауы қамаулап тұрған заманның өзінде халыққа танытқан Ілияс Есенберлин болды. Шапқыншылық емес, негізгі мақсат басқыншылықтан қорғану боп келетін дәуір бейнесі жасалған «Жанталас» романында Абылай әр қырынан суреттеледі, сан түрлі мінез, қасиетімен көрініс табады. Абылай бейнесінің бұлайша жан-жақты жасалып, ақылдылығы мен айбары, қаталдығы мен қайсарлығы, тұйықтан шығарар тапқырлығы мен айлалығы тұтас көрініп, қатар беріліп жатуына ол туралы материалдың соншалықты молдығы мүмкіндік туғызғаны сөзсіз. Алайда жазушы сол мол материалдың барлығын бірдей пайдаланып, желісін түгел көшіре бермеген. Көңіл сынынан өткізіп екшеген, сұрыптап іріктеген. Сөйтіп өз мақсатына орай орналастырған. Өлең-толғаулардағы, жыр-дастандардағы, аңызәңгімелердегі суреттелген Абылай мен тарихи жазба деректерде сипатталатын Абылай тұлғасын қиюластыра отырып, жазушы, уақыт елегінен өтіп, санада жаңғырған Абылай әлемін беруді көздеген. Сондықтан романда шығарма жазылған уақыт көзқарасы да, тарихи шындық елесі де бой көтереді. Дипломатиялық өре, стратегиялық тактика, ел билеу ісіндегі тағылымды тұстар мен қайшылықты қимылдар бәрі-бәрі де Абылай болмыс-бітімі арқылы танылып отырады. Абылай қасиеттерінің бірін көрсететін тарихи дерекке көз салайық: «Ақылды да іскер Абылай сұлтан өз тыныштығының да, барлық қазақ ордаларының қауіпсіздігі үшін

де олардың ежелгі жауларының әлсіреуінің қаншалықты маңызды екенін жақсы түсіне отырып, жоңғарлық билеушілердің жер иемдену мақсатында өзара қырқысуы жалғаса беруі үшін бар күшін салып отырды. Осы мақсатпен ол Әмірсана мен Лобачеге (жоңғарлық жер иленуші) өз ауылынан баспана беріп қана қойған жоқ, олардың өз тайпаларына қарсы күресуіне көмектесіп шайқастарға бірге барды, ал қытай әскерлері жоңғарлардан басым түсе бастаған кезде Абылай жеңімпаздар жағына шықты. Одақтастарын өзгерте отырып, ол өз мақсатын да ауыстырды, сөйтіп оларды Әмірсананың әскерімен бірге өзінің қас дүшпанын аяусыз қыруды жалғастыра берді. Ал Жоңғария әбден тізе бүгіп, қытай әскерлері жаулап алып, Абылайдың көшпенді жұрттарына жақындағанда, ол жеңіпаздың алдынан шығып, өзін боғдыханның қол астындамын деп мойындады» [23, 230], – деп жазады Левшин өзінің жоғарыда аталған кітабында. Левшин айтқан бұл дерек романда пайдаланылмайды. Романда салмақты жүк арқалап тұрған, авторлық мақсатқа қызмет атқаратын қосалқы кейіпкерлер де бар. Бұл орайда, Қияқ пен Тұяқ тәрізді автор қиялынан туған қаһармандар өздері көрінетін эпизодтың әрін келтіре түскен. Тәуекел мен Қияқ тағдырын салыстыру арқылы да тарихи таным, тарихи тағылым сипатын меңзегендей. ХVIII ғасыр қазақ халқының Қытай, Россия сияқты үлкен екі держава екі жақтан бірдей қысып, тықсыра түсуі, сондай-ақ, өзі сияқты көшпелі жоңғар мемлекетінің күшейіп бара жатуы қосылып, шарасыз күйге түскен шағы еді. Қандай ел болсын өз еркіндігін тәрк етіп, бодан болуға оңайшылықпен мойын ұсына қоймаса керек. Шығарма авторы халық тағдырының осынау қысылшаң кезінің қытымыр сипатын жеріне жеткізе қисынды баяндай отырып, еркімен емес, мәжбүрлікпен отар ел болғанын айтады. Романның бас кейіпкері – осы жанталас кезеңінде елге бас болған Абылай. Рас кешегі коммунистік идеологияның ызғарынан каймығып, «қырағы көзінен» сақтанған әдебиетшілер басты тұлға «халық» деп келді. Халық зердесін қайта қалпына келтіріп, ұрпақ санасын оятуға қызмет істеуге тиіс ұлы эпопеяны сақтап, қорғап қалудың бірден бір жолы еді бұлайша пайымдау. ХVIII ғасыр біздің дәуірге жақын әрі көрші елдермен қарым-қатынас тереңдей түскен тұс болғандықтан, тарихи оқиға туралы жазба деректер де мол сақталып, халық жадында да қалпын көп өзгертпей сақталды. Ел қорғаны болған батырлар мен ел басқарған хандар, халқының ақыл-ойы мен жүрегі болған билер, жыраулар жөніндегі әңгімелер, аңыз-хикаялар, тарихи жырларды бертінге дейін ауыздан-ауызға таратып айтып келді. Осындай ауыз әдебиеті үлгілерін жастайынан жаттап өскен жазушы оны шығармасында тарихи деректермен қоса пайдаланған. Абылай мен оның батырлары жөніндегі көп дерек Шоқан Уәлиханов еңбектерінде көрініс тапқаны белгілі. «Әбілмансұр казақ даласында Дәулетбай байдың малын бағып жүр еді, жанында Ораз бар еді», – деп жазады Шоқан [34, 217].

Алайда, жазушы бұл орайда Шоқан жазбасындағы дерек емес, ақын, жыраулар поэзиясы мен фольклорлық материалды негізге алған. Бұқар жырау өлеңінде Әбілмансұр Дәулетбай емес. Төле бидің малын бағып жүрген [35, 91]. Сүйінбай өлеңінде де осы дерек айтылады [36, 40]. Ораз құл жөнінде де халық аузында сақталған әңгімелер мен жырларда айтылады [37]. Жазушы «Жанталаста» негізінен тарихи деректерді пайдалануға күш жұмсаған. Сыбан Рабтан мен Әбілқайыр жасағының кездесуін суреттейтін тұсты еске түсірейік. Бұл жердегі суреттелетін Баян батырға байланысты эпизодта Шоқан жазбасындағы деректің шеті көрінеді. Романда баян етілетін «Арғынның бір тармағы Қанжығалы руынан шыққан Бөгенбай, Бәсентин руынан шаққан Сырымбет, Малайсары, Тарақты руынан шыққан Байғазы, Шақшақ руынан шыққан Жәнібек, Ұлытау бойындағы Найманның бір тармағы – Бағаналы руынан Оразымбет, Имантай келді» [8, 354] деген батырлар тізбегі де Шоқан мақаласындағы батырлар атымен өте сәйкес беріледі [34, 216–222]. «Жанталас» романындағы Баян батыр тағдырына байланысты эпизодта Шоқан еңбегіндегі деректер және ел аңыз-шежірелерінің желісі, сондай-ақ күні кешеғе дейін оқуға тыйым салынып келген Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасындағы эпизодтар жазушы санасында қайта қорытыла көрініс табады. Оған дәлел Баянның өз інісі Ноян мен қалмақ қызын өлтіруі ешбір деректе, халық аңызында айтылмайды. Тегінде ол Мағжан ақынның творчестволық қиялынан туған сюжет болса керек. «Жанталаста» осы эпизод прозалық баянға көшкен. Алайда романда тарихи дерек ылғи да негізге алына бермейтін тұсы да көп. Соның бірі А.Левшиннің Абылай жайындағы мінездемесінің шығарма сюжетіне мүлде енбеуі. Яғни қытай боғдыхандарына жағымпазданып, алдынан шығып қарсы алып, «Абылай өзін боғдыханның қол астыңдамын деп мойындады» деген сөздің мазмұнына сәйкес іс-әрекет көрсетілмеген. «Жанталаста» тарихи дерек пен аңыздық мағлұматтарға негізделген көркемдік топшылаумен бірге, автор қиялынан туған көркемдік киял жемістері де мол, оның бір дәлелі ретінде «Сұрша қыз» (Құндыз) оқиғасына байланысты эпизод. Өзін Абылай ханның «олжасына» айналдырып, тәуекел еткен Құндыздың мінезі мен намыс пен ерлікті желеу етіп, қарындасын да, Абылайды да мерт етпек болған қыздың ағасы Қаныбектің әрекеті арқылы автор көшпелілерге тән тағы бір мәрт мінездің сырын ашқан. Ол роман оқиғасына әжептеуір көрік беріп тұр. Тарихи трилогияда хандардың ұрпағымен бірге ілесе жалғасып отыратын қарапайым, халық өкілінен шыққан желілі кейіпкерлер тізбесі тағы бар. Олар – жазушы қиялынан туған Орақ, Тұяқ, Қияқ, т.б. қосалқы кейіпкерлер. «Жанталастағы» Керей – солардың бірі. Оның жазаланар тұсындағы Абылаймен кездесу сәтіндегі эпизодты оқып көрейік: «Хан нөкерлері хатты таба алмаған, бірақ төлеңгітті ұстап Абылайға алып келген. – Кімсің? – деген хан оның бетіне тесіле қарап.

Төлеңгіт ханға басын да иген жоқ. Танау шеміршегі жұлынған, кең маңдайына темірмен күйдіріп басқан «ұ» деген әріп бар. Бұл «Ұры» деген сөздің белгісі. ... Бұл баяғы жалғыз көз Орақтан тараған Қияқ пен Тұяқ құлдардың ұрпағы Науан ұстаның жалғыз баласы Керей еді. Ол Бөгенбайдан кейін де талай ұрыстарға қатынасқан. Еңіреген ер бола тұрса да, ақырында хандарға еріп, адам баласы бірін-бірі аямай қырған жорықтардан жүрегі шайлыққан. Сөйтіп, ол жылқы баққан ауылдың босқын жігіті болып отырып қалған. Бірақ өмірдің қиянаты оны қайтадан қанды тартысқа алып келген. Бірақ бұл жолғы тартыс өзігешелеу еді. Күндердің күнінде, уақытында ханға деген қарыз-қаражатын өтей алмай, ол бір күні сұлтанға бес байталға төлеңгіттікке сатылған-ды. Бір күні мұның жасөспірім қызын зорлап жатқан сұлтанның үстінен шығып, оны қанжармен жарып өлтірген. Абылай ісін қарап, кісі өлтіргені үшін патша үкіметінің қолына берген. Ол патша соты күміс шығаратын жерге каторгаға айдаған... – Иә, қайдан жүрсің, жылқышы Керей! – деді Абылай, – өзің секілді кісі өлтіргіштер барып қосылып жатқан жаңа «орыс патшасы» кім? Керей тісін ақсита күлді. – Жай кісіні өлтіру – обал. Ал сұлтанды өлтіру – сауап. Алла тағаланың өзі ондай күнәнің тең жартысын кешеді. – Бүкіл күнәңді кешу үшін не істеу керек? – Ханды өлтіру керек, – деді Керей сабырлы үнмен. Тақымына қыл бұрау сап қинағанмен, Керей Пугачев батырларының хатын кімге беретінін айтпады. Келесі күні оны асау айғырдың құйрығына байлап, азаптап өлтірді» [8, 584], – деп сипаттайды жазушы. Керей тағдыры романдағы шағын эпизод арқылы осылай көрінеді. Бұл қосалқы кейіпкер арқылы қара халық өкілдерінің жүйесін сақтау, олардың әр кезеңдегі халахуалдарын көрсету мен ұрпақтан ұрпақка жалғасқан тағдырлардың өсу деңгейлерін танытуды көздеген. Керейдің Пугачев көтерілісін жақтаушының бірі болуы соның айғағы. Бұл – шығарма жазылған кездің көзқарасымен түйінделген ой. Автор Керей бастаған қарсылық келешек үлкен күшке айналатындығын, ол күш халықта екенін осы образдар арқылы көрсетеді. Осылайша халық тегеурінінің күштілігін алдыңғы лекте ұстайтын жазушы тарихи шындықты көлегейлемей отырып, оқырманды ойға шақырады. Азаттыққа үндейді, жекенің емес, көптің бірлігін дәріптейді. Кешеден бүгінге жету жолындағы жан толқытар көріністерді еске салады. Абылай ханға қатысты тарихи деректердің бірі М.Мағауиннің «Қобыз сарыны» атты зерттеуінде былай баяндалады: «Бірде Абылай ханның жортуылда жолы болмапты. Өкшелеген жаудан құтылуға айналғанда алдынан өткел бермес тасыған өзен кездеседі. Жұрт ұйлығып қалыпты. Бәрінің де харап болу қаупі төнеді. Тәтіқара суырылып шығып:

Қамыстың басы майда, түбі сайда, Жәнібек Шақшақұлы – болат найза. Алдыңнан су, артыңңан жау қысқанда, Ер жігіттің ерлігі осындайда. Бөкейді айт Сағыр менен Дулаттағы, Дәріпсалы, Маңдайды айт Қыпшақтағы, Өзге батыр қайтса да, бір қайтпайтын Сары менен Баянды айт Уақтағы. Ағашта биікті айтсаң қарағайды айт, Жігіттік, ерлікті айтсаң Бөгенбайды айт, Найзасының ұшына жау мінгізген Еменалы Керейде ер Жабайды айт,

– дегенде, осы аталған батырлар ақынның соңынан тасып жатқан өзенге түсе бастапты. Бұлардың артынан қалың қол да судан аман өтіпті» [10, 70]. Осы дерек 1993 жылы шыққан «Абылай хан» жинағында да бар. І.Есенберлин осы детальді көркем сурет түрінде дамытып, негізгі желіні өзгертпей пайдаланады. Жазушы аңыз әңгімелердегі, көне ақын-жырау толғауларыңдағы Абылай жайлы, оның өміріне қатысты деректердің жалпы желіні сақтағанмен, өз ой шешімімен өзгерте, сюжеттік тұрғыдан дамыта баяндаудың бір мысалын әйгілі Бұқар жыраудың:

Ай, Абылай, Абылай, Сені мен көргенде Тұрымтайдай ұл едің, Әбілмамбет хандарға Қызметші боп жүр едің. Сен қай жерде жүріп жетілдің, Үйсін Төле бидің Түйесін баққан құл едің!

– деген толғауындағы Абылайды білу төркіні романда баян етілетін тұстан да көреміз. Ол романда Бұқар мен Әбілқайырдың Абылайды алғаш көретін сәтін суреттейтін эпизодта көрінеді. Шоқан Уәлиханов еңбегінде айтылатын Түркістан қаласына жау шапқанда он үш жасар Әбілмансұрды құтқарып қазақ даласына келген Оразды, Бұқар толғауындағы детальды, Хиуа базарында сатылғалы тұрған жерінен Ораздың құтқарғаны жайлы әңгімелерді қорытып, көркем жинақтай отырып романда былай баяндайды: «Бұқар жырау Ораз құлмен бірге далаға шығып, қазанға ас салып кірді. Қазір шұбат ішіп әңгіме-дүкен құрып, шүйіркелесіп отырған кездері. Әбілмансұр Төле бидің түйешісі екенінен бөтен тіс жарып сыр ашпады. Бірақ қырағы жырау, туысы бөлек бұл бала жігіттің тіпті де қарапайым түйеші емес екенін іштей сезіп отыр. Ал бала жігіттің беті бүлк етпейді, құпия

сырын мүлде тереңге тығып тастағандай. Кенет ол жырау ойын оқып қойғандай, есік алдында тұрған Ораз құлды иегімеп нұсқап: – Бұл кісі маған әке орнына әке, шеше орнына шеше болған адам, – деді. Сан ажалдан қағып келген періштем, Жәбірейілім ...» [8, 319–320]. Аңыз әіңгімелерде де, Бұқар толғауында да Әбілмансұрдың Төле бидің түйешісі болғандығы туралы хабарлама ғана. Шоқан дерегінде қазақ даласына Абылайды Ораз ағасы ертіп келген. Ал, Әбілмансұрдың аты Абылай деп өзгеру сыры суреттелетін тұс романда былайша көрінеді: «...үлкен бір айқаста ауыл адамдары «Сабалақ» деп ат қойған, он сегіз жасар түйеші «Абылайлап!» ат қойып, жауын қашырып, бүкіл еліне «Абылай» деген атпен әйгілі болды. Сонда барып Әбілқайыр хан бұл Абылай баяғы Бұқар жырау екеуі барлауда жүргенде кездестірген Төле бидің түйешісі Әбілмансұр екенін білді» [8, 378– 379]. Бұл жерде тарихи аңыз өзгеріссіз қаз-қалпында алынған. Тек Бұқар жыраудың Абылайға Әбілқайыр екеуі барлау жасап жүргенде кездесуі көркемдік қиял деуге болады. Осыдан былайғы соғыстардың бәрінде Абылай есімі дүрілдеп шыға берген. Жұрт Абылаймен санаса бастаған. Романда сұлтан атанып жүрген кезінде-ақ оның үш жүзге хан саналғандығы жөнінде мынадай дерекмысал бар: «Абылайға көңіл айтып, сонау Арқадан қаз дауысты Қазыбек би, Ұлы жүзден Төле би, Кіші жүзден Бала би келді. Бұл үш бидің келуі Абылайды үш жүздің елі өзіне көсем ете бастағанының белгісі еді...» [8, 522|. «Абылайдың үш жүзге көсем санала бастау тарихын жазушы І.Есенберлин былайша сипаттайды: «Көкейкесті арманына жеткен Абылайдың көңілі ай-жай еді... Иә, Телікөлдің жағасына жиналған үш жүздің «игі жақсылары» оны «Үлкен Орда» ханы етіп-ақ киізге көтерген. Рас, бұл жиынға Ұлы жүз бен Кіші жүздің көп руларынын басты адамдары келмей қалды. Келмесе өзі білсін! Абылайға оның қазір қандай маңызы бар? Бүгін келмегені ертең келеді. Бүгін көнбегені, ертең көнеді» [8, 557]. Тыныштық пен тәуелсіздік үшін күрескен, қазақ жоңғар басқыншыларынан азат етушілер қатарында эпикалық биікке көтерілген ер тұлға тумысынан билік психологиясы бірге калыптасқан, жеке басының абыройы мен мансабын қатар ойлаған жан ретінде Абылайдың пендешілік қасиеті қат-қабат өрілетін шығармадағы таным қуаты осындай. Романның әр бетінде бағдар сілтеп, ойға жетелеп отыратын таным қуаты мен тағылым мұратының сырына қанығу міндетін арқалайсыз. Батыр да атанған, ақыры хан тағына да отырған, алайда жарық дүниеден өкінішпен аттанып, өкініште қоштасып бара жатқан Абылай толғанысы ойға батырады. Расында сонау даңққа бөленген батырлықтан да, абырой-атаққа оранған басындағы бақ, астындағы хандық тақтан не қалды бүгін? Хан тағына жету үшін ұзақ та бұралаң жол басқан Абылайдың жан толқыны нені меңзейді. Осы бір сұраққа көңіл-күйі қасірет шеккен күннің бірі – бүгін жауап бергісі келген Абылай жайын

аңғарасың. Ең әуелі сол хан тағы не үшін керек болды. Өлімнен артық қасірет жоғын сезінген болмысын көреміз. Иә, хандық құру мен тек мансапқорлықтан туды ма сол арман? «Жоқ, Бұқар аға, онда сен мені білмегенсің. Қолыңда күшің болмаса, кімге айтқаныңды істете аласың? Ұлы хан тағына отырсам қазақ елін өзімнің дегеніме жеткізем деп ойлағам... Ал соңынан... Әділетті ұлы хан болсам халық менің бұрынғы қиянаттарымды ұмытады ғой деп сенгенмін... ... Хан бар жерде қиянат болмауы мүмкін емес екен. Бірақ мен сол қиянатымды да, озбырлығымды да халқымды уысымда ұстау үшін жұмсадым, ел бірлігін күшпен сақтамақ болдым» деген Абылай толғанысы өмір сабағынан алған танымдық зердеге ұласады. Абылай табанды күрескерлігінің, айтқанынан қайтпайтын батырлығының және халық талайы таразыға түскен сын сағатта ешкіммен де ымыраға келмейтін қатал, қатыгездігінің арқасында қазақ елінің, жерінің бостандығын қорғап қалды. Әл үстінде ауырып жатқан Абылай Бұқар жырауға айтқан: «Менің кеңесіммен жүрер ұл-қыз болар ма екен? Сөйтсе де екі кеңесім бар. Бірі – қазақ аз ел ғой, азып-тозып кетпес үшін, қолдарынан келсе солардың бірлігін сақтасын. Бірлігі бар елді басқару жеңіл. Екінші айтарым, мен елу жылдан астам соғыс жүргіздім. Жетпіске келген жасымда, мейлі айла құрайын, әйтеуір шығыс жағымнан келген жауға, әсіресе Қытайға қазақтың бір бөлшек жерін бергем жоқ» [8,592] деген жолдардан Левшин айтқан жоғарыдағы мінездеме сырын емес, болжалдап айту арқылы өрілген жазушы түйіні мен тарихи таным сипатын көреміз. «...қазақ аз ел ғой азып-тозып кетпес үшін, қолдарынан келсе солардың бірлігін сақтасын» – деген Абылай сөзі мен «Алмас қылышта» суреттелетін «Жалғанда не қиын қазақтың ру таласын шешу қиын. Бірақ оны шешудің қандай қажеті бар? ... – Шыңғыс тұқымының хан тағына осыншама ұзақ отыруының себебі де осында емес пе? Егер ру-ру боп бөлінген бар қазақ бірігіп кетсе не болар еді? Жоқжоқ бұл жұрт абайлап ұстамасаң қолыңды алып түсер қылшылдаған ұстара. Абайлап ұстаудың жалғыз жолы – біріне-бірін бақтырып қою. Сонда ғана бұл өткір ұстара қауіпсіз» [8,28], – дейтін он бесінші ғасырдағы Әбілқайыр ойының екі бөтен бағыты арқьлы-ақ билік қағидасының жеке тұлғалар болмысымен тамырласып жататын сан тарау психологиялық сәтін тануға болады. Өткен тарих бейнесінен қазіргі заман келбеті көрінеді, сабақтастық сараланады, ұқсастық ұғылады. Халықты басқарудың жеңіл жолы Әбілқайыр үшін «біріне-бірін бақтырып қойып» азып-тоздыру арқылы болса, Абылай діттеген өмір сабағы бойынша «азып-тозып кетпеу үшін ел бірлігін сақтау» екен . Тек қана тарихи деректің ғана жетегінде кете бермей жазушы аңызәңгімелер мен жыр-дастандар арқылы халық санасына орныққан Абылай тұлғасын дамыта отырып жаңа идеялармен ұштастыратын болжалдап айту әдісін қолданған. Болжалдап айту әдісімен І.Есенберлин тарихи фон арқылы бүгінгі күн мәселесін қозғап, идеялық мақсаттың тәлімдік, танымдық

қуатын қарастырған. «...Өкінішім, – деді Абылай күрсініп. – Өз басымның өкініші ... үш жүздің басын қоса алмадым; аз елге хан болдым. Қазаққа мал емшегін емізгенмен, жер емшегін емізе алмадым. Орда Көкшетауда тұрғанда ақылшым болған Тимофей Егорұлының кеңесіменен Зеренді, Шортандыны жайлаған төңірегіме егін егуді үйретсін деп орыс мұжықтарын да әкелдім. Бірақ мал баққан, найза ұстаған сорлы қазақ, тез көндіге қоймады. Жер деген алтын қазына ғой. Екі тепе сулы жері бар өзбек, екі үйір жылқысы бар қазақтан бай тұрады» [8,592] – деген жолдар Абылай аузымен айтылғанмен, ол өткен дәуірден гөрі І.Есенберлин заманының, тіпті, бүгінгі күннің келбеті екені айқын. Жазушының өзі өмір сүрген дәуірден түйген тұжырымы. Кеңестік дәуірде жалпы көпшілік біле бермейтін көне қолжазба, тарихи дерек, Қазан төңкерісіне дейін шыққан патшалық басқару жүйесіне қызмет атқаратын мінездемелік, ақпараттық сипаты бар тарихи құжаттар мен сирек қорға айналған кітаптарды айтпағанда І.Есенберлиннің романдары дүниеге келгенге дейін халық Абылай тұлғасын әдебиет оқулықтарындағы Бұқар толғаулары арқылы ғана білетін. Тарихи тұлғасы бейнеленген жыр-дастандар «жабық қоймада» сақтаулы болды. Ал, оқулықтар мен әдеби зерттеулерде көбінесе Абылайдың көлеңкелі жақтары суреттелетін шығармалар алға тартылатын. Өзінің тарихи романында І.Есенберлин осы архивтік материалдар мен тарихи деректердің негізінде ой қорыта отырып жаңа идеялық мақсаттар шеңберінде Абылайдың кең ауқымда алынатын көп қырлы күрделі тұлғасын ашып берген. Қазақ әдебиетінің тарихында бар болмысымен оқшау тұратын тұлға кеңестік дәуірдегі оқулықтарда Абылай өмірі мен тарихи келбетін өз өлеңі арқылы кейінгі ұрпақ санасына жеткізген Бұқар бейнесі де романда тарихи шындыққа негізделген көркемдік болжалмен өрнектелген. Аңыз бен тарихи дерек желісі роман сюжетінде қозғалысқа түсіп, қисынды қиюласқан, көркем шындыққа айналған. Бұл орайда Абылайдың жастық шағының куәсі болған, өмір бойы қатар, үзеңгілес жүрген, тіпті әйгілі ханды соңғы сапарға аттандыру сәтке де тап болған Бұқар жырау тағдырын көреміз.

ІІІ ТАРАУ

ТАРИХИ ТАНЫМ: УАҚЫТ, КЕҢІСТІК ЖӘНЕ АДАМ

Әдеби шығармада суреттелетін оқиға – шындық өмірдің көркем көрінісі. Көркем туынды идеясы xалықтың мұратымен, тарихи тағдырымен тұтаса өрілгенде ғана өмір шындығына терең бойлайды. Нағыз өрелі тарихи шығармаларда халықтың өткен өмірі, тарихи оқиғалар мен бедерлі белестер, сол дәуірде өмір кешкен адамдар барлығы диалектикалық тұрғыдан жанжақты терең зерттеліп, гуманистік идеялары, тартысты сипаттармен барынша әділ, әрі айқын бейнеленуі тиіс. Ал халық тарихының бірнеше дәуірін қамтитын шығармаға бұл талаптың еселене қойылары анық. Тарихи тақырыпқа жазған көркем шығармалардың ішінде Ілияс Есенберлиннің тарихи эпопеясының осындай озық қасиеттермен дараланып тұратынына ешкім де күмәндамаса керек. Тарихи оқиғалардың ағынын белгілі адамдар, топтар өмірімен табиғи бірлікте әңгімелеп берген І.Есенберлин тарихшылық пен беллетристікті әдемі ұштастырған. Тарихтың ұзын жолын, негізгі тендендияларын, туған халқының адамзаттың рухани қазынасына қосқан үлесін танытуды көздеген жазушы, оны өзінің тарихқа деген көзқарасы тұрғысынан пайымдай отырып, өткен дәуірдің ғибратты сипатын көркемдікпен көз алдыға келтіреді. Көп ғасыр оқиғаларын, бірнеше жүз жылдың Шыңғыс әулетіне қатысты дерегін сана жанарына сыйғызу, оны ой елегінен өткізіп шығарма өзегіне айналдыру оңай шаруа емес. Автор сол заман шыңдығын түрлі дәрежеде жеткен әр кездегі шежірешілердің мағлұматтарына сүйенген. Бұл тақырыпқа катысты шығыс пен батыстың көп әдебиеттерін қарап шығу, казақ, орыстың тарихи шежірелерін зерттеп білу, қазіргі тарихшылар еңбектерін ескеру қанша қажыр, қанша еңбек етіп, тер төгуді керек ететіні айтпаса да түсінікті. Тарихи эпопеядағы аталып қана өтетін кейіпкерлер түгілі ауыз толтыра сөз етер тұлғалардың өзін тізіп шығу мүмкін емес. Алайда эпопеяның кейіпкерлерін негізінен үш топқа бөліп қараған жөн сияқты. Олар хандар әулеті, халық және осы топтың арасын дәнекерлеп тұрған көпшілік өкілдерібатырлар, билер, ел тағдырына араласқан аналар-арулар. Тарихи эпопеяның негізгі желісі осы топтың ала жіп боп өрілген өмір тынысы дейтін болсақ, жазушы шеберлігін сол ала жіптің бос өрілмей шымыр да ширақ нық өрілгендігімен өлшейміз. Феодалдық-рушылдық қоғамда билеп төстеушілер тегі тарихтан белгілі орын алған да, қарадан шыққан абзал азаматтардың ілуде біреуі ғана ел есінде қалған. Бізге тарихтан таныс Асан Қайғы, Бұқар жырау, Қобыланды батыр жайлы тың әңгімелер, олардың халық қиялында қалыптасқан болмысын толықтыра, жандандыра түсетін нақты оқиғалар сипаты тарихи шығарманың көркемдік дәрежесін арттыра түсетін штрихтар. Сәлімгерей, Алау, Қияқ, Тұяқ, Саян, Қаптағай, Орақ, Сейтен, Жоламан, Баян,

Қабанбай, Бөгенбай, Байтабын эпопеяда әр қырынан дараланып, көпшілік халықтың жұмылған жұдырығына, алмас қылышына айналған күрделі бейнелер. Эпопеяда бірде біріккен, бірде бір-біріне кіріккен, бірде мүлде өзгерген, жаңа халық жаңа ұлт түріндегі ел бейнесі жасалған. «Алтын Ордада» Асан Қайғы ойымен өрілетін тұсқа назар аударайық. «Шошайған тақыр төбенің басында әйгілі ойшы Асан Қайғы отыр. Тақыр жүнді желмаясы етекте шөгіп жатыр. Қарт жырау қалың ойда. Нені ойлайды? Ел қамын жеген дана қарияға ой жіберер күй аз ба? Ол жақында желдей желген желмаясымен Алтын Орданың алып даласын тағы бір айналып келген. Көргеніне таң қалған...» [1, 263] Ұлы жырау таң қалса, таң қалғандай еді. Өйткені бұл Асан Қайғы білетін бұрынғы Алтын Орда, яғни, әйгілі Алтын Орда еді де, емес те еді. Даласы да өзгерген, халқы да жаңарған. Бір жағынан бұрынғы дала, бірақ халқы да, қабілеті де басқа, ұрпағы, тілі, әдеті де өзгеше... Алтын Орданың бұрынғы жұрты негізінде Қыпшақ, Оғуз, Қарлұқ құрамдарынан болатын. Қазір де алып далада солар. Алайда солар деуге әрі болады, әрі болмайды. Өйткені Шыңғыс әулетінің үстемдігі бұларды бөтен ел еткен. Дәшті Қыпшаққа келген монғол шапқыншылары аз еді. Бірақ бұлар аз болғанмен, Дәшті Қыпшаққа өзінің тәртібін, үстемдігін жүргізе білген. Монғол үстемдігі алып келген ұлыс тәртібі Дәшті Қыпшақ жеріне жаңа қоғамдық, феодалдық, алпауыттық қарым-қатынастар тудырған. Монғол үстемдігі бұрынғы ру-руға бөлінген елді енді ұлыс-ұлысқа бөліп, сол ұлыстар барып бір ханға, Алтын Орда ханына бағынғандықтан, оларға мемлекеттік, елдік мағына берген. Дәшті Қьпшақ жерінде рулық емес, енді ұлыстық, елдік тәртіп үстемдік алған. Осыдан келіп кешегі Дешті Қыпшақта қазақ елі деген жаңа ұғым пайда болды. Бұрынғы Қыпшақ елі, енді Қыпшақ руына айналды. Бірақ қазақ рулары монғол бекзадаларының ұлыс аймақ қарамағына кіріп, қалай бөлшектенсе де өзінің көне атын сақтап қалған еді. Ел болуы руларының жоғалуынан емес, солардың ұлыс, орда болып бірігуінен туғанды. Ал Дешті Қыпшаққа келген кешегі монғолдың шағын бекзадалары, нояндары, жауынгерлері, өздерін монғол күйінше сақтай алмағаны белгілі. Олар тілдерін де, әдет-ғұрыптарын да жоғалтып Қыпшақ еліне сіңіп кеткені аян. Кешегі Бату орнатқан Алтын Орданың Тоқтамыс хан дәуіріне жеткен сәттегі өзгеріс сипаты, қоғам өзгерісіне әкелген негізгі ықпал әсері Асан Қайғы ой шолуы арқылы осылай беріледі. Тарихи таным қуатын байқаймыз. Ықылым заман суреті арқылы сабақтас уақыт, қазіргі дәуір келбеті елестейді, бүгінгі күн дидары көрінеді. І.Есенберлинге дейін де, кейін де бұл тарихи кезеңдер мен тарихи өзгерістер сипатын бір жақты ғана баға беретін идеялық нысанада суреттейтін шығармалар үстемдік алып келгені белгілі. Бұл әсіресе, орыс тілінде жазылған шығармаларға, ұлы орыстық мақсатты қуаттаушы

авторларға тән сипат. Олар туралы жазылған әдеби-сын, ғылыми-зерттеу еңбектерде де авторлар идеясын бір жақты марапаттау көбірек орын алады. Қала, қалама мейлі, кешегі өткен тарих бүгінгі өмірдің түп-негізі. Қалайық, қаламайық біз, бүгінгі ұрпақ, кешегі Шыңғысқан, оның әулетұрпағымен бірге өзгерген елдің, жаңарған халықтың жалғасымыз, тамыры бір алып бәйтеректің бұтағымыз. Тамыр үзілген бұтақ өркен жаймайды. Күн тимейтін жерде, көлеңкеде қалған өсімдік көк жапырақ жаймайды, бозарған кейіпке түседі, буыны бекіп еркін өспейді, әлсіз күй кешіп, өңсіз бой көтереді. Ұлт болмысының табиғи өркендеуі де осындай қасиетке ие. Тарихи дамудың кесепат, кесірлі тұстарын да, келелі әрекет, кемел ұмтылыстарын да айқын, ашық түсініп білу аркылы ғана өркениет өріне шығу мүмкіндігі болатыны жөнінде адамзат тарихынан түрлі мысалдар келтіруге болады. Ал біз сөз етіп отырған эпопеяда тарихи зерде тамыршысы І.Есенберлин тарихтан біз не үйрендік, үйренуге тиіс не нәрсе? Бүгінгі таңда тарихпен қандай сабақтастық бар, бар болса неге қайталанады, ол не үшін керек? – деген сауалдар төңірегінде ой тастайды. «Шыңғыс хан, соғысқа қосындарын дайындағанда, еш уақытта тойындырып ас бермеген. Соғысқа кірерде батыл болсын деп әскерге арақ берген. «Тоқ жүйрік алысқа жарамас, тоқ тазы түлкі алмас. Аш жауынгер ызалы, ашулы келеді. Ашулы жауынгер аямай, қыра береді» деген. Алтын Орда хандары да, жаңа жиһангер Ақсақ Темір де, әскерлерін сол Шыңғыс хан тәртібімен ұйымдастырған. Ешкім ескі салтты бұзбаған. Бірақ бұл сыртқы көрініс еді. Ал шынында әскерлерге көп өзгеріс енген. Мысалы, Ақсақ Темір атты әскерлерін тек түркі тұқымдас көшпелі елдерден құрған. Ал жаяу әскерін тәжік тәрізді отырықшы жұрттан жасаған. Және сол Шыңғыс ханнан ондық, жүздік, мыңдық, түмендік әскери ережелерді ұстай отырып Шыңғыс жасысынан өзгеше кетіп отырған. Бір жауынгердің бір жасақтан бір жасаққа ауысуы түгіл, бір жасақтың өз ұлысынан екінші ұлысқа шығып кетуін Ақсақ Темір де, Алтын Орда хандары да айып көрмеген. Сол себептен де Тоқтамыс, Едіге, Мамайлардың өздері де бір Ордадан екінші Ордаға әлсін-әлсін қашып отырған. Жазушы одан әрі суреттей отырып, әскери тәртіптің өзгеруі нәтижесінде пайда болған зиянды құбылыстарды көрсетеді. Тәртіп ырғағының бұзылуы жүйенің ыдырай бастауының негізі болатынын аңғартады жазушы. Ал бұл құбылыстың біздің дәуірде қайталанған, қолданған тұстары жоқ па дегенге келсек, кешегі Ұлы Отан соғысына қатысқан әке-ұрпақ айтқан әңгімелер арқылы көп жайды аңғаруға болады. 1941-1945 жыл аралығындағы Ұлы Отан соғысы кезінде де ұрысқа кірер алдында әскерлерге арақ берген. Мұндай қамқорлықтың ол кез үшін қаншалықты тиімді болғаны белгісіз, алайда соғыстан аман қайтқан әскерлермен бірге қазақ ауылдарына «арақ ішу үлгісі» бірге келіп, дендеп «орныққаны» шындық. Бұл «үлгі-өнегенің» бүгінгі ұрпақ жалғастығы ұлт үшін қаншалық қасірет болып отырғаны тағы белгілі.

Хан бойындағы, халық болмысындағы жақсылық пен жамандықты, қатігездік-жауыздықты, өзімшілдікті, қараңғылықты, қулық-сұмдықты ашып, айқын суреттеп, мақтау мен даттау бағытындағы ой нысанасын бір жақты қолданбай артықшылық белгілерін де, кемшілік тұстарын да қатар көрсете отырып автор неден үйрену, неден жирену керектігін еске салады. Тарихшылардың айтуынша Алтын Орда дәуірінде бас-аяғы жиырма жыл ішінде он төрт хан ауысқан. Ешқайсысы еркімен түспеген, бәрі де өзара қырқыс, тақ талас нәтижесінде бірін-бірі өлтірген. Міне, бұл тарихи шындық І.Есенберлин эпопеясында жанды көрініске айналған, көркем шындыққа ауысқан. Тарихи шындыққа негізделген көркем бейнелер арқылы автор тіршілік-өмірдің мәні, мейірім-шапағат билеген гуманистік идея, адамгершілік нысана-мақсат туралы ойға жетелейді. «Алтын Орда шу дегеннен-ақ қиянаттан туған мемлекет болатын. Өмір бойы сол қиянатын үстемдік етіп жүргізіп келген» [1,264]. Ал халық тағдырынан іргесін аулақ ұстаған қиянатшыл үстемдік қашанда қарсылыққа тап болатынын, алты бақан алауыздық күшейіп, сол үстемдіктің өз талғамы қалыптастырған психологиялық тартыс, билік құмарлық, жеке мүдде көзқарасы қосылып келіп, ел іргесі сөгіліп, ыдырауға, империяның құлауына әкеп соғатынын І.Есенберлин өзінің тарихи трилогияларында жанды көрініс, тарихи тұлғалардың іс-әрекеті, ой-байламдары арқылы еске салады. Кейіпкерлердің еске түсіру, ой толғаулары арқылы берілетін көріністерде тарихтың талай сілемдері көзге елестейді, тағылымды талай ойлар көңілге оралады. Ол тағылым – тек жағымды әрекеттерді баяндаудан емес, кейде болашақта келетін қауіп-қатердің пайда болатын тұстарын пайымдау, жеке тағдырға әсер етер себеп-салдарды көрсету барысында елестету. Жеке бастың қажеттілігін мемлекетаралық мәселемен орайластыра шешу, өз мүддесі үшін қандай іске де бару құбылысы «Алтын Орда», «Көшпенділер» трилогияларында айқын бейнеленген. «... Мамайды тек бүгінгі хабар ғана емес, соңғы жылдардағы аумалытөкпелі соғыс қиындықтары көбірек жүдеткен. Ал, дүние шіркін қандай сәтті басталып еді! Әлі есінде, Алтын Орданың әйгілі ханы әз Жәнібектің үлкен ұлы Бердібектің қызы Ханым-бегімге үйленгенде бұл он сегізде еді ғой, ұстасаң алып түсер қылыштың өткір жүзіндей қылшылдаған кезі болатын. Иә, сол жолы еді ғой ноғайлы елінің сән-салтанатын, байлығын көрсетемін деп құдалар тобын Азақ Тананың әміршісі Хазбин бидің өзі бастап шыққан. Жүген-құйысқандары, ер-тоқымдары өмілдіріктері ақ күміспен қапталған, кілең жалғыз шабар батыр, ылғи сылаң жігіттері жедел жүріп келе жатқан. ... ... Сары далада сағым-сынды мәңгіге өшкен дүние! ... Иә, иә, кім білген дүние шіркіннің бұлай өзгерерін! Сол ит, яғни 1346 жылы еді ғой, Сарай-Беркеден болашақ Алтын Орда ханы Бердібектің қызы әрі қайың, әрі тал, өзі шекер, өзі бал, айдай әдемі, бидай өңді Ханым-бегімді отыз құл, қырық күңімен ырғалтып-жырғалтып, Азақ-Танаға алып кайтқаны!

Фәни дүние өтіп кеткенсің! Әйтсе де, осы Ханым-бегім еді ғой Мамайдың көтерілуіне себеп болған. Бұл үйленгеннен кейін он жылдай өтпей Тауық, яғни 1357 жыл Алтын Орданың төбе биі дәрежесіне жете алмай, сүбе би қалпында қалған Қыпшақ Төре бидің жәрдемімен Бердібек өз әкесі Жәнібекті өлтірген. Алтын таққа қайын атасы отырған күннен бастап Мамайдың бағы бұрынғысынан да жанған» [1, 271 – 272]. Кешеден бүгінге жеткен ықылым заман салтының уақыт көшіне ілесіп бүгінге жалғасқан сипатын танимыз. Жеке туыстық жақындық рөлінің мемлекет ісінде де әсер ететінін көріністерге кездесеміз. Ал, мұндай құбылыс мемлекеттік мүддеден аулақ жеке бас қамымен ұштасқан жағдайда әрқашан бұзақылыққа, опасыздыққа апарып соғатынын, мемлекетті әлсірететін әрекетке әкелетінін осы Мамай бітімінен айқын тануға болады. Романда бұл сипат былай көрініс табады: «Ол (Мамай Қ.А.) бүкіл Еділ-Жайық хандығының қолбасшысы болуға айналған. Бердібек бауыздалған күннің ертесінде хан тағына талас басталған. Жошының үрімбұтақтары бірін-бірі бауыздаған, өлтірген. Бердібек дүние салған Тышқан, яғни 1361 жылдан Тоқтамыс таққа отырған. Жылқы, яғни 1379 жылдың ортасында он сегіз жылдың ішінде Алтын Ордаға Жошы ұрпағынан шыққан он екі адам хан болды. Алтын Орда бұл кезде бірін-бірі талап жатқан, қанды ауыз көп көкжал төбеттердің қорасына айналған. Көшпенділердің ұлы мемлекетінің күйреуі осыдан басталды. Ал сол Алтын Орданы әлсіреткен көкжалдардың бірі осы қандыкөз Мамай еді. Бұл да бүкіл Еділ-Жайық хандығын билемек болған. Бірақ оған Жошының он үшінші ұлы Тоқай Темірден тараған ұрпақтары ырық бермеген. Қарадан шығып хан болуға қақы жоқ Мамай, сонда барып, Барыс, яғни 1362 жылы Тоқай Темірдің ұлы Үз-Темірдің үшінші баласы Абайдан туған Абдолланы Қырым ханы етіп көтерткен. Бұл Алтын Ордадан бөлініп, Хаджы-Черкес, Айбектердің де жеке хандық құра бастаған тұсы еді. Осылар тәрізді Қырым да Алтын Ордадан бөлініп, жеке хандық шаңырағын көтерді. Бірақ Абдолланың құр хан деген аты ғана, бас билік әскер басы-әмір-әл-мұра Мамайдың қолында қалды. Бұндай тәсіл сол тұста әдетке айналған. Жағатай ұлысының ханы Шыңғыс ұрпағы Құсайын саналғанмен, бар билік Ақсақ Темірге көшкен. Қырым да осындай күйге жетті. ...» [1, 272] Сөйтіп, бір кездегі Бату ұлысының оң қанатының екіге бөлінген сипатын көреміз. Еділ бойы Сарай-Берке хандығының қолында қалды да, Алтын Орданың бұрынғы батыс даласы мен Қара теңіз төңірегі Мамайдың билігіне көшті. Енді Алтын Ордаға ең жақын Рязань княздігінен бастап бүкіл Орусут жерінен алым-салықты Мамай Ордасы алатын болды. Алтын Орданың шығысы (қазіргі қазақ елінің жері.Қ.А.) Тоқай Темір ұрпақтары билеген Ақ Орда қарамағына кірді. Алтын Орданың ауқымды бөлігін иемденген Мамай, енді Алтын Орданы түгел билеуге құштарланды. Бұл үшін одақтастар іздей бастаған еді. Оның жолын тапқандай болды. Ол жол

Либкенің князі Ольгердті қарату деп білді де, оған Ханым бегімнен туған он бестегі қызы, сұлулығы жаннан асқан Ақбикені әйелдікке береді. Оның орайы да Ольгердтің мақсатына сәйкес келген еді. Өйткені, Алтын Орда хандарының таластары кезінде Украина мен Молдавияны жаулап алған Либке князі Ольгерд, осы тұста күшейіп келе жатқан Мәскеу княздігінің болашағынан қорқып, Алтын Орданы оған қарсы пайдаланбақ оймен, Мамайдың қызын өзі келіп сұраған. Осы жайға байланысты романда былайша баяндалады: «Осы Ақбикеден тараған Либке княздарының бір ұрпағынан, жүз алпыс жыл өткеннен кейін, Руссияның болашақ ұлы патшасы Иван Грозныйды тапқан, либке княгинасы Елена Глинская дүниеге келетінін, әрине, Мамай білген жоқ. Және осы кезден жүз жетпіс жыл өткеннен кейін Орданың ең соңғы қалдығы, ақырғы мұрасы Қазан хандығын өзіне жиен ұрпағынан туған Иван Грозныйдың біржолата құртатынын да оның үш ұйықтаса түсіне кірмеген оқиға. Әрине, Мамай болашағын болжай алмаған. Болжаған, күдіктенген күнде де ол болашаққа ештеңе істей алмас еді. Өйткені, әр заманның өз жолы бар. Сондықтан да болар, Иван Грозный туғанда Қазан ханы Сақып-Керейдің бәйбішесі жаман үрейленіп орұсут боярларына арнаулы шабарман жіберген-мыс ... «Бүгін сендердің жаңа патшаларың туды. Екі тісі бар. Бірімен бізді – татарларды, екіншісімен сендерді – боярларды жейді» – депті-мыс. Рас па бұл аңыз, жалған ба? Иван Грозный бас иген жұрт әлде ойдан шығарды ма бұны? Кім білсін. Бірақ тарих ханым сөзін анықтаған. Алтын Орданың орұсут жеріне жүргізген билігі осы Қазан хандығы Ұлу, яғни 1552 жылы қарашаның екісі күні құлауымен біткен. Қиянаттан, зорлықтан туған, үш жүз жылдан астам орұсут жеріне билігін жүргізіп келген Алтын Орда, бір кезде орыс жерін өзі қылышпен бағындырса, енді өзі сол қылыштан ажал тапқан. Ал, Мамай ол күндері Алтын Орданы тек өзіне бағындыруды ғана арман еткен. Сол себепті ол Сарай-Беркені шапты, Алтын Орда ханы ХаджыТемірді өлтіртті. Бірақ Алтын Орда тағына жаңадан отырған Құтлық Темір оны Сарай-Беркеден қуды. Тағы шапты, Сарай-Беркені тағы тонады, Бірақ Алтын Ордаға хан бола алмады, тағы жеңілді. ...» [1, 273 – 274] Жанды сурет, көркем полотно арқылы тарих шындығы, өткен заман болмысы жаңғырығып көзге елестейді. «Бөліну арқылы бөріге таланған» Мамай болмысын көреміз. Бөлшектене бастаған Алтын Орда тағдыры осылай көрініс береді. Сол бөлшектенудің бір себепкері Мамайдың өзі еді. Енді несіне толғанады деп ойлайсың. «Не ексең, соны орасың» деген сөз орамының мәнін танимыз. Күндестік пен тақталастық кесірінен ыдырап, күші бөлшектене бастаған Алтын Орда тағдыры мен керісінше, бірігу идеясын ұстанып, бір алаңға топтаса бастаған орыс елінің жаңа бағыттағы нысана-мақсатын қатар суреттеу арқылы жоғалту мен оңалтудың диалектикалық заңдылығын ашып берген сипатын танимыз. Жалпы, «Алтын Орда», «Көшпенділер» трилогияларының өн бойында көрініп отыратын маңызды тақырыптың бірі осы елдің, бір халықтың бөлшектенбей бірігу, бірлікті жоғалтпау мәселесі. Екі ғасыр бойы әлемді

аузына қаратқан «Алтын Орданың» да ыдырауына, одан кейін Ақ Орда, Көк Орда, Қазақ хандықтарының мәңгі өмір сүре алмауының да басты себебі осы бірлікті тұтас мемлекеттік мақсатта сақтай алмаудың кесірі, бөлек-бөлек билік құруға ұмтылыстың әсері екені эпопеяда жан-жақты суреттелген. Тұла бойын түгел баққұмарлық дерті дендеп алған Мамай тағдырының таққа отыра алмаса да, трагедиямен аяқталуында терең танымдық ой түйіні жатқаны рас. Тоқтамыстан жеңіліп, өлім таянған шақтардағы қорқаулық билеп, үрей мен сенімсіздік жайлаған Мамай болмысынан билік құмарлық пен дүниеқоңыздық ұштасқан трагизмнің айқын бейнесі танылады. «... Ұйқылы-ояу жатқан Мамай басын көтеріп алды. – Қастүрік сенбісің? – деді ол ширақ сөйлеп. – Иә, менмін,– деді Қастүрік, – сені өлтіруге генуялықтар келді. Мамай шошынган жоқ. – Иә, білемін, – деді ол, – сәл кешірек келдіңдер ғой, таң атып қалған жоқ па ... Қастүрік Мамайдың өте баққұмар екенін білетін. Мына сөзінен қолынан билік кеткеннен кейін, өмірдің еш маңызы қалмағанын түсінді. Қастүрік даңқ, атақ, бақ үшін Мамайдың өліммен ойнағанын сан көрген, бірақ оны дәл мұндай дәрежесіз өмірді тіпті ештеңеге санамайтын адам деп ойламайтын. Міне, осы тұста генуялықтар да кірді. Төсегінің үстінде көйлекшең отырған Мамайдың еті арыған тарамыс денесіне жан-жағынан генуялықтардың қанжарлары қадалды. Бұлар қанжарларын суырып алғанда Мамайдың әр жерінен қаны бұрқырап аққан өлі денесі төсек үстіне жантая сылқ етті. Қастүрік беліндегі ұзын қанжарын суырып, Мамайдың сирек сақалынан ұстап, шықшытты басын кесіп алды да, беліндегі әшекейлі қоржынына салып, үйден шығып кетті...» [1, 332]. Алтын Ордадан Қырымды бөліп алып, ең алғаш билігін жүргізген, қиянкесті соғыстарға себеп болып, шапқыншылық әрекетімен жүздеген жылдар бойы есімі тарих бетінен өшпей келе жатқан Мамайдың дүниеден қалай өткені жайлы ромаңда осылай суреттеледі. Опасыздықтың символындай болып суреттелетін Қастүрік бейнесі де оқырманды ойға батырар, кесапат қылықты болмысымен есте қалады. Өйткені ол Мамайдың кырық жылғы досы еді. «Жігітті досына қарап таны» дейтін ұлағатты сөздің астарын ашатын бір тұлға осы Қастүрік. Жантүршігерлік қылығы мен опасыз әрекеті жирендірмей қоймайды. Қастүріктің Мамайдың басы салынған дорбаны қанжығасына байлап Ескі Қырымда жатқан Тоқтамысқа алып келген сәті суреттелетін тұсқа назар аударайық: «Қастүрік ауыл сыртында атынан түсіп, қоржынын арқалап, Тоқтамыс отырған боз ордаға кіріп келді. Бір тізерлеп сәлем берді де, хан алдына еңбектей барып, арқасындағы дорбаны алдына қойды. – Алдияр, тақсыр, ұлы мәртебелі Алтын Орда ханы Тойқожаұғлы Тоқтамыс, – деді тізерлеп отыра қалып. – Сен жеңдің, біз жеңілдік, иілген

басты қылыш кеспес, өз қолыммен бауыздаған қас жауың Мамайдың басын әкеп тұрмын, білместікпен саған істеген күнәмді кешірерсің деп басымды иіп, аяғыңа жығылдым. Тоқтамыс мойын жағы қан-қан боп күреңденіп қатып қалған Мамайдың басын қоржыннан алып, сақалынан ұстай жоғары көтеріп жұртқа көрсетті де өзі оған қадала қарады. – Шіркіннің ең болмаса көзін де жаппаған екенсің, – деді, сөйтті де Қастүрікке бұрылды. – Мамай менің өз басымның қасы емес, Алтын Орданың қасы еді. Бұны дұрыс өлтіргенсің. Ал сен менің өз басымның қасы едің, Мамайды өлтіргенің үшін сол қастығымды кештім. Бірақ Мамай екеуің бір күні туған құрдас екенсіңдер. Қырық жыл бойы үзеңгілеріңді жазбай, жауларыңмен қатар тұрып соғыстыңдар. Алтын Ордаға зияндарыңды да бірдей тигізіпсіңдер. Дүниеге бірдей келген екенсіңдер, сол фәни жалғаннан бірдей өткендерің әділетті тәрізді. Серігіңді өлтіріп, өзің тірі калғанда кімге мұра боласың? – Сөйдеді де Тоқтамыс әдеттегісіндей, жайбарақат сөйлеп отырған кісідей, есік жақтағы нөкерлеріне қарады. Даусын өзгерткен де не көтерген де жоқ. – Мынаны да бауыздап Мамай екеуінің басын бірге көміңдер, – деді. Құдай қоспаған бастарын біз қосалық. Қастүрік түрегелді. Жанымды сақтай гөр деп Тоқтамысқа жалынған да жок, кішірейген де жоқ. Қандай опасыздық істегенін өзі де түсінді. – Мамайдай боздағымды бекер өлтірген екенмін! – деді кенет ол өкініп. – Иә, сөйттің, – деді Тоқтамыс, – «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ...» [1, 333 – 334]. Тарих оқулықтары мен ғылыми зерттеулерде жауыздық қасиеттерімен ерекшеленетін Мамай тұлғасының санада қалыптасқан келбетін І.Есенберлин романда бәсеңдетпеген. Көркем шығарма тарихтың дәлме-дәл көшірмесі болуға тиіс емес. Тарихи із, оқиға сорабы ғана сақталуы мүмкін. Автор Мамай бейнесін Қастүрік арқылы жетілдіре түскен, аша түскен. «Досқа достық парызың, дұшпаныңа әділ бол» дейтін Абай даналығы есіңе түседі. Қастүрік болмысынан досыңа істеген қастандық, өзіңе-өзің жасаған қастандық болатыны аңғарылады. Сонау он үшінші ғасырдағы Батудан бастап он тоғызыншы ғасырдағы Кенесарыға дейін қайшылықты тағдыр кешкен тұлғалар, яғни Алтын Орда дәуірінен қазақ хандығының соңғы билеушісіне дейінгі хандар бейнесі, Сәлімгерей, Алау батырдан Ағыбай батырға дейін жалғасқан азаттық аңсаған асыл ерлер тұлғасы, Асан Қайғыдан Тәтіқара, Бұқарға дейінгі ел қамын жеген ақын-жыраулар болмысы өткен заман жайлы ой түйгізіп, бүгінгі туралы толғантып, келер күнге бағдар берер айшықты бейнелер екені шындық. «Алтын Орда» трилогиясында қиян-кескі соғыстар негізінен Алтын Орда билеушілерінің орыс еліне шапқыншылық әрекетінен бастау алып жатқан сипаты суреттеледі. Яғни, ылғи батысқа көз тіккен Алтын Орда

хандарын көреміз. Ал «Көшпенділер» трилогиясында шығыстан келген шабуылға қарсы тұру мен өзара тақталас көріністері көбірек байқалады. «Алтын Ордадағы» Бату, Сартақ, Берке, Өзбек, Жәнібек, Бердібек, Орыс, Мамай, Тоқтамыс, Едіге, «Алмас қылыштағы» Әбілқайыр мен Жәнібек, Керей, «Жанталастағы» Әбілқайыр мен Абылай, «Қаһардағы» Кенесары әр қилы болмыс-бітімді тұлғалар. Жалаң мансапқа садаға болуға әзір ханның топшылауы «Алмас қылышта» Әбілқайыр ойымен беріледі. «Жалғанда не қиын, ру таласын шешу қиын. ... Абайлап ұстаудың жалғыз жолы – біріне-бірін бақтырып қою. Сонда ғана бұл өткір ұстара қауіпсіз» – дейді Әбілқайыр. Осы үзіндіден-ақ Әбілқайырдың ең қатты қорқатыны және қолындағы ең қатерлі құралы не екені аңғарылады. Қорқатыны халық бірлігі. Оны болдырмау үшін қолындағы құралы – қазақ елін бір-біріне алагөз етіп айдап салып отыру. Онсыз да ордабасының іргесі бір-ақ күнде опырылып түсетінін айна-қатесіз болжайды. Ал, Жәнібек сұлтанның ой-өлшемі, ақыл-аумағы әлдеқайда терең де күрделі, прогресшіл сипатта көрінеді. Қанжоса өмірбаянында оң-солын тани бастаған қазақ халқының қанына тартқан турашылдығы мен тәуекелшілдігін Әбілқайырдан кем түсінбейтін сұлтан оның жалпы халыққа, ірге, шаңырағы тар халыққа тән, заман сүргіні шынықтырған бұлшық еттей шымыр халыққа тән қасиеттеріне көз жүгіртеді. Сондықтан жазушы қазақ руларының бірігу, бір хандық шеңберінде ынтымақ құруын негізгі идея ретіндегі желі етіп тартады да оны Жәнібек ойларымен ұштастырады. Қаламгер тарихи шындықтан алшақтамайды. Жәнібек тарихи дерек, шежіре баянның қайкайсысында да қазақ тарихындағы айрықша тұлға ретінде бағаланып, халық санасыңда әулиеге пара-пар, ақылды әрі әділетті әмірші ретінде орныққан. Сондықтан да ол ұлттық тарихымызда жай ғана Жәнібек хан деп аталмайды, Әз-Жәнібек хан деп аталады. Әз-Жәнібек – қазақ елінің іргесін бекітіп, ордасын орнықтырған ұлы хан. Қай халықта болсын ел басында отырған билеушілер негізінен қарамақарсы екі қырынан танылған. Оның бірі – қол астындағыларға жасаған жақсылығы, мейірімділігі, шапағаты, екіншісі – қылышынан қан тамған қатыгездігі. І.Есенберлин хандары мен бекзадаларының бойында соңғы қасиет басымырақ көрініс табады. Бұл романдар дүниеге келген дәуірде халық өмірінің қапастағы сырларын, ел тағдырының көмескі тартқан көп қырларын, шөгінді болған сан ой, сан калтарыстарын тарих тұңғиығынан алып шығып, ұрпақ санасында жаңғырту үшін осылай етпеске лажы жоқ еді заман тынысын аңғарғыш жазушының. Алайда «Қанішер Абылай сенің атаң еді ғой! Қазақ елі бұл аттан қорқатын» дейтін Бұқар жырау сөзіне Төле бидің түйесін бағып бой тасалап жүрген балаң жігіт Әбілмансұрдың (Абылайдың) – «Менен де қорықсын!» - деп үзілді-кесілді нығыз жауап қатуы хан тұқымына лайық қанның тасып төгілгелі тұрған деңгейін аңғарту деп қана түсіну жетесіздік болар еді.

Қаламгердің қалың оқырманға тастайтын ой жапсарын Әбілмансұрдың атасы Абылайға тартқан қанішерлігі емес, қаталдық арқылы қарауындағы қауымды ұстап тұра алатын, жүйелі тәртіп орната алатын қабілеті, ақыл-парасаты арқылы елдік дәстүр қалыптастыра алатын дара тұлғасын пайымдау. Жақсыдан жаман туса да, Жаманнан жақсы туса да Тартпай қоймас негізге,

– деп келетін Бұқар жырау айтқан қағиданың шындық бір көрінісі Әбілмансұр бойынан байқалғандай. Атасы қанішер Абылайдан бойына қаталдық дарыса, қазақ халқының іргетасын қалаған Жәнібектен сұңғыла ақыл, парасат пайымы жалғастық тауып жатқанын аңғартады жазушы. Абылайдың халық санасында сақталған шындық бейнесі жазушылық тұңғиық ойдың ауқымында өріліп, ширатылған көп қырлы оқшау тұлғасы жасалады.

Абылай қаталдығы – қазақ елі үшін мағыналы қаталдық. Тарихи тағылымды талай елдің шежіресінен табуға болады. Өзімізге әбден таныс, есімізге салып, санамызға сіңіріп келген Россия тарихын-ақ алайықшы. Иван Грозныйдың жантүршігерлік жауыздық билігінің астында орыс елі бірігіп, Петр патшаның қатал басқаруының нәтижесінде мыңдаған халықтың азапты тағдырының бодауындай «адам сүйегінің үстіне сәулетті сарай тұрғызып», Петроград салынып, Россия өркениетінің есігін ашпады ма!? Осы орайда жазушы Абылай бейнесін тарихи шындыққа орайлас жасауға ыждаһаттылықпен қараған. Алайда, Ілияс Есенберлин романдарында қаһан жұрнақтары егіздің сыңарындай бір-біріне ұқсаудан аулақ, әр қайсысы жеке дара бәсірелі қылықхикаясымен есте қалады. Олардың ішінде Абылай, Жәнібек, екі бірдей (ХV және ХVІII ғасырдағы) Әбілқайыр, Хақназар, Қасым, Кенесары күрделі бейнелер. Қазақ хандығы тарихына қатысты сөз болғанда екі түрлі көзқараспен баяндалатын Әбілқайыр (ХVІII ғасырдағы) бейнесі Ілияс Есенберлин романында қайшылықты қалпында өте реалистік тұрғыдан сомдалған. Әбілқайырдың әскери қолбасшы ретінде нағыз батырға тән тұлғасы, ақылдылығы, табандылығы, айлакерлігі жан-жақты ашылған. Ол қарсы келген дұшпанымен күресе білетін, ерлік қасиетті де, ездік сипатты да тани білетін алғыр адам бейнесінде суреттеледі. Россияның отарлау саясатының алғашқы құрбандығы болған хан осы Әбілқайыр екендігін жазушы шымшытырық оқиға, қат-қабат сурет арқылы астарлап жеткізген. Әуел баста арыстандай айбатты көрінетін тұңғиық ақыл иесі Әбілқайырдың бірте-бірте ұсақтап, ақуалының мүшкіл сәтке жетуі романда шеберлікпен берілген. Оның дәл осындай күйде көрінуі объективті шындыққа да, мінезінің ерекшелігіне де сәйкес. Әбілқайыр мінезінің логикасы өте нәзік нанымды берілген.

Ал, Абылай тұлғасы бірте-бірте жоталана береді. Ол бар саясатын, алғырлығын үш жүздің басын біріктіруге жұмсайды. Абылай жасынан Есім ханның жолын, ел басқарудағы ол ұстаған әдістерді қолдайтын. Үнемі сұлтанның қасында болып, оған ақыл-кеңестер беруден танбаған Бұқар жырау еңсегей бойлы Есім хан жайлы көрген-білгендерін жыр етіп баяндайды. Абылай қарт жыраудың айтқандарын жадында берік сақтай білді. Ол өзі таңдап алған жолда мақсатына жету үшін басқаны былай қойғанда туған-туыс, жақындарын да, тіпті өз баласын да аямайды. Абылай елдің берекесін кетіріп, бықпырттай тиген жауға қарсы жасақтап, халықты басқаруға өмірдің өзі талап етіп, керек еткен адам еді. Романдағы Бұқар айтқандай, сол заманның шындығы Абылайдың жағында еді. «Су тасығанда сең ұрған балықтай есеңгіреп қалған ел соны ұққан». Абылайдың түсін жорыған Бұқар жырауға үндемей қалған хан: «Бір ұрпағым атын қағазда, екінші ұрпағым атын майданда қалдырады екен. Сонда мен өзім қайда каламын?» – дегенде ақылгөй жырау: «Басыңа үш жалау босқа тігілді ме? Ісіңді ел ұнатса ел жүрегінде қаласың» – десе, бұл хан Абылайдың адам айтқысыз қатыгездігімен қоса, ел қорғаудағы сіңірген жағымды істерінің де халық есінде сақталғандығының айғағы. Тарихтағы Абылай – қанқақсатар қаталдығымен бірге ақылды, айлакер, өнерлі мемлекет қайраткері болса, романда оның осы қасиеттері көркемдікпен типтік дәрежеге жеткізіле сомдалған. «Көшпенділер», «Алтын Орда» трилогияларында ару әйелдер – ханшалар образының үлкен галареясы жасалған. Автор оларды тіршілік тауқыметінен – от басы, ошақ қасынан аулақ жағдайда суреттей отыра, хор қызына пара-пар бикештердің феодалдық қауымға тән қуыршақ келбетін, ашса алақаннан, жұмса жұдырықтан табылатын мүшкіл күйін нанымды етіп бейнелейді. Басында еркі жоқ сұлудың адалдыққа құлқы да болмайтыны, жаны өзгенің қолына көшкен адамның тәні бөтенді талғамайтыны шындық. Шектен тыс семіздік, аз күнгі масайраған өмір өрт сезімге өзгеше желік бітірері және белгілі. Бір саяқ үйіріне түскен сан қысырақтың сан алуан қызық-назын қанағаттандыра бермейді. Бар дәулетті бауырына басқан ақсүйек-арулар сезім құсасы тұншықтырған сәттер де көбелек күйге, сергелдеңге түседі. Ел шетіне жау тигенде халықты бастап, қанқұйлы дұшпанға жұдырықтай жұмылып соққы берудің орнына қысыл-таяңда жан сақтаудың ғана қамына кіріскен кейбір хандар бейнесі де айқын суреттеледі. Сондықтан ол кезде басына ауыртпалық түскенде халықтың жауға қарсы өзін бастайтын қолбасшы іздейтіні де заңды құбылыс еді. Бірақ ғасырлар бойы қалыптасқан феодалдық салттың өз тәртібі бар. Ол бойынша қара халықтан әкімшілік жасап хан болу құлақ естімеген «сұмдық». Сондықтан ондай адам тек төре тұқымынан сайланады. Сол үшін де төреден шыққан сұлтандар билеп-төстеу, мансап биігіне көтерілу мақсатында туған әкесін де, бауырын да аямай қойша бауыздауға бар. Ортағасырлық салттың мұндағы бақталастық егесінен туған жартылай тағылық, жыртқыштық

әрекеттерін жазушы нанымды етіп көрсетіп, оқушыны сол сорақылықтан мейлінше жиіркендіріп отырады. Өзін талай ажалдан құтқарып, әкесінен де артық жақсылық сіңірген Ораз атты құлдың қаршадай Әбілмансұр қолынан қаза табуы соның дәлеліндей. Жазушы әкелі-балалы Әбілқайыр хан мен Нұралының өзара арбасуын суреттейді де: «...Хан баласы туған әкесін өзі хан болуды ойлағанша ғана әке деп таниды» деген көне қағиданы орынды ескерте кетеді. Ал, Бұхар ханы Абдолла мен оның баласы арасындағы қастандық та осыны дәлелдейді. Сұлтандар арасындағы өзара қырқыс, оқталған мылтықтарын іштей атысып, дұшпандыққа барысу сияқты шым-шытырық шырғалаң жайлар кітапта суреттелген оқиғалар бойынша Хақназар хан мен Шағай сұлтан, Тәуекел хан, Әбілмәмбет пен Әбілқайыр хандардың, сол Әбілқайыр ханның Барақ сұлтанмен жаулығы, Әбілмәмбет пен Сәмеке хандардың бақталастығы, бұларға Әбілмансұр-Абылай ханның қарсылығы сияқты әрекеттер арқылы айшықты сипатталып, романдағы оқиғаның қоюланып, оның одан әрі дамып, өрбуіне табиғи жағдай жасайды. Елдің күші бірлікте екенін біле тұрса да сол бірлікті қамтамасыз ету жолындағы күш-қажыр үнемі нәтижелі бола берді ме? Әрине, жоқ. Тарихты жасаушы да халық екенін жазушы жай ғана авторлық түсініктеме арқылы көрсетпей, өзі суреттеген оқиғалар барысы, олардың ішкі астары арқылы аңғартып отырады. Алайда, тарихтағы жеке адамдардың рөлін де кемітуге болмайтыны пешенеден белгілі. Сондықтан да романдағы хандар мен батырлардың образын тиісті өрнек бере отырып нақыштауға жазушы өте көп күш жұмсаған. «Алмас қылышта» Жәнібек хан, Керей хан, Қасым ханды көрсеткенде олардың ой тұжырымдарынан, халық қозғалысының әсерін байқап отырамыз. Олар қаншама өздерін xалықтан үстем санап, баршаның тағдырын шешеміз деп ойлағанымен, бір түкпірінде сол халық қозғалысынан жасқанған үркек сезім де бой көтеріп отырады. Әбілқайырды, Абылайды, Кенесарыны суреттегенде де олардың халық қаһарына тәуелді екенін жазушы айқын білдіреді. Бұл әдіс шығарманың әлеуметтік мәнін, тарихи шыншылдық дәрежесін биік сатыға көтеруге көмектескен. Ілияс Есенберлин эпопеясындағы өзекті идея сол халық козғалысының әртүрлі даму сатысындағы көріністер мен сол тұстағы билеуші әкімдердің жеке бастың, әрі кеткенде өз нәсілдерінің ғана қамын ойлау тұрғысынан ел мүддесіне, елдің бірлік хақындағы түпкі арман-мақсатына қарсы күрсеуі негізінде өрілген. Мысалы «Алмас қылыш» оқиғасы қазақ халқының ру-руға бөлініп, өзара жауласып, кейде ынтымақтасып жүрген кезеңінен басталды. Бірақ, қалайда ел бақытын, ел тағдырын ынтымақтастық қана қорғай алатынын олар түсіне бастаған. Міне, бұл Әбілқайырға жайсыз тиеді. Ақыры қазақ елі Әбілқайыр ордасынан бөлініп, жеке хандық құрады. Мұның өзі олардың бұғанасын қатайтуға, елдік намысын қорғай алуына бірден-бір негіз.

Шетелдік жауға қарсы күрескен қазақтардың ерлік әрекеттерін көрсетуде жазушы қанатын кеңге салған. Бұл оқиғалар тасасынан біз судай сапырылысқан халық тағдырын көреміз, жекелеген тарихи адамдардың басындағы сол кезге лайық қайшылықтары, хандардың әсіре-қызыл, қиямпұрыс әрекеттері орын-орнымен ашылып отырады. Әсіресе, әйгілі дана көкірек Бұқар жыраумен Абылай хан арасындағы қатынастар, екінші Әбілқайыр ханның, Қияқ, Тұяқ батырлардың төңірегіндегі оқиғалар, олардың ел қорғау жөніндегі өзіндік әрекеттері түрлі сипатта болғанымен, сол бір ауыр кезеңнің көп қиындығын көз алдыңа тартады. Қазақтар мекендеген даланың кеңдігінен бұлар өздеріне жау шапқанда тез жиыла қоймайды. Кейде аз күшпен өздерінен сан жағынан бірнеше есе басым шапқыншылардың қоршауында қалып, бастарын өлімге де байлайды. Бірақ одан қазақ әскерлерінің рухы түспейді, қайта іштегі бар күш-қайратын оятып, соңғы қасық қаны қалғанша шайқасуға, неғұрлым көп дұшпанды жастығына ала жатуға бекінеді. Мүндай ақтық жігердің өзі күші басым жау жағының жүрегін тітіркендіреді. Кейде үмітсіз халден құтқарып, қайтып құрсауы ашылмас дейтін қоршау шеңберін бұзып шығуға да себепкер болады. Бірақ, қанша айтқанмен күші басым жауға қарсы қандай көзсіз ерліктің де үнемі нәтижелі бола бермейтіні белгілі. Сондықтан да қазақтардың Россияға қосылуы шығарма жазылған уақыт ұстанымына сәйкес тарихи заңдылық ретінде берілген. І.Есенберлин трилогиясының басты ерекшеліктері ең алдымен уақыт жағынан бір-бірінен алыс жатқан замандарды байланыстыруда жазушы дара шеберлік көрсеткен. Бұл біздің халқымыздың осыншама көп ғасыр өткелектерінде, топан су қаптағандай жан түршігерлік шапқыншылықтар заманында бірде тоз-тоз болып, бірде бас құрап ұйымдасып, мәңгілік құрып кету қаупінен қалай аман шыққанын нақтылы тарихи шындық шеңберінде жырлап берген көркем шежіре. Шығарманың эстетикалық мәнімен қатар, танымдық маңызы қазақ сияқты бірнеше ғасыр бойы отарлық қамытын киіп, болмысын құлдық сана жайлаған халықтың көкірегін сәулеге толтырып, көңіл көкжиегін әлдеқайда кеңейте беретіні даусыз. Мұны оқырман қауым бірден түсінді. Трилогияның алғашқы кітаптары шыға бастағанда алыстағы ауылдарда қарапайым еңбекшілер, малшылар олардың бір-бірінен қолқалап іздеп жүріп оқығандарын білеміз. Бұл осы тұрғылас, осы тақырыптағы шығармалардың жоқтың қасыңда екендігінде ғана емес, Ілияс Есенберлин трилогиясының көркемдік, танымдық, тағылымдық қасиетінің биіктігінен, тарихи, архивтік, шежірелік деректерге аса қанықтылығынан да. Бітім болмысы жуық арада қайталана қоюы екі талай Ілияс Есенберлин трилогиясы біздің халқымыздың өзін-өзі тануына, интернационалдық достық төркінін терең сезінуіне бүгінгі дәуірге қандай жол, қандай сынақтардан өтіп келгенін түйсінуіне себеп болары сөзсіз.

Қасиетті тіл өнері арқылы өз халқына осы тұрғылас, осы дәрежеде қызмет етіп отырса жазушы үшін одан артық қандай мұрат қажет. Қазақ халқының өмірінде терең із қалдырған тарихтың аса бір күрделі, қиян соқпақты кезеңдері алынған шығармада баяндалатын оқиғаның көбі тарихта болған, халқымыз басынан кешкен, ұрпақтан-ұрпаққа аңыз боп жеткен жайлар. Эпопеяның толып жатқан қаһармандары біреулері ерлігімен, даналығымен халық көкірегінде қасиетті, қастерлі болып жатталып қалса, енді біреулері қанқұйлы зұлымдығымен, жауыздығымен қарғысқа батқандар. Бәрі де тарихта болған, өмір сүрген адамдар. Жазушы соның бәріне өз кезінің тұрғысынан қарап, барынша дәйекті, барынша әділ жазуды мақсат еткен. Әр ғасырдың салт-сана, әдет-ғұрпын, әлеуметтік құрылысы қат-қабат оқиғалармен өзектесе, өте шебер өріледі. Халықтың ұмытыла бастаған шежіресі қайта тіріледі. Кәрі тарихтың шыңырау тереңіне сүңги бойлап барып жеті жүз жылғы ұланасыр оқиғаны суреттейтін алты кітап – халқымыздың жеті ғасырлық өмірбаяны. Қазақтың көне шежіресінде болып өткен қиянкескі ұрыстар, қанкешті тартыстар эпопеяның көркемдік әлеміне айнала отырып, қазақ даласын Шыңғыс хан әулеті билеп тұрған ұлт тарихының осынау алыстағы кезеңдері жанды қозғалыс түрінде көз алдыға келеді. Жазушының аса зор зерттеушілік жұмыс жүргізіп, оқырманға беймәлім жаңа материалды игілікке айналдыру қасиетін танимыз. Бұлыңғыр сорабы, айқын емес сүлбесі ғана бар тарихи деректер І.Есенберлиннің пайым, зердесінің қуатымен жан бітіп тарихи танымдық сипатқа жеткенін көруге болады. Қазақ елі Жоңғарға да, Қоқан хандығына да қарсы тұра алар еді, оны талай жеңімпаз сәттер де көрсетіп берді. Бірақ Қытай айдаһарынан қалай құтылмақшы. Айдаһардың бір басын шапсаң он басы, жиырма басы арандай аузын ашып қабындап шыға келеді. Оған жалғыз ғана қазақ халқының шамасы жетер ме? Бірде болмаса, бірде сол көп басты айдаһар арандай аузына қазақ даласын салмасына кім кепіл. Онда қазақ халқы жер бетінен құрыды, қытай айдаһарының аузында жалмаңды деген сөз. Бұл апаттан қалай да жолын тауып құтылу керек. Ол қандай жол? Талай боздақ, соны іздеп дал болды. Ел сергелдеңде. Россияға арқа сүйеп қанатының астына ену керек пе еді? Бірақ ақ патша әліптің артын бағып не қазаққа көмектеспей, не жоңғарға қарсы шақпай айласын жасап отыр. Ақ патшаға сөз салу ол да қамыт кигенмен бірдей. Бірақ өйтсең қытай айдаһарының аузына түсіп жойылып кетуден аман қаласың. Дегенмен де, Қытайдың айдап салып отырған жоңғарлықтарына қарсы үш жүздің басын қосып әзірше жан сақтау керек. Ол үшін күшті басшы, күшейтілген хандық керек. Содан кейін Россиямен жақындасу қамын ойлау жөн ... Осындай екі үлкен саясат бағытында қазақ хандары мен сұлтандары, батырлары мен бұқара халқы ой тезіне түскен. Тарихтың осы бір қат-қабат сырларын күрделі сюжеттер арқылы ашып, сипаттап беру үстінде

жазушының жеткен өресі биік. Бұл проблемалық жайлардан келіп туындаған үлкен екі тарихи бейне Әбілқайыр хан мен Абылай ханның көркем образдары өзіндік ерекшеліктерімен дараланып шыққан. Екі образдың да күрделілігі сол – екеуі де тарихи жағдайларына, замана сырына сай қарастырылып, толымды да толық характермен ашық, айқын бейнеленген. Әбілқайырдың Россияға қосылу жайлы әрекеті, Абылайдың үш жүздің басын қосып күшті хандық құрып, жоңғарларға соққы беруі – екі ханның да көкейкесті мақсат-мүддесін ашып беріп отыр. Тарихи қайшылығы көп делініп күні кешеге дейін (шығарма жазылған кезеңде) анық түсінілмей келген бұл қайраткерлер бейнесі Есенберлин романында реалистік әділ шешімін тапқан. Қазақтың іргесі берік елге айналып, туған жерін сыртқы жаудан қорғау жолындағы қиян-кескі күресі, қасіретке толы тағдыры кітаптан кітапқа көшіп отырады. Қазақ халқының басына қара түнек боп орнаған Шыңғыс хан ұрпақтарының өзара хандыққа таласқан алауыздығынан, қырқысуынан бұқара халық шеккен зардаптар – осының бәрін жазушы ұлттық трагедия етіп көрсетеді. Қазақ халқының тарихында «ақ табан шұбырынды, алқа көл сұлама» атанған ең бір қасіретті кезең шындығы да трилогияда тарихи дәйектілікпен суреттеледі. Бұл – қазақ жеріне шығыстан көз тіккен қытай боғдыхандарының сол дәуірдегі басқыншылық саясатының зұлым жоспары екенін әшкерелейді. Ойраттарды қазақ жеріне айдап салғандағы олардың басты мақсаты: «екі жұрт бірін-бірі ала алмай, әбден әлсіреп енді тентіреп кетуге айналғанда бір бүйірден шыға келіп, бос қалған жерін басып алу. Бұл Қытай богдыханы Кансидің арамза ойы. «Сонда қазақ елі қайда қалады? – деген әскер басына. – Көкше (Балқаш Қ.А.) теңізінің түбінде! Жоңғар тайпасын қалай құртсам, қазақ жұртын да солай етіп құртасың!» – деп бұйыруы ұлы хандық саясаттың зұлымдық тегін ашады. Тарихты бұрмалауға тыраштанған қытай ұлтшылдарының сол ғасырдан келе жатқан осынау гегемонистік саясаты ауыз екі ғана айтылып қоймайды, ол сипат «Көшпенділерде» халық ортасынан шыққан кейіпкерлердің түйсіну, сезінулері арқылы да беріледі. Түптің түбінде қазақ халқының нағыз жауы державалық, империялық ниеттегі қанқұйлы ұлтшылдар екенін аңғартады. Соған халық рухын, халықтан шыққан батырларды қарсы қояды. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Ер Елшібек сияқты батырлардың қаһармандық әрекеттері, кіндік кескен туған жерді қорғаудағы қайсар ерліктері нақышты өрнегін тапқан. «Алмас қылыштағы» Исан-Бұғының монологы сол ерлік дастанының шынайы шежіресі. «Шекараға лек-лек әсерін төккен қытай богдыхандары көне қытай қабырғаларынан шығып әлсін-әлсін жан-жақтағы елге ауыз сала берген. Әсіресе, олардың көздегені Көкше теңізге дейінгі осы күнгі Жетісу болған. Жерін қорғаған Үйсін, Дулат, Жалайыр, Басмалы, Ұйғыр жұрты мен Қытай богдыхандары арасында сан түрлі ұрыс, қақтығыс айқастар өткен. Қара Ертіс, Құлжа, Қашқар бойларында қытай әскерлері талай жеңілген. ... Демек,

бұдан олар сабақ алмаған» – деген толғауда қазіргі заман шындығын көруге болады. Тәуелсіз ел болған бүгінгі күннің өзінде көз алартқан көршілердің пиғылын, қазақ жері біздікі деп өңешін жырта жар салып жүрген шовинистердің ой арманын жазушы бел астында қалған сонау заманның өзінде алдын-ала ескерткенін көреміз. Осындай халықтың тағдыры таразыға түсіп, құрып кету қаупі төнгенде, одан аман қалудың, елдікті сақтаудың бірден-бір жолы – тереңнен тамыр тартатын достық байланысты күшейту. Қашанда интернациоиалдық идея, гуманистік пейіл ұлттық өсіпөркендеуге нұқсан келтірмейтіні белгілі. Бүгінгі дүниежүзілік интеграцияға ұмтылып жатуымыздың мол-мақсаты да осында болса керек. Көршілер арасындағы ынтымақтастық – мемлекет іргесінің берік болуын қамтамасыз ету шарттарының бірі. Алайда көршілік парызды үстемдікке ауыстырып, бір елдің бақ тілеу-үмітін күштілік гүрзісімен жаншып, отарлыққа әкелудің жөні бір басқа. Шығарма жазылған дәуірдегі қырағы саясаттың қамауында қиялай жүріп жазған «Россияға өз еркімен қосылуды» көрсететін тұстардың екінші қырында сол «отарлықтың» ащы зары да жатыр еді. Ал, Пугачев көтерілісіне қатысқан қазақтар мен орыс шаруаларының көзқарастарының тоғысуына дәйекті тоқталып, орыс мұжығымен қазақ кедейінің мүддесінің бір екендігін тарихи оқиғаларды екшей отырып, әдеби шығарма желісіне арқау етуі қоғамдық формациялық әлеуметтік шындық екені ескірмейтін құбылыс. Эпопеяда халықтық тақырып бір кітаптан екінші кітапқа көшкен сайын молығып, тарихты қозғаушы күш – халық екені айқындала, тереңдей береді. Отанды сыртқы жаудан қорғаудағы басты белгі халық күші, оның бірлігі мен отансүйгіштік қасиетінің деңгейіне байланысты екені тарихи романда бірте-бірте дами түседі. Бірігу халықты күшті ететін құбылыс екенін жалпы жұрттың түсінгенін жазушы ерекше назарға ұстаған. Қазақтың көне жұртында болып өткен қиян-кескі ұрыстардың, қанкешті тартыстардың бел ортасында халық жүр. Шыңғыс хан ұрпағынан қанша адам хан болса да олар жасақты жергілікті жұрттан жинаған, солар арқылы мақсаттарын жүзеге асырып отырған. «Алтын Ордадағы» Бату ханнан бастап Едіге батырға дейін, «Көшпеңділердегі» Керей, Жәнібек хандардан бастап Абылайға дейін, оның қайтпас қайсар ұрпағы Кенесарыға дейін қаншама хан, сұлтаңдар жұлқысып, тартысып, тарих беттерін ашып жауып жатса да халықтың фонында әрекет етеді, алтын тақтың үстіндегі хан ауысқанмен хандық орнында, өз жерінде қала береді. Толассыз жорықтарда жан алып, жан беріп жүрген толағай күш иесі батырлар халық ортасынан шығып жатады. Олар жасаған ерліктер шежіресі, осынау алып даланы жайлап келген ежелгі жұрттың – қазақ халқының шежіресі. Ел тағдырын шешуде бұқара арасынан шыққан, елім деп еңіреп туған батырлар ерекше орын алғаны тарихтан белгілі. Олар – «жау» деп ұран салғанда байтақ қазақ даласының әр шетінен жиналып бір тудың астына топталған Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шақшақұлы

Жәнібек, Бәсентиін Сырымбет, Тарақты Байғазы, Бағаналы Оразымбет, Батыр Баян, Сіргелі Елшібек, Саңырық, Шекті Тайман, күңнен туған Қияқ пен Тұяқ сияқты ардагер батырлар, олармен қатар жауға бірге шабысқан қазақтың ардақты батыр қыздары Гауһар, Назым, Ақторғын сынды абзал жандар еді. Ғасырлар бойы ел аузында аттары аңызға айналып жүрген ержүрек батырлар, қолбасылар Қабанбай, Бөгенбай, Баян І.Есенберлин шығармасында тұңғыш рет толық бейнеленіп, тұлғаланған. Аңыз желісінде кездесетін түрлі көмескі мінездерден арылып, таза халықтық герой ретінде ралистік шешім тапқан толық қанды әдеби образға айналған. Батырлар халықтың ар-намысын қорғаушылар ретінде бейнеленген. Орақ, Қияқ сияқты ерлер хан бұғауына бағынбай, жеке топ құрайды. Нағыз халық өкілдері ретінде жазушы қиялы арқылы жасалған кейіпкерлер – Орақ, Қияқ пен Тұяқ, Сәлімгерей, Алау батыр, Саян, Науан ұстаның бейнелері қарапайым қалпымен, өздері шыққан халық ортасынан алшақтамай, үнемі қоян-қолтық бірге болып, тірек-мұраттарының да бір арнада тоғысып жатқандығымен қымбат. Әйгіліі батырлардың бейнесі арқылы қазақ халқының ұлттық күш-жігері көрсетіледі. Жазушы суреттеуінде ешқайсысы да ешқандай артық дәріптелмейді. Олар қаншама мол қайраттың иесі болғанымен, сол өз заманындағы көптің арман-мүддесіне жан-жүрегі суғарылған, анау-мынау қателіктерді бастан кешірген тұлға ретінде бейінеленеді. Бірақ ел қорғау жөніндегі өз түпкі мақсатын ешқашан жадынан шығармаған, ержүрек те мейірбан аса күрделі кейіпкерлер ретінде көз алдымыздан өтеді. Кей батырлардың аты аңызға айналғанда халық жырында отқа түссе күймейтін, суға салса батпайтын, қылыш шапса өтпейтін болып суреттелсе, І.Есенберлин шығармасында олар ондай қиял ғажайып ертегі төрінен бері аттап, өзіміз сияқты жақсылыққа жайқалып, жамандыққа күйініп, жан-жүрегі шымырлайтын нағыз реалистік тұрғыдан көрінеді. Тарихтың қозғаушы күші – халық. Тарихи эпопеяның басты кейіпкерлері де сол халық өкілдері. Олар – ел намысын қорғаған батырлар, әділетсіздікке қарсы отты тілімен күрескен жыраулар, кедейлер қауымы. Әрқайсысы өз кезінің шежіресіндей болған Бұқар, Қазтуған, Досқожа ел бірлігін сақтауды, әділетті аңсайды. Қара қылды қақ жарып, үйлесімді үкім айтады. Ораз құлды жазықсыз жазалаған Абылайға Бұқар «Олай болса сенің өрісің де ұзаққа бармайды екен. Біздің қазір екі жауымыз бар. Бірі – сыртқы жау, екіншісі – жұрттың басын қостыртпай, бөлшектеп билегелі жүрген би, сұлтандар. Ел қамқоры болам деген адам мұны білсе керек. Қайратың тасып бара жатса, халықтың адал ұлдарының қанына ортақ болғанша қолыңа қару алып неге жауға шаппайсың?» – деп наразылық білдіріп, ханның өзін жерге қаратады, әділетсіздігін бетіне басады. Автор жыраулардың ой-толғауымен халық тілегін оқырман жүрегіне жеткізеді, жұрттың көкірегіндегі маздаған асыл арманын сыртқа шығарады. Жәнібек Қабанбай, Бөгенбай, Баян, Ағыбай әрқашан да ел-жұрттың туын көтеріп шапқыншыларға қарсы күреседі. Түркістан қаласының билеушісі

жоңғар шапқыншылары келгенде жасырынып, бас сауғалайды. Сонда иесіз елге: «Уа, халайық! Мен Қаракерей Қабанбай батырмын, елжұртымыздың басына күн туғалы тұр. Қала иесі қанішерлерің шаһарларыңды тастап қашқалы жатыр. Бастарыңды қосып, шепке тұрғызар еркек кіндік қайсың бар?!» – деп жар салғанда қарапайым халықтың барлығы қолына қару алады. Сыртқы жау жағадан алғанда, ішкі жау, сұлтандар әрекеті халықты өзара қырқыстырып, бақталастықтың бәріне айналдыру болса, Бұқар жыраудың жалынды өсиеті Қабанбайдың қауырт қимылымен ұштасып, халықтың намысын қорғайды. Шығыс әйелдерінің еркіндікті аңсаған арман-тілегі, мұңлы өмірі де қос трилогияда шаң беріп отырады. Эпопеяның бәріндегі әйелдерді тізбегеннің өзінде «Қаһардағы» Қоңырқұлжаның қорлығына тұншыққан Күміс, адал да өжет Гауһар, жастайынан орыс отбасында өскен Алтыншаш, айлалы Зейнеп, батыр білекті Бопай образдары арқылы жазушы қазақ әйелдерінің әлеуметтік жағдайын, олардың рухани жан-дүниесін тереңірек аша түседі. Ақылды Алтыншаштың мінез-құлқы, халқына деген адал махаббаты, күйеуі Ожардың сатқындық әрекеті ашылған тұстағы шешімі арқылы нақты көрініс береді. Жастайынан орыс әдебиетімен танысып, оның мәдени өрісінен тәлім алған Алтыншаштың сана-сезімі де басқа қазақ әйелдерінен өзгеше. Ол өзінің пікірімен, ойлы ұсыныстарымен, батыл шешімдерімен дараланады. Қос трилогия жеті ғасырдың басын біріктіріп, халық өмірінің үлкен бір эпостық жырына айналған. Бұл шыншыл жыр, реалистік жыр. Жазушы тарихи психологизмді кеңінен өрістете отырып, тағдыр мен таным, тегеурін мен тұншығу, дәреже мен дәме, ыза мен булығу сияқты құбылыстарды шығарма бойына сыйымды лайықтап, әлеуметтік қақтығыстардың түйіндерін тарихи кезеңнің талабына қарай дәл басуға күш салған. Әрбір тарихи фактінің өзі жалпы шығарма оқиғасымен шебер жымдасып, белгілі бір дәрежеде көркемдік шешім атқарады. Жазушы оқиғаны нағыз буырқанған тұсынан бастайды да, психологиялық желіні бірте-бірте тарқатып отырады. Роман сарынындағы бірлік идеясы, тұтастық мәселесі сол бір қиын кезде өмірін сақтап қалу үшін қазақ бір мықтының қол астына қарап, оның қорғанында болу керектігімен орайластырылады. Ресей мен Қытайдың аралығында түрып біз өміздің жер аумағымызды, өз этносымызды сақтап қалу оңайға түскен жоқ. Осы бір тарихи шындықтың фонында автор бүгінгі заман ақиқатын аңғартып отырады. Ел шекарасы мен аумағына көз алартқан көршілердің пиғылына қатысты тарихи себептер салдарынан туындайтын қүбылысқа ерекше тапқырлық жасау мүмкін болар ма еді? – деген сүрау тастайды жазушы. Ал, біртұтас бірлікті ел болу мәселесі әлі де өзекті күйде екені белгілі. Оны бүгінде шынайы түрде шеше алдық деп айта аламызба? Бөлінушілік, топшылдық қазір де өмірлік фактіге айналған сипатта қалып отыр. Олар өзінің жеке мақсатына жету үшін ешнәрседен тайынбайды. Оларды басқа

отандастарының тағдыры ойландыра бермейді, әйтеуір өздерінде болса болды… Әрине мұның бәрі өкінішті жәй, бірақ амал не өмірде бар. Іштей іріту, бөлшектеп үстау принциптері мен айқын тәсілдері әріден келе жатқан әрекет екені, оның отаршылдық айласының бір құралы болғаны ақиқат. «Жанталаста» Неплюевтің, ойлары мен іс-әрекеттері арқылы бұл құбылыс ерекше көрініс тапқан. Мұның кеңестік империя саясатында да берік қалыптасқаны аян. І.Есенберлин бұл кұбылысты ой сүзгісінен өткізе зерделей отырып халық трагедиясына айналар сипат екенін ишаралайды, заман болмысымен ұштасқан Кенесары трагедиясының астарын іздейді, оқырманды ойлануға меңзейді. Жазушы шығармасында негізгі идеяның бірі боп тартылған бірлік проблемасы бүгінде күн тәртібінен түсіп отырған жоқ. Ол қазақ ұлты үшін, тіпті Қазақстандағы өзге халықтар үшін де бірінші кезектегі мәселе болып отыр. Өзіміздің бет-бейнемізді, бізге ұқсайтын образдарды І.Есенберлин романында баяндалатьн оқиғалардан айқын тануға болады. Жазушы өз шығармасында замана сабақтастығын психология ұқсастығын бедерлеу арқылы келер күннің көкжиегіне көрікті көш түзеп жету үшін қандай қасиеттен арылып, қандай құбылыстан бой тазарту бағытына жетелейді. Роман ұсынатын таным зерде көңіл ғана бойлай алатын тереңдікте орын тепкен. Оқиға астарынан алуан ойды аңғаруға болады. Шығарма түйінінің бір орайы бойынша адам толығымен бірлік жолына түсу үшін де екі кезеңді бастан кешіру керек: біріншіден, бақталастық пен жауластықтан бас тарту керек, екіншіден, өзара сыйласу мен жақсылыққа ұмтылу керек. Ілияс Есенберлиннің тарихи эпопеясында нақты персонаждардың бірі орыс губернаторы Неплюев Жәнібек батырға тархан атағы берілгенде жанына қызғаныш шоғы түсіп, күндестік сезім билегендерді көргеннен соң қазақтар туралы айтқан мына сөздері ақиқат емес деуге болмайды. «Бала секілді, бұлардың қуануы да ренжуі де оп-оңай. Мұндай елді басқару қиынға түспейді. Егер біреуді мерт еткің келсе, өзгеден де оның дәрежесін жоғары көтере қойсаң болғаны». Бұл сөздер ащы болса да шын сөз. Тіпті сонау он сегізінші ғасыр емес, бүгінгі дәуірде де бұл қасиеттен арылып бола қоймағанымыз рас. Бақталастық сияқты адамгершілікке жатпайтын тұрпайы сезім біздің өміріміздегі үлттық «идеялымыз» тәрізді құбылысты, ол біздің бүгінгі бірлігіміздің жауы болғанын І.Есенберлин осылай бейнелейді. Бұл нағыз Есенберлин дәуірінің нақты көрінісі еді. «Алмас қылыштағы» Жәнібек хан өліміне байланысты жазушы толғанысы өлім мен өмір жайлы философиялық ой тарамдарданың бір түйіні екені рас. «Ханы өлген қазақ әскері жауының соңынан қумады. Жәнібектің денесін ақ киізге орап, ақ түйеге артып, екінші баласы Махмұт билеп тұрған Созаққа беттеді. Қайғылы ел күңірене күрсініп, алғашқы ханның бірі Жәнібекті ардақтап ақырғы сапарына шығарап салды. Әбілқайыр жатқан Жуантөбедегі көк күмбезді мазардың жанында тағы да бір салтанатты алтын айлы мазар пайда болды. Тірі жүргендерінде Дәшті Қыпшақтың кең

даласына сыймаған қос тарлан, енді он шаршы құлаш жерге қатарласып көмілді. Өмір татуластыра алмаған екі ханды, енді өлім татуластырды». І.Есенберлин туындысы толғайтын өмір диалектикасы, философиялық таным қуаты осындай. Адамзат санасы дамуының қиын жолдары туралы, әлі күнге дейін сақталып келе жатқан өмірдің жалған принциптері хақында, өмір сынынан өткен шынайы адамзаттық құндылықтар жайында жазушы осылай ойлантып, осылай толғаныска жетелейді. Тәуелсіздік тұғырын бекіте түсу мен ел болашағының жарқын сипаты туралы ой-толғам, ой жота сілемі эпопея желісінде үнемі көрініс тауып отыратын құбылыс. Жәнібек хан мен Қасымның Жаған ханымның төсіне кадалған қанжар төңірегінде ой тезіне салған пікірден сол ел іргесінің бүтіндігі, қазақ ұлысына алдағы болар қауіп-катер бағыты мен оған жол бермеудің шаралары жайлы сыр анғарылады. «Жағанды бүкіл ел-жұрт болып арулап қойып, жетісін бергеннен кейін Жәнібек тағы Қасымды өз ордасына шақырды. Қасым келген соң, онын беліндегі қанжарды алды да, қолына ұстап тұрған, Жағанның кеудесінен суырылған қанжармен екеуін баласының алдына қойды. – Көрдің бе, екеуі бірдей, – деді Жәнібек, – саған осы екі қанжар қандай сыр айтып тұр? – Бір шебердің жасағаны ма? – Одан бөтен? – Есіңізде ме, анам марқұмға Мүқамед-Шайбани мен Махмұд Сұлтанға тимеймін деп ант бергенімде, менің қолымнан мынау қанжарды алып, «саған қадалар қанжар менің жүрегіме қадалсын» деп еді ғой? Анамның сол тілегі орындалған тәрізді. – Рас, анаң адал жар еді. Адал жүрегімен тілеген тілегі орындалды. Топырағы торқа болсын. Ал бұдан басқа бұл қанжардың лақтырылуынан не ұқтың? – Қанжар не сізге, не маған арналып лақтырылған. – Дұрыс айтасың. Бұл қанжарларды Мекеге барған Ноғайлы хандығының бір биі Стамбулдан алып келген. Маған біреуін берген еді. Сен жеті жасқа толғаныңда әдейі беліңе байлағам. Ал қалғандары сол ноғайлы елінде болатын. Мына қанжарды лақтырған адам не саған, не маған арнап лақтырды. Және өзі со жақтан келді. Бұдан не ұқтың? – Еділ бойындағы ағайындар да тек жатпайтын тәрізді ғой. – Дүрыс айтасың. Дәшті Қыпшақ жері – түйенің терісі тәрізді мол дүние. Әркім-ақ одан бір ұлтандық жұлып алып қалуға кұмар. ... Қаңдай ақылың бар? – Ақылым өзіңіз ойлағандай: жау екі жақтан. Астананы екі жағыңа бірдей қарай алатын жерге көшіру керек. – Оның Ұлытау ма? – Жоқ. Ұлытау екі жақтың дүбірінен де алыс. Бізге тегі қауіпті тұстан тақа алысқа кетпеу жөн».

Жазушының артына қалдырған ақыл-нұсқасы демеске әбдіміз жоқ. Зерделі қаламгер келер күннің көкжиегін анық байқағандай сезіледі. Ұрпақ тағдырының бүгінгі болмысына үн қосып, рухымен қол созып тұрғандай көрінеді. Қазақ атауымен алғашқы жеке мемлекет құрған он бесінші ғасырдағы Жәнібек дәуірі мен тәуелсіздік туын желбіретіп, дербестікті қайта жанғыртқан жиырмасыншы ғасырдың соңындағы елінің тағдыр ұқсастығына, заман сабақтастығына жазушы алдын-ала барлау жасап болжағандай елес береді. Есенберлин туындысындағы замана тағылымы мен тарихи танымын осылай пайымдауға болады. Тарихи шығармаларда бой көтеретін образдық мотивтердің бірі – тыңшылар, сатқындық әрекет иелері. Бұл нысан «Жанталаста» Құдабай, «Қаһарда» Ожар арқылы көрініс табады. Империяның құрсауында отырған ел үшін ұлт бірлігін жоюға, бағыныштылықты арттыра түсуде жергілікті ұлт өкілдерінің іс-әрекеті арқылы хабардар болып, негізгі саясатты жүзеге асыру құбылысын Құдабай бейнесі аңғартады. Дүниеқоңыздық, мансапқорлық, ел бірлігін, мемлекет тұтастығын сақтаудағы үлкен қауіп, кесірлі кесапат болатыны тарихи шығармаларда негізгі желі боп тартылған. Тіпті, кейде тыңшылық, сатқындық билік иесінің жақыны, не қызмет айналасынан шығып жататыны шындық. «Жанталастағы» Әбілқайырдың өз ұлы Нұралының да Неплюевке әкесінің істерін жеткізіп отыру, «Қаһардағы» Кенесарының ақылдас адамдарының бірі боп жүріп тыңшылық міндет атқарған Ожар бейнелері соның бір дәлелі. Ал бұл қасиет кешегі тәуелсіздік дәуіріне дейін біздің мемлекеттік, қоғамдық жүйемізде де берік орын алып келгені ақиқат. Өзге жұрттың, күшті мемлекеттің емеурініне арқа сүйеу құбылысы қазір де жоқ деуге болмайды. Әдебиет – өмір айнасы десек, тарихи шығарма тағылымында кешегі арқылы бүгінгіні танытып жатқаны негізгі түйін болып табылады. Сырттай қарағанда, біртұтас қазақ қауымының ішінде қандай қайшылықтар жатқанын сезінеміз. Бұл көркем шығармадағы тарихи таным. Өзінің тарихи романдарында І.Есенберлин қазақ халқының ұлт болып калыптасу жолын, туған халқының қилы кезеңдер мен тауқыметті тарихын бүгінгі ұрпақ санасына сіңіруді мақсат тұтқан әрі оны орындауда өзіндік тәсіл, ерекшелік танытады. «Көшпенділер» романы «Соғыс және бейбітшілік», «Бірінші Петр», «Степан Разин», «Абай жолы» т.б. сияқты романдармен салыстырғанда өзгеше сипатта көрінеді. Қазақ әдебиетінде ұзақ жылдар бойы қозғаусыз жатқан тақырыпқа алғаш қалам тарта отырып, автор ұлаңғайыр тарихтың үзік кезеңін де қалдырмай түгел қамтуды мақсат етпеген. Ол тұтас тарихтың бүгінгі ұрпақ білуге тиіс маңызды тұстарын ғана шығармаға арқау етіп алады. Сөйтіп, автор қозғаусыз жатқан тың тарихтың қойнауын ашып, қамаудағы асыл қазынаның сипатын білдіріп, сырын ұқтырады. Эпопеяның «Алтын Орда» бөлігін есептемегенде жазушы «Көшпенділер» трилогиясында қазақ тарихының ең маңызды үш кезеңін шығармаға өзек етіп алады да бүкіл халықтың тағдыр талайын танытуды көздейді. Бұл кезеңдерді

жүйелеп айтатын болсақ, оның біріншісі қазақ хаңдығының құрылу кезеңі, екіншісі хандықтың нығайып, дамуы, тиянақталу дәуірі. Бұл кезде жоңғар шапқыншылығына қарсы соғысу, күш біріктіруі нәтижесіңде жеңіске қол жеткізу сипаты суреттелсе, үшінші кезең отарлық езгіге, бодандық басыбайлылыққа қарсы күрес, соңғы тұяқ серпу. ХХ ғасырдың отызыншы жылдарынан кейін ұлт тарихына деген саясат бұғауы тым құрсаулана түсті. Сондықтан ұлт-азаттық күрес жайлы жазылған, ұлт мүддесі көтерілген мәселені қозғау, ол туралы үн шығару қиынға түсті. Осы бағытта зерттеу жасап, уақыт ақиқатын айтуға ұлттық тарих ғылымы дәрменсіз болды. Міне, сондықтан олқылықты көркем әдебиет тілімен толықтыруды жазушылар жүзеге асырды. «Көшпеңділер» трилогиясы сол мақсатты орындай алған қазақ әдебиетіндегі алғашқы шығарма болды. Роман сюжеті халық тарихының ізімен жүйелене жылжып оқиға желісі тарихи шежірелік деректер аясында өрістеп, дамып отырады. Бірімен-бірі халық тарихы арқылы байланысып тұрған үш кітаптың «Қаһардан» басқасында көп романдағыдай сюжеттік және оқиға барысын бір ғана кейіпкердің маңайына топтастырылған сипат жоқ. Әбілқайыр, КерейЖәнібек, Бұрындық, Қасым, Хақназар болып ауысып келіп отыратын хандардың ешқайсысын да бас қаһарман ретіңде бөлектеуге келмейді. Романдағы қай ханға қатысты оқиға болсын, қай хан тұсындағы жағдай суреттелсін мейлі, бәрі де халық тарихының желісіне шырмала өріліп отырады. Негізгі тартыс елдік үшін, жер үшін, бостандық үшін күрескен ерлік тартысы ретінде бой көрсетеді. Автор әр хан тұсындағы күрестартысты шежірелік сипатта жылжыта баяндап, қосалқы, жанама сюжеттік желілермен байытып отырады. Негізгі сюжеттік желілер тарихи деректерге табан тіресе, қосалқы, қыстырма сюжеттік желілер автор қиялынан туындайды. «Алмас қылыштағы» Әбілқайыр мен Керей-Жәнібек араларындағы тартыс – қазақ хандығының құрылуына әкелетін негізгі сюжеттік желі. Бұл тарихта дәл осы қалпында болған, автор оны шығарманың арқауы еткен. Ал романдағы Саян мен Гүлбаһрам сұлуға немесе Орақ пен Аққозыға байланысты оқиғалар автор қиялынан туған сюжеттер. Бұлар негізгі желіні дамытуға, оқиғаны шиеленістіре түсуге қызмет етеді. Автор бұл эпизодтық оқиғаларды негізгі оқиғалармен салыстыра отырып, тарата қатар өрістетіп отырады. Олар негізгі кейіпкердің характерін аша түсуде, роман оқиғасын қоюландырьп, байыта түсуде маңызды жүк көтереді. Жазушы мұндай ойдан алынған жанама сюжет кейіпкерлер әрекетін әдеттен тыс әсірелей суреттейді. Бұл орайда Саянның да, Орақтың да тағдырлары көп жағынан романтикалық шығармалар кейіпкерлеріне ұқсас. Олар пейілі түссе шексіз мейірімді, көңілі қалса қайтпас қатігез, қайсар. Шығармада қосалқы сюжеттер кейде авторлық шегіністер арқылы да көрініп отырады. Әсіресе, өткен дәуірді еске түсіретін әңгімелер хандар тарихынан, олардың мінез-құлқынан, арман-мүддесінен, парасат дүниесінен, кісілік келбетінен хабардар етеді. «Алтын Ордадағы» Батудың, «Алмас

қылыштағы» Әбілқайырдың, «Жанталастағы» Бұқардың еске түсіру әңгімелері айтып отырғанымыздай ойға түсіру арқылы шегініс жасаудың көрінісі. «Алмас қылыш» романындағы алғашқы беттерінің өзінде-ақ осындай шегіністен басталып, өткен дәуірге ой жіберетін сәтке тап боламыз: «Шыңғысханның төрт ұлы болған. Жошы, Шағатай, Үгедей, Төле. Төртеуі әлем қожасы Шыңғысхан жаулап алған жерді төрт ұлысқа бөліп, әрқайсысы бір-бір ұлысты басқарған. «Шыңғысхан өлісімен әлем қожасының төрт ұлы арасында жанжал басталған. Жанжал – Шыңғыс ордасы – Қарақорым Ұлы тағын кім иеленуден шығады да, аяғы ұлыс арасындағы жер, атақ, бақ, тартысына айналады» [2,7]. Автор кейіпкерінің ой-дүниесі, ішкі толғанысы арқылы, кейіннен «Алтын Орда» сияқты іргелі туындыға жүк болған шытырманды тарихтың біраз парағын оқырман алдында аударып тастайды. Міне, осындай жанама сюжеттік желілерге жүк болғандай мұндай шегіністер шығармада әртүрлі формада, бірде ой, толғаныс барысында, бірде әлдекімнің еске салуы сипатында көрінеді, немесе ақын жыраулардың толғауымен, кейіпкердің көрген түсі арқылы суреттеледі және үш кітапта да мольнан орын алып отырады. Соның ішінде, әсірссе, фольклорлық материалдар – аңыз, эпостық сюжеттер романның аса көрнекті өрнектеріне айналған. «Алмас қылыштағы» «жылан мен қыран» жөніндегі хикая, «Жанталастағы» Бұқар аузымен Бөгенбайға айтылатын Тәуекел, Қияқ пен Тұяқ жөніндегі немесе АбылайБотақан турасындағы ел әңгімелері, «Қаһардағы» Кенесары, Наурызбай, Ағыбай, Бұқарбай жөніндегі сюжеттік желілердің барлығы да фольклорлық материалдар негізінде құрылған. Бұл тұста да автор әдеттегі тәсілімен өз кейіпкерлерінің түпнұсқа бейнесін қайдан алғандығын сюжетке кіріктіріп, сілтеме беріп отырады. Мысалы, «Бұл кейін Наурызбай – Қаншайым» қиссасында:

Қасым хан өзгелерден асып туған, Көңілін дұшпандардың басып туған. Қарнында анасының қан шеңгелдеп, Қызарған екі көзін ашып туған, –

деп бесігінен қан құмарлығы, аяусыз дәріптелген, аузынан жалыны шыққан сотқар, ұр да жық, қатігез Қасым төре емес, иленген терідей жұмсарып, үстіндегі жүні уыс-уыс түсіп қызыл шақа болған көтерем қойдай әлсіз кәріқұртаң шал», – деп баяндайды Наурызбай және оның әкесі Қасым жайындағы қиссаға сілтеме жасап [3, 96]. Автор фольклорлық материалды молынан пайдалану барысында оған бір жағынан тарихи деректі, екінші жағынан көркемдік сипат беретін міндет ретінде қызмет атқарады. Романдағы бұл сипатты «Нәтижесінде жаңа жанр пайда болады: романның құжаттық негізіне әрине, ауызша жылнамалық дәстүр, сонымен қатар, тарихи мәні бар халық эпостары енеді, фольклорлық ауысулар пайда болады» [4, 6], – деп бағалайды кезінде академик Ә.Марғұлан «Көшпенділердің» 1978 жылы

Москвадағы «Советский писатель» баспасынан орыс тілінде шыққан басылымына жазған алғы сөзінде. «Алмас қылышта» соңғы екі романмен салыстырғанда сюжеттік желілер тым шашыраңқы құрылған. Шым-шытырық тарихи оқиғалардың, әр түрлі деңгейдегі тартыстар мен кейіпкерлердің тым молдығы, оның бәрі белгілі бір тарихи тұлғаның маңына топтастырыла көрсетілмегені шығарма композициясын босатып жібергендей көрінетіні рас. Алайда сол суреттеліп отырған кезеңдегі тарихи шындықты, алмағайып заман көрінісін мүмкіндігінше мол қамтып, кеңінен суреттесем деген автор мақсатына орай болғандықтан бұлайша сипат байқалып қалуы заңды еді. Сондықтан автордың казақ халқының ел болып қалыптасу тарихын толығырақ аңдату үшін уақыт мөлшерін кең қамтып, ғасырлар сырын бір кезең етіп көрсетуді көздеген. Трилогияның «Жанталас» және «Қаһар» бөлімдерінде сюжеттік желілер негізінен Абылай, Кенесары сияқты бір кейіпкердің төңірегінде жинақталған. «Қазақ елі бұл кезде көкпар тартуға дайындалған серке тәрізді еді. Жанжағынан анталаған қай жауының тақымында кетеді? Әлде өзара қырылысқан хан сұлтандар қанын сорғалатып, біреуі – аяғын, біреуі – қолын, біреуі – басын қанжығаларына байлап кете ме кім білсін?» [2, 300]. «Жанталас» романында суреттелетін тұс – жеке ел болып қалыптасқап қазақ қоғамының тарихындағы ең мәнді, маңызды әрі тұтас халықтың басына қауіп бұлты үйірілген, жауапты кезеңдер еді. Бұл шақта ішкі шиеленіс те, сырттан төнер қауіп те күшейіп тұрған. Атақты «Ақтабан шұбырынды» атанған заман да осы кез болатын. Осы алмағайып заман саяси аренаға Абылайды әкеліп, ел еңсесін көтерген, үш жүздің соңғы рет бірігіп, туған Отанды азат ете білген уақыт та осы шақ еді. Романда түгел сюжет осы Абылайдың төңірегіне жинақталған. Тарих ғылымы үшін Абылайдың ұлы да үлкен мемлекет қайраткері болғандығы енді ғана мойындалып жатқаны белгілі [5]. Ал, Есенберлин сонау қытымыр саясат дәурінің өзінде батыл көзқарас байқатып, тарихи шындықты дәл көрсетіп, Абылай тұлғасын терең тани білгендігі, оның қос-қыртыс күрделі бейнесін жасай алғандығының өзі тарихи шындыққа адалдық, қаламгерлік қайсарлық таныта білгендігін көрсетеді. Тарихи романда Абылай өмірі түгел, қамтылған деуге болады. Оның Төле бидің түйесін бағып жүрген жастық шағынан бастап, өлгенге дейінгі ғүмыры түгел көрініс береді. Бұл – қазақ халқының жарты ғасырдан астам тарихы. Бірақ оның Абылай атанып жауға шабуы, хан атанып таққа отыруы (таққа 1771 жылы отырған) бірден бола қойған жоқ. Сондықтан романда Абылайға дейінгі оқиғалар да кеңінен суреттеледі. Бұл орайда автор негізгі желіні қазақ тарихы төңірегінде топтастырады. Сол себепті «Жанталаста» да шегіністер, қыстырма сюжеттер аз емес. Әсіресе, Автордың халық ауыз әдебиетіндегі сюжеттік желілерді шебер пайдаланғандығы әсерлі көрініс береді. Сонымен қоса, автор өзінен бұрынғы ақын жазушылар шығармаларын роман желісіне

шебер сіңірген. Оның нақты дәлелі романдағы «Батыр Баян» оқиғасы. Ал, «Батыр Баянға» байланысты сюжеттік желі есімі енді ғана аталып жүрген Мағжан Жұмабаевтың осы аттас поэмасымен дәлме-дәл келеді. Кезінде ашып айтуға қатерлі болған ақын шығармасын І.Есенберлин өз романына әдейі астарлап кіргізгені де шындық әрі түсінікті жәй. Оның үстіне Батыр Баян тарихта болған адам. Сюжеті тарихи деректер мен ел арасындағы әңгімелерге құрылған «Батыр Банда» творчестволық қиял көріністері де орын тепкен [6, 232]. Жазушы да поэмадағы осы шындықты сол қалпында көрсетуге тырысқан. Трилогияның алдыңғы екі кітабымен салыстырғанда «Қаһарда» суреттелетін уақыт тым ықшамдалып, роман сюжетіне кірген оқиғалардың бәрі Кенесары төңірегіне шоғырландырылып беріледі, Роман арқауының негізгі идеялық түйінін көрсететін оқиғалар ұлт-азаттық күрес айналасында топтастырылады. Көтерілістің басталу себебі, өріс алу сипаты, ең соңында трагедиялық түрде жеңіліс табуы хронологиялық жүйемен суреттеледі. Міне, осы бірнеше ғасыр оқиғасын трилогиядағы негізгі де, қосалқы да болып сансыз тармақ тартатын ұланғайыр желілерді бір арнаға түсіріп, біртұтас композициялық желі түзейтін негіз, ол роман арқылы бергісі келген тарихқа деген көзқарасы деуге болады. «Көшпенділер» тәрізді эпикалық шығармаларда көрінетін авторлық көзқарас мәселесі кешегі кеңестік әдебиеттану ғылымы деңгейінде кездескенімен, қазақ әдебиеттану ғылымында зерттеле қойған жоқ. Кеңестік дәуірдегі әдебиеттану ғылымында бұл мәселе М.Бахтин, В.Виноградов, К.Шуковский, Б.А.Успенский еңбектерінде тереңдей зерттелген [7]. Көп қырлы туындының жалпы композициялық поэтикасын анықтайтын басты күш болып табылатын шығарманың негізгі идеялық түйіні басты назарда болады. Бұл орайда әрқайсысында бір-біріне ұқсамайтын жеке композициялық құрылым бар бірнеше романнан тұратын «Көшпенділер» тәрізді көлемді шығармалардың күрделі композициясын бір жүйеге түсіру де оңай емес. Осы тұрғыдан келіп қарағанда «Көшпенділер» композициялық құрылымы тым шашыраңқы көрінуі заңды құбылыс. Баяндау, сипаттау сияқты элементтер өте басым боп келетін трилогияда авторлық позиция, көзқарас тым ашық, қалтарыссыз көрініп қалады. Мысалы: «Он бесінші ғасыр қазақ рулары үшін ең ауыр ғасырлардың бірі еді. Осы ғасырларда өзара қырылысып, сырт жауын кейде жеңіп, кейде жеңіліп, тайталас түсіп жүрген қазақ рулары ел болып бастарын қосу үшін күресуге бел буды. Бірақ үйірлі құландардай шексіз даласында ру-ру болып көшіп жүрген елдің басы еркін қосылмады. Бұл жеңіс ұлы айқастар арқылы келді. Қазақ руларының басын біріктіріп, қазақ хандығын құруда, мейлі, күрес бақталастықтан-ақ басталсын қайткен күнде де Жәнібек пен Керейдің алатын орны ерекше. Әрине, халық өзі қаламаса екі адамның қолынан не келеді? Тегі ел болудың негізі халықтың көкейкесті арманында жатыр. Бұл кезең – халық рухының лаулаған кезеңі» [2, 202] деген жолдар соның бір көрінісі.

Автор өзінің шығарма идеясына қатысты көзқарасын ашық көрсететін бұл баяндау сипаты әдетте көркем туындыдан гөрі тарихи ғылыми еңбектерге лайықты екені сөзсіз. Бұл тұста көркем образдар болмысы арқылы оқырмандар өзі түйсінуге тиіс қорытынды ойдың авторлық баян арқылы берілуі көркемдік сипатқа нұқсан келтіріп тұрғаны шындық. Бұл құбылыс роман композициясында жиі көрініп қалатыны бар. Бір қарағанда автор өзінің романдағы суреттеуі бойынша Әбілқайырдан гөрі Керей мен Жәнібекке іш бұратын секілді көрінеді. Алайда халық тарихының бүгінгі дәуір деңгейінен бағаланып, дәлелденген сипаты түрғысынан межелегенде жазушы тарихи шындықтан алшақтамайды. Жәнібек пен Керейдің Әбілқайырға қарсы күресі тарихтан белгілі. Ал, ол карсылық дұрыс па, бұрыс па деген сұраққа келсек, бүгінгі деңгейдегі мемлекеттің қайнар бастауында Керей-Жәнібек іс-әрекетінің тұрғаны даусыз. Сондықтан жазушының тарихтың өзі дәлелдеген Керей-Жәнібек әрекетінің шындығына іш бұра суреттегенін, оған авторлық көзқарасын да ұштастыра білгенін көреміз. Қалай дегенмен де қаламгер туындысы көркем шығарма болғандықтан, ондағы жасалатын тарихи тұлға бейнесі көркемдік тәсілдердің заңдылығы аясында қайта туады да көркем образ кейпіне енеді, типтік бейнеге айналады. «Көшпенділер» трилогиясындағы қаһармандардың да көпшілігі тарихи тұлғалар және суреттелетін оқиғалар да тарихи жағдайлар. Есенберлин де ең алдымен өз қаһармандарының жан дүниесіне үңіліп, солардың қайғы-мұңын, арман-мүддесін баян қылып, оқырманмен сырласады. Осы орайда жазушы кейіпкер характерін, ішкі жан дүниесін ашу, психологиясын таныту үшін ішкі монологты қолданады. Бұл тәсіл туралы В.В.Виноградов: «Тек қана осы жерде ішкі монологтан ғана сананың тура да шынайы, таза даусын естисің, құдды «сананың микроскобындай» айтылаайтыла мәні кеткен сөзге бағыныштысың» [8, 187], – деп жазғанындай эпикалық баяндауда характерлер табиғатын ашатын көркемдік құралдардың бірі – ішкі монолог. «Көшпенділерде» оқиғаның шиеленіскен сәтіндегі қаһарманның қиналысы, өткенді саралап, келешекті бағдарлау мақсатында көрініс беретін ішкі монологты көреміз. Мысалы, «Алмас қылыштың» алғашқы беті Әбілқайырдың ішкі толғанысынан басталады. Ол ой жанарын өткенге жіберіп, алыста қалған ата-баба заманын елестетіп, естелік түріндегі ішкі монолог арқылы толғанысқа түседі: «Әбілқайыр тағы да ойға шомды. Он жеті жасында «Бату тағы», «Өзбек тағы» деп аталған Дешті Қыпшақ тағына отырды. Ол кезде хан Ордасы сонау шығыстағы Ертіс өзенінің қойнауындағы Чинга Тұра қаласына ту тіккен майданды сол тұстан ашып, жеке-жеке ұлыс болып отырған қазақ хандарын жеңіп, бірте-бірте Есіл, Нұра, Тобыл өзеңдерін өзіне қаратты. Сол қарқынмен ол бір кезде, Жошының ордасы тігілген, Ұлытау бойына жетті...» [2, 41]. Әбілқайырдың өзімен-өзі іштей сырласуын көрсететін осы естелік бойынша автор көне тарихқа шолу жасай отырып, Әбілқайырдың да өмірінен мағлұмат беру нәтижесінде, өткен оқиғалар сипатымен оның болмыс-бітімін аша түседі.

Кенесарыға тән ерекшелік, оның жүрек құпиясы, жан-жылымы еске түсіру арқылы романда былай сипатталады: «Хандыққа таласудың екі жолы бар. Оны сан айқастан өткен Кенесары жақсы біледі. Бірі соған хан билігін әперем деген халықтың артында тұрып басқара білу, екіншісі соңыннан ерген қолдың алдында жүріп ерлігіңмен өзіңе тартып алу. Хандыққа жүз бен жүз, ру мен ру таласса, жұрттың арт жағында тұрып, елін айдап салып, ақыл-айламен, зұлымдық-жалауыздықпен мұратқа жетуге болады. Ал бүгінгі таластай, қалың бұқараның тәуелсіздігін қорғау арманы мен сенің жұрт билігін қолға алам деген көкейкесті тілегің ұштасып жатқанда, соңыңнан ерген қолдың артында емес, алдына шығу қажет. Сонда ғана саған қара халық сенеді, соңыңнан ереді. Бұқара өз басыңның қамы үшін емес, халқың үшін алысып жүргеніңді көзбен көргені жөн. Сөйткен күнде ғана арманыңа жетесің. Халық өзі арманыңа жеткізеді» [9, 86]. Рас, романның психологиялык табиғатын көріктендіретін, ажарлай түсетін ішкі монологтық ерекшеліктер осы айтылғандар ғана деуге болмайды. Қаламгерлік қабілетке сай көркемдік ізденістің нәтижесінде монологтық форманың сан алуан түрі көрініс беріп жатуы әбден мүмкін. Біздің айтып отырғанымыз оның тек І.Есенберлин романында көрінетін мол сипаттың, үзік-үзік мысалы ғана. Шындығына келгенде жазушы бұл форманы кейіпкер характерін типтендіруде ерекше роль атқаратын басты көркемдік құралдың бірі ретінде жиі қолданады. Ол көркемдік сапа тұрғысынан жақсы нәтижесін берген. Кейіпкер характерін айқындай түсетін психологиялық күй оның өзімен-өзінің іштей сырласуында қалтарыссыз ашылатыны түсінікті жай. Характер сомдауға аса қажет осы мүмкіндіктерді автор барынша пайдалануға тырысқан және сол арқылы қаһарманның характер қалтарысына да терең бойлай білген. «Көшпенділер» трилогиясында кейіпкердің жан дүниесін ақтарып, ішкі сырын ашатын, мінез-болмысын аңғартатын әрі характерді даралайтын тұстар жеткілікті. «Жаталастағы» Әбілқайыр мен Барақ арасындағы диалог арқылы кейіпкердің ой астарын, түп ниетін оқырманға ұқтыруы – оған дәлел. Билік пен беделге таласқан хан мен сұлтан арасындағы сөз сайысы арқылы олардың мінез ерекшеліктері дараланады. Қызба мінез Барақ, оңайшылықпен ашылмас, қулығы мен айласының ұшығын оңай байқатпас әккі қалып танытатын Әбілқайыр болмыстары қатар көрініп, оларға оқырманның өзі іштей мінездеме беретін қалып жатыр. Жазушы екі қаһарманның мінез қырларының біраз ерекшелігін байқата отырып олардың түпкі мақсатын, көздеген мұраттарын да аңдатады. Бірақ автор бұл екеуінің ешқайсысына да іш тартпайды. Жазушы дәл осы тұста бейтарап қалып танытады. Бөгенбай батыр характерін, болмысын танытуда да осы тәсіл қолданылады. Бұқардың Абылайдың ақылшысы болғаны, жыраудың хан алдында өзін еркін ұстауы тарихи құжаттан да, ел ішіндегі әңгімеден де мәлім. Жыраудың әр сөзінен осы сипат айқын аңғарылады, ел алдындағы беделі айқын көрінеді. Жазушы «көмекей әулие» атанған, ханның ақылгөйі болған әйгілі жыраудың

бейнесін сомдау барысында оның аузына сөз сала отырып, Абылайдың өнегелі іс-әрекетін ойға салады. Оның образын Бұқардың түс жоруы арқылы шыңдай түседі. «Уәлидің ұрпағынан шыққан бір тұқымның атын қағазда, ал Қасымнан туған бір балаң атын майданда қалдырады екен», – дегенінің бірі - Шоқан, бірі Кенесары екенін бүгінгі оқырман бірден түсінері анық. Абылайдың науқасанып жатқан тұсында да Бұқар екеуінің әңгімесінде де талай тармақты ой өрбіген, астарында талай сыр жатқан тағылымдық сипат жатқан жоқ па?. Сұрақ-жауап формасымен жазушы екі кейіпкердің жан-сырын бір-біріне айтқызып оқырман алдына жайып салатын сәтті көреміз. Көркем ой, философиялық түйінмен кестеленген Абылай болмысының көрінісі, шарықтау шегіне жеткен образдық түйіні романда ашыла түскен бір тұсы осылай. Абылай бейнесінің шынайы келбетін танығандаймыз. Міне, бүкіл роман бойында оқырманды бірде күйіндіріп, бірде сүйіндірген, жақсылық пен жамандықтың қосындысынан жаралғандай Абылай бейнесінің түйіні шешіліп, тұлғасының тұңғиық сыры соны қырынан көрініп, жаңа әлем боп ашылғандай. Ол жаңа әлем – оның шексіз қатігездік, айлакерлік, қулықсұмдық сияқты жаман қасиеттері ысырылып тасталып, ел қамын, халық болашағын ойлаған ұлы мақсатқа ұмтылған, сол мақсат жолында қандай әрекеттен болса да тайынбаған жақсы қасиеттері тұлғаланып көрінетін сипат. Ел аңызы бойынша да, өз өлеңдерінің мазмұны бойынша да ел қамын жеген Бұқардың Абылай төңірегінде жүргені туралы дерекке роман авторы осылайша жан бітіріп, реалды бейне жасай алған. Қаһарман болмысы арқылы философиялық түйін жасап, тағылымды ой қорытады. Сөйтіп, романда жазушының тарихқа деген көзқарасы Бұқар сөзі арқылы көрінеді. І.Есенберлин эпопеясындағы сюжет пен композиция, типтік характерлер мен жағдайлар, монолог, диалог, уақыт пен кеңістік тәрізді көркемдік жүйенің құрамдас бөліктері өзара іштей тұтас құрылым түзіп, бір мақсатқа бағындырылған. Ол – халық тарихын, елдің ерлік шежіресін бүгінгі ұрпаққа мүмкіндігінше кеңірек таныту, оқырман көз алдына өткен заманның толымды картинасын жасауды мұрат тұтқан авторлық мақсат. Біз осы жазушылық мұраттың ерекшеліктеріне барлау жасауға тырыстық.

ІV-ТАРАУ

ТАРИХИ ТАҒЫЛЫМ: КӨРКЕМДІК ЖӘНЕ ШЕБЕРЛІК

Халық ғұмыры – тарихи дамудың диалектикалык заңдылығын құрайтын жалғыз нысана. Дәуірлер сипатынан табиғи дамудың белбелестерін, алған асу, шыққан биігін пайымдап, кешегі мен бүгіннің арақатынасын ажыратуға болады, өзгенің өресі жетпес жорамал деректердің жанды-жансыз жобасын жасауға болады. Сондықтан да болар, әдеби процестің кай кезеңін алыңыз жазушының да, оқырманның да ең бір қызығып оқитын, құмарта ден қоятын кітабы – тарихи шығармалар. Тарихи шығармаға деген оқырман қызығушылығы, қоғамдық сұраныс, рухани тәнтілік ұлттық сананың өсіп, халықтың өзін-өзі тануға, өткеннің сабақтарына ден қоюға деген ықыласынан туындаса керек. Ал бұл ықылас бүгінгі жаңару кезінде тіпті одан бетер бой көрсетіп отыр. Осы ретте көз жетер тарихын қаламмен қаттап, қағазға тақтап қойған елге қызыға да, қызғана да қарайсың. Хаттаулы тарих – халық болмысының рухани, мәдени өрісіне берілген төлқұжат. Ондай елдің әлемдік дамудағы кімнің-кім болғанын сарапқа салар тұста алдына жан салмай кететіні де сондықтан. Қазақ қауымының қолына қалам алған санасы сардар азаматтарының қай-қайсысы болсын, әсіресе ХХ ғасырдың алғашқы шеңберінен бастап тарихи деректерге ден қоя бастауының себебін біз осы жайлармен байланыстыра қарауымыз керек. Қазақ елі тарихының әдебиеттегі көрінісі қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салушылар А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ж.Досмұхаметов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Марғұлан, Е.Ысмайлов, Б.Кенжебаев, Қ.Жұмалиев еңбектерінде көрініс тауып, әр қырынан сөз болды. Бұл ежелден-ақ көркем әдебиет пен тарихтың арақатынасы сөз боп келе жатқан қазақ әдебиеттану ғылымында да түбірлі мәселе екенін көрсетеді. Алайда түбірі терең, түбегейлі шындықты жүйелеп, ұлттық ғұмырнаманың әлемдік дамудағы дара тұстарын ашып көрсетудің алғашқы талпыныстарына талағы тар заман тұсау салып бақты. Ұлт тарихының шындығынан жасқанудың коммунистік идеологияның күшті қаруларының біріне айналуы да сол ХХ ғасырдың болмысындағы танымдық кереғарлықтың керемет мысалы болып қала бермек. Алайда, халық зердесі бұғауға да, бұрауға да көнбейтін қуат. Өткен оқиғалар жөніндегі фактілер жинау, оны ретке келтіру бір басқа болса, ал сол оқиғалар туралы көркем образ жасау екінші басқа. Бірнеше ғасыр уақыт аралығындағы оқиғаларды жинау, оны бір жүйеге келтіру екінің бірінің қолынан келмейтін үлкен шаруа. Есенберлин соған тәуекел етті, алдына қойған мақсатын, халық алдындағы борышын орындап шықты. Осы жолда ол қыпшақтар атының тұяғы тиген жерлердің көпшілігін аралап шықты. Батыстың, Шығыстың, Оңтүстік пен Солтүстіктің көптеген

қалаларына, ауыл-селоларына барды. Ежелгі Қытайдың, араптар мен парсылардың, славяндардың жазба әдебиеттерімен, қазақ ауыз әдебиетіндегі ақындармен, эпостармен танысты. Барлығын ой-елегінен өткізіп нақты фактілер жинақтаған соң ғана аталмыш триологияны жазуға отырды. Өткен тарих пен қазіргі айтылып жүрген тарихты салыстырып, көптеген қиғаштықтарға жол берілгеніне, оқиғалардың бұрмаланғанына, кейбіреулері қайта өңделгеніне көз жеткізгендігі байқалады. Осының бәрін бір жүйеге келтіруіне әрине жазушының әмбебап білімі, еңбекқорлығы және табиғат берген таланты үлкен роль атқарды. Соның арқасында «Көшпенділер», «Алтын Орда» триголиялары өмірге келді. Осы орайда Ілияс Есенберлин қазақтың шын тарихын жазудың негізін қалаушылардың бірі десек те жарасатындай. Өйткені ол жүз жылдан астам уақыт бойы бүркемеленіп, бұрмаланып келген қазақ халқының тарихын қалпына келтіруге, оны жіліктеп талдап, орны-орнына қоюға баға жетпес үлес қосты. Қазақ халқы өзін-өзі қорғай алатын, рухы күшті халық екенін дәлелдеп берді. Осы шығарма арқылы дүние жүзінің көптеген ұлты мен ұлыстары қазақ халқының өткен тарихымен, мәдени әдет-ғұрпымен, салтдәстүрімен танысты. Ұлы Толстой «Халық үшін» деген сөзден қорқам» – дейді бірде. Мән мен мағына ой тарауына тоғысар тұста сөзден болмыс, ойдан бітім туындайды десек суреткерлік тұлғаның «мен мұндасы» Толстойдың ой тұжырымына да сыйып тұрған сәтті байқар едік. Әдебиет – күрделі құбылыс. Адамзаттың бүгінгі ұрпағы естіп білген, оқып-зерттеген ақыл алыптарының ешбірінің қолына түспеген кілт – әдеби құбылыс кілті. Уақыт пен кеңістікте аңдыздаған ой толқындары – жүйріктен тұлпар озған, түлектен сұңқар озған замандар жарысының ауыспалы жүлдесі ғана. Дарияның ботана суына тұма көзі кінәлі емес. Ендеше мынау «халық үшін» деу қайдан және қашан туындады екен?! Мүмкін тарихтың аласапыран арқалы сәтінде адам ағынының қарманар талы мен болдым дейтін алдамшы сезім желігі ме екен? Қалай дегенде де болмыстың талант тағдырына, өнерпаз өресіне жасаған жақсылығын Гомерден Рокқа дейінгі тар жол, тайғақ кешу ерлернің ғана үлесіне тиген олжа деп қарауымыз керек. Ол ең алдымен халық үлесі. Өнер мұраты – айналып келгенде уақыттан озу ғана емес, сол уақытпен біте қайнасып, адами ұғымның асыл бейнесімен кірігіп, ұрпақтарға қызмет ету, ұрпақтармен үн қатысу болса керек. Халық үшін ғана емес, өмірі мен өресі бір, ажалы мен азабы бір Адам үшін жасалмақ өнер туындысы. Өнер әлемі – Микеланджелодан бәленшеге дейінгілердін, Қорқыттан түгенешеге дейінгілердің күллісіне ортақ әлем. «Менсіз халық орталау» дейтін ұғымның шеңбері Платоннан Платоновқа дейінгі аралықты қамтиды десек шындыққа жасаған қиянат болар еді. Өйткені әдеби құбылыс – қолына қалам алып, ұлы дүрмекке ұлағатты сөз айтқысы келгендердің ұзақ-сонар тізімін қойын дәптеріне тізіп жүрген пысықтардың емес, олардың рухани қазынасын ой жүйесіне тізіп, сана сандығына сақтап жүрген мыңдар мен миллиондардың «адасу қуатының» алапат күшіне тәуелді ұғым.

Ойды ой, сөзді сөз қозғайды десек, айта-айта ақжем болған пікір мен жазыла-жазыла жауыр болған тұжырымдарға айналып соғар сәттердің де осындай-осындай қан-қамау себептері бар.

Социалистік реализм әдісі, коммунистік идеал, партиялық принцип дейтін қағиданың қурсауындағы жазушының сөз астары мен ой жапсары нені аңғартпақ? Қазақ тарихынан бөліп алған айтуға келмейтін Шыңғыс әулетінің бейнесі тәптіштеле жасалуында кандай ерекшелік жатыр, не мақсат көзделеді? Жеті ғасыр бойы алып аймақты уысында ұстап, дала төсін бірде малға толтырып, бірде қанға бөктірген әулетті асыра мадақтап, абыройын арттыру ма? Әлде өткен дәуірдегі халық тағдырын, кешеден бүгінге жеткен ауыр азап пен ерлік рухқа толы ел өмірін, жер бетінен жойылып, тарих санатынан өшіп кетпеу жолындағы бірде қасіретке толы, бірде жеңіс куанышы салтанат құрған мәртебелі күрес болмысын, сол күрестің қай кезеңде де халық тағдырының хас негізіне айналған хандық дәулетті мансұқ ету ме?

Тоталитарлық жүйенің шашау шығармас идеялық талабы, аз уақыттың ішінде адамзат жаратылысынан бергі сана дамуының табиғи сипатын өзі қамтыған аймақта жаңа арнаға бұрған, халық санасын тезге салып, өзіне ыңғайлы қалыпқа түсірген елдің жазушысы екінші бағдарды таңдап, мақсат етіп жатса, ешқандай оғаш көрінбеген болар еді шығарма жазылған дәуірде. Алайда жазушы олай еткен жоқ. Қаламгер нысанасы бұл екі жолдан да бөтен соқпаққа бұрылды. Халық тарихының шын болмысын «таптық тұрғыдан» дейтін тар шеңберде тануға тиіс көзқарастан әлдеқайда биік жатқан қаламгер парасаты «замана илеуіне түспей, қамауда жатқан» ұлттық тарих шындығын ашып беруге бел буды. Өзіндік әдіс-тәсіл, сезім қуаты, тұңғиық ой өзара ұштасқан күйде алыс тарих қатпарларынан сыр шертеді.

«Ұлттық тарихымыздың терең қойнауларында қалған көп оқиғалардың елесі, өзгерген, бұрмаланған деректер, әр түрлі тілдерде жазылған, сан алуан қолға түспейтін сирек кітаптарда, архив қазыналарында, оқылуы қиын қолжазбаларда, әр жерде жүйесіз шашылып жатқан материалдарды тауып, оқып, қорытып шығу үшін кеткен уақыт, жұмсалған қайрат, жасалған еңбектің өзі бір адамның ұзақ ғұмырына жетіліп артылар шаруа»[1, 291].

Горькийдің: «Адамды мәдениетті етіп тәрбиелеуге екі күш – өнер мен ғылым молырақ жемісті ықпал жасайды. Адамның ақылы мен жігеріне әсерін тигізудің қуатты құралы ретінде көркем әдебиеттің қызметі жаратылыстану ғылымдарынан көп болмаса, аз емес» [2, 321], – деп айтқанындай ғасырлар ізін кесіп өткен күндердің көмескі үніне құлақ түргізетін тарихи көркем шығарманың ұрпақ санасына сәуле шашар әсері, ой-сананы жаңа арнаға бұратын күш-қуаты ерекше екенін жазушы жүрегімен сезінді. Рас, бұл өнер тағылымына ұмтылған, қалам қайратын халық игілігіне жұмсағысы келетін қаламгердің қай-қайсысына да белгілі қағида. Алайда идеологиялық тұрғыдан белгілі бір шеңбер аясында өмір сүріп отырған «кіші ұлттар» қаламгерлері үшін тарихи тақырыпқа барудың сан түрлі кедергілері мен қиындықтары бар еді. Ұлттық тарихтың

империялық саясаттың ықпалымен зорлап «ұмытылуға» тиіс тұстарына, бүгінгі заманға «жат» тарихқа бару үшін, өткен дәуір болмысын зерделеп түсіне алатын білімпаздық, тұңғиық ойлы таланттылық пен қайсар жүректі батылдық керек еді.

Кешегінің тұңғиық кеңістігіне дәрменсіз көз жаутаңдата хатсыз, ізсіз өткенімізге бел шешіп бойлай алар «тәуекелшіл азаматтарымыз жоқ-ау» деп топшылап, қазақ жерінің ежелгі сипатын, қазақ елінің көне тарихының шыңырау тереңін сүзіп шығар әдеби шығарманы аңсаған халық көңілін жанымен ұққан қайсар қаламгер алғаш рет тарих қойнауынан сыр тартып, қиын сапарға шықты. Халық тарихының қасиетті болмысын шежірелеуге күш-жігерін арнаған қаламгер жайлы оның тарихи трилогияларының өмірге келу кезеңі туралы академик М.Қаратаев былайша толғайды: «Үлкен оқырман бұрын болып көрмеген құштарлықпен әдебиетке өзінің заңды талаптарын қойды: «Көрсетіңіз маған, суреттеңіз, бейнелеңіз. Менің бабаларым қалай өмір сүрді, немен тыныстады, қазіргі дәуірге, жер бетіндегі бақытқа қалайша жол тапты? ... «Маған аңыз бен ертегісіз шыншыл кітап беріңіз». Үлкен оқырман өз талаптарын осылай, не осыған ұқсас түрде білдіретін сияқты. Расына келгенде әдебиеттің алдында бір ғана бірегей міндет бар ғой; тарихи эпопея болсын, роман, повесть болсын, поэма, пьеса болсын, әйтеуір шыншыл, халықтық көркемдігі жоғары, идеялық қазығы берік көне тартымды (иә,- иә тартымды яғни сюжеті өткір, зеріктірмейтін, қызықты, мазмұн мен формасы терең табысқан) шығарма беру. Бұл енді сөз зергерінің ісі. Қазақ жазушыларының арасьнда үлкен оқырманның бұл шақыруына үн қосқан алғашқы қаламгерлердің бірі – Ілияс Есенберлин» [3, 241]. Иә, үлкен оқырман талабы да, кешегінің тұңғиық кеңістігіне дәрменсіз көзін жаутаңдатқан халық көңілі де орынды еді. Өйткені, әлем әдебиетінде әр елдің, әр халықтың шежіресін өзгерткен шығармаларда шек жоқ. Кешегіңді білмей, бүгінгіні түзеудің қиындығы, ертеңге дұрыс бағыт ұстай алмайтының әбден белгілі болған қағида. Рас, кезінде ұлттық әдебиетіміздің мәртебесін аспанға көтеріп, әлемдік көркемөнердің алтын қорына қосылған Мұқтар Әуезовтың «Абай жолын» оқыған адамға Құнанбай заманынан бергі дәуір жұмбағы ертерек ашылып, айна қатесіз танымал дүниеге айналды. Сахара салты мен дала халқының тыныс-тіршілігі де әлемдік ой-санаға М.Әуезов эпопеясы арқылы кең ауқымда танылған. Белгілі жазушы В.Янның қаламына арқау болған, дала топырағынан жаралып, әлем қожалығына қол созған Шыңғыстан тамыр тартқан ат төбеліндей төрелер әулетінің шырғалаң ісін қазақ жазушысы әрі қарай жалғастырып, алайда мүлде жаңа бағыт, деңгейде ғасырлар қойнауына із салды. Тарихшы академик М.Қозыбаевтың сөзімен айтсақ: «Сонау «тоқырау» деп аталған тоталитарлық қылбұрау заманасында тарихшылардан бұрын халқымыздың өткеніне терең бойлап, жаңаша ойлап, толғанып та, тебіреніп те қалам тартқан жазушы ең алдымен Ян бастаған тарихи

романистердің бәрінен жоғары көтерілді. Тарихи тақырыпқа Ілекеңнен кейін калам тартқан М.Калашников болса, Ілекеңе эпикалық құлаш сермеу жағынан да, көркемдік жағынан да жете алмады. Ал В.Чивилихан болса тыраштанып, ұлы державалық шовинизмнің жел кемесіне мініп, дауылдың айдаған жағына ағып, мекенсіз бір аралға тіреліп, омақаса құлады» [4, 7]. Тарихи заңдылық халық біткенге ортақ, ал тарихи заңдылықтың «түсіндірме сөздігі» әр халықта әр алуан... «Ақтаңдақсыз» тарих ар кітабы десек, күн өткен сайын Ілияс Есенберлин қаламынан туған тарихи полотнолардың қадыр қасиетінің өсе түсуін біз осы тұстан іздеуіміз керек. Халық тарихыңдағы хроногиялық заңдылық дегеніміз жыл санауға ғана тәуелді емес, ол Сананың ел рухымен үн қатысып, адами армандармен матасуына, сөйтіп кешеден келген бүгіннің «генетикалық» арқауына шындық пен әділдіктің, ерлік пен елдіктің, батырлықтың, ар мен ұяттың, бірлік пен бірегейліктің нұрлы шуағын себер сәттеріне байланысты. Ендеше І.Есенберлиннің тарихи ромаңдарындағы халық тарихы – болмысын болжай алған арлы жылдардың, арқалы ғасырлардың ары мен Санасына ауған Азаматтық зерденің жүйелі жүлгелерінен туған тарих. Тарихи тақырыпқа барудың өткел бермес өрлерінің бірі – тұстас дәуірдің ары мен ұжданына, азаматтық позициясы мен рухани өресіне тікелей тәуелді Кешегі мен Бүгінгінің ара қатынасы. Яғни, Тарих пен Дәуір ұғымдарының шындықпен үндесуінің ара салмағына байланысты. Ғасырлар толғағын бастан кешіріп, парасат майданының өзегінен өткізіп, азаматтық ар айқасы мен адамдық ерліктен туатын суреткерлік өнердің ұрымтал төтесіне түскен тарландарын тобықтан қаққан, сөйтіп, бүгіні мен ертеңін бір қауызға сиғызып, ақылы мен азабын бір ауызға қаратқан уақыт сілкінісінің желісі кандай? І.Есенберлиннің тарихи эпопеясы жазыла бастаған кезде Алтын Орда, Алтын Орданын ыдырауы, қазақ халқының қалыптасып, Қазақ хандығының құрылуына тарихшы ғалымдардың көңілдерін көптен аударып келе жатқанымен, осы мәселені жан-жақты тереңдей зерттеген еңбек әлі жоқтың қасы еді. Көне тарихи еңбектердегі, архивтегі шашырап жатқан фактілерді тірнектеп жинап, оны ғылыми електен өткізіп, шығармасына пайдалану жазушыға орасан еңбекті, жазушылық шеберлікті талап ететіні сөзсіз. Жазушы тарихи оқиғаларды суреттей отырып, ел бірлігі, азаттық пен бейбітшілік идеясына, халықтық патриоттық, моральдік сезімдерін оятып, соған тәрбиелеуге ерекше ден қояды. Жеті ғасырдың жүгі, тағдыр-тарих жүгі оп-оңай көтеріп кететін жүк емес. Бірнеше ұрпақтың ауқымын арқау ететін, сөз өнерінің әлемдік казынасыңдағы теңдесі жоқ, адамзат ақыл-ойының асыл нұсқасы болып есептелетін, рухани ұлы мұра, қырғыздың «Манас» эпосы мың-мың жолдарды жүздеген жылдардың қарымымен саралаған болса, ұлы Лев Толстой Напалеон көксеген басқыншылыққа қарсы патриоттық күрес тарихын белгілі эпопеясында көсілте жырлаған.

Осы тұрғыдан қарағанда жазушының жеті ғасыр оқиғасын, әрқайсысы бір-бір романға арқау болатын сансыз кейіпкерлер кешкен жолды үзік-үзік етіп бөліп алмай, тұтас күйінде тарих тілінен көркем әдебиет тіліне аударуы алғыс-бағаға лайық сипат. Кезінде филология ғылымдарының докторы Ш.Елеукеновтың «І.Есенберлин үшін керегі де маңыздысы да – қазіргі қазақ әдебиетінде әзірше зерттелмей жатқан ғасырлар қойнауына із салу. Хроникалық суреттердегі сырдаңдық, адам аттарының молдығы мен оқиғалардың қоюлығы, монологшылдықтың күштілігі – міне, осылардың бәрі қазақ мемлекетінің іргесі қалана бастаған сол бір алыс дәуір жайлы неғұрлым көбірек материал беруге талпынудан туған. Бұл, асылы, тың жерді жырту емес, оны тек келешек егіс үшін атыздау тәрізді жұмыс» [5, 188], – деген жолдары бүгінгі таңда шындыққа айналғаны белгілі. І.Есенберлиннің тарихи трилогияларынан кейін сол ғасырлардың жеке-жеке кезеңдерін бейнелейтін қаншама тарихи шығармалар жазылғаны, әлі де жалғасып жатқаны соның айғағы болса керек. «Ара балды қалай салса, жазушы көркем шындықты солай жасайды, ара барлық гүлден там-тұмдап, бірақ ең керегін алады» [2,155], – дейді М.Горький. I.Есенберлин де талғампаз ара сияқты тарихи шындықтың жаймасынан өзіне, қазақ әдебиетінің кәдесіне жарарлық шынайысын ғана ала білген. Белгілі бір ұлттық әдебиеттің аса ірі қайраткерлерінің творчествосын бір сәтке ойша шолып шығар болсақ, ең алдымен сол ұлттың белгілі бір кезеңдегі рухани-әлеуметтік көрінісі мен даму диалектикасын көретініміз айқын. Нағыз суреткер өмір шындығын өз тұрғысынан бейнелейді, сараптап, салмақтайды. Ілияс Есенберлин творчествосы сол бір шындыққа, қатал да әділ шарт-талапқа берілген мейлінше лайықты жауап тәрізді. Жазушы творчествосының мәніне ден қойған кезде, қазақ романистикасына әкелген сапалық белгілерін былай қойғанда тарихи прозаны байытуға сіңірген еңбегінің өзі неге тұрады? Оның әрқайсысы үш кітаптан тұратын «Көшпенділер», «Алтын Орда» атты трилогиялары, яғни, алты кітаптан тұратын тарихи эпопеясы соның айғағы болса керек. І.Есенберлиннің бұл тарихи эпопеясы әдебиетімізде соңғы кезге дейін «ақтаңдақ» болып келген қазақ хаңдығы дәуірінің жеті ғасырға жуық тарихын қамтиды. Ұлттық әдебиетімізде қаншама жылдар жабулы жатқан тақырыпқа жол салып, тарихтың шешуші кезеңдерін ой елегінен өткізді және тарихшылардан көп бұрын өз кітаптарында оны көркем бейнеледі. Ол тарихи романдары арқылы бүған дейін қалыптасқан «көшпелі қазақтардың мемлекеті, қаласы болған емес» деген әбден сүрленген империялық идеологиялық ұғым-танымды талқандап жаңа көзқарастың қалыптасуына жол ашты. Қаламгердің рухани жеңісі сол – тарихи эпопея жазылған заманның қытымыр қиындығына қарамастан, соған төтеп бере білуі, халық өмірінің тарихи шындығын адамдарға жеткізе білуі. Өз көркем сөзі арқылы, өзінің

қиыннан жол тапқан өмірлік бағыты арқасында шындықты тоталитарлық идеологияның тар қапасынан, ғасырлар тұңғиығынан алып шықты. Қазір бұрынғы кеңестік империя ең алдымен көлгірсуді мемлекеттік саясаттың биігіне көтерген өтірік империя болғанын біреуге дәлелдеп жатудың кажеті де жоқ. Сондықтан Ілияс Есенберлиннің шығармашылығына сол кездері партиялық-мемлекеттік аппарат қана емес, өтірік идеологияның тиянақты жақтаушылары жазушылар мен ғалым бауырларымыздың кейбір тобы да ұйымшылдықпен, тиянақты түрде қарсы шыққаны белгілі. Тарих тек бірыңғай атаулы даталардан және өткен оқиғалардың тізбегінен тұратын өмірге қатыссыз құрғақ нәрселер емес. Тарих – адамдық сезімдерге: қуаныш пен қайғыға, торығу мен бақытқа, мұң мен творчестволық құлшынысқа толы адамдар өмірі мен халықтар өмірі. Онда шынайы өмірдің «бет-бейнесі» бар. «Көшпенділер» трилогиясының құндылығы сол, біздің отандық тарихымызға өмір сыйлады, оны шалажансар халден тұрғызып алды, өмірлік мағына берді. І.Есенберлиннің ерлік сипаты мен дарын қуаты арқасында тарих қан-сөлсіз архивтік және оқу материалдарынан жанды күйге еніп, өз өткенімізді танудың тірі формасы жасалды. Дәл осы кітаптың танымдық нәрінің нәтижесінде бүгінде әр деңгей жастағы мыңдаған адамдар ХIII-ХІХ ғасырларда қазақ даласында өткен ұмытылмас оқиғалармен жақын таныса алды. Біздің замандастарымыз өткен ғасырлардан бізге келіп жеткен сол заман адамдарының сезімдері мен толғаныстарын, мінез-құлықтарын, үміттері мен армандарын, тыныстіршіліктерін сезіне алды, бүгінде өткен мен қазіргі тұтасып, бір арнаға тоғысты. Жазушыны осыншама тың тақырыпқа, соныға ұмтылдырған, ұлан даланың үстінде өткен ұланғайыр тарихын жазып шығып оны жарыққа шығарудың объективтік те, субъективтік қиындығы мен кедергілерін жеңуге апарған қандай күш? Рас, бұл трилогияның кей тұстары жөнінде кезінде баспасөзде әрқилы жағынан сыналып та, мадақталып та пікір айтылғаны белгілі. Бірақ кітаптың ең үлкен сыншысы қалың оқырман өз бағасын берді. Оның жарқын мысалы ретінде І.Есенберлиннің тарихи романдары қанша тиражбен шықса да кітап дүкенінің сөрелерінде шаң басып тұрмай, оқушыларға жетпей қала беретінін айтуға болар еді. Әлемді тітіреткен Дешті Қыпшақтың Әбілқайыр ханның кезінде ішкі сыртқы күштердің әсерінен әлсіреп, ыдырай бастаған кезі, оның іштей ыдырап жеке хандықтарға бөліне бастаған алмағайып шағы «Алмас қылышта» қым-қуыт оқиғалар арқылы көрініс табады. Алғаш Керей, Жәнібек хандар бас болып шаңырақ көтерген қазақ хандығы бірден қалыптасып, дамудың даңғыл жолына түсіп кете алған жоқ. Өздеріне ерген елдің іргесі бекіп, өрісі кеңеюі үшін Керей мен Жәнібек сұлтандарға талай таластартысты бастан кешіріп, шайқасуға тура келді. Тарихи зерттеу, мұрағаттық мәлімет, жазба құжат, шежірелік деректермен салыстыра қарағанда, автордың көптеген оқиғаларды іріктеп,

Әбілқайыр, Керей, Жәнібек, Бұрындық, Қасым сұлтандар айналасына топтастырғанын көз жеткіземіз. Алайда, автордың деректік мағлұматтарды тым көп кірістіруі олқылықтарға әкеп соқтыратыны да рас. «Жанталас» – әуелі Әбілқайыр (ХVIII ғ.), кейін Абылай кезеңіндегі қазақ хандығының Жоңғар, Орыс, Қытай елдері тарапынан үш жақтан бірдей қыспаққа алынып ел басына қысылтаяң күн туған шағындағы аса бір қиын кезеңді әңгімелейді. Роман «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» атты ұлы қырғынды суреттеуден басталады. Халықтың осы азаттық үшін күресінде алғаш батырлығымен көзге түсіп, бірте-бірте көтеріліп ел көсемі болған Абылай болмысы ел тағдырымен бірлікте көрсетіледі. Оның күрделі характері халық тарихының көркем шежіресін жасау аясында ашылады. Қай-қай заманда да күші басымның құдіреті жүріп, ойлағаны болатынын тарих дәлелдеп отыр. Басқаны айтпай-ақ өз тарихымызға, қазақ тарихына көз жіберсек те жеткілікті. Қазақ сияқты феодалдықпатриархалдық коғам жайлаған халықтың отаршылдықтың қамауында қалуы заңды. Одан құтылу, бұғауды бұзып, шынжырын үзу бос қиял ғана. Өзі сияқты көшпенді халық Жоңғар озбырлығынан елін аман алып шығуға қол жеткізгенмен, Абылай үшін қиындық туғызған батыс пен шығыстағы екі көрші еді. Міне, Абылай осы екі алып көршінің түпкі ойын қалай жүзеге асырмаудың жөнін таба алмай «жанталасады». Бұл орайда жазушы негізгі шешімді халыққа қабылдатады. Халықтың айнымас қамқоры Бұқар жырау осы қалауды Абылай ханның құлағына әр кез салып, ескертіп отырады. Ол – орыс еліне арқа сүйеу, орыс мәдениетіне қол созу. Осы тілекті ескергендіктен де халық құрметіне ие болады. Автор бұл дүниеден көшіп бара жатқан Абылайдың аузына да осы идеяны өсиет етіп салады. Дей тұрғанмен, бұлайша мақсат қою сол дәуірдің шындығы болса, екіншіден, шығарма жазылған мезгілдің мінезі еді. Автор мезгіл мінезіне орай түпкі ойын сөз астарында қалдырады. Тарихи трилогияда автор ғасырлармен бірге кеткен феодалдық қауымдастық сананың түп-тамырын ашып, оның өз кезінде бірігудің, тәртіптің қазақ халқын қорғап, сақтап қалудың себебі болғанын көрсетіп береді. «Хан ордасы орнаған теріскейдегі Көкшетауға карай қалың қол алдында хан мен жыршысы келе жатыр. Көптен бері бұл екеуінің бір сапта қатар жолға шыққаны осы. Жасы ұлғайған сайын Абылайдын мінезі қатулана түскен. Ханның мінезі қатуланған сайын Бұқар жырау одан алыстай бастаған. Бір кезде ақылшы деп көкке көтерген Бұқар жыраудың сөзіне соңғы жылдары хан құлақ қоймайтын болған. Сөз қасиетін жоғары бағалайтын Бұқар жыраудың мінезі, ханның қытығына тиіп, кейітіп те тастайтын. Жырауды әдейі ашуландырғысы келгендей оның көзінше Абылай бұрынғыдан да ширығып қатая беретін.

– Иә, адам деген осындай – деді Абылай, жаңа ғана үзіліп қалған ойын қайта жалғап. – Бір сомын тартып алып, он тиынын қайтарып берсең жұрт сені әілетті билеуші санайды! Бұқар жырау ханға көз қиығын аударды да қойды. – Қартаяйын деген екенсің, Абылай. – Сенен кәрі емеспін ғой. –Мен ондай кәрілікті айтпаймын алдияр ... Адам деген ақ пейіл, сенімпаз келеді ... Оның бұл қасиетін күлкі етуге болмайды» [6,576]. Өз өлеңдері арқылы халық санасына асқақ қалпында ұялап қалған Бұқар жырау болмысының жазушылық пайым ауқымында тереңдей түскен сәтін танимыз. Әрбір қазақтың тағдыры үшін үлкен жауапкершілік арқалаған және сол жауапкершілік арқылы өзінің рухани еркіндігін танытқан Бұқар баба тұлғасы қараңғы кездің бірден-бір жарық нұрлы өкілі ретінде көрінеді. Ол адамдардың жүрегінен сол кезде әлі шешек жара қоймаған, бірақ өсуге дайын болып келе жатқан игі істің басын көре білді. «Көшпенділер» трилогиясын оқи отырып, оның негізгі оқиға желісі боп табылатын қазақ мемлекеттігінің орнығу кезеңдерін бақылай отырып, белгілі уақыт кеңістігінде бір ғана ұрпақ өкілдерінің адамгершілік өлшемдері мен өмірге көзқарастары едәуір өзгергенін, сол арқылы қазақ қоғамының біртіндеп өсу барысын байқай аламыз. Абылай хан өлер алдында былай деді: «... мен өз мақсатыма қарай бірыңғай қанды жолмен жүруші едім. Қазір байқасам басқа да жолдар бар екен...» Қазақ даласының өлім сапарына аттанып бара жатқан билеушісі сонда қандай жолдарды айтып тұр? Әрине, ол қан төгіссіз, жаугершіліксіз өмір туралы, өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету негізінде, ең бастысы бейбіт өмірге талпыну арқылы қазақ руларын саналы түрде біріктіру жолы туралы айтып отыр. Бүгінде өмір сүріп жатқан біздің бәріміздің тағдырымыз, мінезқұлқымыз, ойымыз бен әрекетіміз көбінесе қоғам дамуының өткендегі жүрісімен анықталады. Біз баяу ағатын, бірақ ғасырдан-ғасырға үзілмей өз ағысын кеңейте және тереңдете беретін, таусылмайтын жалпы халықтық өркениеттің арнасында тұрмыз. Халықтың жеке ел болуындағы ең үлкен және соңғы қуатты тегеуріні қазақ халқының жоңғардың жойқын шабуылына төтеп беріп, елдігі мен жерін сақтап қалу болды. Бұл нағыз Ұлы Отан соғысы, сол отан үшін шайқастағы тұтас халықтың ерлігі еді. Бұл сипат, Отан іргесін сақтап қалу үшін болған ұлы шайқас романда бар болмысымен жан-жақты көрінеді. Тарих оқулықтарында «өз еркімен қосылды» деп түсіндіріліп келген Россия империясына қазақ даласының бағындырылу процесінің қиын да күрделі сипаты «Жанталас» романында Әбілқайыр, Барақ, Абылай іс-әрекеттері арқылы көрініс табады. Қандай тығырықтан да халық өзін-өзі шығарады. Трилогияның алтын желісі, негізгі өзегі – қазақ халқының саясат бұғауы,

шовинизм құрсауымен беймәлім болып келген тарихын өзіне таныту. «Адамзаттың нағыз шын тарихын тарихшы емес, суреткер жазады», – дейді М.Горький. І.Есенберлин осы принципті ту етіп ұстап, ғылымда осы уақытқа дейін терең сараланып бітпеген тарихтың қос қыртыс қатпарларына қазақ қаламгерлерінің ішінде тұңғыш рет қаламгер көзімен саяхат жасап, оқырман назарын көне тарихтың әлі ашыла қоймаған тың беттеріне аударады. Максим Горький Жазушылардың бүкілодақтық бірінші съезінде сөйлеген сөзінде тарихи тақырыпты терендете түсудің аса қиын екеніне баса назар аудара келе былай деген болатын: «Біз өткен заманның тарихын білмейміз. Удельдік-князьдік және шекаралық қалалардың құрылғанынан бастап осы күнге дейінгі тарихын жазуды ұйғарып отырмыз, бұл ішінара қолға да алына бастады. Бұл жұмыс бізге очерк, әңгімелер арқылы феодалдық Россияның өмірін, Москва князьдары мен патшаларының отарлық саясатын сауда мен өнеркәсіптің дамуы, князьдың, воеводаның, көпестің ұсақ мещанның, шіркеудің шаруаларды қалай қанап келгенін айқын көрсетіп беругс тиіс... Біз одақтас республикалардың өткен кездегі тарихын білуіміз керек» [2, 405]. Алайда, бұл ойды жүзеге асыруға солақай саясаттың кесірінен Одақтас республика жазушылары үшін дер кезінде мүмкіншілік тумады. Өйткені біржақты саясат ұлт тарихына қатысты бұрынғының бәрінен бойды аулақ ұстауға мәжбүр еткен еді. Бұл орайда, Ілияс Есенберлин дәуір тынысын жіті бақылай отырып, халық тарихының ең күрделі кезеңін бейнелейтін тарихи романдарды дүниеге әкелді. Бүгінгі күнді сол өткеннің нәтижесі ретінде таныған Есенберлин, қоғамның түрлі қабаттарындағы жасырын қалған күрделі оқиғаларды, аса мәнді тарихи кезеңдерді әлем тарихындағы ұлы оқиғалармен салыстыру барысында, небір тар, қысылтаяң замандарда өз бойынан қуат тапқан халық күшінің құдыретін көркем бейнелеуге күш салады. Ол көне тарихқа бүгінгі заман талғамы тұрғысынан өлшеп үңіледі. Негізгі өзегі сол кезең үшін аса маңызды болған нақты тарихи тартыстарға құрылған І.Есенберлин романдарының сюжеттік желісінде тарихи-документтік сипат пен романтикалық леп аралас келіп отырады. I,Есенберлин – тарихи деректерді терең меңгерген сөз зергері әрі сол заманға сай тарихи сипатты нақты көре білген зерделі қаламгер. Оның шығармаларында суреттеліп отырған заманның ерекшеліктері мен өзіндік келбетін танытатын поэтикалық қуат бар, тарихи тұрғыдан нанымды. Есенберлин қаһармандарының мінез ерекшеліктерінен қоршаған ортаның жағдайынан туындап отыратын поэтикалық қиял, ойдан шығарған оқиғалар шынайы сипатқа ие. Жазушылык қабілет пен үлкен зерттеушілік ізденістің нәтижесінде дүниеге кеген «Көшпенділер» мен «Алтын Орда» трилогиялары ғылыми ой мен творчестволық қиялдың қоспасы деуге болады. Халықтың қай кезең болсын езгіге, буғауға, қорлыққа шыдамай, бостандық, теңдік, еркіндік үшін соңғы күшін сарқып күресе беретіндігін кең

тыныста суреттейтін трилогияда күрескерлік идея бой оздыра көрініп отырады, оптимистік күрес жолы көркем хикаяланады. Трилогия болмысын ерекшелейтін бұл өнегелі сипаттар кезінде әдеби сын, ғылыми ортада зор бағасын алды [7]. Одақтық әдебиетте өз бояуымен ерекшеленетін ұлттық тарихи романдар қатарында беделді орын алатын І.Есенберлин романдары жөнінде бұрынғы одақтық деңгейдегі баспасөзде белгілі ғалымдар енбектерінде жанжақты айтылды [8]. Қазақ әдебиетінде тарихи тақырыпқа шығарма жазуда І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы жол бастар болып, айрықша қарқын алды. Бұған Ә.Әлімжанов, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Д.Досжанов, С.Сматаев, Х.Әдібаев, Қ.Жұмаділов, Б.Жандарбеков, Қ.Салғарин, Ж.Тұрлыбаев т.б. тарихи романдары дәлел және олар сандық жағынан да, сапалық тұрғыдан да қазақ әдебиетін зор жетістіктерге қол жеткізген туындылар болды. Бұл аталған авторлардың шығармаларында «Көшпенділер» трилогиясында хронологиялық сипатта көрініс тапқан ХV-ХVIII ғасырдағы қазақ тарихы өзгеше қырынан және әр кезеңі бөлек-бөлек алынып, соны суреткерлік көзбен көрініс тапты. Бұл процесс бүгін де заңды жалғасын табуда. Авторын абыройға жеткізіп, жігер отына бөлеген «Көшпенділердің» халықтың алау ықыласы мен кенен ілтипатына ілігу себебін шығарманың көркемдік қасиетіне байланысты ғана қарау жеткіліксіз. Ілияс Есенберлин қаламынан туған тарихи романдардың жылдар бойына әсері кемімей келе жату сыры тереңіректе жатқан секілді. Тереңде жатқан сыр болмысына бойлай қарасақ, тағы да уақыт өлшемі мен замана талабы деген ұғым айшықтала береді, Ой, сана жазушы қаламының қыран қимылына, қиял қиянына бұрылады, ашып айтуға сол замананың тар кезеңі тұсау болған көркемдік үлгіде танып-білудің алғашқы талпынысына жетелейді. Өйткені, өткеніміз туралы кешеге дейін там-тұмдап қана дерек біліп келсек, «Көшпенділер» елдік дәстүріміз, ғасырларға созылған шытырманға толы тарихымыз бар екенін көркем әдебиет әлемінде тұңғыш рет таныстыра алды. Ол ол ма? Бұл шығарманың тіпті тарихи еңбектерде шешімін тауып болмаған немесе басы бірікпей шашыранды түрінде жатқан мағлұматтардың бір жүйеге түскен желісін көреміз. Соншама көп фактілерді жазушы жалаң тізбей, роман шарттарына лайықтап, қорытып көркемдік қиялға бөлеп бере алуы шығарманың тартымдылық қасиетін арттыра түсті. Міне, осындай тарих пен аңыздың ауқымы мен шеберліктің бірлестік табуы трилогияның өзгеше бітімін белгілеген еді. Сонымен қатар әдебиеттегі белгілі жанрлардың шартына сай бағалау қиындығы да шығарманың материалы, жанры, көркемдік тәсілі мейлінше тың болғандығын көрсетіп тұр. Жаладан емес, жаладан шегер жападан қорыққан күйректік меңдеген заманада бүгін бір халықтың қабыланға қарсы шауып қарсақтан қаймыққан бала мінез, барын бағалай алмай жатып, жортып жүріп жоғын іздеген ақ жүрек жомарт халықтың тарихи зердесін оятуға тәуекел ету ерлікке пара-пар қимыл еді. Ол осы үдеден шыға білді.

Солақай сынның, алакөз пиғылдың, таным таяздығының алғашқы қадамға тигізер кесірінен де қорықпады. Сенім салмағы алдымен халық парасатына жүктелді. Ана-халық айтар ақырғы сөздің ақ боларына сенген жазушы қаламын қазақ тарихының, Дала ғұмырнамасының ғасырлар ғаламаты алмағайып күйге салған көркем бейнесі туды. Арғысын айтпағанның өзінде, бүгінгі ұлттық дүниетаным өресі деңгейінен қараған оқырманға Ілияс Есенберлин ерлігіндегі біз пайымдаған үш арна сөз өнерінің диалектикалық нысанасындағы биік талғамға жауап беріп тұрғаны анық. Олар – аты мен затын аңыз желісі көмескілеп, ісқимылын адам психологиясындағы зандылықтардан бөліп әкеткен тарихи тұлғаларды қайтадан жандандырып әкелуі, олардың болмыс-бітіміндегі тарихи таңбалардың ақ-қарасын ажыратып беруі. Ел аузындағы аңызболжамдармен астасып барып көптеген шығармаларға жеңіл желі болған Шыңғыс әулетінің өз дәуіріндегі рухани, саяси, адами бейнесін мүмкін алғаш рет аша білген осы Ілияс Есенберлин эпопеясы шығар. Бұл бірінші арна деп ұғыңыз. Екінші арна – тарихи катаклизмдер тұсындағы жеке адамның қажырқайраты мен халықтық іс-қимылдардың өзара үйлесуінен туындайтын идеал беріктігі, мақсат бірлігі. Адасудың аранды сүрлеуінен бұрып әкетер жалғыз қуат өмір өркенінің тым нәзік те, тым киелі екенін ажырата білу, халық қаһарынан қатал күштің жоқ екенін сезіну, болса керек. «Шоқпар ұстаған жұртты қамшымен бағындыру» [9, 193] айтуға жеңіл әрине. Сондықтан да болар, сүйенер жұртының сенімін ояту арқылы ғана іске асар осынау ірілікті адамзат тарихы саусақпен ғана санап бере алады. Бағындыру арқылы бағыну – мұратқа жетудің төте жолы бола алмақ емес. Ауыздағыдан айырар алауыз меңдеген ұрпақ, тіпті ел мұраты, халық қамы үшін болса да, баяны жоқ билікке таласқан ұрпақ – түптің түбінде су аяғы құрдымға кетпек. Қараға күні түскен ханның кебі жеке адамның ғана пешенесіне жазылар трагедия емес, бұл кеп бүтін бір халықтың да бағаналы басына бақан ойнатуы мүмкін. Ілияс Есенберлин еңбегіндегі тарихи тәлімдер (тұжырымдар) осыған меңзейді. Эпопеядағы үшінші арна – сөз өнеріндегі жанрлық қуаттардың жымдасуы, ізденіс шиырларының бір арнаға ұласып, тарихи шежірелер мен аңыздардың, мифтік бейнелер мен мифологиялық сарындардың жандануы. Болған, бірақ тірі куәсі жоқ оқиғаның барысындағы іс-қимылдардың нанымдылығы. Рас, шығарманың кей тұстары әдеби-көркем шығармадан гөрі тарих оқулығына көбірек ұқсап кетеді. Біле-білсек, жазушы бұл әрекеттерге саналы түрде барған. Мұны біз Қадыр ақын айтпақшы: «тарихы қалың оқулығы жұп-жұқа елдің» өткенінен бүгінгі ұрпаққа толыққанды хабар беру ниетінен туындаған өзіндік тәсіл деп түсінуіміз керек. Өйткені, бұл шығарма сол кезең туралы алғашқы барлау ғой. Иә, өткен дәуір, өшкен өмір елестерін қайта тірілтіп, сан әрекет, сансыз істердің мәнге ие болар тұстарын ғана сұрыптап талғай білудің өзі оңай емес

екені түсінікті жай. Ал жеті ғасырға жуық мезгілді қамтитын кемел еңбектің кемерін тауып, сан тарау жолдың түйісер тұсын межелеу, сан сала бұлақтың тоғысар арнасын абайлау тарлан талант қана көтеретін жүк. Қазақ хандығының ХV-ХIХ ғасыр арасындағы құрылу мен қалыптасу процесінің, жоңғар басқыншыларына қарсы күресінің, Кенесары бастаған қозғалыстың себеп-салдары, сыр-сипаты мен ақиқаты қамтылған қомақты-қомақты кезеңдерін «Көшпенділер» трилогиясына арқау еткен жазушы, тарих қойнауына бойлай түсіп, ХIII-ХV ғасыр аралығын шежірелеп беретін «Алтын Орда» трилогиясын жазып шықты. Әдебиетіміз үшін ашылмай жатқан бұл тарихи кезеңімізге де Ілияс Есенберлин тағы да ат басын бұрын тіреді. Бұл трилогияда жазушы ХIII-ХV ғасырларда әйгілі мемлекет болған Алтын Орданың саяси-мемлекеттік, халықаралық және мәдени хал-ахуалын кеңінен баяндап берген. Аталмыш трилогияда тек Алтын Орда ғана емес, сондай-ақ Россияның, Қырымның, Кавказдың, Мауареннахр мен Иранның оқиғалары да белгілі дәрежеде қамтылып, оқиға желісі солармен байланысты дамып отырады. Аты-жөні шежірелерде, аңыздарда сақталған қаншама адамдардың нақтылы іс-әрекетін, үміт-арманын танимыз. Алтын Орда хандығын орнатуға көп күш жұмсаған Бату, Берекелерден бастап, екі жүз жылдан астам уақыттың оқиғалары суреттеледі. Уақыт елесі, замана көрінісі қайта тіріліп жанды кейіпке айналған тарихи шығармада хандардың жантүршігерлік қаталдығы, үздіксіз соғыстары, бейбіт елдің берекесін алып, шаруашылығын күйзелткенімен бірге қарапайым халықтың күштілерге қарсы ауық-ауық жүргізген күрестері де, қалың елдің зорлыққа деген іште тұнған наразылығы да көрініс береді. Сәлімгерей, Тамдам, Ақберен, Алау батыр т.б. өкілдерінің бастауымен болған ереуілдердің стихиялық сипаты, алайда, оптимистік рухы нанымды суреттелгенін көреміз. Ілияс Есенберлиннің «Алтын Орда» романында Шыңғысханнан бастап Бату, Берке, Құлағу, Үгедей, Қайду сияқты хаңдардың бейнесі бақталастық, кісілік, қаталдық қиянаттарында көрсетіледі. Шыңғыс империясы Батуға дейін бірлік ауқымында болса, Үгедей, Мөңке, Қайду, Жошы ұрпақтары Сартақ, Берке тұсында ыдырай бастайды. Алтын Орда ғана емес бүкіл Шыңғыс хан империясының іріп-шіруіне, құлау процесіне діндік қайшылықтардың да әсері бар. Бұл нышандар басында Шыңғыс пен Жошы арасында көрінсе, Үгедей мен Мөңке тұсында тереңдей түседі. Үгедей, Мөңке, Сартақ, Құлағу христиан дінінде болса, Берке алтын мешіт салдырып, ислам дінін жақтайды. Мөңке тұқымдарының Үгедей ұрпағын қырып салуы Шағатай мемлекетін де түбегейлі әлсіретеді. Жазушы қиялының жемісі Сартақ қолынан өлетін Қара бұғы, Берке өлтіретін Сарыбұғы хикаясы, одан қалса, Ноғай, ең аяғында хандарға қарсы күресте көрінетін Сәлімгерей, Коломен, Құндыз, Ақжамал образдары болса керек. Бұл бейнелер Янның «Шыңғыс-хан» романдарындағы Қара қанжар, Гүлжамал, Мұхаммед Рахим, жетім бала бейнелеріне ұқсас. Оны ұлттық

характер нышаны дейміз. Автор Сәлімгерейді керей, Коломенды румдық, ал Ақжамал мен Құндызды қыпшақ қызы деген. Ян өзінің романында Шыңғыс, Жошы басқыншылығының бастапқы кезеңін суреттеп, сол тұстағы Хорезм-шах Мұхаммед, Исалал-аддин тарихын да қамтыған еді. І.Есенберлин өзінің романдар циклында бүкілік Шыңғыс империясының тұтас тарихын көркем шежірелеген. «Алтын Орданың» бірінші кітабында Бату мен Берке образы айрықша қомақты орын алады. Бату алып болса, Берке-киіктің лағыңдай шымыр тип. Батуда баққұмарлықтан гөрі Шыңғыс империясын кайтсем кеңейтіп, нығайтамын дейтін мінез басым болса, Берке баққұмар, күншіл, өзімшіл, ұсақ. Берке образы арқылы опасыздық, айлы-шарғыға салынудың ерекше көріністері сипатталады. Төре тұқымдарындағы еркекжандылық Қайду қызы Кутули-шаған, Тоғыз қатын табиғатында да бар. Романдағы халық өкілдерінің образдары тартымды сомдалған. Қара бұғыны Сартақ алдында бауыздайтын орыс князі қандай ірі, батыр еді. Аралық типтерден ноғай, Қара-бұғы, Сары-бүғы образдары көзге түседі. Святославтың он жасар қызын өлтіретін Қара-бұғы ақылсыз жарамсақ. Шежіреге сүйенген автор қиялдау ауқымын оқиғаның заман, тарих, шеңберінде көрінетін логикасын қисынды баяндайды. Бірде тарих, бірде адамдар тартысы, бірде фантазия қолдануды қатар өрбіту арқылы жасалған ізденіс бой көрсетеді. І.Есенберлин романында айқын байқалатын құбылыстың бірі танымдық фантазиялық және философиялық қарым, оның кең әрі мол сипаты. Жазушы кітаптың өн бойында өзінің дүниетаным, талғам таразысынан ауытқымайды. Ол – атақты хандардың, айбынды әмірлердің даңқы мен байлығы қарапайым халық қанымен, жасымен суарылғандығын дәл бейнелеп көрсете білді. Зорлыққа, қарудың күшіне ғана негізделген Алтын Орданың ұзақ жыл бойы салтанат құруы, хандардың өзара алауыздығы мен бақталастығы, азғындауы, оларға қарсы езілгендердің күреске шығуы, үздіксіз соғыстар мен жазықсыз қырылған халық тағдыры шынайы суреттеліп, шебер қиюластырылады. «Алтын орда» деген географиялық атау, өткеннің бұлдыр елесі емес, нақтылы кұрамы, билеу жүйесі бар ел екендігі, ол мемлекеттің басында дарын, қайрат, қабілеті күшті қайраткерлер де, ата даңқына малданған, ұсақ мінезді, қара басының мүддесі үшін ғана бәрін сатып жіберетін опасыз, күйкі жандар да отырғаны жүректі сыздатып, сананы сан-саққа бұратын әсерлі қалыпта қатар түзейді. Халық қолдамаған, бейбітшілікке, еңбекке, әділетке негізделмеген әкімшіліктің өмірі ұзақ болмайтынын ұқтырады. Жалпы мемлекеттік емес, жеке бастың қамынан шыққан мақсат әрқашан бұзықтыққа, опасыздыққа апарып соғатындығын еске салады. Жеке адамның бойындағы алапат алғырлықтың арамзалықка ауысып, қалың нөпір қарапайым халықты да, ел үшін етегімен су кешіп, кеудесін оққа төсеп жүрген есіл ерлерді де қайранға тастап, өз мақсатының игілігі үшін

жапа шектіртіп, қырғынға ұшыратқан опасыз пиғылдары олардың бір өзінде «қырық кісінің айласы бар» хандық тұлғалармен қабат өріліп көрсетілген бейнелері эпопеяның әр бетінде көрініс тауып жатады. Терең ақылдың опасыздық айласына айналып, бет қаратпас өжет батырлықтың жауыздыққа ұласып жатқан жантүршігерлік қым-қуат психологиялық сәттер халық тарихының қатпар-қатпар шындығы екені көз алдыңа келеді. Ол – шығарма жазылған заманның да ақиқаты. Жазушы өзі өмір сүрген кезең шындығын өткен дәуір елесін көз алдымызға келтіру арқылы беруге тырысқан. Ел басқару мен мемлекет билігіндегі ғасырлар бойы қайталанып келген, тіпті, жаңа қоғамдық формацияның тұсында да сыртқы түрі ғана өзгергенімен мемлекеттік тұрғыдан империялық идея мен жеке тұлғалардағы өзімшіл пиғылдың жаңа формада етек алып отырғанын тарихи кейіпкерлер бейнесі арқылы еске салады. Тарих пен қазіргі заман диалектикасын көркемдік тұрғыдан танып, заман шындығын өнер туындысымен бейнелеп бере білген жазушы талантына, тағылымына сүйсінесіз. Дала төсіндегі тарлан тұлға, тарихи нысанның бірі, аты аңызбен астасып кеткен Тоқтамыстың эпопеядағы тұтас бейнесі емес, бір ғана сәтін еске түсірейік: «Тоқтамыстың өзі бастаған, қаныпезер әскері қыпшақтың әділетсіздікке қарсы бас көтерген ер жігіттерін қойдай қырды, тіпті қуып жүріп сауғалай қол көтергенін қылышпен шапты, қашып құтыламын дегенін найзамен түйрей жер құштырды. Күн бесінге айналғанда дүние жүзі қып-қызыл қанға боянып, ұрыс тынды. «Қыпшақ қырылған» деген жер содан қалды. – Кімде-кім маған қарсы қол көтерсе, осылай қырылады!» – деді Тоқтамыс [10,262]. «Ханның бұларды алдап ұрғанын» кеш білген ел осылайша қырылып қалмақ. «Қырық айлалы хан» тағы да алдап түсірді. Өйткені «халық деген алақанын түкіріп күреске шықса, кімді болса да алып ұратын балуан екенін ол бұрыннан сезетін» [10,261]. Сондықтан да Тоқтамыс көк жиекте шоғырланып жинала бастаған халықты көріп сескенеді. «Көп қорқытады, терең батырады» деген қағиданы жақсы түсінген ол алпыс екі тамырлы айлаға көшеді. Жолбарыс жүректі батырлар бастаған азаматтық ойдағы арынды топтың талабына көнгендей, келісімге келгеңдей болып алдаусыратып барып, орайын тауып оларды орға түсіреді. Қоғамдық формациялардың кез-келген тұсында да, тарихи дамудың қай кезендерінде де қайталана беретін психологиялық сәттерді (ұқсастықтарды) терең түсініп, жіті сезінген жазушы зердесіне тәнті боласыз. Тарихи дәуірлердің көркем бейнесін жасап, ой қорытып, келер күндер елесін де болжай алған, тіпті сол күндерге эпопея беттеріндегі суреттелген түрлі оқиғалар арқылы кейінгі ұрпаққа бағыт беруді, ой тастауды мақсат еткен І.Есенберлин ойшылдығына бүгін де тәу етіп, бас июге, мойндауға тура келеді. І.Есенберлин эпопеясындағы дәуір шындығы сол суреттеліп отырған кезеңге ғана тән деп қарауға, жағымсыз қылық, опасыз жан, айлалы әрекет, арамза ой, өзімшіл пиғыл, үстемшіл идея тек сол ғасырлар адамдарын

көрсететін ғана бейнелер деуге болмайды. Ол – жазушы өмір сүрген ортаның да жарқын көрінісі. Әр бетті оқыған сайын бүгінгі күнмен астасып жатқан тарихи сипаттар жазушы қиялымен өріліп, шеберлікпен жымдасқан қияметті тірлік, қиянатқа толы өмір, қасиетті сенім мен қасіретті өлім, алау арман мен айықпас кайғы араласқан аласапыран оқиғалар арқылы көз алдыңнан өтіп жатады. Қаталдық пен кекті көңілдің, қатыгездік пен шуақты мейірдің мәңгілік айқасын жеріне жеткізе суреттеп, бейнелеп бере алған Ілияс Есенберлин тәуелсіздік рухы мен үлттық сана, ұлттық намысты оятып, азаттыққа ұмтылу идеясын қалыптастырудың арнаға айналар қайнар көздерін ашып берді. Қай-қай кезде де ел басында, мемлекет тұғырында жүрегіне ұлттық сезім ұялап, бойына ұлттық сана сіңген, ойын ұлттық намыс кернеген, жадында халық тарихы орын тепкен, бар күш-жігерін, парасат-білімін, ақылзердесін шын таза гуманистік идеямен көмкере біліп, өзі басында отырған мемлекеттің болашағы үшін, сол мемлекет иеленетін жер, суын ғасырлар бойы қан төгіп жүріп қорғап келген негізгі халықтың ұлттық тағдыры үшін арнайтын, шын күйінетін адам болмайынша зұлым саясат, сұрқия мінез, жеке бастың қамы үшін ғана ұмтылатын пиғылдың үстемдік алып қайталана беретінін, жалғаса беретінін ескертіп тұрғандай. Эпопеяның әр беінде «Ханның алдауы – халықтың соры болатын» құбылыс екенін есіңе түсіріп, ой жетегіне салатын сөйлемдер жазушы қиялының тұңғиық сырына бойлатады. Алтын Орданы билеушілердің тізбегі трилогияда хронологиялық дәл қалпыңда берілген. Олардың іс-әрекеті, көздеген нысанасы түрліше. Бату, Берке секілді хандардың мемлекет басын бекітіп, қалыптастыруға қатты көңіл бөлгені, хандықтың астанасын Еділдің бойына орнатқандары, ел билеу жүйесін жасағаны сан алуан оқиғалар тұсында көрсетіледі. Бату ханның кіші баласы Ұлақшыға айтқандарынан Шыңғыс хан әулетінің өзге елдерді жаулап алу, бағындыру, билеп-төстеу саясаты мейлінше айқын аңғарылады. Алтын Орда ханы өзінің бабасы Шыңғыстың «жолбарыс бастаған топ ит жолбарысқа айналады, ит бастаған топ жолбарыс итке айналады, халық қорыққанын ғана сыйлайды, сондықтан әрқашан күшті бол, дұшпанға қанша қатал болсаң, досқа сонша мейірімді бол» деген сөздеріне имандай табынады, үрім-бұтағы да осы ақылды бұлжытпай орындаса деген тілеуінің болмысында ғасырларды аттап бүгінге жеткен таққұмарлық пен баққұмарлықтың өзгермеген үлгісі, жаңара дамыған сабақтастық жатқаны сөзсіз. «Кереге қанат дала бүркіті көз ұшында қалықтып жүр». Саналы ғұмырын ұлы даланың тарихи болмысын ұрпақ санасына жеткізуге арнаған Ілияс Есенберлиннің «Алтын Орда» трилогиясының алғашқы беті осылай басталады. Бұл – жеті ғасырлық тарихи шежіренің алғашқы ғасырын бейнелейтін кітаптағы бірінші сөйлем. Сайын дала төсіндегі өткен сан оқиға, сан тағдырдың болмысы баяндалатын кітаптың алғашқы жолдарынан-ақ оқырманды ойға жетелейтін іс-әрекет пен сананы сарсаңға түсіретін

суреттеулерге тап боласыз. Одан туындайтын сұрақ ауқымы жан жықпылын аралап, жазушы суреттемесінің астарын аңғартуға сілтегендей. Алтын Орданың негізін қалап, қамтитын аумағы жағынан ең көлемді кезеңге жеткізген Бату екені тарихтан белгілі Жошыдан туған он жеті ұлдың ең даңқтысы да, ең айбарлысы Бату хан өмірінің соңғы жылдарын суреттеуден басталатын тарихи трилогия психологиялық ширығу құбылысына бірден енгізіп жібереді. Өрнек жібі босаң өрілген құбылысты байқататын жайбарақат қана оқиға түзе беру емес, оқырман қауымды бейжай күйде қалдырмай ішіне тартып, сырлы сезімге бұрып әкетеді. «Шөкімдей бұлты жоқ, айнадай ашық көк аспанда бағанадан бері дәл төбесінде айнала ұшқан қыран жерде тұрған Бату ханға осы тұстан түлкі, әлде қоян, не бөтен аңды көзі шалып қалып, соны аңдып жүргендей көрінді. Әйтпесе дала бүркіті бостан-босқа бір жерді шарықтай бермесе керекті. Бату хан өзі тұрған төбеден төмен қарады. Еш аң не құс көзге түспеді. Тек, құндыз бөркінің үсті Бұхардың қызыл мауыты барқытынан тігілген және осындай кішкентай шапан киген бес жасар кенжесі Барақ төбе баурайында ойнап жүр. Жусан аралас қудың арасынан шегіртке қуып томпаң-томпаң етеді. Әлем бір мезет тылсым тапқандай маужырап тұр. Лүп еткен жел жоқ ... Көз ұшында қыран әлі қалықтап жүр. Нені көрді екен? Неге түспек?...» Жапан дүз, жалпақ даланың тыныштық қалпындағы бір сәті осындай. Осы тыныштық сәттегі хан Бату жанын жегідей жеген күйзеліс нені меңзейді!? Аспанда қалықтап жүрген қыран нені көздейді? Бұл сұрақтар иірімі сізді де жан талқынысына түсіріп жібереді. Ашық аспан аясындағы жанды көрініс ызғарлы дәуірдің сұсты құшағына бастап бара жатады. Тарих оқулығында «адам кейпіндегі жыртқыш» ретінде санаға сіңген Бату тұлғасымен таныстыру сәтін жазушы романда осылай бастайды. Ес білгелі ата жолын мығым ұстап, билік жолында, өзге елді өзіне қаратып жаулап алу мақсатында халықтың қанын судай ағызып, аяушылықты білмеген Батудың тағдыр болмысы, ол орнатқан бір кездегі Алтын Орда жазушы қиялының карым-қуаты арқылы жанды кейіпке айналып, көз алдыға елестей бастайды. Ғылыми кітаптарда Бату туралы мағлұмат былайша баяндалады: «Батудың тарихтағы рөлі мен алатын орны туралы түрлі тұжырымдар бар. Орыс жылнамашылары мен Европаның қазіргі тарихшыларының пікірі бойынша, Бату Русь пен Европаның өндіргіш күштеріне орны толмас зиян келтірген феодал, реакцияшыл билеуші болған. Шығыс деректері мен тарихшылары, мұсылман жазушылары, монғолдың әскери дәстүрін сақтаушыларды айтпағанның өзінде, Батуды Алтын Орданы қалыптастыру үшін, Қазақстан жерінде түркі тайпаларының бірігіп, нығаюы үшін көп еңбек сіңірген данышпан (сайын) мемлекет қайраткері деп бағалайды» [11,199]. Романда жасалған Бату бейнесі тарихи деректер негізінен көп алшақтамайды. Әрине, Кеңестік саясат, шовинистік көзқарас тұрғысынан жазылған оқулық, зерттеу еңбектердегі Батуға берілген мінездеме мен баға беру сорабы байқалып отырады. Дегенмен, Европа тарихшылары айтқан

пікіріне сүйенгендік айқын көрінеді. Осылайша жазушы Батудың бейнесін барлық қайшылығымен қатар өріп бейнелеп берген. Шыңғыс ұрпағының бірі Бату да өзінің атына үш түрлі өсиет қалдыратын тұсқа назар аударайық: «Баяғыда екі жылан дүниеге келіпті. Біреуінің мың басы, бір құйрығы, екіншісінің бір басы, мың құйрығы болыпты. Бір күні ғаламат боран соғыпты, үскірік аязға айналыпты, мың басты жыланның басы інге кірейін десе, екінші басы оған қарсы шығыпты, ал үшінші басы бөтен жаққа тартыпты. Ақырында мың басы бір-біріне көнбей, суыққа ұрынып, жылан өліпті. Ал мың құйрығы, бір басы бар жыланның мың құйрығы бірдей бір бастың дегеніне көніп, терең інге кіріп, жылан суықтан үсімей аман қалыпты. Қара халық деген әлгі мың құйрық тәрізді бір басқа – ханға бағынса, дегеніне жүрсе, ел болады» [9,26]. Ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалатын ел басқару жүйесіндегі қалыптасуға тиіс кағида, биліктің тұтқасын өз қолында ұстаған жандар үшін, міне, осындай. Таққа талас, билік биігіне ұмтылу жолында өзімшіл көңіл өзгенің тағдырымен есептесер ме?! Қарапайым халық мың кұйрық тәрізді бір басқа – ханға бағынуын бағынар-ау, бірақ сол бір бас мың тұтас құйрық дененің әр мүшесі секілді көрер жапа, арқалар азапты бірдей сезінгендей, қараға батар «қандауырдың» үшін, халық жүрегін қарс айырар қайғы-мұңды, көзінен қанды жас ағып, қан қақсаған қасіретті жан сезімін хан түсінер ме? Әрине, баққұмар, таққа жету жолында бауыр еті баласын да, кіндіктес бауырын да, қойнындағы қатынын да бауыздауға даяр Шыңғыс ұрпағы үшін қара халықтың кайғысы да, жүрекпен сезінуге болатын жан сыры да жан ауыртар жәй емес. Әке өсиеті тек қана билікті қолдан шығарып алмау мен қалың елді бағындырып ұстай білудің амалына меңзейді. Бату ханның екінші өсиетіндегі «жауды шапқан, жеңген ақылды емес, сол жауды өзінің дегеніне көндіре білген, ұстай білген ақылды. Саған айтар екінші ақылым: жеңілген жау сенің қасың, оны ұстай біл» [9, 34], – деген сөзінде шындық қатпарлары жатқаны сөзсіз. Осыншама ұланғайыр даланы, оны мекендеген сансыз елді бағындыру, оны «ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстай білу» оп-оңай жүзеге аса қояр іс пе екен?! Ол, тіпті, Батудың арғы атасы «Шыңғыс ханның баласы Жошыға бөліп берген тоғыз мың моңғол шаңырағының қолынан келетін жеңіс емес еді» [9, 34]. Бұл орайда Шыңғыс әулетінің негізгі күшінің мәні өздері жаулап алған елдердің күшін өз күштеріне айналдыра алуларында жатса керек. Алайда осы соңғы сипатқа байланысты уақыт өтіп, жылдар жылжыған сайын Шыңғыс әулетінің, монғол жұртының бойынан тақ түғырынан басқа қалыптың бәрі өзгеріп, «көптің көрігіне түсіп бағындыру арқылы бағынышты елдің өкіліне айналып бара жатқаны да – тарихи шындық. Кімге айналсақ, соған айналайық тек «Алтын Орда ашсақ алақанымызда, жұмсақ жұдырығымызда» болса болды деген қағида ғана Шыңғыс ұрпақтарының санасын улап, қиял түкпірінде ұялап алғандығы да Бату өсиетінің бір болмысын танытқандай. «Үшінші өсиетім, – дейді хан, – екі көз бірін-бірі шұқымасын деп жаратқан ием ортасына мұрын қойған. Ал сен екі көзді біріне-бірін шұқытып қой.

Орусут секілді үлкен халықты, оның қол қусыратын адамдарын, оңғыларын бірін-біріне қарсы қоя біл. Бірін Ордаға жақындат, екіншісін алыстат» [9, 41]. Бұл эпизодта да арғы дәуірдің фонында шығарма жазылған дәуірдегі империалық пиғыл көрініс табады, заман сабақтастығының айқын мысалы көз алдыға келеді. Билік жүргізудің болмысындағы ақылмен ұштасқан айла, жамандыққа бауыр басқан парасат, қанқұмарлыққа жалғасқан батырлық, өзімшілдікпен өрбіген ой әлемі сананы сан түрлі түйінге жетелейді. Жирендірер өнеге, сезіктендірер парасат сақтандырар батырлық белгілері қатар елес береді. Ал хандармен ел тағдырын шешуге ықпалы күшті әмірлер мен ел, ру басы билер ше? Зымиян әрекет, қаскөй пиғыл, арам ниет өкілдерінің болмыс бітімі тарихи эпопеяда уақыт зердесімен сараланатын өлшем биігінде тұлғаланып қатар түзейді. Негізгі сүйегі орыс, қазақ, иран, моңғол шежірелерінің материалы арқылы қаланған эпопеяда ел арасында айтылып келген аңыз, әңгімелер де еркін пайдаланылған. Рас, қанша қызғылықты әңгімелер мен тарихи аңыздарды алсақ та, олар роман міндетін атқара алмайтыны белгілі. Міне, осы тұста тарихи аңыздарға жазушы өнері қосылуы нәтижесінде ол, роман сюжетінің құрамдас бөлігі болып жымдасып кете барады. Егер тарихи аныз, әңгімелерде кұбылыстардың тізбегі, кезегі, нәтижесі ғана айтылып келген болса, әлеуметтік, психологиялық талдау олардьщ ішкі себептерін аша түседі. Сөйтіп, эпопеяда фольклормен жазба әдебиет бірлестік тауып, бірінбірі толықтырған, бірі екіншісіне сәулесін түсіріп, жаңа сапалық бой кетереді. Осылайша тамырын тереңге тартқан дәстүрге бай қазақ ауыз әдебиеті жазба әдебиетімізді байыта түскен сипатын көреміз. Мұның өзі роман жанрының небір қиын саласына қалам тартқан автордың шеберлік қырларының тұлғалы тұстарының бірі болса керек. Біз әңгіме етіп отырған Ілияс Есенбкрлиннің ғасырлар сырын толғаған эпопеясы тарихи оқиғаларды тек тарихи оқиға ретінде баяндап өте шықты деуге әсте болмайды. Эпопеяда бірінші кезекте тарихи оқиғалар алынатыны рас, алайда солар арқылы кейіпкерлердің психологиясы, ой-пікір, тілекнысаналары жан-жақты танылып отырады. Оқиғалардың түп негізінде жатқан көкейкесті ой-мұраттардың ерекшелігі де, жеке адам мен тарих арасындағы саяси-әлеуметтік және Психологиялық алғышарттары мен нәтижелердің сырларын танытып, астарына үңілу де көркемдік үлгіде көрініс тауып, өткен заманалар қойнауын аралатып, жылымына тартып бара жатады. Тарихи оқиғалармен өзектес, тамырлас алуан сипаттағы-құбылыстар, адамдардың іс-әрекеттерінің түп негізінде жатқан объективтік, субъективтік мотивтер өткен дәуір мен қазіргі заман сабақтастығын таныту бағытында алынып, романның тақырыптық-идеялық бітімін, саяси-әлеуметтік мазмұн тереңдігін ұлғайтып тұрғаны аян. Шығармадағы негізгі тақырып пен идеяны толықтырып тұрған сан алуан оқиғалар бәрі бір арнаға тоғыса :келіп, бөліпжаруға келмейтін бір бүтін кұбылысқа айналу процесіне куә боламыз.

Алмағайып дәуірлерден аман өту өнерін меңгерген дала көшпенділері адамзат көшінің бірде білгірі, бірде ділгірі болғаны хақ. Қол жетпеске кұлаш ұру тарихи тағылымдарда кездескенмен, көшпенділер тарихында шанда ғана шаң беріп отырған. Ілияс Есенберлин романдарындағы тарихи тұлғалардың ғұмыр нысанасы, ақыл аумағы, айла-тәсілі, жоғарыда айтып өткеніміздей, өмір өркенінің нәзіктігін, киелі болмысын, халық қаһарының қуат-күшін паш етіп тұрғандай.

Алмағайып заманның аласапыран айқасы, ел азаматтарының келер күндердің шуақты сәті үшін күресі, ақыл мен айланың алма-кезек ауысуы, жан түршігерлік жауыздық үлгілері мен махаббат оты маздаған аяулы тағдырлар, сайын дала төсінің сан жылдық тарихы баяндалатын «Алтын Орда» болмысы осындай. Тарих тылсымына жан бітіріп, жеті ғасырлық ғұмыр әлемін санамен аралап «қолымен жүріп шыққан» Ілияс Есенберлин тұлғасы да алып мұхит үстіндегі мұзжарғыш кемедей алыстан мен мұндалайды. Қазақ қауымы бастан кешіріп отырған мазасыз ғасырдың алмағайып, аласапыран белдеулерінде қоғамдық пікірдегі ой таласы ойлыға да, ойсызға да белгілі болар деңгейде көтерген басты мәселелердің бірі – ұлттық тарих. Асқар тау, шалқар қонысқа, айдынды көл, апайтөс далаға мұрагср болып қалған бүгінгі ұрпақтың өткен тарихтан, ұлттық қалыптасу, ұлыстық бірігу жолының қатерлі өткел, қатыгез сынынан қазақ жұртының қалай өткенінен хабардар болуға ұмтылысы заңды құбылыс екені даусыз. Алайда, «Кеңестік ұлы семьяда» ішкен ас, киген киімге риза, марғау тірлікке бой алдырған босбелбеу ұрпақтың тарих сахнасына шыға бастағаны да шындық еді. Ұлттық тарихты дамудың «дара» жылнамасынан бастап, халықтың өткен өмір, кешкен ғұмырын пенделік кейіпке теліген пікірге шаңдағына шаң шаң жұқтырмас, селт етпейтін «тарихи кейіпкерлер» нәрсіз кітаптың әрсіз беттерін қаптай бастаған тұста тарихи зердеге зер сала қарап, рухани апаттың алдын алуға әрекет жасаған аздардың арасынан суырыла шыққан азамат – Ілияс Есенберлин болатын. Қазақ тарихы көктен түсіп, жерден шыққан жоқ. Том-том ауыз әдебиеті, миуалы бақтай мүлгіген мұралар өрісі, қазақ елінің әлемдік даму заңдылығының барлық өткелдерінен өткенін, жеңістің тәтті дәмін, жеңілістің зәрлі заһарын жұтып кешеден бүгінге көшелі ел болып жеткенінен хабардар етер еді. Көшпелі болмысты көжеге айырбастап, тарихи зердені зерге балап жоқтан бар жасадық. Сондықтан да барды жоғалтуға ұмтылдық. Дала тірлігі саяси-әлеуметтік нысанасы бар, кісілік келбетіне жарасар дәстүрі, адамдық, адалдық атаулыны дәріптер қасиетті кағидасы бар адами әлемнен гөрі, қанаттының қасында, кайраттының қосында, қыз қуып, қымыз ішіп, жесір даулап, жер таңдап көшіп жүрген көрсоқырлардың алдай алмас айласы, қорғай алмас қауқары сияқты бірдеңе болып көрініп келді. Бүгінгі жоқты таласқа, барды базарға салып, жанталаса жамырасуымыздың басты себебін, сол тарихи зерденің көмескілеуінен деп ұққанымыз абзал болар. Алайда тарихи зерде дегеніміз де өзіндік өрісі мол

үлкен әлем. Өзгеге кірігіп өзін жоғалту, өктемдік өрісіне өзгені борбайлап өзі арандау да тарихи зердеге тікелей қатысты ұғымдар деп білеміз. Жолы болмағанның бәрі жоғалып кетеді деп кім кепілдік беріпті. Есенберлин ерлігі қазақ әлеміндегі тарихи зерденің талмауыр тұсына үн қатып, тамырын басып көруінде болды. Алғашқы барлау «Қаһар» романынан басталды. Жоқ, көшпенділер ұрпағының тарихи зердесі ояу екен. Алмағайып аласапыран замандар кешіп, жанса-жалынға, өшсе-қоламтаға айналып, қайта маздаған ұлы Даланың ұлағатты дәстүрі келмеске кетуді мансұқ етіпті. Бүгінгі күннің биігінен қараған оқырманға, бір кезде өктем күшке жүрсе жүрісі, тұрса тұрысы ұнамаған қазақ қауымының басты қасіреті – оның тарих тағылымының молдығы, тарихи, зердесінің алғырлығы екен-ау деген ой келуі әбден мүмкін. Рас, бұл бүгінгі күннің биігінен қарағанда. Ал, I.Есенберлин эпопеясы дүниеге келген тұс – өктем империя ұлттар мен ұлыстардың дүние танымын, саяси-әлеуметтік бағыт-бағдарын, рухани мүддесін «жаңа» бастаудан қанғанынша суарып қанағат қанатына мінгіздікау деп көңілін демдеген тұсы еді. Дей тұрғанмен, құдайға шүкір, халық санасы кез келген ағынды жағалап, кез келген саяси ағымды сағалап кетер болмыстан аулақ жатқан құдірет.

Балапан құс болмайды баптамаса, Алақан күс болмайды таптамаса. Алтынның қолда барда қадірі жоқ, Қол жетпес қолаттарда сақтамаса...,

– деп халықтың өзі айтқандай тарихи зердесін, тарихи жаратылысының ойлы-қырлы, ойпаң-белесті болмысын кез-келгеннің қолы жетпес қолаттарда сақтап, балапандай баптап келді. Уақыт – қатал сыншы. Тарихи тартыстардың ақ-қарасын ажыратып, алыспай-беріспес арпалыста жыққанымен жығылғанның пейіліндегі ізгілік, адалдық, адамдық ниеттерді сараптай алатын да уақыт. Туған халқының ту ұстаған тарландарының таласты тұсты да, тартысты тұсты да тұспалдап емес, тура айтуға алғаш рет қазақ әдебиетінде тәуекел еткен, уақыт перзенті І.Есенберлин болды. Уақыттың уланған санасынан аман қалған арыстардың қатарына бірден қосылған, тарихты өз қолымен, өз тағыдырымен жасаған халық-ананың, оқырман қауымның сүйіспеншілігіне бөленді, халықтан, халықтың арлы азаматтарынан қолдау тапты, корған көрді. Біз бүгін қазақ жұрты аталатын алып өлкенің жеті ғасырының тарихының көркем бейнесін, тарихи тұлғалардың азамтаттық, адамдык іс-қимылын, жеңіс пен жеңілістің бар халыққа да, кез келген адамға да тән тарихи тағылымның уақыт сынынан өткен бет-бейнесін көріп отырмыз. Қазақ даласының Шыңғыс шапқыншылығынан кейінгі саяси-әлуметтік, мәдени-рухани дамуының, бұл

істердегі Шыңғыс мұрагерлерінің жан алып, жан беріскен жанталас ісәрекеттерінің әр деңгейінен хабардар болып отырмыз. Қазақ қауымының қарадан шыққан кайсарларының тарихи тұлға дәрежесіне көтерілуінің революциялық емес, эволюциялық жүйесін таныпбілудің де алғашқы кілтін тапқан Ілияс Есенберлиннің осы эпопеясы еді. Аталмыш эпопеяның тағылымдық,танымдық қасиеттерінің өзі ұзақ әңгімеге тиек боларлық сипатта. Бұл жөнінде айтылып та, жазылып та жүр. Шынында да, әлемдік өркениеттің үлестік танымында өткен өмір, кешкен ғұмырын хаттап, қалыптап қойған елдерден гөрі жазба тарихы кемдеу өлкенің салмағы кемшін соғып жататыны белгілі жәйт. Қазақ тарихының басқа емес қазақтың өзіне таласты, тартысты тұстары аз емес екенін бүгінгі алмағайып пікірлер, айтысты «дәлелдер» көрсетіп отыр. Жиырмасыншы ғасырдың басына дейінгі тарихи деректер айтушы мен жазушының танымдық қарымына ғана тәуелді болып келгенін, оларда тарихи деректердің жалаң хронологиясына көбірек көңіл бөлгенін білеміз. Бұл әдіс қазіргі бізге белгілі жазба деректердің жазылу кезеңінің талап-тілегінен туындап, өз уақытының көзқарасы мен қоғамдық ой-пікіріне тікелей тәуелді болуы да мүмкін. Дей тұрғанмен, тарихты «жасаушы – халық, жасатаушы – жағдай» екенін еске алар болсақ, көне деректердің бүгінгі тарихи жылнамаларға қосқан үлесі де, олардың тарихтағы орны да ұшан-теңіз. Осы ретте Ілияс Есенберлин романдары қазақ елінің қайта өрлеу дәуіріндегі ғылыми және тарихи әбсаналардың алды. І.Есенберлин әрбір тарихи оқиғаларда басты рөлді жағдай емес, жеке адам – батырлар, хандар, жыраулар атқарады деп білді. Осыған байланысты ел, халық өз батырларын, ел тағдырына қатысы бар тұлғаларды білуге тиіс деп қарады. Тарихтағы жеке адамның рөлі, тарихтағы халык харакетінен туындайтын іс-қимыл, тарихтың табиғи дамуға ықпалы, тарихи оқиғалардың уақыт тағдырында оңашалануы, оқшаулануы алғаш рет қазақ сөзінде Ілияс Есенберлин эпопеясында тілге тиек болды деп айтуға лайық. Ол өз романы арқылы тарихты ілгері алып баратын адамдық мотивтерді және тарихты «жасайтын» жеке адамдардың адамгершілік халкүйіне тікелей байланысты болып келетін тарихи оқиғалардың бағытын айқын көрсетіп берді. Бұл біз үшін аса маңызды шындық болып табылды. Бұл заңдылықты біз қазіргі қоғам өміріндегі прогрессивтік реформалар жолында бүкіл қоғамның тез және табыспен ілгері басуына мүмкіндік бермейтін көптеген төменгі мораль иелерінен көріп жүрміз. Екінші жағынан алып қарағанда, жалпы. адамгершілік, экономикалық, саяси, құқықтық санасы әлі төмен адамдар демократия жолында тежеуші болып табылатынын да айта аламыз. Кез келген халықтың өмірі жекелеген халықтың тарихи өмірі мен адамдар өмірі тарихынан құралып, қалыптасады. Адамдардың барлығы бірдей өзі туралы, өз өмірінің өткен жылдары туралы баяндай отырып, әдетте, толық шыншыл бола алмайды. Ол өз

өміріндегі келеңсіз әрекеттерді, өз іс-әрекетіндегі, сәтсіздіктер мен жайсыздықтарды жария ете бермейді. Көптеген адамдар басқалардың өміріңдегі шындықты білуге құмар, ал өз өмірінің шындығын айтуға сараң болады. Бұл қасиет тарих мәселелеріне де толығымен қатысты болып келеді. Рас, қазір өз тарихымызды зерттеу мен қалыптастыру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бірақ, өкінішке орай, кей адамдар әр түрлі себептермен тарихи оқиғаларды өзгертіңкіреуге, бояуын қалыңдата түсуге жол беріп жүр. Мұндағы басты себеп адамдардың жалған намысқа бой ұруынан, сезімдері орнақты болмауынан болып отыр. Әдетте олардың ойлауы «Біз басқадан кем емеспіз» деген формуладан алыс кетпейді. Кейбір адамдардың осындай адамгершілікке жатпайтын және жалған позициясы тарихи оқиғаларға өтірік пен жалғанның еніп кетуіне жол береді. «Көшпеңділерден» туындаған Ілияс Есенберлиннің аса терең пікірі тек дала хандарына ғана қатысты емес, сондай-ақ ол кеңестік кезеңге, оның жалған тарихы мен өлі идеологиясына да қатысты. Тарих шындығы – бұл құбылыстың ең басты адамгершілік жағы. Тарихи шындық арқылы өмір жасау да оңай. Тарих шындығы – онымен айналысқан адамдардың ары мен тазалығы. Сондықтан «Көшпенділер» романының маңызды жақтарының бірі – тарихи шындықты боямаламай» әсірелемей, жан-жақты көрсетуінде. Бұл шыңдық оқиғаларға ғана қатысты емес, ең бастысы, бұл шындық сол оқиғаларды туғызушыларға, сол оқиғаларды іске қосқан адамдарға, себептерге, олардың сипаттарына, олардың адамгершілік ахуалына қатысты. Біз роман арқылы Әбілқайыр мен кедей төлеңгіттер туралы, Абылай хан мен Бұқар жырау туралы, қатардағы ержүрек жауынгер мен оның қызға деген сүйіспеншілігі туралы тылсым сырға қанығып, өмір жайлы толғаныс сезіміне бөленеміз. Алайда шындық туралы айта отырып, тарих жөніндегі түсініктің әлі де үстірттеу екеніне көз жеткендей. Тарихтың белгілі бір үзігінде өткен қандай да бір оқиғалардың тізбегі деп есептейтініміз де рас. Бір ғана жаратушыны мойындаған адамдар мәңгілікті уақытқа, ал уақытты сағатқа, жылға, ғасырға, сонымен бірге қолдан жасалған шекараларға бөліп, өздерінің о бастағы атабабаларын келмеске кеткендер деп, олардан қол үзу сипатын қараңыз. Есенберлин «Көшпенділер» трилогиясында ұлттық тарихты шындап зерттеуге талпынған. Алайда ХV-ХVІ ғасырларды жаңғыртатын, қазақ хандығын қалыптастыру мен қазақ феодалдық мемлекеттігінің пайда болу кезеңін баяндайтын оның бірінші бөлімінде автор «өткенді қазіргіге бейімдей отырып, өткендер туралы тапсыз қоғам түсінігімен бейнелеп берген» [12, 22]. Ал екінші бөлімде сол қалыптасқан хандыққа төнген қуіп сипаты суреттеледі. Ал үшінші кітапта Кенесары көтерілісі арқылы белгілі болған қазақ тарихының өте күрделі кезеңдерінің бір оқиғасын қайта жаңғыртады. Мұндағы автордың мақсаты, кезінде жазылған бір сында атап көрсетілгендей: «халықтарды алшақтатқанды емес, жақындатқанды жырлау

болды» [13, 251]. Шығарма жазылған кездегі көзқарасқа орай жазушы сол кез үшін Қазақстанның Ресейге қосылудан басқа мүмкіндігі қалмады деп жазуға мәжбүр. Ұлттық тарихты терең және бүге-шігесіне дейін зерттеу, туған халқының кедейлену және зардап шегу себептерін жете ұғыну І.Есенберлинге Кенесарының жеке билеуге ұмтылу сияқты өзімшілдік пиғылын ханның алдауымен қанауға түскен көпшілік халықты азат ету әрекетінен бөліп алатын, біржола құру негізінде жатқан әлеуметтік дауды диалектикалық нәзіктікпен ашуға септігін тигізді [12, 21]. Ресейге қосылудың тарихи қажеттілігінің өзі дала халқын әлеуметтік жағынан шектен тіс жаншылуға алып келіп, саяси жөне мемлекеттік сипаты жағынан бірден-бір дұрыс жол тандап алуына мүмкіндік бермейді. Романның көркем образдарының мазмұнын құнарландыратын ең басты даулы мәселе – міне, осы. Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілістің әлеуметтік-саяси мәнін түсінуде және көсемнің өз образын ашуда, оқиғаға авторлық баға беруді жеткізуші ретінде поляк офицері Иосиф Гербурт үлкен рөл атқарды. Гербурт Кенесарының тиісті дәрежедегі қолбасшылық және ұйымдастырушылық талантын бағалай отырып, қазақтарды біртұтас күшті мемлекетке біріктіруге талпынған тарихи жағдайының өз отанына ұқсас тағдырын сезінеді. Қазақстанның Ресейге қосылу кезеңдерінің аса күрделі және қарамақарсылықты оқиғасына нақты-тарихи тұрғыдан келуде жазушы көрегендігі ұлттық тарихтың айқын бейнесін суреттеп беруге ғана емес, көтеріліс көсемінің күрделі образын жасауда да көмегін тигізді. Тарихи құбылыстардың мәніне философиялық тұрғыдан қарау, ұлттық тарихты басқа халықтардың өмірімен байланыста көру авторлық ойдың биік тарихылығын меңгергендерін танытады. Жаңа сипаттағы ашылымдармен толыққан тарихи романдарда ойлау кекжиегі кеңейіп, тарихқа, оның проблемаларына, оның геройларына деген көзқарас тереңдей түсті. Мәселе әдебиеттің бұрын ескерусіз қалған оқиғаларға назар аударуы ғана емес, адамзаттың ізденістері мен алға басуларының жалпы бейнесін толық, барынша негізді сипатта қарастыратын болғандағында. Қазіргі әдебиет шешуге тиісті мәнді мәселелердің бірі – тарихтың адамгершілік сабақтары, ұрпақтың өз заманының және өз ұрпағының алдындағы жауалкершілік. Антикалық заманда пайда болған бұл мәселе қазір жаңаша қойылып, мазмұны ерекше маңызға ие болып келеді.

Өз қаһарманын бүгінгі күннің, қазіргілердің танымы тұрғысынан көре білу жазушының көзқарасына, автор ойының биік тарихылығына байланысты. Билік басында болған тарихи тұлғалардың жекелеген кертартпа өкілдерін бейнелеу кезінде олардың барлық жетістіктері мен кемшіліктерін тізе беру міндетті емес. Суреткер өткенді қазіргілердің көзімен де, әрі өз заманының биігінен де көре алуы керек. Кертартпа қайраткерлер образын жасаудың бұл

принціптері С.Бородиннің «Жай оғындай Баязит» романында айқын іске асырылған. Тарихи романды зерттеушілер кеңес жазушылары өткеннің тек әлеуметтік қатынастарына ғана емес, тарихтағы саяси, мәдени моральдік, психологиялық және ғылыми факторларға да мән бергенін әлденеше рет атап көрсетті. «Баяғыда өткен күндер ісіне» тіл қату тарихи романның өсуіне себепші бола отырып, оның образдық табиғатына сапалы өзгерістер енгізу нәтижесінде әдебиеттің қазіргі идеялық-тәрбиелік міндетіне жауап береді. Тарихи роман кейде ғылыми ашылымдарды алдын ала болжап біле отырып, ұлттық тарихтың зертелмеген қабаттарындағы ізденістерде барған сайын белсенділік танытады. Оның ойлау ауқымы арта түсті. Өзінің гуманистік қуаты, халықтардың бостандық үшін бірігу және бірлескен күрес идеясы арқылы халықтар мен мемлекеттердің тарихи дамуының буржуазиялық, шовинистік концепцияларына ашықтан-ашық қарсы шығады. Шыңғысханның тарихи тұлғасы көркеменердің барлық саласында зерттеу, суреттеу, сипаттау нысанасына айналғалы қаншама заманалар өтті?! Ол жөнінде талай-талай томдар жазылып, талай-талай толғаулар айтылды. Шыңғыс есімі ауыз әдебиетінің, тарихи ғылымның, зерттеу, зерделеу әдістерінің| барлық саласына негізгі тақырып, айтулы нысанаға айналғалы қашан. Алайда, байыптап қараған адамға сол телегей теңіз-еңбектердін негізгі желісі, алтын арқау Шыңғыстың қанды жорықтары. «Әлем әміршісінің» қанқұйлы әрекеттері, адамдық кейіптен азып туған жендеттің жемтікті уысында қан кақсаған халық мұңы, адам үрейі, көз жасы мен жан жарасы ғана болып келді. Рас, адам адам болғалы зорлық-зомбылық, аяныш сезімнен ада қаныпезерлік, өзгенің өркеніне қылыш сермеген содырлық айыпталып келеді. Дей тұрғанмен, «Әлем әміршісі» болуға ұмтылыс жасаудың астарында не жатыр, адам психологиясында зорлыққа ұмтылудың, басқаның елін, жерін ғана емес, рухын, намыс, жүрегін талқандауға құштарлыктың түп-тамыры неде деген сұрақтың төңірегінде келелі ой қозғалып, келісті пікір әлі айтыла қойған жоқ. Ілияс Есенберлин эпопеясы осы сұрақтарға да жауап іздеудің алғашқы талпынысын жасаған. Шыңғыс ұрпақтарының қазақ даласынадағы «алтын дәуірі» мен ыдырап-күйреуі, көшпенділердің біртұтас ел болып қалыптасуындағы олардың тарихи орны, миллиондардың тарихи делбесін ұстаған сұсты әулеттің түптің түбінде, өз тағдырына тәуелді болып, жаулап алған жұртына тастай батып, судай сіңіп кетуіндегі заңдылықтары да алғаш рет қазақ оқырманы аталмыш эпопеядан оқып-білді десек болады. Осы орайда эпопеядағы мына жолдарға назар аударып көрейік: «Дешті қыпшаққа келген кешегі моңғолдың шағын бекзадалары, нояндары, жауынгерлері өздерін моңғол етіп сақтай алмады. Олар тілдерін де, әдетғұрыптарын да жоғалтып қыпшақ еліне сіңді. Бір күбі суға бір қасық тұз салғандай тәрізденді» [10, 264]. Иә, бұл не үшін керек еді, неден басталып

еді? Міне, осының бәріне де астарлы жауапты алғаш рет I.Есенберлин эпопеясынан тапқандай болып еді қалың оқырман. Тарихи тағылымның басты сабақтарының бірі жоқтаушысы жоқ елдің жорығы көп екенінде. Ел болашағы, халық тағдыры, ұлттық өркениеттің өсіп-өнуі дейтін мұраттар, әлемдік даму зандылығы көрсетіп отырғанындай, халықтың кісілік келбетіне, үрдіс-салтына, оның мінез құлқындағы құпия қуаттарға тікелей тәуелді қасиеттер екені де даусыз. Бұл кез келген халықтың еншісіне берілген, маңдайына жазылған тағдыр үлесі.

Қатыгездіктің қанды қылышын сермер қолдың иесі де халықтан өрбиді. Қатыгездіктің ұлты да, ұлысы да мекен-жайы, тұрағы да болмайтыны белгілі жайт.

Халық тағдырындағы, оның ішінде қазақ халқының тағдырындағы, оның жаратылысындағы мейірімділік пен қатыгездік деңгейінің, оның туындап барып өрбуінің, себеп пен салдарының генетикалық негізін де І.Есенберлин еңбегінен байқауға болады. Кітаптың тағылымдық деңгейі, қаламгердің интектуальдық әдісі қала берді, сөз өнерінің биік нысанасына жауап беругс ұмтылудың үздік үрдісі дегенде біз осы жағдайларды айтып отырмыз. Адамзаттың қанатты перзенттерінің бірі Антуан де Сент Экзюпери «Көркемдік құдырет шығармаға ештеңе қосуға болмайтын жерде емес, керісінше одан ештеңе алып тастауға болмайтын жерден басталады» [14,324] – депті, бірде. Даналық пікірдің даралығы Ілияс Есенберлин туындысы секілді тұтас бір ұлттың әлемді жандандырып, бүтін бір халықтың сан мың рет ұрпағының санасына аңыз бен ертегі болыл сіңген алыптардың адамдық, азаматтық, пенделік іс-әрекеттерінің тірі суретін жасаған шығарма туралы айтылғандай болып көрінеді. Шынында да уақыт өзгеріп, замана жаңғырған бүгініміздің тарихи зердесі де, тарихи ізденуі де, мүмкіндік ауқымы да «Көшпенділер» жазылған кешегімізге мүлде ұқсамайды. Тарихи тың деректерді екшеп, зерттеп, зерделейтін, тарихи жәдігерлерімізді баппен, байыппен, бағалап, айтар сөзді астарламай, алаңдамай ашық айтар кезге де қолымыз жетті. Қазақ өркениетінің тарихи бел-белестерінен аз-аздап болса да мағлұма беретін әртүрлі авторлардың жазба деректері де табылып жатыр. Сондықтан да, сөз болып отырған эпопеядағы оқиғалар ағымы, адамдар тағдыры олардың іс-әрекеттеріндегі, өзара қарым-қатынасындағы жазушы зерделеген қисындар бүгінгі халыққа сәйкес келе бермеуі де мүмкін. Дей тұрғанмен, Ілияс Есенберлин еңбегінен бөліп алып, бөлшектеп зертейтін немесе «алып тастауға» келетін бірде-бір бетті таба алмайсыз. Тұтас замананың әдет-ғұрпы, тұрғылас кейіпкерлердің мінез-құлқы, жалпы әлемдік өркениеттің өзектес ықпалы қазақ әдебиетінде алғаш рет бір жүйеге, бір арнаға тоғысып көркемдік тәсілдермен өрнектелді. Тілге тиек болып отырған эпопеядағы Шыңғысхан мен Шыңғыс әулетінің көшпенділер тарихындағы орны мен ықпалы, керісінше көшпенділердің әлемді дүр сілкіндірген, қанқұйлы топтың тағдырыңдағы орны мен ықпалы,

алғаш рет жан-жақты суреттелді. Көркем шығармаға тән әдеби әдістердің әрлі де нәрлі бояуы, жоғарыда айтып өткеніміздей, халық тарихында тарихи жәдігерлер санатында жалғасып келе жатқан тарихи дамудың тұтас бір дәуірінің жанды бейнесі жасалды. Ең бастысы ХIII-ХІV ғасырдағы «Алтын Орда» дәуірі мен ХV ғасырдан бастап қазақ елінің ішкі қарым-қатынасының қалытасу барысындағы заңдылықтарды, ұлан ғайыр далада тарыдай шашылған, бәтуасы быт-шыт болған халыктың үзік-үзік үмітін жалғай алмай жанталасқан тірлік-тіршілігін, «ортақ өгізден оңаша бұзауды» олжа санаған ел билеушілерінің қырғи қабақ кылықтарын талғай, саралай білген. «Оңаша бұзауды» оңаша өгізге айналдыруға Шыңғыс ұрпағының қай-қайсысы балса да ынтық. Алайда, олар Ілияс Есенберлин романдарындағы сезім түйсігі, қимыләрекеті жөнінен әр қырынан даралана суреттеледі. Бәріне ортақ қасиет қатыгездік пеп мансап баспалдағының оңтайын аңдып, оған жетер жолдың қиын да жұдырыққа қоса түлкі бұлаң айлалықпен талап ететіні әрқайсысы жеке топшыланады. Қос трилогия ХIII-ХIХ ғасырларда қазақ қоғамы бастан кешірген ащы шындықты ашып берді. Бату хан ераттарының тоқпақ жал жараған жүйріктері «Соңғы теңізге» жетпей сүрініп, ордалы мекенге қайта оралғаннан кейінгі Шыңғыстың алауыз ұрпағы бақ таластық, күндестік желігінің жетегінде кетіп, дау-дамайды қазақ жеріне шоғырландырады. Алыстан арбалауды армаңдаған аталар жолы қысқарып, жақыннан дорбалауды қанағат тұтқан, ұзын қылышты қысқа қанжар алмастырған заман басталды. Ілияс Есенберлиннің тарихи эпопеясының алғашқы қадамы «Қаһар» романы болып басталғанда империялық саясат езгінің иін қандырып, сана мен зердені де, тілі мен дінін де «халықтар достығы», «жарқын болашақ» делінетін қасиетті сөздермен әдіптеп, аярлық аранының алдына алып келген тұс болатын. Қыр астындағы иек қағымда «Қазақстанның Россияға өз еркімен қосылуының 250 жылдық «ұлы тойы» тұрды. Шұғыла да, шуақ та ағалық-ақыл, аталық өсиет те бір өзінен «тарап» тұрған Кремльдің қабағына кірбің түсіру, кімге болса да қауіпті болатын. «Ағаның» ала жібін аттамайтын қандас «қырандар» да «қанды басың бермен тарт!» – деп қанатын қомдап отырған кез еді. Сол себептен халық жадында, КенесарыНаурызбай қозғалысы аталып кеткен елдік бейне, азаматтық жанкештілік оқиғасы төңірегінде дау-дамайдың да бәсеңсіп, ыққа қарай жығыла бастаған тұсында бұл тақырыпқа ұзақ сонар роман жазу шынында жанкештілік болатын. Жоғарыда атап өткеніміздей, халық зердесінің, оның рухани ұстамдылығының арқасында балғаға түскенмен балтадан аман қалды. Бір қызығы, сөз болып отырған эпопеяның әр кітабына айтылған сол жылдардағы сындарда қарап отырсаңыз тарихи романның көркемдік, тілдік ерекшеліктерін ғана тілге тиек етіп, бұл романдар көркем шығармадан гөрі тарих пәнінің оқулығына көбірек ұқсайды, хронологияның «әдеби» нұсқасы

дей беріппіз! Бақастық, қысастық ойлағандардың өзі де өз ұлтының тарихи санасының оянуына сөзсіз қызмет ететін шығарманың болашақ даңқын іштей мойындаған тәрізді. Кір жүрер жерден кір іздеп, мін жүрер жерден мін іздеген қайран пендешілік-ай десеңізші... Сонымен «Қаһар» қазақтың қойын кітабына айналды. Шығармаға деген халық махаббатының қуаты қанат берген жазушы қаламынан іле-шала «Алмас қылыш», «Жанталас» романдары туды. Жазықсыз жапа шегіп, жар жағалап, есіл ғұмырын есер билік қор еткен суреткердің осы кітаптарында-ақ арман-мұраты, кешкен ғұмыры, тағдыр тәлкегінен ұйыған көкейдегі запыран-зары туған халқының мұң-зарымен, қуаныш-жұбанышьмен астасып кеткенін байқауға болар еді. Ілияс Есенберлин өзінің тарихи тақырыпқа жазылған романдары арқылы оқырмандарын беймәлім заманның алыс қиырына апарьш, сол дәуірдің тарихи болмысын, шындық әлемін көрсетсе, сонымен қабат кейіпкерлердің мінез-әрекетін, ойлау-парасатын, өмірге көзқарасы мен дүниетанымын байқататын көркем бейнелерін жасау үстінде қазіргі заман көріністерін де пайымдатады. Өйткені, мейлі тарихи алыс заман шындығы суреттелсін, мейлі бүгінгі күн тақырыбына жазылсын көркем әдебиеттің міндеті адам тәрбиелеу, эстетикалық әсер беру. Ол жазушының қалай орайын келтіруіне байланысты жүзеге асатын құбылыс. Алыс ғасыр ақиқатын суыртпақтай отырып шығарма жазылған дәуірдің де шындығын, уақыттың кейбір сабақтас иірімдерін тарихи кейіпкер іс-қимылымен замандас санасына жеткізу, образ арқылы ұқтыру да шығарманың тәрбиелік қырларының бірі. Бұл жазушының позициясына қатысты. Мұндай пайымдауымызды өзге әдебиетші ғалымдардың пікірлерінен де көруге болады. Көркем тарихилық суреткердің идеялық-эстетикалық позициясын да, олардың тарихи жағдайлармен байласысты характерлерінің концепциясын да өз жүйесіне енгізеді. Ілияс Есенберлиннің тарихи романдарындағы характерлер жүйесі тарихи тұлғалардың шын бейнесін берумен бірге жазушының қат-қабат астар бере сомдау шеберлігінің нәтижесіңде, кейде жәй фон ретінде алынып, автордың өзі өмір сүріп отырған кезеңнің де психологиялық қатпарларын, философиялық астарларын, адамдар образын көрсетеді. Бұл қазақ әдебиетінде Абай шығармаларынан бастап талай әдеби туындыларда кездесетін сипат. Әсіресе, көне, тарихи тақырыпқа жазылған поэзиялық шығармаларда, нақтылап айтсақ поэмаларда жиі көрінеді. Жазушы-ғалым Мұхтар Мағауин өткен замандарда өмір сүрген тарихи тұлғаларды өз заманы тұрғысынан бейнелеу сипатын Абай және Абай шәкірттерінің шығармаларын талдау арқылы көз жеткізеді [15, 284–350]. Мұндай құбылыстарды басқа да поэмалардан табуға болады [16]. Кезінде кейбір сыншылардың жазушы шығармаларынан мін іздегенде «Есенберлиннің тарихи кейіпкерлері бүгінгі заман адамдарының тілімен сөйлейді» – деген пікіріне жауапты халық жүрегіне ұялаған жазушының тарихи тұлғалардың кескін-келбетін, сөйлеу мәнерін тек танымдық тұрғыдан

ғана емес, бүгінгі ұрпақ үшін, заманы тұстас буын үшін тәлімдік мұратты да ескеріп, жазуы деп білуіміз керек. Халық-дана, халық-құдыреттің өз қолымен, өз парастымен жасап алар мойын-құрық, аяқ-тұсауы да қызық. Аққулы көл, айдынды шалқары бар, асқар тау, аспанкөк даласы бар, арғы тарихы аңыздармен астасқан асау да момын, ақжүрек те ашулы халықтың маңдайына жазылған айып таңбасын қай заман, қай дәуір, қай билік өзгерте алыпты... Біз сөз етіп отырған эпопеяның өн-бойына арқау болған бір желі – ұлт болып ұйыған бұқараның аяғынан шалып, арқасынан жебе тартқан алтыбақан алауыздық. Айып таңбасы деп отырғанымыз да сол. «Жалғанда не қиын, қазақтың ру таласын шешу қиын. Бірақ оны шешудің қандай қажеті бар?» – Әбілхайыр хан мырсмырс күлді. – Шыңғыс тұқымының тағына осыншама ұзақ отыруының себебі де осында емес пе? Егер ру-ру болып бөлінген қазақ бірігіп кетсе не болар еді? Жо-жоқ, бұл жұрт – абайлап ұстамасаң қолыңды алып түсер қылшылдаған ұстара. Абайлап ұстаудың жалғыз жолы – біріне-бірін бақтырып қою. Сонда ғана бұл өткір ұстара қауіпсіз» [6,28] деген сөздің астарында қазаққа қатысты қаншама ой астары жатыр?! Қазақ қазақ болғалы көз ашпаған бодандық бұғауының қара құлпы қазақта, кілті басқада болып келе жатуы өткен заманалардан мұра екендігін байқайсыз. Елге белгілі, жұртқа жария жағдайдың тарихи романдағы көңілге түсер көлеңкесі әдеттегіден қомақты көрінеді. Өйткені, қазақтың ру таласы, бір жүріп білек қосып, тарпаң тағдырдың сан түрлі сергелдеңінен аман өтуді ойлар сананы адастырып, оны керісінше іш тарлық, қатыгездік, мансапқұмарлықтың аранды арнасына бұруы да, алалықпен ауыздағыдан айырылуы да тарихи шындық болып саналады. Сол себепті Ілияс Есенберлин жазушы – азамат ретінде туған халқының жансарайын жайлап алған осынау дерттің қанды қанықтырып, жанды жанықтырған қауіпті індет екенін шығармаларының өнбойында өзекті желі етіп, ұлт трагедиясының басты себептерінің бірі еді деп ескертіп отырады. Бірлік, татулық, ортақ намысқа – ортақ жан делінетін ұлы мұраттар, ғылымға, білімге, мәдени өркендеуге қозғау салар қуаттар, «абайлап ұстамағанды алып түсер» алғырлық пен зеректік ежелгі дәуірден-ақ дала көшпенділеріне тән екенін ғылыми ізденістер, тарихи зерттеулер әлдеқашан-ақ дәлелдеп берген. Тіпті, мұсылман дінінің келуімен де, сөзсіз үздік үлгісі бар араб өркениетінің нышандары дендеп кіруге тиісті еді... Ал, мұсылман дүниесінің жалпы әлемдік дамуға, ғылыми танымға, мәдени өркендеуге тигізген ықпалын ешкім жоққа шығара алмайды. Сөз реті келіп тұрған соң айта кетелік, ағылшын ғалымы Уильям Монтгомери Уотт өзінің «Ислам дінінің ортағасырлық Еуропаға жасаған ықпалы» дейтін еңбегінде былай деп жазады: «Араб әлемінің зерттеу еңбектеріне, ой ғылымына, шығармаларына ден қоя қарасаңыз Европа ғылымы мен философиясының арабтарсыз дәл осындай жылдамдықпен аяқ басуы мүмкін емес екеніне көзіңіз жетеді. ...Европалықтар алға жылжымастан бұрын мүмкін болғанның бәрін арабтардан оқып-үйренді» [17, 65]. Тарихи тағылымды игеру қашанда кеш

емес, ал өз тұсында өзегіне сіңірген ел қанаттанған үстіне қанаттанып, көркейген үстіне көркейе бермек. Бұл дала көшпенділерінің бүгінгі ұрпағына да айтылар сөз. Яғни, Ілияс Есенберлин еңбегінің тарихи хронологияның әдеби нұсқасы деп байбалам салған сыңаржақ сынның нысанасына ілігуінде де үлкен астар жатыр-ау деген ойға қаласың. Күрделі туындының күре тамыры – ел бірлігі, етектен тартып, тобықтан қаққан алтыбақан алауыздықтың болмыс-бітімі, әдіс-айласы тек қазаққа ғана тән, қазақы алауыздықтан дала тағдырындағы дара қасиетті ашып көрсету. Жазушы осы шындықты әдейілеп Шыңғыс ұрпағының аузына салады. Қазақтың арғысын айтпағаның өзінде Майқы биден бермен қарай қаншама от ауыз, орақ тілді даналары айтпады бұл қасіретті. Өзгерген не бар?

Бойлығынан, тарихтың ендігінен, Не көрмедік көңілдің кеңдігінен. Ақыл айтқан қазақтан жер қайысты, Ақыл тыңдар қазақтың кемдігінен!...

– деп ақын «аһ» ұрғандай талай-талай сөз бұлбұлы, алуан-алуан ой дүлдүлі қанатын қайырып, тұяғын тоздырған мәмлеге шақырудың мәңгілік жан айқайын естір құлақ, сезер сананың сараптана бастаған тұсында басқадан береке таппай, қазақтың өздеріне қамал тұрғызған Шыңғыс әулетінің ел басқару «теорияларының» басты бабын алға тартады жазушы. Бүгінгі ұлтаралық келісім деп, ұлттар меп ұлыстар арасындағы жарастық деп жар салуымыздың бір тармағы ұлттық бірлікте жатыр десек, ол тарихи мұраттарымыздың жаңғырығы болса керек. «Он алты жасында Едігенің немересі Қазы биді өз қолымен бауыздағанда, он жеті жасар аталас туысы Дешті Қыпшақ ханы Жұмадүкті баласындай боп қолында өскеніне қарамастан, жекпе-жекте шоқпармен ұрып өдтіргенде шімірікпеген», кез келгенде қаңдай құрбандыққа болса да бара алатын Әбілқайырдың өзін алмағайып күйге салған, әділ шешім, адал үкім айтуға мұрсат бермеген ру таласы, ру дауы жалғасып, ұлт болашағының тұтас дәуіріне де, келер күніне де көлеңкесін түсіріп тұрғандай әсер қалдырады. Әдеби шығарманың басты нысанасы – адамзат болмысындағы психологиялык жай-жапсарлардың тірлік заңдылықтары арқылы құбылуы, өмір үшін, игілік үшін, билік үшін ұмтылыстардағы, шұғыл бұрылыстардағы сансыз өткелдердің оң жағалауындағы ара-қатынас құпиялары болса керек. Осы деңгейден, осы өлшемнен бастау алар ой желісі де Ілияс Есенберлин еңбегінің басты мақсаттарының бірі – ел бірлігі, азамат адалдығы, адамдық ірілік кілтін іздеу болғанын айқын дәлелдеп тұр. Қарадан шыққан Қаптағай батырдың аузымен айтылған –«Моңғол тілі емес, моңғол дәстүрі емес, қазақ тілі, қазақ дәстүрі қалды... Бас қоссақ пенде жеңе алмайтын ел болдық. Бірақ басымыз қосылмады. Тағы бізді Барлас Ақсақ Темір жеңді. Бұл да бірімізді-бірімізге айдап салып, бірімізден соң бірімізді бағындырып, қойдай қырды. Тарамыстай жаны сірі халық бұдан да аман қалдық, бірақ одан не пайда?

Быт-шыт болып әр ханның қолында жүрміз... Бүгін біз бірігіп ел болмасақ, ертең жерімізге күші басым жау келсе, не өзара бүліншілік күн туса, көрінгеннің тепкісінде кетеміз. Бүгін бірігіп өз хандығымызды, өз Ордамызды тұрғызуға әліміз-қуатымыз бар. Ал, осы мүмкіншілікті пайдаланбасақ, қазақ ел болудан қаламыз», – дейтін жан айқайы қазақ қауымының сан ұрпағының санасында жаңғырып тұруға тиіс түйін. Ұлттық тарихтың дәуірлік сипаттарына ортақ үлесі бар түйткілдердің аражігін ажыратып айтудың алмағайып арпалысын бастан кешірген жазушы қиялы тарихи романдарға тән фантасмагориялық шым-шытырықтардан гөрі асқынудың шым-шымдап басылар жолын іздеуге, тарихи тағылымдардан қалған дәстүрлердің озығы мен тозығын саралап айтуға ден қояды. Яғни, «Алтын Орда» мен «Көшпенділер» ұлттық психологияның сөз өнері арқылы көркемдік әлеміне көшірілген толассыз айқастарындағы мәмілелерге әділ шешім, адал үкім айтар сапаны іздеудің қазақ әдебиетіңдегі озық үлгілердің бірі. Осы ретте, бүгінгі күннің айтқыштары жерден шығып, көктен түскендей аяқ астынан жамырап, жар салып жүрген жалаулы ұранды қатерлі өткел, қауіпті сапар үстінде жүріп-ақ жеріне жеткізіп айта алған жазушы ерлігіне риза боласыз. Көркем шығармаға қойылар канонды талаптарды «таба алмай» сабылған тұстарымызда, кез келген шығармаға арқау боларлық тарихи жағдайға жүгінуді де мұрат ете алмағанымыз қалай деген ойға қаламыз. Ұлттық сананы ояту мен ұлттық зердені жаңғыртудың әлемдік сана сезім үндесуінің алапат ағынына тап болған дәл қазіргі жағдайдағы орны да, қажеттілігі де орасан зор. Әлемдік даму деп аталатын сөз тіркесіне сиып тұрған аса қомақты ұғымның барлық үндестігі де, қайшылығы да, табиғат тылсымдарын тарамдап айтпағанның өзінде, барлық адамзат атаулының мінез-құлқына, наным-сеніміне, ой-өрісі мен парасат өрісіне, салт-санасы мен әдет-ғұрпына тәуелді екенін ескерсек, ұлы көшке ілесудің ұлы мұраты – сана мен зердені саралау, тарихқа тәуелділіктен арылу – ұмтылыс, рухани бұлқыныс, өткен өмір, кешкен ғүмырға сын көзбен қарай білу. Жәнібек пен Керей сұлтандар қазақ мемлекетін құрған алыс жылдардың ара қашықтығын алып жатқан аласапыран ғасырлардың аяғынан шалып, тобығынан қағып келген басаламандық төтеннен келген тосын жаудан да жаман болғанын білмейтін қазақ баласы жоқ десек, сол қазақ топырағында туған ұлы кітаптардың санатындағы «Алтын Орда» мен «Көшпенділердің» тереңнен тартқан тарихи болжамдарында да, келер ұрпаққа ескертер дара дабылдарында да бірлік ұраны алтын арқау болып тұрғанын байқау онша қиын емес. Бірақ тәлімдік сипаттардың ақ-қарасын ажырату үшін оны сана сүзігісінен өткізіп, уақыт мінезімен елеп-екшеп, «заманына адамы сай» мүдделіліктен арылтып, тіршілік заңдылықтарының пенделік пиғылын қосқанын бағамдап, қосарын болжап отырар орта керек кез келген халыққа. Қарапайым пенденің табиғи парызынан оқ бойы алда жүрер асыл қасиеттерді көлденең көк аттының бәрінің бойынан іздеу әумесерліктің ар жақ, бер жағы болар еді. Ал, Ілияс Есенберлин туындысындағы басты желілердің бірі де бірегейі де, міне, дәл осы мақсатты

көздеген. Ел басқарған билікті төрелердің ақыл-айласы, таным-түйсігі, биліктегі парыз-мүдделері, елдің ертеңін ойлауы, өткен тарихты бағамдап, болашақ ізгі мақсаттарға көз тігуі түптеп келгенде халық тағдыры, халық тарихы дейтін ұғымдардың түп қазықтарының бірі екені даусыз. Аласапыран арпалыстар аранынан сан рет аман шықкан, тегеуірінді тегі бар, теңіздей ақыл-айласы бар Абылай ғұмырдың тақ айырына жеткен қан-қамау сәтінде «...қазақ аз ел ғой, азып-тозып кетпес үшін қолдарынан келсе солардың бірлігін сақтасын. Бірлігі бар елді басқару жеңіл» [6, 592] -– деп ұл-қызына өсиет айтатын сәт пен «Егер ру-ру боп бөлінген бар қазақ бірігіп кетсе не болар еді» [6, 28], – деп үрейлі қауіп шырмауынан шыға алмай шыр айналған Әбілқайыр көңіл-күйінің арасында қаншама қасірет белдеуі жатыр, қан мен тердің, күшті білек, күйрек көкейлердің, алғыр ақыл, азулы қулық, аяр пиғылдардың арпалысы, жан алып, жан берісі жатыр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, хатталған тарихы жұтаң болғанымен, білгірлігі мен білуге ділгірлігі өзгеден кем соқпас кемел халықтың өткенін жаңғырту арқылы өшкенін жағып, өлгенін тірілту үшін жазушы Ілияс Есснберлин негізгі нысаналардың бірі етіп кейіпкерлер бойындағы психологиялық жаңғыруларды, түйсіктің эволюциялық күйлерін алғандығы байқалады. Көбіне-көп халык, санасындағы қарапайым даналықты мойындау мен халық бойындағы жанартау қуаттан қаймығудан туындайтын биік арналарындағы ию-қию ағылыстар бағдарын пайымдауға күш салады суреткер. Осы ретте кейбір солғындау соғып жататын тұстарды есептемегенде (оның өзі жазушының өмірі мен тағдырындағы себептер мен салдарлардан туындап тұрғанын бүгінгі оқырман жақсы біледі) жазушы эпопеядағы тарихи тұлғалардың болмысындағы ішкі иірімдерді ашу үшін, даналық сөзге «дат» деп үйренген даланың дара үрдістерінің үздік әдісін орынды пайдалана білгенін мойындауымыз керек. Түркі тегінің текті білгірлерінің бір Л.Н.Гумилев айтпақшы: «...түріктерде сөздің күші ақиқатты, шынайы күш болып есептелетіндігіне сендіретіндігінің» [18, 332] ізгі халықтың жадында сақталып, күні бүгінге дейін өлмей келе жатқан даналық, тапқырлық, шешендік сөздер мен ауыз әдебиетінің сансыз нұсқаларында да сайрап жатыр. Ағын суды арнасынан бұрар, арынды қуатты ауыздықтап, алапат ашуды сабасына түсірер аталы сөздің астарындағы халық бейнесі, халық мінезі, оның дүние таным өресі жатыр десек, Ілияс Есенберлин эпопеясында бұл құбылыс та орын тапқан. Замананың заһар қылышы төніп тұрған алаңды күндерде үстем тап өкілдері атанған топқа тіл безетіп шебер сөйлеу әдеби туындыға әр «қоса алмай» келді. Ханның тілі қасаңдау, қараның тілі ашаңдау келіп, кейіпкердің айналып соғар қазығы тұстас дәуірінің емес, бүгінгі заманнын әуеніне еліктеу болғанын да ескеруіміз керек. Тасқа басылатын сөздің тас жаратын танабын танудан гөрі бас жаратын бұқпантайын қолдан жасауға әрекет етушілердің пиғылынан қашқан суреткер адами ұғымдардың көркем тілмен, орамды оймен өрнектелген кестелерін сыналап, сараң қолданады. «Қажырсыз адамның ел билегені, өгізге мініп жылқы баққанмен бірдей», – дейтін уақыт сүреңі

тоздыра алмас, кез-келген қоғам мойындамай тұра алмас шындықты залым уәзір Бақты-Қожаның ауызына салады жазушы. Қара басының қамын күйттеп, хан көңілінің көлеңкесі мен күңгейін бағып, ұлт болашағы, ел мүддесі дейтін мұраттардан гөрі хан тағының қызығын ұштап күн кешуді мұрат еткен пақырлар әулетінің ұлты да, ұлысы да, заманы да болған емес. Олардың мекен-жайын анықтауға жағрапиялық бойлықтар меп ендіктен, құрылықтар мен сулықтар өлшем бола алмайды. Жоғарыда келтірілген кісілік сөзді жазушы сол әулеттің өкілі Бақтықожаның аузына салу арқылы зерделі оқырман қолына ой-өсиет, ар-аманат тізгінін ұстатып оны символикалык дәрежеге жеткізіп тастаған. Тарихи қайталанулардың ішкі иірімдерін, бағыт-бағдарын қазақ қауымы өз еншісіне тиген тарихи шығармалар арқылы көбірек білді, молырақ ұқты десек, оның бір дәлелі – жазушы Ілияс Есенберлин туындылары екені даусыз. Алты кітаптан тұратын романдар цикілінің ең соңында жазылған «Алтын Орда» трилогиясының оқиғасы уақыт жағынан «Көшпенділерде» суреттелетін кезеңнен бұрынғы ғасырларды қамтиды. Романның бірінші кітабы алғаш рет 1979 жылы «Жұлдыз» журналының 8-9 сандарында басылды. 1982 жылы «Жазушы» баспасынан жеке кітап болып шықты. Екінші кітабы алғаш 1982 жылы «Жұлдыз» журналының 7-8, ал үшінші кітабы «Жұлдыз» журналының 1983 жылғы 4-5 сандарында жарияланды. Екі кітап бірге қосылып тұңғыш рет 1983 жылы «Жазушы» баспасында басылып шықты. Жазушының екінші трилогиясы жөнінде кезінде профессорлар Ә.Қоңыратбаев [19], Р.Бердібаев [20, 190–194] т.б. баспасөз беттерінде ғылыми мәнді, қомақты пікірлер айтты. Бұған дейін ХV-ХIХ ғасыр арасындағы қазақ хандығының құрылып қалыптасуының, жоңғар басқыншыларына қарсы күресінің, Кенесары бастаған қозғалыстың себептері мен салдары, сыр-сыйпаты мен ақиқаты қамтылған қомақты-қомақты кезеңдерін «Көшпенділер» трилогиясына арқау еткен жазушы, тарих қойнауына бойлай түсіп, әдебиетіміз үшін ашылмай жатқан бұл кезеңімізге де тағы ат басын бұрын тіреді. Шығарма негізін түрлі деректер, ғылыми зертеулер, фольклор нұсқалары, көптеген архивтік материалдар мен шежірелерден [21, 44] алып жазған «Алтын Орда» трилогиясына ХIII-ХV ғасырлар аралығындағы оқиғалар өзек болған. Қырғын соғыстар мен алапат өлімдердің негізгі әлеуметтік себептері ашылатын тарихи трилогиядағы оқиғалар Еділ бойы мен Ертіс арасын алып жатқан қыпшақ даласында, Орта Азия мен Русь жерлерінде, Кавказ бен Қырым аймағында өтіп жатады. «Әдебиет – ақиқат өмірдің сырлы суреті, халықтың көркем тарихы» [22, 25] – деп жазады академик-жазушы З.Қабдолов сөз өнері жайында. Әдебиет түгілі тарих оқулығының өзінде империялық саясаттың ығында, өзге жұрттың өзімшіл көзқарасымен «түзетіліп» баяндалатын «Алтын Орда» дәуірі қазақ қауымы үшін беймәлім заман, бұлыңғыр елес болып келгені шындық. Бір кезде әйгілі мемлекет болған Алтын Орданың

тарихи тұрпаты Есенберлин қаламының сиқырлы қуатымен жан бітіп, алыс заман бейнесі көзге елестейді, өмірлік материал мен творчестволық қиял, шындық пен фантазия тізігінін қатар ұстау арқылы диалектикалық қайшылықтар ашылады. Академик З.Қабдолов: «Қандай бір көркем шығарма болсын, ол оқырманға бұрын беймәлім өмірді, шындықты, бейтаныс заманды, адамды танытады. Әр кітап оқырман үшін бұрын-соңды беймәлім дүниенің есігі секілді. Сол есікті ашып кіргенде ғана адам өзіне белгісіз қүпиялар сырына тереңдеп, танымын байытпақ» [22, 18], – деп жазғанындай І.Есенберлин оқырман үшін бұл трилогиясы арқылы да жаңа бір дүниенің есігін ашып бергендей болды. Ұлан-асыр кең территорияда білектің күші, найзаның ұшы, қылыштың жүзімен құрылған зор империя – Алтын Орданың қоғамдық-әлеуметтік құрылысы, этникалық елдік құрылымы, тұрмыс-тіршілігі, қиян-кескі соғыстар мен билік үшін шайқастар суретгелген. Хандар мен билердің, батырлардың нанымды тұлғалары жасалады, хандықтың еркіндік үшін, азаттық үшін болған күресі суреттеледі.

ҚОРЫТЫНДЫ

Бастау көзі сонау көне фольклорда, Орхон-Енисей жазба ескерткіштері тәрізді ежелгі әдебиет үлгілерінде жатқан тарихи тақырып дәстүрі қазақ әдебиетінде жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегінде біртіндеп мол көрініс бере бастаған. Бұл орайда он тоғызыншы ғасырдағы Абай жазған «Ескеңдір» поэмасын ұмыт қалдыруға болмайды. Ал, ақын-жыраулар тудырған жырлар мәселесі бөлек әңгіме. Қазақ әдебиетіндегі тарихи тақырыпқа шығарма жазу әуелі поэзияда көрініс тапты. Олар көбінесе тарихи материалдар негізінде, тарихи кейіпкерлер турасында жазылғанмен, аңыз желісіне құрылды. Аңыздық, әпсаналық сюжеттер басым болды. Қалай болғанда да тарихи дәуірлер сорабын елестету арқылы тағылымдық, танымдық міндетін атқарып жатқан еді. Поэзиядағы Абай, Шәкәрім творчествосында көрініс тапқан тарихи тақырып дәстүрі Мағжан, Сәкен, Ілияс, Иса т.б. ақындар арқылы жалғастық тапты, жаңа көркемдік үлгіде дамыды. Жалпы қазақ әдебиетінде тарихи тақырыптың орнығуының бірінші кезеңі осы есімдермен тікелей байланысты. Қазақ әдебиеті тарихындағы Кеңестік дәуірдің алғашқы жылдарында тарихи тақырыпқа қалам тарту негізінен поэзияда Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян», Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау», Ілияс Жансүгіровтің «Күй», «Күйші», Иса Байзақовтың «Құралай сулу» поэмалары арқылы орын тепті. Қазақ әдебиетінің тарихында тарихи тақырыпты прозада игерудің үлгісін салып, оның көркемдіктің биік тұғырынан көрініп, әлемдік шығармалардың қатарында бағаналауға қол жеткізген М.Әуезов творчествасының орны бөлек екені айтпаса да түсінікті. Осылайша даму жолына түсксн тарихи тақырып дәстүрі алпысыншы жылдардан кейін жаңа қарқын алды. Тарихи тақырыптың, өзі іштей бірнеше тармаққа сараланатын бағыт көріне бастады. Олар тарихи революциялық кезеңді суреттейтін, тарихи өмірбаяндық сипатты көрсететін, тарихи алыс заман шындығын бейнелейтін шығармалар ретінде топтастыра қарастыруға болатын деңгейге жетті. Поэзиялық, драмалық шығармаларды айтпағанның өзінде тек проза жанрында С.Мұқановтың «Аққан жұлдыз», І.Есенберлиннің «Көшпенділер», «Алтын Орда», Д.Әбілевтің «Ақын арманы», Ә.Әлімжановтың «Махамбеттін, жебесі», «Ұстаздың оралуы», «Жаушы», С.Жүнісовтың «Ақан сері», З.Ақышевтың «Жаяу Мұса» Ә.Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң», «Аңыздың ақыры», М.Мағауиннің «Аласапыран», С.Сматаевтың «Елім-ай», Қ.Жұмаділовтің «Тағдыр», «Дарабоз», Д.Досжановтың «Жібек жолы», Қ.Салғариннің «Алтын тамыр», «Көмбе», Б.Жандарбековтің «Томирис», Ж.Тұрлыбаевтың «Тамыз таңы», «Райымбек» т.б. тарихи романдары дүниеге келді. Тарихи тақырыпқа жазылған шығармалардың саны ғана артқан жоқ, оның жанрлық ауқымы да кеңейді. Тарихи шығармалардың түрлі қырынан көрінуі әдебиетіміздің кемелденуінің де белгісі еді. Бұл орайда жазушының

жеке қаламгерлік тәсілдері де айқын көрініп жатты. Әдебиет халық өмірінің айнасы ғана емес, белгілі бір ұлттың рухани ұстазы. Сондықтан әдебиеттің ұлағатты рухы, тәрбиелік мәні, танымдық, тағылымдық сипаты бірінші кезекке шыға бастады. Тарихи тақырыпты игеруде жаңа серпін пайда болды. Ол жаңа серпін жазушының тарихқа ұстанатын көзқарасына қатысты еді. Бұл құбылыс тапталған сана, орныққан түсінік бұлыңғырлана бастаған зердені селт еткізіп, тарихқа деген жазушы көзқарасының жаңа бағытын әкелген І.Есенберлин шығармаларының тууымен байланысты болды. Ол қазақ әдебиетінде оңдаған жылдар бойы саяси көзқарас қамауында жабулы жатқан тақырыпқа жол салып, тарихтың шешуші кездерін ой елегінен өткізе көркем бейнелеп беру құбылысын жүзеге асырды Рас, тәуелсіздік алған бүгінгі таңда да, болашақта да талай жазушы тарихи тақырыпқа шығарма жазар. Олар тарихты коркем бейнелеуде өз жолын да табар, мүмкін ғаламат туындылар берер. Бірақ І.Есенберлин ұлттық мәдениет пен әдебиеттің тарихында, күрделі де қатерлі кезде әлі жан баспаған соныға түсіп, тыңнан жол салушы ретінде есте қалады. Ол тарихи әдебиет көшінде бастаушы да, қалғандары сол көшке ілесуші ғана. Оның болашақты болжағыш, тарихи зерде тамыршысы бола алған қасиеті бүгінгі таңда тіпті айқындала түсіп отыр. І.Есенберлиннің тарихи романдарына мұқият үңіліп, тереңіне бойлау арқылы ғана ұлтымыздың көп ғасырлық тарихына талдау жасап, ой жүгіртуге болады. Ә.Әлімжанов сөзімен айтсақ, І.Есенберлин «Қазақ хандары өмірінің мысалында... «билік пен халық», «әмірші мен қарашы», «жауыздық пен өнер» ұғымдары жөнінде өзінің философиялық тұжырымдарын жасады»[1]. Дешті Қыпшақтан бастап Абылай хан, Кенесары заманына дейінгі ұлы даланың сан ғасырлық тарихи оқиғаларына талдау жасай келіп, жазушы билік моралі туралы осылай негіздейді. І.Есенберлиннің тарихи эпопеясын оқығанда байқалатын, ондағы астарлап қозғалатын мәселелердің бәрі біз үшін бұрынғыдан да көкейкесті, өмірлік маңызы бар екеніне көз жеткіземіз. Жазушы меңзеген тарих тағылымынан алатын ғибрат жеткілікті. Сондықтан қазіргі кездің өзінде-ақ қазақ әдебиетін Ілияс Есенберлинсіз елестету мүмкін емес. Мағжан, Сәкен, Ілияс және Әуезовтен бастап қазақ жазушылары творчествосында тарихи тақырыптың игерілуін, тарихи тағылымның көрінісін, тарихи тағдырдың бейнеленуін, тарихи танымның сипатын Ілияс Есенберлиннің тарихи романдарынсыз бағдарлау нәтиже бермейді. «Көшпенділер» және «Алтын Орда» трилогиялары алпысыншы жылдардан кейінгі қазақ прозасында тарихи тақырыптың мазмұндық жағын байытып, көркемдік деңгейін өсіруде көш басшылық рөл атқарған, оқырман қауымнан да, әдеби ортадан да жоғары баға алған туынды болды. Романның зор жетістігі кезінде республикалық, Одақтық сында, зерттеу еңбектерде атап керсетілгенмен күні бүгінге дейін біртұтас жеке құбылыс ретінде арнайы зерттелген жоқ. Біз мүмкіндігінше осы олқылықтың орнын толтыруға тырыстық.

Сонау отызыншы жылдардан кейінгі кезеңде әдебиет, саясат қолшоқпарына айналып кетуі алпысыншы-жетпісінші жылдарға дейін жазушылардың қазақ халқының тарихына қатысты шығарма жазуына тұсау болып келген еді. І.Есенберлин осы тұсауды үзіп, тәуекелге алғаш бел буған қаламгер болды. Сол кезең тұрғысынан қарағанда қаламгерлік ерлік деп бағалауға лайық болатын іске барған жазушы өз еңбегін, болашақ трилоигиясын романның соңғы бөлігі болатын кітабынан бастайды. Ол саясат қамауына іліккен әйгілі Кенесары Қасымов көтерілісі туралы еді. Ал, кезінде бұл көтеріліс туралы жазған, зерттеу жүргізген талай ұлт зиялысы тағдыр тауқыметіне ұшырағаны белгілі. Бұл тұста Кенесары аты әлі ақталмаған болатын. Қаламгер осындай қайшылығы мол күрделі тақырыпқа батыл кірісті әрі оны тарихи шындық тұрғысынан көркем бейнелеп бере білді. Бұдан кейін жазылған «Алмас қылыш», «Жанталас» романдары арқылы І.Есенберлин қазақ халқы жеке хандық құрып қалыптасуы, жетілуі және сырт елдің басқыншылығына қарсы жанталасқан күрес тарихының бес ғасырлық тұтас картинасын жасады. Сөйтіп, «Көшпенділер» трилогиясы қазақ тарихи прозасының, әсіресе, тарихи роман жанрынын қаулай өсуіне ықпал етті. Қазақ халқының көне тарихының көп жүлгесі ауыз әдебиетінде жатыр. Яғни, І.Есенберлин өзінің тарихи романдарында жазба деректерге, тарихиэтнографиялық, фольклорлық материалдарды тірек ете отырып, өткен заманның тарихи шындығын айқын елестетеді. І.Есенберлин романында айқын байқалатын құбылыстың бірі – танымдық фантазиялық және философиялық қарым, оның кең әрі мол сипаты. Жинақтап айтқанда, өткен дәуір шындығын суреттеуге арналған қандай да бір шығарма болса да тарихи фактілерге негізделгенмен тарихи деректер өздігінен көркемдік мәнге ие бола алмайды. Бұл уақытта жазушы талантымен өрнектелген көркем шығарманың эстетикалық қуаты айқын көрінеді. Есенберлин қалам қуаты арқылы қайта тірілген, жазушы қиялы арқылы қайта түрге енген, қазақ тарихының өзінше сипатына үңілгенде оның тарихи шындықпен қабысатын, кейде шектесіп, кейде алшақтайтын, өзгеше тұрпатты бейнесін танимыз. Тарихи тұлғалардың жазба деректер, ел есінде, халық жадында сақталған әңгімелер арқылы жеткен болмысы, іс-әрекеттері, тағдырлары сюжеттік негізге, образдар жүйесіне, көркем шығарма идеясына айналудың жарқын мысалы жоғарыда сөз етілген тарихи шығармаларда осылай жүзеге асқан, тарихи тағдырлар тізбесі көрініс тапқан. Қазақ қоғамының туып қалыптасуы мен тарихи тағдырлар болмысымен бедерленетін замана белестерін көркем бейнелейтін І.Есенберлин романдары қазақ мемлекетілігі соңғы жылдардың ғана жемісі емес, көп ғасырлық тарихтың жемісі екенін айқын көрсетіп берді. Тарихи эпопея болмысынан қазақ халқының біртұтас жер аумағы, өз заңдар жинағы, хандар, сұлтандар, билер дәуіріндегі қуатты үкіметі, сот билігі, бірыңғай тілі болғаны білінеді. Бұл сол кезге сәйкес өзіндік ерекшелігі бар қауымдастық екені көрінеді.

Елдің өз әскері болды. Алайда ол тұрақты әскер емес еді. Әрбір ру өзінше жаугершілікті иеленіп, қажет кезінде соғыс әрекетін іске асыру үшін айтылған жерге тез жиналып отырды. І.Есенберлин романындағы барлық оқиғалар, проблемалар біздің бүгінгі өмірімізге көшіріп айтуға да келе береді. Қазақтардың бірлікте болу мәселесі – олардың ру аралық қатынастарының дамуы деген сөз. Бір-біріне қылыш ала жүгіру деген жоқ, бірақ өзара түсініспеушілік әлі бар. Осы тұрғыдан келгенде, өткенді баяндау арқылы бүгінді айту, тарих пен қазіргі заман сабақтастығын таныту жүгін арқалаған І.Есенберлиннің шығармаларындағы тарихи тақырып, тарихи тағдыр арқылы берер тағылымын көреміз. Жазушы шығармалары арқылы берілетін тарихи тағылым сипаты мен тарихи таным қуатының молдығы адамдар, олардың болмыс-бітімі арқылы түйінделетін ойлар, уақыт пен кеңістік аясында көрінетін тарихи дәуірлер, заманалар келбеті осылайша өрілген. Тарихи шығармалардағы идея, композициялық құрылым, өмір шындығының берілуі, оқиғалардың суреттелуі, деректердің ұтымды пайдаланылуы, кейіпкерлердің жасалу әдістері, жанрлық қуаттардың қабысуы көркемдік және шеберлік аясында көрініс табады. Кейіпкерлердің психологиялық қатпарларын, философиялық астарларын, іс-әрекеттерін шеберлікпен суреттей отырып, сол арқылы, яғни өткен дәуір фоны арқылы бүгінгіге ұсынар көркемдік үлгіде байыпталған, жазушы шеберлігімен өрнектелген тарихи таным қуаты мен тарихи тағылым сипатын көреміз.

ӘДЕБИЕТТЕР

Санада ұлттық рухты жаңғыртқан қаламгер (Кіріспе орнына)

  1. Назарбаев Н. Писатель. Личность. Человек. – Алматы: Атамұра – Қазақстан, 1993. – 88 б. 2. Нұрғалиев Р. Алыптар қайта оралғанда //Қазақстан коммунисі. 1989, №4, 84-95-б.; №5, 83–91б., .№6,83-93-б.; Соныкі: Алып бойтерек //Ахмет Байтұрсынов. Ақ жол. – Алматы: Жалын, 1991, 3-14-б. 3. Қирабаев С. Жүсіпбек Аймауытов. Өмірі мен шығармашылығы. – Алматы: Ана тілі, 1993. – 221 б.; Сонікі: Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері. – Алматы: Білім, 1995. – 288 б. 4. Ысмғұлов Ж, Міржақып Дулатов //Міржақып Дулатов. Шығармалары.– Алматы: Жазушы, 1991, 3-18-б. 5. Сатпаева Ш. Шәкәрім Құдайбердиев //Шәкәрім. Шығармалары. – Алматы: Жазушы. 1988, 5-22-б. 6. Тәжібаев Ә. Мағжан Жұмабаев // Мағжан Жұмабаев. шығармалары, – Алматы: Жазушы, 1988, 5–24-б. 7. Базарбаев . Мағжан Жұмабаев //Мағжан Жұмабаев. Таңдамалы. – Алматы: Ғылым, 1992. – 272 б. 8. Елеукенов Ш. Мағжан (Өмірі мен шығармагерлігі). Оқу құралы. – Алматы: Санат, І994. – 384 б. 9. Маркс К. и Энгельс Ф. соч.т.20. 10. Кенжебаев Б. Жылдар жемісі. Әдеби мақалалар мен естеліктер.– Алматы: Жазушы, 1984. – 288 б. 11. Ломидзе Г., Интернациональный пафос советской литературы. Размышления, оценки, спор. – М.: 1970. 12. Бердібаев Р. Қазақ зпосы. – Алматы: Ғылым, 1982, – 323 б. 13. Қасқабасов С. Казахская несказочная проза. – Алма-Ата: Наука, 1990, – 240 б. 14. Ыбыраев Ш. Эпос әлемі. – Алматы: Ғылым, 1993, – 296 б. 15. М.Серебрянский. Советский исторический роман. – М., Гослитиздат, 1936. 16. Ауезова Л.М. Исторические основы эпопеи «Путь Абая». – Алма-Ата: Наука, 1969. -313 с.; Соныкі; История Казахстана в творчестве М.Ауэзова – Алматы: Санат, 1997, -318 б. 17. Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы. -Алматы: Ғылым, І979. – 240 б.; Сонікі: Тарихи роман. – Алматы: Санат. 1997. – 331 б. 18. Дәдебаев Ж. Өмір шындығы және көркемдік шешім. -Алматы: Ғылым, 1991. – 208 б. 19. Жұртбаев Т. Бейуақ. – Алматы: Қазақстан, 1990. –304 б.
  1. Сыдықов Т. Қазақ тарихи романы. – Алматы: Ер Дәулет. 1996. – 252 б. 21. Н.А.Гуляев. Теория литературы. – М.:Высшая школа. – 1985. – 271 стр. 22. Е.Верцман И,Е. Проблемы художественного познания. – М.: Искусство, 1967. 23. Борев Ю. Эстетика. – М.: Политиздат, 1988. – 496 с. 24. Нұрғалиев Р. Өнер алды – қызыл тіл. – Алматы.: Мектеп, 1974. – 172 б. 25. Байтұрсынов. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1989. – 320 б.

I - ТАРАУ. ТАРИХИ ТАҚЫРЫП

  1. Кітапта: Әшімбаев С. Талантқа тағзым. – Алматы: Жазушы, 1982. – 252 б. 2. Пушкин А.С. Шығармалар жииағы. 6-том. – М.: Правда, 1981. – 362 б. 3. Байтұрсынов А. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1989. – 320 б. 4. Әшімбаев С. Шындыққа сүйіспеншілік. Сын мақалалар, портреттер, эссе. – Алматы: Жазушы,1993. – 624 б. 5. Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Мектеп, 1976. – 374 б. 6. К.Маркс пен Ф.Энгельс. Өнер туралы. 2 том. – М: Искусство, 1957. 7. Кәкішев Т. Оңаша отау. – Алматы: Жазушы, 1982. – 224 б. 8. Лукин Ю.А. Искусство как форма общественного сознания. -М.: Высшая школа, 1969. 9. Нұрғалиев Р. Әуезов және Алаш. – Алматы: Санат, 1997. – 432 б. 10. Дәдебаев Ж. Өмір шындығы және көркемдік шешім. – Алматы: Ғылым, 1991. – 208 б 11. Сыдықов Т. Қазақ тарихи романы. Әдеби зерттеулер. – Алматы: Ер Дәулет, 1996. – 252 б. 12. Әлімжанов Ә. Ұстаздың оралуы. Жазушы. Махамбеттің жебесі. Романдар. – Алматы: Жазушы, 1981. – 544 б. 13. Толстой А. Собр. Соч. В 10 т. Т.10. 14. Қаратаев М. Революция рухымен. –Алматы:Жазушы, 1978. – 416 б. 15. К.Маркс и Ф.Энгельс. Пол. собр.соч., т. 20. 16. Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы. – Алматы: Ғылым, 1979. – 240 б. 17. Мүсірепов Ғ. Таңдамалы. Үш томдық. 2-том. – Алматы: Жазушы, 1980.592 б.
  1. Қаратаев М. Рволюция рухымен. – Алматы: Жазушы, 1978. – 416 б. 19. Ахметов 3. Современное развитие и традиций казахской литературы. – Алма-Ата: Наука,1978. – 328 ст,. 20. Нұрғалиев Р. Телағыс. – Алматы: Жазушы,1986.440 б. 21. Ш.Елеукенов. Замандас парасаты. – Алматы: Жазушы, 1977. 300 б.; Соныкі: От фольклора до романа-эпопеи. – Алма-Ата, 1987. 22. Ж.Дәдебаев. Өмір шындығы және көркемдік шешім. – Алматы: Ғылым1991. – 208 б. 23. Серікқалиев 3. Ақ жол. – Алматы: Жазушы, 1990. 155-156-б. 24.Аралбаев Қ.Қ. Филология ғыл. канд. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация авторефераты. – Алматы, 1992. 21 б 25.//Жұлдыз, 1975, № 1 209-213-б. 26. Есенберлин I. Шығармалары. Он томдық. 7-том. – Алматы: Жазушы, 1986. 328 б.
  1. Қошке Кемеңгерұлы. Тандамалы. – Алматы: Қазақстан, 1996. – 296 б.

28.Қазақ ССР Тарихы 1 том. – Алматы: Ғылым, 1949. 29.Кенесары Қасымов бастаған қазақтардың ұлт-азттық қозғалысы. Құжаттар жинағы. (Орыс тілінде). – Алматы: Ғылым 1996. – 512 б. 30. Қараңыз: Бекмаханов Е. Кенесары Қасымов көтерілісіне қатысты фольклорлық әңгіме үлгілері //Вестник АН Каз.ССР. 1942. №9. 31. Оскоцкий В. Роман и история. – М., Художественная литература, 1980. 32.Қозыбаев М. Сырым батыр және хан Кене //Халық кеңесі. 1992. 9-шы шілде.

33.Қасымбаев Ж. Кенесары хан. – Алматы: Қазақстан, 1993. – 112-б.

34.Абдиров М.Ж. История казачество Казахстана.; – Алматы: Қазақстан,1994. – 160 б. 35.Бекмаханов Е.К. Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында. – Алматы: Санат, 1994. – 416 б.; Соныкі: Кенесары хан көтерілісі. – Алматы: Ғылым, І992. – 48 б.

  1. //Жұлдыз. 1990, №7, 157-б 37.Талант құдіреті мен құпиясы. // Мәдениет, 1993, қараша. № 2021(46)

ІI - ТАРАУ. ТАРИХИ ТАҒДЫР

  1. Гулыга. Эстетика истории. – М.: Наука, 1974. 2. Мотяшов И.П. Жизненная правда и художественный вымысел. – М.: Искуство, 1960. Михайлова А.А. О художественной условности. – М.; Мысль, 1970. – 300 с.
  1. Нұрғалиев Р. Арқау. Екі томдық. 2-том. – Алматы: Жазушы, 1991. – 302 б. 4. АралбаевК.К. Историческая трилогия И.Есенберлина «Кочевника». Автореферат диссертации на соискание ученой степени кандидата филологических наук. – Алма-Ата, 1992. – 21ст.; Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы. – Алматы: Ғылым, 1979. – 240 б. Дәдебаев Ж. Өмір шындығы және көркемдік шешім. – Алматы: Ғылым, 1991, – 208 б. 5. Верцман И.Е. Проблемы художественного познания. М.: Искуство, І967. 6. Бердібаав Р. Қазақ тарихи романы. – Алматы: Ғылым, І979, 240 б. 7. Елеукенов Ш. Замандас парасаты. – Алматы: Жазушы, 1977, 300 б. 8. Есенберлин I. Он томдық. 6-том. Алматы: Жазушы, 1986. – 600 б. 9. Шәкәрім Құдайібердіұлы. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. – Алматы: Қазақстан, 1991. – 80 б. 10. Мағауин М. Қобыз сарыны. – Алматы: Жазушы, 1968. – 156 б. 11. Әуезов М. Жиырма томдық. Он бесінші том. – Алматы: Жазушы, 1984. – 328 б. 12. Тілепов Ж. Елім деп еңіреген ерлер жыры. -Алматы: Жазушы, 1984. – 192 б. 13. Мухаммед Хаидар Дулати. Тарих-и-Рашиди. 46-б. //Қазақ хандығы тарихының материалдары. 95-б. 14. Мағауин М. Қазақ тарихының әліппесі. – Алматы: Ер Дәулет, 1994. – 238 б. 15. //Жұлдыз. 1990, №1, 153-177-б. 16. Әдібаев X. Көшпепділердің көркем шежіресі //Жұлдыз, 1978, №10, 218-221-б. 17. Қараңыз. Қазақ ССР тарихы 1-том. – Алматы: Ғылым, 1949,154-б. Қазақ ССР тарихы 1-том. -Атматы Ғылым, 1957, 190-б. 18. Нұралы Осеров. Исследование правого памятника. «Жеті Жарғы» //Автореферат кандидатской диссертации. – Алматы: 1977. 19. СейфуллинС.Шығармалар.6-т.–Алматы:Қазмемкөркемәдеббас, 1964. 20. Қазақ совет энциклопедиясы. 10 том – Алматы, 1977. – 648 б. 21. Қазақтың көне тарихы. – Алматы: Жалын, 1993. – 260 б. 22. Созақбаев С. (Өзбекұлы) Тәуке хан. Жеті Жарғы. – Алматы: Санат, 1994. 23. Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих или киргиз -кайсацких орд и степей, В трех частях. – Алматы: Санат, 1996. – 656 стр.
  1. Бердібай Р. Абылай асуы // Абылайхан. – Алматы: Жазушы, 1993, 4-б. 25. Бартольд В.В. История турецко-монгольских народов. Т.5. – М.:1968. 26. Уәлиханов Ш. Ш. Бес томдық шығармалар жинағы. 4 том. – Алматы: Қазақ совет энциклопедиясының бас редакдиясы, 1984. – 462 б. 27. Халидұлы К,. Тауарих хамса. – Алматы, 1992. 28. Златкин И.А. История Джунгарского ханства (1635-1758). - М.:1964, стр 43-442. 29. Георги Е.Г. Описание всех обитающих в Российском государстве народов. ч.И.-СПБ: 1799. 30. Вельяминов-Зернов В. Исторические известия киргиз-кайсаких и сношение Росси со Средней Азии со времен кончины Абулхайр хана Т-1,2-Уфа: 1853-1855, стр 57. 31. Радлов В. В. Алтын сандық. -Алматы: Ана тілі, 1993, 137-бет. 32. Потанин Г.Н. Казах и киргизские и алтайские предания. П.: 1917, стр. 67-68. 33. Ядринцев Н.М. Қазақ пен қазақ-орыстың айтысы //Семей таңы. 1992,7 қаңтар, 34. Валиханов Ш. Собр. Соч. В пяти томах, т. 1., – Алма-Ата, 1984. – 432 с. 35. Бес ғасыр жырлайды. 1 том. – Алматы: Жазушы, 1989. – 384 б. 36. Сүйінбай. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1990. – 144 б. 37. Қазақ ССР орталық Ғылыми кітапханасы. Қолжазба қоры. №1328 бума. 38. Есенберлин I. Он томдық 7том, – Алматы: Жазушы, 1986. – 328 б.

III - ТАРАУ. ТАРИХИ ТАНЫМ

  1. Есенберлин I. Он томдық, Тоғызыншы том. – Алматы: Жазушы, 1987, 263 б. 2. Есенберлин І. Он томдық, 6-том. – Алматы: Жазушы, 1986, 600 б. 3. Бұл қиссаның қолжазбасы. Қазақстан ҒА-ның Ғылыми кітапханасында сақтаулы.№ 1328 бума. Есенберлин I. Он томдық 7-том. – Алматы : Жазушы, 1986, 328 б. 4. Маргулан А. Предисловие к трилогии И.Есенберлина. // «Кочевники» – М.: Советский писатель. 1978. 5. Уәлиханов Ш. Абылай //Ана тілі. 1991. 13,20 маусым. 6. Жұмабаев М. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1989. – 448 б. 7. Бахтин ММ. Вопросы литературы и эстетики. Исследования разных лет. -М.: Худ литература, 1975; Успенский Б,А. Поэтика

композиции. Структура художественного текста и типология композиционной формы. – М.: Искусство, 1970,с.П. 8. Виноградов В.В. //Әдеби мұра. №35, 36, – М:,1939, 187-6. 9. Есенберлин I. Он томдық. 7-том. – Алматы : Жазушы, 1986, 328 б.

IVТАРАУ. ТАРИХИ ТАҒЛЫМ

1.Нұрғалиев.Р. Телағыс. Әдеби дәстүр мен әдеби даму. Монография. – Алматы: Жазушы, 1986, 291-б. 2. М,Горький. әдебиет туралы. – Алматы: Жазушы,1984. – 424 6.

  1. Қаратаев.М. Революция рухымен. – Алматы: Жазушы, 1978. – 416 б.

4.Қозыбаев М. Кітапта: Писатель. Личность. Челевек. – Алматы: «Атамұра» -Қазақстан, 1993. – 88 б.

5.Елеукенов Ш. Замандас парасаты. -Алматы: Жазушы, 1976. – 300 б.

6.Есенберлин І. Шығармалары. Он томдық 6-том.

7.«Алмас қылыш» // Қазақ әдебиеті. 1971,19 қараша, Роман қаһарманы – халық // Семей таңы, 1976, 2 ақпан; Тарихи роман және «Алмас қылыш» романы. Орал өңірі, 1972,29 қаңтар; Тарихи шындық бұрмаланбасын. // Социалистік Қазақстан, 1972, 16 сәуір, «Халықтың көркем тарихы. / Қазақ әдебиеті, 1974,12 сәуір.

  1. Ломидзе Г.И. Ұлы достық ұлағаты. – Алматы: Жазушы 1982-240-б.; Оскоцкий А. Роман и история. – Москва: Художественная литература, 1982. – 384 с
  1. Есенберлин І. Он томдық. 8-т. – Алматы: Жазушы, 1987. – 304 б.

10.Есенберлин I. 10-томдык,. 9-том. – Алматы: Жазушы, 1987. – 544 б.

  1. Қараңыз: Қазақ Совет Энциклопедиясы. 2-том. – Алматы: Қазақ Совет Эпциклопедиясының Бас редакциясы, 1973, 199-б. Рашид-адДин,Сборник летописей, т.1–3. – М-Л., 1952-56; Греков Б.Д.,Якубовский А.Ю., Золотай Орда и ее падение. – М-Л. 1950. Қазақ ССР тарихы 1-том., – Алматы: Ғылым, 1957, 119-120-6.
  1. // Вопросы литературы, 1974, № 3, стр.22.
  1. //Дружба народов. І970, № 6, стр 251.
  1. Сент-Экзюпери Антуан де. Ночной полет. – М,: Правда, 1979, с. 324.
  1. Қараңыз: Мағауин М. Ғасырлар бедері. – Алматы: Жазушы, 1991. – 432 б,

16 Алпысбаев Қ. Поэма және сюжет. – Алматы: Қазақ университеті, 1992. – 122 б.

17.Уотт Уильям Монтгомери. «Влияние ислама на средневековую Европу». – М., Наука, 1976.

  1. Гумилев Л. Көне түріктер. – Алматы: Білім,1994.– 480 б.
  1. Қоңыратбаев Ә. Көне күндердің көркем көріністері //Қазақ әдебиеті, 1980, 1-ақпан.
  1. Бердібаев Р. Тарихи аңыз шындығы // Жұлдыз.1984) №10,190-194б.

21.Дәдебаев Ж. Өмір шындығы және көркемдік шешім. – Алматы: Ғылым,1991.– 208 б.

  1. Қабдолов 3. Сөз өнері. – Алматы: Мектеп,1976. 374 б.

МАЗМҰНЫ

Санада ұлттық рухты жаңғыртқан қаламгер (Кіріспе орнына).........3 І-тарау Тарихи тақырып: дәстүр және жалғастық ...............................14 ІІ-тарау Тарихи тағдыр: сюжет, образ және идея ...............................49 ІII-тарау Тарихи таным: уақыт, кеңістік және адам .....................87 ІV-тарау Тарихи тағлым: көркемдік және шеберлік .....................116 Қорытынды .........................................................................................151 Әдебиеттер ............................................................................................156

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙