Мазмұнға өту
Home

Өлеңдер

ISBN: Беттер саны: 226 Жанр:

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Өлеңдер

Авторы: ISBN: Беттер саны: 226 Жанр:

АРУ ҚАЛАМ АСТАНАМ

Күндiк жерден көрiнген, Айналайын елiмнен. Ата-баба кезеңдерi-ай. Алқасындай Арқаның, Бұрымындай қалқаның Толқып аққан өзендерi-ай. Махаббаттың өлшемi Бәйтерегiм еңселi. Жүрегiңде жатады екен Ақ балығы жүзген көл, Ақ сағымы жүзген бел, Жер жаннаты атамекен. Ару қалам Астанам, Жанды тербер асқақ ән. Арман үмiт тiлегiмде Елiмдi алға бастаған. Асыл қалам, жас қалам, Менiң мәңгi жүрегiмде. Хан Кенемнiң тiлегi, Алашорда жүрегi. Ерке Есiл әлi есiмде Қарашығы қазақтың, Бақытты күн, ғажап күн Сарыарқаның белесiнде. Тағдырымыз шешiлген, Мерейiмдi өсiрген. Әлем бiлген бас қаламсың, Жеткен көне ғасырдан. Айбынымды асырған, Менiң жаңа Астанамсың.

  • *

Жебемеген жетiм менен жесiрдi, Өлеңшiлер аяспасқа бекiндi.

Жүрiп өткен иiр-қиыр жолдарым, Менiң нәзiк ғұмырнамам секiлдi.

Жанына ерiп арманы асқақ жандардың, Гаванада теңiз мұңын аңғардым. Үрiмшiде үр қызына ғашық боп, Стамбұлдың көшесiнде сандалдым.

Мұңдарымды түсiн, гүлiм, кеш, гүлiм, Жазықсыздан жаман сөздер естiдiм. Қара жолда жалғыз келе жатып мен, Сенi есiме ап, елдi есiме ап өксiдiм.

Жылдар мынау үнсiз-тiлсiз жылысқан, Мектепте мен құтылмадым бұрыштан. «Ең болмаса дән септiрiп, жүн жинар, Бригадир болмадың», – деп ұрысқан.

Қайран әкем, зiлсiз ғана зекiген, Кеше сенi өкпелетiп кетiп ем. Қара өлеңдей қадiрлi дос таппадым, Бәрi жалған... бәрi өткiншi, өкiнем.

АЯУЛЫМ-АУ

Даладағы гүлсің бе, жаным, Ұмыта алмай жүрсің бе, жаным. Өткен менен кеткенді ойлап, Қара түнде күрсінбе, жаным. Бірге өткен кештерім үшін, Қалсын осы ән естелік үшін. Сені мәңгі аялап өтем, Жүректегі көктемім үшін. Моншақтай жыр тізбеген едім, Қоңыр күзде іздеген едім. Аяулым-ау, қай жақта жүрсің, Үмітімді үзбеген едім. Бір өзің деп Торықтым ба екен, Кездесуге қорықтым ба екен. Жас жаныңды ауыртып бәлкім, Бекер, қалқам, жолықтым ба екен.

АЯЗДАҒЫ ӘН

Сары аязда сол жылы сақылдаған, Ерттеп бердi Тұрдыбай атын маған. Төрт тұяққа лақтыртып кезек қарды, Жалғыз үйлi қыстауға жақындағам. Жалғыз қыстау, адасып тапқан едiм, Сақта дедiм, үмiттi ақта дедiм. Қырау басып мұңданған терезенi, Сабыменен қамшының қаққан едiм. Қимағандай кетер жыл, өтер айды, Анам салған ыңылдап «Көкем-айды». Киiзбенен қапталған қара есiктен, Жас келiншек көрiндi бөкебайлы. Ақ тiстерi тiс емес, асыл тастар, Тiл байланды, әзiл жоқ батыл бастар. Аяз ата секiлдi тұрған маған, Сығалайды есiктен тақырбастар.

Екi-үш бала есiкке таласады, Таласады, таңырқай қарасады. Ақ мұржадан өрiлген қара түтiн, Сол келiншек бұлғаған қара шәлi!.. Дәл сол қыстай ешбiр қыс тоңдырмаған, Дәл сол аттай еш жылқы болдырмаған, «Ағаң жоқ» деп, қыраулы қысқы кеште, Бейтаныс жеңешем-ай, қондырмаған. Қазақтағы жисаң да бар қызды, аға, Бұл iнiңнiң айтары жалғыз ғана. «Көкем-айлап» ән салып ұзай берген, Қай асуға жеттi екен жалғыз қара?

БIЗДIҢ АУЫЛ

Ана өзекке жоғалады сай барып, Қасқырлары көкке қарап ұлыған. Байлығы үшiн кiсенделiп, айдалып, Мырзалары итжеккенге құрыған. Бiздiң ауыл тарихы бар қатпарлы, Йасауидiң көк күмбезi көрiнген. Итжеккеннен келген хаттар сақталды, Айналдым мен қасiреттi елiмнен. Бабайқорған Майдамталға ұласқан, Анау жатыр ата-баба кезеңi. Теңбiл-теңбiл бұлтты аспан, бiр аспан, Ағып жатыр Қарашықтың өзенi. Қасиеттi асыл сезiм бауыр бұл, Бiр-бiрiне ғайбат сөздер айтпаған. Бiздiң ауыл қасiреттi ауыл бұл, Мырзалары итжеккеннен қайтпаған.

«Алтын аймақ»... айтпаған ғой деп бекер, Сағынғанда елге кеткiм келедi. Сен аман бол, талай ұрпақ кеп-кетер, Мұңлы-мұңлы ән мен жырдың мекенi.

ЕСКI МҰҢ

Бүгiн тағы мазалады ескi мұң, Ескi мұңнан ескi әуендер естiдiм. Асау жылдар алдарқатты, алдыңда, Айыбым мен күнәм болса кеш гүлiм. Кешiр гүлiм, қоңыр кеште еске алған, Күндiз-түнi көкейiмдi тестi арман. Есiң болса есiңе алма бейбақты, Ерте туып көп нәрседен кеш қалған. Ескi мұңым, мөлдiр бастау, мөлдiр мұң, Менi тағы дегенiңе көндiрдiң. Нарық заңы жағамнан ап тұр қазiр, Оңаша қап сырласайық кел бiр күн. Ескi мұңым, ескi мола, ескi ауыл, Көрдiм, сездiм күндi бастан кештi ауыр. Мен ортаңда бола алмадым талай жыл, Ұмытқам жоқ кеш құба бел, кеш бауыр.

Атам өткен, анам өткен дала бұл, Бейiттi орай құлпырады лала гүл. Аяулымау, мұңым ескi болғанмен, Дүниеге келдi ойлы жаңа жыр.

ЕЙ, АЛДАМШЫ ДҮНИЕ

Ей, алдамшы дүние, жағаласқан, арбасқан, Әлi есiмде аяулы, аппақ сезiм, алғашқы ән. Нарық мерген соңымда садағына жармасқан, Құтылмадым бүгiнгi қамытынан тiрлiктiң, Қасқыры едiм даланың екi-үш рет қар басқан. Жырларымды бiр жан жоқ дәл өзiмдей түсiнген, Дүние қуған топасқа ыза болам iшiмнен. Оқи қалсаң бiр өлең ақылды түр жасап ап, Отырады алдыңда ойша шомған пiшiнмен. Ақ қайыңға мұңлылау екi ғашық баратын, Гүл аңқыған беткейде, жұлдыз аққан қара түн. Сырымды айтсам босаған кемшiлiгiм емес ол, Жыр оқыған сол сәтiм әлсiздiгiм болатын.

Мәңгiлiкке беттеген жырым дұрыс бағытта, Ит пен құстан көп қалған қайран көңiл жабықпа. Ал сен менi сұрқия сұрағыңмен қағытпа. Оқымайтын қазақтар бар ғұмыры бiрге өткен, Өлеңдерiм тұтқын боп қалар кiтап табытта. Рельстер тәрiздi таптаурынды бағыттар, Соны соқпақ не керек, дайын жолмен ағып қал. Қос өкпеден қысады, алқымымда қос қолы, Рухымды киелi босатпайды табыттар. Өткiзбейдi халқыма шенеунiктер сұрланған, Дүние терiс айналды тоқалдайын тұлданған. Ай айналып, жыл жылжып, тықылымен сағаттың, Қайран менiң аяулы алтын кезiм ұрланған.

Толқын-толқын ұрпақты тарих сүзiп байқамақ, Бұрынырақ өткеннiң соңғы сәтiн қайталап. Бiз де кете барармыз, қимай сұлу дүниенi, Төбемiзге шалқайған жарық күнде ай қадап.

ТАШКЕНТПЕН ҚОШТАСУ

Кiндiгiмдi кескен жұрт, Кiр-қоңымды жуған жұрт. Қазтуған жырау

Ташкенге қарап жылағым келдi ардақтым, Әлденелердi өзiңнен қайта сұрағым келдi ардақтым. Көңiл шiркiнiң толқыды-ай сол түн, толқындарындай Шыршықтың, Қара көзiмнен ыстық жасымды нелiктен тағдыр ыршыттың. Тербеткен мынау әлдиi менен сағыныш атты жырдың мен, Ислам бауыр, Сарыағаш жақтан Ташкенге қарап тұрдым мен. Шулы шаһардың самаладай боп шамдары жанды жарқырап, Көшелерiнде даладай дарқан қазақтың көне салты қап. Алшаңдай басып алашордашыл осында жүрдi-ау асылдар, Асылдарымды бiздерден бөлiп түбiне тартты ғасырлар. Оларды үнсiз iздеймiн тынбай тарихтай түпсiз тереңнен, Шошайып тұрған ана бiр қырат белеңнен. Бейтаныс жан деп бұрылып қарап өтетiн,

Жас арулардың жанарларынан бiр нәзiк сәуле көрем мен. Партиялардың ұранына ермей жарқылдақ. Бала кезiмнен баураған менi аспандай асқақ өлеңмен. Есiмнен қалған ескi соқпақты қастерлеп, Қасымнан қалған қасқа жолменен келем мен. Орындалмаған ақ армандары Абылай менен Кененiң, Сағынышымды басып бiр кетсем деп едiм. Сарыағаш жақтан қалаға мынау қабырғасынан қарадым, Бойымды билеп, өзегiмдi өртеп нала-мұң. Ұлы Даладан бөлiнiп қалған жерменен, Тәңiрi бiзге бермеген, жүрекке түскен жазылмайтұғын жара бұл, Бұлдыраған шаһарға жасаураған көзiмен, қасымдағы қарады ұл. Оң жағыңда көсiлiп Келеске кетер тұс қалып, Сыздық төредей сұстанып, Кеудеңдi шалқақ ұстанып. Шырайлы мынау шаһарға еркiн кiрер күн озған, Талқыға салмас тағдырдан бiрақ кiм озған. Басы сайран, түбi ойран дүние опа бермейдi-ау, Ташкент ендi қазаққа мәңгi қайтып келмейдi-ау. Осыларды ойласам көзден жасым сорғалар, Ғайып болған бұл күнде қоршай қонған ордалар. Ордаларда тайпалған көрiнбейдi жорғалар. Шалдар түсiп есiме өзегiмдi өртеген, Қолдан шығып баратқан таңғажайып өлкеден. Шалғай түстi Астанам, бiр көтерiп тастаған.

Еңсемдi езген күн болды, жарық күнiм түн болды, Қала жаққа қарасам көзiме жас толасың, Қалай қиып кетермiн Төле бидiң моласын. Елеусiздеу жүрген бiр ақыны едiм даланың, Шерге толып өзегiм керi аттанып барамын. Тiлiм бармай қош деуге, қия алмай көп қарадым, Ташкенттi ұмытпа, ойлы туған қарағым.

Қош Тасқала, қайтейiн кiргiзбедi кеденiң, Атам салған көшеңде жүргiзбедi кеденiң. Бiле алмадым бiздерге ертеңгi ұрпақ не дерiн. Қош Ташкент, аяулым, көшiмдi артқа бұрармын, Тiлегiңдi сыртыңнан тiлеушiң боп тұрармын. Шайырлардан жайыңды хат арқылы сұрармын, Архивтердi ақтарып оңашада жылармын. Алағай да бұлағай күндер өткен басыңнан, Айбыныңды асырған, бар қайғыңды жасырған Түк болмаған тәрiздi қарап тұрсам желменен жапыраққа шашылған. Аласапыран алқакөл, сұлама қиын кез де есте, Ташкент бiздiң Алаштың тiлiн ұмытқан, сөйлейдi бүгiн өзбекше. Қайран Жиделiбайсын – атамекенiм баяғы, Байбөрi бабам жайлаған өлке саялы. Сол түнi менi аруақтар түгiл, жұлдызды аспан аяды. Қалайша бұрын қайшылық барын сезбедiм, Алпамыстайын түп атам менiң, атасы бопты өзгенiң. Жайымды ұғар деймiсiң ұпайы түгел өзбегiм. Дәл қазiр айтар халiм жоқ, құлаққа кiрмес сөздерiң, Зар-мұңдарымды ақтарып, сөйлейдi қара көздерiм. Халықшыл, елшiл асылдарымнан iз қалған, Соларды қимай осында қоштасқан мұңлы күз қалған, Сұрағым келдi әлдене қайғысыз, қамсыз қыздардан. Әкiмдер келiп, тарихтан өттi де кеттi Датқалар, Халықты сатқан түбiнде тозақта өзi қақталар, Қазақ деп өткен ерлерiм көкейде, есте сақталар. Бесiкте жатқан бөбектер ертең ер жетiп, Ақталмаған әлi күн аталарыңды ақтап ал. Қабырғалары сөгiлiп, кеше түнде түсiмде, Шекараның ар жағында жал құйрығы төгiлiп, Елге қарап жер тартып кiсiнейдi Байшұбар, Құлазитын қосылып мұндай сәтте тек қана, аспандағы ай шығар, Күн тұтылса жаңа туған құлын да қос құлағын қайшылар... Әйтеке би, Жалаңтөс, Жолбарыс хан – молалар, Аруағым ғой түбiнде жер бетiнен жоғалар. Шыназ түгiл Бостандық, Қыбырай мен Сiргелi, Екi елге жалтақтап не iстерiн бiлмедi.

Қазақты кiм сатпаған, қиын сәтте сатты ол да, Қош Ташкент, қайтейiн қалдың мәңгi жат қолда. Қорқамын мен заманның сұп-сұр болған сұрынан, Аман қалған алтын ең тақымы кеппес ұрыдан. Жұмысым жоқ дей алман байлығың мен дауыңда,

Қайсыбiрiн айтайын артымдағы қауымға. Амал нешiк, арман көп, Рух қайта оралсын, Керуендер көп өткен мынау сайын далаға, Сөйлемейтiн қазақша мейiрiмсiз қалаға, Тәнiн сатқан қыздармен, тәрбиесiз, тiл бiлмейтiн балаға. Қайран ұлы қазақтың тiлi қайта оралсын, Дiлi қайта оралсын, Сыры қайта оралсын, Жыры қайта оралсын, Бiр жылдары менi де артық туған Исекем, Көп тобырдан бөлiнiп, қарашада еске алып, Оңаша бiр отырып сағынатын боларсың.

  • *

О дүниеге менен бұрын өткендер, Көздiң жасын өксiп-өксiп төккендер. Есте бар ма беткейлер мен өткелдер, Сонау жылғы жайма-шуақ көктемдер.

Қарғыс қурап, көгередi алғыстар, Жат сүйсiнер, кейiнгi ұрпақ салт ұстар. Жердiң асты ұйқы болса мәңгiлiк, Жердiң үстi айқастар мен тартыстар. Халқым аман, жоқ қой мендей бай адам, Жемесек те күнде жал мен жаядан. Адам түгiл, сенер болсаң тiрлiкте, Жер бетiне шыққан гүлдi аяғам. Ойларымның жоқ қалтарыс, бүкпесi, Талайлардың дүние қуып шықты есi. Жердiң асты алуан түрлi жолдардың, Қиылысатын, сыйысатын нүктесi.

ЖОЛДАР

Жолдар қашады, қаладан шыға сап, Тартады жан-жаққа таралып. Оң жақта от сөнген бiр ошақ, Сол жақта бiр жердiң бары анық. Қай жолға түсемiз қаралық. Қай жаққа бастайсың тағдырым, Аңсадым көктемнiң жаңбырын. Сағындым қайдасың жан гүлiм, Дала мен қаланы шиырлап, Қырық жыл қаңғыдым. Қаңғыдым қасқырдай ұлып ап, Өзгенiң бақытын жұлып ап. Бұл жолға түскендер, Iз -түзсiз құрымақ. Мынаусы сыры көп соқпақтар, Жылап тұр бiреудi.... жоқтап тал. Бұл жолға түскендер, Маңдайын тоқпақтар. Жүйкеңдi жүндей ғып түтетiн, Артыңда балаң бар күтетiн. Түспешi бұл жолға бауырым, Бейiтпен бiтетiн. Ана жақ арайлы көктемдер, Мына жақ атамыз

кеткен бел. Апырай, iз салмай кетiптi-ау, Алдымда өткендер. Керуендер тоналған, Мына жол ескiрген, жоғалған. Шөп басып, су шайып құрыпты-ау, Алшақтап қоғамнан. Жол қайда сағымға сiңетiн, Шалдар жоқ барлығын бiлетiн. Ескертiп, тоқтатып, Жаныңда жүретiн. Бұл соқпақ бастайды түнекке, Мына жол еңбекке, күрекке. Сан ғасыр халқымның жолдары, Санамда, қанымда, жүректе. Мына жол келедi, Мына жол кетедi. Түсейiн өз жолым қайда екен, Шиырлап шатастым жетедi. Алдымда сан тармақ жол жатыр, Айналма, түзуi.... қолда тұр. Абайла, абайла, абайла, Ажал ма алдыңда...жолда тұр.

Адассаң жiгiтке ол да мiн, О, Алла пендеңдi қолдағын. Беттедiң қай жаққа, ал өзiм, ...Мәңгiге апарар жолдамын.

НЕТКЕН ҚАЙҒЫ, НЕТКЕН МҰҢ

Неткен қайғы, неткен мұң, Жан жүйкемдi жүндей түткен өткен күн. Баяғыда осы ауылдан мұңайып, Елден жырақ қайғы арқалап кеткенмiн. Өзiмдi iздеп кетпесiме болды ма, Қу көкiрек шерге қайта толды ма. Маған тағы не дер екен тыңдайын, Менi алысқа алып кеткен жол мына. Сол баяғы он алтыншы көктемнiң, Сұлулығын жалғыз iздеп кеткенмiн. Сенi кейде сағынамын есiме ап, Жан жүйкемдi жүндей түткен өткен күн. Әлi ешкiмге айтқан жоқпын сырды бұл, Көз алдымда тұрды көктем, тұрды гүл. Қара түнде оянып ап ұйқымнан, Өзiңдi ойлап отырамын мұңлы қыр.

Сырын ұғам деп кетiп ем ғаламның, Мен де бәлкiм мұңлы жыр боп қалармын. Жалғыз тұрмын, азынайды суық жел, Моласында менiң ғазиз анамның. Айта алмадым оралмаймын, күтпе деп, Өкпе-нала көкiрегiмде түк те жоқ. Менi өсiрген қайран ауыл артымда, Көз ұшында қала бердi-ау нүкте боп.

ЕСIЛ ЖЫЛДАР

Өткеннiң алуан түрлi сұрақтарын, Жасырдың неге менен қыраттарым. Өкпелеп қалған қыздай үнсiз ақты-ау, Сыбырлап сыр айтатын бұлақтарым. Жолымды кесiп өттiң неге менiң, Жырымды ақ жаңбырдай төгер едiм. Тiзiлген тырналарды қимай жатты-ау, Сырларын iшке бүккен төбелерiм. Кеткенмiн сағынған соң шыңды дара, Төбемде жарқыраған күндi қара. Түсiме жиi енедi соңғы кезде, Баяғы анам жатқан мұңды мола. Ана бұлт жаумай өткен несiн бұлдар, Түбiнде ұлы жырдың көшiн тыңдар. Ессiз күннен бiр белгi қалдырмастан, Ес жиғызбай барадыау есiл жылдар.

ҚАЙРАН АНАМ

Бұлбұл ма таңда бiр сәт сайрамаған, Жiгiт пе елiн-жұртын ойламаған. Дүниеден баяғыда өтiп кеткен, Есiме түстi бүгiн қайран анам. Есiме түстi менiң асыл анам, Бiздердi баққан-қаққан, асыраған. Жан баласын жатсынбай дүниеге, Мейiрiмi шуақ болып шашыраған. Өмiрден өттi солай ғашық адам, Қиындыққа, жоқтыққа жасымаған. Қара жолда баратып қоңыр кеште, Есiме түстi тағы асыл анам. Екi дүние арасын салмақтаған, Дүниеден өттi-кеттi ардақты адам. ...Аманатын арқалап ғарiптердiң, Ғұмырын мұңлықтардың жалғап барам.

ЕСКЕ ТҮСТI...

Еске түстi ертегi апам айтқан баяғы, Менiң өмiр сапарым жер ортаға таяды. Тiрлiк болды, бұл өмiр ештеңе де ұтпайтын, Қайран анам, жан анам, бiр сәт естен шықпайтын. Ескi бейiт, ескi ауыл, кеткем бәрiн қалдырып, Иiнағашпен су алып, иығыңды талдырып. Қара көзiң жасаурап жолға қарап тұрдың ба? Алма ағаштың түбiне, текеметтi төсетiп, көрпешеңдi салдырып. Қия алмадым қайтейiн Алматының жаңбырын, Маңдайыма жазылған дәл осылай тағдырым. Ассалаумағалайкүм, ей, тәкаппар қарлы шың, Әкем бата берерде, анам айтқан баяғы, Ғайыперен қырық шiлтен, шылауымда бармысың.

Бос болмаса шынында бүгiн менiң шылауым, Ендi қалған ғұмырда мүмкiн емес жылауым. Әлдекiмнен әлдене мүмкiн емес сұрауым, Маған да ептеп ауысты-ау шашыңдағы қырауың. Қара өлеңмен ауырған, қара балаң баяғы, Солатұғын қырдағы гүлдердi де аяды. Қайырылмаған артына қайран анам, жан анам, Менiң өмiр сапарым жер ортаға таяды.

ОҢТҮСТIК

Бас бұрма жаным өсек-ғайбатқа бораған. Төлеген Айбергенов Өлiлердiң өресiнен жоғары, Өлеңiмдi жан түсiнген жоқ әлi. Бақытжан Алдияр

Шымқаланың елеусiздеу кафесiнде отырмыз, Ескi әйнектi төпелейдi ақ жаңбырлы соқыр күз. Талайлардың өр екпiнiн мысыменен басатын, Ал жанымда ойға батқан, арманы асқақ жас ақын. Мына кiрбiң жап-жас болып қабағыңда тұр қайдан, Бiлем, бiлем алдыңда әлi қатал сынақ сұр майдан. Жан-жағыңнан шырмап алған сайқалданған саясат, Ақылды дос ерiп кеткен ақындықты қоя сап. Жарқ-жұрқ еткен жарнаманың құны саған көк тиын, Көк тиындық жарнамаға бұл қоғамда жоқ тыйым. Кешегi өткен Шәмшi менен Төлегеннiң соқпағы, Дәл өзiңдей бiр ұланды қаншама уақыт жоқтады. Жиырма үшке де жете алмаған Саттарханов, Саттарлар, Өмiрбай мен Танабай боп талай жерде тапталды ар. Екi көкем Тоқаш пенен Тәкендерге табынған, Қаныбек пен менiң досым Мәукенұлын сағынған. Бейбiт кезде Отан қорғап тобығынан қан кешкен, Қаратаудың бiр қызына ғашық болып танды естен. Тiптi, тiптi кей сәттерi Мәжнүн бола жаздаған, Досы түгiл, жауларының кемшiлiгiн қазбаған. Жұлдызды аспан, жауһар жырлы, айналайын саз ғалам, Көкiрегiнде намыс оты қаршадайдан маздаған. Жүрегiнде Кенесары, Наурызбайдың жорығы. Жетi үңгiр, Монтайтас пен Қалдақ баба қорығы. Жақпар тастар арасында алқына аққан Ақпарақ,

Шарапхана, Ақкөйлекте бiрге жүрген ақ тамақ. Ғайыперен, қырық шiлтен, Жаңабазар, Қарабау, Атшабардың жазығында бiр шабуға жарамау. Азартеке ойпаң құзы, Қызылқия, Көкiбел, Сан ғасырлар күткен ұлым Ақпан батыр осы дер. Кәпiрзада жонында анау, Итөлгеннiң соқпағы, Жiбек жолмен көш кеп қанша Айнатасқа тоқтады. Алтын төбе, сұлу Өгем, Тамшыбастау, Жарбастау, Бекзат төбе, Керегетас, Суықбастау, Көлбастау. Қайынбай сай, Ақбурада берген сәтте таң қылаң, Құндыз қайыр, көкемарал, киiкоты аңқыған. Дүниеге сен осындай топырақтан жаралдың, Ақбастаудан тармақ-тармақ өлең болып таралдың. Түсiңе ендi алыстасаң Сансыз баб пен Отырар, Рабат пен Күбiқұдық, Қақпақтағы шоқылар. Тектi туған сары баласы, сонау сырлы Тұрбаттың, Бұл-бұл ұшты-ау, жанарымнан алаңсыз шақ, қымбат күн, Себебi мен өтiп кетiп, қайырылмаған жылдарға, Көз жасымды сенiң мұңлы жырларыңмен құрғаттым. Талай-талай қимасымды, сыйласымды ұрлаттым, Дос деп сенiп дұшпанымды басты шұлғып тыңдаппын. Кейiнгi ұрпақ iшiнен бiр iнiлерi табынар, Қатар жүрген тентек бiткен сап тыйылар, бағынар. Кей кездерi жалғыз атты Сыздық сұлтан секiлдi, Бақытжанның Алатаудай асқақтығы тағы бар. Асыл iнiм алысты ойлап аламаннан ат қайтқан, Қайта тумас Жұмағам мен Ғафекемдi жатқа айтқан. Жалғыз кетiп бара жатып ойлай-ойлай бiрақ та, Жауап таппай шырмап алған шырмауықтай сұраққа. Көп қарадым орда бұзар отыз қалған ойпаңмен, Қамал алар қырық қалған беткейдегi қыратқа. Мең бар едi құлай сүйген асылымның бетiнде, Кездескен кеш алыс қалды Күреңбелдiң шетiнде. Досым сатып, көп таныстар кеткен кезде жалтарып, Тек сен ғана қорғап жаздың басылымның бетiнде. Қайырымсыз шулы қала... жалғызсырап қалар деп, Сенiң досың хабар алып тұрады ылғи Жанарбек.

Ақ шымылдық тәрiздi аппақ сырылмаған Сырың бар, Көлеңкеңдей қасыңнан бiр қалмайтұғын мұңың бар. Тебiренетiн ұлы дала, жетедi ертең бiр әнiң, Қазығұртын қимай жүрген көк бөрiдей қыраным. Достан безiп, оңашалау солай өмiр сүрдiм мен, Талай даудың ортасында жалтақтамай тұрдым мен. Мұңлық-Зарлық тәрiздi-ай, соқыр, мылқау қоғамға, Мұң-зарымды жаспен жазған өткiзе алмай жүрдiм мен. Рух үшiн ұлы майдан... ғасырлармен жұлқысқан, Баба түктi шашты Әзiз, Арыстан баб, Түркiстан. Ұлы Оңтүстiк атамекен, топырағым, киелiм, Тұла бойда жалғыз тамшы қан қалғанша сүйемiн. Адамдарың мәңгi байлық, сарқылмайтын қазынаң, Қуат алып ғұмыр кештiм Бақытжанның сазынан. Етек жауып, ес жиғанда айтқан жалғыз базынам, Өңi жап-жас, ал зейiнi, жүз жасаған қарт тұлға, Поэзия зор сенiмiн қағiлездеу артты ұлға. Қара балаң не көрмедi, айналайын Оңтүстiк, Оның тартқан тақсыретiн сары балаңа тарттырма! Ақын түгiл, адамдар бар аямайтын әкесiн, Шымқаланың қимай қарап тұрдым бiр сәт кафесiн. ... Еске салып поезд жүрдi, шаруа жайын, бас қамын, Ал перронда қолын бұлғап, қала бердi жас дарын.

ҚҰБЫЛЫС

Алатаудың етегiнде бiр қала бар ғажайып, Ұлы ақындар сол шаһарда бара жатыр азайып. Жыр оқитын ортамызда тау суындай сарқырап, Көрiнбейдi сол бiр ақын ақ дидары жарқырап. Ал бүгiн ше, сол Алматы, сол айқаспен, сол майдан, Қалқып ұшқан қыраным-ай, Ақшығанақ, Торғайдан. Әр қайталап оқығанда, әр жолыңнан сыр ұғам, Қара өлеңнiң көшiндегi қайталанбас құбылам. Бұл жалғанға екi келмес ер жiгiттiң сұлтаны, Жауһарыңнан ғасырларға шашырап тұр шұғылаң. Пiр тұтып ең алдыңдағы Ғафу, Сырбай, Қасымды, Сағыныштан көздiң жасы моншақ болып шашылды.

Ортамызда жыр оқыған сырахана баяғы, Алматының көшесiнде көзiме оттай басылды. Қыз-жiгiттер қол ұстасып сауық-сайран құратын, Есiне алып күрсiнгендей жұлдыз аққан мына түн. Сарыарқаның даласындай жаратылған ерекше, Абылай аспас сары белден, асқан ақын, ұлы ақын. Тұрады өмiр жауабы жоқ неге мұңлы сұрақтан, Алашыңа сендей тағы керек боп тұр бiр ақ таң. Жан сырыңды тыңдап кеше Мұқағали мұңайса, Гауһар жырың қайта оқыған жас аруды жылатқан. Өлеңiңнiң сырлы сазы сан толқынды толқытқан, Шыңыраудай тереңдiгiң жауларыңды қорқытқан.

Тәнiңдi алып, әнiңдi алып ұшақпенен қаңтарда, Арқалыққа бiр қаралы ең соңғы рет жол шыққан. Нәзiк жанды, ерке мiнез, бөлек бiтiм тектiм-ай, Соңындағы екi ұлына мейiрiмiңдi төк құдай. Артыңа ерген бозбала едiм арасында тобырдың, Табындырып, сағындырып тым ертерек кеттiң-ай. Мынау елiң аңсады ғой, шын сағынды даусыңды, Қайран ақын дәм-тұзың да неге ерте таусылды. Қылшылдаған қырық екi жасқа толған шағыңда, Қасиеттi туған жердiң топырағы қаусырды.

Содан берi жүрек сыздап көктем келiп, жаз өткен, Құбылысты елемеген билiкке бар, наз, өкпем. Он жетi жыл эфирлерден естiлмедi дауысың, Он жетi жыл жаңа жырың көрiнбедi газеттен. Шет-шегi жоқ, сағым жүзген өнiп шығып өртеңнен, Қызыл заман шылауында кеткендерден жеркенген. Есiн алып ескi белдер,

ескi ауыл, ескi сөз, Ол ұлттың ақыны едi, өзегi ерте өртенген.

Есiме алсам көкiрегiм қайғы-мұңға толатын, Жазушылар одағына оралмады сол ақын. Дала жырын аспандатып, құбылыс боп тербеген, Ол Кеңшiлiк Мырзабеков болатын.

  • *

Сәби болғым келедi... Мұқағали

Осында қалған келмеске кеткен күндерiм, Жұлдыздар аққан, нұр шашқан айлы түндерiм. Қиялмен ғана оралатыным өткенге, Жан жүрегiмдi ауыртып қазiр жүр менiң. Осында қалған алаңсыз күлкi, балғын шақ, Ұмыттыра алса, шөп жина сосын шалғын шап. Жүзiңе тура қарай алмайтын, несi айып, Баяғы ұяң қара көз қызды жар қылсақ. Алаңсыз кезге оралсам шiркiн бiр күнге, Ақ бұлағыңмен жарысар сәби күлкiм де. Олай болуы алайда оның мүмкiн бе, Сәби қалпыма келсем-ау шiркiн бiр күнге. Оралсам шiркiн арылып бiр сәт мұңымнан, Жүгiрiп түссем құлдыраң қағып қырыңнан. Тартып ойнаған бала боп тентек бұрымнан, ...Көрiнiп тұрса барлығы соның жырымнан.

Тартып ойнаған бала боп кетсем бұрымнан, Шапқылап жүрген аумайтын анау құлыннан. Он беске әлi толмаған сол бiр аруға, Қызғалдақтарды сыйласам жаңа жұлынған. Осында қалған келмеске кеткен күндерiм, Жұлдыздар аққан, нұр шашқан айлы түндерiм. Қиялмен ғана орала аларым өткенге, Жан жүрегiмдi ауыртып қазiр жүр менiң.

ТАРАЗЫНЫҢ БАРЫ АНЫҚ

Ұлтына сай болар, Бiр ұлың ем далалық. Жан дүниеңдi қайғы алар, Топырақтан жаралып. Кiсi өлiмi.... бұл кiм дер, Елiм тағы дүрлiктi. Бағаламай жүр кiмдер, Бес күндiк бұл тiрлiктi. Қалтырайды жапырақ, Су сұрайды топырақ. Тiтiркендi-ау атырап, Түсiнбейдi ақымақ. Сыртымыздан күлгендер, Сырларыңды бiлген бе ел. Ит боп елге үрмеңдер, Отпен ойнап жүргендер. Не боп кеттi айнала, Не боп кеттi, қарағым. Киесiмен ойнама, Мынау Ұлы Даланың. Шашы ағарған сорлы ана, Бар қайғыңды талдармын. Тiлiн, дiлiн қорлама, Кешегi өткен шалдардың. Барлығында берген Сiз, Қабырғама батады. Дiнiн сатқан көргенсiз, Баласын да сатады.

Анасын да сатады, Даласын да сатады. Қаласын да сатады, Данасын да сатады. Арын биiк сақтаған, Алашорда атылған. Көше бойы қаптаған, Ару қыздар сатылған. Мықтап алған күзетiн, Қызға көзiн сүзетiн. Азаматтар қор болды-ау, Тепсе темiр үзетiн. Бiр көрмедiк iзетiн, Қызғанбаймыз күзетiн. Мекемеңiз бiз емес, Кемшiлiгiн тiзетiн. Ел үмiтiн артатын, Кеттi жырлар таралып. Түбiнде бiр тартатын, Таразының бары анық.

ҚАЗАҚ, ҚАЗАҚ...

Қазақ, қазақ дегенмен, Сан қашырды-ау ұйқымды. Құс ұшырып төбемнен, Өзiмiздi жұбаттық, ...«Керуен көштi, ит үрдi». Жалғыз шыққам елден мен, Кеттi бәрi, дос сатты. Мұң-наламен шерленген, Қара көзiм боталап, Қу көкiрек бос қапты. Анам бейбақ күрсiнген, Жүрегiмде, ойымда. Туған жерден нұр сiңген, Қажымайтын, талмайтын, Тылсым күш бар бойымда. Мазалар бұл жай кейiн, Күшiк берiп, кит тосқан. Қазағым-ай қайтейiн, Жақсысының соңынан, Қақпан құрып, ит қосқан. Серкелерiм сұлтандай, Пышақталып кетiптi-ау. Жiгiттерiм ұлтандай, Отын жарып, күл тасып, Ұсақталып кетiптi-ау.

Ажал ма екен жаза аты, Парықсызбен тiрестiм. Ғұмыр бойы қазақы, Сахараның киелi, Рухы үшiн күрестiм. Емексiтiп алдайтын, Ғазиз өлең бiр ғана. Көлеңкедей қалмайтын, Елiмдi ойлап қажыған, Мәңгi серiк мұң -нала. Бұл пәниде жыр азық, Алтын елiм, өз елiм. Рух iздеп құлазып, Жел өтiнде жарығым, Өртенiп тұр өзегiм. ҚАР ЖАУЫП ТҰР немесе ақын Дәуiтәлi Стамбековтi еске алу Өтсiн қанша көктем келiп, күз мейлi, Ұлы Дала бiр үмiтiн үзбейдi. Ерте өткен менiң асыл ағамды, Тоқырауын толқындары iздейдi. Қайран Дәукем жанарыма жас келдi, Сүйдiң сен де артыңа ерген жас төлдi. Арқа жақтан Серiк досың келдi iздеп, Ұрпақтарың Алматыда ас бердi.

Сый-сыяпат көрмей кеткен асылым, Өр көңiлiн бермей кеткен асылым. Көше ақыны едiң сен де аяулы, Келе жатыр сенiң нұрлы ғасырың. Асыл ақын, ардақты ақын, дүр ақын, Жыр мұнара соғу едi мұратың. Сарыарқаның сары белiнен асып кеп, Қазақфильм ауданында тұратын. Бал өмiрдi жүрегiмен сүйгенмен, Махаббаттың алауына күйгенмен. Басқаратал жақта жатқан аруақтар, Ақын ұлы өткен кезде күйзелген. Сенi iздейдi жұлдыз аққан айлы аспан, Айлы аспаннан мынау бiздiң қайғы асқан. Қар жауып тұр көңiлiндей Дәукеңнiң, Алматыда қар жауып тұр қоймастан.

Жүрегiмде батпан-батпан жатыр мұң, Алдымдағы ағаларға бас ұрдым. Қар жауып тұр ұлы қазақ жерiне, Көңiлiндей Дәуiтәлi ақынның.

БЕКЗАТТЫ АҢСАУ

Тарихын қастерледiң атыраптың, Сыбдырын сүйдiң жасыл жапырақтың. Мен-дағы баласы едiм сол киелi, Сен туған қасиеттi топырақтың. Мойныңа орай алмай бiлегiн де, Жасырған махаббатын тiлегiнде. Тамшы жас боп төгiлiп жанарлардан, Арулардың қалдың сен жүрегiнде. Алашты аспандаттың есiмiңмен, Арман ән үзiлмейдi бесiгiңнен. Мен бүгiн әрбiр үнге елеңдеймiн, Күлiмсiреп енердей есiгiмнен. Түркістан. Құлатай ата мешітіндегі ой Игілік қой нұрын құйған санама, Асау жылдар бәрін бүгін сарала. Ерлігіңді естен кетпес осынау, Түркістаның ұмытпайды, жан аға.

Арайланып ата берсін ақ таңдар, Аламанда бәйге бермей шапқандар. Бұл қазақта көп емес қой жарқыным, Жалғыз келіп мешіт салып жатқандар. Талай жайсаң ізсіз-түзсіз жоғалды, Ойлай берем, жаза берем соларды. Бабалардың асқақтатып рухын, Жан Өс-ағам туған жерге оралды. Екі қызың қыратта өскен екі елік, Қос қанатың екі ұлды айтып кетелік. Өскенбайдай ер нағашым оралды, Игіліктің мәртебесін көтеріп. Көздің жасы бүгін ғана құрғадың, Местің ерке бұлақтарын жырладың. Атасымен анасының қасында, Мәңгілікке ұйықтап кеткен Біржаның.

Шексіз сүйдің туған жердің ағашын, Терең білдің азаматтың бағасын. Осы көктем шақырғанда менімен, Қарауылға бірге барған нағашым. Арайланып алтын таңы атқан жер, Өскенбайдай ардақтымды тапқан бел. Кешегі өткен ағайында жігіттер, Құлатай мен Байкенжелер жатқан жер. Әжелердің екі иығы талған жер, Әкем күйеу болып кеше барған жер. Қалғып кеткен намысымды ояттың, Менің сәби балалығым қалған бел. Мені бүгін тебіренттің, тербеттің, Бабайқорған, Игілікте ер жеттім. Өткен өмір нағашы жұрт толқытып, Ақ жаңбырдай жырларымды селдеттің.

Өтебике келін болып түскен жер, Бұлағының анам суын ішкен жер. Мені өмірге алып келген бір қызың, Жауғаштылар аттан мәңгі түспеңдер!

  • *

Балалықты ендi тастайық, Естiсiн сүйдiм жардың мен. Қара жолдарда қасқайып, Қайғыммен жалғыз қалдым мен.

Көңiлге қамзау болмады, Сағыныш хаты жеткенмен. Тiрлiкке көңiл толмады, Сендерден ұзап кеткенмен.

Жолдарға жолдар жалғасты,

Кездестi жандар достасқан. Ал мынау қыр ғой алғашқы, Махаббатыммен қоштасқан.

Ыза жер баспас жасқанған, Килiкпес жерге килiктiм. Топастар елдi басқарған, Жек көрiп кеттiм билiктi.

Ауырлау дертiн сол күздiң, Көрерсiң өзiң саралап. Көз жасы, ұяң сол қыздың, Жанымды кеткен жаралап. Көнбедi көңiл қақпайға, Қаншама мұңға килiктiм. Ақындар бақыт таппай ма, Сойылын соқпай билiктiң. Жырларымды оқып белеңге, Қайғыммен өтiп барамын. Елеусiз келiп өлеңге, Елеусiз кетiп қаламын.

ЖАН БОТАМ

Асылына балаған, Әлпештеген жан анаң. Аққуымсың, қазымсың менiң. Ай нұрынан жаралған, Бiр өзiңде бар арман, Сағынышым, сазымсың менiң. Бақытымсың, жан ботам, Жақұтымсың, жан ботам. Ғұмырымның мәнiсiң, қызым, Елшiл боп өс, жан ботам, Жершiл боп өс, жан ботам, Анаңның сен әнiсiң, қызым. Нұрлы өмiр сүр, жаным, Сырлы өмiр сүр, жаным. Жетелесiн ұлы ағын, ботам. Сүйсiн туған құба бел, Биiктерге шыға бер, Тартылмасын бұлағың, ботам.

ТӨРТ МЕЗГIЛ

Мына жолдар барады ағып көктемге, Ешқашан да оралмайды ол өткенге. Жете сала өте шығар жазды iздеп, Мұратына бiздей ол да жеткен бе? Құлақ түрiп бұлақтардың назына, Құлақ түрiп аққулар мен қазына. Күзге қарай басталады сапары, Жеткеннен соң қызығы көп жазына. Күзге жетер жапырағы сарғайған, Сағыныштан үзiлердей талмайды ән. Ары қарай қысты iздеп жан-жақтан, Тарау-тарау жол шығады шалғайдан. Аппақ қарға оранғандай шартарап, Көктемдегi аманатты арқалап. Қысқа жетер сақылдаған аязы, Күзден қашқан қара жолдар анталап.

Қыстан кейiн көктемдi iздеп жол шығар, Ырыздығы жолаушының мол шығар. Төрт мезгiлден тұратұғын, аяулым, Бұл өмiрдiң бар қызығы сол шығар.

  • *

Бес күн тiрлiк... жеткiзбейдi мұраттар, Анталайды шешiмi жоқ сұрақтар. Адамдарды әлдеқайда асыққан, Алып қалып жатыр мұңлы қыраттар.

Жұмбақ сестi сезiнесiң моладан, Ей, жолаушы, абайлап жүр, бол аман. Алып қалып жатыр, әне бiртiндеп, Адамдарды ақ кебiнмен ораған.

Өмiр солай... кiмге бүгiн сын тағам, Айту үшiн менi осында жұмсаған. Жақсы менен жайсаңын да кешегi, Төмпешiк қып топырақпен қымтаған.

  • *

Бар ғұмыры тұратын махаббаттан, Махаббат пен аяулы шапағаттан. Әбiш ақын, Әбiш дос, Әбiш құрдас, Қарғыба мен Базардай қатар аққан. Өмiр жолы бiрде жаз... болар ақпан, Қозы бақтық, қашпадық қол орақтан. Тарбағатай тауларын бiр айналып, Ақсуатты өзенсiң орап аққан. Бiрге болды жарымыз аялаған, Қиын кезде құшағын саялаған. Қырық тоғыз көктем жаз, өттi бастан, Ақын ғой деп бiздердi аямаған. Жер апшысын қуырып тiтiреген, Елiң отыр өзiңнен күтiп өлең. Ана сүтiн ембестен туа салып, Ауыздандың түйенiң сүтiменен.

Жерiмiз кем бiздердiң артық кеткен, Сыйлаған жоқ бақытты жарытып көктем. Өлеңдегi сезiмтал, шыдамдылық, «Жершiлдiгiң” түйеге тартып кеткен. Аман-есен той тойлап жатқан бақыт, Бiр белестен асатын шақты аңдатып. Ақ борандай жырларың соға берсiн, Келген ақын дүниеге ақпандатып, Сан сырласқан туған жер, жылғасымен, Бөлек шапқан бiр өзiң бiр ғасыр ең! Тарбағатай төсiнде Шалторыдай, Аламанға ат қосқан құрдасым ең. Жаралғандай жырларың көрiк нұрдан, Шайқалмасын шаңырақ берiк құрған. Қырық тоғыз жол жатыр соңымызда, Қарсы алайық көктемдi келiп тұрған.

КӨТЕР ДОСЫМ КӨҢIЛДI

Биiктердi арманда, Сен деп соқты жүрегiм. Жарқылдап жүр жалғанда, Жаным осы тiлегiм. Көтер досым көңiлдi, Жас кезiңде еркiн жүр. Екi келмес өмiрдi, Мендей сүйiп серпiл бiр. Ән салайық досым-ау, Биле, сергiт көңiлдi. Менше сүйшi осынау, Гүл жайнаған өмiрдi. Ұлы мақсат көздеген, Бiр кезiгер бұлаққа. Қиындыққа төзбеген, Жете алмайды мұратқа. Сай келмейтiн өлшемге, Уақыттың сал өрнегiн. Жүрегiңдi берсең де, Намысыңды бермегiн. Бiрге бәрiн өткiздiк, Сағынамын мен сенi. Жеткiзбейтiн шексiздiк, Достығымның өлшемi. Жанардағы шық қандай, Кездеспей жүр қанша адам. Қарсы алдымнан шыққандай, Балалығым аңсаған.

Сұлулығын бiр сөзбен, Айта алмассың гүлдердiң. Тылсым сырын кiм сезген, Жұлдыз аққан түндердiң. Балбыраған жүзiңнен, Көрдiм нұрдың тұрғанын. Тыңда көкте тiзiлген, Сағынышын тырнаның. Сүйдiм асау өзенiн, Бал ғұмырдың саздарын. Ата-баба кезеңiн, Туған дала қаздарын. Серiк етiп сезiмдi, Жете алмай қалғандар. Бұл дүниеде өзiңдi, Алдамасын армандар. Еске алып сол шақты, Тоғысқандай тiлектер. Көрiп тамған моншақты, Елжiрейдi жүректер. Бiрге өткiзген бiр күн-ай, Сезiмдердi тербейдi. Балалық шақ шiркiн-ай, Қайта айналып келмейдi.

ӨМIРБАЯН ОРНЫНА ЖАЗЫЛҒАН ӨЛЕҢ

Тамыздың туылыппын төртiнде мен, Сырым көп сендерге әлi шертiлмеген. Қолды сiлтеп кетiп ем барлығына, Қайтадан Алматыға келтiрдi өлең. Иттей талап, шеттеттi, қақпайлады, Жан дос деген жақыным сатты айлалы. «Iшкiш, жүргiш, жазғаны түк емес”,– деп, Жоғарыға жалалы хатты айдады. Эфирлерден ән болып естiлмедiм, Тым кеш сездiм есiмнiң кеш кiргенiн. Шынымды айтып, шырылдап, шырқырап ем, Сырларыма сенбедi ешкiм менiң. Қатты батты, жаныма сенбегенi, ...Шыр айналды уақыттың дөңгелегi. Бақытсыз көп ақынға қоса салдың, Айырбастап бiреуге сен де менi.

«Ешкiм жаза алмайтын”,– жырың бар деп, Шылауыма оралып, шырылдар кеп. «Ғайыперен, қырық шiлтен” алдамайды, Өзiмдi-өзiм алдаймын шыңым бар деп. Боратқан етектегi есектiлер, Күн сайын жүрегiмдi, өсек тiлер. Жетiмдерге қайырым жасап едiм, Күлiп жатты сыртымнан есептiлер. Итпен жылдас, айлас боп арыстанмен, Дүние екi келмейдi алысқанмен. Алматының аяулы кештерiнде, Талай-талай жүрсем де данышпанмен. Күншiлдiктiң апыр-ау, сыры неде, Топ-топ қазақ... бастары бiрiге ме? Алыс ауыл, мен сенiң үмiтiң ем, «Ақтадың”,– деп айтпайды бiрi неге.

Бiрi айтпады-ау, жылы сөз шiркiндердiң, Жылап тұрып... тұлпардай сiлкiнгенмiн. Ей, пенделер, сендерден жерiген соң, Жалғыз барып бейiтке күрсiнгенмiн. Сезгем нұрлы жанымның тазарғанын, Бiзден кейiн шыққандар... жазар бәрiн. Қарайлама артыңа, қайран менiң, Ақ сапарға аттанған ғазалдарым.

ШҮБЕРЕК

Тым алыста қалған сол үмiтi едiм солардың, Адам көркi шүберек, шүберекке орандым. Бақ пен тақтан сен түгiл патшалар да жеңiлген, Үш-төрт кездей шүберек әкетерiң өмiрден. Байлық жақсы-ау, бiрақ та, ойлан-ойлан жас ұрпақ, Өнерiне елiңнiң қарамашы тосырқап. Көңiлiңде не барын бiле бермен сенiң мен, Бiзден бұрын өткеннiң бәрi ажалдан жеңiлген. Бар өмiрi адамның шүберекке тәуелдi, Шүберектен тiгiлген портфелiм де әуелгi. Неге, неге ұзадым бұлыңғырлау бүгiннен, Шүберектен алғашқы иткөйлегiм тiгiлген.

Адам көркi шүберек, шүберекке орандым, Жанарыңнан үзiлер бiр тамшы жас болармын. Екi-ақ сөзбен бағалар, қайран асыл ағалар, Шүберекке оранып талай жайсаң жоғалар. Кетiп жатыр ар жаққа, толқын-толқын қайық боп, Үш-төрт кездей сұрыппен жайсаңдарым ғайып боп. Кетiп жатыр, кетедi үш-төрт кездей сұрыппен, Қазақ дейтiн ұлы жұрт тастап кеткен ғұрыппен. Парығына жете алдым, лақаттың ба ненiң мен, Кетедi адам үш-төрт кез аппақ түстi кебiнмен. Мұзды шайна, отты жұт, шыдамасаң шоқты аса, Ел деп соққан бейкүнәм талып барып тоқтаса. Естiлмесе кеудемнен жүрегiмнiң дүрсiлi, Шүберекке оранып кетiп қалсам бiр күнi. Кешiрiңдер қайран ел,

қардай аппақ арым бар, Шүберектi көргенде менi де еске алыңдар.

ТУҒАН АУЫЛДА

Осы ауылдың бiр кезде өндiрi едiм, Өткендi ойлап жан-жаққа телмiремiн. Арманшыл ем, пәк едiм, алғаш рет, Осы ауылда өлең боп мөлдiредiм. Түрлi-түрлi басымнан көшiп көктем, Адамдық тағдырымды шешiп кеткен. Жанашырлар ертерек мәңгi ұйқыға, Анау қырға қоштаспай көшiп кеткен. Бар қайғысын сол мұңлы бөлiп қырдың, Қасқа жолмен көшеңе келiп кiрдiм. Жүз жылдық сағыныштың сазыменен, Туған ауыл оралып келiп тұрмын. Жапырағы желге ұшқан күз не дейдi, Не ой салар мына өлең сiзге мейлi. Елегiзiп әлдене күтетұғын, Бұл ауылда менi ешкiм iздемейдi.

Тоғай мынау ойнаған баяғыда, Анам қайта құшағын жаяды ма. Жаутаң қағып топ бала қарай бердi-ау, Бейтаныс жолаушыны аяды ма?

Алла бiлер қаншаға шабарымды, Алдан қандай жақсылық табарымды. Туған ауыл өзiңнен ұзап барам, Жасаураған жасырып жанарымды.

  • *

Қол бұлғап қалды артымда бозбала кездiң аспаны, Алыстап кеттi-ау ақырын махаббат дәурен дастаны. Көзден кетсең де көңiлден кетпей бiр қойдың қайтейiн,

Алматы жақта кездескен бала қыз он бес жастағы.

Үзiлмей тұрған үмiттiң сәулесi суда ойнаған, Қаратау қарт пен айбынды Алатау болып ойланам. Досым деп бiлем сендердi өткен-кеткенге қарамай, Жердегi барлық адамдар адалдықтарын жоймаған.

Төредей ойлар төбеден туған бiр жаңа айға ұқсап, Өткен түн кеттi көңiлге бал дәурен шақтай қайғы сап. Жалғанның жалған екенiн бiлетiн досым аңқылдап, Кездескен сәтте сызданбай бiр жүрген кездей жай құшақ. Қайғысын жүрмiн көтерiп осынау сырлы ғаламның, Бiр сәуле көрдiм көзiнен өзiмнен туған баламның. Жүрегiм қан боп жылады-ай, қымбатым едi жалғанда, Үлгiлiдегi* қалқиған бейiтi ғазиз анамның. Төбемнен өттi түстiкке тiзiлiп қанша тырналар, Жабықсаң жалғыз бауырым жылқышы аққан қырға бар. Есiнде қалмай ешкiмнiң елес боп кетсем бiр күнi, Есiңе ал менi жағаңда асыр сап өскен жылғалар.

Перзентi едiм мен-дағы сағымы жүзген даламның, Тырнама бетiн бауырым сыздап бiр тұрған жарамның. Есiңде қалсам қалам мен қызғалдақ өскен Күреңбел, Құдiретiмен жыр жазған қағазбен мынау қаламның. Есiрiк жылдар серiк боп ешкiдей жалтақ ептiге, Жанарым талды-ау кеткен мен өткендер жаққа көп тiге. Түтiп жегелi тұрғанға тентек ұлыңды өзiңнiң, Тектi жер, тектi топырақ бермессiң түбi тепкiге. Өзiңде өскен елiктен сырларын бүккен ормандар, Мен құсап әбден сағынып, бәрiне шыдап болғандар. Бiздiң ғұмыр бұл сарғайған желге ұшар сары жапырақ, Жапырақтарыңды соғатын қара дауылдан қорғаңдар...

АНА БЕЙIТIНДЕ

Пәни мен бақиды ойлап жабырқаңдар, Пендеде мұрсат бар ма қабiр таңдар. Бабайқорған мүлгидi ақсұр бейiт, Жанымда әкем, сосын Садырхан бар. Ажал кеп ақ кебiнге оранғалы, Жан анам үйге қайтып оралмады. Алатау асып кеткен ақын ұлы, Өзгелердей атақты бола алмады. Бола алмады болам деп талпынғанмен, Қоғамға қарай бiлдi салқын қанмен. Ғасырмен бiрге келген жұмысы аз, Ұлтқа қатысы жоқ жарқылдармен. Өкпелеп табансыздау ағасына, Iнiсiне жармасқан жағасына. Күндiз естен шықпайтын, түнде түстен, Келiп тұр анасының моласына...

Бiр кезде шулап жатқан ормандай ем, Орманға өзiң пана қорғандай ең. Сырт көзге көрiнсем де бақытты боп, Мен сорлы о бастан-ақ сормаңдай ем. Түсiме ендiң сәтте сан жылаған, Тағдыр деп мұңын шақты жаңбыр оған. Бiлем ғой, бiрақ мына сағыныштан, Қайтемiн жүрегiмдi қан жылаған. Қараша үй ашылмаған түңдiгiм-ай, Ұрлаған жылды жыл-ай, күндi күн-ай. Құран оқып болған соң күйбең қаққан, Жайымды сездi-ау әкей, мұңлығым-ай.

Жел тұрса жапырақтай орманда ойнар, Ойсызға жердiң бетi толған тойлар. Ананың аманатын естiмеген, Аз ба екен арамызда сормаңдайлар. Ей, бейбақ, аруақты еске ал, жет басына, Өмiрде өтер-кетер көп тасыма. «Жан апа ана болса сендей болсын», Сөзiм бұл ойып жазған көктасына! Пәни мен бақиды ойлап жабырқаңдар, Пендеде мұрсат бар ма қабiр таңдар. Бабайқорған мүлгидi ақсұр бейiт, Жанымда әкем, сосын Садырхан бар.

КӨШЕ АҚЫНДАРЫ

Көше ақындары, көше ақындары арғымақтары даланың, Алшаңдай басып келе жататын тротуарында қаланың. Бiлмейдi оны бүгiнгi мынау тәртiбi жақсы жас ақын, Мен көрген сол бiр көше ақындары шараппен шөлiн басатын. Зар кезеңдер мен тар кезеңдерде қазақты олар сатқан жоқ, Көше ақындары жер астында да тып-тыныш ұйықтап жатқан жоқ. Өмiрде сол бiр көше ақындары жеңiлгендер жақта едi, Көз жасыменен топырақтарға көмiлгендер жақта едi. Олар хақында сөйлейдi өксiп, өкiнiп кейде шаттанып, Мұңлықтарымнан мұра боп қалған сыр шерткен ескi дәптерi. Жабығып жалғыз бейiтке барар үн-түнсiз жап-жас жесiрлер, Еркелiктерiн кешiрдi ел, ендi мұрасын зерттеп шешiңдер. Артында қалған жас жетiмдердiң қабырғалары қатпаған,

Көше ақындары сырласы түгiл көз таныстарын сатпаған. Далалық заң бұл ауызша қалған бұрынғы өткен шалдардан, Запы боп әбден топырағы өзге қазаққа қатал заңдардан. Жазады түбi олар жайында, айтады түрлi мiнбеден, Достары түгiл, дұшпандары да көре алмай кеше күндеген. Тағы бiр кеше көше ақыны өттi опасыз мынау жалғаннан, Сұлулықтар мен зұлымдықтарға сәбидей бейне таң қалған. Салқын өзендер сахарамызға асыққан асып арнадан, Талайларының баласы түгiл моласы тiптi қалмаған, Қара жер менiң көкелерiмдi құшағына алған, жалмаған. Жасай алмаған қатал тағдырда ары да берi қақпақыл, Том-том боп қалған ата мұралар қазақы нұрлы сапта тұр, Көше ақындары басында мұңлы Мағжан мен қайсар Қасым тұр, Соңынан шапқан жас тұлпарлардан екi алып солай басым тұр. Көше ақындары ерке ұлдары, серке құлдары халықтың, Солардың мен де көзiндей болып бетiнде жердiң қалыппын. Оралды көктем, құстар да қайтты, тағы да жарды өрiк гүл, Сендерден бiздi, жер жарықтықтың үстi мен асты бөлiп тұр. Адал сүт емiп өмiрi мендей өлеңмен өткен қарағым, Өзек өртейтiн көп ойларымды айта алмай елге барамын. Даласын сүйген тектiлерiм-ай, кектiлерiм-ай қайтейiн, Сендермен бiрге сан армандарым кеттi менiң-ай қайтейiн. Елеусiз өттi сұрама жаным, жылама жаным қайтейiн,

Оңаша қалып көзiңнiң жасын бұлама жаным қайтейiн. Көк аспандағы көк байрағымды көре алмай ерте көз жұмған, О, менiң қайран ғұламаларым, ғұламаларым қайтейiн. Арыла алмастан ұлттық арман, ұлттық асқақ ойлардан, Асылдарым-ай аулақтау жүрген қызыл жалаулы тойлардан. Көше ақындарын ұмытпаңдаршы, ұмытпаңдаршы, адамдар, Солар ғой кеше Алаштың үстiн алты қаздайын айналған.

ТӨРТ ҚАҚПАЛЫ ТҮРКIСТАНҒА ТАҒЗЫМ

Аласапыран жылдарды, басыңнан талай кешiрдiң, Қаншама шаңды жорықты, санадан сызып өшiрдiң. Түркiстан ием, бiз үшiн, Тәңiрмен бiрдей есiмiң, Алаштың алтын бесiгi-ай, мұңдасы жетiм-жесiрдiң. Куәсi болған көнем-ай, керуен де керуен көшiмнiң, Орыста қалған қалалар, борышта қалған далалар. Бейжiнге тартар күрең жол, шолтиып қалай кесiлдiң... Еңiреп туған талай ер, елеусiз ғана қап қойды-ау, Қасқа жолында Қасымның, eскi жолында Есiмнiң, Сынығы едi-ау олар да, тектiден туған асылдың. Қазақтың қайғы-мұңдарын,

топырағыңда жасырдың, Қайран бiздiң төрт қақпалы Түркiстан, Қасиетiңе аяулым, еңсегей бойлы Есiмдей, Еңкейiп келiп бас ұрдым... Асылдан да асыл Алашым, Ақтабан болған аңырап,

Сығанақ, Сауран, Құмкент, құлазып қалған қаңырап. Көк бөрiдейiн көп Түрiк, бөлiнген кезде жан-жаққа, Қазаққа қалған киелi, қастерлi қара шаңырақ. Нұрға шомылмай бабалар, жайнамаздарын жаймаған, Көне бiр тарих айналам, қараймын-дағы ойланам. Қазақтарымның Намысы, ғасырлар бойы сақылдап, Тайқазанымда қайнаған. Көрген ол қасапханадай, Отырарымның ойранын, Баһадүрлерiм өткiзген, байрақты алтын тойларын. Көне кiтаптар қастерлi, заманалардан ап қашқан, Құл Қожа Ахметтiң, сәулелi сұлу ойларын. Алақаныңда Тұранды аялап ұстап уыспен, Қазағым үшiн кетiскен, жатырлас туған-туыспен. Бал татып тұрған зәмзамдай, суы бар сырлы құдықтан, Атынан түсiп аңыздай, Абылай хан да су iшкен. Ағаларым-ай ардақты, екi дүниеде сатпаған, Опасыз дос бар тар жерге, жебесiн сипап сақтаған. Ағайын аз ба маңымда, бәйгеге жабы баптаған? Айналам толы нелiктен, қуыршақ академик пен жасанды әулие қаптаған. Солардың бiрi жарты күн, жиренiп жалған дүниеден, Қылуетке түсiп жатпаған. Тартылды қанша айдындар,

үйректер ұшып, қаз қонар, Арын да сатқан азғынға, бәрiбiр бәрi аз болар. Қарайды бiздiң өмiрге, Әзiрет Сұлтан iшiнен, Жәдiгер көне жазбалар. Өзектi жанды бұл өмiр, өлiмiмен жасқайды, Өзгеше туған асыл ер, елiмдi алға бастайды. Өркениетке жетсек те, бабалар жаққан бояулар, Әлi күн бiзге, бауырым, құпия-сырын ашпайды. Бодан ғып келген кешегi ел, бiр ойын iшке сақтады, Қап-қара жылан алдыңда, ысылдап жатыр шаққалы. Өзгесiн қойшы, қайтейiн, археологтар да аң-таң боп, Киелi қалам, жасыңды, анықтап әлi таппады. Жетесiз туған жетiм ұл, жауаптан қашып сырғақтар, Базарға кетiп аналар, азайды сәби құндақтар. Қақтырмай кiрпiк мазалап,

түнiмен ұйқы бермейдi, Жанымды жеген жегiдей, осынау мұңлы жұмбақтар. Көктоғай қайда кешегi, ғашықтар жетiп алқынған, Тоғайды қойшы, тәйiрi-ай, артық па ол да халқымнан. Тереңге тартқан тарихты, отырып түбi талдармын, Етекте қалған қазақты, тағы да тағы алдармын. Қап қойған арғы жағыңда, шекара дейтiн сызықтың, Моласы ғана болмаса, кешегi өткен шалдардың.

Еңсесiн имей ешкiмге, ерлерiм өткен төсiнен, Түркiстанымның Мысырыңнан несi кем? Қан тартып келген көп дұшпан, қара қойдай шулаған, Садақтағы жебесiн, сары алтынға булаған. Дулығалы батырлар, тебiнгiлерiн тепсiнген. Түркiстан үшiн өртенген, қасқайып тұрып тозақта, Шүлдiрлеген талай жұрт, бiр ата боп бiржолата кеп сiңген. Алшайтып тұрып арғымақ мiнген қазаққа! Сайтан боп түбi кетпесем, күндер де бiр күн өлермiн, Шалқамнан түсiп алдыңа, ақ кебiнменен келермiн. Жатармын мәңгi ұйқыда, топырағыңа оранып, Әр көктем сайын ән болып, құстармен қайта оралып. Күмбездерiңдi қырандай, айналып ұшар талмастан, Дәуiрге дәуiр ұласып, шайырға шайыр жалғасқан. Өмiрге келер жаңа ұрпақ, осы Рухпенен көктейдi, Қайда жүрсем де көкейден, киелi атың кетпейдi. Бiр рет сүрген бұл өмiр, жырлауға сенi жетпейдi... Мен жылар болсам, аяулым, өзiң деп қана жылармын, Мен құлар болсам, аяулым, өзiң деп қана құлармын. Мен сұрар болсам, аяулым, өзiң деп қана сұрармын. Аман тұр мәңгi қасқайып, рухы қайран Тұранның. Азиядағы Отаны, қастерлi ұлы Құранның.

  • *

Түркiстан ием, тарихы түпсiз тереңiм, Айдындарыңа аққулар қонған ел едiң. Он сегiздерге қанат бiтiрер ертеңгi, Өзiңде алғаш өрiлiп едi өлеңiм.

Тұрысың ғажап, көз салып өткен-кеткенге, Сәлем де бiзден бiз көре алмайтын көктемге. Алыстан арып ақ ниетiменен Аллалап, Ат мiнгiзесiң ақ таяқ ұстап жеткенге.

Ғазалдарыммен тербесем деумен ғаламды, Асқақ рухың сиқырлап алған санамды. Киесi ғажап, иесi қазақ, Түркiстан, Топырағыңа тапсырғам ғазиз анамды.

Заңдары қатал өтпелi мынау өмiрдiң, Уақыт, сен де көне шаһардан жеңiлдiң. Хақназар ханның ұрпағы түгiл кешегi, Ғаламатым ғой көзiндей Ақсақ Темiрдiң.

Оқыдық құран тiзерлеп мұңлы молаға, Жасаурап жанар қарадық Ұлы Далаға. Керiле түсiп алдымнан қашты қара жол, Хан Кене кiрген Наурызбайды ертiп қалаға.

Қаруды бiлген ұсталар соққан затынан, Аруды бiлген ақ кептер

берген хатынан. Әз Тәуке ханның Жетi Жарғысы сөйлейдi, Келмеске кеткен заманалардың атынан.

Алашым менiң, айбарым, сұстым, асқағым, Бал дәурен заман... өттi де кеттi, қас қағым... Шiркiндер қалай сезiмдерменен ойнайды, Тұран даламның сөйлетiп асыл тастарын.

Сап түзеп тұрып, Саураннан кiрпiш алдырған, Далалық ұлы махаббатпенен салдырған. Көктасты қашап, аспан астында Алашқа, Бабалар бiздiң шежiре жазып қалдырған.

  • *

О, Түркiстан, шапағат бер, cабыр бер, Сары даладан бақыт iздеп сабылды ел. Сағым басқан қырда жатқан елеусiз, Менi мұңға батырады қабiрлер. Қабiрлерiм, өткен ғасыр, өткен күн, Тарихы ол кеше өмiрден өткеннiң. Мен қайғысын болмысыммен сезiнем, Иесiнiң сандықтағы шекпеннiң. Қандай ойға бастамайды мына қыр, Қабiрлерге бәйiт арна, дұға қыл. Еркектерге жылау қылмыс болса да, Айдалада ағыл-тегiл жыла бiр. Бәйiт арна, құрбандық шал, дұға қыл, Дұға қыл да, жүрегiңмен жыла бiр. Қабiрлерге қамқор Ана секiлдi, Аруағымды қымтап жатқан мына қыр.

О, Ата жұрт, шапағат бер, сабыр бер, Сахарадан бақыт iздеп сабылды ел. Сағым басқан қырда жатқан елеусiз, Менi мұңға батырады қабiрлер.

  • *

Иесi қазақ, Киесi ғажап! Даналардың данасы! Адамы алтын, Қадамы жарқын, Түркiстанның қаласы.

Астанам едiң, Асқақ ән едiң. Сүйген түркi баласы Аруағым сенсiң, Байрағым сенсiң Түркiстанның қаласы!

Қастерлi салты, Ақ пейiл халқы– Көзiмнiң ақ-қарасы! Даңқымды көкке, Көтерген Меккем – Түркiстанның қаласы!

  • *

Сыймай аққан арнаға түбi өзендей толармын, Үзiлетiн жанардан бiр тамшы жас болармын.

Мән бердiм де бiр күнi жауларымның сөзiне, Өзiм шығып өзiмнен қарап көрдiм өзiме.

Денем менiң дене емес, көрмесi екен сырқаттың, От кешiп кеп көктеген сынығы едiм ұрпақтың. Жоқтық пенен ақындық жағаласып туады, Күзгi тамшы жүзiңдi қайта-қайта жуады. Кеудемдегi лаулаған сөндiредi өрттi кiм, Қаршадайдан қазақ деп келе жатқан дерттiмiн. Сағынышпен өттi айлар, сағынышпен өттi түн, Бұлың-бұлың бұл күнге жетпедi кiм, жеттi кiм? Шалқып жатқан арнасы түбi өзендей толармын, Үзiлетiн көзiңнен бiр тамшы жас болармын.

ЖАҢА ЕРТЕГI

(Әзiл - шыны аралас өлең) Жайсаңы көп қауым мынау зиялы, Маған ертең бiр биiктi қияды. Күлiмсiреп бас изейдi барлығы, Тұлпар ғой деп мұқалмаған тұяғы. Нұрғиса ағам күй арнайды сарнаған, Қадыр көкем дастан оқыр арнаған. Менiң осы жыр кешiме айтпай-ақ, Бұл қазақта бiр адам жоқ бармаған. Ақалтеке ат мiнгiзiп Атырау, Астана жақ шапан жауып жатыр-ау. Ел ағасын үйiме мен шақырып, Ұлы адамдар бiрге келдi апыр-ау. Күн көзiнен ерiп кеттi тас бүгiн, Өтер кезi елу емес жас күнiм, Өз орныңа қайтып кел деп қайтадан, Жалынады Ақ үйдегi бастығым.

Ауыл болып бөлiнбестен жарасып, Бiр-бiрiне iлтипатпен қарасып, Мен туралы мақалалар жазады, Мағауин мен Әбiш ағам таласып.

Ертеңiне басталады ақ сапар, Нан, тұзымен қарсы алады көп шаїар. Қос ат жегiп хор қызымен баратам, Көз алдымда қылаулайды ақша қар. Содан кейiн мұхит асып шет кеттiм, Ғарыш кезiп, айды айналып, көкке өттiм. Париждегi он бес қабат ғаламат, Ауласында ең атақты мектептiң.

Гүл ұсынған ортасынан топырдың, Әрең шығып жанына кеп шопырдың. Естi жисам... әйелiм тұр ашулы, Үйiмде мен жалғыз iшiп отырмын.

  • *

Мен өзiмнен бөле алмадым Тұранды, Дос екен деп жақын тарттым жыланды. Сұлу құштым, шарап та iштiм, ат мiндiм, Ессiз сүйдiм Мұхаммедтi, Құранды. Жер қалмады, ел қалмады баспаған, Алға қарай жетеледi асқақ ән. Кiрпiктерiм iлiнгенде көрдiм мен, Суретiңдi отқа жағып тастаған. Көк бөрiлер ауыл торып ұлиды, Әкем байғұс қимай отыр жылы үйдi. Сол суретiң жаңа жана бастаған, Күл боп барып топырақта iридi. Бөрi кетiп, боран ертең ашылар, Суретiңнiң күлi желмен шашылар. Жер бетiне жаңбыр жауса бiр күнi, Арасында көздерiмнiң жасы бар.

Бұл жылдары сенi ойлаймын, сағынам, Туған жұрттың дәстүрiне бағынам. Есiмнен бiр шықпай қойдың, сонда да, Құран менен Мұхаммедке табынам. Шарап iшiп шайырларға сыйлаппын, Қызып қалып қиратпасты қираттым. Өкси-өкси әпкем жатқан сонан соң, Отырамын басына кеп зираттың. Бұл жалғанның қызығынан тұл зират, Айналасы жусан менен гүл зират. Өткен-кеткен жолаушыға зарығып, Әлдене деп тiл қатқандай бұл зират. Көк бөрiлер көкке қарап ұлыған, Қара түнде елден жалғыз құрығам. Маған бақыт жоғын сездiм сол түнi, Жұлдыздардың сұп-сұр болған сұрынан...

ҚЫРҚЫНШЫ КӨКТЕМ

Азғана сәтке, аялдар емес сағым жыл, Алаңсыз ғашық бозбала шағын сағынды ұл. Елiм деп соққан қырық жамау нәзiк жүрекпен, Қырқыншы көктем қайта атқа мiнер шағым бұл. Махаббатыңыз мейiрiмдiлiкке ұласар, Қырқыншы көктем айтулы кезең қыр асар. Бал дәурен емес бiз өткен кезде көшеден, Бiрiнен-бiрi ұрлана қыздар сұрасар. Ойлы ормандардан ойланбай ағып өттiк пе, Ойнақтап жүрiп бақытты бастан тептiк пе. Бармақты тiстеп, өкiнiш өртеп өзектi, Құрдастарым-ау, қырыққа бiз де жеттiк пе. Қырқыншы көктем Бәйтеректейiн еңселi, Төңiректедiк қағазы нөпiр кеңсенi. Өзгенi қайдам, ал өзiм мөлдiр Он сегiз, Ұмыта алмадым, ұмыта алмадым мен Сенi.

ДҮНИЕ

Дүние қызыл-жасылды, Сан ұрпақ саған бас ұрды. Толқын да толқын қазақтың, Топырақ жүзiн жасырды. Өткiзiп қилы ғасырды, Ырысым жатқа шашылды. Тау менен тасқа соқтым мен, Халқым деп ғазиз басымды. Ноғайлы болып аңырадым, Отырар болып қаңырадым. Ақтабан болып шұбырып, Далада қалды саңлағым. Семей де болып сенделдiм, Ертiс те болып емделдiм. Қасiретiңмен қайысып, Қызығыңды кем көрдiм. Нарын да болып ұлыдым, Арал да болып құрыдым. Желтоқсан болып борадым, Лақтырып тағдыр құрығын. Төрiме деп жұмақтың, Дүние сенi ұнаттым. Асан қайғыны зарлатып, Йасауиды жылаттың.

Кесiле жаздап тiлiмде Үзiле жаздап дiлiмде. Қиямет-қайым жолдармен, Тұралап жеттiм бүгiнге. Тағдырдың шәлкес сұрағы, Көңiлде күй боп тұр әлi. Бөлiнiп қалған даламнан, Бейiттер үнсiз жылады. Дүние-ай, сенi нетермiн, Мен-дағы бiр күн өтермiн. Керуен де керуен ұзаған, Бабаларыма жетермiн. Дүние-ай, сенi нетермiн, Көз жұмар мәңгi жетер күн. Сайын да сайын даламды, Кiмдерге тастап кетермiн. Жүрегiн жаудың қақ тiлген, Алшайтып тұрып ат мiнген. Қазақ деп мұңға баттым мен, Қазақ деп жылап жаттым мен. Көзiмде мұңның табы бар, Ернiмде шөлдiң зары бар. Жетiм ботадай боздадым. Сөз ұғар бiреу табылар.

Алдыма түстi-ау жабылар, Жабылардан да жалығар. «Қазақтың зарын айтты-ау» деп, Менi де жоқтар, сағынар.

  • *

Шеттегi көше, жүретiн ойнап бiр бала, Шалқаңнан жатып қараушы ең ұшқан тырнаға. Кешiр сен, досым, жасы емес көздiң, басқа емес, Көтерiп сенi тұрғызып алар жыр ғана.

Еске алу ауыр, еске алу ауыр, еске алу ауыр, сол түнi, Өзiңдi түгел Оңтүстiк еске ап толқыды. Шығарып сенi баратты соңғы сапарға,

Машиналар мен адамның шексiз толқыны.

Желбiреп желмен қап-қара сенiң шаштарың, Қара жер жұтты қара көздердiң жастарын. Қаралы хабар кернедi, досым, сол түнi, Тұнжырап тұрған қаланың мұңлы аспанын.

Қайғысыз, қамсыз осындай әсем шат күнде, Өмiр аспаннан жұлдыз боп мәңгi ақтым де. Қаралы әуен ойнады туған көшеңде, Жаттың сен қарап жарқырап тұрған ақ күнге. Елжiрей сүйген сезiмтал жүрек соқпайды, Тiрлiкте мына осыдан өткен жоқ қайғы. Кiрiп келер деп есiкке қарап елеңдеп, Аяулы анаң, сүйкiмдi жарың жоқтайды. Әкесiз күнiн сәбилер қалай батырсын, Арманың сенiң ұлыңды алға шақырсын. Шуылын естiп машиналардың сен бүгiн, Биiктен туған қалаңа қарап жатырсың. *** Қырық жыл бойы үмiттiң жiбiн үзбедiк, Көктемдер менен жаздар да өттi күз келiп. Қара ормандар мен қара жолдардан сарылып, Оралмай қалған сiздердi бiздер iздедiк.

Ұлы Отан үшiн азапқа қилы көндiңдер, Сағынған жардың түсiне түнде ендiңдер. Әр көктем сайын жапырақ болып ағашта, Қыратқа гүл боп, бәйшешек болып өндiңдер. Батса да жара сыр бермедiңдер тiстенiп, Жылап ояндық, қорқынышты бiз түс көрiп. Сағыныштардай шемен боп қалған кеудеде, Әр көктем сайын ораласыңдар құс болып. Қырық жыл өттi соғыстан соң да сан қилы, Қаншама ана боздағын ойлап жан қиды. Айналам толы жайнаған жүздi сәби мен, Сiздер қорғаған гүлдердiң иiсi аңқиды. Қырық кеп-кеттi көктем мен күзiң, жазың да, Барсыңдар сендер сұлу қыздардың назында. Барсыңдар сендер мұңлы әуендердiң қаншама Аналар салған, балалар салған сазында...*

*Ұлы Отан соғысының 40 жылдығына орай жазылған өлең

  • *

Таң атады, күн батады, Қара жерде айналар. Қатал тағдыр тiл қатады, Көкiректi қайғы алар.

Бақыт сенiң қолдарыңда, Күндер келер арайлы. Жүрiп өткен жолдарыңда, Өсек қардай борайды.

Қанаттылар барады ұшып, Уақыт шiркiн зырлайды. Қара түнде қара мысық, Көкiректi тырнайды.

Iштен тынды-ау талай дана, Қос iшектей септесер. Жер басарсың қалай ғана, Қадiрiңе жетпесе ел.

  • *

Пана болмай кеңселер, Қалды сонау жолымда. Бес-алты ауыз ел сенер,

Сөз қалсын деп соңымда.

Мен де жүрмiн мұрат қып, Ойшылдайын толғанып. Жазықсызды жылаттық, Жетесiзден қорғанып.

Адамның жоқ жаманы, Басқың келсе дауды егер. Жүрiп тұрған заманы, Алшаңдайды саудагер.

Жолатпады қасына, Балға батқан бармағы. Iс түскенде басыма, Бiр досым да қалмады.

Әурелеме босқа елес, Құдай менi қысқанға. Опасыз сол досқа емес, Ыразымын дұшпанға.

Құлын байлап, қозы алған, Бұрынғы ауыл... ойланам. Жаратылдым тозаңнан, Топыраққа айналам.

  • *

Өткiзе алмай қор ғып жүрген өмiрiн, Бiреулерге жiбiмейдi көңiлiм. Бес-алты ауыз сөз қалсын деп соңымда, Мұңаятын, түсiнетiн менi кiм.

Бұрынғылар бiр күнi өтсе жылаған, Аспан жақтан тек шапағат сұраған. Мына жұрттың пиғылдарын ұға алмай, Қалқаманда сандалып жүр бұл ағаң.

Тәуекел деп кеше дастан бастап ем, Бүгiн мұңлы мазалады басқа өлең, Алматы жақ абыр-сабыр нелiктен, Жаутаңдайды аң-таң болып Қаскелең.

Әр уақытта бергендер аз, алған көп, Соның көбi, ел есiнде қалған жоқ. Кешегi өткен туған дала қарттары, Неге айтты екен бұл өмiрдi жалған деп.

Бүгiнгiлер... тiрлiк қамы, бас қамы, Асқақ-асқақ армандарды тастады. Театрдың жәудiрейдi жанары, Туған жердiң түнерiп тұр аспаны.

  • *

Шыққан күнмен шуақ болып шашылдым, Атқан таңмен қырда гүл боп ашылдым. Жүрегiмдi ауыртады мұңдары, Қалып бара жатқан ата ғасырдың.

Мен кеткенде қалар екен жар кiммен, Қалар екен таңғы шықтай ар кiммен? Аналардың көздерiнде бармын мен, Ағалардың сөздерiнде бармын мен.

Теңiз қаңсып, жоғалғанмен тоғандар, Халық қалар, өзгергенмен қоғамдар. Бұрын өмiр сүрiп көрген жоқ ем мен, Өкпелетсем кешiрiңдер, Адамдар!

  • *

Ана қайғы,

жар қайғы, бала қайғы. Мансап қайғы,

бақ қайғы, дала қайғы. Азамат боп қайғыра алмасаңыз, Iшiңдегi шеменiң тарамайды.

Қайдағы ойлар көңiлге балалайды, Жанымды кемiргенде қара қайғы. Алпыс екi тамырда зыр жүгiрiп, Өн бойымды қан болып аралайды.

Ары таза ақын деп қарамайды, Нақақ жара жанымды жаралайды. Бар бiлерiм кiмдердiң кiм екенiн, Уақыт патша сұрыптап саралайды.

Жүрегiм қаншама рет қақ бөлiнген, Оны оқып сезерсiң дәптерiмнен. Дәптер ғана емес ол мұрам менiң, Хабар берер мұңайған сәттерiмнен.

Қара өлеңмен астасқан қара қайғы, Қан боп қатқан көңiлден тарамайды. Қазақ аман тұрғанда асқақ жырым, Есiмiмдi аспанда даралайды.

  • *

Бейiттерге қонды тағы кептерлер, Кептерлерiм, алысқа ұшып кетпеңдер. Төмпешiктер деп қарама жай ғана, Бұның бәрi кеше өмiрден өткендер, Айналайын кептерлер.

Мәңгiлiкке осында орын тепкендер, Тылсым сырды сезгендей ме кептерлер. Кептерлерге мұң шаққандай көрiндi, Алуан адам талай келiп кеткен жер. Бейiттердi аяқ асты етпеңдер, Моншақ көздi үрiкпейдi кептерлер. Дәм-тұз бiтсе бiз де барар орын ғой, Бал өмiрдi қимай-қимай өткендер. Сан айналар, шыр айналар көк пен жер, Бiздер әлi кездесемiз, кетпеңдер. Бұл бейiтте жатыр жақсы адамдар, Қоштасайық, қош болыңдар, кептерлер. Қоштастым мен жанарымнан жас парлап, Дүние-дәурен, басымыздан қашқан бақ. Бейiт қорып жүрген нәзiк құстарым, Бiрте-бiрте бара жатты аспандап.

БЕЙIТ БАСЫНДА

Маңдайыма сезбеппiн сыймасын-ай, Сөз қадiрiн сезiнген, сыйласым-ай. Қоңыр кеште мен сенi есiме алдым, Суық қырда қап қойған, қимасым-ай.

Топырақты лақтырып, құрбым-ау тұр, Жалбарындым, тұрмадың, тұрдым-ау тұл. Менiменен қосыла құлазыды, Iшке тартқан өксiгiн мұңдылау қыр.

Мұңдылау қыр... жеттi ендi сабырсыз дер, Тұлпарлардың байлайтын бағын сiздер. Қатпарланған қайғымды көтерiстiң,

Қара суық жалаған сағымсыз бел.

  • *

Аманыңда қадiрiңдi кiм бiлген, Суық сөздер жүрегiмдi тiлдiрген. Қимас кезiм құс боп ұшты, жоқ болды, Жастық шағым өтпейтiндей жүрдiм мен.

Елес болды бозбала кез, қимас шақ, Естi жандар ерте бастан сыйласпақ. Тағдыр менi кезек-кезек лақтырды, Бiрде оңға, бiрде солға «қиғаштап».

Өлең етiп түсiрсекте хатқа ойды, Менсiз биыл тойлап жатыр бақ тойды. Қимас дәурен айтпадың не, айттың не, Ақ сағымның ар жағында қап қойды.

  • *

Сыйлады тағдыр ақындық ғұмыр, Жанымды мәңгi қинады. Арадағы бұл жақындықты бiл, Маңдайға бақыт сыймады.

Ақындық ғұмыр сор менен бақыт, Көктем мен күздей алмасар. Ақындық ғұмыр көр менен уақыт, Жағаңа қабат жармасар.

Ақындық ғұмыр өткiншi жаңбыр, Күркiрер, құяр, селдетер. Екiншi өмiр... басталар таң тұр, Туған топырақ тербетер.

Ақындық ғұмыр қалар дәптерде, Азабы жүк қой жүз нарға. Жабыққан жалғыз қиын сәттерде, Сүйендiм ерке қыздарға.

Ақындық ғұмыр көздiң жасы бұл, Аяулы сәтте таматын. Ақындық ғұмыр сөздiң басы бұл, Әдемi ән боп қалатын.

Ақындық ғұмыр күлкiсi қыздың, Нәзiк қоңырау сыңғыры. Ақындық ғұмыр, түлкiсi түздiң... ...Үзеңгi, жүген сылдыры...

  • *

Құрып барады даламның гүлi, Ұлыды қасқыр алыста. Құрып барады Анамның тiлi, Белшеден баттым борышқа.

Жағымнан тартты мұңы халықтың, Жынданып кете жаздадым. Бәсiреге мен жырын алыппын, Бұл жолда азап, аз ба мұң.

Сары адыр анау жуған селiңмен, Парықсыз ойнап-күлмедiм. Бұ дүние түгiл, туған жерiммен, О дүниеде мен бiргемiн. Жемiсiн күзде бағыңда үзгем, Торғайдан қорып жасымнан. Егiстер... қырлар... сағымдар жүзген, Шалдардың жүзiн жасырған. Жабықты жалғыз балаңның бiрi, Тұлпарлар өткен қырат бұл. Анамның тiлi, даламның гүлi, Сағым iшiнде жылап тұр.

АРЫС

Көрiп өстiм ағыстың билегенiн, Жұпар шашқан Арыстың жиделерiн. Қара шашы арқасын түгел жапқан, Сенiң ерке қызыңды сүйген едiм.

Үнсiз-тiлсiз қалқаммен күлiмдескен, Қалай ғана шығарам түнiңдi естен. Сенiң асау толқының секiлденiп, Өмiр өтiп барады бiлiнбестен.

Алтын Арыс, ақ Арыс, терең Арыс, Алты алашты емiзген ерен Арыс. Ерке қызың баяғы қайда екен деп, Елес қуып әлi де келем, Арыс!

  • *

О, туған ел, әуезiм де, жырым да сен, барым да, Неге осы көп берiлем қай-қайдағы сарынға. Елдегi жоқ мақсат қойып алдыма, Қаршадайдан үйiр болдым өнер қуған дарынға.

Аруақтар желеп-жебеп, желеп-жебеп тектiлiк, Менiң нәзiк жырларымды аспан жаққа кеттi iлiп. Көп бiлiп те,

көп күлiп те кеткен жоқпын десем де, Станция, перрондарда сансыратып кеттi үмiт.

Қажыдың-ау, о, жүрегiм, надандықты көп көрген, Талай барам туған жерге өзегiме тепкенмен. Топырағың, тасың, шөбiң, сайың, қияң, қыратың, Мұратым да сенде қалды ұзаңқырап кеткенмен...

  • *

Жалған сезiм, жалған достық, жалғандық... Шемен болып көкiрегiмде қалған дақ. Жетпiс сегiз, сексендегi алаңсыз, Тазалықты жүрген жай бар арман ғып.

Қайда сонау аппақ әлем, мөлдiрлiк, Сезiмдердi сабырлы ойға жеңдiрдiк. Адамдарды айыра алмай жүрсек те, Алыстағы армандарға телмiрдiк.

О, аяулы армандар-ай, армандар, Бүгiнiмдi, ертеңiмдi жалғаңдар. Осы жырды сендерге арнап отырмын, Тiршiлiкте кездесе алмай қалғандар.

  • *

Үрiкпей ерке киiктер, Даланың барлық сал-серiлерiн жиып кел. Өзенге қонған үйректер, Жиналған жұртқа әуелей ұшып билеп бер.

Тұрайын қарап мен үнсiз, Жасаңдар тойды,

жасаңдар тойды келiнсiз. Ойнасын барлық балалар, бiрiмен-бiрi алысып, Қарсы алсын жiбек жағалар, толқындар жетсе жарысып.

Жүретiн iштей ұнатып, Ынтығын жiгiт алмасын бүгiн жылатып. Сызылған жеңге-қайындар, Далаға түгел түгi бар кiлем жайыңдар.

Домбыра қайда,

төгiлсiн сосын тойбастар, Тыңдасын дала,

тыңдасын тарих қойтастар. Шеттеме сен де, жақын кел мында, қырғауыл, Соқсыншы сосын соқпаған асқақ жыр дауыл.

Жiгiттер жүрсiн жорғамен табақ таратып, Ортаға бүгiн Бiржан мен сұлу Сара шық. Жолаушы сен де сауыққа мына мойын бұр, Төлеген күткен тойым бұл.

  • *

Тыңда менi, дүние, құрыш ғалам, Мен найзағай, сар дала тыныс маған. Жүргенменен тiлгiлеп көк аспанды, Қойныңа кеп, туған жер, тынышталам.

Қалар, бәлкiм, мәңгiлiк елес болып, Жанарымда найзағай жарқылдары, Өзiм болып жырларым артымдағы. Мақтаныш боп, байлық боп халқымдағы. Күмәнданба, бауырым, қалары анық Арғымақпен ұзармын дараланып. Қалған сәтте тiрлiкте ақырғы айым, Жауға жалғыз аттанған батырдайын. Оралармын, туған жер, жараланып. Бiлiнбесiн қайғы iзi келбетiңде, Мен жоқ болсам бiр күнi жер бетiнде. Арман қуған өзiнiң бел баласын, Деп бiлiңдер туған жер тербетуде. Келер ұрпақ, сен үшiн мақсат етiп, Өз шыңымды бәйге етiп сөреге iлем. Қара түнек қаһарын жасқап өтiп, Өлең болып қабiрден түрегелем. Құлаған шың, аңшыдан киiк қашып, Сендерменен тұрамын иықтасып. Өн бойымды дел-сал ғып күйiк басып, Қалған кезде ай-ару Күнiкей қыз, Шуақты рай бiлiнiп реңiнен, Аймалатқын ақынға гүл ерiннен. Жыр жазамын мен сонда жүрегiмнен,

Келгенiмдi көрсетiп жыр елiнен. Жасық болсам айтуға жасқанар ем, Шексiз едiң сен қандай, аспан әлем. Тiршiлiкте мен үшiн, бауырларым,

Байлық, мансап бәрiнен асқақ өлең. Өлсем дағы сен үшiн о, туған жер, Бұлтыңды бiр рет жасқап өлем.

  • *

Жақсының табанында, Қызыл гүл ашылса екен. Колчактың вагонында, Қиналды-ау асыл Сәкен.

Жаратқан құрыш қылып, Танылды кейiн көпке. Өлген жоқ Рысқұлов, Өлген жоқ Бейiмбет те.

Шығыстың аспанына, Жұлдыз боп жанды Ғани. Аралдың тастарына, Жаңбыр боп тамды Ғани.

Жанымнан маза кеттi, Туған жер, жараң аз ба. Не үшiн Лазо кеттi, Отын боп паровозға?

Соңында жұтаған үй, Ұл тусын, ұран ұстар. Қайда екен Мұқағали, Қайда екен Жұбановтар.

Берiк ем сертке көптен, Қайраған жас дарынды. Жас ұрпақ өрт боп өткен, Ұмытпа Саттарыңды.

Тарихтан сыр ұқтың ба, Сан кеткен қайғы өңгерiп... О, жастық, ұмыттың ба, Қайда екен Айбергенов?

Сағыныш күз көңiлмен, Жыр борап iздерiмнен. Келедi жаңа ұрпақ, Өтемiз бiз де өмiрден.

Мәңгiлiк солар әнi, Аспанға шашылған от. Желтоқсан бораны әлi, Жүректе басылған жоқ. *

Ғашық боп тұрған өзiңе үзiле жалған, Сағынар кейiн сонда мен күзiме барғам. Аспаннан ағып қос жұлдыз құлаған едi-ау, Көзiңнiң жасы секiлдi жүзiме тамған.

Көз жасың моншақ секiлдi тiзiле қалған, Тамшыдай тамған тырсылдап жүзiме талдан. Дүние-ай, сол сәт үн-түнсiз дәл мендей болып, Ғашық боп тұрды өзiңе үзiле жалған.

Бiр-бiрiн қияр қайғылы шешiмге барған, Осындай мұңлы,

туған жер, төсiңде бар ма ән? Жоғалтқан сонау аяулым мәңгiге сенi, Қос жұлдыз аққан күзгi түн есiмде қалған.

Тырналар кейiн түстiкке тiзiлiп ұшты, Бала ақын тұрды суретке қызығып күштi. Дариға-ай, сол бiр күзгi түн түсiме кiрiп, Бiр тамшы менiң көзiмнен үзiлiп түстi.

Бiздердi бөле алмайды ара қашықтар, Сағынышымды қара жел, ала қашып бар. Жұлдыздар аққан түндерде қыдырмаңдаршы, Ырымға жаман екен ол бала ғашықтар...

  • *

Неге алыстап кеттiңдер сол бiр жылдар-ай, Жүрегiмнен төгiлген жаңбыр жырлар-ай. Көзiмдi iлместен армандап бiрге, Таң атқанша шертiлген мөлдiр сырлар-ай. Аспанда ай қалқыған қара түндер-ай, Он алтымда жинаған дала гүлдерi-ай. Жүрегiме жасырған сағынышым-ай, Оралмайтын мәңгiлiк бала күндер-ай. Ақ сезiмiн сыйлаған көк белдерiм-ай, Жүрегiмдi өртейдi өткендерiм-ай. Маған мұңлы махаббат сыйлап едiңдер, Тым алыста қалған сол көктемдерiм-ай. Өкiнiштi өртеген жасырмадым-ай, Жолдарыңа шуақ боп шашылмадым-ай. Өмiр атты сапарда кездескен едiк, Қай қиырда жүрсiңдер, асылдарым-ай.

Көбелегiн шiлдеде қуған белiм-ай, Көйлегiмдi бастаудан жуған жерiм-ай. Бұлағыңнан нәр алып, көгерген едiк, Аман болшы қайран ел, туған жерiм-ай.

  • *

Гүл терген асыл еркем Бөкейiңнен, Кетпейдi бала бейнең көкейiмнен. Аруын Күреңбелдiң ұмытпасын, Жыр жазып кейiнгiге кетейiн мен.

Бөкей тау, сұлу Сүңгi, Күйiктегi, Таңшығыс, Жетiтөбе биiктерi. Боранды, Датқа сазбен, Қошқарата,

Сол қызын мына мендей сүйiп пе едi?

Қоштасты тырналардың көп тiзбегi, Арада жатқан асу өткiзбедi. Сартапты сағым жылдар сағыныш боп, Жамырай қашқан жолдар жеткiзбедi.

Жел тұрып жаңбырменен араласты, Жұлқылап Қордайдағы қарағашты. Арада қол созымдай жер қалғанда, Қайтейiн, жолдар қайта ала қашты.

Боздадым бозiнген боп, боз дала боп, Көл айтты ескi дерттi қозғама деп. Баяғы қарақат көз бойжеткенге, Қайтадан барғым келдi бозбала боп.

Асауға тағдыр салған құрығындай, Қамығып құлазумен құрыдым-ба-ай! Мен кеттiм кездеспейтiн басқа жолмен, Тобықты қаққан сенiң бұрымыңдай.

Сүңгiде су болмайды шашылмайтын, Күйiкте гүл болмайды ашылмайтын. Дүниеде қанша жол кездессе де, Бiз ендi екi жолмыз қосылмайтын.

  • *

Есiмнен мәңгi шықпай да қойған бiр елiк, Елiкке сол бiр көңiлi құрғыр тұр ерiп. Болмағанменен ай маңдай алтын айдарлы, Адал сүт емiп ауылдан шыққан ұл едiк. Солай да солай, адырда сонау өстiм мен, Бұлақ пен қыздың сыңғыры қатар естiлген. Өзiңдi алғаш көргенде-ақ, мұңлы сәт едi-ау, Бабайқорғанға бауырлай жылжи кеш кiрген. Қып-қызыл болып алып күн батып баратты, Қызықтап тұрдық қызыл да жасыл жолақты. Ала жiп аттап өтпеген едiм, не үшiн, Қайқы төс қара иттерге тағдыр талатты. Он алты жаста Төлеген жырға табынғам, Қағынғам қалмай адырды ораған сағымнан. Оралмайтұғын көктемде көрген сол қызды, Қырықтан кейiн өлердей болып сағынғам.

Абдырдым неге арғымақ аттай желiп кеп, Сол қыздың ернi уылжып пiскен өрiк деп. Асан қайғыдай қайғыра алмастан жыр жаздық, Ақтамбердi мен Қазтуған шалға елiктеп. Өмiрдiң басы осылай мұңлы басталған, Тамшыдай бейне ағып бiр түскен жас талдан. Сан соқпақ шығып қолдарын созды алдымнан, Қиырдан қиыр қызыл түлкiдей қашты арман. Ескi суреттер санада қайта жаңғырған, Елестеп анам нан алып жатқан тандырдан. Кiм еске алар жетiм ауылдың баласын, Қаршадайынан көнеге көзiн талдырған. Есiмнен мәңгi шықпай да қойған бiр елiк, Елiкке сол бiр көңiлi құрғыр тұр ерiп. Болмағанменен ай маңдай алтын айдарлы, Адал сүт емiп ауылдан шыққан ұл едiк.

ОЛ КӨКТЕМ ОРАЛМАЙДЫ

Кеудемде сан арман, Оятты-ау көз iлсем. Үзiлген жанардан, Сағыныш едiң сен. Жасырған сырларым, Ұйқымды ұрладың. Қайда алып барасың, Жылдарым. Боталап көздерiм, Қарадым сезбедiң. Қиналдым қия алмай, Аяулы кездерiм. Көңiлдi шайқаған, Қайыңдар айтады ән, Ол көктем оралмайды қайтадан. Есiмде сол күзгi, Айырған жол бiздi. Сен қалай ұмыттың, Қара көз сол қызды. Қоштастық мәңгiлiк, Атқанда таң күлiп, Кеттiк-ау бақытты бiз қалдырып. Кездескен белесiңмен, Шықпайсың сен есiмнен. Уақыт та жылжып жатыр Аяулы елесiңмен. Аялап гүлдерiмдi Бақытты күндерiмдi, Есiме жиi аламын Үздiккен түндерiмдi. Гүлiм сезем, Сол бiр өзен,

Арнасына тола алмайды, Өткен күндер, Айлы түндер, Көңiлдерден жоғалмайды. Бұл жалғанда ешбiр ару, Дәл өзiңдей бола алмайды Құстар қайтар, Әнiмдi айтар, Ол көктем оралмайды. Кезгенде бұлақ қырды, Көңiлде сұрақ тұрды. Бiзбенен жаңбырлы кеш Қосылып жылап тұрды. Еркелеп күлiмдеген Жайнаған гүлiм деп ем. Екеумiз қоштасарда, Саусағың дiрiлдеген.

СЕН НЕГЕ IЗДЕМЕДIҢ

Өлең ғып несiне оны тiзбелейсiң, Сағынып үн қатпайсың iздемейсiң. Шөлдегi аралдайсың, Келем деп неге алдайсың, Сыңарым бола алмайсың. Оралмайсың. Сезiмдi суытпағын, Аңсадым құрып халiм. Жаныма батты-ау менi ұмытқаның. Тағы да өте шықты-ау күз дегенiң, Сен менi неге жаным iздемедiң. Ай өттi, жылдар өттi көрмегелi, Сөзiңе, лебiзiңе шөлдегелi.

САҒЫНДЫМ СЕНI

Жалғандағы армандаған асылым, Мұңымды айтам мен өзiңе жасырын. Асау өткел өткiзбедi, Қашқан жолдар жеткiзбедi, жаным Айлар өттi кездеспедiң, Сырларымды сезбес пе едiң, жаным Сағындым сенi, сағындым. Бiр өзiңдi ойлай-ойлай жыл өттi, Ғашық жүрек от боп жанды дiр еттi. Қара көзiң күлiмдеген, Кiрпiктерiң дiрiлдеген, жаным Жайнап өскен гүлiм деп ем, Жүрегiмдi тiлiмдеген, жаным Сағындым сенi, сағындым. Сағым ба едiң көшкен белден, аяулым Сұрадым мен ескен желден, аяулым, Ақша жүзiң үлбiреген, Қылықтарың мың бiр өлең, жаным Құстар қайтты, оралмадың, Сен бақытты бол арманым, жаным. Сағындым сенi, сағындым.

Ғұмыр кештiм елесiңмен, аяулым, Шықпай қойдың сен есiмнен, аяулым. Кездескенде көктем едi, Көкте тырна өткен едi, жаным. Үмiтiмдi үзбеп едiм, Неге менi iздемедiң, жаным. Сағындым сенi, сағындым.

  • *

Өзiң жайлы ойлаймын бүгiнде мен, Жабықсам да өмiрден, түңiлмегем. Бар өмiрiм тұрады сағыныштан, Ғашық жандар жоқ шығар сүрiнбеген.

Сағыныштан тұрады тiршiлiгiм, Сырын ұққам ақ қайың бүршiгiнiң. Арасында жер басып жүргендердiң, Сенi сүйген мен барын бiлшi гүлiм.

Жаңбырларға қарамай, дауылдарға, Кеткiм келдi сен жүрген ауылдарға. Сенiң орның бөлек қой, бiрге туған, Алмастыра алмайды бауырлар да.

Ақ қайыңға тағы да келесiң бiр, Туған жердiң басқанда белесiн гүл. Екi жаққа кетсек те екi жолмен, Қалмай қойды жанымнан елесiң бiр, Менi мәңгi айналып елесiң жүр.

  • *

Әлi серiк сол мұң менен, сол қайғы, Амал қанша жаз өткенмен күз келер. Ақын адам жаман адам болмайды, Сенбеңiзшi, өсек айтса Сiзге егер.

Мұңға айналдың, жапырағын күз жайды, Отырамын поезға бiр тоқтаған. Ел өсегiн бастағанда бiз жайлы, Бұл қалада жоқ болам.

Балдай ғұмыр сүре алдық па, сүрдiк пе, Көктем ғой бұл, сыйлайыншы гүл сiзге. Бақыты аз,

қайғысы көп тiрлiкте, Сiз де бiздi ойлай-ойлай жүрсiз бе?

Тағдырым-ай алқымнан ап қыстың-ау, Айтылған соң алуан түрлi аңыздар. Мейiрiмсiздеу, кейде тiптi сұстылау, Алаңдаймын бұл қалаға сол қыз бар.

  • *

Балдай тәттi әлдилеген бiр мұңмен, Елес қуып жер бетiнде жүрдiм мен. Қайта оралмас он сегiзбен, алтыным, Тауға қарап өзiңдi ойлап тұрдым мен.

Уақыт айтар бақытты кiм, мұңлы кiм, Күреңбелде сүйiп өстiң қыр гүлiн. Сенсiз өткен жиырма жылым өтiрiк, Сенсiз менiң өткен емес бiр күнiм.

Ақша бұлттар iздеп бiрге жыласын, Мейлi көктен найзағайлар құласын. Асылым-ау, қайда барсам алдымда, Елес боп кеп, күлiмсiреп тұрасың.

Бала бейнең шықпай қойған тегi естен, Ойлай-ойлай жұлдыздармен теңескем. Бiр адамға айналдым мен бүгiнде, Бiрте-бiрте сол аяулы елеспен.

Үзiлерде жанарымда жатар мұң, Қамығармын, қайғылы ойға батармын. Ең соңғы сөз айта алатын хал болса, Жаным, сенiң есiмiңдi атармын...

  • *

Қиялдадым, армандадым, арыдым, Қай қиырда жүр екенсiң жарығым. Түнiменен қараушы едiм мұңайып, Терезеңнiң сөнбейтұғын жарығын.

Қай қиырда жүр екенсiң,

аппағым, Жер бетiнен өзге бақыт таппадым. Жардан құлар қиын сәтте кенеттен, Елесiңмен мен бейбақты сақтадың.

Қай қиырда жүр екенсiң, ардақтым, Қаншама жыл өзiмдi-өзiм алдаппын. Боталатты көздерiмдi көктемдер, Сыздатқалы жүрегiмдi сартап мұң.

Қай қиырда жүр екенсiң, қымбаттым, Ұйықтап жатсам түсiмде кеп тiл қаттың. Үйге сыймай кеткен сәттер тау кезiп, Жапырақтың, құстың үнiн тыңдаппын.

Мұңым шақтым кiнәсi жоқ бақтарға, Тиылғалы қос күз өттi хаттар да. Ерке елесiң маған медеу тiрлiкте, Суретiң де сақталмапты, сақтарға...

Қажыдым мен... бұл қажуда шырын бар, О, махаббат жүрегiмдi ал, жырымды ал. Жалт ете қап, жоқ боп кеткен он сегiз, Жанарымда тамшы жас боп тұрыңдар, Сендерге әлi айтылмаған сырым бар. *

Жас тұрады қара көзiмде Сезiндiм шапағатыңды. Жоғалттым бала кезiмде, Алғашқы махаббатымды.

Қаншама ғашық қимаған, Қайыңды жел кеп тербейдi. Анамыз бiзге сыйлаған, Бұл өмiр қайтып келмейдi.

Он сегiздегi сезiммен, Сүйдiм мен қоңыр күзiмдi. Тағы бiр көктем көзiмнен, Сағыныш болып үзiлдi.

Көңiлде сыр боп қалатын, Сағыныш бойды тербейдi. От болып жүрек жанатын, Жастық шақ қайтып келмейдi.

Даламның сырлы нұр түнi-ай, Жаралған бейне арманнан. Сыйласып өтсек, шiркiн-ай, Екi рет келмес жалғаннан.

  • *

Қайнадым қара шәйнекте, Дауасы су деп дертiмнiң. Жаңбыр жауғанда әйнекке, Сағыныш болып шертiлдiм.

Көзiмде жас боп қалды дүр, Ойнаған тамшы шiркiнде. Балауыз шамдай бал ғұмыр, Өте де шығар бiр күнде.

Куәсi болған сертiмнiң, Сол қызбен... көше мүйiсi. Дауасы болған дертiмнiң, Суланған шаштың иiсi.

Кiрпiктен шық боп суланған, Байқалар саған ендi нем? Терезелерден буланған, Елесiңдi iздеп телмiрем.

Адамның көзi бұлақ дүр, Ағып бiр жатқан елсiзде. Ағыл да тегiл жылап тұр,

Дүние мынау менсiз де.

Заманды тұрған сыр айтып, Ойлы бiр ұрпақ бағамдар. Бiрiңдi-бiрiң мұңайтып, Жылатпаңдаршы, адамдар.

  • *

Шаттанарсың, мұңаярсың, жыларсың, Барлығына көндiгерсiң, шыдарсың. Бiр жылдары қайда жүр деп сол ағам, Есiңе алып тұрарсың...

Өршелене ағып жатқан бұлданып, Сен екеумiз су шуылын тыңдадық. Ғұмыр жайлы жыр оқып ем елiгiп, Маған үнсiз тұрдың қарап мұңданып.

Кеудеңдегi арпалысты сезбедiм, Менiң албырт кездерiм-ай, кездерiм. Анам жайлы, арман жайлы тұсында, Жасқа толып кеткен екен көздерiң.

Екеумiздi тербетедi баяғы үн, Бар сырымды бiтiруге таядым. Ғашық болған қыздарымды айтып ем, Менi сондай аядың-ай, аядың. ...Екеумiздi тербетедi баяғы үн.

  • *

Махаббаттың азабы мен шырынын, Сен де мендей, қалқам, ертең тартарсың. Ән боп ұшқан жүрегiмнiң шырылын, Қара түнде жалғыз тыңдап жатарсың.

Бал махаббат жатпайды екен жас таңдап, Мәжнүндейiн дала кезiп кетерсiң. Ғашық көңiл кеткен сәтте аспандап, Сүйiктiңдi сағынумен өтерсiң. Кешегi өткен Төлеген мен Жiбек те, Бiздей ғашық болып көрген жоқ шығар. Әмiр жүрмес дейтiн едi-ау жүрекке, Махаббатқа куә болған топ шынар. Жiберсең сен бұл жолда бiр қателiк, Жазылмайтын жанды қинар мұңлы ой. Сүйгенiңдi көз алдыңа әкелiп, Күндiз-түнi қиялыңда тұрды ғой. Махаббатта шырын да бар, азап бар, Шаттанарсың, жабырқарсың, жыларсың. Ең бастысы сезiмiңдi таза ап қал, Сонда ғана бәрiн жеңiп шығарсың.

САҒЫНЫШ

Шайырлар сынды шығыстық тойлар тойладым, Тас пенен гүлден тұратын ғазалым менiң. Жылдар да жылдар қаншама ойлар ойладым, Сәулесiн шашып түспедi назарың сенiң. Жақындап қалдым көрге де тығатын түнге, Мәңгiлiк iңкәр алғашқы дастанға кеудем. Шығысқа кеттiң, телмiрдiм шығатын күнге, Күнменен бiрге шығады аспанға деумен. Таңдар да атты-ау арман мен арай да арай, Көл болар едi-ау көңiлi ұғысса көптiң. Өзегiм талды-ау шұғылаға қарай да қарай, Өйткенi жаным, менсiз сен Шығысқа кеттiң. Қарадым ұзақ теңiзге шағала кеткен, Құстармен бiрге тербеттi көл ерке түндi. Жиырма жыл бойы бiр елi арада өткен, Елесiң менен қалмады көлеңке сынды.

Түсiнбей тұрған қара көз қарақпен жардың, Тiлегiн тiзiп сен жаққа жолдадым дедiм. Ел гулеп жатқан тойларда шараппен қалдым, Өйткенi, жаным, жанымда болмады менiң. Белдердi буған белiнен елжiрей сүйдiм, Сағымға сiңiп алысқа кететiн жолды. Атпады таңдар сан рет, мен жүдей күйдiм, Өйткенi сенсiз ғұмырым өтетiн болды. Бәйшешек қыз ең күн сүйген Күреңбелiңде, Бас имей кеткен ғажайып ғазалыма да. Таңдайда қалар бал барын бiлем, ерiнде, Себеп те болар бәлкiм, сол ажалыма да. Көктемде көкке мұңайдым жауған бұршаққа, Түсiмде өпкен арай да, арай да жүзiң. Қилы да қилы кезеңдер келген сұр шақта, Мен жазған жетiм жырларға қарайлай жүргiн.

Аңыз ғып едi-ау биiкке сай ұл деп бәрi, Табиғат қатар жаратқан тас пен гүлдi. Даласы түгiл қазақтың шайыр деп әлi, Мойындамайды кiшкентай Қаскелең бiздi. Қарсы алдым солай елден мен ертелеу күздi, Қап-қара көзiң есiмдi ап бұрымың ойнап. Тас пенен гүлден жаралған еркелеу қызды, Жұматай шора секiлдi құрыдым ойлап. Тiлегiм қалды сұрайтын Құдайдан жалғыз, Тағы да көктем оралды, сезiмсiз көктем. Есiме түстi қайран сол мұңайған Наурыз, Жападан-жалғыз жабығып өзiңсiз кеткен. Көңiлiм менiң өзенге барғанда қалған, Жүрекке кiнә артпаймын – асыл ет екен. Жалған да жалған, жалған да жалған, Айта алмай кеткен махаббат – қасiрет екен...

КҮРЕҢБЕЛ

Есiмде Күреңбел қырлары, Беймаза жылдарым зырлады. Ол кезде бозбала ақын едiм, Бiр сен деп төгiлген жырлары.

Есiмде сүйдiң сен асылым, Мен дағы армансыз тасыдым. Тағдырдың бейопа сыйы барын, Нелiктен бiлмедiк ғашығым.

Есiмде Күреңбел кештерi, Таулардан самалдың ескенi. Соңғы рет өзiңмен қоштасарда, Бұлттардың күркiреп көшкенi.

Есiмде Күреңбел көктемi, Аңсатып құстардың жеткенi. Қайтейiн қинайды жүрегiмдi, Өмiрдiң өзiңсiз өткенi.

  • *

Жиырма жыл көрмегенмiн, көрмегенмiн, Қалайша тiрi қалғам, өлмегенмiн.

Көзiңе, ерiнiңе, әуезiңе, Өлердей болып жаным, шөлдегенмiн, Алдыңда тұрмын мiне, өлмегенмiн.

Мұңды қосқан аяулы гүл есiмге, Алғашқы кездескен кез жүр есiмде. Жағаға шығып қалған балықтаймын, Мен сенi көрмеген күн, бiлесiң бе?

Жасымда ширығатын, шыңдалатын, Жаным-ау әдет таптым мұңданатын. Қамал алар қырықта дәрменсiз қап, Халге де жеттiм бiлем жынданатын.

Өзгемен шығып кеткен басына ерте, Махаббат таңғажайып жасыл өлке. Мәңгiлiк бала бейнең елес болып, Өмiрден мен де өтермiн асыл ерке...

  • *

Жайнайтын жазда гүлi мен белесi талдан, Өлкеде мына қалқамның елесi қалған. Бұл пәни менi қоспады сол қызыменен, Қосады сөзсiз бар болса келесi жалған.

Қояны қойдай өлке бұл, түлкiсi арлан, Бұлақтарында сол қыздың күлкiсi қалған. Таулар қоршаған ауылға күйеу бала боп, Бiз емес, алыс Алтайдан бiр кiсi барған...

Сол бiр аруды сүйiп те, сүйiп те сүйдiм, Елес боп өттiң алдымнан,

Күйiкте күйдiм. Терiс ағатын өзенге көз жасым тамып, Махаббат мәңгi екенiн биiкте бiлдiм.

Қай белден болсын шықпайды, жыл сайын дарын, Өртейдi менi шiлдедей, күн сайын жалын. Өзенi терiс ағатын киелi өлке, Гүлiңдi сүйген бiлшi сен, бiр шайыр барын...

  • *

Қабырғаның ар жағында сен жаттың,

Қабырғаның бер жағында мен жаттым.

Сенi-дағы тербетедi бекзат түн,

Менi-дағы тербетедi бекзат түн.

Ғашығым-ау, шынымен-ақ жасыдым, Жасыдым да сырымды айттым жасырын. Барлық нәзiк дыбыстардан құралған, Сенiң үнiң әлемдегi асыл үн. Тербетедi менi мұңлы бiр арман, Бiр арманды аяламай тұра алман. Сенiң үнiң үлбiреген жiбектей, Барлық асыл дыбыстардан құралған. Сенiң күлкiң алтын шуақ шашылған, Сол шуаққа мәңгi жаным бас ұрғам. Сыр шертесiң бiр күрсiнiп, бiр күлiп, Қалып бара жатқан шулы ғасырдан. Сенiң көзiң... тұнған көлдей мөлдiреп, Қайта-қайта қарай берем елжiреп. Сол бiр көлдiң жағасында тұрасың, Түсiмде ылғи орамалың желбiреп. Сенiң ернiң қызыл шие үзiлген, Есiмдi алды мiнсiз тiстер тiзiлген.

Сәл анықтап қарап едiм, аяулым, Қуаныш пен қайғы көрдiм жүзiңнен.

Сiңлiсiндей болғаннан соң Тоғжанның, Мен өзiңдi ойлай-ойлай тозғанмын. Сенi жырлап өту үшiн жалғаннан, Аяулым-ау, мұңын алғам Мағжанның...

  • *

Дала да үнсiз, сен де үнсiз тұрдың-ау, Мендей сенi сүйер ме екен қыр мынау. Алаш та жоқ қара көздi қарғам-ай, Есiмдi алдың мiнезiңмен мұңдылау.

Ақ мақтадай үлбiреген, алтыным, Бұл өмiрдiң алды күлкi, арты мұң. Аққудайын көлiне ұшқан асығып, Алматының аспанында қалқыдың.

Бар қайғысын қабылдаған ғасырдың, Сендегi асыл парасатқа бас ұрдым. Мұқағали, Төлегендi жатқа оқып, Әнiн салған Iлиядай асылдың.

Бота айналған менiң алтын қазығым, Сүңгi жақтың жанып тұрған жазының. Сенiң жаның ыстығынан жаралған, Қызыл гүлдей үлбiреген нәзiгiм.

Сертке берiк перзентiмiн даланың, Сендей қызды асыл жанға баладым. Доссыз қалған жылдарымда табысып, Тарыққанда қолын созған, қарағым. Түн жарымы, ел ұйқыда,

ояумын, Егiлуге, төгiлуге таяумын. «Махаббат жоқ», – деген сөздi естiсем, Көз алдыма сен келесiң, аяулым.

  • *

Ажарың толған ақ айдай жаным, қастарың садақ керiлген, Батылым барып сүйе алмай кеткем, шиедей тәттi ерiннен. Еркелей басқан күллi ғаламға, ғаламат сол бiр сәттегi, Сурет бейнеңдi көкiрегiме түсiрiп алғам сенiң мен.

Шөптердiң иiсiн аңқытып кеште ақ самал соқса алқаптан, Ойладым сенi, бұрымдарыңды арқаңа қарай тарқатқан. Өкпелеп iштей ақырын ғана алыстап кеткен жылдарға, Бозбалаларға егiле қарап тұрамын балдай жар тапқан. Ақ қанат байлап ақ тамақ жырым өзiңе қарай асығар, Ақ жаңбыр болып көзiмнiң жасы ақша жүзiңе шашырар. Тебiренiп үнсiз, күрсiнер сосын осынау аппақ сезiмге, Ертектегiдей ақ махаббатқа түбiнде бұл ел бас ұрар. Алатау жаққа қарадым, қалқам қиялмен iздеп неше мен, Сандалып сосын келе жатамын адамдар аққан көшемен. Махаббатымды қалдырғым келмей отырам көзiм боталап, Ағаларымды есiме ап ерте арқасын «жерге» төсеген.

Жаз кетiп ертең, сағыныш болып келсе де қоңыр күз мейлi. Ақ қағаздарға кемшiлiгiмдi дұшпандарым да тiзбейдi. Жатармын жым-жырт, қалдырып артта жабырқау, жадау жылдарды,

Емiренiп сонда, сәл кештеу бiрақ, туған жер менi iздейдi.

***

Қара қайғы соқ, соққыла жындана, Маған серiк сен емессiң, мұң нала. Ататекке иттей адал ит жылғы, Менi ойлап алаңдайды бiр бала.

Үнемi оның асыл ойлар-серiгi, Күйбең күннiң бодауынан жерiдi. Менi әлi де жатсынатын қалада, Сол баланың ерiтедi ерiнi...

Құлазыған туған мына үйдiң мен, Қымбаттығын көкiрегiме түйдiм мен. Кешiре алсаң, кешiр апа, жалғанда, Сенi, сосын, сол баланы сүйдiм мен.

  • *

Қара шалдардың қайғысын емiп ержеткем, Бозбала дәурен... жанымды мәңгi тербеткен. Айсыз түндер-ай, ақ жаңбырларын селдеткен, Қара көздер-ай, әр қиырларда кездескен. Жоғалтып алып, iздеймiн бәрiн жер-көктен. Махаббат түгiл жылы сөздерге зар болып, Жүрсем де қазiр сақталдым таза ар болып. Өлеңге сыйлап кеттiңдер менi, өздерiң, Марқасқалар мен нарқасқаларға жар болып. Бозбала дәурен бұлттардан сенi сұрадым, Бұрылмасыңды бiлгенде үнсiз жыладым. Өрекпи жаным төсегiме кеп құладым, Өзегi өрттей, менi де естен шығарма, Соңымда менiң жыр жазып жүрген шырағым.

Қара көздермен қыдырған сонау көп күндер, Қас қағым шақта елес боп ғана өттiңдер. Өмiрде қалай, айтыңдар, менсiз шаттанып, Қалайша менсiз мұңайып қайғы шектiңдер. Жалаңаштанар жапырақтарын тастап тал, Бiз аман болсақ айбының талай асқақтар. Сендерсiз қалса мүлгидi шамсыз перрондар, Сендерсiз кетсе мұңаяр ескi составтар. Сағынғанымда самал боп желпiп естiңдер, Барлығын менсiз тағдырларыңмен шештiңдер. Екi келмесiн бiлмедiңдер ме, бiлмедiм, Бес күн жалғанды қалайша менсiз кештiңдер? Менiң жайым ба қуандым, күлдiм, мұңайдым, Жазғанын көрiп келемiн шебер Құдайдың. Бес жасар бала секiлдi кейде жылаймын, Абыз шалдардай, ал кейде бақыт сұраймын.

Арулар үшiн қай жерде қаным қызбады, Сағыныштардан жүрегiм қақты, сыздады. Дала жырының соңына салған бiздердi, Аман жүрiңдер қазақтың қайран қыздары.

ЖАЛҒЫЗДЫҚ

Мен болсам кеттiм ақын боп, Азырақ бақытсыздау боп. Төлеген Айбергенов Әлi күнге айта алмастан келемiн, Әлемдегi ең сұлу қыз сен едiң. Торыққан бiр, тарыққан бiр шағымда, Желмен жеткен лебiңменен демедiң. Менiң нәзiк өлеңiм-ай, өлеңiм. Саған жырды он алтымда жазған ем, Ғұмыр жайлы бiр әңгiме қозғап ем. Бұл өмiрдiң қысқалығын бiлсем де, Аспандағы айға қолды созған ем, Сен бойжеткен, мен ұяңдау бозбала ем. Маған ермей қалдың сонау көктемде. Жалғыз кеттiм қауiптiлеу өткелге. Бұл жалғанда жалғыз қалдым жарығым, Қолым жайып оралмайтын өткенге, Үнсiз қарап жалғыз жүрген кептерге.

Мәңгi серiк еттi содан асыл мұң, Саған ғашық екенiмдi жасырдым. Бұл жалғанда жалғыз қалдым жарығым, Қаламын ап Төлеген мен Қасымның. Көшелерде шайқалдым да шашылдым. Шайырлардың шайқап iшiп шарабын, Жалғыз қалдым жасқа толып жанарым. Жалғыздықтан жапа шегiп барамын, Сен елiгi, мен еркесi ем даланың. Қажыдым-ау, қайда жүрсiң, қарағым. Елге соқтым баяғыдай шықпадың, Сүрттi самал жанарымның шықтарын. Менi кейде түсiнбедi Адамдар, Мен де кейде Адамдарды ұқпадым, Ақындықтан ештеңе де ұтпадым. Сонау көктем аңсатты ғой, аңсатты, Жүректен жыр, көңiлден күй қанша ақты. Сенсiз өткен жылдар менi мұңайтып, Сенсiз өткен жылдар менi шаршатты.

Тұнжырайды аспан жасын тыймаған, Жүрек берiп махаббатын қимаған, Елеусiздеу осы ауылдың қызы ғой, Маған мәңгi жалғыздықты сыйлаған.

  • *

Танысқанда сен он бес-ақ жаста едiң.

Тұманбай Молдағалиев

Махаббатқа куә болған дала-ау бұл, Бәрi орнында анау өзен, анау қыр. Алматыға кеткенiмде мұңайып, Осы ауылда бiр қыз қалған сонау жыл.

Он бесiңде бой түзедiң, бүр жардың, Түн жамылып терезеңе жүз бардым. Сен арқылы күллi әлемдi сүйдiм де, Сен арқылы сырын ұқтым қыздардың.

Он бесiңде шешек аттың, гүл аттың, Мына жерде қызғаныштан жылаттым. Сенiң ойлы көздерiңе ғашық боп, Сенiң аппақ көйлегiңдi ұнаттым.

Гүлдер маған сыбырлайтын үлбiреп, Сүйгенiңдi, күйгенiңдi бiлдi деп. Саған үнсiз қарағаны бiреудiң, Ауыртатын жүрегiмдi тiлгiлеп. Жылдар өттi талайларды жылатып, Талайларды тұрмастай ғып, құлатып. Сол ауылда он бес бала жыр жаздық, Он бес жасар сол бiр қызды ұнатып. Қызғаныш па бiле алмадым себебiн, Барар жолда талай таяқ жеп едiм. Терезеңнiң жақтауларын сипадым, Екеуiмiздi бөлiп тұр ғой демедiм.

Сағынышым, бой бермедi жеңдi аға, Баяғыдай шалқымайды кең дала. Мен де оралдым, ол да оралды, оралдық, Оралмаған бұл ауылға сен ғана. Соңғы жылдар сездiргендей күз лебiн, Жоғалтсам да сенен күдер үзбедiм. Содан кейiн бiр көруге зар болып, Ақ сағымның ар жағынан iздедiм. Сол сағыныш бой бермедi, жеңдi аға, Сондағыдай шалқымайды кең дала. Қанша сұлу арулармен сырластым, Қайтып маған жолықпаған сен ғана. Арман екен, сол бiр шақтар гүл екен, Ең ғажайып кезеңiмнiң бiрi екен. Қайран жүрек әлi iздейтiн сол бiр қыз, Бұл жылдары қай қиырда жүр екен?

Жан сырым ғой ұға алмаған өзге ешкiм, Сезiмiңмен жұмысы жоқ кезде өстiм. Бұл өмiрде бiр-ақ рет берiлер, Мен осылай махаббатпен кездестiм.

Жағасында көк бұлақты, Көк тастың, Қыста дауыл, күзде жаңбыр жоқтассын. Бұл өмiрде бiр-ақ рет берiлер, Мен осылай махаббатпен қоштастым.

Өткенiңде гүлдi аппақ көйлекпен, Қарап тұрған мылқауларды сөйлеткен. Менi әлi алға сүйреп келедi, Қара көздi, он бес жасар бойжеткен.

Махаббатқа куә болған дала-ау бұл, Бәрi орнында анау өзен, анау қыр. Алматыға кеткенiмде, мұңайып, Осы ауылда бiр қыз қалған сонау жыл... *

Тым көңiлсiз өттi қызық күзiң де, Қыздар маған хат жазбайды бүгiнде. Құлағына сыбырлап мен ақырын: «Ұлы шайыр болам дегем түбiнде».

Жота жатты жазыла алмай ұйқы орап, Сағым жақтан ойналғандай күйтабақ. Төмен қарап үнсiз тұрдың ойлана, Қара ағаштың қабығынан сипалап.

Ерте бiлдiм беретiнiн тiлдiң не,

Тiлсiз өмiр сүрмедiң не, сүрдiң не. Үнсiз ғана қимай қарап тұрып ең, Тым алысқа ұшарымды бiлдiң бе.

Көкiрегiмде тау теңселiп, күн күлген, Ұлы шайыр шықпас, бәлкiм... кiм бiлген. Туған ауыл, аяулы қыз, қалды артта, Қара жолмен көкжиекке сiңдiм мен.

  • *

Сен тұрдың менi арманшыл ағаға балай, Дос пенен дұшпан, дариға-ай, табаламағай. Жүрек пен теңiз, аспан, жер астасып кеттi, Толқындар шулап асықты жағаға қарай.

Толқындар қайта ұмтылды шегiне қалып, Сен тұрдың елдiң сан түрлi сөзiне налып. Бауыры күнге шағыла шолп ете түскен, Жастығым болып көрiндi көзiме балық.

Толқындар келiп ақырын тобықтан ұрды, Тарттың сен керi иiрiммен қорыққан ұлды. Қош, аяулы қара көз, Шардара жақта, Есiме ап жүрем ақ нұрмен жолыққанымды.

  • *

Шулаған ауыл, шыққанда жырым алғашқы, Мазақ қып бәрi қызарып кеткен Қарғашты. Отызға толдым, ол жылдар қалды белес боп,

Қанша жаз өтiп, даламды қанша қар басты.

Шулаған ауыл, үмiтiн үздi бiртiндеп, Кешегi достар сыртымнан бүгiн жүр күндеп. Көргенде менi қызарып кеткен қу қыздар, Көзiңнiң жасы, қолыммен қашан сүртiлмек, Армандап жүрмiн сырласар ма едiк шiркiн деп. Отызға келдiм, он сегiз қалды белес боп, Бал дәурен шақтар өтедi кейде елес боп. Алғашқы жырға шулаған ауыл тым-тырыс, Ақын атанып айдардан қашан жел еспек. Отызға келдiм, отызға кiмдер келмеген, Қарызбын қанша, Қарашық өткен жерге мен. Жырымды менiң бiлмесе-дағы мұңдылау, Бiргемiн мәңгi, момындау туған елменен.

Өлгендер өлдi, оқиды менi тiрiлер, Оқыған сайын жүрегi қан боп тiлiнер. Бiрiгер сосын жоғалтпау үшiн тiлiмдi, Бетiнде жердiң жоқтығым сонда бiлiнер. Тiрiлер түгiл оқыған менi өлгендер. Дәлелдер оны тыңдағандар мен көргендер. Қамықпа бiрақ сыйлайды қанша тұлпарды, Думанды, нулы Қазаққа менi берген бел. Жоқтығым менiң бiлiнер жердiң бетiнде, Келуiң керек шешiмге желдiң өтiнде. Жатармын жым-жырт жұпыны, мұңды бейiтте, Аясаң бұрыл сонау бiр жолдың шетiнде. КЕЗДЕМЕДЕГI КИНОЛАР мен Рахила қыз жайлы жыр Cап-сары боп өңiрге келетiн күз, Күздей сұлу клубқа енетiн қыз. Сол жылдары киноны дуалдарға Кездемеден iлiнген көретiнбiз.

Тым орынсыз ызылып сызылмаған, Қатал тағдыр қоспады қызын маған. Түркiстандық саудагер тығып сатқан, Қол фонарым бар едi ғыжылдаған. Ғыж.. ғыж... бассаң жарығы молаятын, Қарақшыдай бағана сораятын. Ильич шамы кеш жеткен сол ауылдан, Маған дейiн шықпаған қалай ақын? Анамыздан жиырма-отыз тиын алушы ек, Күпәйкеден қысылып қиналушы ек. Қол фонарьды қолға алып қыздарды ертiп, Жарығы жоқ клубқа жиналушы ек. Ағыл-тегiл аңқылдап шешiлмесек, Бүгiн жыр боп, самал боп есiлмес ек. Амангелдi батыр ма, Чапаев па, Ескi лента үзiлгiш... есiмде тек.

Сыбырлаған сары қыздың жылы демi, Жүрегiмдi жылытып тұрып едi. Жасырынса бiреулер, ал бiздердiң, Кездесетiн жерiмiз клуб едi. Еске түссе әлi күн жылы демi, Қан жоса боп жүрегiм тiлiнедi. Шалғай жатқан көп шудан сол ауылда, Бiр махаббат аз ғұмыр сүрiп едi. ...Шамсыз ауыл ақ арман арқалатты, Кездiм жалғыз мен содан шартарапты. Кездеменi баяғы дуалдағы, Сарайларда сағындым салтанатты. Өстiк суды етiкпен шылпылдатып, Естiлерге ескiлеу жыр тыңдатып. Жазып жүрген жырыма менiң бүгiн, Бiр жылдары болады жұртым ғашық. Балалық шақ бәрiне елiктiрген, Елiктiрген, ерiксiз желiктiрген. Ақ боранда адасқан халiм мынау, Ақбөкендей қораға келiп кiрген.

Айтпасақ та көп жайды жарымызға, Қара таңба түскен жоқ арымызға. Мен қарызбын осынау сезiм үшiн, Кездемеге, киноға, сары қызға.

  • *

Он төртiншi туған айдай, нұрланып, Келе жатсаң жiгiт қарар ұрланып. Аппақ дүние аяғыңның астында, Өз-өзiнен жатыр жаным жырланып.

Табиғатың сұлулықты сыйлады, Еркелiгiң талайларды қинады. Тарбағатай тауларындай тәкаппар, Түркiстанның қыздарындай ибалы.

Анамдайын аяулысың қара көз, Мұңлы жырға таямысың қара көз. Алматыда кездестiрдiң кездейсоқ, Ақындардың қаяулысын қара көз!

Қара көзiң күлiмдейдi төккен нұр, Жан жүрегiң бастаудайын мөп-мөлдiр, Күлкiң сенiң сыңғырлаған алтыным, Самал сынды жаңа желпiп өткен бiр.

Қарашықтан қалқып ұшқан қыран ем, Қаратаудан құлай аққан бұлақ ем. Жер бетiнде бақыт бiреу болса егер, Құдайдан мен саған бер деп сұрар ем.

Қаршадайдан өскен едiм жырменен, Белдестiрдi тағдыр қатал сынменен. Сенi есiме түсiредi бұл жылдар, Тереземнiң түбiндегi мұңлы емен.

Көктемдегi жас шыбықтай бүр жарған, Сенi көрсем тербетедi нұрлы арман. Шығыс қызы шұғылаға шомылған, Кiмнен кейiн қалмас дейсiң бұл жалған.

  • *

Қамын ойлар кезiм ғой деп ұлыстың, Өзiме-өзiм неше мәрте ұрыстым. Орда бұзар жасыма мен толғанда, Қылпылдаған ақ жүзiндей қылыштың, Көздерiнен көрiп қалып бiр ұшқын, Ғашық болдым гүл қызына Шығыстың. Бiр қарасаң қыраттағы нәзiк гүл, Нәзiк гүлдi тауыса алмаймын жазып бiр. Шығыс қызы мынау жатқан көсiлiп, Талайларды тамсандырған жазық бұл. Әсем әндей үлбiреген нәзiк гүл, Жырларымды оңашада азық қыл.

Абай атты ұлы дана мектептiң, Шәкiртi едiм, қурап барып көктеппiн. Алыстарды армандадым, алыстым, Сондағы мұратыма жетпеппiн, Егем деген егiнiмдi екпеппiн. Себем деген сезiмiмдi сеппеппiн. Не айтайын, Шығыс қызы, осылай, Бұл жалғанда текке келiп, текке өттiм.

Мен осылай қурай жаздап, көктеппiн, Шәкiртiмiн Абай салған мектептiң. Жиырма екiмде кiтабымды шығарып, Отыз бесте неге менi шеттеттiң. Шеттеттi деп қаңғып қалқам кетпеппiн.

Тағдыр менi ойлы еттiң, өксiттiң, Өксiтсең де қияндарға көз тiктiм. Шыр етiп мен бұл өмiрге келдiм де, Шапалағын қайта-қайта жеп шықтым. Алты қабат астары бар сөздi ұқтым, Алты қапты жарып шығар кездiкпiн.

  • *

Ой үстiнде жүрем ылғи мұңданып, Оңашада жел сыбдырын тыңдадық. Жырым мынау келе жатқан шыңдалып, Өзiм мынау кетердейiн жынданып, Үнсiз ғана жаныма кеп елеусiз, Отыр жаным, жел сыбдырын тыңдалық. Жел айтады адамдардың арманын, Талайлардың орта жолда қалғанын. Мұхаңдардай сарқып айту арманым, Тiршiлiкте жамандыққа бармадым. Бiрге көрсек деймiн жаным қалғанын, Өлеңдерiм, жиған-терген бар малым. Қара көз қыз, арманымсың, арманым, Сен жанымда бола алсаң өмiрде, Сөз еместей шалдар айтқан жалғаның, Қазақ үшiн Асан болып адасып, Айдалада қобыз болып сарнадым.

Қарасу мен Қарашықтың арасын, Қайран өмiр, көктей өтiп барасың! Күрестiм мен қарындастың қамы үшiн, Ессiз сүйдiм, қазағымның даласын. Құлаққа iлмей дос, дұшпанның жаласын, Тiлсiз ұғып жанымның мұң-наласын, Қашан келсем күлiп қарсы аласың. Ешкiмменен таласым жоқ, таласым. Ешкiмде де аласым жоқ, аласым. Он сегiз мың жарық нұрдан жаралған, Қайран өмiр, қайда асығып барасың? Елеусiздеу өткен кеше Қасымды, Ойлап кейде көзiм жасы шашылды. Мына қазақ қабылдай ма кiм бiлсiн? Қоңыраттар хан көтерген басымды!?

Салқын тартты кеше құшақ жайғандар, Қасым көкем, пайғамбар ғой, пайғамбар! Айтшы маған, қара көз қыз аяулы, Менi сендей сүйе ала ма Наймандар?!

  • *

Сен едiң қияда өскен түздiң гүлi,

Жайсаңдар армандаған қыздың бiрi. Екеумiз қоштаса алмай ұзақ тұрған, Есiмде жиде ағашы, күздiң түнi...

Қайтейiн, не болса да бағым бiлер, Еске алсам сол бiр қызды жаным жүдер. Сен менi тебiренттiң-ау, толқыттың-ау, Туған жер, сыйласқан жұрт, сағымды бел.

Сағымды бел ораған қырат-сайды, Жүйрiгiң бiрте-бiрте жырақтайды. Жыласа былай шыға өзi жылар, Ақындар сүйген қызын жылатпайды.

  • *

Арман болған бүгiнде, Сұлу қызы сиқымның. Сезер ме екен түбiнде, Бұзылғанын ұйқымның. Үкiмiмiз кесiлген, Жүректi ездi түнгi мұң. Шықпай қойдың есiмнен, Ару қызы Сүңгiнiң. Ендi сайрар бұлбұлдар, Бiздi де ертең бiлем дер. Өзiңдi iздеп бұл жылдар, Құлазиды Күреңбел. Ол құшағын жайған күн, Қалдың елдiң ары боп. Шығыс жаққа Найманның, Кете бардың жары боп. Мен арманшыл ұл едiм, Елiгi едiң Жамбылдың. Айдың алтын нұры едiң, Ұмыта алмай қаңғырдым. Хабар бермей адаспа, Құрдасыңа қайтейiн. Жан жетпейдi Алашта, Бiр басыңа қайтейiн.

Бар қызығы жалғанның, Сенде кеттi қайтейiн. Мәңгi жаулап алған мұң, Менде кеттi қайтейiн. Нұрлы жүзiң зар кезде, Көрiнбедi қайтейiн. Сүйемедi тар кезде, Елiм менi қайтейiн.

Жаңбыр жырды селдеттiң, Дақ түсiрмей арыңа. Бақыт тiлеп мен кеттiм, Жан ұяң мен жарыңа.

  • *

Саусақтан сусып серiлiк, Түстiм мен күйге сергелдең. Өзiңе оңай берiлiп, Кеудеңде сенiң көктеп ем. Балауса балғын бейнеммен.

Ақ қайың ару шешiнiп, Ақ қарға жатты жуынып. Тұрдың да үнсiз тесiлiп, Сәби жүректi жөргектен, Әкеттiң бiрге суырып.

Болғанмен өзi көрiксiз, Арманы асқақ арынды.

Сезбедiң сонда, елiк қыз, Қасымхан болып танысқан, Қасыммен қоштасқаныңды.

Көресiң бәрiн тiрлiкте, Дегенмен, қалқам, ешқашан, Жылусыз менен жыр күтпе. Өлеңге қажет болса егер, Жалғыздықпен де достасам.

Ғұмыр-ай, неткен тылсым ең, Мұңыңмен бойды тербейсiң. Жазылмай жүрген бiр сыр ең, Өзiңдi асқақ қалпыңмен, Кеудеме, еркем, жерлейсiң.

Болғанмен өзi көрiксiз, Арманы асқақ арынды. Сезбедiң сонда елiк қыз, Қасымхан болып танысқан, Қасыммен қоштасқаныңды.

  • *

Шымырлар жүрек, түйiссе жанар, Екеумiз бiлер сыр ғана... Шөлдеген мейiр сүйiссе қанар, Шеткерек шығып ұрлана.

Көктемдер келiп, көктемдер кеттi, Сарқылды сабыр сенi iздей. Амал не ендi, өткендер өттi, Жалмады уақыт теңiздей.

Мейiрiмi шексiз, жапырақ шашқан, Қартайды сырлы қос қайың. Жоқ едi бiр қыз атырапта асқан, Мен оны қалай тоспайын. ...Ауылға келгем астана жақтан, Бiткенде жазғы семестр. Кiрпiгiн маған қастана қаққан, Бекежан сыры емес бұл. Хабарды үздi кей таныс бiзден, Махаббат қыры алыс қыр. «Бұрыш жақтағы бейтаныс қызбен, Жан досым, менi таныстыр...» Сұрақ бергендi сендiрген болам, «Ауылдан қалай астанаң?» Бейтаныс сұлу телмiрген маған, Жалт етiп көзiн тастаған. Лүпiлдеп жүрек, қиналғам сонда, Жаныма түскен жарадан. Естерi шыға жиналған сонда, Жiгiттер саған қараған.

...Сол түнi кеттiк өзендi бойлап, Төбеде тұрды аппақ Ай. Iнiлер сондай кезеңдi тойлап, Махаббаттарын сақтағай. Көздерiң көлдей түбi көрiнген, Сұлу жоқ сенен асатын. Он жетi жасар өбiп ерiннен, Өмiрге келдi жас ақын.

Қалшылдап сонда жаураған жандай, Бетiңдi басып отырдың. Жанарларымнан аунаған таңдай, Залдарда жыр боп оқылдың...

  • *

Қар жауды кеше қыламықтанып, Қонақтап жатты дөңгелеп. Ашылмай жүрген сыр анықталып, Лаулады қайта сөнген от.

Ақтоқты ару арманым едiң, Тағдырдың жолы шырғалаң.

Он жетi жаста толғанып елiм, Сол қызды алғаш жырлағам.

Дүрия көйлек жарасып саған, Шаттана сол кеш билеп ең. Ұрлана қыздар қарасып маған, Қарасып саған... сүйген ем...

Мейiз тiлiңнiң жұтқан ем балын, Жып-жылы түнде мас болып. Мәңгiлiк серiк тұтқан ем, жаным, Жанардан ақтың жас болып...

  • *

Әуезiң рас, ақырын соққан таңғы леп, Өтiнем сенен, ойлама естен танды деп. Тiлiңнiң балы, көзiңнiң жасы, сонан соң, Халқымның халi, отырмын жаным жанды жеп.

Жасты жанарды алақаныңмен сипап өт, Көзiме көшiп, кiрсiншi түгел сиса көк, Ұлы шайырға айнала алам ба, кiм бiлсiн, Ұлы қайғымсың, бұл дерттi жазар шипа жоқ...

  • *

Бұйығылау боп өстiм де, Көкiректе арман сызаттап. Сезбейтiн сiрә ешкiмде, Мен сүйген қызын көршi ауыл,

Той жасап ертең ұзатпақ.

Көкбаразданған бойыңа, Не теңеу айтсам рауа. Жадау көңiлмен тойыңа, Алшайысу батып жаныма, Боз атпен келдiм күн ауа.

Күтетiн әкең «шынжырлап», Жанынан шықпай бiр адым, Сағалдырығың сылдырлап, Дәмелi жұрттан сытылып, Бөдес қылаңмен ұзадың.

Күйеуден бозым үстем ет, Жiгiтке сын ба, қалған сын, Ернiңнен үнсiз тiстелеп, Үстiңнен төнiп сүйгенде, Жағымнан тартып қалғансың.

Ал сонда кiмдi қаусаттың, Қаусырды қазiр күз менi. Жағыма тиген саусақтың, Жүзiмде емес, жаным-ау, Жүректе қалды iздерi.

  • *

Ғашық еткен, ақын еткен елiк ең, Қайда барсам ерке елесiң менiмен. Iңкәр жан ем сол кезеңде өмiрге, Бұл жылдары барлығынан жерiгем. Елiм барда жырым, гүлiм солмайды, Қош жастық шақ, қоштаспасқа болмайды, Қара нардай көтеремiн, тек қана, Сенi қайтып көрмейтiнiм – сол қайғы. Досым сатты, сатпаған тек өлеңiм, Өлеңiмдi аялаумен келемiн. Өлер болсам биiгiмдi алып мен, Өсектердi жеңiп барып өлемiн. Барым осы, ал қалғаны Сiзге сын, Боран десiн, көктем десiн, күз десiн. Бiр жылдары менi iздеген жан болса, Ғашықтардың жүрегiнен iздесiн. *** Ұмыта алман бір білерім, Сен аяулы қыр гүлі едің. Жарқырайсың көңілімде, Жұлдызындай сүмбіленің.

Өткен күннен не тіледім, Нені аңсайды көкірегім. Мені ойлап, ардақтым-ау, Күрсінбеші өтінемін.

  • *

Сен менi мүсiркеме, аямағын, Одан да мейiрiмдi боп, аялағын. Тау мен тасқа соқтыққан жүрегiммен, Саялағым келедi, саялағым.

Бiрер сәтке кеудеңе жүзiм басып, Отырып ем, көз жасың үзiлдi ақық. Мәңгi серiк болуға жарамастан,

Отызыншы барады күзiм қашып.

Өтiнем көздерiңнен үзбе жасты, Қарашы қайыңдарға бiзге жасты. Басыма iс түскенде Адам түгiл, Сырласуға жарамай күзде қашты.

Күз де қашты... сiлкiдi сындар менi, Қуат бердi, сүйедi қыздар лебi. Қайран отыз тұрма сен босағада, Қайда алып барасың жылдар менi.

АҚЫН АЗАБЫ

Жапырақтарға жел үзген, Жабырқай қарап қыр жатты. Тiршiлiк атты теңiзден, Iздедiм мұңлы ырғақты.

Көлеңкесiнде ер жеттiм, Шифрсыз тоқал тамдардың. О, тағдыр, неге ерке еттiң, Мен бәрiн кештеу аңғардым.

Не жылтыраса сол мода, Жiгiттiк жеттi желпiнген. Өлеңге ғашық сонда да, Айыға алмадым дертiмнен.

Жастық шақ өттi жұпыны, Сан рет сенiм қаусады. Жүректiң тұңғыш лүпiлi, Елiктей қыздың саусағы.

Көзiнен барша адамның, Қуаныш пенен қайғы iшкем. Қорлығын көрер жаманның,

Мен деген сорлы байғұс па ем...

Жапырақтарға жел үзген, Жабырқай қарап қыр жатты. Тiршiлiк атты теңiзден, Iздедiм мұңлы ырғақты.

  • *

Ауыл сыртында көктемге құштар жас ақын, Шие ерiн сұлу сүйгенiн жалғыз тосатын. Ақ нұрын шашқан отырып айдың астында, Қиялы оның Хиуадан әрi асатын. Ақ көйлегiнiң көлбеңдеп ұзын етегi, Ақылды сұлу ақынға үнсiз жетедi. Айлы ауыл сырты әдемi едi, қайыңды, Ғашықтар ғана табысар сырлы шет едi. Жас ақын жырын қайыңдар тыңдап, құс тыңдап, Қара көздерi тұратын қыздың ұшқындап. Кездестiм қанша қызбенен талай жерлерде, Жаныма бiрақ бәрiнен сол бiр тұс қымбат. Оларға ай да телмiрiп үнсiз қарайтын, Саңқылдап шыққан дауысы түнге тарайтын. Ғашықтық жайлы ғажайып қазiр сол ауыл, Айтады әндi, айтуға әндi жарайтын.

Жанады жүрек мұңдана маған қараса ол, Жанымды бүгiн сыздатып жүрген жара сол. Тым кештеу бiлдiм, айлы ауыл да емес, қыз да емес, Ақынға серiк азабы көптеу қара жол.

Көрмеген едi ештеңе менi қорқытып, Тұрса да алда қаншама қиын жол күтiп. Беймәлiм жол ғой ақынның жолы мәңгiлiк, Сапарға жалғыз шығарып салып, толқытып.

  • *

Баяғы iңкәр сезiммен, Кездестiм тағы өзiңмен. Сағыныш жасы, жүректi өртеп. Үзiлiп түстi-ау көзiмнен.

Кiнәлап болмас уақытты, Арманды таңдар атыпты. Екеумiз кеттiк, екi жолменен. Басқаға берiп бақытты.

Бұл ғұмыр қысқа жол ғана, Ойладық бәрiн толғана. Кездесiп тағы, қоштасып тұрмыз, Тағдырдың сыйы сол ғана.

  • *

Жалғыз қалған жолбарыстай жаралы ем, Күңгiрт тартты-ау мөлдiр әлем, бар әлем... Жүрегiме шоқ түсiрдi қайтейiн, Тамағыңның астындағы қара мең. Сол қара мең, сол қара мең, қара мең, Қара меңдi гауһарыма балар ем. Самал болып терезеңнен ене алсам, Сенiң қара шаштарыңды тарар ем. Сенiң қара көздерiңде мұң тұрды, Менiң қара көздерiмде жыр тұрды. Өзiмдi өзiм ұстап қалдым бiр түрлi, Ал қиялым құшақ жайып ұмтылды. Сенiң қара көздерiңде күнә тұр, Менiң қара көздерiмде күнә тұр. Жүрегiмде басталады ма сұрапыл, Жүрегiңде басталды ма сұрапыл?

Ғашықтық дерт, жалбарын дер, жыла дер, Құдайым-ай, сабырлырақ қыла гөр. Топырақтан тысқары боп қара мең, Жасырынып ақ тамақта тұра бер.

Жалғыз қалған жолбарыстай жаралы ем, Күңгiрт тартты-ау мөлдiр әлем, бар әлем... Суырып алды жүрегiмдi кеудемнен, Тамағыңның астындағы қара мең.

Ғашықтық дерт бойдағы бар асылым, Ұлы жолда қайралдым да, жасыдым, Аяқ асты болмас үшiн сұлулық Қара шаш пен ақ тамаққа жасырын. О, қара мең, қара мең.

  • *

Бiр белде қалды еркелiк, Бiр белде қалды қарт ата. Жыр жаздым тұңғыш өртенiп, Сүйредi жолдар шаршата.

Қараша үйден күй аңдып, Отырған қалды-ау мезгiл де. Биледi бойды ұяңдық, Кездескен сәттен сен бiзге.

Қараушы ең маған елжiреп, Күнес жақ бiзге мекен-дi. Алушы ең еске сен жүдеп, Соғысқа кеткен көкеңдi.

Жаратты тағдыр серi ғып, Өкситiн қолда домбыра. Жататын сонда керiлiп, Сағымға сiңген жол мына.

Зауалда ұзап ауылдан, Гүл тердiк бiрде қыраттан. Тұрғанда қорғап дауылдан, Ернiңнен сүйiп жылатқам.

Куә боп әлi тұр дала, Кеудеме талай толды өлең. Ұзадым жалғыз бiржола, Сағымға сiңген жолменен.

Бiр белде қалды еркелiк, Бiр белде қалды қарт ата. Жыр жазып жүрмiн өртенiп, Сүйреуде жолдар шаршата...

  • *

Көз таста өлең бұлаққа, Жанымның бұл бiр кең бағы. Сен асқақ қызсың бiрақ та,

Тәкаппар ұл ем мен-дағы.

Жан емес едiм тым ынжық, Жетпей-ақ қойды-ау батылым. Алдыңда тұрмын күмiлжiп, Жеңiңнен тартып ақырын. Сыңқылдай күлiп құрбыңмен, Сызыла басып ұзадың. Сыртыңнан қарап тұрдым мен, Санамда ойнап жүз ағын. Ырғалып сырғаң сиқырлы, Ақырын соққан самалмен. Кеудемде мұңлы күй тұрды Не десем екен саған мен. Жанымның жалғыз тiлегi, Сағынбай жүрек сыздар ма. Мiгiттер барып жүредi, Жiгiттер барар қыздарға...

ҚЫРҒЫЗ ӘУЕНДЕРI

Сен толқып жаттың, Қырғыздың көлi, Толқытты менi бiр қыздың меңi. Қырғыздың жерi, Қырғыздың желi, Жүрегiмдi өртеп бiр қыздың демi. Ақ көңiл, ақын Қырғызым менiң, Еркiмдi алды бiр қызың менiң. Аспанды нұсқап жұлдызым дедiм, Ақын қазаққа аялай қарап, Күледi жұмбақ жұлдызым менiң. Кiм атады екен Есiк деп көлiм, Сарыарқа жақтан көшiп кеп пе едiң. Қырғыз бен қазақ ортасын бөлген, Ақ бас тауларды тесiп кеп пе едiң? Толқыттың ерке Есiк көл менi, Жүзiмдi сипап Есiк көл желi. Қырғыздың мынау бесiк белдерi, Қалың қазақта елеусiз жүрген, Қара баланы есiтпеп пе едiң.

Түсiме ендi сол қыздың меңi, Көздерi бейне Қырғыздың көлi. Жұлқынып тұрды Қырғыздың желi Алыстай бердi ақырын менен Бiр қыздың демi. Қырғыздың жерi, Қырғыздың көлi. Жегiдей жедi жалғыздық жанды, Өзiммен өзiм алысқам. Талақ етiп мен бар қызықтарды, Толқын ойлармен жарысқам. Қырғыздың көлiн аялап тұрды, Аспандағы аппақ Ай нұры. Сыбырға толы саябақ құрлы, Ұмыта алмадым қайғыны. Күйiгiн қыздың көтерем жалғыз, Халқымның жайы қиындау.

Лашық тiгiп ап, өтер ем жалғыз, Қылмыс қой бүгiн жиылмау. Күле танысып, жылап қоштасқан, Қыздар-ай, нәркес жанарлы. Жырыма жатқан құлақ тоспастан, Толтырам қалай Аралды. Көзiмнен аққан, көзiмнен аққан, Тамшылар солай ақсыншы. Сезiмнен батпан, сезiмнен тапқан, Көз майын тауысар жас сыншы. Қырғыздың көлi, жағаңда тұрып, Ойладым алыс Аралды, Туған жер тозды-ау табанда тұрып, Обалы кiмге Маралдың.

ҚЫРҒЫЗСТАН, ОН ЕКIНШI ВАГОН

Аманат қып тапсырған маған бабам, Қайда жүрсем асықтым саған, далам. Алып ұшып армандай Москваға, Мен кеше ұшып келгем Гаванадан. Достар қайда қарсы алған, iздеп келген, Көктем, жаз, қыс менiмен күздi өткерген. Сенi көрдiм қырғыздың поезында, Көгiлдiр вагондары тiзбектелген. Қара көз еркелесе ағасына, Ағасы қарамайды шамасына. Көздерiң түбi терең қара су ғой, Сол судың жете алмадым жағасына. Бiр тамшы жанарымда шыр айналды, Дүние бiрер сәтке сынай қалды. Сенен артық емесiн сезiндiм мен, Арулар, құдай еткен құдайларды.

Айналам түбi терең сыр аңғарды, Денiмнiң саулығына күмәнданды. Құдайлар қоштасарда не iстедi екен, Ал менiң көзiм алды тұманданды. Бiр тамшы жанарымнан шыр айналып, Жоқ болды көк кiлемге құлай барып... ...Қырық жыл бұрын, мендей күйiп-жанған, Күйшi ағам сыртқа қарап тұр ойланып.

Уақыт-желдiң қашанда өтiнде едiк, Өтiнде едiк, оған бiз өкiнбедiк. Поездың дөңгелегi дүрсiлдейдi, Менiң асау жүрегiм секiлденiп.

Айтатұғын кез сырды халыққа ашық, Жүрек өртер ойларым, жарыққа шық. Қайран поезд не сезсiн,

менi сенен, Бара жатты алысқа алып қашып.

1989 жыл

  • *

Жаңбырлы кеш, ғажайып тылсымым-ай, Өзге қызық ығысып тұрсын былай. Сүп-сүйкiмдi әнiңнен сiркiреген, Әйнегiмнен үңiлiп сыр тiлеп ем. Сарылып ем сан кеште сiлем қатып, Ғашықтарға осы кеш бiлем бақыт. Жүрегiмдi әуенiң тербеткелi, Сәбидейiн сезiнем жөргектегi. Моншақтарың iлiнiп бұтақтарға, Өлең болып ендiңдер кiтаптарға. Аялап ем талдардың бүршiктерiн, Тамшыларың жүзiмнен ыршып менiң. Сыр ашпастан жоғалды жерге сiңiп, Ал сонан соң телмiргем перде сырып. Қара көздi елiк боп елестедiң, Алты ай қыста күткенде келмес пе едiң.

Өзге дүние, қарашы, өздi-өзiмен, Қарап отыр бiр-ақ жан өз көзiмен. Жаңбырлы кеш, ғажайып тылсымым-ай, Өзге қызық ығысып тұрсын былай. Тауды кезсе табатын арқар iздi, Екеумiзде ұқсастық бар тәрiздi. Жолға шығып бiреудiң қолқасынсыз, Қыдырғанды ұнаттым қол шатырсыз. Күн батқанда батыста жалқынданып, Танытсам да сыртымнан салқын қалып. Өз-өзiмнен қарадай егiлемiн, Кешке ғашық жүрегiм тегi менiң, Жиырма төрт жыл осынау ғұмырымда, Жыр жолында жанам деп құрыдым ба? Тау суы боп құладым шатқалдардан, Көкiрегiмде сонда да сақталды арман.

Қарасудан қуанғам үйрек көрiп, Қара жолдар есейттi иректелiп. Бұл мәңгiлiк тақырып таусылмайтын, Жаңбыр жайлы жырласам даусым да айқын.

Ұнатпаса қойсыншы ұнатпаған, Ұнайды деп сыр айтты бұлақ маған. Ұнатпаған қойсыншы ұнатпаған, Ұнайды деп сыр айтты қырат маған.

Жаңбырлы кеш, сөз жетпес, сүйкiмдiм-ай, Бұрын, ciрә, қашпаған ұйқым бұлай. Саған ғашық бiраз жан осындағы,

Мақаншыда тұратын досым-дағы, Дамылдасам кеудемнен көштi деп сең, Менi есiңе ал, жаңбырлы кештi көрсең.

  • *

Есiмде әлi, есiмде, Көк көйлек киген қызбенен. Көктемнiң мөлдiр кешiнде, Көшеден такси iздегем.

Шарықта, қиял, алып ұш, Шаттықтан сырт көз мас дейдi. Айтқанмын жалған адрес, Тоқтатып талай таксидi.

Тоқтатпақ болған пiшiнмен, Таксидi қудым өкшелеп.

Тұрушы ем тiлеп iшiмнен, Тоқтамай тағы кетсе деп.

Есейтiп кеттi жыл бiздi, Гүлдептi тағы ақ сирень. ...Көк көйлек киген бiр қызды, Көремiн ендi таксиден.

  • *

Туған жерден iздеп келген Айнұрдың, Айдай сұлу жүзiн көрiп қайғырдым. Жас аруды қара өлеңге қимадым, Жолдарында қалар екен қай жырдың.

Арпалыспен өткен асау тағдырым, Алматының көшесiнде қаңғыдым. Сағындым мен Түркiстанның сол қызын, Сағындым мен Бабайқорған жаңбырын.

Жырға ғашық қыратта өскен елiктiң, Көздерiнен сәулелi ойлар көрiппiн. Қалған ғұмыр сол суреттi жырлайды, Ләйладайын асыл туған көрiктiм.

Бiр күн тәттi, өтiп жатқан бiр күннен, Сол қызды ойлап алыс жақта жүрдiм мен. Қырық жамау жүрегiммен қалқам-ау, Ең соңғы рет ғашық болып тұрмын мен.

  • *

Жаңбыр-ау, ерке тырсылыңа мен Құлағым тостым таң атпай. Тап болдым тағдыр қырсығыңа мен Жағада қалған шабақтай.

Шашырап күннен тарайтын шығар, Тарайтын шығар шуақтар. Бiзге де бiреу қарайтын шығар, Қарайды бойда қуат бар.

Шапағатына бөлейтiн шығар Күздi де сүйгем сары ала. Бiздi де бiреу елейтiн шығар, Қарамасаң, сен қарама.

Түн сайын жұлдыз ақпайтын шығар, Күн сайын адам өлмейдi. Бiздi де бiреу жақтайтын шығар, Жақсыны жақсы бөлмейдi.

Түсiнiксiздеу боп тұрса да, мейлi, Бiздi де бiреу түсiнер. Арам тұзағын құрса да, мейлi, Кiсiмсiп жүрген кiсiлер.

Көзiнде өлi ой аяқтан шалар, Жаман пиғылын жасырар. Арамдығы үшiн таяқтан қалар, Алдымда бiрақ бас ұрар.

Еркелеп аққан бұлақтай едiм, Несiне тағдыр, тiрестiң? Жаны аруларды жылатпай елiм, Мен солар үшiн күрестiм.

Жаза алмай жүрген Қаншайым дарын, Автобуста адам сығылыс. Шалынды көзге сан шайырларың, Байқай алмаған құбылыс. *

Мен кеткенмен жүрегiм елде қалды. Махаббат бiрге ойнаған белде қалды. Кешегi киелi, асыл мекенiм-ай, Көзiмнiң алдын түгел көлбеп алды.

Мәңгi кеттiм... ұзадым өздерiңнен, Сүйедiң сырлы өзендей сөздерiңмен. Екiнiң бiрi болғым келмей жүрген, Жылдарымда жарқ етiп кез келiп ең.

Тұнжырап тұрысың да сүйкiмдi едi, Аңғартты көзiңдегi сиқыр ненi? Жүрегiм елде қалды, сол үшiн бе, Талады талай рет «итiң» менi.

Айтақтады аямай таласын деп, Қорқытты төмпешiк боп қаласың деп. Ызалы сол төбеттер бұл күндерi Жалайды жүрегiмнiң жарасын кеп.

...Мен кеткенмен жүрегiм елде қалды, Махаббат бiрге ойнаған белде қалды...

  • *

Жаңадан жаза бастаған Ұяңдау сол бiр жас ақын. Құшағына алған Астанам Қара көз қызды тосатын.

Аққудай бейне сыланған, Әдемi емес — сүйкiмдi. Әр ВУЗ-дан қыздар құралған, Желiктiрмеген би кiмдi.

Досынан көйлек сұрап ап, Жаңбырлы кеште тосты ол. Астында Айдың тұра қап, Сол қызды жырға қосты ол.

Редакторы алғашқы, Алашадайын сiлкiдi. Даланы қанша қар басты, Не күндер өттi күлкiлi...

...Әлем де жәлем киiнген, Өтежан ағам кергiп тұр. Дәм татқан сыншы үйiмнен, Сынады-ау дейсiң жер ғып бiр.

Айнала түгел қолдаса,

Жүретiн жерi кiлең той. Қыздардан ұят болмаса, Кiм екенiмдi бiлем ғой.

1980 жыл

  • *

Жанарың тұрды от шашып, Кеудеме құйып бұла күш. Қайтатын болсаң қоштасып, Төбемнен, құстар, жылап ұш.

Ән салыңдаршы топтасып, Тебiренiп мен де тыңдайын. Белдеуден кетсiн ат қашып, Алыстап қалған жылдайын.

Ерке қыз егiз бұрымды, Лауласын сезiм тұншықпай. Айта алман, сiрә, сырымды, Ақ қайыңдарға тiл шықпай.

Жүректiң сырын тыңдаған, Ғашықтар таққан алқадай. Еркiмдi менiң ұрлаған Қайдасың, қайран қалқам-ай?

  • *

Арулар көрсе қалатын сүйiп, Нәзiктеу едi жүрегiм. Аурухананың халатын киiп, Ауыр ойлардан жүдедiм.

Көктем де келдi, көгердi дала, Көнердiң неге, көңiлiм? Өрiле аққан Өгемдi қара, Өгемдей едi-ау өмiрiм.

Жылжымай қойса сағаттан сағат, Сырласым болдың көк халат. Қалмады менде тағаттан-тағат, Жолыңа сенiң көп қарап. Әйнектен жаттым телмiрiп сыртқа, Ағылып жатты адамдар. Аяқтайтұғын сендiрiп жұртқа Жырларым бар-ды тәмамдар. Бақытқа бәрiн бөлемей ме екем, Келмедi қолдан, жазығым... Жауап қайтармай, елемей өтем Медсестралардың әзiлiн. Қалғанда жалғыз көп iшiнде мен, Қалқам-ай, үнсiз мұңданам. Айтпасаң айтпа, көбiсiн бiлем, Ақтарған сырын түн маған. Қап-қара шашы белiне түскен, Тып-тығыз толық анары... Қара «Волгадан» ерiне түскен, Сүйген ем бiр қыз баланы.

Жаңбырлы кеште жаңбырда қалып, Екеумiз әбден малшындық. Жыр боп өрiлiп, сан қырға барып, Жатталып мәңгi қал, шындық.

Инженер болдық, мамандық қой бұл, Тұрса да көзде жасын жыр. Жыр жазбау деген жамандық қой бұл, Санамда қазiр Қасым жүр... *

Жасыра алмай сырымды кейде өзiңнен, Кiбiртiктеп алдыңда сөйледiм мен. Хор қызына ұқсаттым ерке өзiңдi Қып-қызыл көйлегiңмен.

Сағыныштың сарқылмас сазын алып, Сезiм отқа тамызық тамызалық. Кешiр, қалқам, ағаңды, жүрегiңе

Жасағысы келiп тұр базыналық.

1976 жыл

  • *

Көңiлiме серiк бол, «жыршы» терек, Бiрiмiздi бiрiмiз мың құшып ек. Бала кезден бiрге өскен қара көзбен Қыдырған кеш есiмде тұңғыш рет.

Жырдан өзге мақсатты көздемеген, Қара көзден жат мiнез сезген емен. Өлең қуып кеткенде мен алысқа, Қара көзiм кетiптi өзгеменен.

Бұл жерден де таппадым қалайтын ән, Көрсетпедi жолымды талай тұман. Кешiр апа, кетемiн Шым қалаға, Қыз тұрмаған ауылда қалай тұрам?!

1976 жыл

  • *

Жыр оқып ем, қаракөз тыңдамады, Жалт-жұлт етiп барады сырғалары. Мынау у-шу дүниеде жалғыз тұрдым, Мейлi, менiң соңымда жыр қалады.

Жыр оқып ем танытып марқа қылық, Сезiмiмдi, санама сарқа тұрып. Кете барды жасыннан жасқанғандай, Өлеңiмнiң бұрымы тарқатылып.

1977 жыл

  • *

Өзiң болсаң тамар ма едi жас мына, Жаңбырлы кеш жiбiтедi тасты да.

Мен өзiмдi жазаладым аямай, Ұзақ тұрып ақ нөсердiң астына.

Өзiң болсаң, тамар ма едi көз жасым, Жаңбырлы кеш әдемi сыр қозғасын. Өткен көктем ұстағаным есiмде, Маған қарай бiлегiңдi созғасын.

Оралған-ды мойыныма ақ бiлек, Тұрмын ендi сыртыңнан тек бақ тiлеп. Сағыныштан құса болған кеудемдi, Аппақ жаңбыр төпелеумен жатты кеп.

Өзiң болсаң, тамар ма едi жас мына, Жаңбырлы кеш жiбiтедi тасты да. Мен өзiмдi жазаладым аямай, Ұзақ тұрып ақ нөсердiң астына.

  • *

Ойға батып қараушы ем гүл өңiңе, Айналдың сен сүйенiш-тiрегiме. Ала шаңға шомылған автобуспен Шықтық бүкiл класс боп жүгерiге.

Көзiмдегi бiр мұңды байқадың ба, Жалт қарадың сен маған қайтарымда. Саусақтарың дiрiлдеп үнсiз тұрдың, Кеудеңдегi көлiңдi шайқадым ба?

Мұндай сәттi тағдырдан сұрамас кiм, Кiлттеулi жүректi бұрап аштым. Су шашып ойнаған топ құрбыңа, Үнсiз тұрып, үнсiз сен тұра қаштың.

Қос бұрымың арқаңда бұлғақтаған, Қалт жiбермей бұл сәттi жырлап қалам. Сездiрместен, ерке қыз, өзiңе де, Жүрегiңнiң дiрiлiн ұрлап барам. * Қарап тұрмын ақ үйге аспандаған, Сыр шерткендей кiрпiш пен тастар маған.

Мұндай күйдi басымнан кешпеген ем, Бұрын менiң көзiмнен жас тамбаған.

Айыптама iнiңдi, жарай ма, аға, Жеткiзе алар мұңымды Абай ғана. Келiп тұрмын өзiңе жырымменен, Сезiнбейсiң, ерке қыз, қалай ғана?

Атойлаған жүрегiм жар салардай, Мiз бақпайды аппақ үй хан сарайдай. Бiржан сынды кеп тұрмын үйiңе мен, Сара шығып алдымнан қарсы алардай.

Уақыт бесiк сәби жыр тербеледi, Танытады күнi ертең елге менi. ...Сенi аңсаған жүректi дiр еткiзiп, Терезеңнiң қозғалды перделерi... *

Сөзге тарттым қара көз перiштенi, Сауалыма жауап жоқ, келiспедi. Сенi жырлап өтсем деп армандаушы ем, Өзiңдi iздеп келгенiм терiс пе едi.

Торғай қызы, шаштарың толқынданып, Таныттың-ау тағы да салқын қалып. Қолтығымнан ұсташы бiрер сәтке, Бiзге қарап құмартып қалсын халық. Еңсенi езiп барады өмiр өтiп, Қалған қаздай жалғызбын теңi кетiп. Күдiгiм бар, бақытты боларсың ба, Бiр ақынды елемей еңiретiп. Өмiр сүрсең, сабыр ет, несiп алда, Үмiтiңнiң жiбiн сен кесiп алма. Ессiз ғашық болмаса ақындарды, Есiне адам алған ба есi барда. Сен кешiрме, мен дағы сұрамаймын, Кеудемдегi аяулы құралайым. Қара көз қыз, әйтеуiр бiр заманда, Кiрпiгiңнен жас болып құламайын.

КЕЗДЕСПЕГЕН ҚЫЗҒА

Көшiп-қонып жүретiн ертегi iзбен, Оралатын қыстауға ерте күзден. Алқа топта ән салған серi жiгiт, Табысатын түн ауа ерке қызбен. Аңсап жатыр бабамды дала-дастан, Ақ сәулелi қара түн, «тағалы» аспан. Қалқатайын алдына алысымен, Пырақтар-ай, кiсiней ала қашқан. Ерлiк күтер туған жер бекеттерi, Емендердiң желкiлдеп етектерi. Ауыздықпен алысып ай туғанда, Арғымақпен әкетем жетектегi. Бiз еткенде даланы жырға бөлеп, Қозғал, таулар, дел-сал боп тұрма дер ек. Жекпе-жек кел егер де жiгiт болсаң, Ту сыртымнан қанжарды ұрма кезеп.

Сипатпағын, жануар, сауырыңды, Егiлмеген есiңе ап ауылыңды. Отты өлеңмен тоқтатам тосып тұрып, Қуып жеткен соңыңнан бауырыңды.

Қазақы той, сөз бар ма, жақсы бәрi, Сарқырайды серiнiң тасқын әнi. Аттағанда сен келiп босағадан, Жанарында анамның жас тұрады.

1976 жыл

  • * Көрiнбей кетсең сағынам, Жаңбырлы кеште көрiп ем.

Жамбылдың жасыл бағынан, Осында келген елiк ең.

Өтсе де күндер шайқаусыз, Айтарсың қалай сүйме деп. Үркiтiп сенi байқаусыз, Егiлiп жаттым үйге кеп.

Ұлына елiм баласа, Соңында қанша сабылдым. Ақындар жайлы тамаша Тыңдашы жырын Қадырдың:

«Айтамыз бiздер ақын деп, Адамды от боп маздаған. Ақынға керек ақыл көп, Асаулық керек аздаған”. Асқағым әрi тамашам, Ұнайды осы саз маған. Сен тiктеп маған қарасаң, Өртенiп кете жаздағам. Ақ арман деген қару бар, Сен менi еле, елеме, Өмiрге, сiрә, арулар, Жылату үшiн келе ме? Жанымның асыл сырласы, Дауыл боп менi шайқаған. Оқиын саған, тыңдашы, Қадырдың жырын қайтадан. «Айтамыз бiздер ақын деп, Адамды от боп маздаған. Ақынға керек ақыл көп, Асаулық керек аздаған».

ЕГIЗ ДҮНИЕ

Жапырақтар тағы шулады, Шулады олар тағы да. Жүрегiм менiң тулады, Тулады сенi сағына. Жапырақтар тағы үзiлдi, Үзiлдi олар желменен. Көрмек сенiң жүзiңдi, Оралдым қайтып елге мен. Ағаштар тағы жылады, Жылады олар қамығып. Көңiлiм саған құлады, Отырмын қазiр сағынып. Жапырақтарын қимайды, Қимайды олар, бiлемiн. Кеудеме жүрек сыймайды, Сыймайды, сенi сүйемiн. Тек шырша ғана солмайды, Желден де тұрар құламай. Барлығы жақсы болмайды, Табыспай бiр-бiр жыламай. Көктемде олар шаттанып, Күз келген кезде қалтырар, Қайтемiз ендi ақталып, Өмiрдiң сондай салты бар.

БОЙЖЕТКЕН

Дiрiлдеген сырғаң-ай, Аспандағы тұрған Ай. Жалт етiп бiр сәт қарасаң, Жолыңа жаным құрбан-ай.

Ей, ей, бойжеткен, Болмап едi той көптен. Сыртыңнан саған ынтық боп,

Сыр ашуға ой кеткен. Жүрегiм сен деп соғады, Түсiнсеңшi, бойжеткен.

Айнымайсың елiктен, Қысылдым мен нелiктен?! Алдыңда тұрмын, қара көз, Бозбала едiм желiккен.

Қолаң шашты еркем ең, Жүрегiмдi өртеген. Өзен жаққа келсеңшi Су алуға ертемен.

1978 жыл

  • *

Жаздың бiр әсем кешiнде, Сарыағаш бағы есiмде. Дiрiлдеп аппақ саусағың, Келе алмай тұрдың шешiмге.

Хабарласпадың, арайлым, Почтаға күнде қараймын. Елiгiм едiң сен менiң, Еркесi едiң Бабайдың*.

Жылуыменен хаттардың, Алматы жаққа аттандым. Қинады менi, қинады, Жанарыңдағы жатқан мұң. Жырменен жолдар астасып, Вагондар, сырлас досқа асық. Тамбурда кеттiм егiлiп, Түркiстан қалды қоштасып...

АҚ ТАҢДАР

Жүрегiм, жүрегiм, О, менiң жүрегiм. Елестеп кетпедi, Кетпедi гүл өңiң. Қос жүрек бiр-бiрiн, Қимайды бiлемiн. Ақ таңдар, ақ таңдар, Арайлы ақ таңдар. Махаббат азабын, Құрбылар, татпаңдар. Махаббат аққу құс, Аққуды атпаңдар. Ақ таңдар, ақ таңдар, Сырымды сақтаңдар. Сағыныш, сағыныш, Сағымды сол шақты. Кiрпiктен үзiлген, Тiзiлген моншақты. Аяулы сол бiр кез, Жаным-ау аңсатты. 1978 жыл

ШЫМКЕНТТЕН «ОТЫРАР» ЖҮРГЕЛI ТҰР

Қоштасар сәтте махаббат жырын жырлаңдар, Сөздер мен көзде қаншама нәзiк сырлар бар. Қауышар қашан, бiлмедiм, ендi тамбурмен, Перронда мынау шығарып салып тұрғандар. «Хат жазшы»,– дейдi дiрiлдеп үнi гүл-гүлiм, Айтылмай қалды айтылар деген сыр бүгiн. Ары да берi жүргiншiлерден қысылған, Ғашықтар мынау қия алмай тұрған бiр-бiрiн. Ақша жүзiне жарасқан әсем ақ моншақ, Тәкаппар ару қоштасар сәтте жасқаншақ. Қымбатсың маған қиыншылығыңмен сөз жетпес, Қалтырап қолдар, береке бiзден қашқан шақ. Оңтүстiк жақта пiскен жоқ уыз тұт әлi, Қара баланың шыққан жоқ жеке кiтабы. Түркiстан жақтан жылжыған қою қара түн, Абыр да сабыр поезды қазiр жұтады.

Шымкент жаққа келiп тұрыңыз, арай қыз, Шығарып салып, күтiп алуға жараймыз. Кетедi поезд, қалада мына қалғандар, Еңсемiз түсiп үйдi-үйге сосын тараймыз. Беймәлiм жаққа бастап жүр қазiр жыр менi, Бейтаныс қыздың сүйкiмдi қандай күлгенi. Елеусiз тұрған қара баланың, алайда, Ағыл да тегiл жырларын ешкiм бiлмедi. Сонда да, аға, бақытсыз жанмын демеспiн, Тартады тәнi Қарашық пенен Келестiң. Кетер ем мен де отырып мына поезға, Алматы жақта күтпейдi бiрақ менi ешкiм. ҚЫСТАУ Татьяна қыз және мен

Қап-қара түнде қыстауға бардым сенiмен, Саратов жақтан адасып келген елiк ең. Көгiлдiр көздiм қазақша әзiл айтқанда, Қырқада жатқан қарлардай бейне ерiгем. Менiмен қатар желгенде ақ боз атпенен, Кеудеңде сенiң төгiлiп тасып жатты өлең. Татьяна деп жаңғырып жатты таулы аймақ, Алматы жаққа аттанды жырым хатпенен. Басында тұрып сыры көп ескi қырқаның, Астыңда ақ боз, Жагор қызын сен шырқадың. Әнiңнен кейiн ап қалып ғашық жырымды, Жасық жырымды газетке бермей құртамын. Өмiр деген, өмiр бұл, бәлкiм, той шығар, Сәбидей пәкпiн мазалауды ендi қойсын ар. Орыстың қызы қазақтың әнiн шырқаса, Қауқылдасады қолдарын соғып қойшылар.

Шаршадық рас, мәнi жоқ кейбiр нұсқаудан, Есiме бүгiн өзiңмен барған түстi аудан. Қоңыр төбедей тебiрендi дана қарттарым, Ән тарап жатты сол түнi ескi қыстаудан.

Пендеге әлi көрген емеспiн жағынып, Әнiңе сенiң жүрген бiр жанмын табынып. Үлгiлiдегi Биболат қарттың қыстауы, Татьяна қыз, күтедi сенi сағынып.

  • *

Өзге әлемдi алдымнан аштың өлең, Бал дәурен ақырындап қашты менен. Есейiп елге оралдым сол бiр түнi, Қарап тұрдың көзiңнiң астыменен.

Жанарыңның қарадың астыменен, Қол дiрiлдеп дегбiрде қашты менен. Ақпа бұлақ секiлдi бұрқ-сарқ етiп, Кеудемде қайнап жатты тасқын өлең.

...Көптен берi шөл қысқан бағын буып, Жусандарды, тастарды жауын жуып. Көршi елге түстiң сен келiн болып, Мәңгi бақи мен кеттiм сағым қуып.

Қона берсiн дәулет пен бақ келiнге, Қалар жырым моншақ боп дәптерiмде. Асыл бейнең келедi көз алдыма, Жалғыз қалған, қиналған сәттерiмде.

  • *

Сенi көрiп, әдемi таныс құрбы, Қиялымда толқынды ағыс тұрды. Екеумiздi, қалқажан, есiңде ме, Жусансайдың жазығы табыстырды.

Сенiм — серiк. Сенбеймiн бал ашқанға, Махаббат қой ап шығар адасқанда, Түркiстанға келiн боп түсер ме едiң, Күйеу болып барар ем «Қараспанға».

1976 жыл

ТЕМIРТАУ ТҮНI

Жарқылдаған сырғаң-ай, Толықсып бiр туған-ай. Темiртауда кездестiк, Жаным саған, жаным құрбан-ай. Қыз сөзiне елiткен, Жiгiт едiм желiккен. Көрген сәтте өзiңдi, Толқыдым мен айтшы нелiктен. Сарыарқаның самалын, Аймалатқан жамалың. Жүрегiмдi жандырды, Сырға толы мөлдiр жанарың. Көл тербетiп жағаны, Жұлдыз жымың қағады. Алаулаған жүзiңдi, Айда қимай батып барады. Темiртауда мақпал түн, Жан сырыңды ақтардың. Армандай бiр ән қалды, Белгiсi боп қимас шақтардың.

СОҢҒЫ СУЫҚ. САҒЫНЫШ

Қара суық далаға қар жаумаған, Ағаштар тұр дiр-дiр етiп жаураған. Терезеден қарап тұрып, есiме, Жылдар түстi жанарымнан аумаған.

Жиырма бес жыл бұрын бұдан бозбала ем, Сол ауылда арманға қол созған ем. Айна алдына барып едiм, көңiлiмдi, Құлазытты қарап тұрған тозған өң.қ

Жас баладай алдап келген халықты, Уақыт шiркiн жүзiме өрнек салыпты. Қиындықтың бiрi де жоқ есiмде, Жүрегiмде тек сағыныш қалыпты.

Соңғы суық, торғай тоңып, қаз шыдар, Аман болсақ көктем келiп, жаз шығар. Бұл жалғанда шын ғашық боп сүйгенiн, Сағынғандар мына мендей аз шығар.

  • *

Қалжырағам бiр ойдан соң бiр ойдан, Алданған соң жалған жылы шырайдан, Ұмыттыңдар арманы асқақ ақынды, Өлең үшiн елден кеткен, мұңайған. Өлең үшiн елден кеттiм, сарсылдым, Түбiне мен жетемiн деп бар сырдың. Қара өлеңге деген махаббат, Қабырғама шаншу болып шаншылдың. Жаңбырлар-ай, себелеген, төгiлген, Өлең үшiн елден кеткем, егiлгем. Мiне, бүгiн отыз беске толдым мен, Түбi жақсы болар деген сенiммен. Бiреулерге ұнамаған-ұнаған, Менi қойшы, қайран жырым жүр аман. Неге екенiн әлi өзiм де бiлмеймiн, Өлең үшiн елден кеткем, жылағам.

ШЫҢҒЫС ПЕН IЛИЯ

«Данияр, Жәмила мен Әсел әнi – мен үшiн өз жанымның үнi деймiн». Шыңғыс Айтматов Жәмила, Әсел, Бибiжан, Хадишаларым, Алыстап кеткен ботакөз боталарым-ай. Кешегi Ақан, Бiржан сал падишаларым, Iлия боп қайта оралған ноталарым-ай. Соқпайды ендi бiз болған мына жол баққа, Сынады тағдыр тым қатал шыдадым дедiм. Ыстық жас болып үзiлдiң Ыстықкөл жақта, Қызыл орамал байлаған Шынарым менiң. Шынарым менiң, армандай шырайлым менiң, Орындай алмай махаббат қағидаларын. Мұңаймашы деп құдайдан сұраймын дедiм, Адасып кеткен Әселiм, Жәмилаларым. Iлия жазған сол әнмен, әсермен тұрғам,

Егiлiп үнсiз тыңдаған халық шыдады. Iлияс сонда шаңырақ Әселмен құрған, Бар ма екен сол бiр автоваз Балықшыдағы? Ей, ғұмыр, баста тағы бiр жол қырларыңа, Бақытсыздардың жанары жарқылдамайды. Көз жасы тамған Iлиястың толқындарына, Ыстықкөл, суың ешқашан салқындамайды. Оралды көктем! Жүгiрдi жылғалар жылға, Оранса гүлге бар қызық майда екен дедiм. Тыраулап өткен төбемнен тырналар – тырна, Көрмедiңдер ме Әселiм қайда екен менiң? Жасырын ғана жүректе сақталғаныңды, Кiм керек қылсын қасiрет, қайғың барында. Сүймеймiн сенiң, ей, таулар шатқалдарыңды, Көрiксiз екен аққусыз айдындарың да.

Келдiм мен жалғыз, тағы да жағаға сол түн, Қызыл орамал елестеп кел, кел деп тұрған. Сен айтшы маған қайғысыз көк ала толқын, Шынарым менiң қайда екен жер тербеп тұрған? Бәйтемiр, Әсел, Iлияс ол Самат бәлкiм, Суретiн салған сағыныш сарала күздiң. Шыңғыс пен Iлия құстағы қос қанат халқым, Ән болып жеткен аспаннан далаға бiздiң. Елестеп сол бiр бұтағы сынбаған қайың, Бастайды қайсы қиырға қасқа жол әлi. Iлияның әнiн кездесiп тыңдаған сайын, Шыңғыстың мұңлы жанары жасқа толады. Ұмыта алмаған бақытты шақта да мүлде, Махаббатым-ай бозбала, бала кездегi. Әлi оятады ұйқымнан қап-қара түнде, Жас төгiп тұрған Әселдiң қара көздерi...

АРМЫСЫҢ, АҒАЙЫНДАР АЛЫСТАҒЫ

Көп болды құстай қанат қағысқалы, Армысың, бауырларым алыстағы. Арада қилы-қилы жылдар өтiп, Арамыз бiрте-бiрте алыстады. Туғандар ұмытпағын өз елiңдi, Сайын дала, шалқар көл, өзенiңдi. Жетедi алты қазбен сағынышым, Өртеген күндiз-түнi өзегiмдi. Түбiне тұңғиықтың батсын қайғы, Қимасын жатқа қазақ тапсырмайды. Туғандар, көңiл шiркiн суыған жоқ, Туған жер оралсаңдар жатсынбайды. Сағынды өздерiңдi сырнай далам, Төстерiн сан тарау жол шимайлаған. Жырақта жүрген менiң, бауырларым, Қайтейiн қимай барам, қимай барам.

ТҰЛПАР

Жер тарпып тұрды түсiмде тектi жануар, Туған топырақ көрпемiз түбi жамылар. Келiнтөбе мен Қарашық жақта кешкi үйде, Екi қыз, бәлкiм, есiне ап бiздi сағынар. Құлын ек шапқан аңғал да саңғал қорадан, Сағынышымыз сол қырат сағым ораған. Шулы қаланы шиырлағанда шайырлар, Ұлылықты бiз iздедiк ескi моладан. Жотасын жонның шаң қылдық сұрап шалдарды, Толғай жырладық толқын да толқын жылдарды. Кешегi Тоқаш, Жұматайлармен бiрге iштiк, Кiнәмшiл бұл жұрт, бұл жайдан ненi аңғарды. Айтып та жүрмiз, жазып та жүрмiз астарлай, Менде ес, сенiң басыңда бiр тал шаш қалмай. «Тас маңдай” қазақ жылы сөзiн де қимайды, Сағым кiлкiген туған топырақты жастанбай.

Сырласы болған жұлдызды аспан, бұла түн, Қараштан шығып, Алаштан асқан ұлы ақын. Жаңақорғаннан жаңбырда iздеп келгенсiң, Бала Қасымды Бабайқорғанда тұратын. Ескi дос, ескi жылдарды сүймей бола ма, Өкiнiштердiң орны ертең тола ма. Екеумiз бiрге екi атпен талай барып ек, Келiнтөбенiң етегiндегi молаға. Сен ойнап өскен ескi жал анау алда тұр, Жасырып сырды жатады-ау шiркiн сан ғасыр. Келiнтөбенiң етегiндегi бейiтте, Екеумiзге ортақ ардақты сары шал жатыр. Сары шал сонда, кемпiрi Самның құмында, Ғарышта олар, сонан соң сенiң жырыңда. Есенғали-ау, Қарашықтағы қасқа жол, Ескi бейiтке бастайды екен шынында.

Сырласы болған жұлдызды аспан, бұла түн, Қараштан шығып Алаштан асқан ұлы ақын. Жаңақорғаннан жаңбырда iздеп келгенсiң, Бала Қасымды Бабайқорғанда тұратын.

  • *

Шарай топта сан рет шешiлiп ем, Бақыт деген туған ел төсi бiлем. Менi кейбiр құрбылар кешiрмедi, Мен талайдың қатесiн кешiрiп ем.

Қажет емес маған да артық бақыт, Жыр-теңiзде келемiн қалқып, батып. Қара қызды ойладым қапаланып,

Қара түннiң азабын тартып жатып.

Кейбiр достар кеткесiн ұсақталып, Жүрмiн кейде жыр атын тұсап қалып. Күмiс шыққа малшынған ағаштарды Сiлкiлесем қайтедi құшаққа алып?!

Күйбең күннiң сытылып iргесiнен, Жаңбыр болып, су болып гүлге сiңем, ...Ала келдiм бiр уыс топырақты Йасауидың, Қабеке iргесiнен...

  • *

Тулады менiң өзенiм Қарашық – менiң сүйiктiм, Сүйгенiн кiмдер жазбаған? Махаббатыммен биiкпiн, Өртенiп кете жаздаған.

Суретiм менiң судағы, Толқыды ерке толқынмен. Бiр шумақ та өлең тумады, Құлазып қайттым сол түн мен.

Бiр шумақ та өлең тумады, Өртенiп тұрды өзегiм. ...Жүрегiм сол түн тулады, Тулады менiң өзенiм.

Ай тұрды сол түн аспанда, Ежелгi менiң серiгiм. Телмiре қарап жас талға, Отырдың, естi елiгiм.

Сенiмен менi егiз деп, Арулар әлi-ақ назданар. Әуендер жүрген менi iздеп, Қаңқылдап ұшқан қазда бар...

ЕСКI СУРЕТТЕР

Суреттер қайран сарғайған, Көңiлдi мынау жаңбырлы кешкi арбайды ән. Қол бұлғап тұрған жағалау-жастық шалғайдан, Ескi суреттен тесiлген қыршын бозбала, Қабаққа жауған қар қайдан? Суреттер қалған ескiрiп, Алыс жылдардың тұрғандай даусы естiлiп. Әкемнiң досы егiлген сәтте бiр тойда, «Мас болып қалды», – дестi жұрт. Сан сауалдарға жауап таба алмай тұрамыз, Тарихын оның қарттардан ғана сұраңыз. Ескi суреттер, сендердi бiрақ не қылсын, Иiн ағашпенен су алып қайтқан мына қыз. Тыңдадым ғажап тарихтарыңды тамсана, Сарғайды бүгiн сан алуан сурет қаншама. Тағдыр қаталдау болса да жаным шаршама, Iзгiлiк тiлеп жер басып жүршi баршаға.

Жаралы менiң жүрегiм, бүгiн жаралы, Айта алмай жасты, тұрғандай мұңлы жанары. Суреттен маған қаншама жандар қарады... ...Қараймын көкке, тiзiле әне тыраулап, Көктемге қарай тырналар ұшып барады.

БӨКЕН

Тартқанда қасқыр желiннен, Атылып қарсы дауылға, Бөкендер қашты өлiмнен, Араша сұрап ауылға.

Бауыздап тiстеп жеткенiн, Қорқаулар қуды аңдыздап. Дiрiлдей түсiп сәттi ерiн, Құралай тұрды жалғыз қап.

Қолданды тәсiл сан қилы, Көрсiн деп ұрпақ ертеңдi. Қасқырдан мына қанқұйлы, Құтқарғын, дала, еркеңдi.

Перзентi үшiн бас құрбан, Ақбөкен-ана жан салды. Келгенде қашып қасқырдан, Адамдар оқпен қарсы алды!

  • * Өлең мәңгi өлмейтiн, Қанаттарын қағуда. Қайта айналып келмейтiн, Жастық жылдар ағуда.

Жетсе жетсiн топ арттан, Әрбiр өлең бекiнiс. Көп нәрсенi жоғалтқан, Көкiректе өкiнiш.

Жанарымда жас тұрды, Өмiр түлкi қаша ма? Жиырма үшiмде жас құрбы, Шаң жұқпапты шашама. Өлең мәңгi өлмейтiн, Қанаттарын қағуда. Қайта айналып келмейтiн, Жастық жылдар ағуда...

ХАН КЕНЕ ЖАЙЛЫ ЖЫР

Құйынға айналып жарысқан ұшқан құспенен, Апталап, айлап, бел шешiп ыстық iшпеген. Баз кешiп барлық жер бетiндегi бақыттан, Қарындас үшiн жиырма жыл аттан түспеген. Далаң ғой мынау сағымы қырда ойнаған, Жылына қанша батырдың тойын тойлаған. Сен кеткен жаққа тiзiлiп ұшса тырналар, Қазақтың соңғы ханы едi ғой деп ойланам. Басқыншы ма едi ол, жұмсаған жатқа әскердi, Намыстан мәңгi мекен ғып қалды-ау басқа елдi. Ыстықкөл жаққа жол түскен кейбiр шақтарда, Хан Кененi ойлап көзiме ыстық жас келдi.

Түсiмде кейде... сарбаз боп ерiп кеткiм кеп, Көзiмнiң жасын көл қылып үнсiз төктiм көп. Ағыл да-тегiл жастығым су боп ояндым, Жаныңа сенiң Наурызбай болып жеткiм кеп. Ақ киiздегi ақ парыз қанмен өтелген... Бүгiнде мiне... құлдыққа елдiң етi өлген. Қырық ғасырда қайта тумайтын Хан Кене ол, Алашы үшiн жауына қылыш көтерген.

Басын кестi ол, бауырдың жауға бас ұрған, Жай бiреу түгiл жақыннан сырын жасырған. Абылайдың аруағын сүйiп атаның, Ұлты үшiн мәңгi жалғыз қап қару асынған. Әңгiме едi бұл дүрлiгiп халық, бақ тыңдар, Сан ғасырларға аңыз боп қанат қақтыңдар. Ұлы ұлысқа қасiрет келген сол түнi, Хан Кененi емес, Түрiктi сатты сатқындар. Артында кектi, жолбарыс тектi ұл қалып, Шағылдар басқан бұйра да бұйра құм налып. Шерлi жел желпiп қобыздың әнiн сыңсыған, Дүние жалған қабағыменен тұр бағып. Сыбырлап шалдар шертетiн бiр сыр балаға, Айналды дала қаңғыбасы көп қалаға. Парлатып жасты күңiрентiп құран оқыдық, Белгiсiз мұңлық томпайған неше молаға.

Айтпайды әлi, әйтпесе, бұл ел бiледi, Құптаса бiрi, парықсыздауы күледi. Әуезов сынды алыптар шектi азапты, Кенесарыны сүйгенi үшiн жүрегi. Айналып көктi жүргендей әлi жебе бiр, Тербейдi менi көне бiр тарих, көне жыр. Нысанбай жырау жырлаған осы жорыққа, Ағажан сен де көңiлiңдi ептеп бөле жүр, Айналып көктi жүргендей кектi жебе бiр!.. ТӘУЕЛСIЗДIК немесе Нәзiр Төреқұлов жайлы жыр Ар жағында анау мұңлы адырдың, Қатар жатыр бабалары Нәзiрдiң. Он үшiнде топты жарып сөз сөйлеп, Он бесiнде атқа мiнген қадiрлiм. Санаменен салар болсақ сарапқа, Талай иттiң тiсi қалған балақта. Сүйген оны Мекке, Мәдинамыз да, Сегiз жылдай Елшi болған Арабта.

Толқыдым мен жанарыма жас келiп, Ендi мiне, жатыр жұртың ас берiп. Төреқұлов деген атқа әлi күн, Елеңдейдi Орынбор мен Ташкент. Түсiне енiп сан оятқан кең дала, Тәуелсiздiк алды халқың, жеңдi аға. Қызылорда ұмытпайды ешқашан, Ұмытпайды ешқашан да Ферғана. Қаншама әлi арналады жыр - дастан, Куә болар жұлдызды аспан, түнгi аспан. Корольдармен карта ойнап жат жерде, Шахтарменен шай үстiнде сырласқан. Жыласа егер Тұраным деп жылаған, Құларында құраным деп құлаған. Мәскеуiңде Мағжандарға пана боп, Тоғыз тiлдi терең бiлген ғұламам.

Би секiлдi сөйлегенде шешiле, Өмiр жолы ұрпақтарға несiбе. Бас қойғанда қасиеттi қағбаға, Түркiстаны түстi ме екен есiне. Адал еңбек етiп кеткен Отанға, Парасаты келедi оның Шоқанға. Оқу iсi жайлы қанша толғанды, Комиссар боп жүрген кезде Қоқанда. Жан-жағынан екi-үш мықты топ қысқан, Тiсiн қайрап жүрген олар көп дұшпан. Шiлде айының он бесiнде қамалып, Қарашада Алаш үшiн оққа ұшқан. Ар жағында анау мұңлы адырдың, Қатар жатыр бабалары Нәзiрдiң. Он үшiнде топты жарып сөз сөйлеп, Он бесiнде атқа мiнген қадiрлiм. Шет-шегi жоқ мұра еткен iсiнiң, Үлгiсi ол елiм деген кiсiнiң. Ортамызға қайта оралған жайсаңым, Туған жерге жарасып тұр мүсiнiң.

САТТАР ЕРУБАЕВҚА

Мәңгiлiк орын алып тұрсың көктен, Жырларың жүректердi дүрсiлдеткен. Мен саған мәрмәр тастан белгi қойдым, Көкем-ай, жиырма үшiнде қыршын кеткен. Арғы атамыз айтулы шешен едi, Белгiсiз борышымның өтелерi. Ағатай, талай жерде есiме алдым, Құрдасты сүйегенде көкелерi. Аспанда тұр есiмiң жарқыл қағып, Қайта-қайта оқыдық, саңқылдадық, Мен сапарға шығарда туған елден, Сен оралдың ақ қаздай қаңқыл қағып. Мазалады үнемi сұрақ мұңлы, Дәуiр сенiң әнiңе құлақ түрдi. Күлiп түскен суреттiң ар жағында, Жиырма үш жасар жан көкем жылап тұрды.

АКАДЕМИК ҚАНЫШ СӘТБАЕВ ЖАЙЛЫ ЖЫР

АЛАТАУ-дың ақ талдары, ҚАРАТАУ-дың қапталдары, ӨР АЛТАЙ-дың шатқалдары, ҰЛЫТАУ-дың көп белдерi, КӨКШЕТАУ-дың көк көлдерi. Сосын бiздiң шалдар жатқан, Сағымды қыр сағынар. Ендiгi ұрпақ аруағыңа табынар, Сендей ұлды тудыра алған халықтың да бағы бар. Сары белден асып кеп,

АБЫЛАЙ аспас сонау жатқан Сар далаға тасқын судай тасып кеп. Ортамызға оралғандай ИМАНЖҮСIП байтақ ән, Тартқан күйiң МАҢҒЫСТАУ мен АТЫРАУДЫ шайқаған. Бiздiң мынау халқымыздың бағына, Сендей бiр ұл туар ма екен қайтадан. А, ана бұлдыраған Сарыарқаның құба жонында, Қарсақбай мен Қоңыраттың жолында. Қайран ағам қаншама рет сабылған, Сосын саған ауыл итi жабылған... Алашына құдайдан ол мәңгi бақыт сұраған, Сен кеткенде Жезқазғанның жезкиiгi жылаған. Елiн сүйген, көлiн сүйген ұлан-ғайыр ғұламам. Күндiз-түнi арыла алмай ауыр-ауыр ойлардан, Аулақ ұстап ғазиз басын у-шу еткен тойлардан. Байлық тауып құстар ұшқан, бөкен желген сайлардан, Қонған қыры жарқыраған қалаларға айналған. Қарағанды – Ертiсiм деп көз iлместен шарқ ұрған, Көз алдымда қара нар боп елестейдi нар тұлғаң. Тұңғыш рет карта болып сызылдың да қағазға, Сахараға темiр жол боп қан тамырдай тартылған. Алмас қылыш тот баспайды, топырақтан көтерiл. Соқпағыңмен жол бастайды, мұратына жетер ұл. Шыдай-шыдай шемен болған үмiтi елдiң үзiлдi, Көздiң жасы моншақ болып ақ қағазға тiзiлдi. Айхай заман, қай заман бұл, заман дейдi өтпелi,

Өтпей қойған өтпелiге қазақ бүгiн өкпелi. Ит жоқшылдық ит боп үрiп, басымыздан кетпедi. Өзiң салған өндiрiстер аңғал-саңғал тоқтаған, Астанада қара маса, ақ боран. Бұл кезеңде Қан-ағамды халқы мынау жоқтаған, Ақ сағымға сiңiп кеткен тұлпар едi ол ақ табан, Сондықтан да бар әлемнiң жайсаңдары мақтаған. Аруақты ел ұлы iстерсiз күнiн қалай батырсын, Мынау ұлы даламызға жырдан шашу шашылсын. Құлақ түрiп дүбiрлеген дүниеге үн-түнсiз, Қалай ғана топырақты оранып ап жатырсың?... Жер дегенде жанарларын жас кернеп, Ел дегенде көкiрегi күйетiн. Кеннiң тiлiн өз тiлiндей қастерлеп, Судың тiлiн Сүлеймендей бiлетiн.

Семей жұртын кетерiнде қимаған, Сахараның әндерiне табынған. Жаяу Мұса қыран құсын сыйлаған, Торайғыров мұңын айтып шағынған. Көктем келiп дүние көкке боянып, Кеткен сәтте асқан асқақ сезiммен. Сарыарқаның әндерiмен оянып, Сардаланың күйлерiмен көз iлген. Кiрлетпеген пәк сезiмiн жарға аппақ, Естi сөзге ескi адамдай тоқтаған. Әуезов пен Марғұланды ардақтап, Едiге мен хан Кененi жоқтаған. Ғаламат бiр жұмбақ сырлар бар мұнда, Орындадың сәби кезгi сертiңдi. Формулалар билеп сенiң алдыңда, Сапырылысып жатты сұйық ерiтiндi.

Қуғын көрiп әз басынан бағы ұшқан, Кезеңдерде медеу болған мұңлы аспан. Англияда Черчильменен қағысқан, Кремльде Косыгинмен сырласқан. Малшы қазақ тосты ақырын ойланып, Айдалада лаулап жатты жаңа оттар. Жазған хаты ақ кiрпiшке айналып, Көтерiлдi комбинаттар, заводтар. Ғасыр сайын тұрар iсiң жаңғырып, Жазылады сырлы ғазал, дастанда. Планета есiмiңдi ап мәңгiлiк, Айналып жүр аспанда.

ДIНМҰХАМЕД ҚОНАЕВ ЖАЙЛЫ ЖЫР

Қимай тұрып батқан сұлу кештi мен, Бұл есiмдi бала кезде естiгем. Құлағыма мұңлы сарын жететiн, Қобыз әнi... келе жатқан ескiден. Ару түндi таң да қимай ататын, Жер-Ананы Күн де қимай бататын. Шорнақ жақта күндiз-түнi тынбастан, Ары-берi поезд өтiп жататын. Алтыншыдан жетiншiге көшкен жыл, Тоғай жаққа көп қызғалдақ өскен жыл. Ақ бантигi желбiреген сары қыз, Шықпай қойған мезгiл едi ол естен бiр. Бұл жалғаннан кiм бақытын тапты аға? – Әкетердiң сәл алдында мақтаға, «Дiнмұхамед Қонаев» деп күлiмдеп, Мұғалимам жазған едi-ау тақтаға.

...Сол жылдардан басталады соқпағым, Қия құзда қирай жаздап тоқтадым. Ұмытсам да талайлардың есiмiн, Қонаевтың атын есте сақтадым. Сүйген жарын мәңгiлiкке қасына ап, Өттi қартым Күн шуақ боп шашырап, Жетiсудың жетi өзенi жас болып, Жосып ақты әлсiн-әлсiн тасып ап. Жабыққанда жасаурай қап жанарым, Қартым жатқан Кеңсай жаққа қарадым. Айта алмаған бiр сыр кеттi-ау данамда, Бiр сөзiмдi мен де айта алмай барамын...

Былай қалып таңғы ас, Кейде көршi Паша достай болғым келiп мәңгi мас. Қонаевтың даңғылына жетемiн, Көше кезген күшiктейiн қаңғыбас. Ей, ұланым, жыр оқы деп қыстадың, Сәкендейiн сұлу, сырлы сандық аш. Қыр соңыңнан қалмайтұғын дұшпаның, Сенi мендей аңдымас, Ала заман ала жiппен шандымас. Қызыл дәурен сөз сөйлеткен астарлап, Жырлағандай досым көзден жас парлап. Қонаев – ол тек Қонаев қана емес, Қонаев – ол: «қарабауыр қасқалдақ”! Беу, бүгiнгi бұлаңдаған бұланым, Бұлдыраған белесiм, ұрандаған ұланым, Сылаңдаған шырағым, Сен де бiр күн азап-қайғы шегесiң. Жұмыртқада шайқалмаған қыраным, Сахарада байқалмаған бұлағым.

Сендер соны бiлсе екен деп, Жан-тәнiмен сүйген едi, Ол шетсiз-шексiз Тұранын. Бiр Алладан жалбарынып сұрадым: Оңашада сол қартымдай ардақты, «Қазағым” деп үнсiз ғана жыладым. Бойымдағы барыммен, дарыныммен, зарыммен. Азынаған азалы бiр дүниеауи сарынмен Жаздым мұны, жер бетiнде адамдар аз, мола көп, Алтындар аз, қола көп, Бiлесiң бе, шырағым? Мәскеу жаққа жүрерiнде оқитын ол құранын... Жолың түссе маған-дағы соға кет: Қалқаманның ар жағында, Абай атты ауылдың, Сол Қонаев көшесiнде тұрамын.. III Димаш аға аяулы ағатайым, Сағынды ғой өзен, көл, бала қайың. Алтын нұрдан жаралған асылым-ай, Қазағымның өзiндей қарапайым.

Мәңгiлiкке өтсеңде арамыздан, Шықпай қойдың бiр сәтте санамыздан. Жүрiп өткен жолыңды ойша шолып, Сағым жүзген iздедiм даламыздан.

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ ЖАЙЛЫ ЖЫР НЕМЕСЕ АҚЫН ЗИРАТЫНДАҒЫ ОЙ

Қабырға сөккен қазақтың мұңы тербеткен, Қара бала едiм қараша ауылда ержеткен. Қаратау жақтың қара талының шыбығын, Ат қылып мiнiп түскенмiн жолға сен кеткен. Көсiлiп жатқан куә ғой, қырат, сай мына, Қырандар көкке қанатын бiрден жайды ма? Мәңгiлiк өмiр iздедiм мен де өзiңдей, Қаршадайымнан айналып Асан қайғыға. Жырақта қалып жылдарым сауық құратын, Басыңда тұрмын, қасыңда тұрмын ұлы ақын. Қасым боп ашқан дүниенiң мынау есiгiн, Сұрапыл жылдар сырларын бiзден сұра түн. Бiр кезде қалған iзiңдi iздеп Ембiден, Боталап көзiм жырыңа қайта телмiрем. Жұртыма ертең соңымда менiң мұра боп, Өлеңнен өзге қалады дейсiң ендi нем.

От жалын кештiң кешпеген мынау еш пенде, Жабықтың ба екен ескi шинельдi шешкенде. Жұмақ-ау шығар ол жақта сенiң мекенiң, Көп көрiп едiң тозақты ғұмыр кешкенде. Ал қара көктей дариға-ай сол бiр қайда арман, Қиялың қалқып аспанда жүзген айды алған. Сене алмай тұрмын көздерiм менiң бұлдырап, Қасым ба мынау ақ топыраққа айналған. Өлмейдi мәңгi рухы күштi асылдар, Қалады олар алмасқанменен ғасырлар. Маған да бiр сәт көз салып өтсiн ертеңгi, Қазақ деп туған қара көз жап-жас Қасымдар. Ақ толқындардай жағасын жардың ұратын, Сағыныш дертiн бiздерден ғана сұра түн. Жүз жылдық жүктi арқалап даңқ-дақпыртсыз, Басыңда тұрмын, қасыңда тұрмын ұлы ақын.

А, анау Балқашқа қарай,

алқына аққан Ақтайлақтың өзенi, Қызыларай тауларының көлге ұласқан кезеңi. Жүзiмдi жаңбыр жуған-ай. Қара нарлардың үстiнде аруларымды тербеткен алтын шатырлар, Төбелерiнде мәңгi тұрарын, бiлгендей екен туған ай. Кешегi өткен дулыға киген батырлар. Артында азынаған үй қалып, Жарық жалғанды қимай да, қимай қиналып. Бұрынғылардың жолына бұрылып барып түскенсiз, Сондықтан ба екен Алаштың сан баласынан үстемсiз. Сұп-сұр боп жүзiң соңғы рет, сары қымызды сапырып тұрып iшкенсiз... Еңкейгенге еңкейген, Шалқайғанға шалқайған. Сен жоқ жерде бақыт тапсын жар қайдан. Өзiмсiнiп келгендi өзегiнен теппеген, Атқан оғы айдалаға кетпеген. Қабырғаларын бiртiндеп тұрып сөккенде, шытпай тұрған қабағын, Алтынменен жалатқан ет салатын табағын.

Қаршадай кезде ауылда далалық дана, Кемпiр-шалдардың үздiк бiтiргем сабағын. Жұлдызды түнде ай нұрына жуынған, Қынабынан ақ семсердi суырған. Бозбалаға бойжеткен қасын керiп назданған, Ей, мiрi кем аяулы, нұрлы ғұмыр аз жалған. Сол бозбала әп-сәтте ботакөзi қаласа, Арыстан мен жердегi, аспандағы қазды алған. Соңдарында аңыздай отты жыр мен саз қалған. Зымырайды замандар, Өзгередi қоғамдар. Аруақтар ертеңгi, Бүгiнгi барлық адамдар. Теңеспейдi ешқашан,

Жақсы менен жамандар. Менiң мұңым жер бетiнде жоқ қала мен жоқ ұрпақ, Аманаттап туған жердi тастап кеткен сол ұрпақ. Осындай елдi ешкiмде сала алмас ағаш табытқа, Талпынған сонау себездеп түскен жарыққа. Көзiмнiң жасы тамады үнсiз, Батысқа қарай, мұнайлар аққан арыққа. Бүгiнгi мынау, қайырсыз қара иттерге бiткен мол байлық, Не пайда сенен аш-жалаңаш, бiз сүйген сорлы халыққа. Асты мен үстiн жерiмнiң сататын iскер тажалдың, Қақпайларына көнгiм келмейдi менi аңдып, соңымда жүрген ажалдың. Қайран аңқау қазағым, бүгiнгi барлық қайғыңды, Кешегi өткен Қасымдай, құлазып жүрiп жазармын...

Дүниеге келер әлi талай Қасым, Олар да бұл Қасымды бiр байқасын. Қасым Аманжолов Ұлы жырыңды, ұлы даланы шайқаған, Өзiңнен соңғы қаншама толқын байқаған. Ақындар келiп кеткенмен мына өмiрге, Дүниеге сендей келмейдi Қасым қайтадан. Боз жусандайын бозбала кезде от кешкен, Қысқы окоптарда досыңның төсiн оқ тескен. Жарқылдай жеттi жырларың жаңа ғасырға, Бетiнен жердiң жоғалып өшiп кетпестен. Қаршадай кезде-ақ бас тiккен қауiп-қатерге, Күркүреп күндей майданнан жеткен аты елге. Өзiңдi ойлап, қуана алмастан, қиналып, Мұңайып тұрдым кiргенде жаңа пәтерге. Келгенде көктем тыраулы үнiн тырнаның,

Қырға да шығып сен құсап аға тыңдадым. Семейге соғып сандалғанменен таппадым, Кезгенмен жалғыз Қарқаралының қырларын. Жеткiзiп бәлкiм айта алмай жүрген болармын, Теңiздей сонау тартылып барып толармын. Жағалауынан таппадым iздеп Жайықтың, Жастығың қалған ормандарынан Оралдың. Кейбiр пенделер жетпей жүргенмен парқыңа, Жырларың сенiң жасын боп жеттi халқыңа. Жан-жаққа қарай поездар аққан далаңда, Туатын таңда шолпандай мәңгi жарқыра. Алаш деп iштей алаулап жанып, күйiнген, Қазақ деп өткен Хан Кене ерге сүйiнген. Отыңды жаққан Сақыпжамалдың қолынан, Ғафаңмен бiрге дәм татқам бiрде үйiңнен.

Дауысың жеттi саңқылдап асқақ залдардан, Алысқа кеткен даңқыңа сонда арбалғам. Сұрағам қанша мен өзiң жайлы, кешегi, Сырбай мен Ғафу секiлдi тектi шалдардан. Сарыарқадағы боздайды бүгiн сары нар, Ақындар сирек Сақыпжамалдай жары бар. Сахарамызға тұлпарлар аздық етпеген, Қазақстаным Қасымын мәңгi сағынар. Дәуiрлер жайлы толғай да толғай толғаған, Заманалардан ұрпаққа жырын жолдаған. Қасқа жол салған, басқа жол салған қашанда, Қазақта бiздiң Қасымдар осал болмаған.

IV Найзағайлы қара бұлттай құйып өткен жауыным, Семсер тiлдi, от жүректi тынбай соққан дауылым. Жалғыз қалып жабыққан бiр осы мұңлы жылдарда, Аруағы мен жыры менi демеп келген бауырым. Он бестегi таңғы шықтай мөлдiреген сезiмдей, Қараша ауыл, қасқа жолда қалған балғын кезiмдей. Қызыл заман құрсаулаған Түркiстанның қайғысын, Жүрегiме жасырып ап жолға шыққам өзiңдей. Тына қалған тамшы көрген, сан ғасырлық тастардан, Мұрат iздеп «Мұңлық–Зарлық” секiлдi асыл дастаннан. Атамекен Аққорада қасiретiң басталған. Сағым көшкен Сарыарқадан алыс-алыс жақтарға, Алдыңды орап ақ киiк боп бала кезден қашты арман, Алашымның шоқ жұлдызы ағып түскен аспаннан.

АСҚАР СҮЛЕЙМЕНОВТI ЕСКЕ АЛУ

Тағы да келдi , Сызғанның керiм көктемi, Саураннан берi Шорнақта туған тектi едi. Парықсыздыққа қарсылық едi-ау бiлгенге, Асекеңдердiң жалғанға келiп кеткенi. Ширалған ойлар шиыршық атқан бесiнде, Шырмаған едi-ау Бабайқорғанның кешiнде. Алматы жақта жанына ерiп жүрдiм мен, Ешкiмге оның ұқсамайтыны есiмде. Көңiлiм бүгiн қарашадағы мұңлы аспан, Сол көктем жайлы жаза алмай жүрмiн бiр дастан. Асығыс соққан дөңгелегiндей поездың, Зырлады уақыт орнында бiр сәт тұрмастан. Шорнақта туып, далада өскен ұлы адам, Оңашаларда отырып жалғыз жылаған. Жердiң бетiне елшiдей келiп, Алладан, Қазақ пен Созақ тiлегi жалғыз сұраған.

Тағы да келдi, Баба ата жақтың көктемi, Түркiстандағы Шорнақта туған тектi едi. Парықсыздыққа қарсылық едi-ау бiлгенге, Сүлейменовтiң өмiрге келiп кеткенi.

ҚОЛДАУШЫСЫ АЛАШ АТТЫ РУХТЫҢ...

Беу Астана, алтын ордам, көкорай бел, көк кiлем, Ақжайықтық мұзбалаққа мекен болдың деп бiлем. Ескi сүрлеу, қасқа соқпақ, хандар салған кешегi, Нұрсұлтандық нұрлы жолға таңдап түскен тектiм ең. Сен шығарған жүз кiтап ол, жүз үмiтi елiмнiң, Жүз құсындай шартарапқа самғап ұшқан көлiмнiң. Әр тасына шыр-шыр етiп қорған болған ардақтым, Қатпар-қатпар қайғысы көп ұлан-байтақ елiмнiң. Кешегi өткен Қонаевты сүйсе Алашым Димаш деп, Сүйдi сенi исi қазақ мынау бiздiң Имаш деп. Исатайлар сiңiп кеткен кездiң құмын Нарынның, Жарқыратып жолын аштың қаншама жас дарынның. Қалың қазақ сездi лебiн кеудеңдегi жалынның, Сахарада дүбiрлеген сазын ескi сарынның.

Саналарда жаңғырыққан Сарайшық пен Отырар, Бұлақ едiм Ақжайыққа он оралып қосылар. Хан Кененiң Наурызбайға айтқан соңғы сөзiмен, Жүрегiмде Қараойдағы Махамбеттiң қосы бар, Еске түссе көздiң жасы ақ бұлақтай жосылар.

Төлегеннiң қайғысы бар алты қазға зарлаған, Басын идi Елбасыма аспан асты, бар ғалам. Бiр келедi екi тұлпар қара қазан қамы үшiн, Алты айшылық дүрбелеңде шабысынан танбаған. Бала кезден бiлiп өстiң биiктiгiн таулардың, Додасында жарып шықтың алуан түрлi даулардың. Алтын айлы мешiттегi иманындай Алаштың, Қайғысына ортақтастың, досың түгiл жаулардың. Бабаларым емiп өскен анасындай қасқырды, Бар мұрасын қиын сәтте сенiп саған тапсырды.

Күлтегiн мен Бейбарыстар қанша ғасыр өткен соң, Туған жерге оралғанда жанарымда жас тұрды. Табындырған, сағындырған қайран сайын даланы, Күлтегiнге бiздiң қазақ неге сирек барады? Желтоқсанда тәуелсiздiк жырын қалай тыңдаттым, Желтоқсанда дүние есiгiн айқара ашқан қымбаттым. Сәл ойлана қарағанға бiр күнiм жоқ текке өткен, Азғана жыл дәрiс алғам өзiң салған мектептен. Шерлi болып өткен кеше Мұқағали, Қасымдай, Шала ойлы, кейбiр шартық күндi кештiм шеттеткен. Ешқашанда, ешкiмге де сатылмайтын, атпайтын, Озық ойлы азаматым ел үмiтiн ақтайтын. Алыс ауыл ұлт тағдыры шешiлетiн тар шақта, Қайталанбас парасатты дара ұлын тапты айқын. Елiңе айтқан, жерiңе айтқан, сол бiр мөлдiр сыр есте, Халық жаққа шықтың тайғақ, еке тартыс тiресте. Нұрсұлтанмен бiрге болдың, Отан-Ана ел үшiн, Тәуелсiздiк жолындағы теңдесi жоқ күресте. Қара қайғы куәсiндей сонау зарлы сәттердiң, Шоқайұлы Мұстафаның құжаттарын ап келдiң. Композитор Нұрғисамен мәңгiлiкке сыйластың, Ғұлама ақын Олжас пенен хат арқылы сырластың. Бауыржанның алмас қылыш мiнезi бар бойыңда, Аянбадың ел деп өткен алыптардың тойында. Туған дала қырандары қанаты сәл толғанда, Саған қарай асыға ұшты

оңашалау қалғанда. Қолдаушысы, қорғаушысы Алаш атты рухтың, Аман жүр деп тiлейдi елiң бес күндiк бұл жалғанда. Қасқа, жайсаң жазылмаған жүректегi жарасы, Еңбектеген сәбиiмен, еңкейген қарт арасы. Барлық аруақ рухтары разы деп бiлем мен, Тар заманнан аман өткен бұлт басып түнерген. Қара түнек өттi, кеттi, шуақ шашты жарық күн, Асау қазақ бой үйреттi қыспағына нарықтың. Аруанадай аңыраған Ана тiлдiң тағдыры, Елбасыммен өзiңiзде, бар үмiтi халықтың. Қыста өтер, Наурыз келiп маржан шашар жаңбырдан, Ақындарға үй бердiңiз пәтер жалдап қаңғырған. Асыл Имаш, гүл қаламды отыр бүгiн басқарып, Сүйем мәңгi Алматымды қайта түлеп жаңғырған...

АҚЫН ТЕМIРХАН МЕДЕТБЕККЕ СЫР

Сарыарқасына сыймай бiр өткен, Иманжүсiптей қайраттым, Арыстан бабтай айбаттым. Маңғыстаудағы қатептi қара нар болсаң, Соңыңнан ерген тайлақпын. Қызыл заманда жалтақтамаған қоғамға, Сендей ағаны ана дүниеден табам ба? Өттiк бiз қанша қаһарлы есiк, қақпадан, Алдыңда сенiң несiне бүгiн ақталам. Қатерлi кезде қара көздердiң, ақ махаббаты сақтаған, Тек солар ғана қиын сәттерде сатпаған. Сыр сұрап барып, мұң алып қайтқан аршадан, Жүрегiң бүгiн барлығын сезген, шаршаған.

Жан аға сенiң асау да асқақ жырыңа, Басын иген күн, iзгi ниеттi барша адам. Аққан бiр судай сабырлым, жер анадайын төзiмiм, Жастарын көрем жырыңнан жасаурап тұрған көзiңнiң. Қабырғаларым қайысты, мағынасынан сөзiңнiң, Алдымда шапқан асылым, ардақтай алар өзiмнiң, Ойлардан ойлар бұл түнде, талықсып барып көз iлдiм. Бабалар бiздiң аңсаған, орындалмай-ақ қойды арман, Жерiдiм сауық-думанды,

ақсақалдарсыз тойлардан. Шошыдым аға иесiз ит үрмейтұғын сайлардан, Ұлы даламыз айрылды-ау, қазақы қара қойлардан. Қаңырап қалған ауылдар, қыстаулар мен қырмандар, Сахара мұңы сазыңмен ұйқымды менiң ұрлаңдар. Түсiме ендi мәңгiлiк мола боп үнсiз тұрғандар, Өткен ғасырда елiм деп еңiреп өткен құрбандар. Ескi елестердi елжiрей ескi мақаммен жырлайды, Соңыңнан шыққан достарым Бауыржан, Ғалым, Нұрландар. Асау ем мен де ол жылдар, үйрендi бойым азапқа, Өсек пен жала озбырлық, төздiм мен қалай мазаққа. Қара шалдарым көп айтқан,

түскендей болдым тозаққа, Жаныммен жазған жырыммен араларында жүрiп мен, Жете алмай келем әлi күн ақ пейiл қалың қазаққа. Тағдыры бiздiң халықтың бармақтай ғана бақта тұр, Ақыны қаңғып, әкiмi суытып түсiн тақта тұр. Анамның аппақ күмбездi сағанасына шағынған, Не дейсiң маған кешегi асық ойнаған ақ тақыр. Таза едi арым сенiңiз бұл сөзге кәмiл иманым, Кеш бiлдiм кеше жақыным қиянаттарға қиғанын. Сыйғанмен, аға, қайтейiн көкiрегiме бар ғалам, Алматы менен ауылға ес жиған шақта сыймадым. Ең жақын деген досым да, терiс айналсын, жалтарсын, Жаман iнiңе түбiнде бар сенiмiңдi артарсың. Жырлы додада осынау, айырып тұрып езудi, Қапталдай шауып атыңмен жүгенiмнен кеп тартарсың. Суырылып шықсам сол сәттен аспанға шапшып байқармын, Жаңбыр боп жауып, дауыл боп, дүниенi сiлкiп шайқармын. Сауықшыл мұңсыз әкiмге ауылдар жайлы барып мен, Барлық ойымды бетiне қасқайып тұрып айтармын. Келедi күндер арайлы, әлi де талай бақ сынар, Ұлы Абай айтқан кешегi

қайрат пен намыс ап шығар. Елiмiз сенiп бiзге де күрделi iстер тапсырар, Бағамды берiп мiнбеден мен жайлы айтар пiкiрлер, Қасқалар мен жайсаңдар, лебiзi уәлi жақсылар, Осылай дейдi түсiмде ауылда көрген бақсылар. Солай да солай ағажан бiз туған жердi еске алдым, Ұрпағы едiк кешегi сыйласып өткен бес шалдың. Дұшпан мен досты бiр жүрген ажырата алмай көп жылдар, Талай нәрседен қайтейiн

бармақты тiстеп кеш қалдым. Көп шайырларға бүгiнгi, көңiлi құрғыр толмайды, Сондықтан ба екен жүректi алапат қайғы торлайды. Ақылсыз адам болса да сенбейтiн мөлдiр сырыңа, Ғұмырда мынау ешқашан ажалсыз адам болмайды. Арғымақ аттай алшаңдап бәйгеге бiрге барармыз, Арманда қалған ауылдар әжетiңе де жарармыз. Алыста-жұлыс қызығың көрген бiр түстей опасыз, Хан Кене сынды қоштасар, мұңды бiр әнге салармыз. Жұлдыздардайын жарқырай, аспаннан сосын ағармыз. Ұмытса-дағы Астана, хандармен қатар-қатар боп, Түркiстанымда мәңгiлiк, қос көше болып қалармыз... ҚАРАОЙДАҒЫ МАХАМБЕТ ҚАБIРI БАСЫНДАҒЫ ОЙЛАР немесе жазушы Мереке Құлкенге сыр

Оу, Едiлдiң бойы елдi қиян, Жайықтың жағасы жайлы қиян. Маңғыстау маңы майлы қиян, Айналайын табындырған, сағындырған үш қиян, Атам қазақ жайлаған, Бейiттерден көрiнбейдi айналаң. Тарихыңды бiлер ме екен, өндiрлер, Алтын далам, асыл далам, бай далам. Ештеңе де болмағандай алаңсыз, Сол даламда өмiр шiркiн қайнаған. Қараойдағы жетiм үйдей құлазыған кезiмде, Мейiрiм мен шапағат бар көзiңде. Сан сүйедiң асыл ағам қолтықтан, Ойыл, Қиыл, Шыңғырлауға шұбатылып жол шыққан. Жадау көкке Ақбөбек деп, мұңын шаққан Қайыптай, Бұхара жақ бетiндегi Жайықтай. Шейiтсайдан соққан желдi тыңдағам, Бiрақ ғажап оның ұлы рухы, Қобызбенен, домбырадай сынбаған. Ол бiр үндi жеткiзе алмас ешбiр жырмен, термен де, Шерлiлердiң шерлi үнiндей шермен де. Ары-берi қаша көшкен елмен де, Көз жасындай мөлдiреген көлмен де, Оңаша қап сан сырласқам бөлмемде. Еңсемдi езiп сан қайғысы Сарайшық пен Сағыздың, Көздiң жасын Ақжайық пен Ақбұлаққа ағыздым. Шындық, шiркiн, қандай ащы сырлы едiң, Қараой менен қырғыздағы мұңлы өлiм. Махамбет пен Исатай, Кенесары, Наурызбай, Қайғылары қабырғамды қаусатып Көкiрегiмдi қарс айырып жүр менiң.

Алашым деп кеткен қайран қос құрбан, Ер Махамбет, Атай, Матай қос құмнан. Екi аяқты адамдардан безiнiп, Төрт аяқты қасқырларды дос қылған. Қатынжанды еркектердi ертпестен, Қылыш сүйiп, ай астында серттескен. Халық мұңы жер басқызып, жүргiзбеген ұлтандай, Топырақ шағыл, Ұшбөкенбай қыр қандай. Сай-саламен жүре алмады ерлерiм, Хиуаға тұра қашқан сұлтандай. Айдалада аңыраған аймаңдай, Сорға мiнген Сорлыкүрең сормаңдай. Озбыр орыс, сатқындар мен жансыздың, ойдағысы болғандай. Бiрақ тарих бәрiн бүгiн өз орнына қойғандай. Жолдыкүрең, Көгiлдiр ат жер тарпып, кiсiнейдi түсiмде Екi жүз жыл өткеннен соң, дүбiрлеген мынау бiздiң той қандай. Адыра қап алтыбақан, сауық-сайран, бұла түн, Ауызында адырнаның алты оғы бар ұлы ақын. Денесiз бас, үнсiз, тiлсiз, түнерiп, Қара түнде көзiмiздi iлсем, маған қарап тұратын. Көңiл шiркiн, болса-дағы қылаусыз, Жүз жиырма жыл ескерусiз, сұраусыз. Жатты-ау... ақсын көздiң ыстық сорасы Қойылмады-ау ең болмаса ескерткiштiң қоласы, Алты Алаштың жайсаңдарын жасытты, Бассыз көмген арыстандар моласы. Олар бiздiң жаратылған таңның алтын нұрынан, Сағым жүзден Самның сары құмынан. Ат артына ақ найза мен айшықты ту байлаған, Өзiн емес, ұрпақ қамын ойлаған. Ақ боранда ауыздықпен алысып, Ұшқан құспен жарысып. Тiзесiмен жарып өтiп Жайықты Жолбарыстың жымымен,

құм iшiне терең ары бойлаған, Қамалаған қара құрым дұшпанды, қақпақыл қып ойнаған. Қиыл үшiн қырылып, қызыл қанды төгiсiп, Едiл үшiн егесiп, Тептер үшiн тебiсiп, Ер үстiнде жеп iшiп. Көрген жұртты естерiнен тандырған, Күмбiрлетiп күй тартып, өткен жерiн ән қылған. Исатай мен Махамбеттiң жорығы, Қасым салған қасқа жолды шаң қылған. Есiм салған ескi жолда сүрлiккен. Алла бiздi айырма деп бiрлiктен. Зеңбiрекке қарсы шапқан батырларды есiтiп, Петербор мен Орынбордың дүрлiккен, Таңдап түскен ата жолдан қайтпаған, Жеке бастың қайғысын әңгiме деп ешқашан да айтпаған. Баз кешсе де тiрлiктен. Алатау мен Қаратауды айналып, Осы өлкенiң өткендерiн ойланып, Жетiсудай жасыл белден, Ер Махамбет басын берген Сол қырық төрт жасымда. Қасқа, жайсаң қасымда. Тарихқа найзаменен атын жазған жан бабам, Мәңгiлiкке асау жыр мен хатын жазған жан бабам. От шашырап, жалын атқан сөзiңе, Бостандықтың жолында бассыз қалған өзiңе, Бас июдi парызым ғой деп бiлдiм. Екi жүз жыл өткеннен соң арада, Қараойдағы қабiрiңе ағамменен кеп тұрмын.

  • *

...Менiң көз алдымда көше тәртiбiн бұзған жап-жас жiгiттi автомашина қағып, ол екi сағаттай уақыт өткен соң, ауруханада дүниеден қайтты.

Көрмейсiң достар қауымын, Күлмейсiң мәңгi сен ендi. Әкеттi жылдам, бауырым, Машина қаққан денеңдi.

Сөйлемек болдың қия алмай, Естiлмей қалды бiрақ үн. Көзiмнiң жасын тия алмай, Шалғынға келiп құладым.

Сұмдықтан денем түршiктi, Жығылдың өмiр күймеден. Ақ жаңбыр шылап кiрпiктi Дел-сал боп қайттым үйге мен.

Соңғы рет қашан көрiп ем, Еңсенi ауыр ой езген. Самолет мiнiп келiп ең, Табыт боп қайттың поезбен...

  • *

Тiршiлiк-ай, тылсымы көп, сыры көп, Мен де өтермiн көп ақынның бiрi боп. Жер астында соғып жатыр жүректер, Айтыңдаршы, не бiтiрдiм тiрi боп.

Не бiтiрдiм, бiтiргем жоқ ештеңе, Ақыл бiзге келедi екен кеш неге?! Сестене кеп бiрiмiзге-бiрiмiз, Бiз де өтермiз бiрдеңеден сескене.

Өтер бәрi, Кетер бәрi, Барлығы, Кең дүниенiң сезiледi тарлығы. Құдайдың да әсер етпей жарлығы, Әйелдiң де әсер етпей жарлығы.

Адамдар-ай, мақсат та бiр, арман бiр, Кеудесiнде көктемеден толған нұр. Менiң бүгiн айтып жүрген ойларым,

Кешегi өткен ақындардан қалған жыр.

  • *

Тумасам да мына шулы қалада, Белгiлiмiн қария мен балаға. Қаншама рет жылы сөздер естiсем, Соншама рет душар болдым жалаға.

Менiменен сырлассаңыз келiп Сiз, Алыстарға жетелеймiн ерiксiз. Сырты сұлу, сезiмсiздеу жандардан Жаны сұлу жанды сүйем көрiксiз.

Дәнемем жоқ десем дағы «қиратқан», Дала мiнез жанға өзiмдi сыйлатқам. Досым түгiл жалақорға рақмет, Сәл босасам сенiң жалаң ширатқан.

1982 жыл

  • *

Қалт етсе қол жусанды қырға асығам, Жүзiм шайып, жұтуға жылғасынан. ...Сыр iздеймiн күрсiнткен талайларды Дiрiлдеген қыздардың сырғасынан.

Ойландыра алмастан жас адамды, Қып-қызыл боп Күн қырға тасаланды. Батқан күнге телмiрiп тұрып-тұрып, Сосын қайта қолға алам Қашағанды. Атын жайған бұл елге сараңдығы Қыздарбектiң қыздардай таранды ұлы. Бұтыменен бұт болып жинси шалбар, Ысқыра ән сап жамылды қараңғыны. Көз алдымда сырға тұр дiрiлдеген, Бiр нәзiк жыр туғандай бүгiн менен. Ақ кимешек әжейге елеңдеймiн. «Шүкiр, шүкiр, шүкiр» деп күбiрлеген. Қандай күш қарт әжейдi күбiрлеткен, Тым мазасыз боп кеттiм бүгiн неткен. Қараңғыда бiр сыр бар бiзге мәлiм, Қараңғыға қараймын iнiм кеткен.

КҮЗ. ТҮНГI ОЙ

Ауылды ойлап, қаланы ойлап, жырды ойлап, Жүрiп жатқан жайымыз бар сүр бойдақ. Бiз де ержеттiк әне-мiне дегенше, Қайда достар жүрген кеше бiрге ойнап? Бақытымыз шықпады алдан бiз күткен, Сағынышқа кеттi айналып күз тiптен. Есiмiзге әлдекiмдi салады Подъездегi ғашық үндер үздiккен. Көкейiме кептеледi бiр тiлек, Жасты көздi бiз де талай сүртiп ек. Дiр-дiр етiп тiтiркенген ағаштар, Жаңбыр мынау жауып тұрған сiркiреп. Қалып жатқан күндерiмнен сырылып, Бiр әдемi қалам, досым, сыр ұғып. Күресемiз, тiресемiз бiз әлi, Кеудемiзден тарағанша жылылық.

«ҚАРА ҚАҒАЗ»

Ел қорғаған батырларға ғашық ек, Жылдар жылжы, мейлi, тiптi ғасыр өт. Ендi ешкiм қара қағаз алмасын, Қара қағаз, қағаз емес қасiрет. Әкем менiң соғыс жылы ондарда, Арман болып Қоқан арба, жөндi арба. Күн шықпастан ұзап шығып ауылдан, Қара жолға телмiрiптi жондарда. Шiлде қақтап, жауратқан жоқ бiздi ақпан, Қайран атам, бiздi атар жау сiздi атқан. Қара қағаз алған күнi жоқтаулар, Әке, сенiң жүрегiңдi сыздатқан. Жұбата алған бiрiн-бiрi «қалқам», деп, Сағынсам мен елге, әкеме тартам кеп. Қадiрiңдi бiлмей жүрмiз бiз әлi, Бiр-бiр уыс өскен жандар талқан жеп.

Бақыт күтiп ертеңгi атар таңдардан, Абдолла боп, отқа өртендi «жанды» арман. Фашистерден қорықпаған бұл ауыл Қорыққан тек хат таситын жандардан.

Жерде өскен соң көк бұлақты, көк таулы, Көрген жоқпыз мылтықты бiз оқтаулы. Ата орнына келген сондай бiр қағаз Бiздiң үйдiң сандығында сақтаулы...

  • *

Ақиықтар тербеген кеңiстiктi Өзiңменен, Жер-Ана, жеңiс күттi. Найзағайлар ағады ашуланып, Бiреулерден көрсе егер кемiстiктi.

Аққу құсты жаратқан тектi қылып, Тағы бiр таң жиектен жеттi күлiп. Қарашы, әне, бауырым, қыран болып Өлең ұшып барады көктi тiлiп.

Ақ самалдар аймала, желпi менi, Күйiм бүгiн жаңаша шертiледi. Ақиығы боп қалу туған жердiң Сертiм едi, дариға-ай, сертiм едi, Ұласса екен осыған ел тiлегi...

  • *

Жүрегiмай қанша жыл жоқты iздеген, Өткелдерай арынды өткiзбеген. Сағыныштан өртенiп тұрсам-дағы, Жолдар, жолдар өзiңе жеткiзбеген.

Жеткiзбеген жолдар ғой қыр асатын, Көкжиекке, сағымға ұласатын. Тағдыр мынау қабағы ашылмайтын, Сыбағасын бермеген сұраса ақын...

  • *

Бұлбұл да емен, қалқам, мен қыран да емен, Қалмай қойды мұңдылау бiр ән менен. Қожа Ахмет Йасауи тәрiзденiп, Туған жердiң төсiнде тұрам деп ем.

Қасиеттi мекеннiң теректерi, Қарсы алмадың, нелiктен, елеп менi. Өлеңшiлер көбейген бұл ғасырда Жыр жазбай-ақ жүруiм керек пе едi? Алмаспын деп уақыттан озбай тыным, Өз мақамын көкiрек қозғайтұғын. Армандаймын кейiнгi ғасырларда, Мұнара боп тұрсам деп тозбайтұғын... 1978 жыл

ЕСКI ЖЫЛМЕН ҚОШТАСУ

Жаңа жылға жазылар дастан әлi, Күлiмдейдi достардың қас-қабағы. Бiр-ақ минут, ал осы минуттан соң, Жаңа өмiр, жаңа жыл басталады. Бiреу күйiп, бiреулер асқақтады, Шекарашы көз iлiп, қас қақпады. Өткен жылғы сапарлар есiмде әлi, Самолеттер... поездың составтары. Аспандаған асаулар құрықталды, Бәрi жаңа, бұйымдар сұрыпталды. Ескi жылда қайтқан дос жүрегiмде Жазылмайтын жара боп тұрып қалды. Көз алдымда өткен жыл, сағым дала, Мен жығылсам жығылам тағымды ала, Соңғы бетiн жырта алмай календарьдың, Үнсiз тұрдым сүйенiп қабырғаға...

ТIЛЕК

Арғымақ қайда, аспанға шапшып атылған, Айналдым елiм, айналдым ата салтыңнан. Күншiлдер мейлi, күңкiлдей берсiн, жан әке, Қобалжып оған тартынбан. Шылбырды шешшi, iздейiн ән-күй, ақ арман, Мұнартып тұрған кек таулар қайда жоғалған. Жыр қуып кеткен адамның бәрi көктемде, Ақын боп қайта оралған. Сендерге сенем, Алатау сынды ағалар, Бапкерiм болар сүрiнiп кетсем тағалар. Тiлеулес болғын бал құрақтарың балбырап, Сылдырап жатқан сағалар. 1977 жыл

ШАҒАЛАЛЫ ШАРДАРА

Сәбидей пәк болып қалсын ар, Өтсе де қанша ғасырлар. Шардара, ертең аршылар, Қойныңда жатқан асылдар.

Қыраттың гүлiн терсеңiз, Сыйлаған суын көк теңiз.

Оңтүстiк жаққа келсеңiз, Теңiзге соқпай кетпеңiз.

Керуендер өткен кешегi, Ашпайсың сырды құмды бел. Дертiңе дауа деседi, Теңiзден соққан түнгi жел.

Шардара, мен бiр шағалаң, Қимайтын мәңгi жағаңды. Арнайды бүгiн саған ән, Бiлетiн ұлың бағаңды.

Ақ мақтаң менен күрiшiң, Сарқылмас мәңгi байлығым. Бабамның алтын сырысың, Асырған бүгiн айбынын.

Жағада жатқан қалаға Созады толқын қолдарын, Бастайды қиыр далаға Қаладан шыққан жолдарың.

  • *

Санамды бүгiн мазалап, қалқам, сан сұрақ, Жете алмай келем астымдағы атты қамшылап. Жырыма қосам барам да ертең даламды, Ақ қыраулардан аршып ап.

Қинай бер мейлi, қиындықтардан жасқанбай, Орамал болам қара көздерге жас тамған. Кеудеме келiп тығылды, мiне, найзағай, Тайғанай құлап аспаннан.

Тәңiрiм, сақта жасықтар менен пасықтан, Үлкен iстерге ұл едiм ерте асыққан. Асау жүрегiм тепкiлеп жатыр кеудемдi, Бойымда ыстық тасып қан.

Қап-қара жерге ақ мамықтайын жауып қар, Көрiнбей қалды ағаштар менен арықтар.

Босқа жiбермей әрбiр күндердi, ақыным, Орамды ойын алып қал.

  • *

Қара өлеңдей қасиеттi тектiммен, Қара көзден ыстық жасты төктiм мен. Мына жолды бұралаң да шырғалаң, Қара шалдың есiмiмен өттiм мен.

Қара өлең бе, елден қуды, шаршатты, Қанша бұлақ қапталдасты, қарсы ақты. Қайда жүрсем көңiлiмнен кетпедi, Анашым бар Қарашық пен Қарсақты*. Арман жолы адастырған жоқ әлi, Жүрегiмде дауылы мен бораны. Түркiстаннан басталған бұл соқпағым, Түркiстанға түбi айналып соғады.

  • *

Бала кезден жырсыз таңым атпаған, Атақ күттiм... несiне оған ақталам. Қара өлеңге адал болдым өмiрде, Талай жайсаң мықтысың деп мақтаған.

Өрттей өлең... сақталмаған, жыртылған... Сыпсыңдатқан өсектерiн сыртымнан. Атақ деген неге керек, тек қана, Ұят екен үмiт күткен жұртыңнан. Ешқашанда саған iсi түспеген, Бәрiн алар ақшаменен, күшпенен. Пенделер мен сүймейтұғын өз ұлтын, Ақ үйде мен қызмет те iстегем. Жанымды жеп, неткен қайғы, неткен мұң, Жылуымен бойдағы ескi шекпеннiң. Қарындасқа түсiре алмай көлеңке, Үкiметтiң Ақ үйiнен кеткенмiн. Оны қойшы... оқыр бiреу ойлана, Жатар сосын алпыс-жетпiс тойлана. Неге бiздi қырына алып, бұл құдай, Қырықта да «бала» қылып қойды Аға.

Сәуле сезiп ертең түсер жарықтан, Нарығыңда елмен бiрге тарыққам. Қыр басында қарығым тұр қобалжып, Бiр жылы сөз күтедi-ау ол халықтан.

ҚАЗАҚСТАН МАҚТАСЫ

Жабылмайды Ресейдiң қақпасы, Жабылмайды қара Қытай қақпасы. Қайта ағарды ағалардың ақ шашы, Быт-шыт болды, бұршақ жауып бақшасы. Быт-шыт болды, бәрiн қайта басташы, Бұл кезеңнен менiң ғазиз халқымды, Құтқара гөр Қазақстан мақтасы, Құтқара гөр Қазақстан мақтасы. Шытырлайды капиталист ақшасы, Шырылдайды қара шалдың от басы. Қарауытып Қаратаудың ақ басы, Құлазиды Қарағанды шахтасы. Не жылу жоқ, не жарық жоқ заманнан, Құтқара гөр Қазақстан мақтасы, Құтқара гөр Қазақстан мақтасы. Қыздар сенi саусағымен жинаған, Үш құлақтан берушi едi сыймаған.

Жинай жүрiп әсем әнiн тыймаған, Сатты сенi көк қағазға жат жерлiк, Бала кезiм еске түсiп қиналам, Қиналам да сапарларға жиналам.

Өзгелермен теңбiз өзiң арқылы, Жүректi ездi қалталылар қарқылы. Қарындастың жанарының жарқылы, Орамал боп ораларсың түбiнде, Туған жердiң үлбiреген алтыны, Туған жердiң үлбiреген алтыны...

  • *

Жүрегiмдi күйiгi өртеп халықтың, Мынау күйкi тiршiлiктен жалықтым. Бiр дос кеттi соңына ерiп нарықтың, Бiр досымның ниетiнен қорықтым. Жалғыздықтан мезi болдым, жабықтым.

Билiк айтар келсе-дағы кемелiм, Жалғыз қалып жабығумен келемiн. Өтпеген соң мына жұртқа дегенiм Ақыным деп елемедi менi Елiм, Түбi сiрә, өкiнумен өлемiн...

Кiм кетпеген мынау жарық жалғаннан, Айырылған соң ең аяулы арманнан. Ей, ағайын, несiне айта берейiн, Өмiр шiркiн, ұрпақпенен жалғанған.

Қазақтар-ай, дүние үшiн қарғанған, Шаршамаған берген менен алғаннан.

Бiр ұлып ап жөней берер жалғаннан, Арыларсың мына бiздей арланнан! Жалықтық-ау жалғыз-жалғыз қалғаннан!

  • *

Жиырма бесте дес бермеп ем ешкiмге, Отыз бесте өте шықты бес күнде. Шайыр бiткен құлазитын шарапсыз, Сол құлазу ендi маған көштiң бе?

Жалғыз қалып құлазыдым, қаңғыдым, Пысқырмастан бiреулердiң паңдығын. Қазағыма ашық тұрды қазаным, Сүйдiм түнгi Алматымның даңғылын. Тура жолда сүрiндiм де, құладым, Көкке қарап, бойға қуат сұрадым. Көңiлiмнiң ағыта алмай бұлағын, Ақ қағазда... өксiп-өксiп жыладым. Кеше ғана... атушы едiк сақаны, Қайда дейтiн... қырығыңда тақады. Ақ кемпiрдiң жүзiндегi әжiммен, Ақсақалдың ойландырды сақалы.

ЕКI ЖҮЗДI

Қызығына елiтсем де көктемнiң, Қуаныштан қайғыны мен көп көрдiм, Сыртқы көзге бiр мiнi жоқ бойында, Екi жүздi адамдарды жек көрдiм.

Оңашада қаққан сәтте арқадан, Бала түгiл алданады қарт одан.

Сырлас жаның екi жүздi боп шықса, Ұтылғандай күй кешесiң картадан.

О, адамдар,

сарапқа сал, салыстыр, Сыртқы әлемнен, жан дүниесi алыс тұр, Дос қылғанша екi жүздi адаммен, Құдай менi, жауларыммен табыстыр.

  • *

Талай-талай көрсем де керемет күн, Қасиетiн кезiнде елемеппiн. Елiм анау артымда бұлдыраған, Жел айдаған қаңбақпын, ебелекпiн.

Жанар мынау жапақтап жасаураған, Неге керек ұлылық жасау маған. Жындарынан айырылған бақсыдайын, Кейде осындай болады асау балаң.

Ақ сағымға жетем деп қуған едiм, Көз жасыммен жүзiмдi жуған едiм. Қарайламай кеттi деп алаңдама, Қайта оралам өзiңе туған елiм.

1984 жыл

  • *

Кiмнiң барып дүние-мүлкiн тонаппын, Поэзия, неге менi жолаттың. Қазағым-ай, түсiнбей-ақ қойдың-ау, Санаулы-ақ жыл... ортаңдағы қонақпын.

Құс та қонақ,

қыста қонақ, қыз қонақ, Сезген жүрек күйiп-жанып сыздамақ. Анаң байғұс жөргегiмен қымтаса, Ажал тастар төмпешiк қып «сызға» орап.

Қайран өмiр ең соңғы рет отқа орар, Сосын ептеп жарық дүние жоқ болар. Ақыретке аттандырып салуға, Ағайының жоқтау айтар, топталар.

Жарың қалар естен танып зарлаған, Барын салар жерлер сәтте арлы адам. Айттым, қойдым, ал қалғанын өзiң бiл, Қимас әлем кiмнен кейiн қалмаған.

  • *

Өн бойымнан борша-борша тер кетiп, Жүрiп келем еңкейместен жерде тiк. Менi өмiрге алып келген жан анам, Мына тұрған шулы ауылға ерке етiп.

Жетi шелпек тарататын шешелер, Мәз болушы ек жақсы бала десе егер. Күнге күйген түсiмiздi бояйтын Борпылдаған топырақты көшелер.

Анау төбе, баратын жер сабанға, Қиыршық тас шықырлайды табанда. Шұбаушы едiк қара сирақ балалар Балық аулап қайту үшiн тоғанға. Қылаң аты ғайып бопты шалдың да, Бiразы жоқ бiрге өскен талдың да. Жанарымның жас кернедi жиегiн... Жұпынылау ауыл жатыр алдымда. 1979 жыл

ҚАРАША ӨРIК

Жүре берем, еске алсам балаша ерiп, Алаңсыз ек, ол кезде тамаша едiк. Қарашада пiсетiн бақшамызда Жалғыз түптi бар едi қараша өрiк.

Қараша өрiк, о, шiркiн, бал татыған, Көрiнбейтiн ақ үйдiң қалқасынан. Кем емес-тi қоржын мен Үкәшәдан Ақ алмадан Әбсемет шал тасыған.

Жалғыз қалды басқанда талай түнек, Сол өрiктi орманға балайтын ек. Дiр-дiр етiп жаураса, бiрге жаурап, Терезеден жабыла қарайтын ек.

...Жаңбыр жауды жер бетiн сулап көктен, Мазаны ап жүр бойда өлең тулап көптен. Өткен жазда ауылға соққанымда, Көзiм түстi өрiкке қурап кеткен.

  • *

Ендi қайтiп бiлдiм де көрмесiмдi, Көзiм жасы сен жатқан жерге сiңдi. Көзге шынды айтатын, өзге сынды Сен қайтқалы сездiм мен сезбесiмдi. Көңiлде жел азынап ұйытқыған, Өттi өмiрдi жанымен сүйiп қыран. «Қызғалдақ боп қырлардан көтерiл»,— деп, Жаңбыр болып кей кеште құйып тұрам. 1978 жыл

ҚАРА ШАПАН

Қара шапан, сен менiң ескi әнiм ең, Қара шалды сенi иiскеп еске алып ем. Мен алыста жүргенде аттаныпты, Хабар тимей уақтылы кеш қалып ем. Күйiне айтқан қураған бау туралы, Бау туралы, көбейген дау туралы. Жер астында дегенге кiм сенедi, Қара шапан иесiн тау тұлғалы. Сағынған да серiгiм сабыр ғана, Сездiрмейтiн қайғысын сабырлы Ана. Көрiнбедi бiр күнi қара шапан Тұратұғын iлiнiп қабырғада. Қабырғадан мұңдана қараса атам, Қайғыменен ататын қараша таң. Ер-тоқымға айналып қара шалдың Иiсi сiңген құрыды қара шапан. КҮЗ Сергей Есениндi еске алу

Жапырақтар арасында сап-сары, Алтын шашты әдемi қыз ақ сары. Ойламайды көгiлдiр көз асқағым, Баспананы, астананы, ақшаны. Ағаш бiткен жатқан шақта шешiнiп, Құстар кеттi жылы жаққа кешiгiп. Алқа таққан қаз омырау, жас сұлу, Алтын күзге қарап қапты тесiлiп. Қараң қалып аппақ арман асқақ бiр, Қалтырайды жапырағын тастап гүл. Бiр топ торғай дүркiрейдi аспанға, Жерден алып тоғай жаққа тас лақтыр. Кеудемдегi сылдыраған бұлағым, Белгiсiз боп қалар ма екен тұрағың. Ештеңенi көрер емес көздерiм, Ештеңенi естiр емес құлағым.

Еске салды Есениндi сары күз, Сары күздi мәңгi сүйiп қалыңыз. Көпке дейiн көз алдымнан кетпедi, Есi кете ғашық болған сары қыз. Сары қыздың көздерiндей көкпеңбек, Басымыздан өтедi әлi көктем көп. Құстар қайта оралады кеткен жоқ, Есениндей серi ақын өткен жоқ. Сереганың баурағанда саздары, Сары белдiң жаурағанда саздары. Ой үстiнде келе жатсам, көршi үйдiң, Машинасы қағып кете жаздады. II Артта қалған мұраңа лағылдардай, Жылжып жатыр сан жылдар табынғандай. Сағындың сен жыр жазар столыңды, Сары қызды сарылып сағынғандай.

Мен де сендей сүйемiн өз елiмдi, Күтiп жүрмiн бiр келер кезегiмдi. Сұлу қыздың көзi емес, шарап емес, Аппақ парыз өртеген өзегiмдi. Ақ көгершiн тәрiздi аппақ парыз, Парыз жолда күрестi тоқтатпаңыз. Күндер деген құстар ғой ұшып кетер, Кетсе келмес, мейлi жер тоқпақтаңыз. Көз алдымнан өткенде көлбей белең, Қара түнде ұйқымды ап тергейдi өлең. Бiзге дейiн, әйтеуiр, бiр бiлерiм, Сырласпаған ақын жоқ Сергейменен. Ұшып жатыр күн сайын күн құстарым, Басқандаймын даламның тұңғыш қарын. О дүние бiреулер сапар шексе, Өбектеуде бiреулер тұңғыштарын.

Көп нәрсенi бiлмеуiм мүмкiн менiң, Сыр түндерiм, о, нәзiк жыр түндерiм. Бiрақ менiң бiлерiм өте шығар, Өтпейтiндей көрiнген бұл күндерiм. Кейбiреулер ой салды күрсiнгенi, Сызып тастар уақыт мүмкiн менi. Қайран Сергей, жанымды сағынышың Өлеңiңдей өртеуде бұл күндерi. Сырғыса да сан сағат сезiлместен, Алда ақ қағаз отырмын көз iлместен. Жоқ нәрсеге қаламыз күйбелектеп, Шығарып ап темiрдей төзiмдi естен. Шабыт бақ құс ақынға сирек келген, Жазып жүрмiн шығуды сиреткенмен. «Ар жағына бермесе болмайды ғой, Болмайды ғой қаншама үйреткенмен»,–

Дейтiн Ана, Ақ шашты, әжiм жүздi, Қарақат көз сүйгенде Назым қызды. Бiр әдемi дiрiлдей, жапырақтай, Толқытады, Серега, сазың бiздi. Бiлем тағдыр сенi де билетпедi, Тәрбиеле, басқаша үйрет менi. Перуза, аспан түстес көздерiңнен Сыр iздедiм тесiлiп суреттегi. Ұлыларға келемiн табынып-ақ, Жүрген жоқпын бiреудiң бағын ұрлап. Ұлы Сергей, қолыма қалам алғам, Сен тәрiздi әуелi сағынып ап.

ҚАРАШЫҚ. ДАРБАЗАДАҒЫ ЖАЗУЛАР

Қарашық анам, жағаңа келдiк жиналып, Қайғыға бiздiң қамыға ақтың қиналып. Егiлiп тұрып Ерқанат сынды ұланды Қойнына жердiң беруге бiздер қимадық. Көрген жоқ ұлан сегiзiншi осы көктемiн, Қатыгез тағдыр сонда да сенi сөкпедiм. Қамыққан кезде, жабыққан кезде көрмек боп, Қарашық анам, өзiңе қарай беттедiм. Төрехан үнсiз, теңселдi шыдап тұра алмай, Көзiнде жас жоқ. Тiл қатсаң бiрақ жылардай. Дарбазадағы сәбилер жазған жазулар Баспаханадан басылып шыққан ұрандай. — Ерқанат, қош бол, Ерқанат, сау бол, Ләззат,— деп, Жазылған сөздi оқыды өзбек, қазақ кеп. Қарашық анам, жағаңда жатыр сол бала, «Таза аққан едiң, өтiнем, тағы таза ақ»,— деп

Әдiлетсiздiктiң қайыспай көтер салмағын, Қайғысыз сенiң жүзiңдi көру арманым. Жұбату сөздерменен, телеграммалардан, Ерқанат, Ұқтым мен мәңгi сегiз жасар боп қалғанын..

ЭЛЕГИЯ

Мы были как вы, Вы будете как мы. Бейiт басындағы жазу Ойлаудан қашсаң бүгiнде, Ой салар тұғыр тас мына. Барамыз бiздер түбiнде Қап-қара жердiң астына. Шалқыған дарқан көңiлге, Байлыққа ажал қарамас. Жалаңаш келiп өмiрге, Өтедi адам жалаңаш. Өседi бәрi қарыштап, Сәбилер әлi-ақ ес бiлер. Жылдардан қалған алыстап, Менiң де даусым естiлер. Өтедi менмен пенде де, Өтедi асыл құрбы да. Ұқпағам мұны мен неге, Тас тұғыр айтып тұр мына. Жыр жазған менен талғаммен Кейде арым сiлкiп, тергейдi, Аңыз боп, ән боп қалғанмен, «Өлгендер қайтып келмейдi». Ойлаудан қашсақ бүгiнде, Ой салар тұғыр тас мына. Барамыз бiздер түбiнде Қап-қара жердiң астына.

  • *

Автовокзал...

өткен жыл, сарыатанда, Кейiп тұрғам сұғанақ балақанға. «Жетпейсiң» деп қорқытты алпыс жасқа, Сыған қызы қарап ап алақанға.

Сыған қызы, сөзiңнен қорықпадым, Содан қайтiп өзiңе жолықпадым. Жалғыз келе жатқанда еске түстi, Жыр елiне жасаған жорықтарым.

Өкпелеңдер,

тәттi азап шекпегендер, Жете алмайды ақ еңбек етпегендер. Қырық жас та аз емес, о, дариға-ай, Еске түссе отызға жетпегендер.

  • *

Масаң қалыппен поезға келiп отырдым, Мұңдылау перрон қоштасып қалды менiмен. Сал жiгiттерге серiк ем, Даладай аппақ қос рельс қара бұрымды, Қара көз қызды жаңбырлы кеште көрiп ем, Мұңдылау перрон қоштасып қалды менiмен.

Ұзады поезд тербетiп менi сәбидей, Бәдия дала таусылар емес шегiнiп, Жанымның жайсаң кезiн ұқ. Жүрегiм менiң жiбек жолдармен шырмалған. Дүниеде мынау жалғыз қалғандай сезiнiп, Тамбурда келем егiлiп. О, шөлдiң сәнi сексеуiл, Анаммен талай сырласушы едiң, ошақта, Дала мен менi қосақта, Әрбiр минуты қымбат болса да өмiрдiң, Ауылға барып алаңсыз жатам осы апта. Таңдайда әлi ауылда жеген таба нан, Көзiме оттай басылды сонау бағанаң. Ағаны сүйем тентектiгiме сабаған, Әжiмдi дала ақ жаулық тартқан ақ анам.

Еркелеп келем, көк вагон бейне ақ бесiк, Көрiнген сонау ағаштан мiнгем ат кесiп. Не болса соған таласушы едiк бәстесiп, Бұрымды қыз-ай, бақыты болған басқа есiк.

Келедi поезд, келедi поезд тербеумен, Босатам ертең ақтанкер атты белдеуден. Бәдия дала, өтермiн саған селдеумен, Келедi поезд, келедi поезд тербеумен.

  • *

Көкiрекке беймәлiм желiк кiрiп, Мына өмiр барады елiктiрiп. Қобалжимын мен кейде кейбiр ойдан, Өлеңiмдi газетке берiп тұрып.

Қара жолдың келемiн шаңын қағып, Бал болашақ алда тұр сағымданып. Iзденiссiз күн өтсе, өзге бiреу «Өлең» атты қоярдай тағымды алып.

Мен келемiн өз күйiм, әуенiммен, О, әуенiм, жерiмдей мәуелi ме ең? Жарық дүние жарқ еткен сонау сәтте Ағаларға ұқсағам әуелi мен.

Ағаларша жылағам жөргегiмде, Жаным анам, жұбаттың тербедiң де. Сыбағамды сұрасам шырылдап мен, Ақ сүтiң мен өлеңдi бермедiң бе?!

Сонан берi күн ақты, жылдар ақты, Аққан жылдар кеудеме жыр қалапты. Талай рет қуансам жан-тәнiммен, Талай тамшы жанардан сырғанапты.

Көкiрекке беймәлiм желiк кiрiп, Мына әуен барады елiктiрiп, Қобалжимын мен кейде кейбiр ойдан, Жырларымды баспаға берiп тұрып.

1977 жыл

  • *

Күңгiрт бөлме. Шам әлi жағылмаған. Қағаз, қалам дайында, жарым маған. Сарғыш тартқан суреттер – сағыныштар, Көз алдымда дауылды сағым далам. Жиырмасыншы жылдардың асылдары, Бүгiн жан жоқ сiздердi сағынбаған, Бүгiн жан жоқ сiздерге табынбаған. Сiздердi ойлап отырмын жалғыз өзiм, Күңгiрт бөлме, шам әлi жағылмаған, Менi мәңгi толғантып, тебiренткен, Аруағыңнан айналдым, жаным, бабам! О, аяулым жұлдызды қырандарым, Жадымда әлi көтерген ұрандарың. Тұрсаңдар да алдында жауларыңның, Шыбын жанды қалдыр деп сұранбадың. Жиырмасыншы жылдардың асылдары, Жүрегiмде ғаламат бiр ән барын Бiлiңдершi, аяулы қырандарым. 1981 жыл

МҰҢЛЫ МИНУТТАР

«Қош, қош!»—дедi жастықтың таныс бағы, Бозбала күн ақырын алыстады. У-шуы көп тiрлiкте өзге емес Өз жүрегiм өзiммен алысқаны. Жүректегi аяулы пернелерiм, Сен өзгеше әуеннен кенде ме едiң?– Көк дәптерде өмiршең бiтпеген жыр, Кiрпiк iлмей бөлмемде сенделемiн. Он сегiз жас, о, менiң еркем едi, (Жалынсыздар, сеземiн, ерте өледi). Қап-қара түн, қарағым, мазамды алды, Құшағыңа ап аймала, ерте менi. Он тоғызда өзен боп тасып та алғам, Қара жолдар керiлiп асықты алдан. Түсiме енiп «қара дәу» жетi жаста Құшағына әжемнiң қашып барғам.

Көк тастарға жыр жаздым тырнағыммен, О, мұңлы әуен, келемiн ырғағыңмен. Жарып өтiп құямын көк теңiзге, Биiк таулар көлденең тұрғаныңмен.

Тар сағақтан төгiлген күйдi ұқпадым, Қара бала ем, қара тай құйғытқаным. Жыр әкелдiң өмiрге, соның үшiн Сүйем сенi, аяулы минуттарым.

  • *

Мен бiлмеймiн кезiмдi бесiктегi, Шыр-шыр етсем қолға алған шешiп менi. Емiс-емiс анамның әлдиi де, Әлди әуен жыр болып кешiкпедi...

Жазбақ болып жүрген ем көптен мұны, Көкiрегiмде жаураумен көктем гүлi. Коляскада тербеттi тұңғыштарын Көршi үйдегi екi жас өткен жылы.

Құрбылардан көрсем де шалыс қылық, Мен келемiн жыр атын жарыстырып. Кереуетте шалқалай ойға батам, Коляска мен бесiктi салыстырып.

Ғасыр өтсiн бесiксiз сән келе ме? Ән келе ме әлдилей жан денеге. ...Бесiк алып баратты қара кемпiр, Көңiл шiркiн босайды әлденеге.

  • *

Түсiрсем деп жұртыма жарығымды, Көрсете алмай халқыма арынымды. Мазам болмай мен жүрсем, кешiр, апа, Серiк етiп өзiме тағы мұңды. Жолдар менi әкеттi жыраққа алып, Жасырмаймын, сан тұрдым құлап барып. Көз ұшында кiлкiген сағым жақта

Ақ жаулықты өзiң бар қырат қалып.

Ұлы Отаным мәңгiлiк табынғаным, Сосын сенсiң, жан анам, сағынғаным. Менiң елiм жайқалған орман болса, Сол орманнан бұтақ боп табылғаным.

Сағыныштың қайнауда жүз бұлағы, Шимайларым, анашым, сiзге ұнады. Менiң әрбiр сүрiнген сәтiм, қайтем, Ақ жүзiңдi әжiм ғып сызғылады...

  • *

Бұралған бұлақ билерi, Бұрымдай жолдың бұрылысы. Жазықсыз жанның күйгенi — Бiтпеген үйдiң құрылысы.

Жүрекке бәрi нәп-нәзiк, Әуендей жұмсақ тиетiн. Жондарды мына жап-жазық Жан жүрегiмен сүйетiн.

Қаршадай ұл ем, қаршадай, Қатпаған әлi қабырғам. Ертеден кешке шаршамай Құнанын iздеп сабылған.

Уақыт, сенен құн алам, Ұрладың бәрiн — саудаң нық. Жырымды алғаш сынаған Газетте мына аудандық. Уақыттың салған дағы көп, Сырнай да тарттық қамыстан. Жырымды жамандады деп, Жылағам сонда намыстан. Жасымас жандар құндылау, Бойдағы асау арынға. Сол жылы жырым мұңдылау Суретпен шықты «Жалынға». Ыстық та өттi шекемнен, Кезек те бердiм дәрiге. Белiмдi буғам бекем мен, Бәрiне, әман... бәрiне!

ЕКIНШI ӨМIР

Екiншi өмiр күнi ертең басталады, Арман қалар артында асқаралы. Жасқамады ештеңе баста бәрi, Сырға толы түндерден жас тамады. Жүректерден жоғалсын, құрысын дақ, Екiншi өмiр келедi тынышымды ап Есенин мен Махамбет тәрiздiлер Екiншi өмiр бастаған тiрiсiнде-ақ. Екiншi өмiр ол — менiң аппақ арым, Арым жайлы айта алам жатқа бәрiн. Екiншi өмiр — ертеңгi туатын мен, Сәбилерге сарғайтып сақтағаным. Екiншi өмiр — қанатым қаға алатын, Екiншi өмiр — маңдай тер, табан ақым. Тәттi үмiтпен қолына тапсыратын Екiншi өмiр — ұрпаққа аманатым.

Керегi не, әлек боп, әуреленiп, Табынармыз уақыттай «дәуге” келiп. Екiншi өмiр өлең боп, өзiң болып, Жанарымда келедi сәулеленiп.

БАБАЙҚОРҒАН, БАБАЙҚОРҒАН

Қара суық, қысқы кеш, Бабайқорған, Туған үйде достармен талай болғам. Талай болғам, сырласқам елесiмен, Ұяң қызбен жүзiне арай қонған. Өсектерiн өршiттi халық түрлi, Бiркелкi өмiр лезде жалықтырды. Ертеңiне Түркiстан вокзалында Бiр қыз менi шығарып салып тұрды. Арман қуып мен кеттiм, алыстадым, Жыр жолында кiмменен алыспадым. Тұлпарлармен қанаттас жүргiм келдi, Тайқарлармен, әрине, жарыспадым. Қоштасуға мәңгiлiк қимаған қыз, Жас жанымды көп жылдар қинаған қыз. Жиырма үшiншi февраль күнi маған, Есениннiң кiтабын сыйлаған қыз.

Бабайқорған... бәрi де түстi еске, Түстi еске қар жауған қысқы кеште. Отызыңда ақындық мықты болса, Он жетiңде махаббат күштi емес пе!

  • * Қайран аға, ешкiмге иiлмеген, Бiр өзгерiс күтедi биыл менен. Жаңа жырды оқиын қараша үйге, Өлең сүйер ағайын, жиыл дер ем.

Жүзi келiп ағаның, жүзi кеткен, Сүйгенiне теңiзден жүзiп өткен. Төлегеннен мықтырақ болмас па едiм, Әдемiрек болсаң сен Қыз Жiбектен.

1976 жыл

ИIС САБЫН

Көктем сайын сабын су көпiргенмен, Өткен өттi, амал не өкiнгенмен. Сүлгi менен сабын ап жуынуға Өтетiнмiн кiшкене көпiрден мен. Артта қалды жастығым, сүйiс, жалын, Шабыт атты домбыра жиi ұстарым. Мерекеде сыйлады маған бiр қыз Суретi бар сыртында иiс сабын. Жатқа бiлем сол аймақ, суын, атын, Қара шалдар белбеуiн буынатын... Сол қыздайын мен де аппақ боламын деп, Қара бала сабынмен жуынатын. Мен үмiтiн сол қыздың ақтадым ба, Кейiн жазған жырымды жаттадың ба? Терең суға сабыным түсiп кеттi, Көктем айы жуынып жатқанымда.

Құтқармақ боп жүгiргем, шырқырағам, Суды кешсем өн бойым зырқыраған. Дүниеқорын қаршадай баланың деп, Бүкiл ауыл қарап тұр жұрты маған. Тарихы бар сол арық... ел есiнде, Апарайын сол жердi көресiң бе? Сабынды да жыр етiп деп жүрсiң бе, Қаланып тұр дүкеннiң сөресiнде. Сырлас болдық соқпақпен көнбес қиын, Көтерiлдi кеудемде сөнбес құйын. Маған қымбат көрiнген сол сабынның Сендер үшiн бағасы он бес тиын... 1978 жыл

СОҒЫСТАН ОРАЛМАҒАН ЖАСТАРДЫҢ МОНОЛОГЫ

Қайран менiң жүрегiм, шамшырағым, Сенi сүйген сан батыр, әншi, ғалым. Ғани болып сөйледiк мiнбелерден, Қарсыбай боп окопта қансырадым.

Отан үшiн кетсек те қаза болып, Қалды бiздiң арымыз таза болып. Мәншүк болып жауларды жек көрдiк бiз, Паровозда өртендiк Лазо болып.

Окоптарда жаттық бiз сыр ақтарып, Тауыса алмайды бiз жайлы жырлап халық. Корчагин боп жандық бiз жұлдыз болып, Зоя болып жауларға тiл қатпадық.

Ағарған ба, шаштарың, сабырлы анам, Таппағасын бiз жатқан қабiрдi ағам. Аттанарда түскен ек суретке бiз, Қарап тұрмыз жап-жас боп қабырғадан...

1978 жыл

  • *

Құс шулаған осы өзен сырласым ба, Шалқамнан жатушы едiм жылғасында. Жанары жүрек өртер қара көздiң, Жырладым жалтылдаған сырғасын да. Аяғын әрең басқан еркелiктен, Жанымды құрсау-сеңнен ерте ерiткен. Жақсының шуағына шомылып ап, Өскен ем жамандардан жеркенiп мен. Қайран ел, жаманы аз, жақсысы көп. Сырларын қатпар-қатпар ашқысы жоқ. Мен жүрмiн көкке қарай талпынғанның, Қалсам деп көтеретiн басқышы боп. Осылай қарапайым тұрғасын ба, Қимаймын жылғасын да, тырнасын да. Мен елден алыстасам елегiзидi, Елеусiз бiр төмпешiк қыр басында.

ШАРДАРА, ШАРДАРА

Теңiздiң жағасында жасыл қала, Жасылдана түсуде, асылдана. Шулаған адамдардың ортасына, Сыйғыза алмай қор болдым, басымды, аға. Көк теңiз табанымда толқып жатты, Бұл елдiң шемен-шерiн сол тыңдапты. Астында ауыл қалған бұл теңiздiң, Басымды көне тарих солқылдатты. Толқындар жаға жаққа емiнедi, Құлазыған көңiлiм егiледi. Астында бұл теңiздiң ауыл қалған, Бұл жайлы кейiнгiлер не бiледi? Кеменi орай ұшқан шағалалар, Әлдененi ескерттi маған олар. Азаматы аз болса, адам түгiл, Теңiзiң де дұшпанға таба болар. Қадiрiңдi бiлермiн, бағалармын, Қош теңiз, дәм жазса егер оралармын. Дәм жазбаса қайтейiн, жер бетiнен Астыңдағы ауылдай жоғалармын.

1982 жыл

ҚОШ, МАҢҒЫСТАУ

Маңғыстау, маңғаз дала, еспе құмды, Қимадым теңiзде өткен кештерiмдi. Болмаса Йасауидей ақын бабам, Өкiндiм Оңтүстiкте өскенiмдi. Көне мола, Әулие тас, ескi қырат, Ары-берi қанша ауыл көштi жылап. Таңдыры кепкен сонау бiр шөлейттерге, Ақсыншы тарихы бар ескi бұлақ. Сес көрсеткен көктегi құдайға да, Толқынданып құмдары құлайды ана. Батырларын жоқтай ма, ақындарың, Мұңын шағып желдерi жылайды, Аға. Маңғыстау, табындырды сағындырды, Кiлкiген көз ұшында сағым тұрды. Жiбектей Оңтүстiктiң бiр баласы ем, Аруақты дала қайта «қағындырды”.

Қайғыға Адайларым күрсiнбептi, Жүрегiн талай ердiң дүрсiлдеттi. Қыздары-ай жанары от, әзiлi бал, Не дейiн көкiрегiмде бiр сыр кеттi.

Әжiмiнен ескi өмiр аңғарылған, Сыр тарттым сиреп қалған шалдарынан. Үш жүз алпыс екi әулие қолда менi, Iздеп келдiм баяғы Шавгарыңнан.

Маңғыстау, Маңғаз дала, еспе құмды, Бiлшi сен, Түркiстанда өскенiмдi. Темiрхан көкем менiң жыр оқыған, Қимай барам армандай кештерiмдi.

  • *

Терезеңнен үңiлiп көршi келiп,

Жер жүрегiмнен, аспан жүрегiңе емшi болып, Ақ көйлекпен қалықтап Ай барады, Шаттандырып таң атсын айналаны, Күн нұрымен тарайды той хабары.

Ашып тастап көңiлдiң тас қамалын, Көшесiнде той жасап астананың, Ақын досым оқиды асау жырын, Әншi досым шырқайды асқақ әнiн.

Сыналмаған сынайды бағын әлi, Трамвайлар, таксилер ағылады. Тау басынан қызықтап қарап тұрар, Алатаудың тәкаппар тағылары.

Бұлақтар да бет бұрар жылғаларда, Сәлем айтар қамыстар ырғаларда, Сап түзейдi ақ үйлер Көктөбеде, Топ-тобымен келедi тырналар да.

Бiр-бiрiне бәйгеде дес бермеген, Арғымақтар атылар қос пернеден. Жымияды қарт ақын жүрегiнен Жүрегiне ұрпақтың көшкенде өлең...

  • *

Дала жатыр ерекше сыр аңғарып, Жоғалды, әне, iнiне жылан барып. Үйiрдi алып барады ару бөкен Нөкер ерткен сұлудай сылаң қағып.

Оқ тидi ме, сол бөкен сүрiндi анық, Тасыды өзен долданып, буырқанып. Аспан сынды алыптың жүрегiндей Жалғыз тырна қалқиды дiрiл қағып.

Құзғындар жүр мекен ғып жыраларды, Жиренiштi iстерi бұдан арғы...

Шұлғи тастап бастарын үйiр жылқы, Ортасына суаттың тұра қалды.

Ескi мола орныққан қыр төсiне, Мұңлы оқиға салады жұрт есiне. Шыжыған күн апшысын қуырды ма, Тепеңдедi қойшы шал күркесiне...

  • *

Оттан да сақта, құдайым, Судан да сақта, құдайым. Беретiн болсаң, жасаған, Азғана тiлек сұрайын.

Айналсын дарын дастанға, Шалқысын жалын аспанға. Ұят бер жiгiттерiме, Ынсап бер қарындастарға.

Елiм деп ылай қақты iшкен, Самайға сонау ақ түскен. Құшағына алар қара жер, Өссең де жаным ақ сүтпен.

Сақталған сыры жыр хатқа, Шалдықпай сана сырқатқа, Береке, бiрлiк байлық бер, Бабамнан қалған ұрпаққа.

Қайғысы қайғым халықтың, Куат бер нұрлы жарық күн. Арылтам деумен мұңынан, Қаршадайымнан қамықтым.

Тұрса да басты ғажап күн, Қайғысы қайғым қазақтың. Көзiңдi салшы, тәңiрiм, Құрбаны етпей мазақтың.

Жазылған жайлар маңдайға, Тимей-ақ қойды-ау таңдайға.

Тұнжырап тұрған бейiттер, Көңiлге мұңлы ой салмай ма?

Алаңдамасын анам да, Алаңдамасын балам да. Мәңгiлiк тұрсын КӨК ТУЫМ, Бабамнан қалған даламда! *

Түнiменен қобыз кеудем жылады, Ағыл-тегiл ағытылып бұлағы. Жағамнан ап, қатал тағдыр сұрағы, Түнiменен қобыз кеудем жылады. Түнiменен қобыз кеудем егiлдi, Көз алдыма елестетiп меңiңдi. Қиял шiркiн кейiнгiге шегiндi, Түнiменен қобыз кеудем егiлдi. Түнiменен қобыз кеудем өксiдi, Iздеп сонау ұмытылған ескiнi. Жүрiп жатты жүрегiмде сұрапыл, Оралмайтын қайран жылдар көшкiнi. Түнiменен қобыз кеудем өксiдi.

ТIРШIЛIК

Келедi жарқырап күн шығып, Жаңа үмiт, жаңа таң, Жүзiмдi сипады аялы алақан. Бауырым айнаны айқара аш, Жақсылық енсiншi шуақ боп, Кеудеме құйылсын қуатты от. Жырымнан жағылып жарықтар, Теңiзге айналсын арықтар. (Ақындар сендерге салық бар) Жiбермей жаңа таң сәулесiн, Лаулаған жырларын алып қал. Тiршiлiк! Беймаза кеудемде Бұла бiр сезiмдер тұншығып. Сәбилер жүрмек боп ұмтылып, Кiсiнеп алыстан жылқы — үмiт, Күн шығып, келедi күн шығып.

Сағымға қосылып, Киiктер барады жосылып. Таба алмай мол құрақ, жапырақ, Тұяқтан бұрқырап топырақ, Барады жануар сандалып, Таң неге ерте атты дегендей, Жапалақ қарайды таңданып. Тiршiлiк! Келедi алаулап күн шығып.

ОТҚА ОРАНҒАН ОТЫРАР

Жанып жатыр Отырар отқа оранып: «Ояныңдар, адамдар, аттаналық»,— Дегендейiн қарлығаш шырылдады, Қос қанатын қаға алмай шоққа қарып. Қара дауыл азынай жан ұшырды, Топыраққа талайдың қаны сiңдi. Қас қағым сәт күл болып бықсып жатты, Құшағына ап Отырар арыс ұлды. Көре алмады ешкiм де ұшқан құсты, Серпе алмады еңседен басқан мысты. Жалыққандай Отырар жер бетiнен, Түтiн болып бiр күнде аспанға ұшты. Сексеуiлдер сыңсиды боз далада, Бассыз дене... Қарашы қозғала ма?! Жанып кеттi ғұлама қария да, Жанып кеттi сымбатты бозбала да. Атпайтұғын мұндайда таң да ұзақ бiр,

Тапталмады тұяққа жалғыз ақ гүл. Зұлымдығын дұшпанның бетiне айтқан, Дар ағашта жас ақын салбырап тұр.

Жусандайын өртендi серiлерi, Қорғау үшiн туған жер сенi, менi. Аман қалған, дариға-ай, сол апаттан, Мұңын шағып домбыра еңiредi.

Атан түйе орнынан тұра алмапты, Дел-сал болып Жер-Ана сұлап жатты. Ағараңдап атқан таң туған жердiң, Көкiрегiне әлсiз бiр шырақ жақты.

Тұра алмады Қаратау жүресiнен, Жалпақ әлем жараға тiлесiн ем, Деушi едi-ау қос ғашық келiп-кеткен — Шыңдарыңа солмайтын гүл өсiрем. Қанқұмарлар дүниенi улады, Уақыт-емшi жараны таңуда әлi. Құмға айналған кешегi гүлзар қала Жүрегiнде ақынның жануда әлi.

1977 жыл

  • *

Шаңын қағып көшелер, кафелердiң, Ертеңгi күн қайғы мен әкелер мұң. Қияндағы ауылда күтiп жүрген, Жайын ойлап мұңаям әкелердiң.

Жайын ойлап мен жүрмiн әкелердiң, Әкелерге бақытты әкелер кiм? Жарқ-жұрқ етiп шамдары күндiз-түнi, Жабылмайды есiгi кафелердiң, Әкелерге бақытты әкелер кiм?..

  • * Оңтүстiк бiзге бесiк ең, Тұсауымызды кесiп ең.

Шәмшi ән болып ұшқанда, Шәуiлдiр жақтың кешiнен.

Сол әннiң әсем әуенi, Бәйтерек бердi мәуелi. Туған елiмнiң алдында, Ақ парыз деген әуелi.

Ғасырлар көрген Шәуiлдiр, Асылдар берген Шәуiлдiр. Тарихта қалар ма екен-ау, Қайран да бiздiң дәуiр бұл.

Мүлгiген қауыз бақтардан, Мөлт ете қалған шақтардан. Қаршадайынан көз iлмей, Қалың томдарды ақтарған. Азаматындай Алаштың, Жетiм-жесiрге қарастың. Ғұламаларды әспеттеп, Зиялылармен жарастың. Санаңда Сауран сыры бар, Жаныңды сенiң кiм ұғар. Бойыңда бiрге кететiн, Отырарыңның мұңы бар. Қол сiлтеп ғайбат сөздерге, Илеуге бермей ездерге. Жанымда болып сүйедiң, Мен жалғыз қалған кездерде. Алқа топтарда мақталған, Ертеңге хатсың сақталған. Арыстан бабаңа жетесiң, Алыста алыс жақтардан. Қарттарым қимай көз iлсiн, Тайларым тұлпар сезiнсiн. Арттағы момын жұртымның, Ендiгi сөзi өзiңсiң, Ендiгi көзi өзiңсiң.

ҚАРАШЫҚ

Қарашық сұлу өзен еркелеген, Шелекпен саған келген ертеменен. Судағы суретiне қарап тұрған, Сол жылдар кездесушi ем еркеменен. Бәрiне куә айсыз қап-қара түн, Қыз-жiгiт жағаңа кеп топталатын. Бiр-бiрiн таң атқанша қия алмаған, Жүрегi шiркiндердiң от болатын. Қарашық ырыс-құтым сарқылмаған, Жастығым сенде қалды жарқылдаған. Оралдым араға мен жылдар салып, Аяулы аманбысың алтын далам.

ЖӘНIБЕК ТАРХАН ЖАН БАБАМ!

Бурадайын жараған, «Жау қайдан?» деп қараған, Тартып мiнген ат жалын, Қылышымен тараған, Жәнiбек тархан жан бабам! Боз қыраудың күнiнде, Ай жұлдызсыз түнiнде. Тебiнгiсiн терiс таққан, Сағана там түбiнде. Жұртының жүгi жатса ауып, Қайғысын қуып, көк сауып. Тұманды серпiп таратқан, Бадана көздi ақ сауыт. Сағымы жүзген даламнан, Он сезгiз мың ғаламнан... Бесiктегi бала үшiн, Бейiттегi дана үшiн, Кетпей қанды алаңнан. Жамылғаны жапырақ, Төсенгенi топырақ. Қарсы шапқан кезiнде, Шарболаттай шатынап. Далаға кетпей атқаны, Найзаға үкi таққаны. Жауының басын қаққаны, Көкпар қылып сол басты, Көз ұшында аққаны.

Жалғызға зорлық қылмаған, Жауының құтын ұрлаған. Қаншама дүрлер жырлаған, Өте де шықты-ау тоқталмай, Жалған да пәни зырлаған. Құзды мекен еткенсiң, Жау түбiнде жеткенсiң. Сары белiңдi сарғайтып, О дүниеге кеткенсiң, Жәнiбек тархан жан бабам.

Қамын жеген ұрпақтың, Қос өркеш атан тұрпаттым. О дүниелiк өзiңе, Бұ дүниеден тiл қаттым. ...Жәнiбек тархан жан бабам!

  • *

Мазалауда, қинауда шабыт бүгiн, Алқымымның түймесiн ағыт гүлiм. Тұлпарды әкел, жазира, кең даланың, Байқайыншы тағы бiр жазықтығын. Осы кезде кеудеңдi шаттық кернеп, Немересiн айналған кәрi әжедей. Күлiп тұрып, боз дала, егiлерсiң,

Мұндай сәтте ақынның ақындығы сезiлер шын. Сап-сары боп қайыңның сабағынан, Жапырақтар, сен дағы сөгiлерсiң. Қазақ таудың сырғанап жанарынан, Ақ жаңбырлар ерiксiз төгiлерсiң. Бәрiбiр, кермиық кең даламдай, Қалдыра алмас ешкiм де ақынды ұмыт, Жасын iшкен таулардың жер анадай, Кете барам найзағай жасын жұтып. Айыра алмас ешкiм де сенен менi, Туған жердiң ақ қайың, емендерi. Мұңаймаңдар сондықтан қапаланып, Менiң таңым аппақ боп атары анық. Сауысқандар отырар жөгiленiп, Дүние түгел елiтiп, тебiренiп, Таң боп атқан өз ұлы менi көрiп, Қазақ таулар теңселiп шақ тұрады. Тебiренбеген жүрегiн бейшаралар Жұлып алып теңiзге лақтырады. Көкiрегiнде тұтанып бастапқы үмiт, Менiң туған жерiме сүйiншiге, Ерке бұлақ жүгiрер сақ-сақ күлiп. Айтылмаған, айтылған сырларыммен, Жазылмаған, жазылған жырларыммен, Жiбiте алсам даламның көкiрегiн, Мынау ғажап дүниеге ақын болып Келгенiме қалайша өкiнемiн...

  • *

Замандасым, сырласым, мектептесiм, Әрбiр сағат, әр күнiң тек кетпесiн. Қабылдаған Қасымын Қазақстан, Қасымханын бiлемiн шеттетпесiн.

Бiлемiн мен барлығын сезем бәрiн, Көздеп жүрген бiл сен де межем барын.

Өзен барын бiлем мен құмға сiңген, Ертең үшiн, бәрiне төзем, жаным!

Тереземнiң ар жағы қысқы дала, Асыр салған алаңсыз, тұсты қара. Бiлте шамның түбiнде көршi қызға, Хат жазатын есiме түстi бала.

Алда деумен жүрiппiз көктемдерiм, Әдемi бiр әуендей өткендерiм. Өмiр деген соқпақты жол бойында, Қағысқандар, сендерге кектенбедiм.

Жүректердi тұрса да қинай күдiк, Бақыт таптық үлкендi сыйлай бiлiп. Көз алдымда порттарда, перрондарда, Қоштасқандар менiмен қимай тұрып. Жаңа жауған жұп-жұмсақ ақ қардайын, Менiң жолым жарқырап жатты әрдайым. Ұлылықтан дәметтiм, содан ба екен, Жамбасыма төсегiм батты әрдайым. Қарапайым күн кештiм өзгелердей, Сұрағанын сыйладым, сөзге келмей. Баспалардың есiгiн сирек қақтым, Өсек айтып көргем жоқ езбелердей. Өткен аман уақыттың елегiнен, Пенделiктi жан едiм жеңе бiлген. Жинағымды апарып жайсаңдарға, Мен туралы жазыңыз демедiм мен. Кiнәм болса өзiмдi ақтамадым, Дәптердегi жыр болды сақтағаным. Жазғыштарды журналда даттағам жоқ,

Дарындарды газетте мақтамадым.

Замандасым, сырласым, мектептесiм, Әрбiр сағат, әрбiр күн, тек кетпесiн. Қабылдаған Қасымын Қазақстан Қасымханын сеземiн шеттетпесiн.

  • *

Өтедi өмiр, өтедi өмiр, өтедi, Сүйрейдi бiздi күндердiң алға жетегi. Ғажайып жылдар келгенде ертең күлiмдеп, Ертегi болар бүгiнгi менен кешегi.

Осылай, жаным, қалады елдiң өсегi, Бесiкте жатқан бөбектер бiздiң өседi. Қалалар менен ауылдар ертең ғажайып, Жиырма бiрiншi ғасырға түгел көшедi.

Өтсiншi жылдар осылай ғана тып-тыныш, Қамыға берме, бәрi де бәрi дұп-дұрыс. Жауап беретiн болады әлi арының, Алдында анау кiсi боп жүрген «мықтымыз».

Жеңiстердi ертеңгi күннен күтем көп, Қайғырып жүрген жайым жоқ сенсең бiтем деп. Беткейге гүл боп көтерiле алсақ жарады, Табанға кiрер шықпасақ болды тiкен боп.

  • *

Қиын болып барады қауымға ұнау,

Немқұрайлы қарсы алған ауыл мынау. «Сөз өнерi дертпен тең» дейтiн едi, Мен де осы аурумен ауырдым-ау.

Хат салмады iнiм де солдаттағы, Үстi-басқа қарайды талғап бәрi. Көзiме оттай басылды өрiк ұрлап, Асып түскен көршiнiң шарбақтары.

Бұла қыз жоқ ешкiмге тең көрмеген, Баяғыдай әзiл жоқ жеңгем менен. Ешбiр қызға жүрегiм көнбей жүр ғой, Ерке өлең, өзiңе көнгенменен.

Алтын кездiк бiттi ғой шарықталып, Сөз өнерi, шық менi жарыққа алып! Толқындардай серпiлем кейiн қарай, Жүрегiне жұртымның барып қалып.

АЯЛАҒАН МЕКТЕБIМ

Ақ қайыңды, гүлге толы баулары, Арман толы жас жанымды жаулады. Уақыт шiркiн ақ боз аттай заулады, Аңсап жүрмiн асыр салған ауланы.

Өмiр – теңiз, шықпады алдан бақ күлiп, Күндер қайда шыбық мiнген ат қылып? Жүгiретiн құрбы қыздар мектепте Бұрымдарын арқасына лақтырып.

Жарық жұлдыз түн қойнына ағарда, Қылықты қыз өз бақытын табар ма? Аялаған мектебiмдi еске алсам, Сағыныштан жас келедi жанарға.

1976 жыл, қаңтар

  • *

Бозбаладайын сүйген қызынан алданған,

Кешегi сәби сезiмдерiмде қалды арман. Елге соғуға қаймығам қара шалдардан Ұяттау болды-ау жәудiр көз балапандардан, Ұяттау болды-ау бiрге өскен қара талдардан.

Кiндiктi кесiп, жаялығымды жуған ел, Алыстап кетсем айып көрмегiн туған ел, Қызғалдақ сыйлап, баяғыдайын қуана, бел. Бала кездегi жүрегiмдейiн тула, көл!

Төбеңде тырна қиқуға басып сап құрсын, Қажыған қарттар тымағын көкке лақтырсын. Бәрi де жақсы-ау, Бәрi де жақсы, туған ел, Боталап көзiң, Боталап көзiм, қайтейiн, Бiраз нәрседен сыбағасыз сен қап тұрсың, Бiраз нәрседен сыбағасыз мен қап тұрмын.

1984 жыл

  • *

«Бесiк пенен бейiттiң арасында, Қасымханжан, тарихта қаласың ба?» _ Деп сұрады ағамыз немқұрайлы, Ақын аздай қазақтың даласында.

«Қаласың ба тарихта?» ойлы сұрақ, Кернеп бара жатқандай бойды қуат. Қалғым кеп жүр тарихта Қасымхан боп, Жақсы өлең жазылмай қойды бiрақ. Екiншi әлi тынысым ашылған жоқ, Сандықтағы талай жыр басылған жоқ. Бұрын жарық көрмеген өлеңдерiм – Жүрегiмнен халқыма шашылған от. Бұрынғының соқпақты салтыменен, Сырласамын Отанның халқыменен. Жүрiп өткен жерлерден қозғайын бiр, Жатырқама менi де, алтын өлең. Қабар ит, не құлып жоқ есiгiмде, Жұмысым жоқ бiреудiң жесiрiнде. Бейiтке адам жасайды дайындығын, Сонау сәби кезiнде, бесiгiнде. 1979 жыл

«ОН ЕКI ТАЯҚ»

Ағадан өстiк сыр ұғып, Қолға алған iстi қоймаушы ек. Он екi бала бiрiгiп, Он екi таяқ ойнаушы ек.

Шомылып суға жатушы ек, Ыстық құм төсеп бауырға. Тығылып торғай атушы ек, Күн батпай қайтпай ауылға.

Жарысушы едiк көк белде, Қылаң жорғасын тербете. Назымхан ағам жеткенде, Жеркепе жақтан желдете.

Сағынсаң дағы сабыр ет, Жоғалды қайда баяғы үн. Әперген жеңiс сан рет, Қай жерде қалды таяғым.

...Сәби кез қайран кекiлдi, Iстейтiн iстер сөгерлiк. Он екi таяқ секiлдi, Он екi жаққа жөнелдiк.

Еске алсам әлi дiр етем, Қиялдап жатып көз iлем. Он бiрi қайда жүр екен,

Он екiншiсi өзiм ем...

  • *

Қиналды iшке сора алмай, Көршiнiң ұлы Елгезек. Қалдыбек ағай бола алмай, Отырмын мен де — бiр кезек. Байқап қап бiреу ұрысса, Дуалдан асып қашатын. Тығылып тұрып бұрышта, Бас салса қатты сасатын. Тентек ұл осы сондағы, Ауылды талай шулатқан. Өлеңнен өзге қонбады, Кеудемде ыстық тулап қан. Жоғалдың демде, беу, неге? Жiгiт боп қызбен билегем. Тiрелiп төсi кеудеме, Ернiме ернi тимеген. Күндер де өттi, түн де өттi, Өттi ғой несiн айтайын? Ақынды бiреу күндептi, Газеттi шолып қайтайын. Деп шыққан едiм жалғыз мен, Газеттi бiрақ таппағам. Ол кезде гүл ме ем, жалбыз бе ем, Ағадан жырлар жаттағам.

Ұмытпан сол бiр көктемдi, Ұмыту оны масқара. ...Есiме салды өткендi Темекi сорған жас бала. 1982 жыл ШЫҒЫС ШАЙЫРЫМЕН СЫРЛАСУ (Толғау) Бiрiншi бөлiм

Айналайын, алтын адам, Менiң әкем секiлдiсiң жаны iзгi, Жетi ғасыр жарқыраған, Шамшеддин Хафиз тәрiздi. Менi-дағы қара түндер тербеттi, Қара көздер келбеттi Он жетiмде отқа өртедi, қақтады, Жүрегiмнiң жаңбырларын селдеттi. Қайран жырым кей топасқа жақпады, Сарғыш тартты қара қыздың хаттары, Бiрақ жүрек махаббатын сақтады. ...Патшалардың шiрiп алтын тақтары, Қайда кеттi ұшқан құспен жарысып, Ауыздықпен алысатын аттары, Қандай патша ел үмiтiн ақтады, Қылышта жоқ көтерiлген шапқалы, Жылан да жоқ келе жатқан шаққалы, Қылыштары быт-шыт болды, тот басты, Ел талады, жер қарады соттасты. Зұлымдықтың ұрпақтары әрқашан, Соғыс құмар құзғындар боп топтасты.

Ұлы Хафиз, саған айтар сырымды ұқ, Миллион мәрте қызыл гүлдей жұлындық. Адамзаттың тиылады көз жасы, Жер бетiнен жойылғанда зұлымдық. Жиырмасыншы ғасырдағы ақынды ұқ, Теңiз түгiл мұхиттарды сапырдық. Ұлы Хафиз, өлең-жырдан басталған, Сiз бен бiздiң арадағы жақындық. Өз ғасырың артса саған ауыр жүк, Өз ғасырым артып отыр маған жүк. Ұлы Хафиз сенiменен алысқан, Менiмен де алысуда жамандық. Жердiң бетi дейтiн ғажап өлкенiң, Жетi ғасыр бұрын өзiң көркi едiң. Пәрәнжiмен бетiн жапқан қыздардың, Жүректерiн ғазалыңмен өртедiң. Қара айдай құдiреттi көркемiм, Өз ғасырым жайында сыр шертемiн.

Адал жанға ақ жүрегiн ашатын, Қыз алдында сөз таба алмай сасатын. Ұлы Хафиз өзiңменен сырласты, Жиырмасыншы ғасырдағы жас ақын. Сүйгенiнен талай ғашық үздi үмiт, Жабырқатты қайғы боп кеп күзгi бұлт. Ғасырлармен жарысумен келедi, Сен жырлаған сұлулық пен iзгiлiк. Арын қорғап жарқабақтан жар ұшты, Барын қорлап ақ найзалар салысты. Ертектегi алыптардай жырларың, Қара ниет ғасырлармен алысты. Ғазалдарың бағаланып асылға, Құлақ түрдiң қаншама мың тасырға. Сенiң жырың жауды жеңген батырдай, Аман жеттi жиырмасыншы ғасырға.

Талай сөнген жүректерге тұтатты от, Гүл боп өндi, бүршiк жарды бұтақ боп. Жетi ғасыр бұрын жазған ғазалдар, Мәскеу жақтан шықты ғажап кiтап боп. Жанымызды, тәнiмiздi сан улар, Шет елдерде жасалса да қарулар. Ұлы шайыр туған шағын Ширазда, Әлемдегi бiлдi сенi арулар. Дарындарға тұрды жырың жел берiп, Сенi оқыдық бiздер ел мен жер көрiп. Тебiрендiк бара жатып жырыңа, Трамвай мен тамбурларда тербелiп. Алматыдай әсем әндей астанам, Жарқырап тұр, мен несiне жасқанам. Ғазалыңды қайталадым, о, Хафиз, Билет алып шыға бере кассадан. Сырым ғой бұл әлi ешкiмге ашпаған, Шұғылам ғой су бетiне шашпаған.

Туған жердiң талдарындай таранған, Ұрпағыңды әлдиледi сан арман. Жетi ғасыр бұрын еккен шыбығың, Бұл күндерi көз жетпейтiн қара орман. Жиырмасыншы ғасырымнан алғысты ал, Көктем, күз, жаз өтсе дағы сан қыстар. Көрер ме едiң келiп, шiркiн, көзiңмен, Орманыңда сайрағанын сан құстар. Қазақ дейтiн бұл халықтың сырлары, Гүл өңiнде, жүрегiнде тұрмады. Ұлы Абай мен Қашағандар жырлады, Ұлы Хафиз, мына бiздiң өмiрдi, Аялдама, бұрылыстар ұрлады. Өмiр қатал, ұтқызбайды ұтылмай, Көңiл жайын жұтқызбайды жұтылмай. Сiз өмiрден өте алмайсыз алаңсыз, Өсектер мен есектерден құтылмай. Бiз өмiрден өте алмаймыз жасықтай,

Мейлi мақсат түссiн тiптi қашықтай. О, зұлымдық, алысамын сенiмен, Қан қалғанша жүрегiмде қасықтай. Жатсақ тағы жат өлкеде қансырап, Санамызда жанып тұрды шамшырақ. Жыландайын шақты улы сан сұрақ, Бiр шөкiм бұлт қалды мәңгi көңiлде, Жауа алмаған көк жүзiнде тамшы қап. Ұлы Хафиз, осы жолға бекiнгем, Сырлас өстiм қаршадайдан жетiммен. Осы жолда Махамбеттiң басындай, Түссiн басым иығымнан, өкiнбен. Ұлы Хафиз, мiне, осылай бiздiң жай, Сұмдықтарды көрдiңiз бе сiз мұндай? Дарындылар ерте кеттi өмiрден, Жырындылар көп жасаса құзғындай.

Жалындылар жанды қанша, жан баба, Тесiлемiз таста қалған таңбаға. Қаншама адам бейбiт күндi көрмедi, Бiр тыныштық берген жоқпыз аңға да. Қаншама мың жанарлардан жас тамды, Қанша сәби әкесiнен жас қалды. Гитлер сұм бүлдiрсе де жер бетiн, Гагарин боп игердiк бiз аспанды.

АЛДАН БАЛА

Ал-д-а-а-н! Ал-д-а-а-н! Дауыс шықса осылай Алдандаған, Алаңсыз бiр ойнауды армандаған. Алдан бала қайтқан сол амалсыздан, Мұңлы сурет жатталып қалған маған. Сылтып басып аяғын Несiп кемпiр, Басын сұғып iздейдi есiктен кiл. «Келмедi ме, қаңғыбас?» — деп сұрайды, Көршi үйге енсе кебiсiн шешiп кемпiр. «Алдан қайда, әй, бала, келтiр берi, Жүр ме бiздi, жетпегiр, өлтiргелi. Қара жерге кiрмейдi...» Несiп кемпiр Көбiгi ағып аузынан селкiлдедi. Өгей шеше, сал әке, Алдан бала, Өз үйiне кiре алмай қалғанда аға, Апам менiң үйге әкеп қондыратын Куә оған сағымды тарлан дала.

Келiп қалған көз жасын сүрте салып, Қарбыздарды кiретiн күркеге алып. Мен мұндалап жататын егiстiкке, Суын сыйлап ағатын Үлкен арық. Бiздi көрсе жүзiне күлкi енгенмен, Сөйлесетiн үлкендей, үлкендермен. Жапырлаған жұлдызды көретiнмiн, Қара түнде көрпемдi бүркенгенмен. Желсiз түнге тараған қырғыз әнi, Менi ерiксiз тесектен тұрғызады. Мандолинамен айтылған сол әндердей Бiрде өлең жаза алмай жүрмiз әлi. Бала бiткен жарыттық ненi бiлiп, Асханаға тұз сiңген терiнi iлiп. Велосипед бiткендi тамға сүйеп, Кезек-кезек жатқамыз желiн үрiп.

Көкейлерде тұрса да жылан сұрақ, Мазалаушы ек қырғызша бiр ән сұрап. Дауыс шықса алыстан қарғыс толы, Үйiне ол қайтатын жыламсырап. Қаны қайнап соғысқа Жүкең кешкен, Шығарып ап нан алар дүкендi естен. Көз алдымда жүргенi желiм iздеп, Жамамақ боп камердi тiкен тескен. Сыр бермеген далада қалғанда да, Гүл бермеген қырғызша ән салғанда да. Жүней қожа сүндетке жатқызар күн Жоқ боп шықты ауылда Алдан бала. Нағашыға кетпек боп қырғыздағы, Өрiктерiн қорыды, жұлғызбады. Түркiстанның көргенiн вокзалынан Айтып келдi ауылдың бiр қыздары.

Бас көтердi көкейде жатқан күдiк, Салмасақ та бiз оны аттандырып. Алдан бала қырғызға қашып кеттi, Алты беттей Гүлiмге хат қалдырып. Мүсибат боп жүрегiн жаралады, Хабарым бар бұл сырдан арадағы, Шөп қораға қарауыл Құрманбектiң Ғашық едi қызына қаладағы. Қарамастан айна алып түрге сынап, Несiп кемпiр жатқанын бiлгесiн-ақ. Кешке қарай тартушы ек шөп қораға, Велигiне Алданның мiнгесiп ап.

Құрманбектiң еркесi Гүлiм деген, Ақ құба өңдi, қара көз күлiмдеген. Қызыл жiбек перденiң бер жағынан Көлеңкеге қараушы ек дiрiлдеген. Аяулы едi сол әйнек жарығы бар, Гүл егiлген түбiнде арығы бар. Бiр қырда өскен ұқтық па Алдан мұңын Бiз ұқпасақ түбiнде халық ұғар. Осылай бiз ғашық боп өскен едiк, Көлеңкесiн қыздардың кешке көрiп. Орамалдың шетiне сол махаббат Жiбек жiппен жазылды кестеленiп. Қуанушы ең көргендей көлден кейпiн, Жеке шығып отырып елден кей күн. Өне бойды ерiтiп, шымырлатып, Көлеңкесi Гүлiмнiң көлбеңдейтiн.

Аяулы едi орамал кестеленген, Қызыл перде... көлеңке... кешке көрген. Бозбала боп мәңгiлiк қала алмастан, Бiз де кеттiк бүгiнге көшкен елмен. Қызығы көп, балы көп қара түннiң, Қара түннен ақын боп жаратылдым. Алданға ерiп көруге Гүлiм қызды Жарығы бар әйнекке баратынмын. Рас, бүгiн, алыстап қалды бәрi, Еске түссе жүректi жандырады. Иығымды сеземiн бұл күндерi Сағыныштың салмағы талдырады. ...Автобуста сол Алдан көрiп менi, «Махаббатым мәңгiлiк, берiк»,— дедi. Талай жылдар кетпеген көз алдымнан Қылықты едi Гүлiм қыз, көрiктi едi.

Соңғы жылдар соққасын елге сирек, Ел де сүймек жүзiмнен, жел де сүймек. Қара көзге кеп қалған тамшыларды Бұрылдым мен жұбайым көрмесiн деп. Үйрек ұшты қанаты сампылдаған, Күпiсiн шал қымтанды салқындаған. Оралдық бiз араға жылдар салып, Аманбысың, аяулы алтын далам. 1985 жыл

ЕСКI ЖҰРТ

(Толғаудан үзiндi) Бабам көрген, атам көрген ескi бел, Сағыныштан тұнжыраған кештi көр. Жасқа толы жанардайын қарашы, Күн астында мөлдiрейдi кешкi көл. Аман-есен жатырмысың ескi қыр, Сырласуға арнап келдiм кештi бұл. Ескi адамдар жатқан ескi төбенi, Аймалап тұр, аялап тұр кешкi нұр. Ескi тамның жанындағы ескi арық, Өкпелетiп алғам жоқ па кеш барып. Қариялар қой қайтарған құба бел, Сендердi аңсап келiп тұрмын кеш жарық. Кешiр менi жұмбақты өңiр, сестi өңiр, Сағынышты жеткiзе алман ескi өңiр, Не айтасың сәбиiңе кешегi, Тiрлiгiме толар емес еш көңiл.

Ескi өңiрде тұрған бiр кез ескi адам, Көз жұмарда деген едi-ау кеш балам. Кеш барам деп ойлағам жоқ, кеш бабам, Жаңа жерде сенi талай еске алам. Бар қызықтан жырақ қалған ескi там, Қабырғасы құлап қалған ескi там. Қарттарыма тұрақ болған ескi там, Шөлдегенге бұлақ болған ескi там. Жалғыздықтан жыладың ба, ескi там, Шулап тұрған құлағым ба, ескi там. Әлде көмек сұрадың ба, ескi там, Жауап бершi сұрағыма, ескi там?.. Бала болғам мен де осында ес кiрiп, Көп нәрсенi талайлардан кеш бiлiп. Қарттарыммен бiр кетiптi-ау бiлмеппiн, Басыңнан бақ айналайын ескi жұрт.

Кешiр менi, кешiр менi кешкiлiк, Қаперiме келмеушi едi еш күдiк. Қара шалдар қауын тасып, кемпiрлер, Көрiнбейдi отыратын төс тiлiп. Ұмыттық қой барлығын да ер жетiп, Төсек тартқан қайран шалдар бел кетiп. Сырғанадық киiп сенi қанша жыл, Кеш болса да алғыс айтам, керзi етiк. Көкiрегiмде лаулап тұрған жастық бар, Қайда қалды қауын салған қапшықтар. Ұзақ жылдар басымызды сүйедiң, Апам тiккен, әпкем тiккен жастықтар. Бар асықты көршi ауылға ұттырып, Жүрген кез-ай көрсете алмай мықтылық. Тоз-тоз бопты қалың бауда кешегi, Жыластарын жейтiн үске жұқтырып.

Ұнамайтын маған боран, қыс қана, Таяқ жесем әжем байғұс түстi ара. Кештiм сенi мазақ етiп қыздарға, Өн бойымды шымырлатқан ұстара. Бар ауылға өзiм жазған жыр тарап, Жүрген кез-ай, дауылдатып бұрқап ап. Бiз қарызбыз жауратпаған аязда, Әжелерге жасап берген ұлтарақ. Жаңа өмiрге жаңа көзбен қарадық, Сол көзқарас алып шықты дара ғып. Сiздерге ерiп кеткеннен соң балалық, Ескi жұрттан жан-жаққа бiз тарадық. Жан жұлдызым жарқырай ма, жана ма, Нұрын шашып әлде ертерек аға ма? Басымды ием құдiретiңе аяулы,

Аруана ана, ару ана, жан ана. Туған жер ғой жарататын алып қып, Жалаң аяқ қара жолмен жарыстық. О, ескi жұрт, айналайын жарықтық, Менiң жырым бұдан былай халықтық. Ескi өңiрде жусан қандай, тау қандай, Қара суы тiл үйiрген саумалдай. Өне бойым тiтiркендi түп-түгел, Ескi жұрттың мұңы маған ауғандай. Жусаныңды жүрегiмде сақтадым, Қайда барсам сендей дала таппадым. Тағдыр солай алыс кеттiм мен бүгiн, Кешiр менi, кешiр менi қарттарым.

МАЗМҰНЫ

Ару қалам Астанам Жебемеген жетiм менен жесiрдi Аяздағы ән Бiздiң ауыл Ескi мұң Ей, алдамшы дүние Ташкентпен қоштасу О дүниеге менен бұрын кеткендер. Жолдар Неткен қайғы, неткен мұң. Есiл жылдар. Қайран анам. Еске түстi. Оңтүстiк Құбылыс Осында қалған келмеске кеткен күндерiм. Таразының бары анық. Қазақ, қазақ Қар жауып тұр. Бекзатты аңсау. Түркістан. Құлатай ата мешітіндегі ой Балалықты ендi тастайық. Жан ботам Төрт мезгiл. Бес күндiк тiрлiк. Бар ғұмыры тұратын махаббаттан Көтер досым көңiлдi. Өмiрбаян орнына жазылған өлең. Шүберек Туған ауылда. Қол бұлғап қалды артымда... Ана бейiтiнде. Көше ақындары Төрт қақпалы Түркiстанға тағзым Түркiстан ием, тарихы түпсiз тереңiм. О, Түркiстан, шапағат бер, сабыр бер Иесi қазақ. Сыймай аққан арнағы түбi өзендей толармын. Жаңа ертегi. Мен өзiмнен бөле алмадым Тұранды.

Қырқыншы көктем. Дүние Шеттегi көше... Қырық жыл бойы үмiттiң жiбiн үзбедiк. Таң атады, күн батады. Пана болмай кеңселер Өткiзе алмай қор қып жүрген өмiрiн Шыққан күнмен шуақ болып шашылдым Ана қайғы, жар қайғы, бала қайғы Бейiттерге қонды тағы кептерлер Бейiт басында. Аманыңда қадiрiңдi кiм бiлген Сыйлады тағдыр ақындық ғұмыр Құрып барады даламның гүлi Арыс О, туған ел... Жанған сезiм, жалған достық, жалғандық Үрiкпей ерке киiктер Тыңда менi, дүние, құрыш ғалам Жақсының табанында Ғашық боп тұрған өзiңе үзiле жалған Неге алыстап кеттiңдер сол бiр жылдар-ай Гүл терген асыл еркем Бөкейiңнен Есiмнен мәңгi шықпай да қойған бiр елiк. Ол көктем оралмайды. Сен неге iздемедiң. Сағындым сенi. Өзiң жайлы ойлаймын бүгiнде мен Әлi серiк сол мұң менен сол қайғы Балдай тәттi әлдилеген бiр мұңмен Қиялдадым, армандадым, арыдым Жас тұрады қара көзiмде Қайнадым қара шәйнекте Шаттанарсың, мұңаярсың, жыларсың Бал махаббат жатпайды екен жас таңдап Сағыныш Күреңбел Жиырма жыл көрмегенмiн. Жайнайтын жазда гүлi мен белесi талдан Қабырғаның ар жағында сен жаттың Дала да үнсiз, сен де үнсiз тұрдың-ау Ажарың толған ақ айдай жаным

Қара қайғы соқ, соққыла жындана Қара шалдардың қайғысын емiп ержеткем Жалғыздық Махаббатқа күә болған дала-ау бұл Тым көңiлсiз өттi қызық күзiң де Сен тұрдың менi арманшыл ағаға балай Шулаған ауыл, шыққанда жырым алғашқы Кездемедегi кинолар мен Рахила қыз жайлы жыр

Он төртiншi туған айдай, нұрланып Қамын ойлар кезiм ғой деп ұлыстың Ой үстiнде жүрем ылғи мұңданып Сен едiң қияда өскен түздiң гүлi Арман болған бүгiнде Саусақтан сусып серiлiк Шымырлар жүрек, түйiссе жанар Қар жауды кеше қыламықтанып Әуезiң рас, ақырын соққан таңғы леп Бұйығылау боп өстiм де Ғашық еткен, ақын еткен елiк ең Сен менi мүсiркеме, аямағын Ақын азабы Ауыл сыртында көктемге құштар жас ақын Баяғы iңкәр сезiммен Жалғыз қалған жолбарыстай жаралы ем Бiр белде қалды еркелiк Көз таста өлең бұлаққа Қырғыз әуендерi Қырғызстан, он екiншi вагон Жаңбырлы кеш, ғажайып тылсымым-ай Есiмде әлi, есiмде Туған жерден iздеп келген Айнұрдың Жаңбыр-ау ерке тырсылыңа мен Мен кеткенмен жүрегiм елде қалды Жаңадан жаза бастаған Жанарың тұрды от шашып Арулар көрсе қалатын сүйiп Жасыра алмай сырымды кейде өзiңнен Көңiлiме серiк бол, жыршы терек Жыр оқып ем, қара көз тыңдамады Өзiң болсаң тамар ма едi жас мына Ойға батып қараушы ем гүл өңiңе Қарап тұрмын ақ үйге аспандаған

Сөзге тарттым қара көз перiштенi Кездеспеген қызға Көрiнбей кетсең сағынам Егiз дүние Бойжеткен Жаздың бiр әсем кешiнде Ақ таңдар Шымкенттен «Отырар» жүргелi тұр Қыстау Өзге әлемдi алдымнан аштың өлең Сенi көрiп, әдемi таныс құрбы Темiртау түнi Соңғы суық. Сағыныш Қалжырағам бiр ойдан соң бiр ойдан Шыңғыс пен Iлия Армысың ағайындар алыстағы Тұлпар Шарай топта сан рет шешiлiп ем Тулады менiң өзенiм Ескi суреттер Бөкен Өлең мәңгi өлмейтiн Хан Кене жайлы жыр Тәуелсiздiк Саттар Ерубаевқа Академик Қаныш Сәтбаев жайлы жыр. Дiнмұхамед Қонаев жайлы жыр. Қасым Аманжолов жайлы жыр Асқар Сүлейменовтi еске алу Қолдаушысы алаш атты рухтың Ақын Темiрхан Медетбекке сыр Қараойдағы Махамбет қабiрi басындағы ойлар

Көрмейсiң достар қауымын Тiршiлiк-ай, тылсымы көп, сыры көп Тумасам да мына шулы қалада Қалт етсе қол жусанды қырға асығам Күз. Түнгi ой «Қара қағаз» Ақиықтар тербеген кеңiстiктi Жүрегiм-ай қанша жыл жоқты iздеген Бұлбұл да емен, қалқам, мен қыран да емен Ескi жылмен қоштасу

Тiлек Шағалалы Шардара Санамды бүгiн мазалап, қалқам, сан сұрақ Қара өлеңдей қасиеттi тектiммен Бала кезден жырсыз таңым атпаған Қазақстан мақтасы Жүрегiмдi күйiгi өртеп халықтың Жиырма бесте дес бермеп ем ешкiмге Екi жүздi Талай-талай көрсем де керемет күн Кiмнiң барып дүние-мүлкiн тонаппын Он бойымнан борша-борша тер кетiп Қараша өрiк Ендi қайтiп бiлдiм де көрмесiмдi Қара шапан Күз Қарашық. Дарбазадағы жазулар Элегия Автовокзал Масаң қалыппен поезға келiп отырдым Көкiрекке беймәлiм желiк кiрiп Күңгiрт бөлме Мұңлы минуттар Мен бiлмеймiн кезiмдi бесiктегi Түсiрсем деп жұртыма жарығымды Бұралған бұлақ билерi Екiншi өмiр Бабайқорған, Бабайқорған Қайран аға, ешкiмге иiлмеген Иiс сабын Соғыстан оралмаған жастардың монологы Құс шулаған осы өзен сырласым ба Шардара, Шардара Қош, Маңғыстау Терезеңнен үңiлiп көршi келiп Дала жатыр ерекше сыр аңғарып Оттан да сақта, құдайым Түнiменен қобыз кеудем жылады Тiршiлiк Отқа оранған Отырар Шаңын қағып көшелер, кафелердiң Оңтүстiк бiзге бесiк ең

Қарашық Жәнiбек тархан жан бабам! Мазалауда, қинауда шабыт бүгiн Замандасым, сырласым, мектептесiм Өтедi өмiр... Қиын болып барады қауымға ұнау Аялаған мектебiм Бозбаладайын сүйген қызынан алданған Бесiк пенен бейiттiң арасында «Он екi таяқ» Қиналды iшке сора алмай Шығыс шайырымен сырласу Ескi жұрт

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙