Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы 2 том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Ақтан Керейұлы
Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы
АҚТАН
АРАЛБАЙ
ҚАШАҒАН
РЕДАКЦИЯ АЛҚАСЫ: Айдарбаев Алик Серікұлы – алқа төрағасы, Маңғыстау облысының әкімі. Әріп Ғалым Бисембіұлы – алқа төрағасының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы Маңғыстау облыстық филиалының директоры
АЛҚА МҮШЕЛЕРІ:
Тұрғараев Бекет Тұрғараұлы– облыс әкімінің кеңесшісі, заң ғылымдарының докторы, профессор. Өтегенов Айтуар Оспанұлыақын, (кітапты құрастырушы, жауапты шығарушы-редактор), Қосбармақ Рахат Құсайынұлыақын, (жауапты редактор), Мыңжас Темір Мыңжасұлыақын
Өлке қаламгерлерінің шығармаларынан мағұлымат беретін «Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясының 50 томдығы Маңғыстау облысының құрылғанына - 40, Ақтау қаласына 50 жыл толуына арналып шығарылып отыр. Бұл томға кіргізілген ақын-жыраулар – Ақтанның, Аралбайдың, Қашағанның шығармалары ғалым Қабиболла Сыдиықовтың «Таңдамалыларының» ҚР Жер қойнауларының құрметті барлаушысы С.Қырымқұловтың демеушілігімен шығарылған үшінші томына енген бұрынғы «Ақберен» (1972) кітабының толықтырылған нұсқасынан («Нұрлы Әлем » баспасы, Алматы, 2007) алынды.
АҚТАН КЕРЕЙҰЛЫ (1850 - 1912)
«МЕН АҚБАУЫР КЕР ЖОРҒА, ӘДЕМІ БАСҚАН АЯҒЫН»
XIX ғасырдың II жартысындағы көрнекті акынның бірі – Ақтан Керейұлы. Қаумалап халқым келгесін, Селдетпей топан-жел сөзді, Көрінбейін бекер жек... Таңдайына татымас, Абыл менен Нұрымнан Дәніккен жұртым секер жеп. Осылайша ұстаз ақын, жырауларын ерекше бағалай толғайтын Ақтанның өз акындығы да олардан кем болмаған. Ол – өзінен бұрынғы жыраулар мұрасынан мол сусындап, жырларын тау бұлағындай тасқындатқан ақпа ақын. Ақтанның туған, өлген жылдары туралы деректер әртүрлі. Ақтанның ағайыны, 1890 жылы туған шежіре қария Боқанов Қайшыбай 1964 жылы бізбен кездескенде: "Ақтан менің әкемнен алты жас үлкен. Әкем қазір жүз үште. Сонда ол жүз тоғыз жас шамасында", – деп еді. Ал біз 1966 жылы кездескен Сағыз станциясының тұрғыны Нұрмаш қарт: "Ақтан алпыс үш жасында дүние салған. Қайтыс болғанына қазір қырық тоғыз жыл болды", – дейді. Ақтан туыстарының бірі, әңгімеші Әмірше Мұттахиевтың 1966 жылы бізге жаздырған деректеріне қарағанда, "Ақтан бұдан (1966 жылдан. - Қ. С) 54 жыл бұрын – тышқан жылы Шибұлақ деген жерде қайтыс болған. Бұдан 116 жыл бұрын – тауық жылы туған". Демек, Қайшыбай мәліметінде Ақтан 1855 жылы туған. Нұрмаш қарттың айтуынша ақын 1854 - 1917 жылдары өмір сүрген. Әмірше ақсақалдың "1966 жылы - бұдан 116 жыл бұрын туған" деп шегелеп айтуын негізге алсақ, Ақган 1850 – 1912 жылдарда өткен. Ал тауық жылы туса, 1849 жылы дүниеге келген болады. Қазақша жыл қайыруда да аз-кем ауытқулар болатынын ескерсек, ақынды Әміршенің 1850 – 1912 жылдары өмір сүрген деген дерегіне тоқтауға болады. Себебі Ақтанды әрі қоныстасы, әрі жақын туысы Әміршеден артық білетін адам жоқ. Қашаған ақынның: Көзім көрген адамда Абыл, Нұрым, Ақтаным, Осылар еді тақтағым. Осылай деп маған үйреткен Тарихтың ескі ақпарын, –
деп Ақтанды өз ұстаздарының бірі санағандығын еске алсақ, бұл деректердің қай-қайсысы да ақын дәуірін сәл берілеу көрсететіндей. Себебі, бұл пікірлерге карағанда, Ақтан Қашағаннан тоғыз жас кіші болып шығады. Әрине, өмірдс жасы қатар немесе кіші адамдарды да ұстаз тұту, өнерін қадірлеу жайлары кездесе береді. Жылойлық шежіреші Қайшыбай да, Сағыз станциясында тұрған ақынның ағайындары Әмірше Мұттахиев, Қаби Молдажановтардың қайқайсысы да Ақтан ауылының негізгі қонысы Маңғыстау, Үстірт, Жем, Ойыл өңірі екендігін айтады. "Қоныстас болдық. Бір көшіп, бір жүрдік", – деген Қаби қарт. Демек, сол кездегі көшпелі Адай елінің қыстайтын өңірі – Маңғыстау, жазғы жайлауы – Үстірт үсті, Жем, Ойыл бойлары. Адайлардың, оның ішінде Жеменейлердің бағзы қонысы Маңғыстаудың Бозашы аймағы екені рас. Бірақ Ақтанның дәл қай жерде туғандығы туралы дерек жоқ. Біз "Ақын, жыраулар" атты кітабымызда Ақтан Сағыз өзені бойында туған деп жазыппыз. Ол ақынның көп жылдар орнықты өмір сүрген жері сол өңір деген ұғымнан туса керек. Ақтан шыққан Жеменей руының қысқы қонысы Маңғыстаудың ойы екенін ескерсек, ақынды Маңгыстауда туған деудің де оғаштығы жоқ. Ақтан Адайдың Келімберді, оның Бұзау, оның Айтумыс, оның Шылым, оның Өрдек деген ұрпағынан. Өрдектің Кенже деген ауылынан. Оның ішінде Қойсарысы. Оның Барғана – Әбділда – Керей деген балаларынан. Қазақстан Ғылым академиясының Ғылыми кітапхана қорында сақтаулы (390-бума) ел аузынан жиналған деректер ішінде Ақтанның аталары жөнінде де бірқатар мәндІ мәліметтер кездеседі. ...Ақтанның атасы Әбділда ел аузында әңгімелері қалған атақты сыншы болыпты. Керей, Шолақ есімді екі баласы бар екен. Шолақтың үйіндегі келініне айттырып әпергенмен сын айтыпты: – Келінім кілең жаман бала туады екен, Керейіме таңдап жүріп жақсы бала туатын қыз алып бермесем, болмас, -дейді екен. Жиынға кетіп бара жатып, Әбділда бір ауылға қонады. Қой сауылып жатқанда, козы ұстап тұрған шалыс аяқ жас қызға көзі түседі: – Иапыр-ай, мына қыз берусіз бе екен, тэуір бала туады екен, – депті. Құрман деген жолдасы қыздың еш жаққа берусіз екенін біліп келеді. Сонда Әбділда: – Бұл қыздан үштен артық бала тумайды. Бірінші баласы Адайдан асқан ақылды болады, екіншісі ақтан ішкен ақын болады, үшінші баласы құрбысынан тақыл болады, – дейді. Әлгі қызды баласы Керейге алып береді. Атасы Әбділда айтқандай, Ақтан үш ағайынды екен. Ағасы Жамансары ділмар – шешен, інісі Тұрғанбай ел сыйлар азамат болыпты. Ал атасы ақтан ішкен адал азамат, арқалы ақын шығар ма екен деп Ақтан атаған екінші немересі айтулы ақпа ақын болғандығы аян.
Ақтанның ағасы Жамансары Иса, Досан сарбаздары өлтірген патша үкіметі сарбаздарына құн бермеу үшін ояз комиссиясымен айтысып, тіл тиіп, 29 жасында өліпті. Ақынның әкесі Керей өз еңбегімен күн көрген кедей шаруа ғана екен. Жас кезінде алған аз-кем сауатына қарамастан, Ақтан өзінен бұрынғы жыраулар дәстүрімен өленді ауызша айтуды машық еткен. "Ақшұнақ қоян" аталған жұт жылы Ақтан үй-іші де азын-аулақ күнкөріс малынан айрылады. Ол Ойыл қаласына кәсіп іздеп барып, ноғай саудагеріне тері илеуге жалданады. Көрген біреу: – Адайдьң Ақтан деген ақыны осы ма, бұл да ештеңе емес екен ғой, тері илеп жүрген, – деп күлсе керек. Сонда Ақтан: Айдынға үйрек, қаз керек, Сұлуға құшақ, наз керек. Жырға әуез бен саз керек, Теріге пұшпақ баз керек. Тері жаймай Акаң не кылсын, Заманға қарай саз керек, – депті. Сіңірі шыққан кедейлігіне айналып мал бағып, шаруа күйттеп қалмай, ол өмірінің көп жылдарын өнер қуумен өткізеді. Сайқылықпен көп кездім Әлімұлы, Байұлы, Тама, Табын – Жетіру Кіші жүздің аймағын, – деп өзі айтқандай, Ақтан Орынбор, Жайық, Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз, Маңғыстау, Хиуа алқабындағы елдерді көп аралаған. Сол мекендердегі Жетіру, Әлім, Байұлы елдерінің ақын, жырауларымен кездесіп, жиын-тойларда той бастап, жыр толғасады. Нұрым, Қашаған, Қоспақ, Құлманбет, Нұрпейіс сияқты акын, жыраулармен Ақтан талай рет кездесксн. "Ақтан орта бойлы, селдір сақалды адам еді. Жыр, толғауды домбырасыз да, жай отырып айта беретін, – дейді Қаби Молдажанов. – Азкем сауаты бар еді. "Ірі кітапты оқыған кісілерді ауызша естімішіммен қия бастырмаймын. Бірақ, мына бір уақ-бақалшақ кітаптарды оқи алмай, сүріне беремін" – дейтін. Бұл Ақтанның егдеріп, кедейлік жеңіп, денсаулығы нашарлап, Құдай жолына бір жола берілген шағы болса керек. Әмірше айтуына қарағанда, Ақтан егдерген кезінде қазіргі Сағыз станциясынан 12 шақырым жердегі Адайдың Қосай әулетінен шықкан Абдулла хазіретке қол беріп, мешіт маңында болады. Әрлі де сырлы, оюөрнекті осы діни орталықты халық Көкмешіт атаған. "Ақтан көп оқымаған. Бірақ ескіше сауатты адам болған, - дейді Әмірше, - "оку инемен құдық қазғандай екен. Баяғы жыршылық жөніме салып қойса, тіпті кідіретін, тоқтайтын түрім жоқ" дегенін өз құлағыммен естідім. 1911 жылы Ақтан
біздің үйге келді. Ол аласа бойлы, сары өңді кісі еді. Екі үйіміз араласып тұратынбыз. Домбыраны қолына жай ғана ұстап, өлеңді қолма-қол құйылта беретін. Қанша айтса да мүдірген, не шаршаған кезін көргенім жоқ". Демек, Әміршенің ақынды соңғы көруі дүние салардан бір жыл бұрын ғана. Ақтан өлең, толғауларын баласы Бақтиярға жазып беріпті. Бірақ Бақтияр ол асыл мұраны елге таратып, жарыққа шығара алмайды. Себебі кеңес үкіметінің қаһарынан қорқып, 1937 жылдары жасырып көміп тастайды. Өзі 1938 жылы қайтыс болады. 1964 жылы Жем өзені бойындағы Қазбек жайлауында кездескенімізде, Қайшыбай бізге Ақтан мұрасы хақында да толғана әңгімелеп еді. "Адайдың жеті қайқысы" аталған әйгілі сал-серілерінің бірі Әділ Өтеғұлұлы Ақтандарға ағайын, туыс кісі еді. Бірде ақынға барады. Жыр, толғауларын жазып алғысы келеді. "Өлең, жыр қасиетті өнер еді, дұрыс айтып қадірлей алсаң жақсы, әйтпесе, киесі ұрады", – деп жаздырмапты. Бірақ Әділ аса зерек, жаттампаз адам екен. Ауызша айтқан ақын сөздерінің көбін жаттап алып, дастарқан сияқты үлкен қағазга толтырып жазып, бүктеп-бүктеп алып жүреді екен. 1932 – 1934 жылдар шамасында Әділ қайтыс болады. Әділ өлгесін, әйелі қайныларының бірі Әмірше Мұттахиев дегенге тиеді. Еріп барған Кемалы Әміршеге бала болады. Қайшыбайдың сөзіне қарағанда, Әділде сақталған Ақтан сөздері Әміршенің қолына тиген болуы керек. Кемал да білуі мүмкін. Осы жолдардың авторы Әміршемен 1966 жылы Сағыз станциясында өз үйінде кездескен еді. Әмірше ұстамды, көп сыр шашпайтын ауызы берік адам көрінді. Ол ақын туралы мэліметтер мен оның өлең, толғауларын ауызша айтты. Ондай жазба мұра туралы ештеңе демеді. Мүмкін, уақыт кәрінен қорқып, көміп тастады ма не өртеп жіберді ме? Әлде үйінің бІр жерінде жатыр ма? Ол жағы белгісіз. Ал Әмірше Ақтанның баласы Бақтиярдың жұбайы Ақбұлақ станциясынан отыз шақырым жердегі Мәртөк, Жайсаңда тұрады деп еді. Одан бері де отыз жыл өтті. Бақтиярдан үрім-бұтақ бар ма? Олар ата мұрасынан не біледі? Осы жайлардың бәрі – келешек жинаушылар мен зерттеушілер зер салар мәселелер. Ақтанның біраз шығармалары Қазақстан Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасы мен Әдебиет институтының қолжазба қорында сақтаулы. Біздің қолымызда ақынның ел аузынан жиналған бірқатар өлеңдері мен өмірі туралы материалдар бар. Ақын жырларының бір тобы "Ертедегі әдебиет нұсқалары" (1967), "Ақберен" (1972), "Өсиет-нама" (1982), "Бес ғасыр жырлайды" (1984, 1989), "Жыр-дария" (1995) жинақтарында және жергілікті газеттерде ("Жем - Сағыз") жарық көрді. Ақтан жырлары, көбінесе, терме, толғаулар мен ерлік дастандар. Бір топ арнау өлеңдері де бар.
"Аққулар көркем көрінер", "Біразырақ сөйлейін", "Замана жайында", "Тындасаңыз сезімді", т.б. толғауларында Ақтан өмір туралы мәнді ойлар түйеді: өмір өтпелі, тірлікте ақниет, абзал болудан артық касиет жоқ дейді ол. Бұл дүниеден батыр да, бай да, тәкаббар да, зергер де, шешен де өткен. Өмір пендешілікті көтермейді. Олай болса, сол қайта айналып келмейтін қайран өмірдің мәні неде? Өмір сәні – адамдық касиет, адалдық, алуан өнер, сенім, инабат, иба, рақым! ("Адал жүріп, шын сөйле, асығың түсер алшыдан", "Көркі жоқ тіршіліктің өнерден соң", "Адамдықтың белгісі – біріңе бірің сенгенің"). Сондықтан бір ғана берілер өмірде: "Жан барында жайнайын, Тіл барында сайрайын", – дейді ақын. Бұл – Ақтанның өзіне де, өзгеге де айтары. Біз осы тұста ақынның адамдық пен өнерді құрметтеген биік парасатын танимыз. Ел арасына кең тараған Ақтан "Тойбастарының" да негізгі өзегінде адамгершілік, ізгілік идеясы жатады. Ақынның ерекше назар аудара жырлайтыны – қыз ата-тегінің байлығы мен мансабы емес, оның адамгершілік мінез-құлқы, көрік-сипаты. Айырған алтын реңді Күміске меңзер өңдерің. Әдемі, артык баласың Майда бір нәзік сөздерің. Жүз тоқтатып қарасам, Лағыл, жауһар көздерің. Текеліктің атындай Көрінеді сұлу белдерің. Мойның піскен алмадай, Бұрымың жібек талмадай, Тісің меруерт, маржандай, Қасың қиғаш қаламдай. Деміңді алсаң білінбес. Майда бір шуақ самалдай. Бұл жолдар Ақтанның көрікті теңеулерді орынды қолданып, шын сұлулықты құрметтей білетін талғам, талантын айқын аңғартады. Ақынның шынайы сезімді жырлаған шығармаларының тандаулысы – Қаражан қызға арнаған өлеңі. Бұл – кезінде өксікті шерге айналған махаббат мұңы, тыңдаушы көзін жасқа бұлап, елден елге, жылдан жылға көшіп, ұмытылмай біздің дәуірімізге жеткен өміршең дүние. Ол қазір де жүрек тебірентерлік қуатын жоймаған. Үдеріп елім көшті Барқын кұмға, Қаражан, қайда кеттің, халкың мұнда? Сен кеттің бір жат елге бауыр басып, Мен қалдым баулы кұстай талпындым да. Кетіпті бөліп жігін күзгі Табын,
Өксіген айрыларда кұлан қағын. Барасың қайда кетіп, кұрметтесім, Қош, аман – енді сау тұр, боз каңбағым. – деп аякталатын халық лирикасы үлгісіндегі бұл өлеңнен ғашық болып қосыла алмай өткен Ақтан көңілінің аяулы мұңын, әлеуметтік теңсіздік торындағы арманды жастардың лажсыз халін көреміз. Бұл Ақган дәуірінің ең көкейкесті мәселелерінің бірі еді. Мұнда жан сезімі шебер бейнеленген. Біздіңше, бұл – XIX ғасырдың ІІ жартысыңдағы ақпа ақын-жыраулар творчествосындағы лириканың озық үлгілерінің бірі. Ақтан – терме, толғаулардың шебері. "Аяғына қан түссе", "Кәріліқтің белгісі", "Мамығын төгіп қаз бен қу", "Не жаман" термелері мақалмәтелдік, ақыл-нақылдық ғибрат сөздерге бай. Қаттылықтың белгісі – Халықтың көңілін көрмеген. Жамаңдықтың белгісі – Қаумаға басы енбеген. ...Сұлулықтың белгісі – Көргеңдер аңсап шөлдеген... Осылайша төкпектете келетін Ақтан термелерінде жақсылық, жамандык, батырлық, ерлік, адамдық, ақиқатгық, палуандық, сұлулық, шешендік, жүйріктік, жалғыздық, әкімдік, төрелік, сақилық ұғымдарына орай өмірден түйген құнарлы ойлары әдемі өрнек тапқан. Және ол ойларын ақпа ақынға тән, "шапқан аттай саулаймын, жанған оттай қаулаймын" деп өзі айтқандай, ерекше екпінмен ағындап, лаулап, нөсерлете береді. Өлең жолдары аяғында "белгісі", "реті", "көрінер", "не жаман", т.б. сөздерді қайталау арқылы айтатын пікірін дақпа-дақтап акындық сын ретінде толғайды. Дала жыршысы өз дәуіріндегі табиғи ортаның көз тоқтатып, көңіл тояттатар көркемдік көріністері мен сұлулық сипатгарын өте әсерлі суреттейді. Терме, толғауларының қай-қайсысында да өзіне дейінгі жыраулар дәстүрімен жақсы мен жаманды өмір құбылыстарын бағалаудың басты өлшемі ретінде алады. Ақтан бірқатартолғауларында тыңдаушы халық алдында үнемі есеп беріп, өмірдің сан қилы мәселелері жайынан ойлы пікірлер шертеді. Ол әрдайым тыңдаушы жұртшылықпен сырласып, пікірлесіп отырады. "Қалағандарың сөз болса, Мен жырлауга кұмармын", "Айт десеңіз, жарандар, Азырақ жауап бастайын", "Тұсыңа келдім, жарандар, Тұрмайын кейін бойбалап" немесе "Дидар болып сөзіме, Әлеумет, тұрсың омбалап", "Мерекеңе кез келдік, Мен – байракты жүйрік саңлағың", "Мен – Адайдың Ақтаны, Сөйлесем, сөзім тақталы, Бөгесе, бөгет бермейтін Қаратаудың ақпары" сияқты жолдарында әлеуметтің көңіл күйін барлап, өзінің арқалы жыршы, айтулы жүйрік екенін әсерлі суреттеп, жұртшылық делебесін қоздыра түседі. Әрине, бұл ақынның халықка деген инабат-ілтипаты және
тыңдаушы ықыласын өнерге аударып, құштарлығын арттырудағы ерекше қажетті көркемдік әдіс болып табылады. "Қалағандарың сөз болса", "Айт десеңдер, жарандар", "Жайық деген жанды су" сияқты біраз толғаулары ақынның ұзақ, желілі дастандарды жырлар алдыңдағы кіріспе толғауы не жырлап болғаннан кейінгі топ тарқатар жыры іспетті. Әдетте, кең сілтеп, ұзак жырлайтын айдынды, арынды ақындар ұзақ жырлар алдында әуелі терме, толғаулар толғап өзін бабына келтіріп, шабытын тұтатып, тыңдаушысын баурап алатын болған. Содан кейін қырандай қанаттанып, селдете құяды екен. Ал топ тарқатар тұста тағы да терме, толғауларға көшкен. Ақтан пікірінше, ақын, жырау – халық қызметшісі ("...қаумалаған халықтың тарқатқан шерін өлеңмен"), ел татулығының ұйтқысы ("Екі атысқан жау болса, арасында панамын"). Ол өнерін ат пен асқа сатқан тілемсек, дүмше акындарға әрдайым қарсы. Кейбір жаман жыршылар Әншейінде ақтарып, Сатып жүр жырын теңгеден. Менің сөзім аяусыз Аға менен жеңгеден. Немесе ақынның: Жігіттің қайтар базары, Өнерін білген бұлданып, Шығарып тұрса қымбатқа, – деген жолдарынан халыққа қызмет етпеген өнер өшеді, оның өмірі қысқа деген салиқалы ойын да тану қиын емес. Ақтан жырлары бейнелі сөзге бай. Мен – ақ бауыр кер жорға Әдемі басқан аяғын. Қарасаң, көзің жеткісіз Жылмиып жатқан даламын. Осы тектес ауыспалы мағынада құлпыра құбылған сөз шұрайын Ақтан жырларынан мол ұшыратамыз. Ол – өлең сөзді ой шеберлігіне қарай еркін ие білген ақын. Мұны құрдасы Көбенге және Қоспақ ақынға айтқан жұмбақтарынан айқын аңғарамыз. Ақынның Қоспақ ақынмен жұмбақтасуы шағын жұмбақ айтысы іспеттес. Ақтан жұмбағы шебер ойға құрылады. Алты арыстанды үш бөрі сорған: Жілігін теспей майын сорған, Терісін теспей қанын сорған. Шешуі: алты арыстан – алты ай жаз, үш бөрі - 3 ай токсан. Немесе: Он екі қысырағым бар: Екеуі жуан буаз,
Екеуі күмән буаз, Екеуі анық буаз, Екеуі танық буаз, Екеуі жіңішке қысыр, Екеуі аш қысыр. Шешуі: Он екі қысырақ – малдың он екі жілігі: Екі жуан буаз – екі ортан жілік, Екі күмән буаз – екі тоқпан жілік, Екеуі анық буаз - екі асық жілік, Екеуі танық буаз – екі қары жілік, Екеуі жіңішке қысыр – екі жамбас, Екеуі аш қысыр – екі жауырын. Ақтан Қоспақ ақынмен кезектесіп жұмбақ айтысады. Қоспақ: Шым-шытыр, Шидем қотыр. (Шешуі – жұлдыз). Ақтан: Шым-шытыр емес, Шидем қотыр емес. (Шешуі – күндіз). Қоспақ: Ана ауылдың бурасы, Мына ауылдың бурасы, Орала келген шудасы. (Шешуі – сабын). Ақтан: Керегенің басында кетпен құйрық, Соншама еш дәмі жок неткен құйрық? (Шешуі – кайрақ). Сондай-ақ құрдасы Көбенге айтады: "Кел-кел" десем, келмейді, "Келме" десем, келеді. Көбен шеше алмайды. Шешуін ақынның өзі айтады: Шешуі – адамның еріні.
Атасы Әбділдадай елге аты шыққан би болмағанмен, Ақтан биліктен кұр да болмаған. ...Бірде нағашысы Байбоз Ақтанмен күресіп, жығылып калады. Ақтан түрегелгесін, ол тағы жабысады. Сонда Ақтан: – Күшің бір жоқ болса, ақылың екі жоқ екен ғой, түрегеліп жүрген Ақтан жығыла ма? -депті.
Осы әңгіменің екінші бір түрі де ел аузында айтылады: ...Бір айт кезінде кұрдасы Көбен Ақтаннан жығылып қалады. Көбен жығылып жатып, үстіндегі Ақтанды аудармақ болып тырбынса керек. Сонда Ақтан: –Тек күшің жоқ екен десем, ақылың қоса жоқ екен ғой, белдесіп жүргенде жықпағанда, астымда жатып мені қалай жықпақсың? – депті. Және ел аузында: «Ит десем, арланасың, Қасқыр десем, мақтанасың, Екеуінің айырмашылығы қандай?» – деген сөзді де Ақтан құрдасы Көбенге айтыпты деседі. Ақтаннын ақындық даңқы ерлік толғауларымен де шықкан. Ол – Абыл, Махамбет, Қалнияз, Нұрымдар жырлаған ерлік дастандарды дамыта жырлаушы. "Қырық батыр" аталатын сала-сала ерлік дастандардың бірқатары халық арасына Ақтан арқылы тараған, одан үйреніп Қашаған, Нұрпейіс акындар дамыта жырлаған. Ақтан өз дәуіріндегі әлеуметтік оқиғаларға орай өзі де ерлік толғаулар шығарған. Солардың бірі – "Ерлік жыры". Бұл жырдың өзіндік тарихы бар. XIX ғасырдың орта шенінде Кіші жүзді жайлайтын Адай, Табын елдерінің арасында барымта-сырымта сияқты қырғи қабақтық белең алады. Бұл әуелі екі ру арасында басталған жанжал бола тұрса да, кейін әлеуметтік, таптық сипатқа көшеді. Табын «ханын» жақтаған жандайшаптардың оғынан Адай батыры Сүгір қаза табады. Сүгір балалары Бердәулет, Жоламандар жаста болса әке кегі үшін Хорезм ойында, Көне шаһарының базарында ебін тауып Әлке «ханды» өлтіреді. Ақтан "Ерлік жырын" осы Бердәулет, Жоламан батырлығына арнаған. Ақын жалпы ел тәуелсіздігі, халық қамы үшін күрескен ерлік салтты ардақтай жырлайды. Тебірене толғайтыны – бұқара қамын ойлаған ерлер: Беріштен шыққан Исатай мен Махамбет; Арыстан сұлтанды өлтірген Ерназар, Бекет; сондай-ақ Есентемір Ер Мыңбай, Сұлтанкелді, Көктаубайлар; Табын Асау, Шеркеш Тұрлан; патша өкіметінің отарлаушылық саясатына қарсы шыққан Иса, Досан сияқты батырлар. ...Бердәулет пен Жоламан, Оғы қардай бораған. Қапияда ханды өлтірген, Сөйтіп отын сөндірген. Толғау соңында ақын бұқара қамы үшін күрескен ерлерді жырлау – өнерлінің төл ісі деп түйеді. Ақтан дамытқан ерлікті жырлау салты кейінгі акын, жыршылар жалғастырған игі дәстүрге айналды. Нөсерлете, төкпектете келетін ағынды жолдары мен көтеріңкі пафосынан ғана емес, Ақтан жырларының мазмұн, идеясынан да атамекенінің тәуелсіздігін қорғап, ел мерейін көтерген ерлік өр рух, "Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы" дегендей,
адамдық абзал қасиеттерді ардақтау лебі еседі. Оның жырлары әрдайым туған даласының аспанындай ашық та жарқын. Ауыз әдебиеті мен жыраулар мұрасындағы бұқара камы, ерлікті дәріптеу әуені Ақтаннан кейін Қубала, Аралбай, Өмір, Нұрпейіс, Ығылман, Сәттігұл, Түмен жырларында дами түсті. Қабиболла СЫДИЫҚОВ, Филология ғылымының кандидаты
ҚАЛАҒАНДАРЫҢ СӨЗ БОЛСА
Қалағандарың сөз болса, Мен жырлауға құмармын. ІІІұбалаң кұйрық шұбармын. Шапқан аттай саулаймын, Жанған оттай қаулаймын. Не қылғанмем дер күнім, Бұлдыраған таудаймын. Екі атысқан жау болса, Арасында панамын. Мен – ақ бауыр кер жорға Әдемі басқан аяғын. Қарасаң, көзің жеткісіз Жылмиып жатқан даламын. Жортар атқа жеткісіз Ұзын бауыр саламын. Жоғарыдан аққан Жайықпын. Теңізгс кұйған аяғын. Күншығыстың күшті желімен Ылайлатып ағамын. Сөйлемеймін мен неге, Қашаннан да мен өзім Заржақ туған баламын. Сөйлесем, сөзді табамын. Сөйлей-сөйлей аламын. Көпшілік сөйле дегенде, Кідірмеймін жел сөзге, Кеудедегі білгенді Алдыңа төгіп саламын. Сөйлей-сөйлей берейін, Сөз жүйесін көрейін. Әрі-бері сөйлесем, Бұ да өзімнің мерейім.
Сөз дегенің бұйым ба, Сөйлегенім қиын ба, Талай-талай сөйледім Сатырлаған жиында.
АЙТ ДЕСЕҢІЗ, ЖАРАНДАР
Айт десеңіз, жарандар, Азырақ жауап бастайын. Айт дегенде іркіліп, Бойымды балап тартпайын. Парасатсыз жамандай Жүрексініп саспайын. Алысқа шапқан жүйріктей Аяқты жайлап тастайын. Қалағаның біз болса, Сұрағаның сөз болса, Қатты жауған жаңбырдай Алдарыңды қаптайын. Мәжіліске келген соң, Тәңірім жел сөз берген соң, Атасы арзан жел сөзді Сіздерге бұлдап сатпайын. Атасы арзан дегенмен, Өздеріңдей жақсы болмаса, Бостан-босқа айқайлап, Кұр далаға шашпайын.
Айт деп бізге үлкендер, Қаумалап қызық кұралды-ай. Іркілейін несіне, Болған соң басым базарлы-ай. Мәжіліс құрған алқаны Жүрмесем де таба алмай, Осы отырған әлеумет, Басымды салып базарға-ай, "Айт" дегенде бұлдансам, Болам ба мұнан ажарлы-ай?! Таупиық берген Жасаған, Асығыс келмей ажалға-ай. Жан барында жайнайын, Тіл барында сайрайын. Әзірейіл кұрық салған күн, Қаумалаған ағайын Қаларсың бір күн таба алмай.
МАМЫҒЫН ТӨГІП ҚАЗ БЕН ҚУ
Мамығын төгіп қаз бен қу, Көлге мекен ете алмас, Ақсұңқар құстың зарпынан. Азамат ердің баласы, Пәмді1 басын ете алмас, Шетке кетсе халқынан. Ер жігіт шауып шеп бұзбас, Айқайлап ұран шаппаса, Аламаны шулап артынан. Шешендер сөйлер топ жарып Сары бір қолдың самсынан. Жақсылық алар әркімдер Жауаптың келген парқынан. Келтірер ұят бетіне, Сөйлесе күмән балшыдан. Адал жүріп, шын сөйле, Асығың түсер алшыдан. Мақтанғанмен аса алмас, Кем болса қатар, шарқынан. Сұрағанмен алмассың, Көп қазғанмен қанбассың Қайырсыз сараң таңқыдан. Мәжіліске келген соң, Тәңірім жел сөз берген сон, Тартпайым басым шаршыдан.
БЕЛГІСІ
Бұл мәжіліс белгісі – Жиналып басың құралмақ. Батырлықтың белгісі – 1Пәмді – бағалы, қадырлі. Балшы – жалған, өтірік.
Жауға шапқан ұрандап. Палуандықтың белгісі – Алқаға түсіп сыбанбақ. Шешендіктіңбелгісі – Халық жиналған алқада Дұрыстап жауап шығармақ. Жүйріктіктің белгісі – Бәйгеге қосқан тұмарлап. Жігіттіктің белігісі – Бедеу мініп астына, Жиынға түскен бұлаңдап. Сұлулықтың белгісі – Жұрт жиналған алқада Көрініске шыққан қылаңдап. Құр мал баққанмен қумаңдап. Сөз баққанмен сумаңдап, Сөйлемейік суаңдап, Әзірейіл кұрық салған күн Қалармыз бір күн тыраңдап. Ақ кіреуке бөз орап, Әркімдер жуар құманды ап. Бұл дүнненің мысалы Бір айдын көл шалқыған, Ақыры бір күн суалмақ.
МЕНІҢ СӨЗІМ ҚОШАМЕТ
Кәріліктің белгісі – Көңілдің қошы келмеген. Жарлылықтың белгісі – Жанын қинап өлмеген. Жалғыздыктың белгісі – Өзіне өзі сенбеген. Палуандықтың белгісі – Өнермен өрге өрлеген. Сақилықтың белгісі – Халықтың қамын көздеген. Әкімдіктің белгісі – Тентекті тыйып жөндеген. Қаттылыктың белгісі – Халықтың көңілін көрмеген. Жамандықтың белгісі – Қаумаға басы енбеген.
Төреліктің белгісі – Аяғын басып жүрмеген. Сұлулықтың белгісі – Көргендер аңсап шөлдеген. Жігіттіктің белгісі – Мезгілсіз жүрген көлденең. Екіталай болғанда, Айқын жүйрік терлеген. Кейбір жаман жыршылар. Әншейінде ақтарып, Сатып жүр жырын теңгеден. Менің сөзім аяусыз Аға менен жеңгеден. Құлақ қойып тыңдасаң, Зейін қойып тындасаң, Менің сөзім қошамет, Көңіліңді делбеген. Билік пенен жыр басқа, Өнердің түрі әр баска, Ортаға сөзді салайын, Сағыңыз бізден сынбасқа. Жігіттің қайтар базары, Өнерін білген бұлданып, Шығарып тұрса қымбатқа. Арзан сөзден ала бер, Дүния шіркін жолдас па?!
Мысал етіп толғайын, Жаманға айтсаң бір сөзді, Келмейді сөзің татымға. Жаксылығың жамандық, Үлкейіп шығад басымға. Жақсы сөзбен жай айтып, Мейманды үйден қашырма. Сөйлес десе қонаққа, Үйде отырып айқайлап, "Не сұрайсың?" айтынба. Барым деп берсең, ол қонақ Риза болар шай-суға. Түсінгенге сөздерім Құлағына хат болар. Түсінбейтін жаманға, Мал қимайтын сараңға Айтқаның мен айтпаған Бәрі бірдей сап болар. Кейбір, кейбір жамандар, Мал қимайтын сараңдар Жыршыменен қас болар. Зәресі шығып жыршыдан, Үндеместен тас болар. Ақ, қараны айырған Қағазға жазған хат болар. Шешендерді сынаған Тізелескен дау болар. Ер жігітті сынаған Қарсы шапқан жау болар.
Кейбір, кейбір жамандар Такылдатар таңдайын. Қыламын деп мал жайын. Қайдан білсін о қонақ Ол кісінің қандайын. Ержігігті білгесін, Көп дәметер сауыр деп. Қонақ іздеп қонады Аты шыққан ауыл деп. Көп аралап жүргесін, Сол мінезді білгесін, Сүйкенбейін әркімге, "Қарап жүрген тәуір" деп.
НЕ ЖАМАН
Біріншіден не жаман? Білімсіз болған ұл жаман. Екіншіден не жаман? Ананың тілін алмаған, Қасарысқан қыз жаман. Үшіншіден не жаман? Үш жерінен буғызып, Көрге салған – сол жаман. Төртіншіден не жаман? Төресін ғаділ бермеген, Парақор болған би жаман.
Бесіншіден не жаман? Бес уақыт намазың Қаза болған – сол жаман. Алтыншыдан не жаман? Алғашкы алған әйелің Көп ішіңде кеңкілдеп, Тіл алмаған – сол жаман. Жетіншіден не жаман? Жеткіншіктен оқ тиіп, Жетпей калсаң – сол жаман. Сегізіншіден не жаман? Серке санды ат мініп, Сергелдең болған – сол жаман. Тоғызыншыдан не жаман? Торғайдай болған бір басың Топка түскен – сол жаман. Оныншыдан не жаман? Оймақ ауыз қиғаш қас, Жазық маңдай, жалқын шаш, Бір перзенттің жоғынан, Мұңлық болған – сол жаман.
ЖАЙЫҚ ДЕГЕН ЖАНДЫ СУ
Жайық деген жанды су, Көзі қара қаңды су. Біздің жүрген жеріміз Күнде базар, күңде ду. Мен сүргіннің сойымын Алқалы жерде шапқандай. Ойтаң жерде сортақ бар, Жабыдан туған қорқақ бар. Сөйле десең, жыршыңыз Алдарыңда жортақтар. Туған айға ат берген, Ақ кағазға хат берген. Екі ерін, тіл, таңдай, Сөйлесін деп жақ берген. Шықпай отыр домбырам, Сырылдап мұның қақпағы. Айтқан сөзге түсінбес Адамның мисыз ақымағы. Домбырам отыр қағылып, Он екі перне, екі ішек Бауырына тағылып, Қоянға қосқан тазыдай Бүктетіліп жазылып. Тыңдасаңыз сөзімді Осы араға келгенің, Әдептен құр қалмассың Үлкенге сәлем бергенің.
Түрлі-түрлі өлең бар, Айта берсек, өнер бар. Түсінетін адамға Ретін айттым терменің. Ұядағы балапан Ұшатын күні болғанда, Қанаты әбден толғанда, Істейді о да көргенін. Жолдас болсаң жаксымен, Дұшпаныңды жеңгенің. Адамдықтың белгісі – Біріне бірің сенгенің. Құлағыңды сал, жігіттер, Жарлымын деп мұңайма, Жеті мүшең сау болса, Құдайдың сол бергені.
ӘЛЕУМЕТ, КЕЛДІҢ ҚАУМАЛАП
Әлеумет, келдің кұралып, Сөз базарын құралық. Айтулы жүйрік мен едім Алысқа шапқан шұбалып. Әлеумет, келдің қаумалап, Сөйлейін сөзді саумалап. Пұл жіберіп, базардан Алғаным жоқ саудалап. Жылқы ішінде шұбармын, Шұбарға таққан тұмармын. Өзім шұбар болған соң, Әрі-бері сөйлеп қызған соң, Топтан ойнап шығармын.
ТОЙБАСТАР
Тұсыңа келдім, жарандар, Тұрмаймын кейін бойбалап. Халық әдеті болған соң, Сөйлеймін әуез созбалап. Тұяғым тайпақ сүргінмін Түгескен топты жорғалап. Дидар болып сөзіме, Әлеумет тұрсын омбалап. Сөз әділін табармын, Жалқаулық етпсй қорғалап. Сұрағаның сөз болса, Қалағаның біз болса, Төгейін жырды қауғалап. Екпіндесем, кетермін Акбөкендей ормалап. Құдай жолы – айт пен той Мерекеңе кез келдік, Мен – байрақты жүйрік саңлағың. Сайқылықпен көп кездім Әлімұлы, Байұлы, Тама, Табын – Жетіру Кіші жүздің аймағын. Сол кезгеннен бері қарай Мәжіліс-базар құрылса, Мереке-сауық ауладым. Үлгі көрген тегің бар, Инабатқа жөнің бар, Ойласам байқап аржағын.
Той базарын құруға, Әлеумет, бізге бұйырдың, Бойбалап – тартынып. Сіздерден рұксат болған соң, Мен – ежелгі бәйгігер, Байрақты жерде жүгірдім. Алқа кұрып, әлеумет, Тамашаға жиылдың. Бүгін емес, қашаннан Халықтан қалған қағида, Ерсілігіболар ма Қанша айтсам да мұнымның?!
Мен несіне бойым тартайын, Шын жүйрігі болған соң Таңбалы тайпа, рудың. Жүз биасыл тай болмас Бір сөзіне бұлдының. Сөйлеген сайын табармын Пормылы сөздін кұрғырын. Жауаптың парқын түгендеп, Түгеспесек те сөздің ұрғынын. Құдай жолы – айт пен той Үйреткен Хақтың бұйрығын. Әуелі тудың анаңнан, Бәлиға болып бой жасап, Несібе жидың адалдан. Өз перзенті болған соң, Атаң менен анаңның Көңілі өсіп ағарған. Жарамсыз хабар естімей Туысқан, іні-ағаңнан, Қатарыңның тұсында Тәрбиең озды адамнан. Шарапат, шүкір, көрерсің Басыңда тұрған заманнан. Бұл күндері болғанда, Қызығыңды көруге Аямай дәулет шашылған, Салтанатты асырған.
Мырзалықтың белгісі – Алқаға жолдық шығарған. Дәулетті берді бір Алла Шашуыңа жеткендей Жалғаншыда жұбанған. Көзіңді салдың қияға – Бойыңды түзеп сыланған. Көргенділік белгісі – Қолайсыз жерден ұялған. Қадірмендік белгісі – Еңбек етпей сый алған. Атаң менен анаңның Қолынан кетіп барасың Перзентім деп куанған. Көргенде сіздей асылды Лайықтап сөз айтып, Ақтарып өнер шығарған Мен – жүйрігі алаштың Қашқанды тұтқан қияннан.
Тойыңды тұрмын бастарға-ай, Бақадар халше сөйлейін, Бойымды балап жасқанбай. Зайыйқатты баласың, Толықтырып мақтарға-ай Қыз-келіншек, кей құда, Жігіт, бала, қарттарға-ай. Көрініп топқа естірге, Қазақшылық дәстүрге Кез келген шайыр айтпайды-ай. Шуламай,тегіс естіңіз, Болған соң сауық кәсібіміз, Тыңдап алың, жасқанбай. Сынауға тұрған сұрғыл көп Келіп тұрған қапталда-ай. Запызым шырын татқандай. Жадағай емес, астарлы-ай. Несі жүйрік жүйріктің. Кезіне келсе бас салмай. Майысады сөздерім Қайранға біткен жас талдай. Тамашаңа жиналды Миллион байтақ ұлы жұрт, Шамалы жерде халық қалмай. Енбек етпей оза ма, Желікпей арқа қоза ма Алқаны көріп шаттанбай?!
Әуелі сөзді жаратқан, Миуалы дарақтан Нәсіпті бақпен шашқандай. Кеудеде жанның барында, Кетпей тұрып жазымға Қимылдалық шақ барда-ай. Келгеннен соң бұл жерге, Оңтайландым түзерге Баланың парқын мақтарға-ай. Қолаң шашты, қой көзді, Тұмар жүзді ақ маңдай. "Кетемін" деп, жарқыным, Уайым етіп өкінбе, Озалдан бұйрық болған соң, Әркімдер сендей аттанды-ай.
МЕН – АДАЙДЫҢ АҚТАНЫ
Мен – Адайдың Ақтаны, Шежіре-шешен тақтағы. Алқалы топта аршыңды Тұлпары едім баптағы. Мен – Адайдың Ақтаны, Сөйлесем, сөзім тақталы. Бөгесе, бөгет бермейтін Қаратаудың акпары.
ЗАМАНҒА ҚАРАЙ САЗ КЕРЕК
"Ақшұнақ қоян" аталатын жұт жылы Ақтан үй-іші де азын-аулақ күнкөріс малынан айрылады. Ол Ойыл қаласына кәсіп іздеп барып, ноғай саудагеріне тері илеуге жалданады. Ақынды көрген біреу: – Адайдың Ақтан деген ақыны осы ма? Бү да ештеңе емес екен ғой, тері илеп жүрген, – деп күлсе керек. Сонда Ақтан айтыпты: Айдынға үйрек, қаз керек, Сұлуға құшақ, наз керек. Жырға әуез бен саз керек, Теріге пұшпақ баз керек. Тері жаймай Ақаң не қылсын, Заманға қайрай саз керек.
ҚАРАЖАН ҚЫЗҒА
Отырған қарсы алдымда әдемі қыз, Мөрлеген ақ қағаздай мәнеріңіз. Қиғаш қас, оймақ ауыз, нәркес көзді – Жалғанда жайнап тұрған әдемі жүз. Сөз болса, қалқам, сізге бізден бұйым, Бұйымың біздей жанға болмас қиын. Өзіндей пұл білерлік болмаса ару, Жаманның керегі жоқ жалғыз тиын. Көңілге медеу тұттық елде көріп, Зауық еттік ойын-күлкі пелде көріп. Жүргенде қыдырысып ойнап-күліп, Жылқыдай кеттің, досым, желдеп өріп. Сұңқылдап бір жар едің ұшқан қаздай, Сол күнде лап көтерген айттық назды-ай. Бел байлап ашықтыққа жүрген едік Айдында көл шайқаған дауылпаздай.
Барасың күнім қапы көл шайқаған, Баянсыз жалған, сені кім байқаған?! Дүние сіз кеткенде болар сағым Көп жүріс ақбөкендей жер сойқаған. Жамандық жақсы болмас көнгенменен, Жақсыға мұрадың ғасыл ергенменен. Қаражан, көңілдесім, құрметтесім, Бейшара болдың бірдей өлгенменен. Үдеріп елім көшті Барқын құмға. Қаражан, қайда кеттің, халкың мұнда? Сен кеттің бір жат елге бауыр басып, Мен қалдым баулы құстай талпындым да. Кетіпті бөліп жігін күзгі Табын, Өксіген айрыларда құлан қағын. Барасың қолдан кетіп, кұрметтесім, Қош, аман, енді сау тұр, боз каңбағым!
АЯҒЫНА ҚАН ТҮССЕ
Табын – ру, ел аты.
Аяғына қан түссе, Айрылар жүйрік ағыннан. Тұрасынан мертілсе, Тұлпар қалар қарғыннан. Көтермешің болмаса, Топта туың жығылған. Көмекшіңіз болмаса, Бәйгіден атың қалынған. Айдын көлден сән кетер. Айырылса қу мен қазынан. Аспанның нұры тамбаса, Көл қалады шабыннан. Қонысына бақпаса, Аруана қалар сауыннан. Денеден артық жүк артса, Нар да қашар ауырдан. Бағым болып, қолға өссе, Нәндік қалар аюдан. Парақор болып құнықса, Әділдік қалар ханыңнан. Уағыда байлап сенбеңіз, Торығар көңілің залымнан. Жасы жетіп меңдесе, Ер айрылар қарудан. Сәні болмас бұлбұлдың Саясыз жерге саз ұрған. Қырындаса дәулеті, Сахауат кетер байыңнан. Баяны кетсе қызметтің, Еркіне кетер бағынған. Пайдасы елге тимесе, Жақсы жаман жарымнан. Өсиеті өтпесе, Надан жақсы ғалымнан. Ажал, саған не шара, Хақтан әмір болған күн Кен дүнияң тарылған.
РЕТІ
Бөкен тонын жамылса, Көкірегі қабынса, Теріс қабаққа бағынса, Ажалы жеткен майталман, Көп ұзамай табылса, Бұл – сұр мергеннің реті.
Сұрқыл болса заманға, Зирек болса қаламға, Қаламы түссе базарға, Қаламымен қас болған Қалынса үлкен зарарға, Бұл – заңғойдың реті. Ер жігіт елін меңгерсе, Жетімдерге жем берсе, Жесірлерге жер берсе, Алдында тентек жөнделсе, Әділдігін ел көрсе, Бұл – азаматтың реті. Алқада жауап сөйлесе, Түюлі сөзден аспаса, Десте-десте сөз жөнін Ретімен сәндесе, Кемелдігін парықтаса, Билігін алаш мақтаса, Төмен жауап айтпаса, Уәдесін сатпаса, Қалдырып әділ сөздерін, Көңілінде танбаса, Сабырсыз сөзден қатпаса, Орнына қойып баршасын, Бір-біріне шатпаса, Пікірге кәміл жұрт озған Бүл – шешеннің реті.
ҚАУМАЛАП ХАЛҚЫМ КЕЛГЕНСІН
Қаумалап халқым келгенсін, Селдетпей топан жел сөзді, Көрінбейін бекер жек. Мүбәрак ақын дегесін, Сөйледік әуез бес өңдеп. Әуеліден-ақ тіледік Білгенді жұртқа десем деп. Айтады Хақтың кәламы Жұмақты сегіз, дозақты Есітеміз жетеу деп. Сол дозақта қалмалық. Аса алмай жолда мешеулеп. Таңдайына татымас Абыл менен Нұрымнан Дәніккен жұрт секер жеп.
ҚОЛЫҢНАН КЕТСЕ СЕНГЕНІҢ
Біразырақ сөйлейін, Көтеріп көңіл қошын-ай. Ренжиді көңілім, Өтесің, дүние, босына-ай. Аз күн бір жүрміз айналып Көктеген жердің отына-ай. Көңілді паһам аулайын, Аударып зауал осылай.
Азғын тартар қаз бен қу, Суалса айдын көлдері. Өзеннің бойы құлазыр. Жайлаған кетсе елдері. Тиянақ кетер дариядан, Бұзылса шалқып сеңдері. Дарияға кеме жүзе алмас, Құрсаулы кетсе шеңбері. Бай мұрадан айрылар Атадан қалған қылыш бау Алынса сандык, теңдегі. Айдынды туған ер жігіт Кемшілік табар майданда, Семсері кетсе белдегі. Заманнан заман оралса. Балыққа шортан жем болар Қарағай басып өрдегі. Алартқан көзін алашқа Әйләдір менен қалмаққа Алынбай кеткен шемдері. Асылдар кетті қолымнан, Нұрқасым, Қорек заманда
Азбай бір тұрған белгі еді. Ниеті таза, көңілі хат, Жаралған абзал пенде еді. Айран болады екен ақылың, Уақыты жетпей қапыда Қолыңнан кетсе сенгенің.
КӨРІНЕР
Аққулар көркем көрінер Айдын шалқар көлдегі. Құралайдың балдары – Бұл да көркем көрінер Орғып қашқан шөлдегі. Қатарланған қалың көш – Бұл да көркем көрінер Сағым шалған белдегі. Қыз, жігіт көркем көрінер Қалың дара елдегі. Аруанадан туған кез өркеш – Бұл да көркем көрінер Айт-айт деген жердегі.
Қыз бала көркем көрінер Беттегі нұрлы қанменен... Бәйбіше көркем көрінер Тұсында болған байменен. Бие мал көркем көрінер Соңынан ерген тайменен. Ел биі көркем көрінер Төресі әділ ханменен. Еділ көркем көрінер Жағалай біткен талменен. Арғымақ көркем көрінер Өкпе, бауыр, жалменен. Жиналып келген, көпшілік, Аз айтты деп сөкпеңдер, Еркінше даусым шықпады, Осылай айттым жайменен.
КӨҢІЛ АЙТУЫ
Ағузыбіллә тартуға, Тіріге қайыр айтуға, Орнына келдік жақсының, Бәсі қымбат даңқтының. Қыранынан айрылып, Пұшайман болып қайғырып, Отырған осы халық бүгін. Рухың сүйіп ұшыпты Бейіштегі тәттіні. Алды өзіңе, арты біздерге Қайырлы болсын, бақыттылым.
ҚОЙДЫ ҚОЙШЫ БАҚҚАНДАЙ
Өлім жүр ғой сыртында Қойды қойшы баққандай. Қабырғаңа қара жер Тиер бір күн мақпалдай...
ОРЫНБОР, ҮЙШІК – КҮЗ БАЗАР
Орынбор, үйшік – күз базар Төрт жүздей кісі бірігіп, Мәжіліс отыр құрылып. Мен – жүлделі жүйрікпін Бөгелмейтін кідіріп. Қайнарлы бұлақ, өзенмін, Емеспін таңқы құрылық. Тұяғым желді тұлпармын Топтан озған ұрынып. Қызғалдақтың күніндей Баянсыз екен тірілік. Артық-кемді сөйледік, Жырменен көңіл делбедік, Бір күн келер Алладан Мәлекелі мауыт бұйырық. Көп назары – бір назар, Көп ажарын сындырып, Кейбіреулер бұлданар, Өнерін бұлдап тұлданар. Айта қалса аңырып, Сөз таба алмай қиналар. Жорға тілім жылмиып, Айтқан сайын сырланар. Дүния, сенің жүзіңнен, Мезгіл бітсе, кім қалар?!
Адамзаттың баласы Өлшеулі өмір шамасы, Міне, сөздің тазасы. Малдың сыртта аласы, Адамның іште қарасы. Алла болса панасы, Ешкімнің болмас шамасы.
Ей, жігіттер, жігіттер, Асылыңды айтайын: Атаның белде суысың, Ананың белде шуысың. Ғұмила болып біткен соң, Тоғыз ай, он күн туысың. Жадыңа тұт, жамағат, Жалған деме, мұным шын. Емшек сүтін ас біліп, Басқа адамды жат біліп, Жыл – он екі ай болғанда, Есейіп жейсің тамақты. Күннен күнге ұлғайып, Суретің болар мазатлы. Атаң менен анаңа Оны – мүны сөйлейсің, Сөйтіп көңіл делбейсің. Тоғыз, онға келген сон, Түрдің бәрін ойлайсың, Иманыңды қорғайсың. Нәпсің теріс бастаса, Бұйқыт жатқан шайтанды Жолдас бол деп қозғайсың. Күнәлі құлдар дүнияның Мән-пақатын көздейді. ІІайда менен залалды Тіршілікте сезбейді. Не салса да бір Алла,
Көтерерміз төзіммен. Қара сақалды әкеңді, Қара шашты шешеңді Көрерсің әлі көзіңмен. Киялыңа келгенді Айта алмайсың қорғалап, Именіп өз сөзіңнен. Қашар жерің болмайды Кәрілік деген көрімнен. Алпыс-жетпіс асқан соң, Ілгері қадам басқан соң, Желмаядай астыңа Жүрдек көлік таппайсың. Келінің мен балаңды Күнің үшін мақтайсың...
ЕРЛІК ЖЫРЫ
Дүния пәни болғалы Өтпеді кімдер заманнан, Хауа менен Адамнан?! Неше бір ерлер өтулі Егескен жерден ар алған. Қазақ – Алшын – Байұлы, Сегіз арыс Адайдан. Рет-рет ер өтті Қарғытқан атын қамалдан. Жүйрік кемел би өтті Сөзінен жұрты пәм алған. Қытаң заман тап болып, Уақытта мынау азайған Найза ұстаған Адайда Ер өткен жоқ Шабайдан. Бір азырақ айтайын, Айта алсам, парқын байқайын, Бердәулет пен Жоламан – Ер жүрияты шабаздан. Солардан ерлік көргелі, Хал-ауқат етіп біз жүрміз, Өлмессің бұрын қазаңнан. Тұсында болған белгілі Тарғыннан асқан ерлігі
Қалмақты қуған Шағаннан, Ноғайлының елінде Ер Мұсаның баласы Орақ пенен Мамайдан. Хан базарлы шәһәрінде Қауіп ойламай ажалдан, Тұсынан озып баға алған. Мың кісіге балаған, Әлкен ханды өлтіріп, Орнына ісін келтіріп, Ерлікпенен ар алған. Ертедегі ерлер болмаса, Базарлы жерде бас кесіп, Хан өлтірген батыр жок, Заманда осы азайған. Ер Шабайдың тұқымы Берен батыр сазарған. Он екі болыс үстінен Хәкім болып қараған, Еріткен нөкер аламан, Әлке сынды хандарды Табармыз деп даладан, Болмаса шәһәр-қаладан.
Өлтіріп ханын шіренген, Артын кұнсыз жіберген. Осал деп ісін кім айтар Бүл екі батыр баланы-ай, Сүйінді жақын талайы-ай. Әлімұлы, Байұлы. Мынау бір Алшын – Адайда Ер Шабайдың орнының Нағыз екен тұқымы, Жоқ екен қоспақ қаяуы-ай. Жүйрік екен баршасы, Жок екен қырсау шабаны-ай. Жырламасқа жол бар ма, Іс еткен соң бұлардай. Біраз ата орнының Белгісіз жатыр талайы-ай. Өрден шыққан батырлар Атақозы, Бердібек, Шаған – Батыс Қазақстан өңіріндегі өзен.
Ерлік қылған белгілеп. Есен, Сүгір, Шабайды, Шотан, Қармыс, Қонайды, Тұсында ешкім бұларды Айтпаған екен кем-ді деп. Қайсы бірін айтайын, Ертеде өткен атақты Асыл ердің орны көп... Бұлардан бұрын өнерлі Беріштен шықты қос батыр – Исатай мен Махамбет Анау бір жатқан Нарыннан. Арыстан ханды өлтірген Ерназар. Бекет бұл шықты Жоғарғы Шекті калыңнан. Ерлік етті Ер Мыңбай, Сұлтангелді, Көктаубай Есентемір қарымнан, Жау көрмесе, сағынған. Асау, Тұрлан бұл шықты Шеркеш деген сауырдан. Қатарынан қайтқан жері жоқ Қарсыласқан жауынан. Патшамен Өтен қас болып, Қазаға жалғыз тап болып, Қаратаз бен Адайдың Кешегі бір күндерде Жанына батып ауырған. Қала өртеп, ояз өлтірген Иса, Досан бұл шықты Адай деген ауылдан. Құтылды Иса жазадан, Досан өлді қазадан. Сөйтіп қайрат, қаһары Бізден талай табылған. Қафур менен Исаның Билік беріп қолына, Астана халқы бағынған. Асыл туған билерім Ақыл тапты нағыздан. Кешегі өткен күндерде Арын іздеп елінің,
Аманияз сабылған. Жауларын талай өлтіріп, Орнына ісін келтіріп, Жүрегін басты қабынған. Қайсы бірін айтайын, Біздің Адай ерлері Ерегескен дұшпаннан Талай арын айырған. Амантұрлы, Қожалак, Мыңбай, Төкеш, Құлбек – Айтулы ерлер өтіпті Аюдайын ақырып Жалыны шыққан аузынан. Сол ерлердің ішінде, Бердәулет пен Жоламан, Оғы қардай бораған. Құрбысынан озаған. Қапияда ханды өлтірген, Сөйтіп отын сөндірген. Ерегессе ертілген, Дұшпаннан қайтқан жері жоқ Шабайдан бергі мезгілден. Таңғалып халық шошыды. Базарлы жерде тал түсте Тайсалмай қылған белгіңнен. Айтқанда аузым толады. Басыма дәурен қонады, Болмаса жазым ернімнен.
Біздің елдің ерлері Қорлыққа, сірә, көнбеген, Соғысқан жауын дендеген. Тоқтамыс ханды өлтірген Ертеде өткен Едіге Абайласам деңгелің. Қала өртеп, ояз өлтірген Иса, Досан болмаса, Ерлігі шақ келмейді өңгенің. Базарлы жерде, тал түсте Тайсалмай әкім өлтірмек Бұ заманда, жігіттер, Хиуа басқыншылығына қарсы күрескен батыр. Қолынан келмес пенденің. Әбүйірлі жұрт едік, Шабаным жүйрік, Шалғайым берікке теңелген. Біздің Адай ішінен Кереметті пір шықты Ұранда атын иеленген. Жәрдем көріп сасқанда, Сиынған пенде кенелген.
Айбынды ерлер көп өтті Кіреуке киген,беренмен. Акылдылар өтіпті Кеңесіп айтқан тереңнен. Айтқыш тақ-тақ жыршы өтті Сөз лазымын кезенген, Қаумалаған халыктың Тарқатқан шерін өлеңмен. Бармағынан бал тамған Не шеберлер өтіпті Үлгі берген өнермен. Қыдыр көрген бай өтті Дәулеті толып кемелге, Ортаймаған кемерден. Балуан өтті балтырлы, Алысқан алыпты шөгерген. Көріпкел тәуіп – бұ да өтті Ажалы жоқ пендеге Себеп қылған демеумен. Біздің Адай ерлері Жүре қойса сапарға, Қазанат мінді бедеумен. Бұлардан белгі қалмады Заманда мынау көнерген. Білгенімді мен айттым, Риза болсаң, әлеумет, Қай шаршыда кысылмай, Шығарған жауап көмейден. Тұрғанда жел сөз басымда, Ерлерімді жырламай, Не көремін өнерден?!
АҚТАН ЖЫРЛАРЫНА ТҮСІНІКТЕР
Ақтан акынның жинақтарда жарияланған және баспа жүзін көрмеген өлең, толғауларын қайта қарап, әртүрлі нұсқалары мен жазбаларын салыстырдық. Ғылыми кітапхана қорындағы (390-бума) Оңбосын Ниетбаевтан 1941 жылы Зердебай Бекарыстанов жазып алып жолдаған "Замана жайында айтқаны" толғауы бұл жинаққа енбеді. Кейбір өлең жолдары Мұрат Мөңкеұлы, Кердері Әбубәкір, т.б. ақындар шығармаларына ұқсап кететін бұл толғауды әлі де анықтай түсу қажет деп білдік. Ақтан өрнегіне, сөз саптауына келеді деген өзге шығармалары толық қамтылды. Қалағандарын сөз болса - осы жинақты құрастырушы 1964 жылы Сәттіғұл ақын айтуынан жазып алған. "Ертедегі әдебиет нұсқалары" (Алматы, 1967), "Ақберен" (1972), "Бес ғасыр жырлайды"(үшінші том, 1985; екінші том, 1989),"Жыр-дария" (1995) жңнақтарында жарық көрді. Айт десеңіз, жарандар - Ғылыми кітапхана қорынан, 390-бума, 6 - 7беттер. 1947 жылы ел аузынан жинаған И.Ұйықбаев. Басқы бір беті Шәңгерей өлеңіне ұқсас. Аяғы бітпеген сияқты. Аталған жинақтарда жарияланған. Бұл басылымда: "Таупиқ берген Жасаған, Асығыс келмей ажалға-ай" деген бұрын қысқарған жолдар қосылды. Мамығын төгіп қаз бен қу - бұ да содан (390-бума, 7-бет). Аталған жинақтарда жарияланған. Белгісі - бұ да содан. Бұл басылымда бұрын аталған жинақтарда қысқарып кеткен 10 жол қалпына келтірілді. Менің сөзім қошамет - бұ да содан (390-бума, 8-бет). 1947 жылы Әлқуат Қожабергенов айтуынан жазылған. Аталған жинақтарда жарық көрген. Не жаман - бұ да содан (390-бума, 25-бет). 1940 жылы жинаған Н.Қонысов. Соңынан санағандағы "Жазық маңдай, жалқын шаш" деген үш жол атыраулық ақын Құмар Жүсіпов айтуымен (1965) қосылды. Жазып алған жинақты кұрастырушы. Бұ да аталған жинақтарда жарияланған.
Жайық деген жанды су - бұ да содан (390-бума, 25 -26-беттер). 1940 жылы жинап, тапсырған Н.Қонысов. "Ақберен", "Бес ғасыр жырлайды", "Жыр-дария" жинақтарында басылған. Әлеумет, келдің қаумалап - ел аузынан жинап, құрастырушыға жолдаған (1978) Ізбасар Шыртанов. Тойбастар - осы жинақты құрастырушы 1966 жылы Атырау облысы, Сағыз теміржол станциясында тұратын Ақтанның туысы Әмірше Мұттахиев (1891-1972) айтуынан жазып алган. Бірқатар қысқартумен "Ақберен" (1972), "Бес ғасыр жырлайды"(үшінші том, 1985; екінші том, 1989), "Жыр-дария" (1995) жинақтарында жарық көрген. Бұл жолы толық тексті жарияланып отыр. Той бастардың гылыми кітапхана қорында үш тексті бар: 1) Сәттігұл Жанғабылұлынан 1940 жылы З.Бекарыстанов жазып алған жазба, 1083бума, 9 - 10-беттер. Шағындау тексті; 2) Гурьев облысы, Шевченко ауданы, Тельман колхозының мүшесі - 39 жастағы Исабаев Сақтаған 1941 жылы айтқан жазба, 401-бума, 3-дәптер, 1-2-беттер. Бұл - Тойбастардың үзіндісі, бастамасы ғана. 3) жылы Гурьев экспедициясы кезінде И.Ұйықбаев жинаған жазба, 390-бума, 8-бет. Тойбастардың орта тұсынан аяқ жағына дейінгі жері ("Тойыңды келдім бастарға-ай" деп басталады). Ә.Мұттахиев айтуынша, Ақтан бұл "Тойбастарды" Ақтөбенің Қобда өңіріндегі Батпақты мекенінде Шәли Кете Оразбайдың қыз ұзату тойында айтқан. Алыс-жақыннан жұрт көп жиналған үлкен той болған. Таз Қоспақ, Адай Ақтан сияқты ақындар қатысқан. Мен - Адайдың Ақтаны - ақынның жыр-толғауларды бастар алдыңдағы кіріспе сөздерінің бізге жеткен бір үзігі ғана. Бірінші шумағы "Жыр-дария" жинағынан, 163-бет. Екінші шумағы Әмірше Мұттахиев айтуынан 1966 жылы осы жинақты құрастырушы жазып алып, "Ақын, жыраулар" (Алматы, 1974) кітабында жариялаған. Заманға қарай саз керек - осы жинақты құрастырушының "Ақын, жыраулар" кітабынан. Бұ да Әмірше Мұттахиев айтуынан. "Жыр-дария" жинағында екі шумақ қоспамен берілген. Қосылған шумақтар өлең мазмұнына кірікпейді. Сондықтан өлең тексті Әмірше айтқан күйде берілді. Қаражан қызға - Ақтан ғашық болып, бірақ қосыла алмаған сүйген қызы Қаражанға арнаған. Осы жинақты құрастырушы 1966 жылы Ә.Мұттахиев айтуынан жазып алған. "Ақберен", "Жыр-дария" жинақтарында жарияланған. Аяғына қан түссе - бұ да солай. "Ақберен", "Жыр-дария", "Бес ғасыр жырлайды" (үшінші том, 1985; екінші том, 1989) жинақтарында жарық көрген. Бұрын соңындағы қысқарған 11 жолы қалпына келтірілді. Реті - бұ да Ә.Мұттахиев айтуынан. Бұл басылымда бұрын қысқарған "Сұрқыл болса заманға" деп басталатын шумағы косылып берілді. Өзге екі
шумағы "Ақберен", "Бес ғасыр жырлайды", "Жыр-дария" жинақтарында басылды. Соңғы шумағы "Аламан" жинағынан (Алматы, 1991. Х.Досмұхамедұлының "Халық әдебиеті" аталатын еңбегінен). Қаумалап халқым келгенсін - бұ да Ә.Мұттахиев айтуынан. "'Ақберен", "'Бес ғасыр жырлайды" жинақтарында жарияланған. Алдыңғы үш жолдан кейінгі бұрынғы қысқарған тоғыз жолы қайта қосылды. Қолыңнан кетсе сенгенің - ақынның Адайдың белгілі ақсақалдары Нұрқасым, Қоректерді жоқтап айтқаны. Бұл толғау "Ақберен", "Бес ғасыр жырлайды", "Жыр-дария" жинақтарында жарияланған. Бұл жолы бұрын қысқарған 21 жолы қалпына келтірілді. Көрінер - Ғылыми кітапхана қорынан (390-бума, 22-бет). Махамбет, Аралбай өлеңдерінен қосылған жолдарды қабылдамадық. Түсінігінде ақынның әкесі Кенже деп айтылған. Кенже - Ақтан шыққан рудың, елдің аты. Ақтанның әкесі Керей деген кісі. Бұл шығарма "Ақберен", "Бес ғасыр жырлайды", "Жыр-дария" жинақтарында жарық көрген. Бұл жолы бұрын қысқарған "Бәйбіше көркем көрінер" деп басталатын 6 жол қосып берілді. Ерлік жыры - Ақтан ақынның Құнанорыс Шабай ұрпағы Бердәулет, Жоламан батырлардың ерлігіне арнаған толғауы. Осы жинақты құрастырушы 1964 жылы халық ақыны Сәттіғұл айтуынан жазып алған. Бұл жазба дәуір ыңғайына орай бірқатар қысқартулармен "Ертедегі әдебиет нұсқалары" (Алматы, 1967) хрестоматиясында, "Ақберен" (1972), "Жыр-дария" (1995) жинақтарында жарияланған. Бұл жолы қысқарған жолдар қалпына келтіріліп, толық күйінде жарияланып отыр. Ғылыми кітапхана қорында бұл толғаудың бір жазбасы сақтаулы (390бума). Оның бірқатар сөздері мен өлең жолдары мағынасыздау, мазмұнреті жүйесіздеу. Сондықтан Сәттіғұлдан жазылған нұсқасы берілді. Көңіл айтуы - 1966 жылы жинақты кұрастырушы жылойлық журналист Кемелхан Ыбыраев айтуынан жазып алған. Алғаш жариялау. Кімге арналғаны мәлім емес. Қойды қойшы баққандай - бұ да К. Ыбыраев айтуынан. Орынбор, Үйшік - күз базар - бұ да Ә.Мұттахиев айтуынан. Алғаш жариялануы. Ғылым академиясының М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында (411-бума, 3-дәптер) бір нұсқасы сақталған. 1958 жылы М.Бимағанбетов тапсырған түсінігінде 1901 жылдары шығарылғандығы, Төремұрат дегеннің айтуынан жазылғандығы көрсетілген. Кейбір сөздері түсініксіз, ұйқас жүйесі бұзылғандығы сезіледі. Бұл басылымындағы кейбір өлең жолдары Өмір Көшекбайұлы жырларында да кездеседі. Шежіре қария Қайшыбай Боқанұлы "Емеспін таңқы құрылық" деп басталатын шумақтарды Ақтандікі дейтін. Біз бір жүріп өнер өрбіткен Ақтан, Аралбай, Өмір ақындардың бірер шумақтары
ауыс-күйіс жүруі заңды нәрсе деп ойладық. Және атақты жыршы Өмірге нағашы боп саналатын Ақтан, Аралбай ақындар желілі жырлардың алдыартында айтуға лайық терме, толғаулар шығарып берген екен дейтін де сөз бар. (Ғалым Қ.Сыдиықұлының «Таңдамалылар» (Алматы, «Нұрлы Әлем» баспасы, 2007) жинағының «Ақберен» атты үшінші томынан).
АРАЛБАЙ ОҢҒАРБЕКҰЛЫ (1855 – 1918)
«МЕН - БОТАСЫ ӨЛГЕН БОЗ МАЯ...»
XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезінде өмір сүрген айтулы ақындардың бірі – Аралбай Оңғарбекұлы. Осы жолдардың авторы 1960 – 1980 жылдарда Аралбайды көрген, қоныстас болған, жиын-тойда бірге болған бірқатар адамдармен кездесті. Солардың бірі жылойлық темір ұстасы, сұңғыла шежіре қарт Қайшыбай Боқанұлы (1890 – 1986) еді. 1964 жылы тамыздың он төрті күні Жем өзенінің жағасындағы Қазыбек деген жерде өз үйінде әңгімелестік. Қайшыбай қарт Аралбай туралы бірқатар мәнді деректер жаздырды. Қарт шежіре Қайшыбай айтуынша, Аралбай 1855 – 1918 жылдарда өмір сүрген. Бұл деректі Аралбайға қосшы бала болған Мұса Өтесінов те (1889 – 1966), ақын ауылымен көп жыл қоныстас болған маңғыстаулық Қибат Шәмкелова да (1899 - ?) макұлдайды. Қайшыбай: "Аралбай жылқы жылы – алпыс үштерде қайтқан", – десе, Мұса ақсақал: "Ол шамамен 1916 – 1917 жылдары өлді", - дейді. Ал Қибат Шәмкелова да Қайшыбай дерегін беркіте түседі. Осы жолдар авторының "Ақын, жыраулар" (1974) кітабында, "Ақберен" (1972), т.б. жинақтарда Аралбай 1854 – 1914 жылдары өмір сүрген делініп кетіпті. "Ештен кеш жақсы" дегендей, ақынды анық білетін кісілердің дерегін негізге алып, жаңсақ кеткен жайларды түзетіп беруді жөн көрдік. Себебі айырмасы аз-кем жылдар болса да, келешек тарих үшін неғұрлым дұрысы қажет. Аралбай қазіргі Маңғыстау облысының Бейнеу ауданы аймағындағы Қарақұм өңірінде дүниеге келіп, Каспий теңізінің шығыс жағалауындағы Айрақты, Қарнау және Қаракұм деген жерлерде ғұмыр кешкен. Бейіті Қарақұм өңіріңдегі Қарашүңгіл қорымында. Аралбай Адайдың Келімберді – Мұңал – Жаулы – Жары – Жетімек деген әулеттерінен шыққан. Жетімектің Ырсалы деген бөлімінен. "Аралбай ала көз, қара сақалды, бүкірлеу қара кісі еді, – дейді Қайшыбай қарт. – Тауда – Айрақты маңында Каспийден балық аулап күнелткен қайықшы кедей адам еді. Жалғыз ұлы Берекет сол жерде өлген. Қасыңда да болмады
Ағайын-тума, ұраның, – деуі елден жырақтау жүрген соң айтқаны. Арекең там (бейіт, зират. – Қ.С) салатын, етік тігетін, күміс соғатын, жыр айтатын – сегіз қырлы шебер, өнерлі адам еді. Ол Қарашүңгіл зиратындағы Бырт байдың құлпытасын шапқан бас шебер. Ауырып, белі бүкір тартып, мүгедек болған әрі жалғыз ұлынан айрылған Аралбай қасақана қыңыр сөйлейтін... – Қу Құдай, менің екі қолымды сау қойсаң, тіземді тістетіп койсаң да, өлмеймін! – деуші еді". Жұрт жайлауға – Үстірт үстіне, Жемнің жоғарғы басына, Ойыл бетіне көшкенде, Аралбай денсаулығына орай теңіз жағасындағы Айрақтыны қыстап, жайлап отыра берген. Жалғыз баласы Берекет 1904 жылы жиырма бес жасында дүние салады. Академияның ғылыми кітапханасындағы бір жазбада (401-бума, 1-дәптер. 1947 ж. Гурьев экспедициясы жинаған): "Аралбай баласы екеуі бір байға жалданып, шыңырау кұдық қазған. Арқан үзіліп, тас құлап, баласы кұдық ішінде өлген" – делінеді. Аралбайды етене білетін Қайшыбай, Мұса, Қибатгардың бәр-бәрі де мұндай әңгіменің жаңсақтығын айтады. Олардың айтуынша, ақынның баласы ауырып өледі. Аралбайдың өз өлеңдеріне зер салсақ, тіл-көз тиді-ау дегендей. Берекет өлгесін, келіні Меңешті төркіндері алып кетеді. Жастай жабысқан ауру азабы, жалғыз баласы Берекеттің қасіреткайғысы, келіні Меңештің екі немересімен қолынан кетуі ақынға аса ауыр тиеді. Көп ұзамай ақын атасын қимай, келіні Меңеш қайтып оралады. Меңеш өле-өлгенше атасын күтіп, Берекеттен калған екі баласы Балықбай, Башақбайларды бағып отыра берген, қартайған шағында Құлсары кентінде баласы Башақбай қолында дүние салған. Құлсары кентінде 1964 жылы тамыздың 28-күні өз үйінде Мұса Өтесінов қартпен кездесіп, біраз әңгіме-дүкен құрдық. "1910 жылы Аралбай ақынның қасында бес-алты жыл қайықшы болдым, – дейді Мұса қарт, – жиырма жаста едім. Айрақты, Қарнау маңында теңізден (Каспий. - Қ.С.) балық аулап, мамыр құс ұстап күнелттік. Арекең насыбай ататын. Қайықтың кармош кісінде (артқы жағындагы зат қоятын орын. - Қ.С.) аққұстан (ұлутастан. - Қ.С.) ойып өзі жасаған насыбай тостағаны тұратын. Шебер адам еді. Қарашүңгілдегі Бырттыың сандық тас етіп қалаған тамы (мазары. - Қ.С.) мен кұлпытасын жасаған. 1910 жылдар Арекең алпыстарды қусырып қалған кісі еді. Екі көзі аларған, құс тұмсық қара кісі. Ойланбай, қағазға жаза салып, "мынаны тарат" деп қағазды ұстата салатын. Немесе былай деп айт деп ауызша да төгіп-төгіп жіберетін". Аралбай кедейлік кесірінен жастай ауруға шалдығып, өмірге әркез ойлы көзбен қараған. Жасында ауыл молдасынан хат таныған ол кейін өздігінен оқып сауат ашады, ел арасына тараған қисса, хикаяларды, Шығыс әдебиеті
нұсқаларын оқи аларлық халге жетеді. Өз көңіл қапасын терең, тебірене суреттейтін ойлы жырлар толғайды. Аралбай өлең, толғауларды ауызша да, жазып та шығарған. Ақын толғауларының бір тобы жалғыз ұлы Берекет қазасына байланысты естірту мен жоқтау, жұбату мен арнаулар ("Баласы Берекет мазары басында айтқаны", "Қашағанға мұңын шағуы, Қашағанның Аралбайды жұбатуы", "Келіні Меңешке шығарып берген жоқтауы", "Меңешке айтқаны"). "Қашағанға мұңын шағуы" мен "Баласының мазары басында айтқаны" толғауларының үзінділері 1935 жылы "Әдебиет майданы" журналының 6-санында жарияланған. "Жұт жылы", "Баласының мазары басыңда айтқаны", "Келіні Меңешке шығарып берген жоқтауы" толғаулары 1967 жылы "Ертедегі әдебиет нұсқаларында" жарық көрді. Бізге жеткен қолда бар жырлары түгелге жуық "Акберен" (1972), "Қазақ поэзиясының антологиясы" (1993) жинақтарына енді. Аталған жырлардың бірқатар нұсқасы академия қорында сақтаулы. Соңғы жылдарда Аралбай шығармаларының қатарына бірқатар өлең, толғаулар қосылды. Олар: "Жыр-дария" (1995) жинағында жарияланған "Аралбайдың сөзбасы", "Аралбайдың термесі", "Сұрасаң кеңес Аралдан". "Сөз басы" Аралбайдан гөрі Нұрым сөз саптауына келіңкірейді. Маңғгыстаулық Қ.Шәмкелова 1964 ж. айтқан 'Жұмалы, Көбестің келініне шығарып берген жоқтауы", бізге жылойлық журналист Қ. Қалдоразов 1968 ж. жолдаған "Жұпарға", Ғылыми кітапхана қорынан табылған "Қонақтарына айтқаны" өлең, толғаулары да назарымызға таяуда ғана ілініп отыр. Кейде көңілімізде "Ақын жырлары толық жиналып болды ма?" деген сауал тұрады. Бұған түрткі болатын 1960 ж. күзде атыраулық халық ақыны Сұраубай Үттібаев айтқан сөз. Сұраубай Атырауда көпірдің Бұқар бетіндегі қызыл тас көп қабатты үйде тұрады екен. Жалтыр бас, орта бойлы, кең кеуде кісі. Ауру халде көп сөйлей алмады. Айтқаны Аралбай шығармаларының аттары мен мазмұндары ғана. Кезінде Қашааған, Аралбай, Ақтан жырларын көп айтыпты. Аралбаймен, Қаракемпір Шеркеш Өмір жыршымен кездесіпті. Сұраубай айтуына қарағанда, Аралбайдың біздің қолымыздағыдан өзге "Жеті жұрт" деген толғау-дастаны және Қосым Шеркеш Сақышпен айтысы болған. Аталғаан шығармалар бізге әзір кездесе қойған жоқ. Мүмкін, уақыт тозаңы басып, білетін кісілер дүниеден өтіп, мәңгілік табылмасқа кеткен болар. Кей кезде ел арасынан кездесіп қалатын қолдан жалған шығарма жасау ауруына лайым Аралбайдың ізсіз мұралары кезікпегей. Тіпті ондай болғанынан табылмағаны да дұрыс. Себебі Аралбайдың қолда бар жырларының өзі – "аз да болса саз" дегендей, нағыз асыл дүниелер. Ел арасында кейбір жыршылар ҚаракемпІр Шеркеш Өмір Көшекбайұлының "Әлеумет, келдің жиылып", "Жарандар, келдім алқаңа-
ай", "Сөз сұрасаң шешен ділмардан" деп басталатын терме, толғауларын Аралбай шығармалары санайды. Қайшыбай шежіре айтады: "Аралбай 1912 – 1913 жылдары Жылойды (Ескі Қаңбакты. - Қ.С.) қыстаған. Сонда Өмірдікі етіп өлең шығарған. Өмір екі көзі көрмейтін қари (зағип. - Қ.С.) екен. Сондықтан Аралбай нәрлі сөзбен жұрт назарын аударсын десе керек". Бүл сөздің жаны бар. Өмір "Қырымның қырық батырынан" бірнеше жырды толғайтын даусы зор айтулы жыршы болған. Жас кезінен зағип болып, ел аралап жыр айтқан. Аралбайға жиендігі бар, аралас-құралас жүрген өнерпаз екен, Аралбай Өмірге батырлық жырларды айтар алдында не аралығында толғау үшін бірнеше толғау шығарып берген. Олар Өмір атымен елге тараған. Мен осы толғауларды жыршының немере інісі Маханов Ысқақ айтуынан Жылойда Тұрғызба деген жерде Қоғабай Молдағалиевтың үйінде жазып алған едім. Кейін "Ақберен" (1972), "Қазақ поэзиясының антологиясы" (1993) жинақтарында жарияладық. Демек, айтулы екі дүлдүлдің өз заманында бір-біріне сыйлаған бірер дүниесін "бәлендікі екен" деп керауыз әңгіме айтудың қисыны жоқ. Және де Өмірдің өзі де, әкесі Көшекбай да акындық, жыршылық өнерлері бар дарынды адамдар болған. Аралбай мен Өмірді көрген Мұса, Сұраубай, Тәжмұқан сияқты парасатты жыршылар да кезінде біздің осы пікірімізді мақұлдаған. Негізінде, Аралбай ақындығын әйгілейтін де жинақтарда жарияланған, аталған жырлары. Ол сол толғауларында жүрегіңді елжіретіп, көңіліңді толқытар, өмірдің алуан сырын шертетін ойлы ақын ретінде көрінеді: Базарында дүниенің Кімдердің тауы шағылып, Кімдердің сағы сынбаған?! Жапырағы ұшса, жасарған Бәйтерек солып қураған. Анасы өлсе жігіттің, Суалып көлі кұрғаған. Ағасы өлсе жігіттің, Ақылынан адасып, Әңгімесі кетер кұралған. Інісі өлсе жігіттің, Базары тарқап маусымды, Басылып көңілі тынбаған. Баласы өлсе жігіттің, Жез қанаты қайырылып, Талабынан шырмалған... Бұл – "алтын туы жығылып, асқар тауы кұлаған", "ботасы өлген боз мая" Аралбайдың "тұлыбына келіп ыңыранған" толғауы. "Қаңсыған қара кемедей құрсауы кетіп", "оқ тиген қудай жез қанаты қайырылған" ақынның
"шерлі жүрегі" "желінбей құмардан шығуы мүмкін емес еді". "Қайранда қалған кемедей толқынсыз көшіп жылжыған" шағында Аралбай жан сарайын айқара ашып, осылайша жүрек жалынын лапылдата толғаған. Мұндай шынайы сырдың тыңдаушы көңілінің қат-қабат иірімдерін аралап, жан пернесін терең тебіреніске бөлейтіндігі де сондықтан. Аралбай – халық жыршысы. Бұл сипат ақынның "Жұт жылы" жыры мен Құрекешпен сөз қағысуынан айқын аңғарылады. "Жұт жылын" кішігірім дастан десе де болғандай. Бұл жыр ақынның кіріспе-толғанысы, елдің жұтқа дейінгі халі, алапаттан кейінгі жағдай және қорытынды пікірі сияқты бірнеше бөлімнен тұрады. Бәйтерек едік жапанда Бұтағы бұлт шалатын. Дария едік шалқыған Шөлдеген жандар қанатын. Ақын айтқандай "басы аман, көңілі шат күндегі" ел реңі осындай. Бұл – халыктың биік мерейі мен меймандостығының, қайырымдылығының бейнесі. Ал сол ел жұттан кейін кандай халде? ...Әдірә қалды боз дала, Жылады аштан жас бала. ...Ауыл деп келсең бір үйге, Ит болмаса үруге, Қара жоқ маңда жайылған. Ағарған жүзін көрмедік, Болмады бір мал сауылған. Қатықсыз көже, кара шай, Бүкіржік дерті табылған. Міне, ақын 1910 жылғы сұрапылға ұшыраған дала өмірінің жанды бейнесін осылайша айна қатесіз алдыңызға жайып салады. Ақын суреттеуінде жұт – аштық, ажал, барлық сән-салтанатты тәрк етер сұмдық трагедия. Халық халіне қабырғасы қайыса толғанған ақын елдің қайғы-қасіретке ұшырауына менмендік пен тәкаббарлык, мастық пен паңдык сияқты адамгершілікке жатпайтын кесапатты қылықтар себеп болды дегеңдей. Бұл тұста Қашағанның "Топан" дастанының әсерін байқау киын емес. Ол Құрекешпен сөз кағысуында да сараң бай мен дүмше молданы аяусыз әшкерелейді. Олжашы деген мас ауыл, Жігіттері жас ауыл. Тоғыз тақта Шылымда Өтекеңнің тасы ауыр. Осылайша Мансұр байды, оның Өтеген, Баспай деген ата-бабаларын жер-көкке тигізбей мақтан еткен өлеңші Құрекешті де мірдің оғындай отты сөздермен сыбап өтеді:
Өтеген, Баспай ар жағың, Мансұр, Шелей бер жағың. Данабай тентек дегенге, Жарымдығың нанғаның. Бұған қарағанда, Аралбай – кезенген нысанасын сілтілі сөзбен сілкілеп аларлық ақындық қуаты мол ақын. Аралбай жырлары шұрайлы, бейнелі сөздерге бай. Қайғы – қара теңіз дүр, Көңіл – үлкен бабасы. ...Шаттық – жанның саясы. Саяға шықсаң, көрінер Ақылдың қорған қаласы. ...Құр шалғайсыз шаршатар Уәйімнің сары даласы. Немесе: Бұтағы сынса теректің, Шырпымен толмас кемелі. Ақпары кетсе арнаның, Айдынның толмас кемері.
...Басы аман, көңіл шат күнде, Ата білмес ұл бұлын, Ана білмес қыз бұлын. Осы тектес ойлы, ұтымды ақыл-нақылдық бейнелі тіркестер ақында мол ұшырасады. Аралбай көршілес түрікмен, қарақалпақ елдерінің акын, жыраулары шығармаларымен жақсы таныс болған. Ақынның жалғыз ұлы Берекет қазасы туралы Қашағанға мұңын ағытқан жыр жолдарынан түрікменнің ұлы ақыны Мақтымқұлы әсерін айқын байқаймыз. Мақтымқұлы: Ақ мая алдырса қолдан көшегин, Баурын тлип бозламайын болар ма?! Бир киик алдырса қолдан ылағын, Манграй манграй излемейин болар ма?! десе, Аралбай: Мен – ботасы өлген боз мая, Тұлыбына келіп аңыраған. Мен бір жүрген ақ киік Ылағын түзде алдырып, Орнына келіп маңыраған,- дейді. Осынау тебіреністер екі ақында да перзент қазасына арналған. Бұл жағынан Аралбай Мақтымқұлының әрі бейнелеу, айшықтау өрнегінен үлгі алады. Мақтымқұлы баласынан айрылған кекілік пен бұлбұлдың, ботасын
алдырған ақ мая мен лағын жоғалтқан қыр киігінің қасіретті халін салыстыра суреттей келіп, бауыр еті баласы өлген адам қайғысының қаншалықты ауыр екендігін елестетеді. Осы тектес: Балапаны өлсе ұяда, Ақсұңқар кұстар шулаған. Атасы өлсе жігіттің, Тауы кұлап, тұрмаған, – дегендей айқын да ажарлы айшықтаулар Аралбайда да мол. Ақын азалы жырларында қайғы бұлты құрсаған қапалы көңілін Мактымқұлыдан гөрі дамыта, әсерлі суреттейді. Аралбай өзін әдіре қалған ақсауытқа, бірде оқ тиген аққуға не канаты сынған қаршығаға, бірде елсізде қалып ыңыранған қартайған арыстанға не жапырағы төгілген бәйтерекке, бірде тұяғы сынған тұлпарға балап, ұғымды тереңдетіп, ой образын өсіре, ұлғайта келіп, жаралы жүрегінің жалын лебін айқын елестете толғайды. Өзгеге балау аркылы өз көңіл-күйін мол ұқтырып, күшті әсерге бөлейтін бұл тұста "Мен – тауда ойнаған қарт марал", "Мен шарға ұстаған қара балта едім" деп келетін Махамбет жырларындағы құбылту (метафора) тәсілі Аралбай толғауларына қанша дарығандығын да бағдарлай түсеміз. Сәттіғұлдың Астрахан жөніндегі, Түменнің Сайын деген баласына арнаған эллегиялық толғаулары Аралбай жырлары (Берекет қазасы туралы) ықпалымен туғандығын еске алсақ, Аралбайға Мактымқұлы мен Махамбет өрнегінің қаншалықты әсері болғандығын да байкау қиын емес. Ол өзі туралы тебіренсе де, бұқара халін жырласа да, адам атаулыға ортақ өмірдің мәнді мәселелерін толғаған. Халық даналығынан мейлінше сусындаған өміршең ойлары мен құнарлы бейнелеулерінен Аралбайдың өзіндік өрнегі айқын танылады.
Қабиболла СЫДИЫҚҰЛЫ, Филология ғылымының кандидаты
АРАЛБАЙДЫҢ ТЕРМЕСІ
Ал, жиналған жақсылар, Сөз сұрасаң біздей картыңнан, Базарлы жерге келгенде, Басымды бұлдап тартынбан. Мен – бір аққан дария Кемерін соғып шалқыған. Мәжілісті жерге келгесін, Алқалы дуды көргесін, Домбыраны қолға алып, Көңілдің шерін қозғалық. Мен бір жауап бастайын, Жорғамын сүргін басқан-ай. Таусылмайтын сарқылып, Өзенмін қайнар тасқан-ай. Алқалаған әлеумет, Ортаңызга зауық етіп, Ажарлап сөзді тасталы-ай.
Көрмесе, адам жат болар Ағайын-туған халқынан. Жақсы мен жаман айрылар Сөйлеген сөздің парқынан. Айтсам бір даусым ашылар Атамыз Қазақ – Алшыннан. Нешелер бұрын ер де өткен Дұшпанын жерге жастаған, Жауынан қорқып саспаған. Батырлар еткен бас алған, Қаруы қанға жасарған. Қайрасаң шықпайды қасиет Азып бір туған нашардан...
СҰРАСАҢ КЕҢЕС АРАЛДАН
Жетімек Сүйінқара батырдың баласы Көтібар да батыр болыпты. Бірде хан ауылында бұғауда жатқан жазықсыз жандарды бостауды талап етеді. Хан батыр айтқанын істеген. Бірақ қастандық ойлап, үзеңгісіне астыртын у жақтырып жібереді. Көтібар Жайық бойынан Үстірт, Маңғыстауға келе жатқанда Қараша көлінің тұсында дүние салады. Оның баласы Әмет те, немересі Жұмағазы да өз дәуірінің бай, берекелі, жомарт адамдары болыпты. Арал бай бұл толғауды Әмет пен Жұмағазыға арнайды. Сұрасаң кеңес Аралдан, Жалқаулық етіп қала алман. Жүрият болып дүредік Әуелде жалғыз Адамнан. Бір теректен көгеріп, Бұтағымыз көбейіп, Жер-жиһанға таралған. Тебіреніп тердік ырзықты Бұйырған әуел-озалдан. Мизанға шашқан нәсібе Бұйыртқан дәмді ашауға Өткендерден мирас боп Келе жатыр қашаннан. Ылажың болар қаншалық, Әмір етсе жан Аллаң?! Рұқсат беріп Жасаған Айдаса, бармай қала алман. Мөлшеріне тап келсе, Өлшегенде шақ келсе, Пендесі қашып құтылмас Пайда менен залалдан. Кімдер азып-тозбаған, Кімдер қапыл болмаған Түрленген фәни-заманнан?!
Айырылып қалың халқынан Кемілі қымбат парқынан, Әзіреті Жүсіп пайғамбар Мысырда түсіп базарға, Шығыпты арзан нарқынан. Құр шулағанмен пайда жоқ, Болмаса асыл парықтан. Арнап жаздым бір сәлем Қадірмен Әмет қартқа. Қыранның алғыр сойы едің Шалғайып жатқан жырақта. Жеті атаңнан шынжырлы Белгілі едің бақытты. Сара туған сақи ең Көрсеткен жұртқа қалыпты. Озса Қазақ – Алшыннан, Мәртебең асып артқын. Алла берген әруақ Бұлттай болып шаңытқан.
Сүйінқара аржағың Бірдей өскен мал-жаның, Өлшессе, ауыр салмағың Кім-кімді де тұрады Таразыда басып-ай. Сенен туған Жұмажан Көргені артық ұядан Сыралғы едің сірәдан. Нағашыңды сұрасам, Есентемір Ер Мыңбай, Сұлтанкелді, Көктаубай Кіл жәуһәрдің тұқымы, Боласың неғып жасық-ай? Айбынды туған ақсұңқар Құмарынан шықпайды Көлдің құсын тауыспай. Өңкей тұлпар мінгені Болдырмайды шабысқа-ай. Сасқандар келіп қорғалап, Бұтағыңа жабысты-ай. Адайда жалғыз ауылсың Әзірге тұрған ауыспай. Өзің тірі жүргенде Бермедің қолдан намысты-ай. Сүйіннен туған Көтібар Қара ұлынан хан болып, Қадірі топқа білінді-ай. Одан туған Ер Әмет Жұрт аузына ілінді-ай. Және хабар берейін
Жұмажан деп Жұмағазыны айтады. Жұмағазы інімнен, Жақсының орны жалғасып Келе жатыр ізімен. Қаптаған қара боранда Паналы асқар тауымсың, Айнала халық кідірген. Асылдан қалған абзалым Алла берген шынымен.
Ересек жасқа енгесін, Атыңды алаш білгесін, Ит жүгіртіп, құс салдың, Салтанат етіп ұстадың, Тарқатып көңіл құмары, Екі жүйрік тең бағып, Таралғыны кең тағып, Алшынның көрдің құралын. Ат оздырдың Адайдан, Олжаңды алды талай жан, Дәндеген кетпей маңыңнан, Мағлұм болды бұларың. Толығып қайрат-ақылға, Алқада атың жатталған. Байрақты жерде күресіп, Талайдың аттап басынан, Бұдан да бітті мұрадың. Жаулы жерде оқ атсаң, Қайратыңды ел сынады. Даулы жерде сөз айтсаң, Сөзіңді айтқан тыңдады. Қоспасыз нағыз алтыным, Тыңға салса тосырқап, Қайтпады сенің қылабың. Қабырғадан қар жауса, Қайыспас қара бұланым. Шөлдеген жанды қандырған Айдынды шалқар бұлағым!
Жабылса, жаһан қанғандай Айнала суат, өзенім, Ердің ұлы өсерім, Алқаға түссе – көсемім, Жегізіп қазы қараға –
Талайдың таптың есебін. «Өлдім-талдым» дегеннің Жалғадың талай өзегін. Аң алдырдың Алғидан Асырап жұрттың көпегін. Арқалап одан шығардың Халықтың біздей мешелін. Қысы-жаз қымыз, шұбатың, Салулы тұрды төсегің. Қонаққа бағлан қырдырдың, Самаурын, шәйнек қыздырдың, Сақилығың тұр білініп, Білмедік қалай жетерін. Сапар шексең алысқа, ҚызырІлияс нөкерің. Ғаріп пенен қасірдің, Сұраған мүшкіл-нашардың Қалт етпедің меселін. Ноғайда Нәрік, Шорадай Заманда болдың солардай. Ешкімнен бәсің кем емес, Бәйіт еттім парқыңды, Мәшһүр еттің даңқыңды Мен – мүсәпір Аралбай, Үйде жатқан мешелің. Азы жақсы асылдың, Аяғын тәмәм етемін.
ҚОНАҚТАРЫНА АЙТҚАНЫ
Денсаулығына байланысты Каспий жағалауынан балық, мамыр үйрек аулау, жайлауға көшпейтін Аралбайдың көп жылғы дағдысы болған. Азын-аулақ малы тау арасынан еркін жайылып кетеді. Бірде қонақ келгенде қой союға реті келмей қалып, сонда айтыпты: Төрт түйе, қырық қойым бар, Өздеріңдей мейманды Сыйлайын деген ойым бар. Табағым жеңіл көрінді, Ниетіме тойыңдар.
ЖҰПАРҒА
Аяғында хамалдың, Бұзығында заманның, Қайықпенен жол жүріп, Ортасына біз түстік Жылой деген базардың. Жылойға келсек астық жоқ, Айтайын көрген залалды. Кең көшеде жатқанда, Бір күні Таңбай шақырды, Жігіттігін асырды. Көрейін деді ағасын, Білейін деді шамасын. Екінді мен ақшамда, Күн қызарып батқанда, Еңбектей басып Арекең Үйін әрең тапқанда, Тап болды Құдай атқанға. Шыға келіп үйінен Бір сары қатын ақырды. Келбетіне қарасам, Қысқа мойын, жар маңдай, Ажал десем нанғандай, Бойы мықыр, тар мықын, Бар даусымен бақырды.
Екі ауру бір келсе, Ажалыңнынң келгені. Екі жыртық бір келсе, Абыройыңның кеткені. «Қабаншада қайын жоқ, Мегежінде төркін жоқ», Төркінің қара қасқа еді Кісілік келмес теп-тегін. Бұ да болса өзіңнің Ырысыңды тепкенің. Ала қаншықтай арп етіп, Есімнен кетпес сүйткенің. Мен – «Жайықтың қарғасы», Жай ғана кетер деп пе едің?!
ЖҰМАЛЫ, КӨБЕСТІҢ КЕЛІНІНЕ
«Жайықтың қарғасы – Жайыққа, Еділ қарғасы – Еділге» деген халық сөзінен алынған. «Елге айта, әшкерелей жүремін» деген мағынада.
ШЫҒАРЫП БЕРГЕН ЖОҚТАУЫ
Қонақ бір қонса, «қон» деген, «Қой семізін сой» деген. «Қой семіз емес, мен семіз, Ықыласқа той» деген. Ту биесін сойдырып, Тәрбиесін жұрттан асырған. Со секілді Әтекем, Бес бел топырақ жүзін жасырған. Белең-белең, белең ат, Белі бір қайқы күрең ат, Жібек бір арқан жошындым Елдің бір кетті-ау шемінен, Әлеуметтің жөнінен. Әтекем біздің кеткесін, Тірілей бәсім кеміген. Біреудің несін бар дейін, Біреуі өлсе, кеміген. Әтекем көші айырылды Ағайын-тума, теңінен. Әтекемді жоқтамай, Қалай да көңіл басылсын?! Алдынан Алла жарылқап, Сегіз жұмақ ашылсын.
БАЛАСЫ БЕРЕКЕТ МАЗАРЫНЫҢ БАСЫНДА АЙТҚАНЫ
Сөздің басы бір Алла, Әмірің ақ дүр сірәдан. Алласы кетіп аузынан, Әзәзіл-шайтан бұл азған. Күллі нәпсі Құраннан Зәиихәтіл мәуіттің Хадисін тұтқан бұл адам. Еңсесі кеткен жүйрікпін Еріксіз шауып бұланған. Қайғы толса қалыбыңа, Ұшқындап шығар зыбаннан. Ашу – бөрі, ақыл – қой, Жошындым – секілді, сияқты. Бұл жерде көрікті сияқты, әруақты деген мағынада. Зыбаннан – көңілдің тереңінен.
Аралас бағып жүре алман. Көз – қарашы, көңіл – хан – Әмірін екі қыла алман. Шерлі жүрек, желді өкпе, Желпінбей шықпас құмардан. 1904-жылында Тап болды бізге бір заман. Айтайын көпке тыңдаған: Атамыз Адам Сафидан Баяны жоқ сұм заман. Жаралғалы жан болып, Үдірегелі сан болып, Көгергелі дән болып Кімдер кетіп, кім қалған?! Дәуіттің ұлы Сүлеймен Он сегіз мың ғаламды Патша болып құлданған. Жиырма тоғыз жасында Мүкаррам дүние тұл қалған. Құдай деп сүйген құлдардан, Ардақтап сүйген ұлдардан Бай менен батыр, мырзадан, Ойласаң, бар ма тұрған жан?! Өлмей қалмас туған жан, Ғұмырың озбас сынғаннан. Пенделіктің әсері Көңілім көшіп қиналған. Базарында дүнияның Кімдердің тауы шағылып, Кімдердің сағы сынбаған?! Жапырағы ұшса, жасарған Бәйтерек солып қураған. Анасы өлсе жігіттің, Суалып көлі кұрғаған. Ағасы өлсе жігіттің, Ақылынан адасып, Әңгімесі кетер кұралған. Інісі өлсе жігіттің, Базары тарқап маусымды, Басылып көңілі тынбаған. Баласы өлсе жігіттің, Жез қанаты қайырылып, Талабынан шырмалған.
Көтеру үшін көңілді, Баласының басында, Мазарының қасында Аралбай тұрып жылаған. Жылады деп сөкпе, жұрт, Мен – ботасы өлген боз мая Тұлыбына келіп ыңыранған. Жатырмысың аман-сау, Тілеп алған шырағым, Бабы түссе – қу алған, Көрсе – көңілім қуанған, Бауыры тарлан қыранмын, Басыма қиын іс түссе, Қайыспай тартар бұланым. Бұланым деп келсем де, Орныңнан жоқ-ты тұрарың. Қатын-бала, ата-ана, Жағдайын жоқ-ты сұрағын. Қасымда да болмады Ағайын-тума – ұраным. Ағайын-тума неғылсын, Тура құрық келгенсін, Адасқан жауап бұларым. Дүниеге өзің келгенде, Болып еді мұрадым. Біз мұраттан айырылып, Тарқады қолдан құралым. Алтын туым жығылып, Асқар тауым құлады. Біздерге түскен секілді Ашылмас күннің тұманы. Әзіреті Адам-Салолла Баласынан айырылып, Әміріне Хақтың шыдады. Айрылған әркім баладан Бұйрығымен Құданың. Солардан қалған бұл пәни, Етерге бар ма лажың?! Алладан бұйрық болған күн, Өлшеулі ғұмыр біткенсін, Несіне арман қылайын. Қайғырғанмен пайда жоқ, Артында қалып оқыған
Сауабы тигей дұғаның. Пенделіктің күшімен Көңілім көшіп қайғырып, Көзімнің жасын бұладым. Жылады деп сөкпе, жұрт, Ерік кеткен бастан уағым. Мен – ботасы өлген боз мая Тұлыбына келіп ыңыранған, Иіскесем, қанар кұмарым. Жатырмысың, перзентім, Көкірегің шат болып, Басыңа үлкен бақ қонып? Сен дүнияға келген соң, Жиырма бес жыл құлданып, Қызығыңа қолым сермедім. Оздырып қатар құрбыңнан, Көрсеттім әр іс өрнегін. Балапан құстай талпынып, Баурадың көзің көргенін. Пар-парлап жанған шамшырақ Енді білдім сөнгенін. Айтып-айтпай немене, Жасаған Ием, жалғызды Өзі алды қайтып бергенін. Каңсыған қара кемедей Кетті құрсау шеңберім. Жез қанатым қайрылды, Оқ тиген қудай меңдедім. Бақыты бастан ауған күн Әзіреті Жүсіп Кенғанда Кем бағаға сатылып, Жетімдікке көнгені. Олардың да атасы Пайғамбар Якуп еңіреді. Іздеп келсем басыңа, Атаңа сәлем бермедің. Халалдан болған асылым, Айрылған бізден жөндерің. Сөйтіп жүрген шырағым Мауқымды баса келгенім. Мінәсіп емес бұл жерде, Мазаңды алып еңіредім. Көтеру үшін көңілді,
Әрі-бері жыладым. Жылады деп сөкпе, жұрт, Мен – ботасы өлген боз мая Тұлыбына келіп ыңыранған, Иіскесем, қанар шөлдерім. Жатырмысың аман-сау, Тілеп алған қарағым?! Балапан құстай асырап, Жегіздім тағам халалын. От пенен суға күйдірмей, Нәрседен залал тидірмей, Мәпелеп бағып қарадым. Қамқорың келді басыңа Білуге саулық-аманың. Қасыңда да болмады Ағайын-туған жараның. Ағайын-туған неғылсын, Алладан болған әмірге Таусылған уақыт шаманың.
Жиырма бес жыл құлданған Тарқады қолдан базарым. Тарқаса қолдан базарың, Құриды екен амалың. Ер қолында ерік болмас, Үзілсе белден жарағы. Жарақсыз ерге жазым көп, Дұшпанның тиер залалы. Раушаны көзімнің, Жарқырап жанған панарым. Көз нұрынан айырылса, Қармауменен таба алмас, Не екенін біле алмас Алыстағы караның. Байтақ жұрттан пайда жок, Болмаса кұтты баяның. Еңкейттің ата-анаңды, Еңіреттің қатын-балаңды. Сөйтіп жүрген шырақтың Көруге келдім мазарын. Қызарып жатқан топырақ Мазарына келгенсін, Жыламай неғып каламын?! Жылады деп сөкпе, жұрт, Мен – ботасы өлген боз мая Тұлыбына келіп еміренген. Иіскесем, мейірім канады.
Жатырмысың, терегім, Ақылға түпсіз зерегім. Шаршағанда демеуім, Қысылғанда көмегім! Біз көмектен айрылдық. Бермесе Алла себебін. Бұтағы сынса теректің, Шырпымен толмас кемері. Пенде керек дегенмен, Алла қылмас дегенін. Алдымда жүрсең – ажарым. Артымда жүрсең – базарым. Шыныменен Жасаған Берді ме екен деп едім. Үйде отырсам – қымызым, Түзге шықсам – қызығым. Енді мұндай қызықты Іздеп қайдан көремін?! Лайқаттап салған соң, Айласыз жүдеп, көнемін.
Бұл бір емес қашаннан, Гулеген шырақ сөнетін. Біз кұсаған пенденің Маңдайына көп едің. Көрген жанның баршасы "Құтты болсын" деп еді. "Көп батасы – көл" деген, Әншейін айтқан сөз бе еді? Жандыра түсіп сөндірген Алланың қалай шебері?! Әлпештеп қолдан өсірген Мәуелі терек сен едің. Сенің жәйің болсын деп, Миуалы балқаш көлдерге Жағалай қонған мен едім. Жатырмысың аман-сау, Кете алмай тұрмын касыңнан. Ізгілігі болар деп Берекет қойып атыңды, Мен едім әкең шақырған. Әлдилеп сүйіп аз күнге. Әлпештеп көңілім ашылған. Алты жаста аңланып. Араластың ақылға. Он екі жаста ой ойлап, Он төртте алка алдында Топырағың шашылған.
Жиырма бес жасқа келгенде. Кез болды дәмің таусылған. Аға, құрбы, ата-ана, Айрылдың сүйген татудан. Дүйсенбі күні дүниеден Сапар шектің, түлегім. Еміреніп келсем қасыңа, Бозарып жатқан топырақ. Қан түкіріп кайғырып, Қарап тұрып жүдедім. Тұрад деп келсем басыңа, Мейірім канып өбуге Көтермейсің басыңды, Қалай болды бұ жерің?! Жығылсам, басым сүйеуге Болмады жанның біреуі. Адамзаттың баласын Жаратқан екен Жаббарым Әуеліден қысқа сүрегін. Шетте жүрген біз түгіл, Ортадағы жандардың Көре алмадым түгелін. Үйде отырсам - құлқым жоқ, Түзге шықсам - күлкім жоқ, Кеткенсін қолдан күреңім. Төрт мың төрт жүз мұрсалдың, Үш мың үш жүз нәбидің Сау қалмаған біреуі. Әулие қоймай жалынған, Садақа беріп малынан,
Болмаған қабыл тілегі. Сақтамаса Құдайым, Бір нәрсенің салқыны Бізді де шалған, білемін. Біраз ғана сөйледім, Көтеріп көңіл кіреуін. Сөйледің деп сөкпе, жұрт, Мен - ботасы өлген боз мая Айдалада аңыраған, Тұлыбынан үзбей күдерін.
БАЛАСЫ БЕРЕКЕТ ӨЛГЕНДЕ КЕЛІНІ МЕҢЕШКЕ ШЫҒАРЫП БЕРГЕН ЖОҚТАУЫ
Боз інгендей боздайын, Ұзаққа айтып созбайын. Жиылып халқым келгенде, Жүректің басын алған дерт. Азырақ айтып қозғайын. Аққырдың таңы атты ғой, Арғымақ мойны қатты ғой. Келер де болсаң, шапшаң кел, Төсексіз жатқан қара жер Жамбасыңа батты ғой. Ат байлайын ырғайға, Арызымыз жетсе Құдайға, Шығармас па едім талайға? Кіргізбес пе едім сарайға? Сарайдың бойы салқын соқ, Сағынсаң, атқа қамшы соқ. Қанша бір кайғы шексең де, Аттанып үйден кеткен соң, Келер бір күні маған жоқ. Жатыр ма екен аман-сау Акылға түзу зерегім, Шаршағанда демеуім, Беліме құрсау кемерім, Мен қуаттан айрылдым, Бермесең, Алла, себебін.
Тақылдақ болды-ау таңдайым. Талапсыз болды-ау маңдайым. Талапсыз болмай неғылсын, Қайырсыз мына Құдайым. Ұяда жатқан балапан Қаршыға құстай зырлаған. Жағдайсыз заман тап болып, Тар болғансын сұр заман, Қоныс бір қуып ағайын, Маңайымда тұрмаған. Жанып бір тұрған шам-шырақ, Шырағым сөнді парлаған. Даусымды кімдер естісін Бұ жерде жүріп зарлаған?! Жарықтан шығып тап болдым Қараңғы тұман түндерге. Мақпал бір ойсам жарасар Алтын бір сандық зерлерге. Көлдің бір сәні көк үйрек Көтеріліп ұшты-ау көлімнен. Айрылғанға ұқсаймын Берекеттей телімнен.
Ойымда менің бар ма еді, Арқар бір кұлан желер деп, Өлшеулі басты бөлер деп. Жұбайым менің өлер деп?! Қыраным ұшты қырымнан, Кім айтар енді келер деп?
КЕЛІНІ МЕҢЕШКЕ АЙТҚАНЫ
Қалам, сауыт қолға алып, Талай жерде толғадық. Басымнан қайғы көп өтті, Мәнісін айтып қозғалық. Келін жесір, ұл жетім, Бұрынғыдай болмадық. Еңсеме түсті ауыр жүк. Тарта алмай тұрмын зорланып. Алланың ісі биғайып, Мұнысын қайтіп болжалық. Кете ме деп келінім, Разы болып өлімге, Талай жерде боздадық. ІІІырақтан калған шырақты Беліме қуат тұтындым, Қайырын берсе оңғарып.
Қолыма келдің, шырағым, Аз ақылдан айрылып, Алаң болған уағым. Түрлі-түрлі заманның Көзім көрді біразын. Ішімді тартып қорқамын Көргенде жұрттың шырағын. Жапанда жалғыз жабығып, Талай жерде жыладым. ІІІырағым қолға келгесін, Тарқады қайғы тұманым. Өшкен отым жанғандай Шөлдеген мейірім қанғандай, Белімді мықтап таңғандай, Болып отыр мұрадым. Қарағым, қалқам, жарқыным, Көруге ажар, алтыным, Адасқанда жөн сілтеп, Айтады адам ақылын. Төсекте жатып көлбедім, Жастықта жатып еңіредім, Баса алмай күйік қарқынын. Өткен іске өкініп, Толғаумен көңіл аршыдым. Қор болмас перзент деген бар, Батасын алса қартының.
Бота, тайлақ, тоқты, лақ Артында қалған нар болар. Нардың жүгін тартқанша Нар иесі зар болар. Ақыл қойып аңдасаң, Көз жіберіп пәмдесең, Дүниеге жаралып Келген адам дал болар. Дал демектің мәнісі – Басына, ұшсаң, қондырмас Уайым, қайғы тау болар. Көлденең жүрсең, өткізбес, Түбіне түссең, жеткізбес, Мысалы терең сай болар. Жақсылық түбі жаз болар, Жамандық түбі қар болар. Тәуекел деген пендеге Алланың өзі жар болар.
Тәуекел ердің ісі дүр, Ер ісімен қор болмас, Сыртынан дұшпан көз салмас, Белді бекем буғаннан. Ата көрген ұлдардан, Ана көрген қыздардан, Жұпты болмақ бұл қалған. Карағыма келгелі Шырағым едің құлданған. Шаршы төрде отырып, Көңілдің кірін көшіріп, Алдыңда атаң толғанған. Қарағым, қалқам, келінім, Көп кештім қайғы теңізін. Жиырма бес жасқа келгенде, Жөн түзеді егізің. Басы аман, көңіл шат күнде Ата білмес ұл бұлын, Ене білмес қыз бұлын. Бұл секілді шырақтың Білсек керек біз бұлын. Домбыра тартып, жыр жырлап, Басайын көңіл қызғынын. Қайраңда қалған кемедей Толқынсыз көшіп жылжыдым. Қарағым, сенсің ермегім, Сен сықылды шырақтың Айтып болмас өрнегін.
пәмдесең-ойласаң Тек шықпаған жан отыр, Толғаумен көңіл делбедім. Тоты құстай таранған, Жан-жағына қаранған Ақсұңқар ұшып кеткенсін, Шытыр жеген түйедей Төсекте жатып көлбедім. Қарағым, қалқам, баласың, Атаңның тыңда санасын. Екі қысым жол болар Қайғы мен шаттық арасы. Қайғы - қара теңіз дүр, Көңіл - үлкен бабасы Баба тілін қайырмас Қолындағы қарасы. Шаттық - жанның саясы, Санға шықсаң, көрінер Ақылдың қорған қаласы. Құр шалғайсыз шаршатар Уайымның сары даласы. Сұңқардың орны төленер, Белге бекем тұтынсақ Орнында қалған баласын.
Айналайын Меңешім, Сөзімнің тыңда келісін. Жапанда шектім көп қайғы, Кете ме деп сен үшін. Мен - қураған бәйтерек, Сен едің миуа жемісім. Жемісі жерге төгілсе, Бәйтерек болмас келісі. Сен қолыма келген соң, Толып отыр кемісім.
ҚАШАҒАНҒА МҰҢЫН ШАҒУЫ, ҚАШАҒАННЫҢ АРАЛБАЙДЫ ЖҰБАТУЫ
Аралбай ақын жалғыз ұлы Берекет өліп, қамығып отырғанда, үйіне замандасы Қашаған келеді. Бұл жайдан хабарсыз, көптен көріспеген Қашаған: –Лебізіңді сағындым, домбыраңды шалып жібер, – дейді. СондаАралбай Қашағанға мұңын ағытады:
Қолыма алған домбыра, Сен де өзімдей аңыра, Ажал құрық салған күн, Қаларсың сен де әдірә. Кешегі өткен он жасым, Он жасымнан бері қарай, Домбыра болды жолдасым. Он бес жасқа келгенде, Құрбының көрдім құрмасын, Ағаның көрдім ордасын. Баяны жоқ сұм жалған Байқадым қолда тұрмасын. Әй, Қашеке, Қашеке, Шаттанып жүрген күнімде Домбыра қолға алғанмын, Оңды-солды шалғанмын. Қатепті қара нар едім, Артуын таппай мертіліп, Мен базардан қалғанмын. Тіккен туым жығылған, Көкірегім қайғы-арман, мұң. Аяғы сынған арбамын, Қанаты сынған қарғамын. Тұяғы сынған тұлпармын, Қанаты сынған сұңқармын. Осындай жайға кез болдым, Өздеріңдей ағаны Келген күні Тәңір айдап Бір көруге іңкәрмін.
Замандас ағам Қашеке, Мен – қанаты сынған қаршыға Қанатынан айрылса, Қаршыға түсер шаршыға. Қашеке, өлең айт дедің, Біздей ғарып-жартыға. Қалмасын айтқан көңілің, Бір-екі ауыз айтайын Дүние-жалған зарпынан. Көңілім шатты күнінде Аралбай едім халқыма. Бұйрықты күні біткенсін, Әлдилеп сүйген жалғызым Қайрылмай кетті артына. ...Ойлап тұрсам, әуелден Жаратылып шығыппыз Лаухы менен Махфұздан Шарапатты дәні шашылып, Сылап-сипап өсірдім Мамығын төсеп астына.
Мен – ботасы өлген боз мая Тұлыбына келіп аңыраған. Мен – бір жүрген ақ қиік, Лағын түзде алдырып, Орнына келіп маңыраған. Мен – қартайған арыстан Елсізде қалып ыңыранған. Шеңберлі қара кемемін Құрсауы босап қақыраған. Мен – жапанға біткен бәйтерек Жапырағы жерге төгілген. Мен бір тұрған ақ сауыт Әдірә қалып сөгілген. Мен бір жүрген ақсұңқар Көзінің жасы төгілген. Қияға біткен терегім Уақыты жетпей бүгілген. Қадірлі аға Қашеке-ау, Жалғызымнан айрылып, Қанатымнан кайрылып, Көңілім сөйтіп түңілген. Сонда Қашаған Аралбайды жұбату жырын толғайды: Замандасым, Аралбай, Білмей қалдым балаңды-ай, Тәукел Хаққа шүкір ет, Аузыңа алма жаманды-ай. Құдайым бізге тап қылды Бұл сықылды заманды-ай. Басқа түссе, амал жок, Көтерер жүкті адамға-ай. Бақилык жолға барғанда, Жақсы мен жаман теңелер Сираттың жолын қадамдай. Мен сасып қалдым қапыда, Біле алмай сөздің парқын-ай.
Жылағанмен не пайда, Қайырын берсін артына-ай. Шайтаннан Құдай сақтағай, Тамұқтың оты шарпымай. Кәусардан шарап татқызғай, Кең сарайға жаткызғай, Мәңкүр-нәңкүр келгенде, Жауабын тура айтқызғай.
Замандасым Аралбай, Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, Қанаты бүтін сұңқар жоқ Кей пендеде іні жоқ, Інісіз жанның күні жоқ, Кейбіреуде аға жоқ, Ағасыз жанда жаға жоқ, Кейбіреуде бала жоқ, Болмаса перзент – шара жоқ. Болаттан бекем бол деген, Болдырмаға болмасқа. Уәйім, қайғы жарамас Сендей бір жанға, жолдасқа. Ашу деген – көк бөрі, Ақылың қорған тал болар Тәуекел қайық, сал болар. Ойлап кетсең, жеткізбес, Түсіп кетсең, бойлатпас Уәйім деген жар болар. Ойлағанда, Аралбай, Өмір бір дулы шәр болар. Бұл өмірде нелер жоқ, Біреу кем, біреу хан болар. Басына қайғы түспеген Менменге қайғы таң болар. Ақыл деген қой болса, Ашу деген көк бөрі, Бөрі қойға жолықса, Дүние киғаш шаң болар.
Сабыр етші, Аралбай, Айы біткен айда өлер. Күні біткен күнде өлер, Тура құрық келген күн Таңға жетпей, түнде өлер. Туралап өлім тап болса, Жалғыздар емес, кім де өлер. Өлімге қатты налиды Кейбір де кейбір пенделер. Басы сау, есен бай кісі Өзі айтқаны жөн келер. Орынды жерде сөйлесем, Қызыл тілім дөңгелер. Айтып-айтпай не керек, Сені мен менің қасыма, Даладан аңсап келгенде, Алдымнан: "Атам келді!"-деп, Күліп-ойнап кім келер?!
АРАЛБАЙ МЕН ҚҰРЕКЕШ
Құрекеш деген ауыл арасының ақыны бірде Аралбайға келіп, өз руын, аталарын мақтап, былай дейді: Олжашы деген мас ауыл, Жігіттері жас ауыл. Тоғыз тақта Шылымда Өтекеңнің тасы ауыр. Аралбай сонда былай депті: Айрақты, Татан – екі тау, Қияқты, Сасық – екі су, Қияқты салдың бір мешіт, Сасык бір салдың құр мешіт, Жылу жинап салғаның. Салған ғұрлы көп болды Ұрыс-керіс жанжалың. Өтеген, Баспай – аржағың, Маясұр, Шелей – бержағың. Данабай тентек дегенге Жарымдығың нанғаның.
Иесі жоқ болса, құр мешіт Неге керек салдырып, Ақсақ қатын, соқыр қыз Бір мешітке қалдырып?! Тамшы ағып тесілген Төбесі толы саңғырық. Келініңмен сыйыспай, Тағы айрылдың балаңнан, Ағайын қашты қараңнан. Сәлделерін шұбатып, Молдалар безді азаннан. Молдасы кетті мал қуып, Сұпысы кетті жын қуып. Алпыс теңге, бурыл ат Пайдаңызға жаралған. Топырыш құнан, төрт койдың Еті піспей шықты казаннан, Жұмысшың аш жаланған. Есжан ұста, Салықбай Наразылық білдіріп, Безіп кетті араңнан. Осыдан кейін дүйім жұрт Түк-түк болған бетіңе Жиреніп жүр қараудан. Құрекеш бұған жауап қайтара алмапты. ЖҰТ ЖЫЛЫ Дастан
I Қолыма қалам алып, хат жазғанмын, Жан барда құрбы көңілін атқарғанмын. Заманның езгі, жауыз түрін көріп, Абайлап ақылменен басқарғанмын. Жігітке кәрілік, жарлылық қабат келсе, Аяма, қолдан келсе, тапқандарын?! Адайда бес жүйріктің бірі болып, Алқаға түскен жерде мақталғанмын. Асығыс аузы жеңіл деп айтар деп, Өлеңді көп айтуға сақтанғанмын. Кердері Әбубәкір жыршыға ұқсап, Әр жерге айтып сөзді шашпағанмын. Артында біразырақ сөзі калған Қаратаз Қашқынбайдай Жастабанның. Алдымда Абыл менен Нұрым болды, Қашаған, Ақтан менен бұрын болды. Олардай сөзге шешен болмасам да, Дүлдүлдей дүсірлетіп дуды көрсем, Айқай сап, арқа қозса, ақтарғанмын. Сыртым су, бауырым балшық осы күнде, Дариядай қайта тасып тап салғанмын. Елудің алтауына жас келген соң,
Баста ми енді білдім шақ қалғанын. Айрылып бай ақылдан, жиған малдан, Адасты ақылынан шаруаларым. Артыма үш жыл қарап жалтақтадым, Айтар деп оқиғаны жас балдардан. Жас балдар оқиғаны айтпаған сон, Азырақ тыңдасаңыз, жобалдадым.
II Құрметті сәлем жазайын Маңқыстау ояз, Фортқа. Мекемеде отырған Судья менен болысқа. Кебеже қарын, кең ойлы Басында миы толыққа. Тағы да сәлем айтайын Отырған бай мен мырзаға Табаны аумай қоныста. Жақсыларды көрер күн бар ма Хал-ахуал сұрасып, Бір мәжілісте болып та. Жамандар ақыл таба алмас, Жүрегі шошып қорықса. Өзіңді жауда қалдырар, Жабымен алыс жорытпа. Ақылыңнан тандырар, Сөйлесең, басың қаңғырар, Ақылы жоқ жаманмен Ақыл салып жолықпа. Міндет қылма ұрыға, Қаларсың бір күн борышқа. Атасы болса жүлделі, Ұяда көрсе үлгіні, Азамат ерден торықпа. Бұл сөзімді елесең, Адасып айттың демесең, Келмес пе екен дұрысқа. Жеделдес өскен халық едім, Айыра сәлем айтайын, Мұңал менен Тобышқа.
Форт-Александровск – қазіргі Форт-Щевченко. Мұңал – ру аты. Тобыш – ру аты.
Екінші сәлем жазайын Құнанорыс****, Ақпанға**** Қолынан дәмін татқанға. Кешегі баста бақ барда, Бай бар еді тасқандай, Мырзам бар еді ақпарлы-ай. Билерім де бар еді Ойласа, ақыл тапқандай. Ерлерім ердей қасарып, Шабаным жүйрік атанып, Шалғайым берікке теңеліп, Әлбет болып өсіп ек, Бедені артық жасалып. Сулас болған отырып, Өрісте малы қосылып, Қыз-жігітім сырласып Сөзбенен көңіл ашқанға-ай. Алланың ісін кім білсін Алдында тұрған сақтаулы-ай. Алладан әмір болған соң. Әркімдер тозып жөнелді, Дән іздеп терген тауыққа Мизан күні тары шашқандай. Айрылды егіз-парынан, Салтанат түрі таусылды Болғансын заман тарылған.
Және де сәлем жазайын Жеменей** менен Балықшы***, Қыс – Маңқыстау, жаз – Арқа, Қатар көшкен халыққа-ай, Құдандалы танысқа-ай. Бұл сөзімнен түсінер Милы кісі парықты-ай. Тар заманға тап болып, Көңілім қатты жабықты-ай. Қайыры болып ақыры, Көрер ме халық жарықты-ай?
**** Құнанорыс – ру, ел аты. **** Ақпан – ру, ел аты. Бедені – келбеті, пішіні. ** Жеменей – ру аты. *** Балықшы – ру аты.
Маңқыстаудың үш түбек, Айналып жатқан бұрышынан, Атаның коныс, жұртынан. Адастырып бір тұман, Қонысым қиғаш ауысты-ай. Абыл, Нұрым кеткен соң. Басыма жұмыс жеткен соң, Білмедім тура бағытты-ай. Жақсыны кайта көрмен деп, Балаларға пормы бермен деп, Болып жүрмін қауыпты-ай. Шамалы жерге шапқыр деп, Халық тастаған екен шағып та-ай. Жас елуге келген соң. Күніне елу пәле жабысты-ай. Аз ақылдан айрылып, Аралың қайрат тауысты-ай. Есім кетіп еңіреймін, Жүрген соң қиғаш, алыста-ай. Ақылы түзу әлеумет, Бұйыра көрме айыпқа-ай.
Кешіре көрің, жақсылар, Сөз басы ұмыт қалыпты Әуелі айтпай ағасын – Келімберді, Құдайке, – Адайдың екі баласын. Ағасы жүрсе алдында, Жел жағының панасы, Ық жағының қаласы. Інісі жүрсе ізінде, Болмай ма кұйрық, қанаты, Ежелден жақын арасы, Арама шайтан кіре алмай, Алыстағы дүшпанға, Алынған жоқ-ты шамасы. Алты арыс Қосай болғанда-ай, Айтсам, аузым толғандай, Байқасам, айлақ ордаңды-ай, Жыртылмаған жағасы. Үзілмеген шынжыры Ауыл едің үлгілі, Абырой менен ерлікке Бар еді кімнің таласы?!
Артық кімдер бар еді Ертеде өткен Есеттен Қасиетін көрсеткен – Атақозы мергеннен Ақ сүңгісін өңгерген, Аламанға жел берген, Азын көпке теңгерген, Адырнасы ақырған, Қол оғы нардай бақырған?! Ортадан шыққан жүйрігің Қашаған менен Нұрымың – Сайрап тұрған бұлбұлың.
Бұларды байқап карасам, Ақылдың қорған қаласы, Сейтімбет пен Қылышты, Бәрін айтсам дұрыс-ты. Қалдыра алман ешбірін, Ежелден жақын ауылымсың, Айбарлы, асқар тауымсың. Бұралқы, нашар күн көрген, Арзанға қымбат пұл берген Сенің көлеңкең – көптің саясы. Екеуіңіз қатар жүргенде, Маңғыстаудың үш түбек Шаңдатып едің арасын. Топтап айдап барасың, Базарлы күні толтырдың Қарақамыс, Орынбор, Тұзтөбе, Көкжар қаласын.
Бәйтерек едік жапанда Бұтағы бұлт шалатын. Дария едік шалқыған Шөлдеген жандар қанатын. Әлімұлы, Байұлы, Тама, Табын – Жетіру Өткен қоян жұтында Нар жетелеп, қой айдап, Тұқым алған алашым. Бір келмеді алдыма, Жұттың жылы тап болып, Тартты-ау халқым сазасын. Әлі де болса үміт көп, Үзіле қойды деймісің Көк Еділдің сағасы. Уәйім қылып айтамын Осы күні халқымның Ортайғансын шарасы.
Алланың берген күнінде Бұл алашым құтырды. Өткен қоян жұтында Тоқалдықка қыз беріп, Көп бейнеттен құтылды. Сексендегі шалым қыз алып, Қыз алғанға қуанып, Жүз мәнет, жүз қой, он қара Үлгі қылдық бір пара. "Қара беру қиын" деп, Ақша берді "тиын" деп, Тиынды көрді бұйым деп.
Әлдеқандай әркімдер Өзінің болған тұсында-ай. Алым көрген көп екен Оқ жаныған сыртымда-ай. "Бір қараға қыз бер" деп, Қанатын жайып ұмтылды-ай, Білместен мінез-құлқымды-ай, Арзандатты ырқымды-ай, Еңсемді түйді шұңқырға-ай. Қорлықты мұндай есітіп, Батырларым шырпынды-ай. Қайта қағаз жаздырды: "Адамсың, – деп, – пікірлі-ай. Неліктен бұлай ұшынды-ай?! Бастан-аяқ айт, – деді, – Заманнан көрген қысымды-ай". III Шешенің жатып толғаған, Іштегі шерін қозғаған. Асылы пенде болған соң, Алды-артын қалай болжаған?! " Иттің жылы" тап болып, Төгілді талай толған жан,
Әркімнен кетті қолдан мал. Мына шеті Хорезм, Мына шеті Шағадам, Маңғыстаудың үш түбек, Теңізден бергі жағадан, Орғыл құмнан, саладан, Пайда ете алмай панадан. Қазақ пен түрікмен шулады. Мұны көрген адамның, Жүрегі шошып тулады. Басын шалған бір мал жоқ Бұйырғын, жусан, бұтаны. Алалы жылқы, ақтылы қой Жарым айда жұтады. Әдірә қалды боз дала. Құлазып қалды сай-сала. Жылады аштан жас бала. Сөйтіп болды масқара.
Өлерге көзі жеткен соң, Жұрт шұбырып қозғалған. Жылай-жылай біз кеттік Айрылып қоныс, ордамнан. Жұттың жылы тап болып. Байрамалы, Тәженге Бірқатар жігіт жалданып, Көп болды жандар боздаған. Сары ала жасау салқын үй, Талайы жұртқа көмілген, Толғандар толқып төгілген. Ауырлар апшып жеңілген. Қымбаттар бәстен кеміген, Азығын жаяу арқалап, Көрмеген азап шегілген. Сары ала түйме салпылдап. Омырауда жарқылдап, Жиынға түскен аршындап Бәйбіше болған кемпірлер, Жүре алмай, аштан бүгілген. Үстіне жәннат жамылған, Жүрегі оттай қабынған, Өңіржиек, шашбауын Бес жүз сомнан соқтыртып, Салтанатқа тағынған,
Мырзалардың қатыны, Шашылып жаман ақылы, Буыны босап егілген. Даусы әдемі қобыздай, Асы тәтті қымыздай, Мойны алманың сабындай, Тамағында бұғағы Ақбөкеннің таңындай. Сәнденіп шашын тараған, Бектер мінген бедеудей Бауырынан жараған, Бабы түскен сұңқардай Аударып көзін қараған, Атлас, жібек, түймеден Етіне басқа нәрсе тимеген Байдың ару қыздары Табанын жерге баса алмай, Көзінің жасы төгілген. Алты қанат ақ орда Жұртта қалды тігілген. Қатын-бала, кемпір-шал Жаужұмыр қазып, жуа жеп, Жайылған малша жүгірген. "Ит" деген жылдың зарпынан Біздің Адай бүлінген. Бүлінгеннің хабары Талай жерге білінген.
Сақыра қазақ атанып, Ел едік байтақ жаралған. Біз келгелі бұл жерге Екі жүздей жыл болған. Мына бір заман тарылған, Адайдан дәулет арылған. Байлар да қайтты бағынан, Мырзалар баққан малынан, Жая тұрып, жал жеген, Секер шайнап, бал жеген, Кереуетте отырып, Киімін кірсіз сәндеген, Самаурыннан шай ішіп, Сақалын сипап пәмдеген Кербездер жаннан баз кешті
Отырып күйме бағлаған. Ақсақал мен қарыңнан Берекет дұға қалынған. Қасиет кетті дінімнен, Медресе, мешіт бұ қалды "'Құдай үйі" деп салынған. Ауыл деп келсең бір үйге, Ит болмаса үруге, Қара жоқ маңда жайылған. Ағарған жүзін көрмедік, Болмады бір мал сауылған. Қатықсыз көже, қара шай, Бүкіржік дерті табылған. Біреулер жатыр белім деп, Біреулер жатыр тізем деп, Ауру көп болды сауынан. Аяғы саулар шұбырды, Қалалы жұрт деп калыңға.
Ишан, сұпы, тақуам Бұйрықсыз жолдан сақынған, Шүбәлі нәрсе дегеннен Болмады лаж қашуға. Байларым қайыр көрмеді Таңдаған бұйым асылдан. Бес жүз сомнан соқтырған, Көргенде көзді хош қылған Сары ала деңмент, қылыш бау Кем бағаға сатылған. Уакыт болып осындай, Айрылдық алыс-жақыннан. Ғаламаты заманның Адастырды ақылдан. Ауған аймақ еліне, Балжуан, Күләп жеріне Барғандар тоқтап басылған. Абайласаң, азамат, Назар салсаң, жамағат, Кешегі бір күндерде, Байдан кетті қанағат, Биден кетті ғаделет, Қара дауға ант беріп, Мырзалардың, япырмай,
Кеудесінде жоқ еді Сол күндерде аманат. Судыға* тастан үй салып, Қисапты малға қарамай, Малдан зекет алушы ед, Елден келіп аралап. Асастық** пен өсектен Халық аузын бақпақ тазалап. Адамның ниет-кұлқынан Бәле өсіп еді балалап. Мүсәпір менен жетімдер, Еңіреген мұңлық жесірлер Арыз қылса жағалап, Тұтарға нәрсе таппады Бір шәй ішім паналап. Қатын кетті тигенмен, Жігіт көрсе саралап. Қорқушы едім ішімнен Ақылменен шамалап, Айтпаймын мұны табалап. Ғаламат заман тап болды, Халыққа келген бір халді, Етейін енді тәмәм-ақ. 1910 жыл
- Судыға-ссуда – қарызға. ** Асастық – паңдық.
АРАЛБАЙ ЖЫРЛАРЫНА ТҮСІНІКТЕР
Аралбайдың термесі – "Жыр-дария" (Ақтау, 1995) жинағынан. Құрастырған Жетібай Жылқышыұлы. Кімнен жазылганы көрсетілмеген. Сұрасаң кеңес Аралдан – бұ да содан. Қонақтарына айтқаны – Ғылыми кітапхана қорынан, 405-бума, 6тігін, 17-б. 1947 ж. Гурьев экспедициясы кезінде жиналған. Алғаш жариялануы. Бұл өленде, Қ.Шәмкелова берген қосымша мәліметке қарағанда, Аралбай жазда жұрт жайлауға көшкенде, балық, мамыр үйрек аулап теңіз жағасында отыра береді. Алысқа, ұзап көшуге денсаулығы көтермейді. Малдары тау арасында жайылып жүре береді. Қонақ келгенде алып келуге Аралбайдың жағдайы келе бермейді, қолда бар тағамымен риза етеді. Бұл сондай ретте айтқан өлеңі. Жұпарға – Атырау, Маңғыстау елдерінің ең жақын базары Каңбақты (Жылой) кенті болған. Бұл өлең сол Қаңбақтыны мекен еткен Таңбай дегеннің әйелі Жұпардың әдепсіздігіне орай айтылған. Өлеңді жинақты құрастырушыға жолдаған (14.10.1968) жылойлық журналист Қонаш Қалдоразов. Алғаш жариялануы. Жұмалы, Көбестің келініне шығарып берген жоқтауы – жинақты құрастырушы Маңғыстау облысының Үштаған ауылында 1964 жылы 27 қыркүйекте Қибат Шәмкелова айтуынан жазып алған. Алғаш жариялануы. Баласы Берекет мазарының басында айтқаны – толғау текстін жинақты құрастырушы 1964 жылы жылойлық журналист Кемелхан Ыбыраев айтуынан жазып алып, "Ертедегі әдебиет нұсқалары" (1967), "Ақберен" (1972), "Қазақ поэзиясының антологиясы (1993) жинақтарында жариялаған. Бір жазбасы "Жыр-дария" жинағында, үзінділері алғаш рет "Әдебиет майданы" журналында (1935, N6) жарық көрді. Ғылыми кітапхана қорында бірнеше жазбасы бар: 1) 1947 ж, Гурьев экспедициясы жинаған тексті – 405-бума, 6-дәптер, 1 – 8-6.; 2) 1946 ж. Күнтуғанов Темірғали тапсырған тексті – 405-бума,3-тігін, 1 – 6-6.;3) 1946
ж. Құмар Жүсіпов айтуынан Р.Малабаев жазып алып тапсырған тексті – 405-бума, 2-тігін, 1-6 б.; 4) 405-бума, 1-тігін, 5 – 10-беттегі тексті. Әдебиет институты қорындағы жазбалар: 1) 390-бума, 1-дәптер. Жинаған Ф. Ғатауов, 1957 ж.; 2) 390-бума, 2-дәптер. 1957 ж. айтқан Ә. Жомартов; 3) 390-бума, 3-дәптер. 1961 ж. жиналған; 4) 390-бума, 3-дәптер, 22 – 33-беттер. Айтушы Шопанов Кенжеғали. Тапсырған Жұмағанбетов Үмбет. Бұл басылымда аталған жазбалар және біздің қолымыздағы К.Ыбыраев, халық ақыны Сәду Қайырлапов айтуынан жазылған текстері түгелдей салыстырылып, бұрын жинақтарда жарияланып жүрген К.Ыбыраев нұсқасынан уақыт ыңғайына орай қысқартылған не өзгеріске ұшыраған, яки түсіп қалған жолдар мен сөздер һәм өлең шумақтары қалпына келтірілді. Баласы Берекет өлгенде келіні Меңешке шығарып берген жоқтауы – жинақты құрастырушы 1964 жылы маңғыстаулық Қибат Шәмкелова айтуынан жазып алып. "Ертедегі әдебиет нұсқалары" (1967), "Ақберен" (1972), "Қазақ поэзиясының антологиясы" (1993) жинақтарында жариялаған. "Жыр-дария" (1995) топтамасында да жарық көрді. Келіні Меңешке айтқаны – жинақты құрастырушы 1965 жылы Атырау қаласы "Паровоз депосы" ауылында тұратын жыршы Тәжмұхан Үттібаев айтуынан жазып алған. "Ақберен" (1972), "Қазақ поэзиясының антологиясы" (1993). "Жыр-дария" (1995) жинақтарында жарияланған. Бұл толғаудың Ғылыми кітапхана қорында бірнеше жазбасы сақтаулы: 1) Аралбайдың келініне айтқаны – 426 бума, 8-тігін, 47-50-6. 1941 жылы тапсырған З.Бекарыстанов; 2) 405-бума, 3,4-дәптер. Әдебиет институты қорындағы жазбалары: 1) Келінін жұбатуы – 390бума, 2-дәптер, Ә.Жомартов айтқан. 1957 жылы жиналған; 2) Келініне айтқаны – 390-бума, 1961 жылы К.Ыбыраев жолдаған. Қашағанға мұңын шағуы, Қашағанның Аралбайды жұбатуы – бұл толғауларды осы жинақты құрастырушы 1964 жылы жылойлық жыршы, Аралбайдың Айрақты мекенінде көп жыл жолдас болған қосшы баласы Мұса Өтесінов айтуынан жазып алған. Осы толғаулар "Ертедегі әдебиет нұсқалары" (1967), "Ақберен" (1972), "XIX ғасырдағы қазақ поэзиясы" (1985), "Алқаласа әлеумет" (1991), "Топан" (1991), "Жыр-дария" (1995) жинақтарында жарияланған. Ел аузынан жиналған үзіндісі алғаш "Әдебиет майданы" (1935, N6) журналында жарық көрген. Ғылыми кітапхана қорында бірнеше жазбасы сақталған; 1) Аралбай мен Қашаған – 426-бума, тапсырған З.Бекарыстанов; Қашағанның Аралбайға айтқаны – 398 бума, 420-б,44-жол; 3) 1946 жылы Кұмар Жүсіпов айтуынан Малабаев жазып алып тапсырған тексті – 398-бума, 60 – 62-б.; 4) 1946 жылы X. Әжікеев тапсырған тексті – 398-бума, 54-57 б.; 5) Н. Қонысов тапсырған тексті – 405-бума, 2-дәптер, 11-б. 43-жол; 6) 1961 жылы К.Ыбыраев жолдаған тексті – 390-бума; 7) Аралбай мен Қашаған – 405-
бума, 6-дәптер; 8) 1947 жылы Гурьев экспедициясы жинаған тексті – 401бума, 1-дәптер. Әдебиет және өнер институты қолжазба қорында бірқатар жазбалары бар: 1) Сарымсақов Мұхамбетқали тапсырған тексті – 191-бума, 13-тігін, 126 – 136-б.; 2) 1957 жылы Фарид Ғатауов тапсырған жазба – 38-бума, 5дәптер; 3) Құмар Жүсіпов тапсырған жазба – 387-бума, 2-дәптер; 4) 1963 жылы Мұрат Өскенбаев тапсырған тексті – 359-бума, 1 - 4-б. Аталған жазбалар түгелдей салыстырылып, тексерілді, бұрынғы басылымдарда қысқарған, яки бірді-екілі түсіп қалған сөздер мен шумақтар қайта қосылып, қалпына келтірілді. Аталған жазбалардың мазмұны бірдей болғанмен, көлемдері әртүрлі, өлең жолдары әрқайсысында әртүрлі орналасқан, сөздерінде де өзгешеліктер бар. Осы жинаққа еніп отырған Мұса Өтесінов нұсқасын неғұрлым жүйелі, неғүрлым сенімді санадық. Бұрынғы басылымдарда заман, уақыт ыңғайына орай қысқартылған және өзгеріске ұшыраған өлең жолдары мен сөздері қалпына келтірілді. Аралбай мен Құрекеш – шағын айтыс, сөз қағысы. Қоныстас отырған Құрекештің өктем, менмен мінезіне орай айтылған. Алғашқы нұсқасын осы жинақты құрастырушы 1964 жылы Қибат Шәмкелова айтуынан жазып алып," Ақын, жыраулар" аталатын кітабында жариялаған еді. Кейін "Жырдарияда" (1995) жарық көрді. Бұл жолы маңғыстаулық журналист Әбілқайыр Спанов жолдаған (1995) нұсқасы бойынша толықтырып жариялап отырмыз. Ә.Спанов осы сөз қағысын 1968 жылы Баламбай Көбейсінов қарттың айтуынан жазған. Жұт жылы – Аралбайдың 1910 жылғы "Жұт-Ит" аталған табиғат сұрапылы кезіндегі Атырау, Маңғыстау елдері халін суреттеуге арналған дастаны. Осы жинақгы құрастырушы "Шешенің жатып толғанған" деп басталатын бір бөлімін жылойлық журналист Кемелхан Ыбыраев айтуынан 1964 жылы жазып алып, "Ертедегі әдебиет нұсқалары" (1967) хрестоматиясында, толық текстін 1964 жылы маңғыстаулық Қибат Шәмкелова айтуынан жазып алып, "Ақберен" (1972), "Қазақ поэзиясының антологиясы" (1993) жинақтарында жариялаған. Заман, уақыт талабына орай аталған жинақтарда қысқартылған, өзгерген сөздер мен шумақтар бұл басылымда қалпына келтірілді. "Жырдария" (1995) жинағында бір нұсқасы жарық көрді. Ғылыми кітапхана қорында бірнеше жазбасы бар: 1) 405-бума, 2-тігін, 1940 жылы Н.Қонысов тапсырған; 2) 405-бума, 6-тігін, 16-б., 3) 405-бума, 6-тігін, 9 – 15-б. 1947 жылы Гурьев экспедициясы кезінде жиналған; 4) 426-бума, 6-дәптер, 37-46-б. Бекарыстанов Зердебай тапсырған. Айтушы Қожабаев Ақыш. 166-жол.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында да бірқатар жазбалары сақтаулы (390-бума, 1-дәпгер, 1 – 16-б.; 390-бума, 3-дәптер, 17 - 20-б.). Аталған жазбалар мен нұсқалардың бәрін біздің қолымыздағы К.Ыбыраев, Қ.Шәмкелова текстерімен салыстыра тексеріп, жинақка Қ.Шәмкелова текстін беруді жөн деп ойладық. Себебі дастан құрылысы да, сөз орамдары да келістісі ақынмен қоныстас отырып, жастайынан жаттап үйреніп, жадында сақтаған Шәмкелова нұсқасы. Бұл ең негізгі, ең сенімді нұсқа саналды. (Ғалым Қ.Сыдиықұлының «Таңдамалылар» (Алматы, «Нұрлы Әлем» баспасы, 2007) жинағының «Ақберен» атты үшінші томынан).
ҚАШАҒАН КҮРЖІМАНҰЛЫ (1841 – 1929)
АҚПА – ТӨКПЕ, АДУЫН АҚЫН
Қашаған – XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезінде өзінен бұрынғы Абыл мен Махамбет қалыптастырған дәстүрдің нәрлі өнегесіне қаныға, оны ілгері дамытқан әйгілі ақпа ақын. Оның жырлары Қазақстанға ғана емес, Орта Азия республикаларына, РСФСРдың бірқатар облыстарына, Иран, Ауғанстан, Түркиядағы қазақтар арасына кең тараған. Кіші жүз қазақтарының бірқатар рулары (Табын, Адай, Шекті) сауда айырбасы, қоныс жағдайымен XVIII ғасырдың аяқ шенінен XIX ғасырдың 50-жылдарына дейін Хиуа хандығымен байланыс жасауға мәжбүр болады. (Описание Хивинского ханства, "Записки РГО", 1851, стр. 95-96). Мал шаруашылығымен айналысқан қыр елі табиғат сұрапылы – алапат жұттан кейін күнкөріс малынан айрылып, кентті, кәсіпті, егінді аймаққа үдере қоныс аударатын. Маңғыстау казақтарының біразы осындай себептермен өткен ғасырда Хожелі, Хорезм жеріне көшкен. Олардың бір бөлімі Ташауыз (Түрікменстан) қаласы маңын мекен ететін. Қашаған осы Ташауыз қаласына шектес қазақ ауылында 1841 жылы каңтардың 7-інде дүниеге келген. Әкесі Күржіман кедейлікпен күн кешкен. Әкеден жастай жетім калған Қашаған қабырғасы қатып, бұғанасы бекіместен кедейлік, жоқшылық тауқыметін көреді. Кейін сол ауыр күндерді тебірене еске алады: Атам бір қайтты дүниеден, Бес жаста жетім қалдырды, Басыма қайғы салдырды. Анам көрді жесірлік, Өзім көрдім жетімдік, Сөйтіп басым қаңғырды. Бірақ жетімдік болашақ ақынның жас жүрегін бұғаулай алмайды. Өмір соққысы жігерлі жасты шыңдап, құлшындыра түседі. Әкесі
Күржіманды көре қалған инабатты адамдар Қашағанды есіркеп, қол ұшын береді. Оның бойынан тұтанғалы тұрған бір ұшқынды көргендей болады. Ел әңгімелеріне қарағанда, Қашағанды жастай жиын-тойға апарып, ақындық өнерге баулыған Қалнияз ақын. Сол өнеге арқасында өнершіл баланың ерекше құмарта өскені қазақ, қарақалпақ, түрікмен елдеріне кең тараған халық әдебиетінің нұсқалары. Әкесі Күржіман өлген соң, ескілікті әдет-ғұрып салты анасы Ырыстыны қайнағасы Сәрсенбайға отастырады да, Қашаған жастай соның тәрбиесінде болады. Хиуа хандығының жергілікті әкімдерінен қысым көріп, күнелтісі қиындаған қазақ ауылдарымен бірге Сәрсенбайлар да Жем өзенінің Каспийге құяр сағасындағы Қараөзекке көшеді. Бұл кезде он төртон бес жастағы Қашағанды қатты толғандырған батағадан балық аулап талғажу еткен шиеттей бала-шағалы Сәрсенбай халі еді. Көп ұзамай-ақ анасы дүние салады. Енді оған салмақ болудың жөні жоқ деген оймен, Қашаған бала өз бетімен кәсіп іздеп, Көкжар жәрмеңкесіне барады. Сергей дейтін саудагерге жалданып, Орынборға мал айдайды. Бұл кәсіпте Қашаған бір жылдай жүрген. Жаздың тамыз ыстығында, қыстың қақаған боранында, күз бен көктемдегі лайсаң жауын-шашынды күндерде мал соңында көп қиындық көреді. Қабырғасы қатып, бұғанасы бекімеген жас бала үйсіз, күйсіз азап шегеді. Бірақ осы қиындықтың бәрі де Қашағанды жасыта алмайды, өжет жастың жігерін қайрап, жалынды жыр тудырады. Қашағанға ақындықтың қонуы туралы немере інісі, жыршы Шәдіман Үсембаев былай дейді: "...Жаз. Шілде. Өкшесі ойылып, табаны сойылып, мал соңында азап шегіп, арып-ашқан Қашаған бала таяғын жерге шаншып, шапанын күрке етіп жата қалса, көзі ілініп кетеді. Түс көреді. Түсінде бір кара кісі келіп, баланы қолынан тартып тұрғызып: "Дорбалап аласың ба, қапшықтап аласың ба?" – деп сұрайды. "Бергеніңді аламын", – дейді Қашаған. Қара кісі қолын жайып бата береді: "Өнер бердім, елге шаш",– дейді. Қашаған бұдан былай суырыпсалма ақын болады". Ол өз көңіл күйін қолма-қол жырлап, батырлар жыры мен қызық хикаялар толғайды. Мал соңында жүріп табан астында үрдіс ақындық жолына берілген Қашағанды саудагерлер қона, түстенген жерінде, жолжөнекей үнемі өлең шығартып қызықтаумен болады. Көп ұзамай-ақ ақын баланы малшылықтан босатып, өз қатарларына алып, жыр тыңдайды, кұрмет көрсетеді. Адал еңбегімен, ақжаркын мінезімен, алғыр ақындығымен ұнаған Қашаған ауылына ат мініп, атан жетектеп, көп олжамен оралады. Баласының азамат болып, жалшылық сапардан табысты оралғанына қуанған Сәрсенбай той жасайды. Қашаған осы тойда елден кеткеннен келгенге дейінгі сапарын жырлап береді. Тойдан кейін ақындық атағы елге тарайды.
Қашағанның жас кезінен жаттай, еліктей өскені Махамбет пен Шернияз, Абыл мен Есет жырлары болса, өз заман-дастарынан ерекше қадір тұтқаны Нұрым, Ақтан ақындар. Көзім көрген адамда Абыл мен Нұрым, Ақтаным – Осылар еді тақтағым, – деп оларды әр кез айта жүрген. Қашаған бағзы өнерпаздар дәстүрімен көп елді аралаған. Ол Маңғыстау, Хорезм аймағы мен Еділ, Жайық, Елек, Қобда, Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл өзендерінің бойын жайлайтын елдердің бәрінде болады. Құрманғазы мен Нұрым, Ақтан мен Мұрат, Бала Ораз бен Қоспақ, Қашқынбай мен Ізім шайыр, Нұрпейіс пен Мұрын, Өмір мен Ығылман сияқты айтулы саңлақтармен, "Адайдың жеті қайқысы" (сал-серісі. – Қ.С.) атанған Әділ, Шолтаман, Тастемір, Досат, Жылкелді, Өскінбай, Тұрсын сияқты күйші, әншілермен кездеседі. Қашаған халық өмірімен кең танысқан. Атышулы бұқара жыршысы үстем тап өкілдерін шенейтін сілтілі өлеңдер шығарып, айтысқа түседі, елдің өткен шежіре, тарихына көз жіберіп, "Атамекен", "Адай тегі" сияқты көлемді шығармалар жырлайды. Сондай-ақ ел басына түскен ауыр оқиғалардың куәсі болып, "Топан" сияқты бұқара өмірінің әдеби шежіресін толғайды. Кеңестік дәуір тұсы Қашаған ақынды кедейлік, аурулык тауқыметі тақымдап тастаған кез еді. Сексенге аяқ басып, жұбайынан ерте айрылып, жалғызбастылық меңдеткен ақын Құлат мекеніндегі қараша күркеден серпіле шығып, ел аралап кетеді. Өмірінің көп жылдары өткен Жем бойы, Астрахань қолтығындағы елдерге барып, бұқараның күні туғандығын қуана жырға косады. Алайда майталман ақынға ескілікті ауру тағы да құрық салып, 86 жасқа келгенде көз нұрынан айырылады. Қашаған 88 жасында 1929 жылы тамыздың 25-і күні Маңғыстауда, Құлат мекенінде дүние салады. Бейіті сол маңдағы Қырықкез деген жерде. Қашаған өлең-толғаулары мен айтыс-дастандарының қайқайсысында да бұқара атынан сөйлейді, еңбек адамын жырлайды, бай мен биді, жебір болыс пен дүмше молданы аяусыз шенейді, үстем тап өкілдерінің екіжүзділігі мен тоғышарлығын, сараңдығы мен сұрқиялық әрекеттерін әшкерелеп, келеке етеді. Ақынның надан молдаларды аяусыз шенеп, өнерді қорғаған жырларының озық үлгісі – "Есқали сұпыға айтқаны". Ақын мұнда сұпының екіжүзділігі мен қатыгез, сараңдығын әшкерелейді, домбыраны "қу ағаш" деп кемітуін негізгі ілік етіп, домбыраны қорғай жыр төгеді. Надан сұпыны қия бастырмай, оның дін жолының өзінде де сауатсыздығын масқаралайды, өмірдің әр саласынан мысалдар келтіріп, жер-жебіріне жетеді. Сөйтіп, дүмше молдалардың өнер жөніндегі топас
түсініктеріне кектенген ақын сұпыны бет қаратпастай өлең селімен сыбап өтеді. Бұл жерде ақынның өз дәуіріне сай білімдарлығы мен ақпа-төкпе ақындық дарыны зор рөл атқарған. Қашаған бір топ өлеңінде ("Оразалыға", "Байларға", "Томпы байды тілдеуі", "Көбентайдың Мұрынқұл", "Бекес байға", "Көптілеу байға айтқаны", "Қарашұбар ала ешкі") сараң, дүниекоңыз байлардың жиынтық образын береді. Олар мал-дәулеті шалқып жатса да, дүние рақатын көрмей өтер шықбермес сараң, даңғой, атаққұмар, қатыгез, қайырсыз, реті келгенде жалт берер екіжүзді де. Кедейге кекірейе қарап, болыс-биге құлдық ұрар құбылма жандар. Бұл сипатты ақынның "Бекес байға" деген өлеңінен айқын аңғарамыз. Ақын байларды әркез өлтіре сынап, күлкі ете жүрген. "Оразалыға" деген өлеңіндегі: ...Бет терісін түлетіп, Төбесінен күн өтіп, Шыбын жанын пида етіп, Шаруаға жүдетіп Жүргенде, кетпесе игі еді Біздің аршыланға тіл өтіп, – деген сырттай қарағанда аяушылық сияқты жолдар Шернияздың "Баймағамбетке айтқаны", Абайдың "Дұтбайғасы" іспеттес, үстем тап өкілдерін аяусыз әшкерелейтін қатты сын, өткір сықақ. Ақынның сын семсеріне ілінгендер – тек байлар ғана емес, қулық пен сұмдықты өмірдің мәні санаған саудагерлер мен дүмше молдалар, даңғой атқамінерлер мен әділетсіз билер. Ақынның "Қуаңдаған қу Бисен", "Мұстахқа", "Домбыраның қақпағы", "Сараң сұпыға" дейтін өлеңдері де сараңдық пен суайттық сияқты адам бойындағы сиықсыз мінездерді сынауға арналған. Сын-сықақ түрінде келетін бұл өлеңдердің өзегінде зілді кекесін жатады. Оның "Қарашұбар ала ешкі" дейтін өлеңі де өткір сатираның үлгісі. Ақын "Берекет ақынға", "Сақыпқа айтқаны" толғауларында ізгілікті насихаттап, әдепсіздікті әшкерелейді. Үлкенді сыйлау, ағаға жол беру сияқты халықтың игі қасиеттерін ұмытып, көңілін менмендік билеген Сақыпты Қашаған бір тойда айбынды сөздермен сілкіп-сілкіп алады. Өмірдің өзінен көпті үйренген зерделі ақын жасы үлкенге кұрмет ету, өз шамасын білу туралы әр алуан уытты мысалдар келтіреді: Қара қарға қалбағай, Қаз бен үйрек, қара құс – Олар да таласпайтын еді ғой Бүркіттің жейтін жеміне. Қаршыға аққуды алғанда, Жапалақ тышқанды басып қалғанда, О да арланбайтын еді ғой
Дәрежесінің кеміне. Жыраулар дәстүрімен өмірдің әр саласынан мысалдар қолданып, шығарма мәнін тереңдете түсу – Қашағанның басты ерекшеліктерінің бірі. Әуелі саралы салыстырулар, ойлы, орнықты мысалдар келтіре толғаған ақын арқасы қыза келе Сақыпты өр де өктем сөздермен сыбап өтеді. Жыртармын, бала, жағаңды, Жаңылтармын тобаңды. Білмей жүрсең, шырағым, Білдірермін шамаңды. Тақымыңды жыртармын, Мардымыңды құртармын. Мен – сендей жабының Талайынан озған тұлпармын, Сендей жапалақтардың Талайын алған сұңқармын. Сен – ауылда үрген көпек ит, Мен азулы арлан бөрі едім. Ашулансам, шырағым, Жас та болсаң, желкеңнен Жалғыз-ақ тістеп жұлқармын. Бұл мысалдардан Қашағанның ақындық қуатын айқын аңғаруға болады. Шығарма мазмұнына әр беретін халықтық мақал-мәтелдерді орынды қолдана білумен қатар, Қашаған өз жанынан да ақыл-нақылдық, мақалмәтелдік ғибраттар кұрайды: Пілдің тірі бәсі де мың ділда, Өлсе, тері бәсі де мың ділда. Ақын шын ұлы еш уақытта қадір-бағасын жоймақ емес, ұлыға өлмек жоқ дегенді айта білген. Мысал мен ғибратқа, ақыл мен нақылға, бейнелі сөздерге толы бұл толғаулар Қашаған талантының айқын куәсі. Мұнда құйылып тұрған суырыпсалмалық та, шалқыта, шамырқата толғайтын ақындық өр пафос та бар. Қазақ әдебиеті тарихында өмір туралы толғанбаған ақын кемде-кем. Бұл дәстүр арғы бастауын тіпті көне түрік әдебиетінен алады. Қашаған "Жетпіс беске келгенде", "Осы күн жолдас болдым сексенменен", "Қартайған шағында айтқаны", "Бұл өмірдің мысалы", "Бұл дүниеде не жетім" деген бір топ өлеңдерінде өмір мәні туралы толғанады. Алғашқы екі өлеңінде кәрілік шақты бейнелеген. Ақын суреттеуінде кәрілік – адамның базары тарқап, бағы қайтар шақ. Ол бұл ойын "Бұл дүниеде не жетім" деген өлеңінде дамыта түскен. Қашаған кәрілікті сұсты, қаһарлы етіп бейнелесе де, оған бола еңсесі түспейді. Себебі ол өмірдің өткінші екенін ("Қырмызы қызыл дүние басымда білдім тұрмасын") жақсы біледі.
Қартайған шақта жан серігі – жалын жырдың аулақтай бастағанына ("Өлеңді қартайған соң айта алмадым") құлази қынжылып, жастық дәуренді армандай, аңсай еске алады ("Сыбырласып, сыңқылдап, баяғы күліп-ойнайтын күн қайда?). Бұл өмірдің мысалы Кешегі көрген бүгін жоқ, Ұшып кеткен көбелек, – деп тамаша бейнелегсн ақын өткінші өмір мәні қулық, сұмдык, бәсеке, ожар өпіремдік емес, тек қана әділдік, ақиқаттық деп түйеді. Ақынның жаз дидарлы жастықты аңсауында, өткінші өмірді белшесінен басып, бейбастық өткізбей, мәнді, әділетті өмір сүруді жырлауында бір сыр бар. Сөз жоқ, бұл адамның өмірге деген құштарлығын суреттеу. Демек, ақынның өмір туралы толғаныстары да барлық шығармасының арқауы болған кісілік мұратымен сабақтасады. "Қойшы жігітті көргенде айтқаны" өлеңінде ақынның бай малын баққан бейнетқор баланың өзгелерден еш кемдігі жоқ азамат деген пікірі аңғарылса, "Кедей жігітке айтқан ақылынан" зорлық пен қиянатты жеңген өткір тіл – өлең сөздің құдіретін танимыз. Қашағанның бір топ өлеңдері тұрмыс-салт тақырыбында. Олар: "Аралбайды жұбатуы", "Қонақкәде", "Тойбастар", "Бата". Қашаған халықтың әдет-ғұрып, тұрмыс-салтын терең білген, ауыз әдебиетінде әріден келе жатқан көңіл айту, беташар, тойбастар, қонақкәде, тілек-бата мазмұнындағы өлеңдерді дамыта түскен. Жыршы, әншілер ел арасына тараған тұрмыс-салт өлеңдерін жаттап айтатын болса, Қашаған сияқты суырыпсалма ақындар әр тойдың, әр оқиғаның келісіне, мәніне лайық жырды қолма-қол шығарып отырған. Сондай жырдың бірі – "Қонаккәде". Ол – әзіл-қалжыңы аралас ақжелең өлең. Өлеңді қадірлеген халықтың танысу, конақ өнерін байқау мақсатындағы "қонақкәде" деген әдеті бар. Ондайда әркім білген өнерін ортаға салады. Бірақ "Түген ақынның қонақкәдеге айтқан өлеңі екен" деген жыр көп кездесе бермейді. Соған қарағанда, "Қонаккәде" Қашаған шығармаларындағы назар аударарлық бір түр. Қонақкәдеге қолма-қол күй шығару халық композиторы Өскінбайда болса, жыр шығару Қашағанда кездеседі. Қашағанның "Тойда берген бата" толғауында ерекше қастерлей жырлайтыны – өмірдің әр кезеңіне лайық игі инабаттылық. Бұл оның "Тойбастарларына" да тән әуен. Қашағанның ерекше назар аударуды қажет ететін өлендерінің бірі – "Аралбайды жұбатуы". Әдетте, естірту, жұбату мәнді өлеңдер біртұтас келіп, бір ақынның аузынан айтылатын болса, Қашағанның "Аралбайды жұбатуында" естірту рөлі Аралбайға тиеді де, жұбатуды Қашаған айтады. Және бір ерекшелігі – әдебиет тарихыңда кездесетін өзге естіртулерде қайғы салмағы түсетін адамға өзге адам естіртіп, көңіл айтатын болса, мұнда Аралбай өз
кайғысын өзі баяндап, замандасы Қашағанға мұңын шығады. Естіртудің тұспал ишаратпен, жұмбақпен, салыстыру, теңеумен басталып, айтушының тыңдаушысын ауыр хабарды естуге дайындап алатын сипаттары Қашағанның "Аралбайды жұбатуында" да бар. Аралбай: ...Тұяғы сынған тұлпармын, Қанаты сынған сұңқармын, – деп өз басының ауыр қайғысы мен көңіл қасіретін мысалдай, тұспалдай келіп, мұң-шерін ағытар тұста: ...Жалғызымнан айрылып, Қанатымнан қайрылып, Көңілім сөйтіп түңілген, – деп естіртеді. Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, Қанаты бүтін сұңқар жоқ... Болаттан бекем бол деген, Болдырғанға болмасқа. Уәйім, ашу жарамас Сендей бір жанға, жолдасқа. Өлеңде жұбату, Аралбай қайғысына ортақтасу сияқты адамгершілік, ізгілік сезімдер тіндесе келеді. Терең тебіреністен туған бұл өлең бейнелі сөздерге бай. Қашағанның айтыс жанрында да елеулі үлесі бар. Бізге белгілісі – Ізбаспен, Нұрыммен, Ізім шайырмен айтыстары. "Күлзипа қыз бен Қашаған" дейтін материал шешендік сөз күйінде. Қашағанның жас кезіндегі айтыстарының бірі – Нұрым ақынмен кездесуі. Бұл – қазақ әдебиетіндегі сұрақ-жауап түрінде келетін дін тақырыбындағы айтыстардың бірі. Нұрым Қашағанға бірнеше сұрақ кояды. Сұрағы – сол кез ақындарының көбін мүдіртетін дүние мен адамның жаралуы, Нілдария көпірі, пайғамбарлар қауымы туралы діни аңыздар. Бұл аға ақынның жас дарынды сынау жолындағы дәстүрлі әдісі болатын. Қашаған барлық сұраққа мүдірмей жауап беріп, Нұрым жырауды риза етеді. Қашағанның Нұрыммен айтысы білім сынасу ретіндегі сайыс болса, Ізіммен, Ізбаспен айтыстары – адамгершілік пен ізгілікті дәріптеу. Қашаған мен Ізім шайыр айтысы 1891 жылдар шамасында Қарақамыс жәрмеңкесінде болады (қазіргі Ақтөбе облысы, Темір қаласы тұрған жер). Айтыс жүйесінен көрінер бірнеше еске алар жайлар бар. Мұнда айтыстардың көбінде кездесетін ақындардың өздері туралы толғаныстары атымен жоқ. Бұл екі ақынның да бірден өзекті оқиғаға ойысқанын аңғартады. Қашаған мен Ізім айтысының қорытындысында үстем тап өкілдері қатты сынға ұшырайды. Ізім Қашағанға:
...Байларың су басында таласқанда, Қыз боқтап гүжілдесіп ақырады-ай, – деп байлардың әдепсіздігін мінесе, Байларың мал соңына кетед дейді, Көжесін жүгерінің түбі күйген Азаннан ерте тұрып жалғыз тартып, – деп мал-дәулет қызығын өзінен де аяйтын шықбермес сараңдық пен топастықты сынайды. Сондай-ақ Ізімнің: Байлары адал деп мал жейді дейді Зекетсіз жұртта қалған шын арамды, – деген жолдарында молдалар мен байлардың кісі еңбегін қанайтын қорқаулық қасиеттері әшкереленеді. Ақын ол жайларды ауыспалы мағынада айтса да, халық оны аңғара алады. Ал Қашағанның: Әлпештеп асыраған қыздарыңды Саттыңдар тоқалдыққа мақтап-мақтап, – деген жолдарында ғасырлар бойы қазақ әйелдерінің еркіндігін матап келген қалың малды тілдеу бар. Мұны Қашаған Ізім елінің міні етіп айтып отыр. Айтыста халық тұрмысының көшпенділік өмір, надандық, әйел теңсіздігі сияқты жайлары да баян етіледі. Бейнелі, уытты сөздер мол ұшырайды: Біздің ел жаз жайлайды ағын суды-ай, Кербездер керіледі аппақ кудай, Ізімнің осы шумағында да әдемі теңеулер мен шебер шендестірулер бар. Қашаған: . Ғайбат сөз, аузыңды ашсаң, балалаған. ................................................................... Шалқыған айдын шалқар көл де болсаң, Бір кезек осы жолы суаласың, – деген сөйлемдері де назар аударарлық. Ақын мұнда "сөзді, балалатып", ақынды шалқар көлге балап, жеңілуді суалу деп бейнелейді. Өткір сөзді, кейде қиыс, қыңыр, ұрымталдықпен килігетін Ізімнің айтыста жеңілуінің басты сыры неде? Ізім айтыста қызыл тілден жеңіліп отырған жоқ, дау сөздің логикалық жүйесінен, жалтаруға келмейтін шындыктан жығылыс тауып отыр. Бұл жерде М.О.Әуезовтің халықшылдық, адамгершілік қасиеттерімен қатар, "ақын сынының бір қанаты - білімділік" (Айтыс, І том, Алматы, 1964, 39-б.) дегенін еске аламыз. Қашаған жеңісіне жол ашқан себеп – оның арғы-бергі елдер тарихын мол білетін естіміш білімдарлығы және ол деректің халық қолдайтын ақиқат болуында. Себебі Қашаған айтыста мал баққан қарапайым елді тұрпайы көрген Ізімге қарама-қарсы пікірде танылады. Ол шаруақол ел мен туған жерді
жыр етеді. Бұқараға қысым жасаушы ханды өлтірген ел ерлерін мақтап өтеді. Айтыстың мәні де осында. Қашағанның Ізбаспен айтысы Сақып, Берекет ақынға айтқан өлеңдерімен сарындас. Мұнда менмен, өзімшіл, өсекқұмар, "от басы, ошақ қасы" ақыны Ізбасты әшкерелеу адамгершілікті, насихаттау – айтыстың ең өзекті мәселесі. Айтыс 1924-1927 жылдары болған. Қашаған сексендерден асқан, Ізбастың қырықтардағы кезі болса керек... Ізбас бір жиында Қашағанның перзентсіздігі мен кедейлігін айтып мұқатпақ болған. Өлең сөздің белгілі жүйріктері Қашаған мен Сәттіғұлға тіл тигізіп, жасы жеткен қарт ақынға сес керсетеді, Оның бұл жерде Қашаған үндемей қалса, "Ізбас Қашағанды жеңіпті" деген атақ алғысы келетін мақтангөйлігі де аңғарылады. Жоқтыбарды өлең еткен атаққұмар Ізбасты Қашаған мірдің оғындай өткір сөздермен түйреп, ел алдында әбден масқара етеді. Ақындар айтысының ежелгі дәстүрімен өзін көтермелей, қарсы ақынды кішірейте сөйлеу – Қашаған мен Ізбас айтысының да бір тәсілі. Айтыстың тілі көркем, бейнелі, өткір: Жүйрік едім қашаннан Ақбөкендей орытқан. Өлең сөздің ақпа-төкпе дүлдүлі өзін дала жүйрігі ақбөкенге теңеп, сан алуан көрікті сөздерді құбылта ойнатып, ой мағынасын үстей, әсерықпалын күшейте түседі: Менің сөзім – сары алтын, Сенің сөзің – қола, мыс. Өтірік десең, берелік Арасына сыншының. ...................................... Сен – бір есек, мен – тұлпар, Адай түгіл, Алшынға Естілген дүбір, дүрсілім. БҰЛ жолдардан Қашағанның сөз қадірін салмақтай білген сөз зергері екендігімен қатар, Махамбет сияқты ақындар жырының өткірлік рухы мен түрінен үйренген игі әсері де аңғарылады. Ізбас айтыста әдет-ғұрып этикасьн бойсынбаудан ғана жеңіліп отырған жоқ. Әдетте, ақындар айтысында үлкен мен кіші арасында айтылмайтын шәлкем шалыс сөздер айтыла береді, оны халық айып көрмейд.. Мұны Жанақ пен Сабырбайдың, Күнбала мен Сүйінбайдың, Сара мен Біржанның айтыстарынан жақсы білеміз. Ізбас айтысуға ақындық өресі жетпегендігінен жеңіледі. Тиіп-қашып ұпай алуды ойлаған ол Қашаған сияқты сөз нөсерінің қарқынына қарсы тұруға шамасы келмейді. Адуынды ақьн оның қанатьн жаздырмай, пәрменді сөздермен буып тастайды. Ақын бұл айтыста менмендік, жалғандык, жағымпаздық қасиеттерден жирендіріп, адамгершілікті дәріптейді. Қашаған – айтыстарында да елдікті,
ерлікті, адамгершілік абзал қасиеттерді, бұкара мүддесін жырлап, соған арқа сүйеген ақын. Қашаған өлең, айтыстарымен ғана емес, жыр-дастандарымен де танылған. Ақынның бізге жеткен көлемді, үш шығармасы бар: "Адай тегі", "Атамекен" , "Топан ". "Адай тегі" – аңыз хикая. Шығармаға негіз болған атадан балаға көшкен аңыз-шежіре сүрлеуі. Ақын әуелі Кіші жүзге жататын Жанарысұлы Алаудан, оның ұрпағы Алшыннан бастап, Адай әкесі Қыдырқожаға дейін толғайды. Қашаған ата-бабалар шежіресін тарата бермей, тек Адай тегі туралы аңызды ғана нақты сюжеттік желімен өрбіте жырлаған. Бұл хикаядан ауыз әдебиетіндегі лиро-эпостық жырлардың әсері айқын сезіледі. Қыз-келіншектердің сейілге шығуы, Қанбибінің күтпеген оқиғага кездесуі, баланы далаға тастауы, Бай мен Төренің оны тауып алуы. Байдың үрейлене қарауы сияқты оқиғалар шығарма желісін ширата, шиеленістіре түседі. Әспенбетке жорытып, той қылуы – шығарманың шешілу, аяқталу сәттері. Жырдағы Бай, Төре, Әспенбет, Қанбибі өз дәуіріне сай нанымсенімдегі бейнелер. Мұны әсіресе Төре мен Әспенбет монологтарынан айқын аңғарамыз. Жырда табиғат көркінің тәуір суреттері, Алғи, Нұр, Түркістан, Құндыздың қара теңізі, Әзіреттің Алатауы сияқты мекендер аталады. Бұған қарағанда; ақынның халық тарихы хақындағы әңгіме-аңыздардан хабары мол. Автор оқиғаны бастан-аяқ өзі ғана баяндай бермей, кейіпкерлерді де сөйлетіп отырады. Бұл жайлар ақынның мол біліп, көп жырлаған ауыз әдебиетіндегі этикалык жырлардың сюжет, композициялык құрылыс шеберліктерін меңгергендігін танытады. Хикая желісі – көне кезден көңілге ұялаған, атадан балаға ұласқан ел аңызы. Оған ақынның: Осы бір сөздер көңілімде Бұрынғы өткен үлкеннен Қағида болып қалынған, Шежіре болып жазылған.
Тілім түзу бағытты, Көңілім зерек қалыпты, Аңдаған жақын, алысты, Болжаған кисық-шалысты. Бұрынғы қарт атамның сөздерін. Құлағым естіп, көз көргенін Осындай құралды жерге келгенде Шығарып жүрмін жарыққа, –
деген жолдары куә. Қашаған жырларының бірі – "Атамекен" Дастан сюжеті тарихи оқиғаға негізделген. Бұған куә – жырдағы адам, жер аттары. Дастандағы Ақпан батыр, Бөкей, Жәңгір, Әбілқайыр, Нұралы – бәрі де тарихи адамдар. Жем, Атырау, Үстірт, Маңғыстау, Қаратөбе, Манаты, Қарақұс шоқысы, Шағанақ теңізі, т. б. жер аттары қазір де бар. Дастандағы қазақтардың басқыншылыққа ұшырап, батысқа көшуіне, Адайлардың Маңғыстауға бет алуына, сондай-ақ жырда аталатын хандардың өмір сүрген дәуіріне қарағанда, шығарма, негізінен XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы жоңғар басқыншылығын, "Ақтабан шұбырынды" кезеңіндегі елдің ауыр тұрмысын суреттеуге арналған. "Атамекен" – сол сұрапыл жылдардағы халық тұрмысын еске алудың бір елесі. Жырдағы қазақ ру-ұлыстарының Еділ мен Оралға дейін баруы, Манғыстауға қарай толқып, ірге тебуі – бәрі де әлеуметтік-тарихи жағдайдан туған. Халықты сондай лажсыздыққа итермелеген жоңғар басқыншылығының лаңы еді. Елге тиісіп, халық арасында араздық отын тұтандырушылар үстем тап өкілдері – бектер және солардың сойылын соғушы қанды қылыш әумесерлер екенін ақын анық суреттейді. Ел қорғаны болған батырларды тартымды да шабытты сипаттайды. Қашағанның ерекше назар аударарлық шығармасының бірі – "Топан". Ақын бұдан өзге дастандарының қай-қайсысында да өзінен бұрынғы тарихи оқиғаларды негіз етсе, "Топан" дастанын өзі куә болған нақты оқиға желісіне құрады. "Топан" ел арасына кең тараған. Дастандағы өзекті мәселе – Каспий теңізінің сұрапыл тасқынына ұшыраған халық трагедиясы. Ел басына ауыртпалық әкелген бұл алапат оқиғаның қай жылы болғандығы туралы деректер әртүрлі. Академияның ғылыми кітапханасындағы жазбаларда тасқын оқиғасын Б.Жақыпбаев 1895 жылы, И.Ұйықбаев 1902 жылы болған деп көрсетеді. "Топан" дастанының сюжетімен Құрманғазының "Көбік шашқан" деген күй шығаруына қарағанда, тасқын 1887 жылдар шамасында болған. Себебі бұдан кейінгі жылдарда атақты күйші өмірде жоқ еді. Ақын сөзімен айтсақ: Уақиға болды қауыста, Алдында өтті ақырап. Табиғат сұрапылына ұшыраған Атырау елінің қыруар малы мен жаны, мекен-жайы суға кетіп, баспана, азық-түліксіз калған қайғылы ел көп қиындық көреді. Ақын ел басына түскен сол ауыр күндердің куәсі болып, халық мұңына ортақтасып, осы дастанын жырлаған. Дастан төрт бөлімнен турады. Бірінші бөлімде Каспий маңының ежелгі бейнесі; екіншісінде менмендіктің ақыры туралы бір мысал; үшіншіде Атырау елінің тасқынға дейінгі хал-жағдайы; төртіншісінде тасқын оқиғасы және ақынның қорытынды пікірі.
Ақын суреттеуінде Атырау – ежелден ғанибет мекен, байлығы мол өлке. Бұл бөлімде мал бағып, аң қаққан, "елеуретіп ат мініп", елін қорғар ерлер шыққан дарқан елдің ежелгі ту қонысы көз алдымыздан өтеді. Жыр жолдарында жанды сурет жасайтын, халықтың ертедегі әдет-ғұрып, салтдәстүрін аша түсетін "сулығын алтын бедерменен кердірткен, жалын сабау тіспен тердірткен" сияқты тамаша тіркестер бар. Екінші бөлімде ақын менмендік туралы хикая шертеді. Талай хандар тағынан ауған, "асқанға – тосқан" болған, менмендіктің аяғы құрдым, орынсыз тасқандар суалады дейді ақын. Ертеде Орманбет ханның елінде мастық, паңдық жол алып, бір кесапатқа кезігеді. Арша деген ағаштан құтырған құртты қағып жеп, бозторғай құтырады, ол өзінен зорға шауып, бүркітке килігеді. Оны жеп бүркіт құтырады. Желденген бүркіт Еділде жүзген нән балыққа шүйлігеді. Нән балық бүркітті қылғып, суға сыймай сандалады. Ақырында құтырған балық қайырлап жағаға шығады, оны Сайынжап батыр көріп, ел жейді. Балықты жеген ел құтырып, бірін бірі жеп азады, азаяды... Жүйрік ойлы ақын бұл мысалда әлеуметтік мәнді жайларды тұспалдау жолымен сөз етіп отыр. Кішкентай бозторғайдан бастап, адамдарға дейін әлсізін күштісі жеу нені көрсетеді? Біреулерді біреу жеп, Азайған сөйтіп көп халық, – деген ақын не айтпақ? Сөз жоқ, бұл тұспалдаулар небір дәуірлер бойындағы адам қоғамында жол алып келген әділетсіздік пен зорлықты, менмендікті сынау. Ақын ысырапқа, менмендікке наразы. Мастық, паңдықты шенеуде Қашаған бай, кедей деп алаламайды. Ол адамгершілікке жатпайтын менмендік атаулыға қарсы. Кешегі ас сұрап келген саудагерлер аспанға қарады, бұрынғы жаяулар тұғырды ат санамады, әйелдер "мынау кімнің қатыны" атануға тырысты, ел ас талғауды шығарды, атаққұмарлық, паңдық жол алды. Сорпаны төкті майменен. Сусыны қанып шайменен, – дейді ақын. Әрине, ақынның сын найзасына батыл түйрейтіні сорпаны маймен төкпек түгіл, тапқаны тамағына жетпей жүрген кедейлер мен жалшылар емес, дәулеті асып-тасқан байлар, билер мен болыстар, солардың үй іші. Оны ақынның өзі де ашық айтады: Бір азамат ерде дәулет кем болса, Қабаннан жаман Қарынбай Жан екен деп оны білмеді, Көзіне тіпті ілмеді. Дастан: Кейіндегі бозбалалар,
Налымаңыз, шырағым, Күндердің күні болғанда, Көк дария көл болса, Бай мен жарлы тең болса, Суда – балық, кырда – егін, Диқаншылық көп болса, Бәле-бәтер жоқ болса, Талаптың күші сел болып, Кетерсіз дағы ел болып, – деген оптимистік жолдармен аяқталады. Ақын халық келешегіне сенген. Ол бай мен жарлы теңесетін кезеңді қалайды, өмір еңбекпен көгереді, талаппен алға басады дейді. Халық трагедиясын сол дәуірдің әлеуметтік мәселелерімен байланыстыра білген ақын қанау, қиянат, менмендік балалап, бұзылған заманда "таспағанға тасқанның әсері" тиеді, кесапатқа кезігеді деп, феодалдық заманды батыл сынай білген. "Топан" – халық мұңын шертетін, әлеуметтік мәні зор, оптимистік рухтағы күрделі шығарма. Дастанның мәнділігі өнердің өзге саласы шеберлерінің де әр кезде назарын аударған. Қазақтың ардагер композиторы Құрманғазы осы жыр желісін пайдаланып, "Көбік шашқан"дейтін тамаша күй шығарса, казақ кеңес әдебиетіні дүлдүлі Ілияс Жансүтіров те өлең сөздің ерен жүйрігі Қашаған өміріне ерекше назар аударған. Ол сөз ұстасы Қашаған мен күй бұлбұлы Құрманғазыны кейіпкер етіп, Каспий тасқынына ұшыраған ел халін толғамақ болған. Өкінішке орай, "Көбік шашқан" атты осы поэмасын аяқтап үлгермей кеткен. Соның өзінде де ардагер Ілияс: Қашаған – жүйрік жырау, елдің тілі. .............................................................. Шашқанда күйден көбік Құрманғазы, Қашаған жырдан төккен маржан дүрді, – деп бұқара жыршыларының талант-дарынын әділ бағалай білген. Сондайақ казақтың көрнекті ақыны Хамит Ерғалиевтың "Құрманғазы" поэмасында да Құрманғазы мен Қашаған бейнесі ежелден халық көкірегіне ұялаған дәрежеде келісті, шынайы суреттеледі. "Топан" – Қашаған ақынның халық өмірін тебірене толғаған келелі шығармасы. *** Қашаған жүйрік жыршы да. Ол өзінен бұрынғы Абыл мен Нұрым, Махамбет пен Қалнияз, Шернияз бен Марабай арқылы ел арасына кең тараған көлемді жыр-дастандарды мол жаттап, дамыта жырлаған. Қашағанның ақындық, жыршылык өнерін Өскінбай мен Аралбай, Ығылман мен Нұрпейіс, Мұрын мен Өмір (Көшекбайұлы), Сүгір (Бегендікұлы) мен Сәттіғұл, Шәдіман мен Шамғұл, Көшен мен Құмар сияқты ақын-жыршылар өнеге тұтқан. Дәуіріміздің атақты жырауы
Мұрын: "...Қашаған... ноғайлықты батырлар жырын да көп білетін еді", – дейді. Қазақ ССР-ның халық ақыны Сәттігұл Жанғабылұлы: "Қырық батыр" Қашаған жырлауында өте көркем болатын. Ол жырларды Қашағаннан шебер жырлаған ешкімді кездесітіргенім жоқ", – дейді. Әрине, бұл Қашағанның жыршылығымен қоса ақындығының да әссрі еді. Ол ақындық қуатымен батырлар жырының оқиға желісін ширатып, бейнелеу сөздерін түлетіп, көріктендіре түскен, мазмұн-мәнін де өңдей жырлаған. "Қырық батыр" құрамындағы "Қарадөң ұрпақтары" циклін Мұрын Нұрым мен Қашағаннан үйренгендігін айтса, мұның мазмұн-мәні мен көркемдік сапасына Қашаған әсері мол болғаны аян. Алайда "Қырық батыр" сияқты тамаша туынды Қашаған жырлауында қағаз бетіне көп түспеген. Бұл жырдың біраз бөлігі тек қана Қашаған шәкірттері Нұрпейіс, Мұрын жыраулар арқылы біздің дәуірімізге жетіп, әдебиетіміздің алтын қорына қосылған елеулі үлес болып отыр. Қашағанға жеделдес жүрген ақынжыршылардың қай-қайсысы да онан өнеге алған. Бұл жайды Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов сияқты ғалымдар өз еңбектерінде орынды атайды. "Мұрынға да, Құмарға да, Нұрпейіске де ұстаз болған Қашаған ақын, – дейді Е.Ысмайылов. – Ығылман ақын да көптеген жырды Қашағаннан үйреніпті. "Қырымның қырық батыры", "Қобыланды" сияқты жырлар Қашаған арқылы тарағаны даусыз" ("Ақындар", Алматы, 1956). Ал Қашаған көрнекті рөл атқарған Қазақстанның батыс аймағындағы ақындық, жыршылық дәстүр Жанжігіт, Шамғүл, Шәдіман, Құмар, Назарбек, Әлқуат, Қобылаш, Сұлтандар арқылы күні бүгінге дейін желісі үзілмей дамып келеді. Ақынды көре қалған айтулы жыршылардың бірі Әлқуат Қашаған әсерін тебірене әнгімелейтін: "Жырды жасымнан жаттап, әулекі боп өскен маған күшті әсер қалдырған Қашаған ақын болды, – дейді Әлқуат. – Он бес жаста едім. Бекі жайлауында Есжан дегеннің асын берді. 400 үй тігілді, бәйгеге 160 ат қосылды. Жыршы, күйшілер жиналды. Басында қара бөрік, үстінде мәндала шапаны, аяғында кебісті мәсі, жалпақ бет, үлкен көз, салбыр мұрын, бұғақты ірі қара кісі жыршыларды бастап келді. Қолында шашақты қара домбыра. Қасында Сүгір жырау мен Шамғұл күйші. Мен солар түскен үй маңыңда болдым. Қашекең кара домбырасын шертіп қойып, жырды табан аузында ағылта беретін, мойнын шағын орамалмен байлап алған. Қыза келе жырды түйдек-түйдек ағытқанда жуан даусы ауыл-аймаққа түгел естілетін". Қашаған ақпа-төкпе суырыпсалма ақындық өнерді ерекше бағалаған. Ақынның ел алдындағы міндет-парызын, халық өмірін жырлау сырларын жақсы білген. Оған куә – ел аузында сақталған екі әңгіме. Қашағанның сүйікті шәкірттерінің бірі Сәттіғұл жырлар алдында сәл ойланып барып ағытылады екен. Қашаған оған: "Жау сен қашан атады деп күтіп отыра ма? Айтқыш болсаң, оғыңды сол бойда сеуіп жібер. Ақпа ақын табан астында селдете құйып жіберуі керек", – дейді екен.
Бірде Сүгір Бегендікұлы Хиуа нөкерлерінің шапқыншылығына ұшыраған ел қасіретіне арнап жыр шығарыпты. Сонда Қашаған: – "Қарағым-ай, жау бір шапса, сен екі дүркін шапқан екенсің, – дейді. – Неге, Қашеке? – Сен шапқыншылыққа ұшырап, тамтығы қалмай құрыған халықты көрсетіпсің, елдің еңсесін көтеріп, жаудан кегін алатын батыры қайда? Ошағында сөнбеген оты, көңілінде үміті бар, елдің кегін қуар ұрпағы бар", – деген екен. Қашаған екі дәуірді бірдей көрген ақын. Кеңестік кезеңде он шақты жыл өмір сүрсе де, дәуір сырын жанымен ұғып, шаттана үн қосты. Қанау, зорлық-зомбылык, паңдық, мастық жол алған феодалдық дәуірдің қоғамдық системасын тұспалдап та, ашық та сынап, шенеді, келешекке үмітпен қарады. Халық басынан өткен елдікті, ерлікті жыр етті. Әйелананың қоғамдағы рөлін түсіне білді. Дүниенің мәңгі дамуда екенін, уакыттың өтпелілігін, табиғат зандылығын сезе, түсіне білді, әлеуметтік қайшылығын көре білді. Өзі өнген кемтар бұқараны жырлап өтті, солардың қиянат-қысымды әшкерелейтін жалынды тілі болды. Ілияс ақын: "Қашаған – жүйрік жырау, елдің тілі", – деп текке айтпаған. Ол – сыншыл, тура, өткір, сықақ мәнді шығармаларымен танылған айтулы бұқара жыршысы. Оның ақындық, жыршылық өнерінен замандастары мен өзінен кейінгі талай өнерпаздар өнеге алған.
Қабиболла СЫДИЫҚҰЛЫ, Филология ғылымының кандидаты
БАСТАПҚЫ СӨЗ
Атам бір қайтты дүниеден, Бес жаста жетім қалдырды, Басыма қайғы салдырды. Анам көрді жесірлік, Өзім көрдім жетімдік, Сүйтіп басым қаңғырды. Алты жаста еліктім, Жеті жаста желіктім. Сегіз жасқа келгенде, Бала болдым көрікті. Тоғыз жасқа келгенде, Қадір білер ағалар: "Шырағым, жүр!" – деп ерітті. Он төрт жасқа келгенде, Балалықты тастадым. Он бес жасқа келгенде, Таяқ алып қолыма, Қойымның түстім жолына. Табанға шарық байладым, Жұмысқа басты сайладым. Орынбор деген қалаға Сергей деген көпестің Серкелі қойын айдадым. Барған жерім айтайын: Ақсу, Шаған, Дере тау, Соларды көрдім есен-сау. Ор деген судың бойымен Қарашекпен бардым жағалап. Електің бойын жайладым, Қара сухар шайнадым.
Жабағыдан сырыған бөркім бар, Жүдеп жүрген көркім бар. Көрдеубайлар қамайды, Қойға бар деп сабайды, Бармасқа қандай еркім бар?! Көрдеубайдан таяқ жеп, Бір күні жаман сорладым, Қөзімнің жасы парлады. Қайтайын десем – ел алыс, Қасымда болмай бір таныс, Астымда болмай бір тайым, Жабығып қатты зарладым. Бір күні ұйықтап жатқанда Қара кісі келіп: "Тұр, – деді, – Мойныңды маған бұр", – деді. Сол кісі және сөйледі: "Қашаған, балам, көзіңді аш, Өнер бердім – жұртқа шаш. Таяғыңды тастап, қойдан қаш, Барың болса, пайдаға ас. Жырдан болар кәсібің, Елден болар нәсібің. Ұлықсат етіп сыйладым Халықтың төр мен есігін!" Батасын берді қол жайып, Екі қолын мол жайып. Ұлықсат содан болған соң, Жөнелдім сөзге мен байып. Тартып кетті қолымнан, Тұрғызып кетті орнымнан. Қой соңында ертең қаңғырып, Өлең айтып жаңғырып Жүргенімде Сергейлер Малай, жалшы балдарын Жіберген екен ат беріп. Үзеңгіге салдым аяқты, Тастадым қолдан таяқты. Азамат ерлер жақсы екен, Есітіп сырттан аяпты. Жетіп барсам сол жерге, Ақ шатырдың астында, Әдемі төсек үстінде, Қымбат мәсі, кебісті
Кербездер отыр келісті. Құралында жырладым, Сөзімді айтқан сырладым. Сонда да бейнет кетпеді, Тағдырдың малай еткені. Самарға барып біз тұрдық, Бір ай сонда қой қырдық. Бозқырау деген амалда Жаман ауру тап болып, Шомытты арба үстінде Шалқамнан сұлық құладым, Сағынып елді жыладым. Мен содан елге жылыстым, Еңбегімді еткен сыйлады Өнерден дәулет жинадым.
КЕДЕЙ ЖІГІТКЕ АЙТҚАН АҚЫЛЫ
Қашаған ақынның өткір сықағынан молдалар мен билер өлердей қорқады екен. Осыны білетін бір кедей жігіт Қашағанға келіп: – Ақын аға, менің жалғыз атымды бай ауылының есер жігіттері тартып алды. Арыз айтып Аймағанбет биге барайын десем, ол әлгі зорлықшылардың ағайыны екен. Аймағанбет қайтсе де ағайынына бұратын кісі көрінеді. Атымды кәйтіп аламын, ақыл беріңізші, – дейді өтініп. Сонда Қашаған әлгі жігітке: – Шырағым, ныспың кім? – дейді. – Ныспым Шоңқара. – Ендеше, сен бидің алдына барып арызыңды айт. Ол билігін бастамай тұрғанда, мына бір ауыз өлеңді айтарсың: Менің атым Шоңқара, Қырын келмей, оң қара. Төрелікті түзу бер, Туғаныңа соң қара. Кедей жігіт Аймағанбет биге барып, ақын үйреткен өлеңді айтып жібереді. Бұрылар жері қалмаған би дұрыс төрелік айтып, жігіттің атын қайтарады.
ОРАЗАЛЫ БАЙҒА АЙТҚАНЫ
Қашағанның Оразалы деген бай ағайыны болыпты. Ол ақынға қараспаған екен. Сонда ақын байды шенеп былай депті: Оразалы байым бар, Тозған тоқпақ бастанған, Қазанқабын жастанған. Шарыққа бауды тағуын, Кіш-кіштеп қойды бағуын, Қой шетіне төсеніп Түйенің шоқпыт жабуын, Қойды қорғап қасқырдан, Қолына таяқ алуын, Қырық күн шілде ішінде, Қара ұннан көже ашытып, Балқара деп қануын – Қарашы, біздің шіркін бай Шаруаның құлқын табуын! Құдықтың аузын күзетіп, Ор, дересін түзетіп, Бет терісін түлетіп, Төбесінен күн өтіп, Шыбын жанын пида етіп, Шаруаға жанды жүдетіп Жүргенде, кетпесе игі еді Біздің аршыланға* тіл өтіп.
БАЙЛАРҒА
Жауын жауып, көл толса, Көлде ойнайды құрбақа. Көл суалып, ортайса, Бір шұңқырға жиналып, Шоғырланып қуанар, Аспаннан жауын бір тамса.
Байлардың бұл бір мысалы, Құрбақадай құрысар, Қолдарынан мал тайса. Тоңқаңдап намаз оқиды, Жасы жетіп, қартайса.
Кейбір байды қарасаң, Қорасында мал толы, Үйінде ішер тағам жоқ, Тағам жоқтан жаман жоқ. Көре тұрып ішпеген, Рақатсыз көрген мал – Ұйқыда көрген түс деген.
- Арыстан.
Кейбір байды қарасаң, Сақтайды тағам тұздамай. Мал соймайды мұздамай. Жарымайды тағамға, Қашан малы қоздамай. Кейбір байлар манаурап, Өтірік науқас тымаурап. Жарлыны көрсе мысқылдап, Көкесін сөзбен ысқылап, "Аузы қисық болса да, Бай баласы сөйлесін" – Орынсыз сөйтіп күш қылад. Кейбір байды қарасаң, Әйел алар қосынан, Үй тігеді босынан. Бір көргенде әуелі Мырза екен дейсің тосыннан. Лепірме сөзбен мақтанып. Әңгіме айтар жосыған. Ақырында кетесің, Енді қайтып жол түсіп, Тап қылмағай деп осыған. Ондай байға барғанша. Жарлының өргенің жақсы косынан.
ШІркін, байлар, мақтасып. Қызарақтап боқтасып. Қарқылдасып күлесің. Алдыңда не бар, білесің? Байға жарлы теңеліп, Тартарсың малдың кересін. Есікте жүрген жалшының Қызығын сонда көресің!
ЕСҚАЛИ СҰПЫҒА АЙТҚАНЫ
(Домбыраны қорғағаны) Қашаған ақын мен Құрманғазы күйші қыстың бір суық күнінде Каспий теңізінің терістік шығысындағы Елпілдекті деген аралда оғырған ауылға келеді. Күн кешкіріп қалған соң, осы ауылға қонбақ болады. Әуелі малшы жігіттерге кезігеді. Олар: "Осы бір қонақжай үй", – деп Есқали сұпынікін сілтейді. Сұпы үйінің шықберместігін білетін олар қонақтардың бірі Қашаған екендігін сезіп, Есқалиды бір жерлеттіруді ойласа керек.
Атын байлап, үйге беттеген Қашағандарды Есқалидың мал қоралап жүрген келіні мен баласы: – Қонаққа тіккен үйіміз жоқ, өзіміз малымызды күте алмай жатырмыз, – деп кес-кестеп кіргізбейді. Қашаған сүрініп кетіп, қарға жығылып қалады. Соңда: – Жаз болса, мен осы үйге қонбас едім, Өлеңім, он төрт жастан жолдас едің. Бай, сұпы, хан-кәкімнен ығар болсаң, Сен өлең, мен Қашаған болмас едім. Осы үйге қона алмасам, маған сын, – Сұпыны шаға алмасаң, саған сын, – деп далада омбы қардың үстінде домбырасын алып, сұпы келінінің әдепсіздігін жерлей жөнеледі: Кетенің кет деп отыр келіншегі, Кетуге ұстап отыр еріншегім. Жас жігіт қонам десе, қон дер едің, Ұстар ед сонда сенің көңілшегің.
Мен келдім қонатұғын уағымда-ай, Қон десең, алар едің сауабымды-ай. Айтасың ақылыңның аздығынан, Ажарлы жаңа түскен уағыңда-ай. Пейілің мұнша неге қуырылған? Шапқанда жүйрік едім суырылған. Сыртымнан естіген жұрт әуес еді, Тұлпардай шығып жүрген дабылымнан, Жас жігіт қонам десе, қон дер едің, Көрем де сақалымның буырылынан. Барады айтқан сөзің жарға жығып, Итердің өңменімнен қарға жығып. Біздің елде сіздердей жас келіндер Сөйлемейтін еді ғой, төмен бұғып. Оң жақта отырушы еді ісін алып, Қонаққа тұрушы еді төсек салып. Қызыл шай қонағына құюшы еді, Алдына дастарқанын жая салып.
Ал сенде ұят та жоқ, иба да жоқ, Шамасы, ұялатын иман да жоқ - Және де әдет те жоқ, ақыл да жоқ, Өзің жаман болған соң, жақын да жоқ, Қонақты ренжітпей, сыйла деген Үйреткен ата-енеңнен нақыл да жоқ. Келіншек, не айтайын енді саған, Қонба деп шын айттың ба осы маған? Шапқанда жүйрік едім тайынбаған, Менімен қалушы еді қайымдалған.
Бұл сұпы берер ет пен майын маған, Жоқ болса, тапсын қайдан шайын маған!? Қонақтан ығыр болып отырса егер, Шыға кеп неге айтпайды жайын маған? Осы кезде сыртқа сұпы шығады. Қашаған сұпыға тиісе жыр төгеді: Сұпыеке, ашу қандай, ақыл қандай? Болмаса тентек қандай, мақұл қандай? Атаңнан қонақ ұлы деген жоқ па еді, Жақсылар айтып кеткен нақыл қандай?! Қонақпен керістіріп қойғаннан да, Келінді күнә ма еді шақырғанда-ай?! Шарғы жолын ұстаған сұпы болсаң, Мейман жайлы көрмес пе ең Бақырғанда-ай?! Бәйгі алдым талай жерде шабыспенен, Қашаннан күнім кешті жарыспенен Несібе осылайша жаралған соң, Жақынды араладым алыспенен. Құдайдан қорыққан пенде қондырар деп, Мен келдім сұпы деген дабыспенен. Келіншегін бет қаратпастай еткеннен сескенген сұпының баласы Қашағандарды арық-тұрақ мал жемдейтін үйге кіргізеді. Олар оған отырмай, Есқалидың өз үйіне кіреді. Есқали конаққа амандаспастан, намазға кірісе береді. Осы кезде сұпының кішкене немересі Қашағанның домбырасын кызықтап, дыңылдатып жібереді. Сол сәтте Есқали Қашағанға меңзеп: - Бейқасиет, көргенсіз, бұл үй домбыра тартып, өлең айтуға тігілген жын-шайтанның үйі ме еді, Құдайдың үй еді ғой. "Ит еріткен қонақ жараспайды» дегендей, шайтанның қу ағашы бұл үйге қайдан келді?"-деп жекіреді. Осы кезде Есқалидікіне бағанағы малшы жігіттер мен олардан "Қашағандар келді" деп естіген ауыл адамдары жиналып калады. Надан, сараң сұпының қылығы кектендірген Қашаған домбыраны қолына алып, жырды төгілте жөнеледі: Жақсылар, келдің жиналып, Қашаған ақын келді деп,
шариғат, дін жолы Сүлеймен Бақырғани Кеудесі мұның кең-ді деп, Кеңес берер енді деп. Сендерге кеңес беруге Отырған жоқпын сыйланып. Нәресте-әби бала емен, Жасы жеткен шал емен, Шығып жүре беруге Отырмын өзім иба ғып. Сұпыекең мені жек көрді, Сұпының сөзін тік көрдім. Ел аралап жүргенде, Сендей-сендей монтаны Сұпыларды көп көрдім. Сыйлар едің қампаңдап, Қолын қысып жампаңдап, Садақасы болса қойнында, Үйіңе келсе бай адам Жамылған мауыт шекпенді. Ақылы бар милы адам Азамат ерге тек дей ме, Қонағын келген кет дей ме?!
Тәубем көп деп мақтансаң, Барсисаны да Құдай қарғаған, Азғырып шайтан алдаған. Бізді күнәсі көп деп боқтасаң, Жүз кісіні өлтірген, Жанына қаза келтірген Насуханы да Құдай оңдаған. Келе сала, Сұпыеке, Домбырамды боқтадың. Домбырамды боқтасаң, Өзімді басқа соққаның. Сұпылығың қай жақта, Шын тентекке ұқсадың. Қолымдағы қу ағаш, Сайрап отыр бұл ағаш. Қолымдағы ағашым – Алып жүрген домбыра, Діни кітаптардағы сұпы бола жүріп, шайтанға ылығып, азғындық жолға түсіп, Кұдайдың қарғысына ұшыраған адам. Бұл адам әуелде күнәкар, қанішер бола тұрып, соңынан адалдық жолға түсіпті-мыс.
Тартқан сайын даңғыра. Домбыра күнә деген сөз Тек бір айтқан дабыра Қолымдағы қу ағаш, Сайрап отыр бұл ағаш. Асылы емен, қарағай, Шыққан жері су ағаш. Аруақты ерлердің Қолындағы ту ағаш. Жаның сая табатын Орман болған бұл ағаш. Қорыққанда жалғызға Қорған болған бұл ағаш. Бұтақтары бүгіліп, Көктен төмен үңіліп, Қарның ашып келгенде Жүрегіңді жалғауға Нәсіп болған бұл ағаш. Пайғамбарлар туғанда Бесік болған бұл ағаш. Ибраһим Қағба салғанда Есік болған бұл ағаш. Мұнаралы әр жерде Мешіт болған бұл ағаш. Шеберлердің қолында Кәсіп болған бұл ағаш. Өзіңді халық сұпы дейді. Боқтағаның қай ағаш?!
Бұрынғы өткен заманда Болған екен көп ұрыс. Көп ұрыстың кезінде, Жәбірейіл Жәннеттен Алып келген төрт қылыш. Төрт қылыштың атын айтайын: Біреуінің аты Хамхам, Біреуінің аты Сәмсам, Біреуінің аты Зұлқажжа, Біреуінің аты Зұлпықар. Қынабына солардың Мұсылмандардың Меккедегі ғибадат ету орны Жәбірейл - періште Жәннет — жұмақ.
Қап та болған бұл ағаш. Аруақты ерлерге Жақ та болған бұл ағаш. Найзасына батырдың Сап та болған бұл ағаш. Дариядан өткенде Пырақ болған бұл ағаш. Қараңғыда жарығы Шырақ болған бұл ағаш. Қаріп пенен қасірге Қуат болған бұл ағаш. Жетім менен жесірге Суат болған бұл ағаш. Өзіңді халық сұпы дейді, Боқтағаның қай ағаш?! Өздеріңдей сұпыға Аса болған бұл ағаш. Андып жүрген шайтанға Таса болған бұл ағаш. Жаңа дәрет алғанда, Сәждеге басың салғанда, Аузыңа салған мәсуәк Ағаш емей, арқан ба? Ағашты сондай боқтайсың, Сұпыеке-ау, қалай айтасың Ағузы менен алһамды?!
Домбыраны күнә десеңіз, Жиын менен тойдыкі. Ішегін күнә десеңіз, Жұмақтан келген қойдыкі. Пернесін күнә десеңіз, Есебі ол пәннің он екі. Құлағын күнә десеңіз. Хазіреті Біләлдің Құлағы екен деседі. Тиегін күнә десеңіз, Шиеленген сыр шешеді. Атамыз Адам пайғамбар Жеті сазбен жерге кеп, Мәсуәк - тұт ағашынан істелген сауап үшін ауыз жуатын ағаш Хазіреті Біләл – Мұхаммед пайғамбардың азаншысы Күй шертіпті деседі. Ол күндегі о да саз. Бұл күндегі бұ да саз, Сазды күнә деп жүрген, Молдеке, сенің ақылың аз. Молдеке, білмей адаспа, Домбыраның бізге күнәсі аз.
Үстіңе тіккен үйіңіз. ІІІақырса, бұғаң келмей ме Хазірет, қалпе, биіңіз?! Ас салып берер табағың, Сусын ішер аяғың Ағаш емей, немене, - Басыңда бар ма миыңыз? Қанша Сұпы болсаң да, Кеткен жоқ па сыйыңыз?! Жақсының сөзі майдадай, Жамаңның сөзі найзадай, Жақсыдай болу қайдағы-ай! Кас жаманның үйінен Жақсының артық моласы.
Панасына түнеп қайт, Бойыңа боран жоламас. Осы үйден абзал қонаша, Жаманның көңілі шат болар, Әйелімен кеңесіп, Көжесін ішсе оңаша. Саналыға сөзім тыңдалған, Санасыздың белгісі; Пайдалы сөз айтсаң, бұлданған. Дүниенің қызық зауқынан, Ақырет күннің қаупынан. Бәрінен де сендердей – Қырма сақал, түйме мұрт Надан сұпылар құр қалған!
АРАЛБАЙДЫ ЖҰБАТУЫ
Қонып шығатын бас калқа. Қызық, сауық. 0 дүние. Аралбай ақын жалғыз Ұлы Берекет өліп, камығып отырғанда үйіне замандасы Қашаған келеді. Бұл жайдан хабарсыз, көптен көріспеген Қашаған: – Лебізіңді сағындым, домбыраңды шалып жібер, – дейді. Сонда Аралбай Қашағанға мұңын ағытады: Қолыма алған домбыра, Сен де өзімдей аңыра, Ажал құрық салған күн, Қаларсың сен де әдірә. Кешегі өткен он жасым, Он жасымнан бері қарай, Домбыра болды жолдасым. Он бес жасқа келгенде, Құрбының көрдім құрмасын, Ағаның көрдім ордасын. Баяны жоқ сұм жалған Байқадым қолда тұрмасын.
Әй, Қашеке, Қашеке, Шаттанып жүрген күнімде Домбыраны қолға алғанмын, Оңды-солды шалғанмын. Қатепті қара нар едім, Артуын таппай мертіліп, Мен базардан қалғанмын. Тіккен туым жығылған, Көкірегім қайғы, арман, мұң. Аяғы сынған арбамын, Қанаты сынған қарғамын. Тұяғы сынған тұлпармын, Қанаты сынған сұңқармын. Осындай жайға кез болдым, Өздеріңдей ағаны Келген күні Тәңір айдап Бір көруге іңкәрмін. Замандас ағам Қашеке, Мен – қанаты сынған қаршыға Қанатынан айрылса, Қаршыға түсер шаршыға. Қашеке, өлең айт дедің, Біздей ғарып-жартыға. Қалмасын айтқан көңілің, Бір-екі ауыз айтайын
Дүние-жалған зарпынан. Көңілім шатты күнінде Аралбай едім халқыма. Бұйрықты күні біткенсін, Әлдилеп сүйген жалғызым Қайрылмай кетті артына. Мен – ботасы өлген боз мая Тұлыбына келіп аңыраған. Мен – бір жүрген ақ қиік, Лағын түзде алдырып, Орнына келіп маңыраған. Мен – қартайған арыстан Елсізде қалып ыңыранған. Шеңберлі қара кемемін Құрсауы босап қақыраған. Мен – жапанға біткен бәйтерек Жапырағы жерге төгілген. Мен бір тұрған ақ сауыт Әдірә қалып сөгілген. Мен бір жүрген ақсұңқар Көзінің жасы төгілген. Қияға біткен терегім Уақыты жетпей бүгілген. Қадірлі аға Қашеке-ау, Жалғызымнан айрылып, Қанатымнан қайрылып, Көңілім сөйтіп түңілген.
Сонда Қашаған Аралбайды жұбату жырын толғайды: Замандасым, Аралбай, Білмей қалдым балаңды-ай. Тәукел Хаққа шүкір ет, Аузыңа алма жаманды-ай. Құдайым бізге тап қылды Бұл сықылды заманды-ай. Басқа түссе, амал жоқ, Көтертер жүкті адамға-ай. Мен сасып қалдым қапыда, Біле алмай сөздің парқын-ай. Жылағанмен не пайда, Қайырын берсін артына-ай. Замандасым Аралбай, Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, Қанаты бүтін сұңқар жоқ Кей пендеде іні жоқ, Інісіз жанның күні жоқ.
Кейбіреуде аға жоқ, Ағасыз жанда жаға жоқ, Кейбіреуде бала жоқ, Болмаса перзент – шара жоқ. Болаттан бекем бол деген, Болдырмаға болмасқа. Уәйім, қайғы жарамас Сендей бір жанға, жолдасқа. Ашу деген – көк бөрі, Ақылың қорған тал болар Тәуекел қайық, сал болар. Ойлап кетсең, жеткізбес, Түсіп кетсең, бойлатпас Уәйім деген жар болар. Ойлағанда, Аралбай, Өмір бір дулы шәр болар. Бұл өмірде нелер жоқ, Біреу кем, біреу хан болар. Басына қайғы түспеген Менменге қайғы таң болар. Ақыл деген қой болса, Ашу деген көк бөрі, Бөрі қойға жолықса, Дүние киғаш шаң болар. Сабыр етші, Аралбай, Айы біткен айда өлер. Күні біткен күнде өлер, Тура құрық келген күн Таңға жетпей, түнде өлер. Туралап өлім тап болса, Жалғыздар емес, кім де өлер. Өлімге қатты налиды Кейбір де кейбір пенделер. Басы сау, есен бай кісі Өзі айтқаны жөн келер. Орынды жерде сөйлесем,
Қызыл тілім дөңгелер. Айтып-айтпай не керек, Сені мен менің қасыма, Даладан аңсап келгенде, Алдымнан: "Атам келді!" – деп, Күліп-ойнап кім келер?!
ТОМПЫ БАЙДЫ ТІЛДЕУІ
Сөйлей көр, тілім, көмейім, Біреуді алыс, біреуді жақын демейін, Кәнеки, жырды басталык, Орынсыз айтып аспалық. Ел аралап жүрген соң, Көріп жүрмін әр жерден Нелер сараң қастаны. Мақтайтын еді елдері Қосыбайдың Томпысын, Мырза деп қолын шашпалы. Кездескен жерден жапырып, Бос билік айтып сапырып, Мырзалық айта бастады. Көп сөзінің ішінде: "Ақ қошқарымды ал!" – деп тастады. Ертең тұрып қошқарды Беруге енді баспады. Түнде сойған қозысын Қапия сойған екем деп, Әбден қылды масқара. Сұрастырып қарасам, Қосыбайдың балдары, Миларын тесіп кұрт жеген Сиқалы екен бастары.
ҚОЙШЫ ЖІГІТТІ КӨРГЕНДЕ АЙТҚАНЫ
Қой ішінде шұнақ қой, Бауыры толы бұлақ қой. Жазығы қойшы демесең, Қойды сауып отырған Кере қарыс маңдайы, Қыздар сүйер шырақ қой.
КӨБЕНТАЙДЫҢ МҰРЫНҚҰЛ
Қашаған бірде Мұрынқұл байдың ауылына келеді. Ауыл-аймақ жиналып, жыр айтқызады. Түн бойы жырлаған ақынға сараң бай шай-су да бермейді. Сонда Қашаған байды былай деп састырыпты: Көбентайдың Мұрынқұл, Бүгін емес, бұрынғың. Мырза емесіңді білемін, Таң атқанша жыр айттым, Аз да болса, ырым қыл.
ТОЙБАСТАР
Жиналып, халқым, құралсаң, Сөйле деп бізге ұйғарсаң, Бұл тойдың көркін айтайын: Той болады дегеннен Халыққа хабар таратқан. Ат жүйрігін жаратқан, Әшекейлеп, жасантып, Отау тігіп, от жаққан, Байрақты тігіп, ат шапқан. Жыршысы болса – жырлатып, Аламан басын құралтып, Жақсыларға тыңдатқан, Тартысы болса – тартысып, Өлеңі болса – айтысып, Бұ да тәуір болады Қыз-жігітке түн қатқан.
Ата-ананың хақы бар дейді Сүт ақы мен ілуде. Тартыс деген тамаша, Шығарған қазақ баласы Тек бір ойнап-күлуге. Жиналған топтың кұралы, Жыршыдан өнер сұрадың. Сұрағандарың сөз болса, Қалағандарың біз болса, Қандырайын көптің құмарын. Шын шабытым келгенде, Ағыным тасты аударған. Мен бір қайнарлы өзен, бұлағың. Сөйлейтін тіл де өнер бар, Қай елде де айтқыш шебер бар. Олай бола тұрса да, Бұл жерлерде сөйлейтін Біз секілді кемел бар. Той – адамның қазынасы, Жұптанып неке қиылған, Ақ бұйрығы деген бар. Құлақ қойсаңдар келіске, Нанып болмайды теріске. Адам Ата жұптанып, Хауа Ананы алғанда, Исраил, Микаил – Некесін қиған екен екі періште.
Айтамын хабар қиырдан, Ешкімнен қорқып тыйылман. Расулы пайғамбар Хадишаны алғанда, Ақ некесін қисын деп Жәбірейілге Алла бұйырған, Әне, сол себептен неке қиылған. Қыз бала, сізге айтайын, Жұрт жинап, қызық той еткен. Атымтай Жомарт салған жол, Бақыт пен дәулет қонған жол. Арғымақ аттай әнденген, Сөйлесе, сөзің пәмденген, Тоты құстай таранып, Бойыңды түзеп сәнденген, Өтейін деп отырсың Балдырлы Балқаш көлдерден.
Абайласаң, айып жоқ Алланың бұйрық ісінде. Ренжіген бұйрыққа Мақтаман надан кісіңді. Риза бол анаңа, Мехнат етіп сақтаған Тоғыз ай, он күн ішінде. Дүниеге сені шығарды, Перзентті болды, қуанды. Періште көңіл пәктікпен Ақ сүтін сорып, жұбандың. Талай бөлдің ұйқысын, Бесікте жылап мазалап. Мәпелеп сені өсірді,
Тәрбиелеп, тазалап. Және көңілі шат болды Көтеріп алып сүйгенге, Апыл-тапыл алдында Аяқ басып жүргенге. Шақырып еді балым деп, Сүйіп еді жаным деп, Жылы шырай күлгенде. Тәрбиелеп өсірді, Еркелік қылса, кешірді. Бұл күндері болғанда, Дүнияша қызық деп, Күйеуіңді күтіп, құрметтеп, Кұрметтеу міндет деп, Саламат, есен-сау күнде Аман қосып жұбыңа, Жеткізді сені мұратқа. Жылай көрме, жарқыным, Кетемін деп жыраққа. Бақыт берсе басыңа, Ел-жұртың болса қасыңда, Айналарсың айтулы Шалқыған шалқар бұлаққа. Риза бол, жарқыным, Жырым еді сақтаған, Арқасы құрғыр қозғанда Жауар бұлттай қаптаған. Ойқастап барып тоқтайын, Қатты кетсем, қайырылмас Мен – басы қатты ақтабан.
ДОМБЫРАНЫҢ ҚАҚПАҒЫ
Қашаған тұзға түсіп келе жатып бір үйге кезігеді. Үй иесі әйелдің қонақтармен ісі болмапты. Ақынның серігі керегеге сүйеулі тұрған домбыраны алып береді. Сонда Қашаған айтыпты: Домбыраның қақпағы, Қарағайдан салулы, Көмейі шуда жіппен таңулы. Ермек үшін балаларға жасалған. Мұны неге тартсын Қашаған, Өзі тұздан шыққан аш адам! Со кезде әйел: – Ойбай-ай, жыршы қайнаға екен ғой, – деп кешірім сұрап, қонақасысын беріпті. МҰСТАХҚА Мәсімнің өзі тарлау, қонышы қысқа, Саудалап алып едім асығыста. Болғанмен үсті тарлау, қонышы қысқа, Сипалап ұлтаны мен қонышын ұста. Мұстах-ау, өзің ақшаң түгел болса, Көпірмей, қарап отыр, көтің қыс та.
ҚУАҢДАҒАН ҚУ БИСЕН
Жаяулық тауқыметін тартқан Қашаған тапқанын беріп, бір ат сатып алады. Саудагердің мақтап сатқан аты аяғын баспайтын шабан боп шығады. Сонда айтқаны: Қуаңдаған қу Бисен, Өтірікші су Бисен, Маған сатты бір атты, Шәртік қарын сұр атты. Қазанаттай қампитып, Түріменен тоқ қылды. Он бес күннің ішінде Үш қамшымды жоқ қылды.
ҚОНАҚКӘДЕ ЖЫРЫ
I Кейбір қызға қарасам, Алтыннан құйған асықтай, Күмістен құйған қасықтай. Кейбір қызға қарасам, Құбылған беті мақпалдай. Сымбатына қарасам, Солқылдаған жас талдай. Кейбір қызға қарасам, Тауға ойнаған бұлбұлдай, Қастары қама құндыздай, Көздері Шолпан жұлдыздай. Арманы болмас жігіттің, Алғаны болса сол қыздай. ІІ Жиналып келген қатындар, Бір сөзім бар мақұлдар. Ер де туды қатыннан, Пір де туды қатыннан. Әулие мен әнбие, Небір тақтақ, бай, мырза, Батыр да туған қатыннан. Жадыратып қабақты, Жарқылдат сырға сабақты. Ән мен жырды айтайын, Қызыққа әбден батыңдар.
III Жиналып отыр бұл жерге Бәйгіден келгсн керлерім. Аямадым сендерден Маңдайдың аққан терлерін. Ұйқы – жанның тынышы, Сөз – құлақтың құрышы. Қанша айтқанмен таусылмас Терме жырдың бұрышы. Айып етпе, аға-жеңгелер, Ат соғып келген жолаушы – Шаршап отыр мына жыршы.
БЕКЕС БАЙҒА
Бөріктері сопаңдап, Мылтықтары шошаңдап, Атқа мініп қоқаңдап, Ауылыңа келсе әкім дос, Әкімдер келсе, малың бос. Сырттан тұрып ақырса, "Шық бері!" деп шақырса, Сасып қалып, қорқасың: Семізің болса, сойғыштап, Кілем мен көрпе жайғыштап, Табағыңның ет салған Салмақтап беріп ортасын. Соларға берген малыңнан Бізге де берсең болмай ма? Біздей қарттан бата алып, Мырза жігіт атанып, Берейін деп ұмтылсаң, Қарыңды шайтан отыр ма қайтарып?
Бермегсн бізге малыңды Бір бұтаның түбінде Қасқыр жесе, көресің, Әкімдер алса, көнесің. Қара түннің ішінде Қойға шапқан бөрідей Жоқ па едің, Бекес бай, өзің Берші сөздің төресін? Мақтанғанға сыртыңнан, Көрейін деп келіп ем, Қандай деп інім Бекесті. Айдаған малға мас болған, Кедейлермен қас болған, Біртүрлі неме екенсің, Ақылың жарым – екі есті.
ЖҰТТАН КЕЙІН
Кешегі байдың бірі жоқ, Толқыған дәулет малы жоқ. Бай баласы тіленші, Аш кісінің ары жоқ. Қыс күнде байдың сәні екен Үлекке салған келесі. Жаз күнде байдың сәні екен Ірімшік, құрттың өресі. Төрт түлік малдың сәні екен Тас астау салған дересі. Ауылдың о да сәні екен Қасында тұрса қара төбесі. Жиылар еді төбеге Ақсақал, бидің кеңесі. Жағалай теңіз кепірен Қисапсыз түйе мал еді. Қабырғасы кемедей, Дулығасы биік төбедей, Төрт аяғы дередей, Кірпіктері жебедей, Түйесінің көркі нар еді.
Құмырсқадай қой, жылқы Кең бауыр жатқан сала еді. Кең кереге, сырлы уық, Келіншек пен қыз тіккен Мырзалардың сәнді үйі Ак төбедей бар еді. Есігі – көше, төрі базардай. Сәнді ауылдың сыртынан Молдалар айтқан азандай. Үстіне қонған қонаққа Сырбаз сойып, май берген, Басытқысына қызыл күрең шай берген. Арасында сабадан Ақ шұбат, қымыз жай берген. Шұрқыратып жылқы айдап, Өбістіріп құлын тай байлап, Жаксының түсіп жолына, Ізгіліктің еріп соңына. Ғарапа барып қажы еткен, Бес парызын ада еткен Ғаниларым бар еді. Көбісі жұрттың кәсібі – Пітнеден болды нәсібі, Білмеймін заман нешігін? Бұгінгі адам намысы Лек-лек құсқа ұқсайды. Байланбағай еді, жарандар, Тәубе мен ынсап есігі.
ЖЕТПІС БЕСКЕ КЕЛГЕНДЕ
Жетпіс беске келгенде Құртады екен әліңді, Сорып алады екен қаныңды, Кім көріпті мұндай залымды?! Жетпіс беске келгенде Әл кетеді екен жағыңнан. Жиырма бес, отыз күніңде Өз денең өзіңе тура бағынған. Дөнбекшисің түн бойы, Жамбасыңа жай таппай. Бұл өмірдің жұмағы, Жігіттік, кеттің қай жаққа-ай?! Көңілің келмес көнгісі, Жетпіс бес бірақ тыңдай ма?! Сыбырласып, сыңқылдап, Баяғы күліп-ойнайтын күн кайда?
ЗАМАНА ХАЛІ
Ағасынан айрылып, Іні кеткенге ұқсайды. Тілінде бар жақсының Діні кеткенге ұксайды. Өтірік сөздер көбейіп, Шыны кеткен секілді. Әкімнен кетіп әділдік, Бай қайырсыз секілді, Бай бермеске бекінді. Қатындардың ұятын, Қыз-жігіттің ибасын Шайтан алған секілді. Байлар жұтқа жолықса, Пақырды қуып қорлаған, Зілден тапқан секілді. Батыр оққа жолықса, Аруағы кеткен секілді. "Сөйлес" десе бір қонақ, Үйде отырып "жоқ" десе, Сусын, тағам сұраса, Бар да болса "жоқ" десе, Итін қосып "құйт" десе, Тыным тапқан секілді. Байрақты палуан жығылса, Өз көкірегін зорсынып, Кеудесі кепкен секілді. Көбісі жұрттың осы күн Харамға басты қадамды. Жан екен тіпті демеді Байлар жарлы адамды. Тап болмай қайтсін ғаламат, Ойлағаны арам-ды.
Әндіжанның шәһәріндей Кетпегей дағы еді жер ауып. Ай менен күн қауысып, Күн орнынан ауысып, Қаңбақтай қара жер зыңырап, Болмағай дағы еді бір қауіп.
КӨПТІЛЕУ БАЙҒА АЙТҚАНЫ
Кешке келді Көптілеу Қораға келген қойымен. Жата кетті жантайып, Ас ішпеген бойымен: Үлкен қойды анам деп, Кіші қойды балам деп, Бұл қой кетсе алдымнан, Мұнан қайтып қалам деп. Бай үйіне қарасам, Қол жуатын кұман жоқ, Кұман жоқ үйде иман жоқ. Таңертең тұрып Көптілеу Іше берді айранын, Беті-қолын жуған жоқ.
ҚАРАШҰБАР АЛА ЕШКІ
Дауылұлы Шаубай деген байдан Қашаған соғымдық мал сұраса, ол арық лақты ешкі беріпті. Ақын оны саудагерге әкеліп, Шаубай сараңдығын жиналған көпке айтып береді: Саудагер жігіт, кұлақ сал, Мынау Шаубай бай берген қара ешкі, Әр жері шұбар ала ешкі. Аузын ашып қарасам, Дауыл түгіл, оның әкесі Ержанның тұсында да бар ешкі. Соңында бар лағы, "Шек"дей келіп ақырсам, Тіпті есітпейді құлағы. Сатайын деп екеуін, Өзіңізге келіп отырмын. Екеуі төрт кез матадан Артыққа міне өтпейді, Бес кез матаға жетпейді. Шаубайдың берген жәбірі Тіріде естен кетпейді.
Сояйын десем, жануар, Борбайында дымы жоқ, Сорпаға шығар шыры жоқ. Қабыртқалары қасықтай. Омыртқалары асықтай, Жей алмай тұрмын жасықты-ай. Талай топқа салармын, Тұра тұр, Шаубай, асықпай.
САҚЫПҚА АЙТҚАНЫ
Қашаған жасы жетпістен асқан шағында Шеркеш руының бір қыз ұзату тойына барады. Сақып дейтін жас ақын Қашағанға жол бермей, тойды өзі бастайды. Сақып тойбастарды аяқтай бергенде, оның әдепсіздігіне ренжіген Қашаған өлеңді төгілте жөнеледі: Ей, шырағым Сақыпжан, Сөз басталмайтын ба еді ағадан, Жауапқа кәміл данадан?! Ағасын іні қор тұтқан, Өз көңілін зор тұтқан Шығып па еді тәртіп жаңадан? Кешегі дүбірім барында, Даңқым бір кеткен шағында, Әдепсіз мұндай балаларға Бір жасы үлкен ақыл айтса, Кетпейтін еді-ау шамадан.
Мұнартып Еділ таспаса, Кемерінен аспаса, Көбігін көкке шашпаса, Биіктен қарғын баспаса, Су жүретін бе еді Жайыққа?! Пароход жүрсе дарияда, Жол тиетін бе еді қайыққа?! Әдепсіз мұндай балаларды Бұйырмайтын ба еді айыпқа? Жиналған көптің ішінде Қайраты қалың ер де бар, Билігі қалың би де бар. Қалаулысын қаласын, Әлеумет, кімде зерде бар. Қара қарға қалбағай, Қаз бен үйрек, қарақұс, Олар да таласпайтын еді ғой
Бүркіттің жейтін жеміне. Алыстан көрсе қарасын, Балапан үйрек баласы, Көзі түссе жаутаңдап, Қысса да қайрат қаусаңдап, Қорқып, келмейтін еді ғой Бүркіттің, сірә, шеміне. Кесіртке менен жыландар Жоламайтын еді ғой Айдаһардың деміне. Қаршыға аққуды алғанда, Жапалақ тышқанды басып қалғанда, О да арланбайтын еді ғой Дәрежесінің кеміне. Қара бүркіт, қаршыға, Қартайып жасы жеткенше, Бұйрықты күні біткенше Алатын аңын қоймаған. Ашуы келсе, аң алып, Төс етін жемей, төрт тартып, Жемсауын қимай, бір қарпып. Жеген жемге тоймаған. Адай түгіл, Байұлы, Байұлы түгіл, Алшында Жеңемін деп жарысып, Мерекелі жерлерде Ешкім жоқ бізбен ойнаған.
Жұрт жиналған бұл кұрма*, Құмарың болса, сөз тыңда, Сөз келісі бар мұнда, Пілдің тірі бәсі де мың ділда, Өлсе, тері бәсі де мың ділда. Мен адасқан жоқпын жөнімнен, Адасты деп, жамағат, Сыпсыңдап сырттан сөз қылма.
Жолбарысқа ересен Өлшеусіз қалың күш берген, Қорқытуға үлкен сұс берген. Дүбірге талай қосылған
- Жиын.
Жүйрік едім, қайтейін, Бір күніне үш келген. Жас жетпіске келгенде, Сақалға шалғырт енгенде, Сен, бала, менің үстімнен Шауып өтіп жол салып, Байрағыма қол салып, Бұл күн де бізге тұс келген.
Жаңа талап, жас жігіт, Омыраулап тойды бастадың, Қашаған бар деп саспадың, Тұр ғой деп жүйрік қашпадың. Лайық па өзіңе Ақ сақалды ағаңды Аяғыңа басқаның? Бірақ пайда берсе игі еді Менмендік жеңіп тасқаның.
Сыйламадың ағаңды, Жыртқандай болдың жағамды. Бұл қылығыңды қоймасаң, Сыйламассың атаңды. Сыйлайтын болсаң атаңды, "Қашеке, маған жол бер", – деп, Неге алмадың батамды? Бұл қылығыңды қоймасаң, Сыйламассың анаңды. Қартайып жасың жеткенде, Қыларсың дұшпан балаңды. Иә болмаса, шырағым, Қашағандай ағаңа Бұрын-соң көңілің қалды ма? Иә болмаса, шырағым, Қашаған – кәрі, сен – жас деп, Бір жаман ақыл салды ма? Иә болмаса, шырағым, Ағаңды жеңіл көрдің бе? Иә өзіңе сендің бе? Иә болмаса, шырағым, Көбелек қуып құтырған Мәтөктігің жеңді ме? Тайыз екен ақылың, Меніменен жарыспа. Меніменен жарыссаң, Жыртылып қалар тақымың.
Жыртармын, бала, жағаңды, Жаңылтармын тобаңды. Білмей жүрсең, шырағым, Білдіремін шамаңды. Тақымыңды жыртармын, Мардымыңды құртармын. Мен – сендей жабының Талайынан озған тұлпармын. Сендей жапалақтардың Талайын алған сұңқармын. Сен – ауылда үрген көпек ит, Мен азулы арлан бөрі едім. Ашулансам, шырағым, Жас та болсаң, желкеңнен Жалғыз-ақ тістеп жұлқармын!
БЕРЕКЕТ АҚЫНҒА АЙТҚАНЫ
Берекет ақын өз үрім-бұтағының көптігін айтып, аз ата Қашағанды сыртынан қиянаттап, кемітіп жүреді. Бір күні Берекет Қашағанның тойда жырлап отырған жерінде кезігіп қалады. Сонда Қашаған оған былай депті: Көппін деп, балам, мақтанба, Көп атадан ел азады Балықтай сасып басынан. Азда қайрат жоқ десең, Бүкіл тоғай өртенер Бір зередей жасыннан. Мың қарғаға – бір кесек, Ортасына түссе, қашырған. Отман* таудың басында, Дегелек деген бір құс бар, Аспанда жүріп ысқырса, Мың орда жылан басылған. Мен – жүлделі жүйрікпін, Ала жаулы тер шығып, Сүйегім қызбай ашылман. Енді халық сынасын Кімнің, сірә, шұқанақ,
- Маңғыстаудағы тау.
Кімнің қайнар бұлағын. Айтысуға Берекет Қардар болып жүр деген Сарсылды көптен кұлағым. Сол айтқаның шын болса, Мына жиылыс ішіне Тәуір келдің, шырағым. Құс азғыны – жапалақ, Кесіртке, тышқан ілдім дер, Қырандығым білдім дер. Құс қыраны қырғи-ды, Қырғидың күшін көрмесе, Жапанда жапалақ жүрер есіріп. , Ит аулақ болса, Доңыз шығады дейді төбеге, Әр нәрсе болар сондай есірік...
ОСЫ КҮН ЖОЛДАС БОЛДЫМ СЕКСЕНМЕНЕН
Осы күн жолдас болдым сексенменен Кез болды кәрілік шіркін сескенбеген. Қартайсаң, күнің қандай аянышты, Талтақ бұт, ойдық желке, күржік жаурын, Тартылып бауыр шандыр, бүкшеңдеген. Кесірі болады екен қартайғанның, Өлеңді қартайған соң айта алмадым. Айт деген қатар-құрбы, жеңгейлердің Назарын ол күндерде қайтармадым. Жатқаным – жанға жайлы жантайғаным, Шаршатты сексен деген майталманың. Қасымнан қыз-келіншек кетпеуші еді, Қарасам, осы күнде біреуі жоқ, Япырмай, қайда кеткен "сайтандарың"?
ҚАРТАЙҒАН ШАҒЫНДА АЙТҚАНЫ
Жас сексенге келгенше, Сақалға шалғырт енгенше Талайдың көрдім құрмасын. Арзу болған әлеумет,
- Бурыл тарту.
Ортаңызға келген сон, Шайырың енді жырласын. Таусылғанға ұқсайды Елдегі қатар кұрдасым. Қырмызы кызыл дүние Басымда білдім тұрмасын. Кешегі жалын күнімде, Адай түгіл, алашқа, Сыйланды талай бұл басым. Аралап жүрмін халықты, Нәсібе айдап қуғасын.
БҰЛ ӨМІРДІҢ МЫСАЛЫ
Әділдіктің белгісі – Расын сөйлеп сардиған. Пітне көңіл белгісі – Құпия сөйлеп ыржиған. Өпірем болу не керек, Бақ-базарың ауған соң. Бәсеке ету не керек, Бастан билік кеткен соң. Бұлаң-сұлаң не керек, Ақ бетіңнен нұр тайып, Жер ортадан асқан соң. Елең-селең не керек, Жас елуден кеткен соң. Жалтаң-жұлтаң не керек, Жігіттік бастан өткен соң. Қыздан түсің кеткен соң, Қырмызы қию не керек. Бұл өмірдің мысалы: Кешегі көрген бүгін жоқ, Ұшып кеткен көбелек.
БҰЛ ДҮНИЕДЕ НЕ ЖЕТІМ
Бұл дүниеде не жетім?
- Құмар болу, сағыну, ынталану.
Кім қажетсіз болса, сол жетім. Хакімі әділ болмаса, Бұқара байтақ ел жетім. Қаптап елі қонбаса, Жайылған малы болмаса, Көкорай шыққан балқашы Жеусіз тұрып сорласа, Ел қонбаған жер жетім. Ішсең, суы құрсағыңа жақпаса, Адам менен мал түгіл, Қаңғырған қарсақ татпаса, Ащы дария көл жетім. Жетпістен жасы асқанда, Сексенге аяқ басқанда, Жастар елеп келмесе, Келіп сәлем бермесе, Қайғысы келіп күңіренген, Күнінде асыл десең де, Қартайған күнде ер жетім. Тақтан түскен хан жетім, Басшысыз қалған шәр жетім. Қартайса, бәсі қайтады, Қоспақтың жүгін тарта алмас, Асыл туған нар жетім. Қырға шықса – белім деп, Ойға түссе – тізем деп, Келін менен балаға Қонақ болған уақытта, Басынан билік кеткен соң, Кемпір менен шал жетім. Бақыты тайған би жетім, Қатынсыз қалған үй жетім, Сатып алған құл жетім, Құлдықта жүрген ел жетім. Азамат ерлер қайғы етер От басында жыласа, Жас төгіп сәби бір жетім. Ақырында тәрік етуге жарамас Ерлердің еткен кұрметін.
САРАҢ СҰПЫҒА
Қашаған Ермағамбет деген молдаға келіп, жоқшылығын айтып, көмек сұрайды. Молда:
– Саған көмектеспек түгіл, өз үйімді де асырай алмай отырмын – деп қабағын қарс жабады. Молда үйіне қонбай жүріп кеткен ақын, "Молда мен байдан не шығатын еді" деп, Алтынай деген жесір әйелдікіне келеді. Әйел ақынды барымен сыйлап, құрметтейді. Ертесіне Ұлмекен деген әйелдің кісілігін көреді. Ауыл адамдары жиналып, жыр тыңдайды. Ақын сонда сараң сұпы мен малқұмар байлар туралы толғайды: Елден іздеп шыққаным Ермағамбет молда еді. Қанақа қаққан залымның Пиғылы жаман, оңбады. Тар пиғылын көрген соң, Шал жыршың бұған қонбады. Шет жерде жүріп сағынып, Келгенімде тарығып, Алыстан аңсап келгенде, Тауым жаман шағылды Тәңірберген халқынан, Біреу емес, жалпыдан. Ауыл арасы болмаса, Жиреншек екен Қосайдың Біздей келген қартынан. Сәбидей бізді көрмеді, Керек десе, бермеді Отқа көмген жарты нан. Судан балық кеткен соң, Жан екен қайыры тартылған. Аштан өле жаздаған сон, Бір бағыланын сойдырып, Ірімшік, құртын қойдырып, Рақаттанып тойындық Сарбастың қатыны Алтыннан. Тәңірберген халқында Бөпежан деген бір байы Парасатсыз жан екен, Арпалысып қарпыған. Қолынан келер нәрсе жоқ, Әркімді сырттан шарпыған. Қонақ келсе, күрілдеп, Үйіне келмей, тартынған. Біздерге дұрыс қарамай, Бір шәйнек суға жарамай, Балтабай мен Бөпежан,
Көре алмадым халықта Ол секілді антұрған. Ылғал жоқ деп үйімде, Жасырды суын бар тұрған. Өрісбайдың Байтүзел Бір қозы ал деп арнады. Алайын деп барғанда Бермей кетіп, алдады. Күзен тісті, қисық көз, Сотанақ екен балдары. Ұрлап алып қамшымды, Сол қырсық естен қалмады. Су ішінен итбалық Бір мезгіл аулап келуге – Сол екен байдың арманы. Жұмағұл, Ибаш, Ағелек, Қабандарым кеткен соң, Таусылған ердің тамамы. Біздің Тәңірберген халқында Нешелер батыр өткен жоқ! Аруақты ер де өткен, Иллалаған пір де өткен. Сол ерлерім барында Дұшпанын қуды асырып. Көк теңіздің үстінен Ау салдырмай, қашырып, Дарияның ішінен Жау іздеген масығып. Қай Адайдан кем еді Кешегі Ырсалы, Досалы? Ырсалы, Жаныш ар жағы, Тұқымында бар ма осалы?! Аманжан мен Байтүзел Ұрпағы деп солардың, Қайтіп жырға қосады? Аманжанның үйінен Барған адам қашады, Сынды деп қазан-ошағы. Тек Ұлмекен келіннің Жазық екен қабағы, Берекелі екен табағы. Әйел де болса, сол екен Бүкіл Тәңірберген адамы.
Шәйнегін шапшаң қайнатып, Ұлықсатсыз ерінен Бір бағыланын байлатып, "Әтекелеп" жайды төсегін, Бұл әтекем келер деп Ендігі жерде неше күн. Келмесе, ері құрысын! Әйел де болса, қонақтың Табады екен есебін. Ұлмекен келін болмаса, Басқасының байқадым Пиғылы жаман, тар екен. Малдыбайдың Балжаны Жасы жеткен шал екен. Өлісіне дұға етіп Үйіне келсе, шамы* екен. Халық әдетін білмейтін Көргенсіз өскен жан екен...
ҰЗАТЫЛЫП БАРА ЖАТҚАН ҚЫЗҒА БЕРГЕН БАТАСЫ
Қырмызыдай кейпің құбылған, Көрікті, көркем бала едің, Базарың баста құрылған. Қайын жұртқа барғанда Ұзартып жүрме тіліңді, Ұстатып жүрме мініңді. Жақсы адамдар онда бар, Ақылы алуан білімді. Жақсының алды көше деп, Кайнағаң мен атаңның Алдынан жүрме кеселеп. Үйіңе келген қонаққа Шытылмасын қабағың, Толы келсін табағың. Ауыл үй түгіл, ел мақтар, Сыртыңнан естіп қазағың.
Қырыққа жасың жеткенде Келін менен баланың Билігіне таласпа,
- Шамдану, қитығу, кею.
Ақылыңнан адаспа. Олай-былай ауысса, Ауыл үймен санаспа. Мырзалыққа батыл деп, Шығарар ердің атын деп, Сонда сенің, шырағым, Даңқың кетер алашқа. Елу жасқа барғанда Бәйбіше болсаң балқыған, Қас-қабағың шалқыған, Қолыңда болса, шырағым, Қос бауырдақты қос жүзік, Бәйбішелік те бір қызық. Алпыс жасқа келген соң, Төсегіңді сал да жатып ал, Биліктен басыңды сатып ал. Ақыл ойлап пікір ет, Құдайыңа шүкір ет. Жетпіс жасқа келген соң, Өліміңді ойлай бер, Қай күн келіп қалар деп, Қай күн кұрық салар деп, Самай шашым ағарды, Бұл өлімнен келген хабар деп; Таласпаңыз билікке, Дүниясы құрысын, Қазымыр болған жаман деп.
Жасың барса сексенге, Сексеннен артық жасама, Айып етіп сөксең де. Сол сексеннің өзі де Төс сүйегіңді тыржитып, Қеңірдегіңді қыржитып, Жауырыныңды күржитіп. Семдіріп кетер бөксеңді...
ҚАШАҒАН МЕН НҰРЫМ
Жас ақын Қашаған аты шулы Нұрым жыраудан бата алмақ боп үш рет барса да, кездесе алмайды. Оны естіп, Нұрым риза болып:
– Жасы үлкендігімді бұлдамаймын, – деп Қашаған ауылына өзі келеді. Қашаған ауылда болмай шығады. Ақыры екеуі бір тойда кездеседі. Нұрым Қашағанның ақындық дарынын байқау үшін: – О, інім, жас күнімде естіген біраз нәрселерім бар еді, үлкейгесін естен шыға бастапты. Соны сенен сұрап алайын, – дейді. – Нұреке, бөтен ауылда отырмыз, Адайдың екі ақыны айтысып жатыр демей ме? – дейді Қашаған. Нұрым айтады: – Жұрт не айтпайды, ат жүйрігі мен адам жүйрігі жүлделі жерде шаба береді. – Сұраңыз онда, Нұреке. Нұрым: – Аяқ алысыңды көрейін, домбыраңды шалып қара, – дейді. – Жасы үлкен, жалы биік ағасыз, сіз бастаңыз, батаңызды алайын, – дейді Қашаған. – Талабың таудай екен ғой, сен қаш, мен қуайын. – Аға, сіз қашыңыз, мен қуайын, жетсем батаңызды берерсіз, жете алмасам, өзімнен керейін. Сөзді Нұрым бастайды. Нұрым жұмбақтарының Қашаған бәрін де шешеді. Айтыс соңында Нұрым Қашағанға риза болып: – О, шырағым, жұрт айтқыш дейтін еді, рас екен, тірлікте шылбырыңнан ешкім ұстай алмас, мына тойды сен баста, сен тұрғанда ағаң дем алғандай екен, – деп батасын береді. Нұрым: Саламатпысың, шырағым, Алдыңа келді қарт аға. Мүйіз шықса басыңа, Сен талай түстің алқаға. Тілің шешен, ернің еп, Айтқыш деп жүр ғой сені көп. Білмегенді білгеннен Сұрағанның несі шет?! Мәжіліске басы бірігіп, Көп жиналған екен аламан. Естуім бұрын көп еді, Көргенім бірақ жоқ еді. Бір-екі сөз сұрайын Ақылға кәміл данадан. Бала, білсең хабар бер Үдірегелі Хауа Анадан, Қанша заман өтті арадан? Дүниенің басы неден жаралған? Жер мен аспан – бұ не зат?
Мақұлық қалай тараған? Адам, Лаухы, Ғалам – баршасы Неден жаралған? Өлгенге мансұқ, неше аят Анау отыз парадан? Мыңсуалмас, Есеттей Көл едің айдын жаппалы, Сен қазақтың тақтағы. Талайға айтып жібердім, Құр адасып қайтарды Дым бермейтін ақымағы. Білгіш болсаң, Қашаған, Осыны ойлап тап-тағы. Қашаған: Көрген жоқ едім бұрын да, Білмейтін едім сырыңды. Құдай қайдан тап қылды Сүйіндіктегі* Нұрымды. Батаңды берсең, жылдам бер, Басқа бір жаққа бұрылмай. Құс қарайтын еді кырымға, Ит қарайтын еді жырымға. Айтқыш деп еді бұл аға, Алады екен ғой бүгін тынымды. Иманнан жарық болмайды Таспихқа айтып санаған. Жұмаққа барад дейді тергеусіз Алласы анық қалаған. Дүниенің басы әуелі Меруерт тастан жаралған. Меруерт тас еріп су болған, Судан түтін бу болған, Аспан, жер содан жаралған. Адам, лаухы, ғалам, абзал – баршасы Сол заттан дейді жаралған. Он сегіз мың ғалам болғанда, Үш бөлім болып тараған. Алтауы болар жәмәдәт, Алтауы болар нәбәдәт, Алтауы болар айуанат. Үш алтыны қоса ғой, Он сегіз мың жан болад,
- Нұрым жырау шыққан ел.
Білмеген адам таң болад. Шариғат жолы бойынша Өлгенге – намаз, ысқат* шарт. Нұреке, енді тілің тарт, Көп ішінде көлденең Туысына ұрынған Дүниеде жаман зат. Нұрым: Шамданба, шайыр данамыз, Білмеген соң бұ сөзді, Сұрамай неғып қаламыз?! Сен бір – қойма, дүкенсің, Ұрулы тұрған құлыбың. Ашарман келіп ашпасақ, Ішіндегі тауардан Бүгін қалай аламыз?! Алдыңда сенің сөз айтқан Жасы үлкен ағаңыз. Дұшпаның емен, Қашаған, Аяғыңнан алатын, Қапталдан ауыз салатын. Қашаған, саған бір сұрақ: Екеуі жансыз, екі арам Бейішке кім ед баратын? Дүлдүлді мініп парлаткан.
Көпірдің шәрін қандатқан Шәһимәрден Ғалиға Жәбірейіл келгенде, Келіп хабар бергенде, Неше қылыш келген екен жәннаттан? Ніл дарияның көпірі Болған екен не заттан? Көлде жүрген күмпілдек, Судан даусы шыққан әупілдек, Бұл болған екен қай жақтан? Суда жүрген итбалық, Неден азған екен бұ халық?
Қашаған: Әлеумет келсе жиылып,
- Діни ырымдар.
Айтқан сайын сөздерім Келе берер құйылып. Отырмаймын сарғайып, Кісіден көмек сұраман, Тілемсектей қол жайып. Менің айтқан сөзімді Нұреке, көрме сен айып. Нұреке, сенің қаңқуың – Қапталымнан жабысқан Жақтырмайтын шаншуым. Ұраным Қосай* болғасын, Бүйірімнің тартуын. Бүйірім, әттең, бұрып тұр. Амалы түскір кұрып тұр. Басқа біреу болғанда, Маған қиын емес еді Табаныммен тарпуым, Ауызыммен қарпуым.
Өзім әзер жүргенде, Қай-қайдағы пәлелерді артуын! Білсеңіз қылма келемеж, Келемежің жөн емес. Сол дүниені жаратып жатқанда, Қасында тұрған мен емес. Бірінші айтқан жұмбағың – Хазіреті Мұса пайғамбар Аршы ағланы* кезгенде, Екі арамы дегенің: Еріп барған қасына, Қытымыр деген қызыл ит Жеті қазынаның бірі еді. Екіншісін айтайын – Астына мінген есегі. Дүниенің бәрін сұрайсың, Бар деп пе ең менде есебі. Екі жансыз дегенің: Біреуі Айсаның аса таяғы, Біреуі – Ідірістің киген кебісі. Естуіміз шын болса, Сол төртеуі, Нұреке,
- Құдайке баласы, Адай руынан шыққан батыр. * Ғарыш әлемі.
Тергеусіз барады дейді бейішке. Дүлдүлді мініп парлатқан, Көпірдің шәһарын қандатқан, Шәһимәрден Ғалиға Жәбірейіл келгенде, Келін хабар бергенде, Хамхам менен Сәмсамдай, Зұлпықар мен Зұлқажжа – Жәннеттен келген мәрт қылыш. Ұрыс сайын әр жерге, Заманда өткен баяғы, Барған екен төрт қылыш, Болмаса да аяғы. Перғауын мен Мұсаның Көп соғысы болғанда, Ніл дарияға ұрғанда, Көпір болған деседі Мұсаның аса таяғы. Көлде жүрген күмпілдек. Суда жүрген әупілдек, Қарсы болған бұйрыққа Перғауынның дейді өзі. Асасын тартып алғанда, Перғауынның әскері Суға болды бұ қарық. Мұса қолын сілтепті, Кетсін деп көрмей ол жарық. Суда жүрген итбалық, Перғауынның әскері, Карғаған соң Қүдайым, Осылай азған дейді бұ халық. Нұрым: Шабысың енді түзелді, Жаңа ғана бой жазып. Естімішің көп екен Өлең менен жырға азық. Пайғамбардың кезінде, Қанша қауым өтіпті Өз пиғылынан өзі азып? Қашаған: Сұрасаң, жауап берейін! Хазіреті Нұхы пайғамбар: "Тағат етің", – деп жылаған.
Айтқанына көнбеген Қауымында бір адам. "Бұл шәһәрдің жүзіне, Алла, пәле жібер», – деп, Шынымен сонда сұраған. Сұраған тілек бойынша Жердің бетін қаптап ғаламат. Қырық аршын терең су алып, Нұхының қауымын су жұтты. Әзәзіл шайтан азғырып, Тура жолдан жазғырып, Лұд пен Аухат* қауымын Деп айтады жер жұтты. Нұреке, мысал айтайын: Сахарада көшіп жүргенде Нар аунаса шаңдаққа, Аяғы тиіп бақыртар Бота менен тайлаққа. Қапталдағы көп жаман Сені мен маған ұрынса, Түсіп кете жаздайды Түбі жоқ терең айлаққа. Қанатты тұлпар сен едің, Қосылып жүрген байраққа. Дүбірлі дүлдүл шайырсың, Кіші жүз бенен Орта жүз Атағың кеткен аймаққа. Батаңды берсең, жылдам бер, Ұзаққа созып жайлатпа.
Білмейді екен осы жұрт Кімнің де жақсы, жаманын, Кімнің де жүйрік, шабанын, Оқулы менен наданын. Жаңа қызып келеді Парлап жүйрік табаным. Насихаты түзік-ті Жасы үлкен ағаның. Тағы бір мысал айтайын: Құс үлкені қара кұс, Көлемі дардай, күші жоқ. Күші жоқтығының себебі – Бармағының ұшы жоқ.
Бүркіт те жүрер қаусаңдап, Бүркіттің жейтін жемдерін Қырғи кұс қағып кететін, Екі көзі жаутаңдап. Шағала менен шақшақай, Айтайын бәрін тастамай. Шабағы менен шаянын Бергісі келмес басқаға-ай. Байғыз деген құс болар, Құдіретімен Алланың Бір торғай күнде тұс болар. Жапалақ деген құс болар Төбеде тұрып таранған. Өзінен басқа неме жоқ, Жан-жағына қаранған. Қара қарға қалбағай Алатын жемін ала алмай, Ұшады да қонады. Қапталдағы көп жаман, Сені мен маған келгенде Кем болып қалар салмағы-ай. Шымшық деген зәредей, Бір кішкене құс болар, Тұла бойы менмен күш болар. Қыранға келіп тап болса, Жемсауына барып мыш болар. Біреуге біреу ұрынса, Толып жатқан іс болар. Сынамақ болған сұрқылдар, Сені мен менен озғанша Жыл айналып, қыс болар.
ҚАШАҒАН МЕН ІЗБАС
Ізбас дейтін жас ақын болыс-билердің сөзіне еріп, қарт ақын Қашағанның мұрагерсіз, кедейлігін айтып, мұқатуды ойлайды. Өлең сөздің өрен жүйріктері Қашаған Сәттіғұлдармен сайыспақ болады. Қашаған болсаң, таяма, Барың болса, аяма. Оңтайлы жігіт, жүйрік ат, Қашқанмен сені коя ма?! – деп тиіседі. Сонда Қашаған оны былай деп сөзбен буыпты: Ардақты атам Ер Қосай, Өзімнің атым Қашаған,
Ғұмырым сексен жасаған. Адай түгіл, Алшынға Жүйрік едім қашаннан. Бұл күндері болғанда, Жас сексенге толғанда, Көз салдың ба, Ізбас-ау, "Жасы жеткен қарт қой, – деп, – Буындары босаған?" Мен сені әлі артық көрмеймін Шыбын мен шіркей, масадан. Осы бір сөзім дұрыс па Иә болмаса бұрыс па. Жөн білетін бас адам? Естілді жұртқа былшылың, Біздердей ақын-жыршының Соңынан қалмай сөз айту – Арылмай жүрген қырсығың. Маған тиген, Ізбас-ау, Көлдей болар, шырағым, Көздей тесік жыртығың. Өзіңді өзің мақтайсың, Одан пайда таппайсың, Бұ да аузыңның тыртығы. Жұрт күлсін деп айтамын, Одан басқа сендейге Болады сөзім кұр шығын. Менің сөзім – сары алтын, Сенің сөзің – қола, мыс. Өтірік десең, берелік Арасына сыншының. Тастайды дейді тамұққа Өзіңіздей жауыздың Ғайбат айтқан күншілін. Сен бір – есек, мен – тұлпар, Адай түгіл, Алшынға Естілген дүбір-дүрсілім. Өзіңнің сорың тигенің, Қиянаттап күндедің. Топты аузына қаратқан Жасымнан жүйрік тілдімін. Адай түгіл, Алшынға Хан, хәкімдей бұлдымын. Сен белгілі жүйрік емессің,
Сен бір жүрген зияндас Айналкөсі жындының. Шығарармыи мысыңды, Ақымақтықпен білмедің Айналдырар кісінді. Сәттігұл мен маған тигенің – Арылмай жүрген қырсығың. Жанғабылдың Сәттіғұл Жүйрік еді қашаннан – Келе жатқан баға алып, Үстіне халық қамалып.
Озған өрен жүйрікпін, Қосылдым талай дүбірге. Амалым бар ма, қайтейін, Кәрілік жетті бүгінде. Мен – қайыртпай кеткен ақынмын Таз Қашкынбай, Тама Ізімге. Ұлык болар, Ізбас-ау, Таласқан бізбен білімге. Мен – мұхит жатқан тереңмін, Шамшырақ жанған түбімде. Сен – бір жабы, мен – тұлпар, Сен – қарға да, мен – сұңқар, Тоғыңды шайқап бүлінбе. Сен – өзекте жүрген бөлдірке* Мен – теңіздегі кемемін. Басармын да кетермін, Батарсың да кетерсің. Не деп айттың бұл сөзді, Алды-артыңды ойламай? Мен – бір жатқан мұхитпын, Кетерсің, байғұс, бойламай...
Түкірігім сөндірер Сенің жаққан отыңды. Жүйрік едім қашаннан, Ақ бөкендей орытқан. Талай келдім бәйгіден, Жоқ еді жерім зорыққан. Ар жағың сенің кім еді?
- Кішкене қайық.
Жалмұрза мен Жантеннің Сойылын соққан жан едің, Олардан бұғып қорыққан. Сүйінді Көктен айырып, Базар деген ауылдың Және де өзін аз еттің, Кесірің тиіп жолыққан. Өзіңді өзің зорсынба! Өзіңді өзің зорсынсаң, Ұшқының ұшпас ұзаққа, Түсерсің бір күн тұзаққа.
Сыртымнан жаман күндейсің, Өз-өзіңді білмейсің. Қабыланға тиген қарғадай Сен – бір қара маңдайсың, Сен кімнің арың арлайсың?
Мен – жоғарыда жүрген кемемін, Сен – өзектегі жыртық қайықсың. Беліңнен бассам, батарсың, Түбіне барып жатарсың. Саған қонған аруақ Періште емес, шайтандай. Қашағанды жеңдім деп Мақтаныпсың сыртымнан, Аузың қартаң байталдай. Сен – шайтаннан туған малғұн, Малғұннан туған албасты. Құдай жақын қылыпты Албасты мен Ізбасты. Осы отырған көпшілік, Енді бір мысал айтайын: Күйкентай деген құс болар, Далада жүріп мақтанса, Қайраты бұтпен бұт болар. Қарға деген азғын құс, Қасиеті оның жоқ болар. Құс жаманы жапалақ, Кесіртке, тышқан жедім деп, Қырғидың күшін көрмесе, О да жүрер есіріп.
Шөже деген бір торғай, Ұясында жатқанда, Көкті тіреп жатсын деп Аяғын жатар көсіліп. Қырғи құсқа жолықса, Төрт бөлініп төс еті, Қанаты қалар кесіліп. Ойлап тұрсам, көпшілік, Ізбас сондай есірік. Өзінен зорға жолығып, Тілегі қалар кесіліп. Менде кеткен малың жоқ, Күйіп жүрген арың жоқ, Нағашылы жиенді, Қайындалы, күйеулі Саған шатақ мен емес, Етіп жүр деуге ерегес. Жөніне жатқан бір шалды Неге етесің келемеж?! АДАЙ ТЕГІ (Аңыз-хикая)
Қызықты болсын кұрмаңыз, Қызықтамай қарап тұрмаңыз. Құзырыңа келіп сөз айтсам, Сөзіме зорлық қылмаңыз. Бұл жиналған кәптің ішінде Нелер бар да, нелер жоқ: Билігі көп би де бар, Қайраты қалың ер де бар, Елеуреп тұрған жас та бар. Халық, қалағаның сөз болса, Шеберің сөзді астарлар. Тауып айтсам, дұрыс дер, Таппай айтсам, бұрыс дер. Бұ сөзімді тыңдаңыз, Жиналған бай мен мырзаңыз. Әділ айтсам, Аллам дос, Әзіл айтсам, шайтан қос, Әзіл деп, сөзім бұрмаңыз. Құлақ салып тыңдасаң,
Құрттай ғана шыдасаң, Мен сөйлейін бабамнан, Қандырайын хабардан. Атамыз Алшын, Қыдуар, Үдіреппіз төрт баладан. Төрт баланын ең кішісі Қыдырқожа бай екен, Төрт түлігі сай екен, Мал, перзенті көп екен. Бай демектің мысалы Содан қалған сөз екен. Бақыт пен дәулет қамаған, Екі әйелі бар екен Есімі Жанби, Тотандай. Бай екі сұлуды қоса алды-ай, Артынан арнап және алды Бір күң мен үш тоқалды-ай. Біреуі қыз, он еркек Бала болған екен бабамнан, Жанби мен Тотан анамнан. Есентемір шеттен келген ер екен, О да Байұлыға саналған.
Бір күні байдың қыз бен келіні Отырған екен ерігіп, Қөңілдері желігіп. "Саяға шығып келмесек, Отырамыз ба, – деп, – езіліп, Бойымыз келсін жеңіліп!" – Қызылды-жасыл киініп, Кигеніне сүйініп, Қызбалықты көрініп, Өңкей кербез бөлініп, Шыққан екен далаға. Дарау деген ағаш бар, Ағып жатқан бұлақ бар Төгіліп жатқан саладан. Сол бұлақтың шетінде, Күнге бағар бетінде Жапырағы гулеген, Миуалы жеміс түрленген, Бұтақтары гүлденген. Саясы салқын самалды, Саясында салқындап,
Қыз-келіншек демалды. Бәйтеректің түбінде Төгілген жеміс теріп жеп, Рақаттанып кідірді, Ұйқыға көзі ілінді. Ұйықтап, көзі ілінсе, Байдың қызы Қанбибі, Шымырлаған бір нәрсе Тұла бойға білінді, Төмен қарай жүгірді, Құрсағына кідірді. Қанбибі шошып оянды "Не болды – деп, – ой, Алла-ай?! " Жан-жағына қарады, Қарап тұрса, нәрсе жоқ, Көңілін қасірет қамады. Хазірет Қызыр пайғамбар Қыдырып жүрген күн екен Қанбибі жатқан шамадан. Одан хамила* болынып, Құдіретке жолығып, Біздің асылымыз содан жаралған.
Бұл сөзді жалған десеңіз, Кітапты ашып көріңіз. Хазіреті Айса пайғамбар О да атасыз туған екен анадан. Әкесіз туғандарды мен айтайын, Кешегі Дүйім Баян кеткен соң, Алты жыл анық өткен соң, Ар-сар болып жүрегі, Қанға толып білегі, Шыңғыс туды Арқардан**. Оның туған тұқымы Патша болып таралған. Осы бір сөздер көңіліме Бұрынғы өткен үлкеннен Қағида болып қалынған, Шежіре болып жазылған. Тілім түзу бағытты, Көңілім зерек қалыпты.
- Жүкті болу. ** Шыңғыстың тегі туралы аңызды айтып отыр.
Аңдаған жақын, алысты, Болжаған қисық, шалысты Бұрынғы қарт атамның сөздерін Құлағым естіп, көргенін Осындай құралды жерге келгенде, Шығарып жүрмін жарыққа, Шариғат қарап, жол пәмдеп, Мұсылманға үмбет деп. Атасын анық білмеген, Айтса болар мүрдет* деп. Сол кешегі байдың кызы Қанбибі, Барған жерін айтайын, Анау Әзіреттің Алатауында Ағып жаткан бұлақ бар. Бұлақтың атын айтайын, Қарашаңдақ, Шадыра, Түркістан менен Алғи-Нұр. Анық жүрген аттыға Алты күндік жер дейді Құндыздың қара теңізі. Сол төрт бұлақтың Аяғы барып құяды. Бәйтерегі мұрадай, Қарағай, қайың тал емес, Шегіршін, жөке тағы емес, Абзалы асыл шынардай. Жапырағы жазық айнадай, Сымбаты сұлу найзадай. Аш-арық келсе тойынған, Жемісі болды пайдалы-ай. Көлеңкесінің күн беті Алтын шайған бағдардай. Саясында тұрған адамның Сусыз мейірі қанғандай. Байдың қызы Қанбибі, Тоғыз ай, он күн болғанда, Мерзімді күні толғанда, Құпиялап бір күні Шақырды жақын жеңгесін, Құрбы-құрдас теңдесін. Өсек айтар жаманның Жолатпады өңгесін.
- Кәпір.
"Әуелде біткен жері, – деп, – Сонда қалар ма екен тәні, – деп, – Жеңгелер, маған ерің, – деп, – Қиналды менің жаным", – деп. Бәйтеректің қасында, Нұрбұлақтың басында Қанбибі сұлу туады. Қасындағы жеңгелер Баланы пәктеп* жуады. Қара күске** орады, Көмуге көзі қимады, "Өлтірсек, болар обал, – деп, – Етпелік бұған залал! – деп, Тапсырып хаққа аманат, Сақтағай, – деп, – саламат", Жеңгелері сақтанды-ай, Орады жібек, мақпалға-ай. "Мұсылман көрсе, алсын", – деп, Көрініп көзге жатқандай Баланы жерге тастады. Мұны ешкім білген жоқ еді, Үйге кайтып келеді. Енді қыз әкесі байдан хабар берелі.
Біреуі бай баталы, Біреуі төре аталы, Қашаннан сыбай қатары. Түнде екеуі кеңесті, Кеңескенде не десті? "Бүгін үйде жаталы, Ертең Алла жол берсе, Жер қаралық", – деп еді. Ерте мінді атына, Жас сәбидің үстіне, Әкелген кім ед бастап-ай? Алла айдаса, не сөз бар, Шыққан жоқ бұған қастап-ай. Шырылдап жатқан далада Байдың көзі түсті балаға. Сәбидің дауысын есітіп, Бай шошып кетті далада.
- Тазалап. ** Матаның бір түрі.
Сонда тұрып бай айтты: "Мынау жатқан жас бала, Бұ не деген масқара? Үстінде бар қарақұс, Мұндай бұйым бар ма еді Сіз бен бізден басқада?" Сонда тұрып төре айтты: "Тақсыр, бұған шошыма, Бермесе Алла осындай, Келетін бе едік бұл жерге, Бізді айдаған екен осылай". Атынан түсіп, төре алды, "Ұл бала екен", – деп алды. Бұрынғы қарттар салған жол, Төре берді, бай алды. Сөйтіп үлгі етіпті Бір-біріне байлауды. Сонда тұрып бай айтты: "Төре берді – алғаным, Білмеймін мұның ар жағын. Таза сақтап өсірсем. Алла бергей ақиретте Сауабының салмағын. Жақсы болса, ұл болар, Жаман болса, құл болар. Далаға тастап кетпейін, Залалы тиіп жүрмесін Бұл балаға таудағы Қасқыр мен түлкі, карғаның. Көп ойлансам, өлер, – деп, – Жанына зақым келер", – деп, Тапқан ақыл ойменен, Қызғындаған бойменен, Сөйтіп үйге барады. Сол күні жатып қалады, Ертеңіне тұрады. Асылы ноғай халқының – Шежіресі қолында Әспембет деген бір қарттың. Құлағына барып салады, Әспембет тарих қарады, Шежіреге көзін салады. Әспембет қарт айтады:
"Ей, Қыдырқожа байымыз, Осы ма келген жайыңыз? Шын сөзіме наныңыз, Сөзімді бұлдап алыңыз. Бұрынғы өткен қарттардан Естігенім бар еді, Кетпесе шығып жадымнан. Келіпсің, тақсыр, мұнда, – деп, – Құлағыңды сал шынға, – деп, – Он төрт қабат жер мен көк, Жаратылған нұрдан, – деп, – Атамыз Сафи, Салолла, Жаралған топырақ, құмнан, – деп, – Хазіреті Шейіш пайғамбар, О да жаратылған Бір Алланың ішінен, Рақыш еткен күшімен Бір тамшы тамған судан, – деп. Әр нәрсе солай болатын, Алланың еткен ісімен. Естуіңіз жоқ па еді: Хазіреті Айсаны Мариям ерсіз туған, – деп – Ол күндегі пендеге Ғайыптан талай бала келіпті Мезгілсіз туған бір күннен. Жалтыраған сәулеге Жеті қабат жер астында Сарайдың іші толыпты. Онан Дүйім Баян хан Бізге келіп жолықты. Оның туған анасы, Жеті қабат жер астында Ұнамалы бір қыз көрікті. Құданың жазған Құран тұр, Құраннан егер қарасаң, Көрініп бізге тұрған кеп. Төрт кісі анық көрмесе, Шадаһатын* бермесе, Айтқан екен хадисін** Шаддад*** мына зина**** деп,
- Куә. ** Пайғамбар сөзі.
Көрмеген нәрсе күмән деп. Егер үждаһат***** етсең күмәнға, Боласың кәпір жүдә деп. Өнген жері арам ба, Қара судан қолың жу, Садақа бер де, көңілің жу. Тамшы судан жаралып, Өскен жоқ па қара ну? Су бетінен қаймақ жеп, Естуіңіз жоқ па еді, Балапан тапқан қаз бен қу. Кұлақ қойдың ба сөзіме, Зейін қойдың ба өзіме? Топырақ пен күлге аунап Жұмыртқа тапқан тауық бар Құдіретін бір Құдай Көрсеткен жоқ па көзіңе?! Аққа бала аманат, Ақ сақтағай саламат, Тәрбиелеп таза бақ. Ақырында ақтығы Дүғашы болар өзіңе". Сонда Қыдырқожа сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: "Олай болса, Әспембет, Болған екен жолым, – деп, – Он күнде менің тойым, – деп, Сол тойымда болың, – деп, – Шапан киіп, ат мініп, Көтерілсін бойың, – деп. – Жерден тапқан баланың, Әшкере қылып халқыма, Атын келіп қойың", – деп. Содан біздің атамыз Ұлы думан той қылды, Жылқы мен сиыр, қой қырды Астана елді шақырды, Бүкіл қазақ жиналып, Тойға сыймай қапылды. Тарқайтын тойдың соңында,
*** Қатты. **** Жеңіл жүріс. ***** Талақ ету. Әшкере етіп халқына, Әспембет азан шақырды, Адай деп қойды атымды: "Тазбенен болсын егіз, – деп, – Бір емшегі таздыкі, Бір емшегі мұныкі, Егіздетіп еміз", – деп, Шақырып алып тапсырды Таз шешесі қатынды. АТАМЕКЕН Дастан Әлеумет, барда арыным, Айтқанын өткен кәрінің Барынша айтып берелік, Жеткізе алсақ сарынын. Көзім көрген адамда Абыл, Нұрым, Ақтаным, Осылар еді тақтағым. Осылай деп маған үйреткен Тарихтың ескі ақпарын. Қазақ бір деген ел едік, Қайырлы халық атанған. Үш қожаның* тұқымы Өсіп-өнген қатардан: Үйсін, Арғын, Алшын деп, Үш жүз болып атанған.
Әзіреттің кең ойы, Алты судың кең бойы Атамыз қонған жер екен. Көршілес елдер жау болып, Ойлағаны дау болып, Кетіпті бір кез берекем.
Алғыр судың бойында Алшын деген аз ауыл Қытайменен жау болып, Көшіпті, салып қарауыл, Аттың мініп жарауын.
- Қазақ рулары Қыдырқожа, Нәдірқожа, Сәдірқожа деген үш ағайынды адамдардан тарапты-мыс деген аңызды айтып отыр.
Көтеріп көшкен іргені, Жиынды ноқта, сіргені. Қарттар мен ерлер жиылып, Ортаға салған білгенін.
Айтулы ерлер бар екен Жүйріктері баптаулы, Найзалары саптаулы, Сауыттары сақтаулы. Қозы жауырын көк жендет Қорамсақпен қаптаулы. Ерлердің сойы бар екен Бірінен бірі мақтаулы.
Жауларын жасқай ұрысып, Біртіндеп төмен жылысып, Үдере қазақ көшкенде, Үйсін, Дулат – Ұлы жүз, Мұнарланған тау бойы Қаптата малын салған жер. Арғын, Қыпшак, Жаппастар Орта жерде Сыр бойы Өзінің қалап қалған жер. Саланың бойы салқын деп, Күнелтсін ұрпақ, халқым деп, Арқаның кең даласын Жайлады қазақ баласы. Сырдан төмен салада, Еділ, Жайық, Жем, Сағыз Елек, Қобда саласын Мекенденіп кетіпті Кіші жүздің баласы. Темірдің* басы құба бел, Сол жақта қалды бөлініп Әлім** аға бөлек ел. Еділдің басы – Мыңтөбе, Жайықтың басы – Орал тау, Електің басы – Есенбай, Қобданың басы – Шоңмұрын, Жемнің басы – Мұңалжар.
- Ақтөбе облысына қарайтын мекен. ** Ру аты.
Қонысқа солай тараған. Елдің көбі қалды бер жақта, Азы өтті ар жаққа – Нарынның анау бойына, Ішкі Ордаға – хан жаққа***.
Бұл қоныска келгелі, Билердің жиып құралын, Әбілқайыр, Нұралы, Бөкей мен Жәңгір хан болған, Халықтың басы даң болған.
Бер жағында кешегі Баймағамбет, Әлен мен Төресінген Төлендер Біріне бірі жармасты, Айдаһардай алжасты, Әл-қуатты барласты. Арандай ашып ауызын, Бірін бірі жалмасты. Біріккен бидің кеңесі, Ақсақал, биі, төресі Халықты алдап, қамдамай, Көрінді жұртқа албасты.
*** Адай деген ел едік – Абайсыз өскен алшаңым, Тәксіз өскен тарпаңым. Ерлерім өрдей қасарып, Жаратып сұлу ат мінген, Ебейдей төсі салынған, Егеудей тісі жанылған, Шеңбердей белі бүгілген, Еңіреудей көзі үңілген – Қоғадай жалын төгілтіп, Шортандай баурын жаратып, Жорық пен тойда жасанып. Әзіреттің ойынан Қаншама айлар көшкенмен, "Қашқын ел – олжа" дескенмен, *** Бөкей ордасы.
Талауға тағы көне алмай, Мал-жанын қиып бере алмай, Атырау жайлап, Жем көшіп, Атан, нарын теңдесіп, Арғымағын жемдесіп, Үстіртке қарай беттеген, Маңғыстауға жетпеген. О күндерде біздің ел Бір жерді мекен етпеген. Жатса да тұрса малының Қонысы естен кетпеген. Маңғыстауды жайлаған, Жұрт орнына қарасақ, Талай ел болған жер екен. Хорезмнің бектері: "Шашырап бізге, шеткері Қазақ деген қашқын келді, – деп, – Тілекті Алла берді", – деп, Ауылды тонап, малды алып, Күң мен құл ғып жанды алып, Тұтқынды қорлап кесектеп, Қазақтың көрсе жабысын, Қуалады есек деп.
Бұл хабарды есітіп, Біздің ерлер күйінді. Жата алмады үйінде, Сауыттарын киінді, Ат шаптырып жиылды. Ақпан деген айтулы Қарт батырдың үйінде Ететін болды түйінді. Жиналыстың ішінде Ерлер де бар қайратты Қытайға шапқан кешегі, Аждаһәдай айбатты, Жауын талай жайратқан, Садақтың оғын қайратқан. Сонда Ақпан батыр айтыпты: "Оң сапар бергей, Құдайым! Мен де Алладан сұрайын. Осы топтың ішінде Дабылы күшті ерлер бар, Қайраты асқан шерлер бар,
Миманасы тасқан дұшпанды, Жер тістеткен жерлер бар, Хорезмнің бектері Босқын ел деп шеткері, Әйелімді күң қылып, Жас баламды жылатты, Қылышын бізге сынапты, Бұған қайтіп шыдайын, Жолымды қылғай лайым!" Ақпан деген қарт батыр Ер басына қос атты – Жетелетіп жүргізді Жауға мінер бос атты. Қабырғадай саз болса, Жапалақ жауған қар болса, Айшылық жолға айдаса, Бұйдасын іркіп мойымас, Азықтарын айшылық Өңкей нарға қоса артты. Жетектегі аттар жарады, Шекесінен қарады. Киік пен қашқан құланды Соғып алып барады.
Бес жүз әскер ауыр қол, Бастығы Ақпан батыр сол, Көпті көрген көнеге Қараңғы тұман түнде де Сапар шегіп, жол жүрсе, Табылады екен сара жол, Бірнеше күндер өтеді, Қаратөбе, Манаты Деген жерге жетеді. Маңғыстауың сол күнде Қалың нулық жер екен. Бозарыстың түбінде Қарашағыр, Шадас құдық, Ордың бойы ел екен. Ерлер барлау салады, Жарықта байқап алады. Қалың елді еңселеп, Таң алдында барады. Желпіндіріп ту байлап,
Ерлерім тұрды ат сайлап, Көгалаң таң болғанда, Шақырды ұран айқайлап. Құлақты сүрен шалады, Ат дүбірі жарады, Мұңдық болған көп тұтқын, Елінің көріп ерлерін, Қуанып, естен танады. Бақырауық бектердің Салтанатын тәрік қып, Олжаға елді қарық қып, Шалқұйрығын дүбірлетіп, Ерлерім айдап барады. Бір күн, бір түн өтеді, Сәске мезгіл болғанда, Анық түске толғанда, Екі-үш жерден ту байлап. "Жекпе-жек!" деп айқайлап, Мың жарым кісі ауыр қол Артынан қуып жетеді. Екі жақ та айқасып, Ұрыстың болды ұлысы. Қатар-қатар тұрысып, Саржаның тартты кірісін.
Бөріктер ұшып торсылдап, Біреулер қалды қорсылдап. Қай жақтан да ер өлді, Аз өлмеді, көп өлді. Күннің көзі тұлданып, Батысы мен шығысы, Басылып ұрыс, көнерді. Шоқысында Қарақұс, Шығанақ теңіз тұсында Жағалай жатқан көп оба Солардан қалған жер еді. Жылдардан жылдар өткенде, Маңғыстаудай қонысқа Адайды айдап келеді. Сұрасаңыз, бозбала, Бұл ақиқат сөз ғана. Шежіренің сүрлеуін, Кәріден естіп білгенін, Осылайша әр жерде Қашаған айтып береді. ТОПАН Дастан
Ноғайлының елінде, Үшқиянның* жерінде, Асанқайғы бас болып, Қайғыменен өтсе де, Нарынды тастап кетсе де, Құтты екен бұл қоныс: Баққан қойы бүркіттей, Дулығасы үйген іскірттей. Кәрі биесі жал алған, Нарлары семіз қом алған, Кәрі саулығы шайлаған, Еркек қой мен тоқтысын Шаруасы ерте байлаған.
Ерлері бар еді егескен, Дұшпанымен шенескен. Абыройы асқардай, Не жақсымен теңескен. Құбарлан** ертіп, құс салған Лашын, сұңқар ұстаған. Елеуретіп екі жүйрік жетектеп, Сулығын алтын бедерменен кердірткен, Жалын сабау тіспен тердірткен. Мынау Еділ мен Жайық, Жем екен, Бұл жетімдерге жем екен. Шөбі малға май болар, Аш-арыққа жай болар. Қашаннан да бұл қоныс Құтты болған жер екен.
Өзегі де қайырлы, Аш-арығы сүйреп жейді екен Бекіре менен жайынды.
- Еділ, Жайық, Маңғыстау аймағы. ** Құбарлан – құмай тазы.
Балқашын орып мал жеген, Аралас үйрек-қаз жеген. Малының жақын өрісі, Құлынның ұзын желісі. Еділ мен Жайық, Нарынның Осылай екен келісі.
- Және бір жайды айтайын: Ноғайлының елінде, Үшқияның жерінде, Еділ мен Жайық кеңінде Талай хандар шалқыған, Шалқыған хандар алқынған. Едіге ерді кем көріп, Тоқтамыс елі шарпылған. Басында бақыт тұрғанда, Кәпірдің жұрты қорықты Орақ, Мамай даңқынан. Алшы, Смайыл, Қалусарыдан – Бақыт бұлардан да арылған. Патшалар да ауған тағынан, Мыңғырған малды байлардың Қоңсысы кеткен жанынан. Батырлар да өтті аруақты Қанжығасы қанға малынған, Берік сауытын жамылған, Дұшпаннан кегі алынған. Он сан ноғайлыны басқарып, Телағыс, Орақ, Мамай, Асанқайғы атам – Олар да кеткен екен ғой Мынау көлденең жатқан Нарыннан.
Мынау бір өткен уақиға, Бұдан да хабар берейін: Тайшық ханның елі толғанда, Тай тулап талқан болғанда, Орманбет ханның елі толғанда, О да келіп бір күні, Тай тулап талқан болғанда, Бір кұтырған құртқа жолықты, Орманбет хан сол кезде Қайтерін білмей торықты. Бүлдіруге көп елді Сол құрт себеп болыпты. Арша деген ағашқа Бір бозторғай келіп қоныпты. Сол ағаштың бойынан Құтырған құртты кағып жеп, Құтырып торғай шырлайды, Көкке қарай зырлайды, Қанатын сілтеп пырлайды. Өзінен зордан қаша алмай, Жүрегін торғай баса алмай, Шарықтап жүрген бүркітке Шапқан екен торғай тайсалмай.
Оқиға бұрын болған көп, Ойласаң, шығар түрлі кеп. Қара бүркіт кұтырды, Әлгі бозторғайды қағып жеп. Құтырып бүркіт желденді, Еділге қарай еңменді. Ұлы Еділдің бойында Жүзіп жүрген нән балық, Салған екен соған шеңгелді. Нән балық жанын қарманды, Желігіп келген бүркітті Жұтып салып, жалманды. Бір шай ішім мұрсат болмады, Нән балық та құтырып, Суға сыймай сандалды. Желігіп балық сандалып, Жағаға шықты қайырлап, – Қайырлап жатқан балықты Су жағалап қыдырған Көрген екен батыр Сайынжап. Балықты жеді елі алып, Жеген елдер құтырып, Біреулерді біреу жеп, Азайған сөйтіп көп халық.
- Бұл қоныста көп еді Талай бір толып шалқыған. Жем аяғы пайда деп, Келуші бұл жерге Мал іздеген талапкер Ырғыз бенен Торғайдан, Қара өзен мен Сары өзен, Ішкі орданың халқынан, Хиуаның түрікпен, сартынан, Пайдалы деген даңқынан.
Қайтушы еді еліне, Мекен еткен жеріне, Амал* жұлдызын атқарып, Ақшаға жаны толулы, Әбден жолы болулы, Азаматтары мақтанып, Келгені жаяу аттанып, Көңілдері шаттанып.
Жем аяғы бұл күнде Толығып еді мал айдап, Төрт түлік дәулет – қара айдап.
Сарытау*, Самар, Қазаннан Талапқа келген саудагер, Бұ да көкке қарады, Қазына жинап сарайлап.
"Сахараның елі шашық, – деп, – Баруға алыс, қашық, – деп, – Шаңды аяқ елге бармалық, Келе алмаспыз асып",– деп, Кемітуші еді жек көріп Қой бақканды корлық деп, Наданның сөзі зорлық деп Сахараның елін көшпелі. Бүгін де бұлар талаптан Ақша тапты есептеп. Мамықтан жақсы төсек деп,
- Март айы. * Сарытау – Саратов қаласы.
Тасқандардан сөз шықты, Сиырдан жақсы есек деп. Көп болды сондай тасқандар, Әлдерін білмей асқандар. Пиғылынан солардың, Қабыса жаздады аспан, жер.
Тәкаппарлар көп еді, Төгілуге, сірә, дөп еді. Бұл арада мал тапқан Бір шүкірлік қылмады. Бір азамат ерде дәулет кем болса. Қабаннан жаман Қарынбай Жан екен деп оны білмеді, Көзіне тіпті ілмеді. Мінейін деп, базардан Жүз теңгеге ат алды. Киейін деп, базардан Қызыл күрең зат алды. Ауылдағы қатындар Өзі барып, базардан Қымбатына мата алды. Қара бешпент, ақ көйлек "Мынау кімнің қатыны" атанды. Сахарадан ауылы көшкенде, Сиырға жүгі сыймаған, Арқалап жанын қинаған, Бұл уақыттар болғанда, Кәрі қоспақты мал демей, Түзеді нармен қатарды. Күрпішатқа ұнменен Болмаса егер первый чай, Третий астық, кантон чай, Арам астай жиреніп, Аузына зорға апарды.
Сорпаны төкті майменен, Сусыны қанып шайменен. Қалаға келген билері Арақ ішіп елірді, Кеудесі бұған семірді. Папиросы шегулі, Тиіссіз жерге дәулет төгулі. Етпеді шүкір қанағат,
Тап болмай кайтсін ғаламат.
Қайыры жоқ кілең қаста бай, Айдаған малға қуанып, Қой, қозыға жұбанып, Қалалы жерде мырзасы Қос арғымақ пар жегіп, Тарантас арба туарып, Кәршөндікке қамалып, ІІІалқыды талай мас болып, Нәпсісін шайға суарып. Нешелер дариямын дегеннің Талайы қалды енді суалып.
- Құтырынған бір құйын Кетірді-ау жаман ел күйін.
Қара дауыл соқты да, Үй қирады бесінде. Келер деп мұндай уақиға Болмады жұрттың есінде. Ғаламат болды айтқандай Жұманың ақшам кешінде. Таудан биік сеңдерді Бұлтпен бірге көшірді. Адамның алды жатқанда, Кез ұйқыға батқанда, Терезеден су күйды, Биіктен келіп сең үйді. Қызылды-жасыл су жүрді. Сұрапылдың желі зулады, Зілмәнкенің үстінен Ұлтарақтай қара жер таппай, Қол ұстасып жұрт шулады. Садақа айтты сасқанда-ай, Зілмәнкенің басынан Мұз жапырып асқанда-ай. Мылтықтың атқан оғынан Бір де осал тимеді, Құтылмады қашқандар. Екпінмен мұздар соққанда, Кәршөндіктегі мастардың
Кеудесі кетіп, бас қалды. Түкірігі жерге түспеген Тәкаппарлар мұзды жастанды. "От ішінде сақта" деген сөз Қайсысын аман сақтады?! Ғаламат мұндай болған соң, Таңертең тұрып қараса, Кейбіреу жетім жас қалды, Талайлар мұзды жастанды.
Біреулер қалды атасыз, Біреулер қалды анасыз, Біреулер қалды баласыз, Біреулер қалды жалғыз қарасыз. Аюдан мықты білекті, Қабыландай батыр жүректі, Кесті деп Алла тілекті, Ел айрылды ерінен, Сөзіменен дем берген, Адасқанға жөн берген, Ақылгөй абзал көлінен. Кербездер кетті керілген, Бір басуға ерінген. Пір параны мұз алды, Біреулердің белі сынып майрылды, Біреулердің қанаты сынып қайрылды, Бір атадан біреулер Жалғыз қалып, қайғырды. Талай кетті бозбала, Талай сұлу қызғалдақ, Талайдың кетті әсемі. Таспағанга тасқанның Бұ да тиген әсері.
Қырғауылдай қызыл нар, Алшаңдаған асаулар, Азбарда тұрып жем жеген, Аяғын әсем сермеген, Кербездер мінген ат кетті. Байлардың жиған тырнақтап, Сарала деңмент қылып бау, Мұра деп салған зат кетті.
Әкімдер кетті мөр алған, Бақытпен байтақ ел алған. Білдірмей келген апатты Қайсысы соның көре алған?! Қайыры болсын артына, Талайлар солай жоғалған. Ғаламат болды айтқандай, Әркім қалды татырап*. Уақиға болды қауыста, Алдында өтті ақырап. Бәйтеректер жығылды, Төгілді суға жапырақ. Бір параны мұз алды, Бір параны жел алды. Аяулы талай жандардың Ит пенен қасқыр жеп, Кеуделері қызарды. Бір атадан жүзден көп, Бір атадан мыңнан көп, Көме алмай, жерде тоң қалың, Арбамен үйді сатылап. Ғаламат мұндай тұс болды, Алтындар азып мыс болды. Әлпештеген арудың Кеудесіне қара құс қонды.
Ғаламат болған күн болды, Көз көрмейтін буалдыр Қараңғы тұман түн болды. Орыстың баржа кемесі, Мықтап қаққан шегесі Бір соққанда дауыл күл болды. Су тасқыны тау болды, Таудай толқын жау болды. Соққан желдер күш болды, Мұндай заман түс болды. Түн ортасы болғанда, Желдің түбі бұрылған, Бәлеге қашқан ұрынған Малынан пайда көрмеген
- Сасып қалу.
Қанағатсыз Қарынбай, Барын жоқ деп құрынған.
Жұлдызды жатқа санасақ, Қисап етіп қарасақ, "Мың тасқанға – бір тосқын" Бар емес пе еді бұрыннан?! Кейіндегі бозбалалар, Налымаңыз, шырағым, Күндердің күні болғанда, Көк дария көл болса, Бай мен жарлы тең болса, Суда – балық, қырда – егін, Бәле-бәтер жоқ болса, Диқаншылық көп болса, Талаптың күші сел болып, Кетерсіз дағы ел болып. ҚАРАСАЙ, ҚАЗИ (Қашаған ақын жырпаган дастан нұсқасы)
Өткен заманда Ноғайлы дәуірінде Құрманбай деген бай болған екен. Өмірінің бойында ол кісіде ұл да, қыз да болмапты. Күндердің күнінде әйелі жүкті болып, ұл бала тауыпты. Баланың қуанышына үлкен той жасайды. Тойға қазақ-ноғайлы халқын түгел шақырады. Тойға тігілген үй мен келген адамның саны көп болады. Адам көп болғандықтан, көптің ішінде тентек пен теліден қауіптеніп, тойды басқару үшін Қырымның қырық батырын іздестіреді. Сұрастырғанда, олар әлі тойға келмеген екен. Орақ батырдың өлгеніне бір жыл толып, оның қарасына Орақ батырдың қабан құлақ қара атын сойып, олар сонда жатыр екен. Екінші рет шақыртқан-да, олар тойға келеді. Тойдың басқару міндетін батырларға тапсырады. Қызық той бірнеше күнге созылады. Бір күні түс қайта құбыла жақтан жұлдыздай бұрқыраған шаң көрінеді. Ол бір атты кісі екен. Ол қазақ-ноғай халқын түгелдей басқаратын Қондыкер деген патшаның шабарманы болады. Шабарман осы көпшілікке патшадан хат әкелген екен. Хатты беріп, өзі кейін шауып кетеді. Хатты азар дегенде шала сауатты бір шалға оқытып көрсе, он екі баулы қазақ-ноғайды басқаратын Қондыкер ханның хаты болады. Ханның хат жазу себебі мыналай екен. Мұсылманның Қондыкер деген ханына қалмақтың Күзбан деген ханы: "Бүкіл еліңмен соғыс жасамай бағын, болмаса қызыңды қатын, үйіңді отын етіп шауып аламын, ұрысатын болсаң, қапы қалма!" – деп хабар салған екен. Содан Қондыкердің қалмаққа бағынғысы келмей, Қырымның қырық батырына (бұның
ішінде атақтыларына) мына төмендегі мазмұнда жазылған хат екен (және жауды қаласынан шығармай барып жойың деген екен): Әуелі, дұған сәлем айт, Мекен еткен Еділ сағасын Аузы түкті кәпірдің Бітірмеген жарасын, Аузы түкті кәпірдің Еңіреткен қатын-баласын, Ат үстіне мінгесін, Қазақ бенен қалмақтың Ашқан екен арасын, Қысас болған қалмақтың Талай жыртқан жағасын, Көк Еділ мен Самардың Кестірмеген ағашын, Дұшпанға намыс бермеген, Дұшпанның көңілін көрмеген, Мылтық пенен зеңбірек Оғы тисе де өлмеген, Мұсылмандардың бәрін ес деген, Ерлердің бәрін дос деген, Кәпірдің бәрін өш деген, Жазыммен тиген жалын от Терісіне қажау салып теспеген, Қызыл шұбар ту алған, Алмасын қанға суарған, Дұшпанын көрсе қуанған, Елдің ішін толтырған Қалмақтың қызы мен жуаннан. Мұнартып жатқан дария, Қатуланып ақырса, Қара жер болды суалған, – Сүйініштің ұлы батыр Қазтуған Сізге арнаған хат екен Ежелден қапа болмаған.
Және дұғай сәлем айт, Астына мінген ақтабан, Ақтабаннан басқа жақпаған, Дүшпанға қарсы шыққанда, Ерлердің бәрі мақтаған, Қорамсақ толы көп оғын Алтынменен қаптаған, Он жасына келгесін, Төсекке түзу жатпаған, Бір өзінің дәл басын Мың кісіге шақтаған, Аламан қырмен өргізсін, Әскерін қырмен жүргізсін, Менің жазған бұл хатым Іркілмесін барғасын, Қалмақтың қара қошқыл ханына Суарсын келіп алмасын, – Көгістің ұлы ЕрТама, Бұ да келсін, жаудан қалмасын.
Және дүғай сәлем айт, Мұниям байтақ шәрінен Дию, кәпір бәрімен Жалғыз өзі жау болған, Қырылған әскер сүйегі Асқарала тау болған, Бұлағай салып бу етсе, Бұдан да аман сау болған, Барлардың қара тасын атып сындырған, Халықтың көңілін тындырған, Ханның да көңілін тындырған, Ханның қызы Ақжүніс Ат сауырына мінгізген, Шағаннан қалмақ сайланған, Қалмақты қойдай айдаған, Балқашқа малды кіргіздің, Ноғайға дәурен сүргіздің, Алты мыңдай келген қалмақтың Бәрін қоймай бір жойдың, Неғыларыңды өзің біл, Мөр басылды қағазға, Қарсының ұлы Ер Тарғын, Атыңды жазып, қол қойдым. Және дұғай сәлем айт, Анасы өткен ақ Меңді, Ол бойына біткенде, Толғатып тұрған қырық күн, Қайғы жеп еді күн мен түн. Қорамсақ толған көп оқты Ор аузына төккен ер, Мұсылмандардың қамы үшін Қиындық, жапа шеккен ер,
Атқан оғын сұрасаң, Алты қырдан әрмен зулатқан, Астына мінген тұлпарды Шабуылмен қунатқан, Байласын белге алмасын. Арып-ашып талмасын, Атақты ердің баласы Нәріктің ұлы Ер Шора – Бұ да келсін, жаудан қалмасын.
Және дұғай сәлем айт, Аламанды бастап меңгерген, Ерлердің бәрін тең көрген, Дұшпанның бәрін кем көрген, Көк сүңгісін алға өңгерген, Талай жерден жол көрген, Садағын сала байланған, Астана жұртын айналған, Қылжуырдай қисайған, Қалмақты қырса, тыншайған, Ар алған талай қамалдан, Мұсылманның батпай жатқан жауынан Оза шауып талай жол алған, Аттанды деп есітіп Қорыққаннан ерлерім, Кетпей тұр аузым тобамнан, Кетпей тұр қолым жағамнан, Сәлем хат осы жеткен соң, Аламанды бастап келер деп, Дәмелі болып мен тұрмын Қарт Нәрік сынды ағамнан.
Және дұғай сәлем айт, Қалмақтың алған елдерін, Елін жаман бүлдіріп, Тартып алған жерлерін, Тартып алып, меңгерген Дария шалқар көлдерін, Менің келді жансызым, Есіктегі күңменен Құл болмаса қойдағы, Қалмақтардан бұл күнде, Бізге қарай бағыттап, Аттанды деп айтып тұр
Қыбырлап жатқан аймағы. Мына сөзді есітіп, Есіме түсті қайдағы – Бұ да келсін батырым Қыдырбайдың ұлы Ер Қобылан, Туа бастан ер болған. Ерлігінің белгісі – Қолына талай ел қонған, Оза шауып олжа алған, Жасанған жауға қол салған, Айдарлысын құл еткен, Тұлымдысын күң еткен, Алдына айдап мал салған, Қайратың кандай хансың деп, Иә бір қыбырлаған жансың деп, Сәтемір хан мен Сәтті хан – Екі бірдей ақсұлтан, Екеуіне де хабар жар салған. Алмасын шапса – кеседі, Жау көрсе – көңілі еседі. Қайратын көзім көрген жоқ, Қыдырбайдың ұлы Ер Қобылан, Атын айтып әркімдер, Мұны да Қобылан, Қобылан деседі.
Және дұғай сәлем айт, Алтын сарай ішіне Ерлердің бәрін жидырған, Садақтың оғын құйдырған, Мылтық пенен зеңбірек, Мұның дағын жидырған, Атасы өткен Бүркіт хан, Билеген елі бес мың сан, Қаумасынан кетпеген Бас көтерген мұсылман, Дұшпанға қарсы шыққанда, Оқ дәрісін арттырған, Арбаға пұттап тарттырған, Жөнелер кезде той етіп, Ат бәйгісін шаптырған, Бір параға нар беріп, Бір параға ат беріп,
Бір параға сарпа* жаптырған, Байтақ малды сойдырған, Астана жұртын тойдырған, Аламанның сыртына Күзетші, сақшы қойдырған, Қара көңіл жаманды Сағатқа қоймай, жойдырған, Шариғаттан басқаны Құлағына алмаған, Өз көзімен көрмесе, Айтқан сөзге нанбаған Руза мен бес намаз Біреуін қаза салмаған, Уәде, каулы етіссін, Уәделерін бекітсін, Сәлем хат осы жеткен соң. Бүркіттің ұлы Ер Әділ – Бұ да қалмай, жаудан жетіссін. Және дұғай сәлем айт, Күндік жерден оқ атқан, Атқан оғын алты қырдан әрі жоғалтқан, Ерте тұрып, кеш жатқан. Күндіз жүріп, түн қатқан, Қабағына қарыс сүйемге жақын мұз катқан, Айдаһармен, аюмен Қойындаса келіп бір жатқан, Айдаһардың ішкен су Қордасынан келіп дәм татқан, Астында мінген тұлпары Қабан құлақ қараша ат Дұшпанға қарсы шапқанда, Қаршыға кұстай парлаған, Айдаһардың жүрегіне Қолдарын салып барлаған, Дулығалы бастарды көп кескен, Дұшпанды көрсе, өштескен, Менің жебедей жауһар қияғым – Өлді деп тұр ғой Орағым. Орағымнан қалған қарағым, Айналайын Қарасай, Аламаннан, қалқам, қалмай кел, Қабыл болсын талабың!
- Қымбат, асыл маталардан тігілген шапан.
Осы хатты оқығасын, атағы шыққан батырлар баруға даярланып, қару-жарақтарын, әскерлерін дайындай бастады. Қарасайдың мінуге аты, тағынуға қару-құралы болмайды. Қарасайдың ат алуға және пұлы да болмайды. Қарасай: "Бұл патша менің атымды тумай жатып қайдан білді екен? Бүйтіп жұрт қатарынан қалғанша, өлгенім артық қой", – деп, жұрттан жасырынып қашып, екі ауылдың ортасындағы бір апанға келіп жылап жатады. Қарасай жылап жата тұрсын. Ендігі сөзді Қарасайдың шешесінен естіңіз. Орақ батыр тірісінде Алауса-Масал деген қалмақтың қаласын шауып, көп әскермен келе жатып, бір ауылдың дөңіне келгенде, ол ауылдан бір қыз сияқты ақсақ әйел адам дәретке барып отырған екен. Дәретін болып, жүре бергенде, дәрет еткен жерінен аспанға қарай қара түтін көтеріледі. Сонда батыр: "Апыр-ай, мынау тегін түтін емес!" – деп, атын бауырға салып жіберіп келсе, жаңағы қыздың дәреті жерді күйдіріп, түтіні аспанға шығып жатыр екен. Соны көреді де, батыр әскерін сол араға түсіреді. Өзі қасына Қосай деген батырды ертіп, ауылға түсіп, сұрастырып қараса, ауыл Шәлгез деген батырдың ауылы екен. Қыздың оң қолы жазылмайтын бүкір екен, бір көзі соқыр екен. Батырдың қызы бар дегенді естіп, байдың ұлы мырза, бидің ұлы шора, әнші-домбырашылар айттыруға келіп, көреді екен. Көрсе, әлгідей жеті мүшесінің үшеуі жарымжан болғасын алмай кететін көрінеді. Ауыл иесі дана, қатыны өлген қырқар, тоқал құмар шалдар: "Бала көтерсе, болады", – деп айттырса, оған қыз бармайды екен. Сөйтіп жүргенде қыздың жасы қырықтың біреуіне келген екен. Сонда Орақ батыр сол ауылда отырып қызбен бетпе-бет сөйлесіп, оны әйелдікке сұраған. Сұраса, әкесі берем деген, қыз да осы кісіге барам деген. Орақ батырдың ол уақыттағы ойы: "Осы әйелден бала туса, өзімнің аруағымды ұстайтын бала туар", – деп ойлап алған екен. Бұл кісіден үш бала туады. Олар Қарасай, Қибат, Қази. Шешесі үлкен баласы Қарасай апанда жылап жатыр деген соң, өзі баласына келген екен. Сондағы айтқаны:
Пәруардігер Жасаған, Өзектің жолын өртеттің, Жүректі қайғы, дерт еттің. Қарасайдай қарағым, Ішкі сырыңды айтпастай. Мұнша неге серт еттің? Атаға тартпас жаман боқ, Сенің жау жаулаумен ісің жоқ, Саған тисейші жалғыз оқ. Қарғаған қарғыс жетті ме, Біреудің сөзі өтті ме? Иә болмаса, шырағым, Жасы кіші бала деп,
Біреу зорлық етті ме? Неғылайын, Жасаған. Бұл күндері болғанда, Ақсұңқар құстың баласы Құладың болып кетті ме? Сенің атаң сұлу таңдаған, Асылын жұрттың аңдаған. Сонда менің аяғым ақсақ, көзім көр еді-ау, Мені айттырып, соңымнан қалмаған. "Асыл бала болар, - деп, - Ажалым жетіп мен өлсем. Аруағым сонда қалар!" - деп. Сөйтіп алғаны мен едім. Бір жеріңнен дәмем бар, Сен бойыма біткенде Айдаһардың мен жедім Жауырыны мен төс етін. Және алдырып бір жедім Көзі менен ерінін, Бұдан да жерік қанбаған. Қанбағасын, карағым, Аюдың жедім қол етін, Жолбарыстың жедім жон етін, Пілдің жедім сан етін. Атаға тартпас жаман боқ, Жау жаулаумен ісің жоқ. Төсекте жатып жылаумен Өлер болдың ба, сен жетім?! Отын алып от жақсақ, Таяқ алып мал бақсақ, Өз-өзіңе пышақ сал, Қазаңнан бұрын өле қал, Көре-көрме тіпті ел бетін. Мен өз-өзімнен еліктім, Сен бойыма біткенде Жеті айдаһар жыланның Тірідей қосып басын бір шайнап, Сонда қандырған бейбақ едім-ау жерікті. Сонда Қарасай апаннан шығып, шешесіне сөйлейді: Келіп тұрған қарт ана, Ақылың асқан сен дана. Айтпасам, нені білесіз, Мен бүгін тойға барғанда,
Қатар-қатар ат келді. Ат үстінде бір азамат – Хабаршы бір адамзат келді. Ұзындығы үш құлаш, Көлденеңі бір құлаш, Бойға таза сақтаулы, Алтын сырмен қаптаулы, Алақандай мөр басқан, Оқыған адам адасқан Бір қызыл мөрлі хат келді. Оқытып тыңдап қарасақ, Қондыкердей ноғайлы Патшаның жазған хаты екен. Еліме қалмақ келді деп, Аңсырап жүрген ерлердің Тілеуін Алла берді деп, Күзбан деген күшті жау Мұны келіп көрсін деп, Тәңірім берсе тілекті, Қозы жауырын қол оқпен Сыбағасын берсін деп. Ерлердің бәріне де сәлем жазыпты Аруақты батыр баласы Қарасай да қалмай келсін деп, Атаға тартпас ұл болса, Мал бағу үшін туған құл болса, Үйінде жатып өлсін деп, Мен сорлының атымды Қағазға патша іліпті, Патша қайдан біліпті? Көрмесін патша жорықты, Патша қайдан білді екен Мендей жетім ғаріпті? Барайын десем бұл жауға, Атсыз қайда барамын? Егерде атсыз жөнелсем. Маңдайымды күн тесіп, Табанымды жер тесіп, Бір майданда қаламын. Атамнан қалған тұлпарым - Қабан құлақ қара ат жоқ, Атасы кәпір дұшпанға Жаяу бармақ санат жоқ,
Ұшайын десем, қанат жоқ, Өзім барып алмадым Қалмақтың соққан қаланы. Етіме кажау салдырып, Түсірмедім жараны. Мен қалмаққа бармасам, Атаның орнын алмасам, Жұрт келемеш етеді. Жұрттың еткен күлкі сөз Сүйегіме жетеді. Мұндай қорлық көргенше, Жасымнан өлсем не етеді?! Тәңірім, тілек бермедің, Көздің жасын көрмедің. Астымда атым бар болса, Айналайын қарт ана. Жауға бармайтын жаман туған сенен мен бе едім?! Сонда кемпір баласының сөзіне қуанып: "Атың жоқ болса, атың табылады, азды-көпті малыңды бер, оған түспейтін болса, қарындасың Қибат сұлу бар, біржар қараның жетпесіне алса, мені де бер, қалайда ат тауып, жауға аттан, қатарыңнан калма" – дейді. Бірақ бұл сапарға тек тұлпар жарайтын болады. Сондықтан төрт жігітке ат қаратып жібереді. Және: "Тұлпарды сендер танымассыңдар, тұлпар деген жусаған сағатта басын сауырына салып кұс құсап жусайды. Егер осындай ат табылса, арығына қарамай, саудалаңдар",–дейді. "Басқа ат саудаламай-ақ қойың",- дейді. Ат іздеген жігіттер бір жерде бір кәрі тарланның басын сауырына салып жусап тұрғанын көреді. Атты елдің ортасына қарай айдап келіп сұраса, бұл аттың иесі Көкшенің ұлы Ер Қосай деген кісі екен. Қосай сол кезде тоқсанға келіп, алжып жатыр екен. Қосайға келіп атты сұрап қараса: "Әлі жаудан ойым бар", – деп, атын бермейді. Келген жігіттер ұзақ саудаласып, атты алатын болады. Сонда Қосай Қарасайға мынадай сәлем айтады: "Менін атыма 9 құл, 9 күң, 9 сусар тон және Ноғайлыдағы сұлу карындасы Қибатты маған тоқалдыққа береді', – деп сәлем айтады. Қарасай осыған келісіп, атты алған екен. Келген атты таң асырып байлап қояды. Таң ата Шолпан жұлдыз белгі бере бес қаруды белге байлап, ат мінейін деп келсе, қарындасы Қибат аттың шылбырын беліне орап алып, мына сөзді айтады:
Ардақты ағам Қарасай, Менен үлкен сен едің, Сенен кіші мен едім. Атам Орақ өлгелі Қайғымен уайым жеп едім.
Атам тірі тұрғанда, Қай қазақтан кем едім?! Жамандарға көп едім, Жақсыларға еп едім. Атқа тұрман саласың, Жалғыз тайға саудалап, Мені сатып барасың. Мен қарғасам - тай өлер, Ит пен құсқа жем болып, Бір жапан түзде қаласың. Жүретін едім сағынып, Жалғыз тайға сатқандай Күнәлі болдым неғылып?! Күнәсіз болсам, Қареке, Сенің өлгенің жақсы қағынып. Мырзаға көңілімді бермеген, Сұмырай басым, қайтейін, Бір алжыған қақбасқа Қаламын ба бағынып?! Алманың мойным сабындай, Менен ару бар ма еді Мүниям жатқан табыңда-ай?! Ашпаған екен бағымды-ай. Бір жараткан Аллаға Мендей жетім неғылды-ай?! Маңдайым күндей балқыған, Ажарым нұрдай шалқыған, Қастарым қама құндыздай, Көздерім Шолпан жұлдыздай. Қасиетіме қарасам, Атқа тақкһқан андыздай. Жылатып шалға берер ме Мендей сұлу жалғызды-ай?! Шал аузына қор қылма Жауқазындай етімді, Күн көрмеген бетімді. Менің ағам сен болсаң, Жаман көрдім ниетіңді. Көп өтініш етемін Тілімді алсаң, ағажан, Жылатпа мендей жетімді. Сонда Қарасай қарындасынан жеңіліп, тумаластық еске түсіп: "Қарағым, сені жылатып кеткенше, жаяу кетейін", – деп, аттан секіріп
түсіп, бес қаруы белінде жаяу жүгіріп кетеді. Ел тоқтатуға қорқады. Шешесі мүгедек, үлкен кісі ғой, қоштасып үйде қалған екен, соған халық хабар береді. "Бір себеп болып балаң жаяу кетті, ол жауға да, ауылға да жете алмайды, далада қалады", – деп хабарлайды. Сонда кемпір тұра жүгіргенде ұйықтап жатқан баласы Қазидың басына сүрініп жығылады. Сонда Қазидың басын ұстап отырып айтқаны:
Басыңды көтер бермен, Қазижан, Атады бізге неғып таң? Жаңа келіп отырмын, Аузымнан кетіп қара қан. Жаяу кетті жалғызым, Болмады айла етерге. Алған атын бермеді, Айтсам, сөзім өтер ме, Соңынан қуып жетерге? Есіктің алды қос терек, Біреуі бар да, бірі жоқ. Бір желіде қос тұлпар, Біреуі бар да, бірі жоқ. Бір ұяда отырған Бір лашын, бір сұңқар, Біреуі бар да, бірі жоқ. Бір айдаһар, бір жылан Оның да біреуі бар да, бірі жоқ. Ойлап-ойлап қарасам, Айым жатыр, күнім жоқ. Көкірегім толған шер, Енді болдым қара жер. Жаңағы кеткен карғама Бабай түкті шашты Әзиз, Сыртынан қолдап, көмек бер. Сонда ұйқыдан оянып, Қази ағасын сұрап, кетіп қалғанын естіп, тұра жүгіріп келе жатып айтқаны: Мына сөзді есітіп, Ұйқыдан Қази тұрады. "Қарекем қайда кеткен?" – деп, Анасынан сұрады. Сұрады да жылады, Жылады да жүгірді. Жүгіре-жүгіре келеді, Бұ да жаннан түңілді. Сөйтіп жүріп сөйлейді: "Қолымнан кетті көмегім,
Белімнен кеттің, демеуім, Алланың берген медеуім. Жалаң аяқ, жалаң бас Жүгіре-жүгіре келемін, Әлде қашан көремін? Көре алмай қалсам осыдан, Қайғыменен қан жұтып, Қайғырып мен де өлемін. Ішіп-жеуге нәрім жоқ, Бір жаратқан Алладан Болмаса менің қорегім. Айрылып қалдым мен жалғыз, Алла қылды, амал жоқ. Енді байқап қарасам, Қарасай ағам маған жоқ. Еңіреп қалған қарт ана, Қарасай мен Қази саған жоқ. Айбары едің елімнің, Елімде сендей адам жоқ. Халқымның кетті қаласы, Айдаһардың кетті баласы. Бастыратұғын болмады Табандарымның жарасы. Жасаған Жаббар Құдай-ай, Бұл күндері болғанда, Аңдып жүрген дұшпанның Қанатын болды табасы. Қази жылап келе жатқанда, алдыңғы кеткен Қарасай шаршапшалдығып, енді жүруге әлі келмей, табаны тесіліп, маңдайы кесіліп, бар киімін шешініп, екі аяғын көсіліп, майдан далада, тау шатқалды салада есі кетіп еңіреп, аузын ашып отыр екен. Үстіне Қази келіп, екеуі жарлылықты, жоқтықты айтып отыра береді. Сонда қарындасы Қибат ауылда отырып әр түрлі ойға кетеді. Қосайдың тарланын алып келген күні түс көріп, бұл кеткенде Қарасайдың жауды жеңе алмайтынын біледі. Қази да жаңа түс көріп жатқанда шешесі оятып жіберген екен. Қибат ойлап-ойлап: "Атты апарып берейін, көнсе, екеуін, көнбесе, біреуін алып қайтайын",- деп тарланға мініп, арттарынан қуып жетіп, Қарасайға сөйлеуге корқып, Қазиға айтқаны екен: Кел, Қазижан, елге қайтайық, Ағамен қой-қош айтайық. Қареке, кетіп барасың, Көрерміз бе енді біз жарық? Біздер шулап жылаймыз
Құс ұшпастың құба шөлінде. Орақ, Мамай хан болған Он сан Ноғай елінде. Жолдасыңды жауға тастасаң Халыққа қайта көрінбе. Ұйқыда жатып түс көріп, Бір ғаламат іс көріп, Ат бермей қалдым сынарға. Атам Орақ, Мамайдың Сүйегін тұтам асылдай Келген жері бар ма еді. Барса, жауын қашырмай?! Сол атаның орнын алдырма, Етіңе қажау салдырма. Буыршын мен бесті атан Құладын құсқа да шалдырма! Айналайын Қазижан, Еділ қайда, ел қайда? Болып тұр ма, карағым, Сенің де көкірегіңе жел пайда? Кайсыбірің мінерсің Айналдырған бір тайға?! Ойлап-ойлап қарашы. Орынсыз қалып шұнайма! Сонда Қазидың айтқаны: Апырмау, қалай сөйлейсің, Мен артыма, апа, қараман. Семірген атам жарадан. Көкемді жалғыз жіберіп, Мұнда неғып қаламын?! Ауырып өлсе бір жерде. Сүйегі қалмай ма далада?! Атадан жетім қалдырды Құдіреті күшті Жасаған. Жер тебіренткен Орақты Сұм қара жер асаған. Көкемді жалғыз жіберіп. Мені қара баса ма?! Мұнда қалып, мен енді Не бұйымға асамын?! Шыққанмен жаяу елімнен, Қоштасқанмын шығарда Асу асқар беліммен,
Мамыр үйрек, қаз бен қу, Шағалалы шалқар көліммен. Мен саулық баста тұрғанда. Қорқа алмаспын қалмақ ерінен. Ажал нәубет келген күн Қай пенде қашып құтылған Алланың қазған көрінен?! Апеке-ау, қалай сөйлейсің, Мен де бір белгілі туған перімін, Мен көкемнен тіпті қала алман! Мен бойына біткенде Жеріген Анам арамнан. Көкемді жалғыз жіберіп, Мен кең қонысқа қарай тіпті бара алман. Және мен құладын құсқа көз салып, Қанжығама қаранғам. Неғылып шыдап тұрармын Жіберіп тұлпар қарамнан?! Ноғайлының ерлері Түсімде торға оралған. Торға қалды оралып, Келер жылы болғанда Екі құс барды соңынан, Шалқұйрықтарын таранып. Торға қарай құстар түйілді, Қанаттарын қомдап, шүйілді. Неге жаздым торды деп, Тордың иесі күйінді. Осы сапар қайт, аға, Сұраймын сізден бұйымды. Тыңдамасаң айтқанды, Шығарарсың жаудан шиіңді. Сонда Қарасайдың берген жауабы: Азып туған кілең боқ шіркін, Мұндай сөзді сөйлемей, Апаңменен елге қайт. Қазижан мен Қибатым, Жер тепкілеп ырғиды Байлаулы тұрған Ғиратым. Алла берсе тілекті, Шығарармын жаудың биратын. Қазам жетсе - өлермін, Қазасыз болсам - келермін,
Бітпеген болса ажал ширатым. Және айтамын сіздерге: Ажал жетсе - өлермін, Атам Орақ, Ер Мамай Бүлдірмеген жаудың нелерін?! Бөрі тиген қойдайын Ортасынан бөлермін. Мен - бір қайнаған қара бұлтпын Желге қарап өрлеген. Жаудан қорқып тұрар ма, Асыл болса ер деген?! Атам Орақ, Ер Мамай Қасарған жауға кел деген. Мен - бір жез бұйдалы нар тайлақ Сүйретіп жез бұйдасын. Желге карай өрлеген. Және мен - жез шынжырлы құнан піл, Сүйкенермін барып қалаға. Тәңірім берсе тілекті Сонда біздей жетім балаға! Сен апакеңмен елге қайт, Алды-артыңа қарамай. Мұнша жерге келгенсін, Кеткенімді халық білген соң, Енді елге қайта жүгіріп, Мен бір доп ойнауға шыққан бала ма? Айналайын інім-ай, Қызғалдақтай қызыл гүлім-ай, Енді ауылға мен қайтсам, Ұят болмай ма мұным-ай?! Алып келермін Қосайдың Тоғыз сусар қара тоны мен Тоғыз күң мен тоғыз құлын-ай Ұйтқыған жүрек басылмас Бір тайпа елге ұрынбай. Сендер айтқан түстерді Мен де көргем бұрын да-ай. Бірақ атам Орақ, Ер Мамай Талай түскен тіркеуге. Мұнан да келген аман-сау, Мұрындығы жырылмай. Сен апаңмен елге қайт, Мен кетейін енді бұрылмай.
Осы сөзді айтып Қибат пен Қазиді елге қайтарып, өзі көк тарланмен тартып кеткен екен. Көк тарлан әрі арық, әрі кәрі, әрі бапталмаған. Соған қарамай, әуелгі екпінімен шаңды шаңға ілестірмей, Қибат пен Қазидың көзінен ғайып болады. Әрі-бері шапқаннан кейін тұлпардың екпіні қайтьш, тек желе шоқырақтап отырады. Содан батыр тұлпардан күдерін үзеді. Тұлпар екпінмен елден он екі күндік жерге ұзап кеткен екен. Қарасай: "Бұл мені енді елге де, жауға да апармайтын болды, мені далаға қалдыратын болған екен",- деп қылышты суырып алып, бір жерді белгілеп алып, "соған дейін шапсаң-шабасың, шаппасаң-басыңды өзім-ақ алайын",-деп тебініп жіберіп, шаба жөнеледі. Осылай шауып келе жатқанда бірте-бірте тұлпардың шабысы үдей бастайды, Қарасай байқап қараса, екі құлақтың түбі, сауыры терлей бастаған екен. Сөйтіп шауып келе жатып тұлпар үш рет үш қаптай ішіндегі тезегін тастап, ішін тазартады. Батыр мойнын бұрып, аттың сауырына қараса, сауырдан ақ көбік жаңа шығып келе жатыр екен. Ақ көбікті көрді де, батыр тақымын қысып, тұлпардың басын қоя береді. Сонда тұлпар бүктеледі, жазылады, шапқанда артында ошактай ізін қалдырады. Шаңды шаңға қосқандай, ұшқан құстың алдын тосқандай, құйрық-жалы аспанға көтеріліп, шуылдай береді. Тұлпар шауып жерде келе жатыр ма, ұшып көкте шауып келе жатыр ма - бұл батырға белгісіз болады. Сонда батыр аттың шабысынан қауіп етіп, тұлпардың басын тартайын десе, әл бермейді. "Апырай, бұл қалай болды, алдымнан асқар тау шығып соғар ма екен немесе дария болып, соған салып кетер ме екен", - деп аттың шабысынан сескенеді. Сөйтіп келе жатқанда алдынан бір төбе кездесіп, соның өріне қарай шауып үстіне шыққанда, басына әлі келіп атты тоқтатып, секіріп түсіп, жетелеп жүріп қараса, баяғы өзінің жас күніне қайта түскендей екен. Бұрынғы жамандықтың біреуі жоқ, шекесінен қарайды, аяғын кербез басады, баяғы тердің бірі жоқ, шауып келе жатқанда кеуіп кеткен екен. Міне, көк тарланның ащы тері кетіп, тұлпар кәлпіне түсіп, батырдың тұлпарға риза болған жері екен. Батыр шаршап тұрып алдына көз салса, көп қара көрінген екен. Бірақ Қарасай оның жау екенін немесе ел екенін, немесе алдыңғы кеткен қол екенін біле алмайды. Батыр сонда өзінен-өзі қапа болады. "Не де болса, бара көрейін",- деп атқа мініп, тұлпарды қараға қарай қоя беріп келе жатып айтқаны екен: Ал көзіме көріндің, Көтергейсің, Алла, белімді. Көп екен деп мен тайсам, Бергенің жақсы өлімді. Бұл жорықтан қалма деп, Қалсаң, перзент болма деп, Түн ұйқыда жатқанда Атам Орақ келіп көрінді. Қалмақтың келдім жеріне, Көрінген қара еліне,
Жау көрінді көзіме. Тебіренер ме екен сөзіме, Атам Орақ, қайдасың, Медет бергейсің өзіме! Атаға тартқан ұл болса, Көптен көмек сұрар ма. Келген соң жауға кезіге?! Кел, тәуекел қылайын, Әулие мен әнбие, Жар бола гөр жұбайым. Мерт қылмағай дұшпанға Жаратқан Жаббар Құдайым Бабаларым, Шашты Әзиз, Ер қайратын сынайын. Тәуекел еттім қыларға, Батырлар жауға құмар ма? Көкіректің шерлері Соғыссам жаумен, шығар ма?! Мен - бидайық, кырғимын, Шабытым келсе, шүйілемін. Қалмақ шіркін - қаз, торғай, Құстарды келдім қуарға. Мен - көкжал бөрімін, Сан мың көпек алдымда Қарсы шыдап тұрар ма?! Қарасай қараның ортасынан қақ жарып өте шығып, қылышын суырып қайтып келсе, бұл ел де емес, жау да емес, бұрынғы кеткен Қырымның қырық батырларының әскері екен. Олар өздерінің қайсысын хан сайлауға білмей, біреуі мен деп, екіншісі мен деп, соған өзара таласып жатыр екен. Қарасай келіп көріп: "Мыналарың дұрыс емес. "Жау көрмей, жаман бүлінеді" деген нақыл сөз бар, жау бізге әлі алыс болу керек. Біздің атамыз Орақ пен Мамайдың менің жас күнімде айтқан әңгімесіне қарағанда, мына жерлердің белгі-белгісі соған келеді",- деп айтқаны екен: Құлақ салсаң, ерлерім, Атамнан қалған есімде, Көріп тұрмыз бүгін бесінде. Бұл бағытқа жүргенде Кездесер деп еді Бұлдыртау, Ар жағында бар дейтін еді бір Құрғыртау. Көрінген сонау екі жол Екі аттыға тар болар, Қиыншылығы да үлкен бар болар. Әскер екі бөлініп,
Бірін бірі көргенше, Бір жетіге шейін зар болар. Құрғырдың тауынан өткенде, Қиғаш тауға жеткенде, Біз іздеген дұшпаннан Бейне белгі, сірә, бар болар, Тәуекел етіп жүрелік, Ғайып ерен қырық шілтен, Алланың өзі жар болар. Қарасайдың мына сөзін естігеннен кейін батырлар ойға қалады. "Мына Қарасай Орақ батырдың баласы еді, осыны ортамыздан хан сайлайық. Орақ батырдың аруағына тап болармыз" - деп ойлайды. Сөйтіп, орталарынан Қарасайды хан сайлайды. Сонда бір батырдың тағы бір айтатыны болды. Ол: "Қарасайдың айтуы бойынша, мына жолдан өткенде әскер екіге бөлінетін болып тұр, сондықтан екінші әскерге хан етіп Бүркіт ханның ұлы Әділді сайлайық",- деді. Бұны батырлардың бәрі қуаттады. Әскерді екеуі тең бөліп алып, жүріп кетеді. Қарасайдың айтқанындай, бір жетіден кейін әскерлер бірін бірі көріп қуанысып, сол жерге түсіп демалысады. Қарап жатқанша, алды болжау үшін барлаушылар жібереді. Бұлар Қарасайдың әскерінен Көгістікұлы Ер Тама, Әділдің әскерінен Қарсының ұлы Ер Тарғын болады. Екі батыр Қиғаштың басына шығып, арғы жағына қараса, көз жетпейтін дария екен. Қарап тұрса, дарияның енсіздеу жерінің жағасынан бір қара көрінеді. Келіп қараса, тастан қалаған бір обатас екен. Тасты қарап жүрсе, бір қақпақ таста мұсылманша ойып жазған жазуды көреді. Жазуды оқып қараса: "Менің атым Орақ. Мен дарияның осы енсіздеу жерінен жерасты арқылы арғы бетке өтетін жол салдым, жолдың аузы осы оба. Егер ноғайлы батырлары Күзбанның шәһарын іздеп келе койса немесе ат тұяғын салып келсе, менің соларға тастап кеткен белгім. Қолдарына шамшырақ алып, аттарына мініп арғы бетке өтсе, қалмақтың берік соққан қамалы бар. Бұл жолды салған мен қайта айналып келем бе, болмаса ажал жетіп өліп қалам ба? Сондықтан ескерткіш ретінде салған белгім еді. Мұсаұлы Орақ", - деп қол қойған екен. Сонда батырлар обаны кұлатып жіберіп қарап жүрсе ұзыны да 100 қадам, ені де 100 қадам болатын тас бар екен, екеуі күш қосып аударса, астынан үңгір көрінеді. Аттарын белдеріне байлап, қолдарына шам-шырақ алып түсіп арғы бетке шықса, берік соққан қалмақтың қамалын көреді. Әбден ойларына тоқып, қайта келіп әскерге берген жауаптары екен. Бірінші Тама сөйлейді: - Ал барып келді Тамаңыз, Көп жиналған ағамыз, Адам көрмеген қиын жолы бар, Келер ме, ерлер, бұған шамаңыз? Алладан жәрдем болмаса,
Қайтер екен бала-шағаңыз? Осындай қиын жолы бар, Сескеніп келді Тамаңыз. Орақтан да қалған қала екен, Бұған қайтіп барамыз, Бұны қайтіп аламыз? Асты тас та, үсті жол, Қараңғы жерде жолы бар. Жүре алмайтынға Ұқсайды ауыр қол. Жолының барған төрінде Беріктік соққан тас қала. Айнала қазған оры бар. Қаласының басында Асылы гауһар болаттан Құрулы жебе торы бар. Енділігі қырық аршын, Ел жағалай қонғандай. Сол қамалдың басына Шабуыл шапсаң да болғандай. Сырты темірмен қаптаулы Мұнараның басында, Мұсылмандардан жаулар келер деп Күзетшілер тұр сақтаулы. Сол қаланың ішінде Жүйрік аттар баптаулы, Найза мен қылыштар да сақтаулы. Қорғанның басында Қырық мыңдай мергені тұр мақтаулы Бұл қалаға барған жан Бір пәлеге анық жолығар, – деп Тама сөзін аяктайды. Сонда батырлар неғыларын білмей, бір-біріне қарасқан екен. Топ ішінде тұрған Тарғын: "Мен де сол кісінің жолдасымын ғой, мен де көрген-білгенімді айтайын", – деп мына сөзді сөйлеген екен: – Батыр Тама, ер аға. Ойпырмау, қалай сөйлейсің? Мен де көрдім қалмақтың қаласын. Жұрттың көрдім қарасын. Аруағыңды қарасам, Қаптаған қара борасын. Сенен де батыр болар ма, Жұрттың жүрегін жарасың.
Жұртқа уайым саласың Қазулы жатқан орлары Ат зарпынан жол болар. Аққан дария көлдері Аруақпен қара жер болар. Беріктік соққан тас қала Ерлерімнің зарпынан. Ақырса, кесек құл болар. Қалмақтың қызы күң болар. Солқылдаған мырзасы Табанға түсіп құл болар. Ат жарағы аламан Біздерге қара пұл болар Жұртың зейінін құлатпа. Жұртты босқа жылатпа. Қаларсың қайтсаң ұятқа Қалаға қарсы біз барып Өлгендерін өлтіріп, Қалғандарын бір қосып, Кәлимаға тілін келтірсек, Жетпейміз бе мұратқа?! Сіз айтқан сөз де ып-рас, Қаласының басында Жаюлы тұрған торы бар, Айнала қазған оры бар. Айтпай кеттің сен жаңа. Айдын шалқар соры бар. Қалаға қарсы барғанда Қатындар қалар, ер барар. Соған барған аламан Қарық олжаға мол болар. Батыр екеуі екі түрлі хабар айтқаннан кейін, жұрт қалаға апаратын жол болса, қаланы қалай да аламыз дейді. Батырлар Тама мен Тарғынның бастауымен, қолдарына шамшырақтарын алып, Орақтың жолымен қала жаққа шығады. Батырлар байқап қараса, Тама батырдың айтқанының бәрі рас болады. Бұл уақыттарда қалмақтар жауды көріп соғыс дабылын қағып, дайын тұрған мергендер ата бастайды. Қамалға кіруге ешқандай мүмкіншілік болмайды. Сондықтан атақты батырлар аттарын жеңілдеп, қалаға лап қоймаққа қам жасайды. Сонда қаланың ішіне бару үшін тұлпарларын әуелі сорға, сосын орға, сосын торға, сосын қалаға секірту арқылы жететін болады. Сөйтіп қалаға бір кіріп, бір шығып жүргенде, ту алып жүрген Әділ жоқ болып шығады. Және әскер көп қырғынға ұшырайды. Сонда Қарасай қалаға тоғыз кіріп, Әділден еш дерек таба
алмай (екеуі өмірлік бірін бірі жауға тастамасқа серт етіп дос болған екен), жауға ұстатпай жүрген Әділдің Ақтабан тұлпарын алып шығады. Бұл сапарда батырлар қаланы ала алмайды. Бірақ батырлардың елге тигізген пайдасы – егер бір-екі күн кешіккенде, Күзбан хан жорыққа жүріп кетеді екен. Батырлар жорыққа дайындалғандарының үстінен шығады. Содан Күзбан: "Біз ноғайлы елін нашар ел ғой деп жүрсек, олардың да мынадай батырлары бар екен", – деп, батырлардан қорқып, енді шабуылға шықпай қалады. Бұл батырлар тағы да қайтып келер деп, дайындығын күшейте береді. Қарасай қалған әскерімен елге қайтады. Қарасайдың еш затпен ісі болмай, өзінен өзі қамығып, Әділдің Ақтабанын жетегіне алып, әскердің ел шетін ала отырып жүре береді. Әскерлер бірнеше күннен кейін елге жақындайды, бірақ мұны Қарасай байқамайды. Елде Әділдің шешесі төбеге шығып, күнде баласын қарайды екен. Бір күні карап тұрса, төбеден құлап келе жатқан көп әскерді, әскердің ел жақ бетінде Әділдің Ақтабанын жетелеп келе жатқан Қарасайды көріп, әскердің санының бұрынғыдан азайып қалғанын біліп, баласына бір сойқанның болғанын біледі. Сонда кемпір: "Көрініп барып сұрасам айтпас, не де болса, тосын сұрап, састырып айттырайын", – деп әскердің жолына жасырынып, Қарасай тұсына келе берген мезгілде атының тізгінін ұстап, баласын сұрағаны екен: Уа, шырағым Қарасай, Аман-есен келдің бе? Қалмақтың жауын көрдің бе? Менің Әділ сұлтан жанымды Жауға тастап келдің бе? Иә болмаса, шырағым, Өз қолыңнан көмдің бе? Қарасай досты сен едің, Әуре бейбақ мен едім. Екі көзім еңіреуде, Қайғымен уайым жеп едім. Сен қасында бар болсаң, Кешегі Әділ сұлтан, қарағым, Жауда қалмас деп едім. Сол бойыма біткенде, Балалы пілді асырап, Пілдің сүтін ішкен де мен едім. Қарасай, айтшы шыныңды, Мен алайын тынымды, Қорқып тұрмын, карағым, Көрген соң сенің түріңді. Әуре қылмай, шыныңды айт, Қай жаққа тастап келесің
Менің Әділ сынды ұлымды? – деп айтқанда Қарасай жалт қараса, Әділдің шешесі скен. Сонда: "Балаң жауда қалған жоқ", – деп үйіне қарай кете берген. Өзінің үйіне келгенде, алдынан шешесі шығып, мына сөзді айтқан еді: Әуре болдым сенделіп, Талай кездім желденіп, Жағасы жақұт кіреуке Жартыла жазды елденіп. Кете жаздым, шырағым. Көрінген жұртқа жем болып. Айым мен күнің екеуің Қосылдың ба жаңа тең болып? Алғаным кетіп арланып, Алғаным қолдан кеткен соң, Айдаһардың екі баласы, Іздендің талап қарманып. Тәңірім тілек бермеді, Көздің жасын көрмеді. Аян беріп түсіңде Бабаңыз жәрдем бермеді. Қарасай..аман келдің бе, Қалмақтың жауын көрдің бе? Қасыңдағы әскерің Бәрі де сау-саламат келді ме? Мына сөзді естігеннен кейін, Қарасайдың шешесіне берген жауабы: Аруақты қарт ана, Ақылға кәміл сен дана. Мен өзім теңімнен кем болып, Жамандармен тең болып, Дұшпанға қылған қайратым Сонда қалды шен болып. Әділімнен айрылып, Жез қанатым қайрылып, Жасыған жездей майрылып, Осы күнде келемін Қас масқара мен болып. Өртенді бауыр-үйегім, Қайғыменен күйемін. Тоғыз қайтара ат салдым, Сонда да көре алмадым оның сүйегін. Қамалға қанша кірсем де, Әділімді көрмедім. Қайратымнан не пайда,
Соның жатқан жерінде Мен де жатып өлмедім! Енді қашан көрермін? Бір көрмесем – өлермін. Таңда мақшар күнінде. Тар көшенің жүзінде Бір көрсем, сонда көрермін. Сонда соқыр кемпір ойлайды: "Бұлар Әділді өлді деп, күдерін үзіп келген екен. Әділ менің көрген түсім бойынша өлген жоқ сияқты еді. Шешесі жылап жартыған шығар, көңілін көтерейін", – деп бір адамға жетелетіп келсе, Әділдің шешесі абысынын көріп, мына сөзді айтқан керінеді: Айналайын, ене-еке, Меп өз теңімнен кем болып, Пақырлармен тең болып, Дұшпанға қалдым жем болып. Әділімнен айрылып, Жез қанатым қайрылып. Осы күні отырмын Қас масқара мен болып. Жүруші едім сағынып, Болармын адам неғылып! Кешегі менің жалғызым Жатыр ма екен жерге бағынып? Қалды ма екен жалғызым Ақ кіреуке жамылып? Қолдан жуып қоярға, Үйде де өлмеді қағынып. Кезіп қайда барайын, Қайдан ақыл табайын? Маңдайсыз болған арлы қаз, Сені қайтіп бағайын?! Бір үйдегі бір-екі жан, Қайткенде бабың табайын? Әділ менен Қарасай Жүретін еді тең болып, Қалғаны растағы айрылып. Бір көрінсең көзіме, Өкпемді алып қағайын. Қара тамақ қамы үшін Қай есікте жүрермін? Дорба салып мойныма, Қайдан тамақ тілермін?
Таяқ алып қолыма, Неғып жаяу жүрермін? Жетім қызды құшақтап, Неғылып дәурен сүрермін? Қарағым келіп қасқайып, Құдай-ай, қашан күлермін?! Енді қайтып баруға, Жүрегі де қайтты бұл елдің, Айналайын қарағым, Артыңда қалған ағаң жоқ, Жалғыздықтан жаман жоқ. Иә болмаса, Құдай-ай, Артыңда қалған балаң жоқ, Көкіректе алаң жоқ, Тым болмаса, қарағым Артыңда қалған інің жоқ, Мен сорлыда тыным жоқ. Халқым қалды қаласыз, Мен сорлы қалдым баласыз. Бишара болған сорлы қыз, Сен де қалдың ағасыз. Адыра қалған ақ Орда, Әділім саған кірер ме? Арқасы құтсыз Ақтабан, Әділім саған мінер ме? Ауылымның үстіне Билер кеңес құрар ма? Билер басы құралып, Көңілімді сұрар ма? Отырсам, неғып тұрармын, Қарағым еді-ау тұрағым. Қарағың аман келеді деп Естір ме екен құлағым? Алладан үміт үзбейін, Саламат жаны бар болса, Бір күні келеді дағы шырағым. Сонда соқыр кемпір абысынына мынадай сөзді айтқан екен: Жылама, байғұс, жылама, Жылағаннан пайда жоқ, Көзіңнің жасын босқа бұлама. Қаза мен бейнет әуелден Әр пендеге сыбаға. Жалына бер, шырағым,
Жаратқан Жаббар Құдаға. Тұлпарың кетті желіңнен, Айбарың кетті еліңнен, Қуатың кетті беліңнен. Кімнің көзі жетіпті, Көрген түсім шын болса, Әділің аман еді-ау өлімнен Сен Әділден кетпе түңіліп, Екі көзің көр болар, Жолына қараймын деп үңіліп. Қарауыл қарап кеткенде, Жолға талап еткенде, Енді өлмей неткен деп, Мына кілең боқ жаман Келіп тұр ғой одан түңіліп. Жолда жатқан асқар тау, Жоғалды белден қылыш бау, Жаулаған талай қалмақ жау, Тоғыз жыл жатып зынданда, Орақ пенен Ер Мамай Олар да келген бір күн аман-сау. Қалды деп балаң налыма, Көзі ұйқыда жатқанда Үңіліп едім жолына. Ұшып барып тап болды Қамалдың құрған торына. Алыстан тұрып шақырдым, Кешігіп қонды қолыма. Әділ аман өлімнен, Тағы да бір зат, сор маңдай, Тап болмаса сенің сорыңа. Төрт түлік қалды жиған мал, Бұл сөзге айтқан құлақ сал. Болмаса да Әділдей, Бас-көз болар малыңа Қарасай мен Қазидың Екеуінің қалап бірін ал. Бұл айтқан сөзді естіп, Әділдің шешесі: "Олай болса, баламның досы еді, Қарасайды алам дағы", – деп, Қарасайды алып отыра береді. Бұған да бір жыл толады. Атақты батырлар жау жаулап, тарап кетеді. Бұл күндердің ішінде Әділден ешқандай хабар болмады. Бір күні Әділдің қарындасы Лия түс көріп, түсінен қуанып оянып, ұйықтап жаткан шешесін оятып, мына сөзді айтады. Бұл кезде шешесі де түс көріп жатыр екен:
Түрегел, ана, түрегел, Жаңа менің жан көкем Қасыма менің келіп жүр, Қолынан тағам беріп жүр, Көтеріп алдына алып жүр, Мойныма қолын салып жүр. "Қарасайдай достым жоқ, Көңілімде хоштым жоқ" – Деп өртеніп, жанып-күйіп жүр. "Торға түсіп қалдым", – деп, Өзінен өзі налып тұр. Кемпірдің сөзі: Ұйықтап едім мен жатып. Келіп жүр еді қарағым. Қасыма менің сөз қатып Және жүр еді қарағым. Емшегімнен дәм татып, Қойныма келіп бір жатып, Сөйтіп жүріп айтып еді: "Жатырмын қалмақ жерінде, Жеті қабат темір үй, Темір үйдің төрінде Шынжыр арқандармен байлаулы, Арқандар менің белімде. Қарасайдай достым жоқ. Көңілімде хоштым жоқ. Кәдірсіз дос мен бе едім?! Мал ішінен жоғалған Бір жандықтай көрмеді. Мен қиында жатқанда, Мойнын тартар ер ме еді? Лия мен қарт анам Жылатқаны оның жөн бе еді? Түсті көріп, Әділдің тірі екенін біледі, Батырларды тағы аттандырып көрейік деп, елге сауал салады. Елдегі атақты батырлар тарап кеткен, елде тек Қарасай, Қази калады. Атағы шамалы батырлар бұрын жүректері шайылып қалған, баруға батпайды. Сонда Қарасай, Қази тәуекел етіп, жолға аттанады. Қази Әділдің Ақтабан тұлпарын мінеді. Бұрынғы көрген жолы бойынша барып қалаға тимей, сахарада жүріп, қалмақтың еліне күн көрсетпейді. Содан ел запы болып, Күзбанға хабар береді. Күзбан бұлардың екі бала дегеніне сенбей: "Бұлар тек екеу болмас, бұлардың артында қолы бар болар, мыналар соның шолғыншылары болар, – деп, – ұстап алып, қызыққа батайық", – деп, барлық есікті ашып, әскерді сырнай,
кернейімен, иттерімен шығарады. Күзбанның өзі тамашалауға еріп шығады. Сонда қалмақтың Әшке деген батыры, балдарды өзім ұстап аламын деп, бірінші кезекке шығады. Сонда Әшке батырдың, өзінің сөзіне қарағанда, түр-сипаты мынадай екен: Күндік жерден әрмен ақырған, Айбатыңа карасаң, Дүнияның жүзі қапылған. Қырық қашыр екен көлігі, Дәулер екен серігі. Ашуланып балаларға, Батырдың келді желігі. Келе бере сөйлейді: "Танимысың бабаңды? Тарттырармын жазаңды. Соны іздеп келіп жүрмісің – Біздегі жатқан ағаңды? Ноғайлы, қалмақ болдық қас, Менің кеудем – темір, басым – тас. Барасың кайда, екі жас? Жерге түседі ғой домалап Сендердің анау келлең – бас. Мен, мен едім, мен едім, Мен қалмақтан шыққан ер едім. Ноғайлының батырын Қырып жүрген де мен едім. Кеудем – темір, басым – тас, Мен неғылған күнде тең едім?! Сендер ат-жөндерінді айтьш білдірші, Бүгін қайдан шыға қалған неме едің? Сонда балалар сөйлейді: "Ол айтқаның ып-рас, Сенің кеудең – темір, басың – тас. Тәңірім берсе тілекті, Өзіңнің жерге түсер келдең – бас. Сөйлейін сөзді жараса, Қылармын саған тамаша. Менің атымды сұрасаң; Айдынды Орақ, айды Орақ, Айбалталы қанды Орақ, Аштархандай даңды Орақ, Атса, мылтық өтпеген, Салса, найза теспеген, Қылышпен шапса, кеспеген,
Әзір болған жарандар Түк қасынан кетпеген! – Мен аты-жөнімді айтайын: Қази менен Қарасай! Мен – сол Ер Орақтын баласы. Көп айтып, алма мазамды, Жеткізермін қазаңды, Тартқызармын сазаңды. Келбетіңе қарасам, Жасың үлкенге ұқсайды. Кезегіңді берейін, Қалдырмай, етші маған жазаңды? Мына сөзді есітіп, Сонда қалмақ бұрқанды, Буырқанып, бұрсанып, Мұздай темір құрсанды. Садағын қолға алады, Толқып тұрған баланы Толғай тартып қалады. Қалмақтың атқан қол оғы Темірге тиген кемедей Қайтарып қайтып қалады. Сонда Қарасай тұрып сөйлейді, Сөйлегенде не дейді: "Мен де саржамды тартып көрейін, Тәңірім берсе тілекті, Қозы жауырын қол оқпен Сыбағаңды берейін!"
Садағын қолға алады, Толықсып тұрған қалмақты Толғай тартып қалады. Баланың атқан қол оғы Аспаннан түскен жасылдай Саулап өтіп барады, Сол жерде қалмағың құлап қалады. Енді келіп қос батыр Ойранды жауға салады, Сөйтіп жүріп сөйлейді: "Әділ Сұлтан хан үшін Қылайын құрбан жанымды.
Әділімнің жолына Садақа еттім бүкіл малымды, Алла берсе тілекті, Жоқ қылайын өңшең залымды. Атам Орақ аруағы, Бүгін пана болыңыз, Бүгін басқа қоныңыз", – Деп айқайлап дауыстар, Аспанға соза береді. Сол уақыттар болғанда, Көк те Аллалап келеді, Шөп те Аллалап келеді, Тас та Аллалап келеді, Тау да Аллалап келеді. Аспандағы ұшқан құс Бұ да Аллалап келеді. Бір бәленің келгенін, Бір сойқанның болғанын Сонда қалмақ біледі. Алтыншы күн қырады, Қызыл қанға бояды Көлденең сай мен жыраны. Жетінші күн болғанда, Батырлар сыртқа шығып қараса, Әлі үштің бірі болмапты. Батырлар Хаққа жылады, Сөйтіп жүріп және сөйлейді: "Астымда мінген тұлпарым, Ауызыңа– мың кісі, Сыпыра жалың – мың кісі. Әр құйрығыңнын талына да – мың кісІ! Біз өзіміз қос жетім, Қалмақ деген көп кісі. Көп кісіге жолықтырған Мінеки Алла-Тәңір ісі" – Деп айқайлаған дауыстар Аспанға соза береді. Сол уақыттар болғанда, Алладан болған пәрменмен, Көк шекпенді, көк атты, Менің атым Орақ деп, Саулап кірді қалмаққа Аламаны қойдай дуылдап.
Көп әскері артынан Маңыраған қойдай шуылдап! Аламандар кетті соңынан Аш бөрідей зуылдап, Тартты жаудың қоңынан. Сол мезгілдер болғанда, Айналдырған екеуі Шәһарды кетті аралап, Аш бөрідей жаралап. Қалмақ шіркін сап болды, Байқап тұрса шамалап. Көк семсердің астында Талай қалмақ құлады. Талай қалмақ жылады, Талай қалмақ сұлады. Қалмақ шіркін сап болды, Батырлардың көңілі тынады. Сол мезгілдер болғанда, Қылыш астында бір әйел Баса жаздап қалып жүр. Басы мен кеудесін Ат астына салып жүр. Батырлар байқап қараса, Асылы нашар бір әйел Тізгіндеріне оралып, Шаужайдан келіп алып жүр. Сөйтіп жүріп сөйлейді: "Ноғайлык еді жақыным, Азап берді мына кәпірің. Мен де бір ноғайлы баласы, Мен бір жүрген пақырың. Қарақтарым, мені алып кет. Иә өз колдарыңнан өлтіріп, Дарияға салып кет. Ноғайлыдан мен де бір Қалмаққа түскен жан едім. Ноғайлыны көрмекке Көптен бері зар едім. Әділің аман, сүйінші! Жеті қабат темір үй, Темір үйдің төрінде Әділің аман бар еді. Қысас болған қалмақтың
Білдірмей берген дәрісі. Сол дәрінің уыты Әлі келсе, азғантай, Қарақтарым, менде бар еді. Бұдан артық не дейін, Әділіңді тауып берейін. Мұсылманға жаяу ерітсең, Ат бергендей көрейін. Өлсем, шейіт болармын, Мұсылманның жолына Талап мен де етіп көрейін. Арпалыс соғыс үстінде мұсылман әйелдің сөзін естіп, "Әділге көмегі тиетін дәрі" деген соң, Қарасай қолын соза береді, қолына бірдеңе ілінеді. Соғыс бітіп, Қарасай қаланы аралап, қауіпті жерлерді қарап жүрсе, айткандай, жеті қабат темір үйді көреді. Ішіне кіріп келсе, темір үйдің төрінде аяк-қолында кісен жатқан Әділді көреді. Қарасай кісенді үзіп, екеуі көріскенде, екеуінің де көңілдері босап, көздерінен жас шығып кетеді. Сонда Әділ Қарасайға мынадай өкпе-назын айтады: Қияметті достым Қарасай, Мұнша жаттың неғылып? Өлер болдым сені сағынып. Әділ сұлтан достыңды Іздемей жаттың неғылып? Көптен бері келмедің. Келіп сәлем бермедің. Тауға басқан көкірегім Қайғы басты да шерледің. Мен қиында жатқанда, Бас тартатын ер ме едің? Мал ішінен жоғалған Бір жандықтай көрмедің. Лия мен қарт ана Жылатқаньң жөн бе еді? Қарасай, қайтіп жасармын, Елге қайтіп асармын? Қол-аяқта дәрмен жоқ, Неғылып аяқ басармын?! – деп жатқанда Қази кіріп келеді. Екеуінің көзіндегі жасты көріп: "Бұларың не, жаудың көңілін өсіріп? Ер емес, қатын екенсіңдер ғой, сонда сендердің бастарыңды өзім-ақ алайын", – деп қылышқа қол қояды. Екі батыр қорықпағанмен сескеніп, еті қызып жүрген батыр неме, бір жерімізді жазым қылар деп, көздерінің жасын сүрте бастаған екен. Әділді сол қаланың бір тәуір үйіне кіргізіп, тамақтың тәуірін, табылған дәрілерін
беріп, баяғы қалпына келтіреді. Өздері қолдарынан халыққа жағымды деген адамдарын хан сайлап, елге қайтуға дайындала бастайды. Сонда Қарасай: "Адамнан Қосайға және Құдайға берген уәдем бар еді, соны осы жерде орындаймын", – деп, Қосайға беретін тоғыз құл, тоғыз күңін, тоғыз қара сусар тонын бөлек алады. Сөйтіп, Қарасай мен Қази көңілдері тасып, елге қайтып келе жатады. Елге жақындаған соң, Қарасай сүйінші сұрауға Қазиды оздырып жібереді. Олардан ұзағасын Қазиға ой келеді "Осы біздің анамыз бізге әрнемені айта береді, сол біліп айта ма екен немесе аналығын бұлдап айта ма екен, сынап көрейін", – деп атын тоғайға тастап келіп, жабықтан сығаласа, үйде тек Қибат пен анасы бар екен. Қибат анасының басын қарап отыр екен. Сонда Қази кіріп келіп сөйлегені: "Ассалаумағаликүм, Қибат пен қарт ана, Ақылың асқан сен дана. Айналайын Қибатжан, Неге бардым қасыңа, Болмадым қамқа басыңа. Ойлап-ойлап қарасам, Қарағым, сенің көзіңнің Қалып келіп тұрмын жасына. Тәңірім тілек бермеді, Көздің жасын көрмеді. Қарекем қолда барында Дұшпанға теңдік бермедім. Бұл күндері болғанда, Қарекемнен айрылып, Жез қанатым қайрылып, Жасыған жездей майрылып, Қарекемнен келгенім. Дұшпандар кетті зор болып, Біз сорлы қалдық қор болып. Қырық құлаш зындан ішінде Қарекем қалды қор болып. Шаба алмады қайта қамалға. Келмеді тілі аманға. Қарекемнен айрылып, Бишара болып, Қибатжан, Тап болып тұрмын мұндай заманға!" Мына сөзді есітіп Қибат шошып кетіп, Қазиға қарай жүгіргенде, кемпірдің басы жерге түсіп кетеді. Сонда кемпір басын көтеріп байқаса, келіп тұрған өзінің баласы екен. Кемпір сонда Қибатқа қарап: "Сен бұлардан: хабар сұрама, хабарды менен сұра", – деп сөйлей жөнеледі. Бұлардың біреуі емес, екеуінің де мснімен іші бәсекелері бар", – деп хабарды өзі айта бастайды:
"Іншалла, теріс емес еді тілегім, Келеді аман, білемін. Тәк, жайыңа қарап тұр, Албырт туған боқ шіркін, Баланың жарма жүрегін. Менің қарағым жауда қалған жоқ, Көкіректе арман жоқ. Налып жатып көргенмін, Сенің атаң Орақ пен Мамай да Мүндай жауды алған жоқ. Халыққа мұндай олжаны тіпті салған жоқ. Ризамын Құдайға, Бүгін өлсем де арман жоқ. Қарасай, Қази сен едің, Сендер менен туған неме едің. Талай жерде тарықтың, Сонда сендерге жәрдемші Болып жүрген де мен едім. Кешегі қалмақтың Әшкі батырын өлтіріп. Сәтіне істі келтіріп, Өлгендерін өлтіріп, Қалғандарын бір қосып, Кәлимаға тілін келтіріп, Ә, сонда жағалай таудың басында Екі емшегім салынып, Көзімнен аққан қанды жас Өңірім судай малынып, Еңіреп жүрген мен едім. Сонда мұсылманнан әйел табылып. Абыройларың жабылып. Жеті қабат темір үй, Темір үйдің ішінде Әділ менен Қарасай Көрісіп еді сағынып. "Екеуің бірдей қатын", – деп, – "Өлтірейін, – деп, – сендерді!" Қолыңды қоймадың ба қылышқа? Қарағым, маған ұрыспа. Өзің ойлап қарашы, Осы айтқан сөзім менің дұрыс па?" Сонда Қази шешесінің алдына құлай кеткен екен. Қибат пен Қазиды үйге қалдырып, өзі бір кісіге жетектетіп, налып жатқан Әділдің шешесіне келіп, сүйінші сұрайды:
Шешесіне Әділдің Соқыр жетіп келеді. Келе сөйлей береді: "Сүйінші, байғұс, сүйінші, Көңіліңнен кетсін күйіншің. Бармысың үйде, қарымыз, Тірілді өшкен жанымыз. Қайта жанды жарқырап Өшіп қалған шамыңыз. Келіп қалды Әділ хан, Бұл сөзге айтқан наныңыз. Әділден кеттің түңіліп. Екі көзің көр болды Жолына қараймын деп үңіліп. Талай қатты зарладың Аш күзендей бүгіліп". Мына сөзді есітіп, Қарындасы Лия Жөнеле берді жүгіріп. О да шықты анасы, Көруге шықты қаланың Үлкені мен бала-шағасы. Менің айтқан бұл сөзім Өтірік емес, жігіттер, Шежіренің санасы.
Анасы келіп сөйлейді: "Құшақтап сүйген құмарым, Айдан ару шынарым, Молдалар жазған тұмарым, Түк болмай кетті хабарың. Мұз басқандай сырғанап, Тайғақ болды табаным. Алла басқа салған күн Болмады тіпті амалым. Жасаған Ием жар болып, Оңғарылған екен заманым. Неғылайын көп айтып, Аллаға шүкір кылайын, Иесі келген екен ғой Біздің де мал мен қораның!"
Ел батырларына қосылып, қуанышына той жасап, ат шаптырып думан жасайды. Тойға қос атпен Қосайды алдырады. Той аяқтала бастағанда Қарасай халыққа сөз сөйлейді. Сөзінде Қосайдың тұлпарын 9 құл, 9 күң, 9 қара сусар тонға, бұның үстіне қарындасы Қибатты беретін болып алғанын, сол айтқанын қазір орындайтынын білдіреді. Молдаға құран беріп, Қибаттың некесін қи дейді. Молда кұранды оқи бергенде, Қосай орнынан тұрып, молдадан құранды алып сөйлейді: "Орақ батыр қалмақтың Алауса-Марал деген қаласын жаулап келе жатып, мына балалардың шешесінен дәметіп, осыдан бала туса, менің аруағым соларда болады деп алып еді. Құрманбайдың тойының үстінде келген хат маған тойдан 9 күн бұрын белгілі болып еді. Онда кім батырлардың аты аталғанын және Қарасайдың аты жоғын, атасына тартқан бала болса, бұл жаудан қалмайтынын, ол үшін ат іздейтінін, ат іздесе, менің атыма келетінін білдім. Сонда мен сынай түсейін деп, аттың сатылмайтын бағасын айттым, сонда Қарасай бұдан да корықпай, атымды алып еді. Бұрынғы кезде "Атадан бала ширек кем туады" деген мақал бар еді, бұл бірде рас, бірде бұрыс болады екен. Кейде бала атадан пұт артық та туады екен. Мына Қарасай мен Қази атадан пұт артық туды. Себебі атасы Күзбанды Орақ жолын салып ала алмап еді, Қарасай мен Қази мұны алды. Мен басқа әкелген заттарына ризамын, мен тек Қибатгы сынау үшін айтып едім, сондықтан бұл той Әділ мен Қибаттың қосылу тойы болсын", – деп, өз қолынан молдаға некелетеді. Басқа заттарының алғанын алып, алмағанын өз қолынан жұртқа береді.
ҚАШАҒАН ЖЫРЛАРЫНА ТҮСІНІКТЕР
Қашаған ақын шығармалары мерзімді баспасөз беттерінде ("Әдебиет майданы", 1935, № 6, 75-78 б., "Батыс Қазақстан", 23 .IX. 1964, № 227, т.б.) және "Ертедегі әдебиет нұсқалары" (Алматы, 1967), "Акберен" (Алматы, 1972), "Өсиетнама"(Алматы, 1982),"Үш ғасыр жырлайды" (ІІ-том, Алматы, 1984), "XIX ғасырдағы қазақ поэзиясы" (Алматы, 1985), "Бес ғасыр жырлайды" (Алматы, 2-том, 1984, 1989) жинақтарыңда жарияланған. Бұл кітапқа беріліп отырған түсініктемеде біз Қашаған ақынның жинақтағы барлық жыр-толғауларына токталмай, тек дастандары жөнінде деректеме ұсынамыз. "Адай тегі" – алғаш жариялануы. Қазақ ССР Ғылым академиясының, Орталық кітапханасы қорынан, 398-папка, 102-І22-беттер. Аңыз-хикаяға мынадай түсінік берілген: "Кіші жүздегі Таз руынан шыққан Қашқынбай ақын ел әкімдерінің көз қырына ілініп, біраз жыл бой тасалап, елге оралған соң, Көкжар жәрмеңкесіне кетеді. Өзі Адайға жиен екен. Адайдың бір топ билері оның келгенін естіп, амандасуға барады. – Е, Қашқынбай, сіз көрмеген есік-тесік бар ма? Не көріп, не білдіңіз, әңгіме айтыңыз, – дейді Мәтжан би. Сонда Қашқынбай: – Әңгіме сұрап отырған кісіні танымадым ғой, – дейді. – Бұл Мәтжан деген ағаң, – дейді отырғандар.
– Мәтжан аға, шежірешілер Адай мен Таз егіз туған деседі. Кез келген адам Адайдың тегін сұрап жүргізбеді. Жеті-сегіз жыл есік-тесік қоймай шежіре іздедім, таба алмадым. Ол жайында өзіңіз не білдіңіз? Екі-үш күннен соң билер базарға беттеп, қыдырып келе жатса, бір бұрыштан Қашқынбай шыға келіп: – Адай билері, кешегі сұрағыма қашан жауап бересіңдер? – дейді. Мәтжан тағы да ештеңе айта алмайды. Қашқынбайға жауап қайтара алмай қысылған билер Қашағанды шақырып алдырады. Қашағанға үйдегілер екі жарылып, төрден орын береді. Сол кезде: – "Жыршы, жыршы" деп төрден орын бердіңдер, жыршы болса, шежіре білетін болар. Адайдың тегін айтып берсін, – дейді. – Құлағыңды сал, Қашқынбай, мен қазір айтып берейін, – деп Қашаған жырлай жөнеледі. "Атамекен" – дастан алғаш "Ақберен", кейін "Үш ғасыр жырлайды", "Бес ғасыр жырлайды" жинақтарында жарияланған. Ақынның інісі К.Өсербаев 1928 жылы ақынның өз айтуынан үйренген. Ерлер мінген сайгүліктерді суреттеудегі: Ебейдей төсі салынған, Егеудей тісі жанылған,
Шеңбердей белі бүгілген, Еңіреудей көзі үңілген – деген жолдар Маңғыстау казақтарының ауызекі тілін зерттеуші, филология ғылымының докторы Сапарғали Омарбеков жинаған деректер бойынша толықтырылып берілді. "Топан" – "Ертедегі әдебиет нұсқалары", "Акберен" жинақтарында жарық көрді. Бұл дастанды да жаздырған: К.Өсербаев 1928 ж. Қашағанның өз айтуынан үйренген. Бұл басылым да Қазақ ССР Ғылым академиясының Ғылыми кітапханасы қорында сақтаулы 1939, жылдардағы Маңғыстау экспедициясы материалдары бойынша толықтырылып берілді. "Қарасай - Қази" (Қашаған жырлаған дастан нұсқасы) – Қашағанның немере інісі, маңғыстаулық жыршы Шәдіман Үсенбаев айтуынан 1964 жылы хатқа түскен. Осы жырдың бір жазбасы Орталық кітапханасында сақтаулы (398-папка). Шәдіман "Қарасай - Қазиды" ақынның өз айтуымен үйренген. Ел арасында бұл жырдың Қашағаннан үйреніп, Мұса, Мұрын жыраулар айтқан басқа да нұсқалары кездеседі. Түсінікте аталған Қашаған шығармаларын К.Өсербаевтан, Қ.Боқановтан, Қ.Мұқанбетқалиұлынан, С.Омарбековтен, Ш.Үсенбаевтан жазып алып, жинаған ҚСыдиықов. Ақынның өзге шығармалары "Ақберен", "XIX ғасырдағы қазақ поэзиясы" жинақтары бойынша берілді.
(Ғалым Қ.Сыдиықұлының «Таңдамалылар» (Алматы, «Нұрлы Әлем» баспасы, 2007) жинағының «Ақберен» атты үшінші томынан).
МАЗМҰНЫ
Ақтан Керейұлы Мен ақбауыр кер жорға, әдемі басқан аяғын Қалағандарың сөз болса Айт десеңіз, жарандар Мамығын төгіп қаз бен қу Белгісі Менің сөзім қошамет Не жаман Жайық деген жанды су Әлеумет, келдің қаумалап Тойбастар Мен – адайдың ақтаны Заманға қарай саз керек Қаражан қызға Аяғына қан түссе Реті Қаумалап халқым келгенсін Қолыңнан кетсе сенгенің Көрінер Көңіл айтуы Қойды қойшы баққандай Орынбор, үйшік – күз базар Ерлік жыры Ақтан жырларына түсініктер
Аралбай Оңғарбекұлы Мен - ботасы өлген боз мая.. Аралбайдың термесі Сұрасаң кеңес аралдан Қонақтарына айтқаны Жұпарға Жұмалы, көбестің келініне шығарып берген жоқтауы Баласы берекет мазарының басында айтқаны Баласы берекет өлгенде келіні Меңешке шығарып берген жоқтауы Келіні Меңешке айтқаны Қашағанға мұңын шағуы Қашағанның Аралбайды жұбатуы Аралбай мен Құрекеш Жұт жылы Аралбай жырларына түсініктер
Қашаған Күржіманұлы Ақпа – төкпе, адуын ақын Бастапқы сөз Кедей жігітке айтқан ақылы Оразалы байға айтқаны Байларға Есқали сұпыға айтқаны Аралбайды жұбатуы Томпы байды тілдеуі Қойшы жігітті көргенде айтқаны Көбентайдың Мұрынқұл Тойбастар Домбыраның қақпағы Мұстахқа Қуаңдаған қу бисен Қонақкәде жыры Бекес байға Жұттан кейін Жетпіс беске келгенде Замана халі
Көптілеу байға айтқаны Қарашұбар ала ешкі Сақыпқа айтқаны Берекет ақынға айтқаны Осы күн жолдас болдым сексенменен Қартайған шағында айтқаны Бұл өмірдің мысалы Бұл дүниеде не жетім Сараң сұпыға Ұзатылып бара жатқан қызға берген батасы Қашаған мен Нұрым Қашаған мен Ізбас Адай тегі Атамекен Топан Қарасай, Қази Қашаған жырларына түсініктер
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру