TELEGEI

Home

Біз қалада тұрамыз

Кәдірбек Сегізбай

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Біз қалада тұрамыз

Біз қалада тұрамыз

КӘДІРБЕК СЕГІЗБАЙҰЛЫ

(Роман)

«Жалын баспасы»

«Адамды түсінен тану
оңай болғанмен,
ішінен тану қиын».
Әкем марқұм жиі айтатын сөз еді.

КІРІСПЕ СИЯҚТЫ КІШКЕНЕ ТАРАУ

Талай-талай көші-қонды көріп, бұрыш-бұрышы қажалып сынған, айнадай тақтайының жалтыраған бетіне айғыз-айғыз сызықтар түскен шифоньер, яғни біздің ең басты мүлігіміз бөлменің бір бұрышына келіп қонжиды. Екінші бұрышты Бағила екеуіміз үй болғалы бергі бар қуанышренішіміздің куәсындай болып бірге келе жатқанмен кейінгі кездері төбесінен жұдырығыңмен бір ұрмасаң не бейне көрінісі жоғалып кететін, не дыбысы өшіп қалатын шағын ғана төрт сирақты қоңыр теледидар иемденді. Бөлменің дәл ортасын кезінде бір ақауы үшін арзандаған мүліктерді сататын арнайы дүкеннен сатып алған емен үстел мен төрт орындыққа бердік. Мәдени тілмен айтқан кезде, қонақ бөлмесі деп аталатын бұл төрт қабырғаға әзірге бұдан басқа қояр жасау-жабдық бола қоймады. Ал жатын бөлменің еншісіне бөлінген дүние де белгілі. Никелденген ақ бас темір кереуетіміз бен Құралайжанның әрі төсегі, әрі серуенге шыққандағы көлігінің міндетін атқаратын қол арба ғана. Бұрындары жалдап тұратын пәтерлердің аядай бір бөлмесінде кәдімгідей жасау болып, сықап тұратын мүліктеріміз жалтыраған паркет едені, қызылды-жасылды түсті кілемдей ғып түсқағазын безендіріп тастаған өрнекті қабырғалары, өңімізде түгілі түсімізде көрмеген кең де жарық терезелі мынау қос бөлмелі кең сарайға итке қос артқандай жараспай-ақ тұр. Жараспағаны өз алдына, әрқайсысы шілдің қиындай шашырап, бастары бірікпей, әр жерде қалды. Өзіміз тұрып келген кей бөлмелерден көлемі жағынан көш ілгері ауқымды ас үйі ол қаңырап бос тұр. Жағың түспей жамандық көрмегір, Алексей сыйлаған кішкене көк үстелден басқа ол үйге мүлік атаулыдан ештеңе бұйырмады. «Екі бөлмелі үй» деп айтқанға ғана болмаса, киім ілетін қуысы, анау-мынау жас отбасының қыңқ демей тұруларына жарайтындай кіре беріс ат шаптырым дәлізі, жуынатын... тағы басқа әжетке жарайтын қуысы, ас үйі, не керек, ұзын саны бес-алты бөлмесі бар мекен-жайдың қожасы болып шыға келгеніме бір түрлі аң-таңмын. Өзгені қойғанда өзім де сене алар емеспін. Осындай кең сарайдай келіскен пәтерге түбегейлі ие екенімді куәландыратын қиялай тартылған қызыл белдеуі бар ордер деп аталатын жарты беттік аса құнды құжатыма қайта-қайта қарай беремін. Бәрі де дұпдұрыс, бәрі де заңды. Көсем атындағы көшенің пәленінші үйінің пәленінші пәтерінің иесі өзім, яғни Серібаев Қуаныш екенін және осы пәтерде тұруға хақылары бар әзірге шағын отбасымның мүшелері: зайыбым Серібаева Бағила мен кішкентай құлыншағым – Серібаева Құралай Қуанышқызының

аты-жөндері тіркеліп, соңына құлынның тұяғындай мөр басылып, куәландырып тастаған. «Демек, бұдан былай көше кезіп, жалдамалы пәтер іздеу деген індеттің ініне су құйылды, демек, бұдан былай көп адамға, әсіресе күні кеше Алматыда тұрғанды қойып, бір көруге ынтық болып жүрген ауыл баласы сен де астананың заңды бір тұрғынысың, демек, бұдан былай сен де өз жеке меншік балконыңа шығып алып, көшемен ерсілі-қарсылы ағылған адамдар тасқынына самарқау ғана қарап тұра аласың, жолдас Серібаев» деймін өзіме-өзім. Бір орында байыз тауып тұра алмай, ас үй мен жатын бөлменің ұзына бойына созылған кең балконға шығамын. Дәл бір әкемнен қалғандай шалжиып тұрамын. Бір орында байыз тауып отыра алмай, жол жүретін кісідей абыр-сабыр болып жүрген Бағила да соңымнан шығады. – Қуаныш-ау, жаңа осы көшенің бойындағы бір үйлерден көрдім. Балкондарына өсірген шырмауықтары сыңсыған ну орман сияқты. Күлгін түсті гүлдері қандай керемет. Біз де балконға шырмауық өсірсек, ғажап болар еді. Әрі көлеңке, әрі сәнді. Тіпті салқын түскенше кереуетімізді осында шығарсақ, таза ауада ұйықтаған қандай рақат, – дейді ол иығыма наздана асылып. Бар мақсаты түгел орындалып, балконға шырмауық өсіру шаруасы ғана қалған кісі сияқты. Сәби болса да мынандай кең үйге әлі аңтаң болып, үйрене алмай жүрген Құралайжан жетеді соңымыздан. Тағалы атпен желгендей паркет еденді сарт-сарт еткізіп, еңбектеп мәз. Ол да бір орнында байыз тауып отыра алмай жүргендей. Сонан соң шешесі екеуіміз оны қолымызға көтеріп алып, болашақ құт-мекенінің зәулім биіктегі балконында тұрып алып, көшеден асығыс ағылып жатқан адамдар тасқынына жоғарыдан, төбелерінен үңілдіреміз. «Жаман әкең мен шешең шығарған биігіңнен жоғарыламасаң, аласарма, құлыным! Тұрағың ғана емес, жаның да, адами жаратылысың да биік болғай!» деймін іштей толқып. Осындай қуаныш үстінде адам ақынжанды болып кетеді екен ғой. Әр нәрсеге толқып, көңілім де көк кептер болып Алатаудың құзар шыңдарын аралап, ұшып жүргендей. Әрине, Құралай әкесінің жанының бүгін осынша қайта көктеп, гүлдеп тұрғанын қайдан білсін, алайда бәрімізде де бір қуаныштың барын құйттай жүрегі сезгендей. Ботақаным-ау сол, қанатын жайған көгершін сияқты далпылдап, қолымыздан секіріп ұша жөнелердей. Ол да мәз. Біз ғана емес, жаңа қонысқа келіп, қуаныштары қойнына сыймай жүргендердің біразы балкондарына шығып, көшедегі адамдар тасқынына жоғарыдан көз тігеді. Оң жағымызда да, сол жағымызда да, үстімізде де, астымызда да. – Ничек, бала?! – дейді балкондары біздің балконмен жалғасып жатқан татар жігіті Рафих бетіме күле қарап. – Бик яқшы үйге килдек бит, ә! – Көрші-ау, о не дегеніңіз! Ғажап үйге кірдік қой! Келіңіз, қоныс тойын бастап жіберейік. Оның үстіне, құдайы көрші болдық дегендей... – Иуқ. Башта сез безгә килерсез. Аннары без сезгә барырбыз. Кішінің юулы да, бит киши.

Онсыз, байыз тауып бір орнымызда отыра алмай жүрген үшеуімізге не жорық, құтты болсын айта келгендерге деген шикілі-пісілілерімізді емен үстелдің үстіне қайыстыра тиеп, даярладық та үйден шықтық. Біз аз-мұз жасауымызды жүк машинасы қорабының алдына ғана тиеп келгенде ұзынды-қысқалы он шақты жігіт қара терге малынып, оң жағымыздағы есікке тоқтаусыз жүк тасып жүр еді, одан бері етті екі рет асып, екі рет жейтіндей уақыт өтсе де, жүкшілер сол қара тер болған күйлері әлі тасынып жүр екен. Біз бұрын-соңды көрмеген, бет тақтайынан бет көрінердей түрлі ағаш жиһаздарды жігіттер ышқына көтергенде олардың алдына шығып алып, безектей жүгіріп, бебеулеп сөйлеп келе жатқан денелілеу ақ сұр келіншектің даусы жиі-жиі ышқына шығады. – Апыр-ай, байқасаңдаршы! Бүлдірдіңдер-ау, түге. Соғылды ғой анау бұрышы! Осы қараң қалғырдың, дүниесіне бағана опытный жүкшілерді жалдайық дедім. Тіл алды ма, қасарысып?! Әне, енді іске татымай, отын болып қалатын болды. – Терге малшынған ұзынды-қысқалы он шақты жігітте үн жоқ. Ақсұр келіншекке көздерінің астымен бір-бір қарап қойып, ыңқылдап көтергенді, ышқына тыныстағанды ғана біледі. – Мен де барып көмектесуім керек еді, көрші ғой, – деймін Бағилаға. – Танысып үлгермесек те күні бүгіннен бастап құдайы көрші болатын кісілер ғой. – Өзің біл, бірақ жеңгеміз ашулы көрінеді. Қолбырап жүріп, бірдемесін бүлдіріп алсаң, «Сені кім шақырды өзі?» десе, не дейсің? – Кісіні бір көргеннен тани қоятын сұңғыла Бағила сақтық білдірді. – Алдымен мына үйге кіріп, құтты болсын айтып шығайық. Сонан соң көрерсің. Сол жағымыздағы есік – жаңа көршілеріміз Рафихтың пәтері. Бағана көші-қон үстінде танысқанбыз. Бір салада жүрсек те бұрын-соңды көріспеппіз. Мен газет редакциясында жүрсем, ол біз әзірлеген газеттерді тасқа басатын машинаның маманы екен. – Жеңгей, сәлеметсіз бе?! Ал «Көш көлікті, қоныс жайлы болсын!» – дедім көтерген жүгі болмаса да қара терге түсіп, барып-келіп тұрған етженді ақ сұр келіншекке. Жалт етіп қараған сәтте жанарының ұшқынында жаратпаған жарқыл болғанымен, біздің жаманды-жақсылы жаңа көршісі екенімізді білсе керек, тер жуған жүзіне зорлықпен жылылық шуағын жүгіртті. – Рақмет, айналайын! Оң жағымыздағы есік – жаңағы әлі тасынып бола алмай жүрген осы ақ сұр жеңгейдің пәтері. Жеңгей сияқты ет-жеңді емес, керісінше қаңқасына терісін тыртыстыра қаптап қойғандай тыриған қара жігітті үй иесі болар деп мөлшерлегенмін. «Ортақ асты біреуі шөмішпен, бірі қасықпен ішетін кісілер сияқты екен» деген бір қызық ой келген. Төртінші қабатқа дейін жеңгеміз жүк көтеріп шығарғаны сол, ет-жеңді денесін сүйреп, ал қудай ағамыз қу жанын көтеріп жеткізсе де екеуіне үлкен олжа екен деп түйдім. «Жарайды, бұлармен де дұрыстап таныса жатармын, алдымен қоныс тойының алғашқы дәміне шақырып отырған үйге бас сұғайық» деген оймен

жеңгейге: «Біз қазір... » деп, бізді тосып отырғандай екіұштылау сөз айттым да, кішіпейілділікпен бас изеп, сол жағымдағы Рафихтың есігінің қоңырауының түймесін бастым. – Ал, Рафқа, жеңгей, қоныс үйлеріңіз жайлы, құтты болсын! Бірбірімізге іргеміз қайырлы болғай! – деймін мен көршілерімнің қолдарын құшырлана қысып. Қанша дегенмен, біздің Бағила да көргенді жердің қызы емес пе: «Бұл үйде той көп болсын! Шашу, шашу!» деп, екі-үш уыс конфетті ақ жоңқа ғып, есіктен кіре шашып жіберген. Бес-алтылар шамасындағы мысық көз сары бала аң-таң. «Беретін конфетін қолға ұстатпай, еденге шашқаны несі?» дегендей әке-шешесінің, сонан соң біздің бетімізге аңырая қарайды. Бірақ шашылып жатқан байлыққа жалтақ-жалтақ қарағанынан-ақ ындынының тәттілерге біржола ауып тұрғанын байқау қиын емес еді. – Ала ғой, Рафис! – Махфуза жеңгеміз жердегі шашуды жинай бастаған кезде ғана мұның бәрі осылай болуға тиісті іс екенін енді түсінгендей болған мысық көз конфет теру шаруасына бар ынтасымен кірісті. – Бірақ екеу-үшеуден артық жеуге болмайды. Тісің ауыратын болады. – Курше, не айтасыз, бик яқшы булды килгенеңез. – Рафих ағынан жарылды. Қоныс тойын бізге дейін бастап қойса керек, онсыз да ақ сары жігіт шала піскен қызанақтай бет-жүзін бал-бұл жандырып, алаулап алыпты. Пәлен жүз қызметкері бар бір мекемеде жұмыс істесек те бұрын қоян-қолтық араласып танысудың сәті түспеген көршім мейлінше ақ жарқын жігіт болып шықты. Жеңгеміз Махфуза да бұрын бір-бірін ғұмыры көрмеген Бағила екеуі жастайларынан бірге өскендей шүйіркелесе кетіпті. Біраз ішіп-жеп дегендей, жедел «жуыстан» соң көзімнің алды тұмандана бастағанда әлі жүктерін тасынып үлгіре алмай жатқан оң қанаттағы көршім есіме түскені. «Көрші хақысы – Тәңірі хақысы» деп отырушы еді әкем марқұм. «Алғашқы күннен бастап, қайтып көріспейтін адамдардай сырт беріскеніміз жараспас» деген ой келді. – Рафқа, мынау үшінші көршімізді танисыз ба? Өздері бір ауылға жетер дүние тасыды ғой, қайда сыйғызып жатыр оның бәрін? – Ә, аларнықы дурт булмә, – дейді Рафих. – Бір мықты болар, – деді Махфуза. – Иә, врач булырға. Теш врачымын дигән, – деді Рафих. – Ә-ә! – деді Махфуза. «Онда түсіндім» дегендей үнін бір түрлі созып айтты. – О, онда мынау қосамжарласа біткен «ұры» тісімді оңдатып алатын болдым, – деді Бағила. Бар жұмысы таусылып, үй мәселесі шешіліп, көңілі демденген соң ендігі жалғыз сәті түспей жүрген шаруасының да орайы келе қалғанға балаша қуанып отыр. – Мейлі ғой, кім болса ол болсын, біз үшін бар болғаны көрші ғана. Әйтеуір көршіміз ғой. Жүріңіз Рафқа, көрмегендей болып отырғанымыз

көрдемшелік болар. Танысып, құтты болсын айтып шығайық, – деп желпілдедім. Қайран, отты судың буы ғой отырғызбай тұрған. Құралайжан мен Рафис қана қалыс қалды да, қалған үш ересек түгелдей менің жаңағы ұсынысымды бір ауыздан қолдап шықты. Бағанағы ұзынды-қысқалы он шақты жігіт үйдің ішінде дуылдасады. Жүк тасылып болса керек, қабатқа көтерілер баспалдақтағы сабылысқан жүкшілер көрінбей, жүргіншілер сирепті. Үй иесі қатпа қара жігіт жаңағы он шақты жүкшінің екеуін қасына алып, есіктің құлыбын ауыстырту ісіне із суытпай, шұғыл кірісіпті. «Кірісіпті» деген шартты ұғым. Құлыпты ауыстырту операциясына басшылық жасап, нұсқау беріп тұрғаны болмаса, негізгі шаруаны атқарушы екі жас жігіт. Шамасы мұндай іске ебі бар болса керек. Ақ күмістей жалтыраған шынжырды да босағаға салақтатып іліп үлгіріпті. Су жаңа емен есік ойылып, бір емес екі жерден құлып түсіпті. Үй иесі болашақ жаңа көршілеріне, яғни бізге қарап, бір езулей күлді. Бүгінгі бітер істі ертеңге қаратпайтын шектен тыс пысықтығына ең алдымен өзі сүйсінетін сияқты. Бір езулей күлуінің себебі етегі түрілген езу жақтан ертедегі египеттік сарбаздар сияқты самаладай сап түзеп шыға келер алтын тістерінің әсері-ау деп түйдім. Алтын тістердің жарқылы аузына от тістеп тұрғандай әсер береді екен. Әкесінің киімін киген жеткіншек сияқты солбырайған тым үлкен спорт костюмінде өңіріне кестелеп жазған «аdіdas» деген жазуы болса да, тыриған арық денеге қонбай-ақ тұр. Оның текті фабрикада тоқылған спорттық костюмінің немесе өзінің көтерем жылқыдай тырыйған арық-тұрақтығында менің не жұмысым бар, бейресім сапарымыздың мақсатына, шақыртпай-ақ келген себебімізге бірден көштім. – Көрші, жаңа қонысыңыз құтты болып, іргеміз бір-бірімізге қайырлы, берекелі болсын! – деп, сөз қоймасынан сұрыптап алдын ала әзірлеп қойған сөйлемімді қоныстасымның құлағына бағыттадым. – Юк, қотлы булсын! Бик яқшы булды...! – Рафих та адал ниетін бірден айтты. – Мынау «отечественный» жаман құлыптардың кілттері бір-біріне түсе береді емес пе?! Ең сенімді деген ағылшын құлыбының біреуін ғана емес, екеуін бірдей салып жатырмын. Ордерді алған күні қоймада істейтін бір таныс жігіттен әдейі таңдап алып едім. – Алтын тісті көршім өзінің шектен тыс пысықтығы үшін ақтала сөйлегендей. Бірақ онысын: «Е, жігіттер, өздеріңнің де үйлерің құтты болсын!» дегендей ерекше жылы шыраймен айтты. Келеріміз келіп қалған соң есіктің арғы бетінде тау-тау боп үйілген жүктер баррикадасынан өтер жолдың бар-жоғын біле алмай және дәл табалдырықта тоңқаңдап жүрген құлып салушылардан өте алмай бөгеле бергенбіз. Сол кезде үйілген жүктердің арасынан жеңгеміздің ақ сазандай жүзі шалынды. – Ә, көршілер, келіңдер! – Ол ағамызға қарағанда анағұрлым жөн білетіндігін көрсетті. – «Кедей болсаң, көшіп көр» деген ғой. Ыбырсыған

көп дүние жер-көкке сыймайды, әдіре қалғыр! Ұшпаққа осы боқ-дүние шығарардай жинай беріппіз ғой. Үйдің ішін ретке келтіре алмай жатырмыз. Тұрарчик, жол берсеңші мына кісілерге. Келіп қалған соң үйімізді көрсін де. Алтын тісті ағайымыздың есімінің Тұрарчик екенін өте алғырлықпен сол сәтте-ақ зерделеп үлгірдім. Бағила екеуіміздің ханның сарайы осындай-ақ болар деген екі бөлмеміз Тұрарчиктің алған үйіне қарағанда құрқылтайдың ұясындай ғана баспана екенін бірден-ақ іштей мойындадым. Бала кезімізден көріп жүрген колхоз басқармасының көп есікті, көп бөлмелі кеңсесі дерсің. Ерсіліқарсылы көк есіктер, көп есіктер. – Мынау ағаларың екеуіміздің «спальныйымыз», былайша айтқанда, ұйықтайтын бөлмеміз, – деді ақ сазандай жеңгеміз, мен енді ғана іргеміздің құтты болуы жайындағы бағанадан әзірлеп келген тілегімді айтуға оқтала бергенде. – Келімді-кетімді кісілерден қалтарыстау дегендей. Оның үстіне, көшенің ызы-қиқы шуылы келмейтін, түс ауғанша күн түспейтін бөлмені әдейі таңдадым. Ертеден қара кешке дейін үкіметтің жұмысымен шапқылаумен жүрген кісі кешкілік оңаша жатып ұйықтамаса бола ма?! Оның үстіне, денсаулығы болса шамалы. Әншейін, сыртымыз қампиып тұрғанмен, ішімізде аурудың талай түрі бұғып жатыр. Мысалы, мына мен сәл нәрсеге «нервничить» етсем, ала таңды көзіммен атырып, кірпік айқастыра алмаймын. «Гипертоникпін»». «Давлениесі» түскірі қысқанда жаныңды қоярға жер таппайсың. Өзім де соның бәрін алдын ала ойлап, гарнитурдың бәрін де ыңғайластырып, алып қойғанмын. Әрқайсысын асықпай сараптап, мұқият зерттеуіне тура келді мына жаман жеңгелеріңізге. Мынау – қонақ бөлмесі. Сыртындағы өрнегіне қарап, арабтардың гарнитурын алып едім, әдіре қалғыр, өзі зіл-батпан ауыр, сәл дым тисе өрнегі өшіп қалатын пәле неме екен. Енді осыдан ертерек құтылып, өңін өзгертпей тұрғанда өткізіп жіберейін деп отырмын... Сазандай жеңгей бағанағы күні бойы әбден діңкелеп шаршаған, енді қапаш-құпаш тамақтанып, рюмкаларын сыңғыр-сыңғыр соғыстырып жатқан жігіттер отырған бөлмеге бастап келді. Жігіттер ығысып, орын босата бастап еді, жеңешем төрелік айтты: – Отыра беріңдер, айналайындар, бұлар – көршілерім ғой, – деді бізді иегімен меңзеп. – Көршілермен үйдің ішін ретке келтіріп алған соң қоныс тойын жасап, сайрандаймыз әлі. Шаршадыңдар әбден! Ничего, жассыңдар ғой... Тыңайып алып, мына ағаштарды орын-орындарына қойып берсеңдер, арғы жағын өзім-ақ дөңгелетіп әкетемін. – Бағана: «Мына қараң қалғырды бүлдірдіңдер-ау! «Опытный» жүкшілер жалдайық дедім» деп, албарынды болып жүрген жеңгеміз енді көмекші жігіттерге мейірін құлата сөйлейді. «Дәуде болса, ашулануың да, одан қайтуың да жайдың бұлтындай тез, ардың-дұрдың адамсың-ау» деп, пайымдап тұрмын. Жеңгей енді бізге қарап сөйледі: – Тұрарчиктің студенттері ғой бұлар. Бір-екі жылдан бері институтқа «почасовик» болып жүр. Онсыз да жұмысы басынан асады байғұстың, «осы,

қоя-ақ қой» дедім. Жоқ, болмайды. Бұл заманда ауру жанына терезе таптырмай, көмек сұрап баратындардан гөрі тек сәнге алтын тіс салдырушылар көбейіпті ғой. Институтыңдағы жұмысыңды қоя-ақ қой дедім. Жоқ, болмайды. Ағаларыңның бізге бағынбай, өзім білемінмен қырын кететін кездері жиі болады... «Оған қоса бірді айтып, бірге кететін мылжың болмасаңыз игі еді» деймін ішімнен сазандай жеңгеме мінездеме жазғалы тұрғандай, оның өзіндік ерекшеліктеріне назар аудара түсіп. Жеңгей мұражаймен таныстырып жүрген экскурсовод сияқты бұрынғы әуенін қайта тапты: – Бұл – ағаларыңның кабинеті. Кітаптарымен осында сыйып отырса, рақметімді айтар едім бұған. Бұл шалға да румындар жасаған су жаңа «мебель» әпергенмін... Музей қызметкері сияқты ол маймаңдап басып, бөлмелердің келесісіне бет алды, туристің рөліндегі төртеуіміз – мен, Бағила, Рафих, Махфуза, айтпақшы, Рафис пен Құралайымыз бар, бәріміз тау-тау жүктің арасынан жалғыз аяқ жол тауып, қаздай тізіліп, ілесіп келеміз. Ұрыс даласындағы биік-биік баррикадалардың ортасымен жүріп келе жатқандай әсерде болады екенсің. – Бұл – осы үйде Сәкенчик пен Тимурчик деген інілеріңіз бар, солардың бөлмесі. Сабақтарын осында қарап, осында ұйықтайды... Өздері доп қуып кеткен болар. Осы күнгінің баласы әке-шешелерінің дегенімен жүре ме?! Солар үшін дүние жиып, солар үшін бәйек болып жүргеніңде титімдей де жұмыстары жоқ... Қой, ойбай, қазіргі балаларды қой. «Осы күнгінің баласы аласа туады, үлкендермен таласа туады» деген ып-ырас. Мына ағаларыңның иі жұмсақ. Қанша дегенмен педагог емес пе, тек мейірімділік, ізгілікпен тәрбиелегісі келеді. «Аюға намаз үйреткен таяқ». Кейде жон терілерін сыпыра жаздаймын. Бірақ өзімнің жүрегім нашар, сәл «нервничить» етсем, «сердечный приступым» ұстайды. Сөйткен балалар доп қуалап, кетті әне! – Ол кісінің Сәкенчик пен Тимурчиктің тәлімінен бастап, қазіргі ұрпақ тәрбиесі хақындағы педагогикалық толғамдарына тосқауыл болам ба деген оймен алдын сөзбен кес-кестедім: – Жеңгей, бұл бөлмедегі мебельдеріңіз де шеттікі ме? – Жоқ, ә! Кейін өз қолдары өз ауыздарына жеткенде алсын шеттікін. Бұл өзіміздің астанадан шығатын «Школьник» деген гарнитур ғой. – «Соны да білмей тұрсың ба?» дегендей ол менің бетіме бір түрлі мүсіркегендей жымия қарады. Ол өзін таныстырмағаны болмаса, үй-күйінен толық ақпар беріп болды. Менің осы ойымды көзімнен оқып қойғандай-ақ: – Ой-бу, мен өзім түбі түскен күбідей салдырлап жүріп, сіздермен таныспаппын да ғой. Ақжамал болады есімім. – Ол екі-үш саусағына торлап жасаған, бұрамалап жасаған, өрнектеп жасаған алтын жүзіктерді майшабақ сынды семізше саусақтарына қос-қостап мінгестірген қолын бәрімізге ұсынды.

– Тұрарчик! – деді ол әлі де құлып салу шаруашылығына сара басшылық жасап жүрген отағасына қарап. – Келсейші, мына көршілермен таныстығымыз үшін деп, бірдеңе ауыз тиейік. Әзірге «стоя» болса да. Алтын тістерін көрсете бір езулей күлген қатпа қара ағай жанымызға жақындады. Біз «стоя» жаңа қоныс қуанышының ырымын жасаған болып, сарыала қазыдан ауыз тиіп, жылтыр «тонды» оңаша оранған қымбат конфеттерден балаларға бір-бірден ұстатқан соң, мен күн ұзын айта алмай кеңірдегімде кептеліп тұрған құттықтау сөзімді ақыры бостандыққа шығардым. Есіне жаңа түскендей Бағила конфет шашты. «Шашу-шашу! Бұл үйде де той көп бола берсін!» дейді ол. Бірақ өзіміз шашқан конфеттердің бірліжарымдарын Рафих пен Құралай иемденгендері болмаса, көп ешкім еңкейген жоқ. – Ал, көршілер, біздің үйде де бір дастарқан жасаулы тұр еді, менімен қызметтес жолдастар да «Құтты болсын!» айтып келе бастайтын шығар. Бағана көшіріскен жігіттер де: «Кешке келіп тойлаймыз» деп кетіп еді. Олар да бірдеңеден құр қалғандай жетер қазір. Қане, мына Бағила екеуіміздің де өзімізге тиесілі заңды шаңырағымызды көріп қайтыңыздар, – деймін мен барынша көргенділік танытып. – Жоқ-жоқ, айналайындар, – сазандай жеңгем табанымен шоқ басып алғандай баж ете қалды. Кенет үнін бәсеңдетіп, Бағиланың құлағына сыбырлай сөйледі. – Мына дүниелерді ашық-шашық тастап, қалай кете береміз? Бұл күңде біреуге біреу сеніп бола ма? – Ол ұзынды-қысқалы он шақты жігіт отырған кабинет жақты иегімен меңзеп қойды. – Артық-ауыс тиынтебеніміз бен алтын-күміс дегендей заттарымыз да осы жүктердің ішінде. Мынау өңшең аш-арыққа сеніп, қалай кетеміз?! Жо-жоқ, рақмет, кейін кірерсіз. Біз енді көрші болдық қой, бір-бірімізді талай шақырыса жатармыз. Бүгін қинамаңдар, айналайындар! Айтпақшы, өздерің қайда қызмет істейсіңдер? – деді ол есіне әлдене түскендей. – Мен – журналистпін, – дедім тамағымды кенеп. – Келіндеріңіз оқулықтар шығаратын баспада жұмыс істейді. Негізгі мамандығы математик-физик. – Ал мен – типографияда цех мастері, – деді Рафих, – Біздікі әйел – балабақшада тәрбиеші. Біздің қоғамнан иеленген оз орнымызға жеңешемнің онша көңілі тола қоймаса керек: – Е, бәрің де сөздің айналасында екенсіңдер. Сен қайным жорнал шығарады екенсің ғой, – деді бір түрлі үнмен тіл қатып. Оның үстіне «журналист» дегендер, тек журнал шығаратындар деп ойласа керек. Мен оны түзетіп жатқым келмеді. Білмегенін білдіріп қайтемін деп ойладым. – Е, жарайды, бопты. Рақмет, жасымыз кіші деп кіріп-шыққандарыңызға! «Келмейміз» деп тұрған кісілердің шаужайларына оралып, жалынатын емес, «Сіз-біз десер, шыж-быж жесер» күндерді, көршілік

қадірімізді білісе жатар сәттерді болашақтың еншісіне қалдырып, қаздай тізіліп, тағы да жалғыз аяқтап үйден шықтық.

* * * Сол күні шағын дастарқанымыздың басына біраз тілеулес жігіттер келіншектерімен келіп думандаттық. Біреулері қатты күлсе де, не енді біреулері әуелетіп ән бастаса да Бағила екеуіміз де әлдекімнен жасқанып, қысылып отырған сияқтымыз. «Осы сендер-ақ маза бермейтін болдыңдар ғой! Енді кеп ән айтқысы келіпті бұлардың! Баспанасы жоқ, әркімнің үйінде қаңғып жүріп, бұлардың думаншыларын, ән салғыштарын қарасаңдаршы! Әйда, барыңдар, ертеңнен қалмай үйді босатыңдар!» деп, үй иесіқожайынымыз жетіп келетін сияқты болады да тұрады. «Қуаныш-ау, мазамды алдың деп көршілер базына айтпаса, енді сені ешкім де қуып шықпайды. Бұл – өз үйің, өлең төсегің ғой» деймін өзіме-өзім. Жоқ, алты жыл бойына қанға сіңіп, бойды жайлаған үрей тұла бойыма тұтасып жабысып қалғандай. Сәл қызса, «Ақ бүрлен, қызыл бүрлен, бүрленбүрлен» деп қоя беретін Қартбай бір кезде сызылтып, «Бүрленін» аралай жөнеліп еді, есіктің қоңырауы баж ете қалды. Онсыз да қазыққа мінгендей қыпылдаумен отырған мен орнымнан ұшып кете жаздадым. Бағила да қолындағы кесесін түсіріп ала жаздап, әрең қалды. Екеуіміз де есікке қарай тұра ұмтылыппыз. – Өй, иен далада отырғандай неге үріктіңдер?! – дейді ойында дәнеңе жоқ Қуанышбек. «Өзі ауырмағанның құдаймен ісі жоқ» дегендей өмірі кісі үйінде тұрып көрмеген, әскери қызметін өтеп келген бетте қаладан пәтерін сайлап үлгірген бойжеткенге үйленген ол тұқымың көбейгір, қайдан түсінсін бізді?! Түсінеді-ау деген, осы соңғы бірер жыл болмаса бұған дейін пәтерде тұрып, оның да ащы-тұщысын біраз көрді-ау деген Қартбай мен Оралбек те бірер жыл емес, жүз жылдан бері осындай көп қабатты үйде тұрып келе жатқан жандар сияқты айылдарын жимайтын болып алыпты. Оралбек те төрт-бес жыл кісі босағасында тұрғанның қызығын әбден көрген болатын. Бір қызығы екеуіміз бір көшенің бойындағы екі дүркін ауыстырған пәтерлерімізде көрші тұрғанбыз. Жиі араласып, шай-пай ішіп, не жазып жатқанымызды айтып дегендей тіршілік кешетінбіз. Жатақхана сияқты бір бөлмеге Айман екеуінің ие болғандарына үш-төрт ай болған. Тек жеке, басыбайлы баспанаға ие болу бақытына қолы әлі жетпей жүрген Серікжан ғана менің бүгінгі жайымды жан-тәнімен түсінетін сияқты. Айтқанға болмаса, оның да біз сияқты астымыздан су шыққандай пәтерден пәтерге көшіп, қиналғаны шамалы. Өздері де, біз де «әже» атандырып кеткен шешесі дәл өзі сияқты бір кеңқолтық кейуана тауып алып, сол кісінің үйінде екі туып, бір қалғандай бірге тұратын. – Уау, әттесіне нәлет, айды аспанға бір шығарған тіршілік болды-ау мұның! Шіркін, осындай бір үйге қолым жеткен күні бар ғой... – деп, күпініп отырған ол есіктің қоңырауын естігенде сасқалақтап, сағатына қараған. Оныкі де қанға сіңді қасиет қой, баяғы...

Есікке жетсем үстіңгі қабатта тұратын көршім. Қонақтарын шығарып салған соң, құтты болсын айта келіпті. Оны да азды-көпті ұрттаған отты судың қызуы отырғызбаса керек. Көршімді бастап келе жатып, ас үйде самаладай боп жанып тұрған шамды көрдім де, өзіме-өзім есеп беріп те үлгермей атылып кеп түймені басып қалдым. «Бөгде кісінің көзінше үнемшіл кісі сияқтанып, неге олай істедім?» Оны ойланып та жатпай автоматты түрде робот сияқты қимылдаппын. «Ребятушки, шамдарыңды неге жарқыратып қойдыңдар? Сендердің маған жандарың ашымайды. Жиырма бес сом төледім деп осынша ысырапқорлыққа баруға бола ма екен!» – деп, қабағы ашылмайтын, әжім торлаған жүзінен қуанудың, күлудің белгісі білінбейтін тетя Тася шыға келердей көрініпті. Қонақтарымның қасына жете бере: «Ойбай-ау, шамдарды таң атқанша, тіпті күн шыққанға дейін жарқыратып қойсам да өз үйімнің шамы емес пе еді! Тек электр қуатының қанша жұмсалғанын есептегіш есті аппараттың көрсеткен цифрына қарап жіберіп, уақтылы ақысын төлеп отырсам болғаны емес пе?! Мыналар мені бір үнемшіл қу екен деп ойлайды-ау!» деген ой басыма әрең жетті. Қайта жүгіріп барып, қабырғадағы қара түймені сырт еткіздім. Ол аз болса ваннаның, тағы бір қажетті қуыстың шамдарын түгел жағып қойдым. «Үнемшіл қу» емес екенімді дәлелдеген түрім. Мені түсінсе, Бағила ғой түсінетін, бетіме күле қарап отыр екен. Мен де езуіме күлкі жүгірттім. «Жаңа үйің өңшең қара домалақ Серібаевтар мен Серібаеваларға тарлық қылсын! Журналистік ерекшелігіңді жалпақ жұртыңа мойындатар небір очерктерің мен суреттемелерің осы үйде жазыла берсін!» сияқты тілектерін аямаған достар есі бар, уақыт кестесіне бағынған адамдардың бәрі де тәтті түс көріп жатқан түннің бір уағында әрең тарасқан. Оларды шығарып салып тұрып, «Біз осынау үйдің тұрғынымыз» дегендей ерекше бір мақтаныш сезіммен айбыны асқақ көрінер ғимаратымызға сыртынан көз салып едім, көп пәтерлердің жарқыраған шамдары әлі сөнбеген. Мен сияқты қуанып жүрген көршілерім ғой...

* * * Жаңа қоныс, жаңа үйді ол да қызық көрді ме қонақтар тарқағанша домалаңдай еңбектеп, шапқылаумен жүріп, мұрттай ұшқан Құралай көк арбасына қонақтап, құйттай танауы пысылдап, ұйықтап жатыр. Екі-үш аптадан бері үйдің кілтін қолға әне аламыз, міне аламыз деумен, оның үстіне бүгінгі көші-қон, одан қонақтарды күтумен діңкелесе керек, Бағила да мынандай керемет үйдің сәтімен орала кеткеніне әлі де сене алмайтындығын айтып, біраз жатты да, түн тыныштығына бағынды. Әлі перде ұсталмаған үлкен терезеден көшедегі самаладай жарқыраған шамдардың жарығы төгіледі. Екі жамбасыма кезек аунап, ұйқым келер емес. Кірпіктерімнің арасына біреу тіреу тіреп кеткендей, көзімді іліндіре алмай әуремін. Темекімді тұтатып, балконға шықтым.

– Бик, яқшы булды, ә, курше?! – Өз балконында тұрған сол жақ есіктегі көршім Рафих қой. Күндізгі ерсілі-қарсылы ағылған адамдар тасқыны мүлде тоқтаған деуге болады. Ғашықтар болса керек, бірінің ішіне бірі кіріп кетердей болып, тұтас денеге айнала құшақтасқан қыз-жігіттер өтеді анда-санда. Қалай құйындата зырласа да күндіз-түні шаруалары бір таусылмайтын машиналар ғана шамдарын жарқыратып, сирек болса да аққан жұлдыздай өтіп жатыр. Көптеген көршілердің шамы сөнген. Бәрі де жаңа қоныстағы алғашқы тәтті ұйқыға батқандай. Оң жатағы көршім Тұрарчик сияқты қиялап келіп, қисынын тауып, үйге ие болған басқа саланың бірлі-жарым пысықайлары болмаса, бұл ғимарат тұрғындары негізінен газет-журнал, баспахана қызметкерлері, бір саланың адамдары болуға тиіс-ті. Яғни, менің әріптестерім. Бүгін-ақ түрлі редакцияларда істейтін біраз жігіттерді көргенмін. Олардың көпшілігі-ақ мен сияқты пәтерге алғаш ие болғандар. Біздер, жастар газеті редакциясында қызмет істейтін бес-алты көгенкөз, бұл үйден де құр қалар едік. Егер, жағы түспей жамандық көрмегір, бас редакторымыз Сейдештің тамаша ақылының арқасы болмаса... Ол кезде бұл әрекеті білініп қалса, қызметін қойғанда қоғамның ішіндегі таңдаулылар қоғамы сияқты партия мүшелігінен де қуылатын болғандықтан, аса құпия әңгімені уақыт керуені пәлен қырды асып кеткен соң айтқалы отырмын... Сол сияқты партиямыздың республикалық басшылығының меншік мекемесі саналатын баспахананың өз қызметкерлеріне арнап, үй салдыратын құқы бар болатын. Редакция атаулы сол баспахананың ғұзырында. Олар жаңа үй салып бітіргенде әр редакцияға бірден-екіден пәтер бөледі. Біз пәтер алған үйді ұзақ уақыт тұрғызып әбден қажытқаны бар. Күтумен жүрген күн де келіп, бастығымыз пәтер бөліске кетсін. «Бөліске түсер жетпіс екі пәтерден 6–7 пәтер тиіп қалар» деген үмітімізді үкілеп біз қалдық. Түс ауа бастығымыз келсін. Түрі өрт сөндіргендей. Жаутаңдап біз отырмыз. «Ұяттан бәрі де жұрдай болыпты, – деді сөйлей алмай біраз отырған соң. – Жиырма журналисіміз үйсіз-күйсіз. Әркімнің босағасын сағалап жүргенде бізге бір-ақ пәтер берді». Бәріміз де қаралы хабар естігендей тұнжырап-тұнжырап отырып қалдық. Отырмағанда не істерсің. Біраз сөзін өткізе алады дейтін бастығымыз үй бөлістен шыға салып, «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс»» болып тұрған партия басшылығына да кіріп, тауы шағылып қайтыпты. – Егер сендер сыртқыларға сынық сөз шығармаймыз деп уәде берсеңдер мен бір ақыл айтайын, – деп, пәтер кезегінде тұрғандарды жеке шақырып алып, бетімізге сынай қараған. – Бұл әрекетімізді біліп қалса, жоғарғы жақтың шоқпары алдымен менің басымда ойнайды. – Уәде береміз, – дедік бір кісідей. – Тек нәтиже шықса болғаны. Сейдеш ағамыз Мәскеуде жұмысын бастаған партияның кезекті бір съезіне жеделхат жолдап, оның жұмысына табыс тілеуімізді, оның

шешімдерін орындауға, республика жұртшылығын жұмылдыруға күш салатынымызды айтуды, сонан соң хаттың соңына қарай өздеріңнің пәтерсіз жүргендеріңді жазыңдар, деген ақыл берді. Ортамызда орысшаның майын тамызатын бір жігіт бар еді, соған мәтінін қағазға түсіртіп, хаттың саяси жағынан әбден ұстамды болуын әбден екшеп, өзімізге үй бермегендерге артық ағат сөз айтпай, жарты беттік жеделхатымызды бас поштаға апарып «жолға салдық». Тіпті діттеген жердің оны алғанын растайтын жауап хат жазуын да заңдастырдық. Екі күн өтер-өтпесте «Жеделхат съезд секретариатына тапсырылды» деген жауап хат редакцияға келген күні бастығымызды партияның үлкен үйі дереу шақыртып әкетті. Хатқа қол қойған бәрімізді қауіпсіздіктің «Үш әріп» аталып кеткен үйіне бір-бірлеп шақырып, ал кеп тергесін. «Үй беріңдер» дейтіндей партия съезі сендерге ойыншық па?» дейді. «Хат жазыңдар» деп ақыл берген кім, редакторларың емес пе?» дейді. «Сүйікті партиямыздың съезіне табыс тілейік» деген патриоттық сезіммен жаздық. Соңынан үйсіз-күйсіз жүргенімізді жазғанымыз ағаттық болды. Басшыларымыздың бірде-бірі мұнымызды білмейді» дедік. Шамасы, редакторымызды да біраз қуғындаса керек. Әрине, ол кісі де «білмейтін» болып шығады. Не керек, ол кісі де қызметкерлеріне дұрыс тәрбие бере алмағаны үшін жеңіл-желпі сөгіс алса керек. Ал бізге съезд жұмысына табыс тілеп, жап-жақсы бастаған ісіміздің соңында жеке бастың проблемасын республикадан аттап барып, Мәскеуде өтіп жатқан партияның ең жоғарғы органына айтқан саяси көрсоқырлығымыз үшін республика комсомолы тарапынан бір-бір сөгіс арқалатып, бір аптадан соң редакциямызға алты бірдей пәтерді бере салғаны. Бір қызығы, редакция ішіндегі кезекте алтыншы болып тұрған менің де пәтер алушылардың қатарына қосылып, бағымның жанып кеткені. Түнгі көшеге жоғарыдан үңіліп тұрып, сәтімен оралған іске іштей тәубама келдім. Редактор ағамыздың өз басын қауіп-қатерге тігіп, біз үшін жасаған тәуекеліне іштей алғысымды жаудырдым. Көрші балкондарға қараймын. Таза ауа жұтып тұрғандар сирек-ті. Ұзыннан созылып жатқан үлкен үйдің екінші басындағы бір балконнан екіүш адамның сұлбасы көрінеді. Бәрі де ұйықтауға жатқан сияқты. Қайта келіп, орныма жантайдым. Бәрібір кірпігім айқасар емес. Отау боп шыққалы бес-алты жылдың мерзімі өтіпті. «Басы қатты тіршіліктің аяғы тәтті» деген ып-ырас екен-ау. Көрген азды-көпті қиындықтар бір күнгідей болмай өте шығыпты. Бұрындары елден біреу-міреу келіп, әлде біреудің бір бұрышында, немесе ауладағы үйшігінде тығылып отырғанымызды көргенде: «Е, пәленшенің баласы жетті, үлкен оқуын тәмамдап, газет қызметкері болды, Астанада қалып, қаратаяқтар қатарына қосылды деп жүрсек, жетісіп отырғаның шамалы екен-ау» деп мүсіркеп кететін сияқты еді. Енді көрсін, бүкіл ауыл боп көшіп келіп көрсе де!

Көрсін, Серібайдың баласының астананы сағалап, босқа жүрген селтеңбай емес екенін. «Осы аз уақытта не көрдім?» Ой таразысынан өткізе бастадым. Шіркін-ай, бүкіл ауылды айтпағанда, өзім үйлерінде тұрған қожайындарыма осы қазіргі күйімді көрсетер ме едім. Олар да білсін, менің күнімнің өмір бойы бөгдеге қарап қалмағанын». Идея! Қонаққа шақырамын. Бітті! Әкемдей қарсы алып, күтіп жіберемін барлығын да. Жақсысын да, жаманын да. – Бағила! Ә, Бағила! – Ау, ұйықтасаңшы, шаршадың ғой, – дейді ол. – Келесі аптаның жексенбісіне өзіміз тұрған үйлердің иелерін қонаққа шақырып жіберейік. – Е, жарайды! – Бағила не істесең де өзің біл, тек қазір ұйқы берші, дегендей әрі аунап түсті. – Иә, шақырамын міндетті түрде! – деймін өз тапқырлығыма өзім риза болып. Отау боп, Бағила екеуіміз жеке шаңырақ көтерген уақыттан бері егерегер бізге үйлерінен орын, көңілдерінен ықылас бөлген, тіпті қилы-қилы мінездерімен қинаса да белгілі бір уақыт паналатқан осынау жандар болмаса, дәл бүгін осы кең сарайдай пәтердің иесі де болмас едім ғой... Анау Әминат шешей, Алексей мен Тамаралар, Жүкең мен Шағи шешейлер, анау Коля ағай мен Тасялар... бәрі-бәрі бүгін ойлап отырсам мен оқыған бір-бір романның басты кейіпкерлері сияқты. Әрқайсысының мінездері бір-біріне қандай ұқсамаса, тағдырлары да әр қилы. Олар кімдер еді?!! Онан да мен сіздерді күні кешегі сол қожайындарыммен рет-ретімен таныстыра отырайын.

БІРІНШІ ТАРАУ

ӘМИНАТ ПЕН МҰXАМЕД

Нөмірі
бірінші
қожайындарым.
Әминат

алпысты
алқымдап қалса да әлі жанарының нұры таймаған, ажарлы
әйел. Жесір. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді»
дегендей, жас кезінде аса нұрлы адам болғаны бір қарағанда-ақ

көрініп тұрады. Өте діндар. Бес уақыт намазын қаза
жібермейді.
Мұхаммед – жар дегенде жалғыз ұлы. Жиырма бестерде,
былайша айтқанда, менімен түйдей құрдас. Үйленбеген.

Шешесінің айтысына қарағанда, Мұхаммед қаз-қаз басып
жүрген кезінде бетіне толған Айдың сәулесі түскен. Содан
ақылы аздап ауытқыған, кейде ілгерінді-кейінді, шалықтап
сөйлеп, кейде бар-жоғын білдірмей, тым-тырыс жүріп алады.

Ұлттары – ингуш. Мұхаммед – Алматыда, шешесі Кавказда
туған.

Бағила екеуіміздің де оқуымыз тәмәмдалуға жақындап қалған соң енді отау тігіп, жеке шығу жайын ойластыра бастағанбыз. – Жатақханаңа екі күннің бірінде шапқылап, осылай жүре беремін бе? Оқуым биыл бітеді. Сенің әлі бір жылың бар. Оқу бітірген соң жолдаманы өз облысымыздың газетіне беретін сияқты. Ал мен сені мұнда тастап кете алмаймын, сондықтан отау құрғанымыз жөн сияқты. Отбасын құрған кісіні зорлық қып ауылға жібермес», – деп Бағилаға сөз салып жүргенмін. Оның «жарайды, өзің біл» деген келісімін алған бетте ауылдағы ағамызға хат жазып, көрші ауылда тұратын оның үй ішіне құда түсе жіберткенмін. Олардың да келісімін алысымен жедел той қамына кіріскенбіз. «Кіріскенбіз» дегенмен, кірісе қояр ештеңе де жоқ еді. Курстастар шәкіртақыларынан үлес бөліп орасан байлық – үш жүз сомнан артық қаржы жинап берген. Ауылдан тойға келер бірлі-жарым ағайынның, қаладағы жолдас-жоралар әкелер тарту-таралғыны қоса есептегенде студент тойын бір асханада дүрілдетіп өткізуге жетіп қалар дейтін қара есеп құрғанбыз. Ең үлкен шығын дейтін қалыңдық көйлегінің де реті келе кетті. Басына киер гүлді ақжелеңі мен үлбіреген ақ көйлекті бірер ай бұрын отау тіккен студенттен өте арзанға сатып алғанбыз. Ең жақсысы, бұдан былай үйленетін өзіміз сияқтыларға өткізіп жіберуге де болады деген сөз. Айтқанымыздай, қаржымыз жетіп-артылды дегендей-ақ болды. Асабалар да өзімізден, әнші-бишілеріміз де өзімізден. Қой сойып, қымыз сапырмасақ та тойымызды қызыл іңірден таңға дейін жалғастырып, әдемі бір сауық қып өткіздік. Ақантай, Қожабай, Болатжан, Ақжұмаш сияқты оқуға түскеннен бері жұбымызды жазбай бір бөлмеде тұрып келген достар білек сыбана кірісіп, барларын салып баққан. Той өтпей тұрып-ақ жас жұбайларға отау болар пәтер іздеуді сол достарға тапсырып, қаланың көше-көшесін кездіріп жібергенмін. – Орталыққа жақын пәтерлердің өңештері тым кең екен. Отыз сомнан бері түсетіндері табылмайды. Сәл алыстау демесеңдер бір иманжүзді мұсылман әпкеңді тауып келдік, – деп Ақантай мен Болатжан Бағила екеумізді алдынала апарып, таныстырған болатын. Төсек-орнымызды да, бір-екі шыны-аяқ, тәрелке, шәугім, қалақ, пышақ сияқты ең керекті дегендерді әзірлеп қойыпты. Біраз қыз-жігіттер бізді алғашқы құт-мекенімізге әкеліп салған. – Дегенмен, жігітім, уәдеде тұрып, бәрімізден бұрын шаңырақ көтеріп ерледің, – дейді Ақантай. – Былтыр, мамыр айында Медеуде берген уәдеңді айтамын. – Ол қандай уәде еді? – Бұл әңгімеден хабары жоқ қыз-жігіттер. Мәнжайды түсіндіріп беруіме тура келді... Мамыр айының басындағы мерекені Алматыда өткізіп, бізбен танысу үшін Қарағанды қаласынан Ақантайдың дәрігер болып істейтін қалыңдығы Оралдың келуіне байланысты бір топ жас жігіттер Медеуге барғанбыз.

Ауыл шаруашылығы институтында оқитын Әскербек Алтынжамалынан, Қожай Шолпанымен, Ақжұмаш Нүкешімен, сонан соң өзім Бағиламен жақсылап демалып қайту үшін ішіп-жемімізді аралап келгенбіз. Қалыңдығы әлі мектеп бітіре қоймаған Болатжан ғана сыңарсыз. Медеудегі мұз айдынына тоқтамай, оның сол жақ беткейіндегі биік жотаның төбесіне көтерілген соң төсеніштерімізді жайып, газетдастарқанымыздың үстіне байлығымызды қойып жатырмыз. Сол кезде Шымбұлақ жақтан тоқымдай ғана қара бұлт шыға келсін. Самсаған қарағайлардың «шашын» жұлардай дауыл тұрсын. Газет-дастарқанымыздың біразы қанат біткендей ұша жөнелсін. Ішіп-жемдерімізді дорбаларға қайта жасырып үлгергенше нөсер төпелей жөнелсін. Тура шелекпен құйғандай. Одеял-төсеніштің біреуін төрт бұрышынан керіп ұстап, нөсерден қорғаған болдық. Кісіні ұшырардай болып басталған дауыл тынып, нөсер де басыла қалды. Қап-қара алжапқышын сүйреткен нөсер бұлты қалаға қарай ауды. Ештеңе болмағандай төбемізден күн күлімдеді. – Медеудің күні ашуың да, қайтуың да тез сенің мінезіңнен аумайды екен, – дейді маған жағатын сөзді барынша сирек айтатын Ақантай. Күн шықса да малмандай су болған өзіміздің де жылына қоюымыз қиын еді. – Қане, жігіттер, қу бұтақтарды әкеліп от жағайық, – деді Әскербек. – Жігіттердің қайсысы буға бөккен ағашты тұтатып, басқадан бұрын жақса, соны бәрімізден бұрын үйлендірейік. Қыздарды куә ғып бәріміз қол алысып уәде берген соң қу бұтақтарды жинауға кірісіп кеттік. – Целиноградтағы орта мектебін биыл ғана бітіретін Бақытыма бәрібір әзір үйлендірмейді. Сондықтан мен жарысқа қатыспаймын. Тек отын тасысайын, – деп Болатжаным қыздарға қарап ыржиды. Әр жерден бір шоқалақ бұтақтарды үйіп алып, отты тұтата алмай әлек. Мұндай жаңбырдан кейін от жағудың бір тәсілін үйреткен әкемнің ақылы іске асып кетті. Қу бұтақтардың сырты су болғанмен қабығының асты құрғақ тұрады. Бәкіммен қабығы жонылып тасталған бұтақты жоңқалап шошайтып үйдім де от қойдым. Ду ете қалды. Ұсақ бұтақтардың біразы лаулай жанған кезде кезек кесектеріне берілді. Қыздар шуылдап, Бағиланы құттықтап жатыр. «Бәрімізден бұрын сен келіншек болатының құтты болсын!» дейді. «Жігітің іскер екен, болашақ отауларыңның да оты осылай маздасын» дейді. – Ойбай-ау, бәрімізден бұрын мынау Серібай шалдың жаман ұлының аузының салымын қарасаңдаршы-ей, – дейді Ақантай. – Ал енді бәрімізден бұрын үйленемін деп уәде бер. – Уәде беремін! – Салтанатты дауыспен үш дүркін қайтала. – Уәде беремін! Уәде беремін! Уәде беремін! Олар бұл сөзді Бағилаға да үш дүркін қайталатты.

Лау болып жанған оттың жалыны киімдердің буын бұрқыратып, бетті шарпыды. Әзіл-қалжың, достық пейілдер жанымызда да жылытып еді. Ақантайдың еске алып тұрғаны сол оқиға болатын. Тұңғыш қожайынымыз Әминат шешей әр сөзін өте баппен айтып, тау халықтарының мақамымен сөйлейтін бипаз адам екен. – Шырағым, пәтерші жалдап қаржы жинайын деген адам емес едім. Үш бөлмелі үйімнің ең үлкенін өздеріңнің еншілеріңе бердім. Басқасына аттап баспаңдар демеймін. Өз үйлеріңдей көріңдер. Тек мынау науқасқа шалдыққан балам бар. Тірі жанға зияны жоқ. Осы балаға өзім жоқта ес болсаңдар жетеді, – деген соң бірден ішім жылып сала бергені. Той өткен соң ертеңіне екеуіміздің бар мүкәмалымыз – бір-бір чемоданымызды жігіттер таксиге салып-ақ отауымызға «көшіріп» әкелген. Әминат шешейді тойымызға шақырсақ та келмеген соң, оған деген азынаулақ сыбаға-сарқытымызды да ала келдік.. Курстастар ішінен алғаш үйленіп, жеке шыққан мен болған соң ба, жігіттер біздің шағын бөлмемізді тойға дейін-ақ жасандыруға барларын салды. «Бір жарым кісілік» деп аталатын темір кереуетті соңғы тиындарын жинап, сатып алса, досына жақсылық жасау үшін тұңғыш рет ақ жолдан аттаған Ақантайдың күнәсына Алла кешірім жасасын, жиналмалы екі орындық, бір төсеніш-матрац, қос ақжайма мен екі жастықты, кейін бір қисыны болар деп, жатақханадан рұқсатсыз «сұрап» алыпты. Бағиланың шошайып отырып, маған шай құйып бергенін көргілері келе ме, екіден-үштен, жиі қонақ болысып кетеді. Біз болсақ қара шайымыз бен қара нанымызды олармен бөліп жегенге мәзбіз. Жігіттер де қу, бізге салмақ салмайын дегендей «Мынау біздің ауылдан келген сәлемдеме еді, содан сендерге деген сыбаға» дегендей қырық сылтауларын тауып, бірдемелерін көтере келетін. Үй болсақ та, уайымсыз студент қалпымыз. Ертең ақшамыз таусылады-ау деп тұратын біз жоқ. Бүгінгі тоқтығымызға, бүгінгі шат тірлігімізге ризамыз. Әминат шешей бізге де, біздің қонақтарымызға да қабақ шытып көрген емес. Қайта біз келгелі ерте қашқан қызығы аз ауылының бір шетіне ел келіп қайта қонғандай масайрап қалды. Ол да қолындағы тәтті-дәмдісін жиі-жиі әкеліп, дастарқанымызға қояды. Біз шын мешкейді әрең тойдыратын кішкене қара қазанымыз бүлкілдей қалса, оны дастарқанымызға шақырып, бәйек боламыз. Ағымнан жарылып шынымды айтсам, Мұхаммед дейтін пайғамбар есімді жігіт бұл шаңырақтың астында өзінің де тіршілік ететінін тірі жанға сездірмеуге тырысып жүретіндей. Шешесі түнде үтіктеп қойған киімін киіп, жұмысына асыққан адамдай күн шыға кетіп, кешкілік тауық қонақтаған шақта сыбдырын білдірмей өз бөлмесіне өтетін. Шешесі тамағын беріп жатқызатын. Зәуде бір көріп қалғанда сәлемдессең, бетіңе қарап, бір ыржиып күлер еді, қарамасаң сенде жұмысы жоқ, өзімен өзі жүрер еді. Дастарқанға шақырсаң, «Жүр, сені үйге кіргізіп алып, мұрныңды бет қылып, сабап жіберейін» деп тұрғандай үрке қарап, ат-тонын ала қашатын.

– Жұбайым соғыста мерт болды. Не керек, жалғыз баланы денін сау ғып жеткізе алмадым, аурудан сақтап қала алмадым. Саудың тамағын ішіп, аурудың сөзін сөйлейтін жарымжан болып қалды ғой. Қайтейін, осы қу жалғыз жазыла ма деп көрсетпеген дәрігерім де, бақсы-балгерім де қалмады. Жаратушының рақымы көп деуші еді, бірақ әлі мені жылатумен келеді. Бұл жазылмаса, менің тіршілігімнің кімге қажеті бар? – деп мұңын шағар еді Әминат шешей. Пәтерге деген кесімді ақыны кешіктірмеуге тырысамыз, менің стипендиямды алған күні-ақ ізін суытпай әкеліп қолына беремін. Бірақ басқа тартсаң аяққа, аяққа тартсаң басқа жетпейтін келте көрпе сияқты Бағиланың жиырма сом стипендиясы айдың ортасынан ауа бере қара бақырды санатып, тығырыққа тіреп-ақ тастайды. Ондайда бізге қолын созар жалғыз жебеушіміз бір кезде өзім іргетасын қалап, бір бөлмеде бірге тұрған жігіттерім – Ақантай, Болатжан, Қожабай һәм Ақжұмашқа мұра ғып қалдырған бар шаруашылығы бір бөлмеге жинақталған «Бірлік колхозы». Бірінші курстан бастап бір бөлмеге орналасқан, алайда арттарынан ақша келе бермейтін, қыс айларында ғана почтамен жететін Ақантайдың үйінен келер бір-екі жәшік сәлемдеме еттен басқа азық-түлік те келе бермейтін бес жігіт қатарымызды бұзбай бірге тұратынбыз. Ал стипендия тамағымызға жетпейтін болған соң бәріміздің күн көріс қаржымызды шыпшырғасын шығармай жинап алып, бәрін де ортақ қазанның қамына бағындыратын, бірлестігімізді «Бірлік колхозы» деп атағанбыз. Басқа жігіттер айдың ортасына жетпей нан сұрай бастағанда бірліктіктер қойдың арзан бастарын асып жесек те, буымыз бұрқырап жүретінбіз. Әнеки соңғы курсқа келсек те, бөлмеде қалған төртеуі сол «Бірліктің» тірлігін тоздырмай жүрген-ді. Қысылған сәтімізде жігіттер де «Артылып қалатын түрі бар» деп, кесек 4–5 сомды ұстата берер еді. Төрт-бес сом деген біз үшін мол байлық. Төрт-бес күн ашықпауымызды қамтамасыз етеді. Қайран уайымсыз-мұңсыз сол бір күндер... Ақша дейтін пәлекет қаншалықты тығырыққа тіресе де, адалдықтан аттамаппыз... Тағы да сол бір қаржының тақыр-таза таусылған тұсы болатын. Ондайды бірден сезе қояр Әминат шешейдің зорлап ішкізген шайымен құрсақты алдандырған соң, сабаққа барғалы жатқанбыз. Бағила әлденеге айналып қалды да, мен аулаға бұрынырақ шыққанмын. Жалғыз аяқ жолдың үстінде жатқан жұқалтаңдау әмиянға ұқсас бір затқа көзім түссін. Еңкейіп жерден көтердім. Дермантиннен жасалған тым көнетоз әмиян екен. Ашып қарасам, ішінен әлдене оралған дәптердің парағы шықты. Ал оның ішінде... Оның ішінде ақ құйрық 100 сомның көзге соншалықты ыстық суреті көрінсін. Саусақтарым дірілдеп, оның бүктеуін жазсам, оның ішнен 50 сомдықтың шетіндегі күн көсемнің бейнесі көрінеді. Оның арасынан 25 сомдық, оның арасынан 3 сомдық... Тәңірім-ау, Бағила екеуіміздің оқу орнына баруымызға ғана жетер-жетпес он шақты тиынымыз қалған тұста... өңіміз түгілі түсімізге де кірмейтін 178 сом қаржы. Сол сәтте ат басындай алтын тауып алсам, дәл мұндай қуанбаспын. Басыма әлде бір қиял келді де,

дәрежелері түрлі-түсті ақшаның төрт қағазын төрт қалтаға салдым. Аспаннан түскендей мынау ересен байлықты бірден көрсетіп, Бағиланың жүрегіне салмақ түсірмейін дедім. – Бағила, – дедім соңымнан шыққан оған қуанышымды білдірмеуге тырысып. – Шешей қайда кеткен? – Магазинге кеткен шығар. – Ал мен ақша тауып алдым. – Қойшы-ей, қанша? – Үш сом! – Жан қалтамнан көк қағазды шығардым. – О, жақсы болды ғой. Маған бер, кешке тамақ ала келейін. – Ойына бірдеңе түскендей бетіме сұраулы жүзбен қарады. – Әминат шешейдікі болар... Ол кісіні тосамыз ба, қайтеміз?! – Сабақтан қаламыз ғой... Қалжыңдаймын, 3 сом емес, 28 сом, – деп үш сомның жанына жиырма бестікті қостым. – Енді не істейміз? – Ол ақшаны біреуден ұрлап алғандай жан-жағына жалтақтай қарады. – Қалжыңдаймын, 78 сом, – деп 50 сомдықты тағы шығардым. Ал «178 сом болатын» деп оларға жүздікті қосқанда Бағилаым буынынан әл кетіп, қашаға сүйеніп, құлап қалмай әрең қалды. Сөйлеуге шамасы жоқ, бетіме жаутаң-жаутаң қарайды. Сөйтіп, екеуіміз де мең-зең болып тұрған кезде оны-мұны салған тор дорбасын көтеріп, Әминат шешей де келген. Өңі ақша жоғалтқан кісіге ұқсамайды. – Шешей, сіз ақша жоғалтқан жоқсыз ба? – Ол бетімізге таңдана қарады. – Қайдағы ақша? – Мен қара әмиян мен көгала кағаздарды көрсеттім. – Мына жерден, біздің ауланың ішінен тауып алдым, – деймін мен ақталғандай. – Балаларым-ай, бұл да болса сендерге жіберген Алланың жәрдемі болар, – деп кейуана ағынан жарылды. Сол кезде аулалары жұқа тақтай шарбақпен бөлінген көршілердің үйінен сыңсыған үн естілсін. Екі-үш күн бұрын ғана ол үйге де екі пәтерші қыз келіп тұрған болатын. Сыңси жылаған оқыс үннің солардікі екені күмәнсіз еді. – Дура, кеше ғана «бір тиын ақшам жоқ» деп менен қарыз алып едің ғой, – деді тысқа алдымен шыққан талдырмаш қара қыз соңында жылап келе жатқан жіпсиген сары қызға зілдене сөйлеп. – Енді бүгін ақша жоғалттым дейсің! – Біреудікі еді, – дейді сарысы. Бәрі де белгілі еді. – Айналайын, қанша ақша еді? – деймін мен сарысына қарап. Ол қарасына қарайды. Айтуға қорқып тұрғаны белгілі еді. – Ақшаңды мен тауып алдым. Бірақ дәл сомасын айтпасаң бермеймін, – деймін мен. Сол кезде ғана сарыға тіл бітті. – Жүз жетпіс сегіз сом болатын.

– Сендей ұятсызды көрсем көзім шықсын, – деді қарасы теріс айнала беріп. – Бүгіннен бастап басқа пәтер іздеп тауып ал! – Ал ол ақшаң біздің аулаға не ғып «қашып» кеп жүр? – Таңертең көрпе-жастықты қаққанмын, сонда ұшып кеткен ғой. Мен әмиянды, Бағила екеуіміздің денемізді бір ысытып, бір суытқан қайырсыз әмиянды сарының қолына ұстаттым. Сары қыз ақшаны санап болып, күліп жіберді. – Тапқан адамға сүйіншісін бермейсің бе? – деді Әминат шешей. Сарының үкі көзі жыпылықтап кетті. – Е, балам-ай, бұл жігіт ақшаңды бермей қойса, қайтер едің? Адамгершілігі үшін тым болмаса алғыс айтуды да білмедің-ау... – Жарайды, – дедім сарының ақшаларының бетінде тұрған үш сомдықты өзіме қарай тартып. – Мынаны ғана алайын… Қарызға… Осыныңды берсең жетеді. Әминат шешей басын шайқады. Ал Бағила екеуіміз бойымыздан ауыр жүк түскендей жеделдете басып, аялдамаға қарай бет алдық. Үш сомдықты Бағилаға ұсындым. – Кешке тамақ ала келерсің. Стипендияны алған соң екі қыз тұрған үйдің есігін қағып едім, екі қыз да жүгіріп, тысқа шықты. – Мә, қарындасым, қысылған кезде үш сомың біраз жерге жеткізді. Рақмет, – деп ақшаны ұсынып едім, үкі көз сары қолын соза берді. – Сізге де рақмет, – деді ерні әрең жыбырлап. – Ұятсыз! – деді қара қыз теріс айнала беріп. Бұл сөзді құрбысына бағыштағаны белгілі болса да маған айтқандай естілді.

* * * Сөйтіп, біз отау тіккелі бергі алғашқы көктем де аяқталып, Бағила институттағы кезекті курсты аяқтау сессиясын, ал мен ең соңғы сын – мемлекеттік емтихандарды тапсыруға және диплом жазу жұмысына қызу әзірленіп кеттік. Ыстық тамақ істеп ішетін уақытымыз жоқ, күндіз асханадан бірдеңе ішкен боламыз да, үйге келгенде шаймен, нанмен қанағаттанамыз. Біздің мұндай күйімізді көрген Әминат шешей қолы қалт етсе, бізге де ыстық тамақ істеп қоюға тырысатын. – Шешей-ау, біз үшін несіне әуреленесіз? Асханадан ішіп келгенбіз, әргі-бергі жағы бірер ай ғана ғой, сонан соң қолымыз босап, күндіз-түні кіітап ақтарудан да құтыламыз, – деймін оған. – И, қарақтарым-ай, сендер де бір-бір үйдің білім қуып жүрген еркесісіңдер ғой. Өздеріңе жасаған аз жақсылығым өздеріңнен қайтар, өздеріңнен қайтпаса құдайдан қайтар. Сендер сияқты балдай тәтті жас отбасын көргенде Мұхаммедтің әкесі екеуіміздің үй болған алғашқы сәтіміз еске түседі... – Оның әлі де әдемілігін жоғалтпаған аялы жанарын жас кіреукелей қалды. – Не деген сұмдық, небәрі үш жарым-ақ ай бірге ғұмыр кештік қой Рахман екеуіміз. Азаппен өткен отыз жылға жуық ғұмырыма сол

үш жарым ай әлі азық болып келеді... Сол азығым таусылған күні мен де Рахманымның жанына қарай аттанармын. Тірлікте көрмеген рахатымызды о дүниеде көрермін деп қиялдаймын. Мен бұл кісінің кеудесіне талай жылдар сыр ғып сақтаған әңгімесін қанша тыңдағым келсе де, сөз арнасын әдейі басқа жаққа бұрдым. Кейін бір кең отырып, тыңдағанды жөн көрдім. – Шешей, осында, қалада қалатын сияқтымыз. Бүгін оқу орнын бітіретін жас мамандарды жер-жерлерге бөлгенде мені осында, қалада қалуға рұқсат берді. Ол газетте жарияланып жүрген мақалаларымның септігі тисе керек. Жастар газеті мені редакцияға қызметке алатын сыңайы бар. Ал келініңіз Бағиланың әлі бір жыл оқитынын білесіз. Демек, сіздің үйде де әлі тұра берерміз, – дедім. – Е, қарағым, қалада қалатындарың жақсы болған. Сыймай жатқан неміз бар? Қазынадан пәтеріңді алып, өз шаңырағыңды көтергенше осы үйде тұра беріңдер. Кейін кішкентайлы бола қалсаңдар, тіпті оны өзім бағып беремін. Мұхаммедім сауығып үйленсе, соның балаларын бақсам деп армандаушы едім, ол қиялымнан бұлт жуық сияқты ғой, – дейді тағы да өз уайымына қарай ойысып… Сөйтіп жүріп, оқуды тәмәмдап, дипломды да қолға алдым. Бәрінің сәті келе кетті. Маған жастар газетінің редакциясына жолдама беріліп, сол күні-ақ редакцияға барып, редакторға жолығып шыққанмын. Жұмыртқа жағып пісірген ақ тоқаш сияқты хатшы қызға университетті бітіріп, жолдамамен келгенімді айтып едім. Ол жапалақтың көзіндей кең жанарымен бетіме қарады да, бұрыннан танитын кісідей өңін жылытты. – Ә, Серібаев боласыз ба? Сізді жұмысқа қабылдайтыны жөнінде университетке хат жазғанбыз, – деді. Редакторға кіріп шықты да: «Бара беріңіз» дегенді сездірді. Қызметке қабылдайтыны туралы факультет деканына хат жазғанымен, өзімен бетпе-бет тілдескенде не дейтініне жіп таға алмай жүрексіне басып, есікті аштым. Қолында қалам, газетке баратын материал болса керек, машинкаға басылған қағазды оқып отыр екен. Қысқалау шашын артына қайырған тығыншықтай, шымыр денелі жігіт ағасы орнынан тұрып қолын ұсынды. Салалы деуге келмейтін саусақтары қарулы екен. Қолымды қыса сәлемдесті. – Серібаев дейтін жігіт боларсың. Жазғандарыңды оқыдым. Бастамаң жаман емес. Бүгіннен бастап екі ай сынақ мерзімге жарты айлықпен қызметке қабылдаймыз. Әрі қарай жұмысқа тұрақты қалуың тек өзіңе байланысты. Өздеріңе дәріс оқып жүрген әрі «Жетісу» газетінің редакторы Кәкімбек жолдастың ұсынысы бойынша шақыртып отырмын, – деді де қатар-қатар тұрған орындықты нұсқады. – Отырғын. Хатшы қызды шақырып, қызметкерлерді жинауын сұрады. Сөйтіп, сүт пісірім уақыттың ішінде студент жастар және мектеп бөлімінің кіші әдеби қызметкері болып шыға келдім. Диплом қорғап болғанша мүмкіндігінше келіп, жұмыс істей беретін болдым.

Кеңседен кеудем шаттыққа толып, өзімді ең бір бақытты адам ретінде сезініп шықтым. Әсіресе, Кәкімбек ағаның кісілігіне ризамын. Бізге «очерк жанры» дейтін курс бойынша бір жыл бұрын дәріс оқыған. Курсты аяқтап, емтихан аларда ол кісі: «Балалар, мен емтихан алмаймын. Ойдан очерк жазып келіңдер. Кім туралы, не туралы жазасыңдар – ерік өздеріңде» деген болатын. Сәтін салғанда, «Оның әкесі. Ол. Оның баласы» деп аталатын жазбам ұнап, өзі басқаратын газетке тапсырыспен екі-үш мақала жаздырған. «Біраз ізденіп, талпынсаң тәп-әуір журналист боласың. Облыстық газетке алар едім, өрісің тарылып қалады ғой. Адам жас кезінде ел көріп, жер тануы керек. Сондықтан жастар газетін жағалап көр» деп ақыл айтқан. Енді мінеки, мен үшін өзі сөйлесіп, жанашырлық танытып жүрсе қалай риза болмассың. Жолдамамен астанада қалғаным, Бағила үшін зор қуаныш еді. Ол да маған айтпай-ақ өзінше әрекет жасап, «Оқулық» баспасының физикаматематика редакциясына кіші редакторлық жұмысқа орналасып алыпты. Бөлімнің меңгерушісі Бөкейханов дейтін ағасы үш-төрт үміткердің ішінен Бағиланы таңдапты. Әрине, біраз есеп шығартып, сауатын тексеріп дегендей кішігірім сынақ өткізсе керек. Институттағы соңғы курсты сырттай оқуға да сол кісі ақыл берген екен. Несін айтасың, кеше ғана тойып тамақ іше алмай жүрген екі студент алғашқы жалақымызды алғанда байыдық та қалдық. Екеуіміздің айлығымыз анау-мынау емес, жүз елу сомға жетіп жығылады екен. Айына жиырма-отыз сомнан артық қаржы ұстап көрмеген кешегі тоқжарау жүрер біздер үшін бұл, әрине, таусылуы өте қиын байлық. Оның үстіне пәтер ақыны өтеуге, кино-театрымызға баруға жетерлік ақшаны қаламақыдан-ақ табады екенмін. Бұрын республикалық газетте жұмыс істейтін журналистер айрықша туған адамдар шығар деп ойлайтын Қуаныш Серібаевыңыз газетке етектейетектей мақалаларын жариялап, қутыңдайтынды шығарды. Бірде жас отаудың рахайлы тірлігі туралы ой қозғаса, бірде той өткізу дәстүрі туралы толғанады. Бірде студенттердің уақытты ұқыпты пайдалануы жайлы келелі сөз бастаса, бірде ауыл шаруашылығының жоғын жоқтайды, енді бірде бүгінгі қыз-жігіттің мінез-құлқын жөнге салғысы келеді. Несін айтасың, әмбебап, газеттің қай саласы болса да қиналмай жаза салатын ақылман журналистке айналды. Алғашқы кезде бірге оқыған жігіттер мекеніне оралған құстардай астанадан елдеріне аттанған кезде оларды шығарып салған Бағила екеуіміздің жарты жанымыз солармен бірге кеткендей, өзіміз жұртта қалғандай сезінетінбіз. Тіпті менің жігіттерімді елдеріне шығарып салған сайын Бағила қиналып, үйге мұңайып оралатын. Келер жылы оқуларын бітіріп, елдеріне оралып жатқан құрбыларымен қоштасар сәт келгенде тіпті жылап-сықтап ажырасатын. Кейін бірте-бірте біз де үйренісе бастадық. Қызмет орнымызда да кіл өзіміз сияқты жастар. Үйленгендері, әлі бойдақтары бар. Олар бізді жетімсіретпей орталарына тартқан.

Ортаға тартудың немесе сол ортаға тартылудың түрлі-түрлі жолдары, түрлі түсті тәсілдері болады екен. Жұмысқа алғаш келген күні, тумысымда тұңғыш рет кеңсе қызметкері болған күні, яғни кең кабинеттің босағасы жағындағы бос үстелге қонжиған күні, бір бөлмеде үпір-шүпір иін тіресіп отырғандарға көзімнің астымен барлай қараймын. Бірлі-жарым «тіс қаққан» ересектерінің өзі әрі кетсе менен төрт-бес жас қана үлкен. Қалғандары түптүгел өзім сияқты «сары ауыздар». Қара бұйра қалың шашы басын меринос қошқардың басындай, қауғадай ғып көрсетер Қартбай есімді жігіт түтінсіңді ат тістерін көрсетіп: – Е, бала, сөйтіп қасымызға қосылдым деші. «Прәпеске» жасамасаң, қоспай да қоюымыз әбден мүмкін, – деп ыңыранды. – Бірақ бұл жігіттің көзін көріп отырғанмен ішіне кім кіріп-шыққан?! Қандай жігіт екенін обедтен кейін айтпасақ... Әзірге жымиысы жаман емес. Много обещающий... – Иә, түр-түсі жуатын жігітке ұқсайды екен, – деп Оралбек иығына түскен ұзын шашын саусақтарымен тарап, терезеге қарап кегжиді. – Сонда, обед мәселесі шешілді ме өзі? – деп Серікжан тікелей шабуылға көшті. Қалтамда сылдырлаған артық тиыным болмаған соң қысылып қалғаным рас еді, жағдайымды бек түсінсе керек, хат тіркеуші болғанмен, бәрінің анасы іспетті адам екеніне көп кешікпей-ақ көз жеткен Бүбітай әпкем маған көмек қолын созды. – Әй, өңшең қу ұлдарым-ай, Қуаныш баланы бүгін қыспасаңдар да болады ғой. Жаңа қызметкер деген алғашқы айлығын алған соң жумас па еді?! Жан алқымынан дәл бүгін алмасаңдаршы... – Апай-ау, бір ай бойы бұған «прәпеске» жасатпай қалай жүреміз енді?! Бізді қойыңызшы, бұл жігіттің өзіне ұяттау болады ғой. Қартбайдың үзілді-кесілді шартынан кейін апайымыз орындығына ілулі тұрған қоңыр сөмкесіне қол созған. – Жарайды, мен қарыз бере тұрайын Қуанышқа, – деп, оттай жанған он сомдықты суырып алып, маған ұсына берген. – Бұл – өте көп ақша, – деді Қуанышбек әбжілдік көрсетіп, ақшаны апайымыздың қолынан лып еткізіп алды да қалтасына салды. – Қызыл қағазды обедке қор қылмайық. Бұл ақшаның қызығын бір беделділеу жерге барып кешкілік көрейік. Ал тұсаукесер ме, әлде беташар ма, бүгінгі обедін өзім-ақ жасап берейін. Бұлардың салты бойынша, мұндай кішігірім «жуыстар» кеңсеге жақын жердегі «Қуанышбекторг» деп аталатын сыраханада өтеді екен. Жұмысқа қабылдану рәсімін бірер саптыаяқ сырамен, бір-бір тәрелке дүнген кеспесімен және дүкеннен әкелген бірер шөлмекпен атап өткен соң және апайымыз берген он сомдықтың игілігін соңғы тиыны қалғанша кешкілік көрген соң олармен қоян-қолтық араласып кете бардық. Жексенбі күндері үйде отыру жоқ. Қырық сылтаумен біріміздің туған күніміз деп, біріміз жаңа костюм алсақ та, соны «жуамыз» деп, тұрған

үйлерімізге кезек-кезек қыдырып жүргеніміз. Менен бір жыл, екі жыл бұрын университетті бітіріп келген, біразы әлі үй алып үлгірмей пәтерде жүрген жігіттер. Тіпті үйіміз жоқ деп жүрген біз жоқ, өйткені бірге жүргендеріміздің дені жаңа үйленіп, отбастары үлкеймеген, салт бастылар. Басқасының көңілі баяғыдай болған соң бізге не жорық!? Әминат туған шешеміздей болып кеткен адам, ерте келдің, кеш келдің деп жатқан ол жоқ. Бағила екеуіміз алғашқы айлығымызды алған күні ол кісіге асыл матадан көйлек сатып әкеліп бергенбіз. – Қойыңдар, айналайындар. Өздерің жаңа талап, жас отаусыңдар. Мен сендерді сынайтын адам емеспін. Үйде тұрсаңдар, тегін тұрып жүрген жоқсыңдар, мұндай қымбат сыйды ала алмаймын. Егер берер болсаңдар, екі-үш ай пәтердің ақшасын төлемеңдер. Тіпті мен сендерден сол пәтерақы дегенді алмай-ақ қояр едім, бірақ өздеріңді біреуге тәуелді сезініп жүресіңдер ме деп ойлаймын, – деп азар да безер болған. – Жоқ, шешей, біздің де әке-шешеміз шалғайда жатыр. Қазір солардың орнындағы жалғыз сізсіз. Алғашқы айлығымызға алған тартуымызды алмасаңыз, біз де ренжиміз, – деп біз жабысқанбыз. Баласын ескерсек, бізге бауыр баса түсер деген есеппен оған қызыл ала жаздық жейде де алғанбыз. – Айналайындар, дүниенің қадірін білесіңдер ме сендер. Ертең үй алып шыққанда да жинаған қаржыларың болса, қажетке аспас па? – Әминат шешей әлденені айта алмай отырғандай күмілжіп қалды. Сонан соң бір күрсініп алды да, былай деді: – Рахманның көп қаржысы болғанда біз өстіп туған жерден жырақтап, ағайыннан алшақтап кетер ме едік?.. Туған-туысқаннан кім қалды, әкешеше бар ма – одан да бейхабар жүргелі бір азамат ғұмыр уақыт өтті... Мен сол күні Әминат шешеймен түннің бір уағына дейін әңгімелестім. Бұрындары әр жерінен үзіп-жұлып естіген өмір жолына енді қанғандаймын.

ӘМИНАТ АЙТҚАН

Аспанмен тілдескен ақ бас шыңдары бар биік таудың бір қойнауына бұйыға орналасқан шағын қыстақта әке-шешесінің, азуларын айға білеген үш бірдей ағаның ортасында уайым-қайғысыз қызыл гүлдей бір қыз өсіп келе жатады. Ол анау зеңгір аспан астында, мынау бірінен-бірі иық асырып аспанға шаншыла біткен сүйір төбе таулардың құшағында жатқан бейбіт тіршіліктен басқа кең дүниенің барын да қаперіне алмай, қамсыз бойжетеді. Уақыт жылжыған сайын бұрынғы балғын қыз шағындағындай оны қар жастанып өсер үлпілдек қаргүлін теруге үй іші еркін жібермейтін болады. Жүзімдікке барғанда да жеңгелері қия бастырып, қырқа астыртпайтын, соған егескендей ауылдың түбіт мұрт, жас пері бозбалалары да сұр елтірі

қоқайма бөріктерін шекелете киіп алып, орайын тапса, қызбен тілдесіп қалуға, әзілдесіп сөйлесуге құмар болатын. Бір күні қыздың үйіне екінші қыстақта тұратын бір-екі қария қыдырып келеді. Қастарында майға тыққан қасықтай жылмаңдаған сұлу мұрт, сыптығыр қара жас жігіт бар. «Е, әншейін қыдырып жүрген адамдар болар» деп ойлайды қыз. Бірақ қонақтар бұлар сыйлаған және өздері сыйға әкелген үлкен қыш құмырадағы жүзім шарабын ішіп, кеш батқанға дейін отырысады. Жәй отырмайды, дуылдатып, қонақтар да, үй иелері де ән салып, шерлерін бір тарқатысады. Үйге кіріп-шыққан сайын сыптығыр қара көзімен қызды жұтып жіберердей еміне қарайды. Бірақ «әйел заты, әсіресе, тұрмысқа шықпаған қыз бөгде ер адамға қарауға болмайды» деген жеңгелерінің сөзін пірдей тұтқан бойжеткен қадалған жанарды жүрегімен сезеді, сезген сайын үркек көңілге секем ұялай бастайды. – Анау кіріп-шығып жүрген жігітті көрдің бе? – дейді бірде кіші жеңгесі. – Көрсең, болашақ жарың сол болып қалар. Әкеңіз біраз шалқайғанмен, осылардың ыңғайына жығыла бастағанын сезіп отырмын. Өздері де бір сенің жолыңнан мал-жандарын аяйтын емес. Бойжеткеннің тұла-бойын бұрын сезініп көрмеген бір жалын шарпиды. Әлде ұяттың, әлде өз үйінің оң жағында аға-жеңгелерінің, әкешешесінің ортасында өмір бойы жүрердей көретін қызға тосыннан соққан дауылдан мынау жат хабардың, әлде қыз-ғұмырдың сонша келтелігін мойындаудың, әлде қорқыныш, әлде.. әлде қуаныштың, әйтеуір өзіне де түсініксіз бір күйдің жалыны шарпып өтіп еді. Неге екенін білмейді, сұр сеңсең папахасын басына шекелете қонақтатып, күміс қынды, сүйек сапты қайқы кездік байланған зер белбеуін қынай буған, былайша айтқанда, «барын киіп, бақанын қолына алған» сыптығыр жігітке алғаш рет жалт етіп, жанарымен қарап өткен. Сол сәттің өзінде-ақ оның байқағаны – жігіттің өткір де обыр жанары, мінсіз қойған қарлығаш қанат қияқ мұрты, онсыз да етсіз кішкене басқа шелек төңкергендей ғып биік папаха киген соң оны әрең көтеріп тұрғандай көрінер қылқиған мойын, ұстара ізі көгерткен сүйірлеу біткен иектің астында жоғары-төмен бұлтылдап, тыным таба алмай жүрген жұдырықтай жұтқыншақ... Сонан соң не еді, сонан соң байқағаны – «ал кеттік» десе «қайда» демей ала жөнелердей едірең сырт пошымы. Жігіт ақсақалдар отырған түпкі үйге кірген бетте-ақ бойжеткен киініп алып, иығына үлкен қыш құмыраны көтеріп, шатқалдан құлап ағар өзенге бет алған. – Үйде су жеткілікті емес пе, несіне барасың? – деген кіші жеңгенің сөзін елеген де жоқ. Бағана тау асып, шүйіліп келген қара бұлт селдетіп өткеннен кейін өзен өгіз домалатардай болып, тастан-тасқа басын ұрып, долдана өкіріп жатыр екен. Су емес, әлдебір жаны бар аппақ аждаһа арнамен жөңкіп бара жатқандай.

Ол жағада әрі-бері отырып еді, аунақшыған ақ жал толқын басын айналдырды. Өзен ғана емес, айнала түгел – тау-тас та, ауыл үйлері де тулап жатқандай. Қыз көзін жұмды. Өзеннің өкірген өксікті үні ішін түгел жайлап алып, мұңға батырып барады... «Жоғары-төмен тынымсыз жүгірген жұдырықтай жұтқыншақ, езу түріліп, күлгеннің ырымын түсіргенмен, суық та ұры жанар өзін ғана баға қарайды». Қыздың тұла бойы қалтырап кетті. Өзен бүріккен тамшылар ақша беттен домалап кетті. Жоқ, өзен тамшысы емес, өз жанарынан тамған тамшы екен. Ол тағы да көзін жұмған. «Тағы да қарлығаш қанат қияқ мұрт, жылы, жылы болғанда, ешкімнен бұрын көре алмаған жылы жымиған жанар...» Тоқта... тоқта! Бұл жаңағы сыптығыр қарада жоқ жанар ғой. Иә, бәсе, мұның көзіне елестеген Рахманның жанары екен. Үлкен қаладан оқу бітіріп, бұл ауылға бала оқытуға осыдан бірер ай бұрын ғана келген жігіт. Қыз енді өзіне болашақ жар болмақшы сыптығыр қара мен Рахманды ойша салыстырып көрді. Екі иығына екі кісі мінгендей тұлғалы мұғалімнің қасында сыптығыр қара арғымақтың қасындағы жабыдай елестеген. «Жоқ, бұлары бола қоймас, әке-шешенің қызды көңілі қаламаған жанға қосақтап жіберер замандары өткен шығар. Қазір барамын да, шешеме айтармын, жалғыз қыздарын көңілі қаламаған адамға қосақтап жіберер болса, мен де қарап қалмаспын. Тұяқ серпермін!» Іштей осы ойға бекінген қыз құмырасын суға толтырып ала бергенде ту сыртынан естілген тықырды сезіп, жалт қараған. Қарлығаштың қанатындай кияқ мұрты... адамның тұла бойын ерітердей жылы жымиған жанар... Қыз қапелімде елес шығар деген. Жоқ, елес емес, Рахманның өзі еді. Мектепке берілген тарлан боз атты жетектеп алыпты. Ол не айтарын білмегендей тосырқаған сыңай танытып, үнсіз тұр. Сөйтті де тарлан боздың шылбырын бос тастай салып, қыз қолындағы су толы ауыр құмыраны жерден көтере берген. Содан мұның есімін атап: – Құмыраң зілдей екен ғой, атымды суарып болған соң, өрге шығарып берейін, – деген құмыраны көтерген бойы. Ауыл жақтан біреулер көріп қоймады ма деп сасқалақтаған қыз құмыраның тұтқасына қолын соза берген. – Жоқ, өзім-ақ, рақмет! – деген бойжеткен назарын төмен салып. – Сіз қарсы болмаңыз... Жігіт кідіріп қалған. – Сізді көптен ұнатып жүруші едім... Қыздың жолы – жіңішке, бұдан басқа сізбен тілдесер жердің ретін де таба алмадым. Егер сіз аз да болса ұнатсаңыз мен сізге ғұмыр бойы адал жар болуға серт берер едім. Бұл сөзді естігенде қыздың басы айналып кеткен. Сөйтсе ол буырқана тулап жатқан өзеннің ақ толқынына қарап тұр екен. Бетіме тағы да буырқана тулап жатқан өзеннен шашыраған тамшысы тамған екен деген. Сөйтсе тағы да өз жанарынан үзіліп, ақша бетте домалаған көз жасының тамшысы екен. «Япыр-ау, бұл несі, мазақ еткені ме? Көрші ауылдың адамдары мұны айттырып отырған күні келіп, мынау мұғалім жігіттің де ағынан жарылғаны қалай? Егер шын сөзі болса, осы уақытқа дейін, тіпті

күні кешеге дейін неғып жүрген? Жоқ, бұл адал көңіл, ақ ниетпен келіп тұрған кісінің сөзі емес!» Ол өмірінде екінші рет бөгде еркектің бетіне тіктеп қараған. Қыздың жас тұнған жанары бұлыңғырланса да, жігіт көзінен бөгде, арам ойдың жоқтығын анық көрген. Оның да ақ сұр жүзі қуқыл тартып, қабағы дірілдейді. Қыз көзінің жасын қуаныш моншақтары деп ұқты ма, нардай жігіт бойжеткеннің алдында тізе бүккен. – Күнім, ертең-ақ айттыра барамыз үйіңе. – Жігіт сөйтті де, әлі суын да қанып ішіп болмаған тарлан бозына міне, ауылға қарай жүйткіді. – Ертең-ақ түс болмай жетеміз! Бойжеткен мәңгіріп орнында тұрып қалған. Иықтан басқан ауыр құмыра тал шыбықтай денесін жаныштап бара жатқан соң, ыдысын жерге қоя салып, қойтастың үстіне отыра кеткен. Буын-буынының әлі кетіп, бойындағы бар жігер-қуаты жаңағы тарлан боз мінген жігітпен бірге ілесіп кетіп қалғандай. Бір күн үшін соншама ауыр тиген мынау екі бірдей оқиғаны басына сыйғызып бойына сіңіре алмай, мең-зең күйде үйіне жеткенде көрші ауылдан келген қонақтар аттанып кетіпті. Онсыз да шайқала-шайқала орталап қалған құмыраны кіре беріс үйге қоя салып, әке-шешесінің үстіне кірген. Сақал-мұртына әлі қылау түспеген әке ақ сеңсеңнен тіккен сабалақ бөркін милықтата киіп, үстіне басып кірген жалғыз қызына туралап қарай алмай, орнынан тұра берген. – Қой, малдардың алдынан шығайын, – деді ол орнынан тұра беріп. Қанша ерке өссе де әрі сұсты, әрі мейірбан әке бетіне қарсы келіп көрмеген әдепті қыз да өздері сөз қозғамаған мәселенің жайын сұрауға батпай, бөгеле берген. – Күн де кешкіріп қалыпты-ау... – Отыр, қызым, немене қабағың түсіп кеткен? Әлде біреу ренжітті ме? – дейді анасы әкесі сыртқа шығып кеткен соң. Қызы анасының бір үлкен әңгімені бастай алмай отырғанын сезсе де, ол сөздің оның өз аузынан шыққанынша шыдауға бекінді. – Ешкім де ренжіткен жоқ, кім ренжітуші еді? – деп қоя салды. – Балам, отыр, сөз бар, – деді ана ауыр күрсініп. – Балам, әкең екеуіміз үшін үш ұл бір төбе болғанда, сен бір төбе едің. Бетіңе күн тигізбей, етіңе жел тигізбей өсіруге тырыстық. Құдайға шүкір, көргеннің көзін сүріндірердей тұла бойың келісті, тілдескеннің көңілін сүріндірердей ойың өрісті болып бойжеткен сияқтысың! Бәленшекеңдердің тәрбиелеп жеткізген қызы-ай деп, айналамыздың қызыға қарағанын мақтаныш етіп біз жүрміз... Ұл өссе ұясына, қыз өссе қиясына ұшар өмір заңы, тіршілік қағидасы екен, құлыным. Сені қанша жақсы көрсек те жанымызда өмір бойы отырғыза алмайтынымызға бүгін анау әкең екеуіміздің де көзіміз жетіп, көңіліміз құлазып отыр. Суыртпақтап жеткізе алмай отырған ана сырының аужайын аңдаса да, қыз әліптің артын бағып, әлі үнсіз отыр. «Ауыздан қақпайын, айтып болсын» деп түйді.

– Сенің шілдеханаңды өткізген соң әкең екеуіміз түпкілікті ұяңа ұшарда ашармыз деп аузын тас қып бекіткен бірнеше кеспек жүзім шарабы болушы еді қоймада. Соны ашып, тойыңа жиналған тілеулестеріңе ішкізер күн де келген сияқты, қызым. – Шешетай-ай, не айтқалы отырғаныңызды түсіндім. Жарайды, шараптарыңыз ашып болған шығар. Сонда қайда, кімге ұзатпақсыздар? Сіздер асығыс шешімге келердей тіршіліктеріңе түсірген ауыртпалығым бар ма еді? Әлде маған алған қалыңмалмен қабырғаларыңызды жаппақ па едіңіздер?! – Қыз көз жасына булығып, сөйлей алмай қалды. – Ауыртпалығың қайдан болсын, қызым? Бәрі де біздің қолдан келмейтін іске айналып барады ғой... – Ананың да көзі боталады. – Бағанағы кісілердің неге келгенін білдің бе?! Солар болады сенің болашақ қайын жұртың. Жігітті де көрген боларсың? Бағыңа қарай, ол да жаман болып өспеген сияқты. «Менің жарым болсайшы!» деп, әр қыз армандар-ақ бозбала. Тіпті, бір ессіз есірік болып өскенде қайтер едік? Жаман болсын, жақсы болсын, сен туғанда-ақ маңдайыңа жазылған, тәңірі қосқан қосағың сол. – Тәңірі емес, қосып отырған біз десеңізші одан да! Мал бергеннің қолына жетектетер заман өтпеп пе еді? Қинамаңыз, анашым, буынсыз жерге пышақ ұрмаңыздар. Тым болмаса: «Сенің ойың қалай еді?» деп сұрауға да жарамағаным ба сонда?! Сыртынан саудалаған мал сияқты көргендеріңіз бе? Он жерден келіссеңіздер де, тілдеріңізді ала алмаймын! Егер бас еркім бар адам екенім рас болса, тілеуімді кесіп, бағымды бұғауламаңыздар! Шындық керек болса, айтайын, жүрегім қалаған адамым бар. Ана жазған тығырыққа тірелді. Не айтарын білмегендей ақша бетін жас жуған қызының маңдайынан иіскеп, басын кеудесіне қысты. Өзі де жасқа булығып, біраз уақыт сөйлей алмады.

ОНЫҢ АНАСЫ АЙТЫПТЫ

– Ертеден-ақ сан оқталып, айта алмаған сөзім еді, құлыным. Біз сен үшін қалыңмал алып, мал малданып, байып қалайық деп отырғанымыз жоқ, керісінше, бесікте жатқан қаршадай күніңде-ақ басың бір оқыс оқиғаның төлеуіне біржолата байланған. Ауыл ақсақалдары сол заманда сенің бесікте жатқан кезіңде кескен сол қарғыс атқан үкім күшін әлі жоймапты... – Қайдағы үкім? Тумай жатып, басым саудаға түсердей не бүлдіріппін мен?! – Бойжеткеннің аялы кең қарақат көзінен ызалы ұшқын ойнады.. – Сабыр, қызым! Бәрін де айтайын. Жоқ, ботам, бүлдірген сен емес. Біз, әкең екеуіміз... Біле білсең мен де кезінде сен сияқты бұлықсыған бойжеткен қыз болғанмын. Әкең де толықсыған жігіт болған. Менің де айттырылған жерге бармаймын деп, әкеңнің етегінен ұстап, бір түнде тау асып кеткен жайым болған. Содан мені айттырғандар намыс қуып, қаншама жылдар өтсе де өкшемізден қалмады. Менің күйеуім болуға тиісті жігіт үйленіп, балалы болса да, біздің үш ұлымыз туып, соңынан дүниеге сен

келсең де, екі әулет татулық шарабын іше алмады. Артығымен айыптарын төлесек те, қан қақсатып кетер сәтін күткен жаулығын қоймады. Кеуделеріне шемен боп қатқан кек алу атты зұлматтары жібімепті. Ей, қызым-ай, басқаны басымнан аттатпаймын дейтін, намысымның жолында жаным пида дейтін халқыңның осы шектен тыс өрлігі ең үлкен бақыты болған, сонымен бірге, ең үлкен соры да болған ғой. Басқаны басындырмайтын ерлігін ойлап сүйінсең, тау сағалаған аз халықтың намыснамыс, қанға-қан деп жүріп, ғасырлар бойы бірін-бірі кескілеп құртумен келгенін пайымдап күйінесің. Сан боздақ сондай намыстың құрбаны боп көз жұмыпты... Бірде оңаша келе жатқан әкеңді намыс қуғандардың екеу-үшеуі жабылып, қапияда сойылға жыққан. Онымен де тынбай біржолата құртпақ болып, таудан құлап аққан осы өзенге лақтырғанда толқын қақпақылдап іліп әкетіп, жанын алып қалыпты. Іргелес екі ел – екі ауылдың жігіттері майдан ашып, жерді қанға бояғалы тұрғанда екі ауыл ақсақалдары бас қосып, қырғынды болдырмай, төрелік айтыпты. Төрелік үкімдері – серт бұзған қыз бен жігіт, яғни мені мен әкеңді айтады, бұрынғы айыптарына қоса намысы кеткен жаққа үш арғымақты тағы төлеу. Сонан соң мені айттырған жігіттің тұңғыш ұлына жалғыз қызымызды, яғни сені қалыңсыз қалыңдық қып атайды. Сен бойжеткен кезде өздері қалаған уақытында келіп алуға тиіс болады. Міне, қызым, бағана келген кісілердің бірі бір кезде мені айттырған адам, аяққа басылған намысының төлемін алушы. Анау жас жігіт соның тұңғышы – сенің болашақ жарың... – Ана міне, бар сырды ақтардым дегендей қос жанарын терезеден асырып, ақбас шыңдарға қарады. Сол күйінде әңгімесінің соңғы түйінін сабақтады. – Енді қартайғанда әкең мен мені тағы да дауға, дауға емес жауға қалдырмайын десең, жазылуға айналған ескі жараның аузын тырнап, қайтадан ушықтырмайын десең көнгенің, тағдырдың салғанын көргенің жөн. – Тек қана әділетті қанжардың ұшы, білектің күші шешкен заманда теңіңді іздеп, азапқа мойын ұсыныпсың, анашым. Енді, ел есін жинап, теңдік орнады деген заманда, сүймеген адамның соңынан еріп кете бермекпін бе?! Әлде, ескі жараның жазылуы үшін өз тағдырымды тәлейлеріңе тастап, құрбандық тоқты болып шалынайын ба?! Апыр-ау, көне дауды көңірсіткен екі әулеттің шіріген жұмыртқасы мен болдым ба? Көзімді жоғалтсам, көңілдерің тыншыса, қазір-ақ жартастан құлап, біржола жоқ болайын! – Жетті! – деді ана даусын көтеріп. Осымен әңгіме бітті дегендей жер тіреп, ауыр денесін орнынан қозғай берген. – Әкең мен анаң үшін тәуекел етерсің. Көп қуылып, көресіні көп көрген жанбыз. Бір соққан дауыл майыстырған, екінші рет соқса, сынарымыз хақ, қызым. Теңдік заманы туғанмен жұртыңның өз заңы құрымаған, намыс жолында басын бәйгеге тіге салар есерлік мінездерінен айығып үлгірмеген кез бұл. «Сүймедім, күймедім!» дегеніңді менен басқа ешкім естімесін. Ол мына сенің

заманыңның жастардың қолтығына су бүркіп, есірткен жалған теңдік қана. Әйтпесе сенің халқың да ғасырлар бойы ата заңмен үй болып, өсіп-өнген. Ал біз сияқты оған мойын ұсынғысы келмегендер опық жеген. Мықтап тұрып опық жеген. Мен оны сенің болашағыңа тілемес едім. Кәрі қойдың жасындай ғұмырымыз қалғанда сенің зорлық пен қорлықтан жылағаныңды көрмейік. Бір сүрінген адамның екінші сүрінуі – қатер... Той келесі сәрсенбінің сәтіне белгіленді... Дайындал, шырағым! «Таудан құлап, жартастан секіріп, өле қалайын!» дейтіндей көзі соқыр, аяғы ақсақ кембағал жан емес. «Күйеуі қайсы?» дегенде, «Мынау!» дейтіндей-ақ азамат. Оның үстіне, қыз болып туып, ақ босағасын аттағалы тұрған бойжеткеннің алды да, арты да сен емессің!

* * * Ертеңіне-ақ мұғалім жігіт те барын киініп, қасына бір-екі қарияны ертіп, күн түске тармыса бұлардың босағасынан аттаған. – Келісті-ақ, жігіт-ау, шіркін! – деп кіші жеңге қыздың онсыз да өртенген жанына май құйған. «Е, құдай, пайғамбар, әулиелер жолын оңғара гөр» деп, өңі бөздей боп бозарған қыз тұрған тілекші болып. Сезімтал жүрек кіре беріс бөлмеде тұрып-ақ құдалар әкелген шараптың ішілмегенін білді. Өйткені кешегідей қарқылдаған күлкілер, көңілді әңгімелер естілмеген. Тек, әкесінің ғана асықпай толғаған әңгімесі үзік-үзік естіліп еді. Әкесінің: «Бата бұза алмаймын!» деген сөзі өлеусіреген үміт отын мүлде өшірген. Көп ұзамай қонақтар да үйден шықты. Жүздері сынық. Жанары жылы жігіт үйден шығып бара жатып, бұған көз салған. Сәл басын изеп, ишара жасағандай болды. Содан бойжеткен екі күн бойы ас-суға қарамай, бүк түсіп жатып алған. Мейірбан ана да, қатал әке де тіс жарып, ештеңе айта алмады. Аяқтарын сыбдырсыз басып, жеңгелер жорытады. Ағалары болса, тымтырыс. Ауыздарына су толтырып алғандай. Бірақ бұрын-соңды болмаған көңілсіздік бұл үйді жайлап алса да, тойға деген даярлық үнсіз басталып кетіп еді. Үйде ешкім жоқ бір қаға берісте кіші жеңгесі келіп, бойжеткеннің қолына бір жапырақ қағаз қыстырып кетті. «Мұғалімнен» деп сыбырлағандай болды. Қыз жалма-жан қағазды ашып қарады. «Аяулым, егер өмір бойы менімен бірге боламын деп тәуекел етсең, бүгін Ай туа үйіңнің сыртындағы қарауыл шоқының етегіне кел. Қуғыншы жете алмайтын жерге әкетемін. Егер шықпасаң, бұл ауылда маған да орын жоқ! Ертең-ақ қарамды батырамын». Онсыз да ойсоқты болған қыз бұл хатты алған соң, иә қуанарын, иә ренжірін білмеген кісідей мәңгіріп отырып қалған. «Не істейсің енді?» дегендей кіші жеңгей де мұның бетіне сұраулы жүзбен қарайды. «Нар тәуекел! Енді келіп мен үшін әке-шешемді жазалай қоймас. Бір көргеннен-ақ осы жігіт жаныма нұр құйып, жүрегіме сәуле шашқандай еді. Иә, бағым, иә сорым! Ойланарға да, айналарға да жерім тар,

бастым қадам жүректің әмірімен. Сүймеген жанмен ит өмір кешкенше, көңіл құлаған жанның етегінен ұстадым. Қаламағанның қасында жатқанша, қалағанымның аяғында жатайын. Ақ жолымды беріп, қадамымды оңғара гөр, Тәңірім. Қиындық туса ақ махаббатым қорған болар, желеп-жебер сенің ақ тілеуің тірегім болар, жеңеше. Әке мен шешенің, ағайын-туғанның көңілдері жолына деп бүкіл өмірімді қалай құрбан шалармын?» деп ойлады ол. Екінші бір жасқаншақ ой жанын жегідей жеп, екінші бір шегіншек шешімге тоқтамай тұрғанда тәуекелге бел буды. – Жеңгетайым-ай, қара ормандай қалың ағайын-туғанның арасынан аузымен әкеп өртенген жаныма су сепкен қарлығаштай болған жалғыз жанашырым сен екенсің ғой. Сен берші, батаңды, сен тілеші тілеуімді. Бүгін-ақ кетемін, сол мұғалім жігіттің етегінен ұстап. Құрбысындай сырлас болған жалғыз қайынсіңлісінің бұл босағадан біржола аттанары, әлде тіршілігінің қиюын келтіре алмай қиналып, жан ұшыра өз бақытына қарманған жанның мынау қарбалас оқыс шешімі ой салды ма, кіші жеңге жылап кеп, қайынсіңлісін құшақтаған. – Артыңда қалған біздің тіршіліктің не болары маған мүлде күңгірт. Тек, сенің алдыңнан ақ жол ашылса екен! Қалауыңды Жаратушым қолдап, қадамыңды құтты етсін! Қайда жүрсең де, қандай күйде болсаң да бізді есіңе ала жүргейсің! Жайшы қолыңды, бердім батамды. – «Иә, Алла, өмірлік жарының жолына әзиз жанын пида етуге бар қарағымның жолын оңғартып, Айын оңынан тудыра гөр. Сенім артқан серігі екеуін пәле-жаладан қаға гөр! Жолдарыңды Жаратушым қолдап, пайғамбарлар оңдасын, оң сапарын бере гөр, Алла! Түн жамылып аттаған қадамың құтты болсын! Әумин!» Екеуі киім-кешек, ол-пұлды ешкімге байқатпай әзірлеп, қой қораның бұрышына алдын ала жасырған болатын.. Сол күні ақ бас шыңнан күміс алқадай Ай иек арта берген түн ортасы ауа бергенде үйден сыбдырсыз шыққан қызды кіші жеңге шығарып салған. Шығарып салып тұрып, құшақтасып тағы қоштасқан. – Көзімдей көр. Қиналған сәтіңде кәдеңе асырарсың. Кәдеңе асырмасаң, жоғалтпауға тырыс, – деп, жеңге зүмәржат тасты алтын жүзігін қайынсіңлісінің саусағына кигізген. – Сенің тойыңа шашуым болсын, Жеңгеңнің ескерткіші деп біл. Айтқанындайын-ақ жігіт те сақадай сай тұр екен. Қасында өзі сияқты делдиме сеңсең папаха киген екі-үш жігіті бар. – Келдің бе, аяулым! – деді ол қалыңдығын тұңғыш рет құшағына қысып: – Ал енді аяңдайық. Жол ұзақ, қайта оралғанша қай заман болады?! Туған ауылыңа, мына сүттей жарқыраған Ай сәулесіне бөгіп жатқан мекеніңе тағы бір қарап ал. Қыз шіркін дүние есігін ашқан туған жерінде өткен қысқа қызығының қайта оралмас қиыр шетіне дәл осы бір сәтте шығып тұрғанын, жат жұрттық – бөгде босағалық, бұл үшін әлі мүлде беймәлім басқа ғұмырының басталғанын сезген. Айдың сүт сәулесіне жондарын төсеген биік құздар

қойнауындағы мынау туған ауыл, ондағы әзиз әке мен аяулы ананың отының басы ағалары-жеңгелерімен – бәрі-бәрімен енді көрісе ала ма, алмай ма, енді көрерге көз жетпей, көңіл күмәнданса да алдағы тағдырының тәлейін мынау серігіне, қарлығаш қанат мұрты бар, кең жауырынды жігіттің қолына біржолата, мәңгілікке ұстатпақ. «Қош туған жер, ата-анам, жазым басып тұрсам, жазғыра көрмеңдер!» Ол осылай күбірлеп еді, тау шыңынан қол созым биіктеп қалған Ай дірілдеп, мұнартып салды. Ай мұнартқан жоқ еді, бойжеткеннің жанары жасқа толған болатын. Ай дірілдеген жоқ еді, бойжеткеннің тұла-бойы қалшылдап кеткен. – Жүрейік, қалқам, жортқанда жолымыз болғай! – дейді жігіт кеше ғана сыр ақтарысып, бүгін бір өзі үшін нар тәуекелмен соңынан ерген қалыңдығын атқа көтеріп мінгізіп тұрып. Бұлар таң атып, Шығыс жақтан қызғылт шапақ ойнай бастағанда таусылып бермес тау қырқаларын соңдарына қалдырып, етекте жатқан шағын шаһарға қия жолмен қиялай жүріп ат тұяғын іліктірген. Сол жерде бұлар серіктерімен қоштасып, қол ұстасып шаһарға кірген. – Аяулым, жақында жүрсек, саған да, маған да бұлар күн бермес. Ізіміз суып, дүрбелең басылғанша тым-тырыс қалпымызда шалғайға кетейік. Үбірлі-шүбірлі болып, қайта оралғанда әке-шешең бәрін де кешіріп, ақ батасын берер, – деген жігіт. Бұрынғы даугерлерің де тынышталар. Содан бұлар отарбаға отырып, Шығысқа қарай апталап ұзақ жүрген. Аспан асты, жер үстінде тау-тастан, асау өзеннен басқа да жер түрлері болатынын бұрын ойламапты. Таусылып бермес сары даланың боларын, аласұрмай тынып қана ағар момақан өзендердің, тағы да айнадай жарқыраған айна көлдердің боларын, беткейлерді қуалап салған баспанадан басқа түзу көшелерге сап түзей орналасқан үйлері бар ауыл, қалаларды тұңғыш рет көрген тау қызы естен тана таңырқаған. Қоңырқай түсті, ақ сары түсті адамдардың да боларын және олардың түрлері ғана емес киімдері де түрлі-түрлі екенін түсінген. Содан көрмеген елге, көрмеген жерге келгенде ғана отарбадан түскен. Өздері келген жердің адамдарының түрі бөтен, тілі бөгде болғанымен, алыстан келген таулықтарды жатсынбай қарсы алды. Мұнда да қаланы құшағына ала маңғаз керіліп жатқан ақ бас шыңды алып тауды көңілдеріне медеу еткен. Мұғалім жігіт ертеден жинап жүрген қаржысына шағындау бір қора-жай сатып алды да, өзі зауытқа жұмысқа орналасып алды. Балдай тәтті жұбайлық өмір басталды. Жігіт жұмысынан келгенше келіншек терезе бағады. Екеуі бірігіп, сонан соң Алматы деп аталатын бұл шаһардың қалың бағын аралап, қала қызығына тәнті болады. Не керек, бірақ мұндай бал дәурен ұзаққа бармады. Екеуі бірге ғұмыр кешкен екі-үш ай өтер-өтпесте қосағы өздері келген Батыс жаққа қарай қайта сапар шекті. Жалғыз аттанған жоқ. Алматының, қазақ деп аталар бұларға пана болған осынау халықтың да, тіпті барлық ұлттардың да қару ұстар

азаматымен бірге аттанды. Көрші отырған екі ауыл арасындағы намыс жыртыс майданы емес, бүкіл ел мен елдің арасындағы намыс жыртатын зор майданы, Отан қорғау майданына аттанды! Жас келіншек жылап-еңіреп, отарбаның соңынан ұзақ жүгірген. «Мені қайда әкеп тастадың? Өзіңмен бірге ала кет!» деп шырқыраған. Бірақ отарба мұның жалғыз сүйенішін, жалғыз тіренішін қан соқта майданға қарай іркілтпей ала жөнелген. Жазған дүние-ай, сол ең соңғы, ақырғы қоштасулары екен... Араға алты ай салмай мұның аспанын төбесіне құлатқан қаралы хабар да жеткен. «Туған елін неміс фашистерінен қорғау жолында асқан қаһармандықпен қаза тапты...» «Қаза тапты...» деген сөзді оқығанда әлде біреудің қалжыңындай ғып немқұрайды қабылдаған. Туған жерінен өз бақыты үшін тым жыраққа келген жалғыз тірегінің «қаза табуы» тіпті де мүмкін еместей көрінген. Өйткені мұның жат ел, жат жерде жалғыз қалуы тіпті де мүмкін емес, еш қисынға келмейтін құбылыс еді... Бірақ ол меңірейіп ұзақ отырған соң «қаза тапты» деген сөздің улы зәрі санасына жеткенде ес-түссіз талып түскен. Үш күн, үш түн нәр сызбай талықсып жатқан келіншек уақытына жетпей мынау көз жасы көбейіп тұрған дүниеге ерте келген өзінің ендігі алданышы, ендігі қуанышы болар ұлының іңгәләуін де естуге халі жоқ еді. Бұл пәниден арыс азаматы біржола аттанды деген хабарды естіген күндері бұл жарық дүниеге айы-күні толмаған арысының дара ұрпағы келген. Ол сол шала-жансар жатқан кезде «Туған елін неміс фашистерінен қорғау жолында...» деген сөздің мәнін түсінбей, Рахманы қайтадан туған Ингуш елін қорғауға барған екен-ау деп ойлаған. Бірақ туған халқы ингуштар мен шешен жұртының сенімсіз халық ретінде осы елге неліктен жер аударылғанын ұға алмаған. Бірлі-жарым кісінің сенімсіз болуын ол түсінеді, ал бүтін бір халықтың сенімсіз болатынына қалай ойласа да миы жетпейді. Сенімсіз болса... солардың бір ұлы Рахманды неліктен қанды қасапқа салып, құрбанға шалғанын да түсінбейді. Әлде... әлде ол Қазақстанға бұрынырақ келген соң «сенімді» болып қалды ма? Бұл түсінбес жайлар тіптен көп еді... Ол ауруханада жатып, осындай ойлардың шегіне шыға алмаған. Қаза қанша ауыр болса да дүние есігін ашқан мынау бейкүнә жылбысқа оның өмірге деген құштарлығын қайта оятқан. Сәбидің әкесінің дөңес біткен орақ мұрнынан айнымай қалған кішкентай танауын қызықтап, күлетін болды, күліп отырып жылайтын болды. Сауығып үйіне шыққан соң өзі де зауытқа жұмысқа тұрған. Құйттай сәбидің ширауын күтемін деп аштан өлетін емес. Оның үстіне, ауыр сын болған сол бір кезең жұмыс істеуге жағдайы барды шамасын келтірмеген уақыт еді. Баласын бесігіне тас қып бөлеп тастап, үш сағатта бір жүгіріп келіп, емізіп кетеді. Сөйтіп жүріп, бір қыс, бір көктем, бір жазды өткізген. Сөйтіп үйден жұмысқа, жұмыстан үйге жүгіріп жүріп, қайғыруға да, ертеңін ойлауға да уақыты болмайтын. Кішкентайы еңбектеуге жарады. Кейіндері баланы тамағымен бірге көрші кемпірге қалдыратын болған.

Ұмытпаса, қырық үшінші жылдың жазы еді. Жұмысты күн-түн демей істейтін кез. Тағдырдың бұған деп әзірлеген сыбағасы мен көрер көрешегі таусылмапты. Түнгі кезекке шыққанда кішкенесін өзімен бірге жұмысқа ала келіп, тамағына тойғызып, инженердің кабинетіндегі диванға ұйықтататын. Бір жолы түннің бір уағында кабинетке келіп қараса, бала орнында жоқ. Жан ұшыра іздеп жүрсе, зауыт ауласындағы бір көгалға барып жатып, ұйықтап қалыпты. Ұйқысырап жүріп шығып кетсе керек. Құйттай денесі бүрісіп, тоңып қалыпты. «Кісі толған Ай сәулесіне бетін беріп ұйықтауға болмайды, ол адамның миына әсер етіп, есі ауысуы мүмкін» деп отырар еді анасы. Келіншек тіксініп қалған. Айтқанындай, бала сол түннен бастап төсек тартып, табандатқан төрт ай ауырды. Бұрынғы көрген көресісі осы бір төрт айға қарағанда түкке тұрмайды екен. Тұла бойы от болып, күйіпжанып, қатты құлаған сәбидің беті соңғы екі аптадан бері ғана бері қарай бастаған. Қызуы қайтып, тамаққа қарай бастаған соң ауруханадан үйіне шыққан. Баланың әбден сауығуын күтіп жатар күн қайда? Оның үстіне, зауыттағы цех бастығы да дүркін-дүркін кісі салып, жұмысқа шығуын сұраған. Аз күннің ішінде токарлық мамандықты ойдағыдай меңгеріп үлгірген келіншектің жас баласымен бірге ауруханаға түскені бір адамды екеу ете алмай отырған тар кезеңде цехтағы өңшең кәрі-құртаңдар мен қызкеліншектерге де оңай тимесе керек. Келіншек әлі сауығып үлгірмеген сәбиін алып, жұмысқа шықпақ болған. Сол кезде еді оның өзін ғұмыр бойы қарыздармын деп санаған бір адамның жақсылығының өткені. – Қарағым-ай, мынау сауығып үлгірмеген жас баламен қалай жұмыс істемексің? – деген көршісі Балым шешей. – Мен де өзімді әрең бағып отырған жанмын, бірақ мынау бейкүнә нәрестеңді күтуге жарармын. Сәбиіңе, өзіңе аздаған ғана шарапатым тисе, тәңірден қайтсын де. Жолдарыңа жаным пида деп тілеуін тілеп жүрген қос бірдей боздағым қан кешіп жүр ғой. Соларыма тиер тілеулерің мен алғыстарың. – Апатай-ай, ондай жақсылығыңызды өле-өлгенше ұмытпаспын. Тапқан-таянғаным үшеуіміздікі болсын! – деген бұл да толқып. Содан бастап, бұл баласы үшін көп уайымдамайтын болған. Күні-түні демей жұмыс істейді. Кішкентайы сол қатты ауырғаннан кейін дұрыстап оңала алмаған. Әлжуаз, құс қанатының самалы тисе де мұрттай ұшатын дімкәс болып өсіп келе жатты. Балым ана айтқанында тұрып, науқас баланы туған немересіндей мәпелеп, күтіп-бақты. Бұлар асыға күткен жеңіс күні де жетті. Алла Балымның тілеуін беріп, қос ұлдың бірі соғыстан аман-есен оралды. Әзіз жан осы бір жартыкеш қуанышын тосып жүргендей көп ұзамай көз жұмған. «Жалғызымның жанын алып қалған жебеушім, жақсылығыңның бірін де өтей алмадым-ау» деп, егіліп еді сонда келіншек. Майданнан оралған жауынгерлер көзі жасты, көңілі мұңды жұртты бір серпілтіп, көптен ұмытылған той-думанды өздерімен бірге ала келгендей еді.

Көшелерден қос ат жегілген кәшауа арбалар да көріне бастаған. Бес жыл бойы ұмытылып кеткен үйлену тойлары көбейді. Тіпті қаланың орталық бағынан гүмп-гүмп естілер үрмелі аспаптар оркестрінің үні жеңіспен бірге ерекше шаттықтың, бейбіт күн қуанышының келгенін сездіргендей еді. Иә, бұл күнге аман жеткендердің бәрі де бақытты еді... Бірақ келіншек екі иығынан зіл болып басқан мұңнан серпіле алмады. Ақыл-есі өз тұрғыдастарынан кем болып өскен жалғызын күткен ол жол тосудан, жалғыз тірегін күтуден, жақсылықты күннен үмітін үзбеуден бір танбады. Елдің жүрегіне түскен жарақат жылдар өткен сайын жазыла бастады. Жылдар өте берді, бірақ келіншектің әдемі жанарына тұнған мұң сейілмеді. Жылдар өте берді, ақша бетті торлаған әжім молайып, бір кездегі он бесінде туған айдай толықсыған құлын мүсін, ақша маңдай, балғын дененің сыны қаша бастады. Шоқтай жанардың жарқылы жоғалды, шиедей еріннің бояуы оңды, аршын төс шөгіп, бұқпантайлап кетті, бүтін тұлғасы бұрынғы тұрпатын жоғалтты. Кезінде «Балаңа әке, өзіңе жар болайын. Өлгеннің артынан өлмек жоқ. Екі жарты бір бүтін болайық. Тірінің тіршілігіне мойныңды бұр» деп Ахмет есімді жігіт үш-төрт жыл қыр соңынан қалмаған. Бірақ келіншек міз бақпаған соң, ол да күдер үзіп, басқа бір бойжеткенге үйленіп кетті. Жылдар өтті. Зейнетке де шықты. Төркінді, туған жерді іздеп баруға батылы бармады. Не деп бармақ?! «Арттағы еліңді, отыңның басын ала тайдай бүлдіріп кетіп едің, сондағы тапқаның осы ма?» дегізбек пе? Бұл – олар үшін өлген адам еді...

* * * Бұл менің тұңғыш қожайыным – Әминаттың өмір жолы – өзі шерткен хикая еді. Ол сүйген жары Рахманның ораларынан әлі күдер үзе алмайды, себебі, «Рахманнан күдер үзу – оның өлгенін мойындау, ал оның өлгені өзімнің де өлгенім» деп отырар еді. Сонан соң оның тіршілігінің жалғыз тірегі, жалғыз ұлы Мұхаммед сияқты болып көрінеді. Ол ең бастысы, жалғызы Мұхаммедтің сауығарына, сөйтіп жалғыз ұлдың қызығын көреріне сенеді. – Шешей, Мұхаммедтің науқасы жазылып кетер, – дедім оның ұзақ әңгімесін тыңдап болған соң, жаны жаралы әйелдің көңілін көтерейін деген оймен. – Балам-ай, өзім де осы қу жалғыз сауыға ма деген үмітпен тіршілік етіп жүрген сияқтымын. Рахманның өлгеніне, сонау бір жылдары келген қаралы қағаздың жаңылыссыз жазылғанына кей кездері сенгім келеді. «Бос елесті тосып жүрген есалаң шығармын» деп те ойлаймын кейде. Бірақ бүкіл ғұмырым күтумен етсе де, «Өлді, бітті!» деп біржола күдер үзгенге қарағанда, әр күніңді үмітпен қарсы алған бақыттырақ қой. Оның үстіне, мені жаманшылыққа сендірмейтін бір сезім бар. Оның бар-жоғына сенейін-

сенбейін, соңында қалған көзінің, жалғыз тұяғының саулығын тілей-тілей, Тәңірге де жалбарына-жалбарына шашым ағарды. – Мүмкін, дәрігерге көрсетсеңіз сауығып кетер ме еді... – Шынын айтқанда, жындыханаға жатқызып емдей ме деп қорқамын. Өзің көріп жүрсің, жынды емес қой ол. Үндемес деген дерт қой бұл. Ақша жинап жүрмін. Сәті түссе, теңіз кешіп, ел-жұртты аралатсам көңілі өсіп, сауығар ма деп те ойлаймын... Осы жалғызды өгейсітпейін деп жас өмірімді жалғыздықпен, Рахманның ақ төсегі мен ақ тілеуінің адалдығын бағумен өткізіп едім... – Ол күрсініп біраз отырды. – Кім біледі, өз бақытымды іздеймін деп, ата-анамның батасын алмай назасын алып кетіп едім. Солардың қарғысы болар, Рахманның да түбіне жетіп, менің де осылай сорлап қалғаным... – Шешей, уақыт деген ең үлкен емші ғой. Арада өткен көп жылдар бар кінәны, егер өзіңізді кінәлі деп санасаңыз, жуған жоқ па еді?! Егер елге хат жазсаңыз қайтер. Нағашы ағалары болса, Мұхаммедті тәрбиелеп жеткізер. Мүмкін үй болып, сізге немерелер бақтырар әлі-ақ... – Оны мен ойламады дейсің бе? Өзім үшін емес, сол жалғыз ұл үшін туған жерге тартсам-ақ деймін. Рас, Алматыдан, мұндағы жұрттан жаманшылық көргенім жоқ. Бірақ жалғыз қарағайдың терек ішінде өскенінен гөрі қарағайлардың ішінде өскені, жалғыз қаздың басқа құстардың арасында емес, қаздардың ішінде жүргені жарасар. Мұхаммедімді қандастарының арасына апарып қосып көрсем деп те ойлаймын. Оның үстіне өз ана тілін шала білетіндігі қабырғама батады. Ингуш тілін білмейтін ингуш болмайды ғой, – дейді ол ағынан жарылып. – Туған жерден өз бақытымыз үшін шығандап кеткен бізді қойғанда, сол бір қиын кезеңде ордасымен, орнымен бүкіл ел айыпталып, отандастарымның көбінің-ақ осы қазақ даласына жер аударылып келгенін өзің де білесің. Солардың ішінде дәл біздің ауылдан келгендер ұшыраспаса да, Кавказдан қуылған ингуш-шешенді көп көрдім. Біздің туысқандарды көрген бірде бірі ұшыраспады ғой... Заман түзелген соң солардың көбі туған елдеріне бет түзеді. Ал мен тағы да тәуекелге бел буа алмай, осында қалып қойдым. Менің жаңағы бір ауыз сөзім әсер етті ме, ол менен қағаз-қалам сұрап алып, түннің бір уағына дейін отырып, бұдан жиырма бес жыл бұрын көзден таса, көңілден ұмыт бола бастаған туған-туыстарына хат жазуға отырды. Бір хатын кем дегенде жарты ай жазған шығар. Түннің бір уағына дейін қағаз-қаламын алып, үстел басында отырады. Журналиспін деп жүрген мен де дәл ол кісідей қадалып, жұмыс істемеген шығармын. Әлде тәуекелі жетпей ме, әлде өз жазғаны өз көңілінен шықпай ма, жазған хаттары таңертең уақтап жыртылған күйі қоқыс шелегінде жатар еді. Ештеңе сезбеген болып мен жүремін. Әйтеуір кәдеңізге жарар деген сылтаумен қолына бір бума ақ қағаз әкеліп беріп қойғанмын. Ақыры бір күні таңертең ол:

– Тәуекел, балам! Мен көп жылдар шыдап келіп едім, төзімім таусылған сияқты. Хат жаздым. Біреулері бар болса, үйірінен адасқан қаздай тағдыр толқынымен шалғай кеткен бізді табар. Хат жазып жібердім, – деді. Бойынан ойдың бар салмағы түсіп жеңілденіп қалғандай. Бұл сөзді ол Мұхаммедке қарап айтқан. – Ә, мен ешқайда бармаймын. Онда барғанда не істейді екенмін? – деді Мұхаммед шайын ұрттап отырған күйі. Әминат шешей әбден шарасы таусылғандай шай құйған кесесін қолынан түсіріп ала жаздады. Бірақ елге оралу мәселесінің қажеттілігін ұлына дәлелдеп, әуреленіп жатпады. Арада екі аптадай уақыт өткен соң бір күні жұмыстан кейін үйге келсек, шешеміздің көзі қып-қызыл. – Не болды? – дейміз біз оның себебін білгенше асығып. Тағы да ренжіткен Мұхаммед болар деген ой келген. Жоқ, оның ештеңеде ісі жоқ, өзімен өзі күндегі әдеті бойынша теледидардың алдында тепиіп отыр. – Телеграмма келді! – дейді Әминат шешей көзінің аясы жасқа толып. – Жиырма бес жыл күткен хабар келді ғой... Ағайымнан. «Келіп, көшіріп әкетемін» депті. Қожайынымыздың тым кешігіп келген қуанышына біз де қуандық. – Шешей, қуаныш құтты болсын! Игіліктің ерте-кеші жоқ. Бірақ туған ағайындарыңызбен бірге болғандарыңыз жөн. Әрине, өздеріңізбен туысқан адамдардай болып, бір-бірімізге әбден үйренісіп, бауыр басып алған кезде сіздерді елдеріңізге шығарып салу бізге де оңай болмас. Басқа пәтер іздеп қиналармыз, бірақ біздің өкініш – сіздердің қуаныштың құрбандығы ғой, – деймін мен де шын пейіліммен. Айтып-айтпай, Әминат шешей көшуге байланысты үйін сататын болған соң, жаңа пәтер іздеуімізге тура келді. Сәтін салғанда, сол көшенің бойынан бір үйдің орайы келе кетті. Оты ортақ, шағын, қуықтай ғана бір бөлме екен. Үй иесі өзін Алексей деп таныстырды. Зайыбының есімі – Тамара. Сыймай жатқан қай бір дүние бар, ертеңінде-ақ Әминат шешей көшкенше оларға келіп тұратын болып, өзінің рұқсатымен жаңа пәтерге көшіп алдық. Әминат үйін сатудың шаруасын тәмәмдап бола бергенде ағасы да келіп үлгеріпті. Бағила екеуіміз алыстан келген кісіге сәлемдесіп, кіріп шықтық. Алпысты алқымдап қалған қонақ шыңға қонған қыран сияқты тым сұсты көрінді. Етектей боп күлтелене қойылған сақалының ағы дендеп кетсе де, шаншыла қарайтын суық жанардан әлі де мол қажыр-қайраттың ұшқыны білінеді. – Міне, аға, менің балаларым да келді. Бұл – Қуаныш дейтін жігіт. Тумаса да туғандай болып кеткен. Мына келінім Бағиланы да қолыма түсіргенмін. Қимаймын бұларды, бірақ басқа амал қайсы?! – дейді Әминат шешей бізді таныстырып. Бағауиддин ақсақал басын изеп, сәл ишара жасады да қойды. «Балалары болғандарың дұрыс екен»» деп, елпілдеген

жоқ. Дивандағы сырмақтың үстінде отырғанда малдас құрып, тіп-тік отырған қалпынан қозғалған жоқ. – Сендерді іздеп табуыма себепші болған да, қоймай хат жаздырған да осы екі балам. – Шешей, туыстарыңыздан кімдер бар екен? – дейміз біз жанашыр жанның қуанышына ортақтасайық деген оймен. Жаңа ғана жүзінде қуаныш лебі ескен шешейіміздің әдемі жанарын мұң торлады. – Ей, айналайындарым-ай, мынау келіп отырған кісі өндірдей үш ағадан қалған жалғыз сарқыт екен. Жаратушы ием, менің көз жасыма бола аман қалдырған болса керек. Екі ағамды қу соғыс жалмапты... Қуанышым көп пе, қайғым көп пе, салмақтай алман. Осы кезде бірнеше қазаны қатар естіп отырмын, жандарым... Үкімет бүкіл жұртты сенімсіз деп қаралап, жер аударса да, менің ағаларыма да коммунист болғандары үшін «сенім» көрсетіп, ақыры құртып тыныпты. Қызыл билеттері болмағанда олар да қара жерді басып жүрер ме еді... – Осы кезде қыран кейіпті ағасы қарындасына оқшырая мойын бұрды. Бірақ үнінде зіл жоқ еді. – Бәрі де бір Алланың жазуына байланысты. – Иә, бәрі де Алланың құзырындағы іс қой, – деп, мен де қонақты қолдадым. – Өткенге өкінбеңіз! Осы қуанышыңыздың берекесін берсін! Әминат шешей Бағилаға қарап, тың әңгіме сабақтады. – Мынау жеңгемнің ескерткіш етіп берген бұйымы еді. Маған жиырма бес жыл бойтұмар болды. Амандық болса, енді жеңгемнің өзіне де жетемін ғой. Бұл жүзікті енді келінім Бағила тақсын. Менің көзімдей көріп жүрсін, – дейді ол зүмәржат тасы бар алтын жүзікті саусағынан алып жатып. – Сенің заманың да, уақытың да басқа ғой. Біз аласапыранды күн кешіп, сәнденетін уақытты ерте ұрлатып алып едік. Бұл жүзік енді сенің бақытты да қызықты ғұмырыңның куәсі болсын! Қанша қиналсам да, сатып жіберуге қимап едім. Сен үшін деп сақтаппын ғой, Бағила келінім. Оның қуаң жүзіне қан жүгіріп, өз шешіміне әбден риза екендігін байқатқандай. – Жоқ, шешетай, бұл сізге берілген ескерткіш қой, барғанда жеңгеңіз сұраса не дейсіз? Қинамаңыз, ала алмаймын, – деп Бағила да ат-тонын ала қашты. – Сіздің бізге жасаған жақсылығыңыздың, көрсеткен адамгершілігіңіздің өзі – ескерткіш! Қолыңыздан шешпей-ақ қойыңыз, – деймін мен де шешейдің мәрттігіне шын риза болып. – Біздің әдетте адамда екі шешім деген, айтқан сөзден қайту деген болмайды. Саған беремін деп шешкен екем, Бағила, ол пікірімнен қайта алмаймын. Ал, екіншіден, өздеріңе айтып едім ғой, маған Балым деген жесір әйелдің көп жақсылық жасағанын. Ол марқұмның жақсылығын жақсылықпен қайтара алмадым. Бұл – соның адамгершілігі үшін, барша қазақ халқының бауырмал қасиеті үшін және қиналып жүрген сәтімде демеу бола білген өздеріңнің кісіліктерің үшін жасаған сыйым. «Алмаймын»

десеңдер, ренжіп аттанамын. – Ол бүгіндікке алғаш рет езу тартып күлген. – Жеңгем байғұс та осы жүзіктің кесірінен біраз тергеуге түсіп, мына отырған ағамыздан да біраз теперіш көріпті. – Е, не десең де, біздің «сені Рахманмен бірге аттандырып, қолыңдағы жүзігіңді сыйлап жібергенсің» деп оған кінәлаған күдігіміз расқа айналды емес пе?! – дейді қонақ ақсақал өңінен не реніштің, не жылылықтың белгісін байқатпаған қалпы. – Марқұм әкеміз бен қазір де ортамыздағы шешеміз де қанша жалынса да, мен қанша зәбір көрсетсем де пәтшағар, осы күнге дейін мойындаған емес қой. Қарындасым жоғалғаннан кейін әйелімнің саусағынан бір шешпейтін жүзіктің де жоқ екенін көргенде-ақ білгенмін, бұл екеуінің ымы-жымдары бір екендерін. – Шешей-ау, сізге бергенше саусағынан шешпейтін, оның үстіне осы жүзік үшін біраз қиыншылықтарды басынан өткізген жеңгеңізге қайта апарып берсеңіз қандай жақсы болар еді, – дейді Бағила да ең соңғы мүмкіндікті пайдаланып қалайын дегендей. – Өмір бойы «жүзігімді жоғалтып алғанмын» деп келген жеңгемді енді өтірікші қыла алмаймын. Осымен сөз бітті. «Жеңгесін өтірікші қылмау» үшін беріп отыр демеңдер. Бұл – шын ықылас-пейілім. – Апыр-ай, енді, – дедім мен қиналып. – Сыйды алу керек. Алмағаның – сый берушіні қорлағаның! – Бағауиддин ақсақал өз кесімін айтты. Бұдан кейін текке қасарысып, қарсылық жасау мүлде артық болар еді. – Бір кезде келіншегіме арнап алған дүние еді. Енді келінге берген біздің сыйымыз болсын.

* * * Біздің дастарқанымыздан бір дәм татқан соң Бағауиддин ақсақалды, Әминат шешей мен Мұхаммедті шығарып салдық. «Сыйға сый, сыраға бал» дегендей Бағила екеуіміз де қарызданып-қауғаланып, біраз ақша құрастырып алып, Мұхаммедке сырлы домбыра, Әминат шешейге қазақ әндері мен күйлерінің күйтабақтар жинағы мен оюлы қамзол, Бағауиддин ақсақалға қазақы құндыз бөрік сыйладық. – Мынау заттарды Мұхаммедтің Отаны, екінші Отаныңыз болған қазақ жерін ұмытпасын деп арнайы сыйлап отырмыз, – дедік оларға. – Бұрынғы үйге барып тұрарсыңдар, сол адреске міндетті түрде хат жазамын. Туған жеріне араға көп жыл салып, қайта аттанып бара жатқан ингуш шешелеріңді ұмытпаңдар, – дейді ол тағы да жанарында жасы мөлтілдеп. Ет жақын адамыңды қарсы алудың қуанышы қандай мол болса, шығарып салудың да сонша қиын, сонша жеңіл мұңға толы болатыны рас қой. Бағила екеуіміз де оларды аэропортқа шығарып салған соң, іргемізден ел көшкендей түсініксіз, көптің ішінде жүріп, жалғызсырағандай күйде қалдық. Ендігі қожайындарымыз қандай болады? Былай жаман адамдар сияқты емес. Бірақ Әминат шешейдей тумасақ та туғандай болып кетер

адам қайдан кезіксін?! «Не болса да жалғыз ұлының қызығын көріп, қалған өмірін қайғы-мұңсыз өткізсе болар еді, жазған мұңлық. Бай қызығын көруді жазбаса да, жалғыз баласының қызығын көрсе екен» деген бір тілек бар еді екеуімізде де.

* * * Арада жарты айдай уақыт өткенде Әминат шешейдің біз күткен хаты келе қалды. Үйге жеткенше шыдамай, көшеде келе жатып, асығыс оқи бастадым. «Қымбатты балаларым! – деп бастапты ол хатын. – Туған жеріме аман-сау жеттім. Ең алдымен қуанышымды айтқанша асығып отырмын. Жаман шалым, Рахманым табылды ғой менің! Осы қазір қасымда отыр. Адамның сезімі алдамаса керек еді, мен оның өлмегеніне сенгенмін. Бұл жұмыр жердің бір түкпірінде жүрген болар, немесе шыға алмайтын мәңгі тұтқында жатқан болар деп ойлайтынмын. Тұтқында болғаны рас екен. Темір торлы түрменің тұтқынында емес, темір тордан да берік өз арының тұтқынында жүріпті... Сендерге түсінікті болу үшін ретімен айтайын. Бұл соғыстың қайнап тұрған бас кезінде-ақ жараланыпты. Маған онысын да айтпапты ғой. «Денім сау, жағдайым жақсы» деп хат жазушы еді үнемі. Госпитальда жатып, екіүш ай емделген соң тағы да майданға кіреді. Жолы болмайын дегенде, қойсайшы, майданға екі-үш күн қатысып үлгірмей тағы жараланады. Бірақ бұл жолы қайтып орнынан тұра алмастай оңбай құлайды. Тағдырдың ісінде шек бар ма, снаряд жарықшағы екі аяғы мен бір қолын жаралап кетеді. Қан көп кетіп, ес-түссіз жатқан адамды өлдіге санаса керек, сол күнгі ұрыста қаза тапқандардың тізіміне есімі қосылып кете барады. Қаралы қағаз маған сол тұста жіберіледі білем. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген емес пе, бұл жазғанның әлі су ішерлігі бар екен. Шала-жансар жатқанында санитарлар тауып алып, госпитальға жеткізеді. Қанды қасаптың ортасында жүрген дәрігерлер көп жаралының қайсыбірінің сынған сүйектерін жамап-жасқап отырсын?! «Екі аяғына бірдей дертті ісік шауып кетті» деген желеумен бір аяғын қара саннан, бірін тізеден кесіп, томарадамға айналдырып беріпті. Әйтеуір, жараланған қолын жазып бергендеріне тәуба десе керек. «Ағаштың түбіріндей боп қалған қалдығымды кімге апарып, масыл етемін» деп, маған да хабар бермей, Мәскеу түбіндегі соғыс мүгедектерінің үйінде жиырма жылдай болыпты. Өзі сияқтылар үшін арнайы ашылған электр жабдықтарын жасау зауытында жұмыс істеп, күнін көріпті. Дүниеде ең ыстық туған жер ғой, балаларым. Адам өзі жаралған топыраққа тым болмаса өлер шағында келіп қосылса, өзін армансыз санамас па? Ол да осы ойға бекінсе керек. Осыдан төрт-бес жыл бұрын ғана елге жетіпті. «Қызымды қайда қалдырып келдің?» деп жылап-еңіреп алдына барған әке-шешемнен құтылғысы келсе керек: «Ол да соғысқа барған, сонда шеһит болды» деп жауап беріпті.

Елге келген күннің ертеңінде-ақ, хабарын естіген соң өзім бардым алдына. Еңіреп кеп бас салғам: «Әминатым, айналайын, мен де соғыстың құрбанымын. Сол кезде-ақ өлген – тірі-өлікпін. Сені бір көрдім, енді арманым жоқ, тек жалғыз өтінішім – бұл үйге қайтып аттап баспа! Ал менің хабарласпағаным үшін кешіре алсаң, кешір! Қаралы қағаз алған соң қайғырар да суынар, өз бақытын табар. Ендігі өміріне кедергі жасамайын деп едім!» дейді сұп-сұр болып. Қайдан баспайын, өлгенім тіріліп, өшкенім жанған соң. «Қызым-ау, өзің қартайған шағыңда басыңа азап тілеп қайтесің?» деген анамның тілін екінші рет алмай ертеңінде-ақ ұлымыз екеуіміз үйіне көшіп кірдік. Бұл ісімді ел де сөгер, сендер де құптамассыңдар. Бәрібір мен бақытты екенмін! Мені бақытсыз еткен жігітке Бағауиддин ағамның әлі іші жылымайды. Алматыға келгенде де Рахманымның тірі екендігі туралы ләм деп ештеңе айтпап еді. Ол да келісімін берген жоқ. Сөйтіп, бір Рахманым үшін екінші рет туыстарымның рұқсатынсыз туған табалдырығымнан аттадым. Бірінші жолы жастықтың, мастықтың әсерімен кеттім. Бәлкім, ол үшін де тіршілігімнің берекесі болмаған шығар. Ал екінші рет құдай қосқан қосағыма, тағдыр табыстырған жарыма аттандым. Егер бұл қадамымды адамдар ғана емес Алла да қолдамаса, мен құлмын. Бәріне де көндім. Қалған өмірімді соны бағып-қағуға арнасам арманым жоқ. Иә, балаларым, бәрібір мен бақытты екенмін! Қос аяғынан айырылса да, Рахманның жүрегі орнында ғой, маған деген сезімі өзгеріссіз екен. Оның үстіне, ұзақ жылдарға созылған сағыныштан соң табысуды айтсаңдаршы. «Өлгенің тірілді, өшкенің жанды» деген осы емес пе?! Екінші қуанышым тағы бар. Мұхаммедім оң-солын танып, ақыл тоқтатып келе жатқандай. Сөздері бұрынғыдай емес, тиянақты сияқты. Бұрынғыдай емес жұртпен де сөйлесе бастайтын болды. Құлыным, кішкене кезінен саусағы майысып, қолы місекерлі еді, әкесіне тартыпты. Әкесі оны-мұны жасайтын зергерлік шеберхана ашқан екен. Әйтеуір жанынан шықпайды. Қазір өзі де көз қызығарлық бірдеңелер жасап жүр. Мүлде сауығып кетер деген үмітім мол. Сексенге таянған шешем де бар екен. Бүгін-ертең деп әрең отырса да бар тілегі менің үстімде. Ана деген сол, әнеки! Ол байғұс та тіріде, өліде айырылғандары бар бұл ұзақ ғұмырында көп қасірет көрді ғой. Әкем бірер жыл бұрын қайтыс болыпты... Айтпақшы, баяғы мені айттыратын сыптығыр қара да бар екен. Ол байғұс та бір аяғын беріп келіпті соғысқа. Үйлі-баранды. Мен келген күні-ақ кіріп, сәлемдесіп шықты. «Шынымен басқаны сүйсең намыс жыртып, кек қумас едім ғой, менен бекер қашқансыңдар» деп қалжыңдайды. Кім біледі, рас та шығар... Біріне-бірін байланыстырып, әрқайсысын өз орындарына қойып жатар Жаратқанның ісі де мұның бәрі. Сондықтан, өткен өмірің туралы «Өйтсем, олай болар еді, бүйтсем былай болар еді» деп, өкінудің түкке қажеті жоқ. «Тағдыр» деп өмірді ерекше атайтынымыз да содан. Егер

ол сыптығыр қара намыс қумайтын болса (қумаушы ма еді?!), Рахман екеуіміз Алматыға бармасақ, басқасын айтпағанда, сендерді таныр ма едім?! Өстіп хат жазып отырар ма едім?! Әрненің басын бір шалып, есен-саулықтарыңды сұрамаппын ғой. Қызметтерің орынша болар. Келінім қалай, есен-сау ма? Менің көзім алдамаса, Бағиланың кейінгі кездегі жүріс-тұрысы, мінезінен бір өзгеріс байқап жүруші едім. Қашан айтты демеңдер, болашақ кішкентайдың кіндік шешесі өзім боламын. Аман-есен босанса, хат жазып, сүйінші сұраңдар. Тұрған үйлеріңнің иесі қалай? Мазасыз емес пе? «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» деп қазақ халқы тауып айтқан. Өздерің жақсы болсаңдар, тіл табысарсыңдар олармен де. Алматының жемісі малынып тұрған шығар, жарықтық. Кейде Көкбазарды аралап келгім келеді. Реті келсе, почтамен Алматының апортын жіберсеңдер. Алманы сағындым. Кейін әбден орныққан соң, өздеріңді қонаққа шақырамын. Рахман да «Алматыны сағындым» деп қояды. Ал, көріскенше күн жақсы болсын! Әминат. 1967 жылдың қыркүйегі». Мен үйге жетіп, Әминат шешейдің хабарын айтып, Бағиланы қуандырғанша асықтым.

ЕКІНШІ ТАРАУ

– «Коля ағай, қойыңызшы енді. Үйлене қалсаңыз, әйеліңіз қошқардай бір ұл тауып бергір, Коля ағай! Тіпті, өзімізге жеңге болар біреуді келініңіз екеуіміз ел ақтасақ та арнайы іздеп көрейік. Тек қазір қоя беріңізші. Тынысым тарылып барады, көкетай. Қазір келініңіз кіріп келсе не бетімді айтамын. Ешкімге есесін жібермес менің де еркегім бар деп жүргенде, жамбасым сынғандай менің мынау сұлап жатысымды көрсе, жігері құм болады-ау. «Еркекке тидім бе десем, езге тиген екенмін ғой. Бар тұрқы тұрымтайдай әлдекімнің тізесінде езіліп жатқанша, жан тәсілім етсеңші» деп жүрер, ағатай. – Тіліңе шоқ түскірдің тіліне темір қыздырып басар ма еді. Онан да бүгін үйді босатып, босағамнан аластатыласың ба? Соны айт! – Бетіндегі тыртығы Алатаудың сайларындай тым тереңдеп көрінген тұрымтайдай Коля ағайдың шатынаған жанарынан жасын ойнайды. Сөйтеді де сен жұдырық жұмсауға тұрармысың дегендей быртиған келте саусақтарымен тамағымды, бетімді қытықтайды...» – Ә-ке... Көзімді ашып алдым. Бетіме жымия қарап, Құралайым тұр. Уілдеп, құйтақандай қолымен мойнымды сыйпайды. Тізесі дірілдеп, екі қолын жайып, бойын тіктейді. «Өй, құлдығым-ау, қаз тұра бастаған екенсің ғой. Талабыңнан айналайын сол! Талпына бер, талаптана бер, ертең-ақ тәй-тәй басарсың... Бүгіннен басталған қадамың оң, жолың ұзақ болғай!»

«...Апыр-ау, осы мен қайда жатырмын?.. Бір қаяуы жоқ, аппақ шаңқандай төбесі бар бұл үйді қайдан көрдім?» Жанарым жағалап келіп, қарсы қабырғаға түсті. Алтын құмын сеуіп, әшекейленген тұсқағаздың жалт-жұлт өрнектері көз тойдырады. Мойнымды сәл бұрып едім, Құралайжанның шатырлы көк арбасына көзім түсті... «Е, айтпақшы, біз кеше ғана көшіп келген өз үйімізде жатыр екенмін ғой... Түһ, жаңағы бір қорқынышты оқиғаның түс болғаны қандай абырой!» Коля ағай! Оның да тағдыры қилы-қилы қызық жан еді-ау... Сәті түссе, ретімен ол туралы да сіздерге айтып берермін... Ойымды Бағила бөліп жіберді: – «Өз үйім, өлең – төсегім!» екен деп, түске дейін жатысыңа жол болсын! Тұр, шай даяр болды. – Шындығында «өзім өз болғалы, көйлегім бөз болғалы» ұйқымның қанғаны бүгін, – деймін мен әлі де жастықтан басымды көтермеген қалпым. «Әй дейтін әжең жоқ, қой дейтін қожаң жоқ», әкеңнен қалғандай өзіңе ғана тиесілі құтханаңда керіліп жатқанның өзі қандай бақыт! Бәрі де түс сияқты, сенейін десең де сене алмайсың... Асықпай тұрып, балконыма шығып алып, аяқ-қолымды ербеңдетіп, қан таратқан болдым. Жаңа қоныста біраз ес жинап, ет үйретіп алған соң өзен жағалай салынған жаяу соқпаққа шығып, дене шынықтыру шаруасымен түбегейлі айналысу да ойда бар. Асықпай жүріп, ваннама шомылдым. Ыстық суы да, суық суы да сарылдап тұр. Сұрамайсың, бұрасаң болды. Дап-даяр. Асықпай шай ішкен соң Құралайды көк күймесіне отырғызып алып, үшеуіміз жақын маңдағы магазиндерді түгендеп келуге шықтық. Өз алдына жеке шаңырақ, үй иесі болған соң бұрынғыдай емес, келімді-кетімді кісіміз көбейер. Қонақтарыма арнап кесе-шәйнек, аяқ-табақ дегендей, біраз ыдыс алмақ ойымыз бар. Көршілерден біз сұрамайық, қайта көршілер бізден сұрасын. Бағиланың жаңа қонысқа кірген кездегі магазиндердегі мүліктерді түгел қотара көшірердей болып, бірер жылдан бері тірнектеп жинаған «байлығын» сол аяқ-табақтарына-ақ еңсертіп тастаған соң, күн еңкейе шаршап-шалдығып үйге әрең жеттік. Біз кеше кіріп-шыққаннан кейін де оң қанаттағы көршілеріміздің дүбірлері бір тынбаған. «Мебель» деп еркелете атайтын жиһаздарын құрастырып жатса керек және жүк көтерген он шақты жігіт бірнеше бригадаға бөлінген білем, дүрсіл бірнеше бөлмеден қатар шығып жатқан. Енді бүгін тыншыған шығар десем, тірі адамның, әсіресе Тұрардай адамның тыншығаны – біржолата тынғаны екенін білмеппін ғой. Сол дүрсіл сол қалпында екен. Біз ыдыс-аяғымызды Құралайжанның көк күймесіне лықа толтыра тиеп келіп тұрсақ, көршіміз көгілдір «Волга» автокөлігінің төрт доңғалағын жерге жаныштап, өңшең бір ұсақ жәшіктерді тиеп кеп тұр екен. Әрине, алдымен ауыр жүкті жеткізісу шарт. Оның үстіне ол жүк құдайы көршіңдікі

болса, тіпті әңгіме жоқ. Жәшігін көтеріп көрсем, ішіне қорғасын салып қойғандай зілдей екен. – Бұл не, аға? – деппін, көршіме сасқанымнан. Көршім бір езулей күлді. – Қабырғаларға жапсыратын әсемдік әйнек-тастар, кафельдер ғой. Осы күнгінің құрылысында сапа бар ма? Ебін тауып, едел-жедел өткізіп кетуге тырысады. «Хан сарайындай деп жүрген үйіміздің қай жерінен қандай кемшілік тауып тұр екен? Шамасы, біздің үйлерден де мықты, әсем безендірілетін үйлердің болғаны-ау» деп ойладым. – Туалеттің, ванныйдың едендеріне, қабырғаларына төсеген тақта тастарын көрдің бе? Құр әншейін кірпіш түстес қыш тастар. Ешқандай эстетика, әдемілік дегеннен жұрдай. Үндеме, бала! Енді екі-үш аптадан соң, бұл көтеріп апарғаныңның қандай дүние екендігін көрерсің.Жарқыраған суреттері, ою-өрнектері бар. «Үндеме, балам! Мұндай әдемі дүниелермен сенің үйіңді де безендіріп беремін» деп тұрғандай, екеуімізге де ортақ қуаныш сияқты ғып айтты. Әрине, жәшіктерді тері-тарамысына ілініп тұрған Тұрарчик ағам тасыған жоқ. Ол Құралайды ойнатып, машинадағы дүниелерді күзетіп тұрды. Бағила ыдыс-аяқтарын, мен жәшіктерді тасыдым. Ақжамал жеңешем де екі үйдің ортасындағы дәлізде тұрып, екі үйге де бөгде біреулердің кіріп кетпеуін қырағы күзетке алды. Төменге он түсіп, он шықтым ба, білмеймін, әйтеуір, қара сүмек болып терлеп, буындарым дірілдеп сыр бере бастағанда жәшіктері түскірлері әрең таусылды-ау. Ақжамал жеңешем «көршісінің мен сияқты бір кішіпейіл жігіт болғанына бекер қуанбағанын» айта жүріп, мені жәшік көтерген соңғы рейстен кейін үйінен шығармады. – Қазір ағаң келсін, «Қуыс үйден құр шықпа» деген емес пе, айналайын-ау. Кел, жуына бер, мен келінді шақырып келейін, – деп шыға жөнелді. Сөйткенше ұсақ-түйек біраз қораптарын көтеріп, ағамыз да кірген. Мен жуынып-шайынып шықсам, Бағила пен Құралай Ақжамал жеңгелеріне ілесіп, дәл кешегідей бөлмелерді аралап жүр. Құрастырылып, жинастырылып қойылған шетелдік гарнитурларды көрген Бағиланың жанарында бұрындары байқалмаған, маған бір беймәлім жарқыл пайда болыпты. Таңдайын қағып, аузының суы құрып жүр. Мұндай салтанат ол үшін жеткізбес сағымдай көрініп жүргенін сезінемін. Мен тағы да көп отыруға мұрсат жоқ екенін екі-үш дүркін айтқан соң, ас бөлмеге кіріп, тоңазыған қазыны басытқы ғып жүз грамдатып шығуымызға ақпейіл жеңешем ақыры көндірді. – Мынау, – деді ағамыз қолындағы сары ала қағаз, қызылала көп жұлдызды шөлмекті бір түрлі сүйсіне ұстап тұрып, – анау марқұм үлкен кісінің өзі жақсы көріп ішкен коньяк. Сендерден аяйын ба, ішіңдер. «Армянский бес жұлдыз» деген осы. – Қай үлкен кісі? – деппін аңқау басым.

– Анау қалың мұртты ағамыз ше? – деді ол жұмбақтауын доғармай, – Стекеңді, Сталинді айтамын. Әрине, бұл сөз маған оншалықты әсер ете қойған жоқ. Бірақ Тұрар ағамыз бір дастарқан басында отырып, онымен дәмдес болғандай ғып сөйлеген «марқұм үлкен кісі сүйіп ішкен коньяктан» оймақтай рюмкамен көзге тамызардай аз дүниеден екі дүркін алған соң, үйге бет алдық. – Ақша дегенде көз бар ма? Сынап сияқты сусып тоқтамайды, қазір бар, қазір жоқ. Қалаған дүниемізді шетіне-е-ен ала береміз. Ең бастысы ыдыс-аяқ қой, – дейді Бағила көршінің мебелдері туралы таңданысын біраз айтып болған соң. – Енді неше кісі шақырсақ та ыдыс-аяқ жететін болды. Тек орындық, үстел дегендерді мына көршілерден ала тұрармыз, иә?! Әй, бірақ олардың қымбат дүниелерінің бір жеріне сызат түсіріп алсақ пәлесіне қалармыз. Онан да анау өзіміз сияқты мына жақтағы көршімізден сұрармыз, – деп, үйге кірген соң Бағила шаршағанын ұмытып, бүгінгі жасаған саудасына әбден риза екенін ашық білдірді. Сатып алған ыдыстарымыздың негізі қарапайым шыныдан, сонан соң алюминий, қалайыдан жасалған өте арзан дүниелер болса да осының бәрі Бағила үшін оң жақ есіктегі көршіміздің хрусталь, чех әйнегі, фарфор дегендерінен де құнды көрінгені рас еді. Біресе былай қойып, біресе былай қойып, мәз болып жүр. Мен жау түсіріп келгендей жалғыз төсекке тағы келіп жантайдым. Өз үйіңде жатып, «Өткен шақ» кітабының бетін тағы бір ашу қандай рақат. Бәрінен бұрын демалыс күнінің қарсаңында көшкенімізді айтсаңызшы. Ойлануға да, келер шақтың жоспарын сызуға да уақыт бар. – Бағила! – деймін ас үйдегі мол мүлкіне әлі орын тауып бере алмай жүрген Құралайдың шешесіне. – Бағила, жаман-жақсы болсын, біраз уақыт үйлерін паналатып, осы күйімізге жеткізген қожайындарымызды шақыруға бел будым. Әминат шешеміз қашан келе алса, басқасы осында ғой, жинап алармыз. – Жарайды, – дейді ол. – Бірақ асықпа, біраз дайындалып, қаржы құрастырып алайық. Шақырған соң дұрыстап шақырған жөн ғой...

АЛЕКСЕЙ, ТАМАРА, ТЕТЯ СОНЯ ЖӘНЕ БАЛАЛАРЫ

Екінші қожайындарымыз – ерлі-зайыптылар. Алексей –
жігіт ағасының жасына жеткен, яғни отыздың ішін аралап
кеткен кісі. Бір құрылыс басқармасында ағаш шебері болып
жұмыс істейді. Жаратылысында тілалғыш, өте елпек адам.

Ешкіммен сөзге келіп, керілдесіп жатқанын көрген емен. Кісі
бетіне тура қарамайды. Тіпті зайыбы Тамараның үні
қаттырақ шықса да: «Все-все сдаюсь» деп ыржыңдай күліп,
қисая кетер еді. Бар айыбы – айлық алған күні достарымен

қосылып думан құрып, шала бурыл масаң болып келетіні бар.

Ал Тамара өңі таймаған, мүсінді әйел. Үйдегі, түздегі
шаруашылықтың тізгінін тек өзі ұстайды. Өте пысық адам.
Шағын зауыттардың бірінде сыршы болып жұмыс істейді.
Бұл үйдегі ересек адамдардың үшіншісі – тетя Соня.

Жетпістен асқан. Туған-туысы жоқ. Осы үйді туыс етіп
паналағанына он жылдай болыпты. Оған қоса жетінші
сыныпта екінші жыл оқып жүрген Сережа, бесінші сыныпта
оқитын сөзуар Наташа бар.

Алексейдің аузын ашса, жүрегі көрінетін ақкөңіл адам екенін алғаш келіп түскен бетте-ақ байқағанмын. Жүк деп ауыз толтырып айтуға келмейтін аз ғана мүкәмалымыз таксидің ішіне сыйып кеткен. «Бір жарым» кісілік кереуетімізді бұрынғы пәтерде қалдырып кеттік. Бір-екі чемодан және екеуімізден артылмайтын көрпе-жастығымызды, Ақантай жатақханадан «қолынан емес, жолынан» алып жеткізіп берген жиналмалы қос орындықты есік алдына түсіргенде үйден қоңқақ мұрын, қызыл шырайлы жігіт ағасы сүріне-қабына жүгіріп шыққан. – Өте қуаныштымын, – дейді ол екеуіміздің қолымызды құшырлана қысып. – Маған Тамара айтып еді, біздің үйге сіздер біржолата тұруға келеді деп. Содан мен қуанып... Сіздерді тосып отыр едім. «Біржолата» деген сөзіне күлкім келді. Өз отбасының мүшелері етіп, түбегейлі қабылдап алғандай немесе үйінің қақ жартысын басыбайлы бізге бөліп беретіндей естіледі екен. Бір жағынан, аласыз көңілдің бөтенсімей, жан тартқандығын да сездіргендей. – Тетя Соня, қайда жүрсіз? Кісілер келіп қалды ғой. Апыр-ау, көмектессеңізші! – дейді ол үйге қарап дауыстап. Сөйтті де бірер буыншақты қолтығына қысып, екі чемоданымызды бірдей іле жөнелді. Тіпті, тетя Сонясыз-ақ Бағила екеуімізден артылар ештеңе қалған жоқ. Бірақ айқара ашылған есіктен тағы да сүріне-жығыла шыққан шүйкедей сары кемпір келіп, Бағиланың қолындағы түйіншектерге жармасты. Елбірей сәлемдесіп, ол да мәз. Бейне көптен күтіп жүрген құдасы ырғалыпжырғалып машинадан түсіп жатқандай. Орыс сөзінің өзін славян жұртының ескі мақамымен айта ма, әлде туыстас бір тілдің сөздерін көп араластыра ма, әйтеуір жетпістің ол жақ, бұл жағында жүрген, бірақ әл-қуаты әлі мол, сырт тұлғасы толықтау көрінер әжеміздің сөзінің бірін ұқсам, бірін ұқпаймын. – Жоқ, тетя Соня, өзім-ақ көтеремін ғой, – деп, қолындағы жүгін бергісі келмеген Бағиланың қолынан тартқандай ғып жұлып алған. – По что тебя надо, такую тяжесть поднимать-то? Думаешь, я не вижу?! – деп қойып қалғаны. Тал бойындағы өзгерісті әлі ешкім білмейді деп жүрген Бағила мына кемпірдің сұңғылалығынан кейін жүзі қызарып сала берді. – Міне, мына бөлме сендердің отауларың болады, кереуеттеріңді де қайта сырлап, жап-жаңа ғып қойдым. Мына бұрышқа үстел қойыңдар.

Сендерге арнап, бүгін түнде жасап шықтым. Әзір сыры кебе қойған жоқ, – дейді Алексей кішкентай ғана көк үстелді көрсетіп. – Екеуің еркін сыясыңдар. – Иә, еркін сыясыңдар, – дейді Соня әжеміз де бүкіл тіс атаулыдан сарқыт болып қалған жалғыз қасқа тісін көрсете күліп. Мен «Көңіл сыйса, орын табылады» дегенді айттым. Бөлме тым кішкентай еді. «Бір жарым кісілік» деп аталатын кереует, бір үстел, екі орындық қойылған соң, айналар жер қалмады. Бірақ осының өзі де бізге әзірге жетіп жатыр еді. – Мынау сендердің келу қуаныштарың үшін. Бағана Тамараның өзі алып беріп кеткен. – Алексей бір шөлмек портвейн шарабын қылша мойнынан қылғындыра ұстап, бөлмеге кірді. Екінші қолында бір түйір екпе пиязы бар. Балаша мәз болып, қуанып жүрген жігіттің көңілін қимадым. Арақшарапты ұрттап көрмеген Бағила да рақметін жаудыра отырып, ырымын жасады. Біздің түсіміздің жылы балалар екенімізді бір көргенде байқап, қатты қуанғандығын айтып, тауыса алмай тұрған Соня әжемізге де сыбаға бөлінді. Ол үлесін ішіп алып, шарап атаулының ішінде осы портвейннің біршама дұрыс дүние екендігі жайлы пікірін тәмәмдағанша Алексей екеуіміз де шөлмектің бар «қазынасын» қақ бөліп, тауысып үлгірдік. Мен тыжырындым, Алеша қожайыным тамсанды. – Қоныс тойын жасаймын, – дедім Алексейдің пейіліне риза болып. Оның үстіне екеуіміз қақ бөліп, құтты қонысына қондырған шараптың қызуы да жылдам шешімге келуіме көмектессе керек. Азын-аулақ жүгімізді Бағила жинап болғанша Алексей екеуіміз тар жерде әлі обиып отырмыз. – Ғафу ет, інім, – дейді Алексей, тілі де демнің арасында кейбір әріптерді айтуға келіңкіремей қалыпты. – Қара басып, есіміңді тағы ұмытып қалғанымды қарашы. – Қу-а-а-ныш! – Ку-а-ан-ныш! Дегенмен тез ұмытылады екен. Тек сен ренжи керме, бауырым. Орысшаға ептеп аударып көрмедің бе? Есіміңді айтамын. – Неге болмасын, – деймін мен де күліп. – Есімімнің түпкі мағынасынан «радость» деген сөздің мөлшері көрінетіні рас. Бірақ сіздерде ондай есім жоқ қой. Сондықтан, соңғы «ыш» деген екі әріпті алып тастауға болады. «Қуан» – Коля дегендей етек-жеңі жинақы есім шыға келеді. Алексей «Ку-а-ан, Куан!» деп аузының дәмін алып, екі-үш қайталап шықты да, әйелі тағы бір ұл тауып бергендей қуанды. – Жар-рап тұр! – Ол сағатына қарады. – Енді бірер сағаттан кейін Тома жеңгелерің де келіп қалуға тиіс. Менің бүгін дем алатын күнім. Мен Алексейдің нені тұспалдап отырғанын сезе қойдым. Бағила да сезе қойыпты. Қол сумкасындағы қаражатына қол салды. Оттай жанған, су жаңа он сомдық қызыл қағазды беріп жатып:

– Өзімізге қалатыны осы. Қалғанын пәтер ақыға алдын ала төлеп қоялық, – деді. Мұнысы: «Көрпеңді бойыңа шақтап көсіл, тым бөсіп кетпе» дегені. Айтқанындай, біз жаңа қоныстың жұпыны дастарқанын жайып болғанша күні кеше ғана өзімізге осы пәтерде тұруымызға келісім берген Тамара жеңгеміз келді. Ол да сырт киімін шешіп үлгірісімен біздің шағын бөлмемізге келіп, арқа-жарқа қуанып жүр. Оның шоқтай жанған аялы қос жанары қарақаттай қап-қара екен. Ең жақсысы көз нұрында мейірім шуағы мол сияқты. Кісіге тесіле қарағанда жанарыңды жасқайды. Бет-жүзінен де мін табу қиын. Екі бала тауып, отыздың аулына ат тұяғын іліндіріп қалса да, мүсіні де ерттеген торы аттай келісті-ақ. Тал бойынан келіспей тұрған бір-ақ мінін байқағандаймын. Ол – шаш қоюы еді. Қоңыр-сарғыш келетін шашын тым қысқа қидырып, бұйралап тастапты. Қоңырқай қаракүл елтіріні басына жауып алғандай әсер береді. Ал «Әй, тым елпек қаққаныңа қарағанда ішімдікке тым үйірсек пәлекет болмасаң етті» деп, секем алдырған Алексей-Леша ағамыздың да бет әлпетіндегі қызғылт-сары реңк пен әжім сызықтарының көзінің айналасын ерте торлай бастағаны менің сол болжамымды расқа шығара бастағандай. Әйтпесе оның да дене бітімінен, бет әлпетінен мін таба қою қиын. Дөңгеленген қой көзі әдемі көрінгенмен жанары отсыз, тым жасық. Кісінің бетіне тура қарап сөйлемейді. Болашақта қасқа бас болуға ерте даярлық жасағандай сұйықтау жирен шашы төбеге қарай біраз шегініп кеткенінен бе, жазық маңдайы кере қарыс болып көрінеді. Алайда Алатаудың баурайынан сұлай түсіп жатқан Көктөбенің жотасындай болып біткен еңселі танауы оны орыс жігітінен гөрі кавказдықтарға көбірек ұқсата түсер еді. Сөйтіп, кешкілік «өзіміздің еншімізге қалған соңғы ондықтан» шамасына қарап, бірінде арағы, бірінде шарабы бар егіз шөлмекті Алексей сыйлаған кішкене үстелдің үстіне қойдым. Ағамыздың жанарына жан бітіп, күлімдеді. Соня шешей де сөйтті. Тек Тамара ғана: – Ойбай-ау, бұларың не? Өздерің де жаңадан шаңырақ көтерген екенсіңдер, біз сендерді сөгеміз бе? – деп ол: «Әлде осы дастарқанды ұйымдастырып отырған сенбісің?» дегендей қожайынымызға ала көзімен қарап еді, зайыбының айтпағын аса сезімталдықпен бажайлап үлгірген Алексей дереу қорғанысқа көшті: – Иә, десеңші! Қуанға мен де айттым. «Жас семьясыңдар» дедім. «Арақтың пайдасы жоқ» дедім. «Оны ішкен адамның өзі де, сөзі де өзгеріп, өзге адам болады» дедім. «Өзге адамның ісі өз ісіңмен үйлеспей жатады да содан барып, ыңғайсыз жағдайға қаласың» дедім. Қуан: «Жоқ!» дейді. Ал мен... – Болды, болды! Білгішін қарашы. Сол ақылыңды өзіңе айтсайшы! – Жеңгеміз жаңа келіп жатқан бізді үрейлендірмейін десе керек, түсін жылытты. Сол-ақ екен шешесінің ең тәуір көретін ыдысын сындырып алып,

қипақтаған баладай берекесі бек кетіп қалған Алексейдің де бетіне қан жүгірді. Қолындағы ожауын біресе сүртіп, біресе орнына қойып, осы әдетін кемі екі-үш дүркін қайталап жіберген Соня шешей де бойынан ауыр жүк түскендей, сылқ етіп, орындыққа тізе бүкті. – О не дегеніңіз, жаңа қоныстың ырымын жасаудың идеясын шығарған мен едім, – деймін бар кінәны өз мойныма алып. Тамара болса «Арақ көрсе, аузының сілекейі шұбырып тұратындардың сен де бірі болмасаң неғылсын?!» дегендей маған да сұраулы жүзбен қараған. Бірақ қарақат көзінің әдемі аясынан ерекше бір жылылық ұшқыны сезіледі. Біздің – тіпті осы шаңырақ астындағы баршамыздың тіршіліктынысымызға жалпы басшылық жасайтын Алексей емес, осы жеңгеміз болар деп түйдім. Менің бұл ойымды қолма-қол дәлелдейін дегендей ол ағамызға біздің қатысуымыздағы алғашқы тапсырмасын берді. – Алексей, сен тар жерде аяққа оралмай, үстелді біздің залға жаса, сонан соң жертөледен ащы-тұщыларыңды шығар. Мен тамақ әзірлеп жіберейін. – Етті мен де салғалы жатырмын. Ауылдың еті. Жақында ғана алып едік, – дейді Бағила да жәшіктегі сүрімізді шығарып. Не керек, біздің алғашқы бірге ішкен асымыз аса бір өзара түсініскен жағдайда өтті. Жеңгеміз және ағамыздың айтысына қарағанда, бұлар бізді өз үйлеріне пәтерақыға төлейтін жиырма бес сомымыз үшін емес, қысылып тұрған жастарға қол ұшын беру үшін жіберіпті. Өйткені, өздері де осы үйді салып алғанша аз қиындық көрмеген. Біреулерінің қиянаттарын көріп қиналса, біреулерінің қамқорлықтарын көріп қуанған. Өйткені бұрын-соңды пәтерін жалға беріп көрмеген. Біздер көшкен соң да бермек емес. Өз үйін алып, қатарға қосылып кеткенше екінің бірінің басында бола беретін жағдай. Қиналған кісіге дер кезінде достық қолыңды созсаң, ол жақсылықты қайтара алмаса да еш уақытта ұмытпақ емес. Біз дастарқанды жинап жатқанда тұлымшағы желбіреген кішкентай қыз келіп кірген. Істиген танауы, көзі шешесінен айнымай қалыпты. – Сәлеметсіздер ме?! Астарыңыз дәмді болсын! – Алексей мен Тамараның «Наташа дейтін қызымыз, Сережа дейтін ұлымыз бар. Екеуі де қазір мектепте» деген алдын ала таныстыруларына қарап, Наташаның осы қыз екенін мөлшерледім. «Әке-шешеңе түрің тартқанмен сөзшеңдеу болармысың?» деп түйдім. Ол киімін ауыстырып, жуынып болғанша да менің жаңағы пікірімді растайын дегендей біздің келіп қоныстанып жатуымыз жайлы ықтияттай сұрап болған соң, бізбен де келіп қол берісіп, танысып үлгірді: – Наташа Колесникова, – деді ол үлкен кісі сияқты нығыздай сөйлеп, – бесінші «а» сыныбының старостасымын. Ал, енді сіздердің келгендеріңіз жақсы болды. Мені қойыңыздаршы, ешкімнің көмегінсіз-ақ оқимын ғой.

Сережаға көмектессеңіздер де қайда жатыр. Математикаға баспайды. Оқыса, ешкімнен кем оқымас еді. Барып тұрған көк жалқау... – Әй, қыз, болды сыпылдамай, анау тамағыңды құйып іш. Таныспай жатып, сонша тақылдай жөнелгенің не? – деді шешесі зырылдап, біраз жерге жетіп қалған қызына ала көзімен қарап. Өзінің және ағасы Сережаның сабағы жөнінде айтарлықтай мәлімет беріп тастамақ болған құйттай қыз амалы құрығандай ас үй іспетті кіре берістегі үлкен бөлмеге өтті. Бұған керісінше Сережаның аузынан басы артық бір сөзді суырып ала алмайтындай нағыз тұйық бала болып шықты. Оған дейін осы шаңырақ астынан біз көрген кісілердің бәрі де әдейі іріктеп алғандай ашық-жарқын адамдар болса, ол жаңа ғана біреулермен сілікпесі шыққанша төбелесіп келген адамдай тік біткен қабағын қарс түйіп алып, жүзінен ызғар сызы кетпейді екен. Бізді көрген бетте сәл басын изеп, сәлемдесудің ишарасын түсіргеннен кейін жұмған аузын ашқан жоқ. Қожайындарымның маңдайларына басқан жалғыз ұлы болғандықтан емес, әйтеуір бір шаңырақтың астында азды-көпті уақыт тұратын болғандықтан, алғашқы күннен бастап, «тіл табысып» қою үшін балаң жігітке өзім қол ұсынып, есімімді айтып танысқанмын. Сережа өз жасы үшін тым сүйектірек, ірілеу біткен қолын бергені болмаса ләм деп үн қатқан жоқ. Жаратпаған адамның сыңайы сияқты. – Ой, жарығым, күнім сол, келдің бе? Сабағы түскірің де әбден шаршатты-ау, құлдығым. Қарның ашқан жоқ па? – Соня шешей Наташа келгенде дәл мұндай ақжарма ілтифат көрсетпеп еді. Сережаның қолындағы кітаптарын өзі алып, бәйек болып жүр. Сережа болса, әжесінің құрақ ұшып, елпілдеуін әбден үйреншікті, қадірі кеткен ықылас сияқты ғып, елеген де жоқ. Кемпірдің кей сауалдарына: «Жоқ!» деп келте жауап берсе, кейбіріне: «Ой, қойшы өзің, басымды ауыртпай!» деп маңдайдан ұрғандай дүңк еткізіп, жауап береді. Оны көңіліне алып, елеп-ескеріп жатқан Соня шешей жоқ, әлі айналып-үйіріліп жүр. – Болды енді! – Тамараның бұл сөзді екеуінің қайсысына арнағаны белгісіз күйінде қала берді. Ұрлығының үстінде қолға түсіп қалған баладай бізге жапақтай қараған кемпір «Көріп тұрсыңдар ғой, менің не жазығым бар?» дегенді көзімен түсіндіріп, кібіртіктеген күйі теріс айнала берді. Сережа ғана бұл ескертуге еш мән бермегендей сыңай танытқан. «Біздің бұл үйдегі тату да бейбіт қатар тіршілігімізге нұқсан келсе, сенен-ақ келер-ау, сары ұл» деп мен тұрмын. – Қуан, жүр, таза ауаға шығайық, мен саған өзенді көрсетіп келейін. – Тамара есік алдына шығып кеткенде, Алексей маған осылай деп сыбыр ете қалды. – Менен сәл кейінірек шығарсың. Сөйтті де ол екі аяғын қайшылап басып, тысқа қарай беттеді. Жаңа біздің шағын отырысымыз кезінде Тамара үш-төрт дүркін ескерту жасап, оған көп ішкізбеп еді, соның өзінде Алексейдің тілі сөздердің басын құрап айтуға толық келіңкіремей қалыпты. «Біздің бұл үйдегі тату да ынтымақты

тіршілігімізге бір сызат түсірсе, осы шөлмекшіл мінезің түсірер-ау» деп ойлаймын әр нәрседен секем алғандай. Екеуіміз есік алдында ұшырасқан соң, Алексей үй жаққа ұрлана көз тастап қойды. – Өзің білесің ғой, қатын дегендерге көп қарсы келе беруге болмайды. Бұлар көңілденгенде еркелеп кеп сүйкенетін мысық сияқты да, ашуланғанда тарпа бас салып, шайнап тастайтын жолбарыс сияқты... Бірақ бұлар да бізді жаман болсын деп ойлайды дейсің бе?! Бәрі де өзіміздің, бала-шағаның қамы ғой. Ол жолбарыс болған кезінде сен арыстан екендігіңді дәлелдегің келсе, қан майдан шығады, онан кейінгі тіршілігіңнің мән-мағынасы азайды дей бер. Жалпы әр адам бір дүниені әр түрлі ойлап, бір түйінді әр түрлі шешетін болғандықтан, ең татумыз деген ерлі-зайыптылардың өздерінің арасында да қайшылық, үлкенді-кішілі сөз қақтығысы болып тұрады. Түсініскен тіршілік дегеніміздің өзі әркім өз пікірінде қатып қалмай, екіншісіне жол бере қою деп білемін. Сонда ғана жаңағы ірілі-ұсақты қақтығыс-қайшылықтар өрбімей, өшіп қалады. Қайсысы қайсысына жол береді, әркімнің мінезіне байланысты. Сонан кейін, көбіне кемшілікті көп жіберетін және сол кемшілігін мойындай білетін адам ғана қосағына жол бермек. Содан ба, неге екенін білмеймін, Қуан, көп жағдайда Тамараға менің жол беруіме тура келеді. Мүмкін жаратылысымнан иім жұмсақ, мүмкін оны соншалықты жақсы көруім, мүмкін өзім айтқан пікірдің дұрыстығына көзімнің түбегейлі жете бермейтіндігі бұған басты себеп шығар. Ол айтқан бір сөзін жиі қайталап, алдыма түсіп алып, теңселе басып келе жатса да ойын осылай жеткізіп еді. Мен тігісін жатқызып, қазақшалағанмен, ойының ұзынсорасы осылай еді. – Ең бастысы, өзің айтқан қайшылықтың өшіп қалатындығы ғой. Кімге кімнің жол бергенінде тұрған не бар дейсіз?! – Өзім осылай дегенмен, «Қайсыбір ерлі-зайыптыларға ұқсап, күні ертең үнемі жанжалмен құлақтың құрышын қандырмасаңдар болғаны ғой» деген ой көмейімде бұғып жатты. Біз тайыншадай-тайыншадай қойтастары «өрген» өзеннің жағасына келдік. Суға шомылардай ыстық түсе қоймаса да күнге қыздырынып, жаңағы қойтастарға салт мініп отырған қыз-жігіттердің ауқымы мол екен. Алексей өзенді өрлеп, жортып келеді. Отбасы туралы, ерлізайыптылардың өзара қалай сыйласулары қажеттігі жөніндегі ой толғамдарын толассыз тоғытып келеді. «Әрине», «иә», «ол не дегеніңіз» сияқты одағай, қыстырма сөздерді ара-тұра әңгімесіне сыналап қойғаным болмаса, өз жанымнан көп пікір қоса қойған жоқпын. – Апыр-ай, мына жұрт па, мына жұрт сыра десе естерінен танады-ау. Әлі ыстық түспей жатып, қан-жынға үймелеген қара шыбындай қаптай қалуларын қарашы, – дейді ол өзен жағасындағы сыраханада кезекте тұрғандарға нали қарап. Бірер сағат уақытымызды жоғалтып, бірер тостаған сыраны іштік. «Бүгін алғашқы күн ғой, тізе қосып серуен салып жүргеніме. Үйінен қуып

жіберсе де бүйтіп мұнымен бірге сыраны сыздықтатып ұрттап жүре алмаспын» деймін өзіме өзім. «Оны уақытым да, қаражатым да көтере бермес». Бірақ менің ол қаупім бекер екен. Алексей жұмыс күндері ішімдік атаулыны аузына алмайтын көрінеді. Оның бұл мәселе жөнінен біраз шектеулі мүмкіндік алар күні тек – жексенбі. Тамараның оған бөлер қаржысы бір шөлмек шарап пен бір-екі тостаған сыраға жететіндей ғана есеппен беріледі екен... Ал содан кейін, айлық алған күні өз еркімен жолдастарына қосылып ішетін көрінеді...

* * * – Сен менің Тамараны неліктен Тәңірінің өзінен бір сүйем кем санамайтынымды білесің бе? – дейді ол бір жексенбі күні тағы да өзен жағасындағы сыраханадан бір-екі тостаған сырамызды ішіп отырғанда. – Менің осы ішімдік деген жаудан құтылып, адам қатарына қосылуыма дейін жеткізген әйелімнің қажырлылығы ғой. Егер Томочкадан басқа біреу болды ма, сөз жоқ, мен баяғыда-ақ жұмыстан қуылып, осы арақтың соңында панасыз қаңғыбас болып тозып кетер едім, немесе біржола құрып жоғалған да болар едім. Мен оның үздік-создық айтып, шет жағасын ғана шым-шымдап шығарып жүрген сырын өз еркімен түгел ақтарғанша асықтырып, артық сұрақ қойған емен. Маған да еті үйренсін, өздігінен-ақ сыр ашар уақыт келер деп түйдім. Бұл үйге келгелі бергі он шақты күннің беделінде ешқандай бөгде оқиға болған жоқ. Алексей, Тамара да бұрынғыдай жылы амандасады. Соня шешейдің де сол ыржия күліп тұрғаны. Осылардың бәрінен үлкенмін-ау деп тұрмайды, ең кішкентай Наташа да, «қасығым жоқ» дегенді қабағымен сездірсе болғаны, денесінің молдығына қарамастан, орнынан лып етіп көтеріліп, сол сәтте-ақ жүгіре жөнеледі. Наташамыз Бағиламен әмпей болып алды. «Бантикті жақсы түйесің» деп шашын да соған өргізетін болған. Бір тұлымын өргізгенше, әй, кемі жүз ауыз әңгіме айтатын болар. Сережаның да қабағын жазып, бала болып, бір жадырағанын көрмей келемін. Сабағынан келіп, тамағын ішеді, сонан соң бірер сағат кітап-қағаздардың бетін ашудың мезіретін түсірген болады, сөйтеді де көшеге шығып, содан кейде ел орынға отыра, кейде жатар алдында жетеді. Әкесі ләм деп аузын ашпаса да, шешесі ол кешіккен күні ұлын біраз мүйіздейді. Ол мүйізделіп жатқанда Соня шешейдің берекесі бек кетер еді. Бір кесені он рет жуып, он рет құрғату өнерін сонда көрсетеді. Өзінің әп-әдемі акцентімен: «По что шипко ругать-то» деп наразылық айтар еді. Тамара ала көзімен қарап үлгіргенше ол әлденені сылтауратып, үйден шыға жөнелер еді, одан лып етіп қайта кірер еді. «Түбі тату-тәттілігімізге нұқсан келтірер осы кекілді сары ұл болар» деп тағы да болжам жасаймын. Айтқанымдай, бір күні жұмыстан келсек, үйде Наташа мен Соня шешей ғана бар екен, шешеміздің көзі қып-қызыл болып, талаурай қалыпты.

Наташа Бағилаға ең соңғы жаңалығын ізін суытпай, сол сәтте-ақ жеткізуге асықты. Бірақ ол сөйлеп үлгіргенше Соня шешей: – Әлгі қаршадай ұлдың не бүлдіргенін білмеймін... Сорлы басым тағы сорлап қалатын болдым-ау, – деп, оның кісіге үнемі күле қарауға қалыптасқан жайдары жүзінің реңі бұзылып, жылап жіберді. Менен араша күтетін сияқты. – Жаңа ғана әкесі мен шешесі үшеуін милицияға алып кетті. «Бәсе, түбі осы үйде бір ыңғайсыз жағдай болса, осы кекілді сары ұлдан басталар-ау» деуші едім, айтқанымның айдай келгенін қарашы деп өзімнің көрегендігіме тағы да көз жеткіздім. – Білесіз бе, Бағила апай, біздің әлгі Сережа оңбаған осындағы кейбір бұзық достарымен бірге түнде көшеде кетіп бара жатқан бір әйелдің қол сөмкесін тартып алыпты. Енді оны түрмеге қамайтын болар, ә? – Наташа Бағилаға ғана бағыштап айтқанымен, маған да естірте зыпылдай жөнелді. Бағила айтар жауапты күтпей-ақ өз пікіріне байламын қосып қымтай түсті. – Әрине қамайды. Қамамағанда, бір сыныпта екі жыл отырған, әрі мектептің қоғамдық жұмысынан ат-тонын ала қашатын, жақсы іске араласпайтын бұзақы, жалқауға басқа не істесін?! Түрмеге бір түссе болды ғой, қайтып түзелмейтін бұзақы болып шығады деген сөз... Осы бесінші сыныпқа келгенге дейінгі ғұмырымда түрмеге түскендердің біреуінің түзеліп шыққанын естімеппін... Папам мен мамамның миын шірітетін болды ғой. Маған да оңай дейсіздер ме? Жаман-жақсы болсын, бір сыныптың старостасы болып жүргенімде «сенің ағаң бұзақы, түрмеде жатыр» дейтін сөз оңай тиеді дейсіздер ме? Бәрімізге де қиын-ақ, болды ғой... – Құдай үшін, сен қыз сыпылдамашы, сол қу жалғызға құдайым бәріңді неге жау ғып қойды екен?! – Соня шешей кішкентай зуылдақтың иығынан жұлқып-жұлқып қойды. Жұлқымақ түгілі жұлып тастаса да, көмейіне келіп қалған сөзді іркіп қалар Наташка ма, әрі қарай ағытылды. – Оны айтасыз, осы өткен қыста Сережка мұғалімі Ольга Петровнаның пальтосының арқасына «я – дура» деген сөз жазылған қағазды қыстырып қоямын деп мектептен шығып кете жаздаған... Әйтеуір, мамам сорлы мектеп басшыларына жылап-еңіреп, жалынып жүріп, әрең алып қалған. Әбден күйіп кеткен Соня шешей оның бетінен шапалағымен бір тартып қалды. – Наташка, өзіңнің туған ағаңды сонша жамандауға бола ма екен? – дейді Бағила. – Қайта ағаңның дұрыс адам болып ержетуіне сен де көмектеспейсің бе? Жә деген бір сыныптың старостасы емессің бе? Бірақ қыз әжесінің шапалағына шыдамаса керек, әдемі қара көзі жасаурап, кемпірге шап ете қалды: – Сен неге ұрасың мені?! Ұратын өз әжем емессің ғой. Тіпті сен менің ешкімім де емессің. Кісі сабайтын мықты болсаң, өзіңнің туған немерең анау Сережаны неге жөнге салмайсың?!

– Наташа! – дедім мен түсімді суытып. – Озат әрі староста болып жүрген тәртіпті оқушы үлкен адамға осылай дей ме екен? Ұялсаң қайтеді?! «Ақыл айтатындай сен кім едің? Бар болғаны пәтер жалдаушы ғанасың!» деп айтып қоя ма деген қауіппен сырт айналып, үйден шықтым. Сол кезде иә өкінгені, иә ренжігені білінбес, сол сазырайған ұлды ортаға алған қожайындарым да қақпадан кіріп келе жатты. Мынау өмірге, осы тіршілік-тұрмысына соншалықты риза көңілмен көрінер әке-шешенің жүздерінің өзгеріп, қатты ренжіп келе жатқанын алғаш рет көрдім. Оның есесіне, бір ұядағы жандарға киліккен көңілсіз жайдан мүлде бейхабар кейіп танытып, күндегімдей жылы сәлемдесіп, тіпті, олардың жүзіндегі ренішті де байқамаған болып, әлдебір асығыс шаруам күтіп тұрғандай өзен жақты бетке алдым. Көп ұзамай Алексей қуып жетті. Мен әлі де түк білмеген сыңай танытып, өз ұсынысымды айттым: – Жүріңіз, бірер тостаған сыра ішіп қайтайық... Күн де бүгін бір түрлі қапырық сияқты ғой өзі. Шөлдеп тұрғаным. – Жоқ, Қуан, өзіне берген уәдесінде тұра алмаған жан басқаға берген уәдені ешқашан орындай алмайды. Ондайды жарты адам деу керек. Ал мен жарты адам болғым келмейді. Сен шөлдесең, өзің іш, мен серік болып, қасыңа ілесіп бірге барайын. Жексенбіде бір-ақ рет аздап ішетін әдетімді көптен бері өзгерткен емеспін. «Ұялған тек тұрмас» дегендей: – Жарайды, онда, бармай-ақ су іше салармын, – деп жуып-шайдым. – Кел, отырайық, – дейді ол жалпақ қойтасты көрсетіп. Екеуіміз сол күні ұзақ әңгімелестік. Ол менен бар сырын жасырмай жайып салды...

АЛЕКСЕЙ АЙТАДЫ

Өзің де сезіп жүрген боларсың, Сережаның әкесі бөлек қой. Оны бөгдесініп, бөтенсініп көрмесем де әке болып тәйт деп, не қол тигізіп көрген емеспін. Менің әкесі емес екенімді анау кемпір айтпады дейсің бе? Көңілі қалып қоймасын, «Өз әкем болса, бүйтер ме еді?!» дегізбейін деп жасқанам. Соныма қарап, шешесінен гөрі мені көбірек сыйлайтын сияқты. Айтқанымды екі етіп көрген емес. Тек осы кезде не оқуда, не жұмыста жоқ, әке-шешелерінің тапқанымен талтаңдап жүрген бір берекесіздерге үйір бола бастапты... (Ол еш уақытта шылым атаулының басқа түріне алмастырып, айырбастамайтын «Памирін» тұтатты. Сонан соң әлденеге қатты өкінгендей басын шайқап қойды). Міне, енді тұңғыш рет қылмыс дейтін бәлеге араласып отыр... Мынандай ит басына іркіт төгілген заманда кісі тонау деген не сұмдық?! Сондағы алғандары жеті-ақ сом. Жерге кіргірлер, онымен қай жыртықтарын жамамақшы екен?! Абырой болғанда, бұл іске қатысқан ересек үш баланың бірі қолға түсіп, серіктерін айтып беріпті. Шыны керек, бұлардың қолға түскендеріне қатты қуандым. Дәндемегені жақсы. Жасы толмаған бала

ретінде Сережаны үйге жібергендерімен, ол үшін жазаны өтер мен болармын. Көрсін, ол үшін менің қиналғанымды, жазықсыз жапа шегіп, жұрт алдында масқара болғанымды. Мүмкін қайтадан мұндай іске аяқ баспас... Ол үшін менің жапа шегетінімді сезінсе, мүмкін мені сыйлағанынан қояр. Бүгін де артық сөз айтпадым. «Балам, бізді ойласаң етті» дедім де қойдым. Сережа тым ақылсыз бала емес. Әжесінің әуенімен тым ерке, өз дегенімен ғана жүретін бірбеткей, тоңмойын болып өсіп келеді. Бірі әрі, бірі бері тартумен шөре-шөре болып өскен бала осындай күйге ұшырайды екен ғой. Біз «Сабағыңды қара» десек, әжесі «Миыңды оқу жеп қояды, ойнап кел» деп шыр-пыр болып отырғаны. («Оның әкесі де осы қалада тұра ма қазір?» деймін мен әңгімені негізгі арнасына бұрғым келіп). Жоқ. Ол қайтыс болған... (Алексей өшіп қалған шылымын тұтатты. «Жалыққан жоқсың ба, менің түкке қажеті жоқ бос мылжыңымды тыңдаудан?» деді бетіме сынай қарап. «О не дегеніңіз, айта беріңіз» деймін мен). Тағдыр деген қызық қой... Сережаның әкесі Павел марқұм, осы жеңгең үшеуіміз бірге, бір класта оқыдық. Жаның жәннәтта болғыр, жігіттің төресі еді. Сырнай тартып, ән салғанда қыз-қырқын аузын ашып, көзін жұмар еді. Өзі әдемі, өзі спортшы, өзі озат оқушы еді... Жасырып қайтейін, одан қалмайын деп сырнай үйрендім, одан қалмайын деп сабаққа күш салып, боксшылар үйірмесіне қатыстым. Қайда-а-а, бәрібір шендесе алмаушы едім... Менің өйтіп тыраштанып жүргенім бақталастық, бәсеке емес, немесе бұдан мен неге қаламын деген қызғаныш та емес, менің алдымда жалғыз ғана мақсат бар болатын. Ол – қалайда осы Тамара үшін, оның пейілін өзіме аудару үшін ғана болатын. Егер менің әрекетімді бәсеке, қызғаныш десең, ол тек осы жеңгеңнің жолындағы, соның назарын бір аударту жолындағы жанталас деп білгейсің... Соғыстың аяқталғанына екі-үш-ақ жыл болған кез. Шаруашылықтың қай саласы болсын адам қолына зәру тұс. Ақыры мен жетінші сыныптан кейін оқуды тастап, ағаш шеберіне шәкірт болып орналастым. Жағдай қиын болғандықтан емес, не оқи алмағандықтан емес. Өзімнің ең жақын досым Павелдің және бүкіл ғұмырымды арнауға даярмын деген Тамараның алдындағы дәрменсіздігімді мойындап кеттім. Өйткені, ол екеуінің жұбы жазылмай, егіз қозыдай қатар жүргендерін бұдан былай көруге дәрменім қалмап еді. Әттең, балалық-ай десеңші. «Тамара, мен сені өзімнен артық сүюші едім. Бірақ сен Павелді қаладың. Павел, сен ең жақын досым едің. Бірақ сен де сорыма қарай, Тамараны ұнатыпсың. Не айтайын, өзіңнің дәрменсіздігіңді немесе жеңілгеніңді мойындау қандай қиын болса да мен мойындадым. Бақытты болыңдар! Махаббатқа әмір, не зорлық жүрмейді ғой» деп, екеуіне хат қалдырып кеттім. Содан кейін Тамараны қанша көргім келсе де, өзімді тежеп бақтым. Махаббат уытын қайтармақ болып, шылым шегіп, араққа ауыздана бастадым. Бір-екі жыл жұмыс істеп, өзім де жә деген ағаш шебері атанған тұста мен жә деген маскүнем едім. Бірақ арақты ішкен сайын жүрек қалаған, сүйген қызды ұмытқаным сол, оны одан әрмен

ойымнан шығара алмайтын болдым. Бір күні әбден төзімім таусылған соң шала бурыл мас күйімде қыздың үйіне іздеп барайын. Тамара үйде жалғыз отыр екен. Иә қуанғанын, иә ренжігенін аңдай алмадым. Айтысы, бұл да отбасы жағдайына байланысты құрылысқа шығып, сыршы болып орналасыпты. Павел биыл орта мектепті тәмәмдаған соң институтқа түспекші екен. Екеуің қалайсың? деймін мен міңгірлеп. – Бала сияқтысың-ау, Алеша! Қалай болушы едік, баяғыдаймыз. Ертең студент болған соң ол маған қарамай кетіп жүрмесе, мен о бастағы сертіме берікпін. Адам танысам, ол да берік сертіне. Ал сен жауап берші, неге осынша тозып жүрсің? Айдың-күннің аманында араққа салынардай не көрінді? Өйте берсең достығымыздан да айырылармыз, – дейді. – Мен одан зорғысынан да айырылғанмын. Ендігі жалғыз серігімді – көңіл аулар арағымнан айырмақпысың? – деймін. Үйінен көңілім құлазып шықтым. Айтқан ақылын жанашырлық сөзі емес, табалауы, күлкі етуі деп қабылдадым. Тіпті, ес білгелі есімнен кетпеген жанға енді кектеніп, өшігіп шыққандаймын. «Табала, күл! Адамгершіліктен айырылып, су аяғы – құрдымға кетіп бара жатқан адамды түзеу қиын, ал табалау кез келген ақымақтың қолынан келеді. Күлкің түзеле түссін ендеше, одан әрмен ішіп көрейін» деймін өзіме өзім дем бергендей. Ол «Осы байғұс мен үшін осылайша ішіп кетті-ау» деп толғанса, қиналса деп қиялдаймын. Сол ойдың өзінен рақат табатындаймын. Не керек, қандай жұмысқа орналассам да, маскүнем Алексей Колесниковтің мәселесін жиналыстарда екі-үш рет қарап, бұрынғы берген ескертулерді естеріне алып, сөгістерден қорытынды шығара алмағаным үшін «жігітім, жолың болсын!» деп шығарып салып жатты. «Осы жалғызым адам болса екен» деп бір менің тілеуімді тәңірінен күніне үш мәрте сұраумен өмірін өткізіп келе жатқан анам сорлы да менің күйігімнен көз жұмды. Адам сияқты көзіне бір көріне алмадым ғой. Өз уайымының тас құрсауынан құтыла алмаған адам өзгенің, өзге болғанда өзегін жарып шыққан өз анаңның да уайым-қайғысын түсіне алмайды екен. Кісінің ең осал тұсы, тіпті сорлылығы өз қателігін көбіне кеш, тым кеш түсінетінінде ғой. Мен де сөйттім. Қаңыраған иен үйде жалғыз басым сопайып қалған кезде білдім мен бұл кең дүниеде жанашырсыз жалғыз қалу дегеннің не екенін. Анамнан қалған баспанам да сатылып, қаржысы рәсуа болып, таусылды. Қалың жұрттың ішінде жүріп жалғызсыраған ауыр халден әскери міндетімді өтеуге аттанғанда әрең құтылдым. Ол жақтан біршама ес жиғандай болып елге оралдым. Бұрынғыдай салынып ішпесем де, реті келіп қалған кезде іркіліп қалған емеспін. Бірақ бұрынғыдай бір жұмыстан екіншісіне ұшып-қонып, ағайын, жолдас-жораға қадірімді кетіретін жаман қасиетімді аз да болса қойғандаймын. Бұл кезде Тамара мен Павел үй болып, екеуі жеке шығыпты. Бірде көшеде екеуіне ойда жоқта ұшырасып қалып, шұрқырасып табыстық.

Дәлірек айтқанда, мен баяғыдай ішімді бермей, сыпайы ғана сәлемдескеніммен, екеуі көптен көріспеген ет-жақынын тапқандай бәйек болысты да қалды. Олар: – Жүр, біздің отауымызды көр. Көріспегенімізге көп жыл өтті ғой, – деп қанша өтінсе де, қырық сылтау айтып, барудан бас тарттым. Несін жасырайын, қызғаныш деген қызыл иттің ішек-бауырымды сояудай тырнағымен дәл сол сәтте қалай тырнап жатқанын бұрынғыдан да қаттырақ сезінгендеймін. «Үйлеріне не бетіммен барамын? – деп ойлаймын. – Дос болсақ бір кезде дос болған шығармыз. Кіммен кім дос болмаған?» Төрінде отырып алып: «Мен де сүйіп едім Тамараны, тіпті осы үшін жарым басымды жоғалтып, маскүнем күйге түстім. Маған қарағанда сенің жұлдызың жарығырақ туыпты. Жарайсыңдар, менің көзіме күйік болып, жүре беріңдер!» деп тост көтертпекпін бе! Онда Павел мен Тамараның көнілдеріне келер еді, сонымен бірге, өз құнымды өзім түсіріп, жастық шақ базарында түбі бір соқтықпай өтпейтін махаббат майданында бақталасымнан масқара болып жеңілгенімді мойындаған болар едім. Егер мен сол жерде: «Екеуіңнің осылайша үй болып, отау тіккендеріңді көргеніме бақыттымын!» десем, сөз жоқ, олардың алдында ғана емес өз арымның алдында да жалған айтқан болар едім. Мен екеуін де айтпау үшін олармен қайтып ұшыраспауға бекіндім. Біржолата, өмір бойы ұмытпақ болдым. Олар мені сол кезде жатып жүрген жатақханама бір-екі рет іздеп те келді, бірақ туа біткен тоңмойындық па, әлде екеуінің іштей мүсіркеулерін көргім келмеді ме, әйтеуір маңдарына баспай қойдым ғой. Несін айтайын, сол досымның адал ниет, ақ көңілін түсінбей, көзі тірісінде үйлеріне бір барып, есігін аша алмағаныма әлі күнге дейін өкінемін... Павел жазған жас болып, ішімдік те ішпейтін, тіпті шылым шеккенін де көрмеппін. Бар қызығы да, ермегі де кітап болатын. Жұрттың айтыстарына қарағанда жоғары оқу орнында да «бізде мұндай да студентіміз бар» дейтіндей құрметке ие болса керек. Ондай жанның жақсы жар болатыны да түсінікті. Тіл тиді ме, әлде су ішерлік ғұмыры тұйықталып тұрды ма, оқуын бітіргелі отырған кезде қайғылы қазаға ұшырады. Баяғы өркениетпен келген дерт қой... Автомобиль апаты... Бір жерге баруға асығамын деп таксиге отырған екен. Сол таксиі түскір ажалын тездетіпті... Бүкіл институт оқытушылары мен студенттері оны соңғы сапарына шығарып салды. Тамараның көзіне көрінуге жүзім шыдамады. Құлын-тайдай бірге өскен досымның менің алдымда ешқандай да кінәсының жоқ екендігін, екеуіміздің суысып кетуімізге тек менің ғана кінәлі екенімді іштей мойындадым. Неге екенін қайдам, бір апта бойы ішімдік атаулыдан безініп, аузыма ұрттап алған жоқпын. Жо-жоқ, бауырым, жылдар бойы жанымды жеген махаббатыммен табысар үміт сәулесі көрінгендіктен сөйткен екен деп ойлай көрме. Адал достың көзі тірісінде маған деген ақ пейілін ұқтырмаған,

ұғуға қасақана мүмкіндік бермеген маскүнемдік атты дертке деген ыза мен өкініш болар мені тоқтатқан. Бөлмеде жалғыз жатқан шақтарымда да бетіме күле қарап тұратын оның бейнесі көз алдымнан бір кетпеді. Бұл пәниден маған өкпелі күйінде, өз жанын, пейілін, достық көңілін ұқтыра алмағаны үшін ренішпен аттанғандай көрінеді де тұрады. Оның рухынан кешірім сұрағым келді ме екен, әлде өз жанымды қинаған өкініш запыранын ортайтқым келді ме екен, әлде апаттан соң ауыр халде ауруханада аптадан астам уақыт жатқанын естісем де, барып көңілін сұрамаған тасбауырлығым үшін дос рухынан кешірім сұрағым келді ме екен, әйтеуір оның басына барып, гүл шоғын қойып жүрдім. Тамарамен де сонда, зират басында ұшырастым. Алғашында ол жылап көрісті. Бірақ көп шешіліп ештеңе айта алмадық. Тек қана ол: – Павелдің сен дегендегі көңілі бөлек еді ғой, соны бір түсінбедің-ау, – дегенді айтты да қойды. – Тамара, адам өз қателігін дер кезінде түсінетін болса, өкініш деген болар ма еді? – деймін мен. Шынында олардың менен сұрары да, қалары да бір-ақ тілек болатын: ол менің маскүнемдікті қойып, адам болуым ғана. Мен досымның жасамақ болған жақсылығын өзімше өтемек болдым. Бұрынғыдай бос селтеңді қойып, күн-түн демей жұмыс істедім, тапқан ақшама Павелдің басына белгі тас қойдым. – Мұның не, арманда кеткен қосағымның рухы алдында мен өтер ең соңғы парыз – белгі тас қоярыма сенбегенің бе? Саған кім рұқсат берді? – дейді Тамара. – Өз жүрегімнің шешімі. Досымның рухы алдында соңғы парызымды жасадым. Оны қызғанба менен, – деймін оған. Қазір өзің күнде көріп жүрген Соня шешей сол Павелдің анасы ғой... Байғұс жалғыз ұлынан айырылып, мүлде шөгіп кетті... Сол кісі баласына ескерткіш тасты менің қойғанымды естіп, жатақханама іздеп келгені. – Қарғам, тілегіңе жет, бір туғанның көбісі жасай бермейтін жақсылық жасадың, балама. Сені де балам деп жүрермін. Бөтенсінбе, досымның үйі, оның анасының үйі деп келіп жүр, – дейді ол шын ризалығын білдіріп. Содан бастап, мен ол үйге барып тұратын болдым. Бұрынғыдай емес Тома да ашық-жарқын сөйлесетін. Айы-күні жеткен соң Тома перзентханаға түсіп, осы Сережаға босанды. Соня шешейдің қуанғанын көрсең. Өшкені жанып, өлгені тірілгендей болды. Әрине, қарт адамның қаланың бір түкпіріндегі перзентханаға барып тұруы оңай емес, жұмыстан шығысымен өзім жетемін, артынып-тартынып. Біз қайбір тамақ жасап, қарық қылады дейсің. Кулинарияда бар тамақтың тәуірі дегендерін толтырып аламын. Базардағы алма, жүзім дегендерді де тасимын. Жолай бір шоқ гүлді де ала кетемін. – Осынша дүниені неге таси бересің? – деп, Тома терезеден қарап қиылар еді. – Кішкентай жігіт тез ширау үшін, – дер едім мен жерде тұрып. Әрине «ұлым екеуің» деуге батылым жетіңкіремейді.

Үйіне де өзім алып келдім. – Томочка, – деймін жолда келе жатқанда, – сенің бір кезде маған қарамай, Павелді қалағаныңды еш уақытта бетіңе баспаспын. Мынау кішкентай ұл әкесізбін демесін. Әкесінің орнына әке болайын! – Тамара көзінің жасын іркіп алғаны болмаса ештеңе демеді. Келіскені деп түйдім. Үйге келген соң да мен бұл пікірімді шешемізге айттым. Жалғыз өз шешімім емес Тома екеуіміздің шешіміміз деп айттым. Және тіршілігімізде өзімнің ғана қырсықтығымнан тіл табыса алмағанмен, жалғыз жан досым болған Павелдің жарын жар етсем, оның анасын ана орнына көруге, ұлын өз ұрпағымдай тәрбиелеуге шын азаматтық сөзімді беретінімді де айттым. Шын ниетіммен, ақ пейіліммен айттым. Кемпір сорлы не десін? Ағыл-тегіл егіліп отырып, бар айтқаны мынау: – Менен рұқсат сұрағандарыңа рақмет. Сұрамасаңдар қайтер едім? Оларың мені ғана емес, баламның аруағын сыйлағандарың болар. Қалауларың болсын, тек мынау кішкентайымды менен ажырата көрмеңдер және өз фамилиясына жаздырсаңдар болғаны. Міне, бауырым, Тамара екеуіміз осылайша үй болдық. Жалғыз кемпірді қайда тастап кетеміз, уәдемде тұрып, анамдай күтіп, бірге тұрып келеміз. Өзіміздің де пәтерде тұрып, біраз қиындық көргенімізді саған айтқан да едім. Оның үстіне Павелдің кішкентай болса да даяр үйіне кіріп алғаныма өзім де намыстанғандай болып жүруші едім. Құдай менің сол ойымды қолдағандай ол үйіміз ойда жоқта өртке кетіп, бір үйлі жан далада қалдық. Сонда ғой, осы үйді салып алғанша біз де кісі үйінде тұрғанның қызық-шыжығын көргенбіз... Соня шешейге қояр ешқандай кінәм, айтар өкпем жоқ, тек қана жалғызымның көзі, жалқы тұяғы дей ме, әйтеуір Сережаның басынан құс ұшырмаймын деп бәйек болумен жүріп, сол баланың тым менмен, өзінен басқаның ісін жөн көрмейтін тоңмойын болып өсіп келе жатқанына басты себепші болып отырған сияқты. («Дегенмен сіз бұл баланы бөгде демейтін болсаңыз, оның тәрбиесіне де енжар қарамауға тиістісіз ғой» деймін мен). Әрине, мен неге енжар қарайын? Керек десең, осы баланы мен өз ұлым емес екен-ау деп ойлап көрген емеспін. Мүмкін, анасын жақсы көргендігімнен, мүмкін әкесінің маған деген адал көңілін сыйлағандығымнан, әлде өз мінезінің қыңырлығы болмаса, Сережаның да мені сыйлайтындығынан, әйтеуір әкесі болып, соған ақыл айту немесе «мұның қалай?» деп ескерту жасау маған қиюы келмейтін қиын іс болады да тұрады. Мынау бүгінгі оқиғадан кейін, сірә, айтатын шығармын. Тіпті айта алмасам, басқа бір әдіс қолдансам деймін. Ақыры оқуға құлқы жоқ, мектептен шығарып алып, қасыма ертіп, еңбекке баулысам деп те ойлаймын. Мендей ағаш шебері болып шықса да жаман болмас. Әйтпесе әрнеге әуес келер осы бір толқымалы жасында бір кездегі өзіме ұқсап, ішімдікке үйір болып кетер. Мінезі мұндай жандар өз жолдарынан бір

адасса, оларды содан кейін қайыра қатарға қосу оңай болмас. («Кешкі мектепке ауыстыруға да болар. Өз қатарынан бір қалып қойған соң оқуға зауқы да соқпай жүрген болар, – деймін мен. – Кешегі істері теріс басқан қадамның хабаршысы ғана. Сондықтан ұлдың оңды ісінен келер абырой да, теріс басқан қадамынан түсер ауыртпалық та алдымен әкені табады»). «Кешкі мектепте оқимын» десе, оған құба-құппын ғой. «Оқымаймын» десе де, қарсы емеспін... Жалпы осы оқу жөнінде менің өз пайымым бар. Қазір жаппай орта білім алу қажет дейтін болыпты. Түсінбеймін. Қабілеті, талабы барлар оқи берсін. Ал оқу қонбайтын қабілетсіздер мен оқығысы келмейтіндерді зорлап оқытып, өтірік куәлік бергеннен қоғамға келер қандай пайда бар? Одан да қолынан келер бір істі үйренгендері жөн емес пе?! Ал әке жауапкершілігі дегенді бүгінде мықтап түсінгендеймін. Айыбын төлегенім үшін қиналған жоқпын. «Өз балаңызды жөнге сала алмасаңыз, онда балаларды тәрбиелейтін арнаулы орынға жібереміз» деп, дәрменсіздігімді мойындатқан сөздері болатын мені қинағаны. Әйтеуір, баланың жастығы, бұрын мұндай бұзақылыққа араласпағаны ғана бізді жазадан құтқарды ғой.

* * * Біз өзен бойында теңкиіп-теңкиіп жатқан өгіздей тастардың араарасымен үйді бетке алып келеміз. Кей тұстағы жалғызаяқ жолдарға сыймаған соң мен оның соңынан ілесіп келемін. Ол болса күнге күйген қызыл қоңыр мойнын ішіне тығып алып, тастан тасқа жеңіл секіреді. Ішіне сыймаған сырын сыртқа ақтарған соң, бойы жеңілдеп, көңілі жадырап қалғандай. Алексей ұлы жөнінде айтқанында тұрды. Кешкі мектепке ауысуға Сережа да қарсы болмапты. Оны Алексей өзінің жанына ағаш шеберлігіне шәкірт ретінде жұмысқа да орналастырып қойыпты. Кәмелетке толмаған баланы жұмысқа алуға болмаса да бастықтарына кіріп жүріп, олардың келісімін алыпты. Сөйтіп, біз бұл босағадан аттап бірге тұрып жатқаннан бергі екі айдай мерзім өткен кезде кекілді сары жігіт алғаш рет өзінің қалай күле алатындығын көрсетті. «Шындығында о баста қонбаған оқуды мағынасыз соза бергеннің өзі де жан қинау екен-ау» деп ойладым. «Сенің әкеңдей-ақ оқысын бір адам оқуды. Сорлы басым соған сонша мақтанушы едім. Оқымасаң да тірі жүрші, қасымда қалқиып. Үкімет те қызық-ау, бұларды оқисың да оқисың деп зорлайды. Бәрі бастық болса, жұмысты кім істемек? Шамасы келгендер оқысын, басқаларын қоя бермес пе!»... Бұл – Соня шешейдің пікірі. Шыны керек, Сережаның таңертең мектепке емес, әкесімен бірге жұмысқа кетіп бара жатқанына кейуана қатты қуанатын да сияқты. – Шешей, Сережаны сонша неге жақсы көресіз? – дедім бірде екеуіміз оңаша отырғанда.

– Е, жалғызымның көзі емес пе! Менің ендігі ғұмырым осының жолына құрбан. Павлигім тірі болғанда дәл мұндай еркелетпес те едім... – Ол қызыл жиектенген көзінің жасын іркіп алды. – Кешіріңіз, – деймін сасқалақтап, – сізді ренжітермін деген жоқ едім... – Тағдырыма ренжімесем, саған неге ренжиін?.. Ешкімге айтпаған сырым бар еді... сені газетте істейді деді-ау деймін. Өмірде осындай да бола беретіні туралы газетіңе жазсаң, мен өлген соң жазарсың. Айтпасам ішіме сыяр емес. Өзіммен бірге о дүниеге ала кетуге болмайды ғой... Солай емес пе?! – Ол қызыл иегін көрсетіп күлді. Шешей жымиған кезде бір түрлі жарасып тұратын айналдырған соңғы жалғыз тісін үш-төрт күн бұрын ғана жұлдырып тастапты. «Сол тіс енді менің сәнімді келтірмей-ақ қойсын, тамақ жегенге де пайдасы жоқ, кедергіден басқа» деп ақталған. Сонан соң қас қағым сәттей болмай өте шыққан ой-хой жастық шағын сағынғандай, әжім торлаған жүзіне мұңның табы қалқып шыға келді. Ол кісі бір күрсініп қойып, әңгімесін бастады.

СОНЯ ШЕШЕЙ АЙТҚАН

Е, бұл күндегі белі аспанға шыққан, бетінің әрі, сөзінің мәні кеткен жаман кемпірді бір кезде жә деген-ақ жігіттердің есін алған әдемі қыз, одан әрлі келіншек болған дегенге қазір кім нанар?! Нанбаса қойсын, әр ненің құны өз заманында, өз уақытында екен ғой. Қазір сендер де ойлайтын шығарсыңдар, қылшылдаған жігіт, қылықты келіншек қалпымызда жүре береміз деп. Жо-о-оқ, қателесесіңдер, бар қызығың да, қылығың да алдамшы, күні ертең-ақ өтті-кетті өкінішке айналар бәрі де. Жүріп өткен ізіңнің, қанағат пен өкініштен, жүрер ізіңнің үміт пен тілектен тұратындығы да сондықтан шығар. Егер жүріп өткен ізіңде өкініш көп болса бақытсыз, қанағаты көп болса бақытты ғұмыр кештім дейсіз. Қазір «панасыз адам» деген жаман ат жамылған бір шаңырақ астындағылар айтпаса да басқа көрші-қолаңдар солай деп таныған бұл кемпірдің де өткен өміріндегі өкініші басымдау. Бірақ өзін бақытсыз екенмін дей алмаймын. Егер жар дегендегі жалғыз Павелі мезгілсіз бұл дүниеден кеткенде иен үйді қарақан басы бағып қалғанда қайтер еді?! Тәңірі бұған бүлдіршіндей кішіпейіл келін, ұлының тұяғындай Сережасын беріп кетіпті... Бір кезде, әке-шешесінің арқасында не киемін, не ішемін деп көрмеген заманда Соня қыз да заманым озар-ау, беттің әрі тозар-ау деп ойламаған. Тәрбиелі де өңді қызға бағына қарай қосағы да сай жолыққан. Павелдің әкесі Павел де жігіттің төресі болатын. Отау тігіп, бөлек шыққан соң да бүтін бір ғұмырға айырбастамас он шақты жыл ғана жұбайлық өмір өткізіпті. Өткізіпті демей не десін, ойда жоқта қу соғыс жарын қасынан жұлып әкетті де көп құрбандықтардың бірі етіп, сол бойы қайтармады. Қойны да құтсыз болған жоқ, бүлдіршіндей екі-үш балаға ана атанды. Бірақ айтып айтпай не керек, қу соғыстың құрбандары майдан даласында ғана

қалып па еді? Бұл күнде «пәлен жүз мың азамат майдан даласынан оралмады» деп, радио мен теледидардан айтып жатады. Сонда ойлаймын: «Мылтық ұстамаған майдан құрбандары қанша екен?» деп. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген сол бір зауал шақта күтім болмай, немесе басы ауырып, балтыры сыздаса, уақтылы емделе алмай сол құрбандарға қосылып кеткен жас пен кәрі аз ба еді? Оның екі бірдей баласы да өмірден өз қызықтарын көре алмай бірінің арасына бірі бір апта ғана салмай өмірден көшті. Жалғыз сүйеніші, жалғыз қуанышы Павел ғана қалған еді. Жо-жоқ... алдыңда отырған бұл кемпірдің айтпақ құпия сыры да осы еді... Оның баласы Павел ғана емес болатын. Ол кезде бұл дүниеде бұдан өткен бақытты адам болды ма екен?! Мүмкін, болған да шығар, бірақ өзі осылай ойлайтын. Араларына жыл жарымдай ғана уақыт салып, дүниеге келген тетелес ұл мен қыз бұлардың шағын үйлерін қуанышқа, шаттыққа толтырар еді. Екеуі де жұмыстан келген соң балаларын көтеріп, серуенге шығар еді. «Күйеуің қайсы?» десе, «мынау» дерліктей балуан денелі қосағы, үріп ауызға салғандай қос құлыны – қос шырағы жас келіншектің бұл тіршіліктегі өкінішсіз өмірінің белгісіндей еді-ау. Әлі күнге дейін ұмыта алмайтын сол бақытты тіршілігінің жалғыз ғана ренішті сәті есінде қалыпты. Кім біледі, сол бір көңілге дық болып тиген әңгімені ұмытып та кетер ме еді, егер өзін-өзі кешіре алмайтын шешімге келуіне күйеуі Павелдің бір ауыз ғана сөзі себепші болмаса. Бір күні ол күйеуіне тағы да жүкті болғанын қуана отырып айтқан болатын. Бірақ неге екенін кім білсін, әлде мұның өзіне солай көрінді ме, әйтеуір күйеуі Павел бұл жаңалыққа оншалықты қуанбағандай көрінген. «Қазір өңшең ұсақ балаларды бағамыз деп дүниенің қызығын көретін жастық шағымызды өткізіп алмаймыз ба? Мүмкін осы көрінген екеуінің тілеуін тілеп, әлі дүние есігін аша қоймаған шарананы көрінгендерінің жақсы өмірі үшін... алдырып тастарсың...» деген еді. Жас келіншек жан жарынан мұндай қатал үкім күтпеген. Қайта қуанар деп еді. Сол күні қосағынан тұңғыш рет көңілі қалып, тұңғыш рет бетіне қарсы келген. «Көзге көрінбеген шарана болса да, өз ұрпағыма өйтіп қол жұмсай алмаймын, егер асырай алмаймын деп қорықсаң, жолыңа кесе көлденең тұра алман. Кете бер!» деген. Күйеуі келіншегінің өз қамы үшін ғана осындай пікірге келгенін айтып, бұдан кешірім сұраған. Бірақ жүрек шіркін сол бір ауыз сөзден дық алды, сол бір ауыз сөзден көңілде жуып кетіре алмайтын кірбің қалды. Айы-күні жетіп, перзентханаға да жатты. Келген күні-ақ бір палатада жатқан өзі шамалас Лиза атты аққұба келіншекпен тіл табысып кеткен еді. Бұл алғаш көргенде-ақ Лизаның көзіндегі бір мұңды байқаған. Оның мінезі де өзі сияқты ашық келіншек болып шықты. Көңіл түкпірінде жатқан кірбіңінің сырын ертеңінде-ақ жасырмай жайып салған. «Мен, – деген ол, көзіне жас алып отырып, – дәл осы жолы өз тағдырымның алдындағы үлкен бір сынның үстінде жүрмін. Қандай дерт екенін қайдам, бұдан бұрын үш

дүркін көтерген балаларым тоқтамады. Тәңірімнің қандай қарғысына ұшырағанымды кім біледі, бір де біреуін тірідей таба алмадым. Босануға екі-үш күн қалды дегенде іште жатып-ақ шетінейді. Әйел болып жаралған соң ішіңдегі сәбиіңнің алғаш тыпырлағанын сезіну қандай рақат болса, жанымды қинап, толғақ азабын керген соң жарық дүниеге келген кішкентай адамның, алғашқы айғайын естуден өткен бақыт бар ма екен?! Мен сорлы сол үнді ести алмай сорлап жүрмін ғой. Егер осы жолы да сондай бақытсыздыққа ұшырасам, не істерімді де білмеймін. Сірә, күйеуіммен айырылысатын шығармын. Ол дәл мұндай сөзді айтпағанымен соңғы кезде салқын тартып жүргендей. Қай әке ұрпақсыз өтуді қалайды дейсіз? Маған айтпағанымен бәрі де ішінде ғой. Одан айырылсам, маған өмірдің құны бір тиын». «Ол не дегенің, бұл жолы дәрігерлер сәбиіңнің өмірге аман-есен келуіне себепші болар» деп жұбатқан бұл. Бірақ дәрігерлер қанша күшін салса да, бұл жолы да Лиза сорлап қалыпты. Олар келіншектің босануына екі-үш күн қалғанда ота жасап, нәрестені тірідей алып амалдаған екен, бірақ әлсіз туған бала екі күннен кейін-ақ шетінеп кетіпті. Осынау жайсыз хабарды ол өзі босанып, өмірге егіз ұл әкелген соң естіген. Мүмкін, күйеуі Павелдің бір кездегі сөзі себепші болды ма, әлде ана жанын ана түсінді ме, ол қос бірдей сәбиін әлі емізбей тұрып, үлкен ерлікке бергісіз шешімге келген. «Лиза байғұсқа қиын-ақ болды, кешелі бері ас-суға қарамай жылаумен жатыр» деп келген кезекші дәрігерге ұсынысын айтқан. – Жыламасын, жаратқан қимаған жылбысқыны оған мен қидым, өзімдей бір ананы бақытты ете алсам, мен де бақыттымын. Әлі уыз сүтімнің де дәмін татып көрмеген қос сәбиімнің бірін алсын. Және мен көрмей тұрғанда алсын. Сіз куә, ақ сүтіммен серт етейін, мен тапқан балам еді деп айтпаспын күйеуі екеуіне. Осы сөзімді айтыңыз да, қуандырыңыз Лизаны. Екі баланың қайсысын қаласа да, қолынан қақпаймын. Қай ұлым бұйырса да, өз маңдайынан көрер, – деген. Лиза сол күні-ақ жылап-еңіреп, мұның қасына келіп, кемі жиырма жыл көрмеген сіңлісімен алғаш ұшырасқандай немесе ең жақын адамын қауіпті ұзақ сапарға аттандырып тұрғандай, мұны құшақтап, ұзақ жылаған. Сонан соң замандасының есімін жарылқаушыжебеушісіндей өле-өлгенше қастерлеп, жүрегінде сақтап өтетінін айтқан. Бірақ қайтадан айнып қала ма деді ме, баланы сол көрсетпеген күйі, өз тұрақ-мекенін де айтпастан, тек мұның адресін ғана алып, басқа палатаға ауысып алды. Тек бұл перзентханадан шығардан бір күн бұрын дәрігер кішкентай түйіншекті әкеліп: – Лиза досың саған беріп жіберіп еді, – деген. – Өзі кетіп қалды ма? – деген бұл да асығып-аптығып. Егізден сыңар болып қолында қалған ұлы тәмпиген танауы тершіп, өмір нәрін бүлк-бүлк сорып жатқан. Анасының оқыс үні әсер етті ме, сәби шашалып қалды. – Иә, жаңа күйеуі келіп, алып кетті. – Қайда тұратындарын айтпады ма?

– Оның сізге енді не қажеті бар? Адамдарды бақытты ету ерлігін өз еркіңізбен жасаған екенсіз, енді оларды бақытсыз етпеу үшін де күш салыңыз. Жалпы, ол балаңызды ұмытқаныңыз жөн, – деді де, дәрігер палатадан шығып жүре берді. Бірге жатқан әйелдер де мұның тек қана солай етуі керектігіне ақыл қосып жатты. – Сені сыңарыңнан айырдым ғой. Тірідей, өз еркіммен, біржолата айырдым, – деді ол қолындағы сәбиіне ақырын күбірлеп. Іштегі тығылған белгісіз бір жалын лықсып кеп көмейіне кептелді. Еміп жатып ұйықтаған, ұйықтап жатып емген, әйтеуір, мынау жарық дүниенің бар тиесілі рақатын көріп жатқан сәбиі алақанның жартысындай бетін тыржың еткізді. Сөйтсе, баланың бетіне көзінің жасы тамыпты. Рас, келіншек өз құрсағынан шығып, тоғыз ай, тоғыз күн көтерген, бірақ жарық дүниеге келген беттегі ащы іңгәсін естігені болмаса, өзі көріп үлгірмеген қызыл шақасын басқаның қуанышы болуға қиғанымен, онымен былайша қоштасамын деп ойламаған. Тек өздері – екі келіншек білер құпияны өз кеуделерінде ғана сақтап, туысқан-тумадай болып, араласып бірге жүрерміз, оған берген ұл да өз баламмен бірге ойнап, бірге жетер деп ойлаған. Ол Лизаның қоштасып шығуға жарамаған мінезін жақсылықты білмеген көрдемшілік деп ойлады. Дәрігер әкелген түйіншекті ашып қарамастан лақтырып жібергісі де келген. Өзінен-өзі булығып, өзінен-өзі біраз дөңбекшіген соң мына түйіншектің ішінде адресі болса, перзентханадан шыққаннан кейін барып тұрып, Лизаның осы білімсіздігі үшін баланы алып кетейін деген де ойға келген. Сол ниетпен түйіншекті ашып көргенде тық-тық соғып тұрған алтын сағатты көрді. Сағатта: «Лиза, туған күніңмен құттықтаймын! Василий» деген жазу бар екен. «Бұл не, ауыз бастырығы ма, әлде баламның төлемі ме?» деген оймен сағатты тумбочкаға көңілсіз тастай салып, төрт бүктеулі қағазды ашып оқыды. «Менің бұл жалғандағы жалғыз жарылқаушым, әрине, менің хабар-ошарсыз жоғалуымды, өз ішіңнен шыққан сәбиіңді көрсетпеген қалпымда ала қашуымды еш кешіре алмассың. Қайтейін, басқа амалын да, жолын да таба алмадым. Ренжіріңді, қиналарыңды біле тұра, бұл дүниеде мен үшін ең ардақты адам екеніңді мойындай тұра, осылай істеуге тәуекел еттім. Біріншіден, мен баланы өзім таптым деп күйеуімді алдамақшымын, ол ғана емес «Осы шынында өз балам шығар» деп, өзімді де алдағым, біржолата сендіргім келеді. Сондықтан сені көріп жүріп, тыныш өмір сүре алмаспын, үнемі қай күні келіп: «Баламды бер!» дер екен деген үрейден өлермін. Айып етпе мені, аяулы құрбым. Егер күндердің күнінде өзім де ана атанып, дүниеге бала әкеле алсам, бұл сәбиімді бөтенім еді демеспін. Ақыретке дейін, тұла бойы тұңғышым деп өтермін. Ал сенің есіміңді бұл тіршілігімде ғұмыр бойы жебеушімдей көріп өтермін. Мынау сағат күйеуім Васяның мен жиырмаға толғанда берген сыйы еді, көзімдей көріп, тағып жүр. Қажет болса, бар барымды, байлығымды сенің жолыңа тәбәрік қып шашар едім, қазір қолымда бары осы. Ренжімей

қабыл ал. Сен бізді ұмыт, ал мен ұмытпаспын. Тіршіліктеріңді сырттай бақылармын. Сау-саламат бол. Лиза... 12 мамыр 1933 ж.» Келіншек не істерін білмей, абдырап отырып қалған. Санасы санға, ойы онға бөлінді. Бірте-бірте сабасына түскен сайын ойланбай мәрттік жасаймын деп айтқан жалғыз ауыз сөзі үшін өмір бойы жан азабын тартарын мойындаған. Иә, оны осы бір тосын шешім жасауға зорлап, үгіттеген ешкім жоқ еді. Сондықтан ол бәрін де өзі мойнына алып, қолындағы жалғыз ұлдың тілеуін тілеуді ойлады. Ертеңіне бұл да перзентханадан үйіне шыққан. Бекер обалы қане, бұл ол сырын тірі жанға, тіпті күйеуі Павелге де айтқан емес. Өзінде қалған егіздің сыңарына да бұлар әкесінің есімін беріп, Павел деп атаған. Жүрек түкпірінде киелі ішірткідей сақтаған сырын ешкімге айтпағанмен, өзі оны бір күн де ұмыта алмапты. Өзі көрмеген ұлының қалай болып өсіп келе жатқанын қалай да бір көргісі келе беретін. Бірақ үлкен қаланың қай жерінен іздесін? Лиза атты әйелдер, Василий атты ерлер аз ба, тым болмағанда фамилияларын да білмейді екен ол ерлізайыптылардың. «Сертім серт, іздегенде қайтем, өз кішкенелерімнің амандығын тілейін» деп өзіне-өзі тоқтау айтып басылатын. Осылайша уақыт доңғалағының астында айлар мен жылдар қалып жатты. Үшінші балалары да жетіге толып, мектепке барған. Павелдері бірінші сыныпты бітірген жылы жазда ел басына күн туып, күйеуін майданға шығарып салды. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, Павелдің қайғысын арқалаған қаралы хабар келгелі екі ай өтпей жатып, азамат болып қалған ұлқызынан бірдей айырылды. Аяқ астынан келген дерт ес жиғызып та үлгіртпеді. Е, шіркін, «Өткен күнде белгі жоқ» деседі жұрт. Неге болмасын, дәл сол кезде ауыр қайғыдан кейін күні кеше ғана өзін бақытты ана, бақытты жармын деп жүрген жас келіншек өзі де есінен адаса жаздады. Бәлкім, қолында қалған жалғыз ұлы болмаса, сол үшін ғана деп есін жимағанда... біржола жынданып кетуі де мүмкін еді. «Мүмкін, іштен шыққан баламның беті-жүзін де көрместен, танымайтын біреуге беріп жібергенім үшін Құдайдың қарғысына ұшырадым ба екен?!» деп те ойлаған. Бірақ бәріне де көніп, бәріне де мойын сұнып, осы қу жалғыздың өзі көтерген төрт бірдей баладан қалған жалғыз сарқыт – Павелдің тілеуін тілеуіне тура келген. Жылаумен өткен ауыр жыл артта қалып, ұлы жеңіс ел жанына түскен жараны жаза бастаған заман да туды. Бірақ күні кешегі өзін ең нұрлы әйелдердің бірімін дейтін келіншек аз жылда-ақ қартайып, шөгіп қалған... Ұмытпаса, жетінші класқа көшкен жылы болса керек, мектебінен келген Павелі бұған таң қалардай хабар жеткізген. «Мама, – деген ұлы, – түрі менен айнымайтын Алексей деген бала бізбен бірге оқитын болды. Оның әкесі де майданнан қайтпапты. Екеуіміз жолдас болып алдық, бірақ сабақты нашарлау оқиды екен, өзім көмектесетін болдым».

«Шешесінің есімін сұрамадың ба?» деген бұл өңі қашып. «Жоқ, сұрамадым» дейді ұлы. Әйел шіркін сол күні таң атқанша көз ілдіре алған жоқ. «Өз құрсағымды жарып шықса да, басқаның қызығы үшін жаралған егізімнің сыңары болар ма?» деп ойлады. Ертеңіне алғаш рет жұмысынан кешігіп, баласымен бірге мектепке барсын. Айтқанындай Алексей есімді бала өзінің Павелінен айнысайшы. Екі тамшы судай айырмасы жоқ. «Шешеңнің есімі кім, айналайын?» деп сұрайды бұл, «Елизавета – Лиза» дейді бала. «Әкеңнің аты Василий ме еді?» деп сұрайды бұл. «Василий» дейді бала. Бұл келіп аңтаң болып тұрған баланың бетінен сүйіп, аймаласын келіп. Сол кезде шашын ақ қырау шалған бейтаныс әйел кірсін сыныпқа. Бір-бірінің бетіне қарады да есімдерін атады. Сонан соң бүкіл балаларды таң-тамаша ғып, екі әйел қауыша кетті. Тамам балалардың көзінше дауыс салып жылауға болмайтыны естеріне түскендей, екеуі де құшақтасқан күйлері мектептен шыққан. – Үлгіре алмадым-ау, – дейді Лиза. – Кеше Алешам: «Мен барған сыныпта өзімнен айнымайтын бір бала бар екен» дегенде-ақ, оның өз бауырын көріп келгенін сезіп едім. Сендерге білдірмеген күйімде басқа мектепке әкетемін бе деп құстай ұшып келіп едім, сен де естіп жеткен екенсің ғой. – Қайтесің менен алып қашып? – дейді бұл. – Сертім – серт, сөзім – сөз. Бұл сырды бір адамға айтып көрген жоқпын, айтпаймын да. Балаңды алып қашқанда әбден азамат қып өсірген біреудің ұлын тартып алады дедің бе? Ешқайда ауыстырмай-ақ та қой, ешқайда үркіп көшпей-ақ та қой. Әлі де екеуіміз ғана білетін сыр болып ортамызда қалсын. Екеуі сол күні ұзақ әнгімелесіп, өз бастарынан өткен өмір жолдары туралы айтқан. Лизаның күйеуі Василий де майданнан қайтпапты. Құдайдан емес, адамнан алған баласын көтеріп, перзентханадан шығысымен-ақ, ауылға көшіпті. Ондағы ойы бұлар іздей қалса, таппасын дегені екен. Күйеуі шіркін де өз ұлының асыранды екенін бұл пәниден білмей өтіпті. Ұлы енді азамат болған шағында қалада тұратын ағасы шақырып қоймаған соң, қайтадан көшіп келген беттері екен. «Екі жарты – бір бүтін» дегендей бір-бір ұлдың болашағына қарап қалған қос мұңлық, екі жесір әйел сол күннен бастап, араласып-құраласып жүріп жатты. «Бір-бірлеріңді алғаш көргенде неге жыладыңдар?» деп сұраған балаларына: «Жастай бірге өскен құрбылар едік» деп жауап берді. Жан сырларын өзгені қойғанда, өз балаларынан да жасырған. Екі бала да достасып кетті. Бірақ тағдырдың тәлкегі аз болған ба, азамат болып қалған шақтарында екеуі бір қызға ғашық болып, аралары сәл суысып кеткендей еді. Лизаның жалғызы мектептен ерте қол үзіп, ішімдікпен айналысты. Сол жалғыздың адам болғанын көре алмай, Лиза мұңлық та өтті өмірден. Бұл шіркін Лизаға жанашырлық білдіріп, өмірден өз қызығын көрмей кетті-ау деп жүргенде, тағдырдың өзіне деген тауқыметі таусылмапты.

Осының алдында кетіп, осының жолында жаным құрбан деп жүргенде жалғыз ұлдан да айырылды. Енді үйленіп, отының басы келіні екеуінің шат күлкісіне толған шақта, ертең оқу бітіріп, өз қолы өз аузына жетеді-ау деген шақта арманда аттанды. Бірақ бұл шіркін мүлде бақытым күйген жанмын дей алар ма?! Демес еді. Бір кезде мүлде айырылдым, басқа жанның қызығы болуға жаралыпты деген егізінің сыңарын қайта тапты. Тағдыр шіркін адамдардың өмірін қалай қақпақылдап, қалай бір-бірінен алшақтатам, сонан кейін қайтадан қалай қиюластырамын десе де есебін табады екен. Сөйткен ұлдың қолына қайта келген жайы бар. Тек өзін дүниеге әкелген анасы емес, кешегі мұның жалғызының жары, бүгін өзінің аңсап қосылған қосағы Тамараның енесі болғаны үшін ғана қолына алып отыр. Бекер обалы қане, Алексей анасы екенін әзір білмесе де, туған анасынан кем сыйлап көрген жоқ. Бетіне келіп көрген жоқ, жетімдігін, жесірлігін алдына көлденең тартқан емес. Өзінен айнымай туған жан досы Павелдің анасы ғана деп біледі әзірге. Тамара да Павелдің көзі тірісінде мұны қалай сыйласа, қазір де солай құрметтейді. Мүмкін, өмірден өз еншісін ала алмай ерте сөнген сүйікті Павелін ұмыта алмас, бірақ өзін Павелінен бір сүйем кем жақсы көрмейтін және алғашқы қосағынан түрі де, сөзі де айнымайтын Алексейдің бұл дүниеде болғанына тәуба деп, тағдырына көнгендей көрінеді. Екеуі де бөгдесініп, бөтенсіп отырмаған соң, бұл Лиза марқұмға берген сертін әлі бұза алған жоқ. Сертін бұзып, сырын жайып салған күнде өзін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай жеткізген, туған анасы деп білген, туған анам деп жоқтаған Лизаны «Ол сенің анаң емес еді» деп қатал үкім айту дұрыс болар ма? «Тамара, сен де мені бір Сережаның ертеңіне ғана үзіле жаздаған үмітін артып қалған панасыз жан дей көрме, бұрын туған келінім болсаң, қазір де туған келінімсің! Бұрын менен туған Павелдің жары болсаң, енді менен туған Алексейдің жары болып отырсың. Сенің екі қосағың да, егіз ағайындылар еді» деп қалай ғана айта алар? Айта алмас, сірә. Адам барда, ажал да бар, өліп кетсе өзімен о дүниеге бірге кетер.

* * * Соня шешей осы бір тағдырлар тарихын айтарда қызыл иегін көрсетіп күлген еді, әңгімесін аяқтағанда көзінен мөлдір тамшылар жылтылдады. Жасына жетпей тіршілік тауқыметімен ерте қартайған кемпірдің сарғыш тартқан жүзіне қарадым. Махаббатқа толы, шуаққа толы ана жүрегінің құдіретті жаратылысына таң қалдым. О дүниелік болып кеткен құрбыласы Елизаветаның аруағы алдында айыпты болмау үшін, бүгінгі Алексей мен Тамараның көнілдеріне қаяу салмау үшін, осы шаңырақ астындағы өзінің заңды орнын, туған ана отыратын орнын алмай, біреуіне туған ана, біреуіне туған ене екенін, тек Сережаға ғана емес, анау бір сөйлемді он сөйлем етіп айтуға жаны құмар, сөзуар Наташаның да туған әжесі екенін мойындай алмай жүрген шүйкедей кейуана көз алдымда тұлғаланып, алып бейнеге айналғандай.

– Қасиетіңнен айналайын, Соня шешей, жар салайықшы мынау балаларыңызға. Олар ренжімейді, қуанады қайта. Жетіммін дейтін Алексейдің туған анасының табылу тойын жасайықшы дүрілдетіп. Табылғанда туған ананың өз отының басынан, бірнеше жыл бойы бір үйдің ішінде жүріп көрінбеген ананың табылуы деген адамзат тарихында, сірә, болмаған шығар. Рұқсатыңызды беріңіз, жақсылықтың жаршысы мен болайын. Сізге мүсіркей қарайтын көрші-қолаң да білсін кім екеніңізді! Жұрт таң қалатындай ғып, өзім қызмет істеп жүрген газетке мақала жазайыншы. – Тым қызына сөйлесем керек, үнім үйді көшірердей естіліпті. – Ақырын ойбай, ақырын, қарағым! Біреулер естіп қалса, әшкере болармын. Қалқам, мен саған айтқанда жалпақ жұртқа жар салсын деп айтыппын ба осы тарихты? Сырымды сен сақтай білер деп едім. Егер ана сөзін қадірлей білсең, ішіңде қалсын, қарағым, осы әңгіме. Тек Соня кемпір өлді дегенді естіген соң газетіңе жазасың ба, әлде тарихыңа жазасың ба, болмаса балаларымнан сүйінші сұрайсың ба – өз еркің. Мынау кез келген кісіні таң қалдырардай оқиға мені қанша өрекпітсе де, кісілік қасиетті бәрінен де жоғары қойған, тіпті өзінің отбасындағы орнын да сол кісіліктің жолына құрбан шалған шүйкедей кейуана алдында тоқтауыма тура келді. Оның бір заманда Лизаға серт бергені сияқты мен де оған әзірге ешкімге айтпауға сөз бердім. Соня шешей орнынан тұрып, өз бөлмесіне кірді. «Тұра тұр» дегендей көзімен ым қақты. Бір уақытта ақ шүберекке оралған әлденені алып келіп, «Үйде екеумізден басқа ешкім жоқ па?» дегендей есікті ашып, төңірекке барлап қарап, тың тыңдады. – Міне, Лизажанның бір кезде маған сыйлаған сағаты, – деді ол шүберектің орауын жазып. – Әлі бір күн таққан емеспін. Алтын сағат, жапжаңа күйі тұр. Тамараға берейін десем, «Қайдан алдың, қалай алдың?» деп мазамды ала ма деп қорқамын. Өлер алдымда әлгі Наташаға беретін шығармын. Оған дейін ол да бойжетер. Ол ең асыл қазынасындай ғып жылдар бойы сағатын қолымнан еппен алып, бөлмесіне қайта кірді.

* * * Алматының сары ала жапырақты күзі өтіп, алғашқы қар қылаулай бастаған шақ еді. Біздің де тұңғышымызды аядай бөлмеде қарсы алар кезіміз келген. Бағила аман-есен қол-аяғын бауырына алып, дәрігерлер менің бір ұлдың әкесі болғаныма сүйінші сұраған. Қуанышта шек жоқ. Әке болғанның жөні сол деп, сол күні-ақ қызметтегі жігіттермен қосылып, тойды бастап жібердік. Шала бурыл күйімізде Ақантай, Қуанышбек, Оралбек, Қартбай, Серікжанымыз бар – бәріміз перзентханаға жеттік қой. Ол кісіліктеріне мың да бір рақмет, әйтеуір құшақ-құшақ гүлдері бар. Терезенің алдына барып даурығамыз. – Қат-ен! – деймін Қуанышбекке еліктеп. Бір емес екі халатты жамылып, үшіншісімен басын орап алған Бағила жартылай ашылған терезе

жақтауынан көзін жылтыратты. Өзінің есен-сау ұлды болғанына ол да риза сияқты. «Біз сөйттік» дегендей жылы жымияды. – Маладес, қатен! – деймін қолымдағы гүл шоғын бұлғап. – Егер ұл таппағаныңда бар ғой, төркініңе қайтартып жібертер едім! Байшығыңнан айырылып қала жаздап, әрең жаның қалды, ә! – Қуанышбектің құттықтаған түрі. – Е, қыз тапқандарды төркініне аттандыру билігі қолыңда болса, беті бүлк етпей, бір жарым килограмм қыз тауып берген өз Толқыныңды төркініне қайтармайсың ба?! – дейді Оралбек оны сөзбен қырқай шалып. – Мен ұлымыздың есімін қойып қайтайын деп келіп едім. Мынау өзі дүниеге келген үйден аты-жөні белгілі жігіт болып шықсын. Қуанышбектің ұсынысына Бағила терезеден дау айтады: – Әй, кішкене жора-жолдас жиналып, ойланбаймыз ба? Жақсы ұлымызға жаман есім беріп қойсаң қайтпекпін?! – Мейлі, бұл да бір атаның баласы еді ғой, аузынан қақпашы, – деймін мен. – Онда андағы жігітіңе жақсылап түсіндір, түсінбесе құлағына үш дүркін айғайла: Оның есімі Мұрат болсын. Айттым – болды, кестім – үзілді. – Қуанағаң осыны айтып болып, өзін Мұраттың өкіл әкесімін деп сол жерде жариялап жіберді. Кешіксем, басқа біреу өкіл әке болып қояр деген есебі де бар екені сөзсіз еді. – Гүлдерің қандай жақсы еді. Әттеген-ай... – дейді Бағила өкініп. – Е, қазір беріп жібермейміз бе? – дейміз біздер. – Мәселе сол бере алмайтындарыңда болып тұр ғой, – дейді Бағила. – Палатаға гүл алдырмайды. – Оған әрине, біз қысылған жоқпыз. Перзентханадан шыққанда бұдан да көп қып әкелуге уәде беріп, оның көзінше гүлдерімізді көшеден өтіп бара жатқан қыз-келіншектерге сыйладық. Мен сол күні Мұрат Қуанышұлының қуанышын тойлап жүріп, өмірімде үйге алғаш рет жә деген масаң күйде оралдым. Есікті Алексей ашты. – Ой, ағатайым-ай, бүгін ұлымызға ат қойдық. Оның есімі Мұрат болды. Мұрат Қуанышұлы Серібаев. Қалай, құлаққа да ән әуеніндей жақсы естіледі емес пе? Қане, мені құттықтап қойыңызшы, – деймін түбі түскен шелектей даңғырлап. Түпкі үйден жалаң аяқ, жалаң бас Соня шешей жүгіріп шықты. Бұрынғыдай қызыл иегін көрсетіп күлген жоқ. Онсыз да менің бұлдырлап тұрған жанарым алғашқы сәтте байқамапты, оның екі көзі бірдей домбығып кетіпті. Мен өзім ұсынып тықпалап жүрген қолымды алған Алексей өз бөлмесіне қарай көңілсіз өтіп кетті. Әрине, менің күткенім ол емес еді, бәрі де дәл кешегі тұңғышымның дүниеге келгенін құттықтаған сияқты бүгін оған есім беру қуанышына да ортақтасар дегенмін. Тамара мүлде көрінген жоқ. «Апыр-ай, бүгін Алексейдің ішімдік ішетін күні болмаса да серіктесіп

қасымда отырса, қуанышымды бөліссе деп едім, әлде-әлде өздерінің жас баланың үнін ұмытқан кездерінде онсыз да тар үйлеріне түнде ұйқыларын бұзар тірі қоңырау әкелетініме ренжіп жүр ме екен?!» деп ойлаймын шие болып қалған туфлиімнің бауын шеше алмай, әуреленіп отырып. Әлденемді осыларға өткізіп қойған адамша немесе нағашымның үйіне келіп отырғандай орнымнан тұрып, тарсылдатып барып, су іштім. Қасақана ыдысаяқты салдырлатып жүрмін, «Бұрын мұндай мінезі жоқ адамдар неғып аяқ астынан нілдей бұзылып қалды? Әрине, біреудің баласының құны біреуге көк тиын, оны қайтсін бұлар? Мен тірі тұрғанда тұңғышыма біреудің ала көзімен қарағандарына жол бере қоймаспын! Өйте берсеңдер, ертең-ақ жаңа пәтер тауып алармын да ұрыссаңдар да, татулассаңдар да, өздеріңді оңаша қалдырамын. Жоқ, көкетайлар, ұлымды ауырсынып, артықсынбаңдар сендер!» Бір адам маған «сен солайсың-ау» демесе де ішімдіктің қызуымен шала бүлініп, өз бөлмемізге келдім. Аядай бөлменің өзі төрт-бес күннен бері қаңырап бос тұрғандай көрінген. Мұратымды қалай еркелетіп, көшеде қалай жаныма ертіп жүретінімді көзіме елестетпек болып едім, онымнан түк шықпады. Мұратым деп ойша жетектеп жүрген балам әлі түр-түсін көрмеген соң ба, Мұрат емес Сережа болып елестейді... Санама біреудің сыңсып жылаған үні жеткен!. «Апыр-ай, кім болды екен? Мен өзі қайда жатырмын? Жылаған Бағила емес пе? Ол неге жылаушы еді?» «Енді не істейміз, айтыңдаршы» деген ер адамның, шарасы таусылғандай үні де келді құлағыма. «Е, мынау Алексейдің даусы ғой» – оны оңай ажыраттым. – Әрі тарт та бері тарт болып жүріп, жалғыз ұлдың әбден шектен шығуына дейін жеткіздік. Сотталады енді. Түрмеде шіриді... Әке деген ұлға ұрсар болушы еді, қисық басқан кезінде жөнге салар болушы еді. Соған жақсы адам болып көрінемін деп жүріп, ал жеткіздің жетер жеріне! «Е, мынау Тамараның үні ғой», оны да оңай ажыраттым. Ендеше анау сыңсып отырған Соня шешей болды ғой. Әй, өмірден қызық көре алмай өтіп бара жатқан байғұс-ай... Тағы әлгі Сережа төбеңнен жүргір, бір бәлені бүлдірген ғой... «Санамдағы тұман сейіліп бара жатқандай. Ептеп көзімді ашсам, үйдің іші жап-жарық. Сонда ұйықтап, оянғанмын-ау, шамасы. Дегенмен, бұл жатысымның мәнін түсіну үшін кешелі-бергі оқиғаларды есіме түсіріп, біраз әурелендім. Түнде Алексейдің неліктен дұрыстап сәлемдеспегені, неліктен Соня шешейдің көзі домбыққаны маған енді аян болды. Мен өз қызулығымның кесірінен біреудің басындағы қайғысын, қайғысы болмағанда сәтсіздігін көрмей, өз қуанышымның буымен түнде текке қитығып, ыдыс-аяқты салдырлатқаныма ұялдым. Иә, біреу ұлды болдым деп есінен тана қуанса, біреу сол ұлдың тауқыметінен азап шегіп отыр. Баяғыда әке сөзін тыңдамай жарлыжақыбайларға көбірек тіс көрсетіп, тізе батырған ұлынан әбден торыққан Бурақан дейтін ақын:

«Жақсы болса балаңыз, екі ғұмыр көргенің.
Жаман болса балаңыз, күніне бір өлгенің», –

дегенді айтыпты деуші еді. Жолының бұралаң, бұлтарысы көп жазған Алексей кешелі-бері тағы бір өліп-тірілгендей болып отыр-ау. «Шіркін, менің Мұратым қандай болып ер жетер екен?! Алексей сияқты бір кезде мен де тығырыққа тіреліп жүремін бе, әлде?!» Әлі қызылшақа сәбидің ертеңін ойлай бастадым. Тұңғыш рет әке болып, ұрпақ болашағы туралы толғандым. «Құлыным, қайда жүрсең де алдымен аманшылығыңды, сонан кейін адамшылығыңды ойла» деп отыратын өз әкемнің өсиетіне бұрын көп мән бермеуші едім, сөз қадірін енді өзім ұлымның қамын ойлаған сәтте біліп отырғандаймын. Не болғанда да оның қазір тек аманшылығын ғана ойлауым керектігін мойындадым. Адамшылығы – одан кейінгі мәселе... Бөтен отбасының ішкі мәселесіне, қуаныш болса бір сәрі, ренішіне араласуды жөн көрмей, орнымнан сүйретіліп, ақырын тұрдым да, ешкімге байқатпауға тырысып, сыртқа шықтым. Мені көзі шалып қалса керек, Наташа соңымнан қуа шықты. – Қуан аға, білесіз бе? – деді есік жаққа бір қарап қойып. – Аса бір құпия сырды айтқалы тұрғандай қасыма келіп, сыбырлай сөйледі. – Білесіз бе, әлгі жынды Сережа тағы бүлдіріпті. Мына бұрылыста тұрған кітап дүкенін тонауға қатысыпты. Неге дейсіз ғой, кеше дүкенге түскен «Робинзон Крузоны» Сережаның кезегі келсе де, сатушы оған бермей: «Бітті де бітті» деп, үш-төрт кітапты тығып тастапты. Сережа: «Жоқ, маған бересіз, көрініп тұрған кітапты неге бермейсіз?» – дейді. Сатушы: «Жоқ, бермеймін деген соң бермеймін» – деп қуып жібереді. Көрдіңіз бе, соған егесем деп істеп жүргенін. Енді оны түрмеге қамайды ғой, ә? Екі бала екен. Күзетші ұстап алыпты. Сұмдық қой, ә?! Сұмдық! – Сұмдық қой, сұмдық! – деймін мен. Бірақ мен өз «сұмдығымды» Сережаға емес, Наташаға бағыштап айттым. Неге екенін қайдам, маған Сережаның қылмысынан мынау қаршадай қыздың сөзшеңдігі, аузына бір сөзді тоқтата алмайтын өсекшілдігі сұмдығырақ көрінді. – Наташка, қаршадай болып, неге сонша сөзшеңсің? Естігеніңді біреуге сол сәтте айтпасаң, ішің жарылып кете ме?! Анау әжеңнен үлгі алсайшы, артық сөз айтуды білмейтін. Айтпаймын дегенін өмір бойы да айтпай жүре алады екен. Әрине, Наташка мені жек көріп қалды. Қолдамағаным үшін, қайта керісінше өзін кінәлағаным үшін ренжіді. Соның белгісін ол: «Бұл кемпір – менің әжем емес қой. Ұғасыз ба, мен үшін мүлде бөтен адам, бұзық Сережаның ғана туған әжесі» деген сөйлеммен-ақ білдірді. Мен Соня шешейге берген сертімді ұмытып: «Ол – сенің де әжең!» – деппін. Бір жақсысы, бұл сөзге Наташаның мән бермегені анық еді. «Жоқ, бұл үйде, өздері жалғыз ұлдарының кесір мінезінен бір-бірімен түс шайыса бастаған отбасымен бірге тұрудың қажеті жоқ. Оның үстіне, тар

үйде өз көңілдері алай-дүлей болып жүргенде Мұрат мырзаның әнін тыңдатып қойғаным жараспас. Тату-тәтті кезімізде «кет!» дегенді естігенше өзім кетіп үлгірейін. Ерлі-зайыпты екеуі де, тіпті шешелерімен үшеуі де әлі күнге көз алартып көрген емес. Ендеше, мен неге олардың тар үйін одан әрі тарылтып, мазасын алуға тиіспін. Бүгін-ақ пәтер іздеймін» деген шешімге келдім аяқ астынан. Бірақ кетерімде Соня шешейге, бәлкім іштен тынып жүрген Алексейге, қанша дегенмен «іштен шыққан – шұбар жылан» ұлы үшін у ішкендей болып отырған Тамараға... Бәлкім, аңдап баспаған әр қадамымен от басып алуға даяр тұрған жасөспірім Сережа үшін қолымнан келсе, бір жақсылық жасап кетпек болдым. Көшедегі телефон автоматынан редакцияға қоңырау шалып, бірер сағат кешігіп баратынымды айттым да, бірден аудандық ішкі істер бөліміне тарттым. Ойым, тұңғыш рет «тілші» деген қызыл куәлігімді, оның үстіне қызмет бабындағы таныстығымды пайдаланып көрмекпін. «Таныстық» деп отырғаным, осыдан бірер ай бұрын ғана өзіміз тұратын аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полковник Шалабаевтың төл мерекесіне орай, газетке көлдей мақаласын шығарғанмын. Суретімен газеттің бір бетіне жуық орынды алып жатқан мақаласын оқыған соң, полковнигім бала журналистке әбден риза болғаны сонша: «Шаруаң болса, қысылма, келіп тұр!» деп ағынан жарылған. Оның үстіне, шын кісілік тұрғыдан келгенде, Сережалардың әрекетін әділетсіздікке қарсы күрестің түрі деп қарастыруға да болады. Сондықтан менің араша түсуімнің журналист ретінде де қисыны бар сияқты. Полковник Шалабаев ескі танысын көргендей емен-жарқын қарсы алды. Үй-ішімді, өз жұмыс жағдайымды сұрап жатыр. Кішкентайлы болған қуанышымды айттым. Қуанып қалды. «Бауы берік болсын!» деп құттықтады. Сонан соң ғана өзімнің тамаша бір орыс азаматтарының үйінде пәтерде тұратынымды, олардың жеткіншек ұлдарының кітап сатпаған дүкеншіге егесіп, ұрлыққа түскенін, мүмкін болса, соған көмек көрсетуін тізіп шықтым. – Похвально! – деді ол орысшалап. Дүкен бұзған Сережа түскірді ме, әлде оған араша сұрап келіп отырған мені «хвалить» еткісі келді ме, маған түсініксіз болып қалды. Ол алдындағы кнопканы басып қалды да: – Капитан Иванов, маған кешегі дүкен тонап түскен екі жеткіншекті алып кіріңіз! – деп бұйрығын қысқа қайырды. Әне-міне дегенше, қос тақыр бас сары ұлдарды айдауылдап капитан да кірген. Сергейдің маңғазданып бастықтың жанында отырған мені көргенде көзі жыпылықтап кетті. «Сен қайдан жүрсің?» дейтін сұрау бар жанарында. – Екеуің кітап дүкенін бұзған қылмыстарыңды мойындайсыңдар ғой! – деді полковник. Бейтаныс бала «Иә!» деді. «Өзі неге бізге кітапты сатпай, жасырып қояды?» деді Сергейім шап ете қалып. – Колесников па едің, сен? Сұраққа тура жауап бер! – Рас. Бұзғаным рас!

– Рас болса, сотталып немесе балалар колониясына кетер едіңдер. Сендер үшін мына журналист ағаларың араша сұрап отыр... Ал кітапты алалап сатқаны үшін киоскер де жазасыз қалмайды. Енді қайтып, қолға түссеңдер, екеуіңді де аямаймын! Әйда, марш! Кете беріңдер! Өмірімде өзімнен жақсылығын аямаған жандарға жақсылық жасауыма мүмкіндік берген полковник ағамызға алғысымды жаудырып, жұмысқа тарттым. Әрине мен кешкілік үйге оралғанда Соня шешейге, тіпті басқасына да қолымнан келмейтін іс жоқ, қиналғанды құтқарып жібере алатын аса зор беделдің иесі, былайша айтқанда, ақ қанатты періште болып көрінсем керек, барларын аузыма тосып, әуреге түсті. Бірақ мен жолым болғанда сол күні-ақ жаңа пәтер тауып келгенмін. Қожайындарымның бәйек болғандарына қарамай, ертеңіне-ақ асығыс-үсігіс келесі пәтеріме көшіп те алдым...

ҮШІНШІ ТАРАУ

Бағила, Құралай – үшеуіміз, жағың түспей жамандық көрмегір, Алексей сыйлаған көк үстелді ортаға алып, кешкі шайды ішуге кірісе бастағанбыз. Ас үйдің аты ас үй болғандықтан да, анау екі бірдей бөлме бос тұрса да, қонақ жоқта өзіміз осында отырып, тамақтануды екі-үш күннің ішінде ережеге айналдырып алғанбыз. Бағила бүгін сатып алған жаңа ыдыстардың қайсыбірін іс жүзінде тәжірибеден өткізіп отырған бетіміз. Есіктің коңырауы без ете қалды. Жүгіріп барған Бағила: – Ә, көрші, келіңіз, – деп, әлдекімге қиыла қалды. Сөйткенше ақ сазандай Ақжамал жеңгеміздің тау суындай сыңғырлаған әдемі үні естілді. – Е, көрші, төрлетіңіз! – деп, бәйек болып мен де жеңгеміздің шаужайына орала кеттім. Ол алдымен дәмге келместен алтын сынықтары сияқты жылтырларды жапсырып тіккен ақ шақайын сүйрете басып, біздің жатын бөлмеге өтті. Тағы да алтын-ақ болуы керек, жалтырауық жіп жүгіртіп тоқылған ғажап халатын Бағиланың қарашығы ішіп-жеп барады. Жеңгей бөлмемізге көп кідіре алған жоқ. Сонан соң әлгі біздің қонақ бөлмемізге денесін емес, басын ғана сұғып көрді де, біреу бас салып, сол бөлмеге қамап қоятындай қайтадан есікті жаба қойды. – Келініңіз, мынау ыдыс-аяқтарды бүгін сатып алып еді, соның кейбірінің ішін майлап, дегендей қуырдақ қуырып едік, – деймін мен, бірінен-бірі туғандай үлкенді-кішілі қалайы кәстрөлдер мен бірінен-бірі туғандай қалайы шөміш, қасықтарды иегіммен нұсқап. Жеңешем біздің байлығымызға тым салғырт қарап шықты да, қуанышымыздың текке екендігін ғылыми тұрғыдан қолма-қол дәлелдеп берді. – Қайдам, жаман ағаларың тіс дәрігері болғанмен, адам денсаулығына байланысты дүниеден оның білмейтіні жоқ. Шын болса, қалайы тектес металдардан жасалған ыдыстар асқазан үшін өте зиянды көрінеді ғой.

Сондықтан өзім осыларға көп жолай бермеймін. Шама келсе текті металдардан жасалған ыдыс-аяққа не жетсін. Мені қойғанда әке-шешем де, тіпті ата-бабам да текті металдан жасалған ыдыс-аяқтан ас ішпегені анық еді. Бәлкім, ағаш ыдыстарды ғана пайдаланған болар. Мен бар болғаны: – Сонда?.. – деп пікірімнің соңын отыз екі тісіммен қамай қойдым. – Сонда, – деді асыл тасты алтын жүзіктерімен белдеулеп тастаған ақ шабақтай сұқ саусағын шошайтып. – Сонда шама келсе қасықшанышқылардың залалсыз текті металдан жасалғанына не жетсін. Ничего! Біз де осылай бастағанбыз. Сендерде де әлі-ақ бәрі де болады. Бағила маған, мен оған қарастық. «Ұялған тек тұрмас» дегендей, өзім де қарап тұрмай, екінші пікірімді ортаға салдым: – Көрші, ағамызды ертіп келіп отырайық, қоныс тойын да жасаймыз, соған дейін дегенім ғой, – деймін мен жеңгей «денсаулыққа зиянды» қалайы ыдысқа піскен қуырдақтың дәмін қалайы қасықпен татып көрген соң. – Үй-бәй, рақмет, қайным! Ағаң да қай бір қарық болып жүр дейсің? Кеңсе қызметі, поликлиникадағы жұмысы, институттағы лекциясы, жазылмай жатқан докторлық диссертация – бәрі де өзін әбден діңкелетіп бітірді... Көрші болдық, әлі талай отырамыз ғой... Оның үстіне, өзіміз де кеше дұрыстап демала алмадық, түн ортасында біреулер үйге әкеліп қой сойды ма-ау, әйтеуір, мазаны бек кетірді. Тұрарчикке де айттым, әкелетін қойларын бұдан былай сойып, даярлап әкелсін деп... Қазақ десең өзіңе тиеді, сол қойларын даярлап әкелгенге мәдениетіміз жетпейді ғой... Қой, үйбу, келін, «Отқа келген қатынның отыз ауыз сөзі бар» деп, отырып қалдымау. Әлгі біздің үйдегі ағаң әбден маған сеніп алған. Ақылдасу деген жоқ, бөлмелердің мебелдерін дұрыстап, орын-орындарына қоймай жатып, бүгін өте бір сыйлы адамдарды қонаққа шақырып қойыпты. Ванна, кухнялардың кафельдері әлі ауыстырылған жоқ. Оларға еркек байғұстар көз сала бермейді. Біздер, мына әйелдер пәлеміз. Бәрін қылға тізіп, қарап жүреміз. Әй, бұл еркектерді қой! Бір соның беделі деп жан ұшырып жүргеніңде жұмысы жоқ. На высшем уровне қарсы алатыныма әбден сеніп алған, баяғы. Ал мен болсам, үйдің ішінің де мінсіз, дұрыс адамдар тұратын үйдің іші сияқты болсын деймін ғой. Ұят-ақ болды.. Ә, айтпақшы, келінжан соларды күтісуге... Әлгі бір әншейінде үйден шықпайтын қайынсіңлілерімнің де біреуі көрінбей, қаралары батып тұрғаны. Әдіре қалғыр, телефонсыз аяқ-қолың кісенделгендей боп қалады екенсің... Қыл аяғы телефон қойдыру да таныстықсыз біткен бе бұл кезде. Ағаларың жоғарғы жақтағы біреулерге құлаққағыс еткен екен. «Бірінші кезекте қойдырамыз» деп уәде еткен екен. Жоқ қой әлі, жоғалғыр. Сәкенчик пен Тимурчикке біреулерің шақыра қойыңдар десем, олар да бадалып қалды... Келін, ренжімесең, ағаларыңды күтісіп жібер... Осындайда телефон болса ғой, қолма-қол шаруаң бітіп жатады. Қайдам, біздің Тұрарчик «Қолым келесі аптада бір қалт етсе, Байланыс министріне кірсем де телефон қойдырамын» деп жүр ғой. Әсіресе, мына,

жас кезінен телефонға үйренген кісіге қиын екен. Осындағы бір гастрономның директоры подругам еді, бірдеңе ала қояйын деп бағана өзім бардым. Телефон болса, өзі де жеткіздіріп берер еді. Телефонның жоғы – аяқтың соры... Қой, үйбәй, кетейін, сөйт, келін, айналайын, кешікпей келе ғой қазір. Сазандай жеңгем Бағиланың келісімін күтпей-ақ, пікірін жалғастырып кетті. – Қазы-қартаны сенің осы ас үйіңе пісіріп алғанымыз жөн-ау деймін. Эмалированный үлкен кастрюлімді де ала келермін. Қалайы кастрюлдеріңе пісірмей-ақ қояйық. Мен теріс қарай беріп жымидым. «Сонда біз ішіне у жағып қойғандай аса зиянды ыдыстарды сатып әкелгенімізге мәз болып жүр екенбіз-ау... Егер... егер түптің түбінде біз де байып кетер болсақ, менің Бағилам да дәл осылай деп сайрап тұрар ма екен? Егер мен де түптің түбінде қоңданып кетер болсам менің Бағилам да осы ақ жеңешем сияқты кесек турап, кесірлене сөйлейтін мещан әйелге айналар ма екен? Иә, бәрін де өмір көрсете жатар. Әзірге асымызды қалайы ыдысқа пісіретін «қалайы» тіршілігіміз оңынан жалғасқай...» Ол өзі айтып, өзі жөндеп, қазы-қартасын әкелуге өз үйіне кеткенде «Бұған не дейміз?» дегендей Бағила менің бетіме қарайды. Бағиланың барып көмектескеніне арланып отырғаным жоқ, көрші хақысы ғой, жасырып керегі не, аздаған қызғаншақтығым болушы еді, оны да, мені де ойландырған сол мәселе сияқты. – Сен оның аса сыйлы қонақтарына аяқ-табақ тасып көлбең қағып жүргенде қажетсіз болып қалған Құралай екеуіміз тымпиып жатып, тыптыныш ұйықтай береміз бе? – деймін мен қитыға сөйлеп. – Іргелес отырып, ұят болады ғой. Өзі жаңа ғана мәдениеттілік туралы пікір білдіріп кетті. Біз де сол «түк көрмегендердің» қатарына қосылып кетерміз. – Бағила көршілік парыз үшін бүгін көмектесуге біржолата бел буған сияқты. Көнуге тура келді. Құралай екеуіміз көшеге біраз серуендеп келген соң, менің құйттай құлыншағым көк арбасына жатып алып, тәтті ұйқыға кірісті. Ал мен сағатына кемі жиырма-отыз рет жылдамдықпен біздің ас үйге кіріп-шығып жүрген ақ жеңгей мен Бағиланың дыбырын ести жатып, сонан соң танауды қытықтаған қазы-қартаның, жал-жаяның хош иісін қалағанымша жұтып жатып, өзімнің қилы-қилы тағдырлы, қилы-қилы мінезді қожайындарыммен өткізген сол бір күндерімнің өздеріңізге айтқан жерінен әрі қарай еске түсірмек болдым. Бірақ мен кереуетіме қисайғаным сол еді, үйге Тұрар көршім кіріп келсін. – Оу, інім, сен үйде екенсің ғой? («Мен үйде болмағанда, құйтақандай қызым екеуімізді театрға кетті деп ойлай ма екен?») Бұл қай жатыс? Әйда, тұр, тез киін! – Ол бірден даусын бәсеңдетіп, сыбырлай сөйледі. – Біздікінде бір-екі ағаң отыр. Өте мықты кісілер. Түбі танысып қойғаның артық болмайды. Ойбай-ау, қабырғаның арғы бетіндегі көршілерің дүрілдетіп,

думандатып жатқанда көрші деген осылай жападан жалғыз үй бағып жата ма екен? Жасырып қайтейін, қуанғанымнан орнымнан атып тұрып, шалбарымның балағын таба алмай сасқалақтайын. «Бәсе, жөн білетін кісілер әйелінен ерін бөліп, үйге жалғыз тастап кетпесе керек еді. Қалай дегенмен де салауатты кісілермен көрші болған неге жаман болсын?! Лауазымды адамдармен дастарқандас, дәмдес болу деген – біздің Қартбай, Ақантай, Оралбектердің ілгерінді-кейінді пәтуасыз қалжыңына ұқсамайтын болар!» Бірақ Тұрекеңнің келесі сөзі менің дастарқанға шақырылу себебімді айқара ашып, көңілімді су сепкендей басқаны. – «Төртінші қолды» қайдан таптым деп қиналайын. Сонда келінді көріп, сен есіме түскенің. Міне, енді сен «төртінші қол» боласың. Бір адам керек боп тұрғаны. «Төрт қолмен ойнаған жақсы», – деп Хайролла Сартаевичтің көнбей отырғаны. Қане, тез киін! – Қайдағы «төртінші қолды» айтасыз? – деймін түкке түсінбей. – Оу, сызбайсың ба деймін? Картаны, преферансты айтамын. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, осы бір ойыннан да аздап сауат ашып қойғанмын, артықтығы болмас деген оймен өзіміздің дәм-тұздас қулар бас қоса қалған кезде «Қойшы болған заманымда карта ойындарының біразын меңгердік қой» деп шіренетін Ақантайдан «тіл сындырып, сауат ашып» жүретініміз болушы еді. Жаңа үйреніп жүрген соң ба, әлде қалтарысбұлтарыс, қитұрқысы көп қызық ойын болған соң ба, әйтеуір, осы бір «сызу» өнеріне құмартып жүргенім де рас еді. Тұрар ағамыздың: «Төртінші қол боласың» дегенін бірден ұға алмасам да, «Оу, сызбайсың ба?» деген преферанстың өзіне тән терминін түсіне кеттім. «Жарайды» дей жаздап, бұлардың ұтсаң «қолың кетпесін» деп жиырма тиын беріп, ұтылсаң жиырма тиын алып жүре беретін өз Ақантай, Қартбай, Серікжан, Оралбектерім емес, мүлде бейтаныс жандар екенін және құдайы көршім Тұрардың мені құрметтеп емес, «тек Хайролла Сартаевичтің төрт қолмен ойнағысы келгендігінен ғана» амалсыз шақырып отырғанын миымда қорытып үлгергендіктен, о бастағы ұшқалақ шешімнен сыпайы түрде ғана бас тартуға тура келді. – Жоқ, көрші, онша біліңкіремеуші едім. – Өзімді де төбеден бір қоятын кісі жоқ. «Онша-сонша» деп, күлбілтелеп нем бар еді? «Білмеймін» десем, тонымды сыпырып алмас еді ғой. – Өй, төрт адам ойнағанда білмейтін бір адамға өте оңай. «Бос қол» көмектесіп отырады. Жүр, киін! – Бұдан кейін қарсыласу, әрине, білімсіздік болар еді. Көк арбасында ұйқысын соғып жатқан Құралайды да көршіміздің үйіне ала келіп, көп бөлмелердің біріне жатқызып қойдық. Қонақ бөлмедегі биік-биік қос креслоға белуарларынан батып отырған қос қонақ болашақ қарсыластары немесе «төртінші қол» маған сынай қарасады. Журнал үстелінің үстінде сызулы қағаз, су жаңа карта, несін айтасың, әншейін келсең кел деп әлекедей жаланып даяр отыр. Алты-жеті кісіге ғана емес,

кемі жиырма қонаққа даярланғандай ат шаптырым, ұзын, бірақ үстінде сықай толтырған түрлі тағамдардан ине шаншар саңылау жоқ үстелдің бел ортасына таман үш әйел үлкендігі кісінің басындай аққұманды ортаға алыпты. Бағила ас бөлмеде жүрсе керек, көрінбейді. – Ас-салау-мағалей-кум! Орталарыңыз толсын! – деп, жарқын есендесіп, жандарына келдім. – Кел, айналайын, отыра қал. – Кең-мол пішілген дененің жерге басар тұсы үлкен креслоны аузы-мұрнынан шығара толтырған шойқараның сөз нәшіне, маңғаз қозғалысына қарап, шамасы «төртінші қолсыз» ойнамайтын Хайролла Сартаевич осы болар деп мөлшерледім. Екінші креслода отырған шұнаң қаққан тәпелтек сары өзінің өте қағілездігін әрі кішіпейілділігін көрсетіп, лып етіп орнынан тұрды да, қолын ұсынды. – Жайнақ Қайрақбаевич Қайрақбаев. – Мұндайды күтпедім бе, сасқалақтап, есімімді ұмытып қалған адамдай кібіртіктеп әрең атадым. – Қуаныш Серібаевпын, Тұрекеңнің көршісі... – Шойқараға да қолымды беру керек пе, жоқ па деп ойланып тұрғанымда, қиын сәттен Тұрар көршім құтқарды. – Бұл кісі Хайролла Сартаевич деген ағаң болады. – Сонан кейін ғана ағамыз етшең қолын сүлесоқ ұстата салды. Тершіген алақаны сұп-суық екен. Әрі түбіт биялай кигендей жұп-жұмсақ, былқ ете қалды. – Ал бұл інішек, – деді Тұрекең мені сұқ саусағымен нұсқап. – Біздің көршіміз. Жаңа өздеріңізбен таныстырған Бағила дейтін келіндеріңіздің жолдасы... Журнал шығарады. – Жастар газетінде істеймін, – дедім, елеусіз ғана ағамыздың қателігін түзеп. Шамасы «журналист» дегеннің бәрін де журнал шығарушылар деп ойласа керек. Сонан соң маған ол кісілердің қызметтері жөнінде ақпар берді. Шамалауымша, «Хайролла Сартаевич ғылымның, медицина ғылымының ірі тұлғасы, әрі үлкен бір емхананың білдей бас дәрігері екен. Яғни, Тұрар ағамыздың тікелей бастығы болар» деген сұңғыла шешімге келіп үлгірдім. Көрші ағамыздың «Керек кісілер» дегеніне жіп таға алмадым. «Бас ауырып, балтырымыз сыздай қалса, бас дәрігерсіз-ақ емхананың басқа дәрігерлері жетпей ме? Ол үшін Хайролла Сартаевичке барып, көмек сұраудың не қажеті бар?» Екінші тәпелтек сары қаладағы ірі сауда мекемелерінің ағаш-сұғаш жағын билейтін ірі басшыларының бірі екен. «Яғни мынау бөлмелердегі «шетте» жасалған көп жиһаздардың алынуына тікелей жәрдемдескен кісі болды ғой» деп зерделедім. «Керек кісілер... » Тағы да түсініксіз. Біз де үйге ағаш-сұғаш аламыз деп талпынсақ, көздің жауын алған дүниелер магазиннен табылмай ма? Ол үшін ірі басшыға барудың қажеті қанша? Адам біреумен танысқанда болашақ тіршілігімізге қажеті бар ма, әлде жоқ па деген есеппен таныспайсың ғой. Бұл екі ағамыздың да мен үшін «керек кісілер» емес екендігін мойындай тұрсам да, кішіпейілділік ілтипатын көрсетіп, басымды изедім.

– Ал, қане, мен тұз ашып жіберейін, қолымыз толық қой, – деп Жайнақ Қайрақбаевич су жаңа картаны көз ілеспес жылдамдықпен сапыра бастады. Карта тартысына қарап, соның арнайы курсын бітірген бе дерсің. Тұрар ағамыз әлдене есіне түскендей орнынан лып етіп көтеріліп мол қазынадан қайысып тұрған үстелдің жанына барып, құмырсқа бел үш рюмкаға өзінің: «Анау мұртты кісі сүйіп ішетін» деген сарала пагонды шөлмектен құйды да, менің бетіме қарады: – Қайсысынан, інім? – деді. – Үйренген ақ жақсы ғой. Туғалы ақтан басқасын ішін көрмеп едім. Тым қара жаяу адам емес екенімді сездіріп, қитыға сөйлеген түрім. Бір жақсысы оған ешқайсысы мән берген жоқ. Менің рюмкеме басталмаған ақтың шөлмегі ашылып құйылды. «Бір кезде байи қалсам, мен де бес жұлдызды «армянскиге» үйір болар ма екенмін» деп ойладым. – Таныстығымыз үшін деп тартып жіберейік. Біз таныстық үшін деп тартып жіберіп, сарала қазыдан шайнадық. Сонан соң ғана үй иесі қаламын оқтап, сызулы даяр тұрған беттің ортасына дөңгелетіп шеңбер салды да, бас қонақтың бетіне қарады. – Қалай, Хайролла Сартаевич, жүз жиырма «при бомбамен» «нөл-беске» пәтуаласамыз ба? «Өздерің біліңдер, маған бәрібір» дегендей, бас қонақ өз ризашылығының мезіретін жасады. Карта үлестірудің кезегін анықтайтын тұз өзіне шыққан Жайнақ Қайрақбаевич сол зыпылдатқан күйі отыз екі қағазды бөліп үлгірді. – «Нөл-бес» тым көптеу болар, жаңа үйреніп жүр едім... Оның үстіне... ақшам да аздау, – деп міңгірледім. Бүгінгі ыдыс-аяқтың саудасынан қалған Бағиланың қазынасының тең жарымын – отыз сомды ала келгенмін. Сол ақшаны көршімнің көңілі үшін қиғаныммен, «нөл-бес» тиынға келіссем ұтылған жағдайда, қаржымның төтеп бере алмасын сезіп отырмын. – Екі тиын да жетер еді. – Пәлі, журналистерде ақша көп болмаушы ма еді? – Жайнақ ағамыз «Осындай да ойын бола ма екен? Енді не болдық?» дегендей дағдарды. «Қайдағы қалтасы тесік жалаңаяқты қайдан тауып келіп жүрсің?» дегендей, Хайрекең Тұрар ағамызға сұраулы жүзбен назар аударды. – Е, сіздердей ағасымен ойнап үйренсін де! Жас емес пе әлі. Жарайды, бір жолы ойнап көрейік. Реті келмесе көре жатармыз. – Үй иесі бас қонақтың алдында ақтала сөйлеп, қалған уағызын маған бағыштады. – Қуаныш шырағым, қорқа берме, үйренесің, үйретеміз. Ал ақшаң жетпей қалса, біз де елміз ғой, мен берейін қарызға. Бас қонақ төрелігін айтып, аз ғана келіспеушілікті доғарып, ойынның ортасындағы «05» деген цифрды «03-ке» өз қолымен жөндеді. Әрине, бұдан әрі қарай наразылық білдірсем, оным өте тәрбиесіздік, әрі ұсақтық болар еді. Он картамды рет-ретімен сұрыптап қарасам, екі түрінен өңшең қыпқызыл тұз, корольдер бастаған ығай мен сығайлары сықап тұр екен. Өңшең

сурет көзіме оттай басылып, жүрегім қуаныштан дір ете қалды. «А, құдай, мықтыларға таба қыла көрме!» Бас қонақ қалыс қалды да, көршім: «Біреу» деді. Мен де ойланбай «Екеу» дедім. Қанша білімсіз болсам да, мұндай картамен таңертеңнен кешке дейін шабуға болатынын білетінмін. Сол кезде карта таратып, бос отырған Жайнақ ағамыз көмекке ұмтылып, қолыма үңілген. Үңілді де: «О, – деді қағаздардың сүбелі шыққанына сүйсініп кетіп: – Тұреке, босқа дауласпай осы ініңізге жол бересіз-ау деймін, «Жетінің төрті», – деді мен үшін жауап беріп. – «Жетінің төрті» менде отыр, – дейді көршім де қолында карта емес, мол қазынаның кілті отырғандай. «Ендігім қалай болар екен?» дегендей сәл ойланып қалып едім, Жәкең үй иесінің үмітін мүлде өшірді. – Әйтпесе, бұл жігіт «сегіздің төрті» дейді. – Онда алсын, – деді Тұрар ағамыз. «Жерден» тағы бір «түйенің солдаты» шығып еді, Жайнақ Қайрақбаевич тіпті жайнап сала берді. – Бұл жігіт «тоғыз түйе» деп заказ береді. – Мен жымыңдадым. – О, інішек, бірінші ойыннан тоғызбен бастау кез келгеннің қолынан келе бермейтін өнер. «Пас» деді бас қонақ менің ойынды «тоғыз алыстан» бастағаныма шын сүйсінгендей. – Менің де батылым бармайды. – Үй иесі де қол көтерді. Қайсысы таратса да көбіне менің қолым басым шыға берді. Тіпті үшеуі де көбіне ойын білмейтіндердің «қолының шыққыш келетінін» мойындай бастады. Ойын ережесі бойынша «тоғыз, он» алыстар мен «мизер» атап өтіледі екен. Хайролла Сартаевичтің бір «мизері» мен менің екі «тоғызымның» құрметіне жүз грамдатып, басытқыға біздің үйде, эмальды кастрюльде пісіріліп, салқындатылған қазы-қартадан, тісіңе басқан кезде аузыңа майын шашыратып жіберер кіртілдек жалдан жедік. Қалқайып, менің де салиқалы басшы адамдармен тізе тиістіре карта ойнап отырған өнеріме Бағила та мәз сияқты. Анда-санда жылы жымиып, қарап қояды. Өзі тіпті осы үйдің туған келіні сияқты балдай батып, судай сіңіп дегендей, ас үй мен екі ортада зырлап жүр. Керісінше, ақ жеңешем келін жұмсап қолы ұзарған қас бәйбішедей: «Наныңды жұмыртқа қосып жая ғой, шайыңды ысытып әкеле ғой» деген сияқты келте тапсырмалармен ғана шектеліп, орнынан қозғалар емес. Бір сағатқа созылған, ет даяр болардың алдында ғана мәреге жеткен бірінші ойынның нәтижесінде бақандай алпыс үш сом ұтып шығыппын. – Міне, саған керек болса, ойын білмейтін кісі! – деді көбірек ұтылған Жайнақ ағамыз қалтасынан әмиянын суырып жатып. Бір ғажабы, елу бес сом емес, елу бес тиын ұтылғандай ренжу, өкіну деген жоқ, қарызға алған ақшасын қайтарғандай жайнаң қағады. – Келін-ау, мына інімізге не беріп күшейтіп қойғансың, бәрімізді қырып барады, – дейді көршіміз де ұтылған жиырма бес сомын ортаға тастап жатып. Бұл сабаздың да қыңқ дейтін түрі көрінбейді, қайта Бағилаға әзіл айтып, мені мақтап қояды. Еркектер жағында ел көшіп жатса да, ақ жеңешем бастаған қос қонақ келіншектің бізге назар аударар шамалары

жоқ. Әрегідік естіп қалған сөздерінің реңіне қарағанда, осы қалада тұратын біраз әйелдердің «сорларын қайнатып» үлгірді. Біреулерінің парықсыз киінетіні іреліп, біреуінің дүниені сәнімен, мәнімен жинамайтыны мінелді. Енді біреуінің күйеуінің арқасында шолжаңдағаны болмаса, бұлардың қолдарына су құя алмайтын тексіздігі қолма-қол дәлелденді. – Бұл ініміздің алғашқы ұтысын «атап өту» керек, – деді Хайролла Сартаевич ортада жатқан ақшадағы өз үлесін теріп алып жатып. Мен «жуып» жіберуге қарсы болғаным жоқ, бірақ он шақты күн жұмыс істеп әрең табуға болатын ақшаны жан қалтаға басып алуға жүзім шыдамады. – Ағалар, мен ақшаны алмаймын. Алып көрген дүнием емес еді. Үйреткендеріңізге рақмет. Енді ойнамай-ақ, сіздердің «мизерлеріңізге» рюмкаларды даярлап қана отырайыншы, – деймін сол алпыс үш сомын пайда қылмай-ақ, одан әлдеқайда ыстығырақ, әлдеқайда қымбаттырақ өз отыз сомымның есен-аман қалғанына қуанып. – Қой, көрші, «Атаңның құнын кешсең де, картаның пұлын кешпе» деген! Ұтқаныңды алмағаның бізді сыйламағаның. Жассың ғой әлі. Алып та, алдырып та үйренерсің. – Көршім алпыс үш сомды алдыма қарай ысырып қойды. Әрине, «ойнамаймын да ойнамаймын» деп безеріп отыру мұндай салиқалы адамдардың алдында ұят болған болар еді. Амалсыз еттен кейінгі екінші ойынға тағы кірісуге тура келді. Байқаймын, өзімнің де көмейім бос, шіркін, тағы да ұтып кетсем деген бір өлеусіреген дәме де жоқ емес. «Егер осы ойында тағы бір отыз үш... жо-жоқ, тіпті жетпіс, сексен... жүз сом ұтып кетіп, оны алуға әлі батылым бармай отырған мына алпыс үшке қосып, бұлар қалтама зорлап салып берсе, онда қайтер едім? Бағила не дер еді? «Бұйырып тұрған дүние екен, терезеге перде алайық» дер ме еді, әлде тағы ыдыс-аяққа жүгірер ме еді? Жоқ, мен бірден барып, жазу үстелін алар едім...» Тәтті қиялды доғара тұрып, алдымда жатқан картаға үңілдім... Тағы бір ет асым мөлшерінде екінші ойынның да төбесі көрініп қалған кез болатын. Карта таратып болған үшеуінің әрқайсысы-ақ жедел маған көмекке келіп, ақыл-кеңестерін береді. Тіпті, бірінші ұтысымнан бас тартатын жөнім де бар екен, өйткені «қолыма картаның шыққыштығы» өз алдына, еңбектің негізі осылардікі екен. «Жоқ, қалайда ақшаны алмауым керек, оған менің хақым жоқ» деймін өзіме-өзім. Өйткені, екінші ойынды да жұрттан бұрын бітіріп, Хайролла Сартаевичтің өзіне «американша көмекті» бере бастағанмын. Екінші ойынның көні үш емес, бес тиыннан екеніне де, қарсыластарымның маған қарағанда бұл өнердің «майын ішкен» кісілер екенін де ұмытып, еркін көсіле бастағанмын. Бұл кезде осы үйдің біраз шаруасын дөңгелетіп тастаған Бағила пен Құралай үйге барып, ұйқыға кіріскен-ді. Қолыма зер сала қарасам, екі ойында Хайрекең бір, Тұрар ағамыз бір рет ойнап тастаған «мизер» деген пәле қолыма келіп, қонақтап отыр. Қауіпқатер дегенде көзге түсері – қаңғырған «қара қарғаның жетім ондығы». Басқасында қылаудай мін болсыншы. Жүрегі түскір алып ұшып, желкеме мінген бір әзәзіл: «Қолың жүріп тұр, басқадан кемсің бе?!» деп дікілдесін.

Оның үстіне, «Сиырымды ұттырып жатырмын ба, әрі кетсе өзім әлі қалтаға салмай үстел шетінде жатқан алпыс үш сомы кетер. Тәуекел!» деп ойладым да: – Мизер! – дедім, даусымды жарқын шығарып. – Бала, жүріс бізден, байқа! – дейді Хайрекең. – Ойбай, Хайролла Сартаевич, ініміздің талабын қайтармаңыз, ойнасын! – деп қалған екеуі шыж-быж болды. – Ойнаймын! – дедім батыл түрде. «Жерді» ашып қалғанда, о төбесінен жүргір, тағы «қара қарғаның тұзы мен королі» шыға келсін. Жасырып қайтемін, сол екеуін сол күйі қайыра жауып, «не болса да болары болды» деп сазарып отырмын. – О, – деді Жайнақ Қайрақбаевич әйелі ұл тапқандай екі қолдағы картаны бір сүзіп шыққан соң. – Бұл ініміз «бес алыссыз» ба, «алты алыссыз» ба, қалып қойды. Сонан соң басқа «заңды алыстарын «сауыпсауып» алып, «қарғаның жетілігі мен сегіздігін ондығыма» ұстата қойды. – «Бессіз» қалдың, – деп, біреуі суық хабарды естіртті. Жынын алдырған бақсыдай мен отырмын. Бір түрлі қолым дірілдейді. Бұрын «төбемде» отыз екі айыбым бар еді, енді екі жүз де отыз екі болып, бір-ақ қонжиды. Ептеп есептеп көрсем, қарсыластарымның әрқайсысына тек осы мизері түскірден-ақ жиырма бес сомнан берешек болып шыға келіппін. Маңдайдан тер шықты. – Нешауа, ондай-ондай ойында болып тұрады, – деп көршім жанашырлық білдірді. Ешкім ішейік демесе де, бір елу грамды өзім құйып алып, тартып жібердім. – «Мизер» егіз деуші еді, «мизер»! – деді Хайролла Сартаевич. «Шіркін-ай, бұл да бір «бессіз» қалса, оған берешек жиырма бес сомнан құтылар едім-ау» деген бір мысық тілеу ішкі сарайымның тереңінен бас көтерді. – Ал енді, Хайролла Сартаевич, мынаған ойнаған жүрегіңіздің түгі бар екен. Қалай қорықпайсыз, ә! – деп карта жайылып болған соң Тұрекең бас қонақтың астына бұл кеште пәленбайыншы рет көпшік қойды. – «Прикубыңыз» да онша сыймапты. Жайнақ Қайрақбаевич тағы да «сауып» болып, бізге қарады: – Қане, ағайындар, бұл кісінің қолында «шыбынның келіншегі» қалды ма, әлде «қиықтың тұзы» қалды ма? – Қайдам! – деп, Тұрекең жауапкершіліктен тайқып шыға келді. – Әрине, «шыбынның келіншегі» шығар, – деймін мен. Қолымнан келсе аяйтын түрім жоқ. – Тәуекел! – деп Жәкең «шыбынның» ондығын тартып жіберіп еді, Хайрекең сол сабырлы қалпымен қолындағы картасын тастай берді. – Таппадыңдар! – Ойпыр-ай, сіздің жүректі – арыстанның жүрегі дедім ғой. Жалғыз «тұзды» ұстап отырсыз, ә? Алып беретін жағдайыңыз бар еді, оған да бармадыңыз.

Екінші ойынның қорытындысы бойынша тұп-тура тоқсан бес сом ұтылып шықтым. Бағиланың бұйырмаған отыз сомын қосып, жиынтығы тоқсан үш сомды ортаға қойып, алақанымды жайдым. Екі сом жоқ дегенім. Жәкең бағанағы бір мақалды қайталады. – «Атаңның құнын кешсең де, картаның пұлын кешпе» деген. Көршісі, бағанағы сөзіңіз бар, қалғанын сіз төлеңіз. Хайрекең пікір білдірмеді. Көршімнің есебінен жетпеген екі сомды амалсыз төлеп, орнымнан тұрдым. – Ал, ағалар, сіздермен танысқаныма, бір кеш бірге болғаныма қуаныштымын! – дедім, сыр бергім келмей. Әйтпесе қайдағы қуаныш. Ішімді қара мысық тырнап жатқандай. Жиынтығы тоқсан бес сомның өкініші де аз емес екен. Құрып кеткір алпыс үш сомын қойшы. Бағиланың отызының өкінішін айтсаңшы. Мен үйден шығып бара жатқанда да олар ойыннан алған әсерлерін талдап жатқан. Тұрар көршімнің: – Ойпыр-ай, жаңа сіздің «қарғаны»... – дегенін анық естідім. – Өңшең қара қарғалар, – деймін, есікті жапқан соң әлдекімге кіжініп. «Ал өзің кімсің?» деймін, тағы да өзіме өзім сауал беріп... Үйге келіп жатқанда да екі көзім удай ашып, ұйқым келер емес. Құралай мен Бағила менің ең алғаш рет ірі ойынға қатысып, ойсырай ұтылып келгенімді қайдан білсін, тәтті ұйқы құшағында жатыр. Әрине, сонша ренжігенде бар байлығымнан айырылдым дегендік емес қой, бұл – әрі кетсе бір-екі мақала жазып, тауып алар дүние ғой, мәселе намыста екен. Бәрінен де ұтылғанымды, өзім төлей алмай, көршімнен екі сом болса да қарыз алып бергенім батады. «Әй, өзіме де обал жоқ. «Керек кісілердің» маған керегі қанша еді?» деп ойладым. Ертең жұмыс, сондықтан қалай да ұйықтауым қажет. Көзімді тарс жұмып алып, ештеңе ойламауға тырысамын. Түн тыныштығын дір еткізіп, зулап өтіп жатқан көшедегі машиналарды санаймын. «Бір, екі, үш, төрт... жиырма... отыз бес...» көңілім тұманданып, ұйқы құшағына ене беремін. Сол кезде «тұз, корольдер» бастаған картаның қағаздары елестейді. Белгісіз бір өткінші қуаныш кимелейді... Карта емес, менің жан алғышымдай болып, қарғыс атқыр қара қарғаның ондығы тұрады қолымда. «О, жігітім, иә, бес алыссыз, иә алты алыссыз қалдың-ау деймін!» «Әйелі ұл тапқандай қуанған Жайнақ ағамыз ғой...» Селк етіп, көзімді ашып аламын. Тағы да азапқа түсіп, тағы да санаймын. «Әй тұқымың жайылғыр, Ақантай, – деп ойлаймын аунақшып жатып. – Өмірде талай-талай жандармен дәмдес боласың. Префанс деген зиялы адамдардың ойыны. Үйреніп ал» деп үйге келгенде, не өз үйіне барғанда ерінбей-жалықпай «зиялылардың ойынын» үйретуші едің. Оқуым кем болды ма, оқытуың кем болды ма? Зиялы адамдармен ойыным осылайша осылды» деп ойладым. Әйтеуір, бір заманда ұйқым әрең ұйыпты.

Ертеңіне біреу сабап-сабап тастағандай, мылжа-мылжа болып әрең тұрдым. – Не болды түнімен отырып? Ұтылып қалдың ба? – деп сұраған Бағилаға күлбілтелеп жауап беремін: – Мизері түскірден құлап қалғаным. Әйтпесе екі ойында да ұтып отыр едім. Құлаған жалғыз мизерім-ақ кеш бойғы еңбегімді еш қылды. Ол әрі қарай қазбалап сұрамады. «Мизер» дегеннің не екенін білмесе де ұтылып қалғаныма соның себепші болғанын түсінген сияқты. Мен күлбеттеніп жатып: – Енді ойнамаймын! – дедім. Ол күні мандытып жұмыс та істей алмадым. «Қатты науқастанып қалғанымды» айтып едім, түр-түсімді көріп отырған бастығым оңай иланып, түстен кейін үйге қайтарды. Үйге шаршап-шалдығып келгенмен, ұйықтағаным жоқ. Ой теңізіне қайық салып, аяулы Жүкеңнің кей сәттерін еске түсірдім. Сонымен...

ЖҮСІП ЖӘНЕ ШАҒИ ШЕШЕЙ

Жүкең – алпыстың арғы жағынан асып қалған кісі.
Төртпақ, денесі ауыр. Соған қарамай шалт қимылдың кісісі,
қопара істеп, қотара ішеді (тамақты айтамын). Бір
құрылыс тресі жабдықтау кеңсесінің бастығы болып келе

жатқанына жиырма жылдан асыпты. Зейнеткерлікке бір
шығып, басшылары, министрі өтінген соң, бір айдан кейін өз
жұмысына қайта келеді. Ән-күйді ұнатады, сауыққой.
Түрлі-түрлі тағамдарды өзі даярлағанды жақсы көреді.

Айтулы аспаз десе де болады.
Шағи шешей – күніне он ауыз сөзді санап әрең айтатын
момын кісі. Бір көбелектің қанаты сыныпты десе, жылай
салуға бар.

Баласы... Жарайды, ретімен айтайын.

Алексейдің үйінен кетемін деп бел буған соң жұмысқа бардым да, зайыбымды кішкентайыммен перзентханадан шығарғанша басқа пәтер іздеуімнің керектігін айтып, бірер күнге бастығымнан сұранып шықтым. Пәтер іздеудің өзіміз білетін екі-ақ тәсілі бар болатын. Бірі – Көкбазар жанындағы пәтер іздеушілер мен пәтерші алатындар жиналатын жерге, «Жетім бұрышқа» бару, екіншісі – көшелерді қыдырып жүріп, әр үйдің есігін қағып, сұрау салу. Әуелі алғашқы тәсілді сынап көрмек болдым. Іздегендері қайсы, пәтеріне жіберетіндері қайсы, айырып болмастай, азын-аулақ жас-кәрі жүр

екен. Өзім сияқты жастардың пәтер іздейтіні анық, сондықтан көбіне шалкемпірлер жағын жағалап көрдім. Бұйымтайымды айтқан соң, олар алдымен: «Балаң бар ма еді?» деп сұрайды. «Иә, әлі бесікте еді» деп жауап беремін. «Жоқ!» деп кесіп тастайды ондайда. «Апыр-ау, әлі өзім де қолыма алып көрмеген құйттай баламнан неге үркеді бұлар? Жаңа ғана туған сәби бұлардың төбесіне шай қайнатты ма сонша? Бала тумаса, адамдар, осы бәріміз қайдан пайда болыппыз? Жоқ, әлде пәтерші алатындардың бәрі баладан жерінген безбүйректер ме?!» «Жанды қоңырауымның әнін өзім ғана естіп жататын оңаша болмаса да, есігі бөлек пәтер керек» деп тағы да өз шешіміме беки түстім. Сөйттім де пәтер қараудың бірінші тәсілін тәрк етіп, біршама көбірек қалыптасқан екіншісіне – көше аралау тәсіліне көңілім ауды. Көшелерді сүзіп, жаяулап келемін. Кездескеннің бәріне айтар бір-ақ сөзім бар: «Пәтер іздеп жүр едім», олардың да айтар бір-ақ сөзі бар: «Жоқ!». Мен де шаршамаймын. Жағалай беремін. Сұрай беремін. «Өткен күнде белгі жоқ» деген ғой, әйтпесе арада біраз уақыт өткеннен кейін сол кездердегі оқиғаларды қағазға түсіру – естелік қана. Ал естелік деген ескіреді, уақыт неғұрлым көп өтсе, оқиғаның ыстық-суығы да басылады. Әйтпесе, көше аралап, пәтер іздеу деген де айтуға ғана оңай дүние. Әлдекімдердің артық сөздерін де, тіпті намысыңа тиетін қорлауға жақын сөздерін де естідік. Шіркіндер иә «бар», иә «жоқ» десе арманың не, іздеу жұмысын әрі қарай жалғастыра бересің ғой. Арада қаншама жылдар өтсе де әлі жанға жара салып кеткен сол жолғы бір ауыз сөзді әлі күнге дейін ұмыта алмаймын. Бірінші Алматының жатаған үйлері көп бір көшесін сүзіп келе жатқанмын. Екі-үш әйел есік алдындағы ұзыншақ орындыққа отырып алып, әңгімеге кіріскен екен. Аса маңызды әңгімелерін бөліп жіберген мәдениетсіздік өзімнен де болды-ау деймін. «Извините, пожалюста, ищу квартиру» деп барынша сыпайы сөйлеген сияқты едім, ортада отырған әр білегі бір-бір келідей егде әйел арп ете қалсын. «Бұл басурмандар маза бергенді қойды. «Жер иесіміз» дейді-ау тағы да. Мынау ағаштың қуысына кіріп тұра беріңдер. Сол да жетеді сендерге!» – деп салды. Наданның оспадар сөзі басыма қанымды шапшытты. Алайда, көше кезіп, пәтер іздеушілердің түгелдей біздер – «басурмандар» екеніміз де сол кезеңнің ащы шындығы екенін мойындап, теріс айналып кеттім. Оған айтатын уәжім де, сөзім де жоқ еді. Өз елімде жүріп, әркімнің босағасын сағалаған ит тіршілігіме қанша налысам да «іздеу жұмысын» қайта жалғастырдым. «Қазір өздерін ел иесі, жер иесі сезініп жүрген осынау халықтың бәрі неге ғана Алексей мен Тамарадай болмайды екен?» деген ой келген. Бәрібір оспадар кемпірдің жалғыз ауыз сөзі ішке шемен болып байланып қалды. Бұрынғыдай әркімнен бір сұрамай, түсі жылы-ау дегендерге ғана қайрылатын болдым. Осылайша аса қажырлылықпен іздеу жұмысымды

жалғастырып келе жатқанымда бір ақ «Волга» қасыма келіп тоқтай қалды. Кабинаның есігі ашылғанда мойнымен тұтасқан бір қазандай бас көрінді. – Әй, бала! – деді ол мені өзіне қарай сұқ саусағымен іліп шақырып. – Осы көшенің екі жүз жиырма үшінші «Г» деген үйін білесің бе? – Жоқ, білмеуші едім, – деймін мен. – Е, неге білмейсің?! – Қойдың үйіткен басы сияқты бет-аузының майы жылтыраған ағамыз қыңыр шапты. – Е, білмеген соң білмеймін де. – Бұған дейін бейтаныс адамнан сөз естіп, ес жия алмай келе жатқан мен де қитыға бастадым. – Е, білмесең не іздеп жүрсің бұл жақтан? – Айдың-күннің аманында тергеуге ала бастады. Ол – машинада, мен жерде. Қарадан қарап, айыпты адамындай сұрақтың астына алған соң, мен одан әрі қыңыр тарттым. – Е, менімен бірге іздессеңіз, тұратын пәтер сұрастырып жүрмін. Сондықтан үйлердің «Г-сінде» де, «Ж-сында» да жұмысым жоқ. – Сөйттім де еріккен адаммен бірге ерікпейін деп, теріс айнала бергенім сол еді, жуан ағамыздың: «Әй, бала!» деген даусы тағы естілді. Тура жаңағыдай саусағымен іліп шақырып тұр: – Е, тоқта, бала! – деді ол бетіме жымыңдай қарап. – Сен маған ұнайсың. Осындай бетің бар, жүзің бар демейтіндерді жақсы керетін қазақ едім. Сені маған Тәңірінің өзі кезіктірген шығар. Өзің қайда істеуші едің? – Бетің бар, жүзің бар демейтін кісінің рөлінде киноға түсетін жігіт іздеп жүрген жоқсыз ба? – деп мен қарсы сұрақ қойдым. – Үлкен кісімен дұрыстап сөйлес, ей, бала! – Өзіңіз ғой тура сөйлегенді ұнатамын деген. Олай болса, жазу-сызу жағында істеуші едім. – Е, «жазу-сызуың» газет-журнал ма? Бәрекелді, кел отыр машинаға. – Е, қайда бармақпын отырғанда? – Е, өзің жаңа ғана «пәтер іздеп жүрмін» дедің емес пе? Ойланып жатар не бар, машинаның артқы орындығына келіп жайғасып алдым. «Аз да болса, аяқ суытып алғаным да жаман болмас». Жуан ағам мойнын бұру қиын болғандықтан, бүкіл денесімен бұрылып, алғашқы бір қарағанда күп болып ісіп кеткендей боп көрінетін бортиған қолын ұсынды. – Менің есімім Жүсіп болады. Жүке дейсің бе, көке дейсің бе, ерік өзіңде. – Қуаныш, – деймін мен ойламаған жерден ұшыраса кеткен көкемнің қылығына таң қалып. Ол көшеден әрі өткен, бері өткендерден екі жүз жиырма үшінші «Г» деген үйін сұрастыра жүріп, менен біраз анкеталық анықтамалар алды. Тергеп отырғандай, тек манағыдай емес екеуіміз де машинаның ішіндеміз. Әйтеуір, менің отбасым жағдайына, кәсібіме, тіпті әлі өзім қолыма алып көрмеген баламның туғаны туралы ақпарыма да аса бір қанағаттанғандық рай танытты. – «Ат байлар» ма, әлде «өріс» пе? – деп сұрады.

– Ат байлар. Есімін де Мұрат деп достарым қойды. – «Қыз – күтімің, ұл – түтінің» деген атаң қазақ. Түтініңді жалғастырар азамат екен ғой. Бәрекелді! Тек түтініңнің нағыз иесі болар ұл болсын де... Бұл сөз, әрине, маған ұнады. Алайда, оның қандай ойы бары маған беймәлім еді. Мен не болса да ақырына дейін шыдап бағуға бекіндім. Ақыры іздеген үйін тауып алды да, шоферіне емес, маған алғашқы бұйрығын берді: – Әй, шошқа, осы үйдің қырық бірінші пәтерінде Сергей Павлович деген шошқа тұруға тиіс. Жүсіп Тәңірбердиевич келіп тұр де. Жаны барында тез тысқа шықсын де! Мен, әрине таныспай жатып, өзімді көлденең өткен бір көк аттының «шошқа» дегеніне төзе алмадым. Дәл қазір өзіме тиесілі пәтерім жоқ дегені болмаса, шыны керек, кез келген шенеуніктің жеке басымды әй жоқ, шәй жоқ, қорлай салуын көтере алмасым анық. Ақ «волга» мінбек түгілі, ақ вертолет мінсін маған десе. Төс қалтамдағы оттай жанған куәлігім жә деген білдей бір газет бөлімінің меңгерушісі екенімді айғақтап ол жатыр. Мүмкін, мені бір не үйі, не күйі жоқ қаңғыбас екен, сондықтан қорласам да, зорласам да қолымнан алар ешкім жоқ, Сергей Павловичтерді іздететін қолбала ғып алайын дейтін болар. «Жоқ, Жүсіп Тәңірбердиевич, оныңыз бола қоймас!» Ызғарымды жинап, бетіме шығардым да: – Ақсақал, қалай болса, солай қорлауыңызға көне кететін кенже ұлыңыз емес шығармын! – дедім ысылдай үн қатып. – Шошқалығымды қай жерімнен көріп тұрсыз? – Жарайды онда, «шошқа» дегенді аз айтуға тырысармын. Мен тәуір көрген адамыма айтушы едім бұл сөзді... Қане, зырла, уақытым жоқ, алдыңа сал да тез қуып кел. – Қарсыласым алғашқы тойтарысыма айылын да жиған жоқ. Бүгін не болса да осының дегеніне көніп, айтқанын орындамақ болдым. Бір көрген адамды әй-шәй жоқ, өзімсіне баса-көктеп сөйлейтін мінезі қызық та көрінді. «Жарайды, мұнысына да көніп, Сергей Павловичін алдыма салып, қуып келейін» деген оймен машинадан түсіп, екі жүз жиырма үшінші «Г» үйдің қырық бірінші пәтеріне бет алдым. Іздеген кісім үйінде жоқ болып шықты. – Әйелі бар ма екен? – деді жедел келіп жеткізген менің хабарымды тыңдаған Жүкең. – Шешесі ме, әйелі ме, әйтеуір, есікті бір кемпір ашты ғой. – Өй, шошқа, алпыстағы адамның шешесі бола ма екен? Әйелі сол да. – Жаңа ғана азырақ айтпақ болған сөзін қолма-қол қайталағаны есіне түссе керек, жылтыраған етшең дидарынан күлкінің нышаны байқалды. – Кімнің іздеп келгенін айттың ба? – Иә, Жүсіп Тәңірбердиевич келіп тұр дедім. – «Күйеуі дереу кеңсеге жетсін» дегенді айттың ба? – Сіз ондай тапсырма берген жоқсыз.

– Әй, мен сақалды басыммен іздеп жүрген соң арғы жағын өзің біліпақ, айтпайсың ба? Бар, айтып кел және бұдан былай жұмысты шала-шарпы орындамайтын бол! Ұқтың ба? Мені тура бір қызметке жаңа қабылдаған бастықтай есімді жидырмай бүріп барады. «Еріккенмен ерікпей, жөніме жүре берсем бе екен? Бұл тауып берген пәтер де жарытпас». Жоқ, «Бір жылға қоян терісі де шыдайды» дегендей, бір жолға қалай да қиқар шалдың қырына төзіп көрмек болдым. Жүкеңнің қосымша тапсырмасын орындап келген соң машинаға отырып, қаланың терістік жағына қарай тарттық. Ол шоферіне «Үйге!» деп бір-ақ ауыз сөз айтқан. «Осы шіркін, мені өз үйіне тұрғызғалы жүрмесін?» деген ой келген маған. «Онда бұл бастықтығын маған істеп, сірә, маза көрсетпес. Егер олай болса, қалай да үйін көріп, ұсынысын тыңдайын». Машина қаланың шеткі жағындағы солтүстік айналма жолға тіреліп жатқан Екінші Петров көшесіндегі көк қақпалы еңселі екі қабатты үйдің алдына келіп, бір-ақ тоқтады. Бағанадан үнсіз отырған Жүкең маған қарап: «Ал үйге келдік» деді де, алдыға түсіп алып, домалай жөнелді. Мен елестеткендей тым бойшаң емес екен. Жатаған аласа да емес. Бірақ денесі рабайсыз толып кеткендіктен, бүкіл тұлғасы әлгі бір мультфильмдегі «Винни Пух» сияқты домалақ болып көрінді. Барынша қысқа сияқты көрінген аяқтарын жеңіл басып, ықшам қозғалады. Қақпаны ашқан бетте сымға керілген шынжырын сүйреткен тайыншадай сары төбет мені көріп, әупілдеп үрді де, иесінің кеудесіне секіріп, еркелей бастады. «Құтпан, бар, орныңа бар! Бұл – өзіміздің кісі» – деп, Жүкең мені итімен таныстырып, оған бұйрық берді де, маған қарады: – Өте ақылды ит. Менімен бірге көрген кісісіне қайтып үрмейді. Ертең-ақ кеудеңе асылатын болады. «Әй, осы шалың шынымен мені өз үйіне тұрғызбақшы-ау!» – Бірінші қабаты монша, шеберхана, қойма деген сияқтылар, – деді Жүкең үй-жайымен жолай таныстырып. – Екінші қабаттың өзі бес бөлме. Кемпір екеуіміз біреуінде жатып, бірінде тамақ ішеміз. Басқасының барлығы қаңырап бос тұр. «Иә, мені осында, өз үйінде тұрғызбақшы болған екен». Есікті шүйкедей ғана ақ сары кемпір ашты. – Кемпір, саған иман жүзді бір бала тауып әкелдім. Ең жақсысы жуырда ғана балалы болыпты. Келіншегі әлі перзентханада екен. – Е, айналайын, бауы берік болсын! Бұл ағаңды танушы ма едің? – Бірақ мен үшін жауапты Жүкеңнің өзі берді. – Танымасақ енді танимыз да. Біздің Серіктен әрі кетсе, төрт-бес жас қана үлкен боларсың... Қай жылғысың өзің? – Қырық бір ғой. – Әнеки, дәл өзі. Жиырма жетіде екенсің. Бес-ақ жас үлкендігің бар ағасы болдың. Онда, кемпір, бұлар Серікжанның бөлмесінде тұрсын. Үйге кірдік. Едені паркеттелген, саңғыраған көп бөлмелер өзі айтқандай «қаңырап бос тұр» деуге болады. Бірлі-жарым ғана ескі ағаш

бұйымдары әр бөлмеде шашыратылып қойылыпты. Тек солардың ішіндегі біреуі ғана жинақы көрінді. Бұл өзі айтқан жатын бөлмесі болар деп түйдім. Ол кезде қос қабатты үйлер салу үрдісі өте сирек ұшырасатын. Үйінің сыртқы тұрқына қарап «қаржыны күреп табатын іскер кісі боларсың» деген ойға келіп едім, үйдің ішіндегі жиһаздары мен мүліктерінің тым қарапайымдылығына қарап, оның әл-ауқатына жіп таға алмай қалдым. – Мынау – сенің бөлмең, – деді Жүкең. Бұл үйде тұруға келісемін бе, жоқ па ол жағын сұраған да жоқ. Мен осыдан артық пәтерді таппасыма сендім. Сондықтан да Жүкең екеуіміздің арамызда бұрыннан келісім болған адамша: – Ойбай-ау, үшеуімізге еркін жетеді ғой, – дедім, бірден ризалық білдіріп. – Келін қашан шығушы еді перзентханадан? – деді кемпірі. – Ертеңдер шығарып қалар, – деймін мен. – Бүгін көшіп келесің бе? Машина таба аласың ба? – Жүкең бетіме қарады. – Иә, осы қазір-ақ көшіп келемін. Менің жүгімді әкелу үшін бір такси де жетіп жатыр. – Әй, шошқа, сен өйтіп байшікештенбе! Қазір кеңсеме барып қалайын. Мына машинамен жүгіңді жеткізіп ал да, келінді барып қуант. Қарны кебежедей бір әкемді тауып алдым де. Бізді таба алмай көптен іздеп жүр екен де. Жарай ма? – Сөйт, айналайын, сен келгенше мен тамақ салып қояйын. – Әлі есімі белгісіз шешей де біздің келуімізге қарсы болғанды қойып, қуанатын сияқты. Біз қайтадан машинаға отырған кезде, жаңа қожайыным пәтерші мен пәтер жалдаушының арасында болуға тиісті негізгі келісім-шартты бапбабымен айта бастады. – «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген бабаларың. Сен шошқа, ертең қисаңдап жүрмес үшін бірден келісіп алайық... – Шартыңыз тым ауырлау болып бара жатса, пәтер іздеу ісін жалғастыра беремін де, – деймін мен көшеге қарап. – Келмей көр! Төбеңді ояйын... Онан да сөзді бөлмей тыңда! – Біріншіден, отын-су демейсің, – деді ол. – Суы ішінде, көмір мен ағашты екі-үш жылға жетерлік қып үйіп тастағанмын. Екіншіден, монша іздемейсің. Бір шелек көмір жақсаң, буы аспанға атылып шыға келеді. Үшіншіден, газ плитасы бар. Тамағыңды сонда пісіресің. «Түсінікті, – деп ойладым, – сол үшін де пәтерақыны молырақ аламын демексің ғой. Айтып көр мөлшеріңді. Тым бойыма шақ болмай бара жатса, келіспей кете беруіме болар. Өзіміз жас отау болып жатқанда көп шірену менің де жағдайыма келмес». Жүкең бортиған жуан саусақтарының төртіншісін бүкті:

– Төртіншіден, электр қуатын қалай пайдаланамын десең де, қолыңнан қақпаймын. Өртеп жібермесең болды. Бесіншіден, мен сенен бір тиын пәтерақы алмаймын, мал табу үшін кең үй салғаным жоқ. Оның есесіне жұмыстан шаршап келгенде аз уақыт балаңды уатып, әлдилеп беремін. Қолыма жармаспайсың, бір де. – Ол қолының саусақтарын жазып, бір-бірлеп қайта бүге бастады. Мен машина мінген бастық ағамның денінің саулығына күдіктеніп қалған сияқтымын. Біреулер «тірі қоңырауы бар» деп, баласы барларды маңайынан жүргізгісі келмесе, бұл сәбидің үнін естіп, оны әлдилеу үшін ғана пәтерақы алмаймын дейді. Ұқсам бұйырмасын. Жалпы, жұрт өзгерген бе, әлде мен өзгергем бе, түсіну қандай қиын. – Шешеңнің түрін көрдің ғой. Етегіне сүрініп, өлейін десе қолы тимей, қалқайып әрең жүр. Менің түрімді де көріп отырсың. Еңкейіпқаңқаюым қиын. Біріміз тым арық та, біріміз тым ет-жеңдіміз. Қолың қалт еткенде пешке от жағып, керек бірдеңелерін магазиннен әкеліп бере салсаң түгің кетпейді. Мұны – екі деп қой. Анда-санда ағаңның көңілінен шықпасаң, жаныңды көзіңе көрсетіп ұрсатыным болады. Ренжімейсің. Сонда сен баламнан кем болмайсың. – Мұныңыз – үшінші ғой. – Ол бетіме ажырая қарады. – Ал менің шартымды тыңдаңыз. Бар болғаны екі-ақ баптан тұрады: – Біріншіден, айтқаныңыздың бәрін қабылдаймын, тек бір ұсынысыңызды ғана қайтып алыңыз. Бос жүрген адам емеспіз, жұмыс істеп қаражат табамыз дегендей. Сондықтан, үйіңіз қанша ұнап, мұндай үйде бұрын-соңды тұрып көрмегенімді мойындасам да, тегін тұра алмаймын. Тең праволы тұрғын болуым үшін солай етуім керек. Екінші шартым – осы. – Бұл заманның баласын бері тартсаң, әрі тартады. Сенен алған жиырма, жиырма бес соммен жыртығымды жамамаймын. Адамның сөзін айтып отырсам, теріс сөйлейтінің не, сен шошқаның? «Жүсіп үйіне пәтерші жіберіп, пайда тауып отыр» деп жүрсе біреулер, маған өлім емес пе? Солай, шырақ! Кемпір екеуіміз дүние жиған жан емеспіз. Адал еңбегімізбен өмір сүріп, ақ жолмен жүріп кәрілікке бет алған емеспін. Даңғарадай үй салсам, өз тірлігімнің жемісі. Балама әкеден мұраға қалсын деп тыраштанған тіршілік. Талай мекемеде істеп кетсем де соқыр тиын тістеп кеткен жан емеспін. Ақ жүрген кісі тоқ жүрер болар. Сондықтан сендерден бір тиын ақша алмаймын. – Демек, ортақ тіл табыса алмадық. Рақмет сізге, мен түсіп қалайын. – Тоқта-ей, шошқа! Мүмкін, бір ақыл табармыз. Екеуіміз біраз саудаласып, ақырында электр қуаты мен тасымал газды еркін пайдалану үшін оларға ақшаны мен төлейтін болдым. Сол күні-ақ жүгімді Жүкеңнің машинасына тиеп алып, жаңа қонысқа көшіп алдым. Абырой болғанда, үйде Алексей мен Тамара жоқ екен. Еш нәрсенің мәнін ұқпаған Соня шешей біраз ренжіді. «Не үшін өкпеледің? Саған ешкім ештеңе айтпаған сияқты еді ғой» дейді.

– Жоқ, шешетай, жас баламен тар үйді одан әрі тарылтпайық дедім. Ешкімге өкпеміз жоқ. Бағила шыққан соң, келіп тұрамыз, – деймін ағымнан жарылып. Дәл осы сөзді айтып, Алексейлерге хат жазып кеттім. Айтқанымды орындап, кейінірек Бағила, сонан соң Мұрат дейтін отбасымыздың жас азаматы үшеуіміз Алексейдің үйіне қонаққа қыдырып барып қайттық. Біздің төбемізді терезеден көрген бетте, жүз жасағыр, Соня шешей шықты сүрініп-жығылып. Көрпесіне оранып, ұйқыны соғып жатқан Мұратты бас салды. Өзіне ғана тән акцентімен әлденелерін айтып, туған немересін көргендей мәз, қуанып жүр. Алексей мен Тамара өздері жоқта рұқсатсыз кеткеніміз үшін өкпелеп, көпке дейін іштерін бере қойған жоқ. Екеуі Бағилаға Мұраттай ұлды болуына байланысты біраз құттықтау сөздерді айтқан соң әңгіме таусылып қалды. – Біз екеуіңе тым болмаса бір рет жамандық жасадық па? Өзіміз барда кәдімгідей жөндеріңді айтып, қоштасып кетсеңдер де болушы еді ғой! Ұстап алып жібермей қояды дедіңдер ме? Қанша туыстай ұғыстық, татутәтті тұрдық десек те, жат екенбіз сендерге! – Тамараның әдемі жанары жасаурап, қаймыжықтай ерні дірілдеді. Мен олардың онсыз да тар үйінде қысылмай тұрулары үшін өзімше жақсылық жасадым деп жүргенде, керісінше ерлі-зайыптыларды мейлінше өкпелетіп алғанымды білдім. Біреудің өздерінің бойына шақ шапағатын келесі біреуге көрсеткені үшін өзін бақытты сезінетін кезі болады. Егер жақсылық жасаған адамы оның қадір-қасиетін білмей, алғыс айтудың орнына үн-түнсіз өз жөнімен кетер болса, ол адам қандай күйге түсер еді? Ашығын айтсам, менің әрекетім тура сондай болып шығыпты. Бірақ «Жау кеткен соң, қылышыңды тасқа шап», өтер іс өткен соң өкіндің не, өкінбедің не? Бар кінәны өз мойныма алып, ақталып бағып мен жатырмын. Ақкөңіл Алексей алдымен жібіді. Жібір алдында: «Жақсы емес» дегеннің орысшасын үш қайталады да, магазинге баруға жиналды. Одан кейін Тамара жібіді. Жібір алдында: «Мынау құйттай Мұрат алғаш рет есік ашып отыр. Әйтпегенде бар ғой екеуіңді үйден айдап шығар едім» дегенді айтып, әмиәнін Алексейге берді. Соня шешейді қойшы, о бастан-ақ кегі жоқ, өкпесі жоқ кең адам ғой. Ұлы мен келінінің жібігеніне мәз. Бізге қарап күлімдеп, жанып жатқан газды одан әрі жаға түспек болып, тұтқасын бұрайды. Қайнамай жатқан шәугімнің қақпағын он рет ашып, он рет жапты, Сережа сол сыздаған күйі бас изеп қана сыртқа беттеген. Ол шығып бара жатқанда әкесі: – Әй, Сережа, Қуан ағаңның жақсылығы үшін рақмет айттың ба? – деп кідірткен. Сережа «Рақмет!» деді де, шығып кетті. Содан оралған жоқ. Ал сөзшең Наташа да бізге қатты өкпелегенін екі-үш дүркін айтып, шешесінен екі дүркін ескерту алған соң, Мұраттың маған айнымай тартқанын дәлелдеп жүріп, баланы қызықтап кетті. Не керек, тіпті бірге туысуымыз мүмкін емес, бірақ туысқанға бергісіз болып кеткен төртеуіміз Соня шешеймен және Наташа сөзшеңмен алтауымыз қайта ұғыстық. Біз бұл үйден кетерде ыңғайсыздау жағдайға ұшыраған Сережаның жайын сұрайын деп қанша оқталсам да батылым

бармады. Табалағандай болмайын дедім. Тек «Сережа батырдың жұмысы қалай, төселіп қалған болар?» деген жалпылама ғана сауал қойғанымда Тамараның берген жауабынан ұлына әлі көңілінің толмайтынын сезуге болар еді: – Е, жүр ғой. Нені қырып жүр дейсің, сол шіркін! – Бірақ Алексей дау айтқан: – Тұқырта беретін ештеңе жоқ. Елдің баласы жұмысты сондай-ақ істесін. Өз баламызды жамандағанда ел бізге жақсы баласын берер деймісің?! – Рас-ау, – деппін мен де шыдай алмай. Жалғыз ауыз қолдау сөзім қанаттандырса керек, мен сұрай алмай отырған мәселеге Алексейдің өзі ойысты. – Қуан-ау, «Сережа кітап киоскісін тонапты» деп бәріміз қара жамылып кете жаздаған оқиғаны ұмытпаған боларсың. Түптеп келгенде, оның бұл «қылмысын» мен әділдік үшін күрестің тым қолапайсыз түрі дер едім. Әйтпесе, өзің ойлашы. «Күндіз бермеген тиесілі кітабымды түнде алдым, ақшасы мынау» деп өзі есігін ашып кірген киоскіге шын тонаушы хат қалдыра ма?! Абырой болғанда, оны өзің арашалап қалдың. Рақмет! Басқа не дейін?! Шындығында бұл мен білмейтін факті еді. Үн-түнсіз жүретін Сережа жанының тазалығына мен шын таңданып, оның ертеңінің Алексей күткендей дұрыс боларына күмәнданғым келмеді. – Мынау – ағаңның сыйы. Сендерге арнап жасалып еді, өздерің ала кетіңдер, – дейді Алексей төрт сирағы жиналмалы көк үстелді бүктеп беріп жатып. – Көр де тұр, кейін үй алғанда да бір кәдеңе жарайды. Олар бізге, біз оларға келіп тұрмақ болдық. Бірақ... кейіндері бірер дүркін араласқан соң, тағы да тіршілік өз соқпағына салып әкетті де, хабарласа алмай кете барғанбыз... * * * – Әй, шошқалар, қайда бара жатырсыңдар? – Мұратты таза ауаға қыдыртып келейік деп едік. – Бұл шошқалардың бесіктен белдері шықпай жатып балажандарын қайтерсің?! Сөзді қойыңдар да, шешініңдер. Қазір монпар даяр болады. Кемпір-ей, у сарымсағыңнан молырақ турап, тұздық жасай берші. – Есіктен не шығарымызды, не шықпасымызды білмей тұрған бізге ол тағы да ақия қарады. Өсімдік майына шыланған етшең қолын құс қанатындай екі жағына жайып жіберіп, менің қолымдағы Мұратқа мекірене ұмтылды. Мойны бекіп, тіпті Жүкеңнің кішігірім қазандай басын көргенде аузын ашып, күлуге жарап қалған ұлымызды емірене иіскеді. – Ұлым-ай! Мұратжаным-ай! Мына екі шошқа сені алып қашып бара ма? Қане, қане, атаңа қарап күлші! Қане, мен екеуіңе не дедім? Алдымен аталарыңның жасаған монпарын жейсіңдер, сонан кейін қайда кетсеңдер, онда кетіңдер. Ал Мұратжан екеуіміз бөлек қыдырамыз. Балаға атасы

сияқты ән айтып бере алмайсыңдар. Солай ма, ұлым?! Әне, Мұратжан сендермен қыдырғысы келмейді. Біз қайтадан шешінгенше ол әбден иін қандырып, жуандығын оқтаудай етіп созып алған қамырды иығындағы ұзын таза орамалдың үстіне тастай салды да, бір қырындап тұра қалып, газ плитасында сақылдап қайнап жатқан сорпаға жаңағы қамырдан түймедей-түймедей ғып үзіп алып, лыпылдатып лақтыра бастады. Быртиған жуан саусақтар жып-жып етіп, көз ілестірмейді. Соншама дәлдікпен, біркелкі ырғақпен жұмыс істеп тұрған қол емес, бір машинаның тетігі сияқты. Жылтыраған қасқа бастың қызыл күрең шекесі шып-шып терлеп, өзінің ең сүйікті хоббиі – аспаздық өнерінен ерекше ләззат алып тұрғандай. – «Жігітке жеті өнер де аз» дейді атаң қазақ. Мен айтар едім, жігітке жетпіс өнер де аз деп. Бір кезде жолдас-жораларым ағаш жонып, теміртерсекке үйір болып жүретінімді құптаса да, әйелімнен бұрын тамақ істеп, іс тіккенімді жаратпай, «қатын басшасың» дер еді. Жұрт не демейді? «Өнерді үйрен де жирен» деген. Қолымның іскерлігінен зиян шегіп көрген емен. Бір кезде осы қаладағы ең үлкен ресторанның үйренуші-аспазы, бір жарым жыл өтпей бас аспазы болып істедім. Қолыма жұғып қалғаны, кәне?! Қазір жүзден астам жұмысшы-қызметкерлері бар ірі мекеменің бастығы болсам да, үш-төрт жыл жүріп, осы даңғарадай үйдің негізгі шаруасының денін өз қолыммен салып бітірдім. Жүкең көбінесе маған осындай уағыз шертер еді. Қанша жерден ақылын айтып, уағызын оқыса да, монпар қамырын мынандай жылдамдықпен үзіп, қазанға тастау өнерін бес жыл оқытса да үйрене алмаспын деп ойладым. «Жігітке жетпіс өнер де аз» деп, мақалға өзгеріс енгізуінің тегін еместігіне күн өткен сайын көзім жете түскендей. Ол көшіп келген күні-ақ үйінің бірінші қабатындағы шеберханасын көрсеткен. Оны өзі қазақшалап, «ұстахана» деп атайды екен. Жүздей адамға той өткізуге болардай өте кең бөлмедегі қажетті заттардың молдығы жағынан үстіңгі қабаттағы өзі тұрып жатқан бөлмелерден де «іштірек, дәулеттілеу» еді. Бөлменің бір шеті ағаш бұйымдарын өңдеуге арналса, бір жағы темір бұйымдарын әзірлеуге бейімделіпті. Көрік, төс сияқты көне саймандардан бастап, ағаш, темір өңдейтін станоктарға дейін қойылыпты. – Үйдің есік-терезелері ұнады ма? – деп сұраған ол ұстаханасын көрсетіп жүріп. – Әрине, ұнайды, – дегенмін мен, – жақсы шебердің қолынан шыққан дүниелер екен. – «Жақсы шебердің қолынан шыққан» деп бағаласаң, солардың бәрі де – өз қолымнан шыққан бұйымдар. Ақша үнемдеу үшін емес, өзім жан рахатын алу үшін жасаймын. Әсіресе, жұмыстан шаршап немесе әлденеге қиналып, ойланған сәтіңде келіп, ағаш жонсаң, болмаса темірден әлдене соқсаң, демалып қаласың. Ойлардан арыласың, – деген ол.

Шыны керек, бұл үйге келіп, біздің қоныс теуіп, Жүкеңнің даңғарадай кең үйіне кіріп-шығатындар санын молайтқанымызға үш-төрт айдың жүзі болса да, менің осы бір аузын ашса, көмекейі көрінетін адамды ойда жоқта тапқаныма қуанышым мен ренішімнің ара салмағы деңгейлес сияқты. Олай дейтінім, менің кішкентай Мұратымның барын естігендер: «Жас баласы бар кісіні ала алмаймыз» деп, жүректі қарайтқан шақта мұндай жандардың туған ата-анаңдай құшақтарын ашып, төрінен орын бергені қаншалықты қуандырса, ақсақалымның үйіне тегін тұрғызғанымен қоймай өз қазаныңды көтеруге мұрша бермей, бір күн лағман, бір күн мантым деп бізді асырауды өз мойнына алғандай зорлап тамақтандыратыны қинайды. Даяр асқа әзір болып отыру адамды рухани кемсітіп, төменшектетеді екен. Олардан қалыспай өзіміз де бір күн анауымыз, бір күн мынауымыз деп ас даярлауға жас отаудың материалдық жағдайы көтере бермейді. Көтерген күнде де дәл Жүкеңнің өзіндей дәмді тағам пісіре алмасымыз да анық. Дәмсіз тағамды ол кісі татып та алмайды. Бағила екеуіміздің бар тапқан айламыз ерлер атаулының төл мерекесі болып кеткен әскерилер күні – жиырма үшінші ақпан күні атамызға, ұмытпасам елу сегізінші размерлі бір күртке сатып әкеп сыйлағанбыз. Химияның жетістігімен жасалған жұқа балониден тігілген киімдер ол кезде шалдарды қойғанда, жастардың қолына түсе бермейтін. Сәті түскенде, «Қара базардан» пұлына қарамай тапқанымызға қуанғанбыз. Шалымызға арнап тіккендей, қона кетті. Жылтыраған көк күрткені киіп алып, кемпірінің алдынан ойқастасын-ай келіп. «Қалай, қатып кетті емес пе?» дейді. «Мынаны киіп шықсам, жастау келіншектер жетелеп кетіп, шалыңнан айырылып қаласың-ау» дейді. Қойшы, әйтеуір, балаша мәз болды. «Әскерге бір емес екі дүркін барып, қан майданның ортасынан келсем де мына жаман кемпірім осы мереке күнін ескермеуші еді, шешелерін бір ұялтқан балаларымнан айналдым» дейді. Не керек, біз өзіміз «тауып кеткен» мына ғажайып шешімнен кейін он шақты күн үйге еркін кіріп, атамыздың кеспесін қысылмай жеп жүрдік. Амал не, біз жасаған бір қарапайым комбинация өміршең еместігін сол он шақты күннен кейін-ақ, көрсетіп берді. Әйел атаулының төл мерекесі болып әбден қалыптасқан сегізінші наурыз күні біз Шағи шешемізге көйлектен сый әкеліп отырсақ, Жүкең Бағилаға тағы да сол кезде ұшпай тұрған балони плащты тауып әкеліпті. Мереке құрметіне деп ертерек даярланып, өз бөлмемізге дастарқан жайып, екеуін түшпәрәмен сыйлап едік. Олардың қазақша пісірген еттері де даяр тұр екен... Сөйтіп, бір-біріміздің көңілімізден шығу үшін көзге көрінбейтін іштей бәсекеге түсіп кеткен сияқтымыз. Бағила атасының екі кісінің бұты еркін сыйып кететін шалбары мен бір жарым кісінің кеудесі қиналмай жоқ боп кететін көйлектерін қолы қалт еткенде үтіктей салса, мен нан-тұздан бастап, барлық керек-жарақты дүкеннен жеткізіп беруге, ауланы сыпырып, қар күреуге, отын жарып, от жаға салуға тіленіп, даяр тұрамын. Айтқызбай-ақ

өзім жөн деп тапқан істі өзім біліп, тындыруға тырысамын. Тек ұстаханасын сыпырып-сиырғаным болмаса, ондағы шаруасына араласпаймын. Араласқанмен, қолымнан келмесі анық еді. Жүкең оның есесіне кешкі тамақтан соң, «Әй, шошқалар, ұлымды киіндіріңдер, қыдырып қайтамыз» дер еді. Содан қазақшадан бастап, орысша, қырғызшасын қосып, татар жырларына әкеліп тірейтін әндерін соғып, Мұратты көтеріп жүріп ұйықтату борышынан жаңылған емес. Мен осы үйде әр күні түнеп шыққан сайын бойының ұзындығы мен көлденеңі бірдей қасқа бас қара шал мен тұлғасы оның ширегіне жетпейтін шүйкедей сары кемпірді шынында осылар менің нағыз екі туып, бір қалғаным емес пе екен деп те ойлаймын. Бірақ олардың туыспақ түгілі қиыспайтыны да түсінікті дүние. Бізді оларға жақындатқан Бағила екеуіміздің ағалап, сыйлап тұруымызбен бірге, олардың жастары келе бастаған кезде тарта бастаған жалғыздық азабы-ау деп пайымдаймын. Оның үстіне, өз ғұмырларында әке болу, шеше болу дегеннен мүлде күдер үзген шақтарында ия аз, ия көп тұрып, жөніне кетер біздің кішкентай сәбиіміздің ірімшік иісіне, «Ұлым-ай!» дегенде шалықтап, езу тартқанына мәз болып, алданып жүргендей. Осындай мамыражай тіршілігімізге ойда жоқта өзгеріс енгізген кішігірім бір оқиға болды. Күз демі суып, қыс ызғары бел ала бастаған шақта газеттің іссапарымен шалғай облыстардың біріне жолға барып қайтқанмын. Газет қызметкері болғандықтан, жиі-жиі жазып тұруың қажет. Жазбайтын журналист – журналист емес. Жазып тұру үшін жиі-жиі ел аралап, жолға шығып тұру қажет. «Ер азығы мен бөрі азығы – жолда!» дегендей журналистің «азығы» да қалың елдің ішінде. Арнайы тапсырмаңды орындап тастаған соң тағы да жолшыбай «іле кетер» не бар дегендей мойныңды жанжаққа соза жүресің. Сондай бір сапардан оралған соң әр түрлі тақырыпқа бір очерк, екі-үш мақала жазып, газетке жариялағанмын. Мақалалардың бірі «Арақ аздырады» деген айдармен мораль тақырыбына жазылған дүние болатын. – Бүгін мынандай дүнием газетке шықты, – деп, Жүкеңе текке қарап жүрмегенімді білдірейін дегендей есеп берер едім. Ағамыз: – Өй, шошқа, жарайсың! – деп, бір мақтап қойып, көзілдірігін танауының желбезегіне қондырып алып, оқуға кірісер еді. Ұзақ уақыт зерттей оқып шыққан соң, бағасын айтатын. Көңілі түссе, «Жарайсың, жақсы екен» деп, ойынан шықпай қалса, «Осынша көпірме сөздің қажеті қанша?» деп, төбеңнен жай түскендей дүңк еткізер еді. Сондықтан редакцияда өтер лездемеге дейінгі менің жалғыз сыншым – өз қожайыным болатын. «Арақ аздырады» айдарымен жарық көрген «Шаңырақ неге шайқалды?» атты үлкен мақаланы да «Жүкеңе ұнар-ау» деген оймен қолына мақтанышпен ұстата қойғанмын. Мақалада мен барып қайтқан ауданның орталығында тұратын Қасымхан есімді бір адамның маскүнемдікке салынып, жиырма жыл

отасқан отбасынан ажырасқанын, жұмысынан да қуылып, ел кезіп, каңғып кеткенін оңдырмай сынағанмын. Қасымханның маскүнемдік дертке ден қоя бастаған тұсында ол етікші болып жұмыс істейтін аудандық тұрмыстық қажетті өтеу комбинаты ұжымының, жолдастарының оның дұрыс жолға түсуіне пәрменді ықпал ете алмағанын, соның салдарынан бұл күнде қадір тұтып, төбеге көтеруге тиісті адамның азып-тозып кеткенін өкіне отырып баяндағанмын. «Міне, кеше біздің бейбіт тіршілігіміз үшін майдан даласында бір аяғын қалдырып қайтқан ардагер азамат жиырма жыл отасқан зайыбына, алды азамат болып, отау тіккен бес бірдей балаға, сонау соғыстан оралғаннан бері үзбей еңбек етіп келе жатқан жұмыс орнына «қажетсіз адам» болып, қаңғып кетті. Келін жұмсап, немере иіскер шақта шаңырақ шайқалды, заңды еңбек демалысына құрметпен шығар кезде жұмыстан қуылды. Неге? Неге?!» деген екіленген сұрақтармен аяқталатын мақала. – Өй, шошқа, Қасымхан Түңлікбаев дейсің бе-ей? Құдай-ау, бар екен ғой қайран азамат! – деп, Жүкең мақаланың алғашқы абзацын оқып шыққан соң, орнынан атып тұрған. – Ол кісіні қайдан танушы едіңіз? – деймін мен қожайынымның жүзіне сұраулы жүзбен қарап. – Өй, шошқа, «Қайдан танушы едіңіз?» дейді ғой. Төрт жыл бірге соғысқан қанды көйлек досым болса, неге танымаймын? Өй, өзі де жаужүрек ер жігіт еді-ау... Апыр-ай, сөйтіп бар деші?! – Мынау кездейсоқтыққа аң-таң қалып мен отырмын. Ыдыс-аяғын жуып-шайып жүрген Шағи шешеміз де диванға келіп отырды. Ағамыздың бүкіл бес бөлмелі үйді басына көтерген қуанышты үнінен ерекше бір жаңалық күткендей. Бағила та біз отырған бөлмеге кірді. Ағамыз әрі қарай оқуға шамасы келмей, әлі қуанышты сөздерін жалғастырды. – Бәсе, қажытып біткен қырғын соғыс та аяқталды-ау деген сәтте қалай шеһит болады? Егер олай болса, ол тағдырдың әділетсіздігі болар еді ғой!.. Иә, иә, Берлинге шабуыл жасап жатқан кезде болатын, көз жазып қалғаным. Маған оны «қаза тапты» деп еді, апыр-ай, тірі екен-ау, бар екен-ау, азамат! Шамасы, шал мақаламның бір шекесінде тұрған «Арақ аздырады» деген айдарды көрмесе, жалпы бұл дүниенің жазылу мақсатын түсінбесе керек. Оның үстіне, алғашқы абзацтарда оның соғысқа дейінгі, майдан кезінде, тіпті кейінге дейін қандай айтулы азамат болғандығы тәптіштеліп жазылған. Жүкең бұл оны мақтап жазылған материал десе керек: «Солай болса керек еді!» деп қояды сүйсініп. «Қап, мақаланы оқи келе қуанышыңыз су сепкендей басылады-ау» деп іштей қиналып мен отырмын. Айтқанымдай-ақ, мақаланың екінші бағанына түсе бере ағамыздың жалтыраған кең маңдайының қыртыстары молайып, үстіңгі ерні жымқырыла бастады. – Немене байғұстың бала-шағасы бар ма екен, әйтеуір? – деген Шағи шешеміздің шыдамай жол ортадан қойған сұрағына Жүкең: «Тоқтай тұршыей!» деп дүңк ете қалды. Қазыққа мінгендей қыпылдап мен отырмын. «Не

пәле жазып қойып едің?» дегендей Шағи шешей жаутаңдап, маған қарады. «Қарап жүрмей, қайдағыны жазып, тағы бірдеңені бүлдіргенсің ғой» дегендей Бағила та ала көзін өңменіме қадады. Әйтеуір ес кетіп, жан шықты дегенде ағамыз етектей мақаланы оқып болды да, газетті үстелге тастай берді. Сөйтті де ауыр бір күрсініп: – Е, шошқам-ай, солай деші... Немене, оған өзің жолығып, сөйлестің бе? – деді бір түрлі шаршаңқы үнмен. – Сөйлескен болдым ғой. «Әңгімелескің келсе, алдымен басымды жазатын бірдеңе алып бер» деген соң бір жарты шарап сатып әпердім. – Сонда не дейді өзі? «Баяғыда, сол Берлиннің түбінде өлген адаммын. Қазір алдыңда отырған тірі аруақ қана» дейді. «Сіз сияқты бір мүшесінен айырылған азаматтар аз ба? Бәрі де елдің қадірлісі, төбеге көтерер құрметті адамы. Мүгедектігіңіз үшін жеңіл машина, жетерлік зейнетақы да беріпті. Балашағаңыз болса анау» десем, «Шырағым, ақылың артық болса, басыңа езіп жақ» дейді... «Маған мораль оқуға Алматыдан келгенді қойып, аспаннан екі аяғың салбырап түссең де мен сөз ұғудан кеткенмін. Азаптанба... » дейді... – Өй, шошқа, сол! – Ағамыздың бұл «шошқасының» иә майдандас досына, иә маған арналғанына жіп таға алмадым. Тағы да менен біраз жайды анықтап сұрап болған соң кемпіріне қарап: – Менің киім-кешектерімді даярлашы. Бастығым босатса, ертең-ақ жол жүремін! – деді. Үнін баяу шығарып, жұмсартып айтқанымен бұйрыққа бергісіз ғып кесіп айтты. Ойламаған жерден кінәлі болған жандай, мойнымнан суым кетіп, бөлмеме қайттым. – Өзің де бір мақтаншақ бәлесің ғой, несіне лепілдеп барып, мақаланы көрсете қойдың? – дейді Бағила та ренжіп. Ертеңіне жұмыстан келсем ағамыз түске дейін-ақ екі-үш күнге жұмысынан босап, Қасымхан досы тұратын қалаға жүріп кетіпті. – Е, ақжүрек қой ағаларың. «Атының сыры иесіне мәлім» дегендей шалымды білетінім рас болса, майдандас досын бір жайлы қылмай жар құлағы жастыққа тимейді, – дейді Шағи шешеміз. – «Сондай-сондай бір досым болушы еді, майданның соңғы күндері қаза тапты» деп, жиі айтып отырушы еді. Не болғанда да, сенің оны тауып келгенің дұрыс болды. Шал байғұс біреуге жақсылық жасағанның өзінен рақат табады ғой. – Қайдам, мен көрген Қасымхан болса, жақсылық жасаудан өтіңкіреп кеткен адам, – деймін мен сенімді түрде. Дегенмен күні кеше ғана бүкіл республика жұртшылығы алдында әшкерелеп, етектей мақала жазған адамымды алып келіп, мені масқара ете ме деген де күдігім жоқ емес. Амал қанша, күдігім расқа шықты. Екі-үш күн өтпей-ақ Жүкең Қасымханды таксилетіп алып жетіп келсін. Мен көргендегі сақал-мұрты бейберекет өсіп, үсті-басы алба-жұлба болған кәдімгі маскүнем емес, мұнтаздай жуыныпшайынып, тап-таза киінген кісі. «Ол киіп келген ине-жіптен шыққан жаңа киімдер мұнда қайдан болсын, шамасы, Жүкең алып берген болар» деп

түйдім. Бірақ қалай киініп, қалай жуынса да топырағы ашылып қалып, күн тиіп көгерген жас картоптай көгілжімденген беті, жұдырықтай болып домбыға қызарған мұрны сол қалпы. «Ә, мені қыратындай болып, газетке жазған мырза, өзің де менің досымның босағасын паналаған байғұс па едің?» деп табалап, жігерімді құм ете ме деп едім. Жоқ, маскүнем адамда намыс деген болмай ма, әлде танымады ма, әлде Жүкең «Ол жігітке тиісуші болма» деп үйретіп қойған ба, әйтеуір, өзім жолыққандағыдай тым төменшік, тым бейкүнә қалпы сәлемдесті де қойды. Қырық жыл жоғалып табылған жалғыз інісімен табысқандай Жүкең арқа-жарқа. Жарымжан досын көтергендей ғып, сүйемелдеп үйге енгізді. Қолма-қол мені дүкенге жұмсап, бес-алты шөлмек ағы бар, коньягі бар ішімдік алдырды. «Осыдан азап шегіп жүрген жанға мынау сый-сияпаты қалай болар екен?» деп мен тұрмын. – Ал, досым, – деді Жүкең мол дастарқанның шетіне отырған соң. – Мынау Қуаныш дейтін менің інім. Сен, Қасеке, бұған ренжіме. Егер бұл сенімен кездесіп, сен туралы мақала жазбаса, баяғыда өліп қалды деп жүрген өзіңді мен қайдан табар едім?.. Ендігі айтарым, он бес жыл ішпеген дүнием еді, сенің өліп-тірілгенің үшін, азып-тозып, су аяғы құрдымға құлар шағыңда тауып алғаным үшін бір елу грамды мен де ауыз тиейін. Одан артыққа өтініш жасама. Ал өзіңе бір апта еркіндік беремін. Сыртқа шықпай, осы үйде жатып ішесің. Өліп қалмасаң болды. Тұмсығыңа құйсаң да жетерліктей ғып арағыңды да әкеліп беремін. Өкінішің кетпесін. «Тым болмаса, бала-шаға, үй-жай, абырой, беделді жолына құрбан еткен ескі досым – ішімдікпен қоштасар алдында тоя бір ішпедім-ау» деп армандамайтын бол. Сонан кейін бар ғой, сені баяғы Қасымхан ғып ел қатарына қайта қосамын. Қосылмасаң, біржола шошқа ғып, құртып тынамын... Сүйегің осы Алматының бір қорымында қалады. Сені ешкімнің іздемесіне кепілдік беремін... Жүкеңнің айтқан сөздерін қаншалықты ұққан-ұқпағанын білмеймін, қонағымыз үстел үстінде сап түзеп тұрған бір ақ, бір коньяк қос шөлмекке мөлие бір қарап алды да: – Жолдас сержант, бұларды несіне алғансың? Қызылдары, арзанқол шараптары жоқ па екен? – деді жайымен ғана. – Е, бұлар ішіңе жақпаушы ма еді? – Жағуын жағады ғой. Бірақ көптен ішіп көрмеген соң... Оның үстіне, ашуы қатты шіркін, рақатын сезініп үлгергенімше алып ұрмай ма, жолдас сержант. – Өй, шошқа! Жүсіп десең аузыңа теміреткі түсе ме? Баяғы замандағы «сержант» дегенді неғып ұмытпайсың?! – Қайтіп ұмытайын, жолдас сержант. Есіміңді атап үйренбегендікі ғой. Сен де ұрсайын деп отырсың. Білем, маған бәрі ұрсады. Онан да құйшы мынауыңнан өлтірмесең.

Жүкең түйенің көзіндей хрусталь рюмкаға коньяктан құйғалы жатыр еді, қонақ оның қолына жармасты. – Жолдас сержант-ау, мұныңыз не, бұл қай қорлағаныңыз?! Бұдан үлкендеу ыдыс жоқ па?! – Ол шай құйғалы отырған Шағи шешейдің қолындағы кесені лып еткізіп алды да, ақ арақтың аузын ашып құя бастады. Қолы дір-дір етіп, қалшылдағанда шөлмектің аузы кесе ернеуін қағып, сыңғырлатып жіберді. – Рақмет, жолдас сержант! – Ол шүпілдете толтырған бір кесе арақты дем алмастан тартып жіберді де, аузын басып, үні шықпай отырды да қалды. Сол күйінде шыбын жаны шығып кеткен екен деп ойлап қалардай. Бір заматта барып, үстел үстіндегі мол тамақтан бір үзім нан алды да, ұзақ уақыт құшырлана иіскеп отырды. Сонан кейін ғана аузына апарды. Шешеміздің де, Бағиланың да көздері қонағымызға таңырқай қадалып қалыпты. «Таңырқап» дегеннен гөрі «үрейленіп» деген жөн сияқты. Ал Жүкең оған мүсіркей қарап отырғандай. «Қайырымдылық атаулы біреуге жасаған қарапайым ғана жақсылықтан басталмақ» деуші еді. Сол сәтте Жүкеңнің өзі маған бар болмысымен жақсылықтың өзі болып көрінді. Қасекеңді үй иелері қанша зорлап, өтінсе де сол бір үзім наннан басқа аузына нәр салған жоқ. Бір кесе шайды ұрттар-ұрттамаста-ақ у ішкендей тілі күрмелді де қалды. – Әй, жолдас сержант-ай, мен көп қиналдым ғой. Онан да сол соғыста өлгенім жақсы еді... Бекер тірі қалғанмын... Маған бәрі ұрсады... Білемін, сендер де сөйтесіңдер... Мылтықсыз соғысқан қиын екен... Өз әйеліңмен, балаларыңмен, басқаларымен... – деп, әр сөздің басын бір шала бастап еді, ойын айтып үлгірмей, үстелге маңдайын сүйеп, қор ете қалды. – Әй, сорлы-ай, әбден біткен екен де, – дейді Жүкең оны жатқызып болған соң қынжыла сөйлеп. – Сонда неге осындай күйге жетіпті, сұрай алдың ба өзінен? – дейді шешеміз әңгіменің анық-қанығын біржола білейін дегендей. – Е, бұл сорлы соғыста осылай мүгедек болып қалмаса мұндай күйге түсер ме еді, түспес пе еді, кім біледі? Маскүнем жар мен әкені кім жақсы көрсін! Бәрі де жерініп шығыпты... – Жүкең күндегідей тағамға сұғына кіріспей бабымен ғана шайды ұрттап қойып, ойланып отыр. – Қырық бесіншінің сәуірінің жиырма алтысы ма екен, әлде келесі күні ме екен, мұның жараланған күні. Берлиннің көшесіндегі жан алып, жан берген соғыстың соңғы күндері болатын. Госпитальда жатып, бір аяғын кестіріп елге келген соң, келесі жылы тура сол жараланған күні қатты жығылып, есінен тана бір ай ауырады. Кесілген аяқтың шолақ түбірі ісіп, жара жарылып барып жаны терезе табады. «Құдайдың құдіреті, содан бері қарай жыл сайын қалай сәуірдің жиырма алтысы болса, солай ауыра бастаймын» дейді. Ешбір ем қонбаған соң әбден үрей жеңген сорлы бар тапқантаянғанын жыл бойы жинап, сол ауырған уақытында тек арақ ішумен болады. мастықпен ауруды безбеудің қамы ғой. «Бәрінен бұрын кесілген

аяқтың қара бақайына дейін ауырғанда жаныңды қоярға жер таппайсың» дейді. Содан бірте-бірте осындай күйге ұшыраған көрінеді. – Апыр-ай, мұнысын маған неге айтпады екен? – деймін мен таңырқап. – Әй, балам-ай, сендерге біреуді сөгу, жұрт алдында әшкерелеу оңай ғой. Әр дүниенің себеп-салдарына үңілмей байлам жасау – ағат іс... Мен өзімді қоярға жер таппадым. Кеше ғана апталық лездемеде редакциядағы жігіттер менің соңғы іссапардан көп іс тындырып қайтқанымды атап өтіп, «Шаңырақ неге шайқалдыны?» біраз мақтаған болатын. Тіпті, біреулері оны апта ішіндегі «чемпион мақала» болсын деп ұсыныс та жасаған. Қашан да өз пікірін ең соңынан бір-ақ білдіретін редакторымыз: – Серібаевтың «Шаңырақ неге шайқалдысын?» «чемпион мақалаға» мен ұсынбаған болар едім, – деп төрелігін айтқан. Әрине, «төрелік» десең де, «үкім» десең де бәрібір, бұл шешімнен кейін мақаламның «чемпион мақала» деген арнаулы тақтаға ілінбесі кәміл еді. Ендігі ойым жұрт алдында өлтіре сынамаса екен дегенге ғана тірелген. Редактор сөзін жандандырған. – Рас, журналист жігіттің негізгі тапсырмалардан тыс, өмірдің бір келеңсіз құбылысын қаламына іліндіріп қайтқаны құптарлық қасиет. Бірақ мақаланың бір қайнауы ішінде қалған. Ардагер ағамыздың маскүнемдікке салынуының салдары бар да, себебі жеткілікті ашылмаған. «Бәріне қу соғыс кінәлі» деген таптауырын ойды қайталаған пікірден аса алмаған. Содан да мақала құрғақ уағыз, негізсіз ділмәрсудің қоспасы болған да шыққан. Сондықтан Серібаевтың «Шаңырақ неге шайқалдысын?» «чемпион мақалаға» ұсынбаған болар едім!.. Енді ғой Жүкең де менің мақаламдағы редактор көрсеткен кемшілікті дөп басып отырысы мынау. Мен оның алдында ақталар сөз таба алмай, төмен қарай бердім. Әрі қарай қожайын екеуіміздің әңгімеміз де жараспады. – Кемпір, уәдем – уәде. Бір апта қанша іше алса, соншасын ішсін. Еш қабақ шытпа. Жатын орнын былғап қойса да ренжи көрме. Көрпедегі дақты су кетірер, көңілге түскен дақты немен кетірерсің. Көңіліне дақ түсіріп алма сорлының. Мүмкін, осы тіршілігім үшін бұған мен қарыздар жан шығармын. Сондықтан да оны отбасы мен ортасына қайта қосу – тек менің борышым, – деді ол дастарқан басынан тұра беріп. – Бұл мені төтелеп келе жатқан ажалдан алып қалса, мен мұны «өліп қалған» жерінен тірілтіп алайын. Жүкең ертеңіне-ақ досын психоневрологиялық диспансердің маскүнемдік дерттен емдейтін бөліміне бір аптадан кейін орналастыратын болып келісіп келіпті. Уағдалы бір апта біз үшін қиындықсыз өтті. Жұмыстан келсек, Қасекең үн-түнсіз мүлгіп отырады. Ондайда кілегейленген көзімен мағынасыз қарап, әлденелерді былдырлап сұрар еді. Кейде ішімдік дозасын артықтау қабылдап қойса, өзіне бөлінген диванда сұлап жатар еді. Бір аптаның ішінде Жүкең әкеп тұрған арақтың бәрін Қасекең тауыса алған

жоқ, шешеміз қауіптенгендей араққа уланып өліп те қалған жоқ. Немесе «Жолдас сержант, үйіңде адам сияқты бірер күн болайын да, енді ішпейінші» деп те айтқан емес. Біз, оны машинаға салып, жындылармен бірге маскүнемдерді, есірткішілерді – наркомандарды емдейтін ауруханаға ағамыз екеуіміз апарып тапсырғанда да сол еш қарсылықсыз, «Қайда апарасыңдар?» деместен, мас қалпында барып кірді. Қайтіп ол аурухана маңына жолаған жоқпын. Естуімше, Жүкеңнің өзі күн сайын тамақ тасып, барып тұрған. Қайдағы бір бәлені қайдан тауып, қайдан ғана жаза қойғанымды қайдам, біраз уақыт мен қожайынымның алдында айыпты адамдай кібіртіктейтін болдым. Ол да көп ашылып-жарылмайды. Әйтеуір, абырой болғанда, Қасекеңнің беті бері қарады деген хабарды естіп келген соң ғана баяғы өзара түсініскен қалпына келе бастағандай. – Қазір Қасекең дәрігерлердің зорлап берген азын-аулақ ішімдігінің өзін ұрттай алмайтын дәрежеге жетіпті. Дәрігерлері: «Ем жақсы қонып жатыр. Енді бірер айда құлантаза айығып шығады» деп отыр, – дер еді ол кемпірі ұл тапқандай қуанып. Мұратымызды Жүкең қарнына қонақтатып, қайтадан әр тілдегі алуаналуан әндерін айта бастаған. Бұрынғыдай отыра қалсаң өзі жайлы, өзге жайлы сырларын үзіп-жұлып айта отырады. Мен сол әр уақытта айтылған әңгімелерінен-ақ ол кісінің өмір жолынан толық мағлұмат алғандаймын. Қане, біздің аузын ашса жүрегі көрінетін осынау бір ағамыздың әңгімесін сіздер де тыңдап көріңіздерші.

ЖҮКЕҢ АЙТҚАН

Түстері жаңа жауған қардай аппақ, аққу мойын қос арғымақ жеккен кәшәба қаланың батыс жағында жатқан Тастақ кентінен шыққан бойда соңынан қар боратып, орталыққа қарай лекіте тартып келе жатқан. Жануарлар жылқы емес қанаты бар пырақтай жарыса сілтегенде, бала жігіттің жүйрік көңілі осынау зымыраған жылдамдықты да місе тұтпай, деміл-деміл «айт, шу-ей, жануар» дегізер. Қамыс құлақтарын қайшылап, жеңіл кәшәуаны бұйым құрлы көрмей, доға мойындарын екі жақтарына иіп алып, сүзе жорытқанда осынау қос арғымақпен әрі-бері таситын қалалық милицияның бастығына бар болғаны ат айдаушы көшір ғана емес, дәл сол бастықтық өзі болғандай жел бітіп, желпініп отырар. Жас жігіт қалалық милицияға атқосшы болып орналасқанына екі ай болмай жатып, бастығына ғана емес, бір кеңседегі баршаға елгезек, қағілездігімен ұнаған болатын. Бастық қай уақытта, қай жерге барамын десе де, оның аттары жегулі даяр тұратын. Сондықтан да болар атқосшының кейкейде бірер сағатқа өз шаруасына көлікпен барып келуіне қарсы болмайтын. Оның қазір Тастақта тұратын әпке-жездесінің үйіне барып келе жатқан беті еді. Жездесі дәл сол күні басқа жаққа көшіп кетпейтіндіктен,

оған жұмыстан кейін де келуге болар еді, бірақ жігіттің екінші есебі де барды. Жездесінің үйіне барған сайын олардың көршісінің есігінің алдынан анда-санда көрініп қалар үкі көз талдырмаш сары қызға бір ауыз әзіл тастауға құмартар еді. Шынын айтсақ, біздің жігітіміз ол қызға ғашық болып қалып еді деуден, тәңірім сақтасын, аулақпын. Атамаңыз, дәл ондай үкі көз, шаншылған сары бұл Алматыда аз ба екен? Жетіп артылады. Ондай сарыны қойғанда, не бір күлім көз, қиғаш қастар бұл жігітті қолдарына түсіріп алса, әй, тақиямызға тар келді дей қояр ма екен?! Дей алмас еді. Өйткені жігітіміз сындардай ұзын бойлы болмағанымен, орта бойлының әдемісі болатын. Бидай өңді, қыр мұрын, ат жақты, көз аясы кең, қап-қара бұйра шашы – кез келген қыздың сүйсіне жанар тіктеуіне жетерлік «байлық» бір басында жетіп артылар. Өз құнын, өз қадірін білетін жігіттің тіпті ғашық болғанды қойып, бірер кеш қыдырып қайтуға ойланар қызға осынша шұқшиюының мәні бар-ды. Бұл жездесінің үйіне алғаш барған кезде сары қызға «мені көрдің бе?» дегендей оның алдын әншейін еріккеннен кес-кестеп көрген. Жымия күліп, тілдесуге өзі құмартар, тым болмағанда «жігіт болса біз даяр» дегенді сездіріп, үкі көзінің астымен бір қарар деп дәметкен. Ғажабы сол, шаншылған сары жымиған да, қылмиған да жоқ, қарқарадай болып тұрған жігітті қарақшы құрлы көзіне ілмей, шаншылған күйі өте берген. Екі-үш дүркін осы дәмесінен түк өндіре алмаған соң діңкесі құрып, ызасы келген жігіт ақыры өзі тіл қатуға мәжбүр болған. – Қалқам, – деп сызылған бұл, – сізбен танысқым келіп, емешегім үзіліп, өзегім өртеніп жүрсем, мойын бұрмайсыз ғой. Қыз жалт етіп бір қараған да, ақ сары жүзіне қызғылт нұр ойнатып, тағы кете берген. Жігіт үйге кірместен есік алдында шай қайнатым уақыт тапжылмай әдейі отырсын. Әбден төзімі таусылған тұста сары қыз тысқа қайта шықсын. – Бүйте берсең, күйеусіз қаласың ғой, қалқам. Есігіңнің алдында бақыт құсындай болып өзі кеп қонақтап отырған жігіттен де айырылып қалайын деп жүрсің-ау. – Жігіт әзілдеген болса да, қызға деген қыжылы басым болатын. «Бәлем, саған егескенде бес-алты күнде тұмсығын тескен тайлақтай меңзеген жағыма ілесе жөнелетін басбілгі етермін-ау, сонан соң барып, басқан ізіме зар қылармын-ау. Адамды менсінбейтін күйкентаймен сол кезде сөйлесермін-ау» деп түйген. Қыз жауапқа тосылмады. – Бақыт құсы қонақтаса, көп ұшамын деп қанаты талған ғой, әйтпесе барар жері болмай қалған шығар... «Қап, мына шаян сарының ызасы-ай, – деп кіжінді сөзден ұтылған жігіт. – Түріне қарамай, тілінің қотырын қарасаңшы». Одан кейін де талай келген. Бес-алты күнді қойып, бес-алты ай өтсе де, оңға басқан әңгімені жігіт көре алмады. Шаян сары не сөйлеспей қор қылады, сөйлесе қалса, тілінің ұшына у жағып қойғандай бұл шіркінді есеңгіретіп кетеді.

Жігітіміздің жастайынан қазан-ошақ ұстап, ас даярлауға қолының ебі болған соң, бір кезде қаладағы жалғыз ресторанда аспаз болып жұмыс істегені бар еді. Бірде осы қызға «не айтсам дауа» дегендей тағы бір қалжың айтып, қате басқан. – Апыр-ай, қадірімді өзіңе бір өткізе алмадым-ау. «Тұла бойым тұнған – өнер» десем бір нанбайсың. Тіпті дәмді асты пісіруді де үйретер едім. Болашақ жарым олақтау болса, көмектесу үшін ресторанда жұмыс істеп, аспаздықты да меңгеріп қойып едім, – дегенде қыз тағы іркілмей жауап берген. – Оныңыз құптарлық екен. Тігіншілік пен кесте тігуді де үйреніп, бірақ келгеніңізде дұрыс болатын еді. – Қыз осыны айтып, тағы да мұны тақырға отырғызып кеткеннен бері көптен көре алмай жүрген. Одан бері қызметі де өзгерді. Әсіресе қызыл ала фуражка кимегенімен, солардың ортасында жүр. Бастығы уағдада тұрса, өзін де бірер айдан кейін милиция қатарына қабылдамақшы. Бүгін бастығына кіріп: «Тастақта тұратын әпкемде бір құжаттарым бар еді, сіздің түскі асыңызға дейін соны әкеле қояйыншы» деп, рұқсат сұрап шыққан. Жолы болғанда, аққу мойын қос арғымақ апа-жездесінің үйінің алдына лекітіп кеп тоқтай қалғанда, құдалыққа келгендей бұл да қақырынып-жөткірініп, аса бір маңғаздықпен ырғатыла кәшәуадан түсе бергені сол еді, бұрынғыдай емес жымия күліп, сары қыз шыққан. – Қалай, қалқашым, есен жүрсің бе? Байқаған шығарсың, үйіңе құда түсе келіп тұрғанымды. – Затым болмаса да атыма қарап қыз береді дегенсіз ғой. Мынау арғымақтарды біреуден жалдап алдыңыз ба, әлде сұрап алдыңыз ба? – Қалқам, бізбен байқап қалжыңдаспасаң, бұдан былай қалалық милиция қызметкерімен сөйлестім деп есептегейсіз. Қыз: – «Талапты ерге нұр жауар» деген, милиция қызметкері болдым дегеніңізден қорқып қалсам да, талабыңызға қарап сүйсіндім. Әлі де талаптанудан тана көрмеңіз. Талаптана берсеңіз бір күні қала бастығы да болып қаларсыз, – деп, мұның сөзін тыңдамай-ақ жатағандау үйінің ішіне сүңгіп кеткен. Дегенмен, жігіт апа-жездесінің үйінен көңілді оралды. Қалай екенін өзі де білмейді, шикіл сары дегені – көрген сайын ақ сарының әдемісіне айналып бара жатқандай, үкі көз дегені – жанары ашық қой көз екен, «үфі» десе ұшып кетер деген тыриған, ет-жеңсіз қыз нағыз қыпша белді ару сияқты, «ішімдегіні тап» дейтін нағыз тымырайған тұйық боларсың дегені – ебін тауып, дөп басып айтар есті ділмәр сияқты. Жалпы зейінді бастан ғана зиялы сөз еспек. Әзілі де әрлі, әңгімесі де нәрлі көрініп жүргені рас еді. «Жо-жоқ, мені әзәзіл азғырып жүрген болар, әйтпесе шипая сары жә деген жігіттің сұлтанына, оның үстіне күні ертеңгі сарыала киім киініп, сарыала қару асынып шығар милиция қызметкеріне таңсық болар ма! Мен ұнатар күлім көз осы Алматының бір түкпірінде өзіммен кездесер сәтті сағатты асыға тосып жүргені сөзсіз» деп, ол сары қызға жұмсарып келе

жатқан көңілдің күйін қайта қатайтып қоятын. Бүгін соны қатайтқысы да келмей, келсе де қатайта алмай келе жатқаны да рас... Арада тағы бір алты ай өткенде, жігітіміз өзі армандаған милиция қызметкері атанып, сап-сары ала киініп, сап-сары ала қару асынып та үлгірген. «Әй, мені қабылдамас» деген жұмысының сонша сәті тез түскеніне өзі де аң-таң. Ол ғана емес, жалғыз шешесін мәз-мейрам ғып, баяғы сары қызды өз босағасынан аттатқан. Қалай болғанын өзі де білмейді, соңғы кездері жездесінің, жездесінің емес-ау, оның көршісінің үйін жиі көргісі келе берген. Сонан соң түтін үзбей бара берген, бара берген. Сөйтсе жазған бала о баста жас жігіттің парызы ғой деп, немкетті қалжыңдап жүрген қызды көрмесе тұра алмайтын болып қалыпты ғой. Қыз пәлекет те кейін бір үйдің тұрғыны, бір отбасының иелері болған соң шынын айтты ғой, жақсы көріп жүрсе де, сездірмей-ақ бағыпты. Кейде жездесінің есігінің алдында отын жарған болып ұзағырақ жүріп қалатын жігітті қанша көргісі, қанша онымен сөйлескісі келсе де, өзін-өзі тұсағандай боп, дәліздің жапсарынан ғана қараумен шектеледі екен. Кім білген, сол кездің жастарында сондай да бір қызық мінез болыпты. Оны айтасыз, бұған ешкім нанбаса да айтайын, сары қыз жігіттің үйіне келін боп түскенше өзі жақсы көріп жүрген адамына бетінің ұшынан да сүйгізбепті...Бар жасаған жақсылығы қатар тұра қалған кезде қолының сыртынан ғана сипатады екен. Оның өзінде кейінгі бір-екі айдың мезетінде ғана. Екеуінің алғашқы тіл табысып, ұғысуы да қызық. Қайсыбір қызжігіттер сияқты театр, кино театрына, би алаңдарына да бармапты. Тіпті көз байланған шақта Алматының қалың бағын аралап, ағашқа сүйеніп, құмарлары қанғанша сырласып та көрмепті. Әйтеуір, есік алдында бір-бір ауыз тілге келгеніне мәз, балаң жігіт қаға берісте қалтарыс жаққа оңаша кездесуге шақырса да, сары қыз ибамен жауап беріп, бейуақытта бейтаныспен қыдырып кетер болса, әке-шешесін ренжітіп алатынын айтады екен. «Ағайынның ішінде осы біздің балдыздай бір бауырмалы жоқ. Тіпті күн құрғатпай келетінін қайтерсің! – деп жездесі мұның әпкесіне әзіл айтады екен. Сонан соң тағы да: – Әлде осы көршінің қызына қырындап жүр ме? Олай болса, «Екі жасты қосқанның сауабы бар» демекші, осы екеуін бір-бірімен жалғастырып жіберсек қайтер еді» деп жымың қағатын. Ақыры сол, жезденің дегені болып, бұл оның құда болып баруына келісім берген. Оған дейін сары қызға: – Ертең үйіңе біздің кісілер саған құда түсе келеді. Бірі осы қалалық милицияның бастығы, яғни менің бастығым, бірі – мына жездем. Қалай, қарсы емессің бе? – деген. Сонда қыз еш бүкпесіз, әзіл-қалжыңсыз жауап берген. – Әке-шешем қарсылық білдірмесе, мен сіздің басыңызды кемсітпеймін. Егерсіз маған адал жар боламын десеңіз мен сізге сенімді серік боларыма кәмілмін.

Беті осылайша сертке бергісіз қарапайым уәдемен ашылған сөз содан ширап, ақыры бір айдан соң қыз ұзату, келін түсіру тойлары жасалып тынған. Уақыт шіркін милиция бастығының қос ақбозынан да жүйрік екен. Зымырап бір тоқтасайшы кәні. Сері-саумал бозбала дәуреннің әркімге көз сүздірер сәркілдек кезеңі де келмеске кеткеннен бері біраз жылдар өте шығыпты. Шипая сары қыз бұлықсыған ақсары келіншек болды. Екеуінің жұптық ғұмыр кешіп жатқан жылдары, бекер обалы қане, айрандай ұйыған тату-тәтті сыйластықпен өтіп келеді екен. Осы сарыны кездестірген тағдырына жігіт күні бүгінге дейін мың алғысын айтар еді. Бір кезде өзінше мұны менсінбей, әйтеуір, жігіттіктің парызы ретінде немкетті деп қалжыңдағанына, тіпті кейіндеу қыз беті бері қараса, өз жөніне кете бермек болған балалық, әлде шалалық жаман есебін ойлағанда әлі күнге дейін күлкісі келеді. Өмірден жар таңдау, болашақ қосағыңды тап басып, тауып алу деген жігіт басынан өтпей қоймас дүниені бұл өзінше түсінетін ғой. Мұның ойынша, «Мың бір түн» ертегілеріндегідей қыз бен жігіт ойда жоқта кездесіп қалуға, сонан кейін бір-бірінен көз ала алмай естен танудың аз-ақ алдындағы бір сұмдық күй кешуге тиіс. Себебі, бұл ғашық болар қыз өзі көріп жүрген бойжеткен атаулыдан жаратылысы бөлек болмақ. Ай десе – аузы, Күн десе – көзі болмақ. Үлбіреген ерін, қалам қас, қыпша бел нағыз хордың қызы... «Жүсіпжан» деген жалғыз ауыз сөзінің өзі әнге бергісіз, қолқаны суырардай сыңғырлап тұрмақ... Әрине, қызға қызығып жүрген жігіттермен кездесер қиындықтар болмай тұрмайды. Атысшабыс болмағанмен, дәмелілердің талай-талай тайталасын көрмек. Бұлар сол қиындықтарды түгел жеңіп барып, мұратына жетуге тиіс. Шынтуайттап келгенде, бұл ойлағандай барша жігіт атаулы тек қана Ай мен Күндей сұлуларға ғана үйленер болса, онда қара торылар мен шипая сарыларға кімдер үйленбек? Бұл жерге келгенде жігітіміз: «Әдемі бозбала әрлі қызға, сиықсызы кез келген кездескен қызға үйленсін, тең теңімен деген де сол емес пе?» деп өзінше пайым жасайтын. Уақытты соншама жүйрік дейтіні, бұлар әлі басымыз жас, көрер қызығымыз алдымызда деп жүргенде, жылдар өте беріпті, егер бола қалса тұңғыштарының мектепке баратын уақыт жеткен екен. Тек жігіттің анасы жазған іштей күрсініп, іштей қиналатын. Соңынан қара ермеген жалғыз ұлдың әлі күнге дейін ұрпақсыз жүруі жанын жегідей жейтін. Мүмкін, келіншегі де ойланатын, қиналатын болар, бірақ іште бұғып жатқан шерін сыртқа шығарып, сездіріп көрген емес. Өз басы бәрін де ертеңгі күнге үміт қып артудан танбаған. Ошақтарының басынан сәби үні естілмесе де, өздерін бақытсызбыз деп еш айта алмас, бұларды тосқан ауыр күн алда екен. Жігіт жұртпен бірге елге тосын тиген жаумен шайқасуға аттанды. Артында: «Тым болмаса өзіңнің көзіңдей болып қасымда құлдыраңдаған бір құлыншағың, сені сағынғанда иіскеп, мауқымды басып, ермек етер бір тұяғың да қалмады-ау» деп, аңыраған анасы, «Жолыңа мені құрбан ғып шала кет, болмаса жанторсық қып ала кет» деп, еңіреген жары қалды. Ана да, жары да – бәрі

де қалды. Азамат атқа мінер күн туғанда бұл да өзі сұранып, майданға аттанған... Милиционер ретінде бірер жылға берген броньды қалқан ғып қалуды ар көрген... Е, айта берсе әркімнің өмірі оқып тауыса алмастай ұлы шығарма сияқты екен. Қайсыбірін айтады. Мұның білетіні, қарша жауған оқтың астында жүрсе де су ішерлігі таусылмаған адамға от та, оқ та өтпейді екен. Төрт жылдан астам қан майданнан қара тырнағына дақ түсірмей аман шыққан. Тіпті елге алғаш келгенде көлденең көз: «Мынау баяғыдағы аспаздығын пайдаланып, қалтарыс пен қалқада әскер ботқасын пісірумен күнін өткізіп келген қу ма?» дегенді айта ма деп те намыстанған. Біреулер майданға қанша кірсе, сонша рет жараланып жатады, енді біреулері ғазауат шайқастың шеһиті болып мәңгіге көз жұмып, сүйегі жат жерде қалады. Мұның өзі ойлай беретін көрер қызығы, аузын ашып сүйер ұрпағы сол келер күндердің еншісінде тұрғандай, елге сау-саламат оралған. Жар жалғыз қарсы алды. Анаға бала қазасын естіртіп жатқан заманда көрші-қолаңдар жиналып, балаға ана қазасын естірткен. Тыныштық заманның да қарбалас шаруасы молайған жылдар тағы жалғасып кетті. Әйтеуір, кеш те болса алған азын-аулақ білімі, бойына біткен іскерлік қасиетіне сүйенген жігіт үйреншікті милиция қызметін жалғастырып, иығындағы жұлдыздарын біраз көбейткен. Іскер жігітті басшылық қызметке шақырған мекемелер де көбейген. Қандай қызметте жүрсе де, қайда барса да абыройсыз болған емес. Іскер басшы болып таныла бастаған. Бәрі де өзі ойлағандай болып жатты, жалғыз-ақ мұның алдағы күндерден күткен негізгі үміті жылдар өткен сайын ұстатпас та жеткізбес арманға айналған. Екеуі де шаршап жұмыстарынан келген соң, бұл бейжайлықтан өздерін құтқаратын жалғыз демеу – ұйқыға бас қоятын. Ертеңгі күн, одан арғы күн, тағы солай күндер мен түндер, айлар, жылдар тізбесі жалғаса беретін. Сөйтіп, өмір көктемі де елеусіз ғана өтіп жатқан. Егер де демалыс күндері бұларды жолдас-жоралары қонаққа шақыра қалса, ойнап-күліп қайтудың орнына «балалы үй – базар» дегендей ақаршақар болып отырған үйлерді көргенде көңілдері одан әрі құлазып, тым қоңырайып оралатын. Барған үйлерінің баласын біреулер мақтай бастаса да, бір-бірінен күлшашарларының санын сұраса да, бұған шаншудай қадалып, ушыққан жарасына біреу тұз сеуіп, тырнақ тигізердей қайқаңдай бастар еді. Қалың елдің аузына кім қақпақ болған, біреулері байқамай айтады, біреулері біліп тұрса да білмеген болып әдейі айтады, кейде-кейде ұрпақсыз пақырлар туралы әңгімені төтелей гөйітетіндері де бар. Содан ба, соңғы кездері қонақ шақырып, қонаққа бару дегеннен де қашқақтап, бұйығы тіршілікке ден қоя бастаған. Бір күні келіншегі ағынан жарылып, өз ұсынысын айтқан: – Сенің бағыңды байлап, өміріңнің мәнсіз өтіп бара жатқанына кінәлі мен екенмін. Дәрігерлер оған көзімді жеткізді. Сорлы басым соны ертерек білсемші, мен де өзің сияқты алдағы күндерімнен үміт күтіп жүре беріппін ғой. Жолымның біржола о баста-ақ кесілгенін, жолдасымның тек қана

жалғыздық екенін білсемші. Сенің әлі де басың жерге тиіп тұрған жоқ, балаларыңды өз баламдай көріп, сырттарынан медеу етермін. Бердім рұқсатымды, ұрпағыңды ұзартар өз қамыңды ойла» деген. Осы шешімін естіген бетте өмірлік қосағым деген адамы: «Ал жарайды, онда мен кеттім» деп, бірден өз жөнімен чемоданын көтеріп жүре беретіндей күйеуін құшақтап, ұзақ жылаған. Қандай бір қысталаң заман болмасын ер-азамат көзіне жас алмауға тиіс, өйтсе оның ер-азаматтығы қайсы деп ойлайтын жігіттің де көңілі босасын. Өзінің жастай қауышқан қосағынан ұрпақ көре алмайтындығы үшін емес, «бүтін болсам бір жартым – осы» деген жанның басына түскен ауыртпалыққа жаны ашығандықтан, оны бұл қасіретінен құтқаруға өзінің де қазір шарасыз екенін мойындағандықтан босаған. «Әйтпесе...»

* * * Ол өзінің кіндігінен ұрпақ өнбейді дегенді ойлап та көрмеген. Себебі, рас болса, бес-алты атаның арғы жағынан қосылатын жамағайыны Мұхамбетшенің зайыбы, яғни мұның жамағайын жеңгесі Бәтима шындықты айтса, өз қанынан жаралған ұлы Юсуп қазір сонау Ресейдің бір шаһарында орта мектепті ортайтып қалса керек. Әлде студент, әлде... Қайран ғана қаныңды тасытып, жаныңды жалынға орап жүрген жастық шақ. Қанатын отқа күйдіретін түн көбелегіндей оттан да, судан да қаймықпас сол тұста мұның да өмір шіркіннің жас жігіт үшін ғажайып бір ләззатты сәттерінің буына біраз күн ес-түсінен айрыла балқығаны бар. Өмірінде тұңғыш рет қазақ музыка театрына барып, «Қалқаман–Мамыр» балетін көрген. «балет деген би түрін бір көрейінші» деп, өздігінен бармаған. Бәтима жеңгесі бірде ресторанда аспаз болып жүрген қайнысына: – Әй, Жүсіпжан, кешке дейін қазан жағалағаның да жетер. Кешкілік киноға, театр дегендерге де барып, аспаздықтан да басқа өнердің бар екенін көрсеңші. Бүгін «Қалқаман–Мамыр» балетін қоямыз. Жақсы әуен тыңдап, дем алып қайт, – деп, қолына шақыру билетін ұстатқан. Жеңгесі театрда орта дәрежелі басшылардың бірі болатын. – Мені де би өнеріне үйренсін дейсіз ғой, – деп жеңгесіне әзіл айтқан. – Үйренгенді қойып, биші қыздарды көрген соң олардың біреуіне үйленгің де келіп жүрер. – Шынында жеңге сөзі ақиқатқа айнала жаздасын. Аяқтарының ұшымен жүріп, ұршықша үйірілген жартылай жалаңаш билеген қыздардың өнерлеріне қатты тәнті болғаны рас еді. «Шіркін, мына қыздарды құшқан жігіттерде не арман бар екен» деген бір жымысқы ой иектеп, қанын қыздырсын. Үйге келген соң жеңгесіне әсіресе биші қыздардың қатты ұнағанын жасырмаған. Сол күннен жарты ай өтер-өтпестен Бәтима жеңгесінің туған күніне шақырылсын. Барын киіп, бақанын қолына алып дегендей туған күнге келгенде шақырылған қонақтар негізінен театрдың әнші-биші қыздар екен. – Мына әдемі жігіт Жүсіп деген менің қайным. Өзі бойдақ. Қолынан келмейтіні жоқ. Қазір үлкен бір ресторанның бас аспазының орынбасары.

Так что, бұған тиген қыз өмір бойы дәмді тағам жейтін болады. Жуырда «Қалқаман–Мамырға» алып барып едім, сендердің билеріңді көріп, есінен тана жаздады. Ал енді Жүсіптің ән салғанын естісеңдер өздерің де ғашық болып қаласыңдар, – деп Бәтима сайрап берсін. Мұндай мақтауды бұрын естіп көрмеген жігітіміз қызарақтап, терлеп қоя берсін. – Егер бұл жігіт биші қыздарды ұнатса, онда бірінші кандидат мен болайын. – Ешқандай қылымсуы, қымсынуы жоқ, ерекше бір жарасымды қылықпен жанында отырған сұңғақ бойлы аспан түстес көзі күлім қаққан ақ сары қыз сүйріктей қолын ұсынған. – Балет бишісі Людмила боламын. – Бұл сасқалақтап, қыздың жыпжылы қолын алақанына қонақтатып, отырып қалыпты. Бір кезде ғана есіне енді түскендей: – Мен Жүсіппін, – деген. Жұрттың бәрінің екеуіне қарап қалғанын көрген ол қыз саусақтары емес, қызған темір ұстап отырғандай қолын жұлып алған. Қыз жылы жымиып, мұның жанарына жанарын қадаған. Қолдары ажырасқанымен биші қыздың аяғы жігіттің бұзау тұмсық туфлиін оңай тауып алып, жанастыра отырды. Туфлиден өтіп, аяғына жеткен жылу, жылу емес-ау, ыстық жалын бүкіл тұла-бойын лезде шарпап өтті. Ол аяғын тартып алған жоқ, оған өзінің де ықыласын сездіру үшін қыз аяғын өз туфлиімен «сипағысы» келген. Бірақ оған дәті жетпеген. Отырыста сөздер ағыл-тегіл ағытылды. Бәтиманың жарасымды жар, жақсы ана, жағымды басшы екені жіпке тізілгендей түгел айтылды. Оған арналған әндер шырқалды. Людмиланың өтініші бойынша Жүсіп те «Сұрша қызды» айтқан. Шын-өтірігін кім білген, бәрі де мұның өте дарынды әнші екенін мойындаған. Тіпті, әншілік өнер жолына тәуекел етсе, әлі де кеш еместігін айтқандар да болды. Әсіресе, Люда әннің қатты ұнағанын, әншілік өнерінің ерекше бір жағымды реңкі барын айтып, мұны құттықтаған. Жай ғана құттықтап қойған жоқ, ып-ыстық ернімен бетіне мөр басқандай құшырлана сүйіп алған. Ал енді үзіліс кезіндегі жаппай билеу кезінде мұны біржола меншіктеп алғандай болған қыз жұбын жазбаған. Тек өзімен ғакна билетіп, өзімен ғана әңгіместірген. Аға-жеңгесінен аздап қысылғаны болмаса, жігітіміздің өзі де әтірінің хош исімен танауын, танауын ғана емес, бүкіл тұла-бойын қытықтатып, қауырсындай салмағын сездірмей лыпып тұрған қызбен шыр-көбелек айналу жігітке жұмақтың бағында ұшып жүргендей әсер берген. Кей-кейде екі қолын иығына асып алып, аспан түстес аялы жанарымен наздана қарағанда қарыс сүйемнен де жақын шие ерінге қадала кеткісі келеді. – Сен мені үйіме шығарып саласың! – Қыз өтініш жасаған да, ұсыныс білдірген де жоқ. Бұйрық сияқты айтылса да бұл сөзді жігіт шексіз қуанышпен қарсы алған. Қыпша бел, мінсіз жанар, шие ерін – бәрі де өз еркіне біржола берілердей сезініп: «жақсы-жақсы» дей берген. Мұның «оңашалану сәті тезірек болса екен» деген жымысқы тілегін Люда айтқызбай түсініпті. – Онда қайтайық. Аздап басым ауырып тұрғаны.

Жүсіп аға-жеңгесіне алғысын білдіріп, қоштасып шыққанда есік аузында мұны тосып тұрған қызды көріп, жеңгесі көзін қысқан. – Қармаққа іліндің бе, қайным?! Байқа, Люданың бұғалығына буынып қалып жүрме. Бойдақ келіншек сен сияқты әдемі жігітті оңайшылықпен жібере қоймас.. Екеуі қолтықтасып түнгі Алматының көшесімен аяңдап келе жатқан. Люда әлденені әңгімелейді, бірақ Жүсіптің құлағы керең. Жүрегі тарсылдайды, белгісіз бір күй ештеңе ұқпас меңіреуге айналдырған. Ағаштарды билетіп, дауыл тұрды, іле-шала күн күркіреп, найзағайдың отты сызықтары аспанды тіліп түсті. Сол-ақ екен, кесек-кесек суық тамшылар онсыз да күйіп-жанып келе жатқан қос денені дір-дір қақтырған. Сол-ақ екен, нөсер жаңбыр шелектен ақтарылғандай төге салды. Люданың көзі өткір екен. Көше жиегіндегі тұрған телефонның тар қорабын көре қойып, жігітті жетелеп, сүйрей жөнелген. – Тоңдым, – деп ол жігіт құшағына ықтиярсыз-ақ тығылған. Шиедей ерін жігіт ернін ықтиярсыз-ақ оңай тауып алды. Бұрын мұндай ерен ләззатты сәтті басынан өткізіп көрмеген балаң жігіт еркінен айырылып, есінен танды. Қаны тасып, тамырларын жарып жіберердей, сол тамырларды қуалай жүгірген қанмен бірге мың-сан белгісіз әлде жын, әлде пері шығар жол таппай аласұрады. Ол талықсып тұрды ма, әлде есінен танып тұрды ма – оны білмейді. Телефон қорабының есігін қыз ашқанда жаңбырдың басылғанын білді. Тек көше өзенге айналыпты. Сылдыр-сылдыр. Бірақ айнала да ауа да тап-таза еді. Тек Жүсіп қана өз жүрегін кірлетіп алғандай сезінді. Алайда, әлде бір әзәзіл сезім жаңағы бір ләззатты сәтті ашқарақтана іздейді. – Жеттік, – деді қыз екі қабатты ұзын үйдің бұрышына келгенде. Ол жігітті құшырлана сүйді. – Осы үйде құрбы қызымыз екеуіміз пәтерде тұрамыз. Ол ертең жұмысқа кетеді... Оның үстіне танысқан күні табысу ырымға жаман. Ертең сағат тоғыздарда кел, асыға тосамын. Оныншы пәтер. Ұмытып қалма. Өзім жұмысқа күн сайын түстен кейін барамын. Жігітіміздің сол күнгі түнді қалай өткізгені өзгені қойғанда өзіне де әлі күнге дейін белгісіз. Ұйықтады деуге де келмейтін, ояу жатты деуге де келмейтін, өзіне әлі беймәлім бір әлемнің есігін ашардай, өзі әлі сезініп көрмесе де табиғат па, әлде жаратылыс па мәжбүрлі түрде жетелеп жеткізер әлемнің босағасынан аттарын түйсінген. Өзінен ондай тәуекелшіл ерлік табылмаса да жанын да, тәнін де билеп-төстеп алған сары шашты қызға, иә келіншекке сенген. Жеңгесінің «ол келіншек» деген сөзі рас болса, оның үстіне бүгінгі батыл да еркін іс-қимылына, сөзіне қарағанда жол көріп, жөн білер жан екеніне, жиырмаға жақындаған осы жасына дейін «гүлі ашылмағанды қойып, бүршік жарып көрмеген сарыуыз балаң жігіт аласатумен жатып таңды атырған. Телефон соғып, бастығына қатты ауырып қалғанын айтып, үйден шыққан.

– Балам-ау, бір жерің ауырып қалды ма? – деп жүзіне күдіктене қараған шешесіне де сау екенін айтып, өзінше жал айтқан. Люда үйде киетін халатпен келіп есік ашқан. Танысқандарына бірнеше сағат емес, бірнеше ай болғандай батыл басып келіп,құшағын жайған. Одан әрі қарай не болғанын жігітіміз біле бермейді. Өзі шешінді ме, әлде қыз шешіндірді ме, қазір есінде жоқ. Бар білері әлі жиналмаған қыз төсегіне екеуінің құлап бара жатқандары, сонан соң есінде қалғаны тамырларында ойнақ салған жын-перілер тыншыған кезде өзін тәтті ұйқының кимелегені ғана... Ол бар ерік-жігерін биші қыздың билігіне ұстатып қойғандай жұмыстан сәл қолы босаса-ақ солай қарай жортар еді. Оған Люданың ыстық құшағынан, қылықты еркелігінен артық бұл жарық жалғанда рахат бар дегенге сенбес еді. Арада өткен екі-үш ай екі-үш күндей болмапты. Осынау аз мерзім ішінде Люданың Ленинград қаласындағы хореографиялық училищені бітірген соң жолдамамен Алматыдағы қазақ музыка театрына келгенін де білген. Шешелерінің Томск қаласында тұратынын, жолдаманың шарты бойынша театрда екі жыл істеген соң не осында қалып жұмысын жалғастыра беретінін немесе қалаған қалаға кетуіне ерікті екенін де біліп болған. Бекер обалы қане, бұрын тұрмыс құрғанын, бірақ ол некенің сәтсіз болғанын де жасырмаған. Бір күні Люда мұны бұрынғыдан да көңілді қарсы алған. – Білесің бе, Юсуп, – деген. – Бүгін менің өмірдегі ең бақытты күнім. Жаңа дәрігерден келдім. Біз кішкентайлы боламыз. Мұнда кішкентай Юсуп дейтін азамат бар екен. Жігіт бұл хабарға қуанарын да, ренжірін де білмей дал болған. Біреу төбесінен қос қолдап ұрып қалғандай мелшиіп тұрып қалған. – Немене Юсуп, баламыздың болатыны сені қуандырмай ма? – Қуанамын ғой. Мен, мен мұндай болуы мүмкін екенін білмеппін. Үйленуге шешем, ағайындарым рұқсаттарын ешқашан бермейді ғой. Люданың әдемі бетінен алғаш рет көздің жасы домалап түскенін көрді. Жігіттің мойнына асылып тұрып, өзін тастап кетпеуін, мұны бір көргенненақ жақсы көріп қалғанын айтып еңіреген. Кешегі балдай тәтті күндер удай ащы мұңға айналды. Жасырып керегі не, өзі де оған әбден үйренісіп, жиі көргісі келетін. Махаббат деген осы болар деген ойда болатын. Ол біраз күн ой қамауында жүрген соң ақыры сырын Бәтима жеңгесіне айтқан. – Ол келіншектің көрген бетте сені майлы ішектей айналдырғанынанақ осындай оқиғаға ұшырайтыныңды біліп едім, – деген қашандағы әдетімен жымия сөйлеп. – Дүниенің бар қызығы осы екен деп анаңды да, бәрін де ұмытқансың ғой. Люданы қойшы, тағы бір сен сияқты ашықауызды қармағына іліндірер, бірақ балаңды қайтесің? Тірі жетім ғып, тастап кетпексің бе? Ойланбай басқан қадамың үшін қылша мойныңмен көтересің. Үйленесің де енді.

«Ағайын, жолдас-жораның бойжеткен қыздарына көз салып жүрмін. Келінді өзім таңдап әперемін» деп өз қиялымен тоғайып жүрген анасына Бәтиманың мына сөзінен кейін не дерін білмей дал болған. Ұлты басқа болғанына да көне қоймас. Оның үстіне келіні бұрын есік көрген жан екенін білсе тірідей өлер. Дәл оның осы ойын түсінгендей ағасы Мұхамедше мұны жұмысына іздеп келіп жолыққан. – Шырағым, бір шырғалаңға түскеніңді естідім. Ойланбай жасаған қадамның опық жегізерін саған алдын-ала ескертпеген қателік менен болды. Ал, өзіңнің қандай ойыңның барып жасырмай айтшы, – деген. – Білмеймін, аға, өзімнің де қазір ішкенім – ірің, жегенім – желім. Өзімді қойыңызшы, қиналсам да тәуекел дер едім. Жалғыз менің бетіме қарап отырған шешем байғұс кешіре алмас мұнымды. – Жеңгең де шарананы алдырып тастау жөнінде ақыл берген екен. Люда тік шапшиды дейді. Ана ғой, оны да қалай сөгерсің. «Жүсіп үйленбесе туған еліме кетемін» дейтін көрінеді. Қалай болғанда да өзіңнің бір шешімге келіп, дұрыстап сөйлескенің жөн, – деген ағасы. Сөйлесті де. Екеуінде алғашқы кездескендегідей алаулаған жалын жоқ еді. Алайда, Люда өткендегідей көз жасын бұлаған жоқ. Бәрі де осылай болуға тиісті дүние сияқты сабырлылықпен сөйлескен. – Мен сені кінәламаймын, Юсупчик, – деген бұрынғыдай еркелете сөйлейтін әдетімен. – Сені жан-тәніммен жақсы көріп қалған кінә өзімнен. Мені бір жеңіл жүрісті әйел екен деп ойлап жүргеніңді де білемін. Біздің некеге анаңның да, ағайындарыңның да қарсы болары түсінікті. Ендігі өтінерім мені ешқашан іздеме. Ұмыт. Мәңгілік ұмыт! – Ол көзінің жасын іркіп алып тұрса да жымиып күлген болды. Сөйтті де жігітті дәл алғаш кезіккендегідей құшырлана сүйіп тұрып шығарып салған. Жігіт Люданың бұл сөзіне жете мән бермепті. Алғашқы бір ашу үстіндегі қылығы болар. Қайда кете қояр дейсің деп ойлаған. Онымен хабарласпаған үш-төрт күнді әрең өткізіп, оның үйіне келгенде, орнын сипап қалған. Қуанарын да, ренжірін де білмей отырып қалған... Жылжып жылдар өтті. Сол бір өткен тәтті күндерін сағына жүріп, өз отбасын құрды. Бастапқы сағыныш уақыт жылжыған сайыын жадында көмескі тартқан, тіпті ұмытылған десе де болар... Бір-екі жыл бұрын болса керек, Бәтима жеңгесімен бір кездесіп қалғанда: – Қайным, Ресейдің бір қаласында Юсуп деген жігіттің өсіп келе жатқанын білесің бе? Люданың өтінішін орындап, осы уақытқа дейін сенен жасырып келдім. Ғажабы, сенен айнымайды дейді. Өзі тұрмыс құрыпты. Бәрі де тату-тәтті тұрады екен. – Қай қалада тұрады екен? Тым болмаса сыртынан болса да бір көрсем шіркін, – деп бұл алабұртсын. – Оның енді ешкімге де пайда әкелмейтін әрекет. Іздеймін деп әуре болма, бәрібір оның мекенжайын саған айта алмаймын. Онсыз да уәдемді

жарым-жартылай бұзып алдым. Тағдырдың ісіне көнесің, қайным, – деп әңгімені доғарған. Бұл болса, әлі күнге дейін «тағдырдың ісі» дегенді есіне жиі алып, кейде «Әлі күнге дейін перзент сүйе алмай жүргенім сол бір ағат әрекетімнен, әлде Алланың жазасы ма екен. Әйтпесе, бір кезде болашақ ұрпақтың әкесі бола алары дәлелденді емес пе?» деп те ойлайды. «Жоқ, бұл қиындықтан шығар жол болмауы мүмкін емес, бар одан құтылар мүмкіндік» деп, өзінше бір шешімге бел байлаған... Бірақ ол ойын әзірге ашып-жарып ешкімге айтпауға бекінген. Тек қана ол әйеліне: – Мен сенен ешқашан, ешқайда кетпеймін. Менің бар қызыққуанышым да жалғыз сен ғана. Сен барда жалғызбын деп те, жартымын деп те айта алман. Бұдан былай ондай сөзді айтпайтын да бол, мен ондай сөзді естімейтін де болайын, – деген. Рас, кез келген әйел затының ана болуды армандауы заңдылық болса, кез келген ер адамның да ұрпағын көріп, оны тәрбиелеп жеткізуді аңсауы да дәл сондай өмір қағидасы. Сондықтан біздің жігітіміз де осынау жан жарасын емдер шипаны, одан құтылар жолды іздемеп еді, тек құдай қосқан қосағының бетіне қарап, соған тәубе ғып отырған еді десек, сөз жоқ, жалған айтқан болар едік. Ойланатын да, қиналатын да. Бірақ келіншегі екеуінің ұрпақсыз тірліктеріне қосағының ғана кінәлы екенін ойлап та көрмепті... Ол да өзі таңдап қосылған жарын қанша жақсы керсе де, оны еш пендеге айырбастамасына көзі жетсе де, оның қосағы алдындағы немесе өз ары алдындағы кіршіксіздігі шартты ұғымға айналғаны да рас еді. Майдангерлер елге оралып, жұрт есін жинағанымен, шаруашылықтың кем-кетігі жөнге келіп қалғанымен, көп адамның жанына түскен рухани жарақаттың жазылуы үшін әлі талай-талай жылдар керек болатын. Иә, ол тұс елде жетімдер мен жесірлердің көбейіп тұрған тұсы еді. Жетімдерді балалар үйіне апарып берсе де, тым болмағанда оларға бүтін киім алып берсе де, бір сәтке болса да жетімдерді қуандыруға болатын. Ал тіршіліктің, тіпті табиғи қажеттіліктің қызығын еркін көріп үлгіре де алмай қалған жас жесірлердің көңілін көркейтіп, жүрегін гүлдендіру оңай емес болатын. Оларға өмірлік серік, тіршіліктеріндегі тірек керек еді. Содан да болар, ер азаматтың құны артып, кейбір мосқал майдангерлер де көңілдес тауып, тіпті қайсыбірі төсек жаңғыртып, қутыңдады. Бұл болса адалдыққа серт бергендей бөгде әйелге мойын бұруды ойлаған да емес. Басына бір рет оңдырмай тиген таяқтан сабақ алғандай еді. Ол бәрінен де өзінің қосағын, үкі көз, шипая сарысын жоғары қойған. Жастықтың өрттей лаулаған сәтіндегі қиыс басқан бір қадам деп қана есептеген. Людамен арасындағы болған қарым-қатынастан ол өзін олжасыз санаған жоқ: біріншіден, мен де өмірге ұрпақ әкеле алады екенмін деген ой көңілінде біржола беки түссе, екіншіден, өз кіндігінің бір жалғасының осынау жұмыр жер үстінде жүргеніне тәуба етеді және тірі болса, оны өз есімінің орысша нұсқасын алып жүрген Юсубын түбі іздеп табатынына сенетін...

Таң атпай ерте тұрған ол ойына алған істі орындамақ болып, таксиге отырды да, қаланың кеуде тұсындағы жетім балалар үйіне тартты. Балалар үйінің меңгерушісіне сәлемдесіп үлгірмей-ақ, әлдекім қуып келе жатқандай асығып-аптығып: – Маған бала керек, маған қайсысы бұйырып тұрса да, оның әкесін де, шешесін де жоқтатпаймыз. Көмектессеңіз екен! – деп бастырмалата жөнелді. «Жоқ, біз кім көрінгенге жетелетіп жіберетін баламыз жоқ» деп, мұның бетін қайтарып тастайтындай, тым асығыс сөйлеген. – Азамат, сабыр сақтаңыз! Біз қой мен қозы саудасында отырған жоқпыз ғой. Сондықтан асықпай жай-жапсарыңызды түгел айтыңыз. Әрине, бұл өткен соғыс талай сәбиді әке-шешесінен айырды. Бірақ ана құшағы мен әке ықыласын алмастыра алмаса да, балалар үйі оларды бағып-қағып отыр, егер шынында сіздер бұлардың біреуін өз балаңыздай етіп, бауырыңызға басатыныңызға біздің көзімізді жеткізсеңіздер, қарсы емеспіз, – деген балалар үйінің меңгерушісі. Бұл келіншегі екеуінің қай жылдары үйленгендерін, содан бергі өмір жолдары жайлы және әлі де болса, балалы болармыз ба деген үміттерін әйеліне дәрігерлердің соңғы айтқан шешімінің мүлде үзгенін түгел айтып берген. Баланы бауырына салып алу үшін әлі де біраз мекемелерге барып, келісімдерін алу керек екен. Таусылмас көп қағаздарды толтыру керек екен. Мұны ең бір қинаған шаруа: баланы асырап алғылары келетін өтінішке ерлізайыптылардың екеуі де қол қоюлары керек екен. Оның «Әйеліме ойдажоқта қуаныш сыйлағым келеді» деген уәжін Заңның бабы көтермейді екен. Содан амалсыздан үйіне барып, әйеліне: «Мынау үйді сақтандырудың қағазы еді» деп, жалған айтып, қол қойдырып алды. Шағиының білмей қойған қолы үшін өкінбесіне сенген. Ол сол күні-ақ шаруаның бәрін түгендеп болған соң жеделдете басып, балалар үйіне қайтадан келген. – Қай жастағыны қалар едіңіз? – дейді меңгеруші. – Бұл көптен көкейде жүрген ниетіміз болса да, осы жерін ойланбаппын. Дегенмен, неғұрлым жасырақ болғаны жақсы ғой. Ертең атааналық парызымыз бар деу үшін оның сәби кезінен бастап, қиындығы мен қызығын бірдей көріп, асырауымыз керек. Оның үстіне, күні ертең оны біздің асырап алғанымызды шын әке-шешелерінің білмеуі үшін де жасырақ, болғаны жақсы. – Ол сәл ойланып тұрып, тағы да өтініш айтты. – Мүмкіндігі болса, кейінірек әке-шешесінің табылуы мүмкін-ау дегендерін маған көрсетпей-ақ қойсаңыздар екен. Маған түбегейлі бала болатыны ғана керек. Бұған балалар үйіне он шақты күн ғана бұрын түскен бір сәбиді алып келді. – Ең жас азаматымыз осы. Әлі қырқынан да шыққан жоқ. Анасы осы тұңғыш баласына босану үстінде көз жұмыпты марқұм. Әкесі баланы алудан мүлде бас тартыпты, – деген сөзді естісімен жігіт өз күдігін айтқан:

– Ертең бала ер жеткен соң, әкесі келіп, «мұның заңды әкесі менмін» деп таласып жүрмес пе екен? – Жоқ, ол іздей қоятын адам көрінбейді. Оның үстіне, баланы кімге бергенімізді оған айтпаймыз. Ол жөнінде бізге қалдырған қолхаты да бар. Жігіт әлі бөтен кісіні жатырқауды да білмейтін бейкүнә сәби жүзіне қараған. Өзінің болашақ тағдырының дәл қазіргі сәтте шешілгелі жатқанында ешқандай жұмысы жоқ, кіп-кішкентай танауы пысылдап, мынау жарық дүниенің тәтті ауасымен тыныстап жатыр. Ол қазір өзін дүниеге әкелген анасы осының тіршілігінің өтеуі ғып өз өмірін бергенінен де, қу соғыстан мүгедек болып оралған әкенің жарынан айырылған соң, жас баладан біржолата бас тартқанынан да бейхабар. Бұлтиған құйтақандай қарны тойып, жаялығы құрғақ болса, сонан кейін малы түгел, жаны аман мырзадай ұйқыны соқса болғаны. Сәби ойлай алмайды, демек онда уайымқайғы да, қуаныш-сүйініш те жоқ. Сондықтан да ол – сәби. Сәби тағдыры тек қана үлкендердің қолында. Ол ертең байсалды, ақылды болып өсе ме, әлде ұшқалақ-ұрыншақ, мағынасыз күн кешер жатыпішер жалқау болып тіршілік ете ме, ол да көбіне үлкендерге байланысты. «Мен сені өмір өрісінің бел ортасында жүретін азамат етіп жеткізе аламын ба? Жалпы жаратылысыңнан қандай жан екенсің сен, адамзаттың құйтақандай баласы?» Жігіт сәби жүзіне қарап, толқып тұрды. «Бұдан да әдемісі, мынау көп баланың ішінде бұдан да жақсы азамат болып өсетін жаратылысынан ақылдырақ біреулері де бар-ау. Дөп басып, дәл таңдап алар ма еді, шіркін!» деген бір пендешілік ойдың кимелегені рас еді. Бірақ сол кезде тәтті ұйқы құшағында жатқан бейкүнә сәби шалықтап, езу тартты. Жігіт ұрлығының үстінде ұсталған баладай қысылсын. Мынау сәби мұның жаңағы бір кимелеген пендешілік ойын мазақ етіп күлгендей. «Ә, енді таңдауға кірістің бе? Адамзат баласы – базардан таңдап алар семіз қой, сәйгүлік жылқы емес. Пенде ұрпағын таңдап туғызушы ма еді?! Мені нағыз ұрпағым деп танысаң – таңдама! Мен – маңдайыңа біткен тағдырыңмын. Жақсы болып өссем – бағың болармын, жаман болып өссем – талайыңнан табарсың. Толғанба да ойланба?!» Ол сәби үні болып естілген өз жүрегінің шешімін естіді. Сол-ақ екен «Әлі де біреулерін көрер ме еді, шіркін!» деген жаңағы ойын қолмақол ұмытып, құндақтаулы балаға қолын соза берді. «Құйтақандайым, менің!» деді ол күбірлеп. Бүкіл жансарайы қосыла, қостай күмбірлеп кеткендей. «Сен біздің туған баламыз боласың, ешкімнен кем, ешкімнен қор етпей жеткізермін мен сені!» Ол қолына алып тұрған бұл сәбидің аты-жөндері мәлімсіз әлде біреулердің ұрпағы екенін біле тұра, «осылай етіп бір көрейін» деп ойламайақ, еңкейіп келіп, ұйқыдағы «жігіттің» бір жапырақ бетінен иіскеген. Тек жас нәрестенің өзіне ғана тән ірімшік аңқыған, соншама жанға жағымды иісі тұла бойын балқытты. Өзі әке болып исін де сезбеген, қолына алып та көрмеген Юсубын ойлады... «Мейлі өзім көрмеген одан сен жақын боларсың маған. Оны енді ұмытуға тиістімін!». Ол сол сәттен бастап,

тұңғыш рет әке сезімін түйсінгендей. Егер осы кезде мына отырғандардың бірі: «Қане, бұдан әдемірек біреуі бар еді, ауыстырып берейінші» десе, жооқ, дәл осыдан сәбиден айырылмас еді. Ол баланың тууы туралы куәлігін алып, сол күні-ақ оны өзгерттіріп, қайта толтыртты. Онда бұрынғысынан өзгеріссіз қалғаны туған уақыты мен жері ғана. Өзіме серік болсын деп есімін Серік қойған жігіттің «шешесі» деген тұсқа «Шағи» деп, «әкесі» деген жеріне «Жүсіп» деп, ал толық атыжөнін «Серік Жүсіпұлы Тәңірбердиев» деп өзгерттіріп, балалар үйіне қайтадан келген. – Ал, қадірлі достарым, бүгін менің үйіме келіп, мынау сәбиіміздің шілдеханасында боласыздар. Жалғыз өтінішім, бұның бұрынғы есімі мен әкесінің есімі қандай еді, ол жөнінде үйге барғанда шешесіне де еш нәрсе айтпаңыздар. Ол енді сәл кідірсе, балалар үйінің қызметкерлерінің бірі: «Жоқ, бұл баланы беруге болмайды екен!» деп қалардай ұлын қойнына тығып, бауырына басқан күйі сыртқа шыға берген. Екі кештің арасында құндақтаулы баланы құшақтаған күйеуі кіріп келгенде келіншегінің ойында ештеңе жоқ болатын. Ол тіпті мынау ораудың ішінде жас бала жатыр деп еш ойламаған. – Шешесі-ей, мына баланың жаялығын ауыстыршы, сулап тастады-ау деймін тентек неме! «Үйімізге жеткенше шыдай тұр» деп едім, тіл алды ма бұл бұзық... – Күйеуі есік алдына серуенге жаңа ғана алып шыққан баласын қайтадан үйге кіргізген кісідей тым жайбарақат сөйлейді. – Құдай-ау, сен не айтып тұрсың, андағы көлденең көтеріп алғаның немене? Сол кезде «Әкемнің көтеріп келгені мен ғой» дегендей ораудың ішіндегі сәбидің қыңқылдағанын естіді. Әлі де есін жия алмай тұрған әйел сол кезде жүгіріп келіп, күйеуінің қолындағы баланы алған. – Ал, ұлыңның бауы берік болсын, бәйбіше! – деді күйеуі әйелін қапсыра құшақтап. – Екеуімізді асырап, мұратымызға жеткізер азаматымыз осы. Әйелдің аялы қой көзін мөп-мөлдір жас кіреукеледі. – Қайдан, қайдан ғана әкелдің, айтсайшы, шынымен біздің баламыз ба бұл? – Біздің баламыз, ешкімнің таласы да, ортақтығы да жоқ, өз баламыз! Әкесі – менмін, шешесі – сенсің. Осыдан жиырма шақты күн ғана бұрын босанғаныңды ұмыттың ба? Перзентханаға қалдырып кетіпсің. Далаға қалдырар балам жоқ. Бардым да алып келдім. Әйел бұл сөзге сенер-сенбесін білмеген қалпы, есінен танған адамдай сілейіп тұрды да қалды. Әлде ең бір ауыр үкім естіген айыпкердей, әлде шексіз бақыт ойламаған жерден басына қонған жандай өңі қашып кетіпті. – Оу, бәйбіше, саған не болды, әлі сенбей тұрсың ба? Сенбесең, міне балаңның куәлігі. Ол төс қалтасынан бір жапырақ қағазды алып, әйеліне ұсынды.

– Алдымен балаңның есімін оқы, сонан соң шешесі мен әкесінің кім екенін, тегін – бәр-бәрін оқып шық. Әйел куәліктен... «Шешесі – Шағи, әкесі – Жүсіп...» деген жолдарды оқыған соң буынынан әл кеткендей кереуетке жығыла берген. – Тәуба, құдай! Шын ба, өтірік пе?! – дейді сандырақтаған кісіше. – Шешесі-ау, немене, өз балаңды танымай қалдың ба? Бұл тентек «шешеме тез жеткізсеңші» деп, мені тығырлатып келді. Осыны екеуіміз тым ерке ғып жібердік-ау өзі, – дейді отағасы сол жайбарақат қалпы. Сонан соң ғана әйел құндақтаулы баланы ебедейсіз қимылмен бауырына қысқан. – Ал, бәйбіше, қуанышың ұзағынан болсын! – Сол кезде әйел жанарын кіреукелеп, іркілдеп тұрған жас үзіліп кетті. Дірілдеген ернімен нәрестенің бетінен өбіп, алқымынан аймалады. Бұрын-соңды өзі біліп көрмеген бір рақат күй кешіп, бұрын-соңды сезініп көрмеген бір жан тебіренісін түйсінді. Бүкіл жан-дүниесін лықсыған жалын шарпып өткендей. Алпыс екі тамыры түгел балқып, иіп бара жатқандай. Ол жалма-жан баланы кереуеттің үстіне жатқызды да, жақында ғана тойға, жиынға барғанда киермін деп тіктірген көгілдір жібек көйлегін дардар айырып, сәбидің жаялығын құрғақтады. Күйеуі болса «Өй, басқа ескілеу көйлектерің де бар емес пе еді» деген жоқ. Жымия қарап, ең бақытты әкенің күйін кешіп отырды. Сөйткенше қасында дәрігері, тағы бір күтуші әйелі бар балалар үйінің меңгерушісі де келіп кіре берген. Қолдарында бір шоқ гүлдері бар. «Бұлар неғып тез келіп қалды?» дегендей үрейлене қараған үй иелерінің көңілдерін сабасына түсірейін дегендей меңгеруші күле сөйледі. – Ал, шешесі мен әкесі, кішкентайларыңыздың бауы берік болсын! Іздеріңізден қуа біз де құттықтай келіп қалдық. Мінеки, гүліміз! Үй иесі бағана бұларды шілдеханаға өзі шақырса да, дәл бұлай ілешала қуа келер деп ойламаған. Бірақ меңгерушінің «құттықтай келдік» деген жалғыз сөзі мен бір шоқ гүлі жүрегін орнына түсіргендей. – Әкесі, сіз ойлағандай біз баланы кім көрінгенге беріп жібере алмаймыз. Сіздер алғашқы уақытта оны қалай бағып, қалай асырайсыздар? Тіпті немен тамақтандырасыздар? Одан әлі хабарларыңыз жоқ қой. Әй, әкесі-ай, бала көңілдегідей ержету үшін оны жақсы көру аз, оны жақсы күтіп, дұрыс тамақтандыра да білу керек. Бағана сіз ол жайларды анықтап сұрап алмай, асығыс-үсігіс тартып кеттіңіз, – дейді дәрігер келіншек. Олар баланың екі күндік тамағын, бірнеше жаялығын және жас балаға арнайы әзірленетін сүт тағамдарын нәрестелерге берілетін ас түрлерін арнайы даярлайтын асүйден бір жыл бойы тегін алуға болатын рұқсат қағаздарын ала келіпті. Олар асығыс екендерін айтып, дәм ауыз тиген соң дәрігердің жиі келіп тұратынын айтып кетіп қалды. Шілдехана тойы бірнеше күнге созылды. Екеуі барларын аямай, көңіл жетер ағайынның бәрін шақырған. Ол кездерде ас та төк дастарқан жасауға

мүмкіндік болмаса да, базарға барып, жиған-тергендеріне бір қой сатып алып, тілеулес ағайынның аузына тосқан. Әйелі де құшағына нәрестесін қысқалы бері қайта түлегендей жүзі бал-бұл жанып, құлпырып кетіп еді. Ұлы кеудесін алғаш иіскелеген кезде ерекше бір күйге түскен. Сәби тәмпиген танауымен үйкеп, оймақтай ернімен аймалағанда, ғұмыры бала аузы тиіп көрмеген кеудесінің қытығы келмей, қайта бүткіл қолқа-жүрегі майдай еріп бара жатқандай еді. Тағы аймаласа екен, тағы да түймедей мұрнымен үйкелесе екен дегендей ол көзін жұмған. Әйел жүзінде жылы жымиыспен бірге ғажайып бір мөлдір шуақ ойнайды. Оның осы кездегі сәтін көрген күйеуі бұл жаһандағы ең көрікті де ең нұрлы әйел менің әйелім деп біржола сенген. Бір жігіттің журналға басылған Джорджоненің «Ұйқыдағы Венерасын» көріп тұрып, ешбір өнер зерттеушілерінің ойына келмеген тың болжам айтқаны бар еді. Ол: «Жігіттер, Венераның жүзіндегі ғажайып сұлулық нұрын суретшінің қалай дәл тапқанын білесіңдер ме? Аяғы ауыр Венераның ішіндегі сәбидің алғаш қозғалған сәті, сондағы ұйқыда жатқан болашақ ананың ұрпақ қуанышын сезген кезіндегі бетіне ойнап шыққан сұлулық нұрын суретші дәл ұстаған» деген еді. Бұл әр көрерменнің өзінше жасаған болжамы болар, бірақ кеудесін тұңғыш рет және зарығып барып сәбиге аймалатқан әйел жүзінің де еш суретші ұстай алмайтын ғажайып нұрға малынатынын бұл да өмірінде алғаш рет көрген. Үш-төрт күннен соң-ақ әйел кеудесі бойжетіп келе жатқан қыздай қайта толықсып, өмір нәрін ұрпаққа ұсынар барша тамырлар бүлк-бүлк соққан. Бірақ ол өз бойындағы осынау ғажайып құбылысты күйеуіне, күніне бір дүркін келіп жүрген балалар үйінің дәрігеріне де айта алмаған. Айта алмағанмен, тырсия толып үлгірген қос анар баласы кеудесін аймалаған сайын сыздап, шыдатпаған соң өз кеудесін өзі ептеп қысып көрген. Сол-ақ екен, нәр жолы ашылып, алғашқы уыз сүт сыздықтай сорғалап тізесіне тамған. Бұл кезде жұмыс уақыты бітер-бітпесте үйіне қарай ұмтылатын күйеуі есікті шалқайта ашып, «Серікжаным қайдалап?» бөлмеге кіргенде әйелі ұлын кеудесіне көлденең қыса ұстап, емізіп отырған еді. Жігіт табиғаттың құдіретіне таң-тамаша қалған. Тіпті содан кейін бұлардың екеуі де осынау нәресте біздің өзімізден туған бала емес дегенге де сене қоймаған. Кіндігімізден жаралап, ішімізден шықпады дегенді ойлай да алмаған. Ананың ақ сүтін еміп, әкенің шексіз мейірімін көрген сәбиді қалай ғана тумаған дей алар? Енді сөйлесуге сөз таптырмай, жұбайлар арасына салқындық лебін әкеле бастаған уақыт ызғары да сол құйттай ұлдың іңгәсімен жым-жылас жоғалған еді. Алғаш үйленген жылдарындағыдай бір-бірімен үлкен ықылас, бұл жаста бола бермес ынтықтықпен қайта табысқандай. Бірі – адал зайыбым, бірі – ақ жүрек жұбайым деп қана емес, бірін-бірі ұлымның әкесі немесе ұлымның анасы деп те қадірлеп, қастерлерін арттырғандай...

Ұлдың іңгәлаған үні, сонан кейінгі бал-бұл тілі, әбден қарақұлақтанып, ес тоқтатқанға дейінгі шолжаң еркелік қызығы – екеуіне таусылмас қазына көрінген. Қара сөмкесіне тілерсегін соқтырып, мектепке бара жатқаны қандай еді. Екеуінің қаршадай ұлдың екі жағынан шығып алып: «Беске бесті қосқанда қанша болады?» деп оқытатын кездері ше?! Сөйткен ұл білім көшінің алдына шыққан жүрдегі, соңында қалған шаңдыаяғы болмаса да, ұялмастай ғана жетістікпен жүріп, онжылдықтың шетіне шығыпты. Ол сол дәуренге жеткенше бір кездегі қара бұйра шашы бар жігіттің сұллтанымын дейтін әкесін ақ сақалды, сары тісті егделікке, бір кездегі ағы ақ, қызылы қызыл көрінер, бұлықсыған шешесін толықсыған, тоқтаған отанасына айналдырыпты. Жебеуші уақыт жасты бойжеткізіп, ержеткізіп, бойжеткені мен ержеткенін жасамысқа жеткізіп жүргенде, жемір уақыт жасамысын жасытып, еңкейтіп кетеді екен.

* * * Жол ортадан асқанда кіндігін ұзартып, әке болған біздің Жүкең, яғни Жүсіп ақсақал екені, ал жер ортасына жетіп, енді үмітім үзілді деген тұста тас емшегін жібітіп, ана атанған, атанып қана қоймай аналық тауқыметін кешіп, қалған өмірінің бар қызығын сол жалғызға бағыштаған кісінің Жүкеңнің бәйбішесі Шағи шешей екенін сезіп те отырған боларсыз, қадірлі оқырман. Екеуінің бар тірегіміз, бар қуанышымыз дейтін жалғыз ұлдары, біз әлі түр-түсін көріп үлгірмеген, өздері есімін ғана ауыздарынан тастамайтын Серік еді. Үйіміздің төбесі биік, ауасы кең болғанымен, қыстың күндері жылыту оңайға түспейді екен. Даңғарадай бірнеше бөлмені бірінші қабаттағы жалғыз газ пеші жылытуға тиіс. Күнара жеткізілетін газ баллоны да шақ келмейді. О баста жылу жүйесі қате салынған ба, әлде бөлмелерге жылу жүретін су құбырларында бір кінәрат бар ма, әйтеуір, отты үзбей жақсақ та, үйдің ішінде арқа-жарқа болып, бір шешініп жүре алмайсың. Бұрыш-бұрыштары көгаязданып, үнемі дым тартып тұрғаны. – Бізді қойшы, үлкен адамдармыз ғой, шыдармыз. Мына Мұратымызды тоңдырып алмайық. Газды аямай жағыңдар, – дейді Жүкең үйінің суық болғанына өзін айыпты санағандай. Бірақ біз отты қанша жаққанмен, қыс ортасынан ауа ұлымызды ауыртып алдық. Екі өкпесінен бірдей суық тиген деп тапты дәрігер. Шешесі екеуі ауруханаға түскен соң, Жүкең оқыс шешімге келген. Ауланың ішінде өздері бұрын осы үйді салар алдында уақытша баспана ретінде пайдаланған қазір «жаздық ас үй» деп аталатын ұядай ғана екі бөлмелі баспана тұратын. – Әй, шошқа, төртеуіміз төрт жағынан шығып жүрсек те, ортамыздағы бір баланы күте алмадық. Енді жаз шыққанша сол үйді паналай тұрыңдар. Жазды құдай қолға бір берсе, мына үлкен үйдің жылыту жүйесін, көмірмен жанатын пешті, бәрін де қайта салдырамын, – дейді Жүкең.

Ертеңінде-ақ біздің кішкентай үйіміз әктеліп, пеші, плитасы қайта оңдалып даяр болды. От жағып, әбден жылытылып, аяз сорған қабырғаалары саңғырап кеткен соң келіп кіріп алдым. Кешкі тамағымыздың үстінде шешеміз қуаныш айтты: – Келінге сорпа жасап апарып едім, Мұратжанның ыстығы қайтыпты. Енді бір аптада шығарып та қалар. – Енді ауыртып алсаңдар бар ғой, шошқалар, екеуіңнің де жондарыңнан таспа тілемін. – Жүкең майшабақ сияқты сұқ саусағын безеді. – Бағана жұмыстан кейін мен де барғанмын. Кішкене үйді жөндеп қойғанымызды естіп, Бағила да қуанып отыр екен, – деп, мен өз алдыма қырын шауып, әңгіме тақырыбын басқа арнаға бұрдым. Шешей де мүлде күтпеген тың әңгіме бастады: – Шал-ау, жұмысыңнан сұранып, әлгі қу жалғыздың жайын біліп келсеңші. Түсімнен шықпайды. Ауырып қалды ма, қайдан білейін. Хатында аман-саумын дегеннен басқа ештеңе айтпайды. Сол баланың бізге айта алмай жүрген бірдеңесі бар-ау деймін осы. – Әй, шешесі-ай, жаман ұлыңның айта алмай жүрген сыры болса, үйленгісі келетін болар. Ержеткен ұлда басқа қандай сыр болушы еді. Онан да көп уайым соға бермей тойға даярлансаңшы. – Жүкең маған қарап, көзін қысып қойды. Мен еш нәрсе сезбегендей ыстық самсаға қол созамын. Сонан соң Жүкең менің жанарыма жанарын қадады. «Осы сен қандай жігітсің?» деп сынап қарағандай. Мен өзімен алғаш кездескенімдегідей еркін сөйлесіп үйреніп қалғанмын. Сол әдетіме салып, әзілдей сөйледім: – Тағы да «шошқадан» басталатын бірдеңе айтқалы отырсыз-ау. Бірақ ол бұрынғыдай күлген жоқ. – Әй, шошқа, әкеңді көрмегелі қанша уақыт болды? – Тұп-тура бір жыл, бір ай болды. – Мен сені тектен-текке «шошқа» деп жүр деп пе едің? Шошқасың! Өзің әке болған соң, әкені қайтесің?! Жарайды, Мұрат туған соң мүмкіндіктерің болмай жатыр делік. Оған дейін айға бата ғып жүрдіңдер ме?! – Жұмыс бар емес пе?! Жазда демалысты алған соң болмаса, жөнжосығы жоқ, қалай кетермін? Менің жай-күйімді біледі, әкем сөге қоймас. – Барып тұру керек. Әкеге ештеңе бөліп бермесең де, бару керек, – деді ол көзімнен көзін айырмаған күйі. – Бару керек, баланың әкеге жасар ең үлкен жақсылығы – әке қадірін білуі ғана. Егер анау Қасымханды «Маскүнем болса да, әкемізді әлдебіреу келіп алып кетіпті» деп ұлдары артынан іздеп келіп жатса, қандай жарасар еді. Оны іздеген жан бола қалса деп аудандық милицияға мекен-жайымды қалдырып кетіп едім. Ешкім келмеді. Мүмкін, Қасекең байғұс бала-шаға алдындағы өз қадір-қасиетін кетіріп те алған шығар. Бәрібір ол да әке ғой. Әке қадірін білмеген ұлды «шошқа» демей не дейсің?! Ол үндемей біраз отырды да, тағы маған «шабуылын» жалғастырды:

– Мүмкін, сен әке қадірін өзің әке болған соң бағаламай жүрген шығарсың?! Ал біздің, Шағи шешелерің екеуіміздің тіршілігін көріп отырсың ғой. Шалғайда жүрген ұлдан хат келмесе де, түн ұйқымызды төрт бөлеміз... Кім біледі, Серікжан жаман бала болып өспеген сияқты. Кемпір екеуіміздің ұлдан тілер бір-ақ өтінішіміз бар. Ертең үйленіп алған соң: «Жұмысымыз солай, ұлықсаттарыңды берсеңдер, бөлек тұрайық деп едік» деп жүрмесе болғаны. Қартайған шағымызда келін жұмсап, немере иіскеп, бірге жүрсек деп қиялдаймыз ғой. Мен біз осы үйге келер алдында ғана Серіктің институтты былтыр бітірген соң жолдамамен Теміртауға жіберілгенін бұрын да білетінмін. – Е, ол Теміртауға барғалы жылға жуық уақыт өтті емес пе, енді бірер жылдан соң осында қызметін ауыстыруына да рұқсат беретін шығар. Қолдарыңызға келіп тұрмағанда, жалғыз ұлдарыңыз қайда барушы еді? Әліақ немерелеріңізге ән салып беріп отырасыз, – деймін мен Жүкеңнің бетіне қарап. Әрине, бұл сөзім екеуіне де майдай жаққандай. Жүкең де, шешей де күдіктері менің пікірімнен соң біржола сейіліп кеткендей, бөгде ойдан серпіліп қалды. Бағила пен Мұрат сауығып, үйге келген күннің ертеңінде Жүкең ағамыз Қасекеңді де таксилетіп алып жетсін. Өзі ет-женсіз адам мүлде терітарамысына ілінгендей болып, жүдеп қалыпты. Қос жанары көзойыққа батып, тереңнен жылтырағанымен, бұрынғыдай мақсатсыз, меңірейе қарамай, қайтадан жан біткендей. Әрнеге мән бере үңілетін болыпты. – Қалай, айналайын, кішкентайларың науқастанып қалыпты деп еді, сауықты ма? – «Апыр-ай, мынау кәдімгі дені сау, салауатты үлкен адамның сауалы ғой», – деген ой келді маған. – Рақмет, аға! Кеше ауруханадан шығып, үйге келді. Өзіңіз де есенсау, сауығып оралдыңыз ба? – деймін мен де. – Айналайын, ең алдымен саған рақмет! Сенің газетке жазған мақалаң менің мынау тәтті өмірге қайта оралуыма себепші болды ғой... Әрине, біреулердің: «Өй, маскүнем, сені біреу газетке жазыпты ғой» дегенін естігенім болмаса, газет түгілі тарихқа жазсаң да, ол кезде бірдеме пайымдауға менің шамам жоқ еді ғой. Ең бастысы, мақаланың мынау Жүсіптің көзіне түскенін айтсайшы... Мұның маған жасаған жақсылығын, сірә, балаларым да жасай алмас... – Сөйтіп, енді «ішімдікті ұрттап алмаймын» деп бұл ағаң сертін беріп отыр. Енді серттен тайса, мен үшін өлген адам, – дейді Жүкең. – Біржолата шошқа болып өледі де қалады. Ағамыз Қасекеңді сорпалап, әлдендіру үшін тайыншадай бір қой сатып әкеліп сойды. Сірә, жолдас-жоралары мен туыстарына оны кезеккезек қонаққа шақыру жөнінде астыртын тапсырма берсе керек. Жүкеңдерді көп жылдан кейін табысқан досымен бірге қонақ етушілер көбейді. Бір ғажабы, екі кісінің басы қосылса болды, орталарында шошайып тұратын шөлмек атаулы ол қонақтықтарда қарасын мүлде батырған. Оның есесіне

кеселерге шұбат, қымыз құйылатын болды. Бұл да, дау жоқ, Жүкеңнің «ерекше тапсырмасы» екені түсінікті еді. – Шіркін, ішімдіксіз қонақ шақыратын қазақы қасиетімізді қайта тапқандай болдық-ау, – десті біреулері. Және бірімен бірі келісіп алғандай әрқайсысы-ақ Қасекеңе шама-шарықтарынша біреулері шапан, біреулері костюм, көйлек-көншек дегендей сый-сияпат беріп жатты. Жүкең: «Сен шошқа да бірге жүресің!» деп қоймаған кей тұстарда мен де ілесіп, бірге барар едім. Оның үстіне, осынау бір Жүкең мен өзімнің ара-қатынасымызды сәл салқындата жаздаған мақаладан соң жуырда газетімізге «Жазылған жайға қайта ораламыз» деген айдармен оның жалғасын жазып, бетімді әбден жылытып алғанмын. Ол мақаланың негізгі кейіпкері, майдангердің қанды көйлек досы Жүкең болатын. Жолдасы үшін кеудесін оққа төсеген майдандасын мына заманда дерттен жаман «жаудың» қолында қалдырмай шын достық парызды ақтай білген Жүкеңнің ерлігі көбірек сөз болған. – Мына бір дүниені оқып көріңізші, – деп, ол кісіге газетті ұсынғанмын. Көзілдірігін киіп алды да, оқып шықты. – Ой, шошқа, солай деші. Мені бір ақ қанатты періште ғып жіберіпсің ғой. Кез келген кісі солай істеуге тиісті ғана бір міндет қой менікі, – деген. – Біріншіден, мұндай істі кез келген адам істей алмайды. Екіншіден, бұл – тәрбиелік мәні зор көпке сабақ. Ал үшіншіден, мен шындықты ғана жаздым, – дегенмін. Дегенмен, мақтағанды кім жек көрсін, газеттің бесалты данасын алдырып, достарына таратқанын білемін. Сондай қонақтықтардың бірінде жиналған жұрт Қасекеңе «Жүкеңе төтелей келе жатқан оқтан сіздің сақтап қалғаныңыз туралы мына ініміздің мақаласынан оқып білдік. Соны өз аузыңыздан айтып беріңізші» деп өтініш жасар еді. – Е, құдай-ай, сержант жолдастың ойдан шығарып жүрген гәбі ғой. Әйтпесе оған атылған оқ маған тиюші ме еді? – деп жалтаратын. Сонда ғана Жүкең сол бір оқиғаның мән-жайын өзінше түсіндірер еді. – Сталинградтың әр көшесі, әр үйі үшін қырқысып жатқан кез, – деп бастар еді әңгімесін сол бір оқиға күні кеше ғана өткендей көз алдына бәрін елестетіп отырып. – Жан бермек оңай ма, фашистер әр үйге, әр үйдің қабатқабатына бекініп алып, беріспей жатқан. Екі көзіміз көшенің арғы бетіндегі үйде болып, баррикадада бекініп жатқанбыз. Жауынгерлерімді шабуылға бастау үшін енді кеудемді көтере бергенім сол еді, әлдебіреу дәл жанымнан атылып кеп мені құшақтай жығылды. Сол сәтте атылған мылтықтың үнін де естімеппін ғой. Қарасам, мені денесімен баса құлаған осы Қасекең екен. «Байқасаңызшы, енді болмаса сізге тие жаздады ғой» дейді жайбарақат. Сөйткенше біздің мергендердің бірі қыр желкемізден үйдің бір терезесінде тұрған жалғыз фрицтің снайперін атып түсірді. Мені қарауылға ілген сол бәтшағар екен. Терезеден шошайып шыға берген мылтықты көзі шалып қалған Қасекең мені құтқарамын деп өз басын қатерге тігіпті. Маған деген оқ бұл батырдың оң иығына келіп қадалған. Содан госпитальда үш ай жатып, қатарымызға қайта қосылған болатын.

– Апыр-ай, жолдас деп, міне, осыны айт. Ғажап екен, – деп еді отырғандар. – Е, мен бұған арналған оқ өзіме тие қойсын дегенім жоқ, тек мылтық атылғанша жатқызып үлгіремін бе деген далбасам ғой, – дейді Қасекең өз ісін ерлік деп баға беруге мүлде көнгісі келмей. Қасекең жарты айдай қала аралап, өмірінде таза киініп алып тұңғыш рет сыйлы қонақ болып жүрген соң ағы ақ, қызылы қызыл боп, қарға аунаған түлкідей мүлде жасарып кеткен. Мүмкін, мол тамаққа емес, жарқын көңілге, адал достың ақ ниетіне тойынған болар. Мүмкін, өзі үшін қадірі кете бастаған тіршілік дейтін тәтті ұғымның парқын дертінен айыққан соң білген шығар. Әйтеуір, ол бұл өмірге қайтадан келген, Жүкең алғаш ертіп әкелген Қасымханнан қазіргі кезде мүлде басқа Қасымхан еді. Ағамыз еңбек демалысын алып, досын еліне алып жөнелді. Жолай Теміртаудағы ұлына да соға келмекші болып аттанған.

* * * Ұядай үйіміздегі жылылықты бірқалыпты ұстауға тырысамын. Отын мол екен деп отты дүрілдетіп көп жағар болсам, үйдің іші ысып, бала терлейді. Тершең балаға суық үйір. Сондықтан отты деміл-деміл аздап қана жағамыз. Егер ысыңқырап бара жатса Мұратты орап, тысқа таза ауаға шығарып, үйдің есік-терезесін ашып, ауасын қоңырсалқындатып аламыз. Бұл да Жүкеңніңақылымен, өзінің жиі бақылауымен жүргізілетін жұмыс. Журналист атанып, редакцияда қызмет істеген соң газет тапсырмасын, өз бөліміңнің кейбір келелі мәселелері туралы республиканың түкпір-түкпіріне жиі-жиі іссапарға шығып тұруға тура келеді. Ондайда от жағып, су әкелу, дүкеннен екі үйге де азық-түлік әкелу үшін кезек-кезек адал достар – Ақантай, Әскербек, Пернебай, Манарларды өз орныма қалдырып кетемін. Мұндай міндет көбіне университетте бес жыл бірге оқып, бір адамдай болып кеткен Ақантай мен өзіммен он жыл бір партада отырып, мектеп бітірген, туғаннан жақын жан досым болып кеткен Әскербекке жүктеледі. Оның үстіне қалыңдығы Алтынжамал мен Бағила бір факультет, бір топта білім алған дос құрбылар. Екеуінің қол ұстасып, үлкен өмірге қатар басуға бел байлауларына біздің ықпалымыз болғаны күмәнсіз еді. – Шырағым, достардың арасында үлкен сенім болғаны қандай жақсы. Бір сөзіңде: «Қызғаншақтығым да бар» деген сияқты едің, келінді достарыңа сеніп, қалдырып кете беретінің көп жастарда кездесе бермейтін қасиет. Мұныңа қызыға да, таңдана қараймын, – дегені бар Жүкеңнің. – Нағыз доспын деген адам досына қиянат жасап, достыққа сызат түсірмейді. «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» демеуші ме еді. Менің достарым – өмірлік нағыз достар, – дегенмін. Олардың отбасыма от жағып, су тасуы да досқа қызмет көрсету емес пе...

* * * Тағы бір көктем келіп, Алматы бойжеткен қыздай жасанып, жасарып шыға келген кез еді. Жүкеңнің үйінің дым тартқан қабырғалары дегдіп, әбден жылынғанымен «қыстық резиденциямыз» – екі бөлмелі шағын үйшігімізден әлі шыға қоймағанбыз. Бекер обалы қане, Жүкең де, шешеміз де: «Тар үйге тығылмай өздеріңнің бөлмелеріңе кіріңдер» деп неше дүркін айтса да, кейбір мәселелерге байланысты жылы орнымыздан қозғалмай отырған жайымыз бар. Біріншіден, қыс айларында жә деп үй болған баспанамыз жаз шығып, жер аяғы кеңіген соң тіпті қарлығаштың ұясындай қимас бір әдемі мекен боп көрінген. Қанша сыйласып, сіз-біз дескен жандар болса да, «Өз қотырыңды өзің қасып» дегендей бөлек есіктен кіріпшыққанды артығырақ санағаным да рас. Сонан соң Жүкең Қасекеңді алып кеткен сапарынан әбден көңілді оралған. Біріншіден, Қасымханын өз отының басына қайтадан қосып, ажырасып кеткен зайыбымен қайта табыстырып, әкеден күдер үзіп кеткен бала-шағасын қайта жинап, нағыз достық парызын соңына дейін атқарып, екіншіден, өз ұлы Серіктен де жақсы хабар естіп келіпті. Расында мен сырттай іні ғып жүрген Серіктің «айта алмай жүрген» бір сөзінің бары расқа айналып, биыл жазда «әке-шешесі рұқсат етсе» келін түсірмек екен. Оның үстіне Жүкең Серік жұмыс істеп жүрген комбинат басшыларына жолығып, баласының Алматыға оралу мәселесін де шешіп қайтыпты. Әрине, Жүкең мен Шағи шешейдің көктен тілегендері сол бір келін түсіру жайы болып отырған күнде қандай рұқсат жөнінде әңгіме болмақ. Демек, жуырда, бұл үйде ұлы дүбір той өтіп, келін түсірілмек. Олай болса, менің ол екеуіне өтілім өтіп кеткендей бір бүйірден киіп-жарып барып, бір бөлмесіне кіріп алуымның қисыны жоқ еді. Сондықтан да әзірге осы үйдегі келін түсіріп, той жасау, құда күту сияқты оқиғалардың өрбуін бағып, істің аңысын аңдып дегендей, тұра тұруды жөн көрдім. Жүкеңнің қазіргі кезде тіпті қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Мұратты көтеріп жүріп, қазақша, орысша, қырғызша, татарша әндерді айтуы тіпті жиілеп кеткен. Күндіз-түні ойынан да, түсінен де шықпайтын бір-ақ мәселесі бар. Ол – Серіктің тойын қалай өткізу керек деген әңгіме. «Тойды қайда жасаған дұрыс? Ресторанға ма, әлде үйге ме? Ресторан болса, кесімді уақытқа бағынған жұрт емін-еркін демала алмай қалмай ма? Үйде өткізсе, күндіз-түні тойласа да, өз еріктері өздерінде, бірақ жер тарлық етпес пе екен? Оның үстіне, «Жүсіп пен Шағи мойындарына бұршақ салғандай болып жүріп, адамнан бір, құдайдан екі сұрап алған жалғыздарының тойын үйлерінде жасағандары ұят болды» сияқты ағайынның қаңқу сөздерінен тағы жасқанады. Құдалар жағынан кім келеді, оларды қалай қарсы алу керек?»... – Қойшы, әйтеуір, таусылмайтын осындай көп сауалдар тәп-тәуір, етті-женді ағамызды біраз жұқартатын түрі бар. Ішіне сыймай кеткен кейбір күрделі мәселелерді көбіне менімен ақылдасып, шешкісі келеді. Әрине, мен ондайда аянып қалмаймын, бірақ «әп-бәрекелді» дегізердей пайдалы кеңесім де шамалы. Дегенмен, «Тойды ресторанда дүрілдетіп өткізгеніңіз

жөн. Дос бар, дұшпан бар. Аңыз ғып айта жүргендеріне жақсы. Ресторан уақыты тәмамдалғанда жұртты үйге шақырыңыз. Келгісі келгендер келе жатар. Ет жақын ағайындар, жолдас-жораларыңыз онсыз да келер» деген кеңесім Жүкеңе қатты ұнады. – Өй, шошқа сол, «ақыл – жастан» деген емес пе? Тұп-тура осылай істеймін, – деп мені бір көтеріп тастады. Шешеміздің де бетіне қан жүгіріп, бұрынғыдай сары уайым соқпай, көбірек күліп, көңілді жүреді. Ол да өзінше Бағиламен әңгімелесе қалса, айтары той жайы, дастарқан мәзірі, өзі әлі көрмеген келіні туралы, оны қалай сыйлап, қалай қадір тұтатыны туралы болатын. – Шалдың айтысына қарағанда, келініміз көргенді жерден шыққан тәрбиелі бала дейді. Әке сыйлап көргені емес пе, біздің жаман шалды көргенде иіліп тағзым етіп, сәлем салыпты дейді. Айналайынды қолыма аман-есен бір қондырып алсам, басынан құс ұшырармын ба! – деп, келінін айналып-үйіріліп, сыртынан мейірін төгіп отыратын. Жүкең Теміртаудан оралысымен темірді қызған кезінде соқпақшы болып, екі-үш ағайынын ертіп, оған досы Қасымханды жолдан қосып алып, құдасына барып, алдарынан өтіп келген. Тойға даярлану қарбаласы, әсіресе содан кейін қызып жүре берген болатын. Тойға сояр семіз жылқы іздеп, екіүш күн жүрді. Ақыры, көптен күткен той күні де жетті. Оған дейін Серік те жұмыс орнымен есеп айырысып дегендей, үйіне біржола оралған соң, Алматыдағы көп зауыттардың біріне орналасқан. Ініміз маған қарағанда бойшаң, бетаузында міні аз, қыз дидарлы әдемі жігіт екен. Бір көргенде-ақ кісінің ішіне кіріп кетердей үйірсек мінезі де қатты ұнаған. «Шіркін-ай, баяғыда Жүкеңнің балалар үйінен басқа біреу емес, дәл саған тап болғаны қандай жақсы болған» деп ойлаймын. «Жақсы ағамыздың бізге көрсеткен жақсылығын қайтарудың бір сәті енді келді-ау» дегендей Бағила екеуіміз де осы үйдің үлкен ұлы мен келініндей тойға білек сыбана кірісіп, қонақтарын аяғымызбен тік тұрып, қарсы алдық. Алыстан артынып-тартынып, Қасымхан ағамыз да жеткен. Қасына әйелін ертіп алыпты. «Жүкеңнің тойы – менің тойым» деп күпілдейді. Келінді қарсы алған соң, айтулы ресторанда өткен айтулы той дастарқаны жиналған соң, ырду-дырдуы екі аптаға дейін тарамаған той қиындығына да төтеп бердік. «Бұлар – пәтершілерім» деуге бізді қимады ма, әлде өзі «пайда үшін жалдап отыр» деген артық әңгімеге қалмайын деді ме, келген-кеткендерге мені «немере інім», Серікжанның ағасы деп таныстырады. Шыны керек қой, той тарқап болған соң Жүкең де, шешеміз де: «Балалар көңіл сыйса орын жетер, келіп бір бөлмеге кіріңдер» демеді. Мүмкін, үйді өздері салғанмен оның болашақ иелері келген соң өздерімен өзі болып жүріп, бізді ұмыта бастады ма, ол жағы маған белгісіз. Бұрынғыдай емес, ағамыз: «Әй, шошқалар, қазан көтеріп әуре болмаңдар,

бүгін лағман пісіріп жатырмын» дегенін де естіртпей кеткен. Содан ба, олай етуге ешқандай моральдық хақым болмаса да, Жүкең мен Шағи шешейді бізге қарағанда әлдеқайда заңды өз ұлы мен келінінен қызғана бастаған сияқтымын. Тіпті өзім де олардың көздеріне көп түсе бермеуге тырысатындаймын. Бір күні Бағилаға өз шешімімді айттым. «Басқа пәтер тауып алсақ қайтеді?! Кеңсеге тым шалғай, автобустың қатынауы да нашар. Екі күннің бірінде жұмыстан кешігіп, әбден ұят болды. Көп ұзамай өз үйімізді де беріп қалар. Орталыққа таман жақындасақ, дұрыс болар еді» деймін. Ол да менің көкейіме қандай ойдың орнығып, ішімде қандай ала мысықтың жасырынып жатқанын білсе керек: «Бұрын шалғай демей-ақ тұрушы едің ғой» демеді. Тек қана: – Аға мен шешейге не деп сылтау айтамыз? Балаларым деп бауыр басып қалған адамдарға еш-шәй деспей, «көшеміз» дегеніміз қалай болар? – деп, ол мәселенің шешімін өзіме әкеліп тіреді. – Алдымен пәтер іздеп көрейік. Сәті түсіп, орталыққа жақын жақсы үй кездесе қалса, ақсақалға айтар бір жал табармын, – деймін, «Шешінген судан тайынбас» дегендей өз шешіміме әбден бекініп. Мен тағы да «жазған құлда шаршау жоқ» дегендей, көше кезуге аттандым. Неге екенін қайдам, менің пәтер табудан жолым болғыш еді. Тіпті менің қаланың бір шетінен екінші шетіне лып етіп, көшіп алғанымды қызметтес жігіттер білмей де қалатын. Бұл жолы да жолым бола кетті. Қаланың батыс жақ шетіне таяу, «Тастақ» деп аталатын, баяғы Шағи шешейдің төркіні тұрған мекендегі бір-біріне иық тірестіре салынған қалың жатаған үйлердің арасындағы тар көшемен асықпай басып келе жатқанмын. «Пәтерге жібересіздер ме?» деп көрінгенге жабыса кетуге дәтім шыдамайды. Бірақ негізгі шаруа пәтер іздеу болған соң үн-түнсіз жүре беруге тағы болмайды ғой. «Әй, осында «малтабар бөлме» болуы мүмкінау» дегендерге жолығып, бұйымтай айтамын. Көбінен тауым шағылып, тауаным қайтса да алған беттен шегінер түрім жоқ. Бір кезде көшенің шаңы шығып, көйлекшең жүрер уақыт болса да, үстіне сұрша күпәйке киіп, есігінің алдында барлық тіршілігіне риза кейіппен шелтиіп тұрған қол тоқпақтай ғана жігіт ағасына тіл қатпаққа ниет қылдым. – Ассалаумағалейкум, ағасы! – Салям, – деді ол қазақ тілін жаңа үйреніп жүрген басқа ұлттың өкілі сияқты. «Е, алтайлық па, әлде сібірлік пе, қазаққа ұқсас басқа ұлттың кісісі болды» деп түйдім. Ал қол тоқпақтай қасқа бас ағамыз: «Не айтасың?» дегендей арзанқол папиросын екі езуіне кезек ытқытып, бетіме сынай қарайды. – Что?! – деді ол бір кезде. – Ағасы, пәтер іздеп жүр едім. Үйіміз салынып жатыр. Үш-төрт айда беріп қалуы да мүмкін, – деймін, ол «Үйімде ұзақ тұрғың келсе, ала алмаймын» деп бетімді қайтарып тастайтындай. – Үйленген?

– Үйленген, үйленген, – деппін мен де соның ыңғайымен. Дереу сөзімді түзедім. – Ә, иә, үйленгенмін. Кішкентай баламыз да бар. – Пожалуйста, – деді ол папиросын лақтырып жіберіп. – Дәл бір мені тосып тұрған адам сияқты алдыма түсіп алып, қақпаны ашты. Ұзын шынжырын салдырлатып, тайыншадай қасқыр ит үйшігінен атып шықты. Мен де жан-дәрмен бір-ақ секіріп барып, қасқа бастың ту сыртына жасырындым. – Палкан-н! А ну к себе! – Палкан менің санымнан бір тістеуге сілекейі шұбырғанша қызыққандай көзі жайнап, үйшігінен сығалайды. Айбат шегіп, гүр-гүр ырылдайды. Палканнан жан қалды-ау деп енді үйдің есігіне беттей бергеніміз сол еді, бақшаның ішінен қара ала, сары ала сабалақ қос қанден жаужеттілеп, бізге қарай тұра ұмтылсын. Өліспей беріспейтін сыңайлары бар. Шәңкілдеп, мазасыз дауыстарымен жер-көкті бастарына көтеріп келеді. Иелерінің тұлғасы шағын болғанмен даусы зор екен. – Мопсик, Шарик, а ну, прекратить! Место! Бұл – өз кісіміз, – деген мағынада орыс тілін ғана түсінетін иттеріне біраз орысшалап ұрсып еді, екі қанден бізден шегінгенмен, «Ойбай, біздің қораға бөтен кісі кіріп кетті» дегендей мазасыз үрістерін үдете түскен. Арыстан кейіптес Палкан желке жүнін күдірейтіп, айқын жаулық мінез көрсетіп жатқанда, тұқымы ит дегені болмаса, шама-шарықтары үй қояндарының арғы жақ, бергі жағындағы Мопсик пен Шариктің де жуыр маңда елдесер түрлері байқалмайды. «Мейлі, адам адамгершілік көрсетіп, күйімізді ұғып тұрғанда иттердің жасаған иттіктерін жата жастана көріп алармын. Сендердің құндарың бірер кесек сүйек-саяқ екенін білемін ғой...» Ауылды жерлерде баяғы кездерде бір бөлменің төрінен тесіп, есік жасап, ар жағына бір бөлме, үш-төрт жылдан соң, оны тесіп, тағы бір бөлме салып, бірінен-біріне өте беретін тізбекті, жалғас бөлмелері көп үйлер болушы еді. Менің жаңа қожайынымның да мекені сол үйлер сияқты бірінен-біріне өте беретін үш бөлмелі екен. Кіре беріс дәлізімен есептегенде төртеу. Төргі бөлменің төргі бұрышына Иса пайғамбардың иконасы қойылып, дөдегесіне кестелі орамал ілініпті. Кемі бір жыл су көрмесе керек, шаң басып, әбден кірлепті. «Е, бұл байғұстың қазақшаға тілі келмей тұрғаны шоқынды сорлы болды-ау. Алтайдың шалғай аулыдарында шоқынған бірлі-жарым қазақтар болады деуші еді. Сондайлардың бірі болар. Мейлі ғой, біздің пайғамбардың суретінде неміз бар, суреттің бізде несі бар? Тұра берсін!» – Вот, үй осы, – дейді қасқа бас қожайыным. – Менікі әйел былтыр жазда опат болған. Ех, Зиночка! Жақсы адам еді, жарықтық... Менікі жалғыз тұрады. Түнде қиын. Жоқ, менікі ешкімнен, ештеңеден қорықпайды, тек үндемей жүріп, үндемей жатқан, кісілердің орнына иттермен сөйлескен қорқытады. Мың-мың, тағы мың-мың адамы бар үлкен қалада жалғыз тұрған қорқынышты.

«Шамасы, икона әйелінен қалған мұра болар?!. Балалары ер жетіп, басқа үй болып кеткен-ау. Сорлы шалды қаңқайтып, жалғыз отырғызып қоймай, қолдарына алса қайтер еді! Әй, Жүкең айтқандай, әке қадірін білмес балалар қайдан пайда болады екен? Әлде өзі мазасыз кісі болды ма?» Менің ойымды сезіп қалғандай ол көңілімдегі сауалға жауап берді. – Зина екеуіміз отыз жыл бірге тұрдық. Ол барда баламыздың жоқтығы да білінбеуші еді. Вот, Зина опат болған соң ең болмаса бір баланың болмағанына өкіндім. Сен осы үйдің бәрінде тұра бер. Мен мынау кіре берісте тұрған диванға жатамын. Зина опат болған соң мен түпкі үйдегі кереуетімізге жатпадым. Түсіме кіреді. Сендер де онда жатпаңдар. Басқа қалаған кереуетке жата беріңдер. Пәтерақыны айына жиырма сомдай төлеп тұрсаң жетеді. Тек, үйді күтіп ұстасаңдар, өз үйлеріңдей көрсеңдер болды. А то, осында тағы бір қазақтар тұрған. Одним словом, жақсы балалар болмады. «Айналайындар, үйді күтсеңдерші. Грязьдің ішінде тұрған жарамайды» десем, «Бізді жалдап алған жоқсыз! Ақшаңды береміз бе? Береміз! Енді не керек?» деп, маған «өпкелейтін» сөз айтады. Мәселе ақшада ма екен? Рас, бір үйде тұрған соң бөтендік білдіріп, есептескен жарамайды емес пе? Содан менікі оларға өпкеледі де, үйден қуып шыққан. Ол «өкпелеу» сөзінің бір-екі әрпінің орнын ауыстырып, қате айтқаны аздай, оның мағынасын да өзгертіп, «ренжудің» орнына қолданып тұрғанын байқадым. Өзі бір можантомпайлау кісі екен, қайта қазақшасын жөндеуге көмектесермін. Әрине, үйіне тұрып жатсам» деп ойладым. – Әрине, бірге тұрған соң есептескен жараспайды. «Есептескен ел болмас» деген ғой, – деймін, мен оны қостап. – Ол жағынан еш қам жемеңіз. Тазалықты өзіміз де жақсы кереміз. – Все! – деді, ол да іздеген адамдары жаңа табылғандай қуанып. – Қазір көшіп келемін десеңдер де болады. – Отын, су дегеннің жайын да келісіп алғанымыз дұрыс болар. Ол менің нені меңзеп тұрғанымды түсінбесе керек, қарсы сауал қойды. – А, оның келісетін несі бар? Су – колонкада, үйден жиырма-ақ метр жерде. Отын болса – қорада, ал да жаға бер. – Жоқ, отынға ештеңе төлеуге тиіс емеспін бе, дегенім ғой. – Ради бога! Вот, сендер, қазақтар, қызықсыңдар! – Ол шақшиып бетіме қараған. – Сендер көшіп келмесеңдер, мен үйге от жақпайды, что ли? Никакой ақы төлеу! «Бұл қандай қызық кездейсоқтық. Маған кездескен адамдардың бәрі өмір соққысын көргеннен, әлде... басқаға жақсылық, жасауға бейім жаралғандықтан, әйтеуір «Үйімде тегін тұрасың» немесе «Анаған төлемейақ қой» деп мүлде қызық шарт қойып шыға келеді. Өзім сияқты пәтерден пәтерге жиі көшіп жүретін «көшпелі» жігіттердің қай-қайсымен сөйлессем де, олардың айтысы бойынша, қазір пәтерге кісі жіберушілердің көбі ең аяғы басы артық бөлмелердің өзін пайда табудың көзіне айналдырған. Шамалары келсе, неғұрлым айлық пәтер ақыны көбірек алуға тырысып

тұрады. Көбінің қояр шарты бойынша, бір бөлмелі пәтер үшін отынды да өзің түсіріп, электр қуаты үшін де өзің есеп айырысасың, оған қоса кем дегенде үш айдың пәтер ақысын алдын ала төлеп қоюың керек көрінеді. Солардың ішінде үнемі тегін немесе мейлінше жеңілдікпен тұрғызатын қожайындардың тек маған кездесе кететіні, шынында да, таңданарлық оқиға еді. – Олай болса ақшаңды әр айдың соңында беріп тұратын боласың. – Мен базарда мал саудасын жасап тұрған саудагер сияқты оның қолын қыстым. – Есіміңіз кім болады, ағасы? Менің есімім – Қуаныш. Танысып қоялық. – Мен қайтадан қолымды ұсындым. – Николай Иванович Балагазов болады. – Ол да қолымды қысты. Он, он бір жастағы баланың қолы сияқты кішкентай саусақтары менің орташа ғана алақанымда көміліп қалса да, оның өте шағын денесіне қарамай қарулы, шымыр кісі екенін бірден сездім. Сол кішкене саусақтары-ақ қолымды кәдімгідей қысыңқырап жіберді. – Осы кісі менімен қалжыңдасқысы келіп, есімін теріс айтып тұрған жоқ па екен деген оймен жаңа танысымның айналасын әжім торлай бастаған қысыңқы көзіне барлай қарадым. – А что? Менікі аты-жөн ұнамады, что ли? Ей, богу, имя, отчеством осылай, – деп ағамыз тағы бір сұмдығын көрсетіп, шоқынып жіберсін. Түрітүсі – қазақ, тілі жартылай қазақша, тегі қазақ, бірақ аты ғана емес, бүкіл заты, жаны орыстанып кеткен мына шүйкедей кісіден қарадай шошына бастадым. «Бағилаға айтып көрермін. Ұнамаса, жолымыз ашық қой, кете береміз». Расында да біреудің аты-жөнінде, тегінде, наным-сенімінде не жұмысым бар? Оны тексеру үшін немесе жөнге салу үшін келмегенім белгілі, сондықтан бәріне де ризалық сыңай танытқан болып: – Жөн, ағасы! – дедім. – Менікі көптен бері тамақты жалғыз ішіп жүрген. Кісіге жаман екен. Кел, бірігіп шай ішейік, сонан соң барарсың көшіп келуге. – Жаңа қожайынымның «Тез көшіп келе қал» деп, жабыса түсуінің себебіне қаныға түскендеймін. Жалғыздықтан жалыққан ғой, байғұс. Оның алғашқы өтінішін де жерде қалдырғым келмеді. – Ұлтым – қазақ, аты-жөнім орысша. Документ солай. Қайсыбіреулермен Кәрім деп таныса да беретінмін. Қалай атасаң да, менің қарсылығым жоқ, – деді ол шай үстінде. Шай үстіндегі жақын таныса түскен әңгімеден соң бүгін кешке-ақ, көшіп келетінімді айтып, үйге беттедім. Ендігі уайымым басқа үйге көшетінімді Жүкеңе қалай айтудың мәселесі. Оның екі туып, бір қалған туысына жасамас жақсылығын желге ұшырып жібергендей үн-түнсіз өз жөніме кете беруге тағы жүзім шыдамайды. Жүкеңнің көңілі үшін, нартәуекелмен жалған жал айтуға бекіндім. Үйге жеткенше ойлап тапқан өтірігімнің түрі мынандай: «Жұмыс орным бізге салынып жатқан үй

біткенше маған жастар жатақханасынан бір бөлме берген. Беріп тұрған бір бөлмені алмасам болмас. Оның үстіне жұмысыма да жақындау дегендей». Екінші уайымым тағы бар. Ол өзі қазақ бола тұра төріне иконасын іліп, шоқынып кеткен жанның үйіне тұруға Бағиланың келіспеуі де мүмкін еді. «Жұмыс орным жатақхана берді» деу жөніндегі амалсыз айтар өтірігімді Бағила та құптай кетті. Көңілімдегі екінші түйткіл де оңай шешілді. Бағила: «Бұл қалай болар екен?» деп біраз толғанғанмен: – Бірақ өзі дұрыс адам сияқты. Үйірінен адасқан сорлыны, бәлкім, қатарға қосып, сауабын алармыз, – деген уәжімнен соң, оған да келісімін берген. Жүкең кешкілік жұмысынан келгенше жасауымызды буып-түйіп, Алексей сыйлаған үстеліміздің жиналмалы сирақтарын бүгіп дегендей, даярлық жұмысын толық тәмамдап қойғанбыз. Ойлап тапқан «жаңалығымды» естіген кезде, ол сөзіме риясыз сенді. – Е, шошқалар, сөйтіп кетеміз деңдерші. Олай болса, қазір өзім апарып, орналастырып қайтамын. Сонан соң Мұратжанды сағынғанда атасы шауып барып тұрады, – деп қисыны келмес, қиын әңгіменің ұшығын шығарды. Мен Бағилаға қарадым, Бағила маған қарады. Енді бұл қиындықтан шығар жол жоқ сияқты көрінген. Өтірікті бір айтқан адамның екіншісіне де, одан арғысына да амалсыз баратыны белгілі ғой. Мен тәуекелмен келесі әңгімені қиюластыра бастадым. – Оған әуре болып қайтесіз? Орналасып, жиылып-терілген соң-ақ өзіміз шақырып, үйді көрсетеміз. – «Мен алдында ендігі тұратын үйіме барған соң-ақ, бұл кісілерді шақырып, өзіміз келіп дегендей араласып тұрамыз» деп ойлағанмын. Енді қарасам, мынау қатар айтылған қос өтіріктен кейін өзіме тиесілі пәтерімді алып болғанша бұл адамның бетін көре алмайтынымды сездім. Бұл менің еш қаламайтын ісімнің бірі болса да амалсыз көнуге, амалсыз осылай істеуге тиісті шешім болып қалды. Жүкең менің азар да безер болып, «жатақханама» ол кісіні бүгін неліктен жолатқым келмей тұрғанымды білмесе де, әрі қарай ештеңе демеді. – Айналайындар, – деді ол бізге қарап. Әңгіме бастарында айтатын үйреншікті «шошқаларынан» тұңғыш рет жаңылды. – Айналайындар, аз күн болса да сендерге кемпір екеуіміз бауыр басып қалып едік. Серікжанымның бір-бірінен көз жазбастай достары болса деп, қиналған сәттерде сүйеніш, қуанған сәттерде бірге қуанатын достар болып кетсе деп тілеуші едім. Ол тілегіме жете алмаған сияқтымын. Аз уақытта аралас-құралас болып кете алмаған шығарсыңдар. Бірақ келін екеуіңе өкпем жоқ. Қайда жүрсеңдер де, аман болыңдар. Бір жаман шалымыз бен шешеміз бар еді деп қолдарың тигенде сәлемдеріңді беріп, өздерің аз күн де болса мекен еткен үйлеріңе қона-түнеп кетіп жүрсеңдер болғаны... – Қарақтарым, сөйтіңдер. Мына Мұратжанға әбден бауыр басып қалып едік, келіп-кетіп тұрыңдар, – дейді Шағи шешеміз де...

Жалдаған таксиіміз келесі көшенің қиылысына барғанда артыма мойын бұрсам екеуі есіктерінің алдында әлі тұр екен. Өз үйіңнен алыс сапарға бара жатқандай ма, әлде қимас адамдарың қалып бара жатқандай ма, бір түрлі жан тебіренісі мені де баурап бара жатты. – Жақсы адамдар еді, – дейді Бағила та ақырын үн қатып.

ТӨРТІНШІ ТАРАУ

Түнде жай жатқаннан ба, ертеңіне беліме қорғасын байлап қойғандай төсектен әрең тұрдым. Ертеңгілік шайымды асығыс іштім де, Құралай мен шешесіне күндегі әдетім бойынша, көк арбаны есік алдына шығарып беріп, жұмысқа кеттім. Осыдан ол екеуі біраз уақыт ағаш көлеңкесін қуалап, таза ауада қыдырады, сонымен бірге азық-түлік магазиндерін түгендеп, шаруаларын да бітіре жүреді. Кеңсеге барған соң ет асым уақыт өтті ме, жоқ па, әйтеуір біраздан соң-ақ Бағила телефон шалсын. Үнінде үрей басым. – Көршінің үйі өртеніп жатыр, тез жет! – Болған-біткені осы. «Қай көршінің үйі, қалай өртеніп жатыр?» Көңілдегі көп сауалды жауапсыз қалдырып, Бағила трубканы тастай берді. Көшеге жүгіріп шыққан бойда кездесе кеткен бір машинаны тоқтатып, үйге келсем, есік алдында біраз адам жиналып қалыпты. Ары өткен, бері өткен жүргіншілер бұл өртке қолдарынан келер шаралары болмаса да, цирк ойынын тамашалағандай жиналысып, түтіні будақтаған терезелерге таңырқай қарасады. Өне бойым бір ысып, бір суыды. Түтін біздің қабаттағы пәтердің бірінің терезелерінен шығып жатқан сияқты. Әлде... әлде менің үйім емес пе екен? Көзім қарауытып, тұла бойымды суық тер басты. Өрт сөндірушілердің машиналары да қаланы басына көтеріп, айғай-сүреңімен келіп жатыр. Бұрынырақ жеткендері үйге жанасалай тұра қалып, ұзын баспалдақтарын жоғарғы қабатқа дейін көтеріп үлгіріпті. Су шашатын брезент шлангаларын жазып, жүгіріп жүрген темір қалпақтылар қайшыласады. Құралай мен Бағила есік алдында жүр екен. Ең басты құтқарушылары келгендей олар маған қарай ұмтылды. Әлі ештеңенің байыбына жетіп үлгірмеген мен екеуіне қарай ентеледім. – Кімнің үйі мынау? – Әйтеуір біздің үй емес сияқты... – Өй, «Біздің үй емес сияқтың» қалай? Кіріп көрмедің бе? – Өзім енді ес жинап қарасам, біздің терезелерден ештеңе байқалмайды. Дегенмен зайыбымның мына дүдәмал сөзі көкейдегі күдікті азайта алмады. Қолымыз енді жетіп, ел қатарлы үй болдық деген кезде, мұндай сұмдыққа ұшырасақ, онда қандай күй кешерімізді өзім де айта алмас едім. Оның беті аулақ! Өрт сөндірушілердің біреулері әр қабаттағы балкондар арқылы басқышпен өрмелеп бесінші қабаттағы түтіні будақтап жатқан терезелерге жетіп қалыпты. Қалған біреулері подъезд арқылы ұзын түтіктерін

шұбалтып, жоғары қарай жүгірісе жөнелді. Бағиланың не айтқанын естіген жоқпын, мен де атылған күйімде подъезге кірдім. Шығар жолы аз болған соң, қою түтін таудан түскен соқыр тұманға ұқсап, төменгі қабатқа да жетіп қалыпты. Сірә, өрт сөндірушілер өртенген үйдің есігін бұзса керек. Әлдекім кеудесімен жолымды кес-кестеді. – Кетіңіз! – Үні тым әмірлі естілді. – Менің үйім... – Сөзімді жаңағы адам бөліп жіберді. – Сенің үйің болса, қайда жүрсің біз келгенге дейін? – Ол тәжікелесіп тұрар уақытым жоқ дегендей мені сыртқа қарай бір-ақ итеріп шығарып жіберді. Қайтадан Бағиланың қасына келдім. Сол кезде жоғары жаққа қарап едім, өрт сөндірушілер екі терезені де сындырып, ішке қарай түсіпті. Сынған терезеден күл аралас қара қошқыл түтін бағанағыдай емес, еркін будақтай бастады. – Тұрекеңдердің үйі екен ғой, – дедім бір түрлі тынысым кеңігендей. Әрине, көршіммен өштігім, қастығым болмаған соң, біреуге жаманшылық тілегенім емес, тек өз үйім болмағанына қуанған түрім ғой. Жаңағы ағат сөзімді жуып-шаяйын дегендей: – Қап, обал болған екен! – дегенді қосып айттым. – Біздің үйге от өтпеді ме екен? – Бағила тура менің көкейімде тұрған сауалды қайталады. Бірақ не болғанда да ендігі қалғанын өрт сөндірушілерге тапсырып, пендешілік әдетпен өрттің шығу себебін білгім келгендей. – Бұлардың үйінде ешкім болмағаны ма сонда? – Сен көршілерді іздестірсеңші. Балалары мынау мектепте оқитын сияқты еді ғой. – Бағила көшенің арғы бетіндегі орыс мектебін иегімен нұсқады. Сөйткенше ентіге басып, Тұрардың өзі де жетті. Әлдекім хабарласа керек. – Қалай?! Қалай, шынымен менің үйім бе? – Оның қылқиған жіңішке мойнындағы көтерем тайдың тобығындай бұлтылдаған жұтқыншағы жоғары-төмен тыншымай қозғалақтап кетті. Біздің жауабымызды естіп үлгірмей-ақ, кімге бағыштағаны белгісіз: «Әй, әкеңнің...» деп, жан даусы шыға жоғары қарай ұмтылған. Бұл кезде үйдің кіре берісін қоршап үлгірген милиционерлер оның өршелене ұмтылған «шабуылын» бірден қайтарып тастады. – Менің үйім, – дейді ол жаңағы мен сияқты өршеленіп. – Менің үйім, дүниелерім өртеніп жатыр ғой, жіберіңіздер! Жіберіңіздер деймін мені. Күйді ғой, бәрі де! – Күйсе, бізге не ғыл дейсің? Қазір кіруге болмайды! Кетіңіз! Көршім бар амалы таусылғандай жұрттың ішінен әлдекімді іздейді. Сынған терезелерден бағанағыдай қара қошқыл емес ақшылтым түсті түтін ұша бастапты. Тағы біраз уақыт өтісімен түрлері күйелеш-күйелеш өрт сөндірушілер де сыртқа шыққан. Елдің алдымен жүгірген Тұрекеңнің соңын ала жоғары қабатқа қарай мен де ұмтылдым. Әйтеуір, өз үйімнің амандығына біржола көз жеткізейін

десем керек. Көршілерімнің келген күні қос-қостан салдырған ағылшындар жасаған сапалы құлыптары өз міндеттерін адал атқарыпты. Сол құлыпталған күйі әлі тұр. Оның есесіне өрт сөндірушілер сүйменмен есіктің топсаларын жұлып алып, ішке енген көрінеді. Көршінің есігінен шыққан қою түтін әбден ыстап, қара қожалақтандырғаны болмаса, есігіміз ашылмаған күйі аман тұр. Мүмкін, қандай кезең болса да, адам атаулының бірінші кезекке қойып үйренген жеке меншікшілдік қасиеті менде де жетерлік болғандықтан ба екен, әлде араға бес-алты жыл салып, қолым жеткен хан сарайындай өз мекеніме ыстық-суығым бәсеңдеп үлгірмегендіктен бе, әйтеуір, ең алдымен ойланбастан өз ұямның бүтіндігіне көз жеткізбек болдым. Ішке кіріп, есіктің жақтауынан кірген бозалаң түтінді терезеден шығардым. Шүкір, бәрі де таңертеңгі орнында тұр. Көршіміз екеуіміздің арамызды бөліп тұрған ортақ қабырғаны ұстап көрдім. Өрт жалынымен қызған жоқ па деген ойым. Салқын, сабырлы қалпы екен. Еденнің көрші жақтағы дөдегесін де сипап байқадым. «Атасы ағаш шіркін, қабырғаның астынан қызу өтіп, тұтанып жүрмесін» деген сақтығым. Сол қоңыр салқын қалпы. Осы кезде Құралайжанды құшақтап, Бағила та үйге енген. Ол өз үйіміздің амандығына о баста-ақ күмәнданбағандай, сабырлы қалпы. – Обал болды-ау, – деді ол көрші жақты иегімен нұсқап, – бір бөлмедегі мүліктері түгел бүлініпті. Арабы мебелі тұрған бөлмесі. – Өрт қалай кетіпті? – дедім бағанағы бір сауал қайтадан есіме оралып. – Білмеймін, ішінде кісі көп, тексеріп жатыр. «Дәл қазіргі сәтте іргелес көршінің үйіне кіріп, болған сәтсіздік үшін «Аз дүние – бала-шағаңның садағасы» деген сияқты көңіл жұбатар сөз айтуым қажет пе, жоқ па?» деген ой келді. Түсінсе жақсы, табалап тұр деп ойлап қалмаса. Ал тым-тырыс жатып алудың реті тағы жоқ. «Өз отбасы аман болған соң басқаны қайтсін?» деуі де мүмкін ғой. Рафих көршіміз екеуіміз маңдайшасын түтін ыстап, майлы қара бояуын «жағып» тастаған үйдің табалдырығын аттай бере-ақ, Ақжамал жеңешемнің де жетіп үлгіргенін білдім. – Жетпей ғана желкең қиылғыр-ау, зарлатып қойдың-ау, ойбай! – Балмұздақты кесегімен жұтып жібергендей тұла бойым, ішек-бауырыммен мұздап сала берді. Менің құлағыма әзер жетіп үлгірген алғашқы сөйлемнің ішіндегі «зарлатып» деген жалғыз сөз бір бөлмесі ғана өртке кеткен емес, арыстай азаматын оң жаққа салып қойған бейбақтың үніне ұқсап кеткендей әсер етті. – Болары болды, қойшы енді ойбайламай! – Бұл Тұрарчиктің даусы. «Жарайсың, жігітім.... Ер-азамат осылай сөйлер болар. Төрт бөлмесі жасауға толы жандарға бір үйір ағаш-сұғаш неге тұрады? Оның үстіне, жеңгеміз аларын алса да, осы арабы мебельдерін өзі де ұнатпай жүр емес пе еді?» Жаңағы жалғыз сөздің әсері ме, маған әйтеуір табалау емес, бірақ соған біршама ұқсас, осындай бір ой келгені.

Кіре берістегі дәліздің іші тура көшіп келгендегідей былығып жатыр. Лайсаң су, күйік шеке заттар. От дейтін тілсіз жау әрі-беріде ойрандап үлгірген бөлмеге бас сұқтым. Бір жартысы жанып, бір жартысы қалған, кейбіреуінің негізі жанып, бірер бұрышы қалған бұрынғы сары ала ою, қошқар мүйіз өрнекті арабы жиһаздардың сау қалғаны көрінбейді, күйелешкүйелеш болып, қаз-қатар тұнжырай тізіледі. Айдаһар қуған адамдай бозарып, өңі-түсінен айырылған Тұрарчик және танауларын қос-қостап тартқанмен, құлақтары шала піскен қызанақтай қызарып, Сәкенчик пен Тимурчик қатал мұғалімге істеген сотанақтықтары үшін жауап беріп тұрған оқушылар сияқты күйік шеке ағаштардан бос жерлерде состиып тұр. Үшеуі де. Онсыз да дене жағы молдау ақ жеңгемізді екі иығына зіл-батпан болып түскен мынау сұмдық тіпті діңкелетіп кетсе керек, көлкемедей көк орамалымен бетін басып, орындыққа шөгіп қалыпты. Жай жылап отырған жоқ, дауыс салып отыр. Көршілес подъездердегі күндіз қызметке бару дегенді баяғыда ұмытқан шал мен кемпір жартылай жанған диванның жанында тұрып алып, бұл үйдің бастарының амандығына салауат айтысады. Қолдың кірі сияқты аз дүниенің мынау көк өрім қос ұлдың қара тырнақтарының садағасы екенін айтады. Егер де әлдебіреу тез хабарлап, әлгі жандарын шүберекке түйіп, отқа түсіп, жалынға шарпылып жүрген, мың болғыр, өрт сөндірушілер келмей қалып, мынау пәлен әулеттің ұясы болып отырған үлкен үй түгел жанып кеткенде, қай бетті тырнау керектігін білмей қалуларының да мүмкін екендігін бажайлап жеткізеді. – Иә, өлгенде көрген үйіміз жанып кеткенде бізге оңай тимейтін еді. – Қариялардың ауанын қостаймын деп тұрып, өз көңілімнің «тәуба-тәубасын» ақтара салыппын. Сұңқылдап отырған ақ жеңгем сөзімді құлағы шалып қалса керек, үнін үзе тұрып, маған ала көзімен ата қарады. – Міне тұр, міне – айыпкерлерің, – ол алтын сақиналардан бірі бос емес екі-үш саусағымен Сәкенді нұсқады, – апарыңдар да, тірідей пісіріп жеңдер. – Булар бала ғуй, әйтканмен осторожность кирәк бить енді, – дейді Рафих. Арық ағамыздың жұтқыншағы тағы да әрлі-берлі жүгірді де, маған, сонан соң зайыбына қарады. Екеуімізге де жаратпай қарады. Бірақ ештеңе демеді. Айыпкерлер сияқты тұрыстарына қарап, кесел осы екеуінен-ақ келген шығар деп мөлшерлегенмін. Айтқаным айдай келіпті. Менің болжамымды ақ жеңешемнің екі ұлына айтқан келесі сөзі расқа біржолата шығара бастады. – Жетпей ғана желкелерің қиылғыр, қос жүгірмек-ау, бүйткенше неге екеуің өртеніп кетпедіңдер, ойбай! – Астафир-Алла! Қой, шырағым, олай деп Аллаға шет болма! Дүние – боқ, балаларыңның бір күнгі тіршілігінен садаға. Өйтіп таусылғаның не!

Осылардың амандығына шүкір демейсің бе?! – Шоқша сақал қара шалдың үнінде тоқтау айтудан гөрі көршісінің сөзінен түңілу басым сияқты. – Мен де балаларға құдайдың зарын ғып отырамын. Өтік дей ме-ау, тоқ шәугім дей ме-ау, телевизор дей ме-ау, осы кезде тоқпен жүретін сайман көбейді ғой. Тоқ дегенің от екен! «Байқаңдар, ойбай! Отпен ойнамаңдар» дейміз. Тыңдай ма, бүгінгінің баласы... Қой шал, қайтайық! – Шүйкедей сары кемпір өз балаларын тағы да тоқпен, отпен ойнап жатқан жоқ па дегендей шұбатылып орнынан тұрды. Шалы да әрең отыр екен, екеуі лайсаң болып жатқан үйден аңдап басып, сыртқа бет алды. «Киім үтіктейміз деп жүргенде үтіктерін ток жүйесінен ажыратуды ұмытқан-ау, шамасы» деген ойға келдім. «Өрттің шығу себебі не?» деп онсыз да өздері өртенгендей болып отырған адамдарға сауал қоюды артық көрдім де, мен де шал мен кемпірдің ізіне түстім. Рафиқ та ілесе шықты. «Қалай болғанда да кіріп-шыққаным дұрыс болды. Көрші хақысы үшін болса да. Мүмкін, жеке басымыздың қасиеттері ұқсас емес шығар, мүмкін, біз бір-бірімізбен қоян-қолтық араласып кетер, айрандай ұйыған көршілер бола алмаспыз. Бәрібір мұндай қиын жағдайға ұшыраған сәтте бас сұққанымыздың терістігі жоқ. Өйткені біз бір шаңырақ – бір шатыр астын мекен еткен жетпістен астам отбасы тұратын қаланың үлкен үйіне жайғасқан адамдармыз ғой. Түстен кейін кеңсеге келгеніммен, мандытып жұмыс істей алмадым. Терезесінен қара қошқыл түтіні будақтаған өртенген үй, көлкемедей орамалымен көзін басып, еңіреп отырған ақ жеңешем, жұтқыншағы өрліқырлы жүгірген арық ағай, кінәларын мойындап, тұздалған қиярдай бүрісіпбүрісіп тұрған екі балаң жігіт – бәрі-бәрі де көз алдыма елестей берді. «Егер сол түтін менің қала тұрғыны болғалы бергі уақыттағы өзіме басыбайлы берілген тұңғыш тұрағымның терезесінен будақтаса ше?» Өз ойымнан өзім шошып кеттім. Бастығыма кіріп, басымның қатты ауырып тұрғанын айтып, жұмыс күнінің қалған уақытынан сұрандым да, үйге тарттым. Мүмкін, айналасы шай қайнатым уақыттың ішінде соғып өткен құйын сияқты жаңағы оқиға мені де біршама қинап кетсе керек, көк желкеме қорғасын байлап қойғандай, мойнымды бұрсам, басым зеңиді. Не болғанда да, бүгінгі алапаттан аман қалған үйіме жеткен соң төрімнің алдындағы жалғыз кереуетке жатып алып, келесі қожайыныммен ойша тағы да бір жүздесуді ойладым.

НИКОЛАЙ ИВАНОВИЧ НЕМЕСЕ КӘРІМ КӨКЕ

Елулердің о жақ, бұ жағындағы салт басты, сабау
қамшылы кісі. Ұзақ жыл бойы «еш-шәй деспей отасқан» (өзі
айтады) зайыбы марқұм Зинаида Ивановна о дүниеге аттанған
соң, төсек жаңғырта алмаған, төсек жаңғырту ойда

болғанмен, ол бір қолдан келмес қиын шаруаға айналған. Аты-
жөні орысша болғанмен, ұлты – қазақ. Әке-шешесінің кімдер
болғанын білмейді, дүниенің қай түкпірінде бұл жалғанның
есігін ашқанынан да бейхабар. Тым ерте жетім қалған соң,

орыстың отбасында, соңынан балалар үйінде тәрбиеленген.
Қазір қаладағы тәтті дәм фабрикасында жұмысшы-жүкші
болып істейді.

Коля ағайдың үш бөлмесіндегі көптен бері әйел қолын көрмей берекесі кете бастаған мүліктер Бағила екеуіміз тізе қоса кіріскен соң екі күннің ішінде қайта жаңғырып, жасанып шыға келді. Шамасы, Зинаида марқұм науқасты болғаннан бері әктелмесе керек, бөлмелердің қабырғаларын ыс басып, өрмекшілер емін-еркін өсіп-өніп, айқұш-ұйқыш торларын салмаған бұрыш, қалтарыс-қуыс қалмапты. Екі-үш дүркін әктеп жүріп, адам тұратын мекенге әрең ұқсаттық. – Зиночка опат болғаннан бері менікі бір жаман жалқаулық ұстаған. Не қажеті бар деп ойлаған. Кейде фабрикада қона салады. Кейде үйге келгенде от жағуға да ерініп, киімшең жата салады. – Коля ағай үйінің осынша тозып кеткендігін өзінше түсіндіреді. – Осы үйге менікі келгісі келмейді. Тек, иттеріме обал. Зиночка опат болғанға дейін олар да семіз еді, ет пісіріп беремін, көже жасап беремін, аш емес, бәрібір арық. Вот, солар үшін үйге келеді. Олардың менен басқа, менде олардан басқа ешкім жоқ қой. Коля ағай біз үйді тазалап жүргенде түрлі-түрлі әңгіме айтады. Бірақ сол әңгімелерінің көбінің түйіні біз сыртқа шыққан сайын әлі де танығылары келмей біреулері шәуілдеп өңешін жыртса, біреуі үйшігінде жатып, гүрілдейтін үш итіне келіп тіреледі. «Қайтсін, жалғызілікті шіркіннің иттерінен басқа несі бар?» деп ойлаймын оның әңгімесін тыңдаған сайын. Біздің көңілімізге түйткіл болып жүрген пайғамбардың суреті мен Кәрімнің діни нанымы туралы біздің қауіптенуіміз бекер болып шықты. Үйді әктер алдында қабырғаларға ілінген заттарды жинап жүрген Бағила: «Ана суретті алуға қорқамын» деп, маған ақырын ғана сыбырлады. Оны өздігімнен алып тастауға біртүрлі ыңғайсызданып, Кәрім көкеге: «Ана иконаны алып бересіз бе?» дедім өте кішіпейілділікпен. – А, что, ол да шегеге ғана ілулі тұр емес пе?! – деп, ол менің өтінішімнің мәнін ұқпағанын танытты. – Жоқ, дініміз басқа болған соң... – деп ақталған болдым. – Әй, менікі дінге, значить, құдайлардың ешқайсысына да сенбейді, – деп, пайғамбардың суретін жұлып алды. Әрине, оның қазақ бола тұра қазаққа тән емес дінді ұстанғанынан «құдайсыз» болуы біз үшін жеңілдеу көрінген. – Сіз өткен жолы шоқынған соң, біз сізді христиан дінін қабылдаған екен деп ойлап едік.

– Какой там, христиан? Менікі Зиночкаға еліктеп жасайды, сөзіме сендіруге жасайды, – деп, ол мәселенің мәнін ашып берді. – Онда шоқынбай-ақ та қойыңыз. Біз сіздің айтқаныңызға онсыз да сенеміз ғой, – деп, Бағила әңгіменің төтесіне көшкен. «Апыр-ай, үгіт жұмысын тым ерте бастап қойдың-ау» деп мен қыпылдадым. – Постараюсь, конечно, – деп, көкеміздің оңай келісе кеткеніне қуандым. Қабырға-төбелері аппақ болып ағартылып, мүліктердің шаңы кетіп, тазарған соң Коля ағай тіпті көңілденді. Орнына қайтадан ілінбеген иконаны да іздеген жоқ. Жарықтықты таза шүберекке орап, шифоньерінің тартпасына салып қойдым. – Қуаныш, мен сендерден ақшаны көп алмаймын дегенде осыны ойлаған. Тозып кеткен үй қайтадан жаңарды. Сендер болмасаңдар маған мұны кім жасап береді? Вот, сондықтан осы екі күндік жұмыс үшін екі ай тегін тұрыңдар. – Мен ол кісінің шын ниетімен ұсынған сыйынан бас тартуды жөн көрмедім. Бағила та қарсы болмаса керек, жымиды да қойды. Кеткелі тұрған ақшасы қалтасында қалғанын қай әйел жек көрсін?! Шамасы соған қуанды. Коля ағай «Тысқа апарып тастаңыз немесе қағып-сілкіп келіңіз» деген тапсырмаларды мүлтіксіз, тіпті рақаттана орындай жүріп, әңгімесін әрі қарай сабақтайды: – Зиночка үнемі маған ұрсатын. Әр киім, әр зат өз орнында тұрсын дейтін. Үйіміз осылай тап-таза болып тұратын. Бөлмелер тазарып, жөнге келген соң ғой деймін, қазір ол кіріп келіп: «Коля, иттерге әлі тамақ берген жоқсың ба?» дейтін сияқты. – Ағамыздың кіп-кішкене көздерін мұң торлады. Еш-шәй деспей тату ғұмыр кешкен қосағын ерекше бір көңілкүймен есіне түсіріп, оның оралмас сапарға кеткенін, «кіріп келер» деп күткенінің жай ғана елес екенін біржола мойындап қалғандай. Еңбектей бастаған Мұрат та әбден қағылып, сілкініп шаңынан тазарған палас-төсеніштердің үстінде серуендеп, жаңа мекенімізбен танысып жүргендей. Жағың түспей жамандық көрмегір, Жүкең мен Шағи шешейді сағынды ма «ата-апа» деп, әр бөлмеге барған сайын дауыстап қояды. Мені «аталап» жүр десе керек, оған Коля ағай мәз болады. – Мұрат балақай, келе ғой! Мен саған ата болады. Ертең жұмыстан саған көп-көп конфет әкеледі. Менікі конфет жасайтын жерде істейді! Келе ғой, балақай! – Бірақ қарнының өзіне денелі жігіттің құшағы жетпейтін Жүкеңнің төртпақ бейнесін сәби шіркін мынау бір уыс қана тұлғасы бар қасқа бас кісіге ұқсата алмаса керек, бетіне бажырайып қарайды да, Жүкеңді көргендей құшағын жая ұмтылмай, қайта томпаңдап, қаша жөнеледі. Айтқанындай-ақ ертеңіне Коля ағамыз базардан қайтқан балажан әке сияқты жұмысынан артынып-тартынып жетті дейсің. Қойнынан да, қонышынан да, оң қалта, сол қалта, жан қалта, төс қалта дейсің бе, кемі кішігірім бір жиынның дастарқанына жетерлік дүние. Сары ала, қызыл ала қағазды, өңшең бір қолға да түсе бермейтін, көбін әлі күнге дейін көрмеген,

«Маймақ аю», «Сібірдегі аю», «Құстың сүті» дей ме-ау, тіпті, таңдайға салып қысып қалғанда езуіңе коньягін шашыратып жіберетін домалақ шоколадтар ма-ау, әйтеуір, кәмпиттің қымбат түрлері. Конфеттің қадірқасиетін әлі біліп үлгірмеген Мұрат бір «Мишканың» тонын сыпыра алмай әуре болып жатқанда, Бағиланың көзі оттай жанды. Оттай жанбай қайтсін, екеуіміз үй болғалы арзанқол карамельдер болмаса, мұндай аса қымбатты, әрі ақшаңа да табыла бермес дүниелер дастарқанымыздың әрін келтіріп көрмеген. – Ой, Коля ағай, мынаның бәрін сатып алдыңыз ба? – дейді табақ толы байлықты алтын сапырғандай сұрыптап жатып. Ол Мұратқа беруге болмайтын ішіне ішімдік жасырылғандарын бөлек жинап алды. Мен езуіме бір-екі тамшы коньяк шашыратып алған соң: «Қалада біраз уақыттан бері тұрып жатсақ та, біз көрмеген қалтарыс-бұлтарыстағы дүниелер көп екенау» деп ойладым. – А, біздерге күніне екі жүз грамдай алуға болады ғой. Содан біраздан бері жиналған конфеттер емес пе? Әрине, алған соң таңдаулысын аламыз. Фабрикада таңертеңнен кешке дейін осыларды әрлі-берлі көтеріп жүрген соң бізге солай ұлықсат етіп қойған... – Коля ағай табыскерлігіне мақтанғандай қомпаңдап, кеңірдегін сұқ саусағымен көлденеңдете осып өтті. – Қажет болса, сендерді былай тойдырамын әлі. Бұл конфеттер магазиндерде ешқашан болмайды. Сразу спец. складтарға әкетеді. Оны кімдер жейді, менікі білмейді. Видимо үлкен бастықтарға... Мен Коля ағайдың айтқанына қалтқысыз сендім. Таңертеңнен кешке дейін өзі арқалаған дүниеден қос уыс заңды түрде ала алатынына сендім. Бірақ Коля ағайым көпке дейін күн сайын қойны-қонышын, оң қалта, сол қалта, төс қалта, жан қалталарын толтырып әкелуден бір танбай қойды. Біздің де кейбір жәшік, ыдыстарымыз қымбат бағалы конфеттерге лықа тола бастады. Бағила жолдас-жоралардың үйлеріне бара қалсақ, осынау әр түрлі конфеттерді сәлемдемеге апарып шірейтін болды. Мен де жұмыстағы қыз-келіншектерге тасып, «мырза жігіт» атанып қалдым. – Коля ағай, осының бәрі де сол екі жүз грамнан жиналған дүние ме? – деп, мен бір күні күдік айтып едім, ағамыз алғаш рет өз мінезінің бізге әлі көрсетіп үлгірмеген жаңа қырының шетін шығарды: – Вот что, – деді ол, бетіме ажырая қарап, – саған мен әкеледі, ал сенікі оны қайдан, қалай әкелгенімде қанша шаруа бар? Әкелсем – жейсің, болмаса жолдастарыңа бересің, әкелмеймін – отырасың. Вот так! – Оның Мұратжанның басынан сәл ғана үлкендеу қасқа басы қалтаңдап, әншейінде тым момақан, тым жуас көрінетін қысық жанары сол сәтте-ақ құтырған ит көзденіп, қанталап шыға келеді екен. – Коля ағай, ашуланбаңыз, мен жай айтқаным ғой, – «Мешкей деген жақсы ат емес» дегендей, бір пәтерден бір пәтерге көше беру де шаршатса керек, ағайымның көзі қанталағанмен мен үнімді барынша бейбіт, келісімге келе кетуге даяр екенімді білдірердей ырғақпен шығардым. Оның үстіне, бір үйдің ішінде, бір шаңырақтың астында отырып, бір дастарқанның басынан

ас ішіп жүріп, керілдесіп қалсақ, ары қарайғы бейбіт қатар тіршіліктің шырқы не болар деп те ойлағам. Оған жуасып, дес берер ағайымыздың райы көрінбейді. Қайта жүйкесі тозып, өз-өзінен елеуреп кетті. – Вот, маған ақыл үйретпе! Почему-то, адамдардың бәрі ақыл үйретуге даяр тұрады. Менен басқаның бәрі умный. Өзімнің кішкентай басыма лайық умым бар. Жұрттың бәрі де тегін үйреткісі келіп тұратын мол ақылды ұғып алсам, осындай дурачок боламын ба?! Оның үстіне, дәл қазіргі кезде ақыл үйренуден өтіп кеткен. Какой-то, конфет үшін ұрлықшы атандырғың келеді, ә? Сенсіз де талай рет ұрлықшы атанып, талай рет наказание алған. Кісіні ұры деп виновать етерге бәрің де жақсы, шынына келсек... әрқайсыңды шындап тексерсе, тап-таза бірің жоқ... Бүкіл ел ұрлайды, бастықтардан бастап, үй сыпырушыларға, күзетшілерге дейін... Кто как и чего ұрлайды. Наверно, ұрлайтын бірдеңе тапсаң сен де ұрлайсың... Мен қарап тұрып, айыпты болғаным үшін қысылдым. Ол сөзін жалғады. Көзіндегі қып-қызыл «шоқ» әлі де сөне қоймағанмен, үні сәл бәсеңсігендей. – Ұрлықтың бәрі – ұрлық. Бір сом ұрлаған да ұры, жүз сом ұрлаған да ұры. Менікі конфетті грамдап ұрласа, килограмдап, одан да көптеп ұрлайтындар жоғарыда отыр, – деп ол сұқ саусағымен үйдің төбесін нұсқады. – Тек кеңірдегі кеңдердің ұрлағандарын қалай жұтқанын көру қиын... Вот... менікі ағаш өңдейтін зауытта бір шоферға төрт тақтайды бір жартылық шарапқа бола жымқырып бергенім үшін ұсталып, алты ай қара жұмысқа кесілгем. Сонда: «Мына сияқты қоғам мүлкін талан-таражға салғандардың көзін вообще, навсегда құрту керек, жоспар орындалмай жататыны осылардың кесірі! Басқаларға сабақ болу үшін төрт-ақ тақтай болмақ түгілі, жарты-ақ тақтай болса да, аямау керек» деген смена мастерінің сөзін естігенде, «Осының айтқанының жаны бар-ау» деп ойлаған менікі. Менікі кінәні мойындап, жазаны алған. Жолдастарымның ренішін, ұрысқанын жанашырлық, маған ғана емес, зауытқа, тіпті елге, жанашырлық деп ойлаған. Ол кезде Зина опат болмаған. Ол да көп жылап, көп ұрысқан. Мені қатты ұялтқан смена мастерінің өзі кейінірек айыпкердің орындығында отырды. Адал болып көрініп, өңешін жыртатын мастердің өзі екі машина ағашты жалған документ жасап, біреулерге сатқан. Оған сот болғанда менікі барған. Әдейі барған. Және сөз бермесе де, орнымда отырып айғайлаған: «Бұл – жау» дедім. «Құрту керек» дедім. Әрине, тәртіп бұза берген соң, мені сот залынан шығарып жіберді. Оны да аямапты, алты жылға түрмеге кеткен... Вот, көрдің бе? Ақыл айту оңай! Бәрің де ақыл айтасың, но при первый возможности бәрің де ұрлауға дайын тұрасыңдар. Вот, сен журналистсің ғой, мықты болсаң анау машиналап, вагондап ұрлайтындармен күрес. Қызметі үлкеннің ұрлығы да үлкен. Еще, көбі мойнына қара галстук тағып, төс қалтасына қызыл билет салғандар... Күрес солармен, мықты болсаң! Менің бір-екі уыс конфетімді әшкерелегің келеді.

Сенің газет бетін толтыру үшін жазған «Озат құрылысшы», «Керемет шопан» деген шатпағыңа түкіргім де келмейді! Коля ағай езуі көпіршіп, әлі де біраз сөйлейтін ыңғай танытты. Дегенмен мен де не болса да алғаш рет тойтарыс беруге талпындым. – Коля ағай, біз ұрланған конфетті жей алмаймыз. Бізге әкелмеңіз! – Ол сөз таппай тұтықты. Сонан соң қалшылдаған күйі оңай жерде тұрған көк ала, сары ала қағазды, алтын, күміс түсті қағазы бар конфеттерді бос шелекке тоғытты да, сыртқа ала жөнелді. – Сендердің іштеріңе жақпаса, иттерімнің іші конфет жегеннен ауырмайды. Қағазын да өздері аршып жей алады. Елдің баласы жей алмай жүрген конфеттерді иттерім жеп үйренген. Бағила үн-түнсіз отырып қалды. Үлкен адамдардың әлденеге келісе алмай жатқанын түсінгендей Мұрат та бізге бажырайып қалыпты. Дүние шіркін қанша қызықтырғанмен, ит жемі болып бара жатқан бір шелек конфетке араша түспедім. «Мейлі, не істесе оны істесін, тек бір апта болмай жатып, үйімнен кетіңдер демесе болғаны. Шыдағанымша шыдап бағайын» деп ойладым. Ағамыз сол күйі үйге оралмады. – Неге екенін білмеймін, осы кісіден қорқамын. Кеше ауызғы үйде киім ауыстырып жатқанын көрдім, арқасында, білегінде үлкен-үлкен тыртықтары бар екен. Дәл кеудесінде «Зиночка, я только тебя люблю!» деген жазуы да бар. Қорқамын! Таза адам емес. Басымыздың аманында бір есі дұрыс адамның үйін тауып алайықшы. – Бағила сары уайым соқты. Шынында, осы ағамыздың кейбір сөзіне, кейбір істеріне қарап, денінің саулығына күмән келтіре бастағанмын. Сөзінің алды бар, арты жоқ. Оның жуырдағы бір: «Университетте «каратэ» дейтін Шығыс жекпе-жегіне үйрететін секция ашылыпты. Сенің таныстарың бар ғой, мені соған кіргізсеңші» деген сөзін елулерді баяғыда еңсеріп тастаған есі дұрыс кісінің әңгімесіне ұқсата алмағанмын. Жүрген жүрісі, кейбір істері де кісінің күлкісін келтіретіндей еді. Айналдырған үшеуіміз отырып, бөлек қазан көтеріп, бөлек дастарқан жаятын емес, оны тамақты бізбен бірге ішуге көндіргенбіз. Бірақ жұмыстан бұрынырақ келсе, қолына жарты қойдың еті түссе де, тұтасымен қазанға тоғытып жіберіп, қарап отырар еді. Өзінің де табысы бар екендігін көрсеткен, қазанның біздің есептен ғана қайнамауы керектігін дәлелдеген түрі. Бағила: «Коля ағай-ау, мұныңыз не, бір қазан етті қалай тауысамыз?» дегенде: «Е, тоңазытқыш бар емес пе, күн сайын тамақ пісіріп жүргенше, бір-ақ даярлап қойған жөн» деп өз дәлелін соғатын. Тағы бір кешкілік жұмыстан кейін үйге келсек, Бағила келесі демалыста жуамын деп әзірлеп қойған төсеніш, киім-кешектің барлығын әлдебіреу сыпырып-сиырып үптеп кетіпті. – Ойбай-ау, есік берік тұрғанда кір киімдерді кім үптеп кетті? Ұяттағы, арасында іш киімдеріміз де бар еді, – дейді Бағила дағдарып. Сөйткенше жұмыс уақытында бағып беруге күтуші кемпірге берген

Мұратты көтеріп алып, Коля ағай да жетті. Соңғы күндері ұлымызды үйге жеткізу міндетін ағамыз басын ашып тұрып, өз мойнына алған болатын. «Осылай да осылай, ұрлануға тиісті емес заттарды ұрлатып отырмыз» дегенде ол кісі жайбарақат қана: – А, не үшін үйде кір жуып отырасыңдар? Демалыста дем алу керек. Кір жуатын арнайы мекемені не үшін ашты? Вот, бұдан былай сонда өткізіп тұрамыз. Онда менің конфетіме тойған таныстарым бар, кезексіз жуып, әдемілеп үтіктеп береді. – Тіпті өзім-ақ өткізетін едім ғой, – дейді әлгі «іш киімдер» деген мәселелер үшін бе, әйтеуір, қатты ұялғандағы әдетімен беті алаулап, қызара қалған Бағила. – Ерунда! – деген ағамыз. – Әр жұма күні өзім апарып тұрамын. Және үйде жууға рұқсат етпеймін! Амал қанша, ол айтқанына да келіскенбіз. Осындай оқыс қылықтары мен оңынан келе бермейтін сөздің иесіне Бағиланың күдік білдіруі заңды еді. Неге екенін қайдам, «Бірнеше рет «наказание алған» десе де, арқасында, білегінде тыртығы, кеудесінде «Зиночка, я только тебя люблю!» деген өшпейтін жазуы болса да, тіпті өзі жұмыс істейтін тәтті дәм фабрикасынан күніне қалта-қалта конфет жымқырып әкеліп жүрсе де, осы кісінің бойында адамдарға қолынан келген жақсылығын жасауға тырысатын ерекше қасиеттің нышанын байқағандаймын. Содан болар, Бағиланың «Басқа үй іздейік» деген пікіріне өзімше жал айттым. – Әлі де байқастай тұрайық. Жаман адам емес сияқты. Татуласып кетерміз. Бағила «өзің біл» деді де қойды. Есік алдына шықсам, Коля ағай әлдеқайда кетіп қалыпты. Палкан бастаған үш ит шынында да бір шелек конфеттің будыраған қағазын ғана қалдырыпты. Екі қанден тәтті шоколадқа тойып алып, бірін-бірі қуалап ойнап жүр. Бұл дүниеде өзінің ит болып жаралғанына, ғұмырының тоқсан процентін шынжырда өткізіп келе жатқанына наразы сияқты көрінер Палкан бәз баяғы қалпында желке жүнін күдірейткен күйі екі көзі қызарып, арыстанға еліктеп жатыр екен. Өздерінің қу тамақтары үшін Мопсик пен Шарик бізге шабалана шәуілдегендерін біраздан бері қойған болса, қара ниет Палкан жырта қарыс қара жиек езуін ыржитып, әлі іш бермейді. Шынжырын сүйретіп, орнынан гүрілдей тұрды. Ниеті күндегіден бұзық көрінеді. «Ит иесіне тартады» деген сол-ау. Коля ағайдың бүгін біраз доң көрсеткенін білгендей бұл да босай қалса, алып тастайтындай. «Е, гөзелім, ішіп алғанда әркімге бір тиісетін кейбір маскүнемдермен мінездес болып тұрғаның белгілі болды» деп ойладым Палканға тиген үлес конфеттің қағаздарын көріп. Езуге коньяк тамшысын шашырататын бауырсақ пішіндес конфеттің жасыл қағаздары көбірек шашылыпты. «Мейлі, ит жеуге бұйырып тұрған дүниеге араша жоқ. Тегін келген байлықта қадір де жоқ» деген ой келді. Сол күні Коля ағай үйге оралмады. Бағила, Мұрат үшеуіміз шошайып отырып, кешкі тамағымызды күндегіден кешірек ішкенбіз.

– «Ұрлық істемейтіндерің жоқ, оңтайы келсе» деді-ау әлгі ағамыз, ә? – деймін мен Бағилаға қарап. – Егер ұрлық істейтін адам болсам, әнеукүні біреудің кеңсесінің дәлізіне түсіріп алған он сомын өзіне қайтарып берер ме едім? Егер менің мінезімде ондай жаман қасиеттің құйттай да жұрнағы болса, бетім бүлк етпестен он сомдықты төрт бүктелген күйінде қалтама салып алмаймын ба? Өйтпедім. Қайта «Оу, ақша жоғалтқан кім бар-ау?» деп өзім жар салып, иесін әрең тауып қайтардым. Сонан соң менің қарадан-қарап өзімді сүттен ақ, судан таза етіп көрсетуге ұмтылған сөзіме Бағила уәж айтты. – Әрине, ағамыздың жұрттың бәріне күйе жаққанын мен де қостамаймын, дегенмен кей пікіріне қосылмауға да болмас. Мысалы, «Шындап тексерсе, тап-таза бірің жоқ» дегенін саған арнап айтты ғой. Басқа кісілердің не істеп жүргенінде не жұмысым бар, бірақ сен туралы ол көп қателесе қойған жоқ қой деймін. «Сезікті бұрын секірер» деп, алдымен өзіңді ақтай жөнеліп едің, ал менің бұл пікіріме не айтасың? – Сен не деп тұрғаныңды білесің бе? Жар дегендегі жалғыз жұбайыңды өкпелетіп алма! – Мен салмақты басталып, зілмен аяқталған сөйлемнен кейін екінші сөйлеміме ептеп әзіл әуенін араластырдым. Өйткені оның да әзілдеп тұрғанына сенімді едім. Бірақ Бағила бұрынғыдай жылы жымиып тұрғанымен, өз пікірін «шын айтамын» деген сөзбен тиянақтап қойды. – Олай дейтінім, сен кеңседе жұмыс істеуге берген ақ қағаздан аптасына кемі бір жүз шақты парағын әкелетінің рас қой. Жазу жазасың, қол сүртеміз дегендей... Мен Бағиланың расында қалжыңдамай тұрғанын аңғардым. Дереу қарсы шабуылға оңтайландым. – Біріншіден, ол ұрлық емес, ұрланған затты ешкімге көрсетпей жасырып алады. Мен оны жұрттың көзінше аламын, басқасы да сөйтеді. Екіншіден, мен қағазды үйге алған болсам, сол қағазға жазатын мақалам да, айналып келгенде, редакцияның, газеттің қамы. – Қуаныш, сен жал айтып тұрсың. Ағаш өңдейтін зауыттан Коля ағай төрт тақтай ұрласа, сен апта сайын редакциядан пәлен парақ қағаз аласың. Редакция тақтай, конфет тағы басқадай зат өндірмейтін болған соң амалсыз қағазды ғана қанағат қыласың. Онда ала қояр басқа ештеңе жоқ қой. Егер еліміздегі миллиондаған адамның әрқайсысы күніне бір парақтан қағаз алса, барлық қағаз өндіретін зауыттар солар үшін жұмыс істесе де үлгірмес еді. Біз түкке тұрмайды деген заттарды іле кету арқылы-ақ, қоғамға қаншалықты зиян тигізіп жатқанымызды білмейміз. – Жарайды, жеңілдім, ойбай, – деп, төсеніш үстінде ойнап отырған Мұраттың қасына аунай кеттім. – Енді магазиннен дәптер сатып әкелмесек, мамамыз кінәмізді мойындатты. – Қой, папасы, өкпелеме! Бәрімізге ортақ шындық қой, – дейді Бағила да қайтадан бейбітшілікке шақырып.

Коля ағамыз ертеңінде кешкілік бір-ақ келді. «Өз үйіңізден неге бездіңіз?» деп сұрай алмадым, әрине. Арамызда қайдағы бір құрдымға кеткір конфет туралы әңгіме болмаған сияқты. Мұратты да үйге ала кепті. Ұлымыздың езуіне жұққан шоколадтың қоңырқай дағына қарағанда, оған жекелеген азды-көпті жасырын сый-сыяпаты болғанға ұқсайды, бірақ бізге пәлен қалтасына салып әкелер сәлемдемесінен бүгін жаңылыпты. Ол да ештеңе болмағансыды, біз де ештеңе болмағансыдық. Күнделікті қамқарекет баяғы бір тыныш арнасын қайта тауып, сабырмен ағып жатты. Мұрат бір кезде Жүкеңе ғана бағыштаған «атасын» енді ойланып жатпастан Коля ағайға да айта салады. Оған ағамыз мәз. Әйтеуір, күтуші апаларына барып-кеп жүргенде ым-жымдарының бірі болып кеткенін, конфетін бізге әкелуін пышақ кесті тыйғанымен, Коля атасының Мұратқа деген сыбағасын әлі тасып жүргенін ептеп сеземіз. «Тәтті тағамды жас балаға көп жеуге болмайды» дегенді айтқымыз келгенмен, айта алмадық. Бұрынғыдай әр жұма сайын Коля ағай үйдегі бар жуылуға тиісті киімдерді бір тор дорбаға толтырып, арқалай жөнеледі. Ертеңіне кешкілік қайта әкеледі. Бұрынғыдай біз бірер килограмм ет асып, сорпа-су жасап қойсақ, ол қолына түскенін бірақ қазанға қотарып, «сен же, мен же» боламыз. Қолды-аяқты бала сияқты жүргенмен, қожайын деген аты бар үй иесі болған соң, бір жағы көңілін тауып қоялық деп, демалыс күндері алдына бір шөлмек арақ қойсам, ол бәсекеге түскендей ертеңіне екі шөлмегін әкеледі. Егер: «Ағасы-ау, мұныңыз не, ертең жұмыс қой!» десең, әңгімесінің тігісін жатқызуды білмейтін ноқай шіркін ренішін бірден айтар еді: – Вот, мен білемін, сендер жұмысшыны табысы жоқ адам деп ойлайсыңдар. Қорықпа, ұрлыққа келген дүние емес, өз еңбегіммен тапқан ақшаға алғанмын! Өзі жұдырықтай Коля ағаның кеңірдегінен екі жүз грамм өтті дегенше шаруасы тынды дей бер. «Зинасы опат болғанша екеуі қалай тұрды?» деген мәселеден бастап, әңгімесінің жалғасын аяулы үш итіне жеткізуге кейде шамасы жетіп, кейде шамасы жетпей қалады. Жетпей қалған соң белгілі, біраз орысшалап алады да, отырған жерінде үстелге тершіген қасқа маңдайын сүйеп, қорылға басады. Онсыз да қол тоқпақтай кісінің сырт киімін шешемін де диванға жатқызамын. Жатқызып жатқан кезде: «Зиночка, кетпеші қасымда отыршы!» деп былдырлайды. Әрине, мен оған Зиночка емес екенімді дәлелдеп жатпаймын, әбден тәтті ұйқыға берілгенше шошайып қасында отырамын. Ол әлдекімдерге кіжінеді, орыс тіліндегі балағат сөздердің неше атасын жібереді, әлдекімдерге доқ көрсетеді, сөйтіп жатып тынады. – Қуаныш, сендер ренжімеңдер, мені «Коля ағай», «Кәрім ағай» демей, Кәрім деп атасаңдар қайтеді, – деген ол бір күні әлдене ойына түскендей. – Қалауыңыз білсін, бізге бәрібір. Кей қазақ ағасын көке дейді, кей қазақ әкесін көке дейді, бізге әке болуға да, аға болуға да жарайсыз. Сізді бұдан былай Кәрім көке десек қалай болар?!

– Көке десеңдер де, жәке десеңдер де, Кәрім дегенін тастамасаңдар болды. Себебі мені бұлай деп ешкім атап көрген жоқ... Шешемнен кейін... Шешем көзі үлкен, қара торы келген, орта бойлы әйел еді... Солай ма, әлде осылай болуы керек деп өзім елестетемін бе, анық білмеймін. Бірақ құлағымда шешемнің үні ап-анық қалған сияқты. Жаңылмасам ол кісі мені «Кәрім» дейтін сияқты еді... Иә, Кәрім дейтін. Қателесуім мүмкін емес... Енді өзімнің әбден есейіп, кәрілікке бет бұрған кезде, неге екені қайдам, сол шын атыммен біреулердің атағанын қалайтын сияқтымын... – Сонан соң ол бетіме қарап, мағынасыз ыржиып күлген. Неге күлді? Әлде мені күледі деп ойлап, өзінің тым мұңайып кеткенін байқаған соң алдын ала жасанды күлкі шақырғаны ма? Мен күлген жоқпын. Бағиланы шақырып алып, ағамыздың шын есімін және ол кісінің өтінішін хабарладым. Сөйтіп, бұл үйге келгеннен бері де біраз айдың басына су құйдық. Өзі өтініш жасағаннан кейін біз оны көбіне Кәрім көке дей бастағанбыз. Алғашқы кезде өз есіміне өзі үйрене алмай жүрді. Ол ғана емес, біз де көпке дейін жаңылысып қалып, көбіне «Коля ағай» дейтінбіз. Ондайда ағамыздың құлағы тым түрік жүрер еді. Ал «Кәрім көке» деген кезде басқа біреуді шақырып тұрғандай елей қоймайтын. – А, мені айтады екенсіңдер ғой, – дер еді тағы да ыржия күліп. Дегенмен күн өткен сайын оған үйреніп қалды. – Сендердің көшіп келгендерің жақсы болды. Әйтпесе, мен балалар үйінде болғанда тек орысша сөйлестік. Жолдастарым да негізінен орыс жігіттер еді. Қай жерде жұмыс істесем де, орысша сөйлейтінбіз. Зиночкамен болса болмаса да солай. Ал сендер келгелі қайтадан қазақшаны дұрыс айтатын болып қалдым, – деп қуанар еді. Шынында да, ол қазақ грамматикасының біраз ережелерін белінен басатын әдетінен арылып келе жатқан. Ақырын сөйлесе де, қателеспейін дегендей, әр сөзін оңдап сөйлейтін дәрежеге жетіп қалған. Расында оның қазақшасы сөйлемдердің сүйегін сындырардай ғып сөйлесе де біраз келеге келіп қалған. Орысша бірер сөзді қыстырып жіберетіні болмаса, ұғысуға толық жарайтын. Онымен арадағы тілдесулерді арада біраз уақыт өткен соң қағазға түсіріп жазғандықтан, бәлкім, тігісін тым жатқызып отырғанымды сеземін... Кәрім көкем жаратылысында сөзуар адам емес. Екеуіміздің мылжыңдасып отыра беруімізге менің уақытымның шарты да келе бермейді. Газет қызметкері атанып, газетші болған соң сол қызмет түрінің иесі екеніңнің жалған еместігіне, өзіңнің де, өзгенің де көзін жеткізу үшін күн-түн демей ізденіп, бірдеңелеріңді жазып жүруің қажет. Алексей сыйлаған кішкене көк үстеліме мен қағаздарымды жая бастасам, Кәрім көкем үн-түнсіз басқа бөлмеге кететін, не уақ-түйек шаруаларын күйттейтін. Екеуіміздің шешіле сөйлесіп, өзімізше еркін сырласар күндер әлде екі апта, әлде үш аптада бір болады. Мен көк үстелге бүгін жоламайтын сыңай танытсам-ақ ол да қуанып қалар еді.

– Аздап ішейік, а? – дейтін ол. – Күн сайын үйге ішіп келген кездерім де болып еді. Өзім сияқты жүкшілер бір-бір сомнан шығарып жіберіп, жұмыстан кейін тартып жіберетінбіз. Келіннен ұят болатын шығар деп қазір қысыламын да оларға қосылмай қашқақтап жүремін. «Сендер үшін арағымды азайтып жүргенде ара-тұра серіктесуге жарамайсың ба?» деп жүре ме деген ой келеді де, мен ішімдікті сағынып жүрген адамдай алақанымды ысқылап, жұтынып шыға келемін. Бір-екі дүркін өңешіміз жылынып, ішкен арақ асқазанды, сонан соң бастың ішін қыздырғанда мен де алпыс екі тамырым балқып, қайқайдағыны естелік қып айтқым келеді. Айтып та жүрдім. О, міне, тек осындай кезде Кәрім көкем өзінің сөзшеңдік өнерін танытады. Қашан үстелге басын сүйеп, онан кейін диванына жатқызған кезде: «Зиночка, қасымнан кетпеші» дегенге дейін біраз әңгіменің әкесін танытады. Менің сөзшеңдігім оның сөзшеңдігінің қолына су құя алмай, жолда қалады. Бір оқиғаны қазақша соқтырып отырса, бірін орысша, енді бірін қазақша-орысша араластырып төпейді. Мен онымен бірге тұрған екіүш айдың мезіретінде төртінші қожайынымның да өмір жолының кей беттерін біліп болғандаймын. Сол әңгіменің жинақталып, жүйеге келтірілген нұсқасын тыңдап көріңіздер.

КОЛЯ – КӘРІМ КӨКЕМ АЙТҚАН

Оны бұрын-соңды ешкім қастерлеп, атқа мінгізбейтін. Әйтеуір, әлде сақалы, әлде мұрты бар біреу алғаш рет атқа отырғызғанда, жүрегі жарыла жаздап қуанғаны есінде қалыпты. Неге қуанды? Алғаш рет әлдекімнің атқа мінгізгені үшін бе? Сірә, солай-ақ болуы керек. Жазған сорлы әкесін іште жатқанда жалмап, есін жияр-жимаста шешесінен айырылып, тұлдыр жетім қалғанын сезсе, қуанар ма еді? Сәби қайдан білсін. Егер білсе, өзі үш-төрт күн бойы көре алмаған соң «апалап» еңіреген анасынан біржола айырылғанын, ол ғана емес қараша үйі мен азды-көпті жиған-терген мүлкінің ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткенін білсе, туған босағасына оралмастай біржола аттанып бара жатқанын білсе, қуанар ма еді? Сөйтсе, бекер қуаныпты, бұл аттың жалынан ұстап, құйттай аяғын тебініп, «шу-шулеп» мәз болып жүргенде, жиналып тұрған бір топ әйелдер бірдеңені біліп жылапты ғой. Сөйтіп бұлар мінген ат ауылдан ұзай берген. Біраз серуендеген соң ауылға қайтармыз деп ойлаған, бірақ керісінше, жалғыз салтатты сары далаға түсіп алып, ұзай берген. «Апама барамын» деп бала қыңқылдай берген соң, өзін алдына алып отырған кісінің: – Балам, сол апаңды іздеп келе жатқан жоқпыз ба? Қазір жетеміз, – деген сөзі есінде қалыпты. Содан бұлар белгісіз бағытқа тоқтамастан жүре берген, жүре берген. «Е, апам алысқа кетіп қалған екен ғой» деп ойлады бала.

Ол қуана мінген атынан түс ауа құтыла алмастай халге жеткен. Екі тақымы ойылып, ер үстінде отырудан қалды. Тек күн еңкейе бұлар көкпеңбек көлдің жағасындағы төбесін қамыспен жапқан жалғыз үйдің қасына барғанда бір-ақ тізгін тежеген. «Е, менің апам осы үйде екен ғой!» Бірақ үйден апасы шықпады. Әлі де шал деп атауға келе қоймайтын, бірақ қауғадай жирен сақалы бар кісі үйден шыққан. Бала селк ете қалды. Өңі жас болғанмен, сақалын қауғадай ғып өсірген, екі көзі аспан түстес адамды бірінші көруі. «Орыс!» деп ойлады ол. Үйлеріне бұрындары бірді-екілі орыс кірсе, бұл бір қуысқа кіріп кететін. Өйткені өзі құралпы балалар бір-бірін «Орыс келе жатыр», «Орыс алып кетеді» деп қорқытар еді. Енді сол орыстардың үйін іздеп келулері мүлде түсініксіз еді. Үй иесі бұларға жымия күлсе де, бала өзін алып келе жатқан кісіге жабыса берген. Атты қазақ пен жаяу орыс қауқылдасып, ұзақ есендесті. Заты орыс дегені болмаса, үй иесі жолаушымен қазақша сөйлескен еді. Сол кезде үйден қолына шелек ұстаған ақ сары келіншек шықты. Оның да көзі алғашқы шыққан адамнан айнымайды екен. Оның соңынан жер-көкті басына көтеріп, жаңа ғана тәй-тәй жүре бастаған қызыл көйлекті кішкентай қыз шықты. Үлпілдеген аппақ шашы да қызық. Селеудің ақ үлпесі сияқты. Жолаушы мен үй иелерінің не жайында сөйлескендерін, әрине, бұл ұға қойған жоқ, әйтеуір, бұлар сол күні әлгі үйге қонып шықты. Бұл үйден апасын кездестіре алмағанына қиналғанмен, кешке дейін ат соғып тастаған бала әлдеқандай бір қызыл ала көжені ішер-ішпестен отырған жерінде ұйықтап кеткен. Бір кезде апасы келіп оятады. «Тұра ғой, құлыным» деп, басынан сипайды. Сонан кейін бұрын апасының үш-төрт күн жоғалып кеткені, түнде қой күзетіп келген соң мұны бауырына басып, құшырлана иіскейтін әдетінен жаңылып, әлдеқайда ерітпей кеткені, содан бері жалғыз ұйықтап жүргені есіне түсіп, аздап өкпелеп алғысы келген. Әдейі теріс аунап түсті. «Жо-жоқ, өкпелей алмайды!» Өйткені жан апасын әбден сағынған болатын. Ол «Апатайлап!» орнынан ұшып тұрған. Өз көзіне өзі сенбейді. Апасы емес, мұны басынан сипап отырған көгілдір көзді ақ сары әйел екен. «Апыр-ау, мен қайда жатырмын? Жаңа ғана жанымнан сөйлеп, тіл қатқан апам қайда кетті?» Оны үрей биледі. Екі көзі жасқа толып, қолға түскен бөлтірік сияқты көрпеге тығыла берген. Шашы тура селеудің ақ үлпілдек шашағы сияқты аппақ, құйттай қыз қалтиып қарсы алдында тұр. «Апыр-ау, бұл әйел мен баланы бір жерде көрген сияқты едім ғой... Тоқта, тоқта, кеше осылардың үйіне келгенбіз. Онда мені атқа мінгізіп әкелген кісі қайда кетті?» Ол ашық тұрған есікке қарай бір-ақ секірген. Есіктің көзінде жатқан бір аппақ семіз мақұлық бұдан үркіп, орнынан атып тұрды. Ешбір жануардың үніне ұқсамайтын қорсылдаған бір тұрпайы, тым жабайы дыбыс шығарған. Хайуан бұдан қорықса, бұл одан қорқып, кейін шегінді. Сол

кезде үйден шыққан әйел мұны жерден көтеріп әкеткен. Бала бір сұмдықтың болғанын біліп қыстыға, ықылық ата ұзақ жыласын-ай. Әйел оны көтерген күйінде тысқа алып шықты. Кешегі өздері мініп келген атты байлаған ағаш бос тұр. Аты да, сақалы әлде мұрты бар кісі де жым-жылас. Бала қайда кетерін білмесе де «кетем» деп жылайды. Оның не дегенін ұқпаса да, әйел мұны алып келген кісінің кетіп қалғандығын айтып, баланы уатады. Бірі орысша, бірі қазақша сөйлейді. Баланың бедірейіп жатқан сары далаға қарап жылағанын көрген әйел оның кеткісі келетінін түсінеді. Әйелдің жылы жүзіне қараған бала оның өзін ешқайда жібергісі келмейтінін түйсінеді. Екеуі, сөйтіп, ырдудырдумен бір күнді өткізген. Қаба сақалды үй иесі түс әлетінде бір соғып, тамақтанып кетті де, кешкілік оралған. Оның да тілін ұқпағанмен, бала қаба сақалдың өзіне деген ықыласын, жылы қабағын таныған. Тек қыңқ етсе, бақырып үйді басына көтеретін селеу шаш кішкене қыз ғана бұған күні бойы жүз жылыта қоймаған. Қызғана ма, әйтеуір шешесі балаға жуып кетсе, озандап қоя береді. Ертеңіне қаба сақал оны өзімен бірге далаға ала кеткен. Бір өгізге өзі мініп, үстіне көрпеше салған екіншісіне мұны мінгізді. Үйге екі шақырымдай жерде ғана бұлақ жағасындағы ойпаңды жырта бастапты. Барған соң екі өгізді жалғыз түренді соқаға жегіп, баланы өгіздің біріне мінгізген. Сөйтіп, ғұмырында алғаш рет өз тамағын өзі асырап, еңбек етуді бастаған. Қос өгіз ілбіген мимырт жүрісінен бір танбайды. Бұл қолындағы шыбыртқысымен екеуін шу-шулеуден, сабалаудан жаңылмайды. Боразданың шетіне шыққанда өгіздер бұрылмай әлек қылады, әйтпесе одан басқа көп қиындығын көрген жоқ. Әйтеуір, менің міндетім осы болар деп, шу-шулегенімен оған ілбіген жүрістерін жылдамдатып жатқан, үстімде кісі отыр екен-ау деп қыңатын өгіздер жоқ. Ілбіген, мимырт аяңмен түсті өткізіп, күнді батырады. Күн өткен сайын қаба сақалдың «алып кел, барып кел, жүр, бар, отыр» деген сияқты кейбір сөздерін ұға бастаған. Сол «кел, отырмен» жүріп-ақ бұлар аз жерді жыртып болып, тұқымын сепкен. Одан кейін де қаба сақал тыныш тауып, үйде отырып көрген емес, біресе егінін суарып, біресе бақшасын баптайды, ондай шаруалардан қолы қалт етсе, көлге қайық салып, балық аулайды. Бала осы бір қоңырқай ғана тіршілігіне риза сияқты еді. Өйткені ең алдымен қарны тоя тамақ іше бастаған. Иығы бүтін киім киген. Бірақ оның есіл-дерті тек ауылы ғана, апасы ғана болатын. Кей түндері ұйқысынан «апалап» шошып оянып, қараңғы үйде көз іле алмай қиналар еді. Кешкілік қозы жайып келгенде қараша үйінің алдынан көлбей ұшар көгілдір түтіні, «құлынымдап», айран-шалабын аузына тосар анасы, қоңыр төбел ғана тіршілігі бар шағын ауыл – бәрі-бәрі де көңіл түкпірінен бір өшпей, күн өткен сайын сағындырып, аңсатар еді. Кетіп қалайын десе жолды білмейді, әлі шыдайын десе анасын көрмей жүре беруге төзімі таусылып болғандай. Тағы бірде бұлар шалғымен шауып тастаған көл

жағасындағы көк құрақты шөмелелеп жүрген. Мұныкі, әйтеуір, қалайда қарап отырмайын деген, болмаса мұндай жұмысқа жасар қолғабысы шамалы. Жұмыстың негізін қаба сақалдың өзі атқарады. Мұның құлашы жетпестей шалғымен өзі шауып, әбден кепті-ау деген кезде тырма ағашпен өзі дестелейді. Сол кезде ғана бала өзіне шақ кішкене айырмен дестедегі шөпті шөмелелеген болады. Шаршаса барып суға түседі, ұзап жайылып кеткен өгіздерді қайырмалайды. Күн түске тармысқан шақ еді, бала өзенге суға түскелі келе жатқан. Бұл кезде қаба сақалдың шөп үстіне жата қалып, шай қайнатымдай мызғып алатыны бар еді. Жаңа да сол әдетімен жантайған болатын. Әлде бір таныс, таныс болғанда да жүрекке сонша жақын үн баланы елең еткізсін. Иә, сол көптен естілмей кеткен түйенің бақырғанын анық естіген. Бір қызығы, ол көл жағасындағы жалғыз үйге келгелі не жылқы, не түйе, не қой-ешкі деген малдарды көрмепті. Түлік атаулыдан бұның көріп жүргені екі өгіз, бір сиыр, бір бұзаудан басқа... е, айтпақшы, әлгі жалпақ танаудың ірілі-ұсақты бес-алтауынан басқасын көрген емес. Әншейінде жынын шашады деп маңайынан аулақ жүруге тырысар түйенің бақырғаны да бүкіл өз ауылының үніндей сетілген. Бала жалма-жан жүгіріп, көл жағасындағы қамыстың шетіне шықсын. Қайтқан тырнадай болып, ұбапшұбап кетіп бара жатқан көшті көрді. «Солар! Менің ауылым! Апамдар көшіп барады!» деп ойлады бала. – Апа! Апатай! – Ол өз үнінің тым қатты шыққанын сонда ғана білді. Мұның даусынан қаба сақал оянып кетсе жібермей қоюы әбден мүмкін. Ол қожайыны жатқан жаққа үрке қарап еді, оянбаған сияқты. Ойланып тұрар кез қайда, көш соңынан құстай ұшты. Жүгіріп келеді, егіліп келеді. «Апатай, мен мұндамын ғой! Мені неғып тастап барасың? Ала кетсеңші өзіңмен. Тоқташы, апатай, тастамашы» деп күбірлеп келеді. О баста қазір-ақ қуып жететіндей көрініп еді, көш сол көлбеңдеген күйі сағыммен ойнап, жақындатпай-ақ қойды. Оның есесіне мұның кеудесіне біреу от тастап жібергендей өкпесі өшіп, аузына тығылды. Ол аздай әлде борсықтың, әлде түлкінің іні ме, бір шұңқырға аяғын тығып алып, етпетінен түсті. Қызыл асығын оңдырмай ауыртып алды. Бәрібір тоқтаған жоқ, ақсаңдай басып, жүгіре берді. Қаба сақал енді естімес-ау деген оймен бар даусымен «апалап» бақыра жылаған. Даланың ерке желі мұңлық жетімді ыстық демімен аймалады, бірақ мұның үнін көшке, апасына жеткізе алмады. Табанына тас батып, шөгір кірді, бәрібір бала оған көңіл бөлген жоқ. «Қызыл асығы да, табаны да жазылар-ау, тек апасының құшағына жетіп жығылса екен. Дау жоқ, апасы да мұны сағынып жүр. Тек қайда екенін білмейді. Түнеугүні әлгі бір атқа мінгізіп осында алып келген жаман аға мұны апасынан әдейі адастырып алып кеткен. Әттең, қазір қуып жетсе анасын құшақтап, ұзақ жылар еді. Сонан соң күндіз-түні қасынан екі елі қалмас еді». Бірақ көші түскір, ойпаңға сіңіп кетті ме, әлде жер астына кіріп кетті ме, жым-жылас жоғалды. Мөлшермен тағы да шай қайнатым жүріп еді,

түйелі көштің өзін қойып, ізін де көре алмады. Өзі әбден қалжырапты. Қызыл асығы біз сұққандай дуылдап, бастырудан қалды. Сол кезде ғана ол көшке жете алмауының әбден мүмкін екенін ойлап, соңына қараған. Қалың қамыс көмкерген айна көл де, үйлері де көзіне шалынбады. Тіпті қайдан келіп, қайдан тұрғанын біліп болар емес. Апасы болса, ол жеткізбей кетті, өзінің қазіргі мекені болса, оның қай маңда қалғанын білмейді. Шын үрейдің көкесі сонда туды. Сағым қуған сары даладан басқа көзге ештеңе шалынбайды. Әлде тер, әлде жас көзін бұлдырата берді. Ол кезерген ернін жалады. Бүкіл көмекейі құрғап қалыпты. «Әттең, бір жұтым су болар ма еді». Бала өзінің қалжырап, шөлдегенін сонда білді. Келген ізімен қайтпақ болып еді, қалың өскен бетеге сыр берер емес. «Апа! Апатай!» Барынша айғайлаған сияқты еді, өз дауысын әрең естіді. «Әйтеуір, келген тұсым осы болар» деп, бір бағытқа жүрмек болып еді, күп болып ісіп кеткен қызыл асығы зар қақсатып, бір адым бастырар емес. Бала ыңырсып жылаған күйі етпеттеп жата кеткен... Қабағы ауырлап, кірпіктері айқаса берді. Күн емес, әлде бір алып от дәл төбесінен лапылдай жанып, миын, бүкіл тұла бойын балқытып бара жатты. Жата берсе, қуырылып өліп қалардай. «Қалайда бір көлеңке табуы керек». Ол өзін-өзі зорлағандай көзін ашты. Дәл иегінің астында күлкілдеген алқымы тынымсыз бүлк-бүлк етіп, бұзаубас кесірткі тұр екен. Иен далада пана таппай жатқан баланы паналап, көлеңкесіне келіп тығылған сыңайлы. Қара маржандай кішкентай көзі жылтырап, бұған тесіле қарайды. Бала басын сәл көтере беріп еді, бұзаубас көз ілеспес шапшаңдықпен бұлт етіп, қалың көдеге жасырынды. «Әй, бұзаубас, бұзаубас! Екеуімізден басқа бұл далада панасыз жан иесі бар ма екен?! Сені қойшы, өз мекеніңде жүрсің... Әке-шешең де... бәрі де осы қалың көденің бір жерінде жүрген болар. Оның үстіне, сенің аяғың сау ғой, қайда барамын десең де өз еркің өзіңде... Ал мені айтсаңшы. Нағыз сорлап қалған жалғыз мен...» Ол тағы еңіреп жылап жіберді. Шынында да бұзаубас пен баладан басқа тіршілік атаулы қырылып қалғандай. Айнала – өлі. Тым болмаса басқа көлеңке түсірер бір қарайған бұта-қараған көрінсеші. Айналада ештеңе жоқ, бәрі де мәңгі тыным тапқандай. Айтпақшы, көкжиекті аспанмен астастырып билетіп тұрған сағым ғана тірі екен... «Шіркін, бір жұтым су болар ма еді! Әсіресе балдыр мен балық иісі аңқыған айна көлдің мұздай суық суы болса ғой». Қандай ыстықта тұла бойың дел-сал болып келген бетте сүңгіп кетсең, әрі-беріде-ақ жаның рақатқа батар еді. «Әттең, бағана бір сүңгіп үлгіргенімде бүйтіп шөлдемес пе едім...» Бала сілекейін жұта алмай қиналды. Таңдайы, көмейі, бар ішкі сарайы түгел кеуіп, жаңбырдан соң кеберсіп шыт-шыт жарылар сортаң қақтың жері сияқты болып кеткендей. «Тағы да қайтқан тырнадай ұбап-шұбап, көш керуен кетіп барады. Бұл жазған әлі қуып келеді екен дейді. Бірақ бағанағыдай емес аяғы жерге анда-

санда бір тиіп, зырлап келеді, зырлап келеді. Жо-жоқ, жүгіріп емес, ұшып келеді. Иә, қазір-ақ жетуге тиіс...» Ол ұйықтап кеткен еді. Ойда жоқта басына түскен осынау мүшкіл халден оны аз уақыт болса арашалаған да сол ұйқысы еді. «Көшті қуалағаны бекер екен. Ұбап-шұбаған керуен өзіне қарай келе жатыр екен. Әнеки, көш қасына келіп түйелерін шөгере бастады. Міне, аппақ жаулығын көлкемедей ғып, апасы жүгіріп келеді. «Құлыным-ау, сені таппай жүрсем, мұнда жатыр екенсің ғой». «Мен көп-көп айғайладым. Ал сен болсаң, даусымды естімедің... Аяғымды қарашы, апатай, ауыртып алдым. Әйтпесе өзім-ақ алдыңнан жүгіріп шығар едім ғой. Сағындым ғой, жан апам!» Сол кезде апасы мұны еппен жерден көтере береді. Бұл ұйқысын қимай ма, әлде еркелегісі келді ме, көзін ашпай қойды... Ой, қызық-ай, неге анасынан махорканың ащы иісі аңқып кетті. Ол кісінің иісі мүлде басқадай, өте жағымды еді ғой... Бала өзін-өзі зорлағандай көзін ашты. Қаба сақалдың аспан түсті көзін көрді. Бір түрлі қиналып тұрғандай қарайды. «Бұл кісі мені неге көтеріп тұр?» Күн алаулап батып бара жатыр. «Мүмкін, күн шығып келе жатқан шығар». Дәл қастарында сілекейі шұбырып, қоңыр қасқа өгіз тұр. Терге әбден малшыныпты. «Жаңағы көш, апам қайда кеткен?»... Содан бала бір айдай төсек тартып қатты ауырды. Шыққан тобығы орнына салынып, аяғы тез жазылса да, басы зеңіп, көпке дейін көтертпей қойды. Ол не болып, не қойғанын кейінірек қана есіне түсірген... «Неге бет албаты қаңғып қаша жөнелдің? Мен таба алмасам өлетін едің ғой!» деп, бірде үй иесі реніш білдіріп, сол күнгі оқиғаның себебін сұраған. Бұл бәрін де айтып бермек еді, тіпті шешесінің де қарамай кеткенін айтпақ еді, тілі жетпеді. Сонан соң бұл: – Дом хочу, мама хочу, – деді ме, әйтеуір, тұспалдаса да ойын жеткізген. Екі көзі жасқа толып, көрген жанның жүрегін елжіретердей аянышты хал танытқан. Қаба сақал әйелімен біраз күбірлескен соң, түксиіп біраз қарап отырды да, бұл осы үйге келгелі бері алғаш рет қазақша тіл қатқан. Әлде бұған орыс тілін тез үйренсін деді ме екен, әйтеуір бұрын сынық сөзді қазақша айтпайтын кісі ойда жоқта тілін сәл бұрап айтса да, әйтеуір, еркін түсіндірердей ғып сөйлеп қоя берген. – Жарайды, сен неге қашқан, соны айт. Енді қашасың ба, соны айт, – деген. Бала елес сияқты көшті қалай қуалағанын, ешкімнің мұның даусын естімей жеткізбей кеткенін түгел түсіндірген. – Балам, сен али кишкене. Сондықтан кейин айтады деген. Оған сен шыдамайды. Ауылда ешким жоқ сеники. Аке жоқ, шеше... тоже жоқ... Ол кісі де олген. Сен оны билмейді. Енді аке – мен, шеше – мынау. Енди қашуға болмайды. Сени қасқыр жеп қояды. – Үй иесі ақ сары әйелді нұсқаған. Бала «өлген» деген тым суық сөздің байыбына онша тереңдеп бара қоймаса да, оның өте жаман сөз екенін түсінген. Мүмкін, оны қаба

сақалдың айта алмай қиналғанынан сезді ме, мүмкін, өз түйсігі сездірді ме – тұла бойы дірілдеп қоя берді. «Өлді... өлді?» Шешесін соңғы рет көргенде оның бетін ақ шүберекпен жауып алып тұрмай қоюы... Одан ауыл адамдарының жылап-сықтап, аққа оранған әлденені ауыл сыртына апаруы... Мүмкін, сондағы жерге көмгендері... Апасы болғаны ма? «Шын солай ма?» Ол мынау өз анасына таңылып отырған сұмдық суық сөзден құтқаратын тек осы адамдай көріп, мүмкін «жоқ, өлген жоқ» деп айтар дегендей ақ сары әйелдің бетіне сұраулы жүзбен қараған. Сөйтсе әйелдің аспан түстес көзіне де жас үйіріліпті. Ол балаға құшағын жайған. Көз алды тұманданып, басына түскен ауыр қайғының мән-мағынасын енді ғана шындап түсінген бала еңіреп кеп, ақ сары әйелдің құшағына құлады. Бала жүрегі қарс айырылып, ұзақ жылады. Тек қана өзін бауырына басқан әйел құшағының жылуы оны уата бастағандай. Ол сол құшақ жылуында жатқан күйі маужырап ұйықтап кеткен. Бала өзінің бұл үйге қалай келіп, неліктен бұрын-соңды білмеген жандардың ортасында қалғанын бұған дейін мүлде білмепті. Сөйтіп, ол балалықтың бал дәуренін екі үйде – өзі туған босағасында және қауға сақал орыстың үйінде өткізді. Ол бірте-бірте бәрін де ұмытып, осы үйдің тіршілігімен біте қайнасып кеткен де болатын. Үй иесі қайда барса да мұны қасынан тастамайды. Ол егінді қалай салып, қалай жинайтынын, пішенді қалай шауып, балықты қалай аулайтынын, бәрін де өз көзімен көріп, қолымен ұстап дегендей қаршадайынан еңбекке шыныға бастаған. Үй иесі, ұмытпаса, ұзын жол бойындағы бекеттің иесі болатын. Қыс айларында ары-бері өткен жүргіншілерді үйіне түсіріп, қондыратын, әйтеуір, күзде әлде қайдан алып келетін екі-үш атты күтіп, жолаушылардың ауыстырып, шанаға жегулеріне беріп отыратын. Одан басқа қандай міндеті бар, ол еңбегі үшін не алып, не қояды, оны бұл білген де емес. Бар білетіні қаба сақал тынымсыз, күн-түн демей жұмыс істейтін, сөйтіп, өзінің шағын шаруасын дөңгелетіп ұстайтын адам еді. Өзі егін-бақша салып, оның өнімін осы ауылға жиі келер қазақтарға малға айырбастайтын. Кейде кептірген балық сияқты бірдеңелерін алыстағы базарға әкетіп, қант, май, мата сияқты керек-жарақтарын да оңай айырар еді. Соның арқасында кішкентай бақырауық сары қыз бен бұл екеуі осы үйдің бар тәтті-дәмдісін бөлісіп жеп, жылтырағандарын үстеріне киіп дегендей қамсыз-мұңсыз өсіп келе жатқан. Тағдырдың мұның алдына тосқан тәлкегі әлі де аяқталып үлгірмепті. Егінді жинап болғаннан кейін мектепке барамын деп отырғанда, үй иесі екіақ күн ауырып, дүние салған. Өз әкесінен айырылғанын білмейді, ал анасының қазасы да, әлде балалық, әйтеуір, бұлың-бұлың елес, еске түскенде жүректі шымырлатар сағыныш қана болып қалғандай еді. Ал өзін тумаса да туғандай ғып тәрбиелеп, айналасы екі-үш жылдың ішінде сәби жүрегінің үлкен ықыласын иемденген адамның ойда жоқта оралмас сапарға аттануы бала қабырғасын қатты қайыстырған. Өкіндің не, опындың не, ажал

атты зұлмат тым мейірімсіз екен, ақыры баланы да ауыртпалықты мойындауға мәжбүр еткен. Ақ сары әйел көп ұзамай-ақ мал-мүлкін сатып, көп үйлері бар үлкен ауылға көшкен. Ол, кішкентай бақырауық сары қыз екеуі, бір туысқандарының үйіне кірді де, мұны жетімдер үйіне өткізген. Өз ішінен шыққандай болып бауыр басып қалған баланы жетімханаға апарар алдында ол көзіне жас алып отырып, бұған әлі күнге беймәлім болып келген бір сырды ұқтырып еді...

* * * «Балам, сенің әкең мен біздің үйдің иесі – Иван Александрович Воронин ежелден таныс, досжар адамдар болған. Бірі соғым малын берсе, бірі – астығын беріп, көп жылдар жақсы араласып тұрған. Олар бір-бірін «тамыр» дейді екен. Сол тамырлардың бірі сенің әкең жастай дүние салғаннан кейін де Иван Александрович үйлеріңе барып тұрған. Оны сен, әрине, ұмытып қалған болуың мүмкін. Қолынан келгенше жесір әйел, жетім балаға көмегін көрсетіп тұрыпты. Шешеңнің де бұл дүниеден көшкенін естіген соң ауылдарыңа барып, жамағайындарыңды сені өзі алып тәрбиелеуге көндірсе керек. Өзің білесің, біздің де екеуіңнен басқа баламыз жоқ. Қарындасың Зинаға аға болып, сен қосылдың. Ұлтың басқа, түрің бөтен демедік, өз баламыздай етіп өсірдік. Оның үстіне, марқұм Ваняның қолғанаты да болдың. Біз сендердің өз қатарларыңнан қалмай ер жетулеріңді аңсайтын едік, оны тағдыр жазбапты. Өз кіндігінен ұл болмағаннан кейін бе екен, сені біржола фамилияма жаздырып алсам деп армандайтын. Өзіңнің де есіңде шығар, сені еркелеткенде «Николай Иванович» деп үлкен адамдай ғып, ерекше сүйсіне айтар еді. Бірақ өтерінен бір күн бұрын мені шақырып алып, «Клава, біздің Коля біреудің маңдайына басқан жалғызы ғой, кешелі бері ойлай-ойлай оны өз фамилиясына жаздыруды дұрыс деп таптым. Баланы ес білмейтін кезде алдым деп, өз фамилияма жаздырсам, қиянат болар. Әкесінің есімін фамилиясы етіп, Балағазов деп жаздыр» деп еді. Өз әкеңнен без демеймін, бірақ әкеңдей болған Ваняны да ұмытпа. Сондықтан сені ертең балалар үйіне өткізгенде Николай Иванович Балағазов деп жаздырайын деп отырмын. Қарсы емессің ғой... Ой, ақылыңнан айналайын. Ал енді балалар үйіне барған екенмін деп бізді біржолата ұмытып кетпе. Келіп тұрарсың, бізде барып тұрармыз, жарай ма?» * * * Сонымен, балалар үйінің жаңа тұрғыны Николай Балағазов екі-үш жыл бойына анасындай болған Клавдия Васильевнаның үйіне сағындырмай барып тұратын. Баяғы селеу шашты бақырауық қыз Зина да Коля ағасы келгенде қатты қуанатын. Жиі-жиі келіп тұрмайсың деп қашан болсын өкпесін айтар еді. Клава шешесі мен кішкентай Зинаны екі-үш күн көрмесе, өзі де сағынып қалар еді.

Зина бесінші класты бітірген көктемде Клава шешесі басқа қалада тұратын біреуге тұрмысқа шықты да, олар көшіп кетіп, Коля мүлде жалғыз қалған. Тек көңіліне медеу болған Зинаның жазып тұратын хаты ғана еді. Бірақ шешесі қайтадан бұны іздеп келе алған жоқ, бұл іздеп бара алған жоқ. Барар да еді, Зинаның жазған хаттарына қарап, тайсақтай беретін. «Өгей әкеміз мазасыздау кісі, кейде мені де соғып жібереді» деп жазатын. «Жердің түбіндегі қалаға қалай барамын, жол қаражатты кім береді, тіпті бір амалын тауып барған күнде, өңі түгілі түсінде көрмеген бейтаныс адам мені маңына жолатар ма!» деп ойлайтын. Туғаннан қабілеті аз болды ма, әлде жастай көрген көп тауқыметтің әсері ме, әйтеуір, оған оқу қона қоймаған. Бір класта екі жыл отырып қалатынды да шығара бастаған. Ақыры балалар үйінде арамтамақ болып босқа жүрмейін деген оймен бір күні уақ-түйек бірдеңелерді алып, тайып отырсын. Қайда барады, қандай қаракет істеп, күн көреді, ол жағын пайымдап жатпаған. Қаланың ортасын қақ жарып ағатын өзенді өрлеп жүре берген. Бір кезде өзен жағасына орналасқан диірменнің қасына жеткенін көрген соң ішіне бас сұққан. Үсті-басы аппақ ұнға бөккен қарт диірменші жөн сұраған соң, бұл балалар үйінен қашып бара жатқанын, енді оқығысы да келмейтінін, оқи да алмайтынын жасырмай айтқан. – Егер ешқайда кетіп қалмасаң, мен сені өзіме көмекші ғып алар едім. Бар міндетің диірменнің ішін тазалап, көмейден суды жіберіп, тоқтатып тұрасың. Келген кісілердің уақ-түйек шаруаларына көмектесесің, – деген. Жұмыс таңдап, күй талғап жатар уақыт қайда, тәуекел деп осында қалуға бекінді. Бекер обалы қане, диірменші Сәлім шал бұған жайсыз бола қойған жоқ. – Қалай, ұлым, шаршаған жоқсың ба, шаршасаң дем ала ғой, – дер еді бұған жымия қарап. – Өзіңді тәрбиелеген Иван деген орыс деп пе едің? Е, мейлі әкем десең де, жәкем десең де өзің біл, кім болса да жаныңа таусылмас азық жиып беріп кеткен екен. «Қандай азық?» дейсің бе? Ол – сенің бойыңа іске деген ептілікті, еңбекке деген құлықты егіпті. Соны айтамын да, балам, «таусылмас азық» деп. Өнері бар адам аштан өлмес болар, – дер еді. Сірә, қаршадай көмекшісінің өзіне тапсырылған шаруаны тындырмай тыным таппайтын елгезектігіне әбден риза болған соң айтса керек. Сөйтіп, ол диірменші үйінде үш-төрт жылдай жүріп, есейіп қалған. – Балам, маған сен риза болсаң, өзіңе мен ризамын. Екі қолымды төртеу ғып, жанымды тындырғаның рас. Бірақ еңбегіңе ақы сұраған кезің де болған емес. Кәрі қойдың жасындай өмірім қалғанда кісі ақысын пайда көрейін дейтін адам мен емес. Азын-аулақ жиған-тергенімнен өзіңе деп бөлек жинап жүрген тиын-тебенім бар. Азамат болып қалдың, керекжарағың болса, алып ұстарсың, – деген бірде.

Коля бұл уақытқа дейін де Зинамен үнемі хат жазысып тұратын. Қыз болса үнемі мұңын шағып, өгей әкесінің соңғы жылдары маскүнемдікке салынып, өзіне маза бермейтінін, соның кесірінен мектептен де қол үзіп қалғандығын жаза беретін. Мүмкін, Коляны туған ағасындай көріп, бірге өскендіктен бе, әйтеуір, бар мұңын хат арқылы болса да осыған шағатын. «Шынында, менің өзіме тиесі қаражатым бар екені рас болса, неге оларға барып, хал-күйлерін біліп қайтпаймын?» деп ойлады. Оның бұл шешіміне Сәлім қарт та қарсы болмаған. Сөйтіп, ол алғаш рет өз бетінше жолға шыққан. Көп қиналмай-ақ іздеген адамдарын – көп жыл анасындай болған Клавдия Васильевна мен қарындасындай көріп жүрген Зинаның мекеніне келгенде, олардың тіршіліктерінің мәз еместіктерін көрген. Дәл осының келерін күтіп тұрғандай-ақ сол күні кезекті айғай-шу болып жатқан кезде үйге кірген. «Қазір мен кіріп келгенде Клавдия Васильевна қайтер екен, Зиночка жүгіріп келіп мойныма асыла түсетін шығар» деп дәметіп кіргенде, үйдің ортасында сынған ыдыстың шашылған сынықтары мен жүздерін әлде ашу-ыза, әлде от басынан кеткен береке-бірліктің дәл көрінісіндей көңілсіздіктің табы жайлағандай еді. Алдында орталап қалған шөлмегі бар сақал-шашы өскен егде кісі «Бұл кім өзі?» дегендей бұған үңірейе қараса, шешесі көзінің жасы мөлтілдеп, төсегіне отыра кеткен. Тек Зина ғана осы көріп тұрғаным өңім бе, түсім бе дегендей мұның бетіне тесірейе қарап тұрды да, «Коленка, ақыры келдің бе?» деп ышқына айғайлап, қос қанатын жая мұның құшағына кірген. Бір кездегі сөзшең жұдырықтай қыз таралып өсіп қалыпты. Оның жанарынан тамған ыстық жасы мұның кеудесіне құйылып, жан-дүниесін елжіретіп, өзі бұрын-соңды сезіп-білмеген бір күйге түсірген. – Жылама, Зиночка, мен сендерді іздеп келдім, – Қапелімде оның аузына басқа сөз түспеген. – Бұл қайдан келген қамқоршыларың еді?! – Стақанына құйылған арағын ішер-ішпесін шеше алмай отырған үй иесі қаһарлы үн қатқан. – Әлде аспаннан екі аяғың салбырап түскен жебеуші періштесің бе, сен басурман? Әлде біздің «әлі түк білмейтін» Зиночкамыздың болашақ байы ма едің? – Жетер, тіліңізді тартыңыз енді! – Зина Коляны құшақтап тұрған күйі оған оқты көзімен қараған. – Ә, «Қамқоршым келді, енді қорқа алмаймын» дейсің ғой. Ендеше бұл антихристің кім екенін білейік. – Ол керзі етігімен еденді сындырып жіберердей аяғын нығырлай басып, бұлардың қасына келген. – Тиіспе бұған, көзіңді ашып қара! – деп үрейлене үн қатқан Зина. Кереуетте әлі есін жинай алмай отырған шешесі де әлдебір сұмдықтың боларын сезгендей орнынан тез көтеріле берді. – Жігітім, келген ізіңмен табаныңды жалтырат! – Ол мұның иығынан борбиған сабаудай жуан саусақтарымен бүре ұстады да, есікке қарай сүйрей жөнелді. Шырылдап, Коляның мойнынан айырылмай жүрген Зина да алыптың бір қолының күшімен қоса кете барды. Сол кезде жетіп үлгірген

Клавдия Васильевна екінші қолдың бір сермеуінен қалмай, төр алдына ұшып түскен. Сағынып жеткен адамдарымен дәл мұндай күйде ұшырасармын деп ойламаған Коля мынау көпе-көрнеу басынғандықты көріп, жаман қорланған. Мынандай дүлей күштің алдында өзінің түкке тұрмастай әлсіздігі, шарасыздығы үшін қорланған. Қанша бұлқынып, қарсылық көрсетпек болғанмен, үй иесі оны жаңқа құрлы көрмей, дәлізге қарай бір нұқып-ақ лақтырып тастады. Балаң жігіттің әзірге денесіне қол батып, тәніне соққы тимегенімен, ызадан екі көзінің жасы ытқып кеткен. Ол не істерін білмегендей жан-жағына қарап еді, бұрышта жатқан темір қазықты көрді. Екі көзіне қан толып, қолына темірді ала ұмтылған. Үйіне ойда жоқта келіп, қорғансыз әйел мен қызға жасар кезекті өктемдігіне кедергі жасаған «қонағын» босағадан әрі асырып тастаған қожайын төбелес десе жанып кетер, бірақ бір ұруға жарамайтын мына әлжуаз немеге бола өрепки көтерілген атойшыл көңіліне сап-сап сабыр шақыру үшін өзін біраз күтіп қалған стақанын босатуға кіріскен. Бұл алыпқа қарай жолбарысша бірақ атылсын. Жаңа ғана өздерін іздеп келген Коляны қара күш иесінен арашаламақ болған Зина енді керісінше қара күш иесін әлсізден арашаламақ болып, бұған қарай ұмтылды. Алыпқа екеуі де бір кезде жетіп, Зина оған еркінірек кедергі жасап үлгіре алған жоқ. «Шынымен мені ұрғалы келе жатырсың ба?» дегендей арақ уымен кілегейленіп кеткен көз қарсыласына жөндеп қарай да алған жоқ. Сол кезде құлақ шекеден жанамалай тиген ауыр соққыдан соң, бір жағына қарай қисая берген. Сүйткенше алып дене кескен теректей болып, ыбырсып жатқан үйдің ортасына сұлап түсті. Бойды кернеп, құрсаулап алған ашу-ыза оған темірді екінші рет көтерте берді. Бірақ абырой болғанда, не болып, не қойғанын аңғара алмай тұрған Зина жылдам қимылдап, оның қолына жармасып үлгірді. Қолын сермей алмағанымен қорқырап, аузынан ақ көбігі бұрқырап жатқан үй иесінің ішінен бір теуіп үлгірген. Сол кезде Клавдия Васильевна да жетіп, бұл ешқашан айтуы мүмкін емес-ау деген бір сөзді айтсын. – Қуарған қу жетім-ау, не істегенің бұл? Кім шақырып еді сені мұнда? – «Үйге кіріп келген кезде бауырына басып, көрісер ме екен?» деп дәмеленіп келген адамы оның өзін кеудесінен итеріп қалды. Бар амалы таусылып, не істерін білмей аңырып тұрған кезде айғай-шуды естісе керек, үйге сол кезде көршілер де кіре бастаған. Көп ұзамай ауыр соққыдан есін жия алмай жатқан адамға көмек көрсету үшін дәрігер де, біреудің үйіне басып кіріп, тал түсте үй иесін өлімші етіп соққыға жыққан қаңғыма бұзақыны ұстау үшін заң қызметкерлері де шақырылды. Ары қарай мұның бұл тіршілігінің мәнін де, сәнін де кетірген екінші бір келеңсіз өмір басталған. Тек қана от басы, ошақ қасындағы ішкі мәселеге кездейсоқ келген балаң жігіттің араласпауын өтініп, бір-ақ рет итеріп қалған кісінің миын шайқап, мүгедек еткені үшін төрт жыл бас

бостандығынан айырылып кете барған. Анасындай көрген Клавдия Васильевна «Жәбір көріп жатқан бізді арашалады. Тумаса да туғандай болған балам болатын» деген сөзді айтпады. «Бір кезде жетім қалған баланы бұрынғы күйеуімнің асырап алғаны рас еді. Бірақ ойламаған жерде келіп, әкесіндей адамды соққыға жыққанына өзім де жіп таға алмаймын» деген сөзі мұның тағдырын шешіп кеткендей. Жалғыз Зинаның мұның туыстығын дәлелдеген тұжырымдары мен ойда жоқта болған жанжалдың себептерін түсіндірген уәждері жеткіліксіз болып қала берді. Қиялға толы жастық шақтың бір шұрайлы шағы тор қоршаудың ішіндегі түрлі-түрлі қылмыспен келіп түскен қылмыскер жандардың арасында өтіп жатты. Бұл осынау кең дүниеде өзін қорғансыз жалғыз, қайраңға шығып қалған салындыдай керексіз санаған. Бұл дүниедегі тілектестерім деп санар диірменші Сәлім шал мен Зинаға да қолы барып хат жаза алмаған. Бұрынғыдай емес, мінезінде де бір қыңырлық жиі атойлап, тұйық бір халге көшкен еді. Небір алаяқтардың қарауылдардың көзі қалт еткенде өзіне өктемдігін жүргізер қиянатын көрсе де, ешкімге тіс жармайтын. Бірақ неге екенін өзі де білмейді, басқаға кеткен өшін әлі жетер біреуден алуды да үйрене бастаған. Ол кесімді уақыттың үш жылын өтеген кезде Ұлы Отан соғысы басталып кетті де, кешірім алғандардың қатарында бостандыққа шыққан. «Көзге шыққан сүйелдей жұрт бетіне қалай қараймын, өйтіп жүргенше ел қорғауға аттанып, кінәмді жуып қайтайын» деген шешімге келіп, әскери комиссариатқа өзі барған. Соғыста да жолы болмады. Алғашқы ұрыста-ақ ауыр жараланып, госпитальға түскен. Бастан тиген оқтан кейін жаны қалғанымен, жазылмас кеселге – жартылай есінен айырылған адамға айналған. Ол қайтып майданға кіре алған жоқ. Елге келіп, Зинаны тауып алған. Жасынан бақыты ашылмаған ол сорлы да сол кезде күйеуінен қаралы қағаз алып отыр екен. Шешесі де дүние салыпты. Бір-бірін жоғалтқан адамдай әу баста туысқандық сезіммен табысқан олар келе-келе екі жарты қосылып, бір бүтінге айналыпты. Орталарында бала болып, жандарын жасартпады дегені болмаса, отыз жылға тарта ғұмырларын еш-шәй деспей бірге өткізіпті. Рас, жаның жәннатта болғыр, Зинаида Ивановнаның көзі тірі кезінде тағдыр қосқан қосағына істете алмай кеткен бір шаруасы бар екен. Сол үшін кей-кейде араларында кикілжің болатын көрінеді. Ол – Николай Ивановичтің тор темірдің ішінен жұқтырып келген ауруы. Емі табылмады ма, әлде емшісі келіспеді ме, әйтеуір, әлі күнге дейін онысынан айыға алмай, көп ретте сол дерттің кесірінен жұрт алдында масқара болып, жұмыс орнын ауыстыруға, кейде айып, жаза тартуға да мәжбүр болады. Тәнге жабысқан дерттің емі табылады екен, ал жанға жабысқан дерттің емі екінің біріне табыла бермейді екен. Зинаида марқұмды иен үй бақтырып, тіпті бертініректе тағы да екі жыл түрмеде отырып келген соң: «Әй, бәлем енді қайталасам атым өшсін!» – деп өзіне серт бергендей еді, бірақ зайыбы көз жұмған соң тағы да бастап жүргенін өзі де байқамай қалған. Ол ауруы көлденең жатқан дүниені

қалдырмайтын жымқырмалығы еді. Көлденең жатқаны ғана емес, ебін тауып, өзгенікіне, болмаса қоғамның мүлкіне қолын қалай жүгіртіп жіберіп, қалай сопаң еткізіп керегін суырып алатынына өзі де таң қалатын. Сол екі жылға отыратын жылы ғой түлен түртіп, ет комбинатына орналаса қалғаны бар. Ілгек темірлерге салбыратып-салбыратып іліп қойған қойдың, сиырдың бүтіндей еттерін көргенде көзі шіркін тұнып сала берген. Әу баста бірер кесім, бірте-бірте бірер кесектен ұрлап көрген. Жолы болып, ешкім байқамайтын. Ақыры қойдың етін бүтін күйінде комбинат қорғанының сыртына лақтырып жіберетін болды. Алдын ала келісіп қойған адамы аңдып тұрады да, іліп ала жөнеледі. Ақыры бір қой, екі қоймен шектеле қоймай, қолға түскен. Шіркін-ай, Зинаида марқұмның өз тағдырына налып, сол жолы ұзақ жылағанын әлі ұмыта алмайды. «Мені кешіре алмас, түрмеден босанып шыққанша өз жолын тауып кетер, не үйіне жолатпас» деп ойлаған. Е, айтты не, айтпады не, бәрі де өтті кетті дәурен екен ғой. Енді міне, Зиночканың жүрген жері мен жатар орнын ғана қу көңілге медеу тұтып, иен үйдің күзетшісі болып жүрген жайы бар.

* * * – Қуаныш, – деген ол бір жұма күні кезекті кір киімдерді жуатын орынға апарып келген соң. – Қуаныш, маған жұмыстағылар үйлен дейді. Ал мен үйленейін десем қорқамын. Тағы бірдеңені бүлдіріп қойып, оны ұятты қыламын ба деп қорқамын. Әйтпесе ол жақсы әйел сияқты. – Оныңыз не, Кәрім көке-ау, әлі жассыз дегендей. Зинаида шешеміздің аруағы риза болар. Тек «бірдемені бүлдіріп қоятыныңызды» қойсаңыз жетеді, – деген сияқты өз пайымдауымды білдірдім. – Өзі жақсы әйел болса, болады да. Бірге істеуші ме едіңіздер? – Жоқ, бізбен бірге істейтін бір жігіттің әпкесі. Кір жуатын жерде жұмыс істейді... «Е, жұма сайын сәл кір шалған дүниелерді неге арқалай жөнелетініңізді енді білдім». Жанарымда күлкінің ұшқыны ойнаса керек, бірақ оны Кәрім көкеме білдірмеуге тырыстым. – Ех, білмеймін, менікі бас қатып жүрген. – Ол кісіге жууға кір апармай-ақ, жолықпайсыз ба? – деймін мен. – Е, не деп барады екенмін? Қасындағы әйелдерге не демекпін? – Ол бейкүнә қалыппен маған қарап, мақсатсыз ыржиды. Оның осы бір түртұлғасын өмірдің талай өткелдерін көрген тіршіліктің ащы-тұщысының да дәмін татқан елуді еңсерген жігіт ағасының емес, бағыт-бағдарын еркін аңғара алмас, аңқау жеткіншектің кейпіне ұқсатуға болар еді. – Өзі былай шет-жағасын айтып па едіңіз? «Бірге тұрсақ» деген сияқты сөздерді деймін де? – Е, жоқ, қайтіп айтамын?.. Апарған заттарымды қабылдап алады, даяр болғанда қолыма ұстатады. Тек бір рет қана жұмыстан шыққан кезін аңдып тұрып, үйіне апарып салғанмын. Ол да үйінде жалғызбасты болып тұрады екен... Үйіне кіріп, шай іштім. «Сіздің жалғызбасты кісі екеніңізді

жақсы білуші едім. Біраздан бері төртеу болдыңыздар. Балаларыңыз ба, әлде ағайындарыңыз ба, әйтеуір жуырда үйіңізге жас балалы ерлізайыптылардың көшіп келгенін де жақсы білемін» дейді. «Қалай?» деймін таңырқап. «Жууға әкелген кірлеріңізден-ақ бәрін білуге болады» дейді күліп. – Сонан соң? – Немене, не сонан соңы бар? Рақметімді айттым да, үйіме қайттым. – Одан кейін барған жоқсыз ба? – Жоқ, не деп барамын? «Сен неменеге келе бересің?» десе, не демекпін? Бір түрлі ыңғайсыз сияқты. Мен тура бір тергеуге алғандай сұрақты үсті-үстіне жаудырып жіберіппін. Жаңа ғана он жетіге толатын жас бала сияқты толқып, өз берекесін бек кетіріп тұрған осы бір жанның сөзі қызық көрінді ме, әлде пенде шіркіннің әрдайым шеті көрінген затты тұтас күйінде көруге құштарлығы ма, әйтеуір, Кәрім көкем бастаған әңгімені біраз індеткім келді. – Ол кісінің сізге көзқарасы қалай сияқты, былай сөйлесіп, әңгімелескен кезде ештеңе сездірмей ме дегенім ғой. – А, оны кім білсін? Әйтеуір, қашан болсын күліп тұрады. – Шыныңызды айтыңызшы. Өзіңіз расында ұнатасыз ба? – Солай шығар... Әрине, Зиночкадай қайдан болсын?! Бірақ неге екенін қайдам, бір түрлі осы әйелді көргім келе береді. – Ол тағы да өзінің бейкүнә күлкісіне салды. – Ендеше кеттік. Қане, жылдам барыңызды киіңіз үстіңізге. Үлкен жауапты ресми сапарға аттанамыз. Менің не ойлап, не істегелі тұрғанымды ұқпаған ол бетіме таңырқай қарайды. Бірақ «Осы бала бірдеңенің жөнін білуші еді ғой, айтқанын істейін» дегендей бетіме сұраулы жүзбен қараған күйі сандығын ашып, бүктеулі жатқан таза костюмін, хаттауы жазылмаған жаңа жейдесін шығара бастады. – Кәрім көке, дымыңыз ішіңізде болсын, құда түсуге барамыз. Сіз – күйеу, мен – бас құда. Ол діңкесі құрыған адамдай жаңа костюмі мен жейдесін құшақтаған күйі сандықтың үстіне сылқ етіп отыра кетті. «Мына сұмдығыңнан мені құтқара көр» дегендей бетіме бір түрлі жалынышпен қарайды. Мен болсам өзімді барынша салмақты ұстауға тырысып, маңғаз тұрмын. Және бұл шешімімнің титтей де жаңсақтығы жоқ дегенді жүзімнен байқатқым келіп, көзіне ерекше салмақпен қараймын. Бірақ Кәрім көкем орта жолда өнер шығарды. Ер-тоқымын бауырына алып, тулап берсін. Бұл пәлен жыл «ұйықтап» жатқан жанартаудың еш «әзірліксіз» атылғанына ұқсас әрекет еді. Момақан жанарынан жарқыл көрінді. – Хва-а-атить! Болды! – Ол қолындағы киімдерін кереуеттің үстіне атып ұрды. – Мен сенен оқыған жігіт қой деп ақыл сұрасам, сен қазір жетіп бармақсың!.. Мені күлкі етпексің...

Көкем «Прибойын» тұтатып, есікті бетке алды. Менде үн жоқ, орнымда мелшиіп тұрған бойы қала бердім. «Кәрім көке, мен жай ғана қалжыңдап едім» демек едім, бірақ айтып үлгіре алмадым. «Шындығында, менің дәл қазір жүре ғой дегенім қай сасқаным?!» деймін өзімді-өзім кінәлап. Артықтау пысықсып кеткенімді соңынан біліп тұрмын. Білгенімді қайтейін, «боларын болдырып, бояуын сіңдіріп» алған соң өкіну – әрекеттен кейінгі «әттеген-ай» ғана. Көп ұзамай азық-түлігін арқалап, артынып-тартынып Бағила та жетті. Мен Кәрім көкемнің кірді неліктен үйде жуғызбай, апта сайын оларды қуана-қуана ала жөнелуінің сырын шым-шымдап аша отырып, өзімнің оны бүгін қалай ренжіткенімді баяндадым. – Біреудің тұп-тұнық сезімін әзілге айналдырған соң ашуланбай қайтсін?! Бір үйдің иесі болғанша, ойлап сөйлегенді білмейсің, – деп, ол онсыз да мойындап тұрған кінәмды ауырлата түсті. – Бар енді балаға барып кел, ол кісі ренжіп кетсе, бүгін Мұратжанды әкеле қоймас. – Өй, сен де айта береді екенсің. Елуден асқан кісіде ол неғылған «тұп-тұнық сезім?» деймін мен де жеңілгім келмей. Ол бетіме аңырып қарап тұр. Жаңа көргендей. – Сезім болмаса, адамдар есейгенде бір-бірімен табысар ма еді? Сен бір түрлі қызықсың. Жарайды, өнбейтін дауды соқпай барып кел, бар балаға. Мен жалғыз ұлымызды бағып отырған күтуші кемпірдің үйіне қарай жорыттым. – Жаңа ғана қожайыныңыз алып кетті емес пе?! – дейді ол кісі. Тегі ол басқа көшемен кеткенде көрмей қалған болуым керек. Олар үйге тақап қалғанда соңдарынан қуып жеттім. Кәрекең мені байқар емес, әлі сөздің парқын ұқпақ түгілі, дұрыстап өз атын атай алмай жүрген Мұратқа әлденелерді соқтырып, мен Мұраттың емес, Мұрат менің әкем сияқты үстімнен шағым айтып келеді: – Сен білесің бе, Муратик, сенікі папа ақылды емес. Мен сияқты үлкен кісіні, еще контузия болып ауырған адамды мазақ етеді... Мен олардың қасына баруға батылым бармады. Сыбдырымды сездірмей, кейіндеп қала бердім. Көзім батыс жаққа түсті. Қызарып батып бара жатқан күннің иегінің астынан бір шуда қара бұлт төңкеріле аунап келеді екен. Ол әп-сәтте күннің көзін бүркеп үлгерді. Ерте көктемнің әлі көктеп үлгірмеген ағаштары үлкен бір дауылды сезгендей, тұнжырай мүлгіп қалыпты. Үйге кіргеннен кейін де көкемізбен дұрыстап әңгімелесуге жүрегім дауаламай көп жүрдім. Бір кезде терезе алдындағы ағаштар жан біткендей ерсілі-қарсылы теңселіп, үйдің қабырғасын, терезелерді сабалай бастады. – Дауыл болады-ау деймін, – деді Кәрім көкем. – Көке, мен сізге әзілдеп едім, шын көріп қалдыңыз-ау деймін. Әйтпесе маған құда түсу қайда? Ақсақалды үлкен кісі болмаса, – дедім мен.

Көкеміздің жүзі жылып сала берді. Бірақ сырымызды Бағила біліп қаладыау дегендей оған жаутаңдап қарап қойды. – Көке, ол ниетіңізді мен де құптаймын. Тек жақсы кісі кездессе болғаны да... – Бәкең қас бәйбішедей-ақ көшелі сөз айтқан соң ғана Кәрекең тыныш тапты. Дауыл күшейе түсті. Көшенің шаңын аспанға көтеріп, жел ышқына соқты. Кейбір үйлердің шатырын сыпырып, көше әрі-бері ұшқан заттарға толып кеткендей. Біздің шатырға да әлдене келіп соғылғандай. – Шатырымыз аман ба екен? – Мен қауіп қып едім, Кәрекең үрейленуімнің себепсіз екенін дәлелдеді. – Шиферден жасалған шатыр болмаса біздікі қаңылтырдан шегелеген ғой, мұндай дауылдың талайын көрген. Шайымызды жинап бола бергенде, дауылдың соңы жаңбырға ұласты. Терезенің әйнегін сабалап, ұрып тұр. – От жақпасақ, болмайды, бала тоңады... – Кәрекең үйге алдын ала даярлап қойған көмірі мен тамыздық ағаштарын кіргізді. Осы бір ерте көктемдегі соққан дауылдан кейін жағылған сол бір оттың біздің бар қызығымызды қиып кетер от екенін біз жазған біліппіз бе?! Білгенде, әттең, білгенде суықтан үсіп өлсек те, жағар ма едік сол бір пеші түскірді... Және сол бір от біздің бұл босағадан сезінген ең соңғы жылуымыз екен, сол бір от біздің жұптық ғұмырымызда өшпейтін өкініш қалдырған ең алғашқы қайғымыздың да себепшісі екен... Нөсер жаңбырдың соңы қарға айналған. Кәрекең жатар алдында тысқа шығып, екі қанденін дәлізге кіргізіп, астарына ескі тонын төсеп келді. – Биылғы көктемнің ең соңғы қары болуы керек. Өзі де қалың жауған екен, сірә, таңертең ертерек оянып, есік алдының қарын күреп тастауымыз керек шығар, – деді ол. Сыртта қар жапалақтап көктемнің соңғы ызғары ұрып тұрса да, біздің шағын үйіміздің іші ұядай, жып-жылы. Мұрат өзінің кішкентай төсегінде еш нәрседен қамсыз-мұңсыз, тәтті ұйқы құшағында жатыр. Тым бейқам, тым тәтті ұйқы. Жаңа ғана қып-қызыл жалын атып жанған плитадағы оттың біртебірте нұры қашып бара жатты. Шоқтардың беті қарауытып, плитаның күл түсетін астыңғы жағынан ғана қызғылт сәуле ойнайды. Тағы да жел тұрды. Ағаш бұтақтары кештетіп келген жолаушының үйдің есік-терезесін сартылдатып ұрғылағаны сияқты жиі дүрсілдетіп кетті. «Қар тоқтаған болар, жел көтеріп кеткен шығар» деп ойладым. Неге екенін қайдам, кірпігім ұйқы торына шырмалып, түн тыныштығының құшағына еніп бара жатқанда көзім плитадағы сөніп бара жатқан отқа түсе берді. Сырттағы дауыл күшейе түсті... Ағаштардың әлі бүрлей қоймаған сидам бұтақтарының терезе әйнегін жиі-жиі шып-шып ұруы біртүрлі үрей туғызды. Бірақ ұйқыны үркіте алмады. Ұйқы – дұшпан. Бүкіл тұла бойымды үйіріп, өзіне тарта берді... ... Құс болып ұшып жүр екенмін деймін. Қанатымды қырандар сынды анда-санда ғана бір қағып қойып, шырқау биікке шығып кетіппін. Жер

дегеніңіз қайда, түу төменде қалыпты. Бұрын мұндай биікке шығып көрмегендікі-ау, басым айналып, жүрегім айнып бара жатқандай. Көзім қарауытып кетіпті. Өз денемді өзім ұстай алмай қалдым ба, әлде «қанаттарымды» дұрыс қақпай қалдым ба, әйтеуір жерге қарай құлдилай жөнелмесім бар ма. «Құтқарыңда-а-ар!» Үнім шықпайды. Сөйткенше болған жоқ, лақтырған кесектей зуылдаған күйімде жерге келіп топ ете қалдым. Қанатымды, жоқ қолымды қозғап көрдім, аяғымды қимылдаттым. О, ғажап-ау, соншалықты биіктен құлағанда өлмей аман-есен қалыппын. Тек әлдекім миыма біз сұғып жатқандай басым ғана қатты ауырып бара жатты. «Мен осы аспандағы құс емес, жердегі адам едім ғой. Демек, ұшып жүргенім түс қана болар... Мен осы қайда жатырмын?» Ептеп қабағымды көтермек болып едім, басқасын қойғанда, көзімді ашуға шамам келмеді. Басымның ауырғанына қарамай тұрмақ болып талпынып едім, тұла бойым қорғасын байлағандай зіл батпан болып, тыныштықты қалайтын сияқты. Сүйретіліп орнымнан қозғалғаннан гөрі дәл қазір жан тапсырсам да, осы орнымда жата тұрайын деп шештім. Біреудің қырылдаған үні құлағыма келетін сияқты. Тоқта-тоқта, мынау баланың үніне ұқсайды ғой. Үн болғанда да, қинала дем алғандағы ауыр тыныстау. «Кім болғаны сонда?» Кенет: «Осы Мұрат болмаса нетті?» деген суық ой миымды қарып өтті. Әлдеқандай бір сыртқы күш менің қолтығымнан демеп жіберген сияқты. Орнымнан ұшып тұра келдім. Бірақ буындарым сал ауруынан тұрған адамдай қалтылдап, денемді көтере алар емеспін. Қабырғаны жағалап барып, электр жарығының түймесін тауып алып, шамды жақтым, үйдің іші көгілдір түтінге бөгіп, ештеңе көрсетпейді. Тұрған жерімде сылқ етіп отыра кеткім келеді. – Ба-а-ғи-лаш! – Ол да төсектен басын көтерген болды, бірақ әлі құрығандай қайтадан көзін жұмады. «Бізге иіс тиген екен ғой!» – Кәрім кө-ө-ке! – Ол да оянған сияқты. Бірақ тіл қатуға шамасы жоқ еңбектеген күйі есікке қарай беттеп барады. Бірақ кеудесін көтеріп, есіктің ілгегін ашуға шамасы келмеді. «Дәл қазір барып ашпасам, бәріміз де өлеміз. Берілмеуім керек, мынау өз құшағына шақырған ажал тыныштығына! Есікке жетуім керек! Мұратым үшін! Бағила, бәріміз үшін! Әйтпесе түгел қырыламыз». Дәл аяғымның астында әлдене салдыр ете қалды. Аяғым еденге шегеленгендей орнымнан қозғала алмай тұрып, жаңағы затқа қарасам, Кәрімнің көмірге су құятын жаман шәугімі екен. Аяғым тигенде қаңғыр ете қалмай ыдыстың үні тұтқырлау естілгеніне қарағанда, ішінде суы болса керек. Зордың күшімен алып, ішіндегі суын басыма бір-ақ төңкердім. Аз да болса, ес жиғандаймын. «Енді есікке жетіп, ілгегін ашуым керек». Қабырғаны жағалап кеп, өлдім-талдым дегенде ілгекке қолымды жеткізіп, есікті итеріп қалдым. Сұп-суық, бірақ біздің өміріміз үшін сонша қажетті мөлдір ауа бетке ұрды. Судан шыққан балықтай аузымды кере ашып, жұтып жатырмын, жұтып жатырмын. Бұл тіршілігімізде қадірін еш ойланып көрмеген бір жұтым қарапайым ауаның соншалықты қымбат екенін сонда

ұқтым. Сусыз, ассыз біраз уақытқа шыдауға боларын, ал ауасыз қас-қағым сәтке шыдаудың мүмкін еместігін сол күйде тұрып, пайымдап үлгіргендеймін. Дәл аяғымның астында Кәрім көкем бүктеліп жатыр. Ол да аузын кере ашып, дем алады. Жүргенде кедергі болмас үшін алдымен оны дәлізге сүйреп шығардым. – Бағила, тез тұр, бізге иіс тиді! Бағил-а-аш деймін, тұр! – Қу-уаны-ыш-ау, ба-ла-ны! – Ол басын көтермеген күйі күбірледі. Қатты мас болған адамның үнінен бір айнымайды. Мен сенделген күйі Мұраттың төсегіне жеттім. Өңі оңған бөздей аппақ болып жатыр екен. Кіпкішкентай аузы сәл ашылған күйі қатты шөлдеген адамның ерніндей тобарсып, ауыр тыныстайды. – Ботақаным-ау, амансың ба? – Әйтеуір, тыныс алғанына қуанып, көрпесімен құшақтаған күйімде дәлізге алып шықтым. Өзім үшін ғана емес, кіп-кішкентай ботақаным үшін жығылып қалмауды ойлап, аяғымды нығыздай басып келемін. Әйтеуір, ауыр тыныстағаны ғана дәтке қуат. Мопсик пен Шарикті жатқан жерінен қуып тастап, олар иемденген ескі тонның үстіне баланы жатқыздым да, қайтадан сенделіп үйге кірдім. Ендігі ойым Бағиланы шығару. Оның да буын-буынынан әл кетіп қалыпты. Екі үйдің бар көрпе-жастығын көтерген күйі сыртқа шығардым да, Бағиланы сүйреп әкеліп, солардың үстіне жатқыздым. Әлі есін жия алмай жатқан Кәрім көкем де іңірде ішіп-жеген асын қайтарып, бүкіл қолқа-жүрегі суырылардай болып, бір бұрышта қиналады. Оның астына да төсеніш салып, сырт киімдерін әкеліп киіндірдім. – Хорошо что, сенікі оянған. А то, жарты сағатта біздікі жоқ болатын! – дейді ол былдырлап. «Апыр-ау, осы кісі кейінгі кезде тәп-тәуір үйренген қазақшасын қатты мас болғанда ұмытып, екі тілді араластыра, жалғауларды бұзып сөйлеуші еді. Қазір де солай сөйлеп жатқаны қызық екен» деп ойладым. Айдың-күннің аманында бір үйлі жан түгелдей жапырылдық та қалдық. Әлі таңнан хабар жоқ. Аспанның бұлтты екені, болмаса ашық екені де белгісіз, әйтеуір, меңіреу қараңғылық айналаны тұншықтырып, басып тұр. – Ба-ла-ны! – деді Бағила тағы да. Мен есіме жаңа түскендей, екі қанден түнеп шыққан тонның үстінде томпайып жатқан Мұратыма келіп, қолыма алдым. Көзін ашпаған күйі сұлық жатыр екен. Әлде шамның жарығынан, әлде маған солай көрінді ме, бұрынғысынан да бозара түскендей. Құлағымды танауына тостым. Жүрегі түскір аттай тулап барады. Ештеңе сезілмейді. Мұндайда кісінің құлағы да естімей қалады деуші еді. Жоқ, мүмкін емес... Ернімді тобарсыған ерніне тигіздім.. Сұп-суық, демі де білінбейді. Бар тіршілікті жаратушы бір күш болса, онда ойланбай-ақ сәбиімнің өмірі үшін өз жанымды айырбастай салған болар едім... сол сәтте. Тағдыр тоқпағының дәл төбемізден аямай-ақ ұрғанын білдім. Білдім де: «Мұрат! Мұратым-ау, неге ғана тыныстамайсың?» деп бар даусыммен айғайлап жібердім. Не пайда, менің құйттай сәбиім кең дүниенің бар

рақатын, бар қиындығын сезіне алмаған күйінде, өз тағдырының тізгінін ұстаған әке-шешесінің өзін сақтай алмай зарлап қалғандарын сезбеген күйінде тұщы дүниеден, мынау тәтті өмірден аз уақыттық алданыш қана болып өте бергенін білдім. – Мұра-атым-ай! – Жаңағы үнім үміт сәулесі сөне қоймаған жай есірік дыбысқа ұқсас айғай болса, ендігім жан-дүниемді жаныштап, жүрегімнің парша-паршасын шығарған күдер үзді жоқтау айғайы еді. – Не дейсің, құдай-ау, шыныменен айырылғанымыз ба? – Бағила жатқан жерінен бізге қарай еңбектеп келе жатыр екен. Шашы дудырап, бетін жауып кетіпті. Баланы құшақтаған күйімде алдына барып, кесе көлденең отыра кеттім. Мүмкін, тағдырдың соғып өтті дауылы үстіме құлатқан қасіретті көтере алмадым, мүмкін уланудың әсерінен буынымды ұстай алмай қалдым... Онысын парықтай алғаным жоқ. Бағила баланың үстіне келіп жығылды. Ішегін тартып, ұзақ күлген адамдай бір түрлі үн шығарып, жылап жатты... * * * Бірер күннен кейін жолдас-жорамыз жиналып, кішкентай қызығымызды тау жақтағы қалалық қорымға қоныстандырып қайттық. О дүниелік болғандардың санын тағы біреуге көбейтіп, қатарларына сандықтай ғана тағы бір жас қабірді қостық. Бірер айдан соң өзінің қалқайған құлағындай басына белгі тасты қалқитып орнаттық. Сөйтіп күні кешегі қызығымыз да, қуанышымыз да болған сәбиім жансыз тасқа айналды... Үш-төрт күн үйімізде жата алмадық. Өкініші мәңгі кетпес сол бір түннің лаңын ойдан шығару мүмкін емес еді. Жолдас-жора қаншалықты көңілімізді ауласа да «Шіркін-ай, сол күнгі дауыл неге соқты екен, «талайталай дауылды көрген» дейтін Кәрімнің шатырының бір шеті қопсып ашылып, неге ғана басқа жері емес, мұржаның аузын жауып қалды екен; неге ғана онсыз жылы үйге бір түн от жақтырмасақ, ұшып өлетін бе едік? Неге-неге?» деген сұрақтар миымның ішінің бәрін кернеп алған. Қанша қиналғанымызбен, қанша ойланғанымызбен қаза шіркіннің алғанын қайтармас қатыгездігін мойындаған соң амалсыздан, қарғыс атқыр, сол баспанамызға қайта оралғанбыз. Біз көрер сұмдық әлі таусылып болмапты. Кәрім көкеміз екеуіміздің итше таласып барып, біржола бөлінісер жол айрығымыз да иек астында ғана тұр екен. Кешкілік екеуіміз үйге кірсек күні кеше екі қанденге, одан кейін менің кішкентайымның үзілер шағында төсеніш болған қара тонды айқара жамылып, диванның үстінде көкеміз жатыр. Тұрымтайдай ғана тұлғасы бар онсыз да шағын адам аяғын бауырына алып бүрісіп, бір уыс болып қалыпты. Дәл қазіргі сәтте менің де қожайынның көңілін аулап жатар жайым шамалы еді, үн-түнсіз кіріп, екеуіміз де діңкелеп, шаршап келген адамдай отыра-отыра кеттік.

Бағила күні кешегі ғана көз алдымызда томпаңдап жүрген кішкентайымыздың көрген түстей ғана болып, оралмас сапарына аттанып кеткеніне еш сенбейтін сияқты. Үш-төрт күннен бері қаңырап иен тұрған бесіктің бетіндегі жамылғысын көтеріп көрді. Сонан кейін бөлмелерді аралап шықты. Ақыры үстелдің үстіндегі баламыздың суретін қолына алды. Бейкүнә сәби осы суретке түскеннен кейін бір ай өтпей әке-шешесін жылатып кетерін қайдан білсін, тышқанның маңдай тісіндей екі тісін барынша көрсетіп, бізге күле қарайды. Менің ішімде әлдебір ыстық құйын аласұрып, шығар жол іздеді. Көз алдым тұманданып, қасыма қайтадан келіп отырған Бағиланың иығын қаусыра қысып қойдым. «Өзіңе берік бол!» деген ишарам. Бағила да әрең отыр екен, көзінің жасы мөлтілдеп, біраз тығылып отырды да, дауыс салып, жылап қоя берді. Мен оның иығынан әлі қапсыра қысып отырмын. Өз ішімдегі жалынды құйын да жанарымнан жас болып ағып жатты. – А, ну, кончайте! – Сірә, шайдай ашық аспанда найзағай ойнап, күн күркіресе дәл мұндай әсер етпес. Диванның үстінде тон жамылып, екі бүктеліп жатқан дене төбемізден жай түсіргендей оқыс тіл қатты. Бағила өз үнін өзі тұншықтырып, көз жасын сүртті. Мен орнымнан тұрдым. Не үшін кінәлі болғанымызды білмекпін. Дәл қазіргі сәтте баламызды өлтіріп алғаннан басқа ешқандай да оның алдында айыбымыз жоқ сияқты еді... Кәрім көкем орнынан тұрмапты. Тек тонның жағасынан қылтитып басын ғана шығарған екен. Екі көзі әлде қатты ұйқыдан, әлде артық ішкен ішімдіктен, әйтеуір, қанталап, құтырған ит көзденіп кетіпті. Кісіге қарасы тым жабайы, тым шатақшыл көрінді. Кеудесінде жүрегі бар, оның үстіне егде адам мынандай қайғылы оқиғадан кейін басу айтар еді, жұбатып көңіл аулап, салиқалы сөз айтар еді. Ол мен жанына тақай берген кезде орнынан атып тұрып, бетіме ажырая қарады. – Қане, үйден тайып тұрыңдар! – Бұл сөзі жаңағысынан да асып, бүкіл адамгершілік атаулының шекарасын тас-талқан етіп кеткен еді. Жаңа ғана бір сәт жоғалтқан қымбатымызды жоқтап, бір сәт қайғының ырқына берілсек, арада бірер минут өтпей-ақ ол сезімнен айырылып, пендеге тән жазықсыз жазықты болғаным үшін бар қанымды бетіме ойнатып, ашуға булығып тұрмын. Бірақ қанша айтқанмен, үй иесі деген аты бар адамның алдында өз-өзімді барынша сабырлы ұстауға тырысып, сыздана тіл қаттым. Үнімде батпандай зіл, сонымен бірге сыртқа шығуға тепсінген ашу-ызаның ызғары бар. – Көкесі, жайшылық па?! – Ол: «Ашулансам тұла бойым қалшылдап, өз-өзімді ұстай алмай қаламын» дейтін. Қаршадай дене орнынан қарғып тұрып, қарсы алдымда қалш-қалш етеді. Демек, ашуланған. Бірақ мұның жын соққандай қалшылдай қалуына негіз болар тырнақтай кінәм жоқ еді ғой! – Жайшылық емес! Вот, тайып тұрыңдар деген соң, тайып тұрыңдар! Менікі басқа сөз білмейді. Көп сөз – боқ сөз!

– Біріншіден, біз де албаты қаңғып жүрген адамдар емеспіз, үйіңе өз келісіміңмен тұрғанбыз. Сондықтан да кет дегенге кете салар себебін ашып айт. Екіншіден, бізді де қорғайтын заң бар. Мамыр айы туып, жер аяғы кеңігенше қуып шығуға қақың жоқ! – Мен де тұла бойымның дірілдеп бара жатқанын сеземін. Қасымызға келіп тұрған Бағилаға көзім түсіп еді, өңі оңған шүберектей бозарып кетіпті. «Сені қатарыңның алды етпесем де, кейін қалдырмаспын» деп алған жарымды осынша қиыншылыққа ұшыратқаныма өз-өзімнен қорланайын. Бұған дейін тұла бойымның дірілдегенін ұстап тұрсам, енді оны шектеуге шамам келмей барады. – А, сені заң қорғайды екен ғой. Онда бар, заңыңа қорғатып ал. Бұрын пәлен рет сотталған адамды сенің алдыңда жығып беру оңай. Сондықтан мен қорқатын ештеңе қалған жоқ. «Менің баламды өлтірді» деп арыз бересің, мені құртып жіберіп, үйімді басып қалғың келеді! – Ол жүгіріп барып, біздің жүктерімізді ашық тұрған есіктен сыртқа қарай лақтыра бастады. Мен де құстай ұшып келіп, қолына жармаса кеттім. Қол тоқпақтай адамды тыраңдатып көтерген күйімде диванның үстіне әкеліп, ұзынынан сұлатып салдым. – Әй, ағайын, айтып өлтір, кім сені сотқа берген? Айтып өлтірсеңші! – Ол бұлқынып, босанып кетуге тырысты. – Сендер шеттеріңнен арамсыңдар! Сотталып келген, соғыста контузия болып келген менен де арамсыңдар. Сырттарың жылтырап, періште болып көрінесіңдер де, елдің үстінен күн көруге тырысасыңдар. Жаман үйімді сендерге беріп кеткенше, өртеп кетермін. Вот, солай! Босқа дәмеленесіңдер! – Егер сені сотқа берсем, мына жаман үйіңді алғым келсе, қандай антсу іш десең де даярмын, тек маған бұл сөзді кімнен естігеніңді айтшы. Шыныменен-ақ мен сондай зұлымдық жасайтын адамға ұқсаймын ба? Кәрім тағы біраз бұлқынып бақты. Ақыры үстінде отырған менен босай алмаған соң, жуасығандай сыңай танытқан. «Е, жарты ес шіркін, менің кінәсыздығымды әрең ұқтың-ау» деп ойладым да қоя бердім. Сыртқа шығып қалған заттарды кіргізейін деп бұрыла бергенім сол еді, Бағиланың жан даусы шықты. Жалт бұрылдым, қолына босағада сүйеулі тұрған балтаны ала салып, ұмтылып келе жатқан Кәрімді көрдім. Балталы қол жоғары көтеріле берді, дәл солай қорғанудың керектігін мен ойлап үлгірген де жоқпын, әйтеуір, неге екенін қайдам, тұрған орнымнан қас қағым сәтте секіріп барып, балтаны ұстаған оң қолының білегіне жармасып, көз ілеспес шапшаңдықпен қару ұстаған қолын бұраған күйімде алып ұрдым. Мұндай жекпе-жектердің әдіс-тәсілдерін әбден меңгерген спортшының өзі де осыдан артық әбжілдік көрсетпес. Қаһарлы қаруды жұлып алдым да, бір бұрышқа лақтырып жібердім. Тағы да тізеге салып, біраз езгілеген соң орнынан тұруына мұрсат бердім. Бағила екеуіміз де ағатайлап, әбден құтырынып алған Кәрімді құшақтап жүрміз. Мен тағы да оны көтерген күйімде диванға әкеп құлаттым.

– Все! – деді ол тұп-тура бала сияқты. – Менікі ақымақ. Ел сөзіне сенген. Кешіріңдер! Мінезі дәл осындай аумалы-төкпелі кісінің ашуы да, одан қайтуы да тез ғой. Буырқанып-бұрсанып келіп, сатыр-сұтыр өте шығар жайдың бұлты сияқты. Дегенмен ағамыздың басындағы «бұлттың» көшіп үлгіргеніне сенбегендей үстінен тұрғаныммен, оқыс қимыл жасаса, бас салуға даяр тұрмын. Бірақ ол өзі істегеніне өзі ренжігендей салбырап, отырып қалды. – Сенікі ондай ой ойламаған? – деді бетіме бағжия қарап. – Кім айтты менде ондай ой бар деп? – Бір түрлі қиястанып, «сізді» ұмытып, «сенге» көштім. – Маған көршілер айтқан. Оқығандар залым болады деп. Үйіңді тартып алады деп. Сенің милицияда жүргеніңді көріпті. – Қайсысы оны айтып жүрген? – деп қалшылдадым. – Балам өлсе, сен қастық жасаған жоқсың. Оқыс болды. Ал сенің жаман үйіңнің маған қара бақырлық құны жоқ. Немене, өз қайғым аз боп жүргендей, жазықсызданжазықсыз кінәлайсың? – Менікі ақымақ болған. Вот, ренжімеңдер. Мен ол өсекші кемпірлерге енді сенбеймін. Бұрын олар Зинаға мені, маған Зинаны жамандайтын. Менікі – дурак, оларға сенгенін қоймайды. Мен оларға қазірақ барады. Ол есіктен апыл-ғұпыл шыға жөнелді. Бас киімін де киген жоқ. Сөйткенше болған жоқ, ауызғы үйде әлдене сатыр-сұтыр құлап түскендей болды. Менен бұрын шыққан Бағиланың жан даусы шықты. – Өлді, ойбай! Қалдық енді пәлесіне! – Бағила үрейлене қарап тұр екен. Менің де көзім оның маңдайына түскенде зәрем ұшты. Жүгіріп келіп, қолтығынан алдым. Жан жоқ адамдай былқ-сылқ етеді. Маңдайының терісі үш бұрыштала жыртылып, бас сүйегінің алақандай жері жалаңаштанып қалыпты. Тері астындағы ұсақ тамырлардан шып-шып қан көрінеді. Әуелде ештеңенің байыбына бармаған қалпымда: – Не болды, Кәрім көке? – деймін абдырап. – Қарғыс атқыр, мына бір пәлені қайдан әкеліп қоя қойып едім, – дейді ол кіре беріс дәліздің босағасында тұрған төрт бұрыш шойын темірді көрсетіп. – Сүрініп жығылғанда басым өткір бұрышына тигені... Жаңағы өзім лақтырған сендердің көрпелеріңнің жатқанын ұмытыппын. Соған сүріндім... Ех, менікі ми жоқ... Шамасы сүзе құлағанда темірдің бұрышы бас теріні сойып түссе керек. Бағила екеуіміз оны диванға жатқыздық та, жалбырап қалған бас теріні орнына қайта жауып, жарақатын таңған болдық. Сонан кейін ол ештеңе де болған жоқ дегендей сәл жымиып, бір көзін қысып қойды. Сұқ саусағымен бұрышта тұрған тумбочканы нұсқады. – Әкелші! – Мен барып, тумбочканың қақпағын аштым да, ішіне қарамай-ақ: «Нені?» деп сұрадым. – Арақты. – Бірер жүз грамдайы ғана ішілген бір шөлмек арақ тұр екен. – Құй екеумізге де! – Мен екі ыдысқа құйдым.

– Мен білемін. Итпін ғой мен. Кісі емеспін. Елдің сөзіне сенемін. Зиночка осыған да көнді ғой. Сен келіп, маған басқа біреуге үйлен дейсің. Ну ладно! Үйлену оңай. Моп-момақан болып тұрған соң: «Е, бір жақсы кісі екен» деп ойлауы мүмкін. Ал үйге әкеліп, осы мінезімді көрсетіп жүрсем, Зиночка сияқты көніп отыра ма? – Ал сіз «өнеріңізді» көрсетпеңіз. Ол үшін ішімдікті қою керек, – деймін мен. Жаңағы балталы майданды ұмытқандай. Тағы ақылгөйсіп тұрғанымды сездім. – Бар кесір соны қоя алмағаннан ғой. Қалай ішсем болды, елдің сөзіне сенемін... Күле қарағанның бәрі досым, алая қарағанның бәрі жауым болып көрінеді... Ех, итпін ғой, мен. Сендер кешіріңдер, жарай ма! «Әй, айтуы да тез, қайтуы да тез, байғұсым-ай» деп ойлаймын қойдан жуас болып отырған ағамызға қарап. Ол ыдысындағы арағын бір-ақ төңкере салды. Мен де сөйттім. – Жүр, екеуміз поликлиникаға барып, мына жараны таңдырып келейік, баспен ойнауға болмайды. Жағдайым болмай отырған сияқтымын, – дейді ол. Кәрім көкем ештеңе болмағандай кейбір көршілерінің жақсы адамдар емес екендігін, бүгінгі оқиғаны оларға сездіруге болмайтындығын, егер сездірген жағдайда олар оқиғаны үрлеп-үрлеп, үлкейтіп алып, бүкіл қалаға жайып шығатындығын әңгімелейді. Тіпті мына жарақатты бізден көрулері мүмкін екенін ескертеді. Сөйлесуге «тіл жоқ», аяғымның басын зерттеп, мен келе жатырмын. Бір бұрылысқа барған ол басының айналып тұрғанын айтып, қалтарысқа барып еңкейе берген. Мен арақтың әсері болар деп ойладым. Дәрігерге жете бере өне бойын тер басқан ол лоқсып, жүруден де қалды. Жолым болғанда қожайынымды сүйрелеп келе жатқанда университеттің заң факультетін бітірген курстасым Арықбайдың ұшыраса кеткені. Студенттік жылдардың қызық-шыжығын бірге өткізіп, араласқұралас болып кеткен. Күні кешегі қайғымды бірге көтеріскен, оның үстіне университетті қызыл дипломмен тәмәмдап, қаладағы бір аудандық прокуратураға қызметке орналасып үлгірген жігіт болатын. – Өй, сендерге не болған? Өздерің ішіп алғаннан саусыңдар ма? – дейді бетіме күле қарап. Мен болған жайды қысқаша айтып бердім. Төбелескенімізді де жасырмадым. Арақ ішкен себебімізді де айтып бердім. – Кәреке, өзіңіз сүрініп жығылып, басыңызды жарып алғаныңыз рас қой. Бұған мына жігітіңіздің қатысы жоқ қой, – деп, ол нағыз заңгер ретінде мәселенің бірден бетін ашып алмақ болды. – Ей богу, сам, – деді Кәрім тілі сөйлеуге әрең келіп. – Онда қазір ем-дом қолданған соң милиция қызметкерлерін де шақыртып, түсініктеме жазып берерсіз, Кәреке, – деп, ол менің қамымды ойлай бастағанын сездірді. – Мен де сендермен бірге барайын.

Көкемізді Арықбай екеуіміз бірде көтеріп, бірде сүйреп дегендей емханаға жеткізгенде оның халі мүлде нашар еді. Судан қалған егіндей сирек шаштарының өзі сығып алғандай тер болды. Бүгінгі жүйкесінің жұқаруынан онсыз да қып-қызыл болған қос жанарына қан құйып қойғандай. Қол-аяғы бүрісіп, қалш-қалш етеді. Өзін прокуратура қызметкері ретінде телефон арқылы таныстырып милиция бөлімшесіне қоңырау шалған Арекеңнің өтінішімен қос милиционер де тез келген. Кәрімнің «Ешкімді кінәламаймын. Мас болып өзім жығылып, жараландым» деген сөзін милиция қызметкерлерінің бірі қағазға түсіріп, Кәрім көкеміз қолын қойып берді. Дәрігерлер шақыртқан жедел жәрдем де тез жетіп, оны ауруханаға аттандырдық. – Ертең есін жиған соң саған, пәле жаппасын деген сақтық қой, – дейді Арықбай біз тысқа шыққаннан кейін. – Миы шайқалған көрінеді. Үйге келсем, Бағила бар жүгімізді даярлап, буып-түйіп қойыпты. «Бұл үйде бір қонуға да шамам келмейді» дейді. Шынында да, арамызға бір сызат түскен соң ендігі бұл үйде қалуымыздың реті жоқ еді. Екеуіміз Қуанышбектің үйіне келіп, қонып шықтық. Мұнда келуіміздің себебі оның ғана өзіне тиесілі баспанасы бар. Оның үстіне басымызға түскен ауыртпалықты тең бөлісіп көтеріскен нағыз дос екенін осы бір соңғы күндері дәлелдеген. Нәрестені мәңгі мекеніне аттандырудың да біраз машақаты болады екен. Соны тізе бүкпей атқарған осы Қуанышбек пен Ақантай болатын. Әрине, басқа достар да аянып қалған жоқ. Әсіресе Қуанышбектің бір қылығы, қылығы емес-ау, бір сөзін мен тіршілігімде ұмыта алмаспын. Бала шетінеген күннің ертеңіне уана алмай отырған Бағила екеуімізді қыз-жігіттер кезек уатып, қасымыздан шықпай жүрген. Кешке таман Қуанағаңның келіншегі Толқын сіңлісін таксиге отырғызып күйеуін шақырып келуге жұмсаса керек. Олардың да тұңғыш қыздарының дене қызуы 39 градусқа жетіп, қатты ауырып қалған көрінеді. Сонда ол біздің «Енді қайта бер» дегегенімізге қарамай: – Менің балам әзірге тірі ғой. Дәрігер шақырып, бір қамын жасасын. Мен шетінеген нәрестені жерлеп болғанша қайтпаймын, – деп қозғалмай қойған. Бұл, әрине, керемет ерлік болмаса да бізге, достыққа деген адалдығының көрінісі еді... Бағиланы сол Қуанышбектің үйінде қалдырып, өзім тағы үйреншікті үй іздеу атты шаруама шықтым. Алдымен кеңсеге келіп, тағы пәтер іздеуімнің керектігін айттым, әрине, асығыс қозғалуымыздың басты себебін жария еткен жоқпын. Не демекпін? «Қожайыныммен төбелесіп қалдым» демекпін бе? Жігіттер өздерінше жақында ғана қайғылы оқиғаға ұшыратқан үйде қалғысы келмеген шығар деп ойласа керек, анық-қанығын тәпіштеп сұрамады.

Бастығым көңілді демдейтін біраз сөз айтты. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген емес пе, соңғы күндердегі көңілсіздікті сол сөзімен-ақ аз да болса сейілткендей. – «Жазмыштан озмыш жоқ». «Бала – бауыр ет». Алайда, аз күн қызығын көрсетіп алып, опындырып кетер сәби жаны қалған тіршіліктеріңе тілекші болар. Бастарың жас! Үйлеріңде сәбилердің күлкісі толғанда, жан жарасы да жазылмақ. Сондықтан мойымаған, қайғыға қайыспай қарсы тұрған жөн, – дейді. – Сендер пәтерден де біраз қиындық көрдіңдер ғой. Енді екі-үш айда үй бітсе, пәтер аласың, бәрі де бір күнгідей болмай әлі-ақ ұмытылады. Ал бүгін-ертең пәтер тауып, көшіп алуыңа рұқсат. Кеңседен шыққан бетте Көкбазар жанындағы пәтер іздеушілер мен пәтерші алатындар тоқайласатын жерге келіп, бір орыс кемпірімен тілдестім. Жетпістерге еркін енген, бірақ әлі тың, шүйкедей кемпірдің сырт пошымы тым бейкүнә, тым момақан. Асықпай, баппен сөйлейді екен. – Нешеусіздер? – Екеу-ақпыз, әжетай. Әйеліміз екеуіміз ғана. – Қайда істейсің? – Мен мұндай сұрақ күтпеп едім. Сондықтан сасып қалсам керек, не дерімді білмей бөгелдім. «Сен сияқты заңды көп айтатын оқымыстының керегі жоқ» дегенді айта ма деп қысылдым. Ең жаманы пәтеріне алмай қояр, несіне жасырайын, шынымды айттым. – Жарайды. Ішімдік жағына қалай едің? – Оған жоқ едім. – Реті келгенде ішіп қоятын азын-аулағымды да жасырып қалдым. Ол мені ілестіріп алып, үйіне бастап келді. Жұмыстан да алыс емес екен. Көк базарға тиіп тұрмағанмен, автобустың 3–4 аялдамасындай жердегі «Баянауыл» көшесінде екен. Кемпірім автобусқа да отырмай жаяу жүріп-ақ жеткізді. Шамасы, жиі келіп-кететін жолы болса керек. Пәтерші жалдайтын бөлмесі кіре беріс кішкене дәлізі бар, шағын ғана мекен екен. Оты бөлек, есігі бөлек дегендей, іздегенге сұраған. Үй алғанша бізге еркін жетіп жатыр. – Үйдің екінші бөлегінде өзім тұрамын. Бұл бөлмеде балам мен келінім тұрған. Қазір олар басқа пәтерде. Ақыңды алдын ала үш айға төлеп қоясың. Көмір, отын дегендерді ерте бастан өзің түсіресің, электр қуатына өзім төлеймін. Айына отыз сом келіссең сол, келіспесең өзің біл. Және пәтер ақыны айдың соңында емес, басында төлеп тұрасың. Кетіп жатсақ төленген ақша қайтарылмайды тегінде. – Жарайды, әжетай. Тек ақшаңызды кешке келген соң берейін, қазір жанымда жоқ еді. – Кемпір аз-кем ойланып тұрып, бетіме сұраулы жүзбен қарады. – Сонда қалтаңда қанша ақшаң бар? – Қалта-қалтамды ақтарып жүріп, үш сомның басын әрең құрадым. Ол қолын созды. – Мен қартайған адаммын. Енді тағы барып, пәтерші іздеп жүру маған оңай шаруа емес. Сендердің құрғақ уәделеріңе сенуге бола ма, егер тәуірлеу пәтер тапсаңдар кете бересіңдер. Ондайда мен мына аз ақшаң болса да

жұбаныш қыламын. – Мен ақшамды ұсындым. Ол қағаз бір сомдық екі сарықұлақтың шеті мыжылғандарын тегістеп, екі бүктеді де, тиын ақшаларды мұқият санап, қол орамалының бұрышына түйіп қойды. – Бүгін көшіп келесің ғой? Бұл ай басталғалы да көп болған жоқ, сондықтан бұған да түгел төлерсің. – Иә, бүгін-ақ, келемін. Оныңызға да келістім. Жүгімізді әрі-беріде-ақ жеткізіп, үйдің ішін тап-тұйнақтай ғып жинап болған соң, Бағиланы бір-ақ шақырып әкелдім. Таңертеңгілік қана басына қара бұлт төніп, үрей билеген адам басқа пәтердегі тұрған жүгімізді көріп, балаша қуанды. – Құтылғанымыз жақсы болды. Кілтін апарып, өзіне берейік. Мен бір тамақ жасап алайын. Коля сорлының соңынан тамақ апаратын кім бар дейсің, – дейді ол. Қарсы болғам жоқ. Кінәлы болайын, болмайын, бірақ жарақаттануына өзім себепші болған адамға енді түк болмағандай ол жатқан ауруханаға келіп, ас-суын беріп отырмыз. Түндегідей емес, өңі кіріп қалған сияқты. – Көп кешікпей ауруханасынан шығатын шығармын. Алып-жұлып бара жатқан ештеңе жоқ, бірақ орныңнан қозғалма деп кетті ғой дәрігерлер, – дейді ол. – Кәреке, кешегі оқиғадан кейін сіздің үйде қалудың өзі қисынсыз іс сияқты. Сіз не десеңіз де өзіңіз біліңіз, біз басқа үйге көшіп алдық. Біраз дәмдес болдық, артық кетсек, кешірерсіз... Кілтіңізді әкеліп едік... – Ол бүрісіп жатқан күйі төбеге қарады. Бір түрлі адамның жаны ашитындай, жарты тәулік бұрынғы құтырынған ақ түтек, дүлей мінездің бірі жоқ, мопмомақан. – Сүйтетіндеріңді білгенмін. Өзім де ешкімге сыймаймын ғой. Бірақ, сендер кешіріңдер, жаман ағаларыңды... Қуарған үйім сендерді де қайғыға ұшыратып кетті. Ол аздай, өзім болсам майдан аштым... Бағана осында милициядан тағы да кісі келіп кетті, – деді ол осыны айтсам ба, айтпай-ақ қойсам ба дегендей біраз күмілжіп жатып. – Тағы да қарғыс атқыр, көршілердің бірі біздің түнде айғай-шуымызды естісе керек. «Адам өздігінен бұлайша жаралана алмайды. Пәтершілеріңнен келген кесір болса айтыңыз» деп ыздияды. «Мен сендерге «Біреуден жәбір көрдім» деп өтініш жасадым ба? Керісінше сендердің әріптестеріңе «өзім кінәлімін» деп түсініктеме бергенмін. Жоқ! Ендеше, менде нелерің бар? Өзім жығылдым, өзім жараландым. И все!» деп жатып алдым... Вот, қандай адамдар болады, ә? Ол милициядан келген кісіні, әлде көршілерін жазғырды. Онысын ашып айтпады. Тек бір кезде ғана былай деді: – Тек иттеріме екі күнде барсаңдар да, ас құйып кетіңдер... Менің олардан басқа нем қалды? Бар өтініп сұрарым осы. Мынау жиырма сом, өзім шыққанша солардың тамағына жететін шығар... – Ол жастығының астындағы әмиянын алып, ақшаны ұсынды.

– О не дегеніңіз, керегі жоқ. Күнде барып, тамақтандырып тұрамыз. Өзіңізге де келіп тұрамыз. Айтқанымыздай-ақ күн сайын Кәрімге кезектесіп тамақ әкеліп тұрамыз. Рақметін айтып, «Келмей-ақ қойыңдар» деп безектейді. – Менен гөрі үш итіме барсаңдар, соған ризамын. Мен сыйлауға тұрмайтын адаммын, – дейді. Келесі аптада Кәрім ауруханасынан шығып, біз кілтін өзіне тапсырдық. Қоштасарда Бағиланың қолынан сүйіп, теріс айнала берді. Қушиған иықтары аздап дірілдейді, мүмкін, жылап тұрған болар, біз ақырын басып, үйден шығып кеттік.

БЕСІНШІ ТАРАУ

Тұрар ағамыз бен Ақжамал жеңгеміздің пәлен бөлмелі үйінің бір бөлмесі отқа шарпылғаннан бері көршінің есігінде де маза болмай, өздері де өртке шалынғандай өңдері көпке дейін келіспей жүрген. Жеңгеміз де біздің үй немесе сол қанаттағы көрші Рафиқтың үйі емес, өзінің үйі өртенгеніне біз кінәлыдан жаман, содан бері есігімізді ашпай жүрген. Біз де іргелес отырсақ та жөнсіз, себеп-салдарсыз бас сұға алмағанбыз. Жай уақыт болса бір сәрі, анандай оқиғадан кейін бір түрлі ыңғайсыз сияқты. Бір күні кешкілік үйіне кірудің себебі оп-оңай табыла кеткені. Жұмыстан қайтып, өлеңімді айтып дегендей, келе жатсам, үлкен жүк машинасының ту сыртын подъезге қаратып қойып, ақ жеңгеміз тағы да су жаңа жиһаз түсіртіп жатыр екен. – Құтты болсын, игіліктеріңізге ұстаңыздар, көрші! – деймін Тұрар ағамызға. – Е, мына жеңгелерің менің қалтамды тақырлап бітірмей түн ұйқысы төрт бөлініп, мазасы кете берген соң, алып беріп құтылдым. – Ол алтын тісін көрсетіп ыржиды. Ыржиғанмен еңкейіп, өз мүлкіне қол тигізбей, белдемесі сынғандай, болмаса баласы ішінен тіреп тұрған екіқабат әйелдей қоқиған күйі тұр. Тағы да ана жолы үйді көшірісіп келген жігіттер жүр білектерін сыбанып тастап. – Шеттікі болар? – Менің бұл сауалымда ешқандай кекесін жоқ болатын, тек жеңгейдің көңілінен шығу үшін ойланбай қойып жібердім. Пейілі кең жеңешем көңіліне дік алған жоқ. – Бұл неміс ағайындардың жасағаны екен. Сыртынан қарағанда тәптәуір сияқты, қайдам, бұрын ұстап көрмеген затым. – Мен қазір киімімді өзгертіп келе қояйын, – деп жүгіре басып, үйге кірсем, Бағила: – Жайшылық па? – дейді. – Көршілер ағаш-сұғаш түсіріп жатыр екен. Соларға көмектесейін деп едім. – Білегімді түрініп, сыртқа шықсам, Рафих та келіп қалған екен. – Жүр, көрші, көмектесіп жіберелік, – дедім. Әрине, Тұрар ағамыздың

көмекшілері аз болғаннан емес, іргелес көрші отырған соң тату-тәтті қарымқатынасты нығайта түсу мақсатында айттым. Бірнеше жігіт жабылған соң жаңа мүлікті құтты қонысына бір шай қайнатымда қондырып та болдық. Сол күні жаңа мүлікті «жуып» дегендей бір қабаттағы үш көрші түн ортасына дейін дуылдадық. – Рақмет, көршілер! Бұл әншейін жаңа дүниені жуғаным ғой, жуырда арнайы шақырып аламын. – Ақ жеңгеміз өзінің қашандағы әдетімен бұл шаңырақ астындағы беделін білдіру үшін әдейі сөйлемнің баяндауышына «мыз, міз» көптік жалғауы емес, «мын, мін» жекеше жалғауды пайдаланып сөйледі. «Шақырып аламыз» демей, «шақырып аламын» дейді. Мейлі, олар шақырар, ат шаптырым екі бөлмені қаңыратпай арзан қол ағаш-сұғаш алған соң біз де шақырармыз, мәселе еш-шәй деспей барымызды бөліп жеп, татутәтті тұрсақ болғаны да. Құралайды төсегіне жатқызған соң балконға шығып, түнгі аспанға қараймын. Аспанда самсаған сансыз жұлдыздар жымыңдайды. Жұлдыздар көз алдыңда аяқ-қолын жайып жіберіп, еркін тыныстап жатқан алып қаланың құжынаған шамдары сияқты. Қалаға қараймын. Құжынаған шамдары, аспанның сансыз жұлдыздары, жо-оқ ғарыш түкпіріне сұғынып жатқан құс жолы сияқты. Аспан да, жер де жұлдыздарға лықа толы. Әлде ішімдіктің әсері, әлде мынау бір бейбіт түннің, жалпы өз тіршілігіме деген ризалық сезімінің әсері, менің де жан сарайымда өте жарық жұлдыздар сәуле шашып тұрғандай. Бір әдемі саумал самал есіп, тұла-бойымды аймалайды. Анда-санда өрлі-ғұрлы зыр етіп өте шыққан машиналардың мазаң гүрілі болмаса, әдемі тыныштық тіршілік шіркіннің сонша ғажайыптығын тағы-тағы мойындатып, қиял құсыңды биікке ұшырардай. Менің есіме баяғы қожайындарым түсе береді, жеке басының жаратылысы өзгеден бөлек көрінсе де, босағасы құтты болып, басыбайлы өз үйім, өлең төсегіме шығарып салған Тася апайдың өзі неге тұрады?! «бәрін де үйіме шақырып, қонақ етіп жіберуім керек» деген ойымды тағы да көкейіме түйіп қойдым.

ТАСЯ АПАЙ

Өз шамалауымша, жетпіске ат тұяғын іліндіріп қалған.
Зейнеткер. Бірақ әлі тың. Шаруашылығын дөңгелетіп ұстап,
күніне базарға екі-үш дүркін жаяулап қатынағанда
«шаршадым» дегенін естімеппін. Ұлы мен келіні, екі немересі

бөлек, басқа пәтерде тұрады. Дінге сенбейді, ішімдікті татып
көрмепті, жалған сөз айтуды білмейді... Тек қана қара
бақырдың жолында қара жаным қиылсын дейтін ерекше
дүниеқорлық, сараңдық қасиеті бар.

Тася апайдың пәтеріне көшкен соң да таяуда ғана ойда жоқта соғып өткен тағдыр дауылы ұмытылмады. Мен өзім ұмытуға тырысқанмен, екеуіміз де демалыс күні асығыс жиналып алып, таудағы қалалық қорымға тартатын болдық. Құлпытасының шаңын сүртіп, гүлдеріне су құямыз. Бағиланың жүрісі ауырлап, айы-күні тақаған сайын алдағы күндерден күтер үмітім мол. Құлағы қалқайып, қос жанары қарақаттай мөлдіреген Мұраттай бала бола қоймас сірә, бірақ мынау апта сайын сарсылған жүріс сиреп, көңіл бөлінер еді деп те ойлаймын. Тася апай керемет таза, кірпияз адам екен. Есік алдына көлденең шөп түсіріп алсақ та, бүкшеңдеп жинап жүргені. Үйіне кіре қалсаң, ыдысаяқтары жаңа ғана сатылып алынғандай жарқырап тұрады. «Мешкей деген жақсы ат емес» дегендей тағы бір сылтау айтып, басқа пәтер іздеудің жөні жоқ еді. Сондықтан да екеуіміз алдымен Тася апайдың көңілінен шығу үшін тазалық мәселесіне қатты ден қоямыз. Бағила үйде, мен түзде. Ол күніне ыдыс-аяғын екі-үш дүркін ысқылап, жарқыратып қойса, мен ауланы таңертең, кешке су сеуіп сыпырамын. Ағаш тектіні керсем, қолма-қол жәукемдеп, ұсағын бір бөлек, ірісін бір бөлек жинаймын. Отын табылмайды-ау деген уайымнан емес, апайдың көңілін табу үшін солай істеймін. Өйткені оның өзінің сөйтетінін талай көргенмін. Тася апай кемі он бес жылға мойымай жететін отыны екі сарайда тіреліп тұрса да, үсті-үстіне нығырлай беретін, молайта беретін. Бір күні жұмыстан келе жатып, машинадан түсіп қалса керек, бір жалпақ тақтайды тауып алдым да, үйге көтеріп әкелдім. Екі жағын бірдей үстіріктеп, жылтыратып қойған екен. Кем дегенде он шақты самауырын шай қайнатуға жетерлік бұл тақтайды да кемпірдің отын қорын молайта беруге есіл дертім әбден ауса керек, жап-жақсы дүние басқа бір кәдеге жарар-ау дегенді ойланып жатпай-ақ балтаны сілтеп қалайын. – Ойбай, тоқта! – деген терезенің желдеткішінен кемпірдің жан даусы естілді. Тоқтадым. Сүрініп-қабынып қасыма келді. Мен тақтай емес, бір тірі хайуанды балтамен бір ұрғандай өңі бозарып кетіпті. Қолымнан балтаны жұлып алып, бір жаққа лақтырды. – Бұл не істегенің?.. – Көшеден тауып алдым. Біреудің машинасынан түсіп қалса керек. Отын болсын деп... – Шешесінің алдында ақтала сөйлеген бала сияқты сөзім божырап шықты. – Сендерде ме, сендерде жүрек жоқ! Қалай ғана қолың барып, балта сермедің! – Жақсылық жасаймын деп пысықсып жүріп, айыпты болғаныма қысылдым. Не айтарымды білмей, көзіммен жер шұқылап тұрмын. – Дүниенің парқын білмейтін ғып сендерді осылай тәрбиелеген кім?! Ойпырым-ай, үстіріктеліп, дап-даяр жарқырап тұрған тақтайды бүлдіргеніай, ә! Құдай-ау, есік алдына орындық жасасақ та керек емес пе еді? Соны қалай ғана ойламадың? Обал-ай, обал! Қарашы бүлдіріп тынғанын. Орындық түгілі тағы осындай бір үйдің еденін төсеп, төбесін жапса да, дәл мұндай тақтайлардың неше алуаны сарайдың бір бұрышында

жинаулы тұрғанын талай көргенмін. Бірақ не дерсің? «Сасқан үйрек артымен сүңгидінің» керін жасап, балға мен бірнеше шеге алып келдім. – Тася апай, байқамай қалыппын. Қазір жымын білдірмей шегелеп тастаймын. Басқа-басқа, бұл менің қолымнан келеді. – Иә, қолыңнан келіп тұр, – деп кекетті ол кісі. – Қолыңнан бүлдіру ғана келетін шығар. Отын әкеліп, жақсы аттанам деп жүріп, апайымыздың көңіл күйін текке түсірдім. «Үнем, үнем, тағы да үнем!» Міне, апайымыздың жан-дүниесін жайлап алған жалғыз ұран осы. Тіпті бір күн қайнатқан сорпасын үш-төрт күн ішіп, соңғы ұрттамына дейін әбден тауыспай, қайтадан қазан көтермес еді. Оның себебін өте қарапайым арифметикамен түсіндіреді. Біріншіден, тамақ бекер ысырап болмайды, екіншіден, оны пісіретін газ босқа шығын болмайды, үшіншіден, уақыт үнемделеді. Әрине, апайымыз үш күнде бір қазан көтермек түгілі, питон жыланы сияқты жарты жылда бір-ақ рет тамақтанса да онда менің қандай жұмысым болмақ?! Тек қана біздің ішкі мәселемізге жиі-жиі қол сұғып, өзі сияқты үш күнде бір қазан көтеруіміздің қажеттігін арнаулы мәселе ғып, жиі-жиі ортаға сала бергені аз уақытта-ақ мені қажыта бастаған. – Ех, балақандар, балақандар! Дүниенің парқын, қадірін білесіңдер ме сендер! Жарайды, қазан-ошақтарың бөлек, қалай ішесіңдер, қайтіп ішесіңдер – онда менің жұмысым жоқ, бірақ байлықтарың тіреліп тұрғандай ысырапқорлықтарыңды көріп отырудың өзі маған азап болып тұр, – дейтін. Сондықтан да біз тамағымыздың өзін ұрлық жасаған кісідей апамызға көп көрсетпей ішуге тырысар едік. Кейде ол кісіні тамақты бірге ішуге шақырғанда біздің асымызды өзінен қызғанғандай: – Неге шақыра бересіңдер мені? Әрине, мол асылған етті тоя жегенді кім жек көрсін, дегенмен бір айға жеткізуге болатын етті бір-ақ асқандарыңды түсіну қиын, – дер еді.

Өз ішкен тамағымызды өзімізден, тіпті өзінен де қызғанып жүрген кісі біздің үйге біреу-міреу қыдырып келсе, тіпті есінен тана жаздайтын. – Құдай-ау, қуырдақ қуырып берген соң ет асудың қанша қажеті бар? Олар немене, сонда он күн тамақ ішпей келген адамдар ма екен? Жарайды, сендер ессіз бола қойыңдар, ал келген кісілерің сендердің жағдайларыңды неге ойламайды?! Бірақ олардың несі кетіп барады?! Ертең екеуің жоқшылық көріп отырдыңдар ма, тап сол пәлен сағат бойы дастарқандарыңнан бас алмай жеп бағатын қулар бір үзім нан бермейді, – деп күңіренгенде, қара аспанды басыңа құлатардай болатын. – Е, «Өле ішкенше бөле іш» деген бар емес пе?! – деймін мен ашуына тиместей ғана майдалай сөйлеп. – Бәрібір екеуіңнің қалай ақылсыз жаралғандарыңа миым жетпейді, – дер еді ол. – Ақшаның қадірін білмеген адам басқаның қадірін білмейді.

Бір күні жұмыстан жайырақ келсем, көз байланған уақытта Бағила есік алдында жүр. – Мені тосып жүрсің бе, үйге шам неге жақпағансың? – деймін, ойымда дәнеңе жоқ. Апайымыз да елбең қағып, есік алдында жүр екен. «Оның мәнісін мына кісіден сұра» дегендей Бағила үй иесін меңзеді. Сөйткенша апайымыз да бұл жарық әлемдегі ең мүсәпір адамдай мүләйім сөйлейтін үйреншікті үніне салған.неге екенін қайдам, ол кісінің осы бір мүттәйім бейнесі маған қартайып, әбден можыған мысыққа ұқсатар едім. – Балам-ау, өзің қарашы, мынау әділдік пе?! Сендер жоқта мен айына отыз тиыннан артыққа электр қуатын пайдаланып көрген жоқ едім. Мінеки, енді екі сомнан бір-ақ асып кетіпті. Мені білесіңдер, үкімет берген пенсияны үнемдеудің арқасында ғана қалт-құлт етіп, әрең жан бағып отырған бейшарамын. Жалғыз ұл болса анау, бір тиындық көмегі жоқ, қайта қатыны екеуі көзім тірі тұрғанда-ақ келіп үптеп кетуге даяр... Олар мен өлсем ғой жыламақ түгілі қуанар... Кемпірдің сөзін тыңдап тұра берсем, дәл осы үйге ақыр заман орнап, жоқшылық дейтін зұлмат әбден тұралатып кеткендей көрінеді. Тамағын күн барда әзірлеп, төсегін күн барда салып дегендей шамды мүлде жақпайтын сияқты еді. Оның себебі сол, әр тиынды шашау шығармаудың қамы екенін жаңа білгендеймін. Апамыз бастырмалатып күңірене жөнелді. – Мені аямасаңдар да, үкіметтің электрін аясаңдаршы, түн баласы жарқыратып кеп отырғандарың. Шыдамның да шегі болады, жетер, шырақтарым... Әншейін шамды күндіз-түні жақсақ та төлейтін адам бар деп ойлап жүрген шығарсыңдар... – Өй-бу, апай-ау, оны несіне айтасыз? Сіз тіпті электр қуатына төлемей-ақ қойыңыз. Бұл не ғып, менің ойыма келмеген?! Ай сайын екі үйіміздің пайдаланған электр қуаты үшін өзім-ақ есептесейін. Тіпті біз осында келгеннен бергі барлық электр қуатына төлеген ақшаңызды да қайтарып берейін, – дедім, осымен құтылсам, үлкен олжа деген оймен. – Немене?! «Мен төлейін» дейсің бе? Құдай-ау, баяғыдан-ақ сөйтпейсің бе? Одан кейін таң атқанша шам жағып ұйықтасаң да, шаруам жоқ. Апамыздың жүзіне қан жүгіргенін, әрине, байқай алған жоқпын, солай болғанына титтей де күмәнім жоқ. Үні бір түрлі жарқын естілді, сонымен бірге «Осы алдап тұрған жоқ па?» дегендей сенімсіздіктің де лебі бар еді. – Шын ба? Пәтер ақының сыртында ғой, солай емес пе? – деді қайталап. – Әрине, сыртында. Сіз бір айда неше сомға пайдаланғанымызды айтып тұрасыз. Ақшасын сізге беріп тұрамын. Әйтеуір, Тася апай, «Балақандар, шамды өшіріңдер» деп тұрмасаңыз болды, – деймін, әзілге сүйеген болып. Өз шартымды да айтып қалып жатырмын. Бүгін біраз қаламақы алып, үйге қуанышты оралған едім, қалтамнан оттай жанған он сомдықты суырып алып қолына ұстаттым. – Апай, мынау осыған дейін жаққан жарықтың төлемі, – дедім.

Ол менің тағы бір ессіздігіме таң-тамаша қалғандай бетіме біраз қарап тұрды да, жеделдете басып үйіне кіріп кетіп, шамын жарқ еткізді. – Міне, мәселе қандай оңай шешілді, өзі де бұдан былай қараңғылықта отырмайтын болды, – деймін Бағилаға әзілдеп. Бірақ апамыздың бұл асығыс қимылының мәні мүлде басқа екен. Менің «алдыңғы айларыңызға төлейін» дегенімнен танып кетер десе керек, тоқ есебін тіркеп, жазатын кнежкесін алып келіпті. – Біз осы үйде тұрғаннан бері электр қуатына қанша ақша төлепсіз, Тася апай. – Жеті сом 88 тиын, – деп сарт ете қалды. – Мен саған екі сом 12 тиын қайтаруым керек қой, бірақ менде ондай ұсақ жоқ еді... – Жоқ, қажеті жоқ, апай. Өзіңізде қала берсін. Бірге тұрған соң ондай ауыс-түйіс болмай тұрмайды ғой... Ол есі шыға қуанғаны сонша, «Осынысы шын ба, өтірік пе?» дегендей мағынасыз күле берді. Бекер обалы қане, біз бұл кісіні ұрысқақ немесе мүлде мазасыз адам десек дұрыс болмас еді. Рас, ренішін айтып келе жатқанда кінәңді мойындай қойып, алдына түсіп алып құрдай жорғалап кетсең немесе айыбыңды қаражат тұрғысынан жуып-шая салсаң, сізге деген көзқарасы бірер күнге болса да, оңай өзгере салады. Бұл жолы да солай болды. – Мен қазір, – деді ол үйіне қарай тағы да жүгіріп бара жатып... – мен қазір... Шамын жаңа сөндіріп шығып еді, енді электр шуағы бір мезгілде біздің терезеден де, оның терезелерінен де аппақ болып аулаға ақтарылды. «Ол аз болса...» дедім де кемпір бұрын сөндіртіп тастаған маңдайшаға да электр шамын салып қойдым. Аула да нұрға малынды. Бағанадан қараңғы үйге беттей алмай жүрген Бағила да өз бөлмемізге кіре берген. Сол кезде Тася апай терезені ашып, мені сұқ саусағымен іліп шақырды. Бағанағыдай емес, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Әжім торлаған жүзінде көңілділік деуден гөрі бақыттылықтың ізі сайрап жатыр еді. – Балақан, бүгін келін екеуіңе сый-құрмет көрсетейін, – ол мен үйіне кірген бетте құлағыма сыбырлап, құпиялап айтты. Жаңа ғана ең мүсәпір адамдай мүлейімсіп тұрған қожайынымыз енді ең бір дарқан жүректі, қамқор ана болып көрінді. – Оның үстіне жаңа артық төлеген екі сом 12 тиыным бар дегендей... Екеуіміз кіре беріс үйдің еденінің астындағы салқын жертөле қоймаға түстік. Үстіндегі үйдің көлеміне жетеғабыл, кең етіп-ақ салынған екен. Айыбы жер астында дегені болмаса әп-әдемі екі бөлмелі жай. Шам жанған соң айналадағы «қазына-байлыққа» зер сала қарай бастадым. Қойманың бірінші бөлмесінде неше түрлі сайман, ағаш кеспектер, ең аяғы кендір арқан мен әр жылдардың, әр размерлі аяқ киімдерінің біраз үлгісі бар екен. Қабырғаға қатар-қатар шегеленген тақтай сөрелердің үсті сықап тұр. Қаншасының кәдеге асатынын білмеймін, бірақ түрлерінің молдығы, сақталу жылдарының ұзақтығы жағынан кез келген ұсақ мекемелердің

қоймаларымен таласа алатынына сенімім зор. Көптеген аяқ киім кеуіп, әбден көн болып қалыпты. Бір ай майға малсаң да жібіп, кәдеге асар түрі жоқ. Менің бұл мол «қазынаға» сұқтана қарап кеткенімді байқады-ау деймін, Тася апай: «Е, осы күнгі балалар дүниенің қадірін біле ме? Анау жалғыз ұл жақсы болса, осының бәріне ие болмай ма?! Ес жоқ десеңші. Бір қатынның етегінен ұстады да, қарасын біржола батырды. Мен ертең өле қалсам, осы қу дүние соған қалмағанда, бәрін көріме бірге ала кетемін бе?!» «Иә, өле қалсаңыз балаңыз мыналарды шығарып, тазалау үшін аз азапқа түспес-ау» деймін мен. Әрине, ішімнен ғана. – Балақан, мынау кеспекті былай, бір шетке жылжытып жіберші. – Ол түпкі бөлмеге кірер есіктің еркін ашылуына кедергі жасап тұрған ескі кеспекті нұсқады. Қашанда пенде шіркіннің бір нәрсені білуге құмар тұратын әдеті емес пе, кеспекті бұрышқа таман ысырып қойған соң, қақпағын ашып, ішіне үңілдім. Көп заманнан бері тышқандар мекен ғып алса керек, танау жарар күлімсі иіс мүңк ете қалды. Ер-тұрман, қамытсаймандар дегендей әбден тозығы жеткен әбзелдер екен. Көптен бері осынау кеспекті қойып, бүкіл осы екі бөлмелі қоймадағы дүниелерді өз мүліктері етіп алған тышқандар тістерінің қышуларын қандырайық дегендей, әбзелдің қайыстарын мейілдерінше турай беріпті. «Апатай-ау, өзге дүниенің қажеті болса да, мынау қырық жылғы қамыт-сайман неге керек?» деп, сұрауға оңтайланып едім, апайым ойымды айтқызбай түсінсе керек. – Е, шалымның көзі ғой. Қимаймын, тұра берсін, – деді. Сол кезде үйдің бұрышында сүйеулі тұрған бір затты көріп, жүрегім зу ете қалды. Мүмкін емес, басқа дүние болар. Жо-жоқ, әне қасында қақпағы да сүйеулі тұр. Сыртын қаптаған арзанқол қара матасына дейін менің көзімнің алдамағанын айғақтайды. Табыт! – Тася апай, мынау қайдан тұр? – деппін, сасқалақтап. – Е, шалым қайтқанда жасатып едім, көршідегі ағаш шеберіне. Сөйтсем, оның бұрынғы жұмыс істеген жеріндегілер де біреуін жасатып әкеліпті, – дейді ол елеусіз ғана. – Кейін өзім өлгенде балаларыма жеңіл болады. Осы заманда бәрі де удай қымбат емес пе?! Табыт жасатып, ақша шығармайды. Даяр тұр. Тек сыртындағы шүберегін ауыстырса болғаны. Ол жаққа барғанда маған біреу: «Табытың неге жаман?» деп сұрайды дейсің бе?! Иә, маған осы да жарап жатыр. Мен осы жер астындағы тышқандар мен егеуқұйрықтар мекен еткен, сонан соң атам заманғы аруаққа арналса да, әлі кәдеге асар күнін тосып тұрған табыт сақталған үрейлі жертөледен тезірек кең дүниеге шықсам екен деп ойладым. «Бүйтіп жасаған сый-сыяпаты да құрысын!» Түпкі, екінші бөлменің ішіне өткенде мұнан да аузы-мұрнынан шығып тұрған мол дүниенің шеті тағы көрінеді. Тек мұндағы дүниенің алдыңғы қоймадағыдан айырмашылығы ауыздары мықтап жабылған өңшең шыны банкалар еді. Әр түрлі жемістерден қайнатқан мұраппалар ма-ау,

сусындық сұйық қайнатпалар ма-ау, тұздалған көкөністер ме-ау, санында қисап жоқ. Бір интернаттың баласы жабылып жесе бір айда, әй, әрең тауысар-ау. Көбісінің бетін бір елі шаң басыпты. Кемпір ине қарағандай әр ыдысқа сығалап, ұзақ үңіліп, ұзақ қыдырыстап жүріп, ең төменгі сөреден екі литрлік бір банканы суырып алып, шаңын сүртті. – Балақан, бұл таңқурайдың мұраппасы. Келіннің аяғы ауыр ғой, жарықтық бұл өзі өте қасиетті жеміс, көп ауруға мың да бір ем... Е, жетісегіз жыл қоймада тұрғанда сендерге бұйырған екен де... – Ол шынымененақ, осы банканы текке беріп қоя беремін бе дегендей қолымен салмақтап біраз тұрды. – Не дейсіз, жеті-сегіз жыл дедіңіз бе? – деппін өз құлағыма өзім сенбегендей. – Е, балақан, оның несіне таңданасың? Анау ең жоғарғы сөредегілер шалдың бар кезінде даярланған. Ал шалдың көз жұмғанына міне биыл он жеті жыл болды. – Бұлар бұзылып кетпей ме? – деймін, жеті-сегіз жыл бойы менің жеуімді сарғая күтіп тұрған мұраппаға күдіктене қарап. – Балақан, кім қалай даярлай алады бұл шіркінді?! Бес күнде жеуге жарамай бұзылатын ғып та, жүз жыл тұрса да балдай тәтті қалпынан өзгермейтіндей ғып та әзірлеуге болады. Бәрі де даярлаған адамына байланысты. Дегенмен, мен жерасты үйінен шыққанда жаңағы үрейді ұмытып, қуанышты едім. Аяғы ауыр Бағила жеті-сегіз жыл сақталған мұраппаны жеп, денсаулығын нығайта түссін дегендіктен емес, бір шатыр астындағы екі әулеттің арасындағы ауа райының ойда жоқта суынып, одан күрт жылынғаны үшін қуанышты едім. – Апыр-ай, мынау шынында неше жыл сақталса да, банкаға бір апта бұрын ғана салғандай екен, – дейді Бағила. Мен апамыздың байлығы туралы тамсана әңгімелеп отырғанда үйге Тася апайдың өзі кірді. Біз әдеттегідей: «Отырыңыз, бізбен бірге тамақтаныңыз» деп жалпылдағанмен, ол әдеттегідей үзілді-кесілді бас тартты. Ол кісіні дастарқанымыздың шетіне отырғызамыз деген бұрынсоңды талабымыз көбіне мақұлданбайтындықтан бұл жолы көп қинамадық. Ол әуелі бүгінгі тосын сыйының бізге ұнаған, ұнамағанын сұрады. Әрине, біз дәл мұндай дәмді мұраппаны бұл жасымызға дейін жеп көрмегенімізді дереу мойындадық. Сонан кейін апамыз бақшасының кең екенін, оған шыққан жеміс-жидекті жалғызілікті болса да тырбанып жүріп жинап алып, кәдеге асыратынын, сонымен ептеп-септеп біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей күн көріп жатқанын, бірақ жеміс күйінде болмаса, жемістен әзірленген кей тағамды базарға сатқызбай қойғаннан бері көптеген мұраппасын өткізе алмай, әншейін діңкесінің құрып отырғанын – бәр-бәрін майдалап отырып, айтып шықты. «Сонда бұл кісінің қандай өтініші болмақшы» деп мен отырмын. Ақыры ол сөздің де шеті шықты.

– Балақандар, кеңселеріңде қарақаттың, таңқурайдың мұраппасын алғысы келгендер болса, айтсаңдаршы. Мен қымбат сұрамаймын. Жемісімді өсіріп, жинауға кеткен еңбегім ақталса болды. Әрине, біз жұрттың бәріне ертең-ақ айтпақ болып уәде бердік, тіпті өзіміз де әр түрінен бірнеше банкасын сатып алатынымызды мәлімдеп, ол кісіні әбден қуандырдық. Уәдемізде тұрып, ертеңіне-ақ үш-төрт түрлі жеміс мұраппасы дастарқанымыздың әрін келтірсе, Бағиланың дос-жар келіншектері де келіп, көтеріп кетіп жатты. Мен редакциядағы қызжігіттерге хабарлап, оларға да таси тастадым. Бұл, әрине, өзім үшін тым оңтайлы шаруа болмады. Күн құрғатпай тасымалдай беру аз күнде-ақ қажыта бастаған. Алайда апайымыздың мұрап па, қайнатпалары үшін алатын ақшасын санап тұрып, рахаттанатынын көру де мен үшін қуаныш еді. Бекер обалы қане, Тася апайымыздың таң қаларлық дүниеқорлық мінезі болмаса, аз уақыт үйінде тұрғанда іргесі құтсыз болды дей алмас едік. Мұратымыздың орнын басқан Құралайымыз сол шаңырақтың төлі болып, ортамызға қосылды. Сол босағадан өзіміз де «Өз үйім, өлең төсегім» дейтіндей бір баспананың иесі атанып шықтық. Апамызға кей күні ұнап, кей күні жақпай жүрсек те, оның да жақсы қасиеттерін танып, өзімше бағалайтынмын. Жетпісіңізге тақап отырса да, мейлінше еңбекшілдігі мен тынымсыздығы таңғалдыратын. Ауласындағы бау-бағын мәпелеп күткенде бар ғой, ондай жансебіл адамды көрген емен. Кешке дейін қыбырлап бауын күтеді, әредігінде іргедегі базарға бір қатынап, жеңіл-желпі бұйымдарын өткізіп келе қояды. Одан іңірде жіп иіріп, бірдеңесін тоқитын. – Тася апай, бір уақыт дем алмайсыз ба? – дейтінмін кейде оған жаным ашып. – Е, балақаным-ай, адам өлгенде ғана дем алады. Тіршіліктің өзі – қарекет емес пе. Өзің қыбырламасаң кім келіп, аузыңа асын тосар дейсің? Біздікі сомды сомға емес, тиынды-тиынға жамағандай тіршілік қой, – деп уәж айтар еді. Апамыздың тағы да жақсы қасиеттерін еске алсам, оның ешқашан жалған сөйлемейтінін, пікірін бүкпей ашық айтатынын, жалпы бір беткей мінезін айтар едім. Осындай адамгершілік, жақсы қасиеттердің біразын бір басына жинай білген жан неліктен соншалықты дүниеқор болды екен? Бұл сауалға өзі де жауап бере алмас еді. Ал егер де оның өмір жолдарының кей беттеріне үңілер болсақ, мүмкін, осы сауалдың жауабы да табылар.

ТАСЯ АПАЙ АЙТҚАН

Бақытты балалығының, қызығы таусылмас жастық шағының куәсі болған ақ Нева, әсем Нева мынау қатал уақытпен бірге қатыбас болып кеткен бе немене? Бұрынғыдай ақ жон толқындары мәрмәр жағалауды өбіп, күн шуағымен көз қысысып ойнамайды. Ауыр ой жаныштаған адам сияқты тереңнен толғап, шымыр-шымыр үнсіз ағады. Бұрындары сүйірленіп барып,

түу-у биікке қол созар көп шіркеулердің алтын айдарлы айқыштары да бүкіл қала сұлулығын әрлей түскендей әсем көрінер еді, қазір ол да күңгірт тартқан. Жау самолеттерінің қала үйлеріне шүйлігіп, тым тақау келуіне кедергі жасап тұрған алып аэростаттардың киттің қарнындай шермиген бауырлары көлбеңдеп, жиі қарауытады. Қанатсыз самұрық сияқты алып бір мақұлықтар аспаннан салақтап, түсіп келе жатқандай әсер береді. Бақытты балалық шағын, одан кейін қызығы таусылмас қайран жастық шағын өткізген ару қыздай әсем қала бүгінде қайырымсыз жаудың күндіз-түні бір тынбай сілтеген шоқпарынан әбден қажыған, сөйте тұра жанына, тәніне түскен жарақатына қарамай, өліспей беріспес қас батырлық күйін танытады. Әйел тағы да өзіне және екі баласына берілген екі тәуліктік азығын – асықтай-асықтай бірнеше түйір қара нанды тұп-тура жүрегінің тұсына қыса ұстаған күйі келе жатқан. Шіркін, тұщы өмірдің бар тірегі де, бар алтын қайнары да осы бірер түйір нанға кеп тірелерін бұрын-соңды ойлап па бұл жазған. Ойламаған. Тек қана адамның уақытында тамақ ішпесе, қарны ашатынын, ал бірнеше күн бойы тамақтанбаса, ашығатынын көмескі ғана болжайтын. Тіпті, ондай дүниені есіне алып көрмеген сияқты. Өйткені қарны ашып көрсе де, ашығып көрмеген. Жегенге – тоқ, ішкенге – мәз, мұңсыз-қамсыз сол бір күндер енді ойласа біржола, қайыра мойнын бұрмастай өте бергендей. Аяқтың астында бір жапырақ нан жатса, көтеріп көрді ме екен сол кезде. Ерінетін. Аяқ астында жатқан бір кесек тасқа қалай қараса, оған да солай немкетті бейжай қарар еді. Оны қойғанда өзінің де түн асқан тағамдар мен сәл тобарсыған нанды кәдеге асырмай қоқыс салатын ыдысқа атып ұрған кездері аз болмапты. Кесірлік екен, соның бәрі, әрине, ол кезде «кепиет» дегенді естіп те көрмепті. Дәл осылай өзек жалғар бір үзім нанға зар боларын білсе, өйтер ме еді. Ес білгеннен жоқшылықтың зардабын тартып көрмепті. Рас, тым жасырақ кезінде қала шетіндегі жұпыны барақтардың бірінде тұратындары, әке-шешелерінің таң бозынан жұмыстарына кетіп, ымырт үйіріле шаршап-шалдығып келетіндері, бірақ сол кездің өзінде де тоя тамақ жемегенмен, ашығып көрмегені есінде. Адам жанына қажетті дүниелердің қайсысы жоқ болса, естен сол кетпейді ғой. Тіпті нені ойласа да, бүкіл ақыл-есі қалай да тамақ мәселесіне қарай ойыса береді. Сол бір шақтағы өздері қадір-қасиетін біле бермеген мол дүние көзден бір-бір ұшса да, көңіл шіркіннен кетпейді-ақ. Сол бір алаңсыз жылдардың қандай бір оқиғасын есіне алса да, соны, сондағы дастарқан, тағам түрлері көз алдына келер еді. Тіпті алдындағы тамағын ішпей қисаңдайтын бұл жазғанға шешесінің: «Сен әдемі қыз болып өсу үшін тамақты жақсылап жеуің керек» деп азғыратын сәттері көңіл түкпірінен өкініш болып өрекпитін... Ұлы төңкерістен соң біраз жылдардан кейін бұлар да әсем қала орталығындағы заңғар үйлердің бірінің заңды тұрғыны болып, тұрмыстарын біршама жөндеп алған. Зауыттың бірінде сирек мамандықтың иесі болған әкесіне үйренуші шәкірт болып орналасқан Валентин дейтін

жігіт бұлардың үйіне келгіштеп жүріп, ақыры әке-шешелерінен рұқсат алып, екеуі жеке үй болып шыққанда да молшылық болмағанмен, ішіпжемнен тарығып көрмепті. Өтті-кетті тәтті ғұмыр осынша асығыс болар ма? Ес жинап, айналаға асықпай қарап, тіпті тіршіліктің рақатты сәттерін танып, оларды тұшынып үлгіргенше, өкіндіріп, қапы қалдырып үлгеріпті... Аш адамның бар арманы, бар тілегі де қу өзекті жалғар бір түйір астан ұзап шыға алмас осы бір шақта екі баласына деген бірнеше түйір сыбаға нанды кеудесіне қыса ұстаған әйел қазір де өткен ғұмырының небір молшылықты шақтарын, кезінде қадір-қасиетін біле алмаған мол ішіпжемдерін есіне алып келе жатып: «Әттең, дүние-ай, сол бір дәурен қайта айналып, тым болмаса, бір күнге келер болса, нан қасиетін, ас қадірін бір сәтке де ұмытпаспын-ау! Бірақ ондай атты күн қайда? Мынау темір құрсауға түскен қала елмен, үлкен жермен қашан қайта қауышар?! Қауышар-ау, табысар-ау, бірақ жұдырықтай балаларыммен жете алармын ба ол күнге?!» деп толғанады. Күзгі қара суық өңменінен өтердей тым ызғарлы екен. Алыстан талып естілген зеңбіректердің әредік-әредік гүрсілі болмаса, қала іші жым-жырт. Әйел бір жақ бұрышын бомба қиратып кеткен көпірден өтіп, үйіне қарай төтелей тартты. «Қазір үйге жетемін. Мені зарыға күтіп жатқан балақандарыма, қос ботама нандарынан бір-бір үзім беремін. Дау жоқ, менің Валюшама ес кіріп қалған. Бүгін таңертең өз сыбағасын түгел жемей, жарымын інісі Антонға беруі – сол есейгендіктің белгісі. Шіркін, баяғыдай бейбіт күн болса, Валюша биыл мектепке де барған болар еді. Ақ көбелек – ақ бантигі жарасып, жүзі бал-бұл, өзі гүл-гүл жайнап, шәкірт атанар еді... Оқасы жоқ, бірер жылда тұрған не бар, әлі-ақ, мектебіне де барар, бәрі де ұмыт болар. Тек қана сол күнге өз жанымды құрбан етсем де, осы екеуі аман жетсе екен... Ал ақымақ Антошка әлі мүлде сәби ғой, мен сол екеуінен барымды аяп отырғандай: «Мама, мама деймін, нан жеймін» деп жанды қинайды. Мейлі ғой, қос құлыным аман болса, барлық қиындық ұмытылар». Ол өз көңілін өзі демеп, әлсіреген тәніне жігер бергендей қарсы соққан өкпек желге де қарамай, үйіне қарай адымдай ұмтылды. Соғыстың алғаш басталған бетінде ғой, майдандағы күйеуі Валентиннен қаралы хабардың келетіні. Онда дәл қазіргідей таршылық заман да жоқ. Үш-төрт тәулік басы-көзі көнектей болып ісіп, жылап-еңіреп, соңынан бірге өлердей болған. Екі бірдей баласын, солардың болашағын ойлап, тәубесіне келгендей еді. Енді міне, жазған ана жан жарының мәңгілік оралмасына біржола көндігіп, ол аз болса екі баласы үшін өз жанын құрбан етуге бар. Бүгін ойлап отырса, «көппен көрген ұлы той» қан майданда шеһит болған күйеуін жоқтап, сонша егілуі де бас түгелдігіне үйренген жанның күпірлігі сияқты. Үйіне қарай төтелей тартып келе жатқан әйел қарсы алдынан алынбас қамал шыққандай кілт тоқтай қалды. Түрі де, бойы да, жас мөлшері де тура өзінің Антонынан айнымаған бір бала жол шетінде тұр. Алақанын жайып,

әлдене сұрайды. «Не сұрасын бұл шіркіндер, дау жоқ, нан сұрап тұр ғой!» Осы бір ой келген сәтте ол сәбидің жүзіне қарамай, өтіп кетпек болды. «Өз балаларымның несібесін ауыздарынан жырып саған бергенде не мархадам табармын?! Онан да сенің аянышты жүзіңе қарамаған күйі-ақ өз жөніме кетейін». Әйел осылай ойлап, баланың қасынан бір қырындап өте бергенде жаңағы сәбидің мұны жанарымен тесе қарап тұрғанын түйсінді. – Мама! Ол естімеген болып, ілгері жүре берген. «Апыр-ай, үні де Антонның үнінен аумайды екен». – Мама! – Әйел кілт тоқтай қалды. Дәл осы үн иесінің өз баласы екеніне күмәнсіз сенген. Қойнына тыққан екі-үш түйір нанды тірі жанға сездірмей өз балаларыма жеткізсем деп келе жатып, өз баласын танымай қала жаздапты. Әйелдің өзінің де аштықтан дәрмені құрып, әлі бітсе керек, көз алды тұманданып, өз ұлын әрең таныды. – Сыртқа неғып шығып кеттің? – Ол ұлына қатқылдау үн қатқан. – «Біреуді біреу біліп болмайтын мынау аласапыранда үйден адасып кетсе қайтеді?» деген үрейлі ой шошытқан. Ұлы суықтан қып-қызыл болып домбығып кеткен мұрнын тартып қойып, ақтала сөйледі: – Қорықтым. – Қорыққаның не? Валя үйде емес пе? – Валя тұрмай қойды орнынан... Не сөйлемейді. Баланың мына сөзі көңілге үрей туғызардай. Қызының таңертең берген бір үзім нанның жартысын ғана толғағанынан өзі де секем алғандай еді. Бірақ өзінен гөрі бауырына жаны ашығандықтан түгел жемеген болар деп ойлаған. Ол бір қолымен нанын кеудесіне қысып, екіншісімен ұлын жетелеген күйі көшенің арғы бетіндегі үйіне қарай құстай ұшты. Күндіз қаланы жаудан қорғаушы еріктілердің командирінен үйге барып қайтуға рұқсат сұрауға екі-үш рет оқталса да батпаған еді. Не болса да үйіне ертерек қайтпағанына өкініп келеді. Есік жабылмаған, ашық қалыпты. Бір кезде, базары тарқамаған тұста өз қызығы өзіне жетіп жатқан ақарлы-шақарлы құт мекенінен енді бір суық та үрейлі ызғар есетіндей. – Валяжан, құлыным! Үн жоқ. Әйел сырт киімін шешуге шамасы келмей төргі бөлмеге қарай жан ұшыра ұмтылды. Қызы таң алаң-елеңде өзі кеткендегідей төсегінде жатыр. Еті қашып, тері-тарамысына ілінген шидей жіңішке қолы көрпенің сыртына шығып қалыпты. Бетін бүркеп алған. Ана бірден көрпені серпіп тастап, қызының үстіне құлады. Ешқандай үн болмады. Бетінен, көзінен аймалады. Ешқандай қимылы байқалмады. Мұздай суық, ернін қарырдай, мәйітке тән суықтық. Ана ұзақ жылады. Күндіз-түні осы екеуінің өмірін құтқара көр деп жалынған жаратушыдан, жебеушіден де еш көмектің болмағанын, егер, егер

тым болмағанда бір бөлке нан болса, нәрестені ажалдан соның құтқарарын түсінді. Әйел түннің бір уағына дейін ендігі өзінің жалғыз алданышы, жалғыз сүйеніші болып қалған ұлын бауырына басып, ұзақ өксіді. Күні бойғы ауыр жұмыс, оның үстіне әлді құртып бара жатқан аштық оны да әбден діңкелетіп, тыныштық құшағына жетелеп бара жатыр еді. «Мен ұлымды тамақтандыруым керек, әйтпесе одан да айырыламын...» Осы ой оралуы мұң, ол ұлын қозғап оятты. Танауы пысылдап, бала ұйықтап қалыпты. Жуырмаңда оянар болмады. «Ұлым-ай, құлыным-ай, тұршы қане, нан жейікші. Мен саған нан әкелдім...» деп сыбырлады ұлының құлағына. «Нан... нан» деп қайталады ұлы. «Берші, наныңнан, қарным ашты...» Ұлы ұйқылы көзімен ет-женсіз алақанын жая орнынан тұрған. Бір қуыста шырағдан шамның түбірі жатушы еді, соны тауып әкеліп, жарық жақты. Шөлмек түбіндегі қалған керосинді керогазға құйып, азғана су қайнатты. Сөйтті де балалары мен өзіне берілген нанның бір түйірін суға салып, көжеге ұқсас тамақ жасады. Ондағы ойы ұлының бойын жылыту болатын. Шындығында таң сәріде жеген түймедей наннан басқа нәр сызбаған бала ішінде өзек жалғары бар суды сүйсіне ішті. Тек әйелдің ішкі сарайы қанша ас тілеп тұрса да, нан көжеден екі-үш қасықтан ары ұрттай алмады. «Күні бүгін ғана о дүниелік болып кеткен Валяның сыбағасы да бар-ау» деген ой мұны мұңға батыра берген. «Құлыным сол, – деп күбірледі ол, – сен өзің мәңгі тыныш әлемге бізден ерте кетіп, тіршілігіңдегі соңғы сыбағаңды ініңе қалдыру арқылы-ақ туысқандық парызыңды өтеп барасың...» Ертеңінде әр-әр үйдегі осылай шетінеген сәбилер мен қайтыс болған адамдарды жерлеушілермен бірге Валяны бауырластар зиратында жатқандардың құшағына мәңгі тапсырған соң, ұлын жетелеген күйі есігі ашық қалған үйіне соқпастан қаланы қорғаушылар шебіне қарай бірден тартқан... Қысқа қарсы «Өмір жолы» атанған мұз үстіндегі жалғыз аяқ соқпақ арқылы жеткізілген аз ғана азық-түлік көп өмірдің үзілмеуіне себепші болды. Жалғыз ұлдың да су ішерлігі бар екен, бәріне төзіп, аман қалды. Нева жағасындағы алып қаланы құрсаулаған аждаһа бел ортасынан кесілген кезде ол шешесімен бірге тойып тамақ ішер сәтке де жеткен еді. Нева жағасындағы әсем қала адамзат тарихында болып көрмеген алапат қоршаудан азат болысымен, бұлар да өз үйлеріне оралып, бейбіт тіршілікке ұқсас көптен күткен тәтті ғұмыр бастап еді. Рас, әйел бұрынғыдай таңның атысынан күннің батысына дейін тыным таппай зауытта жұмыс істейтін. Рас, бұрынғыдай жалғыз ұл қаршадай болып, үй бағып қалатын. Бірақ олар бақытты еді. Шегінген жаудың біржола жеңілеріне қалтқысыз сенген кез. Содан кейін азық-түліктің ас та-төк болмаса да айтарлықтай молаюы ең үлкен ауыртпалық, ашаршылық дертінің бетін қайтаруы – барша қала тұрғындарының ең үлкен бақыты еді.

Асыға күткен жеңіс те келді. Барша жұрт айнала ағайынтуысқандарынан жоғалтқан құрбандары сонша көп болса да, тірі қалған бірлі-жарымына шүкіршілік дескендей. Әйел елмен бірге қуанып, қасында қалған жалғыз алданышы бес жасар ұлының болғанына жұбанған. Сол күндердің бірінде татар дәм жетеледі ме, әйтеуір, кейінгі қосағымен танысып, қиырдағы Алматы қаласына жол тартқан. Сол күнге дейінгі өмірінің ащы-тұщы сәттеріне толы үлкен бөлігін өткізген туған қаласы – Нева жағасындағы алып шаһармен солай хош-хош айтысқан. Өткен өмірінің өкініштері соншама көп болғанымен, болашағынан күтер үміті одан да үлкен болды ма, артына көп қарайламай, өкінішсіз аттанған. Жаңа жерде де жаман болған жоқ. Майдан даласына бір аяғын қалдырып қайтқан қосағы ауыр жұмысқа жарамаған соң, отын базына қала жұртына сексеуіл, ағаш тасып беретін арбакеш болып орналасты. О баста сатып алған кішкентай үйлерінің қасынан жертөлесі бар тәп-тәуір еңселі үй де салып алған. Бекер обалы қане, күйеуі мұның ұлын сыртқа теуіп, жатсынып көрген жоқ. Бірі – туған әкедей, бірі – туған баладай, үшеуі бірігіп, тату-тәтті жүріп жатты. Бірақ амал қанша, жер түбінен алып келген қосағы мұнымен жеті-сегіз жыл ғана отасып, дүние салды. Әйел еліме, жеріме қайтам деген жоқ. «Нені, кімді іздеп барамын енді қартайғанда?» деп ойлаған. Күйеуі екеуі үйінің жандарына отырғызған әр жеміс ағашы да бұған ыстық еді. Алғаш түйін тастаған алма ағаштары кәмелетке толып қалған ұл-қызындай көрінетін. Маңдай терін бес сыпырып жүріп салған үйін басқа біреуге сату дегенді ойлаудың өзі азап еді. Сол бойы жалғыз ұлдың тілеуін тілеп, отырып қалған. Кейінірек зейнетке шығар алдында азаматтық борышын өтеп қайтқан ұлын үйлендірсін. Әрине, жалғыз тірек, жалғыз сүйеніш болған ұлдың бір басын екеу етеріне қай ана қуанбасын. Бірақ сол ұлдың екеуінің ең алғашқы келісе алмау сәті де сол той алдында болған. Еш дүниенің қадірін білуден қалып бара жатқан бала, бір кезде жалғыз үзім нанға зар болып өскен бала, ұланғайыр той жасап, кемпір байғұстың ұзақ жылдар бойы тірнектеп жинаған дүниесін бір кештеақ жоқ қылмақшы. – Мені өлтіріп барып алмасаң, бар жиған-тергенімді қолыңа ұстата қоймаспын, – деп кесіп айтқан бұл. – Өлгенде өзіңмен бірге көрге ала кетесің бе, менен аяған байлығың өртке кетсін! – деген ұл да тайсалмай. Не керек, ақыры кемерінен асып төгілмеген, жұртқа таба болардай тым жұтаң деуге де келмейтін той өтіп, келін түскен. Қандай кесірдің ұшырасқанын кемпір жазған түсіне бермейді, әйтеуір, бір кезде соның ғұмыры үшін өз жанын пида етуге даяр тұрар анасын ұлы үйленгеннен бері қарай жиі ренжітетін болды. Ол аздай, бірер айдан кейін келіннің де тілі шыға бастаған. «Жесек өзіміз тапқан ас, кисек өзіміз тапқан киім.

Тіршілігімізге араласпаңыз, елдің-жұрттың аманында, ит басына іркіт төгілген молшылық заманында тарылмаңыз» дейтінді шығарды. Көрші-қолаңға масқара етіп, ұл мен келіннің бұдан бөліне көшетін жолы ғой бар ұрыстың тағы да бір жапырақ наннан басталғаны. Кесірлі келін әдейі керісті тіледі ме, шай ішіп болған соң қалған нанның коқымы мен сынық жапырақтарын алып, қоқыс салатын шелекке атып ұрған. Кемпір де күйіп кетті. – Обалы жібермегірлер-ау, маған бұл қорлықты көрсеткенше бас салып буындырып, өлтіре салсаңдаршы, – деп шелекке түскен нан қоқымын тере бастаған. – Мама, араласпа дедім ғой саған. Осынша дүниеқоңыздығыңды қазір осы көше тұрғындары түгел біліп болды. Бір кезде ашаршылық көрдім деп, жарты жапырақ нан үшін жанұшыратының не?! – Ұл шіренді. Үй иесі болып, көшелі сөйлейтін болып қалыпты. – Шешеңмен тұра беремін десең, осында қаларсың, менімен тұрғың келсе, бұл үйден менімен бірге біржола шығарсың. – Келін үзілді-кесілді шарт қойды. Есебі, осы жолы бет қаратар түрі көрінбейді. «Айналайын, кешіре көріңдер! Ашаршылықты да, тоқшылықты да көрген бас, артық ысырапқорлықтарыңа төзе алмаған соң айтып едім» дегісі келген. Бірақ дүниені мол ұстап, қиналмай шашып үйренген келіні мен әр тиын қалтасынан кеткен сайын қолқасының бір тамыры үзілердей сезінетін өзінің әзірге тіл табыса алмасын білген. Өйткені екеуі көрген өмір сабағы да бір-біріне кереғар, содан пайда болған мінез-құлықтары да жер мен көктей бір-бірінен тым алшақ еді. «Бәрібір өлсем, осы екеуі қояр, бәрібір мен жинаған қу дүние осыларға бұйырар, қазір кетсе жолдары әне. Жалғыз тұрсам да дегендеріне көнейін» деп шешкен. Айтқанындай ұл мен келін кеткен күні ол біраз мазасызданған. Жалғызсырап, даладай екі-үш бөлмелі үйге сыймаған. Бірақ арада бір апта өтпей-ақ жалғыздыққа үйрене бастаған. Көптен бері өзі төсенетін матрасының ішіне шұлыққа орап тыққан көңілінің қуанышы, көзінің құрты – бар байлығын көре алмай жүрген. Ұл мен келін кеткен күннен кейінгі алданышы сол қоймасы – жиып-терген қаржысы болды. Ебі азайған борбиыңқы саусақтарын жалап қойып, ақша санағаннан артық, о жалған, рақат бар ма екен, ол үшін. Санамас бұрын, әрине, көшеге шығып, айналаны барлайды. Төңіректе күдікті ешкімнің жоқтығына көз жеткізген соң сыртқы қақпаны мұқият жауып, бекітеді. Содан соң, үйшігінің алдында кісі жердей болып, арпалысып тұрған қасқыр итінің шынжырын ағытып, керме сымға жалғайды. Мүлде қоя берсе, босқа қаңғып, көшеге шығып кетуі мүмкін. Біреуді қауіп алып, мұны бәлеге қалдыруы, ең сұмдығы айыппұл тарттыруы мүмкін. Ал қазіргі арқандаулы күйінде ауланың кез келген жеріне аузы жетеді, сырттан бөгде ешкім өтпек емес. Дегенмен «Сақтықта қорлық жоқ» деген ғой, ішкі есіктің де ілгектері мен құлыптарын салады. Ең соңынан терезенің жақтау ағашын жауып, үстел шетіне келіп қонақтар еді. Ақшасы

түскірдің шұлықтың ішінде қаншасы бар, кейінгі күндері әмиянға қанша қосылып, қаншасы ұсталды, оның бәрін жатқа біледі. Тек, әйтеуір, ақшаға ғана тән керемет жағымды иісін бұрқыратып, оттай қызылдарды бір бөлек, әр түрлі көгалаларды топ-тобымен жинап, бөлек қойып санаған... жо-жоқ, одан артық рақатты біздің кісіміз білмейтін. Бір қызығы, ол өзінің қолының тарлығын, қисынын тауып қисық шегені кәдеге асырсам деген дүниеқорлығын өзі жақсы білетін. «Әншейін көз тойдырмас қу дүние бәрібір күні ертең қалар-ау. Сонша неге өзімнен аяймын осыларды? Не киіп қызығын көрмесем, не ішіп-жеп қызығын көрмесем, не үшін жинаймын?» деп те ойлайды кейде. «Ертең олай-бұлай болып кетсем бұл ақша қайырсыз ұл мен кердең келінге қалар. Сонан соң келін шіркін бұл ақшаны әкесінен қалғандай ғып көр-жерге шашар-ау. Сол кезде «шешеміз сорлының тиындап жинаған дүниесі ғой» дегенді ойына да алмас-ау. Онан да өзім қызығын көрейін». Сол ойдың қызуы қайтпай тұрып, қызыл мен көк қағаздардың бірнеше будасын орамалына түйіп алып, көшірердей болып, киім сататын магазиндерді аралайды келіп. Неше алуан жаздық-қыстық әдемі киімдерді киіп, өлшеп көрер еді, алатын кісідей шар айнаның алдында біраз көлбеңдейді. «Сонда бұл неше сом тұрады?» деп сұрар еді сатушыдан. Әрине, «арзан екен» деп айтып көрген емес. Өзіне сонша ұнап тұрған дүние болса да: «Сонша қымбат болардай несі бар мұның?» деп, пікір айтар еді. Алғысы келмейді емес, келеді. Бірақ жемежемге келгенде: «Осы пальтоға табаны күректей алпыс сомымды шығындағанша ескі көк пальтомды әлі бір қыс киюге болар. Тек жеңінің, етегінің қырқылған ернеулерін сол түстес матамен жұрындап көмкере салса болғаны» деген рәуішті алданыш ой дүниеге деген қызығуын тұсар еді. Бір шешімін бір шешімі, бір ойын бір ойы жоққа шығарып жүріп, ақыры сол ақшаның санының артуын ғана тіршілігінің жалғыз қуанышы етер еді. Тіпті өзінің осы бір сұмдық қасиетінен құтылғысы кеп талпынғанмен, онысынан ештеңе шықпайтынын соңғы кезде өзі де мойындап жүрген. Ұл мен келін әзірге жеке пәтер алмағанмен, мұның көмегінсіз-ақ жапжақсы тіршілік құрып кетті. Әйтеуір, айына бірер дүркін келіп, кемпірге немересін бір иіскетіп қайтады. «Басқа пәтершіні кіргізгенше өз үйімізде неге тұрмаймыз?» деп, ұл мен келіні айтпайды немесе «Басқаның босағасында жүргенше өз үйлеріңе неге келмейсіңдер?» деп, шеше де айтпайды. Бұл да сондай бір кез еді.

* * * Сөйтіп, бұл әңгіменің басты кейіпкері шаңырағы мен үшін құтты болған Тася апай екендігіне шүбә келтірмеген боларсыз. Ол кісінің тым сараң айтар әңгімесін, өзімше сараптап, былайша айтқанда, «әдеби өңдеп» жеткізгенім осы. Апайымызға сөз бермес бұрын ол кісінің неліктен ерекше сараң, дүниеқор болғанының себебін білерміз деп емексітіп едік. Ол кемшілігін апайымыздың өзі де мойындай отырып, неліктен осындай жаман қасиетке душар болғанын түсіндіре алмайтыны сияқты, біз де «былай да

былай» деп ештеңе айта алмаймыз. Тек қана кешегі қан майдан соғыс салған ылаңның, адамның тәніне ғана емес, жанына салған ылаңының бір түрі болар дегіміз келеді. Жалғыз ұлы Антон әйелі мен баласын ертіп, айына бір-екі рет келгенде апайымыз керемет қуанып, мәре-сәре болып қалады, тек әлі ойын баласы немересі бақшаға кіріп алып, таңқурайды жапырып, ағаштарға өрмелеп, мазасын алған соң ғана олардың үйлеріне тезірек қайтуларына рұқсат беретін.

* * * Бес-алты жылдың ішінде көп адамдармен дәмдес болыппын. Мүмкін, өзімізге сәті түсіп тұра ма, әлде бізге солай көрінді ме, осы жатқан өз үйім – өлең төсегіме жеткенше үйлерінен орын, көңілдерінен ықылас бөлген өңшең бір жайсаң жандармен етене танысыппын. Пейіште нұрың шалқығыр, әкем жарықтық: «Адамды түсінен тану оңай, ішінен тану қиын» десе де, адам танудағы көңілімнің көкжиегі кеңи түскендей. Өзім үйлерінде тұрған әр әулет – мен оқыған терең тағдырлы кейіпкерлері бар бір-бір роман сияқты. Иә, азамат атанып, өз алдымызға отау тіккелі бес жылдай уақыт өтіпті. Небәрі бес рет қар еріп, бес рет алма ағашы гүл төгіпті. Өліде бір, тіріде бір сәбидің әкесі атаныппын. Аз уақытта талай тағдырлармен танысып, сырларына қанығыппын. Егер, егер... Бағила екеуіміз үй болған бетте: «Мынау үйлеріңнің кілті еді» деп, қолымызға ұстата қойса, онда тіпті өз шаңырағыңның қадірі дегенді білер ме едік, онда осынша жандармен туыспаған туыс болар ма едік, адамтану атты шексіз әлемнің кейбір ғана «бөлшектеріне» осынша жақын барып, білер ме едік... Әр адам өз орбитасында жүрген бір-бір жұлдыз ғой. Оның өзіндік ерекшелігін, қасиетін тану үшін оптикалық аспаптар қажет емес. Тек қана жанына, жанына дегенде «қасына» деген мағынада емес, жан-жүрегіне жақын барып, білу керек. Адам құпиясы әр түрлі іс-әрекеттердің, әңгіме-дүкендердің арқасында, біраз уақытты жұмсап барып, ашылар дүние ғой. Мен де бес отбасының кісілерін осылай таныппын... Енді бүгін ойлап отырсам, бүкіл адамзатқа ұлы нәубет болып тиген, миллиондаған өмірді жалмаған қу соғыстың жеңіспен аяқталғанын жиырма жылдан астам уақыттан бері тойлап келеді екннбіз. Жазушы досым Дулат айтқандай, рас біз «Соғысты көрген жоқпыз». Алайда, оның алыстан соққан ызғары болған балалығымызды ұрлаттық. Бозбала шағымызда да, студенттік кезімізде де қазіргі жастардай тойып тамақтанып көрмеппіз, бүтін киімді иығымызға сирек іліппіз. Соғыстың біткеніне пәлен жыл болып, ел есін жинады десек те сол зұлматтың салып кеткен жарасының ізі көрініп тұрар еді. Әр отбасынан, айналадағы қамсыз-мұңсыз сияқты адамдардың тіршіліктынысынан да ол жараның дағы байқалар еді. Мен үйлерінде пәтерші болып тұрған бес қожайынымның өмір жолдарындағы тағдыр-тәлейлеріндегі қиын да қияметті кешулердің бәрі де сол бір, атың өшкір, қу соғыстың зардабы екен-ау. Бүкіл ғұмырын жар төсегін күзетумен өткізген Әминат шешеміздің, сол кезеңнің тірі

құрбандығы сияқты оның ұлы Мұхаммедтің, қым-қиғаш тағдырлы Алексей мен Тамараның, аузын ашса, жүрегі көрінетін Жүсіп пен Шағи шешейдің, жетімдіктің қамытын ерте киіп, өзінің не орыс, не қазақ екенінен жаңылып қалған Коля – Кәрімнің, ең соңында дүниеқорлығы мен сараңдығының себебін түсінуге болатын Тася кемпірдің – бәрінің де соғыстың құрбандықтары екеніне Сіздерді, құрметті оқырман, сендіргім келді. Оның үстіне, кітапқа «Біз қалада тұрамыз» деп көтеріңкі леппен ат қойып, айдар тағып отырмын. Зиялы қауымның қатарын толтырамыз деген жақсы ниеттің оңайға түспегенін білген оқырманның: «Неменеге жетісіп қалада тұрасың?» дейтініндей-ақ қиыншылықты бастан өткізгенбіз. Өткен жол қиындықсыз болса қызығы да болмас еді-ау. Енді міне, кең сарайдай өз үйімде жатып алып, қиял теңізіне қайық саламын... Әйтеуір, Тася апайымның өз басы әр түрлі мінездің адамы болса да, босағасы құтты болып, жаңа үйдің кілтін алдық. Көп уақыт күткен кілт қолға тиген соң бір сағат тұрамыз ба, апыл-ғұпыл көшіп алдық... Жаңа үйімізді – үй емес, сарай дерсің! ... Талай-талай, көші-қоңды көріп, бұрыш-бұрышы қажалып сынған, айнадай жарқыраған бетіне айғыз-айғыз сызықтар түскен шифоньер, яғни біздің ең басты мүлігіміз бір бұрышқа келіп қонжиды... – Айтпақшы, бұны осы шағын шығарманың басында айтқан екенмін ғой. Ендеше...

ҚОРЫТЫНДЫ СИЯҚТЫ КІШКЕНЕ ТАРАУ жазып, бұл дүниені тәмамдайық. Айтқан уәдемді орындап, «қалай да жетіңдер» деп Кавказдағы Әминат шешейге, үшеуін шақырып шұғыл жеделхат салғанмын. Кеше жауап хат алдым. Осы алдағы сенбіде Алматыда боламыз депті. Үшеуі де келетін болыпты. Келесі жұма күні ұшақпен жетеді екен. Ұшақтың рейс нөмерін, қонар уақытын анықтап жазып жіберіпті. Бұдан екі-үш күн бұрын хат жазып, онда Бағиланың аман-есен қолаяғын бауырына алғанын жазып, Мұрат деген ұлды болғанымызды сүйінші сұрап айтқанмын. Уәде бойынша кіндік шешесі ғып Әминат шешейдің өзін атағанымды да жазған едім. Ол да құтты болсын айтып хат жазып, ішіне тау халқының балалары киетін ұлттық киімдерін, кіп-кішкентай ғана ақ сеңсеңнен бөрік тіктіріп салыпты. Оларды Жүсіп көкеміз көргенде: – Жарайсыңдар, шошқаларым! Бұрынғы қожайындарыңмен де сыйлы болғандарыңды байқап тұрмын. Өздерің жақсы болсаңдар қиыспаған жандармен туыс боласыңдар, – деп риза болып қалған. Одан кейін біз де екіүш дүркін хат жазысып, өздері аңсап жүретін Алматының апортынан сәлемдемелер жіберіп тұрдық. Бірақ... бірақ кішкентай ұлымыздан, оның кіндік баласы Мұратымыздан айырылып қалған соң, хат жазуды тоқтатқанмын. Кейуананың жүрегін ауыртпайын дедім. «Алматыны сағындым, – депті ол хатында, – Рахман да әбден сағынып жүргенін айта беретін. Ең бастысы, сендердің бізді

шақырғандарың жақсы болды. Қуанышымда шек болған жоқ. рақмет сендерге. Сендерге жеткенше айтпауға шыдай алмайтын екі бірдей қуанышым бар. Бірі – менің Мұхаммедімнің әбден сауығып қатарға қосылғаны. «Алматыны сағынып жүр едім, баратынымыз жақсы болды ғой» дейді. Бұрын ондайды айтуды білуші ме еді? Тіпті, қуана да, ренжи де алмайтын еді ғой. Биыл күзде үйлендіріп те қалармыз деп жүрміз. Бәлкім, оның тез сауығуына әкесінің қасында жүргені себепші болған шығар... Екінші қуанышым, Рахманым да қазір таяққа сүйеніп, тәй-тәй басып жүретін болған. Ағайым Мәскеуге апарып, екі аяғына бірдей протез жасатып берген. Қиналса да жансыз ағаш аяқтарға жан бітіргендей болып, бір-екі жылда қалқайып орнынан тұрғаны, тәй-тәй басып, жүруді үйренгені бізді шексіз қуанышқа бөлегені рас. Бәлкім, өз отбасы жанына оралған соң тәтті өмірге деген құштарлығы артқан болар...» Әрине, бұл хабарға Бағила екеуіміз де қуанып қалдық. Баласының ақыл-есін жия бастағаны, әкесінің қайтадан қатарға қосылып орнынан тұрғаны біз үшін де қуаныш болса, қарапайым жандардың қуаныштарына ортақ бола алғанымыз ерекше қуаныш еді... Бағила екеуіміз соған орай басқа қожайындарымызды да осы келер сенбіге жинап, үй көрсетіп жібермек болып келістік те, бізді қатарға қосқан ағайындарымның тұрағын аралап шықтым. Қайран Алексей менің бару құрметіме алдыма бір жартысын қойғанмен, «ауыз ашатын» өз күні болмағандықтан, он грамм да ұрттаған жоқ. Қалбаң қағып, Соня шешей кенже ұлы әскерден келгендей мәз болды. – По что ты забыл-то нас? – деп өкпе айтады. Қуанса да, көңілінде бір мұң жатқанын білдім. Тамара біздің келмей кеткенімізге ренжісе керек, көп сыр ашпады. – Білесің бе, Қуан аға?! – дейді баяғы сөзуар Наташа, – әлгі біздің Сережа соңғы кезде жұмыс орнынан үнемі мақтау естіп, көтерме сыйақы ақша алатын керемет жақсы жігіт болып еді, бірақ әскери қызметін өтеуге әкетіп қап, Соня әжеміз соны ойлап, күндіз-түні аһ ұрады... Айтпақшы, Соня әжей менің де әжем болып шықты ғой. Білесіздер ме?.. – Болды-ей, қыз, сыпылдама! – дейді Тамара оның сөзін бөліп. Мен балалары Сережаның жақсы азамат болғаны үшін тағы бір елу грамм шарап ішкен соң, оларға бұйымтайымды айтып едім, қуанып қалды. Төрт көзі түгел олар да келмек болды. – Қуан, мен шығарып салайын сендерді, – деп, Алексей бізбен сыртқа ілесе шыққан. – Бізде керемет үлкен жаңалық бар ғой. Жаңа Наташа дарылдауықтың «Соня әжей менің де әжем болып шықты ғой» деген сөзінен ештеңе аңғармадыңдар ма? – Жоқ, – деп бағила оның жүзіне сұраулы жүзбен қараған. Мен үндеген жоқпын. Ол аялдамаға қарай аасықпай келе ждатып, әңгімесін жалғастырды. – біздің наташаға әжесі ойда жоқта асыл тасы бар бір қымбат жүзік сыйлапты. «қанша өмірім қалғанын білмейміән, көп жылдан бері өзіңе

сыйлаймын деп тығып жүр едім. Бойжетіп қалдың, мен олай-былай болып кетсем бір емес екі бірдей әжемнен қалған көз еді деп тағып жүрерсің» десе керек. «Қайдағы екі әәже, екеуді қойып, менде бір әже де жоқ емес пе? Сен болсаң Сережаның ғана әжесі емессің бе?» деп Наташка қымбат сыйды алғанымен қоймай ол кісіні біраз қуғындаса керек. Бұл сөз Томаның құлағына тиеді де кемпір байғұс біраз қыспаққа алынады. Ертеңіне анам байғұс төрт көзіміз түгел отырғанда мені асырапжеткізген Лиза анамның аруағына кешірім сұрай отырып, ғұмыр бойы кеудесіне жасырып келген құпиясын ашып бергені. – Қандай құпия ол Соня әжейдің айтпай келгені? – деп, Бағила да оның аузына қараған. Соня шешей жылап отырып: «Бір кісіден басқаға айтпаған сырым еді. айтпаған күйімде ол дүниеге аттансам деп едім, өлер шағында бар шындыықты жайып салуға тәуекел еттім» дегені... Сөйтіп, павел де, мен де осы кісі дүниеге әкелген егіз ұлдары екенбіз. Демек мен де туған ұлы, Тома да туған келіні, Наташа да туған немересі болып шығамыз, – деп ол шылымын тұтатты. – Шындығымды бір кісі ғана біледі деген кісісі мен болатынмын, – дедім мен. – Сонда қалай? – деп Алексей бетіме үңілді. – Бәрін де біздің үйге келгенде жыр ғып айтып беремін, – дедім. – Қалай-қалай болып кетті өзі? – деп Бағиланың көзі жыпылықтады. – Саған үйге барған соң жыр ғып айтып беремін. Әне, автобус та келе жатыр. Бағила өкпе айтты: – Неше жыл бойы ондай әңгімені менен де жасырғансың ба? – Уәде – құдай сөзі. Соня шешейге берген уәдем бар еді. Құстай ұшып, Жүкең ақсақалдың үйіне жетейін. «Әй, шошқа, қайда жүрдің осы уақытқа дейін?» дейтін болар деп ойлаймын. «Шіркін-ай, Мұратжанды өз баласындай көруші еді, айрылып қалғанымызды қалай айтсам екен?!» деп қиналамын. Өкінішке қарай... Шағи шешем мені көрген бетте еңіреп кеп бас салды. Қапелімде сасып қалсам да, шешейдің үзіп-үзіп айтқан сөзінен бір сұмдықтың болғанын түсіндім. – Құлыным-ау, Қуан-ау, тумасаң да туғандай едің ғой. Бір келсең қайтеді! Айырылып қалдық қой ағаңнан! – Дауыс салып жылап тұрған Шағи шешейдің үздік-үздік айтқандарынан осыны ұқтым. Тумаса да туғандай болған ақкөңіл ағамыздың маған қандай қымбат екенін дәл сол сәтте ұққандаймын. «Әттең-ай, алдап кетсем де, мұндай киелі адамның аяғына жығылып, неге кешірім сұрамадым!» деп ойлаймын шын егіліп тұрып. Бір заманда шешей ес жинады, үй ішінің есендігін сұрай отырып, Жүкеңнің қалай қаза болғанын хабардар етті. Марқұм өткен жазда миына қан құйылып, дүниеден өтіпті. Мұратымыздан айрылып қалғанымызды

естіп, шешей тағы бір жылап алды. «Атасы Мұратты сағынып жүргенін жиі айтушы еді» деді жылап отырып. Құралай дейтін қызымыздың барын естіп, қуанып қалды. Мен осы үйге кірген сәтте өз бөлмесінен ініміз Серіктің келіншегі Жәмиләні көріп қалдым. Кіріп сәлемдесіп едім, көзім төр алдында отырған кішкене балаға түсті. Танауы Серікке, жоқ атасына тартыпты, тәмпиіп тұр. Шағи шешей, келіні Жәмилә үшеуіміз шай ішкен болдық. Әрине баяғыдай «әй, шошқа» деп отыратын Жүкеңнің орны үңірейіп тұрғанда қайбір су өңештен өте қояр. Шешейге басу айтып, көңілін демдеу үшін ғана шайды ұрттаған болып отырмын. – Бәрі Алланың ісі ғой, шешей. Тумаса да туған әкемдей қамқорлық жасағанын неге ғана ұмыта алармыз. Мен сияқтыларға жасаған жақсылығы алдынан шығып, Алладан қайтсын. Иманы жолдас болып, ағамыздың бейіште нұры шалқырына күмәнім жоқ. – Адам қайғыны көтере алмағанда миына қан құйылады деуші еді. Қуаныштан да осындай боларын кім білген. Не болғанда да ажалына тура келген дерт болды, – дейді Шағи шешей көзінің жасын сығып алып. «Кішкентай немесінің дүниеге келгеніне қатты толқыған болар, одан басқа қандай қуаныш болуы мүмкін» деген ой келген маған. Менің ойым шындықтан шалғай кетпегенін шешейдің келесі сөзі растай түскендей. Немереміз Ардақтым дүниеге келген соң шал байғұс ақыл-есінен айрылғандай далбақтасын-ай десейші. Жиырма жылдан астам уақыт аузына алмаған ішімдіктен бір апта бойы бас алмады. Осы қуанышының үстіне тағы бір ойда жоқтағы қуанышты дәл сол кезде Алланың өзі жібергендей оқиға еді... – Ол айтсам ба екен, әлде айтпай-ақ қойсам ба дегендей біраз уақыт үнсіз отырып қалған. – Ардақтымның шілдеханасын өткізіп, жұрт аяғы сирей бастаған тұста екі кештің арасында бір жігіт үйге кіріп келсін. Түрі Жүкеңе сойып, қаптап қойғандай, бірақ не орыс деуге, не қазақ деуге келмейтін пошымды жан екен. – Жүсіп Тәңірбердиевич деген сіз боласыз ба? – деді ол Жүкеңе қарап. – Иә, мен, – деп Жүкең де оның бетіне сұраулы жүзбен қарап. – Онда мен сіздің ұлыңыз, Ресейден келген Юсуф деген боламын. Әкем іздемеген соң өзім іздеп келдім, – деуі мұң екен, Жүкең марқұм орнынан ұшып түрегеп, жігіт ағасы болып қалған азаматты құшағына алып жылап жіберді. «Азаматым-ай, тапқан екенсің ғой. Жаман әкеңді сөге көрме. Іздейтін де едім, із-түссіз кеткен шешеңнен көр» деп кемсеңдейді. Ешнәрсенің байыбына бара алмай мен отырмын. Сөйтсем, Жүкеңнің жастық шағынан жеткен ізі екен... Сол күні Жүкең көрмеген ұлынан бар жайды сұрап біліп, маған да бар шындықты жайып салған. – Дегенмен, қызғаныш сияқты бір сезім болған шығар? – деймін. – Қайдан қызғанайын, шырағым. Қайта шалымның кіндігінен жаралған ұрпақтың табылғанына, Серігімнің туған ағасының аспаннан

түскендей болып келгеніне қуанбағанда қайтейін, қырықтың о жақ-бұ жағындағы жігітті бауырына басып, қатты толқыдым. Юсуф та жақсы жігіт болып өскен екен. Екі баласы бар екен. Алматыға іссапармен келген соң мекен-жай бюросына барып, тауып алыпты. Шамасы шын әкесі туралы шешесінен естісе керек. Асырап, жеткізген әкесі қайтыс болған соң, шын әкесін іздеуге ниеті ауса керек. Келіншегін, балаларын келер жылы алып келмек болып кетіп еді... шал байғұс осы қуаныштарды көтере алмады-ау деймін. – Бәрібір Жүкең өмірден өкінішсіз өткен екен, – деймін мен. Неге екенін қайдам, қожайындарым бас қосатын жиынға Шағи шешейді шақыра алмадым. Әлде тіршілігімізде бір-біріміздің қадірімізді білмей, өлген соң өкінетін қасиетімізге налыдым ба, әлде Жүкеңнен айырылғанымызды ести салып, оның ғұмырлық қосағын сауыққа шақырғым келмеді ме, әйтеуір келіп тұратынымды ғана айтып, шығып кеттім. Иттің аты ит қой. Кәрім көкемнің Палканына тақап барсам жойып жібермек болғандай ауланы басына көтере байбаламдай қарсы алды. Мопсик пен Шарик қана әу баста денелі тұқымдастарына еріп, шәуілдегендерімен мені танып, екеуі де жәркелештеніп қалды. Бір кезде үш көйлекті бірінің сыртынан бірін киген Кәрім көкемнің өзі шықты шылтиып. – Солай да солай, – деймін бәрін де ағыта сөйлеп. Соңында үй алғанымды, өзін шақыра келгенімді айттым. – А менікі әйелді апаруға болады? – дейді ол. «Мен кетерде казақшасы тәп-тәуір сияқты еді, бұрынғы әуеніне салыпты-ау» деп ойлаймын. – Құтты болсын, Кәрім көке! Баяғы кір жуатын жерде істейтін апай ғой? – деймін оған қолымды ұсынып... – Әрине, сол. Сенікін таппаған, әйтпесе тойға шақыратын ойлаған, – дейді ол мен қоштасыпғ кетіп бара жатқанда. – Ал мен үйіңе бірдеңе апаруым керек шығар? – дейді Тася апайым менің бұйымтайымымды естіген соң. – Тәңірі жарылқасын, ештеңенің керегі жоқ. Ренжімесеңіз бір сауыт таңқурай мұраппасын ала барыңыз, – деймін оның жүгін жеңілдетейін дегендей. – Әрине ғой, әрине. Міндетті түрде апарамын. – Ол әлдене айтқысы келгендей күмілжіп тұрды да, мен тұрған үйді иегімен нұсқады. – Балаларымды шақырып әкелдім. Үйді де солардың атына жаздырдым... Бәрін де соларға... бердім... Қартайдым... Ендігім ұят болар... – Оның көзі жасаурады. Мен кемпірдің бұл шешімін ерлікке балап, құптағаныммен, оның жанының жайлауынан ел көшкендей басынан тағы бір қиын сәтті өткізіп жүргенін түсіндім.

* * * Ал ағайын, мен Әминат шешейлердің алдынан шығайын. Уәде бойынша, келетін күндері бүгін болатын. Сондықтан осымен әңгімені тәмамдауға маған рұқсат етіңіздер. Ұмытып барады екенмін, Рафих көршім мен Тұрарчик көршілерім де дін аман. Тіршіліктері, өздеріңіз танысқандай, жақсы. Ақжамал жеңгеміз де анадағы арабы мебелі өртенгенде жүдеп кетіп еді, қазір «Балаларымның садақасы» дейді. Сенбіде бұл екі отбасы да біздің кішкене үйге сыймайтын болғандықтан, оларды және тағы екі-үш көршілерімді келесі аптаның сенбісіне шақырмақпын. Көк үйдегі көршілер алыстағы ағайыннан жақын емес пе. Олармен өте тату болуымыз керек қой. Өйткені бір шаңырақ, астына талай әулетті топтаған қала үйінде тұрамыз. Жалпы, қаланың заңды тұрғынымын деудің өзі үлкен мақтаныш сияқты, әсіресе, халқымыздың сүт бетіндегі қаймағы, күллі зиялы қауымы тоқайласқан Алматыдай ғажап қаланың заңды тұрғынымын деудің өзі де, біле-білген кісіге, үлкен мақтаныш емес пе?! Ал сол қаланың заңды тұрғыны болу үшін сол зиялы қауымың қандай машақатты, қандай қиямет-қайым жолдардан өтеді? Бұл – әншейін әңгіме етуге келе бермейтін, мән-маңызы аз екінші мәселе. Қалай болғанда да, біз қалада тұратын азаматпыз. Соңы.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙