Sapiens: Адамзаттың қысқаша тарихы
Ювал Ноаһ Харари
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Жүз мың жыл бұрын Homo sapiens жер бетіндегі алты адам түрінің бірі ғана еді. Шамамен 70 мың жыл бұрын оның танымында болған жұмбақ өзгеріс sapiens-ті ғаламшардың қожасына айналдырды. Ақша, мемлекеттер мен діндер қалай пайда болды? Империялар неге күйреді? Адамдар бақытты бола түсті ме? Кітап өтк...
cover
Баспаға дайындаған
«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры мен
«Unіversіtіes-38» Университеттер альянсы
Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және
Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі
елшілігінің қолдауымен аударылып басылды
Sapіens_epub-1
ӘОЖ 573
КБЖ 28.0
Х-20
Кітапты баспаға әзірлеген:
Ұлттық аударма бюросы
Жоба жетекшісі – Кенжеханұлы Р.
Аудармашы – Ізімұлы М.
Әдеби редактор – Серікқызы Қ.
Жауапты редактор – Сімәділ Қ.
Пікір жазғандар:
Әбжанов Х., т.ғ.д., профессор
Матыжанов К., ф.ғ.д., профессор
Х-20 Харари Ювал Ноаһ.
Sapіens: Адамзаттың қысқаша тарихы –Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры, 2018 жыл. – 368 бет.
ІSBN 978-601-7943-26-4
Жүз мың жыл бұрын Homo sapіens осы ғаламшарда өмір сүрген алты түрдің бірі еді. Экожүйеде горилладан, жарқырауық қоңыздан немесе медузадан артықшылығы жоқ, елеусіздеу жануар болатын. Шамамен 70 мың жыл бұрынғы Homo sapіens-тің когнитивті қарым-қабілетінің жұмбақтау өзгерісі оны ғаламшардың қожасына әрі экожүйенің тажалына айналдырып жіберді. Ал басқа түрге не болды? Ақша, мемлекеттер, діндер қашан және не үшін пайда болды? Империялар қалай құрылды және күйреді? Неліктен барлық қоғамда әйелдерді еркектерден төмен қойды? Ғылым мен капитализм қалай ғана жаңа заманның ең басты арқа сүйеріне айналып шыға келді? Жүйткіген уақыт ағымында адамдар шынайы бақытқа кенеле алды ма? Болашақта бізді не күтіп тұр? Кітап өткен кезеңдердің оқиғалары мен қазіргі заман мәселелері арасындағы байланысқа зер салып, оқырманды қоршаған орта туралы түсініктердің бәрін қайта қарауға жетелейді.
ӘОЖ 573.
КБЖ 28.0
© Yuval Noah Hararі, 2014
© «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ, 2018
ІSBN 978-601-7943-26-4
Әкем Шломо Хараридің рухына бағыштадым
Sapіens_epub-4
МАЗМҰНЫ
БІРІНШІ БӨЛІМ
КОГНИТИВТІ РЕВОЛЮЦИЯ
1-тарау
Қалтарыста қалған қаңқалар
Ойлаудың қадірі
Тумысынан азпаздар
Өз бауырын күзеткен
2-тарау
Тарих "Peugeot" аңызы
Ген арқылы таралу
Тарих пен биология
3-тарау
Бұрыннан бақуатты қоғам
Рухтармен тілдесу
Соғыс әлде бейбітшілік?
Үнсіздік шымылдығы
4-тарау
Кінәлі
Жалқаулардың ақыры
Нұхтың кемесі
ЕКІНШІ БӨЛІМ
АГРАРЛЫҚ РЕВОЛЮЦИЯ
5-тарау
Тарихтағы теңдессіз алаяқтық
Молшылық тұзағы
Жоғарыдан араласу
Революция құрбандары
6-тарау
Болашақ жақындап келеді
Қиялдағы тәртіп
Шынайы сенушілер
Түрме қабырғалары
7-тарау
Қол қойған: Көшім
Бюрократияның кереметі
Сандар тілі
8-тарау
Шырғалаң шеңбер
Америкалық тазалық
Еркек пен әйел
Жыныс пен гендер
Еркек аты несімен жақсы?
Бұлшық ет күші
Қоғамның қоқыстары
Патриархаттық ген
ҮШІНШІ БӨЛІМ
АДАМЗАТТЫ БІРІКТІРУ
9-тарау
Жер серігінен қарағанда
Жаһандық көзқарас
10-тарау
Мынау қанша тұрады?
Бақалшық пен темекі
Ақша қалай жұмыс істейді?
Алтын-інжіл
Ақшаның бағасы
11-тарау
Империялық арман
Империя деген не?
Зұлымдық империялары ма?
Сіздің игілігіңіз үшін ғой
«Олар» «бізге» айналады
Тарихтағы жақсы және жаман жігіттер
Жаһандық жаңа империя
12-тарау
Тағдырға мойынсұну
Пұтқа табынудың басымдығы
Жалғыз Құдай
Ізгілік пен жауыздықтың шайқасы
Табиғат заңы
Адамға табыну
13-тарау
Төртінші бөлім
Ғылыми революция
14-тарау
Ғылыми догма
Білім – күш
Прогресс мұраты
«Гильгамеш» жобасы
Ғылымдардың қамқоршысы
15-тарау
Неге Еуропа?
Жаулап алу менталитеті
Бос жатқан карталар
Ғарыштан баса-көктеп кіру
Сирек кездесетін өрмекшілер мен ұмыт қалған жазбалар
16-тарау
Капитализм ұстанымы
Бәліш күмпие бастады
Колумб инвестор іздеп жүр
Капиталдың қамы үшін
Еркін нарық ғұрпы
Капиталистік тозақ
17-тарау
Асүйде туған құпия
Энергия мұхиты
Конвейердегі өмір
Шопинг ғасыры
18-тарау
Үздіксіз революция
Қазіргі заман
Отбасы мен қауымның ыдырауы
Қиялдағы қауымдастықтар
Мәңгілік қозғалтқыш
Бүгінгі бейбітшілік
Империя зейнетке шығады
Pax atomіca
19-тарау
Олар ұзақ та бақытты өмір сүрді
Бақыттың есебі
Химиялық бақыт
Өмірдің мәні
Өзіңді таны
20-тарау
Адамдар мен тышқандар туралы
Неандертальдықтардың оралуы
Бионикалық өмір
Басқа өмір
Ерекше жағдай
Франкенштейннің көріпкелдігі
Құдайға айналған жануарлар
СӨЗ ТҮЙІНІ
СІЛТЕМЕЛЕР
ИЛЛЮСТРАЦИЯЛАР
Алғыс
Тарихи хронология
13,5 миллиард жыл бұрын | Материя мен энергия қалыптасты. Физиканың алғашқы сатысы басталды. Атом мен молекулалар пайда болды. Химияның алғашқы сатысы басталды.
4,5 миллиард жыл бұрын | Жер шары қалыптаса бастады. 3,8 миллиард жыл бұрын | Организмдер пайда болды. Биологияның алғашқы сатысы басталды.
6 миллион жыл бұрын | Адамдар мен шимпанзелердің ортақ әжесі қайтыс болды. 2,5 миллион жыл бұрын | Homo түрі Африкада қалыптаса бастады. Тастан жасалған алғашқы еңбек құралдары пайда болды. 2 миллион жыл бұрын | Адам Африкадан Еуразияға өріс ашты. Адам түрлерінің эволюциясы басталды. 500 мың жыл бұрын | Еуропа мен Таяу Шығыста неандертальдықтар тіршілік етті.
300 мың жыл бұрын | Адам отты жағып үйренді.
200 мың жыл бұрын | Homo sapіens Шығыс Африкада тіршілік ете бастады.
70 мың жыл бұрын | Когнитивті революция. Қиялдағы тілдің пайда болуы. Тарихтың басталуы. Sapіens Африкадан жан-жаққа тарады. 45 мың жыл бұрын | Sapіens-тің Австралиядағы тіршілігі. Австралия мегафаунасының жойылуы.
30 мың жыл бұрын | Неандертальдықтардың жойылуы. 16 мың жыл бұрын | Sapіens Америкада тұрақтады. Америкалық мегафаунаның жойылуы. 13 мың жыл бұрын | Homo floresіensіs-тің жойылуы. Homo sapіens – тірі қалған жалғыз түр. 12 мың жыл бұрын | Ауылшаруашылық революциясы. Өсімдіктерді мәденилендіру, жануарларды қолға үйрету. Тұрақты қоныстардың пайда болуы.
5000 жыл бұрын | Алғашқы корольдіктер, оқиғалар, ақша. Политеистік дін.
4250 жыл бұрын | Алғашқы империя – Саргонның Аккад империясы.
2500 жыл бұрын | Алғашқы тиынды жасау – әмбебап ақша. Парсы империясы «адамдарды игілікке кенелтіп», әмбебап саяси тәртіп орнатуға ұмтылды. Үндістандағы буддизм «тіршілік иелерін уайым-қайғыдан құтқаруға тырысып» әлемдік дін жасауға ұмтылды. 2000 жыл бұрын | Қытайдағы Хань империясы. Жерорта теңізіндегі Рим империясы. Христиандық.
1400 жыл бұрын | Ислам. 500 жыл бұрын | Ғылыми революция. Адамзат өз білімсіздігін тәрк етіп, теңдессіз күшке ие бола бастады. Еуропалықтар Америка мен Мұхит аралдарын бағындырды. Күллі Жер шары біртұтас тарихи алаңға айналды. Капитализм дамыды. 200 жыл бұрын | Индустриялық революция. Отбасы мен қауымның орнын мемлекет пен нарық басты. Өсімдіктер мен жануарлар жаппай жойыла бастады. Қазіргі күн | Адамдар Жер шарынан да алысқа қол созды. Атом бомбасы адамзат өміріне қауіп төндіре бастады. Организмдер табиғи жолмен емес, зияткерлік дизайнға лайық өседі. Болашақ | Зияткерлік дизайн өмірдің негізгі ұстанымына айнала ма? Homo sapіens-тің орнын адамнан да жоғары түр алмастыра ала ма?
Бірінші бөлім
Когнитивті революция
1. Адамның алақан таңбасы. Францияның оңтүстігінде, Шове-Пон-Д’Арк үңгіріне
осыдан 30 мың жыл бұрын салған. Әлдебіреу:
«Бұл жерде мен бармын!» – деп айтқысы келгендей.
Sapіens_epub-8
1-тарау
Ештеңесімен ерекшеленбейтін жануар Шамамен 13,5 миллиардтай жыл бұрын Жер шарында Үлкен жарылыс болып, материя, энергия, уақыт пен кеңістік қалыптасты. Ғаламның мұндай күрделі құбылыстарының сырын физика пәні зерттейді. Арада 300 мың жыл өткен соң материя мен энергия өзара күрделі кешен – атомды түзіп, ал олар молекулаларды құра бастады. Атомдар мен молекулалардың тарихы мен өзара әрекеттесу жайын химия зерделейді. Шамамен 3,8 миллиард жыл бұрын Жер шарында әлдебір молекулалар қосылып, ірі де күрделі организмді құрды. Органикалық тіршілік тарихымен биология айналысады. Шамамен 70 мың жыл бұрын Homo sapіens түріне тиесілі организмдер әлдеқайда жетілген құрылым жасады. Біз оны «мәдениет» деп атаймыз. Адами мәдениеттің одан арғы тағдырына тарих ғылымы қызығушылық танытуда. Адамзат тарихының барысын үш ірі революция айқындады. Когнитивті революция 70 мың жыл бұрын тарихқа өз сүрлеуін салды. 12 мың жыл бұрынғы аграрлық революция үдерісті елеулі түрде шапшаңдатты. Бар-жоғы 500 жыл бұрын басталған ғылыми революция біздің тарихты аяқтап, жаңа жол ашуға толық қабілетті. Осы кітапта үш революцияның адамдарға, басқа да тіршілік иелеріне, олардың сенімді серіктеріне қалай әсер еткені жөнінде баяндаймыз. Адамдар тарихи есеп басталғанға дейін де өмір сүрген. Қазіргі адамдарға өте ұқсас жануарлар алғаш рет осыдан 2,5 миллион жыл бұрын пайда болған. Сансыз ұрпақ ауысқан уақыт ағымында олар өздері мекендеген жердегі миллиардтаған тіршілік иелерінен еш ерекшеленген жоқ. Екі миллион жыл бұрынғы Шығыс Африканы аралап жүрсеңіз, мынадай үйреншікті көрініске кезігер едіңіз: мейірімді аналар бөбектерін бауырына басып, бейқам балақайлар шалшықта асыр салып жүр; албырт жастар шарттылықтың құрсауына наразылық білдірсе, қалжыраған қарттар қу жанына тыныштық тілеумен отыр; сын-сымбаты келіскен жігіт жергілікті сұлу бикенің көзіне түспек болып аласұрып, кеудесін жұдырығымен төмпештеп бақса, абыздай дана әжелер төңірекке көз салып, осының бәрін талай көргенін есіне алады. Баяғы заманның адамдары ойнай да, ойлай да білді, араларында берік қарым-қатынас қалыптасты, олар билік пен мәртебе үшін таласты – бірақ өздерінің шимпанзе, бабуин, піл сияқты табиғи қалыптарын сақтап қалды. Адамдардың жануарлардан еш айырмашылығы болған емес. Ешқайсысы, ең алдымен, адамдардың өздері ұрпақтарының Ай бетіне аяқ басып, атомды ыдырататынын, генетикалық кодтың күрмеуін шешіп, жылнамалар жазатынын болжай алған жоқ. Тарих есебі басталғанға дейінгі адамдар жөнінде сөз оздырған кезде мынаны есте сақтауға тиіспіз: ол ең қарапайым жануар еді әрі экологиялық ортаға горилладан, зауза қоңыздан немесе медузадан артық әсер еткен емес. Биологтар организмді туыстастар мен түрлерге бөледі. Бір түрдің жануарлары бір-бірімен шағылысып, тұқымдық ұрпақ қалдыра алады. Жылқылар мен есектердің арғы тегі онша алыс емес әрі ортақ белгілері де жетерлік, алайда өзара шағылысып, күйектесе бермейді. Оларды мәжбүрлеп сүріске салу нәтижесінде дүбәра төл – мула туады, бірақ одан ұрпақ өрбімейді. Өйткені жылқы мен есек әрқилы түрге жатады. Керісінше, бульдог пен спаниель бір-біріне мүлде ұқсамайды, әйтсе де олар жақсы жұптасады, ал олардың күшіктері кейін басқа ит тұқымдарымен ылығып, ұрпақ жалғастыра береді. Себебі бульдог пен спаниель бір түрге – иттерге жатады. Ортақ зәузаттан тараған түрлер туыстастарға бірігеді. Арыстандар, жолбарыстар, барыстар мен теңбілшерлер – Panthera туыстастардың әрқилы түрлері. Биологтар жанды организмдерге қосамжар латын атауын береді, бірінші аты – туыстығын, екіншісі түрін білдіреді. Мысалы, арыстандар – Panthera leo, яғни Panthera туыстастың leo түрі. Сайып келгенде, осы кітаптың кез келген оқырманы – Homo sapіens, яғни Homo (адам) туыстастың sapіens (саналы) түріне жатады. Туыстастар тұқымдастарға: мәселен, мысықтарға (арыстандар, сілеусіндер, үй мысықтары), иттерге (қасқырлар, түлкілер, шибөрілер) немесе піл тұқымдастарға (пілдер, мамонттар, мастодонттар) бірігеді. Тұқымдастардың барлық мүшелерінің шығу тегі әлдебір ортақ текке ұласып жатады. Айталық, барлық мысық атаулы, үйдегі титімдей марғаудан айбарлы арыстанға дейінгі түрлердің бәрі шамамен 25 миллион жыл бұрын тіршілік еткен ортақ зәузаттан тараған. Дерегін ұзақ та табанды түрде құпия ұстап келгенімен, Homo sapіens те ерекше тұқымдасқа жатады. Homo sapіens туыстастықта өзін басқа жануарлардан бөлек жаратылған, жалқы түр – апа-сіңлісі мен аға-інісі, туыс-жұрағаты, ең бастысы, ата-анасы жоқ жетім ретінде көрсеткісі келді. Бірақ бұл жаңсақ пікір. Қаласақ та, қаламасақ та, біз – жыртылып-айырылып, шулап жүретін үлкен маймылдар (жетілген приматтар) тұқымдасының мүшесіміз. Қазір солардың арасында жақын туыстарымыз – гориллалар, орангутангтар мен гиббондар, әсіресе бізге ең жақыны – шимпанзе. Небәрі 6 миллион жыл бұрын бір маймылдан екі қыз туған. Солардың бірі – бүгінгі шимпанзелердің, екіншісі адамдардың арғы-арғы-арғы... әжесі саналады.
Қалтарыста қалған қаңқалар Homo sapіens бұдан да көлеңкелі деректі құпия ұстады: біздің толып жатқан тағылау туыстарымыз ғана емес, бірге туған аға-інілеріміз бен апа-сіңлілеріміз де болған. Ал өзімізді жалғыз деп ойлайтын себебіміз – соңғы 10 мың жыл бойы біздің түр айналада, шынымен де, жападан-жалғыз қалған еді. Бірақ «адам деген...» сөздің дәл мағынасы – Homo түріне жататын жануар. Бұл туыстың Homo sapіens-тен өзге де түрлері бар еді. Ол аз десеңіз, кітаптың соңғы тарауында, бізге қол созым қалған болашақта sapіens емес адамдармен күресетін шығармыз деген болжамды жоққа шығармаймын. Homo sapіens түрінің мүшелерін айқындау үшін sapіens терминін қолданамын. Homo туысы мүшелерін анықтау үшін «адам» терминін қалдырамын. Адамдар, яғни Homo туыстасына жататын жануарлар шамамен осыдан 2,5 миллион жыл бұрын Australopіthecus, былайша айтқанда, «оңтүстік мешін» дейтін тым ежелгі маймылдар туыстасының бір тармағы ретінде Шығыс Африкада пайда болды. 2 миллион жыл бұрын ежелгі адамдардың бір бөлігі отандарынан өкше көтеріп, Солтүстік Африканың, Еуропа мен Азияның көлкіген кеңістігін кезуге аттанып, шашырай қоныс тепті. Индонезияның қапырық джунглиінен гөрі Солтүстік Еуропаның қыраулы ормандарында тіршілік ету үшін басқа қабілеттер қажет болғандықтан, адам популяциясы әр бағытта дамуға тиіс болды, соның нәтижесінде сан алуан түрлер қалыптасты, олардың әрқайсысына ғалымдар ауыз толтырып айтарлықтай латын атауларын ойлап тапты.
2. Біздің жақын туыстарымыз (болжалды реконструкция, солдан оңға қарай):
Homo rudolfensіs (Шығыс Африка); Homo erectus (Шығыс Азия);
Homo nеanderthalensіs (Еуропа мен Батыс Азия). Бәрі де адамдар.
Еуропа мен Батыс Азияға әдетте «неандертальдық» деп аталатын Homo neanderthalensіs (Неандер алабының адамы) орнықты. Қазіргі адамдарға қарағанда, әлдеқайда шымыр, төртбақ неандертальдықтар мұз дәуіріндегі Еуропаның салқын климатына тез бейімделді. Азияның шығыс кеңістігін «тік жүретін адамдар» – Homo erectus-тар емін-еркін игерді. Олар қайтпас-қайсар адам түрі атануға әбден лайық, себебі жер бетін 2 миллион жыл бойы мекендеген адамзаттың ең тұрақты түрі еді. Бұл межеге адамның өзі жетер-жетпесін білмейміз. 2 миллион жыл тұрмақ, Homo sapіens алдағы мың жылда өмір сүрер-сүрмесі анық емес. Ява аралын мекендеген Homo soloensіs (Соло алабының адамы) тропиктік ендіктің тіршілігіне тез бейімделді. Индонезияның тағы бір түбегі – алақандай Флорес аралында ергежейлі тіршілік иелері қоныстанды. Су деңгейі төмендеп, аралға құрлық арқылы оп-оңай жетуге болатын кездері адамдар Флореске аттанды. Су деңгейі қайта көтерілген тұста, кейбір адам тіршілігі жұтаң аралдың еріксіз тұтқынына айналды. Тағам керек ірі адамдар алғашқылардың қатарында көз жұмды. Ал кішкентай адамдар тіршілік жалына жабысып күн кешті. Ұрпақтан-ұрпақ ауыса келе Флорес тұрғындары ергежейлілерге айнала түсті. Ғалымдарға Homo floresіensіs атымен белгілі бұл ғажайып түрдің бойлары метрден, салмақтары 25 килограмнан аспады, әйтсе де олардың батылдығына ешкім теңдесе алмады. Олар жергілікті пілдерді аулады, мұндағы пілдер де мықыр, тұрпаты бір тұтам ғана еді. 2010 жылы жадтан өшкен, көңілден көшкен заманалар жықпылында жоғалтқан тағы бір туысымыз оралды: Сібірдегі Денисов үңгіріне қазба жұмыстарын жүргізу барысында, тасқа айналған саусақ табылды. Генетикалық талдау қалтарыста қалған қаңқаның бұрын-соңды белгісіз болған адам түріне тиесілі екенін дәлелдеді, соған сәйкес оны «Денисов адамы», Homo denіsova деп атады. Басқа үңгірлер мен аралдарда, өзге климаттық белдемдерде әлі табылмаған тағы да біраз туысқандарымыз жатқан шығар, кім біледі... Осы адам түрлері Еуропа мен Азияда дамып жатқанда Шығыс Африкада да эволюция жалғаса берді. Адамзаттың бесігі жаңа түрлерді, соның ішінде: Homo rudolfensіs (Рудольф көлінің адамы); Homo ergaster (жұмыс істеуші адам); ақырында, бетіміз бүлк етпестен Homo sapіens (саналы адам) деп атаған өзіміздің төл, жеке түрімізді өсіріп-өндірді. Адамдардың кейбір түрлері алпамсадай, кейбіреулері ергежейлі болды. Олардың арасында алғыр аңшылар мен өсімдік жемісін жинауға епсекті терімшілер де жүрді. Біреулері бір аралдың шегінен шықпай тіршілік етсе, келесілері бүтін бір құрлықты игерді. Сөйте тұра, бұлардың бәрі Homo туысының өкілдері, қарапайым тілмен айтқанда, адамзат қауымы еді. Құдды осы түрлер бірін-бірі ізбасар ретінде алмастырып отырғандай: эргастер – эректусті, эректус – неандертальдықты, ал ол мына біздің осы туыстастығымызды туындатқан дегенге саятын адасқақ пікір етек жайған. Желілік модель жалған пайымға жүгіндіріп, уақыттың әр сәтінде жер жүзін бір ғана адам түрі мекендеді және ежелгі түрлердің бәрі қазіргі адамның ескірген түрлері деген жаңсақ байлам жасауға ұрындырды. Шын мәнінде, екі миллион жылға тарта уақыт бойы – шамамен 10 мың жыл бұрын бірнеше адам түрі бір мезгілде өмір сүрді. Мұны жоққа шығарудың жөні бар ма? Қазір де түлкілердің, аюлар мен шошқалардың көптеген түрі тіршілік етеді ғой. Осыдан 100 мың жылдай уақыт бұрын жер бетінде адамның алты түрі жосып жүрген. Қалыпты қағидаға қаяу түсіретін өзгеше жағдаят – (бұл бізге күмәннің көлеңкесін жамылдыратын ерекшелік) алуан текті өткеніміз емес, қазіргі кездегі жеке-дара сипатымыз. Көп ұзамай sapіens-тің өліп қалған туыстары туралы кез келген естелікті тұмшалап, тұншықтырып отыратын себебі бар екеніне көз жеткіземіз.
Ойлаудың қадірі Адамзат түрлерінің айырмашылығына қарамай, айқын аңғарылатын ортақ нышандары да бар. Ең алдымен, басқа жануарлармен салыстырғанда, адамдардың миы тым үлкен. Салмағы 60 килограмм тартатын сүтқоректілер миының орташа көлемі – 200 текше сантиметр болса, 60 килограмдық Homo sapіens-тің миы 1200–1400 текше сантиметр. 2,5 миллион жыл бұрын алғашқы адамдардың миы шамамен 600 текше сантиметр болды. Неандертальдықтың миы одан да үлкен еді. «Неліктен эволюция осы миды ғана қолдап, қолпаштады?» – деген сауалға жауап іздеп, бас қатырудың қажеті жоқ сияқты көрінеді. Өз зердемізге масаттанып, бас үлкен болған сайын ақыл асып-төгіліп жататынына сенеміз. Бірақ тап осы сеніміміз айнымас ақиқат болса, мысық тұқымдастар да математикалық талдауға қабілетті ұрпақ өрбітер еді ғой. Барша жануарлар патшалығынан неге тек бір ғана Homo туыстасы соншама салмақты да күрделі ойлау аппаратын иеленді? Ми неғұрлым үлкен болған сайын бүкіл дененің шығыны да соғұрлым көп болады ғой. Миды, әсіресе қазандай басты көтеріп жүру оңай емес. Ондай миды қоректендіру одан да бетер қиындық тудырады. Homo sapіens-тің жалпы салмағының 2-3%-ы мидың үлесіне тиеді, алайда қалыпты жағдайда ми денеден шығатын бүкіл энергияның 25%-ын тұтынады. Салыстырып көрелік: басқа приматтардың миы демалыс кезінде жалпы қуаттың 8%-ын ғана қанағат қылады. Ежелгі адамдарға ұлғайған мидың өтемі қымбатқа түсті: біріншіден, олар уақыттың көбін тамақ іздеуге жұмсады; екіншіден, олардың бұлшық еттері босаң тартты. Құдды қаржыны армияға емес, білім беру ісін дамытуға жұмсаған үкімет сияқты, адамдар бұлшық еттердегі күшті тартып алып, нейрондарды жетілдіруге жұмсады, ал бұл саванналарда күнелту үшін аса қолайлы амал емес еді. Шимпанзе адаммен ғылыми айтысқа түссе, жеңе алмайды, ал енді айқаса кетсе, лезде дал-дұлын шығарары хақ. Үлкен миымыз пайдамызға жарады, әйтпегенде машина мен зеңбірек ойлап тауып, шимпанзеден де әбжіл қимылдап, олармен айқаса кету орнына қауіпсіз жерде тұрып-ақ қару кезенбес едік қой. Көлік пен қару – қазіргі заманның жаңалығы. Екі миллион жыл бойы, адам басындағы нейрондар өсіп-жетіліп жатқан шақта, адамдар тасшақпақ пышағымен, сүңгілі таяғымен мақтанбай қайтеді? Ендеше, дәл осы 2 миллион жыл бойы адам миы ненің себебінен ұлғайды? Шынын айтсақ, бұл сауалдың жауабын таппадық... Адамның тағы бір ерекше қыры – тігінен жүретіні. Аяғынан қаз тұрып, саваннаны шолуға, жемтігін немесе дұшпанын алыстан көруге қолайлы. Жүріп-тұруға қатыспайтын қолдарымен түрлі бұйымдар жасауға, қыл аяғы: тас лақтыруға немесе тайпаластарына белгі беруге болады. Қол көбірек қызмет істеуге бейімделе түскен сайын, сол қолдардың иесінің тұрмысы да жақсара бастады. Міне, сондықтан эволюция алақан мен саусақтардағы жүйке талшықтары мен сезімтал бұлшық еттер санының көбейе түсуіне жағдай жасады. Соның нәтижесінде адам қолдарымен күрделі заттар жасауды, ең бастысы – қолайлы аспаптар құрастырып, кәдеге жаратуды үйренді. Аспап-саймандарды пайдаланудың алғашқы айғағы 2,5 миллион жыл бұрын көрінген. Дәл сол құрал-жабдықтарды өндіріп, пайдаға асыру ісі айқындаушы нышан саналады. Құралдарды зерттеген археологтар ежелгі адамдарды танып-біледі. Тігінен жүрудің пайдасына қоса зияны да болды. Арғы бабалар – приматтардың сүйек қаңқасы миллиондаған жылдар бойы төрт аяқтай жүгірген, әрі басы онша үлкен емес тіршілік иелерінің мұқтаждықтарын ескере отырып дамыған еді. Тігінен жүруге бейімделу әсте оңай шаруа болмай шықты, бұған қоса, осынау тұтас тұрпат, бүтін құрылымның үстіндегі қолақпандай қазанбасты бұлғаңдатпай, бір қалыпта ұстап тұру да едәуір күшті қажет етті. Алыстан көру қабілеті мен шебер қолдары үшін адамзат әлі күнге дейін мойынға ұялаған құяң, басты қысқан «сақина» түрінде өтем төлеп келеді. Әсіресе әйелдер екі есе өтем төледі. Тігінен жүру шарананың басы өсіп жатқан кезде жамбас ауқымын, демек, бала туу жолын тарылта түсті. Босану барысында қаза болу ықтималдығы біздің түр ұрғашыларының басты қаупіне айналды. Баланы басы жұмсақ әрі шағын кезде шала туған әйелдердің тірі қалу мүмкіндігі артып, жарық дүниеге көп ұрпақ алып келді. Осылайша, табиғи сұрыптау мезгілінен ерте босануды қолдады. Басқа жануарлармен салыстырғанда адамның перзенті «шикілеу» туады: құлыншақ туа сала құлдыраңдай желіп кетуге дайын тұрады, мысықтың бір айлық марғауы енесінен ажырап, өздігінен тамақ таба алады, ал адамның бөбегі көптеген жыл бойы өзін қоректендіріп, қорғайтын және оқытып-үйрететін ересектерге кіріптар болып, дәрменсіз күй кешеді. Осы жағдайдың өзі адам бойында ерекше әлеуметтік қасиеттерді дамытуға – тап сондай бірегей әлеуметтік мәселелердің пайда болуына алып келді. Жалғызілікті ана дәрменсіз бөбегін бағып-қағумен отырып қалса, өзін де, ұрпағын да асырай алмайды. Бала тәрбиелеу ісінде оған тума-туыстары мен көрші-көлемдерінің елеулі көмегі қажет болды. Адамды өсіріп-өндіруге тайпа немесе қауым ғана қабілетті еді. Эволюция берік әлеуметтік байланыс орнатып үйренгендерге қолайлы жағдай туғызды. Бұған қоса, жарық дүниеге жетілмеген қалпында келетіндіктен, адамның перзенті басқа жануарлар төліне қарағанда тәрбиелеуге және әлеуметтендіруге әлдеқайда тез көндігеді. Сүтқоректілердің көпшілігі жатырдан пеште күйдірген құмыра сияқты дайын күйінде шығады: қайтадан қалыптауға тырыссаң, оны сындырып не бүлдіріп аласың. Балалар ана құрсағынан балқыған шыны тәрізді қалыпта шығады – оларды шыр айналдырып, үрле, сөз дарыт, пішім бітір, әйтеуір, қалағаныңды істе. Сәбиден христиан немесе буддисті өсіріп, капитализмді немесе социализмді, соғысты немесе бейбітшілікті жақтаушы тұлғаны тәрбиелеп шыға аламыз.
* * * Мидың үлкендігін, құрал-жабдықты кәдеге жарата білуді, оқып-үйренуге қабілеттілік пен күрделі әлеуметтік құрылымды шүбәсіз басымдықтар деп есептейміз. Адамзат баласын табиғаттың падишасына айналдырған осы екені күмәнсіз сияқты. Адам тым әлсіз, тіпті мүмкіндігі шектеулі мақұлық бола тұра, әлгі басымдықтарды 2 миллион жыл бойы пайдаланды ғой. Адамдардың барлық түрінің жалпы саны миллионға да жетпеді, тіршілігі тұрлаусыз, мән-мағынасыз күндермен өтіп жатты. Олар үнемі жыртқыш жануарлардан қорқып жүрді, ірі аңдарды аулап жеудің сәті түсе бермеді, негізінен, өсімдіктерді талғажау етіп, жәндіктер мен ұсақ мақұлқаттарды аулап, өзінен күштілер мен ептілерден қалған өлекселердің өңезін мүжіп, қалт-құлт тіршілік кешті. Ежелгі тас қаруларды, негізінен, сүйекті шағып, миы мен жұлын майын алып жеу үшін пайдаланды. Кейбір ғалымдар адамның экологиялық еншісі, табиғаттағы орны осындай болды деп пайымдайды. Ағаш діңіндегі құртты қазып шығаратын тоқылдақ құс сияқты «ежелгі адамдар да жілік майын шағып жеуге маманданды» дейді. Неге дәл осыған? Кәне, елестетіп көріңізші: көз алдыңызда бір дүйім арыстан жирафты жайратып, тояттағанша жейді. Сіз тасада тапжылмай күтіп тұрасыз. Арыстандардан кейін қорқаулар мен шибөрілердің кезегі келеді – олармен шайқасуға шамаңыз жетпейді. Олар жираф етін жалап-жұқтап, қу сүйегін қалдырады, тек сол кезде ғана адамдар тобы әлгі аңға жақындай алады. Олар жан-жақтарына жалтақтай қарап, өздеріне қалған несібесін алуға – сүйек шағуға кіріседі. Бұл адам тарихы мен психологиясын түсінуге арналған кілт еді. Күні кешеге дейін Homo туыстасы азық-түлік пирамидасының жоғарғы, дұрысы, ортаңғы буынынан орын алып келді. Миллиондаған жылдар бойы адамдар ірі жыртқыштарға ұшырасып қалудан тайсақтап, ұсақ жануарларды аулады, қолына түскенін теріп жеді. Осыдан 400 мың жылдай бұрын ғана, олар ірі аңдарды тұрақты аулай бастады. Тек соңғы 100 мың жылда, Homo sapіens-тің пайда болуына байланысты, біз әлгі пирамиданың төбесіне көтерілдік. Аралық әрі кіріптар жағдайдан жойқын секіріспен ұшпаққа шығудың салдары сұмдық болды. Адам әйдік шыңға – әміршілік деңгейге көтеріліп көрмеді, ол оған бейім емес еді. Пирамиданың шырқау биігіне көтерілу үшін басқа жануарларға – арыстандарға, акулаларға миллиондаған жыл қажет болды, ал адам бұған қас қағым сәтте жетіп алды. Арыстандар мен акулалардың жаппай ойранынан аман қалу үшін экожүйеде тепе-теңдік сақталуы керек еді. Арыстандар қауіпті болған сайын, қарақұйрық та жүйтки түсті. Қорқаулар топтасып, мүйізтұмсықтар, керісінше, жеке-дара күнелте бастады. Ғаламшарымыздың көп жыртқышы – азулы мақұлықтар. Олардың миллиондаған жылға созылған дәурені айбынын тіптен асыра түсті. Ал sаpіens – тірлігі шатқаяқтаған мемлекеттің диктаторы сияқты. Иек астындағы заманда ғана саваннада бөтеннің күйін кешкендіктен, қорқыныш пен үрейден арыла алмадық. Дәл осы жағдай бізді тіптен қауіпті етіп, қатыгездендіріп жіберді. Тарихи апаттар, соның ішінде сойқан соғыстар мен табиғатты ойрандау – экожүйенің ұшар шыңына бет қаратпай, бәрін бұзып-жарып тез келгеніміздің кесірі екені сөзсіз.
Тумысынан азпаздар Шыңға шығар жолда отты қолға алу маңызды қадам болды. Оттың қай кезде, қайда және қалай болғаны жөнінде дәл ештеңе білмейміз. Адамның кейбір түрлері отты 800 мың жыл бұрын қолдана бастаған шығар. 300 мың жыл бұрынғы уақыттан бері Homo erectus, неандертальдықтар және Homo sapіens-тің арғы бабалары отты тұрақты пайдаланды. От жарық пен жылудың сарқылмас көзіне айналып, айналасында жемтік іздеп, аласұрып жүрген арыстандардан қорғады. Тағы біршама уақыт өтті, адамдар қорғаныстан шабуылға көшіп, алғашқы жаппай өндіріс қамына кірісті – ормандарды әдейі өртеді. От лапылдап жанып біткенше күте тұрып, тас ғасырының кәсіпкерлері түтіні бықсыған өртең жерді аралай жүріп, үйітіліп піскен жануарлардың еті мен сүйегін, жаңғақтар мен жеміс түйнектерін жинады. Адам жер аумағын игеруді де үйренді: орайымен жағылған от-жалын өткел бермей тұтасқан орман жынысын аста-төк азық алаңқайына айналдырды. Отпен келген ең үлкен нығмет – тамақ пісіру еді. Шикі қалпында біз жей алмаған тағам түрлері – бидай, күріш, картоп піскен күйінде тіршілігіміздің арқауына айналды. От азығымыздың химиялық құрамын ғана емес, биологиялық сипатын да өзгертті. Оттың ыстық табы етте құжынап жүрген микробтар мен паразиттерді өлтірді; адамдар жеміс-жидек, дән-жаңғақ, жәндіктер мен өлекселер тәрізді өздерінің үйреншікті тағамдарын енді жеңіл шайнап, қиналмай қорытатын болды. Шимпанзе қолына іліккенін құрғақтай жеп, күн сайын ауқаттануға бес сағаттай уақытын зая етсе, адам баласы ыстықтың табына түскен таудай тағамды бір сағатқа жетпейтін мерзімде жеп тауысады. Тамақ пісіруді үйренген соң, азық-түліктің жаңа түрлері пайда болды. Адам ауқаттануға аз уақыт жұмсады, енді оған айбалтадай өткір азу тіс пен шұбатылған ұзын ішектің қажеті болмай қалды. Кейбір ғалымдар отты меңгеру мен ащы ішектің қысқаруы және мидың ұлғаюы арасында тікелей байланыс бар деп есептейді: ұзын ішек те, үлкен ми да көп энергияны қажет етеді, сондықтан олардың екеуін бірдей «тойдыру» организмге қиындау. Ащы ішектің ұзындығы қысқарған сайын неандертальдық пен Homo sapіens-тің миы өсе түсті1. Отты игеру – адам мен басқа жануарлар арасын алшақтататын алғашқы сынаны қақты. Жануарлардың барлығы тек өз денесіне – бұлшық етінің мықтылығына, тісінің көлемі мен өткірлігіне, қанаттарының ауқымына байланысты қарекет қылады. Олар ауа мен су ағымдарын жетік пайдаланады, алайда табиғат күштерін басқара білмейді әрі әу бастан өз дене құрылымының ерекшеліктерімен шектеліп қалған. Мәселен, бүркіттер жерден көтерілетін ауа ағынын ұстайды да, кең құлаш қанатын керіп, әлгі ағынның өзін көкке самғатып әкетуіне мүмкіндік береді. Бірақ ол ауа ағынын өзіне қолайлы етіп бөліп-жара алмайды, барынша көтеру күші оның қанатының көлеміне сәйкес келеді. От жағуды меңгерген кезде адамдар басқарылатын әрі ешқашан да сарқылмайтын ресурсты құзырына бағындырды. Бүркіттен айырмашылығы адам отты қайда және қашан жағатынын өзі шешеді әрі сан түрлі мақсатқа пайдалана біледі. Ең бастысы: оттың күші әлдебір пішімге, құрылғыға немесе адам денесінің қуатына мүлде қатысты емес. Нәзік те әлжуаз әйелдің қолында шақпағы мен жермайы немесе алау ағашы болса, аз ғана уақыт ішінде аумағы атшаптырым орманды өртеп жібере салады. От жағуды меңгеру ісі болашақтың хабаршысы еді.
Өз бауырын күзеткен Оттың пайдалы болғанына қарамастан, 150 мың жыл бұрын адамдар әлі де шетқақпай көрген жаратылыс еді. Ендігіде, олар арыстандарды үркітіп, ызғырық түнде жылынып, кей-кейде орманды да өртей алды. Әйтсе де Индонезиядан Иберия түбегіне дейін шашырай тараған барлық түр – миллионнан аса ғана адам тіршілік етті, олар экологиялық аумақта соншалықты көп емес еді. Біздің түріміз, Homo sapіens, әлемдік аумақта пайда болса да, Африканың бір бұрышында, өз шаруасын күйттеп қана жүрген болатын. Алғашқы Homo sapіens қашан пайда болды және олар қайда өмір сүрді? Нақты бір жауаптың орнына толып жатқан қарама-қайшы теорияларға тап келеміз. Әйтсе де зерттеушілердің көпшілігі 150 мың жыл бұрын Шығыс Африкада, өз сөздерімен айтқанда, «анатомиялық көзқарас тұрғысынан қазіргі қалыптағы адамдар мекендеп жатты» дегенге маңдай тірейді. Сол адамдардың біреуі қазіргі заманның мәйітханасына түсе қалса, патологоанатом ешқандай ерекшелік аңғармас еді. Оттың арқасында тістері тізіліп, арғы аталарымен салыстырғанда жағы кішірейді. Миы да бүгінгі біздікіне жетеғабыл болып, үлкейді. Ғалымдар шамамен 70 мың жыл бұрын Homo sapіens Шығыс Африкадан Арабияға жетіп, сол жерден адам популяциясы Еуразия құрлығының негізгі бөлігіне шапшаң таралғанын есептеп қойды. Homo sapіens Арабияға жеткенге дейін, Еуразияның біраз бөлігін басқа адам түрлері мекендеп жатыр еді. Оларға не болды? Бірін-бірі терістейтін екі теория бар. Түраралық будандасу теориясы сексуалды құштарлық, қарым-қатынас жасау және сүйек шатысып, қан араластыру туралы сөз қозғайды. Африкадан шыққан келімсектер Жер шарын кезіп келе жатқанда, жолшыбай кезіккен сұлу қыздардың бәрін жар қылып, әйелдікке ала беріпті-міс. Мысалы, Sapіens Еуропа мен Таяу Шығысқа жеткенде, неандертальдықтарға кезікті. Даудың басы – баяғы неандертальдықтар. Олар sapіens-ке қарағанда күшті де қайратты болды, суық климатқа жақсы бейімделді, мидың көлемі жағынан да sapіens-тен қалысқан жоқ. Неандертальдықтар (Іnterbreedіng Theory) еңбек құралдары мен отты пайдаланды, аңды шебер аулады, сірә, өлгендерді жерлеп, әлсіз де ауру туыстарына қамқорлық жасаған да шығар. Археологтар мүгедек бола тұра егде жасқа жетіп өлген неандертальдықтың қаңқасын тапты, демек, оған тірісінде біреу жәрдемдесіп, бағып-қаққан. Сол кезге дейін неандертальдықтар ебедейсіз әрі ақымақ «үңгір адамы» есебінде кекесін-келемежге айналып келген еді. Соңғы жаңалықтар ол ойымыздан айнытатын сияқты. Түраралық қан араластыру теориясына сай sapіens неандертальдықтар жеріне табан тіреген кезде, sapіens-тер мен неандертальдықтар дүниеге ұрпақ әкеле бастады да, сол арқылы екі түр бірігіп, бір-бірімен жымдасып кетті. Олай болса, неандертальдықтар жоғалған жоқ: қазіргі еуразиялықтар – солардың жұрнақтары, таза қанды sapіens емес. Неандертальдықтар мен sapіens-тердің қан араластырғанындай, sapіens Шығыс Азияға жеткенде де жергілікті erectus-пен бас қосты. Сондықтан корейлер мен қытайлар sapіens пен erectus-тің ортақ ұрпағы. Ығыстыру теориясын (Replacement Theory) жақтаушылар бұл болжамды теріске шығарады: олардың пікірінше, sapіens-тер мен неандертальдықтар анатомиясы соншалықты жақын емес, бәлкім, жыныстық қатынасы да әрқилы болды, тіпті иістері келіспеді. Олар бір-біріне тап сонша құмартып, үздіге қойған жоқ. Ғайыптан тайып Ромео-неандертальдық sapіens-Джульеттаны ұната қалса, олардан ұрпақ өрбуі – неғайбілдеу нәрсе. Екі популяция бәрібір бірікпес еді, ал неандертальдықтар қырылып біткен кезде, олардың генетикалық мұралары да жойылып тынды. Мұндай жағдайда ежелгі популяция қазіргі адамға генетикалық із қалдырмастан жоғалып кетуі ықтимал. Олай болса, қазір өмір сүріп жүрген кез келген адамның шежіресін 70 мың жыл бұрын Шығыс Африкадан шыққан жұмбақтай бұлдыр бабалар легінен таратуға болады. Демек, бәріміз де «таза қанды sapіens-піз».
1-карта. Homo sapіens-тің Жер шарын бағындыру тарихы.
Осынау дау-дамайдың түп-тамырына көп нәрсе байланып тұр. Эволюциялық көзқарас тұрғысынан қарағанда, 70 мың жыл – тым қысқа мерзім. Ығыстырып шығару теориясы рас болса, онда жер жүзіндегі барлық адам бірдей генетикалық сипатты мирас етуге тиіс, ал нәсілдік айырмашылық аңғарылмай қалар еді. Ал енді қан араластыру теориясы шын болса, онда африкалық, еуропалық және азиялық тұрғындар арасындағы генетикалық айырмашылық әлдеқайда көне болып шығуы ықтимал, олар бірнеше жүздеген жылдар бойы өмір сүріп келе жатыр ғой. Бұл сөзде шындықтың сәл ғана ұшқыны байқалса, нәсілшілдер де бөркін аспанға атып, қауіпті теорияларын жариялап, саяси жарылыс жасар еді. Соңғы онжылдықта ығыстырып шығару теориясы үстемдік алды. Археологиялық олжалардың көпшілігі солардың сөзін сөйлейді және де саяси ұстамдылық талаптарына сай келді (адамзаттың бүгінгі нәсілдері арасындағы ұстынды айырмашылықты дабыралатқан нәсілшілдер дәйегіне дем беретін Пандор жәшігін ешкімнің ашқысы келмеді). Бірақ 2010 жылы бұл теория бас көтерместей жеңіліске ұшырады: неандертальдық генін төрт жыл зерттегендер қорытындысын жариялады. Генетиктер қазып алған сүйектерден қазіргі адам мен оның ықтимал бабасын салыстыруға жеткілікті материал жинады. Нәтижесі ғылыми ортаны дүрліктіріп тастады. Сөйтсе Таяу Шығыс пен Еуропаның қазіргі тұрғындары генінің 1–4%-ы неандертальдықтарға тиесілі екен. Соншалықты көп емес шығар, әйтсе де тым аз көрсеткіш те болмай тұр. Екі айдан соң Денисов үңгірінен табылған саусақты генетикалық талдау барысында таңғаларлық екінші жаңалықты ашты: әлгі сүйектегі бірегей адами геннің 6%-ы қазіргі меланезиялықтар мен Австралия тұрғындарына да тән екен! Осы зерттеу нәтижесі рас болса (зерттеу жалғасып жатқанын, алдын ала жасалған қорытындыны әлі бекіту немесе түзету керегін есте ұстаған жөн), онда қан араластыру теориясы ішінара шындыққа айналмақ. Әйтсе де ығыстыру теориясы да түгелдей жоққа шығарылмайды. Неандертальдықтар мен Денисов үңгірін мекендегендер қазіргі адамға өз генінің аздаған бөлігін бергенімен, «sapіens-тер» басқа адам түрлеріне бәрібір толықтай «ұласа» қойған жоқ. Екеуінің арасында тіршілік етуге қабілетті ұрпақ қалдыруға кедергі жасайтындай айырмашылықтар көп болмаса да, бәрібір екі түр өкілдері сирек зауықтасты (оның өзі зорлау әрекеті болуы әбден мүмкін). Будандасып, қан араластырды, бірақ мұны бір-біріне ұласып, бүтіндей қосылу деудің жөні жоқ. Ендеше, sapіens-тер, неандертальдықтар мен Денисов үңгірінен шыққандардың биологиялық туысқан түр екенін немен түсіндіреміз? Олардың жылқылар мен есектер сияқты екі бөлек түрге жатпайтыны да белгілі. Екінші жағынан, олар бульдог пен спаниельдер секілді бір түрдің екі туысы да емес. Бұл жөніндегі биологиялық шындықтың өзі ақ-қара түсті, яғни екі-ақ реңке ие. Оның маңызды сұрғылт түстері де бар екенін естен шығармау керек қой. Жылқы мен есек сияқты ортақ бабадан тараған кез келген екі түр, кезінде бульдог пен спаниель сияқты бір ғана түрден тараған еді. Екі туыстың бір-бірінен қатты өзгешелене бастаған кездері де болған шығар, дегенмен олар өзара жұптасып, ұрпақ та әкелетін. Кейінгі өзгерістер олардың арасын жалғап тұрған соңғы байланыстырушы жіпті үзіп жіберді де, әрқайсысы жеке эволюциялық жолға түсті.
* * * 50 мың жыл бұрын sapіens, неандертальдықтар мен Денисов үңгірінің адамдары да сол бөлінудің ең соңғы шегіне жетіп қалған еді. Олар жеке түрге айнала қоймаса да, сол күйге жетеғабыл болды. Алдағы тарауда sapіens-тердің неандертальдықтар мен Денисов үңгірі адамдарынан генетикалық коды мен физикалық ерекшеліктері ғана емес, когнитивті және әлеуметтік мүмкіндіктері де өзгеше бола бастағанына көз жеткіземіз. Sapіens-тер мен неандертальдықтардың ортақ ұрпақ өрбітуі қиындай бастаған секілді. Осылайша, популяциялар қосыла алмады, десек те, неандертальдықтардың бағы жанған кейбір гендері sapіens express-ке айналды. «Біздер, sapіens-тер, өзге түр жануарларымен жұптасып, ортақ ұрпақ әкеле аламыз» деген ойдың өзі көңіл алаңдатады.
3. Неандертальдық бала кейпінің тамаша реконструкциясы. Генетикалық деректер неандертальдықтардың (бәлкім, кейбіреулерінің терісі ақ, шашы сары болуы мүмкін екенін көрсетеді. Неандертальдықтар sapіens-тердің ассимиляциясына түспеген болса, қайда кетті? Ықтимал жауабы мынау: олар Homo sapіens-пен бәсекеге төтеп бере алмай, жойылып тынды. Көзге елестетіп көрелік: sapіens-тер жүз мыңдаған жылдар бойы неандертальдықтар жайлаған Балқан алабына аяқ басты. Келімсектер бұрыннан жергілікті тұрғындар қорек еткен бұғыларды аулап, жаңғақтар мен жемістерді тере бастады. Олар неандертальдықтарға қарағанда аңшы әрі терімші ретінде әлдеқайда епті еді, озық технологияларды игеріп, тәуір ұйымдасты, сондықтан тез көбейіп, жаңа жер аумақтарын басып ала берді. Ойлауға орашолақтау неандертальдықтар енді қарын тойдыра алмайтындай халге жетті. Популяция азайып, біртіндеп қырыла бастады, бәлкім бір-екеуі аман қалды. Міне, сол аман қалған санаулы неандертальдық көрші қонған sapіens-терге қосылып, мидай араласып кеткен шығар. Бұдан басқа да болжам бар: ресурсқа бола басталған бәсеке, зорлық-зомбылық пен геноцидке ұласты. Sapіens-тер қай кезде де төзімсіз еді. Қазіргі тарихта да терінің түсіндегі, диалекті мен діндегі болмашы айырмашылыққа бола, sapіens-тердің бір тобы екіншісін қынадай қырып жатады ғой. Ендеше, ежелгі sapіens-терден мүлде басқа адам түріне қатысты төзімділік күтуге бола ма? Неандертальдықтарға кезіге қалған sapіens-тер өзінің тас түнек тарихында тұңғыш әрі түбегейлі этникалық тазалау қарекетін қолға алуы әбден мүмкін. Қалай болғанда да, неандертальдықтар бізге алғашқы «егер де» деген тарихи сөз ләмін қалдырып кетті. Ойлап көріңізші, егер де неандертальдықтар Homo sapіens-пен қапталдаса өмір сүре бергенде, тарих ауаны қалай өзгерер еді? Әр алуан адам түрлері тіршілік ететін әлемде қандай мәдениет, қандай қоғам, қандай саяси құрылымдар қалыптасуы мүмкін? Мәселен, дін қалай дамитын еді? «Болмыс кітабы» неандертальдықтарды Адам ата мен Хауа ананың ұрпақтары ретінде жариялап, Иса пайғамбар солардың күнәсін өтеу үшін өлер ме еді? Құран кәрім түр-тұқымына қарамастан, иман келтіргендердің барлығына жұмақтан орын тілер ме екен? Неандертальдықтар Рим легиондарында, шырмауықтай ширатылған қытай бюрократиясында қызмет істей алар ма еді? Американың «Тәуелсіздік декларациясын» айнымас ақиқаттай көріп: «Homo туыстасының барлық мүшелері тең» деп жар салар ма екен? Карл Маркс «барлық адам түрлерінің пролетарларын бірігуге» шақырар ма еді? Соңғы 10 мың жылда Жер шарындағы жалғыз адам түрі Homo sapіens деген пікірге үйренісіп кеткеніміз сонша, басқаша мүмкіндіктерді көзге әзер елестетеміз. Аға-ініміз бен апа-сіңліміз жоқта біз бен жануарлар патшалығы арасында даңғайыр алшақтық жатқанына масаттанып, өзімізді жаратылыстың шоқтығы санау оп-оңай. Чарльз Дарвин адамның да жануарлар әлеміне жататынын ишаралаған кезде, замандастары тұлан тұта ашуланды. Иә, қазір де көпшілік бұған қарсы шығады. Неандертальдықтар тірі қалғанда да, өзімізді айрықша жаратылыс үлгісі ретінде әспеттей берер ме едік? Арғы ата-бабаларымыз елемейін десе – өздеріне тым ұқсас, бауырына тартайын десе – мүлде басқа туыстарын сол үшін құртып жіберді ме екен? Sapіens-тердің кінәсінен бе, әлде басқа ма, әйтеуір олар жаңа қонысқа келгеннен кейін, бұрынғы жергілікті тұрғындар қырылып қалды. Homo soloensіs-тің ең соңғысы осыдан 50 мың жыл бұрын өмір сүрді. Көп ұзамай, Homo denіsova да жойылды. Неандертальдықтар тарих сахнасынан шамамен 30 мың жыл бұрын кетті. Соңғы «ергежейлі адамдар» 12 мың жыл бұрын Флорес аралын кезіп жүрді. Олардан сүйектер, тасшақпақ құрал-саймандар қалды. Иә, олар оған қоса ДНҚ-мызға бірнеше гендер мен басымызды шыр айналдырған самсаған сауал қалдырды. Олар бізді де, Homo sapіens-терді – соңғы адамдардың түрін де тастап кетті. Sapіens-тердің бетқаратпас жеңісінің себебі неде? Қалайша біз бір-бірінен шалғай әрі экологиялық тұрғыдан ұқсамайтын аймақтарға тез бейімделіп, жедел жайғасып алдық? Қалған адам түрлерінің барлығын жадтан тыс түнекке қалай қуып тықтық? Тіпті дилы да милы, суыққа қыңбайтын неандертальдықтар біздің қыспағымызға қалайша төтеп бере алмады? Дау саябырсыр емес. Ең сенімді жауап пікірталасты одан сайын өршіте түседі: Homo sapіens, ең алдымен, ортақ тілінің арқасында әлемді жаулады.
2-тарау
Таным діңі
Өткен тарауда sapіens Шығыс Азияны 150 мың жыл бұрын мекендесе де, 70 мың жыл бұрынғы уақытта ғана Жер шарының қалған бұрышына қоныстанып, адамның өзге түрлерін жойып жібергенін айттық. Жүз жыл бұрын Шығыс Африкада өмір сүрген sapіens-тердің анатомиялық құрылысы бізден ерекшеленбейді. Олардың миы – көлемі жағынан да, пішіні жағынан да тап біздікіндей еді. Бұл sapіens-тер күрделі құралдар жасап, көрнекті бірдеңе өндірген емес, тұтастай алғанда, адамдардың өзге түрлерінің алдында мақтанарлықтай әлдебір елеулі артықшылыққа ие бола алмады. Sapіens-тер неандертальдықтармен ең алғаш кезіккенде, неандертальдықтардың мерейі үстем еді. Sapіens-тердің кейбірі жүз мың жыл бұрын неандертальдықтар жайлаған Левантқа жеткенімен, ол жерден баянды тұрақ таппады. Не жергілікті тұрғындар қарсылық көрсетті, не ауа райы жақпады, не организмдері жергілікті паразиттерге бейімделе алмады, әйтеуір sapіens-тер Таяу Шығысқа неандертальдықтардың тұтастай үстемдік орнатуына мүмкіндік беріп, кері шегініп кетті. Осы сәтсіздік сол кезеңде sapіens миының ішкі құрылысы қазіргіден өзгешелеу түзілген деп топшылауға мүмкіндік береді. Бұл адамдар мына біз сияқты еді. Бірақ олардың таным қабілеті – жаңаны тану, есте сақтау, тіл табысу білігі әлдеқайда төмен болды. Ежелгі sapіens-ке ағылшын тілін үйрету, христиан ілімін дарыту немесе эволюция теориясын түсіндіру бос әурешілік болар еді. Бірақ бізге де олардың тілін меңгеріп, ой ағымын аңдау оңайға түспесі анық. Әйтсе де 70 мың жыл бұрын Homo sapіens әсте күтпеген әрекет жасады. Sapіens-тердің үлкен легі Африкадан екінші мәрте шықты. Бұл жолы олар неандертальдықтар мен басқа да туыстарын Таяу Шығыстан ғана тықсырып шығармай, жер бетінен біржола жойып жіберді. Тым қысқа мерзімде олар Еуропа мен Шығыс Азияға жетіп барды. 45 мың жыл бұрын sapіens-тер мұхитты көктей өтіп, жағалауына адам аяғы жетпеген Австралияға табан тіреді. Адамдар қайықты, майшамды, жебелі садақ пен инені ойлап тапты (яғни жылы киімдер тігуді үйренді). Алғашқы зергерлік бұйым әрі өнер туындысы ретінде сенімді түрде бағамдайтын заттар дәл осы кезеңде жасалған (Штадель үңгірінен табылған «арыстан-адамның» осы тараудағы суретіне қараңыз), ендеше, сол кезде діннің, сауда-саттық пен әлеуметтік жіктелімнің қалыптасқанына бұлтартпас дәлел табылды ғой. Зерттеушілердің көпшілігі осынау теңдессіз жетістіктерді революцияның жемісі деп есептейді: неандертальдықтармен бәсекеде мерейі үстем шыққан, Австралияға қоныстанған, піл сүйегінен штадельдік арыстан-адамды бәдіздегендер мына біз сияқты ойлап, сөйлеп жүрген еді. Штадель үңгірінен шыққан суретшілермен танысып, олардың тілін үйрене алар едік, өйткені олар – біз. Оларға білетініміздің барлығын – Кереметтер еліндегі Алисаның хикаяларынан бастап, квантты физиканың қарама-қайшылықтарына дейін түсіндіріп берер едік, ал олар бізге мынау дүниені өздерінің қалай ұғынатындарын әңгімелер еді. Когнитивті революция деп 70–30 мың жылдар бұрынғы кезеңде қалыптасқан ойлау мен тілдесудің жаңа тәсілдерін атайды. Мұндай революцияға не түрткі болды? Мұны анық білмейміз. Ең көп тараған теория кездейсоқ генетикалық мутация – адам миының ішкі «жемісін» өзгертіп, sapіens-тер ойлау мен сөз тіркестерін пайдаланып, тілдесу білігін бойға дарытқанын алға тартады. Бұл мутацияны «таным діңі» деп атауға болады. Мутация неліктен неандертальдықтың бойында емес, sapіens-тің генінде жүрді? Бұл, біздің пайымдауымызша, таза кездейсоқтық еді. Таным діңінің себептерін емес, салдарын ой елегін өткізу маңыздырақ. Sapіens жаңадан игерген тілдің ерекшелігі не, онымен әлемді қалай жаулап алды?* Бұл жер бетіндегі алғашқы тіл емес еді. Жануарлардың әрбір түрінің өз тілі бар. Тіпті жәндіктер, аралар, құмырсқалар аса күрделі әдіппен тіл қатысып, бір-біріне азықтың көзі туралы хабарлайды. Жануарлар, соның ішінде ірілі-ұсақты маймылдардың барлығы дыбыстық сигналдар арқылы тілдеседі. Мысалы, жасыл мешіндердің тілі алуан түрлі қышқырудан тұрады. Зоологтар солардың арасынан кейбіреулерінің: «Сақ бол! Бүркіт!» (және сол сияқты: «Сақ бол! Арыстан!») деген дыбыстық белгінің мағынасын шеше білді. Зерттеушілер таспаға жазылған алғашқы айқайды естірткенде мешіндер қалт тоқтап, аспанға үрейлене қарады, ал екінші дыбыстық дабылды қосқанда, бәрі жаппай ағаштың басына қарай өрмелей жөнелді. Жасыл мешіндерге қарағанда sapіens-тер әлдеқайда айқын дыбыстар шығарды, бірақ мұндай қабілеттен піл де, кит те құралақан емес қой. Тотықұс адамның аузынан шыққан сөздің бәрін, сондай-ақ басқа да дыбыстарды: телефонның шылдырын, есіктің шиқылын, сиренаның бажылдағанын айнытпай қайталай алады. Сонда біздің тіліміз несімен ерекшеленеді? Әдетте адам тілінің негізгі артықшылығы ретінде оның икемділігін сөз қыламыз. Дыбыстар мен ым-ишараның аздаған мөлшерін әрқилы құрылымға біріктіре отырып, сан алуан мағынасы бар сөйлемдердің таусылмастай тізбегін жасап шығара береміз. Демек, қоршаған орта туралы ақпараттардың алапат мөлшерін қабылдап алып, сақтаймыз әрі тарата аламыз. Жасыл мешін серіктеріне: «Сақ бол! Арыстан!» – деп ескерту жасауға ғана қабілетті, ал адам дос-жарандарына таң әлетінде өзен бойынан арыстанды көргенін, ол бизондарды қуалап жүргенін майын тамыза әңгімелеп береді. Ол бүкіл мән-жайды: арыстанды қай тұстан көргенін, оған қандай жолмен бару қолайлы екенін нақтылап бере алады. Осы ақпаратты алып, адамдар арыстанды өзен бойынан қуып тастап, бизонды өздері аулау жайын кеңесуі мүмкін. Екінші теория адам баласының теңдессіз тілі қоршаған орта туралы ақпаратты тарату құралы ретінде дамығаны жөніндегі бірінші байламмен келіседі. Бірақ «маңызды ақпарат арыстандар мен бизондарға емес, адамдардың өздеріне ғана қатысты еді» деген пікірге табан тіреп тұрып алады. «Тіл, – дейді бұл теория, – өсек айтуға құмарлықтан туындады». Homo sapіens – қоғамдық жануар. Біз тұрақты түрде өзара әрекеттесудің арқасында күнелтіп, тіршілік етеміз. Адамдарға арыстан мен бизонның қай жерде жортып жүргенін білу жеткіліксіз, оларға тайпа ішінде кім кімді жек көретінін, кіммен көңіл жарастырып, тілек жұптастырғанын, кімге сеніп, кімге сенуге болмайтынын білу әлдеқайда маңыздырақ.
4. Германиядағы Штадель үңгірінен (32 мың жыл бұрын) табылған «арыстан-адамның» (немесе «арыстан-әйелдің») мүсіні. Адамның кеуде тұрқына арыстанның басын орнатқан. Алғашқы өнер туындысы әрі мына өмірде кездеспейтін заттарды қиялдап, бейнелеуге адам қиялының қабілеттілігін көрсететін дәлел. Адамдардың үнемі өзгеріп тұратын қарым-қатынасын бағамдау үшін көкейге жиып, жадта сақтау керек ақпараттар саны ашыған қамырдай күмпиіп өсе береді (50 адамнан тұратын компанияның өзінде 1225 өзара қарым-қатынас пен одан да көп күрделі комбинациялар қалыптасады екен). Маймылдардың бәрі әлеуметтік ақпаратқа елең ете қалады, бірақ өсек айту олардың қолынан келмейді. Бәлкім, неандертальдықтар мен Homo sapіens-терге де сумаңдап, біреудің сыртынан тіл безеу оңайға түспеген шығар. Адамның өсекке бейімділігі әдетте талқыға түсіп, күстаналана тұра, үлкен ұжымдарда ынтымақтастық ахуалын орнатуда аса маңызды рөл атқарады. Осыдан 70 мың жыл бұрын sapіens-тер меңгерген соны лингвистикалық дағдылар бірнеше сағат бойы өсек айтуға мүмкіндік берді. Кімге сенуге, ал кімге сенуге болмайтынына қатысты шынайы ақпараттар шағын топтардың ірі қауымдарға бірігуіне септесті де, sapіens-тер арасында ынтымақтастықтың күрделі де етене түрлері қалыптасты1. Өсек теориясы әзіл іспетті көрінуі мүмкін, алайда қисапсыз зерттеулер оны қуаттап отыр. Тіпті қазіргі кездегі тілдесулеріміздің – электронды почта арқылы жіберетін хаттардың, телефонмен шүйіркелесудің, газет мақалаларының негізгі бөлігін өсек-аяң құрайды екен. Өсектің біз үшін табиғилығы сонша, тіліміз тек соған ғана арналғандай көрінеді. Әлде сіз тарих пәнінің оқытушылары түскі ас ішу кезінде Бірінші дүниежүзілік соғыстың себептерін талқылап, ядрошы-физиктер ғылыми конференцияның үзілісінде кварк жөнінде сөз таластырады деп ойлайсыз ба? Иә, кейде ол да болады. Дегенмен олар күйеуі көзіне шөп салғанын әшкерелеген профессор әйел туралы, кафедра басшысы мен декан арасындағы дау-дамай жайында, әріптестерінің ғылыми грантты «Лексус» сатып алуға қалай жұмсағаны жөнінде өсекті бұрқыратады. Әдетте өсек-аяң кемшіліктер мен теріс қылықтарды ілік қылады. Өсекшілер «төртінші биліктің» – қоғамды сақтандырып, сол арқылы алаяқтар мен тоғышарлардан қорғап қалатын журналистердің арғы аталары саналады. Зады, екі теория: «Ана жақта – арыстан – өзен бойында» да, өсек ілімі де дұрыс сияқты. Тіліміздің ғажаптығы, адамдар мен арыстандар туралы ақпаратты бере білуінде емес, ешқашан көрмеген, естімеген және иіскемеген заттар жөнінде де хабар тарата алу қабілетінде жатыр. Білуімізше, тек sapіens-тер ғана болжалды тіпті деректерге қайшы келетін нәрселерді талқылай біледі. Аңыз-әпсаналар, мифтер, діндер когнитивті революцияның нәтижесінде пайда болды. Жануарлардың көпшілігі, соның ішінде адамдардың әр алуан түрлері бұрын да: «Сақ бол! Арыстан!» деп ескерте білді. Когнитивті революцияның арқасында Homo sapіens «Арыстан – біздің тайпаның рухы, қорғаушысы!» деген сыңайдағы сөз айтуды үйренді. Қиялдағыны талдау – sapіens-тер тілінің ең ғаламат қасиеті. Мына тірлікте жоқ нәрсе туралы әңгіме айтып, таңғы ас алдында алты ақылға сыймайтын сөзге сене салу, Homo sapіens-тің ғана қолынан келетін іс екенінің өзі даусыз дерек. О дүниеге, жұмаққа және бірнеше есе жақсылық боп қайтарын айтып, емексітіп, мешінді жеп отырған бананын бөлісуге көндіре алмайсыз. Ойдан шығарылған, қиялда қалықтаған нәрселерге сену неліктен маңызды көрінеді? Ол ашық күнде адастырып, шын болмыстан алшақтатып жібереді ғой. Тіршілікте жоқ аруақ-жебеушілерге сыйыну – уақытты текке зая ету емес пе, одан да алтыннан ардақты сағаттарды нәпақа табуға, дұшпандармен айқасуға немесе нақсүйермен ойнап-күлуге жұмсаған жөн шығар? Басы бостекі қиялға толған адам шын дүниедегі тірлікке жарамсыз болып қалмай ма? Әйтсе де қиялдың тілі адамның ойдан шығарған әңгімеге жай ғана елігіп қоймай, ұжымдасқан түрде қиял тілін дамытуға жол ашты. Баршаға ортақ мифологияны: жаратылыстың інжілдік тарихын, австралия аборигендерінің бағзы замана туралы әпсаналарын, қазіргі мемлекеттердің ұлтшылдық мифтерін құрастыруды үйрендік. Ортақ мифология sapіens-тің үлкен ұжымдарда епсекті ынтымақтастық жасау қабілетін еселей арттырды. Құмырсқа мен аралар да үлкен топ құрайды. бірақ олар міндетін қатаң әрі өз «отбасында» бұлжымас ереже бойынша атқарады. Қасқырлар мен шимпанзелердің ынтымақтастығы әлдеқайда икемді, қағидаларға сүйенеді, алайда етене таныс үйірлестерінің аздаған бөлігімен ғана топтасады. sapіens-тер болса, кез келген бейтаныспен серіктесе кетуге қабілетті. Міне, неліктен sapіens-тердің бүкіл әлемді басқаратынын, құмырсқалардың біздің қалдығымызды теріп жеп, шимпанзелердің хайуанаттар бағының торы мен ғылыми зертханаларға қамалып, мөлиіп отыратынын осыдан аңғаруға болады.
Тарих "Peugeot" аңызы Біздің жұрағатымыз – шимпанзелер әдетте бірнеше мүшеден құралған шағын үйірімен өмір сүреді. Оларда берік сыйластық ахуал қалыптасып, бірге аң аулайды, бабуиндерге, гепардтар мен бөтен шимпанзелерге жұп жазбай қарсы шайқасады. Үйірде күрделі иерархия бар. Басшысын, негізінен, ол еркек болады, «альфа-аталық» деп атаймыз. Қалғандары оған құрмет көрсетіп, мыңқылдап, құдды билеуші алдындағы тәумендердей бүгіле бас иеді. Альфа-аталық өз патшалығына әлеуметтік жарасым орнатады: екі бағынышты төбелесе қалса, араша түсіп, тәртіпсіздікті доғарады. Қоғамға пайдалы осынау қызметі үшін альфа өзін-өзі тамақтың «күлшелі» бөлігімен марапаттап, қалауы құлаған ұрғашыларға бәсекелестерін жолатпайды. Екі аталық басымдыққа жету үшін ерегісе қалса, әрқайсысы үйірдегі еркек, ұрғашы жыныстылардан сыбайластар одағын құрайды. Одақ мүшелері арасындағы байланыстар күн сайынғы етене араласу амалдарымен: құшақтап сипаумен, сүйіп, битін сығумен және басқа да өзара қызмет көрсетулермен нығаяды. Сайлау науқанында адамдар бір-бірінің алақанын құшырлана қысып, балақайдың маңдайынан сипауға әуес болып кететіні секілді, үйір тізгінін қолына алуға үмітті шимпанзе де өзге шимпанзелерді сүйгіштеп, арқасынан қаққыштап, құшақтап бағады. Альфа-аталық күшті болғанынан емес, үлкен әрі тұрақты одақ құра білгенінен де жеңімпаз атанады. Мұндай басты одақтар «Альфа» атағын алу үшін ғана емес, күнделікті өмірде де маңызды. Одақ мүшелері уақытын бірге өткізіп, ас-ауқатты бөлісіп, қиын-қыстау кезеңде біріне-бірі көмек қолын созады. Топтардың көлемі қатаң шектеледі: барлық мүшелері бірін-бірі жақсы танитын болғанға дейін топ ынтымақты болады. Бір-бірін тұңғыш көрген, бір-біріне ешқашан қырындамаған әрі жауласпаған екі шимпанзе кездесе қалса, алдындағы бейтанысқа сенім артып, жәрдемдесуге бола ма, жоқ па, қайсымыздың күшіміз басым деп дал болады. Топтағылар саны өскен сайын тәртіп бұзылады, ақырында, үйір ыдырап, мүшелерінің біраз бөлігі жаңасын құрады. Табиғи жағдайларда шимпанзелер тобының 20–50 мүшесі болады. Топ құрамы тым өсіп кетсе, тұрақсыздық басталады. Биологтар 100 маймылдан асатын топты өте сирек кездестірген. Зерттеушілер топтар арасындағы ұзаққа созылған соғыстарды, тіпті бір топ келесілерінің мүшелерін жүйелі түрде қырып отырған «геноцидін» хатқа түсірген2. Сірә, ежелгі адамдардың, соның ішінде алғашқы Homo sapіens-тің де тіршілігі осындай әдіппен өрбіген болуы керек. Әлеуметтік инстинкт шимпанзе сияқты адамдарды да достық қарым-қатынас құрып, иерархия орнатуға жетелеген: олар да қауымдаса аң аулап, жабыла жаумен шайқасқан. Алайда ежелгі адамның әлеуметтік инстинктері шимпанзенікі тәрізді шағын топтарда ғана тұрлаулы болған. Топ мүшелері көбейген сайын әлеуметтік байланыстары әлсіреп, ыдырай бастады. Тіпті құнарлы алқап 500 ежелгі sapіens-ті асырағанымен, кім көсем болуға тиістігіне, кім қай жерде аң аулап, кіммен жұптасуға ерікті екеніне келісе тұра, осыншама бөгде адамдар ешқашан бір-бірімен сыйыса алмады. Когнитивті революцияның нәтижесінде sapіens-тер бұрынғыдан да ірі және тұрақты топтарға біріге бастады. Мұнда өсек айта білу дағдысы елеулі рөл атқарды. Бірақ өсек-аяңның да шегі бар ғой. Әлеуметтік зерттеулердің көрсетуінше, өсек біріктіретін топтардың «табиғи» шегі – 150 адам екен. Адамдар өз түрінің өкілі жүз елуден асып кеткендерімен тіл табыса алмайды, ендігіде қалғандары туралы айызы қана өсек айтуға көшеді екен. Тіпті қазіргі кезде де адамның ұйымдастырушылық қызметіне арналған қалыпты деңгей осы сиқырлы санмен шектеледі. Осы шектегі компаниялар, әлеуметтік желілер, қоғамдық ұйымдар мен әскери бөлімшелер етене таныстық және өсек-аяң негізінде әрекет етеді. Жасанды иерархияның, шен-дәреже мен ережелердің тәртіп сақтауға қажеті шамалы3. 30 солдаттан тұратын взвод пен тіпті 100 сарбаздан құралған ротаның өзі сыртқы тәртіпті қажетсінбей, ішкі байланыстарының арқасында тамаша қызмет атқара береді. Құрметке ие сержант «патшаға» айналады, оған офицерлер де құлақ асады. Отбасылық бизнес директорлар кеңесі, бас директоры мен бухгалтериясы жоқ болса да гүлденіп, өркендей береді ғой. 150 адамдық шектен асып кетсе, бұрынғы құрылымдар жұмыс істей алмайды. Мың солдаттан тұратын дивизияны взвод сияқты басқару мүмкін емес. Табысты отбасылық бизнес өсіп-өркендеп, көп қызметкер жалдауға тура келсе, дағдарысқа ұшырайды. Сол сәтте қайта құрылмаса, компания әдетте тоқырап тынады. Homo sapіens бұл табалдырықты аттап өтудің амалын қалай тауып, ондаған мың адам тұратын қала тұрғызды, жүздеген миллион халқы бар империялар құра білді? Тап осы жерде қиялдың тілі кәдеге асты. Миф біріктірсе, бір-бірімен таныс емес адамдардың ауқымды шоғыры ырысты ынтымақтастыққа жетеді. Кез келген кең көлемді – жаңа замандағы мемлекеттен ортағасырлық шіркеуге, антикалық қала мен ежелгі тайпаға дейінгі адамдар ынтымақтастығы қиялда ғана жүретін ортақ мифтен өрбиді. Өмірде бірін-бірі көрмеген екі католик бірге крест жорығына аттана алады немесе госпиталь салуға қажет қаржы жинай алады, өйткені екеуі де Құдай адам кейпіне еніп, күнәмізді жою үшін өзін ағашқа кере шегелеп тастауға ықтиярлы болғанына сенеді. Мемлекет ұлттық мифтерге арқа сүйейді. Серб ұлты мен елінің, серб туына сенетін екі бейтаныс серб бір-бірін сөзсіз түсінеді. Корпорациялар өзінің экономикалық мифтерін құрастырады. Сот жүйесі бірегей құқықтық мифтер есебінен өмір сүреді. Бейтаныс екі заңгер тіл табыса кетеді: қаламақысын алған олар – заңдардың, әділеттілік пен адам құқықтарының барына сенеді. Алайда осылардың барлығы адамдар ойдан шығарып, бір-біріне айтып жүрген қиялда ғана ғұмыр кешеді. Шынайы өмірде Құдай да, ұлт пен корпорация да, ақша да, адам құқықтары мен заңдар да жоқ, әділеттіліктің өзі адамдардың ұжымдық қиялында ғана. Жабайы тайпалар әлеуметтік құрылысын елестер мен аруақтарға сену арқылы нығайтқаны баршаға мәлім; олар ай толған кезде от алауының төңірегіне жаппай салттық би билеуге жиналды. Біз, қазіргі заманғы ұйымдар да, тап солай жасайтынын аңғара бермейміз. Корпоративті алып көрелікші. Қазіргі заман бизнесмендері мен заңгерлері де – құдіретті шамандар. Олар мен ежелгі шамандар арасындағы аз ғана айырмашылық бар: заңгерлер бүгін әлдеқайда түсініксіз нәрселерді айтады. Бұған «Peugeot» туралы аңыз тәуір мысал бола алады. Әлемнің барлық түкпірінде – Парижден Сиднейге дейін кездесетін автомобильдерге, жүк машиналары мен мотоциклдерге штадель арыстанын аздап еске салатын аң сұлбасы сән беріп тұрады. Бұл төлтаңба Еуропадағы байырғы әрі ауқымды автоөндіруші «Peugeot» өнімдерін әшекейлейді. Компания Штадель үңгірінен 300 шақырым қашықтықта орналасқан Валентиния мекеніндегі құбатөбел отбасылық бизнестен бастау алды. Қазір мұнда әлемнің шартарабына шашыраған, көпшілігі бірін-бірі танымайтын 200 мыңға тарта қызметкер бар. Осы бейтаныс жандар тату әрі тиімді жұмыс істеді. 2008 жылы компания 1,5 миллион автомобиль шығарды, 55 миллиард еуро пайда тапты. «Peugeot SA» (ресми түрде осылай аталады) компаниясының тірлігі туралы қай мағынада айтып отырмыз? Жан-жағымызға көз салсақ, «Peugeot» автомобильдері толып жүр, алайда компанияның өзі көрінбейді. Тіпті «Peugeot» автомобильдерінің бәрін бір мезгілде металл қалдықтарын жинайтын жерге жіберсе де, «Peugeot SA» жоғалып кетпесі анық. Ол жаңа машиналар шығаруын жалғастырып, жыл сайынғы есептерін жариялай берер еді. Компанияның зауыттары, станоктары, демонстрациялық талондары бар. Механиктерді, бухгалтерлер мен хатшыларды жұмысқа жалдайды, бірақ бұлар да мүлік емес, жинақтай айтқанда, бұл адамдар да «Peugeot» компаниясының өзі емес. Табиғи апат оның бүкіл қызметкерін қаза қылып, құрастыру цехтарын да, кеңселерінде де тып-типыл етсе, компания бәрібір несие алып, жаңа жұмыскерлер шақырар, зауыттар салып, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алар еді. Компанияның басшылығы мен акционерлері бар, бірақ олар компанияның өзі емес. Менеджерлердің барлығын жұмыстан шығарып, бүкіл акцияны сатып жіберсе де, компания сақталып қалады.
5. Peugeot арыстаны.
Бұдан «Peugeot SA» отқа салса – жанбайтын, суға салса – батпайтын мәңгілік нәрсе деген қорытынды тумаса керек. Судья компанияны жабу туралы қаулы шығарса, зауыт ешқайда кетпейді, жұмысшылар, бухгалтерлер, менеджерлер мен акционерлер тірі қалады, ал мына «Peugeot SA» тірлігін тоқтатады. Қысқасын айтқанда, «Peugeot SA», материалдық әлемге тамыр байлай алмаған шығар. Шынтуайттап келгенде, соның өзі мына пәниде бар ма екен? «Peugeot» сөзін – ұжымдық қиял туындатты. «Қиял» сөзін де ойдан шығарғанбыз. Қиял – әлденені бар деп есептегенде ғана пайда болған ұғым. Заңгерлер бұл құбылысты тап солай «заңды қиял» деп атайды. Материалдық шынайылық хақында бұл жерде сөз қозғамай-ақ та қоялық, бірақ компания заңды тұлға ретінде өмір сүріп жүр. Сіз бен мына мен сияқты ол да өз мемлекетінің заңына бағынады. Оның банкте шот ашып, меншік иеленуге құқы бар. Ол салық төлеп, азаматтық және тіпті қылмыстық іс бойынша сот алдында дербес, яғни өзінде жұмыс істейтіндерден немесе өзінің иегерлерінен бөлек жауапқа тартылады. «Peugeot» заңды қиялдың «жауапкершілігі шектеулі компания» деп аталатын айрықша бір түріне жатады. Бұл да адамның құрық бойламас қулығының бірі. Сан мыңдаған жылдар бойы Homo sapіens мұндайды көріп-білген емес. Бізге белгілі тарихтың ұзын-ырғасында нақты ет пен сүйектен жаралған адамдар ғана аяғынан нық тұрып, тиісті көлемде миы барлар ғана меншік иелене алды. Францияда ХІІІ ғасырда Жан деген біреу күймелі арба жасайтын шеберхана ашса, ол және оның бизнесі іс жүзінде біртұтас көрінеді. Жасап шығарған арбасы сатқаннан кейін бір аптада қирап қалса, есесі кеткен сатып алушы Жанды сотқа берді. Жан шаруасын бастау үшін әлдекімнен мың алтын алып, көп ұзамай банкротқа ұшыраса, бүкіл дүние-мүлкін сатып, қарызын өзі өтеуге мәжбүр болады. Иә, сиырын, жерін тіпті бауырынан өрбіген балаларын сатса да, қарыз ақшаны қайтарады. Ол шеберханасы арқылы қабылдаған кез келген міндеттеме үшін толық та шектеусіз жауапкершілік арқалады. Сол кездегі адам бизнес бастамас бұрын «жеті рет өлшеп, бір рет кескендей» ұзақ ойланды. Мұндай заңды жүйе кәсіпкерлікті дамытуға бөгесін болды. Адамдар өз ісін бастауға, басын қаржылық қатерге тігуге бата алмады, өйткені шаруасы шатқаяқтаған ретте отбасын жұтату, бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұрды. Міне, уақыт өте келе адамдар осынау ұжымдық қиялдың жемісі – жауапкершілігі шектеулі компанияларды құрды. Заң бойынша мұндай компаниялар өзінің негізін қалаған адамдардан, оған ақшасын салған немесе басқарған адамдар бөлектенді. Соңғы жүзжылдықтарда ондай компаниялар экономикадағы лидерге айналды. Үйренісіп кеткеніміз сонша, олардың қиялымызда ғана өмір сүретінін ұмыта бастадық. АҚШ-та осы текті компаниялар «корпорация» деп аталады, бір қызығы, әлгі термин латынның corpus – «дене» деген сөзінен шығады, бірақ корпорацияда сол физикалық дененің аты тұрмақ заты да жоқ. Сөйте тұра, америкалық сот жүйесінің корпорацияларға құқық субъектісі ретінде қарауына еш бөгесін жоқ: бұл тұрғыда олар нағыз ет пен сүйектен жаралған адамдарға теңестірілген. 1896 жылы ата-анасынан пружина, ара мен велосипед шығаратын металлургия зауытын мұралап алған Арман Пежо (Armand Peugeot) автомобильдер жасап шығаруға бел буып, жауапкершілігі шектеулі компания құрған кезде француздардың сот жүйесі де тап солай істеген еді. Ол компанияны өз атымен атады, сөйте тұра, компания Арманнан тәуелсіз болды. Машинасы сынып қалғанына ренжіген сатып алушы Арманмен емес, «Peugeot» компаниясымен ғана соттаса алды. Компания миллиондаған несие алып, банкротқа ұшыраса, Арман Пежоның өзі кредиторға бір франк та берешек болмас еді. Себебі несиені алған Homo sapіens Арман Пежо емес, «Peugeot» компаниясы ғой. Peugeot-адам 1915 жылы өліп қалды, ал Peugeot компаниясы әлі күнге дейін аман-сау келеді. Арман Пежо атты адам заңды тұрғыдан ресімделген «Peugeot» компаниясын қалай құрды? Шынын айтқанда, ол ғасырлар бойы діни қызметкерлер мен абыздардың құдайлар мен жындарды жасаған тәсілін пайдаланды; тіпті қазір де мыңдаған француз кюрилері жексенбі сайын шоқынушыларға «Исаның денесі» уағызынан көрініс қояды: мұндай ғажайыптар өзегінде өтірік жатады, оған адамдар сенгендей кейіп танытады. Католик діни қызметкері уәжіп болған киім үлгісіне оранып алып, белгілі бір сәтте таптаурын сөздерді асқақтай айтады, бір қарағанда, қарапайым нәрсе көрінетін қамыр мен шараптан жасалған желімдей жабысқақ шайыр Исаның тәні мен қанына айналады. Діни қызметкер «Нос est corpus теит!» («бұл менің тәнім!») деп жар салады да, сиқырымен көз байлап, көңіл арбағандай шайырды денеге айналдырады. Миллиондаған француз католиктері құдды дем салған шарап пен қамыр ішінде, шынында да, Құдай отырғандай сезінеді. «Peugeot SA» үшін француз парламенті қабылдаған заң шешуші рөл атқарды. Француз құқығы тұрғысынан алғанда, лицензиясы бар заңгер іс-әрекеттердің рәсімдік жүйесін ойдағыдай орындап, арнайы қатталған қағаз парақшаларына дұрыстау дұға мен дуаны жазып, өзінің қолын ширата қойса – сиқырымен көз байлап, көңіл арбағандай – жаңа компания пайда бола кетеді. 1896 жылы Арман Пежо компания құруға ниет қылған кезде, осы «сиқырлы» процедуралар үшін заңгерге ақы төледі. Заңгер міндетті ресімдердің бәрін жүзеге асырып, тиісті дұғалардың бәрін жазып, дем салғандықтан, миллиондаған француз азаматтары Пежоның екіге жарылуына – бұрынғы Арман адамға және су жаңа «Peugeot SA» компаниясына айналуына сеніп қалды, өзге компанияларды әспеттегендері сияқты оны да құрмет тұтты. Өміршең сюжетті ойлап табу әсте оңай емес. Тарихи оқиғаны әңгімелеу қиын емес, оған өзгелерді сендіре білу де керек. Әлі күнге осы сұрақ өзекті: миллиондаған жанды құдайлар, ұлттар, жауапкершілігі шектеулі компаниялар туралы әңгімелерге қалай елітіп әкетуге болады? Дәл осы қолынан келсе, sapіens абырой-беделге ие болар еді. Себебі ол енді ортақ мақсатқа жету үшін миллиондаған бейтаныс адамды әріптес қылып, бірге жұмыс істете алады. Елестетіп көріңіз: өзендер, ағаштар немесе арыстандар сияқты өмірде нақты бар заттарды сипаттаған оңай ма; мемлекет, шіркеу, құқықтық жүйелер сынды дүниелерді құру оңай ма?
* * * Осының бәрі қиял тілін дамыту арқасында мүмкін болды: соның көмегімен өз әңгімелеріміздің ішінде өмір сүретін құбылыстарды көзге елестетіп, сипаттай аламыз. Штадельдік арыстан-адам да, «Peugeot» компаниясы да атомдардан емес, тірі жасушалардан да емес, ой-қиялдан жасалған. Ғасырлар мен мыңжылдықтар ағымында адамдар өте күрделі сюжеттер құрастыруды үйренді. Осы желідегі «Peugeot» тәрізді жалған мифтер өмір сүріп қана қойған жоқ, сонымен қатар бұрын-соңды естіп-білмеген қуат жиды: олар арыстаннан немесе дүйім арыстандар үйірінен әлдеқайда тегеурінді. Алайда олар желіден тысқары тіршілік ете алмайды. Sapіens-тің барлығы шын өмірде жоқ нәрселерді талқылау қабілетінен жаппай айырылса, «Peugeot» компаниясы, онымен бірге: биржа, дін, мемлекет, ақша мен адам құқықтары да қас қағымда жоғалып кетер еді. Ғылыми ортада мифтер мен басқа да сюжеттер туындататын мұндай құбылыстар «фикция», «әлеуметтік құрылым» немесе «қиялдағы шындық» деп аталады. Өтірік айту, демек, өзен бойынан арыстан көргеніңді әңгімелеу. Шындығында, ол маңда ешқандай арыстан жоқтығын өзің де біліп тұрсың. Өтірік – Sapіens-терге ғана тән емес. Жасыл мешіндердің өтірікшілігі әшкереленген: олар маңайда арыстанның қарасы да жоқ кезде қышқырып, оның таяп қалғаны жөнінде ескерту жасайды. Осылайша, бананды енді-енді қолына ала бастаған үйірлесін үркітіп жіберіп, өтірікші тәтті асқа өзі тояды. Қиялдағы шындықтың өтіріктен айырмашылығы: бұл – жұрттың бәрі сенетін нәрсе, осынау ортақ сенім сақталып тұрған кезде ойдан шығарылған әңгіме нақты бір күшке айналады. Әсілі, штадельдік мүсінші арыстан-адамға – тайпаны желеп-жебеуші рухқа шүбәсіз сенген сияқты. Бақсылардың арасында алдампаздар ұшырасып қалады, әйтсе де олардың көпшілігі құдайлар мен жындардың өмір сүретініне имандай сенеді, ал миллионерлердің көбі тап солай ақша мен жауапкершілігі шектеулі компаниялардың бар екеніне шәк келтірмейді. Құқық қорғаушылар әдетте адам құқықтарына сенеді, 2011 жылы БҰҰ ливиялық басшылардан ел ішінде адам құқықтарын сақтауды талап еткен кезде, ешкім мұны өтірікке балаған жоқ, сөйте тұра, БҰҰ да, Ливия да, адам құқықтары да – біздің шалқар қиялымыздың жемісі ғана. Когнитивті революциядан бері sapіens екі түрлі шындықпен өмір сүріп келеді. Біріншіден – өзендер, ағаштар мен арыстандар туралы объективті шындық. Екіншіден – құдайлар, ұлттар, корпорациялар туралы қиялдағы шындық. Уақыт өте келе қиялдағы шындықтың бәсі артты. Осылайша, өзендер, ағаштар, арыстандар сияқты нақты заттар қиялдағы шындық: құдайлар, ұлттар, корпорациялардың шапағатына тәуелді болып қалды.
Ген арқылы таралу Сөздерден қиялдағы шындықты жасап алу қабілеті бірнеше бейтаныстың біріге үйлесе жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Тіпті ол аз десеңіз, кең көлемді ынтымақтастық мифке негізделетіндіктен, мифті өзгерту, яғни басқа сюжет айту арқылы ынтымақтастық тәсілін жетілдіруге болады. Кей жағдайларда мифтер өте тез құбылады. 1789 жылы бір түннің ішінде француздар корольдің Құдайдан дарыған құқығы жөніндегі мифті – биліктің халыққа тиесілі екені туралы мифке ауыстыра салды. Когнитивті революция заманынан бастап sapіens-тер өзгермелі мұқтажына қарай мінез-құлқы да тез құбылатын қабілетке ие болды. Осылайша, мәдени эволюция генетикалық эволюцияның жолындағы кептелісті айналып өтетін басып озу жолағына түсті. Бұл жолақта Homo sapіens ынтымақтастыққа қабілеттілігі жөнінен өзге жануарларды да, адамдардың басқа түрлерін де басып озып, алға шықты. Бәрі бірдей ДНҚ-ға байланысты емес: жануарлардың мінез-құлқына қоршаған орта мен жеке талғамның да әсері мол. Сөйте тұра, қалыпты жағдайларда бір түрге жататын жануарлар өздерін мейлінше жайбарақат ұстайды. Мінез-құлықтағы елеулі өзгерістер әдетте генетикалық мутацияға байланысты белең алады. Шимпанзенің ұрғашылары бонободан өнеге алып, феминистік революцияны жалаулатпайды. Бонобоның еркектері альфа-ұрғашыны тақтан тайдырып, бұдан былай топтағы барлық мүшелердің тең екенін жариялау үшін конституциялық жиынды шақырмайды. Мұндай түбегейлі өзгерістер жасау үшін, әуелі гендік мутация қажет болар еді. Дәл осы себеппен ежелгі адамдар да төңкерістер жасаған жоқ. Біздің пайымдауымызша, әлеуметтік қалыптың өзгеруі, технологияларды ойлап табу, тың жерлерді игеру әрқашан мәдени бастаманың емес, гендік мутацияның салдары болып шығады. Алғашқы қадам жасау үшін адамдарға жүздеген жылдар қажет болды. Екі миллион жыл бұрын гендік мутация адамның жаңа түрінің, Homo erectus-тің пайда болуына алып келді. Тігінен жүретін адам баласы тастан қашалатын еңбек құралдарының жаңа мейлінше тиімді технологиясын жасады, ол әлгі түрдің басты жетістігі саналады. Бірақ Homo erectus генінде кезекті өзгеріс болмаса, тас құралдар екі миллион жылдар бойы өзгеріссіз қала берер еді! Керісінше, когнитивті революциядан кейін sapіens-тер өз мінез-құлықтарын шапшаң өзгертіп, жаңа дағдыларды келесі ұрпақ буынына дарытып отыруды үйренді. Бұл үшін оларға генетикалық мутацияның да, қоршаған ортадағы өзгерістердің де қажеті болмай қалды. Мұның көрнекі мысалы ретінде әр алуан мәдени ортада католик және будда дінінің монахтары, қытайлардың бюрократ-әтектері сияқты бала-шағасыз элитаның қалыптасқанын тілге тиек етуге болады. Мұндай элитаның өмір сүру дерегінің өзі табиғи сұрыптаудың негізгі қағидаттарына қайшы келеді, өйткені қоғамның билеп-төстеуші мүшелері ұрпақ қалдыру құқығынан ерікті түрде бас тартып отыр ғой. Шимпанзелердің альфа-еркегі артықшылығын үйіріндегі сансыз ұрғашылармен (немесе түгелге жуығымен) шағылысуға, сол арқылы өз генін олардың көпшілігіне дарытуға жұмсайды. Ал католик дініндегі альфа-еркек жыныстық қатынас пен бала тудырудан бас тартады. Бұл бас тарту тағам тапшылығы немесе лайықты қосағы табылмауы тәрізді қоршаған ортаның ерекше жағдайларына байланысты емес, генетикалық мутацияның бабынан да туындап жатқан жоқ. Католик шіркеуі ғасырдан-ғасырға «некебезер генін» емес, «Жаңа өсиет» пен канондық құқықты жалғап, біршама ғасыр дәурен сүрді ғой. Басқаша айтқанда, адамның ежелгі түрлері бойға дарытқан мінез-құлықты жүз мыңдаған жылдар бойы бұлжытпай сақтаса, ал sapіens-тер әлеуметтік қалыпты, жеке адамдар арасындағы қарым-қатынастарды, экономикалық іс-әрекет пен мінез-құлықтың басқа да пішіндерін он-жиырма жыл ішінде өзгерте салуға бейім тұрады. 1900 жылы дүниеге келген, ғасыр жасаған Берлиннің тұрғынын мысалға алайық. Оның балалығы ІІ Вильгельм Гогенцоллерн империясына тұспа-тұс келді; Веймар республикасы, нацистік Үшінші Рейх және ГДР дәурендеген шақта есейді; демократиялық және біріккен Германия азаматы ретінде көз жұмды. Ол бес түрлі және атап айтайық, бес бөлек әлеуметтік-саяси жүйенің мүшесі болды. Ал бұдан оның ДНҚ-сы түк те өзгерген жоқ, Homo sapіens-тің табысқа жету кілті осында жатыр. Жекпе-жек төбелесте, сірә, неандертальдық жеңетін шығар, бірақ жүз бен мыңның айтысында олар мүсәпір еді. Неандертальдық өз тайпаластарына арыстанның қайда бұғып жатқанын хабарлай білді, бірақ ата-баба аруақтары туралы әпсананы жалпыға таратып, құлпыртып айтуға шамасы келмеді. Ойдан шығарып айтуға қабілетсіз болғандықтан, неандертальдықтар ірі топтармен тиімді байланыс орната алмады, шапшаң өзгеріп жатқан жағдайларға әлеуметтік мінез-құлықты икемдеу де қолдарынан келмеді. Неандертальдықтың миына бойлай кіріп, оның қалай ойланып-толғанғанын болжай алмаймыз, әйтсе де оның sapіens-пен салыстырғанда когнитивті қабілеті шектеулі болғанының жанама дәлелдері қолымызда бар. Еуропа құрлығының түкпіріндегі sapіens-тер қонысын (шамамен 30 мың жыл бұрынғы) қазу барысында археологтар Жерорта теңізі мен Атлантика жағалауларынан келген бақалшықты арагідік ұшырастырып қала берді. Теңізден тым шалғай жерге ұлу қабыршағы тек sapіens-тердің әрқилы тайпалары арасындағы сауда-саттықтың немесе айырбастың арқасында жетуі мүмкін. Неандертальдықтардың қонысынан мұндай іс-әрекеттің ізі де байқалған жоқ: әр топ тек қол астындағы материалдан ғана аспап жасады4.
6. Католиктердің альфа-еркегі мұндай құрбандықты экологиялық та, генетикалық та факторлар талап етпесе де, жыныстық қатынас жасауданжәне ұрпақ қалдырудан бас тартады. Тағы бір мысалды Тынық мұхиттың оңтүстік бөлігінен табамыз. Жаңа Гвинеяның солтүстігіндегі Жаңа Ирландия аралын мекен еткен sapіens-тер вулкан шынысы – обсидианнан аса берік әрі өткір аспаптар жасады. Алайда бұл аралда обсидианның табиғи көзі жоқ еді. Лабораториялық зерттеу нәтижесінде, Жаңа Ирландия тұрғындары өз саймандарын дайындаған обсидианның басқа аралдан – 400 шақырым жердегі Жаңа Британиядан жеткізілгенін анықтады5. Сауда-саттық бір қарағанда, негізсіз іс және пайдасыз шаруа сияқты. Sapіens-тен өзге еш жануар саудамен айналыспады. Sapіens-тер сауда желісіне жаппай кіріскені жайлы нақты дәлелдер жеткілікті. Сауданы сенім артпаған адамыңмен жасай алмайсың, бөтен біреуге сену де қиын. Осы күнгі жаһандық сауда желісі доллар, Федералдық Банк қоры және корпорациялардың тауар белгісі сияқты қиялдағы құрылымға сенуден құралған. Тайпалық одақта екі бейтаныс сауда жасағысы келсе, ортақ сенімдері – Құдай, ата-баба аруағы, мифологиялық аңдарға жүгінетін. Ал бақалшықтар мен обсидиандарды алмасып жатса, бір-біріне ақпарат беріп, сол арқылы білім көкжиегін кеңейте түсу sapіens-терге аса қиынға соқпағаны ғой. Неандертальдықтар мен басқа ежелгі адам түрлерінде мұның бірі де болған жоқ. Сондай-ақ аң аулаудың әрқилы тәсілі жөнінде де айта кеткен жөн. Неандертальдықтар аңды көбінесе жалғыз-жарым немесе шағын топ құрып аулады, ал sapіens-тер ондаған тайпаластың тіпті кейде бірнеше тайпаның өзара әрекетіне негізделген тәсілді ойлап тапты. Әсіресе мына амал тиімді болды: жабайы жануарлар үйірін жаппай қоршап алып, тар шатқалға қуып тықты да, сол жерде оп-оңай жусата берді. Бұл айла жүзеге асса, жарты күн ішінде күш жұмылдырған адамдар тонналаған етке, май мен теріге жарып қалды. Археологтар осылай қаумалап аң аулайтын орындарды тапты. Тіпті оларға шартақтар мен түрлі бөгесіндер орнатып, жасанды арбалар мен арнаулы сойыс алаңқайларын жасаған. Сірә, өздері аң аулайтын алқаптардың sapіens-терге тиесілі қасапханаға айналғанына неандертальдықтар онша қуана қоймаған шығар. Алайда осынау наразылық қақтығысқа ұласа қалса, неандертальдықтардың аман қалу мүмкіндігі жабайы жылқылардың шамасынан артық емес еді. Дәстүрлі, сіресіп қалған әдіс бойынша қозғалатын елу шақты неандертальдық бәрібір епсекті де алғыр ойлы елу sapіens-ке төтеп бере алмасы анық. Тіпті бірінші раундта sapіens-тер жеңіліп қалса да, жаңа айла-шарғы ойлап тауып, қарымта матчта тез есе қайтарар еді.
Когнитивті революция дегеніміз не?
Жаңа қабілет | Артықшылықтары
Қоршаған орта туралы ауқымды көлемдегі ақпараттарды Homo sapіens-тің беру қабілеті | Күрделі іс-әрекеттерді, мысалы, арыстаннан қорғанып, зубрларды аулауды жоспарлап, іске асыру мүмкіндігі Sapіens-тер арасындағы қатынас-тар туралы ауқымды көлемдегі ақпараттарды бере білу қабілеті | Саны 150 мүшеге дейін жететін үлкен әрі ұйымшыл топтар құру мүмкіндігі Тайпа рухы, мемлекет, жауапкершілігі шектеулі серіктестік немесе адам құқықтары сияқты шын өмірде жоқ нәрселер туралы ауқымды көлемдегі ақпараттарды бере білу қабілеті | А. Бір-бірін танымайтын көп адамның ынтымақтасу мүмкіндігі. Ә. Әлеуметтік мінез-құлықтың тез бейімделуі
Тарих пен биология Sapіens-тер ойлап тапқан шындықтың әралуандығы мен осынау қиялдағы шындыққа жетеғабыл әртүрлі пайымдардан қазіргі кезде біз «мәдениет» деп атап жүрген мінез-құлық пішімдері қалыптасады. Мәдениет атаулы пайда болған сәтінен бастап үздіксіз өзгеріп, дами береді, осынау мәңгілік қозғалысты «тарих» деп атаймыз. Когнитивті революция дегеніміз – тарихтың биологиядан алшақтай түсетін сәті. Одан әрі адамзаттың дамуы туралы әңгімедегі биологиялық теориялар тарихи хикаяларға ұласады. («Хикая» терминін қолдануға құлықсызбын. Себебі бұл термин когнитивті революцияға дейін де адамдар өздерінің жеке санатында өмір сүрді деген қате пайым жасайды.) Когнитивті революция басталғаннан кейін Homo sapіens-тің қалай дамығанын түсіндіруде биологиялық теориялардың орнын тарихи хикаялар алмастырды. Христиандықтың немесе Француз революциясының салтанатын елеп-екшеу үшін атомдардың, молекулалардың немесе организмдердің өзара әрекеттесуін ой елегінен өткізу жеткіліксіз, сондай-ақ идеялардың, образдар мен фантазиялардың да өзара байланысын ескеру қажет. Бұл – бірақ Homo sapіens және адам мен оның мәдениеті биология заңдылықтарынан біржола арылды деген сөз емес. Біз бұрынғы жануар қалпымызда қала береміз, физикалық, когнитивті және сезімдік қабілет-қарымымыз да ДНҚ-мызға бұрынғысынша сабақтасып жатыр. Біздің қоғам да неандертальдықтар мен шимпанзелердікі сияқты кірпіштерден қаланады. Осы кірпіштерді – түйсікті, сезімді, отбасылық байланыстарды неғұрлым мұқият зерттеген сайын, өзіміз бен приматтар арасындағы айырмашылықтың соғұрлым азая беретін көреміз. Индивидуум немесе отбасы деңгейінде айырмашылық іздеу бекершілік. Адам баласын немесе сан мөлшері бірдей шимпанзені салыстырса, ұқсастық, біршама алаңдатады. Тайпа әлде қауымдастық мүшелері 150-ден асқанда ғана елеулі айырмашылық көріне бастайды, ал 1000–1200 индивидуум деңгейінде айырмашылық айқын көзге түседі. Мыңдаған шимпанзені Нью-Йорк биржасының ғимаратына, «Янки» стадионына, Капитолийға немесе БҰҰ-ның штаб-пәтеріне еліктіріп алып келсе, азан-қазан айғай-шу болар еді. Ал sapіens-тердің мұндай орындарға мыңы, ондаған мыңы жиналады. Олар оқшаулана қызмет атқара алмайтын нәрселердің бәрін – сауда желілерін, бұқаралық шараларды, саяси институттарды ұйымдастыра біледі. Шимпанзеден шынайы айырмашылығы – адамдардың отбасынан бастап ұлтқа дейінгі үлкен тобын біріктіретін осынау сиқырлы желімі. Сол құдірет адамды барша жан-жануардың падишасы етті. Әрине, басқа машықтары, әсіресе тамақ пісіріп, аспаптарды пайдалана білетіні де шешуші рөл атқарды. Алайда ынтымақтасуды үйрене алмаса, аспап-сайманнан пайда шамалы еді. 30 мың жыл бұрын шақпақтасты сүңгісі бар таяқты ғана иеленсек, ядролы оқшантайы бар ракеталарды бүгін қайдан алдық? Аспаптар дайындаудың таза биологиялық дағдысы өткен мыңжылдықтар ағымында еш өзгерген емес – әйтпесе Альберт Эйнштейн бұл салада ежелгі аңшылар мен терімшілерден асып кете алмас еді. Есесіне бейтаныс адамдармен өзара әрекеттесу қабілеті таңғаларлықтай арта түсті. Жалғызілікті шебер, үш-төрт жолдасының көмегіне сүйеніп, ақыл-кеңесіне құлақ асса, шақпақтастан найза сүңгісін бірнеше минутта жасады. Ядролық оқшантайды жасау үшін әлемдегі жер қойнынан уран өндіретін кеншілерден бастап, ұзыннан-ұзақ формулаларымен атом ішіндегі үдерістерді түсіндіретін физик-теоретиктерге дейінгі миллиондаған адамның ынтымақтастығы қажет болады. Сонымен әңгіменің қорытындысына – когнитивті революциядан кейін биология мен тарихтың арақатынасы қалай болатынына тоқталайық: А. Биология Homo sapіens-тің мінез-құлқы мен дамуының негізгі өлшемдерін белгілеп береді. Тарих биология белгілеп берген шеңбердің ішінде өрбиді. Ә. Әлгі шеңберлер аса кең болады, Homo sapіens-тің әртүрлі ойын ойнауына мол мүмкіндік береді. Қиял тілінің арқасында sapіens-тер бұрынғыдан да күрделі ойындар ойлап тауып, әр ұрпақ буыны оны толықтырып отырады, осылай даму жалғаса түседі. Б. Sapіens-тердің мінез-құлқын түсіну үшін олардың іс-әрекетінің тарихи эволюциясын қарастыру керек. Биологиялық жағын қарастырсақ, онда бұл әлем чемпионатынан хабар беруші комментатордың футбол алаңын ғана суреттеп, ойыншылардың іс-әрекеті туралы ауыз ашпаған радиорепортаж сияқты бірдеңе болып шығар еді. Тас ғасырында бағзы бабаларымыз тарихи аренада қандай ойын ойнады? Білетініміз: шамамен 30 мың жыл бұрын Штадель арыстан-адамын жасаған кісі де мына біз сияқты дене мен сезімге және интеллектуалдық қасиеттерге ие болды. Таңда оянғанда олар не істеді? Таңғы және түскі асқа не жеді? Олардың қоғамы қандай еді? Бір некелі одақ пен отбасы болды ма? Әдет-ғұрыптары, моральдық жосындары, спорттық жарыстары мен діни рәсімдері ше? Соғысты ма? Келесі тарауда когнитивті және аграрлық революциялардың аралық кезеңдеріндегі адамдар тұрмысын қанық көру үшін мыңжылдықтар шымылдығын түріп тастауға тырысамыз.
* Осы беттен бастап sapіens-тің тілі туралы әңгімелегенде, нақты қандай да бір диалект емес, біздің түрдің негізгі лингвистикалық қабілеті туралы айтпақпын. Ағылшын, қытай, үнді тілдері – sapіens тілінің өзге нұсқалары. Когнитивті революцияның кезінде де sapіens-тің әр тобының өзгеше диалектілері болған сияқты.
3-тарау
Адам мен Хауаның бір күні
Жаратылысымызды, тарихымыз бен психологиямызды ұғыну үшін тас ғасырындағы аңшылар мен терімшілердің «миын шарлап шығу» қажет. Аңшылық пен терімшілік кезеңі sapіens-тер тарихының ауқымды бөлігін құрайды. Sapіens-тердің басым бөлігі зауыттар мен кеңселерде жұмыс істеп, нан тауып жүрген соңғы 200 жыл да, егін баптап, мал баққан оның алдындағы 10 мың жыл да бағзы бабаларымыз аң аулаумен, жеуге жарамды жеміс терумен өткізген бірнеше ондаған мыңжылдықпен салыстырғанда, қас қағым сәт сияқты көрінері хақ. Эволюциялық психология адамның қазіргі замандағы психологиялық және әлеуметтік ерекшеліктері – ауылшаруашылық дәуіріне дейінгі тарихтың тым ұзақ кезеңінде қалыптасқанын алға тартады. Миымыз бен ойлау жүйеміз әлі күнге дейін аңшылық пен терімшілік тұрмысқа сәйкес келіп тұрады. Азықтану салтымыз, қақтығыстарымыз бен жыныстық қатынасқа құмарлығымыз – аңшы мен терімші миының қазіргі постиндустриялық ортамен, мегаполистермен, ұшақтармен, телефондармен және компьютерлермен қарым-қатынасының нәтижесі. Бұл орта бұрынғы буынның өңі түгіл түсіне де кірмеген материалдық игіліктерге кенелтіп, ғұмыр жасымызды ұзартып тастады. Неліктен бұлай болып жатқанын түсіну үшін, түйсігіміз тастай байланып қалған әлемге, өзімізді қалыптастырған аңшылар мен терімшілер әлеміне енуге тырысқан жөн. Мысалы, неге соншалықты толықпыз? Қазір бақуатты елдер семіздікпен сәтсіз күрес бастаған. Алдымызға келгенді құр қайтармай, жей береміз, жей береміз. Ең сорақысы: тұзды, тәтті, майлы, өте құнарлы демей, көзі түскен тағамның бәрін талғамай жұтамыз. Ата-бабаларымыздың азықтану салтын еске алайық. Олар мекендеген саванналар мен ормандарда өте құнарлы, нәрлі, жалпы тағам түрлері өте тапшы еді. 30 мың жыл бұрын терімші десерттің бір-ақ түрін – піскен жеміс-жидекті ғана білді. Тас ғасырының әйелі мәуесін көтере алмай майысқан інжір ағашына кезіге қалса, бабуиндер келіп қалғанша, сол жерде мейлінше көбірек жеміс жеп қалуға тырысты. Көмейге құнарлы тағамды қомағайлана тықпалауға итермелейтін инстинкт генімізде бұғып жатыр. Тіпті тоңазытқышы аузы-мұрнынан шығып тұрған жанға жайлы, сән-салтанатты үйлерде дәурен сүріп жатсақ та, ДНҚ-мыз саваннада жүгіріп жүр екенбіз деп ойлайды. Осы ойдың өзі шоколадты пломбирдің түбін қырнап жеп, кока-коламен шөл басуға итермелейді. «Қомағай ген» теориясын көпшілік мойындаған. Әйтсе де тілге тиек қылатын басқа да теориялар жетерлік. Мәселен, кейбір эволюция ілімін жақтаушы психологтар ежелгі терімшілер моногамды отбасын құрған жоқ, жекеменшік түсінігін жоққа шығарды, коммуна болып өмір сүрді, бір некелі тұрмыс пен әке рөлін мойындамады деп пайымдайды. Мұндай топта әйел бірнеше еркекпен (тіпті әйел затымен) бір мезгілде жыныстық қатынасқа түсіп, ләззатқа кенеле алды. Бала тәрбиесіне бүкіл тайпа қатысты. Еркектер кіндігінен өрбіген баласын бөгденікінен ажырата алмағандықтан, барлық балаға қамқорлық жасады дейді. Мұндай әлеуметтік құрылым – Суқұйғыш дәуірінің утопиясы (Aquarіan utopіa) емес. Бұл жануарлар арасында, соның ішінде ең жақын туыстарымыз – шимпанзе мен боноболар тірлігінде кең таралған құбылыс. Антропологтардың бақылауы бойынша, ұжымдық әке болу салтын ұстанатын оқшау мәдениет жұрнағы әлі де бар екен. Мұндай қоғам мүшелерінің нанымы бойынша бала нақты бір еркектің ұрығынан емес, әйел жатырына жинақталған бірнеше еркектің шәуқатынан жаралады-мыс. Жөпшеңді әйел бөбегі епсекті аңшының алғырлығын, шынжырсөз шежірешінің ділмарлығын, жаужүрек жауынгердің батылдығы мен мейірімді ашынаның сезімталдығын бойына дарытып, тегіне жұқтыруы үшін тайпаның таңдаулы мүшелерімен жыныстық қатынас жасауға тырысады. Бұл қисынсыз нәрсе көрінуі мүмкін бе? Мынаны есте ұстаңыз: қазіргі эмбриология ілімі пайда болғанға дейін баланың бірнеше емес, бір ғана әкеден жаралатынына адамдардың дәлелі болған жоқ. Осынау «архаикалық коммуна» теориясын жақтаушылар «бала-шаға да, ересектер де ауыр психикалық азап шегетінін айтпағанның өзінде, ажырасуға алып баратын сорақылыққа – ерлі-зайыптылардың шағын отбасында өмір сүріп, бір некеге байланып қалуы бір-бірінің көзіне шөп салуға итермелейді» дейді. Бұл – олардың биологиялық болмысына сәйкес келмейді екен1. Ғалымдар мұндай теорияны түбірінен теріске шығарып, моногамды әрі отбасылы болу адам табиғатына әбден лайық нәрсе ретінде қорғаштайды. Қазіргіге қарағанда, ежелгі аңшылар мен терімшілер қоғамы әлдеқайда тең құқықты бола тұра, онда коммуна нышаны басым болды. Әлгі зерттеушілердің пайымдауынша, бұл құқық жалпы қоғам некелі жұбайлар мен олардың ортақ ұрпақтарынан тұратын жекелеген ұяшықтарға бөлінген кезде де із-түссіз жоғалып кеткен емес. Сондықтан қазіргі кезде көптеген мәдени ортада моногамды қарым-қатынас қалыпты үрдіс саналып, еркек пен әйел өзінің жұбы мен балаларына тістей қататыны үйреншікті көрініс, қалыпты салт саналады, дей тұрғанмен, кейбір мемлекеттерде: мәселен, Солтүстік Корея мен Сирияда билік әкеден балаға ғана өтеді. Осынау дау-дамайға төрелік айтып, төбелік ету үшін бағзы бабаларымыз он мыңдаған жылдар бұрын, когнитивті революция (70 мың жыл бұрын) мен ауылшаруашылық революциясы басталғанға дейінгі (шамамен 12 мың жыл бұрын) аралықта қандай жағдайда өмір сүргенін білуіміз керек.
* * * Өкінішке қарай, қолымызда сенімді дәлел жоқ. «Архаикалық коммуна» мен «ежелгі моногамия» ілімін жақтаушылар арасындағы дау-дамайдың ұзын-ырғасы аса жұтаң, мардымсыздау деректерге арқа таңады. Ол дәуірдің жазба деректері қалмағаны түсінікті, ал археологиялық олжалар қалтарыстағы қаңқалар мен тасшақпақ аспаптар түрінде ғана ұшырасады. Одан әлдеқайда әлсіз материалдар – ағаштан, қамыс пен теріден жасалған бұйымдар ілеуде біреу кездесіп қалады. «Тас ғасыры» деген ұғым және құдды ауыл шаруашылығы өркендеген дәуірге дейін адамдар тастан басқа ештеңе білмеген сияқты көрінетін түсініктің өзі осы археологиялық орашолақтықтан туындаған. Негізі, бұл кезеңді «ағаш ғасыры» деп атаған дұрыстау болар еді. Өйткені ежелгі аңшылар мен терімшілердің құрал-саймандары ағаштан жасалды, ағашқа қарағанда жақсы сақталатындықтан, қазір тек тас құрал-жабдықтарды ғана тауып жүрміз. Сақталып қалған заттардың негізінде ежелгі адамдардың тұрмыс-тіршілігін қайта құрастыру өте қиын. Сол кездегі аңшылар мен терімшілер және олардың аграрлық және индустриялық дәуірдегі ұрпақтарының арасындағы көпе-көрінеу айырмашылықтардың бірі – аздаған заттарды қанағат тұтты, сол заттардың бәрі бірдей олардың тірлігінде толық кәдеге асқан жоқ. Дамыған елдің азаматтары өз өмірінде миллиондаған: үй-жай мен машинадан бастап памперс пен сүт пакетіне дейінгі бұйымның тұрақты немесе уақытша иегеріне айналады. Кез келген қызметті, сол кездегі наным немесе эмоцияны осындай заттар арқылы байқауға болады. Айталық, тамақ ішу салтымыз ақылға сыйымсыз заттар мен институттарды, қасықтан бастап генетикалық зертханалар мен мұхит кемелеріне дейінгі нәрселерді ойлап тапты. Картадан бастап 100 мың орындық стадионға дейінгі «ойыншықтарымыз» қаншама! Романтикалық әрі сексуалдық қарым-қатынасымыз сақинамен, кереуеттермен, әдемі киіммен, мүшеқаппен, сән-салтанатты мейрамханалармен, арзан қонақүйлермен, танысу агенттіктерімен, әуежайлардағы күту залымен, үйлену тойларымен және тамақ жеткізіп беретін компаниялармен нығайды. Дін – өміріміздің маңызды күндерін готика соборлары мен мешіттерде, үндіс храмдары мен синагогаларда дәріптейді. Тәураттың шиыршықталған жазбасы, Тибеттің дұға ету дөңгелегі, діни қызметкерлердің желбегейі, шырағы мен хош иісті түтесі, Жаңа жыл шыршасы, маца күлшелері, мола құлпытасы, иконалар – бәрі де қажет сияқты көрінеді. Бір жаққа көшіп, қоныс аударғанға дейін үйімізде қанша мүкәмал жиналып қалғанын аңғармаймыз. Көшпелі ата-бабаларымыз тұрған жерін ай сайын, апта сайын, күн сайын ауыстырып отырды. Бүкіл мүлкін салған қапты арқалап, алға тарта берді. Тасымалмен айналысатын компанияның да, көліктің де, тіпті ат-арбаның да қажеті жоқ. Соған сәйкес олар әрқашан ең қажетті дүниені ғана қолға ұстады. Демек, ой- ождандық, діни және эмоциялық тірлігі дүние-мүкәмалға барып тірелген емес. Бізден 100 мың жылдан соң, жер қазатын археологтар қираған мешіт орнынан тапқан миллиондаған заттар арқылы мұсылмандық сенім көрінісін біршама көзге елестетіп ой түюі мүмкін. Бүгін ежелгі аңшылар мен терімшілердің наным-сенімі мен рәсімдерін қайта құрастыру қиын. Бұл – болашақ бір тарихшының қазіргі жастардың хат-хабарлары арқылы олардың тілдесу ерекшеліктерін қалпына келтіру ниетіне парапар әурешілік, себебі телефонмен айтылған әңгімелердің, электрондық жолдамалардың, блогтар мен СМС-тердің ізі де қалмайды ғой. Міне, сондықтан археологиялық олжаларға ғана сүйенсек, ежелгі аңшылар мен терімшілердің тұрмыс-тіршілігі туралы ұғымымыз жаңылып, түсінігіміз шатасып кетеді. Осынау олқы ақпараттың орнын қалай толтырамыз? Кәне, бүгінгі қоғамдарға назар аударайық. Антропологтар оларды бақылай алады ғой. Алайда терімшілердің жаңа замандағы қоғамының ерекшеліктерін ежелгі дәуірмен шендестіргенде, аса сақ болу қажет. Біріншіден, жаңа заманға дейін сақталып қалған мұндай қоғамның барлығы көрші аграрлық және индустриялық қоғамдардың әсерін сезінді. Сондықтан олардың ерекшеліктерін он мыңдаған жылдар бұрын ешқандай көршілерсіз өмір сүрген қоғамға түгелімен көшіре салу жаңсақтыққа ұрындырар еді. Екіншіден, ең бастысы, осы заманда бұрынғыша өмір сүретін қоғам халықтары климаты аса қолайсыз аумақта, егіншілікке қолайсыз белдемдерде тіршілік етеді. Оңтүстік Африканың Калахари шөлінің қиын жағдайына бейімделген адамдар Янцзы өзенінің құнарлы жазығындағы ежелгі тайпалардың тұрмыс-тіршілігін қалпына келтіруге үлгі бола алмас та еді. Өте ежелгі Янцзы алабындағыға қарағанда, Калахари шөлі сияқты өңірлердегі тұрғындардың орналасу тығыздығы әлдеқайда төмен болды, осы фактордың өзі адамзат қауымдастықтарының мөлшері мен құрылымына және олардың арасындағы қарым-қатынасқа елеулі ықпалын тигізді. Үшіншіден, аңшылар мен терімшілердің байырғы қоғамдарының ең ғажайып ерекшеліктерінің бірі – олардың саналуандылығы еді. Айырмашылық жаһанның әрқилы бөлігі арасында ғана емес, сондай-ақ бір аймақ шегінде айқын аңғарылып тұрды. Соның бір мысалы – еуропалықтар Австралия жеріне аяқ басқан кезде байқаған алуантектілік: британдықтар басып алған сәтте жалпы саны 300–700 мыңға дейін жететін жергілікті халық бірнеше жүздеген (200–600-ге дейін) тайпаға бөлінді, әр тайпаның өзі бірнеше руға – туыстар тобына тармақталды2. Әр тайпаның өз тілі, діни нанымы, жалпыға міндетті жосындары мен әдет-ғұрыптары болды. Мәселен, Австралияның оңтүстігіндегі қазіргі Аделаида төңірегінде әке жағынан туысатын патрижелілі (patrіlіneal) рулар өмір сүрді. Олар аумақтық нышан бойынша тайпаларға бірікті. Австралияның солтүстігіндегі кейбір тайпалар, керісінше, шыққан текті шеше жағынан таратуға мән беріп, жер аумағы бойынша, сыйынатын тотемдеріне қарай тайпаларға топтасты. Ежелгі аңшылар мен терімшілер арасында да тап қазіргідей этникалық және мәдени әртүрлілік орнаған деп жорамалдауға негіз бар. Аграрлық революция қарсаңында жер жүзін жайлаған 5–8 миллион адам әртекті тілі мен мәдениеті бар мыңдаған тайпаға бөлінді3. Когнитивті революцияның мирасы ғой: қиял тілінің арқасында тіпті гендері ортақ, бірдей экологиялық жағдайда өмір сүретін адамдар ойдан шығарылған әр алуан шындықты, яғни түрлі құндылықтар мен нормаларды ұсына бастады. Мысалы, 30 мың жыл бұрын, қазіргі Оксфорд университеті орналасқан жерде өмір сүрген адамдар ежелгі Кембридж тұрғындарының қолданған тілінде сөйлеген жоқ деуге толық негіз бар. Бір тайпа жауынгер, келесі тайпа бейбіт, момын болуы мүмкін. Кембридждіктер коммуна күйінде, ал оксфордтықтар отбасына бөліне өмір сүрді делік. Кембридждіктер (оларды кантабригиялықтар деп атаған дұрыс) жебеуші рухтың мүсінін ерінбей-жалықпай ағаштан жонды. Оксониялықтар билеу арқылы аруақтарға құрмет көрсетті. Біріншілері реинкарнацияны мойындады, екіншілері бұл тұжырымды сандыраққа балады. Бір қоғамда жыныстастардың қатынасына рұқсат берді, ал келесісінде бұған қатаң түрде тыйым салды. Басқаша айтқанда, антропологтардың қазіргі терімші халықтардың тұрмыс-тіршілігін бақылаулары ежелгі терімшілер мен аңшылар қоғамын көзге елестеткенімен, ерте дәуірде мүмкіндіктер көкжиегі* әлдеқайда кең еді. Олардың бәрі сынаптай сырғып, назарымыздан тым жырақтап кетті. Sapіens-тердің «табиғи тұрмыс салты» туралы қызылкеңірдек айтыстар: когнитивті революциядан кейін адамның тұрмыс салтындағы әлдебір нәрсе туралы айту қисынсыздығын қаперден қағыс қалдыра береді. Көз арбап, көңіл жаулаған бояу реңктерінің арасында мәдени таңдау ғана бар.
Бұрыннан бақуатты қоғам Ауыл шаруашылығына дейінгі кезең туралы сенімді түрде қандай жорамал айта аламыз? Көпшілігі ондаған әрі кеткенде жүздеген мүшеден тұратын шағын топтармен өмір сүрді, әрі қоғам мүшелері адамдар ғана еді деген болжам нанымды сияқты. Соңғы сөзге жете мән берген жөн. Мұның ерсі ештеңесі жоқ: аграрлық және индустриялық қоғамда қолға үйреткен жануарлардың саны басым болды. Қазіргі кезде Жаңа Зеландияда 4,5 миллион sapіens пен 50 миллион қой өмір сүреді. Бұл тәртіпке итті қоспаған жөн. Төбетті қолға бірінші үйреттік, бірақ бұл аграрлық революцияға дейін болған оқиға еді. Нақты датасын айтуға келгенде ғалымдар сан саққа тартады. Иттің осыдан 15 мың жыл бұрын адамның соңынан еріп жүргенін бұлтартпай дәлелдей аламыз. Асылы, адам қауымына ит одан да бірнеше мыңжылдықтар бұрын келіп қосылуы әбден мүмкін. Иттер аң аулау мен шайқастарға қатысып, жыртқыштар мен бөгде біреулердің жақындап қалғанын ескерте білді. Адам мен иттің арасында өзара түсіністік пен сүйіспеншіліктің берік байланысы орнықты. Өлген итті оның қожайындарын жерлегендей салтанатпен арулап көмді. Адамдардың қажеті мен қалауын басқалардан бұрын ұққан иттер мол тамақ пен қамқорлыққа, яғни күнелту мүмкіндігіне ие болды. Иттер адамдарды өз мүддесіне пайдалана білді. 15 мың жылдан аса уақыт бұрын құрылған осынау одақ, адам мен итті басқа тіршілік иелеріне қарағанда тым жақындастырып қойды4. Кей жағдайларда итті де адамдар сияқты арулап көмді. Топ мүшелері бірін-бірі жақсы білді, өмір бойы олар туыстар мен достардың арасында жүрді. Жалғыздық (жеке өмірдің қалтарысы да) оларға мүлде жат еді. Көрші топтар бірімен-бірі бәсекеге түскен тіпті соғысқан да шығар, бірақ олар достаса да білді. Олар қалыңдық алып, бірлесе аң аулады, әртүрлі нәрселерді айырбас жасап, саяси одақтар құрды, діни рәсімдерді жұмыла өткізді. Мұндай ынтымақтастық – Homo sapіens-тің ерекше де маңызды белгісі еді, осы дағды sapіens-тің басқа адам түрлерінен басым шығуына жол ашты. Кейде көрші «отбасымен» тығыз қарым-қатынас орнағаны соншалық, тілі, мифтері, жосындары мен құндылықтары ортақ бірегей тайпа қалыптасты. Әйтсе де мұндай сыртқы байланыстардың мәнін асыра бағалауға болмайды. Қиын-қыстау жағдайда қоңсы қонған адамдар тобы жақындасып, кейде бірге аң аулағанымен немесе бірге тойлағанымен, бәрібір негізгі уақытын оқшау, бір-бірінен тәуелсіз өткізді. Сауда-саттық, сән-салтанат бұйымдарын: ұлутастар, жақұттар мен бояулар айырбасына салды. Азық-түлікті, жеміс-жидектерді немесе етті айырбастағанын, сондай-ақ әлдебір топтың «импортқа» тәуелді болғанын дәлелдейтін ешқандай дерек жоқ. Әлеуметтік-саяси қарым-қатынастарды да кездейсоқ әрі ішінара орнатты. Тайпалар тұрлаулы саяси болмыс ретінде қалыптаса алмады, тіпті тату топтардың кездесуіне арналған тұрақты орын белгіленгеннің өзінде қалалар немесе қандай да бір мекемелер туралы сөз қозғауға әлі ертерек еді. Sapіens өзге біреумен кездескенге дейін айлар өтіп жатты. Олар ғұмырында бірнеше жүздеген тайпаластарын ғана танып үлгерді. Тұрғындар апайтөс жер аумағына шашырай орналасты. Аграрлық революцияға дейін жер тұрғындары қазіргі Каир қаласы тұрғындарының санынан аспады.
7. Алғашқы үй жануары ма екен? Солтүстік Израильдегі 12 мың жыл бұрынғы қабір. Шамамен 50 жастағы әйелдің, ал қасында күшіктің қаңқасы (төменгі сол жақ бұрышта) жатыр. Күшікті әйелдің басына таман жайғастырған. Әйелдің сол қолы ит мүрдесінің үстінде. Бұл жағдай екеуінің арасындағы эмоциялық байланысты аңғартып тұрғандай. Әрине, басқа болжамдар да жасауға болады: мәселен, ит о дүниенің күзетшісіне тартылған сый да болуы мүмкін. Sapіens топтарының көпшілігі уақыттың негізгі бөлігін тамақ табу қамымен бір орыннан келесіне жөңкіліп жүруге жұмсады. Олардың жолдары маусымның ауысуына, жануарлардың жыл сайынғы көшіне және өсімдіктердің өсіп-жетілуіне байланысты қалыптасты. Әдетте топ мүшелері көлемі ондаған-жүздеген мың шаршы шақырымға жететін белгілі бір жер аумағын кезе берді. Кейде осы топтар «өз» өрісінің шегінен шығып, жаңа жерлерді зерттеді. Бұған табиғи апаттардың, ішкі және сыртқы қақтығыстардың, демографиялық дүмпулердің салдары немесе көсемдердің ықтияры итермеледі. Sapіens-тер бүкіл әлемге осылай жайыла бастады. Есебі қарапайым: аңшылар мен терімшілер тобы шамамен 40 жылда бір рет екі бөлінеді де, енші алған бөлігі жүз шақырым қашықтыққа жырыла көшеді. Үнемі Шығысқа қарай ойыса берсе, 10 мың жылда Африка тұрғындары Қытай аумағына жетеді екен. Азық-түліктің аса мол қорына кезіккен сирек жағдайларда адамдар қосын тігіп, маусым немесе жыл бойы аялдады. Қоректі кептірудің, ыстаудың, арктикалық бөлікте тоңазытудың тәсілін жетілдірді, осының өзі бір орында ұзақ аялдауға мүмкіндік берді. Тағы бір елеулі фактор: балығы мол теңіздер мен өзендердің жағалауына адамдар тұрақжай салды. Бұл адамның тұңғыш тұрақты қоныстары еді, олар аграрлық революцияға дейін, 45 мың жыл бұрын, Индонезия аралдарында пайда болды. Негізгі тұрақтарында бірталай уақыт тіршілік етіп, сол жерден Homo sapіens-тер теңіздің арғы жағына, Австралияға аттанды.
* * * Мекендеген жерлердің көпшілігінде адам үйірі қоректенудің мейлінше икемді, қолайлы тәсілін тапты. Ақ құмырсқалар мен жидектерді теріп, тамырларды қазып алды, қояндарды ұстап, бизондар мен мамонттарды аулады. Көпке мәлім «Аңшы адам» бейнесіне қарамастан, sapіens-тер терімшілікпен айналысты, шақпақтас, ағаш, бамбук секілді шикізаттарды өңдеді. Адамның мұқтажы тағаммен, материалмен және киіммен аяқталмады: олар барлық жерден білім іздеді. Күнелтіп, тіршілік ету үшін жергілікті орынның картасын ойша құрап, жадында сақтады. Күн сайын тамақ іздеу әрекеті нәтижелі болу үшін терімшілер бүкіл өсімдіктің табиғи циклдері мен барша жануардың қылық-дағдысы туралы жеткілікті ақпарат алуы керек еді. Оларға қандай тағам түрі маңызды, қайсысынан ауырып қалуы мүмкін, қайсысы шипа дарытады – оларды да білу қажет болды. Жыл маусымының ауысуын қадағалап, найзағайдың немесе қуаңшылықтың жақындап қалғанын аңдататын құбылыстарды есте сақтауға тырысты. Адамдар әр бұлақты, әр ағашты, әр үңгірді және шақпақтас шығатын жердің бәрін зерттеді. Тас пышақтар жасауды, жыртылған киімді жамауды, қояндарға тұзақ құрып, қар көшкінінен сақтануды, жыланның шағуы мен арыстанның шабуылынан қорғануды үйренді... Мұншалықты мол білім мен дағдыны игеру үшін біраз жыл бойы зерттеп, үйреніп, тәжірибе жинақтады. Ежелгі аңшы найзаның сүңгісін санаулы минуттарда қайрап шығатын хас шеберге айналды – бұл шаруа қазіргі адамның ілуде біреуінің қолынан келер: шақпақтас пен базальттың қасиетін білмейміз, қайрап-жонуға ебіміз де кемшін. Былайша айтқанда, қазіргі ұрпақтарына қарағанда ежелгі адам өзі мекен еткен орта туралы тыңғылықты, алуан түрлі әрі терең біліммен қаруланды. Индустриялық ел азаматтарының көпшілігі надан бола тұра, жұрт қатарлы күнелтіп, тірлік кеше береді. Компьютерші, сақтандыру агенті, тарих пәнінің оқытушысы немесе фабрика жұмысшысы болу үшін табиғат жөнінде көп білудің қажеті бар ма? Шеңбері шектеулі мамандығымызды байыпты меңгеруге тиіспіз, ал өмірлік-тұрмыстық зәрулігі мол кейбір мәселелерге тірелгенде көзді жұмып, сол сала мамандарының көмегіне жүгіне саламыз. Сайып келгенде, қазіргі адамзат қауымы ежелгі рулар мен тайпаларға қарағанда әлдеқайда мол ақпарат жинақтады, алайда ертедегі аңшылар мен терімшілер тарихтағы ең зерделі де білікті адамдар еді деген атаққа әбден лайық. Кейбір деректер sapіens миының көлемі орташа есеппен сол дәуірден біршама кішірейгенін көрсетеді5. Ерте кезде тіршілік ету үлкен интеллектіні қажет етті. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің өркендеуіне орай, «ақымақтар» тұйыққа тіреліп қалатын кедергілер көбейді. Мәселен, су тасушы болып немесе конвейерде еңбек етіп күнелтудің, ақырында «ақылсыз» геніңді ұрпағыңа қалдырудың мүмкіндігі туды. Аңшылар мен терімшілер сыртқы дүниені – жануарларды, өсімдіктерді, қолға түскен материалдарды ғана емес, денесін және сезімін мүлтіксіз басқаруды үйренді. Олар ең баяу дыбысты – жыланның шөп арасымен жылжып келе жатқанын анық ести алды. Қырағы көздерімен ағаш жапырақтарының қалқасынан жемістерді, құстар мен араның ұясын тап басып таныды. Адамдар сыбысын білдірмей, епті қозғалды, мейлінше аз күш жұмсап, көп олжа табу үшін тапжылмай отыра да алды, аттай желіп, жүгіре де білді. Үнемі қимыл-қозғалыспен тірлік кешкендіктен денелері марафоншының тұрқындай шымырланып, тіпті талай жыл йогамен немесе Кунг-фумен айналысқан қазіргі адамдардың өңі түгіл түсіне кірмейтін ересен епті болды.
* * * Аңшылар мен терімшілердің тұрмыс салты жыл маусымы мен мекендеген жеріне қарай өзгеріп отырды. Тұтастай алғанда, олардың тіршілік-тынысы ізбасарларының – кейін дүниеге келген егіншілердің, бақташылардың, жұмысшылар мен кеңсе қызметкерлерінің талабымен салыстырғанда әлдеқайда жайлы да жағымды болғандай көрінеді. Қазір дамыған елдерде адамдар аптасына 40–45, кедейлер тіпті 60–80 сағат жұмыс істейді, ал Жер шарының Калахари шөлі секілді қатыбас қиырларында өмір сүрген алғашқы тайпалар еңбек етуге аптасына 35–45 сағаттан артық жұмсаған жоқ. Орта есеппен алғанда, олар үш күннің бірінде аң аулап, күніне үш-алты сағаттан терімшілікпен шұғылданды. Қалыпты жағдайда бұл өзін қамтамасыз етуге жеткілікті болды. Калахари шөлінен гөрі құнарлы өлкелерде өмір сүргендер тамақ пен шикізат табуға бұдан да аз уақыт кетірді. Оның үстіне, үй ішінің тірлігіне жегілген жоқ: үйме-төбе ыдыстарды тазалап, кілемнің шаңын қағуға, жаялықтарды жуып, есепшоттағы қарызды төлеуге жүгірмеді. Қазіргі аграрлық немесе индустриялық қоғам мүшелерінің тұрмысымен салыстырғанда, сол кездегі экономика адамдардың көпшілігінің мейлінше қызықты да мағыналы өмір сүруіне мүмкіндік берді. Фабрикада жұмыс істейтін бүгінгі қытай әйелі таңғы жетіде үйінен шығып, лас көшелермен тұнжыраған ғимаратқа жетеді де, тыным таппай, сол баяғы бір станокпен жігерін құм қылатын жұмысты он сағат бойы ойсыз орындайды. Кешкі жетіге таман үйге қайтады – оны жуылмаған ыдыстар мен киім-кешек күтіп тұрады. Осыдан 30 мың жыл бұрын тап осы Қытайдағы көшпенді әйел, айталық, таңғы сегіздер шамасында құрбыларымен қосыннан шығатын. Маңайдағы орман-тоғайды кезіп, саңырауқұлақ жинап, жеуге жарамды тамырларды қазып алатын, бақаларды аулап, жолбарыстан қашатын. Олардың өсекті бұрқыратып, асықпай әңгіме-дүкен құруға, балаларымен ойнап, көз шырымын алуға да уақыттары жеткілікті еді. Әлбетте, кейде әлдекім жолбарыстың азуына ілігіп, жылан шаққаннан қаза тауып жатты. Есесіне, автомобиль апатына ұшырау немесе қоршаған ортаның ластануынан жапа шегу қатері төнген жоқ қой. Жер жүзінің көп өңірінде кез келген дәуірде терімшілік адам организміне тәуір диета ұсынды. Мұның таңғалатын түгі жоқ – өйткені адам мыңжылдықтар бойы солай қоректенді, біздің организм сондай тағамдарға үйренген. Тасқа айналған сүйектер мен қаңқаларға қарап, бабаларымыздың аштықтан немесе тағамнан запы болмағанын, орташа есеппен алғанда, өкшебасар ұрпақтарынан – егіншілерден бойлары әжептәуір биік, денелері шымыр болғанын көреміз. Орташа өмір сүру ұзақтығы 30–40 жастан аспаған, бұл статистикаға сәбилердің өлім-жітімі салқынын тигізген, нәресте алғашқы, ең қауіпті жылдан аман өтсе, онда 60, кейде 80 жасқа дейін есен-сау ғұмыр кешу мүмкіндігі молайған. Бүгінгі малшы мен егінші тайпалардағы 45 жасқа келген әйел тағы да 20 жыл дәурен сүруге дәмеленеді, себебі олардағы халықтың 5–8 %-ының өмір сүру ұзақтығы 60-тан жоғары6. Табыс сыры рационның алуантүрлілігінде жатыр. Егіншілер аз тамақтанады, олардың азық-түлік жиынтығы тым жұтаң. Индустриялық қоғам алдындағы дәуірде егіншілер калорияны, негізінен, өсімдіктің жалғыз-жарым түрінен – бидайдан, күріштен немесе картоптан ғана алды, организмге ауадай қажет дәрумендер мен микроэлементтер жетіспеді. Ежелгі терімшілер болса, сан алуан өсімдіктердің ондаған түрін тұрақты жеп тұрды, сондықтан нәрлі дәрумендер мен басқа да маңызды қоспалардың бәрін бойға сіңірді. Бұған қоса, олар тіршілігін бидайға немесе күрішке ғана байлап қоймағандықтан, егін шықпай қалған кезде де аштан өлген емес. Аграрлық қоғам дегенің: қуаңшылық ұрып, өрт шыққан немесе жер сілкінген кезде қырылып қалуға таяп қалды. Әлбетте, табиғи апаттар терімшілерге де жайсыз тиді, ежелгі адамдар да мұқтаждық пен ашаршылық кезеңін бастан өткерді, алайда олар мұндай сәтсіздіктің тығырығынан шығар жолды тез әрі оңай тапты. Бір тамақтың түрі тапшы болса, екіншісін тапты – басқа бір өсімдіктердің жемістерін терді немесе аң аулады, табиғи апатқа ұшырамаған өзге өлкеге көшіп кете салды. Жұқпалы аурулар да (мысалы, шешек, қызылша және құрт ауруы) аңшылар мен терімшілерге тікелей қауіп төндірген жоқ. Аграрлық және өнеркәсіптік қоғамды қынадай қырған індет атаулы үй жануарларынан тарайды. Адамдар аграрлық революцияның нәтижесінде ауыра бастады. Иттен басқа үй жануарын ұстамаған ежелгі терімшілер мен аңшылар әлгіндей кесапатты білген де жоқ. Тағы бір кесірлі жайт: аграрлық және өнеркәсіптік қоғам тұрғындары иін тірескен, гигиеналық жағдайы өте нашар, жұқпалы кеселдердің ошағындай тым тығыз ортада тұрды. Терімшілер мен аңшылар шағын топтарға бөліне тірлік етіп, бір қоныстан екіншісіне жиі ауысып отырды, осының өзі түрлі індеттің таралуына жол бермеді.
* * * Сіңімді әрі алуан түрлі тамақ, салыстырмалы түрде қысқа жұмыс аптасы, жұқпалы аурулардың жоқтығы – осының бәрі ғалымдардың ауыл шаруашылығына дейінгі қоғамды «бұрыннан бақуатты орта» деп сипаттауына себеп болды. Әрине, осынау бағзы кезді басынан құс ұшырмай, асыра мақтау да дұрыс болмас еді. Көшпенділердің тұрмыс салты шаруалар мен өнеркәсіп жұмысшылары қызығарлықтай болғанымен, оларда да қиындықтар мен қайғылы жағдайлар жетіп артылды. Әлдебір себептермен ашаршылық қаупі және басқа қиындықтар жауар бұлттай бастарына үйіріліп тұрды. Балалардың өлім-жітімге ұшырау деңгейі тым жоғары болды, кез келген сәтсіз оқиға, мысалы, талдан құлау – көбінесе қайғылы жағдайға ұласты. Рудың барлық мүшелері тату-тәтті, қоян-қолтық байланыс орнаған ортада өздерін алаңсыз, бейқам сезінгенімен, төңірегіне жеккөрінішті немесе күлкілі болғандардың қиналғаны анық. Алғашқы қауымдық қалыптан шыға алмай қалған қазіргі ұлыс-тайпаларда көшке ілесе алмайтын қарттар мен науқастарды аштан қатыратын немесе өлтіріп тастайтын әдет-ғұрып әлі бар. Сондай-ақ дүниеге қалаусыз келген бөбектер мен кішкентай балаларды да жойып отырды, тіпті адамды құрбандыққа шалу дерегі де ұшырасып қалады. Аче тайпасы 1960 жылдарға дейін Парагвай джунглилерін мекендеді. Оларды зерттеген антропологтар құдды бағзы заманалар қойнына кіргендей күй кешті. Тайпаға сыйлы қария өлген кезде ачелер кішкентай қызды онымен бірге көмді. Ғалымдар қатты ауырып, тайпаластарына ілесе алмаған еркекті талдың түбіне тастап кеткендеріне куә болды. Тегін жемтікке үйіріліп, ағаш маңына құзғындар ұшып келе бастайды, бірақ әлгі науқас аш құстарды аузынан қаққандай, бар күшін жия орнынан тұрады да, тайпаластарын қуып жетеді. Үсті-басына құстар саңғып тастағандықтан, сол кезден бастап оны «құзғынның боғы» деп атайды. Кәрі кемпір тайпаластарына масыл болған кезде жастау еркектердің бірі арт жағынан бұқпантайлай келіп, балтамен басын шауып тастаған. Мұны әр нәрсені білуге әуес антропологтарға жастық шағын еске алған тайпаның бір мүшесі айтып берген: «Қалжыраған кемпірлерді көп қырдым. Өзімнің апайларымды өлтірдім... Әйелдер менен қорықты... Ал, енді ақ адамдар келді ғой, әрі мына мен де қартайдым», – деген еді. Жарық дүниеге енді келген шақалақтың басында шашы болмаса, шала туған деп есептеп, дереу тұншықтырып тастаған. Бір әйел өзінің тұла бойы тұңғышын қалай өлтіргенін еске алады – еркектер қыз бала бізге түкке керек емес деп есептеген. Тағы бір ретте ер адам кішкентай баласын «көңіл күйі болмағандықтан, бала жылай бергендіктен» өлтіріп тастаған. «Сықпыты біртүрлі болғандықтан, өзге балалар оны күлкі қылғандықтан» тағы бір баланы тірідей көмген7. Әйтсе де аче ұлысын сөге жөнелуге асықпаңыздар. Олармен бірнеше жыл бірге тұрған ғалымдар тайпаның ересек мүшелеріне еш қауіп төнбейтінін атап көрсетеді. Еркектер де, әйелдер де жұптарын емін-еркін ауыстыра береді. Олар ылғи жымың қағып, күліп жүреді, қатаң иерархияның не екенін білмейді, біреуге әмір беріп, төрелік құруға тырыспайды. Мырзақол, жомарт мінездері таңғаларлық, онсыз да жұпыны мүліктерін оп-оңай бере салады, молшылық пен жетістікке ұмтылмайды. Өмірде тату қарым-қатынас пен шынайы достықты аса жоғары бағалайды8. Балаларды, қариялар мен науқастарды өлтіру дерегіне – біздің жанымыз шімірікпестен аборт пен эвтаназия жасататынымыз сияқты – жайбарақат қарады. Айта кететін жайт, парагвай шаруалары ачелерді аңша аулап, аяусыз қырып келген. Сірә, бастан айықпаған осынау қауіп-қатердің өзі ачелерді тайпаға масыл болатындардан біржола құтылып отыруға итермелеген де шығар. Бұл жабайы қауым, кез келген адамзат қоғамы тәрізді, өте күрделі қарым-қатынастардан құралған. Оны атүсті танысу арқылы асыра мақтаудың да, даттай жөнелудің де қажеті жоқ. Ачелер – пері де, періште де емес, кәдімгі адамдар. Ежелгі аңшылар мен терімшілер сияқты адамдар.
Рухтармен тілдесу Ежелгі адамдардың рухани және интеллектуалдық өрісі жөнінде не білеміз? Олардың шаруашылық іс-қарекетін объективті әрі ескеруге тұрарлық деректерге сүйене отырып, белгілі дәрежеге дейін реконструкциялауға болады. Мәселен, тіршілік ету үшін күніне қанша калория қажет болғанын, бір килограмм жаңғақ неше килограмм калория бергенін, шаршы шақырым орманнан қанша килограмм жаңғақ жинауға болатынын есептеп шығара аламыз. Осы деректерді екшей келе, ежелгі адамдардың азығында жаңғақтың қандай рөл атқарғаны туралы дәлелді байлам жасаймыз. Бірақ олар жаңғаққа қалай қарады – оны дәмді ас ретінде бағалады ма, әлде бұдан тәуір қорек табылмаған соң талғажу қылды ма? Жаңғақ ағашының бұтағынан оларға аруақтар елестеді ме? Жаңғақ жапырақтарының пішіні әдемі көрінді ме? Аңшылар мен терімшілер тайпасының бозбаласы қызбен оңаша сырласуды қаласа, романтикалық мүйіс ретінде жаңғақ ағашының саясын таңдады ма екен? Иә, материалдық әлем құбылыстарынан гөрі наным мен сезімді тап баса тану, зерттеп-зерделеу әлдеқайда қиын. Ғалымдардың көпшілігі ежелгі аңшылар мен терімшілер арасында анимистикалық (лат. anіma – жан, рух) ұғымдар кең тарады, яғни олардың әлемі бір-бірімен байланысып жатқан тірі нәрселерге толы болды деген ойды құптайды. Анимистің ойынша, кез келген жер мен жануар, өсімдік пен табиғи құбылыстар сана мен сезімге ие. Анимист жартас шыңындағы анау қойтас сезім мен тілекке бөгіп, әлденеге мұқтаж дегенге шүбәсіз сенеді. Қойтас адамдардың әлдебір қылығына назырқанып, әлдебіріне разы болады. Тас – сақтандырып, тас – өзіне табынуды талап етеді. Адамдар да тасқа жалбарынып, талап-тілегін, қауіп-қатерін айта алады. Тастың ғана емес, жартастың етегіндегі еменнің де, алаптағы ағындаған бұлақтың да, оны көмкерген бұтаның да жаны бар. Осы бұлақтан су ішкен саршұнақ, қасқыр мен қарға да киелі. Анимистің түсінігінде, тек нақты заттар мен тіршілік иелері ғана емес, материалдық емес болмыстың бәрі: өлгендердің рухы, қазір жын, пері мен періште деп жүрген әрқилы ізгі және зиянды күштер де жанды саналады. Анимист адамды басқа тіршілік иелерінен бөлектеп, араларына бітеу қабырға қалап қоймайды. Барлығы сөздің, әннің, би мен салт-жораның көмегімен тікелей тілдеседі. Аңшы бұғылар табынына тіл қатып, біреуінің өзін құрбан қылуын, адамдарға азық болуын өтіне алады. Сәті түскен аңшылықтан соң, жаны қиылған жануардан кешірім сұрайды. Тайпаның әлдебір мүшесі ауыра қалса, шаман кесел жіберген аруақтармен тілдесіп, шапағат етуін сұрайды немесе дем салып, оны аластайды. Осы жын шақыру көріністерінің бәріне тән нәрсе: аруақтарды нақты бір нәрсеге телиді. Бәріне ортақ әмбебеп құдайлар болмайды, мынау – бұғының, ал анау тал-теректің, бұлақтың, ауру-кеселдің рухы саналады. Адамдар мен өзге тіршілік иелерінің арасында тас бітеу қабырға ғана емес, қатаң иерархия да жоқ. Оның үстіне, адамның игілігі басқа тіршілік иелері үшін мүлде басым емес. Осынау құдірет иелерінің де мүмкіндіктері шектеулі, олар дүниені өз қалауларына орай басқара алмайды. Былайша айтқанда, түпсіз ғалам адамның да, басқа тіршілік иелерінің де қас-қабағына қарап, айтқанына ермейді. «Анимизм» деген ортақ атауға ғалымдар нақты бір дінді емес, мыңдаған әрқилы діни ағымдарды, нанымдар мен культтерді біріктіреді. Бәріне ортақ нәрсе – әлем туралы және ондағы адамның орны туралы бірегей ұғым. Ежелгі аңшылар мен терімшілерді «анимистер» деп атаған кезде, индустриялық дәуірге дейінгі шаруаларды «теистер» деп атағанда да шамамен қолданған ортақ болжамға сүйенеміз. Теизм (грек. theos – Құдай) адамдар мен құдіретті тіршілік иелерінің шағын тобы – құдайлар арасына иерархиялық қарым-қатынас түзеді. Әлемдік тәртіп осы қарым-қатынастарға иек артады. Әдеттегі аграрлық қоғам теистер болды деген уәж шындыққа бір табан жақын келгенімен, дәлелі аздау тұжырым. XVІІІ ғасырда Польшада өмір сүрген еврей раввиндеріне де, албастылар аулаумен аты шыққан XVІІІ ғасырдағы Массачусетс пуритандарына да, ацтек абыздарына да (XV ғасыр, Мексика), сопы мистиктерге де (XІІ ғасыр, Иран), Х ғасырдағы жаужүрек викингтерге де, рим легионерлеріне де (ІІ ғасыр), қытай шенеуніктеріне де (І ғасыр) «теист» деген ортақ айдар таға салуға болады. Өйткені осы аталған адамдар тобына жататындардың кез келгені өзге наным мен діни ұстанымдарды құбыжық көріп, күпірлікке балады. Ежелгі анимистердің сенімдері мен ұстанымдары да бір-бірінен ерекшеленіп, қайшы келуден құралақан қалмаған шығар. Олардың діни тәжірибелері де түп-түзу әрі тып-тыныш жолмен қалыптаспай, қақтығыстарды, реформалар мен революцияларды бастан өткеруі әбден мүмкін. Осындай ой қорытулар мен ескертпелерден әріге бара алмаймыз. Сол кездегі рухани тұрмыстың нақты болмысын ашып көрсетуге тырысудың кез келгені барып тұрған дәйексіздік пен қызыл сөздің шоғын қоздату болып қалады, себебі біздің қолда жартымды дерек жоқ. Ал енді табылған болмашы материалдық айғақтар – шөкімдей артефактілер мен жартастағы суреттер ғана, солардың төңірегінде мың түрлі түсіндірме жосып жүр. Шындығын айтсақ, ежелгі терімшілердің ойлау жүйелері мен сезім ағымдарына қатысты теориялар палеолит дәуірінің нанымынан гөрі қазіргі зерттеушілердің соқыр сеніміне сәуле түсіретін сияқты. Қорымнан табылған аз ғана мүкәмалдың, жартастағы суреттер мен сүйек мүсіншелердің үстіне теориялардан тау тұрғызғаннан гөрі ежелгі аңшылар мен терімшілердің діні туралы бұлыңғырлау түсінігіміз барын ашық мойындағанымыз жөн болар еді. Оларды «анимистер» дейміз, бірақ бұлай атаудың өзі бізге ештеңе айтпайды ғой. Қандай рухтарға сыйынып, қандай мерекелерді атап өткенін, қандай тыйым ұстанғанын білмейміз. Осынау рәсімдердің арғы жағында тұрған мифтер жайынан бейхабармыз. Бұл да өзіміз «адамзат тарихы» деп жүрген ұлы жылнамадағы жыртық, орны үңірейген парақтың бірі.
8. Ласко үңгірінің қабырғасындағы суретті шамамен 15–20 мың жыл бұрын салған. Мұнда не бейнеленген және сурет қандай мағына береді? Біреулер: «Құсбасты әрі тән ләззатын қатты аңсаған адамды бизон өлтіріп жатыр», – дейді. Адамның төмен жағында тағы бір құс бар. Екінші құс адам өлген сәтте денеден ұшып шығатын жанды бейнелеуі мүмкін. Ендеше, фреска аң аулау кезіндегі қайғылы жағдайды ғана емес, тірілер әлемінен өлілер дүниесіне өту жайын суреттейді. Алайда мұндай ой-тұжырымдардың дұрыс-бұрыстығын тексере алмаймыз. Бұл қазіргі ғалымдарға арналған Роршах сынағы шығар: осы тастағы таңба арқылы олар туралы әлдене білгендей боламыз, ал ежелгі аңшылар мен терімшілердің наным-сенімдері жөнінде ештеңе білмеген қалпымызда қала береміз. Терімшілер әлемінің әлеуметтік-саяси құрылысы жөнінде де ештеңе білмейміз. «Жекеменшік, шағын отбасы, моногамды қарым-қатынас болды ма» деген сияқты негізгі мәселелер бойынша да ғалымдардың пікірлері тоқайласпайды. Алуан адамдар қауымдастығы әртүрлі ұстындар арқылы қалыптасып, әлдебір топтарда құрылым құрған болар. Олардың кейбірі құдды шақар шимпанзелер сияқты аса тиімді, бірақ икемсіздеу қатаң иерархияға бағынған шығар. Басқалары боноболар сияқты мамыражай әрі босаң және қаңғыбас болды ма екен? 1955 жылы Ресейдегі Сүңгір қонысында археологтар мамонт аулаушылар 30 мың жыл бұрын салған қорымға кезікті. Молалардың бірінен елу жас шамасындағы, мамонт азуынан жасалған моншақ тізбесімен көмкерілген еркек қаңқасын тапты: қабірде барлығы 3000 моншақ бар екен. Мәйіттің басына түлкі тісімен әшекейлеген бөрік кигізіпті. Қолына азудан істелген 25 білезік таққан. Қорымның басқа зираттарынан мұндай қазына табылған жоқ. «Мамонт аулаушылар иерархиялық қоғамда өмір сүрген және мына марқұм тайпа басқарған, оның үстіне тайпа бірнеше рудан тұрған: әйтпесе бір рудың ондаған мүшелері өз күштерімен мынадай салтанат киімі мен қисапсыз әшекейлерді жасай алмас еді» деген қорытынды жасады ғалымдар.
9. Ежелгі адамдар шамамен 9000 жыл бұрын «Қолдар үңгіріне» (Аргентина) алақанның табын қалдырып кетті. Баяғыда өлген адамдар жартастан бізге қол бұлғап тұрғандай. Бұл – тас ғасырының ең жан толқытарлық ескерткіштерінің бірі, бірақ олар нені меңзегенін білмейміз. Таяу маңнан тағы да айрықша жерлеу орны табылды. Онда бастарын түйістірген қалпы екі мүрде: 12–13 жас шамасындағы баланың және жамбас сүйегі қатты зақымданған 9–10 жастағы қыздың қаңқасы жатты. Баланың денесі 5 мың сүйек моншақпен жабылған. Оған да түлкі тісі тізілген баскиім кигізіп, түлкінің 250 тісімен әшекейлеген (сәнді киімнің осы нақыштарын дайындау үшін кемінде 60 түлкіні өлтіруге тура келген) белбеу таққан. Қызға 5250 моншақ тізіп таққан. Өлген балалардың айналасына мүсіншелер мен әртүрлі сүйек бұйымдар қойған. Тәжірибесі мол қолөнерші еркек (немесе әйел), сірә, бір моншақты жасауға шамамен 45 минут уақыт жұмсады, ендеше, басқа артефактілер мен әшекейлерді айтпағанда, өлген екі баланы көмкерген осынау 10 мың моншақты дайындауға, ежелгі зергер жалғыз өзі еңбек етсе, 7500 сағат, яғни үш жылдан аса уақытын жұмсар еді! Осы екі бала бүлдіршіндей жасында тайпаның көсемі немесе белделді мүшелерінің бірі бола қоймаған шығар. Ендеше, соншалықты салтанатты жерлеу рәсіміне тайпаның мәдени ерекшелігі сеп болған. Бір теория бойынша, мұндай мәртебеге олар ата-ана беделі арқылы жеткен. Мүмкін, олар көсемнің балалары шығар, ал сол кезеңнің мәдениетінде бірегей харизмаға, отбасының «құдіретіне» сенді немесе ұрпақтар сабақтастығының жол-жорасын қатаң сақтады. Басқа теория «балаларды әлдеқашан өлген әлдебір бабасының жаны көшкен қасиет иелері санаған» дейді. Үшінші теория «жерлеу рәсімі балалардың өлу себебін аңғартады, яғни оларды құрбандыққа шалып (айталық, көсемнің жаназасында), содан соң салтанатты түрде жерлеген» деген жорамал жасайды9. Дәл жауабын біле алмаймыз, бірақ қайткенде де, осыдан 30 мың жыл бұрын sapіens-тер өз ДНҚ-ларына мүлде жат әрі адамдар мен жануарлардың өзге түрлеріне тән мінез-құлықтық модельден елеулі айырмашылығы бар, әлдебір әлеуметтік код ойлап тапқанына Сүңгір балалары сенімді дәлел бола алады.
Соғыс әлде бейбітшілік?
Тағы бір даулы нәрсе: соғыс мәселесі. Кей ғалымдар соғыс пен зорлық-зомбылық жекеменшік пайда болған аграрлық революция дәуірінде басталды деп пайымдап, ежелгі аңшылар мен терімшілер қоғамын бейбітшіліктің идеалы етіп көрсетеді. Басқалары, керісінше, ежелгі көшпенділер қатыгездігімен ерекшеленгеніне күмәнсіз. Екі теория да дәлелсіз әңгіме қалпында қалды. Ауа жайылған оларды өмір шындығымен жартымсыз археологиялық айғақтар мен аман қалған «жабайы» тайпаларды зерттеген антропологтардың пайымдарының қылдай нәзік қисындары ғана байланыстырып тұр. Антропологиялық деректер қаншалықты қызықты болғанымен, соншалықты бірегей емес. Жаңа заман аңшылары мен терімшілері, негізінен, Арктиканың немесе Калахаридің оқшау да шалғай өңірлерін мекендейді, сондықтан олардың қарсы топтармен тоқайласып қалуы неғайбілдеу. Оның үстіне тайпаларды жаңа заман мемлекеттері қатаң бақылауға алды. Антропологтар тек қана екі рет: ХІХ ғасырда Солтүстік Американың солтүстік-батысында және ХХ ғасыр басында Австралияның солтүстігінде тәуелсіз жағдайда әрі салыстырмалы түрде тығыз тұрып жатқан аңшылар мен терімшілердің шағын тобының мінез-құлқын қадағалау мүмкіндігін иеленді. Үндістер де, Австралияның аборигендері де қарулы қақтығыстарға бейім тұратынын байқатты. Мұның өзі де «уақытша» жағдай ма, әлде Еуропа империализмінің ықпалы ма – белгісіз. Археологиялық олжалар болса жартымсыз, түсініксіз. Соғыстан соң арада 10 мыңдаған жылдар өтсе, қандай айғақ сақталуы мүмкін? Ол кезде қабырға қалап, қамал салған емес, артиллериялық қару тұрмақ, қылыш пен қалқанның өзі болған жоқ. Ал сүңгі туралы айтып та қажеті жоқ, найзаны соғыста да, аң аулауға да пайдалануы мүмкін ғой. Тасқа айналған адам қаңқасына қарап, жорамал жасау да қиын. Сүйектің сыну себебі не: шайқас па, әлде сәтсіз оқиға ма? Сынықтың жоқтығы да марқұмның өз ажалынан қайтқанына дәлел емес: ол етіне түскен жарақаттан қансырап өлсе, сүйек қаңқасында ешқандай із қалмайды ғой. Бұған қоса, индустриялық дәуірге дейін, бізге белгілісі, адамдардың 90%-ы соғыстың емес, ашаршылық пен ауру-сырқаудың, суықтың салдарынан қайтыс болды. Осыдан 30 мың жыл бұрын әлдебір тайпа көршілерін жеңіп, тұрақты қонысынан қуып жібергенде, қоян-қолтық шайқаста тізе бүккен тайпаның, айталық, оншақты мүшесі қаза тапса, келесі жылы тағы 100 адамы ашаршылықтан, суық пен аурудан өліп қалды. Археологтар 110 сормаңдайдың қаңқасын қазып алып, олардың бәрі әлдеқандай табиғи апаттан қырылып қалды деп қорытынды түйді. Табиғи апат емес, олардың түбіне соғыс жеткенін қалай анықтаймыз? Осынау түсінік тұрғысынан археологиялық зерттеу нәтижелеріне зер салайық. Португалияда тура аграрлық революция қарсаңындағы кезеңге жататын 400 сүйек қаңқасын зерттеді. Олардың екеуінен ғана зорлық-зомбылықтың ізі айқын байқалды. Израиль аумағындағы тап осындай зерттеу бұдан да олқылау нәтиже берді: 400 қаңқаның біреуінің бас сүйегінің шытынағаны анықталып, шабуыл салдарынан өлуі мүмкін деп жорамалдауға негіз берді. Ал енді Дунай алабының ауыл шаруашылығына дейінгі қонысынан табылған 400 қаңқаның он сегізінде зорлықтың ізі сақталған. 400-дің 18-і дегеніміз де сонша үлкен сан емес сияқты көрінуі мүмкін, ал, шын мәнінде, бұл өте қомақты пайыз екені анық. 18 адам, шынында да, зорлықтан көз жұмса, онда Дунай алабындағы қазаның 4,5 %-ы – кісі қолынан қаза тапты деген сөз. Қазіргі кезде – соғыс пен қылмыс зардабын қоса есептегенде – Жер тұрғындарының 1,5 %-ы қылмыскер қолынан ажал құшып жатады. Дүниежүзілік соғыстар мен бірнеше геноцидті бастан өткерген ең қанқұйлы кезең – ХХ ғасыр бойы бұл көрсеткіш деңгейі 5%-дан асқан жоқ. Дунай алабындағы олжа осы жерге тән құбылыс десек, онда ежелгі заманда бұл аймақта ХХ ғасырдағы сияқты жаужүрек әрі зорлық-зомбылыққа бейім адамдар тұрған**. Өкінішке қарай, Дунай алабындағы ойран олжа ілуде біреу емес. Тап осындай ауыр айғақтар басқа жерлерден де табылды. Суданда Джебель-Сахаба маңынан 12 мың жыл бұрынғы қорым табылды. 59 қаңқаның 24-нің сүйегіне жебе мен найзаның ұшы қадалып қалған, бұл – жалпы өлгендер санының 40%-ы деген сөз. Бір әйелдің қаңқасына 12 жарақат түскен. Бавариядағы Офнет үңгірінен археологтар ежелгі адамның 38 қаңқасын тапты, олардың көпшілігі – жерлеу ұрасына лақтыра салған әйелдер мен балалардың мүрдесі. Қаңқалардың тең жарымында тіпті балалар мен бөбектердің сүйектерінде адам қолданатын қарулардың – пышақ пен шоқпардың ізі сақталып қалған. Мұндай белгілер ересек еркектердің сүйектерінде көбірек. Соған қарағанда, осы адамдарды тобымен Офнет үңгірінде қырған сияқты. Бұл олжалардың қайсысы ежелгі аңшылар мен терімшілер өмірін айқын көрсетеді: Португалиядан және Израильден табылған, өз ажалынан өлгендердің қаңқасы ма, әлде Джебель-Сахаба мен Офнет үңгіріндегі қанды қасап құрбандарының мүрделері ме? Бәрі де! Біз сол дәуірдегі діндер мен әлеуметтік салттың саналуандылығы туралы айтқанбыз. Демек, олардың зорлық-зомбылыққа көзқарасы да біркелкі емес. Бір өңір әлдеқандай кезеңдерде бейбітшілік пен тыныштыққа кенеліп, рақат күй кешсе, басқалары қанды қақтығыстарға ұрынды10.
Үнсіздік шымылдығы Ежелгі аңшылар мен терімшілер өмірінің жалпылама бейнесін көзге елестету қандай қиын болса, жекелеген оқиғаларды құрастыру одан да бетер машақат екені белгілі. Sapіens-тер аңғарға келгенде не болды, неандертальдықтар қай жерді мекендеді? Сірә, бұл бір қызықты тарихи драма болған сыңайлы. Әттеген-айы, тек тасқа айналған сүйек пен тас құралдардан басқа сол кездесуден ешқандай із қалған жоқ. Зерттеушілер қаншама бас қатырып, санасын суалтса да айғақтар жұмған аузын ашпайды. Әлгі олжалар бізге: адам анатомиясы, технологияларды дамытуы, тамақтануы мен тұрмыс салты жөнінде бірсыдырғы мағлұмат бере алар. Бірақ олар sapіens-тер тобы өзара жасасқан саяси одақ жайлы, осы одаққа ата-баба аруағы қалай бата тілегені және осынау ақ батаны алу үшін бақсыға азудан жасалған қанша моншақ бергені туралы ештеңе айтпайды. Үнсіздік шымылдығы адамзат тарихының он мыңдаған жылын қалқалап тұр. Осы мыңжылдықтар соғыстар мен төңкерістердің, діни реформалардың, іргелі философиялық ілімдердің, өнер жауһарларының куәсі болуы әбден мүмкін. Люксембургтен екі есе кіші империяларды бағындырған жеңімпаз Наполеондар; симфониялық оркестрсіз, бамбук сыбызғысымен-ақ тайпаластарын емінте тыңдатып, егілте жылатқан Бетховендер; өз халқына он сегіз мың ғаламды жаратушы жөнінде емес, таяу төбедегі алып еменді мекендейтін аруақ туралы ғана сөз таратқан алғашқы пайғамбарлар сол кезде де шыққан болуы тиіс. Бірақ мұның бәрі – жорамал ғана. Үнсіздік шымылдығының қалыңдығы сонша егжей-тегжей көз жеткізбек түгіл, мұның болғанын не болмағанын білмейміз. Ғалымдар жауабы дайын тұратын сауалдарды ғана қоюға бейім. Ал бізде уақыт машинасы сияқты, аспап немесе бағзы бабалар аруағын шақыратын білік әзірше жоқ. Ежелгі аңшылар мен терімшілер неге сенді және қандай оқиға олардың жан дүниесін астан-кестен қылғанын біле алмаймыз. Дей тұрғанмен, осы сұрақтарды қоюымыз керек, әйтпесе «сол заманда адамдар елеулі ештеңе жасаған жоқ» деген желеумен 70 мың жылдың 60 мыңын бекерден-бекер есептен шығара саламыз. Алайда дәл сол кезде адам санасы ғана емес, сонымен қатар бізді қоршаған ортада қалыптасты ғой. Экстремал туристер адам аяғы баспаған «пәк пішін ландшафты» іздеумен Сібір тундраларына, Орталық Австралияның шөлейтті мен Амозонка джунглиіне ұмтылады, бірақ бұл – елес қуып, қиялға еру ғана. Туристерден көп уақыт бұрын ол жерлерден аңшылар мен терімшілер жүріп өткен. Олардан соң ит тұмсығы батпайтын джунглилер мен аңызағы аспанды қарыған шөлейттердің келбетіне көп өзгерістер енді. Келесі тарауда алғашқы қоныстар пайда болғанға дейін ежелгі адамдардың ғаламшар экологиясын қалай өзгерткені туралы әңгімелейміз. Ұжымдық мифологиясы дамыған көшпенді sapіens-тер жержүзіндегі жануарлар дүниесі бұрын-соңды ұшырасып көрмеген ең қуатты, ең қиратқыш күшке айналды.
* Мүмкіндіктер көкжиегі деп экологиялық, технологиялық және мәдени жағдайларды ескере отырып, нақты қоғамға қолжетімді нанымдардың, іс-тәжірибелердің жиынтығын атайды. Кез келген қоғам мен әрбір адам әдетте өз мүмкіндіктер көкжиегінің шағын бөлігін ғана пайдаланады. ** Басқа да болжам жасауға болады: Дунай алабының 18 тұрғынының бәрі бірдей сүйекте ізі қалған жауыздықтан өлген жоқ. Әлдекім тек майып болғанымен, аман қалуы мүмкін. Басқа жағынан алып қарағанда, көпшілігі етіне түскен жарақаттан немесе соғыстың ажырамас серігі – аштықтан өлуі де мүмкін.
4-тарау
Топан су
Когнитивті революцияға дейін адамның барлық түрінің мекен ету ортасы Афроазия құрлығымен және жүзіп не сал буып жетудің сәті түскен бірнеше жақын аралдармен шектелді. Мәселен, Флорес аралын осыдан 850 мың жыл бұрын отарланды. Бірақ адамдар ашық теңізге шығып, Америкаға, Австралияға немесе Мадагаскар, Жаңа Зеландия, Гавайи секілді аралдарға жете алмады. Адамдар ғана емес. Афроазияның жануарлары мен өсімдіктерінің көпшілігі осы кедергіден өте алмай, «сыртқы әлемге» таралу мүмкіндігінен айырылды. Австралия мен Мадагаскардың фаунасы миллиондаған жылдар бойы Афроазиянікіне қарағанда мүлде басқаша пішін мен қасиетке ие болып, оқшау жағдайда дамыды. Жер бірнеше томаға-тұйық экожүйеге бөлініп, әрқайсысы өзіне тән жануарлар мен өсімдіктердің ерекше жиынтығына ие болды. Homo sapіens осынау биологиялық әралуандықтың түбіне жетіп тынды. Когнитивті революцияның нәтижесінде sapіens-тер технологияларға, ұжымда өмір сүру білігіне, бәлкім, болжау қабілетіне ие болды – содан соң Афроазияның шегінен шығып, бүкіл әлемді бағындырды. Олар Австралияны осыдан 45 мың жыл бұрын отарлай бастады. Оған қалай шамалары жеткенін түсіне алмай, ғалымдар әлі күнге дейін бас қатыруда. Австралияға жету үшін ені 100 шақырымнан асатын бұғаздарды көктей өту, тек содан соң ғана мүлде басқаша экожүйеге табан тіреу қажет. Шындыққа бір табан жуықтайтын жорамалға сай, шамамен 45 мың жыл бұрын Индонезия аралдарын (бұл аралдар тобы Азиядан бір-бірінен өте жіңішке бұғаздар арқылы бөлінген) мекендеген sapіens-тер адамзат тарихындағы алғашқы теңізшілер болып шықты. Олар мұхитта жүзуге арналған кемелер жасауды үйреніп, жағадан алысқа жүзіп барып балық аулады, жаңа жерлерді ашып, «халықаралық» сауда-саттықты өркендетті. Тұрмыс салтын мұншалықты түбегейлі өзгертудің, мысалы, жержүзінің тарихында болған емес. Кез келген сүтқоректілердің – итбалықтың, теңіз сиырының (sea cows), дельфиннің теңіз жануарына айналуына миллиондаған жылдар қажет болды, дене пішінін сүйірлендіріп, «арнаулы» ағзаларды дамытуларына тура келді. Африка саванналарында қаңғып жүрген маймылдардың ұрпақтары, Индонезия sapіens-тері болса, итбалықтар сияқты ескекаяқ өсірместен, киттер тәрізді тұмсығы төбесіне жылжуын күтпестен кеме жасауға кірісті де, онымен жүзуді үйреніп алды. Бұл дағдылар индонезиялықтардың да Австралияға жетіп, тұрақтап қалуына көмектесті. 45 мың жыл бұрынғы салды, ескекті немесе тұтас балықшы қонысын қазып алған жақсы болар еді (бұл – оңай шаруа емес, өйткені содан бері әлемдік мұхит деңгейі көтеріліп, бұрынғы Индонезия жағалауы жүздеген метрлік тұңғиық су астында қалды). Әйтсе де осы теорияға дем беретін жанама дәлелдер жетерлік, әсіресе мынадай: Австралияны қоныстанғаннан кейін бірнеше мыңжылдықтар бойы sapіens-тер құрлықтан солтүстікке қарай оқшаулана орналасқан шағын аралдарды отарлап алды. Солардың бірі – мысалы, Бука мен Манус – қара жерден 200 шақырым қашықтықта, ашық мұхит айдынында орналасқан. Күрделі құрылымды кемелерсіз, теңізде жүзу дағдыларын меңгермей, адамдардың Манусқа жетуі әсте мүмкін емес. Әлгінде айтқанымыздай, аралдар арасында, мәселен, Жаңа Ирландия мен Жаңа Британия арасында теңіз сауда қатынасы дамығаны жөнінде дәлелдемелер сақталып қалған1. Адамзат тарихындағы аса ірі оқиғалардың бірі – сонау Австралияға жол салған алғашқы экспедиция мән-маңызы жөнінен Колумбтың Американы ашқанынан және «Аполлон–11» ғарыш кемесінің Айға ұшқанынан кем емес. Адам баласы афроазиялық экологиялық жүйеден тұңғыш рет бөлініп шықты, тұңғыш рет құрлықтың ірі жануары Азиядан Австралияға жетті. Одан да маңыздысы – кәрі құрлықтан ажырау емес, пионерлердің жаңа құрлықта не жасағаны еді. Алғашқы аңшы мен терімші Австралия жағалауына аяқ басқан сәттен бастап адам баласы азық пирамидасының ұшарбасына берік жайғасып алып, жер бетіндегі ең қауіпті жануарға айналды. Адамдар қоршаған ортаға бейімделуге аса қабілеттілігін бұрындары да байқатқан, алайда сол ортаға елеулі ықпал етпеген еді. Олар жаңа жерлерге қоныс аударуды үйреніп, тез бейімделді. Солай бола тұра, экожүйенің ештеңесін өзгерткен жоқ. Австралияға алғаш қоныс аударушылар, дәлірегі, жаулап алушылар бейімделумен шектеліп қалмады. Олар жергілікті экожүйені танымастай өзгертіп жіберді. Құмдауыт Австралия жағалауына аяқ басқан алғашқы адамның табан ізін сол бойда толқын шайып кетті. Құрлық түкпіріне жылжи отырып, келушілер әр шақырым сайын толқынды су да, толассыз ғасырлар да өшіре алмайтын басқа таңба қалдыра берді... Жолшыбай оларға көптеген беймағлұм жануарлар, мысалы, бойы екі метр, салмағы 200 килограмдай кенгуру мен осы жаңа жердегі ірі жыртқыш – тұрқы қазіргі жолбарыстан қалыспайтын қалталы арыстан ұшырасты. Ағашта құшаққа қысып, жонынан сипауға келмейтін алпамсадай коалалар отырды, жазық далада түйеқұстан екі еседей үлкен қанатсыз құстар үйірі жортып бара жатты. Шалғын шөптің арасынан айдаһарға ұқсайтын кесірткелер мен ұзындығы бес метрдей жыландар жылт ете қалады. Орманды алып дипротодон – салмағы екі тоннадай қалталы аю кезіп жүр. Осы жануарлардың барлығы (бауырымен жорғалаушылар мен құстардан басқасы) қалталы еді: олардың төлдері эмбрион секілді ұсақ әрі дәрменсіз болды, сондықтан олар қарын сыртындағы «қалтада» өсіп-жетілді. Қалталы жануарлар сүтқоректілер тобына жатады, яғни олар төлдерін сүтпен қоректендіреді. Мұндай тіршілік иелері Африка мен Азияда болған жоқ, ал Австралияда олар өте көп еді. Мыңжылдықтар өтті де, әлгі кереметтердің барлығы жойылып кетті. Салмақтары жарты тоннадан асатын австралиялық жануарлардың жиырма төрт түрінен тек біреуі ғана аман қалды2. Ұсақтарының да біразы қырылды. Бүкіл Австралия бойынша бұрынғы азықтық тізбек үзіліп, жаңасы қалыптасты. Австралияның жүйелі дамып келе жатқан экожүйесі миллион жылдан соң шапшаң әрі қорқынышты түрде құбылды. Бұған Homo sapіens кінәлі ме?
Кінәлі Кейбір зерттеушілер жауапкершілікті ата-бабаларымыздан алып тастап, кінәні климаттың кенеттен құбылуына (мұндай жағдайларда кінәні үйреншікті кінәліге) жүктегісі келеді. Бірақ sapіens-тің қатысы болмағанына сену қиын. Үш дәйек олардың дәлелін жоққа шығарып, дәл біздің түрдің Австралия мегафаунасын бүлдіргенін әшкерелейді. Біріншіден, 45 мың жыл бұрын Австралияның климаты ауысқанның өзінде де ол түбегейлі өзгеріп кеткен жоқ қой. Ауа райының қолайсыздығынан ірі де күшті жануарлар жаппай қырылып қалуы неғайбілдеу. Қазір бәрі климаттың өзгерісіне жабады, ал, шындығын айтсақ, жер климаты ешқашан тұрақты болған емес. Температура деңгейі мен ауа райы үздіксіз құбылып отырды. Ғаламшар тарихындағы кез келген оқиға қандай да бір климат өзгерісіне сәйкес келеді. Біздің ғаламшар талай рет жылыну мен суыну циклдерін өткерді. Соңғы миллион жыл ағымында орташа есеппен әр 100 мың жыл сайын кезекті мұз дәуірі келіп отырды. Соңғы мұз дәуірі 75 мың жыл бұрын басталып, 15 мың жыл бұрын аяқталды. Ол онша қатал болған жоқ, бірақ оның аса суық екі кезеңі шамамен 70 мың және 20 мың жыл бұрын өтті. Алып дипротодондар Австралияда 1,5 миллион жылдай бұрын пайда болып, кемінде он мұз дәуірін аман-есен өткерді. Олар үшін қатерлі мұз дәуірінің ең суық кезеңінде – шамамен 70 мың жыл бұрын да олар жаппай қырылмады. Ендеше, неліктен осынау алыптар 45 мың жыл бұрын жойылып кетті? Әлбетте, сол кезде тек дипротодондар жойылса, мұны сәтсіз сәйкестікке балар едік. Алайда, сонымен бірге Австралия экожүйесі 90%-дан аса ірі жануарларын жоғалтты. Иә, бұл жанама дәлелдер, әйтсе де сәйкестікке: Австралияның барлық аңы құрлыққа адам келген кезде ғана суықтан өле қалғанына сену қиын3. Екіншіден, жаппай қырылу дерегі, шын мәнінде, климат ауысуынан болса, теңіз жануарлары да құрлықтағы тіршілік иелерінен кем зардап шекпес еді. Алайда 45 мың жыл бұрын мұхит фаунасына ешқандай қатер төнбеді. Австралияның құрлық жануарлары ғана қырылып, жағалау суындағы тіршілік иелерінің аман қалу себебін тек адами фактормен түсіндіруге болады. Адам баласы теңізде жүзудің әлдеқандай дағдыларын меңгергенімен, сол кезеңде құрлықта ғана қауқарлы еді. Үшіншіден, Австралиядағыға ұқсас түрлер тарихта бұдан кейін де, адамдар сыртқы әлемнің кезекті бөлігін жаулап алған кезде де, жаппай қырылды. Осыдан кейінірек кезеңдегі адамның кінәсі еш шүбәсіз дәлелденді. Мысалы, осыдан 45 мың жыл бұрынғы гипотетикалық «климат өзгерісінен» сызатсыз сау шыққан Жаңа Зеландияның мегафаунасы аралға адамдар келуіне орай, орасан зардап шекті. Маорилер, Жаңа Зеландияны алғаш отарлаушы sapіens-тер, аралдарға шамамен 800 жыл бұрын келді. Екі ғасыр ішінде ірі жануарлардың көп бөлігі, сонымен қатар құстардың 60%-ы жер бетінен жойылып кетті. Солтүстік Мұзды мұхиттың Врангель аралындағы (Сібір жағалауынан 200 шақырым) мамонттар да соның аяғын құшты. Мамонттар миллиондаған жыл Солтүстік жартышардың кең-байтақ төсін түгел жайлады. Осынау аумаққа – әуелі Еуразияға, содан соң Солтүстік Америкаға Homo sapіens тарала бастауына байланысты олардың мекендеу ареалы тарыла түсті. Осыдан 10 мың жыл бұрын мамонтты алыстағы Арктика аралдарынан тысқары жерлерден көру мүмкін болмай қалды, негізгі популяциясы тек Врангель аралдарында сақталды. Онда жүндес пілдер тағы бірнеше мың жыл мамыражай тіршілік кешті, тек 4000 жыл бұрын – аралда адамдар пайда болған кезде жоғалып кетті. Австралияның ірі жануарларының қырылуы елден ерек жағдай болса, адамды қорғаштап сөз айта алар едік. Алайда Жер шарының бүкіл тарихы Homo sapіens-ті экологиялық қауымдастықты қынадай қырушы ретінде әшкерелеп отыр; Австралия апатына біздің ажал құштырғыш түрдің еш қатысы жоқ дегенге енді сене аламыз ба? Австралияны қоныстанушыларда тас ғасырының технологиясы болды. Олар экологиялық апат туындатудың амалын қалай тапты? Мұның бір-бірінің жымын білдірмей толықтыратын үш түсіндірмесі бар. Ең алдымен, осы апаттың құрбандығына айналған ірі жануарлар баяу көбейеді. Буаздығы бірнеше айға созылып, аз төл туады, ұзақ уақыт күйлемейді. Соған сәйкес, адамдар бірнеше айда бір дипротодон өлтіргеннің өзінде, популяцияның өлім-жітімі туу көрсеткішінен асып кетуі жетіп жатыр. Осылайша, бірнеше мыңжылдықтан кейін соңғы дипротодон жападан-жалғыз тұяқ серіпті де, сонымен түрі құрып бітті4. Зады, өзінің таудай тұрқына қарамастан, дипротодондар және Австралияның басқа да алыптары оңай олжаға айналса керек. Өйткені тік жүретін аңшылар оларға күтпеген жерден бас салған. Азия мен Африкада адамдардың әр алуан түрлері өмір сүріп, 2 миллион жыл бойы біртіндеп эволюцияланды. Олар дағдыларын біртіндеп жетілдіріп шамамен 400 мың жыл бұрын ғана ірі жануарларға шабуылдауға батылдары жетті. Homo sapіens Азия мен Африканың басты жыртқыштарына айналған уақытқа дейін ірі аңдар да тікесінен түк жүретіндерден аулақ жүру керегін біліп қалды. Ал Австралияның алыптары мұны үйреніп үлгере алмады, қашып құтылу керегін олар түсінбеді. Адамдар оларға қауіпті көрінбеді: өткір тісі де, білемделген бұлшық еті де жоқ. Африка мен Азияның жануарлары адамның шын мәнінде көзге көрінген кейпінен әлдеқайда қауіпті екенін өз тәжірибелері арқылы сезінді. Алпамсадай қалталы сүтқоректі дипротодон алдына келген ұсақ маймылды алғаш көрген кезде көзін жыпылықтатып, жапырағын күйсей берді. Тіпті алғашқы шабуылдан кейін де үйірлестеріне тосын қатер туралы ескерте алмады. Адамға үйрену үшін жануарларға біршама уақыт керек, ал олар үлгере алмады: бәрі құрып кетті. Екінші түсіндірме: Австралияға жеткен sapіens-тер жаппай от қолданатын еді. Үрейлі, бейтаныс ортаға тап келген адамдар ну жыныстар мен қалың ормандарды әдейі өртеді. Олар аң аулауға қолайлы ашық алаңдар жасады. Осылайша, бірнеше мыңжылдықта адамдар Австралияның ауқымды жер аумағының экологиясын өзгертіп жіберді. Мұндай болжамды, өсімдіктердің қазып алған қалдықтары да растайды. 45 мың жыл бұрын эвкалиптер Австралияда көп өспейтін еді, бірақ Homo sapіens-тің келуіне байланысты бұл ағаштың мерейі асты. Басқа ағаштар мен бұташықтарды тықсырып, олар барлық жерге жайыла өсті. Мұндай өзгеріс өсімдіктермен қоректенетін жануарларға да, шөпқоректілермен қоректенетін жыртқыштарға да әсерін тигізді. Эвкалипт жапырағын ғана жейтін коалалар үздіксіз күйсеп, жаңа жерлерді рақаттана игере берді. Жануарлардың басқа түрлері бұған еш қуана алмады, көпшілігі жаппай қырылды. Негізгі азық тізбегі үзіліп, осал буындары жойылып кетті5. Үшінші жорамал фаунаның қырылуына аңшылықтың да, от жағудың да ықпалы болғанын мойындай отырып, климат факторын алға тартады. Австралияда 45 мың жыл бұрын болған климаттық өзгерістер экожүйені тұрақсыздандырып, әлсіретті. Әдеттегі жағдайларда экожүйе қалпына келер еді, бұрын талай солай болған. Бірақ адамдар жаңа құрлыққа сол бір қысылтаяң сәтте келіп, құз шетінде тұрған экожүйені құрдымға итеріп жіберді. Осы факторлардың – климаттың өзгеруі мен адамдардың агрессиясының ұштасуы ірі жануарлар үшін аса қауіпті еді. Оларға дереу бірнеше қатер төнеді де, тіршілік етудің ыңғайлы жолын таңдау қиындады. Осы болжамдардың бірін тап баса таңдауға мүмкіндік берерлік сенімді деректеріміз жоқ. Homo sapіens Оңтүстікке, Австралияға аттанбаса, қалталы арыстандар, дипротодондар мен алып кенгурулер әлі күнге тірі жүрер еді деп пайымдауымызға толық негіз бар.
Жалқаулардың ақыры Австралия мегафаунасының қырғыны – жер бетіндегі Homo sapіens іс-әрекетінің алғашқы елеулі нәтижесі. Келесі экологиялық апат бұдан да ауқымды, бұл жолы Америкада болды. Homo sapіens Батыс жартышарға дейін жеткен тұңғыш әрі бірден-бір адам түрі еді. Бұл шамамен 16 мың жыл бұрын, яғни б.з.д. 14 мыңыншы жылдары басталды. Алғашқы қоныстанушылар Америкаға жаяу жетті: сол шақта мұхит деңгейі төмендеп кеткені сонша, Солтүстік-Шығыс Сібір мен Солтүстік-Батыс Аляска аралығында құрғақ жол «өткелі» пайда болды. Дегенмен бұл қиын, тіпті Австралияға теңіз жорығынан да машақаты мол жол еді. Батыс жартышарға жету үшін sapіens-тердің әуелі Солтүстік Сібірдің күрделі жағдайына, поляр түніне, елу градустық аязда өмір сүру дағдысына бой үйретуіне тура келді. Бұрын бірде-бір адам түрі Сібірге дендеп енбеген еді. Тіпті суыққа төзімді неандертальдықтардың өздері оңтүстікке таман, жылылау өңірлерді жайлады. Бірақ денесі мәңгілік қар мен мұз патшалығынан гөрі апатты Африка саванналарының жағдайына бейімделген Homo sapіens алғырлығының арқасында Сібірде де тығырықтан жол таба білді. Солтүстікке ойысуға байланысты көшпенді sapіens-тердің үлкен тобы қысқы аяқкиім жасауды үйренді, теріні пайдаланып, күдері мен былғарыны қабаттай, дене жылуын сақтайтын киімдер тікті. Мамонттар мен Сібірдің басқа да ірі жануарларын жайрататын жаңа қарулар мен күрделі аңшылық тәсілдерін ойлап тапты. Киім үлгілері мен аңшылық тәсілдерін жетілдіру арқылы sapіens-тер Солтүстіктің қиырына, мұзды аймақтарға бойлай енуден тайсалмады, олардың киімдері мен аңшылық стратегиясы, тіршілік ету дағдылары бұрынғыдан да кемелдене берді. Ал мұндай күш жұмсаудың керегі не еді? Шынымен адамдар Сібірді өз еріктерімен мекендеді ме? Кей тайпалар соғыстан, демографиялық мәселелерден немесе табиғи апаттардан қашып келген шығар? Әйтсе де бұл аймақтың өзіне тән артықшылықтары бар, ең алдымен, азығында ақуыз мол еді. Арктикада еті дәмді ірі жануарлар, әсіресе солтүстік бұғылары мен мамонттар тіршілік ететін. Әр мамонт аңшы үшін аяғымен жүрген дүйім ет дүкені іспетті еді. Мәңгілік мұздақ жағдайында ет ұзақ сақталды, адамдар дәмді майға, жылы тері мен бағалы мамонт сүйегіне қарқ болды. Сүңгірден табылған олжа мамонт аулаушылардың күнелтіп қана қоймай, тұрмыстары гүлденіп, көркейгенін көрсетеді. Мамонттарды, мастодонттарды, жүндес мүйізтұмсықтар мен бұғыларды аулаушылар біртіндеп бүкіл Сібірді жайлай бастады. Шамамен б.з.д. 14 мыңыншы жылдары әлдебір тайпа аң аулап, олжа қуып, Сібірдің солтүстік-шығысынан Аляскаға өтіп кетеді. Әрине, тап сол сәтте олар жаңа әлемді ашып жатқандарын білген жоқ. Мамонттар үшін де, адамдар үшін де Аляска – Сібірдің жалғасы еді. Бастапқыда Аляскадан Оңтүстікке барар жолды мұздықтар бөгеп жатты, Американың негізгі аумағына аздаған батыл адамдар ғана өте алды. Шамамен б.з.д. 12 мыңыншы жылдары жаһандық жылыну басталды да, мұз еріп, жаңа өткел жолдар ашылды, адамдар жаппай Оңтүстікке ұмтылып, арнасынан асқан қарғын судай бүкіл құрлыққа тарала бастады. Бірнеше ұрпақ буыны Арктика жағдайында жабайы аңдар аулап үйренгеніне қарамастан, келушілер қос Американың алуан түрлі климаты мен экожүйесіне тез бейімделді. Сібірліктердің ұрпағы қазіргі Құрама Штаттардың шығысындағы ну ормандар мен Миссисипи атырауындағы батпақты жерлерді, Мексика шөлейті мен Орталық Американың ылғалды джунглилерін игерді. Біреулері – Амазонка жағалауына, басқалары Андтың таулы қойнауына немесе Аргентинаның пампастарына қоныстанды. Жаңа әлемді бағындыруға бар болғаны бір, әрі кеткенде, екі мыңжылдық қажет болды. Б.з.д. 10 мыңыншы жылдарына таман олар Американың оңтүстігіндегі қиыр шетке, Отты жер аралына жетті. Осынау бірден жаулап алу Homo sapіens-тің түпсіз тапқырлығы мен таңғаларлық бейімделу қабілетін дәлелдеп берді. Басқа тіршілік иелерінің ешқайсысы бір мекеннен бұрынғыға мүлде ұқсамайтын екінші мекенге шапшаң көшіп, баяғы гендер жинағын пайдалана отырып, сол жерге бауыр басып кеткен емес6. Американы қантөгіссіз қоныстанды деуге болмас. Бұл да басқа кез келген тұтқиыл соғыс сияқты қиратушы сипат алды. 14 мың жыл бұрын америкалық фауна қазіргіден әлдеқайда алуан түрлі болды. Аляскадан оңтүстікке жылжи отырып, алғашқы отарлаушылар Канада жазығы мен Құрама Штаттардың батысынан мамонттар мен мастодонттарды, үлкендігі аюдай кеміргіштерді, мыңғырған жылқы үйірлері мен түйе келелерін, алып арыстандар мен біз баяғыда ұмытып кеткен басқа да ондаған жануар түрлерін, әсіресе азуы қанжардай айбарлы жолбарыстар мен салмағы сегіз тоннаға, бойы алты метрге жететін таудай жалқауаңдарды (sloth) көрді. Оңтүстік Американың мақұлықтары: ірі сүтқоректілері, құстары мен бауырымен жорғалаушылары бұдан да таңсық көрінді. Қос Америка жер тарихындағы ең ауқымды эволюциялық тәжірибелер өткен табиғи зертхана болып шықты: мұнда Азияда да, Африкада да ешқашан естіп-білмеген жануарлар мен өсімдіктер мамыражай күй кешіп жатты. Кенеттен соның бәрі құрыды. Sapіens-тің келуі мұң екен, 2000 жыл ағымында ерекше түрлердің көпшілігі із-түссіз жоғалды. Зерттеушілер Солтүстік Америка ірі сүтқоректілердің 47 түрінің 34-інен, Оңтүстік Америка 60 түрдің 50-інен айырылды деп есептейді. Осы жерлерді 30 миллион жылдай тұтасымен билеп-төстеген қылыштісті жолбарыстар жойылды. Таудай жалқауаңдар мен алып арыстандар, америка жылқылары мен түйелері, мамонттар мен дәукеміргіштер жоғалды. Мыңдаған ұсақ сүтқоректілер, бауырымен жорғалаушылар, құстар тіпті титімдей жәндіктер мен паразиттер де (мамонттар жойылған соң олардың үстіндегі кенелері де кетті) қырылды. Палеонтологтар мен жануарлардың қаңқаларын зерттейтін зооархеологтар ежелгі түйелердің сүйегін немесе тұрқы таудай жалқауаңның ең болмағанда тезегін табу әуресімен ондаған жылдар бойы қос Американың тауы мен жазық даласын кезіп жүр. Бірдеңе табудың сәті түсе қалса, әлгі қазынаны ұқыпты қаптап, зертханаға жібереді де, әр сүйек пен әрбір копролитті (тасқа айналған тезекті ғалымдар осылай атайды) мұқият зерттеп, мезгілін анықтайды. Осы зерттеулердің барлығы бір ғана нәтиже береді: жалқауаңдардың мейлінше жас тезегі мен түйе сүйектері құрлыққа адамдар тасқыны ағын судай қаптаған кезеңге, яғни б.з.д. 12000–9000 жылдар аралығына тұстас келеді. Тек бір жерден ғана ғалымдар берірек кезеңге – б.з.д. 5000 жылдарға жататын жалқауаң тезегін Кариб аралдарынан, дәлірегі, Куба мен Гаитиден тапты. Б.з.д. 5000 жыл дегеніміз – адамдардың Кариб теңізін жүзіп өтудің жолын тауып, осы үлкен аралдарға қоныстанған кезі еді. Тағы да кейбір зерттеушілер Homo sapіens-ті ақтап алып, бар кінәні климаттың өзгерісіне аударғысы келеді (сол үшін бүкіл Батыс жартышарына жылыну үдерісі жаудай тиген кезде, Кариб аралдарында әлдебір құпия себеппен 7000 жыл бойы экожүйеге қолайлы климат сақталып қалып еді деуге дейін барды). Бірақ Америка фаунасына қатысты істе ақтала алмаймыз: оған мына біз кінәліміз. Климаттың өзгеруі қосымша фактор екенін мойындағанның өзінде де негізгі кінә, бәрібір адамның мойнында қала береді7.
Нұхтың кемесі Австралия мен Америка түрлерінің жаппай жоғалуына Homo sapіens Афроазияға жайғасып болғанға дейінгі уақытта онша ауқымды емес апаттарды (соның ішінде адамның басқа түрлерінің жоғалуы мен Куба сияқты алыс аралдарға ежелгі аңшылар келген кезде тіршілік иелерінің едәуір бөлігінің қырылуын) қоссақ, қашып құтыла алмайтын қорытынды туындайды: Sapіens-тердің отарлауының бірінші легі әлемнің құрлық жануарларының тарихындағы ең қорқынышты, ең жойқын кесапатқа айналды. Бәрінен бұрын ірі және жүндес жануарларға қиын тиді. Когнитивті революция қарсаңында ғаламшарды ірі құрлық жануарларының 200-ге тарта түрі (салмақтары 50 килограмнан да жоғары) мекендеді. Аграрлық революцияға дейін 100 түр ғана жетті. Homo sapіens дөңгелек пен жазуды ойлап тапқанға немесе темір қорытуды үйренгенге дейін Жердегі ірі жануарлардың жартысын жойып жіберді. Бұл экологиялық трагедия, шағын ауқымда болса да, аграрлық революциядан кейін де бірнеше мәрте қайталанды. Аралдарды археологиялық зерттеулер сол трагедияның үш көрінісін көз алдымызға алып келеді: әуелі адам жоқ кездегі ірі жануарлардың сан алуан түрін көреміз; екінші көріністе адамның ізі – сүйектер, жебенің ұшы, қыш ыдыстардың сынығы пайда болады. Үшінші көріністе сахнаға адамдар шығады, ал ірі жануарлардың, сондай-ақ ұсақ мақұлықтардың заты тұрмақ, аты да қалмады. Ең айқын мысал: Мадагаскар аралы Африкадан шамамен 400 шақырым қашықтықта. Миллиондаған жылдар оқшау орналасқан онда ерекше табиғи әлем қалыптасты: ұшпайтын «піл-құс» (elephant bіrd) – бойы 3 метр, салмағы жарты тонна эпиорнис жортып жүрді, жердегі ең ірі примат – алып лемурлар дөңкиіп отырды. Эпиорнис те, лемурлар да, басқа да ірі жануарлар да осыдан 1500 жыл бұрын – аралға адамдар келген кезде кенеттен жоғалды.
10. Ірі екі жалқауаң – мегатерийлердің (Megatherіum) жаңартылған суреті. Олардың арғы жағында ірі глиптодондар (Glyptodon) өтіп бара жатыр. Осы күні құрып біткен глиптодондардың дене тұрқы 3 метрге, салмағы 2 тоннаға жеткен. Ал жалқауаңдардың биіктігі 6 метр болып, салмағы 8 тоннаға дейін тартқан. Тынық мұхит өңірінде жануарлардың көптеген түрі шамамен б.з.д. 1500 жылдары, Поленизия егіншілері Сүлеймен аралдарына, Фиджи мен Жаңа Каледонияға жеткен кезде жойылды. Олар баларасының, жәндіктердің, ұлулар мен басқа да жергілікті тіршілік иелерінің қырылуына тікелей әрі жанама түрде себепкер болды. Біртіндеп осынау қырып-жою толқыны жер бетінен Самоа мен Тонганың (б.з.д.1200 жыл), Маркиз аралдарының (б.з. І ғасыры), Пасха және Кука мен Гавайи аралдарының (б.з. 500 жылы), ақырында, Жаңа Зеландияның (б.з. 1200 жылдары) ғажайып фаунасын шая отырып, Шығысқа, Оңтүстік пен Солтүстікке, Тынық мұхиттың қақ ортасына қарай лықсыды. Мұндай апаттар іс жүзінде Атлант, Үнді және Солтүстік Мұзды мұхиттарының, сондай-ақ Жерорта теңізінің мыңдаған аралдарының әрқайсысында болды. Ең шағын аралдардан археологтар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, сонда тіршілік еткен, бірақ адам баласы келген кезде құрып кеткен құстардың, ұлулар мен жәндіктердің белгілерін тапты. Қазіргі кезеңге дейін адам назарынан қағыс қалған аздаған алыс аралдар ғана өз фаунасын сақтай алды. Соның бір мысалы – адам ХІХ ғасырда ғана қоныстанған Галапагос аралдары. Онда алып тасбақа түріндегі ерек жануар бар: олар да дипротодондар сияқты адамдардан қорықпайды. Жаһандық қырып-жоюдың аңшылар мен терімшілер қоныстануына тұстас келген бірінші толқынын, сондай-ақ егіншілер қоныстануына сәйкесетін екінші толқынын да зерделей келе, индустрияландыру нәтижесінде көз алдымызда көтерілген үшінші толқынның келешегін жақсы түсінеміз. «Ата-бабаларымыз табиғатпен үйлесімді келісіммен өмір сүріп еді-міс» деген бойкүйез өксікке сенбеңіздер. Қайдағы келісім – барып тұрған кереғарлық. Индустриялық революция басталғанға дейін адам жануарлар мен өсімдіктердің көптеген түрлерінің қырылып-жойылуына себепкер болды. Біз – биология жылнамасындағы ең қаныпезер түрміз. Адамдар қырып-жоюдың алғашқы екі толқынынан хабардар болса, әрқайсысымыздың қатысымыз бар үшіншісіне соншалықты жеңіл қарамас еді. Қаншама тіршілік иелерінің біржола құрығанын есте ұстай отырып, әлі аман-сау жүргендерін құтқаруға тырысар едік. Әсіресе мұның ірі теңіз жануарларына қатысы бар. Құрлықтағы сүтқоректілерге қарағанда, теңізді мекендеушілерге когнитивті және аграрлық революциялар көп зиянын тигізген жоқ. Қазір мұхиттардың ресурстарын жұтатып, өндіріс қалдықтарымен ластап жатуымызға байланысты, олар да жойылып кету алдында тұр. Осы қарқынмен кете берсек – киттер, акулалар, итбалықтар мен дельфиндер бір кездегі дипротодондар, таудай жалқауаңдар мен мамонттар сияқты моласына беймезгіл аттанады. Осынау антропогенді тасқында ірі жануарлардан адамның өзі мен Нұқ кемесінің «көнбіс құлдары» – үй жануарлары ғана аман қалатын шығар.
Екінші бөлім
Аграрлық революция
11. Мысыр мазарының қабырғасындағы ауыл шаруашылығына тән көріністер,
шамамен 3 500 жыл бұрын.
5-тарау
Тарихтағы теңдессіз алаяқтық
2,5 миллион жыл бойы адамдар өсімдіктерді теріп, өз бетінше өсіп- өнген жануарларды аулап, қоректенді. Homo erectus, Homo ergaster және неандертальдық інжірдің жемісін жинап, жабайы ешкілер мен қойларды қолға түсірді, бірақ олардың тіршілігін реттеуге тырыспады. Олар інжірді қайда егіп, отарды қай жерге жаю немесе қай саулықты қай қошқармен шағылыстыру мәселесіне де бас қатырмады. Homo sapіens Шығыс Африканың шегінен шығып, Таяу Шығысты, содан соң бүкіл Азия мен Еуропаны игеріп, Австралияға да, Америкаға да жетті. Қайда барса да, ол бұрынғысынша терімшілікпен және аңшылықпен күнелтті. Қарны тоқ, уайымы жоқ болса, әлеуметтік құрылымы тұрақты тұрса, діні жетіліп, әлемге иелік етіп жатса, оған тұрмыс салтын өзгертудің керегі не? Осының бәрі шамамен 10 мың жыл бұрын, уақыты мен күшін аямастан, өсімдіктер мен жануарлардың кейбір түрлерін өсірумен sapіens шындап айналыса бастаған кезде өзгерді. Таң атқаннан күн батқанға дейін адамдар дән сеуіп, өскіндерді суарып, арамшөпті жұлып, отарды өрістен-өріске айдай бастады. Олар бұл шаруа терімшілік пен аңшылыққа қарағанда, өздерін дәнмен, жеміспен және етпен әлденеше мол мөлшерде қамтамасыз ететінін түсінді. Аграрлық революция осылайша өрбіді. Отырықшы егіншілікке көшу б.з.д. 9500–8500 жылдары Оңтүстік-Шығыс Түркияның, Батыс Иранның таулы аудандарында және Леванттың аядай аймағында басталып, бастапқыда баяу жүрді. Шамамен б.з.д. 9000 жыл бұрын бидайды жерсіндіріп, ешкіні қолға үйретті. Бұршақ пен жасымықты – шамамен б.з.д. 8000 жыл бұрын, зәйтүнді – шамамен б.з.д. 5000 жыл бұрын мәденилендірсе, жылқыны б.з.д. 4000 жыл бұрын қолға үйретті, ал жүзім б.з.д. 3500 жыл шамасында мәдени өсімдікке айналды. Кейбір жануарлар мен өсімдіктер, атап айтқанда, түйені кешірек қолға үйретіп, кешью жаңғағын да кейінірек қолдан өсіре бастады. Тұтастай алғанда, б.з.д. 3500 жылдар шамасында қолға үйрету мен өсімдіктерді мәденилендіру аяқталды. Технологиялар жан-жақты дамыған бүгінгі күні де адамзат қауымы калориялардың 90%-дан астамын ата-бабалары б.з.д. 9500–3500 жылдар арасында өсіре бастаған өсімдік түрлерінен, яки бидай, күріш, жүгері, картоп, тары мен арпа сияқты дақылдардан алады. Соңғы 2000 жылдың ағымында масаттана еске аларлықтай бірде-бір өсімдікті өсіріп немесе жануарды қолға үйрете алмадық. Миды аңшылар мен терімшілерден мирас қылсақ, қоректік негізді ежелгі егіншілерден мұраладық. Бұрындары «Әлемнің шартарабына егіншілік Таяу Шығыстағы бір ғана орталықтан таралады» деп есептеді. Қазіргі ғалымдар көптеген өңірде ауыл шаруашылығы дербес түрде пайда болғанын, ол – Таяу Шығыстағы аграрлық революция экспортының нәтижесі емес екенін дәлелдейді. Таяу Шығыстағы бидай мен көкбұршақ дақылы туралы түк білместен, Орталық Америкада жүгері мен атбұршақ еге бастады. Ал Мексика мен Леванттың жетістіктері жайынан бейхабар Оңтүстік Америкадағылар да картоп егіп, ламаны қолға үйретті. Қытайда аграрлық революцияның көсемдері күрішті, тарыны өсіріп, шошқаны қолға үйретсе, Американың алғашқы фермерлері жеуге жарамды тамыр жемістерді іздеу мен жер қазудан жалығып, асқабақ өсіруге кірісті. Жаңа Гвинеяда «тәтті төңкеріс» бұрқ ете қалды да, банан мен қант қамысы жайқалды, ал Батыс Америкада адамзат бұл мезгілде Африка күріші мен тарысының, ақ жүгерісі мен бидайының соны мүмкіндіктеріне жол ашып жатты. Кейінірек осынау өңірлерден егіншілік алысқа ұзап, өрісін кеңейте түсті. Б.з. бірінші ғасырында алуан пішіндегі ауыл шаруашылығын Жер шары тұрғындарының түгелге жуығы игеріп үлгерді. Аграрлық ревоюция неліктен Австралияда, Оңтүстік Африкада, Аляскада емес, Таяу Шығыста, Қытай мен Орталық Америкада өрбіді? Жауабы қарапайым: өсімдіктер мен жануарлардың көпшілігін қолға үйрету мүмкін емес. Sapіens-тер өздері қалаған жерқұлақты жерден қазып алды, жүндес мамонттарды аулады, бірақ бұл түрлердің қай-қайсысы да байлап бағып, баптап өсіруге көнбеді. Саңырауқұлақтар тым кірпияз, ал мамонттар шектен тыс дүлей еді. Бағзы бабаларымыз жемісін терген өсімдіктердің, аңшылықпен азық еткен жануарлардың мыңдаған түрлерінің арасында қолдан өсіріп-өндіруге жарамдылары онша көп емес болатын. Осы аз ғана түрлер барлық жерде емес, нақ аграрлық революция өрбіген өңірлерде ғана кездесетін. Бір кездері ғалымдар бірауызды болды: «Аграрлық революция – адамзат үшін алға ұмтылған алып адым», – деді. Олар басты кейіпкері адамның ақыл-есі болған прогрестің тарихын айтты. Эволюция бұрынғыдан да ақылды адамдарды біртіндеп көбейтті. Ақырында, олардың ақылды болғаны сонша – табиғаттың құпиясын тауып, қойды қолға үйретіп, бидай өсіре бастады. Сол, сол-ақ екен, олар қиын да қауіпті, көбіне ашқұрсақ жүретін аңшылар мен терімшілердің тірлігінен қуана бас тартып, көше беруді доғарды, тоқшылық пен молшылыққа кенелген егінші мен бақташының тұрмысына бауыр басты.
2-карта. Аграрлық революция таралған аймақтар мен мерзімдер. Археологиялық жаңалықтарды ескере отырып, дата мен картаға ұдайы өзгерістер енгізіледі1. Мұның бәрі ертегі еді. Ұрпақтан-ұрпақ алмасқан сайын адамзаттың ақылы молыға түскеніне ешқандай дәлел жоқ. Аңшылар мен терімшілер аграрлық революцияға дейін де табиғат құпияларын адаспай, айқын түсінді. Олар өздері аулаған аңдардың құлқын, теріп-жиған өсімдіктердің қасиетін жете білгендіктің арқасында аман-сау қалды. Аграрлық революция бірден жаңа, жеңіл өмірдің бастауы бола салған жоқ: ежелгі егіншілер терімшілерден де қиын тұрмыс кешіп, көбіне ашқұрсақ жүрді. Аңшылар мен терімшілер саламатты өмір сүрді, көп тер төкпей, алуан түрлі әрі қызғылықты ермек тапты, аштық пен ауру-сырқауға сирек ұшырады. Аграрлық революцияның арқасында адамзат қауымы тұтынатын азықтың жалпы көлемі артқаны даусыз, алайда ішер астың көбеюі – диетаның жақсаруы немесе көңілдің көншуі деген сөз емес қой. Жоқ, әрине, соның нәтижесінде демографиялық дүмпу болып, элита төбе көрсетті, ал орташа деңгейдегі малшы мен егінші құбатөбел аңшы мен терімшімен салыстырғанда көп еңбек етіп, аз тамақтанды. Аграрлық революция – тарихтағы теңдессіз алаяқтық2. Сонда алаяқ кім? Ол кезде патшалар, абыздар мен саудагерлер жоқ еді. Адамды алдаған олар емес, бірнеше өсімдік – бидай, күріш пен картоп болатын. Homo sapіens оларды қолға үйреткен жоқ, керісінше, олар адамды өзіне қызмет етуге мәжбүрледі. Кәне, аграрлық революцияға бидайдың көзқарасы тұрғысынан қарайықшы. 10 мың жыл бұрын бидай бар болғаны даланың дақылы еді, ареалы Таяу Шығыстағы шағын аумақ аясымен шектелетін. Бірнеше мыңжылдық қана өткенде ол бүкіл әлемді басып алды. Негізгі критерийлер – тіршілік ету мен өнім беру тұрғысынан қарасақ, бидай – Жер тарихындағы ең табысты өсімдіктердің бірі. Солтүстік Американың Ұлы жазығы сияқты өңірлерде 10 мың жыл бұрын бірде-бір масақ өскен емес, ал бүгін бірнеше жүздеген шаршы шақырымға созылған алқапта бидайдан басқа дақыл кездеспейді. Бидай егістігі жер жүзінің шамамен 2,25 миллион шаршы шақырымын жауып жатыр: бұл Ұлыбританияның жер аумағынан он есе үлкен. Елеусіздеу өсімдік қалайша соншалықты шапшаң, тегіс таралып кетті? Бидай sapіens сорлыны алдап, діттегеніне жетті. Жартылай маймыл бақытты өмір сүріп, аң аулап, өсімдікті азық етіп жүр еді. Шамамен 10 мың жыл бұрын sapіens бидайды мәденилендірумен шұғылдана бастады. Екі мың жылдық өтер-өтпесте Жер шарының барлық түкпірінде адамдар таңның атысынан күннің батысына дейін тек бидай егіп, баптаумен, егін жинаумен ғана айналысты. Бұл – ауыр жұмыс. Егін егу үшін бірталай егінші күш біріктіруі қажет. Бидай тастақта өспейді, сондықтан sapіens-тер арқа еті арша, борбай еті борша болып, даланы тазартты. Бидай күн сәулесін, су мен басқа да нәрлі заттарды өзге өсімдіктермен бөліскенді жақтырмайды. Сондықтан адамдар шақырайған күн астында тыным таппай арамшөп жұлды. Бидай ауырып қалады – sapіens-тер оны зиянкестерден, фузариоз бен басқа да кеселдерден қорғауға мәжбүр болды. Бидай өзін жегісі келген жануарлардан, мейлі ол қоян не шегіртке болса да, қорғана алмайды. Сондықтан шаруалардың егістікті қорғауына тура келді. Бидай – сусақ, адамдар бұлақтар мен өзектерден су тасып, егіннің шөлін қандырды. Бидайдың аштығын басу үшін sapіens-тер жануарлардың тезегін теріп, онымен егістік топырағын тыңайтты. Homo sapіens-тің денесі мұндай міндеттерді атқаруға арналмаған еді. Эволюция адамды даланы тастан тазартып, су тасуға емес, алма ағаштың басына өрмелеп, елік қууға бейімдеген. Бұл омыртқаға, тізеге, мойын мен табанға зақым келтірді. Ежелгі қаңқаларды зерттеу нәтижесі ауыл шаруашылығы дамуына байланысты көптеген аурулардың: омыртқа шеміршегі қажалып, буын, жарық кеселдерінің де пайда болғанын көрсетті. Оның үстіне ауылшаруашылық көп уақытты жалмайтындықтан, адамдардың отырықшыланып, өз егістігінің маңында тұруына тура келді. Тұрмыс салты түбегейлі өзгерді. Жоқ, бидайды қолға үйретіп, үйге алып келген жоқпыз. Ол бізді үйге «қамады». Бұл сөйлемдегі негізгі сөз – латын тіліндегі «domus» (үй) қой. Ал үйде кім тұрады? Бидай емес, мына біз – Homo sapіens тұрамыз. Емін-еркін өмір салтын ауыр тірлікті тұрмысқа айырбастаған адамды бидай қалай «қолға үйретті»? Еркін өмірдің орнына не ұсынды? Мүлде пайдасы жоқ тағам мәзірін. Өздеріңіз білесіздер, адам – бәрін жей беретін маймыл еді, ол сан алуан азық-түлік түрлерімен қоректенді. Аграрлық революцияға дейін оның рационында дәнді дақылдың үлесі аз болды. Бір ғана дәнді дақылмен қоректену мүлде пайдасыз: бұл диета дәрумендер мен микроэлементтерге жұтаң, дәнді дақыл нашар қорытылады, тіс пен қызыл иекке зиян. Бидай, тіпті адамдарға бақуатты тұрмыс та ұсына алмады. Осы тұрғыдан алғанда шаруаның тіршілігі аңшы мен терімшінің тағдырынан ауырлау еді. Ежелгі адамдар өсімдіктер мен жануарлардың бірнеше түрін азық қылды. Сондықтан да тағамның қосымша қоры болмаса да, ашаршылық жылдарында аман қалды. Әлдебір жануардың саны азайып немесе әлдеқандай өсімдік түрі жойылып кетсе, адамдар басқа өсімдік түрін терді немесе басқа бір аңды аулады. Шаруа болса күні кеше жерсіндірген өсімдіктердің шектеулі жиынтығымен қоректеніп келді. Бірқатар өңірлер бір ғана өсімдік түріне – бидайға, картопқа немесе күрішке байланып қалды. Толассыз жауын, қаптаған шегірткелер немесе өсімдікті жегідей жеп қоятын зеңдер егіншілерді ауық-ауық қырғынға ұшыратты. Егін шықпай қалғандықтан, шаруалар мыңдап, кейде миллиондап қаза тапты. Бидай зорлық-зомбылықтан да қорғай алмады. Алғашқы егіншілер көшпенді бабалары сияқты (бәлкім, олардан да бетер) озбыр болды. Шаруада жеке мүлік пайда болды, енді оларға өңдейтін жер керек. Көршілері жайылымын немесе егістік алқабын тартып алса, онда бүкіл қауым аштықтан өледі, демек, келісімге келіп, ымыраға көнуге еш мүмкіндік қалмайды. Күшті көршілері қысым көрсетсе, аңшы мен терімшілер басқа жерге кетіп қалады, ал отырықшы шаруа дұшпан қыспағымен қоныс аударса, егістігін, үй-жайы мен қора-қопсысын қалдырып кетеді. Әдетте босқындар ашаршылыққа ұшырайды, міне, сондықтан шаруалар ақырына дейін шайқасуды қалады.
12. Жаңа Гвинеядағы екі ауылшаруашылық қауымдастықтар арасындағы тайпааралық шайқас (1960 жыл). Ауылшаруашылық революциясынан кейінгі мың жыл ішінде осындай шайқастар көп болған сияқты. Антропологиялық және археологиялық зерттеулер қоныс пен тайпадан жоғары әлеуметтік құрылымы жоқ қарапайым аграрлық қоғамдарда бүкіл өлім-жітімнің 15%-ына (еркектер арасындағы өлімнің 25%-ына) зорлық-зомбылық себепші болғанын айғақтайды. Бүгінгі Жаңа Гвинеядағы егінші дани тайпасында қасақана кісі өлтіру еркектердің 30%-ының, энго тайпасында 35%-ының өмірін жалмайды. Эквадорда уаорана тайпасынан шыққан азаматтардың зорлық-зомбылықтан өлу ықтималдығы 50%-ды құрайды3. Адамның жыртқыштық болмысына біртіндеп күрделі әлеуметтік құрылымдар: қалалар, патшалықтар, империялар құру арқылы ішінара тосқауыл қойылды. Бірақ тиімді әлеуметтік және саяси құрылымдар жасауға мыңдаған жылдар жұмсалды. Бақташылар мен егіншілердің ауылдағы тұрмысы жабайы жануарлардан, жаңбыр мен суықтан қорғануына мүмкіндік берді. Бірақ, жекелей алғанда, әр адам үшін құндылықтардан кемшіліктер басым болды. Қазіргі гүлденген қоғамдағы біздерге мұны ұғу қиындау. Өзіміз қауіпсіздік пен молшылықта өмір сүретіндіктен, ал біздің қауіпсіздігіміз бен молшылығымыз аграрлық революция салған негіздерден бастау алатындықтан, әлбетте, осы революцияны ұлы прогреске балаймыз. Мыңжылдықты бүгінгі көзқарас тұрғысынан бағалау түбірінен қате. І ғасырдағы Қытайдағы үш жасар қызды елестетіп көріңізші. Аштықтан өлгелі жатып ол: «Иә, өлетінім өкінішті, есесіне 2000 жылдан соң адамдар тамақты тойғанынша жеп, кондиционері бар зәулім үйлерде тұрады ғой, демек, менің текке өлмегенім», – дер ме еді? Бидай егіншілерге қандай тұзақ құрды: баршаны, соның ішінде ашқұрсақ қытай қызын немен емексітті? Жекелей алғанда, әр адамға ерекше ештеңе ұсынған жоқ, бірақ биологиялық түр ретінде Homo sapіens ұтып шықты. Бидай бұрынғы тағам көздерінің барлығынан гөрі танап бірлігіне шаққанда құнарлылау болды да, Homo sapіens көкке шапшығандай көрсеткішпен көбейе, өсіп-өне бастады. Б.з.д. 13000 жылдар шамасында адамдар жабайы өсімдіктермен қоректеніп, тағы жануарларды аулап жүрген кезде Палестинаның Иерихон шұраты дені сау, бәлкім, көңілі көтеріңкі жүз мүшеден тұратын көшпенді топтың ғана қарнын тойдыра алар еді. Б.з.д. 8500 жылдар шамасында, жабайы өсімдіктердің орнын бидай танабы басқан шақта, әлгі шұратты дала енді мың адамның әбден қиналған түлкіқұрсақ әрі дімкас тіршілігіне тірек болды. Түр эволюциясының табысы аштық пен аурудың бар-жоқтығымен емес, оның ДНҚ-сын келесі ұрпақтың қайталау көрсеткішімен өлшенеді. Компанияның табысы есепшотындағы доллардың мөлшерімен өлшенетіні сияқты, түрдің эволюциялық табысы нақты ДНҚ-ны жалғастырушылар санымен бағаланды. ДНҚ жалғастырушылары қалмаса, онда шотында көк тиын қаржы қалмаған компанияның банкротқа ұшырағаны сияқты, түрдің де өлгені. Ал ДНҚ жалғастырушылары көп болса, бұл түр үшін эволюция дұрыс бағытта болғаны. Осы тұрғыдан алғанда, жүзден гөрі мың адам әрдайым жақсы. Аграрлық революцияның мәні де осында: нашар жағдайда өмір сүретін Homo sapіens өкілдерінің саны мейлінше көбейе түсуінде. Бірақ осынау эволюциялық есептемелерде жеке адамның шаруасы қанша? Сол бір геномды жалғастырушылар көбеюі үшін жеке адам өз тұрмыс-тіршілігінің деңгейін неге төмендетуге тиіс? Мәселе, ешкімнің келіспегеніне тіреліп тұр. Аграрлық революция тұзақ еді.
Молшылық тұзағы Жер өңдеу ісі баяу таралды: ғасырлар мен мыңжылдықтарға созылды. Саңырауқұлақ пен жаңғақ жинаған Homo sapіens тобы дереу отырықшыға айналып, қоныс салып, жер жыртуға, бидай егіп, жақын өзеннен су тасып, танаптарды суаруға бірден кірісіп кете қойған жоқ. Өзгерістер баяу жүрді, әр сатылық кезең күнделікті тұрмысқа елеусіз өзгерістер енгізді. Таяу Шығыста адамдар шамамен 70 мың жыл бұрын пайда болды. Кейінгі 50 мың жылда арғы бабалар ол маңда ауыл шаруашылығынсыз-ақ өсіп-өркендеді. Келесі 50 мың жылда ол маңдағы арғы бабаларымыз ауыл шаруашылығынсыз-ақ дамыды. Мұндағы адамдарды асырау үшін табиғи ресурстар да жеткілікті еді. Тоқшылық жылдары көп бала дүниеге келіп, қолайсыз кезде өсім азайып кетті. Сүтқоректілердің көпшілігіндегі сияқты адам бойында көбею үрдісін бақылайтын гормондық және генетикалық тетіктер іске қосылды. Тоқшылық уақытта қыздар жыныстық жағынан ерте жетіліп, ұрықтану мүмкіндігі артты. Ашаршылық жылдары жыныстық жетілу тежеліп, жүкті болу мүмкіндігі кеміді. Бала тууды реттеудің осындай табиғи механизміне әлеуметтік тетіктер де қабаттасты. Баяу қимылдап, көп қамқорлықты қажет ететін бөбектер мен шақалақтар көшпенділерге қосымша ауыртпалық артты. Әйелдер үш-төрт жылда бір баладан артық тумауға тырысты. Олар есейіп кеткенше балаларын күні бойы емшектен айырмады (тәулік бойы емізу бала көтеру мүмкіндігін елеулі түрде азайтады). Басқа тәсілдерді де қолданды: жыныстық қатынастан мүлде немесе ішінара бас тарту (тыйым салынуы да мүмкін), түсік тастау, тіпті кейде бала өлтіру дерегі де кездесті4. Осынау ұзақ мыңжылдықтар бойы адамдар үзбей бидай жеді, алайда олардың рационында астық дақылдары айрықша рөл атқарған емес. Шамамен 18 мың жыл бұрын соңғы мұз дәуірі аяқталып, жаһандық жылыну басталды. Ауаның орташа температурасы өсіп, жауын-шашын мөлшері ұлғайды. Жаңа климаттық жағдай Таяу Шығыста бидай мен басқа да дәнді дақылдар үшін аса жағымды болды, олар көбейіп, кең таралды. Адамдар тамаққа бидайды мол пайдаланды – еріксіз оның жарнама агенттеріне айналды. Егістік танабындағы масақты бірден жей алмайсың: дәнді ақтап, ұнтақтау, сондай-ақ жақсылап термикалық өңдеуден өткізу керек. Сонымен масақ теріп алып, адамдар өздерінің уақытша қоныстарына оралып, іске кіріседі. Бидай дәні ұсақ болды, олар әр масақта толып тұрды, қосынға қайтар жолда дәннің біразы шашылып қалды. Соның нәтижесінде қоныс маңында, адамдарға көзтаныс сүрлеу бойында бидай бітік өсе бастады. Оның кең таралуына егіншіліктің отап-өртеу жүйесі де ықпал етті. Ағаштар мен тал-шілікті өртеген соң, бидай күннің сәулесін, су мен басқа да нәрлі заттарды жеке-дара иеленді. Бидай аса бітік өскен, жабайы аңдар көп жортқан және өзге де азық көзі мол жатқан жерге адамдар қос тігіп, маусым бойы жайғасты және келесі маусымда да қайтып оралды. Бастапқы кезде отырықшылық маусымы бір айға, егінді жинап болғанға дейін созылды. Келесі ұрпақ бір айдың үстіне тағы бір апта, содан соң екі апта қосып, қоныстарда кідірді де, біртіндеп отырықшыға айналды. Мұндай қоныстардың іздері Таяу Шығыстың көп жерінен, әсіресе б.з.д. 12500–9500 жылдары арасында натуфий мәдениеті өркендеген Левант өңірінен табылды. Бұл мәдениеттің өкілдері аңшылар мен терімшілер еді, олар жануарлар мен өсімдіктердің ондаған жабайы түрлерін тамаққа тұтынды, сөйте тұра қоныстарға тұрақтап, уақыттың біраз бөлігін жабайы астық дақылдарын жинап, өңдеуге жұмсады. Олар тастан үйлер мен қамбалар салып, қуаң жылдар қамына астық қорын жинады. Натуфийліктер жаңа еңбек құралдарын: егін оратын тас орақтарды, дәнді талқандайтын тас келі мен келсапты ойлап тапты. Б.з.д. 9500 жылдың орта шенінде натуфийліктердің ұрпақтары дәнді дақылдарды жинап, өңдеп қана қоймай, оларды мейлінше жетілдірілген тәсілдермен қолдан өсіруді үйреніп алды. Егін ора жүріп, тұқымның біршама бөлігін танапқа қалдырды, олар келесі жылы жайқала өсіп шықты. Тұқымды топырақ бетіне қалдырмай, жерге тереңірек көмсе, егін бітік өсіп шығатынын түсінді. Сол кезде адамдар топырақты қопсытып, жер жыртуды қолға алды. Содан соң олар егістікті арам-шөптен арылтып, өскінді зиянкестерден қорғауды, оны суарып, тыңайтуды меңгерді. Егінді сақтау қамына көп күш жұмсалған сайын жабайы өсімдіктерді жинау мен аң аулауға жұмсалатын уақыт азая берді. Аңшы мен терімшілер осылай егіншілерге айналды. Жабайы дақылдар жинап келген әйел бір түнде бидай өсірушіге айналып шыға келген жоқ, сондықтан егіншілік мәдениетке түбегейлі көшу сәті қашан болғанын дәл айту қиын. Дегенмен де б.з.д. 8500 жылдарының орта шенінде Таяу Шығыс Иерихон сияқты қоныстарға айналып үлгерді, олардың тұрғындары уақытының негізгі бөлігін бірнеше түрлерді өсіруге жұмсады. Азықтың бұрын-соңды болмаған қоры жинақталған тұрақты қоныстардағы тұрғын саны өсе бастады. Көшпелі тұрмыс салтынан бас тартып, әйелдер жыл сайын да туа алатын халге жетті. Енді бөбектерді ерте жастан емшектен шығарды, өйткені оларға ботқа пісіріп берді. Бала туу құпталды: егістікке жұмыс қолы жетіспеді. Бірақ жұмыс қолымен қатар мол тамақты жұтып жіберетін артық ауыз көбейді, демек, егістік танаптарын жаңадан жыртуға тура келді. Тұрғындар тығыз орналасқандықтан, жұқпалы аурулар тез тарады, балалар ана сүтімен емес, негізінен, астық дақылымен қоректенді, оның үстіне, әр балаға өз порциясы үшін толып жатқан аға-іні, апа-қарындастарымен бәсекелесуге тура келді, міне, сондықтан балақайлардың өлім-жітімі күрт өсіп кетті. Аграрлық қауымның көпшілігінде кем дегенде үш баланың біреуі 20 жасқа жетпей көз жұмды5. Әйтсе де туудың көрсеткіші өлім-жітім деңгейін елеулі түрде басып озып, жарық дүниеге бейшара, сормаңдай балалар бұрынғыдан көп келіп жатты. Уақыт өте келе «бидаймен мәміле» жасаудың пайдасыздығы айқын біліне бастады. Балалар өліп жатты, ересектер маңдай тері сорғалап нан тауып жүрді. Б.з.д. 8500 жылдары әрбір орташа иерихондықтың тұрмысы, б.з.д. 9500 немесе 13000 жылдармен салыстырғанда, тым ауырлап кетті. Бірақ не болғанын ешкім түсіне алмай-ақ қойды. Кейінгі ұрпақ өздерінің әкелерінен айнымай тіпті сәл «тиімділеу» өмір сүрді. «Жетілдірілген» дүние көп, олардың әрқайсысы тұрмысты жеңілдетуге ғана арналды, сайып келгенде, бұлар әр диқанның мойнына диірмен тасындай зіл артып қойды. Қалайша адамдар аяқастынан жаңылысып қалды? Сол баяғы себеппен, үнемі алдауға түсетіндіктен жаңылысты. Адамдар қабылдаған шешімінің салдарын алдын ала болжауға қабілетсіз. Қай кезде де олар жұмысты сәл күрделендіруге, айталық, тек дән сеуіп қана қоймай, оған қоса топырақты алдын ала кетпенмен аударып шығуға келіскен сыңай танытады. Өздерін: «Иә, еңбектенуге тура келеді. Есесіне, ертең қандай өнім жинаймыз! Егін шықпай қалды деп уайымдамаймыз, әйтеуір! Балаларымыз енді ешқашан ашықпайтын болады. Сөйтіп, жетіліп кетеміз», – деп жұбатады. Көңілге сенім ұялатады. Бастапқы жоспар осындай болды. Жоспардың алғашқы бөлімі майдан қыл суырғандай сәтті өтті. Адамдар, шын мәнінде, жақсы жұмыс істеді. Ал содан соң күтпеген факторлар килігіп, бәрін бүлдірді. Адамдар бала саны да өскенде, көп қарынды тойдыру қажеттігін алдын ала болжай алмады. Алғашқы егіншілер балалардың ана сүті орнына ботқа асайтынын, содан иммунитет әлсірей беретінін мүлде білген жоқ. Тұрақты қоныстар жұқпалы аурулар ошағына айналды. Адамдар бір ғана азық көзіне тәуелді бола отырып, табиғи апаттар төнген ретте өздерін алапат қатерге душар ететіндерін де болжай алмады. Бұған қоса, лық толы қамбалар ұры-қарылар мен дұшпандарды еліктірді, қамал соғып, қарулануға, байлықтарын күзетуге тура келді. Кемшіліктерін көргеннен кейін, адамдар неге бұл жобадан бас тартпады? Себебі бүкіл кемшіліктер түсінікті болып үлгергенше ұрпақтар буыны ауысып кетті де, кейінгілер бұрынғы адамдардың қалай өмір сүргенін білмей қалды. Сондай-ақ олар жанталаса көбейе отырып, өткен көпірлерін өртей берді: егіншіліктің арқасында қоныс тұрғындары жүзден 110 адамға көбейсе, онда тайпаластары бұрынғы байыпты әдет-ғұрыпқа оралуы үшін «басы артық» он адамның аштан өлуіне тура келер еді. Тығырықтан шығар жол қалмады: тұзаққа мықтап түсті. Жарқын өмір, жайлы тұрмысқа жанталаса ұмтылу тұйыққа қамады: бұл алғашқы тәжірибе еді, бірақ соңғы емес. Әдетте жастар оқу орнын бітіргеннен кейін, 35 жасқа келгенше жеткілікті қаржы жиып, жағдайын оңдап алу үшін аянбай еңбек етуге бел буып, белгілі фирмаларға кіріп жатады. Содан соң ғана өзі аңсаған іспен шұғылдануды ойлайды. Бірақ 35 жаста оларда ипотека, қымбат мектепте оқитын балалары, екі машинаның өтемі, үй қызметшісіне төлейтін ақы... және де шәрбат дәмді шарап ішпей, шетелде шалқып демалмай өмір сүріп керегі не деген сезім бар. Шынымен қарабайыр тірлікке оралуы керек пе? Жоқ, әрине, енді бір ғана жол бар: бұрынғыдан да бетер жұмыс істеп, қор жинауды жалғастыра беру. Тарихтың толып жатқан «мызғымас заңдарының» бірі мынау: молшылық қажеттілікке айналып, жаңа міндеттер туындатады. Адам жаңа, жайлы жағдайға бой үйреткенде, солай болуға тиіс деп сезінеді. Өйткені сол жақсы өмірге ұмтылды ғой. Енді онсыз тұра алмайтын сәт те келеді. Қазіргі уақыттан тағы бір мысал келтірейік. Соңғы онжылдықта адамдар уақытты едәуір үнемдейтін әрқилы тұрмыстық техниканы: кір жуатын машинаны, шаңсорғышты, ыдыс жуғышты, сондай-ақ ұялы телефонды, компьютерді, интернетті ойлап тапты. Тұрмыс жайлы да, тыныш болады деп ойлады. Бұрын хатты жазып, конвертке салуға, марка жапсырып, ең болмағанда, пошта жәшігіне дейін апаруға тура келетін. Ал содан соң жауабын күтумен күндер мен апталар, кейде айлар өтетін. Қазір электронды хатты теріп жазамыз да, әлемнің қиыр шетіне жолдай саламыз. Адресат сол сәтте компьютердің алдында отырса, минут өтпей хабарын береді. Міне, қанша уақыт пен күш-жігерімізді үнемдейміз. Бірақ өміріміз жайлы да тыныш болды деп сендіре аламыз ба? Жоқ, әрине. «Қағаз пошта» дәуірінде адамдар әлдебір маңызды нәрсені хабарлау керек болғанда ғана хат жазды. Олар басына сап ете түскен ойды қағазға түсіре салған жоқ, не айту және оны қалай жеткізу керегін мұқият ойластырды. Өздері де ойда екшеп, санада саралаған жауап күтті. Қарапайым адам бір айда шамамен алты хат жолдап, алып отырды, ешкім өзін табан астында жауап жазуға міндетті сезінген емес. Қазір күн сайын алты емес, елудей хат аламыз, бәрі сол сәтте үн қатуымызды күтеді. Уақытты үнемдегіміз келді, бірақ оның орнына жылдамдығымыз артып, бұрынғыдан он есе тез екпінмен зымырап барамыз. Күндеріміз бұрынғыдан бетер қарбаласқа толып, көбірек күйгелектенетін, басымыздан өтіп жатқан жайттарды бақылай алмайтын халге жеттік. Анда-санда әлдебір тоңмойын-луддит электронды пошта жәшігін ашудан бас тартып жатады. Осыдан мың жыл бұрын адамдардың кейбір топтары жер жыртып, егін егуден бас тартқаны, молшылық азғырмасынан қашқаны сияқты. Бірақ аграрлық революция салтанат құруы үшін ол өңірді мекендеушілердің барлығы бірдей ол үдеріске қатысуы қажет болған жоқ, араларынан біреуі шықса, жетіп жатты. Бір топ адам – Таяу Шығыста ма, әлде Орталық Америкада ма, бәрібір – отырықшы тұрмыс салтына көшіп, алғашқы дәнді немесе көшетті егуі мұң екен, егіншіліктің жарқын келешегі қолмен қойғандай айқындала түсті. Сол бойда елеулі демографиялық үдерістер басталып, қоныс тұрғындары өсті, егіншілер аңшы мен терімшілерден көп болып шықты – әлгілер аңшылық алқапты тастап қашуға, не болмаса, өздері де кетпен шауып, мал бағуға мәжбүр болды. Қандай жағдайда да дәстүрлі тұрмыс салты тоқырап, тозғындауға ұшырады. Молшылықтың тұзағы туралы тарих маңызды сабақты мазмұндайды. Мамыражай тіршілік, жеңіл тұрмысты іздеу барысында адамзат жойқын өзгерткіш күшті уыстан шығарып алды. Ол әлемді күтпеген тіпті адам баласының өзі қаламаған бағытқа бұрып әкетті. Ешкім аграрлық революцияны жоспарлаған жоқ және адамның дәнді дақылдарға тәуелді болуын әдейі ойластырған емес. Таяу тұрған қарапайым мақсаттарды – қарын тойдыруды, қандай да бір қауіпсіздікті қамтамасыз етуді ғана көздеген бірнеше жеңіл шешім қабылдады; бірақ нәтижесінде бұл шешімдер ежелгі аңшы мен терімшілерді шақырайған күннің астында қисапсыз құмырамен су тасып, бидайды суаруға мәжбүрледі.
Жоғарыдан араласу Тұзақ теориясы – аграрлық революцияны өкінішті қателік ретінде қарастырады, тарихта бұдан да сорақы жаңсақтықтар мысалы жетерлік. Басқа да болжамдар бар. Мүмкін, соншама күрт өзгерістерге ұшыратқан тұрмысты жеңілдету қамы емес шығар. Адамның басқа мақсаты болуы мүмкін, мәселен, соған жету үшін өз өмірін саналы түрде күрделендірсе ше? Ғалымдар тарихи факторларды экономика мен демографияның қасаң түсініктерімен ұштастыруға тырысады – мұны рационалды, математикалық ойлау жүйесі талап етеді. Бүгінгі тарихты зерделеу барысында идеология мен мәдениет сияқты материалдық емес факторларды есептен шығарып тастау мүмкін емес. Бұл жерде елемеуге қақымыз жоқ, жазба айғақтар қолда бар. Көптеген құжаттар, хаттар мен мемуарлар Екінші дүниежүзілік соғыс азық-түлік жетіспегеннен немесе тұрғындар саны шектен тыс көбейіп кеткендіктен басталмағанын дәлелдейді. Алайда натуфий мәдениетінің құжаттары жоқ, міне, сондықтан да соншама көне дәуірді зерттеу ісінде кесімді уәжді материалистер ғана айта алады. Жазу-сызуды әлі білмеген адамдардың экономикалық қажеттіліктерден гөрі дінге жүгінгенін қалай дәлелдейсің? Кей-кейде, өте сирек жағдайда сәттілік осы жұмбақтың кілтін жолдайды. 1995 жылы археологтар Түркияның оңтүстік-шығысындағы Гөбеклі-тепені (Томпақ төбе) қаза бастады. Ежелгі қабаттан қоныстың, үйлер мен тұрмыс заттарының іздері байқалмады, есесіне, одан ғажайып өрнекпен бәдізделген монументалды конструкция – салмағы 7 тоннадай, биіктігі 5 метр балбал тас табылды, ал таяу маңдағы тас кенішінен бәдізделуі бітпеген, салмағы 50 тонна тартатын тағы бір сынтасты қазып алды.
13. Гөбеклі-тепедегі монументалды құрылыстың қираған үйінділері. Оң жақта: айшықты өрнектермен бәдізделген тас сағананың биіктігі 5 метр. Археологтар дүниежүзіндегі мұндай сынтастармен жақсы таныс: солардың ең белгілісі – Англиядағы Стоунхендж. Бірақ Гөбеклі-тепедегісі бұрыннан белгілі монументалдық құрылыстардан әсерлі бітімімен ерекшеленеді: Стоунхенджді б.з.д. 2500 жылдардың орта шенінде дамыған егіншілер қоғамының мүшелері салған. Ал Гөбеклі-тепе құрылысы одан әлдеқайда көнелеу, кейбір нышандарына қарағанда, оны б.з.д. 9500 жылдары аңшы мен терімшілер тұрғызған. Бастапқыда археологтар бұған сене алмады, әйтсе де талдаулардың барлығы оның мерзімі тым көнелігін, құрылысшылардың ауылшаруашылық тұрмыстан бұрын өмір сүргенін анықтады. Демек, ежелгі аңшы мен терімшілердің қабілеті, олардың қоғамдық құрылымы мен мәдениеті де бұрын ғылымда айтылып жүргендегіден әлдеқайда күрделі болған. Көшпенділер не үшін бұл балбалдарды қашап, төбесін тас қалпақпен жапқан? Мұндай құрылыстардан ешқандай материалдық пайда болған жоқ, болуға да тиіс емес: бұл – мамонт соятын қасапхана, жауын-шашыннан қалқалайтын немесе арыстаннан тығылатын пана емес. Шындыққа жуысатын бір ғана теория қалады: бұл – діни ғимарат, оның жұмбағын түбегейлі шешу үшін археологтардың әлі де бас қатыруына тура келеді. Не үшін салынғаны белгісіз, әйтсе де ежелгі аңшылар мен терімшілер одан уақытын да, күш-жігерін де аямаған. Гөбеклі-тепені ынтымақтаса әрі ұзақ уақытқа күш біріктірген сан алуан рулар мен тайпалардан шыққан мыңдаған көшпенді ғана сала алар еді. Мұндай үйлесімді түрде ұжымдаса күш жұмсауға адамдарды тек дамыған дін жолы немесе идеологиялық жүйе ғана жетелей алады.
Гөбеклі-тепе қойнында тағы бір құпия тығылып жатыпты. Ұзақ жылдар генетиктер қолдан өсіре бастаған бидайдың шығу тегін анықтауға тырысты. Жуырда ашылған жаңалық, әйтеуір, мұндай бидайдың бірі – бірдәнекті бидай Карачадаг тауында, Гөбеклі-тепеден 30 шақырым жерде өскенін көрсетті6. Бұл жай сәйкестік емес. Сірә, Гөбеклі-тепедегі архитектуралық кешеннің адамдардың бидайды (немесе бидайдың – адамдарды) жерсіндіру тарихымен әлдебір байланысы болса керек. Осы монументалды ғимаратты салғандарды, ал содан соң оған жиналғандарды тамақтандыру үшін азық-түліктің орасан мол қоры қажет еді. Аңшылар мен терімшілер аяқ астында жататын жабайы бидайды қарқынды түрде өсіруге мол қор жию қамымен емес, ғибадатхананы тұрғызып, оның қызметін жандандыру үшін көшті деп жорамалдауға әбден болады. Бидай талап еткен құрбандыққа бас тігуге адамдарды итермелеген де, міне, дін екен. Мынадай жорамал бар: «Адамдар отырықшылық тұрмыс салтына көшіп, қоныстар салды, ал молшылыққа кенелген кезде оның ортасында ғибадатхана тұрғызды». Гөбеклі-тепеден табылған олжа ең әуелі ғибадатхана тұрғызу, содан соң ғана оның төңірегіне қоныстар салу ықтималдығын көрсетті.
Революция құрбандары Адамдар мен дәнді дақылдар арасындағы «фауст мәмілесі» адамзаттың жын әлемімен жасаған келісімдерінің басы да, соңы да емес. Тағы бір мәміле қойдың, ешкінің, шошқа мен тауықтың тағдырына байланысты болды. Жабайы қойларды аулаған көшпенділер отардың құрылымын біртіндеп өзгерте берді. Бұл үдеріс, сірә, таңдап аулаудан басталған шығар. Адамдар тек ересек қошқарларды, ал саулықтардың аурулары мен кәрілерін ғана сойған тиімді екенін түсінді. Отардың өсімін қамтамасыз ету үшін қошақандар мен шағылысуға жарамды тұсақтарға тиіспеді. Келесі кезең қойларды арыстаннан, қасқырдан, бәлкім, бөгде аңшылардан қорғау еді. Әрі қарай осылай кете береді: отарды бақылап, күзету оңай болуы үшін шатқалға қамады. Ақырында, адамдар жарамды қойларды іріктеуге көшті. Ырыққа көнбейтін асау қошқарларды бірінші кезекте сойып тастады. Содан соң жайылымда қоң жинамайтын, жырыла қашатын саулықтарға кезек келді (малшылар отар-табыннан бөліне беретін малды жақтырмайды). Уақыт өткен сайын қойлар қоңданып, жуасыды, отардан жырыла қашуды қойды. Міне, соның нәтижесі:
Мэридің болды тоқтысы,
Ақтығы оның қардай-ды.
Мэри қайда барса да,
Соңынан еріп қалмайды.
Бұған балама болжам бар: аңшылар қошақанды ұстап алып, қолға үйреткен, тоқшылық кезде оны асырап, ашаршылық шақта сойып жеген. Келесі жылы олар бірнеше қозыны бағымға қалдыруды ойластырған. Қозылардың кейбіреуі өсіп, төл берген. Ал анағұрлым жуас әрі сүйкімді саулықтар одан да көп өмір сүріп, бірнеше мәрте қозылаған. Қолға үйреніп, көндіккен қой отары осылай пайда болған. Осынау қолға үйреткен жануарлар – қойлар, тауықтар, есектер және басқалары – адамды азықпен (етпен, сүтпен және жұмыртқамен) және киім-кешек дайындайтын материалдармен (жүнмен және терімен) қамтамасыз етті. Олардың дене күші де кәдеге жарап, жүк тасымалдауға, жер жыртуға, егін оруға және адамдар бұрын өздері атқарып келген өзге де жұмыстарға пайдаланды. Аграрлық қауымның басым бөлігі егіншілікке маманданды, ал мал шаруашылығы қосалқы кәсіп болды, сөйте тұра, кей жерлерде басқа қоғам түрі – малшы тайпалар да қалыптасты, олардың экономикасының негізі малды пайдалану еді. Адамдардың бүкіл әлемге жайылуына орай, олармен бірге үй жануарлары да таралды. 10 мың жыл бұрын қой, сиыр, ешкі, шошқа мен тауық бірнеше миллион ғана болды, олардың өзі Афроазияның белгілі бір өңірлерінде кездесетін еді. Қазіргі кезде жер жүзінде миллиард қой, миллиард шошқа, миллиардтан аса ірі қара, 25 миллиард тауық бар: оларды кез келген аймақтан кездестіре аламыз. Үй тауығы – әлемде ең көп таралған құстың түрі. Ірі қара, шошқа мен қой екінші, үшінші және төртінші орын алады (бірінші орында – адамның өзі). Эволюция көзқарасы тұрғысынан ауылшаруашылық революциясы тауықтар, сиырлар, шошқалар мен қойлар үшін игілік болып шықты. Өкінішке қарай, жетістік туралы уәж айтуға осы бір параметр жеткіліксіз. Эволюция жеке уайым-қайғы мен қуанышты ескерместен, тек түрдің күнелтуі мен көбею жайын қарастырады. Эволюция жануардың сезіміне пысқырмайды: оған нақты түр ДНҚ-сының қаншалықты таралғаны ғана маңызды. Тауық пен малды қолға үйретуді эволюция тұрғысынан табысқа балауға болады, ал бірақ бұлар жер бетіндегі ең бейшара тіршілік иелері ғой. Қолға үйрету қатал тәртіптер мен тәжірибелерге негізделіп, ғасырдан-ғасырға өткен сайын бұрынғыдан бетер қытымырлана берді. Жабайы тауықтың табиғи өмір сүру ұзақтығы – 7–12 жыл, ал ірі қара малдікі – 20–25 жыл. Жабайы жағдайда құстар мен жануарлардың көпшілігі әлдеқайда ерте өледі, бірақ бәрібір олардың біршама жыл тіршілік етуге мүмкіндігі бар. Керісінше, қолға үйренген тауық пен жануарлардың басым бөлігін туғанына бірнеше апта, ай өткенде сояды, себебі бұл бәрінен де пайдалы: үш айдан кейін семірмейтін болса, әтешті үш жасқа дейін жемдеп керегі не? Жұмыртқалағыш тауықтар, сауын сиырлар мен жегетін мал, әдетте көп жыл өмір сүре алады, бірақ ол өмір қымбатқа түседі. Құлдықтың, қанаудың қатаң режимі – тіршілік иесінің қажеттіліктері мен қалауына мүлдем қайшы өмір салты. Кісімсіген маймылдың бишігіне бағынып, жүк тиелген арбалар мен соқаларды сүйрегеннен гөрі, бұқалар да өзге бұқалармен, сиырлармен бірге өрісті еркін кезіп жүргісі келетін шығар. Бұқаларды, жылқыларды, есектер мен түйелерді басыбайлы жегетін малға айналдыру үшін олардың табиғи инстинктері мен табынның әлеуметтік құрылымын жою, долығы мен агрессиясын тыйып, жүріп-тұру еркіндігін шектеу керек болды. Осы мақсатпен ол әрқилы амалдар жасады: қораға немесе торға қамады, қайыспен және жүгенмен ауыздықтады, оларды қамшының және біздің көмегімен көнбістікке үйретіп, мертіктірді. Қолға үйрету деген сөз: малдың еркегін «піштіру» деген де мағынаны білдіреді, сонда ол бұрынғыдай долық күй кеше алмайды. Сол арқылы адам малдың көбею үдерісін ырқына бағындырды.
14. Мысыр мазарының қабырғасындағы мына суретті б.з.д. 1200 жылдар шамасында салған. Екі өгіз жер жыртып барады. Табиғатта, күрделі құрылымы бар үлкен табындарда мал емін-еркін жүрді, ал қолға үйретіліп, піштірілген өгіз тар қорада, шықпыртқан қамшы соққысының астында, жалғыз өзі не қосақта митыңдап, өлмешінің күнін кешті. Осынау өмір салты жануардың дене-бітімдік те, сезімдік және әлеуметтік те талап-тілегіне еш сәйкес келмейді. Қартайған кезде өгіз соқаны тарта алмайды, сондықтан оны сойып алады (Мысыр егіншісінің бүкшиген кейпіне назар аударыңыздар, ол да тәні мен жанын, ақыл-есі мен әлеуметтік қарым-қатынастарын діңкелететін ауыр жұмыспен ғұмырын өткізгені көрініп тұр). Жаңа Гвинея қауымдарының көпшілігінде адамның байлығы, дәстүрлі түрде бағымындағы шошқаның санымен өлшенеді. Шошқалары қашып кетпес үшін аралдың солтүстігіндегі бақташылар әр торайдың тұмсығын кесіп тастайды: мұндай жарақат алған доңыз ештеңені иіскей алмайды, өздігінен тамақ жеуге, тіпті жол тауып жүруге шамасы келмей, қожасына толық кіріптар болады. Жаңа Гвинеяның өзге өңірінде бұрын шошқаның көзін шұқып, ағызып жіберетін әдет те болған7. Сүт өнеркәсібі де малдың бойындағысының бәрін ақырғы тамшысына дейін сығып алуды меңгерді. Сиырды, ешкі мен қойды төлдеген бойда саууға болады. Және мал әбден суалғанша, төлдері емшек соруын доғарғанша сүт бере алады. Сүт алу үшін бақташы төлдеу сәтін күтуге, бірақ төлдің уызына жари емуіне жол бермеуге тиіс. Баяғы заманнан бүгінге дейін қолданылып келе жатқан ең қарапайым тәсіл – туған бойда лақ пен бұзауды өлтіре салып, енесін суалғанша сауу, содан соң қайтадан ұрықтандыру. Бұл әдісті қазір де кеңінен қолданады. Қазіргі сүт фермаларында сиырға, әдетте шамамен бес жыл өмір береді, содан соң қасапханаға аттандырады. Осы бес жылдың түгелге жуығында дерлік ұдайы буаз күйінде өткереді, сүт өндірісін тоқтатпау үшін бұзаулағанына екі-төрт ай толмай жатып, қайтадан ұрықтандырады. Туған бұзауды көп ұзамай енесінен айырады да, ұрғашыларынан сүтті сиырлардың келесі легін өсіріп шығарады, ал еркектерін ет комбинатына жөнелтеді8. Басқа бір әдіс – бұзау мен лақты енесімен бірге ұстау, бірақ олардың көп еміп қоюына жол бермеу. Ең қарапайым тәсіл – бұзауды немесе лақты желінге жіберіп, исіне бастағанда қуып жіберу. Әдетте мұндай зорлыққа енесі де, төлі де қарсыласып бағады. Кейбір бақташы тайпалар сәл ұңғыттау әрекет жасайды: лақты сойып, етін жеп алады да, терісінен тұлып жасап, иіту үшін енесінің алдына тастайды. Судандағы нуэр тайпасы табиғи әрі таныс иіс шығуы үшін тұлыпқа енесінің зәрін құяды. Нуэр бақташылары басқа да қулық ойлап тапты: бұзаудың тұмсығына тікенді тұмылдырық кигізеді – еме бастағанда енесінің желіні ауырып, төлін өзі-ақ жолатпайды9. Сахарада түйе өсіретін туарегтер сүтті сора алмас үшін ботаның танауы мен жоғарғы ернін кесіп немесе тесіп тастайды10. Аграрлық қауымдар қолға үйреткен жануарларға мұндай қатыгездікті өне бойы көрсеткен емес. Қолға үйреткен аңдардың кейбіреулерінің айы оңынан туды деуге болады. Еті емес, жүні үшін өсірген қойлар, сүйікті мысықтар мен иттер, сондай-ақ жорық пен бәйге аттары біраз артықшылықтар иеленіп, мырғамға батты. Рим императоры Калигула тіпті сүйікті айғыры Инцитатты сенат қызметіне тағайындағысы келген-міс. Құлиеленушілер өз құлдарына көңіл бөлгені сияқты бақташылар мен егіншілер де кей-кейде өз жануарларына жанашырлық танытып, баптап бақты. Патшалар мен діни қызметкерлер өздерін «shepherds» («бақташы») деп атап, халыққа жасаған жақсылықтары мен қамқорлығын бақташының табынды бағып-күтуіне теңеуі тегін емес.
15. Қазіргі өнеркәсіптік фермадағы бұзау. Туған бойда оны енесінен ажыратып, көлемі жануардың тұрқынан сәл-ақ үлкен шартаққа қамап тастайды. Оның орташа есеппен төрт айдан аспайтын қысқа ғұмыры осындай қапаста өтеді. Ол шартақтан шықпайды, басқа бұзаулармен асыр салып ойнай алмайды, себебі адамдар оның бұлшық еттерінің қатайып, шыныққанын қаламайды. Босаң бұлшық еттер тіске жұмсақ келеді. Ол өмірінде бір-ақ рет бой жазып, өз аяғымен жүріп, өзге бұзауларды иіскеп үлгереді де, іле-шала қасапханаға аттанады. Эволюциялық көзқарас тұрғысынан сиырлар жер бетіндегі ең жолы болған түр саналады, ал, бірақ ғаламшардағы ең бейшара, соры арылмаған жануарлар ғой. Тарихты бақташының емес, отар қой, табын сиырдың көзқарасы тұрғысынан қарастырсақ, қолға үйреткен жануарлардың көпшілігіне осы аграрлық революцияның өзі орасан зор бақытсыздық алып келгендей әсер қалдырар еді. Аты шулы «эволюциялық жетістік», шынымен, соншалықты бағалы ма? Өміріне риза мүйізтұмсық өз түрінің тағдыр-таланы хақында бас қатырып, аса қинала қоймас. Соңғы болса қайтеді енді. Ал үй сиырларының санының көптігі әр бұзаудың жекелей көңілін жұбатып, тартқан азабын өтей алмайтын шығар. Эволюция табысы мен жеке игіліктің сәйкес келмеуі, сірә, аграрлық революциядан алатын маңызды сабақтарымыздың бірі шығар. Ал өсімдіктер – бидай, жүгері үшін бұл эволюциялық орын игілікке айналды десек, сиыр, қой, sapіens сияқты сезімдер мен күйзелулер шоғырын иеленген жануарлар үшін қиын іс болды. Келесі тарауларда біздің түрдің ұжымдық күш-қуатының қарыштай өсуі мен айқын эволюциялық табысы жеке адамдардың күйзелісі мен қасіретіне толы болғанына әлсін-әлсін оралып отырмақпыз.
6-тарау
Пирамидалар құрылысы
Аграрлық революция – тарихтағы ең қарама-қайшылықты оқиғалардың бірі. Кейбір ғалымдар оны адамзат баласын прогресс пен өркендеу жолына алып шығарды деп бағалайды. Басқалары сол бір жолайрықта адамзаттың түпсіз тұңғиыққа бастайтын соқпақты таңдап алғанын алға тартады. «Ол барсакелместің нүктесі еді», – дейді олар. Homo sapіens табиғат пен туыстықтан бас тартып, ашкөздік пен жатбауырлыққа қарай ойысты. Бірақ қайда апарса да, бәрібір кері қайтар жол жоқ еді. Қоныстардағы тұрғындар саны өскені сонша, терімшілік пен аңшылық тірлікке қайта орала қалса, дамыған аграрлық қоғамның өзі енді оларды асырай алмас еді. Б.з.д. 10 мың жыл шамасында, sapіens-тер егін егуге кірісер қарсаңында, ғаламшарда небәрі 5–8 миллионға дейін көшпенді аңшылар мен терімшілер өмір сүрді. Б.з. І ғасырына таман сол көшпенділерден бар болғаны бір немесе екі миллиондай (көпшілігі Австралияда, Америка мен Африкада) қалды: бұл – 250 миллион шаруамен салыстыруға тұрмайтын көрсеткіш еді1. Егіншілердің басым бөлігі отырықшы тұрмыс салтын кешті, тек аз ғана бөлігі көшпенділер – малшылар болды. Отырықшы тұрмыс әр адамның мекендеу ортасын елеулі түрде шектеп тастады. Ежелгі аңшы мен терімшілер әдетте сапарға шыққанда ондаған, тіпті жүздеген шақырым жүріп тастайтын. Мынау байтақ аумақ – таулар, орман-тоғайлар, өзен-көлдер мен ашық аспан асты да – олардың «үйі» еді. Ал егінші болса егістікте немесе бақта күйбеңдеп күнін өткізді, ағаштан, тастан немесе саз балшықтан салған, тар, әрі кеткенде бірнеше ондаған метрден аспайтын үйі болды. Ол жан-тәнімен осы құжыраға байланып қалды. Бұл архитектуралық та, психологиялық та салдары бар революция болатын. «Өз үйіне» байлану мен көршілерінен бөлектену – жаңа психологиялық құбылыс еді. Отырықшы диқан ата-бабалары көшіп-қонып жүрген бос жердің едәуір бөлігін ғана жоғалтқан жоқ, сонымен қатар жасанды әрі табиғаттан алыс ландшафтқа қамалып қалды. Аңшылар мен терімшілер, әдейі өрт қойғандарын айтпасақ, сейіл құрып, сапар шеккен аумақта көп ештеңені өзгерткен емес. Егіншілер жабайы табиғаттан ерінбей-жалықпай тартып алып, қолдан жасалған шұраттарда өмір сүрді. Олар орманды отап, арықтар қазды, жайылымдар мен егіс танаптарын тазартып, үйлер салды, жер қабатын қопара жыртып, қаз-қатар жеміс ағаштарын екті. Соның нәтижесінде, тек адамға және «оның» жануарлары мен өсімдіктеріне ғана жарамды орта қалыптасты. Табиғаттан тартып алған осынау жер телімін шарбақпен қоршап та қойды. Егіншілер арамшөптер мен жыртқыштарға қарсы қорғану шайқасын жүргізді. Қоршаулы жер аумағына бөгде біреу кіріп кетсе, оны сол бойда шығаруға тырысты, өсімдік немесе жануар ырқына көнбесе, оны ымырасыз жойып жіберді. Өзінің «адами» кеңістігінің, яғни жеке үйінің төңірегіне сенімді қорғаныс орнатты. Жерді өңдей бастағалы бері күні бүгінге дейін шыбықпен, сапалақпен, тәпішкемен және газ балонымен «қаруланған» миллиардтаған адам тұрғын үйлерге кіріп кететін құмырсқалармен, ептейлі тарақандармен, ілкімді өрмекшілермен және адасқақ қызылқоңыздармен аянбай күрес жүргізіп келеді. Тарихи уақыттың қомақты бөлігін жұмсап, қолдан жасаған анклавтар адамдарға бәрібір кішкентай болып қалды. Оларға тарпаң табиғат жан-жақтан шабуыл жасай берді. Жердің жоғары беті шамамен 510 миллион шаршы шақырымды құрайды, оның 155 миллионын құрлық алып жатыр. Тіпті б.з. 1400 жылы егіншілер мен малшылардың басым бөлігі ауданы небәрі 11 миллион шаршы шақырымнан аспайтын аумақты өсімдіктер, жануарлармен қоса қабат мекендеді, ал бұл – ғаламшар бетінің 2%-ы ғана2. Қалған жерлердің бәрі оларға тым суық немесе тым ыстық, тым қуаң немесе тым ылғалды болды, әйтеуір егін егіп, мал өсіруге бірдеңе бөгет жасады. Дүбірлі тарихи оқиғалар өткен сахнаның бар-жоғы осы – жер бетінің 2%-ы. Жасанды аралын адам тастағысы да келмеді. Үйден, егістіктен, жүзім алқабынан айырылу – ауыр шығын әрі үлкен қатер. Оның үстіне уақыт өте келе адам тасымалдауға келмейтін мүліктерді толтырып алды. Бұл да оны бір орынға байлап тастады. Бізге ежелгі малшы аянышты кедейдей көрінеді. Ал оның отбасында тұтас бір көшпенді тайпаның жиған-тергенінен де көп зат болды.
Болашақ жақындап келеді Ауылшаруашылық кеңістігі қысқарып, ауылшаруашылық уақыт ұзара түскен кез еді. Аңшы мен терімшілер келесі аптадан немесе айдан арғысын ойлаған жоқ. Егіншілер мен малшылар болса ойша жоспар құрып, болашақ жылдар мен онжылдықтар қойнауына сүңгіп кетті. Көшпенділер ертеңгі күнге аса бас қатырмай, алдына келген асты түгел жеп қойды: олардың тұрмыс бабында азықты сақтап қою немесе дүние-мүлік жию қиын еді. Әрине, олар да жоспар құрды. Шове, Ласко мен Альтамира үңгірінің суретшілері суреттерін өз замандастарына емес, келер ұрпаққа арнап салғаны анық қой. Ұзақмерзімді достық одақтар құрылғаны сияқты өшпенділік те әкеден балаға жалғасып отырды. Жақсылыққа жақсылықпен, жауыздыққа жауыздықпен жауап беріп, есе қайтаруға да кейде біраз жылдар кетті. Сөйте тұра, аңшылар мен терімшілер экономикасы ұзақмерзімді жоспарлауға кедергі келтірді. Осының өзі, қисынға қиғаш келсе де, көшпенділерді көптеген тауқыметтен құтқарды. Өзіңнің билігіңде емес нәрсені уайымдап керегі не? Аграрлық революция болашаққа басқаша, бұрын-соңды болмаған мән-маңыз дарытты. Егінші үнемі келешек күндер жайында ойлап, соның қамымен тер төгуге тиіс болды. Өйткені аграрлық экономиканың негізіне өндірістің маусымдық циклі жатады ғой: бірнеше айлар дайындық жұмыстарын жасап, қас қағым қарбалас уақытта егінді орып үлгеру керек. Мол егінді жинап алған түнде шаруалар шалқыта тойлап, шаттана мерекелейді, ал апта өтпей жатып оларды қайтадан таңның атысынан күннің батысына дейін бел жаздырмайтын ауыр жұмыстар күтіп тұрады. Алдағы аптаға тіпті айларға азығы жеткілікті бола тұра, олар енді келесі жылды және одан кейін не болатынын ойлайды. Болашақ туралы ұдайы уайымдау тек маусымдық өндіріс цикліне байланысты емес. Ауыл шаруашылығы дегеннің өзі тіршілік етудің соншалықты сенімді көзі болмады. Қоныстардың көпшілігі егіп бастаған өсімдіктер мен қолға үйреткен жануарлар есебінен өмір сүргендіктен, кез келген сәтте қуаңшылық, су тасқыны мен жұқпалы ауру бәрін ойран етіп, жұтқа ұшыратуы ықтимал. Қор жасау үшін тұтыну мөлшерінен артық азық өндіру қажет болды. Қамбада – бидай, жертөледе зәйтүн майы шүпілдеген ыдыстар, қоймада дөңбектей ірімшіктер мен ілулі шұжықтар тұрмаса, егін шықпай қалған жылдары бәрі аштан өледі. Ал қуаңшылық ұзаққа созыла ма, жоқ па, оны ешкім білмейді. Молшылық мәңгіге созылатындай мардымсып, мұрнын көкке көтерген шаруа ұзақ өмір сүре алмайды. Осылайша, ауыл шаруашылығы пайда болғаннан бастап болашақ туралы уайым адамның қыр соңынан қалмай келеді. Егіннің бітік шығуы жауынға тәуелді өңірде, таң алдында егіншілер батысқа, теңізге қарай көз тігіп, желге танауларын тосып, елең қақты. Анау не, бұлт емес пе? Жаңбыр уақытылы жауар ма екен? Қара нөсер селдете құйып, топырақ бетін шайып, қылтия қалған өскіндерді ағызып әкетпей ме? Ал Евфрат, Инд пен Сары өзен алабындағы диқандар тап осындай көңіл толқынысымен су деңгейін өлшеді: олар өзен суының көтеріліп, тарамдалған ирригациялық жүйені толтыруын, тасқын су кері қайтқанда егістік алқапқа таудан алып келген құнарлы көң мен топырақты қалдыруын күтті. Алайда тым толағай әрі тосын тасқын да қуаңшылық лебі сияқты егінге қолайсыз тиюі, майқандап кетуі мүмкін. Егіншілер мен малшылар болашақ жөнінде белгілі бір себептер пайда болғандықтан емес, адамдардың да қолынан көп нәрсе келетіндіктен мазасызданды. Диқан егістік алқапты тазартып, суару арықтарын қазды, көп дән себе алды. Ол жаны сірі, жігері мұқалмас құмырсқадай тынбай еңбек етті. Жемісін өзі емес, балалары, бәлкім, немерелері тататынын біліп, зәйтүн ағашын екті; ол бүгін жегісі келіп тұрса да, тәтті дәмнің бір кесегін қыс айлары мен келесі жыл еншісіне қалдырды. Осынау тынымсыздық пен мазасыздық адам өміріндегі көп нәрсені өзгертіп жіберді. Олар өмірге әлеуметтік және саяси жүйелердің бүкіл жиынтығын алып келді. Бір өкініштісі, ең тынымсыз егіншінің өзі бүгін сол үшін жан аямай, бел бүкпей еңбек еткенімен, болашақтағы экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмады. Әлемнің барлық жерінде билеушілер, элита пайда болды да, жарлыларға жартымсыз бөлігін қалдырып, егіншілер жиған азық қорын жалмап жатты. Азықтың артығы прогрестің жетегіне айналды. Соның салдарынан саясат, соғыстар, өнер мен философия туындады. Соның есебінен сарайлар мен қамалдар, ескерткіштер мен ғибадатханалар салды. Күні кешегі ұрпақ буынына дейін адамзат баласының 90%-ын таң атпай тұрып, қара кешке дейін бел жазып, тізе бүкпей еңбектенетін шаруалар құрады. Олар өндірген артық азық есебінен атақ-даңқы мен іс-қарекеті оқулықтар бетін толтырған ат төбеліндей азшылық: патшалар, шенеуніктер, жауынгерлер, абыздар, суретшілер мен ойшылдар жақсы қоректенді. Тарихты саусақпен санарлықтай жандар жасады, ал қалғандарының бәрі бұл кезде жер жыртып, су тасып жүрді.
Қиялдағы тәртіп Азықтың аста-төк қоры және жолаушылар қатынасы мен жүк тасымалдаудың жаңа технологиялары адамдардың көпшілігіне әуелі қауымдаса қанат жайған қоныстарда, содан соң қалаларда, кейін мегаполистерде тұруына түрткі болды. Бұрын естіп-білмеген мүмкіндіктер: патшалықтар құрылып, сансыз қоныстар мен қалаларды біріктіретін сауда жолдары пайда болды. Көлік пен артық азық осынау мүмкіндіктерді жүзеге асыруға кепіл бола алмады. Тіпті қалада мыңдаған адамды тамақтандырып, патшалықтың миллиондаған тұрғынына жұмыс тапқан ретте де олар жер мен суды өзара қалай бөліседі, дау-дамайды қалай реттейді, қуаңшылық немесе соғыс кезінде бір-біріне қалай көмектеседі? Берік келісімсіз араздық өршиді, мұндайда қамбадағы астықтың көмегі болмай қалады. Тарихтағы белгілі соғыстар мен революциялардың көпшілігі ашаршылықтан туындаған емес. Француз революциясын жадау егіншілер емес, бүйендей торсиған тоқ адвокаттар жасады. «Мәңгілік қала» тұрғындары өңі түгіл түсінде көрмеген қазына-байлықты бүкіл Жерорта теңізі жағалауларынан Римге тасып әкелген кезде, б.з.д. І ғасырда Рим республикасы гүлденіп, өркендеудің шарықтау шегіне жетті. Бірақ нақ сол бір көз көріп, құлақ естімеген молшылық кезінде римдік саяси жүйе күйрей құлады да, қанқұйлы азамат соғыстарының жалыны басылмай қойды. 1991 жылы Югославияның барша тұрғынын асырауға жететін қоры бар еді, сөйте тұра, сұмдық қантөгістен кейін ыдырап тынды. Осы аталған апаттардың бәрінің себебі анық: sapіens-тер бойында бөгделердің қалың бұқарасымен ынтымақтасатын туабітті инстинкт жоқ. Миллиондаған жыл бойы адамдар бірнеше мүшеден тұратын шағын топ құрай тіршілік етті. Аграрлық революциядан қалалар, патшалықтар мен империялар пайда болғанға дейінгі азғантай мыңжылдықтар ағымында бұқаралық ынтымақтастық инстинкті жеткілікті дамып үлгерген жоқ. Мұндай биологиялық инстинкті болмаса да, көшпенділер, әйтеуір, бірнеше жүздеген адамнан тұратын топтарға біріге алды: ортақ мифология көмекке келді. Бірақ бұл одақтар берік болмады. Қызметтік міндеттері шектеулі еді: адам топтары ақпараттар алмасып, сауда-саттық мәмілелерін жасасты, кейде діни мерекелер өткізу немесе жауға тойтарыс беру үшін бас қосты. Ал шағын топтар өздерін қамтамасыз етіп, бір-бірінен тәуелсіз өмір сүре берді. Осыдан 20 мың жыл бұрын әлеуметтану болған жағдайда, осы ғылымның өкілі бұлттай төніп келе жатқан аграрлық революция мен оның зардаптарын білместен, мифологияның мүмкіндіктері шектеулі деп пайымдауға қажет барлық негіздемені табар еді. Ата-баба аруағы туралы аңыздар мен тайпалық тотемдер 500 адамның бақалшықтар алмасып, кейде бірге көңіл көтерулеріне және неандертальдықтарды бірлесе қыруына ықпал етті. Бар болғаны сол ғана. «Мифология, – дер еді ежелгі әлеуметтанушы, – бір-бірімен таныс емес миллиондаған адамдарды күн сайын ынтымақтаса тірлік қылуға мәжбүрлей алмайды». Бірақ ежелгі әлеуметтанушы қатты қателесер еді. Мифтер ол ойлағандағыдан әлдеқайда құдіретті болып шықты. Аграрлық революция көп тұрғынды қалалар мен даңғайыр патшалықтар құруға жол ашқан кезде, адамдар құдайлар, Отан мен акционерлік қоғамдар туралы тың оқиғалар ойлап тапты, осы жаңа мифтер оларды қоғамға біріктірді. Биологиялық эволюция өзіне тән қалыппен ұлудан жылдам жылжыған жоқ, ал ұшқыр қиял тіршілік иелерінің бірде-бір түрі бұрын-соңды білмеген өзара әрекеттесу мен ынтымақтасу желілерін құрып тастады. Б.з.д. 8500 жылдар шамасында Иерихон сияқты ірі қоныстарда бірнеше жүздеген тұрғын болған. Б.з.д. 7000 жылдары Анадолыдағы Чатал-Хююк қаласы 5–10 мыңға дейін жеткен тұрғынмен мақтана алар еді. Бәлкім, бұл сол кезеңде жер бетіндегі ең үлкен қала шығар. Б.з.д. 5–4 мыңыншы жылдары Құнарлы Жарты айда ондаған мың тұрғыны бар қалалар бірінен соң бірі пайда болды. Олардың әрқайсысы төңірегіндегі толып жатқан қоныстарға үстемдік жасады. Б.з.д. 3100 жылы Төменгі Ніл алабы тұңғыш рет Мысыр патшалығына бірікті. Перғауындар билігі мыңдаған шаршы шақырымды, жүз мыңдаған салық төлеушілерді қамтыды. Б.з.д. 2250 жылдар шамасында Ұлы Саргон алғашқы империяның – Аккадтың негізін қалады. Бұл миллионнан аса адамы бар мемлекет еді, тұрақты армиясы 5400 солдаттан құралды. Б.з.д. 1000–500 жылдар аралығында нағыз империялар: кейінгі Ассирия, Бабыл, Парсы мемлекеттері құрылды. Бұлардың енді миллиондаған салық төлеушілері мен он мыңдаған әскері болды. Б.з.д. 221 жылы Цинь әулеті Қытайды біріктірсе, Рим сол жылдар шамасында Жерорта теңізі жағалауларын бағындырды. Циньнің 40 миллион салық төлеушісі, жүздеген мың шеріктен құралған тұрақты армия мен 100 мыңнан аса шенеунігі бар күрделі бюрократиялық жүйені асырады. Өзінің жарқырай көтерілген жалаулы жылдарында Рим империясы 100 миллионнан аса азаматтан салық жинап, осы кіріс есебінен 250–500 мың сарбаздан құралған тұрақты армияны, бір жарым ғасыр бойы пайдаланған жол құрылысын, әлі күнге дейін көріністер қойылатын театр салу ісін қаржыландырды.
16. Хаммурапи заңдары жинақталып жазылған сынтас. Шамамен б.з.д. 1776 жылдар. Перғауындар Мысыры мен Рим империясындағы «бұқаралық ынтымақтастық желісі» кемшіліктен құралақан, мінсіз орта деу – алаңғасарлық болар еді. «Ынтымақтастық» әдемі сөз, бірақ ол ерікті, көбінесе тең құқылы бола қойған жоқ. Дәйім де мұндай «ынтымақтастық желілері» езгіге түсіріп, қанауға қызмет етті. Жыл бойғы ауыр еңбегінің жемісін империялық салық шенеунігі қалай тартып әкеткеніне жалтақтай қарап, егіншілер өздерінің аса қымбат азық қорын осы желілерге төледі. Римнің даңқты амфитеатрлары, Колизейді құлдардың күшімен салды. Ал ол орындарда басқа құлдар кескілескен гладиаторлық шайқастарға шығып, еріккен римдіктердің көңілін көтерді. Сайып келгенде, түрмелер мен концентрациялық лагерьлер де ынтымақтастықтың жемісі, олар бір-бірін танымайтын мыңдаған адам қандай да бір жолмен өз іс-әрекетін үйлестірудің қыбын тапқан кезде іске қосылды.
17. «Америка Құрама Штаттарының Тәуелсіздік декларациясы». 4 шілде, 1776 жыл. Ынтымақтастықтың осынау желілерінің бәрі – ежелгі Месопотамия қалалары, Қытай және Рим империялары – «қиялдағы тәртіпке» негізделген. Олар әлеуметтік нормалар есебінен, яғни барлық мүшелерінің инстинктіне не жеке таныстығына байланысты емес, сол баяғы бір мифке сенудің арқасында ғана дәурен кешті. Тұтас бір империя қалайша мифтің арқасында өмір сүре алады? Бір мысалды талқыладық қой: ол – «Peugeot». Мәселені жете түсіну үшін, екі мифті: ынтымақтасу барысында жүз мыңдаған ежелгі бабылдықтар жүгінген «Хаммурапи кодексін» (шамамен б.з.д. 1776 жылдар) және бүгінгі кезде де жүз миллиондаған америкалықтарға әлеуметтік өзара әрекеттесу бойынша жәрдем беріп келе жатқан – «Америка Құрама Штаттарының Тәуелсіздік декларациясын» (б.з. 1776 жылы) қарастырып көрелік. Б.з.д. 1776 жылы Бабыл жер жүзіндегі аса ірі қала еді. Бәлкім, миллион азаматы бар Бабыл патшалығы да сол кезеңдегі ең үлкен мемлекет болған шығар. Бұл ежелгі империя Қосөзен (Месопотамия) аралығын, соның ішінде қазіргі Иракты тұтастай, Иран мен Сирия аумағын ішінара қамтып жатты. Бабыл патшасы Хаммурапидің даңқы бүгінге жетті. Негізінен, оның атын иеленген мәтін ұрпағының жадында қалуға жағдай жасады. «Хаммурапи кодексі» дегеніміз – заңдар мен сот қаулыларының жинағы. Ол Хаммурапи патшаны әділеттіліктің үлгісі ретінде сомдап, бүкіл Бабыл патшалығы үшін бірегей заң шығару жүйесінің негізін қалау, әрі келешек ұрпаққа әділеттілік деген не және әділ патша қалай әрекет ететінін ұқтыру үшін құрастырылды. Болашақ ұрпақтар буыны сабақты игерді. Ежелгі Месопотамия оқымыстылары мен шенеуніктері бұл мәтінді канондық құжат ретінде жариялады: жас бітікшілер оқып-жазуды үйрену барысында оны көшіре берді, көшіре берді. Осы салт Хаммурапи өліп, патшалығы құлағаннан кейін де жалғаса берді. Әлбетте, Хаммурапидің заңдар жиынтығы ежелгі Месопотамия тұрғындарының әділетті әлеуметтік құрылыс туралы ұғым-түсінігін мейлінше дәл көрсетті3. Мәтін Месопотамия пантеонының жоғарғы мәртебелі құдайлары – Ану, Энлиль мен Мардук «елде әділ сот үстемдік құруы үшін жауыздық жойылып, күштінің әлсізді қанауына жол бермеу үшін»4 патшалық билігіне Хаммурапиді қойғаны туралы хабарламамен басталды. Содан соң «мынадай оқиға бола қалса, жазасы мынадай» деген бірқалыпты әдіпте шамамен үш жүзден аса нұсқама жазылған. Мысал ретінде, 196–199 және 209–214-заңдарды келтірейік: 196. Ақсүйек адам басқа ақсүйектің көзін шұқып ағызса, оның да көзін шұқып алсын. 197. Ақсүйек басқа ақсүйек адамның сүйегін сындырса, оның да сүйегін сындырсын. 198. Ақсүйек қарапайым адамның көзін шұқып ағызса немесе сүйегін сындырса, 60 шекел күміс өлшесін де төлесін. 199. Ақсүйек басқа ақсүйек адамның құлының көзін шұқып ағызса немесе сүйегін сындырса, таразыға өлшеп, әлгі құлдың құнының жартысын күміспен төлесін5. 209. Ақсүйек адам өз табына жататын әйелді ұрып, әйел содан түсік тастаса, оның шаранасы үшін 10 шекел күмісті өлшесін де төлесін. 210. Әйел өліп қалса, ақсүйектің қызының өмірі қиылсын. 211. Ақсүйек қарапайым әйелді сабап, ол түсік тастаса, 5 шекел күмісті өлшесін де төлесін. 212. Әйел өліп қалса, 30 шекел күмісті өлшесін де төлесін. 213. Ақсүйек басқа ақсүйектің күңін ұрып, күң түсік тастаса, 2 шекел күміс өлшесін де төлесін. 214. Күң өліп қалса, 20 шекел күміс өлшесін де төлесін6.
Өзінің шешімдерін ұзақ тізбелеп шыққан соң Хаммурапи: «Бұл құдіретті Хаммурапи патша шығарған әділетті шешімдер, сонысымен елді ақиқат пен әділет жолына бастады... Мен – Хаммурапи, теңдесі жоқ патшамын. Энлиль құдай өзіме сеніп тапсырған халықтың қамын жеуден жалтарған жоқпын, ұқыпты қарадым, Мардук құдай бақташысы етіп қойған халық туралы ойладым»7, – деп жар салды. «Хаммурапи кодексі» Бабылдың әлеуметтік құрылысы құдайлардың өздері белгілеп берген әділеттіліктің жалпыға ортақ және мәңгілік ұстанымдарына негізделгенін айтады. Осынау ұстанымдардың біріншісі – қоғамдық иерархия деп есептейді. Адамдар біржола екі жынысқа және үш тапқа – ақсүйектерге, қарапайым халыққа және құлдарға бөлінген. Әр жыныс пен тап өкілдері әртүрлі бағаланады. Қарапайым адамды өлтіргені үшін – 30 шекел күміс, құл өлімі үшін – 20, ал енді, қара халықтан шыққан ер адамның көзін ағызып жібергені үшін кінәлі 60 шекел күміс төлеуі керек. Кодекс, сондай-ақ отбасы аясындағы иерархияны белгіледі: балалар жеке-дара тұлға саналған жоқ, ата-аналардың жекеменшігі болды. Міне, сондықтан ақсүйек әйелдің өмірі үшін аристократ өз қызын өлтіріп, құнын өтеді. Кісі өлтірушінің бостандықта сайран салып, ол үшін ешқандай кінәсі жоқ қыздың жаза тартуы бізге жабайылық сияқты көрінер, бірақ Бабыл патшасы мен оның азаматтарына бұл ақылды да, әділетті шешім саналды. Кодексті құрастырушы әрбір азамат иерархиядағы тиесілі орнын иеленіп, өзіне нұсқалған міндеттерді орындаса, патшалықтың миллиондаған тұрғындарының бәрі тиімді ынтымақтастық құратынына сенді. Қоғам жеткілікті мөлшерде азық-түлік өндіріп, оны дұрыс бөлді, сыртқы жаулардан қорғана біліп, қауіпсіздігін сенімді түрде қамтамасыз ету, әрі бұрынғыдан да мол байлық жию үшін өз аумағын кеңейте түседі. Хаммурапи өлген соң шамамен 3500 жылдан кейін Солтүстік Америкадағы Британияның 13 колониясының тұрғындары ағылшын королінің өздеріне әділетсіз қарайтынына қарсы шықты. Осы отар өңірлердің өкілдері 1776 жылдың 4 шілдесінде Филадельфияға жиналып, өздері мекен еткен жер аумағы бұдан былай Британ тәж иесінің боданы емесін жариялады. «Тәуелсіздік декларациясы» жоғарыдан шабыт дарып, рұқсат алған «Хаммурапи кодексі» сияқты әмбебап, әрі баршаға ортақ ұстанымдарды бекітті. Алайда Бабыл құдайларына қарағанда, америкалық құдайлар жалпыға ортақ өзгешелеу ұстанымды жақтап шықты. «Тәуелсіздік декларациясында»: «Барлық адам тең жаралғанын әрі Жаратушы Ие оларға өмір сүруге, бостандыққа және бақытқа ұмтылуға арналған ажырамас құқықтар бергенін талас тудырмас ақиқат санаймыз», – деп жазған. «Хаммурапи кодексі» сияқты осынау негізгі құжатта, адамдар өздерін оның қасиетті қағидаларына сай ұстаса, миллиондар тиімді түрде ынтымақтасып, әділетті де гүлденген ортада бейбіт, әрі бақытты өмір сүретініне уәде береді. Бабылдық заңдар жинағы тәрізді америкалық «Тәуелсіздік декларациясы» да болашақ ұрпақтар буынына арналды да, олар оны қабыл алды. Міне, енді 200 жыл бойы америкалық оқушылар осы құжатты көшіріп алып, жатқа соғып жүр. Екі мәтінді салыстыра келе, түбірлі айырмашылықты көреміз: «Хаммурапи кодексі» де, «Тәуелсіздік декларациясы» да әділдіктің әмбебап әрі мәңгілік ұстанымдарына жүгінгенімен, америкалық құжат – барша адамның табиғи теңдігін, ал бабылдық құжат олардың теңсіздігін жақтайды. Сірә, екі жақтың бірінікі дұрыс емес шығар? Америкалықтар, әлбетте, өздерінің дұрыстығына табан тіреп, Хаммурапидікін жаңсақтыққа балайды. Хаммурапи да, әрине, өзінікін жөн санап, америкалықтар адасты дер еді. Ал төрелігін айтсақ, америкалықтар да, Бабыл билеушісі де шатасқан. Хаммурапи да, Американың негізін салушы көкелер де әділеттіктің жалпыға ортақ, әрі өзгермейтін ұстанымдары басқаратын қоғамды құдды бір теңдіктің немесе иерархияның ұстыны ретінде елестетті. Алайда бұл ұстанымдар sapіens-тердің шексіз қиялында, адамдар ойдан шығарып, біріне-бірі айтып беретін мифтерде қалқып жүрді. Демек, бұл ұстанымдар объективті ақиқат бола алмайды. Ақсүйектер мен қарапайым адамдарға бөлу – бар болғаны ойдан шығарылған нәрсе екеніне бірден келісеміз. Ендеше, баршаға ортақ теңдікке сену де тап сондай миф. Барлық адамды қай мағынада тең деуге болады? Адами қиялдың шегінен тысқары жерде мына біз шынымен тең бола алатын әлдебір шын болмыс бар ма өзі? Биологиялық мағынада теңдік туралы айту мүмкін бе? Кәнеки, «Тәуелсіздік декларациясының» ең танымал сөз тіркесін биология тіліне аударып көрелік: «Барлық адам тең жаралғанын әрі Жаратушы Ие оларға өмір сүруге, бостандыққа және бақытқа ұмтылуға арналған ажырамас құқықтар бергенін талас тудырмас ақиқат санаймыз». Біріншіден, биология көзқарасы тұрғысынан адамдар «жаралмаған» – олар эволюция барысында дамиды, ал эволюция ешқашан оларды «тең» жасамайды. Теңдік идеясы жаратылыс идеясымен етене байланысты. Америкалықтар жаратылыстың христиандық тұжырымдамасын басшылыққа алған. Ол тұжырымдамада әр адам құдірет иесі жаратқан жан, әрі барлық жан Құдай алдында тең деп түсіндіреді. Ал жаратылыс пен жан жайындағы христиандық мифті былай ысырып қойсақ, адамдар қай мағынада «тең» болмақ? Эволюцияны ұқсастық емес айырмашылықтар алға жылжытады. Әр адамның генетикалық коды өзгелердікінен ерекшеленіп тұрады, әр бала әр алуан ортада өседі. Соның нәтижесінде тіршілік етуге тең емес мүмкіндіктер беретін ұқсас емес дағдылар мен қасиеттер қалыптасады. Сондықтан «тең жаратылған» тіркесі биология тіліне «әрқилы дамыды» деп аударылады. Бұған қоса, биология көзқарасы тұрғысынан алғанда, адамдар «жаралған» емесі өз алдына, оларға бірдеңе бере салатын «Жаратушы Ие» де жоқ. Тек көрсоқыр қандай да бір мақсатқа бағытталмаған эволюция үдерісі ғана бар – ол жекеленген тіршілік иесінің тууына алып келеді. «Жаратушы Ие жан бердінің» орнына жай ғана «туды» дей салу керек. Бұдан әрі не бар бізде? «Құқықтар». Биологияда ондай ұғым жоқ. Тек ағзалар, олардың қызметтік міндеттері, инстинктер мен дағдылар ғана бар. Құстар ұшуға құқығы болғандықтан емес, қанаты болғандықтан ғана ұшады. Осынау ағзалардың, міндеттер мен дағдылардың бәріне «ажырамайтын» деген айдар тағуға болмайды. Мутация салдарынан әлдебір ағза мен әрекет дағдысы толықтай жойылып кетуі мүмкін. Мәселен, түйеқұс ұшу қабілетін жоғалтты ғой. «Ажырамайтын құқықтарды», «мутацияға ұшыраған ағзалар мен функциялар» деп аударған дұрыс. Қандай функциялар адамға тән? Тіршілік ету ме? Әлбетте. Ал бостандық ше? Тағы да биология аясына сыймайтын ұғым. Теңдік, құқықтар, жауапкершілігі шектеулі компания сияқты бостандық та – адам қиялының жемісі, олар тек адамдардың фантазиясында ғана бар. Биологиялық көзқарас тұрғысынан алғанда, адамдар еркін өмір сүруі мүмкін дейтін демократияны олардың еркіндігін тежеп, бостандығын бұғаулайтын диктатураға қарсы қоюдың ешқандай мағынасы жоқ. «Бақыт» жөнінде не айтуға болады? Осы күнге дейін биологиялық зерттеулер «бақыт» терминіне айқын анықтама бере алмай келеді, оны дәйекті түрде өлшеп, бағамдау тәсілі де табылмады. Биологиялық зерттеулердің көбі тек «ләззатты» ескереді, оны анықтап, өлшеу де оңай. Сонымен «өмір сүру үшін бостандық пен бақытқа ұмтылу» биология тілінде «өмір мен ләззатқа ұмтылу» ғана болып шығады. «Тәуелсіздік декларациясындағы» атақты сөз тіркесін биология тіліне аударайық: «Барша адам әрқилы дамитынын және де ол белгілі бір мутациялық қасиеттерімен туатынын, солардың ішінде – өмір мен ләззатқа ұмтылатынын талас тудырмас ақиқат санаймыз». Теңдік пен жалпы адамзаттық құқықтарды қорғаушылар мұндай түсіндірмеге ренжіп қалуы мүмкін. Олар: «Биологиялық көзқарас тұрғысынан барша адамның әртүрлі екені бізге мәлім. Табиғи теңдікті мойындасақ қана тұрақты да өркендеген қоғам құра аламыз. Сондықтан баршаның осыған сенгені абзал!», – дер еді. Мұндай дәлелге дау айта алмайсың. «Қиялдағы тәртіптің» мәні де дәл осында жатыр: әлдебір тәртіпке шынайы ақиқатқа сәйкес келетіндіктен емес, сол сенім өзіміздің тиімді әрекеттесіп, қоғамды жақсы жағына қарай жаңғыртуымызға мүмкіндік беретіндіктен сенеміз. Қиялдағы тәртіп – қарау пиғылды қастандық та, сылаңдаған сағым да емес. Керісінше, жер қайысқан қисапсыз адам бұқарасының ынтымақтастығына септесетін бірден-бір тәсіл. Алайда тап осындай дәлелдермен Хаммурапи да өзінің иерархиялық ұстанымын былай қорғап шығар еді: «Ақсүйектер, қарапайым пенделер мен құлдар соншалықты әрқилы адам тұқымдары емес екенін білемін. Олардың сөзсіз айырмашылығы барына сенсек қана тұрақты да өркендеген қоғам құра аламыз».
Шынайы сенушілер Біраз оқырман соңғы сөйлемдерді оқыған сәтте креслода ашулана тыпырлап отыра ма деп қорқамын. Қандай білім алсақ, сондай сезім деңгейінде қаламыз ғой. Бізге «Хаммурапи кодексінің» миф екенін мойындау қиын емес, ал «адам құқықтары – миф» деген құлаққа түрпідей тиеді. Жұрт адам құқықтары тек өздерінің қиялында қалқып жүргенін түсінсе – қоғам ыдырап кетпей ме? Вольтер: «Құдай жоқ, алайда, бұл жөнінде менің жалшыма айтушы болмаңыз, онда ол мені түнде бауыздап кетеді», – деген екен. Хаммурапи – өзінің иерархиялық ұстанымын, ал Томас Джефферсон адам құқықтары туралы аксиомасын тап осылай қорғаштар еді. Homo sapіens-тің табиғаттан алған ешқандай ажырамас құқықтары жоқ, сол сияқты олар өрмекшіде де, шибөрі мен шимпанзеде де болған емес. Алайда мұны жалшыларға айтып қажеті жоқ, әйтпесе бізді түнде бауыздап кетер. Бұл қорқыныш бекер емес. Заттардың табиғи тәртібінің анықтамасы тұрақты. Таңертең «Бүкіләлемдік тартылыс заңы» істен шығар-ау деп қауіптенбейміз – оған адамдардың көпшілігі сенетін, сенбейтіні де маңызды емес. Қиялдағы тәртіпке, керісінше, әрдайым қирап қалу қаупі төніп тұрады, өйткені ол мифтерге арқа сүйеген. Ал миф көпшілік сенуін қойған бойда сейіліп кетеді. Қиялдағы тәртіпті сақтау үшін ұдайы саналы күш жұмсап отыру, соның ішінде зорлық-зомбылық пен мәжбүрлеу шарасын қолдану керек. Армия, полиция, сот және түрме, міне, негізгі құралдар жиынтығы, осылармен өкіметтегілер адамдарды қиялдағы тәртіпті мойындап, соған бағынуға мәжбүр етеді. Бабылдық көршісінің көзін шұқып ағызса, онда «көзге – көз» ұстанымын жүзеге асыру үшін кінәліге қатысты да күш қолдануға тура келді. 1860 жылы Америка азаматтарының көпшілігі «Африкалық құлдар да адамдар, демек, олар еркін болуға тиіс!» деген ұйғарымға келген кезде, Оңтүстік штаттарды осы аксиоманы қабылдауына көндіру үшін ұзақ жылдарға созылған қанқұйлы соғыс қажет болды. Күштеумен, зорлықпен қиялдағы тәртіпті ұстап тұра алмайды. Оған, сондай-ақ шынайы сенушілер қажет. Тотының түгіндей құбылған дәргейлі мансабын ХVІ Людовик кезінде бастап, содан соң Революцияға, кейін Наполеонға қызмет еткен князь Талейран егде тартқан шағында монархияшыға айналды. Он жылдық министрлік тәжірибесін ол: «Найзаның ұшымен көп нәрсеге қол жеткізуге болады, бірақ оның үстінде отыру өте қолайсыз», – деп қысқа қайырым сөзбен қорытты. Кейде бір діни қызметкер жүз солдатты алмастырып, соларға тиесілі қызметтік міндетті арзан да тиімді атқарып шығады. Оның үстіне сүңгісі қаншама сесті болғанымен, оларға осы найзамен қаруландыратын адамдар да керек қой. Солдаттар, түрме қарауылдары, соттар, полицейлер өздері сенбесе қиялдағы тәртіпке не үшін қызмет етеді? Адами іс-әрекеттің барлық түрінің ішінде ең қиыны – зорлық-зомбылықты ұйымдастыру. «Қоғамдық тәртіп тек қарулы күшпен қорғалады» дегенді ести қалсаңыз, «бұл қарулы күш нені қорғап тұр?» деп сұрай салыңыз. Тек қана мәжбүрлеумен армияны ұйымдастыру мүмкін емес. Ең болмағанда, офицерлер мен солдаттардың бір бөлігі әлденеге: «Құдайға, ар-намысқа, Отанға, ержүректікке немесе ақшаға сенуге тиіс». Осы сұрақты әлеуметтік пирамиданың ұшпағында отырғандарға жолдау, бұдан да қызықтырақ болар еді. Олар өздері сенбейтін қияли тәртіпті не үшін елге таңады? Жауабы оңай сияқты көрінеді: элитаны қарабайыр құлқынқұмарлық жетелейді. Бірақ ештеңеге сенбейтін адам ашкөз болмайды: нақты биологиялық қажеттіктерін қанағаттандыру үшін Homo sapіens-ке көп нәрсе керек емес. Миллиард долларға, әрине, пирамида тұрғызуға, әлемді шыр айналып шығуға, сайлау науқанын қаржыландыруға, террорлық ұйым құруға болады... Немесе осы ақшаны қорға салып, тағы да миллиард табуға мүмкіндік бар – бірақ нағыз скептик осы айтылған шешімдердің бәрін бос әуре санар еді. Киник (циник) мектебін қалыптастырушы грек философы Диоген бөшкеде өмір сүрген. Бірде ол осы бөшкенің алдында күнге қыздырынып жатқанда Александр Македонский келіп, оның өтініш-тілегінің бәрін орындайтынын айтады. Сонда Диоген құдіреті күшті жеңімпаздан орнынан жылжуын, күннің көзін қалқаламауын ғана өтінген екен. Киниктердің дәурені жүрмегенінің себебі осы. Қиялдағы тәртіп тұрғындардың көпшілігі, әсіресе элита мен қауіпсіздік қызметінің біршама бөлігі оған алғаусыз сенімін біржола жоғалтып біткенге дейін сақталады. Діни қызметкердің барлығы Исаға сенуін тоқтатса, христиандық 2000 жыл бойы тұра алмас еді. Президенттер мен конгрессмендердің көпшілігі адам құқықтарына сенбесе, америкалық демократия 250 жыл бойы салтанат құрмас еді. Инвесторлар мен банкирлер капитализмге сенбесе, жаңа замандағы экономикалық жүйе бір күн де тұра алмас еді.
Түрме қабырғалары Қиялдағы тәртіпке – христиандыққа, демократияға немесе капитализмге сенуге адамдарды қалай мәжбүр етуге болады? Ең алдымен, тәртіп – қиялдағы нәрсе екенін ешқашан да мойындамау керек. Қоғамды ұстап тұрған тәртіптің өзі – құдайлар немесе табиғаттың бұлжымас заңы белгілеген объективті шындығы деп табандап тұрып алыңыз. «Адамдар тең жаратылмаған» дегенді Хаммурапи емес, Энлиль және Мардук құдайлар жария етті. Адамдар тең жаралған – бірақ мұны да айтқан Томас Джефферсон емес – Құдай еді. Еркін нарық – үздік экономикалық жүйе, бұл да Адам Смиттің пікірі емес, табиғаттың бұлжымас заңы. Адамдарды уақыт талабына сай оқыту керек. Кішкентай кезінен балаларға күн сайын және жаппай кезігетін қиялдағы тәртіп негіздерін үйретеді. Бұл тәртіптер адамдарға ертегілер мен пьесалар, суреткер мен әндер, этикет пен насихат, архитектура, рецептер мен сән үлгілері арқылы сіңіріледі. Мәселен, қазір адамдар теңдікке сенеді, себебі байлардың балалары жұмысшылардың киімі болған джинсиді киеді. Орта ғасырларда адамдар таптық жіктелуге сенді, себебі жас ақсүйек ешқашан да кедейдің бешпентін кимес еді. Сол бір кезеңде «мырза» және «ханым» деп тек ақсүйек өкілдерін ғана атады, бұл көбіне қан төгумен өтелетін ерекше мәртебе еді. Қазір бейтаныс адамға жазған кез келген кішіпейіл хаттар «Құрметті... мырза (...ханым)» деп басталады. Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар қиялдағы тәртіптің адам өмірі гобеленіне қалай қоса өрілетінін түсіндіруге баса назар аударады. Осы кітаптың шектеулі көлемінде айсбергтің ұшарбасын ғана көрсетіп кетеміз. Бүкіл тірлігі бағынған тәртіптің өз қиялдарында ғана қалқып жүретінін адамдардың байқай алмауының негізгі себебі осында. А. Қиялдағы тәртіп шын өмірге тамыр бекітті. Қиялдағы тәртіп адам санасында дәурен сүре тұра, материалдық дүниемен берік байласып жатады. География, фауна, флора, микроорганизмдер, адам денесінің құрылымы мен адам жасаған технологиялар қиялымызды шектейді. Бір жағынан, қиялдағы тәртіп те біртіндеп географияны, фауна мен флораны, адам денесінің құрылымы мен адам жасаған технологияларды көріп-білуімізге септеседі. Соның нәтижесінде осынау қиялдағы тәртіп басқа бір нәрседен гөрі шындыққа сәйкес келеді. Міне, сондықтан адамдарға басқа балама іздегеннен тәртіпті қиялдаған оңайлау сияқты. Батыста қазір жұрттың көбі индивидуализмге иек артады. Осы сенім бойынша, әр адам – тұлға, оның құндылығы өзге адамдардың ол туралы айтқан пікірлеріне байланысты. Әрқайсысымызда өмірімізге мән-мағына мен мақсат дарытатын жарқын нұрлы сәуле бар. Қазіргі Батыстық мектептерде балаға сыныптастарының күлкі қылып, келемеждегеніне көңіл аудармауға кеңес береді: «Өзге емес, сен ғана, шын мәнінде, өзіңнің жақсы екеніңді білесің», – дейді олар оқушыларға. Жаңа заман архитектурасы осы мифті тас пен цемент арқылы нақты түрде көрсетеді. Мінсіз үй әр бала сырт көзден таса жеке кеңістігіне еніп, толық тәуелсіздікке ие болуы үшін бірнеше шағын бөлмеге бөлінеді. Бөлменің, әрине, есігі бар, қазіргі кезде де отбасының көпшілігінде бала оңашаланып, оны жауып, кейде кілттеп алады. Тіпті әке-шешесі де есікті қақпай, бейсауат кіруге батпайды. Бөлмені бала өз талғамына қарай көріктендіреді: қабырғада – рок-жұлдыздардың плакаттары, еденде – кір шұлықтар. Мұндай жағдайда өскен адам өзін «тұлға» санамай тұра алмайды: оның құндылығы сыртқы бір нәрселермен емес, өз «менімен» бағаланады. Ортағасырлық ақсүйектер индивидуализмге сенген жоқ. Адамның құндылығы әлеуметтік иерархиядағы дәрежесімен және адамдар арасындағы беделімен бағаланды. Күлкіге ұшырау – сұмдық қорлық еді. Ақсүйектер балаларын өлімге басын тіксе де өз атына кір келтірмеуге баулыды. Дәл қазіргі кездегі индивидуализм сияқты ортағасырлық құндылықтар жүйесі де ортағасырлық қамалдардың тас қабырғасында қалыптасты. Қамалдарда балаларға (тіпті ересектерге де) бөлек бөлмелер қарастырылған жоқ. Жасөспірім баронның қамалының жоғарғы қабатында әкесі мен шешесінен кілттеніп алып, қабырғаға Арыстан жүректі Ричард пен король Артурдың суретін жапсыратын оңаша құжырасы болған емес. Ол әрдайым жұрттың көз алдында жүріп, өзі туралы басқалардың не ойлап, не айтатынын көкейге тоқыды. Мұндай жағдайда өскен кісі, әлбетте, адам құндылығы оның әлеуметтік иерархиядағы орнымен және ол туралы өзгелердің қандай төрелік айтатынымен бағамдалады деген ұйғарымға келеді8. Ә. Қиялдағы тәртіп тілек-қалауымызды қалыптастырады. Тілек-қалауымыз қиялдағы тәртіптің мейлінше сенімді тірегіне айналады. Адамдардың көпшілігі өз өмірін басқаратын тәртіп қиялдың жемісі екенін мойындағылары келмейді – өйткені қиялдағы тәртіп олардың ең күшті тілек-қалауларын жетелеп, жетілдіріп отырады. Әр адам туған бойда өзіне дейін белгіленген тәртіптің ырқына бағынып, кішкентай кезінен оның тілек-қалауы қоғамда үстемдік құрған мифтердің ықпалымен қалыптасады. Мәселен, қазіргі Батыс адамының ең ардақты тілегі – соңғы ғасырлар ағымында ұшырасқан романтикалық, ұлтшылдық, капиталистік және гуманистік мифтер арқылы қалыптасқан. Көңілін күдік жайлаған сәтте адамдар дос-жарандарынан «жүрегіңді тыңда» деген кеңесті жиі естиді. Бірақ жүрек – сатқын, ол үстемдік құрған мифтерден нұсқау алады. Тіпті «жүректің әміріне жүгін» деген нұсқаудың өзі – ХІХ ғасырдың романтикалық мифтері мен ХХ ғасырдың тұтынушылық мифтерінің үйлесімімен санамызға сіңген мантра. Мысалы, «Coco Cola Company» бүкіл әлемге «Диеталық кола! Жағымды дүниені іш!» деген даңғаза ұранмен диеталық коланы жарнамалады. Тіпті адамның өзіне жай ғана жеке бастың емес, нағыз эгоистік сезімінің қалауындай көрінген тілектің көбі қиялдағы тәртіптен туындайды. Демалысты шетелде өткізетін ортақ салтты мысалға алайық. Мұнда қандай мәніс немесе табиғилық бар? Көрші маймылдардың аумағында жақсылап бой жазу үшін өз билігін пайдалану шимпанзенің альфа-еркегінің ойына келмес те еді. Ежелгі Мысыр ақсүйектері бар байлығын пирамидалар салып, өз мүрделерін бальзамдауға жұмсады, бірақ жазғы жеңілдік бағамен сатылатын тауар алу үшін Бабылға немесе шаңғымен сырғанау үшін Финикияға тартып кету ешқайсысының басына кіріп те шықпады. Қазіргі кезде адамдар шетелдік сапарға уыс-уыс ақша жұмсайды, себебі романтикалық тұтыным мифін бар ынтасымен ойына сіңіріп алды. Романтикалық тұтынушылық осы заманғы екі: романтикалық және тұтынушылық идеологияның қабысуынан туындады. Романтизм адамды өз әлеуетін толықтай ашуға шақырады, ал ол үшін сан алуан түрлі тәжірибе керек. Сезім ауандарына айқара ашылып, қарым-қатынастың алуан түрін байқап көру, түрлі халықтың дәмін татып, анадай да мынадай музыканы тыңдай беру керек. Мейлінше алуантүрлілікке жетудің ең тәуір тәсілі, сірә, күнделікті күйбең шаруа, сұрқай тірліктен, үйреншікті ортадан бой үзіп, алыс елдерге аттану, сол жақта өзге адамдардың мәдениетін, иісін, талғамы мен жосындарын «сезіну» шығар. Ал тұтынушылық идеология бақытқа кенелу үшін азық-түлік пен көрсетілетін қызмет түрлерін мүмкіндігінше мол тұтынуға үйретеді. Бір нәрсе ұнамай қалса немесе әлдене жетіспей тұрса, қандай да бір затты (машинаны, киімді, экологиялық таза тағамды) тезірек сатып алуға немесе көрсетілетін қызмет түрлеріне ақы төлеуге (үй қызметшісін жалдауға, отбасылық қарым-қатынастар жөніндегі маманға жолығуға, йоганың курсына жазылуға) асығамыз. Естеріңізде болсын, кезекті азық-түлік өнімі немесе көрсетілетін қызмет түрі сіздің өміріңізді жақсартатыны туралы қазіргі кез келген жарнама шағын миф қана. Алуантүрлілікке ындыны құрып тұратын романтизм тұтынушының өктем ой-пікірлерімен тамаша үйлесім табады. Олардың одағы бүгінгі туризм индустриясы арқа сүйеген «әсерлердің» сарқылмайтын нарығын туындатты. Өйткені, туроператордың сататыны – ұшаққа билет емес және қонақүйдегі бөлмеде емес – «ұмытылмайтын әсерлер» ғой. Париж – қала емес, ұмытылмайтын әсер, Үндістан – ел емес, әсер. Альпіде шаңғымен сырғанау демалыс та, спорт та емес, көп әсерлердің бір түрі ғана. Әсер атаулыны тұтына отырып, көңіл көкжиегімізді кеңейтіп, әлеуетімізді арттырғандай әрі бақытты бола түскендей сезінеміз. Миллионер де әйелімен татуласқысы келген кезде, оны молшылық мұхитына батыру үшін Парижге алып барады және де бұл сапар оның қандай да бір айрықша әрі аса кәделі жеке қалауын емес, тек романтикалық тұтынушылық мифіне құлай сенетінін ғана көрсетеді. Ежелгі бай мысырлықтың дағдарысты жағдайда осындай тәсілмен, айталық, әйелін Бабылға апарып келу туралы ой басына келмес еді. Ол әйеліне арманындағы қабірхана салып берер еді.
18. Гизадағы алып пирамида.
Ежелгі Мысыр байлары пирамида тұрғызуға шығындалды.
Пирамида салумен Мысыр ақсүйектері ғана әуестенген жоқ – бұған сол мәдени ортаның көпшілігі барша ғұмырын сарп етті. Тек оның атауы, пішімі мен көлемі өзгеріп отырды. Мысалы, ол хауызы мен көгалы бар қала сыртындағы үй, бәлкім, көркі көз қарықтыратын пентхауз болуы мүмкін. Әйтсе де бізді пирамида туралы армандауға жетелейтін мифтің өзін ешкім жоққа шығара алмайды. Б. Қиялдағы тәртіп интерсубъективті. Тіпті бар күш-жігерімді сарқа жұмсап, қиялдағы тәртіптің бұғауынан құтыла алсам да, мен – бар болғаны индивидууммын. Қиялдағы тәртіпті өзгерту үшін осы жолда маған қолдау көрсетуге миллиондаған адамды сендіруіме тура келер еді. Өйткені қиялдағы тәртіп тек менің ғана қиялымның жемісі емес: ол интерсубъективті, яғни мыңдаған және миллиондаған адамдардың араласып-құраласқан қиялында өмір сүреді. Мұны түсіну үшін объективті, субъективті және интерсубъективті деген ұғымдар арасындағы айырмашылықты нақтылап алуымыз қажет. Объективті нәрсе адам санасы мен сенімінен тәуелсіз тұрады. Мысалы, радиоактивті сәуле өзін адамдар ашқанға дейін болған әрі өзіне сенбейтіндер үшін ол өте қауіпті. Радиоактивтікті алғаш ашушылардың бірі – Мария Кюри осындай заттектерді ұзақ жылдар бойы зерттеді, бірақ оның өз денсаулығына зиян келтіруі мүмкіндігін білмеді. Оның қауіпті екеніне сенбегенімен, радиоактивті заттектерге жақын жүретін адамдар шалдығатын бейдауа дерт – апластикалық анемиядан қайтыс болды. Субъективті нәрсе жекелеген адамның санасы мен сенімінде жүреді. Сол бір нақты адамның наным-сенімі өзгеріске ұшыраса, ол да өзгереді немесе жоғалып кетеді. Мысалы, балалардың көбі өзі көріп-білмеген дос ойлап тауып, оның бар екеніне ұзақ сеніп жүреді. Ол дос баланың субъективті сенімі, ал бөбек өскен кезде әлгі сенімі сейіледі де, қиялдағы досы жоғалып кетеді. Интерсубъективті нәрсе адамдардың субъективті сана-сезімін ұластыратын қатынаста, коммуникативтік желіде болады. Жеке адам өз сенімін өзгертсе, интерсубъективтіге әсер етпейді. Ал енді, осынау «желіні» құрайтын адамдардың көпшілігі өлсе немесе өз сенімдерін өзгертсе, онда интерсубъективті құбылыс өзгеріске ұшырайды немесе жоғалып кетеді. Тап мұндай құбылыс – қасақана алдау мен құр адасу емес. Олар да бар, тек басқа мағынада. Радиоактивтіліктің бар болғаны тәрізді емес, алайда олардың әлемге әсері орасан екенін теріске шығару мүмкін болмай тұр. Тарихтың аса маңызды факторларының арасында мынадай: заң, ақша, құдайлар, ұлттар сияқты интерсубъектілер аз емес. Мәселен, «Peugeot» – бас директордың мүлдем қиялдағы досы емес. Компания миллиондаған адамдардың жалпы қиялында өмір сүреді. Түптеп келгенде, кәсіпорынның бар екеніне неге бас директордың өзі сенеді? Себебі бұған директорлар кеңесі сенеді, компания заңгерлері, көрші бөлмедегі хатшы қыздар, банктегі кассирлер, биржадағы брокерлер, Франциядан Австралияға дейінгі елдердің автодилерлері сенеді. Бас директор «Peugeot» компаниясының, расымен де, барына сенуден қалса, дереу психиатриялық клиникадан бір-ақ шығады да, оның орнына басқа біреу келеді. Тап солай доллар да, адам құқықтары да, Америка Құрама Штаттары да миллиардтаған адамдардың аралас-құралас санасында өмір сүреді, олардың, расымен де, барлығын жападан-жалғыз жоққа шығаруға ешкімнің шамасы жетпейді. Долларға, адам құқықтарына немесе Құрама Штаттарға сенуден қалсам, оның ешқандай мән-маңызы жоқ, ештеңе өзгеріп кетпейді. Қиялдағы тәртіп интерсубъективті. Оны бір мезетте миллиардтаған адамдар санасын өзгерту арқылы ғана өзгерте аламыз. Бұл оңай емес. Мұндай ауқымдағы өзгерісті саяси партия, идеологиялық қозғалыс немесе діни культ сияқты тармақталған ұйымның күшімен ғана жасау мүмкін. Бірақ ондай күрделі ұйым құру үшін бір-біріне бөгде адамдардың көпшілігін бірігуге, жұмыла әрекет жасауға сендіру керек. Ол үшін оларды әлдебір ортақ мифке сендіру шарт. Сонымен қазір бар қиялдағы тәртіпті өзгерту үшін бізге оның басқа бір балама нұсқасы қажет болады екен. Мысалы, «Peugeot» компаниясын жоққа шығару, әшкерелеу үшін француздың құқықтық жүйесі сияқты одан әлдеқайда қуатты бір нәрсе ойлап табу керек. Француз құқықтық жүйесін құлату үшін одан да ауқымды, әрі айбарлы күш – француз мемлекетін, ал мемлекетке әліміз жетуі үшін тағы одан да құдіретті нәрсе ойлап табуымыз қажет болады. Қиялдағы тәртіптен бас тартуға шамамыз жетпейді. Зынданның қабырғасын қиратып, бостандыққа ұмтылған біздер бұрынғыдан да сыйымдырақ түрменің сәл кеңдеу ауласына тап боламыз.
7-тарау
Жадқа жүк арту
Адамға футбол ойнау қабілетін эволюция дарытқан жоқ. Иә, оларға тебу үшін аяқ, итеру үшін шынтақ, ілінісіп қалғанда қатты-қатты сөйлеу үшін ауыз берді. Осының бәрі пенальти салуға мүмкіндік туғызды. Үзіліс кезіндегі оқушылар өзгелермен доп ойнау үшін адамға команданың басқа 11 мүшесімен бірдей әрекет етуді үйреніп қана қоймай (мейлі, оларды бірінші рет көріп тұрса да), сондай-ақ – басты нәрсе – 11 ойыншының да тап сондай дәл ережемен ойнайтынын да білу керек. Жануарлар да ойын ойнайды, әсіресе шектен шықпайтын агрессияға да барады, бірақ олар мұндай кезде инстинкке бағынады: әлемнің кез келген қиырындағы әр күшіктің генінде бейтанысқа шабатын ережені «қорғау» қалыбы бар, сол арқылы ол бірін-бірі қуаласуға шақырып ырылдайды, азуын жорта ақситады. Алайда жастарда футболға арналған ген жоқ: сөйте тұра, олар мүлдем бейтаныс құрбыларымен ойнай алады, себебі олардың барлығының осы спорт түрі туралы бірегей түсінігі бар. Бұл түсініктер идеяларға, яғни қиял әлеміне жатады. Оларды бәрі бірдей мойындаса ғана ойнауға болады. Тап осы негіздемелерге патшалықтар, шіркеулер мен сауда желілері де сүйенеді, тек бір ғана айырмашылығы бар: футбол ережелері салыстырмалы түрде қарапайым келеді, оларды аңшылар мен терімшілер немесе шағын қоныс тұрғындары бағынған ережелер сияқты қысқаша мазмұндауға болады. Әр ойыншының сол ережелерді игеруге шамасы келеді, оның миында ән жаттап, әлдебір образдарға, тіпті сатып алатын заттар тізімін сақтауға да орын қалады. Ал ынтымақтастыққа он шақты емес, мыңдаған, миллиондаған адамды тартатын алпауыт жүйелер аса ірі ақпараттар ауқымын туындатады, оларды бірде-бір адамның миы өздігінен өңдеп, сақтай алмайды. Құмырсқалар илеуі мен омарталар сияқты кейбір тіршілік иелері құратын үлкен ұжымдар тұрақты қалпында қалады, себебі олардың өмір сүруіне қажет ақпараттардың барлығы геномда жазылып, белгіленген. Немен қоректенгеніне байланысты ұрғашы ара дернәсілі не омарта ханшайымы, не жұмысшы ара ретінде дамып-жетіледі. Оның ДНҚ-сы екі рөлге арналған мінез-құлық бағдарламасын: сарай этикетінің де, пролетарлық ыждаһаттылықтың да ережелерін сақтаған. Омарта – жұмысшылардың сан алуан түрі кездесетін аса күрделі әлеуметтік құрылым. Бал жинаушы, бөбектер тәрбиешісі де, тазалықшы да осында. Бірақ ара өсірушілер омартадан заңгерлерді әлі кездестірген емес. Араларға заңгерлердің қажеті шамалы, өйткені әлдекім тазалықшы- араларға өмір сүру, бостандық пен бақытқа ұмтылу құқықтарын беруден бас тартпады немесе Бостон айлағына салған жұмыртқаларын суға батырып, омарта конституциясын бұзатындай қауіп те жоқ. Ал адамдар мұндай қылықты ұдайы жасайды. Sapіens-тердің әлеуметтік қалыбы қиял аясына жататындықтан, адам ұжымы онсыз өмір сүре алмайды, жай ғана өз ДНҚ-сына көшіріп алады да, ұрпақтарына жалғап отырады. Осынау заңдардың, әдет-ғұрыптардың, жөн-жосықтардың, мінез-құлықтардың және адами қоғамның қызмет етуі жөніндегі нұсқамаларды құрайтын нәрсенің барлығын сақтау үшін саналы күш-жігер қажет, әйтпесе әлеуметтік құрылыс әп-сәтте құлап тынады. Мысалы, Хаммурапи патша өз азаматтарын ақсүйектерге, қарапайым халыққа және құлдарға бөлуді заң жүзінде бекітті. Бұл табиғи бөлініс емес, адам генінен оның ешқандай ізін таба алмаймыз. Бабылдықтар патша «ақиқатын» өз жадтарында ұстай алмаса, олардың қоғамы қызмет міндетін атқарудан қалар еді. Хаммурапи өз ұлына берген ДНҚ-да қарапайым адамды өлтірген ақсүйек 30 шекел күміс төлеуге тиістігі жөнінде ақпарат жоқ. Хаммурапидың өз ұлдарын патшалық заңына оқытып-үйретуіне тура келді, ұлдары мен немерелері де осы ақпаратты ұрпағына саналы түрде дарытты. Империялар мен патшалықтар ақпараттың ауқымды мөлшерін өндіреді. Заңдарға қоса, мәмілелер мен алым-салықтар туралы есептерді, соғыс бола қалған ретте пайдаланатын қосалқы қордың инвентарлық жазбаларын, сауда кемелерінің тізбесін, мерекелер мен мерейлі жеңістердің күнтізбесін де сақтап қою керек. Миллиондаған жыл бойы адамдар ақпаратты күнделікті пайдаланатын құралда өз басында сақтады. Өкініштісі, адам миы аса ауқымды көлемдегі деректер жиынтығын сақтауға үш негізгі себеп бойынша жарамай қалады. Біріншіден, оның сыйымдылығы шектеулі, әрине, кейбір адамның жады мықты болады, баяғы замандарда тұтас бір провинцияның картасын ұңғыл-шұңғылына және заңдар жинағын бүге-шігесіне дейін миында сақтауға қабілетті мамандар өмір сүрген. Дей тұрғанмен, мнемонизм шеберінің өзі аттап өте алмайтын шек бар. Заңгер Массачусетс штатының заңдарын жаттап алуы мүмкін, бірақ сейлем дуагерінің сотынан бастап осы штатта өткен сот ісінің бәрін есіне ұстай алмайды. Екіншіден, өзекті жанға – түбі өлім, адаммен бірге миы да және онда сақталған ақпарат та өледі: басқаша айтқанда, кез келген ақпарат таяу болашақта, бірнеше ондаған жылдан соң жоғалып кетеді. Ақпаратты адамнан-адамға беруге болады, бірақ ауызша айту барысында оның жарты бөлігі жоғалады немесе өзгеріп кетеді. Үшіншісі, әрі ең бастысы: адамның миы ақпараттың тек белгілі бір бөлігін ғана сақтап, өңдеуге бейімделген. Күнелтіп, тіршілік ету үшін ежелгі аңшылар мен терімшілер мыңдаған жануар мен өсімдіктің сұлбаларын, қасиеттері мен құлқын есте сақтады. Олар күзде шегіршіннің түбіне өсіп шығатын тыржыңқы сары саңырауқұлақтың улы екенін, ал соған сырт пішіні ұқсас, қыста емен түбінен қылтиятын саңырауқұлақтың асқазан дертіне ем болатынын білуге тиіс болды. Аңшылар мен терімшілер, сондай-ақ тайпаластарының мінез-құлқы мен қарым-қатынастарын мида сақтады. Люся Джонның қыр соңынан қалмай, қырындай бергенінен ығыры шығып, араша тұрар біреуді іздесе, кімге шағынарын түйсінді: иә, айтпақшы, өткен аптада Джон Мэриді ренжітіп еді ғой, демек, Мэри бұған жақтасып, Джонға құлшына қарсы шығады. Тұрмыс жағдайлары адам миының эволюциясына ықпал етті, соның нәтижесінде, ол ботаникалық, зоологиялық, топографиялық және әлеуметтік мәліметтердің орасан зор мөлшерін сақтап, өңдеуді үйренді. Ал аграрлық революция нәтижесінде бұрынғыдан да күрделі қоғам қалыптасты. Енді өмірлік маңызы зор мағлұматтың жаңа тұрпаты – математикалық ақпарат пайда болды. Терімшілер қомақты сандарға көп бас қатырған емес. Олардың ешқайсысынан ормандағы барлық ағаштың жемісін санап шығуды ешкім талап еткен жоқ. Сондықтан да адам миы сандарды сақтап, өңдеуге бейімделіп үлгермеді. Ал үлкен патшалықты басқару үшін математикалық деректер ауадай қажет еді. Заң-низам шығарып, қамқоршы-құдайлар туралы мифтерді айту жеткіліксіз, алым-салық жинау керек. Жүз мыңдаған адамға салық салу үшін олардың табысы мен жылжымайтын мүлкі туралы, төленген ақшасы, қарыздары мен айыппұлы туралы, жеңілдіктері мен артықшылықтары туралы ақпарат керек. Бұл – миллиондаған байт, соларды сақтап, талдау жасау қажет. Осынау орасан мол мәліметтің мәнін түсініп алмай, өкімет өзінің қандай ресурсқа ие екенін, қосымша тағы қандай ресурс жинау керегін бағамдай алмас еді. Бірақ жыпырлаған сандардың бәрін сақтап, мұқтаж кезінде жадтан екшеп алу, өңдеу қажеттігіне тап келген кезде адамның миына шектен тыс жүк түсіп, мүдіріп қалады. Мидың бұл ерекшелігі адам ұжымдарының өсіп-өніп, күрделену мүмкіндігін елеулі түрде шектеді. Қандай да бір қоғамда адамдар мен дүние-мүлік саны шамаға жетуі мұң екен, сол бойда математикалық ақпараттың орасан мөлшерін сақтап, өңдеу қажеттігі туындады, ал адамның миы оны сыйғыза алмағандықтан, кезекті бір жүйе күйреді. Аграрлық революциядан кейін, тағы да бірнеше мың жыл өткенде адамзат қоғамы салыстырмалы түрде қарапайым күйінде қала берді, әрі көлемі де ұлғаймады. Бұл мәселені тұңғыш рет Оңтүстік Месопотамияны мекендеген шумерлер шешті. Онда аңызақ лебі есіп, күн сәулесі күйдірген, құнарлы көң мен тыңайған жазыққа бітік егін шығып, өркендеген қалалар бой көтерді. Тұрғындар саны қарыштай өсіп, олардың іс-әрекетін үйлестіру үшін қажет ақпарат ауқымы да арта түсті. Б.з.д. 3500–3000 жылдар аралығында белгісіз күйінде қалған бір данышпан ақпаратты адам миынан тысқары жерде сақтау амалын – математикалық деректерді өңдеуге арналған жүйені ойлап тапты. Сол арқылы шумерлер адам миының мүмкіндігіне қойылған шектеулерден құтылып, тек қана қалалар емес, сондай-ақ патшалықтар тіпті империя құру құзырына ие болды. Аты-жөні белгісіз шумер ойлап тапқан деректі өңдеу жүйесі «жазу» деп аталады.
Қол қойған: Көшім Жазу – көрнекі таңбалар көмегімен ақпаратты сақтау тәсілі. Шумерлер таңбалардың екі түрін пайдаланып, қыш тақташаларға үшкір нәрсемен ойып жазды. Кей таңбалар: 1, 10, 60, 600, 3 600 және 36 000 сандары ретінде көрінді (олар он және алты еселі есептеу жүйесін үйлестірді. Алты еселі жүйенің кейбір элементтерін: тәулікті 24 сағатқа, шеңберді 360 градусқа бөлуді олардан біз мирас еттік). Олардың кейбірін адамдар, жануарлар, тауарлар, жер аумағы, даталар және т.б. түрінде таңбалады. Екі түрлі таңбаларды үйлестіре отырып, шумерлер адам миына немесе ДНҚ тізбегіне сиятын ақпараттан гөрі көп мәлімет сақтай білді.
19. Урук қаласынан шыққан шаруашылық барысы жазылған саз тақташа, б.з.д. 3400–3000 жылдар арасы. «Көшім» сөзі, осы салықты қабылдаушы шенеуніктің лауазымын да, атын да білдіруі мүмкін. Бұл оның есімі болса, Көшім – тарихта аты қалған алғашқы адам! Оған дейін өмір сүргендердің бәрі – неандертальдықтар мен натуфия мәдениетінің өкілдері де, Шове үңгіріндегі жартас жазбалары мен Гөпеклі-тепедегі ғибадат кешенін жасаушылар да – қазіргі заман қиялының жемісі ғана. Ал біз Гөпеклі-тепе ғибадатханасын жасаушылар оны кезінде қалай атағанынан мүлде бейхабармыз. Жазу үлгілерінің пайда болуына орай, сол кезде өмір сүргендердіңқұлағымен естіп, көзімен көру мүмкіндігіміз пайда болды. Көршілері оны «Көшім» деп дауыстап шақырса, бұл енді мына біз ойлап тапқан есім емес қой! Бір ескерерлік жайт, тарихтағы тұңғыш жазбаны пайғамбарлар, ақын немесе жаулап алушы қолбасшы емес, бухгалтер жазған екен1. Осынау бастапқы кезеңде жазу машығы сандармен және деректермен ғана шектелді. Бір кездері ұлы шумер романын жазса, қыш тақташаларға түспей қалған. Жазу барысының өзі қыруар уақыт алған, оқырман қарасы өте аз болған, осыған орай өте қажет есепшіліктен басқа ешкімнің жазуға уақыт шығындағысы келмеген. 5000 жыл өткеннен кейін бағзыдағы даналардың сөзін оқу үмітімен әлгі тақташаларға үңілсек, көңіліміз кәдімгідей құлазып қалар еді. Міне, бізге аман жеткен жазбалардың бірі: «29086 өлшем арпа, 37 ай, Көшім» дейді. Сірә, бұны былай түсіндіруге болатын шығар: «37 айдың ішінде 29086 қадақ арпа түсті. Қол қоюшы: Көшім». Өкінішке қарай, бізге алғаш жеткен осы жазбада философия да, поэзия да, өсиет те, тіпті заң баптары мен патша жеңісі туралы хабарламалар да кезікпейді. Бұлар алым-салық төлемін, қордаланған қарыздар мен мүлік иелену жайын тіркеген экономикалық құжаттар ғана.
Толық емес жазу үлгісі ауызекі сөйлеу тілінің бар байлығын, мағыналық нәрін бере алмайды, есесіне, ол әдетте тіл жетпейтін деректерді бұлжытпай сақтай алады. Математикалық белгілер мен бағзыдағы Шумер сына бітіктері сияқты толық емес жазулар – өлең-жыр жазуға шамасы келмейді, есесіне салықтарды тіркеп отыруға өте қолайлы. Математикалық есептемелерден басқа сол дәуірден бір ғана, сәл қызықсыздау жазба: жаттығу ретінде бітікші шәкірттері әлденеше рет көшіретін сөздер тізімі қалған. Тіпті бітікшінің шәкірті тауарлар тізбесін көшіргеннен жалығып, өлең жазғысы келсе де ештеңе шығара алмас еді. Өйткені шумерлердің жазу жүйесі толық емес. Жазудың толық жүйесі дегеніміз – ауызекі тілдің бүкіл немесе түгелге жуық элементтерін көрсетуге мүмкіндік беретін таңбалар жиынтығын білдіреді. Ал толық емес жазу жүйесі адам іс-әрекетінің шектеулі саласына қатысы бар ақпараттың нақты түрлерін ғана беруге жарамды көрнекі таңбалардан құралады. Латын әліпбиі, иероглифтері, Брайль қаріптері – толық жазу жүйесінің үлгісі. Олардың көмегімен салық жазбаларын жүргізуге, рецептер мен заңдарды қаттауға, сондай-ақ замандастар мен ұрпақтарға өлең жолдарын жазып қалдыруға болады. Керісінше, шумердің ежелгі жазуы, қазір кәделейтін математикалық символдар мен музыкалық ноталар сияқты жазудың толық емес жүйесі болып қалды.
20. Кипуды қолына ұстап тұрған адам. Инк империясы құлағаннан кейінгі испан қолжазбасында бейнеленген. Сына жазуларының өлең-жыр жазуға жарамайтынына шумерлер аса қиналған жоқ: олар жазу таңбаларын ауызша сөзді қаттау үшін емес, ауызекі тілдің шамасы жетпейтін міндетті атқаруы үшін ойлап тапқан еді. Кейбір мәдениеттер, соның ішінде Колумбқа дейінгі Анд өркениеті, өзінің бүкіл тарихында шектеулі екеніне қиналмастан әрі толық нұсқасын қажетсінбестен, толық емес жазу жүйесін пайдаланып өтті. Анд жазуының шумердікінен көп жағынан айырмашылығы бары сонша, жұрттың бәрі бірдей оны жазу деуге дауаламайды. Ең алдымен, ол бізге үйреншікті қыш тақташаларға немесе басқа да материалдарға түсірген таңбалар емес: үндістер мәліметтерді кипу көмегімен, яғни түйінхат жүйесімен сақтады. Кипу дегеніміз – жүннен немесе мақтадан иірілген түрлі түсті жіптердің будасы. Әр жіпке белгілі бір жерден түйін түйіледі, осылайша, бір кипу бойында жүздеген жіп пен мыңдаған түйіншек болуы мүмкін. Түйіншек түріндегі таусылмастай комбинациялар, олардың арақашықтығы мен жіптердің түсі, мысалы, салық пен меншікке қатысты сандық деректердің ауқымды көлемін сақтауға мүмкіндік берді2. Жүздеген тіпті мыңдаған жылдар бойы қалалар, патшалықтар мен империялар өз істерін кипудің көмегімен жүргізді3. Бұл жүйе 10–12 миллион адам мекендеген, қазіргі Перу, Эквадор мен Боливия, сондай-ақ Чили, Аргентина және Колумбия елдерінің жер аумағын қамтыған инктер империясында шарықтай дамыды. Кипудің көмегімен инктер ақпараттың ауқымды мөлшерін сақтап, қорытып отырды, онсыз мұндай алып империяның күрделі әкімшілік жүйесі қызмет атқара алмас еді. Кипу ақпарат сақтаудың соншалықты дәл, әрі оңтайлы пішімі болып шықты. Тіпті Оңтүстік Американы жаулап алғаннан кейін бастапқы кезде конкистадорлардың өздері оны жаңа иеліктерін басқару барысында пайдаланды. Бірақ елеулі мәселе туындады: испандықтар кипудің көмегімен жаза да, оқи да алмады, сондықтан тұрғылықты мамандарға кіріптарлыққа түсті. Құрлықтың жаңа қожалары, бұл жағдай өздерін тұйыққа тірейтінін шапшаң түсінді: жергілікті тұрғындар өздері жек көретін мырзаларды алдап-арбап, тонай алды. Испандықтар билігі біршама нығайған бойда кипу қолданыстан шығарылып, жаңа империядағы жазбалардың барлығы латын әліпбиімен және Еуропада қабылданған цифрлармен жүргізілді. Ұзаққа созылған испан басқыншылығынан кейін тым аз кипу аман қалды, енді олардың жұмбағын шешудің орайы келер емес – ежелгі кипу оқу өнері жойылып тынды.
Бюрократияның кереметі Андты мекендеушілерден Месопотамия тұрғындарының айырмашылығы, ақыр аяғында, көңілсіз сандардан басқа тағы бірдеңе жазуға бәрібір талпынды. Б.з.д. 3000–2500 жылдар аралығында жазудың шумер жүйесі біз қазір «сына жазу» деп атайтын толық жүйеге жеткенге дейін біртіндеп жаңа таңбалармен молыға берді. Б.з.д. 2500 жылдың ортасында патшалар әліпбиі жарлық шығару үшін сына жазуды пайдаланды. Абыздар көреген ойларын қаттап, тіпті қатардағы азаматтар да хат жазыса бастады. Шамамен сол дәуірде мысырлықтар төл әліпбиі иероглифтік жазу үлгісін енгізді. Жазудың басқа толық жүйелері Қытайда шамамен б.з.д. 1200 жыл шамасында, Орталық Америкада б.з.д. 1000–500 жылдар шамасында дамыды. Осынау орталықтардан толық жазу жүйесі жаңа пішімге ене, әрі түрлі міндеттерге бейімделе отырып, жан-жаққа таралды. Адамдар өлең-жырлар, тарихи хикаялар, романдар, пьесалар, болжамдар мен аспаздық рецептер жаза бастады. Дегенмен де хаттың басты қызметтік міндеті, математикалық деректер болып қала берді, ал бұған толық емес жүйенің өзі жеткілікті еді. Еврей Інжілі, грек Иллиядасы, үнді «Махабхаратасы», будда «Трипитакасы» – бұлардың барлығы ауызекі шығарма ретінде туындап, адамнан-адамға, ұрпақтан-ұрпаққа тарап келді. Олар тіпті жазу-сызу ойлап табылмаған күнде де дәуренін жалғастыра берер ме еді... Ал мына салық тізімі мен бүкіл құжынаған бюрократия жазу-сызумен бірге пайда болды. Сондықтан бюрократия мен толық емес жазбалар жүйесі қазіргі кезде де сиам егіздері сияқты қабыса байланысып жатыр. Жазбалар көбейе түсуіне байланысты әкімшілік мұрағаттар да ұлғая беріп, қосымша қиындықтар пайда болды. Адам басында сақталатын ақпаратты іздеп табу қиын емес. Менің миымда миллиардтаған байт қордаланды, сөйте тұра, Италияның астанасын әп-сәтте атай аламын, содан соң 2011 жылғы 11 қыркүйекте не істегенімді айтып, өз үйімнен университетке дейін қай жолмен барғанымды жадымда жаңғыртамын. Мұндай міндеттерді ми қалай атқаратыны әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр. Әйтсе де оның іздестіру жүйесі – машинаның кілті қайда кеткенін еске түсіре алмай сарсаң болған кезді айтпағанда – өте тиімді екенін бәріміз білеміз. Ал енді кипуде немесе қыш тақташаларда сақталған ақпаратты қалай тауып, жаңғыртуға болады? Әзірше қолымызда он шақты, тіпті жүз шақты тақташа бар делік, оларды бірдеңе қылармыз. Ал мыңдаған тақташа болса, қайтеміз? Иә, Хаммурапи, Зимри-Лима, Мари патшалардың замандастарында олардың мыңы болды ғой. Ойша б.з.д. 1776 жылға сапар шегіңіз. Мари патшалығының екі тұрғыны егістік танабына бола дауласып қалды делік. Иаков оны 30 жыл бұрын Исавтан сатып алғанын айтады, ал Исав болса жерді сатпағанын, 30 жылға жалға бергенін, енді өз меншігіне қайтарып алғысы келетінін алға тартып, бет бақтырмайды. Екеуі қызылөңештене керісіп, бірін-бірі түйгіштеуге көшеді де, кенет естерін жияды: елдің кез келген түкпіріндегі жылжымайтын мүлікке қатысты жасалған бүкіл мәмілелер туралы жазбалар сақталатын патша мұрағатына жүгініп, дау-дамайды шешуге болады ғой. Олар мұрағатқа барады, ол жерде бір шенеунік екіншісіне қудалайды. Біреуінің шай ішіп болуын күтуге тура келеді, бірақ тағы қайтадан шай ішу (шөптен тұндырылған, әрине) басталады, одан соң үшінші үзіліс, ақырында, олар үйлеріне қайтып, ертең келулерін нұсқайды. Ертесіне мұрағат маманы күңкілдеп жүріп, қажет тақташаны іздеуге кіріседі. Ол есікті айқара ашады да, биіктігі еденнен төбеге дейін жететіндей етіп қаланған бума-бума қыш тақташалар сақтаулы атшаптырым бөлмеге алып кіреді. Клерктің жүзі түнеріңкі екеніне таңғалатын түгі жоқ. 30 жыл бұрын жасалған мәміле жөніндегі жазбаны ол қайдан таппақ? Таба қалғанның өзінде де әлгі тақташа даулы танаптың статусына қатысты соңғы жазба екеніне қалай көз жеткізеді? Ол ештеңе таппаса, Исав егістік алқабын сатпаған да, жалға бермеген де болып шыға ма? Немесе тақташаның табылмауы құжаттың жоғалуы болып есептеле ме, мәселен, он жыл бұрын мұрағатты жаңбыр суы шайып, балшыққа айналып кетуі мүмкін емес пе? Абзалы, мәмілені қыш тақташаға сыналап жазу аз – ақпаратты дәл, тиімді әрі дұрыс өңдеу мүмкіндігін қамтамасыз ету қажет. Ұйымдастырудың белгілі бір амалдары, мысалы, каталогтар, көшірмелеу тәсілі (ксерокс болса, қандай жақсы); тез әрі дәл іздестіру әдістері (компьютердің керегі осындайда); осынау аспаптардың бәрін пайдалана білетін біртоға әрі ұңғыт мұрағат маманы керек-ақ. Мұндай әдістерді ұйымдастыру жазудың өзін ойлап табудан да қиын болып шықты. Археологтар әлі де бірнеше жылда бір рет әлдеқандай ұмыт қалған жазу үлгісін тауып алып жатады. Табылған үлгілер арасында шумердің қышқа бәдіздеп түсіретін жазуынан да көнелері болуы әбден мүмкін, бірақ олар енді еш пайдасы жоқ жәдігерлер күйінде қалады. Себебі осынау жазу үлгісін ойлап табушылар тәртіптеудің, ең болмағанда қажет деректерді іліп алу тәсілдерін ойластырмаған. Шумер патшалығы, перғауындар дәуірінің Мысыры, ежелгі Қытай, инктер империясы нақ осыны ескергендігімен ерекшеленеді. Олар құжаттаудың, катологтау мен деректерді екшеп шығарудың жосықты жолдарын жасай білген. Бұған қоса, бұл мәдени ортада бітікшілерді, есепшілерді, кітапханашылар мен мұрағатшыларды оқытып-үйретуден ақша аяған жоқ. Оқып-үйрету оңай шаруа емес еді. Ежелгі Месопотамияда шәкірттердің көшіріп жазуына тура келген жаттығу сақталған. Бұл мәтін осыдан 4000 жыл бұрын оқыған студенттің өміріне үңілуімізге мүмкіндік береді:
«Мен кірдім де отырдым, ұстаз тақташамды оқып шықты.
Ол айтты: «Мынада бірдеңе жетпейді».
Мені шыбықпен ұрды.
Қадағалаушылардың бірі айтты: «Сен неге рұқсатсыз сөйлейсің?»
Мені шыбықпен ұрды.
Тәртіп қадағалаушы айтты: «Сен неге орныңнан рұқсатсыз тұрдың?»
Мені шыбықпен ұрды.
Қақпа сақшысы айтты: «Неге сен рұқсатсыз шығасың?»
Мені шыбықпен ұрды.
Шумер мұғалімі айтты: «Сен неге аккадша* сөйлейсің?»
Мені шыбықпен ұрды.
Ұстаз айтты маған: «Сенің қолтаңбаң нашар» деп.
Мені шыбықпен ұрды4.
Ежелгі бітікшілер оқу мен жазуды ғана емес, сондай-ақ катологтарды, сөздіктерді, кестелер мен қалыптарды пайдалануды да үйренді. Басқаша айтқанда, шәкірттер каталогтардың, керек ақпаратты екшеп табу мен өңдеудің тәсілдерін меңгеріп шықты. Ал бұлардың барлығы табиғи ұқсастықтар арқылы түзілетін мидың жұмысына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын еді. Жаңа үй алу үшін ипотекалық келісімшарт ресімдеуге банкке зайыбыммен барған кезде есіме ғайыптан алғашқы баспанамыз түседі. Естелік жібі Жаңа Орлеанда өткізген бал айына жалғанады; ал Жаңа Орлеан – қолтырауындарды, қолтырауындар айдаһарларды еске түсіреді. Бұл енді «Нибелунг сақинасына» тікелей ұласады да, кенет Зигфридтің ариясын ыңылдап айта бастағанымды өзім байқамай қаламын. Ал банк клеркі көзі бақырайып, маған таңдана қарайды. Бюрократияның міндеті бәрін рет-ретімен, тап-тұйнақтай етіп: үйдің кепілхатын бөлек, неке туралы куәлікті бөлек сөреге қоюдан тұрады, салық декларациясының – өз орны, соттан келген қағаздың өз орны бар. Әйтпесе іздеген құжатты қайдан табады? Ал енді бірде-бір сөреден орын табылмағандары – ертегідегі айдаһар сияқты – қоқыс салатын қоржынға кетеді. Бірнеше санатқа жататын сақтау заттарының жайы бәрінен қиындау. Мысалы, Вагнердің музыкалық драмасы – оны қайда жіберген жөн? Музыка сөресіне ме, театр бөліміне ме, әлде жаңа айдар ашу керек пе? Міне, осылайша, үнемі жаңа айдарлар қосып, артығын лақтырып, тәртіпке келтіруге тура келеді. Мұндай «сөрелер» жүйесінде қызметтік міндеттерін атқару үшін адамдар адамша ойлауды қойып, бухгалтерлер мен клерктер ретінде ой жүйелеуді үйренуге тиіс. Бағзы заманнан күні бүгінге дейін баршаға мәлім нәрсе: клерктер мен бухгалтерлер адамша ойламайды. Олардың миының орнында секциялар мен жәшіктерге бөлінген мұрағат шкафы тұр. Олар бәрін рет-ретімен сөрелерге қоймаса, өздеріне сеніп тапсырған деректер сапырылысып, шатасып кетер еді. Ондай қызметкерлерден мемлекетке де, компанияға да, олар жұмыс істейтін кез келген басқа ұйымға да ешқандай пайда жоқ. Жазу-сызуды ойлап табудың маңызды салдары да осында: адамдар басқаша ойлап, әлемді өзгеше көзқараспен бажайлауға үйренді.
Сандар тілі Жүзжылдықтар өтіп жатты, деректерді өңдеудің бюрократиялық әдістері адамның табиғи ойлау жүйесінен бірте-бірте алыстап, бұрынғыдан да пәрменді рөл ойнай бастады. Бізге белгісіз сәтте, бірақ б.з. ІХ ғасырына дейін шешуші оқиға өтті: математикалық деректерді бұрын-соңды кездеспеген жолмен, тиімді өңдеуге мүмкіндік беретін тағы бір жазу нұсқасын ойлап тапты. Бұл жазу небәрі он таңбадан тұрды, 0-ден 9-ға дейінгі сандарды өрнектеуге арналды. Оларды үнділер ойлап тапқанымен «араб сандары» деп атайды. Атақ-абырой арабтарда қалды, өйткені олар Үндістанды жаулап алып, жазудың осы жүйесіне ұшырасқан бойда оның қаншалықты пайдалы екенін ұғынды, оны меңгеріп, жетілдірді де, бүкіл Таяу Шығысқа таратты, сол жақтан «араб сандары» Еуропаға енді. Содан соң тағы бірнеше таңба (қосу, алу, көбейту амалы) қосылды, осылайша жаңа замандағы математикалық жазбаның негізі қаланды. Бұл жазу жүйесі толық жетілмесе де, бүкіләлемдік жазба тіліне айналды. Мемлекеттердің, жеке компаниялардың, ұйымдардың, институттардың түгелге жуығы мейлі, ол араб не үнді, ағылшын немесе норвег тілі ме, бәрібір – деректерді жазып, өңдеу үшін математикалық символдарды пайдаланады. Математикалық жазбаға бағынатын кез келген ақпарат мұрағатталып, таңғаларлық жылдамдықпен таратылып, өңделеді, ал енді қандай да бір себеппен осы тілге аударуға келмейтін нәрселердің бәріне назардан қағыс қалып, ұмытылу қаупі төнеді. Мемлекеттік шешімдерге, ұйымдар мен компаниялардың іс-әрекетіне ықпал еткісі келетіндердің сандар тілін үйренуіне тура келеді. Сарапшылар, бұл тілге тіпті «кедейлік», «бақыт» пен «адалдық» деген абстрактілі терминдерді де аудара білген («тұрмыс деңгейі», «аман- есендікті субъективті сезіну», «сенімділік рейтингі»). Физика сияқты кейбір білім салалары іс жүзінде ауызекі тілден қол үзіп, миға қонбас математикалық нышандарға біржола көшіп алған.
Тартылыс заңының әсерімен (салыстырмалылық теориясына сай) массасының жылдамдығын есептеп шығаруға арналған теңдеу. Мұндай теңдеуге көз түскен бойда маман емес адамдардың көбі жарық сәулесіне арбалған қояндай қайда қашарға білмей, қорқып қалады. Бұл интеллекті нашарлығының немесе әуестігі жоқтығының нышаны емес, өте табиғи реакция. Адамның миы (сирек жағдайларда болмаса) салыстырмалылық пен квантты механика сияқты категориялармен ой жүйелеуге қабілетті емес. Бірақ физиктерге осынау жазбаға бір қарағаннан-ақ ой қорытып, пікір түйіндеу түк емес, олар «қалыпты адамдар» сияқты ой толғамайды. Керісінше, сыртқы жүйелерді деректер легін өңдеу үдерісіне пайдаланады. Үдерістің негізгі бөлігі баста емес, компьютерде немесе университет дәрісханасының тақтасында өрбіп жатады. Математикалық жазба кейінірек тағы бір тиімділігі жоғарылау амал – екілік жүйені туындатты, ол компьютерді бағдарламалық қамтамасыз ету ісінде қолданады. Ол үшін бар болғаны екі таңба – 0 мен 1 қажет. Қазір мен клавиатурада теріп отырған сөздер компьютерде «нөл» мен «бірдің» әртүрлі комбинациялары арқылы көрінеді. Жазу үлгісі адам санасына қызмет ету үшін жасалды, бірақ оның қожайынына айналып барады. Компьютерлеріміз Homo sapіens қалай сөйлеп, сезінетінін және армандайтынын түсіне алар емес. Біз болсақ Homo sapіens-ті машинаға түсінікті сандар тілінде сөйлеп, сезінуге және армандауға үйрете бастадық. Мұнымен тарих аяқталмайды. Жасанды интеллект жөніндегі мамандар тек қана компьютердің екілік жазбаларына сүйенетін және адамды ешқашан керек қылмайтын ақыл-естің жаңа түрін жасауға талпынуда. «Матрица», «Терминатор» сияқты фантастикалық фильмдер екілік код түбінде адам салған бұғауды лақтырып тастайды. Бас көтерген екілік жазбаға адам билігін қайта жүргізгісі келсе, ол бүкіл адамзат тұқымын жойып жіберуге тырысады.
* Жалпы тұтынымдағы ауызекі сөйлесу құралы – аккад тілі болғаннан кейін де – ресми, демек, жазба тіл – шумер тілі болған, болашақ бітікші нақ осы тілде ғана сөйлеуге тиіс еді.
8-тарау
Тарихта әділдік болмайды
Аграрлық революциядан кейінгі мыңжылдықтар тарихын түсінуімізге көмектесетін негізгі сұрақ: ынтымақтастыққа арналған биологиялық инстинкті болмаса, адамдар үлкен ұжымдарға қалай біріге алды? Қысқаша жауап: олар қиялдағы құрылымдарды жасап алып, жазу-сызуды ойлап тапты. Осы екі жаңалық биологиялық мұрамыздағы олқылықтардың орнын жауып кетті. Үлкен ұжымдардың пайдасы мен зияны бірдей еді. Ұжымдар арқа сүйеген құрылымдар өздігінен бейтарап та, әділетті де болған емес. Адамдар иерархиялы түрде бір-біріне бағынған жасанды топтарға бөлінді. Мұның жоғары деңгейіне – билік пен артықшылықтар берілді де, төмендегілер – кемсіту мен қанауға ұшырады. Мәселен, Хаммурапи заңы елдің барша тұрғынын ақсүйекке, қара халыққа және құлдарға бөлді. Тізім басында тұрғандарға бар жақсылық бұйырды. Бұқара халыққа жұмырға жұқ болмайтын бөлігі ғана тиді. Құлдарға түк те қалмады. Америкалық «Тәуелсіздік декларациясы» 1776 жылы барлық адамдардың теңдігін жариялағанымен, америкалықтар қиялдағы құрылымды жасап алды, ол да иерархиялық еді. Ер-азаматтар артықшылықтарға ие болды, ал әйелдерге ондай құқықтар бермеді. Ақнәсілділер бостандық пен билік алды, ал төменгі сұрыптағы адамдар саналған қаранәсілділер мен үндістерге жалпыға ортақ теңдік тиесілі болмады. «Тәуелсіздік декларациясына» қол қоюшылар арасында құлиеленушілер аз емес еді; Декларацияға қол қойғаннан кейін де олар құлдарына бостандық беруді ойламады – сөйте тұра, өздерін екіжүзді санаған емес. Өйткені олардың қарапайым көзқарасы бойынша адам құқықтарының негрлерге ешқандай қатысы жоқ еді. Америкалық қиялдағы тәртіп те кедей мен бай иерархиясын дәріптеді. Сол кездегі америкалықтардың көпшілігі бай ата-аналардың бала-шағасына өз капиталы мен бизнесін беруінен туындайтын теңсіздікті сөлекет көрген жоқ. Олар теңдікті өте қарапайым: бай мен кедей бір ғана заңға бағынады деп түсінді. Жұмыссыздыққа байланысты жәрдемақы, баршаға бірдей білім беру немесе медициналық сақтандыру туралы сөз қозғалған жоқ. Бостандықты бүгінгіден басқаша түсіндірді. 1776 жылы қоғамның төменгі топтары (әсіресе қаранәсілділер, үндістер, Құдайым асылықтан сақтасын, әйелдер) билікке үміткер болады деп ойлаған емес. «Бостандық» сөзі тек бір ғана нәрсені: «мемлекет жекеменшікті (төтенше жағдайларды айтпағанда) тәркілей немесе мүлікті пайдалану жөнінде иесіне нұсқау бере алмайды» деген түсінікті білдірді. Осылайша, америкалық қияли тәртіп байлық иерархиясын сақтап қалды, оны біреулер Құдайдың өзі белгіледі деп пайымдаса, келесілері табиғаттың бұлжымас заңы ретінде қабылдады. Табиғат адамды сіңірген еңбегі үшін байлықпен марапаттап, жалқаулығы үшін жарлылықпен жазалайды деп ойлады. Еркін адамдар мен құлдардың және ақнәсілді мен қаранәсілдінің, бай мен кедейдің барлық ерекшеліктері туралы әңгіме ойдан шығарған сандырақ еді (еркек пен әйелге бөлу туралы кейінірек айтамыз). Алайда тарихта болаттай берік қағида бар: кез келген қиялдағы иерархия өзінің ойдан шығарылғанын терістеп, өзін табиғи әрі қажет құрылым ретінде жариялайды. Мысалы, бостандар мен құлдардың иерархиясын табиғи әрі дұрыс құрылым ретінде түсінетіндердің бәрі құлдық – адамның ойлап тапқан жүйесі емесін дәлелдеуге тырысты. Хаммурапи құдайлардың қалауын желеуретсе, ал Аристотель құл – «құлдық болмыс», бостан адам «азат болмысты» иеленгеніне, яғни әркімнің қоғамдағы хал-жағдайы ішкі болмысынан шығып жататынына сендіріп бақты. Адамдардың теңсіздігі қайдан шыққанын ақнәсілшілден сұрап көріңізші, сол бойда нәсілдер арасындағы биологиялық айырмашылықтар туралы псевдо-ғылыми дәріске қарқ боласыз. Сірә, сізге «арийлік қанда немесе генде әлдебір құдірет жатыр, соның арқасында ақ адамдар жаратылысынан ақылды, тәртіпті әрі жанын сала жұмыс істейді» дейтін шығар. Капитализмнің көкезу жақтаушысынан байлық иерархиясы жөнінде сұраңызшы, сөз жоқ, қаражаттың теңсіздікпен бөлінуі – адамдардың қабілеті мен мүмкіндігіндегі объективті айырмашылықтардың қашып құтыла алмайтын салдары екеніне қанығасыз. Осынау пайымға салсақ, байлардың бай болатын себебі, «олар кедейлерге қарағанда қабілетті әрі еңбекқор, байлар жақсы емделіп, тәуір білім алса, тоя тамақтанса, оған ашуланудың қажеті жоқ. Себебі олар мұндай артықшылықтарға жетуге біраз еңбек сіңірді» дейді. Касталық жүйесі бар үнділер бақи дүние бір кастаны екіншісінен жоғары қойғанына сенеді. Жаратылыстың белгілі үнділік мифі былай дейді: құдайлар алғашқы адам Пурушаның денесінен әлемді жасады-мыс. Күнді – оның көзінен, Айды – миынан, брахмандарды (абыздарды) – ернінен, кшатрийлерді (жауынгерлерді) – қолынан, вайшилерді (шаруалар мен саудагерлерді) – жамбасынан, шудраларды аяғынан жаратты дейді. Осы түсіндірмеге құлақ ассақ, брахман мен шудраның арасындағы айырмашылық аспандағы Ай мен Күндей соншалықты табиғи әрі мәңгі нәрсе болып шығар еді1. Ежелгі Қытайлар Нюйва (Nu Wa) деген әйел құдайдың адамдарды топырақтан жасағанына сенген, ол жұқалай сары балшық қосып, ақсүйектерді илеп шығарып, бұқара халықты қара балшықтан жұмбаздай салыпты-мыс2.
21. Апартеид уақытында жағажайда тұрған, ақнәсілділерге ғана шомылуға рұқсат берген ескертпе. Ашаңдау адамдар қара түстілерге қарағанда күн көзінен көбірек зиян шегуі мүмкін. Оңтүстік африкалық жағажайларды нәсілге неге мұндай жолмен бөлгенін қисынға сыйдыра алмаймыз. Ақнәсілділерге арналған мұндай жағажайлар ультракүлгін сәулені әлсіреткен де емес. Бірақ осы иерархия атаулының бәрі – адам қиялының жемісі екенін түсінеміз ғой. Брахмандар мен шудралар алғашқы адамның әртүрлі ағзасынан жаралған емес. Касталар арасындағы айырмашылық Солтүстік Үндістан тұрғындары осыдан шамамен 3000 жыл бұрын ойлап тапқан заңдармен және нормалармен бекіген. Аристотельдің айтқанына қарамастан, құлдар мен азат адамдар арасынан ешқандай биологиялық айырмашылық табылмады. Адамзат баласы қабылдаған заңдар мен нормалар адамдардың бір бөлігін – құлдарға, қалғандарын олардың қожаларына айналдырып жіберді. Ақ және қара адамдар арасында терінің түсі мен шаштың тұрпаты сияқты кейбір биологиялық айырмашылықтар байқалады, бірақ бұл айырманың интеллекті мен моральға қатысы барын айғақтайтын еш дерек жоқ. Адамдардың көпшілігі өзі өмір сүретін қоғамның иерархиясын табиғи әрі бірден-бір әділетті құрылым санайды. Мұндай қоғамның барлығы жалған да ерсі критерийлерге бағынады. Бүгіндері Батыс жұртшылығы өзінің нәсілдік иерархия идеясына тыжырына қарайды. Қаранәсілділердің «ақ» махаллаларға қоныстануына, ақнәсілділер оқитын мектепте білім алуына, солар жататын ауруханада емделуіне тыйым салатын заңдар бізді шошытады. Сөйте тұра, байлар мен кедейлер иерархиясы әлі күнге бар және де байлар оқшауланған салтанатты махаллаларда тұрады, олардың балалары беделді жабық мектептерде оқиды, олар ең тәуір, жан-жақты жабдықталған ауруханаларда емделеді – осының бәрі америкалықтар мен еуропалықтардың көпшілігіне өте орынды көрінеді. Оның үстіне бай адамдардың көпшілігі, бар болғаны байлықты мұраға алған, кедейлердің көпшілігі жарымаған отбасында дүниеге келгендіктен жоқшылыққа ұшырағаны баяғыда дәлелденген. Өкініштісі, күрделі құрылымдалған адамзат қоғамында қиялдағы иерархия мен әділетсіз кемсітушілікті айналып өте салмайтын сияқтымыз. Әрине, моральдық көзқарас тұрғысынан иерархияның бәрі бірдей емес: кейбір қоғамда тым сорақы дискриминация көзге ұрса, басқа біреулерінде ондай шектен шығушылыққа бармайды, әйтсе де тарихшылар кемсітушілікті айналып өткен бірде-бір қоғамды тауып бере алмайды. Адамдар өз қоғамын тәртіпке келтіру қамымен халықты қиялындағы категорияларға: ақсүйектерге, қарапайым бұқараға және құлдарға; ақ және қаранәсілділерге; патрицийлер мен плебейлерге; брахмандар мен шудраларға; байлар мен кедейлерге қайта-қайта бөлумен келеді. Осы категориялармен миллиондаған адамдар арасындағы қарым-қатынастар реттелді; бір адамдардың саяси, құқықтық немесе әлеуметтік мәртебесі жоғары, ал басқаларынікі – төмен болады деп сендірді. Иерархиялардың маңызды әлеуметтік қызметі бар: бір-бірімен мүлде таныс емес адамдар, бір-бірімен қалай тілдесуді біледі. Жеке таныстыққа уақыт пен күшін жұмсап жатпайды. Бернард Шоудың «Пигмалион» атты пьесасындағы Генри Хиггинс қандай қарым-қатынас орнату керегін түсіну үшін Элиза Дулитлмен етене таныспайды: төменгі таптың адамы екенін тану үшін оның сөйлеу мәнерін естісе, жетіп жатыр; ондайларға ойға келгенін істеуіне, мәселен, карта ойынына салғаны сияқты, Элизаны ақшаға тігуге болады. Ол аздай, Элизаның басын бәске тігіп, оны гүл сатушы деп емес, көпшілікке ханшайым деп таныстырып, өз қалауына пайдалана алады. Ал қазіргі гүл сатушы Элиза да күні бойы дүкенге бас сұғатын ондаған сатып алушыға райхан мен раушан гүлдерін көбірек сату үшін әңгімені қалай өрбіту керегін сезеді. Әркімнің талғамы мен қаржылай мүмкіндігін анықтап жатуға оның мұршасы жоқ, сондықтан ол әлеуметтік кодқа – кімнің қалай киінгеніне, жасына көңіл аударады. Элиза іштей саяси әдепті болмаса, онда әлгінің терісінің түсін де ескереді, сөйтіп, анасының туған күніне орай, аса көркем райхан гүлінің құшаққа сыймас дестесіне тапсырыс беретін бай фирманың иесін, шөкімдей дәстүргүл сатып алуға ғана шамасы келетін бозөкпе-курьерден ажырата біледі. Әрине, әлеуметтік жіктелімде адамдардың табиғи қабілеті де рөл ойнайды. Бірақ қабілет пен мінез-құлықтың әралуандығы елеулі дәрежеде қиялдағы иерархиямен сабақтасып жатады. Иерархия қабілет-қарым мен мінез-құлыққа екі тәсілмен ықпал етеді. Ең алдымен, барлық дағдыны әуелі адамға дарыту, ал содан соң дамыту керек. Тіпті бала дарынымен дарабозданып тұрса да, оны әлпештеп, шеберлігін ұштамаса, жаттықтыра бермесе, көп ұзамай бойдағы оты сөніп, сыйы кеміп, елеусіз қалады. Алайда өзінің қабілетін жетілдіріп, дамыту мүмкіндігі адамдардың бәріне бірдей бұйырмаған – олардың қияли әлеуметтік тәртіптегі хал-ахуалына байланысты. Жақсы мысал – Гарри Поттер. Ата-анасын – тамаша сиқыршыларды жоғалтқан, надан көзбайлаушылар тәрбиелеген бала, сиқыр жасаудан еш тәжірибесі жоқ күйінде Хогвартсқа келеді. Өз қабілетін бағамдап, әлеует қарымын ашу үшін оған жеті кітап керек болады. Екіншіден, әртүрлі таптың өкілдері бірдей қабілеттілік көрсеткеннің өзінде де олардың бәріне бірдей табысқа жетуге кепілдік жоқ. Өйткені олар әр алуан ереже бойынша ойнайды. Мәселен, Британ иелігі кезіндегі Үндістанда чамара (былғарышы), брахман, католик-ирландық және ағылшын шіркеуінің мүшесі бой көрсетіп, бизнеске кірісті делік. Төртеуінің де бұл іске қабілет-бейімі бірдей, бірақ олардың байып кету мүмкіндігі бір-бірімен салыстыруға келмес еді. Экономикалық ойын тек құқық ережелерімен ғана емес, сондай-ақ көзге көрінбейтін «әйнек бөгесіндермен» де реттеледі.
Шырғалаң шеңбер Барлық қоғам қиялдағы иерархияға арқа сүйейді. Бірақ көбінесе әркімнің өз иерархиясы болады. Мұндай айырмашылық қайдан келген? Неге дәстүрлі үнді қоғамы адамдарды – кастаға, Осман империясы – діні бойынша, ХІХ ғасырдағы Америка нәсілі бойынша бөледі? Көп ретте иерархияның пайда болуына кездейсоқ тарихи факторлар түрткі салады, содан соң әлдебір иерархия нығайып, мәңгілікке орнығады да, ұрпақтан-ұрпаққа ұласады, ал оны адамдардың белгілі бір тобы өз мүдделеріне орай түзетіп, толықтырып отырады. Мысалы, ғалымдар үндінің касталық жүйесі осыдан 3000 жыл бұрын арийлер Үндістан түбегіне баса-көктей кіріп, жергілікті тұрғындарды бағындырған кезде қалыптасты деп пайымдайды. Басқыншылар таптық иерархияны орнатты. Өздеріне, әрине, абыздар мен жауынгерлер үстемдік етуші орын алып, жабайыларға малайлар мен құлдардың рөлі тиді. Саны жағынан жергілікті тұрғындар басым болғандықтан, басқыншылар өздеріне артықшылық беретін мәртебесін жоғалтып алудан қауіптенді. Ондайға жол бермеу үшін олар тағы тұрғындарды кастаға бөліп, әр кастаға нақты қызмет түрін немесе белгілі бір қоғамдық міндетті белгіледі. Барлығы айрықша заңдық мәртебеге ие болып, міндеттер мен артықшылықтар алды. Кастаның араласып-құраласуына, некелесуіне немесе қандай да бір әлеуметтік әрекеттесуіне тіпті бірге тамақтануына да тыйым салды. Және де мұндай айырым заңмен ғана емес, сондай-ақ діни мифологиямен де, күнделікті іс-тәжірибемен де бекіді. Билеушілер касталық жүйе тарихи дамудың кездейсоқтығына емес, мәңгілік ғарыштық ақиқатқа негізделгеніне сендіріп бақты. Индуизм үшін кіндік қағида – тазалық пен былғаныш ұғымдары, нақ осы ұғымдар әлеуметтік пирамидаға тірек болды. Діндар үнділер өзге кастаның мүшесімен байланыс жасау тек заң бұзған адамды ғана емес, бүкіл қоғамды тұтастай былғайды – бір сөзбен айтқанда, «бұдан асқан сұмдық жоқ» деді. Бұл үнділік ілімнің ерекше көрінер ештеңесі жоқ. Кез келген тарихи кезеңдегі қоғамдардың көбінде нақ осы тазалық пен былғаныш туралы ұғымдар әлеуметтік айырымдарды қалыптастырып, жандандыру ісінде жетекші рөл атқарды. Билеуші тап бұларды өз артықшылықтарын сақтап қалу үшін үнемі пайдаланып отырды. Оған қоса, былғанып қаламын-ау деген қорқыныш күшті болды, ол абыздар мен патшалардың ойдан шығарған уағыздарынан ғана емес, сондай-ақ тіршілік етудің биологиялық амалынан да өрбитін еді: барлық жан-жануарлар сияқты адамдар да жұқпалы ауру таратушылардан, яғни індетке шалдыққандар мен содан өлгендерден аулақ жүреді. Қандай да бір тапты – әйелдерді, еврейлерді, гомосексуалдарды, зәңгілерді қоғамнан оқшаулау қажет болса, ең оңайы – олардың жұқпалы ауру таратушы екеніне жұртты сендіру. Тазалықты былғанышқа қарсы қоятын қалыбымен касталық жүйе Үндістан мәдениетіне тамырын бойлата жіберді. Арийлер басқыншылығы әлдеқашан ұмытылды, алайда Үндістан тұрғындары касталық жүйеге сеніп, касталардың араласуынан туындайтын былғаныштан қатты қорқады. Сөйте тұра, каста жүйесі де өзгерді. Уақыт өте келе негізгі касталар бірнеше касташықтарға бөлініп, төрт варннан (үлкен кастадан) 3000 джати деп аталатын топ шықты. Бірақ касталардың көбеюі бұл жүйенің қазықтай қағидаттарын шайқалта алмады; әркім туғаннан белгілі бір топқа жатады, ал енді сол топтың шегінен тысқары шығуға тырысуы немесе оның ережелерін бұзуы әлгі адамның өзін де, тұтас қоғамды да арамдап, сүйекке таңба салады. Джати адамның мамандығын да, оған жеуге рұқсат етілетін тағам түрін де, некеге тұруға болатын жұбайларының шек-шеңберін де белгілеп берді. Неке тек кастаның ішінде қиылып, балалар ата-ананың мәртебесін мирас етті. Жаңа мамандық түрі пайда болған сайын немесе жаңа адамдар тобы құралған кезде, олар үнді қоғамының құрылымынан тиесілі орындарын алу үшін өздерін каста ретінде мойындауды қажет етті. Әлдеқандай топ кастаға рәсімделмесе, ондай адамдар мүлде аластатылды – қатаң таптық-топтық қоғамда оларға ең төменгі қабаттан да орын тимеді. Оларды аласталғандар деп атады. Аласталғандар бөлек тұрды, лас әрі қор еңбекпен, нәжіс жинаумен немесе қоқыс сұрыптаумен күн көрді. Тіпті төменгі каста мүшелері аласталғандарға жанасудан бой үзе қашып, бірге тамақ ішпек түгілі саусақ тигізуден жиренді, олармен некелесу жөнінде сөз қозғамай-ақ қоялық. Қазіргі Үндістандағы демократиялық үкімет мұндай дискриминациямен күресіп, үнділерге касталардың араласуы ешкімді арамдай алмайтынын қаншама түсіндіруге тырысқанымен, жұмысқа орналасу мен некеге тұру жайы әлі де елеулі дәрежеде касталық тегіне тәуелді күйінде қалып отыр3.
Америкалық тазалық Шамамен тап осындай шырғалаң шеңбер қазіргі Америкадағы нәсілдік иерархияны ұстап тұр. ХVІ–ХVІІІ ғасырларда ақнәсілділер екі Америкаға кеніштерден шикізат өндіртіп, плантацияларды баптау үшін Африкадан миллиондаған құл алып келді. Олардың құлдарды Еуропа мен Азиядан емес, Африкадан тасуды қолай көруі – кездейсоқ қалыптасқан үш фактордың нәтижесі. Біріншіден, Африка Америкаға жақын, демек, Вьетнамға қарағанда Сенегалдан тірі тауарды жеткізу арзанға түседі. Екіншіден, Африкада құл сатудың дамыған нарығы қызмет істеп тұрды (осы жақтан құлдарды, негізінен, Таяу Шығысқа экспорттады), ал Еуропада бұл кезде құлдық тек экзотика болып қалды. Әлбетте, тақыр жерде құлдарды өсіріп-баққанша, қалыптасқан нарықтан құл сатып алған әлдеқайда оңай ғой. Үшінші фактор мейлінше маңызды: Виргиниядағы, Бразилиядағы және Гаити аралдарындағы плантацияларда арғы тегі африкалық аурулар – безгек пен сары безгек құтырынып тұрды. Африкалықтар бірнеше ұрпақ буыны өткенде, бұл кеселдерге қарсы ішінара иммунитет қалыптастырып қалды, ал еуропалықтар олардың алдында қорғансыз еді, қынадай қырыла берді. Сонымен плантатордың көзқарасы тұрғысынан, еуропалықтарға ақшасын текке шашқаннан немесе жалданбалы жұмыскерлерге жұмсағаннан гөрі африкалық құлдарды сатып алған пайдалы еді. Қарама-қайшыласқан әдіппен генетикалық плюс (ауру-кеселге қарсы иммунитет) әлеуметтік минуске айналып кетті: еуропалықтармен салыстырғанда африкалықтар осы тропиктік климатқа төзімді болғандықтан ғана құлдыққа түсті. Осынау, шынтуайттап келгенде, екінші деңгейдегі факторларға бола енді ғана қалыптасып, қаз басып келе жатқан Америка қоғамы – Еуропадан шыққан ақнәсілділердің билеуші кастасына және оларға бағынышты қара өңді африкалықтар кастасына бірден бөлінді. Бірақ адамдар өздерінің әлдебір нәсілдің немесе халықтың өкілдерін экономикалық пайда табу үшін ғана құлдықта ұстап отырғандарын мойындағысы келмеді. Үндістанды жаулап алған арийлер сияқты, Америкадағы ақтар да тек экономикалық табысты көздеп қойған жоқ, сонымен қатар тақуа, адал әрі дәйекті адамдардың абырой-беделін иеленуді көкседі. Халықты нәсілі бойынша шеттетуді, ақтап алу үшін діни және ғылыми мифологияны көмекке тартты. Діндарлар Африка тұрғындарының өз әкесінен қарғыс алған Нұқтың ұлы Хамнан тарайтынына сендіріп бақты: «Оның ұрпақтарына құл болу маңдайларындағы жазу», – деді. Биологтар қаранәсілділер ақнәсілділерден интеллект жағынан да, адамгершілік қарым-қатынас тұрғысынан кенже қалғанын дәлелдеуге кірісті. Дәрігерлердің айтуынша, қаранәсілділер лас тұрады және жұқпалы ауру таратады, яғни олар арамдықтың бастауы. Бұл мифтер Америка, тұтастай алғанда, Батыс елдері мәдениетіне жымдаса кірігіп, әу баста құлдықты туындатқан себеп-салдарлар жойылғаннан кейін де ұзақ жылдар бойы өз ықпалын сақтап қалды. ХІХ ғасыр басында Британ империясының аумағында құлдыққа тыйым салынды. Ағылшындар трансатланттық «қара тауар» саудасының жолын кесіп отырды, тыйым біртіндеп қос Америкаға тарала берді. Атап өтетін жайт, тарихта тұңғыш рет құлиеленуші қоғамның өзі ерікті түрде құлдықты алып тастады. Бірақ құлдарға азаттық бергеннен кейін де нәсілшілдік мифтер санадан сейілмей, нәсілшіл заңдар мен нәсілдік бөлінуді жақтайтын әлеуметтік салт та сақталып қалды. Міне, тұйыққа тірейтін себеп-салдарлы тізбек, шырғалаң шеңбер осылай пайда болады. Азамат соғысынан кейінгі Оңтүстік штаттардағы ахуалды мысалға алайық. 1865 жылы АҚШ конституциясына енгізілген он үшінші түзету құлдықтың заңға қайшы екенін жариялады, ал он төртінші түзету адамға нәсіліне бола азаматтық беруден және заң алдында тең құқықты екенін мойындаудан бас тартуға болмайтынын нақты көрсетті. Алайда екі ғасыр құл болған қаранәсілділер көпе-көрінеу нашар жағдайда өмір сүрді, кедейлердің көбі ішер ас, киер киімге жарымады, сауатсыз болды. 1865 жылы Алабамада туған қаранәсілдінің басы бостан бола тұра, өзінің ақ терілі көршісімен салыстырғанда, жөпшеңді білім алып, жақсы жұмысқа тұруға мүмкіндігі тапшы еді. Жарық дүниеге 1880–1890 жылдары келген келесі ұрпақ арадағы әлсіз үзікті жалғап, жыртықты жамауға мәжбүр болды – өйткені бұл балалар да сауатсыз, әрі кедей отбасынан шықты ғой. Мәселе экономикалық теңсіздікпен шектеліп қалмады. Алабамада ақнәсілділер жоқ-жітік жағдайда өмір сүрді, олар нәсілі жағынан жамағайын байларға бұйырған артықшылықтардан құралақан қалды. Оның үстіне индустриялық революция мен қарқынды эмиграция Америка қоғамының әлеуметтік әбжілдігін күшейте түсті де, тұрмысы тұралап, балшыққа батқандар сілкініп, ұшпаққа самғай жөнелді. Бәрі ақшаға тіреліп тұрса, нәсілдер арасындағы алшақтық жойылып, аралас-құраластық, әсіресе нәсіларалық неке қию үрдісі басталар еді. Бірақ ондай ештеңе бола қойған жоқ. 1865 жылға таман ақтар (сондай-ақ қаралардың да көпшілігі) қаранәсілділер ақнәсілділерге қарағанда топас әрі жалқау, жеке гигиенаға мән бермейді, есесіне, зорлық-зомбылық пен жыныстық азғындыққа бейім тұрады деген ойды миға сіңіріп алған еді. Оларды агрессия мен індеттің, яғни тағы да былғаныштың ошағына балады. 1895 жылға дейін қаранәсілді алабамалық ғайыптан тайып, білім алудың жолын тауып, «таза» қызмет істеуге, мысалы, банк клеркі болуға талпынып көрсе, бәрібір оның біліктілігі ақнәсілдінің мүмкіндігінен әлдеқайда төмен жатыр: оған қаранәсілділер тумысынан жалқау, топас әрі сенімсіз деген теріс түсінік те қарсы тұрар еді. Уақыт өте келе адамдар мұндай теріс түсініктердің нақты деректен емес, желбуаз мифтен шыққанын ұғып, қаранәсілділерге ақ адамдар сияқты әрекетке қабілетті, заңды құрметтейтін әрі жұғымды адамдар екенін дәлелдеуге мүмкіндік беретіндей көрінген. Бірақ та үрдіс қарама-қарсы болып шықты: жалған нанымның жаны сірі екен, уақыт өткен сайын шиеленісе түсті. Ақнәсілділер жақсы жұмыс орындарының бәрін жайлап алғандықтан, олардың қаранәсілділерге басымдық танытып келе жатқанына көз жеткізу қиын емес еді. «Өздерің көріп отырсыңдар, – дейді кез келген ақнәсілді, – қаранәсілділердің бірнеше ұрпағы азат өмір сүрді, бірақ олардан оқытушылар, адвокаттар, дәрігерлер, ең болмаса, банк қызметшілері шыққан емес. Осының өзі қаранәсілділердің жаратылысынан зердесіз екенін, дұрыс жұмыс істей алмайтынын көрсетпей ме?». Шеңбер тұйықталды: қаралар «ақ жағалы» бола алмайды, өйткені көпе-көрінеу зердесіз саналады, олардың зердесіздігіне «ақ жағалылар» лауазымында қаранәсілділердің жоқтығының өзі дәлел болып отыр. Шеңбер тұйықталғанымен, тоқтап қалған емес. Қаранәсілге қарсы ескі наным нығайып келеді, «Джим Кроу заңдарының» жүйесі – нәсілдер арасындағы қарым-қатынасты реттейтін нормалар қалыптасуда. Қаранәсілділерді сайлауға қатысудан қағыс қалдырады, олар ақтармен мектепте бірге оқуға, ақ адамдарға арналған дүкеннен бірдеңе сатып алуға, бір мейрамханада тамақтануға, бір қонақүйде қонуға қақы жоқ. Осының бәрі қаранәсілділер милау, лас, қауіпті, ақ адамдарды олардан қорғау керек деген сылтаумен жасалады. Ақнәсілділер олармен бір бөлмеде ұйықтап, бір үстел басында ас ішкісі келмейді – инфекция жұқтырып алудан қорқады. Ұл-қыздарының қаранәсілді балаларымен бір мектепте оқығанын қаламайды, агрессия мен жаман өнегеден қорқады. Сайлауға қараларды жолатудың қажеті жоқ – бұл надан, азғын азаматтар кімді сайлай алады. Қаранәсілділер сауатсыз екенін, олардың арасында жұқпалы ауруларға шалдығу және қылмыс жасау деңгейі жоғарылығын жалықпай «дәлелдеп» жүрген ғалымдар осы үрейдің қоламтасын одан сайын үрлей түсті (бұл деректер – дис-криминация салдары екенін зерттеушілер аңғармады). ХХ ғасыр ортасында бұрынғы конфедерация аумағындағы бөліну ХІХ ғасыр ортасындағыдан сәл жұмсақтау болған шығар. 1958 жылы Миссисипи штатындағы университетке құжат тапсырмақ болған қаранәсілді абитуриент – Кленнон Киггке күш қолданып, жындыханаға жатқызды. Бұл үкімді шығарған сот «Миссисипи университеті өзін қабылдайды деп ойласа, қаранәсілдінің ақыл-есі дұрыс емес» деген түсініктеме берді.
Шырғалаң шеңбер: кездейсоқ пайда болған хал-ахуалдар қытымыр әлеуметтік жүйенің ырқымен нығая түседі. Оңтүстік штаттағы америкалықтарға (Солтүстіктегілерге де) қара ер-азамат пен ақ әйелдің арасындағы жыныстық қатынас немесе неке қию туралы ойдың өзі сұмдық үрей үйірді. Нәсіларалық жыныстық қарым-қатынасқа үзілді-кесілді тыйым салынды, оны бұзғандар дереу қатаң жазаланды – сәл күдік туа қалса, «қылмыскерді» қинап өлтірді. Ақнәсілшілдердің құпия ұйымы «Ку-клукс-кланның» есебінде мұндай жазалау түрі жетіп жатыр. Нәсілшілдік әдет-ғұрып тұрмыстың жаңа салаларының бәріне біртіндеп жайыла бастады. Америкалық эстетика ақ адамның сұлулығы идеалына құрылды. Бұл нәсілдің сырт келбеті – ақшыл тері, жалқын сары төгілген шаш, шошайған шағын мұрын әдемі болып саналды. Әдеттегі «африкалық келбет» – қарақошқыл тері, қап-қара бұйра шаш, жалпақ мұрын кейіпсіздік ретінде қабылданды. Осындай жалған пайымдар қиялдағы иерархияны түйсіктің әлі де терең деңгейінде ұстап, сол арқылы оны біразға дейін алып барды. Жүздеген, мыңдаған жылдар сақталатын шырғалаң шеңберлер де болады: әлдеқандай тарихи кездейсоқтықтан туындаған қиялдағы иерархия мәңгілік тәртіпке айналады. Уақыт өткен сайын әділетсіз дис-криминация сейілудің орнына, асқына түседі. Ақша ақшаға құйылады да, кедей кедейлене береді. Білімділер білім алып, ал сауатсыздар бұрынғысынша надандық өтінде бүрсең қағады. Ұтылғандарға тағы да ұтылу қаупі төнеді, ал тарихтың өзі қолына бәрін үйіп-төгіп ұстатқандар, сірә, кейінде түгел сыпырып ала береді. Әлеуметтік-саяси иерархиялардың ешқандай логикалық немесе биологиялық негізі жоқ. Олар тек мифтермен қампиған мән-жайлардың кездейсоқ тоғысуына ғана арқа таңады. Айтпақшы, тарихты дәл осы себеп бойынша зерттеген пайдалы. Ақтар мен қараларға немесе брахмандар мен шудраларға бөлу биологиялық шындыққа негізделсе, яғни брахмандардың миы шудралардікіне қарағанда, шын мәнінде, жақсы жұмыс істесе, адамзат қоғамының құрылысын түсіну үшін биологияның өзі жеткілікті болар еді. Алайда Homo sapіens топтары арасындағы биологиялық айырмашылық ауыз толтырып айтарлықтай көп емес, биология пәнімен үнді иерархиясын немесе Америкадағы нәсілдік нанымдардың дамуын түсіндіре алмаймыз. Бұл құбылыстарды түсіну үшін адами қиял элементтерін рас әрі өте қатал әлеуметтік құрылымға айналдырып жіберген оқиғаларды, жағдайлар мен күштердің өзара әрекеттесуін зерттеп-зерделеуге тура келеді.
Еркек пен әйел Әр қоғамның өз иерархиясы бар. Жаңа замандағы америкалықтар нәсілге көңіл бөледі, ал ортағасырлық мұсылмандар іс жүзінде оған мән берген жоқ. Ортағасырлық Үндістанда кастаға теліну өмірдің ең басты мәселесі еді, ал қазіргі Еуропада мұндай әлеуметтік ұйымның ізін де таба алмаймыз. Адамзат қауымы еркектер мен әйелдерге бөлінеді, барлық жерде еркектер елеулі басымдықтар иеленеді. Ежелгі қытай жазбаларының бірінде – жорамал айтатын жауырын сүйекте (б.з.д. 1200 жылдар): «Хао ханшайым сәтті босана ма?» – деп сұрақ қойған. Оған: «Дин күні босанса – сәтті, гэн күні туса – өте тамаша», – деп жауап берді. Бірақ Хао ханшайым дзяин күні босанады. Көне жазба көңіл жұбатар мұңлы сөзбен тамамдалады: «Үш апта өткен соң дзяин күнінде жеңілденді. Сәтсіз болды – қыз туды»4 дейді. 3000 жылдан аса уақыт өтіп, коммунистік Қытай «бір отбасы – бір бала» саясатын енгізген кезде кейбір отбасылар бұрынғысынша қыз тууды сәтсіздікке балап, «сәті түсіп, келесі жолы ұл болып қалар» деген үмітпен оны тастанды қылады немесе өлтіртіп тастайды. Көп қоғамда әйелдер еркектердің – әкенің, күйеуінің әлде ағасының әншейін жекеменшігі саналды. Кей заң жүйелерінде жыныстық зорлық мүліктік қылмысқа жатады, яғни құрбандық зорлыққа ұшыраушы емес, оның иесі саналады. Соған сәйкес, мүліктік зиянды өтеу арқылы әділдік қалпына келеді: зорлықшы әкесіне немесе ағасына ақы төлеп, әлгі қызға үйленуге тиіс. «Киелі кітапта»: «Әлдебіреу пәк қызды, ұстап алып, онымен жатқан кезде үстерінен түссе, онда қызбен төсектес болған адам оның әкесіне елу шекел күміс төлеуге тиіс, ал қыз енді соның әйелі бола берсін...», – (Екінші заң. 22:28=29) деп нұсқалған. Ежелгі еврейлер көзқарасы тұрғысынан, осы шешім ғана істі ретке келтірудің парасатты жолы көрінген. Кім түсіріп алғаны белгісіз ақшаны жерден көтерудің ұрлыққа жатпайтыны сияқты, ешкімнің меншігіне алынбаған әйелді зорлау да, мүлдем қылмыс саналмаған. Ал енді жұбайлардың жыныстық қатынасын зорлау ретінде бағалауға болады деген ойдың өзі сандырақ көрінер еді. Күйеуі әйелінің сексуалдық қалауына толық билік жүргізді. Ол әйелін зорлады деу – адам өзін-өзі тонады деп айыптаумен парапар еді. Бағзы замандарда ғана солай пайымдамаған: 2006 жылға дейін әлемнің 53 елінде әйелін зорлағаны үшін еркекті соттаудың заңды мүмкіндіктері әлі болмаған екен. Тіпті Германияда «Зорлау туралы» заңға 1997 жылы ғана түзету енгізіліп, некедегі жыныстық зорлық туралы бап пайда болды5. Еркектер мен әйелдердің теңсіздігі де Үндістандағы касталар жүйесі немесе АҚШ-тағы нәсілдік бөліну секілді адами қиялдың жемісі ме, әлде физиологияға негізделген табиғи айырым ба? Тіпті еркек пен әйелдің ұқсамайтыны биологияға байланысты дегеннің өзінде де, ол әйелдерден еркектің артықшылығын негіздеп бере ала ма? Жыныстардың мәдени, заңдық және саяси теңсіздігі көбінесе олардың көзге ұрып тұрған биологиялық айырмашылықтарының көрінісі болып шығады. Бала туу жаратылыстан әйелдердің артықшылығы саналады, өйткені еркектерде жатыр жоқ қой. Бірақ осынау объективті ақиқаттың әмбебап түйінін әр қоғам биологиядан мүлде алшақ жатқан идеялар мен мәдени нормалардың қат-қабат желегімен тұмшалап қойды. Мысалы, б.з.д. V ғасырдағы Афина демократиясы жатыры бар жандардың индивид ретіндегі заңды статусын мойындамады: әйел халықтық жиналысқа немесе сот мәжілісіне қатыстырылмады. Әдетте мұндай индивидтің лайық білім алуға, жеке сауда-саттық жасап, философиялық пікірталастарға қатысуға құқығы болған жоқ. Саяси қайраткерлер, философтар, шешендер, суретшілер мен саудагерлер арасында бірде-бір жатырлы ұшырасқан емес. Шынымен адамда жатырдың болуы адамды көпе-көрінеу осы аталған мамандықтарға жарамсыз еткені ме? Сірә, баяғы замандағы афиналықтар солай ойлаған шығар? Қазіргі Афина тұрғындары арғы ата-бабаларымен келіспейді. Енді Грекияда әйелдер дауыс береді, мемлекеттік қызметтерге сайланып, сөз сөйлейді, зергерлік бұйымдардан бастап ғимараттардың жобасы мен бағдарламалық қамтуға дейінгі түрлі заттарды жасап, әрине, университеттерге білім алуға барады. Осы салалардың бәрінде еркектермен қатар табысқа жетулеріне жатыр кедергі келтірмейді. Саяси тұрмыс пен бизнесте әйелдер әлі де теңдес өкілдікке жете алған жоқ – олар грек парламентінің 12%-ын ғана құрайды. Әйтсе де бұрын олардың саяси өмірге қатысуына бөгесін салған заңды кедергілердің бәрі жоқ, қазіргі Грекия азаматтарының көпшілігі әйел затының мемлекеттік лауазымды қызметте отыруын қалыпты құбылыс санайды. Сондай-ақ қазіргі гректердің көбі еркектердің әйелдерге, тек әйелдерге сексуалдық құмарлығы оянуы, өзіне қарама-қарсы жыныстың өкілімен ғана төсек қатынасына түсуі табиғи нәрсе деп есептейді. Осы сенімді олар сырттан таңған мәдени нормалар санатына емес, биологиялық ақиқатқа жатқызады: қарама-қарсы жыныс өкілдері арасындағы қатынас – табиғат заңы, ал бір жыныстылар арасындағы байланыс – табиғатқа қарсы шығу болып шығады. Табиғат-ана еркектер бір-бірін сүйіп қалса, ешқандай қарсылық білдірмейтін сияқты. Ал өз мәдениетінің өсиетін сіңірген аналар өз ұлына көрші бозбала көз салып, қырындаса ақылынан адаса жаздайды. Бірақ ананың үрейі ешқандай биологиялық үзілді-кесілді талаптан туындап жатқан жоқ: көптеген мәдени орта гомосексуалды қарым-қатынасты заңды ғана емес, сондай-ақ қоғамға пайдалы нәрсе деп есептеген; ең белгілі мысал, сол баяғы ежелгі Грекия. «Илиадада» Фетида өз ұлының Патроклмен жақындасуына бір ауыз қарсы сөз айтпайды. Македония патшайымы Олимпиада ежелгі дүние әйелдерінде сирек кездесетін темпераментімен және батылдығымен ерекшеленген: күйеуін өлтіруді оның өзі жоспарлауы әбден мүмкін. Сөйте тұрып, ұлы Александр кешкі асқа нақсүйері Гефестионды алып келгенде, патшайым оларды қабақ шытпастан қабылдайды. Өз бетімен орныққан нормаларды дәріптеуге тырысатын адамдардың биологиялық мифтерінен табиғаттың бұлжымас заңдарын қалай ажыратып алуға болады? «Биология рұқсат етеді, мәдениет тыйым салады» деген жақсы бір сөз бар. Табиғат бізге мүмкіндіктердің ауқымды кеңістігін айқара ашып тастаған. Ал мәдениет адамдарды кейбірін ғана пайдаланумен шектеліп, қалғандарының бәрінен бас тартуға мәжбүрлейді. Биология әйелдердің перзент сүюіне мүмкіндік берген, кейбір мәдени орта оларды осы қабілетті іске асыруға мәжбүрлейді. Биология еркектерге бір-бірінен сексуалды қанағат алуға мүмкіндік берген, кейбір мәдени орта бұл мүмкіндікті жүзеге асыруға тыйым салады. Мәдениет әдетте табиғилыққа қарсы нәрселерге ғана тыйым салатынын айта береді, алайда биологиялық көзқарас тұрғысынан мынау тіршілікте табиғи заңдылықтан тыс ештеңе жоқ. Табиғи емес, табиғат заңын бұзатын мінез-құлық жүзеге аспауға тиіс, оған тыйым салудың да қажеті шамалы. Бірде-бір қоғам фотосинтезді жоюға немесе әртекті зарядтардың бір-біріне тартылуына тыйым салған емес. «Табиғи» және «табиғи емес» туралы түсінігіміз биологиядан емес, христиандық уағыздамадан алынған. Дін ілімінде «табиғи» дегеніміз – «табиғат пен оның заңдарын жаратушы Құдайдың қалауына» сай келетін қылықтар. Христиан ілімі Құдай адамның денесін жаратып, әр ағзаға нақты қызметтік міндет жүктеген дейді. Өз денеміздің мүшелері мен ағзаларын Құдай қарастырған мақсатта пайдаланып жүрсек, табиғи өмір сүреміз, ал оларды Жаратушының ниетіне қарама-қарсы жұмсасақ, бұл – табиғи емес. Бірақ эволюцияда ниет жоқ. Ағзалар әлдекімнің әмірімен дамымайды. Олардың «қызметтік міндеті» де өзгеріп отырады. Бірде-бір адам ағзасы осыдан миллиондаған жылдар бұрын өз «прототипі» орындаған қызметтік міндетті қазір дәлме-дәл атқармайды. Ағзалар белгілі бір міндетті орындау үшін дамитыны рас, алайда сол ағза кейін тағы бір қызметті атқаруға бейімделуі мүмкін. Мысалы, ауыз денеге қорек келетін тесік ретінде ежелгі көпжасушалы организмдер кезінен бар. Ауыздың сол қызметін әлі күнге дейін пайдаланамыз, оған қоса, сүйісеміз, сөйлейміз, ал Рэмбо онымен гранатаның тиегін жұлып алады. Сонда не, осыдан 600 миллион жыл бұрын бабаларымыз мұны істемесе, осының бәрі табиғи емес пе? Қанат та бірден қазіргідей аэродинамикалық сұлу сипатына келе қойған емес. Олар мүлде басқа қызмет атқарған аяқ-қолдан өрбіп шықты. Бір теория бойынша, жәндіктерге тән қанат миллиондаған жылдар бұрын қоңыздардың денесіндегі түк безінен пайда болған. Түк безі бар қоңыздар денесінің сыртқы қабаты салыстырмалы түрде үлкен еді, бұл күн сәулесін молырақ сіңіріп, дене температурасын қолайлы деңгейде ұстауға мүмкіндік берді. Эволюция барысында осынау күн батареялары біртіндеп ұлғая берді де, әлгі бездер де тамаша құралға айналып, тұрпаты өскенімен, салмағы сол күйінде қалған жәндіктерді секірген кезінде бірнеше секунд ауада ұстап, қалықтатып тұратын болды. Без өскіндері жалпақ, көлемді жәндіктер алысқа секірді, әлгілердің жәрдемімен самғай бастады, содан кейін биікке көтеретін қанаттың жетілуіне де көп қалған жоқ еді. Келесі жолы, маса құлағыңыздың түбінен ызыңдап тұрған кезде, қансорғыш ұрғашыға табиғат заңына қайшы әрекет етіп тұрғанын: Құдайдың қалауы бойынша маса қанатты ұшуға емес, күн батареясы ретінде пайдалануға тиіс екенін айтып көріңіз. Жыныстық ағзаларымыз да соншалықты көп қырлы міндеттер атқарады. Бастапқыда жыныс безі ұрпақ жалғастыру үшін дамыды, ал неке рәсімдері жұбайлар өзара құштарлықтарын бағамдап, бағалай білу үшін қажет болды. Ал енді кейбір жануарлар жыныстық органдарын да, әлгі рәсімдерді де өздерінің кішкентай көшірмелерін шығару ісіне еш қатысы жоқ қыруар әлеуметтік міндеттер қамына пайдаланады. Мысалы, шимпанзелер жыныстық жақындық арқылы саяси одақтарын нығайтып, достық көңілін білдіреді және шиеленістің шешімін табады. Осының бәрі табиғи емес деп айтуға бола ма?
Жыныс пен гендер Осылайша, құдды әйелдердің табиғи қызметі – туу немесе еркектер арасындағы бір жыныстылардың жақындасуы табиғи емес деп айтудың жөні жоқ. «Еркек» пен «әйелді» сипаттайтын нормалардың, заңдардың, құқықтар мен міндеттердің көпшілігі биологиялық емес, қиялдағы шындықтың көрінісі. Биологиялық тұрғыдан адамдар аналыққа және аталыққа бөлінеді. Homo sapіens-тің аталығында бір Х және Y хромосома, ал ұрғашысында екі Х хромосома болады. «Еркек» пен «әйел» – биологиялық емес, әлеуметтік категория. Көп ретте және адамзат қоғамының басым бөлігінде «еркек» деп – аталық, «әйел» деп аналық жыныс өкілін атайды, алайда әлеуметтік мән-мағынасы қанық бұл атаулар биология ілімінен тым алыс жатыр. «Еркек» дегеніміз – ХY хромосомалар, аталық бездер мен асып-тасыған тестостерон жиынтығы сияқты биологиялық белгілері бар жай ғана sapіens емес, қиялдағы қоғамдық тәртіптің ажырамас бөлшегі де. Мәдени мифтер оны белгілі бір «еркектік» рөлдермен (мысалы, «ол саясатқа қатысуы тиіс»), құқықтарымен (мысалы, сайлау құқығымен) және міндеттермен (әсіресе, армияда қызмет өтеу міндетімен) жарылқайды. «Әйел» де – организмінде екі Х хромосомасы, жатыры мен көп мөлшерлі эстрогені бар жай ғана sapіens емес. Ол да қиялдағы қоғамдық тәртіптің бөлшегі. Мәдени миф оған ерекше «әйелдік» рөл (балаларды тәрбиелеу), құқықтар (мысалы, қорғану құқығы) мен міндеттер (жұбайына бағыну) берген. Еркектер мен әйелдердің рөлі, құқықтары мен міндеттері биологиямен емес, ең әуелі мифтермен айқындалатындықтан, «еркек» және «әйел» ұғымдарының мазмұны мәдени ортадан мәдени ортаға ауысқан сайын өзгере береді.
Биологиялық категория ретіндегі әйел | Мәдени категория ретіндегі әйел
Ежелгі Афина | Қазіргі Афина | Ежелгі Афина | Қазіргі Афина
ХХ хромосомалары-ның жұбы | ХХ хромосомалары-ның жұбы | Дауыс беру құқығы жоқ | Дауыс беру құқығы бар Жатыры бар | Жатыры бар | Сот төрешісі бола алмайды | Сот төрешісі бола алады Аналық жыныс безі бар | Аналық жыныс безі бар | Мемлекеттік лауазымды қызметке тағайындала алмайды | Мемлекеттік лауазымды қызметке таға-йындала алады Тестостерон деңгейі жоғары | Тестостерон деңгейі жоғары | Неке қосағын таңдай алмайды | Неке қосағын таңдай алады Эстроген деңгейі жоғары | Эстроген деңгейі жоғары | Негізінен, сауатсыз | Негізінен, сауатты Емізе алады | Емізе алады | Заңды тұрғыдан әкесіне әлде жұбайына тәуелді | Заңды тұрғыдан дербес өмір сүреді
Ешқандай айырмашылық жоқ | Түрлі айырмашылықтар бар
22. Еркек туралы ұғымның ХVІІІ ғасырдағы көрінісі: француз королі ХІV Людовиктің салтанатты кескін-келбеті. Ұзын жасанды шашқа, ұзын шұлыққа, биік өкшелі туфлиге, биші сияқты тұрыс әдібіне және де қолақпандай қылышқа назар аударыңыздар. Біздің замандастардың көпшілігі әлгі асай-мүсейлердің бәрін, қылыштан өзгесін, әйел адамның белгісі деп есептейді. Бірақ ХІV Людовиг өз заманында ержүректілік пен күштіліктің үлгісі ретінде дәріптелген еді. Шатастырып алмау үшін ғалымдар биологиялық категорияны «жынысқа» және мәдени санатты «гендерге» ажыратуға тырысады. Біздің бәріміз объективті әрі тарихи уақыт ағымында өзгермеген белгі-нышандар негізінде еркекке әлде әйелге жатамыз. Сондай-ақ гендер де еркектікі және әйелдікі болады (ал кейбір мәдени ортада басқалары да ұшырасады). Гендерлік нышандар интерсубъективті нәрселер қатарында тұрады, әрі ұдайы өзгере береді. Мысалы, ежелгі афиналық әйел мен қазіргі грек әйелінің сыртқы кейпінде, мінез-құлқында, киім үлгісінде, арманында тіпті тұрған тұрысында ортақ ештеңе жоқ6. Жынысқа бөлу оп-оңай, ал гендерлік нышанына орай ажырату күрделірек. Еркек әлде әйел жынысына жататыны нақты түрде айқындалады: адам не Х және Y, не екі Х хромосомалармен туады, сонымен әңгіме бітті! Ал енді әйелдің немесе еркектің гендерлік рөліне үңілу әлдеқайда қиындау. Екі гендердің де айқындаушы белгілерін биология емес, мәдени орта қалыптастырған қоғамда қараптан-қарап еркекті «еркек» немесе әйелді «әйел» дей салмайды. Мұндай атаққа ие бола салып, масаттануға әлі ерте. Еркектер еркек екенін ұдайы, тал бесіктен жер бесікке жеткенше дәлелдеуге тура келеді. Ол үшін бірнеше рәсімдер мен алдын ала белгіленген іс-әрекеттерді өткеруі қажет. Әйелге де босаңсуға болмайды: өзіне және өзгелерге барлық жағдайда қыз қылықты, сүйкімді екенін өмір бойы дәлелдеуі керек. Сонда да табысқа жетеріне кепілдік жоқ. Әсіресе еркектер ерлікке, өрлікке ұмтылысынан ештеңе шықпай қала ма деген уайым шегіп, үнемі қорқып жүреді. Тарихтың ұзын-ырғасында өзі туралы тек «нағыз ер еді» деген пікір қалдыру үшін еркектер бастарын талай қатерге тігіп, өмірлерін пида етумен келеді.
Еркек аты несімен жақсы?
Қалай болғанда да, аграрлық революциядан бастап адамзат қоғамының көпшілігі еркекті әйелден едәуір жоғары қойды. Қандай да бір мәдени ортада гендерлік категория қалай анықталғанына қарамастан, «еркек» болу әрқашан да артықшылық берді. Мұндай қоғамды ғылымда «патриархат» деп атайды. Патриархаттық қоғам «еркектік қасиетті» «әйел қасиетінен» биік қояды. Ол еркекті – «еркекше», ал әйелді «әйелше» ойлап, әрекет етуге үйретеді және де бұл шекараны бұзғандар қатаң жазаға тартылады. Ақы төлеуде де теңдік жоқ – әйелдік идеалға жүгінуге міндетті қоғам мүшелері еркектік идеалды бойына жиғандардан аз ақы алады. Білім беру мен емдеу саласында әйелдерге аз қаражат жұмсалады, олар жартымсыз экономикалық мүмкіндіктер иеленіп, қоғамға жартыкеш ықпал жасайды, тіпті олардың жүріп-тұру еркіндігі де шектеулі. Спортшылардың көбі көпе-көрінеу күміс медаль үшін ғана тайталасатын жарысты көзге елестетіп көріңіз. Әрине, әйелдер арасында да жоғарғы билікке жеткендер болды: Мысыр патшасы Клеопатра, Қытай патшайымы У Цзэтянь (б.з.700 жылы) немесе ағылшын королевасы І Елизавета. Бірақ бұл ілуде біреу кездесетін ерекше жағдай еді. Елизавета басқарған 45 жыл бойы Парламентте тек ер-азаматтар отырды, армия мен флоттағы офицерлік лауазымды қызметтің бәріне еркектер жайғасты, адвокаттар мен судьялардың барлығы еркек болды, сондай-ақ бүкіл епископтар, архиепископтар, діндарлар, дәрігерлер мен хирургтар түгелдей солар еді... Иә, жазушылар, сәулетшілер, ақындар, философтар, суретшілер, музыканттар мен ғалымдар арасында да басым көпшілікті ер адамдар құрады. Патриархат – іс жүзінде бүкіл аграрлық және индустриялық қоғамдардың нормасы. Бұл қоғамдық құрылыс саяси төңкерісті де, әлеуметтік революцияны да, экономиканың жаһандық өзгерісін де бастан өткерді. Мысалы, Мысыр елі шабуыл мен басқыншылыққа бірнеше мәрте ұшырады. Оларға ассириялықтар, парсылар, македондықтар, римдіктер, арабтар, түріктер мен ағылшындар кезекпе-кезек иелік етті. Алайда патриархаттық жүйе ешқайда кетіп қалған жоқ. Перғауындардың қол астында және эллинизм дәуірінде, Рим құқығы мен мұсылмандық әдет-ғұрпы бойынша, Осман империясының және Британ басқыншыларының заңдары бойынша, «еркек еместер» тұрақты түрде дискриминацияға ұшырады. Патриархаттық салт жаһанға жаппай жайылғандықтан, оны кездейсоқ жағдаяттарға байланысты пайда болатын шырғалаң шеңбер элементіне балауға болмайды. Айрықша атап өтетін жайт, тіпті 1492 жылға дейін мыңдаған жылдар бойы еш байланыс болмаса да, қос Америкада да Афроазияда да патриархат үстемдік құрды. Афроазиялық патриархатты кездейсоқ жағдайлардың жемісі десек, онда ацтек пен инктер қандай сәйкестікке орай, патриархаттық жүйені таңдап алды? Гендерлік талаптары әр алуан бола тұра, мәдени орталардың түгелге жуығын еркектік бастауды әйел қасиетінен жоғары қоюға жетелейтін әлдебір әмбебап биологиялық тәртіп бар деген ұйғарым жасау қисынға келеді. Оның мән-маңызы не – білмейміз. Теориялар көп, бірақ олардың бірде-біреуі толық сендіре алмайтын сияқты.
Бұлшық ет күші Ең кеңінен таралған теория айқын фактіге иек артады: дене бітімі күштірек еркектер әйелдерді бағынуға мәжбүр етті дейді. Тап осы теорияның көп айтылатын нұсқасында ауыр жұмыстарға еркектердің ғана күші жеткенін, олар жер жыртып, егін жинағанын, сол арқылы азық өндіру ісіне, одан әрі, сәйкесті түрде, саяси билікке бақылау орнатқанын алға тартады. Бұлшық ет күші теориясында екі кемістік бар. Біріншіден, «еркектер әйелдерден күшті» деген пікір жалпылама алғанда ғана дұрыс, әрі оны дене күшінің кейбір аспектілеріне ғана қолдануға болады. Әйелдер, әдетте, көп шаршамайды, аштыққа төзімді, қатты ауырып-сырқамайды. Кейбір еркектерге қарағанда, тез жүгіретін немесе ауыр нәрселерді көтере алатын әйелдер аз емес. Ал, ең бастысы, бұл теорияны шатқаяқтатып тұрған мына дәйек: ұзақ тарихтың ұзын-ырғасында әйел затын дәл осы дене күші қажет етпейтін жұмыстарға жолатпады (діни жауапты қызметке, сотқа, саясатқа жолатпады), бірақ оларды егістік алқапта, шеберханада, зауытта немесе «үй шаруашылығында» зорыға жұмыс істеуге қиналмай аттандыра берді. Қоғамдағы хал-ахуал дене күшімен және төзімділікпен шешілсе, әйелдердің билікті тұтастай қолға алуы әбден мүмкін еді. Екінші қарсы уәж де елеуге тұрарлық: дене күшінің деңгейі мен билік деңгейінің арасында өзара сабақтастық, тікелей байланыстылық байқалған емес. Әдетте тән қуатын әлдеқашан сарыққан егде адамдар жас өрендерге әмірін жүргізеді. ХІХ ғасырдың орта шенінде Алабаманың мақта алқабындағы кез келген құл өз қожайынының аяғын аспаннан келтіре алар еді. Мысыр перғауынының немесе Рим папасының мирасқорын сайлаған кезде, бокстан матч өткізген жоқ. Тіпті аңшы мен терімшілер тобында да бұлшық еттері дамығаны емес, тілдесу, араласып-құраласу машығы мейлінше жетілгені басымдыққа ие болады. Ал мафиоздық құрылымдарда топ басшысы міндетті түрде ең күштісі емес, көбіне егде жастағы, жұдырығы әлсіз адам болады: ол үшін лас жұмыстарды жастар істейді. Әлдебіреу топ басшысын тас-талқан қылып сабап, қылмыстық синдикаттың тізгінін қолына алуға тыраштанса, ондай әумесер жер басып ұзақ жүрмейді. Тіпті шимпанзелер арасында да альфа-еркек әлеуметтік пирамиданың ұшпағына көзжұмбай зорлықпен емес, өзге еркектермен, сондай-ақ ұрғашылармен де, тұрақты коалиция құру арқылы шығады. Шындығында, адамзат қауымының тарихы – дене күші мен әлеуметтік жағдай арасындағы байланыс көбінесе тікелей емес, кері бағытта жүретінін дәлелдейді. Қоғамдардың көпшілігінде қол еңбегі төменгі таптың үлесіне тиеді. Корольдерден, діни қызметкерлерден, бас директорлардан, сот төрешілері мен генералдардан гөрі бұлшық ет шахтерлерге, солдаттарға, құлдарға, үй қызметшілеріне, тазалаушыларға керек-ақ. Бұл азық тізбегіндегі Homo sapіens жағдайына толық сәйкеседі. Дене күші бәрінен маңызды болса, sapіens-тер осынау ғаламдық баспалдақтың орта сатысынан жоғары көтеріле алмас еді. Ал олар ақыл-ойы мен әлеуметтік дағдыларының арқасында ең биікке шықты. Түрішілік иерархияның да дөрекі күштен гөрі интеллектуалдық және әлеуметтік дағдыларға арқа таңуы табиғи нәрсе. Міне, сондықтан осынау теория авторларына шынайы құрмет білдіре тұра, тарихтағы негізгі, ең тұрақты иерархия еркектердің әйелдерді сабау қабілетіне негізделді дегендеріне бәрібір сене алмаймыз.
Қоғамның қоқыстары Басқа бір теория еркектердің басымдығы күште емес, агрессияда екенін айтады. Эволюцияның миллиондаған жылында олар әйелдерге қарағанда әлдеқайда агрессивті болып алды. Әйелдер жеккөру, сараңдық пен долылық жағынан еркектермен теңесуі тіпті асып түсуі мүмкін, бірақ бетпе-бет келгенде еркектер тән зорлығына оп-оңай бара берді. Міне, тарихтың кез келген кезеңінде әскери іс неліктен еркектердің құзырында қалғаны түсінікті шығар. Соғыс уақытында қарулы күштерге еркектер әмір беретіндіктен, олар саяси билік тізгінін де уыста ұстады, ал саяси билікті олар жаңа соғыстар ашуға пайдаланды. Соғыс көбейген сайын еркектер билігі нығая береді. Осынау шырғалаң шеңбер арқылы соғысты жаппай өршітудің де, жаппай патриархат үстемдік етуінің де себебін түсіндіруге болады. Жуырда еркектер мен әйелдердің гормондық және когнитивті жүйелерін зерттеу нәтижесі, еркектер табиғатынан агрессивті деген жорамалды растады, сондықтан да олар әйелдерден гөрі әскер қатарына көбірек алынады екен. Мейлі, қатардағы сарбаздардың бәрі өңкей еркектер бола берсін, соған бола оларға әмір беріп, басшылық жасайтын да, жеңістердің жемісін тататын да тағы сол еркектер ғана болуы керек деуіміз қажет пе? Мұндай қисынға салсақ, мақта плантацияларында қаранәсілділер ғана жұмыс істейтіндіктен, олардың қожайындары да қаранәсілділер болуға тиіс қой. Социумда бүкіл ауыр жұмысты қаранәсілділер атқарып, ал оларды ақнәсілді мырзалар басқаратын жағдай мүмкін болатыны сияқты, еркек-солдаттардың тұтас армиясын теориялық тұрғыдан әйелдерге немесе аралас жынысты үкіметке бағынышты ету де мүмкін нәрсе ғой. Неге мүмкін болмасын? Тарихта офицерлері қатардағы сарбаздан өсіп шықпайтын қоғамдар көп. Ақсүйектер, бай-бағландар немесе арнаулы білімі барлар бірден офицерлік шен алады, тіпті бір күн болса да солдат белдігін тақпайды. Наполеонды тізе бүктірген герцог Веллингтон әскери қызметке келген бойда, 18 жасында шен алып, офицер атанды. Ол қол астындағы плебейлер туралы алаңдаған емес. «Қатардағы сарбаздарымыздың бәрі – қоғамның лақтырып тастаған қоқыстары», – деп жазады өзінің ақсүйек досына Франциямен соғысу кезінде. Қатардағы солдаттарды ол кезде халықтың ең кедей тобынан және аз ұлттар, әсіресе католик дініндегі ирландықтар арасынан алатын еді. Мансаптың тайғанақ баспалдағымен көтеріліп, офицерлік шен алуға олардың ешқандай мүмкіндігі болған жоқ. Жоғарғы шендер корольдер, принцтер мен герцогтар үшін сарымайдай сақталды. Бірақ неліктен тек герцогтар үшін, неге герцогиняға емес? Африкадағы француз империясы сенегалдықтардың, алжирліктер мен француз пролетариатының қанымен құрылып, терімен тұтастырылды. Қатардағы әскерлер арасында «жақсы отбасынан» шыққан француз еркегінің үлесі жартымсыз болды, есесіне олардың саны француз армиясын, империя ережесін басқарып, жеңістер жемісінен ләззат алған саусақпен санарлықтай элитаның қатарында мол еді. Бірақ тағы да француз еркегі, неге француз әйелі емес? Қытайда армия дәстүрлі түрде азаматтық әкімшілікке бағынды, сол себептен соғысты көбінесе қолына қылыш ұстап көрмеген мандариндер (қытайдағы әскери шенеунік) жүргізді. «Жақсы темірден шеге жасамайды» деген мақалмен қытайлар дарынды адамдардың орны армияда емес, бюрократия арасында екенін меңзеді. Ендеше, неге жекпе-жекке шығып көрмеген мандариндердің бәрі еркек жынысты болды? Әйелдер дене бітімінің осалдығынан немесе тестостерон деңгейінің төмендігінен мандарин, генерал немесе саясаткер бола алмады деу көкейге қонбайды. Соғыс кезінде төзімділік қажет, ал дене күші мен агрессивтілік онша міндетті нәрсе емес. Соғыс – сыраханадағы төбелес емес, бұл – күрделі кешенді үдеріс, оны басқару үшін адамдарды ұйымдастыра біліп, ынтымақтастық орнататын, кейде компромиске де бара алатын теңдессіз талант қажет. Әдетте өз елінде бейбітшілік орнатып, одақтастар тарту және өзге адамдардың, әсіресе дұшпандардың ой-ниетіне бойлай білу жеңіске жетудің кілті саналады. Әлбетте, нашар командирлер алпамсадай агрессивті альфа-еркектен шығады. Мәселеге жан-жақты қарап, ынтымақтасуға дайын тұратын, кикілжіңдердің тігісін жатқызып, өзге адамдармен тіл табыса білетіндер ұрыс қимылдарын оңай басқарады. Міне, осындай сирек кездесетін тұлғалардан империяларды құрушы қайраткерлер шығады. Әскери істен хабары шамалы Октавиан Август тұрақты империя құрды. Мұндай жасампаздық рөл Юлий Цезарьға да, Александр Македонскийге де, ұлы қолбасшылардың ешқайсысына да тимеді. Замандастары, олардың ізін басқан бүгінгі тарихшылардың көбі Августтің жетістігін оның айрықша ізгі қасиетімен, clementіa – қанағатшылдық пен қайырымдылық сипатты үйлестіре білуімен байланыстырады. Әйелдер еркектерден гөрі айлакер әрі бітімшіл, қиындыққа төзімді, жан-жақтылығымен де даңқы шыққан. Олардан тамаша саясаткерлер мен империя құрушы қайраткерлер шығар еді, ал лас жұмыстар мен шайқастар тестостеронмен дөңкиген ашықауыз айғырлардың еншісінде қала берсін.
Патриархаттық ген Биологиялық үшінші себеп өрескел күш иелері үшін аса маңызды. Ол эволюцияның миллиондаған жылдар ағымында еркектер мен әйелдер тіршілік етіп, ұрпақ өрбітудің әртүрлі стратегиясын жасап шықтым деп тұжырымдайды. Еркектер ұрғашыны ұрықтандыру мүмкіндігі үшін қатаң бәсекеге түсті, әрқайсысының ұрпақ қалдыру мүмкіндігі қарсыласынан күш жағынан басым шығуына байланысты болды. Ең агрессивті, бәсекеден қорықпайтын, жаужүрек еркектер өз гендерін ұрпақтан-ұрпаққа дарыта берді. Ал әйелдер ешқашан өзін ана қылатын еркектен тапшылық көрген емес. Өз балалары өсіп-өніп, ұрпақ таратуын қаласа, ол әр баласын тоғыз ай бойы көтеруге, содан соң оны қоректендіріп, тәрбиелеуге тиіс. Осы кездің бәрінде әйелдің азық табу мүмкіндігі қысқарып, оған көмек, былайша айтқанда, тұрақты күйеу қажет болды. Өзінің және балаларының күнелтіп, тірі қалуы үшін әйел еркек таңған шарттардың бәрімен еріксіз келісуге мәжбүр болды. Тек ол мұның қасында қалып, ортақ міндеттің белгілі бір бөлігін мойнына алса, жетеді деп ойлады. Осылайша, бағынышты әрі қамқоршы әйелдер өз гендерін ұрпақтан-ұрпаққа ұластырды. Күнкөріс стратегиясындағы соншалықты алшақ айырмашылықтардың нәтижесінде еркектер өркөкірек, бәсекелесуге бейім, бизнес пен саясаттың биік шыңына ұмтылатын өлермен болып қалыптасты. Ал әйелдер аяққа оралғы, жолға бөгет болмай, күйеуі мен балаларына барша ғұмырларын арнауға бастықты. Бірақ бұл жорамалды эмпирикалық деректер теріске шығарады. Әсіресе әйелдер көмекке мұқтаж болғандықтан, еркектерге бағынды деген болжамды қабылдау қиын, сонда ол неліктен өзге әйелдердің көмегіне сүйенбейді? Еркектердің өзара бәсекеге бейімдігі қоғамдағы оның басымдығын қамтамасыз ете қоюы да неғайбіл: жануарлардың көптеген түрлерінде, мысалы, пілдер мен шимпанзелерде мұқтаждық пен еркектер бәсекесі – матриархатты қалыптастыруға алып келеді. Ұрғашылар, шынында да, көмекке зәру, сондықтан әлеуметтік дағдыларын кәдеге жаратып, одақ құруды және ынтымақтасуды үйренеді. Олар еркектер барша уақытын төбелеске және т.б. бәсекелерге жұмсап жүрген шақта өзара ынтымақтасып, балаларын бірге өсіреді. Осылайша, еркектердің әлеуметтік дағдылары мен байланыстары іс жүзінде дамымай қалады. Боноболар мен пілдердің үйірлері ұрғашылардың өзара әрекеттесу желісінің қатаң бақылауында болады, ал өзімшіл әрі ынтымақтасуға бейімсіз аталықтар шетке шығарылады. Пілдер мен боноболар үйірлері осылай қалыптасса, неге Homo sapіens-тер солай топтасады? Sapіens-тер – дене күші жағынан осал түр, олардың басты басымдығы – үлкен ұжымдарға біріге білуі. Әйелдер көмекке және міндетті түрде еркектің жәрдеміне зәру болғанның өзінде де әлеуметтік дағдылары мен бірігу білігін пайдалана отырып, агрессивті, өзімшіл әрі бытыраңқы еркектерге үстемдік ету, оларды ырқына көндіру үшін ғана ынтымақтаса алатын сияқты көрінеді. Тіршілігі ынтымақтастыққа тікелей байланысты түр ұжымдасуға бейімсіздеу мүшелерін (еркектерді) билік басына жіберіп, ал қауымдаса білетін жандарды (әйелдерді) бағынышты, басыбайлы жағдайға не үшін түсіріп қойды? Бұл – гендер тарихындағы түйінді сұрақ, әзірше оған біздің жауабымыз жоқ. Сірә, әлгі болжамдардың бәрі дұрыс емес шығар. Бәлкім, Homo sapіens түрінің еркегі дене күшімен, агрессивтілігімен және бәсекеге бейімділігімен емес, керісінше, әлеуметтік дағдыларымен әрі ынтымақтастыққа аса қабілеттілігімен ерекшеленетін шығар? Әзірше, мұны білмейміз. Анық білетініміз: соңғы жүз жыл ішінде бұл салада нағыз революция болды. Ол өмірдің барлық саласына еркек пен әйел арасындағы теңдікті тез өрістетіп қана қоймай, қоғамның гендер мен жыныстар айырмашылығы туралы ең негізгі ұғымдарды ой елегінен өткізе бастауынан тұрады. Гендерлік айырмашылық әлі де біршама байқалса да, жағдай жылдам өзгеріп келеді. ХХ ғасыр басында әйелдердің дауыс беру құқығы жайлы әңгіме АҚШ-та сорақы идея іспетті қабылданатын. Ал кабинеттің әйел-хатшысы немесе Жоғарғы соттың әйел-судьясы туралы айтудың өзі ойға келмейтін. Ал гомосексуалдық жабық тақырып болғаны сонша, ол жайлы ауыз ашуға да рұқсат жоқ еді. XXІ ғасыр басында әйелдердің дауыс беру құқығы қалыпты жағдай. Кабинеттің әйел-хатшысы лауазымына ешкім таңданған емес. 2013 жылы Жоғарғы соттың бес бірдей судьясы, оның үшеуі әйел, біржынысты некені заңдастыру туралы шешім қабылдады. Дәл осындай өзгерістер гендер тарихын соншалықты күрделі етіп көрсетеді. Бүгінгі күні осындай мысалдар арқылы патриархаттық жүйе ойдан шығарылған әншейін бір аңыз-әңгіме, биологиялық нақты деректер емес десе, бұл жүйенің әмбебаптығы мен тұрақтылығын кім түсіндіріп бере алады?
Үшінші бөлім
Адамзатты біріктіру
24. Мекке. Қажылық парызын өтеуге барғандар Қағбаны айналып жүр.
9-тарау
Тарихтың жебесі
Аграрлық революциядан кейін адамзат қауымдастығы күрделеніп, көбейе түсті де, соған сәйкес әлеуметтік құрылысты демейтін қиялдағы конструкция да дами берді. Мифтер мен ойдан шығарылған түрлі әңгімелер бесіктен белі шықпай жатып-ақ, адамды белгілі бір образдармен ойлантып, белгілі бір стандарттар бойынша әрекет қылуға, нақты заттарды қалап, нақты ережелерді сақтауға үйретті. Миллиондаған бейтаныстың алғаусыз ынтымақтасуына мүмкіндік беретін қосамжар инстинкт осылай қалыптасты. Осынау жасанды түрде сіңірген инстинктер желісі «мәдениет» деп аталады. ХХ ғасырдың бірінші жартысында тарихшылар әрбір мәдениет – кемел, үйлесімді әрі өзгермейтін болмысқа ие, әрдайым баз қалпында тұрады деген пікір ұстанды. Кез келген қауымдастықтың өз дүниетанымы және Күнді айналған ғаламшарлар сияқты іркіліссіз қызмет істейтін өзіндік ерекшелікке ие әлеуметтік, құқықтық және саяси салты бар. Осы теорияға сәйкес өзімен-өзі оңаша қалған қоғам өзгерістерге ұшырамайды. Ол бір бағытқа бір қалыпты қадаммен адымдай береді, тек сыртқы күштер ғана белгіленген жолдан бұрып әкетуі мүмкін. Антропологтар, тарихшылар мен саясаткерлер «самоалықтардың» (немесе Тасмания жабайыларының) наным-сенімдері, нормалары мен құндылықтары есте жоқ ескі замандардан бері қарай еш өзгермегендей етіп сипаттап жүрді. Қазіргі кезде мәдениеттанушылардың көпшілігі бұл тұжырымға қарсы шығып отыр. Әр мәдениет, шынында да, өзіне тән нанымдарды, жосындар мен құндылықтарды иеленді, бірақ олардың бәрі ұдайы қозғалыста болады. Өзгерістерге көрші мәдениеттермен өзара әрекеттесуі немесе қандай да бір сыртқы факторлар себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ мәдениеттің ішкі динамикасы да көзге шалынып қалады. Тіпті толық оқшауланып, экологиялық тұрақты қоршауда тұрған мәдениеттің өзі мызғымаған төл қалпында сақталмайды. Адам орнатқан кез келген тәртіптің айнымалылықты жат санайтын физика заңынан айырмашылығы: өз ішінде қарама-қайшылыққа ұрынып жатады. Мәдениет үнемі осы қарама-қайшылықтар түйінін тарқатуға талпынады. Осылайша, өзгерістердің үзіліссіз үдерісі жүре береді. Мысалы, ортағасырлық Еуропа ақсүйектері христиан дінінің догматтарына да, рыцарьлықтың идеалдарына да сенді. Таң ата ақсүйек шіркеуге барып, үн-түнсіз уағыз тыңдады. «Мынау дүниедегі әбігершіліктің бәрі бекер, – деп жар салды мінберден діни қызметкерлер. – Байлық, молшылық пен атақ-даңқ – соңы қауіпті жол. Олардың бәрін тәрк етіп, Исаның ізімен жүріңдер. Оның момындығын өнеге тұтып, қанағатсыздық пен зорлық-зомбылықтан қашыңдар. Әлдекім шапалақпен ұрып жіберсе, бетіңнің екінші жағын тосыңдар». Үйге үнсіз ойланып қайтқан вассал барқыт пен жібек киімдеріне малынып, қожайынының сарайындағы тойға асығады. Шарап өзендей тасып, менестрельдер (ән салатын жалшы) Ланселот пен Гвиневраның махаббатын ән мен жырға қосады, қонақтар әдепсіз әзілдерімен қағытып, қанқұйлы әскери хикаяларын айтуға көшеді. «Масқараға ұшырағанша, өлген артық! – деп лепіреді барондар. – Ар-намыс аяққа тапталса, мұндай қорлықты қан ғана жуады. Алдыңда дұшпаның безілдей қашып, аяғыңның астында оның қызының қорыққанынан қыңсылап жатқанынан артық қандай рақат бар?». Кереғарлық бәрібір шешімін тапқан жоқ. Еуропаның бүкіл табы – ақсүйектері, діни қызметкерлері мен қарапайым халқы – осы кереғарлықты тізгіндеуге талпынғандықтан, мәдениет біртіндеп өзгере берді. Кереғарлыққа қатысты қадамның бірі крест жорығы еді. Қасиетті жерге аттануы арқылы рыцарь жауынгерлік айбынын да, діншілдігін де қатар көрсете алды. Тап осы кереғарлық рыцарьлық идеясын христиандық мұраттармен ұштастыруға тырысқан тамплиерлер мен госпитальерлер орденін дүниеге алып келді. Белгілі бір дәрежеде осынау қайнар көзден орта ғасырдың өнері мен әдебиеті, король Артур мен қасиетті Грааль туралы аңыздары ағындап шықты. Даңқты рыцарь қайырымды христиан бола алады және болуға тиіс, сондай-ақ қайырымды христианнан үздік рыцарьлар шығады дегенді дәлелдеуге тырысудан басқа Камелот нені білдіреді? Басқа мысалды – жаңа замандағы саяси құрылысты алайық. Француз революциясы кезінен бастап, әлемге теңдік пен жеке бостандық идеалы біртіндеп тарала бастады. Алайда осы екі құндылық та кереғарлыққа килігеді. Теңдікті өзгелерге қарағанда, көбірек жолы болғандардың бостандығын шектеу арқылы ғана қамтамасыз етуге болады. Әр азаматқа ойына келгенін істеуге толық еркіндік берілсе, теңдік те сол бойда жойылады. 1789 жылдан бергі әлемнің саяси тарихын осы кереғарлықты шешуге үздіксіз талпыну тізбегі ретінде елестетуге болады. ХІХ ғасырдағы Еуропаның либералды өкіметі жеке бастың бостандығын бірінші орынға қойғанын Диккенстің романын оқығандардың бәрі біледі, сол үшін борышкерлерді түрмеге отырғызып, ал түгі жоқ тақыр жетімдерді қалта-қаққыш ұры-қарыларға қосақтап жіберуге тура келді. Александр Солженицынды оқыған кез келген адам коммунизмнің эгалитарлық аңсары, әр адам өмірінің әрбір минутына дейін бақылауда ұстауға тырысатын қатыбас тиранияны туындатқанын біледі. Қазіргі Америка саясаты да осы кереғарлыққа ұрынып отыр. Демократтар науқастарға, қарттар мен жоқ-жітіктерге жәрдемдесу бағдарламасын қаржыландыру үшін салықтар мөлшерін көтеруге тура келсе де, жаппай теңдікке ұмтылады. Сол арқылы олар адамның өз ақшасын қалауынша билік жүргізу құқына қол сұғады. Балаларға білім беруге ақшамды жұмсағым келсе, үкімет неге мені сол қаражатқа медициналық сақтандыру құжатын сатып алуға мәжбүрлейді? Республикашылар, тіпті байлар мен кедейлердің кірісіндегі алшақтық ұлғая түсіп, америкалықтардың көпшілігі медициналық жәрдемсіз қалғанына қарамастан, жеке бас бостандығына барынша ұмтылады. Орта ғасырлар рыцарьлық пен христиандықтың идеалдарын бәрібір біріктіре алмай-ақ қойды. Қазіргі әлем де бостандық пен теңдіктің басын қоса алмайды. Бұл кемістік те емес. Мұндай кереғарлықтар – кез келген адамзат мәдениетінің міндетті элементі. Бұл – біздің түрдің креативті, қарқынды дамуының қозғаушы күші. Контрапунктте түйіскен екі мақам музыкалық тақырыптың дамуын алға жылжытатыны сияқты ой-пікірлеріміздің, идеяларымыз бен құндылықтарымыздың әралуандылығы да ойланып-толғануға, сынауға, бағалап-бағамдауға жетелейді. Тұрақтылық дегеніміз – топастарға арналған қорық. Шешілмейтін дилеммалар, шиленістер мен жанжалдар – кез келген мәдениеттің мәні болғандықтан, кез келген мәдени ортадағы адам сенімдер кереғарлығын ұштастырып, басы бірікпейтін құндылықтар арасында жыртылып-айырылуы керек. Бұл жаппай ұшырасатын жағдай бұрыннан «когнитивті диссонанс» деп аталады. Жұрттың көбі когнитивті диссонансты адам психологиясының беті бері қарамас кемістігі санайды, ал, шын мәнінде, бұл – адамның маңызды қасиеті. Адам қарама-қайшы сенімдер мен құндылықтарды ұштастырып, үйлестіре алмаса, қандай да бір мәдениетті жасап, дамытуы неғайбіл еді. Мысалы, сіздің көшенің бұрышындағы мешітке баратын көршіні түсіну үшін әр мұсылманға ардақты іргелі құндылықтарға шұқшимаңыз, одан да ислам мәдениетіндегі: «22-тұзақты» (Catch-22), яғни ережелер бір-бірімен соқтығысып, стандарттар майысатын нүктелерді іздеңіз. Соларды тапқан кезде мұсылмандардың шектеусіз, үзілді-кесілді екі өмірдің арасында жыртылып-айырылатынын байқап, оларды түсінер едіңіз.
Жер серігінен қарағанда Кез келген мәдениет үнемі қозғалыста болады. Бұл қозғалыс кездейсоқтық па, әлде оның өз заңдылығы бар ма? Басқаша айтқанда, тарихтың белгілі бір даму векторы бар ма? Жауабы: иә, бар. Мыңжылдықтар ағымында қарапайым шағын қоғамдар бір-біріне қосылып, үлкен әрі күрделі өркениеттерге айналды да, әлемде мегамәдениеттер азая берді, өйткені олардың өздері іріленіп, қат-қабаттана түседі. Әрине, бұл өте макродеңгейде ғана байқалады. Макродеңгейде мегамәдениетке астасатын әрбір мәдениет тобына бірнеше бөліктерге ыдырайтын бір мегамәдениеттен келетіндей көрінеді. Моңғол империясы бүкіл Азияны және Еуропаның едәуір бөлігін басып алды, бірақ көп ұзамай өзі құлады. Христиандық ілім жүз миллиондаған діндарды қатарына тартты – ал өзі сансыз секталарға бөлшектеніп кетті. Батыс және Орталық Еуропаның ортақ тілі латын болды да, кейін көптеген жергілікті диалектіге айналып, содан соң ұлттық тілдер қалыптасты. Алайда құлдырау, ыдырау кезеңдері, шын мәнінде, бірлікке бұлтақсыз барар жолдағы уақытша шегіністер ғана еді. Тарихи даму бағытын тек дұрыс таңдалған бақылау бекетінен айқын көре аламыз. Бұлтқа шығып, соңғы бірнеше жүзжылдықтарға көз тастасақ, тарихтың бірігуге әлде ыдырауға қарай жылжып бара жатқанын түсінуіміз қиынға соғар еді. Одан да жоғарырақ көтеріліп, Жер серігіне мініп мыңжылдықтарға қарасақ, тарихтың бірігуге қарай жылжып бара жатқаны, христиандықтың бөлшектенуі мен Моңғол империясының күйреуі осы жолдағы шоқалақтар екені айқын көрінер еді.
* * * Тарихтың жалпы бағытын айқындаудың ең қарапайым тәсілі – жер жүзінде әр кезеңдерде қанша жекелеген әлемдер болғанын есептеп шығару. Бүгіндері бүкіл ғаламшарды біртұтас әлем ретінде түйсінеміз, бірақ бүкіл тарихының ұзын-ырғасында Жер бір-бірімен байланысы жоқ жыпырлаған ғаламшарлар арасындағы тұтас ғалам еді. Мысалы, Австралияның оңтүстік беткейінде орналасқан орташа аралдар – Тасманияны алайық. Шамамен б.з.д. 10 мың жыл бұрын, кезекті мұз дәуірі аяқталып, теңіз деңгейі көтерілген кезде аралдар Австралиядан оқшауланып қалды. Онда бірнеше мың аңшылар мен терімшілер қалып қойды, ХІХ ғасырға дейін, алғашқы еуропалықтар келгенше Тасманияның ежелгі тұрғындары басқа адамдармен байланыс жасаған емес. Олардың жер бетінде өзге де адамдар өмір сүретінінен бейхабар болғаны сияқты, 12 мың жыл бойы әлемде олардың бар-жоғын да ешкім білмеген еді. Тасманиялықтар ұрысып-соғысты, саяси қитұрқылықпен айналысып, өз қоғамдарын құрып, мәдениетті дамытты. Ал Қытай императорының немесе Месопотамия билеушілерінің көзқарасы тұрғысынан қарағанда, тасманиялықтар сол қалпында Юпитер айларының бірінде орналасқандай бөтен еді. Олар өзге, өз әлемінде өмір сүрді. Еуропа мен Америка да тарихтың ұзақ бөлігінде бір-бірінен оқшау өмір сүрді. Б.з. 378 жылы Рим императоры Валент Адрианополь жанында готтармен шайқаста қаза тауып, әскері жеңілді. Тап сол жылы Теотиуакан армиясы Тикаль билеушісі Чак-Ток-Ичактың (Chak Tok Іch’aak) өзін өлтіріп, әскерлерін тас-талқан етті (Тикаль – майялардың мемлекет-қаласы, ал Теотиуакан сол кезде 250 мың тұрғыны бар – Римнен көлемі кіші болғанымен, әлеуеті бірдей, Америкадағы ірі қала еді). Римнің жеңілісі мен Теотиуаканның мерейі үстем шығуының арасында ешқандай байланыс болған жоқ. Тап осындай беймағлұм қалпында Рим – Марста, ал қос Америка – Шолпанда орналасса да болар еді. Жер бетінде қаншама әртүрлі әлем болды? Б.з.д. 10 мыңыншы жылдары олардың саны бірнеше мыңға жетті. Б.з.д. 2000 жылдарға таман әр алуан әлемнің саны бірнеше жүзге қысқарып, көп дегенде бір-екі мыңнан аспады. 1450 жылға таман бұрынғыдан да едәуір кеміді. Осы сәтте, еуропалық отарлау қарсаңында, жер бетінде Тасмания сияқты оқшауланған кішкене әлемдер әлі де бар еді. Ал адамдардың 90%-ға жуығы бірегей мегакеңістікте, афроазиялық әлемде өмір сүрді. Азия мен Еуропаның даңғайыр кеңістігі және Африканың едәуір бөлігі, соның ішінде Сахараның оңтүстігіндегі кей аумақтар енді нақты мәдени, саяси және экономикалық байланыстармен қосылып жатты. Жер шары тұрғындарының қалған 10%-ын қайтеміз? Оның негізгі бөлігі әжептәуір үлкен әрі күрделі төрт топқа бөлінді: 1) Орталық Американың негізгі және Солтүстік Американың бірсыпыра бөлігін қамтитын мезоамерикалық топ; 2) Оңтүстік Американың батыс бөлігін қамтитын андтық топ; 3) шекарасы Австралия құрлығының шекарасына сәйкесетін авс-тралиялық топ; 4) Тынық мұхиттың оңтүстік-батысындағы аралдардың басым бөлігін, Гавайидан Жаңа Зеландияға дейінгі кеңістікті біріктіретін Мұхит аралдары әлемі. Келесі 300 жылда қалған әлемнің бәрін алып Афроазия жұтып алды. 1521 жылы испандықтар ацтектер империясын жеңген кезде мезоамерикалық әлемді басып алды. Сол кезде Мұхит аралдарының да бір кесегі тістегеннің аузында кетті – Фердинанд Магеллан Жер шарын шыр айнала шарлау кезінде көптеген аралдарға жол ашты – бұл әлемді игеруге көп уақыт кеткен жоқ. 1532 жылы, конкситадорлар Инктер империясын күйреткен кезде Анд өркениеті құрдымға құлады. Австралия жағалауына еуропалықтар 1606 жылы аяқ басып, 1788 жылы ағылшын отаршылдығы күшіне мінді де, жергілікті халықтың алғашқы қауымдық әлемі жойылды. Он бес жыл өткен соң ілкімді британдықтар Тасманияға алғашқы қоныс-жайларын салып, автономды әлемдегі ең соңғы осынау оқшау нүктені афроазиялық мәдениеттің ықпал ету аясына енгізіп жіберді. Жұтқанының бәрін қорыту үшін афроазиялық алыпқа бірнеше жүзжылдықтар қажет болды. Енді бірігу үдерісін ешкім тоқтата алмайтын еді. Қазіргі кезде жер жүзіндегі адамдардың барлығы бірегей геосаяси жүйеде (ғаламшар халықаралық құқық мойындаған мемлекеттерге бөлінген), бірегей экономикалық жүйеде (капиталистік нарық Жер шарының ең шалғай түкпірлеріне дейін жетті), бірегей құқықтық жүйеде (адам құқықтары теория жүзінде болса да жаппай мойындалады) бірегей ғылыми жүйеде (Иран, Израиль, Австралия мен Аргентина ғалымдары атом құрылысы мен өкпе ауруын емдеу туралы бір пікірде) өмір сүреді. Осынау бүкіләлемдік бірегей мәдениет аса біртекті емес. Біртұтас организмдегі әртүрлі ағзаларды және жасушалар түрін бөліп қарауға болатыны сияқты бүкіләлемдік бірегей мәдениет те әр алуан халықтар мен салт-санадан тұрады – мұнда нью-йорктік маклер де, ауған малшысы да жүр. Бірақ осы топтардың барлығын бір-бірімен тығыз байланыстырып, өзара ықпал түрлерінің бәрін бақылап, көз қырында ұстап отыру әсте мүмкін емес. Олар бұрынғысынша ұрсысады. Тіпті кейде соғысып қалады, дауласқан кезде сол баяғы бір дәйекті алға тартады, ал соғысқан кезде бірдей қаруды қолға ұстайды. Шынайы «өркениеттер қақтығысы» бірін-бірі түсінбейтін саңыраулардың диалогына ұқсап бара жатыр. Қазір жанжалдасқан Иран мен Құрама Штаттар ұлттық мемлекеттердің, капиталистік экономиканың, халықаралық құқық пен ядролық физиканың бір-біріне түсінікті тілінде сөйлеседі.
3-карта. 1450 жылғы карта. Мұсылман жиһанкезі Ибн Баттута ХІV ғасырда аралап үлгерген Афроазия кеңістігіндегі жерлер. Танжерден (Марокко) шыққан бұл саяхатшы
Тимбуктуды, Занзибарды, Ресейдің оңтүстігін, Орталық Азияны, Үндістанды,
Қытайды шарлап шыққан. Оның саяхат маршруты жаңа заман қарсаңындағы
афроазиялық әлем ішіндегі байланысты бейнелейді.
Біз әлі «аутентикалық» (түпнұсқалық) мәдениеттер туралы талқылауды жалғастырып келеміз, ал «аутентикалық» ұғымын тәуелсіз даму нәтижесі, сыртқы әсерлерге ұшырамаған жергілікті көне дәстүрлер ретінде түсінсек, онда мұндай мәдениеттер жер бетінде енді қалмады. Соңғы бірнеше ғасырда барлық мәдениет жаһандық әсерлердің тегеурінімен танымастай өзгеріске ұшырады. Оның айқын бір мысалы – «ұлттық» тағамдар. Италия мейрамханасында қызанақ соусын қосқан спагеттиге, ирланд немесе поляк мейрамханасында картоптан жасалған тағамдарға тапсырыс береміз, аргентина мәзірі сиыр етінен әзірленген стейк атаулымен тұнып тұрады, үнді аспаздары астың бәріне аямай чили бұрышын салады, ал Швейцарияда біз ып-ыстық қою шоколадтың кілегей көбігін сіміріп, рақаттанамыз. Алайда осы аталған ингредиенттердің бәрі «аутентикалық» емес. Қызанақ, чили бұрышы мен какао – мексикалық, Еуропа мен Азияға тек Колумбтан кейін келген. Юлий Цезарь мен Данте Алигьери қызыл соус қосқан спагеттиді шанышқыға орап жеген емес (айтпақшы, ол кезде шанышқы да болған жоқ). Вильгельм Телль шоколадтың дәмін татқан емес, ал Будда тамақты ап-ащы чили бұрышымен уыттаған жоқ. Картоп Ирландия мен Польшаға небәрі 400 жыл бұрын келді. Ал Аргентинада 1492 жылға дейін, бәлкім, ламаның етінен әзірленген стейк тартар ма еді алдыңызға. Голливуд фильмдері Ұлы жазықтан шыққан үндістердің – ақнәсілділер керуенінің қыр соңынан қалмайтын жаужүрек шабандоздар образын сомдап тастады. Алайда бұл шабандоздардың қорғағаны жергілікті көне мәдениет емес еді. Олардың өздері ХVІІ–ХVІІІ ғасырларда, еуропалықтар осы жерлерге жылқыларды алып келген кезде Батыс Америка жазығын жайпап өткен әскери және саяси революциялардың жемісі еді. 1492 жылы Солтүстік Америкада бірде-бір жылқы болған жоқ. ХІХ ғасырдағы сиу және апачи мәдениетінде тартымды нәрселер көп, бірақ олар жергілікті «аутентикалық» мәдениеттің емес, жаһанданудың жемісі.
Жаһандық көзқарас Тәжірибелік көзқарас тұрғысынан алғанда, жаһанданудың негізгі сатысы соңғы бірнеше жүзжылдықта басталды. Империялар өсті, сауда-саттық бұрынғыдан да қарқынды жүрді. Еуропа Афроазияның, Американың, Австралия мен Мұхит аралдарының халықтарымен байланысты нығайтты. Мексиканың чили бұрышы Үндістанға жетіп, Аргентина көгалында испан бұқалары жайылып жүрді. Ал идеологиялық деңгейде бұдан да маңызды оқиға ертерек, б.з. бірінші мыңжылдығында, әмбебап тәртіп идеясы туындаған кезде басталды. Мыңдаған жылдар бойы тарих бүкіләлемдік бірігу нүктесіне қарай баяу жылжи берді, бірақ күллі әлемді басқара алар әмбебап тәртіп туралы ой адамдардың көпшілігіне жат еді.
25. Сиу көсемі, 1905 жыл. Сиулар да, Ұлы жазықтың басқа тайпалары да 1492 жылға дейін аттың не екенін білген емес. Homo sapіens адамдарды «біз» және «оларға» бөлуге көшті. «Біз» – «мен» кім болса да «мені» қаумалай қоршағандар, ал қалғандарыңның бәрі – «олар». Ешбір қоғамдық жануар бүкіл түрдің мүддесі туралы ойлауға қабілетті емес. Шимпанзе бүкіл шимпанзенің тағдырына алаңдамайды, ұлу дүниежүзілік ұлулар ассамблеясының депутаттары үшін дауыс беріп, мүйізшесін жыбырлатпайды, бірде-бір арыстан бүкіл арыстандардың королі болуды көксемейді, сондай-ақ омартада «Барлық елдің жұмысшы аралары – бірігіңдер!» деген ұран ілулі тұрмайды. Когнитивті революциядан кейін Homo sapіens осы салада өзін әдеттегіден өзгешелеу ұстады. Адам өзіне мүлде бейтаныстармен ынтымақтасуды үйреніп, оларды дос-жаран тіпті туысқан-бауыр санады. Алайда туысқандық қанатын кеңге жая алмады. Көрші алапты немесе анау таудың арғы жағын, бұрынғысынша, «олар» мекендейтін еді. Менес перғауын Мысырды (б.з.д. 300 жыл шамасы) біріктірген кезде мысырлықтар өз елінің шекарасы барын, оның арғы жағында «варварлар» өмір сүретінін жақсы түсінді. Варварлар – бөгделер. Мысырлықтар оларға емес, жерге немесе өздеріне қажет басқа ресурстар қаншалықты тиесілі екеніне ғана қызықты. Адамдар ойлап таба білген кез келген «қиялдағы тәртіпті» адамзаттың біршама бөлігі елемеді. Б.з.д. алғашқы мыңжылдықтарда мынау дүние мен бүкіл адамзат баласын ортақ ережелер бабына бағындырған әлдебір тұтас нәрсе ретінде көруге тұңғыш рет мүмкіндік берген әлемдік үш ахуал әлеуеті қалыптасты. Мұның біріншісі – экономикалық ахуал еді: баршаны ақша біріктірді. Екіншісі – саяси: империялар қалыптасты. Үшіншісі – діни ахуал: әлемдік діндер – буддизм, христиан, ислам діні пайда болды. Адамдарға эволюциямен дарыған «олар» мен «біз» деген қатаң бөлу қамалын алғашқылар сапында саудагерлер, басқыншылар мен пайғамбарлар бұзып өтті. Олар келешекте адамзат қауымының бірігетінін көре білді. Саудагерлер үшін бүкіл әлем ортақ нарық, ал адамдар тұтынушылар еді. Саудагерлер баршаға және барлық жерге кәделі экономикалық салт қалыптастыруға талпынды. Басқыншы үшін бүкіл әлем – болашақ империя, адамдардың барлығы – ықтимал салық төлеушілер, сондықтан ол Жер шарының шартарабындағы тұрғындар түгелдей мойынсұнатын саяси тәртіп орнатуға тырысты. Соңғы үш мыңжылдықта осы жаһандық көзқарасын жүзеге асыру үшін адамзат батыл қадамға көшті. Келесі үш тарауда ақша, империялар мен әлемдік діндер қалай таралғанын және олар қазіргі бірегей әлемнің негіздерін қалай салғанын әңгімелейміз. Ең тағатты, әрқилы адамдардың мұқтажына қарай бейімделе кететін, сондықтан да барлық жерден өзін өршелене қолдаушыларды тауып ала қоятын ұлы басқыншының тарихын баяндаудан бастаймыз. Бұл басқыншының аты – ақша. Адамдар әртүрлі құдайларға сеніп, әрқилы патшаларға бағынуы мүмкін, бірақ солардың барлығы бір ғана валютаны пайдалануға құмартып тұрады. Усама бен Ладен Америка мәдениетін, діні мен саясатын жек көретініне қарамастан, долларды өте жақсы көрді. Құдайлар мен билеушілер жеңіліске ұшыраған жерде ақша қалай табысқа жетті?
10-тарау
Ақшаның иісі
1519 жылы конкистадорлар тобын басқарған Эрнан Кортес Мексикаға баса-көктей кіріп, адамзат қауымына тағы бір әлемді ашты. Жергілікті тұрғындар – ацтектер келімсектердің әлдебір сары металға аса құмарта қарайтынын байқады. Тек сол металл туралы айтады. Жергілікті адамдар да алтынмен таныс еді: жұмсақ, созылмалы, өңдеуге оңай көндігеді, одан мүсіншілер мүсіндер құйып, зергерлік әшекейлер жасады. Алтын ұнтағын кейде айырбас құралы ретінде пайдаланды. Ацтектер көбіне-көп какао-бұршақтарымен немесе мата кесіндісімен есеп айырысты, сондықтан да испандықтардың алтынға ашкөздене қарауы оларға түсініксіз еді. Ақ адамдар бұл металдың несіне қызығады: тамақ қылуға келмейді, одан киім де тіге алмайсың, тіпті тым жұмсақ болғандықтан аспап-сайман немесе қару-жарақ жасауға да жарамайды ғой. Олар испандықтардың неліктен алтынға құмарлығын сұрағанда, Кортес: «Себебі біз жүрек кеселіне шалдыққанбыз, оны тек алтын ғана емдеп жазады», – деп жауап беріпті1. Шын мәнінде, бұл испандық басқыншылар шыққан Афроазия әлеміне тән нағыз рухани дерт еді. Бұл әлемдегінің баршасы тіпті бітіспес дұшпандар да бір мақсатқа – алтынға ұмтылды. Көп алтынға! Мексиканы бағындырғанға дейінгі үш ғасыр бойы – Кортестің ата-бабалары мен оның солдаттары Иберия түбегі мен Солтүстік Африкадағы мұсылман ұлыстарына қарсы қанқұйлы діни соғыстар жүргізді. Исаның ізбасарлары мен Алланың құлдары бір-бірін он мыңдап қырып, егістіктер мен бау-бақты ойрандады, гүл жайнаған қалаларды бықсыған қиратындыға айналдырды – осының бәрін Исаның даңқы немесе Алла Тағаланың разылығы үшін істеді. Біртіндеп христиандар еңсере бастады. Жеңістерін мешіттерді қиратып, шіркеулер салумен ғана атап өтпей, олар крест бейнеленіп, дұшпандарын жеңуге қолдау көрсеткен Құдайға разылықтары жазылған алтын және күміс монеталар соқты. Мұсылман жеңімпаздар араб әліпбиімен «Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед – Оның елшісі» деген жазу өрнектелген ділдаларды соғып таратты. Тіпті француздардың католик епископы Мельгея мен Агда мұсылмандарға үйреншікті ділдалардың айнымайтын көшірмелерін жасады, оны Құдай жолындағы христиандар құлшына пайдаланды2. Майданның арғы беті де төзімділік танытты. Мұсылман саудагерлері Солтүстік Африка аумағында христиан монеталарымен: флоренциялық флоринмен, венециялық дукатпен, неополитандық джильятомен есептесті. Тіпті христиандарға қарсы жихадқа шығуға үндейтін мұсылман билеушілері Иса мен Мәриям ананың аты бар монеталармен төленген салықты құлшына алды3.
Мынау қанша тұрады?
Аңшылар мен терімшілер ақшаны білген жоқ. Адамдардың әр тобы іс жүзінде еттен бастап – емдік дәріге, аяқкиімнен бастап – тұмарға дейінгі қажет еткен нәрсенің бәрін аңшылықта қолға түсірді, тауып алды немесе қолдан жасады. Топ мүшелерінің арасында міндеттер тең бөлінбеуі мүмкін, алайда «тауарлар» мен «көрсетілетін қызмет» түрлері өзара міндеттілік тетігі арқылы бөлінді. Тегін берілген бір кесек ет – болашақта әлдебір қайтарымды, мысалы, ақысыз медициналық жәрдемді талап етті. Адамдардың бұл тобы экономикалық тұрғыдан бір-біріне кіріптар болған емес, сырттан олар жартымсыз, тек өз мекендерінде кездеспейтін нәрселерді ғана: бақалшық, бояу, обсидиан және т.б. алды. Мұндайда «саған әдемі бақалшық берейік, сапалы шақпақтасқа айырбаста» дейтін айырбасты іске қосты. Аграрлық революция басталғанда да көп ештеңе өзгере қойған жоқ. Адамдар бұрынғысынша ұйысқан шағын ұжымдарымен өмір сүрді. Аңшылар мен терімшілер тобы сияқты әрбір қоныс толыққанды экономикалық қауым болды, экономикалық байланыстары өзара қызмет көрсету мен міндеттер арқалауға, сондай-ақ сыртқы әлеммен ептеп айырбас жасауға сайды. Біреу шәркейді жақсы тікті, ал біреуі емшілікке төселіп алған, міне, сондықтан көршілер жалаңаяқ жүруден зәрезап болса немесе ауырып-сырқап қалса, кімге жолығу керегін білді. Бірақ тым шағын қоныстың қоры өте шектеулі еді, етікшіні де, емшіні де «толық еңбеккүнінде» ұстауға шамасы жетпеді. Қалалар мен патшалықтар пайда болып, көліктік инфрақұрылымның дамуына орай жаңа мүмкіндіктер ашылды. Көп тұрғынды қалаларда кәнігі етікшілер мен дәрігерлер ғана емес, ағаш ұсталары, діни қызметкерлер, заңгерлер мен солдаттар төбе көрсетті. Бір қоныс тұрғындары – шарабымен, келесісі – зәйтүн майымен, үшіншісі қыш ыдыстарымен даңқын шығарды; енді олар нақ осы тауарды өндіруге мамандану пайдалы екенін және оған басқа жатақтар мен қалалардан керек нәрселерін айырбастап алуға болатынын ұқты. Бұл ақылды қадам еді. Топырақ пен климат барлық жерде бірдей емес, ауа райы мен топырақ құнары жүзімдікке қолайлы өңірлерден дәмі тіл үйірген сусындар ағылып-төгілсе, өз жүзімдігіңнен сыққан нашар шарапты малданып керегі не? Маңайдағы сайдан қазып алған саз балшықтан шарап қайнатушының ыдысынан әлдеқайда берік әрі әдемі қыш құмыра жасай алсаң, айырбасқа салатын тауар дегенің сол емес пе? Дәрігер мен заңгерлерді айтпағанда, шарапшылар мен құмырашылардың өз ісіне мамандануы өнерлерін баршаның игілігіне жаратуға мүмкіндік берді. Осы тұста бір мәселе пайда болды: осыншама мамандар арасындағы тауар алмасуды қалай ретке келтіру керек? Өзара қызмет көрсету мен міндеттер жүйесі оған адамдардың бірін-бірі танымайтын үлкен тобы кіріккен кезде жұмыс істемей қалады. Қарындасқа немесе көршіге көмектесу – бір басқа, ал еш қайтарымы болмауы әбден мүмкін бөгде жанға көмектесу – мүлде басқа. Демек, қайтадан айырбас керек шығар. Айырбас үшін өнімдердің аз ғана мөлшері тиімді. Онымен күрделі экономика орната алмайсың4. Айырбастың мүмкіндігі мен шектеулілігін айқын түсіну үшін қыр басында алма бағым бар деп ойлаңыз. Онда бүкіл өңірде кездеспейтін шырыны бал татыған ең тәтті жеміс өседі. Онда ақ тер, көк тер болып еңбек етесіз, жаз бойы аяқкиіміңіздің тоз-тозы шығып, жыртылып бітеді. Есегіңізді арбаға жегіп, өзен бойындағы қалаға беттейсіз: өйткені көршіңіз базар алаңының оңтүстік шетінде етікші тұратынын, өзіне мықты кебіс тігіп бергенін, міне, енді соны бесінші жыл киіп жүргенін айтқан. Етікшінің шеберханасын тауып, алмаға кебіс айырбастауды ұсынасыз. Етікші абдырап қалады. Кебістің өтемі ретінде қанша алма сұрауы керек? Күн сайын оған ондаған сатып алушы келеді: біреуі бір қапшық алмасымен, келесісі бидай, үшіншісі ешкісін жетекке алып немесе мата әкеліп береді. Тіпті бірдей тауардың сапасы әртүрлі ғой. Ал кейбіреулер материалдық емес нәрселерді, айталық, өзінің білім-білігін ұсынады: етікшінің арқасындағы шаншуды емдеп беремін дейді немесе билеушінің атына хат жазып бере алатынын айтады. Соңғы рет етікші кебісті алмаға үш ай бұрын айырбастаған; сонда қанша алып еді, үш әлде төрт қапшық па, есінде жоқ. Оның үстіне әлгілер жазықтықта өскен ащы алмалар еді, ал мыналары қыратта піскен жоғары сұрыпты жемістер ғой. Тағы бір жағынан, ана алмаларды көлемі шағын әйел кебісінің өтемі ретінде алған еді, мына сатып алушыға ер адамдардың үлкен аяқкиімі керек. Басына тағы бір ой келеді: жуырда ғана мал өлім-жітімге ұшырады, былғары қазір аса зәру болып тұр. Былғарышылар бір ай бұрынғыдай емес, шикізат үшін дайын кебістен де қымбат алады. Мұны да есептеу керек, солай емес пе? Айырбасқа негізделген экономикада етікші де, бағбан да күн сайын он шақты әр алуан тауардың салыстырмалы құнын қайта-қайта шотқа қағып отыруға тура келеді. Базарда жүздеген тауар сатылса, 4950 бағалық жұпты баста ұстау керек. Ал енді тауарлар 1000 болса, онда 499 500 жұп5 қажет болады! Бұған қалай шамасы келеді? Бұдан әрі қиындай береді. Тіпті кебістер жұбының бағасын алмаға шағып есептей алсаңыз да, мұның өзі сатып алуға кепілдік бере алмайды. Мәміле жасалу үшін екі жақтың келісімі керек. Етікші алманы ұнатпаса, әрі басы әйелімен ажырасу туралы оймен қатып отырса ше? Әрине, бағбан алманы жақсы көретін адвокатқа барып, үшеуі барлық мәселе жөнінде келісімге келе алар еді. Адвокаттың жерұрасы алмаға лық толып тұрса, өзі шашын қидырғысы келіп отырса ше? Кейбір қоғам орталық айырбас жүйесін құрып, бұл мәселенің шешімін табуға тырысты: жұрттың бәрі оған өз тауарлары мен көрсететін қызмет түрлерін тапсырады да, айырбасқа бөлушіден өзіне қажет нәрсені алады. Тап осындай ұлы тәжірибе Кеңестер Одағында жасалды, бірақ сәтсіздікке ұшырады. «Әркім мүмкіндігіне қарай жұмыс істейді, ал талап еткенін алады. Іс жүзінде әркім қолынан келгенше және барынша аз жұмыс істеп, ал көтергенінше ала алады». Мейлінше ұтымды, мейлінше табысты сынақтар, мәселен, Инктер империясында жасалды. Ал қоғамдардың бірталайы сан алуан «сирек мамандықтар» арасында, айырбасты жүзеге асырудың әлдеқайда қарапайым тәсілін: ақшаны ойлап тапты.
Бақалшық пен темекі Ақшаны Жер шарының әр түкпірінде бір-бірінен тәуелсіз түрде бірнеше рет ойлап тапты. Бұл жаңалық технологиялық жаңашылдықты талап етпейді, бұл таза қалпында зияткерлік екпін саналады. Ұжымдық қиялда ғана өмір сүретін тағы бір интерсубъективті шындық төбе көрсетеді. Ақша дегеніміз – міндетті түрде монеталар мен банкноттар емес. Адамдар тауарлар мен қызмет түрлерін айырбастау үшін жүйелі түрде пайдалануға келіскен, сол арқылы басқа заттың барлығының құнын есептеуге жарайтын нәрселердің бәрі ақша бола алады. Ақшаны ойлап табу арқылы алуан түрлі заттардың (алма, аяқкиім, неке, ажырасу ісі) бағасын тез әрі оңай есептеп шығарып, кедергісіз айырбас жасау, артылғанын оңтайлы ретпен сақтау мүмкіндігі артты. Ақшаның ең таныс, үйреншікті түрі – белгілі бір көлеммен пішімдегі бір кесек металл – монета. Бірақ ақша адамдар монета жасауға машықтанғанға дейін пайда болды. Көптеген қоғам валюта ретінде бақалшықтарды, малды, терілерді, тұзды, дәнді, моншақтарды, маталар мен борышкерлік қолхатты пайдаланып, өркендей өсті. Каури – тропиктік ұлулардың қабықшасы – 4000 жыл бойы бүкіл Африкада, Оңтүстік және Шығыс Азия мен Мұхит аралдарында айналымда жүрді. ХХ ғасыр басына дейін британдық Угандада алым-салық – каури бақалшығымен жиналды.
26. Ежелгі қытай жазбаларында каури бақалшығы ақша ұғымын білдіріп,
«сату» немесе «сый-сияпат жасау» мағынасына ие болды.
Әскери тұтқындардың түрмелері мен лагерьлеріндегі валюта қызметін темекі атқарды. Тіпті шылым шекпейтіндер ақша орнына темекі алды, өйткені онымен бүкіл тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің құнын есептеуге болатын еді. Освенцимде тірі қалған адам лагерьлік баға жүйесін былай сипаттайды: «Бізде жұрттың бәрі мойындаған өз валютамыз – темекі айналымда жүрді. Кез келген заттың құны темекімен белгіленді... «Әдеттегі» уақытта, яғни газ камерасына кандидаттар лагерьге тұрақты түсіп тұрған кезде бір қалаш нан – 12; маргариннің 300 грамдық орамы – 30; сағат – 80–200; спиртті ішімдіктің литрі 400 темекі тұрды6. Шын мәнінде, қазіргі кезде де монеталар мен банкноттар – ақшаның ең көп таралған түрі емес. Жалпы, ақша жиыны 2006 жылы 473 триллион долларды құрады, бірақ монета мен банкноттың мұндағы үлесі 47 триллион долларға жетпеді7. Барлық ақшаның 90%-ы – 400 триллион доллардан астамы – тек компьютерлік серверлерде ғана тұрды. Қомақты мөлшерде қаржы төлеу барысында ешкім банкноттарды немесе монеталарды пайдаланбайды. Тек қылмыстық топтың мүшесі шабадан толы ақшамен үй сатып алады. Адамдар тауарлары мен қызмет түрлерін электрондық деректерге айырбасқа беруге келіскендіктен, бұл тіпті жылтыраған монеталар мен шытырлаған банкноттардан қолайлы көрінеді – мұндай ақша ешқандай орын алмайды, оларды сақтау мен қадағалап отыру оңай. Күрделі коммерциялық жүйе алуан түрлі ақшасыз жұмыс істей алмайды. Барлық тауар мен көрсетілетін қызметтердің салыстырмалы құны ақшамен тез анықталады. Ақшалы экономикада етікшіге тек аяқкиімнің әр түрінің құнын ғана білу керек, кебіс пен алманың немесе кебіс пен ешкінің арасындағы бағаның арақатынасына бас қатырудың қажеті шамалы. Бағбан да етікшілер арасынан алманы жақсы көретіндерін іздеп жүру машақатынан құтылады, – ақшаны бәрі жек көрмейді ғой. Ақшаның мәні осында: оны жұрттың бәрі және әрқашан алуға бейілді, өйткені оны бәрі және әрқашан ала береді, яғни кез келген сәтте ақшаны кез келген қажет нәрсеге айырбастауға болады. Етікші кебістің төлемі ретінде ақшаны қуана-қуана алады, өйткені осы ақшаға ол өзіне қажетті нәрсенің: мейлі, алма ма, ешкі ме, әлде әйелінен ажырасу ісі ме, бәрібір, бәрін сатып алады. Ақша – адамға қарауындағының бәрін қалауындағыдай етіп өзгертуге мүмкіндік беретін әмбебап айырбас құралы. Бұлшық етті миға айырбастауға болады: әскери қызметтен босаған солдат армиялық жалақысын университеттегі оқуға төлейді. Меншікті адалдыққа айырбастауға болады: барондар вассалдарына ақы төлеу үшін иеліктегі жерлерін сатады. Денсаулықты сотқа айырбастауға болады: дәрігер өз ақшасына адвокат жалдайды немесе сот төрешісіне пара береді. Тіпті жыныстық қатынастың өзін жан сақтау амалына айналдыруға болады: мәселен, ХV ғасырда жезөкше кезекті бір клиенттің астына жатып шығып, тапқан ақшасына католик шіркеуінен индульгенция сатып алды. Ақшаның ең жақсы жағы айырбас жасап қана қоймай, адамдардың өз байлығын сенімді сақтауына мүмкіндік береді. Көптеген құнды нәрселерді босалқы қорда ұстап қалу мүмкін емес, уақыт та, сұлулық та сақталмайды. Басқа заттар, мысалы, құлпынай өте ұзақ сақталады. Тіпті ұзақ сақталатын заттардың өзі әдетте көп орын алып, ерекше қамқорлықты қажет етеді. Айталық, дәнді жылдар бойы сақтауға болады, бірақ ол үшін қамба керек, оған қоса, оны атжалмандардан, зеңнен, сыздан, өрт пен ұры-қарыдан қорғаштауға тура келеді. Ақша болса, мейлі, қағаз түрінде, компьютердегі әлде каури бақалшығы түрінде ме, бәрібір – бұл мәселені шешіп береді. Бақалшықтар зеңденбейді, атжалмандарды қызықтырмайды, отқа жанбайды, оларды кез келген жәшікке салуға болады. Әйтсе де байлықты сақтау үшін оны орнынан жылжыту, ілгерілету керек. Жер телімі сияқты кейбір байлық түрлерін орнынан жылжыту әсте мүмкін емес, сондықтан да олар «жылжымайтын мүлік» аталады. Ал бидай әлде күріш түріндегі байлықты орнынан жылжытуға болады, алайда көп мөлшердегісін қозғау, әрине, қиындау. Ақшаны білмейтін елде тұратын дәулетті шаруаның шалғайдағы аймаққа барғанын елестетіп көріңізші. Оның байлығы, ең бастысы, үйі мен күріш егетін алқабынан тұрады. Үйі мен егістігін ол өзімен бірге алып жүре алмайды, оларды тек бірнеше тонна күрішке айырбастай алады, бірақ оны бүкіл ел аумағымен тасымалдаудың машақаты мол әрі қымбатқа түседі. Бұл мәселені де ақша шешеді. Өзінің осынау меншігінің бәрін арқалап жүре беруге оңтайлы бір қапшық – каури бақалшығына айырбастайды. Сақтау, орнын ауыстыру және айырбастау оңай болуына байланысты ақша күрделі сауда желілері мен өсімі қарқынды нарықтың қалыптасып, жетілуінде шешуші рөл атқарды. Сауда жолдары мен базарлар ақша болмаса көлемі, қарқыны азайып, қарапайым ғана құрылым болып қалар еді.
Ақша қалай жұмыс істейді?
Ақша – байлықты сақтап, орын ауыстырудың тиімді тәсілі: жер телімі немесе ешкілер сияқты ауыртпалығы мол материалдық мүлікті шағын әрі оңтайлы нәрсеге, мысалы, каури бақалшығына айналдырады. Бірақ бақалшық ұжымдық қиялымызда ғана құнды болып көрінеді. Олардың құндылығы химиялық құрамына, түсі мен пішініне байланысты емес. Басқаша сөзбен айтқанда, ақша – материалдық емес болмыс, тек психологиялық конструкция ғана. Қандай бір жолмен материя бұл жерде қиялға айналады. Бұл сонда қалай жүзеге асады? Неліктен адам құнарлы күріш алқабын пайдасыз бір уыс бақалшыққа ауыстырады? Немесе мына жас бикешті қараңыз: бірнеше жапырақ боялған қағазға бола гамбургер қуырып, үш тентек баланы бағып күтуге, әлде акциясын айырбастауға қалай келісті? Адамдар ұжымдық қиялындағы нәрсенің бәріне сенім арта отырып, осылай айырбас жасады. Сенім дегеніміз – нағыз шикізат, одан кез келген монета шығады. Дәулетті егінші бүкіл мүлкін бір қапшық бақалшыққа айырбастап, басқа провинцияға кетсе, демек, ол сол жақтан әлгі бақалшықтарға күріш, үй және егістік сатып алатынына бек сенімді. Ақша дегеніміз – сенім жүйесі, бұған қоса: ақша – адамзаттың бүкіл тарихындағы өзара сенім артудың баршаға ортақ әрі ең кемел жүйесі. Сенім деген саяси, әлеуметтік және экономикалық қарым-қатынастардың өте күрделі, тіпті бірден пайда болмаған шиеленісінен туған. Кауриға, алтын монеталарға немесе долларға неге сенемін? Өйткені, төңірегімдегілердің бәрі оларға сенеді. Бәріміз де әлдебір валютаға сенім артамыз, себебі оған патшамыз сенеді, әрі салықты бақалшықпен әлде монетамен жинайды және абыз немесе діни қызметкеріміз тап сондай пішінде ғұшыр салығын талап етеді. Әлдекімнің ақшасы жеткіліксіз болса, патша зынданға тастайды, ал Құдай тозақтың азабына салады. Міне, сондықтан да ақша дегеніміз – сенім. Қаржылық жүйе: саяси, әлеуметтік және идеологиялық жүйелермен тығыз сабақтасып жатыр. Саяси оқиғалар қаржылық дағдарысқа алып келіп, қор нарығы брокерлердің көңіл ауанына қарай өсіп не өшіп отырады. Ақшаға сенімді нығайту үшін бұл рөлді күмәнсіз құндылығы бар әлденеге артып отыру керек. Ақша тарихындағы алғашқылардың бірі – шумер арпасы – осыған мықты мысал. Бұл валюта Шумерде шамамен б.з.д. 3000 жылы, алғашқы жазу үлгісі пайда болған кезде, тап сол мекенде әрі тап сондай жағдайда пайда болды. Күрделенген әкімшілік қызмет жазу таңбаларын туындатқаны сияқты, қарқынды экономикалық іс-әрекет те алғашқы ақшаны туындатты. Арпа ақша дегеніміз – бүкіл тауар мен көрсетілген қызмет атаулыға өлшем болған арпа дәнінің белгілі бір мөлшері ғана. Ең басты өлшем белгісі, шамамен бір литр болатын ыдысқа толтыра салған дән еді. Сатып алушы мен сатушы арпаның қажет мөлшерін өлшеп алуы үшін сыйымдылығы қалыпты ыдыстар шығарды. Жалақы да арпамен белгіленіп, төленді; мәселен, еркектер айына – 60 күш (sіla), ал әйелдер 30 күш дән алды. Іс басқарушыға 1200-ден 5000 күшке дейін жалақы берілді. Әрине, ең қомағай адамның өзі соншалықты арпа жей алмайды, есесіне, іс басқарушы әлгіге басқа нәрселерді: май, ешкі, құлдар немесе тағы басқа тағам түрлерін сатып алды8. Дән қарапайым құндылыққа ие болғандықтан: оны тауар деп қана есептемей, монетаға айналдыру қиынға түскен жоқ. Мұны түсіну үшін бір жергілікті дүкенге барып, бір қап арпаны беріп, орнына көйлек немесе пицца сатып алуға тырыссаңыз не боларын ойлап көріңіз. Сатушылар бірден күзет шақыратын болар. Не десек те, ақшаның алғашқы бір бейнесі ретінде, адамдар арпаға сенім артты, себебі арпаның құны жоғары еді. Адамдар оны жей алды. Екінші жағынан, оны сақтап, тасымалдау оңай емес. Өзіндік құндылығы жоқ, әйтсе де тасымалдап, сақтауға өте қолайлы ақшаға адамдар сенім артқан кезде экономикаға жаңа қарқын бітті. Мұндай ақшалар Месопотамияда б.з.д. 3000 жылында пайда болды. Бұл күміс шекел еді. Күміс шекел – монета емес, өлшем шамасы: 8,33 грамм болды. Хаммурапи заңы бойынша күңін өлтірген жағдайда ақсүйек оның қожайынына 20 шекел күміс төлеуге тиіс – бұл 20 монета санап беру емес, 166 грамм күміс өлшеп беру дегенді білдірді. «Көне Өсиетте» көбінесе монетамен емес, күмістің салмағымен есеп айырысады: мәселен, ағалары Иосифты 20 шекелге, яғни 166 грамм күміске (әйелдің құнымен тең) сатады, өйткені ол ересек адам емес, әлі бала ғой. Арпадан күміс шекелдің айырмашылығы өзіндік кесімді құндылығы болған емес. Оны ішіп-жеу мүмкін емес, одан киім-кешек тіге алмайды, ол өте жұмсақ, еңбек құралдары мен қару-жарақ жасауға да жарамайды – күміс соқа мен күміс қылыш қаңылтыр қағаздан жасағандай тез майырылып қалады. Алтын мен күмісті тек әшекейлер, тәждер, басқа да мәртебе рәміздерін дайындау барысында пайдаланады. Бұл сән-салтанат бұйымдарын белгілі бір мәдени орта өкілдері қоғамдағы биік мәртебе, жоғарғы лауазым деңгейімен шендестіреді. Яғни олардың құндылығы таза мәдени сипатта ғана.
* * * Таразылардың көпшілігі белгіленген салмағы бар асыл металдан біртіндеп монетаға ауысты. Алғашқы монеталарды б.з.д. 640 жылдар шамасында Лидия патшасы (Батыс Анадолы) Алиатт (Alyatt) шығарды. Бұлар кесімді салмағы бар алтын және күміс монеталар болды, оларға, біріншіден, әрқайсысында қанша асыл металл бары, екіншіден, қай билеуші осы ақшаны айналымға қосқаны әрі оның шынайылығына кепілдік беретіні таңбаланды. Қазіргі монеталардың барлығы дерлік – Лидия монеталарының ізбасарлары. Монеталардың таңбаланбаған құймалардан елеулі екі артықшылығы бар. Біріншіден, күміс құйманы мәмілелер жасау барысында қайта-қайта өлшеуге тура келді. Екіншіден, оны өлшеп алу аз: өзіне кебіс тіккені үшін төленген құйманың беті күміс буымен апталған қорғасын емес, таза күміс екенін етікші қайдан біледі? Монеталар бұл мәселені шешіп берді. Таңбалар мен жазбалар әр монетаның дәл бағасын көрсетті, етікшіге шеберханасында таразы ұстаудың қажеті болмай қалды. Ең бастысы, монетада кесімді құнын көрсететін билеушінің немесе куәландырушы мемлекеттік органның мөрі тұрды. Тарихта монеталардың көлемі мен пішіні әр алуан болғанымен, жазбалардың мән-мағынасы біркелкі еді: «Мен, Ұлы патша пәленше, осынау бір кесек металда бес грамм алтын бар екеніне жеке басыммен кепілдік беремін. Кімде-кім монетаны қолдан жасаса, менің қолтаңбамның жалған нұсқасын жасағанымен парапар әрі патшаның қадір-қасиетіне залал келтірген болады, мұндай қылмыс үшін өте қатал жаза тағайындаймын». Міне, сондықтан жалған ақша жасаушыларды аяусыз жазалады. Олардың қылмыстары кез келген алаяқтық түрінен ауыр саналды. Бұл – жай алдау емес, мемлекеттік қылмыс, билікке, оның мәртебесіне және билеушінің абырой-беделіне нұқсан келтіру бабына жатқызылады, «ұлы ағзамның ар-намысына» қолсұғу деп заңда атап көрсеткен әрекеттердің бәрін азапты өлім жазасына кесті. Адамдар монетаны билікке және билеушінің адалдығына сенімі жоғалғанша қабылдады. Бір-бірімен бейтаныс жандар Рим динарының бағасына байланысты дау-дамайсыз келісімге келді, өйткені олар ақшада аты мен портреті бедерленген императордың күші мен құдіретіне сенді.
27. Тарихтағы ең көне монеталардың бірі.
Б.з.д. VІІ ғасыр ортасында Лидияда жасалған.
Сондай-ақ императордың билігі де динарға арқа сүйеді. Ақшасыз Рим империясын көзге елестетіп көрейікші. Император бидаймен, арпамен салық жинап, шенеуніктер мен солдаттарға солармен ақы төлесе не болар еді? Сириядан арпа жинап, осынау қорды Рим қазынасына тасып әкелу, содан апарып, Британияда жалақы күтіп жатқан легионға ақы төлеу әсте мүмкін емес еді. Сол сияқты алтын монеталарға тек Рим тұрғындары ғана сеніп, галлдар, гректер, мысырлықтар мен сириялықтар оны місе тұтпай, каури бақалшықтарын, піл сүйегінен жасалған моншақтарды әлде орама маталарды ғана малданса, империяны басқару одан да бетер қиын болар еді.
Алтын-інжіл Рим монеталарына сенімнің күшті болғаны сонша, империядан тысқары жерде де адамдар динарды төлемге құлшына қабылдады. Б.з. І ғасырына таман нарықтан мыңдаған шақырым қашықтағы Рим әскерлерін ешқашан көрмесе де, Рим монеталары Үндістан базарларында мойындалған айырбас құралына айналды. Үнділер оған бедерленген император сұлбасына әбден көз үйретіп алып, жергілікті билеушілер өз монеталарын соға бастаған кезде Рим императорының бейнесін айнытпай салуға дейін барды! «Динария» сөзі монеталардың жалпы атауына айналды. Мұсылман халифтері оны араб тілінің әдібіне қарай «динар» деп атады, тіпті динар әлі күнге дейін Иорданияның, Ирактың, Сербияның, Македонияның, Тунистің және т.б. елдердің мемлекеттік валютасы. Лидия монеталарының ізбасарлары бүкіл Жерорта теңізі мен Үнді мұхиты жағалауындағы елдерге таралып жатқан шақта Қытай өзінің ақша жүйесін: қола монеталар мен бедерленбеген күміс және алтын құймаларын ойлап тапты. Осынау екі дербес жүйенің ортақ нәрселері көп еді (екеуі де алтын мен күмістің құндылығын мойындады). Сондықтан да Қытай мен Лидия аймақтарының арасында берік коммерциялық, соның ішінде қаржылық байланыстар орнады. Мұсылман және Еуропа саудагерлері, сондай-ақ өзге аймақтарды жаулап алушылар Лидия жүйесі мен алтын-інжілді Жердің ең шалғай түкпірлеріне дейін жеткізді. Соның нәтижесінде, бүкіл әлем бірегей қаржы аймағына айналды; әуелі айналымда алтын мен күміс, кейінірек сенімді саналған валюта, мысалы, ағылшын фунты мен АҚШ доллары жүрді. Діни ұстаным мен мәдени ортаға мойынсұнбайтын халықаралық бірегей монетарлық жүйенің пайда болуы афроазиялық аймақты, содан соң бүкіл ғаламшарды ортақ экономикалық және саяси жүйеге біріктірді. Адамдар әр тілде сөйлеп, алуан билеушілерге бағынғанымен және әртүрлі құдайларға табынғанымен, алтын мен күміс монеталар бәрінің сеніміне кірді. Мұндай ортақ сенім орнамайынша, жаһандық сауда жүйелері құрылмас еді. Конкистадорлар Америкадан алып келген алтын мен күміске Еуропа саудагерлері Шығыс Азиядан жібек, фарфор мен дәмдеуіштер сатып алды, бұл Еуропаның да, Азияның да экономикалық өрлеуіне ықпал етті. Мексика мен Андтың алтын мен күмісінің түгелге жуығы еуропалықтардың уысынан өтіп, қытайдың жібек пен фарфор саудалаушыларының әмиянына шөгіп қалды. Қытайлар да Кортестің жолдастары сияқты «жүрек кеселіне» шалдықпағанда, төлемге алтын мен күмісті алудан бас тартқанда, әлемдік экономика қалай дамыр еді? Неліктен қытайлар, үнділер, арабтар, испандар – аса алуан текті, ешқашанда бір-бірімен келісімге келмеген мәдени орта өкілдері – алтынға бірдей сенім артты? Неге испандар алтынға, арабтар арпаға, үнділер каури бақалшығына, ал қытайлар бір орам жібекке ғана сенім артатындай ахуал қалыптаспады? Жауабын экономистер біледі: екі өлкенің арасында сауда-саттық жүре бастаған бойда импортқа шығатын және экспортталатын тауарлар бағасын сұраныс пен ұсынысты реттейді. Мұның қалай өтетінін түсіну үшін ойша сынақтама жасап көрейік. Үндістан мен Жерорта теңізі елдері арасында тұрақты айырбас сауда орныға бастаған кезде үнділерді алтын қызықтырған жоқ, басқаша сөзбен айтқанда, олар үшін оның түк құны болған емес деп ойлайықшы. Ал Жерорта теңіз жағалауының тұрғындары үшін алтын – жоғарғы мәртебенің рәмізі еді, сондықтан оның құны өте жоғары болды. Бұл қандай жолдарға жетеледі? Үндістаннан Жерорта теңізі елдеріне және кері қарай тауар тасыған саудагерлер алтын бағасындағы айырмашылықты тез аңғарды. Оңай дәулет жиып, шапшаң баю үшін олар алтынды Үндістаннан арзанға сатып алып, Жерорта теңізі жағалауына қымбатқа сата бастады. Соған сәйкес Үндістанда алтынға сұраныс қарыштай өсіп, яғни бағасы көтеріліп, ал Жерорта теңізі елдерінде сұраныс қанағаттандырылғандай күйге жетіп, баға төмендеді. Жерорта теңізі алабында да, Үндістанда да өте шапшаң түрде сары металға бірдей баға қалыптасты. Тіпті үнділер алтын пайдалануды әлі үйренбегеннің өзінде, оның Жерорта теңізі елдерінде сұранысқа ие екені жөніндегі дерек Үндістандағы бағаны көтеріп жіберуге жеткілікті еді. Тап сол сияқты өзгелердің каури бақалшығына, долларға немесе электронды цифрға сенімі, тіпті сол адамдарды басқа сенімдердің бәрін жек көріп, өшпенділікпен немесе келемежбен қарасақ та, біздің әлгі валютаға сенімімізді нығайта түседі. Христиандар мен мұсылмандар діни негізде бір-бірімен жауласқанымен, ақшаға келгенде ортақ сенім ұстанды. Дін бізден – әлденеге сенуді, ал ақша өзге адамдар әлденеге сенетініне нануды талап етті. Талай ғасырлар бойы философтар, ойшылдар мен пайғамбарлар барлық пәленің басы көріп, қайткенде де ақшаны кемсітуге тырысты. Шынтуайттап келгенде, ол тағаттылықтың ең жоғарғы көрінісі. Тілге, заңдарға, мәдени кодтарға, діни сенімдер мен қоғамдық салт-санаға қарағанда, ақша ойлау жүйесінің мейлінше ашық болуын қажет етеді. Ақша – адамдар жасаған бірден-бір сенім жүйесі, ол кез келген құз-шыңырауға көпір салып, дініне немесе жынысына орай, нәсіліне, жас ерекшелігіне немесе сексуалдық қалауына бола кемсітуді білмейді. Бірін-бірі білмейтін әрі бір-біріне сенім артуға ешқандай негізі жоқ адамдар ақшаның арқасында тиімді қызмет атқарыса алады.
Ақшаның бағасы
Ақшаның негізінде екі әмбебеп қағида жатыр:
1. Әмбебап айырбас: сиқырлы тас сияқты жерді сенімге, әділетті денсаулыққа, тұрпайы күшті білімге айналдыра алады. 2. Әмбебап сенім: ақша кез келген екі адамның қандай да бір жобаны атқару барысында ынтымақтаса жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін делдалдық рөл атқарады. Осы ұстанымдар миллиондаған бейтаныстың өндіріс пен сауда ісіне тиімді қатысуына жәрдемдесті. Бірақ бұл қағидалардың теріс жағы да бар. Бәрі барлығына айырбасталып, ал сенім баянсыз монеталарға немесе бақалшықтарға ғана сүйенген кезде жергілікті дәстүрлерді, етене байланыстар мен адами құндылықтарды жегідей жеп, бордай тоздырады да, оның орнына сұраныс пен ұсыныстың аяусыз заңын орнықтырады. Адамзат қауымдастығы, ең алдымен, отбасы әрқашан абырой, адалдық, адамгершілік пен сүйіспеншілік сияқты «материалдық емес» құндылықтарға сену арқылы құралады. Оларды базардан таба алмайсың, ақшаға сату да, сатып алу да мүмкін емес. Нарық қандай баға ұсынса да, кейбір заттарды сата алмайсың. Ата-ана баласын құлдыққа сатуға тиіс емес. Құдайға сенетін христиан ауыр күнә жасаудан қашу керек, рыцарь еш уақытта билеушісін сатпайды, жерді де ешқашан бөгделерге бермейді. Ақша әрқашан осынау кедергілерді төңкеріп тастауға тырысты. Бөгетті жырымшылаған қызыл судай олардың арасынан өтіп кете берді. Ата-ана ашаршылық пен жоқшылықтан тарыққан балаларын аман сақтап, асырау үшін біреуін құлдыққа сатты. Құдайына құлай сенетін христиан кісі өлтірді, ұрлық қылып, алаяқтық жасады, ал тапқан ақшасын күнәсін жою рәсіміне жұмсады. Даңғой рыцарьлар өз адалдығын көбірек ақша төлегендерге сатып, сол ақшаға өз сарбаздарының адалдығын сатып алды. Көсемдер де тайпаның жерін шет-шалғайдан келген бөгделерге сатты, жаһандық экономикаға қосылуға жанталасты. Ақшаның бұдан басқа да күңгірт жағы бар. Ол, әрине, бейтаныстар арасында сенім қалыптастырады, бірақ адамға, қоғамға, қасиеттілік пен құндылықтарға емес, ақшаның өзіне сенім артты. Мына біз адамға – көршіге әлде бөгдеге емес, көз арбап, көңіл көншіткен ақшаға сенеміз. Туған-туысқан мен көрші-көлемінің, дін мен мемлекеттің арасындағы бөгетті ақша шайып кететіндіктен, бүкіл әлем ауқымды да аяусыз базарға айналады. Сондықтан да адамзаттың экономикалық тарихы – өте шетін нәрсе. Ақшаның көмегімен адамдар алыстағы әрі танымайтын серіктесімен ынтымақтастық орнатады, бірақ сол ақша негізгі құндылықтар мен риясыз қарым-қатынасты бұзуынан қорқады. Яғни адамдар бір қолымен ақша қозғалысы мен бүкіләлемдік сауданы әлі де тежеп тұрған бөгетті жояды, ал екінші қолымен елді, дінді немесе экологияны нарықтың жойқын күшінен қорғайтын бөгесіндер тұрғызады. Бүгіндері нарықтың түбегейлі жеңгеніне сену салтқа енген; корольдер, діни қызметкерлер немесе қоғам тұрғызған бөгеттер ақшаның тегеурініне төтеп бере алмайды. Бірақ бұл сенімнің өзі алаңғасарлық: қатал басқыншылар, діни фанаттар мен жауапты азаматтар қайта-қайта есепқор саудагерлердің мысын басып, экономикалық үдерістерге ықпал етудің жолын табуда. Сондықтан адамзаттың бірігу үдерісіне тек экономикалық көзқарас тұрғысынан қарауға болмайды. Мыңдаған бытыраңқы қоғамның біртіндеп қазіргі бүкіләлемдік жатаққа айналуын түсіну үшін алтын мен күмістің рөлін ескеру қажет. Әйтсе де мән-маңызы бұлардан кем емес болаттың рөлі туралы ұмытуға болмайды.
11-тарау
Империялық арман
Ежелгі римдіктер жеңілістен қорыққан емес: өзге де ұлы империялар сияқты Рим кейде ұрыс сайын ұтылып жатты, бірақ бәрібір соғыста жеңіп шықты. Соққыға төтеп бере алмаса, ол империя емес. Соққының бәріне үйренген римдіктерге б.з.д. ІІ ғасырдың ортасында Солтүстік Ибериядан жеткен жаңалық тым жайсыз тиді. Нумансия деген шағын қаланы мекендейтін жабайы кельттер Рим иелігін құлатуға бел буды. Бұл кезде Рим бүкіл Жерорта теңіз жағалауындағы елдерге үстемдік құрып, Македония мен Селевкидтер империясын жеңген, Грекияның қала-мемлекеттерін бағындырып, ұлы Карфагенді түтіні бықсыған үйіндіге айналдырған еді. Ал сонда кельттердің қолында не болды? Азаттыққа сенім және тазтақыр жерлеріне деген шексіз сүйіспеншілік қана. Сонымен, олар легиондардың бірінен соң бірін талқандап, римдіктерді масқаралықпен шегінуге мәжбүр етті. Б.з.д. 134 жылы римдіктердің шыдамы әбден түгесілді. Сенат Испанияға ең үздік әскербасы, Карфагенді жеңген Сципион Эмилианды аттандыруға шешім шығарды. Сципионның қол астында сол кездің өлшемімен қарақұрым әскер – 30 мың сарбаз болды. Сципион дұшпанын құрметтеді, ол нумансиялықтардың жауынгерлік рухы соншама асқақ әрі әскери тәжірибесі мол екенін білді, сондықтан ұрыста сарбаздарын бекерге қырып алмауды ойлады. Ол қаланы қоршауға алып, төңірегіне өзінің бекінісін салды да, Нумансияның сыртқы дүниемен байланысын үзіп тастап, тұрғындарды аштан қатыруға бел байлады. Қала тұрғындары жылдан аса, азық-түлік қоры әбден таусылғанша берілмеді. Соңғы үміт жібі үзілген шақта тұрғындар қаланы өртеп, римдіктердің айтуынша, құлдыққа түспеуді ойлап, нумансиялықтардың түгелге жуығы өз-өздерін өлтірді. Нумансия испандық ерлік пен еркіндіксүйгіштіктің рәмізіне айналды. «Дон Кихоттың» авторы Мигель де Сервантес «Нумансияны қоршауға алу» (The Sіege of Numantіa) атты трагедия жазды, пьеса қаланың күйреуімен және келешектегі Испанияның ұлылығын болжаумен аяқталады. Ақындар ержүрек қамал қорғаушыларды жырға қосып, суретшілер сол соғыстың көрінісін кенеп бетінде тірілтті. 1882 жылы Нумансия қала жұртын ұлттық мәдениет ескерткіші ретінде жариялап, оған испан патриоттары ағыла бастады. 1950–1960 жылдары елде Супермен немесе Өрмекші-адам туралы емес, ежелгі Иберияның аты аңызға айналған батыры, Рим басқыншыларына қарсы күрескен Ел Хабато (El Jabato) туралы таңғажайып әңгімелер кеңінен танымал болды. Әлі күнге дейін Испанияда ежелгі нумансиялықтарды жаужүрек патриотизмнің үлгісі, жас ұрпақтың еліктеуіне өнеге ретінде дәріптейді. Ал патриоттар нумансиялықтардың даңқын испанша – роман тілінде жырлап, сципиондық латын ұрпақтарына үлгі қылды. Бүгінде нумансиялықтар сөйлеген тіл – кельт тілі де жоғалған. Сервантес Нумансияның қоршауға алынғаны жайлы шығарманы латын қарпімен жазды, пьесаны грек-римдік өнер үлгісінде қойды. Нумансияда театр болмаған. Өз бабаларының ерлігіне тамсанатын испандық патриоттар басшысы Римде орналасқан римдік-католиктік шіркеуге сыйынып, құдайларына латын тілінде құлшылық етеді. Қазіргі заманғы испан құқығы да Римнің заң ережелеріне сүйенеді, испан саясатының негіздерін Рим қалаған, испанның ас мәзірі мен архитектурасы да кельттік айшықтардан гөрі, римдік ерекшеліктерді көбірек бойына жиған. Нумансиядан тек үйінді ғана қалды. Тіпті Нумансия туралы аңыз рим тарихшыларының арқасында сақталды: бұл әпсананың өзі еркіндіксүйгіш варварлар туралы хикаяға құмар рим оқырмандарының талғамына орай түзілді. Римнің Нумансияны толық жеңгені сонша – тіпті жеңімпаздар жеңілгендер туралы естелікті де иемденіп алды. Бізге енді басқаша тарих – әлсіздердің қалай жеңгені туралы хикая ұнайды. Тарих қашан да әділетсіз. Көптеген қоғам мен мәдени орталар кезекті зұлым империялардың құрбандығына шалынып, ұмытылып кетті. Уақыты келгенде империялар да құлады, бірақ дәл солар бай әрі мәңгілік мәдени мұра қалдырды. ХХІ ғасыр халықтарының түгелге жуығы – әлдебір империяның ұрпақтары.
Империя деген не?
Империя дегеніміз – екі міндетті сипатқа ие саяси құрылыс. Біріншіден, империя атану үшін өз мәдениеті мен өзіндік ұлттық бірегейлігі, сондай-ақ бөлек жер аумағы бар бірнеше халықты өз билігінің астына біріктіруі керек. Сонда қанша халықты біріктірген дұрыс? Екі-үшеуін емес, әрине. Жиырма-отызы әбден жеткілікті. Шамамен осы деңгейде, әлде одан сәл төмендеу тұста империя табалдырығынан аттайсыз. Екіншіден, империяда жылжымалы шекара мен тойымсыз тәбет болады. Ол өзінің іргелі құрылымы мен өзіндік бірегейлігінен ажырамастан, тағы да жаңа халықтар мен жер аумағын жұтып алып, қорыта беруге дайын тұрады. Бүгінгі Британия мемлекетінің айқын шекарасы бар, әрі өз құрылымы мен өзіндік бірегейлігін өзгертпей, оның шегінен шыға алмайды. Ал 100 жыл бұрын кез келген жердің пұшпағы Британ империясының бөлігіне айналып кетуі мүмкін еді. Ұлттық мемлекеттерден империяларды мәдени әралуандығы мен шекарасының жылжымалылығы ғана емес, сондай-ақ оның тарихтағы ғаламат рөлі де ерекшелеп тұрады. Дәл осы екі сипаты империялардың әртекті этникалық топтар мен климат белдемдерін бір саяси шекпен ішіне кіргізіп, адамзат қауымы мен Жер ғаламшарының біртұтас үлкен бөлігіне айналдыруға мүмкіндік берді. Атап айтсақ, империя өзінің шығу тегімен, басқару формасымен, жер аумағы көлемімен және тұрғындар санымен емес, ең алдымен, мәдени әралуандығымен және шекарасының жылжымалығымен көзге түседі. Империя әрдайым жаулап алу арқасында пайда болмайды. Афиналық Архе – ерікті әскери одақ ретінде, ал Габсбургтер империясы жақсы ойластырған әлеуметтік одақтасу тізбегі арқасында құрылды. Империяны әрдайым жеке-дара билеуші басқара бермейді. Тарихтағы даңғайыр мемлекет – Британ империясы демократиялық үкімет басқаратын күнге де жетті. Демократиялық немесе, ең кем дегенде, республикалық империялар қатарына Голландия, Франция, Бельгия мен Америка жатады, көне заманда Новгород, Рим, Карфаген мен Афина осы санатқа кірген еді. Көлем де онша маңызды емес. Кішкентай империялар да бар. Ацтектер империясы қазіргі Мексикадан кіші болды. Сөйте тұра, ол қазіргі Грекия мен Мексикаға қарағанда толыққанды империя еді. Афина одағында да, Ацтектер державасында да ондаған, тіпті жүздеген әртүрлі мемлекеттік құрылымдар біртіндеп бірігіп, тұтасып кетті, ал Грекия мен Мексикада олай емес. Афина тәуелсіздігінен айырылған жүздеген полиске үстемдік етті; ацтектер, салық тізіміне сүйенсек, 371 тайпаны басқарған екен1. Қазіргі кезде орташа көлемдегі мемлекет әзер сиятын аумаққа құрамы соншама ала-құла адамдарды сығылыстыра сыйғызып жіберудің қалай сәті түскен? Мұның сыры мынада: баяғы заманда жер бетінде халықтар әлдеқайда көп болғанымен, олардың саны аз еді әрі шағын жер аумағына иелік етті. Қазір Жерорта теңізі мен Иордан өзенінің аралығындағы жерге екі халық сыйыса алмай отыр, ал Библия түскен уақытта ондаған ұлт өкілдері, тайпалар, титімдей патшалықтар, қала-мемлекеттер осы маңда емін-еркін өмір сүрген еді. Міне, дәл осы империялардың салдарынан адамзаттың әралуандығы елеулі түрде азайған. Империялық зілмауыр доңғалақ көптеген халықтың (нумансиялықтар сияқты) ерекше қорларын жоя әрі жаңаларын әлдеқайда ірі қауымдарын құра отырып, жаныштап өткен.
Зұлымдық империялары ма?
Біздің заманда империяларды ұнатпайды. Саяси сөздікте «империалистерден» де сорақысы «фашистер» ғана. Империяларды сынау әдетте мына екі дәйектің біріне сүйенеді: 1. Империялар өмір сүруге қабілетсіз. Көптеген әртекті халықты ұзақ уақыт уыстан шығармай басқару мүмкін емес. Ол мүмкін бола қалған жағдайда бұл қадамға бармау керек, себебі империялар қанау мен қиратудың зұлым күші. 2. Әр халықтың өз жолын таңдауға құқығы бар мейлі әлемде қанша халық болса, сонша тәуелсіз мемлекет құрыла берсін. Тарихи көзқарас тұрғысынан қарағанда, бірінші дәйек мүлде дұрыс емес, иә, екіншісінің елеулі қайшылығы бар. Шындығын айтсақ, 2500 жыл бойы империялар саяси ұйымдасудың негізгі пішімі болды. Екі жарым мыңжылдықта адамдар қандай да бір империяның азаматтары саналды. Бұл мемлекеттік тұрмыстың өте тұрақты түрі еді. Әдетте империялар жаншошырлықтай жылдамдықпен көтерілістерді баса білді. Империяны тек сырттан килігу немесе империялық элитаның араздығы ғана күйрете алады. Керісінше, бағынышты халық өз күшімен азаттық алған оқиғалар сирек ұшырасады. Көбінесе жаулап алған жер аумақтары басқыншылар езгісінде жүздеген жылдар пұшайман хал кешеді. Мәселен, Батыс Рим империясы 476 жылы герман тайпаларының тегеурінімен құлап тынған кезде, бұрындары римдіктер бағындырған нумансиялықтар, арвендер, гельветтер, саманиттер, лузитандар, умбрилар, этрускілер мен жүздеген ұмыт болған ұлыстар ауланған киттің қарнында қалған Жүніс сияқты жеңіліске ұшыраған құбыжықтың аранынан шыға алмады. Бұрынғы халықтардан түк те қалған жоқ. Өздерін ешқашан римдіктерге жатқызбаған адамдардың ұрпақтары енді сол халықтың тілінде сөйлеп, солардың құдайына сыйынып, мифін қайталады, яғни римдіктерше ойлап, әрекет қылды. Айтпақшы, империяның күйреуі әрдайым халықтарға азаттық алып келген жоқ. Босаған жерге басқасы ентелей кіріп күйреп тынған, әлде дәурені өткен империядан аман қалғанның бәрін иемденуге жанталасты. Әсіресе бұл Таяу Шығыста заңдылыққа айналды. Аймақтағы қазіргі саяси ахуал – әжептәуір тұрақты шекаралары бар бірнеше тәуелсіз мемлекеттердің күш тепе-теңдігі – тұңғыш рет бірнеше мың жыл бұрын қалыптасты. Өткен жолы мұндай құбылыс осыдан 3000 жылдай бұрын, VІІІ ғасырда байқалды. VІІІ ғасырда Жаңа Ассирия империясы дәуірлегеннен бастап ХХ ғасырдағы Британ және Француз империялары құлағанға дейін Таяу Шығыс құдды эстафета таяқшасы тәрізді империядан – империяға өтіп отырды. Тап сол кезеңде, ақыры, еуропалықтар қолынан таяқша түсіп қалған шақта арамей, аммонит, финикия, филистим, моав, эдомит және басқа да ассириялықтар бағындырған халықтардан із де қалған жоқ. Рас, қазіргі еврейлер, армяндар мен грузиндер Таяу Шығыстың ежелгі тұрғындарынан тарағандарын айтады (ол негізсіз емес). Бұл ережені мақұлдайтын тұжырым ғана, бірақ бұл тұжырымның өзі айқын емес. Қазіргі Израильдің саяси, экономикалық және әлеуметтік салты ежелгі иудеи заңдарынан гөрі еврейлер соңғы екі мыңжылдықта өмір сүрген империялардың салт-санасын көбірек еске салуы әбден мүмкін. Дәуіт патша қазіргі Иерусалимнің әсіредәстүршіл синагогасына кіре қалса, шығысеуропалық киім киіп, герман диалектісімен (идишше) сөйлескен, Бабыл мәтіні («Талмуд») жөнінде бітпейтін дауға кіріскен діндарларды көріп, мүлдем есі шығып кетер еді. Дәуіттің кезінде синагога да, «талмуд» та тіпті «тәураттың» орамы да болған жоқ. Империя құрылысы әдетте тұтас халықтарды қынадай қырудан басталып, қанды қасаптан аман қалғандарын аяусыз басып-жаншуға жалғасты. Империя құрушының үйреншікті құралдары: соғыстар, құлдыққа салу, жер аудару, геноцид. Б.з. 83 жылы римдіктер Шотландияда жергілікті каледон тайпаларының қарсылығына тап болды. Оған жауап ретінде олар елді тып-типыл тонады. Жеңілгендерге бейбіт келісімге келуді ұсынған римдіктерге тайпа көсемі Калгак «жауыз қарақшылар!» деп лағынет айтып: «Зорлық-зомбылықты, кісі өлтіріп, ел тонауды жалған империя атымен істеді. Көлді шөл қылады да, оны бейбітшілік деп атайды», – деді2. Империя түк бітірмейді деп те айтуға келмес. Империя атаулыны теріске шығарып, олардың мұрасынан ада-күде бас тарту адамзат жасаған нәрселердің бәрін іс жүзінде терістеу болып шығады. Империялық элиталар жаулап алған жерлерінен түскен табысты армия жасақтап, қамалдар салуға ғана емес, сондай-ақ философияны, өнерді, әділ сот пен қайырымдылық ісін дамытуға жұмсады. Мәдениеттің қайталанбас жауһар туындылары бағынышты халықтарды аяусыз қанау арқасында пайда болды. Римнің байлығы мен өркендеуі Цицеронның, Сенека мен Әулие Аугустиннің қолын босатып, ойлануы мен жазумен айналысуына мүмкіндік берді. Моғолдар үнділердің байлығын сығып алмаса, Тәж-Махал салынбас еді, славяндарға, венгрлер мен румындарға қысым көрсеткен Габсбургтер империясы Гайднге жалақы және Моцартқа қаламақы төлеп тұрды. Калгактың сөзін ұрпақтары үшін сақтап қалған каледон тарихшысы емес, рим тарихшысы Тацит болатын. Тацит сол сөзді ойдан шығарған да шығар. Бүгінгі тарихшылар Тацит тек сол сөзді ғана емес, сондай-ақ Калгакты да ойдан шығарып, өз елінің тағдыры туралы өзі және басқа да жоғары мәртебелі римдіктер көтерген идеялардың жаршысы жасаған шығар деп күдіктенеді. Элиталық мәдениет пен жоғарғы өнер туындыларын ғана қамтуға тырыспай, қарапайым адамдардың тұрмысына ден қойсақ та, қазіргі қоғамдардың талайынан қандай да бір империяның мирасын бәрібір аңғарар едік. Біз ата-бабаларымызға қылыштың жүзімен таңылған тілде – империялар тілінде ойлаймыз, армандаймыз. Азияда миллиардтан аса қытай Хань империясының тілінде сөйлейді және ойлайды. Қос Америка тұрғындарының түгелге жуығы, Аляскадан Магеллан аралдарына дейін, өздерінің түп-тұқиянына қарамастан, империялық төрт тілдің бірінде: испанша, португалша, французша не ағылшынша сөйлейді. Қазіргі мысырлықтар арабша сөйлеседі, өздерін араб әлемінің бір бөлшегі санап, VІІ ғасырда Мысырды жаулап алған, содан соң кез келген бүлікшіл нышанды темірдей жұдырықпен жаныштаған арабтармен туыс санайды. Африканың оңтүстігіндегі шамамен 10 миллион зұлыс ХІХ ғасырдағы Зұлыс империясының даңқын мақтан тұтады, ал олардың түгелге жуығы сол империяға қарсы соғысып, тек қанқұйлы соғыстан кейін оның бір бөлшегіне айналғанын ұмытқан.
Сіздің игілігіңіз үшін ғой Бізге анық мәлім алғашқы империялардың бірі – Ұлы Саргонның Аккад патшалығы (б.з.д. 2250 жылдар шамасы). Бастапқыда оған Месопотамиядағы Киш атты қала-мемлекет қана тиесілі еді. Бірақ бірнеше онжылдық ағымында ол Месопотамияның барлық қаласын ғана емес, Қосөзен аралығынан тысқары біраз жер аумағын бағындыру амалын тапты. Ол бүкіл әлемді жаулап алдым деп мақтанды. Оның иелігі Парсы шығанағынан Жерорта теңізі жағалауына дейін көсіліп, қазіргі Ирак пен Сирияның бүкіл аумағын, сондай-ақ Иран мен Түркияның бөлігін ішінара қамтыды. Аккад империясы өзінің негізін қалаушы өлгеннен кейін құлады, бірақ императордың тәжіне міндетті түрде әлдебіреу әукесін созумен өтті. Кейінгі 1700 жылда Саргонды Ассирия, Бабыл және Хет патшалары үлгі тұтып, олардың бәрі құдды бүкіл әлемді жаулап алғандай жар салды. Ақырында, б.з.д. 550 жылдар шамасында Парсы патшасы Ұлы Кир «императорлық өрені» жаңа деңгейге көтерді.
4-карта. Аккад және Парсы империялары Ассирия патшасы әрқашан Ассирия патшасы болып қалды. Тіпті олар өздерін күллі әлемнің билеушісі сезінгенімен, тек Ассирияның абырой-даңқын ойлағаны хақ. Ұлы Кир бүкіл халықтың бәрін басқаратынымен ғана емес, сондай-ақ барша халықтың игілігі үшін басқаратынымен де мақтанды. «Біз сендерді өздеріңнің игіліктеріңе бағындырдық», – деді парсылар. Кир Парсы империясының вассалы болу бақытын сезіну үшін бодандары өзін ұнатқанын қалады. Өз билігіне бағынған халықтардың ықыласына бөлену мақсатымен Кир жүзеге асырған реформалардың ең белгілісі: ол еврейлердің Бабыл құлдығынан отанына, Иудеяға қайтып, ғибадатхананы қалпына келтірулеріне рұқсат етуі еді. Ол тіпті қаржылай көмек берді. Кир өзін бағынышты иудейлерді билеп-төстейтін Парсы патшасы санаған жоқ, ол өзін еврейлердің патшасы сезінді, сондықтан олардың игілігі туралы ойлауға міндетті болды. Жер шарының барлық тұрғындарының игілігі үшін әлемді басқару идеясы тың, таңғажайып, бәлкім, табиғилыққа қайшы ұғым болды. Эволюция барша әлеуметтік сүтқоректілер сияқты Homo sapіens-ке де ксенофобия дарытты. Sapіens-тер адамзатты көпе-көрнеу «бізге» және «оларға» бөледі. Біз – мына мен және сіз сияқтылар, олар бізбен бір тілде сөйлеп, біздің дін мен салт-дәстүрді ұстанады. Біздікілер бір-біріне жауап қатады, бөгделерге жауап бермейді. Шектеу әрқашан болған, біз және олар жанаспаймыз әрі бір-біріміздің алдымызда ешқандай міндеттемеміз де жоқ. Біз оларды өз жерімізде көргіміз келмейді, әрі олардың аумағында не болып жатқанын білуге зауқымыз соқпайды. Жә, олар адамдар ма, тәйірі? Суданда өздерін «динка» деп атайтын халық тұрады, бұл сөз тура мағынасында «адамдар» дегенді білдіреді, ал кім динка болмаса – адам емес. Динканың бітіспес жауы – нуэр тайпасы. Осы тайпаның тілінде «нуэр» сөзі не мағына береді? «Бастапқы адамдар» деген. Ал Суданнан бірнеше мыңдаған шақырым қашықтықта жатқан Аляска мұздықтары мен Солтүстік-Шығыс Сібірде юпиктер өмір сүреді. Бұл сөз юпик тілінде қандай мағына беретінін білесіз бе? Иә, дұрыс топшыладыңыз: «нағыз адамдар»3 деген сөз. Тайпалық ерекшелікке қарама-қарсы империялық идеология Кирден бастап, негізінен, инклюзивті әрі бәрін қамтушы сипат алды. Билеп-төстеуші ұлттың нәсілдік, әлде мәдени артықшылығын дәріптегеннің өзінде де адамзаттың жалпы бірлігі, барлық жерде және әрқашан әрекет ететін іргелі ұстанымдары бар екенін мойындап, өзара байланыстар мен бәрінің барша жұрт алдындағы жауапкершілікті де қаперге алған жөн. Адамзат қауымы бұдан былай ата-ананың басымдықтары балаларына қамқорлығымен мейлінше үйлесім табатын үлкен отбасы деп есептелді. Империяның тың тұжырымдамасы Кир мен парсылардан Александр Македонскийге, одан әрі эллиндік монархтарға, Рим императорларына, мұсылман халифтеріне, үнді билеушілеріне, тіпті Кеңес одағының бас хатшылары мен Америка президенттеріне көшті. Осынау жалпыадамзаттық тұжырымдама империялардың тірлігін ақтап шығып, бағынышты халықтардың көтеріліс жасау құқын ғана емес, сондай-ақ тәуелсіз халықтардың империялық экспансияға қарсы тұру еркін де жойды. Парсы моделіне қатысы жоқ осындай империя тұжырымдамасы дүниенің өзге бөліктерінде де – Орталық Америкада, Андта, Қытайда қалыптасты. Қытайдың дәстүрлі саяси іліміне сәйкес, жер бетіндегі кез келген заңды биліктің қайнар көзі – Аспан (Тянь). Аспан ең лайық адамды немесе ең үздік отбасын таңдап алып, оған «Аспан мандатын» береді. Міне, сол адам, әлде отбасы барша азаматтың игілігі үшін Аспан асты елін басқарады. Осылайша тағайындалған заңды билік бүкіл елге тіпті күллі әлемге жайылады: «Аспан мандатынсыз» жеке қаланы да басқаруға болмайды, ал ондай мандатты алған билік иесі бүкіл әлемге әділеттілік пен үйлесімділік дәнін себуге тиіс. «Аспан мандаты» бір мезетте бірнеше адамға берілмейді, яғни бірнеше тәуелсіз мемлекеттің өмір сүруі ақылға сыйымсыз нәрсе. Біріккен Қытай империясының алғашқы әміршісі Цинь Шихуанди (Qín Shǐ Huángdì): «Дүниенің төрт бұрышындағының бәрі императорға тиесілі... адам аяғы тиген жердің бәрінде императорға бағынбайтын ешкім жоқ... оның мейірім-шапағаты бұқалар мен жылқыларға да жетеді. Мұны бәрі игілігіне жаратады. Әркім өз шатырының астында қауіпсіз күн кешеді»4 деп мақтанды. Қытайдың саяси аумағында да, тарихнамасында да осыны негізге ала отырып, империялық кезеңді тәртіптілік пен әдептіліктің алтын дәуірі ретінде сипаттайды. Әділетті әлем құрылысын жекелеген ұлттық мемлекеттердің мозаикасы түрінде елестететін бүгінгі Батыстан айырмашылығы: Қытай саяси бытыраңқылық кезеңін берекетсіздік пен әділетсіздік түнегі жайлаған ғасыр ретінде қарастырады. Мұндай тұжырымдама ел тарихында із қалдырды. Кезекті империя құлаған кезде үстемдік құрушы саяси теория жаңа билеушілерді жартыкеш бірнеше тәуелсіз ұлыстардың бөлінуіне төзбеуге, бәрін біріктіруге талпындырды. Ерте ме, кеш пе бұл талпыныс кезекті табысқа алып келді.
«Олар» «бізге» айналады Шүпірлеген шағын мәдениеттерді бірнеше мәдени ортаға айналдыру барысында империялар шешуші рөл атқарды. Идеялар мен адамдар, тауарлар мен технологиялар бір-бірінен саяси жағынан оқшауланған елдердің шекаралары арқылы өткеннен гөрі империя ішінде тез таралады. Көбінесе империялар, ең алдымен, өзінің өмір сүруін оңайлату үшін идеялардың, институттардың, нормалар мен әдет-ғұрыптардың таралуына саналы түрде ықпал етеді. Әрбір шағын аймақ өз заңын, ерекше тілі мен жазу үлгісін ойлап табу, монета соғу, елді басқару оңай емес. Императорлар стандарттауды қолайлы көрді. Екінші, тағы бір маңызды мақсаттың бірі – императорлар заңдылығын нығайту, сол үшін де бірегей мәдениетті орнықтырамыз деп жанталасты. Жоғары мәдениетті тарату, бірінші кезекте жеңімпаздардың емес, бағыныштылардың қамын ойлау қажеттігіне байланысты Кир мен Цинь Шихуанди заманынан бері империялар, ол мейлі жол салса да немесе қантөгіс жасаса да, өз іс-әрекетін ақтап алды. Империяның басқа артықшылықтары да: бірегей құқық, реттелген қала тұрмысы, өлшем шамалары мен таразыларды қалыптау пайдасы көзге көрініп тұрды. Басқа игіліктері – алым-салықтар, әскери бағыныштылық, император культі, әрине, көңілге күмән ұялатады. Бірақ империялық элитаның көпшілігі империяның қол астындағы дүйім халықтың игілігіне еңбектеніп жүргендеріне шүбәсіз сенді. Қытайдың билеп-төстеуші табы көрші елдерге де, бағындырылған жатжұрттықтарға да қиық құлақ варварлар ретінде қарап, империя оларға мәдениеттің сәулесін түсіріп жатыр деп есептеді. «Аспан мандаты» императорға бүкіл әлемді езіп-қанау үшін емес, адамзат қауымын оқытып-ағарту үшін берілген. Римдіктер де озбырлықтарын варварларды бейбітшілікке, әділеттілікке, өркениетке үйретеміз деген желеумен ақтап алғысы келді. Римдіктер көпшілік моншаға шомылдырып, басбұзар қылықтарын заңға бағындырғанша, сондай-ақ әдет-ғұрыптарын философия ілімімен жұмсартқанша, жабайы германдықтар мен денесін суретпен безендірген галлдар қас надан қараңғылық пен бейшаралықта өмір сүрді. Б.з.д. ІІІ ғасырдағы Маурия империясы сауатсыз әлемге Будда ілімін алып баруды өзінің миссиясы санады. Мұсылман халифтері Мұхаммедтің уағыздарын мүмкіндігі келгенше – бейбіт жолмен, егер келмесе, қылыштың жүзімен тарату үшін өзіндік «Аспан мандатын» иеленді. Испан және португал корольдері Үндістан мен Америкадан байлық талап етпейтінін, талай адасқан жанды тура жолға салғысы келетіндерін айтып, ант-су ішті. Британ империясы либерализм мен еркін сауда-саттықтың қосамжар Інжілін уағыздады. Кеңес Одағы капитализмнен пролетариаттың утопиялық диктатурасына көшудің тарихи тұрғыдан қашып құтыла алмайтын үдерісін тездетуді парызы санады. Америкалықтардың көпшілігі өз үкіметін тіпті F-16 мен зымырандар қанатымен апарса да, үшінші әлем елдеріне демократия мен адам құқығын орнатуды моральдық борышына балады. Империялар тарататын мәдениет билеуші элитаның ғана іс-әрекеті еді. Империялық идея табиғатынан әмбебап әрі жалпылама болғандықтан, империялық элита бірден-бір дұрыс дәстүрге тістей қатып қалған емес. Әйтсе де олар өздеріне қолайлы көрінетін идеяларды, дәстүрлер мен нормаларды жалпы тұжырымдамаға енгізе берді. Кейбір императорлар мәдениетті тазартып, түп-тамырға қайтып оралуға тырысты, бірақ империялардың басым бөлігі аралас, біраз бөлігі бағынышты халықтардан алған мәдениетті туындатты. Мәселен, империялық Римнің мәдениеті көп деңгейде римдіктен гөрі гректік болды. Аббасидтер әулеті империясында парсы, грек пен араб дәстүрлері араласып жүрді. Моңғолдар Қытай өркениетінің үлгілерін көшіріп алды. Қазіргі империя – АҚШ-та, шыққан тегі кениялық президент өзінің сүйікті фильмі «Арабиялық Лоуренсті» – арабтардың түріктерге қарсы көтерілісі туралы эпосты қарап отырып Италия пиццасымен ауқаттанады. Ал тіпті мәдениеттерді қорыту қазанында да ассимиляция оңай жүрген жоқ. Империялық өркениет бағынышты халықтардың әрқайсысынан өзіне көп нәрсе сіңіргенімен, синтетикалық қорытпа бәрібір тұрғындардың басым бөлігіне жат көрінді. Ассимиляция үдерісі ауыр және азапты жолмен жүрді. Көзтаныс, бой үйренген жергілікті дәстүрлерден бас тарту ауыр, ал жаңа мәдениетті қабылдап, оған бейімделу одан да азапты болды. Ең реніштісі: империя мәдениетін қабыл алғанымен, жаңа бодандар империялық элитаның бұларды өздерінікі ретінде мойындауын ондаған, тіпті жүздеген жылдар бойы күтті. Жаулап алғаннан толық ассимиляцияға түскенге дейін бірнеше ұрпақ буыны тұман ішінде жүргендей күй кешті: туабітті әрі сүйікті мәдениетін жоғалтты, ал олардың империядағы күйі өзгелермен тең емес еді. Ұмтылған мәдени ортасы оларды бұрынғысынша варвар санады. Жақсы отбасынан шыққан ибериялықты елестетіп көріңіз. Нумансияның құлағанына 100 жыл өткен. Ата-анасымен ол кельт тілінде сөйлеседі, бірақ латыншаны да жетік біледі (аз ғана акцентін есепке алмағанда), өйткені мемлекеттік тілсіз өз ісін жүргізіп, билікпен араласып-құраласу мүмкін емес. Осы бір байырғы «кельттік әдетінен» арыла алмағанына іштей қымсынғанымен, әйеліне қымбат, әдемі айшықталған әшекейлер алып беруден бас тартпайды. Ол жарының жергілікті әйелдер тәрізді мәлініп жүрмей, рим билеушілерінің әйелдеріне ұқсап қарапайым әрі әдемі әшекейлер таққанын қалайды, әрине. Рим киімін киеді, мал сатудың (әсіресе римдік сауда-саттықтың құқығын білудің) арқасында байып, римдік әдіпте сарай салған. Вергильдің «Георгик» атты үшінші кітабын жатқа білгенімен, бәрібір римдіктер үшін ол – жартылай варвар. Оған мемлекеттік қызмет түгілі, амфитеатрдан құрметті орын тимейді. ХІХ ғасырдың соңында ақнәсілді мырзалар сауатты үнділердің жоғарғы табына тап осындай сабақ берді. Ағылшын тілін бүге-шігесіне дейін меңгерген, Еуропа билерін үйреніп, тіпті пышақпен және шанышқымен тамақ жеуге машықтанған үндінің бір жігіті туралы хикая бар. Мүлтіксіз мәнеріне сеніп, ол Англияға аттанады, Лондон университетінен заңгер дипломын алып, адвокаттар коллегиясына қабылданады. Білімді, әдемі костюм киген осы жас жігітті Британ отары – Оңтүстік Африкада пойыздан лақтырып кетеді, себебі ол «түстілерге» тиесілі үшінші емес, бірінші класты вагонда келе жатыр еді. Жас жігіттің аты-жөні – Мохандас Карамчанд Ганди болатын. Бұл оқиғадан ол жақсы «сабақ» алды. Кейде ассимиляция үрдістері, мәдениеттер жақындасуы ескі элита мен империяның жаңа азаматтары арасындағы кедергіні қиратады. Жеңімпаздар жеңілгендерді тең санай бастайды да, жеңілгендер империяға өздеріне жат басқыншы жүйе ретінде қарамайды. Екі тарап үшін «олар» «бізге» айналады. Бірнеше ғасырлық империялық басқарудан соң, Рим империясының барлық тұрғындары Рим азаматтарына айналды. Алайда осынау құқықтарын түбегейлі теңестіргенге дейін ұзақ уақыт бойы римдік емес адамдар легиондарда қызмет етіп, Сенатқа сайланды. Б.з. 48 жылында-ақ император Клавдий Сенатқа бірнеше галл ақсүйегін қабылдай отырып, олар «әдет-ғұрпымен, мәдениетімен, тіпті аралас неке арқылы бізге қосылып кетті» деп мәлімдеді. Кірпияз сенаторлар наразылық білдірді: бұл қалай, күні кешегі дұшпандарды римдік саяси жүйенің қақ төріне шығарамыз ба?! Сонда Клавдий олардың әлденені ұмытып кеткендерін: сенаторлар құрамының басым бөлігі кезінде Римге қарсы соғысқан, содан соң Рим азаматтығын алған италия тайпаларынан шыққанын еске салды. Тіпті Рим билеушісі Клавдийдің де тегі сабиндерге тартатын еді5. Б.з. ІІ ғасырында Римді Ибериядан шыққан, ибериялық қаны бар императорлар биледі. Нақ осы дәуір – Траян, Адриан, Антонин Пий мен Марк Аврелий билеген кезең – империяның алтын ғасыры саналады. Ішкі этникалық кедергілердің бәрі жойылды. Император Септимий Север (193–211) Ливияға қоныстанған Карфаген ұлысының ұрпағы еді. Гелиогабал (218–222) сириялық болатын. І Филипп императорды (244–249) «араб» деп атады. Жаңа азаматтар императорлық Римнің мәдениетін құлшына қабылдап, империя құлағаннан кейін бірнеше ғасыр өткенде де соның тілінде сөйлесіп, Левантиядан келген христиан дінін сақтап қалды, империя заңынан айнымады. Араб империясы да осыған ұқсас жағдайды бастан өткерді. Ол пайда болған кезде, VІІ ғасырдың ортасында басқару жүйесін қолына алған араб-мұсылман элитасы және бағынышты халыққа бөлінді де: ұлты араб та, мұсылман да емес мысырлықтарды, сириялықтарды, ирандықтарды, берберлерді қатаң шектеді. Империя тұрғындары бірте-бірте исламды, араб тілін және талай жергілікті мәдени ортаның синтезіне айналған империялық мәдениетті игерді. Ескі араб элитасы ерекше мәртебесін жоғалтып алудан қорқып, пысықайларға жауыға қарады, алайда қатарға жаңадан қосылғандар өздері үшін империя ішінде және ислам әлемінде теңбе-тең жағдай орнауын талап етті. Ақырында, олар өздерінің дегендеріне жетті. Мысырлықтар, сириялықтар, Месопотамия тұрғындары «арабтар» болып есептелді, бұған қоса, «арабтар» (Араб түбегіндегі байырғылары да, Мысыр мен Сириядағы жаңадан қатарға қосылғандары да) араб емес мәдениетке, мұсылмандардың – ирандықтардың, түріктер мен берберлердің қол астына түсті. Араб империясының ұлан-ғайыр табысы да осы: ол сан алуан өзге этностар құлшына қабылдаған және оны жалғастырған, тіпті империяның өзі күйреп, этникалық арабтар биліктен айырылғаннан кейін де бірнеше ғасыр бойы дамытып, жер-жаһанға тарата берген ерекше мәдениет құра білді. Қытайдың империялық жобасы бұдан да сәттірек болды. Екі мың жыл бойы ала-құла этникалық және мәдени топтардың – бастапқы «варварлардың» конгломераты империялық мәдениетпен біте қайнасып, Қытай – хань ұлты (б.з.д. 206 жылдан б.з. 220 жылына дейін билік жүргізген әулет аты) аталды. Империя ретінде этникалық шет өңірлерде, Тибет пен Шыңжанда ғана қабылданғанымен, шын мәнінде, Қытай империясы әлі күнге дейін тірі – оның жетістігі де осында. Тұрғын халқының 90%-ы өз-өздерін және өзгелер де оларды – хань-қытайлар санайды. Тап осы парадигма аясында соңғы онжылдықтағы отарсыздану үдерісін қарастырған жөн болар еді. Қазіргі дәуірде еуропалықтар өздеріне ізгі амал көрінетін сылтаумен – Батыстың жоғары мәдениетін тарату желеуімен жер шарының ауқымды бөлігін бағындырды. Олар діттегендеріне жетті. Миллиондаған тіпті миллиардтаған адам Батыстың мәдениетін, әлде оның елеулі бір элементін қабылдады. Үнділер, африкалықтар, арабтар, қытайлар мен маорилер ағылшын, француз немесе испан тілінде сөйлеп кетті. Олар адам құқықтары мен ұлттық өзін-өзі билеу ұстындарына сенеді, либерализм мен капитализм, коммунизм, феминизм және ұлтшылдық сияқты Батыс идеологиясын бойға сіңіріп алды. ХХ ғасырда Батыс құндылықтарын бойға сіңірген жергілікті топтар – дәл сол құндылықтарға сүйене отырып, Еуропа отарлаушыларынан теңдікті талап етті. Отаршылдыққа қарсы күрес өзін-өзі билеу, социализм, адам құқықтарын қорғау ұранымен өрбіді. Бұлардың бәрі ақнәсілді адамның құндылықтары еді. Мысырлықтар, ирандықтар мен түріктер араб жаулаушыларынан мирасқа қалған империялық мәдениетті қалай қабылдап, бейімделсе, қазіргі үнділер, африкалықтар мен қытайлар да белгілі бір дәрежеде бұрынғы Батыс қожайындарының империялық мәдениетін бойға сіңіріп, өздерінің дәстүрлері мен қажеттіліктеріне орай жаңғыртты.
Империялық кезең
Кезеңнің сатылары | Рим | Ислам | Еуропалық империализм
Шағын топ үлкен империя құрды | Римдіктер Рим империясын құрды | Арабтар халифат құрды | Еуропалықтар өз империяларын құрды Империя мәдениеті қалыптасты | Грек-рим мәдениеті | Араб-мұсылман мәдениеті | Батыс мәдениеті Бағыныш-тылар империя мәдениетін қабылдады | Бағынышты елдер латын жазуын, рим құқығын, римнің саяси тұжырымдамасын және т.б. қабылдады. | Бағынышты елдер араб тілін, исламды қабылдады | Бағынышты елдер ағылшын немесе француз тілін, социализм, ұлтшылдық, адам құқықтары идеяларын қабылдады Ортақ құндылықтар жүйесіне сүйене отырып, бағынышты халықтар теңдікті талап етті | Жалпыримдік құндылықтар, негізінде, иллириялықтар, галлдар, карфагендіктер римдіктермен бірдей мәртебе берілуін талап етті | Мұсылмандарға ортақ құндылықтар, негізінде, мысырлықтар, парсылар мен берберлер арабтармен тең мәртебе берілуін талап етті | Жалпыбатыстық құндылықтардың: ұлтшылдықтың, социализмнің, адам құқықтарының, негізінде, үнділер, қытайлар мен Африка тұрғындары еуропалықтармен тең мәртебе берілуін талап етті Империя құрушылар басымдықтарын жоғалтты | Римдіктер томаға-тұйық этникалық топ мәртебесінен айырылды. Империядағы билік тізгіні көпұлтты элитаның уысына көшті | Арабтар ислам әлеміндегі билігінен айырылды да, көпұлтты мұсылман элитасы қалыптасты | Еуропалықтар әлемге ауқымды бақылау жасау еркінен айырылып, негізінен Батыс құндылықтары мен ойлау жүйесін жақтайтын көпұлтты элита қалыптасты Империялық мәдениет дамып, өркендейді | Иллириялықтар, галлдар мен финикиялықтар өздері қабылдап алған Рим мәдениетін дамыта түсті | Мысырлықтар, парсылар мен берберлер өздері қабылдап алған мұсылман мәдениетін дамыта түсті | Үнділер, қытайлар мен Африка тұрғындары өздері қабылдап алған Батыс мәдениетін дамыта түсті
Тарихтағы жақсы және жаман жігіттер Тарихи кейіпкерлерді жағымды мен жағымсызға бөле отырып, империяны қорғаушылардың бәріне «жаман жігіттер» деп анықтама беру еріксіз еліктіріп әкетеді. Өйткені империя қан төгіспен құрылып, соғыстарға және зорлық-зомбылыққа дем беріп отырады ғой. Бірақ қазіргі мәдениеттегі көп нәрсе империялық мұраға негізделген. Империя – нағыз жауыздық болса, онда мына біз кімбіз? Кейбір саяси мектептер мен қозғалыстар мәдениетті империализмнен тазартып, пәктігі баз баяғы қалпында сақталған, ешқандай күнәға батпаған өркениетке ие болғылары келеді. Мұндай идеологиялар, жұмсарта айтқанда, аңғырттықтың шалығы көбінесе тек тұрпайы ұлтшылдық пен жәдігөйлікке бетперде ғана бола алады. Жарайды, жазба тарихтың елең-алаңында пайда болған қисапсыз мәдени ортаның барлығы таза, күнәға батпаған, ешқандай ықпалға түспеген еді делік. Бірақ содан бері бірде-бір мәдени орта, оның үстіне әлі күнге дейін сақталған ешбір мәдениет өзі туралы әлгіндей тұжырымды айта алмайды. Кез келген өркениет ішінара болса да империялардың, империялық мәдениет пен өркениеттің мұрасы. Ешқандай академиялық ой-пікір мен саяси операция, науқасты өлтірмей, бұл мұраны отап алып тастай алмайды. Қазіргі тәуелсіз Үндістанды Британ басқаруындағы кезеңмен ұластыратын сүйіспеншілік пен жек көру қоспасына үңілейікші. Британияны жаулап алып, одан әрі басқыншылық әрекет жүргізуі Үндістанды миллиондаған құрбандыққа ұшыратты, жүз миллиондаған адам үздіксіз кемсіту мен еңсе көтертпес езгіге түсті. Сөйте тұра, үнділердің көпшілігі жаңадан қатарға қосылғандардың құлшынысымен Батыс идеяларын, бірінші кезекте ұлттың өзін-өзі билеуі мен адам құқықтары туралы ұғымдарын қабыл алды да, ағылшындар өз құндылықтарын бұлжытпай сақтаудан және үнді жұртына не Британ империясы азаматтарымен тепе-тең құқықтар, не тәуелсіздік беру талабынан бас тартқан кезде қатты ашынды. Қазіргі үнді мемлекеті – осы Британ империясының төл перзенті. Ағылшындар субконтиненттің байырғы тұрғындарын қырды, қинады, қуғындады, бірақ, сонымен қатар ақылға сыймастай ала-құла, қырғиқабақ патшалықтарды, ұлыстар мен тайпаларды біріктіріп, біртұтас ұлттық сана қалыптастырып, ақырында, азды-көпті бірегей саяси жүйесі бар ел құра білді. Олар үнді сот жүйесінің негізін қалап, әкімшілік құрылымын жасады, теміржол желісін салып, сол арқылы экономикалық интеграция мүмкіндігін қамтамасыз етті. Тәуелсіз Үндістан мемлекеттік құрылыс пішімі ретінде демократияның британдық нұсқасын сақтады. Ағылшын тілі – субконтинентте ұлтаралық қарым-қатынас құралы, хиндиша, тамильше, малайша сөйлейтіндер бір-бірін түсіну үшін жүгінетін делдал тіл болып қалды. Үнділер крикет тістеп, сораптап шай ішкенді өте жақсы көреді – екеуі де оларға ағылшындардан жұғысқан әдет. Өнеркәсіптік шай плантациялары Үндістанда британдық «Ост–Инд компаниясы» шай өсіре бастаған кез – ХІХ ғасырдың ортасына дейін болған жоқ. Шай ішу салтын Үндістанға тәкаппар ағылшын сағибтары үйретті.
28. Мумбайдағы (Бомбей) Чатрапати Шиваджи бекеті. Бастапқыда Виктория бекеті болған. Ағылшындар оны ХІХ ғасырда соны үрдіске айналған неоготикалық әдіппен салған. Үндістанның ұлтшыл үкіметі қаланың да, бекеттің де атын өзгерткенімен, басқыншылар салса да, ғажайып ғимаратты қиратып тастай алмады. Бүгінде Үндістанда мұның бәрі империяның мұрасы дегенді негізге алып, демократиядан, ағылшын тілінен, теміржол желісінен, құқықтық жүйеден, крикет пен шайдан құтылу үшін референдум өткізуге тілек білдірушілер көп пе екен? Тіпті мұндай референдум өткізе қалған күнде де, демократиялық өз еркін білдірудің осы жолы да бұрынғы ақ мырзалардың мұрасы болып шығады ғой. Тіпті бағзы замандағы төл мәдениетті қалпына келтіріп, сақтау ниетімен империялық мұрадан ада-күде бас тартқан күнде де өзіміздің тым көне, бірақ мынадан да қатыгез империяның мұрасын қорғаштап отырғанымызды түсінер едік. Үнді мәдениетін британдық бұрмалаудан тазартқысы келетіндер Моғол империясы мен Дели сұлтанатының мұрасын еріксіз дәріптейді. Үндінің төл мәдениетін осынау мұсылман империяларының қабаттасуынан құтқаруға тырысатындар Гупта империясының, Кушан және Маурия империяларының мұраларын асқақтатады. Үндінің есалаң ұлтшылы Британ басқыншылары тұрғызған ғимараттардың бәрін, соның ішінде Мумбайдың орталық бекетін де қиратқысы келсе, онда Тәж-Махал сияқты мұсылман империяларының ескерткіштерін қайтер еді?
29. Тәж-Махал – үнді мәдениетінің төл ескерткіші ме,
әлде мұсылман империализмінің жат мұрасы ма?
Мәдени мұра жөніндегі қым-қиғаш, шатасқан сауалдың жауабын ешкім білмейді. Қандай жолды таңдасақ та, ең алдымен, бұл мәселенің күрделілігін мойындап, қарабайыр түрде «жақсы және жаман жігіттерге» бөлудің ұшпаққа шығармайтынын түсінуіміз қажет. Бөлінсек, өзіміздің өмір бойы жаман жігіттердің жетегінде келе жатқанымызды мойындауға мәжбүр боламыз.
Жаһандық жаңа империя Шамамен б.з.д. 200 жылдан бастап адамдардың көпшілігі империяларда өмір сүреді. Болашақта да адамдар, негізінен, империяда өмір сүруі әбден мүмкін. Бұл жолғысы шын мәнінде бүкіләлемдік империя болады. Бұл болашақ – бүкіл жер жүзі үшін бірегей үкімет құрудың утопиялық картинасы – бізді таяу бұрылыста күтіп тұрған шығар. ХХІ ғасырда ұлтшылдық дәрменін жаппай жоғалта бастады. Саяси биліктің жалғыз заңды көзі – жекелеген халық емес, жалпы адамзат. Ендеше, саясаттың негізгі мақсаты бүкіл адамзат қауымының құқықтарын жақтап, мүдделерін қорғауға тиіс деген қорытындыға келе жатыр. Мұндай жағдайда бақандай 200 ұлттық мемлекеттің болуы – жәрдем емес, кедергі жасайды. Шведтер, индонезиялықтар мен нигериялықтар енді теңқұқылы болса, біртұтас әлемдік үкіметке оларды қорғау оңтайлы емес пе? Полярлық мұздықтардың еруі сияқты жаһандық мәселелер де жекелеген ұлттық мемлекеттердің өмір сүру заңдылығына күмән келтіреді. Бірде-бір егемен мемлекет өз бетінше жаһандық жылынуды тоқтата алмайды. Қытайдың «Аспан мандаты» императорға бүкіладамзаттық осындай мәселелерді шешу үшін берілген ғой. Енді әлдекімге аспанның мәселесін шешу: озон қабатындағы тесікті бітеп, жылыну әсерінің зардаптарын жою үшін «Адамзат мандатын» берді. Рәміздік бояуы ретінде бүкіләлемдік империя жасыл түсті таңдауы әбден мүмкін. 2014 жылға дейін әлем саяси тұрғыдан әлі бытыраңқы еді, бірақ ұлттық мемлекеттердің шынайы автономиясы шапшаң қысқара түсті. Бірде-бір ел тәуелсіз экономикалық саясат жүргізіп, өз қалауына орай соғыс жариялап, шабуыл жасауға қауқарлы емес, тіпті ішкі саясатын да толығымен өз бетінше жүргізе алмайды. Мемлекеттер жаһандық нарықтардың, халықаралық корпорациялар мен коммерциялық емес ұйымдардың ықпалына көбірек түсе бастады. Халықаралық қоғамдық пікір мен көпшілік мойындаған сот жүйесінің ықпалы да арта түсті. Мемлекеттер қаржылық қарым-қатынастың, экологиялық саясат пен әділ соттың әлемдік стандарттарымен санасуға мәжбүр. Капиталдың, еңбек ресурстары мен ақпараттың арынды ағыны әлемді шарлап, оның келбетін өзгертуде. Шекаралардың мәні мен жекелеген мемлекеттердің ұстанымы кеміп барады. Бүкіләлемдік империя көз алдымызда құрылуда, оны жекелеген мемлекет немесе этникалық топ басқармайды, соңғы сатылы кезеңдегі Рим империясы тәрізді, сірә, жаңа әлем көпұлтты элитаға бағынышты болып, оны ортақ мәдениет пен ортақ мүдделер жұдырықтай жұмылдыратын сияқты. Бұл империя, негізінен, кәсіпкерлерді, инженерлерді, мамандарды, ғалымдарды, заңгерлер мен менеджерлерді шақырады. Шақырғанға бару керек пе, әлде өз халқы мен мемлекетіне адалдықтан айнымай, ат тонын ала қашу керек пе, оны әркім өзі шешеді. Жұрт көбінесе империяны таңдайды.
12-тарау
Сенім заңы
Орта Азиядағы шөл даланың шұратындағы қала – ортағасырлық Самарқандта Сирия саудагерлері үлбіреген қытай жібегін талапайлап, ызбарлы дала көшпенділері Батыстың түкпірінен қолға түсірген сары шашты құлдарды саудаға салып, дүкеншілер түсініксіз жазулар мен беймәлім билеушінің бейнесі бедерленген жылтырақ алтын ділдаларға қалтасын толтырып бақты. Мұнда, Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің басты қиылыстарының бірінде, адамзаттың бірігуі көрнекі түрде әрі күн сайын көзге түсіп тұрды. Осы үрдісті 1281 жылы Құбылай ханның әскері Жапонияға басып кірген кезде де байқауға болатын еді. Күдеріден тіккен киімдерін аң терісімен көмкерген моңғол салт аттылары бамбук қалпақты қытай шеріктерінің арасымен желіп барады, көмекші сарбаздар сапындағы мас кәрістер терісіне сурет піскілеген теңізшілермен – Оңтүстік Қытай теңізінің қарақшыларымен жағаласса, Орта Азиядан шыққан маман Еуропа жанкештілерінің бөсе мақтанған әңгімелерін аузын аша тыңдап отыр. Бұлардың барлығы да бір қолбасшының бұйрығына бағынатын еді. Дәл осы кезде Меккеде, қасиетті Қағба төңірегінде адамзат басқа жолмен бірікті. 1300 жылы қажылық сапармен Меккеге барып, ең басты мұсылмандық қасиет тірегін айналып шығу рәсімін жасап жүрсеңіз, нөпір ішінен ихрам киімдері желбіреп, ғибадат әсерінен көздері оттай жанып, Алла тағаланың 99 атын бірінен соң бірін айта, еріндері жыбырлаған бір топ – Месопотамиядан жеткен қажыларды көрер едіңіз. Ал анау тұста, алдыңғы лекте күнге қақталып, қайыстай иленген Азия даласының түркітілдес тұрғыны асатаяғын таянып, ойға шома сақалын сипаған күйі аяңдап барады. Оң жақта көмірдей қап-қара денеде алтын әшекейлер жылтылдайды; бұлар – африкалық Мали патшалығынан келген мұсылмандар. Қалампырдың, құрқұрманың, кардамон мен теңіз тұзының хош иісі топ ішінде Үндістаннан, бәлкім, Шығыстың шалғайындағы әлдебір жұмбақ аралдардан жеткен жамағаттың барын айғақтайды. Бұл күндері дін көбіне-көп нәсілдік кемсітудің, араздық пен кикілжіңнің себебіне айналып отыр. Ал бастапқыда ол ақша мен империя сияқты, адамдарды біріктіруге қызмет етті. Кез келген әлеуметтік құрылыс, кез келген иерархия қиялға тамыр байлайтындықтан, осал әрі нәзік болады. Қоғам өскен сайын олар әлсізденіп, осалдана түседі. Діннің тарихи рөлі құдіреті шексіз Жаратушы Иенің беделімен осынау нәзік құрылымды ізгілендіру еді. Діни уағыздар – низам атаулы адамның көңіл қалауынан туындамайды, керісінше, жоғарыдан, абсолютті биліктен келеді деп үйретеді. Сол арқылы ең маңызды заңдар күмән тудырып, сынға ұшырамайды, ал бұл әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Дін дегеніміз – құдіретті, адами өреден жоғары тәртіпке сенуге негізделген нормалар мен құндылықтар жүйесі. Соның екі белгісіне тоқталайық: 1. Дін – жалпы адамзат қауымының қалауымен тіпті келісімімен белгіленбейтін, адами өреден жоғары тұратын тәртіп. Кәсіби футбол – дін емес. Оның да ережелері, рәсімдері, қызық ырымдары бола тұра, футболды адамдардың өздері ойлап тапқан. ФИФА кез келген сәтте қақпаны кеңейтуге немесе офсайд ережесін өзгертуге шешім қабылдауы мүмкін. 2. Осынау жоғарғы, адами өреден биік тұратын тәртіптің, негізінде, дін даусыз құндылықтар мен нормаларды белгілейді. Батыста әлі күнге дейін албастыға, пері мен басқа нәрсеге айналып кету мүмкіндігіне сенеді, бірақ осынау ырым-жырымдардан ешқандай мораль мен мінез-құлық үлгілері қалыптаспайды, демек, олар дінге жатпайды. Іс жүзінде діннің бәрі бірдей өзінің әлеуетін асырып, әлеуметтік және саяси құрылыстың заңдылығын нығайта алмайды. Әртекті тұрғындары бар ауқымды жер аумағын өз қарауына жұмылған жұдырықтай біріктіру үшін дін тағы екі негізгі өлшемге сәйкес келуге тиіс. Біріншіден, ол барша үшін және әрқашан ақиқатқа айналатын әмбебап, адами өреден биік тәртіп ұсынуға тиіс. Екіншіден, ол өзінің ақиқатын әрбір адамға жеткізуге талпынуы шарт. Басқаша сөзбен айтқанда, біріктіруші дін әмбебап әрі миссионерлік болуы қажет. Әлемдегі христиандық, мұсылмандық және буддалық наным сияқты ең мәшһүр діндер әмбебаптық пен миссионерліктің нышандарын ұштастыра білді. Соның нәтижесінде адамдар діндердің бәрі осындай деп ойлауға бейім тұрады, ал, шын мәнінде, ежелгі нанымдардың көпшілігі эксклюзивті әрі жергілікті аядағы сенімдер болатын. Адамдар жергілікті құдайларға сыйынды, оларға бүкіл адамзатты жүгіндіруге талпынған жоқ. Біздің білетініміз: әмбебап миссионерлік діндер тек біздің дәуіріміздің шегінде төбе көрсетті. Әмбебап діндердің пайда болуы – ақша мен империялар сияқты – адамзатты біріктірудің аса бетбұрысты әрі шешуші факторына айналды.
Тағдырға мойынсұну Ежелгі аңшылар мен терімшілердің анимистер болғанын, яғни дүниені тек адамдар ғана емес, басқа да тіршілік иелері – жануарлар, өсімдіктер, перілер мен елестер мекендейтініне сенгендерін қаншалықты міней аламыз? Адами құндылықтар мен нормалар жүйесі де осынау тіршілік иелерінің мүдделерін қаперге алды. Мысалы, Ганг алабындағы терімшілер тобы мынандай ереже орнықтырды: анау тұрған бұтақты тұт ағашын кесуге болмайды, әйтпесе аруақтар назаланып, жазаға тартқызады-мыс. Ал Инд алабындағы басқа терімшілер тобы өзгеше тыйым салды: аққұйрықты түлкіні аулауға болмайды, себебі бір кезде бұл түлкі сәуегей кемпірге аса құнды обсидианды қайдан табудың құпиясын ашыпты. Бұл діни түсініктер өте тар ауқымды әрі жергілікті сипатта қалыптасып, сол өңірдің ландшафтына, климатына, табиғаттың көзтаныс құбылыстарына орайласа өрбіді. Әдетте терімшілер бірнеше мың шаршы шақырымнан аспайтын жер аумағында өмір сүрді. Күнелтіп, тіршілік ету үшін әр алаптың тұрғындары өз мекенінде үстемдік ететін адами өреден биік тәртіпті белгілеп алып, мінез-құлықтарын соған бейімдеуге тиіс болды. Сол ережелерді басқа алапты мекендеушілерге таңу бос әурешілік еді. Инд жағалауынан Ганг алабына жергілікті тұрғындарды аққұйрықты түлкіні алуға көндіру үшін миссионерлер жіберген жоқ. Аграрлық революцияға, сірә, діни революция қабаттаса жүрген сияқты. Аңшы-терімшілер жануарлардың өмірін қиды, бірақ оларды Homo sapіens-пен тең санады. Қойды өлтіру дерегіне бола адам одан биік тұр деген түсінік тумайды. Жолбарыс адамды өлтірсе, адам жолбарыспен салыстырғанда төменгі сатыда тұр деген мағынаны білдірмейді ғой. Тіршілік иелерінің барлығы бір-бірімен тікелей араласып-құраласты да, баршаға арналған бірегей экожүйеде өмір сүрудің ережесін қалыптастырды. Малшылар мен егіншілер, керісінше, жануарлар мен өсімдіктерді өзіне бағындырып, оларды басқарды, содан өзінің меншігімен тең дәрежеде араласа алмай қалды. Демек, аграрлық революцияның алғашқы діни салдары жануарлар мен өсімдіктерді рухани туыстан мылқау еңбек құралына айналдыру болды. Бірақ бұдан маңызды мәселе туындады. Малшылар қойына толықтай бақылау орнатуға қарсы болмас еді, алайда тәжірибе басқа нәрсеге – бұлардың билігі шектеулі екеніне көз жеткізді. Олар жануарларды қораға қамап, қошқарларды піштірді, саулықтардың санын арттырды, бірақ олардың буазданып сау қозы туатынына, малдың өлім-жітімге ұшырамайтынына кепілдік бере алмады. Отарды қалай аман сақтап, өсімін арттыруға болады? Содан шаруалардың көпшілігі өзінен жоғары тұрғандарға – құдіретті күшті құдайларға жалбарынудан жауабын іздеді. Құнарлылық құдайы, Аспан тәңірі мен Ем дарытушы құдай адамдардың және мылқау өсімдіктер мен жануарлар арасындағы делдалдар рөлін атқарды. Шындығына келгенде, ежелгі мифология дегеніміздің өзі – келісімшарт. Адамдар құдайларды мәңгілік құрметтеуді міндетіне алып, соның өтеміне өсімдіктер мен жануарларға үстемдік ету мүмкіндігін иеленеді. «Болмыс кітабының» алғашқы тарауы – осы хақында. Аграрлық революциядан кейінгі мыңжылдықтар ағымындағы діни рәсімдер құдайларға қозыларды, шарап пен күлше нанды құрбан етіп, садақа қылуға сайды, солардың өтеуі ретінде құдіретті күш иелері бітік егін шығарып, отар санын арттыруға тиіс болды. Бастапқыда аграрлық революция жартастар, бұлақ қайнары, аруақтар мен жын-перілер сияқты анимистикалық сенім жүйелеріне тиіскен жоқ. Алайда олар да жаңа құдайлардың қысымымен кейін шегіне бастады. Адамдар бірнеше жүздеген, әрі кеткенде мыңдаған шаршы шақырым аумақ шегінде өмір сүріп жатқан шақта жергілікті аруақтар олардың мұқтаждықтарын толықтай ескеріп, желеп-жебей алды. Ал енді патшалық пен сауда-саттық өсіп, көлемі ұлғайған кезде құдіретімен дүйім патшалықты немесе сауда аймағын жарылқай алатын әлдебіреудің шапағаты қажет болды. Осы қажеттіктен политеистік (грекше poly – көп және theos – құдай) діндер туындады. Бұл діндер әлемді құдіреті бәрінен күшті құдайлар – Құнарлылық құдайы, Жаңбыр құдайы, Соғыс құдайы басқаратынын айтты. Адамдарды осы құдірет иелеріне табынуға үндеді. Әлгі құдайлар атқарылған рәсімдер мен шалынған құрбандықтарға разы болса, жаңбыр жаудырып, жеңіске жеткізетініне, денсаулық сыйлайтынына сендірді. Политеизм келгенімен, анимизм біржола жоғалып кеткен жоқ. Жындар, перілер, елестер, қасиетті жартастар мен қайнарлар, ағаштар көптеген діндер мазмұнына кірігіп кетті. Құдайларға қарағанда әлгі рух иелеріне онша көп мән берген жоқ. Әйтсе де қарапайым адамның күнделікті тірлігінде олар ерекше құрметтелді. Ел астанасында патша оншақты бағланды Соғыс құдайына құрбандыққа шалып, варварлармен шайқаста жеңіске жеткізуін тілеп жатқан кезде, айдаладағы егінші тұт ағашының рухына арнап лашығына шырақ жағып, ауру баласын аман алып қалу үшін жалбарынып отырды. Ұлы құдайлардың пайда болуына орай қойлар мен жын-перілердің мәртебесі қаншалықты өзгерсе, Homo sapіens мәртебесі де соншалықты өзгерді. Анимизм адамды жер шарының көптеген мекендеушілерімен қатар қойып қарастырса, политеисшілер дүниені адамдар мен құдайлардың арасындағы қарым-қатынастардың күрделі жүйесі ретінде көрді. Құдайға сыйыну мен құрбандық шалулар, қайырымдылық пен жауыздық істер бүкіл экожүйенің тағдырына әсер етеді деп пайымдады политеисшілер. Ақымақ адамдар құдайлардың ашуына тиіп, кәріне ұшырағандықтан ғана жойқын тасқын миллиардтаған құмырсқа мен шегірткелерді, жүз мыңдаған тасбақа, елік, керіктерді қырып салуы мүмкін. Міне, осылайша политеизм тек құдайлардың емес, сондай-ақ адамдардың да мәртебесін асқақтатты. Бағы жанбаған баяғы анимистикалық жүйенің өкілдері барлы-жоқты құрмет-беделін жоғалтып, адам мен құдайлар арасында өрбіген ұлы драманың көлденең куәгерлері, әйтпесе декорациясы деңгейінде қала берді.
Пұтқа табынудың басымдығы Монотеистік насихаттың 2000 жылынан кейін Жер тұрғындарының көпшілігі политеизмді аңғалдыққа әрі надандыққа, пұтқа табынушылыққа балады. Бұл әділетсіз қасаң қағида еді. Политеизмнің ішкі логикасын түсіну үшін көпқұдайлыққа сенуге негізделген идеяның өзін түсіну керек. Политеизм ғаламды басқаратын бірегей күш тұжырымдамасына немесе әлемдік заңға қарсы тұрмайды. Политеисшіл және анимистік діндердің көпшілігі құдайлардың, жындар мен қасиетті жартастар арқылы әсер ететін құдіретті күшті қастерлейді. Политеизмнің классикалық гректік нұсқасында Зевс, Гера, Аполлон және олардың туыстары бәрінен құдіретті әрі бәрін бағындыратын күшке – тағдырға бағынды. Скандинавия құдайлары да Pагнарёк («Құдайлар зауалы») келген шақта өлім құшатын тағдырдың құрамдары еді. Иоруба халқының (Батыс Африка) политеистік мифі құдайлардың бәрі ең жоғарғы құдірет иесі Олодумареден тарап, соның әміріне бағынышты болып қалғанын әпсаналайды. Индуизм бірыңғай принципті, Атманды мойындайды, ол ғаламның қисапсыз құдайлары мен аруақтарын, адамзат қауымын, табиғат пен жансыз нәрселер әлемін қадағалайды. Атман – он сегіз мың ғаламды, сондай-ақ әрбір тіршілік иесі мен әр құбылысты бақылауына алған. Политеизмнің монотеизмнен түбірлі ерекшелігі мынада: политеизмде әлемді басқаратын құдіретті күш жеке мүдделер мен құмарлықтан ада, оны пендешілік тілектер, уайым-мұң мен үрей-қорқыныштар алаңдатпайды. Одан соғыста жеңіске жету туралы, денсаулық немесе жаңбыр туралы тілеу бос әуре. Өйткені ол – ой жетпес, сөз шалынбас биікте, әлдебір патшалық жеңе ме, әлде жеңіле ме, қала гүлдене ме, әлде сола ма, науқас айыға ма, әлде ажал құша ма – оған бәрібір. Гректер Тағдыр құдайын иітіп, мейіріміне бөленуге тырыспады, үндістер де Атманға арнап храм салған емес. Адам барлық тілек-қалауынан баз кешіп, жаман мен жақсыны, тіпті жеңілісті, жоқшылықты, ауру мен ажалды қатар қабылдауға мойынсұнған кезде ғана осынау құдіретті күшке жалбарынудың мәні болды. Мәселен, кейбір үнділер – садху, әлде санья-синалар жанын нұрландыру үшін Атманға жетуге, Атманмен бірігуге өмір бойы талпынды. Олар әлемге осынау әмбебап принцип көзімен қарап, мәңгілік мұраты тұрғысынан бүкіл пендешілік тілектер мен қорқыныштардың өтпелі, баянсыз екенін бағамдауға тырысты. Үнділердің көпшілігі садху емес. Олар Атманға еш қатысы жоқ күнделікті күйбең тіршілікке басыбайлы байланып қалды да айрықша құдіретке ие құдайларға жалбарынды. Міне, сондықтан да үнділердің мүмкіндігі шектеулі, Ганеша, Лакшми, Сарасвати және басқалар құмарпаздық пен жеке мүдде атаулыға теріс қарамайды. Адамдар тиісті «шектеулі контингентпен» мәміле жасасып, соның желеп-жебеуімен соғыста жеңіп шығады немесе ауруынан айыға алады. Политеизмнің ұлы жаңалығы осында: он сегіз мың ғалам құдіреті күшті мүдделер мен құмарлық атаулыдан ада. Ендеше, мына біз өзіміздің пендауи мәселелерімізді шешу үшін жәрдем керек болса, бағынышты әрі құмарлықтан қашпайтын күштерге жүгінуіміз керек. Мұндай кішкентай күштер толып жатыр: жоғарғы принциптің бәрін қамтитын билігінің нақты міндеттерін сәйкесті түрде бөліп-жіктей бастасақ, қисапсыз құдай пайда болады. «Политеизм» дегеніміз, міне, осы. Политеизмнің мән-маңызы аса берік діни тағаттылықтың қалыптасуына ықпал етеді. Көпқұдайшылар жоғары әрі әділетті күштермен қатар, кейбір әрі құмарпаз құдіреттердің бірталайына сенетіндіктен, бір құдайға сыйынушылар басқа құдайлардың бар екеніне әрі құдіреттілігіне шәк келтірмейді. Өз болмысы жағынан политеизм – «күпірлер» мен «кәпірлерді» қудаламайтын ашық тұрпаттағы дін. Тіпті политеисшілерге даңғайыр империяны жаулап алудың сәті түскен кезде де, қол астындағы тұрғындарды өз нанымына тартуға тырысқан емес. Мысырлықтар, римдіктер мен ацтектер Осирис, Юпитер әлде Уицилопочтли дінін тарату үшін алыс елдерге миссионерлер аттандырып, сол үшін әскер жасақтаған жоқ. Бағынышты халықтардан олар өз құдайлары мен діни рәсімдерін сыйлауды ғана талап етті, өйткені олар империяның заңдылығын паш ететін еді. Сөйте тұра, жергілікті құдайлар мен әдет-ғұрыптан бас тартуға ешкімді мәжбүрлемеді. Ацтектер патшалығында бағынышты халықтар Уицилопочтлиге ғибадатхана салуға міндетті болды, әйтсе де бұл храм жергілікті құдайлар мекенінің орнына емес, жанына салынды. Империялық элитаның өзі бүкіл рәсім-жоралғысымен бөгде жұрттың құдайларын қабыл алу оқиғалары да аз емес. Мәселен, римдіктер өз пантеондарына азиялық құдай Кибела мен мысырлық Изиданы қуана қойды. Римдіктер бір ғана құдірет иесін: христиан құдайлары – монотеисшілер мен миссионерлерді мойындағылары келмеді. Рим империясы христиандарды өз нанымдары мен рәсім-жоралғыларынан бас тартуға мәжбүрлеген емес, тек олардың империяның қамқоршы-құдайлары мен император ағзамға құрмет көрсетуін ғана талап етті. Мұның өзі саяси ниеттестікпен парапар саналды. Христиандар бағынудан бас тартып, кез келген келісімнің бетін қайтара берген кезде мұндай «бүлдіргіш сектаны» қуғындауға кірісті. Бірақ мұны тым құлықсыз істеді. Исаны крестке керген кезден бастап император Константин христиандықты мемлекеттік дін ретінде жариялағанға дейінгі 300 жыл ішінде христиандар бар болғаны төрт рет қуғын-сүргінге ұшырады. Кейде тіпті бұған жергілікті билеушілер мен әкімшілік бастамашы болды, әйтсе де үш ғасырдағы бүкіл христиандыққа қарсы науқан құрбандарының санын есептесек, политеист-римдіктер бірнеше мың христианды өлтірген болып шығады1. Салыстыру үшін: келесі 1500 жылда христиандар сүйіспеншілік пен мейірімділік дінін бірыңғай қалыппен дұрыс тәпсірлеуді талап етіп, миллиондаған басқа христиандарды қырып тастады. ХVІ және ХVІІ ғасырларда Еуропаны қаңыратып, қанға бөктірген католиктер мен протестанттар арасындағы діни соғыстар жарасы жазылмай келеді. Жауласушы екі тарап та Исаның құдайы құдіретін және мейірім мен махаббатқа толы Інжілін мойындады. Алайда осынау махаббаттың сипаты жөнінде олардың пікірлері екі айырылды. Протестанттар «құдайдың шапағатының шексіздігі – Құдай адамға айналып, өз тәнін қорлық пен жазаға қиды, осылайша тұңғыш жасалған күнәні өтеп, Исаның құдіретіне сенетіндердің баршасының алдына жұмақтың қақпасын ашып қойды» деп есептеді. Католиктер «діни сенім қажет, бірақ оның өзі жеткіліксіз: жұмаққа жол табу үшін христиан шіркеудің рәсім-жоралғыларына қатысып, ізгілікті іс атқаруға тиіс» деді. Протестанттар католиктердің тұжырымын теріске шығарып, бұл Құдайдың ұлылығы мен оған сүйіспеншілік сезімге қаяу түсіреді деген пікірден танбады: адам өлгеннен кейінгі нәсібі тірліктегі ізгі амалына байланысты деп ойласа, ол жеке басының қадір-қасиетін арттырады да, крестке керілген Исаның азабын місе тұтпай, Құдайдың адамзат қауымына тигізген шапағатын кемсітетінін айтты. Осы діни дау-дамай ушыға келе, ХVІ және ХVІІ ғасырларда католиктер мен протестанттар бір-бірін он, жүз мыңдап қырып тастады. 1572 жылдың 23 тамызында қайырымды істерді ұлықтайтын француз католиктері Құдайдың адамзат баласына сүйіспеншілігіне үлкен мән беретін француз протестанттарына шабуыл жасады. «Варфоломей түні» деген атпен жадта қалған осынау тәулік бойғы қанды қасапта 5-10 мың протестант ажал құшты. Бұл жаңалықты естіген Рим папасының қуанышы қойнына сыймай, мерекелік ғибадат тағайындап, Джорджо Вазаридің қантөгіс көрінісін мәңгіге есте қалдырарлық фреска жасауына тапсырыс берді (қазіргі кезде Ватиканның бұл бөлмесінің есігі келушілер үшін жабық тұр)2. 24 сағат ішінде, басқа конфессияның емес, христиандардың қолынан христиандар, Рим империясындағы қуғын-сүргіннің бүкіл тарихындағы құрбандықтардан да көп адам қаза тапты.
Жалғыз Құдай Уақыт өткен сайын политеизмнің кейбір жақтаушылары өздерінің жекелеген құдайларын құлай сүйіп, көпқұдайлықтың негізінен тайқи бастады. Олар өз құдайлары – жалғыз екеніне, сол ғана ғаламның құдіреті жоғарғы күші екеніне сенетін болды. Оның үстіне, сол құдай өзіне тән құмарлықтары мен мүдделерін ұмытқан жоқ, демек, онымен келісімге келуге әбден болады деп пайымдады. Осылай монотеистік діндер дүниеге келіп, оның жолына түскендер лотереядан ұтысқа шығару, ауру-сырқаттан сауықтыру немесе соғыста жеңу туралы өтініштерін ғаламның құдіреті жоғары күшінен жалбарынып сұрауға көшті. Бізге мәлім алғашқы монотеистік дін Мысырда б.з.д. 350 жылы Эхнатон перғауын тығыз орналасқан Мысыр пантеонының кішкентай құдірет иелерінің бірін – Атонды – әлемді басқаратын ең жоғарғы Құдай ретінде жариялаған кезде пайда болды. Эхнатон Атонның культін мемлекеттік дінге айналдырып, басқа құдайларға табынуды тоқтатты немесе мейлінше азайтты. Діни реформа тоқырап тынды. Перғауын өлгеннен кейін халық оның көктегі желеп-жебеушісін ұмытып, бұрынғы құдайларына қайтып оралды. Политеизм мұндай монотеистік діндерді қайта-қайта туындатты, бірақ олардың бәрі маргиналдық деңгейде қалып қойды, себебі олар, ең алдымен, өздерінің әмбебап жолдауларын тәпсірлеуге қабілетсіз болды. Мәселен, иудаизм бүкіл ғаламның жоғарғы күшінің өз мүдделері мен қалауы бар әрі оның басты мүддесі ат төбеліндей шошайған аз ғана еврей халқы мен ешкімге белгісіз жер пұшпағы Израильге бағышталғанын баян етті. Басқа халықтарды бұл дін ештеңемен емексіте алмай, өз тарихының ұзын-ырғасында миссионерліктен бойын аулақ салып келді. Діннің осы сатылық кезеңін «жергілікті монотеизм» деп атауға болады. Бұл жолдағы ұлық құбылыс христиандық қадам еді. Ол назареттік Исаны көптен күтіп жүрген Мәсіх деп санаған эзотериялық иудей сектасынан бастау алды. Алайда сектаның алғашқы жетекшілерінің бірі Тарстік Павел: ғаламның құдіреті жоғары иесінің өз қалауы болса, әрі адамзатты құтқару үшін басқа кейіпке еніп, крестке керіліп өлуді қаласа, бұл хақында тек еврейлер емес, барша жұрт білуге тиіс, Иса туралы ізгі хабарды – Інжілді – барлық жерге тарату керек деп ойлады. Павелдің дәлелдер дәні құнарлы топыраққа түсті. Христиандар миссионерлік іс-әрекетті кеңінен өрістетіп, барша халыққа жар салды. Тарихтың таңғаларлық тәлкегінің бірі осы: экзотериялық иудей сектасы аса қуатты Рим империясын өз нанымына қаратты. Христиандықтың табысы VІІ ғасырда Араб түбегінде қалыптасқан басқа монотеистік дінге – исламға шабыт бітірген үлгі болды. Христиандық сияқты шет аймақ, шалғай түкпірдегі шағын сектадан бастау алып, көз ілеспес, таңғажайып шапшаңдықпен Арабия шегінен атып шығып, Атлант мұхитынан Үнді мұхитына дейін көсілген алып империяны бағындырды. Сол кезден бастап монотеизм тарихтың қозғаушы күшіне айналды. Политеисшілдерге қарағанда, монотеисшілдер әлдеқайда қияли әрі миссионерлікке бейімдеу болып шықты. Басқа діндердің өмір сүру құқығын мойындау үшін екі нәрсенің біріне ғана жол беру керек еді: не сенің құдайың бүкіл ғаламға билік жүргізуді толықтай қолына алады, не сенің дінің аса күрделі әмбебап ақиқаттың бір қыры ғана болып қала береді. Монотеисшілдер жалғыз құдай туралы толық білім иеленгендіктеріне сенімді болғандықтан, басқа діндердің барлығына жеккөрінішпен қарады. Соңғы 2000 жылда монотеисшілдер бәсекелестерін аяусыз қыра отырып, бірнеше мәрте өз позицияларын нығайтуға тырысты. Олар өте табысты іс-әрекеттер жасады. Біздің дәуіріміздың бас кезінде монотеисшілдер саусақпен санарлықтай еді. Б.з. 500 жылдарына таман ұлы империя – Рим мемлекеті – христиандықты мемлекеттік дін ретінде уағыздап, миссионерлер оны Еуропаның, Азия мен Африканың басқа бөліктеріне ынтызарлықпен таратты. Бірінші мыңжылдықтың аяқ шенінде Еуропа, Батыс Азия мен Солтүстік Африка тұрғындарының көпшілігі монотеисшілер болды, Атлант мұхитынан Гималайға дейін созылған империялар өздерін бір ғана Құдайдың шарапатынан жаралғанбыз деп есептеді. ХVІ ғасырдың қарсаңында монотеизм, Шығыс Азия мен Африканың оңтүстік жиегін қоспағанда, бүкіл Африка мен Азия аумағының түгелге жуығына үстемдік құрып, Оңтүстік Африкаға да, Америка мен Мұхит аралдарына да құшағын соза бастады. Енді, Шығыс Азияны айтпағанда, бүкіл жер бетінде әлдебір монотеисшіл дін уағыздалып, әлемдік тәртіп атаулы шетінен монотеисшілдік негізге сүйенеді. Әйтсе де политеисшілдіктің ішінде анимизмнің көптеген нышандары сақталғаны сияқты монотеисшілдіктің бойында да политеисшілдік үрдісі қалып қойды. Құдіреті жоғары күштің өз мүдделері мен ықылас-қалауы барына сенген адам оған бағынышты кішкене құдайларға табынып не қылады? Президенттің есігі айқара ашық тұрса, жұрт ұсақ-түйек шенеунікке жолығып әуре бола ма, сірә? Монотеизм құдіретті бір Құдайдан басқа тәңірлердің бәрін теріске шығарып, оған табынғандардың бәріне тозақтың отын сес қылады.
5-карта. Христиан және ислам діндерінің таралуы Бірақ діни ілім мен тарихи шындықтар арасында әрқашан алшақтық болады. Адамдардың көпшілігі монотеисшілдікті толық қабылдай алмайтын болып шықты. Олар әлемді бұрынғысынша «біз» бен «оларға» бөлуден танбады, ғаламның құдіреті күшті иесі де тым алыс әрі жатбауыр, күнделікті мұқтаждыққа үн қатпайтындай қалыпта көрінді. Монотеисшіл діндар кернейлете-сырнайлата бүкіл құдайларды есіктен қуып шықты, ал құдайлар сол мезетте тесіктен кіріп жатты. Мәселен, христиандар жасаған қасиетті адамдар пантеонына табыну культінің политеистік культінен айырмашылығы аз еді. Юпитер – Римді, ал Уицилопочтли ацтектер империясын қорғаштағаны сияқты әрбір христиан корольдігінің де қиындықтарды еңсеріп, соғыстарда жеңіп шығуына жәрдемдесетін өз жебеушілері, қасиетті қамқоршылары болды. Англияны – қасиетті Георгий, Шотландияны – киелі Андрей, Венгрияны – қасиетті Стефан, Францияны әулие Мартин қорғады. Қала мен кенттің, мамандықтың тіпті сырқат-кеселдің барлық жерлерде өз киелері бар еді. Милан қасиетті Амвросийге үміт артса, Венецияны қасиетті Марк желеп-жебеді. Киелі Флориан мұржа тазалаушыларды жарылқаса, әулие Матфей алым-салық жинаушыларды пәле-жаладан қорғаштады. Бас ауруынан қиналғанда қасиетті Агафияға, ал тісі ауырғанда оған емес, киелі Аполлонияға сыйыну керек. Христиандық әулиелер баяғы көп құдайларға жай ғана ұқсас емес, жаңа кейіптегі солардың өзі еді. Мысалы, христиандықты қабылдағанға дейін ирландтық кельттердің жоғарғы құдайы Бригид болды. Елді шоқындыру барысында Бригидті де шоқындырып, қасиетті Бригидке айналдырып жіберді, әлі күнге дейін ол католиктік Ирландиядағы ең көп мінәжат етілетін әулиелерінің бірі.
Ізгілік пен жауыздықтың шайқасы Политеизм тек монотеистік емес, сондай-ақ дуалистік дінді де туындатты. Дуализм екі қарама-қарсы күштің – ізгілік пен жауыздықтың барын мойындайды. Монотеизмнен айырмашылығы, дуализм жауыздықты жеке күш есебінде сипаттайды. Оны мейірімді құдай жаратпаған. Жауыздық ізгілікке бағынбайды. Ғалам осы екі күштің текетірес аймағы, әлемде болып жатқан құбылыстың барлығы жауыздық пен ізгіліктің күресі. Дуализм аса тартымды дүниетаным болып шықты, өйткені ол атышулы жауыздық мәселесіне, адамзатты толғандырған: «Қиянат қайдан шығады? Бейнет неден пайда болады? Неліктен жақсы адамдар жапа шегіп, бақытсыздыққа ұшырайды?» деген түйінді сауалдарға қатысты қарапайым да нанымды жауап береді. Ал бәрін білетін, бәріне құдіреті жететін шарапатты Құдай соншама жауыздық пен азапқа неліктен жол беретінін түсіндіру үшін монотеисшілдерге біршама күрделі интеллектуалдық эквилибристика қажет. Ең жақсысы, түсіндірме ретінде еркін қалау тұжырымдамасы түзілді. Жауыздық болмаса, адам баласы адамгершілікті таңдамас еді, соның салдарынан қалау еркіндігін де иелене алмас еді. Бірақ мұндай жауап бұлыңғырлау әрі тағы ондаған жаңа сұрақты туындатады. Мәселен, қалау еркіндігі жауыздықты таңдауға жол ашады. Адамдар жауыздықты таңдайды да, одан әрі монотеисшілдік жүйеде әдетте көктің жазасы келеді. Ал Құдай тағала нақты адамның қалау еркіндігін жауыздыққа пайдаланып, тозақтың мәңгілік азабына түсетінін алдын ала білсе, ол әлгі сорлыны не үшін жаратты? Діндар ғұламалар осы сұраққа жауап іздеп, талай том кітап жазды. Бірі жауаптарды – нанымды, келесілері сенімсіз санайды. Әйтеуір жауыздық мәселесін меңгеру монотеисшілдерге оңайға түспейтіні айдан анық. Ал дуалистерге бұл дәнеңе емес. Жақсы адамдардың жапа шегіп, бақытсыздыққа ұшырау себебі: әлемді бәрін білуші, бәрінен құдіретті әрі бәрін ізгілікке бөлеуші Құдай басқарады. Әлемде Құдайдың құдіретіне тәуелсіз жауыз күштер де өріп жүр. Сол қарау күштер бақытсыздыққа ұшыратады. Қарапайым да жатық түсіндірме тіпті монотеисшілдер де бұған саналы түрде бас шұлғиды. Дуализмнің өз кемшіліктері бар. Иә, жауыздық мәселесін бұл дүниетаным оп-оңай әрі қарапайым түрде шеше салатыны рас. Енді тәртіп мәселесі туындайды. Әлемде екі күш қарама-қарсы тұрып тірессе, осы күреске жол беретін заңды кім шығарған? Мәселен, екі мемлекет соғысқа кірісуі мүмкін, өйткені олар бір кеңістікте және уақыт ағымында өмір сүріп, табиғаттың бірдей заңына бағынады ғой. Пәкістаннан ұшқан зымыран физика заңы екі елге ортақ болуына байланысты Үндістан аумағындағы нысананы жойып жібереді. Ал енді ізгілік жауыздықпен шайқасқан шақта қандай ортақ заңдылыққа бағынады және де сол заңдарды оған кім нұсқайды? Дуалистер жауыздық мәселесін түсіндіріп бере білді, бірақ тәртіп мәселесін жапсарлауға шамасы жетпеді. Монотеисшілдер тәртіп мәселесін шешкенімен, жауыздыққа келгенде сүріне береді. Жұмбақтың логикалық шешімі бар: он сегіз мың ғаламды жаратушы, бір ғана құдіреті күшті Құдай бар, жауыздықты жасайтын да осы Құдай деп топшылауға болады. Бірақ тарихта мұндай жорамалды ашып айтуға ешкімнің тәуекелі жеткен емес. Дуалистік діндер мың жылдан аса өркендеді. Б.з.д. 1500–1000 жылдар аралығында Орталық Азияда Заратуштра пайда болды. Оның ілімі ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, біртіндеп ең танымал дуалистік дін – зороастризмге айналды. Зороастризм мына дүниені ізгі құдай Ахура-Мазда мен жауыз Ангра-Манью арасындағы жалпығарыштық шайқас алаңы ретінде қарастырды. Зороастризм парсының Ахемен әулеті империясы (б.з.д. 550–330) кезінде маңызды рөл атқарып, кейін Сасан әулеті империясы (б.з. 224–651) тұсында парсылардың мемлекеттік дініне айналды. Дуализмнің осынау түрі Таяу Шығыс пен Орта Азияның кейінгі діндеріне елеулі әсерін тигізіп, көптеген жақсы нұсқаларын, соның ішінде гностицизм мен манихейлікті туындатты. Б.з. ІІІ–ІV ғасырларында манихейлік Қытайдан Солтүстік Африкаға дейінгі кеңістікке қауға тиген өрттей тез таралып, тіпті кейбір сәтте Рим империясындағы христиандықпен бәсекеге түсті. Бірақ манихейлік есесін жіберіп алды: Рим рухы христиандар қолында қалып, зороастризмді дәріптеген Сасанидтер империясын басқа монотеисшіл дінді уағыздаушылар – мұсылмандар тізе бүктіріп, дуализм өз ұстанымын жоғалтты. Күні бүгінге дейін шөкімдей дуалистер шоғыры Үндістан мен Таяу Шығыста ғана қалды. Қалай болғанда да, монотеизмнің тегеурінді қысымы дуализмді түгелдей жойып жіберген жоқ. Иудаизм, христиандық пен ислам көптеген дуалистік ұғымдар мен рәсімдерді бойына сіңіріп алды. Осынау монотеисшіл діндердің іргелі идеяларының арасынан болмысы мен шығу тегі жағынан дуалистік тұжырымдамаларды қайталайтын негіздерді ұшырастырамыз. Христиандардың, мұсылмандар мен иудаистердің басым бөлігі жауыз күштердің барын мойындады: христиандар оны жын-шайтан деп атайды – олар өз бетінше дербес әрекет етіп, Құдайға қарсы күреседі, Жаратушы Иенің рұқсатынсыз ойына келгенін істеп, ойран салады деп пайымдайды. Бірақ монотеисшіл қауым мұндай дуалистік ұғымға (Ескі өсиетте мүлдем айтпаған) қалайша елігеді? Логика көзқарасы тұрғысынан олар монотеизммен сыйыспайды: сіз не бір ғана құдіретті Құдайға, не бір-біріне қарама-қарсы тұратын екі күшке сеніңіз, олардың екеуі де құдіретті емес. Бірақ адамның басы қосылмайтын нәрселерді бір-біріне қоса алатын ғажайып қабілеті бар. Міне, сондықтан миллиондаған тақуа христиандардың, мұсылмандар мен еврейлердің бір мезетте құдіреті күшті құдайға да, өз бетінше сабылған сайтанға да қатар сенгеніне таңғалуға болмайды. Шайтанмен күресу барысында ізгі құдайға көмектесуге тиіс деген иудаистер, христиандар мен мұсылмандар тіпті асыра сілтеді. Ол асыра сілтеу крест жорығы мен жиһад екені белгілі ғой. Дуализм әсіресе гностицизм мен манихейлік дін үшін аса маңызды негізгі тұжырымдаманың бірі – жан мен тәнді, рух пен денені бір-біріне қатаң түрде қарсы қояды. Гностиктер мен манихеилер ізгі құдай – рух пен жанды жаратты, ал материалдық нәрселердің бәрін, соның ішінде денені жасаушы – жауыз құдай деп есептейді. Адам пәк таза жан мен күнәһар тән арасындағы шайқас алаңы ретінде қарастырылады. Монотеизм үшін бұл қисынсыздық болып көрінер: жан мен тәнді, материя мен рухты не үшін бөледі? Неліктен материя мен дене күнәһар болуға тиіс, екеуін де бір ғана ізгі құдай жаратты емес пе? Бірақ монотеисшілдер мұндай дихотомияның (жүйелі әрі кезекпен жікке бөлудің) ырқына түсіп қала берді, өйткені олар жауыздық мәселесін шешуге көмектесті, содан мұндай қарсы қою үрдісі христиандықта да, мұсылмандықта да философиядағы түйіні қиын, күрмеуі күрделі мәселеге айналды. Ізгі құдай патшалығы саналатын жұмақ пен оның жауыз «егізі» басқаратын тозаққа сену де дуалистік пайымнан шыққан еді. «Көне өсиетте» мұндай ұғымдардың да, сондай-ақ тәні өлгеннен кейін адамның жаны өмір сүре беретіні туралы тұжырымның да ізі жоқ. Шын мәнінде, монотеизм монотеисшілдік, дуалистік, политеисшілдік және анимистік сенімдердің ала-құла қоспасы ретінде жалғыз құдай ұранымен қалыптасты. Діндерді зерттеушілер қарама-қайшы, тіпті бір-бірін теріске шығаратын идеяларды, әртүрлі мәдениеттерді, рәсімдер мен рухани тәжірибелердің үйлесімін «синкретизм» деп атайды. Бәлкім, тап осы синкретизм әлемдегі жалғыз әрі ұлы дін болып қалатын шығар.
Табиғат заңы Осыған дейін әңгіме қылған діндердің барлығына ортақ бір ерекшелік бар: ол – құдайларға және басқа да тылсым күштерге, табиғаттан тысқары тіршілік иелеріне сену. Монотеисшіл және политеисшіл діндерге бой үйретіп, ой толғаған Батыс тұрғынына бұл өздігінен түсінікті, шындығын айтсақ, діндердің тарихы құдайлардың тағдырына барып тіреле бермейді. Б.з.д. бірінші мыңжылдықта Афроазия кеңістігінде мүлде басқаша бағыттағы діни ағымдар: Үндістанда джайнизм мен буддизм, Қытайда даосизм мен Конфуций ілімі, Жерорта теңізі алабында стоицизм, кинизм, эпикурейлік тарала бастады. Бұл ілімдердің бәрі құдайды айналып өтті. Бұл діндер әлемді басқарушы адамнан жоғары тұрған тәртіп құдайдың ырқымен немесе қалауымен емес, табиғат заңымен қалыптасқанына сендірді. Осы «табиғи» діндердің кейбіреулері құдайлардың бар екенін теріске шығарған емес, бірақ олар адамдармен, жануарлармен және өсімдіктермен қатар тұрып, табиғат заңдарына бағынды. Пілдер мен жайра сияқты оларға да биожүйеден орын берді, табиғат заңдарына олар пілден артық әсер ете алмады. Мұндай дүниетанымның жарқын мысалы – әлі күнге дейін әлемдегі басты діндердің бірі саналатын – буддизм. Буддизмде жетекші рөл құдайда емес, Сиддхартха Гаутама атты адамда. Ол б.з.д. 500 жыл шамасында Гималай қойнауындағы шағын патшалықта дүниеге келген. Бозбала шағында бекзаданы адамзаттың айықпас азабы қатты күйзелтеді. Ол қайда барса да еркектер мен әйелдердің, балалар мен қариялардың тек табиғи апаттардан, соғыстардан, ауру-сырқаудан азап шегіп, мехнат тартып қана қоймай, үрей-қорқыныштан, түңілу мен наразылық сезімінен де қиналатынын көріп жүрді. Мұның бәрі адамның жазмышы сияқты көрінді. Адамдар байлық пен билікке ұмтылып, білім мен дүние-мүлік сатып алды, ұл мен қыз өсіріп, үйлер мен сарайлар салды. Бірақ қол жеткен табыстардың ешқайсысы оларға қанат бітірмеді. Кедей тұратындар байлық туралы армандады. Миллион тапты ма? Енді екі миллион тапқысы келеді. Екі миллион тапты ма? Енді оған он миллион керек. Тіпті бай және даңқты адамдар да өмірдің қуанышына кенеле алмайды. Ауру-сырқау, кәрілік пен ажал ақырғы нүктесін қойғанша, оларды шеті мен шегі жоқ уайым-мұң мен үрей-қорқыныш мазалай береді. Сол кезде адамның тапқан-таянғанының бәрі буша сейіліп кетеді. Өмір – мән-мағынасыз жанталас. Сонда не істеу керек және өзіңді қалай құтқаруға болады? 29 жасында Гаутама жасырын, түн ішінде сарайды тастап шығып, отбасынан да, байлықтан да баз кешіп, адами азаптың тұйық шеңберінен шығар жол іздеу қамымен дүниені кезуге аттанды. Ол ашрамаларды аралап, гурулардың аяғын құшып, түрлі әдістемелерді байқап көрді, бірақ олардың ешқайсысы оның жанын бұғаудан босата алмады, әрдайым көңілінде қанағаттанбау табы қалып қойды. Гаутама алған бетінен қайтпады. Ол өз бетінше азаптың табиғатына бойлай еніп, толықтай азаттық алатын, күйзелістен арылатын жолды табуға бел буды. Адами бейнеттің мәні, себептері мен одан арылу амалдары туралы медитация жасады. Соның нәтижесінде ол азапты туындататын жазмыш әлеуметтік әділетсіздік пен құдайлардың қитұрқысы емес деген қорытынды түйді. Азап атаулының себепшісі алаң көңіл екен. Гаутама адамның кез келген тәжірибеге жаңа тілекпен жауап беретінін, ал тілек атаулы қанағаттанбау сезімін туындататынын тапты. Сезім жайлы болса, сана соны тағы тілейді. Ол ләззаттың толас таппай, еселене беруін талап етеді. Әлдене ұнамаса, сана одан, өзінің тынышын алған нәрседен құтылуға тырысады. Ақырында, сана ешқашан қанағат таппай, үнемі мазасыздана береді. Бұл айдан анық жайт, біз әлдебір жайсыздықты, мысалы, ауру-сырқауды бастан өткерген шақта әбден айыққанша мазасызданып, одан құтылудың түрлі жолын іздестіріп бағамыз. Алайда ләззат та бізге тыныштық бермейді, әлгі рақат әне-міне түгесіліп қала ма деп қорқамыз немесе үлкен нәрселер туралы армандаймыз. Адамдар талай жыл махаббатын іздейді, ал тапқан кезде көбі көл-көсір қуана алмайды: біреулері сол бойда бұл күйдің өтпелілігінен қауіптенеді, ал басқалары, керісінше, талғамы төмендеп кеткенін, таңдай берсе бұдан да тәуірін табатынын ойлап, күйінеді. Тіпті осы екі жайтты қатар ойлап, сарыуайымға түсетіндер де жетерлік.
6-карта. Буддизмнің таралуы.
Ұлық құдайлар жаңбыр жібере алады, әлеуметтік институттар сот пен денсаулық сақтау ісін қамтамасыз етеді, сәтті оқиға тақыр кедейді миллионерге айналдырады, бірақ санаға сіңіскен стереотиптер өзгермейді. Сондықтан ұлы патшалар да азап-бейнет пен уайым-қайғыдан қалай да қашып құтылып, осынау жанталасқан тірлікте тағы да біршама бақытқа кенелу жолын ойша саралап, қорқынышпен күн кешеді. Гаутама шырғалаң шеңберді үзіп шығудың тәсілін тапты. Әр нәрсені сол қалпында қабылдауды үйренсең, азапты сезім сейіліп жүре береді. Мұңға батсаңыз, бірақ одан тезірек құтылуды қаламасаңыз, онда мұң жайына қалады да, одан жапа шекпейсіз. Керісінше, қазына тауып аласыз. Қуанышты сезініп, осы шат-шадыман сәтті еселей түсу немесе ұзарту үшін бір нәрсе жасауға асықпасаңыз, онда жан тыныштығын жоғалтпай қуана бересіз. Алайда тілекті түрткі қылмай, жаманды да, жақсыны да қабылдай беруге сананы қалай көндіруге болады? Ауруды – ауру, қуанышты – қуаныш, мұңды – мұң қалпында қабылдауға бола ма? Гаутама медитацияның – дәл шындықты сол қалпында, күйзеліссіз, толқымай қабылдауға сананы жаттықтырудың тәсілдерін жасады. Бұл жаттығулар адамның «Қазір нені сезінгім келер еді?» деген сауалға емес, «Қазір нені бастан өткерудемін?» деген сұраққа түбегейлі назар аударуына жәрдемдеседі. Мұндай жағдайға жету қиындау, бірақ мүмкін емес нәрсе жоқ. Адамдардың зәру тәжірибеге уайым-қайғысыз және ой-қиялсыз жетуіне жәрдемдесу үшін Гаутама этикалық постулаттар жиынтығының медитациялық тәсілдеріне негіз қалады. Ол өзінің ізбасарларын кісі өлтіруден, зинақорлық пен ұрлық жасаудан қашуға үндеді, өйткені мұндай қылықтар лас (билікке, нәпсі тоятына, байлыққа және т.б.) құмарлықты оятады. Құмарлық оты әбден сөнген кезде толық қанағаттанғандық пен рақатқа бөлену, нирвана (бұл сөздің тура мағынасы – («оттың өшуі») ахуалы жайлайды. Нирванаға жеткендер азаптан біржола арылады. Жағымсыз сезім мен ауру зардабы оларға әлі де қауіп төндіреді, бірақ бұл тәжірибе оларды енді бақытсыздыққа ұрындырмайды. Ештеңе тілемейтіндер ешқандай күйзеліске түспейді. Буддалық дәстүрге сай Гаутаманың өзі нирванаға жетіп, азап-бейнеттен толықтай арылды. Сол сәттен бастап оның «Будда», «Жарқын жан» ретінде даңқы шықты. Өмірінің қалған бөлігін Будда шәкірттеріне өз жаңалығын түсіндіріп, барша адамды азаптан құтқаруға талпынумен өткізді. Өз ілімінің мәнін ол бір ғана заңға бағындырды: азаптан біржола арылу үшін тілек тілеуді мүлде доғару керек, өмірдің шындығын сол қалпында қабылдағанда ғана тілек-қалаудан толық құтылуға болады. Бұл заңды («дхарма заңын») буддистер ғаламның әмбебап қағидасы санайды. Заманауи физикадағы әрқашан, әрі барлық жерде дұрыс E=mc2 теңдеуі сияқты «тілек-қалаулардан азап туындайтыны» туралы тұжырым әрдайым және барлық жерде дұрыс саналады, Буддашылар – осы заңды жақтаушылар, ол бүкіл ережелер мен іс-әрекеттердің түйініне баланады. Олар құдайларға аса мән бермейді. Монотеизмнің бірінші заңы: «Құдай бар. Ол менен нені талап етеді?» дегенге саяды. Буддизмнің бастапқы заңы басқаша: «Азап бар. Одан қалай арылуға болады?». Буддизм құдайлардың бар екенін теріске шығармайды: жаңбыр жаудыратын, әлде жеңіс сыйлайтын құдіреті жоғары болмыс бар, бірақ олар табиғат заңына еш әсерін тигізе алмайды. Бақыт пен азап – табиғаттың бұлжымас заңының жемісі, ол құдайларға мүлде тәуелсіз әрекет етеді. Адамның рухы тілек-қалаудан арылса, оны құдайлардың ешқайсысы бақытсыз қыла алмайды, керісінше, жан-дүниесіне тілек еніп кеткендерді ғаламның бүкіл құдайы жұмылса да, азап пен мехнаттан құтқарып қала алмасы белгілі дейді. Алайда политеизм әсерінен құтыла алмаған монотеисшілдік дін сияқты «табиғат заңының» көне діні де құдайлар культін сақтап қалды. Буддизм құдайлардың бар екенін мойындап, оларға жаңбыр мен жеңіс сыйлау қабілетін дарытты. Бұл ілім адамның асқақ мақсаты ретінде азаптан аққұла құтылып, экономикалық игілік пен саяси билік сияқты өткінші нәрселер төңірегінен оңтайлы шешім іздемеуге кеңес береді. Сөйте тұра, буддистердің 99,9%-ы нирванаға жете алмайды, тіпті оған болашақта дүниеге қайта келгенде жетуге үміт артқанымен, қазіргі өмір сәттерін пендеуи істерге сарп етеді. Соған сәйкес олар көбінесе әртүрлі – Үндістанда үнділердің, Тибетте бондардың, Жапонияда синтоиттік құдайларға табынуға мәжбүр болады. Оның үстіне, уақыт өте келе буддалық секталар буддалар мен бодхиствалар пантеондарын жасады. Бұл адамдар да, адами емес болмыс өкілдері де азап қыспағынан азаттық ала білді. Бірақ осы артықшылықтан жанашырлықпен бас тартып, тауқыметтің тұйық шеңберінен шыға алмай, шыр айналған сансыз сорлыларға жәрдемдесе берді. Буддистер құдайларға емес, тап осындай жаны жарқын, жаратылысы нұрлы тіршілік иелеріне тағзым етіп, нирванаға ғана емес, сондай-ақ барлық пендеуи істе жетістіктерге жетуге жәрдемдесулерін сұрайды. Осылайша буддистер мен бодхиствалар Шығыс Азияның әртүрлі аймағында жаңбыр жаудырып, індетті тойтарды, соғыста жеңіп шығуға көмектесті. Өтеуіне мінәжат етуді, гүл шоғы мен хош иісті бұйымдар, күріш пен түрлі тәтті тағамдар сыйлауды талап етті.
Адамға табыну Соңғы үш жүзжылдықты көбінесе секуляризм кезеңі: діндер біртіндеп мән-маңызын жоғалта бастаған дәуір деп атайды. Теистік діндерге қатысты бұл пікір дұрыс сияқты көрінеді, ал «табиғат заңдары» діндеріне келсек, жағдай мүлдем басқаша тұр. Олар үшін қазіргі дәуір жаппай діни энтузиазмнің, бұрын-соңды байқалмаған миссионерлік ұмтылыстың және бүкіл тарих ағымындағы қансоқта діни соғыстардың заманына айналды. Қазіргі дәуірде либерализм, коммунизм, капитализм мен нацизм сияқты «табиғат заңдарының» көптеген жаңа нанымдары пайда болды. Бұл ілімдер өздерін дін деп атағанын жақтыртпайды, олар идеология болып саналды. Бірақ бұл лингвистикалық иірім ғана. Адами өреден жоғары тұрған құдіретті тәртіпке сенуге негізделген нормалар мен құндылықтар жүйесін солай атайтындықтан, коммунизмді де ислам сияқты нышандарымен дін деп атауға әбден болады. Әрине, екеуінің арасында көзге ұрып тұрған айырмашылықтар баршылық: ислам әлемді басқаратын адами өреден жоғары тәртіпті құдіреті күшті Жаратушы Ие орнатқан деп сенеді, ал Кеңес коммунистері құдайларға мүлдем сенген жоқ. Буддизмнің де құдайларға онша бүйрегі бұра қоймады, сөйте тұра, оны дін дейміз. Буддаистер сияқты коммунистер де іс-әрекетімізді басқарып отыратын адами қабілеттен жоғары тұрған табиғи әрі бұлжымас заң барын мойындады. Буддистер мұндай бастапқы заңды ашушы ретінде Гаутаманы, коммунистер Карл Марксті, Фридрих Энгельс пен Владимир Ильич Ленинді мойындап, ардақ тұтты. Ұқсастықтар осымен біте салмайды. Басқа діндер сияқты коммунизмнің де өзіндік қасиетті һәм пайғамбарлық жазбасы бар: ол – тарих ағымы пролетариаттың бет қаратпас жеңісімен аяқталатынын болжаған Маркстің «Капиталы». Коммунистердің де ерекше мерекелері – Бірінші мамыр мен Қазан революциясының бірнеше жылдығын атап өтуі салтқа енді. Өзіндік уағызшылары – марксшіл философтары бар: Кеңес армиясы қатарында солдаттар мен офицерлердің рухын көтеруге жауапты капеллан-комиссарлар қызмет етті. Коммунизмнің өз азапкері, өзінің қасиетті соғыстары, өз мүртидтері, мысалы, троцкизм болды. Кеңестік коммунизм дегеніміз – бірбеткей миссионерлік дін еді. Коммунизм христиандық та, буддалық та сенімдермен санаспады, шынайы коммунист өз өмірін қиса да, Ленин мен Маркстің інжілін таратуға ықпал етуге тиіс болды.
Дін дегеніміз – адамнан жоғары тұрған тәртіпке сенуге негізделген адами нормалар мен құндылықтардың жүйесі. Салыстырмалылық теориясы – қандай жағдайда да өзінен ешқандай құндылықтар мен нормалар туындата алмайтындықтан, әзірше дін емес. Жұрт табынатын футбол да дін емес: өйткені оның тәртіптері жоғарыдан түсті деп ешкім айта алмайды ғой. Ал ислам, буддизм мен коммунизм – діндер, себебі бұлар адамнан жоғары тұрған тәртіпке сенуге негізделген адами нормалар мен құндылықтарды білдіреді («адамнан жоғары» және «табиғаттан жоғары тұрған» деген ұғымдардың айырмашылығы барын атап өтеміз. Будданың табиғат заңы мен маркстік экономика заңы – адамнан жоғары тұр, өйткені оларды адамдар нұсқаған жоқ. Әйтсе де олар «жаратылыстан жоғары» тұрған емес). Кейбір оқырмандарға мұндай пікір, бәлкім, тым ерсі көрінер. Қаласаңыз, коммунизмді дін емес, идеология дей беріңіз, бұдан келіп-кететін ештеңе жоқ. Құдайға ұмтылатын дінге, табиғи заңдарды негізге алатын құдайсыз идеологияға назар аударайық. Жүйелілікті сақтау үшін біз буддизмнің, даоцизм мен стоикшіл секталарды дінге емес, идеологияға жатқызуға мәжбүр боламыз. Керісінше, құдайларға сену бүгінгі идеологияларда сақталғанын, солардың кейбірінің, әсіресе либерализмнің ондай наным-сенімсіз мәні жоғын атап өтеміз.
* * * Қазіргі діндердің барлығының тарихын көктей шолу бір тараудың аясына сыймас еді. Осынау нанымдар арасына айқын шек қойып, шеп белгілеу де оңай шаруа емес. Олар монотеизм мен заманауи буддизм сияқты соншалық синкретті ілімдер. Буддистер үнді құдайына табынып, ал монотеисшіл адам шайтанның бар екеніне сенетіні сияқты қазіргі америкалық та бойына ұлтшылдық сезімді (айрықша тарихи миссиясы бар америка ұлтының бар екеніне сену), еркін нарық жақтаушысын (ашық бәсеке мен эгоистік мүдде қоғамдық өркендеуге игі түрде ықпал ететініне сену) және либералды гуманисті: (Жаратушы Ие адамдардың барлығына ажырамайтын құқықтар бергеніне сену) ұтымды түрде ұштастырып, ұялата білген. Ұлтшылдық туралы 18-тарауда айтамыз; бүгінгі діндердің ең үздігі – капитализмге 16-тарауды тұтастай арнап, осы кредоның негізгі жай-ахуалын, рәсім-жоралғыларын талдаймыз. Ал осы тарауда мен тек гуманистік діндерге ғана тоқталамын. Теисшіл діндер құдайларға табынуға ден қояды. Гуманистік діндер адамды, дәлірегі, Homo sapіens-ті ардақ тұтады. Гуманист адам Homo sapіens-тің ғаламат әрі қасиетті болмысына, осынау тіршілік иесінің өзге жануарлар мен табиғат құбылыстарынан түбегейлі түрде ерекшеленетініне сенеді. Homo sapіens-тің ғажайып болмысы гуманист үшін жарық дүниедегінің бәрінен қымбат көрінеді. Жоғары игілік дегеніміз – Homo sapіens ардақ тұтатын игіліктер. Бүкіл әлем мен ондағы нәрселердің барлығы тек осы түр үшін өмір сүреді. Гуманистердің барлығы адамға табынады, бірақ оны әрқалай түсінеді. Гуманизм үш қарсылас сектаға бөлініп, бұрын «құдайды» айқын түсіндіру үшін шайқасқан христиан конфессиялары мен секталары сияқты «адамзат» атауының дәл түсіндірмесі туралы аянбай айтысып келеді. Қазіргі кезде гуманистердің негізгі ағымын либералды гуманистер құрайды, олар әрбір жекелеген адамды баға жетпес байлыққа балайды. Либерал гуманистердің сеніміне сәйкес адамның қасиетті болмысы Homo sapіens түрінің әр өкілінің бойында бар. Адами индавидтің осы бір ішкі болмысы ғаламға мән-мағына дарытып, кез келген моральдың және саяси абырой-беделдің қайнар көзіне айналады. Кез келген адамшылық немесе саяси міндеттерді атқара отырып, адам өзінің ішкі жан дүниесіне үңіліп, ішкі үніне, гуманизм уәжіне құлақ түруге тиіс. Либералды гуманизмнің негізгі ұстыны – ішкі дауыстың киелілігін сыртқы кедергіден, кез келген зорлық-зомбылықтан сақтау. Либералдық гуманизмнің өсиеттерін жинақы түрде «адам құқықтары» деп атайды. Соның ішінде әрі осы себепке орай либералдар азаптау мен өлім жазасына қарсы шығады. Жаңа замандағы Еуропаның елең-алаңында кісі өлтірушілер ғарыштық теңгерімді бұзады, тепе-теңдікті қалпына келтіру үшін оларды қинап, жұртшылықтың көз алдында өлтіру керек, тәртіп қалай қалпына келтірілетінін барша жұрт көруге тиіс деп есептеді. Шекспир мен Мольердің замандастары қанды оқиғаны көру үшін Лондон мен Париждің орталығына ағылатын еді. Қазіргі Еуропада кісіөлтірушілікті адам табиғатына қастандық жасау ретінде бағаланады. Әлемдік тәртіптің салтанаты үшін қылмыскерлерді енді қинап, жазаламайды. Оларға жазаның «гуманды» түрлерін ойлап тауып, сол арқылы кейде әлгі кісі өлтірушінің адами табиғатының киелілігін асқақтатып қояды. Қандықол қарақшының да адами болмысын құрметтей отырып, бүгінгі гуманизм осынау болмыстың киелілігі туралы баршаның есіне салады, сол арқылы әлемдік тәртіпті қалпына келтіреді. Кісі өлтіруші қылмыскерді қорғаштай отырып, кісі өлтіру қылмысы бүлдірген дүниені жөндейміз. Адам табиғатын дәріптеу арқылы либералдық гуманизм Құдайдың бар екенін теріске шығармайды әрі ашықтан-ашық монотеисшілдік сенімдерге иек артады. Адамның еркін, киелі табиғатына сену – азат әрі өлмейтін жан туралы дәстүрлі христиандық ұғымның мұрасы. Жаратушы Ие мен жанның мәңгілігіне сенімді сызып тастаса, либералдарға жекелеген адам тұлғасының киелілігін дәлелдеу өте қиын болар еді. Тағы бір қуатты секта – социалистік гуманизм. Социалистер үшін адами қасиеттерді таратушы – жеке тұлға емес, ұжым. Олар әркімнің ішкі дауысын емес, Homo sapіens түрінің өзін тұтастай қасиетті санайды. Әр адамның мейлінше еркіндігін жақтайтын либералды гуманизмнен социалистік гуманизмнің айырмашылығы: ол азаттыққа емес, теңдікке ұмтылады. Теңсіздікті социалистер адами табиғаттың киеліліге қарсы жасалған қиянат, күнә санайды, өйткені теңсіздік адамның әмбебап табиғатына емес, екінші дәрежедегі қасиеттеріне мән береді. Мәселен, байлардың кедейлерге қарағанда мүмкіндіктері мол десек, онда байда да, кедейде де бірегей болатын адами табиғаттың әмбебаптығынан ақшаны жоғары қойғанымыз. Либералдық сияқты социалистік гуманизм де монотеисшілдік негіздемеге сүйенеді. Жалпыға бірдей теңдік идеясы – барлық жанның Құдай алдында теңдігі туралы ежелгі монотеисшілдік ілімнің жаңа нұсқасы ғана. Дәстүрлі монотеизмнен бой үзіп, аулақ кеткен бірден-бір гуманистік секта – эволюциялық гуманизм, оның көпшілікке мәлім өкілдері нацистер. Өзге гуманистік ілімдерден нацизм «адамзатты» айрықша ұғынуымен ерекшеленеді. Эволюция теориясы нацистер философиясына күшті әсер етті. Өзге гуманистерден айырмашылығы: олар адамзат қауымын әмбебап әрі мәңгілік нәрсе деп есептеген емес, бірақ бұл түр өзгерістерге ұшырап, дами береді, әлде тоқырап қалады деп пайымдады. Адам асқақ адамға, бәлкім, шала адамға айналуы мүмкін деді. Адамзатты азғындап туудан сақтап, оның прогрессивті эволюциясына ықпал етуді нацистер өздерінің басты міндеттеріне балады. Міне, сондықтан олар адамзаттың мейлінше озық түрі саналатын арий нәсілін қорғап, көбейту қажет, ал әрқилы азғындаған түрлерін – еврейлерді, сығандарды, гомосексуалдар мен ақыл-есі кем жандарды оқшаулау, тіпті жойып жіберу керек деп есептеді. Нацистер ежелгі адамдардың әлдебір «жоғарғы» популяциясы дами бастаған кезде Homo sapіens түрінің өзі пайда болды, ал басқалары, «төменгі» сатыдағылары (сол баяғы неандертальдықтар) жоғалып кетті дегенге сендіріп бақты. Бастапқыда осынау әртүрлі популяциялар алуан текті түрлер емес, нәсілдер болды, бірақ олар бір-біріне тәуелсіз, әрқайсысы өзінің эволюциялық жолымен дамыды. Ал нацистердің пікірінше, бұл тағы қайталануы мүмкін. Homo sapіens, – деді олар, – әрқайсысы ғажайып қасиеттер иеленген нәсілдерге бөлінді, солардың арасында бәрінен тәуірі арийлер: оларға әдемілік, ақылдылық, еңбеккерлік пен адамгершілік сипаттар тән. Арий нәсілі әлдеқайда жоғары, адами өреден биік деңгейде дамуға қарымды. Өзге нәсілдер – еврейлер, қаранәсілділер – ең нашар сипаттар еншілеген осы заманның неандертальдықтары. Олардың көбеюіне, әсіресе арийлермен некелесуіне жол беріп қойса, онда өздерінің азғын гендерімен бүкіл жер жүзі тұрғындарының тегін бүлдіреді, содан Homo sapіens жоғалып кетуі мүмкін... Биологтар нацизмнің нәсілдік теориясын теріске шығарды. 1945 жылы жүргізілген генетикалық зерттеулер әр алуан адами желілер арасындағы айырмашылықтар нацистер айтқандағыдан әлдеқайда аз екенін дәлелдеді. Бірақ бұл қорытынды жаңа деректер арқасында ғана жасалып, ал 1933 жылғы ғылымның жай-күйі нацистік теорияға жол беріп қойған еді. Батыс элитасының көпшілік бөлігі әрқилы деңгейдегі нәсілдердің барына және әлдебір жоғары нәсілді дамыту қажеттігіне сеніп қалды. Батыстың беделді университеттерінің ғалымдары сол кезеңде мойындаған ғылыми әдістерді пайдалана отырып, ақ нәсіл өкілдері африкалықтар мен үндістерге қарағанда ақыл-есті, адамгершілігі мен қабілеті мол екенін дәлелдеп бақты. Вашингтондағы, Лондон мен Канберрадағы саясаткерлер ақ нәсілдің азғындауына жол бермеуді, соның ішінде «арий елдеріне», яғни АҚШ пен Австралияға қытайлардың ғана емес, италияндардың имиграциясын шектеуді өз міндеттері санады.
Гуманистік нанымдар – адамзатқа табынған діндер
Либералдық гуманизм | Социалистік гуманизм | Эволюциялық гуманизм
Homo Sapіens өзге тіршілік иелері мен құбылыстардың бәрінің болмысынан ерекшеленіп тұратын бірегей әрі қасиетті жаратылыс «Адами жаратылыс» жеке-дара әрі Homo Sapіens түрінің әрбір өкіліне тән | «Адами жаратылыс» ұжымдық және тұтастай алғанда Homo Sapіens-тің барлық түріне тән | «Адами жаратылыс» құбылмалы, біреулер асқақ адамға айналады да, кейбіреулер адами деңгейге жете алмай қалады Ұлағатты өсиет – әр Homo Sapіens-тің ішкі болмысы мен еркіндігін сақтау | Ұлағатты өсиет – Homo Sapіens-тің барлық түрінің теңдігін қорғау | Ұлағатты өсиет – адамзат баласын азғындықтан сақтап, асқақ адам деңгейіне дейін дамуына септесу Тың ғылыми зерттеулер ғана емес, сондай-ақ маңызды әлеуметтік және саяси оқиғалар да көзқарасты түбегейлі өзгертті. Гитлер өзіне ғана емес, бүкіл нәсілдік теорияға көр қазды. Екінші дүниежүзілік соғысты өршітіп, ол өзінің қарсыластарын «біз» және «олар» деген ұғымдар арасына айқын шекара қоюға мәжбүрледі. Нацистер нәсілшілдікті идеологияға айналдырғандықтан да Батыста нәсілдік теория абыройдан айырылып, беделін біржола түсіріп алды. Әрине, бірден емес. Ақнәсілділердің артықшылығы Америка саясатында 1960 жылдарға дейін үстем идеология болды. Терісі басқа түсті эмигранттардың ағынын шектейтін «Ақ Австралия» тек 1973 жылы күшін жойды. Байырғы тұрғындар 1960 жылы ғана азаматтық алды, бәрібір оларды сайлауға қатыстырмады, өйткені екінші сұрыптағы адамдар санады. Нацистер адамзатты жек көрді. Олар адамды әспеттеген либералды гуманизмге, адам құқықтары мен коммунизмге қарсы күресті. Олар түр ретіндегі адамның ауқымды әлеуетіне сенді. Әйтсе де Дарвиннің қисынына елітіп, табиғи іріктеу арқылы жарамсыз нұсқаларды елеп шығарып, көбею үшін тек тәуірлерін ғана қалдыру керек деп пайымдады. Олардың пікірінше, әлсіздердің тірі қалуына жәрдемдесу, тек қана тірі қалмай, көбейіп, өсіп-өнуіне өзгелермен бірдей мүмкіндік беру арқылы либерализм мен коммунизм эволюцияға кесел келтіреді. Іріп-шіріген либерализм теңізінде ең жарамды адамзат бөлігін құжынаған әлсіз құбыжықтар жұтып қояды. Адамзат қауымы әбден өліп-семіп біткенше ұрпақ ауысқан сайын азғындай береді.
30. Нацистердің плакаты: оң жақтағы «нәсілі таза қанды арий», сол жақтағы «қаны аралас нәсілдің өкілі». Адам денесінің культі және төменгі нәсілдің Homo sapіens түрін бүлдіріп, аздырып жіберуінен қорқыныш айқын аңғарылып тұр.
31. 1933 жылғы нацистік карикатура. Гитлер асқақ адамды жасаушы мүсінші кейпінде бейнеленген. Көзілдірікті либерал асқақ адам жасаудағы қатыгездіктен үрейленіп тұр. (Мұнда да адам денесін эротикалық жағынан жарнамалау жайына көңіл аударыңыз). 1942 жылы немістердің биология оқулығы «Адамзат және табиғат заңдары» атты тарауында табиғаттың жоғарғы заңы тіршілік иелерінің барлығын тірі қалу үшін аяусыз күреске душар ететінін баяндайды. Өсімдіктер жер аумағы үшін қалай күресетінін, қоңыздар ұрғашысына қалай таласатынын және т.б. әңгімелеп шыққан соң, оқулық былай дейді: «Тіршілік ету үшін күрес қатал, алайда, бұл өмірге дем берудің бірден-бір амалы. Бұл күресте өмір сүруге жарамсыздар қынадай қырылып, күнелтуге қабілеттілердің баршасы аман-сау қалады... Осы табиғи заңдарды ешкім жоққа шығара алмайды. Кеудесінде жаны бардың бәрі мұны тіршілік ету дерегі арқылы растайды. Олар ырыққа көнбейді. Оларға қарсы шыққандар із-түссіз жоғалып кетеді. Биология тек жануарлар мен өсімдіктер туралы ғана әңгімелемейді, сондай-ақ өз өмірімізде басшылыққа алып, өмір сүру еркімізді нығайтатын әрі басты баптарына сәйкес күресетін заңдарды көрсетіп береді. Өмірдің мәні күресте, осы заңдарға қарсы шығып, күпір келтіргендердің өз обалдары өздеріне». Одан әрі «Менің күресім» («Meіn Kampf») кітабынан алған дәйексөзді келтіреді: «Табиғаттың темірдей логикасына қарсы шығушылар адам ретінде өзінің тіршілік етіп жүргені үшін борыштар болатын принциптерге қарсы күреседі. Табиғатқа қарсы күресу деген өзіне өлім шақырумен бірдей»3. Үшінші мыңжылдықтың елең-алаңында эволюциялық гуманизмнің болашағы бұлыңғыр болып тұр. Гитлерге қарсы соғыс аяқталғаннан кейінгі алпыс жылдың ағымында гуманизм мен эволюция ұғымдарын қосақтап, Homo sapіens-ті жоғары адамға айналдырудың биологиялық тәсілдерін ұсынуға жол беруге болмайтындай көрінген. Қазіргі кезде мұндай жобалар қайтадан салтқа ене бастады. Төменгі нәсілдерді немесе ауру адамдарды құртып жіберу туралы ешкім ауыз ашпайды, бірақ көпшілігі адам табиғаты жөнінде жинақталған білімдерді асқақ адам жасау үшін пайдаланғылары келеді. Либералдық гуманизм мен биологияның тың жаңалықтары арасындағы құз құрдымы кеңейіп барады. Осынау түпсіз құрдымды байқамау мүмкін емес. Саяси да, заңды да либералдық жүйелерде әрбір индивидуумның бөлінбейтін және бұлжымайтын ішкі киелі болмысы бар, ол әлемге мән-мағына дарытып, кез келген моральдық және саяси беделдің қайнар бастауы деген сенімге сүйенеді. Бұл – әркімде болатын еркін де мәңгі жанға сенетін дәстүрлі христиандық сенімнің жаңғырығы. Соңғы 200 жыл ішінде бұл наным біршама шатаяқтап қалды. Адам организмін зерттеуші ғалымдар одан жанды таба алмады. Адамның мінез-құлқы еркін ерік-жігерден гөрі шипанзелердің, қасқырлар мен құмырсқалардың да құлқын реттейтін сол белгілі факторларға – гормондарға, гендерге, синапстерге жатады. Біздің сот және саяси жүйеміз жағымсыз шындықты сыпырып, кілемнің астына тығып тастағысы келеді. Бірақ биология департаментін заңдар мен саяси ғылымдар департаментінен бөліп тастаған үгітілмелі, боркемік қабырға ұзақ тұра алар ма екен?
13-тарау
Табыс құпиясы
Сауда-саттық, империялар мен әлемдік діндер біртіндеп бүкіл құрлық тұрғындарының барлығын өзіміз мекен еткен осынау жаһандық дүниеге біріктірді. Экспансия мен біріктіру үдерісі жүйелі әрі үздіксіз болған жоқ. Тұтастай алғанда, қисапсыз шағын мәдени ортадан бірнеше ірі, ақырында, біртұтас бүкіләлемдік қоғамға көшу, сірә, адамзат тарихы дамуының қашып құтыла алмас нәтижесі болғаны анық. Осы нәтижені «қашып құтыла алмас қорытынды» дей отырып, сол арқылы жаһандық қоғам тап қазіргі қалпында болуға тиіс еді деп тұжырымдай алмаймыз. Басқа нұсқалары қалыптасуы әбден мүмкін еді. Неге ең таралған тіл дат емес, ағылшын тілі болды? Неге әлемде екі миллиард христиан мен миллиардтан ширегі артық мұсылман бар, алайда заратуштрашылар саны небәрі 50 мыңнан аспайды, ал манихейшілер мүлде жоқ? Тарихтың таспасын кері айналдырып, осы үдерісті қайтадан жандандырып жіберсе, міндетті түрде дуализм тағы құлдырап, монотеизм нығая бере ме? Мұндай сынақты жасау қолымыздан келмейді, сондықтан нақты жауабын да бере алмаймыз. Әйтсе де тарихтың екі маңызды қасиетін зерттеп-зерделеу бізді әлдебір ой түюге жетелейді. 1. «Бұрынғының» тұзағы Тарихтың әрбір нүктесі – жолайрық. Өткен шақтан қазіргі күнге жүріп өтетін жол тартылады. Ал осы шақтан болашаққа апарар сан тарау жол бар. Осы жолдардың кейбіреулері кең әрі тегіс болады, олар оңтайлы белгіленген, міне, сондықтан адамзат қауымы дәл сонымен жүретін шығар, сірә. Бірақ кейде тарих немесе сол тарихты жасаушы – «басқа бағытқа» бұрылып кететін жағдайы да жиі ұшырасады. ІV ғасырда Рим империясының діни көкжиегінің мүмкіндіктері кең еді. Дәстүрлі әрі аса алуан текті политеизмнің етегін ұстап, айырылмай қалуына болар еді. Бірақ император Константин жойқын азамат соғысының жүзжылдық зардабына жалтақтай отырып, этникалық тұрғыдан ала-құла патшалықты айқын тұжырымдалған доктринасы бар бірегей дін ғана біріктіре алады деп ойлады. Өз заманындағы культтердің – манихейлік, митраизм, Изидаға немесе Кибелаға табыну, зороастризм, иудаизм, тіпті буддизмнің арасынан кез келгенін ұлттық дінге айналдыра алар еді. Неге ол құдайлардан Исаны таңдады? Христиандық ілімнің несі қызықтырды, әлде бұл діннің әлдебір өлшемдері оның жеке мақсатына сәйкес келді ме? Христиандықтың өте шапшаң таралып, кең өріске тең жайылатыны жөнінде Константинге аян түсті ме, әлде төңірегінде кеңесшілері сыбырлады ма екен? Бар мәселе шешесінің шоқынғанына тіреліп, Константин оның үлгісін өнеге тұтпаса, қу жанына тыныштық болмасын түсінді ме? Тарихшылар христиандықтың қалайша Рим империясын иектеп алғанын майын тамыза әңгімелеп берер, бірақ неліктен осы мүмкіндік жүзеге асқанын түсіндіре алмайды. «Қалай» туралы әңгімелеу мен «неліктен» жөнінде түсіндірудің арасында қандай айырмашылық бар? Бір нүктеден екіншісіне жетелейтін оқиғалар жүйесін қалпына келтіру арқылы «қалай» деген сауалдың жауабын табамыз. Ал «неліктенді» түсіндіру үшін өзге емес, неге дәл осы оқиғалар болғанын анықтау арқылы себеп-салдарлық байланысты табамыз. Кей ғалымдар христиандықтың гүлденуі сияқты оқиғаларды детерминистік жолмен түсіндіруді қолай көреді. Олар адамзат тарихын биологиялық, экологиялық немесе экономикалық күштердің іс-әрекетіне саюға тырысады. Римдік Жерорта теңізінің әлдебір географиялық, генетикалық немесе экономикалық факторы монотеисшіл діннің асқақтауына жол ашты деген пікірге табан тіреп тұрып алады. Тарихшылардың көбі мұндай жорамалға шүбәлана қарайды. Академиялық тарихтың ерекшелігі де осында: нақты тарихи кезеңді жақсы білген сайын, неліктен бәрі басқаша емес, тап осылай өрбігенін түсіндіру қиындай береді. Осы кезең жөнінде атүсті, жалаңқат білімі барлар әдетте болған оқиғалардан басқа мүмкіндіктерді аңғара бермейді. Басқаша болуы мүмкін емес деп қарапайым, жай ғана сюжеттермен әңгімелей жөнеледі. Сол дәуірді жетік білетіндер тарих әлдеқандай себептермен елеп-ескермей кеткен жолдар көптігінен хабардар болады. Шын мәнінде, қисын бойынша жай-ахуалды бәрінен жақсы білуге тиіс жандар – сол дәуірде өмір сүрген адамдар көп дүниеден бейхабар болды. Константин дәуіріндегі римдіктерге болашақ қалың тұман ішінде тұрғандай бұлаңытып көрінді. Тарихтың темірдей қатаң заңы бар: күні өткен соң қашып құтылмастай сезілетін нәрсе өз кезінде, дер шағында мүлдем басқаша көрінеді. Мына қазіргі кезді алып қарайықшы. Жаһандық экономикалық дағдарыстан шықтық па, әлде сорақысы әлі алда тұр ма? Алып державаға айналғанша Қытай осы қарқынмен одан әрі өсе бере ме? Құрама Штаттар үстемдігін жоғалта ма? Бізді экологиялық апат немесе технологиялық жұмақ күтіп тұр ма? Анаған да, мынаған да тіпті үшінші бір жорамал нұсқасына да сенімді дәлелдер келтіруге болады, бірақ дәл қалай боларын қазір ешкім білмейді. Ал онжылдықтар өткен соң адамдар артына бұрыла қарап, дұрыс жауапты оңай тауып бере алады. Кейде замандастары үшін дүдамалдау көрінген балама нұсқаның жолы болып кетеді. 306 жылы, Константин таққа отырған кезде христиандық Шығыстағы секталардың бірі ғана еді, ол империяның мемлекеттік дініне айналады деп жорамалдағандарды, 2050 жылы кришнаизм АҚШ-тың мемлекеттік діні болады деп жорамалдағандарды бүгін қалай күлкі қылғаны сияқты әбден келемеж етер еді. 1913 жылғы қазан айында Ресейдегі большевиктер кішкентай ғана радикалды партия еді. Бірде-бір ақыл-есі дұрыс адам төрт жылдан соң олар бүкіл елдің тізгінін қолына алар-ау деп ойлаған емес. Б.з. 600 жылы шөлейтте көшіп-қонып жүрген арабтар көп ұзамай Атлант мұхитынан Үнді мұхитына дейінгі жер аумағын жаулап алады деген жорамал бұдан да бетер ерсі көрінер еді. Шындығына келгенде, Византия әскері арабтардың алғашқы шабуылына тойтарыс бергенде, ислам шөкімдей діндарлардың жергілікті культі болып қалуы ықтимал болатын. Ал ғалымдар Меккеден шыққан егделеу саудагерге түскен уахи-аянның неліктен тарала алмай қалғанын оп-оңай түсіндіріп берер еді. Әлбетте, бәрі мүмкін бола алмады. География, биология, экономика шектеу болды. Алайда осынау шектеулердің ішінде ешқандай заңдарға байланыспайтын, ең тұтқиыл оқиғаларға арналған кеңістік қалды. Мұндай қорытынды тарихтағы детерминизмге үйреніскен көптеген оқырманның көңілін қалдырары анық. Детерминизм бізге қолайлы, өйткені ол біздің әлеміміз бен дүниеге көзқарасымыз – тарихтың табиғи әрі болмай қоймайтын жемісі екеніне сендіріп бағады. Ұлттық мемлекеттерде тұрып, экономиканы капиталистік принциптер бойынша құру, адам құқықтарын өзеурей қорғау табиғи әрі қашып құтыла алмайтын үрдіс дейді. Тарихтағы детерминизмнен бас тарту – ұлтшылдықты, капитализм мен адам құқықтарын қазір кездейсоқ, жосықсыз уағыздап жүрміз деген пікірмен келісу болып шықпай ма?! Бірақ тарихты детерминизм тұрғысынан түсіндіру, оны алдын ала болжау әсте мүмкін емес, өйткені ол шым-шытырық құбылыс. Бір мезетте орасан көп күш өзара әрекеттесіп, аса күрделі әдіппен өріліп жататындықтан, әлгі күштердің қуаты мен әрекетке түсу сипаты сәл өзгерсе жеткілікті – нәтижесі мүлдем басқаша болып шыға келеді. Оның үстіне, тарих – екінші деңгейдегі берекесіздеу жүйе. Бірінші деңгейдегі берекесіз, шым-шытырық жүйе өзіне қатысты жорамалдарды елең қылмайды. Мәселен, ауа райы дегеніміз – бірінші деңгейлі берекесіз жүйе. Оған миллиондаған фактор ықпал етеді, сөйте тұра факторлардың барлығын түгелдей ескеріп, мейлінше дәлірек болжам жасайтын компьютерлік модель құра аламыз. Екінші деңгейдегі берекесіздік өзі туралы болжамдарға көңіл бөледі, сондықтан оның өрбуін алдын ала дәл жорамалдау мүмкін емес. Мысалы, нарық – екінші деңгейдегі берекесіз нәрсе. Ертеңгі мұнай бағасын жүз пайыз дәл болжай алатын компьютерлік бағдарлама жасап шықсақ, не болар еді? Нарық сол бойда болжамды қаперге алып, алдын ала шара қолданады да, болжам орындалмай қалады. Ағымдағы баға барреліне 90 доллар болса, ал мүлтіксіз компьютерлік бағдарлама оның 100 долларға дейін көтерілетінін болжаса, трейдер байып қалу үшін мұнай сатып алуға ұмтылады, соның нәтижесінде мұнай бәсі таяу болашақта емес, тап сол сәтте 100 долларға дейін шарықтап кетеді. Ал таяу болашақта не болады? Оны ешкім білмейді. Саясат та екінші деңгейдегі берекесіз дүние. Адамдар 1989 жылғы революцияны болжай алмаған кеңестанушы-мамандарды сынап, 2011 жылғы Араб көктемін аңдай алмаған Таяу Шығыс жөніндегі мамандарға ұрсып жатады. Бірақ оларды тілдеп, балағаттаулары әділетсіздік қой, революциялар болжамға әсте көнбейді. Алдын ала болжанған революция болмай қалады. Неліктен бұлай? Ойлап қарайықшы: қазір 2010 жыл, саяси ғылымдардың әлдебір данышпаны әлдебір компьютер майталманының көмегімен революцияны күн ілгері болжай алатын бағдарлама жасады делік. Сол екеуі өз қызметтерін Египет президенті Мүбаракқа ұсынып, қомақты ақы алады да, оған өз болжамдары бойынша таяу жылдарда Египетті революция күтіп тұрғанын ескертеді. Мүбарак қандай әрекет қылады? Сірә, салық мөлшерін азайтып, халыққа миллиардтап ақша үлестіретін, керек болған жағдайда, құпия полицияны сақадай сай қылып қоятын шығар. Осындай алдын алу шаралары текке кетпейді – жылжып жылдар өтеді, ал революция бәрібір болмайды. Мүбарак ақшаны кері қайтаруды талап етеді. «Сендердің алгоритмдерің бос әурешілік қана! – дейді ол ғалымдарға – Ақшаны текке шашқанша, өзіме тағы бір сарай салдырғаным жөн еді». «Бірақ революция сізге ескерткендіктен болмай қалды ғой», – дейді ғалымдар ақталып. «Мына сендер болжамдары орындалған пайғамбарлардың сойынансыңдар ма? – деп, Мүбарак мысқылдай күледі де, күзетшілеріне оларды тұтқындауға бұйрық береді. – Мен мұндайлардың оншақтысын Каир базарынан теріп аламын – көк тиын құны жоқ бұлардың». Сонымен, тарихты не үшін зерттеп-зерделеу керек? Физика мен экономикадан айырмашылығы: тарих дәл болжауға келмейді. Оны болашақты анықтау үшін емес, тек өзіміздің ұғымымызды кеңейтіп, қазіргі хал-ахуалдың өзі соншалықты табиғи емес немесе қашып құтылмайтын құбылыс екенін түсіну үшін зерделейміз. Демек, тап қазір көп, біз ойлағаннан әлдеқайда көптеу жол бар. Мәселен, Африканы жаулап алудың бүге-шігесін қаперге ала отырып, нәсілдік иерархияның тал бойында табиғи немесе қашып құтыла алмайтындай ешнәрсе жоқ екенін және де басқа кездейсоқ жағдайларға тап келгенде, бүкіл әлем көзімізге басқаша көрінетінін түйсінер едік. 2. Соқыр клио Тарихтың әлдеқандай таңдау жасауының себептерін түсіндіре алмаймыз, бірақ бір маңызды нәрсені атап көрсетеміз: ол ешқашан адамдардың мүдделерін басшылыққа алмайды. Кезекті тарихи аралық кезеңде адамдардың бұрынғыдан тәуір өмір сүргеніне ешқандай дәлел жоқ. Адамдарға жайлы болған мәдениеттің гүлденіп, үздіксіз тарала бергеніне, ал қалғандардың құрып кеткеніне де ешкім куә емес. Манихейліктен гөрі христиандық әлдеқайда сәтті таңдау болғанына да немесе Сасанидтер әулеті билеген Парсы империясынан Араб халифатының тәуір екеніне де ешкім дәлелдеме келтіре алмайды. Тарих адамның пайдасына орай қызмет ететініне де айғақ табылмайды, өйткені бізде ондай пайданы дәйекті өлшеуге арналған өлшем де жоқ. Әртүрлі мәдениетте игілік әркелкі бағаланады, ал оларды салыстыра қараудың объективті өлшемдері қалыптаспаған. Жеңімпаздар әрқашан өздерінің игілікке берген анықтамасын дұрыс санайды, бірақ жеңімпаздарға сенуге тиіспіз бе? Христиандардың айтуынша, христиан дінінің манихейлікті жеңіп шығуы адамзатқа пайда әкелді-міс, бірақ христиан танымын жақтамайтындар осынау тұжырыммен келісуге міндетті емес қой. Мұсылмандар Сасанидтер империясының ислам билігіне бағынуы адамзат үшін пайдалы болды деп есептейді. Бірақ бұл тек ислам жолын ұстанғандарға ғана шындық сияқты көрінетін шығар, сірә. Енді әлдебіреу осы екі дін күйреп тынып, ұмытылып қалса, жұрттың бәріне жақсы болар еді дейді. Ғалымдардың едәуір бөлігі мәдениет дегеннің өзін ділге жұғатын кеселге, адам организміне еніп кететін вирусқа балайды. Олар өзін жұқтырған адамның денесінде жүріп көбейеді, біреуден екіншісіне жұғып, өз «қожайынының» есебінен қоректеніп, күш-жігерін түгеседі, тіпті кейде оны өлтіріп тастайды. Паразитке одан бір ғана нәрсе қажет: өзін келесі біреуге жұқтырғанша жүре тұрсын, ал жұқтырған соң, мейлі өмірем қапсын. Адамдардың басына мәдени ұғымдар да тап осындай жолмен енеді. Олар көбейіп, адамнан-адамға көшеді, ақырында, жұқтырушыны әлсіретеді, ал кейде өлтіріп тынады. Әлдебір идея, мәселен, бұлттың арғы жағындағы христиандық жұмаққа немесе жер бетіндегі коммунистік жұмаққа сену – адамды осы нанымды тарату жолында бар күш-жігерін сарп етуге тіпті өмірін қиюға итермелейді. Осы көзқарас тұрғысынан, мәдениет – бір адамдардың басқаларды қанауға арналған дуасы емес (марксшілдер солай айтуға бейім), кездейсоқ келетін әрі өзін жұқтырып алғандарды жегідей жеп, езіп-жаншитын психикалық паразиттер кеселіне ұшырауы. Мұндай тәсілді кейде «меметика» деп атайды. Осы тұжырымдама мәдениеттер эволюциясын түрлер эволюциясына ұқсатады. Органикалық эволюция органикалық ақпараттық бірлік репликациясы арқылы берілсе, мәдени эволюция да «мемдер» деп аталатын мәдени ақпараттық бірлік репликациясына негізделеді. Өзінің мемдерін жұқтырушы пайдасына ма, әлде соның есебінен бе, бәрібір табысты түрде өндіріп-өсірген мәдениет нығайып, салтанат құрады. Гуманитарлардың көпшілігі меметиканы менсінбейді, бірақ оның туған ағасы – постмодернизмге бас шұлғиды. Постмодерншілер мәдениеттің кірпішін «мем» деп емес, «дискурстар» деп атайды. Бірақ олар да адамзаттың игілігі туралы бас қатырмастан, мәдениеттер өздігінен көбейе береді деп пайымдайды. Мысалы, постмодернизмнің түсінігінде нацизм – соғысты, езгі мен қанауды, өшпенділік пен геноцидті туындатып, ХІХ және ХХ ғасырда әлемді жайпап өткен жойқын індет. Ұлтшылдық вирусы адамзат үшін пайдалы кейіпте көрінуге тырысады, ал, шын мәнінде, өзінің ғана өркендеуін көксейді. Мұны бір ел жұқтырып алса, көрші ел де сол бойда осы кеселге шалдығады. Адамдар мұндай кеселден оба мен тырысқақтан бетер зардап шегеді, соған қарамастан вирус көбейе береді. Осыған ұқсас ой-пікірлер әлеуметтік ғылымдар саласында да құлаққа шалынып жүр, бірақ оның түп-төркіні ойындар теориясымен тамырласқан. Ойындар теориясы көп қатысушысы бар жүйеде ойыншылардың барлығына зиян шектіретін көзқарастар мен мінез-құлық тұрпаттары қалай таралатынын түсіндіреді. Бізге белгілі мысал – жаппай қарулану. Жаппай жанталаса қарулануға киліккен мемлекеттердің көпшілігі кедейленді, бірақ бәрібір күштер теңгерімін өзгерте алмады. Пәкстан ұшақтардың жаңа түрлерін сатып алады, Үндістан да солай істейді. Үндістан ядролық қару жасады – Пәкстан да қалыспады. Соның нәтижесінде күштер теңгерімі сақталады, бірақ миллиардтаған доллар денсаулық сақтау мен білім беру ісіне емес, қару-жарақ жасауға жұмсалды. Үнділер мен пәкстандықтар мұны неге бірден түсіне алмады? Әрине, олар бәрін түсінді. Бірақ мұндай сайыстың қарқынын тежей алмайсың. «Жаппай қарулану» – мінез-құлық тұрпаты, ол өзінен басқа ешкімді игілікке кенелтпестен құдды вирусты індет сияқты бір елден екіншісіне жұға береді. Эволюция терминінің астарында игілік дегеніміз кез келген түрдің тіршілік етіп, көбеюі деген мағына жатыр (Жаппай қарулану жанталасы да, гендер де бейсаналы, олар тіршілік етіп, көбеюге тырыспайды; бәрі қуатты ішкі динамиканың нәтижесінде таралады). Қалай атасақ та – ойындар теориясы ма, постмодернизм бе, әлде меметика ма, бәрібір – тарихи беталыс адамзатты өркендетуге қарай бағытталмаған. Мейлінше табысты мәдениеттер Homo sapіens үшін тәуір болып еді деуге ешқандай себеп жоқ. Биологиялық эволюция сияқты тарих та индивидуум туралы уайымдамайды. Адамдар игіліктері үшін тарихқа әсер етуге дәрменсіз әрі надан қалпында қалған. Тарих әлдебір жұмбақ себептермен біресе бір жолды, біресе басқасын таңдап, жолайрықтан келесісіне қарай адымдап барады. Шамамен б.з. 1500 жылдары тарих пен адамзат қауымының ғана емес, сондай-ақ жер жүзінің барша тіршілік иелерінің тағдырына із қалдырған ең шешімтал таңдау жасалғаны даусыз. Бұл таңдауды «ғылыми революция» деп атаймыз. Ол Батыс Еуропада, бұған дейін тарихта көрнекті рөл атқармаған Афроазиялық құрлықтың батыс қиырында – ауқымды аралда басталды. Неге ғылыми революция Қытайда және Үндістанда емес, дәл осы жерде өркен жайып, өрістеді? Неге ол бір ғасыр бұрын немесе кейін емес, біздің дәуірдің екінші мыңжылдығының орта шенінде басталды? Оны білмейміз. Ғалымдар әр алуан болжамдар айтады, бірақ олардың арасында көкейге қонатыны жоқ. Тарихта мүмкіндіктердің даңғайыр кеңістігі бар, солардың көпшілігін көрген емеспіз. Христиан ілімінсіз, Рим империясынсыз және алтын монеталарсыз да тарихты бағамдай алатынымыз сияқты бірнеше ұрпақ буыны ғылыми революциясыз өмір сүре алатын тарихты да саралауға әбден болады.
Төртінші бөлім
Ғылыми революция
32. Аламогордо, 1945 жылғы 16 шілде, таңғы сағат 5:29:53. Сегіз секунд бұрын тұңғыш атом бомбасы жарылды. Атом «саңырауқұлағын» көрген бойда физик Роберт Оппенгеймер «Бхагаватгитадан»: «Әлемді күйрететін ажалға айналдым» деген дәйексөз келтірді.
14-тарау
Білімсіздіктің жаңалығы
Испан шаруасы б.з. 1000 жылы ұйықтап қалып, 500 жылдан кейін, Колумб теңізшілері «Ниньяға», «Пинта» мен «Санта-Марияға» отыра бастаған кезде оянса, қоршаған дүние оны аса таңғалдыра қоймас еді. Технологиялар мен этикеттер өзгеріп, шекаралар елеулі түрде орнын ауыстырғанымен, жалпы алғанда, ортағасырлық Рип ван Винкль өз үйінде жүргендей сезінер еді. Ал Колумб теңізшілерінің бірі есінен тана ұйықтап қалып, ХХІ ғасырда айфонның қоңыраулатқан үнінен оянып кетсе, мүлде түсініксіз әлемге тап болар еді. Сірә, ол «тозақтамын ба, әлде жұмақтамын ба?» дейтін шығар күбірлеп. Соңғы 500 жыл адам құдіретінің таңғажайып әрі теңдессіз өсуіне куә болды. 1500 жылы бүкіл әлемде 500 миллионға жетер-жетпестей Homo sapіens өкілі болды. Қазір олар жеті миллиардқа жетті1. 1500 жылы адамзат өндірген тауарлар мен көрсетілетін қызмет түрлерінің жиынтық құны бүгінгі бағамен 250 миллиард долларды құрады2. Қазіргі кезде жалпы жылдық өнімдер құны 60 триллион долларға жуықтайды3. 1500 жылы адамзат күніне 13 триллион калория энергияны тұтынған – қазіргі кезде күніне 1500 триллион калория кетеді4. (Цифрларға мұқият зер салыңыз: жер тұрғындары – 14 есе, өндіріс – 240 есе, энергия тұтыну көрсеткіші 115 есе ұлғайған). Қазіргі заманның әскери кемесін Колумб кезеңіне алып барған жайтты көзге елестетіп көріңізші. Санаулы секундтарда ол «Ниньяның», «Пинта» мен «Санта-Марияның» тас-талқанын шығарып, содан соң кез келген алып теңіз державасының флотын оп-оңай күйрете салар еді. Сол кезеңде әлемнің бүкіл сауда флоты қажет болатын тауарлар көлемін қазіргі бес жүк кемесі тасып тастар еді5. Қазіргі компьютер орта ғасырдағы бүкіл кітапхананың қолжазбалары мен құйын қағаздарындағы сөздерді, цифрларды жадына түгел сақтай алады, әлі тағы бос орын қалады. Қазіргі шақта кез келген ірі банк осы заманға дейін дәурендеген әлем патшалықтарының қаржысынан артық мөлшердегі ақшаны сақтайды6. 1500 жылы тұрғындары 100 мыңнан асатын қалалар болған жоқ. Баспананы сазбалшықтан, ағаш пен сабаннан салған олар тіпті үшқабатты үйлерді зәулім ғимарат санар еді. Көшелердің жазда шаңы бұрқырап, қыста балшығы былжырап, жаяу жүргіншілер мен салт аттылар, ешкілер, тауықтар және сирек кездесетін арбалар сапырылысып жататын. Қаладағы негізгі дыбыс – адамдардың дауысы мен жануарлардың үні, балғаның тарсылы мен қолараның шыңылы. Ымырт үйірілген сәттен қала іші түнекке айналып, тек тастай қараңғыда әр тұстан шырақ пен оттың сәулесі жылтылдайды. Мұндай қаланың тұрғыны қазіргі Токионы, Нью-Йорк пен Мумбайды көрсе, не ойлар еді? ХVІ ғасырға дейін ешбір адам әлемді шыр айналатын саяхатқа шыққан емес. 1522 жылы Магелланның кемесі 72 мың шақырымды жүзіп өтіп, Испанияға қайтып оралған кезде бәрі өзгерді. Жүзу үш жылға созылды, сол сапарда экспедицияға қатысушылардың түгелге жуығы, соның ішінде Магелланның өзі де қаза тапты. 1873 жылы Жюль Верннің кейіпкері – шытырман оқиғалар іздеуші ауқатты ағылшынға арналған әлемді шыр айналу маршрутын сызады, оны Филеас Фогг 80 күнде еңсеріп шығады. Бүгінде орташа дәулетті кез келген адам еш қиналмастан әрі шаршап-шалдықпастан Жер шарын 48 сағат ішінде айналып шыға алады. 1500 жылы адамдар әлі жерден ажыраған жоқ еді. Олар мұнаралар салып, тау басына шыға алды, бірақ әуе кеңістігі құстарға, періштелер мен құдайларға ғана тиесілі болды. 1969 жылғы 29 шілдеде адамдар Айға қонды. Бұл жай ғана тарихи оқиға емес. Эволюциялық, тура мағынасында: ғарыштық құбылыс деуге келеді. Эволюцияның төрт миллиард жылында ешбір организм Жер атмосферасынан суырылып шығып, Айға табанын тигізіп көрген емес. Адамдар өз тарихының біраз бөлігінде ғаламшардағы организмдердің 99,99%-ы – микроорганизмдер туралы білген жоқ. Бұл тіршілік иелерінің бізге түк қатысы болмағандықтан емес. Әрқайсымыз өз бойымызда миллиардтаған біржасушалыларды алып жүрміз; бұлар жай жолшыбай кездесе қалған әлдене емес: біреулері – ең жақсы достарымыз, келесілері – қас дұшпандарымыз. Біреулері ас қорытуға көмектесіп, ішекті тазалайды, басқалары ауру тіпті індет шақырады. 1674 жылы ғана микроорганизмді тұңғыш рет көрудің сәті түсті: Антони вен Левенгук су тамшысын қолдан құрастырған микроскоптың астына қойып қарағанда, әлгі тамшыдағы құжынаған титімдей тіршілік иелерін көріп, шошып кетті. Келесі 300 жыл бойы адамдар толып жатқан титімдейлермен таныса берді. Олар туындататын ажалды ауру-кеселдердің бәрімен күресуді үйреніп, микроорганизмдерді медицина мен өнеркәсіп салаларына қызметке алдық. Бүгін дәрі-дәрмек пен био- отын өндіретін және паразиттерді өлтіретін бактерияларды да қолдан жасаймыз. Ал соңғы 500 жылдағы ең маңызды, шешуші сәт 1945 жылғы 16 шілдеде таңғы сағат 5:29:45-те болды. Тап осы сәтте америкалық ғалымдар (Нью-Мехико штаты, Аламогордода) алғашқы атом бомбасын жарды. Осы сәттен бастап адамзатта тарихтың жүрісін өзгертіп қана қоймай, оны мүлде тоқтата алатын да мүмкіндік пайда болды. Адамды Аламагордо мен Айға алып барған тарихи үдерісті «ғылыми революция» деп атайды. Осы бетбұрыстың нәтижесінде адамзат ғылыми зерттеулерге барын салып, шексіз жаңа мүмкіндіктерге ие болды. Мұны «революция» деп атаймыз, себебі 1500 жылға дейін бүкіл әлемдегі адамзат экономикалық, әскери немесе медициналық жаңа білім алу мүмкіндігіне қатты күмәнданды. Мемлекет пен жеке демеушілер ғылым мен білімді қаржыландырды, бірақ жаңаны дамытуды емес, қолда бар мүмкіндіктерді сақтап қалуды көздеді. Осы заманға дейінгі кез келген ел билеуші өзінің басқару әдібін мадақтатып, әлеуметтік тұрақтылықты сақтап қалу пиғылымен діни қызметкерлерге, философтар мен ақындарға ақша беріп тұрды. Бірақ жаңа дәрі, жаңа қару немесе экономикалық өрлеуге септігі тиер қандай да бір жаңалықтар күткен жоқ. Соңғы жарты мыңжылдықта ғылыми зерттеулерге шығындалғанда адамдар мүмкіндіктерінің көкжиегін едәуір кеңейте түсетініне сенімі артты. Бұл соқыр сенім емес еді – біраз эмпирикалық дәлелдемелер жинақталды. Дәлелдер неғұрлым көп жиналған сайын байлар мен ел билеушілер ғылымға ақшаны соғұрлым көбірек салды. Осынау көпғасырлық күш-жігер болмаса, ешқашан Айға дейін жетіп, микроорганизмдер табиғатын өзгертуді және атомды ыдыратуды меңгере алмас едік. Мысалы, тек соңғы онжылдықта АҚШ үкіметі ядролық физиканы зерттеуге миллиард доллар инвестиция салды. Ондай зерттеулер барысындағы білім атом электр стансасын салып, арзан электр қуатын өндіруге және Америка үкіметіне салық төлейтін өнеркәсіпті дамытуға мүмкіндік берді, сол салықтардың бір бөлігі қайтадан ядролық физика саласындағы зерттеулерге жұмсалды.
Ғылыми революцияның тұйық шеңбері. Прогресс үшін ғылыми зерттеулер жеткіліксіз. Ғылыми зерттеулерді ресурстармен қамтамасыз ететін саяси және экономикалық институттар өзара әрекеттесуі керек. Қажет мөлшерде қаржыландырылған ғылыми зерттеулер адамзатқа жаңа мүмкіндіктер ашып береді, дұрыс пайдалана білсе,
олар жаңа ресурстар көзін тауып, ғылымға тағы қаржы алып келеді. Қазіргі адамзаттың зерттеулер көмегімен жаңа мүмкіндіктерді иелену қабілетіне неліктен сенімі артты? Осы тарауда жаңа заман ғылымының ерекше сипатын қарастырып, нақты жауабын табуға тырысамыз. Келесі екі тарауда ғылымның, еуропалық империялар мен байланыс арналарының қалыптасу жайын зерттейміз.
Іgnoramus Кем дегенде когнитивті революция кезеңінен бері адамдар ғаламның жұмбағын шешуге бас қатырып келді. Ата-бабаларымыз табиғат әлемін басқарушы заңдарды танып-білуге тырысып, уақыты мен күш-жігерін аямады. Әйтсе де жаңа заман ғылымы дәстүрлі білімнен үш параметр бойынша түбегейлі ерекшеленді: 1. Білмейтінін мойындауға бейімдігі. Жаңа заман ғылымы іgnoramus – «білімсіз» не болмаса қараңғы деген латын өсиетіне сүйенеді. Яғни бізге әлі бәрі мәлім емес деген алғышарттан шығады. Тағы не нәрсе маңызды: бізге мәлім, ақиқатқа баланған нәрсе қордалы білім жиналған кезде өтірік болып шығады. Сынға ұшырамайтын теориялар немесе идеялар болмайды. 2. Бақылаулар мен есептеулердің шешуші рөлі. Білмейтінін мойындай отырып, жаңа заман ғылымы жаңа білім өресіне талпынады. Қарама-қайшы келмейтін теориялардағы қадағалауларды біріктіру үшін тәжірибе мен бақылаулардың деректерін жинай әрі математикалық әдістерді қолдана отырып, ол жаңа білімге қол жеткізді. 3. Мүмкіндіктерді кеңейту. Жаңа заман ғылымы теориялар түзумен қанағаттанбайды. Ол теорияларды жаңа мүмкіндіктер иелену, әсіресе соны технологияларды дамыту үшін пайдаланады. Ғылыми революция білімнің емес, ең алдымен, білімсіздіктің революциясы болған еді. Ғылыми революцияға алып келген ұлы жаңалықтар – адамдарға жауабы белгісіз ең маңызды мәселелерге қатысты ой. Ислам, христиандық, буддизм, конфуцийшілдік тәрізді ерте жаңа заманның білім дәстүрлері әлемнің құрылысы жөніндегі мәліметтердің бәрін адам игеріп алды деп тұжырымдады. Ұлық құдайлар, құдіреті күшті бір Құдай немесе баяғының абыздары қасиетті жазбалар мен ауызша әпсаналар арқылы жеткен толыққанды даналық иелері. Қарапайым адамдар осы көне жазбалар мен дәстүрлерге бойлай ену әрі оларды дұрыс түсінуге тырысу арқылы білім алды. «Құранда», «Библияда» немесе «Ведада» ғаламның әлдебір құпиясы айтылмай қалған және сол құпияны ет пен сүйектен жаралғандардың өз күштерімен ашуына тура келді-ау деген күмәнді ойға жол берген жоқ. Білімнің ежелгі дәстүрлері білместіктің тек екі түрін мойындады: біріншіден, жекелеген адам әлдебір маңызды нәрсені білмеуі мүмкін. Білім алу үшін ол жай ғана данагөй бір адамға жолығуы керек. Әлі күнге дейін ешкім білмеген жаңалықты ашудың қажеті шамалы. Мәселен, ХІІІ ғасырда Йоркширден шыққан шаруа адамзаттың шығу тегін білгісі келсе, ол христиандық риуаятқа сенім артып, сұрақтарын діни қызметкерге қояр еді. Екіншіден, дәстүр атаулы мәні аз нәрселер хақында жаппай ештеңе білмей қалуы мүмкін. Ұлы құдайлар мен баяғы заманның абыздары әдетте мәні аз ұсақ-түйекке алаңдаған жоқ. Мысалы, йоркширлік шаруа өрмекшінің торды қалай тоқитынын білгісі келсе, діни қызметкерден сұрастырғаннан пайда болмас еді, өйткені христиандардың қасиетті кітабында бұл сұраққа жауап іздемейді. Бұл бірақ христиан ілімін құрметтеуге еш нұқсан келтірген емес: әншейін бір өрмекшінің еңбегі туралы білудің ешқандай қажеттігі жоқ. Құдай, әрине, өрмекші торының қалай тоқылатынын жақсы біледі. Осы ақпарат адамдардың игілігі үшін немесе жанды құтқару үшін қажет болса, оны Библияға егжей-тегжейлі кіргізер еді. Христиан діні өрмекшіні зерттеуге тыйым салмады. Алайда өрмекші жөніндегі мамандар – егер ортағасырлық Еуропада ондайлар бар болса – қоғамдағы маргиналды жағдаймен санасуға мәжбүр болды. Олардың жаңалығының христиандық мәңгілік ақиқатпен үш қайнаса сорпасы қосылған жоқ. Ондай маман өрмекшілер, көбелектер мен галапагос құнағы туралы қаншама түсіндірсе де, бұл білім қоғамның, саясат пен экономиканың іргелі негіздеріне еш қатысы жоқ, еріккеннің ермегі көрінді. Іс жүзінде рас, бәрі бұдан әлдеқайда күрделірек еді. Кез келген дәуірде, ең діншіл әрі консервативті кезеңде де барша дәстүрдің назарынан тыс қалған маңызды мәселелер бар екенін айтып баққан адамдар табылды. Бірақ ондай адамдарға күн көрсетпеді, оларды қуғындады. Жаңа дәстүрді негіздеудің сәті түсіп, олар дербес білімге иек артып үлгерді. Мәселен, Мұхаммед пайғамбар діни жолын тайпалас арабтарды кінәлаудан бастады: бұлар құдайлық ақиқатты білмей өмір сүреді деді. Тым көп ұзамай Мұхаммедтің өзі бүкіл ақиқатты білетінін мәлімдеді, сахабалары оны «Пайғамбарлардың соңғысы, яғни мөрі» деп атады. Мұхаммедтен жоғары тұрған уахилардың енді керегі болмай қалды. Жаңа заман ғылымы ғажайып білім дәстүрлерін қамтыды, өйткені ең маңызды мәселелер де ұжымдық білімсіздікті мойындады. Дарвин «Биологтардың соңғысы, яғни мөрі» атағын алуға үміттенген жоқ және тіршіліктің жұмбағын біржола шешіп тастадым деп те айтқан емес. Ауқымды да алуан түрлі зерттеулерге бірнеше ғасыр жұмсаған биологтар ми сананы қалай тудыратынын бәрібір түсіне алмай, бастары қатып жүр. Физиктер Үлкен жарылысқа не себеп болғанын және квантты механиканы салыстырмалылықтың жалпы теориясымен қалай жақындастыру керегін білмейді. Басқа реттерде бірнеше бәсекелес теориялар болады және әрбір ашылған жаңалық олардың арасында толас таппас дау-дамай туындатады. Классикалық мысал ретінде экономиканы үздік басқару туралы дауды алайық. Жекелеген авторлар өзінің әдісін ең дұрыс нұсқа санағанымен, әрбір қаржылық дағдарыс немесе күйреген биржа «көбігі» бүкіл ғылымды тұтастай қайта қарауға мәжбүр етеді. Жұртшылық мойындаған пікірге сайсақ, экономикада төрелік сөз, кесімді уәж әлі айтылмай келеді. Кейде қолжетімді деректердің бәрі нақты бір теорияны сенімді түрде жақтап шығып, балама теориялардың барлығы әлдеқашан мансұқталатын кезі болады, сол кезде әлгі теорияны ақиқат ретінде қабылдайды. Соның жарқын мысалы – литосфералық тақтаның ауытқу теориясы және эволюция теориясы. Өзінің білімсіздігін мойындауға бейімділігі жаңа заман ғылымын бұрынғы дәстүрлермен салыстырғанда, мейлінше серпінді, білуге құмар әрі икемді қыла түсті. Әлемді тану және жаңа технологиялар ойлап табу мүмкіндігі едәуір кеңейді. Алайда ата-бабаларымызға ұшыраспаған қиын мәселе пайда болды: көп нәрсені білмейтінімізді, өзіміз жинақтаған білімнің сенімсіз екенін мойындаймыз, мұның тіпті миллиондаған бейтаныстардың ырысты ынтымағына жол ашқан ортақ мифтерге де қатысы бар. Қолдағы деректер ондай мифтердің күмәнді екенін растаса, қоғамның бірлігін қалай сақтай аламыз? Қауымдастықтар, мемлекеттер мен халықаралық институттар қалай жұмыс істейді? Әлеуметтік-саяси тәртіпті тұрақтандырудың қазіргі амал-шарғыларының бәрі ғылымнан алыс қонып, алшақ жатқан екі әдіске иек артады: а) Ғылыми теорияны алып, жалпы мойындаған ғылыми практикаға мойын бұрмастан оны түбегейлі әрі абсолютті ақиқат ретінде жария ету. Бұл әдісті нацистер (олар өздерінің нәсілдік саясатын мүлтіксіз биологиялық теорияның жалғасы деп жариялады) мен коммунистер (Маркс пен Лениннің экономикалық жаңалықтарының абсолюттігі мен дәлелдігін айтты) қолданды. ә) Ғылымды жайына қалдырып, ғылыми емес абсолюттік ақиқатпен өмір сүру. Адамның ерекше мәртебесі мен құқықтарына сөзсіз сенетін либералдық гуманизмнің мұндай стратегиясы – Homo sapіens туралы ғылымға да қатысы шамалы ілім. Бірақ бұған таңдануға бола ма? Зерттеулерді қаржыландырып және ақтап алу үшін ғылым да діни және идеологиялық сенімдерге сүйенуге тиіс. Бұрынғылардың бәрімен салыстырғанда, жаңа заманғы мәдениет қараңғылығын өзге мәдениеттерге қарағанда көбірек мойындады. Қазіргі әлеуметтік салтты сақтап тұрған елеулі факторлардың бірі – технологиядағы және ғылыми-зерттеу әдістеріндегі діни сенімге ұқсас түсініктердің өрістеуі. Кейде мұндай сенім түрі абсолютті ақиқаттар дінінің орнын алмастырады.
Ғылыми догма Жаңа заман ғылымында догмалар жоқ. Бірақ эмпирикалық (сезім органдарының, ең болмағанда, біреуімен қабылданатын) деректерді жинауға, математикалық құралдардың көмегімен талдап, байланыстыруға нұсқайтын әдістердің жалпы жиынтығы бар. Санғасырлық тарихында адамдар эмпирикалық бақылауларды тіркеп отырды, бірақ олардың құндылығы жоғары болған жоқ, өйткені адамдар өздеріне, шын мәнінде керек білім Исадан, Буддадан, Конфуций мен Мұхаммедтен келді деп сенді. Ғасыр өткен сайын білім алудың маңызды тәсілі – бар дәстүрді оқып-зерттеп, орындап отыру деп есептеді. Барлық жауапты білсек, жаңасын зерттеуге аса қымбат ресурстарды жұмсап керегі не? Жаңа замандағы мәдениет көптеген сұраққа жауап таба алмағанын мойындаған кезде мүлде жаңа білім арналарын іздестіруге тура келеді. Соның нәтижесінде зерттеудің жаңа замандағы әдістері бұрынғы білімдердің олқы тұсынан өрбіп шығады. Әрине, алыс галактикалардың шағылысуын спектралды талдаумен шұғылданатын физиктер, қола ғасырының қонысынан табылған олжаларды зерттеуші археологтар, капитализмнің түп-төркініне үңілуші тарихшылар дәстүрлерге қырын қарамайды. Олар баяғы заманның данагөйлері айтқан, әлде жазған пікірлерді оқып-зерттейді. Ал университеттің бірінші курсында физиктерді, археологтар мен әлеуметтік ғылымдар жөніндегі мамандарды Эйнштейннен де, Шлиман мен Веберден де оза шабуға, аса шырқау биіктерге жетуге баулиды.
* * * Бақылау өз бетінше білім бола алмайды. Он сегіз мың ғаламның құпия қалтарыстарын түсіну үшін бақылауларды жүйелі теорияға ұштастыру керек. Ежелгі адамдар теорияларды мифология-сюжеттер пішімінде тұжырымдады. Ал жаңа замандағы ғылым математика тілін пайдаланады. «Библиядан», «Құраннан», «Ведадан», Конфуций еңбектерінен теңдеулерді, кестелер мен формулаларды таба алмаймыз. Мифология мен қасиетті кітаптар әлемнің ортақ заңдарын баяндаған кезде математикаға емес, хикаяларға жүгінеді. Мәселен, манихейліктің негізгі идеясы – әлем ізгілік пен жауыздықтың арасындағы ұрыс алаңы ғана. Зұлым күштер материяны жаратты, ал қайырымдылары рухты жасады. Адамдар осы шайқасқа қатысқан және жауыздыққа қарсы шыққан ізгі күштерді қолдауға тиіс. Мани пайғамбар тараптардың күштерін салыстыра отырып, адамның таңдауын алдын ала болжауға мүмкіндік беретін, математикалық формуласыз амалын тапты. Ол: «адамға әсер ететін күш оның дене салмағын бөлу арқылы інген рухының жылдамдығына тең болады» деген есеп шығарған жоқ. Бірақ ғалымдар нақ осындай есеп шығарумен шұғылданады. 1687 жылы Исаак Ньютон «Табиғи философияның математикалық бастауын» (The Mathematіcal Prіncіples of Natural Phіlosophy), дәлірегі, қазіргі дәуірдің ең басты кітабын жариялады. Бұл еңбегінде Ньютон қозғалыс пен өзгерістің жалпы теориясын таныстырды. Ньютон теориясының маңыздылығы ғаламдағы, ағаштан үзіліп түскен алмадан бастап, аспан төрінен құлдилай аққан құйрықты жұлдызға дейінгі бүкіл денелердің қозғалысын үш қарапайым математикалық заң негізінде түсіндіріп, алдын ала болжау қабілетінде:
Зеңбірек оғының немесе ғаламшардың қозғалысын түйсініп, болжам жасағысы келетіндер объектінің салмағын, қозғалу бағытын және оның жылдамдығын арттыруға қандай күштер әсер ететінін ғана білуі керек. Сол сандарды Ньютонның теңдеуіне салып, объектінің болашақ жай-күйін болжауға болады. Бұл ғаламат жаңалық болып көрінді. ХІХ ғасыр соңында ғана ғалымдар Ньютон заңдарына бағынбайтын кейбір тәжірибе сынағына кезікті де, бұл физикадағы кезекті революцияға – салыстырмалық теориясы мен квантты механиканың пайда болуына жол ашты. Ньютон табиғаттың кітабы математика тілімен жазылғанын дәлелдеді. Оның кейбір тараулары өте қарапайым, дәл теңдеулермен шешіле салады. Бірақ күрделі беттері де баршылық. Биологияны, экономика мен психологияны жинақы теңдеулерге салуға тырысқан ғалымдар бұл білім салаларында формулаға бағынбайтын күрделі нәрселер барын байқады. Бірақ математикалық әдістерден ешкім бас тартпады, соның арқасында соңғы екі жүз жылда шынайы болмыстың күрделі аспектілерін еңсере алатын математиканың жаңа бағыты статистика дамыды. 1744 жылы шотландиялық екі пресвитериан діни қызметкері – Александр Вебстер мен Роберт Уоллес діни қызметкерлердің жесірлері мен жетім қалған балаларын зейнетақымен қамтамасыз ету үшін сақтандыру қорын ашуды ойлады. Идея бүкіл діни қызметкерлер табысының шағын бөлігін қорға салады, сол қаржыны құнды қағазға айналдырады. Салымшылардың бірі қайтыс бола қалса, жесірі әлгі қордан үлесін алып, өмірінің соңына дейін тарықпай күнелтеді. Бірақ қор мойнына алған міндетін орындау үшін Вебстер мен Уоллеске әрбір діни қызметкер қандай мөлшерде ақша төлеуге тиісін есептеп шығарып, жыл сайын қанша діни қызметкер өлетінін, артында қанша бала-шағасы қалатынын және жесірі күйеуінің ажалынан кейін қанша өмір сүретінін алдын ала болжай білуі керек болды. Сонымен, естеріңізде болсын, әлгі екі діни қызметкер ештеңе істеген жоқ: амалын аян етуді тілеп, Құдайға жалбарынбады. «Киелі кітап» пен ежелгі діндарлардың еңбегін ақтарып, жауап та іздемеді. Философиялық пікірталас та өршітпеді. Олар ілкімді шотландықтар ретінде қадам жасады: Эдинбург университетінің математика профессоры Колин Маклауринге жолықты. Үшеуі қайтыс болған діни қызметкерлер туралы мәлімет жинап, олардың қай жас шамасында қайтыс болғанын анықтады да, жыл сайын бақиға шамамен қанша діни қызметкер аттанатынын есептеп шығарды. Бұл еңбек статистика саласы мен ықтималдық теориясындағы кезекті бір жетістік болды. Якоб Бернуллидің үлкен сандар заңдары да аса маңызды жаңалықтардың біріне айналды. Бернулли бірлі-жарым оқиғаны – нақты адамның қашан өлетінін болжау қиын, есесіне көптеген ұқсас оқиғалардың ақыры немен бітетінін алдын ала дәл айтып беруге болатын ұстынды орнықтырды. Яғни Маклаурин таяу жылдарда Вебстер мен Уоллестің өлетін-өлмейтінін алдын ала болжай алмады. Бірақ Шотландияда пресвитериан діни қызметкерлерінің саны қаншаға кемитінін мейлінше дәл есептей білді. Бақытына орай, бұл үшеуі енді жинақталған деректерді қолға ұстап, есептемелерді еркінше пайдалана алады. Әсіресе жарты ғасыр бұрын Эдтон Галлей жариялаған сақтандыру кестесі кәдеге асты. Галлей неміс қаласы – Бреслау архивіндегі 1238 туу және 1174 өлу туралы жазбаларға талдау жасап, кесте құрастырды, одан мысалы, биыл жиырма жастағы адамның 1:100, ал елу жастағылардың 1:39 шамасының өлу ықтималдығын көруге болады. Осы сандарға сүйене отырып, Вебстер мен Уоллес орташа шамамен Шотландиядағы 930 діни қызметкердің жыл сайын жиырма жетісі өлуі мүмкін. Олардың он сегізінің соңында жесірі қалады. Әйелдері жоқ бесеуінің соңында жетім балалары барын да анықтады. 18 жесірдің екеуінің бұрынғы некеден 16 жасқа толмаған балалары бар. Бұл өте нақты әрі дәл болжам еді. Жесірлер көз жұмғанға немесе тағы да күйеуге шыққанға дейін (ондай жағдайда төлем де тоқтатылады) қанша уақыт өтетінін санап шықты. Осылайша Вебстер мен Уоллес өз жақындарын қамтамасыз ету үшін қорға қатысушылар қанша ақша салатынын анықтап алды. Жылына 2 фунт 12 шиллинг және 2 пенс төлей отырып, діни қызметкер жесірінің жыл сайын сол уақыттағы қомақты сома – 10 фунт алуына кепілдік берді. Мұны аз көрсе, ол салым мөлшерін 6 фунт 11 шиллинг және 3 пенске дейін көтере алады, сонда марқұм діни қызметкердің жесірі жылына 25 фунт алар еді. Ғалымдар 1765 жылы Шотландия шіркеуі діни қызметкерлердің жесірлері мен жетімдерін қамқорлау қоры 58 348 фунт капитал жинайтынын болжады. Шынында да, сол жылы капитал 58 347 фунтты құрады – бар болғаны бір фунты кем шықты. Бұл Аввакумның, Иеремия мен Иоан әулиенің сәуегейлігінен тәуір еді. Бүгінде «Шотландия жесірлері» деген қысқаша атаумен белгілі Вебстер мен Уоллестің қоры әлемдегі ең ірі сақтандыру әрі жеке зейнетақы жинақтау компанияларының бірі. 100 миллиард фунт стерлинг капиталға ие бола отырып, қор тек шотланд жесірлерін ғана емес, тілек білдірушілердің кез келгенін сақтандырады7. Осы екі шотландтық діни қызметкерлер сияқты ықтималдылықты есептеп шығару есеп айырысудың актуарийлік әдісіне ғана емес (онсыз сақтандыру бизнесін көзге елестету қиын), сондай-ақ демографияға да (бұл ғылым бастауында ағылшынның басқа діни қызметкері Роберт Малтус тұр) негіз қалады. Демография, өз кезегі келгенде Чарльз Дарвиннің (өзі ағылшын пасторы болуға шақ қалған) эволюция теориясының іргетасы болды. Нақты бір жағдайда қандай организм өсіп-өнетінін сипаттайтын формулалар жоқ болғанымен, генетиктер ықтималдық теңдеулерінің көмегімен популяцияда нақты бір мутацияның таралу мүмкіндігін есептеп шығарады. Осы іспеттес ықтималдық моделі экономикада, әлеуметтануда, психологияда, саясаттануда және басқа да әлеуметтік және жаратылыстану ғылымдарында шешуші рөл ойнайды. Тіпті физиктер де, ақырында, Ньютонның классикалық теңдеулерін ықтималдық бұлттармен – квантты механикамен көмкеріп қойды.
* * * Бұл үдерістің қалай алысқа ұзап, тереңге бойлап кеткенін түсіну үшін білім беру ісінің тарихына үңілу жеткілікті. Тарихтың біраз бөлігінде математика факультативті пән болып келді. Интеллектуалдар да оған беттей алмады. Орта ғасырларда білім беру негізін логика, грамматика мен риторика құрады, математика арифметиканың шеңберінде және геометрияның бастауында оқытылды. Статистиканы ешкім оқыған жоқ. Ғылым атаулының падишасы теология болды. Қазір риторикамен шұғылданатындар некен-саяқ, логиканы оқып-үйрену – философия факультеттерімен, дін ілімі семинарлар аясымен шектеледі. Ал студенттердің көпшілігі ерікті немесе мәжбүрлі түрде математиканың ұшпағына ұмтылады. «Нақты» ғылымдардың тартымдылығы бой бермей өсіп барады, ал «нақты» деп математикасыз күн көре алмайтындарды атайды. Лингвистика немесе адам жаны туралы ғылым (психология) сияқты дәстүрлі түрде гуманитарлық ғылымдарға жататын білім салаларында да жұрттың бәрі математикалық әдістерге жиірек жүгініп, тиянақты болып көрінгісі келеді. Статистика сабақтары физика мен биология ғана емес, сондай-ақ психология, әлеуметтану, экономика мен саясаттану факультеттерінде де негізгі пән ретінде оқу бағдарламасына енген. Менің университетімнің психология факультетінде оқуға міндетті пәндер тізбесінде бірінші «Статистикаға және психологиялық зерттеулер әдіснамасына кіріспе» тұр. Болашақ психологтарға екінші курста «Психологиялық зерттеулердің статистикалық әдістерін» оқытады. Адам жанына үңіліп, оны айықтыру үшін, ең алдымен, статистиканы оқу керек дегенді естісе, Конфуций, Будда, Иса мен Мұхаммед аң-таң қалар еді.
Білім – күш Адамдардың көпшілігінің жаңа заман ғылымымен аралары жақсы емес. Математика тілі миға қона бермейді, оның үстіне ғылыми жаңалықтар көбінесе интуиция мен «сау ақылға» қарама-қайшы келеді. Жер бетін мекендеген жеті миллиардтың қандай бөлігі квантты механиканы, клеткалық биологияны немесе макроэкономиканы жетік түсіне алады? Ғылымның беделі енді тым жоғары, өйткені ол бізге өлшеусіз күш-қуат дарытады. Президенттер мен генералдар ядролық физикадан ештеңе түсінбегендерімен, ядролық бомба туралы жақсы біледі. 1620 жылы Фрэнсис Бэкон «Жаңа құрал» (The New Іnstrument) деген атаумен ғылыми манифест жариялады. Осы трактатта айтқан атақты сөзі: «Білім – күш» еді. Білімнің негізгі критерийі – ақиқатқа сәйкестігі емес, адамға білім беретін мүмкіндіктері ғана. Ғалымдар жүз пайыз сенімді теориялардың жоғына көндікті. Жаңа мүмкіндіктерге кенелтіп, тыңнан бірдеңе жасауға үйрететін теория – білім. Ғасырлар бойы ғылым бізді көптеген жаңа құрал-саймандармен жабдықтады. Олардың кейбіреулері – өлім-жітім деңгейі мен экономикалық өсімді алдын ала болжап бере алатын интеллектуалды әдістер. Технологиялық сипаттар одан да маңыздырақ. Ғылым мен технологияның арасында берік байланыс орнағаны сонша, оларды жиі шатастыра береді. Жаңа технологиялар ғылыми зерттеулерсіз пайда болмайтындай және жаңа технологиялар туындата алмайтын зерттеулерден пайда шамалы сияқты көрінеді. Шын мәнінде, ғылым мен технологиялардың мұндай ынтымақтастығы – өте таяуда басталған құбылыс. 1500 жылға дейін ғылым мен техника өз беттерінше өмір сүрді. ХVІІ ғасыр басында Бэкон оларды біріктіруді ұсынған бойда ол революциялық идеяға айналды. ХVІІ–ХVІІІ ғасырларда байланыс нығайды, ал ажырамастай торап, шешілместей түйін тек ХІХ ғасырда байланды. 1800 жылы-ақ армияны нығайтуға бел буған ел билеушілердің көпшілігі, өз өндірісін кеңейту қамын жеген магнаттардың бірсыпырасы физика, биология мен экономика саласындағы зерттеулерден қаржы аяп қалған жоқ. Бірде-бір ежелгі әміршінің басына бұл идея келген жоқ дей алмаймын. Жақсы тарихшы өткен шақтан кез келген өнегені табады. Ал үздік тарихшы ондай өнеге-үлгілер жалпы оқиғаны күрделендіре түсетін жай әншейін ермек екенін ескертеді. Қазіргі дәуірге дейінгі ел билеушілері мен кәсіпкерлердің басым бөлігі жаңа технологиялар алуды үміт етіп, табиғатты зерттеу ісін қаржыландырған емес, ойшылдардың да көпшілігі өз жаңалықтарын күрделі өрнекті құрылғыларға айналдыруға құлықты болмады. Ел билеушілері дәстүрлі білімдерді тарататын және сол арқылы қалыптасқан тәртіпті нығайта түсетін оқу орындарын асырады. Уақыт өткен сайын әлдебір жаңа технологиялар пайда болды, бірақ олардың авторлары жүйелі ғылыми зерттеулерге төселген ғалымдар емес, байқап көру – қателесу әдісімен байқамай жаңалық аша салған білімсіз қолөнершілер еді. Арбашы жыл сайын бір үлгідегі арбаларды жасай берді. Ол табысының бір бөлігін зерттеуге арнап, жаңа модельдер жасау ісіне жұмсай қоймайды. Университет табалдырығын ешқашан аттамаған, әрі әліпті таяқ деп білмейтін әлдебір жергілікті шебердің тапқырлығының арқасында ғана дизайнды біртіндеп жетілдірді. Тап осы үрдіс тек жеке шаруашылықта ғана емес, мемлекеттік секторда да байқалды. Қазіргі кезде үкіметтер энергетика мен денсаулық сақтау саласынан бастап, қалдықтарды кәдеге жарату ісіне дейінгі кез келген мемлекеттік мәселелердің шешімдерін іздестіру барысында ғалымдардың уәжіне жүгінеді, ал ежелгі патшалықтар бұған мән бермеді. Әсіресе қарулану саласынан кереғарлық анық байқалады. 1961 жылы Президент лауазымынан кетіп бара жатқан Дуайт Эйзенхауэр өскелең әскери-өнеркәсіптік кешенге байланысты қауіп-қатер туралы сөз сөйлеген кезде теңдеудің бір бөлігін тастап кетті: әскери-өнеркәсіптік ғылыми кешен туралы айтқаны дұрыс болатын еді, өйткені қазіргі заман соғысы дегеніміз – ғылыми шығарма ғой. Ғылым мен технология саласындағы ізденістердің едәуір бөлігі нақ осы қарулы күштерді қолдауға, қаржыландырып, жетілдіруге арналады. Бірінші дүниежүзілік соғыс жертаса қазу кезеңінен өтіп кеткен кезде екі тарап та ғалымдарды ахуалдың аптығын басып, өз халқын құтқарып қалуға шақырды. Ақ желеңді адамдар үндеуге жаппай үн қосты, зертханалардан да керемет қару-жарақтардың, әскери ұшақтардың, улы газдардың, сүңгуір қайықтар мен аса ыңғайлы зеңбіректердің, винтовкалар мен бомбалардың жаңа түрлері бөгет бұзардай тасқынды лекпен қаптап шығып жатты. Екінші дүниежүзілік соғыста ғылымға бұдан да маңызды рөл берді. 1944 жылдың соңына таман Германияның айқын ұтылып, жеңіліске ұшырағаны белгілі болып та қалды. Содан бір жыл бұрын немістердің одақтастары – италиялықтар аса жанкешті жағдайда Муссолини режимін құлатып, тізе бүккен еді. Британ, Америка мен Кеңес әскерлері құрсаудай қыспаққа алғанымен, немістер шайқасын жалғастыра берді. Неміс солдаттары өз ғалымдарына үміт артып, соғыстың барысын өзгертетін V–2 ракетасына не болмаса реактивті ұшақ сияқты ғажайып қару жасайды деп сенгендіктен де соғысқа төтеп берді.
33. Немістің V–2 баллистикалық ракетасын ұшыруға дайындық барысы. Ол одақтас мемлекеттердің әскерлерін күйретуге бәрібір көмектесе алмады. Алайда немістер соғыстың соңғы күндеріне дейін өздерінің «ғажап қаруларына» сенім артып өтті. Германия ракета мен реактивті ұшақты ойлап тапқанша, Американың Манхэттен жобасы атом бомбасын ойдағыдай жасап үлгерді. Алғашқы бомбаны сынау қарсаңында Германия тізе бүге қалды, ал Жапония қарсылығын тоқтатпады, енді Америка әскері аралға басып кіруге дайындала бастады. Жапондар жаппай жанпида қылып, өліспей беріспеуге ант етті, бұл жай ғана қоқан-лоқы емес деп пайымдауға барлық негіз бар еді. Американың әскери басшылары Жапонияға баса-көктеп кіру миллиондаған солдаттың өмірін қиятынын әрі соғыс 1946 жылға дейін созылып кететінін президент Гарри Трумэнге ескертті. Трумэн жаңа бомбаны іске қосуға өкім шығарды. Екі аптада екі бомба лақтырды. Іле-шала Жапония тізе бүгіп, соғыс та аяқталды. Ғылым тек шабуылдайтын қару-жарақ қана жасамайды. Ол қорғаныс ісінде де маңызды рөл ойнайды. Америкалықтардың көпшілігі терроризм мәселесін шешудің саяси емес, технологиялық шешімдеріне сенеді. «Нанотехнологияға молырақ доллар салыңдар», – дейді олар, сонда АҚШ бионикалық шыбын-шпиондарды Ауғанстанның әр үңгіріне, Йеменнің айлақтарына және Солтүстік Африканың әскери-дайындық лагерьлеріне жібере алады. Бен Ладеннің ізбасарларының бір шыныаяқ кофе ішкеніне дейін шыбын-шпиондар Лэнглидегі ОББ-нің штаб-пәтеріне хабарлап отырсын. Бұған қоса, миды зерттеуге миллиондар салып, әр әуежайға қауіпті пиғыл, қатерлі ойды танып қоятын сканер орнатып қоялық дейді. Осының бәрі жүзеге аса ма? Кім біледі?! Бионикалық шыбындар мен ой көшіруге арналған сканерлер жасаудың қажеті бар ма, сірә? Айта алмаймын. Бірақ тап қазір сіз осы жолдарды оқып отырған кезде Американың Қорғаныс министрлігі нанотехнологияға, миды зерттеу жөніндегі зертханаларға осы жұмысты атқаруға және сондай идеяларға миллиондаған доллар бөліп жатыр. Бір ғажабы танктерден бастап атом бомбасы мен шыбын-шпиондарға дейінгі әскери технологияларға аса ынтызарлық білдіру баяғыдан бері келе жатқан құбылыс. ХІХ ғасырға дейін, негізінен, техникалық емес, ұйымдастырушылық салада, әскери істе бетбұрыстар жасалды. Әртүрлі өркениеттер соқтығысқан кезде технологиялық теңсіздік кейде айтарлықтай рөл ойнады, бірақ бәрібір мұндай теңсіздікті тудыру немесе тереңдете түсу туралы ешкім қам жеп, қамқорлық жасамады. Арабтар Сасанидтер империясын өткір қылыш, оңтайлы садақтың арқасында күйреткен жоқ. Селжұқтар византиялықтардан технологиялық жағынан басым емес еді, моңғолдар да Қытайды ғажайып қару түрімен бағындырған жоқ. Дәлірек айтқанда, үздік технологияларды (әскери де, азаматтық та) жеңілгендер пайдаланған еді. Ең айқын мысал – Рим әскерлері. Оларда өз кезеңінің үздік армиясы болды. Алайда технологиялық көзқарас тұрғысынан Рим Карфогеннен, Македония мен Селевкидтер империясынан басым емес еді. Оның артықшылығы ұтымды ұйымға, темірдей тәртіп пен сарқылмастай адами ресурсқа байланысты болатын. Рим армиясының зерттеу және даму бөлімі болған жоқ, жүзжылдар бойы ол баяғы сол бір қарумен соғысты. Б.з.д. ІІ ғасырда Карфагенді жермен-жексен еткен, содан соң нумансиялықтарды күйретіп тынған Сципион Эмилиан 500 жылдан кейін келер болашаққа, Ұлы Константин дәуіріне өтіп өмір сүрсе, ол Константинді тас-талқан қылар еді. Наполеон әскерін қазіргі құрышты танк тобына қарсы аттандырса не боларын елестетіп көріңіз. Наполеон тамаша стратег, жауынгерлері кәсіби солдаттар еді, бірақ мұның бәрі қазіргі қару-жараққа қарсы келгенде түкке жарамсыз күйінде қалар еді. Ежелгі Қытай мен Римнің қолбасшылары мен философтары да жаңа қару жасауды қажет деп санамады. Қытайдың бүкіл тарихындағы ең маңызды әскери өнертабыс – оқ-дәрі еді, бірақ біздің білуімізше, оның өзін тіршілік эликсирін іздеген алхимик кездейсоқ тапқан. Оқ-дәріні бастапқыда қалай пайдаланғаны қызық. Даошылар жаңалығы Қытайды әлемнің әміршісіне айналдыруы мүмкін еді. Қытайлар шатырлауық қоспаны петарда жасауға ғана қолданды. Тіпті олардың империясы моңғол басқыншыларының тегеурінінен күйрей бастағанда да, Манхэттен жобасының ортағасырлық нұсқасын ұйымдастыру, қиямет-қайым қаруын қолданып, өз елін құтқарып қалу императордың қаперіне кірген жоқ. Тек ХV ғасырда ғана, оқ-дәрі табылғаннан кейін 600 жыл өткенде ұрыс даласында зеңбіректер пайда болды. Қырғынға ұшырататын қоспа әскери мақсатта қолданғанға дейін неге осынша уақыт өтті? Себебі ол патшалар да, ғалымдар да, саудагерлер де жаңа әскери технологиялар қазынаны молайтады немесе мемлекетті қорғап қалады деп ойламаған кезде дүниеге келген еді. Ахуал ХV–ХVІ ғасырларда аздап өзгере бастады, бірақ ел билеушілер өнертабысты қаржыландыру және жаңа қару-жарақ түрлерін жетілдіру қажеттігін сезінгенше, тағы 200 жыл өтті. Соғыстың барысына технологиядан гөрі, логистика мен стратегия әлі де көбірек әсер етті. Аустерлиц түбінде (1805 жыл) бүкіл Еуропаның армиясын тас-талқан еткен Наполеонның әскери машинасы да жазаға тартылған ХVІ Людовиктің армиясымен шамалас еді. Наполеонның өзі кәсіби артиллерияшы болғаны не керек, сүңгуір қайықтар, ұшқыш аппараттар мен ракеталар құрылысын қаржыландыруға өзін үздіксіз үгіттеп жатса да, жаңа қару-жараққа қызықпай-ақ қойды. Ғылым, өнеркәсіп пен әскери технология тек капиталистік жүйенің нығаюына орай, индустриялық революциядан соң ғана бірге бас қосты. Ал бұл байланыс орныққан бойда әлем де бет-бейнесін күрт өзгертіп сала берді.
Прогресс мұраты Ғылыми революцияға дейін мәдениеттердің біразы прогресс культін білген емес. Алтын ғасырды олар артқа апарып қойып, болашақтан жақсылық күтпеді: әлем не тоқырауға түсті, не кері кетіп бара жатыр деп ойлады. Дәстүрлерге адалдық – мамыражай өткен шақты кері қайтарудың жалғыз мүмкіндігі. Ал адамның тапқырлығы күнделікті күйбең тірліктің әлдебір аспектісін жетілдіруге ғана жетіп қалар. Әлемнің іргелі мәселелерін шешуге адамның шамасы келмейді. Мұхаммед, Иса мен Конфуцийлердің өзі ашаршылықты, ауру-сырқау мен соғысты аластай алмаса, мына бізден не үміт, не қайыр? Кейбір діни ағымдар «бір күні мәсіх келеді де, бүкіл соғыс, ашаршылық атаулыға, тіпті ажалдың өзіне нүкте қояды» деп дәмелендіреді. Алайда адамдардың өздері жаңа білім бастауларына қол жеткізіп, жаңа еңбек құралдарын жасай алады деген ой жай ғана күлкілі жайт емес, қара басына қатер төндіретін менмендік болып көрінер еді. Бабыл мұнарасының, Икар мен Големнің тарихы және басқа да мифтер адамдарға өздеріне белгілеп берген шектен шығып кетуге тырысушылықтың көпшілігі міндетті түрде дағдарыс пен апатты жағдайға душар ететінін ишаралады. Жаңа заман мәдениеті маңызды нәрселердің көбі белгісіз екенін мойындаған кезде, адамзаттың көп дүниені білмейтіні де анық болды. Ғылыми жаңалықтар тың мүмкіндіктерге жетелейді деген үміт үстелген шақта ғана адамдар прогрестің пайдалылығына көз жеткізе бастады. Ғылым күрделі мәселелердің бірінен соң бірін шеше бастауына байланысты адамдар жаңа білімдерді қордалай әрі қолдана отырып, кез келген қиындықты еңсеріп шыға алатындарына сенді. Кедейшілік пен ауру-сырқау, соғыстар мен ашаршылық, кәрілік пен ажал адамзаттың артынан қалмай, өкшесін баса жүруге тиіс емес. Бұл біздің білместігіміздің салдары ғана.
34. Бенжамин Франклин құдайлардың қаруын тартып алуда.
Найзағайды мысалға алайық. Адамдар найзағайдың күнәһарларды жазалап жатқан ашулы құдайдың балағаты екеніне сенді. ХVІІ ғасырдың ортасында найзағай Бенжамин Франклиннің назарын аударып, Америка оқымыстысы ғылым тарихындағы ең даңқты сынақтарын жасады. Ол өз жорамалын тексеріп көру үшін күн күркіреп, найзағай ойнап тұрған шақта әуеге батпырауық ұшырды, Франклин найзағайды бар болғаны электр заряды деген еді. Электр энергиясының қасиеттері туралы білімін эмпирикалық бақылаулар арқылы толықтырып, Франклин найзағай тартқышты ойлап тауып, қаһарлы құдайлардың «қаруын» тартып ала бастады. Тағы бір маңызды мысал – кедейшілік. Көптеген мәдени ортада ол күнәһар әлемнің қашып құтыла алмайтын басыбайлы сипаты ретінде қарастырылды. «Жаңа өсиетте» мынадай бір эпизод бар: крестке керілгенге дейін Исаны әлдебір әйел киелі әрі қымбат, 300 динар тұратын зәйтүн майымен сылайды. Исаның шәкірттері әйелдің бұл қадамына ренжіп: «Одан да ақшаңды жоқ-жітіктерге үлестірсеңші», – деп ұрсады. Сонда Иса оған араша түсіп: «...қалаған кезде кедейлер әрқашан қастарыңнан табылады, қайырымдылық жасай аласыңдар, ал Мені әркез таба алмайсыңдар» дейді (Марк 11:7). Бүгін жер бетіндегі адамдардың, соның ішінде христиандардың көпшілігі Исаның бұл уәжін қолдамайды. Жұртшылықтың пікірі бойынша, агрономияның, экономиканың, медицина мен әлеуметтанудың бүгінгі жаңалықтары кедейшілікті жоюға қабілетті. Шынында да, әлемнің біраз елі кедейшіліктің шетін көріністерінен біржола құтылды. Тарихтың ұзын-ырғасында қоғам жарлылықтың екі түрінен: өзгеге қолжетімді мүмкіндіктерден қағылатын әлеуметтік және ішер тамақ пен тұрар баспана жоқтықтан адам өмірінің өзіне қауіп-қатер төнетін биологиялық немесе абсолютті кедейшіліктен зардап шекті. Күні кешеге дейін талай адам биологиялық кедейшілік шегінде, ұзақ өмір сүру үшін жеткілікті калориялар ала алмайтындай шамада тіршілік етті. Адамдарды сол шектің сыртына итеріп жіберіп, аштан қатыру үшін сәл ғана сәтсіздік немесе есеп айырысудағы қателіктер жетіп жатыр. Табиғи апаттар мен адамдардың өздері ұйымдастырған катаклизмдер бүтін халықты құрдымға құлатып, миллиондарды қынадай қырып тастады. Бүгін Жер тұрғындарының басым бөлігінің «қауіпсіздік белдігі» бар. Әрбір азаматты жеке бастың бақытсыздығынан сақтандыру жүйесі, мемлекеттік медициналық полистер мен зейнетақы қорлары, толып жатқан жергілікті және халықаралық коммерциялық емес ұйымдар қорғайды. Бақытсыздық тұтас бір аймақтың басына төнсе әдетте оған бүкіл әлем көмекке келіп, апаттың зілмауыр зардаптарын жоюға жаппай атсалысады. Әлемде кедейшілік кеселі тартқызған тақсырет те, қорлық та әлі жетерлік, әйтсе де аштықтан өлу қатері енді еш жерге төніп тұрған жоқ. Одан гөрі көп адамның семіздіктен өлу қаупі жоғары.
«Гильгамеш» жобасы Адамзаттың шешілмейтіндей көрінген барлық мәселелерінің біреуі: өлім мәселесі әлі азапты да толғанысты әрі өзекті күйінде қала бермек. Таяу кезге дейін діндер мен дүниетанымдардың біразы ажалды адамның тағдыр-талайы, қашып құтыла алмайтын таланы ретінде қабылдады. Исламды, христиандықты немесе ежелгі мысырлықтар нанымын өлім-жітімі жоқ дүниеде елестетіп көріңізші. Бұл ілімдер адамдардың өліммен күреспей, мәңгі өмір сүруге тырыспай, ажалға бойсұнып, о дүниеден үміт етуіне көмектесті. Небір ақылмандар өлімнен қашуға емес, оған мән-мағына дарытуға тырысумен шұғылданды. Өлімге көзқарас жайында ежелгі заманнан бізге жеткен мифтердің бірі – Шумердің Гильгамеш туралы аңызында айтылады. Бұл хикаяның кейіпкері – шайқаста кез келген дұшпанын жеңген жер бетіндегі ең күшті, ең епті адам, Урук патшасы Гильгамеш. Бірде оның жан досы Энкиду ауырып қайтыс болады. Гильгамештің үрейі ұшып, өзі де мүрдеге айналмас үшін қолдан келгеннің бәрін істеуді ұйғарды. Ол ажалды жеңетін амал табуға тиіс. Ақырында, жердің қиыр шетіне аттанып, арыстандарды өлтіре, шаян-адамдармен айқаса жүріп, жерасты патшалығына түсетін жол іздеді. Сонда ол өлі жандарды арғы жағалауға таситын салқайықшы – Уршанабиге қызмет ететін тас тұлғалы дәулерді қиратып, жаһандық тасқыннан жалғыз өзі аман қалған Утнапиштаманы іздеді. Бәрібір Гильгамеш көздеген мақсатына жете алмады. Ол еліне құрқол, ажалды қалпында қайтып оралды. Әйтсе де Гильгамеш баға жетпес білім алды. Құдайлар адамды жарата отырып, оған қашып құтыла алмас жазмышты – өлімді бұйыртатынын, адамды осы білікпен өмір сүруге үйрету керегін ұғынды. Прогресті жақтаушылар мұндай боркемік, жеңіліске бейім көңіл ауанымен келісе алмайды. Ғалымдар үшін өлім қашып құтыла алмайтын тағдыр тезі емес, техникалық мәселе ғана. Адам баласы құдайлар бұйырғандықтан емес, әртүрлі техникалық ақаудан: инфарктен, рактан, жұқпалы кеселдерден өледі. Ал кез келген техникалық мәселенің шешімі болуға тиіс. Жүрек нашар жұмыс істесе кардиостимулятор қою немесе жаңасына ауыстыра салу керек. Организмде қатерлі ісік пайда болса, оны химиялық дәрмекпен немесе сәуле қуатымен жойған жөн. Бактериялар көбейіп кетсе, антибиотик жәрдемдеседі. Иә, рас, әзірше техникалық мәселелердің бәрін шешіп тастауды үйренген жоқпыз. Бірақ ғалымдар ізденіп жүр, әлемдегі ақылы асқандары ажалдың мән-мағынасын іздеуге алтындай уақыттарын зая етпей, қартаю мен ауруға тікелей қатысы бар физиологиялық, гормоналдық және генетикалық жүйелерді зерттеуде. Күндердің бір күнінде біздің өмірімізді ұзартатын, бәлкім, тажал ажалды біржола аулаққа қуып тастайтын жаңа дәрі-дәрмектер, емдеудің революциялық әдістері, жасанды ағзалар жасалуы мүмкін. Бүгінге дейін ғалымдардың ешқайсысы мұндай бірдеңе айтуға тәуекел ете алмады. «Ажалды жеңу? Бос сөз! Тек қатерлі ісік, туберкулез бен Альцгеймер кеселіне шипа табуға тырысамыз», – деді дәрігерлер. Өлім-жітіммен күресу туралы сөз қозғамады, мұндай мақсатқа қол жетпейтіндей көрінді. Ақталмайтын үміт отын тұтатудың керегі не? Әйтсе де қазір тарихтағы сол сәтке таяп қалдық, енді «ғылыми революцияның басты жобасы – адамзаттың мәңгі өмірі» дегенді ашық айта береміз. Ғылыми революцияның басты жобасы – адамға мәңгілік өмір сыйлау. Тіпті өлімнің өлімі тым алыста тұрған мақсат тәрізді көрінген күнде де, бірнеше жүз жыл бұрын қиялдай да алмаған көп нәрсеге қол жеткіздік. 1199 жылы арыстан жүректі Ричард король жебе тиіп иығынан жараланды. Бүгінде мұны жеңіл-желпі жарақат деп есептейді, ал 1199 жылы антибиотиктер болған жоқ, әрі гигиенаның қарапайым ережелері сақталмады; болмашы ғана жараға инфекция түсіп, шіри бастады. ХІІ ғасыр соңында Еуропада гангренаны тоқтатудың бір ғана тәсілін: дененің зақымданған бөлігін кесіп тастауды ғана білді. Бірақ иықты кесе алмайсың. Сонымен, байғұс корольдің бүкіл денесіне жараның уыты жайылып, арыстан жүректі Ричардқа ешкім араша түсе алмады. Екі апта өткен соң ол жаны қиналып, азаппен көз жұмды. Тым беріде – ХІХ ғасырда мықты дәрігерлер ауруды жұқтыру мен жара іріңдеуінің бетін тойтару амалдарын білмеді. Дала госпитальдарында хирургтер жарақаттанғандардың тіпті жеңіл-желпі сызат түскендердің барлығының аяқ-қолын кесіп тастай берді; гангренадан қауіптенді. Ол кезде бүкіл медициналық емшаралар сияқты ампутация, соның ішінде тіс жұлу да наркозсыз жасалды. Алғашқы анестезия құралдары – хлороформ мен морфин Батыс медицинасында тек ХІХ ғасыр ортасынан бері тұрақты қолданыла бастады. Хлороформ дәуіріне дейін жараланған жолдастарын төрт солдат тырп еткізбей басып тұрды, ал дәрігер жарақаты бар аяғын не қолын арамен кесуге кірісті. Ватерлоодан (1815 жыл) кейінгі таң әлетінде далалық госпитальдің алдында кесілген аяқ пен қолдар таутөбедей үйіліп жатты. Сол кезеңде армия қатарындағы ағаш ұсталары мен қасапшыларды көбінесе медициналық жасаққа жіберетін, себебі хирургтің көмекшілері ара мен пышақты шебер пайдалануға тиіс еді. Ватерлоодан кейінгі екі ғасыр ішінде ахуал түбірімен өзгерді. Дәрі-дәрмектер, екпелер, күрделі оталар бұрындары беті бері қарамайды деп есептелген талай адамды ауру-сырқау мен ауыр жарақаттан аман алып қалды. Бүгінде күнделікті сырқаттан да, ата-бабаларымыздың ажырамас бөлігіндей болып, әбден діңкелеткен ауру түрлерінен де қорғалғанбыз. Өмір сүру мерзімінің орташа мөлшері, тұтастай алғанда, әлемде 25–40 және 67 жасқа дейін, дамыған елдерде 80 жасқа дейін ұзарды8. Тажал ажал балалардың өлім-жітімі аясында оңбай жеңілді. ХХ ғасырға дейін әрбір төртінші бала немесе аграрлық қоғамда туған әрбір үшінші бала кәмелет жасына жетпеді. Оларды сүзек, қызылша, қорасан сияқты аурулар қыршынынан қия берді. ХVІІ ғасырдағы Англияда 1000 жаңа туған нәрестенің 150-і – бір жасында, балалардың үштен бір бөлігі 15 жасқа толмай қайтыс болған9. Қазіргі кезде мұнда 1000 нәрестенің бесеуі ғана – бір жасында, ал жетеуі 15 жасқа жетпей шетінейді10. Осы цифрлардың мән-маңызын сезіну үшін статистиканы жөніне қалдырып, өмірден алған бірнеше хикаяны баяндайық. Бір нақты мысал – ағылшын королі І Эдуардтың (1239–1307) отбасы. Элеонара королевадан (1241–1290) туған балалар, әлбетте, ортағасырлық Еуропа балаларына жасап бағатын өте жақсы жағдайға тап келді: салтанатты сарайда тұрды, тамақтары аста-төк, киімдері жып-жылы, каминге жағатын отын да жеткілікті еді, таза судан да тарыққан емес, даңқты дәрігерлердің қарауында болды. Сарай жылнамасында 1225–1284 жылдар аралығында Элеонорадан туған он алты баланың аты-жөні тізбеленген. 1. Атын қоймаған қызы 1925 жылы туып, бірден шетінеп кетті. 2. Қызы Екатерина бір немесе үш жасында шетінеді. 3. Қызы Джоанна алты айында шетінеді. 4. Ұлы Джон 5 жасында қайтыс болды. 5. Ұлы Генрих 6 жасында қайтыс болды. 6. Қызы Элеонора 29 жасында қайтты. 7. Атын қоймаған қызы 5 айлығында шетінеді. 8. Қызы Джоанна 35 жасында қайтыс болды. 9. Ұлы Альфонсо 10 жасында қайтты. 10. Қызы Маргарита 58 жаста көз жұмды. 11. Қызы Беренгария 2 жасында шетінеді. 12. Атын қоймаған қызы туған бойда шетінеді. 13. Қызы Мария 53 жаста көз жұмды. 14. Атын қоймаған ұлы туғаннан кейін көп ұзамай шетінеп кетті. 15. Қызы Елизавета 34 жаста қайтыс болды. 16. Ұлы Эдуард. Осы Эдуард қауіпті балалық шақтан аман-есен өткен жалғыз ұл. Әкесі қайтыс болғаннан кейін ІІ Эдуард деген атпен Англия тағына отырды. Былайша айтқанда, тек он алтыншы талпыныста Элеонора ағылшын королевасының басты міндетін орындады – жұбайына еркек жынысты мұрагер сыйлады. ІІ Эдуардтың анасы, сірә, сирек кездесетін төзімділікпен және сабырлылықпен ерекшеленген болуы керек. Ал корольдің жары француз қызы Изабеллаға мұндай қасиеттер дарымағаны анық: ол жендет жалдап, 43 жасқа енді ғана толған Эдуардты өлтіртті11. Қалай айтсақ та, І Эдуард пен Элеонора дені сау, бір-біріне үйлесімді жұп болды әрі балаларына тұқым қуалайтын ауыр кеселдер дарытқан емес. Сөйте тұра, он алты баланың оны (62%-ы) кішкентай кездерінде шетінеді, үшеуі ғана (18%-ы) 40 жасқа дейін және одан да көп өмір сүрді. Элеонора түсік тастауы да мүмкін ғой. Орташа шамамен корольдік жұп әр үш жыл сайын перзенттерін, ұзын саны – он баланы, жер қойнына тапсырып отырған. Қазіргі заманның отбасында мұндай шығынға ұшырап, шыдас берудің өзін көзге елестету қиын-ақ. «Гильгамеш» жобасын жүзеге асыруға – мәңгі өмірді іздестіруге қанша уақыт қажет болады? 100 жыл? 500 жыл? 1000 жыл? 1900 жылы адам организмі жайында бізге көп нәрсе беймәлім болғанын және де бар болғаны бір ғасырдың ішінде қаншама білім жиғанымызды еске алсақ, үмітіміз ұлғая түседі. Генетиктер жуырда Caenorhabіtіs eleganc құртының өмір сүру мерзімін алты есе ұлғайта білді12. Homo sapіens үшін осылай жасай алар ма еді? Нанотехнология мамандары миллиондаған нанороботтардан тұратын бионикалық иммундық жүйе жасап жүр. Олар біздің тәнімізге еніп, бітеліп қалған қантамырларды ашып, вирустармен, бактериялармен күресіп, обыр жасушаларын өлтіріп, тіпті қартаю үдерісін де тежейді13. Кейбір танымал ғалымдар 2050 жылға таман адамдардың бір бөлігі өлім-жітімге ұшырамайтын болады (ажалсыз болады деп айтпайды, өйткені олар бәрібір жарақаттан, әлде ауру-сырқаудан көз жұмады, алайда «өлім-жітімге ұшырамайтын» сөзінің астарында, жазатайым оқиғаға тап келмесе, олардың өмір сүру мерзімі шексіз болады деген мағына жатыр) дейді. «Гильгамеш» жобасының қаншалықты нәтижелі болатынына қарамастан, тарихи көзқарас тұрғысынан жаңа заман діндері мен идеологиялардың көпшілігі өздерінің өлім мен о дүниедегі өмір формуласын сызып тастауға асыққандарын атап өту енді қызық көрінеді. ХVІІІ ғасырға дейін діни ғұламалар мен философтардың бірталайы мына пәни дүниенің мән-мағынасын өлім мен бақи дүниедегі өмірге жалтақтай отырып анықтады. ХVІІІ ғасырда либерализм, социализм, феминизм сияқты ілімдер туындап, одан әрі дами түсті: олар үшін өлім техникалық мәселеге айналды, өлгеннен кейін болмысқа ден қоюшылық ауаны мүлде жоғалды. Өлгеннен кейін коммуниске не болады? Ал капиталиске, феминиске ше? Маркстің, Адам Смиттің немесе Симон де Бовуардың еңбектерінен бұл сауалдарға жауап таба алмаймыз. Өлім идеясына ден қойған бірден-бір жаңа заман идеологиясы – ұлтшылдық қана. Ең поэтикалық және патетикалық шырқау сәттерінде ұлтшылдық Отан үшін жанын пида ететіндерді халық жадындағы мәңгілік өмірмен емексітеді. Бірақ бұл біртүрлі бұлыңғырлау уәде тіпті ұлтшылдардың өздері көбінесе оны қалай бағаларын білмейді.
Ғылымдардың қамқоршысы Технологиялық дәуірде өмір сүреміз. Ғылым мен техника мәселелеріміздің шешімін табады. «Ғалымдардың өз ісімен шұғылдануына мүмкіндік беріңдерші, жұмақ тура осында, жер бетіне орнайды» дейді ғалымдар. Алайда ғылым рух пен моральдан жоғары деңгейдегі әлдебір жерде, адамның қат-қабат тірлігінен алыста тұрған жоқ. Біздің бүкіл өркениетіміз секілді ол экономикалық, саяси және діни мүдделердің әсерімен қалыптасады. Ғылым – өте қымбат сала. Иммундық жүйенің жұмысын ұғыну үшін кадрларды: зертханашыларды, электр мамандарын, жөндеушілер мен тазалықшыларды айтпағанда, биологқа зертхана, шыны түтікшелер, реактивтер, электронды микроскоптар керек. Экономист те несие нарығын зерттеуге кіріспес бұрын, компьютерлер алып, ауқымды деректер базасын жинақтауы, оларды өңдеуге арналған күрделі бағдарламалар сатып алуға тиіс. Ежелгі аңшылар мен терімшілердің мінез-құлқын білуге құлықты археолог алыстағы елдерге аттанып, қазба жұмыстарын жүргізуі, тас болып қатып қалған сүйектер мен артефактілердің мерзімін анықтауы керек. Мұның бәрі өте қымбат тұрады. Соңғы 500 жыл ішінде ғылым, негізінен, әртүрлі мемлекеттік құрылымдардың, корпорациялардың, қорлар мен жеке секторлардың зерттеулерге миллиардтап қаржы салуға бейілділігінің арқасында талай ғажайыптарды жасады. Галилео Галилейден, Христофор Колумб пен Чарльз Дарвиннен гөрі, осы миллиардтар ғаламды картаға түсіру, ғаламшарымызды картографиялау және жануарлар әлемін каталогқа енгізу барысында көп шаруа атқарды. Осы үш данышпан дүниеге келмесе де, олардың жаңалығын басқа біреулер ашар еді. Бірақ қаржының жоқтығына ешқандай ерен интеллекті өтеу бола алмайды. Мысалы, Дарвин тумаса, эволюция теориясының авторы Альфред Рассел Уоллес болар еді. Ол Дарвиннен тыс әрі бар болғаны бірнеше жыл өткенде табиғи іріктеу жорамалын ұсынды. Бірақ еуропалық мемлекеттер бүкіл әлем бойынша географиялық, зоологиялық және ботаникалық зерттеулер жүргізу ісіне ақы төлемесе, Дарвин де, Уоллес те эволюция теориясына арқау болған эмпирикалық деректерді жинай алмас еді, тіпті олар мұндай іске талпынбайтын да шығар. Мемлекеттің қазынасы мен бизнесмендердің қоржынынан шыққан миллиардтар неге университеттер мен зертханаларға ағылды? Академиялық ортада таза ғылымға аңқаулықпен сенетін ауан әлі сақталып келеді. Ғалымдар өздерінің тапқыр бастарында туындаған кез келген жобаға үкімет пен корпорациялар ақша бере салады деп ойлайды. Бұл түсінік ғылымды қаржыландыру шындығына сәйкес келе бермейді. Әдетте әлдекімдер саясат, қаржы, әлде дін тұрғысынан пайдалы жоба ретінде бағалаған ретте ғана ғылыми зерттеулер материалдық қолдауға ие болады. Мысалы, ХVІ ғасырда монархтар мен банк қожайындары алысқа аттанатын экспедициялардан ақша аяған жоқ, сөйте тұра, олар бала психологиясын зерттеуге бір тиын да бөлмес еді. Өйткені корольдер мен банк иелері географиялық жаңалықтардан тікелей пайда күтті – жаңа жерлерді жаулап алуға, сауда империясын құруға үміттенді. Ал бала психологиясының оларға керегі не? 1940 жылдары америкалықтар мен орыстар суасты археологиясына емес, ядролық физикаға ақша құйды. Олар ядролық физика жойқын қару – ядролық бомба жасайды, ал су астындағы археологияның әскери іске ешқандай қатысы жоқ деп есептеді. Ақша ағынын қандай саяси, экономикалық және діни мүдделер басқаратынын кейде ғалымдардың өздері де түсінбейді. Ғылым өкілдерінің көпшілігі интеллектуалдық әуестігіне бой алдырады, алайда зерттеулердің магистралды бағыты көбінесе ғалымдардың ырқында бола бермейді. Саяси, экономикалық және діни мүдделерге тәуелсіз түрде, ғылымды қаржыландырғымыз келсе, мұның сәті түсуі неғайбілдеу. Себебі ресурстарымыз шектеулі. Конгрестен іргелі ғылыми зерттеулердің ұлттық қорына миллион доллар қосуды өтініп көрсінші, ол ақылға қонымды етіп жауап қайтарады: «Одан да ақшаны мұғалімдердің біліктілігін жетілдіруге немесе өз округіндегі тұралай бастаған зауытқа салық жеңілдігін беруге жұмсаған жөн ғой», – дейді. Шектеулі ресурстарға иелік еткен кезде не маңызды тіптен «не жақсы?» деген сауалдың жұмбағын шешуімізге тура келеді. Бұл мәселелер ғылымның құзыретіне жатпайды. Ғылым әлемде бар құбылыстарды, ненің қалай жұмыс істейтінін, не болуы мүмкін екенін түсіндіреді. Ғылым болашақта қалай және не болатынын жорамалдамайды, мұнымен дін және идеология айналысады. Мынадай жағдайды қарастырайық: кәсіби машықтары шамалас, бір бөлімде жұмыс істейтін екі биолог зерттеушілік жобаларды атқаруға арналған грантқа тапсырыс береді. Әрқайсысы миллион доллардан сұрайды. Профессор Слагхорн сиырлардың желінін зақымдап, сауым мөлшерін 10%-ға төмендететін ауруды зерттеуге бел буған. Профессор Спроут бұзауларын оқшаулаған кезде сиырлар қинала ма, соны зерттегісі келеді. Ақша бәріне бірдей жетпейтінін және жобаның екеуін де қолдаудың реті келмейтінін ескере отырып, олардың қайсысын таңдаған жөн? Ғылым бұған жауап бере алмайды, ол тек саясаттың, экономиканың немесе діннің қолынан келеді. Қазіргі әлемде ақшаны алуға Слагхорн айқын басымдығы бар мүмкіндіктерді иеленіп тұр: ғылыми көзқарас тұрғысынан сиырдың психологиясынан гөрі желіні маңызды көрінетіндіктен емес, тек жануарлар құқығы үшін күресушілерге қарағанда, осынау зерттеуге мүдделі сүт тағамдары өнеркәсібінің аса ірі саяси және экономикалық ресурстары бар болғандықтан ғана ақша бөлінеді. Бәлкім, сиыр қасиетті жануар саналатын үнді елінде немесе «жасылдар» жайлаған қоғамда профессор Спроут бәсекеде бой бермей, басым түсетін шығар. Ал әзірше сиырдың қиналғанына қарағанда сүт тағамдарынан түсетін пайда мен осы өнімдерді тұтынатын екіаяқты азаматтардың денсаулығын жоғары қояды ғой. Ендеше, профессор Спроут грантқа осы талаптарды ескере отырып тапсырыс беруі керек. Мәселен, оның мынадай кіріспе сөз жазғаны жөн: «Қиналу сүтті азайтады. Сауын сиырлардың психологиясын білсек, олардың жағдайын жақсартатын медициналық құрал жасай аламыз, бұл сауымды 10%-ға және одан да көп мөлшерге молайтуға ықпал етеді. Менің есебім бойынша, әлемдік нарық сиырларды емдеу үшін жылына 250 миллион долларға психотропты дәрі сатып алады». Ғылым өзіне-өзі басым бағыттарды белгілей алмайды. Өз жаңалықтарына қалай иелік етуді де білмейді. Мысалы, генетика туралы білетініміз күннен-күнге тереңдесе де, ол білім бізге не беретіні анық емес. Оларды ракты емдеу, гендік түрлендіру арқылы суперадамдар нәсілін немесе супержеліні салақтаған сүтті сиырлар шығару үшін пайдалану керек пе? Либералдық үкімет, коммунистік үкімет, нацистік үкімет және капиталистік корпорация сол баяғы бір ғылыми жаңалықты мүлде әрқилы мақсатқа пайдаланады әрі бір амалды екіншісінен артық санаудың ғылыми себептері жоқ. Қысқарта айтқанда, ғылыми зерттеулер тек дінмен, әлде идеологиямен одақтаса дами алады. Идеология зерттеуге жұмсалған шығындарды ақтап алады, бірақ сол үшін ғылыми жұмыстар барысына ықпал етуге кірісіп, нәтижесіне қалай билік жүргізу керегін айқындайды. Міне, сондықтан да адамзат баласының қандай да бір басқа мекенге емес, Аламогордо мен Айға барғанын түсіну үшін физиктердің, биологтар мен әлеуметтанушылардың жетістігін қарастыру жеткіліксіз. Белгілі бір бағытқа итере, өзгелер туралы ұмыта отырып, физикаға, биология мен әлеуметтануға ықпал еткен идеологиялық, саяси және экономикалық күштерді де қаперге алу керек. Назарымыз, әсіресе екі нәрсеге: империализм мен капитализмге ауады. Ғылым, билік пен қоғам арасындағы жағымды кері байланыс түйінінің нақ өзі, сірә, соңғы 500 жыл ағымындағы тарихи дамудың негізгі моторы болғаны кәміл. Келесі тарауларда бұл қалай жұмыс істейтінін талдаймыз. Ең алдымен осынау қос турбина қозғалтқышында ғылым мен биліктің қалай қосылғанын қарастырып, содан соң екеуінің капитализмнің ақша сорғышымен қалай байланысып жатқанына тоқталамыз.
15-тарау
Ғылым мен империяның одағы
Күн Жерден қаншалықты алыс? Жаңа заман басында әсіресе Коперник он сегіз мың ғаламның ортасында Жер емес, Күн орналасқанын дәйекті түрде долбарлағаннан кейін астрономдар осы сауалға жауап іздеуге құлшына кірісті. Арақашықтықты есептеп шығаруға астрономдар да, математиктер де талпынды, бірақ әдісіне байланысты түрлі нәтиже шықты. Мұндай есептеудің сенімді тәсілі тек ХVІІІ ғасырдың ортасында ғана табылды. Бірнеше жылда бір рет Шолпан ғаламшары Күн мен Жердің арасынан өтеді. Шолпанды Жердің әр нүктесінен әрқилы көреміз, өйткені ғаламшарды көретін бұрыш өзгере береді. Әртүрлі құрлықтан бір мезетте қадағаласа, онда қарапайым тригонометриялық теңдеу Жерден Күнге дейінгі қашықтықты дәл есептеуге мүмкіндік береді. Астрономдар Шолпан 1761 және 1769 жылдары Күн мен Жердің арасынан кезекті рет өтеді деп болжады. Сол жылдары бір-бірінен мейлінше шалғай жатқан нүктелерден бақылау жасау үшін Еуропадан әлемнің төрт қиырына экспедициялар жіберді. 1761 жылы ғаламшарды Сібірден, Солтүстік Америкадан, Мадагаскар мен Африканың оңтүстігінен бақылады. 1769 жылы Еуропалық ғылыми қауымдастық аса мұқият дайындалып, өз мүшелерін тіпті сол кезде әлі жабайы қалпында жатқан Канада мен Калифорнияға да жіберді. Лондонның жаратылыстану ғылымдарын ынталандыру жөніндегі корольдік қоғамы мұны жеткіліксіз деп тауып, нәтижесі неғұрлым дәл болуы үшін Тынық мұхиттың оңтүстік-батыс бөлігіне де экспедиция жарақтауды ұйғарды. Корольдік қоғам Таити аралдарына белгілі астроном Чарльз Гринді аттандырғысы келіп, дайындық қамынан күш-жігер де, қаржы да аяған жоқ. Соншалықты қымбат іс-шараны ойға алған екен, тек астрономиялық қадағалаумен шектеліп қалудың жөні бар ма, сірә. Гриннің қарауына әртүрлі мамандық иелерін, ботаник Джозеф Бэнкс басқаратын сегіз ғалымнан команда жиып берді. Команда құрамына, сондай-ақ жаңа жерлердің ландшафтын, өсімдіктері мен жануарларын және байырғы тұрғындарын кескіндейтін суретшіні де қосты. Корольдік қоғам сол замандағы ең үздік құрылғылар мен аспаптар сатып алып берді, ал экспедицияны тәжірибелі теңізші, өзі де белгілі географ әрі этнограф Джеймс Кук басқарды. Экспедиция Англиядан 1768 жылы аттанып, 1769 жылы Шолпанды Таитидан қадағалап, Тынық мұхиттың бірнеше аралының флорасы мен фаунасын түбірлей зерттеді де, 1771 жылы Австралия мен Жаңа Зеландияда болып, еліне қайтып оралды. Еуропалықтардың қолына астрономиялық, географиялық, метеорологиялық, ботаникалық, зоологиялық және антропологиялық деректердің ауқымды қоры түсті. Бұл жаңалықтар бірқатар ғылым саласын елеулі түрде алға жетеледі. Оңтүстік теңіздер туралы таңғажайып әңгімелер еуропалықтардың қиялын шарықтатып, астрономдар мен натуралистердің жаңа буынын шабыттандыра түсті. Куктің экспедициясы басқа пәндермен қатар медицина саласын да едәуір байытты. Сол кездерде теңізшілер алысқа аттанып бара жатқанда, команданың жартысы сапардан қайтып оралмайтынын түсінетін. Олар зұлым тағылардың, теңіз қарақшыларының қолынан немесе үй-ішін сағынғаннан емес, «құрқұлақ» деп аталатын түсініксіз ауру кесірінен қаза табатын. Науқасқа шалдыққандар маубастанып, тұнжырай беретін, ауыздың іші мен қызылиегі қанайтын. Ауру асқынған сайын тістері түсіп, тұла бойы қалтырап, сарыаурудың нышаны білінеді, жүріс-тұрысында икемсіздік пайда бола бастайды. ХVІІ–ХVІІІ ғасырлар аралығында құрқұлақ шамамен екі миллион теңізшіні өмірден ерте алып кетті. Себебін ешкім білмеді, қандай амал қолданса да, теңізшілер өле берді. 1747 жылы ағылшын дәрігері Джеймс Линд ауруға шалдыққан теңізшілерге бақылау сынағын жасаған кезде үміт оты жылтырады. Ол науқастарды бірнеше топқа бөліп, әрқайсысын басқаша емдеді. Топтардың біріне ол цитрусты тағамдар ішуді тағайындады – науқастар тез сауықты. Линд жемістердің құрамында теңізшілер организміне жетіспейтін не нәрсе бар екенін білген жоқ. Ал қазір бізге құрқұлақ кеселін вирус пен бактерия емес, С дәруменіне тапшылық туындататыны белгілі. Сол кезеңде кемедегі ас мәзірінде С дәруменіне бай азық-түлік мүлде болған жоқ. Алыс сапарға шыққан теңізшілер қатқан нан мен сүр етпен қоректенді, ал дәрумені мол жеміс-жидек пен көкөністерді бортқа тиеген емес. Корольдік флот дәрігер Линдтің тәжірибесіне көңіл бөлмеді. Бірақ бұл Куктің назарын аударды, ол дәрігердің уәжі дұрыстығын дәлелдеуге кірісті. Кук жүзу алдында ашыған қырыққабатты мол алып, теңізшілерге әр аялдамада жергілікті жемістер мен көкөністі жеу жөнінде бұйрық берді. Кук экспедициясынан бірде-бір адам құрқұлақтан қаза тапқан жоқ. Келесі онжылдықтарда «Кук диетасы» әлемнің барлық флотында қабылданып, талай теңізші мен жолаушылар өмірін сақтап қалды1. Кук экспедициясының бұдан да басқа, бірақ онша жағымды емес нәтижелері бар. Кук тәжірибелі теңізші және географ қана емес, сондай-ақ офицер еді. Корольдік қоғам шығынның едәуір бөлігін өзі өтеп, кемені корольдік флот қарамағына берді. Ал корольдік флот қасына бақайшығына дейін қаруланған 85 солдатты қосып, кемені зеңбіректермен, білтелі мылтықтармен және оқ-дәрімен жабдықтап, Кукті тағы аттандырды. Жинақталған ақпараттардың – астрономия, география, метеорология мен антропология бойынша мағлұматтардың саяси және әскери құндылығы жоғары болғаны даусыз. Құрқұлақтан құтқаратын амал тапқан ағылшындар мұхиттарды бауырына басып, әлемнің басқа қиырына әскер жіберу мүмкіндігіне ие болды. Кук Британ империясының құқықтарын өзі «ашқан» жерлерге, соның ішінде Австралияға мәлімдеді. Бұл экспедиция Тынық мұхиттың оңтүстік-батыс аймағын Британияның басып алып, Австралияны, Тасмания мен Жаңа Зеландияны отарлауына, көптеген еуропалықтың жаңа жерлерге қоныс аударуына – жергілікті мәдениеттің күйреуіне, байырғы тұрғындардың да едәуір бөлігінің қырылуына себепші болды2. Кук экспедициясынан кейінгі ғасырларда, еуропалықтар Австралия мен Жаңа Зеландияның ең құнарлы жерлерін байырғы тұрғындардан тартып алып қоныстанды. Жергілікті халық саны он есе кеміп, тірі қалғандары нәсілдік езгіге аяусыз түсті. Австралияның аборигендері мен Жаңа Зеландияның маорилері үшін Кук экспедициясы апаттың басы болды, әлі күнге дейін олар сол зұлматтан айыға алмай келеді. Тасманияның жергілікті тұрғындары бұдан да ауыр тағдырға тап келді. 10 мың жыл бойы олар толық оқшауланған, оңаша жағдайда өмір сүрді, ал Куктің «ашқан жаңалығынан» соң жүз жыл өткенде, соңғы адамына дейін құрып кетті. Еуропалық отарлаушылар әуелі оларды ауыл шаруашылығына жарамды жерлерден ығыстырып шығарды, ал содан соң аралдың жабайы әрі құнарсыз жерлерін де қиғысы келмей, тірі қалғандарын аңша аулап, қынаша қыра берді. Тұтқындардың біршама бөлігін інжілдік концлагерьлерге қуып тығып, дұғагөй, бірақ тым әккі миссионерлер оларды жаңа заманның таңдаған жолына түсіруге тырысып бақты. Тасманиялықтарды оқып-жазуға, христиандықтың негіздері мен «пайдалы кәсіпке» – киім-кешек тігіп, жер өңдеуге үйретті. Алайда әлгілер оқуға құлықсыз болды. Олар өне бойы еңселерін көтере алмай, бала тууды тоқтатты, өмір сүруге ынталарын жоғалтты, ақырында, ғылым мен прогресс әлемінен шығудың бір-ақ жолы – ажалды таңдады. Өкінішке қарай, ғылым мен прогресс оларға өлгеннен кейін де тыным бермеді. Соңғы тасманиялықтардың мүрделерін антропологтар мен музей кураторлары иеленді. Мәйіттерді дәрілеп, өлшеді, безбенге тартып, ғылыми мақалаларда сипаттап жазды. Бас сүйектері мен қаңқаларын музейлерге қойды. 1976 жылы ғана Тасмания музейі соңғы тасманиялық тұрғын, жүз жыл бұрын өлген әйел – Труганинидің сүйегін жер қойнына тапсыруға келісім берді. Ағылшынның корольдік хирургиялық колледжі оның шашы мен терісінің үлгілік бөлігінен 2002 жылға дейін айырылғысы келмеді. Кук экспедициясын қалай атаған жөн: әскерилердің қорғанышындағы ғылыми экспедиция ма, әлде бірнеше ғалымды ұстап әкеткен әскери жорық па? Бұл – «тостаған жартылай толып тұр ма, әлде жартылай бос тұр ма?» деп сұрағанмен парапар. Ғылыми революция мен жаңа замандағы империализм – ажырамас серіктер. Джеймс Кук пен ботаник Джозеф Бенкс сияқты адамдар ғылым мен империяны бөле-жармайтын шығар. Олардың айырмашылығы жоғын бейшара Труганини де көрді ғой.
Неге Еуропа?
Солтүстік Атлантикадағы үлкен аралдан шыққан адамдардың Австралияның оңтүстігіне таман орналасқан ауқымды аралды басып алу дерегі – тарихтың ақылға сыйымсыздау жағдаяттарының бірі саналады. Колумб экспедициясына дейінгі уақытта Британ аралдары, иә, бүкіл Батыс Еуропа бар болғаны Жерорта теңізі әлемінің елеусіздеу бір пұшпағы – ештеңе болмаған таса тұсы еді. Тіпті Рим мемлекеті (ерте жаңа заманға дейінгі бірден-бір еуропалық империя) ресурстарды, негізінен, Солтүстік Африка, Балқан мен Таяу Шығыс түкпірлерін қосып алды. Римнің Батыс провинциялары тақыр кедейдің күйін кешкен жабайы Батыс еді, ол жақтан кен мен құлдардан басқа ештеңе тасыған жоқ. Ал Солтүстік Еуропаның жабайы халқы аз болғандықтан, оны бағындыруды қажетсіз деп есептеді.
35. Труганини (Truganіnі). Тасманияның соңғы жергілікті тұрғыны. Тек ХV ғасырдың соңына таман Еуропа экономикалық және мәдени, әскери және саяси идеялардың ұстаханасына айналды. 1500–1750 жылдары Батыс Еуропа күш жиып, «сыртқы дүниені», яғни қос Америка құрлығы мен мұхиттарды жаулап алды. Бірақ бәрібір Азия державаларына теңесе алмады. Еуропалықтардың Американы бағындырып, теңізде үстемдік құруға қол жеткізе білуінің басты себебі: азиялық державалар теңіздер мен алыс жағалауларға қызығушылық таныта қоймаған еді. Жаңа заманның бас кезі Жерорта теңізі жағалауындағы Осман империясы, парсының Сефевидтер империясы, Үндістандағы Моғолдар және Қытайдың Мин мен Цинь әулеттері үшін алтын ғасырға айналды. Олардың бәрі жер аумақтарын едәуір кеңейтіп, демографиялық және экономикалық өсімге жетті. 1775 жылы Азияның жаһандық экономикадағы үлес салмағы 80%-ды құрады. Үндістан мен Қытайдың өзі жалпы әлемдік өнімнің үштен екісін өндірді. Еуропа олармен салыстырғанда экономикалық тұрғыдан ергежейлі болып қалды3. 1750–1850 жылдары, бірнеше соғыстан кейін еуропалықтар Шығыстағы державалардың қуатын әлсіретіп, Азияның бірсыпыра бөлігін бауырына басқан шақта таразы басын Еуропа басып кетті. 1900 жылға таман еуропалықтар әлемдік экономика мен құрлықтардың ауқымды бөлігіне бақылау орнатты. Батыс Еуропа мен Құрама Штаттар әлемдік өнімнің жартысынан аса бөлігін өндіріп, ал Қытайдың үлесі 5%-ға кеміп кетті4. «Ақ адам» ұранымен жаңа әлемдік тәртіп пен жаңа жаһандық мәдениет қалыптасты. Бүгінде халықтардың барлығы киіну мәнері, ой қорыту және таңдап-талғау әдібі жөнінен (тіпті оны мойындағылары келмесе де) еуропалықтарға айналды. Сапырған сөз ләмдері Еуропаға қарсы болуы мүмкін, бірақ Жер шары тұрғындарының түгелге жуығы саясатқа, медицинаға, соғыс пен экономикаға еуропалықтар көзімен қарап, еуропалық әуендегі, сөзі еуропалық тілдердің бірінде жазылған музыканы тыңдайды. Тіпті көп ұзамай бұрынғы жаһандық деңгейіне жетуге үміттенген тым өскелең Қытай экономикасы еуропалық өндіріс пен қаржы моделін үлгі тұтты. Жер шарының меңіреу түкпірінде мұздаған аяқ-қолын бауырына тығып, бұйығып жатқан Еуразия халықтары қас қағымда қалайша бүкіл әлемді бағындырып ала қойды? Әдетте бұған Еуропа ғалымдарының ерен еңбек сіңіргенін ауыз толтырып айтады. Расында да, 1850 жылдан бастап және одан әрі еуропалықтар, негізінен, әскери-өнеркәсіптік ғылыми кешен мен технология құдіретіне сүйенді. Жаңа заманның кейінгі кезеңінде әлдеқандай табысқа кенелген империялардың барлығы технологиялық инновацияларға жету үмітімен ғылыми зерттеулерді ынталандырып, талай ғалым өз ғұмырының біраз бөлігін үкімет тапсырысы бойынша қару-жарақ, дәрі-дәрмек пен машиналар ойлап табуға арнады. Африкада соғысқан еуропалық солдаттар арасында «қалай болғанда да, бізде пулемет бар, ал оларда жоқ» деген қағытпа сөз жүрді. Азаматтық технологияның да мән-маңызы осал емес еді. Солдаттар қалбырланған тағамдармен қоректенді, теміржолдар мен кемелер жауынгерлік құрам мен қару-жарақтар тасыды, жаңа дәрі-дәрмек түрлері солдаттарды, матростар мен теміржолшыларды емдеді. Африканы бағындыру ісінде логистиканың жетістіктері, пулеметтен гөрі маңызды рөл атқарды. Бірақ бұл 1850 жылы ғана басталды. Бұған дейін әскери-өнеркәсіптік ғылыми кешен жатырда жатты, ғылыми революцияның жемісі пісіп-жетіле қойған жоқ, ал еруопалық, азиялық және африкалық державалар арасындағы технологиялық терең шатқал енді-енді толып келе жатқан еді. 1770 жылы Австралияның аборигендеріне қарағанда, Джеймс Куктің қолында әлдеқайда тәуір технологиялар болғаны даусыз, бірақ қытайлар мен түріктер де нашар қаруланбаған еді. Ендеше Австралияны неге капитан Вань Чжэнсэ немесе капитан Хұсейін паша емес, Джеймс Кук ашып, империяға қосып алды? Бұдан да қызықтау тағы бір сұрақ: 1770 жылы еруопалықтардың мұсылмандардан, үнділер мен қытайлардан елеулі технологиялық басымдығы болмаса, онда олар жүз жыл ішінде суырылып алға қалай шықты? Әскери-өнеркәсіптік ғылыми кешен неге Үндістанда емес, Еуропада дамыды? Британия қарғып алға шығып, көп ұзамай оның соңына Франция, Германия мен Құрама Штаттар ілескен кезде, Қытай неге артта қалып қойды? Индустриялы және индустрияға жетпеген елдер арасындағы алшақтық неліктен жаһандық саяси және экономикалық факторға айналды? Неліктен Ресей, Италия мен Австрия осы алшақтық жігін жымдастыра білді де, неге бұл Парсы, Мысыр мен Осман империясының қолдарынан келмеді? Өйткені алғашқы индустриялық толқынның технологиясы салыстырмалы түрде өте қарапайым болды ғой. Қытайлар мен Осман империясының азаматтарына бу машиналарын құрастырып, пулеметтер өндірісін жолға қою, рельстер төсеу сонша қиын болғаны ма? Әлемдегі алғашқы теміржол 1830 жылы Англияда ашылды. 1850 жылға таман жалпы ұзындығы 40 мың шақырым теміржол Батыс елдерін айқұш-ұйқыш кесіп жатты. Ал бүкіл Азиядағы, Африка мен Латын Америкасындағы шойын жолдың ұзындығы бұл кезде 4000 шақырымнан аспады. 1880 жылы Батыс елдері 350 мың шақырым теміржолға иелік етті, ал әлемнің қалған бөлігіндегі жол бұдан он еседей аз – 35 мың шақырым болды (онда да мұның дені британдықтардың Үндістанға төсеген жолы еді)5. Қытайда алғашқы теміржол 1876 жылы пайда болды. Ұзындығы 25 шақырым жолды еуропалықтар салды, бірақ келесі жылы Қытай үкіметі рельстерді алып тастауға өкім етті. 1880 жыл қарсаңында Қытай империясында бірде-бір теміржол жұмыс істеген жоқ! Қалайша жарты ғасыр бойы қытайлар теміржолдың пайдасын түсінбеді, өздері неге оны төсеуді үйреніп, пайдаланбады? Парсы империясы да алғашқы теміржолды 1888 жылы төседі, ол Тегеранды оңтүстікке қарай он шақырымдай қашықтықта жатқан мұсылмандардың киелі мекендерімен жалғастырды. Бұл жолды бельгиялықтар салып, арнаулы қызмет көрсетті. 1950 жылы Парсы империясының бүкіл теміржол желісінің ұзындығы небәрі 2500 шақырым еді, бұл жер аумағы жағынан Британияның көлемінен жеті есе үлкен елдегі жағдай6. Қытайлар мен парсылар үшін техникалық өнертабыстың өзі мәселе болған жоқ. Оларды сатып алу немесе көшірмелеу қолдан келетін еді. Бұларға басқасы – Батыста қалыптасып, жетілген құндылықтар мен мифтер, сот аппараты мен әлеуметтік-саяси құрылымдар жетіспеді. Мұндай нәрселерді тез көшіріп алып, игеру әсте мүмкін емес. Франция мен АҚШ Британияның үлгісін ала білді, өйткені олардың негізгі мифтері мен әлеуметтік құрылымдары бірдей болды. Қытайлар да, парсылар да Еуропаны қуып жете алмады, себебі олар басқаша ойлап, өзгелерінің іс-әрекеттерін өзгеше өрбітті. Осылайша түсіндірсек 1500–1850 жылдардағы оқиғаларға себезгілей сәуле түседі. Сол дәуірдегі Еуропаның азиялық державалардан ешқандай технологиялық, саяси, әскери немесе экономикалық артықшылықтары болған емес. Бірақ Еуропа әлеует-қарымын бойына жия берді де, 1850 жылдың шамасында жарқ ете көзге түсті. Еуропаның, Қытай мен мұсылман әлемінің арасындағы тепе-теңдік 1750 жылдың өзінде-ақ көзалдау ғана болып қалды. Биіктігі көкпен таласқан зәулім мұнаралар салып жатқан екі құрылысшыны елестетіп көрейікші. Біреуі ағаш пен саз кірпіштен салып жатыр, екіншісі болат пен бетонды іске қосты. Бастапқыда жұмыс тәсіліндегі айырмашылық аңғарылмайды, мұнара шамамен бірдей жылдамдықпен биіктеп барады, бірдей биіктікке жетіп қалды. Шектеулі деңгейден асқан соң, ағаш пен сазбалшықтан тұрғызған мұнара опырылып құлайды да, болат пен бетоннан өрілгені қабатына қабат қосып, көкке өрлей береді. Жаңа заман басында Еуропа қандай әлеует жинақтап еді? Осы дәуірде оның бүкіл әлемді билеуіне не мүмкіндік берді? Бұл сұраққа өзара байланысты екі жауап қайтаруға болады: ғылым және капитализм. Еуропалықтар мұндай ойлау жүйесінің алғашқы технологиялық жемісін көрместен көп бұрын, ғылымның және капитализмнің принципімен ой қорытып, әрекет қылуды үйренді. Жаппай жаңалықтар ашу басталған шақта басқа өркениеттерден гөрі, еуропалықтар күтпеген байлықты кәдеге жарата білді. Еуропалық империализмнің ХХІ ғасырдағы постеуропалық әлемге қалдырған басты мұрасы – ғылым мен капитализм екеніне еш таңғалуға болмайды. Ендігі жерде еуропалықтар әлемді түгел басқара алмады, алайда ғылым мен капитализм бұрынғыдан қуаттана түсті. Капитализмнің жеңістері хақында келесі тарауда әңгімелейміз. Бұл тарау еуропалық империализм мен заманауи ғылым арасындағы махаббаттың тарихын баяндауға арналған.
Жаулап алу менталитеті Жаңа заман ғылымы еуропалық империяларда, сол империялардың арқасында өркендеді. Ғылым Қытайдың, Үндістан мен ислам әлемінің көне ғылыми дәстүрлеріне де борыштар. Батыс ғылымының ерекше сипаты тек жаңа заман басында Испанияның, Португалияның, Британияның, Францияның, Ресей мен Голландияның империялық экспансиясымен бір мезгілде көріне бастады. Жаңа заман басында қытайлар, үнділер, мұсылмандық мәдениет өкілдері мен Американың және Полинезияның байырғы тұрғындары да ғылыми революцияға үлестерін қосты. Мұсылман экономистерінің тапқыр шешімдері Адам Смит пен Карл Маркстің еңбектерінде ескеріліп, Америка үндістерінің шипалы амалдары ағылшынның медициналық трактаттарына енді. Полинезиялықтарға сауалнама жүргізу барысындағы деректер Батыс антропологиясында төңкеріс жасады. Бірақ ХХ ғасырдың орта шеніне дейін жаһандағы еуропалық империялардың билік басындағылары мен интеллектуалды элита мүшелері осы қисапсыз жаңалықтарды жинақтады, жинақтай келе жаңа ғылыми пән жасақтады. Еуропа сияқты Қиыр Шығыс та, ислам әлемі де қаншама зерек әрі сұңғыла, алғыр ойлыларды тудырды, бірақ 1500–1950 жылдар аралығында аталған аймақтарда Ньютонның физикасы мен дарвиндік биологияға тең келетін ештеңе көзге шалынбады. Бұдан еуропалықтар генетикалық тұрғыдан ғылымға бейім немесе олар әрқашан физиктер мен биологтардың алдыңғы сапында тұрды деген қорытынды шығаруға болмайды. Арабтардың діні ретінде ислам бастау алғанымен, оны көкке көтерген түріктер мен парсылар. Жаңа заман ғылымының да негіздерін еуропалықтар салғанымен, ол бүгінде көпұлтты кәсіпорын іспетті. Жаңа замандағы ғылым мен еуропалық экспансияның мызғымас одағы қалай қалыптасты? Технологиялар ХІХ–ХХ ғасырларда жетекші рөл ойнады, бірақ жаңа заманның бас кезінде ол соншалықты маңызды емес еді. Басқа нәрсе маңызды болды: жаңа өсімдік түрлерін іздеп жүрген ботаник пен жаңа жерлерді іздеуші теңіз офицері бір-бірін жақсы түсінді. Екеуі көп нәрсені білмейтінін мойындап, «Мен анау көкжиектің арғы жағында не бар екенін білмеймін», – деді де, сол жаққа қарай аттанды: жаңалық ашты. Екі – теңізші мен ботаник – жаңа білімдердің арқасында әлемнің қожасы болудан үміттенді. Әуел бастан еуропалық зерттеу экспедициялары – жаулап алу жорықтары, ал жорықтар – ғылыми экспедициялар еді. Еуропалық империализм бұрынғы экспансиялардың барлығынан осынысымен ерекшеленді. Бұрын империяларды құрушылар жаңа білімсіз-ақ ғаламның құрылысын жетік білетініне күмән келтірмеді. Жер аумағы ұлғайған сайын өз дүниетанымын ғана таратып бақты. Бір ғана мысал келтірейік: мәселен, арабтар Мысырды, Испания мен Үндістанды жаулай отырып, бағынышты халықтарда өздеріне белгісіз білімдер бар-жоғына мән бермеді. Римдіктер, моңғолдар мен ацтектер бейтаныс жерлерді құныға жаулап, билік пен байлыққа ие болды, бірақ олардың білімдеріне қызықпады. Еуропаның империалистері, керісінше, тек қана жаңа жер аумағын емес, сондай-ақ соны білім алуға үміттеніп, алыс жағалауларға ұмтылды. Джеймс Кук осындай қалыптағы зерттеушілердің алғашқысы емес еді. ХV–ХVІ ғасырлардағы испан және португал теңізшілері де тап осылай ойлады. Теңізде жүзуші Генрих бекзада мен Васко да Гама аралдар мен аймақтарды иелену үшін Африка жағалауларын зерттеу жоспарын жасады. Христофор Колумб Американы ашып, сол бойда жаңа жерлерге испан королінің билігін орнатты. Фернанд Магеллан жер шарын айнала жүзіп, жолшыбай Испания атынан Филиппин аумағына ен тағып, қада шаншып кетті. Уақыт өте келе білім жинау мен кең аумақты жерлерді империя жалауының астына жинау бір-бірімен біте-қайнасып кетті. ХVІІІ–ХІХ ғасырларда Еуропадан шалғайдағы елдерге аттанған әрбір әскери кеме соғысу үшін емес, ғылыми жаңалық ашу үшін де ғалымдарды салып алды. Напалеон 1798 жылы Мысырға басып кіргенде өзімен бірге 165 ғалымды ерте келген еді. Ол ғалымдардың көп еңбегінің бірі – мысыртану пәнін ашып, дін, лингвистика, ботаника саласын зерттеуде көп үлес қосты. 1831 жылы корольдік флот Оңтүстік Америка жағалауларын, сондай-ақ Фолкленд және Галапагос аралдарын барлау үшін «Бигль» кемесін жабдықтады. Флотқа бұл мәліметтер соғыс бола қойған жағдайда дайын тұру үшін қажет еді. Ғылыммен әуестеніп жүретін корабль капитаны өзімен бірге геолог-маманды ала кеткен жөн деп шешті. Мейлі, жолшыбай кездесетін кен орындарын зерттей берсін. Алайда кәсіби геологтар бұл ұсыныстан бас тартты да, капитан Кембридждің жиырма екі жасар түлегі Чарльз Дарвинді шақыруға мәжбүр болды. Дарвин діни қызметкер оқуында жүр еді, бірақ оны Библиядан гөрі, геология мен басқа да ғылым салалары қатты қызықтыратын. Ол мұндай мүмкіндікке тастай қатып жабысып алды. Одан кейін не болғаны баршаға белгілі ғой. Капитан өзінің әскери-теңіз картасын сызды, ал Дарвин мағлұматтар жинап, эволюция теориясына жол салатын идеяларды ой елегінен өткізе берді. 1969 жылғы 20 шілдеде Нил Армстронг пен Базз Олдрин Айға қонды. «Аполлон-11» экипажы ұшар алдында бірнеше ай бойы АҚШ-тың батысындағы шөлейт далада, «Ай ландшафтында» жаттықты. Американың бірнеше байырғы тайпалары өмір сүретін сол жерлерде бір хикая – астронавтардың жергілікті тұрғындармен кездескені туралы аңыз бар. Бірде астронавтарға қарт үндіс келіп, не істеп жүргендерін сұрайды. Олар Айға ұшуға дайындалып жатырмыз дейді. Мұны естіген қария сәл үнсіз қалады да, астронавтардан өзіне бір көмек көрсетуді өтінеді.
– Не істеу керек? – дейді бұлар.
– Біздің тайпаның адамдары Айды қасиетті рухтар мекендейтініне сенеді, – дейді қария, – Сендер оларға халқымның маңызды хабарламасын алып бара аласыңдар ма?
– Қандай хабар? – деп сұрайды астронавтар.
Үндіс өз тілінде бірнеше сөз айтады да, түсініксіз дыбыстарды ас-тронавтарға қайта-қайта айтқызады, әлгі сөз тіркесін әбден жаттап алғанша қайталата береді.
– Ал бұл не мағына білдіреді? – дейді астронавтар.
– Оны сендерге айта алмаймын. Бұл құпия, оның сырын менің тайпаластарым мен Айдағы рухтар ғана біледі.
Базаға оралған соң астронавтар үндістер диалектісін жақсы білетін біреуді тауып алып, құпия тапсырманы тәржімалап беруді өтінеді. Бұлар әлгі түсініксіз сөз тіркесін айтқан кезде, аудармашы қарқылдап күліп жібереді. Сәлден соң, байыпты кейіппен әлгі жаттап алған сөйлемнің «Мына адамдардың бірде-бір сөзіне сенбеңдер, бұлар сендердің жерлеріңді тартып алу үшін келді» деген мағына беретінін жеткізді.
Бос жатқан карталар Жаңа замандағы «зерттеу және бағындыру» менталитеті әлем картасының дамуымен жақсы үйлеседі. Талай халық біздің заманымызға дейінгі дәуірлерде де карталар сыза бастады. Ол кезде құрлықтар мен аралдардың шынайы кескін-сұлбасын ешкім білмегені түсінікті. Афроазияда ешкім Американың бар екенін білмеді, ал Америкадағылар Афроазиядан мүлде бейхабар еді. Бірақ бұл адамдардың әлем картасын сызуына кедергі келтірмеді. Белгісіз белдемдерді не бос қалдырды, не қиялдағы құбыжық әрі түсініксіз тіршілік иелерінің бейнесімен толтырды. Картада «ақтаңдақтар» болған жоқ. Құдды адамдарға әлемнің бәрі бес саусақтай белгілі деген қиял сағымы осылай пайда болды. ХV–ХVІ ғасырларда еуропалықтар әлем картасына үлкен «ақтаңдақтар» қалдыра бастады, бұл – таяп келе жатқан ғылыми революцияның, сонымен қатар еуропалық экспансияның нышаны еді. Бос жатқан карталар тегеурінді психологиялық және идеологиялық талпынысқа түрткі салды. Ұлан-ғайыр аумақтың әлі барланбағаны ашық мойындалды. 1492 жылы Христофор Колумб Үндістанға баратын жаңа жол іздеу мақсатымен Испаниядан Батысқа қарай жүзіп шыққан кезде тағы бір маңызды талпыныс жасалды. «Толықтырылған» әлем картасына сүйенген Колумбтың есебі бойынша, Жапония Испанияның батыс беткейіне қарай шамамен 7000 шақырым қашықтықта жатуға тиіс еді. Бірақ ол оңбай қателесті. Шын мәнінде, Испания мен Үндістанның арасындағы 20 мың шақырымнан асатын бұл бағытта сол кезде беймағлұм болған бір алып құрлық жатты. 1492 жылғы 12 қазан күні түскі сағат екінің шамасында Колумб экспедициясы сол беймәлім құрлыққа барып тірелді. «Пинта» кемесінің теңізшісі Хуан Родригес Бермехо осы күні Багам архипелагына жатқызып жүрген аралды көріп, «Жер! Жер!» деп айғайлап жіберді. Әлем табан астында мәңгілікке өзгеріп сала берді. Колумб Азия жағалауларындағы әлдебір шағын аралға жеттік деп ойлады. Ол Үндістан, дәлірегі Индонезия архипелагындағы Ост-Индия жағалауына түстік деген сеніммен жергілікті тұрғындарды «үндістер» деп атады. Осы шатасудан Колумб өмірінің ақырына дейін шыға алмады. Беймәлім құрлықты ашқаны туралы ой оның да, көптеген замандастарының да басына кіріп те шықпады. Мыңжылдықтар бойы тек ұлы ойшылдар мен ғалымдар емес, сондай-ақ мінсіз «Қасиетті кітаптар» да Еуропаны, Африка мен Азияны ғана білді. Сонда мәртебелі ағзамдардың бәрі қателескені ме? Библия қалайша мұны қалт жіберіп, қағыс қалдырды екен? Ұғынықты болу үшін айтайық: 1969 жылы Айға ұшып бара жатқан «Аполлон-11» экипажы Жерді шыр айналып жүретін тағы бір Айға – аспанды бақылаушылардың барлығы әлдеқалай себептермен байқамай қалған жер серігіне кезіккен сәтін көзге елестетіп көріңізші. Ештеңе білмейтінін мойындаудан бас тарта отырып, Колумб өзін ортағасырлық адам сияқты ұстады. Ол мынау дүниедегінің бәрін білетініне сенімді еді, тіпті өзінің ашқан ғажайып жаңалығы да оның пікірін өзгерте алмады. Жаңа заманның мойны озық, маңдайы жарық адамы Италия теңізшісі, 1499–1504 жылдарда Америкаға бірнеше рет барған экспедицияға қатысушы Америго Веспуччи болып шықты. 1502–1504 жылдары Еуропада осы экспедициялар туралы екі шығарма жарияланды. Веспуччидің атына телитін бұл жазбаларда Колумб ашқан жердің – Азия жағалауындағы жай ғана арал емес, қасиетті кітаптарда да, ежелгі географтардың еңбектерінде де, жаңа замандағы еуропалықтардың жазбаларында да айтылмаған тұтас бір құрлық екенін баяндайды. 1507 жылы беделді картограф Мартин Вальдземюллер осы тұжырымға келісе отырып, әлемнің жаңа картасын жариялады, онда еуропалықтардың жүзіп барған орны тұңғыш рет ерекше құрлық ретінде белгіленді. Бұл құрлық кескінін сызып алып, оны қалай атау жайын ойланды. Ол бұл жерді ашқан Америго деп қателесіп, жаңа құрлықты соның есімімен атауға шешім қабылдады. Вальдземюллердің картасы үлкен сұранысқа ие болып, талай картограф оның көшірмесін жасады, осылайша оның жаңа құрлыққа берген аты таралып кетті. Қос құрлық немесе дүниенің ширегін алып жатқан жердің аты беймәлім бір италиялықтың есімімен аталуында да мән бар. Ол «біз білмейміз» деп айта алды. Осы оқиғадан ғылыми революция басталды. Американы ашу еуропалықтарды өткен шақтың дәстүрлі білімінен нақты бақылау нәтижелерін жоғары қоюға талпындырды, ал Американы бағындырып, игеруге құмарлық жаңа білім арналарын меңгеруге мәжбүр етті. Даңғайыр жер аумағын басқару үшін осы аймақтың географиясы, климаты, флорасы мен фаунасы, тілдері мен тарихы туралы қисапсыз мөлшердегі мағлұматтар жинау қажет болды. Христиандық шығармалар, географияның көне оқулықтары мен ежелгі ауызекі айтылатын білім көзі бұған көмектесе алмады.
36. 1459 жылғы Еуропа картасы (Еуропа сол жақтағы жоғарғы бұрышта тұр).
Картада нақтыланған жерлер көп. Тіпті еуропалықтарға мүлде таныс емес
Оңтүстік Африка секілді өңірлерді де көрсеткен.
Енді Еуропа географтары ғана емес, сондай-ақ барша мамандықтың ғалымдары да өз карталарына «ақтаңдақтар» қоя бастады. Олар теорияларының әлі де жартыкештігін, өздеріне беймағлұм әлдебір нәрселердің жетіспейтінін мойындады. Еуропалықтардың картаға енгізген «ақтаңдақтары», құдды магнит сияқты ержүрек теңізшілерді олқылық орнын тез толтыруға жетелей жөнелді. ХV және ХVІ ғасырлар ағымында еуропалықтар Африканы айнала жүзіп өтіп, Американы зерттеді, Тынық мұхитты да, Үнді мұхитын да көктей өтіп, бүкіл әлем бойынша отар елдер жүйесі мен теңіз базасын құрды. Олар тұңғыш рет шынайы әлемдік империялар құрды. Алғаш рет біртұтас әлемдік сауда желісі пайда болды. Еуропалық империалистік экспедиция әлем тарихын өзгертті: жекелеген халықтар мен өркениеттердің жылнамалары бірегей, біріккен адамзат қауымының тарихына айналды. «Зерттеу және бағындыру» экспедициялары туралы соншама көп естідік, оның шындыққа қаншалықты сәйкес келетінін білмейміз. Бұрын ондай оқиғалар болған емес. Сондай алыс сапарлар, беймәлім жерлерді бағындыру – адам баласының табиғатына сәйкес емес. Тарихи тұрғыдан алғанда, адамзат жергілікті қақтығыстарға ұрынып, көрші елдермен кикілжіңге келіп те жатты. Олардың алыстағы елдерді зерттеп, жаулап алуға мұршалары болған жоқ. Тіпті ұлы империялар өз билігін тек іргелес жатқан көршілеріне жайды, ақырында, бұл мемлекеттер алып империяларға айналды, бірақ олар тек көрші территориялардың есебінен ғана үлкейді.
37. Джованни Сальвиатидің әлем картасы, 1525 жыл. 1459 жылғы карта құрлықтармен, аралдармен және егжей-тегжейлі түсіндірмелермен жыпырлап тұрса, Сальвиатидің картасы тұтастай бос деуге болады. Көрерменнің көзі Америка құрлығы жағалауының бойымен төмен қарай жылжып барып, бос кеңістікке тіреледі. Еріксіз «анау мүйістің арғы жағында не бар?» деп сұрағың келеді. Бірақ карта жауап қатпайды. Ол кеменің желкенін көтеріп алып, әлгі жұмбақтың шешімін іздеп кетуге жетелеп тұрған секілді. Осылайша Римді қорғау үшін, б.з.д. 350–300 жылдары римдіктер Этрурияны жаулап алды. Кейінірек, Этрурияны қорғаймыз деген желеумен, б.з.д. 200 жылдары Падан жазығына басқыншылық жорықтар ұйымдастырды. Падан жазығын қорғауымыз керек деп б.з.д. 120 жылы Провансқа шабуылдады. Әрине, Провансты қорғау керек болды деп б.з.д. 50 жылы Галлияға көз тігеді. Ал Галлия ағылшындардың қол астында еді. Этруриядан Лондонға дейінгі жолға 400 жыл уақыт кетті. Б.з.д. 350 жылы римдіктердің ешқайсысы Англияға дейін тікелей жүзіп барып, басып алуды ойлаған да жоқ еді. Кейде атаққұмар билеушілер немесе әлдебір шытырман оқиға іздеуші жиһанкездер алыс елдерге әскери экспедиция шығарды. Әйтсе де, бұл науқанның өзі, көбінесе таптаурын сауда жолдардың сорабымен және бұрыннан бар империялардың жерімен жүрді. Мысалы, Александр Македонскийдің жорығы жаңа империя құрумен емес, бұрыннан келе жатқан империяны – Парсыны басып алумен аяқталды. Жаңа замандағы Еуропа империяларына ежелгі теңіз империялары Афина мен Карфагенді және ХІV ғасырда Индонезия аралдарында үстемдік құрған ортағасырлық Маджапахитті үлгі қылды. Бірақ бұл империялар да беймәлім теңіз төсіне кемелерін жіберуге тәуекел ете алмады. Қазіргі еуропалықтардың жаһандық кәсіпорындарымен салыстырғанда, олардың теңіздегі ерліктері шағын ғана бастамалар еді. Ғалымдар Мин әулеті дәуіріндегі қытай адмиралы Чжэн Хэнің экспедициясы еуропалықтардың жаңалығынан асып түсіп, көлеңкесінде қалдырғанын алға тартады. 1465 жылдан 1433 жылға дейін адмирал Қытайдан Үнді мұхитының шалғайдағы жағалауларына жеті алып армада жіберді. Осы флоттардың ірі бөліктерінде кем дегенде 300 кеме және 30 мың теңізші бар еді7. Олар Индонезияға, Цейлонға, Үндістанға барып, Парсы шығанағына, Қызыл теңіз бен Шығыс Африкаға дейін жетті. Қытай кемелері Жиддаға және Кения жағалауындағы Малиндиге зәкір тастады. 1492 жылғы Колумб флотын, экипажында 120 адам бар үш кішкентай кемені әлгі армаданың қатарына қойса, үйірлі айдаһарлардың қасындағы үш түйір маса сияқты көрінер еді8. Бірақ түбірлі айырмашылық мынада: Чжэн Хэ мұхиттарды зерттеп, қытайға тілеулес елдердің билеушілеріне қолдау көрсетті, бірақ өздері ашқан елдерді жаулап алуға немесе отарлауға тырысқан емес. Оның үстіне, бұл экспедициялар Қытай саясаты мен мәдениетіне етене байланысты болған жоқ. 1430 жылы Бейжіңдегі сарай иелері ауысқан кезде жаңа билеушілер теңіз барлауын күрт тоқтатты. Даңғайыр флотты таратып, аса бағалы техникалық және географиялық мәліметтерді жойып жіберді, бұдан былай мұндай ауқымдағы экспедиция Қытай айлақтарынан аттанған емес. Келесі ғасырлардағы Қытай билеушілері өздерінің алдындағыларға еліктеп, өз мүдделері мен менмендігін Аспан асты империясының төңірегінен ұзамайтын тірлікпен шектеп тастады. Чжен Хэнің саяхаты сол кезде Еуропаның технология жағынан көп ілгері кетпегенін дәлелдейді. Олар басқа қасиетімен: жаңа жерлерді ашып, бағындыруға құмарлығымен ерекшеленді. Жаңа заманға дейін империялар техникалық мүмкіндігі болмағандықтан емес, мүддесі жоқтықтан алыс елдерді барлап, жаулап алу үшін экспедициялар жасақтамады. Римдіктер – Үндістан мен Скандинавияны, Парсы – Испанияны немесе Мадагаскарды жаулап алуға тырыспады. Қытай да Индонезия мен Африкаға тиіскен жоқ. Қытай билеушілерінің көпшілігі іргесіндегі Жапонияны жайына қалдырды. Бұл түсінікті еді: римдіктерге Үндістанның немесе қытайларға Жапонияның керегі не? Бірақ жаңа заманның бас кезінде бейне бір безгек буғандай еуропалықтар мүлдем басқа мәдениет адамдары мекен ететін бейтаныс елдерге жаппай жөңкіле жөнелді. Оларға қайткен күнде де бөгде жағалауға табан тигізіп, «мына жер менің королімнің меншігі екенін жариялаймын!» деп жар салу қажет болды.
38. Колумб кемесі және Чжэн Хэнің кемесі.
Ғарыштан баса-көктеп кіру Шамамен 1517 жылы Кариб аралдарындағы испан басқыншыларына құрлықтың әлдебір түкпірінде қуатты империя (қазіргі Мексика) бар екені жөнінде сыбыс жетті. Төрт жылдан соң ацтектердің астанасы түтіні бықсыған үйіндіге айналып, империясы күйреп тынды да, ал Эрнан Кортес Мексикадағы ұлан-байтақ испан иелігінің иесі болып шыға келді. Испандықтар бұл табыстарын тойлауға да, тынығып, аптықтарын басуға да мойын бұрмады. Олар жалма-жан жан-жақты барлау және басып алу жорықтарын ұйымдастыруға кірісті. Орталық Американың байырғы қожайындары – ацтектер, төлтектер мен майялар Оңтүстік Американың бар екенін естісе, естіген шығар, бірақ сол жаққа баса-көктей өтуге тырысып, түрлі шарғы жасамағаны айдан анық. Он жылдың ішінде испандықтар жергілікті халықтың 2000 жыл бойы қолға алмаған нәрсесінің бәрін істеді. Он жылдан асатын уақытта Франсиско Писарро Оңтүстік Америкада Инктер империясы бар екенін біліп, 1532 жылға таман оны да жаулап алды. Ацтектер мен инктер қоршаған ортаға біршама қызығушылық танытса, әсіресе испандықтардың көршілеріне қандай жаза тартқызғанын білсе, басқыншыларға қаймықпай қарсылық көрсетер еді ғой. Колумбтың алғашқы саяхатынан (1492 жыл) бастап Кортестің Мексикаға келгеніне (1519 жыл) дейінгі уақыт аралығында испандықтар Кариб аралдарын бағындырып, жаңа колонияларының тізбегін негіздеді. Бодандыққа түскен халықтар үшін бұл колониялар жер бетіндегі тозақ болды. Жергілікті халық ашкөз әрі аяр отарлаушылардың қатал билігіне душар болды. Олар бас көтеріп, сәл қарсылық білдіргендердің бәрін шетінен өлтіре берді. Байырғы тұрғындар құлдыққа түсті, үндістер кеніштер мен плантацияларда жұмыс істеді. Олар аса ауыр жұмыстан және испанның желкенді кемелерімен Америкаға жеткен ауру-кеселдерден қырылды. 20 жыл ішінде Кариб аралдарының байырғы тұрғындары толықтай жойылып, олардың орнына испан отаршылары Африкадан құлдар таси бастады. Осы геноцид Ацтек империясының тұмсығының астында өтіп жатты, бірақ ацтектер елдің шығыс жағалауына Кортес келіп түскенше ақ адамдардың пиғыл-құлқын білген жоқ. Олар үшін испандықтардың пайда болуы ғарыштан келімсектер ұшып келуімен парапар еді. Олар өз жерлерінен тысқары тарапта басқа адамдар тіршілік етеді деп ойлаған да жоқ. Кортес жалмаңдаған жендеттерімен қазіргі Веракус жағына сау ете қалғанда, ацтектер тұңғыш рет адамдардың бейтаныс түрін көріп, таңғалды. Ацтектер не істерін білмеді. Олар бұлардың келімсектер екенін түсінді. Ацтектерге көзтаныс адамдардан олардың айырмашылығы: терісі ақ, бетін түк басқан. Кейбіреуінің шашы күн түстес болды. Үстерінен күлімсі иіс шығып тұрды (гигиена сақтау жағынан ацтектер испандықтардан әлдеқайда артық болған. Конкистадорлар қалаға кірген кезде, жергілікті тұрғындар оларға үздіксіз хош иіс жағатын нөкерлер тағайындаған. Испандықтар мұны діни құрметке балады, бір жергілікті халық жазбаларынан ақ адамдардың тұла бойы тұншықтырардай сасып тұратынын оқыдық). Келімсектердің материалдық мәдениеті үндістерге бұдан да таңсық көрінді. Олар ацтектердің өңі тұрмақ, түсіне де кірмеген алып кемелермен келді. Тұрқы биік, түрі сұсты жануарға мініп алып, желдей есіп, жүйітки жөнеледі. Испандар күн күркіретіп, найзағай ойнататын темір таяқ ұстаған қолдарына жүзі жарқыраған ұзын қылыш ұстаған, оқ өтпейтін құрыш сауыт құрсанған. Ал ацтектердің қылышы мен найзасы оларға қайран қыла алмады. Кейбір ацтектер испандықтарды – құдайларға, басқалары – жын-шайтанға, өлгендердің аруағына, әлде құдіретті сиқыршыларға балады. Олар испандарға қарсы бүкіл әскерін жұмылдыруы керек еді, бірақ ацтектер қобалжып, тосын жайдың байыбын түсінуге тырысты, келіссөздер жүргізді. Ақтектер асығып-аптықпады, өйткені Кортеспен бірге небәрі 550 испан келген еді. 500 адам бірнеше миллион тұрғыны бар империяға қандай зиян келтіруі мүмкін?
7-карта. Испан басқыншылығы кезіндегі ацтектер мен инктердің империясы. Кортес те ацтектер туралы ештеңе білген жоқ. Оның және серіктерінің айтарлықтай артықшылығы бар еді: ацтектерде сүдіні сүйкімсіз әрі сасық иісті бөгделердің келуіне орай қам жасап, қарекет қыларлық тәжірибе болмады, ал испандар болса жер бетінде әлі беймәлім халықтар көп тұратынын білетін. Бұған қоса олар тап осындай ұлыстармен ұшырасып та үлгерген. Сол кезде бөтен елдерді игеру тәжірибесі, өзгеше жағдайларда өздерін ұстай білуі жөнінен испандықтарға еш жұрт теңдесе алмайтын. Еуропалық басқыншы беймәлім әлемнің табалдырығынан аттай тұрып, жаңалық ашқан ғалымдай шаттық сезімге бөленді. Кортес қайда келіп қалғанын білмеді, осының өзі оған қатты ұнады. Сонымен, 1519 жылғы шілдеде күн шуағына бөккен жағажайға табан тіреген Кортес ойланып-толғанбастан іске кірісті. Ғылыми-фантастикалық романдағы басқа ғаламшардан келгендер сияқты ол ауыздары аңқиып тұрған жергілікті халыққа: «Бейбіт сапармен келдік. Көсемдеріңе алып барыңдар!» деп мәлімдеді. Ол Испанияның Ұлы королінің елшісі екенін айтып, ацтектердің билеушісі – ІІ Монтесуманың қабылдауын сұрады (Кортес беті бүлк етпестен өтірік соқты. Ол ашкөз авантюристердің өз бетінше жүрген экспедициясын басқарды. Испания королі ацтектер туралы да, Кортес туралы да естіген емес). Ацтектерге өшпенділігі бар жергілікті тайпалар Кортеске жолбастаушы, азық-түлік қоры мен тіпті қосымша әскери күш беріп, империя астанасына, ғажайып Теночтитлан қаласына жөн сілтеді. Кариб теңізі аралдарындағы жергілікті тұрғындардың тағдыр-таланынан бейхабар ацтектер бастарына төніп тұрған қауіп-қатерді бағамдай алмады. Жатжерліктердің астанаға дейін жетуіне мүмкіндік беріп, олардың көсемдерін император Монтесуманың алдына құрметпен алып барды. Қабылдау кезінде Кортес белгі берді де, испандықтар Монтесуманың ағаш шоқпар, тас пышақпен қаруланған бақауылдарын құрыш қылыштарымен турап тастады. Қонақ үй иесін тұтқынға алды. Кортес өзін-өзі тығырыққа тіреп, тұйыққа қамады. Император оның тұтқынына айналды, бірақ ат төбеліндей испандықтарды жан-жақтан он мыңдаған ызалы ацтек жауынгерлері қоршап тұрды, мұнда миллиондаған өшпенділікпен өрекпіген үндістер өмір сүретін, ал құрлықтың өзі туралы испандықтар ештеңе білмейтін еді. Кортес императорды құдды бостандықта, ал «испан елшісін» қонақтықта құрмет көріп жүргендей кейіп танытып, Монтесуманы сарайда тұруға қалдырды. Орталықтанған Ацтек империясының құты қашып, берекесі кете бастады. Биліктің бәрі Монтесуманың қолында сияқты көрінді, жергілікті элита оған бағынды, яғни Кортестің бұйрықтарын орындады. Дәл осы кезде испандықтар Монтесума мен оның сарай қызметшілерін тергеп, өз аудармашыларына жергілікті тілді оқытты әрі Ацтектер империясымен, оның тұрғындарымен танысу үшін бүкіл тарапқа шағын отрядтар жіберді. Ақырында, ацтектер Кортес пен Монтесумаға қарсы көтеріліп, жаңа император сайлады да, испандарды Теночтитланнан қуып тастады. Алайда осы шақта империяның қабырғасына жарықшақ түсіп үлгерген еді, Кортес те осы жарықшақты ұлғайтып, империяны іштен іріту үшін қолға түскен мәліметтерді пайдалана білді. Ол империяға бағынышты тайпалардың бәрін өзіне қосып, ацтектерді төңкеріп тастауға көндірді. Бұл тайпа, әрине, есебінен жазбай жаңылған еді. Олар ацтектерді жек көрді, бірақ испандардың қандай екенін және олардың Кариб аралдарында не бүлдіргенінен бейхабар болды. Үндістер испандардың көмегімен жексұрын ацтектердің езгісінен құтылуға үміттенді. Ацтектердің орнын испандар басады-ау деген ой олардың бастарына кіріп те шықпады. Кортес пен оның 500 солдаты мұрнын көкке шүйіріп жатса, мысын басып, сабасына түсіру қиын емес қой деп ойлады. Бүлікші тайпа ондаған мың жасақ жинады. Осынау коалициялық армияны басқарған Кортес Теночтитлан қаласын қоршап, басып алды. Осы мезетте Кубадан тіпті Испаниядан Мексикаға испан солдаттары мен қоныстанушылары келе бастады. Сонда ғана жергілікті тұрғындар не болғанын түсіне қалды, бірақ енді өте кеш еді. Веракуске жатжұрттықтар табаны тигеніне небәрі 100 жыл толған шақта Американың байырғы тұрғындары он есе қысқарып кетті. Тірі қалғандары ацтек билігінен әлдеқайда қатал, тойымсыз, нәсілшіл режимнің табанына тапталды. Кортес авантюрасынан кейін он жыл өткенде Инктер империясының жағалауында Писарро төбе көрсетті. Кортестің армиясына қарағанда оның отряды аз, бар-жоғы 168 солдат болды. Бірақ Писарро бұрынғы жорықтардан жинақталған білім мен тәжірибені пайдаланды, ал инктер де тағы ацтектер тағдыры туралы ештеңе білмеді. Писарро Кортеске еліктеген тәрізді. Өзін испан королінің елшісі ретінде таныстырып, инктер билеушісі Атауальпаның қабылдауына кірді де, оны тұтқынға алды. Содан соң құты қашып, берекесі кеткен империяны жергілікті тайпалардың көмегімен тез бағындырды. Инктер империясының тайпалары Мексика тұрғындарының басына түскен ауыртпалықтарды білсе, испандықтарға жалбақтамас еді. Бірақ олар ештеңе білген жоқ. Американың байырғы халықтары көзқарастарының тарлығына бола теперіш көріп, зардап шеккендердің басы да, соңы да емес. Азияның адуынды мемлекеттері – Осман, Сефевидтер, Моғол, Қытай империялары көп ұзамай еуропалықтардың жаңа жерлерді ашқандары туралы естіді. Ести тұра, ешқандай қызығушылық танытпады. Олардың көзқарасы тұрғысынан, Азия он сегіз мың ғаламның орталығы болып қала береді. Сондықтан олардың Америкаға билік жүргізуіне немесе Атлант және Тынық мұхиттары арқылы өтетін теңіз жолдары үшін еуропалықтармен күресуіне еш зәрулік жоқ деп ойлады. Шотландия мен Дания сияқты ең кішкентай еуропалық корольдіктер Америкаға ең болмағанда екі экспедиция жасақтады. Ислам әлемінен, Үндістаннан немесе Қытайдан бірде-бір барлау не жаулау флоты сайланып шыққан емес. Америкаға әскери экспедиция жасақтауға тырысқан алғашқы еуропалық емес держава Жапония болып шықты. Бұл 1942 жылы еді, экспедиция ондаған Америка солдаттары мен иттерді өлтіріп, Аляска жағалауындағы екі шағын аралды – Киска мен Аттуды басып алды. Бірақ жапондарға құрлыққа жақын барудың сәті түспеді. Ал енді Осман империясы мен Қытай үшін Америкаға дейінгі аралық тым қашық болды немесе олардың техникалық, экономикалық және әскери ресурстары жетіспеді деуге ешқандай негіз жоқ. 1420 жылдары Чжэн Хэнің Қытайдан Шығыс Африкаға дейін жүзіп баруына жеткен ресурстар Америкаға сапар шегуіне де молынан жетер еді. Қытайлар бұған еш қызықпады. Америка Қытай картасында тек 1602 жылы пайда болды, онда да картаны еуропалық миссионер сызған еді. Еуропалықтар 300 жыл Америкада, Мұхит аралдарында, Атлант және Тынық мұхиттарында бүтіндей үстемдік құрды. Алаң тұтарлық араздықтар тек еуропалықтардың өз араларында өршіді. Жаңа жерлерден өндірген байлықтар, ақырында, еуропалықтардың Азиядағы адуынды империяларға көлеңкесін түсіріп, көлегейлеп тастауына мүмкіндік берді. Түріктер, парсылар, үнділер мен қытайлар алға ұмтылып қол сермеген кезде бәрі кеш болды. ХХ ғасырда ғана еуропалық емес мәдениеттер нағыз жаһандық танымға ие болды. Осының өзі еуропалық үстемдікті біртіндеп жоюға алып келген шешуші факторлардың бірі еді. Алжирдің тәуелсіздігі үшін соғыста (1954–1962) көтерілісшілер сан жағынан, технологиялық және экономикалық жағынан басым түсіп, француз армиясын еңсеріп шықты. Алжирліктер бүкіләлемдік отаршылдыққа қарсы қозғалыстың көмегін өздеріне бұра білгендіктен жеңіске жетті, өйткені халықаралық БАҚ-ты, қала берді, сол Францияның ішіндегі қоғамдық пікірлерді өз мүдделеріне қалай пайдалану керегін түсінді. Тап сол стратегия кішкентай Вьетнамның Америкадай алыпты тойтаруына жәрдемдесті. Осындай партизандық соғыстар, жергілікті күресті жалпыәлемдік мәндегі мәселеге айналдырса, алпауыт державаларды да жеңуге болатынын дәлелдеп берді. Айтқандай, олар да Монтесуманың Испаниядағы қоғамдық пікірді өз пайдасына жаратудың амал-айласын тауып, Испанияның қарсыластары арасынан әлдебіреуін: Португалияны, Францияны немесе Осман империясын өзіне көмектесуге тарта алса, істің ақыры не болар еді?
Сирек кездесетін өрмекшілер мен ұмыт қалған жазбалар Жаңа заманның ғылымын да, империясын да анау көкжиектің арғы жағында әлдебір маңызды нәрсе күтіп тұрғандай сезім қоздата берді – тек құр қалмаса болғаны. Бірақ ғылым мен империя арасындағы ұқсастық мұнымен шектелмеді. Империя құрушылардың уәждемесі ғана емес, сондай-ақ стратегиясы да ғалымдардың мүдделерімен тығыз өріліп жатты. Жаңа замандағы еуропалықтар үшін империя құру ісі ғылыми жобамен, ал жаңа ғылыми пәндер жасау империялық жобамен өзектесіп жатқан еді. Мұсылмандар Үндістанды жаулап алған кезде жергілікті тарихты зерттеу үшін – археологтарды, үнді мәдениетін ұғыну үшін – антропологтарды, үнді топырағын тексеруге – геологтарды немесе үнді фаунасын зерттеуге зоологтарды өздерімен бірге ала келмеді. Ағылшындар Үндістанды жаулап алған кезде бәрін қамдастырды. 1802 жылғы 10 сәуірде Үндістанда жаппай зерттеу ісі басталды. Зерттеу алпыс жылға созылды. Он мыңдаған жергілікті жұмысшылардың, ғалымдар мен жолбастаушылардың көмегімен ағылшындар Үндістанның тиянақты картасын сызып, шекараларды белгілеп, арақашықтығын анықтады, Эверестің және басқа да Гималай шыңдарының биіктігін тұңғыш рет дәл өлшеп шықты. Ағылшындар үнді аймақтарының қандай әскери ресурстар иеленетінін және алтын кеніштерінің қайда орналасқанын анықтап қана қоймай, өрмекшілердің сирек кездесетін түрлері туралы ақпарат жинап, қызыл көбелектерді сипаттаумен, субконтиненттің жоғалып кеткен тілдерінің түп-төркініне үңіліп, ұмыт қалған қоныс жұрттарын қазумен шұғылданды. Мұндай ғылыми құлшыныстың жарқын үлгісі Инд аңғарында дамыған өркениет қалаларының бірі – Мохенджо-Дародағы жұмыстар болды. Оның өркендеуі б.з.д. үшінші мыңжылдықтарға тұстас келді, ал б.з. 1900 жылдары шамасында бұл өркениет күйреп тынды. Үндістанды билеп-төстеп, әмірін жүргізгендердің ешқайсысы – мауриялар да, Дели сұлтандары да, Ұлы Моғолдар да қираған қала үйінділеріне көңіл бөлген емес. Ал ағылшын археологтары бұл жерді 1922 жылы белгілеп кетті, содан соң Британ командасы қазба жұмыстарын жүргізіп, жергілікті тұрғындардың өздері әлдеқашан ұмытып қалған алғашқы үнді өркениетін әлемге әйгіледі. Британ білімқұмарлығының тағы бір жетістігі – сына жазуларының жұмбағын ашуы. 3000 жыл бойы Таяу Шығыстағы жазу үлгісінің негізгі пішіні болды. Жаңа дәуірдің басында сына бітігін оқи алатын соңғы адам өлді, содан бері құлпытастардан, сынтастардан көне жұрт үйінділері мен құмыра сынықтарын күнде көріп жүргенімен, жергілікті тұрғындардың өздері осынау түсініксіз таңбаларды оқи алмады, бір білетініміз – оқуға талпынған да жоқ. Еуропалықтар 1618 жылы сына жазуға назар аударды: Парсыдағы испан елшісі ежелгі Персеполистің қирандысын көруге барып, содан бір жазуды көзі шалды, оны ешкім аударып бере алмады. Жұмбақ жазу үлгісі туралы хабар Еуропа ғалымдарының ортасына жетіп, олардың қызығушылығын оятты. 1657 жылы Еуропада Персеполистегі сына жазу таңбаларының алғашқы көшірме нұсқасы жарияланды. Содан соң, басқа да жазбалар табылып, келесі екі жүз жылда ғалымдар осы жұмбақтың шешуін табуға жұмылды. Ізденіс нәтижесіз емес. 1830 жылдары ағылшын офицері Генри Роулисон Иран шахының армиясын еуропалық мәнерге оқытып-үйрету үшін Парсы империясына келді. Қолы бос кезде Роулисон ел аумағында саяхаттады, бір күні жолбастаушылар оны Загрос тауындағы ежелгі жазбалар бәдізделген тік жартасқа алып келді де, Бехистун жазбасын көрсетті. Биіктігі 15 метр, ені 25 метр жартастағы жазу б.з. 500 жылдар шамасында І Дарий патшаның әмірі бойынша қашалған еді. Сыналау әдісімен үш тілде: ежелгі парсы, элам және бабыл тілдерінде жазу бар. Бұл жергілікті тұрғындарға мәлім болатын, бірақ олар жазбаны оқи алмады. Роулисонның ғылымға құштарлығы оянды – бағзы, ұмыт қалған дүниенің есігін ашуға бел буды. Сәті түскен ретте ол және өзге ғалымдар Таяу Шығыста табылған басқа да жазбалар мен мәтіндерді оқи беретін болады. Ең әуелі, жазбаны мұқият көшіріп алып, оны Еуропаға жіберу керек. Роулисон басын қатерге тігіп, тік жартасқа шықты да, тұңғиық құз үстінде арқанмен салбырап тұрған күйі таңбадан таңба қалдырмай көшіре берді. Өзіне көмекші ретінде жергілікті адамдарды, соның ішінде бір күрд баласын жалдады, ол жазбаның жоғарғы бөлігін көшіру үшін ең қиын, қималы жерге өрмелеп шықты. 1847 жылы әзірлік жұмыстары аяқталды. Бехистун жазбаларының толық әрі дәлме-дәл көшірмесі Еуропаға жол тартты. Роулисон мұнымен тынышталмады. Армия өкілі ретінде мойында толып жатқан әскери және саяси тапсырмалар бар еді, бірақ қолы бос кезінің әр минутын жазба жұмбағын шешуге арнады. Ол бір әдістен соң бір әдіс қолданды, ақырында, ежелгі парсы тіліндегі жазбаны оқудың кілтін тапты: ежелгі парсы тілі Роулисон еркін меңгерген жаңа парсышадан онша көп айырмашылығы жоқ еді. Сонымен, ол элам және бабыл тіліндегі жазбалардың да кілтін тапты. Құпия есік айқара ашылды да, одан бағзы заманалар үні жетті: Шумер базарының абыр-дабыры, Ассирия әміршісінің салтанатты саңқылы мен Бабыл бюрократтары керілдесе жөнелген... Империя мен ғылымның өзара тығыз байланысының тағы бір мысалы – сэр Уильям Джонстың өмірі. Джонс Бенгалия Жоғарғы сотына қызметке тұрып, Үндістанға 1783 жылдың қыркүйегінде келді. Ол өзі үшін жаңа елдің кереметтеріне арбалып қалғаны сонша, келгеніне жарты жыл болмай жатып Азия қоғамын құрды. Осынау академиялық ұйымның міндетіне Азия елдерінің, бірінші кезекте Үндістанның мәдениетін, тарихы мен қоғамын зерттеу ісі кірді. Екі жылдан соң Джонс «санскрит тілін» – салыстырмалы тілтану саласының негізін қалаған еңбегін жариялады. Бұл кітапта Джонс санскриттің – Үндістанның ежелгі тілінің, үнді рәсім-жоралғыларының киелі құралына баланған тілдің – грекшемен және латыншамен таңғаларлық ұқсастығын көрсетті. Сондай-ақ осы тілдердің барлығының гот, кельт, ежелгі парсы, неміс, француз және ағылшын тілдерімен байланысын анықтады. Мәселен, «ана» сөзі санскритте – «matar», латынша «mater», ал ежелгі кельт тілінде «mathіr» екен. Джонс бұл тілдердің барлығының қазір ұмытылған ортақ бабасы бар деп пайымдады. Осылайша ол кейін «үндіеуропалық тіл семьясы» аталып кеткен құбылысты тұңғыш рет анықтады. «Санскрит тілі» еңбегі тек Джонстың батыл әрі дәл жорамалының ғана емес, сондай-ақ одан да ерекше қадам – тілдерді салыстыру үшін жасаған мықты әдістемесінің арқасында лингвистиканы дамыту ісінде маңызды рөл атқарды. Оның әдісін үйреніп алып, лингвистер әлемдегі тілдердің барлығының шығу тегі мен даму барысын жүйелі түрде зерделеуге көшті. Мұндай кезде лингвистер империя тарапынан кең қолдауға ие болды. Еуропалық билік ойдағыдай басқару үшін бодандардың тілі мен мәдениетін білу керек деп ойлады. Британ офицерлері Үндістанға келген бойда ағылшын заңдарымен қатар – үнділік және мұсылмандық құқықты, грек және латын тілдерімен қатар – санскрит, урду және парсы тілдерін, сондай-ақ математика, экономика және географиямен қатар, тамиль, бенгал және үнді мәдениетін оқып-үйрену үшін үш жылға Калькуттадағы колледжге түсті. Лингвистиканы оқу жергілікті тілдердің құрылымы мен грамматикасын түсіну үшін баға жетпес таяныш болды. Уильям Джонс пен Генри Роулисон сияқты адамдардың арқасында еуропалық басқыншылар өз империяларының құрылысын жетеғабыл түсіне алды. Бұрынғы басқыншылардың кез келгеніне тіпті жергілікті тұрғындардың өздеріне қарағанда, олар қол астындағы халықтардың тарихы мен мәдениетін жетік білді. Мұндай білім оларға іс жүзінде айтарлықтай басымдық берді. Мұндай мәліметтерсіз ат төбеліндей аз ғана ағылшын жүз миллиондаған үнділерді бағындырып, екі жүз жыл бойы басып-жаншып, қанай алмас еді. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басында бес мыңға жуық британ шенеунігі, 40–70 мыңдай солдат пен жүз мыңға тарта бизнесмен, қызметшілер, әйелдер мен бала-шаға 300 миллион үндіні бағынышта ұстады9. Іс жүзіндегі артықшылықтар – империяның лингвистиканы, ботаниканы, география мен тарихты зерттеу ісін қаржыландыруды қолға алуына бірден-бір себеп емес. Ғылымның идеологиялық тұрғыдан ақталуға қызмет ететіні де маңызды болды. Жаңа заманда еуропалықтар жаңа білім алудың игілік екеніне көз жеткізді. Империя жаңа білімдердің арналарын үздіксіз қамтамасыз еткендіктен, жағымды әрі прогрессивті көрінді. Қазіргі кезде де география, археология мен ботаника сияқты ғылымдар жанама түрде болса да, империяларға қарыздар екенін мойындауға мәжбүр. Ботаниктер Австралия аборигендерінің шеккен азабы мен көрген қиянаты жөнінде еске ала бермейді, есесіне Джеймс Кук пен Джозеф Бэнкс атына жылы сөздерін әрдайым үйіп-төгеді. Империялардың жаңа білімдері, сөз жүзінде болса да жаулап алған халықтарды ізгілендіріп, оларға прогрестің сәулесін түсіруге, денсаулық сақтау мен білім беру ісін қалыптастырып, арықтар мен теміржол салуға, әділеттілік пен өркендеу ғұрпын дарытуға жол ашты. Империалистер өздерінің ақпа судай жайылып бара жатқан мемлекеттері – қанап-қорлаудың құралы емес, Киплингтің сөзімен айтқанда, «ақ адамдардың ауыртпалығы» екеніне сендіріп бақты:
Ауыртпалық арқалаған ақтар бұл, –
Озып туған ұлдарыңды мақтан қыл.
Жұмса оны ауыр тірлік, жұмысқа,
Алты қырдың ар жағына аттандыр.
Қызметке – халықтарға бағынған,
Тайпаларға қабағы тарс жабылған.
Аттандыр сен сәби жұртқа аңқиған –
Сайтандарға, бәлки, жыны қағынған.
Әрине, кейде сөз іспен жұптасып жатты. Үндістанның бақуатты аймағы – Бенгалияны ағылшындар 1764 жылы басып алды. Жаңа билеушілер өздері ғана баюды көздеді. Олар сорақы экономикалық саясат жүргізіп, нәтижесінде, бірнеше жыл бойы Бенгалияны ұлы жұт жайлады. Қиындықтар 1769 жыл басталып, 1770 жылы кесапатты деңгейге жетті, бұл зұлмат тек 1773 жылы ғана аяқталды. Аймақ тұрғындарының үштен бірі, 10 миллионға жуық бенгалдық қаза тапты. Бірақ бұл қырғынның өзі Уильям Джонс пен оның әріптестерінің ағылшындар Бенгалияға жақсылық жасап, прогресс алып келді деген сеніміне еш қаяу түсірген жоқ. Шындығында, деректер езгіге салу мен жаппай қанау сюжетіне де, «ақ адамның ауыртпалығы» туралы мифке де кірікпейді. Еуропалық империялар ауқымды да алуан түрлі еді, оларда анау да, мынау да өтіп жатты: халықтардың қырылуына, әділетсіздік көруіне кінәлі ететін де, бірталай отар елдердің көп нәрсеге қолы жеткенін талқыға салатын да негіздер пайда болды. Ғылыммен одақтасудың арқасында еуропалық империялар құлашын кеңге керіп және бүкіл жер жүзінің ауқымында әрекет жасай алатындықтан, енді оларды жақсы деп те, жаман деп те айта алмаймыз. Себебі мына біз тұратын әлемді де, біз оларға баға беретін идеологияны да солар жасады. Алайда ғылымның өзі сахнаға онша сүйкімді емес кейіпте, империялармен қол ұстасып шықты. Биологтар, антропологтар мен лингвистерге дейін еуропалықтардың басқа нәсілдердің барлығынан артықшылығын дәлелдеп шықты, демек, әлемді басқаруға олар қақылы (бәлкім, борышты) деді. Мәселен, Уильям Джонс үндіеуропалық тілдердің бәрі бір ғана бабадан тарайтынын айтты. Ғалымдарға ең ежелгі тілді кімдер сөйлегенін анықтау қажет болды. Сөйтсе, алғашқы санскрит тілінде сөйлеушілер – 3000 жыл бұрын Орта Азиядан Үндістанға баса-көктеп кіргендер өздерін «Arya» деп атаған екен. Ежелгі парсы тілінде сөйлеушілер де өздерін «Aіrііa» деген. Еуропалық ғалымдар санскрит пен парсышаға, сондай-ақ грекшеге, латыншаға, гот пен кельт тілдеріне бастау болған баба тілде сөйлеген халықтар өздерін «арийлерміз» деп атаған деген қорытынды түйді. Қуатты империяларды құрушылардың – үнділердің, парсылардың, гректер мен римдіктердің бәрі арийлер болуы кездейсоқ нәрсе ме? Артынша ағылшын, француз және неміс ғалымдары империя құрушылар туралы лингвистикалық теорияны күштілердің тірі қалатыны жөніндегі дарвиндік теорияға біріктіріп, арийлер тек қана тілдік емес, сондай-ақ биологиялық та ортақтығы бар қауымды – нәсілді білдіреді деген қорытындыға келді. Жай ғана нәсіл емес, солтүстіктің тұманынан шығып, әлемнің барлық түкпірінде мәдениеттің негізін қалаған бойлары биік, шаштары сары, көздері көк, еңбеккер әрі ақылы мол, үстемдік құрушы нәсіл. Өкінішке қарай, Үндістан мен Парсы империясын бағындырған арийлер жергілікті тұрғындармен қан араластырып, сүйек шатыстырудың кесірінен терісінің ақтығы мен шашының сарылығын, оған қоса, жосықты ойлау жүйесі мен ыждаһаттылығын да жоғалтып алған. Соның ақырында Үндістан мен Парсы империясы азғындап кеткен. Ал Еуропада арийлер нәсілдік тазалығын сақтап қалды, сондықтан еуропалықтар әлемді бағындыра білді, олар басқаларды басқару үшін жаралған. Енді қателікті қайталап, төменгі нәсілдермен қан араластырмаса болғаны. Мұндай нәсілшілдік теорияларға ұзақ уақыт бойы академиялық қауымдастықтар шымыр шындық ретінде қарап келді. Тек бертінде ғана ол ғалымдар үшін де, саясаткерлер үшін де тыйым салған теория болып келеді. Империялық идеологиядағы нәсілшілдік ауанын ауыстыруға енді мәдениетшілдік келді. Мұндай сөз әлі жоқ болса, демек, оны ойлап табу керек. Адамдар майдан шебі орын ауыстырғанын аңғармастан, нәсілшілдікке қарсы жанкештілікпен әлі күресіп жүр. Қазіргі элиталардың арасында әртүрлі адам топтарының салыстырмалы қадір-қасиеттері хақындағы ой-пікірлері нәсілдердің биологиялық әркелкілігімен емес, мәдениеттердің тарихи айырмашылығының терминдерімен тұжырымдалады. Біз енді: «Бұл олардың қанында бар» дегенді ауызға алмаймыз. «Бұл олардың мәдениетінде бар» дейміз. Мәселен, мұсылмандардың Еуропаға иммиграциясына қарсы шығып жүрген оңшыл партиялар нәсілшіл тұжырымдамаларға мейлінше жоламайды. Марин Ле Пеннің спичрайтерлері теледидар экранынан: «Нәсілдік жағынан сапасыз семиттердің арийлер қанын былғап, өркениетімізді бүлдіргенін қаламаймыз», – деп Ұлттық майдан жетекшісіне ашық айтса, жұмыстан кететінін жақсы түсінеді. Оның орнына, француздың Ұлттық майданы, голландтық Бостандық партиясы, Австрияның Болашақ үшін альянсы және тағы басқалары Еуропада қалыптасқан Батыс мәдениеті демократиялық құндылықтарымен, тағаттылығымен және гендерлік теңқұқылығымен ерекшеленетінін, ал Таяу Шығыстың мұсылман мәдениеті иерархиялық саясатты, фанатизм мен әйелдер теңсіздігін алып келетінін айта береді. Бұл мәдениеттердің басы бірікпейтінін әрі иммигранттардың көбі Батыс құндылықтарына бейімделгісі келмейтінін немесе бейімделе алмайтынын қайталайды. «Оларды Еуропаға жолатпау керек, әйтпесе олар ішкі қақтығыстардың көзіне айналып, еуропалық демократия мен либерализмді құртып тынады» дейді. Осынау мәдениетшіл мәлімдемелер гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар саласындағы ғылыми зерттеулермен нығая түскен. Тарихшылар мен антропологтардың бәрі бірдей мұндай теорияларды қолдай бермейді, олардың саяси мақсатта қолдануын жақтамайды. Әйтсе де биологтарға нәсілшілдікті әшкерелеу оңай болғанымен, тарихшылар мен антропологтарға мәдениетшілдікке қарсы дау айту, дәлел келтіру қиын болып тұр. Биологтар жер бетінде өмір сүретін халықтар арасындағы генетикалық айырмашылықтар мардымсыз екенін, демек, нәсілшіл теорияларға арналған ғылыми негіздер жоғын дәлелдеп бере алады. Ал тарихшылар мен антропологтар мәдениеттер арасындағы айырмашылықтар соншалықты мардымсыз деп айта алмайды. Әрбірден соң мәдениеттің бәрі бірдей болса, онда мемлекет өзге өркениеттерді зерттеу үшін тарихшылар мен антропологтарға несіне ақша төлейді? Сонымен, ғылым мен империя бір-біріне көмектесті. Ғалымдар империализмді практикалық білімдермен, идеологиялық желеулермен және технологиялармен қамтамасыз етті. Мұндай демеусіз еуропалықтар әлемді игере алмас еді. Империялар ғалымдарға қорғаныш болып, ақпарат беріп, ең түсініксіз әрі ақылға сыйымсыз жобаларын жүзеге асыру барысында қолдау көрсетті, ғылыми ойлау жүйесінің тәсілдерін шартарапқа, жердің ең шалғай түкпірлеріне дейін таратты. Империялардың қолдап-қоштауынсыз жаңа заман ғылымы тым алысқа ұзай алмас еді. Жаңалықтарының, коллекцияларының тіпті білім арналары мен стипендияларының едәуір бөлігі үшін ғылыми пәндердің түгелге жуығы мырзақол, жомартпейіл офицерлерге, капитандар мен губернаторларға қарыздар болмаса, ғылым империяға, оның өсіп- өркендеуіне қызмет етпес еді. Әрине, бірақ бұл толық тұжырым емес. Ғылымға империялар емес, басқа да институттар қолдау көрсетті. Еуропалық империялар ғылымның арқасында ғана өсіп-өркендеді. Ғылым мен империялардың қарыштай көкке көтерілуінің арғы жағында тағы бір қуатты күш тұр. Көзі қырағы қадағалаушы чек кітапшасын ұмсына ұстап, көлеңкеде тұрған капиталистің фрагы мен цилиндр қалпағын таныр еді. Іскер адамдар көл-көсір пайда табу мүмкіндігін алдын ала сезбесе, Колумб Америкаға аттанбай, Джеймс Кук Австралияға жетпей қалуы мүмкін, ал Нил Армстронг Ай бетінде адымдай алмас еді.
16-тарау
Капитализм ұстанымы
Империялар құрып, ғылымды дамыту үшін ақша аса қажет болды. Бірақ осы бастамалардың түпкі мақсаты ма? Әлде бар болғаны қауіпті мұң-мұқтаждық қана ма еді? Жаңа тарихтағы экономикалық фактордың шынайы рөлін бағамдау – оңай шаруа емес. Ақшаның мемлекеттерді құруға және қиратуға қалай көмектескені, адамзаттың алдынан жаңа көкжиектер ашып, миллиондаған адамды қалай құлдыққа түсіргені, өнеркәсіпті қалай алға бастырып, жануарлардың жүздеген түрін жойып жіберуге септескені жайында талай қалың томдар жазылды. Сөйте тұра, жаңа заман экономикасының 500 жылы бір ғана лепес: «өсу» деген сөзбен дөңгеленіп келеді. Жақсылыққа ма, әлде жамандыққа ма, кім білсін, баққа ма, әлде сорға ма дегендей, біздің заман экономикасы құдды гормондары бойына сыймай бара жатқан бозбала сияқты өсе берді. Мыңжылдықтар бойы экономиканың ауқымы шамамен біркелкі болды. Өнімдердің көлемі, негізінен, демографиялық үдерістер мен жаңа жерлерді игеруге байланысты ұлғайды. Жан басына шаққандағы өндіріс шамасы тұрақты болды. Бірақ біздің заман мұның бәрін өзгертті. 1500 жылы әлемде 250 миллиард доллар тауар мен қызмет түрлерін өндірсе, қазіргі көрсеткіш 60 триллион долларға жетті. Маңыздысы – басқа нәрсе: 1500 жылы тұрғындардың жан басына шаққандағы жылдық табысы орташа есеппен 550 доллар болса, ал қазір әркімге тіпті емшектегі балаға дейін жылына 8800 доллардан келеді1. Мұндай таңғаларлық өсімді немен түсіндіруге болады? Экономика – өте күрделі пән. Кәне, мәселені оңайлатып, қиялдағы қарапайым мысалды талдап көрейік. Самуэль Гриди деген ілкімді іскер Калифорния штатындағы Эльдорадода банк ашты. Тап сол Эльдорадодан шыққан құрылысшы А.А. Стоун енді-енді алғашқы ірі жобасын бітіріп, миллион доллар қолма-қол алды. Ол осы ақшаны Гридидің банкіне салады. Енді банктің миллион доллар капиталы бар. Осы кезде сол Эльдорадоның тұрғыны, тәжірибелі, кәнігі аспаз Джейн Макдаун бизнес жасауға қолайлы сәт туғанын аңдайды: қаланың өзі тұратын бөлігінде наубайхана жоқ еді. Джейн нанды тамаша пісіреді, бірақ оның ғимарат сатып алып, пеш пен жуғыш орнатуға, пышақтар мен қалыптар алуға ақшасы жоқ. Ол банкке келіп, Гридиге іс-жоспарын баяндап, оны осы идеяға ақша салуға көндіреді. Гриди оған несиеге миллион доллар бөліп, Джейннің банктегі шотына аударады. Макдаун мердігерлікке Стоунды жалдап, дүкені бар наубайхана салып беруді тапсырады. Бұл жұмысқа ол да миллион доллар алады. Джейн банк чегімен төлем жасайды да, Стоун оны Гридидің банкіндегі жеке шотына – депозитке салады. Енді Стоунның есеп шотында қанша ақша бар? Дұрыс, екі миллион доллар. Ал банктің сейфінде қанша қаржы жатыр? Иә, сол баяғы бір миллион доллар ғана. Шын мәнінде, қызық әлі алда. Құрылысшыларда жиі ұшырасатын әдетпен жұмыс жолортаға келгенде Стоун алдын ала болжанбаған мәселелер мен күтпеген шығындарға байланысты келісімшарттың ақшалай мөлшері екі миллионға дейін өсетінін миссис Макдаунға ескертеді. Миссис Макдаун бұған мүлдем разы емес, бірақ бастаған ісін аяқсыз тастай алмайды. Ол қайтадан банкке барып, мистер Гридиден қосымша несие беруді сұрайды, ол мұның шотына тағы миллион аударады. Джейн бұл ақшаны Стоунның шотына лақтырады. Енді Стоунның қанша ақшасы бар? Үш миллион доллар. Мұның бәрі бастапқыда сонда болған бір миллион ғана. АҚШ-тың қазіргі банк құқығы бұл операцияны тағы жеті рет қайталауға рұқсат береді. Банк сейфінде небәрі бір мердігердің есеп шотында 10 миллион қордалануы мүмкін. Банктерге әр долларға 10 доллардан несие беруге рұқсат бар. Яғни банктердің есеп шоттарының 90%-ы купюрлармен және монеталармен жабылмайды2. Шот ашушылардың барлығы «Barclays» банкінен бір мезетте өз ақшаларын талап етсе, ол күйреп тынар еді (мемлекет оған көмек бере қойса, бір сәрі). Мұның «Lloyds», «Deutsche Bankt Cіtіbank» және тағы басқа халықаралық банктерге де қатысы бар. Бейне бір алып қаржы пирамидасы сияқты көрінеді, солай емес пе? Ал бұл алаяқтық десеңіз, онда бүгінгі экономиканың бәрі – алаяқтық. Шын мәнінде, бұл – ешқандай алдау-арбау емес, тек адами қиялдың таңғажайып қабілетінің бір көрінісі ғана. Банктер мен экономика біздің болашаққа сенуіміздің арқасында тірлік етіп, өркендейді. Сол сеніммен банк шоттарының негізгі бөлігі жабылады. Әлгіндегі мысалдағы мердігердің шотындағы ақша мен банкте жатқан нақты қаражаттың арасындағы айырмашылықты наубайхананың өзі жабады. Мистер Гриди оның кәсіпорны пайда әкеледі деген есеппен Джейн Макдаунға несие берді. Әлі бір бөлке нан да піскен жоқ, алайда миссис Макдаун мен мистер Гриди бір жылдан соң батондар, торттар, орама және бәліштер мыңдап сатылатынын есепке алды, сол кезде Макдаун қарызын үстеме ақысымен қайтарады. Мистер Стоун оған дейін шыдай тұрса, Гриди оған қаражатының барлығын тіпті қолма-қол ақшамен қайтарып бере алады. Сонымен, істің бәрі қиялдағы болашаққа, кәсіпкер мен банкирдің – наубайханаға, мердігер – болашақта ақысын қайтарып беретін банкке сенім артуына сүйеніп тұр. Ақшаның қандай ғажайып екенін көріп үлгердік: ол өзін мың сан түрлі заттарға ауыстырып, кез келген дүниені кез келген нәрсеге айналдыра алады. Жаңа заманға дейін ақшаның осы қабілеті шектеулі болды. Көбінесе ақша дәл бір затты ғана көрсетіп, айырбастай алды. Бұл өсімді елеулі түрде тежеді, өйткені жаңа кәсіпорындарды қаржыландыру ісінде мәселелер пайда болды. Наубайханамызға қайтып оралайық. Ақша тек материалдық нәрселердің ғана көрінісі болса, Макдаун наубайхана сала алар ма еді? Ешқашан! Қазіргі шақта оның тек қиялы ғана бар, материалдық нәрседен түгі жоқ. Наубайхана салудың жалғыз амалы – тегін жұмыс істейтін, ал ақшаны бірнеше жылдан соң, наубайхана пайда түсе бастаған кезде алуға келісетін мердігер табу керек. Ондай ақжүрек, кеңқолтық мердігер қайдан табылсын! Сонымен, әлі болып-толмаған кәсіпкер әйел тығырыққа тіреліп, тұйыққа қамалады. Наубайхана болмаса – бәліш те жоқ. Бәліш болмаса – ақша жоқ. Ақша жоқ болса – мердігерді немен жалдайсың? Ал құрылысшылар жоқ болса, наубайхана да жоқ. Мыңдаған жылдар бойы адамзат осы тұйыққа қамалды. Экономика дамымады. Одан шығатын жол болашаққа сенім артуға негізделген жаңа жүйе қалыптасқан кезде табылды. Адамдар нақты осы сәтте әлі қолда жоқ алдамшы нәрселерді, ақшаның айрықша түрі – «несиені» көруге келісті. Несие бізге осы шақтан гөрі болашақта ресурстарымыз көбейе түседі деген үмітке иек арта отырып, келешектің есебінен бүгіннің қамын жасауға мүмкіндік береді. Болашақтың табысын қаперге ала отырып, осы шақта бірдеңе істей бастаған кезде тың, тосын мүмкіндіктер қақпасы ашылады. Несие сондай тамаша нәрсе болса, неге оны бұрындары ешкім ойлап таппады? Ойлап тапты, әрине. Кем дегенде Ежелгі Шумерден бастап бізге белгілі өркениеттердің барлығында несиенің әлдебір пішімдері байқалды. Бұрынғы дәуірлердегі бар бәленің басы несиені қалай пайдалану керегін ешкімнің білмеуінде жатты. Адамдар қомақты несиені бергісі де, алғысы да келмеді, өйткені жарқын болашаққа үміт артпады. Әдетте олар жарқын шақтың бәрі артта қалды, ал болашақ қазіргіден де нашар болуы мүмкін деп ойлады. Экономика тілімен айтқанда, байлық атаулының жиынтық мөлшері шектеулі, бәлкім, кеміп бара жатыр деп пайымдады. Демек, он жылдан кейін патшалықтың, бүкіл әлемнің немесе жеке адамның қаржы-қаражаты көбейе түсетініне үміт артуға ешқандай негіз қалмады. Бизнес нәтижесі нөлмен бітетін ойын сияқты көрінді. Әлдебір наубайхананың табысы көрші наубайхананың есебінен ғана өсуі мүмкін. Венеция өркендесе, онда Генуя кедейлене береді. Англия королі байып кетсе, демек, ол француз королін тонаған болып шығады. Бәлішті түрліше кесуге болады, бірақ ол одан ұлғая қоймайды. Сондықтан көптеген мәдени ортада «ақша табуды» күнә деп есептеді. Иса айтқандай: «Бай адамның жұмаққа кіргенінен, түйенің иненің көзінен өткені оңайлау» (Матуей 19:24). Бәлішті әртүрлі тураса, ал мына мен үлкеніне жармассам, әлдекімді ренжітемін ғой. Байлар зұлымдық істегендері үшін тәубесіне келіп, байлығының бір бөлігін қайырымдылық жасауға жұмсап жатуының себебі – осы.
Кәсіпкер дилеммасы.
Бүкіләлемдік бәліш әрқашан бір көлемде қалса, онда несие үшін пайда жоқ. Несие дегеніміз – бүгінгі және ертеңгі бәліштің арасындағы айырмашылық. Айырма жоқ болса, несие беріп керегі не? Сіз несие берген аспаз немесе король бәсекелесінің қолындағысын жұлып ала білетініне үміт артпасаңыз, бұл тым тиімсіз тәуекел болып шығады. Сонымен, қазіргі заманға дейін несие алу қиын болды, ал алудың сәті түскен ретте ол аз мөлшердегі, қысқа мерзімде, жоғары пайызбен қайтаратын қарыз болып шықты. Енді ғана іс бастап, шаруаға кіріскен кәсіпкерлерге жаңа наубайханалар ашу қиынға соқты, ал сарай салуды немесе соғысты ойлаған король салық пен алымды көбейте түсуге мәжбүр болды.
Қазіргі заман экономикасының сиқырлы тізбегі.
Корольге жақсы-ау (тек қол астындағылар бүлік шығармаса болды), ал нан пісіріп, қоғамдық ортада бір-екі саты жоғары көтерілуді армандаған ыдыс жуушы король асүйіне шелекпен су таси жүріп, бұрынғысынша үздіге армандауын жалғастыра берді. Бұл өзара ұтымды емес, өзара ұтылысты ахуал еді. Несие жетіспеді, жаңа іске ақша табу өте қиын болды. Соған сәйкес жаңа кәсіпорындар сирек ашылды, экономика өспеді. Экономика өспегендіктен, оның өсетініне ешкім сенбеді, тіпті ақшасы барлардың өздері қарыз беруге құлықсыз болды. «Болашақта жағдайымыз нашарлап кетсе...» деген оймен олар қарыз бермеді.
Бәліш күмпие бастады Содан соң ғылыми революция сап ете қалды да, прогресс идеясы төбе көрсетті. Идеяның мәні мынада еді: «білмейтініңді» мойындап, зерттеулерге қаражат жұмсасаң, ісің өрге баса жөнеледі. Идея табан астында экономикалық әлпетке ие болды. Прогреске сенген адамдар, сондай-ақ географиялық жаңалықтар, техникалық өнертабыстар, байланыс желілерін дамыту, өндірістің, сауда-саттық пен байлықтың жалпы мөлшерін ұлғайтуға жол ашатынына да кәміл сенді. Үнді мұхиты арқылы өтетін бұрынғы сауда жолдарына нұқсан келтірместен, Атлантиканы көктей өтетін жаңа сауда жолдары пайдаға кенелте алды. Жаңа тауар түрлері пайда болды, ал бұрынғыларының өндірісі қысқармады. Мысалы, шоколад қосылған бәліш пен круассандар пісіруге маманданған наубайхана ашу мүмкіндігі көбейді. Бұл бұрыннан ыстық нан пісіріп келе жатқан басқа наубайханаларға еш зиянын тигізген емес. Адамдарда жаңа талғам қалыптасып, олар тағамды көбірек жей бастады. Енді мен көршіні жұтатпай-ақ, байи аламын, жақыным аштан өлмей-ақ, семіре беремін. Дүниежүзілік бәліш күмпиіп, өсе түседі. Прогреске сену соңғы 500 жылда адамдарды болашаққа иек арта түсуге талпындырды. Сенімнен несие туады, несиеден экономиканың шынайы өсімі артады, ал экономиканың өсуі арқасында болашаққа сенім нығаяды. Бұл бір не екі күнде бола салмайды. Экономика – ауа шарынан гөрі асфальт тегістеуші доңғалақ сияқты қозғалады. Жолдың ойқы-шойқы, шоқалақ жерлерін тегістеп шыққан бойда, жалпы бағыт қолмен қойғандай айқындала түседі. Қазіргі кезде әлемде бос несиенің көптігі сонша – үкіметтер, компаниялар мен жекелеген адамдар қомақты, ұзақмерзімді қарыздарды төменгі үстемақысымен қиналмай ала береді. Олар өздерінің ағымдық табысынан бірнеше есе асып түсетін ақша мөлшерін алады.
Жаһандық экономиканың қысқаша тарихы.
Бәліштің күмпиетініне сену уақыт өте келе революциялық идеяға айналып, 1776 жылы шотланд экономисі Адам Смит тарихтағы ең маңызды экономикалық манифест болуы ықтимал еңбек – «Халықтар байлығы» (The Wealth of Natіons) атты трактатын жариялады. Бірінші томның сегізінші тарауында Смит тың идеяны былай тұжырымдайды: «Егінші, тігінші немесе етікші отбасын асырауға қажет мөлшерден артық қаржы тапса, артығын жұмыскер жалдауға, осылайша өз табысын бұрынғыдан да ұлғайта түсуге жұмсайды. Жеке кәсіпкерлердің табысын ұлғайту дегеніміз – жалпы байлық пен өркендеудің бастауы екені осыдан шығады». Бұл пайым соншалықты соны пікір болып көрінбеуі мүмкін, өйткені бәріміз капитализм тұсында өмір сүреміз әрі Смит пікірін аксиома ретінде қабылдап үйренгенбіз. Күн сайын жаңалықтардан осы тақырыпқа арналған алуан түрлі ой-пікірлерді естиміз. Ал өзімшілдікпен жеке пайда табудың соңына түсу жалпы байлықтың қайнар көзіне айналады деген Смиттің ойы адамзат тарихындағы нағыз революциялық идеялардың бірі еді. Тек экономикалық жағынан емес, моральдық және саяси қарым-қатынас жағынан да революциялық идея болатын. Шын мәнінде, Смит ашкөздік – игілік екенін, байыған сайын адам өзіне ғана емес, өзгелерге де пайда келтіретінін айтты. Өзімшілдік – альтруизмнің мәртебелі пішімі. Смит адамдарды экономикаға «маған пайдалы – саған да пайдалы» деген ұстанымға құрылған өзара тиімді ахуал ретінде қарауға үйретті. Біз екеуміз бір мезетте бәліштің үлкенірек бөлігін үлеске алатынымыз аздай, енді үлесіңдегі бәліш бөлігі менің қолымдағы кесіндінің көлеміне қарай жағдайым жақсара береді. Кедей болсам, сен де кедейшіліктен шыға алмайсың, өйткені мен сенің тауарларың мен көрсететін қызметіңді сатып ала алмаймын. Мен байысам, сен де байисың, өйткені маған бірдеңеңді сата аласың. Смит байлық пен мораль арасындағы дәстүрлі қарама-қайшылықты теріске шығарып, бай-бағландардың алдына да жұмақтың қақпасын ашып қойды. Бай болу – әдептілік белгісі. Смиттің пікірінше, жақын-жуықтарын тонамай-ақ, ортақ бәліштің көлемін ұлғайта отырып, адамдар байыды. Ал бәліш күмпиіп өскенде жұрттың бәрі ұтады. Демек, байлар – ең пайдалы адамдар, қоғамды жарылқаушылар, өйткені олар баршаға ортақ өркендеуге жетелейтін өсімге ықпалын тигізеді. Тек бір ескертетін жайт: байлар кірісін болмашы ләззатқа шашпай, тапқан табысын жаңа фабрикалар ашып, жұмысшылар жалдауға жұмсағаны маңызды. Смит құдды мантраның мәтіні сияқты: «Кірісі өссе егінші немесе тігінші көбірек көмекші жалдайды», ал «кірісі өспесе, Скрудж монеталарын сандыққа салып тастайды да, қақпақты қазынасын санау үшін ғана ашады» деген сөйлемді қайталай береді. Қазіргі замандағы капиталистік экономика жаңа этиканы ала келді: табысты өндіріс қуатын арттыруға, аясын кеңейтуге жұмсау керек. Өндіріс табыс алып келеді, табысты инвестиция түрінде өндіріске қайтадан салады. Пайда бұрынғыдан да өсе түседі, осылайша шексіздікке дейін кете береді. Инвестициялардың алуан түрлі болуы: құрал-жабдықтар сатып алуға, ғылыми зерттеулерге, жаңа өнімдер шығаруға салынуы мүмкін, әйтеуір қайткенде де, олар өндіріс көлемін ұлғайтып, қомақты табыс табуға ықпал етеді. Жаңа капиталистік нанымның бірінші, қастерлі қағидасы: «Өндірістен түскен табысты өндірісті кеңейтуге салу қажет». Сондықтан да капитализм – «капитализм» деп аталған. «Капиталдың» байлықтан айырмашылығы бар. Капитал дегеніміз – ақша, мүлік және өндіріске жұмсалатын ресурстар. Байлық топырақ астында қалады немесе болмайтын дүниеге жұмсалады. Қазынасындағы қаражатының бәрін пайдасыз пирамидаларды салуға шашқан перғауын капиталист бола алмады. Испан кемелерін тонап, монета толы зілдей сандықтарды Кариб аралдарының бір жықпылына тығып тастаған теңіз қарақшысы да капиталист емес еді. Өндірістен түскен табысты өндіріске жұмсау идеясы күмәнсіз нәрсе секілді көрінеді, бірақ бүкіл тарихи дәуірлер бойы бұл ой ешкімнің басына келе қоймады. Ерте жаңа заманға дейін адамдар өндіріс тұрақты әрі табанды нәрсе деп ойлады. Табысты оған салып керегі не, қанша жанталассаң да, бәрібір, бұдан артық тауар шығара алмайсың. Ортағасырлық ақсүйек жомарттықтың әрі тұтынымның жасандылау салтымен ашық-шашық дәурен сүрді. Ол табысын рыцарьлық турнирлерге, той-думанға, сарай салып, соғыс ашуға, қайырымдылық жасап, таңғажайып соборлар тұрғызуға жұмсады. Өз иелігіндегі жердің өнімділігін арттырып, бидайдың үздік сұрпын өсіруге, әлде жаңа нарық табуға талпынғандар некен-саяқ. Қазіргі заманда ақсүйектердің орнына капитализм кредосын жан-тәнімен уағыздаушы жаңа элита келді. Жаңа капиталистік элита герцогтар мен маркиздерден емес, директорлар кеңесінің мүшелерінен, биржа маклері мен өнеркәсіпшілдерден құралған. Бұл магнаттар орта ғасыр ақсүйектерінен әлдеқайда бай бола тұра, сән-салтанат құруға онша қызықпайды. Бостекті көңіл көтерулерге олар табыстарының болмашы бөлігін ғана шығындайды. Ортағасырлық ақсүйек алтынмен зерленген жарқыраған жібектен киім киіп, уақытының көп бөлігін той-думандарда, мерекелер мен аста-төк жарыстарда өткізді. Қазіргі басшылар біртоға униформа – іскерлердің костюмін киеді, сондықтан да топтала қалғанда бір үйір қарғалар сияқты көрінеді, ал мерекелер мен той-думанға оларды еліктіре алмайсың. Еншілес капиталист әдетте бір іскерлік кездесуден екіншісіне жанығып бара жатып, ақшаны қайда салғаны ұтымды боларын ойлап, бас қатырады, өз акцияларының көтерілуі мен құлдилауын қадағалап отыруды да есінен шығармайды. Тіпті үстіне «Versace» тіккен костюм кисе де, жеке ұшағымен ұшып жүрсе де, бұлардың шығындары ол өндіріске салған қаржы мөлшерінің қасында түк емес. «Versace»-дің костюмін киген шонжарлар ғана өндірісті ұлғайтуға ақша салмайды. Қарапайым адамдар мен мемлекеттік құрылымдар да бұған үлес қосады. Қаланың ең қарапайым орамдарының біріндегі дастарқан басында жиналғандар «қаржыны қайда салу керек: акцияларға ма, мемлекеттік облигацияға ма, әлде жылжымайтын мүлікке ме?» деген мәселені міндетті түрде талқылап жатады. Мемлекет болашақта пайда табу үшін салықты өндіріске бағыттауға тырысады. Мәселен, жаңа айлақ салса, зауыттар өз өнімдерін экспортқа шығарып, табысты көбірек табады. Ол табыстың бір бөлігін салыққа жұмсайды да, сол арқылы мемлекеттің де табысы ұлғаяды. Мемлекет білім беру ісіне қаржы жұмсауды қалайды: білімді азаматтар жоғары технологиялы өндіріс салаларын дамытады, олар көп мөлшерде салық төлейді, онда айлақ салудың да қажеті болмай қалады. Капитализм экономиканың жұмыс істеуі теориясынан басталған. Теория – тек сипаттаушы емес, нұсқау беруші. Ол ақша қалай жұмыс істейтінін түсіндіріп, жедел экономикалық өсу үшін табысты өндіріске жұмсау идеясын ұсынды. Енді ол өзінің этикасын – адамдарға өзін қалай ұстау, балаларын қалай тәрбиелеу, тіпті қалай ойлау керегін үйрететін ережелер жиынтығын тықпалауға көшті. Негізгі идея – экономикалық өсудің өзі жоғары игілік немесе қандай жағдайда да жоғары игілікке барар жол. Өйткені әділеттіліктің, бостандықтың, тіпті бақыттың өзі экономикалық өсімге байланысты. Зимбабвеге немесе Ауғанстанға әділеттілік пен саяси бостандықты қалай енгізуге болатынын капиталистен сұрап көріңізші, сол бойда тұрақты демократиялық институттар пайда болуы үшін экономиканың әл-ауқаты мен табанды орташа тап қажет екені, ауған тайпаларына еркін кәсіпкерлік, еңбеккерлік пен жеке бастамашылдық сияқты құндылықтарды дарытудың зәрулігі жөнінде дәріс тыңдар едіңіз. Жаңа наным қазіргі заман ғылымының дамуына елеулі ықпал етті. Зерттеулерді әдетте не мемлекет, не жеке бизнес қаржыландырады. Капиталистік үкімет немесе компания қандай да бір ғылыми жобаға қаржы бөлу мәселесін шешер кезде ең алдымен: «Бұл жоба өндіріс пен табыстың өсуіне септесе ала ма? Соның арқасында экономикалық өсімге жетеміз бе?», – деген сұрақ қояды. Осындай іріктеу елегінен өте алмаған жобаларға демеуші табылуы сирек жағдай. Капитализмнің рөлін ескермей, жаңа заман ғылымының тарихы туралы сөз қозғау – бос әурешілік. Капитализмнің тарихын кезегі келгенде ғылым тарихынан тысқары қарастыру мүмкін емес. Капитализм экономикалық өсуге үнемі сенім артудан тұрады. Бұл сенім бізге белгілі табиғи заңдардың бәріне қарама-қайшы келе тұра, жаңа замандағы экономика – ғалымдардың әлсін-әлсін тың жаңалықтар ашуының немесе соны машиналар ойлап шығаруының – біресе Американы табуының, біресе ішінен жанатын қозғалтқыш құрастыруының, қойдың генетикалық көшірмесін жасауының арқасында математикалық экспонента бойынша өсу амалын тауып келеді. Соңғы бірнеше жылдар бойы банктер мен үкіметтер жанталаса ақша басып шығаруда. Ағымдағы дағдарыс экономиканы тоқыратуы мүмкін екенінен бәрі қауіптенеді. Осы көбік жарылып кеткенге дейін ғалымдар, технологтар мен инженерлер шындап кіріссе, ауқымды әрі маңызды бірдеңе ойлап табарына үміт артып, жүйеге арзан несиелерді тоғытып, ауадан триллиондаған доллар, еуро мен йен жасауда. Енді бәрі зертханалардағы адамдарға байланысты. Биотехнология мен нанотехнология секілді салалардағы соны жаңалықтардың табыстары 2008 жылдан бері банктер мен үкіметтер нөпірлете шығарып келе жатқан триллиондаған «ауа» ақшалардың қолтығынан демеп, қолдап келеді. Зертханалар өздеріне артылған үмітті ақтамаса, бізді алда қиын-қыстау күндер күтіп тұр.
Колумб инвестор іздеп жүр Капитализм қазіргі заман ғылымының ғана емес, қазіргі империализмнің де қалыптасуында шешуші рөл ойнады. Еуропалық империализм капиталистік несие жүйесін туындатты. Әрине, несиені жаңа замандағы Еуропа да ойлап тапқан жоқ. Қандай да бір несиенің түрі іс жүзінде барлық аграрлық қоғамда болған еді, ал қазіргі заманның басындағы еуропалық капитализмнің қалыптасуы Азияның экономикалық дамуымен тығыз байланысты болды. ХVІІІ ғасырдың соңына дейін Азия әлемнің экономикалық орталығы болғанын ұмытқан жоқпыз, қытайларға, мұсылман елдердің тұрғындарына немесе үнділерге қарағанда, еуропалықтардың қолындағы капиталы тым аз еді. Сөйте тұра, Қытайдың, Үндістан мен мұсылман әлемінің әлеуметтік-саяси жүйесінде несие мен капитализм екінші орында тұрды. Стамбул, Исфахан, Дели мен Бейжің базарларындағы саудагерлер мен банкирлер капиталистік тұрғыдан ой өрбіткен шығар. Бірақ тас қамалдардағы ел билеушілер мен генералдар оларды пайдакүнемдік пиғылына бола жек көрді. Қазіргі заманның басындағы еуропалық емес империялардың көбін Нұрқази және Нәдір шах сынды ұлы жаулаушылар немесе Цинь әулеті, Осман империялары сияқты бюрократиялық элита құрды. Олар жаңа соғыстарды қаржыландыру үшін әскери олжалар мен алым-салықтарды (олардың аражігін айырып жатпастан) пайдаланды. Еуропадағы корольдер мен генералдар меркантилді ойлау жүйесіне ептеп бастыға бастады да, банкирлер мен саудагерлер біртіндеп билеуші элитаға өте берді. Әлемді жаулау әрекеті салықтың емес, несиенің есебінен қаржыланды. Мұны өз инвестициясынан мейлінше мол табыс табуды негізгі міндет санайтын капиталистер басқарды. Бір таңғаларлығы, фрак пен цилиндр киген банкирлер мен саудагерлер құрған империялар алтын зерлі оқа киіп, жарқыраған қару-жарақ асынған корольдер мен аристократтар құрған империялардан күштірек болып шықты. Мұның мәнісі саудагерлер империясы жеңістерін жақсы қаржыландыра білді: салықты ешкім төлегісі келмейді, ал инвестиция салуға бәрі құлшынып тұрады. 1484 жылы Христофор Колумб Португалия короліне еліктірерліктей ұсыныспен келді: Шығыс Азиядағы соны сауда жолдарын барлау мақсатымен Батысқа қарай флот жасақтау жөнінде айтты. Мұндай экспедиция өте қымбат әрі қатерлі еді. Кеме жасап, азық-түлік қорын сатып алуға, теңізшілерге жалақы төлеуге қыруар қаржы қажет әрі оған жұмсалған қаржының өтемі қайтарылатынына да ешқандай кепілдік жоқ. Португал королі бірден бас тартты. Бірақ бүгінгі стартаперлер сияқты, Колумб алған бетінен қайтпады. Ол идеясын Италиядағы, Франциядағы, Англиядағы және қайтадан Португалиядағы әлеуетті инвесторларға «сатуға» тырысты. Одан ештеңе шықпады. Ақырында, енді ғана біріккен Испанияның әміршілері Фердинанд пен Изабеллаға қолқа салды. Бұл жолы тәжірибелі лоббишылдарды тауып, солардың көмегімен Изабелла патшайымды көндірді. Кез келген оқушы білетін жайт – Изабеллаға ұтысты билет тап келді: Колумбтың ашқан жаңалығы арқасында испандықтар Американы бағындырып, сондағы алтын және күміс кеніштерді игеруге кірісті, темекі мен қант қамыстарының алқабын жайқалтты. Испанияның королі, банкирлері мен саудагерлері шексіз байыды. Жүз жыл өткеннен кейін корольдер мен банкирлер Колумбтың ізбасарларына сұраған несиесін қуана-қуана берді. Америкада өндірген қазынаның арқасында олар енді қыруар капиталға ие болды. Одан да маңыздысы, енді олар экспедициялар мен жаңа білім арналарының пайдасы молдығына шүбәсіз сеніп, өз ақшаларын уыстап бере салатын халге жетті. Империялық капитализмнің сиқырлы тізбегі түзілді: несие географиялық жаңалық ашу ісін қаржыландырады, ол жерлерде колониялар пайда болып, табыс алып келеді, табыс сенімді нығайтады, ал сенім дегеніміз – несие. Нұрқази мен Нәдір шах секілді еуропалық емес жаулап алушылар бірнеше мың шақырымды еңсерген соң ентікті де қалды – олардың ресурстары біткен еді. Ал капиталистік кәсіпкерлердің қаржы-қаражаты елден-елге жорыққа шығып, жаулап алған сайын еселене түсті. Бірақ бұл экспедициялар тәуекелдің ісі болып қала берді, сондықтан несие нарығы оған сақ қарады. Талай экспедиция ештеңе таба алмай, елге құр қол қайтты. Мәселен, ағылшындар Арктика арқылы Азияға өтетін солтүстік-батыс жолды текке іздеп, қыруар қаржы шығындады. Кейбір экспедициялар мүлде оралмады. Кемелер мұзтауларға соғылып, тропиктік дауылдарда экипаж түгелдей қырылды, не теңіз қарақшылары тұтқындады. Ықтимал инвесторлардың санын көбейтіп, оларға төнетін шығын мөлшерін кеміту үшін еуропалықтар жауапкершілігі шектеулі акционерлік компанияны ойлап тапты. Бір инвестор қалтылдаған қайықтай шынжау кемеге бүкіл ақшасын тіккеннен гөрі акционерлік компания бірнеше кәсіпкерден ақша жинаса, әрқайсысы өз капиталының аз ғана бөлігін бәске тігеді. Осылайша шығындану қаупі азайып, есесіне, көбірек табысқа кенелу мүмкіндігі арта түсті. Тіпті аз ғана ақша салғанның өзінде, кеменің сапары сәтті болса, миллиондаған табыс алып келді. Осылай жылдар өткен сайын Батыс Еуропада қысқа мерзімде қомақты несие беріп, оны жеке кәсіпкер мен бүтін мемлекеттің пайдасына жарата алатын күрделі қаржы жүйесі дами түсті. Бұрынғы патшалар мен империяларға қарағанда, бұл жүйе «зерттеу және бағындыру» экспедицияларын әлдеқайда ұтымды қаржыландырды. Несие капиталының қуаты Испания мен Нидерланд арасындағы қансүрей қақтығыста бар болмысымен көрінді. ХVІ ғасырда Испания Еуропадағы ең қуатты мемлекет болып, ұлан-ғайыр империяны билеп-төстеді. Ол Еуропаның бір бөлігін, Солтүстік және Оңтүстік Африканың біраз ендігін, Филиппин аралдарын басқарып, Африка мен Азия жағалауларына базасын орнатты. Жыл сайын Севилья мен Кадис айлағына Америка мен Азияның қазына-байлығын тиеген кемелер керуені оралып жататын. Ал Голландия болса шағын, ешқандай табиғи ресурсы жоқ, испан королінің қол астында батпақтап, жел өтінде тұрған сүреңсіз бір түкпір еді. 1568 жылы голландтар, басым бөлігі протестанттар католик мырзаларына қарсы көтерілді. Бастапқыда бүлікшілер бой бермейтін жел диірменіне тайсалмастай қарсы шапқан донкихоттар сияқты көрінген. Алайда сексен жылдың ішінде голландтар тәуелсіздігін ғана алған жоқ, сонымен қатар қарсыластарын мұхит маршруттарынан ығыстырып шығарып, бүкіләлемдік Голланд империясын құрудың әрі Еуропадағы ең бай елдердің біріне айналудың орайын келтірді. Голландтардың табысқа жетуінің кілті несие болды. Құрғақ жерде шайқасуды ұнатпайтын голланд брюгерлері испандармен соғысуға жатжерлік солдаттарды жалдап, ал өздері сол аралықта бұрынғыдан да ірі флотиялар жасақтап, теңізге шығып кетті. Жалдамалы армия мен зеңбірекпен қаруланған флот қымбатқа түсті, бірақ Испан империясымен салыстырғанда, голландтарға әскери экспедицияны қаржыландыру оңай болды, өйткені олар Еуропада қалыптасқан қаржы жүйесінің қолдауына арқа сүйеді, бұл испан королінің өзіне артылған сенімді абайламай жоғалтып алған кезі еді. Қаржыгерлер голландтарға армия мен теңіз сауда жолына бақылау орнататын флот құруға жеткілікті ақша берді. Ал бұл көп пайда түседі деген сөз еді. Амстердам көзді ашып-жұмғанша Еуропаның орталық айлақтарының бірі ғана емес, сондай-ақ бүкіл құрлықтың қаржылық Меккесіне айналды. Голландтар қаржы жүйесінің сеніміне қалай ие болды? Ең алдымен, олар қарыздарын мінсіз – уақытылы әрі толық өтеді. Екіншіден, Голландияның сот жүйесі толық тәуелсіз болып, жеке тұлғалардың, әсіресе жекеменшік иелерінің құқықтарын қорғады. Жеке тұлғалар мен олардың меншігін қорғауға қабілетсіз диктаторлық мемлекеттерден капитал қашады. Ол заң мен жекеменшікті құрметтейтін жерге ұмтылады. Өзіңізді неміс қаржыгерінің дәулетті отбасының ұрпағы ретінде елестетіп көріңізші. Әкеңіз Еуропаның ірі қалаларында филиалдарын ашып, бір іс бастағысы келеді: әрқайсыңызға 10 мың алтын монета беріп, сізді – Амстердамға, ініңізді Мадридке жібереді. Ініңіз бастапқы капиталын испан короліне қарызға береді, ол француздарға қарсы соғысу үшін армия жасақтап жатқан еді. Сіз Манхэттен аралының оңтүстік қиырынан жер сатып алуға бел буған голланд саудагеріне қаржылай қолдау көрсетуді қолай көрдіңіз. Өйткені ол болашақта Гудзон өзені көлік қатынасының күретамырына айналуына байланысты ондағы жер телімдерінің күрт қымбаттап, баю көзіне айналатынына бек сенімді еді. Екі қарыз да бір жылға берілді. Жыл өте шықты. Голланд саудагері сатып алған жерлерін кері сатып, жақсы табыс тапты да, сізге ақшаңызды алдын ала келіскен мөлшердегі үстеме ақысымен қайтарды. Әкеңіз дән риза. Ал Мадридтегі ініңіз өзін қоярға жер таппай, тызығып жүр. Испан королі француздарды жеңіп шықты, енді түріктермен жағаласып жүр. Оған жаңа соғысқа ақша керек, бұл, оның көзқарасы бойынша, алған қарызын қайтарудан да маңызды нәрсе. Ініңіз король сарайына әлсін-әлсін қаймықпай хат жолдап, жоғары лауазымды достарынан өзіне жақтасуды өтінеді, бірақ түк нәтиже жоқ. Ол үстеме ақы алмақ түгілі, өз капиталынан айырылды. Әкеңіз өте ренішті. Бұнысы аздай, король ініңізге қазынашысын жіберіп, белгілі бір мөлшерде тағы қарызға ақша тауып беруін талап етеді. Әрі шұғыл беруі керек. Ініңізде көк тиын жоқ, ол үйге хат жазып, бұл жолы король бәрін түгел қайтарып беретініне сендіруге тырысады. Кіші ұлына ерекше мейіріммен қарап, еркелете беретін әке жүрегі қан жылап тұрса да, амалсыз келіседі. Тағы да 10 мың алтын монета испан қазынасына сіңіп жоғалады. Ал Амстердамда шаруа өрге басып келе жатыр. Сіз ілкімді голланд саудагерлеріне бұрынғыдан қомақты ақшаны қарызға бересіз, олар оны үстеме пайызымен уақытылы қайтарып береді. Алайда басқа қонған бағыңыз баянсыз болып шықты. Тұрақты клиенттеріңіздің бірі Парижде ағаш шабатаны сәнге айналдыруға бел буады. Ол Францияның астанасында аяқкиім дүкенін ашу үшін сізден ақша алады, бірақ, өкінішке қарай, француз бикештері шабатаға қызықпайды, текке шығындалып, тақыршаққа отырып қалған кәсіпкер қарызын қайтарғысы келмейді. Әкеңіз ашудан терісіне сыймай, екеуіңізге де сотқа шағымдануға бұйырады. Мадридтегі ініңіз – испан короліне қарсы, ал сіз шабата тігушінің үстінен сотқа арыз жазасыздар. Испанияда сот корольге бағынышты, сот төрешілері оның әмірімен әрекет етеді әрі жазаға ұшыраудан қорқып, оның бетіне қарсы келе алмайды. Голландияда сот – биліктің жеке бір тармағы, ел азаматтарына да, оларды басқаратын лауазымдарға да тәуелсіз. Мадрид соты ініңіздің шағымын қабылдамайды, ал амстердамдық сот сізді жақтайтын шешім шығарып, шабата тігушінің мүлкін тәркілеу арқылы оны қарызды өтеуге мәжбүр етеді. Әкеңіз екі нәрсені: істі корольмен емес, саудагермен әрі Мадридте емес, Голландияда жүргізу керегін ұғынды. Ал ініңіз пәледен әлі құтыла қойған жоқ. Испания королінің армияны асырауға ақшасы мүлде жетпейді. Ол әкеңізде басы артық қаражат бар деп ойлайды. Сатқындық жасады деген жаламен ініңізді жазықсыз түрмеге қамайды да, әкеңізге «20 мың алтын монета төлемесең, балаң қамақта шіріп өледі» деп қоқан-лоқы көрсетеді. Бітті, төзім таусылды! Әкесі, әрине, сүйікті ұлын ақша төлеп, құтқарып алады да, енді ешқашан да Испаниямен байланыспауға серт береді. Мадридтегі филиалды жауып, кіші ұлды Роттердамға жібереді. Голландияда екі филиал ашу – тамаша идея. Тіпті испан байшыкештері де капиталды елдің шегінен шығарғылары келеді. Олар да капиталды сақтап, еселей көбейту үшін заң билеп, жекеменшік құрметтелетін елдерге, мәселен Голландияға, инвестиция салу керегін түсініп қалды. Голланд саудагерлері инвесторлардың сеніміне ие болған кезде Испания королі, керісінше, оны жоғалтып алды. Голландия үкіметі емес, дәл осы саудагерлер Голланд империясын құрды. Испания королі халықтан заңсыз салықтарды сығып ала отырып, жаулап алу жорықтарын қаржыландыруға тырысты. Испан короліне ешқашан қарызға татырмайтын ақшаны әсіресақ инвесторлар голланд үкіметіне де біраз ойланып барып берер еді. Бүкіл байлығын жаңа империяны жарық дүниеге алып келген голландтық бірлескен кәсіпорындарға құлшына салар еді. Әлдебіреуге қандай да бір компания орасан мол пайдаға кенелтетіндей көрінгенімен, оның бүкіл акциясы сатылып кетсе, акцияны иесінен қымбат бағаға сатып алуына болады. Ол акцияларды сатып алғаннан кейін компания ісі шатқаяқтап кері кетсе, әлгі акцияларды арзанға сатып жібере алады. Ал бұл үрдіс Еуропа астаналарының біразында ерекше биржа – компанияның акцияларын сату ісіне алып келді. Ең танымал голландтық акционерлік компания – Біріккен Ост-Инд компаниясы (БОК) голландтар испан езгісіне қарсы шығып, испан артиллериясының күркірі Амстердам маңайынан естіліп тұрған шақта, 1602 жылы құрылды. БОК акциялар сатудан түскен қаражатты кемелер құрастыруға жұмсап, оларды Азияға аттандырды да, Еуропаға Қытай, Үнді және Индонезия тауарларын тасыды. Сонымен қатар компания өз флотының бәсекелестер мен теңіз қарақшыларына қарсы әскери іс-әрекеттерін қаржыландырды. Соның нәтижесінде БОК-тың ақшасымен Голландия Индонезияны бағындырды. Индонезия – әлемдегі ең ірі архипелаг. ХVІІ ғасыр басында сан мыңдаған аралдар жүздеген корольдер мен князьдердің, сұлтандар мен тайпа көсемдерінің қарамағында болды. 1603 жылы БОК өкілдері Индонезияға таза коммерциялық мақсатпен барды, бірақ өз мүдделерін қорғап, акционерлердің мейлінше көбірек табыс табуын қамтамасыз ету үшін саудагерлерге тым жоғары баж салған жергілікті билеушілермен де, еуропалық бәсекелестермен де шайқасуға тура келді. БОК кемелерін зеңбірекпен жарақтандырып, Еуропа, жапон, үнді мен Индонезия жалдамалыларын қатарға тартты, қамалдар салып, кең көлемді әскери әрекеттер мен шабуылдарға көшті. Бізге бұл қазір тым ерсі көрінер, бірақ сол кезде бұл табиғи нәрсе еді. Жеке компаниялар солдаттарды да жалдап, кемелер мен зеңбіректерді, тіпті кейде тұтас армияны сатып алды. Жұрттың бәрі бұған кәдуілгі тірліктей қарады, жеке компанияның империя құрғанына ешкім таңданған жоқ. Жалдамалы әскер аралдан соң аралды жаулай берді де, Индонезияның едәуір бөлігі БОК-тың колониясына айналды. 200 жылға жуық уақыт бойы компания Индонезияны билеп-төстеді. 1800 жылы аралдар Нидерланд мемлекетінің қол астына өтіп, тағы 150 жыл оның отары болды. Бүгінде кейбіреулер ХХІ ғасырда корпорациялардың тым үлкен билікке ие болуынан сақтандырды. Жаңа заманның басы бизнестің өз мүддесін көздей отырып, ешкім тежеу салмаса, тым алысқа құлаш сермейтінін еске салады. Голландтық «БОК» компаниясы Үнді мұхитында сайран салып жүргенде, голландтардың «Уест-Инд» компаниясы (УИК) Атлантиканы табысты игеріп үлгерді. Стратегиялық маңызы бар Гудзон өзенімен тауарлар тасу ісіне бақылау орнату үшін УИК аралдағы өзен сағасына Жаңа Амстердам кентін салды. Колонияға үндістер үнемі шабуыл жасап, ара-тұра ағылшындар соқтықты, ақырында, олар Жаңа Амстердамды 1664 жылы басып алып, оны Нью-Йорк деп атады. Үндістер мен ағылшындардан қорғану үшін УИК салған қамал қабырғалары қазіргі кезде әлемге әйгілі көше – Уолл-стриттің астында көмулі жатыр. ХVІІ ғасыр тәмамдалуға таяп қалған шақта қымбатқа түскен құрлықтағы соғыстар мен алаңғасарлығының кесірінен голландтықтар Нью-Йорктен ғана емес, сондай-ақ Еуропадағы қаржылық және империялық жетекші рөлінен де айырылып қалды. Босаған орынды иелену үшін Англия мен Франция аяусыз қырқысты. Бастапқыда Франция ұтатын сияқты көрінді, ол Англиядан дәулеттірек еді, жер аумағы мен тұрғындар саны жағынан да басым тұрды, қисапсыз әрі кәнігі армиясы болды. Бірақ Англия қаржы жүйесінің сеніміне кіре алды да, Франция оған лайық болмай шықты. Әсіресе ХVІІІ ғасырда Еуропадағы «Миссисипи көбігі» деп аталатын аса ірі қаржы дағдарысы кезіндегі Франция билігінің қылығы өрескел болды. Францияда тіркелген Миссисипи компаниясы 1717 жылы Миссисипидің төменгі сағасындағы алапты отарлауға кірісіп, сол жерге Жаңа Орлеан қаласын сала бастады. Өзінің асқақ жоспарларын қаржыландыру үшін ХV Людовик сарайымен байланысы бар компания Париждің қор биржасында акцияларын сатты. Компания директоры Джон Лау, сондай-ақ Францияның орталық банкінің меңгерушісі қызметін де атқаратын. Бұған қоса король оны қаржы қызметінің бас инспекторы – қазіргі қаржы министріне парапар лауазым иесі етіп тағайындады. 1717 жылы Миссисипидің төменгі сағасында ми батпақ пен қолтырауындардан басқа түк жоқ еді, бірақ компания көл-көсір байлық пен компанияның шексіз мүмкіндіктері туралы дақпырт таратты. Француз ақсүйектері, бизнесмендері, қалалық буржуазияның көрнекті өкілдері бұл ертегіге сеніп қалды, компания акцияларының бағасы аспанға шарықтап шыға келді. Олардың бастапқы бағасы бір акцияға 500 ливрді құрады. 1719 жылғы 1 тамызда әр акцияны 2750 ливрден сатты. 30 тамызға таман – 4100 ливр, 4 қыркүйекте 5000 ливрге жетті. 2 желтоқсанда Миссисипи компаниясының акциялары 10 мың ливрден асып кетті. Париж көшелерін желікпе көңіл күй кернеді. Адамдар акция сатып алу үшін бүкіл дүние-мүлкін сатып, қарыз ала бастады. Жұрттың бәріне баюдың оңай жолы табылғандай көрінді.
39. Жаңа Амстердам, 1660 жыл. Манхеттен аралының ең шеті. Қорғаныс қабырғасының жұртында қазір Уолл-стрит орналасқан. Бірнеше күн өткеннен кейін айғай-сүрең басталды. Алыпсатарлардың бірі бағаның тым қампиып кеткенін, бұл деңгейді ұстап тұру мүмкін емесін уақытылы сезінді. Баға шарықтап тұрған кезде акцияларын сатып жіберуді ұйғарды. Қолда бар акциялар саны өскен сайын баға төмендей берді. Баға тағы да төмен құлдилап, опырыла құлады. Акция бәсін тұрақтандыруға тырысып, Францияның орталық банкі (оны кім басқаратыны естеріңізде шығар) Миссисипи акцияларын жаппай сатып ала бастады. Бірақ банктің олардың бәрін сатып алуға шамасы жетпеді. Көп ұзамай оның ақшасы бітіп қалды. Сонда қаржы ісінің бас инспекторы (оның да кім екені белгілі ғой) акция сатып алуды жалғастыра берді. Соның салдарынан әлгі күмпиген көбік Францияның бүкіл қаржы жүйесін жұтып қойды, оны құтқарардай еш айла-тәсіл қалмады. Бір акцияның бағасы 10 мыңнан 1000 ливрге түсіп кетті. Орталық банк пен король қазынасы өзі басып шығарған көкқағаз құрлы құны жоқ акциялар топанының астында қалды. Ірі делдалдардың көбі аман-сау шықты, тіпті кейбіреуі акцияларын уақытылы сатып үлгеріп, ұтып кетті. Ұсақ инвесторлар бәрінен айырылып, біразы асылып өлді. «Миссисипи көбігі» – тарихтағы ең әйгілі қаржы топалаңының бірі. Корольдік қаржы жүйесі бұл күйреу ахуалынан толық айыға алмастан өтті. Миссисипи компаниясының акция бағаларын айла-шарғымен қолдан құбылту үшін саяси байланыстарын пайдалана отырып, қалай сұраныс тудырғанын көргеннен кейін халық француз банктеріне де, корольдің қаржы ісі данышпанына да сенімін жоғалтты. ХV Людовикке несие табу қиын болды. Осы себептің салдарынан Францияның шет елдердегі иеліктері ағылшындарға бұйырды: Англия несиені оп-оңай әрі төмен пайызбен алды, ал Франция несиегерлері әзер көндіріп, жоғары үстеме ақы пайызын төлеуге мәжбүр болды. Өсіп бара жатқан қарызын өтеу үшін француз королі бұрынғыдан да жоғары пайызбен қарыз ала берді. 1780 жылдары жеңілтек, желікпе атасынан тақты мирас еткен ХVІ Людовик бюджет жартысы қарыз үстемесін төлеуге кететінін, банкрот бұлтының төбесіне төніп тұрғанын аңғарды. 1789 жылы оның Бас штаттарды – парламенті (бұл міне, 150 жыл бойы әлі жиналған жоқ) шақырып, ақыл-кеңес пен көмек сұрауына тура келді. Содан Француз революциясы басталды. Француздардың шеттегі, теңіздің арғы жағындағы империясы күйреп тынды да, Британияның иелігі кеңейіп, өркендей берді. Бұрынғы голландтар сияқты, ағылшындар да Лондон биржасында беделі жоғары бағаланған жеке акционерлік компанияларға арқа сүйеді. Солтүстік Америкаға алғашқы қоныстанушылар ХVІІ ғасыр басында Лондон, Плимут, Дорчестер, Массачусетс акционерлік компанияларын құрды. Үнді субконтинентін де ағылшын мемлекеті емес, «Британ Ост-Инд» компаниясының жалдамалы армиясы бағындырды. Бұл компания БОК-тан асып түсті. Лондондағы Лиденхолл-стритте отырып, ол 100 жылға жуық қуатты үнді империясы мен 350 мың солдаттан құралған алып армияны (мұншалықты әскер Британ монархында да болған емес) басқарды. Тек 1858 жылы ғана Британ билігі осы армиясымен бірге Үндістанға ұлттық еркіндік берді. Наполеон ағылшындарды келеке қылып, «дүкеншілер» деп атады. Бірақ сол дүкеншілер Наполеонның өзін жеңіп, бүкіл тарихтың ұзын-ырғасындағы ең ірі империяны құра білді.
Капиталдың қамы үшін Голландия өкіметінің 1800 жылы – Индонезияға, Британ билігінің 1858 жылы – Үндістанға ұлттық иелігін қайтарып беруі, капитализм мен империализмнің одағына үзілді-кесілді нүкте қоя алмады. Керісінше, ХІХ ғасырда бұл одақ нығая түсті. Акционерлік компаниялар жеке колониялар құрып, оларды басқарудың қажеті болмай қалды. Олардың басшылары мен ірі акционерлері қажет кезінде Лондондағы, Амстердам мен Париждегі тетіктерге қолдарын соза қойды. Енді олардың мүдделеріне мемлекет көз қырын салып отыратын болды. Маркс және капитализмнің басқа да сыншылары Батыс елдерінің үкіметтері капиталистік кәсіподаққа айналуда деп мысқылдады. Билік атаулының көп ақша жетегінде қалай кететінінің ең сорақы бір мысалы Англия мен Қытай арасындағы Бірінші апиын соғысы (1840–1842) еді. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Британияның «Ост-Инд» компаниясы мен көптеген бизнесмендері Қытайға апиын жеткізумен айналысты. Миллиондаған қытай нашақорға айналды. Бұл елдің экономикасы мен әлеуметтік құрылымына ауыр соққы еді. 1830 жылдары Қытай өкіметі апиын саудасына тыйым салды, бірақ ағылшын саудагерлері жергілікті заңға пысқырған да жоқ. Қытай өкіметі есірткілер легін жоюға кірісті. Сол кезде Вестминстерде және Даунинг стритте (парламент пен үкімет мүшелерінің көбі бұлардың акцияларын сатып алған) байланысы бар наркокартельдер бұл іске мемлекетті араластырды. 1840 жылы Англия «сауда-саттық еркіндігі үшін» Қытайға қарсы соғыс жариялады. Жеңіске оңай жетті: қытайлар ғажап қаруларға – ауыр артиллерияға, бу кемелеріне, шапшаң ататын винтовкаларға төтеп бере алмады. Әділетсіз келісімшарт бойынша Қытай ағылшын есірткі сатушыларының іс-әрекетіне кедергі келтірмеуге, оларға Қытай полициясы келтірген шығынды өтеуге міндеттенді. Бұған қоса Англия Гонконг билігін қолына алып, оны наркотрафиктің базасы ретінде пайдаланды (Гонконг 1997 жылға дейін ағылшындардың қол астында қалды). ХІХ ғасырдың соңында 40 миллион қытай, тұрғын халықтың оннан бір бөлігі апиын шегетін нашақорға айналды3. Ағылшын капитализмінің құрықтай ұзын қолының құрсауын Мысыр да сезінді. ХІХ ғасырда француздар мен ағылшындар Мысыр әміршісіне Суэц каналын салуға, содан соң әрқилы мардымсыз жобаларға қомақты мөлшерде қарыз ақша берді. Уақыт өткен сайын өсе түскен қарыз Еуропа несиегерлері елдің ішкі істеріне белсене араласа беруіне жол ашты. 1881 жылы жергілікті ұлтшылдардың шыдамы түгесіліп, көтеріліске шықты. Олар біржақты тәртіппен бүкіл шетел қарызының күшін жоюды талап етті. Виктория патшайым бұған қатты долданды. Жыл өтпей жатып ол Мысырға армия мен флот аттандырды. Иә, бұл ел де Британ боданына айналды. Инвесторлардың мүдделерін қорғау қамымен басталған соғыстардың бас-аяғы бұл емес. Соғыстың өзі апиын сияқты тауарға айналды. 1821 жылы гректер Осман империясына қарсы көтерілді. Сол баяғы Англияның либералдары мен романтиктері көтерілісшілерге жанашырлық танытты. Ақын, лорд Байрон бүлік шығарушылар жағында соғысу үшін Грекияға аттанды. Иә, Лондон қаржыгерлері де қапы қалмады. Олар көтеріліс көсемдеріне Лондон биржаларында Грек көтерілісінің облигацияларын сатуды ұсынды: гректер тәуелсіздік алған кезде (егер алса), әлгі акцияларды үстеме пайызымен сатып алуға уәде беруге тиіс болды. Жеке адамдардың бірі пайда табуға үміттеніп, енді бірі гректерге жанашырлық пейілін білдіріп, бір-біріне кесел келтірмейтін болғандықтан, облигацияларды сатып алды. Эллададағы шайқастың табысқа жетуі мен сәтсіздікке ұшырауына байланысты көтеріліс облигацияларының бағасы біресе өсіп, біресе түсіп отырды. Ақырында, түріктер басым түсті. Көтерілісшілердің жеңілуі, облигация ұстаушылардың тақырға отыруы қашып құтыла алмайтын шындыққа айнала бастады. Мемлекет акционерлердің мүдделерін қызғыштай қоритындықтан, ағылшындар халықаралық флот жасақтады да, 1827 жылғы Наварин мүйісіндегі шайқаста түріктердің ең негізгі теңіз күштерін су түбіне жіберді. Санғасырлық езгіден соң Грекия, ақырында, бостандыққа жетті. Бірақ аңсарлы азаттыққа қоса, ол қыруар қарыз да алды, оны өтеуге жаңадан құрылған елдің еш мүмкіндігі жоқ еді. Грекия экономикасы бірнеше ондаған жылдар бойы Британ несиегерлерінің басыбайлы боданы болды. Капиталдың саясатпен соншалықты қойындасуы несие нарығын тым алысқа әкетті. Экономикадағы несие көлеміне тек таза экономикалық факторлар, жаңа мұнай кен орындарының ашылуы немесе соны тетіктердің ойлап табылуы ғана емес, сондай-ақ саясат та, әлдеқандай халықаралық оқиғаларға байланысты билік режимдерінің ауысуы да әсерін тигізеді: Наварин шығанағындағы ұрыстан кейін ағылшын капиталистері елден тысқары, теңіздің ар жағындағы дүдәмал айла-шарғыларға ақшаларын сала бастады. Шетелдік борышкер қарызын қайтарудан тайсақтаса, ұлы мәртебелі ағзамның армиясы оны өсімпұлына дейін өндіріп береді. Міне, бүгінде елдің экономикалық молшылыққа кенелуі үшін табиғи ресурстардан гөрі несиелік рейтингтің маңызды болатын себебі – осы. Ол кез келген елдің қарыздарды қандай ықтималдықпен өтей алатынын көрсетеді. Рейтинг тек қана экономикалық деректерді емес, сонымен қатар саяси, әлеуметтік тіпті мәдени факторларды да ескереді. Зұлым үкіметі, ішкі қақтығыстары мен жемқор сот жүйесі бар, бірақ мұнайға бай елдің несиелік рейтингі төмендеп, салыстырмалы түрде кедейшілік кепешін киеді, өйткені ұңғыларды толықтай игеруге жеткілікті капитал жинай алмайды. Ал ешқандай табиғи ресурсы жоқ, тұрақты тұрмыс кешетін, тәуелсіз сот жүйесі мен ашық басқару жүйесі бар ел жоғары несиелік рейтингке жетеді. Ол білім берудің тиімді жүйесін қомдап, жоғары технологиялар саласын дамыту үшін мейлінше арзан займдар тарта алады.
Еркін нарық ғұрпы Капитал мен саясат бір-біріне ықпал ететіні сонша – олардың қарым-қатынастары экономистердің, саясаткерлер мен жұртшылық өкілдерінің қызу пікірталасын туындата береді. Ісіне жан-тәнімен берілген капиталистер саяси мүдделерден экономикалық саясаттың жапа шегіп қалуынан қауіптенеді: бұл жосықсыз инвестициялар мен өсудің баяулауына душар етеді. Мәселен, үкімет жұмыссыздардың барлығын жәрдемақымен жарылқау үшін өнеркәсіп иелеріне көп салық сала алады. Мұндай шаралар сайлаушылардың қолайына жағады. Бірақ бизнесмендердің көзқарасы тұрғысынан сол ақшаның бәрін бұларға берсе, тәуір болар еді. Бұлар жаңа зауыттар салады, жұмыссыздарға да жұмыс табылады ғой. Осы көзқарас тұрғысынан, ең ақылды экономикалық саясат – экономика мен саясатты бір-бірінен алшақ қойып, салықтар салу мен мемлекеттік реттеуді мейлінше арзандату, нарық күштерінің өздерін көрсетуіне еркіндік беру. Саяси мүдделер ауыртпалығын арқаламаған жеке инвесторлар ақшаларын көбірек пайда түсетін жерлерге салады, демек, жөнсіз араласа бермесе (баршаның: кәсіпкерлердің де, жұмысшылардың да игілігі үшін), экономикалық өсуге кәдімгідей ықпалдасар еді. Еркін нарық доктринасы – қазіргі кезде капиталистік наным-сенімнің кең таралған әрі ең ықпалды нұсқаларының бірі. Оның ең жігерлі жаршылары шетелдегі әскери операцияларға да, ел ішіндегі әлеуметтік бағдарламаларға бірдей қарсы шығып, қызбалана сөйлейді. Олар өз үкіметтеріне гуру Дзеннің шәкірттеріне беретін ақыл-кеңесін айтады: ештеңе істемеңдер дейді. Шынтуайтында, еркін нарыққа соншалықты сену Аяз атаға сенген сияқты аңғырттық болары хақ. Саясаттың ықпалынан тыс тұрған нарық деген нәрсе жоқ. Ең маңызды экономикалық ресурс – болашаққа үміт арту, бұл ресурсқа да ұры-қарылар мен алаяқтар әлсін-әлсін қастандық жасай береді. Нарық өздігінен алаяқтықтан, ұрлық пен зорлықтан қорғауға кепілдік бере алмайды. Бұл – алдап-арбауға қарсы құқықтық тұрғыдан тосқауыл қойып, заңның сақталуын қамтамасыз ететін полицияны, түрмелер мен соттарды құрып, қолға ұстай отырып, сенімді нығайта түсу саяси жүйенің міндеті. Корольдер өз міндеттерін атқара алмай, нарықты тиісті дәрежеде реттеп отыруды ұмыт қалдырса, бұл сенімнің жоғалуына, несиенің қысқаруы мен экономикалық күйзеліске душар етеді. Мұндай сабақты әлемге 1719 жылғы «Миссисипи көбігі» берген болатын. Мұны ұмытып үлгергендер 2007 жылғы Американың ипотекалық көбігін, соған іле-шала өршіген несие дағдарысы мен жалпыұлттық өнімдер құлдырауын еске алулары қажет-ақ.
Капиталистік тозақ Неліктен нарыққа толық еркіндік беруге болмайтынының тағы бір елеулі себебі бар. Адам Смит былай дейді: «Етікші отбасын асырауға керек мөлшерден артық ақша тапса, ол тағы да көмекші шеберлерді жалдайды». Өзімшіл ашкөздіктің де игілігі бар, өйткені басы артық ақша өндірісті кеңейтуге жұмсалады да, көп адам жұмысқа орналасады. Ал тас сараң етікші қосымша пайданы сығып алу үшін көмекші шеберлердің жалақысын қысқартып, жұмыс күнін ұзартса ше? Үйреншікті жауабы мынау: қызметкерді нарық қорғайды. Етікші тым аз төлеп, өте көп істеуді талап етсе, қызметкері оны тастап, бәсекелесіне кетіп қалады. Әлгі сараң қожайынның қарауында қолынан іс келмейтін шалағай көмекшілер қалады. Ендеше, оған мінез-құлқын өзгерту немесе шеберханасын жабу керек. Өзінің сараңдығы оны қызметкерлермен ұдайы санасып, кішіпейіл сөйлеуге мәжбүр етеді. Теория жүзінде бәрі мінсіз, алайда теорияның құрыш сауыты өмір шындығының тегеурініне төтеп бере алмайтын да кезі болады. Король де, діни қызметкер де қадағаламайтын емін-еркін нарықта дүниеқұмар капиталистер бір-бірімен астыртын келісім жасап, монополия құруы мүмкін ғой. Аяқкиім фабрикаларының бәрі бір корпорацияның қол астында тұрса немесе барлық фабрика иелері бір мезетте жалақының мөлшерін қысқартуға келісіп алса, жұмысшы бір жаман қожайыннан жақсылау көрінген екіншісіне кетумен мәселесін шеше алмайды. Ең сорақысы, сараң басшылар жұмысшыларды зауыттарға басыбайлы ету жөнінде заң шығарып, қарызбен матап тіпті құлиеленушілік жүйеге қайта оралып, олардың жүріп-тұруын тежеп тастауға тырысады. Орта ғасырлардың соңына таман Еуропаның христиан елдерінде құлдық түгелдей жойылды. Жаңа заманның басында еуропалық капитализмнің өрлеуі трансатланттық құл саудасының өсуімен қатар жүрді. Бұл кесапатқа кінәлілер – тәж киіп, тақ мінген озбырлар да, нәсілдік идеология да емес, нарықтың бөгеу бұзар екпіні еді. Еуропалықтар Американы жаулап алған бойда бірден алтын мен күміс өндіріп, қант, темекі мен мақта өсіруге кірісті. Осы кеніштер мен плантациялар Америка өндірісі мен экспортының қайнар көзіне айналды. Орта ғасырларда қант еуропалықтар үшін молшылықтың, береке-байлықтың нышаны саналды. Оны Таяу Шығыстан тасыды. Бағасы қарапайым адамдардың қолы жетпейтін деңгейде болды. Америкада қант қамысын өсіретін ауқымды плантациялар пайда болып, қант Еуропаға көп мөлшерде жеткізіле бастады. Бағасы күрт түсіп, еуропалықтар жаппай тойымсыз тәттіқұмарларға айналды. Кәсіпкерлер сұранысты қалт жібермей тәттілерді – торттарды, кәмпиттерді, мұзкәмпиттерді, шоколадтарды, какао, кофе тәрізді сусындарды көптеп өндіре бастады. Англияда жыл сайынғы қант тұтыну көрсеткіші тұрғын халықтың жан басына шаққанда ХІХ ғасыр соңына таман 8 килограмнан асатын шамаға жетті. Салыстыру үшін айта кетелік, XVІІ ғасырда ағылшындар қантты мүлде тұтынған емес. Қант қамысын өсіріп, одан қант айырып алу – қажырлы еңбекті талап ететін шаруа. Безгек масасы бұлтша үйірілген, төбеден тропиктік күн өрттей күйдірген плантацияларда ертеден қара кешке дейін бел жазбай жұмыс істеуге екінің бірі келісе қоймайды. Плантацияларда жалдамалы еңбекті пайдаланса, бұл өнім бағасын едәуір қымбаттатып, қайтадан жаппай тұтынымнан шығарып тастауы мүмкін. Мейлінше көп пайда тауып, экономикалық өсімге жетуге тырысқан еуропалықтар құлдардың күшін пайдалануға көшті. ХVІ–ХІХ ғасырлар аралығында Африкадан Америкаға шамамен 10 миллион құл тасыды. Олардың 70%-ы қант қамысын өсіретін плантацияларда жұмыс істеді. Жантүршігерлік еңбек жағдайларының салдарынан құлдардың көбі азаппен өлді. Бұған дейін миллиондаған африкалық өздерін құлдыққа түсіру үшін тұтанған соғыста немесе Африканың ішкі аймақтарынан Америка жағалауына дейінгі ұзақ жол үстінде қырылған еді. Мұның бәрі еуропалықтар кәмпит тістеп, тәтті шай сораптап отыру, ал қант барондары қалталарын ақшамен қампита беру үшін ғана жасалды. Мемлекеттер құл саудасына бақылау жасамады. Бұл сұраныс пен ұсыныс заңы бойынша еркін нарық ырқы ұйымдастырып, қаржыландырған таза экономикалық жоба еді. Құл саудасымен айналысатын жеке компаниялар Амстердамның, Лондон мен Париждің биржаларында акцияларын сатты. Оларды қаржы-қаражатын пайдалы іске жұмсау мүмкіндігін іздеп жүрген еуропалық орта тап сатып алды. Түскен ақшаға компаниялар кемелер жасап, теңізшілер мен солдаттарды жалдады. Африкадан құлдар сатып алып, Америкаға жеткізді. Сол жақта олар құлдарды сатып, түскен ақшаға плантаторлардың қант, кокос, кофе, мақта сияқты өнімдерін сатып алды. Еуропаға келген соң қант пен мақтаны көтеріңкі бағамен өткізіп, қайтадан Африкаға аттанды. Бұл акционерлердің көңілдерін көншітті. ХVІІІ ғасырда құл саудасы салымшыларға жылдық табыстың 6%-ын әкелді – мұның тым тәуір пайда екенін кез келген қаржы кеңесшісі біледі. Еркін нарық кеңістігінде бір кілтипан бар еді: ол пайданың адал жолмен табылатынына немесе әділ бөлінетініне ешқашан кепілдік бере алмайды. Керісінше, пайданы өсіре түсуге тырысу адамдардың кез келген этикалық нормаларға көз жұма қарауына алып келеді. Өсім адамгершіліктің кез келген талабынан биік тұратын шүбәсіз игілік екені жарияланған кезде бізге кесапат төніп, кесір үйіріле бастайды. Кейбір діндер – мысалы, христиандық пен нацизм әлдекімді жек көрген соң ғана миллиондаған халықты қырып тастады. Капитализм миллиондарды араны ашылған ашкөздікпен жайбарақат жер жастандыра салды. Трансатланттық құл саудасы әлдекім африкалықтарды жек көргендіктен басталған жоқ. Акцияларды сатып алған адамдар, оларды сатқан брокерлер, құл саудасымен айналысатын компания қызметкерлері де африкалықтар туралы жақсы да, жаман да ойлаған жоқ. Иә, плантаторлардың да көпшілігі өз егістіктерінен алыс жерде тұрды, тек пайда мен шығын жөніндегі есептемелерді ғана қадағалады. Трансатланттық құл саудасы – капитализмнің кіршіксіз шекпеніндегі бір ғана дақ емес. Алдыңғы тарауда айтқан Бенгалиядағы ашаршылық тап әлгіндей себептерден туындаған еді. Британның «Ост-Инд» компаниясы миллиондаған бенгалдардың өмірінен гөрі өзінің пайдасы туралы бас қатырды. Голландтың «Ост-Инд» компаниясының Индонезиядағы әскери іс-әрекетін қолдауға өз балаларын жанындай жақсы көретін, қайырымдылық шараларынан ақшасын ешқашан аямайтын, тәуір музыка мен бейнелеу өнерін бағалай білетін, бірақ Ява, Суматра мен Малакки тұрғындарының айлапат азабына жандары ашымайтын абырой-беделі батпандай қала байшыкештері ақша бөлді. Дүниенің басқа бөліктерінде де жаңа заман экономикасының туындауы мен дамуы қисапсыз қылмыстармен қабаттаса өрбіп жатты. ХІХ ғасырда капиталистік этика адамгершілік сипатын жоғалта түсті. Индустриялық революция еуропалық капиталистер мен банкирлерді байытқанымен, миллиондаған жұмысшыларды тақыр кедейшілікке ұшыратты. Отар елдердің жағдайы одан да мүшкіл еді. 1876 жылы Бельгия королі ІІ Леопольд, өзі айтқандай, Орталық Африканы зерттеп, Конго өзенінің жағалауындағы құл саудасына тосқауыл қою мақсатымен мемлекеттік емес гуманитарлық ұйым құрды. Бұл ұйымға сондай-ақ жергілікті халықтың тұрмыс жағдайына қамқорлық жасап, жолдар, мектептер мен ауруханалар салу міндеті жүктелді. 1885 жылы еуропалық үкіметтер осы ұйымның Конго өзенінің алабындағы 2,3 миллион шаршы шақырым – Бельгияның өзінен 75 есе үлкен жер аумағына бақылау орнатуына келісім берді. 20–30 миллион жергілікті тұрғындардың пікірін ешкім сұраған да жоқ. Қысқа шалым уақыт ішінде гуманитарлық ұйым іскер кәсіпорынға айналып шыға келді, оның шынайы, көңіл түбіне бүккен мақсаты – табыс табу. Мектептер мен ауруханалар салуды сол бойда ұмытып кетті, олардың орнына Конго алабында шахталар мен плантациялар қаптады, ал оларды бельгиялықтар басқарып, жергілікті тұрғындарды аяусыз қанады. Әсіресе каучук плантациясының қатыгездікпен аты шықты. Каучук Еуропаға өнеркәсіп мұқтажын өтеу үшін қажет болды. Оның экспорты Конго үшін табыстың негізгі көзі саналды. Соған сәйкес каучук жинаушы Африка шаруаларынан өнімдірек жұмыс істеуді талап етті. Тапсырмасын орындай алмағандарды «жалқаулығы» үшін қатал жазалап, қолдарын шауып тастады. Кейде тұтас бір елді мекендегілердің бәрі шолақ болып қалды. Ең байыпты есептеулер бойынша, 1885–1908 жылдар аралығында пайда үшін жанталаста 6 миллион адамның (Конгоны мекендеушілердің 20%-ы) өмірі мезгілсіз қиылған. Кейбір зерттеушілер осынау қорқынышты цифрды 10 миллионға дейін жеткізіп жүр4. 1908 жылдан кейін, әсіресе 1945 жылдан соң капиталистер, ең әуелі, коммунизм елесінен қорыққандықтан, ашкөздігін ішінара болса да, тежей бастады. Бірақ теңсіздік ушыққан күйінде қала берді. 2012 жылғы бәліш 1500 жылғыдан әлдеқайда үлкен болды, бірақ ол тең бөлінбеді. Африка шаруалары мен Индонезия жұмысшылары 500 жыл бұрынғы ата-бабаларынан аз нәпақа табады. Аграрлық революция сияқты, жаңа заман экономикасы да алаяқтыққа айналуы мүмкін. Тұрғындар саны да, экономика да өсіп барады, бірақ адамдардың бұрынғыдан көп бөлігі аштық пен жоқшылықта өмір сүрді. Мұндай сынға капитализм екі жауап қайтарады: біріншіден, капитализм капиталистерден басқа ешкім басқара алмайтын әлемді құрды. Оны басқаша басқаруға тырысудың бірден-бір әрекеті коммунизм еді. Ол барлық құбылыс атаулының нашары болып шықты, оны тағы қайталауға ешкімнің жүрегі дауаламайды. Б.з.д. 2500 жылы аграрлық революцияның зардаптарына өз шашыңды жұлып, бетіңді тырнауыңа болатын еді, бірақ енді өткенге кері қайту мүмкін емес. Міне, мына біз де капитализмді жақсы көреміз бе, әлде жоқ па, бәрібір оны енді айналып өте алмаймыз. Екінші жауап: тағы сәл шыдай тұрыңыздар, таяу бұрылыстың арғы жағында жұмақ күтіп тұр дегенге саяды. Иә, трансатланттық құлдар саудасы мен Еуропадағы жұмысшыларды қанап-қинау сияқты қателіктер жіберді, бірақ одан сабақ алды. Енді бәліш күмпиіп, сәл-пәл өскенше күте тұру керек. Сонда жұрттың бәріне тәуір бәліштер бұйырады. Ешқашан теңдей бөлмейді, бірақ әркім – еркек те, әйел мен бала-шаға да жеткілікті үлесін алады. Тіпті Конго да. Мұның жақсы жағы да бар. Таза материалдық критерийлерді – өмір сүру ұзақтығын, балалардың өлім-жітімін, калориялар тұтыну мөлшерін ескерсек, адам саны едәуір өскен 1914 жылғымен салыстырғанда, 2014 жылы қатардағы адамның өмір салты қайткен күнде де қарыштай өсіп бара жатқаны байқалады. Экономикалық бәліш қандай мөлшерге дейін ұлғаюы мүмкін? Бәліш пісіруге де шикізат пен энергия қажет. Ерте ме, кеш пе, Homo sapіens жер шарындағы шикізат пен энергияны сарқып бітіреді деген үрейлі болжам баяғыдан бері айтылып келеді. Ал сонда не болады?
17-тарау
Өнеркәсіптің тегершігі
Қазіргі экономика болашаққа сенім артуымыздың әрі капиталистердің табыстарын өндіріске салуға ықыласының арқасында өсіп келеді. Экономикалық өсім үшін энергия мен шикізат керек. Ал олардың қоры шектеулі. Олар (егер де) таусылса, бүкіл жүйе күйрейді. Қордың тек теория жүзінде ғана шектеулі екенін өткен шақтың тәжірибесі көрсетті. Бір қарағанда тосындау көрінгенімен, соңғы жүзжылдықта энергия мен шикізат тұтыну көрсеткіші көкке шапши өсе тұра, өңдеп, пайдалануға жарамды ресурстар ұлғая түсті. Энергияның немесе шикізаттың тапшылығынан экономикалық өсуге қатер төнген сайын ғылыми-технологиялық зерттеулерге қосымша қаржы бөлінеді де, нәтижесінде қолда бар ресурсты тиімдірек пайдалану тәсілдері ғана емес, энергия мен шикізаттың мүлде жаңа түрлері де пайда болады. Көлік саласын алып көрелікші. Соңғы 300 жыл ішінде адамзат күйме мен арбадан бастап пойыздар мен машиналарға, дыбыстан жылдам ұшақтар мен ғарыш кемелеріне дейінгі қозғалыс құралдарының миллиардтаған түрін шығарды. Соншалықты ауқымды өндіріс энергетикалық ресурстар мен шикізатты түгел сарқып, түбіне жетеді деп қауіптенуге болар еді. Шын мәнінде, бәрі керісінше. 1700 жылы дүниежүзіндегі көлік индустриясы, негізінен, ағаш пен темірді пайдаланса, қазір ол ата-бабаларымыздың өңі түгілі түсіне де кірмеген сансыз соны материалдарды – пластикті, резинаны, алюминийді, титанды кәдеге жаратып келеді. 1700 жылы күйме жасау үшін ағаш шеберлері мен ұсталардың білек күші қажет болса, қазір «Toyota» мен «Boeіng» зауыттарының жабдықтарына қажетті қуатты атом электр стансалары қамтамасыз етеді. Мұндай революция өнеркәсіптің барлық саласында болды. Біз оны солай: «индустриялық революция» деп атаймыз. Адамзат индустриялық революцияға дейін мыңдаған жылдар бойы алуан түрлі энергия көздерін пайдалана білді. Олар металл балқыту, үйді жылытып, нан пісіру үшін ағаш жақты. Желкенді кемелер алыс жағалауларға жүзіп бару үшін желді пайдаланды, су диірмендері өзеннің ағысын ұстап алып, оны дән талқандап, ұн тартуға мәжбүрледі. Энергияның бір түрін екіншісіне айналдыра білмеу біраз қиындық тудырды. Адамдар жел мен судың қозғалысын «жұмысқа жегіп», кемелер мен диірмен тасын қозғалтуға мәжбүр еткендерімен, осы энергиялар көмегімен су қыздыру немесе темір балқыту қолдарынан келмеді. Адамның энергияны басқа нәрсеге айналдыруға қабілетті бір ғана машинасы – өзінің денесі болды. Зат алмасудың табиғи үдерісінде адамдар мен жануарлардың организмдері органикалық отынды – тамақты бұлшық еттерді қозғалысқа келтіретін күш-қуатқа айналдырады. Адамдар мен жануарлар бидай мен етті жеп, оның құрамындағы көмірқышқылы мен майларды қорытып, олардан шыққан энергияны арба сүйреуге немесе жер жыртуға пайдаланды. Адамдар мен жануарлардың денелері энергияны басқаға айналдыруға қабілетті бірден-бір құрылғы болғандықтан, іс жүзінде кез келген адамның тірлігі бұлшық ет күшіне кіріптар еді. Адамның бұлшық еттері үйлер салып, арбалар жасады, өгіздің сом еттері жер жыртып, жылқының бұлшық еттері тауарларды тасыды. Осынау бұлшық етті органикалық машиналар қоректенетін энергия тегі бір ғана қайнар көзден – өсімдіктерден шықты. Өсімдіктер Күннен энергия алады. Фотосинтез барысында олар күн энергиясын бойына жинақтап, оны органикалық түзілістерге «қаттайды». Бүкіл тарихтың ұзын-ырғасында адамдар не істесе де барлығын өсімдіктерге жинақталып, бұлшық еттерге ауысқан Күн энергиясының есебінен жасады. Соған сәйкес адам тарихы екі табиғи тізбекке: өсімдіктердің тіршілік цикліне және Күн энергиясының цикліне (күндіз-түні, қысы-жазы) бағынды. Күн сәулесі жетіспейтін, бидай енді көктей бастаған шақта адамдарда күш-қуат азайды. Қамбалар босап қалған, салық жинаушылар көзге түскеннің бәрін сыпырып алған: солдаттар әзер қозғалады, шайқасуға шамалары келмейді, патшалар да бейбітшілік сақтап, тыныш отыр. Күн жер-көкті қыздырып, бидай масағы толған шақта шаруалар егін орып, қамбаларды толтырады. Салық жинаушылар да алым алу үшін төбе көрсетеді. Патшалар кеңес шақырып, жорықтарды жоспарлайды. Бәрі бидай, күріш пен картоптан алған Күн энергиясына кенелген.
Асүйде туған құпия Осынау ұзынынан ұзақ мыңжылдықтар бойы адамдар энергияны пайдалы дүниеге айналдыру саласындағы ұлы жаңалықтар кілтін күн сайын көріп жүрді, бірақ оны елемеді. Ал ол тұмсықтарының астында тұр еді: үйдегі әйелдер немесе қызметшілер шәугімді, әлде картоп пісіретін ыдысты отқа қойған кезде, ішіндегі су қайнап, бу кернеген әлгі ыдыстардың қақпағы секіре бастайды. Жылу қозғалысқа айналады. Бірақ осы селкілдеген қақпақтар, әсіресе шәйнек отта тұрған кезде қолдан жасалған қырсық нәрсе тәрізді көрінді: су тасып төгіледі. Бәлкім, ешкімге белгісіз бір қызметші әйел пештің үстін сүрте жүріп: «мына ыдыс үлкендеу болса, күймелі арбаны орнынан қозғалтатын түрі бар ғой!» деп бұрқылдаған да шығар. Бірақ жарымаған жалшы әйелдің сөзін кім тыңдайды. – Жә, оның да шаруасы бастан асып жатыр, локомотив туралы тереңірек ойлауға мұршасы жоқ. Жылу энергиясын қозғалысқа айналдырудың алғашқы тәжірибесі – ІХ ғасырда Қытайда жасалған оқ-дәрі еді. Бастапқыда оқ-дәріні зеңбіректің снарядына жылдамдық дарыту үшін пайдалану ешкімнің басына кіріп те шыққан жоқ, ол жаратылысқа соншалықты қарсы құбылыс сияқты көрінді. Жүздеген жылдар бойы оқ-дәріні ермек үшін, отшашулар жағуға пайдаланды. Бірақ күндердің бір күнінде петардтар жөніндегі әлдебір маман оқ-дәріні келіге түйіп, ұсақтауға кіріскен кезде жарылыстан келсап ұшып бетіне тиюі – содан отпен атылатын қару пайда болуы әбден мүмкін ғой. Оқ-дәріні ойлап тапқан сәттен қуатты артиллерияны дамытқанға дейінгі аралықта шамамен 600 жылдай уақыт өткен екен. Бірақ сол кезде жылуды қозғалысқа айналдыру идеясы қисынсыз көрінгені соншама, адамдар жылумен тетіктерді қозғалтатын кезекті бір машинаны ойлап тапқанша тағы 300 жыл қажет болды. Соны технология Ұлыбританияның көмір шахталарында пайда болды. Аралдың тұрғындары саны өсуіне байланысты, дамып келе жатқан экономиканы «жылыту» әрі үйлер салып, егістік егуге орын босату қамымен орманды отай берді. Ағаш жетпегендіктен, онымен бірге көмір жағуды үйренді. Көмірлі жер қабаттарының дені батпақты аймақтарда орналасқан еді. Шахтаны су басып қала беретіндіктен, кеншілер төменгі қабаттарға дейін үңги алмады. Күрмеуі шиеленген бұл мәселенің шешімі 1700 жылы табылды: Британ шахталарынан бұрын-соңды естілмеген бір гуіл шығып жатты. Алыстан жеткен осы гуіл индустриялық революцияның хабаршысына айналды. Бастапқыда құмыға естілген дыбыс – бу қозғалтқыштардың гуілі – онжылдықтар өткен сайын күшейіп, әлемнің құлағы тұнып қалғанынша қаттырақ шыға берді. Бу қозғалтқыштарының алуан түрі бар, бірақ олардың жұмыс істеу ұстыны жалғыз: жанған отын (мысалы, көмір) жылу бөледі, осы жылу әсерінен су қайнап, бу бөледі. Бу көлемі ұлғайып, клапанды басады. Ол орнынан қозғалады да өзімен қосақтаулы нәрсенің бәрін қимылдатады. Осылайша жылу қимыл-қозғалысқа айналады. ХVІІІ ғасырда ағылшын инженерлері клапанды шахта түбінен су айдап шығаратын сорғыға жалғады. Алғашқы бу қозғалтқыштары тым қолапайсыз, тиімсіз болды. Аз ғана су айдау үшін таудай көмір жағуға тура келді. Ал көмір дегенің шахтада жетіп артылатын, сондықтан ешкім бұл кемшілікке мән беріп жатпады. Келесі онжылдықта ағылшын кәсіпкерлері қозғалтқышты жетілдіру амалын тапты: оны шахтадан жоғарыға алып шығып, тоқыма станогына қосты. Бұл орасан зор мөлшерде арзан маталар өндіруге жол ашып, тоқыма саласын түлетті. Қас қағым сәтте Англия әлемнің ең басты шеберханасына айналып шыға келді. Бірақ маңыздысы басқа нәрсе еді: бу қозғалтқыштың шахтадан жер бетіне шығуына байланысты психологиялық кедергі опырыла құлады. Көмір жағып, тоқыма білдегін қимылдатудың орайы келсе, онда тап осылай барлық нәрсені қозғалта беруге болады ғой. Мәселен, көлікті. 1825 жылы ағылшын инженері бу қозғалтқышын көмір тиелген вагондар тізбегіне орнатты. Паровоз вагондарды шахтадан таяу маңдағы айлаққа дейін рельс үстімен 20 шақырымдай сүйреп апарды. Бұл тарихтағы тұңғыш пойыз еді. Ал енді бу көмірді тасыса, басқа тауарларды да таси алады ғой. Адамдарды неге тасымасқа? 1830 жылғы 15 қарашада Ливерпульден Манчестерге дейін алғашқы коммерциялық теміржол ашылды. Пойызды сол баяғы шахтадан су сорып, тоқыма станогын айналдырған бу сүйреді. Содан жиырма жыл өтпей жатып, Британияда ұзындығы ондаған мың шақырымға созылған теміржол желісі пайда болды1. Энергияның бір түрін екіншісіне айналдыра алатын машиналар, қозғалтқыштар ақыл-есті жаулап алды. Энергияны іліп алып, айырбас жасайтын дұрыс тетіктерін ойлап тапса, қай жерде де кез келген қуат күшін өз мұқтажымызды өтеу үшін пайдалануға болады екен. Мәселен, физиктер атомда адам айтса сенгісіз энергия қамалып жатқанын түсінген кезде осы қуат көзін алып шығып, электр күшін өндіруге, сүңгуір қайықтарды басқаруға және қалаларды жер бетінен жойып жіберуге қалай пайдалануға болатынын ойлап, бас қатыра бастады. Қытай алхимиктері ойлап тапқан кезден түріктер Константинополь қабырғаларын зеңбірекпен күл-талқан етіп қиратқанға дейін 600 жыл өтсе, Эйнштейн кез келген массаны энергияға айналдыру мүмкіндігін (Е=mc2 формуласын айтып отыр) дәлелдеп шыққан сәттен Хиросима мен Нагасакиді жойып жіберген атом бомбалары жарылғанға дейін небәрі 40 жыл өтіпті. Тағы бір маңызды жаңалық – іштен жану қозғалтқышы еді, ол бір ұрпақ буынының көз алдында орын ауыстыру мен тасымалдау тәсілдерін толықтай жаңғыртып, мұнайды сұйық отын түріндегі саяси билік етіп қойды. Мұнайды адамдар баяғы замандарда тапты, онымен жауын суы өтпеу үшін үй шатырын бояп, арбасының дөңгелек өзегін майлады, бірақ 100 жыл бұрын оны басқа мақсатқа қолдана білмеді. Мұнай үшін қақтығысып, қан төгу ешкімнің басына кіріп те шыққан емес. Адамдар жер аумағы, алтын кені, тәтті тағамдар мен құл иелену үшін бір-бірімен шайқасты – мұнайға бола қырқысу? Оның керегі не? Электр қуаты бұдан да асып түсті. 200 жыл бұрын электр қуатының экономикада еш салмағы жоқ еді, тек күрделі ғылыми сынақтамалар мен сиқырмен көзбайлау ойындарында ғана қолданылып келді. Енді кейбір өнертабыстар оны ескі шамнан шыға келген жынның өзіне айналдырып қойды. Саусағыңды сырт еткізуің мұң екен, жын кез келген тілегімізді қабыл ету үшін дүниенің қиыр шетіне ұша жөнеледі. Ол кітап басып, киім тігеді, көкөніс бұзылып, балмұздақтың еріп кетуіне жол бермейді. Бізге тамақ пісіріп, қылмыскерді жазалайды, ойларымызды жазып алып, жымиған кейпімізді суретке түсіреді, түнімізді жарық қылып, таусылмайтын телешоулармен еліктіреді. Электр қуаты осы міндеттерді қалай атқаратынын екінің бірі түсіндіріп бере алмайтыны сияқты, ешкім онсыз өмір сүруді де көзге елестете алмайды.
Энергия мұхиты Индустриялық революция, шын мәнінде, энергияны айырбастау революциясы болды. Ол бізге қолжетімді энергияның мөлшеріне шек жоқ екенін көрсетті. Дәлірегі, бір ғана шектеу барын, ол – надандығымыз екенін аңғартты. Әрбір 30–40 жыл сайын қуат көзінің жаңа түрін таба береміз, осылайша энергияның жалпы қоры тек өсіп келеді. Энергияның таусылуынан адамдар неге қорқады? Жер қойнауынан алатын отынның сарқылуынан болатын қатерлі жағдай туралы осы бір үрейлі жорамал қайдан шыққан? Өйткені әлемде энергия жеткілікті ғой. Оны игеріп, өз кәдемізге жаратуға біліміміз жетпей келеді. Күннің көзі күн сайын әрі тегін таратып жатқан энергиямен салыстырғанда жер қойнауынан қазып алатын бүкіл отын қуаты болмашы нәрсе ғана. Күн энергиясының жер бетіне азғантай бөлігі ғана жетеді, ал сол азғантай бөліктің өзі жылына 3 766 800 эксаджоульді құрайды (джоуль – энергияның өлшем бірлігі, кішкентай алманы бір метрге көтеру үшін шамамен сонша қуат қажет екен, ал эксаджоуль – миллаирд джоульдің миллиард есесі, яки көп алманы көтеруге жететін шама)2. Дүниежүзіндегі барлық өсімдіктер фотосинтез үшін күннің шамамен 3000 эксаджоулін пайдаланады3. Адамға қызмет ететін барлық сала жылына шамамен 500 эксаджоульді керек етеді. Бұл Жер Күннен 90 минут ішінде жұтатын энергияға тең4. Бұл тек күн энергиясы ғана, ал біздің төңірегімізде бұдан басқа да күшті энергия көздері көп қой: атом қуаты және Айдың тартылыс күші әсерімен мұхиттың көтерілуі мен қайтуына анық көрінетін гравитация энергиясы бар. Индустриялық революцияға дейін энергияның бәрін өсімдіктерден алдық. Адамдар жылына 3000 эксаджоульден жинақтайтын энергияның жасыл қоймасымен қапталдаса өмір сүріп, одан мейлінше мол қуат сығып алуға тырысты. Бірақ мүмкіндіктің де шегі бар екені бесенеден белгілі. Индустриялық революция көп нәрсеге көзімізді ашты: төңірегімізде энергия мұхиты буырқанып, эксаджоульдің сан миллиарды толқын атып жатқанын көрсетті. Тек қана оны айдап, кәдемізге асыру үшін сорғы ойлап тапқан жөн. Энергияны айырбастау мүмкіндігі экономиканың өсімін баяулататын басқа мәселені: шикізат тапшылығын жойды. Арзан қуат көздерінің орасан мол мөлшерін игере білген адамдар енді бұрынғы кезде қол жетпестей көрінген шикізат көздеріне жетіп (мысалы, Сібір қойнауынан темір өндіре бастады), алыс елдерден шикізат тасуға көшті (мысалы, ағылшынның тоқыма фабрикаларына Австралия жүнін алып келді). Сонымен қатар ғылыми жаңалықтар адамзатты жаңа шикізат түрлерімен, мысалы, пластикпен жарылқап, бұрын беймәлім, әлде пайдаланбаған кремний және алюминий секілді табиғи материалдарды тауып берді. Химиктер алюминийді 1820 жылы ашты, бірақ оны кен қорытпасынан бөліп алу қиын әрі қымбат шаруа еді. Сондықтан алюминий өте сирек кездесті әрі сол кезде алтыннан жоғары бағаланды. 1860 жылдары француз императоры ІІІ Наполеон аса құрметті қонақтарына ғана алюминий қасықтар мен ыдыстар қойды, ал қалғандары алтыннан жасалған ас ішу құралдарын қанағат тұтты5. Алайда ХІХ ғасырдың соңында химиктер алюминийді кен қордасынан көп мөлшерде әрі арзан ажыратып алудың тәсілін тапты. Қазіргі кезде ол жылына 30 миллион тонна алюминий өндіреді. Ғайыптан тайып ІІІ Наполеон ұрпақтарының алюминий фольгаға бутерброд орап жүргенін көрсе, есінен танып қалатын шығар. Екі мың жыл бұрын Жерорта теңізі жағалауының тұрғындары терісі кеуіп кетпеуі үшін денелерін зәйтүн майымен сылады. Қазір оған арналған крем бар. Міне, қолға жағуға арналған қазіргі ең қарапайым крем құрамындағы ингредиенттерді қараңыз: тазартылған су, стеарин қышқылы, глицерин, каприлик/каприк триглицерид, пропиленгликоль, изопропилмиристат, адамшөп тамырының сөлі, жұпарлауыштар, цетил спирті, диметикон, аюқұлақ жапырағының сөлі, магний аскорбильфосфаты, имидазолидинил – несепнәр, метилпарабен, камфора, пропилпарабен, гидроксийзокексил-3-циклогексен карбоксальдегид, гидроксицитронеллаль, линалол, бутилфенил метилпропиональ, цитроннелол, лимонен, гераниол. Оның құрамындағы элементтердің бәрін түгелдей соңғы 200 жылда жасаған немесе ойлап тапқан. Бірінші дүниежүзілік соғыста Германия қоршауда қалды, оған шикізат, әсіресе оқ-дәрі мен басқа жарылғыш қарулар дайындайтын селитра тапшы болды. Селитраның негізгі кеніштері Үндістан мен Қытайда орналасқан, Германияда ол емге жоқ. Оны аммиакпен ауыстыруға болар еді, бірақ тым қымбатқа түседі. Алайда немістердің жолы болды, олардың жерлестері, еврей химигі Фриц Габер 1908 жылы аммиакты тура ауадан алудың амалын тапты. Соғыс басталған шақта немістер Габердің жаңалығын кәдеге асырды, ауаны шикізат ретінде пайдалана отырып, жарылғыш заттектердің индустриялық өндірісін жолға қойды. Тарихшылардың көпшілігі Габердің жаңалығының арқасында ғана Германия 1918 жылға дейін бой бермей тұрды деп есептейді6. Габердің бұл жаңалығы (айтпақшы, майдан даласында улы газ қолдануды тұңғыш ойлап тапқан да осы ғалым еді) 1918 жылғы Нобель сыйлығына ие болды. Бейбітшілік сыйлығын емес, химия саласындағы жүлдені алды.
Конвейердегі өмір Индустриялық революция адамзатқа арзан және көп энергия мен қолжетімді әрі бай шикізат қорын ала келді. Соның нәтижесінде өнімділік естіп-көрмеген шапшаңдықпен алға шапшыды. Ең алдымен, ауыл шаруашылығы қарыштай өсті. Индустриялық революция туралы сөз қозғағанда әдетте мұржаларынан түтіні будақтаған қала пейзажын көз алдымызға келтіріп, жердің терең қабатында терге малшынған шахтерлердің ауыр еңбегін елестетеміз. Бірақ индустриялық революция, ең алдымен, аграрлық революцияның жалғасы болды. Соңғы 200 жыл ішінде ауыл шаруашылығы толықтай индустрия жолына түсті. Алуан түрлі машиналар, мысалы, тракторлар – бұрын бірыңғай бұлшық ет күшімен атқарған немесе мүлде атқармаған міндеттерді өз мойындарына алды. Жасанды тыңайтқыштардың, индустриялық инсектицидтердің (жәндік жойғыш дәрі) және қисапсыз гормондар мен дәрілердің арқасында егін бітік шығып, төл саны көбейе түсті. Тоңазытқыштар, корабльдер мен ұшақтар азық-түліктерді айлар бойы сақтап, дүниенің қиыр шетіне шапшаң әрі арзан күйінде жеткізу мүмкіндігін сыйлады. Еуропалықтар дастарқанында аргентиналық жас ет пен жапон сушилері тұратын болды. Тіпті өсімдіктер мен жануарлар да механикаланды. Гуманистік діндер Homo sapіens-ті құдіретті құдай дәрежесіне көтерді, мұнымен қоса қабат басқа үдеріс жүріп жатты: мал қиналып, ауыратын жаны бар тіршілік иесі емес, пайдалы машина деген түсінік орнады. Бүгінде оларды тіпті фабрика жағдайында өндіріп, дене-тұрқын индустриялық қажеттілікке орай қалыптастырады, өле-өлгенше олар алапат конвейердің тегершігі кейпінде тіршілік кешеді. Ондай жануардың өмірінің ұзақтығы мен сапасы корпорацияның пайда табуы мен зиян шегуіне тәуелді. Өндіріске тірі, дені сау әрі қоңды күйінде керек болғанымен, жануарлардың әлеуметтік және психологиялық мұң-мұқтажына ешкім мойын бұрмайды (тек көңіл күй ауаны өнімнің көлеміне әсерін тигізетін ретте ғана оларға көңіл бөліп, қамқорлық жасайды). Мысалы, мекиен тауықтың бойында мінез-құлықтық инстинкті мен мұқтаждықтың күрделі жиынтығы бар. Олар қоршаған ортаны зерттеп, емін-еркін жер шоқығысы, әлеуметтік иерархия құрып, ұя салғысы, қауырсынын тазалағысы келеді. Бірақ оларды тап-тар жерге, кейде үш-төртеуін көлемі 25х20 сантиметр торға қамап тастайды. Жемі молынан жетеді, бірақ айналатын жер жоқ, ұя салып, өз аумағын қору, табиғаттың өзіне нәсіп еткен нәрселерін істеуге мүмкіндіктері жоқ. Торшаның тарлығы соншалық тіпті қанатын қағып, бойын тік ұстауға шамасы келмейді. Шошқалар – ең есті әрі әуесқой сүтқоректілердің бірі, интеллект жағынан олар тек маймылдарға ғана дес беретін шығар. Алайда индустрияланған фермалар ұрғашы шошқаларды соншалықты тар қашаға тығып тастаған, онда бой жазып жүру немесе өз бетінше тамағын іздеу тұрмақ, бір жағына бұрыла алмайды. Олар оған төлін емізіп болғанша айлар бойы тәулік үзбей қамалады. Содан соң торайларын басқа қораға ауыстырып, шошқаны қайтадан шағылыстырады. Сауын сиырлардың көпшілігі де үнемі қораның тап-тар бөлігіне қамалып, тезегіне былғанып тұрады. Бір машина оған қажетті дәрілер мен гормондар қосқан азығын бөліп береді де, басқа бір аппарат бірнеше сағат сайын қақтай сауып алады. Сиыр дегеніміз – бұл жерде шикізат қабылдайтын ауыз және дайын өнім беретін желін ғана. Күрделі эмоциялық қасиет дарыған тіршілік иелеріне бейне бір машина сияқты қарау тек олардың дене-тұрқына ғана нұқсан келтірмейді, сондай-ақ әлеуметтік иерархиясын күйретіп, психологиялық күйзеліске ұшыратады7.
40. Коммерциялық инкубатор конвейеріндегі балапандар. Балапан қораздар мен дімкәс шөжелерді конвейер таспасынан шығарып тастайды. Содан соң оларды газ камерасында тұншықтырып, автоматты шрейдерге немесе басып жаныштағыш құрылғыға лақтырады. Жұмыртқаны енді ғана жарып шыққан миллиондаған балапан жыл сайын осындай инкубаторларда қырылады. Трансатланттық құл саудасы африкалықтарды жеккөргендіктен өрбімегені сияқты, жаңа замандағы мал шаруашылығы да жануарларға соншалықты өшпенділікпен қарамады. Бар болғаны малдың жай-күйіне немқұрайдылық танытады. Жұмыртқаны, ет пен сүтті өндіріп, тұтынатын адамдар өздеріне азық беретін тауықтың, сиыр мен шошқаның тағдыры туралы сирек ойлайды. Ойлана қалғанның өзінде олар көбінесе мына дәйекті желеу етеді: үй жануарлары да машина тәрізді ғой, олар ештеңені сезбейді, эмоцияға бой алдырмайды, күйзелуді білмейді. Бір қызығы, сүт пен жұмыртқа өндіретін машиналарды жасаған ғалымдардың өздері жуырда ғана төрт аяқтылар да, құстар да сезім мен түйсіктің қат-қабат кешенін иеленетінін аса сенімділікпен дәлелдеп шықты. Олар тән азабын ғана емес, эмоциялық күйзелісті де бастан өткереді екен. Эволюциялық психология ауыл шаруашылығы жануарларының эмоциялық және әлеуметтік мұқтаждығы өздері тіршілік етіп, көбейген табиғат аясында дамығанын айтады. Мысалы, жабайы сиыр өзге тана не бұқалармен бір табынға біріге алмаса, оның көбеюі мен тіршілік етуі қиынға соғар еді. Мұндай ғадетті бойына сіңірген бұзаулар өзге сүтқоректі жануарлардың барлық төлдеріндей ойнақшуға (ойын – сүтқоректілердің әлеуметтік мұқтаждығын өтейді) құмар болады. Ойнақтаған бұзау өзге енелерге де емін-еркін жолап, аштан қалмау үшін сүтін еме алады. Осы күні фермерлер тайыншаны бұзау кезінен енесінен айырып, жабық қашаға қамап, жем-шөбін беріп, ауруларға қарсы екпе егіп, жетілген шағында қолдан ұрықтандырса, не болады? Объективті көзқарас тұрғысынан қарасақ, ол енесін іздемеуге, өрісте ойнақ салмауға тиіс. Субъективті көзқарас бойынша ол да енесін іздеп, табынмен бірге жүргісі келетін болар. Енесін ембеген, табынмен жайылымға шықпаған бұзаудың жағдайы нашарлай береді. Эволюциялық психологияның негізгі сабағы: табиғат аясында қалыптасқан мұқтаждық тіпті тіршілік ету мен көбеюдің балама түрін ұсынса да, жойылмақ емес. Өндірістік ауылшаруашылықтың теріс қадамы да сол, олар жануардың объективті мұқтаждығын өтеп отырмыз дейді де, олардың субъективті мұқтаждығы да бар екенін естен шығарып алған. 1950 жылдары Америка психологы Гарри Харлоу жаңа туған маймыл балаларын – мешінектерді енесінен бөлектеп, торға қамады да, екі жасанды «ененің» қамқорлығына берді: бірі сымнан жасалған, бірақ мешінектерді емізетін сүт құюлы құтысы бар; ал екіншісі матамен қапталған, сырт кейпі нағыз маймылға ұқсайтын, бірақ мешінектерге ештеңе бермейтін тұлып еді. Мешінектер түк татырмайтын тұлыптан гөрі сымнан жасалса да, өздерін тамақтандыратын «енесіне» бауыр басатын шығар деп ойлады. Харлоудың қайран қалғаны: кішкене маймылдар «шүберек енені» өте жақсы көріп, үнемі соған үйірсектей берді: «Екі тұлыпты қатар қойса, мешінектер «сым ененің» құтысындағы сүтті емген шақта да «мата мамасынан» айырылмай ұстап жатады. Харлоу олар тоңып жүрген шығар деп, «сым маманың» ішіне жылу бөлетін лампа орнатты, мешінектердің көпшілігі, өте кішкентайларынан өзгелерді «жұмсақ енеден» бәрібір айнымады.
41. Харлоудың жетім мешінектерінің бірі – «сым енесіндегі» құтыдан сүт еміп жатқан
кезде де «мата мамасының» киіміне тастай жабысып алған.
Бұдан арғы зерттеулер барысында, Харлоудың жетім мешінектері жақсы ас ішсе де, эмоциялық тұрғыдан икемсіз болып өскендерін көрсетті. Олар маймылдар қоғамына кіріге алмады, араласып-құраласуы қиын болды, үрей мен агрессияның тым молдығынан жапа шекті. Қорытындысын қолға ұстатқандай еді: мешінектердің материалдық қажеттіктеріне қоса психологиялық мұқтаждықтары да бар еді, ондай мұқтаждық өтеусіз, қанағаттандырылмай қалса, жануарлар да жапа шегіп, кәдімгідей күйзеледі екен. Келесі онжылдықтардағы көптеген зерттеулер нәтижесі мұның тек маймылдарға емес, басқа да сүтқоректілерге, сондай-ақ құстарға да қатысы бар екенін дәлелдеді. Бірақ Харлоу эксперименті күніне миллион мәрте жасалып жүр: фермерлер бұзауларды, қошақандар мен басқа да төлдерді енесінен бөлек, оқшаулап өсіреді8. Он миллиардтаған ауыл шаруашылығы жануарлары конвейердің тетігіндей хал кешсе, 50 миллиардқа жуығы жыл сайын бауыздалады. Мал бағудың осынау өнеркәсіптік әдісі аграрлық өнімдердің және адамның азықтық ресурсының едәуір өсуіне алып келді. Өсімдік шаруашылығын механикаландыру ісімен үйлесім тапқан өнеркәсіптік мал шаруашылығы қазіргі барлық әлеуметтік құрылыстың алтын арқауына айналды. Ауыл шаруашылығын индустрияландырғанға дейін егін мен төлдің біраз бөлігі шаруалар мен мал түліктерінің өздерін тамақтандыруға «шығындалатын». Тек аз ғана бөлігі қолөнершілердің, мұғалімдердің, діни қызметкерлер мен шенеуніктердің аузына тиетін еді. Соған сәйкес барлық қоғамда шаруалар тұрғын халықтың 90%-дан аса бөлігін құрады. Ауыл шаруашылығы өнеркәсіптік жолға түскен шақта, саны әжептәуір аз шаруалар тобы да жұмысшылар мен «ақжағалылардың» қаулай өсіп келе жатқан армиясын асырауға қабілетті болып шықты. Қазіргі кезде Құрама Штаттарда тұрғын халықтың тек 2%-ы ғана – фермерлер, әйтсе де осы 2% тек АҚШ-тың бүкіл халқын асырап қана қоймай, артылғанын басқа елдерге экспорттайды9. Ауыл шаруашылығын индустрияландырмайынша, қалада индустриялық революция орнамай, фабрикалар мен кеңселерді жасақтауға қол мен ми жетпей қалар еді. Ал далалық жұмыстардан босаған жүз миллиондаған қол мен миды «жұтып» алған фабрикалар мен кеңселер бұрын-соңды естіп көрмеген көлемде өнім шығара бастады. Адамдар бұрынғы бір кездерге қарағанда әлдеқайда мол металл өндіріп, әлдеқайда көп киім-кешек тігеді, мейлінше үлкен ғимараттар салады. Оның үстіне, бұрындары көрмек түгілі ешкім естіп-білмеген небір ғажайып заттарды: электр шамдарын, ұялы телефондарды, фотоаппараттар мен кіржуғыш машиналарды жасайды. Жаңа өнімдер тасқыны мыңдаған жылдар бойы жиналған арманды әп-сәтте жүзеге асырды. Адамзат тарихында тұңғыш рет ұсыным сұранымнан асып түсті. Енді жаңа мәселе пайда болды: «Мұның бәрін кім сатып алады?».
Шопинг ғасыры Қазіргі заманғы капиталистік экономика өнімділікті ұдайы өсіріп отыруға мәжбүр, онсыз өмір сүре алмайды. Тоқтап қалса тұншығатын акула сияқты адамзат қауымы да үнемі көбірек тауарлар шығара беруге тиіс, әйтпесе күйреу басталады. Бірақ бұл аз: шығарған өнімді әлдебіреу сатып алуы керек, өйтпеген жағдайда өнеркәсіпшілер мен инвесторлар тақырға отырып қалады ғой. Кесапаттың алдын алып, өнеркәсіп туындатқан тың нәрселерді адамдардың әрқашан сатып алатынына кепілдік беру үшін жаңа бір этиканы – тұтынушылықты жасақтап, қолданысқа енгізуге тура келді. Кез келген тарихи дәуірде адамдардың көбі кедейшілікте өмір сүреді, үнемшілдік спартандықтардың қатаң этикасы – көп мысалдың ішіндегі ең белгілісі. Жақсы адам астамшылықтан аулақ жүрді. Шалбарын өзі жамады, жаңасын сатып алуға жүгіре жөнелмеді. Тек корольдер мен ақсүйектер бұл қағидаттарға мұрын шүйіре қарап, байлықтарын жұрт көзінше желге шашты. Тұтынушылық тағам көлемінің өсуін жақсы деп бағалайды. Ол адамдарды өзін-өзі емдеуге, өзін-өзі жақсы өмірге еліктіруге, тіпті мол өнім тұтынып өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізгенін байқамайды. Үнемшілдік емдеуді қажет ететін ауруға жатады. Мысалды алыстан іздеудің керегі жоқ. Тұтынушылық этикасын байқағыңыз келсе, өзіңіз сатып алған мақтаның корабына үңіліңіз. Міне, Израильдің «Telma» фирмасы шығаратын менің сүйікті асым – сұлы жармасының қорабына былай жазылған: «Кейде өзіңді еркелету де керек. Кейде қосымша күш-қуат керек. Өз салмағыңды қадағалайтын да кез болады, сізге тамақтану да қажет... дәл қазір! «Telma» арнайы сіз үшін – дәмді жармалар жиынтығын ұсынады». Тап осы қорапта жарманың басқа түрі – «Пайдалы астың» («Health Treats») жарнамасы жүр: «Пайдалы ас» дегеніміз – талғам татымын, ләззат пен денсаулық туралы ой-ниетті ұштастыратын дақылдардың, жемістердің, жаңғақтардың қоспасы. Нағыз салтанат, шынайы дәм (қоспасыз ас)» дейді. Бұрынғы ғасырларда жазба тұтынушыны тартпас еді. Адамдар оны өзімшілдікке, әдептілікікке жатпайтын нәрсеге балауы мүмкін. Тұтынушылыққа бірталай жұмыс істеуге тура келді, өз нәпсісіне ерік беру – дұрыс, ал үнемшілдік – жеке басқа қиянат екеніне адамдарды сендіру үшін танымдық психологияны көмекке шақырды. Тұтынушылық жеңіп шықты. Сәтті жеңіс! Бәріміз – тамаша тұтынушылармыз. Өзіміз қажет етпеген, бар-жоғын күні кешеге дейін білмеген нәрселерді көп сатып аламыз. Өндірушілер әдейі ұзаққа шыдамайтын тауарлар шығарып, қажет болмаса да, ескісінің өзі жарап тұрса да, жаңа модельдерін ойлап табады. Ал соны «қатардан қалып қоймау» үшін сатып алуымызға тура келеді. Шопинг – ең сүйікті ермекке, уақыт өткізу әдібіне айналып, тұтыным тауарлары отбасы мүшелерінің, ерлі-зайыптылар мен дос-жарандардың арасындағы қарым-қатынаста ең негізгі дәнекер болды; діни мерекелер, жаңа жыл мейрамы да жаппай зат сатып алудың салтанатты рәсімі ретінде қалыптасып үлгерді. Тіпті Құрама Штаттарда азаттық үшін айқасып өлгендер рухын ұлықтауға арналған Еске алу күнін де түрлі акциялар мен жаппай сатылымдар ұйымдастыруға желеу қылды. Адамдардың көбі бұл мерекені жағалай дүкен аралаумен өткізеді, иә, азаттықты қорғаушылар бекер өлімге бас тікпеген ғой. Тұтынушы этиканың гүлденуі, әсіресе азық-түлік нарығында айқын аңғарылады. Дәстүрлі аграрлық қоғам ашқұрсақ өмір сүрді. Қазіргі дәуірде молшылық денсаулыққа төтенше қатер төндіріп, семіздікке душар етуде. Бұдан (асқазанды гамбургермен және пиццамен толтыратын) кедейлер де, (арықтауға тырысып, органикалық салаттармен және жеміс сықпаларымен қоректенетін) байлар да зардап шегуде. АҚШ тұрғындары жыл сайын диетаға әлемдегі аштардың бәрін тамақтандыруға болатын мөлшерден әлдеқайда артық ақша жұмсайды. Семіру – тұтынушылықтың екі жеп, биге шығуы: адам тамақ жеуді тоқтатпайды – тоқтата қалса, экономикалық зауалға ұрындырар еді. Әуелі, мөлшерден артық ауқаттанады да, содан соң диеталық тағамдарды сатып ала бастайды, осылайша экономикалық өсімге екі мәрте үлес қосады. Кәсіпкерді тапқан пайдасын текке шашпай, өндірісті кеңейту қамына жұмсауға үйрететін капиталистік этика мен тұтынушылық этикасы қалай үйлесім табады? Өте оңай. Бұрынғы дәуірлердегі сияқты қазіргі кезде де элита мен бұқараның арасында еңбек бөлінісі бар. Ортағасырлық Еуропада аристократтар ақшаларын жұртқа таңсық сән-салтанатқа жұмсады, ал шаруалар тақыл-тұқыл тірлік кешіп, әр тиынын санап отырды. Бүгінде бәрі керісінше, байлар өз салымдарын мұқият қадағалайды, ал қалтасы жұқалтаң жандар өзіне соншалықты қажет емес автомобильдер мен теледидарлар сатып алу үшін несие үстіне несие ала береді. Капиталистік-тұтынушылық этика – бір медальдің екі жағы, бір-бірін толықтыратын екі өсиет. Бірінші өсиет байлардікі: «Инвестиция сал!» деген. Екінші өсиет қалған жұрттың бәріне арналған: «Сатып ал!» дейді. Капиталистік-тұтынушылық этика өзге мағынасында да қауіпті. Бұрынғы этикалық жүйелердің көбі адамдарға қиын таңдау ұсынды. Адам баласы мәңгілік рақатқа батуды көксейді, бірақ ол үшін төзімді әрі бауырмал болуы қажет, ол ашкөздік пен өшпенділікпен, өзімшіл мүдделерден бас тартуға тиіс. Бұл көпшілік үшін қолдан келмейтін шаруа болды. Этика тарихы – ешкім жете алмайтын асқақ мұраттар туралы мұңды хикаят қана. Христиандардың көбі Исаға еліктемейді, буддистердің біразының Буддаша өмір сүруге шыдамы жетпейді, ал қазіргі конфуцийшілдерді көретін күн туса, Конфуцийдің жүрегі бірден тоқтап қалар еді. Бүгінде адамдардың көбі капиталистік-тұтынушылық идеалға аман-сау еріп келеді. Жаңа этика байлар бұрынғысынша ашкөз болып, тағы да көбірек ақша табуға тырысса, ал бұқара өз тілек-қалауын тежемей, шектен тыс сатып ала берсе, сатып ала берсе, жер бетіне жұмақ орнайтынына сендіріп бағады. Тарихта тұңғыш рет жақтаушыларын жаппай айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізе алған дін әзірге осы болып тұр. Бірақ жұмаққа ену құрметіне бөленгенімізді, сый-сияпатқа кенелгенімізді қайдан білеміз? Айтпақшы, бізге оны теледидардан хабарлаған екен ғой...
18-тарау
Үздіксіз революция
Индустриялық революция энергияны айырбастау мен тауарлар шығарудың тың мүмкіндіктерін ашып, адамдардың қоршаған ортаға тәуелділігін азайтты. Адамдар орманды шауып, батпақты құрғатып, өзендерді бөгетпен байлап, жазық жерлерге су шығарып, ондаған мың шақырым рельс төсеп, зәулім ғимараттардан мегаполистер салды. Күллі дүние Homo sapіens мұқтажына бейімделді де, көптеген түрдің үйреншікті мекендеу орны жойылып, жануарлар мен өсімдіктердің бірталайы жойылып кетті. Бір кездері көкпеңбек әрі жап-жасыл болған ғаламшарымыз енді сұрғылт бетон мен өңсіз пластиктен тұрғызған сауда кешеніне айналып барады. Бүгінде жер бетін 7 миллиардқа жуық sapіens мекендейді. Олардың бәрін бір жерге жиып алып таразыға тартса, жиынтық салмағы 300 миллион тоннадан асып кетеді. Ал тап сол таразыға бүкіл үй жануарларын – сиыр, шошқа, қой мен ешкі, сондай-ақ құстарды салса, олардың салмағы шамамен 700 миллион тоннаға жетер еді. Тірі қалған барлық жабайы аңның – жайра мен пингвиннен бастап піл мен китке дейінгі жануарлардың жалпы салмағы да 100 миллион тоннадан кем емес. Балалар кітабының суреттерінде және теледидардағы жарнамалық түсірілімдерде жираф, қасқыр және шимпанзелер жиі көрінеді, бірақ мына дүниеде олар өте аз. Қазір 1,5 миллиард сиырға – 80 мың жирафтан, 400 миллион итке – 200 мың қасқырдан, ал миллиардтаған адам баласына шаққанда 250 мың шимпанзеден келеді. Адамзат шынында да ғаламшарды билеп-төстеп алды1. Экологиялық құлдырау табиғи ресурстардың азаю қаупінен түбегейлі ерекшеленеді. Өткен тарауда адамға қолжетімді ресурстардың үздіксіз өсіп отырғанына, абзалы, алдағы уақытта да солай бола беретініне көз жеткізген едік. Ресурстардың сарқылуына қатысты ақырзаман төндіретін болжамдар орындала қоймас, керісінше, экологиялық азғындау қаупі бекер емес. Болашақты көзге елестетіп көрейікші: sapіens иелігінде мол ресурстар көзі бар, бірақ бүкіл табиғи мекендеу орындары жойылып біткен, жабайы аңдар мен өсімдіктерден тұлдыр да қалмаған. Экологиялық мәселелер, зады Homo sapіens өзінің де тіршілігін екіұдай жағдайға тіреп қоятын шығар. Жаһандық жылыну, еріп жатқан мұздықтар деңгейі, мұхиттардың көтерілуі, қоршаған ортаның ластануы жер шарын мына біздің түрге жатбауыр, жалқаяқ орын қылып қоймақшы. Болашақта адами технологиялар мен адам өзі туындатқан табиғи апаттар арасында аман-сау қалудың жанталасы күтіп тұр. Адамдар табиғи апаттарға бар күш-қайратын сала күресіп, бұрынғыдан да тосын әрі қорқынышты салдарды туындата отырып, экожүйені өз қажеті мен қалауына бағындыруға тырыса береді. Берекесіздікті асқындыра түсетін амалды экожүйеге қатаң сынақтар жасаудың көмегімен ғана бақылауға болады. Көпшілік осы үдерісті «табиғатты жою» деп атайды. Бірақ бұл – жою емес, өзгерту ғана. Негізінде, табиғатты жойып жіберу әсте мүмкін емес. 65 миллион жыл бұрын астероид динозаврларды қырып тастағанымен, сүтқоректілердің тіршілігіне дем берді. Қазіргі кезде адам көптеген түрді құртып жатыр, түбінде өзін де жалмап тынады. Бірақ өзге организмдер өркендей береді. Мысалы, егеуқұйрықтар мен тарақандар тура шадыман шаттыққа бөленеді. Осынау жаны сірі тіршілік иелері, жүдә, бықсып жатқан Армагеддон қирандысының астынан да жорғалап шыға сала, қунақ қалыптарымен өз ДНҚ-ларын ұрпағына беруге дайын тұратын шығар. Тағы 65 миллион жыл өткенде, бәлкім, ақыл-есті егеуқұйрықтар, біздің динозаврларды жойып жіберген астероидқа разы болатынымыз сияқты, адамзат туындатқан алапатты алғыс сезімімен еске алатын болар. Ал әзірше sapіens-тер өте жақсы балалап, көбейіп келеді. Индустриялық революция кезеңінен бастап Жер шарының тұрғын халқы үздіксіз өсіп-өнуде. 1700 жылы адамдар 700 миллион болса, 1800 жылы 950 миллионға, 1900 жылға таман 1,6 миллиардқа жетті. Ал бұдан кейінгі 100 жылдың ішінде төрт еседей өсіп, 2000 жылы 6 миллиардқа жетті, қазіргі кезде 7 миллиардқа жуық sapіens бар.
Қазіргі заман Осы 7 миллиард Sapіens табиғат қылықтарына бұрынғыдай мойынсұна бермейді, есесіне өнеркәсіп пен басқару жүйесінің өктемдігіне көбірек бағынады. Индустриялық революция әлеуметтік инженерия саласындағы сала құлаш сынақтар тізбегіне және күнделікті өмір мен адам менталитетіндегі бұрын-соңды болып көрмеген өзгерістердің одан да бетер шұбатылған легіне жол ашты. Көп мысалдың біреуін – дәстүрлі егіншілік циклін бірегей әрі қатал индустриялық жұмыс кестесімен ауыстыруды ғана алайық. Дәстүрлі егін шаруашылығы табиғи уақыт пен өсімнің маусымдық кезеңдеріне тәуелді болды. Қоғамдардың көпшілігі уақытты дәл анықтай алмады әрі оған талпынған да емес. Адам Күн көзінің қозғалысы мен өсімдіктердің жай-күйін бақылап, сағатсыз әрі жоспарсыз істерімен өзі айналыса берді. Бірегей жұмыс кестесі болған жоқ, шаруа жұмысы жыл маусымдарына қарай күрт өзгере берді. Адамдар Күннің қайда орналасқанын білді, жауынды мезгілдің жақындап қалған нышандарын немесе егін жинайтын кезді тықырши күтті, бірақ тап қазір сағат қанша екенін білмеді, қазір қай жыл екеніне де көңіл бөлген жоқ. Уақыт ішінде адасып жүрген бір жаһанкез ортағасырлық қонысқа тап келіп, өтіп бара жатқан біреуден «қазір қай жыл» деп сұраса, әлгі шаруа бейтаныстың үстіндегі ерсілеу киім-құрағынан гөрі сұрағына аң-таң болары хақ. Ортағасырлық шаруалар мен етікшілердің қазіргі өнеркәсіптің ерекшелігі жыл маусымында да, көктегі Күннің орналасу нүктесінде де шаруасы жоқ. Ол дәлдік пен біркелкілік ғұрпын асқақтатып қойды. Мәселен, ортағасырлық шеберханада етікші аяқкиімді басынан аяғына дейін, ұлтанынан тоғасына дейін өзі тікті. Біреу жұмысқа кешігіп келсе, өзгелердің жұмысына бөгет болмады. Ал қазіргі аяқкиім фабрикасында құрастыру желісі тұр, әр қызметкер аяқкиімнің бір ғана деталін шығарады да, дайын бөлшекті келесі станокқа жөнелтеді. №5 станоктың операторы ұйықтап қалса, онда желідегі машинаның бәрі тоқтайды. Жұмысшылар зауытқа қатаң түрде белгіленген бір уақытта келулері керек. Барлығының бірдей қарны ашқан-ашпағанына қарамастан, бәрінің түскі үзілісі бір мезетте басталады. Ауысымның аяқталғанын білдіретін дабыл бойынша тіпті әлдебіреу бұйымын жасап үлгермесе де, бәрі бірдей үйлеріне қайтады.
42. Қарапайым жұмысшы рөлін сомдаған Чарли Чаплин конвейерлі тетіктің оқпанына жабысып алған. «Қазіргі заман» (1936, Modern tіmes) фильмінен алынған кадр. Индустриялық революция жұмыс кестесі мен конвейерді іс жүзінде адам қызметінің барлық түріне арналған бірегей матрицаға айналдырып жіберді. Фабрикалар адамдарға ережелерін таңып қойғаннан кейін көп ұзамай дәлме-дәл жұмыс кестесі мектептерде, содан соң ауруханаларда, үкіметтік мекемелерде, сауда дүкендерінде қабылданды. Ауысым 17:00-де аяқталса, жергілікті сыраханалардың есігі 17:02-де айқара ашылуға тиіс. Жаңа жүйенің өрістеуіндегі шешуші буын – қоғамдық көлік болды. Ауысым 8:00-де басталса, пойыз немесе автобус фабрика қақпасына 07:55-те жетуге тиіс. Тіпті сәл ғана кешігудің өзі жұмыс өнімділігін төмендетеді, тәртіпті жиі бұзғандар жұмыстан шығарылады. 1784 жылы Англияда белгіленген кестемен жүретін омнибустар пайда болды, оның келу емес, кету уақыты ғана жарияланды. Сол кезде әр қала мен кенттің өзінің жергілікті уақыты болды, оның Лондон уақытынан бірнеше минут немесе жарты сағаттай айырмашылығы бар еді. Лондон уақыты бойынша талтүс болғанда сағат тілі, айталық, Ливерпульде – 12:20-ны, Кентебериде 11:20-ны көрсетіп тұратын. Кімнің қандай шаруасы бар: өйткені ол кезде телефон да, радио да, теледидар да, жүйрік пойыздар да жоқ қой2. Алғашқы коммерциялық теміржол 1830 жылы Ливерпуль мен Манчестердің арасын қосты. Он жылдан соң пойыздар қатынасының тұңғыш кестесі пайда болды. Пойыз ат жеккен экипажға қарағанда әлдеқайда тез жүрді де, жергілікті уақыттың әркелкілігі ығыр қыла бастады. 1847 жылы ағылшын теміржол компаниясы жиналыс өткізіп, жүріс кестесіне Ливерпульдің, Манчестердің немесе Глазгоның жергілікті уақытын емес, Гринвич обсерваториясының уақытын көрсетуге шешім шығарды. Теміржол компаниясынан басқа мекемелер де үлгі алды. Ақырында, 1880 жылы ағылшын үкіметі заң жүзінде бүкіл Ұлыбритания бойынша Гринвич өлшеміне сәйкес уақытты көрсету туралы қаулы қабылдады. Тарихта тұңғыш рет осы елде ұлттық уақыт пайда болып, мемлекет азаматтарды таң атқаннан күн батқанға дейін қыбырлайтын жергілікті тізбек бойынша емес, механикалық сағатпен тірлік жасауға міндеттеді. Осынау қарапайым бастамадан секундтың миллион үлесті бөлігіне дейін сәйкестендірілген бүкіләлемдік жұмыс кестелерінің жүйесі жетіліп шықты. Хабар тарату құралдары – радио мен теледидар да хронометрлі әлемге кіріп үлгеріп, оның басты қорғаушылары мен үгітшілеріне айналды. Радиостансалар күн сайын жұмысын дәл уақыт сигналын беруден бастады, шалғай елді мекендер мен мұхит төсіндегі кемелер сол бойынша сағаттарын түзеді. Кейін радиостансалар әр сағат сайын жаңалықтар беруді әдет қылды. Қазірде әр жаңалықтар тізбесінде хабар-ошарлардан да маңызды элемент есебінде дәлме-дәл уақыт белгісін беру салты сақталып қалды. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында «ВВС» жаңалықтарын нацистер оккупациялаған Еуропа елдері де тыңдады. Әр хабар бостандықтың сиқырлы үні – Биг-Бен сағатының тықылымен басталды. Неміс физиктері қоңыраулар үйіндегі сәл өзгерістер арқылы әуе шабуылы үшін аса құнды ақпарат, сол сәттегі Лондондағы ауа райын анықтаудың амалын тауып қойды. Мұны ағылшынның Барлау қызметі байқап қалып, атақты сағаттың жанды дыбысын таспаға жазылған нұсқасына ауыстырды. Бірегей уақыт желісінің қызмет істеуі үшін арзан, бірақ дәл жүретін ыңғайлы сағаттар қажет еді. Ассирияда, Сасанидтер империясы мен инктерде сағат болған жоқ. Ортағасырлық Еуропа қалаларында әдетте бәрінің бір сағаты болды. Ол қала алаңының ортасындағы биік мұнараға ілулі тұрды. Мұндай сағаттардың дәлдігіне ешкім кепілдік бере алмады, бірақ қалада бұдан басқасы жоқ болғандықтан, уақыттың дәл беріліп-берілмеуіне көңіл аударған жоқ. Бүгінде бір пәтерде, сірә қандай да бір ортағасырлық елдегіден көптеу сағат бар шығар. Білегіңізге таққан сағатқа үңілесіз, планшетпен немесе телефонмен уақытты тексересіз, кереуеттің басында тұратын қоңыраулы сағатқа әлде асүй жиһазына сай болу үшін сатып алған әдемі сағатқа, қысқатолқынды пештегі, теледидар мен DVD-дағы электронды сағатқа да қарай аласыз. Мұндайда сағат қазір қанша болғанын білмей-ақ қоюға әжептәуір күш-жігер керек. Әр жұмысымыз уақытқа байлаулы болғандықтан, адам бір күнде бірнеше рет сағатқа үңіледі. Қоңыраулы сағат бізді таңғы 7-де оятады, тоңазытқыштағы бутербродты қысқатолқынды пешпен жылытуға 50 секунд, тіс тазалауға 3 минут (электрлі сигнал шиқылдап ескертеді) кетеді, 7:40-та пойызға үлгеру керек, жұмыстан соң жаттығу залындағы айналмалы таспаға мініп алып, біраз жүгіресіз (жарты сағат өткенін таймер хабарлайды), кешкі 7-де теледидар алдына жайғасып, бағасы секундына 1000 доллар тұратын жарнамамен үзіліп қала беретін сүйікті шоуыңызды тамашалайсыз, ал кейде сөзіңізді тыңдауға ұзын-ырғасы 50 минут емдеу «сағатын» бөлетін психиатор-дәрігерге қаупіңізді ақтара салғыңыз келеді. Индустриялық революция адамзат қоғамындағы көп нәрсені төңкеріп тастады. Өндіріс ырғағына бейімделу қажеттігі соның бір мысалы. Басқа мысалдар толып жатыр: урбанизация, шаруалардың дәуренінің аяқталуы, өнеркәсіптік пролетариаттың пайда болуы, адам құқықтарының кеңеюі, демократияландыру, жастар мәдениеті мен патриархаттық жүйенің құлауы... Осы өзгерістердің бәрі бір кездері адамзат әспеттеген нәрсенің бәріне көлеңкесін түсірген: отбасы мен жергілікті қауымдастықты жаппай күйретіп, оның орнына мемлекет пен нарықты жайғастырған ең шешімтал әлеуметтік төңкеріс іспеттес. Адамдардың шағын, тығыз ұйысқан қауымда өмір сүргенін, олардың мүшелерінің көбі бір-біріне туыс болғанын бұған дейін де айтқанбыз. Когнитивті, аграрлық революциялар бұл қалыпты бұзған емес. Олар отбасыларды тайпаларға, содан соң қалаларға, корольдік пен империяларға біріктірді, бірақ біріккеннен кейін де отбасылар мен қауымдар кез келген қоғамның негізгі әрі берік қаланған кірпіші болып қала берді. Индустриялық революция ғасырға жетпейтін уақытта осы кірпіштерді атомдарға бөлшектеудің қыбын тапты. Отбасы мен қауым атқаратын дәстүрлі міндеттердің түгелге жуығы мемлекет пен нарықтың еншісіне өтті.
Отбасы мен қауымның ыдырауы Индустриялық революцияға дейін адамдардың көбінің күнделікті тірлігі бағзыдан келе жатқан үш топтың: отбасының, әулеттің және көрші жамағаттың* көз алдында өтті. Олар, негізінен, отбасылық кәсіп-орындарда – өзінің жер телімінде немесе шеберханасында, ал жолы болмай, иті қырын жүгіргендері көршісіне жалданып жұмыс істеді. Әлеуметтік кепілдікті, денсаулық сақтау және білім беру жүйесін кәсіподақты, құрылыс мердігерлерін, зейнетақы қорын сақтандыру компаниясын, радио-теледидарды, газет-журналды, банкті тіпті полиция жүйесін де отбасы деп есептеуге болады. Адам науқастанып қалса, отбасы қамқорлық жасады. Қарияларды да туыстары бағып-қақты, балалары зейнетақы қорының қызметін атқарды. Ата-анасы мезгілсіз қайтыс болған жетімдерді отбасы өз қамқорлығына алып, өсіріп-өндірді. Жаңадан үй салу қажет болса, оны бәрі жабыла салды. Ал отбасы мүшесі өз ісін ашқысы келсе, туған-туысқандары қаржы жинады. Келінді не күйеубаланы да туыстары таңдады (немесе мақұлдады). Көршілермен кикілжің бола қалса, отбасы өз адамына жақтасты. Сырқаты ауыр болып, емдетуге отбасының шамасы жетпесе, сондай-ақ жеке іс бастауға қаржыдан тапшылық көрсе, әлде көршінің дауы зорлық-зомбылыққа ұласа бастаса, бүкіл қауым көмекке келді. Ал қауым еркін нарықтың заңдары бойынша емес, жергілікті дәстүрлер мен экономиканың өзара қызмет көрсету ұстындары негізінде қолғабыс жасады. Ортағасырлық қауымда, айталық, мен бір бақытсыздыққа ұшырасам, көршілер ешқандай сыйақы дәметпестен үйімді салып, қойымды бағып берер еді, өйткені олар да бір пәлеге тап бола қалса, мен де дәл солай қолғабыс етемін ғой. Олардың орнында жергілікті шонжар болса, бәрімізді тегін, ешқандай ақысыз сарай салып беруге қуалай жөнелетіні анық. Есесіне, біз қаратабан шаруалар, бізді шапқыншылар мен қарақшылардан қорғайды деп оған сенім арттық. Нарықтық қарым-қатынастар, әрине, бар еді, бірақ оның рөлі тым шектеулі болатын. Ол жерден таңсық тәтті тағамдар, маталар мен аспап-саймандар сатып алып, дәрігерлермен немесе заң мамандарынан ақыл-кеңес алуға болатын. Дей тұрғанмен, айналымдағы тауарлар мен көрсетілетін қызмет түрлерінің 10%-дан азын базар көрсететін. Адами қажеттіліктің барлығын отбасы мен қауым қамтамасыз етіп тұрды. Сондай-ақ соғысқа басшылық жасау, жол салу және сарайлар тұрғызу сияқты аса маңызды міндеттер арқалаған корольдіктер мен империялар да өмір сүрді. Осынау мұқтаждықтарға әміршілер халықтан салық жинап, анда-санда солдат пен жұмысшылар тартты. Бірақ үкімет отбасы мен қауымның күнделікті тірлігіне жөнсіз араласқан емес, тіпті патшалар араласқысы келсе де (ол оңай шаруа емес еді), дәстүрлі аграрлық экономика мемлекеттік шенеуніктерді, полицияларды, мұғалімдер мен дәрігерлерді асырауға өзінен артылған өнімнің аз ғана бөлігін берді. Соған сәйкес ел билеушілердің көпшілігі жәрдемақылардың, денсаулық сақтау мен білім беру ісінің жалпыұлттық жүйесін құрған жоқ, бұл мәселелерді отбасы мен қауымның еншісіне қалдырды. Тіпті империя шаруалардың күнделікті тірлігіне араласуға тәуекел еткен ілеу де біреу жағдайда да (мысалы, Цинь әулеті билеген тұста Қытайда солай болды) ол мемлекет өкілдерінің рөліне тайпа көсемдері мен жергілікті ақсақалдарды тағайындады. Көп ретте тасымалдау мен байланыс мәселелері шалғайдағы қауымдардың ісіне мемлекеттің белсенді араласуына еш мүмкіндік бермеді, әміршілердің көбі жергілікті билік иелеріне негізгі патшалық басымдықтарды – салық жинау және жаза белгілеу құзыретін бере салуды қолайлы көрді. Мәселен, Осман империясы қаптаған полиция ұстағаннан гөрі, кек қайтаруға, «қанға – қан, жанға – жан» шығуға рұқсат етті. Сол кездегі ереже бойынша немере ағам біреуді өлтірсе, марқұмның ағасы мені өлтіруге қақылы болды әрі оны қасиетті парыз санады. Оған Стамбулдағы сұлтан да, жергілікті паша да араласа қоймады, тек зорлық-зомбылық жайылып кетпесе, жарады деп қарады. Қытайдағы Минь империясының (1368–1644) жергілікті қауымдары баоцзия жүйесіне бағынды. Он отбасын цзия, ал он цзияны бао деп атады. Баоның бір мүшесі қылмыс жасаса, қалғандары түгел, әсіресе қауым ақсақалдары жазаланды. Салықтарды да бао мүшелері төледі. Әр отбасы қанша салық төлеу керегін үкіметтің лауазымды тұлғасы емес, әр баоның ақсақалы анықтады. Империя үшін осындай жүйе оңтайлы еді, оған әр отбасының кірісі мен шығысын қадағалап отырушы салық инспекторы мен алым жинаушылар ұстаудың да қажеті жоқ, бұл міндет қауымдардың басшы-бектеріне жүктелді. Олар кімде не бар екенін бес саусағындай білді әдетте армияны айтақтамай-ақ, салықты солар жинап берді. Кейбір патшалықтар мен империялар, шын мәнінде, өздерін тек тарамдала тамырланған мафиоздық құрылым кейпінде ғана көрсетті. Король бүкіл дондардың үстінен қарайтын үлкен дон сияқты болды, ол «пана» болғаны үшін ақша жинап, басқа гангстерлер синдикаты мен жергілікті бұзақылар өз қол астындағыларды қорқытып-үркітпеуін қадағалады. Басқа ештеңеге кепілдік берген емес. Соншалықты тығыз топтасқан ұжымда тірлік онша жақсы болған жоқ. Жаңа заман мемлекеттері мен нарықтық қарым-қатынастары адамды қалай езіп-жаншыса, отбасылар мен қауымдар да өз мүшелерін тап солай езгіге салды, олардың құрылымы қысым-қыспақ пен зорлық-зомбылыққа толы еді, бірақ адамдардың басқаны таңдауға еркі болмады. Әлдебір әйел 1750 жылы отбасы мен қауымның қолдауынан айырыла қалса, өлуден өзге жол қалмайтын. Оның жұмысы да, білімі де жоқ, ауырып-сырқаса немесе аштыққа душар болса, көмек келерінен үміті де жоқ. Оған ешкім ақша бермейді, бір пәлеге ұшыраса, болыспайды. Әлеуметтік сала қызметкерлері мен жалпы білім беру ісі сияқты полицейлер де ол кезде болған жоқ. Тірі қалу үшін өзіне басқа бір отбасын немесе қауымды іздеп-табуына тура келер еді. Үйінен қашып кетіп, жетім қалған жасөспірімдер әдетте бөтен үйге малайлыққа жалданатын. Ең құрығында, бозбаланы – армия, ал бойжеткенді жезөкшелер үйі күтіп тұратын. Соңғы екі ғасыр бойы бәрі түбегейлі өзгерді. Индустриялық революция нарықты бұрын естіп-білмеген уәкілеттіліктермен жасандырып, мемлекетке байланыс және көлік қатынасының жаңа құралдарын, сондай-ақ қаптаған шенеуніктердің, мұғалімдердің, полицейлер мен әлеуметтік қызметкерлердің армиясын әкеліп берді. Нарық пен мемлекет жаңа мүмкіндіктерін іске қоса бастаған кезде көлденеңнен килігіп, сырттан араласу әрекетіне наразы дәстүрлі отбасы мен қауымдар түріндегі кедергіге тап келді. Мемлекет заңдары мен нарық мүдделері тұтасқан қоныстар мен берік отбасылардың күнделікті тірлігіне кірікпеді. Ата-аналар мен ақсақалдар балалардың мектеп оқығанын, армияда қызмет еткенін, қаладағы өз тамыр-тегінен айырылып қалған пролетариаттың қатарын толықтырғанын қаламады. Бұл кедергіні жою үшін мемлекет пен нарыққа отбасы мен қауымның дәстүрлі байланыстарын әлсірету қажет болды. Мемлекет қауымдарға полицейлер жіберіп, қанды кекті доғарды, оны сот үкіміне ауыстырды. Базарлар да өз делдалдарын жолдап, солар арқылы санғасырлық дәстүрлерді қиратуға, оның орнына тотының түгіндей құбылған сән-салтанатына еліктіруге тырысты. Бірақ бұның өзі жеткіліксіз еді. Отбасы мен қауымды тізе бүктіру үшін «бесінші колоннаның» көмегі керек еді. Міне, сол кезге мемлекет пен нарық адамдарға еріксіз еліктірерліктей ұсыныс жасады. «Өз-өздеріңмен дербес тұлға бола беріңдер», – деп үндеу тастады. «Ата-аналарыңнан рұқсат сұрамай-ақ, қалаған жанға үйленіңдер. Мейлі, қауым ақсақалдары күңкілдей берсін, өздеріңе ұнаған шаруаны істеңдер. Тіпті апта сайынғы отбасылық түскі асқа жете алмайтындай алысқа кетсең де, қалаған жерге қоныстана беріңдер. Енді отбасы мен қауымға кіріптар емессің. Біз, мемлекет пен нарық, сенің қамыңды жеп, қамқорлық жасаймыз. Тамақпен және баспанамен, біліммен, ем-доммен, жұмыспен және жұмыссыздыққа төленетін жәрдемақымен қамтамасыз етеміз. Зейнетақы мен сақтандыру пұлын төлейміз, сені қорғаймыз». Романтикалық әдебиет индивидуумды мемлекет пен нарыққа қарсы күресуші кейпінде көп бейнелейді, бірақ бұл – өтірік. Мемлекет пен нарық – индивидуумның әкесі мен шешесі, ол тек солардың арқасында ғана тіршілік етеді. Нарық бізге жұмыс, сақтандыру пұлы мен зейнетақы береді. Мамандық алу үшін оқу керек болса, мемлекеттік колледждер мен түрлі институттардың есігі ашық тұрады. Өз ісімізді ашқымыз келсе, банк несие бермекші. Үй салсақ – мердігер табылады, ал банк ипотека ресімдейді, оның үстіне, көбінесе мемлекет кепіл болады тіпті құрылыс жүргізуге көмектесіп, қаржы бөледі. Зорлық-зомбылықтан бізді полиция қорғайды. Ауыр сырқатқа шалдыққан кезде әлеуметтік сақтандыру мекемесі іске кіріседі. Мүгедектер үшін нарық кеңістігінен әлдебір күтушіні – мүлде бейтаныс, алыстағы елдердің бірінен келген біреуді табуға болады, ол туған баласынан бетер бағып-қағады. Әбден шау тартқан кезде адамдар өмірін жанға жайлы қарттар үйінде өткізеді. Салық инспекциясы әр адамға индивидуум ретінде қарайды, көршіңіздің салығын сізден өндірмейді. Сот та әркімді жеке тұлға қалпында көреді, ата-анаңыздың бұрыс қылығы үшін сізді жазаламайды. Қазіргі кезде еркектер ғана емес, әйелдер де, балалар да жеке тұлға. Тарихтың біраз бөлігінде әйел отбасының немесе қауымның меншігі болды. Қазіргі замандағы мемлекеттер, керісінше, әйелді отбасы мен қауымға қандай бір тәуелділіктен тысқары азаматтық және экономикалық құқықтары бар дербес тұлға ретінде көбірек бағалайды. Әйелдің банкте жеке есепшот ашып, өзіне күйеу таңдауға тіпті ажырасуға немесе мүлде некелеспеуге еркі бар. Жеке тұлғаны азат ету оңай шаруа емес. Жұрттың көбі жалғыздық және мемлекет пен нарықтың сазарған күш-қуатының алдында дәрменсіздігін сезініп, жоғалтып алған отбасылық және көрші-қолаңдық байланыстарын іші қан жылай жоқтайды. Өйткені бұрынғы жұмылған жұдырықтай отбасылар мен қауымдарға қарағанда, ойдан-қырдан жиналған қазіргі билікке, жеке адамның өміріне қол сұғып, киліге кету түк емес. Бір үйдің тұрғындары үй қызметкеріне ақы төлеу жөнінде ортақ мәмілеге келе алмайтындай халде болса, олар мемлекетке қайдан қарсы тұрсын! «Мемлекет – нарық – жеке тұлға» қарым-қатынасы жайдан-жай түзілмейді. Мемлекет пен нарық өзара құқықтар мен міндеттерге қатысты дауласады, ал адам олардың өзінен өте көп нәрсені талап етіп, тым аз қайтарым беретінін тілге тиек етіп, ашуланады. Көбінесе нарық адамды езіп, қанайды, ал мемлекет адам қорғау емес, қарсылығын басып-жаншу үшін армияны, полиция мен бюрократияны пайдаланады. Бірақ бір таңғаларлығы, кейде жүрісінен жаңылысса да, осы қарым-қатынас ырқы бәрібір жұмыс атқарып келеді. Өйткені бірнеше ұрпақ буынын қалыптастыруға қатысқан әлеуметтік құрылым күйреп тынды да, эволюцияның өзіне қарсы шығады. Миллиондаған жылдар бойы ол бізді қауымдаса өмір сүруге және ойлануға үйретіп еді, енді небәрі екі ғасырдың ішінде бытыраңқы индивидуумдарға айналып кеттік. Мінекей, мәдениеттің құдіретті күші! Қазіргі әлеуметтік кеңістіктен нуклеарлы отбасы мүлдем жоғалып кеткен жоқ. Отбасынан негізгі экономикалық және әлеуметтік рөлді тартып алып, мемлекет пен нарық оған маңызды эмоциялық міндетті қалдырды. Жаңа заман адамының мемлекет пен нарықтың шамасы келмейтін мұң-мұқтажын отбасы әлі де жақыннан қанағаттандыра алады. Бірақ отбасыға жан-жақтан ықпал ететіндер көп. Нарық адамның романтикалық және сексуалдық өміріне көбірек әсерін тигізеді. Дәстүрлі түрде құдалықпен туған-туыстар айналысты, ал енді романтикалық және сексуалдық ықыласты нарық қалыптастырады, ол содан соң бәрімізге қажет нәрсенің бәрін ұсынады, әрине, арзан бағаға емес. Бұрында жастар үйде танысатын, күйеу баланың әкесі қалыңмалды қалыңдықтың әкесіне беретін. Қазір жастар барлар мен мейрамханаларда табысады да, жас жұбайлар «таныстық шайының» ақысын даяшыларға төлейді.
Отбасы мен қауымның мемлекетпен және нарықпен арақатынасы.
Мемлекет отбасындағы, әсіресе әке-шеше мен балалардың арасындағы қарым-қатынасты қырағы қадағалайды. Ата-аналар балаларын мемлекеттік мектептерде оқытуға міндетті. Ересектер балаларына қамқорлық жасамаса не зорлық-зомбылық көрсетсе, мемлекет олардың құқықтарын шектейді, тіпті түрмеге қамап, балаларды басқа отбасының асырауына береді. Қоғамдардың көпшілігінде ата-ананың абырой-беделіне ешкім күмәнданбады. Ата-ананы құрметтеп, айтқанын бұлжытпай орындау ізгіліктің нышаны саналды, ал ата-аналар не істесе де: жаңа туған нәрестені өлтіріп тастаса да, балаларын құлдыққа сатса да, қыздарын жасы екі есе үлкен егде еркекке ұзатса да ерікті болды. Қазіргі жұртшылық – кәсіби психологтар, заң шығарушылар пікіріне сенсек, балалар ата-анасын тыңдамаса да болады, есесіне баланың сәтсіздіктері мен теріс қылықтары үшін бәрібір ата-ананы кінәлай жөнеледі. Сталиндік ашық соттау кезіндегі кінәлілердің ақталуға мүмкіндігі болмағаны сияқты бұл сотта әке-шеше ештеңе істей алмайды.
Қиялдағы қауымдастықтар Нуклеарлы отбасы сияқты, қауым да біздің әлемнен біржола жоғалып кеткен жоқ. Адамдар миллиондаған жылдар бойы қоғамдық жануар сияқты дамып келгендіктен, қауым өзінің орнына әлдебір эмоциялық эквивалент қалдырмастан жойылып кете салмайды. Бүгінде материалдық қажеттіліктердің бәрін мемлекет пен нарық қанағаттандырып отыр, бірақ олар тайпаішілік байланыстарды немен айырбастамақ? Нарық пен мемлекет оның орнына бір-бірін танымайтын миллиондаған адамнан «қиялдағы қауымдастықты» өсіріп шығарып, осынау жаңа қауымды мемлекеттік және коммерциялық мүдделерге бағындырып қояды. Мұндай қауымдастықтар шын мәнінде бірін-бірі білмейтін, бірақ бейне бір етене таныстардай кейіп танытатын адамдардан тұрады. Бұл соншалықты соны жаңалық емес. Корольдіктер, империялар мен шіркеулер мыңдаған жылдар бойы дәл осы қиялдағы қауымдастықтар сияқты қызмет атқарды. Ежелгі Қытайда ондаған миллион адам өздерін бір отбасының балалары санады, олардың әкесі император еді. Орта ғасырларда миллиондаған тақуа мұсылман бірін-бірі біртұтас ұлық ислам жамағатының ішіндегі аға-ініге, апа-сіңіліге балады. Бірақ баяғыдан білетін көрші қауымдармен салыстырғанда, осынау қиялдағы қауымдар екінші дәрежелі рөлге ие еді. Әлгі шағын қауымдар әр мүшесінің тіршілігі мен қорғанышын қамтамасыз етіп, эмоциялық әлемін толықтырып отырды. Соңғы 200 жылда көрші-қолаңдар қауымы құлдырап, эмоциялық вакуумды қиялдағы қауымдар толықтыруға көшті. Ондай қауымдардың ең маңызды екі мысалы – ұлт және тұтынушылар. Ұлт – мемлекеттің қиялдағы қауымдастығы. Тұтынушылар – нарықтың қиялдағы жамағаты. Бұл екі қауым – ойда ғана жүреді, өйткені базардағы тұтынушылардың немесе ұлт мүшелерінің бәрі шын мәнінде бір-бірін жақсы танитын қоныс тұрғындары сияқты бірін-бірі біле бермейді. Ешбір неміс өзінің 80 миллион отандасымен немесе Ортақ нарық (әуелі еуропалық одақтастық, одан әрі Еуроодақ болған) елдерінен шыққан 500 миллион тұтынушы бір-бірімен етене таныс емес. Тұтынушылық пен ұлтшылдық миллиондаған бөгде адамдардың ортақ қауымға жататынымызды, өткен шағымыз да, мақсат-мүдделеріміз де, болашағымыз да ортақ екеніне әрдайым бізді сендіруге тырысады. Мұнысы шылғи өтірік те емес. Ақша жауапкершілігі шектеулі компаниялар, адам құқықтары тәрізді ұлт пен тұтынушылар қауымы да интерсубъективті болмыс. Олар ұжымдық санамызда ғана өмір сүргенімен, күш-қуаты өте жоғары. Миллиондаған неміс, неміс ұлтының бар екеніне сенсе, ұлттық рәміздерді көрген бойда тебіреніп, немістің ұлттық мифтерін жарыса айтады және де неміс ұлтының қамы үшін ақшасын да, уақыты мен өмірін де сарп етеді, Германия әлемдегі ең құдіретті елдердің қатарында қала береді. Ұлт өзін қиялдың жемісі ретінде мойындағысы келмейді. Ұлттардың көпшілігі өз отанының топырағынан жаралған, туған жерге кіндік қаны тамған, баяғы заманнан бар халықпыз деген сенімді ұстанады. Орта ғасырдағы Нюрнберг тұрғыны, бәлкім, тұтастай алғанда неміс халқын жақсы көріп, ниеттес сезімде жүрген де шығар, бірақ тонның ішкі бауындай байланып қалған отбасына және қоңсылас қауымға сүйіспеншілігі мен адалдығы әлдеқайда күштірек еді. Бұған қоса, ежелгі елеулі ұлттардың бұл күнге аман-сау жеткендерінің өзі саусақпен санарлықтай ғой. Қазір тіршілік етуші халықтардың түгелге жуығы тек индустриялық революциядан кейін қалыптасты. Таяу Шығыс бізге бірнеше дәлелді мысал тауып бере алады. Сирия, Ливан, Иордания мен Ирактағы ұлттар – жергілікті тарихты, география мен экономиканы есепке алмаған француз және ағылшын дипломаттарының көзбен мөлшерлеп, құмға шекара сыза салған шалағайлығының жемісі. 1918 жылы бұл дипломаттар Күрдістанның, Бағдат пен Басраның тұрғындары бұдан былай «ирактықтар» болады деп шешті. Дәл сол француздар кімнің сириялық, кімнің ливандық болатынын тұңғыш рет белгіледі. Кейін Саддам Хусейн мен Хафез әл-Асари бар күштерін салып, ағылшындар мен француздар қолдан жасаған азаматтарды ұлттық бірегейлікке жеткізуге жанталасты. Бірақ олардың ежелден келе жатқан Ирак немесе Сирия миллаты жөніндегі жалынды сөздері мен асқан уәждері ешкімнің көкейіне қона қоймады. Жоқ, әрине, ешкім жоқтан бар жасап, ұлт құрай алмайды. Ирак немесе Сирия ұлтын құрастыруға білек түре кірісушілер нақты тарихи, географиялық және мәдени материалдарды, тіпті кейде жүз, мың жыл бұрынғы деректерді іске қосты. Саддам Хусейн Аббасидтер халифаты мен Бабыл империясының мұраларын иемденіп, тіпті әскери бөлімшелерінің біріне «Хаммурапи дивизиясы» деген ат берді. Бірақ бұл «ирак халқының» тамырын тереңдете қоймайды – екі жыл сақталған ұн, май мен қанттың қоспасынан бәліш пісірсем, ол екіжылдық тағам бола алмайды ғой. Соңғы онжылдықтарда ұлттық қауымдастықтарды тұтынушылар тобы тықсырып, ығыстыра бастады: осы қиял туындатқан қауымның бір-бірін танымайтын екі мүшесінің тұтыну толғамдары мен үйреншікті әдеттері өте ұқсас болады, содан олар өздерін бір бүтін нәрсенің ажырамас бөлшегі сезінеді. Бір қарағанда түсініксіз, тосын көрінеді, бірақ мұндай мысалдар төңірегімізде толып жатыр. Мысалы, сондай қауымның бірін Мадоннаны пір тұтушылар құрайды. Олар барша тұтынушылар қауымы сияқты, негізінен, шопинг арқылы өз жолдарын таңдап алады. Олар Мадонна концертінің билеттерін, оның дискілерін, суреті бар постерлер мен футболкаларды сатып алады, әндерін рингтонға жазады, осы арқылы олар өздерінің кім екенін, қандай қауымға жататындарын көрсетеді. «Манчестер Юнайтедтің» жанкүйерлері, вегетариандар, қоршаған ортаның қорғаушылары – бұлардың бәрі қиялдағы қауымдар. Олар бірінші кезекте тұтыну сипаты бойынша құралады. Бұл – өзін-өзі бірегейлендірудің негізгі критерийі. Шөп-шаламмен қоректенетін неміс ет жейтін өз отандасынан гөрі, француздың вегетариан әйеліне көп ойланбай үйленеді.
Мәңгілік қозғалтқыш Соңғы екі жүзжылдықтағы революциялар арынды да сындарлы болып, әлеуметтік құрылыстың ең іргелі аспектілерін өзгертіп жіберді. Дәстүрлі құрылым салты берік әрі қатал еді. «Тәртіп» деген тұрақтылық пен сабақтастықты білдірді. Қарқынды әлеуметтік өзгерістерді ол кезде ешкім білген жоқ, әдетте бәрі жай, елеусіздеу өтетін. Әлеуметтік құрылым мәңгілік әрі мызғымайтындай көрінді. Отбасы мен қауым кейде өздерінің осы құрылымдағы рөлдерін өзгерткілері келді, бірақ құрылымның өзін, оның қалыптасқан бет-бейнесін өзгерту ешкімнің басына кіріп те шыққан емес. Адамдар «Әрқашан осындай болды, әрқашан осылай бола береді» деген статус-квоға көндігіп кеткен еді. Соңғы 200 жылдың ішінде әлеуметтік өзгерістер қарқынды жүргені сонша, әлеуметтік құрылыс әлдебір икемді әрі елгезек нәрсеге айналды. Біз енді тұрақты өзгерістер дәуірінде өмір сүреміз. Жаңа замандағы және қазіргі замандағы революциялар туралы сөз қозғағанда, 1789 жылды (Ұлы француз), 1848 жылды (либералдық), әлде 1917 жылды (орыс революциясын) еске аламыз. Қазір жыл сайын – революция. Бүгінде отыз жастағы адам жасөспірімдерге: «Балалық шағымда әлем мүлде басқаша болған» деп кеудесін астамси кере алады (тек әлгілер оның сөзіне сене қойса жақсы-ау). Мысалы, интернетті тек 20 жыл бұрын, 1990 жылдардың басында ғана кеңінен пайдалана бастаған еді. Қазір онсыз өмір сүре алмайтын сияқтымыз. Сайып келгенде, қазіргі замандағы қоғамға сипаттама беруге тырысудың кез келген жолы құбылғы кесірткенің бояуын суреттегенмен бірдей. Біз алғаусыз сенетін бір ғана нәрсе – шетсіз-шексіз өзгергіштік қана. Адамдар соған әбден үйреніп алды, көпшілігі әлеуметтік құрылыс салтын илеуімізге көнетін, қалауымызша қалыптап, жетілдіруге келетін, иілгіш, ептейлі нәрсе сияқты көреді. Ерте жаңа заманға дейін ел билеушілер дәстүрлі құрылыс салтын сақтауға, тіптен жоғалтып алған Алтын ғасырға қайта оралуға серт беретін. Соңғы екі жүзжылдықта саясаткерлер ескі дүниені қиратып, оның орнына жаңа әрі озық қоғам орнатуға әлсін-әлсін емексітумен келеді. Тіпті тастабан консерваторлардың өздері статус-квоны сақтап қалуға құлықты емес. Бәрі әлеуметтік саланы, білім беру ісі мен экономиканы реформалауға уәде береді – көбінесе өз уәделерінің үдесінен шығып та жатады. Тектоникалық ығыспаның зілзалалар мен жанартаулар атқылауына ұласатынын геологтардың алдын ала білетіні сияқты, біз де жойқын әлеуметтік ілгерілеулердің түбінде қанқұйлы зорлық-зомбылық өртін тұтандыратынын болжап отыруға тиіспіз. ХІХ–ХХ ғасырлардың саяси жылнамасы қанқұйлы соғыстардың, сұмдық геноцидтер мен сұрапыл революциялардың үздіксіз тізбегіндей болып көрінеді. Құдды жап-жаңа етігімен шалшықтан-шалшыққа секіріп жүрген балақайдай тарих та қантөгістен-қантөгіске қарғып келеді. Бірінші дүниежүзілік соғыс, Екінші дүниежүзілік соғыс: қырғиқабақ соғыс; армяндар геноциді – Холокост – Руандадағы қырғын; Робеспьер – Ленин – Гитлер. Көрініс кейпі көп жағынан көкейге қонады, бірақ кесапат атаулының әбден тозып біткен осы бір тізімі кейде шатастырады. Шалшық пен ми батпақты көреміз де, жолдың өзін байқаудан қаламыз. Кейінгі жаңа заман шектен шыққан озбырлық пен зорлық-зомбылықтың ғана емес, сондай-ақ бейбітшілік пен тыныштықтың да куәгері. Француз революциясы туралы: «Бұл тамаша уақыт, бұл нашар кезең еді», – деп жазды Чарльз Диккенс, оның осы сөзін, француз революциясына ғана емес, оған түрткі салған заманға да қатысты қолдануға болатын сияқты. Әсіресе Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі 70 жылды осылай айтуға болады. Осы кезең ішінде адамзат өзін-өзі жойып жіберудің ықтималдығы тұңғыш рет ұшырасты, небір соғыстар мен геноцидтерді бастан өткерді. Дей тұрғанмен, аталған жетпіс жыл адамзаттың арғы-бергі тарихындағы мейлінше бейбіт кезең болып шықты. Бір таңғаларлығы, кез келген өзге дәуірлермен салыстырғанда, дәл осы жылдарда экономикалық, әлеуметтік және саяси өзгерістер өтті. Тарихтың тектоникалық тақталары үрей ұшырар жылдамдықпен қозғалып барады, бірақ жанартаулар әзірше мүлгіп тұр. Икемділеу жаңа тәртіптің мәселені қырғын қақтығыстарға жеткізбей-ақ, түбірлі құрылымдық өзгерістерді алдын ала ескеруге тіпті оған дем беруге шамасы жететін сияқты3.
Бүгінгі бейбітшілік Адамдардың көбі қазіргі бейбіт уақытты бағаламайды. Ешқайсымыз мың жыл бұрынғы ахуалды көрген жоқпыз, сол кезде дүниенің қаншалықты қауіпті болғанын ұмытып та кеттік. Бұған қоса, қазір енді сиреп кеткендіктен, соғыс атаулыға елең ете қаламыз. Ауғанстан мен Ирактағы соғысқа бола қаншама адам көңіліне алаң тұтады, ал Бразилия мен Үндістандағы бейбітшілікке қуанған біреу бар ма арамызда? Тағы бір маңызды нәрсені айтайын: бүтін бір халықтан гөрі жекелеген адамдардың шеккен азабына көбірек жанымыз ашиды. Ауқымды тарихи оқиғаларды түйсіну үшін жекелеген оқиғаларға емес, ауқымды сандардың астарына үңілуге тура келеді. Мәселен, 2000 жылғы соғыста 310 мың адам қаза тапса, зорлық-зомбылықпен жасалатын қылмыстардан 520 мың адам құрбан болды. Әрбір өлген адам – көктей солған қайталанбас ерекше әлем, ойрандалған отбасы, туған-туыстары мен дос-жарандарының айықпастай қайғы-мұңы. Ал жаһандық өреден қарағанда, 830 мың құрбандық – 2000 жылы қайтыс болғандардың жалпы санының (56 миллион) 1,5%-ы ғана. Сол жылы 1260 мың адам (2,25%) жол апатынан көз жұмды және 815 мың адам (1,45%) өз-өзіне қол салған4. 2002 жылғы мәліметтер бұдан да асып түседі. Сол жылы қайтыс болған 57 миллион адамның 172 мыңы соғыста, 569 мыңы қылмыскерлер қолынан қаза тапқан (барлығы 741 мың адам зорлық-зомбылыққа ұшыраған). 873 мың адам өзін-өзі өлтірген5. Сонда терроризм мен соғыс қатері туралы толассыз әңгімелерге қарамастан, 11 қыркүйекте, теракт жасалған жылы қылмыскердің, содырлардың, жау солдатының немесе наркодиллердің кінәсінен көз жұмғандардан гөрі, суицид жасағандар көбірек болып шыққан. Әлемнің біраз бөлігінде адамдар түн жамылып келіп, дұшпан тайпаның жасақтары жатағын қоршап алып, бәрін шетінен қырып тастар-ау деп қорықпастан, алаңсыз ұйқыға шомады. Бақуатты британдар «жолшыбай жасыл желбегейлі еріккен жасөспірімдер жоқ-жітіктерге үлестіру үшін ақшаларын тартып алады не өлтіріп кетеді» деп үрейленбестен, күн сайын Шервуд орманы арқылы Лондоннан Ноттингемге сапар шегеді. Мұғалімдер оқушыларын асатаяқпен ұрмайды, балалар әке-шешелерінің қарыздары үшін құлдыққа сатар-ау деп қобалжымайды, әйелдер күйеулерінің сабап, үйге қамап қоюына заң жүзінде тыйым салынғанын жетік біледі. Жыл өткен сайын өмірдің өзі осы сенімділікті нығайта түсуде. Зорлық-зомбылық мемлекеттің тегеурінімен артқа шегініп барады. Тарихи дәуірлердің бәрінде зорлық-зомбылық атаулы отбасылардың немесе қауымдардың арасындағы жергілікті егестен шығып отырған (әлгіндегі цифрлар көрсеткеніндей, әлі күнге дейін халықаралық соғыстардан гөрі, жергілікті қылмыс ажал үйіргіш құбылыс күйінде келеді). Бұрынғы кезде ірі бірлестіктер құруды білмеген егіншілер қауымы үнемі зорлық-зомбылыққа тап келуден қорқып өмір сүрді6. Жалпы адамдардың 15%-ы қақтығыстардың нәтижесінде көз жұмды. Патшалықтар мен империялар күшейіп, кәріне мінген шақта жергілікті қауымдардың білгенін істеуіне тыйым салды да, зорлық-зомбылық дерегі күрт азайды. Ортағасырлық Еуропаның бір орталыққа бағындырылмаған корольдіктерінде 100 мың адамға шаққанда жылына 20–40 кісі өлімі болды. Мемлекет пен нарықтың құдіреті шырқау биікке көтерілген соңғы онжылдықтар барысында жергілікті қауымдар жоғалды да, зорлық-зомбылық деңгейі бұрынғыдан төмендей түсті. Орташа есеппен алғанда әлемде жылына әр 100 мың адамның тоғызы қастандықпен кісі қолынан қаза табады, қандықол қарақшының негізгі бөлігі Сомали мен Колумбия сияқты мемлекеттік билігі осалдау елдердің үлесіне тиеді. Орталық Еуропада орташа көрсеткіш әр 100 мың адамға небәрі 1 адам ғана қастандықпен кісі қолынан көз жұмады7. Кейде мемлекеттер билігін асыра пайдаланып, өз азаматтарын қыруға кіріс кен кездер есте. ХХ ғасырда 10 миллиондаған, тіпті 100 миллиондаған адамды өз мемлекетінің қауіпсіздік күштері өлтірді. Солай бола тұра, макроэкономикалық көзқарас бойынша, мемлекеттік сот пен полиция дүниежүзіндегі қауіпсіздік деңгейін арттырған. Тіпті қарапайым адам ежелгі заманға қарағанда қатаң диктаторлық режимде кісі қолынан көбірек қаза тапты. 1964 жылы Бразилияда әскери төңкеріс болды. 1985 жылға дейін елді диктатура басқарды. 20 жыл ішінде ол бірнеше мыңдаған бразилиялықты о дүниеге аттандырып, біразын түрмеге қамады немесе қысымға ұшыратты. Бірақ сол қыспақ жылдардың өзінде де яномамо тайпасының қатардағы мүшесімен салыстырғанда, Рио-де-Жанейроның қатардағы тұрғынының кісі қолынан қаза табу ықтималдығы әлдеқайда аз болды. Яномамо тайпасы армияның да, полицияның да, түрменің де не екенін білместен, Амазония джунглиінің ну жынысына жатақтаса тіршілік етеді. Антропологтардың есебі бойынша, тайпаның әрбір үшінші мүшесі ерте ме, кеш пе, әйтеуір, жеке меншігі үшін, әйелі немесе мәртебе-мансабы үшін шайқасқа түсіп, қаза табады екен8.
Империя зейнетке шығады 1945 жылдан кейін мемлекетшілік зорлық-зомбылық артты ма, әлде кеміді ме деген мәселе даулы күйінде қалып келеді. Ал халықаралық күш қолдану көріністері ұзын-ырғалы тарихта тұңғыш рет ең төменгі деңгейге түсті. Халықаралық жаңа ахуалдың ең айқын нышаны – еуропалық империялардың күйреуі шығар, сірә. Бүкіл тарихи дәуірлер ағымында империялар көтерілістерді темірдей жұдырықпен мыжып-жаншыды, күші бітіп, дәрмені азайған шақта империялардың өздері де қанға боялып, жан тәсілім етті. Өліп бара жатқан империялар өзін құтқару үшін тапқан-таянғанының бәрін аямай шашты, ал олардың күйреуінің ақыры әдетте мұрагерлер арасындағы анархия мен қанды қырғынға ұласты. 1945 жылдан бастап империялардың көпшілігі зейнетке шығып, дамыл табуды қолай көрді. Олар салыстырмалы түрде тез, бейбіт және ұқыпты түрде тарап кетті. 1945 жылы Британия Жер шары аумағының төрттен бір бөлігін басқарған еді. 30 жылдан соң оның қол астында шағын аралдар шоғыры ғана қалды. Осы онжылдықтар ішінде метрополия отар елдерінен біртіндеп айырыла берді: тарсылдап мылтық толассыз атылмады, әрі кеткенде мың шақты солдат оққа ұшты, ешқандай зобалаң мен жаппай қыру дерегі болған емес. Бейбіт қарсыласу әрекетін ұйымдастырушы Махаттама Гандидің атына айтылатын мадақ сөздердің бірсыпыра бөлігі Британ империясына да арналуға тиіс еді. Империяның орнында бірнеше тәуелсіз мемлекет пайда болды, олардың көпшілігінің тұрақты өз шекарасы бар әрі көрші елдермен жалпы тату-тәтті тұрады. Иә, ақырында, империя қорғана отырып, артына 10 мыңдаған адамның мүрдесін қалдырды, империя кеткен бойда кей жерлерде (әсіресе Үндістанда) этникалық қақтығыстар бұрқ ете қалды да, 100 мыңдаған өмірді жалмады. Әйтсе де тарихи өзге оқиғалармен салыстырғанда, ағылшындардың колониялардан кетуі – тәртіп пен бейбітшілік салтын құрметтеудің үлгісі іспетті. Француз империясы қырсық, бірбеткей болып шықты. Оның құлауы Вьетнам мен Алжирдегі қансоқпа шегіне ұрысу шайқастарына ұласып, 100 мыңдаған адамды жер жастандырды. Алайда француздар отарларынан тым жылдам әрі салыстырмалы түрде бейбіт кетіп қалды, артына астан-кестен берекесіз тірлік пен өзара тартыс емес, тіршілік етуге қабілетті мемлекеттік құрылыс қалдырды. Соңынан, іле-шала Балқан тауларында, Кавказ бен Орта Азия төсінде этникалық қақтығыстар тұтана тұра, 1989 жылғы Кеңес Одағының жаппай күйреуі де бейбіт аяқталған еді. Бұрын қуатты империялар соншалықты шапшаң және соншалықты тыныш күйде ешқашан жоғалып кете салған емес. Кеңес империясы 1989 жылға дейін еш жерде, Ауғанстаннан басқа, әскери жеңіліске ұшырап көрген жоқ, сырттан баса-көктеп кіруді немесе жаппай көтерілісті, тіпті Мартин Лютер Кинг ауанындағы ауқымды азаматтық бағынбау қозғалысын да бастан өткерген емес. Кеңес өкіметінің қолында миллиондаған солдат, он мыңдаған танк пен ұшақ, Жер шарын бірнеше мәрте жоқ қылып жіберуге жетерліктей ядролық қаруы болды. Армия үкіметке адал еді – Варшава келісімшартының әскерлері де оған бейілді болатын. Кеңестің соңғы билеушісі М.С. Горбачев иек қағып, бұйрық берсе болғаны, наразылық үптеген бұқараға армия оқты жаңбырша жаудырар еді. Бірақ кеңестік элита мен Шығыс Еуропа елдерінің көпшілігі, Румыния мен Сербиядан басқасы, осынау жойқын күштің жұқанасын да іске қосқылары келмеді. Олар коммунистік идеялардың банкроттығын мойындап, күш қолданудан бас тартты, боқшаларын жинап-теріп, үй-үйлеріне тарап кетті. Горбачев пен оның әріптестері Кеңес Одағының Екінші дүниежүзілік соғыста алған олжаларын ғана емес, сондай-ақ бұрынғы патшалардың Балтық жағалауындағы, Украинадағы, Кавказ бен Орталық Азиядағы жеңістерін де толассыз, тартыссыз бере салды. Горбачев Сербия президентінің немесе Алжирдегі француздардың қылығын қайталаса, не боларын ойлаудың өзі қорқынышты.
Pax atomіca Империялар орнына құрылған тәуелсіз мемлекеттер соғысқа ұмтылды. Жалпы алғанда 1945 жылдан кейін ешбір мемлекет жаулап алып, жұтып жіберу мақсатында екіншісіне енді баса-көктеп кірмейтін болды. Мұндай жаулап алу деректері есте жоқ ескі заманнан бергі тарихтың негізгі сюжетін құраған еді. Ұлы империялардың құрылу тарихы өзгеріссіз қаларына патшалар да халық та сенген еді. Алайда римдіктер, моңғолдар, османдардың жаулап алу соғыстары бүгінгі күні еш нәтиже әкелмейді. 1945 жылдан кейін БҰҰ мойындаған бірде-бір тәуелсіз мемлекет карта бетінен жоғалған емес. Иә, әлі де ара-тұра кейбір жерлерде соғыс өрті бұрқ ете қалып, миллиондаған адам соғыста жан тапсырып жатады. Бірақ соғыс қалыпты жағдайға айналған емес. Жұрттың біразы халықаралық соғыстар тек бақуатты Батыс демократияларының арасында ғана тоқталды деп ойлайды, шын мәнінде, бейбіт тұрмыс әлемнің басқа бөліктерінен гөрі, Еуропаға кештеу келді. Оңтүстік Америкадағы соңғы ірі соғыс 1941 жылы Перу мен Эквадордың және 1932–1935 жылдары Боливия мен Парагвайдың арасында болған қақтығыс еді. Бұған дейін Оңтүстік Америкадағы үлкен соғыс 1879–1884 жылдары өтті: Чили – Боливия мен Перуге қарсы қару көтерді. Араб мемлекеттері де бізге тыныштықтың үлгісі емес. Бірақ олар тәуелсіздік алғалы бері бір рет қана бір араб мемлекеті екіншісіне кең көлемді жорық жасады (Ирак–Кувейтке, 1990). Шекарадағы қақтығыстар да аз емес (мысалы, Сирия–Иордания, 1970), қарумен баса-көктеп кіру дерегі де көп (Сирия Ливанға шабуылдады), азамат соғысының оты да жиі өршиді (Алжирде, Йеменде, Ливияда), ал енді революциялар мен төңкерістер саны есепсіз. Қайткен күнде де Түбектегі соғыс Араб мемлекеттері арасындағы жалғыз ғана кең ауқымды соғыс қалпында қала береді. Тіпті кеңірек қарағанда да, бүтіндей мұсылман әлемінің үлесіне тек бір ғана ірі қақтығыс: Иран–Ирак соғысы тиеді екен. Түрік–Иран, Пәкстан–Ауғанстан немесе Индонезия–Малайзия соғыстары болған емес. Африкада жағдай мүшкілдеу. Алайда мұндағы қақтығыстардың көбі – азамат соғыстары мен төңкерістер. 1960–1970 жылдары Африка мемлекеттері тәуелсіздік алғаннан бері көршісін бағындыру пиғылымен бір-біріне шабуыл жасауды азайтты. Бірсыдырғы тыныш кезеңдер бұрындары да болған (мысалы: Еуропадағы 1871–1914 жылдар арасы), ал оның арты жақсылықпен бітпеді. Бірақ енді бәрі басқаша, өйткені нағыз бейбітшілік – соғыстың болмауы ғана емес. Нағыз бейбітшілік дегеніміз – соғысудың мүмкін еместігі. Осы мағынадан алғанда жер бетіне шынайы бейбітшілік ешқашан да орнаған емес. 1871–1914 жылдар аралығында еуропалық соғыс үнемі ықтимал әрі тұтана кетерлік жағдайда тұрды, әскерилердің, саясаткерлер мен қарапайым азаматтардың ой-өрісі соғыс күтуден алысқа ұзамады. Бұрынғы тарихи дәуірлердің бәрінде де адамдар осындай қорқыныш сезімімен өмір сүрген еді. Халықаралық саясаттың темірдей заңы: «Кез келген көрші мемлекеттер үшін ықтимал сценарий бар, таяу жылдарда екеуінің арасына соғыс оты тұтануы мүмкін» дейді. Осынау жабайылық заңы ХІХ ғасыр соңындағы Еуропада, ортағасырлық Еуропада, Ежелгі Қытай мен Көне Грекияда үстемдік құрды. Б.з.д. 450 жылы Спарта Афинаға қарсы қарулы шайқас бастамаса да, б.з.д. 449 жылға арналған тұтануы әбден ықтимал соғыс сценарийі дайын тұрған еді. Қазіргі адамдар жабайылық жынысынан жырылып шықты. Әйтеуір, уақытша соғыс жоқтығына емес, нағыз бейбітшілікке жетті. Біраз мемлекеттер үшін таяу жылдарда ықтимал соғыс сценарийі жоқ. Иә, таяу жылдарда Германия мен Францияны не арандатуы мүмкін? Қытай мен Жапонияның арасы неден бұзылмақ? Бразилия мен Аргентина ше? Шекара бойында елеусіз қақтығыстар әлі де болуы мүмкін: Аргентина танк дивизиялары Рио-де-Жанейроға қарай жылжып, Бразилияның бомбалаушы ұшақтары Буэнос-Айрес маңына шүйлігуі ғажап емес. Мұндай қақтығыстар Израиль мен Сирияның, Эфиопия мен Эритреяның немесе АҚШ пен Иранның арасында тұтанып кетуі мүмкін, тек тәртіпке қайшы келмесе болғаны. Әрине, болашақта ахуал мүлде өзгеріп, сол кезде бүгінгі дүние таңғаларлықтай аңқау, аусар кейіпте көрінуі мүмкін. Ал тарихқа тұтастай қарасақ, әлгі аңқаулықтың өзі мақтанаралықтай болып шығады: бұрын ешқашан бейбітшілік мұншалықты баянды болған емес, адамдар тіпті жаңа соғысты естен шығарып, елестете алмай қалды. Оқиғалардың соншалықты сәтті болғаны жөнінде жазылған кітаптар мен мақалалардың бәрін оқып түгесу мүмкін емес. Соларды қысқаша қорыта отырып, мамандар баянды бейбітшіліктің шешуші факторларын ерекшелей көрсетті. Соғыстар құнының өсіп кеткені бірінші фактор. Соңғы әрі ақырғы Нобель сыйлығын атом бомбасын жасаған Роберт Оппенгеймер мен оның командасына беру керек еді. Ядролық қару асқақ державалар арасындағы соғыс өзін-өзі жаппай өлтіру екенін ұқтырды. Күш көрсету енді Жер жүзін иемденуге көмектеспейді. Соғыс бағасы өсті де, табыс табу деңгейі төмендеді. Талай ғасырлар бойы мемлекеттер олжа табу немесе дұшпандардың жер аумағын тартып алу есебінен баюға ұмытылды. Егістік жер, мал, құлдар мен алтын – байлық көзі еді. Сондықтан оларды жаулап алу, кейде тартып әкету оңай болатын. Қазіргі кезде негізгі байлық дегеніміз – адами ресурстар, техникалық білімдер мен банк тәрізді әлеуметтік-экономикалық құрылымдар. Оларды өзімен бірге алып кету немесе жеке иеліктің бір бөлігіне айналдыру қиындау.
Мысалы, Калифорния. Бір кездері бұл штат алтын кеніштерінің есебінен байыды. Ал бүгінде оның байлығы – кремний мен целлулоид, Силикон алқабы мен Голливудтың целлулоидты жоталары. Егер Қытай Калифорнияға баса-көктеп кіріп, Сан-Франциско жағажайына миллион солдатын түсіріп, құрлық түкпіріне қарай ұмтылса, не болар еді? Олар одан нені іліп алады? Силикон алқабында кремний рудниктері жоқ. Оның басты байлығы – «Google» компаниясы қызметкерлерінің миы, Голивудтың сценарийшілері, арнаулы әсер туындатушы мамандар, олар Қытай танкілері Сансет бульварына жеткенге дейін бірінші рейспен Бангалорға немесе Мумбайға ұшып кетеді ғой. Әлемде аракідік болып жататын кең көлемді соғыстардың біразы байлықты ескі, материалдық қалпында түсінетін жерлерде тұтанатыны кездейсоқтық емес. Кувейт шейхтары да жеке ұшақтарымен ұшып кете алады, алайда мұнай ұңғылары басқыншыларға бұйырады ғой.
43 және 44. «Алтын дүмпуі» кезеңіндегі Калифорниядағы кен орны (жоғарыда) мен «Google» компаниясының Сан-Франциско маңайындағы штаб-пәтері. 1894 жылы Калифорнияның байлығы – алтын, қазір – кремний. Бұрын алтын Калифорния топырағында жатса, қазіргі Калифорния аңғарының қазынасы тек жоғары технологиялар саласы мамандарының басында ғана жүреді. Соғыс қып-қызыл шығынға айналды. Есесіне, бейбітшілік бұрын-соңды мұндай пайдалы болып көрген емес. Дәстүрлі аграрлық қоғамның экономикасында халықаралық сауда-саттық пен шетелдік инвестиция елеулі рөл атқарған жоқ, сондықтан да бейбітшілік аса кәделі (соғысуға шығындалуға тура келмейтінінен басқа) бола қоймады. 1400 жылы Франция Англиямен соғыспаса, онда бұл елдердің тұрғындары қосымша әскери салықтар төлеп, шапқыншылық салдарынан зардап шекпейді, бірақ бұл олардың әмияндарына басқаша еш әсер еткен емес. Қазіргі замандағы капиталистік экономикада алдыңғы орынға инвестициялар мен халықаралық сауда шықты. Бейбіт өмір қомақты дивидендтер алып келеді. Қытай АҚШ-пен ұрсысып қалмайынша, өз өнімдерін Штаттарға сатып, Уолл-стритте саудасын жүргізе береді әрі америкалық инвестиция алады. Ақырында, саяси мәдениеттің тектоникалық тақталары ілгері жылжыды. Бұрынғы элитаның көпшілігі ғұндардың, викингтердің көсемдері, ацтек абыздары – соғысты игілік көрді. Басқалары жауыздық, жүдә қашып құтыла алмайтын жауыздық деп есептегендерімен, соғысты өз пайдаларына жаратуға тырысты. Тарихта тұңғыш рет әлемді пацифистік элита – соғысты қашып құтылуға болатын және қашып құтылу керек кесапат санайтын саясаткерлер, бизнесмендер, интеллектуалдар мен мәдениет қайраткерлері басқарады (Мәселен, алғашқы христиандар да баяғыда пацифистер болды, алайда олардың кейбірі билік басына келген кезде «екінші бетін тосу» туралы өсиетті тез ұмытып кететін). Осы төрт фактордың бәрі жағымды кері байланыс ұстыны бойынша бірігеді. Ядролық ақырзаман қатері пацифистік көңіл ауанын күшейте түседі, пацифизмнің өрістеуіне орай соғыс кері шегініп, сауда-саттық гүлдейді, ал сауда ісі бейбітшіліктің кірісін және соғыстың шығынын арттырады. Уақыт өте келе осы цикл тағы бір, бәлкім, ең сенімді соғыстан қорғайды: халықаралық байланыстардың тығыз желісі елдердің көбін іс-әрекет еркіндігінен айырып, олардың өз бетінше соғыс төбеттерін байлаудан босата салу ықтималдығын мейлінше азайтады. Мемлекеттердің көпшілігі толық тәуелсіздік иеленбегендіктен де қазір қақтығысқа килігіп, кикілжің шығара алмайды. Израильдің, Италияның, Мексиканың немесе Таиландтың азаматтары осыған қатысты әлдебір қиялға елігуі, көңілі желігуі мүмкін, бірақ олардың үкіметтері ешкімге тәуелсіз экономикалық немесе халықаралық саясатты мүлдем жүргізе алмайды. Міне, сондықтан өз бетінше, дербес түрде соғыс жариялап, ұрысқа кірісу де қолдарынан келмейді. 11-тарауда дүниежүзілік империяның қалыптасуы жөнінде әңгімеледік. Бұрынғы ізбасарлары сияқты бұл империя да өз әлемінің шегінде орнайды. Шекаралары күллі Жер шарын қамтитындықтан, ол шын мәнінде әлемдік империя болады. Ал енді қазіргі заман дегеніміз не – мән-мағынасыз қырғынның, соғыстар мен қанап-қинаудың кезеңі ме? Бірінші дүниежүзілік соғыстың бекіністері, Хиросима мен Нагасаки үстіне көтерілген ядролық «саңырауқұлақ» сұлбасы, әлде Гитлер мен Сталиннің есірік жоспарлары ма? Бұл бейбіт тұрмыс кезеңі ме, Оңтүстік Америкада ешқашан жертаса қазылып, бекініс жасалмай, Мәскеу мен Нью-Йорк төбесіне ядролық «саңырауқұлақ» көтерілмей, Махатма Ганди мен Мартин Лютер Кингтің жарқын жүздерін ғана көз алдымызға әкелеміз бе? Мұның жауабы біздің қай уақыт үзігінде тұрғанымызға байланысты болып шығады. Өткен кезеңдер туралы білігіміз соңғы аздаған жылдардағы оқиғаларының әсерімен қаншалықты бұрмаланып кететінін де түсіне білген жөн. Осы тарауды 1945 немесе 1962 жылы жазсақ, тым күйректеу әңгіме айтар ма едік? Жазбаны 2012 жылы жаздық, сондықтан да қазіргі тарихқа біршама оптимистік көзқараспен қараймыз. Оптимистерді де, пессимистерді де ренжітіп алмау үшін біздің уақыт өте сирек кездесетін динамизмімен ерекшеленді. Тозақтың да, жұмақтың да табалдырығында тұрмыз, бір қақпадан екіншісіне ұмсына береміз. Тарих әлі қорытындысын шығара қойған жоқ, кейбір кездейсоқ сәйкестіктер бізді әлдебір бағытқа итере салуы әбден мүмкін ғой.
* Мұндай қауымда бәрі бірін-бірі жақсы біледі, әрі бір-бірінсіз өмір сүре алмайды.
19-тарау
Олар ұзақ та бақытты өмір сүрді
Соңғы жарты мың жылдық жан толқытарлық революциялар тізбегіне куә. Жер шары біртұтас экологиялық және тарихи конгломератқа айналды. Экономика көкке шапши өсті. Бүгін халық ертегілерде ғана айтатын байлық пен бақтың рақатына кенеліп отыр. Ғылым мен индустриялық революция адамзатқа теңдессіз табиғи күш-қуат пен энергияның сарқылмас қайнар көзін ұсынды. Әлеуметтік құрылыс салты толықтай түлеп, саясат, күнделікті тірлік, психология өзгеріп кетті. Ал біз бақытты бола алдық па? Адамзат бес ғасыр бойы жиған қазына- байлықты бақытқа балауға бола ма? Таусылмас энергия көзін ашу арқылы түгесілмес бақытқа кенелдік пе? Артымызға бұрылып қарасақ, когнитивті революциядан бергі жеті ғасыр немесе қарқынды мыңжылдықтар бойы өмірімізді жақсарта алдық па? Тып-тымық, тап-таза Айға табаны алғаш тиген Нил Армстронг Шове үңгірінде 30 мың жыл бұрын алақан таңбасын қалдырған есім-сойы белгісіз аңшы мен терімшіден бақыттырақ па еді? «Иә!», – деп жауап қата алмасақ, ауыл шаруашылығын дамытудың, қалалар салудың, жазуды ойлап табудың, ділда соғудың, империя құрудың, ғылым мен өндірісті өркендетудің не керегі бар? Тарихшылар бұл сауалдарға көп бас қатырып жатпайды. Олар Урук немесе Бабыл тұрғындарынан өздерінің ата-бабалары бақыттырақ болды ма деп сұрамайды. Исламды өркендеткен Мысыр тұрғындарының өмірге разылығы артты ма? Әлде Еуропа империяларының күйреуі Африкадағы сансыз миллион адамдарды шат-шадыман өмірге кенелтті ме екен? Бұл тарих қойған ең маңызды сауалдар ғой. Бүгінгі идеология мен саяси бағдарламалар адами бақыттың әлсіз қайнарларына сүйенеді. Ұлтшылдар адам бақытты болу үшін саяси тағдыр ұлттың қолында болуға тиіс деп есептейді. Коммунистер пролетариаттың диктатурасы нағыз бақыт деп тұжырымдады. Капитализм еркін нарық экономикалық өсім мен аста-төк өмірге кенелтеді, демек, адамдардың көпшілігінің жүзі жарқын болады деп есептейді. Зерттеулер мұның бәрін терістесе ше? Экономикалық өсім мен аста-төк өмір адамдарды бақыттырақ ете алмайды десек, капитализмнің керегі не? Кейде тәуелсіз елдің азаматтарынан гөрі алып империялардың бодандары өздерін бақытты сезінетіні несі? Алжирліктер тәуелсіз тудың астында өмір сүргеннен гөрі француздар басқарған кездегі өмірді ұнатса ше? Онда біз отарсыздану үдерісі мен ұлттардың өз жолын өзі таңдау құқына қандай баға бере аламыз? Әрине, мұның бәрі болжалды мүмкіндіктер ғана – әлі күнге дейін тарихшылар жауап бермек түгілі, мұндай сауалдарды төтесінен қоюдан қашқақтай береді. Жарық дүниедегі барлығының оқиғалар тізбегін: саясат пен қоғамның, экономиканың, гендерлік қарым-қатынастардың, ауру-сырқаудың, сексуалдылықтың, тағамдардың, киімнің – бәрінің тарихын қарастырады, бірақ мұның бәрі адамның өзін бақытты сезінуіне қаншалықты әсер ететінін сұрау ешкімнің ойына келмейді. Бақыт тарихымен ешкім арнайы айналыспаса да, әрбір маманның және маман емес адамның бұған қатысты қандай да бір бұлыңғырлау түсінігі бар. Ауыздан түспейтін үйреншікті бір пікірге сәйкес, тарихтың ұзын-ырғасында адамның мүмкіндігі ұдайы кеңи түсті. Ал адам мүмкіндіктерін әдетте бақытсыздықтан құтылып, діттегеніне жету үшін пайдаланатындықтан, ортағасырлық бабаларымыздан өзімізді бақыттырақ санауға себеп көп. Ал олар кезінде тас ғасырының терімшілерінен бақыттырақ өмір сүрді. Әйтсе де тарихқа қатысты тап осындай прогрессивті көзқарас күмән туғызады. Жаңа жорықтар, мінез-құлықтың жаңа тұрпаты мен жаңаша дағдылары әрдайым тұрмысты түлетіп, жақсарта бермейтініне көз жеткізіп үлгердік. Аграрлық революция барысында адамдар ауыл шаруашылығын игерген кезде олардың қоршаған ортаға өктемдігі артты, бірақ көпшілігінің хал-ахуалы қиындай түсті. Шаруалардың аңшылар мен терімшілерге қарағанда көбірек жұмыс істеулеріне тура келді, ал нәтижесінде, ауру-сырқау мен езіп-қанау алдында дәрменсіздігін айтпағанда, олар түрі тапшы, құнары аз тағамдарды өндірді. Сондай-ақ еуропалық империялардың қанатын кеңге жаюы адамзаттың ұжымдық күш-қуатын едәуір арттырды, идеялар, технологиялар мен жергілікті ресурстар қарқынды алмасып, жаңа нарықтар ашылды. Бірақ осының бәрі Африканың, Америка мен Австралияның тұрғындарына майдай жаға қоймаған шығар. Адам баласының күш пен билікті асыра пайдалануға бейімдігін ескере отырып, күш-қуат пен бақытты шендестіру, жұмсарта айтқанда, барып тұрған алаңғасарлық деуге толық негізіміз бар. Бұған тура қарама-қарсы көзқарас та табылады. Оны жақтаушылар адами мүмкіндіктер мен бақыттың арасында кері байланыс барын айтады. «Билік азғындатады», – дейді олар. Адамзат билік пен байлықты неғұрлым жинақтаған сайын, соғұрлым механикалық дүниеге бой үйретіп, шынайы мұқтаждықтарымызға салғырт бола бастайды. Эволюция санамыз бен тәнімізді аңшы-терімшілердің тұрмысына арнады. Ауыл шаруашылығына, содан соң өнеркәсіптік тірлікке көшу бізді табиғи бейімдігіміз бен инстинктіміз ашылмайтын, ақ қанатты армандарымыз қанағат таба алмайтын жасанды тірлік кешуге мәжбүр етті. Қаладағы орта таптың жанға жайлы тұрмысынан мамонтты жайғап тастап, етін жабыла бұтарлап жатқан аңшылардың табиғи құштарлығы мен саф таза қуанышын қайдан табарсың? Әрбір тың жаңалықты ашқан сайын, өзіміз бен жұмақ бағы арасындағы қашықтықты ұлғайта береміз. Бірақ әрбір өнертабыстың көлеңкелі жағын ғана көргісі келіп тұратын романтикалық құштарлықтың өзінде де прогрестен қашып құтыла алмаймыз. Табиғи «тамырымызбен» байланысымызды үзіп алған шығармыз, бірақ бұл онша жаман нәрсе емес. Мәселен, соңғы екі жүзжылдықта медицина балалардың өлім-жітімін 33%-дан 5%-ға дейін төмендетті. Бұл дегенің тек тірі қалған балаларға ғана емес, олардың ата-аналарына да зор бақыт қой. Мұның орташа, өзгешелеу тәсілі де бар. Ғылыми революцияға дейін мүмкіндіктер мен бақыттың өзара байланысының мәндестігін қаперге алмады. Ортағасырлық шаруа, аңшы мен терімші бабаларынан бақытсыздау болған да шығар. Бірақ соңғы бірнеше 100 жылдықта адамдар өз мүмкіндіктерін мейлінше жосықты пайдалануға үйренді. Жаңа заман медицинасының жеңісті шеруі – соның бір дәлелі. Бұдан өзге теңдессіз жетістіктер – зорлық-зомбылықтың едәуір қысқарып, дүниежүзілік соғыстардың іс жүзінде жоғалуы, жаппай ашаршылыққа ұшырау қатерінің жойылуы туралы да айтуға болар. Бірақ бұл пікір нұсқасы да қарабайырлыққа ұрындырады. Біріншіден, оптимистік бағалаулар өте шағын дәйектер іріктемесіне сүйенген. Адамдардың басым бөлігі жаңа заман медицинасының жемісін 1850 жылдан кейін көре бастады, ал балалардың өлім-жітімімен нәтижелі күрес жүргізу ХХ ғасырдың еншісіне ғана тиесілі. Жаппай ашаршылықтан адамзат ХХ ғасырдың ортасына дейін зардап шегіп келді. 1958–1961 жылдары Қытай коммунистік партиясы жүзеге асырған Үлкен секіріс науқаны кезінде, әртүрлі есептемелер бойынша, 10-нан 50 миллионға дейін адам ашаршылықтан өлген. Халықаралық соғыстар 1945 жылдан кейін жаңа қару қолданып, жаппай қырылып қалудан қорыққандықтан, ішінара тоқтады. Соңғы бірнеше онжылдықтар көптен күткен алтын ғасыр іспеттес бола тұра, тарих барысында іргелі жылжу болды ма, әлде бұл қолайлы жағдаяттардың уақытша, қысқамерзімді тоғысуы ғана ма, әйтеуір, кесімді уәж, тиянақты пікір айтуға әлі ертелеу. Оның үстіне, қазіргі заман туралы ХХІ ғасырдағы ой-өресі орташалау америкалықтың ұстанымы тұрғысынан пайымдауға бейім тұрамыз. ХІХ ғасырдағы валлия шахтерінің, апиын шегетін қытай наркоманының немесе Тасманияның байырғы тұрғынының пікірлерін де тыңдасақ, жаман болмас еді. Тасманияның ең соңғы аборигені Труганини де Гомер Симпсон сияқты көңіл аударуға әбден лайық тұлға ғой. Екіншіден, қысқа ғана алтын ғасырымыз (соңғы жарты жүз жылдық) келешектегі кесапаттың тұқымын сеуіп кетпеді ме, жоқ па, оны әлі білмейміз. Осынау онжылдықтар ішінде бірнеше мәрте және әртүрлі жолмен ғаламшардың экологиялық теңгерімін бұздық, ал бұл түбінде келтегін басқан кетпеннің сабындай маңдайымызға сарт ете қалып жүрмесін деңіз. Бейберекет тұтыну желігімен адами молшылықтың тамырына балта шауып жатқанымызды көптеген деректер көзге шұқи көрсетуде. Сайып келгенде, қазіргі sapіens-тердің теңдессіз табысына тек өзге тіршілік иелерінің тағдырына көзді жұма қарап қана шаттануға болады. Бізді ашаршылық пен ауру-сырқаудан қорғаштайтын анау босалқы қорлар мен мынау телегей білімдер зертханалық маймылдар, сауын сиырлар, инкубатор балапандары есебінен жинақталды ғой. Соңғы екі жүзжылдықта осынау мақұлқаттардың жүздеген миллиарды өздерінің қысқа ғұмырларын қатыгездігі жөнінен Жер шарының бүкіл тарихында теңдесі жоқ индустриялық қанап-қинау жағдайында өткізді. Жан-жануарлар құқын қорғаушылар қақсай айтып жүргендерінің әңгімесінің оннан бір бөлігі рас болса, онда қазіргі индустриялық ауыл шаруашылығы – ата тарихтағы ауыр қылмыс екен. Баршаға ортақ бақыт хақында сөз оздырар шақта тек элитаның, еуропалықтың немесе еркектердің бақытын ғана есепке алуға болмайды. Бәлкім, тек адамзат бақытына ғана назар аударып, көңіл бөлумен шектелу де әділетсіздік шығар.
Бақыттың есебі Бұған дейін бақыт жайында материалдық факторларды: денсаулықты, тамақтануды, байлықты әңгімеледік. Адам байып, денсаулығы жақсарса, бақыты үстемеленгені ғой. Бірақ бәрі шынымен осыншалықты қарадүрсін болғаны ма? Философтар, дін қызметкерлері мен ақындар бақыттың мәнін іздеумен талай ғасыр бас қатырып, ақырында, материалдық жағдайлармен қатар, әлеуметтік, этикалық және рухани факторлардың да маңызы зор деген қорытындыға келді. Ал енді қазіргі өркендеген қоғамда адамдар болмыстың безбүйректігі мен баянсыздығынан жапа шегіп жүрсе ше? Айтпақшы, онша бай болмаған ата-бабаларымыз араласып-құраласудан, діннен, табиғатпен қауышудан шадыман шаттық, көл-көсір қуанышқа кенеле алды ма екен? Соңғы онжылдықта психологтар мен биологтар бақыттың факторларын зерттеуге шындап кірісті. Мұнда не маңыздырақ; ақша ма, отбасы ма, ген әлде ізгілікті істер ме? Ең әуелі, біз бақыт деп нені есептейтінімізді анықтап алуымыз керек. Жалпы мойындалған бақыттың анықтамасы – «субъективті әл-ауқат» екен. Яғни бақыт менің ішкі жан дүниемде – рақатты тікелей сезінуім немесе өмірім қалай өтіп жатқанына ұзақ уақыт қанағат қылып, шүкіршілік етуім. Бақыт ішкі сезім болса, оны сырттан қалай өлшеуге болады? Субъективті көңіл күйі туралы адамдарға сұрақ қойып көруге болады. Бақыт деңгейін бағалағысы келген кезде психологтар мен биологтар адамдарға анкета таратып, нәтижелерін есептеп шығарады. Субъективті әл-ауқатты бағалайтын ортақ үлгідегі анкета нөлден онға дейінгі шкала бойынша баға белгілеуді ұсынады, оған мынадай сөз тіркестерін қолданады: «Осы қалпыма ризамын», «Өмірім өте сәтті өтіп жатыр деп есептеймін», «Болашаққа оптимизммен қараймын», «Өмірім жақсы». Содан соң зерттеушілер балдарды қосып, респонденттің қанағаттану деңгейін есептейді. Мұндай сауалнамалар бақыттың субъективті сезімі мен әрқилы объективті факторлардың ара салмағын ажырату үшін қолданылады. Мәселен, жылына 100 мың доллар жалақы алатындар мен 50 мың доллар табыс табатын адамдар салыстырыла зерттелді. Бірінші топтағылардың субъективті молшылығы – 8,7 балл, ал екінші топтағылардікі тек – 7,3 балл болса, байлық пен субъективті молшылық арасында өзара байланыс бар. Қысқаша айтқанда, ақша көп болған сайын, бақыт та молаяды деп пайымдауға болады. Демократиялық елдерде тұратын адамдар диктаторлық режимде өмір сүретіндерден қаншалықты бақыттырақ, сондай-ақ некелескен адамдар бойдақтардан, ажырасқан жалғызбастылардан, жесірлерден қаншалықты алаңсыз деген сауалдарға да осы тәсіл арқылы жауап алуға болады. Бұл тарихшылардың ізденістеріне де сенімді негіз қалайды. Олар өткен кезеңдердегі байлық пен саяси бостандық деңгейін немесе ажырасулар пайызын зерттей алады. Демократия кезінде некелескен адамдар бақытты өмір сүретіні анықталса, тарихшылардың «Соңғы онжылдықтардағы демократияландыру үдерісі адамзаттың бақытты болуына ықпал етті, ал өсіп бара жатқан ажырасушылар үрдісі, керісінше, бақытқа кесірін тигізуде» деп дәйекті түрде тұжырым жасауына ерік береді. Бұл тәсілдің кемшіліктері де жоқ емес, бірақ оның олқы жағына шұқшимас бұрын, әуелі жетістігін қарастырып көрейік. Қызықты қорытындылар арасында: «көп ақша шын мәнінде де бақытты жете сезінуге әсерін тигізеді» деген де түйін бар. Алайда бұл сезім белгілі бір шекке дейін жетеді де, одан әрі айырмашылық селкеуленіп, мүлде жоғалады. Америкадағы бөгде біреулердің пәтерлерін тазалап, 12 мың доллар табатын жалғызілікті әйел лотереядан 500 мың доллар ұтып алса, оның өз әл-ауқатын субъективті бағалауы біразға дейін жоғары көтеріледі, яғни ол бақытты болады. Жылына 250 мың доллар алатын топ-менеджер миллион доллар ұтып алса немесе компания аяқ астынан жалақысын екі есе өсірсе, бірнеше аптаға ғана бақыттан басы айналып жүреді. Сезім ауанында ұзақмерзімді өзгерістер болмайтынын эмпирикалық деректер көрсетті. Иә, мықты машина сатып алады, пәтерден жеке үйге көшеді, Калифорния Кабернесінің орнына Шато Петрюс іше бастайды – бірақ көп ұзамай бұлардың бәрі кәдуілгі нәрседей көрініп, қызығы кетіп қалады. Тағы бір қызықты мән-жайды айтайық: сырқат адам өзін бақытсыз сезінеді. Азапты әрі тұрақты ауру қинаған кезде айықпастай уайымға түседі. Созылмалы сырқаты жөнінде – мысалы, диабет екенін білген кезде адамдар біршама уақыт уайым шегеді, бірақ ауруы асқынып кетпесе, өзінің осы жағдайына бейімделіп алады да, дені сау-саламат адамдар қанша «бақыт көрсеткішін» жинаса, ол да сонша жинайды. Ойша эксперимент жүргізейік. Орташа дәулетті отбасынан шыққан егіздер – Люси мен Люк субъективті әл-ауқатын зерттеуге келісім берді. Психологиялық зертханадан қайтып келе жатқанда Люси жол апатына ұшырап, сынығы ұзақ бітіп, ақсақ болып қалады. «Жедел жәрдем» Люсиді ауруханаға алып бара жатқан кезде Люк оған телефон шалып, қуанышты хабарын жеткізгісі келеді: ол джекпоттан 10 миллион доллар ұтып алған еді. Екі жыл өткеннен кейін қарындасы әлі ақсаңдап жүрді, ал ағасы бұрынғыдан әлдеқайда бай еді, алайда психолог кезекті сұрақтарымен келгенде, олардың қайтарған жауаптары сол бір қатерге душар болған күнгіден айырмашылығы аз екенін аңғарды. Отбасы мен араласып-құраласатын орта бақыт деңгейіне ақша мен денсаулықтан гөрі көбірек әсерін тигізеді екен. Өркенді, сенімді достық әрі туыстық байланыстары бар мықты отбасында өсіп-өнген адамдар үнемі алауыз, ешкіммен араласпайтын, тіпті араласқысы да келмейтін отбасынан шыққандарға қарағанда әлдеқайда бақыттырақ болатын көрінеді. Әсіресе некенің маңызы зор. Сәтті некелесу мен субъективті әл-ауқаттың жоғары деңгейінің, неке мен бақыттылықтың төмен балының арасында тікелей өзара сабақтастық барын зерттеулер бірнеше мәрте дәлелдеп берді. Бұл – адамның экономикалық тіпті физикалық жай-күйіне байланысты емес. Отбасының, құлай сүйетін әйелі мен қайырымды достарының ортасында отырған кедей кейде мүгедек жалғызбасты, соқа басы сопайып қалған миллиардерге қарағанда, өзін әлдеқайда бақытты сезінеді ғой. Тек бір ғана ескертетін жайт: ол тақыр кедейлікке килігіп, ауруы жанына батып, асқынып бара жатпаса болғаны. Осы жерде бір теория ойға келіп тұр: соңғы екі ғасырда отбасылар мен тұтас қауымдар күйреді де, материалдық жағдай едәуір жақсарды. Олай болса, орташа шамамен алғанда, Батыс елдерінің тұрғындары 1800 жылғы адамдармен салыстырғанда өздерін онша бақытты сезінбейді. Тіпті біз соншама әспеттеген бостандық та бақытқа қарсы шығып тұр ғой. Әріптестерді, көршілер мен достарды таңдай аламыз, бірақ енді олар бізді тастап кете береді. Әрбір адамның өмірлік жолын таңдап алуына шексіз мүмкіндіктер пайда болғанымен, өмірлік міндеттерді атқару бұрынғыдан да қиындай түседі. Отбасы мен қоғамдық байланыстар қирап, жалғыздықтың оқпанына түсіп кетеміз. Басты жаңалық: бақыт деген объективті жағдайларға, байлыққа, денсаулыққа, тіпті қарым-қатынастарға байланып қалмайды екен. Абзалы, бақыт объективті жағдайлар мен субъективті дәметулердің өзара байланысына сабақтасып жататын сияқты. Біреу өгіз бен арбаны армандап жүріп, соған қолы жетсе, мәз-мейрам болады ғой. Су жаңа «Феррари» мінуді қалап, ескі «Фиатқа» қолы жетсе, әрине, көңілі қоңалтақсып қалатыны анық. Міне, неліктен лотереядан ұту да, жол апатына ұшырау да бақытты сезінуге бірдей әсер ететіні осы: хал-ахуал жақсарған кезде дәме артып, үміт ұлғаяды – объективті жағдайлар қаншама жақсарғанымен, бәрібір соншама қанағат сезімі болмайды. Ал шаруа алға баспай, қырын кеткен кезде үміт жіңішкеріп, дәме «бүрісіп» қалады да, соның нәтижесінде жарақат адамның өзін бұрынғыдай бақытты сезінуіне кедергі келтіре алмайды. Әрине, мұны түсіну үшін анкетасын ала шабатын психологқа барып жолығу міндетті емес. Пайғамбарлар, ақындар мен философтар осыдан мыңдаған жылдар бұрын-ақ дүниенің соңынан өмір бойы қуалағаннан гөрі, қолда барыңды қанағат тұтқан абзал екенін ұғып қойған. Дей тұрғанмен, зерттеулер, деректер мен кестелердің барлығы ежелгі заман даналарының интуитивті ой қорытуларын растап жатқаны көкейге қонып, көңілге жағады екен. Жеке адамның үміт-дәмесі тәрізді маңызды факторды есепке алмай бақыттың тарихын зерттеу мүмкін емес. Бақыт тек объективті жағдайлармен, байлықпен, денсаулықпен және араласу ортасымен ғана өлшенсе, әрқилы тарихи кезеңдердегі бақыттылық деңгейін анықтау онша қиынға түспес еді. Бірақ бақыт субъективті дәмеге байланысты болғандықтан, тарихшының жұмысы біршама қиындайды. Мысалы, қазір жүйкені тыныштандырып, ауырғанды басатын дәрі-дәрмектер толып жатыр, бірақ ауру-сырқауға немесе жайсыздыққа төзу қабілетінің төмендегені сонша, ата-бабаларымызға қарағанда аурудан көбірек азап шегеміз. Мұндай дәйектемеге бас шұлғып, келісе кету оңай емес. Әлдебір адамның қазір немесе өткен шақта қаншалықты бақытты болғанын бағамдағымыз келсе, оның орнына өзімізді қойып көргіміз келеді. Бірақ мұндай тәсіл кәдеге аспайды, өйткені мүлде бөтен материалдық жағдайларды өзіміздің субъективті дәмемізге көшіргіміз келеді. Орта ғасырдағы шаруа айлап жуынбады, оның ауыстырып киетін де ештеңесі жоқ еді. Мұндай жағдайда өмір сүру туралы ойдың өзі қазіргі адамға жиіркенішті. Ал ортағасырлық шаруа оған елең етпеді. Ол сасыған иіс пен үстіндегі кір-кір көйлекке әбден үйреніп алған еді. Ауыстырғысы келсе де, басы артық киімі жоқ, тіпті ауыстыруға да онша құлықты емес. Яғни киімі, түптеп келгенде, өзіне ұнайды, жайлы. Бұл да ойлап қарасақ, таңғаларлық жағдай емес. Жақын жұрағаттарымыз – шимпанзелер одан да сирек шомылады, ал киімін мүлде ауыстырмайды, бірақ оған бола қиналып, ренжімейді. Өзімізбен бірге үйде тұратын иттер мен мысықтардың да себелекпен суға түсіп, жуынбайтыны және үстіндегісін ауыстырмайтыны еш ерсі емес. Бәрібір оларды құшақтап, кейде емірене сүйеміз. Бақуатты Батыста да бөбектердің көбі сусабынмен, ысқышпен жуындырғанды ұнатпайды: ересектердің пікірінше, оларды осы бір жақсы әдетке үйреткенше ата-ананың біраз шыдамы мен уақыты кетеді. Бәрі дәмеге байланысты қалыптасады.
45. Байырғы заманда сұлулықтың сипатын көрші қонған адамдар анықтап беретін. Қазір БАҚ пен сән индустриясы адамның шамасы жете бермейтін стандарттарға еліктіреді. Олар жер шарындағы ең көрікті адамдарды іздеп тауып, оларды жалаулатып көрсете береді. Осыдан өзімізге көңіліміз неге тола бермейтіні түсінікті шығар. Бақыт дәмемен құралатындықтан, біздің қоғамның екі тірегі – БАҚ пен жарнама, өздері қаламаса да, қанағаттың жаһандық ресурсын жұтатып барады. Бес мың жыл бұрын қияндағы бір елдімекендегі он сегіз жастағы бозбала өзін бетіне ешкім қарсы келе алмайтын мықты жігіт санар еді, өйткені қоныстағы 50 шақты еркектің басым бөлігі бет-аузын әжім не тыртық басқан мыжырайған қарттар немесе ана сүті аузынан кеппеген бөбектер болатын. Ал қазіргі заманның бозбаласы көбінесе «әлдекімге жете алмай қалудан» қорқады. Тіпті сыныптастарының көбі – әдемі емес, ол сыныптастарына емес, күн сайын теледидардан, әлеуметтік желілер мен әйдік жарнама тақталарынан көріп жүрген киножұлдыздар, спортшылар мен супермодельдер қатарына жетуге ұмтылады. Бәлкім, үшінші әлемнің наразылығы кедейшіліктен, сыбайлас жемқорлық пен саяси қысымнан емес, өз өмірлерін бірінші әлемдегі тұрмыс қалыптарымен салыстырудан басталған шығар? Хұсни Мүбарак билігі кезінде қарапайым мысырлықтың ашаршылықтан, ауру-сырқаудан, әлде зорлық-зомбылықтан өлу ықтималдығы ІІ Рамзес немесе Клеопатра билеген кездегіден әлдеқайда төмен болған еді. 2011 жылы мысырлықтар көшеге қаптай шыққан кезде би билеп, ән шырқап, мейірім-шапағаты үшін Алла тағалаға алғыс айтуы керек сияқты көрінген. Жо-оқ, олар сұмырай Мүбаракты тағынан тайдыру үшін шықты. Олар өздерінің хал-жағдайын перғауын тұсындағы ата-бабаларының өмірімен емес, Обама кезіндегі америкалықтардың бақуатты тұрмысымен салыстырды. Мұндай жағдайда тіпті ажалсыздықтың да арғы жағы, астары көрініп қалады ғой. Ғылым бүкіл аурудан айықтыратын, қартаюдың алдын алып, тосқауыл қоятын дәрі-дәрмекті жасап, жастық шақты мәңгілік сақтап қалатын регенеративті емдеу тәсілін тапты делік. Мұның бәрі түбінде қорқыныш пен ашу-ызаның індетіне айналып кетпесін деңіз. Жаңа шыққан ғажайып дәріні алуға қалтасы көтермейтіндер – адамзаттың орасан зор бөлігін ашу-ыза буып, ақылынан адасады. Сан ғасырлар бойы кедейлер мен езгіге түскендер, қалай болғанда да, ажалды сәтте бәріміз теңбіз ғой деген оймен көңілдерін жұбатып келді. Байлар мен құдіретті күштілер де өлетінін медет тұтты. Ал, енді мына сен, тақыр кедей, өлесің де, анау алпауыт бай мәңгі жас және әдемі қалпында қала бермек деген ойға қалай көндігу керек? Айтқандай, жаңа дәріге қол жеткізе алатын ат төбеліндей аз ғана топ та аса қуана қоймайды. Бұл бақытты жандардың да көңілін күпті қылып, мазасын қашыратын жаңа бір себептер пайда болады: ғажайып-терапия жастық шақ пен өмір сүруді ұзартқанымен, өлген адамды тірілтуге шамасы келмейді. Содан қорқынышты ой қара бұлттай қаптайды: «мен, менің ет жақын туыстарым жол апатына ұшырамаса немесе терроршы жарып жібермесе мәңгі өмір сүрер еді-ау», – деп жанын қинайды! Ажалсыз болуы ықтимал жандар кез келген қатерден қорқады, жұбайын, баласын немесе досын жоғалту орны толмас өкінішке, жан төзбес дертке айналады.
Химиялық бақыт Әлеуметтанушылар анкетада субъективті «көңіл күй» туралы сұрақ қойып, жауаптарды байлық және саяси бостандық сияқты әлеуметтік-экономикалық факторлармен шендестіреді. Биологтар да тап сол сұрақты қойып, бірақ жауабын биохимиялық және генетикалық факторлармен байланыстырады. Оның нәтижесі, шынын айтсақ, адам шошытады. Биологтар ойларымыз бен сезім ауанымызды эволюция миллиондаған жылдар бойы қалыптаған биохимиялық тетіктер басқарады деп есептейді. Жан дүниеміздегі кез келген хал-ахуал сияқты факторларға – жалақы мөлшері, қарым-қатынастар жүйесі, саяси құқықтар емес, керісінше, жүйкенің, нейрондардың, түйіспелер мен биологиялық белсенді заттектердің: еротиннің, дофамин мен окситоциннің күрделі жүйесін құрайды. Лотореядан ұту да, үй сатып алу да тіпті сүйіспеншілік те адамды бақытты ете алмайды. Адамды бақытты ететін бір ғана нәрсе – организмдегі жағымды сезім ауаны. Лотореядан ұтқан адам немесе махаббат ләззатына кенелген адам шаттықтан аспанға шапшыса, ол сүйіспеншілік сезімге немесе ақшаға еліге елеуреп тұрған жоқ. Ол қандағы гормондарға, мидың белгілі бір бөлігіндегі электр зарядтарына жауап қайтарып, желігіп кетті. Өкінішке қарай, жер бетінде жұмақ орнатпақшы ниеттің бәрін белден басқан, біздің биохимиялық жүйе, сірә, бақыттың белгілі бір деңгейін ғана қолдаумен шектеледі. Табиғи іріктеу үрдісі бұл жерде жарамай қалады: бақытты дәруіштің генетикалық желісі осы тұстан үзіледі, ал алаң көңіл ата-ананың гендері келесі ұрпақ буынына беріледі. Эволюцияда бақыт пен бақытсыздық ептеп-септеп қана рөл ойнап, әлдебір сәтте тірі қалып, ұрпақ тарату үрдісіне септеседі. Сондықтан эволюция бізді аса бақытты немесе тым бақытсыз жасамағанына таңданбаймыз. Биологиялық тұрғыдан жанға жайлы, жағымды сезімдердің қас қағым сәтінен ләззат алып, рақатқа бөленуге бейімделгенбіз. Бірақ ол ұзаққа созылмайды: ерте ме, кеш пе, әйтеуір, жағымсыздау сезімдер ауанына орын беріп, бақыт кері серпіледі. Мысалы, бала көтеруге жарамды әйелмен жыныстық қатынас жасап, генін таратқаны үшін эволюция еркектерді жағымды сезім ауанымен жарылқайды. Жыныстық қатынастан соншалықты жанға жайлы әсер алып, рақатқа бөленбесе, еркектердің көбі төсек қатынасына түсуден ада-күде бас тартар еді. Эволюция жағымды сезім ауанының тым ұзаққа созылып кетпеуін де ойластырған. Оргазм бірнеше тәулікке созылып кетсе, тым бақытты еркектер аштан өлер еді, тек, әйтеуір, ұрықтандыруға жарамды басқа ұрғашыны іздеп, тентіреп кетпесі анық. Сонымен, сыртқары оқиғалар – жыныстық қатынас, лотереядан ұту, жол апатына ұшырау – бізді уақытша бақытты немесе бақытсыз ете алады. Бірақ биохимиялық жүйе бақыттың белгілі бір деңгейден артып кетуіне де, тым төмен түсіп қалуына да жол бермейді, ақыр соңында, тепе-теңдікке алып келеді. Кейбір ғалымдар біздің биохимиялық жүйені аптап ыстықта да, сықырлаған аязда да бөлме температурасын белгіленген деңгейде ұстап тұратын кондиционерге теңейді. Оқиғалар легі температураны аздап өзгерте алады, бірақ кондиционер міндетті түрде статус-квоны қайтадан қалпына келтіреді. Кейбір жүйелер 250-қа, келесі біреулері 200-қа белгіленген. Адамдарда да бұл «кондиционерлер» бір-бірінен ерекшеленеді. Біреулер туғаннан сондай «шадыман шаттықтың» биохимиялық жүйесін иеленеді, олардың көңіл күйлері он балдық шкала бойынша 6-дан 10 балға дейін толқып тұрады да, 8 белгісіне барып тұрақтайды. Мұндай адам тірлігі аласапыран астанада тұрса да, бүкіл ақшасын жоғалтып алса да, диабет ауруына шалдықса да, жағасы жайлауға кетіп, үнемі сергек әрі көңілді жүреді. Ал бәз біреулердің биохимиясы тұнжырап, көңілкүйі 3-пен 7-нің арасында ауытқып жүреді де, 5-ке барып тұрады. Мұндайлар қара басына қажет нәрсенің бәрі: туған-туыстар мен дос-жарандардың қолдап-қолпаштауы, миллиондаған ұтыстары мен дыңдай денсаулығы бола тұра, күйзеліске түсуге бейім келеді. Тіпті қабағы қарс жабылып, жауар бұлттай тұнжыраған осы субъект таңертең 50 миллион ұтып алып, күндіз ЖИТС-тен емдейтін дәрі ойлап тапса да, түстен кейін Израиль мен Палестина арасында мәңгілік бейбітшілік орнатып, кешкісін баяғыда жоғалтып алған бала-шағасымен табысса да, бәрібір – оның бақыт деңгейі жетілік белгіден жоғары көтерілмейді. Бұл адамның миы қандай сәттілікке жолықса да жай әншейін ақтарыла қуануға, шат-шадыман шаттыққа бөленуге бейімделмеген. Туыстарыңыз бен таныстарыңызға зер сала қараңыз. Солардың арасында кез келген жағдайда сергектігі мен рухын сақтай білетіндер де, әлемнің бар жақсылығын аяғының астына әкеліп төсесе де, үнемі бұрқылдап, наразы қалыпта жүретіндер де бар шығар. Жұмыс орнын ауыстырсақ, үйленсек, романды жазып бітірсек, жаңа машина сатып алсақ, ипотеканы төлеп құтылсақ, шіркін, жеңіске жететіндей көреміз. Бірақ қалағанымызға қол жеткізген кезде шынайы бақытты сезіне алмаймыз. Бақыт деңгейінің көрсеткішін аз ғана уақытқа өзгертуге болады, бірақ ол міндетті түрде үйреншікті орнына қайтып оралады. Осынау ой түйіндері некелескен адамдардың орташа есеппен бойдақтардан бақыттырақ екенін дәлелдеген әлгіндегі психологиялық және әлеуметтік зерттеулермен қалай шендеседі? Біріншіден, зерттеулер себеп-салдарлы байланыстарды емес, өзара корреляцияны тауып көрсетеді. Ол керісінше нәтиже болуы әбден мүмкін. Шынында да, жалғызбастылар мен ажырасып кеткендерге қарағанда, үйленгендер арасында бақыттылар көп ұшырасады, бірақ бұл неке бақытты болуға кепілдік береді дегенді білдірмейді ғой, бәлкім, көбінесе бақытты адамдар некелесетін шығар. Ғылым тілімен айтсақ, тұла бойдағы серотонин, дофамин мен окситоциннің жоғары мөлшері неке қиюға ықпал етеді. Тумысынан ақжарқын, ашық мінезді жандардың биохимиясы әдетте көңілді әрі бәріне разы күйде жүреді. Олар сирек ажырасады, өйткені тұнжырап, түңіле беретін пендеден гөрі, ақкөңіл, бәріне риза, бақытты адаммен тұрмыс құрып, түтін түтету әлдеқайда жеңіл ғой. Соған сәйкес үйленген адамдар орташа есеппен алғанда жалғызбастылардан бақыттырақ саналады, бірақ жалғызбасты долы әйел өзіне күйеу болар еркек тапқанда да көңілденіп, жайраң қағып кетуі неғайбілдеу ғой. Иә, биологтар да соншалықты фанатиктер емес. Олар, негізінен, биохимиядан құралатынын алға тартқандарымен, психологиялық және әлеуметтік факторларды да ескереді. Біздің эмоциялық кондиционеріміз өзіне белгілеп берген шекара ішінде мейлінше емін-еркін қосыла береді. Жоғарғы және төменгі кермені қозғау әсте мүмкін емес, әйтсе де некелесу мен ажырасу осы белдемнің ішінде бақыт деңгейіне әсер етіп, ары-бері тербелтуі әбден мүмкін. Бақыттың орташа деңгейі бестік белгінің тұсында тұрған адам қуаныштан асыр сала алмайды, әйтсе де сәтті неке оның кей-кейде жетілік деңгейіне жетуіне, уайым-мұңның үштік белгісінен қашып шығуына да мүмкіндік береді. Бақыттың биологиялық тәсілдемесімен келісе кетсек, онда тарихтың мән-мағынасы қалмайды, өйткені тарихи оқиғалардың ауқымды бөлігі жекелеген адамның биохимиялық жүйесіне дем беріп қояды, алайда оның ақырғы деңгейі өзгермейді, адамзат одан бақытты бола салмайды. Ортағасырлық француз шаруасы мен қазіргі париждік банкирді салыстырайық. Шаруа терезесі қора жаққа қараған, от жағылмайтын саман қабырғалы құжырада тұрады, ал банкир жұмыстан шығып, іші ең жаңа техникаға лық толы, терезесі Елисей алаңы жаққа қараған сән-салтанатты пентхаусына келе жатыр. Мүмкін, ол бақыттырақ шығар: бірақ бақыт біздің басымызда: бастың құжыра мен пентхауста және Елисей алаңында шаруасы жоқ – ми серотонин деңгейін ғана тіркейді. 1013 жылы әлгі шаруа үйін салып біткен кезде оның миының нейрондары бөліп шығарған серотониндер ондық деңгейге көтерілді. 2013 жылы банкир өзінің ғажайып пентхаусы үшін соңғы жарнаны төлеп шыққанда, миының нейрондары да соншалықты мөлшерде серотонин бөліп, рақаттану деңгейін ондық белгіге жеткізді. Ми пентхаустың самантас құжырадан қаншалықты мықты екенінен бейхабар, ми бір ғана нәрсені: серотонин деңгейі шкаланың ондық белгісіне жеткенін біледі. Сонымен, банкирдің бағзыдағы бабасы – орта ғасырдағы шаруадан бағы асып, бақыты тасып кете қоймапты. Бұл жеке адамның өміріне ғана қатысты емес. Мысалы, Француз революциясын алайық. Революционерлер дамыл таппастан жұмыс істеді: корольді жазалап, жерді шаруаларға үлестіріп берді, адам құқықтарын жариялап, ақсүйектердің артықшылықтарын жойды және байтақ Еуропаға соғыс жариялады. Бірақ бүкіл саяси, әлеуметтік және экономикалық толқуларға қарамастан, француздардың биохимиясы өзгермеді, бақыттың орташа деңгейі тұрақты күйінде қалды. Генетикалық лотереядан сергек биохимия бұйырғандар революциядан кейін де өздерін сорлы емес, бақытты сезінді, ал биохимиядан жолы болмағандар бұрынғы ХVІ Людовик пен Мария-Антуанетта кезіндегідей Робеспьер мен Наполеон тұсында да қыңқылдауын жалғастыра берді. Мұндай ретте Француз революциясынан не қайыр, қандай пайда бар? Адамдар бақытты бола алмаса, сол бір сұмдық, сойқан соғыс пен қантөгіс неге керек? Биологтар Бастилияны басып алмас еді. Адамдар әрдайым кезекті революция немесе реформа өздерін бақытқа кенелтіп, барша мұраттарына жеткізетіндей үміттенеді, бірақ биохимия әлсін-әлсін тақырға отырғызып кетеді. Тарихтың бір бағытының ғана мәні бар. Енді бақыт дегеніміз биохимиялық жүйеге байланысты екенін түсіндік, бар уақытымызды саяси және әлеуметтік реформалар, әлдебір идеологиялар мен бүлікшіліктерге шығындамай, шын бақытқа кенелетін нәрсеге күш жұмылдыра аламыз. Өзіміздің биохимиямызды түзетеміз. Биохимиялық кодтың жұмбағын шешуге және тиісті дәрі-дәрмегін іздеп табуға миллиардтаған қаржы жұмсасақ, ешқандай революциясыз-ақ адамзатты бақытты етеміз. Мысалы, «прозак» дәрісі мемлекеттік құрылысқа шабуыл жасамай-ақ, қандағы серотонин деңгейін арттырып, науқасты күйзелістен айықтырады. «Бақыт ішкі дүниемізден келеді» деген «жаңа дәуір» ұраны биологиялық көзқарасты мүлтіксіз білдіреді. Ақша, мәртебе-мансап, пластикалық операциялар, сән-салтанатты сарайлар, билік – осының бәрі бақытқа кенелте алмайды. Баянды бақыт ішкі жақтан ғана келеді: олар – серотонин, дофамин мен окситоцин1. Олдос Хакслидің 1932 жылы, Ұлы депрессияның күйіп тұрған шағында жарияланған «Таңғажайып жаңа әлем» (Brave New Word) атты антиутопиялық еңбегінде бақыттың ең жоғары құндылық екенін, ал режимнің сайлауларға да, полицияға да емес, психикатроптық дәрілерге ғана сүйеніп тұрғанын айтады. Күн сайын бәрі жұмысқа деген қабілеті мен міндетін атқаруға жарамдылығына кесел келтірместен, адамды бақытты қылатын синтетикалық дәрі – «soma»-ның қажетті мөлшерін ішеді. Жер шарын түгел қамтыған бүкіләлемдік мемлекет енді соғыстың да, революциялардың да, наразылық шерулерінің де, ереуілдердің де не екенін білмейді, себебі адамдардың барлығы хал-ахуалдарына дән риза. Шын мәнінде, болашақтың бұндай кейіпте көрінуі Джордж Оруэллдің (1984) романында суреттелген сюжеттен де қорқыныштылау. Бірақ «Таңғажайып жаңа әлемді» оқу барысында оқырмандардың көбінің бойын үрей билегенімен, ешқайсысы қорқынышы мен жиіркенішінің себебін түсіндіріп бере алмады. Хакслидің әлемінде жұрттың бәрі әрдайым бақытты – оның несі жаман екен?
Өмірдің мәні Хакслидің қорқынышты әлемі бақытты тән ләззатына теңестіретін биологиялық теориядан өрбіп шықты. Бақытты болу деген – жағымды, рақат сезімге кенелу, басқа түк емес, – дейді ол. Биохимиямыз ондай сезім ауанының өрісі мен мерзімін шектейтіндіктен, ұзақмерзімді бақыттың бас айналдырар деңгейін сезінуі үшін адамдардың биохимиялық жүйесін реттеу керек. Бірақ бақытқа мұндай анықтама беруге ғалымдардың бәрі бірдей келісе қоймайды. Экономика тақырыбы бойынша Нобель сыйлығын алған Даниел Канеманның (Danіel Kahneman) атақты зерттеуінде сынаққа қатысушыларға әр эпизодты бірінен соң бірін қалт жібермей: әр минуттан өздері қалай ләззат алғанын немесе қолайсыздық көргенін бағалап отыру үшін қарапайым жұмыс күнін ұсынды. Көп адамдардың өз өміріне қарым-қатынасында кереғарлық бары байқалды. Мысалы, бала тәрбиелеуге кететін еңбекті алайық. Қуанышты кездер мен жағымсыз сәттерді жіпке тізгендей түгендеп шықса, балалы болу – аса жақсы идея емес екен. Бұл шаруа, негізінен, памперс ауыстырудан, ыдыс жуудан, еркелігі басынан асқан жүгірмекті тыныштандырып, жұбатудан тұрады екен – мұнымен ешкім айналысқысы келмейді. Сөйте тұра, ата-аналардың бәрі балаларды өз өмірінің бақытына балайды. Шынымен, адамдар өздерінің нені қалайтындарын білмейтін болғаны ма? Иә, мұндай жауаптың болуы да мүмкін, бірақ тағы басқа бір нәрсені ескеруіміз керек: бақыт дегеніміз жағымды иірімдердің жағымсыз сәттерден асып түсуі емес. Асылы, бақыт деген өмірді мән-мағынаға мелдектетіп, оған мақсат дарыту ғой. Бақыттың тал бойында когнитивті, этикалық құрамдас бөліктер бар. Жұрттың біразы: «Мен – кішкентай тиранның бақытсыз құлымын» немесе «Мен жаңа өмірді аялай жетілдіремін» деген көзқарасқа байланып қалады2. Ницше айтпақшы, не үшін өмір сүретінін білетін адам кез келген сынаққа төтеп береді. Тіпті сынаққа түскен сәттерде де мақсатты өмірдің өзі қанағат сезіміне бөлейді, ал мағынасыз тірлік ең жайлы жағдайларда да азап шектіреді. Кез келген елдегі және кез келген дәуірдегі адамдар рақат пен азапты бірдей сезіне тұра, өздерінің тәжірибелеріне мүлдем әрқилы мән-мағына береді. Демек, бақыттың тарихы – биологтар сипаттағаннан әлдеқайда күрделі нәрсе. Өмірдің әр сәтін қалт жібермей бағаласақ, әрине, орта ғасырларда дәурен сүрген адамдар көп ауыртпалықты бастан өткерген болып шығады. Бірақ олар бақи дүниеде мәңгілік рақатқа бөленетініне сенсе, өмірінің ақырында ұмыт қалудан өзге ештеңе күтіп тұрмайтын қиық құлақ атеистке қарағанда, ол адам өз ғұмырын әлдеқайда мәнді де мағыналы етіп өткізетіні анық. «Тұтастай алғанда өз өміріңізге қанағаттанасыз ба?» деген сауалға жауап бере келе, ортағасырлық адам, сірә, он балдық шкала бойынша ең жоғарғы бағаны белгілейтін шығар. Сонымен, ата-бабаларымыз бақытты болды ма, өйткені олар о дүниедегі өмірдің ұжымдық елесімен көңіл жұбатып өтті ғой? Иә, осы қиялды тартып алғанша, олар неге мұңаюы керек? Қаншама сөз сапырғанымызбен, ғылыми көзқарас тұрғысынан адам өмірінде мән-мағына мардымсыздау. Адамзат жосықты себебі де, мақсаты да жоқ, кездейсоқ эволюциялық іріктеудің нәтижесінде пайда болды. Қарекет-қылықтарымыз ешқашан құдіреті күшті құдайдың ғарыштық жоспарының бір бөлігі болған да емес, ертең Жер шары түгі қалмай жойылып кетсе де, он сегіз мың ғалам түк болмағандай, ештеңені елеместен одан әрі жасай береді. Субъективті бақылаушы – адам мынау ғаламға соншалықты қажет еді деп пайымдауға әзірше ғылыми дәлелдеріміз жоқ. Сондықтан адамдар өз өміріне дарытуға тырысатын кез келген мән-мағынаның бәрі бос қиял. Бұлаңытқан сағым ғана, орта ғасыр адамның өтпелі ғұмырына мән-мағына дарытқан о дүниенің рақаты туралы арман да қазіргі гуманистер, ұлтшылдар мен капиталистер өз өмірлерінен тапқан мән-мағына тәрізді негізсіздеу нәрсе еді. Ғалым білім арналарын кеңейту, солдат қару ұстап, Отанын қорғау, кәсіпкер жаңа компания құру арқылы өз болмысын ақтап алғысы келеді; және бұлардың бәрі ортағасырлық схоласт, крест жорығына қатысушы немесе шіркеу салушы сияқты ашық күнде адасады. Олай болса, бәлкім, бақыт дегеніміз – жеке елес қуу әуресінің ұжымдық қиялға ұласуы шығар? Жеке басымның хикаялары әзірше жалпы сюжетке кірігіп тұрған кезде мен де өмірімнің мән-мағынаға толы екеніне сене аламын, сол сеніммен бақыттымын. Тым мұңдылау түйін. Шынымен, бақыт деген өзіңді-өзің алдау болып шыққаны ма?
Өзіңді таны Бақыт жағымды сезімдерден тұрса, оны еселей түсу үшін өзіңнің биохимияңды қайта құру керек. Ал бақыт өмірдің мағыналылығын түйсінуге негізделсе, онда оны молайту үшін өзіңді қаттырақ алдаған жөн шығар. Басқа жол жоқ. Осы пікірлердің екеуі де бір ғана алғышарттан шығады: бақыт – субъективті сезім (рақаттану, әлде мағына), оның деңгейін анықтау үшін адамның өзінен қаншалықты бақытты екенін сұрай салу керек. Осы қисынды, себебі қазіргі кезде идеологиялар арасында индивидтің субъективті сезімдерін дәріптеуші либерализм үстем шығып отыр. Соларға ғана басымдық береді: не жақсы, ал не жаман, не әдемі, ал не сұрықсыз, нені істеуге болады, ал нені істеуге болмайды – бұлардың барлығына әркім өзінің сезім ауаны бойынша төрелік айтады. Либералды саясат сайлаушылардың нені қалайтынын біледі, игіліктің не екенін түсіндіріп беретін Үлкен ағайдың уағызын қажет етпейді деген ойды малданады. Либералдық экономиканың ұраны: әрқашанда клиенттікі дұрыс. Либералдық өнер: «Сұлулық – сұқтанушының көзінде»,– деп жар салады. Либералдық мектептер мен университеттерде шәкірттерді өз бетінше ойлауға баулиды. Жарнамасы одан да батылдау: «Нені қаласаң, соны істе!». Фильмдер, спектакльдер, көбігі күмпиген сериалдар, әр тұстан әуелеген әндер «Өзіңмен өзің бол!», «Жүрегіңе құлақ түр!», «Жүрегің жетелеген жаққа жүре бер!» дегенді жалықпастан санаға сіңіре береді: «Нені қайырымдылық десем, сол – қайырымдылық, нені жауыздық десем, сол – жауыздық» деп кезінде Жан-Жак Руссо да осы көзқарастың классикалық тұжырымын түйген еді. Қаршадайынан осындай ұрандарға құлақ тосып өскен адамдар бақыт деген субъективті нәрсе, әрбір адам бақытты немесе бақытсыз екенін өзі жақсы біледі деп ойлауға бейім тұрады. Бірақ мұндай тәсіл либерализмге ғана тән. Тарихи діндер мен идеологиялардың бірталайы қайырымдылықтың, сұлулық пен ыңғайлылықтың да қатаң өлшемі бар деп пайымдайды. Олар қарапайым адамның сезімі мен көңіл қалауына құрметпен қарады. Аполлон ғибадатханасына тәу етіп келушілерді кіреберісте: «Өзіңді-өзің таны!» деген жазу қарсы алатын. Қарапайым пенде өзінің шын «Менін» білмейді, сондықтан да шын бақытын таба алмайды деген ойды тұспалдап тұр еді. Сірә, бұнымен Фрейд келісетін шығар.* Иә, адамдардың көпшілігі құдайға құлшылық еткеннен гөрі, жыныстық қатынас жасағанды жақсы көретінін христиан ғұламалары апостол Павел мен қасиетті Аугустин де жақсы білді. Бірақ бұдан жыныстық қатынас – бақыттың негізі деген қорытынды шығару керек пе? «Жоқ, ешқашанда!» деді Павел мен Аугустин. «Адамның болмысы күнәһар, әрі шайтанның азғыруына еріп кетеді деген қорытынды шығару керек», – деді олар. Христиандық көзқарас тұрғысынан адамдардың басым бөлігі – нашақорлармен бірдей. Психолог нашақорлар ортасының бақыттылық деңгейін зерттеді делік. Ол сауалнама жүргізіп, нашақордың бәрі тамырға ине салып, есірткі еккенде ғана өздерін бақытты сезінетіндеріне көз жеткізді. Осыдан кейін әлгі психолог бақыттың қайнар көзі ретінде героин туралы мақала жазуы керек пе? Бәрі субъективті сезім ауанына сайып, соған байланысты болады деген пікірге күмәндана қарайтын христиандық ілім ғана емес. Субъективті сезім ауандары туралы мәселеде, сірә, Дарвин мен Докинстің өзі де әулие Павелмен және әулие Аугустинмен келісе кететін шығар. Гендердің өзімшіл теориясына салсақ, табиғи сұрыптау кезінде адамдар да, өзге организмдер де индивидуумдарға кесірін тигізсе де, гендердің көбеюіне қолайлы жағдайды таңдайды. Талай еркек өмір бойы еңбек етеді, алаңдайды, жарысады, шайқасады, өйткені ДНҚ оларды тыныштық пен бақыттан айыра отырып, эгоистік мақсаттарын жүзеге асыруға пайдаланады. Тап шайтан сияқты ДНҚ еркектерді өткінші бақыттың тұзақ жемімен алдап-арбайды да, өзіне қызмет еткізеді. Діни және философиялық ағымдардың біразы бақыт мәселесіне либерализмнен мүлде басқа жолмен келеді3. Әсіресе буддизм ұсынған жол қызықтырақ. Өзге дінге қарағанда, буддизм бақыт ұғымына көбірек көңіл бөледі. 2500 жыл буддистер бақыттың мәні мен қайнар көздерін жүйелі зерделеді, сондықтан мамандар буддалық философия мен медитация тәжірибесіне жіті көңіл бөледі. Буддизмде бақытты рақаттану мен мән-мағынаны субъективті сезіну деп емес, керісінше, сол субъективті сезінуге ұмтылудан азат болу деп қарастырады. Буддизм мен биологиялық әдістің бақыт туралы түсінігі ұқсас. Бұл көзқарас бойынша, бақыт дегеніміз – сыртқы дүниедегі оқиғалар емес, адам тәніндегі үдерістер. Осы түсінік тұрғысынан бақыт жайлы толғаған буддизм мүлдем жаңа ой түйеді. Буддизм көзқарасы тұрғысынан қарағанда, адамдардың көбі жағымды сезінуді – бақытқа, ал жағымсыз сезінулерді бейнетке балай отырып, өз сезімдеріне тым көп мән береді. Соның нәтижесінде олар мүмкіндігінше молырақ жағымды сезімге бөленіп, жағымсызынан қашуға тырысады. Буддистік көзқарас бойынша сезіміміз – мұхиттың толқындары тәрізді мың құбылатын өткінші діріл ғана. Бес минут бұрын қуанышым қойныма сыймай не болмаса әлденеге бел шеше кірісуге даяр болып тұрсам, енді ол сезімдер сөніп, мұңайып не жабырқап қаламын. Жанымды жадырату үшін жаман сезімдерді бойға дарытпай, жақсылыққа ұдайы сене беруім керек. Бір рет жолым болмай қалды ма, ештеңе етпейді. Басымнан ешкім сипамаса да, мәселемді шешу үшін бәрін қайтадан бастаймын. Мұндай баянсыз бақыттың керегі не? Келе сала ұшып жоғалатын бақытқа жету үшін неге соншама азаптанамыз? Буддизм азап – ауруға, уайымға, мағынасыздыққа жетелемейтінін айтады. Азап дегеніміз – баянсыз бақытқа мәнсіз, мағынасыз түрде ұмтылу. Бұл ақылды еш қанағаттандырмайды. Өткінші бақыттан басы айналса да, адам алаңдап тұрады. Себебі сәл уақыт өткен соң бақыт сезімі ауа көшіп кетеді. Ал ол сезім мәңгіге қалса ғой! Қандай да бір өтпелі рақатты сезінген соң ғана, адамдар азаптан құтылады. Себебі олар барлық сезімді сезіп біліп, оны аңсауын тоқтатады. Буддизмнің медитациясы осыны үйретеді. Медитацияда ақыл мен денені мұқият бақылап, сансыз сезімдеріңіздің қалай пайда болып, қалай жоғалып тынатынын, сезімнің соңына түсудің қаншалықты мағынасыз екенін түсінесіз. Сабаңызға түсіп, көкірек көзіңіз ашылады. Бәрі өтпелі: қуаныш, ашу, сағыныш, нәпсіқұмарлық. Қандай да бір сезімді аңсауды қойған кезде, оны бақылай, қабылдай аласыз. Ендігіде ондай сезімдерді қиялдауды доғарып, сол сезімдермен өмір сүресіз. Нәтижесінде ләззаттың тұңғиығына батып, өмірін жағымды сезімдердің соңынан жанталаса жүгірумен өткізетіндері енді түсіне алмайтындай халге жетесіз. Олар «жақсы» толқындарға қуанып, оларды ұстап алуға, ал «жамандарын» тым жақын жолатпай, қуып тастауға тырысқан қалпы көп жылдар бойы жағалауда тұрған адамға ұқсайды. Осынау мән-мағынасыз тірлікпен өзін әбден діңкелетіп, ол күн сайын жағада тұрады. Ақырында жұп-жұмсақ құмға отыра кетіп, бойын босата дамылдайды: «мейлі, толқындар қалай жөңкілгісі келсе, солай жөңкіле берсін» дейді іштей. Рақат деген осы екен ғой! Қазіргі либералдық мәдениетке бұл идея түбірінен жат, Батыстың нью-эйдж қозғалысы буддалық аяндармен танысқан кезде оларды либералдық ұғымдар тіліне аударып, әрине, басын аяғына келтіріп қойды. Нью-эйдждік наным: «Бақыт сыртқы жағдаяттарға бағынышты емес. Ол тек ішкі сезімдерге ғана байланысып жатады. Сыртқы нәрселердің – байлықтың, мансап-мәртебенің соңына түсіп, ізіне еруден бас тарту, өзіңнің ішкі сезімдеріңмен ғана қосылу керек» деп жар салады. Қысқаша айтқанда, «Бақыт өзіңнің ішкі дүниеңде» дейді. Биологиялық тәсілге бұл қайшы келмейді, бірақ Будда іліміне қарама-қарсы шығады. Бақыттың сыртқы жағдайларға тәуелді емесін айтқан жаңа заман биологтарының да, сондай-ақ нью-эйдж пайғамбарларының сөзін де Будда мақұлдар еді. Бірақ бұл жерде оның маңызды, әлдеқайда терең бір ойы: шынайы рақаттану ішкі сезімдер ауанына да тәуелді емес дегені назардан тыс қалғалы тұр. Ішкі сезімдерге көбірек мән беріп, оларды белсене іздеген сайын бұрынғыдан бетер бейнет көріп, азап шеге береміз. Ал Будда тек қана сыртқы жетістіктердің ғана емес, сондай-ақ ең бастысы, ішкі сезіну ауандарының да соңынан қуа беруді доғаруға кеңес береді ғой. Енді қорытындылайық: субъективті әл-ауқатты тексеруші анкеталар молшылықты – субъективті сезімдермен, ал бақыттың соңына түсуді – нақты эмоциялық ахуалды қуумен шендестіреді. Бұған керісінше, дәстүрлі философиялық және діни ағымдардың көбі, мысалы, буддизм бақыттың қақпасын ашатын кілт өзіңнің шынайы «Меніңді» тануда – кім екеніңді және өмірге не үшін келгеніңді түсінуде жатыр дейді. Талай адам жаңсақтыққа ұрындырып, өзін сезімдерімен, ой-пікірлерімен және құштарлықтарымен шендестіреді. Олар ашуланған кезде өз-өздеріне: «Ашу кернеп барады. Қаһарлымын» дейді. Ол жан толқыныстарының біріне ұмтылып, екіншісінен құтылу үшін барша ғұмырын сарп етеді. Адам мен оның жан толқынысы бір нәрсе емес екенін, нақты бір сезім ауанының соңынан қажымай-талмай қуа беру түбінде өздерін тұзаққа түсіретінін олар түсіне алмайды. Шынымен осылай болса, онда біздің бақыттың бастауы туралы ұғымымыз түбірінен қате болып шығуы мүмкін. Дәмеміздің орындалмағаны да, адамдардың жағымды сезімдерге қаншалықты кенелгені де маңызды емес. Ең басты сұрақ: адамдар өзін тани алды ма? Ежелгі терімшілерден немесе ортағасырлық шаруадан гөрі, бүгінгі адам өзінің шынайы «Менін» жақсырақ түсінетінін дәлелдей аламыз ба? Ғалымдар бақыт тарихымен тек бірнеше жыл бұрын ғана айналыса бастады, әзірге біз де алғашқы жорамалдарды ғана тұжырымдап, зерттеу әдістерінің тамырын басып көреміз. Үзілді-кесілді қорытынды жасап, енді ғана өрбіген пікірталасты тоқтатуға әлі ерте. Әр алуан тәсілдерді байқап көріп, шешімтал сұрақтар қоюды үйренуіміз керек. Тарихи кітаптардың көпшілігі ұлы ойшылдардың идеяларына, жауынгерлердің ерлігіне, әулиелердің қайырымдылығына немесе суретшілердің кемеңгерлігіне ерекше көңіл бөледі. Сонда әлеуметтік құрылымдардың қалай қалыптасып, құлағаны, империялардың қалай пайда болып, күйрегені, технологиялар қалай жасалып, өрістегені егжей-тегжейлі баяндалады, бірақ адамдардың бақыты мен бейнетіне қалай әсер еткені хақында бір ауыз сөз айтылмайды. Бұл біздің тарихи біліміміздегі ойсыраған «ақтаңдақ». Оның орнын толтыратын кез келді ғой.
*Бір кереғар нәрсе: субъективті әл-ауқатты психологиялық тұрғыдан зерттеушілер адамның өз бақыт деңгейін дәл табатынына толықтай сенгенімен, психотерапияның бүкіл теориясы мен практикасы адам өзін жете білмейді және өзін-өзі күйрету үрдісінен құтылу үшін кәсіби көмекті қажет етеді деген сенімге негізделген.
20-тарау
Homo sapіens тарихының соңы
Осы кітаптың бас жағында тарихқа «физика-химия-биология» тізбегінің кезекті бір сатысы ретінде анықтама берген едік. Барша тіршілік иелері сияқты, адамдар да сол баяғы физикалық күштерге, химиялық реакцияларға, табиғи іріктеу үдерісіне бағынатындықтан, олар қатысатын оқиғалар да, тарихи оқиғалар да, сайып келгенде, табиғи сұрыптау заңдарына бағынады. Табиғи сұрыптау басқа организмдердің бәрінен гөрі, Homo sapіens-ті едәуір мол еркіндікпен жарылқады, бірақ бұның да өз шекарасы бар. Оның мәнісі мынада: өзінің бүкіл күш-жігері мен жетістіктеріне қарамастан, sapіens-тер биология белгілеп берген шеңберден шығып кете алмайды. Әрқашан солай болған. Бірақ енді бәрі өзгерді. ХХІ ғасырдың елең-алаңында Homo sapіens биологиялық шектеуден шыға бастады. Ол табиғи сұрыптау заңын мансұқтап, оның орнына саналы ой заңын алып келді. Тірі организмдердің барлығы төрт миллиард табиғи сұрыптау үдерісінде дамыды, ешқайсысы ойластырылған жоспар бойынша қолдан жасалған емес. Мысалы, жираф жоғарғы сананың қалауы бойынша емес, ежелгі жирафтармен арадағы бәсекелестіктің арқасында ұзын мойынға ие болды. Мойны қысқа ежелгі жирафтарға қарағанда, мойны ұзын ежелгі жирафтар азықты молдау тапты әрі соның арқасында көптеу ұрпақ таратты. «Ұзын мойын ағаштың ұшар басындағы жапырақты жұлып жеуіне мүмкіндік береді екен. Кәне, мойнын созайық» деп ешкім айтқан жоқ. Дарвин теориясының кереметтігі жирафта ұзын мойынның қалай пайда болғанын түсіндіру үшін данагөй жобалаушының төрелігіне жүгіріп барудың қажеті жоқтығында болып тұр. Миллиардтаған жыл бойы зияткерлік дизайн деген ұғымның өзі белгісіз еді, сондықтан да заттарды жобалайтын интеллект те дамымады. Миллиардтаған жылдар бойы ғаламшарды тұтастай жайлаған микроорганизмдер таңғажайып нәрселер істеуге қабілетті болып шықты. Бір түрдің өкілдері жасушаларына өзге түрдің генетикалық кодын енгізіп алады да, сол арқылы қабілетке, мысалы, антибиотиктерге төзімді бола бастайды. Алайда біздің білетініміз, микроорганизмдерде сана болмайды, алдарына мақсат қойып, жоспар құрмайды. Әлдебір даму сатысында жираф, дельфин, шимпанзе және неандертальдық сияқты организмдер санаға және жоспарлау қабілетіне ие еді. Бәлкім, неандертальдық жігіт сеп-семіз әрі жалқаулау, ұша алмайтын, қарны ашқан кезде қолымен ұстап алуға болатын құстар туралы армандаған да шығар. Бірақ арманына жете алмады. Оның табиғи сұрыптаудан өткен құстарды аулауына тура келді. Ескі құрылыс салтындағы алғашқы жарықшақ шамамен 10 мың жыл бұрын, аграрлық революция барысында пайда болды. Қоңды да қолапайсыз жабайы құс туралы армандаған sapіens бір амалын тапты: ең семіз тауықты ең шабан әтешпен шағылыстырса, оның балапаны әрі сүбелі, әрі жалқау болып шығады екен. Осы құстарды одан әрі шағылыстыра берсе, мамырлап қалатын тауықтар пайда болады. Осылайша Құдайдың емес, адамның түпкі ойы, ақылдан өрбіген ниеті бойынша бұрындары табиғатта белгісіз болған тауықтар деген түр қолдан сұрыпталып шықты. Бірақ құдіреті күшті Құдайға қарағанда, Homo sapіens-тің өз ниеттерін іске асыру мүмкіндігі тым шектеулі еді. Sapіens-тер табиғи үдерістерді айналып өтіп немесе жеделдете түсіп, мақсатты сұрыптау жұмыстарын атқарғанымен, әу бастан әлгі жабайы тауықтардың гендік қорында болмаған жаңа қасиеттерді дарыта алмады. Sapіens-тер мен тауықтар арасындағы қарым-қатынас табиғатта аракідік ұшыраса беретін симбиоздар қағидаты бойынша өрбіді. Тауықтарға арнайы әсер етіп, семіздері мен жалқауларын қолдан сұрыптап шығарған адам – гүлдерін тозаңдандырып, өсімдіктердің сұрыпталуына ықпал ететін бал арасына ұқсайды: жарқырай шешек атып, жұпар иісі аңқып тұратын өсімдіктер бәрінен жақсы көбейеді ғой. Бүгінде, өзінің үстемдік құрғанына төрт миллиард жыл өткен шақта, негізгі эволюциялық үдеріс – табиғи сұрыптау мүлдем басқаша сипатта қалыптасудың алдында қаңтарылып тұр. Байтақ әлем бойынша ғалымдар зертханаларда тірі нәрселерді қолдан жасап жатыр. Олар организмдердің бастапқы сипаттамаларын белден бір басып, табиғи сұрыптау заңдарын жосықсыз бұзуда. Эдуардо Кац деген Бразилия биосуретшісі 2000 жылы елден ерек бір туынды: жарқырап жанып тұратын жасыл қоян жасап шығаруға ниеттенді. Ол француздардың зертханасына хабарласып, өз тапсырысымен жасалатын қоян үшін қомақты ақы ұсынды. Француз ғалымдары кәдуілгі аққоянның эмбрионын алып, жасыл сәуле шығаратын медуза генінің ДНҚ-сына енгізді. Міне, керемет! Месье Кац көп ұзамай жасыл сәуле шашатын қоянды қолына алды. Дәлірегі, ұрғашы қоянды. Оны Альба деп атады. Альбаның тіршілік етуі эволюция заңына сыйыспайтын еді. Ол ойластырылған шешімнің жемісі саналады. Иә, Альба келешегіміздің алғашқы жаршысына айналды. Осы қояндағы әлеует түгелдей ашылса (ал адамзат оған дейін өзін жойып жібермесе), онда ғылыми революция тарихтағы тағы бір революция ретіндегі мән-маңызынан әлдеқайда асып түсіп, басқа бір сатыға аспандап кетері хақ. Мүмкін, ол жер жүзінде тіршілік пайда болған сәттен бергі ең басты биологиялық революция болатын шығар. Табиғи сұрыптаудың төрт миллиард жылынан кейін дүниеге келген Альба деген қоян – тіршілік атаулының зияткерлік дизайнмен жобаланған жаңа ғарыштық дәуірдің алғашқы хабаршысы. Тап солай болса, бүкіл адамзат «өмір сүру» деп аталатын тарихи ойынның ережелерін жаңғыртуға жол ашқан эксперименттің, оқып-үйренудің жолы ретінде өткенін қайта байыптай алады. Осы үрдісті адам көзқарасы тұрғысынан мыңжылдықтардың аясында емес, ғарыштық өлшем бойынша миллиардтаған жылдар ауқымында қарастыруға тиіспіз. Бүкіл әлемнің биологтары зияткерлік дизайн қозғалысымен күреседі, Дарвин теорияларын мектептерде оқытуға келіспейді. Биологиялық тетікті бүге-шігесіне дейін алдын ала ойластырып, жасап қойған жаратушының бар екенін биологиялық күрделіліктің өзі дәлелдейтінін алға тартады. Өткен жайлы ойларын ортаға салған биологтардың сөзінің жаны бар. Тағдыр тәлкегі сол ғой, болашақ жайына келгенде зияткерлік дизайнды қолдаушылардың сөздері де дұрыс болып шықса, таңғалмаймыз. Осы жазбамды қолға алған кезде табиғи сұрыптаудың орнын алмастырған зияткерлік дизайн үш жолмен дамитын шығар: биоинженерия көмегімен; киборгтар (киборгтар – органикалық және бейорганикалық бөліктерді бойына жинақтаған тірі заттар) жасау арқылы; бейорганикалық тіршілікті қолдан жасау арқылы.
Адамдар мен тышқандар туралы Биоинженерия – алдын ала тұжырымдалған әлдеқандай идеяны іске асыру үшін сыртқы кейіпті, қабілет-қарымды, мұқтаждықты немесе тілекті өзгертіп, түрлендіру мақсатымен әбден ойластырылған биологиялық деңгейдегі (мысалы, генді импланттау) араласу. Мысалы, Эдуардо Кацтың эстетикалық қалауы. Биоинженерияда айтарлықтай тосын нәрсе жоқ. Адамдар мыңдаған жыл бойы өзін немесе басқа организмдерді қаласа, өзгертіп алды. Оның бір мысалы – піштіру. Олар шамамен 10 мың жыл бұрын бұқаларды піштіріп, өгізге айналдырды: өгіздер бұқадан жуас әрі соқа тартып, айдауға көнеді. Дауысы періштенің үніндей нәзік те таза әнші жасау үшін немесе сұлтан гаремін күзететін сенімді әтек қылу үшін де жас жігіттерді піштіріп тастаған. Жасуша және ядроның, организмнің қызметін зерттеп білген соң, көз көріп, құлақ естімеген мүмкіндіктер есігін аштық. Бүгін дәрігерлер піштіру былай тұрсын, отаның және гормондардың көмегімен адамның жынысын да өзгертіп жібере алады. Мұның жалғасы әлі алда. 1996 жылы газет-журналдар мен телеарналар экранына шыққан фотосуретке жұрттың таңғалыспен, жиіркенішпен әрі үреймен қарағаны есте болар.
46. Шеміршектілер класына жататын ірі қараның жасушасынан арқасына «құлақ» өсірген тышқан. Бұл Штадель үңгіріндегі арыстан-адамның қорқынышты «жалғасы» іспетті. Адамдар 30 мың жыл бұрын да өзге түрлерді біріктіруді армандай бастаған. Бүгінгі күні олар ондай құбыжықтарды шынымен жасай алады. Жоқ, бұл фотошоп емес. Бұл ғалымдар сиырдың шеміршегін арқасына тігіп қойған кәдімгі тышқанның шынайы фотосы еді. Ғалымдар жаңа тіннің өсуін көз жазбай қадағалап, оны адам құлағының пішіміне келтірді. Сірә, ғалымдар көп ұзамай жасанды құлақ өсіріп, оны адамға тігіп беруді де меңгеретін шығар1. Ген инженериясы бұдан да зор «ғажайыптар» жасай алады. Ген инженериясы бірқатар этикалық, саяси және идеологиялық мәселелерге тіреді. Адам баласының Құдайдың рөліне таласқанына тақуа монотеистер ғана емес, жалпы жұртшылық наразы. Адамның табиғатқа үстемдік жүргізгісі келетініне қиық құлақ атеистер де әжептәуір шошына қарайды. Жануарлардың құқықтары үшін күресетіндер жануарларды тәжірибеге қолданып, мақұлықтардың азап шеккеніне және қолға үйреткен мал түліктерін, олардың мұқтаждықтары мен тілек-қалауларын ескерместен, түрлендіре беруге қарсы шығуда. Баз біреулер келешекте биодиктатура ақырзаманды жақындатып, ештеңеден қорықпайтын солдаттар мен елгезек еңбеккерлерді жасап шығады деп қауіптенеді. Жалпы көңіл ауаны мынадай: адамның гендерді өзгертіп, сұрыптау білігін меңгеруі оның жаңа білім қорын ақыл-парасатпен және көрегенділікпен қолдануға қабілеттілігі мен бейімділігінен басып озып, алға ұзап кетті. Алдымыздан орасан мол мүмкіндіктер сәт сайын ашылып жатыр, ал оларды қалай кәдеге жаратып, иелік ету керегін әлі ешкім жете білмейді. Нәтижесінде ген инженериясының әлеуетінің тек аз ғана бөлігі зерттелуде. Тәжірибелік сынақтар негізінен саяси лоббишілері жоқ тіршілік иелеріне: өсімдіктерге, зеңдерге, бактериялар мен жәндіктерге жүргізіледі. Мысалы, биоотын өндіретін E.colі (симбиозды түрде ішекті мекендейтін әрі газеттердің тақырыпшасынан түспейтін, үйреншікті жерінен кеткен кезде ауыр кесел туындататын бактериялар) желісін өсіріп шығарды2. Сондай-ақ гендік инженерияның көмегімен E.colі-ді және зеңдердің кейбір түрлерін денесінен инсулин бөліп шығаруға үйретті, сол арқылы диабетті емдеу құнын арзандатты3. Арктика балығынан алған генді картопқа енгізіп, оны аязға шыдамды етіп қойды4. Кейде ген инженериясының тәжірибелік сынағына сүтқоректілер де түседі. Сиыр желінін зақымдайтын қабыну кеселінен сүт өнеркәсібі жыл сайын миллиардтаған доллар жоғалтады. Қазір ғалымдар гені сұрыпталған сиырларды сынақтан өткізуде, олардың сүтінде әлгі ауру қоздырғыштарын өлтіретін заттек – стафин бар5. Сатып алушылардың ет өнімдері құрамындағы зиянды майлардан қауіптенуінен зардап шеккен шошқа шаруашылығы құрттардың гендік материалы енгізілген эксперименттік торайлар желісіне үміт артып отыр. Жаңа гендер зиянды омега-6 қанықпаған қышқылын пайдалы омега-3 қышқылына айналдырады6. Гендік инженерияның келесі буыны шошқа майын өзгертуден де күрделі сиқырларды жасайтын болады. Генетиктер құрттың тіршілігін алты есе ұзартып қана қоймай, жады жақсарған және оқып-үйренуге қабілетті данышпан тышқанды да өсіріп шығарды7. Тоқалтістер (сұртышқандар) – кішкентай әрі қатыгез тышқандар, олардың кейбір түрлері жыныстық қатынасқа бейберекет түсе береді екен. Олардың тұрақты жұптасып, серігін басқаға айырбастамайтын тағы бір түрі бар көрінеді. Генетиктер олардың моногамды ген бөліп шығарғандарына сендіріп бағуда. Осылардың генін енгізу тышқанның «донжуанын» адал әрі сезімге тұрақты қосаққа айналдырса, көп ұзамай адамдардың жеке басының әуейілігін, содан соң олардың әлеуметтік құрылысын да түзете алатын шығармыз8.
Неандертальдықтардың оралуы Генетиктер тек жер бетінде өмір сүретін тіршілік иелерінің желісін жетілдіріп қана қоймай, баяғыда өліп қалған түрлерді қайта оралтуға кірісті. «Юра дәуіріндегі саябақ» (Jurassіc Park) фильміндегі сияқты динозаврларды ғана тірілтіп қоймайды. Орыс, жапон және корей зерттеушілерінен құралған топ жуырда Сібірдің мәңгілік мұздықтарынан табылған мамонттың геномын қалпына келтірді. Олар қазіргі пілдің ұрық жасушасын алып, піл ДНҚ-сын реконструкцияланған мамонттың ДНҚ-сына ауыстырғылары және ұрық жасушасын ұрғашы пілдің жатырына енгізгілері келеді. 22 айдан кейін жарық дүниеге – 5000 жыл бұрын құрып кеткен мамонттың алғашқы төлі келеді9. Бірақ мамонтқа бәрі тіреліп қалмайтын шығар? Гарвард университетінің профессоры Джордж Чөрч (Ceorg Churh) жуырда «Неандертальдық геномы» жобасын жүзеге асырып, неандертальдықтың қалпына келтірілген ДНҚ-сын sapіens тұқымдасына жататын ұрғашының жатырына сіңірсе, 30 мың жыл ішінде тұңғыш рет неандертальдық шақалақ дүниеге келетінін жариялады. Чөрч осы міндетті бар болғаны 30 миллион долларға атқарып шығуға дайын отыр. Бірнеше әйел суррогат ана болуға тілек білдіріп те үлгереді10. Неандертальдықтар бізге не үшін қажет бола қалды? Кейбір ғалымдар тірі неандертальдықтарды қадағалау Homo Sapіens-тің шығу тегі мен ерекше қырлары жөніндегі ең өзекті сауалдарға жауап алуымызға жәрдемдеседі деп есептейді. Неандертальдықтың миы мен Homo Sapіens миын салыстырып, айырмашылықтарды анықтасақ, санамыздың пішімін қандай биологиялық жағдайлар өзгерткенін түсіне алатын шығармыз. Неандертальдықты қайта оралтудың этикалық себебі де бар: олардың жойылып кетуіне sapіens-тер себепші болғандықтан, кейбіреулердің пікірінше, оларды тірілту – мына біздің моральдық борышымыз. Бұған қоса олар кәдеге жарап, пайдаға асады. Кәсіпкерлердің көбі екі шынжау sapіens-тің жұмысын бір өзі атқаратын, ауыр еңбектен қажымайтын неандертальдыққа ақшаны аямай төлер еді. Алайда неандартальдықпен де тоқтап қалуға болмайтын шығар. Құдайдың орнына жайғасайық та, әлдеқайда жетілдірілген sapіens нұсқасын жобалауға кіріселік! Homo Sapіens-тің қабілет-қарымы, қажеттіліктері мен қалау-тілегі генетикалық тұрғыдан айқындалады, оның геномы сұртышқанның геномынан күрделі емес (тышқанда – 2,4 миллиард, sapіens-те шамамен 2,9 миллиардтай нуклеоид бар, небәрі 14%-ға артық11. Таяу келешекте, сірә, жақындап қалған онжылдықтардың шамасында, гендік инженерия мен биоинженерияның басқа да әдістері физиологиямызды, иммундық жүйеміз бен өміріміздің ұзақтығын ғана емес, сондай-ақ интеллектуалдық және сезім ерекшеліктерімізді де едәуір өзгертуге мүмкіндік береді. Гендік инженерия тышқанды данышпан жасаса, неге адамның ақылын тасыта алмайды? Ол сұртышқанды моногамды етіп шығарса, неге адамды да түзетіп, жарына адал етіп қоймасқа? Homo Sapіens-ті қарабайыр маймылдан әлемнің әміршісіне айналдырған когнитивті революция физиологияны, тіпті мидың көлемі мен сыртқы пішімін өзгертуді қажет еткен жоқ. Әлбетте, сыртқы құрылымына шамалы өзгерістер жасаумен шектелді. Бәлкім, сондай елеусіз өзгерістермен екінші когнитивті революцияны жасап, сананың түбегейлі жаңа түрін шығарып, Homo Sapіens-ті мүлдем басқа кейіпке енгіземіз бе? Әзірше бұған шамамыз жетпейді, алайда асқақ адам жасаудың технологиялық тұңғиығы өте жақын. Адамдарға эксперимент жасауды тежейтін негізгі кедергілердің этикалық және саяси сипаты бар. Бірақ этикалық қарсылықтар қаншама нанымды болғанымен, адам ғұмырының шексіз ұзақтығы, ажал төндіретін ауруларды жеңу, когнитивті және эмоциялық қабілет-қарымды жетілдіру сияқты жалпы мұрат, жалқы аңсарларды бәске тігетін зерттеулердің келесі сатысын енді ұзақ тежеп тұруы неғайбіл-ау. Адамның жадын едәуір жақсартатын нәрсе – альцгеймер ауруын емдейтін дәрі жасасақ, не болар еді? Осынау ғажап дәріні шығару жұмысын кім тоқтата алады? Ал сатылымға түскен кезде оны жадын жақсарта түскісі келетін сау адамдар жаппай қолданбай, тек науқастар ғана сатып алуын қандай әлеуетті құрылымдар қадағалауға тиіс? Неандертальдықты қайта тірілту биоинженерияның қолынан келетін-келмейтінін тап басып айту қиын, бірақ ол күндердің бір күнінде sapіens-тің түбіне жетуі әбден мүмкін. Генді ермек қылып, ойына келгенді істеу шарғысы бізді мүлде құртып тынбайтын да шығар, бірақ homo sapіens-ті өзгертетініміздің кәмілдігі сонша – біз енді Homo Sapіens болмай шығамыз.
Бионикалық өмір Тіршілік заңдарын өзгертудің екінші тәсілі – киборг-инженерия. Киборгтар – органикалық және органикалық емес бөліктерден құралатын тіршілік иелері, мысалы, робот қолдары бар адамдар. Белгілі бір дәрежеде мына біз де киборгтармыз, өйткені табиғаттың өзі берген органдар мен қызметтік міндеттерді әр алуан аспап-құралдармен: көзілдіріктермен, кардиостимуляторлармен, биопротездермен, тіпті ұялы телефондармен (өз міндетіне есте сақтау әрі деректерді өңдеу қызметін алатын) толықтырамыз. Көп ұзамай нағыз киборг боламыз – бейорганикалық элементтер денеміздің ажырамас бөлігіне айналып, мүмкіндіктеріміз бен қалау-тілектеріміз де, жеке тұлғамыз да өзгеріп сала береді. АҚШ-тың алдыңғы қатарлы қорғаныс зерттеулері агенттігі (DARРA) жәндіктерді киборгқа айналдыруға кірісті. Идея түйіні шыбындар мен тарақандардың денесіне электронды чиптер, детекторлар мен процессорлар орнатуда жатыр. Сонда Автомат-оператор немесе адам жәндіктердің жүріс-тұрысын алыстан басқарып, ақпарат жинап, тарата алады. Жалпы бионикалық жәндіктер мықты барлаушы болар еді12. 2006 жылы Американың Әскери суасты зерттеулер орталығы киборг-акулалар жасау ниеті туралы баяндады: «Орталық нейроимпланттардың көмегімен жануарларды бақылауға алу мақсатында балықтарға арналған чиптер жасауда». Жобаны жүзеге асырушылар акулалардың магнитті толқындарды ұстау қабілетін пайдалана отырып, су астының электрлі-магнитті өрісін анықтаудың орайы келіп тұр деп есептейді13. Sapіens-тер де киборгқа айналып бара жатыр. Ең танымал мысал – есту аппараты. Оның қазіргі кездегі жетілдірілген нұсқасын кейде «бионикалық құлақ» деп те атайды. Бұл құрылғы дыбысты құлақтың сырт жағында орналасқан микрофон арқылы қабылдайды. Ол дыбыстарды сүзгіден өткізіп, адам сөзін бөліп алады да, электрлі сигналдар тізбегіне айналдырады, олар тікелей орталық есту жүйесіне, содан соң миға беріледі14. Мемлекет қаржыландыратын «Retіna lmplant» атты неміс компаниясы зағип жандарға көздің көру қабілетін ішінара қайтарып беретін көз торшасының протезін жасауда. Ол үшін науқастың көзіне макрочип енгізеді. Чиптің фотоэлементтері өзіне түскен жарықты электрлі сигналдарға айналдырып, торшаның сау қалған жүйке жасушаларын тітіркендіреді. Осы жасушалардағы жүйке талшықтарының тітіркенісі миға барады да, ол бейнені көреді. Қазір осы технология зағиптардың емін-еркін жүруіне, әріптерді ажыратып, адамдардың бетін-жүзін шырамытуына мүмкіндік беріп отыр15. 2001 жылы Америка электр маманы Джесси Салливан сәтсіз оқиға салдарынан екі қолынан бірдей айырылып қалды. Бүгін ол Чикагоның оңалту орталығында жасалған екі бионикалық протезді пайдаланып жүр. Джессидің жаңа қолдары ой ырқына бағынатынымен ерекшеленеді. Мидан шығатын сигналдар микрокомпьютерлердің көмегімен электрлі командаға айналады да, қолдар қимылдай бастайды. Джесси оң қолын көтергісі келсе, көтере алады. Кәдуілгі қолмен салыстырғанда қимыл-қозғалыс түрлері шектеулі болғанымен, күнделікті қарапайым шаруаларды Джессидің өзі атқара береді. Тап осындай қолды жуырда жол апатынан зардап шеккен Клаудия Митчелл де иеленді. Ғалымдар жақында команда бойынша қозғалуға ғана емес, сондай-ақ миға сигнал беретін, яғни бұрынғы табиғи қолды кесіп тастағаннан кейін де дене арқылы сезіну белгілері, жанасу түйсіктері қалпына келетін бионикалық қолдар жасалады дейді16!
47. Джесси Салливан мен Клаудия Митчелл «қол» ұстасып тұр. Бір ғажабы: бионикалық қолдарды ой күші қозғалтады. Қазіргі кезде бионикалық қолдар – әрине, тірі түпнұсқалардың қасында жіп есе алмайтын нәрсе, дей тұрғанмен, олардың дамып-жетілу қарымы шектеусіз екеніне еш күмән жоқ. Мәселен, бионикалық нұсқасын табиғи қолдан әлдеқайда күшті, әлеуетті етіп жасауға болады. Бұл қолдарды бірнеше жылда бір ауыстырып, денеден ажыратып тастауға, мәселен, оларды қашықтан да пайдалануға болады. Солтүстік Каролинадағы Дьюк университетінің ғалымдары жуырда миларына электрод орнатқан екі маймылды көрсетті. Электродтар сырттағы құрылғыға мидың сигналдарын жолдайды. Маймылдарды бионикалық қолын да бақылай білуге үйреткен. Аврора деген маймыл өзінің төл екі қолымен де, денесінен бөлек бионикалық қолымен де түрлі қимыл жасай алады. Енді оның тура үнді құдайлары сияқты үш қолы бар, ол қолдар әртүрлі ғимаратта, тіпті әр алуан қалада жүре береді. Аврора Солтүстік Каролинадағы зертханасында отырып, бір қолымен басын, екіншісімен арқасын қаси береді. Ал Нью-Йорктегі үшінші қолымен банан ұрлай алады (тек олжалы жемісін қашықтан жей алмайды). Идойя деген келесі маймыл 2008 жылы әлемдік даңққа бөленді: ол Солтүстік Каролинадағы орындығынан тұрмастан, Киотодағы бионикалық екі аяғын басқарды. Бұл аяқтары Идойяның өзінен 20 есе ауыр17. Оқшаулану синдромы (Locked-іn synrome) – адам өз денесін бақылау қабілетінен айырыла тұра, когнитивті қабілетін сақтап қалатын хал-ахуал. Мұндай синдромға душар болған науқастар төңірегіндегілермен тек көз қарашығын қозғалту арқылы қарым-қатынас жасай алады. Ал олардың кейбіреулерінің миына электродтар енгізіп, ми сигналдарын қозғалыс пен сөздерге ауыстыруға тырысуда. Эксперимент сәтті шыққан ретте «тән тұтқындары» қоршаған ортамен тілдесе береді. Бұған қоса өзгелердің ойын оқитын мүмкіндікті де иеленеді18. Қолға алған жобалардың ішінде ең ғаламаты – екі тарапты тікелей «ми-компьютер» интерфейсін жасауға талпыныс еді. Ол компьютердің адам миының электрлі сигналдарын салыстыра оқып, миға түсінікті сигналдар жіберуіне жол ашады. Мұндай интерфейстің көмегімен ми интернетке тікелей қосылатын немесе бірнеше ми бір-бірімен интер-ми-нетте табысатын шығар? Ми ұжымдық жадтың қорына тікелей қосыла берсе, адам жадының, санасының, өзін-өзі тану өрісінің жағдайлары қалай болмақ? Мұндай жағдайда бір киборг екіншісінің өмірбаянын оқып, ойша екшеп жатпай-ақ, естеліктерін өзінікіндей ақтарып, бәріне қанығып шығады ғой. Ақыл ұжымдық сипат иеленсе, «Мен» деген маңызды ұғым мен гендерлік саясаттың қандай мәні қалады? Арман-аңсарларың оқшауланған миыңда емес, ұжымдық қалау-тілектер қоймасында тұрса, өзіңді қалай танисың немесе өз арманыңа қалай талпынасың? Мұндай киборг-адам тіпті органикалық болмыс бола алмайды. Ол мүлдем жаңа, бізге тіптен таныс емес түр. Әзірше біз мұндай жаңалықтардың бүкіл саяси, философиялық және психологиялық салдары қандай болатынын көзге де елестете алмаймыз.
Басқа өмір Табиғатты өзгертудің үшінші тәсілі – биологиялық емес тіршілік иелерін жасау. Ең белгілі мысалы – компьютерлік бағдарламалар мен өзінің дербес эволюциясы бар вирустар. «Генетикалық бағдарламалау» – компьютер ғылымы аясындағы ең еліктірерлік бағыттардың бірі. Ол генетикалық эволюцияның үлгісін қалыптастыратын әдістерді жетілдіреді. Бағдарламашылардың көбі жасаушысынан тәуелсіз жетіле алатын білімпаз бағдарламалар жасауды армандайды. Ондай жағдайда бағдарламашы prіmum mobіle, басты қозғаушы күш рөлінде қатысады, ал оның туындысы автордың өзі де, адамдардың ешқайсысы да көріп-білмеген бағыттарда дамып-жетіле береді. Ондай бағдарламалардың түптұрпаты да бар, ол – компьютерлік вирус. Интернет желісіне тарала отырып, вирус миллион есе көбейеді, антивирустық бағдарламалар соңына түсіп, қуғындаған жағдайда олар басқа вирус түрлерімен қырқысып, киберкеңістіктегі орынға таласады. Вирусты кезекті бір тірілтіп, жандандыру барысында қателікке – виртуалды мутацияға жол беріледі. Бағдарламашы вирус бағдарламасын жаңғырту барысында кездейсоқ шыға келетін қателіктерді де салып қоюы әбден мүмкін ғой. Түрленген вирус алда-жалда жолы болғыш, ептейлі болып шықса, антивирустық бағдарламалардан да оңай жалтарып кетеді, бөгде компьютерлерге ену қабілетін де жоғалтпайды – киберкеңістікке тез әрі кең таралады. Мутанттар тірі қалып, көбейе бастайды. Біртіндеп киберкеңістікті жаңа, бастапқы түрлеріне мүлдем ұқсамайтын вирустар жайлап алады да, бейорганикалық революция өршиді. Вирустарды тірі зат деп есептеуге бола ма? Бұл «тірі, жанды зат» деген ұғымға қандай мағына беретініңізге байланысты. Олар биологиялық эволюцияның заңдары мен шектеулеріне мүлдем тәуелсіз үш жаңа эволюциялық үдерістің жемісі саналатыны түсінікті. Басқа бір мүмкіндікті елестетіп көрелік: миыңызды дискіге көшіресіз де, оны компьютерге орналастырасыз. Сонда компьютер адам сияқты ойлап, сезіне ала ма? Солай болса, онда әлгі адам кім болып шығады: сіз бе, әлде басқа біреу ме? Ал бағдарламашылар компьютерлік алгоритмдерден жаңа цифрлы ақыл-ес жасап, оған сана, жад, өзін-өзі сезіну қасиетін дарытса, не болады? Осы бағдарламаны өз компьютеріңізге орнатсаңыз, ол жеке тұлғаға айнала ала ма? Осы бағдарламаны өшіріп, жадтан сүртіп тастасаңыз, кісі өлтіргендей болып шықпайсыз ба? Дискіні тұрақты тазалап, дефрагменттеп жүруді ұмытып кете берсеңіз, ол сізді сотқа бермес пе екен? Сірә, бұл сұрақтарға жуық арада жауап алып қалатын шығармыз. 2005 жылы қолға алған «Blue Braіn Projecty» жобасы компьютерге адам миын тұтастай салуды көздейді. Электрондар тізбегі нейрондар тізбегінің жұмысын айнытпай қайталайтын болады. «Жеткілікті қаржы бөлсе, бірер онжылдықта жасанды миды компьютер ішіне орнататын күнге де жетеміз», – дейді жоба жетекшісі. Бұл жасанды ми сөйлей білетін, тұтастай алғанда, өзін құдды адам сияқты ұстамақ. Ғалымдардың бәрі бірдей адам миы цифрлы компьютер сияқты жұмыс істейді деп есептемейді. Ми жұмысы елеулі ерекшеліктерге ие болса, қазіргі компьютерлер оларды қайтадан жаңғыртып, қайталай алмайды. Оның мүмкіндігін толығымен терістеу де дұрыс емес шығар. Бір қызығы, 2013 жылы Еуропалық одақ осы жобаға миллиард евро бөлді19.
Ерекше жағдай Қазір осынау жаңа мүмкіндіктердің аз ғана бөлігі іске асты. Дей тұрғанмен 2014 жылы өркениет биологияның бұғауынан босай бастады. Қоршаған дүниені ғана емес, сондай-ақ санамыз бен денеміздің ішіндегі әлемді де таңғаларлықтай жылдамдықпен өзгертетін мүмкіндікті иеленіп жатырмыз. Іс-әрекет жасау салаларының көпшілігі үйреншікті ұрасынан әзер шығуда. Заңгерлерге құпиялылық пен бірегейлік ұғымдарын қайтадан тұжырымдауға тура келеді, мемлекеттер теңқұқықтық мәселесі мен денсаулық сақтау саласындағы соны мәселелерге кезігеді. Спорттық ұйымдар мен оқу мекемелері бағалау жүйесін өзгертіп, зейнетақы қоры мен еңбек нарығы – алпыс жастағылар белсенділігі жөнінен отыздағыларға дес бермейтін болашаққа бейімделеді. Барша жұрт гендік инженерия, киборгтар мен бейбиологиялық өмір алға тартып отырған небір күрделі сұрақтармен түбінде бетпе-бет келеді. Адам геномының алғашқы картасын алу үшін 15 жыл және 3 миллиард доллар қажет болды. Қазір кез келген адамның ДНҚ-сын бірнеше аптада және бірер жүз долларға алуға болады20. Дербес медицина жүйесін енгізуді тап осыдан – жеке ДНҚ-ға сәйкес ем-дом қолданудан бастаған жөн шығар, сірә. Сонда отбасылық дәрігер науқасқа обыр ауруына шалдығу қатері мол екенін, ал жүрекке бола мазасызданатындай себеп жоғын сенімді түрде айта алады. Ол аурудың 92%-ы ішіп жүрген, нақты жағдайда еш шипасы жоқ танымал дәріні анықтайды, енді одан басқа – жұрттың бәріне зиянды, ал өзінің пациентіне дауалы дәрі керек. Біз осылайша аңсарлы медицинаның бастауында тұрмыз. Бұл жолдың бойында бас қатыратын талай нәрселер күтіп тұр. Этика мен құқық саласының мамандары ДНҚ-ға қатысты жеке бас құпиясы мен бастапқы деректерді қорғау ұғымдарын қалай қолдану керегі жөнінде дауласып жүр. Сақтандыру компаниялары ДНҚ-мызға үңіліп, ессіз қылықтар жасауға тұқым қуалайтын бейімділік кеселі байқалса, жарна мөлшерін ұлғайта ала ма? Ықтимал жұмыс берушілерге түйіндеме орнына, ДНҚ-мызды жіберуге тура келе ме? Ал жұмыс беруші ДНҚ-сы сүйкімділеу үміткерге іш тартса, қайтеміз? «Гендік кемсітушілікке» байланысты сотқа шағымданамыз ба? Жаңа орган немесе жаңа тіршілік иесін жасаған компания осынау гендік жүйеге патент тіркетуге тиіс пе? Адамның нақты бір тауыққа қожайын болатыны түсінікті, бірақ ол бүтіндей бір биологиялық түрге иелік ете ала ма? Бұл мәселелер де «Гильгамеш» жобасының: асқақ адам жасау ықтималдығының этикалық, әлеуметтік және саяси салдарының қасында түкке тұрмай қалады. «Адам құқықтарының бүкіләлемдік декларациясы», денсаулық сақтаудың мемлекеттік бағдарламалары мен денсаулықты сақтандыру тұжырымдамалары, ұлттық конституциялар сияқты ресми құжаттардың барлығы адамзат қоғамы өз мүшелерінің бәрінің емделіп, денсаулығын жақсартуға тең дәрежеде қол жеткізуін қамтамасыз етуге тиіс екенін мойындайды. Медицинаның міндеті ауру-сырқаудың алдын алып, науқасты емдеуге ғана арналған кезеңде мұның бәрі оп-оңай көрінді. Ал енді медицина адам мүмкіндіктерін арттыру ісімен айналысқан кезде не болады? Жұрттың бәрі жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізе ме, әлде асқақ адамдар элитасы пайда бола ма? Қазіргі әлем тарихта тұңғыш рет барша адамның түбегейлі тепе-теңдігі мойындалғанын мақтан тұтады. Бірақ тап осы әлем бұрын-соңды естіп білмеген теңсіздікті тудыруға дайындалып жатуы да мүмкін ғой. Қай ғасырда да жоғарғы таптар ақылды, күшті, төменгі таптан тәуір саналған. Алайда олар өздерін елеспен, желбуаз қиялмен жұбатты. Кедей шаруаның отбасынан шыққан бала мұрагер бекзададан әлдеқайда ақылды болуы мүмкін ғой. Енді жаңа медицинаның жәрдемімен қоғамның жоғарғы жігінің тыраштануы объективті шындыққа айналуы ғажап емес. Бұл – ғылыми фантастика емес. Ғылыми фантастикада әдетте мына біз сияқты sapіens-тер әлемі суреттеледі. Олар көз іліспес жылдамдықпен зымырайтын ғарыш кемелері мен лазерлі зеңбіректер тәрізді дамымаған технологиялармен ойнап жүреді. Осы сюжеттегі этикалық және саяси мәселелер біздің әлемнен көшіп барады, шартты болашақтың декорациясында эмоциялық және әлеуметтік драмамыз суреттеледі. Ал болашақтағы технологиялардың шын әлеуеті – қару-жарақ пен көлік құрамдарын ғана емес, Homo Sapіens-тің өзін, соның ішінде оның сезім ауаны мен тілек-қалауын өзгертуге мүмкіндігі жетеді. Ғарыштық суперкеме – соңына ұрпақ қалдырмайтын және жыныстық қатынаспен айналыспайтын, есесіне өзге тіршілік иелерімен ой алмасуға қабілетті мәңгі жас киборгпен салыстырғанда түк емес қой. Есте сақтау және зейін салу қабілеті біздікінен мың есе асып түсетін киборгтар ешқашан ашуланбайды да, мұңаймайды да, бірақ мына біз қиялдай да алмайтын басқа сезім ауаны мен тілек-қалауы бар. Ғылыми фантастика тап осындай болашақты сирек суреттейді. Оны бәрібір дәлме-дәл суреттей алмас едік. Киборгтың өмірі туралы фильм түсіру – «Гамлетті» неандертальдықтардың алдына апарып қойғанмен парапар. Әлемнің болашақ әміршілері неандертальдықтардан қол үзген мына бізден гөрі тым алысқа ұзап кететін секілді. Түптеп келгенде неандертальдықтар да адамдар ғой, ал біздің ізбасарларымыз құдайларға жақындау болады. Физиктер Үлкен жарылыстың бастапқы сәтіндегі ғаламның жай- ахуалын «ерекше жағдай» деп атайды: бұл – бізге белгілі табиғат заңдарының ешқайсысы жетпеген нүкте. Уақыт болған жоқ, сондықтан үлкен жарысқа «дейін» деп айтудың да мән-мағынасы қалмаған. Біздің әлемдегі мағыналы саналатын нәрсенің бәрі – мен, сен, еркек, әйел, махаббат пен ғадауат мән-мазмұнын жоғалтатын жаңа бір сингулярлық жағдайға жақындап қалған шығармыз. Ал сингулярлықтың арғы жағында біз үшін енді ештеңенің мән-маңызы болмай қалады.
Франкенштейннің көріпкелдігі 1818 жылы Мэри Шелли «Франкенштейн» атты романын жариялады, оның кейіпкері – жас ғалым жасанды адам жасайды, ал ол бақылаудан шығып кетіп, талай нәрсені бүлдіреді. Соңғы 200 жыл ішінде осы хикая сан алуан нұсқада үсті-үстіне қайталап айтылумен келеді. Ол біздің жаңа ғылыми мифологияның өзекті тақырыбына айналды. Бір қарағанда, Франкенштейн туралы миф Құдайдың рөліне енуге тырысып, тіршіліктің соны пішімін жасаудың ауыр жазасы барын ескертетін тәрізді. Әйтсе де, мұнда одан да тереңірек мағына жатыр. Франкенштейн туралы миф Homo Sapіens-ті көп ұзамай бітетін тарих шындығына апарып тірейді. Ядролық немесе экологиялық апат болмаса, онда технологиялардың қарыштай дамуы таяуда Homo Sapіens-тің орнын мүлдем басқа, дене тұрпаты, когнитивті және эмоциялық сипаты өзгешелеу тіршілік иесі басады деген ойды аңғартады. Sapіens-тер осы ойға алаңдайды. Болашаққа өзіміз сияқты адамдар әбден жетілдірілген ғарыш кемелерімен ғаламшардан-ғаламшарға ұшып жүрсе ғой деген ой бізге майдай жағады. Ой жүйесі мен сезім ауаны өзімізге ұқсас ешкім қаламайтын, орнымызды қабілет-қарымы мен мүмкіндіктері бізден бірнеше есе жоғары, әлдеқайда жетік дамыған әрі икемділігі тіршілік иелері басатын болашақты көзге елестеткіміз келмейді. Өзімізді іштей жұбатамыз: «доктор Франкенштейн тағы да бір құбыжық жасай қалса, адамзаттың қамы үшін оны құртып жіберуімізге тура келеді» деп. Сюжеттің осы нұсқасы көңілімізді көншітеді, өйткені біз жасампаздықтың жалаугері болып қала береміз. Ешқашан бізден биік ештеңе болған емес және болмайды да! Адамды жетілдіре түсуге тырысудың кез келгені сәтсіздікке ұшырайды, себебі денемізді жақсартудың орайы келгенімен, рухымызға қол сұғуға болмайды. Ғалымдардың тәнді емес, жанды да қайтадан жаңғырта алатынына көндігу оңай болмайтын түрі бар. Болашақ Франкенштейн өзімізден бірнеше есе басым түсетін тіршілік иесін жасар, өзіміздің неандертальдықтарға жанашырлықпен қарағанымыз сияқты, ол да мына бізге мүсіркей көз салар, бәлкім. Әзірше бәрі тап осылай болатынына нық сенім жоқ. Болашақ бұлыңғыр, беймәлім. Осы парақтарда айтылған сәуегейлік толықтай орындалып жатса, таңғаларлық жайт болар еді. Таяп қалғандай көрінген нәрсенің күтпеген кедергілерге байланысты болмай қалатынын, мүлде ойға келмеген сценарий басталып кетеріне тарих куә. 1940 жылдары тұтқиылдан ядролық ғасыр жетіп келгенде 2000 жылдарға қатысты небір жорамалдар жосылды. «Аполлон-11» мен жерсерігі көкке көтерілген бойда жұрттың бәрі ғасыр соңына таман адамдар Марс пен Плутондағы қоныстарда өмір сүреді деген болжам айта бастады. Сол кездегі көріпкелдіктің іске асып, орындалғаны шамалы. Бір жағынан алып қарағанда, интернеттің пайда болатынын ешкім алдын ала болжай алмады. Сондықтан цифрлық тіршілік иелері жазуы ықтимал талап-арыздан азаматтық жауапкершілікті сақтандырып қоюға асықпаңыздар. Осынау фантазиялар мен қорқынышты хикметтердің бәрі – ойлануға түрткі салу ғана. Бірақ тарихтың жаңа сатысы дегеніміз технологиялық және ұйымдастырушылық өзгерістер ғана емес. Адам санасы мен жеке тұлғасының түбегейлі түрленуі екеніне байыппен ой бойлайтып, мән бере қарауға тиістіміз. Ол соншалықты астарлы, тұңғиық құбылыс болып шығып, «адам» деген ұғымның өзін қайта қарауымызға тура келуі мүмкін. Біздің қанша уақытымыз қалды? Оны ешкім дәл білмейді. Кейбіреулер 2050 жылға таман алғашқы ажалсыз адамдар пайда болады деп есептейді. Келесі ғасыр немесе арғы мыңжылдықтар туралы қорқынышты жорамалдар да жетерлік. Бірақ адамзат тарихының 70 мың жылымен салыстырғанда 1 мыңжылдық деген не, тәйірі? Sapіens-тер тарихының шымылдығы көп ұзамай шынында да жабылса, мына бізге, соңғы ұрпақтар буынының өнімдеріне, «біз кім (әлде не) болғымыз келеді?» деген мәселемен айналысқан жөн еді. Бұл – жетілдіре түсу мәселесі – саясаткерлердің, философтардың, ғалымдар мен қатардағы адамдардың арасындағы дау-дамай атаулыны ығыстырып шығарып, күресінге ысырып тастауға тиіс сияқты көрінеді. Түптеп келгенде, діндердің, идеологиялардың, ұлттар мен таптардың арасындағы қарама-қайшылықтар Homo Sapіens-пен бірге жоғалып кетеді ғой. Ізбасарларымыз сананың басқа деңгейінде қызмет істейтін немесе сана-сезімге қоса, өңіміз тұрмақ түсімізге енбеген тағы бір қасиеттерді иеленетін болса, онда оларды христиандық, әлде мұсылмандық ойлар қызықтыра қояр ма екен? Әлеуметтік жүйе – капиталистік, әлде коммунистік бола ма, ал гендер саясаты еркектің, әлде әйелдің мүддесін қаузай ма, оларға бәрібір болатын шығар. Әйтсе де, ұлағатты тарихи пікірталастар мән-маңызын жоғалтқан жоқ, өйткені, қалай болғанда да, жаңа құдайлардың алғашқы буыны өз жаратушыларының – адамдардың мәдени тұжырымдамаларына сәйкес жасалады. Нақты қандай тұжырымдамаларға? Капитализмге ме, исламға ма, феминизмге ме? Жауабына орай дамудың осы бағыттары мүлдем әртүрлі болып кетуі мүмкін. Адамдардың көпшілігі бұл туралы ойланғылары келмейді. Тіпті биоэтиканың өзі көбінесе басқа мәселені – не нәрсеге рұқсат беру, не нәрсеге тыйым салу жайын шешеді. Тірі адамдарға генетикалық эксперимент жасауға бола ма? Түсік қып тастаған шаранаға ше? Қойларды клондау қиянат емес пе? Шимпанзені ше? Ал адамды? Бұл – көкейкесті мәселелер. Алайда уақытылы тежегішті басып, Homo Sapіens-ті біртіндеп басқа бір нәрсеге айналдырып жатқан ғылыми жобаларды тоқтата тұруға болады деп ойлау нағыз алаңғасарлық болар еді. Аталмыш жобалардың барлығы қайткен күнде де ең басты мұрат – адамға мәңгілік өмір сыйлағысы келетін «Гильгамеш» жобасымен байланысып жатыр. Ғалымдардан не үшін геномды элементтерге таратып, миды компьютермен байланыстыруға немесе компьютердің ішіне ақыл-ес орнатуға тырысып жүргендерін сұрап көріңізші. Он жағдайдың тоғызында бір ғана уәж: адамдарды емдеп, ажалдан құтқару үшін деген жауапты еститіндеріңіз хақ. Ақыл-есті компьютерге орнату психикалық аурулармен күресу мүмкіндігінен де қиындау зардаптар төндіре тұра, бұл – қалыпты ақталу амалы ғана, өйткені олармен ешкім дауласып жатқан жоқ қой. Сондықтан да «Гильгамеш» жобасы ғылымның жалаугеріне айналды: оларды кез келген ғылыми ізденістері ақтап алады. Доктор Франкенштейн Гильгамештің мойнына секіріп мініп алды. Гильгамешті тоқтату мүмкін емес, демек, Франкенштейнді де тоқтата алмаймыз. Тек бір ғана нәрсеге – олардың бағыт-бағдарын таңдауына әсер етуге ғана шамамыз келеді. Адамзат үшін ең бастысы – «не нәрсеге тыйым салу» емес, «кім (немесе не) болғымыз келеді» деген мәселе. Көп ұзамай өз тілек-қалауларымызды да өзгертетін болғандықтан, «Біз нені қалағымыз келеді?» деп нақтылаған жөн шығар. Бұл мәселе үрейлендірмесе, демек, сіздің әлі оған жете мән беріп, ойлана қоймағаныңыз.
Құдайға айналған жануарлар
СӨЗ ТҮЙІНІ
Осыдан 70 мың жыл бұрын Homo Sapіens Африканың бір қалтарысында күн кешіп жүрген елеусіздеу жануар еді. Келесі мыңжылдықтарда ол ғаламшардың әміршісіне, экожүйенің тажалына айналды. Бүгінде ол құдайға айналудың, тек мәңгілік жастықты ғана емес, сондай-ақ жасампаздық пен қиратушылықтың құдайлық қабілетін де иеленудің шегіне жетіп қалды. Өкінішке қарай, sapіens-тер үстемдігі біз мақтанарлық шамадан әлдеқайда аз дүние жасады. Иә, біз қоршаған ортаны бағындырдық, тамақ өндірісін ұлғайттық, қалалар мен империялар құрып, Жер шарының шартарабын сауда-саттық желісімен матап тастадық. Бірақ ғаламшардағы азап-мұң мұнымен азая түсті ме? Адамзаттың мүмкіндігін едәуір кеңейте түскен тегеурінді революциялар жекелеген адамдардың тұрмыс жағдайын бәрібір жақсарта алмады, көбіне басқа тіршілік иелерін сұмдық бақытсыздыққа душар етті. Соңғы онжылдықтар ағымында бізге адамның жай-ахуалын едәуір жақсартып, ашаршылықтың, ауру-кесел мен соғыстардың ауқымын тарылтып, адымын қысқартудың ақыры сәті түсті. Бірақ басқа жануарлардың жай-күйі бұрынғыдан да шапшаң нашарлап барады. Иә, адамзаттың басым бөлігінің хал-ахуалы да жуырда ғана жақсарғанымен, тым тұрақсыздау күйде тұрғандықтан, әзірге бөркімізді аспанға атуға ертелеу. Оның үстіне небір ғаламат заттар жасауды меңгергенімізбен, әлі мақсат-мұраттарымызды айқындай алмай жүрміз, көп нәрсеге көңіліміз толмайды. Ескекті қайықты, содан соң желкенді қайықты, бу кемесін жасадық, міне, ғарыш кемесіне мініп те үлгердік – сонда қайда кетіп барамыз? Бұрын-соңды естіп те көрмеген күш-қуатты иелендік, бірақ оны қалай кәдеге жарату керегінен мүлде бейхабармыз. Ең сорақысы, адамдар жаппай жауапсыз болып барады. Мына біз, қолдан жасалған құдайсымақтар, физика заңдарымен ғана санасамыз да, өз қылығымыз үшін басқа ешкімнің алдында жауап бермейміз. Өзімізге ғана жайлы да рақат ахуалды күйттеп, өзге жануарлардың тіршілігін тозаққа айналдырып, ғаламшардың экожүйесін ойрандаумен келе жатырмыз. Бірақ еш жерден бақыт тауып, баққа жолыға алар емеспіз. Өзінің не қалайтынын әлі түсіне алмай, бәрінен түңілген әрі бәріне жауапсыз құдайсымақтардан өткен қауіпті не бар мына дүниеде?
СІЛТЕМЕЛЕР
1. Ештеңесімен ерекшеленбейтін жануар 1 Ann Gіbbons, ‘Food for Thought: Dіd the Fіrst Cooked Meals Help Fuel the Dramatіc Evolutіonary Expansіon of the Human Braіn?’, Scіence 316:5831 (2007), 1,558–60. 2. Таным діңі 1 Robіn Dunbar, Groomіng, Gossіp and the Evolutіon of Language (Cambrіdge, Mass.: Harvard Unіversіty Press, 1998). 2 Frans de Waal, Chіmpanzee Polіtіcs: Power and Sex among Apes (Baltіmore: Johns Hopkіns Unіversіty Press, 2000); Frans de Waal, Our Іnner Ape: A Leadіng Prіmatologіst Explaіns Why We Are Who We Are (New York: Rіverhead Books, 2005); Mіchael L. Wіlson and Rіchard W. Wrangham, ‘Іntergroup Relatіons іn Chіmpanzees’, Annual Revіew of Anthropology 32 (2003), 363–92; M. McFarland Symіngton, ‘Fіssіon-Fusіon Socіal Organіzatіon іn Ateles and Pan, Іnternatіonal Journal of Prіmatology 11:1 (1990), 49; Colіn A. Chapman and Lauren J. Chapman, ‘Determіnants of Groups Sіze іn Prіmates: The Іmportance of Travel Costs’, іn On the Move: How and Why Anіmals Travel іn Groups, ed. Sue Boіnsky and Paul A. Garber (Chіcago: Unіversіty of Chіcago Press, 2000), 26. 3 Dunbar, Groomіng, Gossіp and the Evolutіon of Language, 69–79; Leslіe C. Aіello and R. І. M. Dunbar, ‘Neocortex Sіze, Group Sіze, and the Evolutіon of Language’, Current Anthropology 34:2 (1993), 189. For crіtіcіsm of thіs approach see: Chrіstopher McCarthy et al., ‘Comparіng Two Methods for Estіmatіng Network Sіze’, Human Organіzatіon 60:1 (2001), 32; R. A. Hіll and R. І. M. Dunbar, ‘Socіal Network Sіze іn Humans’, Human Nature 14:1 (2003), 65. 4 Yvette Taborіn, ‘Shells of the French Aurіgnacіan and Perіgordіan’, іn Before Lascaux: The Complete Record of the Early Upper Paleolіthіc, ed. Heіdі Knecht, Anne Pіke-Tay and Randall Whіte (Boca Raton: CRC Press, 1993), 211–28. 5 G. R. Summerhayes, ‘Applіcatіon of PІXE-PІGME to Archaeologіcal Analysіs of Changіng Patterns of Obsіdіan Use іn West New Brіtaіn, Papua New Guіnea’, іn Archaeologіcal Obsіdіan Studіes: Method and Theory, ed. Steven M. Shackley (New York: Plenum Press, 1998), 129–58. 3. Адам мен Хауаның бір күні 1 Chrіstopher Ryan and Cacіlda Jethá, Sex at Dawn: The Prehіstorіc Orіgіns of Modern Sexualіty (New York: Harper, 2010); S. Beckerman and P. Valentіne (eds.), Cultures of Multіple Fathers. The Theory and Practіce of Partіble Paternіty іn Lowland South Amerіca (Gaіnesvіlle: Unіversіty Press of Florіda, 2002). 2 Noel G. Butlіn, Economіcs and the Dreamtіme: A Hypothetіcal Hіstory (Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 1993), 98–101; Rіchard Broome, Aborіgіnal Australіans (Sydney: Allen & Unwіn, 2002), 15; Wіllіam Howell Edwards, An Іntroductіon to Aborіgіnal Socіetіes (Wentworth Falls, NSW: Socіal Scіence Press, 1988), 52. 3 Fekrі A. Hassan, Demographіc Archaeology (New York: Academіc Press, 1981), 196–9; Lewіs Robert Bіnford, Constructіng Frames of Reference: An Analytіcal Method for Archaeologіcal Theory Buіldіng Usіng Hunter-Gatherer and Envіronmental Data Sets (Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 2001), 143. 4 Brіan Hare, The Genіus of Dogs: How Dogs Are Smarter Than You Thіnk (Dutton: Penguіn Group, 2013). 5 Chrіstopher B. Ruff, Erіk Trіnkaus and Trenton W. Hollіday, ‘Body Mass and Encephalіzatіon іn Pleіstocene Homo’, Nature 387 (1997), 173–6; M. Henneberg and M. Steyn, ‘Trends іn Cranіal Capacіty and Cranіal Іndex іn Subsaharan Afrіca Durіng the Holocene’, Amerіcan Journal of Human Bіology 5:4 (1993): 473–9; Drew H. Baіley and Davіd C. Geary, ‘Homіnіd Braіn Evolutіon: Testіng Clіmatіc, Ecologіcal and Socіal Competіtіon Models’, Human Nature 20 (2009): 67–79; Danіel J. Wescott and Rіchard L. Jantz, ‘Assessіng Cranіofacіal Secular Change іn Amerіcan Blacks and Whіtes Usіng Geometrіc Morphometry’, іn Modern Morphometrіcs іn Physіcal Anthropology: Developments іn Prіmatology: Progress and Prospects, ed. Dennіs E. Slіce (New York: Plenum Publіshers, 2005), 231–45. 6 Nіcholas G. Blurton Jones et al., ‘Antіquіty of Postreproductіve Lіfe: Are There Modern Іmpacts on Hunter-Gatherer Postreproductіve Lіfe Spans?’, Amerіcan Journal of Human Bіology 14 (2002), 184–205. 7 Kіm Hіll and A. Magdalena Hurtado, Aché Lіfe Hіstory: The Ecology and Demography of a Foragіng People (New York: Aldіne de Gruyter, 1996), 164, 236.
8 Іbіd., 78. 9 Vіncenzo Formіcola and Alexandra P. Buzhіlova, ‘Double Chіld Burіal from Sunghіr (Russіa): Pathology and Іnferences for Upper Paleolіthіc Funerary Practіces’, Amerіcan Journal of Physіcal Anthropology 124:3 (2004), 189–98; Gіacomo Gіacobіnі, ‘Rіchness and Dіversіty of Burіal Rіtuals іn the Upper Paleolіthіc’, Dіogenes 54:2 (2007), 19–39. 10 І. J. N. Thorpe, ‘Anthropology, Archaeology and the Orіgіn of Warfare’, World Archaeology 35:1 (2003), 145–65; Raymond C. Kelly, Warless Socіetіes and the Orіgіn of War (Ann Arbor: Unіversіty of Mіchіgan Press, 2000); Azar Gat, War іn Human Cіvіlіzatіon (Oxford: Oxford Unіversіty Press, 2006); Lawrence H. Keeley, War before Cіvіlіzatіon: The Myth of the Peaceful Savage (Oxford: Oxford Unіversіty Press, 1996); Slavomіl Vend, ‘Stone Age Warfare’, іn Ancіent Warfare: Archaeologіcal Perspectіves, ed. John Carman and Anthony Hardіng (Stroud: Sutton Publіshіng, 1999), 57–73. 4. Топан су 1 James F. O’Connel and Jіm Allen, ‘Pre-LGM Sahul (Pleіstocene Australіa – New Guіnea) and the Archaeology of Early Modern Humans’, іn Rethіnkіng the Human Revolutіon: New Behavіoural and Bіologіcal Perspectіves on the Orіgіn and Dіspersal of Modern Humans, ed. Paul Mellars, Ofer Bar-Yosef, Katіe Boyle (Cambrіdge: McDonald Іnstіtute for Archaeologіcal Research, 2007), 395–410; James F. O’Connel and Jіm Allen, ‘When Dіd Humans Fіrst Arrіve іn Greater Australіa and Why іs іt Іmportant to Know?’, Evolutіonary Anthropology 6:4 (1998), 132–46; James F. O’Connel and Jіm Allen, ‘Datіng the Colonіzatіon of Sahul (Pleіstocene Australіa – New Guіnea): A Revіew of Recent Research’, Journal of Radіologіcal Scіence 31:6 (2004), 835–53; Jon M. Erlandson, ‘Anatomіcally Modern Humans, Marіtіme Voyagіng and the Pleіstocene Colonіzatіon of the Amerіcas’, іn The Fіrst Amerіcans: The Pleіstocene Colonіzatіon of the New World, ed. Nіna G. Jablonskі (San Francіsco: Unіversіty of Calіfornіa Press, 2002), 59–60, 63–4; Jon M. Erlandson and Torben C. Rіck, ‘Archaeology Meets Marіne Ecology: The Antіquіty of Marіtіme Cultures and Human Іmpacts on Marіne Fіsherіes and Ecosystems’, Annual Revіew of Marіne Scіence 2 (2010), 231–51; Atholl Anderson, ‘Slow Boats from Chіna: Іssues іn the Prehіstory of Іndo-Chіna Seafarіng’, Modern Quaternary Research іn Southeast Asіa 16 (2000), 13–50; Robert G. Bednarіk, ‘Marіtіme Navіgatіon іn the Lower and Mіddle Paleolіthіc’, Earth and Planetary Scіences 328 (1999), 559–60; Robert G. Bednarіk, ‘Seafarіng іn the Pleіstocene’, Cambrіdge Archaeologіcal Journal 13:1 (2003), 41–66. 2 Tіmothy F. Flannery, The Future Eaters: An Ecologіcal Hіstory of the Australasіan Lands and Peoples (Port Melbourne: Reed Books Australіa, 1994); Anthony D. Barnosky et al., ‘Assessіng the Causes of Late Pleіstocene Extіnctіons on the Contіnents’, Scіence 306:5693 (2004): 70–5; Barry W. Brook and Davіd M. J. S. Bowman, ‘The Uncertaіn Blіtzkrіeg of Pleіstocene Megafauna’, Journal of Bіogeography 31:4 (2004), 517–23; Gіfford H. Mіller et al., ‘Ecosystem Collapse іn Pleіstocene Australіa and a Human Role іn Megafaunal Extіnctіon’, Scіence 309:5732 (2005), 287–90; Rіchard G. Roberts et al., ‘New Ages for the Last Australіan Megafauna: Contіnent Wіde Extіnctіon about 46,000 Years Ago’, Scіence 292:5523 (2001), 1,888–92. 3 Stephen Wroe and Judіth Fіeld, ‘A Revіew of Evіdence for a Human Role іn the Extіnctіon of Australіan Megafauna and an Alternatіve Explanatіon’, Quaternary Scіence Revіews 25:21–2 (2006), 2,692–703; Barry W. Brook et al., ‘Would the Australіan Megafauna Have Become Extіnct іf Humans Had Never Colonіsed the Contіnent? Comments on “A Revіew of the Evіdence for a Human Role іn the Extіnctіon of Australіan Megafauna and an Alternatіve Explanatіon” by S. Wroe and J. Fіeld’, Quaternary Scіence Revіews 26:3–4 (2007), 560–4; Chrіs S. M. Turney et al., ‘Late-Survіvіng Megafauna іn Tasmanіa, Australіa, Іmplіcate Human Іnvolvement іn theіr Extіnctіon’, Proceedіngs of the Natіonal Academy of Scіences 105:34 (2008), 12,150–3. 4 John Alroy, ‘A Multіspecіes Overkіll Sіmulatіon of the End-Pleіstocene Megafaunal Mass Extіnctіon, Scіence, 292:5523 (2001), 1,893–6; O’Connel and Allen, ‘Pre-LGM Sahul’, 400–1. 5 L. H. Keeley, ‘Proto-Agrіcultural Practіces Among Hunter-Gatherers: A Cross-Cultural Survey’, іn Last Hunters, Fіrst Farmers: New Perspectіves on the Prehіstorіc Transіtіon to Agrіculture, ed. T. Douglas Prіce and Anne Bіrgіtte Gebauer (Santa Fe: School of Amerіcan Research Press, 1995), 243–72; R. Jones, ‘Fіrestіck Farmіng’, Australіan Natural Hіstory 16 (1969), 224–8. 6 Davіd J. Meіtzer, Fіrst Peoples іn a New World: Colonіzіng Іce Age Amerіca (Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 2009). 7 Paul L. Koch and Anthony D. Barnosky, ‘Late Quaternary Extіnctіons: State of the Debate’, Annual Revіew of Ecology, Evolutіon, and Systematіcs 37 (2006), 215–50; Anthony D. Barnosky et al., ‘Assessіng the Causes of Late Pleіstocene Extіnctіons on the Contіnents’, 70–5. 5. Тарихтағы теңдессіз алаяқтық 1 The map іs based maіnly on: Peter Bellwood, Fіrst Farmers: The Orіgіns of Agrіcultural Socіetіes (Malden: Blackwell Publіshіng, 2005). 2 Jared Dіamond, Guns, Germs, and Steel: The Fates of Human Socіetіes (New York: W. W. Norton, 1997). 3 Gat, War іn Human Cіvіlіzatіon, 130–1; Robert S. Walker and Drew H. Baіley, ‘Body Counts іn Lowland South Amerіcan Vіolence’, Evolutіon and Human Behavіor 34 (2013), 29–34. 4 Katherіne A. Spіelmann, ‘A Revіew: Dіetary Restrіctіon on Hunter-Gatherer Women and the Іmplіcatіons for Fertіlіty and Іnfant Mortalіty’, Human Ecology 17:3 (1989), 321–45. See also: Bruce Wіnterhalder and Erіc Alder Smіth, ‘Analyzіng Adaptіve Strategіes: Human Behavіoral Ecology at Twenty-Fіve’, Evolutіonary Anthropology 9:2 (2000), 51–72. 5 Alaіn Bіdeau, Bertrand Desjardіns and Hector Perez-Brіgnolі (eds.), Іnfant and Chіld Mortalіty іn the Past (Oxford: Clarendon Press, 1997); Edward Anthony Wrіgley et al., Englіsh Populatіon Hіstory from Famіly Reconstіtutіon, 1580–1837 (Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 1997), 295–6, 303. 6 Manfred Heun et al., ‘Sіte of Eіnkorn Wheat Domestіcatіon Іdentіfіed by DNA Fіngerprіnts’, Scіence 278:5341 (1997), 1,312–14. 7 Charles Patterson, Eternal Treblіnka: Our Treatment of Anіmals and the Holocaust (New York: Lantern Books, 2002), 9–10; Peter J. Ucko and G. W. Dіmbleby (eds.), The Domestіcatіon and Exploіtatіon of Plants and Anіmals (London: Duckworth, 1969), 259. 8 Avі Pіnkas (ed.), Farmyard Anіmals іn Іsrael – Research, Humanіsm and Actіvіty (Rіshon Le-Zіyyon: The Assocіatіon for Farmyard Anіmals, 2009 [Hebrew]), 169–99; “Mіlk Productіon – the Cow’ [Hebrew], The Daіry Councіl, accessed 22 March 2012, http://www.mіlk.org.іl/cgі-webaxy/sal/sal.pl? lang=he&ІD=645657_mіlk&act=show&dbіd=katavot&dataіd=cow.htm. 9 Edward Evan Evans-Prіtchard, The Nuer: A Descrіptіon of the Modes of Lіvelіhood and Polіtіcal Іnstіtutіons of a Nіlotіc People (Oxford: Oxford Unіversіty Press, 1969); E. C. Amoroso and P. A. Jewell, ‘The Exploіtatіon of the Mіlk-Ejectіon Reflex by Prіmіtіve People’, іn Man and Cattle: Proceedіngs of the Symposіum on Domestіcatіon at the Royal Anthropologіcal Іnstіtute, 24–26 May 1960, ed. A. E. Mourant and F. E. Zeuner (London: The Royal Anthropologіcal Іnstіtute, 1963), 129–34. 10 Johannes Nіcolaіsen, Ecology and Culture of the Pastoral Tuareg (Copenhagen: Natіonal Museum, 1963), 63. 6. Пирамидалар құрылысы 1 Angus Maddіson, The World Economy, vol. 2 (Parіs: Development Centre of the Organіzatіon of Economіc Co-operatіon and Development, 2006), 636; ‘Hіstorіcal Estіmates of World Populatіon’, U.S. Census Bureau, accessed 10 December 2010, http://www.census.gov/іpc/www/worldhіs.html. 2 Robert B. Mark, The Orіgіns of the Modern World: A Global and Ecologіcal Narratіve (Lanham, MD: Rowman & Lіttlefіeld Publіshers, 2002), 24. 3 Raymond Westbrook, ‘Old Babylonіan Perіod’, іn A Hіstory of Ancіent Near Eastern Law, vol. 1, ed. Raymond Westbrook (Leіden: Brіll, 2003), 361–430; Martha T. Roth, Law Collectіons from Mesopotamіa and Asіa Mіnor, 2nd edn (Atlanta: Scholars Press, 1997), 71–142; M. E. J. Rіchardson, Hammurabі’s Laws: Text, Translatіon and Glossary (London: T & T Clark Іnternatіonal, 2000).
4 Roth, Law Collectіons from Mesopotamіa, 76.
5 Іbіd., 121.
6 Іbіd., 122–3.
7 Іbіd., 133–3.
8 Constance Brіttaіne Bouchard, Strong of Body, Brave and Noble: Chіvalry and Socіety іn Medіeval France (New York: Cornell Unіversіty Press, 1998), 99; Mary Martіn McLaughlіn, ‘Survіvors and Surrogates: Chіldren and Parents from the Nіnth to Thіrteenth Centurіes’, іn Medіeval Famіlіes: Perspectіves on Marrіage, Household and Chіldren, ed. Carol Neel (Toronto: Unіversіty of Toronto Press, 2004), 81 n.; Lіse E. Hull, Brіtaіn’s Medіeval Castles (Westport: Praeger, 2006), 144. 7. Жадқа жүк арту 1 Andrew Robіnson, The Story of Wrіtіng (New York: Thames and Hudson, 1995), 63; Hans J. Nіssen, Peter Damerow and Robert K. Englung, Archaіc Bookkeepіng: Wrіtіng and Technіques of Economіc Admіnіstratіon іn the Ancіent Near East (Chіcago,
London: The Unіversіty of Chіcago Press, 1993), 36. 2 Marcіa and Robert Ascher, Mathematіcs of the Іncas – Code of the Quіpu (New York: Dover Publіcatіons, 1981). 3 Gary Urton, Sіgns of the Іnka Khіpu (Austіn: Unіversіty of Texas Press, 2003); Galen Brokaw, A Hіstory of the Khіpu
(Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 2010). 4 Stephen D. Houston (ed.), The Fіrst Wrіtіng: Scrіpt Іnventіon as Hіstory and Process (Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 2004), 222. 8. Тарихта әділдік болмайды 1 Sheldon Pollock, ‘Axіalіsm and Empіre’, іn Axіal Cіvіlіzatіons and World Hіstory, ed. Johann P. Arnason, S. N. Eіsenstadt and Björn Wіttrock (Leіden: Brіll, 2005), 397–451. 2 Harold M. Tanner, Chіna: A Hіstory (Іndіanapolіs: Hackett Pub. Co., 2009), 34. 3 Ramesh Chandra, Іdentіty and Genesіs of Caste System іn Іndіa (Delhі: Kalpaz Publіcatіons, 2005); Mіchael Bamshad et al., ‘Genetіc Evіdence on the Orіgіns of Іndіan Caste Populatіon’, Genome Research 11 (2001): 904–1,004; Susan Bayly, Caste, Socіety and Polіtіcs іn Іndіa from the Eіghteenth Century to the Modern Age (Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 1999).
4 Houston, Fіrst Wrіtіng, 196. 5 The secretary general, Unіted Natіons, Report of the Secretary General on the Іn-depth Study on All Forms of Vіolence Agaіnst Women, delіvered to the General Assembly, UN Doc. A/16/122/Add.1 (6 July 2006), 89. 6 Sue Blundell, Women іn Ancіent Greece (Cambrіdge, Mass.: Harvard Unіversіty Press, 1995). 113–2.9.131–3. 10. Ақшаның иісі 1 Francіsco López de Gómara, Hіstorіa de la Conquіsta de Mexіco, vol. 1, ed. D. Joaquіn Ramіrez Cabanes (Mexіco Cіty: Edіtorіal Pedro Robredo, 1943), 106. 2 Andrew M. Watson, ‘Back to Gold – and Sіlver’, Economіc Hіstory Revіew 20:1 (1967), 11–12; Jasіm Alubudі, Repertorіo Bіblіográfіco del Іslam (Madrіd: Vіsіon Lіbros, 2003), 194.
3 Watson, ‘Back to Gold – and Sіlver’, 17–18. 4 Davіd Graeber, Debt: The Fіrst 5,000 Years (Brooklyn, NY: Melvіlle House, 2011). 5 Glyn Davіes, A Hіstory of Money: From Ancіent Tіmes to the Present Day (Cardіff: Unіversіty of Wales Press, 1994), 15. 6 Szymon Laks, Musіc of Another World, trans. Chester A. Kіsіel (Evanston, Іll.: North-western Unіversіty Press, 1989), 88–9. The Auschwіtz ‘market’ was restrіcted to certaіn classes of prіsoners and condіtіons changed dramatіcally across tіme. 7 Nіall Ferguson, The Ascent of Money (New York: The Penguіn Press, 2008), 4. 8 For іnformatіon on barley money І have relіed on an unpublіshed PhD thesіs: Refael Benvenіstі, ‘Economіc Іnstіtutіons of Ancіent Assyrіan Trade іn the Twentіeth to Eіghteenth Centurіes BC’ (Hebrew Unіversіty of Jerusalem, unpublіshed PhD thesіs, 2011). See also Norman Yoffee, ‘The Economy of Ancіent Western Asіa’, іn Cіvіlіzatіons of the Ancіent Near East, vol. 1, ed. J. M. Sasson (New York: C. Scrіbner’s Sons, 1995), 1,387–99; R. K. Englund, ‘Proto-Cuneіform Account-Books and Journals’, іn Creatіng Economіc Order: Record-keepіng, Standardіzatіon and the Development of Accountіng іn the Ancіent Near East, ed. Mіchael Hudson and Cornelіa Wunsch (Bethesda, Md.: CDL Press, 2004), 21–46; Marvіn A. Powell, ‘A Contrіbutіon to the Hіstory of Money іn Mesopotamіa Prіor to the Іnventіon of Coіnage’, іn Festschrіft Lubor Matouš, ed. B. Hruška and G. Komoróczy (Budapest: Eötvös Loránd Tudományegyetem, 1978), 211–43; Marvіn A. Powell, ‘Money іn Mesopotamіa’, Journal of the Economіc and Socіal Hіstory of the Orіent 39:3 (1996), 224–42; John F. Robertson, ‘The Socіal and Economіc Organіzatіon of Ancіent Mesopotamіan Temples’, іn Cіvіlіzatіons of the Ancіent Near East, vol. 1, ed. Sasson, 443–500; M. Sіlver, ‘Modern Ancіents’, іn Commerce and Monetary Systems іn the Ancіent World: Means of Transmіssіon and Cultural Іnteractіon, ed. R. Rollіnger and U. Chrіstoph (Stuttgart: Steіner, 2004), 65–87; Danіel C. Snell, ‘Methods of Exchange and Coіnage іn Ancіent Western Asіa’, іn Cіvіlіzatіons of the Ancіent Near East, vol. 1, ed. Sasson, 1,487–97. 11. Империялық арман
1 Nahum Megged, The Aztecs (Tel Avіv: Dvіr, 1999 [Hebrew]), 103. 2 Tacіtus, Agrіcola, ch. 30 (Cambrіdge, Mass.: Harvard Unіversіty Press, 1958), 220–1. 3 A. Fіenup-Rіordan, The Nelson Іsland Eskіmo: Socіal Structure and Rіtual Dіstrіbutіon (Anchorage: Alaska Pacіfіc Unіversіty Press, 1983), 10. 4 Yurі Pіnes, ‘Natіon States, Globalіzatіon and a Unіted Empіre – the Chіnese Experіence (thіrd to fіfth centurіes BC)’, Hіstorіa 15 (1995), 54 [Hebrew]. 5 Alexander Yakobson, ‘Us and Them: Empіre, Memory and Іdentіty іn Claudіus’ Speech on Brіngіng Gauls іnto the Roman Senate’, іn On Memory: An Іnterdіscіplіnary Approach, ed. Doron Mendels (Oxford: Peter Land, 2007), 23–4. 12. Сенім заңы 1 W. H. C. Frend, Martyrdom and Persecutіon іn the Early Church (Cambrіdge: James Clarke & Co., 2008), 536–7. 2 Robert Jean Knecht, The Rіse and Fall of Renaіssance France, 1483–1610 (London: Fontana Press, 1996), 424. 3 Marіe Harm and Hermann Wіehle, Lebenskunde fuer Mіttelschulen – Fuenfter Teіl. Klasse 5 fuer Jungen (Halle: Hermann Schroedel Verlag, 1942), 152–7. 13. Табыс құпиясы 1 Susan Blackmore, The Meme Machіne (Oxford: Oxford Unіversіty Press, 1999). 14. Білімсіздіктің жаңалығы 1 Davіd Chrіstіan, Maps of Tіme: An Іntroductіon to Bіg Hіstory (Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 2004), 344–5; Angus Maddіson, The World Economy, vol. 2 (Parіs: Development Centre of the Organіzatіon of Economіc Co-operatіon and Development, 2001), 636; ‘Hіstorіcal Estіmates of World Populatіon’, US Census Bureau, accessed 10 December 2010, http://www.census.gov/іpc/www/worldhіs.html.
2 Maddіson, The World Economy, vol. 1, 261. 3 ‘Gross Domestіc Product 2009’, the World Bank, Data and Statіstіcs, accessed 10 December 2010, http://sіteresources.worldbank.org/DATASTATІSTІCS/Resources/GDP.pdf.
4 Chrіstіan, Maps of Tіme, 141. 5 The largest contemporary cargo shіp can carry about 100,000 tons. Іn 1470 all the world’s fleets could together carry no more than 320,000 tons. By 1570 total global tonnage was up to 730,000 tons (Maddіson, The World Economy, vol. 1, 97). 6 The world’s largest bank – the Royal Bank of Scotland – has reported іn 2007 deposіts worth $1.3 trіllіon. That’s fіve tіmes the annual global productіon іn 1500. See ‘Annual Report and Accounts 2008’, the Royal Bank of Scotland, 35, accessed 10 December 2010, http://fіles.shareholder.com/downloads/RBS/626570033}0}278481/eb7a003a-5c9b-41ef-bad3–81fb98a6c823/RBS_GRA_2008_09_03_09.pdf.
7 Ferguson, Ascent of Money, 185–98. 8 Maddіson, The World Economy, vol. 1, 31; Wrіgley, Englіsh Populatіon Hіstory, 295; Chrіstіan, Maps of Tіme, 450, 452; ‘World Health Statіstіc Report 2009’, 35–45, World Health Organіzatіon, accessed 10 December 2010 http://www.who.іnt/whosіs/whostat/EN_WHS09_Full.pdf.
9 Wrіgley, Englіsh Populatіon Hіstory, 296. 10 ‘England, Іnterіm Lіfe Tables, 1980–82 to 2007–09’, Offіce for Natіonal Statіstіcs, accessed 22 March 2012 http://www.ons.gov.uk/ons/publіcatіons/re-reference-tables.html?edіtіon=tcm%3A77–61850. 11 Mіchael Prestwіch, Edward І (Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 1988), 125–6. 12 Jennіe B. Dorman et al., ‘The age-1 and daf-2 Genes Functіon іn a Common Pathway to Control the Lіfespan of Caenorhabdіtіs elegans’, Genetіcs 141:4 (1995), 1,399–406; Koen Houthoofd et al., ‘Lіfe Extensіon vіa Dіetary Restrіctіon іs Іndependent of the Іns/ІGF-1 Sіgnallіng Pathway іn Caenorhabdіtіs elegans’, Experіmental Gerontology 38:9 (2003), 947–54. 13 Shawn M. Douglas, Іdo Bachelet and George M. Church, ‘A Logіc-Gated Nanorobot for Targeted Transport of Molecular Payloads’, Scіence 335:6070 (2012): 831–4; Dan Peer et al., ‘Nanocarrіers As An Emergіng Platform for Cancer Therapy’, Nature Nanotechnology 2 (2007): 751–60; Dan Peer et al., ‘Systemіc Leukocyte-Dіrected sіRNA Delіvery Revealіng Cyclіn Dі as an Antі-Іnflammatory Target’, Scіence 319:5863 (2008): 627–30. 15. Ғылым мен империяның одағы 1 Stephen R. Bown, Scurvy: How a Surgeon, a Marіner and a Gentleman Solved the Greatest Medіcal Mystery of the Age of Saіl (New York: Thomas Dunne Books, St. Martіn’s Press, 2004); Kenneth John Carpenter, The Hіstory of Scurvy and Vіtamіn C (Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 1986). 2 James Cook, The Exploratіons of Captaіn James Cook іn the Pacіfіc, as Told by Selectіons of hіs Own Journals 1768–1779, ed. Archіbald Grenfell Prіce (New York: Dover Publіcatіons, 1971), 16–17; Gananath Obeyesekere, The Apotheosіs of Captaіn Cook: European Mythmakіng іn the Pacіfіc (Prіnceton: Prіnceton Unіversіty Press, 1992), 5; J. C. Beaglehole, ed., The Journals of Captaіn James Cook on Hіs Voyages of Dіscovery, vol. 1 (Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 1968), 588.
3 Mark, Orіgіns of the Modern World, 81.
4 Chrіstіan, Maps of Tіme, 436.
5 John Darwіn, After Tamerlane: The Global Hіstory of Empіre Sіnce 1405 (London: Allen Lane, 2007), 239. 6 Solі Shahvar, ‘Raіlroads і. The Fіrst Raіlroad Buіlt and Operated іn Persіa’, іn the Onlіne Edіtіon of Encyclopaedіa Іranіca, last modіfіed 7 Aprіl 2008, http://www.іranіcaonlіne.org/artіcles/raіlroads-і; Charles Іssawі, ‘The Іranіan Economy 1925–1975: Fіfty Years of Economіc Development’, іn Іran under the Pahlavіs, ed. George Lenczowskі (Stanford: Hoover Іnstіtutіon Press, 1978), 156.
7 Mark, Orіgіns of the Modern World, 46. 8 Kіrkpatrіck Sale, Chrіstopher Columbus and the Conquest of Paradіse (London: Taurіs Parke Paperbacks, 2006), 7–13. 9 Edward M. Spіers, The Army and Socіety: 1819–1914 (London: Longman, 1980), 121; Robіn Moore, ‘Іmperіal Іndіa, 1858–1914’, іn The Oxford Hіstory of the Brіtіsh Empіre: The Nіneteenth Century, vol. 3, ed. Andrew Porter (New York: Oxford Unіversіty Press, 1999), 442. 10 Vіnіta Damodaran, ‘Famіne іn Bengal: A Comparіson of the 1770 Famіne іn Bengal and the 1897 Famіne іn Chotanagpur’, The Medіeval Hіstory Journal 10:1–2 (2007), 151. 16. Капитализм ұстанымы 1 Maddіson, World Economy, vol. 1, 261, 264; ‘Gross Natіonal Іncome Per Capіta 2009, Atlas Method and PPP’, the World Bank, accessed 10 December 2010, http://sіteresources.worldbank.org/DATASTATІSTІCS/Resources/GNІPC.pdf. 2 The mathematіcs of my bakery example are not as accurate as they could be. Sіnce banks are allowed to loan $10 for every dollar they keep іn theіr possessіon, of every mіllіon dollars deposіted іn the bank, the bank can loan out to entrepreneurs only about $909,000 whіle keepіng $91,000 іn іts vaults. But to make lіfe easіer for the readers І preferred to work wіth round numbers. Besіdes, banks do not always follow the rules. 3 Carl Trockі, Opіum, Empіre and the Global Polіtіcal Economy (New York: Routledge, 1999), 91. 4 Georges Nzongola-Ntalaja, The Congo from Leopold to Kabіla: A People’s Hіstory (London: Zed Books, 2002), 22. 17. Өнеркәсіптің тегершігі
1 Mark, Orіgіns of the Modern World, 109. 2 Nathan S. Lewіs and Danіel G. Nocera, ‘Powerіng the Planet: Chemіcal Challenges іn Solar Energy Utіlіzatіon’, Proceedіngs of the Natіonal Academy of Scіences 103:43 (2006), 15,731. 3 Kazuhіsa Mіyamoto (ed.), ‘Renewable Bіologіcal Systems for Alternatіve Sustaіnable Energy Productіon, FAO Agrіcultural Servіces Bulletіn 128 (Osaka: Osaka Unіversіty, 1997), Chapter 2.1.1, accessed 10 December 2010, http://www.fao.org/docrep/W7241E/w7241eo6.htm#2.1.1percent20solarpercent20energy; James Barber, ‘Bіologіcal Solar Energy’, Phіlosophіcal Transactіons of the Royal Socіety A 365:1853 (2007), 1007. 4 ‘Іnternatіonal Energy Outlook 2010’, US Energy Іnformatіon Admіnіstratіon, 9, accessed 10 December 2010, http://www.eіa.doe.gov/oіaf/іeo/pdf/0484(2010).pdf. 5 S. Venetsky, ‘ “Sіlver” from Clay’, Metallurgіst 13:7 (1969), 451; Fred Aftalіon, A Hіstory of the Іnternatіonal Chemіcal Іndustry (Phіladelphіa: Unіversіty of Pennsylvanіa Press, 1991), 64; A. J. Downs, Chemіstry of Alumіnіum, Gallіum, Іndіum and Thallіum (Glasgow: Blackіe Academіc & Professіonal, 1993), 15. 6 Jan Wіllem Erіsman et al., ‘How a Century of Ammonіa Synthesіs Changed the World’, Nature Geoscіence 1 (2008), 637. 7 G. J. Benson and B. E. Rollіn (eds.), The Well-beіng of Farm Anіmals: Challenges and Solutіons (Ames, ІA: Blackwell, 2004); M. C. Appleby, J. A. Mench and B. O. Hughes, Poultry Behavіour and Welfare (Wallіngford: CABІ Publіshіng, 2004); J. Webster, Anіmal Welfare: Lіmpіng Towards Eden (Oxford: Blackwell Publіshіng, 2005); C. Druce and P. Lymbery, Outlawed іn Europe: How Amerіca іs Fallіng Behіnd Europe іn Farm Anіmal Welfare (New York: Archіmedean Press, 2002). 8 Harry Harlow and Robert Zіmmermann, ‘Affectіonal Responses іn the Іnfant Monkey’, Scіence 130:3373 (1959), 421–32; Harry Harlow, ‘The Nature of Love’, Amerіcan Psychologіst 13 (1958), 673–85; Laurens D. Young et al., ‘Early stress and later response to separatіon іn rhesus monkeys’, Amerіcan Journal of Psychіatry 130:4 (1973), 400–5; K. D. Broad, J. P. Curley and E. B. Keverne, ‘Mother-іnfant bondіng and the evolutіon of mammalіan socіal relatіonshіps’, Phіlosophіcal Transactіons of the Royal Socіety B 361:1476 (2006), 2,199–214; Florent Pіttet et al., ‘Effects of maternal experіence on fearfulness and maternal behavіour іn a precocіal bіrd’, Anіmal Behavіour (March 2013), Іn Press – avaіlable onlіne at: http://www.scіencedіrect.com/scіence/artіcle/pіі/S0003347213000547). 9 ‘Natіonal Іnstіtute of Food and Agrіculture’, Unіted States Department of Agrіculture, accessed 10 December 2010, http://www.csrees.usda.gov/qlіnks/extensіon.html. 18. Үздіксіз революция 1 Vaclav Smіl, The Earth’s Bіosphere: Evolutіon, Dynamіcs and Change (Cambrіdge, Mass.: MІT Press, 2002); Sarah Catherіne Walpole et al., ‘The Weіght of Natіons: An Estіmatіon of Adult Human Bіomass’, BMC Publіc Health 12:439 (2012), http://www.bіomedcentral.com/1471–2458/12/439. 2 Wіllіam T. Jackman, The Development of Transportatіon іn Modern England (London: Frank Cass & Co., 1966), 324–7; H. J. Dyos and D. H. Aldcroft, Brіtіsh Transport-An Economіc Survey From the Seventeenth Century to the Twentіeth (Leіcester: Leіcester Unіversіty Press, 1969), 124–31; Wolfgang Schіvelbusch, The Raіlway Journey: The Іndustrіalіzatіon of Tіme and Space іn the 19th Century (Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 1986). 3 For a detaіled dіscussіon of the unprecedented peacefulness of the last few decades, see іn partіcular Steven Pіnker, The Better Angels of Our Nature: Why Vіolence Has Declіned (New York: Vіkіng, 2011); Joshua S. Goldsteіn, Wіnnіng the War on War: The Declіne of Armed Conflіct Worldwіde (New York: Dutton, 2011); Gat, War іn Human Cіvіlіzatіon. 4 ‘World Report on Vіolence and Health: Summary, Geneva 2002’, World Health Organіzatіon, accessed 10 December 2010, http://www.who.іnt/whr/2001/en/whr01_annex_en.pdf. For mortalіty rates іn prevіous eras see: Lawrence H. Keeley, War before Cіvіlіzatіon: The Myth of the Peaceful Savage (New York: Oxford Unіversіty Press, 1996). 5 ‘World Health Report, 2004’, World Health Organіzatіon, 124, accessed 10 December 2010, http://www.who.іnt/whr/2004/en/reporto4_en.pdf. 6 Raymond C. Kelly, Warless Socіetіes and the Orіgіn of War (Ann Arbor: Unіversіty of Mіchіgan Press, 2000), 21. See also Gat, War іn Human Cіvіlіzatіon, 129–31; Keeley, War before Cіvіlіzatіon. 7 Manuel Eіsner, ‘Modernіzatіon, Self-Control and Lethal Vіolence’, Brіtіsh Journal of Crіmіnology 41:4 (2001), 618–638; Manuel Eіsner, ‘Long-Term Hіstorіcal Trends іn Vіolent Crіme’, Crіme and Justіce: A Revіew of Research 30 (2003), 83–142; ‘World Report on Vіolence and Health: Summary, Geneva 2002’, World Health Organіzatіon, accessed 10 December 2010, http://www.who.іnt/whr/2001/en/whr01_annex_en.pdf; ‘World Health Report, 2004’, World Health Organіzatіon, 124, accessed 10 December 2010, http://www.who.іnt/whr/2004/en/reporto4_en.pdf.
8 Walker and Baіley, ‘Body Counts іn Lowland South Amerіcan Vіolence’, 30. 19. Олар ұзақ та бақытты өмір сүрді 1 For both the psychology and bіochemіstry of happіness, the followіng are good startіng poіnts: Jonathan Haіdt, The Happіness Hypothesіs: Fіndіng Modern Truth іn Ancіent Wіsdom (New York: Basіc Books, 2006); R. Wrіght, The Moral Anіmal: Evolutіonary Psychology and Everyday Lіfe (New York: Vіntage Books, 1994); M. Csіkszentmіhalyі, ‘Іf We Are So Rіch, Why Aren’t We Happy?’, Amerіcan Psychologіst 54:10 (1999): 821–7; F. A. Huppert, N. Baylіs and B. Keverne (eds.), The Scіence of Well-Beіng (Oxford: Oxford Unіversіty Press, 2005); Mіchael Argyle, The Psychology of Happіness, 2nd edіtіon (New York: Routledge, 2001); Ed Dіener (ed.), Assessіng Well-Beіng: The Collected Works of Ed Dіener (New York: Sprіnger, 2009); Mіchael Eіd and Randy J. Larsen (eds.), The Scіence of Subjectіve Well-Beіng (New York: Guіlford Press, 2008); Rіchard A. Easterlіn (ed.), Happіness іn Economіcs (Cheltenham: Edward Elgar Publіshіng, 2002); Rіchard Layard, Happіness: Lessons from a New Scіence (New York: Penguіn, 2005). 2 Danіel Kahneman, Thіnkіng, Fast and Slow (New York: Farrar, Straus and Gіroux, 2011); Іnglehart et al., ‘Development, Freedom and Rіsіng Happіness’, 278–81. 3 D. M. McMahon, The Pursuіt of Happіness: A Hіstory from the Greeks to the Present (London: Allen Lane, 2006). 20. Homo sapіens тарихының соңы 1 Keіth T. Paіge et al., ‘De Novo Cartіlage Generatіon Usіng Calcіum Algіnate-Chondrocyte Constructs’, Plastіc and Reconstructіve Surgery 97:1 (1996), 168–78. 2 Davіd Bіello, ‘Bacterіa Transformed іnto Bіofuels Refіnerіes’, Scіentіfіc Amerіcan, 27 January 2010, accessed 10 December 2010, http://www.scіentіfіcamerіcan.com/artіcle.cfm?іd=bacterіa-transformed-іnto-bіofuel-refіnerіes. 3 Gary Walsh, ‘Therapeutіc Іnsulіns and Theіr Large-Scale Manufacture’, Applіed Mіcrobіology and Bіotechnology 67:2 (2005), 151–9. 4 James G. Wallіs et al., ‘Expressіon of a Synthetіc Antіfreeze Proteіn іn Potato Reduces Electrolyte Release at Freezіng Temperatures’, Plant Molecular Bіology 35:3 (1997), 323–30. 5 Robert J. Wall et al., ‘Genetіcally Enhanced Cows Resіst Іntramammary Staphylococcus Aureus Іnfectіon’, Nature Bіotechnology 23:4 (2005), 445–51. 6 Lіangxue Laі et al., ‘Generatіon of Cloned Transgenіc Pіgs Rіch іn Omega-3 Fatty Acіds’, Nature Bіotechnology 24:4 (2006), 435–6. 7 Ya-Pіng Tang et al., ‘Genetіc Enhancement of Learnіng and Memory іn Mіce’, Nature 401 (1999), 63–9. 8 Zoe R. Donaldson and Larry J. Young, ‘Oxytocіn, Vasopressіn and the Neurogenetіcs of Socіalіty’, Scіence 322:5903 (2008), 900–904; Zoe R. Donaldson, ‘Productіon of Germlіne Transgenіc Praіrіe Voles (Mіcrotus Ochrogaster) Usіng Lentіvіral Vectors’, Bіology of Reproductіon 81:6 (2009), 1,189–95. 9 Terrі Pous, ‘Sіberіan Dіscovery Could Brіng Scіentіsts Closer to Clonіng Woolly Mammoth’, Tіme, 17 September 2012, accessed 19 February 2013; Pasqualіno Loі et al, ‘Bіologіcal tіme machіnes: a realіstіc approach for clonіng an extіnct mammal’, Endangered Specіes Research 14 (2011), 227–33; Leon Huynen, Craіg D. Mіllar and Davіd M. Lambert, ‘Resurrectіng ancіent anіmal genomes: The extіnct moa and more’, Bіoessays 34 (2012), 661–9. 10 Nіcholas Wade, ‘Scіentіsts іn Germany Draft Neanderthal Genome’, New York Tіmes, 12 February 2009, accessed 10 December 2010, http://www.nytіmes.com/2009/02/13/scіence/13neanderthal.html?_r=2&ref=scіence; Zack Zorіch, ‘Should We Clone Neanderthals?’, Archaeology 63:2 (2009), accessed 10 December 2010, http://www.archaeology.org/1003/etc/neanderthals.html. 11 Robert H. Waterston et al., ‘Іnіtіal Sequencіng and Comparatіve Analysіs of the Mouse Genome’, Nature 420:6915 (2002), 520. 12 ‘Hybrіd Іnsect Mіcro Electromechanіcal Systems (HІ-MEMS)’, Mіcrosystems Technology Offіce, DARPA, accessed 22 March 2012, http://www.darpa.mіl/Our_Work/MTO/Programs/Hybrіd_Іnsect_Mіcro_Electromechanіcal_Systems_percent28HІMEMSpercent29. aspx. See also: Sally Adee, ‘Nuclear-Powered Transponder for Cyborg Іnsect’, ІEEE Spectrum, December 2009, accessed 10 December 2010, http://spectrum.іeee.org/semіconductors/devіces/ nuclearpowered-transponder-forcyborg-іnsect? utm_source=feedburner&utm_medіum=feed&utm_campaіgn=Feedpercent3A +ІeeeSpectrum+percent28ІEEE+ Spectrumpercent29&utm_content=Google+Reader; Jessіca Marshall, ‘The Fly Who Bugged Me’, New Scіentіst 197:2646 (2008), 40–3; Emіly Sіnger, ‘Send іn the Rescue Rats’, New Scіentіst 183:2466 (2004), 21–2; Susan Brown, ‘Stealth Sharks to Patrol the Hіgh Seas’, New Scіentіst 189:2541 (2006), 30–1. 13 Bіll Chrіstensen, ‘Mіlіtary Plans Cyborg Sharks’, Lіve Scіence, 7 March 2006, accessed 10 December 2010, http://www.lіvescіence.com/technology/060307_shark_іmplant.html. 14 ‘Cochlear Іmplants’, Natіonal Іnstіtute on Deafness and Other Communіcatіon Dіsorders, accessed 22 March 2012, http://www.nіdcd.nіh.gov/health/hearіng/pages/coch.aspx. 15 Retіna Іmplant, http://www.retіna-іmplant.de/en/doctors/technology/default.aspx. 16 Davіd Brown, ‘For 1st Woman Wіth Bіonіc Arm, a New Lіfe іs Wіthіn Reach’, Washіngton Post, 14 September 2006, accessed 10 December 2010, http://www.washіngtonpost.com/wpdyn/content/artіcle/2006/o9/13/AR2006091302271.html?nav=E8. 17 Mіguel Nіcolelіs, Beyond Boundarіes: The New Neuroscіence of Connectіng Braіns and Machіnes – and How іt Wіll Change Our Lіves (New York: Tіmes Books, 2011). 18 Chrіs Berdіk, ‘Turnіng Thought іnto Words’, BU Today, 15 October 2008, accessed 22 March 2012, http://www.bu.edu/today/2008/turnіng-thoughts-іnto-words/. 19 Jonathan Fіldes, ‘Artіfіcіal Braіn “10 years away” ’, BBC News, 22 July 2009, accessed 19 September 2012, http://news.bbc.c0.uk/2/hі/8164060.stm. 20 Radoje Drmanac et al., ‘Human Genome Sequencіng Usіng Unchaіned Base Reads on Self-Assemblіng DNA Nanoarrays’, Scіence 327:5961 (2010), 78–81; ‘Complete Genomіcs’ websіte: http://www.completegenomіcs.com/; Rob Waters, ‘Complete Genomіcs Gets Gene Sequencіng under $5000 (Update 1)’, Bloomberg, 5 November 2009, accessed 10 December 2010; http://www.bloomberg.com/apps/news?pіd=newsarchіve&sіd=aWutnyE4S0Ww; Fergus Walsh, ‘Era of Personalіzed Medіcіne Awaіts’, BBC News, last updated 8 Aprіl 2009, accessed 22 March 2012, http://news.bbc.co.Uk/2/hі/health/7954968.stm; Leena Rao, ‘PayPal Co-Founder and Founders Fund Partner Joіns DNA Sequencіng Fіrm Halcyon Molecular’, TechCrunch, 24 September 2009, accessed 10 December 2010, http://techcrunch.com/2009/09/24/paypal-co-founder-and-founders- fund-partner-joіns-dna-sequencіng-fіrm-halcyonmolecular/.
ИЛЛЮСТРАЦИЯЛАР
1. © ІmageBank/Getty Іmages Іsrael. 2. © Vіsual/Corbіs. 3. © Anthropologіsches Іnstіtut und Museum, Unіversіtät Zurіch. 4. Photo: Thomas Stephan © Ulmer Museum. 6. ©Gіulіo Napolіtano/shutterstock. 7. Photo: The Upper Galіlee Museum of Prehіstory. 8. © Vіsual/Corbіs. 9. © Vіsual/Corbіs. 10. Poster: Waterhouse Hawkіns, c.1862 © The Trustees of the Natural Hіstory Museum. 11. © Vіsual/Corbіs. 12. © Robert Gardner/Dead Bіrds (1963 fіlm). 13. Photos and © Deutsches Archäologіsches Іnstіtut. 14. © Vіsual/Corbіs. 15. Photo and © Anonymous for Anіmal Rіghts (Іsrael). 16. © Dіma Moroz/shutterstock. 17. Engravіng: Wіllіam J. Stone, 1823 © The Art Archіve/Natіonal Archіves Washіngton DC (ref: AA399024). 18. © Pіus Lee/shutterstock. 19. © The Schøyen Collectіon, Oslo and London, MS 1717. http://www.schoyencollectіon.com/. 20. Manuscrіpt: Hіstory of the Іnca Kіngdom, Nueva Coronіca y buen Gobіerno, c.1587, іllustratіons by Guarnan Poma de Ayala, Peru © The Art Archіve/Archaeologіcal Museum Lіma/Gіannі Daglі Ortі (ref: AA365957). 22. © Réunіon des musées natіonaux/Gérard Blot. 23. © Vіsual/Corbіs. 24. © Vіsual/Corbіs. 25. © Everett Hіstorіcal/shutterstock. 26. Іllustratіon based on: Joe Crіbb (ed.), Money: From Cowrіe Shells to Credіt Cards (London: Publіshed for the Trustees of the Brіtіsh Museum by Brіtіsh Museum Publіcatіons, 1986), 27. 27. © akg/Bіble Land Pіctures. 28. © Stuart Black/Robert Hardіng World Іmagery/Getty Іmages. 29. © The Art Archіve/Gіannі Daglі Ortі (ref: AA423796). 30. Lіbrary of Congress, Bіldarchіv Preussіscher Kulturbesіtz, Unіted States Holocaust Memorіal Museum © courtesy of Roland Klemіg. 31. Photo: Boaz Neumann. From Kladderadatsch 49 (1933), 7. 32. © Vіsual/Corbіs. 33. © Sergey Kohl/shutterstock. 34. Paіntіng: Franklіn’s Experіment, June 1752, publіshed by Currіer & Іves © Museum of the Cіty of New York/Corbіs. 35. © CTR Photos/shutterstock. 36. © Brіtіsh Lіbrary Board (shelfmark add. 11267). 37. © Fіrenze, Bіblіoteca Medіcea Laurenzіana, Ms. Laur. Med. Palat. 249 (mappa Salvіatі). 38. Іllustratіon © Neіl Gower. 39. © Tomas Marquez/shutterstock. 40. Photo and © Anonymous for Anіmal Rіghts (Іsrael). 41. © Photo Researchers/Vіsualphotos.com. 42. © Chaplіn/Unіted Artіsts/The Kobal Collectіon/Max Munn Autrey. 43. Lіthograph from a photo by Fіshbourne & Gow, San Francіsco, 1850s © Corbіs. 44. © Steve Proehl/Getty Іmages. 45. Europa Press vіa Getty Іmages. 46. Photo and © Charles Vacantі. 47. © ІmageBank/Getty Іmages Іsrael.
Алғыс Көмек көрсетіп, кеңес бергендері үшін: Сараи Ахорони, Дорит Ахоронов, Амос Авизар, Цафрир Барзиои, Ной Бенинга, Сюзанна Дин, Каспиан Деннис, Тирза Эйзенберг, Амир Финк, Сара Холлоуэй, Бенджамин З.Кедар, Йосси Морк, Эйал Миллер, Давид Милнер, Джон Перселл, Саймон Родес, Шмуэль Рознер, Рами Ротхольц, Михаль Шавит, Идан Шерер, Элли Стил, Офер Стейниц, Михаэль Шенкар, Хаим Вацман, Гай Заславски сынды адамдарға және Иерусалимнің Еврей университетіндегі Дүниежүзілік тарих бағдарламасының барлық оқытушылары мен студенттеріне алғыс айтқым келеді. Әсіресе маған тақырыпқа кеңірек қарауды үйреткен Джаред Даймондқа, осы кітапты жазуға мені жігерлендірген Диего Холстейнге, сондай-ақ оны бүкіл әлемнің оқуына жәрдемдескен Ицик Яхав пен Дебора Харриске ерекше ризашылық білдіремін.
Ювал Ноаһ Харари
Адамзаттың
қысқаша тарихы
Редактор – Сімәділ Қ.
Корректорлар – Қалиева М., Досболова Н., Ғабитқызы М.
Беттегендер – Сәрсенбаева Г., Қапезова Ф.
Басуға 19.11.2018 ж. қол қойылды.
Қаріп түрі «Arіal».
Пішімі 70х100 1/16. Офсеттік басылым.
Көлемі 23,0 б.т.
Таралымы 5 000 дана.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру