Мазмұнға өту
Home

Маңғыстауға белгілі ұсталар

Отыншы Көшбайұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Маңғыстауға белгілі ұсталар

Отыншы Көшбайұлы — «Маңғыстауға белгілі ұсталар». 1. ЖҰБАЙ ҰСТА

/uploads/c95e21ed-9947-5a66-86c2-b1a2b5e0dda8/cover.png

1. ЖҰБАЙ ҰСТА

(Деректі повестен үзінді )

...Жұбай мен Нұн ұста үйінде оңаша отыр. Қолына шақыру алған әкесі ертең аттанбақ. Өзгелер сияқты аудан орталығына баратын көлік те даярлаған жоқ. Талай жүрген жерлерім ғой, таң сызат бере қозғалып кетсем, түскі шәйді ағайындардың үйінен ішем ғой дейді. Үйдегі енді бас көтерері Нұнға бала да болса, тапсырмаларын беруде.

 Қарағым Нұн, - деді жан-жағына қарап. - Мынау әкеңнің жұмыс орны. Күнделікті тірлікке қажетті құрал-сайманның бәрі осында. Үйге ештеңе ұстамайтынымды өзің білесің. Колхозшылардың жүзі қайтқан орақ шалғысын да, әркімнің қолына ұстап келген шылапшын, құманын да осы бір құт жаппаның ішінде жасап беретінімді көзің көріп жүр. Ауылдың бар тірлігі осы үймен байланысты еді. Енді көп адамға қиындау да болатын шығар. Құдай тағала ұсталық өнерді кез келгенге ұстата салмапты. Әріден келе жатқан кәсіп қой. Маған да өз әкемнен қалған мұра осы қара төс пен балға еді. Оны арнайы барып оқығаным, я болмаса өзге біреудің қасына еріп жүріп үйренгенім жоқ. Әкем тірлік үшін ауыл шетіне жаман жаппасын тігіп, көптің тапсырмасын орындайтын. Соның қасында жүріп қолым жатықты, артынан басқа кәсіптен гөрі, осы жаныма жақын болды. Адамы көп қалаларда ұстаның әрбір жасаған бұйымына қоятын бағасы болады дейді. Бізде ондай қайдан болсын. Еңбегіңе деп елдің әкеліп бергеніне риза боласың. Көштен қалмадық дегеніміз болмаса, көптің алдына шығып көргеніміз жоқ.

Ұстаға ең керектісі елдің сұранысын орындайтын темір, сосын оны балқытатын көмір. Ерте кезде оның қай-қайсысы да бұл жерде тапшы болды. Бұрындары ұстаға келіп, керек нәрсесін жасатып алатын адам темірін өзі әкелетін деп айтып: отырушы еді әкем марқұм. Болмаса Кетіктегі орыстардан сұрап, сатып алатын болған. Әсіресе сом темірден жасалған сүймендерді балқытып біраз пайдасына асырып отырыпты. Көші қон уақытында Үстірт үстіне шыққанда арнайы түйемен барып, сексеуілді артып келеміз дейтін-ді. Сексеуіл көмірді жоқтатпайды, қызуы күшті ғой. Ал ойға құлаған уақыттарда көмірді Таушықтан таситын болған. Көмірдің бар екені бұл жердің тұрғындарына баяғыдан белгілі. Кейде тіпті сонау Таушыққа бармай-ақ, осы Қаратаудың бойындағы өзіміз білетін жерлерден алатынбыз. Көрікке салып, қыздырып алған темірден кез келген бұйымды жасау да оңай емес. Оның құрамын біліп, айыру керек. Әсіресе екі темірді байланыстыру үшін ертедегі шалдардың өзіндік тәсілі болған. Олар алдындағы көмірге салған темірі балқу дәрежесіне келгенше қыздыратын-ды. Енді-енді еруге бет алғанда, үстіне құм себетін де, оған екінші темірді жабыстыра салып, балғамен таптайтын. Сонда арасына жік түспей бірігіп кететін. Шығыршық осылай жасалатын. Оған қаншама күш түссе де, арасы ашылмайды. Кәзір заман өзгерді, адамның ілім-білімдері жетісті. Осы күндері темірді басқаша пісіріп, жабыстырып жатады ғой. Білгеніңнің артықтығы болмас деп айтып отырмын. Сенің қолыңнан өзің жасап жүрген жеңіл-желпі заттар болмаса, басқасына әзір шамаң келмес. Бірақ бір нәрсе есіңде болсын. Ұстаның күркесіне еріккен адам бас сұқпайды. Бір нәрсеге қардер болған, жұмысы тоқтап қалған адам ғана туралап келеді. Шамаң келсе, мәселесін кейін қайтарма. Қолыңнан келгенінше көмегіңді көрсет, болмаса, жылы сөзіңді аяма. Адам көңілі сәл нәрседен марқайып, сәл нәрседен жүдеп қалады. Көрші үйлерге бір шәйлық сүт сұрап, талай бардың емес пе. Кішкене ыдысыңа біреу орталап құйса, біреу түбінен болса да тамызып беріп жатады. Соның бәрі барлықтан, өздерінен асып артылғандықтан емес. Келген баланың тауы қайтпасын, келесіде бетіне шіркеу болмасын, еркін келсін дегендіктен солай істейді. Біздің халықтың қай уақытта да есігі ашық, шығам дегенге төрі дайын. Ұста жұмысы да сондай, қарағым. Кейде алыстан ат сабылтып келетіндер де болады. Үміттеніп келгенінде сәл нәрсені бұлдап кергіп тұрса, кімге оңай болады дейсің.

Аядай ғана ауыл ғой, ешкімді бөле жармай, қашан да қол көмегіңді көрсет. Ел басындағы қиындықты көппен бірге көтеріп жүрсің. Оңай емес. Бірақ, біреуді көріп шүкір ет, біреуді көріп пікір ет деген бар. Бұл ауылдың адамдары соғыс қасіретін тартып, арыстарынан айырылып, қан жұтып жүрсе де, мына жер асып, жан-жақтан ағылып келіп жатқан босқындарға қарағанда, шүкіршілік етуге болады. Ее, қарағым-ай, бұл халықтың басынан не өтпеді дейсің. Бізден бұрын да талай-талай аласапыран заман өткенін ілгерідегі шалдар айтып отырушы еді. Міне сондай қиындық бізге де тап болды. Бұл халық қай уақытта да, қандай алмағайып кезеңде де басына күн туған адамдарды бауырына тартудан жаңылған жоқ. Кәзір де солай, оны өзіңнің көзің көріп, құлағың естіп жүр ғой. «Арқада қыс қатты болмаса, арқар ауып несі бар» демекші, өзінің кіндік қаны тамып, өсіп өркендеген жерінен кім кете қойғысы келеді дейсің. Қорғанышсыз, жау қолында қалған елдерден босқындар азып тозып, осында келіп жатыр. Біреу әкесінен, біреу анасынан айрылған. Тіпті, әлі оң-солын айырмаған тұлдыр жетімдер де бар. Оларды осы Қаратаудың бойындағы елдерге бөліп-бөліп орналастырғанын білесің. Қанша бауырына тартып, төріне шығарып жарты сындырық нанды бөле жеді дегенмен, кім олардың туған әке-шешесіндей болсын. Әкенің маңдайдан бір сипағанына, шешенің мейірлене бір иіскегеніне жетер не бар бұл дүниеде. Ауылға келіп үгіт жүргізіп жүргендер біздің Маңғыстауға 600-ден астам жанұя, ер азаматтары майданда қаза тапқан мың қаралы да адамдар келді дейді. Соның бәрін орналастырып, ауруын емдеп, қолына күрек ұстай алатындарына ана Таушықтағы көмір шахталарына жұмысшы қылып алыпты. Үлкен өндіріс жоқ Маңғыстауға ол да қосымша салмақ. Сонда да ел елдігін көрсетіп, қолынан келгенін жасап жатыр. Олардың да, біздің де тілейтініміз осы соғыстың тез аяқталуы. Жерде жетім жыласа, аспанда періште қолдайды деген бар. Тілегімізді бермес дейсің бе.

Ал енді үйдегі бас көтерері сенсің, інің жас. Шешеңнің аурулы екенін білесің. Қандай жұмыс болса да шаршағанын, қабағын шытқанын көрген жоқ едім. Бірақ сендердің алдарыңдағы алты бірдей баланың қатар келген қазасы оны тұралатып кетті. Жүйкесі әлсіздеу. Кейде өзін-өзі ұстай алмай ұзақ сөйлеп кететінін білесің. Менің де кетіп бара жатқаным оған оңай тимес. Білдірмеген болады, бірақ өмір бойы сүйенісіп қатар келе жатқан маған оның күйзелісі белгілі. Қамқор бол.

Тағы да бір айтатыным, көп ұзамай оқуың басталады ғой. Соныңды құнтта. Балалыққа салынып, босаңсытып алма. Менің ауылдағы молданың алдын көріп, әптиекті оқығаным болмаса, бұл заманның ілім-білімінен хабарым жоқ. Бірақ оқығанның қор болмайтынын, оның алар асуының биік екенін сеземін. Сен туралы, сенің болашағың туралы бір тәтті үміт үнемі ілгері жетелейді де жүреді. Шығар биігіңді көрмесем де, адастырмас сүрлеуге түскеніңді біліп кетсем деймін. Осы бағытыңнан таймасаң, бір жерден шығарсың ақыры. Ауылдағы адамдар сені оқытатын мұғалімдеріңнен, болмаса, бір-бірінен еститін болар, осында келіп отырғанда сен туралы жақсы әңгімелерін айтады. Соны естігенде, қуанып тұрамын, сол жақсы әңгіме дем бергендей алдымдағы темірді құшырлана соғам. Алла тағаланың бізге деген шапағаты мол болса, Есендәулеттен тараған бір ұрпақтың биікке көтерілгені маған мәртебе, көпке мақтаныш болса екен деп тілеймін. Жер басып, тірі жүрсем, көштен қалдырмаспын. Осыны жадыңда мықтап ұста.

Кәзір ел басындағы ауыртпалық қатын-балаға түсті ғой. Қай жерге көзің түссе де, орамалын шарт түйіп, белін тұсаумен буып жүрген қыз-қырқын, әйелдер. Сонда да қажыдым, шаршадым деген адамды көрмейсің. Бәрі де жұмылған жұдырықтай болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғандай ұйымшыл. Бейбіт кездердегі бір-біріне деген назын, еркелігін ұмытқан. Әрқайсысы екі-үш адамның жұмысын атқарады. Тіпті кешегі ауданнан келген уәкіл мына «Алғабас», «Жаңа жол». «Ақырап», «Тұщыбек», «Жаңа қорған» колхоздары соғыс басталған жылдармен салыстырғанда, жылқыны -37, түйені - 9, қой мен ешкіні - 59 процентке дейін өсірді деп, біраз мақтау айтқан жоқ па. Сол аталып жатқан мақтау, мадақтаудың ішінде сен де, Шырдабай мен Мысабай да, Қолғанат пен Өтесін де, Көңіл мен Ізбас та, ана Қаныкеш те бар.

Бізді тылдағы жұмысқа шақырып жатыр. Өйтпесе бола ма, қарағым-ау. Жау бұл елдің жеріне тек келіп, тек кеткен жоқ. Жүрген жерін қара күйеше өртеп, бүлдіріп кетті. Оны кім қалпына келтіреді енді. Ел аралап жүрген уәкілі бар, үгітшісі бар, бәрінің де айтатыны, кәзір майданда да, тылда да түбегейлі бетбұрыс болып жатыр дейді. Немістер біздің жерден тұрақ таппасын анық сезіпті. Енді шама келсе, анау орыс жерімен көршілес жатқан елге барып, табан тірегісі келеді білем. Бірақ біздің әскерлер оларды өз жеріне дейін қумақ көрінеді. Шамасы, адамзат баласына өшпестей қасірет әкелген сұрқияларды ордасында тұншықтармақшы білем. Сонда әлгі немістер бүлдіріп кеткен жерді біз жөндемей, кім жөндейді. Қан майданның ортасында жүрген азаматтарға қаратып қоймаймыз ғой. Тіпті өткен жылы Сталинград қаласын қалпына келтіруге, сонымен қатар соғыс кезінде қолға алына бастаған Аштархан мен Үйшік арасындағы темір жолды салуға осы Маңғыстаудан көптеген қыз-келіншектер кетті емес пе. Әкеңнің бара жатқаны да сондай жұмыстың бірі болар. Көп ұзамаспыз. Елдегі жайды ондағылар да түсінетін шығар.

 Ал, енді қайтайық қарағым, - деді Жұбай баласының иығына қолын салып. Шешең де күтіп отырған шығар. Есіктің сыртқы күршегін іле сал, мал кіріп кетер. Жұмысыңды аяқтап, үйге қайтарыңда, қанша шаршап тұрсаң да, құрал-сайманыңды жинастырып кетуді ұмытпа. Рет-ретімен тұрған жинақы құрал жаңа жұмысқа деген ынтаңды арттырады.

Жұбай ертесіне жолға шықты. Шығыс жақ енді-енді бозамықтана бастаған. Өзімен бірге ерте тұрған Нұн да қасында. Әкесін біраз жерге дейін шығарып салмақ. Баласының өзімен бірге тұрып, дастархан басында қатар отырғанына әке жүрегі жылып қоя берді. Ендігі салмақтың өздеріне түсетінін, қолынан келгенінше шешесіне сүйеніш болып, көштен қалмай, тірлік ету керектігін ұғынған баласына мейірлене қарайды. Түнімен әр нәрсені сұрап, қасында жатқан. Содан ұйқысы шала болды ма, көзі қызарып кетіпті. Әке жүрегі шаншу қадалғандай шым ете түсті. Сезімтал баласының түнімен дөңбекшіп ой жетегінде ұйықтамай шыққанын білді. Қаратаудан аққан бұлақ бойын сағалап, әр төбенің астында бұйыға орналасқан кішкене ауылдың өзіне біраз қара қағаз келген. Әсіресе соңғы кезде жиілеп кеткен тәрізді. Ана жақта жан беріп, жан алысқан соғыстың оңай болып жатпағаны осыдан-ақ белгілі болғандай. Өз жерімізді жаудан босатып, бірте-бірте ығыстырып бара жатырмыз дегенмен, әр сүйем жер үшін талай боздақтың өмірінің үзілгені, жат жердің топырағында мәңгілік қалғаны анық.

 Әке, - деп еді баласы қасында жатып. Жағдай тым қиындап бара жатса, сендерді жұмыстан алып, майданға жіберіп қоймас па екен?

 Әй, балам-ай, - деді Жұбай оның басынан сипап. Менің әлі қайратымның қайта қоймағанын білесің. Қолыма қару берсе, жауға қарсы ата білетінім, оған жүрегімнің шайлықпасы анық. Сенің ұлы атаң Төлеп қартайғанша қолынан қаруы түспей, ер жастанып өтіпті. Қай уақытта да жауының жолына кесе көлденең тұра білген. Арманым кескіленген шайқас үстінде, жауымның жағасына жармасып жүріп, қаза таппағаным деген де сол ғой. Сол атамыз айтқандай, ел басына күн туған заманда ер азаматтың алғы шептен табылып, күркіреген дауысының сол жерден естілгеніне не жетсін. Біздер үкіметтің қарауындағы, есептегі адамбыз. Қайда жұмсайды, сол жерге баруға міндеттіміз. Ал сен айтқандай, майданға баруға тура келсе, қашқақтамайтыным анық. Сол жақта жүрген, сол жақта мәңгілік көз жұмғандардан артық емеспін ғой. Қырық жыл қырған болса да, ажалды өледі деген бар. Маңдайыңа бұйырғаны болады, тағдырдың жазғанынан ешкім де құтылып кете алмайды. Өзің бастап сұрап қалдың ғой, бір нәрсені айтайын. Бұл әкеңнің таза шындығы. Осы бір қиын кезеңде көптен жырылып бұғып қалайын, жанымның амандығын ойлайын деп көргенім жоқ. Кейде тіпті қара қағаз келген қаралы үйдің адамдарын көргенде, қаралай қысылатыным да бар. Тірі жанға титтей де зиян тигізіп көрмесем де, көзге шыққан сүйелдей болатынмын. Пенде біткеннің бәрі бірдей емес, шырағым. Соғыс басталған бойда-ақ қашып-пысып, тау-тасты, сай-саланы сағалап жүргендер де бар. Осы ауыл да құр емес одан. Кім екенін білмей-ақ қой олардың. Қажеті де жоқ. Үлгі алатындай, болашақта өнеге тұтатындай емес қой. «Апыр-ау, - дейтінім бар соларды ойлағанда. Сөйткен жаны құрғырды қашанғы сақтайды. Соғыс та аяқталар. Дәмі таусылмағандар елге келер. Сонда қайтеді әлгілер. Ел бетіне, анау қызыл оттың ішінен қан жұтып келгендерге қайтып көрінеді. Кәзіргі пыш-пыштаған әңгіме ол уақытта ашық айтылып, өзіне шіркеу болмай ма. Адамның ұрпағы үшін өмір сүретіні анық болса, олардың бұл істері сол ұрпағының бетіне жағылар күйе емес пе. Оны кетіргенше, көп жадынан ұмыттырғанша, қанша заман өтпек».

Бірақ сонда да бұл ел оларды көзге шұқып, торға қамап, үкіметке ұстап беріп жатқан жоқ. Біле білсең, шырағым, бұл да елдіктің белгісі. Қарақан басының қамын ғана ойлап жүрген әлгі бейшараларға көмегі. Ертең қара тастан да ауыр ұятты өздері көтерсін, көп алдында күлкі болып жүрер жан қиналысын кезінде өздері сезінсін дегендік. Жаңа солар жөнінде білмей-ақ қой дедім ғой. Тіпті соны білуге әуестенбе. Алда-жалда құлағыңа тиіп жатса да, өзіңмен бірге жүрген олардың балаларына ойнап та болса, бір ауыз сөз айта көрме, балам. Жазылмастай жараның негізін сен салғандай боласың. Уақыт дейтін бір құдірет бар ғой. Кезінде кім-кімнің де әділ бағасын сол береді.

Мен ата-бабамның аруағына сенем. Қай кезеңде де қолтығымнан сүйеп, дем беретіні анық. Мынау іргеңдегі Отпан тау – қасиетті биік. Соның басында сенің атаң Төлеп те, басқалар да, тіпті одан бұрынғылар да талай-талай елін жаудан қорғау үшін, елдікті сақтап қалу үшін ұран отын жаққан. Сол биікте олардың табандарының ізі, ана тастарда қолтаңбалары әлі сақталған. Мына ауада олардың рухтары жүр. Менің кейде қажыған, шаршаған кезеңдерімде оның басына шығатыным бар. Сол кезде қолтығымнан әлдебір құдірет дем бергендей, бір аялы алақан маңдайымнан сипағандай, мәртебем өсіп қоя береді. Ұстахананың кішкене терезесінен үнемі көрініп тұрады. Арқа сүйер қорғаным биік екен-ау деп ойлаймын сонда. Қайда жүрсең де, құлашыңды алысқа сермеп шығандап кетсең де, осы биікті, осы топырақты жадыңнан шығаруға тиіс емессің. Туған жер өзінен жаратылған ұрпағын қашан да демеп, қорғап жүреді. Осы есіңде болсын, - деген әлде ұйықтағаны, әлде ояу екені белгісіз үн-түнсіз жатқан баласына.

 Әкеңді ана Қарашымырауға дейін ұзатып сал. Түнімен ұйықтамай да шықтың. Жолда балаларға қосылып, ойнап қалып жүр ме, - деді Қағаз баласына шәйін ұсынып жатып.

 Осы кезде дабырлай сөйлесіп келе жатқан адамдардың дауысы естілді. Біреуі әйел адам секілді. Есік ашылып үйге қожа Серікбай, көрпе Шошай мен Шәй кемпір кірді.

 Бұл елге бір еңбегі сіңген адам сендей-ақ болар, қайным, - деді Шәй кемпір дастархан шетіне отырып жатып. Кәзіргі қиын уақытта ыңғыршағы айналған колхоздың кез келген жұмысын да сен істеп, сәл нәрседен қаріп болып, қолы кесіліп қалған қатын-баланың да туралап саған келетіні бар еді. Жыртығымызды бүтіндейтін сен едің. Taу асып, құм жағалап келіп жатқандарды көргенде, біз шүкір екенбіз ғой деп ойлайтынмын. Саған барып бір нәрсені өткізіп қойғандай бұлдана сөйлеп, керегімізді жасатып алатынбыз. Бетімізге қарсы келген жерің жоқ. Енді міне, соны да көп көргендей, сені басқа жақтың жұмысына алып барады. Керек болғасын сүйтетін шығар. Әйтпесе, қара толтырайын деп шақырып жатпаған болар. Жолың болсын. Аман барып, сау қайт. Өзің келгенше жамау үстіне жамау қосып болса да, бірдеңе қылармыз. Мына екі шалдың бағытының осы үй екенін біліп, қосыла ердім. Қашан да жөнін айтып, кім-кімді де адастырмас дұрыс бағытқа сілтейтін қайным еді, Қағаз келіннің таңғы асынан дәм татып отырып ақ жол тілейін деп келдім. Мынау жеңгеңнің кебеже түбінде қалған дәмі еді. Қапшығыңа сал. Атысып шабысып жатпаса да, ол жақта қайбір күйің болар дейсің. Анда-санда түйірлеп салып, аузыңның дәмін аларсың.-деп кішкене түйіншекті дастархан үстіне қойды.

Жұбай төрде отырған Шәй кемпірге риза көңілмен қарады. Бір сындырық қара нанды бөліп жемесе, бір аяқ қара суды көршісімен шүңкілдесіп отырып ішпесе, бойына сіңбейтін Шәй кемпірдің кәзіргі күйін ойлап аяп та кетті. Аяп отырып басына түскен қиындыққа мойымай, дауылға қарсы жүзген аққудай болған оның өрлігіне таң қалып та отыр. Төрт бірдей арысынан әлі хабар жоқ. Өлі, тірісі белгісіз. Бірақ отырып қалмады. Тек мұңға толы жанары ғана алысқа қарап хабар күткен ананың сарғайған сағынышын білдіргендей. Өзге біреулер сияқты өз басындағы мұңын айтқан жоқ. Қасындағы шалдардың бағытымен отыр.

Оны-мұны айтып отырған ақсақалдар Жұбайды жолдан қалдырмайық деп, дастарханның шетін қайырды. Шошай шал батасын жасап, бәрі де орнынан тұрды. Қағаз есік ашып, қонақтарын жолға салды. Бірте-бірте ауылдан ұзап бара жатқан әкелі-балалы екеуінің артынан қарап әлі тұр.

Тау бойының таңғы ауасы көкіректі аша түскендей. Бір-біріне жалғасып, сылдырап ағып жатқан бұлақ бойы қалың ну. Ұйыса өскен, қалың нарпоздың исі төңірекке түгел тарағандай, хош исі жол бойында келе жатқан әке мен балаға да жетті. Әне-міне дегенше олар Қарашымырауға да келді. Төбе басына көтерілген Жұбай бұрылып, жолдан онша қашық емес ескілікті әулиенің қасына келіп тізесін бүкті. Күбірлеп отырып әйетін оқыды. Орнынан тұрып, жерден бір уыс топырақ алып, қабір үстіне тастады.

 Ал, қарағым, - деді баласына қарап тұрып. Сен енді кейін қайта бер. Мен де күн көтерілгенше біраз жерге барып қалайын. Азамат болдың ғой. Мен келгенше, салмақ саған түседі. Шешеңе көмекші бол. Сауатымның шамалы екенін білесің. Хат, хабар кешігіп жатса уайымға салынбаң.

Баласының артынан қарап әрі-бері тұрды да, өзінің бағытына түсті. Көп ұзамай Жыңғылдыға да жақындады. Екі ауылдың арасы тиіп тұрса да көп жолы түсе бермейді. Таң атқаннан күн батқанға дейін темірмен жағаласып жатқан адамның қолы қайдан тисін. Бұл ауылда да басын иіп, босағасын аттайтын, арнайы келіп сәлем беруге тиісті үлкендер де бар еді. Оған мына болып жатқан соғыс мүмкіндік берді ме. Бірақ біле білгенге кәзір өкпе артатын заман емес қой. Бір-біріне сыртынан болса да тілекші болып жүргеннің өзі медет емес пе еді. Ауыл іргесіндегі Сартөбенің басындағы Құнан әулиеге бұрылды. Көңілі босағандай болды. Бұл жерде оның алғашқы қызықтары, бір кездегі шаңырағының думаны болған балалары жатыр. Құшақтаса жатқан олардың сыртын аласа ғана қотыр тастармен қоршай салған еді. Одан артыққа күйі келген жоқ. Жаңбыр шайып, жел үрлеген төмпешіктердің үстіне қаулап шөп өсіпті. Бәріне бағыштап құран оқыды. Ойына ана бір жылдардағы қасіретті жылдар түсті...

Осы Жыңғылдыда отырғандарында ел ішін үңірек, оба дейтін ауру қаптады. Құдай басқа бермесін, бұл індет елді ұмыттырып анда-санда айналып соғатын жұттың бір ағайыны екен. Бұл індет қай кезде де оңай соқпаған ғой. Басы қайдан шықты, неден болды, оны біліп жатқан адам жоқ. Әйтеуір қолды аяққа тұрмай ойнап жүрген балалар бі-рінен соң бірі құлады. Бұрын естіп, көрмегесін бұл аурудың белгілерін қайдан білсін. Қолтығым ауырады, шабым ауырады деп қыңқылдаған баланың сөзін әлдеқалай деп ойлап, мән бермеді.. Жоқ, әлдеқалай болмады ол. Бірте-бірте әлгі шаптағы, қолтықтағы бездер шодырайып, ісе бастады. Беттері қызыл алап болып қызулап, сандырақтау күшейді. Қызудың күштілігі шығар, қайта-қайта су сұрайды. Жөтел пайда болып, қан түкіре бастады. Сонда барып, мына пәленің ешкімге әл бермесін, түбі жақсылыққа апармайтынын сезді. Ол күнде сонау Кетіктен келер дәрігерлік көмек те шамалы. Бар қолдарынан келгені көктегі құдайға жалынып, әркімнен естіген емдерін пайдалану. Бірақ бұлардың жалынып, жалбарынғанын, көз жасын көрген ешкім болмады. Аз ғана ауылдың адамдарының алдының өлгенін білдірген, сай-сүйегіңді сырқыратқан жоқтау біресе аннан, біресе мұннан естіле бастады. Адамдар шамасы келсе, ауру шыққан үйге жоламауға тырысты. Маңдайшасына жұқпалы ауру бар екенін білдіретін ақ жалау қадалған үйлердің саны да бірте-бірте көбейді.

Ең қиыны осы екен. Күні кеше ғана аралас-құралас жүрген адамдардың ең болмаса басына іс түсіп, қара жамылып отырғанда бір-біріне көңіл айта алмауы, бірге барып, бір уыс топырақ сала алмауынан артық не дәрменсіздік болсын. Көңілің жылап, көзіңмен шығарып салып тұрғаның. Тойымсыз ажалдың қанды тырнағының өз шаңырағыңа да жақындап келе жатқанын сезесің. Кейде жарығы таусылмаған, беті бері қараған біреулер тәлтіректеп есік алдына шығады. Ондайда көңіліңе үміт ұялап, сандырақтап жатқан балаларыңа қарайсың. Пенде шіркіннің есі ауған шақта ойламайтыны, айтпайтыны болмайды екен. «А, құдай, мына жайрап жатқан балаларымның ішінен керегіңді ал, бірақ мені де дымсыз қалдыра көрме. Адам баласына қылдай да қиянат жасап көрген жоқ едік қой. Мұншама қаһарыңды төгетіндей кінәміз қайсы», - деп балаларының қасында есеңгіреп отырған Қағаздың қасына барып басу айтқан болады. Жамандық шақыра көрмеші, әлі тірі ғой, беттері бері қарайтын шығар дейді. Бірақ болмады бұлардың ол тілегі. Арасына күн салып, екі күн салып бірінен соң бірі бес баласын жерледі. Ең кішісі жалғыз қызы ғана қалды. Сонда үш жасқа енді аяқ басқан еді бейшара бала. Шыдамды ма, әлде ауруы қайтты ма, басқа балалардай емес, көп дауысын шығармай сұлық жатты да қойды. Мөлдіреген көзі-ақ әдемі еді. Қасында отыруға шыдай алмай сыртқа шығып кетеді. Көп ұзамай қайта кіреді. Қағаздың тізесінің үстіне басын қойыпты. Шешесі жалбыраған шашын қолымен тарақтап, бесік тербеткендей ыңылдап, тізесін қозғап отыр екен. Сонда қызы қасына келген әкесіне тесіле қарады. Жанары жасқа толып сыбырлап «басым ауырып жатыр» деді. Бұл өрт болып, күйіп жанып жатқан қол аяғын сипап «жақсы болып кетерсің, құлыным» дейді. Бірақ үміттен қорқыныш күшті. Әйтеуір балаға бірдеңе деу керек қой. Бір сәт басын көтеріп жан-жағына қарады. Кешегі өзімен қатарлас жатқан тумаластарын іздеген сияқты. Періште көңілі бір нәрсені сезді ме, қайдам, сүйенісіп қатар отырған екеуіне қолын созды. Көзінен жасы парлап: «Ей, қос мұңлық, құшақтарыңа алың мені, мауқыңды басың. Соңғы тіректерің едім, бірақ үміттеріңді ақтамай кетіп барам. Әулиенің басындағы ағаштай жалғыз қалатын болдыңдар-ау», - дегендей екеуінің мойнынан тас қылып құшақтаған қалпы кете барды. Бірте-бірте суып бара жатқан бір жапырақ қыздарын бауырына басқан күйінде еңіреп қала берген. Қанша отырды, не айтты оны өздері де білмейді. Жұбай сол құшағын жазбаған күйі ауыл алдындағы төбеге беттеген. Әлі ылғалы арылмаған бес төмпешіктің қасына жаны жылап отырып, алтыншы қылып, соңғы үмітін де жер қойнына табыстаған. Орнынан тұра алмады сонда. Қатар жатқан төмпешіктерді аймалап, сұңқылдап жылап жатқан Қағазға да басу айта алмады.

Адам өлмегесін жүре береді екен. Көп ұзамаспыз, балалардың артынан біз де баратын шығармыз деп ойлаған. Әсіресе күйік шалған Қағазға қиын болды. Кейде өз-өзінен отыра қалып, тағдырына налып, тәңірге зарын айтады. Кейде тіл аузы байланғандай, бір нүктеге қарап, тым-тырыс отырады. Бойы сергісін, көңілін аулайын деп әңгімеге тартады. Жауап қатпайды. Кешегі балалар у-ду болып, бір-бірімен жағаласып, асыр салып ойнап жататын үйде шошайып екеуі ғана отырады. Тамақтарынан ештеңе өтпейтін сияқты. Шоқ үстіндегі ызыңдай әндеткен қара шәйнек те көп орнынан көтеріле қоймайды. Қашанғы қайнасын, бірте-бірте әлсіреп барып басылады. Қағаз кейде құйып отырған шәйін ұмытып, орнынан тұрады да әулиеге беттейді. Ондайда Жұбай соңынан ермей үйде қалады. Шерін тарқатсын, жоқ екеніне көзі жетсін дегені. Бірте-бірте Қағаз өзіне келе бастады. Анда-санда көкірегі қарс айрыла күрсіне отырып, хабар сұрайтын болды. Шүкіршілік еткен. Енді бала сүйіп, ерініміз жібімесе де, жаман күркеден сүйенісіп кіріп, шығып жүргенді олжа көрген.

Сөйтіп жүргенде Тұщыбектегі ағайындар шақырған. Сөзге келмей, бірден келісті. Күн сайын кіріп шыққанда балалары жатқан төбе көз алдынан кетсе, еңсесін тіктеп кетер, қоныс аударғанның бөтендігі болмас деп шешкен. Бұрынғы өздері тұрған, ата-бабаларының мекені болса да, бастапқы әзірде бұл жерге үйренісе алмады. Бір-біріне айтпаса да, көңілдерінің түкпірінде балалары қатарласа жатқан төбені елегізе іздейтін еді. Ол да адамға медет екен ғой. Әлдеқашан қара жер қойнына берсе де, оларды айдалаға иесіз тастап кеткендей, өздерін солардың алдында кінәлі жандай сезінді. Бірақ, уақыттан озған емші бар ма. Өз жараларын өздері жалап жүріп, тірлік үшін тырбаңдаумен болды. Қайғы қасіреті көңілден кетпесе де, бірте-бірте салмағы артта қала бастағандай. Бұрынғыдай емес, ел ішіндегі болып жатқан қуанышқа көңіл жадырайтын болды. Сөніп қалды-ау дейтін үміт оты қайтадан тұтана бастаған сияқты.

Бір күні сонау Ақмыштан арнайы ат сабылтып, атақты емші Құнанорыс Қожық келді. Қасында осы тау бойына шеберлігімен аты шыққан ерші Құдайберген бар. Уақыт сәуір айының ортасы болатын. Ел жаз жайлауға шыға бастаған кез. «Тірі адамның шаруасы бітіп бола ма, оның соңын қуып жүргенде кісілігімізден айрылармыз. Жұбекеңе барып, қол ұшымызды берейік» деп шыққан беттері екен. Көптен бері қоңылтақсып жүрген бұлар сыйлы адамдар келгенге көтеріліп қалды. Қағаз да ағынан жарыла қуанып, қонақтарға арналып сойылған серкенің етін сыпырып, сиырып қазанға салды. Шақырып келтіре алмайтын адамдармен амандасуға Уәзір. Шабай, Әбір, Амандар да келді. Содан өткен-кеткен әңгіме айтылып, үйлеріне береке келгендей, түннің біраз уақытына дейін отырды. Ертесіне ауылдың адамдары кебеже түбіндегі сақтағандарын шығарып, оларды кезектесе шақырды. Жұбай болса қонақтардың бұйымтайлары қақпан, қырықтығын соғып, аттарын тағалады.

Қайтатын күні таңғы шәй үстінде Қожық сөз бастады.

 Жұбеке, - деді шоқ үстіндегі хош исі бұрқырап ернегінен аса төгілген ақ құманға қарап отырып. Құдай көпсінбесін, үйіңнің ажары кіре бастаған екен. Дастарханыңа береке оралыпты. Көптен бері біресе ананы, біресе мынаны сылтауратып өзіңе келе алмадық. Оның да бір себебі бар еді. Мұрнымыздан шаншылып жатқаннан, болмаса аяғымызды артатын көлік таба алмағаннан емес еді. Басыңа түскен қиындықты сезіп жатырмыз. Қайғыңды жанымызбен ұққанмен, қолдан келер не шара бар. Өзің ештеңе емес, өмірдің талай тауқыметін, ащы-тұщысын да мыңқ етпей көтеретінің белгілі. Бұл Қағаз жеңгемізге қатты соққы болды. Араға кішкене уақыт түссінші, бірте-бірте қайғысы ұмытылсыншы деп кідіргенбіз. Алла тағаланың ісіне шара бар ма. Бұл өмірде тірі жанға титтей де қиянатың жоқ екенін ел біледі. Бірақ құдіреті күшті жасағанның өзі береді, керек болса өзі алады. Кейде ойыма қайдағы-жайдағының түсетіні бар. Дәуіт пайғамбар намазға жығылғанда, артында отырған отыз ұлын көріп, пендешілікпен масаттанғанын Алла тағала құп көрмей, бір күнде бәрін бірдей қара жер қойнына алған жоқ па еді. Қара темірді қамырша илеп, дегенін жасау Дәуіт пайғамбардың бір өнері көрінеді. Сені сол Дәуітпен қатарластырып күнәға батпай-ақ қоялық. Дегенмен де, сол өнерден сен де құр емессің. Маңғыстаудың тауын мекендеп, құмын жағалағанның кез келгені алдыңа келіп, өтінішін орындатып кететіні де рас. Басқасын былай қойғанда, қолына балға ұстап шебермін деп жүргендердің өзі Жұбайдың қолының сиқыры бар деп, соққан темірін саған келіп суартып алмайтын ба еді. Сенің алты бірдей балаңа асып тасығаныңды көрген жоқпыз, құдай берген өнеріңді кез келгенге бұлдамайтының сірә белгілі. Тек тағдыр ұқсастығын айтып жатқаным ғой. Құдіреті күшті жасаған Дәуіттің отыз ұлын алса да, орнына жер бетіндегі тірлік атаулының тілін біліп, дегенін орындатар Сүлейменді берген еді. Көңілім бір нәрсені сезеді. Жеңгей екеуің еңселеріңді көтерің. Алыстан бір шырақ көрінеді. Көп ұзамас, төріңде жанатын шығар. Қақ-сұқпен ісің жоқ адам едің. Өзіңді өзгеге танытуға ниетің де, ықыласың да жоқ екені бізге аян. Бірақ жеңгейдің құрсағына біткен осы бала өзіңді де, еліңді де өзгеге танытар азамат болар. Әзірге асылық айтпай-ақ қоялық. Уақыт кімнің қандай екенін кезінде өзі-ақ көрсетеді. Өткенде осы ойымды мына Құдайбергенге айтқан едім. Сонда бұл:

 Апыр-ай, Қожеке, екеуміздің ойымыздың бір жерден шыққанын көрмейсің бе. Ағам бойын жазып, пайдасына жаратсыншы, ертең көрісе барғанда апарып берейін деп бір ер шапқанмын. Неге екенін білмеймін, әшейінде көздегенімді дәл шабатын қолым осы жолы шатасумен болды. Қаратаудың бойындағы жиде ағаштарын таңдап, үш рет барып, үш рет шаптым. Қанша тыраштансам да ағама лайық ерді шығара алмадым. Шапашотым үнемі қиыс кетіп, алдымдағы ағашым үнемі кішіреюмен болды. Ақыры бұл да бір құдіретті жасағанның бұйрығы шығар, жеңгем бір құрсақ көтеретінінің белгісі болар деп ойладым. Бір балаға арналған ерім дайын. Бірге барып, ырым қылып сыйлайық,- дегесін, алаңдамай ат басын осында бұрғанбыз. Негізгі келген шаруамыз осы еді. Ал, Құдайберген, әлгі балаға арналған еріңді жеңгейдің қолына өзің тапсыр, - деді.

Құдайберген өзінің бар шеберлігін салып, оймыштап жасаған ерін Қағазға ұсынды. Көз жасы моншақтап отырған Қағаз орнынан екі ұмтылып барып тұрды. Қолына ер емес, нәресте ұстағандай, баладан көптен бері қолы шығып кеткен адамша Құдайбергеннің қолынан дір-дір етіп зорға алды. Өзін-өзі қаншама тежеймін десе де «Аһ» ұрған даусы шықты.

 А, құдай, - деді екі иығы селкілдеп жылап, ерді қанжығасынан кереге басына іліп жатып. Әулие емес едім, бірақ жыртық көңілімнің бір бүтінделерін, бір күні болмаса бір күні осы шаңыраққа деген көңілі адал адамдардың тілек айтатынын біліп едім. Тұла бойымды жарып шыққан алты бірдей баламды тойымсыз қара жердің қойнына тапсырып, осында көшіп келгеннен кейін көп ұзамай батыр атам түсіме кіріп еді. Өз қолымен алдындағы табағын ұсынды. Иіліп, сәлем еттім. «Өркенің жайылсын, қарағым» деді. Сонда мен сорлы «Әтеке-ау, іргеңде тұрған найзаңды қолыңа алшы. Сен атқа мінгенде, туралап келе жатқан ажалдың өзі теріс айналады деуші еді ғой. Білмейтін бе едің, Жұбай екеуміздің бәрінен айрылып, шошайып қалған жайымыз бар. Үмітсіз шайтан демейтін бе еді. Кім біледі..» деп келе жатқанымда:

 Әй, қарағым, - деді даусы гүрілдеп. Бұл өмірдің ащысы мен тұщысы қатар жүреді. Арқаларыңа тағдырдың таяғы көбірек тиген шығар. Оның несіне налисыңдар. Менен тараған ұрпақ сөйтуші ме еді. Қолтығымнан демеген, тізе соғыстыра бірге жүрген жолдастарымнан айрылғанда да, қаптап келе жатқан жаудан қашпай, көп екен деп сескенбей қарсы шаптым. Бірақ, сол кезде ана жайрап жатқандардан жаным артық емес, мен де майдан төрінде өлейін деп шапқаным жоқ. Кегімді қайтарайын, ертеңгі ұрпақтарым үшін күресейін, сол үшін тірі қалайын деп соғыстым. Налыма. Бәрі де болар, бір шараналы боларсың. Бірақ ол найза ұстамас. Мен жүрген сүрлеуге түспес. Ай, бұл ұрпағым бөлекше болар, қарағым, - деп еді. Қорқып қалған көңіл ғой. Жұбайға ештеңе демегенмін. Бірақ сендердің бүгінгі пейілдерің біздерді қуантты. Айтқандарың періштенің құлағына шалынсын. Тәуба, жасаған тәубә, - деген еді.

«Ең қасиетіңнен айналайын ата-бабалар», - деген сонда бұл тау асып кетіп бара жатқандардың артынан қарап тұрып. Басымдағы қайғыны түсініп, үзілген үмітімді жалғастыруға демеуші болып жүр екенсіңдер ғой. Кім болса ол болсын, әйтеуір осы шаңырақтың астынан тағы да іңгәлаған баланың даусы шықса екен. Аяғын әр жерден басып, алдыңнан шығар балаңды көргенде, қажыған көңілің көктен барып бір-ақ шықпай ма. Мен үшін кәзір одан артық не керек еді. Жүріп келе жатқан соқпағымды жоғалтып алатындай көруші едім. Шүкіршілік етейін. Періштенің құлағы қырық күннің бірінде ашық болады деуші еді. Ақ көңілмен келген замандастарымның бүгінгі тілегі сол құдай берер жақсы күнге тап болғай».

Қонақтарын шығарып салып үйге қайтқан. Жақындай бергенде өз-өзінен ыңылдап өлең айтып отырған Қағаздың даусы естілді. Аяғын әлдебір құдірет желімдеп тастағандай, бір орнында қатты да қалды. Құдай-ау, осы бір әуенді, бесікке сүйеніп отырып айтатын ана шаттығының даусын естімегелі де көп болыпты. Алпыс екі тамырын балқытып, емшегін сорған бала бақытын сезінген ана ғана осылай әндетпейтін бе еді. Есікті жайлап ашып үйге кірсе, Қағаз манағы босағаға ілінген кішкене ерді қасына алыпты. Сандық түбіндегі маталарын шығарып, алдындағы ерге лайықтап көпшік жасау үстінде екен. Бар ой-ниетімен берілсе керек, бұған мән бермей жұмысымен бола берді. Бұл неге екенін білмеді, қаралай алақаны қышыды. Содан ұста үйіне барып гүрілдете көрік басып, қас қарайғанша жұмыс жасады. Қып-қызыл болған темірлерді құшырлана ұрып жатса да, ойы ертеңгі күннің жетегінде еді.

Келесі жылы өмірге бала келді. Бұрын өткен шалдардың сәбиге ат қойғанда құран сөзін алып жататыны бар еді. Олар «қасиетті кітап сөзі ғой, көз тимесін, болмаса бойына содан бірдеңе дарысын» дейтін үмітте болатын шығар. Құдайдан бір, адамнан екі сұрап алған баламыз ғой, тіл-көзден сақтай көр деп Жұбай да құран әрпін пайдаланып, өмірге келген баласының атын Нұн қойған еді. Қара шымырауға дейін еріп келіп, шығарып салған сол Нұн еді.

Осылардың бәрін ой елегінен өткізген Жұбай әулие басында біраз отырды. Әлі оң-солын айырмай, балапан қауырсындары жетілмей тұрып, көкке ұшқан періштелері жан-жағынан қоршап дуылдап жүргендей, көңілі бей-жай болып әлі отыр. Тағдырдың қатты соққысынан сүрініп барып қайта тұрған, әкелерінің соңынан ерген қара домалақтарды мына жатқан періштелерінің қашан да демеп жүретінін, рухтарының болашақтағы үкілі үмітіне, арман мүддесіне өзімен бірге қосыла жүретінін анық сезінді.

Жолай кездескен көз таныс адамдармен амандық-саулық алысып, Таушыққа апарар сара жолға түсті. Ұланақтың желкесіндегі тақырға келіп, тізесін бүкті. Сәл демалып алмақ. Түстіктегі төбеге жүзін қаратып отырып, бар білген әйетін оқыды. Осы төбенің астында Ұланақ, оның қасында Бекбауыл әулие бар. Жолы түсіп, әрлі-берлі талай өткен жері. Бұл да бір сулы жер. Сартастарды жарып шығып, бүлкілдей қайнап, бұлақтар ағады. Бастауын қашан, қай кезде алғанын кім білсін, әйтеуір таңдайыңа бассаң, еріп жөнелетін тұт көп өседі. Қызыл тұт, ақ тұт, қара тұт болып, әр жерде шоғырланған ағаштар. Кейбіреулеріне кәрілік келгендей, өнімдерін сирете бастаған. Әріден әңгіме қозғап отыратын шалдар осыдан пәленбай жүз жыл бұрын арғы жағы анау көз көріп, табандары тимеген Қытай елінен батысқа қарата жібек тасылғанын айтады. Сол күре жолдың бір тармағы осы Ұланақтың үстімен өткен екен. Тұт ағаштарын сол кезде егіпті, жібек құртының бірден-бір қорегі осы ағаштың жапырағы екен дейді. Оны тыңдап отырған екіншілері:

 Жоқ, олай емес, бұл жерде кешегі біздің аталарымыз келіп қоныстанғанша түрікменнің егдір, шәудірінің ханы Ұланақ отырыпты. Хан ордасының иранбаққа оранып жататыны белгілі. Бұл тұт ағаштар солардан қалған жұрнақтар ғой деп қарсы дау айтады. Сөзім одан әрі нақтылана түссін дегендей, Шотан батыр бастаған адайлардың түрікмендерді Маңғыстаудың ойынан ығыстыруы осы жердегі бір тойдан басталыпты деп, екінші бір әңгіменің ұшығын шығарады. Қалай болғанда да сүйектері арса-арса болған ескілікті тұт ағаштары Ұланақ басында жетерлік.

Атақты Бекбауыл ата осы жерде мәңгілік тыныс тапқан. Ерекше қадыр қасиет қонған Бекбауыл атаның басына талай адамның барып түнеп, құлан таза айығып кеткенін естіген. Әсіресе оның сынықшылығына тең келер адам сирек болыпты. Өзі атақты Бекет атамен замандас екен. Бір-бірінің аруағын сынағаны туралы да халық арасында көп аңыз айтылады.

Осыларды ой елегінен өткізіп, біраз отырған Жұбай орнынан қозғалды. Аяқ киімін шешіп, бір-біріне байластырып иығына ілді. Анау Аралтөбеге жеткенше созылып жатқан айнадай тақыр үстінде жалаң аяқ жүргісі келді. Осы кезде артынан келе жатқан машина көрінді. Көп ұзамай-ақ қасына жақындап келіп тоқтады. Шопыр жігіт еңкейіп, қапталындағы есікті ашып:

 Ағасы, келіңіз, - деп өзіне шақырды.

Қолын көтеріп тоқтатпаса да жолаушының жайын түсініп, ізет көрсеткен шопырға риза болған Жұбай «Мынау бір құдай деген жан екен» деді ішінен машинаға бағыттап келе жатып.

 Рахмет, інім, - деді кабинаға отырған Жұбай бәтеңкесін киіп жатып. Жүзі бір түрлі таныс сияқты. Бірақ есіне түсіре алмады.

 Ойбай-ау, сіз мына Тұщыбектегі ұста ағай екенсіз ғой. Міне, керемет. Жол үсті келе жатқан жолаушы ғой, күн де ысып барады. Оның үстіне жалғыз өзім, кім болса да ала кетейін деп тоқтағанмын. Ассалаумағалейкум, - деп қалбалақтаған жігіт қолын ұсынды.

Жұбай сонда барып бұл жігіттің аудан басшысының шопыры екенін есіне түсірді. Қашан еді, өткен жылы ма, ие, не өткен жылы шаруашылық аралап жүрген бұлардың машинасы бұзылып, мұның алдына келгені бар еді.

Қазан айының ортасы болатын. Бірнеше күн қатарынан сылбыр жауын жауды да тұрды. Адамға да, азын-аулақ малға да қиын бола бастады. Бірақ, әйтеуір арты қайыр, күн суытып кеткен жоқ. Сай-сала, тақыр біткен суға толып, жер езіліп кетті. Тұщыбектің кебірлі жерінен адамдардың бір-біріне қатынасуының өзі қиын болды. Аттасаң болды, табаныңа тас байлағандай аяғыңа жабысқан балшықтан зорға жүресің. Ауылда қай бір оңған үй бар еді. Төбеден су тамшылап, әр жерге шылапшын, шелегін қойып әуреге түскен бір адам. Отын-тезекке дейін су болып, бір шәйнек қара суды қайнатып ішудің өзі мұң болды.

Жұбай сол күні ұстахананың ішінде еді. Бұрышта жатқан, бір-екі күннен бері қозғалмаған жұмыс жетерлік. Соларды істеп тастауға ыңғайланып, есік алдындағы кішкене күркешеден беті жабулы көмірін әкеліп, іске кіріскен бойы болатын. Осы кезде даладан шу-шулеген адамдардың, бақырған түйенің даусы естілді. Сығырайған кішкене терезеден сыртқа көз тастады. Екі түйеге жегіп, бір машинаны сүйретіп келеді. Артында үш-төрт адам қосымша көмек болсын дегендей итеруде. Бірақ жас баланың еңбегіңдей былқылдап жатқан жерде ол қандай көмек болып жарытсын. Тілерсектері дір-дір етіп, кері кетуде. Есік ашып сыртқа шықты. Сорғалаған маңдай терін жеңімен сүртіп, алқынып тұрған қара жігіт, шамасы шопыр бола:

 Ассалаумағалейкум, Жұбеке. Мынау райкомның хатшысы Бақыраевтың машинасы еді. Күн болса мынау. Шаруашылық аралаймыз деп бұрнағы күні шыққан едік. Таныс емес жердің ой-шұқыры көп қой. Осы ауылға жақындай бергенде бір жыраға қатты соққанымыз. Содан болды ма, әлде бұрыннан да ескіріп зорға тұр ма, білмедім, рессор дейтін серіппелі теміріміз қақ бөлінді. Өзі бірінің үстіне бірін қатарластыра салынған бірнеше жұқа темір болады. Бұрыннан да пайдаға аспай тұрғандары бар болатын, ілекерлеп аудан орталығына жетсек деп келе жатырғанбыз. Дегеніміз болмады. Бәрі де ортасынан қақ бөлініп, енді міне, балдағы жоқ молтақ адамша бір жағына қисайды да қалды. Бұл темір болмаса дөңгелек мынаған тиіп жүргізбейді. Ол машинаның алдыңғы жақтауын көрсетті. Хатшы екеуміз жаяу-жалпылап зорға жеттік. Содан осында ұста ағаң бар, бір көмек етсе, соның қолынан келеді деп сізге жіберді, - деп бар хабарын ақтарды да салды.

Жұбай шопыр жігіттің көрсеткен теміріне қарап әрі-бері отырды. Қолындағы балғасымен тықытып ұрып қояды. Орнынан тұрып:

 Інішек, сен мыналарды түсіріп, ұста үйіне әкел. Қатты темірдің реті сияқты ғой. Үстіне жүк түскен сайын жазылып, қайтадан орнына келе ме қалай өзі. Қарап көрейік. Сәл ойланып тұрды да:

 Ана бастығыңа айтарсың. Кешке дейін мұрсат берсін. Оған дейін екеулеп қимылдап көрейік. Мен құрал-саймандарымды дайындап, өзімдегі жарайды-ау деген темірлерді қарайын. Болмай жатса, өзінікінен бірдеңе қылармыз. Сен тез барып осы үйлердің бірінен бір-екі аяқ ыссы суыңды ұрттап ал. Жылынып, үстіңді құрғатып алмасаң, күздің жаңбыры өкпеңді қағып түсер.

Шопыр жігіт нағыз айналайынның өзі болды. Қолды аяққа тұрмай жүгіріп жүріп, сынған темірін ұстаның алдына әкелді. Сөйтіп жүріп әңгімеге де қарқ қылды. Елдегі жаңалық, соғыстағы біздің әскерлердің жеңісі, тіпті бастығының кейбір белі бос, ісінен сөзі көптеу адамдарды қуырып алатын іскерлігін де сөз қылды. Арасында ұста ағасының айтқанын жерге тастамай, көрші үйге барып, бір-екі тас аяқ шәйін ішіп, кептірініп алуға да уақыт тапты. Содан мұның қасында. Қолы ұсынақты, бір нәрсеге икемі бар адамды қойсаңшы. Әп-сәтте көрікті қалай басатынын, өзі қысқашпен ұстап тұрған темірді ұста құлаштай ұрғанда, қолын ауыртпай оның ыңғайына қарап қозғап тұруды да меңгеріп алды. Көмір арасынан суырып алған қып-қызыл болған темір Жұбайдың дәлдеп ұрған салмақты балғасынан тапталып, бұларға керекті қалпына айналып келеді. Төс қасындағы сынған темірге аз-кем қарап тұрады да, қайтадан шыңылдатып соққылай бастайды. «Өлшеп алмай ма екен», - деп ойлайды қасында тұрған жігіт, бірте-бірте айнымай жасалып келе жатқан болашақ рессорға қарап тұрып. Бірақ оның ойын ұғынып ақылдасқан ұста болған жоқ. Өзімен-өзі. Маңдайынан сорғалаған терін алжапқышымен сүртіп тастайды да, қайтадан ісіне кіріседі. Міне, алды дайын болды. Шопыр жігіт манадан бері өзім білмейтін іске мұрын сұқпайын деп қаншама сабыр сақтағанмен, осы жолы шыдай алмады. Сынған рессорды алып, ұстаның қолынан шыққан бұйыммен салыстырып қарады. Артық кемі жоқ, қалыңдығы да, ұзындық, ені де бірдей болып шығыпты. Таңданысын жасыра алмай басын шайқады. Бас бармағын шошайтын ұстаға көрсетті. Бұл риза болғандығының белгісі.

 Ал, болдық-ау деймін, қарағым. Машинаңа салып көр. Бір қараға жеткізетін шығар. Көлігіңе жан бітіріп домалатып қойған зауыттағы шеберлеріңмен теңдесе алмаспыз. Бірақ, қой көрмесек те, қи көрдік дегендей, бұл темірге жаттығымыз жоқ, баяғыдан бері қолымыздан өтіп жүр ғой. Абайлап, опық жегізетін жердің ұрысынан сақтанып жүрсең, еншалла, далада қалмассың, - деді.

Осы кезде қасында ауылдағы бір-жар белсенділері бар хатшы да келді. Шопыр жігіт бұл уақытта ұстаның қолынан шыққан «су жаңа» рессорды бекітіп жатқан. Көзі қырағы басшы алдындағы ұстаның тегін емес екенін бірден білді. Жан-жақты жағдайы жасалып, керекті құрал-саймандары қолында түгел болса, қара темірге жан бітіріп, түйін түйетін шеберге риза болған хатшы:

 Апыр-ай, ағасы, темірге жан бітірген, ағаштан түйін түйген деп дәл өзіндей адамды айтатын шығар. Осы ауылда белгілі ұста бар, бір көмектессе, соның ғана қолынан келер дегенге қуанып қалып едім. Бірақ, имандай шыным, құрсау салып, жамап-жасқап болса да бірдеңе қылып берсе, сөйтіп тезірек аудан орталығына жетсек болды деп ойлағанмын. Қолыңыз алтын екен. Азаматтың бәрі сонау қызыл оттың ортасында. Ауылда қалған қызыл өкпе бала мен көз жасын көлдетіп мал соңында жүрген жесірлер осы бір қиындықты көтерер ме екен, бұлар да қатарға қосылар ма екен деп қинала ойлаушы едім. Шүкіршілік екен. Соларға дем беріп, зіл батпан салмақтың ең ауырын өзіңдей ағалар арқалап жүр екен ғой. Рахмет. Үлкен қала емес, алақандай ауыл ішінде өзіңдей қолы берекелі адамдар тұрғанда, тығырықтан алып шығар қамқоршысы бар ел қандай қиындық болса да, жеңіп шығатыны анық. Көп ұзамай жеңіске де жетерміз. Бірақ негізгі жұмыс алда. Енді кетеуі кеткен шаруаны түзеуіміз керек. Үстемелеп жүк артатын колхоздың қара нарындай тағы да салмақ салатынымыз сендер болмақ. Белді жазып, емін-еркін демалуға әлі ерте. Жоғалған арыстарымызды іздеп, бір қапталымыз үңірейіп, талай мұңға да берілерміз, бұл соғысқа деген наламызды да айтармыз әлі. Жан жарасы оңайлықпен жазыла қоймас.

Хатшы қасында тұрған, бет-аузына, қолына күйе жұғып қарала-қарала болған Нұнға, тоңазыған қызыл тобық аяқтарын кезектестіре бірінің үстіне бірін қойып тұрған Шырдабай мен Қолғанатқа ойлана қарады.

 Балалықтың қызығын ұмытқан, тағдыр тауқыметін көп көрген мыналарды шама келсе қатарынан қалдырмауымыз керек. Ертеңгі биікке жетелейтін бұлардың армандарының орындалуына жағдай жасап, ерте қырқылған қанаттарын баптап, жетілдіру біздің әкелік те, адами да міндетіміз. Көріңіз де тұрыңыз, соғыс қасіретін сезінген, айдар шашы желкілдеп жүрген осылар бір кезде біздің, бүкіл елдің мәртебесін көтеретін болады. Бұлар өмірдің ащысын ерте көрді, ауырлық қамытын мойнына ерте ілді, тыныштық, тоқшылық қадірін біліп өсті. Қолына анда-санда түскен бір собалақ нанның дәмін жетімдіктің кермек жасымен қоса жұтып жүр. Сондықтан да бұлар ертең азамат болғанда тағдырдың өздеріне келгенде тарылып, қызғаныш жасағанын, балғын уақытының көбінің еңбек соңында кеткенін бағалай біледі. Сондықтан өмірден өз орнын алуға деген мақсаттарына жігерлене ұмтылады. Қайғымызды да, шаршап-шалдыққанымызды да ұмыттыратын, ертеңгі үкілі үмітке жетелейтін де осылар. Ендігі тілегіміз осы ұрпақтар. Көп-көп рахмет. Амандық тілеймін. Дом жазып жатса, әлі кездесерміз, - деп балалардың басынан еркелете сипап, жиналып тұрғандармен қол алысып қоштасып жүріп кетті.

Сондағы шопыр жігіт осы еді. Жұбайды жазбай таныды. Ақкөңіл жігіт баяғы мұның жасаған жақсылығын әлі ұмытпапты.

 Сіздің қолыңыздан шыққан сол рессор әлі тұр, аға. Нағыз шебердің өзі екенсіз. Қанша дегенмен, қолдан жасалған нәрсе ғой, көп ұзамай жазылып кететін шығар деп ойлағанмын. Бірақ мықты болып шықты. Кей кезде Әбекеңнің де сізді еске алып отыратыны бар. Ал, жол болсын, Таушыққа жай бара жатырсыз ба, - деп жөн сұрады.

Жұбай военкоматтың шақырғанын айтты. Аңқылдаған шопыр жігіт тағы да әңгімеге қарқ қылып, ұстаны өзінің айтқан үйінің есігінің алдына түсіріп кетті.

Түскі шәйін ішкен Жұбай военкоматқа келді. Өзі қатарлы шақырылған адамдар баршылық екен. Араларында жас келіншек, қыздар да бар. Көз таныс адамдармен амандасып, кезегін күтіп отырды. Бір есіктен шығып, екіншісіне кіріп жатқандарға қарап отырып «маған келгенше әлі біраз уақыт өтетін шығар» деп шамалады. Осы кезде төрдегі есік ашылып, қолындағы қағазға үңілген жұдырықтай қара қыз:

 Есендәулетов Жұбай, - деп дауыстады.

Қате естідім ғой деп ойлаған Жұбай жан-жағына қарады. Орнынан тұрған ешкім болған жоқ. Әлгі қыз мұның фамилиясын қайтадан атады. Орнынан тұрған Жұбайға:

 Сізді военком шақырады. Кіріңіз, - деп есікті ашты.

Төрде отырған еңгезердей орыс ішке кірген мұның бас-аяғына барлай қарады. Көзі өткір екен. Алдындағы столға жағалай қойылған орындықтарды нұсқады. Шет жақтағы біреуіне келіп тізесін бүкті. Бастық мұны ұмытып кеткендей алдындағы қопыраған қағазымен бола берді. «Өзі қай жақтан келген адам екен, - деп ойлады Жұбай. – Не де болса жасында шынығып, еңбекке пісіп өскен адам ғой. Пай, пай, шіркін, қызыл жалын оттың ортасында қолына бір пұттық балға беріп, темір соқтырып қояр ма еді. Болмаса айырын ұстатып, пішенге салса жұмысы құрғыр дөңгеленіп жүре бермес пе. Кәзір қай жерде де осындай құрыш қолды азаматтарды өгейлеп жүр ғой. Қатын-қалаш қаншама тырбанып жүрсе де, еркектей қайдан болсын».

 Ағасы, - деді бір уақытта бастық Жұбайдың не ойлап отырғанын құлағына құдай сыбырлағандай болып. - Біз екеуміздің орнымыз қайнаған еңбек ортасы болатын. Егін егіп жер жырту, темір соғып, мал бағуды құдай тағала әу бастан ер адамның еншісіне берген кәсіп болатын. Қолын да, қайратын да соған бейім қылып жаратқан. Бірақ, мына соғыс өз кәсібімізбен айналысуға мүмкіндік беріп тұр ма? Ең қиыны сонау жақта болып жатыр ғой. Ол иегімен батысты нұсқады.

 Маған жаңа райкомның хатшысы Бақыраев телефон соқты. Сізді кейін қайтаруға тапсырма берді. Осындағы жұмысқа керек адам екенсіз. Ұста дейтін халық қай уақытта да, қай кезеңде де көптің сүйеніші. Әсіресе, кәзір тіпті керек. Ауылыңызға қайта беріңіз. Сіз кеткен бір күннің ішінде өзіңізді күтіп, қыруар жұмыс жатқан шығар. Әттең, шіркін, мына соғыс болмағанда қасыңызға еріп, мен де кетер едім. Даланы сағындым. Қара топырақты қақ айыра тіліп келе жатқан түренді аңсаймын. Күні бойғы тынымсыз жұмыстан шаршап, буыныңнан әл кетіп құлай кеткенінде қара жердің өзі мамық төсектей болмайтын ба еді. Соқа соңында бұйра-бұйра болып аударылып, исі бұрқырап жатушы еді ғой жарықтықтың. Топырақ астынан шыққан құрттарды шоқып жеген қарғалар жан-жағыңнан қуана қарқылдап, ұшып-қонып жүрмеуші ме еді. Несін айтасың, бейбіт күннің әрбір таңы әуенге толы еді ғой.

Әскери комиссардың жүзінде баяғы сұстылықтың ізі де қалмағандай. Кішкене терезенің арғы жағынан созылып жатқан егіс алқабын көргендей елжірей қарайды. Ойына бірдеңе түскендей терең күрсінді.

 Соғыс аяқталсын, - деді даладан көзін алмаған күйі. - Сол күні-ақ арызымды жазып әскерден кетем. Шен-шекпеннің де, атақтың да мен үшін құны қара бақырдай. Менің бар өмірім, тыныс-тіршілігім жермен байланысты ғой. Үстіме әскери киім кием, біреуге бұйрық берем деп кім ойлаған. Біздің деревня Еділ бойындағы темір жолға жақын орналасқан еді. Дегенім болып елге барсам, поездан түскен бойда ешқайда бұрылмастан тура егіс алқабына тартам. Сол жерде шоқ-шоқ болып өскен қарағайлар болушы еді. Немістердің бомбасынан аман болса әлі тұрған шығар. Егіс басына жұмысқа келгендер түстік тамағын соның көлеңкесіне тастай салатын. Біреу сүтін, біреу нанын, біреу отқа көміп пісірген картобын әкеледі. Менікі, сенікі жоқ, тамақ ішерде бәрі де ортақ дастархан үстіне төгіледі. Сол жерге барам. Жұрт жұмыста болса алдарынан бәрін дайындап күтіп отырамын. Олар мені көріп өз көздеріне өздері сенбей, бір-біріне қарайды. Содан кейін барып жамырай жүгірісіп бірі бетімнен сүйіп, бірі мойнымнан құшақтап мәре-сәре болады ғой. Ал мен болсам ауыл пешінде піскен қара нанды қомағайлана шайнап майданда болғанымды, одан кейін тағдыр айдап қазақ жеріне барып, Маңғыстауда болғанымды айтамын. Қиян шеттегі бұл жаққа да эвакуациямен келген адамдардың ішінен жерлестерімді іздегенімді де сөз қыламын.

Комиссар үнсіз тұрып қалды. Артына бұрылып Жұбайға қарады. Жүзінде мұң бар сияқты.

 Кейде осындай ойға беріліп отырып, сол туған ауылда көз таныс адам қалды ма екен деп те қорқамын. Соғыс. Бәрін де күтуге болады ғой. Немістер Москваға өршелене ұмтылғанда да, маңдайын тасқа ұрғандай болып, кейін шегінгенде де сол аядай ауыл үстімен әрлі-берлі өтті ғой. Кім білсін, ештеңе қалып та жарымаған шығар. Ал, ағасы, сау болыңыз. Мынау қағазыңыз. Тағдыр деген қызық. Көп сөзге жоқтау адам едім. Өзіңізбен баяғыдан бері сырлас адамша біраз шерімді тарқаттым-ау деймін. Жолыңыз болсын, - деп есікке дейін шығарып салды.

 Сіз де аман болыңыз. Тілегіміз тәңірдің құлағына шалынсын, - деп қол алысып қоштасқан Жұбай кідірместен ауылға беттеді.

Содан бері де бірталай уақыт өтті. Құм сағаттай жылжыған уақыт бір орнында тұра ма. Күн артынан күн өтті. Қысты жаз ауыстырды. Кішкентай ауылдың тұрғындары сүрінгенін сүйеп, шаршағаны болса қолтығынан демеп, ертеңгі күнге ұмтылумен болды. Адам жаны осынша мықты болады деп кім ойлаған. Осы Тұщыбектің басы, ана Сартаған, мына үй іргесіндегі Қара Еспеде отыратын бұлардың ауылынан қаншама боздақ оралмады. Қайда барсаң да алдыңнан шығатыны қатын-бала, сүйегі сылдырлап зорға жүрген кемпір-шал. Бірақ сонда да олар осы күндері ұйқысының қанбағанын, жұмыстан шаршап, қажығанын әңгіме қылмайды. Талқысыз құла суды бөле ішкеніне мәз, жылы сөзін аямай, бір-бірінің қабағындағы кірбіңді жазғанына риза. Бірақ шаңырақтың тірегі болған азаматының оралмай, орнының үңірейіп тұрғаны кімнің жанына батпайды дейсің. Елмен бірге көрген ұлы той деп, көп алдында қайғысын білдірмей еңсесін көтергенмен жеке қалғанда көз жастарына ерік береді.

Қызығына қанбай жатып ерте түрілген шымылдық астындағы жас келіншектер арсыз тағдырдың өздеріне қиналмай-ақ бере салған мырзалығына - тұл сыйына ерегескендей таң бозара ерте тұрады. Сүйгенінің кеудесіне басын қойып, еркелей жататын өткен күндерді шама келсе естеріне түсіргісі келмейді. Тамағына тіреліп тұрған өксікті сыртқа шығармауға тырысып, Жұбай ұстаның қолынан шыққан шалғы орағын тістене сермейді. Кенет төбе басынан атты көрінеді, іздегені, сарыла күткендері келе жатқандай келіншектер бір сәт жұмыстарын доғарып, әлгі жаққа селтиіп қарап тұрғандары. Таң атпай жатып ысыған күннің бұлдыраған сағымы ішінен әлгі қарайған өздерінің жары сияқты болып көрінеді. Аталақтай соққан жүректерін басып тұрып «Құдай-ау, шынымен сол ма» деп ойлайды. Алдамшы болмаса екен деп тілейді. Бірақ бірте-бірте жақындап келе жатқан адам олар күткен майдангер болып шықпайды. Шолақ аяғының балағын қайырып, беліне қыстырған бригадир екен.

 Манадан бері көзіміз төрт болып, сарыла күткеніміз шолақ қайнаға екен ғой. Әдірем қалсын, - деп күлген келіншектер жұмысына қайта кіріседі.

Бірақ бұл - келіншекке ғана жарасар әдемі сыңғырлаған күлкі емес еді.

Бұл - күн сайын өздерін алдап келе жатқан тағдырға налыған қасіретті жандардың күлкісі еді.

Бұл - маңдайларына бақтан гөрі сорды көп берген өткен күндерге деген ашынғандықтың, алды беймәлім сан тарау жолдарға деген сенімсіздіктің күлкісі еді.

Бұл - күйеуінен айнымай қалған жалғыз ұлының болашақ тағдырына деген уайымның күлкісі еді.

Бұл - қызғыштай қорыған арын аяқ асты қылғысы келген, ел арасындағы кейбір пасық кеуделерге деген жиіркеніштің күлкісі еді.

Бұл жарының денесін құшақтап отырып, жоқтау айтып, ақтық сапарға өз шаңырағы астынан шығарып сала алмаған орны толмас өкініштің күлкісі еді.

Сөйтіп олар соғыстың адам баласына түсер бар ауыртпалығын арқалап, көз айым күнге, Жеңіске де жеткен. Бәрі де бала болып кеткендей. Бірін-бірі құшақтап, мәре-сәре болған. Сол күні ешкімнің тапсырма, нұсқауынсыз-ақ қолындағы барын ортақ дастархан үстіне төгіп бастарын қосты. Ауылдың ақсақалдары Серікбай, Айдарбай, Аман, Шошай, Аманияздар бір-біріне тізесін соғыстыра, төрден орын алды. Жұбай да ағаларының қасында. Дастарханды жағалай отырғандарға көзі түсті. Жаулығы желбіреген кемпірлер, келіншектер, бала-шаға. Жүрегі шаншып кетті. Баяғы той жиынның сәні болып, бірден ортаны үйіріп ала жөнелетін жігіттер жоқ. Көз алдына ана жылғы қалың елмен боздай қоштасып жал-жал толқындардың ортасында бірте-бірте ұзап бара жатқан параход елестеді. Қайтып оралары, болмаса сол жақта мәңгілік қалары белгісіз жігіттердің салған «Алқызыл» әнінің әуені келгендей болды. Кеме жақтауына сүйенген Сүлейменнің Демегені, Сүйеуханы, Ержанның Өтеп, Төребегі, Шәй кемпірдің төрт бірдей баласын сол қалпында көргендей. Кенет қасында отырған Аман:

 Селдіреп қалыппыз-ау. Бәрі орнына келгенше талай уақыт өтетін шығар. Апыр-ай, төрт жыл қырғынға, екінің бірі көтере алмас ауырлыққа бұл жұрт қалай шыдап келді. Әне, Шәй кемпір де келе жатыр. Аяғын зорға басады бейшара. Осы келе жатқанда еңсесін басқан қайғымен арпалысып келеді. Төрт бірдей баласынан айрылу кімге оңай дейсің. Балалар, ана Шәйді жоғары, төрге оздырың, - деді.

Ақсақалдардың қасына тізесін бүккен Шәй кемпір жан-жағына барлай қарап отырып:

 Ал, ағайын, тойларың құтты болсын. Ақ түйенің қарны жарылған күн деп осыны айтатын шығар. Құдай көз жасымызды көріп, тілегімізді берді. Мына отырған шалдар, мен сияқты алжудың, жынданудың алдында тұрғандар бұл күнге қалталақтап зорға жеттік. Көбіңнің жүзіңде қуаныш тұрғанмен, арғы жақтарыңда қасірет жатқаны белгілі. Төрт жыл бойы бастарыңа түскен қиындықпен өжеттене арпалысып келіп, енді бүгін босай көрмеңдерші. Соғыс басталғалы көрген алғашқы тойымыз осы ғой. Ер азамат -елдің қорғаны. Жорыққа аттанган жасақтың төрт көзінің түгел оралмайтыны белгілі. Көбі ел үшін, артында қалған қатын-баласының болашағы үшін шейіт кетеді. Ондай қиындықты қазақтың талай әйелі басынан өткізе білген, сол қиындыққа бордай үгілмеген, қайта жігерлене түскен, ертеңгі күнге, көрер қиындығына қарсы тұра білген. Біле білсеңдер бұл да мақтаныш. Мен солай ойлаймын.Төрт бірдей арысымды тоғыз ай, тоғыз күн бекер көтермеппін. Бойыма біткен алғашқы күннен бастап, мен олардың қанына туған жерінің қасиетін, аталарының ешкімге бас имес өрлігін дарытыппын ғой. Мен жалғыз қалдым, бірақ бұл елдің шаңырағы құламады, іргесі сөгілмеді. Алапат дауылдан бәріміз жабылып жүріп, сақтап қалмадық па. Қаза болғандар жалқы болса да, егіз болса да әр шаңырақтың тірегі еді. Амалымыз қанша. Енді еңсемізді көтерейік. Бақытты күнімізді, қызықты дәуренімізді осы күннен басталды делік. Бұл ел қашанда елдігін істейді. Олар ұмыт болмайды. Қай жерде қалғанын білмедік, басына белгі қойылмады демен. Олардың әруақтарының жоқтаушысы бар. Көрің де тұрың, әрқайсысының басына бір-бір ақ боз үй тігіледі. Оны мына отырған шалдар істемес, қолдарынан келмес. Ана отырғандар істейді.

Шәй кемпір дастарханның төменгі жағында отырған көп баланы көрсетті.

 Бұлар кешегі көзі көрген ағаларын, мойнына мінгізіп сағына күткен әкелерін нанға тойғасын ұмытып кетеді деп ойлайсыңдар ма? Жоқ. Осы күнге аман жеткізген арыстардың алдындағы перзенттік парыздарын олар тіпті де ұмытпайды. Сәл еңсесін көтерсін, буыны қатсын. Сонда көрерсіңдер. Тойдың сәні ән еді ғой. Ән бастайық, - деп өзінің жарықшақ даусымен бастай жөнелді.

...Алқызылдың басында ала ноқта,

Айналайын қарағым, еркем тоқта, Жамал-ай.

Бірге отырған ауылың көшіп барад,

Әнеугі айтқан уәдең бар ма, жоқ па, Жамал-ай...

Әр жерден шашырай шыққан дауыстар бірте-бірте ұлғая берді. Бірінің иығына бірі басын қойған келіншектер Үшкіл Мұқанбетін, Дәржан Қолғанатын, Күжім Көңілін, Ақдилан Жеткізгенін, Ақбибі Сұлтанын, Күлсін Қанекешін, Үзілдік Бектұрбайын, Төлеш Сатыбалдысын, Балбөпе Санақбайын тас қылып құшақтап, көпке қосылды. Ендігі қалған өмірде өзіне қамқор болатын, шаңырағын ұстап қалатын осы жалғыздан айрылып қалмайық деген адамдай. Көз шараларын толтырып төмен сорғалаған жастарын да жасырмады.

Батыстан жел соқты. Әр жердегі селдір бұлттар жиналып келіп, Отпан таудың басына ілінді. Сіркіреп жып-жылы жаңбыр жауды. Көп ұзамады, келіншектердің бетін жуған өткінші ақ жаңбыр бірте-бірте алыстап бара жатты. Шайдай ашылған көк жүзінде сымдай тізіліп тырналар ұшып барады. Олардың алыстан талып естілген тыраулаған дауыстары майдан төрінде мәңгілік көз жұмған арыстардың туған жерге деген, жусан исі бұрқыраған кең далада балалықпен ерте қоштасқан өмір жалғастарына деген сағыныш әні сияқты...

2. НИЯЗМАҒАМБЕТ ҰСТА

Табиғат өзінің жомарттығын, адам баласына деген жақсылығын қай кезде де көрсетіп келеді емес пе. Басқасын былай қойғанда кешегі ел басынан өткен қиын кезеңдерде осы Маңғыстаудың ойындағы аңдар адамдардың жүрегін жалғауға септігін тигізгенін көзіміз көрді. Ол кездері осы күнгідей оларды аулап, қудалау аз ба, әлде жаратқанның халық басындағы жайды түсініп ырзық-несібесін мол бергені ме, әйтеуір аң дейтін құм бойында жыртылып айрылатын, - дейді Ниязмағамбет ұстаның келіні Бақтылы. Менің әкем соғыс басталғанда жасының келуіне байланысты әскер қатарына алынбады. Бірақ, аз ғана уақыт жұмысшылар батальонында болып келгені есімде. Қолының шеберлігі бар адам болатын. Көрші-көлемнің, кейде арнайы тапсырыс берген адамдардың етігін тігетін. Әкемнің сол уақытта тұрақты жұмысы болмады-ау деп ойлаймын. Үйіміз біресе шөпке, біресе колхоздың қойына барып көшіп қонып жүретін. Соғыс басталатын жылы Тұщықұдықтың шығыс жағындағы шөп ауылда отырдық. Осы күнгідей техникамен шөп шабу деген жоқ. Кетпенді, қол орақты пайдаланады. Жарықтық, құм іші жаз жауынды болған жылдары іріп кетеді ғой. Шөптің қалың өскені есімде қалыпты. Әкем күн сайын бірнеше қоянды қапталына байлап әкеледі. Шешем оларды бірде асып, бірде қуырып береді. Күз түсіп шөп шабу да аяқталды. Бұрынғы қыстауымызға келіп қондық. Сонда бір әңгіменің арасында әкемнің «Осы жазда құм ішінен екі жүзден астам қоян алдым» дегені бар еді. Даланың несібесін жалғыз біз ғана пайдаланбағанымыз белгілі ғой. Қиын жылдары табиғат сыйының кез келгенге көмек болды деп отырғаным сондықтан.

Әкем қақпан құрып, аңға да шығатын. Құр келгенін көзіміз көрген жоқ. Қарақұйрықтың бірде ешкісін, бірде лағын қапталынан шешіп есік алдына тастап жататын-ды. Бір күні әлдеқалай шаруасы болып қалды ма, білмеймін, қақпанын құрып кеткен жерін сілтеп мені жұмсап жіберді. Алтыншы сыныпты бітірген жылым ғой. Астымда колхоздың жаман қос бағы. Айтқан жеріне барсам бір жүзгіннің түбінде қарақұйрықтың ешкісі жатыр. Қақпанға түскеніне бірталай уақыт болып әлсірегені ме, әлде оның қармағы оратылып жібермеді ме, көп қозғала қойған жоқ. Соның әлсірегенін күткендей анадай жердегі бұта үстінде қонған қарақұс отыр. Баласынғаны шығар, менен үркіп, ұшқан жоқ. Әкемнің айтуы бойынша қапталыма салып барған пышағыммен бауыздап, қақпаннан босатып түйеге артып ауылға кештетіп келгенім бар-ды. Соғыс кезіндегі қиындық кім-кімді де, соның ішінде тұлымшағы желбіреген қыз баланы да тірлік үшін күресе білуді үйретті ғой. Құм бойында өскен құмаршықтың өзі талай адамның өзегіне жалғау болды емес пе. Соғыс тауқыметін тартып, жоқшылық көрген біздің замандастарымыздың аузында сол «төңкерменің» дәмі әлі тұрғандай. Бәлкім, үкіметтің қатаң тәртібі шығар, бәлкім жан беріп, жан алысқан сол жылдары солай істеу дұрыс та шығар, жеке меншік малыңды да сойып жеуге рұқсат етілмеген жайлар болды ғой. Әлі есімде, көздері жәудіреп қарны ашып отырған балаларын аяған шығар, мүмкін тіпті ерлігі шығар, шешем сол қатаң тәртіпке қарамай өзіміздің бір атаншаны даладан сойып әкелді. Иен далада, мал соңында жүрген ер адамды көрсе күдік туады деп ойласа керек, әкем бармай ауылда қалды. Беріде шешемізге «Айдалада жалғыз өзің сол түйені қалай сойып әкелдің» деп сұрағанымызда:

 Әй, қарағым-ай, бұл жоқшылық не істетпейді. Қиыншылық адам бойына ерекше қайрат қосады. Түйені жетектеп қалың жүзгеннің ішіне әкеліп төрт аяғын тіздедім. Түбірі мықты біреуіне басын керіп байладым. Жалғыз өзім арпалысып жүріп қапталына жықтым да, бауыздадым. Өз малым болса да жасап жатқаным ұрлық сияқты жан-жағыма жалтақтаумен болдым. Біреудің көзіне түссем артының не болары белгілі. Не керек, күн де батты, мен де сойып бітіріп жайылып жүрген тағы бір түйеге артып алып келдім. Сендердің көз жастарың шығар бұл «ұрлығымды» ешкім білмей кетті. Әйтпесе кім біледі, түрменің дәмін татып келуіміз де мүмкін нәрсе еді ғой, - дейтін еді.

Көппен бірге көрген ұлы той демекші, бәрі де өтті, кетті ғой. Соғыс та аяқталды, жыл артынан жыл өтті. Азамат қатарына қосылдық. 1957 жылы мен осы Ұштағандағы қожа әулетіне келін болып түстім. Өзім де, жолдасым Төлен де мектепте мұғалімбіз. Атамыз Ниязмағамбет колхозда ұста болып істейді екен. Қысы, жазы әртүрлі тапсырыстарын орындайды. Жаздың кезінде шөп ауылдың ұстасы болады. Жаңа түскен келін ол кісінің не істеп жатқан жұмысында шаруамыз жоқ. Әйтеуір ұста үйінде көрігін басып, дүрсілдете соғып жататын. Ауыл үйдің адамдары керек-жарағын жасатып, жаматып алады. Келіндері «Стахановшы қайнаға» дейтін еді. Сонысына қарап өз жұмысына тиянақты, кезінде жақсы жағынан көріне білген адам болды-ау деп шамалайтынмын. Қажырлы адам еді. Қайратының қайтпағаны ғой, осы колхозда беріге дейін, 60-шы жылдардан кейін де шөп ауылдың ұстасы болды. Қолы бос кезінде етік тігетін.

Аңшы біткен ұста бола ма, әлде ұста аңшылықты қоса атқара ма, онысын айырып білмедім, әйтеуір жиі болмағанмен арасын үздіріп-үздіріп аңға шығатын. Көбіне өзімен қатар Бабық Нұр екеуі шығып, кей кездері Ондыдағы Аманғалимен саптасатын еді. Сол елуінші, алпысыншы жылдары біздер отырған Ұштағанның, оның арғы жағындағы Бостанқұмның бойындағы қарақұйрықты қақпан құрып әкеліп жататындарға осы күнгідей «браконьерсің» деп айып тағылып жатпайтын. Бәлкім, ол сол кездерде аңның азайып, құрып кету қаупінің жоқтығынан да шығар. Бір жылы күзде сол Hұp екеуі Үстіртке шығып айлап жатып оралғаны бар-ды. Жетектеріндегі түйеге артып алған еттері бар. Аңшылықтың салты солай ма, оның үстіне жарты құртты бөліп жейтін ауыл адамдарының бағзыдан келе жатқан кең пейілдері шығар, олар әкелген еттерін көрші-көлемге бірдей қылып бөліп беретін. Атамыз біреуден пайда көрейін, алдымен өзімді жарылқап алайын деген ойдан өзін тысқары ұстайтын адам еді. Замандас құрдасы Нұрдың аңшылық шеберлігін, кез келгеннің бойынан табыла бермейтін ерекшелігін жыр қылып айтып отырушы еді. Негізгі кәсібі ұсталық қой, ұсталық өнер жайында да сыр шертетін.

 Аңшының маңдайына біткен қақпан қасиетті құрал, шырақтарым, - дейтін кейде әңгіме арасында. Бүкіл ұлан даланы оңды-солды кезіп жүрген аң басқа жер жетпегендей осы қақпан құрылған кішкене шұңқырды басып қанды ауызға ілінетінін қайтерсің. Оның қасиеттілігі де, құдіреттілігі де сонда. Көп әңгімені білмейміз. Бірақ бізден бұрын өткен көзі қарақты, көңілі ояу, ой-өрісі кеңдеу ақсақалдар ұсталық Дәуіт пайғамбардан бастау алады деп отырушы еді. Бұл пайғамбардың атағын шығарған да осы қара темірді қамырша илеп жан бітіргенінде көрінеді. Қақпан да жанды, қасиетті болмаса даланың қасқыры мен аңын өзіне шақырмас еді. Ұста дейтін атақты арқалап жүрген жанның бірі менмін. Қолымыздан не келді, нені бітірдік оны мен емес, халық біледі. Көптің беріп жатқан бағасы жаман көрінбейді. Осы кәсіп бізді де далада қалдырмады. Нанымызды осы арқылы таптық, бала-шағамыздың несібесі осы қара төстен бұйырды. Өзім ұстаған құрал-саймандарымды құрмет тұтатыным да сондықтан. Ертедегі шалдар темірмен жұмыс жасағандарды қара ұста, ақ ұста деп бөліп айтатын. Қара ұстасы он саусағынан өнері тамған, темірден түйін түйген адамдар болады екен де, ақ ұстасы осы қара ұстаның істейтін жұмыстарын түгел меңгерген, алтын, күмістен төгілтіп, асыл тастармен безендіріп көрерге көз керек көркем бұйымдар жасайтындарға берілетін атақ көрінеді. Айтулы шебер емес шығармыз. Бірақ күнделікті өмірге қажетті заттарды жасауға ұмтылдық, соның арқасында қай нәрсені жасауға да қолымыз жатықты. Сондықтан өз жұмысымызды бастарда Дәуіт бабаға табынып, көмек сұрайтынымыз бар. Біреулер ырым қылып ұстаның құрал-саймандарын маңдайына тигізіп табынып жатқанын көріп те жүрміз, естідік те. Өйткені олар сол ұстаның, шебердің қолынан шыққан бұйымдарды әртүрлі ауру-сырқаудан, пәле-жаладан сақтайды деп есептеген. Ертеректе төстің бетіне, көріктің терісіне май жағады екен дегенді еститінбіз. Бұл аруақтарға сыйыну белгісі болатын.

Қазіргі кезде халыққа керек жарақтың көбі дүкендерде сатылатын болды. Ауылда, болмаса мына үй іргесінде тиіп тұрған Шетпеге барып алады да келеді. Менің де ұста үйіме көп бара бермейтінімді байқайтын шығарсыңдар. Негізгі жұмысым колхоздың шөбіндегі орақты шегелеу. Бірақ соған қарап енді ұста дейтін халықтың істейтін жұмысы қалмады деуге тағы болмайды. Ұста қай уақытта да керек. Әрине бұрынғы біздерге қарағанда кәзіргі заманның темірмен жұмыс жасайтын адамдарының құрал-сайманы өзгеше, жетілген. Олар тіпті кезінде біздің қолымыздан келе бермейтін нәрселерді жасайды. Солай екен деп бұрынғы ұсталар ұстаған құралдарды лақтырып тастауға тағы болмайды. Өйткені олар өткеннен келе жатқан мұралар. Кейінгі балаларға үлгі болатын мұра. Сол арқылы бір кездегі аталарының өмір жолдарымен таныса алады. Өткенге деген құрмет содан басталады, - деуші еді.

3. ӨТЕТІЛЕУ ҰСТА

Аңшылардың арасында жігі үзілмеген, бірден-бір байланыста болатыны ұста. Әрине аңшылықты кәсіп еткендер өздеріне керекті құрал-саймандарды өздері де жасай білген. Бірақ, олардың кез келгені темірдің құрамын, оның суарылу жолдарын, серпімділік қасиеттерін жете меңгере алмайтыны белгілі. Сондықтан айтулы ұсталарға барып, арнайы тапсырыстар беріп тұрған. Өлкемізде атағы халық арасына кең тараған ұсталар аз болмаған. Осы күнгідей керек заттарын дайын күйінде дүкеннен сатып алу мүмкіндігі жоқ уақыттарда халықтың бірден-бір көмек алатыны да сол ұсталар болатын. Өйткені ұсталар өздері тұрған ауылдағы бар тіршіліктің тірегі іспеттес еді.

Осындай ұсталардың бірі ескелді Өтетілеу еді. Ол тек ұсталықпен шектелмеген. Күнделікті тұрмысқа қажетті құрал-саймандардың қай-қайсысы да оның қолынан өткен. Қазір ортамызда жүрген соғыс және еңбек ардагері, республикамыздың оқу-ағарту ісінің үздігі Қылыш ақсақалмен кездескенімізде әкесі жайында біраз сырды ақтарып еді.

Біздің ата-бабаларымыз Ұлысқа Ұран болған Бекетатаның мүрдесі жатқан Оғыландыдан онша қашық емес Аққуыс, Шөжік маңын мекендепті. Кезінде елі үшін кеудесін оққа төсеп, арпалысып өткен ескелді Жанұзақ батырдың төртінші ұрпағы Өтеміс болатын. Дәулеті тасып дегені болып тұрса да тағдыр Өтеміске балаға келгенде тарлық жасаған екен. Екі баласының бірі өмірден өтеді. Сөйтіп жүргенде құдай кеңшілігін жасап бұл үйдің шаңырағы астына тағы бір нәресте келеді. «Құдай көп көрмесе енді өткеннің орны өтелді» деп қуанған Өтеміс өмірге келген баласына Өтетілеу деп ат қояды. Бұл 1886 жылдың қысы болатын. Бала есейгесін сол уақыттағы Аққуыс, Шөжіктегі білім ордасы болған Құлжан қажы мешітінен ескіше сауатын ашады. Әрине қиян шеттегі бұл мектептен терең діни білім алмағанмен, иман шарт аяттарын меңгеріп, құран кәрімді өздігінен оқи алатын дәрежеге жетеді. Өтетілеуден кейін тағы да бір балалы болған. Өтемістің үш ұлы енші алмаған көрінеді. Үш үйіне ортақ мың қаралды қойы, жүзден аса түйе, үш-төрт айғыр үйірлі жылқысын өздері бағып, рахат - бейнеттерін де өздері көрген. Жаз жайлауы Бөрібас, Сағда, Мәлібек, Ешқырған шымыраулары болып, кей жылдары Жем бойын да жайлап қайтатын. Ал, Аққуыс, Шөжікті мекендеген отырықшы елдер ерте кезден-ақ тау аңғарын қуалап ойға ағатын су бойына бөгет салып егіншілікпен айналысатын. Жаз жаңбырлы болған уақыттарда өнім мол болып, өздерінен артылғандарын сатып пайдасын көргендері де болыпты.

Өтетілеу жас кезінен-ақ бойына шеберлік өнер дарып, жан-жағына таныла бастаған. Оның «көрсем, білсем» деген ұмтылысы, кез келген нәрсені жасай қоюға деген бейімділігі осы бір қасиетті өнерге жетелеумен болды. Қолынан келіп жүрген өз өнеріне көңілі толмаған жас жігіт сол уақыттарда Маңғыстаудың ойына атағы жайылған зергер Тәжі Тасымұлының шәкірті де болды. Айтулы шебер жас жігіттің бойындағы ерекше қабілетті жазбай танып бар білгенін үйретеді. Содан Өтетілеудің көп нәрсеге қолы жетті, көзі үйренді. Темір шеберлігі мен өте кірпияз мамандық зергерліктің қыры мен сырына қанықты, терең түсінік алды. Жарықтық Тәжі мақтаса мақтауға тұратын, айтса айтуға тұратын адам екен. Ұсталық, зергерлікпен қоса, ағаштан түйін түйіп үй жиһаздарының небір түрлерін де жасайтын. Маңғыстаудың түкпір-түкпірінен дәулетті адамдар арнайы келіп тұрмысқа шығар қызына, келіні мен бәйбішеге арналған шоңқайма етіктер тіктіретін.

Мәстекте отырған Тәжінің қасында өткен күндер Өтетілеу үшін шындығында да үлкен мектеп болды. Ұсталық, зергерлікпен қоса етікшілік өнерді меңгерді. Домбыра жасауды да осы ағасының қасында жүріп үйренген болатын. Тұңғыш домбырасын Талтерек Жұмажанұлына жасап беріпті. Артынан оған арнайы тапсырыс берушілер де көбейе бастаған. Соның бірі айтулы жырау Сүгір Бегендікұлы болатын. Сол уақытта, 1926 жылы Сүгірдің жиырма беске келген, жан-жаққа жыраулығымен, әншілігімен атағы шыға бастаған кезі. Ағасы Өтетілеудің жасап берген домбырасы оған өмірлік серік болды. Маңғыстаудың ойында, Үстірт үстінде, сонау Қаразымның ойы, Бесқалада талай-талай тыңдаушысының жанын рахатқа бөлеген де осы домбыраға қосыла салған Сүгірдің әні болатын. Бұл домбыра осы күндері жыраудың баласы Өтелгеннің үйінде әлі сақтаулы.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі колхоздастыру науқаны. одан кейінгі ел ішіндегі сүт бетіне шығар білімді, дәулетті адамдарды қудалаған қиындық бұл әулетті де айналып өтпеді. Орынсыз алым-салыққа, қудалауға шыдамаған біреу түстіктегі Бесқалаға ауды, екіншілері одан әрі шығынып Иран асты. Өтетілеу бұрынғы отырған Аққуыс, Шөжікті тастап Шайырға қоныс аударды. Содан алғашқы құрылған «Жаңалық» колхозына мүше болып кіріп қой бақты. Колхоздың біресе қойына, біресе шөбіне барып жүрсе де Өтетілеу жастайынан бойына сіңген кәсібін тастамады. Шындығын айтқанда бұрыннан атағы жайылған ұстаның кәсібін тастап кетуіне халық мүмкіндік бермеді. Біреу арбасына керекті темірлерін жасатса, біреуі аяқ-табағын бүтіндетті. Дала тағысы тыным бермеген малшылар әдейілеп келіп қақпан соқтырды. Сөйтіп жүргенде бар қайғысы мен қасіретін арқалатып екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Ауылда қалған еңбектеген бала мен еңкейген кәрі ұйқы көрмей Жеңістің бір табан болса да жақындауына үлес қосты. Сол жылдары шағын ауылдың қабырғасын қайыстырған ауыртпалықты қара нардай көтере білген жанның бірі Өтетілеу болатын. Соғыс аяқталып, ел еңсесін көтеріп. шаруашылықтағы мал саны көбейе бастаған кезеңдерде Өтетілеудің сіңбіруге мұршасы келмеді десе де болады. Өйткені колхоздың бірнеше отарларының күзем, жабағы жүнін алу кезеңдерінде қырықтық соғып беріп отырды. Тек өзі тұратын Шайыр ауылы ғана емес, көрші колхоздардан да тапсырыс берілетін. Оның қолынан шыққан қырықтықтардың өткір әрі кез келген адамға ыңғайлы болғанын сол жылдары шаруашылық басқарған Алпысбай Шүйішев, Нұркен Қаратауов, Айым Есбергенов сияқты ел ағалары әлі күнге дейін айтады.

 Өтекең соққан қырықтық пышақтың жүзіндей болса да өткір болатын, жүзі қайтпайтын еді. Электр агрегаты келгенше колхоздың мыңдаған қойын сол ақсақалдың арқасында қырқымнан өткізетінбіз. Колхозымызға алғаш машина келгенде де оның керек-жарағын Өтекеңе жасатып алатынбыз. Қолы алтын адам еді. «Л-100» су тартатын моторлары келгенге дейін мал суаруға арналған қауға, астау, шығырдың доғалақтарын тек сол кісіге ғана жасататынбыз. Осы күндері ойлап отырсақ колхоздың бар тіршілігі Өтекең арқылы іске асыпты, колхоздың ауыр қамыты сол кісінің мойнында болған екен ғой, -дейтін колхоз бастығы болған Мұқаш Қадіров.

Әсіресе оның соққан қақпанына тапсырыс берушілер көп болатын. Сол уақыттарда оның қасында көмекші, қол бала болып қызмет жасаған Бүркіт Телешов былай деп еске алады.

 Колхоз мені Өтекеңе көмекші қылып берді. Астымда сары атаным бар. Сонымен Ұлбаудан көмір қазып әкелемін. Кейде таудан қара ағаштың қураған томарларын кесіп әкеліп өртеймін. Шалалау жанғаннан кейін топыраққа көміп тастап көмір дайындаймын. Өтекең ағаш көмірін негізінен қырықтық, қақпанның серіппесін соққанда пайдаланатын. Оның қолынан шыққан құралдарды суғаруы да әртүрлі болатын. Соққан темірінің құрамына қарайды-ау деп ойлайтынмын сонда. Бірін суға суғарса, бірін ауаға ұстайды. Келесі бірін ылғалды топыраққа көміп жататыны есімде. Қақпан серіппелерінің қуаттылығын серіппені басып тұрып жіберіп қалғандағы секірген биіктігіне қарап айыратын. Көңілінен шықпаса қайта суғаратын. Бұл уақытта біреулерін алдымен топыраққа, одан кейін суға, не ауаға суғарып жататын. Болмаса осыларды керісінше бастайтын. Қайта секіртіп қарағанда бұрынғысынан әлдеқайда биіктей түсетін еді. Темірдің қат уақыты ғой. Далада тап болған, болмаса Жыңғылды, Таушық, Шетпеден арнайы барып темір жинап келетінмін. Ол болса әкелген темірлерімді көз сынынан өткізеді, балғасымен ұрып қарап, бөлек-бөлек жинақтап қоятын, - дейді.

Қолынан іс келетін адамға сұраныс көп бола ма, әлде ырым қыла ма, онысын білмедім, әкемізге кейбір адамдар ауруға ем болсын деп мыстан шығыршық жасатып алатыны есімде. Қызыл әскер ауылында Ермекбай деген мұғалім болды. Соның Алмасбек деген баласының мойнына мысқал жара шығады. Дәрігерлерге көрсеткенмен жазыла қоймайды. Көлемін бірте-бірте ұлғайтып келе жатқан жараға тоқтау болмаса үріп ауызға салғандай баланың ержеткендегі бір міні болып қала бермек. Әкем мыстан ұзынынан әдемілеп өріп кішкене баланың мойнына тағып береді. Көп ұзамай бала мойнындағы мысқалдың орны да қалмай жазылып кеткенін көріп, адамдар таң қалған еді.

Әкеміз ұсталықты 1970 жылға дейін ұстап келді. Көз жанарының әлсіреуі жастайынан кәсіп қылған өнерімен қош айтқызды. Ұста үшін, қолы шебер адам үшін бірден-бір керегі де көз екені белгілі. Көзінің тірісінде осы өнер сізге кімнен жұққан деп сұрағанымызда:

 Е, қарағым-ай, менің нағашым кенже Ізғара, Қайшыбай емес пе. Ұсталық пен зергерлік өнерде бұл өлкеде олардың алдына түскен адам аз болатын. Құдай қолдаған шығар, олардың шеберлігі қан арқылы бойыма дарыған шығар, оны кім біліпті. Әйтеуір жастайымнан көргенімді сол күйінде жасауға ұмтылдым. Кез келген шебердің қол қимылын қағыс жібермедім, айтқанын көкірегіме құюмен болдым. Өзім жасаған әр ісіме жоғары баға беріп масаттанбадым. Оның әлі де кемшілігі бар деп есептеп жетілдіре түстім. Сол ұмтылыстың, сол ізденудің әсері шығар, менің қолымнан шыққан бұйымға ұмтылушылар да, тапсырыс берушілер де көп болды. Біз еңбегімізді бұлдаған жоқпыз. Көптің көкейінен шығып, ақ ниетімен айтқан «сау болына» риза болдық. Оны өзімізге берген жоғары баға деп есептедік. Солардың «бала-шағаңның қызығын көр» деген тілегі қабыл болған шығар, немере-шөберемді көріп қызықтадым. Кез келген пенде үшін, әсіресе жасы келген біздер үшін артыңнан ерген өмір жалғасыңның жапырақ жайғандығы, олардың амандығы Алланың берген зор сыйлығы. Кәрі қойдың жасындай жасымыз қалды. Өкінішсіз өмір болмайды. Менің де тағдыр қасіретін тартып «Аһ» ұрған жерлерім бар шығар. Бірақ, бір кездегі ащы кермектен кәзір көрген рахатым жоғары тұрған сияқты. Жатсам, тұрсам да «Тәубе, жасаған» дейтінім сондықтан деуші еді.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙