Қарасай – Қази. Қобылаш Бекмағамбетов нұсқасы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қобылаш Бекмағамбетов — «Қарасай – Қази. Қобылаш Бекмағамбетов нұсқасы». «БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН
/uploads/c6593c9e-dbac-5831-aa8b-c8816b431037/cover.png
«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН
ЖҮЗ ТОМДЫҚ
ҚАРАСАЙ – ҚАЗИ
(Қобылаш Бекмағамбетов нұсқасы)
Ноғайлының елінде
Талай ерлер өтулі.
Астана, елдің қамы үшін
Дұшпанға қарсы бекінді.
Батырлар шыққан айбарлы,
Айбатына қарасаң,
Арыстан тұлға секілді.
Мінгендері тұлпар ат
Жал-құйрығы күмістей,
10. Төгілген алтын кекілді.
Халыққа сөзі өтімді
Аш-арығын тойғызып,
Қол астына жинаған
Мүгедек, әлсіз, жетімді
Едіге батыр, Нұрадын.
Ер серігі тұлпары
Мың аршын көкке секірді.
Дұшпанына қарленсе,
Тартқан садақ жебесін
20. Жеті қырдан өтірді.
Ерлердің мінген тұлпары
Көтерілсе көкке ұшар
Лашын сұңқар секілді.
Өзен-дария кездессе,
Өте шығар, бұрылмас,
Іздемес өткел-көпірді.
Ноғайлының ерлерін
Халқым, айтып берейін,
Бұйығып тыңда кепімді.
30. Ата-тегін қозғауға,
Ұзаққа кетіп созбауға,
Аудардым соған бетімді.
Ноғайлының елінде,
Атамыз Алаш жерінде
Бір азырақ бастайын,
Қозғалсын әруақ көрінде.
Бес қаруын асынып,
Кіреуке сауыт жамылып,
Дулығасы басында,
40. Тұла бойы көк жасыл
Оранған ерлер темірге.
Осы айтылған ерлердің
Түп атасы – Шөлқайып
Жеті пірден бата алған,
“Әумин” деп қол жайып.
Шөлді кезген Қайыпқа
Кездесті сұлу зайыпқа.
Перінің қызы қосылып,
Болды жұптылы лайық.
50. Одан туған кім десең,
Білдірейін білмесең,
Бабай Түкті Шашты Әзиз
Кел осыған тұралық.
Қырық мың үйлі ноғайлы
Әулие батыр шыққасын,
Ел болыпты құралып.
Ескіден қалған құралық
Қанша айта келгенмен
Ең абзалы-үш арман,
60. Жемісін сөздің бұралық.
Бабай Түкті Шашты Әзиз
Одан туған кім десең,
Ала тайлы Аңшыбай.
Ерегескен дұшпанын
Табанға салып жаншыды-ай.
Ашуы ердің тарқамас,
Көк сүңгісін шаншымай.
Сүйген жарын айтайын,
Перінің қызы – Құралай.
70. Көңілім – теңіз, сөз – кеме,
Жаманы құрысын жан деме.
Қоспағы құрысын мал деме,
Жолдас болсаң жаманмен,
Көңіліңе салар әр неме.
Жақсыдан жаман ұл туса,
Жоғалар, орны бар деме.
Жақсыдан туған кім десең,
Әруақты Едіге.
Едіге ұлы Нұрадын
80. Тарқатпай жатқан құралын,
Ағызған судың бұлағын.
Қарсыласқан дұшпанның
Сөндірген фонар, шырағын.
Шын қаһары келгенде,
Жалаңаш қолмен ұстаған
Айдаһар абжор жыланын.
Өтірік емес бұл сөзім,
Сөз есі періден сұрадым.
Қасиетті пірде өткен
90. Бұйрығыменен Құданың.
Отыз ұлды Мұса хан,
Жасынан Мамай хан болған.
Өлерінде ер Мұса
Ер Сайынды шақырып,
Сонда Мұса сөйледі:
– Құрдасым, Сайын, сен едің,
Тапсырам саған аманат,
Болар қабыл дегенім.
Сен ақылға кең едің,
100. Артымда Орақ жас қалды,
“Жақсыдан қалған тұяқ” деп,
Сен қолтығынан демегін.
Орақ балам ер жетсе,
Ноғайлыға қамқоршы,
Дұшпанның бұзар көгенін.
Едіге атам бөлесі
Әліптиін қаралар
Ол – періден өнген ұрпақтар.
Аяғы сылтық, көзі жоқ
110. Шәудір шалдың қызы бар.
Қолыңа түссе келінің,
Екі арыстан ұл туар.
Орағыма алып бер,
Өзіне жұпты тең еді.
Батыр аңқау, ер көдек
Айтқаныңды тыңдамас,
Алдап-сулап қолыңа ал.
Батыр Орақ баламның
Ақылы есер, кем еді.
120. Аманатын тапсырып,
Мұса батыр өледі.
Ер жеткесін ер Орақ,
Атасы Сайын келеді.
Сонда Сайын сөйледі:
– Қарағым, балам, ер жеттің,
Қаптаған қалың жауың бар,
Жан-жағыңа көзің сал.
Елден сұлу таңдасаң,
Мен құсаған қартыңды
130. Талаптансаң әр іске
Ер бақыты ашылар.
Орақ пен Сайын қосылып,
Келеді елді аралап.
Кездеседі талай қыз,
Батырға бәрі жарамады.
Мұсаның досы ер Сайын
Батырға сұлу таппады,
Досының ісін ақтады.
“Қарашаш қыз сұлу” деп,
140. Көпірте Сайын мақтады.
Жалпақ жатқан көп елдің
Бәрін шықты аралап.
Бір жерлерге келгенде,
Байдың қызы кілең мас,
Астына мінген тірәнтас.
Аяғы сылтық, көзі жоқ
Бір қыз келді жалаң бас.
Ол қызға көзін салғанда,
Жек көрінді батырға
150. Дұшпанындай алдырмас.
Назарын қызға салмады,
Ит тигендей арам ас.
Назарын батыр салмады,
Жаңағы сұлу қыздардың
Ізінен Орақ қалмады.
“Бұл қалайша болды” деп,
Шақырып алып ер Сайын,
Жұбатып сөзбен алдады:
– Шырағым, әкең ер Мұса
160. Тапсырған қызы сол еді.
Арғы тегі періден,
Ақсақ, соқыр, нашар, – деп,
Батырым, бұдан жеріме.
Тірлігінде ер Мұса:
“Екі алып қосылса,
Ер туар, – деп, – арыстан,
Қашар, – деп, – дұшпан алыстан,
Қарашаш келін, Орақ” деп,
Екеуіңді теліген.
170. Сенің әкең ер Мұса
Қияметтік дос еді
Айрылмастай менімен.
Бұл тілекті бермесең,
Батыр Орақ, айтайын,
Жарым жасым кеміген.
Мақұл десең, Орағым,
Шәудір шалды табамыз
Балық аулап күнелткен
Қара теңіз көлінен.
180. Әліптейін қара дейді
Таныссаң арғы тегімен.
Сылтық қызда әруақ бар,
Несебі тиген қара тас
Темірдей балқып еріген.
Сонда Орақ сөйледі:
– Әкемнің досы ер Сайын,
Ақсақ, соқыр, мүгедек
Қарасаң маған тең бе еді?!
Байдың қызы кілең мас,
190. Астына мінген тірәнтас.
Ақсақ қызды мақтадың
Адым жерге жүре алмас.
Оқ жыландай сұлудың
Біреуін алып бермедің.
Қатарымнан кем болсам,
Жақсы болар өлгенім.
Қайтпас батыр ер болып,
Дұшпанға қылыш сермедім.
Бұрылуға шамам жоқ,
200. Қысылғаннан терледім.
“Атаңнан қалған өсиет” деп,
Өтірік сөзбен өңдедің.
Мүгедек, соқыр алғанда,
Үйді өзім тігем бе?
Қалай әзіл айтармын
Нағашылы жиенге.
Сыпатты сұлу бойыма
Жеңсіз қамқа кием бе?
Қатар құрбым жиналып,
210. “Не” деп жауап берермін
Мүгедек соқыр дегенге.
Қажетіме жарамас
Ит тигендей арам ас.
Сонда Сайын сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Қарағым Орақ, құлақ сал,
Алдыңда тұрған қартың көп.
Бір бұтағың мың болар,
Құнарлы жерге тұқым сеп.
220. Аяғы сылтық соқырдың
Тумалас түбі – ата тек.
Тыңдасаң, балам, осыны ал,
Мал шетіне қоя сал,
Арам астай көрсең жек.
Көктің нұры төгілсе,
Мәуелі жеміс көгермек.
Атаңнан қалған бұл өсиет
Айтылған емес басына.
Шәудір шалды табамыз
230. Балық аулап күнелткен,
Аралда жатқан қосына.
Мендегі арман осы еді:
Қарашаш, Орақ қосылса,
Болмас едім қарыздар
Хан Мұсадай досыма.
Шәудір шалға барғанда,
Қарағым, балам, қолын сүй,
Амандасып басыңды іи.
Айбаты күшті қарт еді,
240. Едіге батыр, Нұрадын
Солардан соңғы арты еді,
Қорқып кетпей есің жый.
Жинауға дүние қызбаған,
Шамалы шығар жағдай-күй.
Мың дұшпаннан қайтпаған,
Жалған сөзді айтпаған,
Сөйлесе тақ-тақ тілге би.
Дәу періні табуға
Орақ пен Сайын келеді.
250. Келе жатқан қос қара
Алыстан Шәудір көреді.
Едіге, Мұса, Нұрадын
Ар жағы туыс бөле еді.
Әлқисса, Шәудір мен Сайын қарсы келіп, құшақтасып көрісіп, балдырған жас бала Орақ батырға назар аударды. Сонда Сайын былай деді:
– Кешегі сенің әкең Әліптейін қара Едіге батырмен бөле еді, соның баласы Нұрадын, одан хан Мұса, соның баласы Орақ деген осы. Сол уақыттарда Шәудір шал: – Жақсыдан қалған ұрпағым, көз алдымда шырағым, – деп, Орақты басып құшақтап сүйе берді. Бір мезгілде мауқын басып, Сайын мен Орақты “қонақ болың” деп үйіне ертіп алып барды. Қамыстан тоқыған төсегіне “жоғарылаң, төрлең” деп отырғызып, қонағасым мынау деп бекіре, жайын, шоқыр деп қазан толтыра ас сала берді. Қарашаш қазан басында аяғын сылти басып, тамақ жабдығына кірісе бастады. Тамақ жеп болғасын, қонақтар далаға шығып, келген жай-жапсарларын сөйлесті. Сонда Сайын құрдасы Мұса ханның тапсырған аманатын айта салды.
Сол уақытта Шәудір шал
Естіп жағдай хабарды,
Иілген белі түзеліп,
Нұрланды батыр ажары.
– Ризамын бөлеме,
Көңілде кірім тазарды.
260. Артымда қалған бір тұяқ
Қарашаш еді жалғызым.
Бұл қызымда әруақ бар,
Көтерілсе көкке ұшады.
Иран менен Бағдаттың
Күні бүгінге дейін
Аралап қайтады базарды.
Оң болар, сірә, сапарым,
Орақ балам, айтайын,
Қасиетті атаң хан Мұса
270. “Шәудір шалға барсам” деп,
Аударған екен назарды.
Қанеки, балам, бері кел,
Берейін бата, қолың жай.
Мың дұшпаным келсе де,
Әл бермессің алыссаң,
Боларсың алып қажырлы.
Сөйдеді де Шәудір шал,
Ауын алып қолына,
Жүріп кетті теңізге.
280. Жымиып қартың күледі:
– Екеуіне қарасам,
Лайықты жұптыдай
Бірге туған егіз бе?
Мен келермін қазір, – деп, Қонағыңды жайлай бер,
Қарашаш балам, айтқаным,
Көргенсіз қыз дегізбе.
Далаға шықты Қарашаш,
Сыпатына қарасаң,
290. Қайтпас қайсар батырдай.
Ата жауын жаулаған
Қасиетті Шәудір шал
Жасынан қызын баулыған.
Сылти басқан табаны
Бір бағыттан аумаған.
Түзге отыра шыққанда,
Артынан шықты қонақтар,
Етегін қағып, тез қайтты.
Отырған жерін қарасаң,
300. Топырақ жанып лаулаған.
Көргесін қыздан қасиет,
Кемітіп жүрген ер Орақ
Тұла бойын тер басып,
Ұялып батыр жаураған.
Қайта оралып Шәудір шал,
Сөйлейді сонда қартыңыз:
– Жалғыз қызым сен едің,
Отырсың отау шыққалы.
Тартылған көзі бұлақтай
310. Құлазып қалар артымыз.
Ағайын-тума бізде жоқ,
Әзірше жүрген жалқымыз.
Ақ батамды бергенім,
Орақ батыр, Қарашаш,
Сапарыңыз оң болғай,
Хан ордаға тартыңыз.
Қайырымды ел, – дейді, –
Назарыңды салып жүр.
Ал, балдарым, жүре бер,
320. Мен қалайын, – деді, – аралда. Қысылған жерде, балдарым,.
Қамқоршы болғай бір Алла.
Орақ балам, айтайын,
Тәкаппар болып аспалап,
Салмашы көзіңді арамға!
Бізден енді көп сәлем
Ноғайлы жатқан байтақ ел,
Құдамдалы жаранға.
Күнелтермін осы жерде,
330. Жасы жеткен қарт едім.
Саған намыс, ар болар,
Қыз, күйеуге барам ба?
Орақ балам, батырсың,
Ерлігіңде шегің жоқ.
Болмас дәулет қораңда,
Екі ұлың, бір қызың
Болады екен, шырағым.
Одан көпті бермеді,
Өлшеп бергені несі екен,
340. Алланың өзі сараң ба?
Өзіңдей батыр ер болар
Түсімде көрген шын болса,
Қарсай, Қази балаң да.
Ер Сайын шексіз көңілді,
Айтқанына көндірді
Орақ батыр еріңді.
Алтын сарай ордаға
Түсірді келіп келінді.
Сонда Сайын сөйледі:
350. – Еткеніміз ем болды,
Сындырмас дұшпан белімді.
Дұшпаным қашар алысқа,
Екі арыстан ұл туса.
Хан менен бектер жиналып,
Көбейер досың төріңде.
Айлардан айлар өткенде,
Екі жыл мөлшер жеткенде,
Қарашаш айтты батырға:
– Ұсташы менің белімді,
360. Мысырдың қара тасына
Аңсам ауып мен жүрмін,
Дүниеге келер арыстан
Бір белгісі көрінді.
Батыр Орақ сол жерде
Мысырға сапар шегеді.
Әкелді Мысыр тастарын,
Сол уақытта Қарашаш
Ауызға салып тастарды,
Қашыр-құшыр шайнады.
370. Болатын болды осы тас
Дертке дұға пайдалы.
Жалғыз көзі сұлудың
Шам-шырақтай жайнады.
– Мысырдың қара тасына
Қанды, білем, жерігім,
Ризамын, Орағым,
Жан жолдасым серігім.
Еткеніміз ем болар,
Мен жиені едім перінің.
380. Сол уақыттары Қарашаш
Жалғыз көзі фонардай,
Бөксе жағы самардай.
Қарасай, Қази, Ақ Хибат
Үш перзент көрді батырдан,
Бұған халқым нанар ма-ай?!
Ер құмардан шыға ма,
Барған адам ер екен,
Көргенін айтып жүр екен.
Жолдың өте қиыны
390. Жалған емес, шын екен.
Ат бауырлап шаба алмас,
Орғал-орғал құм екен.
Құмнан өтіп қарасам,
Терең батпақ сор екен.
Сорға жалғас тас өткіл
Жалғыз аяқ жол екен.
Сордан өтіп қарасам,
Шалқып жатқан көл екен.
Көлге жалғас қазулы
400. Алты қатар ор екен.
Қазған ордың ар жағы
Айналасы айшылық,
Көлденеңі күншілік
Он екі ханның елі екен.
Он екі ханның бастығы
Қарасанның ұлы екен.
Дәрбент деген қаласы
Әр қаладан зор екен.
Баратқанда жолымда
410. Қырық көмірші тап болды,
Одан әрі бармадым.
Қолыма белгі алған соң,
Не қылсаңда, ер Әділ,
Ендігісін өзің біл.
Сонда Әділ сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Орақтың Қази баласы
Асыл ердің данасы.
Өз басына бермесе,
420. Не болады жігіттің
Атасы мен бабасы?
Атаң Орақ болса да,
Туыпсың жаман шамасы.
Сенің айдап жүргенің
Қаңғырып жүрген көмірші.
Батыр болсаң сен, – деді,
Қызылбастың елінен
Бір қызды алып келмедің.
Келмегенсін қыз алып,
430. Кімдер сені ер десін!
Қыз түспесе қолыңа,
Бір батырын өңгеріп,
Қолын байлап құл қылып,
Құлақ мұрын кескілеп,
Денесінің сау жерін
Найзаменен тескілеп,
Құлағын кесіп кұнтитып,
Мұрнын кесіп тымпитып,
Алып неге келмедің?
440. Айырып беттен пердесін,
Дұшпаның қалсын түңіліп,
Міне туған ер десін!
Сонда Қази сөйлейді:
– Қайдан білдің кемімді,
Көрмейсің бе теңіңді?
Қате айтып сөзіңді,
Қалдырып тұрсың көңілді.
Ата тегің кім еді,
Тегіңде ерлік жоқ еді.
450. Сен қайдан таптың ерлікті,
Бересің кімге кемдікті?!
Менің атам Едіге
Ата жауын жаулаған.
Аруақты туған Едіге
Ерегескен ханды өлтірген,
Басын кескен деп еді.
Сенің атаң – Мұханбет,
Төре едің тегіңде,
Тегіңде ерлік жоқ еді.
460. Бір перзент үшін зарланып,
Сенің атаң сол еді.
Осы жерде мен қазір
Шұбар атқа мінейін,
Шұбалаңдап желейін.
Атың болса, батыр-ай,
Мінші Әділ атыңа-ай,
Өлшеуіңді көрейін.
Осыны айтып ер Қази,
Шұбар атқа мінеді,
470. Шұбалаңдап желеді.
Орақтың туын алады,
Оттай қаулап жанады.
Таласып тұрған тар жолға
Қолды бастап барады.
Жалғыз аяқ тар жолға
Әскерін айдап келеді,
Зордан құлап барады.
Сол уақытта ер Әділ
Таудан құлап барады,
480. Жолды байқап қарады.
Жолдың қиын екенін
Көзі көріп қанады.
Жан ашитын болмаса,
Жалғыздықтың жаманы.
Жалғыздық түсіп басына,
Тұра алмады табаны.
Қарасай, Қази досына
Келіп сөйлей береді:
– Қарасай, Қази ер едің,
490. Менің досым сен едің.
Екі досым болмаса,
Жоқ еді менің сенерім.
Қиын жолды көргесін,
Қайғыланды жүрегім.
Қайғыланбай не қылсын,
Алды-артыма таяу жоқ,
Менде аға-іні жоқ,
Жанашырға кем едім.
Екі досым ат салып,
500. Алып шығар деп едім.
Енді жауға кіреміз,
Ат құйрығын өреміз.
Екі досым, сендерге
Көңілімді айтып білдірдім,
Өздерің ойлап білерсіз.
Сонда Қази сөйлейді:
– Әділ досым сен едің,
Сенің досың мен едім.
Қарасай жауда қалғанда,
510. Сені алармын деп едім.
Бұрынғы көңілім сол еді,
Бұл көңілді біл, – деді.
“Кем тудың, – деп, – атадан,
Тиімсіз қатты сөйледің.
Қинап салдың көңіліме,
Талабыңнан көрерсің,
Өз обалың өзіңе,
Жүре бер, Әділ, жөніңе.
“Орақ” деп жауға тиерміз,
520. Шұбыртып айдап жүрерміз.
Қарындастың ары үшін,
Қара ноғай қамы үшін
Жауда қалсаң, Әділім,
Сонда іздеп шабармын.
Ер Әділ сонда сөйлейді:
– Өлерімді білгенмін,
Мен атадан туғасын,
Беліме жарақ буғанмын.
Жалғыздық маған келгеннен
530. Жалғыз болып жүргенмін,
Қайратыма сенгенмін.
Онан дағы жақсы еді
Жауға барып өлгенім –
Деді дағы ер Әділ,
Ызаланып долданып,
Алтын туын қолға алып,
Көп әскерге қарамай,
Әділ шауып жөнелді.
Қази көріп шапқанын,
540. Атына мініп алады.
Баратқан шауып Әділге
“Тұр” деп айқай салады.
Қуып келіп соңынан:
– Әділ, қайда барасың,
Жолға неге шабасың?
Жол менікі шабатын,
Менен қалай аласың?
“Аламын” деп тұрғанда
Қас бәлеге қаласың.
550. Менен бұрын жол алмақ,
Қала бұзып қала алмақ,
Келе ме, Әділ, қолыңнан?
Аулақ кет, Әділ, жолымнан.
Жолымды бер, Әділ, өзіме,
Ере бер, Әділ, соңымнан.
Соңында Әділ сөйлейді:
– Шапқан Әділ тұра ма,
Атының басын бұра ма?
Өзі болған жігіттің
560. Ата тегін сұрама?
Қаза жетпей өле ме,
Қорлыққа Әділ көне ме?
Жол менікі дегенге
Жолын Әділ бере ме?
– Жолымды қорқып бере алман,
Қорлығыңа көне алман.
Қорқып берер мен емес,
Қорқып беріп жолымды,
Жаманға болман келемеш,
570. Сенен қорқар мен емес.
Мықты болсаң, тартып ал,
Жолымды саған бере алман, –
Деді дағы ер Әділ,
Қайырылмады жолынан.
Алтын туын көтеріп,
Тастамады қолынан.
“Ұрысайын, – деп, – бір жерден,
Қази шықты алдынан.
Атайын, – деп, – бір жерден,
580. Суырып алды оғынан.
Екеуі жолға таласып,
Салуға қару таянды,
Достығын бұлар бұзады.
Таласып жолда тұрғанын
Қарасай батыр көреді.
Бұл ақылға кең еді,
“Өзім барсам, болмас” деп,
Қоянаққа келеді.
Келіп сөйлей береді:
590. – Ау, Қоянақ бабам-ай,
Көпті көрген данам-ай,
Қази менен Әділдің
Табан жолға таласып,
Ұрысайын деп тұрғанын
Тапсырамын саған-ай.
Екеуі екі көзім-ай,
Менің де өтпес сөзім-ай.
“Інісіне Қарасай
Болысуға келді” деп,
600. Досымның келер көңіліне-ай.
Көпті көрген ер едің,
Сен ақылға кең едің,
Тату қылып жібер, – деп,
Тапсырып тұрған мен едім.
Қоянақ қартың келеді,
Келіп сөйлей береді:
– Қырымның ханы бас Әділ,
Қырық мың қолға бас Әділ,
Досыңменен, шырағым,
610. Болып жүрме қас, Әділ.
Асыл туған Әділім,
Әр жерге жетіп дабылың,
Ешкім нәрсе ете алмас
Алланың берген бағына.
Қырық мың әскер қол еді,
Қол бастаған сен едің.
Жол менікі дегенің
Сенікі де жөн еді.
Жөн де болса досыңа
620. Жолыңды, Әділ, бер, – деді.
Басыңа қиын іс түссе,
Пайдасы тиер ер, – деді.
Әділді сөзбен тоқтатты,
Қазиға жетіп келеді,
Келе сөйлей береді:
– Орақтың ұлы ер Қази,
Жолын берді, сыйлады,
Тұрмаймысың ер Қази?!
Арғы атаңды сұрасам,
630. Баба Түкті Шашты Әзиз
Әулие шайқы пір еді. Одан туған Едіге
Керемет-ті ер еді.
Сенің атаң қанды Орақ
Едіге ердің ұлы еді.
Қарсы келген хандарды
Тай құлындай талпынтып,
Басын кескен деп еді.
Атаң Орақ болған соң,
640. Жол менікі дегенің
Сенікі де жөн еді.
Жолыңды алдың, шырағым,
Жолың болсын оң, – деді.
Ашуды тастап, көрісіп,
Досыңменен тату бол.
Қызылбастың жауына,
Тас өткелдің аузына
Қолыңды бастап жүр, – деді.
Әқисса, Қоянақ қарт батырды жарастырды, дос қылды. Енді қырық мың әскер жалғыз аяқ тас өткелге симайтын болды. Әскерді үшке бөлді. Он төрт мың әскерге бас болып Қарасай, Қази тас өткелден өтіп бұл кетті. Он үш мың әскерге бас болып ер Әділ тас өткелден өтіп бұл кетті. Он үш мың қолға бас болып Айсадан туған Ахмет қалды. Ал енді Ахмет батыр жалғыз аяқ тар жолға түстеуге жүрексініп, кейінгі әскерге толғап тұрғанға ұқсайды.
Ахмет тұрып сөйлейді,
650. Сөйлегенде бүй деді:
– Қол бастаған Қоянақ,
Құлайық таудан қиялап.
Жалғыз аяқ тар жолдан
Әскерімді түсірмей,
Қайтуға тұрмын ой ойлап.
Осы жерге келгенде,
Әскерің болды үш бөлек.
Ақылдасып қайтуға,
Болатын істі айтуға
660. Өзіңдей бізге ер керек.
Жау қамаса тар жолға,
Бұзып жарып шығуға
Сонда бізге күш керек.
Он төрт мың қолға бас болып
Қарасай, Қази ер кетті.
Әскерін қойдай шұбыртып,
Өткелден аман бұл кетті.
Он үш мың қолға бас болып,
Содан соң Әділ бұл кетті.
670. Айқын сордың ішінде
Жалғыз аяқ жол кетті.
Жалғыз аяқ сор жолға
Қызылбас жауды қамаса,
Бұзып жарып шыға алмай,
Біз қалармыз бейнетке.
Қарасай, Қази ер еді,
Едіге ердің сүйегі
Кескілеспей басылмас.
Найзағай бұлттың сойы еді,
680. Жумай, сірә, ашылмас.
Орақ пенен Мамайдың
Қарасай, Қази ұлы еді
Дұшпан жаудан қайта алмас.
Шаттанысып келеді,
Толса да ,сірә, төгілмес.
Найзағай бұлттың сойы еді,
Қысқа көшіп қайта алмас.
Қызылбастың жауынан
“Жеңілем” деп айта алмас.
690. Ашуланып шапса қалаға,
Соңынан кеткен Әділдің
Қамауда қолы қалады.
Қамаса қолын сор жолға,
Шыға алмас қолы далаға.
Осы сапар ер Әділ
Асылық айтып келеді.
Осы айтқаным болмасын,
Әділ жауда қалмасын.
Қарасай, Қази қос батыр
700. Қызылбасқа барған соң,
Бір қаланы алған соң,
Қызылбастың әскері
Тауға қарай салмасын.
Жалғыз аяқ тар жолды
Бізден бұрын алмасын.
Қырымнан келген көп әскер
Қамауда сөйтіп қалмасын.
Осы жерден қайтайық,
Болатын істі айтайық.
710. Бұрын барып тар жолдың
Аузын алып байқайық.
Тауға жылдам баралы,
Тау басынан қаралы.
Қызылбас көрінер күн болса,
Осы жерде іс болар.
Аламанды алдырмай,
Біреуін жауға қалдырмай,
Аман алып шығалы.
Бәріңе айтқан кеңесім:
720. Баспалық жаудың жебесін,
Қол бастаған Қоянақ
Қартым, қалай көресің?
Мақұл десең, Қоянақ,
Кейін қарай жүресің.
Сонда қартың сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
– Қоянақ қартың мен едім,
Көпті көрген нең едім.
Бұл сөзіңді, Ахмет,
730. Мен де тәуір көремін.
Мақұл да болса, батыр-ай,
Бір қайырылмай артыңа-ай,
Кейін қарай қайтқаның
Ылайық па атыңа-ай?
Қарасай, Қази, жас Әділ
Жан жолдасың емес пе,
Хабар алмай солардан
Барасың кейін қайтып-ай.
Бір хабарын алсайшы,
740. Шырағым, бүгін жатып-ай.
Ахмет сонда сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
– Ау, Қоянақ қартым-ай,
Амандық ерге артық-ай.
Түспелік, – деп, – сор жолға
Айтып тұрған ақыл-ай.
Жау қамаса сор жолға-ай,
Сорға түсіп қырылар
Ізіңе ерген халқың-ай.
750. Әскерің қалар тұтылып.
Боз тұлпармен, Қойеке,
Кетерсің өзің құтылып.
Өзің аман шығарсың,
Әскеріңді қырарсың.
Ізіңе ерген әскердің
Обалына қаларсың.
Қартым, ойлап қарашы-ай,
Осы ақылымды аларсың.
Ахмет ақыл айтады,
760. Ақылмен алдын байлады.
Қоянақ қартың түсініп,
Бұ да кейін қайтады.
Қарасай, Қази – қос батыр
Қазбан деген қаланы
Шулатып жесір алады,
Алды малға толады.
Қызылбастың көп қолы
Тауға қарай салады.
Айсаның ұлы Ахмет
770. Әулие десең болмай ма,
Айтқанындай болады.
Жалғыз аяқ тар жолға
Екі әскер таласып,
Үш күн ұрыс салады.
Айсаның ұлы Ахмет
Қызылбасты қиратып,
Жолды тартып алады.
Сол уақытта Ахмет
Және бір толғап қарады:
780. – Қоянақ қартым, көрдің бе,
Енді маған сендің бе?
Қызылбас жауы қайтадан
Қамағанын көрдің бе?
Көз жіберіп қарасам,
Мына жаудың көбіне
Қорқайын деді көзім-ай.
Жолға түсіп жөн тартып,
Жүре берің өзіңіз.
Ағайынды бесеуміз,
790. Жаудың алдын кеселік,
Тоқтатайын өзім-ай.
Шамам келсе зорланып,
Әскерімді түсірмей,
Көп ұятқа қалмайық,
Төрт арыстан інім-ай,
Қайрат салып бүгін-ай.
Әскеріңді алдырсаң,
Бізге болар өлім-ай.
Осылай деп Ахмет,
800. Көпке толғап қарады.
Қартайса да Қоянақ,
Жауды көріп тұрмады,
Боз тұлпарды булады.
Үзеңгісін ұзартып,
Тебінгісін қысқартып,
Көп қызылбас ізінен
Қойдай шулап қалмады.
Айсаның ұлы Ахмет
Алабас атты қамшылап,
810. Айнала қолды қорғады.
Осы күні батырлар
Бір құмардан шығады.
Жалғыз жарым болмаса,
Көп әскерді түсірмей,
Таудан аман шығады.
Ахметті түсірмей,
Қызылбас шулап қалады.
Ахмет шығып кеткен соң,
Жолдың аузын жабады.
820. Биіктігі қырық аршын
Басына қала салады.
“Келгені қайдан шығар” деп,
Жаудың қылған амалы.
“Ішінде қалған көп әскер
Осы жолдан бір шығар,
Ер де болса қырсығар.
Бұзып жарып шығам деп,
Бізбенен тағы ұрысар.
Сол уақытта қамалық,
830. Таспенен ұрып сабалық.
Қол бастаған батырын
Қамап ұстап алалық.
Осы жолдан шығармай,
Әскерін қамап қырайық”.
Көп қызылбас кеңесіп,
Ақыл айла табады,
Жолды мықтап жабады.
Жалғыз аяқ тар жолды
Қызылбас алып қалады.
Әлқисса, Қызылбастар жолдың аузын алып жата берсін. Қарасай, Қази Қазбан деген қаланы алып, алты күндей сол жақта болды. Ал енді Әділден хабар естіңіз. Әділдің әскері жалғыз аяқ тар жолда шұбырып келе жатқанда, Қарасанның көп әскері келіп жолдың екі жағын алып қалады. Жалғыз аяқ тар жолдың екі жағы сор еді. Есіл ер жазылып ұрыс сала алмай, Әділ атынан түсіп, жаумен атыса берді.
840. Қарасай, Қази – қос батыр
Қазбан деген қалада
Алты күндей болады.
Қала бұзып, хан алып,
Алды малға толады.
Қызылбаспенен ұрысып,
Ахмет шығып кетеді.
Қамауда қалған ер Әділ
Жауға не амал етеді?
Жолдан шығып бұрылса,
850. Сорға түсіп кетеді.
Қызылбас жауы көп екен,
Өзіне мәлім жер екен.
Батпақ сордың үстіне
Қаратаспен бастырып
Қиялап салған жол екен.
Жеті жерден ту алып,
Әділді көріп қуанып,
Шығар аузын бекітіп,
Қызылбастар тұр екен.
860. Келе жатып ер Әділ
Аңдып тұрған алдында
Көп әскерді көреді.
“Жайсыз жерге келдім, – деп, –
Не болсада көндім” деп
Қарсы жүріп келеді.
Атқа мініп ұрысатын
Ашық жері жоқ еді.
Ашық жерін қызылбас
Бұрын алып тұр еді.
870. Бұрылса түсіп кететін
Екі жағы сор еді,
Бір жағы терең көл еді.
Көлге жалғыз салдырған
Алты қатар ор еді.
Жүретін жерін жау алып,
Енді амалы құрыды.
Түсе қалып атынан,
Табанын жауға тіреді.
Жеті жасқа келгеннен
880. Жете туған ер еді.
Ер Сүлеймен дейтұғын
Жан жолдасы бар еді.
Екі жерден оқ атып,
Қиратып жауды тұр еді.
Кіші бесін болғанда,
Атысып жаумен тұрғанда,
Ер Сүлеймен оққа ұшып,
Шейіт болып өледі.
Ер Сүлеймен өлсе де,
890. Атыса берді бір өзі.
Қасындағы көп әскер
Енді өлерін біледі.
Тұрған жері батпақ сор,
Әскер жаман жүреді.
Күн кеш болып барады,
Қызылбас жауы қамады.
Әділдің қолын шығармай,
Жолдың аузын алады.
Ер Әділдің басына
900. Ақыр заман туады.
Ұрысып тұрған Әділдің
Сары жайы сынады.
Сол уақытта ер Әділ
Бармағын тістеп жылады.
Атайын десе оғы жоқ,
Енді не амал қылады.
Ендігі тапқан амалы
Тұлпарға мініп алады.
Алмасын Әділ сермеді,
910. Жауды көзі көрмеді.
Жалғыз өзі ұрысып,
Әскерін жауға бермеді.
Жазылып ұрыс салғанда,
Жауға болар ер ме еді?
Таусылатын жау емес,
Толып жатыр өлгені.
Қабат-қабат әскерге
Әділ шауып келеді.
Кейін қарай шығуға
920. Терең батпақ сор еді,
Бір жағы терең көл еді.
Көлге жалғас қазылған
Алты қатар ор еді.
Ескен желден құбылып,
Жан базары құрылды.
Әділдің ұрысқан жерінде
Көп қызылбас қырылды.
Жалғыз аяқ тар жолдан
Ұрысып жүріп бұрылды.
930. Астындағы тұлпардың
Сүрініп кетіп аяғы
Тайып кетіп тұяғы,
Батып сорға жығылды.
Батпақ сордың ішінде
Боз тұлпардың күшімен
Шығамын деп ұрынды.
Шыққан сайын түседі,
Бауырлап сорды кешеді.
Соныменен жүргенде
940. Болдырды тұлпар деседі.
Бауырын жазып шаба алмай,
Жазылып ұрыс сала алмай,
Діңкесі ердің құрыды.
Күн батуға таянды,
Аты қалды жарамай.
Қас қарайып, күн батты,
Алды болды қараңғы.
Атына басып қамшыны,
Тұлпарын шауып қарады,
950. Атынан көңілі қалады.
Әділ мінген Қызыл ат
Айуан қылды көп ұят,
Шабысынан танады.
Келіспеді бұл сапар
Ер Әділдің талабы.
Сол уақыттар болғанда,
Тарығып Әділ жылады:
– Арманы күшті ерлердің
Бармағын тістеп өлгені.
960. Асу-асу бел жүрсем,
Алты айшылық жол жүрсем,
Белгісіз тұлпар мінгенім.
Атадан бірге тумаса,
Жақын деп жатқа сенгенім.
Тұлпар атым болдырды,
Атты кімнен сұрармын.
Жалғыздық түсті басыма,
Кімнен көмек тілермін.
Туысқан аға, інім жоқ,
970. Енді кімге сенермін.
Құдай жалғыз жаратты,
Бұған қылар амал жоқ.
Қарасай, Қази болмаса,
Жан ашитын маған жоқ.
Ар-намысты тастайын,
Енді аяққа баспайын.
Екі досым болмаса,
Жалғыз туған қасқамын.
Аламанды алдырып,
980. Басымды алып қашпайын.
Іздеп тұлпар мінейін,
Қолыма қайтып келейін,
Қамаған жауды көрейін.
Қамалып жүрген әскердің
Жолын ашып берейін.
Бере алмасам алдымнан
Өзім ұрысып өлейін –
Деді дағы ер Әділ,
Атына қамшы басады,
990. Ат болдырып шаршады.
Төңірегін Әділдің
Қызылбас жауы қамады.
Адасқанын біледі,
Әділ жылап тұр еді.
Жылағанда не деді:
– Заманын менің оңбады,
Басыма бақыт қонбады.
Тұлпарымнан әл кетті,
Адастырып жолымнан
1000. Қараңғы түннің ішінде
Айдап келіп көрсетті
Алты қатар қандекті.
Астындағы тұлпарды
“Шүу, жануар, қарғы” деп,
Қамшы басып қарғытты.
– Жануар тұлпар Қызыл ат,
Жал-құйрығы ұзын ат
Алты қатар қәндектен
Оқ жыландай болып ат!
10.10. Қарғып өтіп шыға алмай,
Қала берме қәндекте.
Тұлпар атым сен едің,
Сенің иең мен едім.
Алты қатар қандектен
Атым сені қарғытсам,
Бола ма екен себебің? –
Деді дағы ер Әділ,
Атына қамшы басады.
Болдырып жүрген жануар
Адымын қысқа жазады.
10.20. Алты қатар қандектен
Бір-бірлеп қарғып барады.
Бірінші орға жетеді,
Одан аман өтеді.
Екінші орға жетеді,
Бұдан да аман өтеді.
Үшінші орға келеді,
Бұдан да аман өтеді.
Төртінші орға жетеді,
Мұнан да аман кетеді.
10.30. Бесінші орға келеді,
Мұнан да қарғып өтеді.
Алтыншы орға келгенде,
Қарғыта және бергенде
Астындағы тұлпардың
Сүрініп кетіп аяғы,
Орға түсіп жығылды.
Өмілдірік үзіліп,
Әділ орға құлады.
Әділді тастап Қызыл ат,
10.40. Талпынып зорға шығады.
Қол бастаған ер Әділ
Жалғыз өзі шырқырап,
Орға түсіп қалады.
Түскенін ешкім білмеді,
Қарасай, Қази көрмеді.
Енді мұны қандектен
Кім шығарып алады.
Әділ түсіп қалған соң,
Әділдің қолын қызылбас
10.50. Қамап тұрып қырады.
Бір парасын бұлардың
Өлтірмей ұстап алады.
Қарасай, Қази батырлар
Қазбан деген қалада
Алты күндей болған соң,
Қала бұзып, қан төгіп,
Алды малға толған соң,
Дәрбент деген зор қала
Әуелі салған қала екен.
10.60. Дәрбентте әскер көп екен,
Қаласы мықты зор екен.
Әділге аман қосылсақ,
Алармыз деп келеді,
Әділдің орға түскенін
Қарасай, Қази білмеді.
Тас өткелге келгенде,
Әділге ерген әскердің
Қырылғанын көреді.
Жоқ болғанын Әділдің
Екі досы біледі.
10.70. Досын жоқтап ер Қази,
Қарасайға сөйледі:
– Білдің бе, Құдай ұрғанын,
Дұшпанның көңлі тынғанын?
Хабар алмай досымнан,
Қырымды Құдай алғанын,
Досымның белі сынғанын.
Шұбар атқа мінейін
Шұбарлаңдап желейін.
Жауда қалған досымның
10.80. Өлі-тірісін білейін.
Өлмесем тауып алайын,
Досымды іздеп алмасам,
Таңда мақшар күнінде
Жүзін нағып көрейін?
Қырымға қайтып барғанда,
Шешесі сұрап тұрғанда,
Не деп жауап берейін.
Өлді деп күдер үзбейін,
Жауап бер, аға, іздейін.
10.90. Аман болсам келермін,
Қазам жетсе өлермін.
Жазатайым іс болса,
Ахиретте көрермін.
Қарасай сонда сөйлейді:
–Ау, Қазижан, туғаным,
Сен едің менің қорғаным.
Сені жалғыз жіберсем,
Көңіліме симай арманым.
Алдыңда биік жауың бар,
1100. Қырғанменен таусылмас.
Көрмеген жауың тағы бар,
Қаратауға баралы,
Жау қамалын бұзалы.
Құдай берсе тілекті,
Жауда қалған досыңды
Сонан соң іздеп қаралы, –
Деді дағы Қарасай
Қызылды ұстап жібермей,
Қаратаудың бауырында
1120. Қол жөнелтіп барады.
Үш күншілік жол еді,
Тынбай жүріп келеді.
Намаздыгер шағында
Тау қарасын көреді.
Қарасай сонда сөйлейді:
– Ау, Қазижан, қарағым,
Алайық таудың бұлағын,
Суға қанып алған соң,
Бұзалық жаудың қамалын.
1130. Жатқан жауды көрдің бе,
Табан жауды қамалап,
“Осы жолдан шығар” деп,
Жатқанын аңдып білдің бе?
Жау екен мықты, қауіпті,
Жолдың аузын жауыпты.
Жалғыз аяқ тар жолды
Бізден бұрын алыпты.
Жалғыз аяқ тар жолға
Қаланы мықтап салыпты.
1140. Қас қарайып күн батсын,
Қаласына жау жатсын.
Қызылбасты алқымдап
Шығайын деп келеді.
Тау басына жақындап
Қиятасқа келеді.
Астындағы шұбардың
Болаттай еді тұяғы,
Тұяғы тастан таймады.
Қызыл қанға боялды
1150. Ақ найзаның қияғы.
Қызылбасқа түсірмей,
Ізіне ерген әскердің
Алдын қорғап шабады.
Қылыш сермеп, оқ атып,
Қарағай найза қолында
Қызыл атты ойнатып,
Маңдайы жаудан аумады.
Көп қызылбас жабысып
Қарғадай шулап қалмады.
1160. Осы күнгі соғыста
Қалмақтың бағы болмады.
Болады дейін неғылып
Қара құрттай жабылып,
Қарасайдың қолына
Тағы айқасты айналып.
Шықты қолды айырып
О да есеп, бұ да есеп.
Аламанын алдырмай,
Зордан шықты торығып.
1170. Тауға шығып алғасын,
Қас қарайып күн батсын,
Қаласына жау жатсын,
Қызылбасқа тигенде,
Қызығымызға тау батсын.
Екі жатқан тиелік,
Қарсыласқан дұшпанды
Тау төбе қылып үйелік.
Қарағым, Қази, ұмытпа,
Біз аруаққа жүрміз сүйеніп.
1180. “Орақ” деп ұран салалық,
“Ұмытпа – деп ед – атаңды
Қарашаш шешем аналық.
Қазижан, көзсіз батырсын.
Кетпеген бойдан балалық
Орақ деген даусымыз
Қаратауды жарсын-ай.
Қаладағы әскердің
Құлағына барсын-ай.
“Қарасай, Қази келді деп,
Екі жатқан тиді” деп,
1190. Дұшпанның қалсын сасып-ай.
Осы сөзді айтқанда
Қарасайдай батырдың
Көрінді айбар үнінен.
Қашып кетер қызылбас
Сай-салаға түнімен.
Қазиым, ойлап қараңыз,
Осы ақылым дұрыс па?
Мақұл көрсең, қарағым,
Батыс пенен шығыстан
1200. Айқайлап ұран саламыз.
Таң атқанша бұл жерді
Ұрыспай тартып аламыз.
Әділді тауып біз қайтсақ,
Бойға түскен көп таңба
Жазылар еді жарамыз.
Қайнар бұлақ басына
Екі батыр құлады,
Суға қанып алады.
Күн батқасын тиюге
1210. Екі батыр кеңесіп,
Әскерін алды үлесіп,
Қаруын алды бөлісіп.
Сонда Қази толғады:
– Қарасай аға, сенімен
Екі айырылар күн болды,
Екі талай жер болды.
Жауға жалғыз тимеген,
Жау айласын білмеген
Қази інің мен едім.
1220. Екеуміз бірге жүргенде,
Жау алармыз деп едім.
Сапарымыз оң болғай,
Болсын сенің дегенің.
Таласуға жайым жоқ,
Сен айлакер батыр, ер едің.
Қарасай аға, көкешім,
Есебін тауып қарасам,
Жолсыз жерден өтесің.
Екеуміз қатар жүргенде
1230. Дұшпанның бұздық қамалын.
Екі айырылар күн болды,
Бұған бар ма амалым?!
Құлағың салып жүре көр,
Қазиым қайда дегейсің,
Қысылған жерде демейсің.
Мен қалатын күн болса,
Шақырармын аға, – деп,
Сонда, аға, келгейсің.
Әруағыңа қарасам,
1240. Қол жеткізсіз дөңдейсің.
Сапарың, аға, оң болсын,
Пірлерің болып қамқоршы,
Дұшпаныңды жеңгейсің.
Сен қалатын күн болса,
“Бауырым” деп ат қойсаң,
Қайда да болса табармын,
Айырып жаудан алармын.
Шақыруға, аға, ар етпе,
Бір көруге зар етпе, –
1250. Деді дағы екеуі,
Екі айырылып алады.
Қас қарайып күн батты,
Қаласына жау жатты.
“Ал Қазижан, қамдан” деп,
Қарасай батыр тіл қатты.
– Аман бол енді, Қазиым,
Батырсың қайсар сымбатты –
Деді дағы екеуі,
Екі айырылып алады.
1260. Күн шығыстан Қарасай,
Күн батыстан ер Қази
“Орақ” деп ұран салады.
Орақ деген дауысы
Қаратасты жарады.
Қаладағы әскердің
Құлағына барады.
“Қарасай, Қази келді деп,
Екі жақтан тиді деп,
Қоймайды енді бізді” деп,
1270. Қашып болды түнімен
Паналап сай мен саланы.
Рахымсыз дұшпандар
Жұртқа тастап кетіпті
Мүгедек әлсіз баланы,
Бас сауғалап қаңғырған
Құлазыған даланы.
Сәтіне түсіп оң болды
Қарасайдай батырдың
Жасаған айла-амалы.
1280. Иесіз тастап кетеді
Лаулаған қызылбас
“Қарасай, Қази келеді” деп,
Еңбекпен салған қаланы.
Қарасайдай батырды
Әулие десе болмай ма?
Айтқанындай болады
Таң атқанша Қарасай
Айқайлаған ұранмен
Ұрыспай тартып алады.
1290. Таң атқасын батырлар
Қолына жасыл ту алды.
Екі батыр қосылып,
Бір-бірін көріп қуанды.
Дем алдырып батырлар
Тұлпарларын суарды.
Биікке шықса Қарасай,
Көз жіберіп қараса,
Қалаға қайтқан көп әскер,
Көрді байтақ тұманды.
1300. Таң атқасын қызылбас
Көбейіп басы құралды.
Қаптаған қалың топ болып,
Сан жеткісіз көп болып
Қызылбас салды ұранды.
Қарасай сонда сөйледі:
– Қазижан, енді қамдан, – деп.
Қаптай шабар қызылбас,
Шықпайтын шығар жекпе-жек.
Қозғалды батыр тұра алмай,
1310. Қаптаған қойдан шұбалған,
Тоқсан жерден ту алған.
Күннің көзі тұтылды
Ат тұяғы тұманнан.
Қарасай тағы толғады:
– Қазижан, енді бері кел,
Мына жаудың көптігі
Қорқытып тұр көзімді.
Бұл жеңілер жау емес,
Бір көргеннен сезілді.
1320. Әскерімізді алдырсақ,
Бізге болар өлім-ді.
Тоқсан мың екен қызылбас,
Үш ретке бөліңді.
Қазижан, алдын бастай бер,
Қорғайын қолдың артын-ай.
Бұл дұшпандар екен айлакер,
Қолыңды бастап жүре бер.
Көрейін өзім соғысып,
Салмағы артта көбейер.
1330. Тосқауыл жасап біздерге,
Садақпен атып жебелер.
Артыңда өзім болайын,
“Орақ” деп ұран шақырсам,
Қызылбастар көп өлер.
Жекпе-жекке шыққаны
“Ар-намысым” деп өлер.
Қылыш сермеп, оқ атсам,
Алаулаған қызылбас
Өздері қашып жөнелер.
1340. Қарасай қолдың артында,
Алдына шықты ер Қази,
Қолды бастап келеді.
Қарсыласқан дұшпанға
Әскерін жауға бермеді.
Қылышын Қази сермеді,
Жауды көзі көрмеді.
Көк найзасы қолында,
Жоғары қарай өрледі.
Астындағы Шұбар ат
1350. Болаттай еді тұяғы.
Қатаң тастақ жерлерді
Саз балшықтай иледі.
Қаптай шапқан қызылбас
Қызыл-жасыл туларын
Желбіретіп байлады.
Жай тасындай қайнады,
Жауар бұлттай ойнады.
Қази мінген Шұбар ат
Табаны тастан таймады.
1360. Қарсыласқан дұшпанын
Бұл сапарда ер Қази
Жеңбей, сірә, қоймады.
Бермеді жауға әскерді
Қарасай батыр айлалы.
Қызылбас жауы көбейіп,
Қарасайдың үстіне
Үш қайтара айдады.
Қанша дұшпан келсе де,
Жеңбей батыр қоймады.
1370. Қази тұрып толғады-ай:
– Қош айтысып мен тұрмын,
Қарасай аға, саған-ай.
Жауда қалған досыңды
Іздейін деп тұрмын мен,
Жауап бер, аға, маған-ай.
Қарасай сонда сөйлейді
Сөйлегенде бүй дейді:
– Ау, Қазижан, қарағым,
Белге асынған жарағым
1380. Сенің досың болғанда,
Менің досым емес пе?!
Сенен нағып қалайын,
Елге не деп барамын?!
Не де болса, шырағым,
Сенімен бірге боламын.
Қызыл атқа мінейін,
Шұбалаңдап желейін.
Құдай дескен досымды
Сенімен іздеп көрейін.
1390. Жолдас болып қасыңа,
Қызығыңды көрейін.
Өлген жерде жүрейін,
Тілекті бірге тілейін.
Бауырым едің туысқан,
Өткіздің қолды қуыстан.
Қайырылар ма екен қызылбас
Бізбенен бірге ұрысқан.
Қайтып барып тағы да,
Өткізейік қылыштан.
1400. Досың еді ер Әділ
Көкірегін таясқан,
Бар ма жан одан аясқан?.
Тірі болса шабармыз,
Орнында тұрса жер, аспан.
Ау, Қазижан, қарағым,
Үйірінен адасқан
Әділді тауып біз алсақ,
Сонда бізге жарасқан.
Қарасай айтып осыны,
1410. Інісіне қарады.
Екі батыр ер досын
Іздеп кетіп барады.
Қызыл-жасыл туларын
Қолдарына алады.
Жалғыз аяқ тар жолға
Қайта түсіп барады.
Тауды тастап қызылбас
Қайтқан екен қалаға,
Қалаға келіп шабады.
1420. Қызылбастың ішінен
Әділ досын қарады.
“Әділ досым қайда?” деп,
Қарасай, Қази – қос батыр
Ұстап алып сұрады,
“Тауып бер” деп қарады.
Енді батыр тиеді,
Кіріп-шығып жүреді.
Оңы менен солына
Қарулары жарқылдап,
1430. Тебінгісі салпылдап,
Қырып-жойып жүреді
Қызылбасты алқымдап.
Жау жартыға таянды
Досын іздеп екеуі
Басын салды ортаға.
Ерде ойы болғасын,
Бұлар жаудан қорқа ма?
Қызылбасқа шабады,
Әділ досын қарады.
1440. Қара тұман шаң болып,
Шаң аралас қан болып,
Жауда Әділ ер қалды.
Қази менен Қарасай
Қызыл қанға боялды.
Алты күнгі соғыста
Аспан менен жер жанды.
Әділ досын таба алмай,
Қайда екенін біле алмай,
Қызылбастың біреуін
1450. Ұстап алып сұрады.
Қызылбасты танымай,
– Әділмісің сен? – деді.
Қорыққаннан қызылбас
– Әділ досың мен, – деді.
– Әділ болсаң досым-ай,
Кел артыма мін, – деді.
Мінгестіріп Қарасай
Алып шығып қараса,
Қызылбастың адамы.
1460. Мұрнын кесіп шұнтыйтты,
Құлағын кесіп құнтыйтты.
“Өлер жерің осы” деп,
Басын кесіп бұлтыйтты.
Әділ досын екеулеп
Алты күндей іздеді.
“Табылар, – деп, – бір жерден”,
Күдерін олар үзбеді.
Екі тұлпар жануар
Сүйегі қызып ойнады
1470. Секіреді қояндай.
Соғыс қылды алты күн
Екі батыр аянбай.
Таусылатын жау емес,
Жау жартыға таянды-ай.
Алты күнгі соғыста
Қарасай болды жаралы-ай.
Ауық-ауық қан құсып,
Шыбын жаннан кешеді.
Тұрған екен таба алмай,
1480. “Шырағым, Қази, қайда?” деп,
Қызылбастан найза жеп.
Найзасына таянып,
Жарасынан қан ағып,
Тұрған екен шақырып,
“Сүйеп шық, – деп, – ағаңды.
Төңірегі қызылбас
Тұрған екен қамалап.
“Қайда кетті ағам? – деп, –
Қызылбастан жапа” деп,
1490. Қарасай тұрған зарланып.
Зарланып тұрған ағасын
Сонда Қази көреді.
Шұбар атты қамшылап,
Көзінің жасы тамшылап,
“Бауырым” деп шабады-ай.
Жетіп келді қасына
Ойлады батыр осыны:
– Жауынгер деп қарасам,
Асыл ердің сүйегі
1500. Шығарар ма екен осылай.
Жанына тиіп қайрасам,
Найзағай бұлттың сойы еді
Ашуланып түнерсем,
Жараға себеп етер ме?
Қолтығынан сүйесем,
Бір жағынан демесем,
Тау басына жетер ме?
Ашуын қайрап келтірсе,
Кезеніп батыр кетер ме? –
1510. Деді дағы ер Қази,
Қасына жетіп келеді.
Қан құсып тұрған ағасын
Қази сонда көреді.
Жараны Қази көргесін,
Көзінің жасын төгеді.
– Нағылып тұрсың, аға, – деп,
Қызылбастан жара жеп –
Келіп сөйлей береді:
– Нағылып тұрсың, Қарасай,
1520. Батып тұрма жаның-ай
Жаудың салған жарасы-ай?
Жауға сырын алдырмас,
Бітпесе ердің қазасы-ай.
Азда болса көп болар
Сабырсыз ердің жарасы-ай.
Мұнша неге кем болдың,
Екеуміз де, Қарасай,
Бір кісінің баласы-ай.
Осындайда ашылар
1530. Жақсы менен жаманның
Екеуінің арасы-ай.
Атадан бірге тусақ та,
Туыпсың жаман шамасы-ай.
Қылыш тисе морт етіп,
Айтушы еді анам-ай,
Ана сыншы балаға-ай.
Атадан бірге туса да,
Бәрі бірдей бола ма?
Атамыз Орақ ер еді.
1540. “Қарасай адам болмас” деп,
Атамыз солай деп еді.
“Қазижан жауға барғанда,
Бұзар деп еді жебені”.
Қарасайды туғанда,
Кем болатын себебі:
“Мысырдың қара тасына
Жерік болдым деп еді.
Сол себептен Қарасай
Кем болып туған деп” еді.
1550. Қарасай сонда сөйлейді:
– Айналайын, қарағым,
Менімен ісің болмасын.
Мені қорғап жүргенде,
Өзің түсіп қаларсың.
Жауда қалған ағаңды
Ахиретте табарсың.
Қарасай, Қази ер еді,
Жолынан үміт үзеді.
Үміт үзбей не қылсын,
1560. Жарасы мықты жүдетті.
Жарасы мықты болғансын,
Сүйеп жүрді інісі,
Сүйеніп жүрді ағасы,
Мықты көрді жарасын.
Әсіресе бір жара
Келді құртып шамасын.
Жараны мықты көреді,
Қайғыны мықтап шегеді.
Ағасының жарасын,
1570. Қуатының кеткенін
Жараны көріп біледі.
Келіп басын сүйеді,
Қолтығынан демеді.
Осындайда болмаса,
Жақынды неге тілейді?
Туысқанның себебі
Тарықса тиер көмегі.
Туғаны жоқ жалғыздың
Жауда қалар сүйегі.
1580. Қарасайды қалдырмай,
Қази сүйеп келеді,
Жараны көзі көреді.
Қаны судай ағады,
Қанын сүртіп алады.
Ағасын сүйеп жетектеп,
Жаудан шықты амалдап.
Ағасын алып аяндап,
Айдын көлге құлады.
Ағасының жарасын
1590. Көлде жатып бағады.
Ақ дәрісін аюдың
Жарасына жағады.
Он күн бағып ағасын,
Жарасын жазып алады.
Енді қайтып бара алмай,
Досын іздеп таба алмай,
Арманда болып екеуі,
Қайтып кетіп барады.
Әділ досы шырқырап
1600. Баяғы орда қалады.
Әлқисса, Ал енді Қарасай жаралы болып, інісін жаудан алып шығады. Әділге қайта бара алмай қайтады. Енді қызылбастар ұрыс басылғасын, ұрыс болған жерде қандай адам өлді, қандай зат қалды деп іздеп жүрсе, қараңғы орда жатқан бір баланы көреді. Ұстайын деп барған қызылбасты ұрып өлтіреді.
Әділдің түскен орына
Көп қызылбас келеді.
Қараңғы орды жап-жарық
Қылып жатқан Әділді
Олжа теріп жүргенде
Көп қызылбас көреді.
Осы келген қызылбас
Бұл соғыста жоқ еді.
Әділді қырған қызылбас
1610. Қарасанның қолы еді.
Қарасан деген батыры
Бәрінен де зор еді.
Үш бөліп үш жерден
Соғыс салды деп еді.
Көп олжаға тап болып,
Қызылбас олжа тереді.
Олжа теріп жүргенде,
Көп қызылбас келеді,
Жас Әділді көреді,
1620. Таласып орға түседі.
Бірінен-бірі қызғанып,
Мен ұстаймын деседі.
Сол уақытта Ер Әділ
Қызылбастың үстіне
Топырақты шашады.
Қолына түссе жібермей,
Жолбарыстай басады.
Ұстай алмай қызылбас,
Ордан шыға қашады.
1630. Оң келгенін оң ұрып,
Сол келгенін сол ұрып,
Терең ордың ішінде
Жауменен ұрыс салады.
Әділді ұстап ала алмай,
Қасына жақын бара алмай,
Қызылбас жаман сасады,
Ордан шыға қашады,
Далаға шығып тұрады.
Жүгіріп жүріп ер Әділ
1640. Қолына кесек алады.
Қамап жүрген жауына
Жіберіп келіп қалады.
Бірінің көзін шығарып,
Біреуінің басын жарады.
Ұстай алмай қызылбас,
Бір бәлеге қалады.
Көп қызылбас кеңесіп,
Ақыл айла табады.
Қолдарына қызылбас
1650. Бір-бір белді алады.
Топырақты құлатып,
Төбесінен құяды.
Топырақпен бастырып,
Әділді ұстап алады.
Мықтылығын білгенсін,
Екі қолын қайырып,
Сірлеп құрсау салады.
Қолөткіл салып темірден,
Шынжыр тағып мойнына,
1660. Ордан алып шығады.
Қолға түскен ер Әділ
Екі қолы сірлеулі,
Енді не амал қылады?
Қолға түсіп қор болып,
Көзі жайнап тұрады.
Қамап тұрған қызылбас:
– “Жөніңді айтсаң жіберем.
Жіберейік, бейшара,
Бұл не деген жер еді,
1670. Әрбір жерден зор еді.
Ер әулие Едіге
Бұл келмеген жер еді.
Едіге ұлы Нұрадын
Бұл келмеген жер еді.
Ақ Сұлтаны халықтың
Бұл келмеген жер еді.
Он екі ханның елі еді,
Әр патша да зор еді.
Аттанып келген жеріме
1680. Қол бастаған кім еді,
Айтшы болыс жөніңді?
Сонда Әділ сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Қамап тұрған қызылбас,
Қолыңа түсті біздің бас.
Аяқ-қолымды босат, – деп, –
Жібер, – деп саған жалынбас.
Аты-жөнімді сұрасаң,
Менің атым – ер Әділ,
1690. Қорқып атын жасырмас.
Қорыққаным болама,
Жалынбаймын саған-ай.
Қырық мың әскер қолменен,
Жалғыз аяқ жолменен,
Үш бөлініп, үш жерден
Тиісіп едік қалаңа-ай.
Алдыңғы тиген көп әскер
Қарасай, Қази – қос батыр
Шапқан шығар қалаң-ай.
1700. Екінші әскер мен едім
Жалғыз аяқ сорыңа
Түскенімде қырылдым.
Ортаға алдың қамалап,
Қамап қырдың бәрін де.
Қолымды қорғап тұрғанда,
Ортасынан сарт етіп
Садағым екі бөлінді.
Тұлпарым орға жығылып,
Өмілдірік үзіліп,
1710. Еріменен сыпырылып,
Сыпырылып мен түстім.
Қараңғы ордың ішінде
Таба алмадым жөнімді.
Қыдырып жүріп қызылбас
Мені көріп жұмылдың.
Ұстаймын деп тұрғанда
Талайыңды өлтірдім
Ұстаймын деп жүгірдің.
Ақыл тауып тағы да,
1720. Қазған ордың ішіне
Топырақты суырдың.
Көрсетпедің көзімді,
Есітпедің сөзімді.
Топырақпен бастырып,
Ұстап алдың өзімді.
Атаңа нәлет қызылбас,
Білгенің болса аянба,
Мен де саған бір күні
Көрсетермін көріңді,
1730. Жеткізермін өлімді,
Босатса Құдай қолымды.
Менің де жөнім сұрасаң,
Мен Қырымның ханы едім,
Қол бастаған ер едім.
Қызылбасты қиратып,
Жесірін қойдан шулатып,
Шауып алсам деп едім.
Тұлпарым орға жығылып,
Болмады қабыл дегенім.
1740. Өлсем өліп кетермін,
Егер өліп кетпесем,
Білгенімді етермін,
Түбіңе ақыр жетермін.
Қызылбас ханы сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
– Қол бастаған ер болсаң,
Әділ деген сен болсаң,
Мойныңа қамыт ілейін,
Алты арбаны жегейін,
1750. Толтырып тасты тиейін.
Мақтанғанын батырдың
Күшін сөйтіп көрейін.
Әділ болсаң сен, – деді,
Жазаңды сөйтіп берейін.
Осыны айтып қызылбас,
Байлап қолын әкелді
Қазбан деген қалаға.
Қалаға Әділ келгенсін,
Мойнына қамыт іледі,
1760. Алты арбаны жегеді.
Алты арбаның үстіне
Толтырып тасты төгеді.
Алты арбаның үстіне
Бір қызылбас мінеді.
Арбаға қосқан өгіздей
Шыбықтан айдап жөнеді.
Қарасай бұзған қаланы
Әділ жегіп түзеді.
Айдап жүрген қызылбас
1770. Қолына алды бір шыбық,
Елге болды бір қызық.
Арбаға тасты артады,
Алты арбаны ер Әділ
Өгіздей өрге тартады.
Керленіп Әділ тартқанда,
Үзіледі арқаны.
Арқаны қиып арқасын,
1780. Жанына қатты батады.
Қасына жақын келуге
Қызылбастар қорқады.
Бұрынғыдай Әділге
Еркелейтін ел қайда,
Алты арбаны сүйретіп,
Жолға түсіп жортады.
Қарасай бұзған қаланы
Әділге жегіп арбаны,
Қызылбас түзеп қаласын,
1790. Алты айда салып алады.
Қаласын салып алғасын,
Және бір қастық қылады.
Тісімен тезек тергізіп,
Қыдыртып қойды даланы.
Тісімен тезек тереді,
Көп қорлықтар көреді.
Бір қызылбас ізінде
Тергізіп тезек жүреді.
Бұл қаланың тезегін
1800. Кеште алып келеді.
Өліп-талып келгенде,
Және бір азап береді.
Мұндай азап-қорлықты
Көремін деген ойда жоқ,
Басына түссе көнеді.
Және бір жерге айдады,
Бір азапты ойлады.
Табанына тас тағып,
Саналап мықты байлады.
1810. Күндіз-түні азапта,
Әділдің соры қайнады.
Қимылдайтын дәрмен жоқ,
Екі көзі жайнады.
Бұ да қылған қастығы,
Қызылбастың баласы
Қозы-лақтай секіріп,
Қуалап ұстар қолы жоқ,
Жамбастап жатып келгенін,
Қолына түскен баланы
1820. Қашыр-шұқыр шайнады.
Алма деген бір жеміс
Ол кеш пенен бұл кешке
Жарым алма жейтіні.
Қадірін білген жақсылар
Ардақтаған біреудің
Шырағы ғой дейді-міс.
Қадірін білмес жамандар
Жарты алмаға тойды ма,
Бір жаман ғой дейді-міс.
1830. Әділ жүрді азапта,
Тыным көрмей жазы-қыс.
Қырым жақтан келсейші
Ұшып жүрген қара құс.
Әлқисса, Әділ азаппенен есі кетіп, есеңгіреп жата берсін. Ендігі хабарды елге қайтқан батырлардан естиік.
Ахмет батыр, Қоянақ
Тас өткелдің аузында
Кездескен жауды аямады.
Қарасай, Қази, жас Әділ
Жауда қалды солар деп,
Көпті көрген қарт батыр
1840. Аш бүйірін таянды.
Ахметтің ойында
Алдынан келсе шабарман,
“Қиратып жауды қайттық” деп,
Өтірік сөзбен боямақ.
Жауда қалды ер Әділ
Анасы баққан аялап.
“Елге не деп барам деп,
Бір мезгілде қарт батыр
Ұйқыдан шошып оянады:
1850. – Ахмет батыр, не дейміз,
Елге барсақ осыдан, –
Деп сөйледі Қоянақ.
Ойлап қарап осыны,
– Сен едің батыр қолбасым,
Қалай барып көрерміз
Ер Әділдің ордасын?
“Әскер қашан келер” деп,
Бәйбикеш ханым, Ілия
Еңіреген жетім қас мұңды
1860. Жолды күткен болмасын.
Жұбаталық сөзбенен,
Бізден көңіл қалмасын.
Осыларды ойыңа ал,
Ахмет сардар батырым.
Қырымға жақын барғасын,
Уәйімменен мен келем
Қарасай, Қази, жас Әділ
Қызылбас жақта қалғасын.
Ілия, ханша ол сұрар
1870. “Қайда, – деп, – батыр жолдасың?”
Сонда Ахмет толғады:
– Тірлікте пендеге
Маңдайға жазған болмағы.
Асылық етті ер Әділ,
Көре алмас келіп қалаға
Қырымдағы орданы.
Асылық қылған пенденің
Бейнетке душар болмағы.
Көңілге келді бір қиял
1880. Ілия шығар алдымнан,
Қырымға жақын бармалы.
Осы айтқаны мақұл ма,
Қоянақ, өзің ақыл бер.
Ноғайлының сен едің
Көпті көрген тарланы.
Үш күндік жолға кідіріп,
Алыстан елді барлалы.
Көкірек қайғы, көңіл шер,
Қызылбастың қолында
1890. Байлаулы қалды талай ер.
Бас аман-сау біз қайттық.
Мұны естіген ноғайлы
Біздерді қалай батыр дер.
Тастан қайтты болатым,
Қарасай, Қази, жас Әділ
Қызылбаста қалғасын,
Кесілді құйрық, қанатым.
Осылар еді ойласам
Халқыма қамқор кемеңгер.
1900. Кездесе қалса Ілия
Әділ аман, біз аман,
Басқа бөтен демеңдер.
Осыларды ойласам,
Алдым зындан ор болып,
Солқылдайды қара жер.
Қарасай, Қази, жас Әділ,
Сіздерді іздеп оралып,
Қызылбасқа бара алман.
Бұл тірлікте жүргенде,
1910. Жауда қалған үш батыр
Көзіме қашан көрінер.
Көп әскерлер, тоқтаңыз,
Осы жерге қоналық.
Үштен бірі біз едік
Абыройдан қайттық тоналып.
Ел көрерлік бетім жоқ
Жүрмесін халық жерініп.
Әркім тапсын өз жолын,
Таралық ертең бөлініп.
1920. Ойлап енді қарасаң,
Қызылбастың елінен
Батырлар қайттық жеңіліп.
Қоянақ, Серік, Ахмет
Басымыздан бақ тайып
Бұрынғыдан кемідік.
Дұшпандарым марқайып,
Арланғаннан досымыз
Өлетін шығар демігіп.
Сол күні жатып дем алды,
Елге қарай жүруге
1930. Әскерлер тағы жиналды.
Жал-құйрығы өрулі,
Тұлпарлар тұрды керіліп.
Елге қарай беттеді,
Осқырып жерді тебініп.
Бір мезгілдер болғанда,
Күн алты айға толғанда
Қырымның алтын сарайы,
Әділ ханның ордасы
Төбесі тұрды көрініп.
1940. Ордада тұрып Ілия
Көп әскерді көргесін,
Түтіндей тұман шаң көрді,
Қаптаған әскер жан көрді.
Қол бастаған батырлар
Алыстан айбар көрінген
Дулыға қалқан шеңберлі.
Қаптаған қалың әскердің
Ілия шықты-ай алдынан
Бозжорға атпен көлденең.
1950. Сонда Ілия сөйледі:
– Ахмет батыр сен едің,
Қызылбасқа кетерде
Қоштасып кеткен елменен.
Арыстан батыр өзіңсің
Дұшпанды жеңіп дендеген.
Ордаға соқпай кетуің
Ойлап енді қарасам,
Көңіліме жөн демен.
Батырдан сауға, жөніңді айт,
1960. Әділ көкем аман ба?
Қызылбас елі қатерлі
Барса келмес жер деген.
Әскері аман, көкем жоқ,
Кеудеден шыбын жан кетіп,
Араласып қалды ма
Келістірген жерменен.
Жалғызым аман болса игі еді,
Сіздерге нағып ермеген.
Сонда Ахмет толғады:
1970. – Әділ аман, біз қайттық,
Әділ патша болғасын,
Қалмады жауым жеңбеген.
Бақыт құсы басында,
Қорықпа енді, Ілияжан.
Қараңғы түнде жарық шам
Шам-шырағы сөнбеген.
Қарасай, Қази жас Әділ
Кейінгі жақта келеатыр,
Ыңырсыған мал айдап.
1980. Алтын мен күміс тең деген
Бәйбикеш ханым Ілияны
Ахмет батыр сол жерде
Өтірік сөзбен өндеген.
Өтірік сөзбен жұбатып,
Ахмет кетіп қалғасын,
Жылап қалды қос мұңлы
Боз төбенің басында.
Арадан бір күн өткесін,
Қайғылы көңіл сенбеген.
1990. Бірнеше күн күтсе де,
Ыңырсыған мал айдап
Қарасай, Қази, жас Әділ
Бұл бағыттан келмеген.
Бәйбикеш ана, Ілия қыз
Қайғымен зарлап еңіреген.
Көзін салса алысқа,
Көрінеді қос қара.
Назары төмен қайғылы
Астындағы тұлпары.
2000. Адымын шабан сермеген.
Әруағы қашып бойынан,
Қарасай, Қази – қос батыр
Келе жатқан қайғы пердемен.
Сонда Ілия сөйледі:
– Келе жатқан қос қара –
Қарасай, Қази екеуі.
Жалғызым Әділ жоқ екен,
Бәйбикеш анам, көр – деген. –
Деді дағы қос мұңлы
20.10. Орнынан тұрады.
Қайғылы болған сорлының
Селт еткендей құлағы.
Қарасай менен Қазиға
Айдады “шүу” деп құланы.
Сонда Ілия сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Қарасай, Қази батырдың
Өздері аман келеатыр.
Жауда қалған сықылды
20.20. Аламан әскер құралы.
Осы сөзді айтты да,
Қайғылы-мұңлы жылады.
Біздерге түскен сықылды
Ашылмас күннің тұманы.
Батырлардың алдынан
Екі мұңлы шығады.
“Қарасай, Қази сауға” деп,
Қайғымен мойнын бұрады.
“Әділ көкем қайда?” деп,
20.30. Кідірмей Ілия сұрады.
Қарасай сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Жылама, енді, Ілияжан,
Әділ аман келеатыр.
Бір өзіне бағынды
Қызылбас бүткіл мұсылман.
Астына алтын тақ мінді
Әділ аман, қарағым,
Зор аймаққа болды хан.
20.40. Ер Әділдің бақытына
Көрген халық таң қалған.
Әділмін деп ақырса,
Қызылбас, қалмақ сандалған.
Аңдысатын бір-бірін
Құтылды халық жанжалдан.
Ер Әділдің қолында
Семсер, қылыш, найзасы.
Әділ аман, біз аман,
Патша болып, хан болып
20.50. Тигізген көпке пайдасын.
Қазынаға толтырар
Алтын сарай қоймасын.
Осы айтылған сөзімді
Бір Алла өзі есіткей.
Ілия менен Бәйбикеш,
Келіп қалар ер Әділ
Артымыздан кешікпей.
Туған жерге не жетсін,
Алтын сарай бесіктей.
20.60. Сонда Қази толғады,
Бұл айтқан сөзге болмады:
– Шын сөйлесе батырдың
Сонда асыл болмағы.
Қарасай, жалған сөйлейсің
Әділ аман келе атса,
Әскерің қайда қолдағы?
Мүсәпір болған сорлыны
Неге алдайсың сөзбенен?
Екі көзі төрт болып,
20.70. Қайғылы көңіл дерт болып,
Мұңайып тұрған жолдағы.
Жалған сөзбен жұбатып,
Ұмыттың ба, Қарасай,
Бір жаратқан Алланы.
Жауда қалды ер Әділ,
Біз де қайттық жаралы.
Қызылбас жақта ер Әділ
Қырымның патша тарланы.
Әділ қалды қорлықта,
20.80. Бойымыздан кетерме
Қайғының ауыр салмағы?
Батырсынған ерлердің
Тістеуменен қайтты бармағы.
Жағалай қазған оры бар,
Жебедей мықты торы бар,
Бекініс мықты қорғаны.
Көп қайғыдан пайда жоқ,
Күдер үзіп жүре бер.
Әділ қалды, біз келдік,
20.90. Білгеніңді ете бер.
Күйгенменен күймек жоқ,
Қаза жетпей өлмек жоқ,
Батып жерге кірмек жоқ.
Бір Құданың ісіне,
Құдіреттің күшіне
Бәйбикеш, Ілия, жылама.
Аман болса бұл басым,
Қан қақсатып хандарын,
Шырқыратып жандарын,
2100. Салармын азу тісіме.
Қайғылы мұндай күн туды,
Ажал келсе бір күні,
Артқа тастап кетерміз
Дәреже, бақыт, жер, суды.
Ер Әділдей батыр жоқ,
Он мың дұшпан қаптаған.
Ат тындырмай жетті күн,
Жалғыз өзі ұрысулы.
Бір жағы батпақ сор болып,
2110. Екі жағы ор болып,
Қатерлі қауіп жері көп.
Қаптай шабар дала емес,
Жалғыз аяқ жолы бар
Шұбырған әскер біріңдер.
Әуелден жазмыш осылай,
Салса пенде амал жоқ.
Екі мұңлы бейшара
Жер бауырлап құлады,
Құдайға “ал” деп жылады.
2120. Оныменен алсын ба,
Таусылмаса уақыты.
Сол күні жатты дәм татпай.
Бар тапқаны зарлайды,
Төбелеп ұрып маңдайды.
“Әділ жауда қалды” деп,
Бәйбикеш, Ілия зарлайды.
Екеуі жылап жатқалы
Дем алып, дәм су татпады.
Жалғыздық түсіп басына,
2130. Ойлағаны жалғызы.
Қозғалғанмен тұра алмай,
Кеудесінен басулы
Қайғының ауыр батпаны.
Көзін ашпай жылаумен,
Алты күн болды жатқалы.
Алты күннен өтеді,
Жеті күнге жетеді.
Қасыңдағы қызына,
“Тұр, шырағым, жатпа! деп,
2140. Жалбарынып көрейін,
Бір жаратқан Аққа деп.
Біз барайық айналып
Ессіз қалған таққа деп.
Жауда қалған жалғызды
Жаратқан өзің сақта” деп,
Сорлы ана жылады.
“Ақ шалмалы пірадар,
Қысылған жерде біздерге
Қолдауышың жоқ па деп.
2150. Әділ жалғыз ұлымды
Бергенің бе шынымен
Қызылбас атқан оққа” деп.
– Түрегел қызым, түрегел,
Алла ісіне көне бер.
Кімге еркелеп жатырсың,
Кім есіркеп шақырсын?
Қызына келіп аймалап,
Шырағым, тұр, – деп қаймалап.
Тұрғызатын адам жоқ,
2160. Саған түгіл маған жоқ.
Бір Құдайдың ісіне,
Құдіреттің күшіне
Салса пенде амал жоқ.
Аға түгіл іні жоқ,
Енді бізге тыным жоқ.
Алты күн жаттық дәм татпай,
Ажалдан бұрын өлмек жоқ.
Ордамызға кірелік,
Ақ ісіне көнелік.
2170. Ессіз қалған дүниені
Өзіміз ішіп, киелік.
Жатқаныменен келеме,
Тілегенменен береме,
Тұр, шырағым, тұр – деді.
Жылап жатқан Ілияның
“Шырағым, тұр” дегені
Құлағына келеді.
Түрегеліп Ілия қыз
Шешесіне ереді.
2180. Ессіз қалған ордаға
Екі мұңлы кіреді.
Құдіреттің ісіне,
Сырын шашпай кісіге,
Екі мұңлы көнеді.
Омар менен Оспанның
Тілегін Құдай береді.
“Әділ жауда қалды” деп,
Қуанып, ойнап, күледі.
Ілия менен дүниеге
2190. Екі құл билеп жүреді.
Екі құлдың кеңесін
Екі мұңлы біледі.
Құлдар бұлай болғасын,
Сарғайып Ілия жүреді.
Басында ерік барында
Құл басын Ілия қорлады.
Ардақтаған Ілияны
Аламыз деп ойлады.
Бір-біріне қимады,
2200. Екі құлдың әлден-ақ,
Әлден-ақ басы симады.
Көздері жаман аларды,
Көңілі жаман қарайды.
Бір күндері екеуі
Ілияға таласып,
Төбелесті салады.
Ерегескен екі құл
Бірін-бірі өлтіріп,
Ілияны алмақ болады.
2210. Айлардан айлар өтеді,
Күндерден күндер өтеді,
Пенде болған Әділдің
Ес-ақылы кетеді.
Сүйретіп арба мойнына,
Жас сорғалап қойнына,
Күш-қуаты кетеді.
Бірге туған бауыр жоқ,
Жеке туған ер еді.
Алты арбасы мойнында,
2220. Күні-түні азапта.
Бұрынғы қайрат күш қалды,
Бұрынғы дәурен күн қалды,
Сахара сайран шың қалды.
– Қимылдарға әлім жоқ,
Айналмас бақыт шын қалды.
Ақ сүт берген анашым
Тумалас Ілия мұң қалды.
Әскерім ерген он үш мың,
Бұл қызылбас қан ішер
Бір емес миллион мыңды алды.
2230. Мүгедек пенде мен болдым,
Білерге жағдай халім жоқ.
Қырымнан келген қырық мың
Менен басқа кім қалды.
Осына айтып ер Әділ,
Өз-өзінен жынданды.
Мүшесінен әл кетті,
Тек шықпаған жан қалды.
Ар-намысты тіл қалды,
Қайғылы ашу, зар қалды.
2240. Амалы құрып Әділдің,
Есі кетіп сандалды.
Пірлері түсіп есіне,
Сол күні жатып зарлады:
–Жаратқан жалғыз Құдайым,
Бір өзіңе жылайын.
Қысылғанда, пірлерім,
Сіздерден жәрдем сұрайын.
Сонда Әділ сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
2250. –Кешегі бір күндерде
Ғайып ерен жеті пір,
Маған қайырың тимеді.
Анамның айтқан бір сөзі
Жаңа түсті есіме
Ақылы айтқан үйдегі.
Ұмытып кетіп пірімді,
Астымдағы тұлпарым
Әлденеше сүрінді.
Көңілді шайтан биледі,
2260. Пірлерім, өзің жәрдем бер.
Қырымда Әділ хан едім,
Басымда бақыт құсым жоқ.
Ардақтаулы Әділің
Алты арбаны сүйреді.
Ғайып ерен жеті пір,
Жеті пірдің ішінде
Ақ шалмалы пірадар,
Піріміз едің, жәрдем ет,
Сізден мәдет сұрайын?!
2270. Пірлерім жәрдем бермесе,
Енді не амал қылайын?
Сүйрегенім алты арба
Босанып қалай шығайын.
Қолөткіл бар қолымда
Оны нағып бұзайын.
Анамның айтқан бір сөзі
Жаңа түсті есіме.
“Ғайып ерен жеті пір,
Жеті пірдің ішінде
2280. Ақ шалмалы пірадар,
Шарапатты пірің” деп
Айтып еді анамыз.
Анамның сөзі шын болса,
Ақ шалмалы пірадар,
Пірімсіз, саған жалындым.
Анамның айтқан бір сөзі
Жаңа түсті есіме-ай,
Кетті қуат күшім-ай.
Жазым етіп мойныма,
2290. Тезек теріп кетілді
Ақ меруерттей тісім-ай.
Ең болмаса, пірлерім,
Бір енсеңші түсіме-ай.
Көніп жүрмін, қайтейін,
Құдіреттің ісіне-ай.
Табан етім жарылды,
Заманым менің тарылды-ай.
Қолға түсіп қор болып,
Басымнан бақыт арылды-ай.
2300. Әділ ғаріп балаңыз,
Пірлерім, саған жалындым.
Жер жүзінде бар болсаң,
Есіткейсің зарымды.
Ақ шалмалы пірадар
Ер Әділдің пірі еді,
Керемет-ті зор еді.
Анасының тапсырған,
Айтқан пірі сол еді.
Есі кетіп Әділдің,
2310. Ойына түспей жүр еді.
Жылаған даусы баланың
Ғайып ерен пірлердің
Құлағына келеді.
Қысылғанын Әділдің
Енді пірі біледі.
Мейманының шөлінде
Жылап жүрген Әділдің
Қара құс болып пірлері,
Пірлері ұшып жөнеді.
2320. Қанаты күміс, мойны мыс
Мысалы болды қара құс.
Керемет-ті ер болсаң,
Қара құстай болып ұш.
Бір Құданың пәрмені
Қанаты ұшып талмайды,
Жерге түсіп қонбайды.
Қара құс болған пір еді,
Әділге ұшып келеді.
Жылап жүрген ер Әділ
2330. Қара құсты көреді,
Көре сөйлей береді:
– Аспанменен тіркескен,
Бұлттарменен күрескен,
Адыра қалғыр қара тау,
Болып тұрсың маған жау.
Бір қара құс үстімнен
Қалықтап ұшып келеді.
Қасыма келіп қонсайшы,
Тілегім қабыл болсаңшы.
2340. Ұшып келген қара құс,
Менің пірім болсаңшы.
Қасыма келер күн болса,
Төс қалтамнан еңкейіп
Алар едім қаламды-ай.
Тісімменен Қырымға
Жазар едім сәлемді-ай,
Осыған себеп болсаңшы.
Өздері іздеп келеді,
Пірінен жәрдем болады,
2350. Көңілі нұрға толады.
Төс қалтадан еңкейіп,
Қағаз қалам алады.
Тісіменен тістейді,
Ерніменен күштейді.
Әділ байғұс амалдап
Қырымға сәлем жазады.
Әуелі бастан жазады
Қарындасы Ілияны,
Ақ сүт берген анасын.
2360. Бәрі де жатыр жазылып
Тіспенен жазған қағазға.
Қар бойындай хат болды.
“Әділдің хабар барар” деп,
Болып жатыр дәмелі.
Пірінен жәрдем болғасын,
Нұрланды батыр әдемі.
Бүтін емес жартымын
Қарасай, Қази досым-ай,
Бір іздемей Әділді
2370. Достықтың жөні осы ма-ай?
Жылағанда көл болды
Көзден аққан жасым-ай.
Қарасай, Қази жан досым,
Сендерді “дос” деп кім айтар,
Осындайда көрініп
Бір келмедің қасыма-ай?!
Екі досым сен едің,
Сенің досың мен едім.
Орға түсіп қалғанда,
2380. Екі досым ат салып,
Алып шығар деп едім.
“Досым жауда қалды” деп,
Бір қайырылып келмедің.
Қолға түсіп, қор болып,
Алты арбаны сүйретіп,
Өгіздей өрге тартқанда,
Қысылғаннан терледім.
Қазбан деген қаланы
Талқандап кеткен сендерсің,
2390. Алты арбаны сүйретіп,
Сол болды барып көргенім.
Күні-түні азапта
Әділ досың мен болсам,
Кеудемде шыбын жаным бар,
Сүйретілген сүлдемін,
Таусылып дәмім өлмедім.
Жазады дейді маңдайға
Рахат пенен бейнеттің
Көретінін пенденің.
2400. Пірлерім түсіп ойыма,
Күш жиналып бойыма,
“Адасқан ойды жөндедім.
Қарасай, Қази достарым
Артымнан іздеп келер” деп,
Қос батыр еді сенгенім.
Әділ досың қорлаулы,
Жарым жасым кемулі.
Қамыт іліп мойныма,
Жас сорғалап қойныма,
2410. Кесілмеген сау жер жоқ,
Әділді аман қойды ма?!
Алты арба жегулі
Күн батқасын қызылбас.
Қарасай, Қази достарым,
Қалай көңілім бұзылмас.
Тас пенен ұрып қан қылад,
Өне бойда сау жер жоқ.
Жеті мүше тәнімде
Аман қалған көз-құлақ.
2420. Пірімнен жәрдем сұрадым,
Сіздерден күдер үзгесін.
Бір түн жатып зар жылап,
Ақыл естен айрылып,
Байлаулы марал аңғылдай,
Қызылбастың балдары
Тас жітіріп шаң қылды-ай.
Азап беріп қызылбас,
Қарасай бұзған қаланы
Алты арба жегіп мойныма,
Соны маған салдырды-ай.
2430. Тісіммен тезек тергізіп,
Бар азапты көргізіп,
Көрсетті қорлық қалдырмай.
Шыбықтап айдап жүргізді,
Бір қызылбас мінгізді.
Қалада күнде жүремін,
Тісіммен тезек теремін.
Ақ сүт берген ананы,
Қарындасым Ілияны,
Қарасай, Қази достарым,
2440. Сендерді қашан көремін.
Алты арбаны сүйретіп,
Күн батқасын келемін.
Ол кеш пенен бұл кешке
Жарым алма жегенім.
Басқа Құдай салғасын,
Амалым жоқ, көнемін.
Оныменен тұрмайды,
Және бір жерге айдайды.
Алып барып бір жерге
2450. Сыналап тасқа байлайды.
Таң атқанша Әділдің
Сүйтіп соры қайнайды.
Қызылбастың баласы
Қозы-лақтай секіріп,
Басыма шығып ойнайды.
Қуалап ұстар қолым жоқ,
Екі көзім жайнайды.
Қарасай, Қази достарым,
Сендер түссең есіме,
2460. Ой теңізін бойлаймын.
Қимылдауға әлім жоқ,
Өлімтігі жарамсыз
Итке тастар қойдаймын.
Келмесең де, достарым,
Сендерден үміт үзбедім.
Алды-артымда таяу жоқ,
Қайта оралу сапарды
Жатпай-тұрмай ізденің.
Қарасай, Қази батыр-ай,
2470. Елге барып жатыр-ай.
Бір іздемей жатқаның
Лайық па атыңа-ай?!
Қызылбастың қолында
Алты арбаны сүйретіп,
Өгіздей тартып мен жүрмін.
Қарасай, Қази досым-ай,
Мұңымды жаздым осылай.
Және дұғай көп сәлем
Қырық сан Қырым еліме-ай,
2480. Құрбы-құрдас теңіме-ай!
Жететұғын күн қайда
Туып-өскен жеріме-ай?!
Алаулаған қызылбас
Айтсам түспес тіліме-ай.
Қарасай, Қази жан достым,
Екі досым қосылса,
Кісеннен қолым босанса,
Жетермін жаудың түбіне-ай.
Осы күнде, достарым,
2490. Қызылбас аузы бірлеулі,
Күнде мені тергеулі.
Қимылдауға әлім жоқ,
Екі қолым серлеулі.
Мойныма шынжыр тағулы,
Дұшпандық қылып қызылбас
Басыма отты жағулы.
Көрген азап қорлықтан
Көзімнің жасы ағулы,
Бір қызылбас бағулы.
2500. Аяғыма тас қағып,
Астыма өртеп от жағып,
Шыдайын бұған мен нағып?!
Басқа түссе амал жоқ,
Сыналап тасқа байлаулы.
Тек жаным бар өлмеген,
Досының жайын білмеген,
Екі досым, сендерге
Менің көңілім қалулы.
Қызылбастың қолында
2510. Жүз мыңдаған батыр бар,
Күнбе-күн күтіп бағулы.
Қарасай, Қази достарым,
Екеуіңнен қорқулы.
Бұрын-соңды дұшпаннан
Жоқ екен жері жеңілген.
Атағын айтса Орақтың,
Алаулаған қызылбас
Үмітін үзеді өмірден.
“Қарасай, Қази – қос батыр
2520. Қайта айналып соғар” деп,
Он екі бірдей қалаға
Қорған салды темірден.
Қолға түссең, достарым,
Сендер үшін зындан бар.
“Тірілей тұзақ оты” деп,
Күндіз-түні от жағып,
Қыздырып жатыр көмірмен.
“Қарасай менен Қазиды
Сол зынданға салсам деп,
2530. Денесі ісіп семірген”.
Және дұғай көп сәлем
Ақ сүт берген анама-ай,
Алдымдағы кәбем-ай.
Жылама ана, жылама,
Аман-сау жүр балаң-ай.
Көп жылаудан пайда жоқ,
Көзіңнің жасы далаға-ай.
Ақ сүтіңді кеше көр,
Болайын сенен садаға-ай.
2540. Жарқырар күнім бар ма екен
Қайғылы тұман түтіннен.
Пірлерім жәрдем бергенсін,
Қызылбас жауы күтінген.
Ақ сүт берген анашым,
Мен көретін бейнетті
Көргендей айттың түсіңмен.
Ақ төсіңді аймалап,
Дәм тататын күн бар ма,
Балаша еміп төсіңнен?!
2550. Бір толтырсам аузымды
Емшектен аққан сүтіңнен.
Азаппен жүрмін тірлікте,
Бұғанда, анам, шүкір дең.
Дұғайлы және көп сәлем
Қарындасым Ілияға.
Тас емшекті еміскен,
Тар төсекте тебіскен.
Қарағым, көкең мен едім
Айырылған бақыт жемістен.
2560. Ілияжан, сенсің бауырым,
Қарағым, қалқам, жылама!
Мен бейнеттің көрдім дауылын.
Шынжыр тағып мойныма,
Қол-аяғым таңулы,
Мен бейнеттің тарттым ауырын.
Ілияжаным, жылама,
Аман болсам барармын.
“Қырымның патша ханы” деп,
Әр жерден кеткен дабылым.
2570. Тісім болып хат, қалам,
Сіздерге сәлем жолдаған.
Бірге туған нашарым,
Тілеңіз тілек Алладан.
Тісімменен тістедім,
Ернімменен ептедім,
Барармын аман, жылама,
Көзіңнің жасын төкпегін.
Және де дұғай көп сәлем
Айтар сөзім көп дедім.
2580. Қарасай, Қази достарым,
Осы сәлем барғасын,
Бір іздер, – деп ойлаймын.
Қарасай, Қази достарым,
Сендер едің сенерім.
Өкпелемей қайтемін
Ақыреттік досым болғасын.
Досым десең Әділді,
Бұл азапта қоймасын.
Осы сәлем барғасын,
2590. “Тірі екен” деп ойласын.
Ақташа ханнан бата алсын,
Қолынан бұйрық хат алсын.
Қырымнан әскер шықпаса,
Екі досым сау болса,
Дос екені шын болса,
Осы сәлем барғасын,
Екі досым жатпасын.
Досының ісін ақтаса,
Әскер алып Қырымнан,
2600. Қызылбасқа аттансын.
Қырымнан әскер ермесе,
Өздері атын баптасын.
Екі тұлпар ат алып,
Азғана азық зат алып,
Екі досым келгенше,
Тәуекелге бел байлап,
Қорлыққа көніп жаталық.
Азықтарын салатын
Жібектен тіксін қалтасын.
2610. Тұлпарға елден жем алсын,
Терлегенде дем алсын.
Мен сорлыда туған жоқ,
Қарасай, Қази болмаса,
Мені еске кім алсын?!
Және дұғай көп сәлем
Қырық мың сан Қырымға.
Аттанған екен көп әскер
Қарасам бізден бұрын да.
Достарым, аман келгейсіз,
2620. Әділ досың азапта.
Қыл бұрау салады саныма
Мұндай азап қорлыққа
Қиын ғой шыдап тұруға.
Қолға түсіп қор болған
Ойласам жалғыз мен емес,
Арғы атамыз Едіге,
Нұрадын батыр, Орақ ер
Көріпті бейнет бұрын да.
Және дұғай көп сәлем
2630. Он екі баулы өзбекке
Байтақ жатқан жеріне.
Сағынышты сәлем-ді
Айтылып жатқан еліме.
Қайта оралар күн бар ма
Сахара дала дөңіме.
Осы сәлем барғасын,
Сіз де келің көмекке.
Байлаулы қолым босанса,
Алаулаған қызылбас
2640. Екі досым қосылса,
Табаныма салармын,
Асықпа дұшпан, сені ме!
Бойымнан сыпат сән кетіп,
Тұла бойдан әл кетіп,
Қарасай, Қази достарым,
Адам деп мені еске алмас,
Алаулаған қызылбас
Есептеп жүр ғой өліге.
Және дұғай көп сәлем
2650. Үш аналы қазаққа.
Әулие батыр көп деген
Өніп-өсіп көктеген,
Естіліп жатыр құлаққа.
Қарасай, Қази достарым,
Мені қойма азапқа.
Ордада қалған екі құл
Омар менен Оспансың.
Ілия менен анамды
Көрсетіп қорлық жылатпа.
2660. Аман барсам осыдан,
Ақ шалмалы пірлерім
Шапағатын тигізсе,
Аман-сау елге қосылам.
Ілия менен анама
Жылатып жәбер көрсетсең,
Омар менен Оспан құл,
Тірілей терің соярмын,
Екі көзіңді оярмын.
Аман барсам осыдан,
2670. Омар менен Оспаннан
Көп қорлықты көрулі
Ілия менен анашым,
Сағынып жоқтар баласын
Кеткесін бақыт басынан.
Мен зарланып жатып түс көрдім,
Қайғылы жағдай іс көрдім.
Қара жылан ысқырып,
Айналып шықпайды қасынан.
Омар мен Оспан залымдар
2680. Бәйбикештей анамның
Шыбықтап ұрып жүр екен
Сүйретіп бұрым шашынан.
Ақ сүт берген анашым,
Қарындасым Ілияжан,
Сендер еске түскенде,
Қайғырып қатты шошынам.
Дұғайлы сәлем жазғаным
Омар менен Оспанға.
Осы түсім шын болса,
2690. Тірі жүрсем қоймаспын
Кетсең де ұшып аспанға.
Осы сәлем барғасын,
Қарасай, Қази қос батыр,
Қияметтік дос батыр
Оқып көріп ойлансын,
Қорлықтан алып шығармай,
Әділді жауға тастар ма?
Арғы атаңды сұрасам,
Әулие Шайқы пір еді.
2700. Қанша дұшпан болса да,
Оқ тигізбей бойыңа,
Сыртыңнан қамдап жүр еді.
Қарасай, Қази достарым,
Қорқып жаудан жасқанба!
Пірлерім қуат бергесін,
Пірлерімді білсін, – деп,
Сіздерге жазған хаттарым.
Енді маған қызылбас
Көрсетпес дүние жарықты,
2710. Көңіліме аян анық-ты.
Батырлар, жылдам аттаның!
“Хат кетті, – деп, – еліне,
Арба айдаушы қызылбас
Патшаға барып айтса да,
Алмаспын бірін мойныма.
Өлгенше ішке сақтадым,
Ақ шалмалы піріміз.
Қар бойындай сәлемді
Қырымға алып жүріңіз.
2720. Оң жамбасым құрыған
Сынығы түсіп орнына,
Біткендей болды қапталым.
Осы хаттан білерсің
Көңілдің қайғы қатпарын.
Жарты алма жегенім,
Тойып ішер тамақ жоқ,
Қураған сүйек жақтарым.
Жеті жыл көрдім қорлықты,
Сүйреткенім алты арба.
2730. Мойныма қамыт орнықты.
Ақыл-естен айрылып,
Ойлап ақыл таппадым.
Басымнан бақыт ауған күн,
Дұшпанның бастым қақпанын.
Адасқан ойым түзеліп,
“Пайдасы тиер екен” деп,
Пірлерім, сені жоқтадым.
Аманат енді өзіңе,
Ақ шалмалы пірадар,
2740. Қырымға жазған хатты алың.
Қара құс болған піріміз
Торыққан жерде жетіскен.
Үмітім болып өмірден,
Нұрланып көңілім тоқтадым.
Ғайып ерен жеті пір,
Біздей мұңлы ұлыңа
Назарыңды салып жүр.
Жеті пірдің ішінде
Ақ шалмалы пірадар
Керемет-ті пір еді.
2750. Қанаты күміс, мойны мыс,
Мысалы болып қара құс,
Бізден сәлем Қырымға,
Басқа жерге бұрылма.
Қар бойындай қағазды
Жылдамырақ алып ұш.
Ілия менен анамның
Ордасына барып түс.
Бұл қара құс пір еді,
Әділдің жазған сәлемін
2760. Қырымға алып жөнелді.
Қасындағы қызылбас
Таң қаларлық іс болды.
Әділге келген пірлері
Көрер көзге құс болды.
Ойланып көзбен көреді,
Пенде болған ер Әділ
Тісімен тезек тереді.
Күн батқасын қызылбас,
Шыбықтап айдап жөнелді.
2770. Әділді қойып бір жерге,
Ханына жетіп келеді.
“Қырымға сәлем кетті” деп,
Хабарын айтып жөнеді.
“Жазған енді сәлемі
Қар бойындай қағаз” деп
Басқа бөтен демеді.
Тау басында шоқыдай
Ер Әділге бақташы
Қызылбас екен денелі.
2780. “Жаздырдың, – деп, – неге хат?”
Бұйрық беріп хандары,
Соғып жатыр дүрені.
Көп соққаны жегесін,
Бұзылды дәудің реңі.
Жиналып келген жендеттер
Шоқпарменен ұрғанда,
Далдүл болды білегі.
Арба айдаушы қызылбас
Азаппенен өлді.
2790. Тұтқын болған Әділге
Осы өлген қызылбас
Қорлық беріп жүр еді.
Бір дұшпаны өлгенсін,
Пенде болған Әділдің
Нұрланады реңі.
Қызылбас ханы долданып,
Ер Әділге келеді:
– Қалай, патша, халың? – деп.
– Мен тезекші құлыңмын,
2800. Сен алдымдағы ханым, – деп,
Мысқылдап Әділ күледі.
Сонда қызылбас ханы сөйледі:
– Өлтір, – деді, – залымды,
Түбімізге жететін
Дұшпанымыз табылды.
Кесіп алың бастарын!
Қайраулы қылыш, жанулы.
Ер Әділдің сол жерде
Қол-аяғы таңылды.
2810. Кессе қылыш өтпеді,
Найза салса теспеді.
Қызыл шоққа тастады,
Лаулаған қызыл жалынды
Көрмеген қорлық болмады.
Ер Әділдің қысылып
Заманасы тарылды.
Сонда Әділ сөйледі:
– Қанша азап көрсем де,
Ризамын бәріңе.
2820. Пірлеріне жалынды:
– Қорға, – деп, – шыбын жанымды.
Асықпа, – деді, – қызылбас,
Көп ұзатпай осыдан
Алармын деді арымды.
Әскер келсе артымнан,
Талқандармын тағыңды.
Қалаңды өртеп, күл қылып,
Жел қаңбақтай ұшырсам
Басыңдағы бағыңды.
2830. Байлаудан қолым босанса,
Екі көзіңді ояр ем,
Ту сыртыңнан сояр ем.
Бас сүйегің қауғадай
Айырсам бастан жағыңды.
Осы айтылған тілегім
Болатын шығар қабыл-ды.
Енді өзіңе қазармын,
Асықпа, лахат қабырды.
Сөйдеді де ер Әділ,
2840. Пірлеріне жалынды.
Сол уақытта қызылбас
Шапса қылыш кеспеді,
Атса мылтық өтпеді.
Көк найзасы теспеді,
Қызылбас қалмай жабылды:
– Зынданға сүйреп кет, – деді.
Қызылбастар жабылып,
Көп болды сабап тепкені.
Сол уақытта патшасы:
– Қанжарменен кескілеп,
2850. Суырып ал, – деді, – өкпені.
Қанжар салып қараса,
Тәніне тіпті өтпеді.
Ызаланды дұшпандар:
– Әлі алдыңда азабың
Таусылмас, бала, көп, – деді.
Отын-тезек тасысын,
Біреуі айтты сол жерде
Арбаға мұны жек, – деді.
Азап көрді осылай
2860. Пенде болған жас Әділ.
Қыс күні өтті басынан
Жетті жаздың көктемі.
Алты ай сонда болыпты
Қырымға сәлем кеткелі.
Қызылбас ханы арланды,
Жауар бұлттай торланды.
– Төрт аяғы матаулы –
Деп сөйледі қызыбас.
– Қолда тұрған дұшпанға
2870. Қалай әлім жетпеді?!
Алдымда қандай бейнет бар,
Басымыздан бақ тайып,
Тұр ма дәурен өткелі?!
Суға салса батпады,
Бұрынғыдай ер Әділ
Мүсәпір болып жатпады.
Қызылбастың тамағын
Берсе де батыр татпады.
Қызылбастар қорлаулы
2880. Астына жайып тікенек
Тесілсін деп қапталы.
Аунай кетеді ер Әділ,
Жамбасына батпады.
Беретін күнде тамағы, –
Нанның күйік қатқаны.
Үш ай тоқсан болыпты
Ер Әділге арнаулы
Лаулап көмір жаққалы.
Өлмегенсін бәріне
2890. Осы болды Әділді
Жалын өртке атқаны.
Өлтіру үшін Әділге
Қанша әлек болса да,
Басқа айла таппады.
Отқа салса күймеді,
Шоқпарменен басқа ұрып,
Береді қорлық қас қылып,
Найзаменен түйреді.
Ер Әділдің жойылды
2900. Қолға түсіп қор болып,
Салтанаты үйдегі.
“Бұл болмайтын дұшпан” деп,
Ақылдасып қызылбас,
Әділге енді тимеді.
Ақылдасып қызылбас,
“Алмас” деген зындан бар
Соған жауып тастауға
Батырды соған сүйреді.
Үстінде тұлдыр киім жоқ,
2910. Жеті жылғы сілімтір
Ер Әділдің кигені.
– Алмас зындан ішінде
Жата бер, – деді, – батырым,
Сенетін болсаң күшіңе.
Мазақтап күлді қызылбас:
– Саған жайлы үй, – деді.
Осыны айтып қызылбас,
Жапты зындан қақпағын.
Бұдан басқа қызылбас
2920. Айла-ақыл таппады.
“Қарауыл болып Әділге
Бұзып шығып кетер” деп,
Үш мың әскер сақтады
“Алмас зындан берік” деп.
Талай ерлер түсулі,
Ішінде сүйек өлік көп.
Ішінде жатып ер Әділ,
Қураған адам сүйегін
Бір жерге бәрін үйеді,
2930. “Өзіме жолдас серік” деп.
Осылайша дұшпандар
Зынданның аузын жабады.
Тапқан айла-амалы
“Құтылдық, – деп, – тажалдан,
Алдағы қауіп ажалдан”
Жан-жаққа бәрі тарады.
Екі көзі төрт болып,
Амалы жоқ Әділдің
Жалғыз өзі қалады.
Әлқисса, “Алмас” зынданда ер Әділ жата берсін, ендігі хабарды Қырымнан естілік.
2940. Қырымға кеткен қара құс
Қанаты күміс, мойны мыс.
Аман жетсе бұл сәлем,
Орындалар бар жұмыс.
Ер Әділдің анасы
Жел жағының панасы.
Өлі-тірі хабар жоқ,
Сол түні жатып зарлайды
Қызылбаста қалғасын
Әділ жалғыз баласы:
2950. – Жалғызым аман келмесе,
Қалай болар артымыз?
Жалғызым қолдан кеткенсін,
Бүтін емес, жартымыз.
Жан-жағыма қарасам,
Бұрынғы орда қалам жоқ.
Мен зарланбай қайтейін,
Қолымда Әділ балам жоқ.
Ел-халықтан айрылған
Біз бір жетім жалқымыз
2960. Қоралы қойдың ішінде
Сорлының жалғыз тоқтысын
Қасқыр тартып жегендей.
Көп ішінде шаншылып
Бізге тиді қамшыңыз.
Көз ұйқыға кеткенше,
Жалғызын айтып жоқтайтын
Үйреншікті салтымыз.
Ғайып ерен жеті пір,
Ақ шалмалы пірадар,
2970. Қасиетің бар болса,
Қайғыдан жақсы өлім бер,
Бейнеттен сөйтіп аршыңыз.
Ойлап енді қарасам,
Көп қайғыдан пайда жоқ,
Жарық дүние бізге жоқ,
Бұл тілегім дұп-дұрыс.
Осыны айтып Бәйбикеш,
Қайғымен ұйықтап қалады.
Ұйықтап жатып көрді түс,
2980. Қанаты күміс, мойны мыс
Ордасына кіріпті
Бір керемет сұңқар құс.
Қуарған бақтар гүлденіп
Бұл қалайша білмедік
Иісі жұпар аңқыған
Пісіп тұрған бар жеміс.
Жығылған орда түзелген
Перінің үйі сықылды.
Алтын шайған бәріне,
2990. Салтанатты теп-тегіс.
Ордаға дұшпан кіре алмас
Қақпа аузында бар екен
Айбары күшті жолбарыс.
Бір дыбыс келді құлаққа
“Жоғалғаның табылып,
Бақытың қонды басыңа,
Қайғылы-мұңды болмаңыз.
Түрегел, – деді, – орныңнан
Іздегенің ордада,
3000. Бәріміз қазір сондамыз”.
Сол уақыттары Бәйбикеш
Ұйқыдан шошып оянды-ай.
Қан жүгіріп бетіне:
“Бердің бе, – деп, – тілекті,
Жасаған Жаппар бір Алла-ай.
Шырағым, қызым, түрегел” деп,
Ұмтылма берген кезінде,
Жығылды сорлы тұра алмай.
Сол уақыттары Ілия қыз
30.10. Ұйқыдан көзін ашады.
Қуанғандай “түсім” деп,
Көңілі судай тасады:
– Ақ шалмалы бір адам
Үйге кірді нұрланып,
Қолыңда ұзын асасы.
“Оң болсын, – деп, – тілегің,
Қуанар, – деді, – жүрегің.
Қолыңды жай қызым” деп,
Сақалын сипап ақ тілек
30.20. Біздерге бата жасады.
Сол мезгілдер, анашым,
Көктің нұры төгілді,
Үстімізге сіркіреп.
Есіз қалған ордамыз
Қарасам Иран бағындай,
Жалғызым Әділ табылғай.
Жиылған ойын-күлкі көп,
Қисайған орда жөнделіп.
Күні-түні зарлауым –
30.30. Ойласам тек пенделік.
Патшаның үйі сықылды
Жиналған дүние-мүлкі көп.
Алтын айдар басымда,
Әділім жалғыз қасымда,
Алтын таққа мініппін.
Дұшпаныма айбарлы
Отырмын келіп күркіреп.
Ұмтылғанда дұшпанға,
Қарасай, Қази – қос батыр
30.40. Қашып бәрі дүркіреп.
Түсіме кіріп жүр екен
Ақ шалмалы бір кісі,
Көкемнің пірі сол екен.
Қолына берді түйіншек,
“Бақ сарайдың кілті” деп.
Екі мұңды түс көріп,
“Менің түсім жақсы” деп,
Бірімен-бірі таласты.
Жақсы ырым қалайды,
30.50. Өздерінше бал ашты.
Түсінде көрген салтанат
Ойласа, қазір бірі жоқ,
Жан-жағына қарады.
– Түсіміз көрген қиял ғой,
Ойласам, қазір жел, – деді.
Жеті жыл болды Әділ жоқ,
Аман жүрсе Әділім
Іздеп неге келмеді.
Өлі-тірі хабар жоқ,
30.60. Жалғызым жаудан өлгені.
Жыласақ та күні-түн,
Біздерге тілек бермеді.
Ең болмаса сүйегін
Көрмедім жатқан көрдегі.
Жалғызым үйден кеткесін,
Салтанаты бұзылып,
Жоқ болды үйдің өрнегі.
“Тірілей ғайып” болды деп,
Екі мұңды бейшара
30.70. Зарлауменен шөлдеді.
От басында отырып
Бәйбикеш пенен Ілия,
Таң атқанша еңіреді.
Қырымға сәлем әкелген
Ақ шалмалы пірадар
Жалғызын естіп келгені.
Бірталай мезгіл өтіпті
Қарақұс болып келгелі,
Қолтығынан хатты алып,
30.80. Таң сәрі мезгілде
Жабықтан келіп бергені.
– Жыламаң, – деді, – жетімдер,
Қағазды ашып көр, – деді.
Ілия менен ананың
Көзі түсіп бұл қызға,
Нұрланып кетті төңірегі.
Хатты ашып оқыды
Ілия ханым зерделі.
Сонда Ілия сөйледі:
30.90. – Қуана бер, анашым,
Жауда қалған ақ көкем
Тұр ғой ертең келгелі. –
Деді дағы Ілия қыз,
Орнынан тұрады.
Қос батырға жүруге
Дайындады құланы.
Хан Орақтың ордасы
Арасы шалғай жер еді.
Жануар құла тұлпарың
3100. Ақ бөкендей желеді.
Кейбір жері шөл дала,
Кейбір жерін қарасаң,
Адырлы жусан дөң еді.
Хан Орақтың ордасы,
Қарасай, Қази – қос батыр
Қарашаштай ананы
Алыстан Ілия көреді.
Атын түсіп жетелеп,
Қасиетті орда деп,
– Біздердей мұңды нашарға
3120. Қамқоршы болып қорға, – деп,
Иіліп сәлем береді.
Қар бойындай қағазды
Қарасайға береді.
Қарасай деген бұл батыр
Қайсар батыр төре еді.
Сол уақыттары Қарасай
Асыл ердің баласы-ай,
Ішіндегі сәлемді
Үнсіз оқып көреді.
3130. Қарасай сонда сөйледі:
– Қази, Қибат, Қарашаш,
Қуанышты хабар бар,
Жүрегің қалай жарылмас.
Айналайын, Қазижан,
Біздерге сәлем арнаған
Басқа бөтен демеді.
Бұл хабарға қарасам,
Қолөткіл бар қолында,
Шынжыр тағып мойнына,
3140. Әділге деген керулі
Қызылбастың көгені.
Жарты алма сықылды
Хабарына қарасам,
Ер Әділдің жегені.
Қазижаным, әзірлен,
Тұтқында жатқан Әділді
Құтқарайық азаптан.
Бізден болар себебі
Біз екеуміз бармасақ,
3150. Жан ашыры кем еді.
Кешегі бір күндерде
“Басыма қиын іс түссе,
Қарасай, Қази жан достым
Алып шығар” деп еді.
Мен Ақташа ханға барайын,
Бұл көпті көрген көне еді.
Батасы қабыл қашаннан
Ақсүйек таза төре еді.
Бұл сапарға жорығым –
3160. Ер Әділді құтқару,
Сұрасам әскер береді.
Сөйдеді де Қарасай,
Үйден шыға жөнеді.
Ақташа ханға баруға
Ешкі тұяқ Қызыл ат
Тұлпарға ерді салады.
Орақтан қалған жасыл ту
Желбіретіп алады.
Ел сұлтаны төреге
3170. Салып жетіп барады.
Амандасып, көрісіп,
Ақташа ханды көреді.
“Әділден келген сәлем” деп,
Қарасай батыр береді.
Қар бойындай қағазға
Көз жүгіртіп шығады.
Тірілігін біліп Әділдің,
Нұрланды патша реңі.
Сонда патша сөйледі:
3180. – Оң болғай, – деді, – Қарасай,
Жүретін алыс сапарың.
Бабай Түкті Шашты Әзиз,
Әруақты атаң Едіге,
Өзіңнің әкең Орақ ер
Әруағы қонсын басыңа
Қасиетті атаның.
Қолыңды жай, шырағым,
Қызылбасқа барасың,
Оқ дарымас бойыңа
3190. Шапағатын көрерсің
Осы берген батаның.
Жасым жетіп бұл күнде,
Ағарды шаш пен сақалым.
Қарасай, Қази қарағым,
Тыңдамас халық айтқанды,
Кешегі сапар дұшпаннан
Жеңіліп халық қайтқан-ды.
Қайдан білсін Әділім,
Бұрынғы дәуір бізде жоқ
3200. Ел сұлтаны Ақташа
Деп айтылған атағым.
Жалғызды алып келгенше,
Қарасай, Қази батырлар,
Аман елге келгей, – деп,
Тілекші болып жатамын.
Елден жиып әскер ал,
Байтақ жатқан Қырымға
Өзің барып бұйым сал.
Кем дегенде он бес мың
3210. Болсын әскер қатарың.
Ақташа ханнан бата алып,
Қарасай батыр жөнелді.
Қырымды түгел аралап,
Осы еді батырың
Назарын салып көргені.
Астындағы Қызыл ат
Ақ көбік болып терледі.
Қанша елге келсе де,
Аттануға дұшпанға
3230. Жүретін емес өлсе де.
Тауы қайтып бәрінен,
Қайтты батыр теңселе.
“Қызылбастың сапары
Қазулы жатқан көр, – деді.
Жеті басты айдаһар
Барғаны қайтып келмейтін
Естіліп жатқан хабар бар,
Бізді жалмап жер, – деді.
Айдаһар демей не дейміз,
3240. Қырық мың әскер Қырымнан
Кешегі кеткен сапарда
Жиырма мың болды өлгені.
Ажалы жетпей дұшпаннан
Он мың еді келгені”.
Уайым айтып көп халық
Батырға әскер ермеді.
Ашуланып, долданып,
Алмас қылыш қолға алып,
Қанша батыр болсақ та
3250. Деп ойлады Қарасай:
“Абыройлы елге болмадық”.
“Қарашаш ана, Қази” деп,
Қарасай батыр келгені
Сол уақыттары толғанып,
Ақ жаулығын қолға алып.
“Орақ батыр, Мамайдай
Елге қамқор болмадық”.
– Қарасай, Қази қарағым,
Кел екеуің аттаның,
3260. Жатпаңыз үйде қорланып. –
Деді дағы Қарашаш
Балдарына сөйледі:
– Едігедей атаңның
Анасы еді Құралай.
Перінің қызы анаңыз
Ол “балам” деп ораған
Бар еді үйде жөргегі.
Жеті атаңнан бері қарай
Жоғалтпастай мұра деп,
3270. Сол еді көзім көргені.
Қарасай менен Қазиға
Екеуіне кигізді
“Едіге атаң исі” деп.
Мысалы сауыт сықылды
Алтын шайған өрнегі,
Сарғыш тартқан көйлегі.
– Жалаңаш жаумен соғысып,
Балам енді көр, – деді.
Бұл үйден шықпас мұра еді,
3280. Едіге атаң, Нұрадын,
Одан бергі хан Мұса,
Өзіңнің әкең Орақ ер,
Содан енді бері қарай
Сақтаулы үйде тұр еді.
Қарасай, Қази балдарым,
Сендерге әскер ермеді,
Сол себепті анаңның
Сендерге енді бергені.
Қызылбаспенен соғыссаң,
3290. Әруақ қысып бойыңды,
Тұла бойың терлейді.
Ұстайын десе қалың жау
Сені балам көрмейді.
Осылай деп Қарашаш,
Балдарға берді батасын.
Деді,-Балам, жатпағын,
Байлаулы тұлпар аттарың.
Қару-жарақ бәрі сай,
Кідірмей қазір аттаның.
3300. Жібектен тіккен қалта бар,
Түюлі азық заттарың.
Жеті атаңнан жеті асыл
Түюлі жатқан бұйым бар,
Сарыжаға тартар оқты алың.
Әділдің еріп қасына,
Олжалы қайтсын қапталың.
Жиырма күннің ішінде
Әділді алып келем, – деп,
Бәйбикеш пенен Ілияға
3310. Барып балам мақтаның.
Сонда Қази сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Сапарымыз оң болар,
Атадан қалған мұраны
Үстімізге жамылдық
Көрінбей жатқан үйдегі.
Қарашаштай анамның
Осы болды қарасам,
Тарыққан жерде есіркеп,
3320. Біздерге пайдаң тигені.
Ақ сүт берген анашым,
Ақылға кәміл данасың.
Жек көрмейді анасы
Өзінің туған баласын.
“Ер жетсін, – деп, – сәбиім,
Алтын бесік тербетіп,
Ақ бетінен сүйгені.
Кешегі барған соғыста
Алты күндей қан кешу.
3330. Жабылып бәрі атса да,
Дұшпанның оғы тимеді.
Шағылып тауып дұшпаннан
Әділ досым тұтқында
Алты арбаны сүйреді.
Құдайласқан досымды
Құтқарайын азаптан.
Қабырғам қаусап, күйреді
Аман болсам келермін,
Қазам жетсе өлермін.
3340. Шешесіне ер Қази:
– Анашым, беттен сүй, – деді. –
Деді дағы батырлар
Тұлпарына мінеді,
Сауыт-сайман киеді.
Сылти басып Қарашаш,
Қарасай менен Қазидың
Бетінен кезек сүйеді.
– Қарасай, Қази балдарым,
Оң болған, – деп,– сапарың,
3350. Қарашаш ана күледі.
Әділге аман қосылу –
Осы сапар оң болса,
Қарасай, Қази тілегі.
Қарашаш, Қибат батырлар
Қырымға қарай жүреді.
Ертең сәске болғанда,
Бәйбикеш ханым Ілияның
Ордасына келеді.
Әлқисса, Қарасай Қази, Қарашаш, Ақ Қибат, Бәйбикеш, Ілия бір-бірімен көрісіп, жамырасып, мұңдасып, мұңын айтқасын, екі батыр қызылбасқа шеру жол жүріп, ер Әділді азаптан құтқарып, елге алып қайту сапарына аттанады.
Қарасай, Қази – қос батыр
3360. Орақтың ұлы еді.
Қанша дұшпан келсе де,
Жаудан қайтпас жүрегі.
Хан Әділдің үйіне
Қарашаш, Қибат, батырлар
Сол күні жатып түнеді.
“Оң болғай, – деп, – жолымыз”,
Таң атқасын батырлар
Тұлпарына мінеді.
Жануар тұлпар қызыл ат
3370. Жер тебініп аршындап,
Қанатын жайып шұлғиды.
Сулығын шайнап қаршылдап,
Ұмтылды тұлпар өлеңдеп.
“Қызылбас жатқан алыс жол
Қашан барып көрем” деп.
Қарасай сонда сөйледі:
– Астымда тұлпар Қызыл ат
Олжалы болар сапарда.
Тап осылай ұмтылад,
3380. Тұлпарда түрлі өнер көп.
“Аман бол” деді аналар.
“Әділді ертіп қасыма,
Жиырма күнде келем” деп,
– Оң болғай, – деп, – сапарың,
Қарашаш сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Қарасай, Қази қарағым,
Орақтың туын қолға алып,
Беліңе ілдің жарағын.
3390. Әділге деген сапарың
Оң болғай басқан қадамың.
Ертең сәске болғанда,
Ақ шалмалы ақ сақал,
Балдарым, саған айтайын,
Кездесетін адамың.
Қолтығынан түйіншек
Алып, балам, ұсынар
“Дәм татың, – деп, – мынадан,
Татқайсың сонда тағамын.
3400. Осы айтқаным шын болса,
Қылаң тұлпар мінгені
Көрсетпес сізге ажарын.
Бет әлпеті сүрмелі
Ол – Құралай пері анаңыз.
Тарыққасын ұрпағы,
Түсіне күнде кіргені.
“Қол ұшымды берсем” деп,
Жолыңды күтіп жүргені.
Ұмтыл, балам, дегенде,
3410. Көздеріңді жұм, – деді.
Алты айшылық сапарың
Болады алты күн, – деді.
Өсиетін тыңдап ананың
Батырлар атқа “шүу” деді.
Қарасай, Қази тұлпары
Ұшқан құстай гуледі.
Екі тұлпар жануар
Табаны жерге тимеді.
Тұяғы тиген жерлерді
3420. Саз балшықтай иледі.
Екпіні күшті дауылдай,
Бір төбенің тозаңын
Бір төбеге үйгені.
Ертең сәске болғанда,
Оң болды ердің талабы,
Ілгері басқан қадамы.
Кездесе кетті алдынан
Қарашаш айтқан адамы.
Ақ шатыры күмістен,
3430. Жолын күтіп жүр екен
Келгендей сыйлы қонағы.
– Шөлдесеңіз, ұлдарым,
Қасыма келіп жақындап,
Емші, – деді, – маманы.
Бет әлпетін көрсетпей,
Қырын қарап жабады.
Белінде деңмерт белбеу бар
Алтын шайған тоғалы.
Қолындағы түйіншек
3440. “ Келің, балам, дәм тат” деп,
Ұсынған осы тағамы.
Қарасай, Қази ұмтылып,
Пісмілла, анам, деп,
Тілдеріне жағады.
“Көптен қалған нәрсе еді,
Шырағым, – деді,– шамалы.
Ал, балдарым, жүрің” деп,
Түйіншегін жабады.
Астындағы тұлпарлар
3450. Жұлдыздай болып ағады.
Батырлар мінген тұлпардың
Тимеді жерге табаны.
Ананың болды дегені
Бір жылғы азық болғандай
Тіліне сүйкеп жегені.
– Осы, балам, шын, – деді,
Көзіңді кәне жұм, – деді.
Ер серігі тұлпарлар
Ұшқан құстай гуледі.
3460. Алты айшылық сапарға
Алты күнде келгені
Қарасай, Қази батырдың
Мінген пырақ тұлпары.
Тұтқында жатыр ер Әділ
Қырымның патша сұлтаны.
Батырлардың кигені
Былғары қоныш саптама,
Жеті қабат ұлтаны.
Қарасай айтты: – Дем алып,
3470. Кешке қарай шабалық.
Көз ұйқыға кеткесін,
Қызылбасты құрталық.
Қалың қамыс нуы бар,
Жағалай жатқан суы бар.
Бұл жерлерде бар шығар
Айдаһар,жылан, қабаны.
Күн батқанша дем алып,
Түнге қарай шабалы.
Жасы үлкен мен едім,
3480. Менің інім сен едің,
Сыйлаған жақсы ағаны.
Мінгеніміз тұлпар ат,
Қолтығыңда қос қанат,
Қайтпас болат тағалы.
Бұл сөздерді есітіп,
Інісі Қази батырдың
Ашылмады қабағы.
Соныменен батырлар
Тау жағалай шабады.
3490. Өздеріне мәлім жер
Жалғыз аяқ тар жолды
Көп кешікпей табады.
Сонда Қази сөйледі:
– Қарасай батыр, сен өзің
Туған ағам болсаң да,
Батыр емес қорқақсың.
Түнге қарай шабам, – деп,
Болып тұрсың шамалы.
Ел ұрысы қарақшы,
3500. Түнге қарай жортатын
Ол адамның қорқақ жаманы.
Батыр болсаң, Қарасай,
Бұл ақылың істелмес.
Күн батқасын қызылбас
Біздерге енді күш бермес,
Жолдың аузын жабады.
Қарасай аға, сен өзің
Өнемейін түн дейсің.
Сен батыр емес, нашарсың,
3510. Өз мініңді білмейсің.
Батыр болсаң, Қарасай,
Күндіз неге тимейсің? –
Деді дағы ер Қази,
Шұбар атқа мінеді.
Орақтың туын қолға алып,
Шұбалаңдап желеді.
Тас өткелдің аузына
Салып жетіп келеді.
Қырық нарменен сүйреткен
3520. Қақпақ тасы бар екен.
Алаулаған дұшпанның
Тапқан айла-амалы –
Жолдың аузын жабады.
Қақпақ тасты көргенде,
Сонда Қази сөйледі:
– Жалғыз аяқ тесік жол,
Ерлерге мүшкіл кесір жол.
Аударайын қақпақты,
Кетпесе әруақ бойымнан.
3530. “Өте алмас, – деп, – бұл жолдан,
Біздерге бола қойылған.
Осыны айтып ер Қази,
Келген беті енді еді.
Тұла бойда міні жоқ,
Арыстан пішін шекелі,
Болмас сөздің бөтені.
Ұмтылғанда қарленіп,
Жайылды ердің етегі.
Жұлып алып қақпақты
3540. Айналдырып басынан,
Жітіргенде алыстық
Жүз аршын жерге кетеді.
Қарасай, Қази – қос батыр
"Орақ" деп ұран шақырып,
Жолды бұзып өтеді.
Дербент деген қала екен –
Қызылбас қорған мекені.
Жалғыз аяқ тар жолға
Қырық аршын қала салынған
3550. Бұл шәһардың шеті еді.
Қарасай, Қази – қос батыр
“Орақ” деп ұран салғанда,
Қалада жатқан қызылбас
"Құтқар енді Алла"деп,
Дербентке қашып кетеді.
Екі батыр қосылып,
“Орақ” деп ұран салады.
Орақ деген дауысы
Айшылық жолды алады.
3560. Күркіреген дауысы
Күншілік жерді алады.
Екі тұлпар жануар
Тимеді жерге табаны.
Тас-талқан болып бұзылды
Қызылбастың қамалы.
Қарсы келген көп дұшпан
Түйдек-түйдек қырылды.
Таңғажайып іс болды,
Өлшеулі дәмі таусылып,
3570. Жеткендей болды ажалы.
Қызылбасқа тап болды
Өлімнің қармақ базары.
Екі күнгі соғыста
Қарасай, Қази – қос батыр
Тірілей қолға түскенін
“Тауып бер, – деп, – Әділді”,
Ұстап алып сабады.
Бір қызылбас көлденең:
“Батырлар, тағам татың” деп,
3580. Ұсынған қолда табағы.
Қызылбас сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Қарасай, Қази – қос батыр,
Алдыңда қауіп ажал бар,
Жан қоймайтын тажал бар.
Осы болды батырға
Қызылбас айтқан хабары.
Әшке деген батыр бар
Кеудесі темір, басы тас,
3590. Орта жері шандыр бас.
Кірпіктері найзадай,
Салбырап жатқан қабағы.
Он бір өгіз, қырық қой
Бір күнде жейтін тамағы,
Бес қаруын асынған
Пайдам тиер, өлтірме,
Білгенімді жасырман.
Атан түйе беліндей
Көтерген қолға садағы.
3600. Қарасын дәудің баласы
Арыстан дейтін батыр бар.
Оқ дарытпас тәніне,
Кездесерсіз батырдың
Күш бермес үлкен нәніне.
Әлің жетпес алыспа,
Бұл – тажалдың үлкен жаманы.
Осы хабарды айтты да,
Ғайып болды көзінен
Қызылбастың адамы.
3610. Қарасай, Қази – қос батыр
Қызылбастың ішінен
Әділ досын қарады.
Көк найзасы қолында,
Қылышпенен шабады.
Күн батқасын батырлар
Тұлпарларын қаңтарып,
Жатып демін алады.
Ертең сәске болғанда,
Тарылды жердің танабы.
3620. Қарасай, Қази – қос батыр
Жан-жаққа көзін салады.
Тау тұмсығы шоқыдай
Қозғалады қос қара.
Таң қаларлық масқара
Арыстан батыр, Әшке.
Қарасай сонда толғады:
– Айналайын, Қазижан,
Қызылбастың елінің
Жіберген осы қонағы.
3630. Келе жатқан екі дәу
Кеудесі темір, басы тас
Есіткен хабар манағы.
Айтып ауыз жұмғанша,
Жетіп келді қызылбас.
Жер қайысқан қолменен
Әшке батыр ақырды.
Қарт бурадай шабынып,
Қарасайдай балаға:
– Жекпе-жекке кел, – деген,
3640. Кәне, батыр, бол, – деген.
Әуелгі кезек менікі,
Жасым үлкен ағамын,
Осы болар жол деген.
Сонда Әшке сөйледі:
– Тегімізді сұрасаң,
Қызылбас жатқан ел едік.
Өкінбедік өткенге,
Бұрынғы келген сапарың
Мұның қалай демедік.
3650. Кездесе қалса ноғайлы,
Кескілеп етін жеп едік.
Қаңғырып келген қос жетім,
Басың сауға, аман қайт,
Ат қаруың біздікі,
Арғы атаң сенің Едіге
Өләруақты жеп едік.
Алыссаң әлің келмейді,
Біз сан жеткісіз көп едік.
Қарасай бала, сен сөйле,
3660. Айтқаныңа көнелік.
Осы болды, шырағым,
Бізден кеңес төрелік.
Ойлағаның оң болмас,
Қалған бәрі көнеріп.
Жер астынан жек шығып,
Тамырыңды қияйын
Жетіскен болсаң көгеріп.
Қарасай сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
3670. – Арғы атам менің – Едіге
Өзімнің әкем – Орақ ер
Ата жауын жаулаған.
Мен сол ерлердің тұқымы
Бір бағыттан аумаған.
Батырсың ба, қызылбас,
Алдыңда тұр, асықпа,
Ажалдың қақпан көгені.
Менің әкем ер Орақ
Сендей сасық дәулердің
3680. Басын кесті деп еді.
Қаласын өртеп, күл қылып,
Батыр, ханын құл қылып,
Өлерінде ер Орақ
Қаласын шапсын деп еді.
Бір арманы осы еді,
Әкенің болар дегені.
Әшке батыр, әзірлен,
Қаһарланып ұмтылсам,
Сендей дұшпан өледі.
3690. Олжа беріп ат-тоңды
Сыйламан сендей немені.
Әшке батыр, көзіңді аш,
Алдыңдағы қос жетім
Жан алғыштың өзі еді.
Сөйдеді де Қарасай,
Батырға берді кезегін.
Сол уақыттары Әшке
Ашуланып қарленді,
Айдаһардай зәрленді.
3700. Бірінші кезек жолды алды,
Жауар бұлттай торланды.
Қос жетімнің сөзіне
Өлердей жаман арланды.
Піл көтермес шоқпарды
Сонда батыр қолға алды.
Қарасай батыр сол жерде
Қасқайып қарап тұрады.
“Қор қылма, – деп, – дұшпанға,
Алладан пәрмен сұрады.
3710. Сол уақыттары қара дәу:
– Өлер жерің осы, – деп,
Шоқпарменен ұрады.
Жылдамдығы соншама,
Қызылбастың батыры
Садағын кезеп тартады.
Қарасайдай батырдың
Дал-дүл болды қалқаны.
Ат артына сүйрету
Қолында ұзын арқаны.
3720. Қарасайдай батырдың
Басын кесіп алуға
Рахымсыз бұл дұшпан
Оңтайлады балтаны.
Қарасайға жібермей,
Көрінбейді көзіне,
Желкеден біреу тартады.
Әшке деген батырдың
Әр жерге кеткен атағы.
Шоқпарменен ұрғанда,
3730. Сол уақыттары Қарасай
Ақыл-естен айрылып,
Ат жалын кұшып жатады.
Жануар тұлпар Қызыл ат
Тізеден жерге батады.
Есін жинап Қарасай,
Көзін ашып қараса,
Қызылбас тұрған алқынып,
Сілтеуге қылыш талпынып.
Сол уақытта Қарасай:
3740. – Кезегімді бер, – деді,
Әлін білмес сасық құл,
Қайратымды көр, – деді, –
Деді дағы Қарасай,
Әруағы тасып өрледі.
– Жаның кетсін жаһаннан
Обалың жоқ, өл, – деді.
Сыбағаңды берейін,
Берегірек кел, – деді –
Деді дағы Қарасай,
3750. Оғын салып кіріске,
“Дәл кіндіктің тұсы” деп,
Тартты батыр жебені.
Батырдан өтіп сұр жебе
Аударды барып төбені.
Тау тұмсығы шоқыдай
Аударылып атынан
Әшке батыр өледі.
Бір батыры өлгесін,
Ортаға шықты атпенен
3760. Қарасын ұлы Арыстан.
Ер Қазиға ақырды:
– Жақында, – деп, – алыстан
Қызылбас, қалмақ, ноғайға.
Батырлығым танылды.
Ат-тоныңды шешіп бер,
Алармын қазір жаныңды.
Көп сөйлесіп таныспан,
Сырласар досың көк сүңгі.
Қынаптағы қылышпен
3770. Жаның кетер жаһаннан
Болсаңда, батыр, данышпан.
Жарасын патша әкеміз!
Ноғайлының хандарын,
Шырқыратып хандарын,
Табанға салып жанышқан.
Сендей есер-жарымды
Тай-құлындай бауыздап,
Ел-халқыңды талқандап,
Аударсам еді қоныстан.
3780. Осыны айтып ісінді
Дәу перідей пішінді.
Қаңғырған сендей жетімге
Көрсетермін күшімді.
Шоқпарменен ұрғанда,
Бас сүйегің ұн болар,
Сындырсам азу тісіңді.
Айбарын төкті қарленіп
Қарасын ұлы Арыстан.
Сонда Қази сөйледі,
3790. Сөйлегенде бүй деді:
– Асықпа, батыр Арыстан,
Көрсетермін көріңді,
Жеткізермін өлімді.
Қонысынан аудару
Қолыңнан келмес, сасық құл,
Қырымда жатқан елімді.
Тапқанша Әділ досымды
Талқандармын жеріңді.
Анықтап қара, қызылбас,
3800. Жан алғышың мен болам.
Әзірлеп қойдым алдыңа
Жататын қабір-көріңді.
Құтылмассың сен бүгін
Қарт бурадай шабынып,
Көбігіңді шашсаң да.
Білгеніңді аяма,
Қапыда кеттім дерсің сен,
Жүрексініп жасқанба.
Алдымда тұрған қызылбас,
3810. Құтылмассың қашсаң да.
Бірінші кезек сенікі,
Әзірлен енді, батырым,
Ұрысыңды бастарға.
Сөйдеді де ер Қази,
Қасқайып қарап тұрады.
“Әлін білмес неме” деп,
Салармын найза жебелеп.
Айрылар еттен сүйегің,
Мен жітірсем аспанға.
3820. Сол уақыттары болғанда,
Арыстан батыр толғанды,
Көк найзасын қолға алды.
“Абыройым үстем болғай” деп,
Ілгері қарай қозғалды.
Бірінші кезек жолды алды,
Найзағай ойнап көзінен,
Жауар бұлттай торланды.
Шауып өтіп тұсыннан,
Шоқпарменен бір салды.
3830. Арыстандай батырдың
Қайрат күші артады.
Тұла бойдан әл кетіп,
Қази батыр қорқады.
Соққысы қатты болғасын,
Сүрініп барып түзелді
Қазидің мінген тұлпары.
Көзін ашып қараса,
Ортасынан бөлінген
Қолындағы қалқаны.
3840. Әшке батыр өлгенсін,
Қызылбас ері Арыстан
Өлтіруге Қазиды
Бар айласын істеген.
Шоқпарменен ұрғанда,
Ұмтылып еді күшпенен.
Сынса да қорған қалқаны,
Қази аттан түспеген.
Қазидың келіп қасына:
– Өлмей қалдың, сен, қалай,
3850. Тигенде шоқпар басыңа?
Арыстан батыр ақырды.
Басыңды көтер, бері қара,
Ер кезегі үш деген.
Әшке дәудің жолына
Құрбандық қылып шалам, – деп,
Атыңнан қазір түс деген.
Алыссаң әлің келмейді,
Жеті мүшең қираған,
Енді сені сыйламан.
3860. Назар салып қарасам,
Кетті ме бойдан қайратым.
Бір ұрғаннан жақпадым
Айбарым күшті ер едім.
Адам емес перісің,
Қорқып менен ықпадың.
Арыстан батыр толғанды,
Қара басын қорғауға
Қалқанын батыр қолға алды.
Қызылбас батыр арланып,
3870. Өзіне-өзіне өкпелі.
– Келіспеді сапарым,
Бойымда қайрат көп, – деді.
Арғы тегім – ақсүйек
Белгілі ата-тек, – деді.
Орақ, Мамай дегенің
Адам емес пері ме?
Алдымда тұрған балаға
Қалай әлім жетпеді?!
Жын пері демей не дейін,
3880. Мың кісіге бір өзім
Айтулы ердің өзі едім.
Қарасындай патшаның
Жарық сәуле көзі едім.
Әшке дәуден айрылып,
Басымыздан бақ тайып,
Кеміген шығар беделім.
Қази батыр қайратты,
Айдаһардай айбатты.
Әлім келмес алыссам,
3890. Бет алды қатты, сеземін.
Арыстан сонда ақырды:
– Қази батыр, жолыңды ал,
Келеді, – деді, – кезегің.
Қази сонда толғады,
Қорамсапқа қол салды,
Бір салғанда мол салды.
Көп оғының ішінен
Суырып алған сұр жебе
Көп оғына жол салды.
3900. Садағын алып қолына,
“Қақ жүректің тұсы деп,
Өлер жерің осы” деп,
Әруағына сиынып,
Тартты батыр жебені.
Қақ жүректен шаншылды,
Қазидың болды дегені.
Қызылбас аттан құлады,
Он бес қойдың терісі
Басына киген тұмағы.
3910. “Асқар таудай күшім” деп,
Өзіне сенген неме еді.
Сол уақыттары болғанда,
Екі батыр өлгесін,
Қызылбас салды ұранды.
Жүз мың екен әскері,
Көбейіп басы құлады.
Қарасай, Қази – қос батыр
Қайтпады жаудан жүрегі,
Маңдайын жауға тіреді.
3920. Күн шығыстан Қарасай,
Күн батыстан ер Қази
Екі жақтан кіреді.
Батырлар салды ұрысты,
Жау-жарағы бәрі сай
Сілтеді жауға қылышты.
Ұрысса да неше күн
Батырлар әлі тынысты.
Қылыш сермеп, оқ атып,
Кездескен жауды құлатып,
3930. Ілгері қарай жылысты.
Қарасай, Қази – қос батыр
Ер Әділді іздеді.
“Табылар, – деп, – қай жерден,
Тіміскелеп қарады
Қараңғы зындан бұрышты.
Қарасай менен Қазиды
Тірілей ұстап алуға
Бірнеше күн соғысып,
Қызылбастар тырысты.
3940. Алты күнгі соғыста
Қара тұман түн болып,
Қылыш сермеп оқ ату.
Кездескенін аямай,
Найзаменен құлату.
Танымады бір-бірін,
Жақын-жуық туысты.
Бір ұрттам суға зар болып,
Қайғы-қасірет у ішті.
“Қарасай менен Қазиға
3950. Бағындық” деп батырлар,
Алаулаған қызылбас
Қару-жарақ бәрі жоқ,
Қол көтеріп тұрысты.
Бағынғасын қызылбас,
Батырлар сонда тұрысты.
Қызылбасты көндіріп,
Тоқтатты ерлер ұрысты.
Қынабына салады
Қанжарменен қылышты.
3960. Бағынғасын ант беріп,
Қази сонда толғады:
– Қарасай аға, құлақ сал,
Қызылбас жауы жеңілді
Тұр ғой мұны көз көріп.
Әділ достан хабар жоқ,
Өлі-тірісін сезбедік.
Басымыздан бақ тайып,
Кетті ме заман өзгеріп.
Табылмады ер Әділ,
3970. Алты күндей іздедік.
Әділді тауып алалық
Өлді деп күдер үзбелік.
Қайда барсақ жол ашық,
Батыр, ханын өлтіріп,
Ел басшысын тіздедік.
Әділді тауып алайын,
Қарасай аға, екеуміз
Жауға болар біз бе едік?
Бір күн жатып дем алып,
3980. Батырлар қалды тыңайып.
Іздегенмен неше күн
Таба алмады Әділді.
Батырлар тұрды мұңайып,
Қарасай айтты сол жерде:
– Қарағым, Қази, бері кел,
Тау басына шығайық.
Әділді тауып қайтпасақ,
Құр алақан, бауырым,
Болмас деп тұрмын лайық.
3990. Керемет-ті аталар,
Әділді тауып бізге бер,
Табуға жоғын іздеңдер,
Кел өләруақты сынайық.
Әділ досын таба алмай,
Екі батыр тарықты.
Өлі-тірісін сезе алмай,
Күдерін үзіп жалықты.
Келе жатса қос батыр,
Алыстан көрді жарықты.
4000. “Бұл қалай?” деп таң қалып,
Қасына жетіп барыпты.
Сәлем беріп үңілсе,
Отырған жылап бір әйел.
Қорлық көрген дұшпаннан
Жақ сүйегі сорайған,
Көп азап көрген арық-ты.
Қарасай, Қази ойланды
Күні кеше халыққа
Тегін олжа бергенде,
4010. Көзге түспей қалыпты.
Жылаған әйел түрегеліп,
Батырға өзін танытты:
– Екі батыр, қарағым,
Он сегіздей жыл болған
Қарасын батыр қызылбас
Шауып қайтқан сол кезде
Біздің шәһар халықты.
Екі батыр, ала кет,
Ноғайлы еді тегіміз,
4020. Өтірік емес анық-ты.
Жиырма жыл көрдім азапты,
Ноғайлы болсаң, балдарым,
Шам-шырағым жаныпты.
Ұмытып кетпей есіңе ал,
Дұшпанды жеңген батырлар,
Біздердей мүшкіл қаріп-ті.
Қарасай, Қази балдарым,
Батырлығың танылды.
Ар жағында он қала,
4030. Бер жағында он қала,
Ортасында бір қала,
Қарауыл қала сол қала
Нән де дұшпан сонда екен.
Көз жіберіп қарасам,
Тас талқан болып жаныпты.
Қарасай сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Он сегіз жылдан бері қарай
Пенде болған дұшпанға
4040. Алдымда тұрған анамыз
Іздегенім ер Әділ –
Қырымның ханы, сұлтаны,
Хабарың бар ма есіткен,
Бізге айтып қарашы?!
Пенде болған мүсәпір,
Ақ сүт берген шешедей
Өлгенше сізді бағамыз.
Бағуыма көнбесең,
Апарайын еліңе,
4050. Болса бала-шағаңыз.
Бізге, ана, шыныңды айт,
Жеті басты жалмауыз
Кездессе де алдымнан
Қылышпенен шабамыз.
Бой бермеспін дұшпанға,
Арғы атам Едіге,
Одан туған Нұрадын,
Сермеген жауға құралын.
Өзімнің әкем хан Орақ
4060. Қиыншылық кездессе,
Қолдаушы еді бабамыз.
Сол уақыттары болғанда,
Қаріп кемпір сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Әруақты ердің тұқымы,
Екі балам, таныстың.
Жолың болар бізбенен,
Әділің аман, шырағым .
Сүйіншіңді бере бер,
4070. “Қырымнан әскер келер” деп,
Күдерін сізден үзбеген.
Алмас зындан ішінде
Адам таппас құпия
Табарсың, балам, досыңды.
Әділің сонда іздеген.
Анау жатқан қара жол
Қорқынышты, мықты бол!
Табарсың алмас зынданды
Бұрылмай барсаң ізбенен.
4080. Алғыс айтты Қарасай:
– Рахмет, ана, – деп.
Көмектестіңіз тар жерде
Болармыз сізге бала деп.
Қол ұшын берді тар жерде
Пенде болған анамыз.
Ел сұлтаны болғандай
Ақылға кең дана деп.
Қарасай, Қази қуанып,
Әділ досын тапқанға
40.90. Толғана мойын бұрады.
– Батаңды бер, қәріп, деп,
Кемпірден бата сұрады .
– Балдарым, қолың жайың, – деп,
Берер батам дайын, – деп.
Күндіз күнің нұрланар,
Түнде жарық айың, – деп.
Сол уақыттары батырлар
“Әумин” деп қол жайды,
Көңілі нұрға толады.
4100. Іздегені табылып,
Болмады ердің алаңы.
“Сау бол” деп мойнын бұрғанда,
Көрмеді қәріп ананы.
Ғайып болды көзінен
Қәріп кемпір манағы.
“Сілтеген бағыт осы” деп,
Қарасай, Қази – қос батыр
Қара жолменен шабады.
Табылар, – деп, – ер Әділ,
4120. Қос батырдың ашылды
Қайғылы тұрған қабағы.
Қарасай, Қази қуанды
“Әділің аман тірі” деп
Естілгесін хабары.
Әділдің жатқан зынданын
Көп кешікпей табады.
Бастырулы қақпағын
Қази батыр сол жерде
Ашуменен жұлып алады.
4130. Жұлдызы туып оңынан,
Оң болды ердің талабы.
– Тірімісің Әді? – деп,
Жоқ болғасын дыбысы
Белінде қанжар, қылышы
Қарасай айқай салады.
Ішіне жарық түссе де
Онда да дыбыс болмады.
Ызаланып сол жерде
Қарасай батыр толғады:
4140. – Миллион дұшпан қырсам да,
Басыма бақыт қонбады.
Бір өзің үшін қан төктім,
Қылыш сермеп, оқ атып,
Тізеден қан кешсем де,
Әділім аман болмады.
Тірі болсаң, жан досым,
Тірлігіңді білдірмей,
Жатырсың, досым, нағылып?
Лебізіңді естиін,
4150. Келіп тұрмын сағынып.
Әуелгі келген сапарда
Сені іздеп табам, – деп,
Он жерімнен оқ тиіп,
Қайтып едік шабылып.
Екінші сенен хат алып,
Тірлігіңді білгесін,
Шыдап нағып жаталық,
Келіп тұрмыз сабылып.
Қызылбастың елдерін
4160. Күл талқан қылып қираттық.
Алаулаған қызылбас
Пенде болды бағынып.
Іздеп келген досың бар,
Қозғалсайшы орныңнан,
Жатырсың, досым, нағылып?!
Сонда Әділ сөйледі:
– Қарасай, Қази достарым,
Қолөткіл бар қолымда
Шынжыр таққан мойныма,
4170. Көтертпейді бастарым.
Шығарыңыз зынданнан,
Мойныма таққан тасты алың.
Бұл зынданда қауіп бар,
Шығар жолы қиын-ды.
Үзілмес арқан тауып сал,
Тәуекелге бастадым.
Көзімнің алды іріңдеп,
Көрсетпейді аяқ жол.
Жеті жылдан бері қарай
4180. Қиысқан баста шаштарым.
Тісімменен тістейін,
Иегімменен күштейін,
Қанеки, арқан тастағын.
Аман шықсам зынданнан,
Айтармын сөздің астарын.
Тірлікке ортақ жаным бар.
Қарасай, Қази батырлар,
Астана, халық аман ба,
Ел қамқоры достарым?!
4190. Қарасай, Қази сол кезде
Шылбырға шылбыр жалғады.
Қарасай менен Қазидың
Жанына қатты батады
Ел сұлтаны Әділдің
Зынданға түсіп қалғаны.
Шығарғанша Әділді,
Тастамады аузынан
“Досым аман болғай” деп,
Бір жаратқан Алланы.
4200. Тастаған шылбыр дәл барды
Ер Әділдің тісіне,
Бұрылып қауға аумады.
Қайраттанды ер Әділ
Қызылбаспен соғысқан
Мысалы болып саудағы.
Сол уақыттары ер Әділ
Келген арқан шылбырды
Салды азу тісіне.
– Тартың – деді, – достарым,
4210. Үзілмес деді арқаның.
Қайта түсіп кетпейін
Қараңғы зындан ішіне.
Екі батыр саумалап
Ер Әділді шығарды.
Шығармасын нағылып,
Іздеген досын сағынып.
Қарасай менен Қазидың
Жан шыдар ма күшіне.
Зынданнан шығып алғасын,
4230. Қосылысып үш батыр
Амандасты көрісіп.
Пенде болған ер Әділ
Алғыр сұңқар қыраны.
Елі-халқы, байтағын,
Анасы менен Ілияны
Мұңайып Әділ сұрады.
Қолымда бар қолөткіл
Бұзасыңыз қала, – деп,
Талықсып батыр құлады.
4240. Сол уақыттары ер Қази
Әлсіреген досының
Аузына сусын бергенде,
Орнынан Әділ тұрады.
Бұзайын, – деп, – кісенді,
Қылыш салып кеседі.
Қылыштың жүзі қайырылды,
Қандай мықты десе де.
Сол уақыттары Қарасай
“Бұзайын, – деп, – кісенді”,
4250. Қолыменен бұрады.
Әділ сонда қарленді,
“Тоқта, – деді, – достарым”,
“Я, пірім” деп ұмтылды,
Таусылып ердің шыдамы.
Алмас кісен қолдағы
Быт-шыт болып сынады.
Кісеннен қолы босанып,
Сол уақыттары ер Әділ
Қарасай, Қази досымен
4260. Құшақтасып сүйісті,
Төсіне-төсі тиісті.
Мауқын басып батырлар,
Ойланды елге қайтуды.
Сонда Қази сөйледі:
– Елге жылдам жүрелік,
Жолымыз шалғай құм, – деді.
Белес-белес белі бар,
Адырлы биік шың, – деді.
Жиырма күнде келем, – деп,
4270. Уәде бердік ханымға
Өтірік емес, шын, – деді.
Екеумізге бір тұлпар
Әділ досым, қанеки,
Кел артыма мін, – деді.
Сонда Әділ сөйледі
Сөйлегенде бүй деді:
– Ат артына мінгендей
Сатып алған құл емен.
Ашуланып ер Әділ
4280. Тұлпарына мінбеді.
Ат артына мінгендей
Мені, досым, кім дедің?
Батыр болсаң, ер Қази,
Жеті қабат қорғанда
Байлауы тұрған атым бар,
Әкеліп соны бер, – деді.
Соңына еріп жүргендей
Мен қорлыққа көнер ер ме едім?
Досынан Қази сөз естіп,
4290. Ұялып батыр қысылды.
Астындағы Шұбарды
Жеті қабат қорғанға
“Шүу” деп батыр ұшырды.
Кездессе дұшпан қорғанда
Көк найзаны зулатып,
Талайға салды қысымды.
Қызыл атты бермеуге
Кездесті қырық күзетші.
Қанша дұшпан келсе де,
4300. Қылыш сермеп, оқ атып,
Талайын аттан құлатып,
Мазақ қылып ер Қази,
Шала жансар тастады
Шырқыратып, жылатып.
Біреуін көзге ілмеді.
Тұлпарды алып қорғаннан,
Жетелеп батыр келеді.
Қазидың келіп тұрғанын
Қарасай, Әділ білмеді.
4310. Қырымның ханы, жан досым,
Тұлпарың мынау мін, – деді.
Сонда Әділ қараса,
Ер-тұрманы сары алтын
Сулығын шайнап Қызыл ат,
Бес қаруы ілулі,
Тұла бойы бәрі алтын.
Риза болып Қазиға,
Сонда Әділ күледі.
“Бағымды, Алла, ашқай” деп,
4320. Тұлпарға Әділ мінеді.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру