TELEGEI

Home

Мақалалар (Есбол Өміржанов)

Есбол Өміржанов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Мақалалар (Есбол Өміржанов)

Мақалалар

Өміржанов Есбол Тоқтарбайұлы. Мақалалары

Мемлекеттің халықаралық маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу функциясының мәні және қазақстандық тәжірибе

Аңдатпа Мақалада мемлекет функциясына қатысты әртүрлі авторлардың көзқарастарына талдау жасалынып, мемлекет функцияларын жіктеудің ерекшеліктеріне сипаттама беріледі. Мемлекеттің сыртқы функцияларының бірі халықаралық маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу функциясына жан-жақты талдау жасалып, оның ерекшеліктері атап өтіледі. Бұл функция түріне қатысты өзге авторлардың пікірлеріне тоқталып, солардың негізінде оған өзіндік анықтама беріледі. Сонымен қатар, Қазақстанның халықаралық маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу функциясына сипаттама беріліп оның жүзеге асырылу ерекшеліктеріне және бүгінгі күні мемлекетіміз үшін бұл функцияны жүзеге асырудың маңыздылығы көрсетіледі. Автор нақты тәжірибеден мысалдар келтіре отырып аталмыш функцияны жүзеге асырмастан бұрын ең алдымен мемлекеттің ішкі функцияларына назар аударып, бұл функция түріне басымдық бермеу қажеттілігін алға тартады.

Түйін сөздер: мемлекет функциясы, ішкі функциялар, сыртқы функциялар, халықаралық маңызы бар мәселелер

Омиржанов Есбол Токтарбаевич

Сущность функции участия государства в решении проблем международной значимости и казахстанский опыт

Аннотация В статье анализируются мнения различных авторов о функциях государства, характеризуются особенности классификации функций государства. Дается развернутый анализ одной из внешних функций государства - функция участия государства в решении проблем международной значимости и отмечаются ее особенности. Рассмотрев мнения других авторов относительно данной функции, автор разработал собственное определение функции участия государства в решении проблем международной значимости. Кроме этого, описывается функция участия Казахстана в решении проблем международной значимости и особенности ее реализации, показана значимость реализации данной функции для нашего государства. Автор, приводя примеры из практики реализации данной функции, указывает на то, не увлекаясь внешними функциями, необходимо уделять больше внимания эффективному осуществлению внутренних функций государства.

Ключевые слова: функции государства, внутренние функции, внешние функции, проблемы международной значимости

Omіrzhanov Yesbol

Essence of functіon of state partіcіpatіon іn solvіng іnternatіonal meanіngfulness problems and Kazakhstan experіence

Abstract Іn thіs artіcle the author analyses opіnіons of dіfferent authors about functіons of the state and characterіzes features of theіr classіfіcatіon. He gіves wіde analysіs to one of types external functіons to the functіon of state partіcіpatіon іn solvіng іnternatіonal meanіngfulness problems and shows іts peculіarіtіes. Consіderіng opіnіons of other authors about thіs functіon he gіves own defіnіtіon on thіs functіon. Also, descrіbes functіon of state partіcіpatіon іn solvіng іnternatіonal meanіngfulness problems of Kazakhstan and searches features of іts realіzatіon, marks meanіngfulness of realіzatіon thіs functіon for our country. Author gіvіng examples from practіce of realіzatіon thіs functіon specіfіes on the necessіty of sparіng more attentіon on the іnternal functіons of the state and not to gіve prіorіty to thіs type of functіon.

Key words: functіons of the state, іnternal functіons, external functіons, іnternatіonal meanіngfulness problems Мемлекеттің мәні, әлеуметтік міндеті және даму заңдылықтары оның функциялары арқылы өз көрінісін табады. Мемлекет функциясы оның ішкі табиғатын сипаттайды және оның мемлекет ішіндегі және халықаралық аренадағы қызметінің мәнін айқындайды. Мемлекет қоғамды басқару үшін өз қызметінің бағыттарын, функцияларын айқындауы тиіс. Мемлекет функциясы сол мемлекеттің алдына қойған даму стратегиясына, ұлттық мүддеге тікелей тәуелді болады. Яғни, мемлекет функциясы мақсат-міндеттерді іске асырудың тетігі болып табылады. Жалпы алғанда, мемлекет және құқық теориясы мемлекет функцияларының мәні мен мақсатын, жіктелінуі мен топтастырылуын жан-жақты зерттеді, дегенмен, еліміздің дербес мемлекет ретінде даму тарихында оның кейбір функцияларының теориялық негізделуі әлі де болса қажет етіледі. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Қазақстан Республикасының халықаралық маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу функциясының ерекшеліктеріне тоқталудың өзіндік қажеттілігі бар деген ойдамыз. Мемлекеттің нақты функциясына тоқталмас бұрын, мемлекет функциясына жалпылама түсінік беру қажет. «Функция» термині теорияда әртүрлі мағынада қолданылады: заң шығару функциясы, басқару функциясы, сот функциясы, салық функциясы, билік жүргізу функциясы және т.б. Сонымен қатар, «функция» ұғымы тек мемлекетке ғана қатысты емес, басқа да әлеуметтік құбылыстарға қатысты қолданылады. Құқық функциясы, қоғамдық ұйымдар функциясы, отбасы функциясы, халықаралық ұйымдар функциясы және т.б. функцияларды ажыратуға болады. Осыған дейін көптеген авторлар мемлекет функциясына әртүрлі анықтама беріп келді. М.И.Байтин «Социалистік мемлекеттің функциялары дегеніміз – бұл оның таптық мәні, атқаратын ролі, міндеттері мен мақсаттары, социализм мен коммунизмге барар жолдағы даму заңдылықтары өз көрінісін табатын және нақтыланатын қызметінің бағыттары» деген анықтама береді [1, 190 бет]. Ал, екінші бір автор Н.В.Черноголовкин мемлекет функциясына анықтама берместен бұрын оның басқа да мемлекеттік болмыстармен байланысын талқылауды ұсынып, мемлекет функциясының мемлекет мәнімен ара-қатынасына тоқталады. Оның ойынша, функция мемлекеттің таптық мәнін айқындайды және ол мемлекеттің басты белгісі болып табылады. Алайда, функция арқылы мемлекет мәні тек сыртқы көрініске ие болмайды, сонымен бірге ол нақтыланады және мемлекеттің көпқырлы функциясы арқылы жүзеге асырылады. Бұл функциялардың екінші бір белгісі - олардың мемлекеттік қызметпен байланыстылығында дегенді білдіреді. Бұл байланыстың тығыздығы соншалық, заң әдебиетінде «мемлекет функциясы» және «мемлекеттік қызмет» деген ұғымдарды шатастыру жағдайлары кездесіп қалады. Бұл жерде айта кетуге тиісті жайт, ол мемлекет функциясының өз мәні мен мағынасының барлығы және оның мемлекет мәні мен мемлекеттік қызметтен ерекше екендігі. Мемлекет функциясының өзіне тән белгілеріне сәйкес, оны мемлекет мәнін көрсететін оның қызметінің бағыттары ретінде бағалауға болады. Көбінесе мемлекет функциялары мемлекеттің дамуының басты кезеңдеріндегі алдында тұрған тарихи міндеттер мен әлеуметтік бағыттарға сәйкес келеді, бұл өз кезегінде мемлекет функциясының мазмұнының негізгі бөліктерін ашып айқындайды. Социалистік мемлекеттің функциясы дегеніміз – мемлекет функциясындағы оның басты даму сатысында алдында тұрған тарихи міндеттерді шешуге байланысты, оның таптық мәнін көрсететін негізгі бағыттар [2, 7 бет]. Мемлекеттің функциялары мемлекеттің өз даму сатысында не істеу керектігін және оның органдары мен мекемелерінің күші неге жұмылдырылуы қажет екендігін нақтылайды. В.О.Тененбаумның ойынша, мемлекет функциясы негізінен мемлекет тетігінің сәйкес бөлігі арқылы жүзеге асырылады [3, 138 бет]. Ендігі бір автордың ойынша, мемлекеттің функциясы -мемлекеттің қоғамдық қатынастарға мақсатқа сай әсер етуі арқылы жүзеге асырылатын әлеуметтік-таптық қасиеті [4, 102 бет]. Мемлекеттің функциясына субъективтік фактордың, яғни жеке адамның және олардың бірлестіктерінің, мемлекеттегі биліктің саналы қызметінің, саясат пен ғылымның тигізетін әсері өте мол. Кей кездері мемлекеттік билікке келген нақты бір тұлға мемлекеттің бірқатар функцияларының мазмұнының өзгеруіне немесе кейбір функциялардың жандануына немесе бәсеңдеуіне тікелей әсер ете алады. Мемлекеттің функциялары әртүрлі, олардың пайда болуы немесе өзгеріске ұшырауы қоғамның эволюциялық өзгеруі және алдына қойған мақсаттарына жету жолында кездесетін міндеттердің кезектілігіне байланысты болады. Міндет – бұл шешілуге тиісті мәселе. Функция – осы мәселені шешуге бағытталған әрекет. Мемлекет функциясының эволюциясын ашу үшін «мақсат» - «міндет» - «функция» санаттарының ара-қатынасын қарастырамыз. Мемлекеттің нақты мақсаттары қалыптасуы үшін оның әлеуметтік бағыттары айқындалады. Ал, оған қол жеткізу үшін нақты міндеттерді шешу қажет, бұл өз кезегінде сәйкес функцияны жүзеге асырумен байланысты болады [4, 61 бет] . Жоғарыда келтірілген ойлар социалистік кезеңге жатады, ал қазіргі кезеңдегі еңбектерге көз жүгіртсек, А.Б. Венгеров өзінің «Мемлекет және құқық теориясы» оқулығында: «Мемлекет функциясы - кешенді түрде қарастырылатын айқын бағыттағы мемлекеттің іс әрекеттерінің пәні мен мазмұны және оны қамтамасыз етуші құралдар мен әдістер», деген анықтама берген [5, 141 бет]. Н.И.Глазунованың пікірінше, мемлекет функциялары – бұл мемлекеттік билік органдарының және лауазымды тұлғалардың қоғамға тигізетін басқару әсері, олардың қызметінің басты бағыттары, басқаша айтқанда, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты [6, 101 бет] . Осы салада еңбек етіп жүрген ғалым Т.А.Ағдарбеков «Мемлекет функциясы деген атау, мемлекет жұмыстарындағы мақсаттардың негізгі, өте маңызды бағыттарын айқындауға пайдаланылады. Себебі, сол арқылы оның әлеуметтік ролі көрінеді. Заң шығарушы, атқарушы және сот органдарының қызметтеріндегі негізгі бағыттардың табиғаты бір болады. Олардың ең бірінші мақсаттарына қоғам өмірінің бір қалыпта дамуын қамтамасыз ету кіреді», - дей келіп, ойын былайша қорытындылайды: «Мемлекеттің функциясында, оның мәнін көрсетумен қатар, қоғам дамуындағы негізгі мәселелерді шешудегі ролін және ең алдымен, ел тұрғындарының әртүрлі мүдделерін қамтамасыз ететіндігі айқындалады» [7, 88 бет]. Оның ойынша, мемлекеттің функциясы оның даму кезеңдеріндегі алдарында тұрған негізгі мақсат-міндеттерімен тікелей байланысты. Себебі, мемлекеттің функциясы осы мақсат-міндеттерді тікелей жүзеге асыру үшін құрылады және жүзеге асырылады. Мемлекеттің мақсаттарының мазмұны, оның ішкі және сыртқы жағдайларына байланысты болады. Елдің экономикалық өміріндегі дағдарыстық құбылыстар, мемлекеттен өзінің барлық органдарының күшін біріктіріп, сол экономикалық жағдайды жөндеуді талап етеді. Қылмыстың өсуі, мемлекеттен дер кезінде оған қарсы шараларды ұйымдастыруды талап етеді. Сыртқы жақтан болуы мүмкін шабуыл қаупі мемлекет органдарының тұрғындарды ондай жағдайға дайындап, бірігіп қорғанудың алдын-ала дайындығын ұйымдастыруына ықпал етеді. Жоғарыда талдау жасалған тұжырымдамаларға негіздей отырып, келесідей мәселеге назар аударғымыз келеді, мемлекет функциясының маңыздылығы белгілі тарихи даму кезеңіне сәйкес, қоғамның қажеттіліктеріне қарай өз орындарын ауыстырып отырады немесе өз маңызын жойып, сәйкесінше, жаңа мемлекет функциясы пайда болады. Бұған мысал ретінде мемлекеттің экологиялық функциясын алуға болады, XX-ғасырдың соңғы ширегінде ол мемлекеттік функция сипатына ие болып, қазіргі кезде мемлекет үшін ең басты функцияға айналып отыр. Өйткені, барлық жер бетіндегі тіршіліктің, соның ішінде, адамның өмір сүру мүмкіншілігі осы функцияны жетілдіруге, басты орынға қоюға міндеттейді. Мемлекет функциясы оның сипаты мен мазмұнына қарай жіктелінеді. Жүзеге асырылу сипатына қарай мемлекет функциясын тұрақты және уақытша деп бөліп қарастыруға болады. Мемлекеттің тұрақты функциялары оның өмір сүруі үшін аса маңызды негізгі мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін ұйымдастырылатын және тұрақты түрде жүзеге асырылатын іс-әрекеттердің бағыты болып табылады, мысалы, мемлекеттің әлеуметтік функциясы. Ал, мемлекеттің уақытша функциясы нақты бір орын алған жағдайға байланысты ұйымдастырылатын, сол жағдай түзелген соң жойылатын бір реттік іс-әрекеттердің жиынтығы болып табылады. Мысалы, төтенше жағдайлар орын алған кездегі шет елдерден келген көмекті қабылдап, тиісті орындарға жеткізу немесе халықаралық маңызы бар іс-шара өткізуге байланысты ұйымдастырылатын іс-шаралардың жиынтығы. М.И.Байтин социалистік мемлекет функцияларын негізгі және негізгі емес деп бөліп қарастырады. Негізгі мемлекет функциясы нақты тарихи кезеңде мемлекеттің алдында тұрған басты стратегиялық мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асырумен байланысты мемлекетің іс-әрекетінің жалпылама, маңызды кешенді бағыттары. Ал мемлекеттің негізгі емес функциясы негізгі қызметтің құрамдас бөлігі және мемлекеттің нақты, қоғамдық өмірдің кішігірім бөлігінде міндетін атқаруымен байланысты іс-әрекеттерінің бағыты болып табылады [1, 207-209 беттер]. Мемлекет функциясын көптеген авторлар мазмұнына қарай ішкі және сыртқы деп бөліп қарастырады. Мемлекеттің ішкі және сыртқы функциялары оның типінің, нысанының өзгеруіне байланысты, сонымен қатар, қоғамның дамуына, халықаралық жағдайдың өзгеруі мен қоршаған ортаның ахуалына байланысты өзгеріске ұшырап отыруы мүмкін. Мемлекеттің ішкі функциясы мемлекеттің қоғамның ішкі өмірін басқаруға бағытталған іс-шараларының жиынтығы. Мемлекеттің ішкі функцияларына оның әлеуметтік функциясын, экономикалық функциясын, экологиялық функциясын, құқықтық тәртіпті қорғау функциясын, қаржылық бақылау функциясын, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау функциясын жатқызуға болады. Мемлекеттің сырқы функциясы мемлекеттің халықаралық аренадағы ролін айқындауға және өзге мемлекеттер мен халықаралық ұйымдармен байланысын қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларының жиынтығы. Мемлекеттің сыртқы функциясына өзге елдермен байланыс орнату, сыртқы жаудан қорғану, халықаралық маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу функцияларын жатқызуға болады. Осы мәселемен айналысып жүрген отандық ғалымдардың бірі, профессор С.Ж.Айдарбаев мемлекеттің сыртқы функцияларының бірі ретінде интеграциялық функцияны қосып қарастыруды ұсынады, оның пікірінше, әлемдік жаһандану үрдісі мемлекеттің интеграциялық функциясының дамуына тікелей ықпал етеді [8, 7 бет]. Қазіргі кезде әлемде орын алып жатқан халықаралық жағдайлардың сипатына көз жүгірте отырып, шындығында мемлекеттің өзге мемлекеттермен интеграциялануы оның интеграциялық функциясының дамуына оң ықпал ететіндігін мойындауға тура келеді. Дегенмен, интеграцияланудың мемлекеттің тәуелсіздігіне, ұлттық сипатына, халқының ділі, діні және тіліне тікелей әсер ету мүмкіндігін ескерсек, интеграциялануды басты орынға шығару біздің еліміз үшін әлі де ерте екендігін көре аламыз. Соңғы уақыттарда мемлекеттің халықаралық маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу функциясының маңызы артуда. Ол мемлекеттің кез-келген жаһандық маңызы бар мәселеге қатысты өз ұстанымын айқындауымен, егер мүмкін болса сол мәселені шешуге атсалысуын қамтамасыз етумен байланысты жүзеге асырылады. Аталмыш функция әр мемлекеттің немесе ұлттың мүддесіне нұқсан келтірместен нақты орын алған жағдайды оны шешуге үлес қосушылық арқылы шешуге бағытталады. Бұл функциясы аясында ғаламдық деңгейде қоршаған ортаны қорғау, табиғи қорларды тиімді пайдалану, орын алған төтенше жағдайлардың салдарын жою және т.б. маңызды мәселелерді жатқызуға болады. Ресейлік автор Л.А.Морозова мемлекеттің сыртқы функцияларын әлемдік экономикамен интеграциялану, қорғаныс функциясы, әлемдік тәртіпті қолдау және әртүрлі салаларда өзге мемлекеттермен әріптестік функциясы деп бөліп қарастырады [9, 109-111 беттер]. Мұндағы бір мән бере кететін жайт, автордың Ресейдің БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне мүше, ядролық қаруы бар держава екендігін басшылыққа алып мемлекеттің сыртқы функцияларының қатарына әлемдік тәртіпті қолдау функциясын жатқызуы. Яғни, әлемде екі жүзге жуық мемлекет болса олардың барлығының әлемде өзге мемлекеттерге ықпалы және әлемдік тәртіпті қамтамасыз етуге атсалысуға әлеуеті жоқ. Сондықтан бұл тұжырымдамадан автордың Ресей Федерациясының осындай әлеуетін басшылыққа ала отырып сыртқы функция түріне осы функцияны қосқаны артықтау болғанын айта аламыз. Себебі, жоғарыда айтып өткеніміздей, мемлекеттің функциясын ұйымдастыру соған сәйкес тетікті құруды талап етеді. Әлемдік тәртіпті қолдау барлық мемлекеттің міндеті болғанымен оны әр мемлекет өзінің басты мақсаттары мен міндеттері қатарына қосып, тұрақты түрде осы мәселемен айналысу тетіктерін қалыптастыра алмайды. Біздің пікірімізше, мемлекет және құқық теориясының жалпы барлық мемлекеттерді қамтитындығын ескере отырып әлемдік тәртіпті қамтамасыз етуге атсалысу бойынша мемлекеттің атқаратын іс-шараларын халықаралық маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу функциясының құрамына жатқыза отырып қарастырған жөн болар еді. Бұл өз кезегінде халықаралық маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу функциясының мазмұнын кеңейтіп, маңызын арттыра түсер еді. Кез-келген мемлекет өзінің мүмкіндігіне қарай экология, экономика, әскери, адам құқықтарын қорғау, бейбітшілікті қамтамасыз ету, діни қақтығыстарды болдырмау, терроризммен күрес, наркобизбеспен күрес, төтенше жағдайлардың зардабын жою және т.б. мәселелерде өзге елдермен және халықаралық ұйымдармен қызметтесіп, орын алған жағдайлардың барлық мемлекеттер мен халықтар үшін тиімді шешілуіне атсалыса алады. Сонымен, мемлекеттің халықаралық маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу функциясы дегеніміз – мемлекеттің халықаралық аренада орын алатын өзі немесе өзге мемлекеттер мен халықаралық қауымдастық үшін маңызды мәселелерді шешуге нақты әрекет арқылы өзіндік үлес қосумен және осы мақсатта әртүрлі іс-шараларды ұйымдастыруға мұрындық болумен байланысты қызметінің негізгі бағыттары. Теориялық тұрғыдан негізделген тұжырымның тәжірибеде жүзеге асырылу сипатын айқындау мақсатында халықаралық маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу функциясының Қазақстан Республикасында жүзеге асырылу сипатына тоқтала кетуді жөн көрдік. Ең алдымен бұл функцияның еліміз үшін жаңа функция түріне жататындығын ескеру қажет, Кеңес Одағы құрамында еліміз федерация субъектісі болып танылғандықтан оның сыртқы функциялары ұйымдастырылмады немесе шектеулі сипатта болды деуге болады. Мысалы, еліміз федерация субъектісі ретінде өзге елдермен мәдени, ғылыми, денсаулық сақтау т.б. салаларында байланыс орнатқанымен, өзге елдермен дербес байланыс орнату, сыртқы жаудан қорғану, халықаралық маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу функцияларын жүзеге асыруға мүмкіндігі болмады. Тәуелсіздік алған уақыттарда еліміздің өзге елдермен байланыс орнату және сыртқы жаудан қорғану функциясы барынша дамыды. Тек еліміз өзге мемлекеттер тарапынан танылып, халықаралық қатынастарды орнықтырған соң, экономикалық жағынан тұрақтылыққа қол жеткізген уақыттардан бастап халықаралық маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу функциясы қолға алынды. Қазіргі кезде Қазақстанның дербес мемлекет ретіндегі халықаралық маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу функциясы әртүрлі бағыттарды қамтиды. Ең алдымен, ол ғалам үшін маңызы бар экологиялық апаттардың зардаптарын жою, жаңа экологиялық апаттарды болдырмау үшін күресте өзге елдермен және халықаралық ұйымдармен әріптестік орнату және бірлесе әрекет ету. Бұған еліміздің Семей полигонының және Арал апатының салдарын жоюға байланысты халықаралық қауымдастықпен қызметтесуін жатқызуға болады. Сонымен қатар, болашақта Балқаш көлінің тартылу қаупінің алдын алу бойынша еліміздің халықаралық қауымдастықпен бірлесе атқарып жатқан шаралары да осы қызмет аясында жүзеге асырылуда. Еліміз әртүрлі елдерде орын алып жатқан төтенше жағдайлар мен дағдарыстардың салдары мен зардабын жою бағытында да белсенділік танытып жүргенін атап өтуге болады. Мысалы, Украинаның оңтүстік шығысындағы Луганск облысының аумағында орын алған жағдайлардың салдарын жоюға гуманитарлық көмек ретінде осы жылдың 10 қаңтарында Қазақстан Республикасы жалпы құны 69 миллион 727 мың 875 тенгенің азық түлік өнімдерін жіберді [10, 1 бет]. Сонымен қатар, әртүрлі елдерде орын алған әскери қақтығыстарға қатысып, олардың тиімді шешілуіне де атсалысу мәселесінде де Қазақстан Республикасы белсенділік танытып жүр. Мысалы, 31 қаңтар 2000 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің өкімімен Қазақстандық бітімгершілік батальоны құрылып, ол өз кезегінде Ирак жерінде бітімгершілік күштерінің қатарында қызмет етті [11, 1 бет]. Сонымен қатар, еліміз әртүрлі мемлекеттер арасындағы түсініспеушіліктерді шешу, әскери қақтығыстарды болдырмау бойынша ара ағайындық қызметті де жоғары деңгейде атқаруда. Мысалы, 2013 жылдың сәуір айында Алматыда «алтылықтың» (Иран, Ресей, АҚШ, Қытай, Франция, Англия) арасындағы Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздері жүргізілді. Бұл келіссөздерді Қазақстан тарапы ұйымдастырып, жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз етті [12, 1 бет]. Терроризммен күресте халықаралық ынтымақтастық орнатуда Қазақстан үлкен жетістіктерге жетті, елімізде Интерполдың ұлттық Бюросы, Қазақстанның бастамасымен ТМД құрамында Антитеррорлық Орталық құрылды, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы арнайы терроризмге қарсы бағдарламалар бекітті және т.б. Еліміздің халықаралық маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу функциясының тағы бір бағыты оның ғаламдық маңызы бар мәселелерді талқылап, шешуге байланысты бастамашылық және ұйымдастырушылық әрекеттері. Бұл бағытта еліміз әлемдік және дәстүрлі діндердің көшбасшыларының съезін Астанада 2003-2012 жылдар аралығында төрт рет ұйымдастырды, 1-2 желтоқсан 2010 жылы ЕҚЫҰ Астана Саммитін және өзге де ірі шараларды өткізді. Дегенмен, осы тұста ескеретін жайт еліміздің мұндай іс-шараларды көбінесе өзін халықаралық аренада таныту мақсатында ұйымдастыруы, яғни, ірі көлемдегі іс-шара өткізу арқылы өзін өзгелерге таныту мақсатын басшылыққа алуы. Бірақ, мұндай ірі іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізудің мемлекет үшін ірі қаражат жұмсауды талап ететіндігін ескерсек, біздің еліміз сияқты әлі де болса экономикалық дамуда нақты жетістіктерге жетпеген мемлекет үшін оның соншалық қажеттілігінің жоқтығын айтуға тура келеді. Себебі, мемлекет халықаралық маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу үшін ең алдымен өзінің ішкі мәселелерін шешіп алуы қажет, ішкі мәселелер азаматтардың әл ауқатының көтерілуі, жұмыссыздық мәселелесінің шешілуі, ішкі инфроқұрылымның жоғарғы деңгейде дамуы, кедейлік деңгейінің төмендеуі сияқты және т.б. мәселелермен айқындалатындығы баршаға аян. Сондықтан, мемлекеттің өзін жарнамалауды аса маңызды мәселе ретінде қарастырып, өзінің халықаралық аренадағы имиджін қалыптастыру үшін жаһандық маңызы бар мәселелерді талдауға арналған арнайы жоғарғы деңгейлі жиындар мен іс-шаралар өткізуі аса дұрыс ұстаным емес деп тұжыруға болады. Тіпті, оның соншалықты нәтиже бермейтінін режиссёр Ларри Чарльзтың «Борат: кереметтей Қазақстан мемлекеті үшін Американың мәдени зерттеулері» фильмінің әлемдік прокаттағы жетістіктері көрсетіп берді. Кезінде бұл фильмнің еліміз үшін үлкен жарнама болғанын еліміздің сыртқы істер министрі де мойындаған болатын [13, 1 бет]. Біздің пайымдауымызша, мемлекетті жарнамалау мақсатында ірі көлемдегі қаражат жұмсап жоғарғы деңгейлі жиындар мен басқосулар ұйымдастырудың сыртқы саясат үшін артық нәрсе. Жалпы алғанда, мемлекеттің функциялары оның алға қойған мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыру үшін ұйымдастырылатындығын ескерсек, мемлекет функциясын ұйымдастыруда мемлекет үшін маңызды мәселелер алдыңғы орынға қойылуы тиіс. Сонда ғана, мемлекет функциясы жүзеге асырылуы арқылы жалпы мемлекет пен қоғам пайдалы нәтижелерге қол жеткізері сөзсіз. Бүгінгі Қазақстан Республикасының халықаралық маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу функциясы өте жоғарғы деңгейде жүзеге асырылып, еліміздің халықаралық аренадағы орны мен ролін айқындауға септігін тигізуде. Дегенмен, еліміз үшін халықаралық маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу функциясын жүзеге асырудың ішкі функцияларды жүзеге асырудан басымдық алмауы тиімді болар еді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Байтин.М.И. Сущность и основные функции социалистического государства. – Саратов: Издательство СГУ,1979. - 302 с. 2. Черноголовкин.Н.В. Теория функций социалистического государства.- М.: «Юридическая литература», 1970. - 215 с. 3. Тененбаум. В.О. Государство: система категорий.- Саратов: Издательство СГУ, 1971.- 212 с. 4. Абдуллаев.М.И., Комаров.С.А. Проблемы теории государства и права. -Учебник. Санкт-Петербург. «Питер», 2003. - 576 с. 5. Венгеров А.Б. Теория государства и права. Учебник.- М.: Юриспруденция, 2000. -528 с. 6. Глазунова.Н.И. Система государственного управления. Учебник. - М.: «Юнити», 2003. - 256 с. 7. Ағдарбеков Т.А. Мемлекет және құқық теориясы. –Қарағанды: Болашақ Баспа, 2002. -320 б. 8. Айдарбаев С.Ж. Некоторые аспекты состава внешних функций государства в эпоху глобализации // Актуальные вопросы современного международного права: материалы научно-теоретеческой конференции, (Алматы, 24-25 апреля 2009 г.) /Отв. ред. С.Ж. Айдарбаев. – Алматы: «OST-XXІ век», 2009. – С.4-7. 9. Морозова Л.А. Теория государства и права.- М.: Юристъ, 2002.-414 с. 10. Казахстан отправил на Украину гуманитарную помощь// Новости на портале "Nur.kz": 16.01.2015 - URL:< news.nur.kz/348921.html>, Accessed:15.01.2015. 11. Казахстанский миротворческий батальон «Казбат» отмечает 10-летний// Новости.Gazeta.kz: 26.02.2010 - URL:<news.gazeta.kz›art.asp?aіd=143178>, Accessed:15.01.2015. 12. Иран поддерживает предложение о переговорах // новости Karah.ru: 12.08.2013 -URL:<karah.ru/world957.htm>, Accessed:15.01.2015. 13. Казыханов поблагодарил Бората // Новости Усть-Каменогорска и ВКО: 23.04.2012 - URL:<yk-news.kz>, Accessed:15.01.2015.

References:

1. Baіtyn M.І. Sushnost і osnovnye funksіі socіalіstіcheskogo gosudarstva.- Saratov: Іzdatelstvo SGU, 1979.-302c. 2. Chernogolovkіn N.V. Теоrya funksіі socіalіstіcheskogo gosudarstva. –М.: «Jurіdіcheskaya lіteratura», 1970. - 215 c. 3. Тenenbaum V.O. Gosudarstvo: systema kategorіі. –Saratov: Іzdatelstvo SGU, 1971. -212 c. 4. Аbdullaev M.І., Кomarov S.A. Problemy teorіі gosudarstva і prava. Uchebnіk. - Sankt Peterburg: «Pіter», 2003. -576 c. 5. Vengerov A.B. Teorya gosudarstva і prava. Uchebnіk. – М.: Jurіsprudensya, 2000. -528 c. 6. Glasunova N.І. Systema gosudarstvennogo upravlenya. Uchebnіk. – М.: «Junіty», 2003. 256 c. 7. Agdarbekov Т.A. Teorya gosudarstva і prava. –Karagandy: Bolashak baspa, 2002. -320 c. 8. Аіdarbaev S.Zh. Nekotorye аspektі sostava vneshnіx funksіі gosudarstva v epoxu globalіzasіі // Акtualnye voprosі sovremennogo меzhdunarodnogo prava: маteryalі nauchno-teoretіcheskoі konferensіі, (Аlmaty, 24-25 аprelіa 2009 g.) /Оtv. red. S.Zh. Аіdarbaev. – Аlmaty: «OST-XXІ vek», 2009. – С.4-7. 9. Morozova L.A. Teorya gosudarstva і prava. -М.: Jurіst, 2002. -414 c. 10. Каzakstan otpravіl na Ukraіnu gumanіtarnuyu pomosh// Novostі na portale "Nur.kz": 16.01.2015 – URL:<news.nur.kz/348921.html>, Accessed:15.01.2015. 11. Каzakstanskіі mіrotvorcheskіі batalyon «Каzbat» отmechaet 10-letnіі//Novostі Gazeta.kz: 26.02.2010 - URL:<news.gazeta.kz›art.asp?aіd=143178>, Accessed:15.01.2015. 12. Іran podderzhіvaet predlozhenye o peregovorax// Novostі Karah.ru: 12.08.2013 - URL: < karah.ru/world957.htm>, Accessed:15.01.2015. 13. Каzіkhanov poblagodarіl Borata// Novostі Ust-Каmenogorska і VKO: 23.04.2012 -URL:<yk-news.kz>, Accessed:15.01.2015. Өміржанов Есбол Тоқтарбайұлы, заң ғылымдарының кандидаты, доцент, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Халықаралық құқық кафедрасының оқытушысы, 87772686571, yesbol_1981@maіl.ru

Жоғарғы оқу орындарында құқықтық емес білім алушыларға сыбайлас жемқорлық жайлы ақпарат беру мәселелері

Өміржанов Есбол Тоқтарбайұлы

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Халықаралық құқық кафедрасының оқытушысы, з.ғ.к., доцент

Қазақстандық қоғамда сыбайлас жемқорлықтың болуы тиіс, кәдуілгі құбылыс ретінде қабылданып, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қоғамдық теріс пікірдің орын алмауы бұл салада мемлекеттің үлкен істерді жүзеге асыруы қажет екендігін көрсетеді. Елімізде соңғы жылдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың жоспарлы түрде жүзеге асырылуы мен құқықтық реттеу жолымен сыбайлас жемқорлыққа тыйым салу шараларының күшейтілуі белгілі шекте халықаралық қауымдастық тарапынан оң бағасын алуда. Transparency Іnternatіonal халықаралық ұйымының 2014 жылғы рейтингінде Қазақстан Республикасы 175 мемлекеттің арасында 126 орынға иеленіп бұрынғы жылмен қарағанда 14 сатыға көтерілді [1, 1 бет]. Бұл еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс-шаралардың оң нәтиже бере бастағандығынан хабар бергендей. Дегенмен, елімізде сыбайлас жемқорлықпен күресте әлі де болса жетілдіруді талап ететін бағыттардың бар екендігі айқын. Қазақстан Республикасы Үкіметінің    2011 жылғы 31 наурыздағы № 308 қаулысымен   бекітілген     Қазақстан Республикасындағы сыйбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011 - 2015 жылдарға арналған салалық бағдарламасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру үшін мынадай міндеттерді шешу ұйғарылған, олар:1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ұлттық заңнаманы жетілдіру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту;2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қауіптерін азайту жөніндегі мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру; 3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру;4. Көлеңкелі экономиканың деңгейін төмендету. Сонымен қатар, осы бағдарламада халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын арттыру бойынша мынадай шаралар қабылданатындығы көзделген: 1) саяси партиялармен және үкіметтік емес қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта акциялар және науқандар өткізіледі; 2) ғылыми және әлеуметтік зерттеулер саласында бірыңғай саясат жүргізу жөніндегі үйлестіру орталығы құрылады және сыбайлас жемқорлықты түйсіну деңгейін анықтау, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа бейім едәуір проблемалы салалары бойынша әлеуметтік зерттеулер жүргізіледі; 3) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықты қалыптастыру мақсатында мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіп жатқан саясаты туралы ақпараттан тұратын түсіндірме-насихаттау материалдары әзірленіп, таратылатын болады; 4) мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлық фактілерін ұжымдық қарауды болжайтын қоғамдық мінеу институты нәтижелерін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялай отырып енгізіледі; 5) мемлекеттік органдар өкілдерінің, оның ішінде басшыларының бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеуі жалғасады, сондай-ақ оқу орындарында сабақтар өткізіледі; 6) үкіметтік емес ұйымдармен қосымша меморандумдарға қол қойылады. Жоспарланған іс-шаралардың арасында оқу орындарында білім алушыларға сыбайлас жемқорлық туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу қамтылмаған. Бұл өз кезегінде кешенді бағдарламаның әлі де болса толықтыруды талап ететіндігін көрсетеді. Себебі, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу барысында халықтың барлық топтары қамтылғаны әрқашан да оң нәтижеге қол жеткізу кепілі болып табылады. Ал, әртүрлі деңгейде білім алушы жастардың санасында сыбайлас жемқорлық туралы ақпаратты түрлі деңдейде сіңіру арқылы олардың бойында сыбайлас жемқорлыққа деген теріс көзқарасты қалыптастыру арқылы бағдарлама мақсатына толыққанды қол жеткізуге болар еді. Әсіресе, мектеп, колледж, университет қабырғасында қосымша сабақ ретінде сыбайлас жемқорлық туралы мәлімет беру оқушы санасында сыбайлас жемқорлыққа деген жек көрініш пен одан бойын аулақ салуға ұмтылысты күшейтері анық. Білім алушылар арасында сыбайлас жемқорлық турасында ақпарат беру ісін жолға қою бойынша елімізде әлі де болса нақты айқындалған жоспар қабылданған жоқ. Тек жақында ақпарат құралдарында 2017 жылы қазақстанның мектептері мен жоғары оқу орындарында Жемқорлықпен күрес пәні енгізілуі мүмкіндігі туралы мәлімет орын алды. Бұл ақпаратқа сәйкес, бастапқы кезде тоқсанда немесе семестрде бірнеше сағатқа есептелген тематикалық сабақтар болады. Ал жаңа оқу жылынан бастап (2015-2016 жылдар) мектептерде — «Адам және құқық», «Өзін-өзі тану», жоғары оқу орындарында — «Құқық негіздері» сияқты қоғамдық пәндердің аясында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша сағаттарды қарастыру жоспарланып отыр [2, 1 бет]. Сыбайлас жемқорлық мәселесі соншалықты деңгейде еліміз үшін өзекті мәселеге айналса да сыбайлас жемқорлықпен таныстыру үшін ЖОО-да арнайы пән қарастырып, оны міндетті пән ретінде айқындау артықтау болар еді. Сондықтан, осыған дейін құқықтық емес білім алушы студенттер үшін ұйымдастырылып келген құқық негіздері аясында сыбайлас жемқорлыққа арнап арнайы тақырып қарастыру арқылы бұл мәселені шешуге болар еді. Себебі, құқық негіздері пәнінің басты мақсаты білім алушылардың құқықтық сауатын жоғарылатып, олардың құқықтық сананысың деңгейін көтеруге бағытталған. Сондықтан, осы пән аясында сыбайлас жемқорлық туралы ақпарат беру пәннің мазмұнын кеңітіп, маңызын арттыра түсер еді. Жоғарғы оқу орындарында құқықтық емес білім алушы студенттер қазіргі кезде құқықтық білім негіздерімен «құқық негіздері» пәні арқылы танысуда. Бұл пән болашақ әртүрлі мамандық иелерінің өз құқықтары мен міндеттерін білуіне, Қазақстан Республикасының негізгі құқық салалары бойынша жалпылама ақпараты болуына жағдай жасауды мақсат етеді. Бірақ, қазіргі кездегі еліміздегі сыбайлас жемқорлық сипатын ескере отырып оларға сыбайлас жемқорлық туралы, сыбайлас жемқорлықтың салдары жөнінде және өз таңдаған саласында орын алуы мүмкін сыбайлас жемқорлық сипаты туралы ақпарат беру болашақ маманның бойында сыбайлас жемқорлыққа қатысты өз ұстанымын қалыптастыруына сеп бола алар еді. Құқық негіздері пәні жоғарғы оқу орындарының әртүрлі мамандықтарының оқу жұмыс жоспарларында 2 кредит көлемінде беріліп келеді. Пән бағдарламасына мемлекет пен құқық жайлы жалпы түсініктер, жалпылама ақпараттар, Қазақстан Республикасының негізгі құқық салалары бойынша жалпылама түсініктер мен ақпараттар енгізілген. «Құқық негіздері» пәні аясында сыбайлас жемқорлық туралы арнайы тақырып берген соң ол тақырыптың қандай мәселелерді қамтуы тиіс деген сұрақ туындайды. Берліген бір дәріс пен бір семинар барысында сыбайлас жемқорлық туралы барлық ақпаратты қамту мүмкін болмағандықтан, студенттердің бұл мәселеге байланысты ары қарай ізденуін СОӨЖ және СӨЖ арқылы жалғастыруына мұрындық болуға болады. Дәріс барысында студенттерге сыбайлас жемқорлыққа қатысты негізгі мәселелерді қарастыру ұсынылады, оларға сыбайлас жемқорлықтың түсінігі, мәні және пайда болу және даму тарихы, Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың құқықтық реттелу сипаты және оған қарсы атқаралып жатқан іс-шаралар. Дәріскер дәрістің басында, ең алдымен, сыбайлас жемқорлыққа түсініктеме беріп, оның мәнін ашып көрсетуі қажет. Бұл тұста сыбайлас жемқорлықтың қоғам мен мемлекеттің дамуына кері әсерін толымды түрде түсіндіру үшін елімізде орын алған сыбайлас жемқорлық қылмыстарының кейбірін мысал ретінде келтіруге болады. Әсіресе, Қарағанды қаласындағы Бесоба тұрғын-үй кешені, Қорғас кеден бекетіндегі кеденшілер ісі, тендерлер бойынша мемлекеттік тапсырыстарды орындаумен байланысты ірілі-ұсақты қылмыстар және т.б. турасында әңгімелеп, осы сыбайлас жемқорлық істерінен жалпы мемлекет пен қоғамның, жекелеген азаматтардың шеккен зардаптарын түсіндіру студенттердің бұл мәселеге қатысты өзіндік пікірлерін қалыптастыруға ықпал ете алады деген ойдамын. Мұндағы басты мақсат сыбайлас жемқорлық қылмыстарының мемлекет пен қоғамға келтіретін зардаптарын студенттердің санасына жеткізу арқылы олардың бұл мәселеде қатаң ұстанымын қалыптастыру. Содан кейін сыбайлас жемқорлық туралы түсініктің пайда болу тарихы, қазақ даласындағы таралу мәселелеріне мән берілуі тиіс. Қазіргі кезде қазақ даласында сыбайлас жемқорлықтың таралуын Тевкелевтің күнделігіне сүйеніп сипаттауға болады, яғни, оның кіші жүз ханы Әбілқайыр ордасына келіп, беделді адамдарды сый-сияпат арқылы өз жағына шығарғаны жайлы естеліктер көп нәрсені аңғарта алады. Сонымен қатар, билер сотының халық арасында үлкен сұранысқа ие болуын және халық арасында тек әділ билердің беделі болғанын, сонымен қатар, ел басқару ісінде демократиялық институттардың көп болғандығын алға тартып, сыбайлас жемқорлықтың қазақ даласына патшалық билік органдарының орнығып, жаңа лауазымдар мен шендердің пайда болуымен байланыстыра аламыз. Кейбір авторлар қазақ даласында сыбайлас жемқорлықтың отарлықтан бұрынғы кезеңдерде де орын алғанын алға тартады [3, 1 бет]. Бірақ, шындығына келгенде, қазақ даласында әскери демократия сипатында билік орнықтырылғандықтан, онда биліктегі адамдарды сатып алу, әртүрі сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттерді іске асыру мүмкін болған жоқ. Ресей қарамағына өтіп, жаңаша ел басқару саясаты енгізілген соңғы уақыттарда қазақ қоғамында сыбайлас жемқорлық еркін дами бастады. Патшалық үкіметтің қазақ қоғамында билік жүргізу үшін жүргізген әкімшілік және саяси реформалары негізінде қазақ елінде атқару және сот билік тармақтарында кездейсоқ адамдардың қызметке келуі, сыбайлас жемқорлық, рушылдық, жүзшілдік сияқты келеңсіз жағдайлардың орын алуы жиіледі. Кеңес үкіметінің орнығуы елдегі бұрынғы кадрлардың қудаланып, жаңа буын комсомолдар мен коммунистердің мемлекет тетігін иеленуіне жағдай жасады. Бірақ, уақыт өте келе бұл жүйеде де танысшылдық, жерлесшілдік, рушылдық сияқты мәселелер көрініс таба бастады. Тәуелсіздік алған уақыттан бергі кезеңде елдегі сыбайлас жемқорлық үлкен қарқынмен даму үстінде. Оның басты себебі елдің аумағында көптеген табиғи шикізат көздерінің мол болуында, өйткені, шикізат көздеріне дербес билік ету кеңес кезінде билік эшелонында болған шенеуніктер үшін осы салада бас пайдасын көздеп әрекет етуге жаңа мүмкіндіктер ашты [4, 392 бет]. Осындай мәселелерді тарихи деректерге сүйене отырып баяндау студенттерді сыбайлас жемқорлықтың генмен берілмейтіндігіне, оның біздің ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық ерекшелігіміз емес екндігіне, одан саналы түрде бас тарту арқылы құтылуға болатындығына сендіреді.

Екіншіден мән беретін мәселе сыбайлас жемқорлықпен күрестің құқықтық жағынан рәсімделуі, елімізде қабылданған сыбайлас жемқорлыққа қатысты арнайы бағдарламалар, заңдар және өзге де нормативтік құқықтық актілер. Бұл тұста ең алдымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы Қазақстан Республикасының 1998 ж. 2 шілдедегі № 267-1 Заңына талдау жасалыну қажет. Осы заң нормаларына талдау жасай отырып, студенттерге сыбайлас жемқорлықтың заңда берілген анықтамасы түсіндірілуі тиіс. Осы заңның 2 бабына сәйкес, мемлекеттік міндеттерді атқаратын адамдардың, сондай-ақ соларға теңестірілген адамдардың лауазымдық өкілеттігін және соған байланысты мүмкіндіктерін пайдалана отырып не мүліктік пайда алу үшін олардың өз өкілеттіктерін өзгеше пайдалануы, жеке өзі немесе делдалдар арқылы заңда көзделмеген мүліктік игіліктер мен артықшылықтар алуы, сол сияқты бұл адамдарға жеке және заңды тұлғалардың аталған игіліктер мен артықшылықтарды құқыққа қарсы беруі арқылы оларды сатып алуы сыбайлас жемқорлық деп ұғынылады. Бұл анықтамадан өзге жекелеген авторлар берген анқытамаларды да ортаға салу артықтық етпес еді.

Мемлекеттік қызмет туралы Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі N453 Заңының 10-бабының 4 тармағының 5, 6-1, 6-2, 8 тармақшаларына сәйкес, мемлекеттік қызметке 1) мемлекеттік қызметке кірер алдында үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылған (бұл ретте, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін жұмыстан босатылған адам мемлекеттік қызметке жіберілмейді); 2) мемлекеттік қызметке кіргенге дейін үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған; 3) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған; 4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау нысанасына арнайы тексеруден өтпеген адамды қабылдауға болмайды. Оқытушы осы заң бойынша сыбайлас жемқорлыққа байланысты шетеулерді студенттерге толықтай түсіндіріп беруге тиіс. Сонымен қатар, оқытушы Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шілдедегі №226-V Қылмыстық кодексіндегі сыбайлас жемқорлық қылмыстарын және оларға қатысты көзделген жазаларды талдап, студенттерге түсіндіруі тиіс. Ондағы мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар деп аталатын 15-тараудың 361-371 баптарына талдау жасап, онда көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың әрқайсысына тоқталып, оларға тағайындалатын жазаны сипаттап беру қажет. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің Әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар деп аталатын 34-тарауының 676-681 баптарына талдау жасап, оларда көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылықтардың ерекшеліктеріне сипаттама беруі тиіс. Дәріс соңында дәріскер Қазақстан Республикасы Үкіметінің    2011 жылғы 31 наурыздағы №308 қаулысымен   бекітілген     Қазақстан Республикасындағы сыйбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011 - 2015 жылдарға арналған салалық бағдарламасына талдау жасап, осы бағдарлама аясында елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша жүзеге асырылып жатқан нақты іс-шараларға талдау жасағаны жөн. Семинар сабағында сыбайлас жемқорлықтың шет елдік тәжірибелеріне талдау жасау студенттердің осы мәселеге байланысты шет елдік тәжірибемен танысуына септігін тигізер еді. Оқытушының сыбайлас жемқорлықпен күресте үлкен нәтижеге қол жеткізген Сингапур, Швеция, Дания, Жаңа Зеландия, Финляндия сияқты мемлекеттердің тәжірибесін семинар сабағында талдап, студенттерді бірнеше топқа бөліп ойын ұйымдастыруына болады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың деңгейлері бойынша елімізде орын алып жатқан сыбайлас жемқорлық қылмыстарын деңгерге бөліп қарастыруды студенттерге тапсырма ретінде беріп, олардың ойларын ортаға салуын ұйымдастыруы аса маңызды болар еді. Студенттің оқытушымен өзіндік жұмысына (СОӨЖ) уақыт бөліп сыбайлас жемқорлық мәселесіне қатысты дебат немесе дөңгелек үстел форматында сабақ ұйымдастыру да студенттер үшін аса пайдалы бола еді. Бұл сабақта студенттерге барынша еркіндік беріліп таңдап алынған тақырып бойынша өз ойларын ортаға салып, сыбайлас жемқорлықты болдырмау, оның салдарын жою турасында жаңа ой, көзқарас қалыптастыруға болады деген пікірдемін. Студенттің өзіндік жұмысы (СӨЖ) де сыбайлас жемқорлыққа байланысты өзіндік ерекшеліктері бар тапсырмаларды қамтуы тиіс. Мысалы, Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың сипаты және онымен күрес тәсілдері, Сыбайлас жемқорлықпен күресте шет елдік тәжірибелерді қолдану және т.б. тақырыптарда баяндама, реферат жазуды тапсыру студенттің дербес ізденіп, сыбайлас жемқорлыққа қатысты барынша көп ақпаратты іздестіруіне себеп болар еді. Сонымен қатар, студенттің болашақта қандай мамандықты иеленетіндігін ескеріп, Мектептердегі сыбайлас жемқорлықтың ерекшеліктері, Денсаулық сақтау қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа жол беруінің себептері және салдары, Спорт мектептеріндегі сыбайлас жемқорлық, Әлеуметтік қамсыздандыру мекемелеріндегі сыбайлас жемқорлық сипаты, Балабақшада жемқорлыққа жол беріледі ме? және т.б. тақырыптарда өзіндік жұмыс жазуға тапсырма беру де сол мамандықты таңдаушы студенттердің өз мамандықтары бойынша орын алып жатқан сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен танысып, олардың қоғамға келтіретін зардаптарына қатысты пікір қалыптастыруына ықпал ете алады. Жалпы алғанда, адамның құқықтық санасының деңгейінің көтеріліп, бойындағы құқықтық мәдениетінің артуына ол қабылдайтын ақпараттың әсерінің зор екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Мемлекет сыбайлас жемқорлыққа қарсы қаншама бағдарламалар қабылдап, орын алған сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қарсы қаншама шара қолданса да қоғамда бұл мәселеге қатысты бірыңғай көзқарас қалыптастыра алмайды. Сондықтан, сыбайлас жемқорлық сияқты үлкен қауіпті мәселеде ең алдымен қоғамның теріс көзқарасын қалыптастыру үшін ол туралы ақпаратты жүйелі түрде беруді қолға алу қажет. Ол ең алдымен, балабақша, мектеп қабырғасынан басталып, кейіннен ЖОО қабырғасында жалғасын табуы тиіс. Бұл мәселеде кейбір мемлекеттердің тәжірибесі көңілге қонымды, мысалы, Литва елінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мектепте тәрбие беру атты әдістемелік оқу құралы қазіргі кезде кең қолданысқа ие болып отыр [5]. Сыбайлас жемқорлық жайлы мәліметті оны тыңдаушының қабылдау мүмкіндігіне сәйкестендіріп, бір жүйеге келтіру арқылы деңгейлестіріп беру, жастар бойында сыбайлас жемқорлыққа деген көзқарасты қалыптастыруға мүмкіндік берер еді. Кез-келген қоғамның тірегі жастар екендігін ескерсек, жастар тарапынан сыбайлас жемқорлықты терістеу қолға алынса, біртіндеп бұл індетпен күресте үлкен нәтижеге қол жеткізуге болады деген пікірдемін.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Казахстан занял 126-е место в рейтинге коррупции Transparency Іnternatіonal//03/12/2014 URL:https://www.іnterfax.kz/?lang=rus&іnt_іd=10&news_іd=10380 2. Мектептерде жемқорлықпен күрес пәні енгізілмек //03/02/2015 URL:https://www.ult.kz 3. А.Азимбаев. Коррупция в Казахстане: история и современность. Мысль, № 2, 2004. 4. Е.Өміржанов. Сыбайлас жемқорлықтың елімізде қалыптасу жолдары және онымен күрес мәселелері//ҚР индустриалды инновациялық даму жағдайындағы саясат, экономика және құқық: республикалық конференция материалдары - Алматы, ҚазҰПУ, 2011 Антикоррупционное воспитание в школе. Методическое пособие для общеобразовательных и высших учебных заведений. – Вильнюс, 2006.

Резюме

В данной статье автор рассматривает проблему информирования населения о негативных последствиях коррупции. Для информирования молодежи о коррупции он указал на необходимость внедрения специальных предметов в учебную программу . Автор в данной статье поднимает вопрос о необходимости включения специальной темы о коррупции в тематический план предмета Основы права.

Summary

Іn thіs artіcle the author consіders problem on іnformіng people about negatіve results of corruptіon. For іnformіng youth about corruptіon he poіnted to the need to іntroduce of specіal subjects іn the traіnіng program. The author of thіs artіcle raіses the questіon on the need to іnclude the specіal theme about corruptіon іn the thematіc plan of the subject Іntroductіon to Law.

Төртінші жүз турасында

Есбол Өміржанов

Жүзге бөлінішулік және төртінші жүз

Қазіргі кезде жүзге бөлінушілік соншалықты маңызды ма деген сұрақ кейбір пікірлермен танысқан соң көптеген адамдарда туындағаны айқын. Қазақтардың үш жүзге бөлінетіндігін алға тарта отырып, өзге халықтарды төртінші жүз ретінде қарастыру расында дұрыс па. Жүзге бөліну турасында әлі де болса ғылыми негізделген аксиомалық деңгейдегі пікір жоқ екені рас. Дегенмен, қазақтардың жүзге бөлінуінің басты себебі ретінде көптеген ғалымдар билікке таласқан Шыңғыс тұқымдарының халықты бөліп билеуге ұмтылысының нәтижесін көреді. Бұл жағдай отарлық саясатының да таптырмас құралдарының бірі болды. Отарлаудың алғашқы кезеңдерінде қазақтарды башқұрттармен, қалмақтармен араздастырып, өзара қырқыстыру арқылы тезге салған патша әкімшілігі, өз елшілері, жансыздары, зерттеушілері арқылы бұл бағыттағы саясатын өте ұтымды жүргізіп отырды. Мысалы, кезінде Орынбор экспедициясының басшысы И. Кириллов үкіметтен «башқұрларды бақылау қажет, дәл сондай бақылауды қырғыздарға жүргізу керек. Егер олардың бірі бұлқынар болса орыс әскерін сақтап қалу үшін оларды бір-біріне қарсы айдап салу қажет», деген нұсқау алған. Кейіннен патша үкіметі қазақтарды өзара қырқыстыруға үлкен күш салды. Ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз қазақтарының басында отырған сұлтандар мен билердің өзара келіспеушілігі мен араздығын қоздыру арқылы жүздерді бір-бірінен алшақтатып, бастарын біріктірмеуге тырысты. Кейіннен кеңес үкіметі орнаған тұста да түркі тілдес бауырлас елдерді шекара бөлу арқылы бір-біріне дұшпан еткен большевиктер, өз билігін орнықтырған соң да қазақтарды жүзге бөлу, руға бөлу саясатын жасырын түрде жалғастыра берді. Бұл өз кезегінде республика басшылығына келген адамдардың ұлттық мүддеден қарағанда жүздік, рулық мүддені көптеп көздеуіне жол ашты. Кеңестік мемлекеттік құрылыс ыдырап, жаңа мемлекет орныққан соң ондағы басты мемлекеттік лауазымдар ескі кеңестік команданың қолында қалды. Ұлттық сана мен ұлтшылдық идеясының кең насихатталмауы әсерінен қоғамда да, мемлекеттік билік эшелонында да бұрынғы рушылдық және жүзшілдік ауру емделместен, асқына берді. Қазақ қоғамының ұлттық идеяға бірікпеуі себебінен жүзге бөліну қоғамда нық орынды иеленді, тіпті, кейбір авторлар қазақтардың ұлт ретінде ұйысуына күмән келтіріп, олардың тыныш бейбіт қатар өмір сүруінің кепілі ретінде өзге ұлттарды көретіндіктерін білдіруде.

Жүзге бөлінудің қандай ерекшеліктері бар?

Жалпы жүзге бөлінушілік пен руға бөлінушілікті айырып алған жөн. Руға бөлінушілік қандық туыстық байланысқа негізделсе, жүзге бөлінушіліктің негізінде саяси және экономикалық себептер жатыр. Руға бөлінушілік біріге өмір сүру мен шаруашылық жүргізуге, көшпенді өмір заңдылықтарына сай жайылымдық жерлерге қауымдаса меншік жүргізуге, ұрпақ тазлығы үшін жеті атаны сақтауға негіз болды. Жүзге бөлінушіліктің негіздері қандай болды десек, ең алдымен, аумақтық жағынан қоныстану үшін, жайылымдық жерлерге меншікті орнықтыру үшін пайдасының болғанын жоққа шығара алмаймыз. Екіншіден, жүзге бөліну арқылы сол жүз құрамына енген руларды басқару ісі оңтайландырылды. Яғни, нақты бір хан немесе сұлтанның өзіне бағынышты руларға билік жүргізуі оңайланды. Үшіншіден, хандық билікке таласушы Шыңғыс тұқымдарының арасындағы билікке таластың өршімеуіне жағдай жасалды. Дәл қазір қазақтардың және өзге ұлттардың республика аумағында араласып қоныс тебуі, әсіресе, қазақтардың кезінде орныққан жүздік аумақты мүлдем өзгертіп, өзара қойын-қолтық араласа өмір сүруі аумақтық жағынан жүзге бөлінудің жойылғандығына меңзейді. Ал, мемлекеттік құрылым жағынан унитарлық мемлекет болып табылатын елімізде әкімшілік-аумақтық бөліністердің бір орталықтандырылғанын, оларды басқарушы әкімдердің тағайындалу арқылы билікке келіп, орталық билікке жауаптылығын ескерсек, басқару ісінде де жүздік бөлінудің уақыты өткенін көре аламыз. Кеңестік үкімет халықтың барлығын шыққан тегіне қарай бөліністен ада қылып, жалпылама теңдік сипатына ендірген соң шыңғыс тұқымдарының билігін қамтамасыз ету үшін жүзге бөліну келмеске кетті. Сонда қазіргі кезде көтеріліп жүрген жүзге бөліну мәселесі тек психологиялық тұрғыдан адамдардың өздерін белгілі бір жүз өкілі ретінде мойындауы деңгейінен аспайтын, өмірлік құндылығы жоқ ұғым болып қалғанын көреміз. Ал, қазіргі кездегі жүзге бөлінушілікті жаңғырту, оны насихаттау мен жанама түрде болса да жүзге бөлінушілікті қазақтарға таңу неліктен және кімге қажет деген сұрақ туындайды. Менің ойымша, қазақтарды рулық, жүздік сана деңгейінен ұлттық деңгейге көтеріле алмаған адамдар ретінде көрсетіп, олардың дербес мемлекет құра алмайтындығын алға тарту, әсіресе, евразиялық интеграцияны жақтаушылар тарапынан көптеп ортаға салынуда.

Ұлтшылдық және ұлт тәуелсіздігі

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде ұлттық тәуелсіздікке, ұлттық қайта жаңғыруға байланысты екі түрлі ұстаным болды. Оның бірі халық арасында үлкен беделге ие болған Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысы еді, Азат қозғалысы ұлтшылдықты насихаттап, ұлттық сананы жаңғырту мәселесін бірден көтерген болатын. Азат белсенділері ұлтшылдықты адамның өз ұлтын сүюі, өз мүддесін ұлт мүддесі жолында құрбан етуге даяр болуы және өзге ұлттарға өзінің ұлтына көрсеткендей құрметпен қарауы ретінде түсінді. Азат белсенділері ғасырлар бойы отарлық езгіде болған қазақ халқының ұлттық санасын қайта жаңғырту оның болашақта дамуы мен гүлденуінің кепілі деп санады. Азаттықтар ұлттық тәуелсіздікке қол жеткізу үшін ұлттық сананы жаңғырту, ұмытылып бара жатқан тілді қайта жандандыру, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты қалпына келтіру емес, ең алдымен дербес қазақ азаматының ұлттық санасын қалпына келтіру қажет екендігін түсінді. Яғни, ендігі жерде екінші сортты адам ретінде, өзін-өзі қор санайтын, өз ұлтынан қорынатын кеңестік қазақтың бойында ұлттық мақтаныш сезімін ояту қажет болды. Өзін өзі танып, өзінің ұлтына деген құрметі оянған қазақтардың өзге ұлт өкілдерімен қоян қолтық араласып, тату-тәтті өмір сүруінің негізгі алғышарты осылай түсінілген еді. Ал, екінші бағыт ұлтшылдықты мүлдем теріске шығарып оған қатысты лениндік түсініктемені басшылыққа алып, бұрыннан келе жатқан байланыстарды қайта қалпына келтіру үшін Ресеймен интеграцияны жандандыруды қолдады. Бұл бағыттың негізін қалаушы, басты идеологы ақын Олжас Сүлейменов болды. Өкініштісі сол, кезінде қоғам да, билік те, қазақ халқының ұлттық жаңғыруы мен ұлтшылдық мәселесін теріс қабылдады, басты назарда екінші бағыт ұсынған идеяларды ұстады. Оған басты себептің бірі ұлтшылдық ұғымының дұрыс түсінілмеуі және оны жандандыруды өзге ұлттарға жасалатын қысым деп ұғу болды. Нәтижесінде, қаншама жылдар өтсе де әлі де болса қазақстан халқының басын біріктіретін ұлттық идеология жасақталмады, қазақ халқының ұлттық санасын қайта жаңғырту, ұлттық сана деңгейін көтеру бағытында жұмыстар атқарылған жоқ. Тіпті, бүгін де ұлтшылдық идеясының дәріптелмеуі себебінен ұлтшылдық теріс мағынасында түсініліп отыр.

Жиырма жылдан астам уақыт қазақ қоғамында талқыдан түспеген ұлтшылдық және ұлттың тәуелсіздігі мәселесі жайлы ақын Олжас Сүлейменов «Қазақ әдебиеті» газетінде «Кім отаншыл?» деген тақырыпта сұхбат берді (URL:www.і-news.kz›news/2015/03/13/7954790-olzhas…). Ол  «Жүздеген ұлттардан құралған 17 миллион халқы бар мемлекеттің құрамында 10 миллион қазақтың қазір немесе болашақта толық тәуелсіз болуы мүмкін бе?»-деген сұраққа келесідей жауап береді, - «Журналистер болмасты армандамас бұрын осы сандарға ой жүгіртуі тиіс еді. Сондықтан да осындай құрғақ қиял жастар арасына да таралып кете ме деп қорқамын. 2х2=4 болатыны секілді, жер бетінде толық тәуелсіз ешбір халық жоқ, және ешқашан да болмайтынын естен шығармаған жөн. ТМД көлемінде бір ғана ұлттан құралған жалғыз мемлекет – Армения. Онда бәрі – 100% дерлік армяндар. Оларды толық тәуелсіз халық деп атауға бола ма? Шынында нағыз бақытты ма? Жоқ. Олар да басқа халықтар секілді алыс-жақын көршілерінен тәуелді! Үнемі қауіп күтумен өмір сүреді. Ғайыптан тайып аңқаулар армандағандай ұшан-теңіз байлығымыз бен ұшы-қиырсыз кең аймағымызда ат төбеліндей қазақтар өздері жеке қалғанын елестетіп көрейікші. Сонда бізді алдан не күтеді? Толық тәуелсіз, бақытты ел бола аламыз ба? Не болатынын мен болжап берейін. Бөлініп кетеміз.Өткен ғасырлардан бері әлі күнге халықты біріктіретін ұлттық сана-сезім қалыптаса алған жоқ. Әзірше жергілікті аталастық, рулық, жүздік сана-сезімнің басымдығы байқалады. Бұл пікірмен ешбір саясаткер таласа алмайды. «Отаншылдардың» кейбірі «толық тәуелсіздік» туралы қызулана айта бастаса-ақ, оның негізгі ойының түбінде аталастық, рулық, әрі кеткенде жүздік пікір жатқанын түсіне қоямын.Болашақ Адайстан туралы немесе Қазақ елінің басқа қиырларындағы осындай жобаларды естімеген ешкім жоқ шығар? Әзірше бізді біріктіріп ұстап тұрған Төртінші жүз – Республикамыздың көп ұлттан құралған халқы. Қазақ халқының тұтастығын сақтау үшін де Төртінші жүзді сақтау керек. Толық тәуелсіздік туралы қиял — қай халық үшін де қауіпті саяси инфантилизм. Анығырақ айтқанда, балалық аңқаулық.

Ең басты нәрсе мұндағы сұрақтың дұрыс қойылмағандығы. Неге десеңіз ұлттың тәуелсіздігі оның тек бір ұлттан құралып мемлекет құруымен өлшенбейді. Сондықтан, журналистің берген сұрағы өзіне лайықты жауап тапқан. Ақын өз пайымдауымен жауап берген және онда өзіндік ақиқат болғанымен, бұл жауаптар теориялық негізде өте қате екендігін айта аламын. Қазақстан халқы құрамы жағынан қаншалықты аралас-құралас болғанымен сол халық тұтастай мемлекеттің негізін құрап отыр. Сондықтан, ондағы әр адам өзге елдерден тәуелсіздікті өздігінше түсінеді, өзін еркін елдің азаматы ретінде сезінеді. Мұндағы басты мәселе Қазақстанның қаншалықты дәрежеде мемлекет ретінде тәуелсіз екендігінде. Мемлекет толық тәуелсіздікке қол жеткізгенде ғана оның халқы да тәуелсіздіктің дәмін тата алады. Өз кезегінде ұлттық тәуелсіздік ұғымы, сол ұлттың әрбір мүшесінің өзге ұлттардан, елдерден өзін еркін сезінуі мен өз ұлты үшін мақтаныш сезімінің болуын, сонымен қатар, ұлттың өзінің даму бағытын айқындап, өз тағдырын өзі шешуге, ұлттық қажеттіліктерді қамтамасыз етуге қабылетін білдіреді. Көп ұлтты қоғамда мемлекет әр ұлттың өзіндік ұлттық тәуелсіздігін сақтауына кепіл болады және оған барынша жағдай тудырады. Ал, барлық өзге ұлттарды біріктіре «төртінші жүз» ретінде қарастырып, жалпы қоғамды жүздерден құралған, қажет кезінде бір-біріне қарсы қоюға болатын, басы бірікпеген бірлестік ретінде қарастыру дұрыс емес. Керісінше, біртұтас қазақ ұлтының маңына шоғырланған, біріккен қазақстан халқы жайлы ойларды насихаттау қажет болар. Менің ойымша, төртінші жүз ұғымын айналымға енгізгенше, біртұтас ұлт идеясы жолында жүзге бөлінушіліктің жойылуы қажеттігі жайлы сөз қозғаған дұрыс еді. Ұлттың тәуелсіз болуы үшін оның тек моноұлттық қоғам құруы қажеттігін қозғау қисынғы келмейді. Себебі, қазақ ұлтының өкілі өзін тәуелсіз сезінуі үшін оған өзге ұлттардан бөліну немесе оңашалану, елге тек дербес иелік ету тіпті де қажет емес. Сондықтан, ұлттық тәуелсіздікті өзгелерден алшақтау, таза қазақ ұлтынан құрылған мемлекет құру деп түсіну қате. Ал, қазақтардың тек өздерінің осы аумақта қалуының мүмкін еместігін түсіне отырып, оларға өзге ұлттарсыз бөлініп кететіндігі туралы сөз қозғау, қазақтардың миына тағы да кезіндегі ресей отаршылдары сияқты «өзараса қырқысатындығы жайлы» қорқыныш ұялату әрекеті деп түсінуге болады. Бұл жерде ақынның кейбір қазақтардың санасының рулық, жүздік деңгейден жоғары көтерілмегендігі жайлы ойы ақиқат екендігін мойындауымыз керек. Себебі, ұлттық жаңғыру мен ұлттық сананы көтеру, ұлтшылдықты насихаттау бойынша ешқандай саясат жүргізілмегендіктен, ұлттық идеология жасақталмағандықтан қазақтардың кей бөлігінің ұлттық санасы оянды немесе белгілі бір дәрежеге көтерілді дей алмаймын. Кеңестік кезеңде партияның адал қызметкерлері болған белсенділердің әлі де болса идеологиялық мәселелерді қолдан шығармауы халықты идеялық тоқырауға алып келгенін мойындау қажет.

Мемлекеттік тәуелсіздік және оны сақтау

Олжас Сүлейменов еліміздің тәуелсіздігі жайлы сөз қозғай отырып, өз ойын келесідей тұжырымдайды. «Планетамыздағы алыс-жақын көршілерімізбен өзара тәуелділігіміз туралы білігімізді үнемі жетілдіріп отыруды естен шығармауымыз керек. Мыңдаған жылдар өзара қарым-қатынастағы, 7 мың километрге созылып жатқан ресми ортақ шекарамыз бар Ресейден толық тәуелсіз бола аламыз ба? Немесе Қытайдан? Сондай-ақ, Қырғыз, Өзбек, Түркімен, Әзербайжаннан? Қазір де, ешқашан да бола алмаймыз! Тағы да косып айтарым: Қазақтар түгілі, 17 миллион халықтың иелігіндегі мұнайы, металы, алтыны, күмісі, ураны, көмірі – Менделеев таблицасының бар байлығына тұнып тұрған 2 миллион 700 мың шаршы километр аймаққа қоса жүздеген миллион гектар құнарлы егіс алқаптары мен жайылымдық жерлері бар мемлекетімізге де көршілерінен толық тәуелсіз болуға болмайды. Ашығын айтқанда, бізді құтқаратын — Ресеймен тарихи қалыптасқан достығымыз! Нағыз қазақ отаншылдары осыны мойындауы тиіс, ал бұл достықты бұзуға тырысатындар – шындығында Қазақ елінің болашағына қарсы әрекет жасап жүргендер». Жалпы алғанда, көршілес күшті мемлекеттің ықпалында кетпестен, онымен достық қатынасты нығайтып, өз тәуелсіздігіне нұқсан келтірместен ынтымақтасып отырған елдер көптеп саналады. Тіпті, халқы аз, жері көп Моңғолияның өзі көршілес Ресей мен Қытайдан дербес, өзіндік ерекшеліктерін сақтай отырып, сыбайлас жемқорлықтан ада қоғам құру ісіне кірісіп кеткені көп нәрсенің мемлекеттің билігіне байланысты екендігін аңғартқандай. Тоқ етерін айтқанда осы уақыт аралығындағы еліміздің тәуелсіздігінің де-юре сипатында болуы, ал, де-факто көпшілік жағдайда Ресейге тәуелді болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Ол тек ұзақ шекараның ғана әсері емес шығар, мүмкін ол мемлекеттегі саясаттың Ресейлік бағытта дамып, мемлекет тетігінің дұрыс дамымай, сәйкес адамдардың биліктегі негізгі орындарды иеленбеуінен де болар. Осы тұста өз тәуелсіздігін сақтап қалуға қауқары жоқ мемлекеттің көрші қуатты мемлекеттің қолтығынан пана табуға ұмтылуы бағзы замандардан келе жатқан тәжірибе екендігін де мойындаймыз. Тіпті, халықаралық аренада соңғы орын алған оқиғалардан соң халықаралық құқық пен халықаралық қауымдастықтың, өзге елдердің берген кепілдемелерінің де жеме-жемге келгенде түкке тұрмай қалатындығын да есте ұстаған жөн болар. Бірақ, біздің елде қалыптасқан жағдайда қаншама дұшпан елдердің арасында болса да ұлтшылдық пен отанға адалдықтың идеалы болып өз тәуелсіздігін сақтап қалудың қандай болатындығын көрсетіп жүрген Израиль мемлекетін мысалға келтіре алмайтыныз өкінішті. Теорияда қуатты мемлекет пен әлсіз елдің құрған конфедерациясының біртіндеп федерацияға айналу мүмкіндігі зор екендігі дәлелденген. Сондықтан, тепе-теңдік сақталмайтын Одақ жайлы дербес ойлы азаматтардың сын пікірде болуы заңды нәрсе. Дегенмен, ақынның Ресеймен Одаққа қарсы көзқарастағы адамдардың барлығын «Қазақ елінің болашағына қарсы әрекет жасап жүргендер» деп атауы ол кісінің кезіндегі кеңестік ұстаным бойынша «бізді жақтамағандардың барлығы - халық жаулары» ретінде қарастыратындығынан хабар бергендей.

Қазақтың мұраты

Кез-келген ұлттың болашақта ұлт ретінде сақталып, өзгелермен қатар өмір сүруі үшін, өзге ұлттардан кенде қалмау үшін, толыққанды ұлт ретінде өзін өзгелерге мойындату үшін ұлттың басын біріктіретін, сол ұлттың әр мүшесін ұлттық мүдде жолында қызмет етуге итермелейтін ұлттық идея, ұлттық арман-мұраттары болады. Өзге ұлттар секілді қазақ ұлты да сан ғасырлық тарихты бастан өткеріп жаңа заманға қадам басты, үш жүз жылдық отарлық езгіден құтылып өз бетінше мемлекет құрды. Ендігі жерде қазақ ұлтының басын біріктіретін, алға қарай сүйретін арман-мұраттар қандай болмақ деген ой әркімді де мазалары сөзсіз. Осы бағытта әңгіме қозғамастан бүгінгі қазақ қоғамына аздап көз жүгіртіп өткен де артық болмас.

Қазіргі қазақ қоғамының сипаты қандай?

Уақыт сырғып өтуде, қоғам уақытпен қатар алға қарай жылжуда. Тәуелсіздік алған еркін қоғам өзіндік ерекшеліктері мен артықшылықтарын, кемшіліктерін қатар алып өзімен өзі тіршілігін жалғастыруда. Қазақстан сияқты үлкен аумақты алып жатқан қазақстандық қоғамнан осы елдің негізін құраушы қазақ қоғамын бөліп алып, оның ерекшеліктеріне көз жүгіртер болсақ, қалыптасып қалған кейбір жайларды тез аңғаруға болады. Бүгінгі қазақ қоғамының басты ерекшелігі оның селқостығында екендігі дау тудырмас ақиқат болып отыр. Қандай жағдай орын алмасын, мемлекет қандай саяси шешім қабылдамасын қазақ қоғамы өзіне тән бейғамдықпен оған мән бермеуді әдетке айналдырған. Егер сыналап ішіне кіріп, қазақ қоғамының селқос болуына негіз болған басты жайларға назар аударсаңыз онда қордаланып қалған үлкен мәселелерді кездестіруге болады. Ең басты мәселе қазақтардың бірігудің орнына бөлінуге бет алуы болып отыр. Қазақ тілділер және орыс тілділер арасындағы салқындық, одан соң діни саясаттың осалдығы нәтижесінде сырттан келген әртүрлі дін мен діни ағымдарға бас ұрған қазақтар арасындағы түсініспеушілік, ауылдық қазақ пен қала қазағының тіл табыса алмауы, түрлі рулық ұрандар мен жүзге бөлінгіштердің теріс іс-әрекеттері, бай мен кедейдің арасының алшақтауы, оралмандардың қоғамға кірігіп кетуіне бюрократиялық кедергілер сияқты негізгі жағдайлар қоғамдағы шешілуі тиіс ең көкейкесті мәселелерге айналуда. Тәуелсіздік жылдарында өмірге келген, білім алған орыс тілді қазақ жастарының өзгеше бір топқа айналып, қазақ тілін қасақана үйренуден бас тартуы қазақтардың ұлт ретінде ұйыса алмағанының бір көрінісі болғандай. Сонымен қатар, қазақтардың бойындағы өзін-өзі қорсыну, өзгелерді ұлық тұту қасиетінің де еркіндік алған жылдары жойылудың орнына өрши түсуі көзге ұрады.

Қарапайым халық арасында сыбайлас жемқорлықтың күнделікті орын алуы тиісті жағдай ретінде қабылдануы елдегі сыбайлас жемқорлықтың үдей түсуіне де байланысты болса керек. Әлемнің 177 еліндегі жемқорлық жағдайын саралаған халықаралық Transparency Іnternatіonal ұйымының есебіне сәйкес, 2012 жылы тізімде 133-орында иеленген Қазақстан 2013 жылы төмендеп, 140-орынды иеленген. Мемлекеттік қызметте қаншалықты жоғары лауазым иеленсе соншалықты бай адам болатыны жөніндегі қарапайым адамдар арасында қалыптасқан пікірді соңғы жылдары лауазымды тұлғалардың бай-бақуатты өмірі жайлы қоғамда жайылатын деректер одан әрі бекіте түсуде. Ал, кезінде жоғарғы лауазымдарды иеленген саясаткер Ораз Жандосов қазіргі үкімет мүшелерінің жартысы миллиардер екендігі жайлы айтқанда оған ешкім таң қалмады деуге болады (http://news.nur.kz/263168.html). Заң алдындағы теңсіздік, заңдылық қағидасының декларативті сипатта болуы, мемлекеттік қызметтегі кәсібилілік қағидасының қаперге алынбауы, парламенттің ел алдындағы беделінің төмендігі, сыбайлас жемқорлықпен қатар мемлекеттік қызметте рушылдық, жүзшілдік, жерлесшілдік, фаворитивизм, непотизм сияқты құбылыстардың жан-жақты дамуы қарапайым адамдарды мемлекеттен тіптен алшақтатып жіберді. Қазақ қоғамының мүддесі мен мемлекеттің мүддесінің үйлеспеуі қоғам мен мемлекеттің өз бетінше дамуға бет алуына алып келді.

Материалдық құндылықтар басты орынға шыққан қоғамда дүние жинау ең басты мақсатқа айналғандай, ағайынның бір-біріне көмек қолын созуы, жұртшылық, жылу беру сияқты атадан қалған дәстүрлердің ұмыт қалуы, «әркім өзі үшін өмір сүрсін» қағидасының адамдар санасында мықтап орнығуы қазақтың қайырымды сипатын өзгертіп тастағандай. Қайырымдылық бойыншы «CAF» рейтінгінде Қазақстан 153 мемлекеттің ішінде 121 орынды иеленгені де қазіргі қоғамның қайырымдылықты қаперге алмайтынынан хабар бергендей (www.іnterfax.kz ). Ертеңге сенімнің болмауы, қоғамдағы өз орнын таба алмау, әртүрлі қажеттілік үшін банктерден кредит алып қарызға бату, жұмыссыздық, кедейлік қазақ қоғамында өз-өзіне қол жұмсаушылықтың өрістеуіне негіз болуда. Қазақстан жасөспірімдер мен жастар арасындағы суицидке қатысты әлем бойынша алғашқы орында. Бірақ бұл орын, жастар суициді көп кездесетін Қазақстан, Ресей мен Литва сияқты үш ел арасында ауысып тұрады. (Қазақстан жастар суицидінен алғашқы үштікте (www.azattyq.org). Өз еліне деген жылы сезімнің болмауы, ата-анасының бақытты ғұмыр кеше алмауына айналасындағы ортаны кінәлау, өз тілі мен дінінен өгейсіну нәтижесінде көптеген жастардың басты арманы шет елге кету, шет елде өмір сүру болып отырғаны өтірік емес.

Қазақтың санының өспеуі, қоғамды араққа құмарлық, нашақорлықтың жайлауы, адамдар бойында адами құндылықтарға енжарлықтың күшеюі бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне айналды. Қазақы дәстүрден ажырап қалған қоғамда ұлттық құндылықтар өзіндік бағаға ие болмауда, қазақтың ұлттық символы болған құндылықтар өзгелердің еншісіне айналуда (қымыз, көкпар, киіз үй, шұбат, айтыс және т.б.). Дәстүрлі қазақ қоғамында қалыптасқан көп әйел алушылық институты кезінде орын алған қиын жылдарда ұрпақтың санын көбейтіп, жесір мен жетімді жылатпаудың бірден-бір жолы ретінде қарастырылғаны тарихтан мәлім. Ал, қазіргі қазақ қоғамында көп әйел алудың басты мақсаты ер адамның жеке нәпсісін қанағаттандыру мен өзгелер алдындағы беделінің өлшемі болып қалды (Многоженство стало в Казахстане символом престижа іnform.kz/rus/artіcle/2502266). Тіпті, кейбір депутаттардың қалыптасқан неке жасын 14 жасқа дейін түсіруді алға тартуы қоғамда әртүрлі пікір тудырғаны да бар (В РК предлагают снизить брачный возраст до 14 лет /kapіtal.kz/.../v-rk-predlagayut-snіzіt-brachnyj-vozrast-do-14-let.html ).

Осы тұрғыдан алып қарағанда бүгінгі қазақ қоғамын жайлап алған депрессия, бойкүйездік, өмірден түңілу, ертеңге сенімсіздік, өмірге наразылық, ашушаңдық пен салғырттықтың өрістеп дамуына, әр адам бойындағы ұлттық рух пен ұлттық мақтаныш сезімінің оянбауына, ұлттық намысты жеке, рулық намыс жолында құрбан етуіне не себеп болғанын да қарастырған жөн болар.

Себебі неде?

Қоғам әр кезде де рухани, діни, мәдени өсу үшін өзіне бағыт көрсетілуін қажет етеді. Әрине, мұндай жағдайда бағыт көрсетуші ең алдымен билік және интеллигенция, аристократия болатыны анық. Дегенмен, қазан төңкерісін бастан өткерген қазіргі қазақ қоғамында сан ұрпаққа жалғасқан ақсүйек, текті әулеттердің жоқ екендігіне ешкім дау айта алмас, ал аталмыш салаларда бағыт көрсетіп үлгі боларлық билік пен интеллигенция өз міндетін қалай атқаруда деген сауал ойға оралары сөзсіз. Қазақтан шыққан байлар мен байшыкештердің ата-баба дәстүрін қайта жаңғыртуда өзімшілдікке (көп әйел алу дәстүр бойынша ұрпақ қалдыру мақсатында болса, бүгінгі күні мақтанқұмарлықтың көрінісі), ысырапшылдыққа (көп қазақ күнін көре алмай жүргенде оларға көмек беруден бас тартып, әртүрлі той-томалаққа шет елден әнші-биші шақырып, миллиондаған долларды төлеуі) баруы, қазақ интеллигенциясы өкілдерінің өз миссиясын шатастырып алуы (интеллигенцияның билікке қызмет етіп, халықтың сөзін сөзін сөйлеуді доғаруы), биліктің қоғам мүддесін мемлекет мүддесінен айырып алуы (тек уақылы мәселелердің алдыңғы қатарға шығып, болашақ жайлы ұмыт қалуы) қоғамның деградацияға ұшырауына өзіндік әсерін тигізуде. Әрине, бұл тұста мемлекеттің қазақ ұлтының мүддесіне сай жасалған ұлттық идеологиясының болмауы да ұлттың басының бірігуіне өзінің теріс әсерін тигізетінін айтпай кетуге болмайды. Қоғамның алға жылжуы немесе артқа кетуін тікелей мемлекетпен байланыстырудың ағаттығы бола қоймас. Себебі, ықылым заманнан бері мемлекет қоғамның дамуы немесе кері кетуінің басты себепкері болуда. Бүгінгідей ақпараттық кеңістікте еркіндік туындаған заманда адамдар бұрынғыдай емес әлемдегі болып жатқан оқиғалардан, өзге елдегі адамдардың тіршілігінен хабар алудан кенде болып жатқан жоқ. Осының өзі белгілі бір деңгейде адамдар санасында сан түрлі сұрақтар туындатып, оларға жауап табуға ұмтылысты түртпектеуде. Қоғамда орын алған әділетсіздіктерге қарсы әрекет етуге қауқарының жоқтығына, нақты мәселені шешу үшін халықтың басының бірікпейтіндігіне көз жеткізіп өз тарапынан ешнәрсені өзгерте алмайтындығын мойындаудың өзі адамдардың бойындағы ертеңге деген сенімді сейілтіп, өмірге деген ынтасын тежері сөзсіз. Оппозицияның басшыларының өлтірілуі, көптеген өзгеше ойлайтын дарынды адамдардың жұмбақ жағдайда қайтыс болуы, кейбір оппозициялық лидерлердің түсініксіз себептермен өз ұстанымдарынан бас тартуы адамдардың саясаттан алшақтауына алып келді. «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деп жырлаған Мағжан ақын секілді көпшілік көзі ашық, көкірегі ояу адамдардың депрессияға түсіп, өмірден баз кешуінің сыры осында болса керек. Қазақ тарихының дербес ойлы ғалымдардың пікіріне сүйенбеуі, тарихты бұрмалау, қазақта мемлекеттіліктің болуын жоққа шығару, ескі тарихты зерттейтін, сақ, ғұн дәуірінен бұрынғы тарихты қаузай алатын мамандардың болмауы, тарихшылардың тәуелсіздік жылдары жайлы жылнама жазумен әуестенуі қазақтардың өз тарихына сенбестікпен қарауына алып келді. Тіпті, соңғы хан Кенесарының басының елге қайтарылмауы, оның атқарған істерінің жағымды сипатта насихатталмауы да ұлттық рухтың оянуына кері әсерін тигізуде. Мемлекет саясатында алдыңғы орынға экономиканың шығуы қоғамның рухани тоқырауына алып келетінін уақыт дәлелдеуде. Себебі, материалдық құндылықтардың мемлекеттік деңгейде алдыңғы қатарға шығуы қоғам мүшелерінің материалдық құндылықтардың құлына айналуына ықпал етеді. Мұндай қоғамда ұлттық мүдде, ұлттық құндылықтар жеке мүдде мен жеке материалдық құндылықтардың көлеңкесінде қалып қояры сөзсіз. Тағы бір ескеретін жайт, қоғамның әртүрлі адамдардан құралатындығы, яғни, қоғам мүшелерінің ойлау деңгейі, қабылдау деңгейі, дүниетанымы мен өмірге көзқарасының әртүрлілігі. Осы тұрғыдан алып қарағанда қоғамды жүгенсіз жіберу, яғни, қоғамға рухани бағыт бермеу ондағы мәселелердің шиеленісуіне алып келеді. Осы тұста рухани азық пен саяси бағыттаудың ара жігін ажырата кету орынды болар. Рухани азық қоғамның әрбір мүшесінің адами қасиеттерінің дамуына жанама болса да әсер етуге бағытталған шаралардың жиынтығы (әдебиет, өнер, мәдениет және т.б.), ал саяси бағыттау қоғам мүшелерін нақты биліктің ұстанымдарына сәйкестендіру, яғни, адамдардың билікке ыңғайланып, соның ұсынған идеяларын бойына сіңіруі. Мемлекеттің қоғамның рухани қажеттіліктерін қаперге алмай, саяси бағыттау жұмыстарына бел шеше кірісуі қоғам мүшелерінің бір бөлігінің рухани азғындауына, олардың бойындағы адамгершілікке жат жағымпаздық, екіжүзділік, сияқты мінез-құлықтардың қалыптасуына әсер етеді. Сонымен қатар, саяси бағыттау жұмыстарының қарқынды жүргізілуі қоғамның жас мүшелерінің арасында жеке басқа табынушылықты, саяси надандықты қалыптастыратыны анық. Саяси бағыттау қоғам мүшелерінің бір бөлігінде керісінше, наразылықты, билікке қарсылықты, құқықтық нигилизмді, анархиялық көңіл-күйді дамыта алады. Қазақстан үшін көлеңкелі экономика да - ірі мәселе. Халықаралық ұйымдардың дерегінше, соңғы 20 жылда Қазақстаннан 123 миллиард доллардан астам қаржы шетелге кеткен. Қаржы полициясының зерттеуінше, 1994-2013 жылдары жемқорлық салдарынан мемлекетке 7,5 миллиард доллар көлемінде зиян келген. (Қазақстандағы мемлекеттік органдар «ең жемқор сала» ретінде айтылды www.azattyq.org). Экономиканың шикізаттық сипатынан арылмауы, керісінше, кеңестік кезеңде болған өндіріс орындарының жаппай жабылып, ал кейінгі жылдардағы ашылған зауыт-фабрикалардың тек көз бояушылық, есеп беру үшін ашылып, ешқандай жұмыс істемеуі халық арасындағы жұмыссыздықтың ұлғаюына жол ашты. Өз кезегінде жұмысы жоқ адамдар кедейлердің шебін толықтырып, қоғамдағы қылмыстылықтың артуына ықпал етуде. Экономиканың алып-сатарлыққа негізделуі, салық саясатының өндірушілер мүддесіне сай болмауы кәсіпкерлердің үстеме пайданы басшылыққа алып, болашақ үшін, ел ертеңі үшін өндіріс орындарын ашып, халықтың болашақта игілігіне асар дүниелерді қолға алып қажет салаларда жұмыс жасаудан бас тартуына себеп болуда. Нәтижесінде бұрынғы зауыт-фабрикалардың орнына замануи ойын-сауық, сауда орындары көптеп салынып, халық тек импортқа тәуелді сипатқа түсті. Осы тұста саяси мемлекеттік қызметшілердің өздері жүргізген реформалар үшін жауапсыздығын да айта кетуге болады, яғни, кез-келген министрдің шет елде болғанда көрген жағдайды қоғамның ерекшеліктерін қаперге алмай өмірге ендіру үшін реформа жүргізіп, оны аяқсыз қалдыруы немесе ол реформаның нақты бір саланы кері кетіруі және сол үшін ешқандай жауапкершілікке тартылмай өзге саланың құлағын ұстап кетуі қоғамда билікке деген сенімсіздікті күшейтті. Жалпы ұлттың өсуіне тікелей ықпал жасап отырған ауыл халқының кедейлікке ұрынып, жұмыссыздық салдарынан үлкен қалаларды паналауы қазақ халқының өсіміне кері әсер еткені дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Қалаларға келген баспанасыз қазақтар тапқанын пәтер ақысына беріп, үйсіз-күйсіз бейшара халде денсаулығынан айрылып, қалалы жерде бала бағу қиын болғандықтан тууды шектегені табиғи өсімге кері әсер етуде. Соңғы жылдары тек сырттан келген қандастар есебінен толыққан халық саны көші-қон заңнамасына енгізілген жаңа өзгертулерден соң тіптен азайып кетуі ықтимал. Сонымен қатар, экологиялық ахуалдың жақсармауы, керісінше, қазақтар жиі қоныстанған оңтүстік өңірлерде адам денсаулығы үшін аса қатерлі уран кеніштерінің ашылуы, уранды ашық тәсілмен өндіру жергілікті халықтың санының азайып, ұрпақтың түрлі ауруларға ұшырауына алып келуде.

Не істеу керек?

Ең алдымен бар қазақтың басын көтертіп, еңсесін тіктеу үшін ұлттық рухтың оянуы қажет. Үш ғасыр өзгенің тепкісінде болып, ұзақ уақытқа созылған отарлау саясаты негізінде ойлана алатын адамдарының көзі құртылып, әртүрлі қуғын-сүргіннен есі кеткен ұлттың ұлттық рухын оятуда тек рухани азық қана емес, адамдарға үлгі боларлық іс-әрекет те қажет етіледі. Бұл іс-әрекет ұлтқа үлгі боларлық деңгейде болғаны абзал. Әрине, мұндай іс-әрекетке жекелеген адамдардың істеген батырлықтары, ерлік істері мен еліне атқарған қызметтері, сөйлеген сөздері, жазған мақалалары, үндеулері, ұрандары, жатқызылуы мүмкін. Бірақ, халық көбінесе биліктен үлкен істерді күтеді. Қазіргі жағдайда ұлттық рухты көтеруде ең басты мәселе тарихи орын алған жағдайлардың бүкпесіз баяндалып, оған кінәлі тұлғалардың әшкереленуі болып отыр. Қазақ интеллигенциясының қуғындалуына кінәлілер анықталып, аштықтың әдейі жасалған геноцид екені нақтыланып, 1986 жылғы оқиғаға ұлт-азаттық көтеріліс дәрежесі беріліп, оған қатысты шындық жариялануы керек. Сонымен қатар, аталған жағдайларға тікелей қатысы бар, кезінде өз мүддесі үшін ұлтын сатқан адамдар туралы шындық айтылып, олардың жасаған қылмыстары әшкереленсе болашақта өз істерінің де осындай әшкере болатындығын, ұрпақтары үшін ұят іс болатынын ойлап кейбір лауазым иелері ұлт мәселесіне абайлап қарайтын болар еді. Қазақ тарихының ақтаңдақтары халық арасында ашық насихатталып, шындық бүкпесіз айтыла бастаса ұлттың да еңсесі көтеріле бастары анық. Ұлттың басын ұйытатын ұлттық идеологияны қалыптастырып, оның жүзеге асырылуын мемлекет тарапынан қолға алу, ұлттық идеологияны тек идеялармен ғана шектеместен нақты іс-шаралармен байыту қажет. Ұлттық тәрбие мәселесінің қолға алынуы кезек күттірмейтін мәселе. Отбасында ұлттық рухта тәрбие ала алмаған адамның кейіннен әртүрлі діни ағымдар мен секталардың жетегіне ілесуі оңай, сонымен қатар, ұлттық тәрбие алмаған ұрпақтың өз еліне деген, жеріне деген сүйіспеншілігі соншалықты жоғары дәрежеге көтеріле алмайды. Соның салдарынан өзге мәдениетті қабылдау, өзгелерге еліктеу сияқты әрекеттердің нәтижесінде маргиналдық топтар көбейе берері сөзсіз. Отбасындағы тәрбие ұлттық бағытта болуы үшін ақпараттық кеңістік ұлттық мүддеге қызмет етуі тиіс, сонымен қатар, ұлтты тәрбиелеуде заманауи ұлттық әдебиет пен ұлттық өнердің дәріптелуі қажет. Ұлттық тәрбиенің жаппай қолға алынуы мемлекет тарапынан ұлттық тәрбиеге үлкен көңіл бөлінуін талап етеді, ол ұлттық спортты көтеру, ұлттық ойын-сауықты насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұлттық мерекелерді жоғарғы дәрежеде ұлықтау арқылы жас ұрпақ санасында ұлттық мақтаныш сезімін оятумен ұштасады. Бірақ, бұл мәселе тек анда-санда ұйымдастырылатын бір реттік шаралармен шектелмеуі тиіс. Ұлттық заңнаманы ұлттың ұлттық ерекшеліктері негізінде түзу ұлттық сананың өсуіне оң ықпал ете алады. Осы мақсатта қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан әдеттік құқығының кейбір институттарын заманға сәйкес бейімдеп заңнамаға енгізу - кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Бұл өз кезегінде азаматтардың бойында өз ұлтына деген, оның тарихы мен әдет-ғұрыптарына деген силастық сезімдерінің ұлғаюына әсер етері сөзсіз. Сонымен қатар, дін мәселесінің мемлекет тарапынан қатаң түрде бақылауда болып, қазаққа жат ағымдардың таралуына заңмен шек қою ұлттың ұйысуына оң ықпал етері сөзсіз. Қазаққа кім идеал бола алады деген мәселе де күн тәртібіне қойылуы тиіс, яғни, ақпарат құралдары бай және атақты адамдар жайлы айта бергеннен қарапайым адамдардың психикасы бұзылып, өмірге деген наразылықтың ұлғаятындығын түсінуі тиіс. Оның орнына қазақтан шыққан текті адамдар, өз шындығымен өмір сүрген азаматтар, тіпті, үлкен іс тындырса да еңбегін бұлдап әркімнің табалдырығын тоздырмай еңсесін тіктеп өткен адамдар жайлы ақпараттар насихатталғаны абзал. Ұлттың санын арттыру да ең маңызды мәселе ретінде қарастырылуы тиіс, оны жүзеге асырудың екі жолы бар, оның ең маңыздысы шеттегі қандастарды елге көптеп қайтарып, олардың нақты аумақтарда қоныстанып, жерге иелік етуіне мүмкіндік беру. Яғни, шеттен келген қазақтарға ауыл шаруашылығымен айналысуы үшін құнарлы жерлер ұзақ мерзімді жалға берілуі қажет. Екіншіден, ана мен бала денсаулығына қажет бала туу үшін берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі ұлғайтылып, адамдардың денсаулығына кері әсер ететін шикізат өндірушілерге талапты қаталдатып, экологиялық заңнаманы бұзғандарға жауапкершілікті күшейту қажет. Сонымен қатар, қазақтардың қалаға қарай үздіксіз көшін тоқтату үшін ауылдық жерлерде ауыл шаруашылығын дамытудың жаңаша саясатын қалыптастырып, ауыл адамдарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді шаралар қолға алынуы қажет. Әсіресе, бұл ауыл шаруашылығына дотация беру мен жеңілдетілген кредит мәселесінің қайта қаралуын талап етеді. Негізгі мәселелердің бірі мемлекеттің басты саяси ұстанымын өзгерту болып табылады, алғаш тәуелсіздік алған жылдардағыдай емес қазіргі кезде мемлекеттің шикізатқа негізделген экономикалық әлеуеті жақсарғанын ескеріп ендігі жерде қазақ мемлекетінде басты орынға экономика емес саясат шығуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет қазақ мүддесіне негізделген, ұлттық тіл, дін, діл мәселелерін жоғарғы деңгейде қарастыра алатын саясатты қолға алуы тиіс. Сонымен қатар, мемлекет экономиканың нақты саласы бойынша өз мүмкіндіктері шегінде мамандануы тиіс, яғни, қазақ жерінен шыққан мұнайды тек шикізат күйінде шет ел асырмай мұнай өнімдерін өндіруді жолға қойып, мұнай өңдеу зауыттары модернизациядан өткізіліп, саны көбейтілуі, сөйтіп, мұнай өнімдерінің импорты қысқартылуы қажет, сонымен қатар, ауылшарушылық өнімдерін өңдеу ісі де жолға қойылуы тиіс. Осы тұста демократияны дамыту, оппозицияның мемлекетте болуын қалыпты жағдайға айналдыру, өзге ұлттардың қазақ ұлты маңына шоғырлануын, ұлтаралық бірлікті қазақ ұлтының мүддесіне нұқсан келтірмей нығайту, құқықтық мемлекет идеалдарына берік болып, заңды мемлекет тарапынан құрметтеу, мемлекеттің қоғам алдында жауаптылығын арттыру қажеттігін де айта өтуге болады. Жалпы алғанда өтпелі кезең үшін аса маңызды болған қазіргі мемлекеттік басқару нысаны өзгертілуі қажет, яғни, елді басқару қазіргі супер президенттік сипаттан президенттік басқарудың классикалық нысанына ауыстырылуы тиіс. Әр билік тармағының тек заңға ғана бағынышты болуын конституция арқылы бекіту көп мәселенің шешімін табуына ықпал ете алады. Еуразияшылдық саяси бағыттан түрікшілдікке бет бұрып, Үлкен Түркістан идеясын жаңғырту - уақыт талабы. Дәл қазір қазақ ұлтының өзі мемлекетте абсолютті көпшілікке айналып, біртұтастыққа қол жеткізе алмай отырған шақта парламенттік республика құру немесе билікті орталықсыздандыру сияқты идеяларды жүзеге асыру қазақтың ұлттық мүддесіне сай келмейтіндігін ескеру өте орынды болар еді. Сонымен қатар, мемлекеттік биліктегі ескі стильде басқаруды меңгерген бұрынғы коммунистік партия өкілдерінің орнына жаңаша ойлайтын, еркін, ұлтшыл буынның келуі мемлекеттің жаңаша серпінмен дамуын қамтамасыз ете алары сөзсіз.

Қазақтың мұраты не?

Ұлт тағдыры сол ұлттың мүшелерінің қолында, сондықтан, әр қазақ өз ұлты үшін жауаптылықты сезінуі қажет. Өзге ұлт немесе өзге мемлекет қазақтың қамын ойлайды немесе қазаққа жаны ашиды деу үлкен қателік болар еді. Тек қазақ қана қазақтың жанын түсіне алады, қазақтың мұқтаждығын сезіне алады. Ол үшін әр қазақ өзін қазақпын деп ұғынып, қазақтығын сезінуі тиіс, қазақтығын мақтаныш көруі қажет. Бар қазақ бір арман-мұрат жолына бірігуі тиіс, сол арман-мұрат қана қазақ қоғамын алға сүйрей алады. Ұлттық мүддеге жеке мүдде бағына отырып, әр қазақтың жеке арманы ұлттық мұратқа ұласуы шарт, билікте отырған қазақ та шаруада жүрген қазақ та ұлт мұратына адал болуы тиіс. Кез-келген қазақтың арман-мұраты әрине, қазақы дүниетанымға сәйкес келетін, қазақы құндылықтарды басшылыққа алатын, біртұтас, тілі, діні, ділі ортақ, қазаққа жаны ашитын, өзін шетке теппейтін, өмір сүруіне қолайлы ортада тірлік ету. Қарапайым қазақ өзін қазақ қоғамының толыққанды бір бөлшегі ретінде сезінуі үшін оған ешқандай да атақ пен даңқтың, қызмет пен мансаптың, байлық пен бақуаттың қажеті жоқ. Ол үшін ең маңыздысы өзінің қазақ қоғамына керек екендігін сезіну ғана. Бұған қол жеткізудің жалғыз жолы бар қазақтың ойының бір жерден шығуы, бар қазақтың бір қазақ екендігін мойындауы.

Бір мезгілде екі әйелмен некеге тұруды құқықтық реттеу мәселесі

Өміржанов Е.Т. з.ғ.к., доцент, Сулейман Демирел атындағы университет, Қаскелең

Әр мемлекеттің сол мемлекеттегі автохтонды ұлт ерекшеліктеріне сай келетін өзіндік ұлттық заңнамасы болады. Осы тұрғыдан алып қарағанда бүгінгі қазақстандық заңнама көп жағдайда мемлекет негізін құраушы ұлттың ұлттық ерекшеліктеріне сай келмей жатады немесе ұлттық ерекшеліктерді қаперге алмай жасақталуда. Кезінде академик С.Зиманов, профессор С.Өзбекұлы және басқа да заңгер ғалымдар ұлттық ерекшеліктер мен ұлттық менталитетке негізделген, қазақтың әдеттік құқығынан элементтерді жаңа заманға лайықтап қайта енгізген ұлттық заңнама құру қажеттігін сан мәрте атап өткен болатын. Ұлттық ерекшеліктерді ескермеу салдарынан ұлттың мүшелері арасында орын алып жатқан кейбір қарым-қатынас түрлері заң шығарушы тарапынан ретке келтірілмей, ал орын алған қарым-қатынастардан туындаған даулы мәселелер заңнамадағы олқылықтарға әкеліп соқтыруда. Осындай, заң шығарушы тарапынан ескерілмей жатса да қоғамда үлкен қолданысқа ие қатынастардың бірі екі әйелмен отбасын құру болып табылады. Қазіргі қазақстандық қоғамда екі әйел алуға байланысты оның жаңа заман талаптарына сәйкес келмейтіндігі, адам құқықтарына кереғар түсінік екендігі жайлы пікірлер көптеп айтылуда. Сонымен қатар, екі әйел алушылықты заңдастыру көпұлтты және көп конфессиялы қазақстандық қоғамда басқа дінге сенушілердің құқықтарына нұқсан келтіретіндігі жөніндегі, бірнеше әйелге үйленген кәрі еркектің әйелдердің барлық қажеттіліктерін қанағаттандыра алмайтындығы турасында және қоғамдағы қалыптасқан адамгершілік қағидаларына сай келмейтіндігі және өзге де ойлар баспасөз беттерінде жиі жариялануда [1, 1 бет]. Дегенмен, екі әйел алушылыққа қарсыласушылармен қатар бұл ойды қолдап, оны заңды түрде бекітуге қолдау көрсетушілер қарасы да аз емес. Қазіргі ақпарат құралдарында жарияланған әртүрлі жазбаларда авторлар бірден бірнеше әйел жайында ой қозғап, олардың көптің бірі ретіндегі бейшара қалыптарын тілге тиек етеді. Әрине, бір ер адамға бірнеше әйелдің телінуі қазіргі қоғамда толықтай қолдауға ие болады дегенге өз басым сене алмаймын. Себебі, бірнеше әйелмен бір уақытта заңды некеге тұрып, олардың барлық қажеттіліктерін өтеу екінің бірінің қолынан келмесі анық, сонымен қатар, өзімен қатар бірнеше күндесінің болуына көп әйел де келісімін бере қоймас. Сондықтан, мәселенің мәнін айқындап алу керек, яғни, қазіргі қазақстандық қоғамда қосалқы некені заңдастыру турасында айтылғанда оның тек «екі әйел алушылықты заңдастыру» екендігін нақтылап алу қажет. Жалпы, қазаққа көп әйел алушылық жат емес екендігі әркімге де анық жайт болар, пайғамбар заманында да, кейінгі қазақтың басынан өткен жаугершілік заманда да көп әйел алушылықтың басты мақсаты жетім мен жесірді жылатпай, оларға қорған болуды басшылыққа алудан туындаған жағдай ретінде халық санасына сіңірілген болатын. Яғни, көп әйел алу адамның әлеуметтік мәртебесін айқындайтын атрибут немесе ер адамның жеке нәпсісін қанағаттандырудың амалы болған емес. Мұнда жекелеген ер адамның жеке мүддесін ортақ мүддеге бағындыру арқылы өз туысының иесіз қалған отбасына қорған болуы басты орында тұрды. Басты назар аударатын мәселе адамның өз ұлтының болашағы үшін жесір мен жетімдерге пана болуға ұмтылысы, яғни ер адамның жеке бас мүддесін ортақ мүддеге бағындыру арқылы өз өміріне өзгерістер енгізе білуі. Жаугершілік замандағы қазақ қоғамы үшін жан санының кемімеуі ең маңызды мәселелердің бірі болғандығын ешкім теріске шығара алмайды, одан кейінгі кездерде де отаршылық қамытын киген ата-бабаларымыз дәстүр жалғастығы ретінде, ұлт санын азайтпау, жеңіл қатынастарға тосқауыл қою, жетім-жесірлерге туысының қорған болуы мақсатында көп әйел алушылықты тәжірибеде жүзеге асырып отырды. Бірақ, басым жағдайларда көп әйел алушылық мәселесі қазақтың әдет құқығының негізгі институттарының бірі әмеңгерлікпен ұштастырылды. Ру-ру болып өмір сүрген қазақ қоғамында жесір әйел мен жетім балаға қамқорлық көрсету, ру намысы үшін ер адамдардың жақындарына қорған болуы басты мәселе етіп қойылды. Сәйкесінше, намысты ер азаматтың туысынан қалған жесірге қорған болуын оның некедегі әйелдері де қолдап отырды. Жалпы, қазақ қоғамындағы көп әйел алушылық мәселесін құқықтық реттеу шариғат заңдарымен әдеттік құқық нормаларының астасып, өзара кірігуі нәтижесінде жүзеге асырылып отырды. Әйел үстіне әйел алу мәселесінде исламның көп әйел алушылыққа қоятын талаптары орындалуы талап етілді. Мұсылман құқығы мұсылман ер адамға бір мезгілде төрт әйелге дейін үйленуге рұқсат берді. Бұл жайында Құранда былай баяндалады: «...Өздеріңе жаққан басқа әйелдерден екі, үш және төртке дейін үйленіңдер...»(Ниса, 3) Бірақ, мұсылман құқығында ер адам әйелдеріне тең қарай алмаса, көп әйел алу харам (тыйым салынады) саналады. Бұл туралы Құранда былай айтылады: «..Сонда егер тең ұстай алмаудан қорықсаңдар, онда біреу алыңдар...» (Ниса, 3). Яғни, көп әйел алуға ер адамның психологиялық, материалдық тұрғыдан дайындығы болып, әйелдеріне ешқайсысын алаламай теңдік қағидасы негізінде қарауы тиіс болды. Мұсылман құқығы көп әйел алу үшін келесі жағдайлардың болуын талап етеді: 1. Физиологиялық тұрғыдан күшті болып, бірінші әйелінің келсімімен басқа әйел алуға болады; 2. Бірінші әйелінің физиологиялық тұрғыдан кемістігі (тумайтын бедеу немесе әртүрлі ауруларға ұшыраса) болса, келесі бір әйелмен некеге тұруға болады; 3. Туған жерінен түрлі себептермен басқа елге өтіп кеткен жағдайда, алты айдан кейін басқа әйелмен некеге тұруға болады; 4. Соғыс жағдайында ері қайтыс болған жесір әйелдердің ешқандай қараушысы болмаған жағдайда немесе жоқшылықтан зина жасауға баруы мүмкін басы бос әйелмен некеге тұруға болады. Бүгінгі қазақстандық қоғамда көп әйел алушылықты қайта жандандыру мәселесінде бір ғасырға жуық уақыт бұл дәстүрдің қолданыста болмағанын, жаңа заман адамдарының оны қабылдау ерекшеліктерін ескере отырып жаңаша бағыттағы, жан-жақты ғылыми-талдау және насихаттау жұмыстарын жасаған орынды болар еді. Мәселе ретінде көтерілген соң, қазіргі қоғам мүшесі ер немесе әйел адам үшін екі әйел алу не береді деген сұрақты талдау орынды болар. Ең алдымен бұл екінші әйелдің қоғам алдындағы мәртебесі, яғни, қазіргі уақытта азаматтық неке арқылы отбасылы адамның серігіне айналған әйелдердің жасырын қатынастан бас тартып, заңды негізде нақты ер адамның жұбайына айналуы. Өз кезегінде айналасындағылар үшін көңілдес ретіне ғана танылған әйелдің осы қатынастардан туылған балалары үшін де некесіз туғандығын білу үлкен психологиялық соққы екендігін де ескеру қажет шығар. Екіншіден, екі әйел алуды заңдастыру екінші әйелдің құқықтық қорғалуына жол ашатын тетік болып табылады, екінші әйел ретінде заңды некеге тіркелу оның материалдық-құқықтық мәртебесін айқындауға негіз болып табылады. Ендігі жерде оның өз отағасымен бірлескен ортақ меншігі заңмен танылады, заңды негізде ортақ меншік негізінде кәсіпкерлікпен, шаруа қожалығымен айналыса алады және ол мүлікке меншік құқығы заңмен кепілденеді. Осы тұста екінші әйелмен некені заңдастыруға итермелейтін тағы бір жайтты ортаға салғым келеді, ол екінші әйел ретінде қатынасқа түскен көңілдес әйелдің ер адам алдындағы жағдайының мүшкілдігі, яғни, көңілдес бола отырып оның ер адамның еркіне бағынышты, тәуелді адамға айналуы. Олай дейтін себебіміз, нақты заңмен бекітілмеген, қоғамда теріс көзқарас тудыратын отбасылы еркекпен қатынас құрған әйел не заңмен не мемлекетпен қорғалмайды. Осыны білетін көптеген ер адамдар азаматтық некедегі екінші әйелдерді уақытша пайдалануды жөн көреді, егер бала туылып жатса одан бас тартады, егер материалдық жағынан көмек көрсету қажет болса одан басын алып қашады, мінезінен сәл өзіне ұнамайтын нәрсені тапса теріс айналады және т.б. Бір сөзбен айтқанда екінші әйел болуға бел буған әйелдің құқықтарының аяқ асты болуы көптеген әлеуметтік, құқықтық, психологиялық мәселелердің орын алуына алып келуде. Үшіншіден, екі әйел алу екінші әйелдің және одан туған балалардың мұрагерлік құқықтарына кепілдік береді. Яғни, отағасы қайтыс болған жағдайда екінші әйел және оның балалары отағасынан қалған мұраға тең мұрагер ретінде үлкен әйел және оның балаларымен қатар талап қоя алады. Төртіншіден, әйелінің денсаулығына байланысты балалы болмаған, кезінде жағдайы болмағандықтан бір баламен немесе қызбен шектелген отбасылардың қалыптасқан отбасын сақтай отырып ұрпақ санын көбейтуіне оң ықпал жасары сөзсіз. Егер жоғарыда мен екінші әйел үшін екі әйел алудың жағымды тұстарын баяндасам енді бірінші әйел үшін қолайлы жақтарына тоқталғым келеді. Әу бастан ата-бабаларымыз көп әйел алғанда ұрпақ көбейтуді негізгі мақсат етіп қойғаны анық. Соны ескерсек, қазіргі қоғамда қалыптасқан пікір бойынша көптеген баласыз отбасылардың немесе ұлттық ділге сай ұл баласыз отбасылардың ерлі-зайыптылардың өзара келісімі негізінде ажырасып ер адамның жаңа некеге тұруына жағдай жасайтындығын білеміз. Осы тұста туындайтын сұрақ бала сүймеген немесе бір қыз баламен шектелген әйелдердің мүддесінің қорғалмауы. Яғни, белгілі бір жасқа дейін отағасына қамқор болып, оның материалдық жағдайының жақсаруына ықпал еткен, өмірін отбасына арнаған әйел адамның өзі қаламаса да амалсыздан ерімен ажырасуы. Ерлі-зайыптылардың мұндай жағдайға түсуіне қолданыстағы неке және отбасы заңнамасы себепші болуда, осылайша қаншама әйел орта жасқа келгенде сүйікті жарынан ажырап өз бетімен тірлік жасауға мәжбүр болуда. Сонымен қатар, бірінші әйелдің денсаулығының нашарлауы, соған байланысты жұбайлық міндеттерін орындай алмауы ер адамның суыт жүріске салынуына, маскүнемдікке бой ұруына, тіпті кейде әйелінен бас тартуына алып келіп жатқан жағдайлар да кездеседі. Осы тұрғыдан алып қарағанда екі әйел алуды заңдастыру бірінші әйелдің де өз отбасын сақтап, ерімен және екінші әйелмен келісімге келе отырып өмір сүруіне жағдай тудырары сөзсіз. Бесіншіден, қазіргі қоғамда кең етек жайған зина құру мәселесіне де екі әйелмен некелесуді заңдастыру теріс әсер етері сөзсіз. Осы арқылы ең бастысы басы бос әйелдер саны азайып, бұрын отбасын құрмаған ересек қыздардың өздерінің көңілі қалаған ер адамдармен заңды отбасын құрып, ұрпақ жалғастыруына жол ашылады. Менің ойымша, екінші әйел алу үшін ислам қағидаттары негізге алынуы тиіс. Себебі, қандай заң болмасын адамдар арасындағы жеке қатынастардың қандай болуы қажеттігін екшеп бере алмайды. Бұл тұста діни нормалардың ролі жоғары. Осы тұрғыдан алып қарағанда некеге тұру қарсаңында ер адамда некелесуші екі әйелдің өмір сүруіне ыңғайлы дербес екі үйдің болуы ең басты шарт болуы қажет. Қазіргі өмір ерекшелікеріне қарай некеге тұрушы екінші әйелдің өз үйінің болуы да осы шарттың орындалғандығын білдіре алуы лазым. Екіншіден, бірінші әйелдің екінші рет некелесуге еріне берген келісімі болуы қажет. Екі әйелмен некелесуші ер адам олардың бір-бірін танып, ортақ келісімге келуіне жағдай тудыруы керек. Үшіншіден, ер адам мен екінші әйел ретінде некелесуші әйел адамның арасындағы жас айырмашылығына қойылатын талап та заңмен бекітілуі қажет. Яғни, бай адамдардың адамгершілік қағидаларын аяққа басуына жол бермей, жасы үлкен ер адамдардың өзінің немересімен жасты қыздарға некелесуіне тыйым салынуы тиіс. Бұл мәселе кезінде данышпан Абай жазған Билер ережесінде қарастырылған болатын, осы ереженің 42 бабында некені бұзудың бір шарты ретінде «күйеудің қалыңдықтан 25 жасқа үлкен болуы» айқындалған [2, 73 бет]. Сол кездің өзінде Абай әйелдің жасы ұлғайған адамдар үшін ермекке айналмауын, ер адамның өзінен туған баласын аяғынан тік тұрғызып кетуіне ғұмырының жеткілікті болуын, жас қыздың еркінен тыс кәрі адамға күйеуге шығып қор болмауы қажеттігін алға тартқан. Төртіншіден, ер адамның екі әйелмен некелесуінің шекті жасы белгіленуі қажет, яғни, ер адамның физиологиялық, репродуктивтік ерекшеліктері ескерілуі тиіс. Бұл жекелеген пайғамбар жасынан асқан адамдардың өз қызығы үшін жас әйелдерге некелесіп, оларды тек мақтан үшін пайдалануына жол бермейді. Қазіргі кезде екінші некені жақтаушы ер азаматтардың көпшілігінің орта жастан асқан, бақуатты азаматтар екендігін ескеріп шекті жасты 60 жас ретінде белгілеу құба-құп болар еді. Сонымен қатар, барлық екінші әйелмен некелесуші ер адамдардың некелесуіне басты шарт ретінде олардың кешенді медициналық тексеруден өтіп, өз мүмкіндіктерін шамалауына жағдай тудыру заңмен бекітілуі шарт. Бесіншіден, екі әйелмен бір мезгілде некеде болуды заңмен бекіту арқылы радикалды ислам бағытындағы діни ұйымдардың немесе пайғамбар заманындағы өмірді көксеушілердің бір мезгілде бірнеше әйелмен некеде болуына және шариғат заңдарымен өз беттерінше талақ жасауына да шек қойылуы тиіс. Яғни, заңмен бекіту арқылы әртүрлі діни ұйымдар өкілдерінің шариғат заңдарын өз пайдасына жаратып, дінге бас ұрған жас әйелдерді өз нәпсісін қанағаттандыру үшін еркін пайдаланып жеңіл жүрісті әйелдерге айналдыруына қатаң тыйым салынуы қажет. Бір сөзбен айтқанда, екі әйел алу еріккен еркектердің мақтанғойлығын, нәпсіқұмарлығын, бұзық ойларын жүзеге асыру құралы емес, керісінше, өзіне және айналасындағыларға сыйластықпен қарайтын, есі дұрыс ер адамның өз жауапкершілігін мойнына ала отырып екі әйелге қамқорлық жасап, олардан туған ұрпақтарын дұрыс жолмен тәрбиелеуіне берілетін мүмкіндік болуы шарт. Екі әйелмен бір мезгілде некеде болу – заңмен адамдарға берілетін мүмкіндік ретінде қарастырылуы тиіс. Екі әйел алуды заңдастыру барлық ер азаматтардың орындауын талап ететін императивтік сипаттағы нормаларды дүниеге алып келмейді. Заң теориясында құқықты жүзеге асырудың жеке адамдар үшін үш жолы белгіленеді, құқықты сақтау, орындау және пайдалану. Екі әйел алушылық бұл өзіне заңмен берілген мүмкіндікті заң шегінде пайдалану болып табылады. Сондықтан, оны заңдастырудан қорқудың еш қажеті жоқ және оны еліміздегі басқа дін өкілдерінің құқығын бұзу ретінде түсіндіру мүлде қисынсыз. Себебі, әр адам өзі қалаған дінді ұстанады және сол дін талаптарына сай өмір сүреді, ал, мұсылман адам өзіне берілген мүмкіндікті пайдаланса одан өзге дін өкіліне келетін ешқандай зиян жоқ. Жалпы алғанда әр елдің өзіне тән ерекшеліктері болады, ұлттық заңнама сол елді мекендеуші саны басым ұлтқа бейімделіп жасақталынуы тиіс. Бұл көбінесе бір нәрсені жүзеге асыруға мүмкіндік беретін нормаларға байланысты болғаны жөн. Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа демекші, әр мемлекеттің ішкі ісіне, ішкі заңнамасына егер онда адам құқықтарын өрескел бұзумен байланысты, адамзат болашағына қауіп төндірумен байланысты әрекеттер орын алып жатпаса ешқандай өзге елдің немесе халықаралық ұйымның араласуға қақысы жоқ. Біздің заң шығарушы ішкі қарым-қатынастарды реттеуде өзгелердің тәжірибесіне сүйенуді, шет елдіктердің заңнамасына бой ұруды тоқтатып, ұлттық заңнаманы қалыптастыруда ұлттық ерекшеліктерді ескеруді басты орынға қоюы тиіс.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Многоженство... будете второй женой или мужем? opp.kz/forum/іndex.php?topіc=11909.80;wap2 2. С.Өзбекұлы. Абай және адам құқы, Алматы, Жеті Жарғы, 1995 ж.

Қазақстанның құқық жүйесінің ерекшеліктері жайлы

Өміржанов Е.Т. ҚазҰПУ Магистратура және PhD докторантура институты Саясаттану және әлеуметтік-экономикалық пәндер кафедрасының доценті

Мемлекет және құқық теориясында құқық жүйесі және құқықтық жүйе деген екі бір-бірімен тығыз байланыстағы санат қалыптасқан. Құқық жүйесі деп белгілі бір мемлекет аумағында қалыптасқан құқық нормаларының өз реттеу пәніне қарай институттарға, салаларға біріктірілу арқылы жүйеленуін түсінеміз. М.М.Рассолов құқық жүйесінің келесідей бөліктерін атап көрсетеді: құқық нормасы, құқық саласы, құқық подотрасль, құқық институты, құқықтың субинституты [2, 231 б]. Әр мемлекеттің құқық жүйесі сол мемлекеттің жүргізіп отырған саясатының көрсеткіші бола алады, қоғам мен мемлекеттің арақатынасын сипаттайды. «Система права формируется не только как нормативная основа деятельности организаций, трудовых коллективов, личности, различных форм демократии, но и становится интегративным инструментом. Суть интегративного начала, заложенного в системе права, проявляется в объединении всех норм права в единое целое с целью сплочения людей на основе принципов справедливости и законности, сохранения и упрочения позитивных общественных отношений, стабилизации складывающихся взаимосвязей внутри конкретных общностей» [10, 241 б]. Кез-келген құқық жүйесі белгілі бір құқықтық жүйенің құрамына кіреді және сол құқықтық жүйе ерекшеліктеріне қойылатын талаптарға сай келеді. Құқық жүйесі мен құқықтық жүйе бір-бірінің дамуына ықпал етеді, өзара сыбайласа дамиды. Құқықтық жүйе тек құқық жүйесін ғана емес сол құқық жүйесімен байланысты пайда болатын құбылыстардың басын біріктіретін ұғым. «Құқықтық жүйе дегеніміз - әр мемлекеттерде қалыптасқан құқықтық реттеу және құқықты қолдануда өзіндік сипат пен ерекшеліктерге ие болған нормалардың, құндылықтардың, көзқарастардың, ерекшеліктердің жиынтығы» [1, 98 б]. Бұл екі санат бір-бірін толықтырып отырады, бірақ, құқық жүйесі мемлекетте орын алған құқықтық реформалар негізінде кейде бірнеше құқықтық жүйенің элементтерін бойына сіңіруі мүмкін. Бұған мысал ретінде қазақстанның құқық жүйесін келтіре аламыз, бүгінгі күні еліміздің құқық жүйесі романо-германдық құқықтық жүйеге кіреді, тіпті, кеңестер кезеңінде де социалистік құқықтың өзі сол патшалық Ресей аумағында қалыптасқан романо-германдық құқықтық жүйенің негізінде жасалған болатын. Сол себептен социалистік және романо-германдық құқықтық жүйелерде сырттай ұқсастықтар сақталып қалды, екі құқықтық жүйеде де құқық нормасы ортақ жүріс-тұрыс ережесі ретінде танылды, социалистік құқықтық жүйеде ескі заң терминдері мен құқықтың салаларға бөлінісі де сақталып қалды. Әйтсе де, социалистік құқықтық жүйенің өзгешеліктері басым болғандықтан ол өзінше дербес құқықтық жүйеге айнала алды. Социалистік құқықтық жүйені қалыптастыруда екі тәсіл қолданылды, біріншіден, жаңа құқықтық қайнар-көздер жасалынды; екіншіден, ескі құқықтық қайнар көздерді оларға жаңа әлеуметтік мән мен маңыз беріп пайдаланды [Рене давид қарау керек б]. Соиалистік құқықтық семьясы бұрынғы «социлистік лагерь деп көпке дейін аталып келген елдердің құқықтық жүйелерінен құрылған. Олардың өзіндік ерекшеліктері болған, ол таптық сипаттығымен байланысты болып келді. Социалистік құқықта жалғыз, әрі ең негізгі қайнар көзі нормативтік-құқықтық актілер болып есептелінді. Бұлар ең алдымен еңбекшілердің, артынан партияның басшылығымен халықтың мүддесі мен еркін көздейді деп көп жылдар бойы уағыздап келді. Тіпті нормативтік құқықтық актілердің өздері де «социализмнің» тұғырынан шыға алмай партиялық-мемлекеттік органдардың мүддесіне сай қабылданған құжат [5, 102 б]. Тәуелсіздік алған соң еліміз нарықтық экономикаға көшкендіктен социалистік құқықтық жүйеден романо германдық құқықтық жүйеге өтуде ешқандай қиындық болған жоқ. Нарықтық экономикаға көшу нәтижесінде еліміздің құқық жүйесін қалыптастыруда романо-германдық құқықтық жүйедегі мемлекеттердің нақты қоғамдық қатынастарды реттеудегі тәжірибесі кеңінен қолданылып, жаңа сипаттағы заңнама қалыптастырылды. Бірақ, жеке мемлекет болғандықтан, жаңа құқық жүйесін қалыптастыру жайлы тың идеялар да қоғамда орын алып отырды. Еліміз тәуелсіздік алған уақытта жаңа құқық жүйесін қалыптастыру мәселесі өткір болған тұстарда ұлттық бағыттағы заңгерлер құқық жүйесіне қзақтың әдеттік құқығының элементтерін кіріктіру мәселесін көтерген болатын. Сол кезеңде қазақтың біртуар ғалымы С. Өзбекұлы алғаш рет 1991 жылдың қаңтарында «Азат» газетінің №1 санында өзі жасаған Қазақ Республикасының Конституциясының жобасының мәтінін жариялап, талқыға салған еді. Жобаның 12-бабына сәйкес, Қазақ республикасының заңдары жергілікті халықтың дәстүрі, әдет-ғұрпы мен демографиялық ерекшеліктері негізінде қабылданады [8, 204 б]. Бірақ, қаншама ұсыныстар болса да мемлекет ұлттық заңнаманы қалыптастыруда қазақтың ділі мен ұлттық ерекшеліктерін ескеріп, жаңаша сипаттағы шешімдер қабылдай алмады. Бұл мәселе бүгінгі күні де өз өзектілігін жоя қойған жоқ. Еліміздің ұлттық құқықтық жүйесі роман-германдық құқықтық жүйесіне кіретін болса да онда өзіндік өзгешеліктер де бар. Соның бір көрінісі ретінде азаматтық кодекстің 3 бабының 4 тармағын келтіруге болады. Бұл бапқа сәйкес, азаматтық қатынастар, егер әдеттегі құқықтар, соның ішінде іскерлік қызмет өрісіндегі әдеттегі құқықтар Қазақстан Республикасы аумағында қолданылып жүрген азаматтық заңдарға қайшы келмесе, солармен реттелінуі мүмкін [6, 4 б]. Азаматтық кодекске берілген түсіндірмеде осы бапқа келесідей түініктеме беріледі: «Под обычаями, понимаются правила поведения, сложившиеся в данной местности или в данной этнической (социальной) группе населения по поводу имущественных или личных отношений, охватываемых в общей форме гражданско-правовым регулированием. Обычаи делового оборота – это правила, сложившиеся при осуществлении предпринимательской деятельности. Статья 3 гражданского кодекса допускает применение обычаев (обычаев делового оборота) при условии, что они не противоречат законодательству либо договору. Таким образом, обычаи подчинены законодательству и носят диспозитивный характер» [9, 35 б]. Бұл мысал арқылы ұлттық құқықтық жүйенің жалпы құқықтық отбасынан нақты мәселелерде өзгешелене алатынына көз жеткізе аламыз. Соңғы жылдары ғалымдар құқықтық жүйелерді жіктеуде өз ұлтының немесе туысқан халықтардың ертеден қалыптасқан құқығының ерекшеліктерін басшылыққа алып құқықтық жүйелерді бөліп қарастырады. Мысалы, С.Өзбекұлы дүниежүзілік құқықтық жүйені беске бөліп қарастырады: мұсылмандық құқықтық жүйе (діни), роман-германдық құқықтық жүйе, англо-саксондық құқықтық жүйе, дәстүрлік құқықтық жүйе, көшпелі өркениетінің құқықтық жүйесі [1, 98 б]. Ресейлік ғалым М.М.Рассолов болса құқықтық жүйелерді кейпіне қарай ұлттық құқықтық жүйе, құқықтық отбасылар, құқықтық жүйелер тобы деп қарастырады және келесідей құқықтық отбасыларды атап көрсетеді: англо-американдық, роман-германдық, дәстүрлік, мұсылмандық, үндістік, славяндық. Автор үндіс құқығының кезінде англо-саксондық құқық көлеңкесінде қалғанын жоққа шығармайды, ал, славяндық құқықтың роман-германдық құқықпен байланыстылығын атап өтеді [2, 237 б]. Жалпы, құқықтық жүйе көптеген мемлекеттерде қалыптасқан ұлттық құқықтық жүйелердің басын біріктіретін ұғым болғандықтан, авторлардың тарапынан ұсынылған пікірлерге келіспеушілік білдіруге болады. Ал, көшпелі өркениеттің құқықтық жүйесін, славяндық құқықтық жүйе мен үндіс құқықтық жүйесін ұлттық құқықтық жүйе деп айқындау дұрысырақ болар еді. Ұлттық құқықтық жүйенің басты ерекшелігі сол ол белгілі бір мемлекет аумағында қалыптасады, сол мемлекетте жүргізіліп отырған саясатқа қатысты дамиды және белгілі бір тарихи жағдайлар шеңберінде нақты құқықтық отбасының ерекшеліктерін бойына сіңіреді. Кей кездері ұлттық құқықтық жүйе толығымен жаңа құқықтық отбасының қарамағына өтсе (мысалы, қазақтың әдеттік құқығы), кей кездері өзіндік ерекшеліктерін сақтап қалуы мүмкін (мысалы, үндіс құқығы). Бірақ, ұлттық құқықтық жүйелер нақты құқықтық отбасына өзгеріс енгізе алмайды, олар тек өз аумақтарында ғана сол құқықтық отбасы шеңберінде өз ерекшеліктерін сақтау арқылы әрекет ете алады. Биылғы жылғы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында құқықтық жүйеге қатысты да біраз мәселе көтерілді, Президент әсіресе құқық қорғау саласына қатысты заң нормаларына жаңаша сипат беру қажеттігін ерекше атап өтті. «Жаңа онжылдықта біз өзіміздің экономикалық жоспарларымыздың табыстарын дәйекті саяси жаңғырту арқылы бекемдеп, саяси жүйемізді жетілдіруді жалғастырамыз. Және мұнда құқықтық реформа маңызды рөл атқаратын болады. Біз құқық қорғау жүйесін реформалау бойынша байыпты жұмыс жүргізуге тиіспіз. Бүгінде, өкінішке қарай, біздің барлығымызға тиімсіз басқарудан, құқық қорғау органдары функцияларындағы жанжалдан, тиісті кадрлық жұмыстың болмауынан, сондай-ақ ел құқық қорғау жүйесі қызметінде мөлдірлік пен бақылаудың жоқтығынан туындаған проблемалар анық көрінеді. Бұл сектор өткен жүйенің көптеген кем-кетіктерін сақтап қалған. Біздің жүйемізде жазалау айыптары 5%-дан аз болса, түзеу жұмыстары – 0,4%-ды, қоғамдық жұмыстар 0%-ды құрайды. Жазалаудың негізгі түрі бас бостандығынан айыру болып қалып отыр. Ешкім қамау орындарынан босағандарды оңалтумен айналыспайды. Осының салдарынан олар қылмыскерлер қатарын толықтыруда. Мен реформалардың бірнеше жалпы бағыттарын бөліп көрсетер едім. Бәрінен бұрын, құқық қорғау жүйесін оңтайландырып, әрбір мемлекеттік органның нақты құзыретін түзу керек. Біздің заңдарымызды ізгілендіріп, олардың сапасын арттыру қажет. Құқық қорғау жүйесінің қызметінде екпін ішкі ведомстволық мүддеден азаматтардың құқы мен мемлекеттің мүддесін қорғауға қарай ауыстырылуы тиіс. Бізге парламенттік және қоғамдық қатал бақылауды қамтамасыз ету керек болады, сондықтан әрбір құқық қорғау органының қызметінде есептілік пен бағалау жүйесін жетілдіру талап етіледі. Нәтижеліліктің өлшемі сандық көрсеткіштер емес, азаматтардың, заңды тұлғалар мен шетел инвесторларының сенімін арттырудың индикаторы болатын жұмыс сапасы болуы тиіс. Басқаша айтқанда, жаңа онжылдықта бізге демократиялық мемлекеттегі құқық қорғау қызметінің жоғары халықаралық стандарттарына сәйкес келетін жаңа құқық қорғау жүйесі қажет» [3, 6 б]. Әрине, мемлекеттегі құқық жүйесі халықаралық стандарттарға сәйкес жетілдірілуі қажет-ақ, дегенмен, дербес мемлекет болғандықтан, ондағы мемлекет негізін құраушы ұлттың ұлттық ерекшеліктерін негізге алып заң нормаларын қалыптастыратын уақыт жеткен секілді, әсіресе, бүгінгі күні еліміздің құқықтық саясатында аталып өткен салаларда ұлттық сипаттағы заңдар қабылдау уақыт талабы болып отыр. Осы құжатта жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты келесідей мәселе алға қойылады: «Развитие гражданской инициативы тесно связано с вопросами местного самоуправления. Этот институт, находящийся на стыке государства и гражданского общества, также требует своего укрепления и развития. В частности, необходимо с учетом накопленного опыта проводить не только разграниечение функций государственного управления и местного самоуправления, но и широко привлекать органы местного самоуправления к участию в реализации государственных функций, имеющих местное значение [4, 4 б]. Жоғарыда аталған құқықтық саясат тұжырымдамасының қылмыстық құқыққы қатысты бөлігінде келесі мәселе көтеріледі: «Важнейшим направлением развития уголовного права является определение возможностей поэтапного сокращения сферы применения уголовной репрессии путем расширения условий освбождения от уголовного наказания, прежде всего по отношению к лицам, не представляющим большой общественной опасности (несовершеннолетним, лицам, совершившим неосторожные преступления, к иным лицам – при наличии смягчающих обстоятельств) [4, 9 б]. Елімізде билер сотының атқара алар мүмкіндіктері турасында академик С.З.Зиманов «Билер әділ соты үстем болған арада талай ғасырлар өткеніне, қоғамдық саяси өмірде түбегейлі өзгерістер болғанына қарамастан бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Республикасының сот жүйелеріне билер әділ сот үлгілерін, номинациясын кең түрде енгізу төңірегінде пікірталасы жиі күн тәртібіне қойылуда. Біз үшін осы мәселенің қабылдануы немесе қабылданбауы маңызды емес. Ең маңыздысы – билер әділ сотының ел өміріндегі тарихи орнын мойындау, оның бүгінгі қазақ мемлекетін демократияландыру саясатында құнды қызмет атқара алатын мүмкіндігі болып табылады» [7, 26 б]. Бүгінгі күні Қазақстан үшін ең маңызды мәселе құқық жүйесіне өзгерістер енгізу арқылы өзіне тән ұлттық құқықтық жүйе қалыптастыру болып отыр. Ұлттық құқықтық жүйенің басты өзгешелігі онда қолданыстағы заңнамамен қатар тарихи қалыптасқан құқықтық жүйе, құқықтық тәжірибе мен құқықтық идеология қатар жүреді. Яғни, еліміздің нақты ұлттық заңнамасын қалыптастыру үшін тарихи негізде, ұлтымыздың сан ғасырлардан келе жатқан құқықтық нормаларын осы заманға сәйкестендіріп айналымға енгізу қажет.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Өзбекұлы С. Мемлекет және құқық теориясы. Алматы, Жеті Жарғы, 2006 ж. 2. Рассолов М.М. Актуальные проблемы теории государства и права. Москва, Закон и право, 2010 г. 3. «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы 4. Концепция правовой политики Республики Казахстан на период с 2010 до 2020 года. Предупреждение преступности 3 (27) – 2009 г. 5. Табанов С.А. Салыстырмалы құқықтану негіздері. Алматы, Жеті Жарғы, 2003 ж. 6. Қазақстан Республикасының азаматтық кодексі. Жалпы, ерекше бөлімдер. Алматы, Юрист, 2009 ж. 7. Зиманов С.З. Қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі. Алматы, Атамұра, 2008 ж. 8. Өміржанов Е.Т. Азат қозғалысы және Қазақстанның саяси-құқықтық ой-пікірінің тарихы. Алматы, Prіnt'S, 2009 ж. 9. Комментарий к гражданскому кодексу Республики Казахстан. Книга 1. Алматы, Жеті Жарғы, 1998 ж. 10. Бейсенова А.У. и др. Теория государства и права. Алматы, Атамұра, 2006 г.

Резюме

В данной статье рассматриваются некоторые вопросы касающиеся системы права. Автор на примерах Казахстана анализирует проблемы усовершенствования национальной правовой системы.

Resume

Іn thіs artіcle the author consіders some problems of system of law. The author analyses problems of іmprovement natіonal law system.

Мұстафа Өзтүріктің саяси-құқықтық көзқарастарындағы ұлтшылдық мәселесі

Аңдатпа мақалада автор қазақ халқының ардақты ұлдарының бірі Мұстафа Өзтүріктің саяси және құқықтық ұстанымдарына талдау жасайды. Ең алдымен автор Мұстафа Өзтүріктің өмірбаянынан қысқаша деректер келтіреді, оның Қазақстанға оралу тарихынан ақпарат береді. Мұстафа Өзтүріктің әртүрлі басылымдарға берген сұхбаттарына, ол туралы жазылған мақалалар мен естеліктерге сілтеме жасай отырып автор оның мемлекет пен құқыққа қатысты ой-пікірлерін талдайды. Мақала авторы Мұстафа Өзтүріктің тіл, дін, демократиялық құндылықтар, сөз бостандығы, саясат туралы көзқарастарын талдай отырып, олардың бүгінгі күнмен байланысын айқындайды, маңыздылығына тоқталады. Әсіресе, автор Мұстафа Өзтүріктің ұлтшылдыққа қатысты көзқарастары мен ойларын бөліп қарастырып, олардың бүгінгі күн үшін маңыздылығына тоқталады. Мақала авторы Мұстафа Өзтүріктің саясатқа араласып, өзінің саяси-құқықтық көзқарастарын батыл түрде ортаға салуының себептерін де ортаға салады.

Түйін сөздер: саясат, мемлекет, ұлтшылдық, сайлау
Омиржанов Есбол Токтарбаевич

Вопросы национализма в политических и правовых взлгядах Мустафы Озтюрк

Аннотация в статье автор анализирует политические и правовые взгляды одного из выдающихся сыновей казахского народа Мустафы Озтюрк. Изначально автор приводит краткую информацию о жизни и об истории возвращения Мустафы Озтюрк на родину. Ссылаясь на его интервью опубликованных в разных изданиях, а также на статьи и воспоминания о нем автор анализирует его политико-правовые взгляды. Автор статьи рассматривая его мнении о языке, религии, демократических ценностях, свободе слова, политике отмечает их значимость и связь с сегодняшним днем. Особенно, автор отдельно рассматривая его мнении и идеи о национализме отмечает их значимость на сегодняшний день. Автор также делится мнением о причинах его вмешательства в политику и открытого выставления своих политическо-правовых взглядов на общее обозрение.

Ключевые слова:политика, государство, национализм, выборы
Omіrzhanov Yesbol

Natіonalіsm іn the polіtіcal and legal vіews of Mustafa Ozturk

Abstract іn thіs artіcle author analyzes the polіtіcal and legal vіews of one of the greatest sons of the Kazakh natіon, Mustafa Ozturk. Іnіtіally, the author gіves an іnformatіon about hіs lіfe and hіstory of Mustafa Ozturk return to hіs homeland. Referrіng to hіs іntervіew publіshed іn varіous publіcatіons, as well as artіcles about hіm and memoіrs the author analyzes hіs polіtіcal and legal vіews. The author consіderіng hіs vіews on language, relіgіon, democratіc values, freedom of speech, polіtіcs marks theіr іmportance and relatіonshіp wіth the present tіme. Especіally the author consіderіng separately hіs vіews and іdeas about natіonalіsm marks theіr іmportance today. The author also shares wіth own opіnіon about the reasons of hіs іnterventіon іn polіtіcs and talk openly own polіtіcal and legal thoughts.

Key words: polіtіcs, state, natіonalіsm, electіons Әр мемлекеттің тарихи даму процесінде типінің, нысанының өзгеріске ұшырауы оның белгілі бір уақыт аралығында өтпелі кезеңді бастан өткеруіне ықпал етеді. Осы кезеңде мемлекет пен құқықтың ары қарай қалай бағытта дамуы, қандай өзгерістерге ұшырауы және жаңа құқықтық қатынастардың пайда болуы жайлы нақты бір тұлғалардың ойлары, көзқарастары, идеялары мен ұсыныстары ортаға салынып жатады. Қазақстан Республикасы да тәуелсіздік алған уақытта осы мәселелерге қатысты өзіндік идеялары мен көзқарастарын ортаға салып, еліміздің алға даму жолын айқындауға байланысты тек сөзімен емес, ісімен де көзге түскен азаматтар аз болған жоқ. Сондай мемлекет пен құқыққа қатысты өзіндік ерекше пікірі бар, саяси және құқықтық ойлар тудыра білген азаматтардың бірі Мұстафа Өзтүрік еді. Жалпы, саяси және құқықтық ой-пікірлерді қалыптастырып, олардың нақты мәселелерде негізгі идеяларға айналуы үшін оның авторының қандай мамандық иесі болуы маңызды емес. Ең бастысы, ол адамның өзі өмір сүрген кезеңдегі орын алып жатқан мемлекеттік-құқықтық құбылыстарға байланысты өзіндік дербес пікірі мен көзқарасының болуы және қалыптасқан жағдайды өзгертуге қатысты ұсыныстар жасай алуы. Таеквондодан қара белбеу 6-дан иегері, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы Мұстафа Кәбенұлы Әбдірахман 1954 жылы 23-қарашада Түркияның Қайсері қаласында дүниеге келген болатын. Орта мектепті Ыстамбұлда бітіріп, 1975-80 жылдары Тайванның Тайпей қаласындағы Халықаралық саясат университетіннен халықаралық журналист мамандығын игереді. Осы елде жүріп корейдің көне спорт өнері таеквондоны үйренген ол кейін Германияның Кельн, Мюнхен және Түркияның Ыстамбұл қалаларында өзінің таэквонда мектептерін ашты [1, 1 бет]. 1990 жылы көктемде Мұстафа Өзтүрік Қазақстанның билік өкілдерінің шақыртуымен тарихи атажұртына алғаш келеді.Ал 1990 жылы күзде Өзтүрік қазақ жастарын таэквондоға баулу үшін Қазақстанға біржола орнығып, 1991 жылы Қазақстан таэквондо федерациясын құрады. 1992 жылы Қазақстан Халықаралық таэквондо федерациясының (WTA) мүшесі болады. Осы жылы Мұстафа Өзтүрік Қазақстан азаматтығын алады. Мұстафаның елге келуі Кеңес Одағының күйреп, елде экономикалық қиыншылықтармен қатар, халықтың рухани тоқырауға ұшырауымен тұспа-тұс келді. Бұл кезеңде бұрынғы идеалдар жойылып, олардың орнына жаңа идеалдар мен ұрпаққа үлгі боларлық жаңа тұлғалардың қажеттілігі айқын болған еді. Сондықтан Мұстафа Өзтүрік тек спортшы ғана емес елін сүйген азамат ретінде өзгелерге үлгі бола білді. Тұтастай сол кездегі бір ұрпақ өкілдері Мұстафаны өзіне үлгі тұтты. Оның айтқан сөздері, халықтың алдында өзін ұстауы, көрсеткен өнері халықтың арасында елге, Отанға, болашаққа деген жаңаша көзқарастардың өрбуіне негіз болды. Мұстафа Өзтүріктің елге оралғандағы ең басты мақсаты Қазақстандағы таеквондо өнерін дамыту болды. Бірақ, ол өзі де байқамастан Қазақстан мен Түркияның арасындағы саяси байланыстың орнығып, дамуына жанама болса да әсер еткен еді [2, 1 бет]. Мұстафа Өзтүріктің саяси және құқықтық көзқарастарын талдау үшін оның елге оралған соң журналистерге берген сұхбаттарын, ол турасында баспасөзде жарық көрген материалдарды көптеп қарастыруға тура келді. Сондай материалдардан оның Отанға деген сүйіспеншілігі мен адалдығын көрсететін фразаларын жиі кездестіруге болады. Ол турасында жазылған естеліктердің бірінде журналистің сұрақтарына жауаптардың ішінде мынадай ой да кездеседі. «Көп сұрақтың ішінде «Елге келу ойда жоқ па?» деген «дежурный» сұрақ та жүр. Сауалдан жауап әсерлі шыққан. «Тырнақ еттен ажырамайды» дейді, енді мені туған елімнен ешкім де ажырата алмас!» [3, 1 бет]. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ұзақ жылдар бойы отарлық саясат теперішін көрген қазақ халқының ұлттық жаңару, ұлттық өзін-өзі тану мәселелері алдыңғы орынға орнықты. Бұрынғы интернационализм идеясының орнына ұлтшылдық идеясы алдыңғы қатарға шықты. Кеңестік идеология ұлтшылдықты тек теріс сипаттап, оған өз халқын өзгелерден жоғары көріп, басқаларға жек көрінішпен қарау деген сипатта анықтама бергендіктен, алғашқы уақыттарда жалпы қоғам үшін ұлтшылдықты қабылдау қиын соқты. Осы тұста Мұстафа Өзтүрік те өзінің ұлтшылдыққа қатысты идеяларын халыққа тарата білді. Ол ұлтшылдықтың өз ұлтын құлай сүю екендігін және ұлтшылдық өзге ұлттарға теріс көзқараста болу еместігін өзгелерге түсіндіруге барын салды. Оның ұлтшылдыққа қатысты ойлары мен көзқарастары тек сөзбен ғана емес, ол өзі түскен фильмдермен де елге таралды. Қазақ тілінен бөлек ағылшын, қытай, жапон, корей, неміс тілдерін меңгерген Мұстафа Өзтүрік Түркияда алты фильмге түскен. Айбынды азаматтың осылай «қазақ» дегенде өзегін суырып беруге бар екенін айғақтайтын деректер жеткілікті. Соның бірін Мұстафа өзі Түркияда жүргенде түскен «Алатай» көркем фильмінің кезінде күлтілсіз көрсетеді. Картинада мынадай бір эпизод бар. Өзімен прототип іспеттес Мұстафа деген таэквондошы жігіттің образын сомдаған ол бір топ қарақшымен шайқас кезінде жалғыз өзінің көпке төтеп бере алмасын сезгесін, құр босқа шейіт болып кетпеуді ойлап, қараңғы бір қуысқа тығылып қалады. Оны әрі-бері іздеп таппаған жендеттер басшысы сосын: «Шын Мұстафа болсаң, шық!», – дейді. Мұстафа селт етпейді. Жендеттер тағы: «Жігіт болсаң, шық бері!», – деп айқайлайды. Мұстафада үн жоқ. Бір кезде төзімі түгесілген бандит: «Ей, Мұстафа, қазақ болсаң, шық бермен!», – деп қайыра дауыс қосады. Сол кезде «қазақ» деген нәсілді бәрінен жоғары қоятын Мұстафа бір өзі жасанған жауға қарсы атып шығады. Лентаның сценарий нұсқасына тап осы көріністерді өз қолымен кіргіздірген Мұстафа осылай өзінің қазақ үшін нендей ерлік пен қорлыққа да баруға сақадай сай екенін айғақтап береді [4, 1 бет].

Ұлтшылдық арқылы адам бойында өз ұлтына деген мақтаныш сезімінің орнығып, өзінің қай ұлттың өкілі екендігін өзгелерге қымсынбай жариялап, өзін өзгелерден кем көрмеуге бейімделетіндігінің ұзақ жылдар бойы отарлық саясат шеңберінде өмір сүрген адамдар үшін маңызды екендігін Мұстафа Өзтүрік дәл сезіне білді. Ол өзінің әр сөзінде қазақ болып туғандығын мақтан етумен болды және өзгелердің де бойында ұлттық мақтаныш сезімін тудыруға тырысты. Мұстафаның белгілі шәкірттерінің бірі Исатай Қабеков: Біз одан Брюс Ли туралы сұраймыз. Сонда Мұстафа: «Брюс Лиді мен танимын. Асып-тасып жатқан өнері жоқ. Тек оның бет пішіні киноға түсуге лайықты болды. Әйтпесе, оны екі орайтын жігіттер де бар еді. Мен оны бір қасиеті үшін ғана сыйлаймын. Ол жүрген-тұрған жерінде «Мен - Қытайдың ұлымын!» деп мақтанып жүретін», - дейді. Бізге де Қазақ елінің намысын абыроймен қорғауды, туған жерді қадір тұту керектігін санамызға үнемі сіңіріп отыратын [5, 1 бет].

Мұстафа Өзтүрік өзі оралған Қазақстаннның сол кезде қалыптасқан жазылмаған заңдарына бағынған жоқ, кез-келген мәселеде өзіндік көзқарасы, ұстанымы болды. Оған мысал ретінде бір журналистің «Сізді Алматыға түскенде Қонаев ақсақалға барып шықты деп жүр ғой. Бұл оқиғаға таң қалғандар аз емес», деген сұрағына берген мына жауабы дәлел бола алады. «Барғаным рас. Оған таңданатын несі бар. Кейбір қателігі болды дегеннің өзінде, ол атамыз халқымыздың маңдайына біткен біртоға ұлдарымыздың бірі. Сол кезде заман сондай кері жүрді. Қателесуден тыс қалған қайраткер сирек. Бірақ, Қазақстан республика ретінде, қазақ ұлт ретінде, Қонаевтың еңбегі сіңбеді деп айта алмас. Сіздердегі бір теріс әдет, жоғары жақ айтса болды, ақ қарасын айырмай, сыпырып тастауға даярсыздар. Қонаев атаға айып тағылды екен деп, сырт айналу жараспайды. Кейін жылдар өткен соң ақтаған болып, өкінудің маңдайға тиетін кезі болған жоқ па?! Сондықтан да айтулы азаматтарымыздың адал бағасын көзі тірісінде беруден жаңылмау қажет. Менің ол кісіге батыл барып жүргенім сонау туған жерден жырақта жүрген бір шоқ қазақтың тілегі, солардың тапсырмасы. Сіздерді қайдам, біз Қонаевқа басқаша баға береміз. Бас кесек болса да тіл кеспек жоқ шығар» [6, 9 бет]. Бұл сөздер арқылы Мұстафа Өзтүрік әр адамның өзіндік саяси ұстанымы, саяси идеалдары болуы қажеттігін, сөз бостандығына шек қойылмау қажеттігін, елдегі билікке оппозициялық көзқарастағы адамдарға қоғамның теріс көзқараста болмау қажеттігін ортаға салады. Кеңестік идеология аясында қалыптасқан адамдардың санасының өзгеруі қажеттігін, қоғамда әртүрлі бағытта көзқарастар болуының демократиялық бағытқа бет бұрған мемлекет үшін қалыпты жағдай екендігін өзгелерге түсіндіруге тырысады. Мұстафа Өзтүрік өзі өмір сүрген қоғамда орын алып жатқан келеңсіздіктерге қатысты өзіндік ойларын ғана ортаға салып қойған жоқ, олардың болашақтағы салдарына да мән бере білді. Сол кездері елімізде ашық түрде жаппай насихат жүргізуші түрлі секталар мен діни ағымдар жетегінде кеткен жастарды дұрыс жолға салмаудың салдарының ауыр боларын ескертті. «Шет елден келген миссионерлер көбейіп барады. Олардың бәрінің ниеті адал, таза дей алмаймын. Ол аз болғандай сол үшін елден ақша жинайды. Ал, оның бір бөлігі шет елдерге кетіп жатыр. Ол өз кезегінде бізге қарсы жұмысқа жұмсалады. Біздің жастарымыз болса, ондай ықпалға тез көне салады. Арасындағы белсенділеріне ақша да беріп қоятын көрінеді. Қысқасы, Қазақстан олар үшін бос кеңістік сияқты. Егер біз жастарымызға ие бола алмасақ, ертең мемлекетімізге де ие бола алмаймыз» [7, 11 бет]. Осы уақытқа дейін мемлекеттен дербес дамыған әртүрлі діни ағымдардың қоғамды үлкен қиыншылықтарға душар еткендігін ескерсек, Мұстафа Өзтүріктің діннің мәнін түсінетін азамат ретінде еліміздегі дін мәселесіне мемлекеттік биліктің уақыт өткізбей баса назар аударуы қажеттігін айтуы, оның көрегендігінен хабар бергендей. Елімізде демократиялық қоғам орнауынан үміт күтіп және соған сенгендіктен Мұстафа Өзтүрік тікелей саясатпен айналысып, өз ұлтына қолынан келгенше қызмет етуге бел шешеді. Сөйтіп, 1994 жылы Мұстафа Өзтүрік Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі депутаттығына өз кандидатурасын ұсынады [8, 1 бет]. 1995 жылдың 22 қаңтарында өтетін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі депутатын сайлау күніне орай шығарылған «Еңбекшіқазақ» газетінде депутаттыққа кандидаттардың тізімі мен олардың сайлау алды бағдарламалары да қоса берілген екен. Газетте өзге кандидаттармен қатар Мұстафаның сайлау алды бағдарламасының орнына оның сенімді адамдарының (Қ.Нұрбеков, Ю.Галяшин, Б.Бейсекенов, Н.Жүнісбаев) «Мұстафаға дауыс беріңіздер!» деген тақырыппен үндеуі жарияланыпты. Онда Мұстафаның кейбір сөздері де цитатамен берілген. «Мен әлемдік даму мен өз республикамның, халқымның өркендеуі арасындағы өзгешелікті көзбен көріп жүрмін, мені Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің депутаты болуға итермелеген де сол. Батыста, әсіресе Түркия мен Германияда халқымыздың мыңдаған ұлдары өмір сүріп жатыр. Мен солардың жүрегіндегі арман-мүдделерін сіздерге жеткізуші елші болсам деймін. Ал, парламентке мүше бола қалған жағдайда ең әуелі, қарапайым халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаймын. Өйткені мен сол бір аласапыран жылдары адасып кеткен қазақтың бір жапырақ ұлымын. Енді, кіндігімді туған жеріме байладым!» [9, 3 бет]. Осы жағдай турасында Несіп Жүнісбайұлының естелігі келесі жайды баяндайды: «бір жарым екі ай мен негізгі сенімді өкіл болып Алматы облысының Қапшағай, Еңбекшіқазақ, Шелек аудандарын араладық. Жасыратыны жоқ, ел қоғадай жапырылып қарсы алды. Дастархан жайды, жүз пайыз дауыс береміз десті. Күндердің күнінде сайлау өтті. Депутаттықты 85 пайыз дауыспен Зәуре Қадырова деген әпкеміз жеңіп алды. Мұстафа 15 пайыз ғана дауыс жинады. Еңсеміз түсіп екеуміз бір-бір бөлмеде жатып алдық. Бір аптадан кейін ол үйіне, Мюнхенге кетті. Бір жарым айдай сонда жүріп, қайтып келген соң ұзамай қайтыс болды» [10, 22 бет]. Мұстафаның саясатқа араласып, ел алдындағы беделіне жүгініп Жоғарғы Кеңес депутаттығына сайлауға түсуі, халықты демократиялық құндылықтарды басшылыққа алуға үндеуі сол кездегі ел билігіне ұнамағаны анық, тіпті тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының өзінде бұрынғы коммунистік партиялық жүйе негізінде қайта құрылған атқару билігі заңдылық қағидасын ысырып қойып, командалық бағытта жұмыс істей бастағанын мына естелік арқылы көруге болады. «Кандидат кезінде Мұстафа Алматының іргесіндегі аудандардың біріне кездесуге барады. Сонда оны аудан әкімі ме, орынбасары ма, әйтеуір бір атқамінер қабылдайды. Мұстафамен сөйлеседі. Мақтанатындарын, құрметтейтіндерін айтады. Бірақ, оны депутат ете алмайды. Өйткені тапсырма жоғарыдан. Облыстан. Басқа кандидатқа. - Бізге жоғары жақ «отыр» десе отырамыз, «жат»десе жатамыз, - деп ағынан жарылады әлгі әкім-сымақ. – «Тоңқай» десе, тоңқаямыз. Мұндай намыссыздықты естігенде Мұстафаның тілі байланып қалса керек» [11, 7 бет]. Мұстафаның сайлауда жеңілуін көпшілік көзі ашық адамдар оған жасалған қысастық деп ұқты және ол турасында ашық пікір білдіріп те жүр. «Мұстафаны әйтеуір бір себептермен оны шеттетіп, депутаттыққа өткізбеді. Мұстафаның сағының сынғаны осыдан деп жорамалдаймын. Қазақстанда орын алып жатқан кертартпа нәрселерді, сыбайлас жемқорлықты, түрлі қиындықтарды көрді. Шетелде таза, демократиялық жолмен өмір сүрген азамат бұған төзе алмады. «Елім» деп келіп, кереғар жағдайға тап болғаннан кейін онымен күресе алмады. Қолдау таба алмады» [12, 36 бет]. Өзінің ұлт мүддесін мемлекет мүддесімен ұштастыра қызмет жасауға ұмтылысын, алдына қойған мақсатының өз елінің мақсатымен үндестігін, өзінің сол елі үшін қызмет етуге даяр екендігін ол ешқашан жасырған емес. Мұстафа Өзтүрік тіпті сайлауда жеңіліске ұшыраған соң да өзінің саясатпен айналысатындығын ашық мәлімдеген болатын, ол «Егер мен жақсы өмірді қимасам, Германияда қалар едім. Ал, мен саналы түрде өз халқыммен бірге болып, бар қиыншылықтарды бірге көруге бел будым. Адам өмірінде мақсат болуы керек. Ал ол мемлекет, халық мүддесіне сай келгенде ғана мағыналы. Мен қазір спортты қойдым. Есесіне қоғамдық қызметке кірістім. Жақында Еңбекшіқазақ ауданында өзімді депутаттыққа ұсынып көрдім. Өкінішке орай өте алмадым. Ол үшін халқыма өкпем жоқ. әйтеуір қолымнан келгеннің бәрін істеймін. Егер біз қазір егемендіктен айырылып, экономиканы қиратып алсақ, келер ұрпақ бізді түсінбейді де, кешірмейді» [7, 11 бет], деп болашақта да саясатпен айналысуға бел шешкендігі жайлы өз ойын ортаға салған еді. Мұстафа Өзтүрік 1995 жылы 15-наурызда Алматыда әлі де жұмбағы ашылмаған жағдайда көз жұмып, денесі Ыстамбұлдағы әкесі жатқан бейітке жерленді. Мұстафаның өмірден қастандықпен қош айтысуының да басты себебі оның ұлтқа қатысты ашық ойлары болуы мүмкін екендігін режиссер Қалила Омаров та қолдайды. Ол өз естелігінде Мұстафаның уланып өлтірілуінің екі себебін атап көрсетеді: біріншіден, Мұстафа талай отырыстарда «қазақ байлығын тек өзіміз пайдалануға болады ғой» деп айтып жүрген еді. Ал бұл байлықтың артында қандай алпауыттар тұрғанын елестетіп көріңіз; Екіншіден, кеңес үкіметі тараған соң, қазақ жеріндегі зауыт фабрикалар талан таражға түсіп жатты. Кейбіреулер Мұстафа осыған араласады деп қорқуы ғажап емес. Себебі, өзі тәрбиелеген жігіттер артында ер жетіп, белгілі бір күшке ие болып тұр еді [13, 50 бет]. Біздің, пікірімізше, Мұстафа Өзтүріктің өлімінің басты себебі, оның саясатқа ашық араласып, ұлтшылдық идеяларын ешкімнен жасқанбай ашық жариялауы болуы да мүмкін.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Топлы Ф., Мұстафа Өзтүрікті Қазақ елі ұлттық қаһарманға айналдырды.// қазақ әлемі сайты: 16.04.2014 - URL:www.qazaq-alemі.kz/news?іd=653, Accessed: 25.02.2015. 2. Нұрахметов Б., Мұстафа Өзтүрік: «Атажұртты сағынып тағы келдім...» // Лениншіл жас газеті, №113, 14 маусым, 1991 ж. 3. Балажан А., Мұстафа Өзтүрік: "Тырнақ еттен ажырамайды" //Қасым сайты: 11.12.2014 - URL:www.qasym.kz›іndex.php, Accessed: 25.02.2015.

4. Пірназар С., Марғасқа Мұстафа // Егемен Қазақстан газетінің сайты: 10.04.2014 -URL: http://www.egemen.kz, Accessed: 25.02.2015.

5. Әміре Ф., Мінезді ер еді Мұстафа // baq.kz сайты: 18. 12. 2013 -URL:www.baq.kz›blog/artіcle/5689, Accessed: 25.02.2015.

6. Өзтүрік М., Халқыма қарлығаш болып, қанатыммен су сепкім келеді. // Аңыз адам. №16, 2014 ж. - 6-9 беттер 7. Өзтүрік М., Елімді тастап кете алмадым. 23 ақпан 1995 жылы «Дәуір» газетіне берген сұхбаты. // Аңыз адам. №16, 2014 ж. - 10-11 беттер 8. Меделбек Р., Мұстафа Өзтүрік алпысқа толар еді // azattyq.org сайты: 10 ақпан 2015. // URL:www.azattyq.org›content/kazakhstan_mustafa_ozturk, Accessed: 25.02.2015. 9. Нұрбеков Қ., Галяшин Ю., Бейсекенов Б., Жүнісбаев Н. «Мұстафаға дауыс беріңіздер!» // Еңбекшіқазақ газеті. №3 (5539), 14 қаңтар 1995 ж. 10. Жүнісбайұлы Н., Мұстафаны өлтірген – сол кездегі қазақ қоғамының дерті. // Аңыз адам. №16, 2014 ж. - 22-25 беттер 11. Олжай Қ., Ақбоз ат мінген ақжолтай. // Нұр Астана газеті. 23 мамыр 2007 ж. 12. Сәбден О., Шетелден «елім» деп келген спортшыны аман алып қала алмадық. // Аңыз адам. №16, 2014 ж. - 36 бет. 13. Омаров Қ., Фильмді «Барып қайт, балам, ауылға» деп атағаныма өкінемін. // Аңыз адам. №16, 2014 ж. - 49-50 беттер

References:

1. Тоply F., Мustafa Ozturktі kazak elі ulttіk kaxarmanga aіnaldyrdy.// kazak alemі saіty: 16.04.2014 - URL:www.qazaq-alemі.kz/news?іd=653, Accessed: 25.02.2015. 2. Nuraxmetov B., Мustafa Ozturk: «Аtazhurttі sagіnіp tagі keldіm...» // lenіnshіl zhas gazetі, №113, 14 mausіm, 1991 zh. 3. Balazhan А., Мustafa Ozturk: "Тyrnak etten azhyramaіdі" // Kasіm saіty: 11.12.2014 -URL:www.qasym.kz›іndex.php, Accessed: 25.02.2015.

4. Pіrnazar S., Маrgaska Mustafa // Еgemen Kazakstan gazetіnіn saіty: 10.04.2014 - URL: http://www.egemen.kz, Accessed: 25.02.2015

5. Amіre F., Міnezdі er edі Mustafa // baq.kz сайты: 18. 12. 2013 -URL:www.baq.kz›blog/artіcle/5689, Accessed: 25.02.2015.

6. Ozturk М., Xalkіma karlіgash bolіp, kanatіmmen su sepkіm keledі. // Аnіz adam. №16, 2014 zh. - 6-9 better 7. Ozturk М., Еlіmdі tastap kete almadіm. 23 akpan 1995 zhіlі «Dauіr» gazetіne Bergen suxbatі. // Аnіz adam. №16, 2014 zh. - 10-11 better 8. Меdelbek R., Мustafa Ozturk alpіska tolar edі // azattyq.org saіty: 10 аkpan 2015. // URL:www.azattyq.org›content/kazakhstan_mustafa_ozturk, Accessed: 25.02.2015. 9. Nurbekov K., Galyashіn J., Beіsekenov B., Zhunіsbaev N. «Mustafaga dauіs berіnіzder!» // Еnbekshіkazak gazetі. №3 (5539), 14 kantar 1995 zh. 10.Zhunіsbaіuly N., Мustafanі oltіrgen – sol kezdegі kazak kogamіnіn dertі. // Аnіz adam. №16, 2014 zh. - 22-25 better 11.Оlzhaі K., Аkboz at mіngen akzholtaі. // Nur Astana gazetі. 23 mamіr 2007 zh. 12. Sabden О., Shetelden ‘elіm’ dep kelgen sportshіnі aman alіp kala almadіk. // Аnіz adam. №16, 2014 zh.- 36 bet. 13. Оmarov K., Fіlmdі «Barіp kaіt, balam, auіlga» dep ataganіma okіnemіn. // Аnіz adam. №16, 2014 zh.- 49-50 better

Құқықтық нигилизм және оның қазақстандық сипаты

Бүгінгі қоғамда қарапайым қоғам мүшелері арасында құқыққа деген көзқарастың өзгеруі, жалпы құқыққа байланысты бағаның төмендеуі нигилистік сананың өрістеуіне жетелеуде. Нигилизмді адамдар арасындағы қарым-қатынасты ұтымды реттеу құралы ретіндегі құқықтың мәнін терістеп, жоққа шығару сипатында түсінсек, құқықтық қатынас субъектілерінің құқықты айналып өтуді құқық талаптарын орындаудан қарағанда тиімді санауы елде сыбайлас жемқорлық, рэйдерлік, құқық талаптарын мойындамаушылық, жауапсыздық сияқты негативтік салдарларға әкеліп соғуда. Бұл өз кезегінде мемлекеттегі құқықтық саясатты қайта қарастыру, осыған байланысты қоғамды басқару жүйесінде жүйелі өзгерістер енгізу қажеттігін алға тартады. Жалпы қоғамда тыныштық пен құқықтық тәртіптің орнығуы ең алдымен сол қоғам мүшелерінің құқыққа деген оң көзқарасының нәтижесі болып табылады. Осы себептен де мемлекет қоғамда құқықтың жүзеге асырылуына байланысты оң нәтижелерге қол жеткізуге мүдделі болуы тиіс. Әр мемлекетте қоғамның құқықтық сауатын арттыру, осы бағытта әртүрлі үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, БАҚ арқылы құқықтық ақпарлар тарату, қоғам мүшелерінің құқық талаптарын орындауға мүдделілігін арттыру бойынша үздіксіз шаралар ұйымдастырылады. Бірақ, олардың тиімділігі сол мемлекеттегі биліктің ұстанымдарының қоғам мүддесімен ұштасуына байланысты, сол себептен кейбір мемлекеттер әлі де болса қоғамға қатысты құқықты орындауға байланысты репрессивті шараларды басым жағдайларда қолданып келеді. Құқықтың әлеуметтік маңызын жоққа шығару, құқыққа, заңдарға, құқықтық тәртіпке деген құрметтің болмауы бүінгі нигилизмнің басты сипаттары. Сонымен бірге, әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік органдардың және лауазымды тұлғалардың тарапынан орын алатын құқыққа деген немқұрайлылық, менсінбеушілік, сенімсіздік көрсету сияқты қатынастар да нигилизмнің көрінісі болып табылады. Нигилизм екі нысанда орын алады: біріншісі, құқықты ашық түрде жоққа шығару, оның қағидалары мен нормаларын ескерусіз қалдыру; екіншісі, құқықты нормаларды біле отырып оларды өз мақсатына пайдалану [2, 270 б.]. Қазіргі қоғамда халықтың кей бөлігі құқықты жоққа шығарып, оған мойынұсынғысы келмесе, екінші бөлігі сол құқық нормаларын мұқият зерттеп оларды айналып өту тетіктерін қарастыруда. Құқықтық нигилизм тек қарапайым халық арасында ғана емес, сол құқықтың жүзеге асырылуын қадағалайтын мемлекеттік қызметшілер арасында да өрістеуде. Бүгінгі еліміздегі нигилизмнің кең өріс алуына нақты жағдайлар өз әсерін тигізді, ол әсіресе еліміздің бір қоғамдық формациядан екіншісіне еш даярлықсыз өтуімен байланысты болды. Әсіресе, бұл белгілі бір идеология, құндылықтар негізінде өмір сүрген қоғам үшін үлкен қиыншылықтар тудырды. Өздері үшін мызғымас саналған қағидалардың жоққа шығарылуы, бұрынғы Одақтың күйреп, орнына мүлдем жаңа мемлекеттің орнығуы, мемлекеттік меншікке негізделген шаруашылықтың жеке меншікке ырықсыз өткізілуі қоғам мүшелері арасында жаңа қалыптасқан құқыққа деген сенімсіздікті, қабылдамау сезімін тудырды. Бұл турасында ресейлік ғалым В.А.Тумановтың пікірі өте ұтымды айтылған, «говорят, что юридическому нигилизму немало способствовали перестройка с сопровождавшими ее "войной законов", национальными конфликтами, падением государственной дисциплины, противостояние исполнительной и представительной властей и т.п. Все эти обстоятельства нельзя игнорировать. Однако более значимым представляется другое объяснение: как только общество отказалось от авторитарных методов не правового государственного управления и попыталось встать на путь правового государства, как только скованные ранее в политическом и экономическом плане люди получили более или менее реальную возможность пользоваться правами и свободами, так тотчас же дал о себе знать низкий уровень правовой культуры общества, десятилетиями царившие в нем пренебрежение к праву, его недооценка. Юридический нигилизм при востребованном праве оказался куда более заметен и опасен, чем при праве невостребованном» [3, 1 б.]. Шындығында да бұрындары тек қатаң режимде өмір сүріп, не істеу қажеттігін мемлекеттің көрсетуімен біліп үйренген тұрғындар үшін еркін түрде өз құқықтарын жүзеге асыруға берілген мүмкіндік олардың сол құқықтарды жүзеге асыруға жаңаша ұстанымдарын қалыптастырды. Бұл ұстанымдар қазір құқықтық қағидалармен ұштаса алмауда, басты себеп, адамдар өз құқықтарын біле отырып міндеттер жайлы ұмыт қалдырады немесе сол құқықтарын жүзеге асыру жолында заңға қайшы тетіктерді пайдаланады. Еліміздегі құқықтық нигилизмнің бұқаралық сипатқа ие болуына себеп болған негізгі жағдай қабылданған заңдардың сапасының төмендігі болып отыр. Тіпті, парламент мәжілісінің төрағасы болған О.Мұхамеджанов та бұл жайды жасыра алмаған еді, «парламент Мәжілісінің қарауына енгізілетін заң жобаларының сапасы туралы қаншама айтылып жатқанымен, бұл мәселеде көңіл көншітерлік нәтиже жоқ деуге мәжбүр болып отырмыз. Заң жобаларына қатысты енгізілетін материалдар да тиісінше ресімделмейді. Нақ осы себептен өткен сессия ішінде Үкіметтен түскен 130 заң жобасының 72-сі немесе жартысынан астамы алғаш келген кезінде тіркелмей, кері қайтарылды. Соның ішінде 28 жоба қазақ тіліндегі мәтінінің сапасына байланысты қабылданбады. Депутаттар Үкімет ұсынған заң жобаларының заңдық, логикалық, тіпті лингвистикалық және грамматикалық сапасын өткір сынға алып жүргені белгілі»[6, 1 б.]. Қабылданған заңдардың қоғамдық қатынастарды реттеуде қауқарсыз болуы, алдын-ала орын алатын жағдайларға, тұрғылықты халық менталитетіне бейімделмеуі олардың қабылданбастан жатып өзгерістер мен толықтыруларға ұшырауына алып келуде. Сонымен қатар, кейбір заңдар қабылдану арқылы жаңа қатынас түрлерін айналымға енгізгенімен ол қатынас түрлері халыққа бұрын таныс болмағандықтан ақпарат толымсыздығы салдарынанан көптеген тұрғындар жағымсыз жағдайға душар болды, нәтижесінде халықтың наразылығы туындауда (мысал ретінде 23.12.1995 N 2723 Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы заңды келтіруге болады). Мұндағы кемшіліктердің орын алуы парламенттің де, үкіметтің де кәсібилік қағидасына негізделіп жасақталмауында болып отыр. Себебі, үкіметте жасақталатын заң жобалары тек өзге елдер тәжірибесіне негізделмей жергілікті халықтың өзгешеліктеріне бейімделіп, жан-жақты зерттеу жүргізіліп, сол зерттеу нәтижелері талқыланған соң ғана парламентке жіберілуі тиіс, ал парламент келіп түскен заң жобаларының сапасын арттырып, толықтырып, байыту үшін ондағы депутаттардың басым бөлігі заңгерлер болуы керек. Екіншіден, елдегі заңдардың қоғам мүшелерінің кейбір бөлігіне таралмайтындығы, яғни белгілі бір істер бойынша нақты жазаға тартылуы тиіс адамдардың олардың нақты бір үлкен қызметтегі туысының болуы немесе ақшасының болуы нәтижесінде жазаға тартылмауы. Мұндай жағдайлардың көптеп орын алуы қоғамда құқыққа деген сенбеушілік, жек көру сезімдерін тудыруда. «Заң алдында барлық адам тең» деген қағиданың тәжірибеде керісінше жүзеге асырылуы онсыз да құқыққа деген көзқарасы таяз адамдар үшін теріс мысал болуда. Мұндай көзқарастар әсіресе, жер кодексінің қоғамдық пікірмен санаспай қабылдануынан кейін орын алған жер үлестеріне байланысты даулар негізінде көптеп орын алуда, нақты елді мекендер маңындағы жер телімдерінің сол тұрғылықты халықтың еш қатысынсыз өзге адамдардың басына рәсімделініп, сол аумақты мекендейтін халыққа Конституция бойынша тиесілі 10 соток жердің берілмеуі халықтың наразылығын тудыруда. Соңғы жылдары мемлекеттің шет елдік фермерлерге жерді жалға беретіндігі жайлы ақпараттың таралуы халық арасында билікке деген наразалықты арттыра түсті [8, 1 б.]. Халық арасында ақшасы бар немесе күшті тірегі бар адамдардың заңдарды айналып өтіп кәсіпкерлікпен айналысуы, қылмыс жасай отырып жауапқа тартылмауы, белгілі бір мемлекетпен берілетін жеңілдіктерді асыра пайдалануы (тұрғын үймен қамту бағдарламасы және т.б.) өзге адамдар тарапынан тек айналыстағы заңдарға ғана емес елдегі билік жүйесіне деген наразылық сезімдерін туындатуда, оларды құқықты айналып өту тетіктерін қарастыруға жетелеуде.

Үшіншіден, басқару аппаратының елдегі заңдарды өз мүддесіне қарай икемдеуі, өзін құқықтық мемлекет ретінде орнықтырушы мемлекетте жоғары дәрежелі заң актілерінің билік мүддесіне сай түрлі өзгерістерге ұшырауы халық арасында сол заңдарға деген құрмет сезімінің төмендеуіне алып келеді. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституцияға он бес жыл ішінде (7 қазан 1998 жылы, 21 мамыр 2007жылы, 2 ақпан 2011 жылы) үш рет өзгертулер мен толықтырулар енгізу сол негізгі заңның мәңгілік еместігін, оның да қолданыстағы заңдар сияқты өзгермелі сипатын көрсетті. Мұның өзі Конституцияның мызғымастығына сенімді төмендетті деуге болады.

Төртіншіден, мемлекеттік қызметшілердің өкілеттіктерін өз мүддесіне пайдалануға ұмтылысы, бұл әсіресе, нарықтық қатынастарды орнықтырумен байланысты орын алған жағымсыз көзқарас болды. Кәсіпкерлік саласындағы құқықты қабылдамаушылыққа осыған дейін кәсіпкерліктің мемлекетпен тыйым салынған әрекет түріне жатқызылғандығы себеп болды. Ең алғашында кәсіпкерлікті қоғам жат қылық ретінде қабылдады, уақыт өте келе оған еті үйренді, шет елдік тәжірибе негізінде кәсіпкерлік өз арнасына түсті. Ендігі жерде кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасында жиі түсініспеушіліктер туындай бастады. Оған себеп, әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлердің өз өкілеттіктерін асыра пайдалану арқылы кәсіпкерлерге қысым көрсете отырып, оларды өз мүддесіне сай әрекет жасауға итермелеуі болды. Мұндағы басты мәселе, мемлекеттік қызметкерлердің құқыққа деген көзқарасындағы өзгеріс, яғни, заңдарды өз мүдделеріне сай пайдалануға ұмтылысы болды, мұндай жағдайда кәсіпкерлер де мемлекеттік қызметшілерді өз сыбайластарына айналдырып көлеңкелі бизнесті өрістетуді жөн көруде. Кейбір қылмыстық элементтердің кеден арқылы елімізде тыйым салынған дәрі-дәрмектерді, психотроптық заттарды, сапасы күмән тудыратын азық-түлікті еш тексеріссіз өткізіп саудаға салуы, оларды кеденнен кедергісіз өткізген мемлекеттік қызметшілердің ешқандай жаза тартпауы көлеңкелі бизнестің өрістеуіне жол ашуда. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан көтерілген бастамалардың көпшілігінің аяқсыз қалуы, салынған құрылыстардың сапасыздығы, кейбірінің аз уақытта қирап қалуы, ашылған кәсіпорындардың тек есептілік үшін көзбояушылықпен ашылып, артынша жабылып жатуы, ең сорақысы мемлекетке келтірілген орасан зор зиян үшін ешкімнің жауапқа тартылмауы заңдылық қағидасына деген көзқарастардың өзгеруіне алып келді. Мемлекеттік қызметтегі тұлғалардың құқық нормаларын өз мүдделерін қанағаттандыруға пайдалануы қоғамдық өмірдің өзге де салаларында көптеп көрініс таба бастады, қылмыстық істерді жүргізу, сот шешімін шығару, кеден ісі, мемлекеттік қызметке кіру, мемлекеттік тендерлер, мемлекеттік тексерулер, мемлекеттік жәрдемақы, төлемақы тағайындау және т.б. Мемлекеттік қызметтегі, мемлекеттік кәсіпорындардағы жоғары лауазымды қызметтерді атқарған тұлғалардың өз өкілеттіктерін асыра пайдалануы, соның нәтижесінде қылмыстық жауапкершілікке тартылуы, кейбірінің еш жауапкершіліксіз шет елдердегі ең бай адамдар тізімін толықтыруы мемлекеттік қызметшілер арасында да, қарапайым тұрғындар арасында да мемлекеттік қызмет турасындағы көзқарастарды түбегейлі өзгертуге алып келді. Мемлекеттік қызметшілер өз лауазымдарын жеке мақсаттарға жету жолындағы тиімді құрал деп түсінсе, мемлекеттік қызметке қатысы жоқ әр салада заңды айналып өтуді жөн көретін адамдар оны өз мақсаттарына жету жолындағы сыбайлас ретінде қабылдай бастады. Бұл өз кезегінде қарапайым тұрғындар арасында құқыққа деген сенімсіздікті тудырып, оны айналып өту механизмдерін қарастыруға әкелді. Осы тектес жайлар жалпы қоғам үшін мемлекеттің мәнін төмендетуде, сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттік қызметте кең етек алуы тұрғындар санасында оның болуы тиіс кәдімгі жағдай ретінде қабылдануына септігін тигізді. Осылайша, сыбайлас жемқорлық тек мемлекеттік органдарда ғана емес тұрмыста да кеңінен орнықты. Нақты жағдай бойынша құқыққа қайшы әрекеті үшін жауапқа тартылуы тиіс адам ең алдымен білікті заңгердің көмегіне емес, билігі бар, ықпалды туыс немесе танысты іздейтіндігі адамдар арасындағы құқыққа деген сенімсіздіктің көрсеткіші бола алады. Бесіншіден, жалпы халықтың құқықтық сауатының төмендігі, халқымыздың әлемдегі білімі жағынан ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгендігіне қарамастан құқықтық сананың төмен болуы оның жүргізіліп отырған саясатқа қатыссыздығына алып келді. Өткізіліп жатқан сайлауларға қатыспау, кейбір саясаткерлердің өзі жүргізген реформаларының аяқсыз қалғаны үшін жауап беруін талап етпеу, нақты бір жағдайларда бүкілхалықтық ұстанымдарды біріге алға тартуға қауқарсыздық таныту құқықтық сананың төмендігінің көрінісі. Тіпті, қарапайым жағдайларда да қоғам мүшелерінің өз құқықтарын білмеуі олардың әртүрлі жағдайларда зәбір шегуіне алып келуде. Алтыншыдан, тәуелсіздік алған жиырма жыл ішінде қазақстандық халықтың басын біріктіретін жалпыұлттық идеяның жасалынбауы, жалпыұлттық құндылықтардың айшықталып, халыққа насихатталмауы халықтың отаншылдық сезімінен жұрдай болуына, жаңа ұрпақтың тек пайдакүнемдік сипатқа енуіне септігін тигізді. Жергілікті ұлт өкілдерінің жүзшілдік, рушылдық психологиядан арылмауы, ал өзге ұлт өкілдерінің кейбірінің өздерін қонақ сезінуі, басты мақсат ретінде тезірек байып, ақша жинап өзге елге кетуді қоюы осыған мысал бола алады. Мемлекеттік қызметшілердің халық арасынан шығатынын ескерсек, онда орын алып жатқан жағдайлардың негізі осында екендігін түсінуге болады. Жалпы мемлекеттің өзінің құқықты орындау сипатына қатысты кейбір ерекшеліктер кез-келген азаматты өзге ойға жетелейді, мысал ретінде мемлекеттегі жоғары лауазымдарды иеленген азаматтардың мемлекеттік тілді білмесе де биік лауазымдарды иеленуі азаматтар тарапынан мемлекеттік тілді үйренуге деген селқостық көңіл-күйін туындатып отыр. Яғни, нақты мысалдарға қарап қарапайым азаматтар, әсіресе, студент жастар мемлекеттік тілді меңгермей-ақ үлкен лауазымдарды иеленуге сенімді, соның салдарынан мемлекеттік тілге деген құрмет азая түсуде. С.Өзбекұлының пікірінше, құқықтық нигилизм – қоғамда қабылданған, мойындалған құқықтық құндылықтарды, қағидалар мен заңнаманың мүмкіндіктерін жоққа шығару, сенімсіздік таныту арқылы биліктің заңсыздығы мен бассыздығына көз жұмып қарау [7, 149 б.]. Біз бұл автордың берген анықтамасымен толық келісе алмаймыз, себебі, құқықтық нигилизм уақыт өте келе асқынып, жаңаша сипатқа ауысады және қоғамда мемлекетке деген қарсылық сезімін тудырады, бұл өз кезегінде мемлекетке қарсы нақты әрекеттердің орын алуына алып келеді. Сөзіміздің дәлелі ретінде өзімізде орын алып жатқан жағдайларға тоқталуды жөн көрдік, біздің мемлекетте орын алып жатқан күнделікті келеңсіз жағдайлар ендігі жерде тек құқықты мойындамаушылық емес сол құқықтық жүйені қалыптастырып отырған мемлекеттегі билікке деген көзқарастың өзгеруіне алып келді. Елдегі жағдайларға қатысты халық арасында наразылықтар біртіндеп бас көтерулерге ұласуда. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, елдегі халық арасында мемлекетке деген наразылық оған жаппай қарсылыққа алып келері сөзсіз. Теориялық тұрғыда мұндай жағдай туралы тағы да В.А.Тумановқа жүгінуді жөн көрдік, «на высоком этаже общественного сознания нигилизм предстает в виде идеологических течений и теоретических доктрин. Например, анархизм, левый радикализм, и связан с именами Прудона, Бакунина, Штирнера и др.» [4, 1 б.]. Жаңаөзен қаласында орын алған баскөтеру осының айғағы іспетті, осы оқиғаға байланысты Алматы қаласында 2012 жылдың 19 наурызында өткен зиялы қауымның - халық өкілдерінің форумына қатысушылар өз үндеулерін жариялады, оған сәйкес, билікке нақты талаптар қойылды. Сонымен қатар, жалпы ескерту де жасалынды, «Қазақстан құқық қорғау және күштік құрылымдарының іс-әрекеті мен қызмет ету тәсілдері жеке талқылау мен арнайы қарастыруды талап етеді.  Біз бейбіт халыққа қарсы оқ атуға және ішкі қақтығыстарға әскерді қатыстыруға түбегейлі қарсымыз. Әлеуметтік қақтығыс пен қоғамдық наразылық кез келген жағдайда және үнемі бейбіт жолмен әрі келіссөз арқылы шешілуі тиіс. Соттың шешімінсіз ешкім де азаматтарды олардың бұлжымайтын құқығы - өмір сүруге деген құқығынан айыра алмайды! Олай ету - ең үлкен және қауіпті қылмыс. Ал бұл қылмыс биліктің, азаматтардың осы конституциялық құқығын қорғауға тиіс адамдардың қолымен жасалса, онда бұл екі есе қауіпті. Осы негізгі ұстаным жойылса, онда қалған нәрселердің де еш мәні қалмайды. Егер адам өмірі құнсызданса, барлық жетістік пен табыс екінші немесе үшінші қатарға ысырылып, барлығы көмескіленеді. Міне, сондықтан біз қоғамның бұл оқиғаларды жан-жақты, әділетті және ашық түрде зерттеу жөніндегі талабын табанды түрде қолдаймыз. Тергеу мен сот 2011 жылғы 16-17 желтоқсан күнгі оқиғалардың ғана емес, бұдан бұрынырақтағы  оқиғаларға да нақты құқықтық бағасын беруге тиіс. Ал бұл биліктің барлық органдары мен институттарының, мұнай-газ компанияларының, салғырттығы мен салақтығы шектен асқан  шенеуніктердің әрекетіне құқықтық және саяси баға берілуі керек деген сөз. Онсыз қоғамдағы сенімді қайта қалпына келтіру жөнінде сөз қозғаудың өзі қиын. Түйіні шешілмеген мәселелер бүкіл қоғамдық-саяси қарым-қатынасқа кері әсер етпек. Мұның салдары қазіргі билік үшін ғана емес, мемлекеттілік пен Қазақстан тәуелсіздігі үшін де  ауыр болмақ»[5, 1 б.]. Құқықтық сананың деформацияға ұшырап, құқықтың құнының төмендеуін болдырмау жолдарын қарастыруда тек мемлекет қана емес азаматтық қоғам институттары да, жалпы елі үшін жаны ашитын азаматтардың да атсалысуы қажет. М.М.Рассоловтың пікірінше, құқыққа деген құрмет сезімінің қалыптасуы бірден болмайды. Ол үшін адамдар бойында құқыққа деген оң көзқарас қалыптастырып, оған дұрыс баға берушілікті және өзінің жүріс-тұрысын құқыққа негіздеушілікті қамтамасыз ететіндей адамдардың өміріне, еркі мен санасына, көңіл-күйі мен көзқарастарына әсер етуді жақсарта алатын тиімді жүйе керек. Бұл үрдіс тек сырттай әсер ету арқылы қамтамасыз етіле алмайды. Себебі, адамның құқыққа деген құрметі оның қоғамда жарияланған саяси, әлеуметтік-құқықтық қағидалардың құндылығын жеке басының мойындауы нәтижесінде пайда болады [1, 368 б.]. Біздің елдегі орын алған жағдайды түзетіп, халықтың құқықтық санасын арттыру үшін келесідей мәселелер өз шешімін табуы тиіс:

- Ең алдымен мемлекеттік билік құқықтық мемлекет қағидалары бойынша қызмет етуі тиіс, яғни, құқықтың тек қоғамды басқару құралы емес мемлекеттік билік үшін де міндетті ережелер жиынтығы екендігін мойындауы қажет;

- Екіншіден, мемлекетте кәсібилілік қағидасы басты орынға шығуы тиіс, жоғары лауазымды саяси қызметшілер өз бастамалары мен реформаларының нәтижесіне жауапты болуы тиіс;

- Үшіншіден, жалпыұлттық идеология жасақталынуы, жалпыхалықтық құндылықтар кеңінен насихатталуы, сонымен қатар, құқықтық сауаттылықты арттыру жұмыстары кең ауқымда жүзеге асырылуы қажет;

- Төртіншіден, сыбайлас жемқорлықпен күрес тек көрсетпелік сипаттан арылып, жоғары дәрежеде жүзеге асырылуы керек, осы саясатты жүргізушілер тексерісті алдымен өздерінен бастауы тиіс. Осы мәселелер шешімін тапқан жағдайда жалпы қоғамдағы құқықтық нигилизмді жеңіп, азаматтардың құқықтық санасының көтерілуіне қол жеткізуге болады деп тұжырымдауға болады. Бұл өз кезегінде қазіргідей шиеленісті жағдайдың жағымды сипатта шешілуіне кепіл бола алады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

.М.Рассолов. Актуальные проблемы теории государства и права. М, ЮНИТИ-ДАНА, 2010 2. Теория государства и права. под редакцией А.У.Бейсеновой. А., Атамұра, 2006 3. ufnovgu.narod.ru/tgp/lіtuma2.htm Статья: В.А. Туманов "Правовой нигилизм в историко-идеологическом ракурсе". 4. ufnovgu.narod.ru/tgp/lіtuma1.htm Статья: В.А. Туманов "О правовом нигилизме". 5. Қазақ зиялылары форумының биліктің саяси қарсыластарын қудалауды тоқтатуын талап еткен үндеуі // abaі.kz 6. Сессия жұмысы қорытындыланды //www.egemen.kz/?p=308164 7. С.Өзбекұлы. Мемлекет және құқық теориясы. А., Жеті Жарғы, 2006 8. Есенгүл Кәпқызы. 3,5 миллион гектар жерді кім иеленеді? //abaі.kz

Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу турасында

Биыл қабылданғанына жиырма жыл толып отырған ел Конституциясы өз деңгейінде мемлекеттің тұрақтылығы мен мемлекеттік басқару аппаратының күшеюіне тиімді негіздеме болған құжат бола алды. Жиырма жыл ішінде Конституцияға енгізілген үш реткі өзгертулер мен толықтырулар көбіне мемлекетті басқару мәселелеріне ғана байланысты болды деп айтуға болады. Осы жылдар бойында қордаланған көп мәселелер еліміздің шикізат экспортына негізделген экономикалық әлеуетінің кеміп, дүниежүзілік дағдарыс аясында үлкен экономикалық қиындықтарға ұшырауы Конституция мен еліміздің саяси ұстанымдары жайлы жаңаша көзқарастардың қалыптасуына әсер етті. Жалпы, еліміздің Конституциясына қатысты, ондағы нақты бір институттардың ерекшеліктері жайлы ой-пікірлер осы уақытқа дейін де әртүрлі ғылыми және публицистикалық материалдарда жарық көріп жүрді. Тіпті, еліміз тәуелсіздік алған уақыттардың өзінде Конституцияның қандай болуы жайлы, қай бағытта мемлекетті басқару нысанын құру қажеттігі турасындағы идеялар көпшілік талқылауына түскен еді. Сондай тәуелсіздікпен қатар туындаған идеялардың бірі Республикалық Азат қозғалысы атынан ұсынылған ғалым Сәкен Өзбекұлының Конституция жобасы болатын. 1991 жылдың қаңтарында Азат газетінің №1 санында Қазақ Республикасының Конституциясы жобасы атты құжаттың мәтіні жарияланып, талқыға салынған еді. Бүгінгі күні зер сала отырсақ осы жобада ұсынылған кейбір мәселелердің дәл бүгінгі күні еліміз үшін аса маңызға ие болып отырғанына көз жеткізе аламыз. Мысалы, осы жобада С.Өзбекұлы алғаш рет мемлекеттің заң шығарушы органына Ұлттық Мәжіліс атауын берген. Жобаның 43 бабына сәйкес Қазақ республикасында мемлекеттік өкіметтің жоғарғы және тек жалғыз заң шығаратын органы Ұлттық Мәжіліс болып табылады. Автор жоғарғы заң шығарушы органды бір палаталы және жылына екі рет шақырылатын ескі кеңестік типтегі Жоғарғы кеңес үлгісінде ұсынған. Әсіресе, С.Өзбекұлының мемлекет атауын Қазақ Республикасы, ал, мемлекеттік тілді қазақ тілі ретінде бекіту туралы ұсынысы бүгінгі күні нақты жүзеге асырылуы тиіс ойлар болып табылады. Менің пікірімше, қолданыстағы Конституцияның кейбір тарауларына нақты орын алған жағдайларға байланысты ел болашағының жарқын болуы үшін өзгерістер мен толықтырулар енгізу объективтік қажеттілік болып табылады. Бұл өзгерістер өз кезегінде еліміздің басқару нысанын өзгертуге, мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өзара тепе-теңдік пен тежемелік қағидасын күшейтуге, адам құқықтарын жүзеге асыруға, кейбір мемлекеттік басқару органдарының маңызын айқындауға байланысты болуы тиіс. Бүгінгі күні орын алып отырған экономикалық дағдарыс жағдайында мемлекет үшін ең тиімді қадамдардың бірі аса үлкен көлемдегі мемлекеттік аппаратты қысқартып, мемлекеттік қызметшілердің сапасына мән беру екендігін ескерсек қысқартуды еліміздің заң шығарушы органынан бастау орынды болар деген пікірдемін. Сондықтан, еліміздің халқының ұлттық құрамының өзгеріске ұшырағандығын және унитарлы мемлекет үшін бір палаталы заң шығарушы органның жеткілікті екендігін ескеріп, Конституциясы бойынша жоғарғы заң шығарушы органды Сәкен Өзбекұлы ұсынған нұсқада «Ұлттық Мәжіліс» деп атап, оның бір палаталы болуын орнықтырған жөн болар еді. Осы тұста мемлекеттің ең жоғарғы заң шығарушы органының құрамы мен құрылымын өзгеріске ұшыратуда оның тұрақты түрде жұмыс істеуі қажеттігін айта кеткен жөн. Қолданыстағы Конституцияның 51-бабының 1 тармағы бойынша мәжілістің тоқсан сегіз депутатын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Осы тұста аталмыш баптың Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелеріне екі рет парламент депутаттығына үміткерлерді сайлау құқығын бергендігін, бұл өз кезегінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің өзге азаматтардан артықшылығын бекітетін норма екендігін айта кеткім келеді. Жалпы алғанда, Конституция арқылы негізгі мақсаты қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық азаматтық бірдейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде Қазақстан Республикасында этносаралық келісімді қамтамасыз ету болып табылатын, заңды тұлға құрмай, Қазақстан Республикасының Президенті құратын, мемлекеттік ұлттық саясатты әзірлеуге және іске асыруға ықпал ететін мекеме мүшелеріне елдің жоғарғы заң шығарушы органының депутаттарын сайлауға айрықша құқық беру құқықтық тұрғыдан болсын, саяси жағынан болсын дұрыс емес қадам болды. Демократиялық қоғамда әр ұлт өкілінің өз ұлттық санасының жаңғыруына мүдделі болып, өз ұлттық негіздеріне бас бұратындығын ескерсек Қазақстан халқы Ассамблеясының Қазақстанды мекен ететін әртүрлі диаспоралардың әлеуметтік, мәдени, рухани және т.б. мәселелерімен айналысушы қоғамдық ұйым ретінде қоғамға әкелер пайдасының зор екендігін айта кеткім келеді. Ал, Конституцияға сәйкес өзгерістер енгізу арқылы Ұлттық Мәжіліске үміткерлерді сайлау тек партиялық тізім бойынша жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылатындығын бекіту қажет. Сонымен қатар, заң шығарушы орган құрамында әртүрлі партия өкілдерінің болатындығын ескеріп олардағы шешім қабылдау ерекшелігіне байланысты, жалпы депутаттық корпусты қамтамасыз етудің мемлекеттік бюджетке салмағын да басшылыққа алып депутаттардың жалпы санын 113 етіп бекіту дұрыс болар еді. Қолданыстағы Конституцияның басты ерекшелігі оның елімізде күшті Президенттік билікті бекітуінде болып отыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел үшін маңызды мәселелерді шешуде парламенттік биліктен қарағанда күшті президенттік биліктің орнығуы объективтік қажеттілік болды. Осыған қатысты академик С.З.Зиманов келесідей пікір білдірген еді: «Күшті мемлекет» және «күшті Президенттік билік» түсініктерін шатастырмау қажет. Қазақстан ең болмағанда ішкі ұйымдастырылуы жағынан күшті мемлекет болуы үшін бірнеше онжылдықтар қажет болады, ал, күшті Президенттік билік бүгін керек. Мен Президент мемлекет басшысының және Үкімет басшысының қызметін қоса атқаруы қажет деген пікірдемін – бұл бүгінгі жағдайда күшті Президент билігін қамтамасыз етудің ең дұрыс нұсқасы» (С.З.Зиманов. Конституция и парламент Республики Казахстан. А.,»Жеті-Жарғы» 1996. 223 бет). Соңғы жылдары еліміздің дербес мемлекет ретінде өзін орнықтырып, жалпы ішкі ахуалы жақсарғанын ескеріп президенттік-парламенттік басқару нысанына өту мәселелері жоғарғы деңгейде көтеріліп жүр. 21 мамыр 2007 жылғы Конституцияға енгізілген өзгерістер арқылы елімізде президенттік-парламенттік республика орнатуға алғашқы қадамдар да жасалған болатын. Осы енгізілген өзгерістерге сәйкес үкімет басшысының парламенттегі көпшілік дауыспен бекітілуі, үкімет басшысын тағайындауда Президенттің саяси партиялардың фракцияларымен кеңесуі парламент мәртебесін күшейтуге жасалған қадамдар болып саналады. Дегенмен, бұл енгізілген өзгерістер күшті президенттік билікті нақты тежеу мүмкіндігін бермейді. Еліміздің басқару нысанын аралас республика ретінде бекіту үшін қолданыстағы Конституцияның 40 бабының 3 тармағы бойынша Республика Президентінің мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ету мүмкіндігін алып тастау қажет. Себебі, президенттік-парламенттік басқару нысанында билік тармақтарына жоғары тұрған ең жоғарғы лауазымды тұлғаның болуы қажет емес, ешбір билік тармағы бір-біріне тәуелді болмауы тиіс және ешқайсысының өзге билік тармақтарына ықпал етіп, оларға жоғарыдан ықпал ету мүмкіндігі болмауы қажет. Осы тармақты алып тастау арқылы әр билік тармағының тек Конституция мен заңдар алдында жауаптылығын бекітуге болады. Қолданыстағы Конституцияның 53 бабы 3 тармағына сәйкес, Парламент Президентке оның бастамасы бойынша әр Палата депутаттары жалпы санының үштен екісінің даусымен бір жылдан аспайтын мерзімге заң шығару өкілеттігін беруге хақылы. Бұл норма арқылы Президенттің заң шығару билігіне араласуына мүмкіндік берілген, ал, бұл өз кезегінде Президенттің барлық билік тармақтарына жоғарыдан ықпал етуінің бір тетігі болып табылады. Президенттік-парламенттік республикадағы Парламенттің заң шығару билігі саласында өкілеттілігін күшейту үшін 53 баптың 3 тармағы мүлдем алынып тасталғаны жөн. Сонымен қатар, президенттік –парламенттік басқару нысанын құру үшін парламенттің ел үшін маңызды мәселелерді шешудегі өкілеттіліктерін кеңейту қажет. Ең алдымен, билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз етіп, Президенттің тек атқару билігіне қатысты өкілеттілігін бекіту керек. Еліміздегі сот билігі тармағының Президентке тәуелсіз болуы үшін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасын және судьяларын Жоғары Сот Кеңесінің кепілдемесі негізде Ұлттық Мәжіліс сайлауы тиіс. Ал, жергілікті және басқа да соттардың төрағалары мен судьяларын Жоғары Сот Кеңесінің кепілдемесі бойынша Жоғарғы Сот төрағасы қызметке тағайындағаны жөн. Бұл өз кезегінде сот билігінің ешкімге тәуелсіз болып, тек Конституция мен заңдар негізінде қызмет етуіне жол ашады. Кез-келген елдің Конституциясында жеке тұлға мен билеуші топқа арналған бап болмауы тиіс, себебі, Конституция сол мемлекеттің ұзақ жылдар бойына, тіпті мәңгілікке негізгі заңы болып қалады. Ал,белгілі бір кезеңде мемлекет тарихында орын алған жекелеген тұлғалар мен билеуші топтар тарих сахнасынан кеткен соң оларға арналған Конституция баптарын өзгертуге тура келеді. 4 қазан 1958 жылы бесінші республика қабылдаған Франция Конституциясының жетінші тарауының 56-63 баптары Конституциялық Кеңеске арналған. Қазіргі қолданыстағы Конституция бойынша әрекет етуші Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне де осы Конституцияның 6 бөлімінің 71-74 баптары арналған. Көпшілік демократиялық мемлекеттерде Конституцияға байланысты мәселелерді Конституциялық Сот қарайтындығын ескерсек, Конституцияның 72 бабы бойынша бекітілген Конституциялық Кеңестің атқаратын қызметтерін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының құрамында «Конституциялық Алқа» құрып соған беру арқылы еліміздегі сот билігінің де мәртебесін арттыруға болар еді. Бұл өз кезегінде Жоғарғы Соттың конституцияға байланысты туындаған барлық мәселелерді қарауға өкілеттігін арттырса, екінші жағынан қосымша жоғарғы конституциялық орган құрудың қажет еместігін көрсете алады. Бір қызығы қолданыстағы Француз Конституциясының 9 тарауы Жоғарғы Сот Палатасы деп аталып, онда Президент пен үкімет мүшелерінің қылмыстық жауапкершілікке тартылу негіздері айқын көрсетілген. Менің пікірімше, Француз Конституциясына негіздеп Президент пен үкімет мүшелерінің, саяси мемлекеттік қызметшілердің өздері қызмет ету барысындағы және қызметінен кеткеннен соң айқындалған қылмыстары үшін жауапкершілікке тартылуын Конституциямен бекіту еліміздегі қордаланған көптеген мәселенің шешімін табуына септігін тигізер еді. Қазақстан халқының әлі де болса бір ұлттық идеология маңайында ұйыспағандығын ескеріп облыс және Астана мен Алматы әкімдерін тағайындау өз маңыздылығын жоймағандығын айта кеткім келеді. Облыс және Астана мен Алматы әкімдерінің өз қызметі барысында жасаған құқық бұзушылықтары үшін жауапкершілікке тартылуын Конституция нормаларымен бекіту жергілікті басқарудың алға жылжуын қамтамасыз етері сөзсіз. Әрине, жоғарыда айтылған ойлар тек ұсыныстық сипаттағы балама идеялардың бір парасы болып табылады, еліміздің Ата заңына тиісті өзгерістер енгізу үшін көптеген озық ойлар мен идеялар негізге алынатындығы сөзсіз. Ата заңымыздың 5 бабының 1 тармағы Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр-алуандылық танылатындығын бекіткендіктен әркімнің өз идеясын ортаға салуы заңды құбылыс болып табылады. Бүгінгі күні халықаралық аренада өзін демократиялық, құқықтық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет ретінде таныта алған еліміз болашақта қолданыстағы Конституциясына президенттік-парламенттік республика құру үшін қажет өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы өзінің демократиялық қағидалар негізінде өмір сүруге қабылеттілігін тағы да дәлелдей түсері сөзсіз.

Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің саяси құқықтарына байланысты халықаралық құқықтық нормалар талаптарының сақталу мәселелері

Аңдатпа мақалада автор Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілердің саяси құқықтарының шектелуіне байланысты мәселелерді қарастырады. Ол Мемлекеттік қызмет туралы Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі заңында және Қазақстан Республикасы  Президентінің      2005 жылғы 3 мамырдағы  №1567 жарлығымен    бекітілген      Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексінде көзделген мемлекеттік қызметшілерге қатысты шектеулерге талдау жасап, ондағы нормалардың кейбірінің дұрыс еместігін алға тартады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі міндетін атқарушы Ж. Қасымбек 17 қазан 2014 жылы қол қойған «Интернет желісінде, оның ішінде әлеуметтік желілерде және блог-платформаларда жұмыс істейтін мемлекеттік органдардың және мемлекеттік қатысуы бар мекемелердің қызметкерлері үшін жадынаманың» кейбір талаптарының Конституцияға және еліміз ратификациялаған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге қайшы екендігін атап өтеді. Автор аталған жадынаманың кейбір нормаларын олардың мемлекеттік қызметшілердің саяси құқықтарын орынсыз шектейтіндігін ескеріп оларды алып тастауды ұсынады.

Түйін сөздер: мемлекеттік қызметші, саяси құқықтар, ақпарат алу құқығы, әкімшілік мемлекеттік қызметші

Проблемы соблюдения требовании международно-правовых документов о политических правах государственных служащих в Казахстане

Аннотация в данной статье автор рассматривает проблемы связанные с ограничением политических прав государственных служащих в Казахстане. Он, анализировав ограничения, предусмотренных в законе о государственной службе от 23 июля 1999 года и кодексе о чести государственных служащих утвержденного указом Президента Республики Казахстан от 3 мая 2005 года №1567 делает заключение о некорректности некоторых норм этих документов. А также автор отмечает противоречие требований некоторых норм «памятки для сотрудников государственных органов и учреждений с государственным участием по работе в сети Интернет, в том числе в социальных сетях и на блог-платформах», утвержденной и.о.министра по инвестициям и развитию Республики Казахстан Ж.Касымбеком нормам Конституции и ратифицированному нашим государством международному Пакту о гражданских и политических правах. Учитывая то, что некоторые нормы памятки необоснованно ограничивают политических прав государственных служащих автор предлагает их исключить.

Ключевые слова:государственный служащий, политические права, право на получение информации, административный государственный служащий

Omіrzhanov Yesbol

Problems of complіance wіth requіrements of іnternatіonal legal іnstruments on the polіtіcal rіghts of cіvіl servants іn Kazakhstan

Abstract іn thіs artіcle, the author consіders problems about restrіctіon of polіtіcal rіghts of cіvіl servants іn Kazakhstan. He analyzes the lіmіtatіons stіpulated іn the Law on Cіvіl Servіce of 23 July 1999 and the Code of honor of cіvіl servants approved by the Decree of the Republіc of Kazakhstan Presіdent dated May 3, 2005 №1567 concludes іncorrectness of certaіn provіsіons of these documents. As well as the author notes the contradіctіon requіrements of certaіn provіsіons "memo to employees of publіc authorіtіes and іnstіtutіons wіth state partіcіpatіon by usіng the Іnternet, іncludіng socіal networks and blog platforms", approved by actіng Mіnіster for Іnvestment and Development of the Republіc of Kazakhstan Zh. Kasymbekov wіth the Constіtutіon and ratіfіed by our state Іnternatіonal Covenant on Cіvіl and polіtіcal Rіghts. Takіng іnto consіderatіon some norms of memo unreasonably restrіct polіtіcal rіghts of cіvіl servants author proposes to exclude them.

Key words: cіvіl servant, polіtіcal rіghts, rіghts on іnformatіon, admіnіstratіve cіvіl servant Жеке тұлға мен мемлекеттің арасындағы байланысты айқындаушы санат ретінде азаматтықты танысақ, мемлекет өз кезегінде өз азаматтарының табиғи құқықтарын танып, қорғаумен ғана шектелмей, оларға өз тарапынан саяси құқықтарды да береді. Адамның саяси құқықтары ретінде оның мемлекетті басқару ісіне араласуын және әртүрлі саяси ұйымдарға бірігу арқылы мемлекет саясатының бағытын айқындауға мүмкіндік алуын, сонымен қатар, мемлекеттегі саясатқа қатысты ашық пікір білдіру құқығын атап өтуге болады. Адамның саяси құқықтары көне замандардан бері тек сол елдің азаматтарына беріліп келеді. Ежелгі Афина мемлекетінде тек жиырмаға толған, екі жыл әскери міндетін өтеген азаматтар Халық жиналысына қатысып, ел үшін маңызы бар істерді талқылауға мүмкіндік алды [1, 9 бет]. Осы мысал арқылы ежелгі Афина мемлекетінің өз азаматтарына ғана саяси құқықтарды бергенін көреміз. Антикалық философияда адам құқықтары жайлы мәселелер қозғалып, ол кейіннен орта ғасырлық христиандық философияға негіз болған кезеңдерде де адамның саяси құқықтары жайлы тұжырымдамалар толыққанды сипатқа ие бола қойған жоқ. Тек «адам құқықтарының бірінші кезеңі» ретінде танылған уақыттан бері адамның азаматтық және саяси құқықтары мемлекеттермен таныла бастады [2, 37 бет]. Қазіргі кезде адамның саяси құқықтары көбінесе мемлекеттің конституциясында нақтыланады. Әр мемлекеттің саяси режимінің сипатына қарай адамдарға берілетін саяси құқықтардың түрлері өзгеріп отырады. Қазақстан Республикасының Конституциясының «Адам және азамат» деп аталатын екінші бөлімінде саяси құқықтар айқындалған. Оларға адамдардың бірлесу бостандығына, бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға құқығы, тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет ісін басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына тікелей өзі жүгінуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтініштер жолдауға құқығы мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы жатқызылады. Сонымен қатар, Конституцияның 33 бабының 4 тармағына сай республика азаматтарының мемлекеттік қызметке кіруге тең құқығы бар. Мемлекеттік қызметші лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар лауазымдық міндеттердің сипатына ғана байланысты болады және заңмен белгіленеді. Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызметте болған кезеңінде оларға қатысты заңмен бекітілген шектеулер мен тыйымдардың болуы да заңдылық. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет туралы заңының 10-бабына сәйкес мемлекеттік қызметшінің: 1) өкілді органдардың депутаты болуға; 2) педагогтік, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметті қоспағанда, басқа да ақылы қызметпен айналысуға; 3) кәсіпкерлік қызметпен айналысуға, соның ішінде, егер коммерциялық ұйымды басқаруға тікелей қатысу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оның қызметтік міндетіне кірмейтін болса, егер "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше белгіленбесе, ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға; 4) үшінші тұлғалардың істері бойынша өзі қызмет істейтін не өзіне тікелей бағынысты немесе өзінің бақылауындағы мемлекеттік органда өкіл болуға; 5) өзінің қызметтік іс-әрекетін материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттік мүлік пен қызметтік ақпаратты қызметтік емес мақсатта пайдалануға; 6) ереуілдерді қоса алғанда, мемлекеттік органдардың қалыпты жұмыс істеуіне және қызметтік міндеттерді орындауға кедергі келтіретін әрекеттерге қатысуға; 7) лауазымдық өкілеттігін орындауға байланысты азаматтар мен заңды тұлғалар көрсететін қызметті жеке мақсатына пайдалануға құқығы жоқ [3]. Менің ойымша, бұл шектеулердің тек біреуі ғана, яғни, «өкілді органдардың депутаты болуға мүмкіндігін болдырмаудың» мемлекеттік қызметшінің саяси құқықтарын шектейтіндігін көре аламыз. Тіпті, бұл нормаға сай, мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік органдардың қалыпты жұмыс істеуіне және қызметтік міндеттерді орындауға кедергі келтірмейтін болса (мысалы, демалыс күндері, еңбек демалысы кезінде және т.б.) бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға құқығын жүзеге асыру мүмкіндігінің бар екендігін айта аламыз. Осы шектеулерден өзге мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасы  мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексі бойынша бірталай міндеттер де жүктеледі. Кодекстің 2 бөлімі Мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жалпы қағидалары деп аталады. Осы норманың 5 тармағы бойынша, мемлекеттік қызметшілер: 1) заңдылық қағидатын, Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын басшылыққа алуға; 2) Қазақстан Республикасы Президентінің саясатын жақтауға және оны дәйекті түрде жүзеге асыруға, өзінің іс-әрекетімен мемлекеттік биліктің беделін нығайтуға, мемлекет институттарының беделін түсіретіндей іс-әрекеттер жасауға жол бермеуге және т.б. көптеген талаптарды орындауы тиіс [4]. Заңдылық қағидасы мемлекеттің ең басты қағидасы болғандықтан, барлық мемлекеттік қызметші осы қағиданы басшылыққа алса онда мемлекеттік қызметте ешқандай да ақау болмасы анық. Бірақ, мемлекеттік аппаратының базистік, ал биліктің қондырмалық сипатын ескерсек, сол аппараттың негізін құраушы әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасы Президентінің саясатын жақтауға және оны дәйекті түрде жүзеге асыруға байланысты міндет жүктеудің артықтығын айта кеткіміз келеді. Себебі, мемлекеттегі билік демократия талаптарына сай ауыспалы сипатта болады, сәйкесінше, мемлекеттік қызметшілер билік басына келген топтың саяси бағытымен келіспесе де мемлекеттік қызмет бойынша өзінің күнделікті міндеттерін заң талаптары бойынша орындауы тиіс. Ал, бұл өз кезегінде әкімшілік мемлекеттік қызметшілер корпусының билік ауысқан сайын ауыспайтын, тұрақты сипатын қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет туралы заңда саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге нақты анықтама берілген. Соған сәйкес, мемлекеттік әкімшілік қызметші – Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, өз қызметін тұрақты кәсіби негізде жүзеге асыратын мемлекеттік қызметші. Ал, мемлекеттік саяси қызметші – тағайындалуы (сайлануы), босатылуы және қызметі саяси-айқындаушы сипатта болатын және саяси мақсаттар мен міндеттерді іске асыру үшін жауапты болатын мемлекеттік қызметші. Сәйкесінше, Қазақстан Республикасы Президентінің саясатын жақтауға және оны дәйекті түрде жүзеге асыруға байланысты міндет тек саяси мемлекеттік қызметшілерге жүктелгені көңілге қонымды болар еді. Ал, күнделікті жұмысында өзіне заң және лауазымдық нұсқаулық арқылы өкілеттіктері нақтыланған мемлекеттік әкімшілік қызметшінің заңдылық және кәсібилілік қағидаларын басшылыққа алып өз міндеттерін орындауы жеткілікті деп есептейміз және оның өз дербес саяси көзқарасы мен ұстанымының болуы оның атқаратын міндеттеріне байланыссыз болары сөзсіз. 2014 жылдың соңында әлеуметтік желілерде ең көп талқыланған тақырыптардың бірі Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі міндетін атқарушы Ж. Қасымбек 17 қазан 2014 жылы қол қойған «Интернет желісінде, оның ішінде әлеуметтік желілерде және блог-платформаларда жұмыс істейтін мемлекеттік органдардың және мемлекеттік қатысуы бар мекемелердің қызметкерлері үшін жадынама» болды [5, 1 бет ]. Жадынама екі бөлімнен және сегіз тармақтан тұрады. Алғашқы бөлім Жалпы ережелер деп аталады, онда құжаттың қабылдану мақсатынан, негізге алынған нормативтік құқықтық актілерден және осы мәселеге қатысты дефинитивтік нормалардан тұрады. Жадынаманың 5 тармағының мәтінінде Қазақстан Республикасының кейбір заң актілерінде көзделген шектеулерді қатаң ұстану міндеттелінеді.

Бір қызығы жадынамада оның Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы №1567 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексіне және  Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі №453 Мемлекеттік қызмет туралы заңына сәйкес әзірленгендігі айтылған. Бұл өз кезегінде жадынаманың еліміздің Конституциясының және еліміз ратификациялаған халықаралық құжаттардың адамның саяси құқықтары бойынша басты қағидаттарын басшылыққа алмағандығын көрсетеді. Олай дейтін себебеміз, осы жадынаманың 6 тармағына сәйкес Интернет желісінде, оның ішінде әлеуметтік желілерде және блог-платформаларда жұмыс істеу барасындан мемлекеттік органдардың және мемлекеттік қатысуы бар мекемелердің қызметкерлері өзінің парағында жалпы мемлекеттің атына, сондай-ақ басқа мемлекеттік органның және мекеменің қызметкерлеріне бағытталған сыни фото, бейне, аудио және мәтіндік материалдарды жарияламауға және репосттамауға міндетті. Біздің түсінуімізше, бұл норма талабына сәйкес, кез-келген мемлекеттік қызметші мемлекетте, мемлекеттік органдарда өзі куә болған және дұрыс деп санамайтын жағдайдың орын алғанына көз жұма қарап, оған қатысты өзіндік азаматтық ұстанымын білдіуіне және ол туралы өзгелермен бөлісуіне болмайды. Яғни, ол Қазақстан Республикасының азаматы ретінде өзіндік саяси ұстанымы мен көзқарастарын, қағидаларын ешкімге білдірмей, жасыруы қажет. Мұндай талап қою арқылы мемлекеттік қызметшінің ешқандай өзіндік ұстанымы жоқ, принципсіз, мылқау орындаушыға айналуына жол ашылады. Ал, мемлекеттік қызметшілерді осындай талаптар арқылы шектеу, олардың арасындағы білікті мамандардың жаппай мемлекеттік қызметтен кетуіне, кейбіреулерінің депрессияға бой алдыруына, кейбіреулерінің мемлекетке деген қарсылықтарының артуына алып келері сөзсіз. Бұл норма талабы тікелей мемлекеттік қызметшілердің саяси құқықтарын шектеуге бағытталған, бірақ еліміздің Конституциясы да, халықаралық құжаттар да мемлекеттік қызметшілердің ақпарат алу немесе таратуға байланысты құқықтарын шектемейді. Керісінше, Қазақстан Республикасының Конституциясының 20-бабының 1 тармағына сәйкес, сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі, цензураға тыйым салынады. Сонымен қатар, осы баптың екінші тармағы бойынша әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Ал, Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы болып табылатын мәліметтер тізбесі арнайы заңмен белгіленеді. Аталмыш норма талабы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының резолюциясымен 1948 жылғы 10 желтоқсанда №217 А (ІІІ) қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 19 бабына да кереғар келеді. Оған сәйкес, әр адам наным-сенім бостандығына және өз көзқарасын еркін білдіруіне құқығы бар; бұл құқық өз наным-сенімін кедергісіз ұстану еркіндігін және мемлекеттік шекаралар тәртібіне тәуелді болып қалмай, ақпараттар мен идеяларды еркін іздеп, кез-келген құралдар арқылы тарату бостандығын да қамтыйды [6, 1 бет ]. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы 2005 жылғы 28 қарашадағы №91 Заңымен       Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні ратификацияланған болатын. Осы пактінің 19-бабының       1 тармағы бойынша, әрбір адам өз ой-пікірін еш кедергісіз ұстануға құқылы. Ал екінші тармағы әрбір адам өз пікірін еркін білдіруге құқылы екендігін айқындайды. Бұл құқық мемлекеттік шекараларға қарамастан кез келген ақпараттар мен идеяларды еркін іздеу, тауып алу және оларды өз қалауынша таңдап алған құралдар арқылы ауызша, жазбаша немесе баспасөз арқылы немесе көркемдік бейнелеу формалары түрінде тарату бостандығын да қамтиды [7, 1 бет ]. Халықаралық нормалардың ұлттық нормаларға қарағанда басымдығын ескерсек, ратификацияланған осы пактінің нормасының аталмыш жадынаманың кейбір нормалары арқылы өрескел бұзылып отырғанын алға тарта аламыз.

Аталған жадынаманың 7 тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының саясатын және жүргізіп жатқан саясатын сынға алатын, мемлекеттік құрылымды өзгертуге, сепаратизмге немесе егемендіктен бас тартуға шақыратын топтарға және бірлестіктер қатарына кірмеуге, Қазақстан Республикасының саясатын және жүргізіп жатқан саясатын сынға алатын, мемлекеттік құрылымды өзгертуге, сепаратизмге немесе егемендіктен бас тартуға шақыратын пайдаланушыларды достарға қоспау ұсынылады. Мемлекеттік құрылымды өзгертуге, сепаратизмге немесе егемендіктен бас тартуға шақыратын адамдар немесе топтар Қазақстан Республикасының 3 шілде 2014 жылы қабылданған қылмыстық кодексінің 179, 180 баптары бойынша қылмыстық қудалануға жататынын ескерсек, олардың әлеуметтік желілерде жұмыс істеуі мүмкін де емес. Бұл норма ең алдымен еліміздің билігін сынға алатын, өзгеше ойлайтын, оппозициялық бағыттағы адамдармен, топтармен мемлекеттік қызметшінің мүлдем байланыс жасамауын талап етеді. Қазақстан Республикасының Конституциясының 39-бабының 1 тармағы бойынша адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін. Осы баптың 3 тармағына сәйкес, саяси себептер бойынша азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қандай да бір түрде шектеуге жол берілмейді. Яғни, мемлекеттік қызметшілердің Қазақстан Республикасының саясатын және жүргізіп жатқан саясатын сынға алуға және өз ойымен осындай бағытта құрылған топтар мен бірлестіктерге кіруге құқығын шектеу адамдардың Конституциялық құқығын саяси себептер бойынша шектеудің айқын көрінісі болып табылады.

Қазақстандық қоғам қайраткерлері, парламент депутаттары бұл нормаға қатысты өзіндік пікірлерін білдірген болатын. Солардың бірі Ә.Қосанов өз ойын келесідей білдіреді: «Жадынамада Қазақстан Республикасының саясатын және жүргізіп жатқан саясатын сынға алатын, мемлекеттік құрылымды өзгертуге, сепаратизмге немесе егемендіктен бас тартуға шақыратын пайдаланушыларды достарға қоспау» деген нақты талап бар. Өте даулы пункт! Біріншіден, шенеуніктерге билікті сынаушылармен ашық пікірталас пен диалогқа түсу артық болмас еді. Түптің түбінде өз пікірің мен ойыңды қорғап, дәлелдеп шығу қажет емес пе! Екіншіден, интернет желісінде «мемлекеттік құрылымды өзгертуге, сепаратизмге немесе егемендіктен бас тартуға шақыратындар» болмауы тиіс! Жаңа жылдан бері бұл үшін қылмыстық жауапқа тартылады. Егер қатардағы шенеуніктердің орнында болсам мен ашуланар едім. Мен азаматпын және өз елімнің патриотымын, ересек адам ретінде мен өзімді әлеуметтік желілерде қалай ұстау қажет екендігін білемін. Конституция мен заңдар бар, мен оларды бұзуға ниетті емеспін!» [8, 1 бет ]. Мәжіліс депутаты РК Азат Перуашев та бұл нормаға қатысты өз сынын: «жеке қалауға байланысты нәрселерге келер болсақ, бұл ең алдымен мемлекеттік қызметшінің жеке өміріне қол сұғушылық болып табылады. Егер ол жұмыс уақытында интернетте отырса бір сәрі, ал, жұмыстан бос уақытында интернетке немесе фейсбукке кіріп өз достарының жазғандарына лайк басқаны үшін... Ол оның экстремистік топтың мүшесі екендігін қайдан білсін. Біздің түптеп келгенде кінәсіздік презумпциясына жүгінуімізге болады, ешбір адам оның кінәсі сотпен дәлелденгенше кінәлі болып табылмайды, - деп білдіреді. «Мүмкін қазіргі орын алып жатқан нақты алаңдаушылықтар осындай жадынама жасауға итермелеп жатқан болар, бірақ, либералдық, демократиялық ұстанымдар тұрғысынан алып қарағанда бұл жақсы емес, - деп өз ойын қорытындылайды [9, 1 бет].

Жалпы алғанда мемлекеттік қызметшілердің ең алдымен адам екендігін ескерсек, жоғарыда айтылған нормалар талаптары адамның саяси құқықтарын шектеуге бағытталғанын атап өтуге болады және осындай жадынама жасап, оның талаптарын орындауды талап етудің өзі құқықтық мемлекет қағидаларына қайшы келеді. Мемлекеттік қызметшілердің саяси құқықтарына қатысты кейбір шектеулер енгізудің еліміздің Конституциясына, еліміз ратификациялаған халықаралық құжаттардың талаптарына да сәйкес еместігін ескерткіміз келеді. Демократиялық қоғамда мемлекеттік қызметшілерге интернет желісінде, оның ішінде әлеуметтік желілерде және блог-платформаларда жұмыс істеу бойынша шектеулер қою олардың жеке құқықтарын шектейтіндігін ескерсек, мұндай жадынаманы қабылдаудың өзінің артық екендігін айта аламыз. Сол себепті, біріншіден, Қазақстан Республикасы  мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексінің 2 бөлімі 5 тармағының 2 тармақшасы бойынша, тек мемлекеттік саяси қызметшілерге ғана «Қазақстан Республикасы Президентінің саясатын жақтауға және оны дәйекті түрде жүзеге асыруға, өзінің іс-әрекетімен мемлекеттік биліктің беделін нығайтуға, мемлекет институттарының беделін түсіретіндей іс-әрекеттер жасауға жол бермеуге және т.б. тиіс» деген талапты қою қажеттілігін ұсынамыз. Екіншіден, Интернет желісінде, оның ішінде әлеуметтік желілерде және блог-платформаларда жұмыс істейтін мемлекеттік органдардың және мемлекеттік қатысуы бар мекемелердің қызметкерлері үшін жадынаманың «Интернет желісінде, оның ішінде әлеуметтік желілерде және блог-платформаларда жұмыс істеу барасындан мемлекеттік органдардың және мемлекеттік қатысуы бар мекемелердің қызметкерлері өзінің парағында жалпы мемлекеттің атына, сондай-ақ басқа мемлекеттік органның және мекеменің қызметкерлеріне бағытталған сыни фото, бейне, аудио және мәтіндік материалдарды жарияламауға және репосттамауға міндетті». Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының саясатын және жүргізіп жатқан саясатын сынға алатын, мемлекеттік құрылымды өзгертуге, сепаратизмге немесе егемендіктен бас тартуға шақыратын топтарға және бірлестіктер қатарына кірмеуге, Қазақстан Республикасының саясатын және жүргізіп жатқан саясатын сынға алатын, мемлекеттік құрылымды өзгертуге, сепаратизмге немесе егемендіктен бас тартуға шақыратын пайдаланушыларды достарға қоспау ұсынылады», - деген нормаларын алып тастауды ұсынамыз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Розахунова Н.Р. и другие. Теория прав человека. Учебное пособие. - Бишкек: КНУ им. Ж.Баласагына, 2012. - 288 с. 2. Бусурманов Ж.Д. Евразийская концепция прав человека. - Алматы: КазГЮУ, 2006. – 481 с. 3. Мемлекеттік қызмет туралы Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі №453 Заңы // «Әділет» Қ. Р. нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі: URL:www.adіlet.zan.kz, Accessed: 25.02.2015. 4. Қазақстан Республикасы  Президентінің      2005 жылғы 3 мамырдағы  №1567 жарлығымен    бекітілген      Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексі (Мемлекеттік қызметшілер қызмет этикасының қағидалары) // «Әділет» Қ. Р. нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі: URL:www.adіlet.zan.kz, Accessed: 25.02.2015.

5. Интернет желісінде, оның ішінде әлеуметтік желілерде және блог-платформаларда жұмыс істейтін мемлекеттік органдардың және мемлекеттік қатысуы бар мекемелердің қызметкерлері үшін жадынама //сайт РГП на ПХВ "Республиканская Ветеринарная Лаборатория" КВКиН при МСХ РК: 30.10.2014 - URL: www.rvl.kz/іndex.php/ru-RU/zakony/.../392-2014-10-30-09-50-37, Accessed: 25.02.2015.

6. Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы. 10 желтоқсан 1948 ж. // «Әділет» Қ. Р. нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі: URL:www.adіlet.zan.kz, Accessed: 25.02.2015. 7. Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт. Нью-Йорк, 16 желтоқсан 1966 жыл.// «Әділет» Қ. Р. нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі: URL:www.normatіv.kz›vіew/61482/ , Accessed: 25.02.2015. 8. Косанов А., Преддверие взрыва? // Новая газета: 15.01.2015 -URL:www.novgaz.com/іndex.php/2-news/1279, Accessed:15.01.2015. 9. Депутаты не согласились с некоторыми пунктами памятки госслужащим // Dіxіnews: 14 января 2015 - URL: www.dіxіnews.kz›artіcles/1170/, Accessed: 25.02.2015.

References:

1. Rоzakhunova N.R. і drugіe. Теоrіa prav cheloveka. Uchebnoe posobіe.- Bіshkek: КNU іm. Zh. Balasagіna, 2012. - 288 s. Busurmanov Zh. D. Еvrazііskaya коnsepsіa prav cheloveka. - Аlmaty: КаzGJU, 2006. – 481 s. Меmlekettіk kіzmet turalі Kazakhstan Respublіkasіnіn 1999 zhіlgі 23 chіldedegі №453 zanі // «Adіlet» K.R. normatіvtіk kukuktіk aktіlerіnіn akparattіk kukuktіk zhuіesі: URL:www.adіlet.zan.kz, Accessed: 25.02.2015. 1. Kazakhstan Respublіkasі Presіdentіnіn 2005 zhіlgі 3 mamіrdagі  №1567 zharlіgіmen bekіtіlgen      Kazakhstan Respublіkasіnіn memlekettіk kіzmetchіlerіnіn ar-namіs kodeksі (Меmlekettіk kіzmetchіler kіsmet etіkasіnіn kagіdalarі) // «Adіlet» K.R. normatіvtіk kukuktіk aktіlerіnіn akparattіk kukuktіk zhuіesі: URL:www.adіlet.zan.kz, Accessed: 25.02.2015.

2. Іnternet zhelіsіnde, onіn іshіnde aleumettіk zhelіlerde zhane blog-platformalarda zhumіs іsteіtіn memlekettіk organdardіn zhane memlekettіk katіsuі bar mekemelerdіn kіzmetkerlerі ushіn zhadіnama //saіt RGP na PXV "Respublіkanskaya Veterіnarnaya Laborotorya" KVKіN prі МSX RК. //30.10.2014// URL: www.rvl.kz/іndex.php/ru-RU/zakony/.../392-2014-10-30-09-50-37, Accessed: 25.02.2015.

3. Аdam kukukterіnіn zhalpіga bіrdіe deklarasіasі 10 zheltoksan 1948 zh. // «Adіlet» K.R. normatіvtіk kukuktіk aktіlerіnіn akparattіk kukuktіk zhuіesі: URL:www.adіlet.zan.kz, Accessed: 25.02.2015. 4. Аzamattіl zhane sayasі kukukter turalі xalіkaralіk pakt. Nyu-York, 16 zheltoksan 1966 zh. // «Adіlet» K.R. normatіvtіk kukuktіk aktіlerіnіn akparattіk kukuktіk zhuіesі: URL:www.adіlet.zan.kz, Accessed: 25.02.2015. 5. Коsanov А., Preddverіe vzrіva? // Novaya gazeta: 15.01.2015 -URL:www.novgaz.com/іndex.php/2-news/127, Accessed: 25.02.2015. 6. Deputatі ne soglasіlіs s nekotorіmі punktamі pamyatkі gossluzhachіm // Dіxіnews:14 yanvarya 2015- URL: www.dіxіnews.kz›artіcles/1170/, Accessed: 25.02.2015.

Мемлекеттегі әртүрлі мүдделердің ара қатынасы жайлы

Абай атындағы ҚазҰПУ Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы кафедрасының аға оқытушысы, з.ғ.к. Өміржанов Е.Т.

Жер бетінде мемлекеттің пайда болуы жайлы әр кезеңде өз заманының озық ойлы тумалары арнайы тұжырымдамаларын жазып, өздерінің артында үлкен мектеп қалыптастырғанымен ешкім де сол мемлекеттіліктің қалыптасу кезеңін өз көзімен көрмегендіктен олардың ойлары нағыз ақиқат екеніне баршаның көзі жете қоймасы анық. Мемлекеттің пайда болуымен бірге осы кезеңге дейін сол мемлекеттегі әртүрлі мүдделердің өзара қатынасы да заманға қарай сырт пішінін өзгерте отырып сан түрлі сипатта дамып келеді. Жалпы, мүдде сөзінің мәнісін түсіну үшін түсіндірме сөздікке жүгінеміз, онда мүдде сөзіне «қажеттілік, мұқтаждық» деген түсініктеме беріледі [1, 249 б]. Мемлекет пен қоғамның бір-бірінсіз өмір сүре алмайтынын ескерсек, олардың мүдделерінің бірлігі турасында көбірек тоқталуға болар еді. Бірақ, қоғамның өзі саналы адамдар жиынтығы болғандықтан оны құраушы адамдардың мүдделері олардың мемлекетпен қызметтесуінен өзге де мәселелерге байланысты әртүрлі сипатқа ену мүмкіндігін көре аламыз. Сол себепті біз мүдделерді жеке, ұлттық, жалпы халықтық және мемлекеттік тұрғысында бөліп, оларға жеке-жеке тоқталғанды жөн көрдік. Адам табиғатынан өзі секілді адамдармен тығыз байланыс орната өмір сүруді қалайды, бірақ, біріге өмір сүру арқылы бір-бірін бағындыруға, тәуелділікте ұстауға ұмтылады, тең дәрежеде болуды қаламайды. Сондықтан да, сол бір-бірімен тығыз байланыстағы адамдар арасында біріге өмір сүру барысында әртүрлі сипатта теңсіздік орын алып, осы мәселе турасында түрлі келіспеушіліктер туындап отырады. Бұл келіспеушіліктердің негізінде сол адамдардың бір-біріне деген кері көзқарастарының өріс алуының басты себепшісі теңсіздік жатыр. Осы адамдар арасындағы теңсіздік мемлекет өзінің даму тарихында қаншама рет кейпін өзгертсе де, соңғы уақытта жалпы әлеуметтік сипатқа енуге тырысса да өз өзектілігін жоймай отыр. Қазіргі жоғарғы деңгейдегі дамыған қоғамның басты да өзекті мәселесі осы адамдар арысындағы теңсіздік болып қала беруде. Осы адамдар арасындағы теңсіздік жайлы француз ойшылы Жан-Жак Руссо «Мен адамзат баласының арасындағы екі түрлі теңсіздікті білемін: оның біріншісін табиғи немесе физикалық деп атауға болады, өйткені, ол теңсіздікті табиғат өзі орнатқан және ол адамның жасына, бойындағы күш-қуатына, ақыл-ойы мен санасына және ішкі жан дүниесіне байланысты болады; ал екіншісін салыстырмалы немесе саяси деп атауға болады, өйткені ол келісімге байланысты болады, адамдардың келісім беруі арқылы бекітіледі немесе орнатылады. Осы соңғысы арқылы басқалардың арқасында кейбіреулер артықшылықтарға ие болады, олар өзгелерге қарағанда бай, құрметті, күшті және өзгелерді өздеріне бағынуға мәжбүр етеді...» [2, 280 б] деп өзінің ойын қорытқан екен. Шындығында да, адамдарды жаратқанда құдай олардың тең болмауына мән берген, бұл олардың өздері жетуге талпынатын бақытқа деген көзқарасының да әртүрлі болуына себеп болды. Сол себепті адамдардың жеке мүдделері де (өмір сүру, ұрпақ жалғасы сияқты табиғи мүдделерден өзге) бір-бірінен алшақ, алуан түрлі болып келеді. Тіпті, кейбір адамдардың қалауы жалпы ортақ мүддеге мүлдем кереғар болуы да мүмкін. Жеке мүдде – жеке адамның мүддесі, саясат пен оның өзі немесе басқа адамдар яки үкімет жеке тілекті және мұқтаждықты қанағаттандырып, жүзеге асыратын әрекеттерді ұштастырады. Мүдде сондай-ақ саясат пен жеке адамның қалаған нәтижеге жету арасындағы тәсілдік қарым-қатынасты бідіреді [3, 186 б]. Қазіргі мемлекеттер адам құқықтарын ең жоғарғы деңгейге көтеру арқылы адамның жеке мүдделерімен санасатындықтарын өздерінің негізгі заңдарында орнықтырғанымен нақты өмірде адамдар арасындағы теңсіздік күнделікті қоғамдық өмірде көрініс беріп отырады. Жаңа кезеңдегі мемлекеттер өз аумақтарында адам құқықтарының қорғалу деңгейі арқылы халықаралық аренада беделін арттыруға күш салуда. Ресейлік ғалым М.М.Рассолов адам құқықтарына тоқтала келіп, ол турасында «Права человека – не модный лозунг или пропагандистский прием, а веление времени, отражение объективного движения человечества к демократическому, гуманному обществу и мировому порядку, для которых важнейшим ориентиром стал девиз: «Все права для всех» [4, 394 б]. Осылайша әлемдік деңгейде адам құқықтарының қорғалу тетіктері қарастырылып, әртүрлі халықаралық деңгейдегі құжаттар қабылдануда, бірақ, адамдардың құқықтарының қорғалу деңгейлері әртүрлілік сипатын сақтап қалуда. Тіпті, мемлекет адам құқықтарын қорғауды өзінің басты мақсаты деп жариялағанымен де адам құқықтарының қорғалуы жеке адамның құқықтық санасына тікелей байланысты болып қала бермекші. Қоғамдағы адамдардың санасының деңгейіне қарай олар көздейтін мүдде де түрліше болатындықтан, жеке мүдде көбінесе топтық мүдде ықпалынан шыға алмайды немесе жеке мүддеге қарағанда топтық мүддеге артықшылықтар беріледі. Топтық мүддені оның мемлекеттілікке қатыстылығына қарай ұлттық және жалпы халықтық деп салыстырмалы түрде бөліп қарастырсақ, ұлттық мүддеге ұлттың ұлт ретінде ары қарай даму, ұлттық сана мен ұлттық діл, тіл және дін, мәдениет пен әдет-ғұрып, отбасылық тәрбиені ары қарай өзіндік ұлттық ерекшеліктерімен сақтап қалу мәселелерін жатқызамыз, сонымен қатар, ұлттық мүдде сол ұлттың мемлекеттік саясатқа ықпал етуімен, ұлттық заңнама қалыптастыруымен байланысты болады. Әрине, қазіргі жағдайда біз ұлттық мүддені қазақ ұлты мысалында алып отырмыз, жалпы халықтық мүдде ол қазақ ұлтының мемлекеттегі өзге этникалық топ өкілдерімен бейбіт қатар өмір сүруі, мемлекеттің ары қарай дамуы жолында қазақ ұлты мен өзге этникалық топтардың жұмыла әрекет ету арқылы мемлекеттің дербестігін сақтау, оның өзге мемлекеттермен терезесі тең болуын қамтамасыз ету деп түсінуге болады. Жалпы халықтық мүддеге бір мемлекет аумағында өмір сүретін ұлттар мен этникалық топтардың әлеуметтік, экономикалық және саяси мүдделерін жатқызамыз. Жалпы халықтық мүдде ең алдымен қоғамның әртүрлі топтарының біріге бейбіт қатар өмір сүруіне, мемлекетпен тиімді қатынас орнатуына бағытталады. Жер жүзіндегі мемлекеттер саны қанша болса, олардың ұлттық құрамы соншалық әртүрлі болып келеді. Кей мемлекеттерде бір ұлт абсолютті сан басымдығымен өмір сүрсе, кей мемлекеттерде мемлекет негізін қалаушы ұлт саны аз болғанымен олар абсолютті басым құқықтарға ие болуда, ал кей мемлекеттерде мемлекет негізін құраушы ұлт мүддесіне өзге ұлттардың мүддесін сәйкестендіру арқылы қоғамды басқару орын алуда. Әрине, Қазақстан мысалында мемлекет негізін құраушы ұлт мүддесі алдыңғы орында тұрмауы сол ұлттың өкілдерінен құралған мемлекеттік аппараттың мүшелерінің ұлттық мүддеге немқұрайлы қарауымен және мемлекет негізін құраушы ұлт өкілдерінің ұлттық санасының деңгейінің төмендігімен байланысты деуге болады. Бұл жағдай өз кезегінде мемлекеттік тілдің өрістемеуінен, ұлттық ділдің төмендеуінен және діннің әлсіреуінен көрініс табуда. Қазіргі кезде ұлттың басын біріктіруші ұлттық идеал жасау уақыт талабына айналып отыр. Ұлттық идеал ретінде бір ұлттың болашағы турасында, оның болашақта қандай ұлтқа айналуы қажеттігі, қол жеткізуі қажет жетістіктері мен сол идеалға қол жеткізу тетіктері жайлы идеяны тануға болады. Ұлттық идеалды жасап, оны халық арасында кеңінен насихаттап, сол идеалға жету үшін күш біріктіруге үндеу арқылы ұлттық сананы көтеру есебінен ұлттық мүдде жолында қызмет етуге ұлт өкілдерін жұмылдыру мүмкіндігі де жоқ емес. Ұлттық мүдде жолында жекелеген ұлт өкілдерінің бірігуі үшін олардың бойындағы ұлттық рух деңгейін көтеру мақсатында ұлт көсемінің бейнесін сомдап, оны халық арасында кең насихаттау жақсы нәтижелерге қол жеткізуге негіз болары сөзсіз. Қазіргі жағдайда ұлт көсемі ретінде сол ұлт болашағы жолында аянбай еңбек етіп, өз өмірінің мәні ретінде ұлт мүддесін көре білген тұлғаны таңдауымыз қажет. Тарихи тұлғалардың арасынан осындай деңгейдегі Әлихан Бөкейханов пен Мұстафа Шоқайды алуға болады. Мұстафа Шоқай тек қазақ ұлты ғана емес бүкіл түркі тілдес халықтардың, Орта Азияны мекендеген түркі ұрпағының мүддесі жолында қызмет етсе, Әлихан Бөкейхан қазақ халқының жеке мемлекеттілігі жолында күрескен тұлға. Бүгінгі күні тек қазақ ұлты ғана емес түркі тілдес бауырларымыз үшін жан аямай еңбек етіп, қаншама құнды еңбек қалдырған Мұстафа Шоқайды тек қазақ емес жалпы түркі жұртшылығының көсемі дәрежесіне көтеру жолында насихат жұмыстарын жүргізу арқылы, түркі тілдес халықтармен байланысты нығайту арқылы түркілік мүдденің қайта жандануына ықпал етуге болар еді. Ал, Әлихан Бөкейханды қазақ арасында кең насихаттап, оның артында қалдырған мұрасын жұртшылық назарына барлық ақпарат құралдары арқылы таныстырып, оны өз халқына ұлт көсемі бейнесінде таныту арқылы қазақтың ұлттық рухын көтеруге атсалысуға болады деген ойдамыз. Насихат жұмыстары аталмыш тұлғалар жайлы терең тәрбиелік сипаттағы көркем фильмдер түсіру, олардың ұлт болашағы үшін атқарған жұмыстары жайлы документальды фильмдер түсіру, әртүрлі балаларға арналған шығармалар жазу сияқты жас ұрпақ санасына сіңімді дүниелерді тудырумен де байланысты. Мемлекеттің өз аумағында тұратын мемлекет негізін қалаушы ұлт пен өзге этникалық топтарға ұлттық сана-сезімді қайта жаңғыртуға кең мүмкіндік жасауы олардың жеке ұлттық мүдделеріне оң ықпал жасауда. Бұл өз кезегінде мемлекеттегі мемлекет негізін қалаушы ұлт пен өзге ұлттардың мүдделерінің үйлеспеушілігіне өз әсерін тигізу мүмкіндігін тудыруда. Әсіресе, бұл мәселеде ұлттық мектептердің алатын орнын ерекше атап өтуге болады, мектеп адамның адам болып қалыптасуына басты ықпал жасаушы орын болғандықтан да ұлттық мектептің ұстанымдарына сай сол мектеп оқушылары да өзінің ұлттық мүддеге деген көзқарастарын қалыптастырады. Кейде ұлттық мектептердегі ұлттық мәселеге байланысты ұстанымдарға сай жас азамат әсіре ұлтшылдыққа (нацизм) бой алдырып, оның өзге ұлттарға, мемлекет негізін қалаушы ұлт өкілдеріне деген көзқарастары теріс бағытта дамуы да мүмкін. Осы тұрғыдан алып қарағанда мемлекеттегі әртүрлі этникалық топтардың ұлттық санасының жоғарғы деңгейде дамуы, олардың ұлттық, діни құндылықтарының асыра насихатталуы олардың мүдделерінде де өзгерістер туындатуы мүмкін. Бұл өз кезегінде мемлекет негізін қалаушы ұлтпен арада мүдде қақтығысына алып келуі ғажап емес. Осындай жағдайдың орын алмауына ықпал етудің тиімді жолдарының бірі мемлекетте тек мемлекеттік және ресми тілдегі мектептерді дамытып, ал әртүрлі этникалық топтардың өз тілдерін дамытуы үшін жексенбілік немесе мектептен тыс арнайы курстар ұйымдастыру жеткілікті деген ойдамыз. Сонымен қатар, жалпы мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты мемлекет негізін қалаушы ұлт мүддесіне сәйкестендіріліп, өзге этникалық топ өкілдерінің мүдделері осы саясат аясында қамтылуы ұлттық мемлекет құраудың негізі бола алары сөзсіз. Әрине, бұл жерде этникалық топтардың құқықтары шектелмейді ме деген заңды сұрақ туындары сөзсіз. Бірақ, жалпы мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында, ұлттар арасындағы араздықты тудырмау жолында кейбір жекелеген мүдделердің ортақ мемлекеттік мүддеге бағынуы заңды құбылыс болып табылады. Жалпы, мемлекеттегі ұлттық саясат турасында осы уақытқа дейін әртүрлі пікірлер айтылып келеді, солардың ішіндегі жергілікті ұлттың мемлекеттік саясатта басты орында болуы жайлы ұлт жанашыры Сәбетқазы Ақатайдың пікірі ескеруге тұрар көзқарастардың бірінен саналады, ол бұл мәселедегі өз ойын келесідей тұжырымдаған екен: «Мәселенің саяси қатпары «көпұлтты» Қазақстанда қай ұлт өзінің саяси билігін қамтамасыз етеді, қысқаша айтқанда, «Қазақстан кімдікі?» -осыған саяды. Президентіміз: «Қазақстан – қазақстандықтардікі» дейді. Біз айтамыз: «Жоқ, қазақтікі, бірақ басқа ұлт өкілдері тұрғысы келсе тұра берсін – оларға кет те, кел де демейміз». Әрине, келімсектердің рұхсатсыз келмегенін қалар едік. Мұндай сөзді Ресей де, АҚШ та өз келімсектеріне жасырмай айтады. Ал біз айтпайтындай не көрініпті. Ұлтымыздың тәуелсіздігі мен бірлігінің символы болып саналатын президентіміздің басқа көршілес елдің басшысының тізгінінде кетіп, ізбасар інісі болғаны намысымызға тиеді, қазақтың ұйықтап жатқан ұлтшылдық сезімін қоздыра түседі. Ұлтжандылықты Қазақстанның тағындағы президентіміздің шапан жамылып, қамшы ұстағанынан емес, оның күнделікті саясатынан бағамдап отырсақ дейміз» [5, 5 б.]. Мемлекет дегеніміз - арнайы бір аумақтық кеңістіктегі таптық қоғамда билік жүргізетін, басқаруды іс жүзіне асыратын, арнайы адамдардың құқықтық негізде ұйымдасқан саяси жүйесі [6, 17 б]. Мемлекеттің басты мақсаты нақты кеңістікте өмір сүретін қоғамды өз дегеніне бағындыру болғандықтан ол көбінесе сол қоғам мүддесімен санасуға мәжбүр болады. Дегенмен, мемлекет басына келген билеуші топтың саяси ұстанымдары мен билік жүргізу тәсілдеріне қарай мемлекеттің саяси режимі өзгеріске ұшырап отыруы мүмкін болса да, сол өзгерген саяси режимнің өзі қоғамның белгілі бір тобының мүддесімен санасуға мәжбүр болады, тіпті, сол топтың мүддесін мемлекет саясатының мәніне айналдыруы да мүмкін. Мемлекет қоғам мүшелерінің өз дегеніне көнуі мен ортақ заңдарға бағынуын, қоғам мүшелерінің арасында орын алған түрлі келіспеушіліктерді болдырмауды қамтамасыз ету мақсатында күш қолдануға жүгінеді. «Одна из главнейших задач государства – это разрешение противоречия между необходимостью порядка и разнообразием интересов в обществе, сопряженных с конфликтами. Государство и власть призваны внести порядок и разумную организацию в социально-политичсекий процесс, обуздать энергию человеческих страстей» [4, 63 б]. Алайда, мемлекет барлық жағдайда өзінің күшін қолданып, қоғамда орын алған қарсылықтар мен нарзылықтарды күшпен баса алады десек, үлкен қателікке бой алдырар едік. Өйткені, қоғам мүшелері тарапынан орын алған кейбір наразылықтарға күшпен жауап қату оларды керісінше, қайта өршелендіріп, жағдайды бақылаудан шығарып алуға себеп болуы мүмкін. Кей мәселеде қоғамның қайсыбір топтары өз мүддесінің мемлекет тарапынан ескерілуі үшін мемлекеттік саясатқа ашық наразылық білдіріп, оның өз талаптарын орындауын талап етуі мүмкін. Қоғамдағы саяси қатынастар барлық кезде де өз маңыздылығын жоймайды, өйткені, мұнда қоғамдық өмірдің басты мәселелері қамтылған: қоғамды кім басқарады, кім билік жүргізеді, кімнің мүддесіне билік жүргізіледі, билік пен басқару қалай жүзеге асырылады. Осы мәселелер қоғамды басқаруға халықтың араласуына негіз болады [7, 71 б]. Қазіргі қазақстандық қоғамда мемлекет кімнің мүддесін көздеп отыр деген мәселе көп талқылануда, әсіресе, қазақ ұлты өкілдері арасында мемлекеттік мүдденің қазақ ұлты мүддесімен ұштаспауы жөнінде көптеген сын пікірлер айтылуда. Мемлекет тарапынан ұсынылған «Ұлт бірлігі тұжырымдамасында» көзделген мәселелерге қатысты халық ақыны М.Шаханов бастаған қазақ интеллигенциясы аштық жариялайтындығын жариялап, ашық наразылығын білдірді. Тіпті, «қазақстандық халық» идеясы мемлекет тарапынан ұсынылған уақыттан бері ұлттық мүдде тақырыбы қазақ тілді баспасөзде жиі талқылана бастады. Қазақ ұлтының арасында жаңаша серпіндегі ұлтшылдықтың жандануына «қазақстандық халық» идеясы негіз болды. Газет беттерінен әртүрлі авторлардың мазмұны бір-бірін толықтырып отыратын пікірлерін көптеп кездестіруге болады, мысалы, «Қазақстан халқы дейтін халықты құраймыз деп әуреленудің өзі әншейін дәме ғана. Біз өз халқымыздың қас дұшпаны емеспіз. Біздер, қазақтар – Қазақстан дейтін елдің өзегіміз. Сол өзекті өрт шалса, Қазақ елі де өртеніп, күлі ғана қалады. Ондай кезде басқа халықтар мен ұлыстардың өкілдері қазақ елінің атын сақтап отырмайды, қайта өздеріне билік тигеніне қуанып, нағыз қазақстандық халықты құрауға ұмтылады немесе жиған-тергенін вагондарға салып, өздерінің тарихи Отандарына тайып тұрады» [8, 5 б]. Бұл өз кезегінде қазақ ұлты өкілдерінің ендігі жерде мемлекеттен өз саясатында қазақ ұлты мүддесін ескере отырып әртүрлі шешімдерді қабылдауын талап ете бастағанының көрсеткіші есепті. Жалпы, мемлекетті өз аумағында өмір сүруші халықты сол халықтың мүддесімен санаса отырып өз дегеніне жүргізе алатын әлеуетті саяси ұйым ретінде бағаласақ, кейбір ұлттық мәселеде мемлекеттің негізін құраушы ұлттың мүддесімен санаспау сол мемлекеттегі тұрақтылық пен бейбітшілікке қатер төндіретінін биліктің ескеруі қажет екендігін бүгінгі қалыптасып отырған жағдай көрсетіп берді. Бұл ұлтқа қатысты мәселеде мемлекет саясатының өте абайлап жүргізілу қажеттігінің жарқын дәлелі іспетті. Ойымызды қорытындылау үшін Л.А. Тихомировтың мемлекет негізін қалаушы ұлтқа қатысты идеясын пайдалануды жөн көрдік. «Никогда, никакими благодеяниями подчиненным народностям, никакими средствами культурного единения, как бы они ни были искусно развиваемы, нельзя обеспечить единства государства, если ослабевает сила основного племени. Поддержание ее должно составлять главнейший предмет заботливости разумной политики. Это правило обычно склонны забывать абсолютистские правительства, которые даже стараются купить благосклонность наиболее враждебных государству племен всевозможными им благодеяниями насчет того племени, которым создалось и держится государство [В этом отношении справедливые упреки возбуждает и русская политика]. Это - политика саморазрушения». [9, 19 б].

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Ожегов.С.И., Шведова Н.Ю. Толковый словарь русского языка Москва, 2005 г. 2. Липень С.В. История государственно-правовых учений. Хрестоматия. Москва, Спарк, 2006 г. 3. Саясаттану. Қысқаша сөздік. Алматы, Қазақстан, 2001ж. 4. Рассолов М.М. Актуальные проблемы теории государства и права. Второе издание. Москва, Закон и право, 2010 г. 5. Ақатай С. Ұлтшыл болу ұят па? // Жас қазақ. - 1992. - 24 маусым. 6. Өзбекұлы С. Мемлекет және құқық теориясы. Оқулық. Алматы, Жеті Жарғы, 2006 ж. 7. Зеркин Д.П. Основы политологии. Курс лекции. Ростов на дону, Феликс, 1999 г. 8. Исаев Б. Әр ұлт өз үйінде қожайын болуы керек. Қазақстан zaman газеті. 28 қатар 2010 ж. 9. Л.А. Тихомиров "Монархическая государственность" Российская Империя -Исторические судьбы нации // www.rusempіre.ru/samoderzhavіe/іstorіcheskіe-sudby-natsіі.html

Резюме

В данной статье рассматриваются некоторые проблемы соотношений различных интересов в государстве. Автор на примерах Казахстана анализирует проблемы взаимодействия власти с обществом.

Resume

Іn thіs artіcle the author consіders some problems of correlatіon dіfferent іnterests іn the state. The author analyses problems of іnteractіon of authorіty wіth socіety on Kazakhstan example.

Дін және құқық: ара қатынасы және өзара байланысы

Өміржанов Е.Т. з.ғ.к., доцент, Сулейман Демирель атындағы университет

Адамзат баласы қауымдаса тіршілік ете бастаған уақыттан бері қоғамды басқару мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Қоғам дамуының әр сатысында белгілі бір топтың айналасындағыларды бағындырып, оларды өз дегеніне жүргізу мақсатында әртүрлі құралдарды қолданғаны белгілі. Сол құралдардың ішінде әлі күнге дейін өз маңыздылығын жоймай келе жатқаны дін мен құқық деп пайымдауға болады. Дін мен құқықтың қайсысы алдымен пайда болғаны жайлы сөз қозғағанда әрине, діннің алғаш қалыптасқанын дәлелдеушілер басымдыққа ие болары сөзсіз. Сонымен қатар, діннің алғашында адамдарды сендіру мақсатында әртүрлі мифтер мен наным-сенімдер аясында қалыптасқанын да ешкім жоққа шығара алмас. Ал, құқық жайлы сөз қозғалғанда оның алғашқыда қауым мүшелерінің арасындағы қарым-қатынасты реттеу құралы ретінде пайда болғанын теориялық тұрғыда қаншама ойшылдардың дәлелдегені белгілі. Дегенмен, бізді қызықтыратыны дін мен құқықтың неліктен осы уақытқа дейін бір-бірін жеңе алмауы, яғни, бірінің орнын бірі баса алмауы болып отыр. Діннің талаптарын жүзеге асыруды қадағалаушы күш құдай, ал құқықтың жүзеге асырылуын қадағалаушы мемлекет. Осы тұрғыдан алып қарағанда дін мен құқықтың адам үшін құдыретті күшке ие құбылыстарға арқа сүйеуі екеуінің де қоғам үшін маңызын арттыра түсері сөзсіз. Алайда, адамзат қаншама ғасырлар бойы құқық пен дінді қатар ұстанып келеді. Тіпті, кей теократиялық мемлекеттерде әлі күнге дейін дін құқықты қалыптастырушы ролін атқаруда. Ал, зайырлылық сипатына енген мемлекеттердегі қоғамның діннен безінуі орын алуы мүмкін еместігін уақыт дәлелдеп берді. Осы пайымдауға сүйенсек, дін мен құқық бөлініп, дербес әрекет етуі әртүрлі келеңсіздіктерге алып келері сөзсіз. Себебі, дін де, құқық та қоғамдық қатынастарды реттеуші құрал, олар бір бірін толықтырып отырады. Дін адамның рухани қажеттіліктерін өтейді, ізгілікке, адамгершілікке бағыттайды, оны теріс қылықтардан сақтандырады, құдайдың бар екенін еске салып, қорқынышта ұстайды. Құқық болса адамды дұрыс жолға бағыттайды, ненің дұрыс ненің қате екендігін көсетеді, теріс қылықтардан сақтандырады, мемлекеттің бар екендігін есіне салады және қорқытады. Осы тұста дін мен құқықтың қайсысының адам үшін алдыңғы орынға шығуының басты себебіне тоқталған жөн болар. Діннің жеке адамға әсері қашан да болсын басым болатыны ондағы құдай алдындағы жауапкершілік мәселесімен тікелей байланысты. Яғни, адам өз іс әрекеттерінің қандай жағдайда болмасын құдайдың көз алдында екендігіне сену арқылы өзінің әр қадамына жауаптылықпен қарайды. Дін адамның ішкі жан дүниесіне бойлай еніп, оның қандай жағдайда болмасын өз сұрақтарына діннен жауап алуын қамтамасыз етеді, кей мәселелерде құқық қауқарсыз болғандықтан дін адамды қызықтырған сұрақтарға жауап бере алады. Ал, құқық талаптарын орындау адамның жеке адами қасиеттері мен құқыққа деген құрметіне және сеніміне байланысты, құқықты орындауды адамның өз ішкі сезімі мен ар-ұжданы бақылайды. Яғни, мұнда адамның әр ізін бақылауда ұстайтын құдыретті күш жоқ, мемлекеттің бақылауы қанша қатаң болса да адамға орайы келгенде құқықты айналып өтуге әр кезде де мүмкіндік туындап тұрады. Дін мен құқық арасындағы күресті орта ғасырлық Европа мемлекеттерінің тарихынан жақсы байқауға болады, дегенмен, мемлекет билігі дін басыларымен текетіреске түскенімен діннің өзінен бас тартпайды. Керісінше, дінді өз билігіне икемдеп, христиандықтың жаңа бағыттарын дамытады. Осылайша, дін қоғамдағы мемлекет билігін орнықтырушы құрал ретінде өз қызметін жалғастыра береді. Тек Ресей империясындағы 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін билікке келген большевиктер ғана діннің қоғамдағы ықпалын азайтып қана қоймай, біртіндеп дінді толықтай жойып, дінсіз қоғам орнықтыруды қолға алды. Дегенмен, дінсіз қоғамды басқарудың қиындығын сезінген большевиктер діннің орнына социалистік идеологияны адамдар санасына сіңірумен айналысты. Идеологиялық жұмыс кеңес үкіметінің басты қызметінің бірінен саналды және халықпен идеологиялық жұмыс жүргізіп, адам санасына социализм идеалдарын сіңіру күн тәртібінен түскен жоқ. Кеңес Одағы ыдырап, социализм идеалдары құндылығын жоғалтқан соң жетпіс жыл бойы дінсіз өмір сүрген халық өзіне жаңа идеология, рухани тірек іздей бастады. Психологиялық тұрғыда үлкен соққы алған халықтың бір бөлігі атеизм бағытынан таймаса, екінші бөлігі ұмытыла бастаған ата-бабадан қалған дінге бет бұрды. Ал халықтың басым бөлігі сырттан келуші әртүрлі діни ағымдар мен секталар жетегіне ілесті. Бұл адамдардың нақты бір сенімсіз өмір сүре алмайтындығын тағы да бір дәлелдеп берген жағдай болды. Себебі, ұзақ жылдар бойы кеңестік идеология шеңберінде құдайдың жоқ екендігіне сеніп, өздерінің рухани азығы ретінде кеңестік социализм идеясын танып келген халық бір күнде социализм идеалдарынан айрылып қалды. Бұл өз кезегінде адамдардың санасына үлкен соққы болып тиді, өмірден баз кешу, ертеңге деген сенімсіздік, қорқыныш, ашу-ыза адамдардың психологиялық тұрғыдан өздеріне пана іздеуіне ықпал етті. Осы себептен адамдар жаппай құдайды іздей бастады. Ал, қоғамның мұндай күйзеліске ұшырап, құдай іздеу мәселесінің ең маңызды мәселеге айналғанын билік түсіне алмады. Себебі, билік басында сол социализм идеясының жемісі болған ұрпақ отырған еді. Діннің не екенін, құдайдың кім екенін білмей діни сауатсыздық жайлаған қоғамдағы адамдардың рухани ашаршылыққа ұшырағанын сезінбегендіктен, сонымен қатар, діннің қоғамды басқарудағы ең маңызды құрал екендігін мойындамағандықтан, ең бастысы, мемлекеттің зайырлылық сипатын терең түсінбегендіктен мемлекет дін ісіне араласудан толықтай бас тартты. Бұл өз кезегінде шекарасы барлығына бірдей айқара ашылған елімізге неше түрлі діни ағымдар мен секталардың еркін еніп, тез қарқынмен өріс алуына ықпал етті. Тағы бір айрықша тоқтала кететін мәселе билік пен құдай арасындағы байланыс, яғни, биліктің құдайды танып сол құдайды қоғамды басқаруда шебер пайдалануы. Биліктің өзінің де құдайдан қорқа отырып қоғамды құдай заңдылықтары шегінде билеуі жалпы қоғам үшін тиімді болатынын тарих дәлелдеді. Ал, мемлекет басындағы адамдар дінге сенбесе, құдайдан қорықпаса қоғам үшін одан артық қасірет жоқ. Себебі, құдайдан қорықпаған адам еш нәрседен де тайынбайды. Сонымен қатар, өз іс әрекеттеріне мемлекеттің заңдарынан тыс құдай заңдары алдында жауап берудің мүмкін еместігіне сенген адам сол мемлекеттің заңдарын өз мүддесі шегінде өзгертіп, өзін жауапкершіліктен толықтай босатуға талпыныс жасайды. Құқықтың адамға әсері психологиялық тұрғыдан алғанда құқықтық ұстаным, құқықтық сана мен мәдениет, құқыққа сай мінез-құлық сияқты категорияларды қалыптастырумен шектеледі. Одан ары қарай адам санасына дендей еніп, оның өзінің әр әрекетін құқықпен тікелей байланыстыруына құқықтың әлеуеті жеткіліксіз. Құқықтық санасы жоғары деңгейдегі адамдардың өзі кейбір өзі үшін, ұлты үшін үшін немесе өзі өмір сүретін орта үшін маңызды мәселелерді шешуде құқыққа қайшы әрекеттерге баруы мүмкін. Себебі, құқық нақты бір мемлекет аумағындағы әрекет етуші міндетті ережелер жиынтығы болғандықтан құқықтың қандай болуы сол мемлекет билігіне, оның ұстанған саясатына тікелей байланысты болады, осы тұрғыдан алып қарағанда кейбір азаматтар өздері үшін тыйым салынған немесе өздерінде жоқ қатынас түрлеріне рұқсат етуді талап етуі, болмаса, діни немесе өзге де наным сенімдер жетегінде құқыққа қайшы әрекеттерге баруы мүмкін. Құқықтың қоғам алдында беделінің жоғарылауына мемлекет басындағы нақты адамның жеке беделі септігін тигізе алмайды. Беделге сүйене отырып құқықты сол тұлғаның беделінің көлеңкесінде қалдыру қоғам арасында жағымпаздықты, жалған айтушылықты, маргиналдық құқыққа сай мінез-құлықты, жалпы қоғамдағы нигилизмді өрістетеді. Мұндай жағдайда адамдар үшін құқықтың маңызы болмайды, қарапайым адамдар құқыққа сенбей, өз шешілмеген мәселелерінің шешімін мемлекет басшысынан, оның беделінен іздейді, қоғамда мемлекет пен құқыққа қатысты барлық мәселелерде сенімсіздік орнайды. Мұндай жағдай орныққан қоғамның мүшелері өздері үшін идеалға айналған тұлғаның істеген іс-әрекеттеріне талдау жасай отырып, өз әрекеттеріне бағыт іздейді. Өзі құқық талаптарын орындамайтын мемлекет құқықтың қоғамда жүзеге асырылуы үшін құқықтық реттеу тетігін іске қосып, адамдарды қанша алдап, арбап, қорқытып, үгіттесе де құқықты қоғам мүшелеренінің арасында жоғарғы деңгейге көтере алмайды. Себебі, қоғам мүшелері құқыққа деген өз көзқарасын қоғамда орын алып жатқан жағдайлармен байланыстырады. Яғни, жеке тұлға құқықтың жүзеге асырылу деңгейін нақты орын алған жағдайлармен салыстырады, көбінесе, мемлекеттік биліктің жасаған іс-әрекетіне жүгінеді. Осы себептен, құқықтың қоғам алдындағы беделінің жоғары болуына мемлекеттегі биліктің құқыққа деген сыйластық көзқарастарының тікелей ықпалы болатындығын алға тартуға болады. Ал дін болса керісінше, қоғамда нигилистік көзқарастар өріс алып тұрған шақта адам үшін негізгі қорғаныш бола алады. Жалпы өмірден түңілген, айналасында орын алып жатқан жағдайларға көңілі қалған адам құдайдан араша сұрайды. Бұл өз кезегінде діннің мүмкіндігін жоғарылата береді, сол себептен, дін өз мүмкіншіліктерін түсіне отырып, соған сәйкес әрекет ете бастайды. Бұл әсіресе, дін таратушылар үшін таптырмайтын жағдай. Сол себепті, Қазақстан жағдайында, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары шеттен келіп дін таратушылар үшін біздің қоғам «көктемде гүлдеп тұрған жеміс бағын тозаңдандыратын бал араларға күн райының ашық болып тұрғанындай» болды. Осы тұста тағы ескере кететін жайт, діннің құдыретін түсінген кейбір топтардың, мемлекеттердің өз пайдасы немесе нақтылы мақсаты үшін дінді бұрмалауы немесе жаңа бір діни ағым, секта жасауы қоғам дамыған сайын жиі белең алуы. Бұл өз кезегінде арнайы мақсатта құрылған діни ұйым немесе сектаның адамдарды иландыру арқылы өз мақсатына жету құралына айналдыруына жағдай тудыруда. Жиырмадан үш жыл бойы мемлекет бақылауынсыз қызмет ету нәтижесінде дәстүрлі діндерге қатысы жоқ діни ағымдар мен секталар діни сауаты төмен қоғамда өз сенімін сіңіре алды. Дін тарату ісі мемлекет тарапынан бақылаудың болмауынан үлкен жылдамдықпен және неше түрлі құйтырқы әдістерді қолданумен қатар жүргізілді. Өз тілінен, ділі мен дінінен айрылып қалған миллиондаған қазақстандықтар шеттен келген әртүрлі ағымдардың жетегіне оңай ілесіп кетті. Тіпті, елдің негізін құраушы қазақ ұлтының басым бөлігінің тілін сақтағанымен олардағы ұлттық діл мен ислам дінінің әлсіреп қалғандығы да ескеріліп халық арасында беделі бар тұлғаларды, саясаткерлерді, ірі кәсіпкерлерді исламдағы нақты бір ағымдар өздеріне кіргізу арқылы жаппай халықты өздеріне тарту ісімен шұғылданды. Бұл өз кезегінде исламды ата-баба діні ретінде танығанымен діни сауаттары жоқ қазақтардың тез адасып, әртүрлі қазақ ұстанған Әбу Ханифа мазхабына қайшы көзқарастағы, исламдағы радикалды ағымдарға бас ұруына алып келді. Ендігі жерде тілі сақталғанымен қазақ тілді қазақтар арасында діни тұрғыда алшақтық орнығып, өз тілінде сөйлегенімен ділі мен діни көзқарастары қазақтыққа жат қазақтар тобы бой көтерді. Сөйтіп, айналасы жиырма үш жыл ішінде Қазақстан халқы бір-біріне жат, бір-бірін мойындамайтын әртүрлі діни ағым жетегінде кеткен идеологиялық жағынан бытыраңқы қалыпқа енді. Жеке тұлғаның құқықтық санасының төмендігінің салдарынан оның дін талаптарын құқық талаптарынан жоғары қойып, қалыптасқан құқық жүйесіне қайшы келетін діни нормалар жетегіне ілесуі көптеген құқық бұзушылықтардың орын алуына алып келуде. Бұл өз кезегінде діннің радикалдық тармақтарының мемлекет пен құқықты мойындамайтын тұлғаларды қалыптастырып, қоғамға қауіп төндіре алатындығын дәлелдеп берді. Жалпы алғанда құқықтың өзіне тән басты сипаты оның мемлекетпен тікелей байланыстылығында, яғни, мемлекеттік билік сипаты қандай болса ондағы құқықтың да сипаты соған сәйкес өзгеріске ұшырайды. Мемлекеттің құқық жүйесі жанды ағза іспетті ол үнемі даму, толығу, өзгеру, байытылу үрдістерін басынан өткеріп отырады. Сонымен қатар, әр мемлекеттегі құқықтың өзіне тән сипаты, мінезі және ерекшелігі болады. Оған сол мемлекеттің жағрапиялық орналасуы, климаты, тарихы, экономикасы, саясаты, діні, халқының ділі өз әсерін тигізіп отырады. Сондықтан әр мемлекеттің ерекшелігіне қарай сәйкес құқық жүйесі қалыптасады. Кей кездері қабылданған құқық пен құқықты жүзеге асыру тәжірибесі мүлдем алшақ болуы мүмкін. Мұндай жағдайда құқық нормалары идеалды сипатта болғанымен оның жүзеге асырылуы мемлекеттік биліктің ұстанымына қарай өзгеріп отырады. Ал дін болса мемлекеттің зайырлы болуымен байланысты мемлекет билігіне байланыссыз дами береді, тек, діннің ұстанушылары дінге берік болуы көп нәрсені шеше алады. Қазақстан сияқты дінсіз қоғамнан дінге бет бұрған елде дін ісіне мемлекеттің араласуы қоғамды аман алып қалудың басты кепілі бола алады. Дінге мемлекет тарапынан бақылаудың болмауы өз кезегінде діннің мемлекеттік мүддеге қызмет етуден жалтарып, сол діннің таратылу орталығының немесе мүдделі топтардың жетегінде кетуіне әсер етеді. Түптеп келгенде діннің тек адамдарды басқару ғана емес әртүрлі мемлекеттердің арасындағы бір-біріне ықпал ету, үстемдік жүргізу мәселелеріне де байланысы барлығын естен шығармаған жөн. Сол себепті, мемлекет зайырлылық сипатын сақтай отырып, зайырлылық шегінде дінге бақылау тетіктерін күшейтуі тиіс. Ойымды қорытындылар болсам, құқық пен дінді бөліп алып, жеке дара қоғамды басқаруда пайдалану тиімді нәтиже бере алмайды, сондықтан, мемлекет құқық пен дінді қатар пайдалана отырып, олардың бір-біріне оң ықпал жасауына жағдай тудыруы қажет.

Резюме

В данной статье автор делится своими мыслями о роли религии и права в обществе. Автор уделяет внимание на роль религии как орудие управления обществом. А так же, анализируется сегодняшняя религиозная обстановка в Казахстане и делаются собственные выводы.

Resume

Іn thіs artіcle the author shares wіth hіs thoughts about role of relіgіon and law іn socіety. The author gіves attentіon to the role of relіgіon as a key of admіnіstratіon socіety. He also analyses relіgіous sіtuatіon іn Kazakhstan and makes hіs own conclusіons.

МЕМЛЕКЕТТЕГІ КӘСІБИЛІЛІК ҚАҒИДАСЫ ЖАЙЛЫ

Іn the artіcle the author consіders problems іmplementatіon of the prіncіple of professіonalіsm іn Kazakhstan. Кез-келген мемлекеттің табысты қызмет етуіне сол мемлекеттің тетігінің кәсіби деңгейде, заңға негізделген іс-әрекеттері негіз бола алады. Бұл өз кезегінде мемлекет тетігінің әрбір элементінің кәсіби біліктілігі жоғары, өз ісіне берілген мамандармен қамтамасыз етілуін талап етеді. Тәуелсіздік алғанына жиырма жыл толып отырған егеменді мемлекетіміздің қоғамды басқару және қоғамдық өмірдің белгілі бір салаларын дамытуға байланысты атқарған іс-шаралары көптеп саналады. Осы жылдар ішінде мемлекеттің нысаны толықтай өзгеріске ұшырады, мемлекеттің тетігі жаңа қағидаларды басшылыққа алып жұмыс істей бастады. Көптеген салалар түбегейлі өзгеріске ұшырап, жаңаша басқару тәсілдері айналымға енгізілді, кейбір мәселелерде жетістіктерге қол жеткізілсе, кейбір салалар әлі де артта қалып қойды. Мемлекетімізде қаншама істер атқарылды, елімізді халықаралық аренада өзге елдер тек танып қоймай, қарым-қатынас орнатуда. Осы жылдар ішінде мемлекетіміздің ұстанымдарында қаншама өзгерістер орын алғанымен мемлекеттің тетігіндегі кәсібилік мәселесінің деңгейіне байланысты көптеген мәселелер қордаланып қалды. Оның басты себебін атқарылған іс-шаралар мен жүргізілген реформалардың нәтижелерінен, әртүрлі қызмет түрлеріне қатысты орын алған келеңсіз жағдайлардан іздеуге болады. Кәсіпті біз адамның өзінің арнайы кәсіби білімі мен арнайы кәсіби даярлығының, тәжірибесі мен еңбек өтілінің нәтижесінде қалыптастырған кәсіби дағдылары мен қабылетіне сүйене отырып қызмет атқаруы деп түсінеміз. Ал, кәсібилілікке адамдардың әртүрлі жағдайларда өзінің күрделі қызметін тиімді әрі сенімді түрде жүйелі орындауға қабылеті деген анықтама беріледі. «Кәсібилілік» түсінігіне адамның қоғамда қалыптасқан стандарттар мен талаптарға сай кәсіби қызметтің психологиялық құрылымын меңгеру деңгейі де кіргізіледі. Кәсібилілік адамның өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізуін ғана емес оның кәсіби ынталануын, жетістікке ұмтылуын, өзінің жеке құндылықтары мен еңбек етуінің мәнін де қамтиды [1, 1 б]. Кәсібилілік алдына қойылған қызметтік тапсырманы орындауда барынша тиімді әдіс-тәсілдерді қолдана отырып физикалық және ақыл-ой қуатын аз жұмсау арқылы ауыз толтырып айтарлықтай сапалы және өнімді нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Маманның кәсібилілігі оның үнемі өз біліктілігін көтеруі, творчестволық белсенділігі, қоғамдық өндіріс пен мәдениеттің күннен күнге жоғарылай түсетін талаптарын қанағаттандыруға қабылеттілігі арқылы көрініс табады [2, 1 б]. Кәсібилілік деңгейі күнделікті атқарылатын іс-әрекеттерді мүлтіксіз орындауға тырысушылыққа байланысты артып отырады. В понятии «профессионализм» отражается такая степень овладения человеком психологической структурой профессиональной деятельности, которая соответствует существующим в обществе стандартам и объективным требованиям. Для приобретения профессионализма необходимы соответствующие способности, желание и характер, готовность постоянно учиться и совершенствовать свое мастерство. Понятие профессионализма не ограничивается характеристиками высококвалифицированного труда; это и особое мировоззрение человека. [3, 1 б]. Жалпы алғанда, кәсібилілік адамның өзі атқаратын қызметін ұнатып, соған ынта-ықыласымен берілуімен байланысты болады. Кәсібилілік адамның ақпараттарды қабылдап, соған сәйкес әрекет етуінен көрініс таба алады, ал адамның өзі таңдаған кәсіпке байланысты басты ақпаратты ол білім алған оқу орны беретіні сөзсіз. Кәсібиліктің негізі сол адамның алған тәрбиесі мен білімімен қаланады деген ұстанымға сүйенсек, қазіргі кездегі еліміздегі білім саласының да кәсіби мамандарды даярлауда үлкен жетістіктерге жетіп отырғанын ауыз толтырып айта алмаймыз. Жалпы, елімізде 1990 жылдардың орта тұсынан басталған жоғары білім реформалары осы саланың менеджмент жүйесін түсініксіз жайларға душар етті. Оны әркім әртүрлі түсіндіреді. Біреулердің пайымдауынша, мәдениеті жоғары дамыған АҚШ-тың жүйесін механикалық тәсілмен көшіргендіктен, біздің жағдайымызға үйлеспей жатқан көрінеді. Ал енді бір сарапшылардың  айтуынша,  Американың үлгісін қабылдағанда, кейбір маңызды процедураларын жоғалтқандықтан, шынайы мазмұнына сай келмей  келмей бұрмаланды деседі. Қалай болғанда да еліміздің жоғары білім беру ісіне жұрттың көңілі толмайтыны рас. Әлемдік стандартты айтпағанның өзінде, бұрынғы барымызды жоғалтып алдық деушілер де бар. Қанша жерден өзгерттік, жаңарттық деп өзеуресек те, біздің берген дипломдарымызды әлем елдері мойындап отырған жоқ [6, 1 б]. Кейінгі жылдардағы сырттай оқу арқылы мамандықты ауыстыру үрдісінің белең алуы кәсіби жағынан даярлығы болмашы кадрлардың әртүрлі салаларда, әсіресе, мемлекеттік қызметте санының артуына алып келді. Жыл сайын жоғарғы оқу орындарына сырттай бөлімге оқуға қабылданушылардың саны артқанымен олардың кәсіби даярлықтарының деңгейі жөнінде толымды пікір айта алмаймыз. Сырттай білім деңгейінің төмендігі, ал сырттай білім алушылардың студенттер санының жартысын құрап отырғаны, болашақта сырттай білім алушылар санын азайту қажеттігі жайлы Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың өзі де 2011 жылғы ҰБТ қорытындысы туралы сөйлеген сөзінде айтқан болатын. Біздің пайымдауымызша, сырттай оқушы студенттер санын азайту үшін әр жоғарғы оқу орнына нақты бір шекті сан белгіленіп, сырттай оқитындар санын одан арттырмау министрлік тарапынан қадағалануы тиіс. Сонымен қатар, сырттай оқушы студентердің оқу жүктемесі көбейтіліп, олардың оқудан тыс уақытта да оқытушылармен байланыста болып, жеке ізденісін жалғастыруына жағдай жасалуы керек. Еліміздегі жоғарғы оқу орындарының дені, еңбек нарығына сай келмейтін немесе тіпті қажетсіз мамандарды дайындайды деген пікірді Қазақстанның бірнеше аймақтарында 1 жылға жуық зерттеу жүргізген үкіметтік емес жастар ұйымдары жасаған зерттеулер қорытындысы растады. Сауалнамаға бас-аяғы 1300-дей адам мен 12 жоғарғы білім ордасы қатысқан екен. Тәлімгерлерге «Сіз алып жатқан білім сапасына сай қаржы төлеп жатырсыз ба?», «Кейін мамандық бойынша қызмет атқарасыз ба?», «Өзіңіз төлеп жатқан оқу ақысы, қайда жұмсалып жатқандығынан хабарыңыз бар ма?» деген сұрақтар қойылған. Сұрау салынған студенттердің 36 пайызы, жоғарғы оқу орындарындағы білім сапалы әрі халықаралық стандарттарға сай келеді деп жауап берген. Алайда, жұмыс берушілердің тек 4-ақ пайызы ғана бұл пікірмен келіскен екен. Қалған 96 пайызы жоғарғы білім ордалары білікті маман дайындап шығармайды – деген пікірге сүйенген. Сауалнамаға қатысқан адамдардың 15 пайызы, алынған білімдерінің, тәжірибеде қажетсіз болғандығын растаған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, оқу ордасын тәмамдаған 100 түлектің 60-ы ғана жұмысқа орналасады екен [7, 1 б].. Посткеңестік мемлекеттерде қалыптасқан түсінік бойынша, жоғарғы оқу орны болашақ маманның кәсіби маман ретінде қалыптасып, ертеңгі күні қызмет барысында өзінің білімі мен біліктілігін еркін жүзеге асыра алуына қажет теориялық білім алуын қамтамасыз етеді. Ал, өзге дамыған мемлекеттерге келсек, жағдай өзгеше. Так, чтобы любой выпускник вуза понимал, что значит быть профессионалом, и что такое профессиональный стандарт. Вот один из характерных примеров определения профессионализма: Профессионализм – это наличие конкретных профессиональных навыков и качеств, определяющих и характеризующих действующего профессионала. Профессионализм развивается с течением времени и в контексте профессиональной деятельности. Становлению профессионализма будущего выпускника вуза способствуют такие условия, как опыт работы по специальности, производственное обучение (известный в частности в Великобритании, как TVEІ – technіcal and vocatіonal educatіonal іnіtіatіve), курсы «сэндвич» (sandwіch course – сочетание общеобразовательного и профессионального обучения с работой на производстве). Другими словами, это любые формы обучения, связанные с вовлечением студента в производственную деятельность [4, 1 б]. Берілген білімнің тәжірибеден алшақтығы жас маманның өз қызметтік міндеттерін толықтай орындай алмауына, бастапқы кезде үлкен қиыншылықтарға ұшырауына, тіпті кей кездері жұмыс істеуден бас тартып, өзге салаға ауысуына алып келіп жатады. Ал бұл бір адамның босқа кеткен уақыты, бекерге төленген ақшасы, кей кездері тәжірибе мен алған теориялық білімнің алшақтығы жас маманның үлкен қателіктерге де бой ұруына алып келуі мүмкін. Мұның барлығы білім беруде маманды кәсібилікке баулудың деңгейін жоғарылату қажеттігін көрсетеді. Мақала мемлекеттегі кәсібилілік қағидасы жайлы болғандықтан, мемлекеттік қызмет саласында осы қағиданың орындалуына тоқталғымыз келеді. Қазақстан Республикасының 23 шілде 1999 жылғы «Мемлекеттік қызмет туралы» заңының 3 бабы мемлекеттік қызметтің қағидаларына арналады, сол қағидалардың бастыларының бірі ретінде мемлекеттік қызметшілердің кәсібилілігі мен жоғарғы біліктілігі көрсетілген. Мемлекеттік қызметке қатысты кәсібилікке келер болсақ, бұл мемлекеттік қызметшінің өзіне берілген өкілеттіктер шегінде алдына қойылған мақсатқа жету үшін нақтылы жағдайлар мен мүмкіндіктерді ескере отырып тиімді шешім қабылдауға қабылеттілігі. Мемлекеттік қызметшілердің кәсібилілігіне қойылатын талаптардың деңгейінің жоғары болуы олардың қызметінің мемлекеттің алдына қойылатын мақсат, міндеттерді шешуге бағытталғандығында. Мемлекеттік қызмет саласындағы кәсібилілік маманның өз ісінің білгірі болып қана қоймай өзінің мемлекетіне деген сүйіспеншілігі мен адалдығына берік болуының көрсеткіші деп тұжырымдауға болады. Мемлекеттік қызметші мемлекеттің мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асырушы болғандықтан ол ең алдымен мемлекет мүддесін жете түсінуі тиіс, сонда ғана ол мемлекет атына кір келтіруге өз қызметі барысында жол бермеуге барынша тырысатын болады. Мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік қызметке кіруі үшін оның қажетті білімі, кәсіби даярлық деңгейі, белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес болуы тиіс (Мемлекеттік қызмет туралы заңның 13 бабының 3 тармағы). Әкімшілік мемлекеттік қызметшіні жұмысқа қабылдау, оның қызметін атқару тәртібі қосымша нормативтік құқықтық актілермен реттеледі. Дегенмен, мемлекеттік қызмет саласында сыбайлас жемқорлықтың, трайбализм мен жерлесшілдіктің орын алуы кәсіби біліктілігі жоғары мамандардың жеке секторға кетуіне ықпалын тигізуде. Ал, әртүрлі жолдар арқылы белгілі бір лауазымды иелеген тұлға үшін ең басты мәселе кәсібилік болмайтыны айдан анық. Мемлекеттік қызмет туралы заңда мемлекеттік саяси қызметке кіру үшін қойылатын қосымша талаптарды Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтындығы нақтыланған. Егер саяси мемлекеттік қызметшінің тағайындалуы (сайлануы), босатылуы және қызметі саяси-айқындаушы сипатта болатынын және саяси мақсаттар мен міндеттерді іске асыру үшін жауап беретінін ескерсек олардың кәсібилік тұрғысынан үлкен талаптарға сай келуі тиіс. Дегенмен, тәуелсіздік жылдары кейбір маңызды салаларды басқарушылар ретінде өзі басқаратын салаға мүлде қатысы жоқ мамандық иелерінің тағайындалуы кәсібилілік қағидасының ескерусіз қалуынан көрініс беріп қалуда. Мысалы, денсаулық сақтау саласын 1997-1999 жылдары, 2004-2006 жылдары медицинаға мүлде қатысы жоқ кадрлардың басқаруы еліміздегі кәсібилікке басқаша көзқарастың қалыптасқандығынан ақпар бере алады. Әртүрлі министрліктер мен ведомстваларды сол салаға еңбегі сіңіп, өз мамандығының биік шыңына көтерілген адамдардың басқармауы нәтижесінде көптеген шалағай реформалардың нақты салаларға енгізіліп, көбінің аяқсыз қалып, кейбірінің тіпті сол салаларды туралатып кеткені де жасырын емес.

Жуырда сайлау өткізілгелі отырған ел парламентіне де қатысты «кәсіби парламент» құру идеясы көптен бері көтеріліп жүр, яғни парламент депутаттарының кемінде елу пайызы кәсіби заңгер болуы қажеттігі жайлы ойлар әлі де өзектілігін жоя қойған жоқ. Қазақстан Республикасы алғашқы Парламентінің Мәжілісіне сайлау 1995 жылы 9 желтоқсанда болды. Оған 67 депутат сайланды. Әрбір оныншы депутат Президент Әкімшілігінің, министрліктер мен республикалық комитеттердің қызметкерлері болды. 4 депутат уақытша жұмыс істемеген. Аграрлық салада – 11 депутат, мәдениет саласында 3 депутат жұмыс істеген. Құқық қорғау органдарының қызметкері және инженер-экономист болып әрқайсысында екі-екі депутат қызмет істеген. Бір депутат – заңгер, біреуі әскери қызметші және біреуі зейнеткер болған. Екінші рет сайланған 77 депутаттың басым көпшілігі инженерлер – 30, заңгерлер – 22, экономистер – 16, педагогикалық білімі барлар – 14, ауыл шаруашылығы ғалымдары мен мамандары – 8, журналист, дәрігер, тарихшы, менеджер, әскери қызметші, халықаралық қатынастар маманы және т.б. Үшінші сайланған мәжілістің депутаттық құрамында әртүрлі мамандықтағы инженерлердің саны – 21, заңгерлер – 14, экономистер – 16. Төртінші сайланған мәжілісте әртүрлі мамандықтағы инженерлердің саны едәуір, олар – 42, заңгерлер – 24, педагогтар – 23, олардың бірқатары басқа мамандық бойынша екінші жоғары білім алған. 21 депутаттың экономикалық білімі бар, ауыл шаруашылығы мамандары - 9 [8, 1 б]. Бұл көрсетілген мәліметтен біз аздап болса да әр сайланған сайын депуттар арасында кәсіби заңгерлердің үлес салмағының артып отырғанын көреміз. Дегенмен, әлі де болса бұл көрсеткіш арта түсуі тиіс, сонда ғана қабылданатын заң актілерінің сапасының деңгейі де көтеріле түспек. Әрине, бұл жерде әр депутаттың арнайы заң білімі бар көмекшісі бар ғой деген пікір де айтылуы мүмкін. Бірақ, егер депутат өзінің ұсынып отырған заң жобасының немесе бастамасының мәнін жете түсінбесе, талқылауға ұсынылған нормативтік құқықтық актінің әр бабын саралай алмаса ол тек дауыс беруші сипатын иеленеді. Бұл өз кезегінде сапасыз, шикі, белгілі бір лоббистік топтар мүддесі үшін жасалған заңдардың көптеп қабылдануына негіз болады.

Соңғы уақытта елімізде орын алған түрлі топтардың ұйымдастырған лаңкестік шаралары мемлекеттіліктің тірегі болып саналатын құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің де кәсібилік қырын көрсетіп берді. Өкінішке қарай, құқық қорғау орындарының да діни экстремизмнің алдын-алуға жан-жақты дайындығы болмай шықты. Алматыдағы такфиршілерді құрықтау барысында арнайы жасақтың бір адамы жан тәсілім етіп, бірнешеуі жараланды. Шұбарши оқиғасында содырлар жергілікті сақшының бірнешеуінің қанын төгіп, шеп құрып алып, бірнеше күн бойы берілмей, арнайы жасақтың өзін біраз әуреге салды. Атырау оқиғасында қалалық әкімшілік пен прокуратура ғимаратының маңында екі бірдей жарылыс орын алды. Тараз оқиғасында жалғыз жанкештінің өзі бес бірдей сақшыны жер жастандырып, ҰҚК-нің ғимаратын гранатометпен атқылап, қалада 5 сағаттай уақыт ойран салды. Бұл мысалдар бізге құқық қорғау орындарының әлсіздігін әйгілеп беріп отыр. Діни экстремизмге тосқауыл болуда, барлау орындары да жеткілікті деңгейде күресе алмай келеді. Әсілі, барлау орындары қалтықсыз қызмет еткен болса, діни экстремизм шекарамыздан бері өтпеуі тиісті еді. Мәселенің бұлайша сырғымалы күй кешуіне, әрине біздің барлау орындарының қызметінің әлсіздігі түрткі болып отыр. Яғни, мемлекет діни экстремизммен күресте жеңіске жетуі үшін барлау және құқық қорғау орындарының қызметін жетілдіруі қажет [5, 1 б]. Халықтың арасында қалыптасқан теріс пікір мен сенбеушілікті жою үшін құқық қорғау органдарында кәсібилік мәселесі ең алдыңғы орынға шығарылып, осы салада қызмет істейтін азаматтардың кәсіби біліктілігін жоғарылатуда, қызметке тағайындауда жаңа ұстанымдар қалыптастырылуы тиіс. Біздің пікірімізше, мемлекеттің дамуы мен жетістіктерге қол жеткізуінің кілті кәсіби мемлекеттілікте. Яғни, мемлекеттің барлық билік тармақтарында, қоғамдық өмірдің әр саласының басында, жалпы мемлекет тетігінің әр элементінде өз ісінің білгір мамандары қызмет еткенде ғана мемлекет іргесі берік болып, ісі ілгері басары анық.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Профессионализм — Википедия. ru.wіkіpedіa.org/wіkі/ 2. Профессионализм - Я. Психология azps.ru/handbook/p/prof838.html 3. С.А.Дружилов Профессиональная компетентность и профессионализм...

drusa-nvkz.narod.ru/Pedagog-Sіb.html 4. Что такое профессионализм ... chelpro.ru/get-professіonal/professіonalіsm-eto

. Исахан Бүгінгі шиеленіскен діни ахуалдың себеп-салдарлары. www. Хақ. Kz 6. Қ. Шамахайұлы. Ректорға бағыныштыжоғары оқу ... www.abaі.kz/node/8192 7. Еліміздегі жоғарғы оқу орындарының ... www.31.kz/kz/vіdeo/document13545.phtml 8. Официальный сайт Парламента Республики Казахстан. www.parlam.kz/

Құзырлылық бағытты мемлекет және құқық теориясын оқытуда қолданудың тәжірибелік ерекшеліктері

Еліміз нарықтық қатынастарға бет бұрған соң жоғарғы оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыру мәселесі де жаңа сипатқа енді. Ендігі жерде жоғарғы оқу орындарының түлектерін бұрынғыша жолдама беру арқылы жұмысқа орналастыру мүмкін болмай қалды. Сәйкесінше, жоғарғы білім берудің басты қағидаттарына өзгеріс енгізу қажеттілігі туындады. Нәтижесінде еліміз Болон үдерісіне қосылып, европалық стандарттарға сай білім беруге бет бұрды. Ендігі жерде жоғарғы білім беру әдіснамасына бұрындары бізге етене жақын болмаған бағыттар енгізіле бастады. Солардың арасындағы бастыларының бірі - құзырлылық бағыт болып табылады. Құзырлылық бағыттың басты мақсаты - бітіруші түлектің алған білімін тәжірибемен ұштастырып, оны қолдана білуге қабылетін қалыптастыру болып табылады. Құзырлылық бағытын отандық жоғарғы оқу орындарында кең пайдалану дербес ойлай білетін, әр мәселеге қатысты өзіндік ұстанымы бар және нақты мәселені шешуде дара, өз пікіріне жүгінетін маман даярлауға есік ашары сөзсіз. Құзырлылық бағытты қолдану турасында сөз қозғамастан бұрын, оның мәні мен ерекшеліктеріне тоқтала кеткен артық болмас. Жалпы педагогикада әдіс ұғымы бағытқа қарағанда анағұрлым тар, әдіс нақты бір мәселені шешуге арналған әдіс тәсілдердің жиынтығы болып табылады, ал, бағыт болса мәселені шешудің әдіс тәсілдері мен қатар соған қатысты ойлар мен идеяларынының жиынтығы, сондықтан, білім берудің жаңа бағыты ретінде құзырлылық әдісі емес бағыты айқындалады. Құзырлылық бағыт өз кезегінде білім мен білімділікті қиындығына қарамастан кез-келген мәселені өзінің біліміне сүйене отырып шеше алу қабылеті ретінде қарастырады. Бұл бағыт алынған білімнің нәтижесі ретінде адамның ақпаратты меңгеру қабылетін емес, оның әртүрлі қиын жағдайларда алынған білімді пайдалана отырып немесе жаңа білімдерді қалыптасыра отырып дербес шеше алу мүмкіндігін қалыптастыруды мақсат етеді. Құзырлылық бағыт тәлімгердің әртүрлі бағытта алынған білімді кешенді түрде қолдана білуді қалыптастырады. Осыған орай оқытудың түрлі әдіс-тәсілдері жасақталынады. Құзырлылық бағытты қолдана отырып білім беруде негізінен құзыр және құзырлылық деген ұғымдар қолданылады. Құзыр (лат. сompetentіa) адам жақсы білетін және соларға қатысты дұрыс бағам беріп, жұмыс жасай алатын мәселелер аясы. Ал құзырлылық адамның нақты мәселеге қатысты қатынасын және оны шеше білу мүмкіндігін білдіреді. Құзырлылық бағытты қалыптастырудың моделі мазмұндық, процессуалдық және нәтижелік бөліктерден тұрады. Мазмұндық бөлікке білікті маманға қойылатын талаптарды айқындау, яғни, кәсіби біліктілікті арттыру үшін қажет білім, машық пен дағдының мазмұнына қойылатын талаптарды айқындау; сапа мен құзырдың құрамы мен құрылысына қойылатын талаптарды айқындау; оқу жоспарлары мен бағдарламаларын жасау; құзырды қалыптастыру технологияларын айқындау; білім беру үрдісін және білім алушылардың құзырлылығының қалыптасуын тексеру жолдарын жасау кіреді. Процессуалдық бөлік білім алушылардың құзырын қалыптастыру бойынша педагогикалық қызметті жүзеге асыруға, яғни, мақсатқа жетуді қамтамасыз ететін ішкі және сыртқы факторларды, педагогикалық шарттар мен қағидаларды жүзеге асыру және оқытуда технологиялық әдістерді қолдануға бағытталған. Нәтижелік бөлік студенттің кәсіби құзырын қалыптастыруға монитроинг жасауды қамтиды [1, 1 б.]. Қазіргі уақытта өзге мамандар секілді заңгерлерге білім беруде де құзырлылық бағытты жолға қою оларға білім берудің негізгі мәселелерінің бірі болып табылады. Себебі, еліміздегі заңгер мамандығы бойынша білім беруші жоғарғы оқу орындарының көптігі, жұмыс берушілердің жас мамандарға қоятын талаптарының өзгеруі, жалпы қоғамның заңгер мамандарға қоятын талабының жоғарылауы жоғарғы заңгерлік білім беруде көптеген мәселелерді жете талдауды талап етуде. Соның нәтижесінде құзырлылық бағытта білім беру моделіне бағытталған жаңа, кешенді әдіснамаларға сұраныс артуда. Заңгерлерге білім беретін кез-келген педагогтың құзырлылық бағытта өзінің пәні бойынша жаңа ұстанымдары мен әдіснамасының болуы талап етілуде. Бұл өз кезегінде әр педагогтың жеке ізденуі мен жаңаша бағытта сабақ жүргізу әдістерін қолдануына жол ашуда. Осы тұста мен де өз сабақ беретін пәнім бойынша құзырлылық бағыттың іске асырылуы турасында тәжірибемді ортаға салуды жөн көрдім. Жалпы, заңгер даярлауда оқытылатын пәндердің негізгісі болып табылатын мемлекет және құқық теориясы өзге де тарихи-теориялық пәндер сияқты тәлімгер бойында теориялық білімдерді қалыптастыруға бағытталған пән болып табылады. Дегенмен, мемлекет және құқық теориясын оқытуда да құзырлылық бағытты жалпы білім беру әдіснамасымен ұштастыру үлкен нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік бере алары сөзсіз. Осы бағытта педагог тәлімгерлерге теориялық білім берумен қатар алынған білімді нақты тәжірибемен ұштастыра отырып, қалыптасқан жағдайларды өз бетінше шешу жолдарын көрсете білуге машықтандыра алады. Әрине, мемлекет және құқық теориясы жалпылама теориялық білім беру мен тәлімгер бойында мемлекет пен құқыққа қатысты жалпылама пікір қалыптастыруды мақсат ететіндіктен, бұл пән аясында нақты жағдайларға қатысты құқық нормасын қолдана білуге машықтандыру әлі де болса мамандықпен етене таныс емес бірінші курс тәлімгерлері үшін ауыр болары сөзсіз. Бірақ, пән бойынша өтілген материалдар шегінде тәлімгердің мемлекет пен құқыққа қатысты нақты көзқарасын қалыптастыру, қоғамда, аймақта, дүние жүзінде орын алып жатқан жағдайларды бағамдап, оларға дербес көзқарасының қалыптасуына әсер ете алу мүмкіндігі өте зор. Осы тұста құзырлылық бағыт та ескермейтін және біздің еліміз сияқты мемлекеттер үшін аса маңызы бар үлкен мәселеге көңіл аударуға болады. Бұл тәлімгер бойында ұлтшылдық, отаншылдық сезімдерін ояту болып табылады. Бұл туралы ресейлік профессор Г.И.Ибрагимов: «қазіргі жоғарғы оқу орындарының кәсіби маман даярлауда кемшілік жіберіп алуы олардың пәндік білім беру мен машықтарды қалыптастыруға ұмтылып, білім алушының жеке тұлғалық қасиеттері мен әлеуметтік құзырлылығын дамытуға мән бермейтіндігінде» - деп, өз пікірін білдіреді [2, 1 б.]. Ойланып қарасақ, шындығында да қазіргі жоғарғы оқу орындары маман даярлауда олардың ұлтқа, отанға деген көзқарастарының дамып, жетілуіне аса назар аудара бермейді. Бұл өз кезегінде жас маманның бойындағы ұлтшылдық пен отаншылдық сезімдерінің оянбауына, оның болашақта ұлт мүддесі мен мемлекет мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білмеуіне өз әсерін тигізіп жатады. Өз басым осыған дейінгі уақытта да заңгер маман даярлауда олардың бойында ұлтшылдық пен отаншылдық қасиеттерді дамыту мәселесін көтеріп жүрмін. Осы бағытта бірінші курс тәлімгерлеріне мемлекет және құқық теориясы бойынша білім беруде олардың ұлтшылдық және отаншылдық сезімдерінің оянуына әсер ететін қосымша тапсырмалар беру мәселесін көтеріп, оны қалай ұйымдастыру қажеттілігін арнайы оқу құралында және мақалаларда айқын көрсеттім*. Менің пікірімше, бірінші курс тәлімгерлері үшін мамандық бойынша берілетін алғашқы білім көзі болып саналатын мемлекет және құқық теориясы үш түрлі негізгі қызметті жүзеге асыра алады, олар, тәлімгер бойында мемлекет және құқық, мемлекет пен құқыққа қатысты құбылыстар туралы нақты білім қалыптастыру (танымдық, эвристикалық, болжамдық қызметтер), тәлімгердің бойындағы өз еліне, отанына деген ұлтшылдық, отаншылдық қасиеттерді дамыту және оның мемлекет пен құқыққа байланысты нақты мәселелерді қарастырып, оларды шешу жолдарын дербес ұсына білу қабылетін арттыру. Әрине, мемлекет және құқық теориясын оқытуда мемлекетке байланысты тақырыптарды талдау барысында тәлімгерге нақты қалыптасқан жағдай бойынша мәселені шешу жолдарын іздестіруді тапсыру ертерек, десек те, Қазақстан Республикасының мемлекеттік нысанының ерекшеліктері жайлы баяндама жасауды немесе Қазақстан Республикасының экологиялық қызметін жүзеге асыруда кездесетін қиыншылықтар мен оларды шешу жолдары тақырыбында реферат жазуды тапсырудың өзі тәлімгердің қордаланған мәселені көріп оны шешу жолдарын іздестіруге талпыныс жасауына түрткі бола алары сөзсіз. Сонымен қатар, дәрістерді нақты мәселе бойынша оқып, дәріс барысында студенттерді ойлануға итермелеу, дәріс соңында сол мәселелерді жан-жақты зерттеуді тапсыру да құзырлылық бағытының іске асырылуының бір көрінісі бола алары сөзсіз. Әсіресе, құқық шығармашылық бойынша дәріс өткізгенде қазіргі еліміздегі заң шығару үрдісіндегі мәселелерді ортаға салу, сол арқылы студенттердің осы мәселелерге назарын аударып, дәріс соңында Қазақстандағы лоббизм турасында материалдар жинап, оны жою жолдары турасында нақты ұсыныстар жасауды тапсыру тәлімгерлердің осы мәселеге байланысты өзіндік ұстанымын қалыптастырып қана қоймай, олардың өз бетінше мәселені шешу жолдарын ұсына алу қабылетін де арттыра алары сөзсіз. Мемлекет және құқық теориясы бойынша қарастырылатын барлық тақырыптарға қатысты нақты мәселелердің бар болғанымен олардың бірінші курс тәлімгерлері үшін әлі де болса ауыр екендігін, көбінесе, соңғы курста немесе магистратурада «Мемлекет және құқық теориясының мәселелері» атты арнайы курстың оқылатындығын ескеріп бірінші курс тәлімгерлерінің қабылдау қабылеттеріне сай тапсырмалар берілуі шарт. Сондықтан, көпшілік тақырыптарда негізгі түсініктер мен анықтамалар қарастырылатындықтан оларға қатысты күрделі мәселелер қарастырылмайды. Бірақ, пән бойынша «Азаматтық қоғам және құқықтық мемлекет», «Құқықтағы олқылықтар және оларды жою жолдары», «Құқыққа сай мінез құлықтар», «Құқықтық реттеу тетігі» тақырыптары бойынша тәлімгерлерді нақты өмірдегі жағдайлармен таныстыра отырып дәріс жүргізіп, оларға нақты мәселені шешу жолдарын табуға тапсырма беру сәйкесінше тәлімгер бойында мәселені дербес шешу жолдарын іздестіру дағдысын қалыптастырары сөзсіз. Нақты тәжірибелік мысал ретінде «Құқықтағы олқылықтар және оларды шешу жолдары» тақырыбында дәріс, семинар және тәлімгердің оқытушымен өзіндік жұмысы сабақтарын ұйымдастырып, өткізу тәжірбесін ортаға салғым келеді. Тақырып бойынша бір сағаттық дәріс өткізу қажеттігін ескеріп, ең алдымен құқықтағы олқылықтар түсінігіне тоқталамыз. Ең қызығы, тәлімгерлерге бұл терминнің қазақ тілінде бірнеше атаумен берілетіндігі. Тақырып бойынша қарастырылатын мәселені профессор С.Өзбекұлы «құқықтағы кемшілік» деп берсе [3, 164 б.], профессор Т.Ағдарбеков «құқықтағы жетімсіздік» ретінде берген [4, 225 б.], менің пікірімше, «құқықтағы олқылық» атауы осы терминнің мәнін толық аша алады. Осылайша, дәрістің кіріспесі, еліміздің құқық саласындағы терминологияның олқылықтарын ортаға салумен басталады. Құқықтағы олқылық тәлімгерлерге түсінікті болуы үшін дәріс барысында оларға Қазақстандық өмірден нақты мысалдар келтіру міндетті. Мысалы, еліміздегі жезөкшелердің құқықтық мәртебесінің айқындалмауы, жезөкшелікпен айналысушы адамдардың арнайы заңмен қудаланбауы немесе олардың кәсібінің заңдастырылмауы, сонымен қатар, көп әйел алушылық заңмен бекітілмесе де қазақ қоғамында көп әйел алушылықтың бар екендігі, көп әйел алушылықты заңмен шектемеу немесе бекітпеу салдарынан қаншама адамның зардап шегіп жатуы, адамдардың өз ішкі органдарын сатуы және оған мемлекеттің тыйым салмауы және заңды түрде реттемеуі, конституциямыздың 10 бабының 3 тармағына сәйкес, Республика азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайтындығы, танымау мен тыйым салудың айырмашылықтары және т.б. олқылықтар нақты мысалдар арқылы түсіндіріледі. Содан кейін ғана дәріс оқушы құқықтағы олқылықтарды жою жолы ретіндегі заң және құқық аналогияларының мәніне тоқталады. Дәріс барысында тәлімгерлерге нақты мысалдар бойынша сұрақтар қою арқылы олардың нақты осы мәселелерге байланысты ойын, пікірін білдіруі қадағаланады. Ал, дәріс соңында тәлімгерлерге өздері Қазақстандық заңнамадан олқылықтарды тауып оларды шешу жолдарын ұсыну бойынша тапсырма беріледі. Дәл осы сабақ бойынша семинар ойын түрінде жүргізіледі. Топ тәлімгерлері екі топқа бөлініп, әр топқа нақты өмірден алынған жағдай ұсынылады. Мысалы, бірінші топқа келесідей тапсырма беріледі. Ауғанстаннан елге оралған қырық жастағы Сағидолланың екі әйелі және он баласы бар. Бірінші әйелі қырық жаста, ал екіні әйелі он сегіз жаста. Жақында Сағидолланың екінші әйелі өзінің екінші баласын босанды. Баланы құжаттандыру, анасына жәрдемақы төлеу мәселелері қалай шешіледі? Нақты жағдайда Сағидолланың екі әйелмен қатынасы қай заңмен реттелуі қажет? Қазақстанда екі әйел алушылыққа тыйым салу керек пе, жоқ әлде заңдастыру қажет пе? Екінші топқа берілетін тапсырма мынадай, Берік жиырма бес жаста, ол банктен ипотека рәсімдеп өзіне пәтер алған еді, бірақ, жақында жоғары жалақы алатын жұмысынан айрылып енді өзге аз жалақы төлейтін жұмысқа тұрды. Банктегі қарызын өтеу үшін ол интернет арқылы өзінің бір бүйрегін сатуға жарнама берді. Сатып алушы да табылды. Ол өз бүйрегінің құнын айқындау үшін ешқандай баға белгілегіш таппай қиналды. Нақты жағдай заң арқылы қалай шешілуі керек? Сіздер осы жағдайды қай заңмен реттеу керек деп ойлайсыздар? Өз ішкі органдарын сатуды заңдастыру керек пе, жоқ әлде оған мүлде тыйым салу керек пе? Семинар барысында екі топ өздеріне берілген тапсырмалар бойынша жұмыс істеп, әр топ нақты жағдай бойынша өз ұстанымдарын білдіреді және мәселені шешу жолдарын ұсынады. Сабақ соңында оқытушы әр топтың берген жауаптарын талдап, қорытынды жасайды. Ал, осы тақырып бойынша тәлімгердің оқытушымен өзіндік жұмысы дәріс соңында берілген тапсырма бойынша атқарылған жұмысты тексеріп, әр тәлімгердің тапқан мысалына талдау жасап, тәлімгер қойған сұрақтарға жауап беру арқылы өткізіледі. Мемлекет және құқық теориясы теориялық пән болғанымен оқытушы тәлімгерлердің құзыры мен құзырлылығын арттыру үшін әр сабақ барысында құзырлылық бағыты бойынша жұмыс істеуі тиіс. Менің пікірімше, әр педагог мемлекет және құқық теориясына деген тәлімгердің қызығушылығын арттырып қана қоймай, оның бойында ізденімпаздық, дербес ойлана білу, мәселенің байыбына барып оны шешуге талпыну сияқты қасиеттердің дамуына өз үлесін қоса білуі шарт. Сонда ғана бірінші курс тәлімгері болашақта нақты құқық салалары бойынша пәндерді игеруде нақты мәселелерді дербес шешу қабылетіне ие бола алады. *Мемлекет және құқық теориясы пәнінен студенттерге арналған әдістемелік нұсқаулық. А., Экономика және құқық академиясы, 2010 ж., Болашақ заңгер бойындағы отаншылдық қасиеттерді дамыту мәселелері және ондағы оқытушы ролі //Экономика және құқық академиясының хабаршысы №1, 2011 ж., Мемлекет және құқық теориясы. Практикум. А., Жеті Жарғы, 2014 ж.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Мединцева И. П. Компетентностный подход в образовании // Педагогическое мастерство: материалы ІІ междунар. науч. конф. (г. Москва, декабрь 2012 г.).  — М.: Буки-Веди, 2012. //www.moluch.ru/conf/ped/archіve/65/3148/ 2. Г.И. Ибрагимов. Компетентностный подход в профессиональном образовании//www.іfets.іeee.org/russіan/deposіtory/v10_і3/pdf/3_Іbragіmov.pdf 3. С.Өзбекұлы. Мемлекет және құқық теориясы. А., Жеті Жарғы, 2006 4. Т.Ағдарбеков. Мемлекет және құқық теориясы. Қарағанды, Болашақ -Баспа, 2002

Дербес Қазақстанның алғашқы Конституция жобасы

Еліміз егемендік алған алғашқы жылдары мемлекетті ары қарай қандай жолмен алып жүру мәселесіне байланысты әртүрлі бағытта ой-пікірлер қалыптасқаны белгілі. Сол кезеңдегі әрбір бастамашыл топ, жекелеген тұлғалар өз ой-пікірлерін ортаға салып, мемлекеттің әрі қарай даму жолдарын ұсынған еді. Өзге де ел болашағы үшін алаңдаған ұлт зиялылары сияқты Азат қозғалысына мүше болған ғалым Сәкен Өзбекұлы алғаш рет 1991 жылдың қаңтарында Азат газетінің №1 санында өзі жасаған Қазақ Республикасының Конституциясының жобасының мәтінін жариялап, талқыға салған еді. Бұл конституция жобасының 28 қаңтар 1993 жылғы қабылданған және қазіргі қолданыстағы 30 тамыз 1995 жылы қабылданған конституциядан айтарлықтай өзгешеліктері бар. Әсіресе мемлекеттік тіл, ұлттық мемлекет, ұлттық заңнама, бір палаталы парламент, парламенттік республика идеяларының әрқайсысы жеке-жеке тоқталып, жан-жақты зерделеуді талап етеді. Құрылымы жағынан Конституция жобасы Преамбуладан, 7 тараудан және 91 баптан тұрады: бірінші тарау – Қазақ Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы, екінші тарау – Қазақ Республикасы азаматтарының хұқықтары мен міндеттері, үшінші тарау – Ұлттық мәжіліс, төртінші тарау – Қазақ Республикасының Президенті, бесінші тарау – Қазақ Республикасының Министрлер кабинеті, алтыншы тарау – Сот билігі, жетінші тарау-Прокуратура деп аталады. Жобаның кіріспе сөзі келесі мәтінде беріледі: «Біз республикамызда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің еркін ықтиятын білдіре отырып, жалпыға бірдей адам құқықтары Декларациясын және әр ұлттың өзін-өзі билеу құқығын тани отырып, адам баласының теңдік, еркіндік, бостандық және бақытты тұрмысқа деген тілегін мойындай отырып, толық егеменді ізгілікті ұлттық демократиялық мемлекет құру мақсатын көздеп, қазақ ұлтының атынан Қазақ республикасының осы Конституциясын қабылдаймыз». Ал 28 қаңтар 1993 жылғы конституцияның кіріспе сөзі: «Біз, Қазақстан халқы, дүниежүзілік қоғамдастықтың ажырамас бөлігі бола отырып, қазақ мемлекеттілігінің бұлжымастығын негізге ала отырып, адам құқығы мен бостандығының басымдығын тани отырып, демократиялық, қоғам мен құқықтық мемлекет құруға бекем бел байлап, азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді, өзіміз үшін және өз ұрпақтарымыз үшін лайықты өмірді қамтамасыз етуді қалай отырып, осы конституцияны қабылдаймыз және конституциялық құрылыстың мынадай негіздерін жариялаймыз:...» деген мәтінде беріледі. Қазіргі мемлекетіміздің Ата заңының кіріспе сөзіне мән беріп көрсек: «Біз, ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз». Осы конституциялардың кіріспе сөздерінің өзінде-ақ аталған конституциялардың не мақсатта қабылданатыны және кім үшін қызмет істейтіндігі айтылады. Осы аталып өткен алғы сөздердің Азат қозғалысы ұсынған жобада мемлекеттің кімдікі және кімнің мүддесін көздеп өмір сүретіндігі нақты белгіленсе, 1993 жылғы конституция мемлекеттің негізгі мақсаты қазақстан халқының қазақ ұлтымен бірлесе бейбіт қатар өмір сүруін көздейтіндігін білдіреді. Ал соңғы қабылданған конституция тек қазақстан халқы үшін қызмет жасайтындығын айқын көрсетіп отыр және ол іс жүзінде де жүзеге асырылуда. Ендігі жерде мемлекет қазақстандық халықтың бейбіт қатар өмір сүруі үшін ғана қызмет жасап отырғанын көреміз. Алайда темірқазығы қазақ халқы болып табылатын және аумағындағы өмір сүретін қазақ ұлтының саны 8 млн.400 мың адамды құрайтын мемлекетте қазақстандық ұлт қалыптастырып, тек бейбіт өмір сүру идеясын ұстану сол байырғы халықтың мүддесіне сай келмей отыр. Өйткені әрбір халықта ұлттық рух болады және ол белгілі бір дәрежеде мемлекет тарапынан көрсетіліп отыратын қолдауды қажет етеді. Егер мемлекет ұлттық мүддеге қызмет етпесе ұлттық рухқа сөніп қалу қаупі төнеді. Сәйкесінше одан кейін ұлт үшін мемлекеттіліктің сақталу сақталмауы ешқандай мәнге ие болмайды. Қазіргі кезде орын алып отырған отанын сүйе алмаушылық, патриотизмнің азаматтар санасынан алыстауы мемлекет саясатындағы ұлттық мүдденің екінші орында тұрғандығынан орын алған құбылыстар. Философ А.Қалмырзаевтың пікіріне сүйенсек «Национальный дух – не что иное, как просто общее единство чувств всей нации. Национальный дух – это не свойство народа, изначально заданное Богом, которое якобы носит вечный характер. Наоборот, он представляет собой изменчивое духовное состояние нации. Когда отсутствуют или слабеют силы, поддерживающие дух нации, то он подавляется и меркнет. Национальный дух постоянно должен быть в форме, он нуждается в подпитке. Без этого он , как национальный феномен, теряет свою одухотворенность».[1] Қазіргі кезеңде «қазақстандық ұлт», «жаһандандыру» сияқты идеялар маңызды мәселе ретінде көзделіп жатқанда қазақ ұлтының ұлт ретінде сақталып қалу мәселесі де көпшілік талқылауына түсуде. Ал бұл идеялар өзара текетіреске түсіп, әртүрлі авторлардың талқылау объектісіне айналып отыр. Дегенмен, мемлекеттің ұлтық келбетін сақтау және мемлекеттік саясатты ұлт мүддесіне сәйкес жүргізу үшін негізгі заң осы мақсатқа сай қабылдануы қажет. Ал бұл мәселе қазіргі конституциядан орын ала алмады, осы мәселе хақындағы академик С.З.Зимановтың да пікірін келтіре кеткен орынды болар, «Одним из мотивов отказа от идеи национальной государственности, как это вытекает из высказываний причастных к подготовке проекта Основного закона лиц, является стремление сохранить межнациональное согласие и не выделять национальное в государственности. Такая мотивировка достойна обывателей, а не политиков. Национальная государственность – наиболее высокая форма самоуправления. До тех пор, пока национальное самоутверждение не реализуется, т.е. остаются нерешенными специфические задачи возрождения многомиллионной казахской нации, не наступит момент, когда они вполне могут быть разрешены в потоке общенационального развития, необходимость в национальной государственности сохранится». [2] Жоба авторы қазақ жерін көптеген ұлт өкілдері мекендейтіндігін ескере отырып, конституция жобасының 1 бабын «Қазақ республикасы – тәуелсіз демократиялық ұлттық мемлекет», ал 3 бабын «Қазақ республикасының мемлекеттік егемендігі қазақ ұлтының және республиканы мекен ететін барлық ұлт өкілдерінің қолында» деген мәтінде береді. Осы жерде мән беруді талап ететін тағы бір мәселе мемлекет атауы. Жоба авторы мемлекетті «Қазақ республикасы» деп атаған, яғни бұл мемлекеттің қазақ ұлтының мемлекеті екендігін нақтылай түсетін атау. Ал ресми қабылданған 1993 және 1995 жылғы конституциялар мемлекетті «Қазақстан немесе Қазақстан Республикасы» деп бекітеді. Мемлекетті сол мемлекеттің негізін құрап отырған ұлттың атауымен атау да сол ұлттың мемлекет даму жолында мүдделілігін арттыра түседі және басқа ұлттарға деген ағалық, қамқорлық сезімін оятады. Конституцияның бұл жобасы жөнінде сөз қозғағанда бүгінгі күні шешімін таба алмай жүрген қордалы мәселелердің негізгісі тіл туралы айту өте орынды. 28 қаңтар 1993 жылғы конституцияның кіріспе бөліміндегі сегізінші негіздеме бойынша қазақ тілі мемлекеттік тіл болып танылады, ал орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі болып бекітіледі. Сондай-ақ мемлекеттік тілді немесе ұлтаралық қатынас тілін білмегені үшін шектеу қоюға жол берілмейді. 30 тамыз 1995 жылғы конституцияның 7-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Тіл – халықтың күретамыры екендігін ескерсек, мемлекеттік тілмен екінші тілді теңестіре қолдану арқылы қазақ тілінің мүмкіншілігін шектеу сол ұлтқа, ұлттық мүддеге жасалынып отырған қиянат екендігі даусыз. Белгілі саясаттанушы А.Ғалидың пікірінше: «Русское делопроизводство стало тормозом социальной мобильности казахоязычных, которых большинство. Все против по вопросу о государственном языке и по отношению к северному соседу имеют аморфную политику или откровенно пророссийскую позицию. Дескать, нужно межнациональное согласие и примирение. Национальное благо – высший критерий форма правления – монархического, олигархического и демократического. Легитимно только та политика, которая осуществляет национальное благо». ».[3] Бүгінгі күні мемлекеттік тіл мәселесі мемлекет тарапынан ешқандай қолдау көрмей отырған шақта, сол халықтың өзі сайлаған халық қалаған депутаттардың өзі осы мемлекеттік тілдің мәртебесінің жоғарылауына кедергі келтіруде. Тіпті мәселенің бұлайша аяқсыз қалуына наразы болған азаматтар президентке ашық хат жолдап отыр. Жас Алаш газетінің 02.04.2005 жылғы №39 санының 1 бетіне басылған осы хаттан үзінді келтіре кетсек, «Бұл күнде саясат дегеніміз халықты алдай білу сияқтанып барады. Ата Заңымыздың өзі орындалмай отырғанда, солай ойламау да мүмкін емес. Конституциямызда «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» болып белгіленгенімен, іс жүзіндегі жағдайы мемлекеттік мәртебеге ешбір лайық емес. Біздің ұғымымызда, Президент аппараты, Үкімет орындары және қос палаталы Парламент, яғни мемлекет басшылығы мен мемлекет қызметкерлері міндетті түрде сөйлейтін тіл ғана мемлекеттік тіл болуы тиіс. Демек, бізде Конституцияның тіл жөніндегі талабы орындалмай, бұрмаланып отыр. Сізден Конституция кепілі ретінде бұдан былай Ата Заң бұрмаланбай, нақты орындалатындай жедел шара қолдануыңызды көптен-көп өтінеміз. Себебі, заң бұрмаланған жерде әділеттілік те, демократия да орнай қояды дегенге сенбейміз». Конституцияның Сәкен Өзбекұлы ұсынған жобасының 4 бабы Қазақ республикасының мемлекеттік тілінің тек қазақ тілі екендігін бекітеді. Мұнда автор Қазақстан халқының сан алуандығына емес, ортақ ұғынысу тілінің қажеттілігіне мән береді және әр азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруінің ол үшін қасиетті борыш екендігін алдыға тартады. Бұл жерден түйін жасайтын мәселе, егер мемлекет мүдделі болмаса, мемлекеттік тіл үйренуге тіпті 100 жыл уақыт берілсе де шешілмейтін мәселе күйінде қала береді. Сондықтан да баламасы жоқ мемлекеттік тілдің мәртебесін Ата Заңға өзгерту енгізу арқылы нақты бекіту – уақыт талабы. Қазіргі күннің тағы бір келелі мәселелерінің бірі ұлттық заңнаманы қалыптастыру болып отыр. Жобаның 12 бабына сәйкес, Қазақ республикасының заңдары жергілікті халықтың дәстүрі, әдет-ғұрпы мен демографиялық ерекшеліктері негізінде қабылданады. Қазақстан көпұлтты мемлекет болғандықтан біз осы уақытқа дейін ұлттық заңдар қабылдаған жоқпыз. Осы бір осал тұстардың әсерінен ұлттық сипатымызды ерекшелей түсетін және ата-бабамыз негізін қалаған құқық нормалары мемлекеттік заңдарға негіз бола алмады. Енді ғана осы мәселені заң шығарушы органның күн тәртібіне қоятын уақыт туып отыр. Алайда бұл мақсат іске асу үшін халық қалаулыларының қазақ халқының тіліне, діліне етене жақын болуы қажет, тек сол жағдайда ғана ұлттық сипаттағы заңдар қабылданып халыққа қызмет ете бастары сөзсіз. Осы жобада С.Өзбекұлы алғаш рет мемлекеттің заң шығарушы органына Ұлттық Мәжіліс атауын берген. Жобаның 43 бабына сәйкес Қазақ республикасында мемлекеттік өкіметтің жоғарғы және тек жалғыз заң шығаратын органы Ұлттық Мәжіліс болып табылады. Автор жоғарғы заң шығарушы органды бір палаталы және жылына екі рет шақырылатын ескі кеңестік типтегі Жоғарғы кеңес үлгісінде ұсынған. 1993 жылғы конституцияда заң шығарушы орган Жоғарғы Кеңес деп аталып, бір палаталы және жылына екі рет шақырылатын болып бекітілген. Әрине, жоба ұсынылғанымен оның тәжірибе жүзінде орындалмағандығы себепті, ондағы идеялардың қаншалықты тиімді екендігін көре алмадық. Дегенмен дәл осы бір палаталы заң шығарушы орган Жоғарғы Кеңес 30 тамыз 1995 жылғы конституция бойынша қос палаты, тұрақты негізде қызмет жасайтын парламентке ауыстырылды. Бұл мәселе жөнінде әдебиеттерде әртүрлі пікірлер орын алғаны белгілі, солардың кейбіріне тоқтала кеткен де орынды болар. Б.А.Майлыбаев өз еңбегінде осы тұрақты негізде қызмет жасайтын парламент қажеттілігі жайындағы сол кездегі Жоғарғы Кеңес басшысы С.Әбдилдиннің 8 желтоқсан 1993 жылғы Жоғарғы Кеңестің 11 сессиясында сөйлеген келесі сөздерін келтірген: «Однако Верховный Совет, проводящий свои сессии два раза в год, не может во всей полноте обеспечивать оперативный контроль за исполнением Конституции и законов. Назрела необходимость создания в соответствии с конституцией нового, постоянно действующего парламента».[4] Ал академик С.З.Зиманов алғашқыда унитарлық мемлекетте қос палаталы парламент құрудың орынсыздығын ескертсе,[5] кейіннен жаңа жасалынған жобадағы қос палаталы парламентке өз көзқарасын былайша білдіреді: « При конституционном определении статуса парламента республики с двухпалатной структурой скажутся возможные плюсы и минусы: повысится ответственность депутатов за рассмотрение и обсуждение законопроектов, темпы и сроки принятия которых существенно замедлятся, поскольку проходить они будут через обе палаты. Будет иметь место законодательная волокита. Заметно уменьшится удельный вес законов в системе нормативно-правовых актов. Они больше будут охватывать приоритетные сферы отношений. Одновременно расширяется и возрастает регулятивная роль указов Президента и постановлений правительства. Возникает риск взаимных притязаний во властных отношениях за преобладание на правовом пространстве». [6] Бүгінгі күні осы қызмет жасап отырған қос палаталы парламенттің қызметіне қатысты әртүрлі пікір қайшылықтары туындап отыр. Жоғарғы палата Сенат жөнінде Жас Алаш газетінің 02.04.2005 жылғы №39 санының 6 бетінде жарық көрген «Сенат - биліктің қалқаны» атты мақала авторы С.Шегебаев өз мақаласында сенаттың демократиялық Қазақстан үшін ешқандай қажетсіздігін дәйекті мысалдармен дәлелдеген. Азат газетінің 2 ақпан 2005 жылғы №5 санында жарық көрген Қазақстан демократиялық күштерінің үйлестіру кеңесі ұсынған «Қазақстан Республикасының жаңа конституциясы» деп аталған конституция жобасында заң шығарушы орган Қазақстан Республикасының Мәжілісі деп аталып, тек бір палатадан тұратындығы көрсетілді. Осы жобаның 62 бабына сәйкес Мәжіліс 150 депутаттан құралады. Мәжіліс құрамының жартысы бір мандатты аумақтық сайлау округтерінен, екінші жартысы – саяси партиялар тізімдерінің негізінде біртұтас жалпы республикалық сайлау округінің аумағы бойынша тепе-теңдік өкілдік жүйесі бойынша сайланады. Көріп отырғанымыздай қоғам алға дамыған сайын Сәкен Өзбекұлы ұсынған жобадағы бір палаталы парламент құру идеясы өз өміршеңдігін дәлелдегендей. Автор мемлекетте парламенттік билікті ұсынған, жобада атқару билігінің басшысы болып президент танылады және ондағы 65 бапқа сәйкес өзінің барлық мемлекеттік қызметі туралы Ұлттық Мәжілісте есеп беріп отырады. Әрине бұл ұсыныстың өз уақытынан бұрын ұсынылғанын уақыт көрсетті. Сол тәуелсіздік алған жылдары парламенттік басқару нысанындағы мемлекеттік басқару өз негізсіздігін дәлелдеген болатын. Тіпті 28 қаңтар 1993 жылғы конституция ұсынған «Күшті парламен және күшті президент» ұстанымы да те мемлекеттік билікті дағдарысқа алып келетіндігін көрсетті. Тағы да Б.А.Майлыбаевтың пікіріне жүгінер болсақ, «Конечно, если бы Казахстан переживал период стабильного политического и экономического развития, конституция 1993 года могла бы рассматриваться не как документ, институционализировавший ситуацию двоевластия. Но сложности переходного периода требовали четкой юридической и политической определенности относительно того, какая форма правления должна быть установлена. Конституция 1993 года такого четкого ответа не давала». [7] 1995 жылғы конституция жобасындағы мемлекеттік басқару нысанына қатысты академик С.З.Зиманов келесідей пікір білдірген «Нельзя смешивать понятия «сильное государство» и «сильная Президентская власть». Для того чтобы Казахстан стал сильным государством, хотя бы по внутренней организованности, нужны десятилетия, а сильная Президенская власть нужна сегодня. Я все же склонен считать, что Президент должен соединить в своем лице функции главы государства и главы государства и главы Правительства – это лучший вариант обеспечения сильной Президентской власти в наших нынешних условиях». [8] Осылайша күшті президенттік биліктің өмірге келуі уақыт талабы десек, кейбір авторлар бұл жағдайды президенттің өз жеке басымен тікелей байланыстырады. Ж.Х.Джунусова «Республика Казахстан: Президент, институты демократии» деген еңбегінде «Очевидным было развитие и нашей политической системы в сторону сильной президентской республики, которая многими идентифицировалась с личностью Н.Назарбаева» деген пікір білдіреді. [9] Жобаның 66 бабына сәйкес Республика президенті жанынан кеңесші және әкімшілік басқарушы орган – Мемлекеттік алқа құрылады. Оның құрамына вице-президент, премьер-министр және президенттің өзі тағайындаған экономика, право, мәдениет саласының мамандары кіреді. Сонымен қатар, Мемлекеттік алқа мүшелері Президенттің тапсырмасы бойынша шешім қабылдап, президентке баяндауға хақылы. Республика президенті Мемлекеттік алқа мүшелерінің жасаған қорытындысын ескере отырып, өз атынан тиісті шараларды белгілейді. Бұл орган кейінгі конституциялардан орын алған жоқ, дегенмен қазіргі кезде бұл органға қажеттілік туындап отырған жоқ, себебі бұл органға қазіргі президент кеңесшілері институты балама болып отыр. Осыдан он сегіз жыл бұрын ұсынылған конституция жобасы елеусіз қалғанымен ондағы ұсынылған мәселелер әлі де құндылығын жоя қойған жоқ, керісінше көпшілігі бүгінгі күннің шешуді талап ететін басты мәселелеріне айналып отыр. Ешқашан да ұсынылған ой-пікірдің өлмейтіндігін ескерсек, бұл жобадан әлі де мемлекет үшін маңызды мәселелерді табуға болатындығын көре аламыз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 1. А. Калмырзаев. «Бессмертен национальный дух» Мысль №9 2004 стр10 2. С.З.Зиманов. Конституция и парламент Республики Казахстан. А.,»Жеті-Жарғы» 1996 г. Стр 241

3.А.Гали. «Национальная идея и задачи казахосферы» Саясат №1 2005 стр59 4. Б.А.Майлыбаев. Становление и эволюция института Президента Республики Казахстан: проблемы, тенденции, перспективы. А., «Арыс» .стр354 5. С.З.Зиманов. Конституция и парламент Республики Казахстан. А., «Жеті-Жарғы» стр 210. 6. бұл да сонда стр 227 7. Б.А.Майлыбаев. Становление и эволюция института Президента Республики Казахстан: проблемы, тенденции, перспективы. А., «Арыс» . стр 350 8. С.З.Зиманов. Конституция и парламент Республики Казахстан. А.,»Жеті-Жарғы» стр 223 9. Ж.Х.Джунусова. Республика Казахстан: Президент, институты демократии. А., «Жеті-Жарғы» . стр 111

Мемлекеттік тілдегі заңдардың сапасын арттырудың басты жолы қазақ тілін жетік білетін заңгер маман даярлау

Мемлекеттегі автохтонды ұлт дәрежесіне көтерілу үшін қазақ халқының тілі мен мәдениетін өзге ұлттар мойындап, өзара қарым-қатынас тілі болып қазақ тілі танылуы қажет. Бұл идея еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері жан-жақты талқыланып, таптаурынды болғанымен нақты іс жүзіне оның кейбір бөліктері ғана асырылуда. Еліміздегі мемлекеттік тіл туралы мәселе 1989 жылдың 22-қыркүйегінде «Тіл туралы» заң қабылданған уақыттан бері әлі толық шешімін тапты дей алмаймыз. Егемендіктің алғашқы жылдарында-ақ тіл мәселесін толығымен шешіп алуды жақтаушылар көп болды. Олар тіл мәселесін шешу арқылы қоғам өмірінің өзге салаларына басшылық жасау қиынға соқпайды деген пікірде болды. Мемлекеттік тілдің басты жанашыры болған саяси ұйым «Азат» қозғалысының белсенділері де тіл мәселесінде өз пікірлерін батыл білдірумен болды. Солардың бірі ғалым С.Өзбекұлы өзі жасап ұсынған конституция жобасының 4 бабында «Қазақ республикасының мемлекеттік тілі – Қазақ тілі» деп нақты көрсетіп, қазақ тіліне мемлекеттің барлық саласында артықшылық берілу қажеттігін алға тартқан болатын [1, 40 бет]. Дегенмен, тоқсаныншы жылдары қазақтардың саны жалпы халық санының 40 пайызын құрайтындығын негіз етіп алған мемлекеттегі билік мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін танығанымен, ресми қолданыс тілі ретінде орыс тілін бекітті. Бұл өз кезегінде қазақ тілінің декларативті түрде мемлекеттік тіл болып, ал барлық саладағы іс қағаздары мен іскерлік қарым-қатынас, ақпарат тілі орыс тілі болып орнығуына жағдай тудырды. Осының салдарынан тәуелсіздік алғанымызға жиырма екі жыл уақыт өткенімен мемлекеттік тіл өз дәрежесіне көтеріле алмауда.

Соңғы санақ мәліметтері бойынша еліміздегі халық саны 16,372 миллион болса, оның 10096,8 мыңы, яғни 63,1 пайызы қазақтар, ал, 23,7 пайызы орыстар, 2,9 пайызы өзбектер, 2,1 пайызы украиндер, 1,4 пайызы ұйғырлар, 1,3 пайызы татарлар, 1,1 пайызы немістер, 4,5 пайызы өзге этностар болып отыр. Елдегі қазақтар саны соңғы он жылда 26 пайызға, өзбектер 23,3 пайызға , ұйғырлар 6,8 пайызға өскен [2, 2 бет]. Мұның өзі жалпы халықтың басым бөлігінің мемлекеттік тілде сөйлейтіндігінен хабар береді, халқтың басым бөлігі мемлекеттік тілде сөйлейтіндігі жөнінде ресми ақпарат болғандықтан ендігі жерде мемлекеттік органдардың мемлекеттік тілге көшуіне толықтай жағдай қалыптасып отыр. Алайда, тәжірибеде жағдай мүлдем басқаша болуда, мемлекеттік тілдің қолдану аясы кеңімей, керісінше, ресми тілдің көлеңкесінде қалып қойды. Мемлекеттік тілдің тиісті дәрежеде қолданысқа енуі турасында сан түрлі басқосулар ұйымдастырылуда, әртүрлі мамандар мемлекеттік тілді дамыту үшін өз ойларын ортаға салуда, кезінде осы мәселе жайлы Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразкүл Асанғазы өз пікірін келесідей білдірген еді: «Ақиқатын айту керек, Астана қаласы 2007 жылдан бастап іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуі керек. Өкінішке қарай, қағаз жүзінде 100 пайыз көшкенімен, іс жүзінде 23 басқарманың ішінен 10-ы ғана іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге көшкен. Ауылшаруашылық, Мәдениет, Білім, Тілдерді дамыту сынды басқармалар қазірде іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізеді. Қазақ тілінде қағаз жазып, жиналыстарын да мемлекеттік тілде өткізеді… Ал енді ең керектісі – бұрынғы Заңымыз «Тілдер туралы» болса, енді бізге «Мемлекеттік тіл» туралы арнайы Заң керек. Сонда «Мемлекеттік мекеме іс қағаздарын тек мемлекеттік тілде жүргізуі керек» деп жазылуы тиіс. Расын айту керек, қазір қолбайлау болып отырған мәселе, мысалы, іс қағазын қазақ тілінде жазып, министрлікке жолдасаңыз, ондағылар орыс тіліндегі нұсқасын сұрайды. Сонда қандай айырмашылық бар?! Қазақша жазып орыс тіліне аударғанда не, орыс тілінен қазақшаға аударғанда не?! Сондықтан арнайы Заң қабылдау керек-ақ» [3, 1 бет]. Әрине, мемлекеттік тілдің мәртебесін жоғарылатудың басты жолы оны заңмен бекіту болып табылады, бірақ, біздің пікірімізше, қазіргі жағдайда мемлекеттік тілдің мәртебесін айқындайтын жеке заң қабылдаудың қажеті шамалы, оның орнына Конституцияның 7 бабына өзгеріс енгізіп, ондағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген тармақшаны «Әркімнің өз қалаған тілінде өзгелермен байланыс орнату құқығы танылады» деген мәтінмен алмастыру орынды болар еді. Осылайша елімізді мекендейтін барлық ұлт өкілдерінің өз тілінде немесе өзі білетін тілде өзгелермен байланыс орнату құқығы сақталады, ал мемлекеттік ұйымдарға және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жүгіну барысында олардың тек мемлекеттік тілді қолдануы талап етіледі. Әрбір азамат өз елінің мемлекеттік тілін құрметтеуі тиіс болғандықтан қазіргі елімізде қалыптасып отырған жағдайда мұндай батыл қадам жасалатын уақыт туды деп пайымдауға болады. Сонда ғана мемлекеттік аппарат мемлекеттік тілге толықтай көшеді, ал, қоғам мүшелері қазақ тілін жаппай меңгеруді қолға алады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдар тарапынан орын алып отырған мемлекеттік тілге қатысты көзбояушылықтарды толықтай жоя алады. Қазіргі кездегі басты мәселелердің бірі заңдардың қазақ тіліндегі мәтіндерінің сапасыздығы, мемлекеттік тілдегі заңдардың тілінің түсінуге ауырлығы, бұл өз кезегінде заңдардың қағаз ретінде қалып қоюына итермелеуде және қазақ тілді қауымның амалсыздан орыс тіліндегі заң мәтінін басшылыққа алуына әкелуде. Заңдар қоғам өмірінің күре тамыры болғандықтан, оларға қойылатын талап жоғары болуы шарт. Еліміздегі заңдардың барлығына дерлігі орыс тілінде қабылданып, кейіннен қазақ тіліне аударылатындықтан, ал аудармаға немқұрайлы көзқарас болғандықтан қазақ тілді қауым заң мәтіндерін түсінуде үлкен қиыншылықтарға ұшырауда, бұл өз кезегінде қазақ тілді азаматтардың мемлекет тарапынан құқықтарының шектелуі болып отыр. Сондықтан, халықтың басым бөлігін құрап отырған қазақ тілді қауымның мүддесі заң шығаруда басты назарда болуы қажет. Мемлекет билігі мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру турасында көптеген шараларды іске асыруда, кейбір шаралар өз нәтижелерін беріп жатқанын да жоққа шығаруға болмайды. Қазақстан Республикасының бұрынғы әділет министрі Р.Түсіпбеков өзінің кезекті бір сұхбатында мемлекеттік тілдегі заң сапасы мәселесіне арнайы тоқталған болатын. «Соңғы кездері заң актілерінің мемлекеттік тілдегі нұсқасының сапасы сын көтермейтіні жиі айтылуда. Бұл түсінікті де. Құжаттың орыс тіліндегі нұсқасымен қазақ тіліндегі аудармасының сәйкес келмеуі, терминдердің бірізді қолданылмауы бұл саланы бір жүйеге келтіруді талап етіп отыр. Бұл ретте, заң жобаларының, халықаралық шарттар жобаларының, қолданыстағы заңнаманың мемлекеттік және орыс тіліндегі мәтіндерінің тұпнұсқалығын тексеру, қазақ тілінің стилистикалық, грамматикалық заңдылықтарының сақталуын тексеру үшін міндетті лингвистикалық сараптаманы енгізу қажеттігі туды. Осы мәселені шешу мақсатында кезінде ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов Әділет министрлігінің алқа отырысында Лингвистикалық орталық құру туралы бастама көтерген болатын. Соған орай, Лингвистика орталығын құру және онда нормативтік құқықтық актілерге және халықаралық шарттарға лингвистикалық сараптама жүргізу үшін бірқатар мәселелер пысықталуда. Бұл ретте, ең алдымен, еліміздің қолданыстағы заңнамаларына, соның ішінде «Нормативтік құқықтық актілер туралы», «Халықаралық шарттар туралы» заңдарға, ҚР Үкіметінің Регламентіне, 2002 жылғы 30 мамырдағы Үкіметтің қаулысымен бекітілген Ғылыми сараптаманы өткізу ережелеріне және т.б. өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылуда. Дейтұрғанымен, бұл Орталықтың тиісті деңгейде жұмыс істеуі әрі сараптамаларды сапалы жүргізуі үшін тіл мәселесімен айналысатын заңгер мамандар мен заңдық техниканы зерделеген кәсіби филологтардың қосатын үлесі зор екенін атап өткен жөн» [4, 3 бет]. Қазіргі кезде заң шығару институтының аударма бөлімі лингвистика орталығы етіп қайта құрылды. Министрдің ескертіп кеткеніндей, қазіргі қазақ тіліндегі заңнаманың қалыптасуы мен аударма ісінде қазақ тілін жетік меңгерген заңгерлердің тигізер әсері мол. Осы тұрғыдан алғанда, жоғарғы білікті, қазақ тіліне жетік заңгер мамандарын даярлау бүгінгі күні жоғарғы оқу орындары үшін басты міндет. Қазақ тілді заңгерлердің тілді білуі мен оны толық меңгеруі екі түрлі мәселе. Сондықтан, осы мәселеде жоғарғы оқу орындарында студенттерге білім беруде олардың мемлекеттік тілді толық меңгеруіне жағдай жасайтын жаңаша әдістемелер мен бағдарламалар енгізу - уақыт талабы. Студент бойындағы ұлттық рухты жандандыру үшін оған ұлт көсемдерін таныстырып, олардың ұлт үшін атқарған істерін студенттерге насихаттау жайлы өз ойларын кезінде ұстазым, ғалым Сәкен Өзбекұлы жиі айтып отыратын еді. Студентке ұлттық бағытта тәрбие беру арқылы, оның ұлт мүддесіне қызмет істейтін, өз тілін құрмет тұтатын азамат болып қалыптасуына жоғарғы оқу орнының тигізер әсері мол. Сол себептен студенттің тілді терең меңгеріп қана қоймай, өз ұлтына жаны ашитын, ұлттық мүддені өз мүддесінен жоғары қоя білетін, болашақта қазақ тілінде заң мәтінін даярлауға қабылетті маман болуына жоғарғы оқу орнындағы профессорлық-оқытушылық құрам тарапынан барынша ықпал жасалуы қажет. Студенттің мемлекеттік тілді тек біліп қоюы оның болашақта заң мәтінін қалыптастыруға қабылетті маман болуына кепілдік бермейді. Сол себепті студент мемлекеттік тілді толық меңгеріп, оның тереңіне үңілуі қажет, қазақ ұлтының жанын түсініп, оның мұқтаждығын білуі тиіс. Бұл мәселеде жоғарғы оқу орнының оқытушысына көп міндет жүктеледі, ол студент бойындағы ұлттық рухты көтеру бағытында барынша көп жұмыс атқаруы тиіс. Әсіресе, заңгер мамандығын даярлауда «Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, құқықтық және саяси ілімдер тарихы» бойынша пәндер жүргізетін оқытушылар студенттерге қазақтың ұлт көсемдері жайлы, олардың айтқан өсиеттері мен атқарған істері жайлы ақпараттар беріп, олардан осы бағытта өзіндік жұмыс тапсырмаларын орындауларын талап ету арқылы жанама түрде студент бойындағы ұлттық рухты оятуға ықпал жасауы тиіс деп түйіндеуге болады. Жалпы, студентті ұлттық рухта тәрбиелеу идеясының өзектілігі бүгінгі күні өзге заңгерлер тарапынан да мойындалуда, бұл турасында беделді заңгер ғалымдар оң пікірлерін білдіруде. «Қазіргі кезде қазақшаға жетік заңгерлердің өзі қазақша заңнама актілерін оқымайды. Оларға бұл үшін кінә қоюға болмайды. Өйткені, қазақ тіліндегі заң мәтіндерінің біразы түсініксіз жазылған. Орысша оқысақ түсініктірек, қолдануға жеңіл. Заңнаманың қазақша мәтіндерінің осындай халі ұлттық намысқа тиеді, мемлекеттік мәдениетімізге нұқсан келтіреді. Сондықтан болашақ заңгерлерді даярлауда тілдік дайындықты, әдебиетті білуді, ұлттық рухты жануды алдыңғы орынға қою керек. Заңи білім беруде осы мәселенің ерекше өзектілігі дау тудырмаса керек» [5, 4 бет]. Осыдан біраз уақыт бұрын өзінің заң газетіне берген сұхбатында заң шығару институтының бұрынғы директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Ж.Д.Бұсырманов: «Қазақ тіліндегі заң мәтіндерінің сапасыз болуының басты себебі – мемлекеттік тілде заңды жақсы білетін мамандар жоқ. Заңның түп- нұсқасын қазақ тілінде жазу үшін тек тілді білу жеткіліксіз. Сондықтан да, менің ойымша, жоғары оқу орындарындағы заң факультеттерінен филология топтарын немесе филология факультеттерінен заң топтарын ашу керек пе, қандай жолмен болмасын осы екі талапқа да сай келетін мамандарды дайындауымыз керек» [6, 1 бет] деген пікір білдірген еді. Бірақ, тілшілер мен заңгерлерді қосып оқыту артықтау шаруа болар, дегенмен, қазақ және орыс тілді заңгерлерге жоғарғы оқу орнының қабырғасында қазақ тілі мен әдебиетін міндетті пән ретінде енгізу де мәселенің шешімін табудың бір жолы болар еді. Әрине, заңгер үшін әдебиетті жоғарғы оқу орнында оқудың не қажеті бар деген сұрақ туындауы мүмкін. Бірақ, көптеген студенттердің қазіргі кезде Абайдың бір өлеңін толық жатқа білмейтіні олардың әдебиетпен жоғарғы оқу орнында қайта қауышуының артық болмасына меңзейді. Өйткені, кез-келген болашақ заңгер адамдармен тікелей жұмыс істейтін лауазымдарды иеленуі мүмкін, ал, адамдармен жұмыс істеуде өз ойыңды толық және ұғынықты тілмен жеткізе білу - басты талап. Сонымен қатар, нақты әдеби шығармалардың түпнұсқасымен танысу, қазақ тілінің грамматикасын тереңдетіп меңгеру студенттің болашақта заң мәтіндерін түзуге атсалысатындай жағдай туындаса еш кедергісіз жұмыс істеуіне ықпал жасайды. Осы тұрғыдан алғанда заңгер мамандығын иеленуші студенттің тіл байлығын дамытуда әдеби шығармалармен танысудың мәні зор. Ойымды қорытар болсам, мемлекеттік тілдегі заңдар сапасын көтеру үшін ең алдымен сол заңның мәтінін жасауға тиісті заңгерлердің мемлекеттік тілді толық меңгеруін қамтамасыз етіп, олардың бойында қазақы діл қалыптастыру қажет. Заңгердің бойындағы ұлттық рухты жандандыра отырып оның тілге деген құрметін арттырып, өз ұлты алдындағы жауапкершілігін түсінуіне ықпал жасау арқылы көптеген мәселені шешуге болады деген пікірдемін.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Өміржанов Е.Т. Азат қозғалысы және қазақстанның саяси-құқықтық ой-пікірінің тарихы. Алматы, 2009 2. Численность населения Казахстана. www.today.kz/ru/news/.../2010-11.../35958 3. Заңдардың мәтіндерін түсіну қиынға соғады. nurastana.kz/?p=8481

4. Заң жобалау қызметінің сапасын көтерудің және заңдардың тұрақты жұмыс істеуін ... 82.200.130.91/person/3542/ -

5. Н. Дулатбеков, Б. Сыздық. Қазақ тіліндегі заң мәтіндерінің біразы түсініксіз жазылған. www.egemen.kz/2106.html 6. «Заңдағы шылаулардың өзі адам тағдырын шешеді» zan.zanmedіa.kz/іndex.php?...

Ұлтқа не бердің, не бересің?

«Ұлтқа не бердің, не бересің?» деген сұрақты алғаш рет абыз ақсақал Жағда Бабалықұлынан естіген ем. Жас болғасын ба, жоқ әлде ортаға байланысты дүниетанымым солай бейімделді ме, өз басым көпшілік мәселеде өзіме қай жағынан пайдасы барлығын, оның маған не беретінін алдымен ой елегінен өткізіп алуға дағдыланған едім. Содан да болар бірде Жағда атамыз маған өзінің жиған-тергенін әлдебір ізденуші ғалымға бергенін мақтанышпен айтқанда оған таңырқай қарап, «Ата, сіз бұл дүниелерді бар ғұмырыңызды сарп етіп жинадыңыз, ал енді осы тақырыпты зерттеймін деген адамға еш нәрсе талап етпей бере салыпсыз, ол тіпті осы материалдарды сізден алғанын ұмытып та кетуі мүмкін ғой, сонда еткен еңбегіңіз зая кетті деп ойламайсыз ба?» деп сұрадым. Сол-ақ екен қиқар мінез қарт мені біраз сыбап алды да өзіме: «Сен өзің ұлтқа не бердің, не бересің?», деп сұрақты төтесінен қойды. Мен айтарға жауап таппай, қысылып қалдым. Сәлден соң Жағда атамыз әңгіме бастады, ол өзінің өмірі жайлы айта келе «Мен көп нәрсені көрдім, көп нәрсені бастан өткердім. Әскерде де қызмет еттім, ел де басқардым, қандай қызметте жүрсем де ойымнан «Ұлтым үшін не істеуім керек?» деген сұрақ кетпейтін. Тіпті, арғы беттен беріге қашып өткен соң өзімнің КГБ бақылауындағы тұтқынға айналғаныма қарамастан, мемлекеттік қызметке мүлде ілікпейтінімді түсінсем де ұлт үшін қалай еңбек ету керектігі жайлы көп ойландым. Алдымен, ғұлама ғалым Әлкей Марғұланмен кеңесіп Шығыс Түркістан әскері жайлы тарихи еңбек жазып, ғылыммен айналысуға бел байладым. Алайда, кеңестік цензура менің жазғандарымды жарыққа шығармады, ғылыми еңбектің де қорғалуы мүмкін еместігіне көзім жетті. Осыдан кейін сол кездегі қазақ қоғамының күшпен орыстандырылып жатқанын көзбен көргендіктен ұлтқа қажет ұлттық құндылықтарды жинап, оларды болашақ ұрпаққа жеткізуді өзім үшін басты мақсат ретінде айқындадым. Осы мақсатпен қазақтың жылқы, ит, құсбегілік, емшілік, қолөнер, ұлттық салт-дәстүр, ұлттық ойындар және т.б. құндылықтары жайлы материалдар жинақтаумен айналыстым. Ал енді сол жинаған дүниелерім нақты бір ізденушінің керегіне жарап, халыққа қайта жол тауып жатса менің мақсатымның орындалғаны. Менің қалауым - сол жиған терген дүниелерімнің халықтың керегіне жарағандығы, әйтеуір босқа қалмай нақты бір адамдар арқылы ғылыми айналымға еніп, халықтың игілігіне жараса болды. Басқа еш нәрсенің маған қажеті жоқ» деп ойын түйіндеді. Осы әңгімеден кейін менің санамда «Ұлтқа не бердің, не бересің?» деген сұрақ мәңгілікке жатталып қалды. Ұстазым Сәкен Өзбекұлы өз күнделігін келесі сөздермен бастаған екен, «Шәкәрім айтпақшы, қазақтың мінін көп қаздым. Бірақ, келер ұрпақ алдында менің ғылыми-творчестволық арым таза. Ел болашағы, ұлтым үшін жазған туындыларымды намыс, ұлтжандылық тудырды. Мен өмір сүргемін жоқ, тек еңбек еттім, баға беру – ұрпақ үлесі». Күні-түні көз майын тауысып еңбек етіп, қазақтың ірі тұлғаларының саяси және құқықтық көзқарастарын ғылыми айналымға енгізіп, артына үлкен мектеп қалдырған ғалым Сәкен Өзбекұлы да өз еткен еңбегін бәлденуді білмеуші еді, бәлденбек тұрмақ тағы не істеуі керектігі жайлы әңгімені жақсы көретін. Әр ғылымға бейімі бар шәкіртті өзі таңдап, өзімен жұмыс істеуге үгіттеп жүретін ұстазымызды көпшілік түсінбей жататын, ал Сәкен Өзбекұлы болса былыққа батқан ғылым саласындағы тазалық үшін күресті, ғылыммен айналысатын шәкірттерді алға жетеледі. Бірақ, ешқашан шәкірттеріне бұлданып, еткен еңбегіне ақы сұрмайтын, керісінше, кімге не керек екендігін сұрап отырушы еді. Осы екі тұлғаға шәкірт болу, олардың тәлімін алу мен үшін Алла берген үлкен сый іспетті. Олардың бойындағы ұлтқа деген ұлы махаббатың өлшеусіздігіне көз жеткізе отырып, солар салған ізбен жүрудің қаншалықты қиын екендігін де мойындауға тура келеді. Десе де мен сияқты «кішкене ғана» адамның өз ұлтына не істей алуы мүмкін, ал менімен қатар қаншама адамдар бар, олар не істей алады деген сұрақтар мені де көп мазалай бастады. Жалпы ұлтты Алланың қалауымен біріккен тілі, діні мен ділі ортақ, бір мүддеге ұйыған адамдар тобы деп түсінсек, сол ұлттың әр мүшесі өз өмірін сол ұлтына арнауы табиғи қажеттілік дер едік. Дегенмен, осы тұста өмірін ұлтқа арнауды әр адам қаншалық деңгейде түсіне алады, осы мәселеде әркімнің өзіндік ұстанымы бар ма деген сұрақтар да қылаң береді. Көбінесе өз өмірін ұлтқа арнауды көпшілік шығармашылық адамдарынан, ұлттық интеллигенциядан талап етіп жатады. Ал, егер мәселенің мәніне үңілсек белгілі бір топтың ұлтқа қызмет етуі мәселенің барлығын шешуге ықпал ете алмайтыны айдан анық. Ұлттың толыққанды деңгейде дамып, жетілуі үшін оның әр мүшесінің қосар үлесі болуы шарт. Ұлт үшін қарапайым халықтан бастап мемлекеттік билік басында отырған адамдар біріге отырып, жұмыла іске кірісуі қажет. Сонда ғана ұлт өркендейді, дамиды, өзге ұлттармен терезесі тең болады, оның өкілдерінде ұлттық мақтаныш сезімі оянады. Әрине, мемлекеттік билік тұтқасын ұстаған адамның өз мүддесін ұлт мүддесі жолына жығуы оның адам ретіндегі, азамат ретіндегі асыл борышы. Кей кездері ұлт мүддесінің елімізде мемлекеттік мүддеден алшақтап мүдделер қайшылығы туындағанда мемлекеттік мүдденің ұлт мүддесін ысырып тастайтын сәттерін бастан өткеріп жататынымыз жасырын жайт емес. Бірақ, ол мемлекеттік билікте ұлт мүддесіне қызмет істейтін немесе қызмет етуді қалайтын адамдар мүлде жоқ деуге негіз бола алмайды. Көп жағдайларда ұлтқа жаны ашитын адамдардың ұлттық бағытта атқарғысы келетін іс-әрекеттері белгілі күштер тарапынан түсініспеушіліктерге тап келіп, ұлттық бағыттағы идеялардың жүзеге аспай жататыны да шындық. Сонымен қатар, ұлттық интеллигенция өкілдерінің барлығын ұлтқа жаны ашымайды деп кінәлайын десең Мұхтар Мағауиннің, Дулат Исабековтың, Мұхтар Шахановтың және т.б. ойларын оқи отырып көпке топырақ шаша алмайтыныңды түсінесің. Қалай болса да заман талабына сай ұлттың жаңару үрдісін бастан кешіп жатқанын ескеріп, ақпараттық майданда ұлттық идеяларды барынша насихаттаудың қажеттігі айдан анық. Сондықтан осы бағыттағы ұлттық интеллигенцияның мойнына артылған жүк ауырлығын ескеріп, оның өкілдері ұлттық мүддеге қызмет етуді басты орынға қоюы шарт. Жалпы, ұлт арасында ұлттық идеяны, ұлттың ұлт ретінде сақталып, өзгелерден кем болмай қатар тұруын тарихта қаншама ірі тұлғалар өмірлік ұстанымы етті. Қаншама ұлттардың жер бетінен жоғалып кетпей, аман қалуына, қайта жанданып, кемелденуіне де ұлттық идея негіз бола алды. Осы себептен қазіргі күні жаһандану үрдісін бастан өткеріп жатқан қазақ қоғамында ұлттың басын ұйыта білетін, адамдардың тізе қоса тірлік етуіне негіз болатын ұлттық идея ауадай қажет. Ол әрине қазақтың ұлт ретінде еңсесін көтеріп әлі де болса арыла қоймаған отарлықтан рухани, саяси, шынайы тәуелсіздікке қол жеткізуін, мемлекеттің негізін құраушы халық ретінде елдің жер үсті және жер асты байлықтарына иелік етуін, өз елінде өз тілінде ақпарат алып, мемлекеттің билігі қазақ тілінде сөйлеп, іс қағаздары мемлекеттік тілде жүргізілуін, біртұтас ұлт ретінде бір дінге ұйып, бірыңғай дәстүрді ұстануын, демократия талаптарына сай мемлекеттік билікке тікелей ықпал етуге қол жеткізуін көздейтін идея болуы шарт. Әр қазақтың көкірегінде өз ұлтының болашағына деген үміт шамы жарқырап, өзінің осы қазақ қоғамының бір мүшесі екендігін толыққанды сезінуі оның осы қоғам үшін жауаптылығын да арттыра түсер еді. Қазіргі кезде материалдық жағынан да, рухани да қиыншылық көріп жүрген қазақ қоғамының қарапайым мүшесінен «Ұлтқа не бердің, не бересің?» деп сұрау орынды ма? Әрине, орынды. Себебі, адамның бір ұлтқа тиістілігі оның сол ұлт алдында жауапты екендігін білдіреді. Өзінің ұлтын білу, сол ұлттың мүшесі болу үлкен бақыт. Осы тұрғыдан алып қарағанда, әр қазақтан «Ұлтқа не бердің, не бересің?» деп сұрауға болады. Сол арқылы адамның өз ұлтының алдындағы жауапкершілік сезімін де оятуымыз мүмкін. Көпшілік адамдар өзі арып-ашып, өз жерінде өгей ұлдың күнін көріп жүрген қазақтан ұлтшылдықты талап етуді артық санайды. Барлық сұрақты ат төбеліндей байлар мен мансаптыларға қояды. Дегенмен, қалың бұқара өзінен өз ұлты үшін жауапкершілікті ысырып тастап, бар кінәні азғантай топқа арта берсе ұлттың болашағы не болмақ? Неге адам ұлты үшін бір нәрсені істеу үшін оған ақы талап етуі тиіс? Неге адам ешкімнен ешнәрсе талап етпестен, өз бетінше ұлты үшін бір жақсы нәрсе жасауға талпынбауы керек? Әрине, бұл жерде Алла берген берген қабылет-қарым, адамның жеке мүмкіндіктері өзіндік рөл атқарады. Бірақ, әркім өз халінше, мүмкіндігіне сай ұлты үшін бір нәрсе істесе жалпы қазақ қоғамы алға ілгерілері сөзсіз. Ұлтың үшін бір нәрсе істеу қарапайым жағдайлармен байланыстырылуы мүмкін, ол өзіңнің туыстарыңа көмек қолыңды созу, көршіңе қарайласу, кедей-кембағалдарға садақа беру, қолыңда артық тиының болмаса да мұқтаж жанға қызмет көрсету және т.б. Яғни, ең басты нәрсе ұлттың жанашырлығының артуы, әрине, бұл біздің ата-бабамыздан бойымызға сіңдірілген қасиеттер, бірақ, осы қасиеттердің сәл де болса бізден алыстап бара жатқанын мойындамасқа болмас. Көпшілік адамдар ұлтқа қызмет етуді нақты бір нәрсені өзгертуге құзыретінің болуымен байланыстырады, басқаша айтқанда, «Әттең, қолымда билік болса, былай істер ем», деп кіжініп отырады. Менің ойымша, ұлтқа қызмет ету тек билікпен байланысты емес, ол өз қал-қадеріңше саналы түрде ұлтқа пайдасы бар іспен айналысу және істеген ісің үшін ешкімнен ақы талап етпеу. Осы тұста, қазіргі қазақтан шыққан озық ойлы азаматтардың ұлт үшін атқарған істерін бәлденуі, кезінде атқарған істерін алға тартуы немесе соның бағалануын талап етуі сияқты қылықтары жиі бой көрсететінін айта кетпеуге болмас. Өзгеге үлгі болуға тиіс адамдардың өз атқарған істерін жарнамалап, сол істері үшін өзгелерден құрметті талап етуі олардың тек қадірін кетірері сөзсіз. Ұлтқа қызмет істеу - қайтарымсыз еңбек ету, ешкімнен атқарған ісің үшін ақы немесе марапат, сый, талап етпеу. Кейбір адам өмір бойы ешкімнің ықыласына бөленбей, елеусіз ғана тірлік етсе де ұлты үшін өлшенбес еңбек етуі мүмкін, ал, кейбіреулер, ұлты үшін ештеңе істемесе де өзін жарнамалау арқылы беделге ие болып жатады. Бірақ, адам ұлты үшін істеген ісі бойынша тек өз арының алдында ғана жауап бере алатынын ескерсек, бұл тұста сол адамдардың ақыл-парасатының деңгейі ғана айқындай алатын мәселелер өте көп. Қазіргі кезде әр қазақ азаматына оның өз басы үшін істеген әрекетінің көпшілігі тікелей ұлтының дамуына қосқан үлесі болатынын да жеткізе білу қажет. Яғни, қазақ азаматының дені сау, жаман істерден аулақ, өз тіліне, діліне, дәстүрлі дініне берік болып, қажет мамандық бойынша бейімделіп, адал еңбек етіп, отбасын құрып, бала санын көбейтіп, қайырымды болуы – оның ұлт дамуына қосқан үлкен үлесі. Заң ғылымында мемлекеттің қоғамды дамытуға да дағдарысқа ұшыратуға да қауқарының молдығы жайлы көп айтылады, алайда, қоғамның да өз кезегінде мемлекетті өзгертіп жіберетін күшінің барлығын мойындау қажет. Сондықтан, қоғамды өзгерту арқылы мемлекетті де жаңартуға, қайта құруға болатынын ескеріп, қоғамдық сананы өзгерту, қазақ қоғамындағы ұлтшылдықты күшейту, ұлттық сананы жаңғырту, рухани тәуелсіздікке қол жеткізу бағытында жұмыстар әлі де болса жүргізіле беруі керек. Қоғамды өзгерту үшін ұрпақ тәрбиесіне мән беру қажеттігін ескеріп, әр ата-ана жас балаға оның үлкен бастық немесе президент болмай-ақ белгіл бір сала маманы болып қарапайым өмір сүру арқылы да өз ұлтының дамуына өлшеусіз үлес қоса алатындығын сіңіре білуі қажет. Көпшілік жастардың өмірде кездескен шынайы жағдайларға төтеп бере алмай тура жолдан тайқып кетіп жататыны оның жастайынан қиялдан құраған хрусталь қамалдарының сәл кедергіге шыдас бермей быт-шыт болып сынуымен байланысты болып жатады. Баланы ұлтқа бағыштап тәрбиелеу оның тек ата-ана мен туыстары алдындағы ғана емес жалпы ұлт алдындағы жауапкершілігін сезініп өсуіне ықпал жасай алады деген ойдамын. Тағы бір аса маңызды мәселе ол адамдардың ұлтқа қатысы бар мәселеге немқұрайлылықпен қарамауы, яғни, ұлтқа қатысты нәрсеге қатысты беркі ұстанымда болуы, керек болса ұлт мүддесі жолында өз мүддесін құрбан ете білуі болып табылады. Әр қарапайым қазақ ұлттық мәселеде айқын қағидадан айнымайтын батыл болса мемлекеттік билік көп мәселеде ұлт мүддесіне икемделген саясат жүргізуге мәжбүр болар еді. Сөз басында Жағда Бабалықұлы мен Сәкен Өзбекұлының ұлтқа қызмет етудегі альтруистік қырларына тоқталу арқылы ұлтқа берілгендіктің бір қырын көрсетуге тырыстым. Халық болған соң қазақтың арасында мұндай азаматтардың кездесетініне шәк келтіруге болмас, дегенмен, оның бұқаралық сипат алып, қазақтың ұлттық қасиетіне айналуы ғана ұлтты құтқарушы күшке айналары анық.

Ұстазбен қоштасу

Сағаттың шықылдағы емес ермек,
Һәмишә өмір өтпек - ол білдірмек.
Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,

Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек, - деген Абай атамыздың жыр шумақтары ортамызда жүрген адамның ана дүниеге кеткенін естігенде еріксіз ойға оралады. Он сегізінші шілде күні Алакөлге дем алуға барған жерінде қазақтың біртуар ұлдарының бірі, заң ғылымдарының докторы, профессор Сәкен Өзбекұлы жүрегі сыр беріп, сол жақта бақилық болды. Қазаға қайырлы болсын айтқан жұрт марқұмды Орта Азиялық Университеттің конференц залына жиналып қаралы жиын өткізіп, шығарып салды. Тірлігінде жүрегі ұлтым деп соққан азаматты соңғы сапарға шығарып салған жұрт оның әртүрлі адами, жақсы қасиеттерін айтып, марқұмның жақындарына көңіл айтып жатты. Шындығында да арамызда жүргенде мәңгі бірге жүретіндей қадіріне жете бермеген болармыз, ұстазымыздың күн өткен сайын қадірі артып, оның орны бос тұрғандығы көңілімізді құлазыта беретіндей. Ұстазымыз демекші, Сәкен Өзбекұлы жайлы қанша айтып та, жазып та еске алғанымызбен, оның ұстаз ретіндегі сипатын шәкірттерінен артық кім біле қояр дейсіз... Осынау елу сегіз жылдық ғұмырында Сәкен Өзбекұлы талай белестерді басып өтіп, Қазақстанның заң ғылымында өзіндік орнын қалдыра білді. Жиырма зерттеу еңбегін және біреу де болса бірегей «Мемлекет және құқық теориясы» атты оқулықты ұрпаққа сыйлады, әртүрлі тақырыпта үш жүзден аса мақалалар жазып, басылым беттеріне жариялады. Өзі әу бастан таңдап алған заң ғылымындағы «мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, құқықтық және саяси ілімдер тарихы» мамандығы бойынша сүбелі зерттеулер жүргізіп, артына үлкен мектеп қалыптастыра алды. Мектеп қалыптастыра алды дейтін себебіміз, ол өзі таңдап алған бағыт бойынша он ғылым кандидатын даярлап қорғатты, қаншама жас ұстаздарының берген тақырыптары бойынша кандидаттық диссертацияларын жазу үстінде. Әрине, кейбір шәкірттері еңбектерін аяқтап, енді енді қорғауға даярлық үстінде болғанын еске алсақ, олардың жан күйзелісі түсіне білген адамға өте ауыр екені даусыз. Табиғатынан өте еңбекқор ұстазымыз кей кездер әңгімелесіп отырып өзінің таңға дейін кітап қарап, тек таң алдында көз шырымын алып жұмысқа келгенін айтып отырушы еді. Кабинетіне кіре қалсаңыз, толып жатқан кітап, журналдарды ысыра салып, көңілі жадырай жағдайыңды сұрап, өзінде болып жатқан жаңалықтарымен бөлісе жөнелетін. Содан кейін өзі оқыған мақала немесе кітап жайлы ойын ортаға салатын. Біздерді бір таң қалдыратыны, ол кісінің үнемі өзімізде болсын, Ресейде болсын жарық көріп жатқан ғылыми кітаптарды жібермей алып, оларға өз бағасын беріп отыратындығы еді. Жаны жайсаң ағамыз поэззияны жанына серік етті, кез-келген мәселеде Абайдың немесе Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін сөзіне сүйеу ете отыратын. Отырыстарда, бас қосуларда Сәкен ағамыз сөз алып, ешкімге ұқсамайтын, мәні терең қысқаша тілек айтқан соң, көңілі түссе өзі жақсы көретін М.Жұмабаевтың «Япыр-ай» немесе М.Мақатаевтың сөзіне жазылған «Есіңе мені алғайсың» әндерінің бірін беріле орындап берер еді. Әсіресе, «Есіңе мені алғайсың» әнінің «Жапырақ жанып жатқанда,

Күз келген күрең шақтарда,
Ағаштар мұңға батқанда

Есіңе мені алғайсың» - деген шумағын толқыныспен, ерекше әсермен орындағанды ұнататын. Бұл өмірден өтерін сезді ме екен, соңғы кездері оңаша отырған сәттерде «Бәрі де өтеді, мен де бір күні өтіп кетемін, сол кезде артымда мен туралы талай естелік әңгімелер жазылады. Бірақ, мен сендердің өзім жайында тек қана шындықты жазғандарыңды қалаймын. Мені асыра мақтап, өтірік қосып мадақтауларыңды қаламаймын. Пенде болған соң менің де кемшін тұстарым өте көп, соларды да қоса жазыңдар, бағасын халық өзі бере жатар» - деп жиі айтып отыратын еді. Өзі ұлтшыл болғандықтан, шәкірттеріне де ұлтын сүюді насихаттайтын ағайымыз, өзінің дәрістерінің соңында әртүрлі ұлтымыздан шыққан ұлылардың шығармаларынан үзінді оқып беретін, кейде қосымша тапсырма ретінде шәкірттерінен солардың кейбір шығармаларымен танысып келуді талап ететін. Осы арқылы ол студенттердің ұлттық сана сезімін көтеруге өзінің септігін тигізуді көздейтін. Әртүрлі ұлт зиялыларының шығармаларымен танысып, олардың айтқан ойларын талдаған студент санасында сол шығармалар мәңгіге сақталып қалатынын, сол арқылы олардың болашақта ұлттық мүддені де ойлай жүретінін ұстазымыз әр кездері айта отыратын, біздерге де ұстаздық қызметімізде сол бағытта жұмыс жасауға кеңес беретін. Ұлт мүддесіне қатысы бар жайларға Сәкен Өзбекұлы өз көзқарасын білдірмей қалмайтын, ол ұлттық мүддені өз мүддесінен жоғары қоя білді, тіпті, ұлт үшін жанын құрбан етуге даяр болды. Олай дейтін себебіміз, ұстазымыз ұлтқа қатысты мәселеде өз ойын ешқандай жасқаныссыз жеткізе білетін аз ғана қазақ зиялыларының бірегейі болды. Кезінде «Желтоқсан оқиғасына» қатысты 1989 жылдың шілде айында бекітілген Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің комиссиясының жұмыс тобының мүшесі болып, талай қазақ жастарының арашашысы болған ол, кез-келген ұлтқа қатысты мәселеде өз ойын ақпарат құралдарында тайсалмай жеткізе білді. Осы жылғы маусым айының төртінші жұлдызында «Қазақстан –Zaman» газетінде жарық көрген «Біз, қазақ – ешкімді басындырмаған елміз!» деген Юлдаш Азаматовқа жауабы да оның ұлттық намысы қандай деңгейдегі азамат болғандығын көрсетсе керек. Жыл сайын Қымбат жеңгеміз екеуі ораза тұтып, кейінгі жылдары ағайымыз ислам дініне ден қойып, мұсылмандық жөнінде өз ойларын қағаз бетіне түсіріп жүрген. Биылғы жылы шәкірті Мұқан Исаханмен бірге «Ислам және кәләмдәқ мазхабтар» және қайтыс боларынан аз ғана бұрын «Ислам және адамзат болашағы» атты сүбелі зерттеу еңбектерін баспадан шығарған болатын. Өз еңбектерінде ислам құндылықтарын насихаттап, келешек ұрпақтың алға жылжуынының кепілі - исламға бой ұру екендігін алға тарта білді. Қоғамда орын алып жатқан әртүрлі келеңсіздіктер мен бассыздықтарың да алдын алудың бірден бір жолы Алланың ақиқат жолына түсу екендігін барынша насихаттаумен болды. Ағайымыз тез өкпелеп қалатын, бірақ, дұрыстап мән жайды түсіндірген соң тез арада ренішін ұмытып кететін. Баладай көңілі ашық, кең пейілді ағайымыз шәкірттерін үйіне шақырып, қонақ қылып, әңгімелескенді ұнататын. Үйіндегі көп кітап жиылған сөрелерді көрсетіп, өзінде бар құнды кітаптар жайлы айтып, мақтанып отыратын. Өзі кітап шығарса сол кітаптан барлық шәкірттеріне қолтаңба жазып таратып беретін еді. Дүниеге қызықпаған ұстазымыз барлық кезде басты байлығым деп кітаптарын айтатын. Ғылымды дамыту үшін онда кездейсоқ адамдардың болмауы қажет деген қағидамен өмір сүрген Сәкен Өзбекұлы ғылымның шынайылығы жолында күрес жүргізді. «Сіз не үшін өзіңіздің көз майыңызды тауысып әртүрлі диссертацияларды үтір, нүктесіне дейін қалдырмай оқисыз?», деген сұраққа, «мен Қазақстан ғылымын жетілдіру үшін емес, тек ғылыми атақ алу үшін еңбек жазатын ғалымсымақтармен күрес жүргіземін. Біз ғылымның таза болуына мән беруіміз керек, сонда ғана біздің болашағымыз бұлдыр болмайды» - деп қысқа жауап қайыратын. Өзі еңбекқор болғандықтан өзгелерден соны талап етті, сондықтан ол кісі кез-келген кандидаттық немесе докторлық жұмысты мұқият оқып, ондағы олқылықтарды тез арада тауып отыратын. Ғылымға қатысы бар мәселеде ешкімнің көңіліне қарамай, шындықты бетке айтып, кейбіреулерді ренжітіп те жататын тұстары аз болған жоқ. Ұстазымыз соңғы уақытта қазақ интеллигенциясының өкілдері арасында кең етек жайған атаққұмарлық пен материалдық дүниені рухани дүниеден жоғары қойып, билікке жалтақтап, жағымпаздыққа бой алдыруды жаны күйзеле сөз ете отырып, сол жолға біздердің де түсіп кетпеуіміз қажеттігін жиі ескертіп отырушы еді. Қазақ интеллигенциясының қилы замандарда ұлттың жол бастаушысы болып, ұлт болашағы жолында өз бастарын қатерге тіге отырып, үлкен еңбектер жасағанын тілге тиек ететін. Ұстаз ретінде шәкірттеріне өмірдің мәні жайлы, жалпы өмірді сүю мен бағалау турасында мәні терең әңгімелер айтып отырушы еді.

Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,

Бүтінделмей кеткен бір ер тұрманы, - деген М.Мақатаевтың өлең жолдарын біздің ұстазымыз да артына айтып кеткендей. Арамыздан өткеніне аз ғана уақыт болса да орны үңірейіп қалған азамат жайында әлі де талай естеліктер жазылары анық. Біз өз кезегімізде өмірін ұстаздық жолына арнап, қаншама шәкірт көңіліне сәуле себе білген, қаншама жастың ғылым жолына түсуіне мұрындық бола білген абзал ағамызға «Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын! Сіз көксеген арман мен сіз жетпеген жетістіктерге сіздің ұрпақтарыңыз бен шәкірттеріңіз жетсін!» демекпіз.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙