Мазмұнға өту
Home

Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы 44 том

Мір Шайыр

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы 44 том

Авторы: Мір Шайыр

Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы

МІР ШАЙЫР

РЕДАКЦИЯ АЛҚАСЫ:

Айдарбаев Алик Серікұлы – алқа төрағасы, Маңғыстау облысының әкімі. Әріп Ғалым Бисембіұлы – алқа төрағасының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы Маңғыстау облыстық филиалының директоры

АЛҚА МҮШЕЛЕРІ:

Тұрғараев Бекет Тұрғараұлы– облыс әкімінің кеңесшісі, заң ғылымдарының докторы, профессор. Өтегенов Айтуар Оспанұлыақын, (кітапты құрастырушы, жауапты шығарушы-редактор), Қосбармақ Рахат Құсайынұлыақын, (жауапты редактор), Мыңжас Темір Мыңжасұлыақын Өлке қаламгерлерінің шығармаларынан мағұлымат беретін «Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясының 50 томдығы Маңғыстау облысының құрылғанына - 40, Ақтау қаласына 50 жыл толуына арналып шығарылып отыр. Бұл томға ақын, Алаш сыйлығының лауреаты Мір Шайырдың (Мырзағали Іңірбаев) шығармалары енгілді Мір Шайыр қолтаңбасы

Қазіргі қазақ әдебиетінің эстетикалық байлығы мол, көкжиегі кең деп білсек, талантты ұлт қаламгерлерінің әрқайсысы шын мәніндегі қайталанбас тұлға ретінде дара-дара. Сондай дара тұлғалардың бірі – әдебиет сүйер қауымға кеңінен танымал ақын, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мір Шайыр – Мырзағали Іңірбаев әдебиетімізге соны үлес қосып келе жатқандар қатарынан. Мір Шайыр 1952 жылы 19 қыркүйекте әулиелер мекені Маңғыстаудың жәннат жері Шайырда діни білімді еңбеккер отбасында дүниеге келген. Қашаған, Закария сынды дүлдүл аталарымыздың жырларын үлкендер тәрбиесінен бала кезден жаттап өскен ол сөз өнерінің құдіретін ерте сезеді. Шығармашылық еңбек жолын 1973 жылы Маңғыстау облыстық «Коммунистік жол» газетінде әдеби қызметкерліктен бастаған ақын ҚазМУ-дің журналистика факультетін, Алматы Жоғары партия мектебін бітірген, сондай-ақ техникалық және әскери-саяси білімді. Ұзақ жылдар журналистік, партиялық саяси қызметтерде болып, халық тарихы мен өмірін білгірлікпен, жанашырлықпен зерттей, оны өркендетуге құлшына жүреді. Жиырма жасында «Қоянсүйек» өлеңінде: Мұнша неге азынады күн бүгін? Аспан неге көшірді бұлт-түндігін? Жалғыз тұрған қайсар Қоянсүйектің Неге алыстан естіледі мұңлы үні? –

деп сол заманғы ел халіне назар аударады немесе «Түнгі желде»: Егілмеші! Еңіреме! Боздама! Қайғы құсап ел үстінде азнама! Қарадүлей дауыл толы өрт кеудем, Жалынамын, Қозғамашы, Қозғама! – деп халық тағдырына алаң кейіпкердің беймаза ішкі әлемін ашады. Мір Шайыр – сыршыл, ойы тереңдегі ақын. Оның өлеңдерінің қайқайсысы да ақындық өнермен өріліп, ыстық леппен, бар жарасымымен алау сезімдерге бөлене туған дүниелер. Шығармалары көкіректен ақ жарылған шынайылығымен, халық мүддесін білдірген азаматтық батыл позициясымен, философиялық ойлылығымен ерекшеленеді. Тағы да сол жастық шақтағы туындыларға зейін қояйық: Шамасы үш-төрт жасымның, Сонау бір жылдар есімде: Мен ойға батып отырдым Көңілсіз күздің кешінде. Толғандым сонда мен алғаш Жабырқау сәби түрменен, Суық жел жаным жеңе алмас Соққанда гулеп іргеден. Өмірдің мәнін сезбеген, Балапан кезім балдырған, Жанымның жүдеу жылдары ол Жадымда бүгін жаңғырған. ................................................. Күлкісін күндер санатқан, Сағындым, алыс жыр-заман. Байлықтан тасып баратсам – Елестеп кетіп тұр маған. Ақынның образбен ойлауы, айнала әлемді бейнелі сурет жолымен тануы, суреттеу шеберлігі айшықты. Оның поэзиядағы алғашқы қадамдарын Қалижан Бекхожин: «Мырзағали Іңірбаев өлеңдерінен оның жүрегінің дүрсілі естіліп тұрады» - деп әділ бағалаған-ды. Расында да Мырзағали ақынның тұтас поэзиясынан кісілік парасаты, кіршіксіз ақ пейілі, шапағатқа толы дүниесі, жан-жақты білімділігі, шешендігі мен ойлылығы, нұрлы жүрегі ап-айқын көрінеді. Нағыз өлең дегеніміз адамды қоршаған дүние туралы талант толғаныстарының, аласапыран сезімдер тоғысының, поэзия болмысына тән талғамдық элементтердің және өмір құбылыстарын талдаған түйіндердің

біртұтас құймасы десек болар. Ой елегінен өтпеген өлеңнің ғұмыры шетінеген нәрестенің ғұмырымен бара-бар. Өйткені өлең дегеніміздің өзі құрсақта жатқан құлындай немесе құрсақта жатқан ұлыңдай. Өлең-сәбиге жарық дүниені сыйға тарту жауапкершілігі – ауырдың ауыры. Өлеңді дүниеге әкелмек ақын толғағын ана толғағымен салыстыруға болар. Міне, бұл бір ғана өлеңнің тағдыры. Ал, бір кітаптық, том-том поэзия үлгілерін дүниеге әкелу дегеніміздің не екені әбден түсінікті. Отызында от болған ақиық ақын Төлеген Айбергенов жырлағандай, «сыздаған барлық жараның аузында болу» – нағыз ақынға ғана тән бұйырмыс. Демек, жүректерге от пен ой құярдай туындылар беру кез келгеннің маңдайына қона бермейтін Тәңір сыйы деп ұғамыз. Мырза-ағама да қонған ақындық бақ – Тәңірінің берген үлкен сыйы.

Ақын қоғамдық өмірдегі үлкенді-кішілі құбылыстарды, табиғатты жан толқынына бөлеп жырлағанда, «лирикалық шығарма сезім дүниесін білдіре отырып, сезімге ғана әсер етеді», – деп Белинский айтқандай, оның лирикасының тебіреністі тұңғиықтарына бойлап кетеміз. Кеудемде өрт бар. Егер мен У ішсем қанып, Сөнер ме?! Дауылдар қуған алапат Ойранын сап жүр денемде! ...Мұраттар бар-ды нық алда, Жоқ еді жерім мұқалған. Барады іштен кеулеп өрт Күйініш-оттан тұтанған! «Өрт» өлеңіндегі бұл хәл – ақынның ішкі дерті, өлең өрті. Шатырлап жанып ормандай Қарағай, емен сүйегім! –

деген ақын кеудені кеулеген өртін у ішіп сөндіргісі келеді! Не үшін ақын күйіп-жанады? Осыған дейінгі ел тағдыры, басқа ұлттардан гөрі қазақ халқының теперішті көп көруі... Оған өтпелі кезеңнің ауыртпалықтары, алып тажалдар тартысындағы өзіміздің жаутаң-жаутаң күйіміз қосылды... Ендеше, «Өрт» егемен еліміздің болашағы үшін толғанған біздің әрқайсымыздың жүрегімізде бар екен! Ол біздің жанымызды қыздыра, қуаттандыра түседі екен. Ақын жырларының негізгі тақырыбы – ел тағдыры. Ол туған елінің тағдырын, жерінің тағдырын шежірешіл абыздардай күңірене жырлайды. Қайран елім, Сені бақытты етсем деп ойлап едім...

Осы бір ауыз сөзге елге, халыққа деген ақық арман-мүдде, махаббат сыйып тұр. «Қайран ел» туындысы психографиялық деңгейде, сананың қабат-қабат астарында туғандай. Ол бірде: Біріне уақыт жетпеді, Тыныштық бірде көкседім. Өткізіп алдым ал бірде Жанымның жасыл көктемін. Жетер ме әлі көктемдер? Сабағын алып өткеннің, Кезеңім, саған келеді Қарыздарымды өткергім, – деп өзін өмірге борышкер санап, көркемсөз қуатымен де, қызметімен де қоғам игілігіне үздіксіз тер төге беруге жігерленсе, «Өмір толқыны» өлеңінде: Марапат пенен малға емес, Жүрегім еңбек, жырға әуес. Біріне бірі киліккен Әр толқын – асу, әр белес... Соғады дауыл долданып,

Талады кейде қолдарым. Жүремін жанұшырып мен

Қанаттарыммен қарманып! – деп көптің ісі жолында жанұшырған замандас бейнесін кескіндейді. «Өтпелі кезең», «Ақша», «Шайыр», «Туған ел», «Көңілім», «Қолтаңба», «Біз, жігіттер!» секілді көптеген туындыларда ол дәуір келбетін әралуан қырынан талдап, оқырманды тың пайымдармен қаруландырады. Сөйте-сөйте шығармалар жалпы адамзаттық, әлемдік деңгейге өрлейді. Селк-селк етіп иықтары, Өксіп-өксіп тау жылады. – Неткені? – деген ақын бүгінгі Жаратылыс, Адамзат құбылыстарының зардапты себептеріне зер сала үңіледі де, дүние болашағына біздің ұлттың да дәрменді, пәрменді екенін «Арман» өлеңінде айшықтайды: Мына байтақ Ғаламның Өркендетіп жан-жағын, Ұл менен қыз атадан Зият туса болғаны. Қасиетті ойлармен Сан ғасырлар алдағы, Абыз бенен Ақынның Басылмаса толғағы... Ақ ордалы отаулар

Нұрын шашып шаңырағы, Беріп тұрса қуатын Адамзатқа әруағы... Әдетте біз халық басындағы белгілі бір тауқыметтерге заман кінәлі деп түсініп, «заман-ай!» – деп сол уақытты айыптаймыз ғой. Ал, Мырзекең бүкіл ғұмыры тартыспен келе жатқан Маңғыстау туралы сонау 74-ші жылғы «Заман тағдыры» өлеңінде: Таласы, тартысы Көп болған күнінде, Тыныстап жатыр ғой Денең бүгінде. Енді ұқтың ба, Заман тағдыры – Адам ойының Тереңдігінде, – деп, өз заманы үшін адамның, қоғамның өзі жауапты деп тұжырымдайды. Өтпелі кезеңде бұл ойын: Заманды – адам, Адамды – заман бұзды, – деп нақтылайды. Ақын қай тақырыпты да мұқият зерттеп жырлайды. «Адамның да алтыны, күмісі бар», «Менің даусым», «Матай түні», «Көлеңке», «Сутегі», «Күн мен Жер» және басқа туындылар зертханаларда түзілгендей әсер береді және құбылыстар көз алдыңда елестеп отырады.

Суреткер ақын шығармашылығына туып өскен өлкенің әсері кеңінен байқалады. Әңгіме бір пейзажды не бір ғажайып көріністі суреттеп беруде ғана емес, туған табиғаттың, онымен біте қайнасқан ұғымның ақылыңды шартарап ойларға жетелеуінде, әлем құбылыстарының образын өз көңіл көзіңмен көруге түрткі болуында. Бұл туралы ғалым Құлбек Ергөбек осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын жеткізе жазды. Ақын жырларында табиғат пен адам біртұтас астасып кеткендей, оқырман сол көріністер ішінде жүргендей күйге бөленеді. «Бал құрақ, барша құмдар», «Дала кеші», «Кеш», «Көктем», «Қуаңшылық», «Ауыл көрінісі», «Таң суреті», «Күз суреті», «Күз күндері», «Дала! Дала!», «Түнде», «Түнгі елестер» секілді туындыларды оқығанда, айнала қабырғаларыңда ілулі тұрған картиналарды тамашалап жүргендей күйге бөленесің. Поэзияның бұл үлгілерінен ақынның халық тілінің небір құнарлы сөздерін образдық-троптық арнада шебер қолдана білетіндігінің куәсі боламыз. Талант иесінің теңеген, суреттеген, әсерлеген көріністері айқын, жарқын болып келеді. Ақын Өтежан Нұрғалиевтың: «Мырзағали өлеңдерінде кең алымды суреткердің аршындылығы да, әрбір дыбысты жандандыра білетін шебердің камералық дәлдігі, зергерлік рухы да бар», – деп қорытындылауы сондықтан. Ақын поэзиясынан сусындаған әрбір оқырман оның тіл байлығына, сөз саптасы мен бейнелі сөз қолданыстарына

қаныға береді. Құлбек Ергөбек жазғандай, әлгі өлеңдердің кез-келген жерінен көсіп-көсіп алып, мысалдай беруге болады: Жүзіне шулан бұлттың арай кіріп, Ішінен тамашалап қарайды жұрт. Толған Ай толықсып бір көтерілді, Аспанның қақ төріне шарайна іліп! – немесе: Қымтанып мамық қара көрпелерін, Маңайға баяу жылжып түн төнеді. Бозбала-жел жасқанып іркіледі, Құрбы-гүлді мықыннан түрте беріп... – сондай-ақ: Аңғарынан таулардың тулап ағып, Өзен жатыр сарқырап, шулап, әні. Гөзал сұлу жанары жұмбақ толы Иінағашпен қайтады суға барып, – және де: Сағынышты, сырлы әннің мың ырғағы Жас жүректі қозғайды шымырлатып. Мосыға шайнек іліп жүрген сұлу Іркіліп қала берді бүгін нағып?! Мір Шайыр азаматтықты ең алдымен адамгершілік тұрғыдан түсінеді. Ақын шығармаларында осы азаматтық үлкен парасат өмірдің күресін, жанжақты қайшылығын реалистік тұрғыдан көрсете білуінен айқын байқалады. Ақын жырларының негізгі темірқазығы – шындық, сезім, ой, сенім. Осылар ақынның бүкіл шығармашылығының өзегі болуымен бірге ақын поэзиясындағы философиялық ойдың тереңдігін, сезімнің нәзіктігін, ұлағатты парасаттылығын биік тұрғыдан аңғартатын ерекше белгілер болып табылады. Мір Шайыр табиғат пен адам, табиғат пен қоғам, табиғат пен заман бейнесін егіз, қатар сомдап, адам мен табиғат арасындағы мәңгілік байланыстың тілін, ділін, дәстүрін жырлайды. Ақын табысы да осында. Мырзағали Іңірбаев қаламынан «Қаһарлы махаббат» поэмасы, «Күн мен Жер», «Сутегі» секілді хикаяттар, балладалар туған. Поэмаларда эпикалық, типтік қаһармандар жасалды. Қазіргі қазақ поэмасының ішкі жанрлық жағынан сан алуан тақырыптық-идеялық дамуына М.Іңірбаевтың кең құлашты жанрдағы туындыларының өзіндік үлесі бар. Мір Шайыр әдебиетке өмірдің өзінен, қайнаған өндіріс ортасынан, халық ішінен келді. Сондықтан оның шығармаларының негізгі мазмұны мен пафосы өмір құбылыстарына халық көзқарасын білдіреді. Ақын табиғатындағы қоғамдық сананың жоғарылығы, азаматтық көзқарас биіктігі ерлікке толы, психологиялық сезім күйіне бай пафосты жырлар туғызуға себеп болғанын көреміз. Оның өлеңдерінде халыққа тән дархан мінез, кең пейілділік, жан сұлулығы бар.

Айтулы жазушылар көркем әдебиетке әуелі ақын боп келетіні белгілі. Мырза-ағаны да біз алдымен ақын ретінде таныдық. Енді қайраткер, ақын Мір Шайырдың қазақ прозасына қосқан тың дүниесі «О, Данышпан Дүние!..» роман-трилогиясына тоқталайық. Бұл өзі қазақ романдарындағы кәдуілгі сара жолмен жазылмаған, «тумысы бөлек туынды». Ол бұл романында биік интеллект иелерін, парасатты азаматтар бейнелерін, жаңа тұлғалар галереясын жасап, өзгеше үлгі тудырды. Академик Зейнолла Қабдолов: «Замандас тұлғасы!.. Өз дәуірінің үні болып табылатын жазушы атаулының ең абзал, ең асыл мұрасы – осы», - деп тектен-тек айтқан жоқ. Әдебиеттің басты мақсаты – өз заманын, қоғамын суреттей отырып, соған сай замандастардың, қоғамға өнеге болар жаңа адамдардың, болашақ иелерінің тұлғасын сомдау, рухани болмысын суреттеу. Замандастың көркем образы арқылы рухани болмысын ашып көрсету үлгілері әр жазушының дүниетанымы мен талантына, шеберлік қырларына байланысты. Жазушы Мір Шайырдың «О, Данышпан Дүние!..» трилогиясы – оқырмандарын соны мұраттарға жетелейтін, жаңа дәуір тудырған өміршең, кесек шығарма. Адамгершілікті өзек еткен бұл туындыдан жазушының замандастардың асқақ рухын, қыры мен сыры мол жан дүниесін барынша ашып көрсетуге деген жемісті ізденісін анық байқаймыз. Белгілі әдебиет теоретигі Б.Майтанов: «Қазіргі қазақ прозасындағы жас замандас бейнесі» деген еңбегінде атап айтқандай, «жастар тірлігін суреттегенде сыры мен сымбаты үйлескен жаны сұлу, мұраты асқақ жігіттер мен қыздардың барша ұнамды қасиеттерін жинақтап, типтік дәрежеге жеткізе көрсету керек. Бұл үшін суреткерлік, шыншылдық, психологиялық жітілік, ең бастысы – шаттыққа бермес әдемі мұң, әдемі үміт, кәусар мөлдірлік керек, көркем образдың табиғи, таза болмысы керек», – деп талап қойған-ды. Мір Шайыр романын оқи отырып, осы талапқа толық жауап беретін, бойына асыл қасиеттер жинақтаған, типтік дәрежеге жеткен образдар әлеміне, еліміздің, адам баласының қым-қиғаш оқиғаларға толы соңғы ширек ғасырлық өміріне еніп кетесіз. Эпикалық ірі романда жаңа уақыт, 1986 жылдың 16 желтоқсаны алып келген азаттық, адамдар арасындағы саяси, рухани күрес, қазақ елінің бүгінгі сипаты кең тыныспен суреттеледі. Өтпелі кезеңдегі ахуалды, жаңа заман өзгерістерін халықтың қалай қабылдағаны жазушылық көрегендікпен, ерекше амал-тәсілдермен, терең психологиялық иірімдермен, ой ағыстарымен сипатталады. Шығарма идеясы романның басты кейіпкері Әлигердің өмірі, ой-санасы, сезім толқыныстары арқылы байыппен ашылады. Трилогияның басым оқиғалары Әлигер төңірегінде өрбиді. Әлигерге тән қасиеттің бірі – ойшылдық. Сондай-ақ Әлигердің жары Кәмилә, досы Сұлтан, Ләзиза, абыз қария Фазыл, оның қызы Рауза, өмірден ерте кеткен Ғұсман, оның әкесі Ғазірет, Сәбина, Дәуіт, Дәуір, Қорған, Жайсаң, Сабыр, Нәбия, Тойбек, Мендос, Дәрмен, Сали және Уәли Асфендияровтар, Тотыкамал, Шоң Ғайсин, Иветта,

Ғалиасқаров, Энвар Мәми, Рамиля, Зубайра, Әдемі – бәрі де адамгершілікті ту ғып ұстаған нағыз патриот, жиынтық образдар. Автор осындай рухани жан дүниесі арайлы, жоғары мәдениетті кейіпкерлер образдарын кескіндей келе дәуір шындықтарын талдаған философиялық тереңдіктерге бойлайды. Сондай-ақ Құлтан, Айтан, Хрунин образдары да сол алмағайып күндерде өзімізге кездескен құбылма пенделер екенін танимыз. Кейіпкерлердің бәрі де өмірден алынғандығына, әрқайсысы хас шебердің қолынан шыққан мүсіндей шебер тұлғаланғанына көз жеткізесіз. Мысалы, роман кейіпкері, желтоқсан қаһармандарының бірі жас жігіт Сұлтан Алхамұлы – туған жерін гүлдендіріп, көркейтуді ойлаған нағыз елжанды. Жаңа Алаңдағы сұрапылдардан соң абақтыға түсіп, Ғалиасқаровтың көмегімен амалдап оқуын бітірген ол мал маманы болып еңбекке араласқанда, елдегі келеңсіздіктерге, жемқорлық дертіне күйінеді. Ауылдағы кереғар жағдайлар: сан мыңдаған мал мен жүздеген техника, ірі цехтардың қондырғылары мен станоктары, өндіріс ғимараты талан-таражға түсуде...

Орашолақ жекешелендіру кесірінен озық мамандар жұмыссыз қалуда... Қалалардың «құлбазарларында» жалшылықта тепсе темір үзетін ұлт жігіттері жүр… Жазушы өзіміз куә болған ащы шындықтарды кейіпкерлер арасындағы тартыстар барысында, ерекше мәнмен, нақышпен алдымызға жайып салады. Сондай-ақ Біләлдің ішкі толғаныстары да өзекті мәселелерді өткір көзбен зерделеуге жетелейді: «Жиырмасыншы, отызыншы жылдары өкімет қазақтың малын тартып алып, ұжымдастырып, кеңестендіргенде де ел босқынға түсті; енді қоғамдық малды бас-басына үлестіріп бергенде де тентіреп, жалшы боп кеткені несі? Мұнда не гәп бар?!» Бұл оқырманды да ойға қалдырып, сұрақтарға жауап табуға мәжбүрлейді. Қазақ Елінің күрделі тарихы, Ұлы Қазан төңкерісіне дейінгі, кеңестендіру және Кеңес өкіметі кезіндегі жағдайы, Желтоқсан қозғалысы қарсаңындағы және тәуелсіздік алғаннан кейінгі кейіпкерлер тірлігі барысында сараланады. Роман қаһармандары: «Осыдан жүз жыл бұрын қазақ қара басындағы тауқымет үшін Құдайды айыптап, оны жер төбелеп қарғаған. Сосын қызылкөз өкіметті кінәлады. Ал, қазіргі өтпелі кезеңдегі мүшкіл хәлі үшін де тек Құдай мен өкімет кінәлі ме? Әрбір адам, бүкіл қоғам өзінің лайықты өмірі үшін неге өзі жауап беріп, өзі күреспейді?!» – деп толғанып, әр оқырманды өзінің ішкі әлеміне үңілдіреді, өз мүмкіндіктерін іздестіруге итермелейді. Өз басымыздан өткеріп келе жатқан ұлы дәуірді сан-алуан қырынан зерттей суреттеген трилогия төрінен кейде қоғамдық ғылымдар сұңғылаларын, жүйрік экономистерді, ірі сомаларды қолдан қолға ойнатқан қаржыгерлерді, жаңылмайтын өндіріс ұйымдастырушыларын, физиктер мен математиктерді, ғарыш зерттеушілері мен философтарды, психологтарды көргендей, солармен сырласып отырғандай күй кешесің. Сауаты да, өмір сүруге, қам-қарекетке бейімі де төмен қара жұмысшы Рамазанның: «Экономикалық ойлау деген не пәле? Экономикалық сана деген не?» – деп

ара-тұра тыжырына бас қатыра жүріп, ақырында осындай түрткімен тымтәуір маман, орта буындағы өндіріс жетекшісі болып кетуі де сүйінішті. Трилогияның әлеуметтік әрқалай сатыдағы әрбір оқырманға осындай шапағаты бары анық. Елбасының премьер кезінен бергі елге сіңірген еңбегі, рухани болмысы қысқа да нұсқа, аз сөзге көп мағына сыйғызылып жазылған. Халық өкілдері өтпелі кезеңдегі жағдайдан шыдамдылықпен, еліне деген сүйіспеншілікпен шыға біледі және Елбасымен рухани байланысты, қамқорлықты шын сезінеді. Елбасы тұлғасы ұлт көшбасшысы ретінде, сондай-ақ қоғам, мемлекет қайраткерлері Ә.Кекілбаев, А.Құлыбаев, Н.Марабаев, И.Тасмағанбетов бейнелері халық сүйенер тұлғалар ретінде шынайы өрнектелген. Бұл образдардың өз аты-жөндерімен тұлғалануы да орынды. Өйткені тарихи қаһармандарға прототип жасаудың қажеті де жоқ. Күрделі жанрға қалам тартқан Мір Шайыр психологизм иірімдеріне жиі жүгінеді. Қазақ прозасында М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов сынды белді қаламгерлер негізін салған, Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев, О.Бөкей, М.Мағауин және басқа кейінгі буын жазушыларда жалғасын тапқан терең психологизм Мір Шайыр трилогиясында соны серпіліспен, өзгеше өңмен көрінеді. Роман стильдік, композициялық тұрғыдан, сөз жүйесі, тақырып пен идеясы жағынан іргелі көркемдік талаптарға жауап береді. Шығармада Уақыт пен Кеңістік әлемі жаңаша ашылған. Шашырап жатқан бірде-бір ой, оңды-солды қолданылған бірде-бір сөз жоқ. Адамды рухани құндылықтар биігінде тәрбиелеуді мақсат етіп қойған жұп-жұмыр шығарма – нағыз өмірдің

өзінен ойып алынған шындық екенін танимыз. Автор пайымдарының батыл да өткірлігіне риза боласыз. Талантты жазушы адам мен заманды бір-біріне байланысты обьектілер деп қараған. Романда образ, Уақыт пен Кеңістік бірлігі бөлінбестен, тұтастықта алынып, шынайы қалпында суреттелген. Шығарма оқиғалары, кейіпкерлері, автордың ойтолғамдары бүкіл Қазақстанның сонау шығысынан батысына дейін қамти өрбіп, Ресей, АҚШ, Еуропа, Түркия сияқты алпауыт елдерді де қанатымен көмкере, енді бір сәт Ғарыш әлемін, Жер-Ананың қойнауларын, шексізшетсіз Ұлы Даланы еркін шарлайды. Шығарманың өміршеңдігіне осы тұстар қуат беріп тұрғанын мойындаймыз. Адамзаттың кешегісі мен бүгіні, Уақыт пен Кеңістік, Ғалам ғажаптары Ұлы Дала мен Қазақтың өмірімен ұштасып жатыр. Қазақстанның ұлы дәуіріндегі жаңалықтар қанық бояуымен көз алдымыздан сырғи өтеді. Шығарма тақырыбы ұлт тағдыры, жаңа өмірдегі, адамдар дүниесіндегі өзгерістер, қазақ халқының тәуелсіздікті нығайту жолындағы күресі болса, идеясы халықты татулықпен бір тудың астындағы бірлікке үндейді. Адамдар арасындағы тартыс, алауыздық, жемқорлық, қазақтың жеріне келімсектердің иелік етуі, ұлтымыздың өз жерінде өгейсуі… сияқты кеселдермен күресу идеясы өзгеше өріс алған. Жазушы Мір Шайыр жаңа өмірді суреттей келе, жаңа адамдар образын психологизм иірімдерімен,

жаңаша ойлау жүйесімен көрнекілейді. Кейіпкерлер тағдыры тек автор баяндауымен ғана жазылса, жазушының стильдік шеберлігі көрінбес еді. Аталмыш романда кейіпкерлердің ішкі ой еркіндігі, терең ойлау жүйесі, ойсанасындағы шырғалаңдар барынша айқын ашылады. «О, Данышпан Дүние!..» – қазақ тарихының күрделі бір кезеңін мүмкіндігінше молынан қамти алған қарымды дүние. Мір Шайыр ұлы оқиғаларды тек көркем баяндаумен шектелмей, оқырманды түптердің түбіне үңілдіреді… Ең бастысы – шығармада тәуелсіз Қазақстандағы жаңа өмір үшін күрестің ыстық лебі санаңды шарлап отырады. Бірінші кітапта елдің еркін күндерге ұмтылысын жүрегің сезінумен болса, екінші томда әрбір елжанды кейіпкер мақсатына жетсе екен деп тақымыңды қысумен боласың», – деп Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қадыр Мырза Әли әділ бағалаған. Мір Шайыр прозасында адам өмірінде жиі кездесетін мәлім-беймәлім құбылыстар, адам санасының басқа беймағлұм дүниемен байланысы өзгеше бір сырлы әлемді, рухани, эстетикалық құндылықтарды бедерлейтін көркемдік құрал ретінде қолданылған. Бірінші кітапта 1986 жылдың 16 желтоқсанындағы қанды оқиғалар романның бас кейіпкері Әлигерге бес күн бұрын аян болады: «…Үлкен қарақат жанарлар қозғалыссыз қалыпты. Қылыштай қайысқан кірпіктерге бір тамшы жас ілініп, мұз боп қатыпты. Аппақ жүзі, еріндері қызғылт реңк жүгірген қалпында. Керік маңдайдың етегін ала бір-біріне жақындай біткен, жаңа туған айдай қастарының арасы кірбіңсіз жазық. Сол жақ үстіңгі ернінде болмашы қызғылт мең бар бойжеткеннің ажарлы дидары қапталына әнтек қисайған бойы, арманды ойға берілгендей болып, ашық, бейқам, жайдары жатыр. Дүние, уақыт сол мезетінде тоқтап қалғандай – қимылсыз. Бұның әлгі жанарларға қайта үңілуі мұң екен – одан оғаштау сопая өзгерген өзінің бет-әлпетін көріп, кірпіктерге ілініп қатқан бір тамшының жас емес, қан екенін байқап, түршігіп кетті. Гөзәл бейнеден сәл әріректе басында дәстүрлі қаракүл папахасы бар, ширатылған жез мұрты мен сақалы, айбынды дөңес қыр мұрынды ашық өңі айқын көрініп, бірқырындау, бұған зер салмастан марқұм атасы Ғазірет кетіп барады. Әкесі Ғұсман оған қапталдаса ілескен. Үнсіз. Жүздері қату. Ауыр…». Шошып оянған Әлигер ауыр күрсінеді, күтіп тұрған қаһарлы, қайғылы сәттерді пайымдайды. Жазушы осындай үрейлі түстен кейінгі кейіпкер көңіліндегі кірбіңді, санасында өтіп жатқан күрделі психологиялық жағдайды дәл берген. Одан арғы ой арпалысын ұзаққа созбай, автор оқиғалар легін бастай жөнеледі. Жазушы алғашқы томда адам болмысын, оның жұмбақ мүмкіндіктерін нәзік дәлдікпен, өлшеммен баяу суреттей келе, қиял шексіздігіне жол ашып, келесі томдарда небір ғажап, тіпті телепортациялық, адам түйсігі мен санасына телекинездік әсер құбылыстарына дейін куә боламыз. Дәл осы тұстарда адам жанының, сезімдері мен ойының заттық элементтерін «көріп», «танимыз» және соның бәрінің жаратылысқа, қоғамға

физикалық, физио-психологиялық оңды ықпалдарын ұғамыз. Желтоқсан көтерілісінің, Орталық өзеуреп баққандай, әркімнің алдап-арбауынан, үгіттеуінен бұрқ еткен бұзақылар сойқаны емес, әлеуметтік кемсітушіліктерден өрши келе, бір-бірімен ынтымақты Жаратылыс пен Адам, Қоғам энергетикасының тығыз түйіншектеле ұйтқып, жарылуы екенін көреміз. Бұл қасиетімен роман әдебиеттегі көркемдік-характерлік жаңа сатыға көтерілген. Шығармадағы аяулы бейне – Нұрила образы. Желтоқсанда талай қаракөздеріміз ақ қар, көк мұзда тәуелсіздік үшін жан пида болды. Солардың жиынтық бейнесі Нұрила образы арқылы сәтті берілген. Әлигер мен Нұрила өмірде бір-бірін көрмеген адамдар бола тұра, бір тылсым күштің екеуін бірбіріне танытуы – құпия. Романның бірінші кітабында Нұрила денесін табатын сәттен бұрын Әлигердің биік беткейге ентелей ұмтылған сайын сол жерлерде, ауада қалықтап тұрып қалған жан толқыныстарын әлдебір тылсым жолдармен қабылдауы, Нұриланың ақырғы сәттегі жан арпалыстары, алқынған демі, нәзік үні жол бойына, тастарға, ағаштарға сіңіп, бүгін өзіне жаңғырыға қайта естіліп тұрғандай әсерленуі, аяулы бейнені аяусыз шеңгелден құтқарып қалардай Әлигердің алға екпіндей түсуі... Бұл сәттерді өз жүрегіңді қолыңа ұстап отырғандай дірілдеп оқисыз. Сондай-ақ, Нұриланың өзі бұрын көрмеген Әлигер бейнесін оқу дәптеріне салуы да астарлы. Бір-бірімен үндес екі жастың өмірде бір-бірін таба алмаса да, екі дүниеде ұшырасып, жандарының шарпысуы қиял-ғажайып кино көріп отырғандай әсер береді. Беймәлім құбылыстардың нақты өмірге ұласып, ықпал етіп, әсер етіп жатуы да көп ойға меңзейді. Адам жанының тылсым құпияларын түгел танып-білу мүмкін емес шығар, сірә. Дегенмен, Мір Шайыр адамның жұмбақ сырларына үңіліп, оның көрінбейтін жақтарын зерттеуге, оқырман алдына айқаруға күш салған. Әлем халықтарының, оның ішінде түркі тілдес халықтар әдебиетінде, ауыз әдебиетінде жиі кездесетін әулие-әмбиелер, Қыдыр ата, Қызыр ата бейнелері, Қырық Шілтен, Ғайып ана сияқты кейіпкерлер оқырманға белгілі. Олар әр уақытта тірліктегі адамдарға күш-қуат беріп, сырттай қамқор болып, жоқ жерден жолығып, жәрдемдесетіні түрлі әдеби нұсқалардан жақсы таныс. Мір Шайыр прозасында да Асан Қайғы, Ер Қосай, Пір Бекет, Райымбек рухтарының жер бетіндегі ұрпақтарын желеп-жебеп жатуы шығармада нақ өмірдегідей нанымды әдіптеледі. Ғалым Оңайгүл Тұржан атап айтқандай, «адами ұлы қасиеттерді қалғытпаудың ежелден келе жатқан тәсілі – Ғалам сырларына мейлінше қанық ата-баба аруағымен үндесе өмір сүру. Автор рухани қайнарлардан қол үзбеудің адамға қаншалықты қажет екендігін көркем тілмен, жаңа әдеби шешімдермен шебер бейнелеген». Әлигердің елестері, қалыпты жағдайдан саналы түрде ауытқу сәттері, ауыр соққыдан соң Ғазіреттің Отпан тауының басында саусағының ұшынан бойына қуат беріп (!), сырқатынан айықтыруы ойлантпай қоймайды. Мына дүниеде шынында да әсерлі тылсым күш бар екеніне көз жеткізесіз.

Шаһит Нұрила бейнесі Әлигерге әлдебір жолдармен ұшырасып жүреді. Итіс-тартыс тірліктен ішкі шерін тарқатуға Отпан тауының басына шыққан Әлигер ескі қорған түбінде бір сәт мүлгіп кеткенде де аспандағы Нұрила бейнесін көреді. Енді бір заматта Әлигер Ұлы Дала кеңістігіне көтеріле жөнеледі... Қиядан жақындай түсіп, Нұрила бейнесімен қатарласа Ғалам төріне самғаған мезеттер Әлигер бойына таңғажайып қуат дарытады. Қатар қалықтап келе жатып, Нұриланың түр-тұлғасына сонда алғаш жақыннан көз салып, сүйсінеді. Шетсіз-шексіз Кеңістікте екеуі серуендеп, Ғалам шегіне шыққандай, басқа Ғаламдарға көз салғандай көріністер ғажапақ! Осы тұстар – астрономдардың, физиктердің, математиктердің алдағы мыңжылдықтағы міндеті болып табылатын «Пуанкаре гипотезасын» көркемсөз қуатымен дәлелдеудің әсем мысалындай. Мұндай ерекшеліктерімен «О, данышпан Дүние!..» трилогиясының, өз атауы айтып тұрғандай, Қазақстан өмірін, адам баласы дүниесін екшеп, суреттеумен бірге жалпы жаратылыс, ғалам сипатын, оның мінез-құлқын бейнелеген, адамның ой-қуатының оларға пәрменді қасиеттерін көрсеткен еңбек екенін танимыз. Әсіресе адамдар тілегімен Тарбағатайдан шыққан жаңбыр бұлтының Аягөздің Сарыарқа аулындағы дала өртін сөндіруі немесе қуаңшылық жазда Маңғыстаудағы елдің жаппай тасаттық беруінен пайда болған ұлы жаңбырлар болмысын, тасаттық «технологиясын» қадағалай отырып, АҚШтың HARP секілді ғылыми станциялар қуатымен климаттық, геофизикалық қаруларды пайдалану ниетіндегі істеріне көңіл қоямыз. Нұриланың сіңлісі, «Әлигердің келбеті өзіне жақын тәріздене беретін» Кәмила мен Әлигердің махаббат сезімдері, екеуінің бас қосуы, балалы болуы сияқты кәдімгі өмір болмысы ып-ыстық суреттелген. Бала үстінде дүниеден өткен Кәмила бейнесінің күнде түн ортасында бесікте жылап жатқан кішкентай Әпужанды емізіп, нәресте қызымен құпия сөйлесіп отыруы, бәрі – өзіміз көңіл түкпірімен сезетін, сенетін, бірақ жұмбақ құбылыстар. Бұл адам баласының ежелгі қоныстарының бірі Шайырда бұрынғы ғасырларда болған Ұлай ана оқиғасына ұқсас. Үшінші кітап соңында Әлигердің Кәмила бейнесімен шексіз кеңістік аумағында серуендеуі, Нұрила бейнесімен ұшырасып, диалог құруы фантастика тәрізденгенмен, мұнда адамзат тағдыры үшін өзекті мәселелер сана күресі, ой арпалысы, көзқарастар қақтығысы нәтижесінде ұтымды толғанады. Романда Әлигердің табиғи туа бітті қасиеті, санасынан тыс деңгейде, көңіл түкпіріндегі ерекше сезікпен өздігінен болып жататын үдерістер, құпия құбылыстардың өміріне әсері – барлығы барынша шынайы, оқырман дүниетанымын кеңейте түсетіндей дәрежеде ашылған. Әлигердің жан дүниесі негізінде Мір Шайыр адам болмысын, табиғатын, мәнін талдап, көркем бейнелей білген. Кейіпкер психологиясын ашудың негізгі кілттерінің бірі ішкі монолог Мір Шайыр романында сара желі тартып жатыр. «Дүниенің, адам баласының болмыс сырларына қаныққаннан қымбат не бар, тәйірі?!» – деп ойлайтын

Әлигер соның жаңа жолдары алдынан ашыла түсердей, романның өн бойында тегеурінді тебіреніспен жүреді. Бірінші кітапта бас кейіпкердің ішкі монологтары, Ғалиасқаровпен, ғалым Шоң Ғайсинмен сырласулары ғылымның осы саласын кеңейтердей тұтас бір жүйе құрайды. Екінші кітап соңындағы Әлигер толғанысы былайша өріледі: «…Шіркін, Ғалам мен Жердің көшірмесіндей адамның санасынан да, әлгі бір-бірінің қанын ішіп, жанын жеп, азапқа салғандардың, Құлтан, Айтан секілділердің саналарынан да құбыжықтарды шыңғырта қуып шығып, жойып тынар ма еді!.. Адам баласына әйтеуір бір нәрсе жетпейді...» Жазушы адам мүмкіндігінің шексіздігін көрсетуге бел байлап, кішкентай миымызға шексіз кеңістікті, Ұлы Даланы сыйдырған. Бір жүйемен, ауытқымай жазылған трилогияның соңында Әлигер Қазақ Елінің алыс болашақтағы көркем келбетін ерекше сұлу елестетеді: «…Ұлы Дала жатыр керіліп… Қабаты қалың тарих… Кілкілдеген бүгінгі күндердің аржағынан бұлыңғырлана оқылады… Ықылым дәуірлер бірін-бірі көлегейлеп, бірін-бірі аспалап, бермен ұмтылады… Барлығында бір мүдде… әлеуметтік жаңғыру мүддесі…» «Өмірді құлпыртқысы келеді. Өн-бойын күш пен жігер, шабыт кернейді». Романның соңғы нүктесі осылай қойылған. Сөйтіп, Мір Шайырдың бұл романда уақыт шындығын саралай, көркем зерделеп, қазақ және әлем прозасында бұрыннан бар дәстүрлерді жаңа шығармашылық ізденістермен, стильдік-даралық ерекшеліктермен байыта түскенін көреміз. Қазақтың принципшіл үлкен ақыны, осы трилогияның қалың-қалың үш томының редакторы Есенбай Дүйсенбайұлы романды «осы заманның ой биігінен жазылған» деп атап айтып, автордың ойшылдығына көңіл қойған-ды. Ал, Қадыр Мырза Әлидің роман туралы бірде: «Аян беріліп туғандай», – дегені бар. Әдебиетші Анар Төлеуханқызы авторды философқа балайды. Ойшылдық автордың алты томдық таңдамалысының соңғы екі томындағы көркем очерктері мен зерттеу мақалаларына да тән. Фариза Оңғарсынова 1978 жылы Мырза-ағаға Алматыдан қызмет, үй қамдап шақырғанда, ол үш ай ойланып, келмей қалған. Енді сол талант поэзиясымен де, прозасымен де, публицистикасымен де кенелтіп отыр. Қаламгер шығармашылығы – қазақ әдебиетінің асыл үлгілерінің бірі екенін батыл айта аламыз. Мырза-аға өз тағдырын туған елінің өзегімен тұтастықта сезініп, туындыларында ұлтымызға тән қасиеттерді жарқын көрсете білген. Оның батыл да ойлы, өткір де сыршыл поэзиясының, бүгін мен болашақ үшін актуальды прозасының әсерлі де тартымды, маңызды болуы – алға қойған мақсат-мұраттарының асқақтығында, шынайылығында жатыр. Мір Шайыр шығармашылығын зерттеп, игеру – қазақ әдебиеттану ғылымының алдында тұрған елеулі міндеттердің бірі деп білемін. Оның эстетикалық, көркемдік, елжандылық қасиеттерге бай трилогиясы жоғары оқу орындарында, мектептердің жоғары сыныптарында арнайы

факультативтерде оқытылса, бұның жаңа қоғам ұрпақтарын тәрбиелеуге ықпалы елеулі болар еді. Бүгінде жер ортасы алпысқа келген Мырза-ағаңа біз мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыстар тілей отырып, туындыларыңыз әдебиетіміздің, халықтың игілігіне айнала берсін демекпіз. Нағбду Қамарова, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің проректоры, филология ғылымдарының кандидаты.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙