TELEGEI

Home

Гауһартас (Төлеу-Мұхаммед Орашбаев)

Төлеу-Мұхаммед Орашбаев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Гауһартас (Төлеу-Мұхаммед Орашбаев)

Төлеу-Мұхаммед Орашбаев - «Гауһартас (Төлеу-Мұхаммед Орашбаев)» шығармасы.

ГАУҺАРТАС

Өлгенде не өлмейді?
Жақсының аты өлмейді,
Ғалымның хаты өлмейді.

Бұхар жырау

Эссе

Үйдегі жұмыс болмемнің төрінде бір сурет бар. Қарапайым фото: өткір жанарлы зиялы адам миығында күлкі ойнап, тесіле қарап отыр. Жанары нұрлы-ақ. Әдейі сақтап қойғанмын. Ұстазым. Қағазға, жазу машинкесіне отырар алдында осы суретке ұзак тігіліп тұрып, мінажат жасаймын: иіс-сумен қолымды ысқылап, тазарып барып жұмысқа кірісіп кетемін. Ол мен қатарлы мыңдардың ұстазы: филилогия ғылымдарының докторы, профессор Сражатдин Ахметов. Жылт етер жүрегинде шоғы бар талайларды ғылым жолына, әдебиет әлеміне ақ бата беріп аттандырған ұлагатты жан, миллиондаған балауса ұрпақтың кемеңгер ұстазы. Қырық жыл бұдан бұрын Қарақалпақ мемлекеттік пединституттың тарих-филология факултетінде оқып жүргенбіз. Қырық құраумыз: шығысы - Шыназ, арқасы - Арал қаласы, Құбыласы - Ызмұхшир, Батысы - Мойнақтан тағдыр желі айдап тоқайласқан қазақ тілі және әдебиеті бөлімінде 2 курс бар. Астананың түлектері бір төбе: орыс тіліне жорға -судай ағып тұр; ұстаздардың көбісі, тіпті, ерекше ілтипат та көрсетіп жатады оларға. Қызғанбаймыз, кызығамыз. Ауылдан келген Қаратөбел талапкерлер көпшілік, арманшыл-ақ, есіл-дерттеріміз тек оқысам, білсем. 1957 жылы қаңтар-ақпанда қысқы сессия да басталып кетті. Алғашқы емтихан әдебиет теориясынан. Факультет деканы Отарбай Сейітов емтихан кестесін жасауды тапсырған-ды: Елде бірнеше жыл мектепте істегендіктен тәжіріибем бар - қас пен көздің арасында орындап тастадым. Емтихан алатын ұстаздың аты сол ретте көрсетілмеді, декан "Ашық тұра берсін" деді. Қобалжып қалдык. Қыркүйекте де, терімнен келгелі де сабақты Сұлтамұрат Бекмұратов оқытып жүрген: жасы үлкен кісі, алды кең, қаһары жоқ жайсаң жан: Қалың ескі конспектіден оқый береді, бас көтерместен сыпыртып жаза береміз. 90 минут бойы ұшқан шыбынның қанат қағысы естілетұғын-ды. Курс ауыр. Кітаптар орыс тілінде: мен де, Байғазақ Бекетов та қаражаяумыз, қиналып жүрген жайымыз бар-ды. Емтихан таялып, бір күн қалғанда Қаһарман Бегежанов суық қабар жеткізді.

— Емтиханды Сражатдин Ахметовты алатын болыпты. Ғылым кандидаты. Қатал адам дейді. Үлкен үйдегі ағам айтты.

Үрпейісіп қалдық. Қаһарман - шыназдың жігіті, сабақты жетік біледі. Орыс тіліне ағып тұрғандардың бірі: Айладур Өтәлиев те, Азат Дәулетмуратов та, Күләш Абатова да Қаһарманмен санасады. Іштері майлы, қуанысып жүр. Үлкен кісінің жанұясын танитындары да табылып қалды. Әсіресе, Айладұр, Күләш, Жанбала, Мәрияштардың жағалары жайлауда: Мыңқ ететін түрлері жоқ, маң-маң басады. Емтихан болатын күн де жетіп келді. Старостамыз Сақидәулет Өтесіновтың нұсқауымен емтихан дастарханын қамдадық: Қыс айы болса да жанды гүл, тіске басарлық дәмді кұрғақ тамақтар, тағамдар, "Алтын кілт" кәмпитінің жұмсағын, әсем кесе - шәйнек дайындалды. Бір шоғыр болып, өз ара сөйлесіп тұрмыз: Байғазақ домаланып, қолтығыма тығыла түседі. Көз қарастан түсінісе кететін аса көрікті, келбетті азамат, сол кезеңдегі жігіттердің сұлтаны жандосым Набат Юсупов және сері еркеміз Қазанбай Нұржанов жиі -жиі көз қиықтарын тастап қояды: менде толық конспекті, барлық сұрақтарға жауап бере алатын білгірхат бар. Сиынып, №2 аудиторияның аузында иіріліп, шоғырлана қалғанбыз: сөйлесуге де құлық жоқ, түгел көздеріміз деканат жақта. Сәл ойға кеткен ем, студентер қозғалыс тауып, қойша тығылысып, төргі айна алдына қарай ығыса түсті. Ұзын коридорды бойлап, иықты, палуан денелі, әсем киінген жігіт ағасы болып қалған кісі біздерге тіке бағыттап келе берді. Жырта қарыс маңдайы жарқырап, қаршығы көзі от шаша, айналасына өткір назарын әсте жүгірте тастап келе жатқан екен.

Астаналық студенттер салғаннан танып жатыр.

— Ахметов келе жатыр.

— Сраж келді, — десіп қауқылдасып қалды. Жамырай берген сәлемімізге бұйра басын сәл иіп, амандасқанның ішарасын жасады да:

— Бірінші курс қазақ па?! — деді. Тұм-тұстан жамырай: "Бірінші курспыз" деп іле жауап қайырдық. Ұстаздың өкшесін баса сырттағы студенттер де аудиторияға еніп, өз орындарымызға отыра кеттік. Ұстаз жасаулы үстелге отырды да, қыран көзін көпшілікке туу биіктен тастап, шолып шықты. Жанарларымыз ұстазда: келісті жігіт екен. Анам айтатын "Келбеті келгеннен түңілме" деген дана сөзі көкейіме орала кетті. Сәл тыныстап, жан шақырдық: әр жер - әр жерден сыбырласқан үн де шыға бастады. Өзара көзбен сөйлесіп жатырмыз.

Үлкен оқу орнындағы алғашқы емтихан басталып та кетті: Айладур бастаған батыл топ көш бастап, әдебиет теориясының билеттерін біріншілер болып көтерді, тұңғыш бағаларды еншілей бастады. Өзімнен гөрі қасымдағы жігіттерді ойлап, емтиханның орта шенін шөкеледім: алдымнан Набатты аудиторияға ендіріп жібердім де, Байқазаққа өкшелей кіріуді тапсырдым. Сондағы ойым: кіруден Набатқа қол үшін беріп, ізімнен жеткен Байқазаққада көз қырын тастармын деген ниет еді. Солай да болды: камшы салддырмастан Набат бәйге сызығынан өте шықты; Байқазақ та тоқ мейіл - жұмсақ жібек шашы маңдайына төгіліп, ысылдатып жазып жатыр. Аудиторияның мінбері оқытушы үстелінен сәл кейін қойылғандықтан ұстазды оң кұлақ шеке тұсынан анық бағдарлауға болады екен: Сражатдин дайындалып отырған талапкерлерге қас қақпастан көзін қадап отыр: әр тұсынан қадау - қадау ақ талшықтар көріне бастаған бұира шаш шүидесинде жал - жал болып, тұтасып жатыр. Қайратты, қайсар талшықтар ұштары шошайып, тікірейісіп те тұр екен. Ұстазға сүйсіне оқтын -оқтын қарап қойып, ойымды тарқатып айта бастадым... Бұйра бас қуаттап, ырғалған сайын шешіле түстім. Ташауыз педучилишесінде белгілі әдебиетші, жазушы Қақамурат Атаев әдебиет теориясынан арнайы сабақтар өткен. Күніне түске шейін, әр түні бойы 8-10 сағаттап сабақ дайындайтынбыз. Еңбектерімді ұстаз бағалап, демеп отырғандықтан арқалана түстім: бір жағынан осы кездесіу үстінде ұлы ғалыммен дидарласқаныма мерейім де өсе берді. Жауаптарымды тиянақтаған соң Сражатдин орындығын сықырлата тұтас тұлғасымен маған бұрылды: жанарына көзім түскенде тұла бойымнан бір ыстық толқын сумаң қағып көктей өте шықты. Жүрегім дір ете қалды. Ұстаз толғанып тіл қатқаншамиыма күні кешегі екі ай шамасы бұрын басыма үйірілген бір бұлтты кезең сап ете қалды... Қаратерең көлінің жағасында мақта теріп жатқанбыз. Көз ұшында Бөрші тауы мұнартып тұр. Бозала таңнан көз байланғанша тынбай қимылдасақ та норма орындау қиын: 30-40 килограммнан аспайды. Сөз де, тоқпақ та үстімізде: Қаһарман, Өтепберген, Мәдірейім... түске шейін-ақ теріп тастайды. Біздерге нормалы мақтаны теру анау мұнартқан Бөрші тауынан да алыс, қол жетпейтін меже. Сол еріміз ауып жүрген кезде стипендиямызды апарды, үстіне шаруашылықты жүргізуші Сәбит Раев тамақтан ауысқан тиын-тебенімізді алақандарымызға салды. Байып қалдық. Студенттің қалтасына ақша түссе, министрге де шекесінен қарайтын әдеті ғой: көңіл тасып кетті, кешке қарай дүкеннен Тарғын Сержанов пальто сатып алды. Жудық. Ұрзымбай Сәрсенов, Қондыбай Шоқпанов, Азат, Байқазақ бар - сілкеңкіреп жіберіппіз.Азанда бас жалаңаштауға тура келді: тағдырым ұстараның жүзінде тұрғанда да осы ағам нақ қазіргісіндей қопарыла маған қарай бұрылып еді. Иығына Қамар жағалы пальтосын бостай жамылып отырған-ды, шалғайын жинақтады да:

— Бір жазықтан ер өлмейді. Тұқырта бермең. Алыстан келген екен. Кіріс емтихандарды да Жұмырбай Қайырбаев өзі алған. Айтты. Жағасын жіберің, - деді. Тыныштық орнады. Сол сәтте жете танымаймын ғой, Сраж ағаның миығынан күлгенін көрдім. Аға ықыласын көргенде жылап жіберіуге шақ қалып едім: анам Айдан Жарболқызы қайтыс болған-ды, әлі жүзі де берілген жоқ-ты. Ішім дертке толып тұрған. Оқудан да қуылсам бұл жалғаншыда жер басып жүруінің мен үшін мәні қалмайтын-ды. Ақ қанатты жебеушіперіштем болған Ахметов және назарын қадай қарады.

— Крыловтың "Жапырақтар мен тамырлар" мысалының идеялық түйінін таратшы?! - деді.

Сәл іркіліп қалдым. Жанарға жанар түсті: қоштап, ым қаққандай болды - шешіліп жүре бердім. И.А.Крыловтың перзент қуанышын мысалдарына сіңдіргенін бір толғап тастап аударма жасалуына тоқтап қоғамдық құбылыспен салыстыра тұздықтап, өз ойымды жайып салдым. Ұстаз екінші рет мейірлене аяғын соза түсіп, миығынан күлді. Емтихан кітапшама тұңғыш реткі "Айрықша" бағасы қонды: үйірімен мың болып он семестрде де бағаларды осы деңгейден төмендетпеуге күш салдым. Солай да болды. Жақсы ағаның өлшеусіз ықыласы ұдайы жебеп отырды: ілтипатынан шығуға жан салып жүрдім. Ұстаз қуанышы, мақтанышы шәкірті екенін өзім 42 жыл бала оқытқанымда оқытушылық өмірбаянымнан анық сездім: жүрегіңді қақ жарып шыққан перзентіңнен бір кемі жоқ тең екен. Ғылыми кеңесте мені филология факултетінен Сталиндік степендияға ұсынғандарында ұстазым Сражатдин Ахметов үшінші рет мейірлене миық тартып еді. Сыртқы есікке тақала бергенімде Сраж ағаға бетпе-бет келіп қалып, иба сақтап, кейін шегіндім. Бас изеп амандасты да:

— Төлеу-Мұхаммед, үйге соғып кет, - деді. Келістім. Қашан жүздескенше "Неге бола мірат жасады" деп қобалжи бердім. Бардым. Ұстаз үйіндегі өз кабинетінде жұмыс істеп отыр екен: әдемілеп те жазатын, қолжазбаларына алыстан көз қиығын тастадым. Маржандай тізіліп тұр, жаның сүйсінеді. Кітап атаулы тау: сөреде тұрғаны қанша. Есім шығып та кетіпті: көзім тұнып, басым айналды.

Ұстаздың қолындағы "Совет эдебияты" жорналы көзіме оттай басылды: түп етегіндегі кілемнің өрнегі де, сыртындағы шрифы де етене нәрсе ғой, туысымды көргендей болдым. Қағаз қыстырып, белгі қойған беттерін ашты да:

— Түркменнің ғалымдары қазір өсіп кетті, сын түзелді: тың ойлар айта бастады. Әдебиеттер туысқандығы туралы дерек іздеп едім. Кейбір мақалалардың тиісті жерлерін белгіледім. Аударып бер, - деді.

Қараптан қарап терлеп кетіппін: ғұлама ғалымның ойынан шығу аңсат емес. Баймұхаммед Ғарриев, Абдулла Муратов, Өде Абдуллаев, Жора Аллақов, Сайлау Муратов... мақалаларын оқып жүретінмін. Оларды Сражатдин ағаның да оқитынын еш еске алмағанмын. Ана тілім дәрежесінде білетін болғандықтан аудармаларым Сраж ағаға ұнады. Ойлап қарасам: асыл аға мені ғылыми - зерттеу творчестволық жұмыстарға баулып жүр екен ғой. Кеш сездім. 1978 жылы Қарақалпақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің деканы профессор Сражатдин Ахметов еді. Қазақ филологиясы кафредасын педагогика ғылымдарының кандидаты Жұмырбай Қайырбаев басқаратын. Қаржаубай Жұмажанов "Сраж аға шақырып жатыр" деп мені ауылдан алып қайтты. Деканатта екеуі отыр екен. Сражатдин:

— Университетке қазақ әдебиетінен оқытушы керек. Кел. Пединститутты айрықша дипломмен бітіргендерді ғана аламыз, - деді. Жұмырбай да қуаттап жатыр. 5-6 жылда қорғап та аласың, тіке өзім бас-көз боламын, - деп профессор Сражатдин Ахметов сөзін жалғастырды.

Тартыншақтық жасадым. 1979 жылы филология ғылымдарының кандидаты Байқазақ Бекетов Алматыдан университетке жұмысқа келді. Санаулы жылдарда-ақ Қаржаубай Жұмажанов, Жанұзақ Есенов, Қайыржан Аралбаев, Гүрленбай Хәмидұллаев, Кәтепте мектепте оқытқан оқушым Рахмет Аяпбергенов қазақ әдебиетінен тақырыптар алып, ғылым кандидаты дәрежелерін қорғап шықты. Тіп-тіке Сраж ағаның қамқорлығында, баулып тәрбиелеуінде осы азаматтар ғылым саласында теңі - тайы жоқ үлестерін қосты. Аға ықыласын қуаттап, арқаланғанымда жақсы кісінің және бір рет - төртінші рет миығынан рахаттана күлгенін көрерме едім. Арман күйінде көкейде мәңгілікке қалып қойды... Ойлап қарасам, филология ғылымдарының докторы, профессор Сражатдин Ахметов халқымыздың маңдайындағы гаухар тасы екен ғой: гаухартас адамға ниеттелген көз-сұқ, бәле-жәлені, апатшылықты кері қайырады; айналасына жақсылықтың, игіліктің нұрын сеуіп тұрады. Сраж аға да өзінің мағыналы өмірінде жақсылық пен адамгершіліктің мәңгілік нұрын сеуіп кетті. Өзбекстан мен Қарақалпақстанның мәдениетіне, ғылымына өзіндік маңдай терін сіңірді - солай да бағаланды. Жоғары атақтарды адал еңбегімен иеледі. Алтынның қолда барда қадірін біле бермейміз: қарақалпақ ғылыми әлемінен филология ғылымдарының докторы, профессор Сражатдин Ахметов мәңгілікке өте шыққанда қайыспаған қабырға жоқ — жақсылардың рухы, ылайым, әрдайым артындағы тілекшілерін жебей берсін! Әумиін!!!

Кәтеп ауылы
Сиыр, 1997 жыл, желтоқсан

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙