Ағарту асуында
Тұрар Жалғасбайұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Ағарту асуында
Тұрар Жалғасбайұлының бастан кешкен оқиғалары, баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары, қолжазбалары және ол жөнінде естеліктер
І ТAPАУ. БАБАНАМА
ЖАНЫМДА ЖАТТАЛҒАН ЖАУҺАР ЖЫР – МҰРАЛАР
Үстіміздегі ғасырдың соңғы 85 жылының қонағы болуым мені азды-көпті көрген, естіген, басылымдардан оқығандарымның куәсі етті. Арғы-бергіде өмір сүрген Абыл, Нұрым, Аралбай, Ақтан жыраулар халық арасында жоғары даңққа бөленгенімен, мен естіген шығармалары өте аз. Өмірінің аяғы осы ғасырға енген Қашаған Күржіманұлы мен бүткіл өмірі және шығармалары осы кезде жарық көрген Сәттіғұл Жанғабылұлы туралы да осылай дер едім. Дегенмен, сол жадымда қалған азғана жауһар мұраларды халық игілігіне ұсынғанды жөн көріп отырмын.
ҚАШАҒАН АҚЫН ХАҚЫНДА
Қашаған ақын жасаңдау шағында базаршыларға ілесіп («Қалашының түстім сүрлеу жолына»), Көкжар жәрмеңкесіне (Ойыл мекеніне), Ресей саудагерлерінің сатып алған малдарын айдасып, Еділ бойындағы қалаларға дейін барды. Ол осы сапарларын өлең-жырмен баяндап, мұны «Ақындық жолға түсуімнің басы» деп көрсеткен. Сол кездерде шығарған:
Самарға барып біз тұрдық,
Бір ай сонда қой қырдық.
Бұхрау деген қалада
Жаман ауру тап болып,
Ақлиф деген ағашқа
Басымды қойдым сүйеніп, -
деп келетін жыр жолдары - осының айғағы. Одан әрі Қашекең былай деп баяндайды: «Қалған қойды жайып жүріп, түскі күйісінде қалғып кетіппін. Бір мезгілде ақ киінген қария келіп:
Басыңды көтер, ұйқыңды аш!
Өнер бердім, қойныңды аш!
Қабыл алсаң батамды,
Таяғыңды таста, қойдан қаш! -
дегені.
Көзімді ашсам, ешкім жоқ. Мең-зең болып отырғанымда, ерттеулі жетегі бар салт атты келіп, «Қаланың ауқатты адамдары: «Демалыс жиынына сені әкел» деп жіберді», - деді.
«Шақырып жатыр» деген соң,
Үзеңгіге салдым шарқ аяқты,
Беліме қыстырып алдым шоқпар таяқты.
Әр мырзаға сөз арнап,
Құралында соның жырладым.
Олар да мені сыйлады,
Алдыма ақша тастады.., -
дейді Қашекең.
Мұны да, бұдан кейінгі жарияланып отырған өлең-жырларды да отызыншы жылдардың бірінші жартысында Сынабай Қоңырұлы, Бекқожа Қоштайұлы, Айса Рабайұлы, Бүркітбай Керелбайұлы, Қазихан Нұрғазыұлы, т.б. жыршылардың кешкілікте жиналған ауыл адамдарының арасында айтқандарынан жадымда қалғандарынан жазып отырмын. Олардың авторлары да, жыршылар да бұл фәниден бақиға көшіп кеткені белгілі. Ал кеңестік дәуірдің 70 жылында мұндай мұхит-мұралардың айтылуы үзіліске ұшырағаны құпия емес. Биылғы 1999 жыл «Халықаралық қарт адамдарды қорғау жылы» және «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы» жылы деп аталып отыр. Осыған байланысты өзім білетін үзінділерді халық назарына ұсына отырып, бұлар туралы толығырақ білетін азаматтар болса, жадында қалғандарын жазып, ұлттық әдеби қазынамызды байытуға үлес қосқанын орынды санар едім.
СӘТТІҒҰЛ АҚЫН ЖАЙЫНДА
Сәтекеңнің мұсылманшылықты насихаттаған жырларының ішінде отызыншы жылдардың басында жыршылардың айтып жүргендерінен жадымда қалған үзінділер мыналар:
Жаралғаннан бері қарай,
Болған екен заманның
Ауыс-ауыс әр түрі.
Сапырған мұхит-теңіздер –
Топанның қалмыш сарқыны.
Хазірет Нұхтың
Уақытында су тасып,
Көкке толқын шарпыды,
Таулардан асып, шалқыды.
Жер жүзінің айнала
Ашығы қалмай, қалқыды.
Кемеге мінген болмаса,
Жоқ қылып еді жалпыны.
Кәпірлердің сол күнде
Таусылды қалмай тамтығы.
Мұсылман, кәпір болғалы
Келе жатыр кегімен
Араның суық салқыны.
Мәриямұлы Айсаның
Алты жүз жылдай артынан
Меккенің араб халқынан
Бір хан келді пәрменді.
Күллі адамның ішінде
Ұлығы болған Аллаға
Әмбиелер еді артығы.
Сол әмбиенің ішінде
Баршасынан абзалы
Мұхаммед еді алтыны.
Ең әуелі жаралып,
Нұры бұрын балқыған.
Ақ расул Мұхаммед
Дүниеге келген соң,
Бүтіндеп еді жартыны.
Қураған бақтар қайтадан
Көгеріп, көктеп, дәнденді.
Жәбірейіл жетісіп,
Алласын берді жәрдемді.
Мұсылманның діндары
Әбу-Бәкір бас болып,
Ғұсман, Ғұмар, Ғалилер
Төртеуі иман келтіріп,
«Құдай - бір, Құран - шын» - деді.
Кәпірлердің бұл сөзге
Көңілі нанбай, күлгені.
Әбу-Жәһіл бас болып,
Пайғамбар расулының
Дәрежесін күндеді.
Ғазіреті сал Алла
Таққа отырып қырқында,
Патша болып, дүрледі.
Жиырма үш жылды тәмамдап,
Алпыс үш жастан артылып,
Ол да дәурен сүрмеді.
Мұсылманның баласы,
Құдайды «бір» деп біліңіз,
Ғибадат, тағат қылыңыз.
Қанша айтқанмен, болмайды
Бір Алласыз күніміз.
Өзі ғафу етпесе,
Толып жатыр мініміз.
Кең дүние қалған күн,
Тар лахатқа түскен күн
Қараңғы қабір - ініміз.
Келгей-дағы сол кезде
Кәлимаға тіліміз.
Сегіз жұмақ салынған,
«Құдай деген құлға» деп.
Азғырушы шайтан тұр:
«Арылмайтын күнәға
Бастарыңды былға» деп...
ӘБІЛХАН АҚЫН ТУРАЛЫ
1928 жылдың жазында Адай округі ажырап, жаңа құрылған Маңғыстау ауданы Гурьев округіне қараған-ды. Осы күзде Маңғыстау аудандық конференциясы сайлаған делегаттармен бірге үкімет өкілі Шәбден Ералиев округтік конференцияға қатысу үшін моторлы кемемен Гурьевке шығады. Ол Каспий айдынына шыққан түні белгісіз себеппен жоқ болып кетеді. Гурьевтің заң органдары кемедегілерді қатаң тергеуге алып, жеті кісіні (екі орыс, бес қазақты) жазаға тартады. Жазаланғандардың ішінде Әбдіхалықов Әбілхан, Ешімов Әбілхан, Қарабалаев Сағындық және Сәдімек пен Жетімектің екеуі не біреуі болса керек. Осы оқиға туралы Әбілхан Әбдіхалықов 1929 жылы бірінші бөлімі баяндау, екінші бөлімі қайғылы зар-толғауын жазады. Оның кейбір үзінділері мынадай болып келеді:
Өткен жылдың күзінде
Моторға міндік жағадан.
«Округтік жиылыс» деп,
Отызға жуық көп адам
Теңіз тереңіне шыққан соң,
Гүрілдей соққан толқында
Бас айналып жатқанда,
«Ералиев жоқ» деген
Хабар тиді құлаққа,
Жаманат ақыры шын болды...
ЗӘКӘРИЯ ЖҰБАНҰЛЫ ЖӨНІНДЕ
Тінейдің Құдайбергені ақын Зәкәрияның баспасөз жүзін көріп жүрген бір ғана шығармасынан өзге қандай сөздері барын білмеймін. Оның жария болып жүрген бұл өлеңінен ертеден ойымда қалғаны:
Көлденең жатқан Маңғыстау –
Қар жатпайтын ой еді-ау.
Сарыарқаны жаз жайлап,
Күнде қызық той еді-ау.
Сауын айтып жиынға,
Мыңдап қырған қой еді-ау.
Жиынға жүйрік жаратып,
Басын көкке қаратып,
Қамшыдай бұтын таралтып,
Мінбеген ат қалдырмай,
Көтерме үшін сабылтып,
Төрден сүйреп жапыртып,
«Қосайлап»ұран шақырып,
Ортадан ойып олжа алдым,
Халықтың аузын қаратып.
Осынша көрген қызықтан
Айырдың, Құдай, шатылтып.
Қорғаушымыз - шал адам,
Қаратаев Бақытжан.
Қаладан келген тергеуші
Айтқанына көнбеді.
Дерегі қолда бар адам
«Жазалар, - деп ойлаймыз, -
Әрісі бес жыл шамадан»...
Отырып от басында шаруа етпей,
Түседі енді есіме адасқаным.
Қадірлі ел алдында алтын басым
Бұл күнде бола алмай тұр жез түгіл мыс...
ЕЛБАЙ ҚОСЫМБАЕВТАН ЕКІ АУЫЗ СӨЗ
Жолдастар, жаздым өлең етіп ермек,
Көңілді қапаланған сөзбен делбеп.
Жабығып, ішің толып кетеді екен,
Жатқан соң күндіз-түні бірдей көлбеп.
Тұтқын үй тастан соққан керегесін,
Темірмен торлап қойған терезесін.
Жауаппен он қайтара сұрағанда,
Толтырдым тергеушінің кенегесін...
ЖҮСІПБЕК ШАЙХИСЛАМ (XІX-XX Ғ.Ғ)
«ЖҰМБАҚ ӨЛЕҢ»
Дүниеден төрт пайғамбар тірі кеткен,
Олардың біреуінен біреуі өткен.
Аттарын атап берші осылардың
Әбден-ақ молда болсаң оқып жеткен?
Шешуі:
Ідірис бейіште, Мәді таста, Иса көкте,
Жұмбақты шеше алмасам, мені сөкпе.
Қыдырып Қызыр Ілияс осы елде жүр,
Күзетіп ерте тұрған елді шетте. («Шалқар»газеті №1, 10.01.1997) Шетпе кенті, кәсіптік-техникалық училище ауылы, № 8 үй.
ҚЫРЫМҚҰЛ ҰЗАҚБАЙ ҚАЗЖАНҰЛЫНЫҢ ШЕЖІРЕСІ
Ана үш жүз атанған
Ақарыс пен Бекарыс,
Кенжесі екен Жанарыс.
Ақарыстың баласы
Үйсін, Албан - Ұлы жүз.
Бекарыстың баласы
Арғын, Найман - Орта жүз.
Жанарыстың баласы
Алшын, Кеншін - Кіші жүз.
Алшынға бақыт орнаған,
Інісі Кеншін ер екен,
Халқын жаудан қорғаған.
Кеншіннен перзент болмаған.
Қазақ болып аттанып
Қалмақ Баулы ханының
Ордасын бұзып шапқанда
Жеті бала Кеншінге
Тиген екен олжадан.
Оң болған күні талабы
Жетімді жинап бағады.
Кеншін батыр өлгенде
Өзінен өнген бала жоқ
Қара орман дәулет қазына
Иесіз болып қалады.
Атамыз Алшын тапсырды,
«Сіздер орын болың» деп.
Олжадан келген жеті балаға.
Содан бері қол жайып
«Жеті ру» деп ат қойды.
«Алшынұлы кім?» десең,
Әлімқожа, Байқожа,
Қыдырқожа бай еді.
Отырған жерін сұрасаң,
Әзіреттің Алатауы еді.
Әлімбай мен Қыдырбай
Сахараға көшіп барады.
Отырған жайлы жерінде
Байқожа көшпей қалады.
Байқожаның балалары –
Ата, Қалпақ, Естай, Елтай-ды.
Әлімбай мен Қыдырбай
Сахара көшіп кеткен соң
Байқожаның ауылын
Аттанған қалмақ жау шапқан.
Қазақ пен қалмақ ежелден
Атасы дұшпан арбасқан.
Жаушылықтың заманы
Қырылды ауыл адамы.
Бір жасында сол күнде
Өлтірмей тастап кетіпті
Темір деген баланы.
Іші буаз екі әйел
Жүре алмай жұртта қалады.
Мергендікпен аң аулап,
Жүретін Елтай далада.
Аулынан болмай хабары
Кешірек қайтып даладан
Жұрттан тауып алыпты,
Жылап жатқан баланы.
Көтеріп жүріп баланы
«Кім бар?» деп айқай салады.
Екі жүкті жеңгесін
Бұларды да тауып алады.
Жамандықты білген соң,
Еңіреп Елтай жылады,
«Қайырын бер!» деп сұрады.
Бір Алланың ісіне
«Тәуекел!» деп шыдады.
Өліп жатқан көп адам
Аралап жүріп көреді.
Амалы бар ма, көнеді.
Бұйрығы деп Алланың
Бәрін жинап көмеді.
Темірді жаяу арқалап
Тәуекелге салады.
Үшеуін Хаққа тапсырды.
Ел іздеп Елтай жөнелді.
Бірнеше күн жүреді,
Бір күндері болғанда
Топ қараны көреді.
Аттанған қалмақ қол екен.
Жаудан қашты Аллалап,
Бір ауылға келеді
Есі кетіп сандалып
Келіп үйге кіреді,
Бәйбіше сусын береді.
Пәлен-түген демеді.
Жабыңқы көрді назарын,
Жақтырмады ажарын.
Сұрамады хабарын,
Тойғызып берді тамағын.
«Шаршағанға ұқсайсың,
Дем ал, - деді, - қарағым».
Қалмақтың жауы көрінді
Баланы қуған соңынан.
Атаңа нәлет, ит қалмақ
Ауылды қамап алады.
Қыдырқожа бай сол күні
Аң аулап кеткен далаға
Ұйқыдан Елтай тұрады.
Төңірекке қарады.
Қалмақтың Қайлы батыры
Оқ жетер жерге келгенде
Елтай оған оқ атты,
Төңкеріп аттан құлатты.
Қайлы сынды батырдың
Аударып атын мінеді.
Көк сүңгісін қолға алып,
Жау шетінен тиеді.
Медет болып пірлері
Қолтығынан демеді.
Келген қалмақ қырылып,
Қалғаны қашып құтылып.
Жанбибідей бәйбіше
Риза болып балаға
Жалғыз қызы Анайды
«Саған бердім» деп еді.
Қалмақ қашып кеткен соң,
«Ауыл аман қалды» деп,
Алдынан шығып бәйбіше
Аңнан қайтып келе жатқан
Байға хабар береді.
«Жау қайтарған балаға
Анайымды беремін
Мұныма разы бол» деді.
Атасын айтсам жылайсың
Жыламай қайтіп шыдайсың.
Өзіңнің туған бауырың
Қонысында қалған кешегі.
Қалмақ шауып қырыпты,
Қайнағаның ауылын.
Атадан қалған Темірді
Есентемір деп атады.
Естай жаудан өлгенде
Бұғып қалды іште баласы.
Артынан аман туған соң
Беріш қойды атын анасы.
Қалпақтан туған Таз болар
Білетін адам аз болар.
Шешеміз туған Анайы
Бізді Елтайұлы атайды.
Темір, Беріш, Таз, Адай
Байқожаның артында
Немере қалған балалары.
Өсірген бағып Қыдырбай
Өзінің туған ұлындай.
Қыдырбайұлы үш Сиық,
Аталып жүрген бұрында-ай.
Үш Сиықтың үлкені –
Сұлтансиық ағасы,
Алаша мен Байбақты
Қызылқұрт, Масқар төртеуі
Кіленің туған баласы.
Тана деген тағы бар
Асыранды баласы.
Бақтысиық Шеркешті
Зейін қойып тыңдаңыз,
Бұл айтылған кеңесті.
Қыдырсиық болғанда
Ысық жалғыз туыпты.
Өздерің қарап байқаңдар
Алыс пенен жуықты.
Жиырма бес кіші жүздің баласы
Алыс болмапты арасы
Алшын болады атасы,
Шолпан болса анасы.
Таңба алып шыққан жерімнен
Тама менен Табынды,
Рамадан, Телеуді,
Жағалбайлы, Кердері
Жетінші болар Керейіт
Болып шығып осымен
Жеті рудың елдері.
Білгендерің болса айта бер,
Сөзімнің болса кем жері.
Әлім болар ағасы
Алтау екен баласы.
Тілеуқабақ, Қаракесек,
Шекті менен Шүренді,
Ожырай, Кете екеуі
Асыранды бала еді.
Бұл да Әлімге қосылып,
Алтау болып саналады.
Қыдырқожа атамнан
Он екі болып аталған
Алаша мен Байбақты,
Қызылқұрт пен Масқарды,
Ысық, Шеркеш алтауы,
Тана менен жетеуі.
Алтын, Жаппас туыпты
Кіші әйелі Тотаннан.
Темір, Беріш, Таз, Адай –
Байқожаның балалары.
Қаралғанда құралдан
Бай баласы болады.
Осыменен жиырма бес
Кіші жүздің дерегі.
Мал менен басы тең өсіп,
Аллам берген ел еді.
(Досекен Ақмырзаұлының қойын дәптерінен алынған үзінді), 1991 жыл, 9 қараша.
НАУРЫЗ БЕН АЛАШ
(аңыз)
Ұмыт бола бастаған Наурыз мейрамын халқымыз осымен бесінші рет салтанатпен тойлап отыр. Бұл күні қыстың сызы сейіліп, жер-жаһанға жаңаша құбылыс еніп, адамзаттың тірліктегі өкпе-назы, реніші ұмытылатын шаттық сезім орнамақ. Бұл - ұлы Абай айтқан: «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Жамырасып, көрісіп, құшақтасып..» дегендей, Ұлыстың Ұлы күні. Мына аңыз шежірені кезінде - 1989 жылы 92 жастағы Қызылордалық Нұрғали Балтамбеков ақсақал «Біздің Отан» газетінде жариялатқан болатын. «Осынау құнды дүние Маңғыстау оқырмандарына да қажет болып қалар» деген оймен баспасөзге ұсынып отырмын.
Наурыз деген кісі екен
Алаштың үлкен ағасы.
Бір анадан туыпты,
Аламан екен атасы.
Заманында өзінің
Қадірлі болған халыққа,
Сөзінің болмай қатасы.
Қабыл болып халықтың
Ырзалық берген батасы.
Азамат болып ержетіп,
Үйленіпті екеуі
Кеселдік болмай қапасы.
Алаштың алған әйелі
Есен-сау егіз ұл тапқан.
Ата-анасы той қылған,
Шақырып елді жан-жақтан.
Қалдырмаған хабарлап
Отырған көрші аймақтан.
Болғаннан соң той тарқап,
Ат қойыпты балаға
Жақсылар келген әр жақтан.
«Жайылхан мен Сейілхан
Болсын» депті аттары
Көңілі көптің ұнатқан.
Сол кездерде Наурыздың
Баласы болмай сүйерлік
Кезі екен қатты тарыққан.
Науқастанып Наурыз,
Төсек тартып жатыпты
Жанына батқан сырқаттан.
Науқас түрін жек көріп,
Күдер үзіп жанынан,
Шақырып алып Алашты
Өсиет етіп сөз айтқан:
- Құлағыңды сал, Алашжан,
Бірге туған бауырым!
Бітпекке отыр жақындап
Жалғанда көрген дәуірім.
Айтпаққа бір сөз шақырдым,
Батқан соң жанға ауруым.
Айтатын сөзім мынадай:
Қабыл алсаң, қарағым,
Барамын өтіп дүниеден,
Кем болып қару-жарағым.
Артымда қалған перзент жоқ,
Тұңғиық суға батқандай,
Тиетін жер жоқ аяғым.
Осыдан кетсем көз жұмып,
Жойылар менің атағым.
Сондықтан саған тапсырам,
Айтқанын қылсаң ағаның,
Көп болады ұрпағың
Қайырлы болып қадамың.
Қайда жүрсең, Алашжан,
Он, болады талабың.
Айтқанымды орындап,
Мұқият тапсыр сөзімді
Баласына баланың:
Атымды атап «Наурыз» деп,
Жыл басында қалдырмай,
Садақа етсін құдайы
Толтырып асқа қазанын.
Жойылмайды сонда атым,
Болғанша ақырзаманың...
- Мақұл, - деді Алаш та,
Айтқаныңды қылам, - деп.
- Көктем сайын әр жылы
Атыңды атап, ағажан,
Мереке-сауық құрам, - деп.
- Ұрпағыма кейінгі Болсын
Наурыз ұран, - деп.
- Ырза болсын көңілің,
Айтқаныма тұрам, - деп...
Сонда Наурыз қол жайды
Ырза болып Алашқа:
- Қабыл болды дұғам, - деп...
Қабыл болып дұғасы,
«Алты Алаш» атанып,
Атағы кетті әлемге.
Атағы тегіс жайылды
Отырған көрші әр елге.
Атамыз Алаш айтқанын
Орындап келед халқымыз,
Қайырып айтпай дәлелді.
Қуанышпен қарсы алып,
Атаға беріп сәлемді.
«Алты Алаш» деп ат қойса,
Алмаған жауы қалмаған.
Қай сапарға барса да,
Атының белі талмаған...
Сарыарқа - ен дала,
Ен далада мың сала,
Жылқы байлап саятқа,
Саланың бойын жайлаған.
Атамыз Наурыз атымен
Осы биыл жыл басын
Халқымыз тегіс тойлаған.
Жер исініп, көк шығып,
Тамаша қызық той болды
Бұрын-соңды болмаған.
Халықтың әдет-салты еді,
Келгенше қолдан құрметтеп,
Ұлы атаны сыйлаған.
(Облыстық «Маңғыстау» газетінің 1992 жылғы 21 наурыз күнгі саны).
МӘШҺҮР ЖҮСІП КӨПЕЙҰЛЫ (1858-1921)
МЕККЕДЕГІ «ҚАЗАҚ ТАҚИЯСЫ» МЕШІТІ
Едіге Төленің ауылын көріп: «Әділ бидің елін дау арламайды, әділ патшаның жерін жау араламайды»,-деген осы екен-ау деп қызығыпты. Сонда Төлеби Едіге батыр адамдарына қарап: «Алты атасын арқалап жүрген бар ма екен, жеті атасын жетелеп жүрген бар ма екен? Алмасың болса мойным бар, асылың болса қойным бар. Бұл сөзімді ойлай бер». Едіге: «Ақсақал, кішкене мойныңызды бұрыңыз, киіз кімдікі болса білек соныкі, ауыз кімдікі болса сөз соныкі. Шыққан жеріне қайта сыймайды. Жарлық өзіңізден болды, жабдық та өзіңізбен». М.Ж.К: «Қайда асқан атақты бай болса, Наурызды сол байға қалдырады екен. Үйсін Төле билер заманында Наурыздың қадір - құны астан, тойдан ілгері болады», - екен десе, бұл пікірі басқа да айтылған шежірелер мен жазбалардағы деректерге сай келеді.
«Шыннан өзге құдай жоқ». «Оқуға сенген ұмытшақ, жазуға сенген жаңылшақ». «Нұқ пайғамбардан тарағанда, Жаппас деген баласынан Түркі, Қой, Киік, Еділше, Алтынша, Мағол, Қарахан, Уызхан нәсілінен тарадық». Қазақта Хажыға ілкі барған Уақ Нұркен бай тоқалымен 4 жыл болып, 5-жылы аман-есен еліне келген. Онан соң Күлік Самай сопы мен Ноғай Байжан хазірет 1858 қой жылы барып, екеуі де сол жақта өлген. Үшінші Орта жүзден 20 (Тобықты Құнанбай бар), Кіші Жүзден 100 (Нұрпейіс хазірет пен Досжан халфе бар) кісі барған. Бұлар орталарынан Досжан халфені жіберіп, Бағдат шәріптен Имам Ағзам кітапхана архивінен Қазақ Анас сахабадан өніп - өсіп өрбіген деген нұсқа көшіріп әкелген. 120 кісі ортасынан шығыс жасап «Қазақ Тақиясын» салдырып, Құнанбай атына жаздырған. Бұл баяғы Қоян жұтынан бұрын Қаракиік, яғни 1874 жыл болатын (Құнанбай 1888ж 81 жаста өлген). Меккедегі «Тақия» Құнанбайдан соң Тоқал Арғын Ешмұхамед, бұл күнде Кіші жүз Досжан халфе атына жазылып қалулы.
Т.Ж. жинағынан.
«ЖЕТІ ҚАЗЫНА» ТУРАЛЫ
«Жаңа өмірдің» осы бір айдарына пікір қосушылар аз болған жоқ. Оның әлі де әрі қарай қаншалықты өрбитініне де ешкім шек қоя алмайтын шығар. Солардың қатарында мен де өз ойымды жарыққа шығарғанды жөн көрдім. Біріншіден, «қазына» ұғымы аса мол, адамзатқа жалпылай ортақ байлықты (болмысты) білдірмес пе екен?! Жеке адамға не адамдар тобына еншіленбейтін, халық жұмыла, ешкімге тәуелсіз пайдаланатын, сарқылмас байлық жатпай ма?! Осылай деп пайымдауға Совет Нұрмағанбетовтің пікірі келіңкірейді. Тіршіліктің негізі Күн мен Ай, Жер мен Көк, Ауа мен Судың табиғатында жатқан жоқ па?! Менің түсінігім де осыған ауыңқырайды. «Оқырмандардың жазғанындай, жетінші қазынаға денсаулық келіңкірейді» деп ойлаймын. Себебі, жеті ме, он екі ме мүше - Жаратушының құдіретімен барлық адамға тартылған сый. Тіршіліктің мәні де, өмірдің көркі де осында. Осылардың түгелдігі еш нәрсеге теңдесі жоқ қазына екеніне күмән тумас. Екіншіден, пікір сайыстырушылардың басым бөлігі айтқан сұлу да ақылды әйел, бес не он саулық, жүйрік ат, қыран құс, алғыр ит, тағы басқа дүниелік бұйымдар тіршіліктің қажеті, өмірдің қызығы екені рас. Алайда «Олар жеке адамның не аталық-рулық топтың дара байлығы» деп ойлаймын. Соның ішінде әйел туралы ұғымды бөлек түсінген жөн. Әрқашан әйелдер халықтың жартысын не көбірегін құрайды. Екі жыныс өкілдерінің бірін қазынаға, ал екіншісін қазына иесі санау оғаштау. Ол адам қоғамының дамуы кезеңдерінде пайда болған идеялық туынды емес пе?! Қазына қоғамның барлық мүшелері үшін қашанда ортақ болуы тиіс. Дүниеде бірлік өмір, бейнет пен рахат, болашақтың күресі ер мен әйелге ортақ. Адамзатқа алалық үлес туғызатын байлық қазынаға жатпаса керек. Қоғамдық өзгерістердің қазіргі дәуірінде адамдарды «ер» және «әйел» деп бөле қарау қалды. Олар - табиғи байлықты бірдей иеленуші тең құқықты азаматтар. Сөз соңында айтарым: іште жүрген түсінікті көптің ой талқысына салу, әлемдік ұғымның пікірсайысына қатынасу орынды деп білемін. Өйткені, қазына ұғымы ұрпақтан - ұрпаққа ауызекі тарағаны болмаса, баспа жүзінде көрінгенін айғақтайтындай белгілі дерек жоқ. Сондықтан бұл тұрғыда не артық, не кем санау қиын сияқты. (Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газетінің 1991 жылғы 22 тамыз күнгі № 102 (6550) саны).
АНЫҚТАЛҒАНЫ ДҰРЫС
«Жеті қазына» деген не? Осы ұғымға байланысты өзінің пікірін ортаға салып, халықтың талқысына берген Жалғасбаев Тұрар ақсақалдың жазғаны көңілге сүйкімді, өзінен кейінгі ұрпаққа - жастарға өсиет болғандай ой-пікірін тұжырымдап, ортаға салғанына ризашылығым жоғары. «Менің бұл пікірімді «Маңғыстау» газетінің Жаңа жылдың 1-қаңтарындағы санында дәлелдеп, Тұрар Жалғасбайұлына тоқтам жасағаны - «жеті қазынаның» айғағы» десем, артық кетпейтін болармын. Бұл арада Тұрекең өзінің өмір жолының көпшілігін ағарту саласында өткізген, көңілге түйгенін астарлап сырламай, тура шындығын айтатындығын, көпті көргендігін, мұсылман дініне де сауаттылығын, қысқаша айтқанда, жан-жақты абзал азамат екендігін, ақсақалдығын таныта білді. Тұрекеңнің: «Қазына» ұғымы аса мол, адам баласына жалпылай ортақ байлықты білдірмес пе екен?! Жеке адамға не адамдар тобына еншіленбейтін, халық жұмыла, ешкімге тәуелсіз пайдаланатын сарқылмас байлық жатпай ма?! Тіршіліктің негізі Күн мен Ай, Аспан мен Жер, От пен Судың табиғатында жатқан жоқ па?!» деген сауалында бұл сұрақтың жауабы ашықтан-ашық айтылған деп есептейміз. Пікір айтушылардың көбісінде «жеті қазынаға» сұлу, ақылды әйел, перзент, бес-он саулық, жүйрік ат, құмай тазы, қыран бүркіт, қанды қақпан, түзу мылтық, қалың төсек, тәтті ұйқы, деннің саулығы, қара қазан, шақпақ тас, алмас кездік, арқан, тағы басқа көптеген бұйымдар жатқызылады. Бұлар күнделікті тіршіліктің қажеті, өмірдің қазығы, жеке адамның дара байлығы екенінде ешкімнің таласы болуға тиіс емес. Екіншіден, әйелді «Жеті қазынаның бірі» деп санап, ер адамды бөліп тастау дұрыстыққа жатар ма еді?! Бұл - былай қарағанда, «Осының өзі дұрыс болмас па екен?!» деген болжам. Сондықтан жарық дүниеде бірлесіп өмір сүру, бейнет пен зейнет үшін күресу - ер мен әйелге ортақ іс. Олай болса, адам баласына алалық туғызатын байлық «жеті қазынаға» жатпайды. Біз құдіретке сенетін болсақ, жер бетіндегі он сегіз мың ғаламды жаратушы бір Алланың алты асыл заты - Ай, Күн, Аспан, Жер, Су, От болған. «Енді бұларды қорғайтын қарауыл кім болады?» дегенде, періштелер: «Адам баласының досы - ит болады» деп ұйғарған. Міне, иттің «жеті қазынаға» кіруін осылай дәлелдейді. Жаманадай Нұрым бұрын-соңды Қашағанды көрмеген екен. Алғашқы кездескенде Қашағанға мынадай жұмбақ сауал қойыпты:
Қашаған, саған бір сұрақ –
Екеу жансыз, екі адам
Бейішке кім еді баратын?
Қашаған оның жұмбағын былай деп шешіпті:
Әзіреті Мұса Пайғамбар
Аршы ағыланы кезгенде
Еріп барған қасына
Қытымыр деген қызыл ит
Жеті қазынаның бірі еді.
Мен ұзақ жылдар бойына Ұланақ жерінде Шоңай Нұрнияз Шәументайұлы, Қосбармақ Мәжек Аманбекұлымен қоныстас болдым. Нұрнияз Маңғыстау тарихын зерттеу кезінде Қазақстан Ғылым Академиясына бірден-бір атсалысқан тақтақ, шешен адам еді. Мәжек -Бұхар қаласындағы дін оқуын бітірген, білімді, ірі молдалардың бірі. Міне, осы ақсақалдар: «Жеті қазына - ай, күн, аспан, жер, от, су, ит» деп отыратын-ды. Дәулеталы Айтжан Қойшыбайұлы: «Бұхар қаласынан дін оқуын бітіріп Түйте ахун Бозашының Жиделі жерінен бала оқытқанда үйіміз бірге отырды. Сонда ахунның: «Ай, күн, аспан, жер, су, от, ит - жеті қазына» деп айтып отыратынын еститін едік. Мен осыдан басқа «жеті қазынаны» білмеймін», - дейді. Ал Грекия халқы да осы айтылған Алланың жаратқан алты асылы мен итті «жеті қазына» дейді екен. Мен бұл туралы «Қандай мәселе болса да ойластырып, анықтап, шындығын жазып, оқырмандарды әрі-сәрі ойға қалдырудан аулақ болсақ» деймін. «Жеті қазына» айтуға, жаза салуға жеңіл болғанмен, түйіні тереңдегі мәселе екеніне назар аударған жөн сияқты. «Жеті қазына» туралы мәселені қозғамас бұрын алдын-ала көптеген білімдар, тақтақ, шешендер мен мұсылман дініне құлшылық еткен ақсақалдардан естіп-білгенімді тиянақтап, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» деп ай, күн, аспан, жер, от, су, итті жазған едім. Менің бұл тақырыпты жазуыма тірек болғандар: Шоңай Нұрнияз Шәументайұлы, Қосбармақ Мәжек Аманбекұлы, шежіре, тақтақ Таз Ақмағанбет Сейітұлы (Небитдаг қаласында дүниеден өтті), Күшік Нұрбаулы Байтілеуұлы, Шоңай Қалаубай Қалмұратұлы, Шоңай Мәди Дүйсенбайұлы, Есен Шалқыбай Тәуекелұлы, Бәли Көкен Тілеумағанбетұлы, Медет Есболай Байғалиұлы, Шоңай Құбай Есқалиұлы, Ержан ахунның шәкірті Бектеміс Қарағұл ақсақалдар еді. «Біздің осы айтқандарымыз бір Алланың құлағына шалынып, жеті қазынамыз дұрыстыққа жазылсын. Әумин!» деген пікірдемін.
Совет НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ,
зейнеткер, Жыңғылды ауылы.
(Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газетінің 1992 жылғы 12 ақпан күнгі № 13 саны).
МАҚАЛ МЕН МӘТЕЛ ТҮРІНДЕ ҚАСИЕТТІ СӨЗДЕР ТІРКЕСІНДЕ 4,7,40 САНДАРЫНЫҢ ҚОЛДАНЫЛУЫ
4 саны: пәнидің төрт тірісі; Алланың арнаулы тапсырмаларын орындайтын төрт періштелер; Мұхамбет пайғамбардың төрт серіктері; төрт имам; төрт түлік мал; әлемнің төрт тұсы; жылдың төрт мезгілдері; жер шарындағы төрт мұхит; төртеу түгел болса төбедегі келер; қасиетті төрт кітаптар.
7 саны: Маңғыстау өлкесін мекен еткен жеті жұрт; адамзат ұрпақ жаюындағы атаулы жеті апта; адамзаттың атаулы жеті мүшелері; дүниенің жеті қазынасы; Адайдың жеті қайқылары (XІX-XX ғғ. Жеті әнші - сазгер); жұрт жеті ағайынды; жеті қабат жер, жеті қат көк; аптаның жеті күндері; қырық бір құмалақ балы жорамалындағы жеті тақ жерге түспес; дүниенің жеті ғайыбы (жер біткелі жеті нәрсем жоғалды); жұлдыздар әлеміндегі жетіқарақшы; Жетісу өлкесі - жер жәннаты.
40 саны: Мұсылмандықтың қырық парызы; Пайғамбардың қырық хадисі; Ғайып ерен қырық шілтен; қырықтың бірі - Қыдыр; 40 жас қырдың басы; бір күн жолдасқа қырық күн сәлем; бір күн қарны ашқаннан қырық күн ақыл сұрама; ана қырық шырақты; қызға қырық үйден тыйым; Қырықкез әулие; әйелдің қырық жаны бар; қырық шейіт; сәбидің қырқынан шығуы (ит көйлегін тастау тойы); қырық құлаш шымырау; жаз жайлауы қырық астау; қырық қабат; қырық құрақ; қырық найза; қырық тесік; қырық жамау; бір жігіттің қайратына қырық жігіт мас болар; ханда қырық кісінің ақылы бар; қырық молдалы құрым ағайын; қырық ер Қосай; Қырымқұлдың қырық биі; қырықбуын (өсімдік); қырық жыл жарлық, қырық жыл байлық жоқ; отыз күн ойын, қырық күн тойын; отыз омыртқа, қырық қабырға; қырық жыл қырғын, алпыс жыл апат келсе де ажалды өлер; бір бейбақтың меселі қырық есекке жүк болған; қырық жылда қыр жаңа; қырық күн шілде; қырық ру; Қырымның қырық батыры; топан суы Арарат тауынан қырық аршын жоғары көтерілген; қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ; қырық өтірік; қырық шыбық; бойы бір қарыс сақалы қырық қарыс; қырықаяқ (жәндік).
Тұрар Жалғасбайұлы
ағарту ісінің ардагері.
ИМАНДЫЛЫҚ ТӘРБИЕ ҮЙЛЕСІМ ТАПСЫН
Кейінгі жылдары әлеуметтік шаралардың ішінде имандылық тәрбиесі елеулі орын алып келеді. Ол фәнилік те, бақилық та маңызсыз емес. Ауданның кей мектептерінде имам ұстала да бастады. Дәріс жүрісі ислам парыздарына, намазға жығылуға, Құран сүрелерін ауызша жаттауға бағытталатыны аңғарылады. Өткен тәжірибені ескерсек, бұл бағыттағы сауат ашу арабтың 29 әрпінің қарасын танып, дұрыс атаудан, ұқсас таңбалардың бір-бірінен айырым белгілерін білуден, әріптердің үстіне не астына қойылған таңбалар бойынша дыбысталуын (әр әріп 5-10 дыбысқа ие болуы) ұғынудан басталушы еді ғой. Осы дыбыстану жүйесі арқылы сүренің әр сөзін ежелеп айта алудан кейін толық оқып-жаттау болмай ма?! Аптаның алты күнінде үздіксіз осылай жүргізілген сабақ шәкірттің Құранды өз бетімен оқи алуына жеткізетін-ді. Ислам парыздары, Пайғамбар хадистері, шариғат заңдары күнделік сабақтар соңында немесе оқу аптасының соңғы күнінде бірнеше минуттай (жарты сағатқа шейін шамада) өсиеттелетін. Қарасын танымай жатталған сүреде қателер де ұшырасады және уақыт өтуіне қарай ұмытылады да. Үстіміздегі дәуір жас жеткіншектерімізге араб тілі мен оқу-жазуын меңгеруді, осы әліпби бойынша ұлы ғұлама Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуымен сауаттану міндетін жүктеп отыр. Ислам институтына түсу Құранды оқи алуды, шығыстану факультетіне түсу төте жазуға сауаттылықты талап етеді. Сондықтан имандылық тәрбиеміз өмір қажетімен үндесіп, имам дәрістері де осы мақсатқа ыңғайлас құрылуы тиіс емес пе?! Осындайда ойымызға Абай ата ғақлияларының «Ғылымсыз ақырет те жоқ, дүние де жоқ. Біліксіз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қажылық ешбір ғибадат орнына бармайды» деген орынды сөзі оралады. Ұзақ жылдар ұстаздық еткен адам ретінде қазақ тілінің қадір-қасиетін мен де бір кісідей білемін деп айта аламын. Қазақтың ұлттық үні ашық мәнерлі екенін, кейбір үнсіз дауыссыздар мен қысаң дауыстылар әсеріне қарамастан, дыбыс-сезіміз тұншықпай, жоғары әуенге көтерілетінін мақтаныш етеміз. Алайда жастар арасында, соның ішінде имам шәкірттерінде үнін мұрын қуысымен шығарушылық, сүрелерді күмілжи айту, һ дыбысын х дыбысымен алмастырып, қолдану (шахи, Аллах, қахарман, т.б.) байқалады. Қазақ арасында ислам діні ену кезеңінде арабша сауат ашу қожа, татар молдалар арқылы жүргені мәлім. Сөзімізге татар тілінің ықпалы да тие бастады. Тұңғыш қазақ педагогы Ыбырай Алтынсарин «Мұсылманшылықтың тұтқасы» кітапшасын жазғанда ислам парызы арабша сүрелерінің қазақша түсінігін берумен қатар татар сөзімен шұбарлана бастаған ана тілімізді қорғауды мақсат тұтқан екен. Мұндай көрегендік ұлт мүддесі, ана тілі жанашырлары үшін бүгінгі таңда да тиісінше жалғасын тапқаны жөн. Қазіргі кезде адамдар, соның ішінде лауазым иелері мырзалар да «имандылық тәрбие» деген сөзді жиі қолданып жүр. Олардың имандылық дегенге қандай мән беретінін білмеймін. Ал «иман» сөзі - Құдайдың бірлігіне, Мұхаммед Алланың құлы және өкілі екеніне куәгерлік. Егер заман талабына жүгінсек, ежелден халықтың сөзімен бірге туып, бірге дамып, мінеліп-жетіліп келе жатқан салт-сана, әдет-ғұрып, амал-дәстүр, өмір заңдары - халықтық педагогикадан жоғары не бар?! Ол ел өмірінің өткенін де, қазірін де, келешегін де түгел қамтиды ғой. Ислам діні - имандылық та осыған енбей ме?! Оның халқымыздың салтына ене бастағанына мың жыл болмады ма?! Ал қазақ атанғанымыздың өзіне де үш мың жылдай уақыт өтті ғой. Біздің халқымыз осыдан тура мың жыл бұрын да «қазақ» атанған. «Атамыз - Алаш, керегеміз - ағаш, қазақпыз» деп кеткен Майқы би бұдан екі мың жыл бұрын ғұмыр кешкен ғой. Назар аударарлық бір жай, имамнан дәріс тыңдаушы қыз балалардың киінуі туралы. Үстіміздегі жылдың маусымында Шетпедегі құрбан айт құрметіне арналған халықтық жиынға кез болдық. Мұнда әртүрлі жамағат өкілдерімен қатар 10 жас шамасындағы бір топ оқушы қыз болды. Бәрі де мол ақ көйлек киініп, шағын ақ шаршыны желкесінен байлаған. Сырт қарағанда көңілсіздеу бұл көріністі бүге алмадым. «Қыз бала жеңіне қарап өседі» деген халықтық қағида бар. Имандылық та тән, жан, сана, киім тазалығы мен көріктілігін, яғни әсемдікті қалайды емес пе?! Айт күні қай адам да тапқанынша асылымен киініп шықпайтын ба еді?! Балалар көпшілік орында да, сондай-ақ мектепте де, имам алдында да қарапайым да жарасымды киініп жүруі абзал. Менің ойымша, қыз балалар (оқушылар) жыл мезгіліне үйлесетін өңді матадан шалбар (гамаж), тізеден төмен көйлек, кеудеге жемпір не кәжекей, ілмелі не зер оюлы тебетей (төбесіне шағын үкі қауырсыны қадаса, артықтығы жоқ) кисе, қандай оғаштығы болмақ?! Бұл туралы ата-ана, мектеп ұжымдары ойластырғаны жөн болар еді. Жастарды халықтық педагогика жолымен оқыту мен тәрбиелеу - біртұтас дүние. Бұдан имандылық шаралары оқшауланбауы керек. (Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газетінің 1993 жылғы 1 желтоқсан күнгі № 96 саны). (Бұл мақала облыстық «Маңғыстау» газетінің 1993 жылғы 8 қазан күнгі санында да «Имандылық тәрбие туралы ой» деген атпен қысқартылып басылған).
КЕНТ ИМАМЫ НҰРЕТДЕН
Осыдан екі жыл бұрын Ташкент медресесінен тәлім алып, діни сабағын одан әрі жалғастырып жүрген жас жігіт ауданымызға имам болып келген-ді. Бұл Нұретден Керімов еді. Ол исламдық парыз, міндеттерді орындауға алаңсыз кірісіп те кетті. Мұсылмандық әдет-ғұрыптарды өтеу жолында шаруасы түскен азаматтар үшін көпке ортақ істерге алалығы да, санасуы да жоқ игі ықыласпен қатынасты. Қаза болғандардың жақын-жуықтары көрсететін соңғы құрмет, ғибадат шараларынан бой тартпай, етене араласты. Қаралы жиын, садақаларда имандылық, адамгершілік тәртіп сақталуына, көпшіліктің түрлі сұрақтарына түсініктер беруге іркілмеді. Қасірет шегіп отырған отбасының жағдайымен мұқият танысып, орынсыз шығынға ұшырамауы үшін шынайы ақыл-кеңес берді. Ысхат-фідия өтеу-төлеу мәндерін баяндап, ондай алым өзі сияқты жеті мүшесі сау, үкімет төлемдері күнкөрісіне жететін моллаға тиіссіздігі себепті сол қаралы үйлердің өзіне берген қаражатты қалдырып кеткендеріне де куәгерміз. Ислам парыздарын үйренем деушілер болса, жас, жыныс ерекшеліктеріне шек қоймай қабылдап, ақы-пұлсыз оқытып та жүр. Бірақ шәкірттердің ұйымшылдығы мен тәртібі жетіспейтіні ұят. Кент имамы Нұретден семьялы. Атыраудың Мақат кентінде тұратын ата-анасын осы жылы өз қолына көшіріп алды. Оның отбасы үшін әкімшілік мекен-жай да бөлді. Қазір Шетпе халқы имамына дән разы. Нұретден аудан орталығы ғана емес, одан тыс елді мекендерде бақи болғандарды шығарып салуға да барып тұрады. Бұл ретте аудан халқы үшін осындай игі істердің жүзеге асуына бастамашы болып, имамның елге танылуы мен тұрақтап қалуына себепкер болып жүргендердің бірі, шетпелік қарапайым азамат Тұқымбай ағайынның еңбегін атап өтуді орынды санаймын. Халықтық педагогиканың елеулі саласы - имандылық, дін тәрбиесі елдің, соның ішінде аға буын мен басшы қауымның айрықша назар аударуын қажет етеді. Арамызда Нұретден сияқты ынталы имам тұрғанда оның ізгі жұмыстарына жан-жақты қамқорлық пен мүмкіншіліктер жасалғаны абзал. Осындай орайы келгенде айта кету керек, ауданымызда діни дәстүрдің, мұсылмандық ғибадаттың орталығы саналатын Құдайдың үйі - мешіт болмауы лайық па? Ондай ғимарат жаңадан тұрғызылмағанның өзінде, бұрын әлеуметтік мақсатта салынып, қазір жұмыс істемей тұрған, пайдаланылмай, не жартылай бос тұрған үйлерден іріктеп, бейімдеуге болмас па еді?! Кентте діни мерекелік шаралар, жұма намаздар, имандылық насихат-сабақтар өтіп тұрса, ғанибет емес пе?! «Ана тілі» газетінің үстіміздегі жылғы 13 маусым күнгі санындағы астаналық студент жастар христиан дінін қабылдап, крест тағынып жатқаны, одан шалғайдағы ата-аналары хабарсыз екендігі туралы ақпаратты көргенде жаның түршігеді. Шетелдік миссионерлер әсерлі насихат құралдары арқылы көрнекті орындар мен сарайларды пайдаланып, жоспарлы дайындықпен жастарды еліктіру мақсатында үнемі жиындар өткізетін көрінеді. «Мұндай әрекеттер бізде де бар, бұл өте қауіпті» демесек те, Ислам қағидалары мен Мұхаммед Пайғамбарымыздың хадистерін насихаттау артық бола ма?! Ислам уағыздары адамгершілікке, парасатқа, әділдік пен адалдыққа, жалған сөйлемеуге, қиянат жасамауға шақырады. Мұндай үгіт-насихат жастарға ғана емес, орта және жоғары буын өкілдері үшін де артық болмас еді. Кеңестік дәуір мұсылман дінін таптады. Діни сауатты ұрпақтар жалғасы сиреді. Кісісі қайтқан отбасылар молда іздеп, әлі де сабылады. Жергілікті жердегі ел басқарып отырған азаматтар кеңшарлар мен елді мекендердің әрқайсысында имам болуын ойластырып, мектеп бітірген жастардың ішінен осы мақсатқа бейім, лайықты адамдар Республикалық және Орта Азиядағы медреселер арқылы даярланып шығуын қарастырса, олар кейінгі ұрпақты имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеуге үлес қосар еді.
(Облыстық «Маңғыстау» газетінің 1996 жылғы 22 тамыз күнгі № 190 саны). (Бұл мақала Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газетінің 1996 жылғы 31 шілде күнгі № 31 (9049) санында «Имандылық шапағатын насихаттап..» деген атпен қысқартылып жарияланды).
ҚҰРАН СҮРЕЛЕРІНЕН ТЕРМЕ
1. Фатиха сүресі, 1-7 аяттар.
Алхамдө леллаһі раббі алғаламині ррахмані ррахимі малікі яумеддин, ияка нағбөдө уаияка настағин, еһдена ссирата алмүстақим, сырата әлләзина әнғамта ғалайһім, ғайры әлмағзубы ғалайһім уаләззаллин.
Беташар сүре (қазақша мәні) Мадақ - бүкіл әлемнің жаратушысы Аллаға лайық. Мейірімді, рахымды, қиямет күнінің әміршісі, саған ғана құлшылық қыламыз, сенен ғана жәрдем тілейміз. Бізді тура жолға, қаһарға ұшырамағандарға, адаспағандарға өзің жарылқаған тура жолыңа бастай гөр! Әмин!
1. Бақара сүресі, 286 аят.
Иокаллифо Аллахһү нафсса елла осғаһа Лаһама каса- бат уағалайһа ма актасабат, раббана Ләтоууа хез наен насина әу ақтайна, раббана уалә тохмел ғалайна есерака- ма хамалнаһү ғала аллазина мен қаблина, раббана уалә түхммелна малә тақаттә лана биһи уағфү ғанна уаағфир, лана уаар хамна әнта мауләна фансүрүна ғала алақауме алкафрин. Қазақша мәні. Құдай ешкімге қолынан келмейтінді жүктемейді, әркімнің істеген жақсылығы да, жамандығы да өзін табады. «О, Жаратқан, егер біз ұмытқаннан әлде жаңылғандықтан мүлт кетсек, бізді жазаға тарта көрме. Бізден бұрынғылардың басына бергеніңдей ауыр бейнетті бізге арта көрме, Тәңірім! Әлімізден артыққа әлектендірме, кешір бізді, тура жолыңнан тайдырма, рақым жаса! Біздің Тәңіріміз өзіңсің, имансыздарға қарсы (күресте) бізге көмектес»,-дейді.
108. Кәусар сүресі, 1-3 аяттар
Інна әғтайнака әлкаусәр, фассали лираббика уәнхар, інна шаніяка һуа әләбтар. Қазақша мәні. (Ей Мұхамед) Біз саған кәусарды (Жаннаттағы өзенді) сыйладық. Тәңір жолына намаз (құрбан айт намазына) оқы, мал сой. Анығында сенің дұшпандарыңның артында атақ, белгі қалмайды.
112. Хлас сүресі, 1-4 аяттар.
Қүл һүа Аллаһү әхадү, Аллаһү іссамадү, ләм ялид уалам юлад, уалам якүн лаһү кү күфуә әхад. Қазақша мәні. Сен айт: Алла - жалғыз. Алла мәңгілік. Ол тумаған да туылмаған. Оған ешбір теңдес жоқ.
113. Фәлақ сүресі, 1-5 аяттар.
Құл әғузү бирабби әлфәлақ, мен шаррима халақ, уамин шарри ғасыққи иза уақаб, уамин шарри аннаффасати фиәлғоқад, уамин шарри хасиден иза хасад. Қазақша мәні. Жаратқан, әртүрлі нәрселердің кесірінен, қараңғы түскенде түннің кесірінен, түйіншекке дем салушының кесірінен, күншілдердің қызғаныш кесірінен сақта деп, таң алдында Тәңіріме сыйынамын, пана тілеймін.
114. Нас сүресі, 1-6 аяттар.
Құл әғузү бирабби аннас, мәлики аннас, илаһи аннас, мен шарри алуасуаси алханнас, әллзи еуасуесү фисүдури аннас, міня әлженнати уааннас. Қазақша мәні. Адамдардың иесі, адамдардың патшасы, адамдардың жаратушысы - Аллаға сыйынып, адамдар жүрегіне әзәзілдік салатын жындардан және адамдардан шыққан белгісіз шайтанның азғыруынан сақта деп, Тәңірім, сенен пана тілеймін.
АЙ АТАУЛАРЫ
Арабша: Мұххарам, Сафар, Рабиұл - әууәл, Рабиұл - ахр, Жұмадиұл - әууәл, Жұмадиұл -ахр, Ражап, Рамазан, Шағбан, Шаууал, Зылхағда, Зылхажжа. Құранда 12 айдың «төресі» деп Рамазан ерекше аталады.
Қазақша: Амал - Наурыз, Сәуір – Көкек, Зауза - Мамыр, Саратан - Маусым, Әсет - Шілде, Сүмбіле - Тамыз, Мизам - Қыркүйек, Ақырап - Қазан, Қауыс - Қараша, Жеді - Желтоқсан, Дәлу - Қаңтар, Хүт - Ақпан.
Орысша: Январь, Февраль, Март, Апрель, Май, Июнь, Июль, Август, Сентябрь, Октябрь, Ноябрь, Декабрь.
Т.Ж. қолжазбалары.
ІІ ТАРАУ. «МАҢҒЫСТАУ - МАШАЙЫҚТЫҢ БАСҚАН ЖЕРІ..»
МАҢҒЫСТАУ - ҚАСИЕТТІ МЕКЕНІМ
Маңғыстау - машайықтың басқан жері,
Талаптың таудай өрлеп, тасқан жері.
Жер жүзін желмаямен жеті айналып,
Ауғанға Асан бидің асқан жері...
...Ер Шотан шұбар атын сыйға тартып,
Ас беріп, Адай туын тіккен жері..»
(Түмен Балтабасұлы).
Елдің түсінігінде «Маңғыстау» сөзі - «мың қыстау», «маң қыстау» тіркестерінен қалыптасқан. Мұндағы қыстау - шаруаның салыстырмалы түрде ұзағырақ тұрақтайтын қоныс мекені. Мың - «көп» деген мәнді беріп, «көп қыстау» ұғымына келеді. «Маң» -«маң дала» («кең дала», «иен дала», «сағым шалған, шексіз-шетсіз белестер») қар кеткесін мұнартады» мағынасын туғызады. Маңғыстау - кең-байтақ аймақ. Ол - өзара жалғасқан көлемді үш түбектің түйіні, атақты үш қиянның бірі. «Бұл қонысқа аталарымыздың келе бастағанына 300 жылдай болған» деп есептеледі. Олардың бұрынғы мекеннен қозғалуына жоңғарлардың жойқын қырғыны, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманы себеп болды. Адайдың белгілі батырлары Атағозы, Есек мерген, Ер Шотан, тағы басқа ерлердің қаһармандық жорықтары мен ақыл-ойлы, ел басы, данышпан ақсақалдарының сәтті сілтемдері XVІІІ ғасырдың ортасында алдыңғы ел көштерін тұнық сулы, шүйгін шөпті Маңғыстауға жеткізіпті. Аталарымыз бұл өлкенің бұрынғы тұрғындарымен тату-тәтті араласып, тыныш, бейбіт өмір кешіпті. Ел өркендеп, көбейіп, мал өсіп, байлық молайған. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман туған. Шаруа жайын құнттаған халқымыз қыста жылырақ аймақ қуалап, Қаңбақты-Жылой еңкейіп, Түлей мен Жаңғақтың ойына құлап, шалғынды құм аймақтары Сеңгір құм, Тышқан құм, Бостан құм, Бесоқты-Томаша, Құмсауысқан, Түйесу, Қызылсу ірмектерінің желтимес қазан шұңқырлары мен аумақты ылдиларын қыстайды екен. Қыс кезінде күртік қарларды үйіп, жел жағынан сексеуіл, жүзген, томарлары мен жалынды баялыш, түйесіңір, тағы басқа бұталармен от беріп, еріген қар суымен (шырлау тәсілі) малдарын суарып, қар жұқара сулы жонға қарай ығысып, көктем орталай жаз жайлауға Елек-Қобда, Ойыл-Сағыз, Жем-Қайнар алқаптарына жетеді екен. «Сарыарқаны» жайлаған елдің шаруасы жайланып, «біреуі екеу», «семіздің аяғы - сегіз», малдары қонды болып, қыстаққа барады екен. Халқымыздың шаруақорлық өнегесі Маңғыстаудың «жеті қайқысының» бірі Тұрсынның «Көлқайнарында»:
«Жақсы екен кең Маңғыстау қыс қыстарға,
Күнаралап суарып, жылқы ұстарға.
Наурыз туа көші-қон жайын айтып,
Көшіп барса Тасастау, Көлқайнарға, -
деген және Зәкария ақынның:
...Көлденең жатқан Маңғыстау,
Қар жатпайтын ой еді-ау.
Сарыарқаны жаз жайлап,
Күнде қызық той еді-ау.
Сауын айтып жиынға,
Мыңдап қырған қой еді-ау, -
деп келетін шығармаларында айқын суреттеледі.
Маңғыстау біздің еліміз үшін құтты да қасиетті мекен болды. Қандай қиыншылықтар да, қатал жұттар да, 1930 жылдардың ашаршылығы мен сұрапыл қуғын-сүргіні де, Екінші Дүниежүзілік соғыс та, өтпелі дәуірдің уақытша экономикалық қиындықтары да ел еңсесін түсірген жоқ. Үш жүз алпыс екі әулиелі өлкеміздің ұйытқысы бұзылмады, қаймағы қалқып алынбады. «Маңғыстауды біздің елден бұрын жеті жұрт мекендеген» дейтін аңыз бар. Ауысушы жұрт қанша болғанда да, он шақты ғасырлық таңбалар мен ғимарат жұрнақтары баршылық. Қазылған не тас беткейден үңгілген Шақпақ ата, Шопан ата, Қараман ата, Сұлтан-Үпі мешіттері және басқа құрылыс қалдықтары мен белгілер, жер-су аттары осыны айғақтайды. Түбектің алғашқы қаласы Кетік (1859 жылдан - Форт- Александровск) 1882 жылдан бастап Маңғыстау уезінің, 1917 жылдан кейін Адай уезінің орталығы аталыпты. Осы 40 жылдан астам уездік әкімшілік тұсында оған бағынышты далалық 8 болыс болғанға ұқсайды. 1905-20 жылдар арасында бірнеше жыл ІІІ Бозашы болысын басқарған ағамыз Тасымов Жәңгірханның (Қожықтың екінші ұлы) мына әңгімесі жадымда сақталыпты: «Маңғыстау сегіз болысқа бөлінді. Біреуі - Түркімен болысы, орталығы - Ақшұқыр, болыстың кейінгі басқарушысы Машырық Бейсембіұлы еді. Түркімен адай болысын ұзақ уақыт Бәли Өсербай Сәрсембайұлы басқарған. Тоғызыншы «дежурный болыс» - Ораз-ды. Дұрысында, Ораз Оңғалбаев далалық болыстарды уезд начальнигімен сөйлестіріп, байланыстырушы, қазақша-орысша сауатты, әкімшіліктің аудармашы қызметкері болса керек. Оны «болыс» деп атау ресми емес, лақап шығар. Маңғыстауда 8 далалық болыстар болғанын А.Еділхановтың бұдан 5-6 жыл бұрын «Жаңа өмірде» жарияланған мақаласы да қуаттай түседі. Баспасөз бетінде болыстар санын 27-ге жеткізушілер де болды. Бірақ бұл Форт-Александровск Адай округінің орталығы болған 1926-28 жылдарға тұспа-түс келеді. Өйткені, осы кезеңде округ әкімшілігіне Қаңбақты-Жылой, Алтықарасу, Ойыл, Табын аудандары қараған ғой. Енді 1928 жылдың жазында округ орталығы Ойылға көшіріліп, 2-3 ай өткенде Адай округі біржола ажырап, оған қараған аудандар тиісінше Гурьев, Ақтөбе әкімшіліктеріне бөлініп кетулі. Міне, осылайша біздің Маңғыстау ауданымыз құрылған болатын. «1998 жыл - Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп аталуына және ауданымыздың құрылғанына 70 жыл толуына орай қолыма қалам алдым. Осы барыс жылында менің дүниеге келгеніме жетінші мүшел жетіп, наурызда 85 жас басталса, соның 70 жылы аудан өмірімен бірге жасап келеді. Жетпіс жылдың өзгерістері мен тағлымдары аз еместігі анық. Бірақ бәрі бірдей санада сақталуы да мүмкін емес, оның бәрін жадыңда жаттап, айтып жеткізу де мүмкін емес. Сондықтан ойда қалған кейбірін баян етіп көрейін. Кетікке барған жылым еді. Балалар үйі, жатақханамызға қарсы көшенің екінші бетінде округтік әкімшілік үйі тұратын. 2-3 бала сол ғимараттың ауласына, шеттеу бөлмелеріне бас сұқсақ, отырған адам көрінбейді, әрлі-берлі жүріс, мата мен кенепке оралған қағаздар мен ұсақ мүліктердің сыртына «Ойыл» деп басталатын адрестер көрнекті түрде жазылып жатты. Сол жолы Ойылға ауысқан округтік әкімшіліктің құжаттары жөнелтіліп жатқанын, бұл Маңғыстау ауданы туған 1928 жылдың маусымы екенін кейін білдік қой. Аудан сол жылғы күзден бастап КСРО-ның жаңа Конституңиясы бекітілген 1936 жылдың аяғына дейін Гурьев округі, одан жоғары Батыс Қазақстанға (Орал) бағынышты болып, кейін Гурьевтің өзі облыс орталығына айналды. 1939 жылдың күзіне жақын Ауыздыбастан аудандық оқу бөлімінің аппаратына шақырылдым. Аудан аймағы кең, мектеп саны көп, аралары алшақ, мәдениет жұмысы да Оқу министрлігіне қарайтын кез. Ұжымдағы адамдар саны үш мектеп инспекторы (Бозашы, Тау, Оң жаға учаскелері бойынша мәдени-ағарту, әскери сауаттандыру, мектепке дейінгі тәрбие жұмыстарының инспекторлары), бухгалтерия, көмекші қызметшілерімен 15-ке жуықтайды. Қазан айының бірі күні кеңсе бөлмелері де, қызметкерлері де екіге бөлінді. Сөйтсек, аудан екеу болған екен. Каспий жағалауы мен аралдар Шевченко ауданын, қалған құрлық тұтасымен Маңғыстау ауданын құрап шыға келді. Меңгерушілер Шевченко бойынша Қонаров Арықбай, Маңғыстау бойынша Қадыров Тілекбай болып тағайындалды. Ауданның басқа мекемелері де екі бөлінген. Аудандық партия комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы Жұмағалиев Ғабдол Шевченкода бірінші болып қалып, бұрынғы екінші Елмұханбетов Ғабидолла Маңғыстауға бірінші хатшы болып сайланды. Әкімшілік бөліністің болыстық жүйесі 1930 жылы ажырап, нөмір және жер аттары бойынша кеңестер құрылған-ды. Шевченко ауданын құрайтын Форт-Шевченко қалалық, мұнда «Шевченко», «Қара бөкеже» артельдері, Баутин поселкелік, онда «ІІІ Интернационал» балық колхозы, Құлалы, Долгий кеңестері және сол аттас балық колхоздары, № 1 Қызылөзен ауылы, онда «Қызылөзен» балық, «Қарақұм» артелі, 2-Қолмыш, мұнда «Каганович», «Киров» балық, суат артелі, 4-Сығынды, онда «Тельман» балық колхозы, 5-Құрық, онда «Калинин», «Ленин» балық колхозы, «Ералиев» артелі, 6-Кендірлі, «Фетисов» балық колхозы, 13-Ортаеспе, «Путь к коммунизму» балық колхозы. Сонымен Шевченко ауданында 1 қалалық, 1 поселкелік, 2 аралдық, 5 ауылдық кеңестер, 11 балықшылық, 5 ауыл шаруашылық колхоздар болды. Маңғыстау ауданының құрамында № 3 Таушық поселкелік кеңес, онда «Қарасай» артелі, 7-Куйбышев ауылы, Жыңғылды, Ұланақ, Қарқын, Орпа артельдері, 8-Шайыр ауылы, онда «Жаңалық», «Жаңа құрылыс» артельдері, 9-Шетпе ауылы, «Жаңа жол», «Ұшқын» артельдері, 10-Онды ауылы, «Екпінді», «Ақырап» артельдері, 11-Жармыш ауылы, «Алғабас» артелі, 12-Қарашағыр ауылы, «Сталин», «Ворошилов» артельдері, 14-Тұщықұдық ауылы, «Бірлік күш», «Елтай», «Ақорпа» артельдері, 15-Қаратөбе ауылы «Еңбек», «Талап» артельдері, 16-Тұрым-Жиделі ауылы, «Жасбірлік» артелі, 17-«Калинин» ауылы, «Жаңа адым» артелі, 18-«Шевченко» ауылы, «Чапаев», «Жаңа күш» артельдері, 19-Ақтөбе ауылы, «Жаңақорған», «Қызылқорған» артельдері, 20-Тұщыбек ауылы, «Тұщыбек», «Қараеспе» артельдері, 21-«Құйылыс» ауылы, «Қазақстан» артелі - сонымен барлығы 1 поселкелік, 14 ауылдық кеңестер, 28 ауыл шаруашылық артельдері болған. 1950-60 жылдары балықшылық колхоздардың ажырау, ұсақ ауыл шаруашылық колхоздарды біріктіріп, ірілендіру, ал 1960 жылдың аяғында оларды совхозға айналдыру, тоқсаныншы жылдары совхоздар ажырап, кооперативтік серіктестіктерге бөліну кезеңдері жүріп жатты. Бұл өзгерістердің барлығы жұртшылыққа белгілі және қазіргі ұрпақтың көбінің көз алдында өтіп жатқандықтан, оған егжей-тегжейлі тоқтауды қажетсінбедім. Қырқыншы жылдардың басында Шевченко ауданында 3 орта, 9 орталау, 6 бастауыш, Маңғыстауда 1 орта, 12 орталау, 9 бастауыш мектептер болды. Үстіміздегі ғасырдың соңғы отыз жылы түбегімізде экономикалық-әлеуметтік өрлеу кезеңі болды. Энергетикалық үлкен кен орындары, мұнай-газ, атом, құрылыс материалдары және басқалар ашылып, пайдалану жүзеге асты. Өлке төсін болат, асфальт жолдар шарлады. Ақтау мен Жаңаөзендей көрікті қалалар бой түзеді. Темір жол стансалары мен бекеттер, жаңа аудан орталықтары мен өндірістік-шаруашылық мекен-жайлар өмірге келді. Оқу-ағарту, мәдениет ордалары есік ашты. Халықтың тұрғын үй, коммуналдық жайлары жақсарды. О баста Таушық поселкесін орталық еткен ауданымыз алпысыншы жылдары Шетпе стансасына орналасқан еді. Қазір Маңғыстаудың көне екі Қаратауының табиғи кең ашасын толық қамтырлық үлкен орталыққа айналды. Соңғы екі жылға жуық мезгілде ауданның шаруашылық-мәдени жаңаруларын жұртшылық қанағаттанғандық сезіммен бағалап отыр. Өткен жылдың қазанында пайдалануға берілген мұсылман мешіті мен Досан батыр ескерткіші - Маңғыстау ауданына 70 жылдығы қарсаңында бой көтерген ірі ғимараттар. Бұлар Маңғыстау ауданы халқының және кәсіпорын, мекемелерінің күшімен, түбектің қала, аудан, өндіріс, ұйым-ұжымдарының демеуімен және Маңғыстау ауданы әкімшілігінің осы мүмкіншіліктерді ұйымдастыра білуімен іске асырылғаны кәміл. Бұл көрікті де әсем мешітті халық тұрғызды. Ол - халық мешіті. Бұл ғимарат ауданымыздың 70 жылдық мерейтойына орай «Маңғыстау» деп аталуын орынды деп санаймын. Сондықтан бұл мешітті «Маңғыстау мешіті» деп атауды ұсынамын және мұны барлық маңғыстаулықтар қолдайды деп сенемін. Қ.Сейілхановтың аудан әкімі болып келгеніне жыл жарым-ақ мезгіл өтті. Қысқа мерзім ішінде оның бағдарламаларының орындалу барысына аудан еңбекшілері оң қарады, ізгі тілектестік білдірді. Бұл туралы ақпарат құралдарында кеңінен көрініп жатыр. Ел аузында «Қыдырбақыт ауданымызға келген Қыдыр мен бақыт болды» деген сөздер айтылып жүр. Ол - озық ойлы, тілі орамды, ел қызметшісі. Егер оған Қыдыр,Бақыт,Ақыл (отызыншы жылдардың жазықсыз құрбаны болған бес арыстың бірі Бейімбет Майлин «Хан күйеуі» шығармасында осы үш атауды арқау еткен екен) жиынын телісек, маңғыстаулықтардың пікірінен алшақ кетпеспіз-ау!.. Еліміз тарихында ізі қалған ғимараттар мен есімдері есте сақталған дара тұлғалар аз емес. Әйгілі піріміз Бекет ата, Атыраудағы Дүйсеке мешіттері, құрылысы құлатылса да, Абдолла, Әбді хазіреттер, Нұрнияз, Түйте ахундар, Айдар ишан, Төлеу халипа, т.б. жергілікті дін шамын жағушылар, Оразмағамбет, Шайхы, Ержан сияқты білімдарлар, Ермембет пен Мәтжандай билер, Абыл мен Нұрым, Аралбай мен Ақтан, Қашаған, Сәттіғұл, Сүгір, Мұрын сияқты ақын-жыраулардың есімдері ұрпақтар жадында мәңгілік сақталмақ. Өткен тарихымызда жапсырма атақ қосарланған сәттер де аз емес. Алайда мұндай атаулар тұрақты бола да бермейді. Мысалы, Петербург-Петроград-Ленинград-Санкт-Петербург, Царицын-Сталинград-Волгоград, Әулиеата-Жамбыл-Тараз, Ново-Петровск-Форт-Александровск-Форт-Шевченко... Елді мекендер мен қалаларды жеке тұлғалардың атымен атау өте көп болғанын да, оның жиі өзгеріп келе жатқанын да XX ғасыр көзге түртіп, көрсетіп отыр. Ал мекен-жаймен, жер-су атымен аталатын үлкен де қасиетті құрылыстар жал-қыры қисаймай, ғасырлармен бірге жасап келеді. Мәселен, Мекке қағбасы, Самарқанидың көк тасы, Бағдат кітапханасы, Бұхар, Қазан, Уфа медреселері, т.б. Ұлан-байтақ ұлы өлкеміз «Маңғыстау» атағымен әлемді шарлайды. Облысымыз бен ауданымыз да «Маңғыстау» аталады. Түбекте «Маңғыстау» атымен байланысты ірі өндіріс (МНГР, МАЭК, газ өңдеу зауыты) және әлеуметтік орындары баршылық. Осының бәрі халқымыздың жүрегін мақтанышқа бөлейді, құрмет пен сүйіспеншілік туғызады. Ертелі-кеш өзге аймақтарға дәм айдап, ауып кеткен туыстар да Маңғыстауды қатты аңсайтыны, күндіз ойынан, түнде түсінен шықпайтыны сөзсіз.
«Жеті қайқымыздың» бірі Тастемір:
Маңғыстау, ойың терең, тауың биік,
Айнала кете алмадым көзім қиып.
Маңғыстау, сені тастап кеткеніммен,
Көзімнің жүре алмадым жасын тыйып, деген ән жолдарында туған жерге деген осындай сағыныш пен іңкәрлік сезімін тамаша суреттеген. Өлкеміздің экономикалық және әлеуметтік өркендеу келешегі, әлеуеті өте зор. Қасиетті мекеніміз бен Қазақстан Республикасының қалай дамитындығы 2030 жылға арналған стратегиялық бағдарламада айқын көрсетілген. Бұл бағдарламаның кезек күттірмейтін міндеттері мүлтіксіз орындалуы үшін облыс жұртшылығы бірлігін танытып, еселі еңбегімен жұмыла жұмыс жасауы керек.
1998 жыл, қаңтар айы, Шетпе кенті. (Бүл мақала аудандық «Жаңа өмір» газетінің 1998 жылғы 25 ақпан күнгі № 09 (9131) санында қысқартылып жарияланған. Облыстық «Маңғыстау» газетінде де «Киелі құтты мекенім» деген атпен қысқартылып басылған).
ҚАСИЕТТІ ДЕ ҚАДІРЛІ МЕКЕН
«Маңғыстау - жеті жұрттың мекені» деген ұғым - халықтық қағида. Қай жұрттың қай кезеңде болғаны айқын болмағанмен, көне атаулар мен белгілер өлкемізде баршылық. Әңгіме еткелі отырған Шайырымыз ежелден ел мекені болғаны кәміл. Көп жылдар бойғы тұрағым болғандықтан, оның ертелі-кешті тарихы туралы естіген-көргендерімді қағаз бетіне түсіруді ойладым. 1)Шайыр аймағында өткен кезеңдердің тарихи таңбалары аз емес. «Қызыл қала» аталған елдің қорғаныс қамалының іргетас қоршауы елуінші жылдарға шейін жетті. «Шерқала және оның түбінде құрылыс кірпішін пісіретін пеш болыпты-мыс» деген сөздер- халыққа құлақсіңді аңыздар. Ақмыштың егістік-тегістігінде және Көгездің аяғында халық «ұрыс-қырғын орны» деп ұғынатын өлілер зираттары орналасқан. Сондай-ақ «Темір Абдал», «Қырықкез», «Қаңғыр-Ғазы» және «Бибі қыз», «Бала әулие» қорымдары сақталған. Ал Көгез, Ақмыш, Шайыр, «Қажыр-Бажыр», Қара Дуан, Қаді, Шерқала, Отпан, Үпілмелік атауларын да «Біздің жұртымыз үшін өткеннің жалғасы» деп түсінуге болады. Жорамал аңыздарға қарсы болмасақ та, Шерқала, Жалған тауларының сыртқы көрінісін «заманалар өткелдеріндегі вулкандық құбылыс» деп ойлауға да болатын секілді. Бұлардың төбесіндегі ойыс - вулкан жыныстары атқылаған шұңқырдың (кратер) кейін бітелген орнына ұқсайды. Бұл жорамалды Жармышқа жақын жердегі Ақсүйір, Көксүйір үйіктерінің көріністері де растай түседі. 2)Шайыр - кейінгі екі ғасыр астасуында көрнекті тұлғалардың дүниеге келген мекені. Осы ретте халқымызға белгілі суырыпсалма ақын Қашаған Күржіманұлын (1841-1929) атап өткен жөн. Өткен қараша айында теледидардан Сүгір ақынның шәкірті Жақсылықтың «Баласы Берекет қайтыс болған кезде Аралбай ақын Қырықкез бен Құла ат аралығындағы «Жалғыз шымырауды» жайлаған еді» деп әңгімелегенін, Аралбайдың қасірет-қайғы шағынуын, ал Қашағанның көңіл айту толғауларын тыңдағанымыз бар. Бұдан «Жетімек Жары ақын Аралбай ата Шайыр шеңберінде болған» деген түсінік тумай ма?! Көп жылдар бойы ел басқарған Өсербай болыс та - Шайыр өңірінің азаматы. Ол -«Адайдың бес тазы» ма, әлде «сегіз тазы» ма, қатарына қосылған ірі тұлға. «Таз» сөзі Құлшекең (Жұбаев Құлшық) аға әзіліндегідей бас құйқасының қышыма-бөртігі емес, «көсем» мағынасында айтылса керек. Ол топқа кімдер жататынын біліп жатқанымыз жоқ қой. Бірақ Бәймембет пен Ғафур, Ермембет пен Мәтжан, Иса мен Өсербай сияқты атақты билер саналмады ма екен?! Аталған тұлғаларды көре қалған, қатарына еріп, шығармаларын жырлаған Серікбай, Шәдіман, Көшен, әңгімеші Тасқынбай сияқты ақсақалдар алпысыншы жылдарға шейін арамызда болды. 3)Қаратаудың Шайырлық іргесіндегі мол су байлығы - табиғаттың бере салған жомарттығы. Көгезден бастап Торышқа дейінгі тау етегінде орналасқан ірілі-уақты жиырма шамалы бұлақ көздері ел ырысы екені ақиқат. Қоныстанғанына 300 жылға жуық уақыт болған ата-бабаларымыз бұларды ел нәсібіне жаратқаны белгілі. Осы орайда Досан-Көктаубай ұрпақтарының, Нар-Есбол, Абылай, Арықбай, Құсбек, Берқалы-Қуандық, Қалмағанбет, Қара-жан, Тұрғанбай, Өмірзақ, Майлан, Бозжігіт, т.б. ата-ағалардың ізгі еңбектері ұрпақтар жадында ұзақ сақталмақ. Бұл тұрғыда ерлермен бірдей еңбек еткен Айкүміс пен Айсұлу, Қоңыр мен Бәкенай, Дінәш пен Ұлмекендер бейнесі де көз алдымызда тұр. Ақмыш, Күркіреуік, Шайыр егіншілік аймақтарға жатқызылған. Досан және Есбол бұлақтарын дөңеспен қиялатып, төрткүлдердің екінші бетіне жетелеген, ал Қарасайдың қысаңынан көрінген мол суды қайраңға жібермей бұрып, бүркіттің шыңға салған ұясындай жарлауыт бетпен саздан өрілген салмамен ағызған ерен еңбектері мен көз жоба, ақыл-ой нәтижелеріне еріксіз таңданасың. Ақмыш пен Қарасай тарамдарындағы бұлақтарда, сай іштерінде өрік-шабдалы өсірген Абылай, Арықбай жеміс бақтары, Қалмағанбет ор, Аралбай бөгет, Сарыойдағы шығыр қазындылары жуырға дейін сақталғаны мәлім. Колхоз-совхоз дәуірінде барлық көкөніс түрлері және дәнді дақылдар өсірілгеніне, әсіресе ақ жүгері мен арпадан мол өнімдер жиналғанына, отызыншы жылдары Айдашов Жұмағали марқұмның нұсқауымен салынған қойма ұяларын жылына 700-800-1000 пұт астық толтырғанына қазіргі аға буын куәгер. Қоғамдық шаруашылықты өркендетуде шебер ұйымдастырушылығымен танылған Мұқаш, Алпысбай сияқты жандар, бағымындағы саулықтан жоғары деңгейде қозы алып, отар-отар қой өсірген майталман шопандар Жұмағали мен Атшыбай, Жанбай мен Шәуен, Оңайбай мен Жәміш, Еділбай мен Әлішбай, Мырзатай мен Мәжит, Тоғжан мен Ыбыраш, Бисалы мен Қанай - ел құрметіне бөленген азаматтар. «Бұлардың ұлы еңбектері - ұрпақтар үшін үлгі» десек, артық болмас. Облысымызда әр саладан білімдар және қаламгер жастар өсіп келеді. Олардың арасында шайырлық тума түлектердің де орны ерекше. Сондықтан да әрдайым Шайырдың өткеніне үңіліп, келешегімен сабақтастыра қалам тербеп отырған жөн.
2000 жыл, ақпан айы.
Шетпе кенті.
«ӨЛІ ЖЕБЕМЕЙ, ТІРІ БАЙЫМАЙДЫ»
Халықтың осынау мәтеліне орай өлі әруаққа, әулиеге жалбарыну, табыну, садақа беру, тарату дәстүрге айналған. Ауырып-сырқаған, басқа да өмір қыспағына түскен адамдар ата-баба, әулиелер, шаһиттер зираттарына түнейтін болған. Біздің аталарымыздан Тасымға дейінгілері қайда қалғанын білмеймін. Бала кезімде білетін үлкендерден сұрамаппын. Тасым бәйбішесімен Мәстек құдығының оңтүстік-шығысында 1-2 шақырым биік тебе басына жерленіп, үлкен там салыныпты. Сол тамға 54 жасында қайтыс болған баласы Қожық жерленген. Оған 1910 жылғы «Жұт иттен» бұрын ас беріліп үлгерген. Там қалайтын шеберлер Ауызорпа тасынан қиюлап салғанмен, фундаментсіз ірге үгіле-үгіле, 1931 жылы құлады. Тастары түрлі ел қажетіне пайдаланылған, қалғаны опырылған күйінде жатыр. Осы қауымда Нұрлан шешеміз Ерназар ұлымен, Тілепі атамыз Айтболат баласымен, Ұлықпан, Беймұқан кемпірімен, Нарынбай балалары Нұржан, Байжан және т.б. жатыр. Маңғыстау түбегіндегі әулиелердің саны 360-366 мөлшерінде айтылады. Олардың ішінде даңқтырағы - Бекет ата. Ол - Қосқұлақтан таратқанда, үшінші ұрпақ. Ал Ескелді, Қосқұлақ, Жары - Жаулының балалары. Бекет ата зираты Маңғыстау ауданының орталығы Шетпеден оңтүстік-шығысқа қарай 130-150 шақырым шамасында, Үстірттің Өзен қаласына қараған шыңының төменгі іргесінде үңілген мешіттің түбінен қашалған. Шыңның үстіңгі етегіндегі тегістікте түнеуге барғандар үшін қонақ үй түрінде ауыз бөлмелі зал салынған. Оның ішіне темір пеш орнатылып, жеткілікті мөлшерде ас құралдары, ыдыс-аяқтар, төсеніштер, көрпе-көпшіктер қойылған. Үй сыртында су құйылған цистерна, керосинді бөшке, отын түрлері, құрғақ тағамдар (астық, шәй, секер, т.с.с.) қойылған. Түнемелік жайға үстімен, зиратқа төменнен машина жол келіп жатыр. Бұл екі аралық - екі шақырым шамасында жаяу қатынайтын жалғыз аяқ жол. Жоғарғы қон алқа үй маңында «Оғыланды» қауымы бар.
ФОРТ-ШЕВЧЕНКО - МАҢҒЫСТАУДЫҢ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫ
Өткен кезеңдерде Солтүстік мұхит Торғай қақпасы арқылы Арал теңізімен, ал Арал Каспиймен жалғасып жатқанын еске алсақ, Маңғыстау өлкесі тұтас түбек болғаны шындық. Оның ішкі бөлімдері - Оң жағалық, Бозашы, Түпқараған - осы заман адамдарының көз алдында да айқын түбектер. Қарағантұп - Маңғыстаудың Каспий теңізінен шығысқа қараған орта шеніне тереңдей енген бөлігі. Табиғи пайда болған бұл жер бедері қала атының Кетік аталуына себеп болды ма, кім білген? Ресей патшалығы Орта Азия мен Қазақстанды отарлау мақсатында 1834-35 жылдары Қызылтаста салған Ново-Александровск әскери бекініс қамалын 846 жылы Ново-петровск атауымен Түпқараған мүйісіне көшіреді. Ол өткен ғасырдың елуінші жылының аяғына таман Александр Форты, 1870 жылы Пристав орталығы, 1874 жылы қала деңгейіне шыққан. Алда 150 жылдығы атап өтілгелі отырған аймағымыздың қара шаңырағының экономикалық-әлеуметтік маңызын сөз ету ойы туды. Терең де қатпайтын жағада орналасқан бұл қала Каспий айналасындағы барлық қалалармен жыл бойы қарым-қатынас жасай алады. Кейінгі кезде басқа теңіздер мен мұхиттарға шығуға мүмкіндік ашылды. Теңіз агенттігі мен балық кәсіптік пристаньдар һәм шағын кемелер тоқтайтын табиғи қойнаулар қаншама!
І
Маңғыстаулықтардың негізгі күнелтіс көзі мал шаруашылығы болғанмен, Каспий жағалауының ұлан бойы балықшылық кәсібімен айналысты. Халықтың тұрмыс жағдайы үшін оның маңызын айтып жеткізу - ұзақ сөз. Балықшылар қысы-жазы теңіздің барлық деңгейінде балық аулап, өзге суларда кездесе бермейтін қымбат байлығын қолға түсіре білді. Әсіресе көктем кезінде Жандауырдан Кендірліге дейінгі байтақ жағада аяқтай тұрып алтын шабақ, ақсерке, кейін килька өндіру ерекше дамыған болатын. Қаланың дәл батыс-оңтүстік жағалауында аралары 1- Ажырық, Қарабөкеже, Асан, Өрдек, Ақкетік, Аралды невит аталатын кәсіпорындар қаншама адамды еңбекке тартты. Күніне ертелі-кеш жаяу тұрып, сүзіп алынған бұл өнімдер мемлекеттік тапсырманы да, ау тартушылардың «Ал, бірге!» әуенімен шелек, зембілін ұстай барған үлкен-кішіні де қанағаттандырып жататын. Қазан төңкерісіне дейінгі кезде Каспийдің балығын өндіру мен өңдеуде атақты көпес Захар Кузьмич Дубскийдің есімі айрықша аталады. Ау-құралдардан бастап әртүрлі кемелері жеткілікті болған оның Маңғыстау жағалауларын былай қойғанда, Астрахань, Макачкала, т.б. жерлерде қоймалары мен балық қабылдайтын, өңдейтін орындары болған. Кетік қаласының өзінде маңдайына тастан қашалып «З.К.Дубский» деп жазылған тұрғын жай, Аташ поселкесінен солтүстікке қарайғы 3-5 шақырым жағалықта шағын бұлақ түбінен 2-3 гектардай жеміс ағаштары аралас парк, ортасында шаршы үлгіде айнала балконды көгілдір қаңылтырмен шатырланған әсем ақ үй, саяжай орнатқан. Бұл ғимарат -жиырмасыншы жылдардан бастап пионерлердің жазғы демалыс лагері. Баутин-Аташ іргесіндегі сор тұз өндіретін орынға айналып, маңғыстаулық алғашқы жұмысшылардың бір тобы осы кәсіпорыннан құралса керек. Тұз өндіру де - балық өңдеу мақсатында қолға алынған, З.Дубскийдің атымен байланысты шаруашылық. Шаруашылығы жұқарған, күнкөріс жайы талап іздеткен ел азаматтары Захарға келеді екен. Ел аузында қалған, «Неужели Захар Кузьмич бір қайық бермейді?» деген сөз мұнда келушілердің көңіліне ұялаған сенімді көрсетеді. Осынау кәсіп иесінің ізгі қасиетін аңғартатын аңыздар баршылық. Ол қызмет етушілерге берген қарызын табысы болғанға дейін кейінге созатын немесе мойнынан алып тастайтын. Жағада төгіліп жатқан жүктерінен отынға ағаш, иә басқа материал алып жатқан жұмысшысын көрсе, бір жағынан сүйемелдеп жіберіп: «Тез жөнел, күзетші көріп қалар», - дейді екен. Захар Кузьмич кәсіпшілігін мемлекеттік жүйеге сәйкестендіріп құрған. Өнімдер де, құрал-жабдықтар да, еңбеккерлермен есеп-қисап та кеңседе жұмысты ұйымдастырушылар мен бухгалтерия арқылы жүргізілген. Кеңес үкіметі келген соң бүкіл өндіріс балансын, ғимараттар мен құрал-саймандарды да, дүние-мүліктері мен ақша қорын да өз ықыласымен мемлекетке өткізген. Халық оның сол себепті тәркілеу, жер аудару жазасына ұшырамай, бас бостандықта, аман қалғанын айтады. Бұл азаматтың ұрпақтары мен әулетінен кім бар, олар қайда тұрады - ол жағын мен білмедім.
ІІ
Қазан төңкерісінен кейін Каспий байлығы жаңа мемлекет құзырына көшкені түсінікті. Жиырмасыншы жылдардың соңы мен отызыншы жылдардың басында балықшы колхоздар құрылды. Олардың саны «Путь коммунизму»- дан «Фетисовке» дейінгі теңіз жағасында сегіз, аралдарда «Красный Долгинец», «Құлалы» және Баутиндегі «ІІІ Интернационал» колхоздарымен 11-ге жеткен. Сондай-ақ балықшы колхоздар одағы, моторлы балық аулау станциясы (МРС), мемлекеттік аулау базасы (базгослов), кеме жөндеу зауыты (судоремзавод) және Баутин, Саура, Құрық балық өндеу кәсіпорындары (заводтар) болған еді. Бұл кезде қызыл балық аз ауланбаса керек. 1928 жылдың жазында қаланың Совет көшесі аталатын негізгі жолымен Баутин балық заводына қарай 10-15 ат арба тобы әрқайсысы бір-бірден бекіре-қорытпа салып бара жататынын көретінбіз. Арба үстіне қиғаштай орныққан қорытпаның тұмсығы жеккі аттың оң жақ сауырына тақалып, құйрығы арбаның сол жақ артынан шығыңқы, кеудесі едәуір көтеріңкі тұратын-ды. «Бұлардың салмағы жарты тоннадан кем соқпас» деп ойлаймын. Өйткені, арбашылар он қап астық тиеп тасушы еді ғой. Бұл балықтар аса қашық емес, «Қызылөзен» колхозынан тасылуы ықтимал. Отызыншы жылдардың аяғы мен қырқыншы жылдардың басында балықшылар одағы ажырап, колхоздар МРС-тың қарамағына өткізілді. Одан әрі колхоздардың өздері де таратылып, бірсыпырасы бұрынғы мекенінен өзге орындарға көшірілді. Ақыры одан да тарап, халқы шаруашылықтар мен кәсіпорындарға орналасты. Мұның өзі Каспийдің жайылма шеттері тартылып, балық аулау теңіздің тереңіне қарай ауысуына байланысты болған-ды. Отызыншы жылдары Бозашының оңтүстік-шығысын қоршаған теңіз бөлігі түгел тартылып, жалаңаш сор болып қалғаны белгілі. Оның теріс жаға беті де құрлықтан қашықтай берді. Бұл жөнінде көзбен көрген бір мысал келтірейін. 1935 жылдың жазында Долгийде дүкенші болып істейтін ағайын Серікбайұлы Әбдіжандікіне бару үшін Қамыраннан Ақтұмсыққа өтуге қайық күтіп, үш адам 2 күн аялдағанымыз бар. Сол теңіз Долгийден батысқа шегініп, аралдың шығыс беті түгел сорға айналғанын 1940 жылдың желтоқсанында Қамыраннан колхозға автокөлікпен барып көрдік. Ол 1,5 тонналық «полуторка» болатын. Машинада балықшылар одағының басқарушысы Сероштан мен МРС директоры Донское Долгий колхозын моторлы балық аулау станциясына өткізуге барған-ды. Осы тұста теңіз батысқа қарай көп қашқанын аңғардым. Балықшы колхоздар тарағанмен, кәрі Каспий байлығын ел игілігіне жарату кеміген жоқ. Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдың еңбек ерлері майданға да, елімізге де мыңдаған-миллиондаған тонна аса қымбат өнімдер беріп, жеңіс үшін өлшеусіз үлес қосты. Қаланың ел тұрмысына себі тиген бір кәсібі - құрылыс бұйымдары - тас пен әк өндіру болды. Жиырмасыншы-отызыншы жылдары бұл өндірістің арнаулы мекемесі (стройпром) арқылы жұмыс қол күшімен атқарылатын. Мұнда ұзақ жылдар бойы басқарушы болған кексе азамат Ембергенов Кірмантай көпшілікке танымал еді. Соғыстан кейін тас карьері қаланың оңтүстігіндегі көлемді тас қоры аймағына ауысып, басқа қалаларға өнім дайындайтын техникалық жарақталған күрделі өндіріске жеткен-ді. Кетік түбек халқының мал шаруашылық өнімдерінің кейбір бөліктерін өткізетін және өндіріс тауарларын алатын базары да болды. Мұнда отызыншы жылдарға шейін, яғни кеңестік сауда ашылғанша армян, әзірбайжан, иран азаматтарының сауда дүкендері жұмыс жасады.
ІІІ
Түпқараған әскери бекініс қамалы қаланың солтүстік жағын орайтын, жергілікті ел тауға саятын тастақ сары қаспақ үстіне орнатылған. Оқ ататын саңылаулар қалдырылған бұл тас қабырға 3-дай алаңды жартылай қоршайды. Қоршаудың қалаға қараған ашық бетінде гарнизонның шығып-түсуі үшін екі адам қатар жүре аларлық баспалдақ жасалған. Алаң орталығында оқ-дәрі сақталатын үлкен кеуек, әскер казармалары мен уезд әкімшілігі кеңселерінің қабырға бөлшектері жиырмасыншы жылдардың аяғына дейін тұратын. Осы жерде оқшау орналасқан үлкен күмбезді шіркеу болатын. Қалаға дейін 10- Таңбалы құлауынан көрінетін бұған жолаушылар әзіл-шыны аралас «Қалаға арнап сәлем беріңдер» деп күлісетін. Осы ғимарат 1928 жылдың күзінде жоғарғы күмбезінен мықты тростар оралып, көп адамдардың тартуымен құлатылып, қабырғалары да бұзылды. Бұл көне бұйымдарға теріс көзқарас кезеңі ғой. Қала ортасындағы «Түркімен мешіт» аталатын ғибадатхананың биік күмбезі де жұлынып, алғашқыда «Мирзоян клубы», одан соң «Автостанция» деп аталды. Алайда ертелі-кеш қоңырауы ауаны жаңғырықтырып тұратын Баутиндегі орыс шіркеуі сақталып қалды. Уездік әскери әкімшілік 1881 жылы «Халықшылдар» тобының бомбасынан қаза болған ІІ Александр патшаның мүсінін қала ортасындағы домалақ төбешік басына орнатқан екен. Халық мұны «Күйік патша» дейтін. Қазан төңкерісінен соң кеуде мүсін де жұлыныпты. Мүсін орнатылған берік тұғыр сақталған. Жүз жылдан артық уақыт өткен соң, XІX ғасырдың ортасында Қазақстанды түгел отарлап болған Ресейдің алдында Орта Азияны жаулау мақсаты тұрды. І Петр тұсында-ақ экспедиция шығарылған екен. Ол да, одан соң XІX ғасырдың отызыншы жылдары ұйымдасқан әскери шабуыл да жеңіске жете алмаған. Сондықтан да Хиуа жорығына жан-жақты дайындық жүргізген Қарулы күш министрінің жоспары бойынша жорық 1873 жылдың басына ұйғарылған. Шабуылды Түркістан генерал-губернаторы К.П.Гауфманның басшылық етуімен Красноводскдан, Маңғышлақтан, Орынбордан, Түркістаннан әлденеше топқа бөлінген 10 мың орыс әскері ақпан айында бастаған. Осы жорықта басып алынған, 10-20 ғасыр бойы Орта Азияға билік жүргізген Хиуа 1873 жылдың жазынан бастап Ресей протекторатына айналды. Сонымен Тұпқараған әскери бекінісі де өзінің діттеген мүддесіне жеткен-ді.
ІV
Діни мектеп-медреселерді айтпағанда, Маңғыстау аймағында жалпы білім орталығы Кетік екеніне ешкімнің таласы болмаса керек. Түбектің алғашқы зиялы азаматтары осында сауаттанған. Қазан төңкерісінен бұрын қаланың өзінде һәм Николаевск (кейін Баутин деп аталған) станциясында қазақша-орысша екі кластық училищелер, Долгий аралында бір кластық орыс училищесі болулы. Көп жыл Баутинде оқытушы, ал Отан соғысы жылдарында М.Горький мектебінің директоры болған Дмитрий Сергеевич Рюмков Владикавказ семинариясын бітірген соң, 1902 жылы осы Долгий училищесінде бастап оқытқанын әңгімелеуші еді. Республикамызда сауаттандыру мен білім беру жұмыстары Қазан төңкерісінен кейін қолға алынғаны белгілі. Маңғыстау да 1920 жылдан бастап тұрақты емес һәм сирек болса да мектептер ашыла басталды. Сол кезеңнің алғашқы қарлығаштары - Базаржан Шымыров, Төрәлі Самалықов, Хасан Мұхаммедиев, Дмитрий Сергеевич Рюмков, Отарбай Тұржанов, ерлі-зайыпты Маклецов-Маклецова (Софиская), Әбілхан Әбдіхалықов. Оларға ілесе Нұрлан Байтілеуов, Көшекен Қалауов, Шайқы Қарабасов, Жұмағали Айдашев, Қонысбай Жантаев, Сәду Нұрниязов, Жылқыбай Айтжанов, т.б. жұртшылыққа танымал-ды. Арнаулы жатақханалары мен әсем мектеп үйлері бар Қаңға баба, Құрық, Ақмыш сол кезеңнің тұрақты бастауыш білім ордасы саналатын. Бұларда жетім және панасыз балалардың бағым үйлері отызыншы жылдың басына дейін сақталды да. Қазақстанда, оның ішінде біздің аймағымызда жастарға білім берудің негізі - КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі мен Орталық Атқару Комитетінің 1930 жылғы 30 тамыздағы қаулысынан бастау алады. 1931 жылдың күзінде ауылдық кеңес орталықтары мен ел жиірек тұратын мекендерде 8-15 жас аралығындағы балаларды қамтитын бастауыш мектептер жаппай ашылды. Бұл шығыста «Мәдени төңкеріс» атын жамылған латын алфавитіне көшумен қатар келген-ді. Мектеп жеркепеде не елмен бірге көше жүріп, киіз үйлерде сабақ өткізді. Оқушылар жерде отырып оқып, тізесіне қойып жазатын. Әр мектепте бір ғана мұғалім болды. Оқу-жазу құралдары да тапшы еді. Мұғалімдердің көбі 1931 жылы қаңтар-мамыр айларында Фортта даярлау курсынан өтті. Олардың көбі мектеп көрмеген, жай сауаты бар адамдардан құралып, екі топта 50 шамалы адам оқығанды. Курс аяғында арнаулы комиссия сынақ жүргізіп, «жарамды» дегендерін бастауыш мектеп басқаруы мен мұғалімдігіне, қалғандарын үлкендерді сауаттандыру қызметіне ұсынды. Бұлардан жадымда сақталғандары: Үбіния Қазақбаев, Дила Саймағанбетов, Алдан Сейітмағанбетов, Әбу Қожанов, Азан Тағаниязов, Нығымет Тағаев, Сағындық пен Ақжігіт Қожамбетов, Оразалы Бақыбаев, Жолжан Қожамбетов, Өткілбай Мұрынов, Қуаналы Диханов, Жүзбай Қошанов, т.б. Одан әрі қысқа курстардан өткен Бекқожа Еділханов, Сапар Ергенбаев, Нәби Бимағанбетов, Төлеген Ештаев, Мыңбай Еркеламанов, Бәймембет Әмірханов, ал отызыншы жылдардың екінші жартысына қарай Ысқақ Шәкіратов, Мұқаш Қадіров, Нәдір Нұрғалиев, Икембай Өтепбергенов, Қызылғұл Құлшаров, т.т. халық ағартушыларының тобына қосылды. Осылайша бүтін елде жалпыға бірдей бастауыш білім беру 1934 жылы орындалғанын ақпарат құралдары жариялаған болатын. Ол қарсаңда қалада С.М.Киров атындағы қазақ орта мектебі, Баутинде А.М.Горький орта және Т.Г.Шевченко жеті жылдық, Аташ бастауыш мектептері бар еді. Менің өзімнің 11 жылдан аса Маңғыстаудың қара шаңырағы қаласында, соның үштен екісінде ежелгі білім ордасы «Көк школда» болғаным ол туралы азғана сөз қозғауыма мүмкіндік береді. 1.Қаланың солтүстік еже шетіндегі екі қабат мөлшерден де биігірек, көк қаңылтырмен шатырланған оқшау көрікті ғимарат «Көк школ» деп аталуында да бір жарасымдылық бар. Солтүстік-батысқа қараған сыртқы есіктен кірсең, ақ-сары, ала-көк, ала-патсайы өңдес паркет еденге табаның сырғанай, биік күмбез төбелі кең залға енесің. Залдың екі жағында екі-екіден кең де жарық төрт класс бөлмелері, төрі мен шыға берісінде шағын-шағын көмекші, шаруашылық қосалқы бөлмелер, кісіге назар аудартатын, дәлізге есігі қараған екі дәретхана бар. Оның оқушыларға арналғаны 5-10 бала катар кіріп-шығарлық ыңғайлы орындары мен түбі терең, қолайсыз иіс шықпайтын құрылымы таңдандырады. Сырт төбеде кең де биік құбыр орнатылған. Мұнымен қоса іште де иіс-қоңысты далаға тартуға себі тиетін, пеш құрылымына ұқсас жүйе бар. Мектептің сырт көркі де, ішкі сөні де балаларды тысқы дүниеден білім ұжмағына енгендей сезімге бөлейтін. Құрылыс үстіміздегі ғасырдың оныншы жылдары салынса керек. Қаланың батыс бетіндегі оңашалау, осы кезеңде тұрғызылған пошта, телеграф үйі мен биік те берік металл антенна да көз тартады. 2.Отызыншы жылдар білімге жұртшылық назары ауған, оқушылар саны өскен, ағартушылар қатары да, ынтасы да көтерілген дәуір екені әркімге де аян. Бұл тұста аудан мектептеріне, сондай-ақ С.М.Киров мектебіне де Оралдан, Гурьевтен білімді де, тәжірибелі оқытушы кадрлар келді. Әбілғали Таңқыбаев пен Қыдырбай Есмағанбетов сол топқа кіреді. Бұлар 1920 жылы Орынборда ашылған екі жылдық педкурс түлектері екен. 1933-37 жылдары біреуі мектеп директоры, екіншісі оқу ісінің меңгерушісі болды. Әбілғали жан-жақты білімді де әдіскер, талап қойғыш, шебер ұйымдастырушы педагог еді. Сол кезеңде жоғарғы сыныптарда оқыған Бөлекбай Жаңаев, Өмірзақ Нұрбаев, Бегейбай Ахметов, Өтежан Алшымбаев, Нұрбаулы Құлшымбаев, Шөудір Майланов, Алдаберген Оразбаев, Салиха, Сабыр, Рахия, Хасан Жаманқұловтар, Сансызбай Нұрбатыров, Сыдиық Әндірханов, Атажан Нұрбаевтар - қоғамда және ел қорғауда елеулі еңбектерімен танылған азаматтар. «Көк школдың» ғасыр тарихында бұлардан да басқа өмірге жолдама алған азаматтар қаншама! Келешекте де оның абырой-даңқы өрге баса бермек. Бастауыш білім беру ісі жүзеге асқан соң, жеті жылдық білімге көшу қолға алынды. Маңғыстау бойынша 1936-37 жылдары ауылдық кеңес, колхоз орталықтарында орталау мектептердің жаппай ашылуы жаңадан мұғалім кадрларын көптеп қажет етті. Ол үшін облыс орталықтарында қысқа мерзімді дайындау курстары ашылды. Сондай курстардың бірі Оралдың А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтының базасында ауданнан 10 кісі, ішінде Т.Самалықов, Ж.Айтжанов, Е.Өмірбаев, Ы.Шәкіратов, Н.Нұрғалиев, Ә.Мақаев, Т.Иманбаев және Мен бәріміз 1937 жылдың жазында қазақ тілі, физика-математика пәндерінен білім ұштап, жаңа құрылып жатқан орталау мектептерге жолдама алдық. Республиканың педучилище және институттарын бітірушілерінен де білімді жас мамандар келді. Солардың қатарында С.М.Киров мектебіне орналасқан жас жұбайлар Саламатин мен Гусеваны, М.Өтешевті, И.Тәжібаевты, Хамитовті, Есқалиевті, Гурьевте орта мектепті үздік бітіріп, жоғары кластардың математикасын оқытқан Салық Зимановты (қазір Ұлттық Ғылым Академиясының академигі) атап өткен жөн. 1937-38 оқу жылы мектептерде оқушылардың саны өте көбейген кезі еді. Бұл жылы С.М.Киров орта мектебінде бала саны 1200-ге жетіпті. Мұнша оқушының бұған дейін пайдаланып келген үш орынға сыймайтыны белгілі болды. Сондықтан Совет көшесіндегі аудандық партия комитеті кеңсесіне қарама-қарсы үш қабат мектеп құрылысы жедел аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл ғимарат - 1927 жылы іргетасы бекіп, қабырғалары көтерілген күйінде белгісіз жағдайлармен 10 жыл бойы тоқтап қалған құрылыс-ты. Қаланың жетім балалар бағым орны (детдом) осы құрылысқа іргелес шағын ғана үй еді. Мен мұнда 1928 жылдың жазында келгенімде, бастығы Оразақов Естөре (халық «Бестөре» деп атайтын), тәрбиешісі Намазбаев Қобылан, шаруашылық ісінің меңгерушісі Алдабергенов Арал-ды. 30-50 мөлшерінде балалар болғанбыз. Солардың ішінде 4-сыныпта оқитын Бөлтеков Шүкір (кейін «Шоқыр», «Шоқ» аталыпты) балалар арасында тәрбие шараларын жүргізуші еді. Оның дене құрылымы мықты, қол-аяғы ұзын, ашық далада бокс қимылдарын жеке өзі ауада жаттығып жүретіні есімде қалыпты. Ш.Бөлтековтің еліміз бойынша спорт шеберлігіне қолы жетуіне де табиғи бейімділігі мен туа бітті ерекше болмысы мүмкіндік берген болар. Детдом тәрбиеленушілері көбейе бастаған соң, 1929 жылы «Көк школға» жақын, ертеде жатақхана болған кеңірек үйге көшірілген-ді. Отан соғысы жылдарында мұны аудандық әскери комиссариат алып, балалар қаланың оңтүстік шетіне таман «Түркімен Шағыр үйі» деп аталатын сырлы үйге ауыстырылды.
V
1939 жылдың тамызында аудандық халық ағарту бөлімінің (районо) аппаратына келген едім. Аудан аумағы көлемді, мектептер көп, аралары шалғай, мәдениет орындары да осы мекемеге қарайтын кез. Мұнда қызмет істейтін адамдар саны 15-ке жететін. Ай жарым уақыт өткенде аудан екіге бөлінетін болды. 1939 жылғы қазанның 1-інде аудандық мекемелердің кеңселері де, ұжымы да екі жарылды. Біздің мекемеміз де Шевченко, Маңғыстау болып бөлінді. Бұрынғы мәдени-ағарту инспекторы Қадіров Тілекбай Маңғыстау халық ағарту бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалды. Бөлініп шыққан мекемелер 1940 жылдың көктемінен күзіне дейін Маңғыстау ауданының орталығы Таушық поселкесіне көшіп үлгерді. Байырғы орын осында жер аударылып, Маңғыстауды 7 жыл (1850-57 жж.) мекендеген, туғанына 125 жыл толған украин ақыны «Т.Г.Шевченко ауданы» деп аталды. Аудан бөлінген жылдары Шевченкода 1 қалалық, 1 поселкелік, 10 ауылдық кеңестер, 11 балықшылық, 5 ауыл шаруашылық колхоздар, Маңғыстауда 1 поселкелік, 13 ауылдық кеңестер мен 27 мал шаруашылығымен айналысатын колхоздар болды. 1940 жылы Сығынды ауылында Тельман, Таушықта Шахта орта мектептері ашылды. Сонымен түбегімізді қырқыншы жылдардың басында 4 орта (біреуі Маңғыстауда), 19 орталау (11-і Маңғыстауда), 19 бастауыш (12-сі Маңғыстауда) -барлығы 42 мектеп (24-і Маңғыстауда) болып еді. Тельман орта мектебінің құрылысы 1939-40 жылдар қарсаңында қауырт біткен-ді. Мектептің директоры Нәдір Шапағатұлы Нұрғалиев дамылсыз еңбек етіп, қажетті құрылыс материалдарын Астрахань қаласынан тасуды ұйымдастырып еді. Аудан мектептеріне керекті оқу-жабдықтары мен класс мебельдерін келтіру де осыған орайластырылған. Н.Нұрғалиевтің білікті де жігерлі, шебер де талантты ұйымдастырушылық қабілетін мен ертеден танитынмын және онымен көп уақыт жұмыстас болдым. Ол 1940-41 жылдары Шевченко халық ағарту бөлімінің басқарушылығынан аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімі меңгерушілігіне, одан облыстық мәдениет басқармасының бастығына дейінгі жоғары лауазымды орындарда жауапкершілікпен еңбек етті. Республиканың жоғары партия мектебін, пединститутын тәмәмдап, саяси да кәсіптік жоғары мамандықты игерді. Ол - халық үшін жан-тәнімен күресіп, сол жолға бар өмірін арнаған жас патриот Сайын Шапағатовты тәрбиелеп, өсірген қадірлі әке. Қазір құрметті демалыста, Ақтау қаласында тұрады, дербес зейнеткер.
VІ
Қала дәрежесін иеленген Форт-Александровск 1882 жылдан бастап Маңғыстау уезінің, 1917 жылдан кейін Адай уезінің, ал 1926-28 жылдары Адай округінің орталығы болды. 1928 жылдың жазында округ Ойыл поселкесіне ауысып, Маңғыстау аудан орталығына айналған-ды. Ойылды округтің орталығы жасау шешімі бұзылып, сол күзде-ақ Гурьевке ауысты. Өзім білетін соңғы 70 жылда халық ағарту майданында қаншама талапты азаматтармен жұмыстас болдым. Олардың көбі санадан тасаланды, бұл фәниден бақиға көшті. Бірақ олар жасаған игі істер жалғасын таба берді. Солардың санатында Форт-Шевченко (1939 жылдан бастап осылай аталады) қаласы бойынша 1925-50 жылдары халық ағарту бөлімін басқарған мына азаматтар есімде қалыпты: Хасан Мұхаммедиев, Маңғыстау Ақшолақов, М.Зубков, Нұртілеп Несібеков, Жұмағали Тәпесов, Адаев (атын ұмыттым), Зейнолла Ғұмаров, Ғұбай Қожақов, Арықбай Қонаров, Тоқтар Көпбосынов, Нәдір Нұрғалиев, Шайқы Еркеғүлов, Икембай Өтепбергенов. Осылардың ішінде Ғұбай Алмағанбетұлы Қожақов 1933 жылы Ақтөбе облысынан Фортқа келіп, аудандық халық ағарту бөлімінің аппаратында, 1936-38 жылдары Жыңғылды, Тельман орталау мектептерінің директоры болып істеген-ді. Одан Ойыл ауданына ауысып, 1946 жылы Гурьев облыстық оқу бөлімі Маңғыстауға аудандық оқу бөлімінің меңгерушілігіне жіберді. Мұнда 1950 жылдың аяғына дейін болып, ауданның мәдени-ағарту өмірінде қызмет етті. Әсіресе, оның мектептерді мұғалім кадрлармен толықтыруда ерен еңбек етіп, 1947 жылы аудан орталығы Таушықта 25 адамдық орыс тілі пәнінің оқытушыларын дайындау курсын (ішінде А.Самиев, Ж.Сәдуақасов, Ж.Ұзақбаев, Р.Қабылов, т.б. бар) ұйымдастыруы өте зәру міндеттің жүзеге асуы болды. Сондай-ақ ол кісінің арқасында облыстық партия-совет орындарының шешімімен Гурьев педучилищесінің сырттай оқу сессиясы 1948 жылы жазда Таушық поселкесінде өтуіне мүмкіндік туғызылып, осы сессияда отыз шақты сырттай бөлімде оқушы мұғалімдер арнаулы орта білім аттестатын алған-ды. Қызмет жайым 1946 жылдың жазында Маңғыстау ауданына ауысуына және Форт-Шевченкоға қатынауым сиреуіне байланысты соңғы кезеңге тоқталмадым. Қара шаңырағы осы қала болған өлкеміздің өркендеуі, экономикалық та әлеуметтік өрлеуі өзара тамырлас екені ақиқат. Алпысыншы жылдары мұнай-газ көздері, атом энергиясы кендері, әртүрлі алып құрылыстар, қазыналы түбектің басқа да қорлары ашылуы жедел түлеудің басы болды. Маңғыстауға темір жол тартылды, өлкеміздің іші асфальт және қатқыл табанды автомобиль жолдарымен жалғасты. Осы заманның лайықты да көркем Ақтау, Өзен қалалары, қала типті жаңа поселкелер мен станциялар, жол айрықтары бой көтерді. Аудан, ауыл, совхоз орталықтары көркейді. Жетпісінші жылдары саяси-әлеуметтік ұлы жаңалық болып, Маңғыстау облысы құрылды. Елде 1956 жылы жеті жылдық білім беру міндеті толық жүзеге асып, жеті жылдық мектептер сегіз жылдық болып құрылғаны мәлім. 1971-75 жылдарға арналған бесжылдық жоспар бойынша орта білімге көшу бағдарламасы қабылданған-ды. Қазір қалалардың әрбір шағын аудандарында, аудан орталықтарында бес-ондап 10-11 жылдық мектептер бар. Бұл күнде орта мектепсіз ауыл немесе кеңшар жоқ. Облыста жоғары және арнаулы орта білім беретін бірнеше оқу орындары мен кәсіптік-техникалық училищелер жұмыс жасап жатыр. Кейін «Шевченко бағы» деп аталған паркке ұзақ жылдар бағбан болған Сатанғұл Тәжиев ақсақал мен осындағы тарихи-өлкетану мұражайын жетілдіруде және Т.Г.Шевченко жөніңде мол құжаттар жинауда елеулі еңбек сіңірген марқұм Есбол Өмірбаевтың есімдерін айрықша атап өткен жөн. Форт-Шевченко - түбектің 9 болыс билері кеңес құрған, Қазан төңкерісі кезінде Торғайдағы әскер бөлімдерге ұзақ қыр жолымен қару-жарақ жеткізуге шыққан Әліби Жангелдиннің интернационалдық отряды аялдаған, алғашқы төңкеріс комитетінің төрағасы Тобанияз Әлниязұлы басқарған өлкенің орталығы. Форт-Шевченконың орналасқан табиғи орны да, түбек тарихында атқарған шаруашылық-мәдени рөлі де санаға ізгі ишарат ұялатады. Оның ғасыр жарымдық мерейтойын тойлау және оған әзірлену шаралары туралы бағдарлама түбек халқын қуанышқа бөлейтіні даусыз. Ендеше, осынау ұлы шаруаға сәттілік тілейік. Әумин!
1996 жыл, наурыз айы.
АУДАННЫҢ АЛҒАШҚЫ АДЫМДАРЫ
Біздің түбекте Қазан төңкерісі жеңген шақта Маңғыстаудың төңкеріс комитетінің төрағасы Тобанияз Әлнияұлы (1918-23 жылдары) жұмыс жасаған. Оның туғанына 120 жыл толған еске алу күні қарсаңында облысымыздың орталығы Ақтау қаласында көрнекті ескерткіш орнатылды.
* * * Жалау Мыңбайұлы 1925-27 жылдар арасында Қазақстанның Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болды. Маңғыстау ауданының 70 жылдық мерекесі қарсаңында Шетпе кентінде оған ескерткіш орнатылды.
* * * 1928 жылғы маусымда Маңғыстау ауданы құрылып, ол 1939 жылдың күзінде Маңғыстау және Шевченко болып, екі ауданға бөлінді. Аудан орталықтары Таушық поселкесі және Форт-Шевченко қаласы болған еді. Аудан екіге бөлінбей, біртұтас тұрған кезде аудандық кеңес атқару комитетінің төрағалары болып Сарғожаев Қойсары, Қонарбаев Қажы, Құндақбаев Балабай, Айталиев, Шырдабаев Тымықбай, Әлиев Төлесін, Жиенбаев Сырым, Төрәлиев Ұзақбай жұмыс жасады. Ал аудандық партия комитетінің хатшылары болып Хангереев Дәрібай, Жұмағалиев Қабдол жасаған.
* * * Екі ауданға бөлінген кезде Маңғыстау аудандық атқару комитетінің төрағасы Сағызбай Ақмолдин, партия комитетінің бірінші хатшысы Ғабидолла Елмұхамбетов болған еді. Бұдан кейінгі хатшылар Бақыраев Әмір, Қағазов Төлеген, тағы басқалар болып жалғасады.
* * * Екі ауданның құрамында Шевченко бойынша 1 қалалық, 1 поселкелік, 2 аралдық, 6 ауылдық кеңестер, 10 балық колхозы, 5 ауыл шаруашылық артелі болған. Маңғыстау бойынша 1 поселкелік, 13 ауылдық .«кеңестер, 29 ауыл шаруашылық артельдері болған.
* * * Республикамызда және өз ауданымызда халықты сауаттандыру, білім беру ісі үш кезеңге бөлінеді. 1920 жылдары араб әліппесін негізге алған Ахмет Байтұрсыновтың төте жазу оқулығы бойынша, 1929-40 жылдары латын алфавитіне көшу, 1941 жылдан бастап славян таңбасына көшу тиянақталды. Төте жазу бойынша халыққа білім беру мектептерінде бастапқы жұмыс жасаған мұғалімдер: Шымыров Базаржан, Самалықов Төрәлі, Тұржанов Отарбай, Хасанов Мұхаммеди, Әбдіхалықов Әбілхан. Бұларды жалғастырғандар: Байтілеуов Нұрлан, Қалауов Көшекен, Айдашов Жұмағали, Ақшолақов Маңғыстау, Қарабасов Шайқы, Несібеков Нұртілеп. Осы аталғандардың бәрі алғашқы ұстаздар еді.
* * * 1930 жылғы 14 тамызда Қазақ Орталық Атқару Комитеті жалпыға бірдей міндетті бастауыш оқуды енгізу туралы қаулы алды. Осыған сәйкес Кетік (Форт-Шевченко) қаласында мұғалімдер даярлайтын 40-50 адамдық бес айлық курс ұйымдастырылды. Бітірушілер және басқа да сауатты азаматтар 8-15 жастағыларды оқыту және халықты сауаттандыру үшін ауылдық кеңес орталықтары мен елді мекендерге жіберілген болатын. Осы жұмыстың нәтижесінде 1931-34 жылдары Қазақстанда бастауыш білім берудің жүзеге асқаны туралы ресми ақпарат жарияланған-ды. Сол кезеңнің мұғалімдер тобын «Бастауыш білім берудің алғашқы қарлығаштары» деп атауға болар еді. Олар: Жантаев Қонысбай, Нұрниязов Сәду, Қазақбаев Үбіния, Тағаниязов Азанбай, Саймағанбетов Дила, Сейітмағанбетов Алдан, Еділханов Бекқожа, Диханов Қуаналы, Тағаев Нығымет, Мұрынов Өткілбай, Сағындық және Ақжігіт Қожамбетовтер, Ерқанамов Мыңбай, Тайбеков Кемелхан, Қожанов Әбу, Таңқыбаев Әбілғали, Есмағанбетов Қыдырбай, Өтегенов Ұлықпан, Насрәдинова Зинеп Ғалламқызы.
1930 жылдың алғашқы жартысында балалар көшпелі киіз үйлерде, жертөлелерде жерге отырып, тізелеріне қойып оқып, жазғаны шындық. Ал 1936 жылдан бастап мектептер тұрақталып, 1940 жылға шейін ауыл, колхоз орталықтарында орталау мектептер ашылды. Республиканың орта, жоғары оқу орындарынан білімді мұғалімдер және жергілікті сауатты азаматтар ауданымыздың мұғалім кадрлары қатарын толықтырды. Бұлардың ішінде Өтешов Мырзахмет, Әлімбаев, Қонаров, Арықбаев, Есқалиев, Зиманов Салық, Шәкіратов Ысқақ, Нұрғалиев Нәдір, Қадіров Мұқаш, Мақаев Әбу, Ештаев Төлеген, Сүйебаев Асқар, Ғұзыров Ғайнадин, т.б. бар. Аудан екіге бөлінгеннен кейін Шевченко бойынша 3 орта (С.М.Киров атындағы, М.Горький атындағы, Э.Тельман атындағы), 8 орталау, 6 бастауыш мектептер, Маңғыстау бойынша 1 орта (Шахта), 12 орталау, 6 бастауыш мектептер болған. 1925-1943 жылдар арасында ауданның халық ағарту басшылары болған азаматтар: Хасанов Мұхаммеда, Ақшолақов Маңғыстау, Несібеков Нұртілеп, Зубков Михаил, Досаев, Адаев Иманғали, Қожақов Ғұбай, Ғұмаров Зейнолла, Қонаров Арықбай, Қадіров Тілекбай, Көпбосынов Тоқтар, Нұрғалиев Нәдір, Еркеғұлов Шайқы, Әтепбергенов Икембай. (Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газетінің 1999 жылғы 20 қазан күнгі № 43 (9216) саны).
ДАРЫ МОРЯ
Издревле для мангистауцев основным источником жизни было скотоводство. Но еще население всего побережья занималось и рыболовством. Дары природы были под боком, только не ленись и бери. Особенно щедрым море было по весне, когда косяки рыбы шли к естественным нерестилищам, к мелководью, богатому кормом. А это — фактически вся северо-восточная часть Каспия. От Жандаура до Кендерли даже с помощью примитивных сетей можно было вручную выловить богатый «урожай» сельди, осетровых и частиковых рыб. Уже позднее стали ловить и кильку. Юго-западнее Форт-Шевченко, примерно, в двух-трех километрах, прилепились к берегу рыбные промыслы Ажырык, Карабокеже, Асан, Ордак, Аккетик, Аралды и другие тони, где осели бывшие кочевники и люди из России, нанимавшиеся на работу к известному в крае рыбопромышленнику З.К.Дубскому. Хотя сама рыбная ловля здесь практиковалась и до него, но с приходом Захара Кузьмича этот промысел буквально расцвел. Дубский поставил дело на широкую ноту, вложив немалые деньги в строительство и оборудование пунктов ловли и обработки рыбы не только на нашем берегу, но и в Астрахани, Махачкале и других местах, где рыбу было удобно продавать. Дубский приобрел множество судов, создав фактически флотилию рыболовства. При содействии Дубского вливалась живая кровь в освоение многих ране пустовавших мест. Возводились оклады, жилье, торговые лавки, всяческие хозяйственные сооружения. В местечке Кетик до сих пор сохранился каменный дом с надписью на фасаде: «З.К.Дубский». В пяти километрах севернее поселка Аташ зеленеет сад Дубского, заложенный им у одного из местных родников. Здесь же построена двухэтажная дача с балконом, которая еще с двадцатых годов до наших дней является помещением для детского отдыха летом. «Местное время» уже писало об этих свидетельствах деятельности Захара Кузьмича Дубского. Но хотелось бы еще добавить и то, что не только строительством жилья для рыбаков и хозяйственных построек для рыбной ловли занимался миллионер Дубский. Он и другие отрасли и промыслы развивал в нашей области. Солончаковый участок в окрестностях Баутино-Аташа, например, благодаря его стараниям, превратился в промысел по добыче соли. Таких и в России в то время начитывались единицы. А соль была в большой цене. Тем более здесь, где она так нужна была для обработки рыбы. Именно на соляном промысле фактически сформировался первый на полуострове отряд рабочего класса. Неподалеку от месторождения известняка по инициативе Дубского была набрана артель, выжигавшая известь, которая нужна была для строительства и как средство дезинфекции. Ну и, как сейчас говорят, - новые рабочие места, а проще, возможность прокормиться многим семьям. Захар Кузьмич Дубский хорошо понимал, что успех всех его предприятий во многом зависит от того настроения людей, которое есть в артелях, ватагах, бригадах. В народе сохранилось немало светлых воспоминаний о нем, как о человеке, умеющем понять нужды другого человека. Местные до сих пор сохранили приговорку: «Трудно станет, к Дубскому пойдем - лодку-то на прокорм даст». Вполне можно сказать, что щедрость бизнесмена была расчетливой. Но разве это плохо? Ну, а для Дубского, хорошие отношения с местным населением были только на благо делу. Вот он и в долг давал, не торопя с отдачей, а порой и прощая, позволял брать на промыслах лес на дрова. И даже когда заставал с украденной рыбой, сам не ругался, а советовал поскорее уйти, пока сторожа не заметили. Он понимал, что большого убытка от кражи не будет, а вот от его крика может пострадать его репутация. Добрые взаимоотношения работника и хозяина окупят любые убытки сторицей... Те, кто знал его поближе, свидетельствовали, что он умел считать каждую копейку. Весь его промысел был создан, как маленькое государство: с учетом всей продукции, штатом экономистов, подготовкой спецов. Свои чиновники-конторские строго следили за полноценным расчетом с рабочими за труд. После Октябрьского переворота пришла на Мангышлак новая власть. Дубский понимал, что сопротивляться ей, набиравшей силу, - бессмысленно. Только потеряешь людей, и все созданное тобой пойдет прахом. Потому он добровольно передал Советам всю производственную базу, финансовые средства предприятий и даже личные деньги. Лишь бы не допустить бедлама - бунта и грабежа. Очевидно, поэтому он сохранил свою свободу, избежав ареста, а со временем мирно переселился в Махачкалу. В конце двадцатых - начале тридцатых годов на месте бывших рыбодобывающих тоней организовались рыболовецкие колхозы. Их набралось аж одиннадцать. Возникли Союз рыбопромысловых колхозов, моторизированная рыболовная станция (МРС), база гослова, поднялись судоремонтный завод и заводы переработки рыбы в Баутино, Сауре, Курыке. С легкой руки Дубского промышленность получила свое дальнейшее развитие. Рыбные запасы позволяли тогда получать значительные прибыли. Ловили много и крупной рыбы осетровых пород. Сохранилась в памяти картинка 1928 года. По главной улице Советской в Форт-Шевченко шел обоз из полутора десятка телег. На каждой из них по одной огромной рыбине. Причем, голова рыбины упиралась в лошадь, а хвость свисал с телеги. Вот таких белуг, весом до полутонны, тогда вылавливали. А обоз тот был из ближнего колхоза «Кзылозен»... Но вскоре положение изменилось. В конце тридцатых - начале сороковых годов Каспий сильно обмелел. Некоторые заливы вообще исчезли, став голыми солончаками. Там, где раньше плавали на лодках, к Долгому от Камрана, теперь пылили грузовики. Рыбные промысли оскудели, и многие колхозы распались. Тем, кто не хотел бросать дела, начатого Дубским, пришлось осваивать лов на глубине, на больших судах. Постепенно осваивались новые методы лова. Поднималось благосостояние, пришедшее было в упадок, рыбацких семей и рыбообработчиков. А тем временем продолжалось и развитие производства извести, крепла добыча и распиловка камня-ракушечника, использовавщегося как лучший местный строительный материал. В 20-30-е годы все делалось вручную: слаба была база специального учреждения камнедобычи - Стройпрома. Но руководителя в форту помнят и до сегодня. Значимой фигурой в крае был Курманбай Ембергенов. После войны карьер перенесли южнее, туда, где камня было побольше. Это новое производство оснастили уже современным, по тем понятиям, оборудованием, техникой. Значительно увеличилась добыча камня. Его теперь на баржах увозили в разные другие города. В Кетике сам собой возник большой базар-ярмарка, на которой продукцию промышленности обменивали на скот и все то, что давало животноводство. До тридцатых годов здесь были лавки, магазины, лобазы армянских, азербайджанских и иранских купцов. Но после открытия советских магазинов они закрылись и вскоре исчезли совсем. Да и сама частная торговля была вскоре свернута... Меняются времена, меняются подходы к делу, меняются формы собственности и способы производства. Но про-мышленность Баутино, заложенная в своей основе Захаром Кузьмичом Дубским, живет, а поселок, наверное, еще увидит свои лучшие времена! (Облыстық «Местное время» газетінің 2000 жылғы 18 ақпан күнгі №№ 17-18 (8380-8381) саны).
ПЕРЕЧЕРКИВАЛИ НЕ ТОЛЬКО СУДЬБЫ НО И ИСТОРИЮ
Тупкараганская военная крепость была возведена на невысокой желтой каменистой возвышенности с севера от будущего Форт-Александровска. За стеной с бойницами находились землянка для хранения боеприпасов, солдатские казармы, административное здание. Особняком стояла церковь с большим куполом. Она была украшением этого сурового места. И многие кочевники и вообще проезжавшие замечали ее очертания с расстояния в 10-. Путники облегченно вздыхали при виде церкви и шутили - настала пора поздороваться с городом. И казалось, что хранимая богом и людьми церковь будет стоять вечно, радуя глаз. Но в 1928 году в разгар борьбы с верующими и религи-озными служителями, старой идеологией, здание церкви полностью разрушили. Сперва снесли верхнюю часть, обмотав ее тросами и натягивая их верблюдами и машинами, а потом разломав и стены. Тогда же, утверждая весьма своеобразным образом атеистические воззрения и новую идеологию, снесли высокий купол «Туркмен-мечеть» в центре города, переименовав эту постройку в клуб Мирзояна, а потом превратив в автостанцию. Потому, наверное, что самого Мирзояна - бывшего героя - репрессировали и вычеркнули из списков уважаемых и почитаемых лиц, обвинив в связях с японской разведкой, борьбе против советской власти. Порушили и многие строения, вычеркнули на десятилетия связанные каким-то образом с ними и городом имена уважаемых людей. И слава Богу, что сегодня все приводится в соответствие с естественным историческим процессом, исторической правдой. В год общенационального согласия и памяти жертв политических репрессий мы с удовлетворением можем сказать, что при новом суверенном Казахстане государством проявлено уважение к вероисповеданиями религиозным памятникам, исторической памяти народа. Это большой шаг вперед из темного прошлого. Но впереди еще много работы по восстанавлению порушенных святынь.
(Облыстық «Местное время» газетінің 1997 жылғы 31 мамыр күнгі № 85 саны).
«ДАЛАМНЫҢ ДАНА ҚАРТТАРЫ»
(Тұрар Жалғасбайұлымен сұхбат)
(Маңғыстау облыстық телеарнасынан берілген журналист Рахат Құсайынұлы Қосбармақтың авторлық бағдарламасынан)
-Тұреке, сіз - кейінгі кезде қатары селдіреп қалған қариялардың және түбектегі алғашқы ұстаздардың бірі де бірегейісіз. Сол кездердегі елді ағарту ісіне еңбегі сіңген азаматтардың біразын көре қалдыңыз. Алдымен осы Маңғыстау түбегінің білімге көзін ашқан алғашқы ұстаздары жөнінде айтсаңыз...
-Өте дұрыс сұрақ. Республикамен қатар біздің Маңғыстау өлкесінде де білім үшін аттаныс жиырмасыншы және отызыншы жылдары болғаны белгілі. Өткен ғасырдың 20-жылдарының бас кезінде бір қысқа мерзімдік курспен алғашқы ұстаздар легі даярлықтан өтті. Олардың ішіндегі ең бастаушылары - Шымыров Базаржан, Самалықов Төрәлі, Тұржанов Отарбай, Әбдіхалықов Әбілхан, сосын осылардың ізін қуған Қалауов Көшекен, Байтілеуов Нұрлан, Қарабасов Шайқы, Қарабалаев Өтес. Бұлардың ішінде, меніңше, шындығында, ұстаздардың ұстазы - Базаржан мен Төрәлі. Кешегі 1930-31 жылдары жалпыға бірдей міндетті оқу кезінде Кетік қаласында ашылған курста осының екеуі де сабақ берді. Жаңа дайындалып жатқан мұғалімдер үшін осы екеуі тер төкті. Базаржан сол Кетік қаласынан көп өзге жерлерге шыққан жоқ. Ал Төрәлі әр жерлерде болды, Кетікте, Ортаеспеде, бір жылдың шамасында Шетпеде де болды. Содан кейін Қызыләскерде болды. Төрәлі Самалықұлы біздің ағамыз Қожықов Тұрсынмен құрдас болып келетін, 1899 жылы туған болар. Ағамызбен 70-жылдарға дейін араласып тұрды. Тіпті ол кісі жасы 70-ке келгенге дейін де, одан кейін де қызмет жасаған болар. Ол кісінің қызмет еткен жерінде, оқытқан, одан оқыған адамдарының ішінде «Одан артық адам көрдік» деп айтатыны жоқ. Маңғыстау маңайына есімі мәшһүр атақты ахун, иман-молдалардан кімдерді білесіз? Кімдерді көзін көре қалдыңыз? Менің анық көргенім - Өтесбайдың Түйтесі, әйгілі Түйте ахун. Бұл кісі - Жиделіден медресе салдырып, сол жерде өзі қапталына пәтер салып отырған адам. Ол өзі Бұхардан оқу бітіріпті ғой. Білікті, ажарлы, ірі, манардай аппақ кісі. Оның медресесіне жалғастыра салынған тумаласы Өтесбайұлы Қоңырдың пәтерінде біз 1926 жылы Қалауов Көшекеннің мұғалімдік етуімен Ахмет Байтұрсыновтың «Төте жазу» әліппесі бойынша білім алдық. Сауат ашып, бірінші класты қыстың ортасында бітіріп, екінші класқа көшіп қалдық. Оқытушымыз - Қалауов Көшекен, жиырмалардың шамасындағы балғын жас жігіт, бірақ өте ынталы, сергек, жұмысы үшін жанын беретін, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары жан болатын. Ол ата-аналар мен оқушылар арасында дәнекер болған, шебер ұйымдастырушы еді. Жерге ақ селеу шаптырып, төсеттірді. Жиделі деген - бұтаның түр-түрі өсетін, бұтасы көп жер ғой, бүгінде бар-жоғын қайдам, сол кезде біз ақботау, құлан-құйрық секілді жаңғыш бұталарды шауып әкеліп, класымыздың қапталын толтырып қойдық. Көшекен осындай шаруаларды ұйымдастырды. Мен ол кісінің еңбегін жоғары бағалаймын. Түйтеден шығып кетіп отыр ғой, Түйтенің баласы Нығмет бізбен бірге оқыды. Бірге оқыған адамдардың ішінде Жалғасбаев Естек, кейін «Есман» деп аталып кетіпті, Сабытаев Қашау деген Құрым (ру аты-баспадан) жігіт болды. Қалауов Көшекеннің жатқан пәтері - Айнымаев Бөлекбай дегеннің үйі. Ұмытпасам, Асыл деген жеңгеміз болды. Көшекең түске дейін балаларды, түстен кейін жиырма-отыз ересек адамдарды оқытатын. Жұмысқа сондай жауапты адам еді. Кейінгі кезге дейін Таушықта, 1960- жылдардың шамасында болуы керек, ауыл шаруашылығы училищесінің шаруашылық ісінің меңгерушісі болып қызмет істегенін көріп едім.
-Түйте ахунның қандай қасиеттері болды?
-Түйте - дін жолын жақсы, таза ұстанған, артық-ауыс бөтен сөзі жоқ, өте беделді адам ғой. Кешегі отызыншы жылдары мешітке, молдаларға жасалған шабуылдардың кезінде қоныс ауып, қаланың маңына барып, Қаңға бабада отырып, сол жерде уақыт болды. «Түйте ахун сол Қаңғаның Қарагөз дейтін қауымында жерленген шығар» деп ойлаймын. Басқа молдалардан Нәдірбек деген, бұл да - Құрым атадан, оның баласы Кеңесбай, Өтепберген дейтін молдаларды көрдік. Кейін мына Тұщықұдықта атақты молдалардан Айдар ишанды, Төлеу халипаны, Төлеу халипаның баласы Бекмағанбетті көрдік. Ол 1938 жылы репрессияға ұшырап, атылып кетті. Руы - Тастемір Жары. Ал Бектеміс Жары Ержан хазіретті тек сырттай білемін. Қарағұл молданы да кейінірек көрдім. Менің көргендерім -осылар ғана.
-Түбегімізге белгілі атақты Нұр мерген Оңдағанұлы деген кісі бар ғой, ол кісіні көрдіңіз бе? Оның қандай ерекшелігі болды?
-Е-е, атақты Нұрмерген ғой. Оны кім білмейді?! Ол - ірі аңшы кісі ғой. Аңның тілін білетін, атақты адам. Әркімдер бұйымшылап, «Аң аулап бер» дегенге аулап беретін көрінеді. Сол күні қанша аң түссе де, сұраған адамына береді екен. Ұштағанда отырды ғой, сол жерде уақыт болған шығар. Өте мерген адам болған, әруағы, қасиеті бар кісі.
-Ал есімдері елдің аузында жүрген Күшік Нұрбаұлы, Шоңай Алшын деген кісілерді жақсы білетін шығарсыз, талай табақтас, дәмдес те болған шығарсыз. Осы кісілердің қандай әңгімелерін білесіз?
-Мен бұлардың екеуін де көрдім. Олардың кейбір әңгімелері ғана болмаса, көп зейін аударғаным жоқ. Негізінде біраз әңгімелерін жазып қалуға мүмкіндіктер болып еді, оны кезінде құнттамаппыз. Алшын анау айтқандай, өте би кісі емес, бірақ естігенін ұмытпайды. Ал Нұрбаұлы - би адам және тілі өткір, шақпа. Кешегі 1932-33 жылдары екеуі Қоңырорпа басында кездесіп, бір үйде қонақ болған жерінде Нұрекең Алшынды сөйлеткен жоқ. Қалай болса да, оған әртүрлі кемшіліктер тағып, мінін айтып, сөзден тоқтатып отырды. Нұрбаулы өте шебер әңгімешіл адам ғой. 1930 жылдардың алғашқы жартысында Маңғыстау ауданының «Жаңа жұртшылық» газетінің редакциясында да жұмыс істеді. Осында жүргенде ол «Бояманың бес түрі» дейтін мақала жазып, кейін сол мақала бойынша газет жоғарыдан сынға алынып, содан Байтілеуов Нұрбаулы жазаланып, газеттің редакциясынан кетті, партиядан да шығарылды. Кейінгі кездегі оның үлкен еңбегі - Таушықтағы тұрмыстық комбинаттағы қызметі. Көмір қаздырды, байпақ бастырды, соғыс кезінде әскерге жылы киім, шұлық-байпақ тіктіріп, жұмыс жасаған жерінде ұйымдастырушылығымен көзге түскен азамат.
-Әнші-жыршы, ақын, күйші аталарымыздың ішінен Сәттіғұл, Түмен, Шамғұл, Жанжігіт, Мұрат Өскінбаевтармен де тұстас болып, бірқатарын көре қалған шығарсыз. Осы кісілермен қатар басқа да қандай аты ұмытылып бара жатқан азаматтар бар?
-Айтып отырғандарыңның бәрін де көрдім, өз шаңырағымнан арнайы қонағасы да бердім. Бірақ олардан әңгіме, жырларынан жинақ алғаным жоқ. Осылармен қатар болған жыршылардан жас жігіт Қоңырұлы Сынабай дейтінді білетін едім. Бозашының түбінде болған Құрым ағайынымыздың азаматы. Ол бірсыпыра жырларды айтатын еді. Олардың ішінде кейін қолға түспей қалған жырлар болды. Әбдіхалықов Әбілханның Шәбден Ералиев оқиғасы бойынша кіріптар болғаны, оның зары, сосын Қосымбаев Елбайдың тұтқынға түсіп, соған күйініп шығарған зары, сонымен бірге Арқа бетте болған, тіпті анық руын да білмеймін, Күшіктің Жарылғапы дейтіннің жырын, Зәкәрияның да жырларын айтатын еді. Бірақ солардан ештеңе ұстамай қалыппыз ғой. Кейін Сынабай әскерге кетті де, соғыс аяғында Алматы маңындағы Ұзынағашта кідіріп қалып, сол жақта тұрақтап, үйлі-баранды болып, сол Ұзынағашта қайтыс болыпты. Мен кеш қалып, жырларын ала ал май қалдым. -Ата, сол жаңа өзіңіз айтып отырған Қоңырдың ұлы Сынабай айтатын, Әбілхан шығарған жырда Ш.Ералиев оқиғасы, Елбайдың трагедиясы қалай баяндалатын еді, мазмұны есіңізде бар ма? -Бұл - 1928 жылдың салқын күзінде болған оқиға. Осы жылдың маусымында Кетік қаласынан округ Ойылға көшіріліп, аудан болып қалды ғой. Маңғыстау ауданы тарихының 1928 жылдың маусымынан басталатыны сондықтан. Сосын Ойылға барған округ бір-екі айдан артық ұзаққа бармады, тек бір уақыт оздыру ғана болуы керек, оны Гурьевке көшірді. Гурьевте бұрыннан округ бар. Гурьев округіне қараған Ойыл, Қаңбақты, Алтықарасу, Табын - барлығы осы Маңғыстаумен қосылып, 1926-28 жылдары Адай округі болды. 1928 жылы округті Ойылдан көшіріп алып, Гурьевке жіберді. Аудандық конференция өткізуге, округтік конференцияға делегат сайлауға, республиканың қай жерінен келгенін білмеймін, Ералиев Шәбден деген кісі келген. Делегаттарды сайлап, мотормен жолға шыққан. Осылардың ішінде Әбдіхалықов Әбілхан, Ешімов Әбілхан, Қарабалаев Сағындық және Сәдімек пен Жетімектің екеуі не біреуі болса керек. Жолда қатты толқын болып, адамдардың басы айналып, не істерлерін білмей, әр жер-әр жерде бұғып жатып қалған. Түн ортасы ауа «Ералиев Шәбден жоқ!» деген жағымсыз хабар шығады. Ақыры ол хабар рас болып шыққан. Ол кісі өзі қызғындау болса керек, күшті толқын, желдің әсерінен мотордан құлап кетті ме, қалай болғанда да, ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Ал үкімет «Олай емес, бұл - қолдан жасалған қастандық. Адайдың жігі бар, делегат сайлау кезінде дау болған. Сондықтан барған өкілді жоқ ету мақсаты болды» деген жала жапқан. Содан Ш.Ералиевпен бірге болған бес қазақ, мотордың экипажындағы екі орыс - барлығы жеті адам жазаланған. Жыршы осылай баяндайды. Ал мұны кейін сұраушылар болған. КСРО-ның Бас прокуратурасы: «Ол кісілерді Ш.Ералиев жазасына айыптайтындай ешқандай нақты дерек анықталған жоқ» деп жауап берген екен. Бұл туралы кейін марқұм Есбол Өмірбаев 70-жылдары облыстық газетке жазып, жариялады.
-Елбайдың трагедиясы ше?
-Елбайды біз тіпті танымаймыз ғой. Ауылдық кеңестің Тұщыбекте ме, әйтеуір тау бойының бір жерінде қатысы болған, жазаланған. Кешегі 1930-31 жылдары үкімет, не үшін екенін қайдам, оны тұтқынға алыпты. Жазықсыздан жазықсыз тұтқында жатқан жігіт мұң-зарын шағып, жыр жазған. Бұл - бір енді өте керемет жырлар. Ол жырлар айтылған кезде айнала тыңдап отырған халықтың көңілі бұзылып, бірқатарының көзіне жас келіп отыратын еді.
-Тастемір жары Құлшық деген кісі туралы не білесіз? Ол кісінің айтқан әңгімелерінен жадыңызда қалғаны бар ма?
-Құлшекең деген әңгімешіл, жылдам тауып айтатын, қысқа сөзді кісі еді. Айтып отырғанда сөзіне аса бір мән беріп айтпайды, қалай болса-солай, елеусіз айтып тастайтын еді. Жұрттың әзілі болар, бірде жиында дастархан басында бір азамат: «Апырмай, Алшеке, мен әр жерде «Адайдың сегіз тазы деген кім?» деген сұрауды кездестірем. Осы солар кім? Соны біле алмай жүрмін», - депті. Сонда Алшекең, ол да қу кісі ғой: «Әй, Құлшық, сен жауап берші осыған»,- деген екен. Құлшекең оған: «Ал ендеше, қағазыңды ал да, жаз, мен айтып отырайын» депті. Әлгі жігіт қайдан білсін, қағаз-қаламын алып, жазуға даярланғанда Құлшық оның басы таз ағайындарын жіпке тізіп, шұбыртқан кезінде жұрттың бәрі күлкіден қырылып қалыпты. Әне, ол кісінің әңгімесі осындай-осындай болып келеді. Көбінесе ойын-күлкі, әзіл-қалжың әңгімелер, елеусіз айтылып тасталады. Сосын Таушықта болуы керек, бұрын Жаманқара болып, кейін Беріш екендігін мойындаған Қилыбай, Мәстек, Алдаберген, Кенже дегендер болыпты. Кенже сырқаттанып қалады да, үш-төрт шал көңілін сұрауға барыпты. ішінде Құлшекең де бар екен. «Ал енді, Кенжеке, сен мұнда қиын уақытта келдің. Мұңал болдың, келіп, Исаның қолтығына кірдің, Жаманқара болдың. Қазіргі күні сен туралы әртүрлі әңгіме бар, өзіңнің де құлағыңа тиетін шығар. Соның анық-қанығы қалай? Қазір сырқат отырсың, ішіңде кетпесін, борышты болма», - деп сұрау қойыпты. Тура қойылған сауалдан жалтара алмаған Кенже де: «Әй, балдар, не болса о болсын, мен Бәйімбеттігімнен айнымаймын» деп құтылыпты.
-Маңғыстаудағы атақты жүйрік, айыр көмей, айтқыш тақтақ, саусақпен санарлық белгілі билердің бірі Жары Мәтжан бидің айтқандарынан естігендеріңіз бар шығар...
-Мен де халықпен қатар естіп жүрмін, бірақ түйіп ұстап, жазып-жинақтап алған емеспін. Ол кісі де Адайға атағы шыққан сөз тапқыш адам болса керек. Жарының, қала берді Назардың белгілі ақсақалы болған кісі.
-Түбегімізде жауырыны жерге тимей өткен балуандарымыз да аз емес. Сол балуан бабаларымыздың ішінен күні кешеге дейін келгендерінің біразын көрген боларсыз. Матай Құдабай, Бөкен Қартқожақ, Жарылғас Марқабай, Дәулеталы Сүйін деген кісілердің күресін көрдіңіз бе? Әрқайсысының ерекшелігі қандай еді, сол жөнінде айтып берсеңіз...
-Бұлардың күрестерін де, өздерін де көргенім бар. 1930 жылы үкімет Бозашыдан екі колхоз ұйымдастырып, үлгі ретінде Ойыл ауданына көшірді. Осы жылдың 1-мамыр мерекесін Мәстектің басында өткізіп жіберіп, жолға салды. ішінде Дәулеталылар да бар, Жарының Мұрат ауылына ұйымдасқан колхоздың бірі «Еңбек ертеңі» деп аталды. Сосын Дәулеталылардың бір тобы мен Шылым балаларынан ұйымдасқан колхоз «Жаңа адым» деп аталды. Солардың көшу қарсаңында, Мәстектің басында болуы керек, мерекеде күрес болды. Сонда Бөкен Қартқожақ пен Дәулеталы Сүйіннің белдескенін көрдім. Сүйін деген үлкейіп қалған кісі екен, Қартқожақтан ілгері-ау деймін. Күрес көпке созылған жоқ. Сүйін кідірместен, бүгжендей барып, тақымдықтан шотты қойып, Қартқожақтан айырылған жоқ. Айырылмай, біткенше уақыт ұстап тұрып, ақырында Қартқожақты шалқасынан жықты. Жұрт: «Үлкен де болса, бұл Сүйінекең абыройын жіберген жоқ», - деп шулады. Содан кейін Сүйінді көргенім жоқ. Ал Қартқожақтың тағы бір күрескен жерін көргенім бар. 1926 жылы Қалнияз деген жердегі Қостақырға көл түсіп, Қазан Тасымұлы Тілепінің асы берілді. Ол кісі (Тілепі) 1925 жылы қайтқан. Осы аста Қартқожақ пен Марқабай күресті. Осы күресте Марқабай Қартқожақты алып ұрды. Қартқожақ - жалпы, күрескенде әртүрлі әдіс қолданатын, шапшаң адам. Дәл осы кеште болған күресте Едігені Тұрсын жықты. Қожықұлы Тұрсын бұрын алқаға тұрып күрескен емес, бірақ күрессе күресетіндей дене бітімі бар кісі еді. Кейін Едігенің өзі де мойындады: «Белбеуі жарамсыз болды. Жіңішке белбеу буынған екен, мен ұстайын дегенде, үзіліп кетті. Сосын барып, мені тізерлетті ғой», - деді.
-Кешегі Кеңес Одағының кезінде, Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің Маңғыстаудан да батырлар аз шыққан жоқ. Соның ішінде өзімізге ағайын болып келетін Исатай Сүйеубаев деген кісі туралы да әркім әртүрлі әңгіме айтып жүр. Осы әңгімелердің қаншалықты ақиқаты бар? Өзіңіз Исатай ағамызды көрдіңіз бе?
-Иә, Исатайды көрдім. Исатай менімен қатар, 1913 жылы туған болуы керек. 1940-42 жылдары Кетік қаласында, ол уақытта Форт-Шевченко ғой, алғаш көргенмін. Ол бір полуторка көне машина айдайтын, шопыр болатын. 1943 жылы болар, соғыстан жеңілдеу жарақат алып, «отпуск» алып, Исатай елге қайтты ғой. Ол кезде батырды құттықтап телеграммалар келіп жатады. Сол уақытта Фортта аудандық совет атқару комитетінің төрағасы Төрәлиев Ұзақбай деген кісі болды. Таңертең келген болуы керек, сол үйде болды, кешке қарай «Шевченко паркінде жиналыс болады» деп хабарлап, соған бардық. Ұ.Төрәлиев қонағын ертіп келді, ауданның басшыларын президиумға отырғызып, жиналыста Исатай туралы баяндамалар жасады. Бірақ Исатайға сөз бергенде, ол көп сөйлеген жоқ. Пәлендей ештеңе айтқан жоқ. Тек еміс-еміс «каскімен» деген сөзі ғана құлағымызға тиді, сол есімде қалыпты. Омырауында «Ленин ордені» бар. Содан көп ұзамай жиналыс та аяқталды. Исатай да Маңғыстауына кетті. Онда не жұмыс істегенін білмеймін, бірақ естуімше, сауда жүйесінде болыпты. Қарасай колхозы дейтін болды. Бөлекбаев Болысбай деген колхоздың бастығы болды. Сонда Болысбайдың орынбасары болды-ау деймін. Осында жүріп, ол үйленді. Руы Әтембек Құрманбай, Иманбай дейтін екі тумалас шалдың әуелі Құрманбайының үлкен қызын алыпты. Кейіннен Иманбайдың екінші қызын да алыпты. Сауда жүйесінде потребсоюзда жүріп, үй ағашын іздеп, Астраханьға кеткендегі өлімін білетін боларсыздар. Аздап қызғын болуы керек, мотордың капитаны ма, иә болмаса, қызметкері ме, сонымен жанжалдасып, жағалас үстінде суға кетіпті ғой. Кейін «Исатайдың денесі» деп, бір қазақ алып, қазақ қауымына жерлеп, он шақты жылдықта сондай хабары болып, ағайындары сүйегін осында әкеліп, Тигеннің басына жерледі. Кейін там салды. Тамын көргенім жоқ, бірақ жерлеуінде болдым.
-Өлкемізде өткен белгілі құдықшы, тамшы шеберлерден кімдерді білесіз? Алдыңғы өткен ақсақалдардың айтуында кімдер есіңізде қалды?
-Құдықшы, тамшылардан Балуан Қарашта бірнеше адамдар болыпты. Бірақ олардың аттары қазір менің ойымда жоқ. Қараш - жалпы, менің нағашым, бірақ жаңағыдай өнерлі адамдарын көп танымаймын. Ал өзімнің туған нағашыларым орташа күнелтісі бар, қарапайым шаруа адамдар еді.
-Қаражүсіп балаларының әңгімесін білесіз бе?
-Қаражүсіп балаларының әңгімесін көп білмеймін. Естуімше, олар да шебер тамшы болған. Ол туралы анық айтушыны да естігенім жоқ. Бірақ «Осылардың қолынан шыққан там» деп Мәстекте үш тамды жобалаймын. Біреуі кешегі 1930-31 жылдары құлап қалды. Біздің атамыз зайыбымен, қасында үшінші ұлы Қожық жерленген там, фундаменті жоқ болғасын, іргесінен құлап қалды. Ол сол құлаған күйінде тұрғызылмастан жатыр. Тастарын да әркім пайдаланып кеткен, алғашқы жер үй қазғандар арамен жұқалап кесіп, пеш қалауға пайдаланды. Қоңырорпадан бастап Қошаққа қарай тартылған машина жолдың әрбір шақырымы сайын қапталдарына қада есебінде қағып қойды. Қалған тастары әлі күнге дейін аталарымыздың үстінде жатыр. Бұған ұрпақтарының көңіл бөліп, жұмылып жиналып, «Осыны көтерейік» деген ойы жоқ. Міне, осы тамның отызыншы жылдары тіке тұрған кезін көрдім. Сосын соның бас жағында қабырғаларының бірі болмаса, бірі тұрған тағы екі там бар. Біреуі - Нарынбайдың Нұржан дейтін баласының тамы, біреуі - Құдайберген Тіней Жұбан баласы Жарылғаптың тамы. Осы екі тамның, құлап қалған Тасымның тамының нұсқасы бір қолдан шыққан. Және соған ыңғайы келетін - дәл сол Қаражүсіп балалары. Және салынған уақыты XІX ғасырдың аяғы. Қаражүсіп балалары туралы білетінім осы. Кейіннен «ұсақ-түйек шеберлігі бар» деп Көреғұл деген шалды естуім бар, бірақ танымаймын. Сосын екі бастан Ораздың атағын естиміз ғой.
-Осы біздің Жарылар ең бірінші бір-бірінен қыз алысуды қашан бастады, аға?
-Ол жағын мен білмеймін.
-Жақсы, әңгімеңізге рахмет!
2001 жыл, 11 қаңтар.
АТА РУХЫ
Отпан тау Көкбөрінің жері ұйық,
Қойнауы от, қызыл - жасыл арқар, киік.
Нұрбұлақ тасты жарып сылдыр қаққан,
Бауырындай аруананың тұрар иіп.
Рухы Маңғыстаудың болсын биік,
«Болашақ» ақыл - ойды жисын түйіп.
Әулие ата - баба жүрсін қолдап,
Абырой ұрпағына берсін үйіп.
Ұлысы алалықты қойсын тыйып,
Ұлығы ел арына піссін күйіп.
Көңіл жастарының ашық - жарқын,
Қылығы құрбыларын тұрса сүйіп.
Тұрарұлы Рахмет, 27 сәуір 2007 жыл.
ІІІ ТAPАУ. «ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС..»
МАҢҒЫСТАУДА ЖАЛПЫҒА БІРДЕЙ ОҚУДЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУЫ
(Естелік)
Коммунистік партия отызыншы жылдардың басында латын алфавитін енгізуді шығыс халықтары үшін сол кезеңдегі мәдени революцияның негізгі буыны санады. Патша үкіметі тұсында әлеуметтік-экономикалық жағынан ғасырларға артта қалған, жаппай сауатсыз және өзінің белгілі алфавиті жоқ Қазақстан үшін мұның ерекше маңызы болды. Бұрын араб таңбасымен оқып келген Маңғыстау түбегіндегі аз ғана мектептер 1929-30 оқу жылында латын алфавитіне көше бастады. Республика газеттері беттерінің жартысы араб, жартысы латын әріптерімен басылды. Қалада және ауылдық жерлерде еңбекшілерді латынша сауаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сол кездегі мағына бойынша жер-жерге «культармеецтер» бөлінді. Жалпыға бірдей бастауыш оқу туралы заң да Маңғыстауда латын алфавитіне көшумен тұспа-тұс келді. 1931 жылдың қаңтар-мамырында бастауыш мектеп мұғалімдерін даярлайтын Форт-Шевченко қаласында 5 айлық оқу ұйымдастырылды. Курстың екі группасына 50 шамалы адам тартыльп, құрылған сынақ комиссиясы курс бітірушілердің негізгі тобын жаңадан ашылатын бастауыш мектептерге басқарушы не оқытушы етіп бөлді де, қалған бөлігін сауат ашу мектептеріне ұсынды. Курс оқытушылары ішінде аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Михаил Зубков, аудандық атқару комитетінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Егінбай Ақанбаев, ауданның сол кездегі беделді мұғалімдері Базаржан Шымыров, Төрәлі Самалықов болды. Мен де осы курста оқып, 20.05.1931 жылғы № 696 белгі қағаз негізінде Жанұзақ-Қоңырорпа жерінде бастауыш мектеп ашып, балаларды оқыта бастадым. Оның алдында 1930 жылы қыркүйек-желтоқсанда «культармеецтер» есебінде шартпен үлкендерді оқытып, 30 адамды толық сауатты, 7 адамды шала сауатты дәрежеде қорытындылаған едім. Сонымен 1931-32 оқу жылында жалпыға бірдей міндетті бастауыш оқу (8-15 жас) ауданымыздың барлық ауыл советтері мен жинақы елді мекендерін қамтыды. Алғашқы жылдардағы оқу киіз үйлер мен жертөлелерде өткізілді. Ол кезде үстел-парта болған жоқ. Балалар жерде отырып, оқып, жазды. 1936-40 жылдары Фортта С.М.Киров және А.М.Горький атындағы, Таушық поселкесі мен Тельман атындағы балық колхозында орта мектептер, ал барлық ауыл совет не колхоз орталықтарында орталау (7 жылдық) мектептер құрылды. 1940-42 жылдары Кеңес Одағының одақтас республикаларының көбі, соның ішінде қазақ елі де орыс алфавитіне көшті. Мұның өзі қазақ балаларының жазу мәдениетінің өркендеуімен қатар орыс тілі мен мәдениетін меңгеруіне жеңілдік берді. Кеңестік Отанымызда алпысыншы жылдары жалпыға бірдей сегіз жылдық білім берудің жүзеге асуы, ал сексенінші жыл қарсаңында толық орта білім алуға көшу - халық ағарту ісіндегі партиямыз бен мемлекетіміздің тарихи ұлы жеңісі, елдің шексіз мақтанышы. Маңғыстау түбегінде балалардың міндетті түрде оқу заңын жүзеге асырудың бастапқы кезеңінде көрнекті еңбек сіңірген педагогтар қазір де көз алдымнан кетпейді. Бұлардың кейбіреулерін атап өтуді жөн көріп отырмын. а)Революцияның жалынды трибуны С.М.Киров қазаға ұшырағаннан кейін сол атақ берілген Форт-Шевченко қаласындағы қазіргі С.М.Киров атындағы орта мектепті 1933- 37 жылдары Әбілғали Таңқыбаев басқарды. Өте білімдар, қажырлы, шебер ұйымдастырушы еді. Оның директор кезінде бұл мектеп «үлгілі» деген атаққа ие болып, болашақ орта мектептің негізі салынды. Ә.Таңқыбаев тамаша педагог еді. Ал ол басқарған мектеп бүкіл аудан ағартушыларының үлгілі тәрбие орталығы болды. ә)Шайырда алғашқы бастауыш мектеп ашып, жеті жылдық мектептің негізін салуда көрнекті қызмет еткен Жұмағали Айдашев еді. Ол 1960 жылға дейін пайдаланылған мектеп корпусының әуелгі екі класс бөлмесін 1931-32 жылдары өз қолымен қалап тұрғызды. Сол жылдары жаңа өріс алған колхоздастыру ісіне белсене араласып, қазіргі Шайыр селосының бастама негізі болған бірнеше тұрғын үйлердің құрылысына басшылық етті. Алдыңғы қатарлы еңбекшілерді партия қатарына тартып, жаңа құрылған бастауыш ұйымға жетекшілік етті. Ж.Айдашев халық ағартушылары арасында ғана емес, ауданның партия-совет органдары алдында және Шайыр еңбекшілері алдында айрықша үлкен беделге ие болды. б)Ауданымыздың мәдени-ағарту салаларында ұйымдастыру және жастарды оқыту, тәрбиелеу майданында көрнекті де жемісті еңбек етушілер аз болған жоқ. Бұлардың қатарына Сәду Нұрниязов, Әбу Қожанов, Базаржан Шымыров, Төрәлі Самалықов, Отарбай Тұржанов, Нұрлан Байтілеуов, Әбілхан Әбдіхалықов, Нұртілеп Несібеков, Дмитрий Сергеевич Рюмков, Ғұбай Қожақов, т.б. болды. Аталған қадірлі ұстаздардың бәрі де қазір қатарымызда жоқ, дүние салды. 1939 жылдың қазанында ауданымыз Маңғыстау және Шевченко болып екіге бөлінді. Екеуінде 37 мектеп (2 орта, 18 орталау, 17 бастауыш) болған-ды. Соңғы 10 жыл ішінде бұл аймақта 4 аудан, 3 қала болып отыр. Бүгінгі таңда түбегіміз бұрын ешкім көз жеткізе алмаған дәрежеде түлеп, экономикасы мен мәдениеті адам танымастай өркендеді. Бұдан 50 жыл бұрын ондаған бастауыш мектептері мен мұғалімдері ғана болған Маңғышлақтың барлық жерінде орта мектептер, әрқайсысында 30-100 адамнан педагогтар коллективтері жұмыс жасайтын оқу және мәдениет ордалары пайда болды. Осындай қарыштап дамыған дәуірде коммунизм құрылысшыларын әзірлеуге елеулі үлес қосып жатқан ағартушылар легіне зор қанағат тұта қараймын.
1981 жыл, тамыз, Шайыр ауылы.
КОЛЛЕКТИВ - ӘДІЛ ТӨРЕШІ
Социалистік қоғамымыздың дамуы жастарға терең білім беруді, еңбек және адамгершілік тәрбиені жақсартуды талап етіп отыр. Жалпы білім беретін және кәсіптік мектептер реформасының бүкілхалықтық талқылауға ұсынылған жобасы осы қажеттілікке орай туып отырғандығы түсінікті. Жас ұрпақ тәрбиесіне байланысты жүріп жатқан осынау талқылауға орай 54 жылдан бері халық ағарту ісіне атсалысып келе жатқан менің де айтар бірер пікірім бар. Реформа жобасында: «Мектеп пен мұғалімнің жұмысы ең алдымен түлектер білімінің тереңдігі мен тиянақтылығына, идеялық және адамгершілік қасиеттеріне, олардың өмір мен еңбекке даярлығына қарай бағалансын», - деп әділ көрсетілген. Бұл міндеттің шешімі бәрінен бұрын мұғалімнің білімділігі мен методикалық шеберлігіне байланысты. Оқытушы өзінің творчестволық еңбегі мен оның нақты нәтижесі арқылы ғана коллективінде, сондай-ақ ата-аналар арасында беделге ие бола алады. Сондықтан да мұғалімдерді моральдық көтермелеу, аттестациялау мәселесі коллективтік жиналыстарда талқыланып отыруы керек. Жобаны талқылауға қатысушылардың бұл турасында айтып жатқан пікірлері өте орынды. Бұл коллективтің рөлін де, қызметкердің коллектив алдындағы жауапкершілігін де арттырар еді. КПСС Орталық Комитетінің Бас секретары К.У.Черненко жолдас КПСС Орталық Комитетінің февраль пленумында: «Советтік құрылыстың негізінің өзінде әлеуметтік әділеттік жатыр... Көп нәрсе еңбек коллективтерінің өздеріне байланысты. Қазір оларда заң жүзінде баянды етілген үлкен праволар бар. Мәселе - соларды неғұрлым толық пайдалануда», - деген еді. Осы сөзге орай бір пікір айтқым келеді. Жас ұрпаққа жан-жақты тәрбие берумен қатар ескерілуге тиісті жай - олардың денсаулықтарын сақтау. Мұның өзі оқу-тәрбие орындарындағы гигиеналық-санитарлық шаралардың мүлтіксіз жүзеге асып отыруымен бірге, балалардың денсаулығын үнемі қарап, түрлі профилактикалық шараларды жүйелі жүзеге асырып отыру үшін арнайы денсаулық сақтау қызметкері болуын да қажет етеді. Әр мектепте дәрігер ұстауды да ойластыратын уақыт жеткен секілді. Жобада еңбек тәрбиесіне байланысты бірқатар жайлар айтылған. Осы арада селолық жерлердегі еңбекке тәрбиелеу жайы турасында айта кеткім келеді Біздегі шефтік кәсіпорынның рөлін совхоздар атқарады. Жастарымызға совхоз тарапынан көрсетілетін көмекті «жеткілікті» деп айта алмаймыз. Мысалы, Октябрьдің 50 жылдығы атындағы совхозда мал шаруашылығына баратын жастардың азайып кетуі сол себептен болып отыр. Осы совхозда ауданда алғашқылардың бірі болып ұйымдасқан «Ұшқын» комсомол жастар бригадасы қазір жоқ. Ал одан кейін құрылған «Жалын» бригадасының тарап кеткеніне 2-3 жыл болды. Атап айтарлық бір жай - оқу бітіріп келген жастар мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмайды. Осындай жағдайларды көре отырып, «Жастардың мүмкіндіктерін ойдағыдай пайдалана алмай жүрміз» деген пікірді менің де қуаттағым келеді. Алғашқы күннен бастап оларды тиімді жолға бағыттап отыру қажет-ақ. «Негізгі бағыттарда осы жағы да ескерілсе екен» демекпін.
(Маңғыстау облыстық «Коммунистік жол» газетінің 1984 жылғы 27 наурыз күнгі саны).
ЫҚПАЛЫ ЗОР БОЛМАҚ
1939 жылдың күзінде түбекте Маңғыстау және Шевченко екі аудан болып бөлінгенге дейін отызыншы жылдардың басынан бастап «Жаңа жұртшылық» (кейін «Колхоз жолы») аталған ортақ газет шығып тұрғаны белгілі. Маңғыстау ауданының шаңырағы көтерілуіне байланысты «Сталин жолы» атауымен жарық көрген аудандық «Жаңа өмір» елу жылдық мерейтойын атап өтті. Газеттің жарты ғасыр бойы атқарған істерін айтып жеткізу оңай емес. Әсіресе оның соңғы демократияландыру және жариялылық кезінде алуан түрлі тақырыптармен көріне білуі кім-кімді де сүйсіндіретіні, басылымның кезекті сандарын оқырмандары асыға күтіп отыратыны ақиқат. Республикамыздың егемендігін баянды етуде орасан зор маңызы бар «Мемлекеттік тіл туралы» заңның талаптарын орындау жолындағы газет қызметінің атқарар рөлі үлкен. Аймақты тұтас алатын болсақ, ол міндет әсіресе облыстық, қалалық жүйелер мен өндіріс орындарында әлі де болса өзінің кемеліне келе алып отырған жоқ. Ана тілін насихаттайтын қоғамдық ұйымдар құрылғанмен, олардың тарапынан белсенді іс-әрекет байқалмайды. Сондықтан газеттер арнайы бөлім ашып, «Қазақ тілі» қоғамдарының және тіл мамандарын сөйлету артық болмас еді. «Ана тіліміздегі қосалқы кемшіліктерден жасөспірімдерді сақтандыру, архаизмге маталудан қайта тірілген ұғымдардың сөздігін беруге жол ашылуы керек-ақ» деп ойлаймын. Өйткені, ұлт тілінің тазалығы тұрғысында алдыңғы қатарлы зиялы топ әрқашан елеулі еңбек сіңіргені тарихтан мәлім. Ө.Озғанбаев «Маңғыстау» газетінің осы жылғы № 161 санында «Сөз құдіреті» атты мақаласында: «Ертеректе көрші ел Чехословакияның мемлекеттік тілі - чех тілінің неміс тілінің әсерінен құрып кету қаупі болған. Ұлттық намысын жалау еткен озат күштердің бірігіп жүргізген жоспарлы жұмыстары нәтижесінде қазір чех тілінде бірде-бір неміс сөзі кездеспейді», - деп жазды. Ұлттық әдеби тілді қорғау мен дамытуда өткен ғасырдың ұлы тұлғалары А.С.Пушкин мен Абай Құнанбаев айрықша дараланатыны сияқты, халқымыздың тұңғыш педагогы Ыбырай Алтынсарин арабша діни парыз сүрелерінің қазақша түсінігін беру және татар сөзімен шұбарлана бастаған ана тілімізді қорғау мақсатында 1884 жылы Қазан университетінің баспаханасынан «Мұсылманшылықтың тұтқасы» деген кітапшасын жарыққа шығарған екен. Одан соң үстіміздегі ғасырдың бас кезінде ірі ғалым Ахмет Байтұрсынов қазақ тілінің грамматикалық категорияларын тұжырымдаған. Ұлт өміріндегі мұндай патриоттық істер осы заман ұрпақтарымен жалғасын таба бермек. «Тіл тағдыры - ұлт тағдыры. Оның тазалығы мен өркендеуі жолында баспасөздің орны жоғары» деп білемін.
(Облыстық «Маңғыстау» газетінің 1991 жылғы 31 желтоқсан күнгі № 250 саны).
(Бұл мақала Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газетінің 1992 жылғы 17 қаңтар күнгі санында «Тіл тағдыры - ұлт тағдыры» деген тақырыппен қысқартылып жарияланған).
ТІЛ ШҰБАРЫН КІМ ЕЛЕР?
Партияның қазіргі тандағы ұлт саясаты туралы СОКГТ бағдарламасында ана тілінде оқу мен оны қоғамдық өмірде пайдалану және прогресшіл ұлттық дәстүрлерді сақтап, дамыту міндеті қойылды. Осыған орай республикамыз егемендік, тіліміз мемлекеттік мәртебе алды. Игілікті істі алға алып бару мақсатында республикада, облыстар мен аудандарда «Қазақ тілі» қоғамдары құрылды. Сондай-ақ ұлтаралық қатынастар тілі - орыс тілі мен басқа тілдердің де еркін дамуына мүмкіндік туғызу бағдарланды. Тіл - халықтың жаны мен сәні, ажары мен кескін-келбеті. Л.Н.Толстой «Тіл - ұлттың жан-дүниесі» дегенде қай ұлттың да жан тазалығы, жасампаздығы ана тілінің сақталуы мен тазалығына байланысты екенін меңзеген болар. Халқымыздың өз тіліне деген сүйіспеншілігін оятып, оны үлкен арнаға бағыттауда көпшіліктің жаппай жұмылуы шешуші нәтижеге жеткізетіні мәлім. Егер жас буын мектеп табалдырығынан өтетінін ескерсек, оқушыларды сөйлемді толық құрай алуға дағдыландыру, ойын анық, нақты жеткізуге үйрету, грамматикалық ережелерді меңгерту -педагогикалық коллективтің асыл парызы. Бұл тұрғыда тіл-әдебиет пәнінің мұғалімдеріне қойылар талап ерекше.
Соңғы кезде «тын», «тін» тұлғалары әдеби тілімізде көп қолданылып кетті. Ол есім сөздерге де, үстеулерге де, етістіктің есімшеге не көсемшеге айналған түріне де, шылауларға да тіркеліп жазылып жүр. Мысалы, өткен жылдың қысы-тын немесе көктемі-тін, бар-тын, жоқ-тын, көп-тін, берік-тін, шын-тын, өтірік-тін, бұрын-тын, кейін-тін, оқыған-тын, сезбеген-тін, алған-тын, берген-тін, себебі-тін, туралы-тын, жоғары-тын, төмен-тін, сол ғана-тын, т.с.с. сөздер баспасөз беттерінде жиі көрініс беріп жүр. Облыстық «Маңғыстау» газетінің осы жылғы № 66 санының үшінші бетіндегі «1918 жылдың жазы-тын», «Ескі әдет-ғұрып тым үстем-тін», ал № 70 санының бірінші бетіндегі «Бұл 5 сәуір-тұғын» сияқты сөйлемдер осы сөзімізді айғақтай түседі. Мұндай тіркестер аудандық «Жаңа өмір» газетінде де, өзге басылымдарда да кеңінен орын алған. Бұл қосымшалардың осындағы мәніне назар аударсақ, -ды, -ді күмәндік демеулік баламасы тәрізденеді (жаз-ды, көктем-ді, 5 сәуір-ді). Ал осындай нұсқау қайда бар?
Тіл ғылымының жүйелері мен заңдылықтарына, анықтамалары мен ережелеріне бағынсақ, -тын, -тін етістіктері есімше жасаушы жұрнақтар емес пе?! Мысалы, сұра-й-тын, сөйле-й-тін, аш-а-тын, кел-е-тін, бар-ма-й-тын, кес-пе-й-тін, т.с. Мұндағы -й, -а, -е көсемшенің жұрнақтары екені белгілі.
Ақас Тәжуітов «Арайдың» осы жылғы ақпан айындағы санында жарияланған «Күдік пен күмән» мақаласында: «Қазақтардың өздері сөйлеп жүрген қазіргі қазақ тілінің өзінде шұбарлық дегеніңіз бастан асып жатыр. Ең өкініштісі, осыны ешкім елемейді немесе елегісі келмейді», - деп жазды. Автор ауызекі сөзде де, жазба тілімізде де орысша сөйлем құрылысы өзгеріссіз қайталанатынын баса көрсеткен. «Мақалада алынған мысалдарға дау туғызушы болмас» деп ойлаймын. Қарапайым қазақша сөйлем жүйесінің өзінде мағынасы әрпіл-тәрпіл түсініктер жетіп жатқан жоқ па?! Осы журналдың «1001 пікір» бетіндегі: «..Қара жер де мені қойнына алғысы жоқ» деген сөйлемде ақиқат ой түсінікті беріліп тұр ма? Жас балалардың көбінесе естіген-көргеніне талғамсыз еліктей кететіні - табиғи болмыс. Жоғарыда айтылған түсініксіз «жаңалықтар» оқушылар арасында кең етек алуда. Олар өзара ауызекі сөйлескен кездерінде «оқып отырдық, жазып отырмыз» деген сияқты мазмұнды «оқып отырық, жазып отырық» деп алмастыруға шейін барып жүр. Бірақ мектеп коллективтерінің осындай оспадарлықтарды жою бағытында жасап жатқан шаралары байқалмайды. «Ауруын жасырған - өледі» дегендей, ауылымыздағы орта мектептердегі кейбір ыңғайсыздықтарды сөз ету артық болмас. Үстіміздегі оқу жылының басында қазақ тілі, орыс тілі пәндері оқытушы кадрлармен тиісті дәрежеде қамтамасыз етілген жоқ. Арнаулы білімі бар мамандардың өзі де бір жарым, кейде одан жоғары мөлшерлі жүктемемен орналасып, тіл-әдебиет пәндері жыл бойына маман еместердің (биолог, тарихшы, бастауыш класс мұғалімдерінің) сабақ жүргізуімен өтті. Мұндай жағдайда тіл аясын кеңейту, терең білім беру, шығармашылықпен қызмет ету талаптары қандай нәтижеге қол жеткізбек? «Бұл мәселе алдағы оқу жылында ерекше көңіл бөлуді қажет етеді» деп ойлаймын.
(Облыстық «Маңғыстау» газетінің 1991 жылғы 9 шілде күнгі № 129 саны).
(Мақаланың қаламақысы автордың өтініші бойынша Бекет ата мешітінің есепшотына аударылды).
ЛЕБІЗ
Сәттігүл Жанғабылов атындағы орта мектептің жетпіс жылдық мүшелтойына арналған салтанатты жүргізу алқасына Бозашының табиғи әрі әкімшілік орталығы саналған, «қар бойы шұқысаң, қара тұнық балдай тәтті суы шыққан» деген аңызға арқау болған, көлемді де көрнекті Қызылқұмның оңтүстік қойнауында ірге тепкен білім ордасы - Тұщықұдық мектебі жетпіс жасқа толып отыр. Осы мерзім ішінде бұл мектепте Маңғыстаудың ондаған сауатты, ұлағатты азаматтары дәріс оқып, орта білім куәлігін алған жүздеген, мыңдаған түлектер халық шаруашылығы мен әлеуметтік салаларға, ғылым ордаларына жол тартты. Ұлы ақын атындағы Тұщықұдық орта мектебінің даңқы арта беруіне, оның ұстаздар мен шәкірттер ұжымы толағай табыстарға жете беруіне ізгі тілек білдіремін.
1998 жыл, 23 мамыр.
Мұғалімдердің тамыз мәслихаты қарсаңында
ОҚУШЫ ЫНТАСЫН ҚАЛАЙ КӨТЕРЕМІЗ?
Мектептерде алғашқы қоңыраудың соғылуына да санаулы күндер қалды. Шәкірттерге терең де жан-жақты сапалы білім берудің негізі - мектеп қабырғасы, класс партасы, ұстаз алды екені белгілі. Аудан педагогтары қазір осы тұжырым негізінде еңбек етуде. Бұл көбінесе мұғалімнің біліктілігі мен шеберлігіне байланысты. Шәкірттердің білімге құштарлығы мен сабақты меңгеруге ынтасын арттыратын да ұстаз екені аян. Қазіргі оқушылар бұдан ондаған жылдар бұрынғы шәкірттерден өзгеше. Өмірге жетілген, қазіргі заманғы теледидардың, компьютерлердің және тағы да басқалардың келуіне байланысты олардың мектептен тыс та естіп-көріп, білетіндері аз емес. Осының бәрінде де ұстаздың білім дәрежесі жоғары тұруы керек. Әрине, терең білім оқушының бойына жақсы ұстаз арқылы ғана келеді. Ұстаз әрдайым ізденетін болса, оның шәкіртінің де білімі жоғары тұрары кәміл. «Шәкірттердің білім алуға деген ықыласын көтерудің екінші жолы - ғылыми пәндер бағдарламаларының қамтитын барлық жұмыстары» дер едім. Табиғатты тану, өсімдіктер тіршілігі, физикалық құбылыстар мен жаратылыс-жағрафия болмыстары жөніндегі нақты істердің орнына оқулықтағы сүрелерді мұғалім баяндап, оқушы қайтара айтып бергеннен не ұтамыз? Ал осы айтып тұрғанын оқушы көзбен көріп, санасымен танып білсе, онда барлығы басқаша болар еді. Бұдан 15-20 жыл бұрынырақта барлық талаптарды қанағаттандырмаса да, мектептер жанында оқу-тәжірибе участогы, географиялық алаң, ауа райын бақылау бұрышы дегендер болушы еді. Қазіргі кезде оларды сөз етушілер де көрінбей кетті. Осындай жағдайда мәдени өсімдік дақылдарының түрі мен тұқымын және өсу-жетілу сатыларын былай қойғанда, бұрын-соңды ауылдық жерлерде болмаған балалар қарапайым өсімдік түрлерінен таным-түсінігі болмай кететініне шек келтіре аламыз ба?! Мұндайда әр мектептің жанынан шағын оқу-тәжірибе алаңы мен жылыжай, не қарапайым өсімдік өсетін бөлме жабдықталса, нұр үстіне нұр болар еді. Оқушыларға мектеп қабырғасында жер қадірін білгізу - маңызды іс. Қазіргі кезде физика, химия, биология пәндерінің мұғалім кадрлары жеткілікті. Сондықтан көп кабинеттерді жабдықтамай-ақ, лаборатория бөлмелерін мұқият жасақтап, шәкірттерді ең болмаса оқу бағдарламасы бойынша тәжірибеден өткізіп, нені білетінін байқау қажет. «Оқу-тәрбие сапасын көтерудің тағы бір жайы - балалардың денсаулығы мен тұрмысына қамқорлық жасалғаны жөн» деп білемін. Осы ретте әсіресе 6-10 жастағы балалардың үйлерінен ата-ана, туыстары мектеппен жиі байланыс жасағаны дұрыс. Бұл орайда Қашаған атындағы мемлекеттік шаруашылықтың Тиген елді мекенінде мектеп болуы керек еді. Бұл жерде 40-50 жанұя бар. Тиген - Қашаған атындағы мемлекеттік шаруашылықтың қой малының жартысынан көбін қамтитын № 1 ферма орталығы. Шаруашылықтың түйе, жылқы малы да Тигенді айнала орналасқан. Барлық қой, ірі қара отарлары жағалай бір-біріне жақын 5- 30 шақырымдық өрістерді мекендеген. Олар кеңшар орталығынан 50-80 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Өткен оқу жылында Шайыр орта мектебі жанындағы интернатқа орналасқан 110 баланың 100-і - тигендіктер мен оның айналасындағы малшылардікі. Олардың қаншасы интернаттан және Шайырдан тыс таныстарына орналасып оқитынын есептеп отырған ешкім жоқ. Олай болса, Тиген елді мекенінен бастауыш мектеп ашу бұдан бұрын-ақ күн тәртібіне қойылған болатын. Бірақ оны ойластырушы да, қолдаушы да табылмай келеді. Осыдан төрт жыл бұрын облыстық, аудандық оқу бөлімдері шешім алғанмен, жергілікті басшылар үн қоспай отыр. Егер халық ағарту ісінің қазіргі жайына мән берсек, «таяу жылдарда Тигенде 9 жылдық мектеп болуының да мүмкіндігі бар» деп ойлаған жөн. Ондай жағдайда балалар өз отбасында, ата-ана, туыстарының аялы алақанында жүріп сабаққа қатысады. Олардың көңіл күйі, ынта-жігері көтеріңкі болары сөзсіз. Қанша жерден «нарық-нарық» дегенмен, «бұл турасында жергілікті басшылар жұртшылық тілегіне орай шара алады» деп сенемін.
(Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газетінің 1994 жылғы 19 тамыз күнгі № 66 саны).
МӘДЕНИЕТ БАСЫ – БІЛІМНЕН
Халыққа міндетті бастауыш білім беру туралы мемлекеттік декреттің қабылданғанына (14.08.1930 ж.) 2000 жылы 70 жыл толады. Соған орай ұстаздық қызметім отызыншы жылдан басталған маған кейбір мектеп басшылары мен жеке азаматтардан сауалдар қойыла бастады. Сондықтан естіген-көргендерімнен ойда сақталғандары туралы айтуды жөн көрдім. № 15 Қаратөбе ауылдық кеңесі мен Еңбек колхозының орталығы 1930-33 жылдары Қоңырорпа жерінде, 1934-36 жылдары Мәстекте, ал одан кейін Қызанда болған-ды. Сол кезде жиі ауысқан ауылдық кеңес төрағалары Омар Қалқаев, Жеткізген Бәшенов, Ағым Қуанов, Бәтима Сағынай зайыбы, Ақмағанбет Қожабеков, Нұржігіт Шегіров, ал колхоз басқарушылары Қилыбай Аманшаев, Қосбай Амангелдиев, Бақажан Арыстанов болған еді. Осы кезде сауатты саналған ауыл азаматтары: Ізтұр Есеншеев, Қармыс Бексейітов, Сармыс Өтеғұлов, Қартбай Аманқұлов, Тұрсын Қожықов, Нұрқожа Тілепиев, Шарау Шоланбеков, Жаңбырбай Ақбасов, Сабақбай Досекенов, Жолмағанбет Тілеуов, Танаш Бейсенов, Қойшыбай Бекбосынов, Көздібай Темірбеков кеңес-колхоз активтері қатарын құрағаны жадымда. Мен 1930 жылы «Қалнияз» жерінде латынша сауаттандыру қызметінде, 1931 жылы Жанұзақта бастауыш мектеп мұғалімі, 1932-33 жылдары Қоңырорпа (Иткелді, Қызылорпа) мектебінің меңгерушісі болып қызмет етіп, сосын Шебірге ауысып кеткен едім. 1931 жылы Дөңгелек жерінде Қуаналы Шоқарбайұлы Диқанов мұғалім болып істеген. 1933-34 оқу жылында Мәстектегі мектепке Әбілхан Әбдіхалықов меңгеруші, ал 1936-1942 жылы әскер қатарына шақырылғанша Тәжі Иманбаев, 1945-1955 жылдары Бекқожа Еділханов орталау мектептің директоры болып жасады. 1931-34 жылдары Иткелді жеріндегі Санамасов Бектілеу молданың мешіті СельПО-ның (бастығы - Сүлеймен Әйтімов, есепшісі - Бейсен Тоқсанов) пайдалануында болған. Ол кезде Әмзе Сарғұлов, Елемес Шығанақов, Қуанбай Бүркітбаев дүкенші болып жасады. Қанаттас № 16-шы ауылмен «Жасбірлік» колхозы 1930-33 жылдары Қара, Тұрым, Жарқымбай орпаларын қоныс етуіне байланысты мұндағы бастауыш мектеп «Тұрым» деп аталған. Ол кезде шаруашылық жайына қарай ауыл да, ондағы мектеп те көшпелі ғой. 1932 жылдың көктемінде Қараш жерінде отырған бір топ үйлердің батыс жақ шетіне таман бес канат үйді толтыра орналасқан балалар кереге құлағына ілінген қабырғалары кез (кез, аршын - өлшем бірлігі, 71 сантиметрге жуық) шамалас пәнер тақтаға жазылған сөз-сөйлемдерге қарап, мұғалімнің қолындағы оқулығы мен біртіндеп ашқан буындарды жамырай оқып, дағдыланып жатты. Егер оғаштау дауыс шықса, ол сөз қайталанып оқылады. Мұғалімнің машығына және оқушылардың серпінді көңіл-күйіне бола балалардың сыртқы жағында мен де отырып қалдым. Сабақ жүргізіп тұрған Қонысбай Ештайұлы Жантаев болатын. Ұстаздық жолын жиырмасыншы жылдардың аяғынан бастаған ол 1933-38 жылдары Ауыздыбас мектебінде бастауыш кластарды оқытыпты. 1942 жылдың басында армияға шақырылған Қонысбай аға сол жылдың жазында Қалмақ даласында болған ұрыстан елге оралмай қалды. 1933 жылы Жиделіні мекендеген «Жасбірлік» колхозы 1950 жылдары «Жаңа адыммен» бірігіп, «XІX партсъезд» іріленген колхозы құрылғанша Жиделідегі бастауыш мектепте Құзыров Ғайнидин оқытушы болды. Шайыр ауылында бастауыш білім беру 1926-30 жылдары Ақмыш мектебінен бастау алғаны белгілі. Ауылдың бір топ жастары осы мектептен төте жазу бойынша сауаттанды. Олардың қатарында Алпамыш Қабитбаев, Орынбай Бектұров, Асан, Бегейбай Ахметовтер, Әбіш, Сақтап Мәдібаевтар, Елемес, Едіге Тұяқовтар, Аманғали, Амалбай, Тілеген, т.б. болса керек. Мұндағы бала бағым орны Қаңға-бабаға көшірілуіне байланысты білім беру ауыл орталығы Шайырға жалғасты. Бұл мектепте 1935 жылға шейін оның үйін өз қолымен тұрғызған Жұмағали Айдашев және Жаңбырбай Жаңабаев ұстаздық етті. Бұдан кейін бұл жолды Әбу Қожанов, Қуан Сақтағанов, Сақтап Берниязов, Торғай Шоңқалов, Пәнди Жаманбай келіні, Қылыш Өтетілеуов, Алқамбек Сәмиев жалғастырды. Маңғыстау өңірінде міндетті бастауыш білім беру жүйесінің қалыптасуында бұл әңгіме етілген мектептердің сол кездегі елдің, мекеннің орналасуында алар орны, әрине, елеулі. Мен осы белгілі дата алдында бастауыш білім берудің өзім тікелей араласқан, отбасында болған орындардағы деректерді мағлұм етуді мақсат тұттым. Халықты сауаттандыру, білім беру ісіне байланысты тарихи түсініктерді жинақтау, зерттеу, кейінгі ұрпаққа үлгі ету, ұсыну - ортақ парыз. Бұл іске әрбір ынталы азаматтың атсалысқаны дұрыс. Өйткені, мәдениет сауаттылықтан, білімнен басталады ғой.
(Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газетінің 2000 жылғы 2 ақпан күнгі саны).
ШАХТА ОРТА МЕКТЕБІНІҢ 60 ЖЫЛДЫҚ САЛТАНАТЫН ЖҮРГІЗУ АЛҚАСЫНА
Игі лебізімді жиналысқа қатысушыларға жеткізуіңізді
өтінемін
1939 жылдың күзінде екіге бөлінгеннен кейін Маңғыстау ауданының көмірлі Таушық поселкесінен бастау алған Шахта орта мектебінің 60 жылдық мерейтой салтанатын шын жүректен құттықтаймын! Бұл кезеңде ауданның алғашқы орта білім беру ұясының аттестатын ұстаған жүздеген түлектер халық шаруашылығына, әлеуметтік салаларға және орта, жоғары білім ордаларына аттанды. Мектептің абырой-атағын көтерген азаматтардың көбі көз алдымызда. Білім беру мен тәрбиелеудің басшылық жұмысында облысқа танымал болған Самалықов Төрәлі, Өтеуов Арон, Төлебаев Диар, Қиынов Кетебай және ондаған жылдар осы мектепте ұстаздық етіп, ата-аналар құрметіне бөленген Шоңқалов Торғай, Шәкіратов Ысқақ, Жалғасбаева Қанзия, Сәрсенов Қойшекен, Әбілханова Күләш, Әуезалиев
Аяпберген, Елмұхамбетова Қалам мектеп тарихында өшпес орын алады. Балаларымның алдыңғы жақтағы үшеуі осы ұяның куәлігімен жоғары педагогтық мамандық игергені үшін өзімді осы мектепке қарыздар сезінемін. Аталған мектептің мұғалімдер мен тәрбиешілер ұжымы келешекте де игі табыстарға жете беруіне шынайы тілектестік білдіремін.
1999 жыл, 25 қыркүйек, Шетпе кенті.
ҰЛТТЫҚ ЖАЗУЫМЫЗДЫҢ ТАҢБАСЫ АРАБ ӘРПІ БОЛСА
Ана тіліміздің жазу таңбасы туралы пікір сайысы да аз болмады, ол пікірталас біршама мезгілді де қамтыды. Бұл тақырып соңғы кезде бұқаралық ақпарат құралдарында сирей түскенмен, ортақ төрелік шешім жарық көрген жоқ. Ұсыныс жасаушы қауым өкілдері көбіне араб және латын алфавиттерін, ішінара Орхон-Енисей таңбасын меңзегені көпке белгілі. Қазақстан қазақ ұлтының тәуелсіздігін айқындайтын демократиялық, зайырлы және біртұтас мемлекет болып қалыптасты. Оның мемлекеттік нышандары - Елтаңбасы, Жалауы, Әнұраны бар. Республика Жоғарғы Кеңесінің тоғызыншы сессиясы үстіміздегі жылдың 28 қаңтарында негізгі заңымыз - тұңғыш Конституцияны қабылдады. Ұлы қазақ тіліміз мемлекеттік тіл болып бекітілді. Енді оның өзіне тән жазу таңбасы да тиянақталуы қажет-ақ.
І
«Ұлттық тіліміздің жазу таңбасы араб әрпі болса» дер едім. Біріншіден, «Қазақ тілінің бірлігін сақтауда да, араб, түркі халықтарымен байланысты жақындата түсу үшін де араб әріптері негізіндегі қазақ жазуы қажет» деп ойлаймын. Халқымыз 1200 жыл бойы осы таңбаны пайдаланды. Қазақтың әдеби асыл мұралары, Қожа Ахмет Иассауи, Әл-Фараби, Физули, Сағди, Науаи, Фердауси, Қожа Хафиз, т.б. түркі тектес ғұламалардың еңбектері де, исламның қасиетті кітабы Құран Кәрім де осы араб әрпімен жазылған. Ол - сонымен қатар бүкіл түрік, парсы елдерімен дипломатиялық байланыстың бірден-бір дәнекері. Осы жағдайларды ескергенде, қазіргі күні де, болашақта да жастар мен кейінгі ұрпақтардың осы таңбамен сауаттануы өмірлік қажеттілік емес пе?! Екіншіден, ғұлама ғалымымыз Ахмет Байтұрсынұлы туған халқының төлтаңбасы болуы жолында араб графикасы бойынша төте жазу әліпбиін жасаған еді. Ол: «Араб әрпінен жасап алған әліпбиімізге жер жүзінде әліпби баласы жетпейді. Араб әрпімен түзеген емлемізге бізге мәлім елдердің бірі жетпейді. Мұны ешкім «бекер» деп айта алмайды. Араб әрпін жазу машинасына, әріп теру машинасына орнатқанын көріп отырмыз», - деген болатын («Шалқар» газеті, 11.03.1992 ж.). Ақаң араб әліпбиінің әрпі қазақ тілі дыбыстары үшін толық жеткілікті екендігін, сауат ашуға қолайлы, оқу-жазуға оңай, баспа ісіне артық, көзге жайлы, көркем де шырайлы екенін барлық жағынан дәлелдеді. Жиырмасыншы жылдардың аяқ кезінде «Латын әрпіне көшу керек пе, әлде қазақтың өз әрпі - араб жазуын қолдану керек пе?» деген пікірталаста Елдес Омарұлының латын әліппесіне көшу жөніндегі мемлекеттік комиссия мәжілісінде сөйлеуі А.Байтұрсыновтың теориясын шынайы қуаттады. «Қазір мен Әбдірахманның баяндамасына тоқтап, оның әріп туралы көрсеткен дәлелдеріне жауап беріп өтпекпін. Оқыту әдісі туралы Әбдірахманның дәлелдері -тәжірибеге сүйенбеген құр айқай. Балаларға латын әрпімен де, қазіргі қазақ әрпімен де қатар оқытып көрсең, екеуін қатар оқыған хат білмейтін бала қазақ әрпімен хатты бұрын таниды. Сенбесе, латын әрпімен Әбдірахман да, қазақ әрпімен мен де балаларды қатар оқытып көрейік. Қайсымыз бұрын хат танытар екеміз? Әрине, мен бұрын танытамын... Тіпті Әбдірахманның мұғалімдігі жоқ болса, латын әрпін көкке көтеріп, күнде мақтап жүрген Телжан-ақ оқытсын... Ал жазуға келсек, онда да латын әрпіне қарағанда, қазақ әрпімен жылдам жазылады», - дейді ол. («Шалқар» газеті, 19.06.1993 ж.). Үстіміздегі жылы қазақ халқының болашағы жолында өзінің жанын құрбан еткен аяулы азамат Ахмет Байтұрсынұлының 120 жылдығы аталып өтуде. Соған орай ұлттық әріп таңбамыз оның төте жазуына көшсе, рухани мерейіміз қаншама биіктер еді! Ұлы ғұлама туралы заң ғылымдарының кандидаты Сәкен Созақбаевтың мақаласынан үзінді келтірейік: «Оның есімі бүкіл түркі тілдес халықтарының тарихына мәңгі өшпестей болып, алтын әріппен жазылды. Ол қазақ халқының тарихында өзінің рухани сана-сезімі, парасаты және жалпы болмысы жағынан фольклорист, ақын, жазушы, публицист, аудармашы, қазақтың тілі мен әдебиетінің негізін салушы ірі ғалым, филолог, лингвист, түрколог-реформатор, ағартушы-демократ, гуманист, педагог, зерделі тарихшы, журналист, қазақтың тұңғыш редакторы, заң білгірі, профессор, Алаш партиясын құрушы, қазақтың ғылымын ұйымдастырушы, оқулық жазудың білгір маманы, елдің толық тәуелсіздік алуы үшін жан аямай күрескен ірі қоғам қайраткері, халықтың адал перзенті ретінде танылды». («Жас алаш» газеті, № 17, 30.01.1993ж). Міне, көріп отырғандарыңыздай, бұл тұлғаның бойына дүниенің қаншама мадағы сыйып тұр десеңізші!
ІІ
Ұлттық жазуымызды латын алфавитіне көшіру ұсыныстарына өз пікірімді айтсам, қазіргі қолданып жүрген славян таңбасын латынмен ауыстыруда қандай мән бар? Бұдан біз не ұтамыз? Біріншіден, жиырмасыншы жылдардың аяқ шенінде латын таңбасы қазақ халқына әкімшілік зорлық күшпен таңылды. Шығыста латын алфавитіне көшу «Мәдени революция» деп дәріптелді. Кейбір қазақ оқығандары латын әрпін пайдалануды мәдени жаңалық санады. Өздері діннен безгеннен кейін араб әрпін де діннің қалдығына сайып, үрке қарады. Осылай ұлттық жазуымызға енген латын алфавиті ел өміріне баянды сіңісе алмады, небәрі 10-12 жылдан артық қолданылмады. Сол аралықта 2-3 рет толықтыру, жаңарту өзгерістеріне ұшырап та үлгерді. «Ең әуелі аңғартып өтетін бір нәрсе - сол латын әрпін алу деген тіршілік мұқтаж қылғаннан, ділгерлік қысып, туғызып отырған мәселе емес. Ділгерлік қыспақ түгілі, ешуақытта әншейін керек қылған нәрсеміз емес. Керек қылмағанымыз - қажетімізге жарайтын басқалардікінен анағұрлым артық әрпіміз болғандықтан», - деген-ді комиссия мәжілісінде жасаған баяндамасында Ахмет Байтұрсынов. («Шалқар», №11, 20.03.1992 ж.). Екіншіден, қырқыншы жылдар арасында латын таңбасын славяндық негізде жасалған жаңа қазақ әліппесі алмастырғаны мәлім. Сөйтіп, алпыс жылға жуық осылай оқып-жазып келеміз. Мұнда қандай жетпестік болып тұр? Олай болса, латын таңбасына қайта ауытқып, жаңадан қызмет тудыру, уақыт өткізу қаншалықты қажет? Республика халқының жартысынан көбі орыс тілінде сөйлейді, кириллица таңбасын еншіленеді. Қазақ халқы сол тілде сөйлей алуын, сол алфавитті қолдануын өмір талап ететіні ақиқат. Ал Конституциямыз бойынша, «Орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі болып табылады». Бұдан халқымыз орыс тілінде сөйлеу мен жазудан қол үзе алмайтыны көрінеді. Сондай-ақ латын алфавитін қабылдағанда екі дыбыс және таңба арасындағы өзара қайшылықтардан жаңсақтықтар пайда болмай ма? Мысалы, орысшада в, д, и, п, р, с, т, ч дыбыс таңбалары тиісінше латын алфавиті бойынша б, г, у, н, п, ш не к, м, р, и мәндеріне айналады. Осындай ауытқу басқа таңбалар арасында да кездеседі. Бұдан мектеп балаларының орыс тілінде оқу мен жазу қызметіне қосымша қиындық жамайтыны кәміл. Сондықтан «Қазақ жазуын орыс алфавитінен латын алфавитіне ауыстыру орынды болмас еді» деп ойлаймын.
ІІІ
«Халқымыздың білім-мәдениетінің қазіргі дәрежеге дейін өркендеуі ежелгі Орхон-Енисей таңбасы туралы ұсныстарға қосылуды қажет етпейді емес пе?» деп ойлаймын. Ол әзір түгенделіп те болмаған әріп жүйесі емес пе?! Орхон-Енисей тас жазуы қазба зерттеулер нәтижесінде XVІІІ-XІX ғасырлар ішінде құлпытастар, қыш ыдыстар, тас қабырғалар беттеріне ойылған құпия жазулар табылып, түркі халықтарының көне жазба мұрасы ретінде танылған. Бұл жалпы түркі тілдерінің, соның ішінде қазақ тілінің де тарихына қатысы бар мұра болса керек. Оның қазақ тіліне ұқсас көптеген фонетикалық ерекшеліктерімен қатар лексикалық, морфологиялық, синтаксистік тарихи деректері ашылған сияқты. Алайда бұл таңба туралы ойлау үлкен шегініс болар еді.
ІV
Сонымен «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне» келсек, «Егер ұлттық жазуымызды жаңартуға бағдар ұстансақ, араб графикасы бойынша ұлы ғұлама ғалымымыз Ахмет Байтұрсынұлы жасаған төте жазу алфавитіне көшейік. Олай болмаса, славян таңбасы бойынша қалыптасқан қазіргі жазу жүйемізді сақтайық» демекпін.
1993 жыл, 25 наурыз.
Шайыр ауылы.
Т.Жалғасбайұлының анасы - Ақбала
Т.Жалғасбайұлы - Шайыр мектебінің директоры. 1950 жыл
Т.Жалғасбайұлы жұбайы Нұрпаш және қарындастары Ақорын, Ханзиямен
Ессентуки курортында. 1949 жыл
Железноводск курортында. 1953 жыл
Ессентуки курортында
Железноводск курортында. 1950 жыл
Үлкен ұлы Төлеген мен келіні Нұрболхан
Сайлау округінің Округтік есеп комиссиясының дауыс беру протоколы бойынша және „Қазақ ССР халық соттарының сайлауы туралы Ереженің" 86 және 60 статьяларына сәйкес енбекшілер дсиутаттарынын.
Халық заседателі куәліктері
Шығыс № 622
«11» сәуір. 1991 жыл
Ардагер ұстаз Т.Жалғасбаевқа
Көшірмесі: Шайыр орта мектебінің директоры
О.Өтеулиев жолдасқа
Мектеп директорының мәлімдемесі бойынша Сіздің ынтаңыз қолдау тауып, үйірмеге оқушылар қатыстырылған. Бірақ дайындық жүру кестесінің бұзылу фактілері болған. Ол көбіне оқушылардың аудандық шараларына байланысты қабаттасып отырған. Шын мәнінде оқушылардың аудандық, облыстық шаралары өте көп жүргізілді. Сіздің үйірмеге қатысатын кейбір оқушылар ол шараларға қатысу қажет болған. Сізге бұл жұмысты жаңа оқу жылында 8-9 сынып оқушыларымен бастауды ұсынамыз. Екінші жаққа: карт ұстаздың үйірме ұйымдастыру жөніндегі пікірі орынды. Балалар ықылас танытып жатса, бұл жұмысты одан әрі жандандыру, мұғалімге көмектесу ескертіледі. Мүмкіндігінше дайындық кестесінің бұзылмауын қадағалау қажет.
Аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі
А.ЕРМАНОВ.
ІV ТАРАУ. НАСИХАТ АЙТТЫМ АЛҚАҒА...
«ПРАВДА» КОЛХОЗЫНЫҢ ПАРТИЯ ҰЙЫМЫНДАҒЫ КПСС ТАРИХЫН ОҚЫП-ҮЙРЕНУ СЕМИНАРЫ ТУРАЛЫ
Семинар да 14 адам (12 ер, 2 әйел) тұрақты оқиды.
Бұлардың ішінде 5 коммунист, 3 комсомол мүшесі, 6 партияда жоқ азаматтар бар. Оқушылардан 9 адам тікелей колхоздың мал шаруашылығында, 3 адам механизацияда, 3 адам мәдени-ағарту, 3 адам есеп жұмыстарында істейді. 7 адамның жалпы және арнаулы орта білімдері, қалған 7 адамның VІІ-VІІІ кластық білімдері бар. Семинар өткен оқу жылында КПСС XXІІ съезінің материалдарын оқып-үйрену программасы бойынша жұмыс жасады. Оқу жылы аяғында тыңдаушылардың толық қатынасуымен «КПСС - коммунизм құрылысын кеңінен өрістету дәуірінде» деген тақырып бойынша қорытынды сабақ өтті. Үстіміздегі оқу жылы 1962 жылдың 15 октябрінен бастап әр айдың 28-і сайын үзіліссіз семинар өтіп келеді. Бүгінге дейін кіріспе мен 1-5 тақырыптар, яғни программа бойынша 16 сағаттық материал қамтылды. Сонымен катар соңғы семинарда (28.01.) КПСС Орталық Комитетінің ноябрь Пленумының материалдары талданды. Семинар тыңдаушылары программамен таныстырылған. Әрбір сабақта программа талап ететін материалдарды кім қалай оқып, түсінгені тексеріледі, жазған конспектілері қаралады. Осыдан кейін жеке тақырыпшалар бойынша жеке тыңдаушылардың қысқаша әңгімелеулері мен талқылау ұйымдастырылады. Соңында өзім қорытынды жасап, сұрақтарға жауап беріп, түсініксіз сөздерге саяси сөздіктен мағынасын көрсетемін. Сабақ аяқталған соң келесі сабақта қай тақырыпқа дайындалатынымыз, бұл жөнінде қандай әдебиеттерден не оқитынымыз ескертіледі. Семинардың барысында коммунистер Серікбаев, Өтегенов, мұғалім Жайлаубаев, есеп қызметкерлері Ұзақбаев, Нұржанов жолдастар сабақтарға белсенді қатынасып, материалды жақсы меңгеруде. Партиялық тапсырма ретінде насихатшылық қызметті 1950-55 және 1961 жылдан бастап қазірге дейін жасап келемін.
1963 жыл, 15 ақпан.
НАСИХАТШЫҒА ҚОЙЫЛАР ТАЛАП ЗОР
Мен 1948-49 оқу жылынан бері партиялық оқу жүйелерінде насихатшы болып істеп келемін. Алғашқы жылдарда КПСС тарихын үйренетін үйірмеде жұмыс істедім. 1961 жылдан бастап КПСС тарихын үйренетін семинарда насихатшы және жетекшімін. Өткен партиялық оқу жылында семинарда 18 тыңдаушы болды. Олардың 5-еуі - КПСС мүшесі, 5-еуі - комсомол мүшесі де, қалғандары - партияда жоқ ауыл шаруашылығы еңбеккерлері. Біз әрдайым сабақ басталмас бұрын сабақ өтетін орынның дайын болуына назар аударамыз және тыңдаушылардың тегіс қатынасуын қамтамасыз етеміз. Ол үшін алғашқы сабақтың әзінде тыңдаушылармен сабақ өткізетін күнге, сағатына келісіп, белгілейміз. Семинар жетекшісіне тыңдаушыларға нақты білім беру, КПСС тарихын, оның өткен жолдары мен халықаралық жұмысшы қозғалысындағы рөлін жете түсіндіру үшін алдын-ала әзірленуге тура келеді. Мен партия тарихына арналған оқу құралдарымен бірге марксизм-ленинизм классиктерінің еңбектері мен партиямыздың XX және XXІІ съездері, одан кейінгі КПСС Орталық Комитеті Пленумдарының материалдарымен танысамын. Семинарда әр тақырыпқа әзірленерде баяндамашылар белгіленеді. Оларға қандай әдебиеттер оқу, қандай көрнекті құралдар пайдалану қажеттігі айтылады. Мен - биыл да КПСС тарихын үйренетін семинардың жетекшісімін. Алғашқы сабақта өткізілетін тақырып белгіленді. Семинарға 22 тыңдаушы тартылды. Біз тыңдаушылардың толық қатынасуымен бүгін алғашқы сабақ өткіземіз. «Келешекте де насихатшыларға қойылар талаптардың дәрежесінде жұмыс жасау - басты міндетім» деп білемін.
Т.ЖАЛҒАСБАЕВ, КПСС
тарихы семинарының жетекшісі,
«Правда» колхозы.
(Облыстық «Коммунисты еңбек» газетінің 1964 жылғы 15 қазан күнгі № 124 саны).
ӨМІРМЕН ҰШТАСТЫРА ЖҮРГІЗЕМІН
Маркстік-лениндік ілімді үйрене беру - тек қана коммунистердің борышы емес, әрбір еңбеккердің борышы. Өйткені, марксизм-ленинизм - өмірге нағыз бейімді, сыналған, халық мүддесін көздейтін ілім. Осынау ұлы ілімді бұқараға кеңінен таратушы -насихатшы. Мен он бір жылдан бері насихатшы болып жүрмін. Біз семинарда соңғы үш жыл қатарынан КПСС тарихының мәселелерін өтіп келеміз. Маңғыстау өндіріс басқармасы колхоздарының ішінде «Правда» колхозының экономикасы ортадан жоғарылар қатарында саналды. Міне, біз семинарда түрлі мәселелерге байланысты туған колхозымыздың көрсеткіштерін кеңінен пайдаландық. Колхоздың соңғы он жыл ішінде қаншалықты өскендігін талқыға салдық. Соңғы кезде бір көзге түсетін жай - саяси оқу жүйесіне қатысушылардың саны көбейе түсті. Мысалы, біздің колхоздағы еңбекке жарайтындардың ішінде саяси оқуға қатысып, өз білімдерін көтермейтіндері кемде-кем. Бұл салада бастауыш экономикалық мектеп басты рөл атқаруда. Жақында аудан орталығында насихатшылардың семинары болып өтті. Онда биылғы жылы саяси оқуды қалай жүргізу, сабақты неден бастау жөнінде айтылып, алдыңғы қатарлы насихатшылардың жұмыс әдістері әңгіме болды. Көптеген мәселелер төңірегінде жан-жақты пікірлер айтылды. Біз бұдан алдағы ісімізге көмек боларлықтай мол азық алып қайттық. Мен өткен оқу жылында тек тыңдаушылардың алдында ғана сөйлеп қоймай, олардың жұмыс жасайтын жерлерінде де, мал отарларында, фермаларда жиі-жиі болып тұруды дағдыға айналдырдым. Мұның өзі тыңдаушыларға да, маған да саяси сабақты шаруашылық міндеттермен тығыз ұштастыра жүргізу үшін аса пайдалы болды. Насихатшы көп білуі керек. Ол үшін газет-журналдарды көптеп алдыруы тиіс. Мен «Правда» газетін, республикалық, өлкелік, облыстық газеттерді, «Коммунист», «Партийная жизнь», «Политическое самообразование» журналдарын алдырып, үзбей оқып тұрамын. Мен биыл да саяси сабақты өмірмен тығыз ұштастыра жүргізіп, тыңдаушылардың өткен тақырыптардан толық та жан-жақты түсінік алуы үшін жұмыстанамын. (Облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің 1964 жылғы 15 қазан күнгі № 206 саны).
НАСИХАТШЫЛЫҚ ЖҰМЫСЫМ ТУРАЛЫ ҚЫСҚАША АҚПАРЛАМА
Партиялық оқу жүйелерінде 1948-49 жылдардан бері насихатшы болып істеймін. Арадағы 1956-57, 1959-60 жылдардағы 4 жыл үзілістен басқа мезгілдердің бәрінде де үздіксіз жасап келемін. Алғашқы жылдары көбінесе КПСС тарихын үйренетін үйірмеде, 1961 жылдан бастап КПСС тарихын үйренетін семинарда насихатшымын. 1961-62 жылдары арнаулы программамен КПСС XXІІ съезінің материалдарын оқып-үйреніп, оқу жылын «КПСС коммунизм құрылысын кеңінен өрістету дәуірінде» деген тақырыпта қорытынды сабақпен аяқтадым. Өткен 1962-63 оқу жылында КПСС тарихының алғашқы 1-7 тақырыптары және осыған қоса КПСС Орталық Комитетінің ноябрь (1962 ж.) Пленумы шешімдерін үйрену қамтылды. Жыл аяғында «Партия - коммунизм құрылысын кеңінен өрістету ісін басты рухтандырушы және ұйымдастырушы» тақырыбымен қорытынды сабақ болды. Мұнда мына сұрақтар негізінде жеке үйренушілердің баяндамалары бойынша талдау жасалды: 1. Совет халқының коммунистік қоғам құрылысын кеңінен өрістету дәуіріне СССР-дің аяқ басуын әзірлеген ұлы жеңістері (Серікбаев баяндама жасады). 2. Партия мен Совет үкіметінің еңбекшілердің материалдық әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсарту жөніндегі шаралары (Құлмұрынов пен Әнебаева баяндама жасады). 3. «Правда» колхозының 1959-65 жж. арналған жоспарын іске асыру барысында қол жеткен табыстары (Ұзақбаев баяндама жасады). 4. Совет үкіметінің бейбітшілік пен халықтардың қауіпсіздігі жолындағы күресі (Досанов пен Нұржанов баяндама жасады). 5. Партия насихатының қазіргі жағдайдағы міндеттері (Жайлаубаев баяндама жасады). 6. Қорытынды сабақ «КПСС - коммунизм құрылысын кеңінен өрістету ісінде совет халқының көсемі» деген өз баяндамаммен жинақталды. Үстіміздегі 1963-64 оқу жылында семинарда 18 тыңдаушы (3 әйел) оқып жүр. Бұлардың бесеуі - КПСС мүшелері, бесеуі - ВЛКСМ мүшелері, сегізі - партияда жоқ азаматтар. Білім дәрежесі жөнінен 2 адам - ортадан жоғары, 7 адам - арнаулы және жалпы орта білімді, 9-ы - VІІ- VІІІ кластық білімі бар адамдар. Тыңдаушылардың ішінде 6 адам - колхоздың шаруашылық өндіріс басшылары мен ұйымдастырушылары, 3 адам - есеп қызметкерлері, 6 адам - мәдени-ағарту қызметкерлері, 1 шопан бар. Сабақ өтетін орын, жиналатын мезгіл тыңдаушылардың жағдайы мен тұрмыс реті ескеріле отырып, партия ұйымы арқылы сабақ басталудан бұрын белгіленді. Стол, орындық, отын, жарық, географиялық карталар толық. Семинар жұмысы 1963 жылы 15 қазанда басталып, содан кейін әр айдың 27-сі күндері үнемі өтіп келеді. Марттың аяғына дейінгі мерзімде 7 рет сабақ ұйымдастырылып, КПСС тарихының 8-13 тақырыптары өтуі қамтамасыз етілді. Бұл программа бойынша 24 сағаттық материал, сонымен қатар январьдағы сабақта декабрь Пленумының, марттағы сабақта февраль Пленумының шешімдеріне талдау жасалды.
Сабақтарды мына құрылымда өткізіп отырамын: а) Оқушылардың дайындығын, әркімнің нені оқығанын, қалай дайындалғанын, конспектісін анықтау; ә) Жеке тақырыпшалар бойынша 1-2 оқушыдан нақты мазмұнын баяндатып, әрқайсысы бойынша негізгі түйінді мәселеге талдау ұйымдастыру. Осы шараға тыңдаушылардың көбі араласады; б) Тарау бойынша өзім жинақтау жасап, негізгі сұрақтарға жауап берумен қатар халықаралық термин сөздерге саяси сөздік бойынша түсінік беремін; в) Оқушылармен бірлесіп, сабақтың қалай өткені, жеке тыңдаушылардың қалай қатынасқаны, алдағы сабақта не нәрсеге назар аударылуы туралы пікір алысылады; г) Алдағы сабаққа дайындық. Бұл жөнінде сабақтың тақырыбы, программаның арнаулы талаптары, пайдаланылатын әдебиеттер таныстырылады. Егер кезекті тақырып ауыр болып, пайдаланылатын әдебиеттер көп болса, жеке тақырыпшалар мен материалдар әр оқушының қабілетіне қарай ыңғайланып тапсырылады. Бірақ қысқаша курстағы материалды толық оқудан ешкімге жеңілдік берілмейді. Мысалы, семинардың 27 март күні өткен кезекті сабағында КПСС тарихының 13 тақырыбы, «Партияның халық шаруашылығын социалистік жолмен қайта құруды аяқтау жолындағы күресі» (1933-37 жж.) талданды. Бұдан бұрынғы сабақта осы тақырып бойынша қысқаша курстағы материалдан басқа Лениннің 28 (469-487 бб.), 29 (92-106 бб.), 33 (435-444 бб.)-томдарын, КПСС XXІІ съезі материалынан КПСС программасын, Н.С.Хрущевтің Орталық Комитеттің есебі және программа туралы баяндамаларын пайдалану, КПСС Орталық Комитеті февраль Пленумының материалдарымен толық танысу қажеттігі ескертілген болатын. Сабақта болған 12 оқушының бұл әдебиеттермен қаншалықты танысқанын біліп, конспектілерін шолған соң тақырыпты талдау басталды. 1. Фашистік агрессияның басталуына байланысты соғыс қаупі өскен жағдайдағы Совет елінің сыртқы саясаты туралы Қ.Жайлаубаев жолдас баяндама жасады. Ол капиталистік дүниенің 1929-32 жж. өндіріс дағдарысынан кейін 1933-37 жж. экономикалық депрессияға айналу зардаптарына, Батыс Европада фашистік партиялар құрылып, олардың үкімет басына келуіне байланысты реакциялық және агрессиялық басқыншылықтардың басталуы, сол кездегі ВКП(б) мен Коминтерннің бағыты мен шараларына айрықша тоқтап, тыңдаушылардың назарын аударды. 2. Социалистік экономиканы нығайту мен дамыту жолында партиялық-саяси жұмыстың күшеюі туралы Е.Жалғасбаев пен колхоздарды ұйымдық-шаруашылық жағынан нығайту және 1964 жылғы февраль Пленумы шешімдерінің маңызы туралы Р.Серікбаев жолдастар баяндама жасады. Бұл мәселелерде КПСС Орталық Комитетінің 1962 жылғы ноябрь Пленумына айрықша маңыз берілді. 3. СССР-де социализмнің жеңуі тақырыбында Барасов және Сәрсекеева жолдастар баяндады. Олар СССР-дің жаңа Конституциясын қабылдау қарсаңындағы және қазіргі кездегі социализм жеңісін, сондай-ақ ауыл шаруашылығын интенсивтендіру мәселесін өзінің қалай түсінетінін ортаға салды. Сонымен катар колхоз агрономы Қалмағанбетов жолдас колхоздағы жеміс бағы мен бақшалық өнімдерін жинаудың өткен жылғы жайы мен үстіміздегі жылдың міндеттемесі туралы айтып берді. Ол жергілікті тыңайтқыштар мен су көздерін тиімді пайдалана отырып, еңбекшілердің жеміс, көкөніс жөніндегі тілектерін қанағаттандыру жағдайлары мен дәрежесін нақтылы мысалдармен салыстырды. Осылардан кейін өзім қысқаша қорытындылап, тыңдаушылардың 2-3 сұрақтарына, жеке сөздерге түсінік бердім. Бұлардың ішіне Италия мен Германияда фашистік партиялар қашан құрылғаны, олардың үкімет басына қай жылы келгені, Ұлттар лигасы өмір сүрген жылдар, мүше саны, лигаға кірмеген және шығып кеткен елдер, оған СССР қай жылы қабылданғаны, «депрессия» деген сөздің мағынасы, Эфиопия, Кипр, Лотарингия, т.с.с. географиялық орындар, Г.Димитров туралы түсініктер енді. Сабақ соңында «Кезекті жиналу - 27 апрель» деп белгіленіп, онда 14 тақырып талданатыны, программа мен әдебиеттер тізімі беріліп, жеке тақырыптар кейбір тыңдаушыларға арнайы тапсырылды.
1964 жыл, сәуір айы.
ПАРТИЯЛЫҚ ТАПСЫРМА НАСИХАТШЫ ЖАЙЛЫ ОЧЕРК
Елу жас! Осы жастың отыз үш жылы оқытушылықпен өтті. Тұрар ойлап отырса, осы күнгі бас көтеріп жүрген азаматтардың бірқатары шәкірттері екен. Қандай мақтаныш! Бірде партия ұйымының секретары шақырып алып:
- Түреке, сізге бір құрметті тапсырма бергелі отырмыз, - демесі бар ма. «Жасым үлкен» деп өзін жоғары санамайтын ақпейіл Тұрекең секретарға:
- Болсын, - деген-ді.
Әуелі не тапсырма екенін де сұрамаған Тұрекең насихатшылық екенін естігенде қандай қиналды десеңші!
- Не дегенмен... Өзіміз көмектесеміз. Педагогсың. Балалардан қиын тиер деймісің?! - деп, секретарь жігіт жеңілдетіп-ақ айтқан. Бұл 1953 жылдың күзі болатын.
- Жоқ, келісе алмаймын, - деді Тұрекең ойлана түсіп. - Насихатшылық оңай жұмыс емес. Оны біліп отырып, екеуміздің де олай деуге хақымыз жоқ.
Ана секретарь да қу екен. Тұрекеңді осы сөзден ұстады да:
- Ағасы, онда келістік. Сіз өзіңізді бүгіннен бастап «насихатшымын» деп есептеңіз, - деп, Тұрекеңнің қолын қысты.
Бастауыш класқа сабақ беретін Тұрекең уақытының көбін мектепте өткізеді. Үйге кештетіп келеді. Үйдің де бүкіл шаруасы Тұрекеңе қарап тұрады. Шайыр басындағылар, неліктен екені белгісіз, үлкені де, кішісі де бұл кісінің атын айтпайды, «Тұреке» дейді. ілкі кезде Тұрардың өзі де осыған таң қалып жүрді. Бері келе «Тұреке» атанып кетті. Тұрекең енді уақытының бір мезгілін насихатшылық іске арнауы тиіс. Тәуліктің 24 сағатын есеппен өткізетін ұқыпты адамға уақыт жетпей қала ма, қалай? Енді ол «Сабаққа дайындалам» деп, түннің бір уағына дейін отыратынды әдетке айналдырды. Нұрпаш жеңгей балаларының жайына бола түн ұйқысын төрт бөлсе, көретіні - ері. Ол стол үстіне шұңқия төніп, бірдеңелерді жазып, кітап, газет-журнал оқып отырады.
- Сенің оқуың-ақ таусылмайды екен, жалықпайсың ба? Ең болмаса, демалсайшы, -деп жеңгей таңданатын.
Тұрекең оған да тіс жармайтын, тек өзінің қалаған сағатында ғана демалатын. Алғашқы сабақ. Тұрекеңнің де алғаш рет сабақ беруі. Е, бұлар - балалар емес, өзіндей азаматтар. Бұл - «Екеуінің арасы аспан мен жердей» деген сөз. Он бес, жиырма шақты тыңдаушы жиналыпты. Партия ұйымының секретары да келіп отыр. Колхоз председателінің кеңсесіне жиналған. Болашақ сабақтар да осында өтеді. Қарайды, жиналғандардың назары - насихатшыда, оқушы балалардай ұшқалақ отырған жоқ, салмақты. Журналға белгілер соғылды. Тіпті тыңдаушылардың атын атап шақырды. Олардың бәрі де «Бармыз» деп жауап беріп жатыр. Сөйтіп тұрып, оған ой келді. «Менің мұным не? Олар бала емес қой. Ай, үйреніп қалған әдеті құрғыр, бұрып кетесің-ау. Партия оқуына қатысуға былай да міндетті». Осы ойдың жетегінде тұрған насихатшы бірер минут үнсіз отырып еді, қып-қызыл болып, қаны бетіне теуіп шықты. Иықты келген, ұзын бойлы, доң қабақ, жазық маңдай Тұрекең күле сөйлеп, орнынан тұрды да:
- Біздің оқитынымыз - КПСС тарихын үйренетін үйірме. Бүгінгі өтетін тақырып -«Россияда крепостнойлық правоның жойылуы» туралы, - деп бастап кетті.
Насихатшы сөйлеп тұр. Түсіндіріп-ақ айтып тұрса керек, бәрі де үндеместен тыңдап отыр, уақыт өтіп жатыр. Насихатшы міндетінен құтылған сияқты. Енді келесі сабаққа әзірлену керек. Жаңағы партия ұйымының секретары да ештеңе айтпады. Бірақ Тұрекеңе біреу ызыңдағандай болды да тұрды. Ол да ойда. «Мен неге қазақ ауылынан мысалдар айтпадым, сол кездегі ата-бабамыздың тұрмыс-халін, осы Маңғыстауды неге суреттемедім? Осы жерімнен алдырған екенмін».
Тұрекең партия ұйымының секретарына келді.
- Жарайсың, Тұреке, мен де осы ойда едім. «Ештеңе демейін, өзі білер» деп кетіп едім. Міне, енді өзің біліпсің. Солай болуы керек. Жергілікті өмірден алынған жайлар қандай тартымды болады десеңші. Ондай болса, тыңдаушы да жалықпайды. Тіпті сенімен қабаттасып, толықтырып отырмай ма?! - деп, секретарь мұнымен біраз кеңесті.
«Сенімен қабаттасып, толықтырып отырмай ма?!» деген секретарьдың сөзі ойынан кетпей қойды. «Міне, мәселе қайда жатыр?! Олар бала емес. Сенің білгеніңнен де көп біледі. Тек ауыздарына сала біл. Тұнық жатқан ойды, қиялды қозғай біл». Осының артынша ол саяси сабақты солай ұйымдастырып көрді де. Манағы түгендеп шақыруды да қойды. Несін түгендесін, бәрі тегіс қатысып жүр. Насихатшының есінен кетпейтін бір сабақ - әлгі елімізді колхоздастыру кезіндегі тап тартысы. Өткен жағдайлар, фактілер осы «Правда» колхозының өзінен келтірілді. Әне бір қарт шопан қырық жылдан бері КПСС мүшесі екен. Сонда белсенді болып, ел ішінде жүріпті. «Колхозға ұйымдасамыз» деп айтқан сөзі үшін бай-молдалардың жақтаушылары келіп, оны таяққа жығып кетіпті. Бірінші бір ауылға келгенде оның мойнына арқан байлап, жаңағы сөзі үшін дарға аспақшы болыпты... Ол сөйлеп отыр да, насихатшыдан бастап ұйып тыңдап отыр. -Сөйтіп құрдық, шырақтарым, біздер колхозды. Онда осы Шайырдың басында 10 үй, 20 жігіт, 150 қой бар еді. Қазір қарашы, колхоз малы мыңғырып өсті. Осы Шайырдың өзінде бес жүзге тарта үй, екі мыңдай жан бар. Тұрмыс мынау - «не ішейін, не киейін» емес. Колхоз орталығы мынау - жұмақ қой. Шырақтарым, сендер - өмір еркесісіңдер.
Шопан әбден қызып алған, қояр емес. -Осы күні кейбіреулер мал бағуга ерінеді. Ол кезде біз малды жаяу бағып өсіргенбіз. Шөп жоқ, қора жоқ еді. Сонда да бағатынбыз. Өлтірмейтінбіз. Міне, насихат сөз! Қарт шопан дұрыс айтады. Насихатшы тағы ойда. Осы бізде неге мал шығынына жол беріледі? Солар кімдер, қандай адамдар? Олармен жеке-жеке сөйлесу керек. Талқыға салу керек. Мүмкін ондай коммунистер де табылар. ...1964 жыл құрғақшылық пен қуаңшылықты ала келді. Колхоз малы қыстан жүдеп шықса, мынау тағы бір сын болып тиді. Тұрекең де тыныш отыра алмады. «Тыңдаушыларым малды қалай бағып жүр екен?» деген оймен отарларды аралауға шықты. Ол сол сапарында жергілікті жердегі отарларда болды. Келген соң Шайырдағы активтердің басын қосып, әңгіме өткізді. Бұлар - Шайыр сегіз жылдық мектебінің оқытушылары еді. Келісім біреу -колхозда күш жетпей жатыр. Адамдардың көбі мал азығын дайындауда жүр. Ал жергілікті жердегі мал қораларын күрделі, жеңіл жөндеуден өткізуге қол тимеген. Міне, оқытушылар болып, осы қораларды оңдап, ретке келтіру керек. Мұны айтқанда, колхоз басқармасы мен партия ұйымы Тұрекеңе қандай риза болды десеңші! Насихатшы бастаған мектептің оқытушылар коллективі Тоқпақ, Кезқора, Боздақ, Ақеспе, Құманкөмген, Боқтысай жерлеріндегі мал қораларын оңдаудан өткізіп, қораның қиын аударып, көмек көрсетті. ...Шайыр басы Ильич шамына бөленген. Колхоз председателінің кеңсесінде саяси сабақ өтіп жатыр. Жылдағыдай емес, биыл үйірме тыңдаушылары көбірек: шопандар, бақташылар, мал мамандары, кеңсе қызметкерлері. Тыңдаушылардың қай-қайсысы да көңілді отыр. «Ал, тұр, сөйле!» десе, іркілетін біреуі жоқ сияқты. Мұның алдындағы сабақтарда КПСС Орталық Комитетінің октябрь, ноябрь Пленумдарының қорытындысы әңгіме болғанды. Үйірме тыңдаушыларының сөйлемегендері жоқ. Олардың барлығы да лениндік Орталық Комитетпен бірге екенін, партия нұсқаған асуларды алатынын қанағаттанғандық сезімімен айтқан-ды. Бұл сабақтардың осындай өрлеумен өткенін насихатшы партбюроға, парткомге хабарлаған-ды. Бұл сабақ ерекше жігермен өтті. Тақырыбы: «Коммунистердің уставтық міндеттері». Насихатшы әуелі КПСС XXІІ съезі қабылдаған партияның уставынан үзінділер оқыды. Ол колхозымыздың қысқа қалай келіп отырғанын айтты. Коммунистер колхозда аз емес қой. Ал олар өз міндеттерін қалай орындап жүр?
- Коммунистердің авангардтық рөлге ие болуы қалай?
- Жұмысты басқалардан да нашар жасайтын коммунистер бар. Бұл қалай?
Осы сұраулардың бәрі насихатшыға қойылып жатыр еді. Насихатшы бұған сасқан жоқ, қайта қостағандай бас изеп, жазып алып отырды да, жауап беруге кірісті.
- Жолдастар, көріп отырсыздар ғой, осы сұраулардың бәрі - коммунистердің уставтық міндеттерін орындауға қатысы бар сұраулар, - деп бастады Тұрекең. - Айталық, биыл колхоз малшылары төл алу жоспарын орындай алмады. Оған осы отырған бәріміз жауаптымыз. Тіпті Сарманов, Құсбеков, Дауылханов сияқты аға шопандар қатардағы малшылардан да төлді аз алды. Коммунист Шүйішев басқаратын № 1 қой фермасы жүз аналықтан жүз жеті қозы алып, мал басын өсірудің мемлекеттік жоспарын 103 процент орындаса, Қаратауов Нұркен басқаратын № 2 фермада жүзге жүз бестен қозы алып, мал басын өсіру жоспары 82 процент болып, орындалмай қалды. Ал колхоз бойынша жүз аналықтан 97 қозы, 51 бота, 70 құлын алынды. Бұл алынған міндеттемеден (түйеден басқа) төмен. Колхоз бір жылда қойдың өзінен төрт мың бастай шығын беріп отыр.
Насихатшы сөзін әрі қарай жалғастыра беретін еді. Ортадан Құсбеков Жарылғас көтерілді:
- Маған бір ауыз сөз, - деп ол тұрып алды. - Көптен аға шопан болғанмен, атағым шыққан жоқ еді. Бүгін нашар атаққа ілініппін. Ол айтуларың өте орынды. Ал менің малым қазір аман. Қыстан тері теспеймін. «Жүз саулықтан 120 қозы аламын» деп сендерді сендіремін. Болдым.
- Жарайсың, Жарылғас! Осы сертіңнен тайма. Бұрын ауданның алды болған колхозымыздың даңқын орнына келтірейік, - деп, насихатшы қолын көтерді.
- Енді мына ферма меңгерушісі айтсын. Бұл қайтеді? Былтырғыдай тағы малдан шығын бере ме? - деп, тыңдаушылар Шүйішевке шүйілді. - Өзі - коммунист, өз аузынан естиік. Болмаса...
- Ал, Шуйішев, тұр!
- Бәрі ұйымдастыруда ғой, ол рас. Былтыр қате жіберіп алдық. Биыл қысқа мал семіз келді. Сеніңдер, мал қыстан аман шығады.
Тыңдаушылар жалығатын емес. Басқа уақытта жұмыспен жүреді де, осындай бас қосқанда жолдастарының шабытын біліп қою бұларға әдетке айналған. Бірінің айтқанын бірі елемейді емес, сын көзімен қарайды.
- Мұның аты ортақ мүдде іспетті болып кеткен жоқ па? - деп еді, оған былай деді:
- Олай демеңіз. Өмірмен ұштаспаған жалаң әңгіменің несі насихат?! Бізде үнемі экономика жөнінде әңгіме болады. Және шаруашылыққа талдау жасаймыз.
Насихатшы оның бетіне қарап еді, ауданнан келген жігіт те Тұрекеңе сүйсіне құлақ салып тұр екен. Сірә, теріс демейтін болуы керек, қолын ұсынды.
- Дұрыс айтасыз, Тұреке, - деді ол. - Осылайша коммунизм молшылығын жасаушыларды іске баули беріңіз...
* * * Тұрекең үйіне енгенде жалғыз Нұрпаш жеңгей отыр екен. Балалар ұйқыға кетіпті. Түн ортасында тамақ әзірлеуді әдетке айналдырған Нұрпаш:
- Бүгін әдеттегіден де кеш шықтыңдар ғой, - деп, жардағы сағатқа қарады. Сағат тілі 12-ні көрсетіп тұр еді.
- Әңгіме көпке созылды. Жинақтағанымыз осы болды, - деп, Тұрекең шәй ысығанға дейін тағы бірер газеттің бетін шолып өтуге кірісті.
О.ДҮЙСЕКЕНОВ, «Правда» колхозы.
(Маңғыстау аудандық «Жана өмір» газетінің 1965 жылғы 18 желтоқсан күнгі № 150 саны).
О.Ізбасаровтың бұл мақаласы кейбір жерлері қысқартылып, «Насихатшы Тұрар» деген атпен облыстық «Коммунисты еңбек» газетінің 1965 жылғы 13 қаңтардағы санында жарияланған. Онда «Жаңа өмір» газетінде алынып тасталған мынадай сөздер бар:
Тұрар - тоғыз баланың әкесі. Үлкен ұлы Төлеген колхозда шопан болып жүріп, институтты бітірді, қазір мұғалім. Одан кішісі Ләйлә Гурьевтің педагогикалық институтында оқиды. Қалия он бірінші класта, Амангелді тоғызыншы класта, Сәния алтыншы класта, Мұрат төртінші класта, Асқар бірінші класта. Ал Сара мен Рахмет оқу жасына жетпеген. Түзде - мемлекеттік, қоғамдық жұмыс, үйде - семья тәрбиесі. Міне, осының бәрі Тұрекеңді жалықтырмайды, қайта шыңдай түседі.
ПАРТИЯНЫҢ КӨМЕКШІСІ
Қазір облыс мектептерінде 1700-ден астам мұғалім жұмыс істейді. Оның ішінде 1120 ұстаздың жоғары және ортадан жоғары білімі бар. Мұғалімдердің 75 процентке жуығы -партия және комсомол мүшелері. Мұғалімдер жұртшылығы село мен облыстың экономика және мәдени жағынан дамуына белсене араласуда. Оған дәлел ретінде мына мысалдарды келтіруге болады: 211 мұғалім -насихатшы, 714 мұғалім - үгітші, 410 мұғалім - «Білім» қоғамының мүшесі, 1377 мұғалім КПСС тарихын оқып-үйрену үйірмесі мен маркстік-лениндік коммунистік тәрбие негіздері жөніндегі семинарларға қатысады. Мұғалімдер қауымы - халық арасындағы мәдениет жаршысы. Олардың көпшілігі - лекторлар, совхоздарда мәдениет университеттерін басқарады, халық театрларына қатысады, көркемөнерпаздар үйірмесіне жетекшілік етеді. Бір ғана Махамбет ауданында мәдени-тұрмыс және эстетикалық тақырыптарда мұғалімдердің күшімен 250 лекция оқылды. Маңғыстау өндіріс басқармасында 143 мұғалім - насихатшы, лектор, 95 ұстаз - семинар жетекшісі. Маңғыстау ауданында мұғалім Т.Жалғасбаев жолдас бірнеше жылдан бері КПСС тарихын оқып, үйрену үйірмесін басқарады. Ол үйірме сабағын идеялық-теориялық жағынан жоғары дәрежеде өткізеді. Үйірме сабағын үнемі өмірмен тығыз байланыстырып, жергілікті жерлерден нақты мысалдар келтіріп отырады. Насихат жұмысын жақсы ұйымдастырғаны үшін Т.Жалғасбаев жолдас Қазақстан КП Орталық Комитетінің Құрмет грамотасымен наградталды. Көркемөнерпаздар арасында жүргізілетін жұмысқа да мұғалімдер белсене қатысады. Теңіз өндіріс басқармасында құрылған халық театрына қатысушылардың 30 проценті - халық ағарту қызметкерлері. Бұл айтып отырғанымыз - кездейсоқ келтіріле салған цифрлар емес. Ол - халық мұғалімінің мәдени өсуінің айқын айғағы. Мұғалімнің мәдени жағынан өсіп-жетілуі мектептерде жүргізілетін оқу-тәрбие жұмысын жақсарта түседі. Мұғалім - мектептегі негізгі тұлға. Оқыту мен тәрбие жұмысының жемісті болуы мұғалімге байланысты. Өз жауапкершілігін толық түсінген мұғалімдер маркстік-лениндік теорияның негіздерін терең оқып-үйреніп, практикада кеңінен қолданады. Соңғы екі жылдың ішінде екі мыңнан астам мұғалім білімін жетілдіру семинарларына қатысты. Сондай-ақ мектептерде жүретін жаңа пәндер мұғалімдерінің мамандығын жетілдіре түсуге де көңіл бөліп келеміз. Мысалы, практикум жүргізетін 52 мұғалім, қоғамтану пәнінің 21 мұғалімі білімін жетілдіру семинарларынан өтті. Мұғалімдер қатарында комсомол-жастарымыз да аз емес. Олардың педагогтық тәжірибесі аз. Сондықтан комсомолдар мен мұғалімдер арасында жүргізілетін тәрбие жұмысына партия комитеті ерекше назар аударады. Тәрбиелік мәні бар «Мұғалімдер күні», «Жас мұғалімдер күні» өткізіліп тұрады. Сонымен қатар олармен методикалық сипатта да жұмыстар жүргізіледі. Онда оқыту методика- сын жетілдіру, озық тәжірибені кең тарату мәселелері талқыланады. Облыста «Озат тәжірибе мектептері» де көбейді. Олардың саны қазір 54-ке жетті. Әсіресе Махамбет өндіріс басқармасына қарасты Сартоғай он бір жылдық мектебінің «Озат тәжірибе мектебі» тәуір ұйымдастырылған. Сондай-ақ Теңіз ауданындағы «Озат тәжірибе мектебі» жақсы жұмыс істейді. Озат тәжірибелер көпшілік арасына кең таратылып, көркем плакаттар мен бюллетеньдер шығарылады. Мектеп партия ұйымының жұмысы жақсартылды. Өндіріс басқармасының парткомдары мектеп партия ұйымдарына ерекше назар аударып, қамқорлық көрсетеді. Мектеп тұрмысынан алынған көкейтесті мәселелер күн тәртібіне қойылды. Мектеп партия ұйымы секретарьларының тең жартысының жоғары білімі бар, оның ішінде атап айтарлық бір жәйт сол, олардың көпшілігі - әйелдер. Облыстық партия комитетінің ерекше назар аударуына байланысты мектеп жұмысында елеулі табыстарға ие болдық. Мектепішілік бақылау күшейтілді, мұғалімдер өзара сабаққа жиі қатысады. Соның нәтижесінде мектептердегі сабақ үлгерімі жақсартылды. Мектеп өрендері тікелей өндіріске баруға тілек білдірді. Екібастұздықтардың бастамасы облыс мектептерінде қызу қолдау тапты. Тәрбие жұмысын жақсарта түсу мақсатында жаңадан 18 спорт алаңы құрылды, жоғары класс оқушыларына 17 клуб салынды, мектеп маңынан 22 би алаңы ашылды. Облыс бойынша педагогтық істің шамшырақтары көбейді, толық үлгерім беріп, класында екінші жылға қалдырмай оқытушылар саны артты. Мысалы, 1961-62 оқу жылы толық үлгерім берген класс саны 28 болса, 1962-63 оқу жылында бұл көрсеткіш 352-ге жетті.
Осылайша мұғалім партияның сенімді көмекшісі бола білуі керек.
С.МҰСАҒАЛИЕВА, ҚКП Гурьев облыстық комитеті идеология бөлімінің инструкторы
(«Қазақстан мұғалімі» газеті, 1963 жыл).
V ТАРАУ. ЕЛ МЕРЕЙІ - ЕҢБЕК ТЫНЫСЫНДА
ОТАРДАҒЫ БІР КҮН
Сенбі күннің кеші. Кең бөлме іші адамға лық толған. Бұл - түйе фермасының «Дағдұщы» жеріндегі Көптілеуов Кемелханның ауылы еді. Мұнда көрші орналасқан қой отарларының шопандары мен төл тәрбиешілері де жиналып қапты. Мұның да себебі бар. Бүгін осында ауыл көркемөнерпаздары келді.
- Жайлау ардагерлеріне арналған концертімізді домбырашылар өнерін көрсетуден бастаймыз, - деген басқарушы хабарламасын жиналғандар қуанышты қол соғумен қарсы алды. Содан кейін домбырашылар «Би күйі», «Арынғазы», «Айжан қыз», «Комсомол» күйлерін тамылжыта шерткенде, жер мен көк біртұтас тербелгендей болды. Есбол, Мұрат, Темірхандар жеке-жеке құйқылжытқан «Адай», «Бейбітшілік», «Мереке» күйлері көрермендердің оқушылар өнеріне деген сүйіспеншілік ықыласын одан әрі арттыра түсті.
Бұдан кейін көркемөнерпаздар «Партия туралы жыр» мен «Жаңарған Маңғыстау» әндерін орындады. Осыған іле баянның қостауында Қонысбаева Балзибаның «Шопан әні», Күйкішева Шархаттың «Ертіс вальсі», Байбосынова Үздештің «Бақыт құшағында», Жиенбаева Сәнтайдың «Ауылың сенің іргелі», Орынбасарова Нұрсұлудың «Алмалы Алматым», Майлыбаев Махаштың домбырамен құйқылжытқан «Бозжорға» әндері тыңдаушыларды ұйытып әкетті. Баян жанында талдырмаш денелі, қара көзді қыз бала «Сыр сұлуы», «Қырманға кел, қалқатай» әндерін шырқағанда үй толы адам қандай сезімде болды десеңізші!
- Ойпырмау! Мынау қай бала еді?
- Даусын-ай! Әрбір сөзді қалайша айқын айтады десейші!
- Бұл өзіміздің Қосуақтың Күләші емес пе?!
- Уа, өнерің өссін, қалқам!..
Пеш түбіне таман жастыққа шынтақтай отырған Әсем шешей де басын көтерді.
- Осы құралған топты былай қойғанда, өзіміздің «Правдада» менен үлкен ана болмас. Өркені өскір қарақтарымның өнерлері тоқсандағы менің де қарт жүрегімді жылытты ғой. Кішкене немерелерім арқылы құлағыма жылы тиетін «Әлемнің жарығын сыйладың сен маған..» деп басталатын өлеңді жақсы көруші едім, білсеңдер, соны айтып бере қойыңдаршы, бөбектерім.
Сызыла көтерілген баян үні жоғарылы-төмен бір-екі ырғалғанда, «Ана туралы жыр» баяулай қосыла жөнелді. Мұның бір ерекшелігі - концертті беруші қайсы, тыңдаушы қайсы, бөлініп қалары жоқ, үй толы жан түгел қосылып кеткен еді. Концерт аяқталды. Оқушылар өнеріне деген малшылардың алғыс-пейілі бітер емес. «Партиямыздың XXІІІ съезінің қорытындылары тақырыбынан шағын көлемді лекция оқылады» деген сөз ғана отырғандарды тыныштыққа келтірді. Данқты съезд туралы бұған дейін де хабар дар малшылар лектордың әрбір сөзін зейін сала тыңдап, Коммунистік партияға шексіз сүйіспеншілігін білдірді. Бүгінгі мәдени қызмет ету тобында аудандық мәдениет бөлімінің № 13 автоклубы да болған-ды. Көктемнің аса жайлы осы бір кешінде жайлау малшылары «Қайдасың менің, Зульфиям?!» атты көркем суретті фильмді сүйсіне көрді. Міне, жайлаудағы бір күнгі кеш осылай аяқталды... ...Кемекеңнің түйе шаруашылығына тікелей араласқанына үстіміздегі жылы 10 жыл толады. Ауылдық совет, колхоз активі есебінде халық арасында ұйымдастыру көпшілік жұмыстарымен ұзақ уақыт бойы шұғылданып келген ол «Правда» колхозы іріленген 1956 жылдың күзінде материалдық игілікті қолдап, өндіретін осы шаруашылыққа өз тілегімен келген болатын. Содан бері оның еңбегінің нәтижесі мемлекетіміз бен колхозшылар игілігіне қанша ет пен сүт, жүн бермеді! Колхоз дәулетіне нешелер ондаған мол өнімді маялар мен інгендер қосылмады екен! 1965-66 шаруашылық жылында өз бағымындағы 102 бас түйені 100% аман сақтады. Отардағы 62 аналық інген-маяның 47-сі осы көктемде боталамақ. Қазірдің өзінде 42 бота алынып, аман өсірілуде. Шаруашылықтың қаншама қиын кезінде де Кемекең колхоздан басқа күш талап етпестен, малды жолдасы мен келіні үшеуі-ақ бағып күтеді. Оның еңбекке араласқан екі баласының үлкені Теңелбай - колхозда жүк машинасын жүргізуші алдыңғы қатарлы шофер. Ал екіншісі, өткен жылы он бір жылдықты бітірген қыз баласы Нұрша - колхоз орталығындағы клубтың меңгерушісі. Мектеп оқушылары, оқытушылардан және ауылдың мәдениет қызметкерлерінен құралған 25 кісілік бригаданы бүгін бастап келген де - осы Нұрша. Бұлар келген бойда отардағы түйелерді күзеуге қызу араласып, солардың қолымен 35 інген-маяның әрқайсысынан орта мөлшері «қызыл алтын» өндірді.
- Партиямыздың XXІІІ съезінің құрметіне осы жылы әр түйеден жүн алуды міндеттенген едім, - дейді Кемекең. - Бүгінгі нәтиже оның толық орындалатынына сенімді нығайтады. Қоғамдық дәулетті молайтуға қосқан үлестерің мен малшыларға жасаған көңілді қызметтерің үшін алғыс айтамын.
Бригаданы қарсы алып тұрып, Сәнбөпе жеңгей де асқан разылық ілтипатпен:
- Қош келдіңдер, балалар! Еңбекке деген сыбанған білек, демалыс сағатында құлақ құрышын қандырар ән мен күй екенсіңдер... Сендерді білім мен өнерге кенелткен ұлы партиямызға мың да бір рахмет! - деді.
Машина гүріліне ұласқан көңілді ән колхоз орталығы Шайыр селосына қарай бағыт алды.
1966 жыл, 16 сәуір, «Правда» колхозы. (Бұл мақала облыстық «Маңғыстау» газетінде «Отардағы бір күн», Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газетінде «Жайлаудағы ән кеші» деген атпен біршама қысқартылып жарияланған).
ӘЗІРЛІКТІ АЯҚТАУ АЙЛЫҒЫНДА
Соңғы жылдары «Правда» колхозында типтік жобалы құрылыстарға елеулі маңыз беріле бастады. Өткен бір жыл ішінде малшылар үшін жаңа жобамен 3-4 бөлмелі жайлы пәтерлер Жанбике, Қызыл ит, Жалған, Керімді қыстақтарында пайдалануға берілді. Осындай көрнекті құрылыстардың бірі - үстіміздегі жылы Бөген жерінде салынып жатқан мал емдеу пункті. Емдеу пункті, оған жалғас 500 қойлық жабық қора мен ашық аула толық бітті. Әрқайсысы үш бөлмелі екі пәтерлік жаңа жобалы тұрғын үй құрылысының ең соңғы жұмыстары жүріп жатыр. Көп кешікпей бұл үй де пайдалануға берілмекші. Бөген жалына шыға келгенде, еріксіз назар аударатын осы бір жаңа көрініс көркемдігі жағынан да, маңызы жағынан да колхозшылардың мақтанышы болып отыр.
- Енді колхозымызда ауру малдарды тұрақты емдеп, сауықтыруға толық мүмкіндік болады, - дейді бас зоотехник Тұрақбаев жолдас. - Колхоз басқармасы құрылыс жұмысының аяқталуымен сабақтас мал емдеу пунктінде мал азығы базасын жасау мен су бассейнін салуды іске асырмақ.
Бұл күндері колхоз құрылыс бригадасының арнаулы звеносы № 1 қой фермасы бойынша мал қоралары мен тұрғын үйлерін жөндеумен шұғылдануда. Тиген участогіндегі қыстақтардың көбі қазірдің өзінде жөндеуден өтіп болды. Звено мал қыстатуға әзірлікті аяқтау айлығы ішінде өздеріне берілген жоспарлы тапсырманы орындау жолында еңбек етуде. (Облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің 1964 жылғы 17 қазан күнгі № 208 саны).
ҮСТІРТТЕ
«Правда» колхозының № 1 қой ферма коллективі Үстірт жайылымына жазғы жайлауға шықты. Мұнда 14 мың қой орналасты. Мұның ішінде 5700 саулық, 8800 бойдақ малдар бар. Жайлаудың көп жерінде су тартатын Л-100 су тартқышы мен су қоймалары орнатылған. Бұл шопандар еңбегін жеңілдетіп, малдың кідіріссіз суарылуына жағдай туғызуда. Жайлаудағы қоныс жағдайы да жақсы. Озат шопандар Көшеков, Атшыбаев, Құлшанов, тағы басқалар отарларынан бірде-бір бас шығын берген жоқ. Үстіртте 6 отарға іріктелген 4700 бас мемлекетке өткізілетін қой малы бар. Бұл құнарлы жайылымға да осы малдар орналасқан. Шопандар коллективі қазіргі күндері еттік қойларды жайып бағып, семіз қоңдылыққа жеткізіп, колхоз бойынша өр қойды салмақпен мемлекетке өткізу міндеттемелерін арттыра орындау үшін жұмыстанып жатыр. (Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газетінің 1964 жылғы 9 шілде күнгі № 83 саны). (Бұл ақпарат облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің 1964 жылғы 16 шілде күнгі № 140 санында «Үстірттегі отарларда» деген атпен басылған).
«ПРАВДАЛЫҚТАР» НЕГЕ СҮРІНДІ?
Маңғыстау өндіріс басқармасының «Правда» колхозы өткен жылдарда мал басын өсіру, өнім өндіру жөнінен алда келе жатқан колхоздардың бірі еді. Колхоз малшылары өткен жылы әрбір жүз аналықтан 111 қозы, 80 құлын, 40 бота өсіруге міндеттеме қабылдады. Ол да біркелкі орындалған болатын. Бірақ «правдалықтар» биылғы жылы мықтап сүрінді. Өткен жолғы қатал қыс жазда жайбарақат жүргендерге қатты тиді. Колхоздың Самдағы фермалары қыс зардабын мықтап тартты. Қора басындағы мал азығының тапшылығынан малдың өлімі көп болды, саулықтар іш тастады. Ақырында алыс мал жайылымындағы Нұркен Қаратауов басқаратын ферма әрбір жүз саулықтан 82 қозыдан ғана алды. Бүкіл ферма малының 86 проценті ғана қыстан аман шықты. Ал бұл фермада он мыңнан аса қой бар еді. Мұндай жағдай жергілікті жердегі Шүйішев басқаратын № 1 фермада да кездесті. Осындай жағдайлардың салдарынан колхоз көрсеткіші төмен тусті. Колхоз биыл әрбір 100 аналықтан 97 қозы, 51 бота, 70 құлын алып отыр. Мұның бәрі колхоздың өткен қысқа дайындықсыз келгендігінен болатын. Колхоз басқармасының есебі бойынша, биыл қысқа 36400 қой, 1315 түйе, 2100 жылқы түседі. Осы малдарға 103 мың центнер шөп керек. Колхозда октябрьдің біріне дейін 22978 центнер шөп дайындалды. Өткен жылдан қалған 43843 центнер шөп бар. Сонда әлі колхозға қанша жем-шөп дайындау керек? Күні бүгінге дейін жергілікті жерге қыстатылатын малдың 36 проценті, алыс мал жайылымында қыстатылатын малдың 40 проценті мал азығымен қамтамасыз етілмей отыр.
- Ойсыраған кемшіліктерге жол беріп алдық, - деп шынын айтады колхоз председателі Таушанбай Қорбақов жолдас. - Биыл қалай да болса мал басын жеткілікті жем-шөппен қамтамасыз етуге күш салудамыз.
- Сонда есебіңіз қандай?
Өкінішке қарай, колхоз басқармасы, партия ұйымы, ауылдық совет әлі бұл жөнінде кеңесіп, бір шешімге келмеген. «Самда 12000 қой, 1800 жылқы, 700 түйе қыстатылады» дегеннің өзінде, мұнда шөп жетпейді. Мұнда малға қысқы шөпті есептегенде, түйе, жылқының нормасы шығарылып тасталады екен. Сонда ол малдар қыста шөп жемей ме?! Жергілікті жердегі Тоқпақ, Көзқора, Ағеже, Құманкөмген, Боқтысай қыстақтарында да шөп тапшы. Бұл қораларда «бар» деп отырған шөп - өткен жылдан қалған мал азығы. Олардың өзі де ысырап болып жатыр. Маялардың айналасы орланбаған. Осыдан барып, мал таптап, ұрланып, ысырап болуда.
- Айлық кезінде нендей жұмыстар жасағалы отырсыздар?
- Он екі қора, жиырма бес малшылар үйін оңдап, жаңадан он екі семьялық алты малшы үйін салып тастадық, - дейді колхоз председателі. - Қалғандарын да айлық ішінде орындаймыз.
Демек, әлі отыз қора жөнделмек. Жаңадан алты малшы үйі салынбақ. Дайындалған жем-шөп түгел қыстақ басына тасылып, жеткізілмек. Рас, қораларды, тұрғын үйлерді жөндеуде тұрақты екі құрылыс бригадасы жасайды. Бірақ бұл бригадалар жұмыс қарқынын арттырмаса, атқарылмақ жұмыс қысқа қалып қою қаупі бар. Айта кетерлік бір жай, мұнда қой шағылысына әзірлік, оны өткізу айтарлықтай олқы болып отыр. Бұл жұмыс та осы мал қыстатуға әзірлікті аяқтау айлығы кезінде жасалатын жұмыс емес пе?! Колхоз қаракөл қойын өсіруге бағыт алуда. Олай болса, оған әзірлік қайда? Колхозда жиырма мыңға тарта саулық бар. Олардың басым көпшілігі - қаракөл. Колхозда жеті жүз қошқар бар. Биыл саулықтардың 95 проценті қолдан ұрықтандырылады. Біз «Үпілмелік» жеріндегі Ерханаев Жұмахалық бағатын қошқар отарында болдық. Жұмахалықтың отары Қаратаудың ең шұрайлы деген қонысында отыр. 301 бас қаракөл қошқар бағады. Қошқарлар түріне қарай іріктелген. Күйлері жаман емес. Ал мал мамандары мен дәрігерлері бола ма екен осында? Қошқарлардың ұрықтары тексерілді ме екен? Жоқ, ешкім де болмапты. Міне, қой шағылысына әзірліктің сиқы. Бұл жылдағы әдет көрінеді. Колхоз шаруашылығын интенсивтендіру шараларын жасағанда «Биостимулятормен 5349 қой егілді» деп көрсетілген. Бірақ сол отарлар кімнің отарлары еді, олар қанша қосымша салмақ берді? Міне, осыған келгенде, ешқандай із жоқ. Кіммен жолықсаң да, «СЖК» препаратын қолдануды сөз етпейді. Ол онымен тұрсын, енді қойды ерте шағылыстан өткізу де кешеуілдетілуде. Мал қыстатуға әзірлікті аяқтау жұмысына партия, комсомол ұйымдарының ықпал-көмегі көңіл қанағаттандырмайды. Қағаз жүзінде бәрі де істелген сияқты. Ал іс жүзінде олай емес. Алдымен партия ұйымдарының адамдармен жұмысы көзге көрінбейді. Мысалы, өткен жылы аға шопан Құдияров Шарау әрбір жүз саулықтан 130 қозы алып, бүкіл ауданға үлгі көрсетті. Осы Құдияровтың әдісі зерттеліп, көпке таратылды ма? Жоқ. Бұл тікелей партия ұйымының міндеті еді. Биыл ше? Сол Құдияровтың өзі қол жеткен табыстан айырылып қалды. Бұл партиялық саяси-көпшілік жұмыстың нашарлығын көрсетеді. Партия ұйымы озаттар тәжірибесін таратуға селқос қарайды. Коммунист аға шопандар Көбен Сарманов, Жарылғас Құсбеков, Қыстаубай Даулыханов, Жаку Нұрғожаев, Жұмасат Қозыбақовтар мал басын өсіруде, өнім өндіруде алған міндеттемелерін орындай алмады. Қолда бар техника шөп шабу, оны тайлап, қора басына тасуға түгел қатыстырылмай отыр. Мысалы, қолда бар 22 трактордың 14-і ғана Үстіртке шығарылды. Бұл неге олай болып отыр, онымен партия ұйымының ісі жоқ. Малшылармен жолыға қалсаң, кіммен жарысқа түсіп, қандай міндеттеме алғанын білмейді. Сонда партия бюросы, оның секретары Құспанов жолдас немен шұғылданып жүр? Колхоз шаруашылығын интенсивтендіруге партия ұйымының үлес қоспауы қалай? Тіпті интенсивтендіру туралы жасалған шара қағаздардың арасына тігіліп тасталған. Ол колхозшылар жиналысында, партия жиналысында талқыланбаған. «Правдалықтар» айлықтың әрбір күнін қызу іспен өткізіп, мал азығының берік қорын жасауға, малшылар үйі мен мал қораларын тегіс жөндеуден өткізуге, болашақ төлді көп алудың негізін қалауға тиіс. Осы істердің ойдағыдай ұйымдастырылуы колхоз басқармасының, партия, комсомол ұйымдарының, ауыл активтерінің қолында.
«Коммунистік еңбектің» рейд бригадасы:
Тұрар ЖАЛҒАСБАЕВ - экономикалық, семинардың насихатшысы.я
Жұмахалық ЕРХАНАЕВ - аға шопан.
Айдархан БОРАНОВ - аға шопан.
Бердіхан ЕСБОЛОВ - колхоз экономисі.
Оразаухан ІЗБАСАРОВ - меншікті тілші.
(Облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің 1964 жылғы 4 қазан күнгі саны).
* * *
«КОММУНИСТІК ЕҢБЕКТІҢ» СЫНЫНА ЖАУАП БЕРЕМІЗ («ПРАВДАЛЫҚТАР НЕГЕ СҮРІНДІ?»)
Газеттің 4 октябрьдегі осындай тақырыппен жарияланған сын мақала колхоздың бастауыш партия ұйымының ашық жиналысында қаралып, талқыланды. Мақаладағы көрсетілген фактілер толық анықталып, «Газет дабылы дұрыс» деп табылды. Партия жиналысында мал қыстатуға тиянақты әзірленудің шаралары белгіленді.
Қ.ҚҰСПАНОВ,
«Правда» колхозының партия ұйымының секретары.
33 ЖЫЛ ӨТКЕН СОҢ
Шаруа жайымен колхоз басқармасында отырған Бисалы бүгін ойда жоқта қуанышқа кез болды. Еркінқала поселкесінен біреу сізді сұрастырып жатыр, - деп байланыс бөлімшесінен жаңа ғана келген хатты председатель оған ұстата берді... «..Бекқалиев Б. деген шопаныңыздың толық аты кім болар екен? Әлде сол менің туысқаным Бисалы емес пе екен?! Осыны Еркінқала поселкесі Ленин атындағы колхозда тұратын Өтепқалиевтерге хабарлаңыз-дағы», - депті Ағылшын колхоз басқармасының атына жазған өтінішінде. 1931 жыл болатын. Бекқали карт дүние салып, Нұрша жеңгейдің тәрбиесінде 8 жасар Бисалы мен 5 жасар Ағылшын қалды. Анасы сол кездегі шаруа тұрмысына байланысты Ағылшынды қазіргі Форт-Шевченко қаласындағы балалар үйіне тапсырды. Бірақ кейін басқа балалар үйіне ауысуына байланысты сауатсыз ана баласының қайда кеткенінен бейхабар қала берді. Ал Ағылшын балалар үйінде тәрбиеленді, оқыды, ержетті, еңбекке қосылды, тұрмыс құрды. Үстіміздегі жылдың май айының аяқ шені. Ағылшынның көзі облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің бетіндегі фотоға, оның астындағы «Маңғыстау өндіріс басқармасының «Правда» колхозының шопаны Б.Бекқалиев» деген жазуға түсті. Туысқандары мен жақындары жөнінен Бекқали, Нұрша, Бисалы деген аттардан өзге ештеңені білмейтін Ағылшын «Правда» колхозына хат жазды. Онысы сәтті де болды. Іздеп жүрген ағасының өз қолынан жазған хатын алғаннан кейін Ағылшын дегбір таба алмады. Жолға шықты. Гурьевтен көтерілген болат қанат екі сағатта-ақ Таушыққа, онда күтіп тұрған правдалық газик дәл сондай уақытта шопан жайлауы Кесеге де қалай жеткізіп тастағанын аңғартпады. Нұрша шешейдің үйінде «дөңгелек» той. Осы бір тосын қуанышты ауыл еңбекшілері, соның ішінде колхоз активтері де тегіс қошеметтеуде.
- «Қуанған мен қорыққан бірдей» дегендей, Бекқали марқұмнан қалған көзінің ағы мен қарасындай екі өркенімнің бірі Ағылшыным 33 жыл тасада жүргені бір күнгідей-ақ болды ғой, - дейді қарт ана Нұрша.
Ағылшын да жалғыз келген жоқ. Қасында жолдасы Боранбай, бір жарым және үш жастағы Бекболат пен Қарлығаш та осы қуаныш құшағында. Бисалы - еңбек мерейіндегі адам. Ол әуелі 1939 жылы 16 жасында колхоздың қойын бақты. Совет Армиясы қатарында болып, туған колхозына қайтып оралды. Елге келгесін, өзінің құрмет тұтатын шопан таяғын қайтадан қолға алды. Міне, 25 жыл болды, екінші тыңның ардагері! Оның қойы әрқашан семіз, егізі көп, жүні сапалы. Ол соңғы 2-3 жылда әр бас қойдан бес килограмнан жүн қырқып, әр жүз саулықтан 109-111 қозы өсіруде. Үстіміздегі жылы ел ерекше табысқа жетті. Бағымындағы 569 саулықтың әрбір жүзінен 125 қозы алды. Бисалының бұл табыстары оны аудан еңбекшілерінің құрметіне бөледі. Ол май айында өткен қой шаруашылығы жөніндегі республикалық кеңеске қатысып, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Құрмет Грамотасымен наградталды. Бисалы - ауылдық советтің депутаты, үстіміздегі жылдың көктемінен бері КПСС мүшелігіне кандидат.
- Сіз - колхозымыздың қадірлі азаматысыз, - дейді председатель Қорбақов Таушанбай, - еңбектегі табыстарыңыз бен семьядағы қуанышыңызға ортақ ізгі тілектестік білдіреміз.
Председательдің қолын қыса түскен Бисалы:
- Мені сыйлағандарың үшін үлкен рахмет! Маған артқан сенімдеріңіз орындалады! -деді.
(Облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің 1964 жылғы 12 тамыз күнгі саны).
ОҚУШЫЛАР КӨМЕГІ
Шайыр сегіз жылдық мектебінің оқушылары сабақтан бос мезгілдерінде үнемі қоғамдық пайдалы еңбекпен шұғылданады. Өткен жазда мектепке жақын жерден тоғыт салынған болатын. Мұның өзі қырқым пунктіне баратын қой отарларын мектеп оқушыларының тоғыттан өткізу мүмкіндігін молайтты. Оқу жылының басында оқушылар 18 мың қойды тоғыттан өткізді. Жабағы жүн қырқымында № 1 ферма бойынша 15 мың қой тоғытылды. Ұйымшылдықпен еңбек еткен оларға ферма шопандары да, қой қырқушылар да бек риза. Оқушылар көмегі осы ғана емес. Үстіміздегі көктемде 20 оқушыдан құралған звено колхоз орталығын көгалдандыруға, жеміс бағы мен бақша егісіне көмектесті. 30 оқушы 150 түйе жүнін ысырапсыз күзеп берді.
(Маңғыстау аудандық «Жана өмір» газетінің
1964 жылғы саны).
СОЦИАЛИСТІК МІНДЕТТЕМЕ ҚАНАҒАТТАНҒЫСЫЗ ОРЫНДАЛУДА
«Правда» колхозының парткомы жуырда кезекті партия жиналысын өткізді. Онда 1964 жылға қабылданған социалистік міндеттеменің жарты жылдық орындалу барысы талқыланды. Екі участок бойынша ферма меңгерушілері Шүйішев пен Қаратауов жолдастардың баяндамаларынан және жиналыстың талдауынан өткен 6 айдың ішінде колхоз бойынша қой малының 7 проценті, жылқының 6 проценті, түйенің 2 проценті өліп, шығынға ұшырағаны белгілі болды. Жиналыста сөйлеген коммунистер социалистік міндеттеменің қанағаттанғысыз орындалуындағы басты олқылықтарды қатаң сынға алды. Сам участогінде шаруашылық басшылары «Қыс ұзаққа созылмас» деген долбармен қора бастарына жем-шөпті жеткілікті түсірмеді. Олар қашықтағы пішенді тасып алу орнына қоралардың бірінен екіншісіне үзіп, бөлмелеумен тынды. Осының салдарынан мартқа қарсы отарлардың көбінде мал азығы жаппай таусылып, 1600 қой, 120 жылқы шын мәнінде аштан қырылды. Мұның ішінде коммунист Сарманов Көбен, аға шопандар Оқуов, Қилыбаев, Ыбыраева, Ізбасаров отарларынан 143-228 бастан қой, Нұрбаев, Сүйінов отарларынан 37-49 бастан жылқы осылайша өлді. Жергілікті участокта ферма қызметкерлері мен мал мамандары малдың бағым-күтіміне бақылау жасамағаны, малшылар арасында еңбек ұйымдастыру және олардың жауапкершілігін арттыру ісіне жеткілікті назар аудармағаны байқалды. Қыстың онша қатал болмағанына және жем-шөп пен жайылыстың біркелкі жетіп тұрғанына қарамастан, мұнда 970 бас қой орынсыз шығын болды. Бұл малдардың бірсыпырасы арықтықтан әлсіреп өлген. Соның ішінде Сатыбалдиев Ұзақбай, Қарағұлов Мұқан, Жайлаубаев Төребай, Қызылғұлов Мұхит баққан бойдақ отарлардан 67-40 бас қой шығынға ұшырады. Мұндай жағдай Сарбаев, Тілеубаев, Өтебаев, Құсбеков баққан саулық отарлардан да кездеседі. Бұлардың әрқайсысынан 33-27 бас аналық қойлар шығынға ұшырады. Ал осы фермада май айында-ақ белгілі болған гемонхоз ауруына кезінде жедел шара қолданылмауынан, індетті өлім тыйылмауы былай тұрсын, ол жазғы жайылымның бірқатар өрісін былғауда. Бұл мәселе колхоз басқармасы (председателі - Қорбақов жолдас) тарапынан да, мал дәрігерлік пункт (меңгерушісі - Алипов жолдас) тарапынан да нақты шешім тапқан жоқ. Мал басын өсіру мен одан мол өнім алудың негізгі резерві - төл екені даусыз. Биылғы жылы колхозда бұл жағы да қанағаттанарлық болмай отыр. Бүгінгі таңда колхоз бойынша 100 аналықтан 106 қозы, 85 құлын, 42 бота алу міндеттемесі қойдан - 96, жылқыдан - 65, түйеден - 43 болып, 2370 қозы, 215 құлын кем алынып отыр. Соның ішінде өз міндеттемелерінен № 1 фермадан 520, № 2 фермадан 1850 қозы кем алынды. Ал Есбергенов жолдас басқарып отырған Сам участогіндегі жылқы бөлімінің есебінен ғана міндеттемедегіден 210 құлын кем туды. Осы участокта Оразалиев, Диханов бағатын саулық отарлары мен Құрманбаев баққан аналық жылқы отарларынан төл өте аз алынды. Жоғарыда көрсетілген жағдайлар «правдалықтарға» аса зор міндет артуда. Олар өткен кемшіліктердің қалайда орнын толтырулары тиіс. Мал басын өсіре отырып, мемлекетке өнім өткізу жоспарларын барлық түрінен орындау керек. Міне, партия жиналысы коммунистерге осы жауапкершілікті жүктеді. Орын алған олқылықтар үшін шаруашылық басшыларына қатаң ескерту жасалды. Алға қарай малды жайып, бағуды жақсарту арқылы оның өнімділігін арттыру және ешқандай шығын болдырмау талабын қойды.
(Маңғыстау аудандық «Жана өмір» газетінің 1964 жылғы 16 шілде күнгі саны).
ЖАБАҒЫ ЖҮН АЛУДЫ ТЕЗ АЯҚТАЙЫҚ
«Правда» колхозы бойынша үстіміздегі көктемде 40 мың қой қырқылады. Мұның ішіне № 1 фермадағы 27 мыңға жуық қойдың 15 мыңдайы колхоздың орталық усадъбасындағы өткен жылы жаңа типпен салынған стандартты пунктте қырқымнан өтпек. Осы пункт арқылы алғашқы 10 күн ішінде 5700 қой пункттен өтіп, нақты физикалық салмағы 6 тонна таза жабағы жүн өнді. Пунктте үзіліссіз қызмет істеп келе жатқан Тұяқова Сәнбалаш, Бимағанбетова Бақтылы, Күйкішева Жамат, Далжанова Дәмеш, т.б. озат агрегатшылардың әрқайсысы күніне 60- жүн қырқып үлгеруде. Қайрақшы мамандығын жетік меңгерген жігіт Жарқымбаев Ашықбай қайыпшарды ақаусыз қайрап, жетістіруімен қырқушылар арасында зор құрметке бөленген.
- Қойдан түскен жүн келесі күннен аспай-ақ престеліп те үлгереді, - дейді жүн іріктеуде қате жібермейтін сорттаушы Ақық жеңгей. - Бірақ маркировкісіне дейін бітіп тұрған бұл престер «Машина жоқ» деген сылтаумен әлі де мемлекет есебіне өтпей отыр.
Шынында да осы пункттің қызметі тиісті мүмкіншілігінен кем екендігі ақиқат. Біріншіден, ол қырқымға кешігіп, 11 майда ғана кірісті. Екіншіден, онда бір сменада жұмыс жүргізуге 43 адам керек болатынына қарамастан, қызмет адамы 26-дан асып көрген жоқ. Оның үстіне кейбір агрегатшылар күнаралап не кешігумен қатынасады.
- Осы жылы қуаты 12 квт жылжымалы дизель электростанцияны (ДПЭС-20/23) қолданудамыз. Не пайда, осының күшін толық пайдалана алмай келеміз, - деп мәлімдейді агрегат басшысы Оразалиев жолдас. - Адам жетіспеуінен 36 қайшының тең жартысы бос түр. Мұның өзі агрегаттың тиісті мәніндегі үлгеру қабілетін 2-2,5 есе кемітіп отыр.
Біз қырықтықшылар коллективімен кездескенімізде, олар жұмыс қарқынын күшейте түсіп, жабағы жүнді ысырапсыз және сапалы жинап алу үшін тырысатындықтарын білдірді. Сонымен қатар сапалы өнімдермен, ет пен тәуір астық, шәй, тіпті қантпен жабдықтау олқылыққа ұшырап отырғанын айтып, колхоз басқармасы мен Шетпе селолық поселкесі және ауылдағы дүкендер бүл кемшіліктерді тезірек жоюларын талап етті. Колхоз басқармасы, партия ұйымы көктемгі жүн өнімін алудағы кемшіліктерді жедел түзетіп, оны тез аяқтау шарасын жасауы тиіс.
1964 жыл, 22 мамыр.
ҰЙЫМШЫЛДЫҚПЕН ӨТУДЕ
Жазғы мал төлдету науқанына «Правда» колхозының колхозшылары ұйымшылдықпен кірісті. Соның нәтижесінде төлдеп жатқан саулық отарларында алынған төл түгелдей аман сақталуда. Колхоздың № 1 қой фермасындағы 15776 саулықтың 7050-і төлдеп, 7700 бас қозы колхоз дәулетінің есебіне енді. Ферманың озат малшылары С.Сейітқожаев, Е.Өтебаев, Т.Абаевтардың отарларындағы төлдеген әр 100 саулықтан орта есеппен 113-116-дан қозы алынуда. Сол сияқты шопан Дауылхановтың отарындағы сақманшылар Көпешева ілгек, Махамбетова Қаниялар әрқайсысы өз алдына 155-130 қозы алып, жақсы күтіп, өсіруде. (Облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің 1964 жылғы 26 сәуір күнгі № 84 саны). (Бүл ақпарат Маңғыстау аудандық, «Жаңа өмір» газетінің 1964 жылғы 16 сәуір күнгі санында да жарияланды).
ЖАРЫС ӨРІСТЕЙ ТҮСТІ
«Правда» колхозының колхозшылары өткен жылды бірталай табыстармен қорытындылады. Мемлекетке мал шаруашылығы өнімдерін сату, мал өсіру жоспарлары асыра орындалды. Колхоздың ақшалай табысы 901 сомға жетті. Бұл жоспардағыдан 17 пайыз артық. Қой шаруашылығын өркендету ісіне № 1 ферма коллективі мол үлес қосуда. Мұнда колхоздағы барлық қойдың 67 пайызы бағылады. 1963 жылы фермада әр жүз саулықтан 105 қозы, әр қойдан 3228 грамнан жүн алынды. Етке тапсырылған қойлардың орта салмағы 50,5 килограмнан айналды. Озат шопандар Ш.Құдияров, С.Сейітқожаев, Ж.Нұрғожаев, А.Боранов жолдастар әр жүз саулықтан 130-111- ден қозы өсірді. Айтбаев, Т.Оразғалиев, И.Бимұрзаев жолдастар әр қойды 55,9-53,5 килограмнан етке өткізді. Сонымен катар өткен жылы бірқатар кемшіліктер де орын алды. Бір жылда қойдың 4,4 пайызы шығын болды. Сондай-ақ Есбергенов басқаратын жылқы фермасында біраз жылқы өлді, 125 бие қысыр қалды. КПСС Орталық Комитетінің ақпан Пленумы шешімдерімен жігерленген артель мүшелері бұл кемшіліктерден тиісті қорытынды шығарып, шаруашылықты жедел өркендету үшін күресуде. Олар көршілес Октябрьдің 40 жылдығы атындағы колхоздың колхозшыларымен социалистік жарысқа түсе отырып, биыл колхоз бойынша әр жүз аналықтан 106 қозы, 85 құлын, 40 бота алуға, жыл аяғына дейін қой санын 43 мыңға, жылқыны 2220-ға, түйені 1400-ге жеткізуге, әр қойдан 3 килограмнан, түйеден 4,5 килограмнан жүн алуға, мемлекетке 7800 центнер ет сатуға міндеттенді. Колхозда мал қыстату ойдағыдай өтті. Төл алудың барысы да жаман емес. Артель мүшелері қабылдаған міндеттемелерін абыроймен орындау жолында өзара социалистік жарысты өрістете түсуде. (Облыстық «Коммунистік енбек» газетінің 1964 жылғы 3 сәуір күнгі № 67 саны).
AТ ІЗІН ДЕ САЛМАЙДЫ
Тиген - «Правда» колхозының ферма орталығы. Айнала ауқымы Тиген басынан 10 шақырымның о жақ-бұ жағында коммунистік еңбек коллективі атағы үшін күресіп жатқан № 1 қой фермасының коллективі орналасқан. Осы Тигенді ферманың мәдени орталығына айналдыру талабы еңбеккер жандарды қуантып тастап еді. Мұнда клуб, монша үйлері салынып, газет-журнал да жақыннан таратылып тұрды. Ферма жастары клубқа жиі келіп, кино, ойын-сауық болса, бір сергіп қалатын. Дегенмен, клубтың осы күйі көпке бармады. Клуб меңгерушісі К.Жұмалиевті сөйлетіп көрсеңіз, клуб үйінің нашарлығын, жабдықтарының жоқтығын, отын түсірілмегендігін айтып, зар қақсайды. Клубта қыс бойы 2-3 рет қана кино көрсетіледі. Көркем-өнерпаздар үйірмесін ұйымдастырып, концерт, ойын-сауық қойып, көптің көңілін аулау әбден керек-ақ. Бірақ бұған мән беріп отырған колхоз басшылары жоқ. Олар тіпті бұл клубқа ат ізін де салмайды. Монша уақытымен жағылмайды. «Жұмасына екі күн қатар жағылса, бұл маңайдағы малшылар түгелдей кезектесіп келіп, үлгірер еді-ау», - дейді № 1 ферма шопандары Б.Бекқалиев пен К.Сарбаев жолдастар. Еңбек адамдарының талабы орынды. Тигенді ферманың мәдени орталығына айналдыратын уақыт жетті. (Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газетінің 1964 жылғы 31 наурыз күнгі № 41 саны).
«ЖАЛҒАННЫҢ» ЖАНЫ – ЕЛІНДЕ
Декабрьдің алғашқы аптасының жаймашуақ бір күні. Жуырда түскен ақша қар күнге шағылысып, күмісше жылтылдайды. Жалған тауының солтүстік-шығыс түбінде төбесі шиферленген еңселі ақ үйдің маңынан өрген отар қой сәске кезінде «Ақ жол» астындағы тегістік алқапта бытырай тоқтаған кез. Қой алдындағы дөңес басында ауыздығы алулы қара төбелін оттатып, айналаға сүйсіне қараған пішінде орта бойлы, дөңгелек жүзді қара жігіт түр. Бұл - «Правда» атындағы колхозда 20 жылдан бері мал бағып келе жатқан Ерқанаев Әлішбай. 1943 жылы Шайыр орталау мектебін бітірген Әлішбайды сол кездегі Ұлы Отан соғысының еңбек майданына аттандырды. Колхоз басқармасы алғашқыда сиыр бақташысының көмекшілігіне жіберсе де, оның шаруаға деген икемділігі мен жігері екі жыл өтпей-ақ колхоздың ауыр да құрметті шаруашылығы - қой фермасына баруына мүмкіндік туғызды. Міне, сол сертінен айнымас шопан бұл күндері қоғам игілігіне сіңірген еңбегімен бүкіл колхозшылардың құрметіне бөленуде. Ол соңғы жылдары мал басын өсіру мен мол өнім алуда колхоз бойынша озат шопандардың бірі болып келеді. Өткен жылы өзі баққан саулықты 98% аман сақтап, әрбір 100 аналықтан 104 қозы өсірді. Жыл басында болған әр бас қойдан есептеу салмағымен 3,4 килограмнан жүн алды.
- Үстіміздегі күзгі күйек алуды Ембі пунктінде өткіздік, - дейді Әлішбай ерекше мақтаныш сезіммен. - Онда осменяторымыз бұл істе өзін жемісті еңбегімен көрсеткен Меруерт Нұрбергенова болуы бек қуантады. Пунктке 580 бас саулықпен барған едім, бәрі де қолдан ұрықтандырылды. Күй тартқан әрбір қойға сол күннің ішінде 2 реттен ұрық жіберілуін мүлтіксіз іске асырдық. Қазір малымызды қыстан толық аман алып шығу үшін жұмыстанудамыз. Күзгі отарлаудан кейін бірде-бір бас шығын жасағаным жоқ. Отарымда күйі ортадан темен қой жоқ, түгел семіз. Соңғы 3 жыл бойы «Сарықора» атанған «Жалғанның» түбіндегі сай бойында ашық аула, жеркепені қыстаған едік. Осы жылы басқарма жан-жағы ашық, кең жерден стандартты кең тас қора, 4 пәтерлік екі корпус тұрғын үй салып берді. Мұның бәрі үстіміздегі қысты табысты өткізуіме кепілдік береді. Отарым мартта төлдейді. Февраль, март айларында егіз қозылы, іші өскен және алдын-ала қоздай бастаған саулықтар мен олардың төлдері үшін қосымша құнарлы азық керек екендігі сөзсіз. Алайда қора басындағы пішен бұл талапты қанағаттандырмайды. Өйткені, мұндағылар - өткен жылдары шабылған су пішендер. Сондықтан қысқы қиыншылықтардан бұрынырақ қора басына қосымша сапалы пішен түсіруді колхоз-ферма басшылары тез ескергендері жөн.
Күн еңкейе оңтүстік-шығысқа кері бағыттаған Әлішбай отары қаптай жайылып келе жатты. Үлпілдек қармен қоса әр алуан шөпке ішін нығай толтырған салпы құйрық боз қара қойлар жайқалып, аяқтарын еріне басады. Мал соңында шалдырып келе жатқан Әлішбай көз алдындағы көріністен отарын ешқандай шығынсыз бағып, көктемде әр жүз аналықтан 115 қозы алу жөніндегі міндеттемесін толық орындайтындығына қуатты сенім алғандай болады.
(Мақаланың жазылған уақыты белгісіз. Шамамен 1963-64 жылдар болуы керек).
КЕШЕ - ОРДЕНДІ СУЛЬФАТШЫ, БҮГІНДЕ - ОЗАТ ШОПАН
1957 жылдың күзінде Правда атындағы колхоз басқармасы председателінің алдына ұзын бойлы, аққұба жігіт келді де: «Бұрын өндірісте істедім. Енді шопан болғым келеді. Мүмкін болса, тәжірибелі адамның қасына қоссаңыз екен», - деген тілек білдірді. Колхоз председателі құп алды. Боранов Айдархан шопандыққа осылай келген еді. «Өзі жақсыға қай жерде де бір кісілік орын бар» дегендей, ол өндірістің қай саласында еңбек етсе де, абыройсыз болған жоқ. 1934 жылы Қарабұғазкөл глаубер тұзы өндірісіне сульфатшы болып орналасқан Айдархан 23 жыл бойы үзбестен Отан игілігі үшін мыңдаған тонна глаубер тұзын өндірді. Аянбай атқарған қажырлы еңбегінің айғағындай оның омырауында «Еңбек Қызыл Ту» ордені, «Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдары жарқырайды. А.Боранов жолдас алғашқыда «Мал бағудың шебері», Ленин орденді шопан Жұмағали Сәрсенқожаевтың көмекшісі болды. Бұл істе де өзін көрсете білген Айдарханға көп кешікпей дербес отар берілді. Ерінбей еткен еңбек жеміссіз де емес. Ол өткен жылы бағымындағы 646 саулықтың әр жүзінен 111 қозы алып, әр қойдан жүн қырықты. Мемлекетке тапсырылған 265 қаракөл елтірісінің бәрі жоғары сортпен өткізілді. Үстіміздегі қыста да бағымындағы 614 саулықтан бірде-бір бас шығын шыққан жоқ. Қойы қоңды, қорасы сайлы, төл алу науқанына әзір отыр. Жүз қойдан 115 қозы алып, әр қойдан жүн қырықпақ болып міндеттеме алды. Оның ісі сөзінен шалғай кетпесіне «правдалықтардың» сенімі мол.
(Облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің 1964 жылғы 17 наурыз күнгі саны). (Бұл мақала аудандық «Жаңа өмір» газетінің 1964 жылғы 11 наурыз күнгі № 32 санында «Шопан сөзі сенімді» деген атпен жарияланған).
ҚЫСТАН ҚЫСЫЛМАЙМЫЗ
Ақтаудың «Қырық басан» атанған көп салалы адырын күз бен қыста жайылым қылмағанда, қашан пайдаланасың?! Оның қой малына өте жұғымды, бай, алуан қонысын игілікке қалай асыруың керек? Жазда мал суды көп керексінетін мезгілде аяқ жетпес қашық өріс. Шөбін шауып алуға болмайтын сай-шатқал. Өскен күйі тұрған осы табиғи пішенді еңбексіз-шығынсыз пайдалану қандай маңызды! Күзгі күйек аяқталудан бастап сол «Қырық басанда» жайлаудамын. Мұнда қыстың қаһарлы мезгілдері - декабрь мен январьды, февральдың алғашқы он күнін өткіздім. «Отарға берілген 660 саулықтан қыс бойы бір бас та шығын қылғаным жоқ. Еңбектің қызығына рухтанған өзімізді де, тұтастай орта, ортадан жоғары қонды отарымызды да қыс мұқата алған жоқ. Бірде-бір бас мал қолға қарап, бір килограмм да жем-шөп шығындағанымыз жоқ. Осы арқылы партиямыздың «Ауыл шаруашылығын интенсивті жүргізу» туралы қойып отырған ұлы міндетіне үн қосудамыз». Міне, бұл - Правда атындағы колхоздың «Коммунистік еңбек фермасы» атағын алу жолында күресіп жатқан шаруашылықтың атақты шопаны, коммунист Құсбеков Жарылғастың сөзі. Жарылғас шаруашылықтың шешуші саласына қолдау жасауға партия шақырған алғашқы мезгілде-ақ бастапқылардың бірі болып колхоздың негізгі экономикасы, табыстың көзі - қой шаруашылығына барды. Бұл 1955 жыл болатын. Содан бергі азғана уақытта мемлекетке мол және сапалы ет, жүн, елтірі өткізуде Жәкең қаншама даңқ пен құрметке бөленбеді десеңізші! Ол өткен 1963 жылдың өзінде де бағымындағы әр 100 саулықтан 107 қозы алып, мемлекетке 294 жоғары сортты елтірі өткізді. Жыл басында әрбір қойдан жүн қырықты. Құсбеков отарының «желін айы» келді. Енді бір айдан соң оның қойы жаппай қоздай бастайды. Төлдеу оған қыстаққа бекітілген «Тиген» жерінде жүргізілмек. Жарық та кең стандартты қора, шопандарға әзірленген жайлы пәтерлер, артығымен жиналған жем-шөп қоры шын пейілмен-ақ қарсы алуға әзір түр. Таяу күндері бұл жаңа қоныс та мейірлене қойнын ашпақ. Коммунист шопан Құсбеков Жарылғастың еңбек қадамы оның мал басын қыстан 100 процент аман шығарып, әр 100 аналықтан 115 қозы алу жөніндегі социалистік міндеттемесі сөзсіз орындалатынына сендіреді. Еңбек шабытыңыз арта туссін, Жәке! (Бұл мақала Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газетінің 1964 жылғы 27 ақпан күнгі № 26 санында біршама қысқартылып, «Жарылғастың отарында шығын жоқ» деген атпен жарияланды).
ҚОЙ ҚОЗДАП, ҚОРАДА ШУ…
Апрельдің алғашқы күндері... Колхоз қойы жаппай қоздай бастаған кез. «Шаруаның біреуі екеу болып» дегендей, қоғамдық дәулет жаңа жасалған төл есебінен өсіп жатқан шақ. «Правдалықтар» осы жылы қабылдаған социалистік міндеттемесінде колхоз бойынша 23710 бас аналықтың әр 100-інен 106-дан төл алып, барлығы 25130 қозы өсіруді меже еткен болатын. Сол ұлы да мерейлі міндетті шешудің бір қарсаңы - қой қоздату науқанына № 1 қой фермасының коллективі кірісіп те кетті. Ферма бойынша барлығы 15576 саулықтың 7050-і қоздап, 7700 бас қозы колхоз дәулетіне еніп те қалды.
- Бастама жаман емес, - деп жымияды тәжірибелі шопан Бисалы Бекқалиев. - Күйек біту мерзімінің алғашқы аптасында-ақ бағымымдағы 596 саулықтың 230-ы төлдеп, олардың жанына ерген 295 қозымен отарым толыға түсті. Бұл - «100-ге - 128 қозыдан» деген сөз. Бастапқы табысым үстіміздегі жылы төл міндеттемемді артығымен орындап шығуға деген сенімімді нығайта түседі.
Апрельдің бірінші аптасының қуанышты көріністері бір ғана ауылда емес. Міне, жас коммунист Нұрғожаев Жәкудің қоздаған 221 саулығының 37-сі егіз. С.Сейітқожаев, Е.Өтебаев, Т.Абаевтардың отарларында төлдеген әрбір 100 аналыққа 113-116 есебінен қозы алынуда. Озат шопандардың игілікті табыстары колхозшыларды сүйсіндіріп, болашаққа деген сенімін молайтуда. Ферма ауылдарында көктем сәні жігерлі еңбек думанымен ажарлана түсуде. Осы еңбек майданында ауыл орталығынан төл тәрбиешілер болып ферма малшыларына көмекке барған колхозшылардың еселі еңбектерінің маңызы өлшеусіз зор. Олардың ішінде Даулыханов отарына барған Махамбетова Қания мен Көпешева ілгек қазірдің өзінде әрқайсысы 133-105 қозы бағуда. Бұлар әшейінде қарапайым, жайбарақат көрінсе де, бір өңкей бозқара қаракөл қойлар мен мөлдір қара, көк қозыларды ешқандай айырым белгісінсіз-ақ ажыратқыштығымен және шапшандығымен, адал еңбектерімен таңдандырады. Сондай-ақ бұл іске тұңғыш рет үлес қосып жатқан келіншек Ерғалиева Гүлжамал да колхозшыларды сүйсіндіруде. Ол аға шопан Сейітқожаевтың отарында алғашқы кезекте 71 қозы бағып отыр. Қазіргі таңда «Коммунистік еңбек коллективі» атағын алу үшін жұмыстанып жатқан ферма малшылары шаруашылық бойынша 100 аналыққа 107-ден қозы өсіру міндеттемесін абыроймен орындап шығуға бір кісідей жұмылуда.
1964 жыл, 9 сәуір.
ОРТАҒА САЛАР ОЙЛАРЫМ
Арнайы мамандығым болмаса да, шаруа баққан халықтың ортасында туып-өстік, соның ішінде келеміз. Адам пенде болған соң көңілге қонымды-қонымсыз нәрселер көз алдымызда өтіп жатыр. Бүгін мен өзім 40 жыл бойы мекендеген Шайырым туралы сөз қозғағанды жөн көрдім. Ол - қасиетті түбегіміздің оңтүстігінен Маңғыстаудың ұлы Қаратауы, солтүстігінен бор тастардың құрандысы Ақтаумен қоршалған ажарлы бір бөлігі. Екі таудың өне бойы да, арадағы ұзыны 40-, ені 5- ойыс алқап та өсімдік түрлерінің көбін қамтыған, төрт түлік үшін қолайлы өріс. Қаратау іргесі - аумақта (Көгезден Торышқа дейін) ондаған ұлылы-кішілі бұлақтар мен көздер. Бұлардың аяғы - егіншіліктер, ірілі-уақты тепсеңдер мен көлдеулер. Өткен кезеңдерде рулы елдер дәнді дақылдар, көкөніс, жемістер өсіріп, күнкөріс жасаған жер жәннаты. Не пайда, табиғат тарту еткен осыншама мырзалық бүгінгі таңда өз мүмкіндігінше пайдаланылмай отыр.
ӨТКЕН КЕЗЕҢНЕН БІР ЭПИЗОД
1954 жылдың көктемінде шағын-шағын колхоздар «Жаңа құрылыс» пен «Жаңа күш» -«Правда» (председателі - Қаршыға Сүйірбаев), сол жазда «Жаңалық» пен «Қарасай» -«Хрущев» болып (председателі - Мұқаш Қадіров), ал 1956 жылғы жазда сол екеуі қосылып, іріленген «Правда» атындағы колхоз құрылды. Оның 300-дей үйі, 50-60 мыңдай қойы, 2,5-3 мыңдай жылқысы, 1-1,5 мыңдай түйесі болды. Жергілікті қонысы шығысы -Көгез, батысы - Долыапа, оңтүстігі - Қаратау, солтүстігі - Шытша-Алаторпа-Қаратөбе-Ауызорпа бойлығымен қоршалды. Сам құмында (орталығы - Теректі) шаруашылықтың үштен біріндейі тұрақты қоныс тепті. Жазғы жайылымға Үстірттің Қарнауынан бастап, оңтүстігі Серкебай, Айғырұшқан-Тереңге дейінгі, шығысы Тұрлығұл-Төлеп, Сыңғырлау-Мамайға дейінгі шекара қамтылды. Сондай-ақ Тасастау-Қайнар, Көлтабан сияқты қашық өрістер игерілді. Кең аймақта колхоз шаруашылығы экономикалық жағынан өркендеп, колхозшылардың мәдени-тұрмыстық дәрежесі көтерілді. Су көздері жазда толық пайдаланылып, қыста бір орынға жинау амалы - алғашқы тоған құрылысы басталды. Елуінші жылдың екінші жартысы село өміріне елеулі әлеуметтік жаңалықтар енгізген кезең болды. Техниканың да, құрылыс материалының да өте тапшы кезі ғой. Колхозда үш «ГАЗ-51», бір «Урал ЗИС» қана болған, трактор атымен жоқ. Шөп косылка-тырмасы да, жер жырту сабаны да көлікке жегілетін. Аудандық тұтыну қоғамының қойма ауласында үйіліп жатқан төрт дөңгелекті 10 арбаның сұлбасы сатылып алынып, күз бен қыста құрылыс үшін тастасуға жегілді. Тау өңірінде тас құбалаушы, тиеуші-түсіруші, арбакештер, құрылыс объектілерінің іргетасын құюшы звенолар жасақталып, қызу еңбек жүрді. Бұл жұмыстың бригадирі болып Құлмұрынов Қали тағайындалды. Жаз шыға Сабырбай, Құрманбай, Қали, Балмаш, т.б. қарт колхозшылардың жетекшілігімен жоспарланған саяжайлар бой көтерді. Сол кездерде шығарылған, оқытушы Р.Иманғалиевтің: «Сабекең қойған тастары - қыздардың жиған жүгіндей», - деп басталатын жыр шумағы Сабырбай марқұмның қалаушылық өнерін сипаттайтын еді. Бас-аяғы 3-4 жылдың ішінде 1-2-4 пәтерлік дара үйлермен қатар әрқайсысы 8 семьялық бес корпус пайдалануға берілді. Сондай-ақ басқарма кеңсесі, клуб, балалар алаңы, әйелдер босанатын үй (медпункт), монша, 1,5 сменаны қанағаттандырарлық орталау мектеп (қазір интернат жатақханасы), жазғы кино-концерт алаңы іске қосылды. Демалыс паркі мен алма бағының негізі тұрғызылды. Алғашқы жылы 200 түп, келесі жылы 700 түп шыбықтар отырғызылып, баптау-күту және малдан қорғаныш мақсатында терең ормен қоршау қызметіне Көрпебаев Жайлаубай семьясымен, қажырлы еңбеккер Асанов Өмірзақ бекітілді. Киномеханиктікке Қолғанатова Кідірхан, балабақша жетекшілігіне Балмұқанова Жеміс даярланып алынды. Колхозшылар 1959-60 жылы өз бағының алғашқы алмасының дәмін де татып үлгерді. Іріленген «Правда» колхозының орталығы Шайырда әлеуметтік перспективалы шаралар мен құрылыс жұмыстары осылайша бастау алған еді. Мұның өз кезінде елеулі болғаны сондай, аудандық үлкен жиналыста ауатком председателі Қожық Қазиевтің: «Қадіров жолдас, Қаратаудағы көрші әріптестерің құрылысқа тас таппай жүрген көрінеді, соларға бір тауыңды бер-дағы» деген ащы әзілі жадымызға оралады.
ТИІМДІЛІК - УАҚЫТ ТАЛАБЫ
Тигеннің солтүстік-шығысын доғаша қоршап жатқан «Қабақ» - Октябрьдің 50 жылдығы атындағы совхоздың аса шұрайлы қонысы. Ол - бірінші ферма қоймасының үштен екісіне жуығы орналасатын қыстақ мекені болатын. Шығысы «Теріс бауыр», батысы «Шаршы қора» бойлығында тоғыз қыстақ қора бар-ды. Соңғы 10 жылға жуық шеткері 2-3 қыстақтан басқасы қоршауға түсті. Бұл аймақ жоңышқа, судан, қарабидай егістіктерінің орнына көшті. Оның шаруашылық үшін пайдасы мен зиянын есепке алушы байқалмайды. Көктем мен жазда жауын-шашын әсерімен қосымша шөп тұқымдары аралас өскені болмаса, дұрыс өнім алынып көрген жоқ. Тиімділігі болмаған соң оны жауапкершілігіне алуға ешкім құштар болмады. Сондықтан участокқа тұрақты ие бола алмай, аудандық арнаулы шаруашылық, су шаруашылығы мекемелері мен совхоз арасында бірінен-біріне ығыстыру әдетке айналды. «Артық зиян шегу - ұтылыс совхозда болатыны даусыз» деп ойлаймын. Ол ең құнарлы мал жайылымынан, тіпті қажет десеңіз, табиғи шабындығынан айрылды. Жерге басқа мекеме қожалық еткен кезде одан өнімді жоғары бағамен сатып алды. Ал Қабақтың мәңгі өсе беретін боз жусаны мен көк еркегі, аралас өскен ебелегі мен түйеқарыны еш төлемсіз, тегін түспейтін бе еді?! Осы егістер аумағы совхоз иелігіне берілген 1989 жылдың нәтижесін көрейікші: жоңышқа 22 центнерден 3400 ц. өнім беріп, әр центнері 11 сом 76 тиынға, қарабидай сабаны мен 21 центнерден 2334 ц. өнім беріп, әр центнері 32 сомға, судан 38 центнерден 647 ц. өнім беріп, әр центнері 10 сом 82 тиынға түсті. Сонымен осы көлемді 1-5 жыл сайын аударып, қопара берсе, біршама кезеңде Қабақ жері тұтас істен шықпасына кім кепілдік береді?! Мұның ақыры «Шөбі кеткен жер азар» болып жүрмесін. «Әлі де Қабақты сақтауды ойластыру қажет» деп санаймын. Уақытша өсімдікке шашылып жатқан су жердің өзіне себіліп, табиғи өсімдіктер үшін мүмкіншілік туғызу керек. Участок шетіне сақшы тағайындап, совхоздың өз жылқысының да «Бозашы», «Тұщықұдық» совхоздарының жылқыларының да жазы-қысы тапауынан қорғау керек. «Бұл арзан да болашақты қамтыған еңбек болмақ» деп ойлаймын.
ЫСЫРАПҚА ТОҚТАМ БОЛА МА?
«Судың да сұрауы бар». Бұл - өмір шындығы. Алайда Шайырдың дария суының әзір сұраушысы көріне қойған жоқ. Бұлақтар мен фонтандар совхоз орталығының кезкелген көше бойларымен қысы-жазы, күні-түні іркіліссіз ағып жатыр. «Нар» және «Маңдай» деп аталатын көздер бірі алма бағына, екіншісі шағын паркке жаздың 5 айында ғана (15.04.-15.09.), «Қарашаш» көзі құбыр арқылы тұрғындардың ауыз суына тұтынылады. Бұлар жер бетіне шығып жатқан су қорының 10-20 процентінен артпайды. Қарлы-жаңбырлы жылдары ағатын Ұлыбау мен Күркіреуікті айтпағанда, Досан-Қарадуан, Ақмыш-Нұран, Көгез сулары да иесіз жатыр. Ал Шайырдың өз өкпе тұсынан сорғалап жатқан көз -фонтан сулары өз бағытынша еркін ағынымен жиналатын, елуінші жылдың аяғына таман колхозшылардың қыруар қол еңбегімен негізі құрылған, сексенінші жылдардың басында мемлекеттің ірі техникаларының комплексі арқылы ондаған еңбек адамдары бірнеше ай бойы жұмыстанып ұлғайтқан, миллион сомға жуық қаржы жұмсалған, селоның шығыс шетіндегі алып тоған шаруашылық мүддеге пайдаланылмауының себебі не? Бұған жиналған сумен 100 гектарға шейін тұрақты жоңышқа өнімін алуға болмас па?! Мемлекет қаржысымен шағын тоғандар Шайырдың 400- батысында да, Ақмышта да құрылған болатын. Осылардың бәрінің де төменгі жағында егіншілік жерлер жетеді және жиналған су айрықша техникалық жарақтарсыз-ақ, артық еңбек шығынсыз-ақ, еркін ағып бара алады. Құнарлы табиғи жайылыс - Қабақ жерінің топырағын қопарғанша, пайдаланылмай жатқан егіс даласын Шайырдың тегін суымен игілікке жарату әлдеқайда тиімді емес пе?! Соңғы жылдары оңай олжа табу мақсатында тыстан келген адамдар үшін орталықтан 50-қашықтағы аяулы қоныс жаздың 3-4 айына кесіп беріліп, көкөністің бұл өнімінен ауыл еңбекшілері пайдалана алмай қалып жүр. Өткен жазда бір топ арендаторлар тағы да сол Қабақтың жерін суымен пайдаланып, 2465 ц өнімді есепке берген. Ол өнімді де ауыл еңбекшілерінің сұранысын орындамастан, Шевченко қаласының базарында килограмын 1 сомнан сатып, совхозбен 13 тиыннан есеп айырысқан. Оған совхоз әкімшілігі қалай келісе кетті?! Бұл жағдай ұлы мысалшы А.Крыловтың «ірімшік жерге салп етті, іс бітті, қу кетті» деп келетін суреттемесіне ұқсап-ақ тұрған жоқ па?! Бірнеше ондаған мың сом мемлекеттік қаржы, совхоз еңбеккерлерінің несібесі жеке қалталарда сұрау-талапсыз кете барғанына қалай таңданбайсыз?! Алма бағының қазіргі жағдайын сөз етпеске болмайды. Елуінші жылдың аяғында алғашқы жемісін көрсетіп, алпысыншы-жетпісінші жылдары Алматының апортын бейнелейтін меңсіз ақ, меңсіз күрең, қызыл ала жоғары сапалы өнімдерімен жұртшылықты қызықтырған еді-ау. Енді елдің өңі түгілі, түсіне енуден де қалып барады. Бұған не болды? Баяғы сапалы өнімнің сырты тесік, іші күрт, көлемі жылқы тезегіндей, өңі сары ала, көк ала түйнекке ауысып кеткені қалай? Өнімі пайда келтірмейтінін былай қойғанда, жемістік қажетін жоғалтып, жойып біткенін қайтерсің?! Бақ аумағы мөлшермен 6 гектарға, ондағы ағаштар 1500 түпке жуық. Алыпқашпа сөздер «Жер тозды, ағаш қартайдыға» саяды. Соңғы 10 жылдықта жаңа егілген бөлімі бар емес пе, ол қашан жеміс бермек? Білімді маман, тәжірибелі егіншілер баршылық. Техника, тыңайтқыштар, зиянды жөндіктерге қарсы қолданылатын препараттар да жетеді. Сонда жетпейтіні не? Ол - жауапты адамдардың тиісінше көңіл бөлмейтіні, солардың енжар көзқарасы. Бұдан өзге дәлел іздеу қиын. КСРО халық депутаттарының ІІІ съезінде Президент М.С.Горбачевтің: «Қылмыс жасаудың түп-тамыры - қырсыздық пен ысырапқорлықта жатыр», - деген ескертуінен сабақ алуымыз керек.
Мәдени шараларға көңіл бөлінсін Селода халықпен жүргізілетін мәдени-тәрбие жұмыстары босаңсып кеткенін мойындамасқа болмайды. Еңбекшілердің, әсіресе жастардың бос уақытында мәдениетті демалуын ұйымдастыру жеткіліксіз. Жасөспірімдердің (олардың арасында мектеп оқушылары да бар) мезгілсіз уақытта топтасып көшеде жүруі, ел жатқан уақытта әндету, музыкалату кездесіп тұрады. Жастар арасында оғаш оқиғалар да қайталана беретін болды. Ауылда қоғамдық пікір туғызу, жиналыстар өткізу ойластырылмайды. Халықтық мерекелер мен салтанатты жиындар да талапқа сай өтпейді, көпшіліктің қатынасуы, рухани дәрежесі төмен. Бұл жөнінде партия, совет, кәсіподақ, комсомол ұйымдары еңбекшілер арасында саяси тәрбие жұмыстарын жедел жақсартуы керек. Мәдени орталықтардың халық игілігіне қызмет етуін қалыпқа келтіру қажет-ақ.
ОСЫ ТҰРҒЫДА МЕНІҢ ПІКІРІМ:
1) Демалыс паркі он жыл бұрын сенбілікпен тұрғызылғаннан кейін дамытылмай, қалып қойды. «Мұны халық пайдаланатын жағдайға жеткізсе» деймін. Ағаштардың сирек аралықтары мен қоршау іштерінің бос орындарына қосымша шыбықтар отырғызу, майданнан оралмағандар ескерткішінің айналасына гүлдер өсіру керек. Парктің ортасына кендеу жол, шет бағыттарына соқпақтар төсеу, отырғыш-беседкалар орнату, электр жарығын тарту, би-үгіт алаңын жасау, жазда кітапхана бөлімшесін ашу, т.б. шараларды жүзеге асыру көзделсе; 2) Физкультура-спорт алаңы қалыпқа келтірілсе. Алаң табанына төгілген тастар күреліп, тассыз қайыр төгу, доп ойындарының құралдарымен жабдықтау, гимнастика және спорттық ойындар орындарын жасақтау, т.с.с; 3) Жетпісінші жылдары селода радио торабы құрылып, әр үйге желі де тартылған еді. Ол аз жылдар ішінде-ақ үйлерге жете алмай қалды да, пошта бөлімшесі мен мәдениет үйі төбесінде көтеріңкі дыбысты репродукторлар хабар беріп тұратын-ды. Мұның да әмірі өшкеніне 5-10 жыл болып қалған шығар. Енді осы торапты қайта іске қосуға қызметтенейік-тағы... (Материалдың жазылған уақыты белгісіз. Шамамен 1990 жылы жазылған болуы керек).
VІ ТАРАУ. АҚТАҢДАҚ ЖЫЛДАР АҚИҚАТЫ
ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАПА ШЕККЕН АҒАЛАР-АЙ!
«Сыртқа шықпай, ішіңде қала берсе,
Ой - мұңлық бәрінен де жазылмаған».
(«Шалқар» газетінен).
Біз - қазақ елі қаншама ғасырлық тарихында «мың өліп, мың тірілген» халықпыз. 16-18 ғасырларда жоңғар қалмақтарының қантөгіс сұрапыл шабуылынан «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» душар болған ұлтымыз арада екі жүз жыл өткенде бұрын-соңды адамзат баласының түсіне де енбеген большевизм зұлматына тап болды. 20-ғасырдың атышулы отызыншы жылдары қазақты басқалардан бөлекше ашаршылыққа және босқыншылыққа ұшыратса, советтік қанды террор он мыңдаған азаматтарымыздың өмірін қиды. 1920-30 жылдардың қысында мезгілсіз қой қырықтырып, киіз бен арқан түттіруден басталған «қызыл жүн» науқаны елдің күнелтіс көзі - малын сыпырып алып, қалғанын еріктен тыс құрылған колхозға ұйыстырды. 500-1000 қой ұстаған орта шаруалар бай, арнаулы медресе бітіріп, мешіт ұстағандармен қатар Құран танып, ораза-намаз тұтушы, балаларға «әліпби» мен намаз сабағын үйретуші адамдар молда саналып, қуғынға түсті. «Қожа мен молданы қойдай қу қамшымен!» деген өлең жолдары сол кездің әнұранына айналған-ды. Малынан айырылып, ашыққандар күнелтіс, кәсіп іздеп, қудалауға ұшырағандар құт қара басын қорғайтын мекен аңсап, әр тарапқа қаңғыды. Маңғыстау өңірінде де мұндай сергелдеңге түскен жандар аз болған жоқ. Бізден үш ата жақын жердегі ағайындарымыз Жанболат, Ақболат Тілепі ұлдарының бес отбасы
Бозашы Мәстек жеріндегі ата-баба қауымы Т.Жалғасбайүлы ұрпақтары Маңғыстау ауданы орталығындағы әке қарашаңырағында. 2000 жыл
Маңғыстау Қаратауы теріскейінде орналаскан «тумаса да тұтынған» Шайыр ауылы Маңғыстаудың жер жәнатты Шайыр ауылындағы әке 40 жыл үстаздык еткен орта мектепке сый-тарту. 2003 жыл Маңғыстау түбегінің кәрі шаңырағы Форт-Шевченко қаласындағы алғашқы орта білім ошағы «Көк школ» ғимараты Ақмыш жеріндегі Қазақстанның жеті кереметінің бірі «Шеркала» тауында. 1998 жыл, желтоқсан
Қүрдас немере тумалас Әмірханүлы Бәймәмбет пен жүбайы Түрмеш
Ата-ана немерелерімен. Ақтау қаласы. 1990 жыл
Нағашы інісі Баймұқан. Ұлдары Аскар мен Рахмет.
Ақтөбе, Жарлы ауылы Алматы қаласы. 1982 жыл
(7 азамат) «Орта Азияға, одан әрі Ауғанстанға, Иранға өтті» деген құлақ-хабардан сон, күні бүгінге дейін беймәлім, хабар-ошарсыз, дерексіз кетті. 1930-32 және 1937-38 жылдар ешқандай жазығы жоқ мыңдаған қарапайым жандар үшін адамгершіліктің шегінен шыққан солақай саясат пен Дзержинский-Ежов темір сауыты құрсаған қанды қақпан болды. Бүгінгідей азаттық алған елдің әділетті қоғамы арқасында республикалық мемлекеттік қауіпсіздік органдарының құпия құжаттарына қол жеткізген зиялы азаматтарымыздың жинақтаған, жазықсыз жапа шеккен ардақтыларымыз туралы құнды құжаттар - жан тебірентерлік ұлы еңбек. Назым Ғазизұлы Ялымовтың редакциясымен өткен күзде жарық көрген «Аза кітабының» 1-томында Маңғыстау облысына жататын 206 адамның тізімі еніпті. Бұл тізім «Маңғыстау» газетінің үстіміздегі жылғы 13-29 наурыз сандарында жарияланды да. Әйтсе де, жазықсыз жапа шеккен жандардың аты-жөндері бұдан бұрынғы басылымдарда да жарыққа шыққанмен, қуғын-сүргін құрбандары толық қамтылып болмағаны анық. Олай дейтінім, Қызан, Ауыздыбас ауылдарынан кеткен Тілепұлы Нұрғожа, Шоланұлы Шарау, Селбайұлы Жұма, Шоқайұлы Төле, Сейітжанұлы Шариғат, тағы басқалар бұл тізімде көріне қоймады. Сондықтан «Архив материалдарын ақтару, іздестіру жалғаса беруі қажет-ақ» деп ойлаймыз.
І
Ақпарат құралдарында «1930 жылдың құрбандары - біздің түбек бойынша 51» деп көрсетіліпті. Соның бір бөлігі жылдың бас кезінде Кетік қаласының арнаулы абақты үйінде қамалғанын көрген едік. Қамаудағылар ертелі-кеш жарты сағаттай шамада сыртқа шығарылып, екі жағына - «патшалық» құдық пен емхана үйі арасына тіке жолмен қыдыртылады. Күзетте тұрған екі надзиратель сол шектен асырмайды және бөгде адам өткізбейді. Біздер Шәкіратұлы Ысқақ екеуміз көшенің қарсы бетіндегі интернатта жатқандықтан терезе алдына шығып, қарап тұратынбыз. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, олар - жауапты қызметтерде істеген Маңғыстаудың сауатты азаматтары. ішінде Тобанияз, Оспан, Сыдиық, Отарбай, Қалым, Қойсары мен Тумыш, Қонарбай, Қажы, Лепес сынды 22 ел зиялыларының аттары аталады. Мұның қаншалықты нақты сан екендігі белгісіз болғанымен, олардың ішінде Қалым мен Қойсары сияқты елге танымал тұлғалар болғаны анық. Қойсары Сарғожаев өзіне кесілген 10 жылын өтеп, елге келген соң бірнеше жыл бойы Тұщықұдық ауруханасында қызмет еткені мәлім. Қалым аға - Тасымұлы Қожықтан 1894 жылы дүниеге келген жетінші ұл. Қазан төңкерісіне таяу Кетік қаласында екі кластық қазақша-орысша училищені бітірген, екі тілге бірдей сауатты адам. Кеңес өкіметі орнаған алғашқы 10 жылда мемлекеттік жауапты жұмыстарда болған. Оның көбінде Бозашы ауданшасының учаскелік инспекторы, соңғы екі жылында Адай округтік халық соты болды. 1928 жылдың жазында округ орталығы Кетіктен Ойылға ауыстырылған кезде қызметкерлері де бірге көшірілді. Бірақ бірнеше айдан соң Адай округі ажырап, аудандары Гурьев округіне қаратылған соң Қалекең де кейін оралып, 1928 жылдың күзінен бастап Бозашыда, елде болды. 1930 жылдың көктемінде ГПУ қамауға алып, Кетікте 2 ай болғаннан кейін мұндағы тұтқындармен бірге Гурьев абақтысына апарды. Осында әйгілі «58-баптың» бірнеше тармағымен айыпталып, сол жылы қазанда жазаның ең ауыр түріне ұшырады. Арада 30 жыл өткенде ақталғаны туралы баспасөзде жарияланды. Отызыншы жылдарға дейін ауылдық жерлерде тұрақты кеңсе болмағаны, жұмыс ат үстінде ел аралаумен атқарылғаны, құжаттар қоржынға салынып, жүріс кезінде ат белінде, қанжығада, арасындағы кідірістерде қоналқа үйдің керегесі басында сақталған ғой. «Кеңсесі керегенің басында» деген соз содан қалса керек. Қалым ағаның ауылда болған кездерінде өзіне келіп жүгінушілер мен өтініш етушілерді өз үйінде қабылдап, риза етіп қайтарып жататынын көретінбіз. Ол кісінің ұйымдастыруымен жасалған мемлекеттік, халықтық істердің өзім көріп-білген кейбірін баяндайын. 1919-20 жылдардың күзі мен көктемі арасында Үстірт арқылы шұбырған Толстов тобының сілімтірі, Астрахань-Гурьев-Кетік тұстарының теңіз аймағында қарақшылықпен айналысқан қарулы топтары 1923-24 жылдары Маңғыстаудың Бозашы түбегіндегі малға, адамға қауіп төндіреді. Үкімет және ел тарапынан сақтану міндеті қойылады. Осы шаруамен шұғылданған Қалекең бірде Бозашының солтүстік түбіне жақын Құлметен, Қарағайлы-Кент жағалық қойнауына қайығын тоқтатқан қарақшылардың қырды шолуға шығарған 5 адамын (3 орыс, 2 қазақ) қолға түсіреді. Солар арқылы кемедегілердің сырын толық анықтап, ұрыларды ұстау амалы жасалады. Жаздың іші. Ауыл Жанұзақ жерінде отырған кез. Ағайынымыз Қарағұлұлы Серікбайдың үйін шығыс шеттен тіктіріп, қолға түскен шолушылар сол үйге орналастырылады да, ауыл адамдары сырттай күзетеді. Жанынан қорыққан тұтқындар кемедегілерге хат жазуға көнеді. Хатта олар кеме тұрған маңда үлкен той өтетіні, оған он шақты киіз үйлер тігілетіні, асыл дүние-жиһаз, мал жиналатыны, бәйгежарыстар ұйымдастырылатыны, сол кешке өздері де үлгеріп келетіні туралы айтып, белгілі уақытқа жолдастарын түгел келуге шақырады. «Той жабдығы» біткен соң хатты тапсыруға Қожықов Тұрсын мен Қызыл (фамилиясын ұмыттым) су кешіп, кемеге барады. Ондағылар кеңесе келе, қаруларымен «тойлы ауылға» келеді. Мылтықтарын ұстай отырып, киіз үйден шайланады. Орыс тілін білетін Қожықов Қалым мен Әлібаев Мырзағали орысша түсінбейтін кейіп танытып, шаруа киімімен тамақ тасып, от жағып жүреді. Сыртта жерошақтарға қазан асылып, мал сойылып, «тойшылар» бәйге аттарын жайласып, әр тұстан лек-лек болып келіп жатады. Жігіт-желендер мен қыз-келіншектер ұлттық киімдерімен түрленіп, мерекелік ойын-сауық құрады. Ауыл сыртына текемет, киіз жайылып, қонақтар сыртқа шақырылады. Ортаға жыршы Құлмұқан Әмірұлы отырғызылып, домбырамен ән шырқайды. Оны қоршай, қаруларын дайын ұстаған қарақшылар шолушы жолдастарын сарғая күтеді. «Той» жасаушылар да іштей әзірленіп, әрқайсысы өзі бас салатын қарсыласына ыңғайлай отырысады. Уақыт өтіп, бірте-бірте шыдам азая бастаған кезде Сұлтанұлы Балабатыр: «Бір баданы тыңдай бергеніміз жетер. Өлеңді бәріміз бірге айтайық. Ал, міне, мен бастадым. Алла!.» деп, өзі еншілеген дұшпанына тарпа бас салады. Осыны күтіп отырған көпшілік опыр-топыр жағаласпен әп-сәтте жауды жайғастырады. Алғашқы болып қолға түскен ауылдағы тұтқындар ертеңіне Кетікке жөнелтіледі. Осымен үлкен тапсырма шешімін табады. Үлкен ақыл-айламен іске асқан бұл еңбек кезінде үкіметтің де, халықтың да мақұлдауында болғаны ақиқат еді. Кейін бұл оқиғаның белсенді қатысушысы болған Тұрсын Қожықұлы 1920 жылы «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталса да, осы шаруаны бастан-аяқ ұйымдастырып, мақсатқа жеткізген 36 жастағы балғын азаматтың жанын қорғап қалуға себі тиіп, өміріне арашашы бола алмағаны нендей азалы өкініш еді!.. 1925-26 жылдың қысында Бозашының «Уаққұм» бетінде оба белгісі білініп, қаладан екі дәрігер алдырылады. Ауылымыз Қалнияз жерінде отырған-ды. Дәрігерлер айналаға бақылау жасап, қыс бойы Қалым аға үйінің тұрақты қонағы болып, көктем шыға ғана Кетікке жеткізілді. Бұлар - егделеуі «Метка», жастауы «Паша» деп аталатын орыс азаматтары еді, ал өздері Қалекемді «Жоржик» дейтін. Ол кезде біз бұл атаулардың мәнін білмейтінбіз. Енді ойлап отырсақ, мұны «Ағаның халық үшін жасаған игі еңбегі, өзге ұлттың азаматтарына жасаған адамгершілік ізгілігі» деп бағалаған жөн екен. 1926 жылдың жазында Жанұзақ пен Қалнияз арасында «Қос тақырға» қол түсіп, Тілепі атаның асы берілді. Тасым ата әулеттері түгел үйлерін тігіп, 3 күн бойы думандатты. Ұлы бәйгеге қараған түнде жыр айттырып отырған Бөкен құдалардың есікке таман отырған біреуі домбырасын сұрап келген Құлмұқанға қару сілтеп, маңдайынан қан ағызады. Ай-таңба қалдырған осы жарақат үшін жәбірленушінің ағайын-туыстары бәйгі аттары келе бастаған кезде көтермеде оқшау қалған Жайлыбайұлы Ізімбердіні ортаға алып, қамшылайды, оның бір көзі ағып түседі. Қарақшыдан қатар айналған Базар Жарының қоңыр аты мен Есен Мисалдың торы айғыры туралы әңгіме қызып жатқанда Айтумыс әулеттері бір төбе басына, Жарылар қарақшы төбе басына топтала бастайды. Ел арасында қақтығыс туып кетуі ықтимал болады. Оқиғаның арты өршіп, қантөгіс болмауына ара ақсақалдармен катар осы аста болған Қалым мен Мырзағали ағалардың әсері тиеді. Қалекем - ортадан жоғары бойлы, шаршы денелі, дөңгелек жүзді, меңсіз аққұба, салмақты да анық сөзді, керегесі биіктеу қара бұйра бөрік, хром етік, шақтас мандала бешпент, кең шалбар киіп, сыртынан қызыл талжібек арқаулы, боз тайлақтың жүнінен тоқылған қақпа шекпен жамылатын, сүйкімді тұлғалы адам болатын. Ер-тоқымы жарасымды, көк ала жона, оюлы қызыл былғары мол тебінгілі, сары былғары өмілдірік, құйысқанды ақ бас ер, күмістелген ноқта жүгенді көркем атпен жүруші еді. Оның осы сыртқы сипатының өзі зиялы да мәдениетті азамат екенін танытушы еді. Қалекем үлгілі жанұя басшысы да болды. Оқу бітірген балғын жас жігіт 18 жасында Ақбота ізбасар молданың қызы Құрмаш жеңгеймен, 30-ға таман толысу кезінде Жетімек Жүндіқұлақ қызы Шашым жеңгеймен бас қосты. Екі зайыбы да бір отбасында тату тұрып, өмірінің ақырына дейін сыйластықпен өтті. Құрмаш гармон ойнайтын өнерлі, Шашым шағын шығармашылығы бар ауыл жастарының кешін ұлттық ойындармен көңілді ұйымдастырушы, ақжелең келіншек еді. Отырмақтарда күлкілі бір шумақтарды ағытып тастайтын. Оның киіз басу кезіндегі мынадай жолдары жадымда қалыпты: Қайнағаның үйінде қызылды қой, Сойылмақ мал неліктен кешігеді?! Жүрегі шишілердің үзілді ғой. Жеңешем ұстап тұрған шайпау аяқ, Көжесін құйып берді-ау шайқамай-ақ. Мәдіхал ағамыздың зайыбы Аршын жеңгей - Керелде тұратын Бектемістің қызы. Оның шешесі Нәркен құдағай көктем мен күзде қақтаған майшабақ, аққұлақ шелек ыдыстар артынып келіп тұратын. Бір сапарында айран құятын шелек Қалым ағаның үйіне тимей қалыпты. Сонда Шашым: Нәркен келді Керелден, Еркек жалды құдағай. Әкелгені артынып - Нәсілі шикі қарағай. Үй басы үлес тисе де, Жетпепті біздің араға-ай...-деп өкпе білдірулі. Екі жеңгемізден бес перзент өніп-өскен. Алғашқысы қыз - Құндызы Құнанорыс Шатбайұлы Нәбиханмен қосылып, Есен деген бір ұл, екі қызды болған, ұрпақтары жалғасуда. Кейін төрт ұл өсіп, үлкені Әлімжан Отан соғысынан оралмады. Оған жалғас Кейкіш Ақтауда, Құлекеш Шайырда, Омар Жетібайда, зейнеткерлікке шыққан. Бүгінде аяулы ағамыздың балалары немере-шөберелерін қосқанда 70-ке тарта әулет құрайды. Ештеңеге ортаймас мінезді, ақкөңіл де адал, ерке жеңгей Шашым жұбайы айдауға ұшыраған соң бір жылдан кейін, 1931 жылы Қараш жерінде фәниден өтті, «Олжа» қауымынан топырақ бұйырды. Отызыншы жылдың құрығы түскен ағаның бірі - Қожық атамыздың үшінші ұлы Әмірхан. Ол 1930 жылдың жазында құнарлы жерден «үлгілі колхоз жасау» желеуімен Бозашыдан Ойыл ауданы аумағына көшірілген екі колхоздың бірі - «Еңбек еркін» Қарабұта-Доңқара, Ырмақ жерінен кері қайтуына себеп болды» деп, «Қарлатқа» айдалып, 1934 жылғы қыстың аяғында лагерьде дүние салған. Бұл туралы өткен жылы аудандық және облыстық газеттерде толық жазылғандықтан, қайталап тоқталмадым. Облысымыз бойынша жазықсыз жазаға ұшырағандардың «Аза кітабынан» алынған тізімде («Маңыстау» газеті, 18.03.1997 ж. күнгі № 33 саны) 85-қатарда 10.10.14)30 жылы 58-10 баппен 5 жылға еркінен айырылғаны, 25.04.1968 жылы ақталғаны көрсетілген. Тек онда Қожықов Әмірхан «Қожырықов» болып қате жазылғанын ескеру қажет. Қазан ата әулетінен Көшенұлы Денбай мен Сұлтанұлы Сары да жазаланған еді. Екеуі де жазаларын өтеп, елде колхоз еңбегіне араласып кеткен-ді. Арнаулы сауат, білігі болмағанмен, Денбай аға парасатты, ақылды, ойлы азамат еді. Зейнеткерлікке жеткенше колхоз шаруашылығының жауапты жерлерінде еңбек етті. Алғашқы зайыбынан ұлдары Жұмабай, Жұмағали, Жұмқаш, Табыл төртеуі де Отан соғысында шаһит болды. Қыз балалары Мауыт, Түйме, Үзбеш, Ақсұлудан, Жұмабайдан қалған Итемген мен Тыныштықтан және екінші зайыбы Ақтөре жеңгейден өнген Естібай мен Көмекбайдан ұрпақтар жапырақ жаюда.
ІІ
1937-38 жылдың қанды қақпаны қызметкер немесе бұқара, жұмысшы не шаруа, малшы не балықшы, сауатты немесе сауатсыздығына қарамастан, «халық жауы» қырғынына ұшыратқан еді. Осы науқанның құрбаны болған ағалар туралы білетіндерім мынау: 1) Тасымов Жәңгірхан - Қожықтың екінші ұлы. 1937- 38 жылдың қысында Форт-Шевченко қаласында тұтқындалып, 10 жыл бас бостандығынан айырылып, 1942-43 жылдың қысында 60-қа қараған шағында Красноярскіде қайтқаны ресми хабарланулы. Ол Қазан төңкерісіне дейін бірнеше жыл ІІІ-Бозашы болысын басқарған, елге қадірлі, ешкімнен «сабақты жіп» пайдаланбайтын, қара қылды қақ жарған әділ де адал, беделі биік ақсақал еді. Ағайын-жұриятпен айнымас дос, үйіне жолы түскендерден ештеңесін аямайтын қонақжай, қарапайым, иманжүзді пенде болатын. Кеңес өкіметінің мемлекеттік және қоғамдық шараларының бәріне де белсене қатысып, еңбекшілер алдында үлгі тұтылатын. Өзінен өнген үш ұл, үш қызынан ұрпақ жайылды. Немере-шөберелерінің көбі туып-өскен Қызан, Ақшымырау серіктестіктерінде еңбек етеді. Балаларының біреуі соғыста, басқалары Тәңір қазасынан қайтты. 2) Балабатыр Тасымұлы - Сұлтанның бірінші ұлы. Кенже ауылының Қазбек-Төкеш ерлерінің жиені болғандықтан, солардың есімдерімен батыр аталған кедей шаруа. 1927-28 жылдың қоян жұтынан кейін кәсіп іздеп бала-шағасымен Түркіменстанға барып, Байрамалы, Қызылаяқ-Керкі жерлерінде еңбек етіп, күнелткен. 1936 жылы туған жерге оралған. ...1938 жылғы маусымның аяқ кезі еді. «Суат» ауыл шаруашылық артелі мүшелерінің жиналысында отырғанымызда Бозашы беттен қорабына толы адам мінген полуторка келіп, ауыл шетіне тұра қалды. Аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері Құрамшын мен орыс жігіті артель бастығы Тәжіков Өтегеннің үйіне шайға отырды. Жиналыс тарап, 2-3 адам машинаға келсек, 14 адам тұтқындалып келеді екен. Осы топтың ішінде менің әкемнің немере туысы Балабатыр отыр. Он жыл көрмеген ол мені танымағанын айтып, еңіреді. Бұлардың ішінде Төлеу халипаның баласы Бекмағанбет молда мен Айдар ишанның баласы Садықты таныдым. Сол кезде үшеуі де ең ауыр жазаға душар болғаны, артынан ақталғаны «Аза кітабындағы» тізімде жарияланды. Балабатырдың ұлдары Қойсары мен Байсарыдан және қызы Ақбөпеден немере-шөберелері Маңғыстау облысының қала-селоларында түрлі мамандықтарда еңбек етеді. 3) Сұлтанов Қали - жастайынан мал баққан батырақ. 1928 жылы Түркіменстанға талап іздеп барып, арада қысқа мезгіл Ауғанстанды көріп, 1936 жылы Бозашыға қайтып келген, сауатсыз, тума колхозшы. 1938 жылдың жазында «Еңбек» колхозының пішенінде жүріп ұсталып, хаттау үшін үйіне әкелген адамдар ешқандай жиһаз-мүліксіз, ши ұсталған төрт қора ағашты көргенде еріксіз таңырқаулы. Бірақ соған қарамастан айыпталған, ең ауыр жазаға іліккен, 50 жыл өткеннен кейін ақталды. Өзінен жастай қалған жалғыз ұлы Ауғанбай - Алматының жоғары оқу орындарында мұғалім. 4) Сұлтанов Сары - мал баққан кедей. 10.10.1930 жылы 58-8.10-бап бойынша 3 жылға жер аударылып, 30.10.1989 жылы ақталған. Одан қалған қыздары Жаңыл Шетпе кентінде, Мақпал Ақтау қаласында тұрады. Екеуі де балалы-шағалы. 5) Нұрғожа Тілепұлы қазақша сауатты, отызыншы жылдары ауыл кеңесінің хатшысы, колхоз қызметінің белсендісі болған. Кейін Түркіменстанға талапқа барып, одан 1936 жылы елге оралған. 1937 жылы 10 сәуірде менің үйлену кезімде кездесуден кейінгі жағдайынан хабарсыз қалдым. Ол да сол жылы тұтқындалып, жазықсыз жазаланып кетсе керек. Одан қалған үлкен ұлы Есбосын соғыстан оралмаған, кіші ұлы Бастыбай - «Еңбек» колхозының, қазіргі Қызан серіктестігінің мүшесі, зейнеткер. Балалары - әр алуан кәсіп иелері, ұрпақтары жайылған. 6) Шоланов Шарау - Тілепі атаның үлкен баласы Шоланбектің екінші ұлы. Отызыншы жылдардың бас кезінде № 16 ауылдық кеңестің төрағасы, «Еңбек» колхозында еңбек бөлімінің бастығы болып қызмет атқарған. Бұл да 1937-38 жылдың қуғын-сүргініне ұшыраған. Соңғы жайы не болғанын біле алмадым, хабарсыз кетті. Одан қалған Оңал мен Оңаштың отбасыларынан өніп-өскен ұрпақтары Жаңаөзен қаласында тұрады. Отызыншы жылдар ел басына ортақ қасірет болғаны даусыз. Ол кезде аяулы жандардың не үшін кеткенін сұраудың өзі қауіпті еді. Енді ғана, арада 50-60 жыл өткен соң ғана артында қалған әулеттері көз жастары сорғалай отырып еске алып, «халық жауы» деген қарғыстың мойыннан біржолата түскеніне шүкіршілік етіп, көңілге соны медет тұтады. Олар қай жердің топырағында жатса да, жандары жәннатта болғай! «Топырақ» дегеннен шығады-ау, отызыншы жылдары Бозашыдан Кетікке қарай шыққан жолаушылар «Үшауыз» шығанағының Каспийге қараған Сарытас шыңының батыс шетіндегі «Қарақауақ-Шүлдірден» өткен жердегі мұсылмандар қауымындағы кісі қойылмаған, оюлы, сырлы сағана тамды «Жарықтық, Жақау Отарбайдікі ғой. Марқұмға бұйырмады ғой» деп әңгімелеуші еді. Ол кезде біз оның мәнін түсіне бермейтінбіз. Сөйтсек, ол - ел-халқына елеулі қызмет етіп, жазықсыз жазаланып кеткен абзал азамат, руы Жақау Отарбай Иманғазиев екен ғой. Оны біз күні кеше ғана - өткенде «Маңғыстау» газетінде жарияланған мақаладан білдік қой... Өткен күннің қайғылы қасіретінің беті әрмен! Мұндай зұлматты енді болашақ ұрпақтарымыз ешуақытта көрмегей!
1997 жыл, сәуір айы. (Мақала «Маңғыстау» газетінің 1997 жылғы 31 мамырдағы санында «Арманда кеткен ағалар-ай!», Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газетінің 1997 жылғы 1 қазан күнгі № 40 (9110) санында «Жапа шеккен ағалар-ай!» деген атпен біраз қысқартылып жарияланған).
БІЛІМ БАСТАУЫНЫҢ БАСЫНДА БОЛҒАНДАР
(Жиырмасыншы жылдары Маңғыстауда халыққа білім берушілердің қатарында болған Әбдіхалықов Әбілхан мен Айдашев Жұмағали туралы) Еларалық «Шалқар» газетінен «..Сыртқа шықпай, ішінде қала берсе, ой - мұңлық бәрінен де жазылмаған» дегенді оқығаным бар еді. Мен де «Айтылмай, іште қалмасын» деп, көзім көре қалған осынау абзал жандар туралы кейінгі жастарға айтуды парыз санадым. Өлкеміздегі халыққа білім берудің шежірелік материалдары ақпарат құралдарында жарық көріп жүргенмен, жиырмасыншы жылдардың алғашқы ұстаздары туралы мақала сирек кездесетіні жасырын емес. Оның бір себебі - сол кезең ұстаздарымен бірге жасап, қатар еңбек еткендер түгілі, олардан дәріс алған адамдардың да қатары сирегендігінен. Ал бұл адамдардың елге сіңірген еңбегі ересен. Қаншама жандарға қара танытты, мәдениетке тәрбиеледі, ұлағатын сіңірді. Сондықтан ұстаздар аруағы алдындағы борышым сияқты болған соң, өлкеміздегі тұңғыш ұстаздар қатарында болған екі аға туралы білетінімді қағаз бетіне түсірдім. Әбдіхалықов Әбілхан. Ол ауданымыз құрылған жылы 30-дағы жігіт еді. «Тірі жүрсе, биылғы жетпіс жылдық мерейтойда 100 жасын атап өтер еді-ау» деп ойлаймын. Ол жиырмасыншы жылдардың басында Базаржан, Төрәлі, Отарбай, Нұрландардың легінде болған бастапқы қарлығаштардың бірі еді. Әбілхан аға ұстаздықты Кетік қаласында бастап, кейін ауылдық мектептерде жалғастырған. 1933-35 жылдары № 15 ауыл (ол кезде Қаратөбе, кейін Қызан) Мәстекті орталық жасап, Қызанға ауысқан-ды. Әбілхан аға Мәстек бастауыш мектебінің меңгеруші-мұғалімі болып істеді. Шикі кесектен қаланған мектеп үйінің шыға беріс бөлмесінде Әбекең зайыбы Тұрған жеңгеймен және естиярлау ер баласымен тұрғаны жадымда. 1933-34 оқу жылында Шебір мектебінде едім. «Январь кеңесіне түйемен барайық, ат ұстау қиын болады, әзір тұр» деп хабар жіберіпті. Ертеңгісін Шебірден шығып, кешке Ащымұрында отырған оның қайын жұрты Қыдырша Баспақ баласының үйіне жетіп қонып, келесі күні Кетікке барғанымыз күні бүгінге дейін көз алдымда тұрғандай. Ол қолы шебер кісі еді. Қылқаламмен матаға, қағазға әдемілеп ұрандар жазатын. Қабырға газетінің басын көркемдеп, ашылып тұрған кітап, қалам-қарындаш суреттерін акварельмен айнытпай салатын. Әбекең ашық мінезді, әзілқой болатын. Өзі қатарлы азаматтардың сипаттарын әжуалап, 1-20 сандарына қосақтап көрсететін. Мысалы, «Бір - ... қолы кір, екі - ... арқасы бекі, үш - ... азғана күш, төрт - ... бақырауық көрт», т.с.с. Мұндағы көп нүктенің орындарында адам есімдері тұрады. 1940 жылы Шетпе мектебінде болған кезінде мектеп директоры Нұрниязов Сәду Жетімек руының қызы Мәзілханға үйленеді. Сәду - салт басты жігіт, осы Әбілханның үйінде тұрса керек. Сонда Әбекең:
Шетпе деген жерім болды,
Қожағұл Шолақ елім болды.
Кешегі қарындас - бүгін келін,
Бұл не деген керім болды?!
-деген екен. Бұл өлең шумақтары осы кезге дейін ел аузында жүр. 1928 жылдың жазында Адай округінің орталығы Кетіктен Ойылға көшіріліп, бірақ сол күзде ажырап, оның аудандары Гурьев пен Ақтөбеге бөлініп кетті. Сондықтан округтік кеңесті сайлауға Маңғыстау делегаттары қазан-қараша айында мотормен Гурьевке сапар шегулі. Аудандық конференция өткізіп, делегаттармен бірге моторға мінген үкімет уәкілі Шәбден Ералиев Каспий тереңіне жеткен түн мезгілінде жоқ болулы. Оқиғаны делегаттардан көрген заң органдары жаппай тексеру, сұрақ-жауап жүргізіп, 7 кісіні (5 қазақ, 2 орыс) жазаға тартқан. Олардың ішінде екі Әбілхан (Әбдіхалықов және Ешімов), Сағындық және Сәдімек деген азаматтар болулы. Олар жазаларын өтеп, елге келді. Бұл жөнінде Әбекең:
Өткен жылдың күзінде
Жиналысқа баруға
Моторға міндік жағадан
Отызға жуық көп адам, -
деп басталатын баяндау, оның соңында қайғы-мұңын шаққан жырлар жазған. Отызыншы жылдардың басында бұларды және осыған ұқсас Зәкәрия, Елбай және Жарылғаптың өлеңдерін сол кездің жыршыларынан (Бүркітбай, Сынабай, Айса) бірнеше рет тыңдаған едік. Бірақ «Кейінгіге қажет болар-ау» деген түсінік болмай, жазып алмаппыз. Есбол Өмірбаев өлерінен бұрынырақ Шәбден Ералиев туралы айыптау істі КСРО-ның Бас прокуроры «дәлелсіз» деп тауып, қысқартқаны туралы архивтік материалдарды облыстық газетте жариялаған-ды. Осы мақала Ә.Әбдіхалықовтың шығарған жырының мазмұнына тура келетінін айтқан жөн. Әбілханның туған інісі Әбдіразақ Тұрниязов та бір-екі шумақты жеңіл құрап тастайтын мұғалім еді. Оны 1936 жылы Форттың С.М.Киров мектебінде қызметтес болғандықтан білуші едім. Бұлар - атақты Сәтекең ақынның (Сәттігүл Жанғабыловтың) немере інілері. Сондықтан «Әбілхан мен Әбдіразақтың шығарушылық өнерлері табиғи өзектес» деп ұғуға болады. Аяулы азаматтардың екеуі де 1942 жылы Германиямен соғыста майданнан оралмады. Өлкеміздегі алғашқы ұстаздардың тағы бірі - Айдашев Жұмағали. Ол Жылой жағынан келіп, 1926-27 жылдары Ақмыштағы балалар бағым үйінің мектебінде тәрбиеші-оқытушы болып істеді. 1929-30 жылдары мұндағы жетім, панасыз балалар Қаңға баба балалар үйіне көшірілді де, Жұмағали 1931 жылы Шайырда жалпыға бірдей міндетті бастауыш оқу жұмысына кірісті. Бұл Маңғыстауда түгел колхоз ұйымдасқан кез болатын. 1932 жылдың көктемінен колхоздың орталық мекенін салу құрылысы басталды. Тәжірибелі Жұмекеңнің белсене басшылық етуімен алғашқы тұрғын үйлер бой көтерді. Жетпісінші жылдарға дейін пайдаланылып келген көрнекті де ыңғайлы астық қоймасы тұрғызылды. Кесегін даярлауға шейін өзі қол күшін салып, араласқан мектеп үйі пайдалануға берілді. Ол ауылдың әлеуметтік-экономикалық істерінің бәріне атсалысты. Таубойылық бастапқы партия ұясын (ячейка) құрды. Ауылда, ауданда беделі артты, лайықты мектеп басшысы ретінде таңылды. Мұғалімдердің күзгі-қысқы мәслихаттарында үнемі президиум столында отыратын. 1935-36 оқу жылында Қаңғадағы бағым балалар (ауызекі тілде «детдомды» осылай атайтынбыз) мектебіне ауысып, сонда жүрген кезінде қатерлі науқастан қазаға ұшырады. Жұмағалидың екі қыз баласы болды. Біреуі Шайыр ауылының колхозшысы Бисембаев Қоңырмен жұптасқанды. Балалы бола алмаған олар ағайыны Тұяқов Елеместің бір баласын бауырларына басып, перзент аңсаған ана көкірегіне сүт еніп, жас Әнебайды емшек сүтімен өсірді. Бала мектепке қатыса бастаған шақта ізгі ата-ана аралары жақын бұл фәниден көшіп, Әнебай туған отбасына қайтып барды. Осында ержетіп, үйленіп, екі перзентті болған кезінде машина апатынан қазаға ұшырады. Бір қызы Таушықта мектеп пен интернатта ұзақ жылдар тазалаушы болып, балалары өскен соң Жетібай өндірісіне көшіп кеткен. Қазіргі жайын мен білмеймін. Бірақ «Оның ағайындары Қорғанов Кенжеш, Құдияров Шарау, тағы басқа шайырлықтар хабардар болар» деп ойлаймын. «Алғашқы халық ағартушылары, елге танымал болған азаматтарды қазіргі жастар мен орта буын біліп өсуіне, есімдері болашақ ұрпаққа жетуіне дәнекер болар ма екенмін» деген оймен осы жазбаны назарларыңызға бердім. Бұлар жөнінде білетін жоғары буын өкілдері де архивтік құжаттарда кездесуі мүмкін. Ондай мәліметтер іздестіріліп, жиналып жатса, баспасөзде жарық көрсе, абзал-ақ.
1997 жыл, 5 қыркүйек.
(Облыстық «Маңғыстау» газетінің 1998 жылғы 7 ақпандағы саны).
(Бұл мақала Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газетінің 1998 жылғы 14 қаңтардағы № 03 (9125) санында «Алғашқы ағартушылар еді» деген атпен жарияланды).
ҚАТЕРГЕ ҚАСҚАЙЫП ҚАРАҒАН НЕМЕСЕ УАҚЫТ ҚАЛДЫРҒАН БЕЛГІ-БЕДЕРЛЕР, ӨШПЕС ІЗДЕР
Кетік қаласындағы «Көк школда» (кейін «С.М.Киров атындағы орта мектеп» деп аталды) оқитынбыз. 1930 жылы сәуірдің орта шенінде «Үйлері көшейін деп жатқан балаларға жіберді» деп, Бекқожа мен Ерғали ағалар келді. Мектеп рұқсат етті. Мырзабай Сұлтанұлы, Қосалы Үркімбайұлы, Тәжік және Сансызбай Айтбатырұлдары, мен бесеуміз екі қалашының бастауымен арнайы қомдалып келген төрт түйеге мінгесіп, жолға шықтық. «Көш» жөні ауылға жеткен соң мәлім болды. Ақтөбе облысына қарасты Ойыл ауданының аумағынан «шұрайлы жерге» орналасып, қоғамдасқан шаруашылықтың артықшылығын көрсету үшін Бозашы түбінен екі «үлгілі колхоз» құрылыпты. Мұның бірі 15-ауыл тұрғындарынан іріктелген «Еңбек еркін», екіншісі 16-17-ауылдар тұрғындарынан іріктелген «Жаңа адым» серіктері еді. Бұл атаулар 1931 жылы құрылған колхоздарға сол ауылдар бойынша берілгенін айта кету артық болмас. Барлығы 200 шамалы отбасы «Мәстек» құдығының басында 1 мамыр салтанатын өткізіп, оның оңтүстігіндегі «Алуа» тақырына түскен көлді айнала жинақталды. Осы жерден көшті жолға салып тастап, ішінде ауатком нұсқаушысы Маханов Баяман, прокурор Үмбетияров Кенжеғали бар, ұйымдастырушы өкілдер Фортқа тартты. Түсе бастаған ыстық, төлімен айдаған уақ мал көш жүрісін өндіре қойған жоқ. «Ақжар-Ырмақ», «Дөңқараға» жеткен ел ерулеп, «Қызылтас» пунктіне жабағы жүндерін өткізіп, мата-тауар, азық-түліктерін алысты.
І
Сәске түс кезі. «Еңбек еркін» серіктігінің ер адамдары солтүстік беттегі шыңның құламасына таяу қоңыр бел үстіне жиналып, кеңес құрды. Көш жолы ұзақ, оның үштен бірін де жүріп өткен жоқпыз. Шілде түсті, алдымыздағы су арасы қашық шөлейттерден қалай өтпекпіз? Мал жайын айтпағанда, адамға, бала-шағаға оңай ма? Бүгін не ертең көшбасшымыз (ол Маханов Баяман болатын) келмек қой. Оған жағдайды мәлімдеп, суды маңда аялдай тұруды, ыстық басыла қозғалуды сұрайық. Байлам осы болсын. Ертең де осы төбеге келіп құралайық. Жиналғандар кешке шейін отырысты. Күткен адамы келмеді. Халық тарай бастағанда, Әмір аға: «Қатын-бала үшін азамат нені көтермейді?! Мен басымды қандай қиындыққа да байладым. Құдай жолына, Бекет ата әруағына бозқасқа!» - деп дауыстады. Топтың қоштаған үндері жамырасып жатты. Қалғанбайұлы Арықбай мен Досанұлы Өтежан да садақа атады. Кешегі төбеге келесі күні адамдар ерте құралды. Түске таман үш салт атты да келіп жетті. Қапелімде тосылып қалған көшбасшымен қысқа амандасқаннан кейін топ басылары кешегі келіскен арыздарын айтты. Уәкіл де іркілместен: «Өтініштеріңді жазып беріңдер, аудандық атқару комитетіне жіберемін», - деді де, осы жердегі ауылға түсті. Бұл үш үй серіктіктің басшыларыныкі екен. Көпшілік ортасына мені отырғызды да: «Жаз!» деп бұйырды. Мен олардың айтқандарын қағаз бетіне түсіре бердім. 1929-30 оқу жылында ғана мектепте оқытыла бастаған латын альфавиті бойынша сауаттылығым арыз жазу деңгейінде болды да, сол жылдың күзінде ауыл адамдарының сауатын ашу да менің үлесіме тиген-ді. Арызды қабылдаған Баяман «Жаңа адым» серіктігіне жүріп кетті. Ол бір көштей ілгері отыратын. Сонда барған соң екі колхоздың басқарушыларымен Сегізбаев Бесімбай, Өтесбаев Әбдіғали, Досмағанбетов Озғанбай бірлесіп, соңғы көштің айнуына себепші болғандардың үстінен акт жасап, ауданға жедел пошта жөнелтеді. Осы хабар жетісімен, ішкі істер бөлімі арқылы жасақталған тексеруші-жазалаушы отряд келмесі бар ма. Ауылдың оңтүстік жағында 3-4 шақырымдай жерде орналасқан штаб 2-3 күн жаппай жауаптау жүргізіп, 20-дай адамды қалаға әкетті. Олардың бірсыпырасы бір жыл ішінде босанып, елге келді де, Әмірхан 4 жыл үкім арқалап, Қарағанды лагерінде жүріп, 1934 жылдың көктеміне қарсы сонда қазаға ұшырады. Басқа жазаланғандарды анық білмедім. Артынан «Өз шаруасымен «Ырмақ» жерін жайлап отырған Кенже Келбатыр, аудандық милицияда жауапты қызмет ететін Шомпақов Жәнібек те тұтқындалыпты» дегенді естігенмін. ' Азаматтары айдалып кеткен ауыл атақонысына оралды да, «Жаңа адым» ілгері жөнелді. Барған жерінде ол да үлгілі колхоз бола алмаған көрінеді. Шаруашылығы дами алмаған, халқы ашаршылыққа ұшыраған, ұжым ажыраған. Мүшелері күнелтіс іздеп әр тарапқа, көбі Орта Азия республикалары бағытына шұбырған. Маңғыстауға қайтып оралғандар да, қайда кеткені беймәлімдер де баршылық. Мысалы, «Еңбек еркінді» басқарған Сегізбаев Бесімбайдың зайыбы алпысыншы жылдары екі баласымен Түркіменстаннан Ақтау қаласына келді.
ІІ
1929 жылдың аяғы. Голощекиннің Қазақстанда «Кіші Октябрь» орнатып жатқан кезі. «Қызыл жүннен» басталып, байлардың мал-мүлкін тәркілеу мен жер аудару, орта шаруа-кедейлер үшін «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» науқаны бүткіл Қазақстандағы сияқты Маңғыстау түбегін де зор күйзеліске ұшыратты. Қысымға түскен халық не істерін білмей жалтақтап, елдің бір бөлігі 1931 жылдың көктеміне қарай Үстірт үстіне, одан әрі Орта Азияға ығысты. Бұдан да жай таба алмаған ел үкімет қарулы күшінің тегеурінімен жаз аяғында көшкен жұртына қайта келіп қонды. 1930-31 жылдары қой мен сиыр малдары түгел мемлекетке дайындалып, халықтың қолында қалған түйе, жылқы 1931 жылдың күзінде жаппай ұйымдасқан колхоздардың фермаларына жиналып алынды. Сол кезеңнің деректі құжаттарының көрсетуінше, 1929 жылғы 40 миллион бас малдан 1932 жылдың жазында республикада 6-ақ миллион қалыпты. Мал қазақтың көбінің негізгі кәсібі және күнелтісінің бірден-бір көзі екені белгілі. Малдан айырылған жұртшылық ашаршылыққа, қырғынға, қоныс тастап, босу нәубетіне ұшырады. Мұның соңы Коммунистік партияның Орталық Комитетінің 1932 жылы қыркүйекте «Колхоздарды ажырату, күштеп ұйымдастырылған малды колхозшылардың жеке меншігіне таратып беру туралы» қаулы қабылдауына мәжбүр еткені мәлім. Осы шешім жедел жүзеге асты. Жаңа жыл басында колхоздар серіктіктерге, ТОЗ, ТОЖ ажырап, зорлықпен құралған барлық мал осы көктемде-ақ еңбекшілерге бөлініп берілді. Осы жерде реті келіп тұрғанда айта кетейін, 1933 жылы қаңтардың туысы. Біздің «Еңбек» колхозына аудандық ет одағының бастығы Дүйімов келіп, онымен бірге жүрген аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі Үдеров «Жаңа адымға», аудандық ағарту бөлімінің меңгерушісі Тәпесов «Жас бірлікке» өтті. Бізге келген уәкіл колхоз орталығы Қоңырорпадағы селоның бастығы Әйтімов Сүлейменнің үйіне орналасты да, сол күннен бастап колхозға жаппай түгендеу-тексеру қауырт қолға алынды. 1932 жылдың жазы жауынды болып, түбектің барлық жерінде егін өскен. Жыңғылды 33 пұт дән жинап, еңбеккүнге , Аманқызылит үлестірген даңқты жыл еді. Олардай болмаса да, «Еңбектің» қоймасында да бірнеше мың пұт астық бар-ды. Оны шеккіден өткізіп, ферма малын санап түгендеу, еңбеккүн мен тиісті үлесін есептеп шығару, бухгалтерия құжаттарына терең ревизия жасау күні-түні дамылсыз жүріп жатты. Дүйімов жоғары сауатты да еңбекқор адам екен. 7-10 күн ішінде колхозды екі серікке - «Еңбек» 100 үй, «Талап» 900 үй етіп бөліп, колхозшыларға үлесетін жылқы мен еңбекке бөлінетін астық мөлшерін, әр серікке тиісті тұқымдық дәндер мен техникалық құралдар және бөлінбейтін қор баланстарын айқындап үлгеріпті. Ортақтасқан малдарды жеке иеліктеріне үлес етіп алған колхозшыларға келесі жылы мемлекеттік шаруашылықтан да тұқым малдар - сиыр, қой бөлінген-ді. Маңғыстау еңбекшілеріне Гурьевтің «Бақсай», «Таңдай» совхоздарынан бірнеше мың мал екі жыл қатарынан айдалып әкелінді. Соның біріншісі 1934 жылдың аяғында Алшын Меңдалиевтің, екіншісі 1935 жылдың аяғында Тұрсын Қожықовтың бастауымен әкелініп, үй сайын 3-5 бастан үлестірілген-ді. Алғашқы қос қырдан құлағанда райком хатшысы Қангереев Дәрібай мен райзо бастығы Қабанов Назар алдынан шығып, малды «Жармыш» өрісінде 2-3 күн аялдатып, Шетпе басынан ауыл-ауылға бөліп беруді жоспарлаулы. Менің Жармыш мектебінде болған жылым еді. Сол жазда Ағым жерінен шикі кесектен екі класс бөлмесі және екі пәтерлік үй қаланған екен. Осы жерде ауылдық кеңес хатшысы Бектұров Орынбай, ауыл ақсақалы Амандықов Қалмағанбет бәріміз қыстағанбыз. Мал айдап келгендер А.Меңдалиев пен мал дәрігері Ульянов бастаған 5-6 кісі Орынбайдікінде, Көшмағанбетов Аманияз бастаған 5-6 кісі біздің үйде болды. Малдары Кесене қырының күнгейінде жайғасты. Бір түнгі күзетінде милиция қызметкері Еркеғұлов Шайхы екеуміз болғанымыз есімде. Екінші кезек малда Форт-Шевченко қаласында тұрып, 3 бас тоқты алғаным бар. Біздің түбек шаруақор, малды бағып-күтіп, өсіруге ынталы елміз ғой. Осыған орай мемлекеттік талап пен жауапкершілік те қатал қойылғаны рас. Елеулі мөлшерде малды көбейткен колхозшылар Донбасстың көмір өндіруші шахтері Алексей Стахановпен теңестіріліп, арнайы мадақталды. Аз уақыт ішінде еселей өскен мал бұрынғы қалпына бағыт алды. Енді 1936 жылдан кейін шаруашылықтың екінші сатысы - колхозға көшіру қайта басталды. Алайда жаппай емес, әр серіктің шаруашылық дәрежесі мен қоныс жағдайларына орайлас, кезек-кезек, біртіндеп ауыстырылып, бұл науқан 1940 жылға қарай аяқталып біткен-ді.
ІІІ
Әмірхан аға Тасымұлы отызыншы жылдардағы ел басына түскен зобалаң мен ауыр қасіретті жарыққа шығарушы патриот екендігі, өз ошақ басының ғана емес, халқының болашағы үшін құрбан болғаны ақиқат. Ол - Қожықтың төрт әйелінен туған 11 ұл, 5 қызының ішінде бәйбішесінен 1887 жылы дүниеге келген үшінші перзенті. Жаратылысынан ер тұлғалы, батыл, үлкен ақыл иесі, терең пікірлі, аузы би, ағайын-туыстар арасында жоғары беделді азамат-ты. Жасөспірім кезімізде көріп-білгеніміз бен ол кісінің кейінгіге қалдырған істері мен іздері аса аяулы жан екенін, жамандыққа қимайтын жарқын жүзді тұлға екенін айғақтайды. Қожекем дүние салған соң балалары аса дәулетті болмаған, он шақты үй қысы-жазы «Жанұзақ», «Қалнияз» құдықтарын айнала өздерінің дөңгелек шаруасымен бір тебе басында отыратын. Ауылдың екі айғыр үйіріндей жылқы шаруасымен Әмірхан аға шұғылданатын. Бие байлау, тай жуасыту, бәйгеге жүйрік баптау соныкі-ді. Өзінің «Кер байталы», Жәңгірдің «Сұрқасқасы», Қалымның «Торы айғыры» кезінде аламан жарыстың алдын берген жоқ. Ол - бала тәрбиесіне айрықша мән берген адам. Үлкен баласы Бәймембетті 5 жасынан жылқы шаруасына, бәйгеге шабуға баулыды. Ауыл молда ұстай алмағандықтан, оны өзге жерлердегі медреселерге беріп, Құран тәмәмдауға, 3-4 кітап оқып қалуға үйретті. Ауылымызда діни білімді де, жылқының жайын танып білген де Қожық атаның осы немересі болатын. Әмірхан ағаның прогресшіл, ойлы, болашақты түсіне білген кісі екеніне 1926 жылы Жиделі жерінде Байтұрсынов әліппесімен оқытатын маусымдық мектепке екі үй көшіріп апарып, ауылының төрт ұл балаларын сауаттандырғаны, келесі 1927 жылы Бәймембетің Кетік қаласындағы мектепке орналастырғаны айқын дәлел бола алады. Себебі, ол кезде мұндай іске бұқара тарапынан ынта-ықылас туа қоймаған уақыт еді. Уақыттың ағымын алдын-ала сезіп, жас ұрпаққа берілетін тәлім-тәрбиенің мән-мағынасын күнілгері аңдаған Әмірхан аға балалардың білім алып, мамандық меңгеруге деген ынта-ықыласын ұштап, баулуға ынтызар болды. Алайда қатал кезең оны ойлағанына жеткізбеді. Советтік дәуір, сталиндік зұлмат шаңырағына тұман салған, жазықсыз құрбан болған азаматтар аз ба?! Солардың бірі - Әмірхан Қожықұлы. Бірақ оның aсқақ арманы құлаған жоқ. Екі ұлы мен екі қызы өсіп, ержетті. Бәрі де отау көтеріп, ұрпақ жайды. Балалары Бәймембет, Әлмембет, Қағаз, Ару ел қатарында еңбек етті. Олар өздері өндіріп-өсірген жеткіншектерінің материалдық та, рухани да жемісін көрді. Бүгінде 23 немере, ондаған шөберелері бар іргелі ел болды. Олар қазір халық шаруашылығы мен әлеуметтік салаларда, әсіресе мұнай, құрылыс жүйелерінде мамандықтары бойынша көрнекті де үлгілі жұмыстар атқарады. Қадірлі Әмірхан аға! Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа, иманың жолдасың, жаның жәннатта болсын! «Сенің аяулы жүзің мен атқарған істерің туыстарың мен ұрпақтарыңның әулеттерінің есінде мәңгілікке сақталсын!» демекпін. (Маңғыстау аудандық «Жана өмір» газетінің 1996 жылғы 17 қаңтар күнгі № 03 (9061) саны).
ЕРТЕ КЕТКЕН ЕСІЛ ЕР
Қазақ Республикасының 70 жылдығы қарсаңында Еңбек ардагері Тұрар Жалғасбаев әңгімелейді
1936 жылы бүкіл ел болып Бірінші мамырды мерекелеп, тарай бастағанда «Түркіменстан арқылы Ораз Исаев келе жатыр. Ол таң ата қаламызға жетеді» деген хабар жетті. Республика үкіметінің басшысын қарсы алу, дидарласу құштарлығы мереке қызығына бөленген халықты тағы бір елең еткізді. Жарыс бәйгесіне қатынасқан аттылардың бір тобы құрметті жолаушының алдынан шығып, кездеспекке «Таңбалы»-«Бесауыл» дөңдерінен күтісті. 2 мамыр күні таңертең Баутин, Форт-Шевченко тұрғындарының бір-біріне жалғасқан тізбегі Совет және Октябрь көшелерін бойлай шығысқа қарай жылжыды. Қаланың «Базаржай» аталатын шетінде екі ЗИС машина топтың ортасын жара тұра қалысты. Қызыл былғары пальтолы, толық қараторы кісі машина қорабына көтерілді. Көшенің екі бетіне жарыла, машинаны айнала қоршаған көпшілік басшыны құттықтап, «уралап» жатыр. Басында ақ жаулығы, қолында күміс білезігі бар кемпір шашу шашты. Тыныштық орнаған сәтте құрметті қонақ жиналғандарға анық естілетін жайдары қоңыр дауыспен сөз бастады:
- Туысқандар! Құралдарың қайырлы болсын! Көптен ойда болған кездесу сәті бүгін түсті. «Маңғыстау - сусыз шөл, құлазыған дала» деген түсінік бекер екен. Бұл жердің шүйгін шөпті, тұнық суды мал өсірер кең өріс екенін көріп келеміз. Бір бетіңізді қоршап жатқан ақ теңіз, іші толған балық. Республика партия ұйымы мен үкіметі ауданыңыздың болашағы үшін зор көңіл бөлуде. Қазақстанға белгілі кадрлар Қангереев, Әлиев жолдастар сіздердің араларыңызда. Өлкелік партия комитетінің хатшысы Л.И.Мирзоян жолдас екеуміз келмекші болған едік. Ол денсаулық жайымен шыға алмады. Л.И.Мирзоянның Маңғыстау жайына ерекше назар аударатынын айтуға тиіспін. Мұнда жіберілген астықты қап санына шейін, матаның метріне дейін тәптіштеп біліп отырады. Партия мен мемлекетіміз талабына сай шаруашылық пен мәдениетте ұлы табысқа жете беретіндеріңізге сенемін!
О.Исаев бұл сапасында Түркімен ССР-і арқылы келді. Ауатком төрағасы Төлесін Әлиев сол жақтан кездесіп, бірге келді. Форттағы кездесуге Гурьев округтік партия комитетінің хатшысы Ақботин мен ократком төрағасы Нұржанов келді. Түстен кейін қонақтар салт аттарға отырып, қала айналасына серуендеді. Олар тау үстіндегі әскери қамал-қорған жүйесін, ояз кеңсесі мен казарма орындарын, қалалық паркті аралап көрді. Осы кеште аудандық партия комитеті кеңсесінде активтермен мәжіліс өтті. Ол туралы қысқаша ақпарларды аудандық «Колхоз жолы» газетінен келесі күні оқыған едік. Соның ішінде үкімет басшысының «Қалалық паркіңіз сүйкімді екен. Еңбекшілердің демалысына жағдай жасап, паркті лайықты көркейту үшін Халық Комиссарлар Советі жарты миллион сом қаржы бөледі және жер шалғай, қатынас жағдайы ауыр екен, пошта байланысына машина жібермекпіз» деген сөздері есте қалыпты. 3 мамыр күні Ораз Исаев округ және аудан басшыларымен бірге машинамен «Бірлік күш» колхозы арқылы Ортаеспеге барып, одан әрі мотормен Гурьевке өткенін естідік. Голощекиннің «Кіші Октябрі» отызыншы жылдардың бас кезінде Қазақстанды қиямет алапатқа ұшыратқаны, мал шаруашылығымен айналысатын аудандардың халқы жаппай ашаршылыққа ұшырап, қоныс тастап, босу нәубеті сол кездегі республика Халық Комиссарлар Советінің төрағасы О.Исаевты қаншалықты күйзелткенін кейінгі жариялылық дәуірінде баспасөз бетінде көрінген құжаттар айқындап отыр. Ол 1932 жылдың тамызында БК(б)П Орталық Комитетіне жазған арнайы хатында: «1929 жылғы есеп деректері бойынша Қазақстанда 40 миллион мал болған. Ал қазір небәрі 6 миллион мал қалды. Оның 2 миллионы совхоздарда. Ал колхоздық сектор мен жеке меншік сектордағы 4 миллион бас малдың көп бөлігі қазақтың бұрынғы негізгі мал шаруашылығымен айналысатын аудандарында емес, орыс аудандарында. Мал шаруашылығы қазақ халқының көпшілігі үшін негізгі кәсіп және бірден-бір табыс көзі болғандықтан, мал шаруашылығының мұндай жай-күйі қазақ жұртын күйзелтіп отыр. «Бұған душар еткен басты себеп - Қазақстанда партия саясатының артта қалған ұлт аудандарындағы коллективтендіру туралы нұсқаулардың бұрмалануы» деп білу керек. Бұл күштеп коллективтендіруден, барлық малды ықтиярсыз қоғамдастырудан және мал дайындау практикасында тікелей озбырлық жасаудан көрінді» деп жазды. Ол И.В.Сталинге нақты, тура ұсыныстар қойды. Соның ішінде мынадай сөйлемдер бар:
- Орталық Комитетке (алдын-ала тексеру жүргізіп барып) Қазақстан Өлкелік Комитетінің баяндамасын қою және қазақ ұйымының негізінен қазақ ауылын дамытуға байланысты кемшіліктері мен негізгі міндеттері көрсетілетін ауқымды шешім қабылдау керек...
- Мал шаруашылығымен айналысатын қазақ аудандарындағы барлық колхоздарды қайта тіркеу және әкімшілік жолымен құрылған колхоздардың бәрін тарату, күштеп ұйымдастырылған малды иелеріне қайтару...
- Бір ауданнан екінші ауданға жаппай көшіп жатқан қазақ шаруашылықтарын қажетті қаражатпен қор бөлу арқылы оңтүстік аудандарға орналастыруды ұйымдастыру керек...
- Жадап-жүдеген малшыларға жедел көмек көрсету үшін өнеркәсіп тауарларынан және астықтан қор бөлу қажет...
- Біздің кемшіліктеріміздің бар кінәсін бір кісіге итере салуға болмайды, әрине. Бұл жерде тұтас алғанда Өлкелік Комитеттің бүкіл бюросы кінәлі... Ал айда жұмысты батыл түрде қайта құрып, басшылықты күшейту үшін Өлкелік Комитет басшыларын жаңартып, жандандыру керек. Бірінші хатшының рөлі айрықша екені баршаға мәлім. Өз басым былай деп ойлаймын: Голщекин жолдас Өлкелік Комитеттің де және тікелей өз басының да жіберген қателіктеріне аяусыз сынау негізінде батыл бетбұрыс жасауға жеткілікті күш таба алмайды.
1932 жылғы 17 қыркүйекте БК(б)П Орталық Комитеті «Ауыл шаруашылығы және атап айтқанда, Қазақстандағы мал шаруашылығы туралы» тарихи қаулы қабылдағаны, онда О.Исаев жолдастың ұсыныстары түгел енгізілгені баршаға аян. 1933 жылдың басында Маңғыстау түбегі бойынша колхоздар ажырап, мал шаруашылығы серіктігі, жер кәсібі серіктігі құрылғанына және ортақтасқан мал еңбекшілерге таратылып берілгеніне бәріміз куәгерміз. Он жыл қазақ үкіметін басқарған, отызыншы жылдардың қуғын-сүргініне ұшырап, арманда кеткен аяулы қайраткер Ораз Исаев ағаны Қазақ Советтік Социалистік Республикасының 70 жылдық мерейтойы қарсаңында құрметпен еске аламыз.
(Облыстық «Маңғыстау» газетінің 1990 жылғы 7 тамыз күнгі № 151 саны).
VІІ ТАРАУ. АТА-БАБАМ – АРУАҒЫМ
ӨЗІМ ТУРАЛЫ
Әкем 1918-19 жылдар шамасында дүние салыпты.
Мен әкемнен 4-5 жасымда қалыппын. 5-6 жасымнан ауылда жаз кезінде қозы бағып, қыста өрістен түйе қайырып келіп, шаруашылықпен айналыстым. Қожық ауылы біртұтас Жанұзақ, кейін Қалнияз деп аталатын таңқы ащы сулы Тереңорпада қоныс тепті. Мұнда басқа ел мекендей алған жоқ. Балалық шақ 1927-28 жылдардағы қоянның қысына шейін осы оңашалықта өрбіді. Сондықтан, басқа елдер туралы айтпағанда, Қазан ата тарамын да танымай өстік. Шешемнің өтінішін тыңдай білген Қалым ағамыз 1928 жылдың жазында мені Форттағы балалар үйіне орналастырды. Мектептен 3 кластық білім алдым. 1930 жылдың күзінде өз ауылымызда латынша халықты сауаттандыру қызметіне кірісіп, 1931-33 жылдары ұжымдасқан Кеще ауылдарына жаңа ашылған бастауыш мектептерде мұғалім болдым. Бұл қызметті 1933 жылдың күзінен бастап басқа жерлер де жалғастыруға тура келді (Шебір, Жармыш, Ауыздыбас, Форт, Тұщықұдық, 1950 жылдың күзінен бастап Шайыр). Әкем Тобыштың Қараш руының Балуан тайпасы Көшкінұлы Таубайдың қызы Ақбалаға үйленген. Ол бес тумаласты: інілері - Ақбатыр мен Қаби, сіңлілері - Тәжіхан мен Сәнімхан. Қабидың ұлы Баймұхан Атырау-Қандыағаш темір жолының бойындағы Жарлы станциясында тұрады. Жалғасбайдың қыз тумаласы Ақзер руы Бәйбіше Балтабасұлы Шақпаққа қосылған. Одан Көнжік атты қызы болды. Өзімнің туыстарым - Орын (1921 ж.т.) мен Ханзия (1926 ж.т.). Олар өздері қатарлы азаматтарға бас қосып, халық қатарында тұрмыс жасап, азамат балалар өсіріп, немерелер сүйді, абыройлы өмір сүрді. Осыған зор қанағат тұтамын. Иә, Алла Тағала, олардың өмір жастарын ұзақ етіп, жеті мүшесіне - саулық, тірісінде -абырой, өлгенде - иман бере гөр! Балаларға, ұрпақтарыма ұзақ өмір мен зор денсаулық, мәңгілік бақыт тілеймін.
«БАТАМЕНЕН ЕР КӨГЕРЕР»
«Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» деген халық мәтелін Қожекем атамыздың бәйбішесінен өнген алты ұлдың кішісі, кейінде денсаулығының бұзылуынан үйлене алмай өткен ағамыз Бақырхан (1945 жылы Үстіртте колхоздың қой отарында жүріп Мәдіхан ағасы екеуі қатар қайталама кезіктен қайтыс болды) сөз басы ете отырып, менің балалық шағымда да, есейген кезімде де үнемі айтып отырушы еді. Содан жадымда қалғаны: мен дүниеге келгенде әкем қатты қуаныпты. Жалғасбайдың өз кезінде жеңілдеу айғыр үйір жылқысы болыпты. Сұлтан атамыз «Тұрарбек» деп ат қойыпты («Бек» деген аға болғандықтан, соңғы буын аталмай қалған). Сол кездегі үлкен үйдегі жас келін Төре кіндік кесіп, оған өрен жүйрік болған кер бие тай күнінде сыйлық етілген. Жас босанған келінді үлкен үй шақыру кешінде шешеміз бәйбіше енесіне қос бауырлы жүзік ілу жасапты. Осыларға зор разы болған Нұрлан шешеміз: «Көп жасасын! Бақытты болсын! Немеренің алды болсын!» — деген бата беріпті. Бақырхан марқұм: «Осы бата қабыл болды», - дейтін. Тірі кезінде кары шешеміздің өзі де шын ниетімен осы батасын қайталап айтушы еді. Ол кісіге 1931-32 жылы қыста уақыт болып, Мәстек жеріндегі аталар қауымына қойылды. Оның қарасына біздің үш қойдың бірі жаратылды. Ауылда біздің үйден басқада қой болмаған. Жалғасбайдың өз кезінде жеңілдеу айғыр үйір жылқысы болыпты. Кіндік кесерге берілген кер биемен тумалас сындарды торы байтал болған. Ол Қалым ағамыз мініп «Байтақ» аралы тұсынан мұзға салғанда тайып жанбасы қирап өлулі. Қожық атамыз бен төрт шешемізден 16 баласы (5 қыз) болған екен. Бұлардың бәрі де, келіндері де дүниеден өтті. Бізге қарайлас ұл-қыз немерелері де көз жұмды. Ендігі маған тетелесі мүшел жас кіші Ағзам мен Кейкіш. Еңбегімізден өнімге қанағат тұтып, табылғанға разы, жоққа өкінбедік. Басқадан дәмету, мойынға борыш арқалау санаға енген жоқ. Осыған орай нәсібе де кем болмады деп ойлаймын. Шайыр басында Құлекешті айтпағанда, ағайындар: Алхамбек, Күзембай және Шүйіш балаларымен іргелес - дәмдес болдық. Бұлардың бәрімен де тату - сыйлас келеміз. Ағайындық - достық көзқарасы мен балаларға адамгершілік қамқорлығы (әсіресе Төлеген мен Асқарға) тұрғысынан Алпысбайды айрықша ауызға аламын. Бөлелерім Нұрберген, Шүрен, Түменбай бақи болды. Шүрен туралы кезінде хабарсыз қалдық. «Қайыры болсын» айтуға барғанда үйі жабық тұрып, арнаулы дұғамды сырттан оқып кеттім. Басқа екеуіне жер шалғайлығы және өзге де себептер жайымен топырақ та сала алмадым, іздеп барып бата да оқи алмадым. Бұл - ой да қалған борыш.
1990 жыл.
ҚАРЫНДАСЫМ ОРЫН ТУРАЛЫ
Үлкен ауыл аталатын 5-6 үй Қалнияз қонысымызда отыратынбыз. Орынның 3-4 жастағы кезі еді. 1924-25 жылдардың бірінің жазы болатын. Шешеміз Орынды ертіп ауылдың ортасына тігілген үлкен үйге келеді. Өзі әлденеге айналып қалады да, баласына «Үйге бара бер!» дейді. Бала келіп есіктен қарай бере бақырып жылап, кейін қашады. Ол үй төрінде отырған ақсақалды шалдан қорыққанын айтады. Күн батқаннан кейінгі қараңғы түсе қоймаған іңір кеші болса керек. «Қонақ бар екен» деп, адамдар үйге келсе, ешкім көрінбейді. Ауыл адамдары «Орынға көрінген шал Қыдыр болуы керек» деп ойлайды. Байұлының бір ата баласында халқына танымал азаматпен бас қосқан ол ел ортасы өмір сүріп келеді. Кейінде денсаулығына ақау енгенмен ешқандай таршылық көрмей, өзінен өнген балалары (4 ұл, 6 қыз) мен келіндерінің бағым-күтім тәрбиесінде жүріп жатыр. Алла Тағала сәби кезінде өмір болашағын көрсеткен шығар.
1991 жыл.
НАҒАШЫ ТУРАЛЫ
Әкем Жалғасбайдың шешесі Тасымұлы Қожықтың алғашқы зайыбы Сағира Олжашының қызы болса керек. Ол нағашының кім екенін білмей қалдық. Әкеміз екі некелі болған. Алғашқысы - Есуаққызы Райым XX ғасырдың алғашқы он жылында бірге өмір сүрген. Балалы болмапты. Ол шешеміз Қожантайдың қызы, тумалары Ақмырза мен Иманмырза (Айсары атты қызы болған), одан Назар бала-шағалы ұрпақ өскен. Менің шешем Бұлтықкөз Көшкіннің Таңбайынан. Үш қыз, екі ұлдың ең үлкені. Ол әкеміз Жалғасбаймен 1913 жыл шамасында бас қосқан. 1918 жыл шамасында Жалғасбай қайтыс болып, 4 жаста мен, 1 жаста Жұмағали (8 жасында қайтыс болған тумаласым) қалыппыз. Нағашы атамыз Қазан Нарынбайұлы Досанның қызы Айбаламен қос құрған. Бұдан Ақбала, Ақбатыр, Тәжіхан, Қаби, Сәнімхан туады. Ақбатырдың жолдасы - Байжанұлы Сағындықтың қызы, аты - Бойжеткен. Бұлар Адайхан атты бір балалы болған. Ол 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысынан елге оралған жоқ. Қаби де соғыстан қайтпай қалды. Оның Әдемі атты қызы, Әмірхан, Баймұқан атты екі ұлы қалған. Әмірханы 1940 жылдары қайтыс болған. Әдемі мен Баймұқан Гурьев-Қандыағаш жолындағы Жарлы станциясында тұрады. Екеуі де балалы-шағалы. Ақбатыров Баймұқан - Жарлы станциясы, Байғанин совхозындағы қазақ орта мектебінің шаруашылық меңгерушісі. Оның балалары:
Ермұқан Қабиев - мұғалім.
Аманқос Қабиев - Дияр совхозында.
Алтай Қабиев - өзінің қолында.
Нұртай Ақбатыров - фельдшер.
Ізтай Ақбатыров - өз қолында.
Гүлнар Адайханова - Хромтауда дәрігер.
Несгүл Қабиева - Ақтөбедегі балалар ауруханасында медбике.
Алма Қабиева - Ақтөбе мединститутының VІ курсында оқиды.
Әдемі Қабиева - Жарлы станциясы, Байғанин совхозында.
2001 жыл, 10 наурыз.
Нағашы ата-бабаларым:
Адай-Келінберді-Тобыш-Ораз-Еділ (Қараш)-Балуан(Жәдік)-Ошыртқы-Бұйраш-Қарағұл-Өмірзақ-Таңас-Есір-Байжол-Көшкін-Таңбай.
НАҒАШЫ ІНІМ БАЙМҰҚАНҒА ЖАЗҒАН ХАТЫМ
Баймұқан!
Ақама, Нұрлекеме, жасы кішілерге бізден сәлем!
Әмірханның жатқан орны жайлы, артының қайыры болсын! Кісінің шарасы болмайтын іске одан өзге не айтайық?! Бес-алты жыл ұзақ ауру апаңызды да бізден алып кетті. Осы жылғы 27 қыркүйекте аманатын тапсырып, 28-і күні отырған жеріміз - Шайырға ақирет мекеніне аттандырдық. Бұдан бөтен өзгерісіміз жоқ. Балалардың дендері сау. Төлеген Гурьевте, оқуында. Ләйләмыз аудан орталығындағы он жылдық мектептің 9-класында оқиды. Қалия, Амангелді, Сәния деген балалар өзіміз отырған ауылдағы мектептің 7, 5, 2-кластарында оқиды. Кетебай бұрынғы мектебінде, үй-іші аман. Шүрен, Ақбай Таушық басында, Тәжіхан, Нұрбергені және Түменбайы Қарақұмда. Қысқаша хабар осы. Ал өздеріңнің жайларың қалай? Не істеп жатырсыңдар? Дендерің сау ма? Қай жерде отырсыңдар? Колхоздың орталығындасыңдар ма?
Осыны алғаннан кейін хат жаз. Хатыңды кеше, 12 қазан күні алдым.
1960 жыл, 24 қазан.
ЖҰБАЙЫМ ТУРАЛЫ
Жары атамның бәйбішесінен туған төртеуге қосылатын Дәулеталы мен Мұрат ағайын екені көпке мәлім, оның үстіне бұлар Бозашы түп жағын қанаттас қоныс еткен ауылдар. Қосай (Тіней) Есенбайдың Елемес батыр ұрпағы Өмір ақсақал Дәулеталы Самалық бидің тумаласымен бас қосқан екен. Сонда Өмірдің балалары Шанан, Сисен, Қаражан, Бадан -Самалықтың балалары Төрәлі, Жұмалы, Қаналы бір жағы ұлдан, екінші жағы қыздан туған немерелер. Ал Сисеннің зайыбы Аққыз Самалықтың жақын ағайыны Қожаның Үркімбайынан туған. 1937 жылдың сәуірінде Сисенқызы Нұрлыханмен (Нұрпаш) бас қостым. Өздері көп тумаласты бола тұрса да, өсіп, ер жеткені үшеу: апасы Жазыхан, ағасы Бақыт және өзі. 1931 жылғы қате түсінікпен үркіп көшіп, Гурьев маңына тұрақтап, ол жақтан 1935-36 жылдары Бақыт Форт-Шевченко қаласына көшіп келіп, балықшылық кәсібімен айналысқан. 1940 жылы әскерге шақырылды. Ол Ұлы Отан соғысынан елге оралмады. Балалардың денсаулығы нашарлады. Бұл жағдайлар отбасының көңіл-күйін кемітті. Бұл әсіресе онсыз да жүйкесі әлсіреген шешеге мықты әсер етті. Оның мінез-құлқы өзгеріп, жиі күйгелектікке ұшырады. Табиғаты шыдамсыз, бірақ ұшқыр ойлы, сезімтал жан еді. Отбасын сақтап қалу үшін тұрмыстық қиындықтарға қарсы тұрып, жан аямай, мойымай күресті. «Бұл ретте оның еңбегі үлкен, ол менен де жоғары» деп ойлаймын. Біздің 1935-37 жылдары Фортта болғанымыз да дәм-тұз қосуға себеп болды. Халықпен бірдей, орта дәрежеде отбасы болдық, өсіп-өніп, көбейдік. 1938-65 жылдар арасында 14 ұрпақ болып, оның тоғызы тұрақтады. Балаларымыз бізді үлкен қуанышқа бөледі. Алла жазмышымен 60 жылдан аса бірге қос құрған аяулы да құрметті жан серігім Нұрлыхан Сисенқызы ұзаққа созылған ауыр науқастан 1997 жылдың 2 маусымы күні 77 жасында дүние салды. Ол үш тәулік бала-шаға, туыстарының күзетімен жанұясында болып, бейсенбі күні шешесі мен енесі, өзінен өнген 3 баласы мен 4 немересі жатқан Шайыр жеріндегі Есбол ата зиратынан бақилық мекен тапты. 1995 жылдың 13 қаңтарында өте жоғары қан қысымымен құлаған анасын ұл-қыздары, келіндері мен немерелері екі жарым жылға жуық уақыт жүдетпей-жадатпай, денесіне дақ түсірмей, аялады. Бұл - оның өзі жалғастырған ұрпағының көрсеткен сый-құрметі, өлшеусіз абыройы. Жұбайымның ата-бабалары: Адай-Құдайке-Қосай-Тіней-Таңат-Қоныс-Нәдірбек-Әділ-Есенбай-Елемес-Әбіл-Исатай-Өмір-Сисен.
ҚАЗАН АТА ӘУЛЕТІ
Үстіміздегі ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан соңғы он жылына дейінгі аралықтағы 70 жыл уақыт ата-тек сөз етілмеген кезең екені - жұмылаға белгілі жай. Енді ғана бұған назар аударған орта буын мен жастар үшін шежірелік дұрыс мағлұмат беретіндей азаматтар қатары сиреп қалғаны тағы белгілі. Кейінгі кезде ақпарат құралдарында жарық көріп жүрген аталық әулеттердің өрбу тізбегі өлкемізде тұратын барлық жұртты бірдей толық қамтымайды. Ол шаруа жалпы көптің ынталылықпен бірлесуінсіз жүзеге асуы мүмкін емес те шығар. Қазіргі адамдар өзі тұратын мекеніне немесе жұмыс қатынастарына қарай сиректеу болса да кездесіп жүретіндерден өзге, келім-кетімсіз, шалғайда тұратын ағайыңдар-ды білмейтіндігі рас. Әсіресе төменгі буынның ішінен «Адайдан - Құдайке мен Келімберді, Құдайкеден - Тәзіке, Қосай, Бұзаудан - Айтумыс, Жеменей, Мұңалдан - Әли, Бәйімбет, Жаулы, Шоғы, Жаулыдан - сегіз арыс Жары» деген сияқты жіктеулерді жиі естіп, көңілге түйгенімен, өзінің жеті атасынан бері, тіпті 3-5 аталық тарамдарды айыра алмайтындарды да көріп жүрміз. Біз әңгімелегелі отырған Қазан әулетіне де осындай сипат тән. Сондықтан да өзіме дейінгі жеті ата туралы көргенім мен естігенімді, ойға түйгендерімді қағаз бетіне түсіруді жөн санадым. Қазіргі таңда осы әулеттің үлкені - 80-ге жетіп, оны орталаған үшеу (Байсары, мен, Кенжебай) екенбіз. Біздер ұрпақтар өрбуіне ой бөліп, материал жинақтаған жандар емеспіз. «Шоланов Сыран жазып жүріпті» деген әңгіме құлаққа шалынғанмен, ол дәптерді көрудің сәті түспеді. Бұл тақырыпқа көмегі тиер кім барын да біле алмадым. «Жоқтан -бар», «Ештен - кеш жақсы» деген игі қағидаға сүйеніп, кейінгі ұрпақтардан кешірім сұрай отырып, кеткен кемшіліктер мен қателерге толықтыру мен түзету жасауды өтінемін.
ҰЛЫҚ АЛЛАНЫҢ ЕСІМІМЕН БАСТАП КӨРЕЙІН
Бірінші анадан Мете, Дәулеталы, Мұрат, Жетімек, екінші анадан Базар, Бектеміс, Тоқтамыс, Назар - барлығы сегіз арыс Жарыны құрағанда, біз сол Мұрат атадан -Мендібай, Сасықбай, Қожакелді, Шортық, ал Шортық атадан - Сырымбет, Бұхар, Жарылғас болып дүреп өсеміз. Бұхардан - Құрым, Жарылғастан - Алтай, Күнтай, Жанту, Жантуған, Сырымбеттен - Қазан мен Сазан өрбиді. Енді Сырымбет ата тарамына тура кірісейін. Сазан ата балалары кім екені анық белгілі емес. Біздің білуімізше, Сазаннан Ерім, Ермек, Есжан (?), Ноғай, Шаншар. Солардан менің көргенім - Ермек, одан Дүйсенғали және Есжанның баласы Елубай, Елубай ұлдары Қоңырбай мен Іңірбай еді. Бұл топ 1927-28 жылдардағы қоян жұтынан кейін Орта Азия асып, бұдан әрі қайда ығысқаны беймәлім. Шаншардан - Есқали, Дүйсенғали. Есқалидан -Тұрарбек, одан - Құралбек (Ақтауда травматолог), Бауыржан. Дүйсенғали баласы Тынысбек жетпісінші жылдары Ақтау қаласына келген, оның өзі қайтып, ұрпақтары Баянды елді мекенінде тұрады (Жұма, Аман, Аташ). Қазанның балалары: Нарынбай, Қарынбай, Азамат. Нарынбайдан - Досан, Нұржан, Есжан, Байжан, Құлман. Қарынбайдан - Көшен, Жұбан тарайды. Азаматтан - Әлібай, Тасым, Маханбет өнеді. Бұған дейін ел аузына енген шағын ауыл «бес үй Қазан» енді өсе бастапты.
Нарынбай бойынша:
Досаннан - Кетебай, одан - Дүйсен; Нұржаннан - Шора, Бүркіт, Қуан; Шорадан - Қоқыш, одан - Әліби мен Шамғұл; Қуаннан - Жұмагелді; Есжаннан - Өтеген, Тәлкен, Өмірбек; Өтегеннен - Ақмұхан, Кірбас; Ақмұханнан - Бақыт, Орынбай; Кірбастан - Мұханбет; Өмірбектен - Еңсеп, Есіркеп; Еңсептен - Дыбыс, Өтеғали, Мүзәй; Есіркептен - Өтелген; Тәлкеннен - Әдіхан, Морхан; Әдіханнан - Жұлдыз; Морханнан - Төлебай; Байжаннан -Сағындық, Қалау, Айтбай, Келбатыр; Сағындықтан - Өрбісін; Айтбайдан - Шекімбай, одан - Бердібек; Келбатырдан - Бекес, Тәжік; Құлманнан - Қабақ, одан - Жәміш, Жақып, Рақ; Жақыптан - Қайыр, Зайыр; Рақтан - Түгелбай.
Қарынбай бойынша:
Көшеннен - Бектілеу, Денбай; Бектілеуден - Денхан, Сейілхан, Табыл; Денханнан -Марқабай, Базарбай; Жұбаннан - Еділ, одан - Тұрназар, Көшербай, Бердіғали. Денбайдан -Жұмабай, Жұмағали, Жұмқаш, Есібай, Көмекбай; Жұмабайдан - Итемген.
Азамат бойынша:
1. Әлібайдан - Алдаберген, Қарағұл, Қожымбай, Қожантай, Қалдыбай, Қорлыбай, Әдіғасым, Әндірхан, Самархан, Нұрмұқан, Таңатар. Алдабергеннен - Тұрақбай (балалары: Нұрхан, Нұрбердіхан, Батырхан), Иманғали (Оңғар), Арал (Елеусін), Мырзағали (балалары Алматыда, Ақмолада); Қарағұлдан - Серікбай (Алпамыш, Қарабек), Дәуітбай (екі жігіт Өзенде), Ағатай, Ақжігіт, Жиренше (Дадан), Сыдиық. Қожымбайдан - Ізімберген (Әбділла), Қожантайдан - Айдархан; Арқан (екі бала); Қалдыбайдан - Дорал мен Сармайрам, Әндірханнан - Сыдиық, Нұрша; Таңатардан - екі бала. 2. Тасымнан - Тілепі, Сұлтан, Қожық, Ұлықпан. Тілепіден - Шоланбек, Жанболат, Ерболат, Ақболат, Нұрболат, Нұрбосын, Нұрғожа, Айтболат, Қанболат, Сәйпі, Бекқожа, Ізтүрған, Байтұрған, Байбосын, Көжек, Оңайбай, Әуелбай. Шоланбектен - Бекмұқан (Сыран - оның ұлы Бердіғали облыстық банк басшысы; Сүндет, Ырзабек, Басшыбек) мен Шарау (Оңғал мен Оңаш); Жанболаттан - Қанғожа, Мамай, Аманқос, Шаңды; Ерболаттан - Ерғали мен Тұралхан; Ақболаттан - Шөлжан, Тәжік, Мекебай; Нұрболаттан - Шәмшә мен Өрісбай; Нұрбосыннан - Оспан, Қошан, Қостым; Нұрғожадан - Есбосын мен Бастыбай; Қанболаттан - Нобай, Дүйсенбай, Бишембай, Бітімбай, Тәжібай, Аманқос; Бекқожадан - Әбдірасит; Байтұрғаннан - Мықтыбай; Байбосыннан - Қоныс; Көжектен - Табылды; Оңайбайдан - Ерше, Арон, Асылбек. Сұлтаннан - Балабатыр, Ақбатыр, Жанбатыр, Айтбатыр, Нұрбатыр, Сары, Қали, Таңбай, Мырзабай. Балабатырдан - Қонай, Қойсары (Ізғали), Байсары (Жылқыбай, Қонысбай, Ырысбай, Молдабай); Ақбатырдан - Отарбай мен Кенжебай; Жанбатырдан - Қамысбай, Тобышбай, Құсайын; Айтбатырдан - Тәжік пен Сансызбай; Қалидан - Ауғанбай; Мырзабайдан - Киев, Жолаш, Құбай. Қожықтан - Жалғасбай, Жәңгірхан, Әмірхан, Таңсық, Ерназар, Әділ, Қалым, Мәдіхал, Бақырхан, Бек, Тұрсын. Облыстық мемлекеттік мұрағаттың бас маманы А.Г.Гаркушаның «Местное время» газетінің 2000 жылғы 3 мамырда шыққан санындағы мақаласында Қожық ата туралы деректер көрсетілген. Үшінші Бозашы, Мұрат ауылының болысы Тасымұлы Қожық:
- 1888 жылы «Ел арасында жүргізген адал қызметі үшін» Станислав лентіне жазылып, Кіші күміс медалмен және Анненской лентіне жазылған Кіші алтын медалмен марапатталған;
- Сот биі (Судебной би) қызметін атқарып жүргенде арнайы медалмен наградталған;
- Өзіне жүктелген қызметтік міндетін ақылмен, парасаттылығымен атқарғаны үшін және көп жылғы, ұзақ мерзімде жұмысы үшін Үлкен күміс медалға ұсынылған.
Жалғасбайдан - Тұрар мен Жұмағали; Жәңгірханнан - Дүрсәт, Ығылман, Ағзам; Әмірханнан - Бәймембет пен Әлмембет; Таңсықтан - Орынбасар, Сабыржан, Таласбай; Ерназардан - Күзембай мен Үкімет; Қалымнан - Әлімжан, Кейкіш, Құлекеш, Омар; Мәдіхалдан - Есет, Сәбет, Меңдіғара, Қабыл; Бектен - Табылды мен Келімберді; Тұрсыннан - Бөгенбай.
Ұлықпаннан - Қылышбай, одан - Бораш. 3. Маханбеттен - Ізбасар, Қайпы. Аталар әулетін атағанда, Сырымбеттен жетінші ұрпақпен тоқтауды мақсат еттік. Бұдан ілгері даму қазіргі күнде үшінші буынға жалғасты. Әулет жалғасын онан әрі тіркеп созу -туыстардың өз істері. «Маңғыстау аймағынан шеткері жүрген және қайда тұратыны беймәлім ағайын-туғандардың ұрпақтар өсімі бұл жерде жазылмағаны әркімге де белгілі болар» деп ойлаймыз. Ел басына түскен қиындық пен зобалаң біздің әулетке де ортақ болғаны анық. Атақоныстан күнелтіс іздеп немесе бас бостандығын қорғап ауысқан Сазан атадан үш, Тілепі балаларынан жеті, Әлібай ұрпақтарынан төрт азамат қайда жүргені және олардың өсіп-өнуі жөнінде туыстарының ақпары жоқ. Отызыншы жылдардың қуғын-сүргініне ұшыраған 16 азаматтың тоғызы ең ауыр жазаға ұшырады немесе қамауда қорлықпен қаза болды. Сондай-ақ 1941-45 жылдары Отан соғысына тікелей қатысқан 25 жастың 18-і майданнан елге оралмады. Осыншама ауыртпалықтар арқалаған әулет туып-өскен өлкеде қазір 160 түтін шаңырақ, 800-ге жуық жан басын құрап отыр.
1997 жыл, 1 желтоқсан.
ӨТКЕН КҮНДЕ БЕЛГІ БАР
І
Адамдар өмірдің күнделікті қызығы мен қиыншылығына аралас жүріп, «Алдың - жөн, артың - соқпақ» дегендей, келешек бағдары мен өткен ізге көбіне ой бөле бермейді. Соған орай «Өткен күнде белгі жоқ» дейді. Шындығында, өмір тіршілігінің ұзақтығына, жүріс-тұрыс мөлшеріне, атқарған қызметінің көлемі мен сипатына қарай және өмір сүрген ортасына байланысты әркімнен әртүрлі із-белгі қалмақ. Бозашы - Маңғыстау өлкесінің елеулі бөлігі. Ол шығысында «Комсомол-Қайдақ» шығанағынан бастап солтүстігі тұтастай, батысы Қамыран-Қарашағыр-Ұзынарал, оңтүстік батысы Үшауыз шығанағына дейін Каспий теңізімен қоршалған. Оңтүстік беті Қошақ жалы мен Қаракешу аралығыңда ғана Ақтау жотасына мойын созады. Түбекті сырт көрінісіне қарап екіге бөліп қарасақ, батыс бөлігі - Қызылқұм-Шебірден Қияқтыға шейін ұзыны 50, ені 3-10 шақырымдай аумақты алып жатқан бірнеше қатар шағыл құм төбелер, одан әрі - батыс жағалауға созылатын Уаққұм мекені. Қызылқұмның өне бойы сулы саналады. Мұның оңтүстік іргесінде, Уә, Орташа, Тұщықұдық, Сорқұдық, Көндіқұдық, ал солтүстігінде Қайлы, Бекше, Ақшақұдық, Төртқұдық, Шәудір, Егдір, Кәрі, Қызыл - құдық, Тасқұдық, тағы басқалар орналасқан. Бұл бөлікте негізінен Назар, Базар, Тіней, Бектеміс, Жеменей ауылдары қоныстанған. Шығыс бөлік Каспий жағалауын түгел қамтиды. Солтүстігі - Жандауыр, Құлметен, Өжен, Ақорпа, Кент, Жарқымбай, Тұрым, Жетітөбеге шейін, оңтүстік жағы - Қаратөбе Жақай, Мәстек, Имағанбет, Құлқара, Оралбай, Тобанияз, Қарабатыр, Ақшымырау, Сеңгірбай, Үлек, Тасорпа, Қызық, Құты, Қалмамбет, ал орта белдеуі - Боқбас, Дөңгелек, Қоңырорпа, Қызан, Жанұзақ, Қалнияз, Қараш, Жиделі, Егізлақ сулы құдықтары.
Түбектің солтүстігін - Жандауыр жағалауын Ортаеспе, Ұлыеспемен қоса балықшылықпен айналысатын Бектеміс ата ұрпақтары және солармен көршілес Беріш, Қосай балалары мекендеген. Бұдан шығысқа қарай Өжен, Ақорпа, Қара, Тұрым, Жарқымбай, Жиделі, Егізлақ құдықтарын Бұхар (Құрым), Дәулеталы әулеттері қоныс еткен. Оңтүстік беттің Каспийге тірелетін шығысынан Ақшымырау-Құлқараға шейінгі батысын Шылым ата таратады, ал Сеңгірбай, Қызан, Мәстек, Қаратөбе сияқты күдері суларды әр рулар ортақ пайдаланған. Орталық өңірді негізінен Шортық балалары, оның ішінде Боқбас, Дөңгелек, Қоңырорпаны Жарылғас ата, Жанұзақ пен Қалниязды Қазан ата ауылдары мекендеген. Мұрат атадан беріректе оның ұрпақтарының қоныс орталығы Қаратөбе-Мәстек болулы. Мәстек - Бозашының шығыс бөлігіндегі ең күдерілі, мол да тұщы сулы ой. Қоршауы шақырым шамасы, бетін 10- қатты сарғыш тас жапқан ойда 3-5 кісі бойлық, аралары жиі 100 шамалы құдық қазынған. Бұл жердің су көздерінің молдығын сипаттайтын «Біріне түсіп кеткен нәрсе осыған төте екіншісінен шығады» деген аңыз бар. Мұның батыс іргесінде Жарынғас ата ұрпақтары қойылған қорым, оңтүстік-шығысында қашықтығы дауыс естімей биік төбе басында Тасым атамыз бәйбішесімен және үшінші ұлы Қожық бір күмбез ішіне жерленген. Азаматұлы Тасым XІX ғасырда өмір сүрген, тамы сол ғасыр аяғында тұрғызылып, алғаш қайтқан баласы Қожық (1850-1904) әке-шешесінің қасына қойылыпты. Осы там іргесінен үгіле опырылып, 1930 жылы құлады. Бірақ бұзылмай тұрып жөндеудің уақыты еместігі әркімге түсінікті. Керісінше, оның тастары 1932 жылы Қоңырорпадан Тұщықұдыққа тартылған қара жолдың екі жағына шақырым сайын қада болып жаратылған. «Ғимараттар Қаражүсіп балаларының қолынан шыққан» деген сөз қалған. Шығысында Егізлақ, оңтүстігінде Үлек, оңтүстік батысында Сеңгірбай шымырауы тұрған Жиделі - елеулі қоныс орны. Өтесбайұлы Түйте ахунның медресесі осында орналасқан. Бозашы түбегінде отызыншы-қырқыншы жылдары болған шағын-шағын 10 колхоз іріленіп, солардың негізінде Тұщықұдық, Қызан, Ақшымырау серіктестіктері құрылған.
ІІ
Қазан атам ұрпақтары, соның ішінде Тасым балалары үстіміздегі жүз жылдықтың басынан Жанұзақ, Қалнияз суларын қоныс еткен. Бұл төрт түлікке бірдей аса құнарлы жайылыс өңірі болған. Оның ерекшелігі - құмағы мен құнарлылығы кезектес өсімдік түрлері: жусан мен ебелек, көк еркек пен сары изен, қатқылында қалың бұйырғын мен күйреуік және шөңгесіз боз жусан аралас өседі. Жаңбырлы жазда жиі де биік өскен сіңбірік ой мен қырды тегіс жабады. Көктемде өлі шөп тобы - мортық пен беде, шытыр мен жауылша, сіргеқара мен торғайот жер бетін сары ала өңге бөлейді. Құмайт жерлерде жиі шығатын, биіктігі 10- ранды қой малы сүйсініп жейді. Ол жер ылғалды болса, жылы кезде көктей береді. Көктемде жүзімге ұқсас 1-3 дәні бар қоңыр қызыл шар шығарады. Онысы қой-қозының аузында торсылдап жарылып жатады. Оқулықтарда «торсылдақ» аталатын осы болуы ықтимал.
Мен барыс жылының (1914-15) қысында дүниеге келіппін.
Жанұзақ шағылдарының кез-келген жерінен 1-2 кісі бойлық оймалар қазылып, мал ішуге жарамды мол су өндіріледі. Бұл - Қазан ата және басқа да ауылдар отыратын қоныс орны. Жанұзақтың айналасында Сүйекші, Отыншы, Мөңгер жалдары бар. Соңғы төбеде 1921 жылы асыра сілтеу құрбаны болған «Үш шаһит» жерленген. Жанұзақ құмағында құмаршық аталатын тікенек бұта көбірек. Бұл өнім - шытыр мен жауылша дәндері сияқты, тарыдан кем саналмайтын астық. Ол жаңбырлы жаздарда шығып, жетіледі. Мен білетін мол түсім 1933 жылдың күзі еді. Жағалай отырған көп ауыл қыркүйек туысымен құмаршық қағуға кірісті. Әр отбасы күш-мүмкіндіктеріне қарай 5-100 пұттан дән жинап алғанын көргенмін. Қалнияз - Жанұзақтың шығысында 10 шақырымдай жердегі құмақ. Оның шығыс іргесінде жусан өскен бозғыл ойпаттың екі жерінде ескілікті құдықтар бар, олардың ауыздары таспен бітелген, саңылаудан теңіз өңдес көгілдір су жылтырайтын. Жер аты осы құдықтарға байланысты болса керек. Жиырмасыншы жылдардың басында құмақ төбелер ойысынан, жел жарғандар түбінен жаңа құдықтар қазыла бастады. Шыныққан құм тас сүймендеп қазылып, 7- тереңдіктен сапалы да салқын су шықты. Қожық ата ауылының жиырмасыншы-отызыншы жылдары тұрақты қоныс мекені осылай пайда болған. Құдықтан солтүстікке өрістеген түйе түлігі де, оңтүстік-шығысқа өрістеген жылқы да байланбайтын кезінде шұбырмалап суға келетін. Қой-қозы айнала жайылысты апта, ай сайын ауыспалы етіп пайдаланатын. Оңаша су, шартарап кең өріс малдың барлық кезде жоғары қоңды болуы мен шаруа тыныштығына мол мүмкіндік беретін. 6-13 жас аралығында осындай мамыражай, бейбіт өмірдің куәсі болдым. Балалық шақтың қиындықтарымен катар өзіндік қызығы да болған шығар. Жүрген-тұрған өрістер мен қорғасынды топай-жамбаймен асық атқан айдын тақырлар жадыңда қалады екен. Қалнияздың алдыңғы беті Қилыбай үрпек-Қарақұм сордан бастап шығысқа қарай созылған Танас бұйраты Қараш белі арқылы Жиделіге ұштасатын құмайт он шақты түрлі табиғи өсімдік топтарымен көктем-жаз басында адам жеткізіп айта алмас өңге боялушы еді. Бозашының шалғай түбіне таман отырған шағын шаруалы ауылда қант пен жеміс бола бере ме?! Осындайда табиғаттың жабайы жеміс өсімдіктері бала ғана емес, үлкеннің де көңілін аударатын-ды. Қоңырлық пен қатқылда өсетін монданақ пен қоянтобық, сор жиегі мен құмдауытта өсетін көк сабақ жуа мен сарғыш көсік - мол да дайын несібе-ді. Жанұзақ шағылдарының жұқа құла қабықты күтірлеген ақ көсігі тәбетіңді көтеретін. Бұл сөз етілген кез - теңіз жақын, жауын-шашын барырақ уақытқа байланысты екені даусыз. Соңғы уақытта Жанұзақ, Қалнияз, Түпорпалар ғана емес, күдері сулар да тартылды. Сондай-ақ бұл өңірдің жайылыс өрісі де кемігені рас.
ІІІ
Білім алу араб әліпбиін үйренуден басталды. 1925 жылдың қысында ағайынымыз Серікбай молда әліпби оқытты. Құранның «әптиек» бөлімін орталап, ежік таныдым. Қыраһат меңгермегенмен, жеке сөздерді ежелеп оқып, бірнеше аят жаттап алдым. Мұғалім Көшекен Қалауовтың ұйымдастыруымен Жиделідегі А.Байтұрсыновтың төте жазуын үйрететін мұсылмандық мектепте Бәймембет екеуміз толық, Дүрсәт пен Әлмембет шала сауаттанып, 2-класқа көштік. Төте жазуды тез үлгеруге ежік білудің пайдасы тиді. Қалым аға менің жағдайымды түсініп, 1928 жылы көктемнің аяғына таман Кетік маңына қозғалған үйінің көшінен қалдырмай, жетім балалар үйіне өз қолынан орналастырған-ды. Бұл кезде ол Адай округтік халық соты, одан бұрын 10 шақты жылдай ішкі істер мекемесінің Бозашы ауданшасы бойынша учаскелік инспекторы болатын. Детдом «Көк школда» бастауыш білім алуыма мүмкіндік берді. Алғашқыда Байтілеуов Нұрлан, кейін Тұржанов Отарбай ұстаздық етті. 1930 жылдың басынан бастап мектеп латын алфавитіне көшті. Республикада жалпыға бірдей міндетті бастауыш оқуды жүзеге асыру мақсатымен 1931 жылдың қаңтар-мамыр айында Кетікте 5 айлық дайындау, бұдан кейін 1934 және 1937 жылдардың жаз айларында тиісінше Фортта және Оралда білім толықтыру курстарынан өттім. Сырттай оқып, 1948 жылы Гурьев педагогикалық училищесін тәмәмдап, 1955 жылы Гурьев пединститутының 4-курсын бітірдім. 1930 жылғы жаздың басында ауылға келген «тройка»- «үштік» уәкілі - партия, совет, кәсіподақ өкілі Әлиев Әзи аудандық ағарту бөлімі атынан шарт жасап, Жанұзақ маңынан латынша сауаттандыру мектебін ашып берді. Оқыған 40 кісінің 31-і толық, 7-еуі шала сауаттанып шықты. Жыл аяғында районо шартқа сәйкес 10-50 сом ақша төледі.
Бұл халық ағартушылары қатарына қосылуымның бастамасы еді. 1931 жылдың алғашқы 5 айында Кетікте дайындау курсынан өтуім арқылы бастауыш мектепке жолдама алған мұғалімдік еңбегім 60 жылды толтырған екен. Соның 3 жылы туған ауылда, 5 жылы Шебір-Тұщықұдықта, 2 жылы Ауыздыбаста, 10 жылы Форт-Шевченкода, 40 жылы Шайырда өтті. 40 жыл қатардағы мұғалім, 20 жыл мектеп басқарушылығында болдым. Еңбек еткен жылдарымның бәрінде қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Ол еңбегім жоғары бағаланды. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» белгісінің және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті «Құрмет Грамотасының» 2 рет иегерімін. Өзім болған қала, ауылдарымда менен білім, тәрбие алған азаматтардың қазіргі күні халық шаруашылығы мен мәдениет саласында, соның ішінде халық ағарту ісінде еңбек етіп жүргендері аз емес.
ІV
«Өткен күнде белгі жоқ» емес, бар екені кәміл. Жоғарыда баяндалған жайларды сұрыптасақ: Оқуға бетбұрыс сәті, оның тұрақты кәсіпке жетелеуі, қоғамдық өмірге шынайы араластыруы - ұлы мәртебе. Бұл кезеңдегі мемлекеттік-қоғамдық сенім мен сый-құрметтің өзі - өшпес белгі. Бала тәрбиеледік. Олар халық қажетіне жарап, қоғамның әр тарапында еңбек етуде. Алла қаласа, «Ұрпақ жалғасы - мәңгілік белгі» деп ұғамын. Көп жыл болып, адал еңбегімнің үштен екісін өткерген Шайыр ауылының тұрғындары бұдан үш жыл бұрын 80 жасымды атап өтті. Оған ауыл орталығындағы 37 жыл оқытушылық-басқарушылық қызмет атқарған мектебімнің ұстаздары мен шәкірттер тобы, ауылдан тыс тұратын ағайын-жұрияттар да қатысты. Салтанатты жиында осы шараны ұйымдастыруға бас болған аудандық, облыстық білім беру жетекшілері де болды. Көп азаматтар адал лебіздерін білдірді. Жиналысты басқарған Маңғыстау аудандық білім бөлімінің меңгерушісі марқұм Ерманов Аязхан тұтас салтанатты көріністі телебейнеге түсіртіп, Шайыр орта мектебіне тарту етті. Бұл күнде ол өлі мүлік түрінде жатқанмен, бір кезде «Көрейікші» деушілер ұшыраса қалса, бұл да - бір тірі белгі. Елуінші жылдардың аяқ шенінен бастап аудандық, облыстық, республикалық баспасөз беттерінде 100 шақты экономикалық-әлеуметтік, оқу-тәрбие және шежірелік тақырыптарда, жеке тұлғалар туралы шағын да көлемді хаттарым мен мақалаларым жарық көрді. «Коммунист еңбектің» бірнеше құттықтауларын алдым. «Жаңа өмір» 50 жылдық мерейтойлық санының бетінен орын берді. «Маңғыстау» газеті Форт-Шевченко қаласының 150 жылдық тойында «Түпқараған мүйісіндегі қала» атты мақалама ІІІ дәрежелі сыйлық тарту етті. Осылардың бәрін «Архивте қалатын іздер, белгілер» деп білемін. (Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газетінің 1997 жылғы 27 тамыз күнгі № 35 (9105) саны).
ТУМАЛАС, АҒАЙЫНДАРҒА
Жиі кездесіп жатқанымыз жоқ. Адам баласының басына тіршілікте мәнді де-мәнсіз небір ойлар келетіні - табиғи шындық. Халықтың, елдің игі істерін естіп, біліп жүремін. Бұл да ата-бабалар туралы ойлауға түрткі болады екен. Жарының Мұратынан кейін әулет басы Сырымбет, Қазан, Азамат аталар және олардың тумалары Сазан, Нарынбай, Қарынбай туралы ештеңе білмейтініміз жасырын емес. Бұлар қайда өмір сүрді, қайда ақыреттік мекен тапты, білмейміз. «Бұл туралы біледі-ау» деген Қалдыбай, Жәңгірхан, Әмірхан, Қалым ағалар отызыншы-қырқыншы жылдары өмірден озып кетті. Олардан соң Қанболат, Денбай, Жанбатыр, Мырзағали, Тұрсын ағалардан да ештеңе алып қалмаппыз. Қазіргі ұрпаққа белгілі саналатын Азаматұлы Тасым ата, Есенбайдың Қышан ұрпағы зайыбы болған әжеміз - XІX ғасырдың бел ортасында өмір сүріп, ғасыр аяғына таман бақиға көшкен әруақты ата-ана. Бұлардың өніп-өскен балалары Тілепі, Сұлтан, Қожық, Ұлықпан өз кездерінде басы мен малы қатар өскен, сол заманның абырой-атағы бар тумалары болған. Олардан 37 немере өсіп, қазіргі әулетіміз өркен жайған. Балалары мен туысқандары Тасым атаға XІX ғасырдың аяғында орнатқан күмбезі 1930-31 жылы іргесінен мүжіліп, құлаған. 1904-05 жыл шамасында уақыт болған үшінші ұлы Қожық ата осы күмбезге әке-шешесінің қасына орналасқан екен. Құлаған там тастары жетпіс жыл бойына осы үш тұлғаны бітеп жатыр. Бұдан төрт-бес жыл бұрын бір топ тумаластар ғимаратты жаңғыртуды кеңескен еді. Мұның аяғы қандай шешімге келіп жатқаны маған белгісіз ғой. Оны қозғаушы болмасам да, ізгі шара бастамасына өз пікірімді жазғым келді. 1. Алғашқысына ұқсас қарапайым белгі тұрғызылмақ болса, соған ұқсас жеке бөлшектері сақталып тұрған Нарынбайұлы Нұржанның, Жұбанұлы Жарылғаптың ғимараттарын үлгі етуге болар еді. 2. Кейінде жасалып жүрген күмбез тамдардың түрі көп. Олардың ішінара шеберлерімен де келісуге болады. Оның қай-қайсысын да таңдауға мүмкіндік бар. 3. Бейнеуде Сыңғырлау-Мамай құдығынан көрінім жерде XX ғасырдың бас кезінде орнатылған көрнекті сәулет өнерінің туындысы - Омар-Тұртамы бар. Шеберлерді апарып, көрсетіп, сондай үлгіде там тұрғызылса, абыройлы іс болар еді. Тек әйтеуір атаның әруақ абыройын кішірейтпейтін белгі болғай! «Бұл хатым қолдарына берілген Бастыбай, Жылқыбай, Итемген, Қоныс, Өрісбай (Ислам), Қобылан, Ақан, Сөбет, Тұрназар, Бөгенбай, Кейкіш (Мөлік), Бердіғали, Аманқос, Мерген, Ғұбай, Айладыр, Марат, Ахон, Бораш, Асқар және осы азаматтар арқылы басқа тумаластар да хабарланар» деп үміттенемін.
2001 жыл, сәуір айы.
АТАМЕКЕН АДАМҒА АРМАН ЕКЕН
«Маңғыстау» газетінің жуырдағы санында жарияланған «Білетіндер табылмас па екен?» атты мақалаға орай, алыста жүріп, атамекенін арман еткен Зиныхан апамыздың ата-бабалары жайлы өз білетінімді газет бетінде жариялауды бір парызым санадым. Маңғыстауды үш түбегі де сырға толы. Соның ішінде Бозашыға сөз жетер ме?! Сол Бозашының Қаратөбе-Мәстек мекеніне байланысты әңгімелердің кішілеу бір нұсқасын айтудың реті келіп тұр. Қаратөбе - қай кезде де Маңғыстау елінің кіндікті оқиғалары болған жер. Күні бүгіндері осында Абыл мен Досанға күмбез тұрғызылып, елді елең еткізер бір оңды іс жүріп жатыр. Осыдан көп қашық емес жерде - атақты Мәстек. Бұл -Маңғыстаудың шаруа қазақ- тарының мәпеханасы болған ең мол сулы, алпыс құдығы болған байрақты жері. Осы 60 құдықтың күншығыс бетінде 600 қадамдай жердегі қоңыр жалдың басында аз ғана қауым бар. Бұл - менің ата-бабаларым жатқан жер. Құлап, қабырға тастары үйінді болған 2-3 күмбез тамның бірінде менің арғы атам Қожық жатыр әке-шешесімен. Өткенде бір соққанымда, қазіргі алфавитпен «Қожық әке-шешесімен осы жерде» деген жазу қалдырдым. Қожық - Бозашыға белгілі ақсақалдардың бірі. Ағасы Тілепі де өзінен бұрын өмірден өткен баласы Айтболаттың тамына орналасқан екен. Бозашыда берілген бұрынғы астың соңы - осы Тілепі атамыздікі екен. Бұл 1928 жылы болуы керек. Одан кейін ас беретін шама болмағаны, сірә, белгілі ғой. Тілепіге жалғас үлкен баласы Шоланбектің тамы, оның баласы Бекмұханның тамы, оның баласы Сыран ағамыздың тамы, оның баласы Сүлейменнің тамы жал басында бір көше болып тұр. Бұл -Басшы (Жаңаөзенде тұрады), Бердіғали тумаластарымыздың одан әрі де ұқыпты болуына бағдар танытқандай. Досан, Нұржан тамдары да құлаған. Досан, Нұржан, Байжан - Нарынбай атамыздың балалары. Нарынбай мен Азамат Қазан атадан тарайды. Ал Азаматтан Әлібай, Тасым болғанда, әлгі айтқан ағалы-інілі Тілепі, Қожық - Тасым балалары ғой. Тасымның кіші баласы Лұқпанға Ералыда тұратын немересі Бораш орнатқан жаңалықты сағана там бар. Қожықтың бел баласынан күні кеше өткен Ерназарға аяулы ағамыз Үкімет Ерназарұлы төрт құлақты там орнатып үлгерген екен. Ерекең көкеміз өз "анасы Қожықтың бәйбішесі, Қаратоқай Беріш қызы Нұрланмен бірге қоршалған екен. Сірә, бұған Әмірханұлы Бәймембеттің (Қожықтың осындай бір ойлы немересі болған) орынды парасаты ескерілгенге ұқсайды. Міне, осы Мәстектің қоңыр жалында жатқан бабалармен бірге кезінде байрақты болған және 2-3 там бар. Олар да уақыт салмағынан тозып, құлаған. Соның бірі - Жұбан баласы Жарылғаптың тамы. Газеттегі сұрау салынған Жұбан баласы Жарылғап осы болуы керек. Тамның бір қабырғасы ғана тұр. «Біздің шалдармен мәңгілікке бірге жатқан бұлар кімдер?» дегенде, нағашылы-жиенді Тіней ауылдарының азаматтары екенін біліп, көңіліміз бір өсіп, көкірегіміз бір кеңіп еді. Себебі, Жұбан балалары - Маңғыстауда кезінде тайласы болмаған адамдар. Бұлар Тінейдің Құдайбергеніне жатады. Тінейден - Арық, Таңат болғанда, Арықтың Құдайбергені мен Таңаттың Есенбайы ілгеріден-ақ осы Бозашыда біздің бабаларымызбен сүйек-шатыс болған екен. Атақты Жұбан балалары біздің Нарынбай атамызға жиен болғанда, Қожық атамыздың нағашысы Тінейдің Есенбайы екен. Есенбайдан алты ұл болған: Елемес, Бабай, Бапа, Қышан, Өтебай, Атабай. Тасымның бәйбішесі осы Қышанның қызы екен, Қожық үшеуі бір тамда.
Тіней Есенбайдың Елемесі - бізге тура нағашы. Абыл ақынның:
Баласы Есенбайдың ер Елемес,
Еліңнен сен кеткесін, кетер кеңес.
Бабай, Бапа, Қышан, Өтебай,
Атабай Бесеуін сомдасаң да, сендей емес, деп айтқанындай, Елемес заманында белгілі адам болғанға ұқсайды. Жетімек Жары Сүйінғара да бір жан қысылысында: «Басқа адайға бір сәлем, Елемеске екі сәлем» айтып, мұңын шаққан екен. Осы Елемес нағашымыздың ұрпақтары да 20-жылдардың аяғында тарыдай шашылып, азып-тозып, қалғандары Атыраудан мекен тепті. Ал бұл ауылдардың кезінде 10 мыңнан қой айдап, кең Бозашыны қыстап, анда-санда Тышқан құм мен Бостан құмға құлап, не Тайсойған, Сағызға шалқайып, Арқаны жаз жайлаған кезде бірге көшіп-қонған, ағайын-ауылдастары осы Құдайбергеннің Жұбан, Шам, Талпақ ауылдары болыпты. Осы елден атақты ақын Зәкәрия шықты. Оның көпшілік біле бермейтін сағынышты саздарын өзімнің кенже ініме айтқызып, тыңдап, нағашылардың айбарақты азаматтар болғанына сүйсінемін. «Жігіттің ең қымбаты - нағашы жұрты екенін білеміз, Зины- хан апа! Бұл - мәңгілік ұғым!» - дегім келеді. Алыстағы нағашы апамыз Зиныханға ата-бабаларының өзім білген осы бір өрнекті әңгімелерінен басқа «Туыстарыңнан қазір мұнда мынау бар» деп суырып көрсетерімнің болмауы да көңілді жүдетіп, ойға әлдебір күйініш оралтады. Дегенмен, ел ішінен жаңа әңгімелер естілсе, жақсы болар еді... Ал Аманбай Қаракүшіковтің кішкене құлақтамасынан үлкен кісілік белгілері байқалады. Оған шын ризашылығымды осы жолдар арқылы жолдағым келеді.
Төлеген ТҰРАРҰЛЫ, Ақтау қаласы
(Облыстық «Маңғыстау» газетінің 1992 жылғы 2 қыркүйек күнгі саны).
(Автордың өтініші бойынша мақаланың қаламақысы Ақтауда салынып жатқан мешіт қорына аударылды).
VІІІ ТАРАУ. ҚАЛАМГЕР ХАТТАРЫ
(Баспасөзбен байланыс)
«МАҢҒЫСТАУНАМАНЫҢ» РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚАСЫНА
«Ештен - кеш жақсы» дегендей, уақыт озыңқырап кетсе де, ұсыныс беруді ойладым.
1. АЙДАШЕВ Жұмағали. Адайдың Тобышынан тарайтын Табынай руынан. 1927-28 жылдары Атыраудың Жылой аймағынан Маңғыстауға келген. Бастапқыда Ақмыш жеріндегі «коммуна» деп аталған балалар үйінде тәрбиеші-мұғалім болып, коммуна 1929-30 жылдары Форт қаласына жақын Қаңға баба жеріне көшірілгеннен кейін Шайыр басында ашылған бастауыш мектепті басқарды. Ақмышта қалған құрылыстың ағаш материалдарын пайдаланып, Шайырдан 2-3 бөлмелі мектеп үйін тұрғызды. Осы құрылыстың қабырғалық кесегін басудан бастап барлық жұмысын өзі қолдап жасады. Мектеп жұмысымен қатар 1931-32 жылдары құрыла бастаған колхоздың мәдени-шаруашылық орталығының ғимараттарына да шебер ретінде басшылық етті. Өзі қол көмегін беріп жүріп, үлкен астық қоймасын (ол кезде суармалы егіншіліктен жүздеген-мыңдаған пұт бидай, жүгері, көкөніс, т.б. дақылдар жиналатын) және ондаған тұрғын үйлер салды. Бұлардың соңы 1960-70 жылдарға дейін пайдаланылды. Осы кезеңде алғашқы партия ұясының жетекшісі болып, алдыңғы қатарлы еңбекшілерді мүшелікке тартты. 1934-35 жылдары Қаңға баба балалар үйіне ауысып, сонда жүргенде қатерлі ісік сырқатымен ауырып, дүние салды. Екі қызы болған. Біреуі Шайырда еді, қайтыс болды. Екіншісі Таушықта, кейін Жетібайға барған (аты - Талшын), оның бала-шағасы болуы керек. Жұмағалидың немере, немелтай ағайындары Құдияров Шарау Жұманұлы, Қорғанов Кенжеш Шайырда тұрады. Айдашев Жұмағалиды мен 1931 жылдан мұғалім болғандықтан сырттай білемін.
2. ТАҢҚЫБАЕВ Амалғали. Руы - Таз. 1933-37 жылдары Форт қаласында С.М.Киров атындағы орта мектептің директоры болып жұмыс жасады. Туып-өскен жері - Атырау аймағы. 1920 жылдардың бас кезінде қазіргі Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің негізі болған екі жылдық педагогикалық мектептен білім алып, физика-математика пәнінің оқытушысы мамандығын алды. Өз мамандығына жетік, өте білімдар, ұқыпты да талапкер азамат еді. Ол директор болып тұрған кезде бұл мектеп «үлгілі» атанып, бүгінгі Маңғыстау ағартушылары үшін тәрбие орталығына айналды. Амалғали 1937 жылы қуғын-сүргінге ұшырады. Содан кейінгісін білмеймін. 1935-37 жылдары С.М.Киров атындағы мектепте бастауыш кластардың мұғалімі болдым. Сол кезде оның баласы Жанша Таңқыбаевты 2-3 класта екі жыл оқыттым. Ол Атырауда мұнай өндірісінде инженер болып жүріп, 1960 жылдардың шенінде Қазақ ССР Министрлер Советі Председателінің орынбасарлығына тағайындалып, одан кейін Техникалық жабдықтау комитетіне ауысқанын естідім. Қазір қайда екенінен хабарсызбын. А.Таңқыбаевтың үйі 1937 жылдың жазында Гурьевке көшіп кеткен болатын.
3. Өзім туралы. 1914 жылы Маңғыстау ауданының қазіргі Қызан ауылының Қалнияз жерінде дүниеге келдім. 1928-30 жылдары Фортта балалар үйінде бастауыш білім алдым. Еңбек жолым 1930 жылдың күзінде туған ауылымда халықты латын алфавиті бойынша сауаттандыру жұмыстарымен басталды. 1931 жылғы қаңтар-мамыр айлары аралығында бастауыш мектеп мұғалімдерін даярлайтын бес айлық курстан өтіп, тұрақты оқытушылық жұмысыма кірістім. Бұл қызметімді 1987 жылға дейін үзіліссіз атқардым. Осы уақыт ішінде 9 жыл Фортта (3 жыл аудандық оқу бөлімінің мектеп инспекторы, 6 жыл С.М.Киров мектебінде оқытушы, директор), 5 жыл Тұщықұдық ауылында, 1950 жылдан бастап Шайыр ауылында (37 жыл мектепте) болдым. 1948 жылы Гурьев педучилищесін, 1955 жылы мұғалімдер институтын сырттай оқып бітірдім. 57 жылдық педагогикалық тәжірибемнің жиырма жылында басшылық жұмыстар атқардым. 1949 жылдан СОКП мүшесімін. 30 жыл бойы (1949-79 жж.) марксизм-ленинизм негіздері мектебінің штаттан тыс насихаттаушысы болдым. Шайыр ауылында үш рет селолық кеңестің депутаттығына, екі рет халық сотының заседательдігіне сайландым. Советтер сайлауының бәрінде де сайком құрамында, үгіт пункттерінің меңгерушісі болып, үш жыл (1957-60 жж.) төрт ұсақ колхоздардың бірігуінен іріленген «Правда» колхозының бастауыш партия ұйымы хатшысы қоғамдық қызметін атқардым. Көп жылдық және үлгілі қызметтерім үшін 1949 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 1965 жылы «Халық ағарту қызметінің үздігі» белгісімен және 1960-70 жылдары екі рет Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Құрмет Грамотасымен» наградталдым. Оның біреуін облыстық тарихи-өлкетану мұражайына тапсырдым.
1993 жыл, 27 қаңтар, Шайыр ауылы.
«МАҢҒЫСТАУНАМА» РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚАСЫНЫҢ ЖАУАБЫ
Қадірлі Тұреке! Ассалаумағалейкүм!
Қажыр-қайратыңыз қалпында ма, сергектігіңіз хал-ахуалыңызға сай ма?
«Маңғыстаунамаға» биыл бір томы ғана шығатын болғандықтан, жазылатын мәселелерге шек қойылған. Экономикасы мен мәдениеті кең сөз болады, әрбір елді мекенінің сыр-сипаты қамтылады, әрине, ақиық адамдары алдымен айтылады. Ал біздің Маңғыстауда өзіңіз сияқты лайықты адамдардың көп екені шүбәсіз ғой. Солардың ішінен бірінші томға Кеңес Одағының Батырлары мен Социалистік Еңбек Ерлері, одақтық, республикалық дәрежедегі халық депутаттары, «еңбек сіңірген» атағын алғандар, лауреаттлығы үшін кезек күтпес объектілерді, алғашқы тұрғын үйлерді тұрғызып, колхоз орталықтарын жаңғырту, мәдени және өндірістік ғимараттар салуда өлшеусіз қиындықтарды бастан кешіп, үлкен іскерлік танытқаны көз алдыңнан өтеді. Аудан өмірінде бірінші рет жүзеге асқан үш қабатты мектеп үйін салу, оның көтергіш кранға шейінгі жабдықтарын қолға түсіру жеңіл еместігі түсінікті. Мұндай игі істердің бәрін сарқа айту мүмкін бола бермес. Қысқасы, тындырылған жұмыстар, кейінгіге өшпес із қалдырған үлгілі істер жетеді. Шетпе кентіндегі ең биік үй - № 2 мектеп қалай бой көтергенін оның оқытушылары мен оқушылары бәрі бірдей біле ме екен? Асыл азамат көзі тірісінде осы ұжыммен дидарласа алды ма, жоқ па? Біздің бір кемшілігіміз - баспасөзде жарық көрген дүниелер кезінде көзге шалынғанымен, артынан оған көп көңіл бөле бермейміз. Егер тәрбиелік маңызы бар материалдардың соңында шаралар белгіленіп, оның жүзеге асуы тиісті органдар мен басшылардың көз қырында болса, газеттің рөлі көтерілуіне де себі тиер ме еді?!
(Облыстық «Маңғыстау» газетінің 1996 жылғы наурыз айындағы саны).
«МАҢҒЫСТАУ» ГАЗЕТІНІҢ ТІЛШІСІ ӘБУ-МҰРАТ БАЗАРХАНҰЛЫНА
Мұрат балам!
Жаңа жыл құтты болып, мықты денсаулық, мол несібесімен келсін! Өткен кездесуімізде өзіңдегі хаттың «қысқаратыны бар» деген пікіріңе «Қалай?» деген түсінік сұрауды ескермей, шығып кетіппін. Одан соңғы күндер демалысқа тап келіп, қайта соғу мүмкіндігі болмай, елге кеттім. Сондықтан осы хатты жазуға тура келді, жазғырмассың, шырағым. Үлкейгенде ондай жай ұшырай береді екен. «Басылым беті де, шындық пікір де қызғаныш тудырмайтын шығар» деп ойлаймын. Материалдағы бөлімдер - сол кезеңнің шындық болмысы ғой. Колхозға кіріп, бар малынан айырылу ешкімнің ықтиярымен болған жоқ емес пе?! Соның ішінде туып-өскен мекенін тастап, туыстарынан бөлініп көшу кімге керек болыпты?! Бірақ ашық қарсылық көрсету кім-кімді де қорқытпады ма?! Әмір аға туралы естелік қағаз бетіндегі түгел бөлімдерімен ғана түсінікті де маңызды екенін ұғатыныңа кәміл сенем. Ешкімге тиер зардабы жоқ қой, толық жарыққа шығар, құрметті балам!
Жоғары сыйлаушылықпен: Тұрар әкең.
1995 жыл, 31 желтоқсан, Ақтау қаласы.
* * *
Тұреке, өткенде айтылған сөз. Мақалаңызды бір жүйеге келтіруіміз мүмкін. Ол «қысқарып, күзеледі» деген сөз емес. Алдағы нөмірлерде шығып қалар.
Сәлеммен: балаңыз Мұрат Әбуов.
ТЕРЕКБАЙ ЖАҢБЫРШИН МЕН АСАН ӘБДІРОВКЕ ХАТ
Құрметті інілер Терекбай, Асан!
Аяққа сүйене алмаған соң хат жаздым, оғаш көрмеңдер.
Мен қарапайым бұқара тобындағы мұғаліммін ғой. іріліуақты хаттарым әркез оқырманға жетуіне атсалысып, елге көрсеткен «Жаңа өмірге», сол бағытта көптен еңбек етуші Сіздерге өте разымын. Өз дәрежесінде жарық көре алмаған кей мақалам туралы ойлағанмен, ешкімді жазғырудан аулақпын. «Ештен - кеш жақсы» ғой, мерекелік анкетаға орай ауданымыздың 70 жылдағы әлеуметтік, шаруашылық, білім беру саласындағы даму барысын өз білгенімше сатылы жүйемен көрсеткен жазбам басылымның кезекті санында жариялануын екеуіңнен өтінемін.
Сіздерді сыйлаушы: Тұрар ағаларың.
1998 жыл, 24 тамыз.
БАСПАСӨЗБЕН БАЙЛАНЫС
(Редакциялардан келген хаттар)
РЕДАКЦИЯ ГАЗЕТЫ
«ЖАҢА ӨМІР»
ГАЗЕТІНІҢ РЕДАКЦИЯСЫ
Таушық поселкесі.
ҚКП МАҢҒЫСТАУ АУДАНДЫҚ КОМИТЕТІ
МЕН АУДАНДЫҚ СОВЕТ АТҚАРУ
КОМИТЕТІНІҢ ОРГАНЫ
ОРГАН МАНГИСТАУСКОГО РАЙКОМА КПК И ИСПОЛКОМА РАЙОННОГО СОВЕТА
ДЕПУТАТОВ ТРУДЯЩИХСЯ
№ 206 «22» апрель 1963 ж.
ҚҰРМЕТТІ Т.ЖАЛҒАСБАЕВ ЖОЛДАС!
Советтік баспасөз күнгі номерге жариялау үшін «Жаңа өмір» жайлы ой-пікіріңізді, ұсыныс-тілегіңізді 25-27 апрельден қалдырмай жазып жіберуіңізді сұраймыз.
Сізге зор сеніммен, сәлеммен,
еңбекші хаттар бөлімінің меңгерушісі . Ш.БАТЫРБАЕВА
«ЖАНА ӨМІР»
ГАЗЕТІНІҢ РЕДАКЦИЯСЫ
Таушық поселкесі.
МЕН АУДАНДЫҚ СОВЕТ АТҚАРУ
КОМИТЕТІНЩ ОРГАНЫ
ОРГАН МАНГИСТАУСКОГО РАЙКОМА КПК И ИСПОЛКОМА РАЙОННОГО СОВЕТА
ДЕПУТАТОВ ТРУДЯЩИХСЯ
№ 21 «11» июнь 1964 ж..
Құрметті Т.Жалғасбаев жолдас!
Сіз - біздің белсенді тілшілеріміздің бірісіз, газетіміздің сенімді қолғанатысыз. Өзіңізге белгілі, қазіргі кезеңде малды жазда жайып семірту ісінің ұйымдастырылуы, КПСС XXІІІ съезі тарихи шешімдерінің жүзеге қалай асырылу үстінде екені, жайлау ардагерлерінің қажырлы еңбегі, колхоздағы құрылыс жұмыстарының, ауыл мәдениеті мен саяси-көпшілік жұмыстардың жайлары, тағы басқа сан қилы мәселелер бар. Міне, осы мәселелер Сіздің қаламыңыздан қақас қалмауы керек. Сондай-ақ қазір шаруашылықтарда аса жауапты мал азығын дайындау науқаны басталды. Осыған орай Сіз шоп шабу науқаны қалай басталды, алғашқы барысы қалай, қолда бар мүмкіндіктер қалай пайдаланып отыр - солар жайында, жұмыстың ұйымдастырылуындағы жетістіктер мен кемшіліктер жөнінде үзбей қалам тартқаныңыз жөн. Кемшіліктерді жазғанда, ол кемшілік неден, кімнің кінәсінен екенін ашып, нақтылы түрде көрсетсеңіз, мұндай мақала өте ұтымды болар еді. Аудандық газеттің редакциясы Сізден шаруашылық орындары мен партия, совет, комсомол ұйымдарының мәдениет, сауда, медицина, халық ағарту орындарының жұмыстары туралы хаттар күтеді.
Сәлеммен,
аудандық газеттің редакторы Х.СҰЛТАНКЕЛДИЕВ.
«ЖАНА ӨМІР»
ГАЗЕТІНІҢ РЕДАКЦИЯСЫ
466100. Шетпе поселкесі.
Құрметті Т.Жалғасбаев!
Биылғы жылы 27 желтоқсанда аудандық газеттің шыға бастағанына 50 жыл толады. Сіз газеттің белсенді тілшілерінің бірі ретінде оның жұмысына үлкен үлес қосып келесіз. Өзіңіздің аудандық газетпен байланысыңыз қай кезден, қалай басталды, есте қаларлықтай материалдарыңыз қандай еді, болашақта газетке не тілейсіз - осы жөнінде көп болғанда 2-3 беттей материал жазып жіберуіңізді сұраймыз. Материалдың желтоқсанның 1-іне дейін келіп түскенін қалаймыз. Егер 3x4 см фотоңыз болса, тіпті жақсы.
«Жаңа өмір» газетінің редакторы Т.ЖАҢБЫРШИН.
МЕН АУДАНДЫҚ СОВЕТ АТҚАРУ
КОМИТЕТІНІҢ ОРГАНЫ
ОРГАН МАНГИСТАУСКОГО РАЙКОМА КПК И ИСПОЛКОМА РАЙОННОГО СОВЕТА
ДЕПУТАТОВ ТРУДЯЩИХСЯ
№ тел. №№2-13-81, 2-11-81.
«ЖАҢА ӨМІР»
ГАЗЕТІНІҢ РЕДАКЦИЯСЫ
Таушық поселкесі.
МЕН АУДАНДЫҚ СОВЕТ АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ ОРГАНЫ
ОРГАН МАНГИСТАУСКОГО РАЙКОМА КПК и ИСПОЛКОМА РАЙОННОГО СОВЕТА
ДЕПУТАТОВ ТРУДЯЩИХСЯ
№ 59 «14» февраль 1965 ж.
Құрметті Т.Жалғасбаев жолдас!
«Жаңа өмір» газетінің редакциясы Сізді өзінің «белсенді тілшілерінің бірі» деп есептейді. Газеттің оқушы қауымға ортақ тіл тауып, сапалы да тартымды шығуы көп жағдайда тілшілердің газет жұмысына белсене араласуына байланысты. Солай болғанмен, соңғы кездерде Сіздің редакциямен байланысыңыз сирексіп барады. Бұған біз де кінәлі болармыз. «Алға қарай бізбен байланысты бұрынғыдан да күшейтеді, газеттің белсенді көмекшілерінің бірі ретінде жаңадан тілшілер тартуға атсалысады» деп есептейміз. Бізге қай тақырыпта жазамын десеңіз де, еркіңізде. Малшылар қауымының ерліктері, партия, комсомол, оқу-ағарту, мәдениет, денсаулық сақтау орындарының жұмысындағы жақсы істер мен кемшіліктер, сайлауалды көпшілік жұмыстардан очерк, өлең, суреттеме, информация, әңгіме, т.б. жазуға болады. Сіздің материалыңызға мүмкіндігінше газет бетінен орын беруге қызметтенеміз. Жарияланған материалыңыздың тиісті қаламақысы өзіңіз тұрған адреске жіберіледі.
Сізден хат күтеміз.
Сәлеммен,
«Жаңа өмір» газетінің редакторы T.CMAFҰJІOB.
«ЖАҢА ӨМІР»
ГАЗЕТІНІҢ РЕДАКЦИЯСЫ
Таушық поселкесі.
МЕН АУДАНДЫҚ СОВЕТ АТҚАРУ
КОМИТЕТІНІҢ ОРГАНЫ
ОРГАН МАНГИСТАУСКОГО РАЙКОМА КПК И ИСПОЛКОМА РАЙОННОГО СОВЕТА
ДЕПУТАТОВ ТРУДЯЩИХСЯ
№ 1TL «21» март 1964 ж.
Құрметті Т.Жалғасбаев жолдас!
«Жаңа өмір» газетінің редакциясы Сізден таяу күңдер ішінде өзіңіздің насихатшылық жұмыс тәжірибеңіз жөнінде көлемді мақала жазып жіберуіңізді сұрайды. Онда қай уақыттан бері насихатшы екеніңіз, өткен жылы қай үйірмеде, биыл қай үйірмеде жетекшілік қызмет атқаратыныңыз, тыңдаушылар саны мен олардың сапа құрамы, сабақты өмірмен байланыстыруда қандай материалдар пайдаланатыныңыз, қысқасы, насихатшылық жұмыстағы тәжірибеңіз жан-жақты көрінгені мақұл.
Мақаланы март айының аяқ шеніне дейін бізге жіберсеңіз, жақсы болар еді.
Сәлеммен,
«Жаңа өмір» газетінің редакторы Т.СМАҒҰЛОВ.
«ЖАҢА ӨМІР»
ГАЗЕТІНІЦ РЕДАКЦИЯСЫ
Таушық поселкесі.
МЕН АУДАНДЫҚ СОВЕТ АТҚАРУ
КОМИТЕТІНІҢ ОРГАНЫ
ОРГАН МАНГИСТАУСКОГО РАЙКОМА КГІК И ИСПОЛКОМА РАЙОННОГО СОВЕТА
ДЕПУТАТОВ ТРУДЯЩИХСЯ
№ 18L «29» ноябрь 1963 ж.
Құрметті Т.Жалғасбаев жолдас
Сізді Маңғыстау өндіріс басқармасы партия комитеті мен еңбекшілер депутаттары селолық аудандық Советінің «Жаңа өмір» газетінің редакциясы «белсенді тілшілеріміздің бірі» деп есептеп келді. Бірақ соңғы уақыттарда сіздің атыңыздан редакцияға хат түспей кетті. Болашақта редакция сізден өз колхозыңыздағы игілікті істер жайын, еңбек озаттарының, мал шаруашылығы мамандарының жұмыстарын, мал азығының дайындалысын, мал қораларының жөнделуі, күйек алу науқанының барысы жайында, т.б. тақырыптарда хат күтеді.
Редактордың орынбасары Х.СҰЛТАНКЕЛДИЕВ.
РЕДАКЦИЯ ЖУРНАЛА
«ҚАЗАҚСТАН ЖУРНАЛЫНЫҢ
КОММУНИСІ» РЕДАКЦИЯСЫ
ҚАЗАҚСТАН КП ОРТАЛЫҚ КОМИТЕТІНІҢ ОРГАНЫ
ОРГАН ЦК КП КАЗАХСТАНА
Адрес: г.Алма-Ата, ул. Комсомольская, 103. тел. 2-23-03 и 2-24-95.
«27» июль 1964 ж.
Құрметті Жалғасбаев жолдас!
Сіздің насихатшылық тәжірибеңіз жайлы мақалаңыз журнал үшін лайықты емес. Мұнда мол тәжірибе көрінбейді, тек өткізілген сабақтың тақырыбы ғана тізіліпті. Екіншіден, бүл жұмыстың өмірмен байланысы қалай, адамдарға қандай ықпалы бар, ол да көмескі. Осы себепті пайдалана алмадық.
Сәлеммен,
идеология бөлімінің меңгерушісі Б.МӘДИЕВ.
«КОММУНИСТІК ЕҢБЕК»
ҚКП Гурьев облыстық, қалалық Комитеттері мен облыстық Советінің органы
ГАЗЕТІНІҢ РЕДАКЦИЯСЫ
Орган Гурьевского обкома и горкома КПК и областного совета
№623
«26» май 1964 ж.
Құрметті Т.Жалғасбаев жолдас!
Қазір облыс колхоздары мен совхоздарының даласында ауыл шаруашылық жұмыстары барған сайын кең көлемде өріс алып, жаңа табыстарға жету жолында қызу күрес жүріп жатыр. «Коммунистік еңбек» газетінің редакциясы облыс еңбеккерлерінің КПСС Орталық Комитетінің февраль Пленумының шешімдерін іске асыру жолындағы қажырлы еңбегін үздіксіз жазуды көздеп отыр. Бұған Сізді де атсалысады деп үміттенеміз. Алға қарай редакциямен үнемі байланысып, малды жайып бағудың, мал шаруашылығы өнімдерін арттырудың, шоп шабуға әзірліктің барысын, егінді баптап күту, жоспар мен міндеттемелердің орындалуы, ғылым мен озат тәжірибені насихаттап, оны өндіріске енгізу, т. б мәселелерді жазуды сұраймыз. «Сонымен қатар шаруашылық жұмысында орын алып отырған кемшіліктерді де сынға алып, әшкерелеп, оны жоюға көмектеседі» деп сенеміз.
Сәлеммен,
«Коммунистік еңбек» газетінің редакторы Т.БИСЕКЕНОВ.
«КОММУНИСТІК ЕҢБЕК»
ГАЗЕТІНІҢ РЕДАКЦИЯСЫ
№623
Орган Гурьевского обкома и горкома КПК и областного совета
«26» май 1964 ж.
Құрметті Т.Жалғасбаев жолдас!
Сіз көптен бері «Коммунистік еңбек» газетіне мақала жазуға белсене қатынасып келесіз. Оның маңызды да көркем болып шығуына тиісті үлес қостыңыз, қаламыңыз жылдан жылға ұшталып келеді. «Коммунистік еңбек» газетінің коллективі сізді Халықаралық мереке - 1 Май мейрамымен және 5-май - Советтік баспасөз күнімен құттықтап, деніңіздің сау-саламат болуына, жұмыста жаңа табыстарға жетуіңізге тілектестік білдіреді.
Мерекеңіз құтты болсын!
«Коммунистік еңбек» газетінің редакторы Т.БИСЕКЕНОВ.
ГАЗЕТІНІҢ РЕДАКЦИЯСЫ
№ 3069 ҚКП Гурьев облыстық, қалалық Комитеттері мен облыстық Советінің органы Орган Гурьевского обкома и горкома КПК и областного совета
1» декабрь 1964 ж.
Құрметті Т.Жалғасбаев жолдас!
Асығып күткен Жаңа Жыл келді. Облыстың еңбекшілері Жаңа Жылды жаңа табыстармен қарсы алды. Қазір облыстың өнеркәсіп орындарында, колхоздары мен совхоздарында қызу жұмыстар басталды. Қоғамдық малды қыстан шығынсыз және күйлі алып шығу, өнеркәсіп орындарында бірқалыпты жұмыс істеу күресі жүріп жатыр. Бүл күресте біздің тілшіміз Сіз де белсене катысып, жалпы іске тиісті үлес қосуыңыз қажет. Тілші жолдас, облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің редакциясы осы хатты Сізге үлкен тілекпен арнайды. Мал қыстатудың барысын, өнеркәсіптің жұмысын, озаттардың тәжірибесін партия, совет, кәсіподақ, комсомол ұйымдарының жұмыс тәжірибесін кеңінен жазып отырыңыз. Мәдени-тұрмыстық қамту жұмысы жөнінде де редакцияға хабарлап тұрыңыз. Сіз біздің облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің сол жердегі штаттан тыс жергілікті тілшісі болып саналасыз. Сондықтан Сізді «Алдағы уақытта газетке белсенді қатысып, қызықты хат-хабар жазып тұрады» деп сенім күтеміз.
Коммунистік сәлеммен,
Қ.БӨРІҚҰЛАҚОВ.
редакцияның тілшілер және хат
бөлімінің меңгерушісі
«КОММУНИСТІК
ЕҢБЕК» ГАЗЕТІНІҢ РЕДАКЦИЯСЫ
№920
Орган Гурьевского обкома и горкома КПК и областного совета
«7» август 1964 ж.
Құрметті Т.Жалғасбаев жолдас!
Сіздің «Социалистік міндеттеме қанағаттанғысыз орындалуда» деген мақалаңызды пайдалана алмадық. Өйткені, жиналыстан есеп болыпты да шығыпты. Мүмкіндігіңіз болса, кеңейтіп, талдау жасап, қайта жазып көріңіз.
Редакция қызметкері Н.МУФТАХОВ.
ГАЗЕТІНІҢ РЕДАКЦИЯСЫ
№849
Орган Гурьевского обкома и горкома КПК и областного совета
«24» июль 1964 ж.
Құрметті Т.Жалғасбаев жолдас!
Бұл күндері облыс колхоздары мен совхоздарының даласында қоғамдық мал үшін жем-шөп қорын мол дайындау жұмыстары барған сайын кең өріс алып, жаңа табыстарға жету жолында қызу күрес жүргізілуде. «Бұл күреске Сіз де белсене қатысып, мал азығын дайындаудың барысы, озат механизаторлардың, мехотрядтардың, бригаданың өнегелі ісі, жұмыста орын алған кемшіліктер жөнінде жазып отырады» деп сенеміз. Сонымен қатар егінді баптап күту, малды жайып бағу, оның тиімділігін арттыру, ауыл шаруашылығын интенсивтендіру мәселелері туралы жан-жақты жазып отыруды сұраймыз. Облысымызда биыл комплексті механикаландырылған фермалардың құрылыстары жүргізіліп жатыр. Бұл фермалардың құрылысына баса назар аударған жөн болар еді. Жем-шөп дайындау жұмысымен қатар қыстаққа әзірліктің барысын, атап айтқанда, мал қорлары мен тұрғын үйлерді салудың, ескілерін жөндеудің барысын да жазып отыру қажет. Редакция Сізден «Селодағы саяси-бұқаралық, мәдени-тұрмыстық қажетті өтеу жұмыстарының жайы туралы да үнемі жазып, газетке белсенді қатысады» деп, сенім күтеді.
Сәлеммен,
редактордың орынбасары Ә.ҒАБДУЛЛИН.
ГАЗЕТІНЩ РЕДАКЦИЯСЬІ
№907
Құрметті тілші Т.Жалғасбаев жолдас!
Облыстық «Коммунистік еңбек» газеті редакциясының коллективі Сізді Жаңа Жылмен құттықтап, жемісті еңбек етуіңізге, семьяда бақытты өмір сүруіңізге, Жаңа Жылда жаңа табыстарға жетуіңізге, тілшілік қаламыңыздың ұштала беруіне тілектестік білдіреді.
Жаңажылдық сәлеммен, «Коммунистік еңбектің» коллективі
Орган Гурьевского обкома и горкома КПК и областного совета
« 25 » декабрь 1964 ж.
ГАЗЕТІНІҢ РЕДАКЦИЯСЫ
№880
Орган Гурьевского обкома и горкома КПК и областного совета
«31» май 1966 ж.
Құрметті тілші Т.Жалғасбаев жолдас!
Қазір облысымыздың мал шаруашылығындағы аса жауапты кезең - жем-шөп дайындау науқаны басталды. Әрбір совхоз бен колхоз мал басының өсіп, оның өнімінің артуы бұл жұмысты ойдағыдай өткізуге тікелей байланысты. Өйткені, жем-шөп мол болса, мал өседі, ет те, сүт те мол болады. Бұл маңызды жұмысқа село тілшілері де өздерінің тиісті үлестерін қосуға міндетті. Редакция осы хатты Сізге әдейі жолдай отырып, өзіңіз тұратын жерден жем-шөп дайындау, жем-шөптік дақылдар егісінің күтімі жайлы бізге үзбей хат жазып тұруды сұрайды. Жергілікті жерде істің барысы тәуір болса, жұмыс жақсы ұйымдастырылса, көпке өнеге боларлық қандай тәжірибе бар, соны жақсырақ көрсетіп, озаттардың мұндай табысқа қалай жеткенін ашқаныңыз жөн. Ал кемшіліктер көбірек болса, оның себебіне талдау жасап, нақты кінәлі адамдарды сынау керек. Адамдарға мәдени-тұрмыстық қызмет көрсетудің, саяси-бұқаралық және үгіт жұмыстарының жайы туралы жазуды да ұмытпау қажет. Біз Сізді «Сол жергілікті жердегі газетіміздің сенімді тірегі, қырағы көзі» деп есептейміз. Ауыл шаруашылығының басқа да маңызды мәселелері жөнінде жиі жазып тұруыңызды өтінеміз.
Сәлеммен,
редакцияның тілшілер және
217
хат бөлімінің меңгерушісі Қ.БӨР1ҚҰЛАҚОВ.
15—892
ГАЗЕТІНІҢ РЕДАКЦИЯСЫ
№ 155
Орган Гурьевского обкома и горкома КПК и областного совета
«01 » сентябрь 1966 ж.
Құрметті тілші Т.Жалғасбаев жолдас!
Мал шаруашылығындағы аса сын кезең - мал қыстату маусымы таяп келеді. Қазір барлық жерде бірдей мал қыстатуға әзірлік жұмысы жүргізілуде. Осыған байланысты облыстық партия комитетінің бюросы биылғы 20 сентябрьден 20 октябрьге дейін мал қыстатуға әзірлікті аяқтау айлығын жариялау жөнінде шешім қабылдады. Айлықтың алға қоятын мақсаты: 1) әрбір колхоз бен совхозда, фермада, отар да қыстайтын малдың жем-шөбін жеткілікті дайындап, қыстақтарға тасып алу; 2) тұрғын үйді, аула, қораны жөндеу және жаңадан салу; 3) суатты (құдықты, т.б.) жабдықтап, әзірлеу, қораларды механикаландыру; 4) жүгеріні тез жинап, сүрлемге салу; 5) малды қыстаққа әкелгенге дейін жайып семірту; 6) малшыларды мәдени-тұрмыстық қамту. Сізден өтінішіміз: өзіңіз тұратын жерден мал қыстату, әзірліктің жайы жөнінде (осы мәселелерді жекелей алып немесе топтап көрсетіп) үзбей жазып тұрсаңыз. Әрбір материалда жұмыстың жақсы жағы айтылса, онда нақты істелген жұмыстар көрсетілуі тиіс. Ал сын мақалада кемшіліктерге талдау жасалып, оған кінәлі адамдар батыл сынға алынуы керек және кемшілікті қайткенде жоюға болатындығы көрсетілсін. Айлық кезіндегі материалдарды жергілікті жерде партиялық-мемлекеттік бақылау комитетіне көмектесу топтарымен бірлесіп жазсаңыз, тіпті жақсы болар еді.
істеліп жатқан жұмыстар жөнінде фотосуреттер жіберуге де болады.
Сіздің жазған материалыңызды күтеміз.
Сәлеммен,
«Коммунистік еңбек» газеті
редакторының орынбасарыШ.ДӘУЕНОВ.
ГАЗЕТІНІҢ РЕДАКЦИЯСЫ
№69
Орган Гурьевского обкома и горкома КПК и областного совета
«24»г апрель 1964 ж.
Құрметті Т.Жалғасбаев жолдас!
Советтік баспасөз күні қарсаңында облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің редакциясы газеттің жетістіктері мен кемшіліктері жайында және алға қарай газеттің нендей мәселелерді қамтуын тілейтіндігіңізді жазып жіберуіңізді сұрайды. Біздің газетімізден Сізге қандай тақырыптағы мақалалар ұнады, ол мақалалар неліктен ұнады? Келешекте газетте қандай тақырыптарда мақалалардың жиі-жиі жарияланып тұруын орынды деп санайсыз және Сіздіңше, осы уақытқа дейін газет редакциясы ескермей жүрген қандай тың тақырыптар бар?
Коммунистік сәлеммен, «Коммунистік еңбек»
газетінің редакциясы.
ГАЗЕТІНІҢ РЕДАКЦИЯСЫ
№533
Орган Гурьевского обкома и горкома КПК и областного совета
«12» май 1964 ж.
Құрметті тілші Т.Жалғасбаев жолдас!
Қазір облыстың ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің алдында аса жауапты жұмыстар -төл алуды ұйымшылдықпен өткізу, малды жайып семірту, шөп шабуға жан-жақты әзірлену, мал шаруашылығы өнімдерін молайту, көктемгі егісті қызу жүргізу, селолық құрылысты өрістету сияқты күрделі міндеттер тұр. Мұндай маңызды жұмыстарға үлес қосу - селодағы әрбір азаматтың абыройлы борышы. Газет беттерінде бұл мәселелер жөнінде ұдайы жазып тұру өте-мөте қажет. Сондықтан да өзіңіз тұратын жерден ауыл шаруашылығы жұмыстарының барысы, озат малшылар мен механизаторлардың өнегелі еңбегі туралы мақала, хабарлар жазып, редакциямен тығыз байланыс жасап тұруды өтінеміз. Сіздің хаттарыңызды күтеміз.
Сәлеммен,
редактордың орынбасары Ш.ДӘУЕНОВ.
ГАЗЕТІНІҢ РЕДАКЦИЯСЫ
№837
Орган Гурьевского обкома и горкома КПК и областного совета
«у 5» июль 1964 ж.
Құрметті Т.Жалғасбаев жолдас!
Редакцияға «Жабағы жүн алуды тез аяқтайық» деген хатыңыз түскен-ді. Мұнда «Правда» колхозында қой қырқудың барысы туралы сөз еткен екенсіз. Хатыңыз біраз кешігіп келді. Бұл уақыт ішінде жағдай біраз өзгеріп кетті. Колхоз қой қырқуды аяқтады. Сондықтан хатыңызды пайдалануға мүмкіндік болмады. Ренжімеңіз. Жем-шөп дайындау жұмысының барысы, малды жайып семіртудің жайы, т.б. жөнінде жиі жазып тұрыңыз.
Сәлеммен,
ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметкері А.ҚОЖИЕВ.
ГАЗЕТІНІҢ РЕДАКЦИЯСЫ
№776
Орган Гурьевского обкома и горкома КПК и областного совета
«7» июль 1964 ж.
Құрметті Т.Жалғасбаев жолдас!
Мал шаруашылығындағы аса жауапты кезең - жем-шөп дайындау науқаны келді. Өзіңізге белгілі, біздің жағдайымызда бұл - егін орағымен тең түсетін, өте-мөте маңызды жұмыс. Қоғамдық мал санының көбейіп, өнімнің молаюы бұл жұмысты ойдағыдай ұйымдастыруға тікелей байланысты. Ендеше газет редакциясының, оның тілшілерінің алдында тұрған ең маңызды міндеттерінің бірі - осындай науқанның барысын ұдайы жазып тұру болып табылады. Осы хатты алысымен, өзіңіз тұратын жерден шоп шабудың жайы туралы үзбей хабарлап тұруды өтінеміз. Үздік еңбек етіп жүрген механизаторларды, олардың табысқа жетудегі іс-тәжірибесін, озық әдістерін түсінікті етіп жазғаныңыз дұрыс. Ал жұмыс дұрыс ұйымдастырылмай, олқылыққа ұшыраса, оның себептеріне талдау жасап, кінәлі адамдарды, кемшілікті жою жолдарын көрсетіңіз. Қысқасы, Сіздің мақалаңыз шөп шабу қарқынын арттыру, малды азықпен қамтамасыз етуге нақты көмектесетіндей болуы тиіс. Қазіргі күндері село тілшісінің орны - мал азығын дайындау күресі жүргізіліп жатқан алдыңғы шепте. Адамдардың ерлік еңбегін газет бетінде дұрыс көрсетіп отыру - біздің абыройлы борышымыз. Олай болса, Сізден бұл іске белсене араласуды сұраймыз.
Егер фотосуреттер болса, қоса жібергеніңіз дұрыс болар еді.
Сәлеммен,
редактордың орынбасары Ш.ДӘУЕНОВ.
ГАЗЕТІНІҢ РЕДАКЦИЯСЫ
№816
Орган Гурьевского обкома и горкома КПК и областного совета
«І» июль 1964 ж.
Құрметті тілші Т.Жалғасбаев жолдас!
Сіздің оқушылардың сабақтан бос мезгілдегі көмегі туралы материалыңызды енді газетке жариялауға кеш қалды. Және алдағы уақытта редакцияға машинкаға бастырып жолдаған материалыңыздың бірінші бетін жіберуді ескергейсіз.
Сәлеммен,
редакция қызметкері Д.ХАСАНОВ.
ІX ТАРАУ. ТҰРАР АҒА ТҰРАДЫ ЖАДЫМЫЗДА
(Естеліктер)
СЕКСЕННІҢ СЕҢГІРІНДЕ ТҰРАР АҒА
(Ақ жүректен ақтарылған игі тілек, ізгі лебіздер)
Құрметті Тұреке!
Сіздің сексеннің сеңгір асуына шыққанға дейінгі бүкіл саналы өміріңіз - Маңғыстау өлкесінің барлық тұрғындарына үлгі-өнеге. Осы уақытқа дейінгі жасаған ғұмырыңыздың тең жартысынан астамын жас ұрпаққа білім беруге, олардың бойына имандылық дарытуға, сөйтіп, өзіңіздің бойыңызға жинақталған бар жақсылықты егуге жұмсадыңыз. Сіздің мыңдаған шәкірттеріңіз қазір тәуелсіз республикамыздың өсіп-өркендеп, дамуына адал еңбегімен үлес қосып жүрген абзал азаматтардың қатарында тер төгіп келеді. Өзіңіз сияқты қызығы мен қиындығы мол ұстаздық жолды қалап алғандардың өзі - бір тебе. Жерлестеріңіз, бірге еңбек еткен әріптестеріңіз, ауылдастарыңыз, барлық жолдастарыңыз бен таныстарыңыз Сіздің қарапайымдылығыңыз бен еңбекқорлығыңызды, адамгершілік қасиеттеріңіз бен ізденімпаздығыңызды қадір тұтады, еліктейді. Сіз ұстаздықты білім беру саласын басқарып, ұйымдастырумен ұштастыра білдіңіз. Атажұрт, көне шежірелі, қасиетті Маңғыстау жерінде ұзақ жылдар мектеп басшысы болдыңыз, ұстаздарға ұстаздық еттіңіз. Қазіргі күні біз Сізді «бүкіл ауыл көлеміне қадірлі, бір қауым елге билік айтар, пайғамбар жасынан асқан, сыйлы, өлкедегі халық ағарту саласының даму тарихын кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін қалам тартумен шұғылданып келе жатқан шежіреші ақсақал» деп танимыз. Қоғамдық өмірден қол үзбегеніңізді көріп, қуанамыз. Облыстық білім беру басқармасы мен білім және ғылыми қызметкерлер кәсіподағының облыстық комитеті Сізді 80 жасқа толған мерейтойыңызбен құттықтай отырып, денсаулығыңыз мықты, жанұяңыз аман болып, ұзақ та бақытты, елге сыйлы өмір сүруіңізге тілектестік білдіреді.
Облыстық білім беру басқармасының бастығы
Ө.ОЗҒАНБАЕВ.
Білім және ғылыми қызметкерлер кәсіподағы облыстық комитетінің төрағасы
К.МЫРЗАБАЕВ.
1993 жыл, мамыр.
* * *
Құрметті Тұреке!
Маңғыстау аудандық оқу бөлімі Сізді 80 жасқа толған мерейтойыңызбен қызу құттықтайды. Сіз өзіңізге сеніп тапсырылған жұмыстардың барлық салаларында терең біліктілік пен ұйымдастырушылық қабілет көрсетіп, жоғары жауапкершілік таныттыңыз, талап қойғыштықты адамдарға деген шынайы қамқорлықпен шебер ұштастыра білдіңіз. Жарты ғасыр бойы мектепте қызмет жасай жүріп, қажымас, талмас қызметіңізбен оқу-тәрбие жұмысын дамытуға үлкен үлес қостыңыз, жас мұғалімдерді қанаттандыруға коп қамқорлық көрсеттіңіз. Сізден шәкірттеріңіз рухани мұратқа адалдықты, бауырмалдықты, мейірбандылықты үйренді. Зор тағлым, тәрбиелі болмысыңызбен талай-талай шәкірттеріңіздің мінезін байытып, қанатын қатайтып, баптап ұшырдыңыз. Бұл күндері сексен жастың белесінен асып отырсаңыз да, өзіңіздің сүйікті жұмысыңыз жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеуден әлі қол үзбей келесіз. Әлем жадырай төріне оздырып, адамзат қуана құшағын ашып, тәуелсіздігіміздің туы биік желбіреп, тұғырымыз берік орныға түскен бүгінгі күні Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, қажымас күш-жігер, баянды бақыт тілей отырып, «Бала-шаға қызығын көріңіз, ырысыңыз ортаймасын, тілегіңіз лайым қабыл бола берсін!» дегіміз келеді!
Аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі
А.ЕРМАНОВ.
* * *
Қадірлі Тұреке!
Алып тұлғасына өзіңіз тартқан Қаратау қойнындағы аядай ауылыңызда бүгін үлкен той! Жақын мен жекжаттың, қала берді ауылдастарыңыздың мерейін биіктетіп, ажарын айшықтаған құрметтің түп-тамыры өзіңіз екені қандай жарасымды! Сескенбей шыққан сексеннің шуағы себезгілеген, сәулесі төгілген сәті, сеңгір жасыңыз, мөлдір тойыңыз құтты болсын! Атажұртыңыз Маңғыстау елі алпыс жылдан астам ғұмырын асыл іске - ұрпақ тәрбиесіне арнаған өзіңіздей абызды әрдайым мақтан етеді. Осы бір ұлағатты істен табан аудармай, таудай талабыңыз жолында тер төккеніңіздің өзі кейінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге екенін айта кеткен абзал. «Таудай талап» демекші, талшыбық жасыңыздан бастап ауылдағы үлкендерді сауаттандырған Сіздің келешек ғұмырыңыз одан әрі жалғасын тапты. Осынау жылдар белгісіндей бұл күндері Маңғыстаудың қай түкпірінен де шәкірттеріңіздің ыстық махаббатпен өзіңізге құрақ ұша жүгіретіні де шындық. Олардың қай-қайсысы да өзіңізге тартқан, елі үшін перзенттік парызын өтемекке биік парасатпен қарайтын ер-азамат, әйел-еңбеккер екені - ақиқаттың төресі. Сірә, «ұстаз бақыты» деген де осы шығар-ау!.. Ұзақ жылдар оқу-ағарту саласында басшы орындарда білікті қызмет жасағаныңыздың өзі өмірбаяныңыздың өз алдына жарқын беттері болмақ.
Тұреке!
Жарқын да адал, кісіліктің үлгісін көрсете кешкен осынау өміріңізде Сіз бірнеше ұл-қыз тәрбиелеп, өсірдіңіз. Сүйікті қосағыңыз Нұрпаш әже екеуіңізден өрбіген олардың алды Сізді абыройлы да асқақ еткен қастерлі мамандықты қаласа, қалғандары да өмірден өз орындарын тапқан қалаулы ұл-қыз болды. Исіне ештеңе тең келмейтін сүйікті немерелеріңіз бен жиендеріңіз, бала-шағаңыздың қызық думаны Сізді жасарта бергей! Бәріміздің ортақ мерекемізге айналған тойыңыз құтты болсын! Биік тұлғаңыз еңкеймей, ортамызда ауыл ақсақалдарының алды болып жүре беріңіз!
Сізге ұзақ өмір, қажымас күш-қайрат тілейміз.
Ауылдық кеңес төрағасы Ж.БІЛӘЛОВ.
1993 жыл, 12 мамыр, Шайыр ауылы.
* * *
Қадірлі Тұрар Жалғасбайұлы!
Сіз бүгін екінің бірінің пешенесіне бұйыра бермейтін Ата жас - 80-ге толып отырсыз. Осынау өнегелі өміріңіздің 57 жылын қызығы да, қиындығы да мол аса бір қастерлі мамандық - ұстаздық қызметке арнадыңыз. Осы жылдардың ширек ғасырдай мерзімін мектеп басшысы, оқу бөлімінің маманы болып, ұстаздардың біліктілігі мен іскерлігін ұштадыңыз.
Қадірлі Тұреке!
Сіз - өзінен шәкірті озған бақытты ұстаз және ұстаздар әулетінің діңгегісіз. Бүгінде Сіздің шәкірттеріңіздің алды түрлі салаларда жемісті еңбек етіп, зейнеткерлікке шықса, көпшілігі Маңғыстаудың Қаройының алуан түкпірінде абыройлы еңбек етуде. Сіз қадаған балғын шыбықтар бүгінде мәуелі орманға айналғанына ел куә. Сіз осы жылдарда ұстаз бола жүріп, 30 жыл бойы қоғамдық негізде насихатшы ретінде халық арасында саяси тәрбие беру ісіне де белсене қатысып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Құрмет Грамотасымен» екі рет наградталдыңыз. Сіздің абыройлы ұстаздық, басшылық еңбегіңіз үкімет тарапынан да бағасын алып, 1949 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 1965 жылы «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталдыңыз.
Құрметті Тұреке!
Сіз өмірлік қосағыңыз Нұрпаш әжей екеуіңіз - осы заманға лайық ұл-қыз өсіріп, немере қызығын көріп отырған бақытты жанұяның басшысы, қадірменді ел ақсақалысыз. Сізге осынау торқалы тойыңызда мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, жанұя бақытын тілейміз.
Шайыр орта мектебінің директоры О.ӨТЕУЛИЕВ.
Кәсіподақ ұйымының төрағасы А.ҚҰСПАНОВ.
1993 жыл, 12 мамыр.
* * *
Құрметті Тұрар құда!
Сізді 80 жасқа толған мерейтойыңызбен құттықтаймыз! Сізге ұзақ ғұмыр, деніңізге саулық, қажымас қайрат, сергек көңіл күй мен өмірдің мерейлі биігіне өрлей беруіңізге, отбасынан береке арылмай, бала-шағаның ақылшы, панасы болып, құдағи екеуіңіз жүре беруіңізге тілектеспіз.
Құдаңыз Әбілхайыр, құдағайыңыз Өсила.
1993 жыл, 12 мамыр, Құлсары шаһары.
Құрметті Тұрар атай!
Сізді 80 жасқа толу мерейтойыңызбен және ұстаздық қызметіңізге жарты ғасырдан астам уақыт толуымен Шайыр орта мектебінің балауса шәкірттері атынан қызу құттықтап, Сізге болашақта мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілей отырып, шәкірттік жүрегімізден шыққан арнауымызды, ән-жырымызды тарту етеміз, қабыл алыңыз!
Өмір-өзен, уақыт - төреші де,
Жақсыны алар әрдайым ел есіне.
Тойлап жатыр ағайын, түбек елі
Сіз келген соң 80 жас белесіне.
Қадірліні кім-кім де жыр етпеді?!
Осы бір шақ - өмірдің нұр-өткелі.
Білім берген шәкіртке ең алғашқы
Ұстаздардың бірісіз түбектегі.
Кім жетеді теңесіп өреліге?!
Риза боп, ел-жұрты сенеді де.
Өзіңізбен жұмыстас болды түңғыш
Ұстаздар Сәду, Нұрлан, Төрәлі де.
Жүйткиді осы сәтте ой тарланы,
Тілектің, ықыластың жайқал бағы.
Тарихтың парақтарын таразылар,
Тұрекең - шежіренің майталманы.
Көрінер биіктерден дара шыңы,
Болғандай сол айғақтың жарасымы.
«Елім» деп Байтұрсынов жолын қуған
Атамыз - ана тілдің жанашыры.
Халықтан шығар әр кез дана, алып та,
Кезінде оған селқос қарадық та.
Солардың бірегейі Тұрар ата
Әрдайым жаны құмар жаңалыққа.
Ағайын, туыс елге аты мәлім,
Той қылған дүбірлетіп атырабы.
Атамыз - иесі үлкен шаңырақтың
Жайылған бұл күндері жапырағы.
Ел-жұрты құрмет қылып, елегенде,
Шын көңіл ықыласқа бөленерде.
Ұстаздың жолын қуды балалары
Ләйлә, Ғалия, Сәния, Төлеген де.
Айтармыз әнді тойда шырқап тағы,
Ашылар өткен күннің сыр қатпары.
Бұл тойға біз жыр-шашу алып келдік,
Айтулы Тұрекеңнің ұрпақтары.
Еленбесе тұл болар ер бүгінде,
Жатқандай ел көрсетіп елдігін де.
Жүздесерміз ғасырлық тойыңызда,
Абыз ата сексеннің сеңгірінде.
Шайыр орта мектебінің оқушылары.
ҚАРТ ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ
Шайыр ауылында бір қырынан жаңғырып, көрініс тапты Еңбек жолымен көпке өнеге, бұл күнде 80 жастың сеңгіріне алқынбай жетіп отырған Тұрар ақсақал Жалғасбайұлының мерейін тасытып, өмір, еңбек жолдарынан тағлым алу бағытында игілікті шараны ұйымдастырып, қолға алған - оның өзі көп жылдар ұстаздық еткен Шайыр орта мектебі мен ауылы еді. Ұлағатты ұстаз Тұрекең ақсақал әріптестері -ұстаздармен, одан кейін жас мұғалімдермен, оқушылармен бір сабақтың жүйесінде пікірлесті. Түс ауа мектеп оқушылары, ауыл тұрғындары, мерей-тойға шақырылған қонақтар ауылдық мәдениет үйінде Тұрар ақсақалмен кездесу өткізді. Жүздесу салтанатын аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі А.Ерманов ашты. Баяндаманы мектеп директоры О.Өтеулиев жасады. Алпыс жылдай ұстаз болып қызмет жасаған, бүгінде ел азаматы, қадірменді ақсақал, қарттығына қарамастан жаңалыққа жаны құштар Тұрекең жайлы тағлымды естеліктерді аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Б.Жаңбырбаев, облыстық оқу бөлімінің бастығы Ө.Озғанбаев, ұстаздар А.Жайсаңбаев, Н.Арықбаев, зейнеткер Ә.Бегейбаев, Тұрекеңнің бұрынғы әріптесі, құрдасы М.Шәкіратовтар айтты. Зейнеткер І.Ақбасов Тұрекеңе арнау сөзін оқыды. Совхоз директоры А.Қартбаев әкімшілік атынан шапан жауып, ат мінгізді. Селолық кеңес төрағасы Ж.Біләлов құттықтауымен бірге «Шайыр ауылының құрметті азаматы» атағын тапсырды. Сондай-ақ Тұрекеңе шәкірттер де құттықтауын арнады. Ағайындар сөз алып, тілек айтып, сый-сияпаттарын білдірді. Бас қосу соңында салтанат иесі Тұрар Жалғасбаев өзінің еңбегін елеп-ескерген еліне шын көңілден рахметін, аталық ұлағатты сөзін айтты.
Ә.ӘЛМЕНОВ, Шайыр селосы.
(«Маңғыстау аудандық «Жана өмір» газетінің
1994 жылғы саны).
ХАЛЫҚ АҒАРТУ ЖОЛЫНДА
Жаратушы құдірет Алла Тағала ай мен күнді, жұлдызды, аспан мен жерді жаратты. Бұл «Жер - қазына, аспан - соның қақпағы» деген мысалға келеді. Енді «Тіршілік-дәурен өлшеулі өмір сүрсін» деп, он сегіз мың ғаламды жаратты. «Он сегіз мың ғаламның ішінен он жеті мың ғаламды басқарсын» деп адам-пендені абзал етті. Адамға жеті мүше -«сөйлесін» деп тіл, «көрсін» деп жарқыраған маңдайға көз, «денеге жол бастасын» деп аяқ беріпті («Денеге - аяқ басшы» дейді). Келе-келе, адам-пенденің әрқайсысы әртүрлі тіл мен ұлттарға бөлініп кетті. Бөлінген ұлттардың әр бөлегі өз алдына бас құрап, орталық құрып, мемлекет орнатты. Соның бір бөлігі - бәлшебек. Бірақ та әр заманды билеп-төстеуші қарауындағы ел-жұртты басқаруда, заманды билеп жүргізуде бәлшебектің қолданған заңы - партия. Осы партия заңына қарауындағы ел бағынуға тиісті болды. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Тұрар Жалғасбаев 1914 жылы Маңғыстау ауданының № 15 ауылында, Бозашы түбегінде туылған. Әкесі Қожықұлы Жалғасбай 1919 жылы қайтыс болды. Тұрекеңнің бұдан кейінгі балалық шағы шешесінің тәрбиесінде өтті. Шешесі 1960 жылы өмірден озды. Тұрекеңнің екі туысқан қарындасы бар. Үлкені Ақтөбе қаласында, Батыр ана. Екіншісі - мұғалім, Таушық орта мектебінде жұмыс істейді. Тұрар Жалғасбайұлы 1930 жылы Форт-Шевченко қаласында бастауыш мектепті бітіріп, латын әрпімен еңбек жолын бастады. Халық ағарту саласында оқытушы болды. 1931 жылы ақпан-мамыр айларында Форт-Шевченко да бастауыш оқу бөлімдерін даярлайтын курста болды. Одан кейін үзіліссіз оқытушылық қызмет жасады. 1931-37 жылдары бастауыш кластардың, одан кейін орталау мектептерде пәндер мұғалімі болды. 57 жылдан астам еңбек жолының ішінде 18 жыл орталау және орта мектептерде басшылық етіп, 3 жыл аудандық оқу бөлімінің мектеп инспекторы міндетін атқарды. Оқытушы болған кезінде бірнеше рет қысқа мерзімдік дайындау-пысықтау курстарынан өтті. 1948 жылы Гурьев педучилищесін сырттай оқып бітірді. 1955 жылы Гурьев педагогикалық институтының физика-математика факультетіне сырттай оқуға түскен екен, денсаулық жағдайына байланысты 4-курста ол оқуы тоқтап қалды. 1950-51 оқу жылынан бері Шайыр мектебінде істеп келе жатыр. Еңбек еткен жылдары ішінде өзінің міндетті жұмысы, тәртібі, қоғамдық қызметі бойынша ешқандай жаза алған жоқ. 1949 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 1965 жылы «Халық ағарту ісінің озаты» төсбелгісімен наградталды. 1949 жылдан СОКП мүшесі. Сол жылдан бастап 1979 жылға дейін, яғни 30 жыл бойы партиялық оқулар жүйесінде насихатшы болып істеді. Бұл еңбегі үшін заттай сыйлықтармен қатар Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Құрмет Грамотасын» екі рет алды. Советтер мен халық соттары сайлауларында үнемі комиссия құрамында болды. Ауылдық совет депутаты және сот заседателі болып бірнеше рет сайланды. 1957-60 жылдары іріленген «Правда» колхозының партия ұйымы секретарының қызметіне қоғамдық тапсырма ретінде екі рет сайланды. Ол мұндай қоғамдық жұмыстардың көбін қатардағы мұғалім болып жүріп атқарды. 1975 жылы жасына байланысты зейнеткерлікке шықты. Бірақ еңбектен қол үзген жоқ. 1987 жылға дейін аудандық сырттай орта мектептің Шайыр оқу-консультация пунктінде оқытушы болып қызмет істеді. Балалары Шайырда туып-өсіп, осында орта мектеп бітірді. Еңбек жолындағы қадамдарын да осында бастады, шопан болды, тас қалады, машина жүргізді, мұғалім болды. Қазір де мамандық кәсіптері мен дәм айдауымен облыстың әр жерінде шаруашылық және мәдениет салаларында еңбек етіп жүр.
Жалғасбайдың Тұрары,
Еңбек етті жасынан
Өзінің жігер-күшімен.
60 жыл істеп мектепте,
Сауатын ашты балдардың,
Ағарту жұмыс ісімен.
Оқыған одан ұл мен қыз
Тәрбие алды түсінік.
Көненің көзі Тұрекем,
Туылып, өскен мекені –
Бозашының түбі екен.
Білім алып мектептен,
Ұрпақтарды оқытқан.
Кішіні жүрген «іні» деп,
Аға тұтқан үлкенді.
Сау-саламат сұрасып,
Сәлемін жазбай бұрылып.
Іздібай Ақбасов, зейнеткер,
1993 жыл, 23 сәуір.
ҰСТАЗ ЖОЛЫ
Тұрекең 1914 жылы 4 наурызда Маңғыстау ауданының № 15 ауылында (қазіргі Қызан селосы) шаруа семьясында туған. Әкеден ерте айырылып (әкесі 1919 жылы қайтыс болған), 1930 жылы Форт-Шевченко қаласындағы мектептің бастауыш класын бітіргеннен кейін туған ауылында латын алфавитімен халықтық сауат ашу мектебінде мұғалім болып еңбек жолын бастаған. 1931 жылдың қаңтар-маусым айларында бастауыш класс мұғалімдерін дайындайтын 5 айлық курсты бітіріп, содан 1987 жылдың аяғына дейін үзіліссіз ұстаздық қызмет атқарды. Шайыр орталау мектебін басқарған жылдары (1950-56 жж.) аудан бойынша оқу-тәрбие ісінде жақсы нәтижелерге қол жеткізді. іскер басшы және ұйымдастырушы екендігін көрсете білген азамат Тұрар Жалғасбайұлын үкімет 1949 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 1965 жылы «Халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен, үздік саяси қызметі үшін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті екі рет «Құрмет Грамотасымен» наградтаған. «1950 жылы Шайыр мектебіне келгенде 2 жылдай VІІ класс жабылып қалыпты. Ата-ана тілегін ескере отырып, бала санын 12-13-ке жеткізіп, VІІ класты аштық. Содан бастап жыл сайын VІІ класта бала саны толықтырылып отырды. Сондай-ақ 1954-55 оқу жылында қоймай сұрап жүріп, 30 балалық интернат ашуға мүмкіндік алдық» дейді ол сол бір жылдардың қиындықтарын еске алып. Тұрекең мектеппен байланысты үзбей келеді. 1990-91 оқу жылында өз еркімен 18 балалық үйірме ашып, онда арабша төте жазу алфавитін үйретті. Жыл аяғында 8 оқушы өз бетімен оқып, жаза алатын дәрежеге жетіп, «Шалқар» газетін алдырып оқитын болды. Жанұясында жолдасы екеуі 9 бала өсіріп, тәрбиелеген. Олардың алтауының жоғары дәрежелі білімі бар. Төртеуі - әке кәсібін жалғастырушы ұстаздар.
Сөзімді қорыта келе:
О, Тұреке, ақсақал,
Асулардан асыңыз,
Мықты болып денсаулық,
100-ге жетсін жасыңыз! дей отырып, «Қадірменді ауыл ақсақалына Шайыр ауылының құрметті ақсақалы» деген ресми атақ беру жайы ескерілсе екен» дегім келеді.
Айтуған ЖАЙСАҢБАЕВ,
мұғалім.
(Облыстық «Маңғыстау» газетінің 1993 жылғы 7 мамыр күнгі № 90 саны).
* * *
Халық депутаттары Шайыр ауылдық кеңесі төрағасының
ЖАРЛЫҒЫ
Шайыр ауылы. № 23. « 12 » мамыр 1993 ж.
Ардагер ұстаз, Қазақстан Республикасының халыққа білім беру ісінің үздігі, зейнеткер Жалғасбаев Тұрарға «Шайыр ауылының құрметті азаматы» атағын беру туралы
Халық депутаттары ауылдық Кеңесінің төрағасы жарлық етті: 1. Ардагер ұстаз, Қазақстан Республикасының халыққа білім беру ісінің үздігі, зейнеткер Жалғасбаев Тұрарға ұзақ жылдар оқу-ағарту саласында және ауыл ішіндегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін «Шайыр ауылының құрметті азаматы» атағы берілсін.
Ауылдық кеңес төрағасы Ж.БІЛӘЛОВ.
ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ
Сексеннің сеңгіріне шықсаң да, қызық-қиқуы мол балалық шағың баданадай баттиып, көз алдыңда қаз-қалпында тұратыны заң болып жазылмаса да заңды білем. Сонау алыста қалған жастық шақта көктемнің көгі жалаған көк табанмен қозышы балалар шыбықтың сабын ат қылып мініп, көсілте жарысып, көк майса жасыл желек үстінде арпалыса алысып, асық ойнап, ас-су ішуді де ұмытып, ай-құшақ болған, көрмесек сағынып, көрсек ойын қызығына тоймай өткен құрдас-құрбыларымнан бұл күнде тірі жүрген бір бала биыл 80-ге шығыпты. Бала-келіндері, қыз-күйеулері, ағайын-тума, жұрағаттары, аудан, ауылы болып оның 80 жылдық мерейтойын өткізуге қызу әзірленіп жатқанын естіп, шетсіз де-шексіз ой орманының ішін аралап кетіппін. Маңғыстау бойынша құрдастар көп болар. Ал қатар өскен, бірге ойнаған, толық бір жауынгер-взводтай бауырлас-құрдас балалардан қазір тірі жүргені - Тұрар Жалғасбайұлы екеуміз екен. Өз балалары атап өтіп жатса қайдам, бүкіл елі - Маңғыстау ауданы қадірлеп, «хан көтеріп» жатқаны да орынды. Баз біреулердің «Ой, мұғалім екен ғой» деп, аттап өтетін кездерде көкейіме сұрау болып кептеліп еді, оған жауапты да өзім тапқандай болдым. «Қайта құру» деп аталған жаңа заманмен бірге «Ер - елімен, ел - ерімен» деген қанатты сөздер көз алдыма көсіле көлбеп, көкейіме кептелген сұрақтардың жауаптарын жарқ еткізгені. Иә, ол «елім» деп ерлік еткен ерлердің бірі екені анық. Он алты жасынан (сонау 1930 жылдың жазынан) бастап алпыс жылдан астам уақыт Маңғыстаудағы мәдени өзгерістердің алдыңғы сапында болды. Отызыншы жылдың жазында ауылындағы үлкендерді оқытты. Келесі жылы жазда аудандағы мұғалімдерді даярлайтын қысқа мерзімді курсты жақсы бітіріп, өз ауылында күндіз балаларды, түнде соқыр шам жарығымен сауатсыз үлкендерді оқытып, сауаттандырды. 1937 жылы жазда екеуміз Орал қаласындағы педагогикалық институттың жанынан ашылған 3 айлық курста оқып, өте жақсы бітіріп, «орталау (7 жылдық) мектептің физика-математика пәндерінің мұғалімі» деген куәлікпен келдік. Содан кейін 1948 жылы Атырау (Гурьев) педагогикалық училищесін сырттай бірге бітірдік. Тұрар Маңғыстаудың ежелгі білім ордасы - Ақкетіктегі (Форт-Шевченко) «Көк школда» (С.М.Киров атындағы орта мектеп) 10 жылдай, Тұщықұдықта бірнеше жыл, Шайырда, жаңылмасам, 40 жылдың үстінде қатардағы оқытушы, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры болып істеді. Ол - Маңғыстаудың болашағы бөбектер білімді, өр түлғалы азамат болып өсуі өзінің және өзі сияқты мұғалімдердің иығындағы ауыр да ардақты борышы екенін алдымен түсінгендердің бірі. Сондықтан да Маңғыстаудағы оқу-ағарту саласында кездескен нендей қиыншылықтардың да азабын қайыспай тартқан, оны жеңе білген қара нардың бірі. Мұғалімдер еңбекақысы аз, тұрмыстық жағдайлары (бұрын да, қазір де) ескерусіз, еленбейтін болғандықтан, басқа жұмыстарға кетіп жатса да, ол - «Ел үміті жас өрімдердің, елінің болашағы үшін олардың терең білім, тәлім-тәрбие талғамдарын жетілдіру - Отан алдындағы ардақты борышым» деп санап, мектепті тастап кетпей, алпыс жылдан астам уақыт табандап еңбек еткен, тер төккен, бойындағы барын, асыл нәрін шәкірттеріне сарқа берген, қажары Хантәңіріндей еңбек ері, биік тұлға, Қазақстан Республикасының халық ағарту ісінің үздігі. Мектептегі басқару ісінде де, қатардағы мұғалім болып та мұғалімдер арасында жолдастық, ағалық, әкелік қамқорлығы мол, шебер ұйымдастырушы, басшы, жан-жақты жетілген білгір, әдісқой маман ретінде ұжымы мен ата-ана, ауыл еңбеккерлері арасында үлкен беделге, сый-құрметке ие болған ұстаз. Бүкіл өмір бойы қоғамдық жұмыстарды да арқалап өткен, елінің тыныс-тіршілігімен бірге тыныстаған, ажарына ажар қосқан, елжанды ер болып танылған, нағыз азамат атанған қадірменді ақсақал. Соңғы қырық жылдан астам уақыт бойы табан аудармай еңбек еткен Шайыр орта мектебін бүкіл облысқа танымал парасатты ұстаз Тұрардың атағына беріп, «Тұрар атындағы орта мектеп» деп атауды Маңғыстау ауданының басшы орындарынан сұраймын. Ерді елі қадірлеп, көкке көтеру қай дәуірде де ақылға қонар абзал іс қой.
Ысқақ ШӘКІРАТҰЛЫ,
зейнеткер,
Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің үздігі. (Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газетінің 1993 жылғы 17 мамыр күнгі № 37 саны).
ТҰРАРҒА
Ұлағатты ұстаз болдың өрең биік,
Қайыспай еңбек еттің елің сүйіп.
Еліңнің болашағын – балаларын
Ұстадай көрігіңмен бердің құйып.
Шәкірттерің шыққан өсіп құндағыңда,
Ерлікпен еңбек етед ел бағына.
Сан сала өндірістер өресінде
Көреміз өмір - еңбек ырғағында.
Әлібай мен Тасым да арғы атаңнан
Абыройы биік болған қатардан.
Мал мен басы қанат жая тең өсіпті,
Шарасы шалқар, кемерін жая қасарған.
Ақ ниетті абзал атаң Тасымнан
Болмапты ешкім басынған.
Өз тұсында елу шаңырақ көтеріпті,
Болған соң Алласы сүйген асыл жан.
Қожық болыс өз атаң әділ болған,
Достық пен бірлік жолын ол ұстанған.
Ағайынға «алыс-жақын» деп қарамай,
«Құдай жолы, Құран» деп, тағат қылған.
«Он екі ата Байұлы арзу болып,
Дос болып, құда болып, көңіл қосқан».
Ата жолын ардақтап, кір шалдырмай,
Ұрпақтар да туыстас боп, қауымдасқан.
Сексенге шығып тұрсың сыр берместен,
Әркімдер «Сені көріп кетсем» дескен.
Текті атаның түлегі, азамат ер,
Еңбегіңді бағалар елің туып-өскен.
Ұл-қыздарынды оқыттың тәрбиелеп,
Келіпті сан мамандар үйің толып.
«Көкелеп» немерелер таласып жүр,
Ақсақал ата бопсың мейірімің көп.
80 жылдық мерейтойыңды құттықтаймын,
«Жар бол!, - деп, - Жаратушы бір Құдайым!».
Ұл-қызың, келіндермен, достарыңмен
Құда-жекжат, көрші-көлем, туыстар боп,
Жасай бер қажымастан алмас арыс,
Тұрарым, тұра берші сарбаздайын!
Ысқағың.
БІЛІМ БАҒАСЫНЫҢ САЛМАҒЫ ҚАНДАЙ?
Қазіргі күні оқушылардың «екілік» алғанына қиналмайтынын, ата-аналардың: «Осы мұғалімдер де қызық. Балаға бір «үштік» қойса, нетер еді?», - дейтінін, мұғалімнің: «Оқушылар сабақ оқымайтын болды. «Екілікті» қоя берсең, тағы болмайды. Не істерімізді білмейміз», - дейтіндерін білеміз. Осындай сан түрлі ойлар, пікірлер әр жерде айтылады. Оның көпшілігі оқушыға қойылатын бағаның әділ болуын қалайтындықтан айтылатыны рас. Өйткені, көтеріңкі бағаның көбік білім екені белгілі ғой. Біз де шәкірт болғанбыз. Математикадан Тұрар Жалғасбайұлы сабақ берді. Шынын айту керек, ауызша сабақтарға тәуір болғанмен, алгебра сабағынан онша емес едім. Әйтсе де, «Мата даңқымен без өтеді» дегендей, орта мектепті бітірдік қой. Оқуымды үлгертіп отырған математиктерді кезінде жақсы көрсем де, өзім біраз жылдан кейін Тұрекеңдердің шоқтығы биік ұстаз екенін сезіндім. Енді ойласам, менен математик шықпаса да, өз пәні бойынша шәкірттердің бәрін математик етіп шығарғысы келгеніне күмәнім жоқ. Мұғалім С.Нұржанов деген сызу пәнінен берді. Ол маған «4» қоятын да, мен сызып берген қыздарға «5» қоятын. іштей ренжісем де, ол мұғалімге: «Мұныңыз не?» деп айтатындай қауқар бізде болды ма? Оқушыларға қойылатын әділ баға - нақты білімнің өлшемі. «Қазіргі педагогтар коллективі де осы сапа үшін күресіп жатыр» десек те, журналдағы қаптап кеткен «үштіктер» - кім-кімді де ойлантарлық жәйт. Сапа - журналға қойылған жәй цифр емес, оқушының санасына жеткен білім, шәкірттің өз ұғымына, табиғатына байланысты алған білімі. Біздің берген бағамызда шәкірттің біліміне сай сапалық қасиет болмаса, оның ешкімге пайда бермесі анық. Енді осы сапа үшін қалай күресу керек? Сапасыз қойылған бағаға, білімге кімдер кінәлі? «Шынында да, оқушылар сабақ оқуды қойды ма?» деген сұрақтар толғандырады. Пікір де көп. Бірақ солардың көпшілігі біржақты айтылатын сияқты. Айналып келгенде, не сабақ беріп жүрген мұғалімді, не оқушының өзін, не ата-аналарды кінәлаумен тынады. Ең алдымен мұғалім туралы. Ол оқушыларға қойылатын нақтылы бағаға да, сапалы білімге де тікелей жауап береді. Егер мұғалім өз пәнін жан-жақты, терең меңгеріп, көрнекілік құралдарын орнымен пайдаланса, оқушылармен жеке жұмысты күшейтсе, сабағын барынша ұғымды, қызғылықты етіп, олардың санасына құя білсе, ең соңында баламен жұмыс істеуді жанымен сүйсе, ондай мұғалімдердің сабағында жалған бағалар тізбегі болмайды. Өкінішке қарай, «Бес саусақ бірдей емес». Шәкірттердің жеке басында кездесетін кемшіліктер баршылық. Мысалы, оқушының табиғатын былай қойғанда, сабақтан қашып кетушілігі, жалқаулығы, мектепке оқу-құралсыз келуі - басты кемшілігі. Оны үйретпейтін ұстаз, ата-ана болмайды. Солай бола тұрса да, кемшіліктер үнемі қайталанады. Тіпті ата-анасына, ұстаздарына дөрекі мінез көрсететін оқушылар да бар. Бірақ солардың ішінде де бір қырынан алғанда жақсы қасиеттері болғасын, «Баланың жаманы жоқ» дейміз. Ұстаз баланы зерттеуі керек. Ең жаманы - жалқаулық. Бұл әдет ұл балаларда жиі кездеседі. Оларды ой еңбегіне машықтандырғанның өзінде де, белгілі бір дағдыны бойына сіңіре алмайды. Көп қиналады. Үлкейе келе, ой еңбегіне төзімі таусылады. Олар көбіне дене еңбегін, не көшеде жүруді әдетке айналдырады. Осыдан барып оқушылардың ішінде сабаққа дайындықсыз келу, басы ауырғанда сабақты тастап кету, ой еңбегінен гөрі дене еңбегін қалау сияқты сезімдер қалыптасады. Оқушылардың осы табиғатына нәзік денсаулығы келіп қосылғанда, жеке бастың білім сапасы мүлдем төмендеп кетеді. Егер бұл оқушылардың осы қасиеттерін ескермей, «екілік» қоя берсек, көптеген оқушылардың обалына қаламыз. Сондықтан ұстаз тарапынан жеке жұмыс көп жүргізілуі керек. «Екілік» қойып, класта қалдырғанмен, шәкірттің табиғаты өзгермейді, оның есесіне жасы ұлғайып, мектепті ертерек тастауына себепкер боласыз. Ал класта қалған ересек оқушылар кластың тәртібіне кері әсерін тигізеді. Оны талай байқадық. Сапалы білім, нақтылы баға алуға оқушылардың ата-анасының рөлі зор. Амал не, көптеген ата-аналар баласының оқуына, білім алуына онша көп мән бермейді. Мектеппен байланыс сирек. Оқушының үйге берген тапсырмасын орындауын қадағаламайды. Екіншіден, ата-ана баласына, кемпір-шалдар немересіне, шөбересіне өз өмірлерінен үлгі тұтарлықтай әңгіме, оқиғаларды айта отырып, оқушының білім алуға құштарлығын арттырып отырса. Ұрумен, ұрсумен, жекірумен іс бітпейді. Өмір мектебінің бала біліміне қосар үлесі зор. Сосын бір айтарымыз - қоғамдық ұйымдар, жалпы жұртшылық бала тәрбиесіне, оқуына үнемі көңіл бөліп отырса, тәуір болар еді. Кейбір ұйымдар шаруашылықты сылтау етіп, бала тәрбиесіне көңіл бөлмейді. Оқушыларды мадақтау ұмыт қалып жатыр. Ақыл-кеңестер аз беріледі. Осындай кемшіліктер оқу-тәрбие жұмысының нашарлауына ықпалын тигізеді. «Балаға сапалы білім, дағды беру, оны әділ түрде бағалау жөнінде осындай жағдайларды ескере отырып жұмыс жүргізсек, ол жеміссіз болмас» деймін.
Ә.БАЙБОСЫНҰЛЫ.
(Облыстық «Маңғыстау» газетінің 1992 жылғы 11 наурыз күнгі № 51 саны).
БІЗДІҢ ЖАНҰЯ
Жалғасбай атам, әжем Ақбаладан,
Дүние-мүлік қалмаса да, бақ тараған.
Үш бала қиыншылық көп көрсе де,
Ешкімнің ала жібін аттамаған.
Білмеймін, марқұм атам қандай адам,
Көп шалдың бірі шығар ескі, надан.
Екі қыз, жалғыз ұлын жеткізе алмай,
Ертерек көз жұмыпты байғұс бабам.
Ақ әжем әрі ақылды, бек қайратты,
Бақытын балалардың ерте ойлапты.
Қайыспай қарсы тұрып қиындыққа,
Салтына әмеңгерлік ден қоймапты.
Жұбанышы - жалғыз ұлы, жан қанаты,
Үлкені, үш баланың қолғанаты.
Соңына бар ағайын қозысының
Еріпті бес жасқа да толмай жатып.
Шақтарды сол бір ауыр артқа тастап,
Келіпті арман еткен күндер жақсы-ақ.
Оқытты балаларын барыменен,
Алтын әжем, жырламайын қалай мақтап?!
Екі қыз екі ошақтың отын жағып,
Лайық өмірдегі орнын тауып.
Жан ұлы көз қуантар жігіт болды,
Аяулы ақ анасын күтіп-бағып.
Қуанды, 48-де келін алды,
Төбесі көкке екі елі жетпей қалды.
Жан екен олардағы өздеріндей,
Бөлісті бірге жүріп қолда барды.
Келіні - ақсарының әдемісі,
Көп екен замандаста дәмелісі.
Таңдапты моп-момақан мұғалімді,
Болмаса да арқа сүйер аға-інісі.
Үлкені қыз бала екен немеренің,
Мезгілсіз сұрауменен келе ме өлім?!
Жасқа да толмай жатып сорлы сәби,
Сайлапты бір төмпешік жатар жерін.
Дүниеге жаңа бөбек Сайын келген,
«Ұл бала» деп, сүйінші сұрапты елден.
Екі жаста ауырып, тұрақтамай,
Жас нәресте қара жер қойнына енген.
Бар екен нағашымыз Бақыт атты,
Қырқыншы жылы армияға аттаныпты.
Ұлы Отан соғысы басталғанда, қырық бірде
Литвадан жазыпты соңғы хатты.
Сұм жауға Құран қылып кен-қуатты,
Тылда да қызу еңбек жүріп жатты.
Мектептің директоры Тұрекеңді
Соғыстан броньменен алып қапты.
Келер жыл - қырық екінің көктемінде,
Көл-көсір қуаныш кеп жетті, міне...
Төлеген атты немересін бауырына сап,
Қарт әже жетті қолы көкте күнге.
Сұрапыл күндер өтіп, соғыс бітті,
Сағынған көптен күтіп, Жеңіс жетті.
Алдағы қырық алтының қаңтарында
Өмірге үлкен апам Ләйлә кепті.
Әкеміз Бақытқа көп алаңдады,
Сұрау сап, хабар-ошар ала алмады.
Енесін жалғыз қалған қолына алды,
Болмағасын басқа бір қарайлары.
Арманға жалғастырып тілек-ойды,
Жанұямыз ұлғайып, канат жайды.
Қызғалдақ қыз балаға жаңа туған,
«Қалия» деп әжелері атын қойды.
Екі жыл бұдан кейін жасалыпты,
Қуаныш тағы да бір аса мықты.
Екінші ұл нағашымыз құрметіне
Баданов Амангелді атаныпты!
Күзі келді ұлу жылдың елу екі,
Айтатын өзім жайлы келді реті.
Зайыбы жазушы Әбіш Кекілбаев
Клара ат қойыпты «Сәния» десіп.
Осыдан екі жыл соң Мұрат туды,
Арнамен ағызатын бұлақ-жырды.
Шамамның келгенінше бейнелейін
Семьямыз туралы білген сырды.
Араға үш жыл салып Асқар келді,
Соңынан қарындасы Сара ерді.
Кенже ұлға ат қойып «Рахмет» деп,
Ата-ана ұрпағына алғыс берді. м
Таусылып тіршілікте дәмі татар,
Әлі де құшақтасып мәңгі катар.
Мекенге ақиреттік бірге орнығып,
Қос әже - Ақбала мен Аққыз жатыр.
Өткенге көз жіберіп, барлап тұрсақ,
Шешеміз көтеріпті он төрт құрсақ.
Тоғызымыз азамат боп, көз қуанттық,
Бесеуі жер қойнына алған рұқсат.
Көрейін тағы біраз қағаз сызып,
Бақытты бүгінгі өмір қандай қызық!
Тұрекең ата менен Нұрпаш ана
Төрінде шалқып отыр, немере сүйіп.
Жаңғырды Маңғыстаудың даласы да,
Үш қала көзге ұрады арасында.
Төлеген, Амангелді, Ләйлә, Сара
Үйлері Ақтау атты қаласында.
Қалия бір мектепті басқарады,
Сәния оқып келді астананы.
Амантай мен Асқары - қос инженер
Мұраты шоферлікті атқарады.
Үлкені келіндердің Нұрбалхан бар,
Бір үйдің орнында отыр Розалар.
Жанбөпе шал-кемпірдің өз жанында,
Әзірге кіші келін Нұржауһар бар.
Бақытжан - үлкені ғой немеренің,
Оқып жүр политехта бүгін енді.
Соңында – төрт інісі, сегіз қарындасы,
Бар тағы толып жатқан жиендері.
Тарихты айта берсең, таусылмайды,
Азырақ баян қылдым болған жайды.
Тағы бір оралармын өмір болса,
Әңгімем жалғасады, сарқылмайды!
Сәния Тұрарқызы.
Шайыр, 1985 ж.
ҚАСИЕТ НҰРЫ
Табиғат тылсымы бар күш-құдіретін аямай, ең асылын, ең қымбатын жинап-теріп, даралап, биік тұлға етіп сомдаған Жан Аға! Қадіріңді бүкіл өмір жолыңда көріп-біліп, кісілік шыңынан тани білген бауырың мен едім. Сенің алаулаған қасиет нұрың тіршілікте тілеулесіңді де, басқаны да еріксіз мойындатып, бас игізіп еді. Тіршілік қуаты жалынды күшке айналып, жасың ұлғайған сайын биіктеп, ұшқыр ойға қанат бітіп, талмастан әуе кеңістігін шарлаған еді. Бойға сомдаған, ойға қармаған білім-білігің жерге еккен сапалы тұқымдай қаулап шығып, қажет еткен жандар өміріне нәр, жүрегіне шабыт, басына ақыл, ойына өріс етіп, әр салада тамырланған білім негізімен сусындаған еді. «Өз ұрпағыма ғана болсын» деп дараламай, «басқалар» деп тартып пішпей, дариядай шалқытып елу жыл кең далаға білім-білік өрісін көгерте, көркейте өсіріп едің, Жан Аға! Бүкіл келбетің мен кескінің адамдық пен адалдықты паш етіп, өнеге өрісін танытып тұрушы еді. Сөзбен де, іспен де, бағыт-бағдарыңмен де жаратылыс-болмысың турашылдықты ұқтырып тұрушы еді, бауырым! Мен сенің бойыңдағы барлық асылдан еркін сусындап, кемелденіп өсіп едім, Жан Аға! Өзіңнен жаралған бар ұрпағыңды парасаттылық пен білімге, өнеге өрісіне кемеліне келтіре жетілдіріп, өмір жолына, кең даңғылға салып едің, бауырым! Өзің жүріп өткен тура жол ұлдарың мен қыздарыңа бағыт-бағдар болып, өшпестей сақталып қалып еді, Жан Аға! Сен бізге тарих көші өткен жолдарды да, ата-баба тірлігін де жеткізе баяндап, кең сахнаны көз алдымызға жайып көрсеткен едің. Біз ойша бойлап, өзіміз өмірге келуден жүздеген жылдар бұрынғы ата-бабамызды да, туып-өскен кең даламыздың басынан өткен қилы-қилы жайлары мен табиғи кезеңдерін де еркін біліп, өсіп едік.
Біз үшін сен өмірдің энциклопедиясы едің.
Қабақ шытуды білмеген, өмірі ақсия күліп өткен, жаны жаз нұрлы бейнең ұмытылмас та! Өмірде еш адамға салмақ болар сөз айтпай, артық қылық көрсетпей, қисық қадам жасамай, таршылық көріп жарылмай, мағыналы өткізіп едің ғұмырды, Асыл Аға! Сендей теңдесі жоқ жаралған адам, «Азамат» деген атаққа ие болған жан ешқашанда ұмытылмақ емес.
Сенің ізің өмірдің барлық негізінде қатталып, сақталып қал мак. Сендей туғанымның бары маған шабыт туғызып, ойымда тереңдік, бойымда сарқылмас күш-қуат, жігер тұрушы еді. Сен өмірден өтсең де, егіп кеткен санадағы сарқылмас ақыл-ес тіршілікте өз қуатын жоймас. Жаратылысындағы барлық ерекшелігің біздің бойымыз мен ойымызда терең тамыр жайған.
Сен - мәңгі ұмытылмас, өшпес биік тұлғасың, Жан Аға!
Тіршілікті өмірде,
Бағалар әркім әрқилы.
Бойлап көрсек тереңдеп
Ой түбіне тұңғиық,
Тек тіршілікте не мән бар,
Таң атырып, күн өткен?!.
Ес білген соң тірлікте
Бойға - қуат, ойға - нәр,
Жан серігін жимаса?!
Жалықпастан білім-білік.
іздеушісі болмаса?!
Кісіліктің барлық жолын
Тірлік пенен тіршіліктің,
Негізі етіп алмаса?!
Кемелдене адамдық,
Тура басқан адалдық
Сонда айналаны таниды
Жалғасбаев Тұрарды.
Танытты асыл қасиет
Жарық жұлдыз секілді
Алаулаған мәңгілік.
Өмірден ағам өтсе де,
Сәулесі өшпес бейне ғой.
Тұғыры биік соғылған,
Ескерткіш қояр келешек.
Дұрыстық жолын елесек.
Естелік еттім, Жан Аға!
Қасыңдағы жалғыз бауырың
Жолында мәңгі адаспай,
Келе жатқан соңында.
Аттандырдық бақиға
Сексен жеті жасыңда.
Сенен қалған ұл-қызың
Енді менің қасымда.
Өнегеңді ту етіп,
Көтерерміз биікке.
Қам жемеші артыңа,
Еркін жатып ұйықта,
Өмірден бөлек тұйықта.
Ханзия Жалғасбаева,
Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің үздігі.
(Облыстық «Маңғыстау» газетінің 2001 жылғы 16 қазан күнгі № 121-122 (5947-5948) саны).
ЕҢБЕГІ ЕЛ ЕСІНДЕ
Өмірдің күнделікті қуанышы мен уайымы, қызығы мен қиыншылығы аралас тірлікте адамдардың ғұмыр жасының ұзақтығына, өмір сүрген ортасына, ондағы еткен еңбегі мен алған орнына, атақ-абыройына қарай әркімнен әртүрлі із-белгі қалмақ. Мен түбек халқына белгілі ардақты азамат, ұстаздардың ұстаздарының ұстазы, ағарту майданының алғашқы сардарларының бірі Тұрар Жалғасбайұлы жайлы өзім білетін, жадымда сақталған және ойға оралғандарды халықтың есіне түсіріп, оқырманға жеткізуді жөн көрдім. Тұрар Жалғасбайұлы 1914-барыс жылының 17 желтоқсанында Маңғыстау ауданының 15-ауылында (сол кездегі З-Бозашы болысында) дүниеге келген. Балалық шақтың қызығы мен қиындығы Бозашының шалғай түбіне таман Жанұзақ-Қалнияз суларын қоныс еткен шағын шаруалы ауыл да өтеді. Білім алуы 1925 жылы араб әліпбиін үйренуден басталып, А.Байтұрсыновтың төте жазуын үйрететін мұсылмандық мектепті өзі құралпы балалармен бірге оқып бітіреді. 1928 жылы немере ағасы, Адай округтік халық сотының бірінші судьясы Қожық би ұлы Қалым Кетіктегі «Көк школда» бастауыш білім алуына мүмкіндік жасайды. 1930 жылдың басында мектеп латын алфавитіне көшеді. Тұрекеңнің бұдан арғы өмір жолы мен қызметін бүкіл еліміздің, соның ішінде туған өлкесі Маңғыстау өңірінің ағарту саласының тарихи кезеңдерінен бөліп алуға келмейді. Жиырмасыншы ғасырдың 30-жылдарының басы елімізде жаңа білім жүйесінің орныға бастауының да басы болғандығын білеміз. Халықтың сауатын ашу, ұрпақты білімді ету жолындағы еңбектің қызмет, шындығында, белгісіз майдан дағы ерлікке пара-пар қызмет еді. 1930 жылдың жазында он бес жастағы жасөспірім жігіт Жанұзақ маңынан ашылған латынша сауаттандыру мектебінде 40 ересек адамды оқытып шығарады. Бұл оның халық ағартушыларының қатарына қосылуының басы еді. Осыдан бастап оның саналы ғұмыры тұтасымен Маңғыстаудың жаңа білім жүйесін ұйымдастыру, құру және оны дамытуға арналды. Қазақстанда түңғыш рет жалпыға бірдей міндетті бастауыш білімді жүзеге асыру жолында 1931 жылдың басында Кетікте 5 айлық бастауыш мұғалімдерін дайындаудан өтіп, мектепке ұстаздық етуге жолдама алған мұғалімдік еңбегі 60 жылдан асады. Осы мерзімде Т.Жалғасбайұлы Маңғыстау түбегінің бұрын мектеп болмаған көптеген елді мекендеріндегі бірінші білім ошағы ашылуының ұйымдастырушысы, басшысы және ұстазы болды. Атап айтқанда, 1931-34 жылдары Жанұзақ-Қоңырорпа (Қызан), Шебір, Жармыш елді мекендерінде жаңа бастауыш мектептерді ашуды ұйымдастырып, сол мектептердің меңгерушісі әрі мұғалімі болып қызмет атқарды. 1935-37 жылдары сол кездегі Маңғыстау ауданының орталығы Форт-Шевченко қаласындағы С.М.Киров атындағы орта мектепте оқытушы болып жасады. Өткен ғасырдың 30-жылдарының аяғына қарай Кеңес Одағында жаппай орталау білім міндеттілігі енгізілгенде, Т.Жалғасбайұлы 1937-39 жылдары Маңғыстау ауданы бойынша алғашқы Ауыздыбас орталау (жеті жылдық) мектебінің ашылуын ұйымдастырып, сол мектептің директоры қызметін атқарды. 1939-42 жылдар арасында Шевченко аудандық оқу бөлімінде мектеп инспекторы болған кезінде оның ұйымдастырушылық, басқарушылық тәжірибесі аудан көлеміндегі мектептердің оқу-тәрбие жұмысын жетілдіру мен жақсарту ісіне пайдасы тиді. 1942-46 оқу жылдары Тұрекең Форт-Шевченко қаласында өлкедегі орта білімнің қара шаңырағы С.М.Киров атындағы орта мектептің директоры болып, абыройлы қызмет атқарған. Оның бұдан кейінгі еңбек және қоғамдық қызмет жолы жаңадан енші алған Маңғыстау ауданының білім жүйесімен тығыз байланысты. 1946-50 жылдары осы ауданның Тұщықұдық орталау мектебіндегі мектеп директоры қызметін оны Шайыр мектебінің басшысы етіп тағайындағанға дейін атқарды. Сонымен бірге білімін көтеруге де жауапкершілікпен қарады. 1948 жылы Гурьев педагогикалық училищесін тәмәмдап, 1955 жылы Гурьев педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі. Т.Жалғасбайұлы 1950 жылы Шайыр мектебіне директор болып келгенде мен 6-сыныпта оқитын едім. Тұрекең математикадан дәріс беретін. Сол кездің өзінде ол қазіргі озық педагогикалық технология әдістерін пайдаланады екен. «Қиын және күрделі пән» деп есептелетін математикаға оқушылардың ынтасын арттырып тәрбиелеуде ол балалардың жеке ерекшеліктері мен икем-қабілетін есепке ала отырып, жұмыс ұйымдастыруды іске асыра алған екен. Оқушыларды өз еңбегінің нәтижесінде ықыластандыру үшін оларды жарыстыра отырып, сабақ ұйымдастыратын. Әдетте математикадан бақылау жұмысының жүргізілуіне оқушылар аса құлшына қоймайды ғой. Себебі, қорқыныш басымдау болады. Ал біз Тұрекең ағай беретін математикадан болатын бақылауды ықыласпен күтетінбіз. Ол бақылауды тез, дұрыс орындаған оқушыны еңбегіне сәйкес марапаттаудың түрлі тәсілдерін қолданатын. 1961 жылы институтты бітіріп, өз мектебіме ұстаз болып келгенде, тағы да Тұрекеңнің жетекшілігімен 8-сыныпқа жетекші және пән мұғалімі болып еңбек жолымды бастадым. Ол сабақтың қажетті көрнекі құралдарын өзі дайындайтын. Шайыр мектебінде алғашқы «Халық ағарту ісінің озаты» мәртебелі атағына ие болып еді. Мектепте бастауыш партия ұйымының хатшысы әрі оқу ісінің меңгерушісі бола жүріп, қанына, ағайынға тартпайтын, жікке, руға бөлмей еңбек еткенді, адал жандарды бағалайтын. Біздің өңірімізде қоғамның барлық саласында еңбекке араласқан аға буын арасында Тұрекеңнің оқушылары көп. Ал үздіксіз ұстаздық еңбегінің 40 жылдан астам мерзімі өткен осы Шайыр мектебінде ғана оның алдынан Шайыр ауылының ақсақалдары К.Әбуов, Т.Сарбаев, С.Өмірзақов, атағы шартарапқа жайылған Әмин Тұяқов, белгілі дәрігерлер Б.Өтетілеуов, Б.Абаев, М.Күшікбаев, одан кейінгі түрлі кәсіп мамандары Т.Жолдыбаев, С.Насреддинов, С.Нұрағанов, Ш.Көптілеуова, К.Ізбасаров, Ж.Қорбақов, К.Есболов, Ұ.Серікбаев, О.Өтеулиев, С.Тілегенов, К.Қосуақова, Қ.Ванов, М.Өтебаев, Р.Нұртілеуов, Б.Байекеев, С.Нұрғожаев, Қ.Тәжиев, Ж.Ақболатов, Т.Атшыбаев, т.б. бірнеше жүздеген шәкірттері өткен. Тұрекеңнен ұстаз ретінде тәлім алған менің шәкірттерім арасынан да мәртебелі педагогикалық қызметті таңдағандары аз емес. Тұрекең ағай мектепке жаңадан келген осындай жастардың да үйретуші ұстазы болды. Ол шындығында ұстаздардың ұстаздарының ұстазына айналды. Еліміздің тәуелсіздік алған алғашқы жылдарында 80 жасқа қараған ардагер ұстаз өз бетімен мектеп оқушыларына араб тілін үйрету мақсатымен ақысыз үйірме ұйымдастырып, олардың бойында имандылық, адамгершілік, отансүйгіштік қасиет қалыптасуына айрықша көңіл бөлді. Әуесқой шәкірттер арабша аты-жөндерін жазумен қатар мақалаларды оқи алатын дәрежеге жетті. Жас ұрпақты оқыту, тәрбиелеу ісімен қатар халықтың тәрбиешісі, ақылгөйі бола алды. Бірнеше жыл іріленген «Правда» ұжымшарының партия ұйымының хатшысы жұмысын қоғамдық негізде атқарды. Ауылдастары оны ауылдық кеңес депутаты етіп және халық сотының заседателі ретінде бірнеше мәрте сайлады. Қоғамдық негізде партиялық оқулар жүйесінде жасаған 30 жыл үздіксіз насихатшылық еңбегі 2 рет Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Құрмет Грамотасымен» аталды. Отанға сіңірген елеулі еңбегі 1949 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен бағаланды. 1975 жылы «Еңбек ардагері» мәртебесі берілді. Өмірінің соңына дейін көзі көреген, қоғамдық белсенділігі жоғары қалпында өтті. Өз түйгендері мен көзқарасын, ашық пікірін айта білетін. Республикалық, облыстық және аудандық ақпарат құралдарында тарихи, танымдық, өмірлік тәжірибе тақырыптарында мақалалары жарияланып тұрды. Әділеттілігі мен парасатына, көп білетіндігіне қарай «Тұрекең - ауылымыздың университеті» деп, ауылдастары ақыл-кеңес сұрайтын. Ауыртпалық арқалаған, халықтың ішер ас пен киер киімге қол жетпеген жылдары Тұрекеңнің өзінен, отбасынан көрген азық-түлік, қаржылай көмегін кім-кім де ұмыта алмайтын шығар. Адалдық қасиеттері мен кісілік тұрпатына орай ауылда, аудан көлемінде және түбек өңірінде «Тұрекең ақсақал» деген абыройға лайықты болды. Көп жыл отырған, адал еңбектің үштен екісін өткізген Шайырда ауылдастары оның 80 жасын аудан, облыс көлемінде атап өтті. Тұрекеңе «Шайыр ауылының құрметті азаматы» атағын берді. Бүкіл салтанатты шара бейнетаспаға түсіріліп, Шайыр мектебіне тарту етілді. Ол 2001 жылдың қыркүйегінде өмірден өтіп, Шайыр ауылындағы Есбол әулие қорымына жерленді. Маңғыстау өңіріндегі білім жүйесін ұйымдастырушылардың көрнекті өкілдерінің бірегейі, өзі жарты ғасырға жуық ұстаздық атқарған Шайыр мектебіне Тұрар Жалғасбайұлының есімін беру жайында мектеп ұжымы қаулы алған болатын.
«Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға», -
дегендей, туғанына 95 жыл толуы қарсаңында халықтың өз арасынан шыққан, ғұмырын білім ісіне арнап, өнегелі өмірімен үлгі болған, ұстаздық қызметімен сан жүздеген шәкіртті азамат етіп қалыптастырған қайраткердің еңбегі ескерусіз қалмай, Шайыр орта мектебіне Т.Жалғасбайұлының аты берілгені жөн.
Нұржігіт АРЫҚБАЕВ,
зейнеткер ұстаз, Маңғыстау ауданы, Шайыр ауылы.
(Облыстық «Маңғыстау» газетінің 2007 жылғы 6 желтоқсан күнгі № 202-203 (7216) саны).
ТАҒЛЫМДЫ ТҰЛҒА
Өмір көші қаншалықты қарқынмен ілгері басса да, өнегелі өмірі, ерен еңбегімен көп құрметіне бөленген азаматтардың есімі қай уақытта да ел есінде. Маңғыстау өңірінің осындай ұмытылмас тұлғаларының бірі - өлкемізде жаппай сауатсыздықты жою кезеңінен бастап өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасына дейін 60 жылдан астам ғұмырын халыққа білім беру ісіне арнап, «ұстаздардың ұстазы» атанған Тұрар Жалғасбайұлы. Тұрекеңнің әрі шәкірті, әрі көп жылдар әріптесі болған, бүгінде зейнеткер ұстаз, халыққа білім беру ісінің үздігі, қаламы карымды, белгілі азамат Нұржігіт Арықбаев 2007 жылы 6 желтоқсанда жариялаған «Еңбегі ел есінде» мақаласында нақты деректер арқылы Тұрар Жалғасбайұлының түбегіміздің көптеген жерлерінде алғашқы білім ордалары - мектептер ашудағы қажырлы еңбегін, ағартушылық қызметі мен ұстаздық ұлағатын, қадірменді ел азаматы ретіндегі бейнесін жан-жақты саралай келе, қырық жылдан астам уақыт өзі басқарған, еңбек еткен Шайыр орта мектебіне есімін беру жөнінде орынды ұсыныс білдірген. Маңғыстаудың Қаройында Тұрекеңнен білім алып, ел азаматы атанып отырған шәкірттер көптеп саналады. Ағайдан білім алған адамдар Тұрекеңді білікті математика пәнінің мұғалімі ғана емес, көптеген ғылымдардан жанжақты хабары бар, білімді және күнделікті өмірде болып жатқан саяси, экономикалық, әлеуметтік құбылыстарға байыпты үн қосып, күнделікті баспасөз арқылы салиқалы пікір білдіретін кең ой-өрісті ұстаз ретінде бағалайды. Сондықтан да болар, алпысыншы жылдары мектепте мұғалімдер жетісе бермейтін тұстарда тарих, география, тіпті қазақ тілі мен әдебиетінен де кәнігі мамандарша сабақ бергенде, ағайымызды сол пәннің тәжірибелі маманындай көретінбіз. Біздер 7-сынып оқитын 1962-63 оқу жылында Тұрар ағай тарих, география пәндерінен сабақ берді. Сыныбымызда сабаққа алғыр К.Әбуов, Ұ.Серікбаев, Т.Аманжолов, Қ.Нұрағанов, А.Баданов, т.б. балалар оқитын. Сабақ соңында оқушылар ағайға сұрақтар қоятын да, ол кісі соған бар ықыласымен жауап беретін. Бірде тарих сабағының аяғында Төрехан жолдасымыз ағайға «Д.Кеннедидің өлімі халықаралық жағдайға қалай әсер етеді?» - деп сұрақ қойды. Ол уақыт халықаралық жағдайдың ұшығып тұрған және сол кездегі АҚШ Президенті Д.Кеннедидің Даллас қаласында оққа ұшқан тұсы еді. Тұрекең осы сұрағы үшін Төреханға жақсы лебіз айтып, «Д.Кеннедидің өлімі - АҚШ сияқты СССР халқы үшін де ауыр қаза. Ол - демократиялық көзқарастағы Президент. Оның орнын басатын адам да Д.Кеннедидің бағытын ұстанады. Халықаралық жағдайда оң өзгеріс болады, бейбітшілік сақталады», - деп қайырған жауабы әлі есімізден кеткен жоқ. Ағайымыздың осы бір салиқалы жауабы көп жылдар өтсе де, өмірдегі көрегенділігін, жан-жақты білімдарлығын көрсетіп тұрғандай. 1972 жылы өзім де Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтын бітіріп, химия пәнінің мұғалімі бола жүріп, ағайымыздан көп нәрсені үйреніп, тәжірибе жинақтадым. Тұрар ағай мектеп басшысы, қатардағы ұстаз болып еңбек еткен сәттерде мектептегі оқу-тәрбие жұмысына ерекше назар аударатын. Озық іс-тәжірибелі әріптестері - методист ұстаз Қ.Жайлаубаевтың, білім беру ісінің озық қызметкері Н.Сәрсекееваның, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Н.Арықбаевтың, т.б. жұмыстарына нақты талдау жасап, көпшілікке үлгі ететін. Біз еңбек жолымызды бастаған кезде мектеп директоры - бүгінде облысымызға белгілі азамат Қойлыбай аға Қаражанов болатын. Мектепте өмірмен өзектес, білімге, тәрбиеге қатысты ашық педагогикалық кеңестер өткізіліп, кеңеске сол кездегі «Октябрьдің 50 жылдығы» совхозының шаруашылық жетекшілері Б.Әріпов, Қ.Жұмалиев, Қ.Құспанов, Қ.Қалымов сияқты қадірлі азаматтармен қатар үлгілі ата-аналар шақырылатын. Осындай кеңестерде Тұрар ағайдың күн тәртібіндегі мәселені жан-жақты талдап, шешімін табудың жолдарын нақты ұсыныстармен көрсетіп, көпке ой салатын, белсенділікке жол ашатын пікірлерінен өмірден көргені, түйгені көптігі, тәжірибесінің молдығы алғаусыз байқалатын. Ол кісінің мектеп, ата-ана, жұртшылық бірлігін қалыптастырудағы ақыл-кеңестері бүгін де құндылығын жойған жоқ. Тұрар Жалғасбайұлы ұзақ жылдар ауыл көлемінде «Білім» қоғамының басшысы, партиялық саяси оқу жүйесінде семинар-кеңес жетекшісі болып, қоғамдық жұмыстарды үлкен жігермен атқарды. Ауылдағы, мектептегі насихатшылар мен үгітшілердің басын біріктіретін әрбір семинар-кеңесті жоспарлы түрде өзі мазмұнды баяндамамен ашып, қызу пікірталас түрінде өткізетін. Кеңеске қатысушыларға да қабілет-қарымына қарай тапсырмалар беріп, оның орындалысын талап етіп отыратын. Тұрекеңнен кейін осындай семинар-кеңестерді шәкірт әріптестері Қ.Бүркітбаева, Ғ.Жалғасбаева, Н.Арықбаевтар ұстаздары салған соқпақ негізінде өткізді. Тұрар ағай ұзақ жылдар отасқан Нұрпаш шешемізбен екеуі қазіргі күні арамызда болмағанымен, артына түгел жоғары білім алған білімді, тәрбиелі ұрпақтар қалдырды. Төлегені (марқұм), Ләйләсы, Ғалиясы, Сәниясы әке жолын қуып, білікті ұстаздар атанып, «ҚР білім беру ісінің озық қызметкері» белгісімен марапатталса, Амантайы мен Асқары (марқұм) -өндіріс мамандары, Мұраты - фермер, Сарасы - провизор-фармацевт, ең кенжесі Рахметі -қаржы маманы. Мен Амантаймен дос, Ғалия, Сәниялармен жұмыстас бола жүріп, Тұрекең отбасымен етене араласа жүріп, байқағаным - бұл әулеттің балалары үнемі ізденіп, көп оқып, зердеге тоқып жүреді әрі шетінен еңбекқор. Ғалия, Сәния, Рахмет - қандай деңгейдегі болмасын, сахнаның сәнін келтіретін өнерпаздар. Рахмет ініміз - банк саласында басшылық қызметтер атқарған білікті азамат болумен қатар, Маңғыстаудың «Жеті қайқысының» шебер орындаушысы әрі насихаттаушысы. Ол өзі туып-өскен Шайырының белсенді азаматы болып, ауылда облысымызда алғаш рет «Ауыл күнінің» жүйелі өтуіне ауыл басшыларымен бірге атсалысты. Ауылда мешіт салу, тұрғындарға қаржы мәселесіне байланысты түсінік беру, мүжәлсіз отбасыларға қамқорлық көрсету сияқты мәселелерге үлкен ынта-жігер танытты. Тұрар Жалғасбайұлының 60, 70, 80 жасқа толу мерекелері мектепшілік, аудандық, облыстық деңгейде атап өтілді. Тұрекеңнің 80 жасқа толуы мен ұстаздық еңбегіне 60 жыл толу мерекесі Шайыр ауылында облыстық деңгейде салтанатты түрде өткізілді. Мерекенің ойдағыдай өтуі үшін мектеп директоры О.Өтеулиев, орынбасарлары А.Ізбасаров және мен бәріміз көп жұмыстандық. Мерекеге облыстық білім беру басқармасының басшылары Ө.Озғанбаев, К.Мырзабаев, аудандық білім бөлімінің басшысы А.Ерманов бастаған білім бөлімінің қызметкерлері, аудан, ауыл азаматтары, сондай-ақ Тұрекеңнің үзеңгілес серігі Ысқақ Шәкіратовтар қатынасты. Мерейтойға орай мектепте Тұрар, Ысқақ ағайлармен кездесулер, Тұрекеңе қатысты «Ұстаздардың ұстазы» тақырыбында тәрбиелік шаралар, сондай-ақ ауылдың мәдениет сарайында болған «Ұстаз ұлағаты» атты салтанатты жиналыс ауыл тұрғындарының, мұғалімдер мен ата-аналардың көптеп қатысуымен өте әсерлі өтті. Бір кездері Тұрар ағай басшы, ұстаз болған Шайыр орта мектебі бүгінде облысымыздағы өрлеу үстіндегі үлгілі білім ошақтарының алдыңғы легінде. Мектеп директоры, аудан мұғалімдерінің арасында алғашқы болып ұстаздар қауымының үлкен марапаты -Ы.Алтынсарин атындағы медальді иеленген О.Өтеулиев, оның орынбасарлары А.Ізбасаров, К.Серікбаевтармен бірге ұстаздардың педагогикалық шеберлігін ұштай отырып, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде үлкен жетістіктерге жетті. Мектеп түлектері білім гранттарын иеленуде де аудан мектептерінің көшін бастап келеді. Киелі Маңғыстауда Төрәлі Самалықов, Көшекен Қалауов, Торғай Шоңқалов, Тұрар Жалғасбайұлы сияқты ұлағатты ұстаздар өтті. Алайда бір өкініштісі - облысымызда бірде-бір білім ошағы осы кісілердің есімін иеленген жоқ. «Қашанда тың бастамаларды өмірге енгізуде облыс мектептерінің алдыңғы шебінде көрінетін, негізін Тұрар ағайдың шәкірттері құрайтын Шайыр орта мектебінің ұжымы, ауыл жұртшылығы мен ата-аналардың қолдауы арқылы мектепке Тұрар Жалғасбайұлының есімін беру үшін қызметтенеді» деп сенемін.
Кемелхан ЕСБОЛОВ,
ҚР білім беру ісінің озаты, Ақтау қаласы.
(«Ар.кг» республикалық қоғамдық-саяси газетінің 2008 жылғы 28 наурыз күнгі № 12 (85) саны).
ҰСТАЗ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛСА ЕКЕН
1950 жылдың жазында Тұрар Шайыр ауылына көшіп келді. Екі ағаш үй тіккен, екі үлкен кісісі (кемпірлері) бар, біраз уақ жандығы бар, сол заманның алдыңғы қатарлы тұрмыстысы. Оған дейін ол ауыл көлемінде ондай жағдайы бар үй болған жоқ. Біздің өмірімізде кездескен мұғалімдерді екі түрге бөлуге болады. Біріншісі - соғысқа дейінгі мұғалімдер, екіншісі - соғыс басталарда 7-8 класс бітіріп, мұғалім болғандар. Біздің соңғыларға көзіміз үйреніп қалған кезіміз болатын. Бізді Тұрекең оқытпаса да, сол ауылдың тұрғыны бола тұрып, оған қызыға қарайтынбыз. Соғысқа дейінгі мұғалімдеріміздің келбеттерін еске түсіреміз. «Осындай адам болып өссек» деп армандаймыз. Өйткені, ол кісінің жұмыста, жиналыста, қонақта, көшеде өзін ұстауы ерекше еді. Бірқалыпты, таза киінеді. Жүріс-тұрысы шапшаң, керіліп-созылып жатпайды. Қай уақытта да, қай ортада да пікірі жинақы, сөздері сыпайы, жүзі жарқын, мінезі жайдары. Адамдармен жүздесуі тартымды. Нағыз дегдар ортадан шыққан интеллигент. Біз сияқты жастардың да, ауыл еңбекшілерінің де ол кісіге көзқарасы осы тұрғыда еді. Сондықтан да оның беделі ауылда жоғары болды. Көп кешікпей колхоз партия ұйымының хатшысы болып сайланды. Ол міндетті ұзақ жылдар қоғамдық негізде атқарды. Бірқатар адамдар «Мұғалім болған адам өмірден ерте озады. Өйткені, оқушы балалармен жұмыс жасау жүйкені ерте жояды» деген, т.е.с. пікірлер айтады. Ал біз әңгімелеп отырған Тұрекең он алты жасынан мұғалімдікті бастаған. Қою-сұйығы аралас сексенге таяп аяқтаған. Ғұмыры 88 жас жасап, ақыл-есі бүтін күйінде, сайрап жатып, дүниеден озды. «Олай болу себебі, Тұрекеңнің бойындағы ақыл мен парасаттылықтың қажет салаға, қажет кезінде қолданыла білуінде» деп қорытуға болады. «Осындай туған еліне қалтқысыз еңбек еткен нар тұлға Тұрар Жалғасбайұлының есімін Шайыр орта мектебіне беру - нағыз лайықты шешім» деп білемін.
Сұлтанбек НҰРЖАНҰЛЫ,
Ақтау қаласы.
(«Үш қиян» газетінің 2008 жылғы 27 наурыз күнгі № 13 (373) саны).
ТҰРАР АҒА
Мен Тұрар ағаны 1949 жылдан бері білемін.
Ұлы Отан соғысы жылдары Сталинградта ауыр жараланып, мүгедек болып, елге оралдым. Осы жылы болуы керек, Тұщықұдық мектебінің директоры Тұрар ағамен кездесіп, танысып, әңгімелестім. Ол соғыстан кейінгі елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының ауыр екендігін айтып, қинала, күйзеле біраз сөз етті. Содан соң сөзін ауылдағы мектептің жағдайына аударды. Тұрекең: «Мектеп» деп отырғаным - мешіт. Жаңа мектеп сала қоюға қаражат та, күш те жетпейді. Мешітті салған - Бұхарадағы діни медресені бітірген, руы Тастемір Жары Айдар ишан Шайхисламұлы. Ол кісі де, ол салған мешіт те киелі. Мешіттің бұрынғы күйін сақтасақ, бала оқытуға мүмкіндік жоқ. Бұзып, реттеу қажет. Бұзуға, сірә, болмайды, іштей өзің қорқасың, Құдай бар, халық бар. Қиындықтың ең үлкені осы болып тұр. Қалай болғанда да, балаларды оқыту керек», - деді. «Осы мешітте кезінде бір топ оқушы бала есінен адасып, ауырып қалған. Мұны халық «Мешіттің киесінен болар» деп жорамалдайды», - деді ол. Ол кезде көмек беретін колхоздың да жағдайы қиын. Тұрекең осы мәселелерді айтып, маған біраз ой салды. 1960 жылы Тұщықұдықта жаңа мектеп салынды. Бұл мектепті мыңдаған Бозашы өңірінің балалары оқып, бітірді. Олардың қатарында Мекерия Атымов, Таңмағамбетова, Жамбоз Екібаев, Дүйсембі Әріповтер бар. Мен де осы мектептің кешкі бөлімінде 1958-60 оқу жылында 10-класс бітіріп, аттестат алдым. Мұнда оқып бітіргендердің ішінде үлкен ғалым болған, ел басқарған азаматтар жеткілікті. Облысқа, ауданға белгілі Тұрар Жалғасбаев кешегі өткен ауыр жылдарда осы мектептің негізін қалаған басты ұйымдастырушысы да, ұстазы да болды. 1969 жылы Қызандағы «Еңбек» колхозының бастығы болып жүрген жерімнен Шайырда алғашқы құрылған Октябрьдің 50 жылдық совхозына директор болып келдім. Совхозда Шайыр, Тұщықұдық, Шебір, Тиген елді мекендері, шаруашылығында 100 мың қой, 3000 түйе және жылқы бар. Орталығы - Шайыр. 50 жыл колхоз болған колхоздан совхозға ауысу қандай қиын?! Айтсаң, тауыса алмайсың... Тұрекең осындағы мектепте ұстаздық етті. Сыйлас ағайын, аға-іні болдық. Тұрекең мұғалімдікпен қоса қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, жиналыстарда сөйлеп, көпшілікке дұрыс бағыт беріп, көп көмек көрсетті. 1974 жылы осы Шайырдағы мектепте балаларым Кемелхан оқу бітіріп, Ғалым 9-класта, Нұртас 5-класта оқыды. Сол кезде оқып жүрген оқушылар да, қатардағы мұғалімдер де, ауыл халқы да: «Тұрар Жалғасбаев сабақ бергенде құлағыңа құяды, оны одан әрі бүкіл дене мүшелеріңе дейін жеткізіп, сіңіріп жібереді. Өмір бойы естен кетпестей етеді», - деп айтатын еді. Тұрекең - алғашқы республикалық «Халық ағарту ісінің үздігі» атағымен наградталған ұстаз. Ол тек мұғалім ғана емес, өзінің жаратылысындағы үздік қасиеттерімен де еліне үлгі болған жан еді. 1928-30-35 жылдардағы Маңғыстау уезіндегі, одан кейінгі Маңғыстау ауданы құрылған кездердегі талас-тартыстарға жас та болса белсенділікпен қатысты. Ол туралы «Жаңа өмір», «Маңғыстау» газеттерінде бірнеше рет мақалалар да жазылды. г Тұрекең мен Түркіменадай қызы Нұрпаш жеңгем бірнеше ұл-қыз өсіріп, оны оқытып, тәрбиелеген, еліне сыйлы болған жандар еді, топырақтары торқа болғай! «Орнында бар -оңалар» деген сөз рас. Бүгінде балаларының бәрі оқыған-тоқыған, әрқайсысы өмірден өз орнын тапты, ол ардан өрген немере, шөберелері де өсіп келеді. Маңғыстауда оқушыға сапалы білім, саналы тәрбие беруде, тіпті халықты тәрбиелеуде қызмет жасаған адамдар көп. Солардың ішінде әрі ұстаз, әрі мектеп басқарған Нұрғалиев Нәдір, Самалықов Төрәлі, Жалғасбаев Тұрар ағалар еліне қадірлі жандар еді. Тұрекең - роман жазуға лайық тұлға. Бүл азғана сөзім - Тұрар ағаға тұрғызған ескерткішім. Толық жазуға денсаулық та, күш те жетпейді. Көз де, қол да, қуат та әлсіз, жасым болса, 88-де. Осыған риза болыңдар, тумаластарым!
Бисембі Әріпұлы,
Ұлы Отан соғысының ардагері, республикалық дәрежедегі зейнеткер, 2009 жыл, ақпан айы.
ХАЛЫҚ АҒАРТУ ІСІНІҢ АБЫЗЫ
Халық ағарту жұмысы біздің өлкемізде кеңестік билік орнағаннан кейін, 1920 жылдардың басынан бастап қолға алынды. Оған дейін Форт-Александровск қаласындағы орыс-түзем мектебіне екінің бірі қабылдана бермеді. Оның үстіне ұлттық кадрлар да жетіспеді. Ал ауылдық жерлерде діни сауат ашу мектептерінде балалар оқитын. Халық ағарту бөлімінің бастығы Дәулетниязовтың 1928 жылы Қазақ Өлкелік Атқару Комитеті мен ВКП(б) Өлкелік Комитетінің жанындағы комиссияға берген ақпарында «Маңғыстау ауданы бойынша бірінші басқышта 16 мектеп, екінші басқышта 1 мектеп және сауатсыздарды жоюмен айналысатын 5 мектеп жұмыс жасайды» делінген. (Маңғыстау облыстық мемлекеттік мұрағаты, 276-қор, 1-тізбе, 35-іс, 113-бет). Аудандағы сауатсыздықты жоюға байланысты Адай революциялық комитеті осы қалай деген сауаты бар азаматтарды ауылдарға жіберіп, сонда жұмыс ұйымдастыруды бірінші кезекке қойды. Міне, осы бағыттағы алғашқы жұмыс легіне бастауыш көлемінде ғана білімі бар Т.Самалықов, Б.Еділханов, Т.Жалғасбаев, Ы.Шәкірат, М.Нұрманов, Н.Байтілеуов, Ә.Қожанов, т.б. ауылдарға бөлінді. Тұрар ағай Маңғыстаудың ең шалғай Қаратөбе елді мекеніне жіберіліп, сонда 5-6 айдай сауат ашу жүйесінде жұмыс жасағаннан кейін (1930-1931 жж.) білімін көтеру мақсатында Форт-Александровск қаласында ашылған мұғалімдер дайындайтын курсқа қабылданады. Оны бітіргеннен кейін жаңадан ашылған Қаратөбе бастауыш мектебіне мұғалімдік жұмысқа жіберіледі. Сонымен 1931 жылдың жазынан бастап Тұрекеңнің мұғалімдік еңбек жолы басталады. Тұрекең өзінің табанды қызметі мен өз бетімен білімін көтеруінің нәтижесінде мектеп басқару жұмыстарына жоғарылатылады. Білімді, жұмыста ұйымдастырушылық қабілеті зор ұстазды 1942 жылы Маңғыстау аудандық халық ағарту бөлімінің бүкіл өлкедегі ең ірі оқу ордасы - С.М.Киров атындағы орта мектептің директорлығы қызметіне жұмсауының өзі Тұрекеңнің жұмысына берілген әділ баға әрі үлкен сенім еді. Тұрар ағай өндірістен қол үзбей жүріп, 1948 жылы Гурьев педучилищесін бітіріп, одан әрі қарай да білімін көтеруді жалғастырды. Ол ауданның көптеген ауылдарындағы мектептерге басшылық жасады, ұстаздық етті. Аудан көлемінде Тұрекеңнен оқып, тәрбие алмаған азаматтар аз шығар. Мен ауданның 4-5 мектебінде 20 жылдан астам үзіліссіз мектеп директоры болып жұмыс жасадым. Сол барған мектептерімнің көпшілігінде бұрын әртүрлі мерзімдерде Тұрекең басшылық жасаған болып шықты. Қандай басшы болмасын, әуелі сол мектептің іс қағаздарымен танысады. Менен бұрын Тұрекең басшылық еткен мектептердегі іс қағаздары - педагогикалық кеңес хаттамалары, өндірістік жоспар, жоғарғы халық ағарту органдарына жолданған әртүрлі ақпарлар, мұғалімдер мен оқушылардың жеке істерін жүргізу, т.б. құжаттар өте сауатты, тұжырымды дайындалғаны бірден көзге шалынатын. Сондықтан мен көбінесе сол Тұрекең жүргізген іс қағаздарын қараушы едім. Одан беріде 1971 жылдың тамыз айынан бастап, 1974 жылдың аяғына дейін енді осы ағамен Шайыр орта мектебінде жұмыстас болуды тағдыр жазды. Менің өзімнің жұмыс тәжірибемде әуелі бұрын мектеп басқарған ұстаздарды жеке қабылдап, олардың қандай ұсыныстары мен іске аспаған жоспарлары болды, жұмысты қалай ұйымдастырғанды жөн деп санайды, мектеп жұмысына тиімді қандай ұсыныстары бар және басқа да мәселелер жөнінде кеңесіп, іс тәжірибелерін зерттейтінмін. Сондай ақыл-кеңес кезінде Тұрекең маған жұмысыма сәттілік тілей отырып, оқушылардың білім сапасына мықты бақылау орнату, олардың білімін бағалағанда пайыз қумау, ұстаздардың жұртшылық алдындағы беделін көтеру, олардың материалдық-тұрмыстық жағдайларына үнемі назар аударып, қиын тұстарына жергілікті шаруашылық орындары арқылы көмек етуді ұйымдастыру, ауылдың жағдайын толық зерттеу, қандай істе де мектеп басшысының үлгі болуы, т.б. жөнінде ақыл-кеңестерін айтты. Мен Шайыр орта мектебіне директор болып келгенде Тұрекең 5-6-сыныптарға математика пәнінен сабақ береді екен. Сонда байқағаным: ол кісі үнемі сабаққа үлкен дайындықпен келетіндігімен, қандай болсын бар көрнекілікті (әртүрлі сызбалар, күрделі есептерді құрастыруға бағытталған нұсқаулықтар, білімін карточкамен тексеру, жылжымалы тақтаны пайдалану, т.б.) іске асыру арқылы замана ағымына орай жұмыс жасайтындығымен, сабаққа үнемі ерте келіп, сабақ аяқталғаннан кейін де мектептен кеш кететіндігімен, сыпайы мінезімен, балаға да, мұғалімдерге де дауыс көтермейтіндігімен, өзге де озық қырларымен үлгі болды. Ол кездердегі аға буын ұстаздардың барлығы да жан-жақты болатын. Сонау мұғалімдердің жетіспеген кездерінде мұғалім математикадан да, қоғамдық пәндерден де, тіпті орыс тілінен де сабақ беретін. Сондықтан олар өз білімдерін осыған сәйкес үнемі көтеріп отыруға мәжбүр болатын-ды. Сол сияқты Тұрар аға да жан-жақты, әмбебап ұстаз болғандығын аңғаратынбыз. Мектеп жұмысында «апталық» деген шара болады. Бүкіл мектепке бір сынып, жетекшісімен кезекшілік атқарып, сол аптаның қорытындысы (балалардың сабаққа қатысы, тәртібі, т.б.) әрбір дүйсенбі күндері қорытындыланып, келесі сыныпқа тапсырылады. Осы тұстарда да Тұрекең өзінің сыныбы атқарған жұмыстарды асықпай саралап, келесі аптада нендей жұмыстар жалғасын табуы керек екендігін баяндаушы еді. Мен басқарған педагогикалық кеңестерде Тұрекеңе үнемі сөз беруші едім. Ол кісі осы мәселеге дайын болмаса да, ұстаздарға арнап бір-екі ауыз болса да ұсыныс айтуды өтінгенімде, үлкендігін алға тартпай, ағынан жарыла пікір айтатын. Қандай жерде болсын, Тұрекең қанатты сөздерді шебер, орынды түрде қолдана отырып, дәйекті, негізді пікір айтатын. Тұрекең ауыл өміріне де белсене қатысатын. Ол нағыз жалынды насихатшы болды. Той-жиындарда да, ортада да салиқалы пікір айтып, замандастары алдында ақсақалдық өнеге көрсетіп, абыздық беделін аңғартатын. Ол өзі қызмет еткен Шайыр ауылындағы «Правда» атындағы колхозда 1958 жылдан бастап 1964 жылға дейін бастауыш партия ұйымының хатшысы сияқты жауапты қоғамдық жұмыстар атқарды. Осы уақытта ҚКП Маңғыстау аудандық комитетінің конференцияларына делегат болып қатысты. Ауылдың партия ұйымының жетекшісі бола жүріп, жастарды патриоттыққа, достық пен жолдастық сезімге тәрбиелеу, оларға кәсіби біліктілікті көтеру бағытында бағдар беру ісін ұйымдастырды, мектеп пен ата-ана арасындағы орнықты байланысты нығайту жұмыстарын жауаптылықпен атқарды. Тұрар аға жақсы отбасының ұлағатты басшысы болды, өзінің балаларының қандай да бір мамандық алуына мүмкіндік жасады. Үлкен ұлы Төлеген (марқұм) өзінің ойлау жүйесімен, соны пікірлерімен тек халық ағарту саласында ғана емес, жаңа қоғамға лайық жаңа адамды тәрбиелеу мәселелерінде де өзіндік пікір, ұсыныстарымен көріне білген азамат еді. Қыздары Ләйлә, Ғалия, Сәниялар әке жолын қуып, ұстаз болуды қаласа, Сарасы - дәрігер, Рахметі - банк қызметкері, Мұраты - жүргізуші-киномеханик. Ләйләсы 1-Май сегіз жылдық мектебінде биология пәнінің мамандығы бойынша сабақ беріп, менімен жұмыс - тас болса, Шайыр орта мектебінде Ғалия мен Сәния жұмыстас болды. Олардың қай-қайсысы да ұжымда терең ойлы, өз мамандығының жетік білгірі ретінде, мәдениеттілігі мен ұстазға тән орнықтылығымен ерекшеленетін. Сәния қазақ тілі мен әдебиетінен, Ғалия тарих пен қоғамтану пәндерінен сабақ берді. Ғалияның бойында ұйымдастырушылық, басқарушылық та қасиеттің барлығы байқалатын. Соның нәтижесі болу керек, мектеп жанындағы интернат меңгерушісі, мектеп директоры, соңынан облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының басшысы қызметтерін атқарды. Мен басқарған мектепте сол кездері оқыған Тұрекеңнің кіші балалары Сарасы мен Рахметі оқу озаттары қатарында болды. Міне, сөйтіп, ұстаз ағаның еңбегі отбасы тәрбиесінде де анық байқалатын. Тұрар аға зейнеткерлікке шыққанмен, үйде жатып, күнделікті күйбеңмен күн кешкен жоқ. Ол қолына қалам алды, өзінің көрген-білгендерін ерінбей қағазға түсіріп, мерзімді баспасөзге беріп отырды. Сол арқылы өлкеміздің тарихы, жер-су аттары, білім беру жүйесінің даму кезеңдері, алғашқы сауат ашу кезіндегі ұстаздардың өмір деректері туралы, 1930-1937 жж. репрессияның өлкеміздегі қасіреті және жастар тәрбиесі туралы терең ойлы мақалалар жазды. Сонау сауатсыздық жайлаған заманда Маңғыстаудың ойындағы елдің еңсесін көтеріп, сауат ашу мектептерінен бастап қызмет еткен Тұрекең сияқты абыз ағалардың халық алдындағы еңбегін болашақ ұрпақ ешқашанда ұмытуға тиісті емес.
Қойлыбай ҚАРАЖАНҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің үздігі.
2009 жыл, сәуір айы.
ЖАҚСЫМЕН ЖАНЫҢ ЖАДЫРАЙДЫ
Жақсы адам жайында жазсаң, жаның жадырап, ойың тазарып, бір жоғың түгелгендей күй кешесің. Қазақта «Азамат» деген ұғым бар. Ал мен әңгімелегелі отырған Тұрекең Жалғасбаев - кезінде елге сіңген еңбегімен қадірлі болып, әкелік парызын абыроймен өтеп, жолдас-жораларының алдында үлкен беделге ие болып, азаматтық қыруар еңбегінің жемісін татып, қоғамға сыйлы, әулетіне қадірлі кейіпте, саналы пендеге өмірдің қамшының сабындай қысқа екенін тағы бір ұқтырып, фәниден бақиға аттанған адам. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері «Еліне еңбегі сіңген» деген айдармен көптеген азаматтардың кітаптары, ең болмағанда, естелік, мақалалары шығып жатыр. Қалай болғанда да, ол игі шаралардың өскелең жас ұрпақты белгілі бір дәрежеде отансүйгіштікке, адалдыққа, әділеттілікке, еңбекқорлыққа баулитыны даусыз. Бұл ретте көптеген естелік иелері түрлі себептермен жұмыстас болған азаматтар Тұрекеңнің өмірі мен қызмет жолдарындағы кездескен нақтылы және күрделі мәселелерді шешудегі іскерлігіне тоқтай келіп, барлығы да оның қарапайымдылығын, кішіпейілділігін, сауаттылығын, ақылының тереңдігін, жалпы азаматтық тұлғасының биіктігін ерекше атап айтады. Қыдыр қонып, бақ дарыған 360 әулиелі, киелі Маңғыстаудың қасиетті Жарылғас әулие жатқан жерінде дүниеге келген Тұрекеңнің есін біле бастаған кезі сталиндік репрессия, қуғын-сүргін тұсына тура келеді. Елдің іргесі сөгіліп, жан-жаққа көшіп, қоныс аудару кезіне байланысты екі қыз тумаласы, мамасы төртеуі қазіргі Форт-Шевченко (Ақкетік) қаласына орналасады. Сол жерде «Көк школдан» (С.М.Киров мектебінен) білім алады, жоғары мұғалімдік оқуға түседі. Түбектегі алғашқы сауатты, білімді азаматтардың бірі саналады. Сол кезде сорпаға шығар сауатты, елге сыйлы азаматтарды ұстау, қамау жүріп жатырған кез. Тұрекең тұстас жігіттердің репрессияның құрбаны болғаны қаншама! Ал Тұрекең өзінің парасатты ақылымен, сыйлы досының көп болуымен бүл дүрбелеңнен аман қалды. Бұғанасы бекіп, қабырғасы қатаймаған жас өрімге бұл зобалаң жылдар аз ауыртпалық әкелген жоқ. Нәубетті жылдар Тұрарды ерте есейтті. Ашаршылық пен жоқшылық, қуғын-сүргін, белгілі күнелтіс кәсіптің жоқтығы жас өрім балаң жігітті өмірі үшін, болашағы үшін жан аямай күресуге мәжбүр етті. Саналы ғұмырын туған топырағының пайдасына жұмсаған, еңбегі елге үлгі боларлықтай оның ұстаздық қызметі Ұлы Отан соғысы кезіне тұспа-тұс келді. Ұстаздықтың ұзақ жыл ыстығына күйіп, суығына тоңған Тұрекеңнің педагогикалық мол тәжірибе жинақтағанын, терең теориялық білімін әдістемелік шеберлігімен ұштастыра білгендігін, сол арқылы жақсы жетістіктерге жеткендігін, еңбегінің нәтижесін бағалаған аудан басшылары оны ұзақ жылдар бойы үздіксіз мектеп директорлығына тағайындап, үлкен ұжымдарды басқартты. Мен уақ колхоздар іріленіп, совхозға ұйымдасқанда қой фермасын басқардым. Сол тұста Тұрекең де мектеп директорлығына қосымша колхозда партия ұйымының хатшысы болды. Соғыстан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру, одан кейін өркендету бесжылдығына колхоз коммунистерін жұмылдырып, ұйымдастыра білді. Партия ұйымы бюро жиналыстарында ауыл шаруашылығын басқаратын қызметкерлерге талап қою мен оның орындалысын бақылап отыратын, ауыл шаруашылық саласын да жетік білетінін ойымызға түйетінбіз. Соған орай мезгіл-мезгіл ақылдасып, кеңес алатынбыз. Ол кісі біздің ақылшымыз еді, өмір бойы сыйласып өттік. Тұрекең Нұрпаш жеңгеміз екеуі бірнеше ұл-қыз өсірді. Олардың бәрі де жоғарғы оқу орнын бітіріп, халық шаруашылығының әр саласында мамандығы бойынша қызмет етеді. Кенже баласы Рахмет банк саласында көп жылдан бері жетекшілік қызметті абыроймен атқарып келеді. Облыстық мәслихаттың депутаты болды. Тұрекең балаларының бәрін де «жалғызым» дегендей ұғыммен тәрбиелейтінінің куәсі болатынбыз. Ол кісі ешқандай кейімейтін, тісі ақсиып күліп тұратын, мінезге бай еді. Балаларының ержеткендері қол жұмыс жасаудан бастайтын еді. Үлкен баласы Төлегенді жоғарғы оқу орнынан каникулға келгенде «Қой бағыссын» деп, маған жіберетін. Асқар деген баласын облыста алғаш ұйымдасып жатырған комсомол жастардан құралған шопандар бригадасына жіберген. «Өмірдің ащы-тұщысын татсын. Одан қор болмайды» дейтін. Сол Асқары бригадада абыройлы еңбек етіп, жоғарғы оқу орнына түсіп, бітіріп келіп, Маңғыстау аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесінде бас инженер болып абыройлы қызмет атқарды. Тіл байлығы бар, шешен сөйлейтін Қалиясы ұзақ жыл Маңғыстау ауданында мектеп директоры қызметін атқарып жүргенде басшылары оның қарым-қабілетін жете танып, облыстық білім департаментінің бөлім бастығы етіп жоғарылатты. Тұрекеңнің ата-бабаларынан Тілепі, Қожық деген ел басқарған азаматтар шыққан. Ол -халыққа қадірлі, қасиетті азаматтар шыққан әулеттің немересі. Әкесі Жалғасбай Тұрекеңнің жас кезінде дүниеден өткен. Біз білетін екі қыз тумаласын тәрбиелеу Тұрекеңнің иығына артылды. Үлкен қыз тумаласы Ақтөбелік Қожақов Ғұбай деген азаматқа тұрмысқа шықты. Ол - оқу-ағарту саласының маманы. Маңғыстау аудандық оқу бөлімінің бастығы болып тұрғанда елдің және қайын жұртының азаматтарына қол ұшын беріп, көмектесті. Тұрекең екінші қыз тумаласы Қанзияны да оқытты. Ол ұстаз мамандығына ие болып, Қиынов Кетебай деген азаматпен тұрмыс құрды. Тұрекең қарындасы Қанзияны, күйеу баласы Кетебайды да тәрбиелеген, дәріс берген. Ал Маңғыстауда туып-өскен азаматтардың ішінен облыстың бірінші басшысы болған Қиынов Ләззат - Тұрекеңнің туған жиені. Қорытып айтқанда, бұл - ата-бабалардан келе жатырған қасиет, ата-тегінде ел басқарған ақылдылар мен басшылар шыққан әулет. Тамырын тереңге салған алып бәйтерек сынды ерекше, ел игілігі үшін еткен еңбектері өлшеусіз атпал азаматтар Маңғыстау топырағында көптеп саналады. Солардың бірегейі, Маңғыстау ауданының марқасқа ұлдарының бірі, елдің экономикалық дамуына, оқу-ағарту саласына өзіндік үлес қосқан Тұрар Жалғасбаевты киелі мекеннің «мен» деген азаматтарының бәрі таниды. Халық батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының: «Ұстаздық - ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді, болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген адамдарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстазды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген сөздері осындай, өмірден өзінің мәртебелі орнын тауып, ел қажетіне жараған, бала жанының бағбаны бола алған Тұрекең сияқты азаматтарға лайық.
Алпысбай ШҮЙІШЕВ,
Республикалық дәрежедегі зейнеткер, Қазақ КСР-інің ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер, «Октябрь революциясы» және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері.
ТУРА БИДЕ ТУҒАН КӨП
Тұрар ағамыз тек туыстарының ғана ағасы емес еді, ол бүкіл ауылдың ағасы болатын. Ауылдың адамдарына (ауылдастарына) сыйлы болды. Тұрекең - салмақты, ақылына парасаты сай адам еді. Кімге болса да ақылын, әділдікті айтып отыратын. Әсіресе, балаларға «тәртіпті болыңдар, сабақты жақсы оқыңдар, адам болыңдар» - дейтін. Қарапайым, турашыл болатын. Әділдік пен турашылдықты айтып, «ешкімге қиянат жасамай, ешкімнің ала жібін аттамаңдар» - дейтін. Қатар құрдастарымен сөйлескенде, не әзілдескенде сөзден ұтылмаушы еді. Сөз тапқыр, ойын батыл айтатын кісі еді. Тұрекең әкесі Жалғасбайдан жастай қалған. Ақбала шешеміз Тұрекеңді бағып - қағып өсірген. Біздің әкеміз Қалымға сәлем айтып, «Шырағым, Тұрарымды мектепке бер, оқысын, адам болуына көмегіңді бер» - деген екен. Қалым ол кезде Бозашы түбегінде сот қызметінде, Маңғыстау уезінде жауапты жұмыстар атқарған. Жеңгесінің сәлемін орындау үшін қызметтеніп, Қызандағы тумаластарға хабар жіберіп, «Тұрарды Форт-Шевченко қаласына тез жетістіріңдер» - депті. Ағайын - тумаластар Тұрекеңді Форт-Шевченкоға Қалекеңе апарған. Қалым Тұрекеңді ертіп жүріп дәрігерге көрсетіп, аудан, интернат басшыларына жолығып Форт - Шевченкодағы балалар үйіне орналастырып, мектепке оқуға түсіреді. Сөйтіп, Тұрекеңнің білім алып, жан - жақты танып, ілгері жетілуіне себепкер болған. Тұрекеңнің өзі «Қалекең бізді оқытып, адам болып кетуімізге қол ұшын берді» - деп отыратын еді. Тұрекең тумаластардың, ағайындардың жақсы болғанын қалап, қолынан келген көмегін аямайтын. Мен 1963 жылы Қарағанды қаласындағы Совпартшколға оқуға түскенімді естіп Тұрекең Шайырдан Форт - Шевченко қаласындағы біздің үйге келіп, «Құлекеш, оқуға түстің бе? Оқуың құтты болсын, Қарағандыда күн суық болады» деп, мені дүкенге ертіп барып, бір жылы ақ тон алып берді. Тұрекең үй шаруашылығына да көмегін тигізетін еді. Бір күні Тұрекеңнің үйіне келсем, Нұрпаш жеңгеміз түйенің жабуын тігіп отыр екен. Тұрекеңнің қолында бізі бар екен. «Бұл не Тұреке?» - деп сұрағанымда, «жеңгеңе көмектесіп отырғаным ғой» - деп күледі. Сөйтсем, ол жабудың тебен өтпейтін жерін жеңгемізге бізбен тесіп беріп отыр екен ғой. Олар бір - бірімен тату, бірінің айтқанын бірі тыңдайтын адамдар болып өмір сүрді. Тұрекең - негізі ағартушы адам ғой. Балалары да жоғары оқу орындарын бітірді. Тұрекеңнің өзімен тумалас екі қарындасы болды. Біреуі - Ақорын апай дүние салды, жиендер бар. Екінші қарындасы - Қанзия апайдан да жиендер бар. Өзі оқытушы, еңбегі бар мұғалім. Қазір үлкейіп келе жатыр.
Құлекеш Қалымұлы, немере інісі
Маңғыстау ауданының құрметті азаматы Облыстық дәрежедегі дербес зейнеткер.
2009 жыл, мамыр.
ШАЙЫР ОРТА МЕКТЕБІНІҢ НЕГІЗІН ҚҰРУШЫЛАРДЫҢ БІРІ ЖАЛҒАСБАЕВ ТҰРАР АҒАЙ ТУРАЛЫ
Мен Балқасымова Нұрлықыз Шайыр орта мектебіне математика - физика пәні мұғалімі болып 1966 жылы келгенімде Т. Жалғасбаев ағай мектептің оқу ісі меңгерушісі және математика пәнінен сабақ береді екен. Содан 17 жыл жұмыстас болдық. Ағай өте қадірлі, елге сыйлы екен. Сол уақытта үлкен ұлы Төлеген (марқұм) қазақ тілі, әдебиеті пәнінің мұғалімі болды. Ол да өз пәнінің жетік те, білгір, шәкірттеріне сыйлы да қадірлі оқытушысы екен. Тұрар ағайдың қызы Ғалия Жалғасбаевамен де бір ұжымда қызмет істедік. Ғалия тарих пәнінің үздік ұстазы. Сол сияқты қызы Сәниясы да КАЗПИ - ді бітіріп, Шайыр мектебінде бірнеше жыл қазақ тілі, әдебиетінен сабақ берді, жетік білімді маман болды. Тұрар ағай мен зайыбы Нұрпаш апай көп балалы жанұя. Ұлдары мен қыздарына жоғары білім алуына мүмкіндік жасады. Жалғасбаев Тұрар ағайдың отбасы ұстаздар жанұясы болды. Тұрекең ағай барлық өмірін ұрпақ тәрбиелеумен өткізді. 1930 жылдардан бастап халық ағарту саласында, Ұлы Отан соғысы жылдарында мектеп ашып, сол мектепке балалар тартып, оларды оқытуға еңбек етті. Барлық қиыншылықтарға қарамастан Шайыр ауылында 8 жылдық мектеп ашуға, кейін 1969 жылдан бастап 10 жылдық мектеп ашуға көптен - көп еңбек сіңірген ардагер мұғалім. Сол уақыттарда, әсіресе халықты сауаттандыруда, соғыс жылдарында аштыққа, жоқшылыққа және мектептің шаруашылық қиыншылықтарына қарамай, адал да, аса мейірімділікпен шәкірттер тәрбиелеген ұстаз деп айта аламын. Өйткені мен өзім Атыраудың ГГПИ - ін бітіріп келген жас ұстаз болатынмын. 1966 жылдан бастап ағайдың тәжірибелі, өнегелі, білікті мұғалім екенін сол уақытта білген едім. Ағай сабағымызға оқу ісінің меңгерушісі болып, қатынасып оны талдап отыратын. Сол кезде ағай тек қарапайым мұғалім емес, мектеп директорының оқу ісінің меңгерушісі, партия жетекшісі, т.б. жұмыстарды бірге атқарып жүрді. Әңгіменің тобықтай түйіні Тұрар ағайға қандай құрмет көрсетілсе де артық болмас дер едім.
Шайыр орта мектебінде 30 жыл еңбек етіп, еңбек ардагері атағымен зейнетке шыққан БАЛҚАСЫМОВА Нұрлықыз (Нұртөре).
18. 06. 2009 ж.
№ 359 « 02 » желтоқсан. 2007 жыл
Мангистауская область Мангистауский район Аким села Шайыр
Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы Шайыр селосының әкімі
130409 Шайыр селосы Тел. (факс ): 21594.
Шайыр орта мектебінің директоры О.Өтеулиевке Шайыр селосының әкімшілігі Сіздің қаперіңізге төмендегі жайды бере отырып, ұсыныс жасайды: Тұрар Жалғасбаев - өзінің саналы ғұмырын ағарту саласына арнап, шәкірт тәрбиелеген ұстаз. Бұл кісінің алдынан тәлім-тәрбие алған шәкірттері аудан, облыс көлемінде сан алуан мамандықтың иелері болып қызмет жасайды. Ардагер ұстаз, марқұм Т.Жалғасбаевтың атағын орта мектепке берсе, артық болмас еді. Сондықтан осы мәселені өз коллективіңізде қарап, талқылап, оң шешімін табуға ұсыныс жасаймыз.
Шайыр селосының әкімі
Ұ.СЕРІКБАЕВ
АҚСАҚАЛДАР ЖИНАЛЫСЫ
2007 жылдың 3 желтоқсаны күні Шайыр селосында 31 адам қатысқан ақсақалдар алқасының жиналысы болды. Жиналысқа ауыл әкімшілігінің қызметкерлері Ж.Біләлұлы, А.Таңатов, ауыл аймақтық полиция өкілі А.Жанғожиндер қатысты. Жиналыстың төрағасы - Т.Сарбаев, хатшысы - С.Қалмағанбетов. Жиналыста күн тәртібіндегі басты мәселе - Шайыр орта мектебінің атағын саналы өмірін ағарту саласына арнаған, жергілікті Шайыр ауылының азаматы, марқұм Жалғасбаев Тұрардың атына беруге ардагерлердің, ауыл ақсақалдарының келісімі қаралды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша қысқаша Тұрар Жалғасбаевтың өмір жолын ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрар Сарбаев таныстырып өтті. Одан кейін сөз алған ардагер ұстаз Санақбай Қалмағанбетов: «Ардагер замандастар! Т.Жалғасбаевтың өмірін осы Шайырда білмейтін адам кемде-кем. Ол - барлық өмір жолында балаларға білім, тәлім-тәрбие берумен өткен адам. Ол кісінің оқытқан шәкірттері бүгінде аудан, облыс, тіпті республика деңгейіне танылып, жұмыс жасап жүр. Сан алуан маман иелері көптеп саналады. Еңбегі үшін алған орден-медальдары, грамоталары сансыз. Қалай мадақтауға да сиятын адам. «Біз - Шайыр ардагерлері бізден көмек керек болса, қолымыздан келгсенді істеуге тиіспіз» деп есептеймін. Ол кісіні «Шайыр орта мектебінің атағын беруге лайық» деп білемін» деді. Бұдан кейін зейнеткер Күлекеш Қалымов: «Бұл айтылып отырған мәселе өте дұрыс» деп есептеймін. Т.Жалғасбаевты тек Шайыр емес, Маңғыстау өңірі түгел біледі. Ол - өмір жолын ағартумен, біліммен сусындатып өткен адам. Осы жүрген ардагерлерден бастап, аяғы 30 жасқа дейінгілердің бәрі - білімді сол адамнан алғандар. Ол кісіден білім алған мыңдаған маман иелері облыста қызмет атқарып келеді. Тұрекең - қандай қиын-қыстау заманда да табанын аудармай, осы білім беру саласында қызмет еткен адам. Бір адам еңбек етсе, осы Т.Жалғасбаевтай еңбек етсін. 80 жасына дейін осы ағарту саласында болды. Ол кісінің атын Шайыр мектебіне беруге Шайыр халқы түгел келісетініне сенемін» деп сөзін аяқтады. Жиналыста сөйлеген қарт ұстаз, зейнеткер Нина Сәрсекеева да: «Айтылған әңгімелерге толықтай қосыламын. Отыз жылдай жұмыстас болдық. Ол кісінің өнегесі, тәрбиесі, ақылы өте жоғары адам. Тұрекеңнің ағарту ісіне адал адам екенін осы отырған адамдар түгел біледі. Мақтағандық емес, таза еңбекқор, уақытпен санаспай еңбек ететін адам, онысын талай көрдік. Мақтай берсе, айтылар сөз көп. Мен де Шайыр орта мектебіне ол кісінің атағын беруді «дұрыс» деп есептеймін. Барлығымыз да бізден көмек керек болса, қол ұшымызды созып, тиісті орындардан мектебімізге сол кісінің атағын беруге өтініш етеміз» деп, алдыңғы сөйлегендерге қолдау білдірді. Шайыр ауылының әкімі Ү.Серікбаевтың № 360 санды хатын талқылаған ардагерлер кеңесі жиналыс соңында «Шайыр орта мектебіне абзал жан, ағартушы Тұрар Жалғасбаевтың атағын беру қаперге берілсін» деп қаулы алды. (Материал 2007 жылғы 3 желтоқсандағы Шайыр селолық ақсақалдар алқасы жиналысының хаттамасы негізінде дайындалды).
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру