Арнау өлеңдер, толғаулар, тақпақтар, шағын шумақтар, рубаяттар, нақыл сөздер
Тұрмағамбет Ізтілеуұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Тұрмағамбет Ізтілеуұлы – поэзияға мысал өлеңмен қадам жасаған ақын. Келеңсіздікті өткір әшкерелеп, адамгершілік қасиетін дәріптейтін шығармалары өз алдына. Сатиралық бояуды күшейту мақсатында туындыларында теңеулерді жиі пайдаланған.
ШЫҒАРМАЛАРЬІ
ІІ
АРНАУ ӨЛЕҢДЕР, ТОЛҒАУЛАР
Мен, өзім - мұсылманмын, қолым - Алла!
"Қалай?" - деп халыққа көрсет, қолыңа ал да.
Баласы мұсылманның бола қойсаң,
Мұнымды "өтірік" деп ойыңа алма!..
ДІН ЖАЙЫНДА
Дін ашқан еді Мұрсал әуел бастан,
Екінші Әбубәкір, Омар, Оспан.
"Зүл һүжжа"1 қамқам, самсам Зүлпіқармен2,
Төртінші тиді қолға Әлі Арыслан.
Мүмін аз, діні қар көп Оһүт тауында,
Аз кісі тартты әзиздік бір соғыстан.
Үшінші Әмір, Әмзе, жетпіс кісі,
Нәбидің тісі жаһит3 болды тастан.
Берген соң Әліге - күш, дінге - қуат,
Дін танып на-мұсылман4 араласқан.
Қандырып халық мейірін Ақ пайғамбар,
Көңілге иман нұры орналасқан.
Бұлардың айтқан азан, ауазына,
Еріді еміреніп жер мен аспан.
Тұрған соң төрт жар - қолда, дінде - қуат,
Жақын дос болды дұшпан неше алысқан.
Жанабіл батыр, Қақан патша Зарқұм,
Әждаһа еді олар қандай аузын ашқан.
Шариғат ғылымын біліп, тарихатпен,
Теп-тегіс дүния жүзін етті бостан.
Дүниядан Әбибулла үгірді жүз,
Екінші қылапатке келді дастан.
Отыз жыл мініп тақта қылапатта,
Өткерді төрт жар дәурен айнымастан.
Өлтірткен Омар ұлын ұрып дүре,
Патшалық не болады онан асқан.
Асандай нәсіл әулат шәһізада,
Аялдан ажал зәрін жұтты қастан.
Қамбарға жалғыз ұлдың қанын берген,
Кім асқан сақилықта Сәдуақастан.
Тақтынан патша тайып Пәруардігар,
Бұл күнде қаз ауып тұр қара ағаштан.
Мысалы бір қалың өрт кетті қаптап,
Түтіні көрінбейді бізге алыстан.
Нәубеті мұсылманның болар ма екен,
Ұшпастан көрер бұрын жан қапастан.
1900.
ҚАЛДЫБЕККЕ
Алла аты абайласаң қолында тұр,
Жазуы Мұхамметтің формында тұр.
Күн бітсе, кебінге орап көмер халқың,
Өлімнің екі аяғың орында тұр.
Ғибрат осылардан алмайынша,
Қаннастың Қалдыбек би торында тұр.
Іздемей тауба-таупих таусылса өмір,
Төбеңнен шайтан-сідік шорылда тұр.
1900.
ЫБЫРАЙ ТӨРЕГЕ
Жасыңнан шашың қойып, шөпкі кидің,
Сарп еттің заң-зәкүнге бәрін мидың.
Орысқа өлсем де ұқсас боламын деп,
Көт баспай, көп ішінде тұрып сидің.
Аса орын оныңмен де таппаған соң,
"Еңбегім еш болды-ау!" - деп жандың, күйдің.
Оныңды оязной5 әкім біліп,
Бол деп еді өшетілі6 ошбу үйдің.
Өтсін деп осыменен енді өмірім,
Талапты топышақты7 тердің, жидың.
Себебі, сенен олар ошбу уақыт,
Ақыл айтып алдында жүр болыс, бидің.
"Төреміз төрге көпті шығарды-ау", - деп,
Шамасы бар ма Шөмен еткен сыйдың?
Көрісіп көңілімді көркейтпекке,
Барып ем жапсар жақтан, бір жай-күйдің.
Ырзамын ондайыңа, айтшы жауап,
Иесін ит те қаппайды, нешүк тидің?
1900.
* * *
Әй, нәпсім, мына үгітке құлақ салшы,
Сыртыңнан сені баққан мен - бір малшы.
Айтпағым әнің үшін болды лазым,
Басында бұйырған соң бол деп жаршы.
Белгілі бұл жаһаннан жөнелерің,
Жүз түгіл, күшің жетсе, мыңға баршы.
Жығылып жоғарыдан жоқ боларсың,
Ойнаған өмірменен сен бір даршы.
Табаның тағдыр бітіп, тайса бір күн,
Тұтқасын тіріліктің тауып алшы.
Жан құсы бәденіңнен бір күн ұшса,
Бір қарыс жете алмайсың жерге шаршы.
Пәнидің баянсызын білгеннен соң,
Жинап ал ерте бастан қамдап қаршы8.
Алдында аса алмайтын асқарлар бар,
Сайманын сапарыңның сайлап алшы.
Патша бол бұл дүнияға келдің бес күн,
Тәуба қып тілімді алсаң, даярланшы.
Егінші егін еккен біз мысалдас,
Күні-түн жинап, теріп, бол қырманшы.
Кемді күн қос артуға келіп едің,
Орынсыз көрініп тұр ісің палшы.
Есіңнен ошал жұмыс шығып кетіп,
Сен жүрсің һайһауасқа ұрып қамшы.
Билігің бес-алты құн өзінде тұр,
Кетсең де айдалаға болып жаңшы.
Ескеріп айтқаныма амал қылып,
Сайманын сапарыңның сен қамданшы.
Қайтесің жүргенінде, жетсе ажал,
Дүниенің дәулетіне болып аршы.
"Бұл дәурен баста тұрар",- деп ойламай,
Өлімнің қатерінен қауыптаншы.
Іс келмес орынына, өкінгенмен,
Төменге тамса, кеттің мысалы тамшы.
Ал, енді аңғартқаным - болма ғапыл,
Ертерек құлдық етіп қайымданшы.
Ақылдың айтқан сөзін әзіл демей,
Шен біліп шыныменен қабырланшы.
Аз ғана айттым үгіт аңғарар деп,
Әй, нәпсім, көп сөйлетпей, ақылданшы!
МОЛДАЛАРҒА
Мен, өзім - мұсылманмын, қолым - Алла!
"Қалай?" - деп, халыққа көрсет, қолыңа ал да.
Баласы мұсылманның бола қойсаң,
Мұнымды "өтірік" деп ойыңа алма!
Айтсам да асылық сөз былайынша,
Күймеймін дозағыңа осы халда!
Молдалар, бұл сөзіме сенбесеңдер,
Ант ішем расына "Олла-біллә!".
Әулеті Кіші жүздің, Кете – руы
Айтушы - Тұрмағамбет деген молда!
1906.
СЫМБАТТЫ СҰЛУ
Мысалы көзің - гауһар, маржан - тісің,
Күндей-ақ шығып келе жатқан түсің.
Сүмбіл шаш, сұңқар мойның, пісте мұрын,
Иілген берді Алла айдай пішін.
Уылжып өне бойы отырасың,
Асылдай ұстағанда бір-ақ қысым.
Күмістей сымға тартқан саусақтарың,
Сүйріктей аудан шыққан бәрі мүсін.
Қиғаш қас, оймақ ауыз, ақық ерін,
Көргеннің көркің кетер өртеп ішін.
Арманым асылында бар дей алмас,
Жанында өткерген жан, жаз бен қысын.
Қиялым қатарыңнан қалмай кейін,
Асылға ауыр баға қолыңды ұсын!
Жер соғып қалайда да қалмаушы еді,
Бабында болып тұрса ұшқан құсың.
Аңыңды ала ма екен аңғар да тұр,
Сал-дағы солай қарай көздің ұшын.
Естіден еткен үміт еш болмайды,
Ұнарлық ұзақ болар етер ісің.
ЗАМАНА ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ
Хабибі - хақ сәруәрдайын,
Әбубәкір, Омардайын,
Осман, Али - һайдардайын,
Әділ патша табылмас-ты!
Бас ауырып, тәуіптерді,
Алып келіп бақтырарсың.
Өз қалыңды ауыр көріп
Өкпеменен қақтырарсың.
"Жын-пәлекет кетсін де" – деп
Тұмар алып, тақтырарсың.
Тура құрық келген болса,
Дертіңе дауа табылмас-ты!
Қатын өлсе, ғамкүн болып,
Қаңғалақтап қалсаң керек.
Онан-мұнан қағыстырып,
Базбіреуді алсаң керек.
Айшы-ишрат қылмақ үшін,
Төсек қалың салсаң керек.
Бір кеткен соң, қамкөңілсің,
Ата-ана табылмас-ты!
Жаман болды алғанымдай,
Бір Тәңіріге көп налырсың.
"Жарым сондай болса екен", - деп,
Көрінгенге көз саларсың.
Жазған болса, маңдайыңа
Әзалда оны не қыларсың.
Бәріңізге жүзі қызыл,
Қасы - қара табылмас-ты!
Біреу - жарлы, біреу - малдар,
Сенің бәріңді алдар.
Өлшеп берген нәпақаң бар,
Ертелі-кеш іздегенмен,
Артық дүние табылмас-ты!
Балаларың мектеп көрсе,
Ғалым болып әдеп көрсе.
Әркім келіп, сауал сүрсе,
Оған баға табылмас-ты!
Енді заман ақыр болар,
Көп мұсылман кәпір болар.
Дүние - қор, обыр болар,
Пақыр қалып сұрамаққа,
Асла қамқор табылмас-ты!
Қарсы тұрар дадыңызға,
Алып тұрар жадыңызға.
Тұралықтың туын ұстап,
Басшы болар алдыңызға.
Ойлы аға табылмас-ты!
Бұл дүнияға көңіл қойма,
Қонақ келсе, арық сойма!
Ақылың болса, оны ойла!
Алты қары бөзден басқа
Артық опа табылмас-ты!
Жарлы екен деп, аямайды,
Бай екен деп сыйламайды.
Ғапыл адам ойламайды,
Ойлағанмен түрлі амал.
Өлімге айла табылмас-ты!
Бір шыбындай жаннан кешіп,
Ғашық пида болмасаң.
Қатын менен малдан кешіп,
Тәркі дүния болмасаң.
Кеші-күндіз зар жылаумен,
Тағат, тағды қылмасаң.
Рахатпенен жатқандарға
Дидар Құда табылмас-ты!
* * *
"Аяту" деп, Аллам соны,
Башар9 реңге түсіріп.
Ірің қылып, қан қылып,
Сурет етіп, Жан қылып,
Анасының ішінде
Тоғыз ай, он күн кешіріп.
Жылатып, жерге түсіріп,
Құдіретімен Қадыр Хақ,
Жанды қылса, керек-ті!
Аяқ беріп, қол беріп,
Он екі мүше мол беріп,
Сайрап тұрған тіл беріп,
Ақ жүзіңе нұр беріп.
Он екі жасқа келтіріп,
Құдайды анық, бір біліп.
Жасы үлкенге пір қылып,
Аузынан шыққан сөздерін,
Қымбат баға, дүр қылып,
Мұндай жанды бір топқа
Аға қылса керек-ті!
Қараса, Кәләм Аллаға,
Көңіл берсе моллаға,
Рахат берер баршаға,
Мұның өзі маһшарда
Жаннан ағла болса керек-ті!
Біреулер етер ұрлықты,
Ұрлықтың түбі - қорлық-ты.
Көрінгенге ол залым,
Қыла берер зорлықты.
Құлағына алмағай,
Құдай берген бұйрықты.
Мұның орны жаһаннам,
Орны болса керек-ті!
Кейін тәубе қылғанша
Жастығымда қылғанша.
Қартайғанда Құдайға
Жалбарынып жылаумен,
Өлшеп берген өмірді
Бос өткізсе керек-ті!
Біреулерді Құдайым,
Алтын таққа міндіріп,
Байлық құсын басына
Еркіменен қондырып,
Қайғы отын сөндіріп,
Һүкіміне жұртты көндіріп.
Риза қылса керек-ті!
Әзірейіл келгенде,
Кетірер сенің әліңді,
Шығармастан қаныңды,
Суырып тезден жоныңды,
Жүдә қылса керек-ті!
Қасықтап жиған мал қалар,
Бала, әйелің - бұл қалар.
Қалғандардың көңілі үшін,
Аға-інің басыңа
Думан қылса керек-ті!
Сені таза жіппенен
Жеңсіз көйлек кигізіп,
Үш жеріңнен бұғайлар
Қатты жерді ойғайлар,
Кіргізіп онда қойғайлар,
Топырақпенен бастырып,
Дұға қылса керек-ті!
Көзін тұздай ойнатып,
Ауызын оттай жайнатып.
Мүңкір-Нәңкір періште
Сені көрден оятып,
Жауап сұраса керек-ті!
Дәуірі өткен би, хандар,
Қасындағы жарандар!
Тақ үстінде отырғандар!
Барлық жұртты сорғандар!
Жарлыдан алып, байларға
Сыйлау қылса керек-ті!
Дәуірі өткеннің қожасы,
Қыдырып келер есікке.н
"Бұл үйде кім бар екен?" - деп,
Көздерін салар тесікке.
Бала-шағасын басынып,
Өтіп, барып, отырып.
Дұға қылса керек-ті!
Бұл заманның қожасы,
Кете берер сілтесе.
Анығында, қарасаң,
Рас емес Алласы,
Қолына түссе, егер де,
Жарты алтының сомасы,
Көрмей-білмей біреуге
Куә болса керек-ті!
Заманы өткеннің байлары
Артық көрер басына,
Дәулетті адам кез келсе,
Шақыра қояр асына.
Тіленіп келсе, бейшара,
Көзінен төккен жасына.
Көмек беру қайда оған,
Мазақ қылса керек-ті!
Бұл заманның қатыны,
Жұла тастап ұятты,
Құшақтай кетер шаһзатты
Қанағат қылмай қартыны,
Шала сүртіп артыны,
Ac ұстаса керек-ті!
Кейінгі заман жастары
Әдебі жоқ бастары,
Әзәзілдің жолдастары,
Ата-ананың көзінше
Қолтықтасып ойнаулары
Ойлағаны, күткені –
Зіна болса керек-ті!
Ұл атадан ұялмаған,
Ана қызын тия алмаған,
Кетсе, шақырмай келмәгай
Биһая10 болса керек-ті!
Кейінгі кездің адамы,
Несие сөйлеп қалмағай.
Бір-бірінің үйінен
Аяқ-табақ алмағай.
Үй басына бір келі,
Диірмен болса керек-ті!
Шүршіт келіп, Ташкентті алғай,
Сайрам менен Жанкентті алғай,
Қашқар менен Жаркентті алғай,
Қоқанд пенен Қожантту алғай,
Мұсылмандар зар жыласын,
Сауға қылса керек-ті!
Шүршіт және қарыз қылғай,
Самарқандқа жүріс қылғай,
Жайылымға тұрыш қылғай,
Мұсылмандар ырыс қылғай.
Шаһзада шаһіден шығып,
Шүршіттердің бәрін қырып,
Опат қылса керек-ті!
Тажал шығып, дінді бұзған,
Қылышынан қан тамызған.
Мұсылманның бәрі тозған.
Ошал малғұн: "Тәңірімін!" - деп,
Дағуа қылса керек-ті!
Мәді шығып, жолығышпқай,
Мұсылмандар басын қосқай,
Тажал бірлән ұрыс қылғай,
Тағат қылмай, Мәді қашқай!
Пайғамбардың хабрик11 құшқай,
Аруағынан Иса деген,
Сада12 шықса керек-ті!
Аспаннан Иса түшкәйләр,
Мәді бірлән көрішкәйләр,
Тажал бірлән - ұрышқайлар,
Тажалды дәрһәл өлтіріп,
Иса - әкім, Мәді - мұфты болса керек-ті.
ҚҰРДАСЫНА
Соғып бер, сөзді қой да, маған шаппа,
Соқпасқа сылтауратып, дәлел таппа!
Шебердің, қалайда да, қолы ортақ,
Кіржиіп, кірпігіңмен көзің жаппа.
Тұратын қайрамайық қылды қауып,
Орасан өткір болсын, өте тапта.
Көргендер кім соқты деп сұқтанатын,
Нақышы неше түрлі болсын сапта.
Құрбымнан өзіңе ұқсас құр кетпеймін,
Кешеуілдеп кеткенменен екі-үш апта.
Деп құрбың Тұрмағамбет қолын қойды,
Әшейін демесін деп айтқан кәпта.
САҚТАҒАНҒА
Сау-саламат жүрмісің,
Шырағым, інім Сақтаған.
Ағаң едім әрқашан,
Әркімге айтып мақтаған.
Сол дәрпіңе арзу боп,
Шайым еді сені жақтаған.
Барғаннан түрің көрінеді,
Көзіңді қысып мысықтай,
Шама-шарқын шақтаған.
Өкшелес інің емес пе ед,
Ерттеп беріп атыңды,
Сайманыңды тақтаған.
Әйелінен айырып,
Еткенің қалай, сөйлеші,
Шұбырынды ақтабан.
Қуанған түрің көрінеді,
Олжа алғандай орасан,
Қалың қолдан қаптаған.
Жақсылардың жұмысы,
Алдырмай жауға жолдасын,
Татқан тұзын ақтаған.
Етер ісі ессіздің,
Қасындағы қоңсысын,
Өртеп, отқа қақтаған.
Бар ма еді жері Шайымның,
Өкпелетіп о, баста,
Көңіліңді таппаған.
Жылатып айтар досыңмын,
Кетпеген күнде құтырып,
Танысын ит те қаппаған.
Ми толықпай тұрғанда,
Жайдақ мініп жастықты,
Кімдер тайға шаппаған?
Ол дәуір бастан өткен соң,
Өте ұят етуің,
Жұмысты жұртқа жақпаған!
ӘЙЕЛДЕРГЕ
Ала бер айтқан тілді болма қалша,
Пайданды ет, кете бермей қаңғып малша.
Ұйықтама, ұятты ойла ашық, тесік,
Су сіңген су шетінде жатқан салша.
Еріңнің айтқан әмірін екі қылмай,
Биік тұт бұлт шөгетін биік жалша.
Үйіңе үлкен-кіші келе қойса,
Кеңкимей иіліп тұр шыбық-талша.
Тұрғайсың түк үндемей, төмен қарап,
Өзіңе ойы бұзықтар көзін салса.
Келгенде сыпайылар сәлем беріп,
Боп тұрсын жүзің жарқын, сөзің палша.
Оңдайтын ойлағанда - ері әйелдің,
Үстіне артқан жүгі ауып, талса.
Жақсы аты жұртқа әйелдің жайылады,
Ерінің құдай қосқан тілін алса.
Берекет үй ішінен көтерілер,
Өкпелеп бір-біріне көңлі қалса.
Қоңсыға қасыңдағы қорлық беріп,
Шығарма шапалақтап даусыңды онша.
"Қоңсы ақы - ауыр ақы" деген сөз бар,
Көйлегің, күл де отыр, күйіп-жанса.
Өзіңнен осы мінез табылынса,
Алашқа атанарсың анық "ханша".
АҚЖІБЕККЕ
Қарағым, қатарыңнан көркем түсің,
Ұнайды көңіліме де қылған ісің.
Құлпырып бәйшешектей түрленесің,
Берген соң лайықтап Құдай пішін.
Жарқын жүз, түлкі тамақ, құралай көз,
Маржандай тізіліп тұр отыз тісің.
Наз бенен қылығыңды көрген кезде,
Елжіреп қорғасындай кетті-ау ішім!
Шайқалып қызыл гүлдей сен тұрғанда,
Менің де басқаменен жоқ жұмысым!
Көңіліңнің бір белгісін білдір маған,
Болмаса көздеп жүрген басқа кісің!
1908.
ҚҰЛПЫ ҚЫЗҒА
Нағыз асыл дүр едің,
Жәннаттың ғайни һүрі едің.
Қиядағы сен сұңқар,
Қол жетпес жерде жүр едің.
Алтын, гауһар, шамшырақ,
Жарқыраған нұр едің.
Рамбағы кең сарай,
Бағулы жерде тұр едің.
Жылжыған сен бір жорғадай,
Мың теңгелік құр едің.
Мысалы тасқан дариядай,
Белгілі жерді шіредің.
Зылиха менен Ләйлінің,
Заманында бірі едің.
Талпынған талапкерлердің,
Көкірегінен тіредің
1908.
ТҮЙМЕГҮЛГЕ
(Мүсілім Ешниязовтың атынан)
"Теге" "отыр", "яға" "секін", "мұйымға" "асты",
"Кепке" "отыр", "ләмға" "секін" қия қасты.
Сабындай айбалтаның білегі бар,
Саусаққа таба алмадым, сірә, ұқсасты.
Ағалар "әліпке" "отыр", "нұнға" "секін",
Ойласаң ой жіберіп сегіз жасты.
АЙЗАДАҒА
Айзада, ақылыңа кеуілім толды,
Берік ұстап биікке шық, беріп қолды.
Тең басқан төрт аяғың жорғалайсың,
Жарайтын көләйттауға оң мен солды.
Арқаңа асылған жан айта қоймас,
Я, белім ауырды, - деп, яки шонды.
Қыз болсын, қатын болсын, қалайда да,
Жүр едім жұрттан іздеп зейілі молды.
Өзіңе ол туралы ұшырасып,
Отырмын оңдады-ау деп тәңірім жолды.
Асырып Алла қосса қызметіңді,
Көркейтіп көңілімді көтер белді.
Қаншама қаз бенен қу келгенменен,
Жайлатпа баурайыңды болған көлді.
Опа етпей өзім дескен азаматқа,
Демесін дос пен дұшпан көңіл бөлді.
Болмаса өзіңе ұқшас ойы терең,
Әйелдің ер сыйлайтын атасы өлді.
Бәйбішем ойға қалмай отырады,
Келін мен тәрбиелеп екі, үш төлді.
Қылар Ақ бақытыңды ашып, бақсаң мені,
Еткендей ұшан теңіз құба шөлді.
Иншалла, айтқанымнан айнымаспын,
Саттар Хақ сақтай қойса бүтін көнді.
Қырымға көз салатын гөзел едім,
Қонақтап қыран құстай құба дөңді.
Әр жерде алмақ болсам, көріп жүрмін,
Әйелді ақылы аз, ажары өңді.
Олардың барлығын да былай тастап,
Кеулімнің көріп сені өрті сөнді.
Ақжан мен ақылдасып Зібайраға,
Ойлассаң етемін деп қалай енді.
Қайырлы болсын қалқам талабың! - деп,
Сүйесер аруанаңа артарыңды.
Сөзімді осы айтқан оқып көрсең,
Аңларсың айтпасам да аты, жөнді.
1909.
ШАЙҚЫ ЫСЛАМҒА
Аңлайтын айтқан сөзді Шайқы Ыслам,
Кең ойлы кемеңгер ең келген нұсқаң.
Алмайтын ақсұңқардың аңы болмайды,
Уақытында өте ерігіп, парлай ұшқан.
Сондай-ақ шамасында жиырма бестің,
Өкшелеп, емес еді ешкім қысқан.
Бұл күнде қиял құсы құрсау ашып,
Аңдиды ін аузынан ылғи тышқан.
Тұрмайтын бір қалыпта қарары жоқ,
Қалайда қар қатындай дүния - дұшпан.
Қайткенде күйіме ондай келемін, - деп,
Бұл күнде болып жүрмін жұда пішман.
Не қылсам қиял құсы ерігеді,
Алла ақыл інім саған беріп еді.
Ағаңның айтатұғын өтініші,
Әйел, ер бір-біріне серік еді.
Қолайлы бір қатынның қойнына апар,
Біз ұста, олар бейне көрік еді.
Жек көрмес жөнін тауып түсіндірсең,
Ойнауға олар дағы жерік еді.
Ойыма өлшестіріп қарағанда,
Сестеніп сонда зейіл желігеді.
Осы айтқан өтінішті орындарсың,
Дей қойсаң қонақ болып келіп еді.
Оңаша бір сағаттай сөйлестірсең,
"Болады" деп болса есі егіледі.
1909.
АЙДАРБАЙҒА
Қарағым, құтты болсын, алған келін,
Түрі бар басатұғын іштің желін.
Жасыңнан жақсылармен жолдас болып,
Аянбай әр орыннан алдың телім.
Ойыма өлшестіріп қарағанда,
Бермейтін ауыр жүкке нар ең белін.
Қошамет көзіңді көріп айтқан емес,
Арман жоқ тудырса әркім сендей төлін.
Бергей деп екеуіне ұзақ өмір,
Тілектес болып отыр барлық елің.
Дұғасы халық біткеннің қабыл болып,
Орасан ойдағыдай тассын көлің.
Айтайын аз ғана ақыл және дағы,
Сусаған қандырғандай халықтың шөлін.
Көңілдің кер бедеуі күйлі болса,
Баса шап, басын тартпа, барда шөлің.
Ұшады ер үмматпен, құс қанатпен,
Көп аса күйбеңдемей көзге көрін.
Бүлінбей ер білінбейді қалайда да,
Бермейді бейталапқа ешкім төрін.
Тау мен тас, тақыр мен боз айдаланың,
Білмейтін уақытың осы ой мен дөңін.
Осы айтқан үгітімді орындар, - деп,
Мінекей ағаң Төкең басқан мөрін.
1909.
ТҰРМАҒАМБЕТТІҢ ЖАРЫМБЕТ СҮЛЕЙМЕНГЕ АЙТҚАНЫ
"Бір тайлақ беремін" деп бата алып ең,
Ер жігіт ел атыңа атанып ең.
"Мен үшін Сүлейменнен аласың" - деп,
Саудалап сарттан біраз мата алып ем.
Аяқсыз айтқан сөзің болып кетті
Сырт сәлем сыйласатын қатарым ең.
Тайлақтың артын "тайрақ" қыларың бар,
Несіне уәде етіп шаталып ең.
1909.
БАЗАРШЫҒА ТАПСЫРМА
Бір пұт май, екі сандық, бір пұт лампы,
Қасабдар он екі кез келген әлпі.
Бір топ тек, бір топ ақтық, қырық кез шыт,
Балалар жаңаратын киіп жалпы.
Сегіз кез қара дырап, сегіз кез тек,
Он бес кез қара парқыт қымбат нарқы.
Тәуір қол он жеті кез қызыл дырап,
Бір шәйнек келе қойса шама-шарқы.
Ақ жиек, жылтыр қара төрт кез сәтен,
Астарлық ажарлы шыт отыз алты.
Бір бөрік, екі кез зер, бір жақсы ер,
Бір тапа үлкен емес, яки таңқы.
Жүз табақ қағаз, қалам, дәуіт, сия,
Он қадақ көк қарта шай және қанты.
Әкеліп осыларды берушіге,
Союға бір бағланды болдым тәнті.
1909.
СҰЛУ ҚЫЗДЫҢ КЕСКІНІ
Бір гүлсің бағып жүрген бақшадағы
Көз тоймас көруге көп бақса-дағы.
Шын көңіл, шырайлы жүз, шашың сүмбіл,
Мөр мысал мүлтігі жоқ ақшадағы.
Аңсаттың мезгіл-мезгіл арзу етіп,
Ширатпа насыбайдай шақшадағы.
Жайдары жатық мінез, сөзің шырын,
Бәһамың хат сияқты баспадағы.
Қиғаш қас, оймақ ауыз, ақ дидарың,
Көңілімді ғашық оты басқалады.
Бір мін жоқ, қарап тұрсам форымында,
Өрілген талма белің таспа-дағы.
Жұлдыздай жалт-жұлт еткен жанарыңа
Күн күліп, ай ақсиып, қас қағады.
Сондай-ақ көрген кісі қылығыңды
Көз тігіп, ішпей-жемей мас болады.
Ғашықпын ғайыпана сырттан арзу,
Су мысал сұлу сөзің шәшмадағы.
Осындай арнап жазған сәлемімді,
Аяқсыз ұят жастың тастағаны.
Керіліп, кер маралдай өтіп жүрсің,
Оқжетпес оқшау жерде атса-дағы.
Көркіңді көрген кісі көп ойлайды,
Ғашық боп тұрса-дағы, жатса-дағы.
Нәтпісі бұл сөзімнің қайтпаса егер
Ағаңның айтқаны іске аспағаны.
Қол создым, құштар болып, құлаш жайып,
Миуадай дақ түспеген аспадағы.
Осылай сөздің соңын доғарайын,
Есіңнен еңбегімді тастама ары.
Бой босап, көңіл еріп, күттім жауап,
Шеш талдап бірінші осы бастаманы.
1909.
ЖЫЛ КЕЛДІ
Күлімдеп, керіп қасын келді жылым,
Сұлудай ақық ерін, алтын тұлым.
Көркейіп кеуілінен кетті кірбің,
Көргеннің қалайда да мұның түрін.
Есіп жел исі әтірдей өңбенінен,
Көтеріп барлығы да қалды мұрын.
Жай болып жан-жануар жайнаңдады.
Әлдилеп ана алғандай алдына ұлын.
Шат болып шамадан тыс шалықтады.
Шашқандай шашу қылып інжу, дүрін.
Жайғандай жасарып жер жасыл қамқап,
Жіберді жарқыратып көздің нұрын.
Толқындап теңіз тасып, қайнап бұлақ,
Буланып бау мен шарбақ шашты гүлін.
Түнде шық, күндіз қара нөсерменен,
Көктеп тұр кетірумен гүлдер кірін.
Саһарда сандуғаш пен сайрап бұлбұл,
Қой қоздап, тауып жатыр жылқы құлын.
Аспанда ел біткеннің екі көзі,
Есітіп қаңқылдаған қаздар үнін.
Қуанып "құтылдық" деп қыс күнінен,
Түлкілер төкті түгін, малдар жүнін.
Қыбырлар құрт, құмырсқа қаптап өріп,
Тазалап тышқандар да қойды інін.
Мәз-майрам мақұлық аттар болып қалды,
Уайым ұмытылып өткен бұрын.
Мың түрлі мүйнетінде құбылады гүл,
Қыздардай күйеулері келген ұрын.
Қылсын, - деп, қалайда да, халық пайдасын,
Ұзайтты табиғат та тағы күнін.
Жатсын деп жанның бәрі рахатта,
Сияқты құс мамықтай қылды түнін.
Дегендей: "Сый сатулы сендер де шаш",
Болса да берер уыс арпа, сұлың.
1910.
ОЙЫН-САУЫҚҚА
Сауыққой салқылар көп cap табанда,
Ойын бар іздегенге әр қадамда.
Болмаса Қуаң жері деген аты,
Жайлауға жұртқа жайлы Арқадан да.
Кетеді қойдай қаптап көп жерді алып,
Ойыннан бозбалалар тарқағанда.
Келіншек құмай көзді қыздары көп,
Бағулы жігіті паң марқадан да.
Ысқақты Шахар атты шайыры бар,
Құтылар қамал тартқан алқадан да.
Өзгелер құлаш ұрып, күш еткенмен,
Екеуі мыңнан озар малтағанда.
Осындай сауық-сайран тұруға айтып,
Болғай да қай уақытта халық аманда.
АЙДАРБАЙҒА
Жалынып, жазып маған сөз бер дейсің,
Қиялды қызғылықты өзгер дейсің.
Зейілім сөзден шығып кетті десем,
Боғыңды еріндің, - деп, езгендейсің.
Басында балалықтың барда дәуірі,
Ешкімнің абыройын көзденбейсің.
Жағдайсыз жазған сөзім бола қойса,
Ағаңды ақымақ болып безгендейсің.
Атымын айтқан сөздің аңғаруға,
Татаусыз таразымен безбендейсің.
Қолайлы қиял сөздер қамданайын,
Деміңді ал демей-ақ, тез бер дейсің.
1910.
АМАНҒА
(су жоқ болған соң жер сұрағаны)
Жаздым сөз жанабына би Аманның,
Зүррияды13 ең Жайһұндағы зор нәһанның.
Атаңның артық туған ықпалы орнап,
Абыройын алдың тәмам бұл заманның.
Бәндәні халық қалаған Хақ қалайды,
Табарсың тағы зәтін ол жаһанның.
Береке біздің елден бұл жаққа ауып,
Қадыр Хақ қылды сізді кені нанның.
Кәдімгі қазақия заманында,
Қорғалар қара түгіл, халқы ханның.
Қайтадан қайтқан бақыт қайта орнады,
Ежелгі болғаннан соң орны кәннің.
Мияссар мынау уәллаят бол сын деуге,
Көбі жоқ келіп едім Қадырданның.
Сәлем хат сол себепте ырсал еттім,
Өзіндей жанабына Арысланның.
Халық құйрығы Әлібай мен ол Ақмырза,
Мысалы, қанатындай бір қыранның.
Қомдансаң қолайыңа келер бәрі,
Боп тұрсың "дөйт" атты бегі ұранның.
Ікая Сейіт Асан бір күндері,
Отырып ортасында баябанның.
Қарны ашып қоржынынан нан алып ед,
Қарасы көрінді бір айуанның.
Қарайлап: "Қандайша зат?" - деп отырса,
Ит екен келді алдына ол Асанның.
Аштықтан оның әлі тең болып тұр,
Түскендей рәһимі көрген жанның.
Басынан сипап иттің ол зады пәк:
Біздегі ақы бұл, - деп, - меһіманның14.
Жеуге алған жиып бәрін нандарының,
Үстіне төгіп шақырды дастарханның.
Оны жеп: "Жарылқа!" - деп Асанды ит,
Мінажат етті өзіне Сұбһанның.
Шәһиттік дәрежесін берді Алла,
Ақында осы итті сыйлағанның.
Олардай әулеті еді деп, үмітпенен,
Келіп ек тарапына мен бұ жанның.
Халқым, - деп, хатым тастай, қайтып кеттім,
Етер, - деп, ережесін қағида пәннің.
1910
ҚҰРБАНҒАЛИ МОЛДАҒА
Болғанмен асылың адам, ая Құрбан,
Есексің ес, ақылың тіпті құрыған.
Еткен соң осынша еңбек ескеріп Хақ,
"Ілім" атты иініңе тақты тұрман.
Суретің соныңменен саф көрініп,
Жалынды жас балалар жайып Құран:
"Бұларға болсын ермек бұл мәгәс", - деп,
Кеңесті кәді құдалар мұнда тұрған.
"Мен мұнша мәртебені таптым-ау!" - деп,
Сәлде орап, шыт шапанды кидің сырған.
Итке ұқсап өлімтікті тартқылаған,
Етесің стол мініп ырғаң-ырғаң.
Артықтау өзіңнен де осы уақыт,
Тәліп көп, түйе, жылқы жұрттан жырған.
Көрсе олар бірін-бірі құшақтасып,
Басысар мауқын әбден, тұрып бір ән.
Олардан сен азамат танымайсың,
Сарт, сірә, шамалаймын, көзіңді ұрған!
Басында бұл әдетің тұра берсе,
Қалайда аузыңнан келер бір қан!
Қор тұтып қатарыңды, қадір, құрмет,
Таппайсың, болғанменен асылың нұрдан.
1910.
ЗАРҚҰМҒА АЙТҚАНЫ
Жаныңнан жақын нәрсе жоқ,
Айырыларсың мұнан да.
"Дүние" деп, дінді ұмытпа,
Қаларсың қаңғып тұманда.
Өлшеулі өмірің шап-шағын,
Су сияқты құманда.
Келе жатқан өлмей кімің бар,
Көзіңді салшы бұ маңға.
Ажалдан аман қалам деп,
Бола көрме күмәнда.
Қол қусырып құлдық қыл,
Әміріне Ақтың інән да.
Қу көңіліңнен шайтанды,
Білегіңді сыбан да.
Асылында "Алла" де да отыр,
Нанмен жарты жұбан да.
Аз болдым деп ренжіп,
Көп дегенге қуанба.
Сөйткенді сүйіп құл деймін,
Деп тұр Тәңірі Құранда.
Ат бағалы болмайды,
Шығармай шабыс құнанда.
Жасыңнан Аққа жалбарсаң,
Жақсылар болар дұғаңда.
Ер есітсең, іздеп бақ,
Шаһналықшамдай шығанда.
Тұт тәуіп оның етегін,
Басшы керек бұған да.
Тауба ету қиын қайрат, күш,
Қалмаған уақыт ұдамда.
Көбейту қиын қайрат, күш,
Сағатта сап боларсың,
Қалмасқа күнің ұланда.
1912.
ТОЙ БАСТАУ
Бетіне ақ қағаздың жаздым нама,
Етейін қызметіңді келсе шама.
Ат шапқан мерекенің даң-даңымен,
Тұсыңа қарындасым келдім жаңа.
Әзәлда озған байлар аз болған соң,
Қашаннан халық жүйрігі біз болған соң.
Өлеңді мұнда айтпаған қайда айтамыз,
Қауышып мерекеңде кез болған соң.
Келіп тұр жиналған жұрт тұсыңызға,
Ұсынса қол жетпеген шашыңызға.
Шырағым сау-саламат отырмысың,
Ноқтасын салып Хақтың басыңызға.
Ноқтасын басыңызға салып Хақтың,
Сыртыңнан есітемін халыққа жақтың.
"Япырмай жұрт жиналған не деген той!"
Мінеки берекесі берген бақтың.
Тойыңа әркімдер тұр жолым десіп,
Айтпаққа бір-бірінің алдын кесіп.
Өлеңші, жырау, шайыр көбейген шақ,
Тұрмасын іштерінен жек көрісіп.
Шайырлар жауап берсең сөйлейін мен,
Тимейді бұл арада ешкімге шен.
Қоя бер тұс-тұсынан білгендерің,
Дария жатқан шалқып болар бір кен.
Дария бұлар бір кен жатқан шалқып,
Келемін айдынында салдай қалқып.
Көзбенен дәрежеңді көргеннен соң,
Баратыр айтқан сайын тілім балқып.
* * *
Тұсыңа, қарындасым, келдім жаңа,
Өлеңші халықта көп шайыр, жорға.
Есітсін жиналған көп асыл зада,
Қызыл тіл, келсе шамаң, өлең торла.
Есітсін асылзада, жиналған көп,
Жеткізген бәндесіне Алла қорек.
Өсірген сылап-сипап ата-анаңыз,
Тойыңыз қабыл болсын құтлымерек.
Тойыңыз құтлымерек болсын қабыл,
Баратыр сөзді бөліп жаң-жаң, дабыр.
Атаңа анаң менен бол ыразы,
Той өтті заманында халыққа дабыл.
Бала едің Бибі-Патыма әулетінен,
Алланың жан қала ма нәубетінен.
Жат-жұртқа отырмысың жөнелерге,
Атаңның алшаңдаған дәулетінен.
Жат-жұртқа отырмысың жөнелерге,
Жел сөзді салушы едім сүйрей өрге.
Алланың жоқ бұйрығы болғаннан соң,
Шырағым кетер сәнің еліңдегі.
Шырағым еліңдегі кетер сәнің,
Еріңе ет қызмет, келсе әлің.
"Ай, кәпір" атанарсың тыңда мұны,
Атаңа анаң менен өтсе зәрің.
Баратыр бір-бір теңге бала да алып,
Япырмай, неткен сақи десін халық.
Жылама дегеніне болмай жеңгең,
Ұқсайсың, қарындасым, кетерге анық.
Тас бауыр дейді халқың жыламасаң,
Үлкенге етіп қызмет ұнамасаң.
Ете бер ата-анаңның жөрелгісін,
Жорғанды жорта қинап сынамасаң.
Айтайын қарақшыға жеткеніңді,
Атаңның дәуірінен өткеніңді.
Шырағым жас басыңнан жыламастай,
Жүр ме едің тәуір көріп кеткеніңді.
Жүр ме едің кеткеніңді көріп тәуір,
Торлаған Ақ бұйрығын бейне сәуір.
Заманың бұрынғыдай қайда қалды,
Жыларсың: "Күнім-ай, - деп, - айхай, дәуір!"
Қоршап тұр жан-жағыңнан құрбың келіп,
Жалғаншы кетеді ойдан дүние теріп.
Алланың ақ бұйрығы болғаннан соң,
Тіреудің бара тұрсын соңына еріп.
Нағылып туған жұртты қиямын деп,
Балқыды қорғасындай көңілің еріп.
Балқиды көңілің еріп қорғасындай,
Біз - ағаң мың жылқының жорғасындай.
Жүз жиырма әкең қойды алғаннан соң,
Баяндап білмедің бе тұрмасынды-ай?
Халқыңның бермесіне шарасы жоқ,
Жат-жұрттық қылғаннан соң Жаппар Құдай.
Жат жұрттық Жаппар Құдай қылғаннан соң,
Жол болып бұрынғыдан қалғаннан соң.
Атаңа жаман болсаң, сөгіс келер,
Жүз жиырма малын беріп алғаннан соң.
Ата-ана, аға, інің қалар мұнда,
Сен үшін қайғырып тұр халқың жұмыла.
Біз бұлай боп тұрғанда ол да отырып,
Айтып тұр ақылың жи, сөзді тыңда.
Бір белгі білдір, қалқам, жұрт күңіренер,
Бомаса арт қосынды көзің жұм да.
Бұлбұл ең бақ ішінде байқашы өзің,
Қарсақтың баласындай қалдың жымда.
Хақ құтты барған орныңды етсін қалқам,
Ағайын аз көрінер айда, жылда.
Кетпестей көңіліңе боп жүргенмен,
Ерік жоқ енді ойланшы қыз бен құлда.
Лаж жоқ Хақ ісіне біз қайтейік,
Шашы ұзын шонықтардың мұңы бұл да.
Көп айту есі барға ретсіз іс,
Өзің біл қайтсең-дағы қалдың сында.
Ер жетіп, ерге еріп, ел асар қыз,
Қылышта балдағы алтын тұрмас қында.
Өзіңнен қанша төмен болғанменен,
Мал-мүлік, ата-анаң қалар бұнда.
Бір жүру бола алмайды бұрынғыдай,
Опа жоқ о, дариға дүние сұмда.
1912.
ЖЕР ЖҮЗІН ЖЕТІ ҚАБАТ ЗҰЛМАТ БАСТЫ
Заң азды, төресі әділ хан жоғынан,
Тозды жұрт тойып жейтін нан жоғынан.
Қыран құс қайда ұшарын біле алмай тұр,
Алып жер ашыққанда аң жоғынан.
Халық едік қара шыбын қатарында,
Күнелткен кең далада шаң жоғынан.
Жер жүзін жеті қабат зұлмат басып,
Жол таппай, жүдеді көп таң жоғынан.
Сияқты байсыз қатын болып тұрмыз,
Кең ойлы кеңес айтар жан жоғынан.
Жүк жұртта қалды, өзің жеткер,
Алла, Бәһәдүр бүтін туған нар жоғынан.
"Болар, - деп, - заман қалай?" қауіп етемін,
Бұл үшін еш біреуде қам жоғынан.
Көз жасын көр қалайда осы жанның,
Састырды келіп жалын жан-жағынан.
Көп үшін көбелектей болсам деймін,
Есімнің хабарым жоқ бар, жоғынан.
Ақылды ер айтқанымды абайлайды,
Ақылсыз ақымақ күлер ар жоғынан.
1916.
ҚУАНЫШБАЙ БАЛАСЫ ӘМЗЕ ЖОЛДАС ҚАЛАЙ ЕДІ
Қуанышбай баласы,
Әмзе жолдас қалай еді?
Жарымаған әкесі,
Әркімдердің малайы еді.
Жататұғын үйі жоқ,
Ат-кепе болған сарай еді.
Шешесі де Шірікгүл
Нағыз салақ, анайы еді.
Қуанышбай қалды өліп,
Үш жасқа Әмзе жеткенде.
Шырқырап жылап жатушы еді,
Шешесі сыртқа кеткенде.
Қорыққаннан бұғып қалушы еді,
Басына байлар шерткенде.
Көз салмаушы еді ел оған,
Ертелі-кеш еріткенде.
Сегіз жасқа келгенде,
Тағы өліп қалды шешесі.
"Кім күйік күлше беред?" деп,
Тентіреу болды пешесі.
"Кет әрі!" деп, қуалап,
Көп болды көздің тесесі.
Қарасатын жан қайда,
Болмады бойы өсесі.
Тамағы үшін байлардың,
Отын, суын тасыды.
Киім киіп қырық құрау,
Қолтықтары сасыды.
Баратқан соң бит талап,
Борбайын тыр-тыр қасыды.
Сүйтіп жүрген кезіңде,
Кеңестің жаны ашыды.
Жұмыс істеп, ақша алып,
Алып тұрды айлықты.
Есін жиды тапқан соң,
Киім, тамақ, шайлықты.
Арқасында Кеңестің,
Көргендей болды байлықты.
Қорлайтын баста байлардың,
Бәрі де қорқып, қаймықты.
Қыла берді қызмет,
Көргеннен соң жақсылық.
Уақытыменен орындап,
Нормасын тұрды тапсырып.
Шыққаннан соң ойынан,
Көрсетпеді Кеңес тапшылық.
Көп адамға басшы етті,
Қолына беріп ақ шыбық.
Төрт жыл түгел жөндетті,
Риддердің жұмысын.
Етті еңбекті шынымен,
Ойламай жанның тынышын.
Білдірмеді бір мінез,
Жүргендердей күн үшін.
"Енді оқып кел!" деді,
Ескеріп Кеңес мұнысын.
Алматыға өткен жыл,
Колхозға келіп кірісті.
Әр жұмысты орындар,
Басқарған маман бір істі.
Еңбек етіп оқуға,
Күні-түні сүрісті.
Көтеруге көңілін,
Көшеде бір күн жүрісті.
Автомобиль артынан,
Келді де басып құлатты,
Сүйрелеп барып бір жерге,
Басын жарын сұлатты.
Қысқасы өліп қапыда,
Қатын мен қызын жылатты.
Бұл қалайша болады деп,
Әркімдер көпке сынатты.
Көше үстінде кездесіп,
Автомобильдің долысы,
Көзді ашып, жұмғанша,
Төгілді оның толысы.
Жарма ауданы, Семейлік,
Туып өскен қонысы.
Баяндайын жолдастар,
Керек болса онысы.
Он тоғыз жүзден бірі кем,
Жылының туған сарасы.
Мың тоғыз жүз отыз бес,
Жылының өлген санасы.
21-ші ноябрь,
Арбаның басқан шамасы.
Екенін қай жұрт білмеймін,
Қазақтың анық баласы.
Отыз сегіз жасына,
Осы биыл келгені,
Көзі ашылар шамасы.
Мінеки оның көргені,
Қалғандай болды далаға,
Жасынан жиған, тергені.
Ойлап едім отырып,
Баяндап мұны бергелі.
Сол үшін жазып бұл сөзді,
Тоқсанбайға тапсырдым,
Орындар деп ойлаймын,
Болған соң бірі жақсы ұлдың.
Алып қалып шорнасын,
Дәптерге тіркеп, тапсырдым.
Керегі жоқ деп көп сөздің,
Қақпасын тілдің қапсырдым.
ТЫҢДАТАЙЫН АЗЫРАҚ
(әзіл өлең)
Тыңдатайын азырақ,
Ер Үсеннің дастанын.
Қанады құлақтың құрышы,
Қойыңдар сөзін басқаның.
Азды көпке теңгерер,
Жәрдемшісі болмай жүр,
Есіл де ғана қасқаның.
Көкірегін көтеріп,
Көп ішінде күлмейді.
Көргенім жоқ көзіммен,
Адамнан мұның сасқанын.
Қара ерсе қасына,
Қалыңға қарай шабар еді,
Ойламай-ақ бас қамын.
Сермер еді семсер орнына,
Қолына беріп қойсаңдар,
Тәженнің шоқпар аспабын.
Жетектеуге тым қайым,
Масақ науқан кезінде,
Теке-лақтың саспағын.
Ер кісіде ес бар ма,
Бұрынырақта бір қырған,
Қазанбай атты бабайдың,
Қазанының қаспағын.
ҚУАНДАРИЯ БОЛЫСЫ КӨШЕККЕ АЙТҚАНЫ
Жүрмісің сау саламат, інім Көшек,
Ер едің ел билеген, ермей өсек.
Тапсырған жұмысыңды жөндеместен,
Жоқ болды Өмірұзақ деген есек.
Өзіңмен ойласуға келе жатырмын,
Болады бұл туралы қалай десек?
Артынан алдыңғы арбаның еріп кетіп,
Өзің де асып жүрме Аламесек.
Ауырлап айтқанымды көрген жоқ еді,
Жетіру, Байдың ұлы, Қаракесек.
Кеуліңе келе қойса қолдасармыз,
Ағаңның иегі - жастық, төсі - төсек.
Және әуре Жәрекені ете қойсаң,
"Күң, - деймін, - кеуіл жықпас, көп күлешек".
Жүрсіндер жүрген жерді жасартам деп,
Бұлттай бәһәрдағы күркіресек.
САЛДЫРЫП ЖАЙ ЖАҢАДАН
Салдырып жай жаңадан,
Сұлулап, сырлап, ақтапты.
Керегіңді түгендеп,
Келтіріп Кеңес тоқтапты.
"Кемісі жоқ" деп көргеннің,
Барлығы да мақтапты.
Әр қайсыңды ардақтап,
Оңаша қойып сақтапты.
Осы еңбегін еш қылып,
Етпеңдер ішін сатпақты.
Қарындашпен қаралап,
Салмандар сызып шатпақты.
Тақтайды лас етпеңдер,
Кешіп келіп батпақты.
Тартып болып шылымды,
Әдет ете көрмеңдер,
Бет алдына атпақты.
Және-дағы жай келіп,
Үйге барып ертерек,
Ойламаңдар жатпақты.
Жалқаулық жөнін жойыңдар,
Жүрмесеңдер ойланып,
Үстіңе ұят артпақты.
1917.
БҰЛ КЕҢЕС БАЙ, ҚҰЛАҚТЫҢ БӘРІН ЖЕҢДІ
Бұл Кеңес бай, құлақтың бәрін жеңді,
Кедейдің көзі көріп, көңлі сенді.
Кеңдіктің күні туып, күле жайнап,
Тұрғанда түк арман жоқ туғанға енді.
Рахмет Сталинге жол бастаған,
Бір жан жоқ жазу жазып, жорға ашпаған.
Халық енді қалайда да қамсыз болдың,
Өнер жоқ ортаңа кеп орнаспаған.
Ізіне Сталиннің енді ер, халық,
Оқумен өнеріңді өндір, халық.
"Өнерлі өрге жүзеді" деген осы,
Кеулінді күні бұрын көндір, халық.
Кедей тап көрген емес мұндай кендік,
Алып тұр қолға туды, тиіп тендік.
Қол шолақ болғанменен, аяқ ақсақ,
Енді жоқ кедей тапқа көру кемдік.
1918.
АСЫРА СІЛТЕУ ҚЫЛАТЫН
Асыра сілтеу қылатын,
Бұзықтың бәрі басылды.
Тозаңы тарқап олардың,
Көптердің көзі ашылды.
Кеңшілік бұлты күркіреп,
Жақсылық жауыны шашылды.
Бас көтеріп гүл біткен,
Боп қалды қызыл, жасылды.
Еңбекші біткен елпеңдеп,
Ор қабаққа асылды.
Ниеті жаман нек-нұқ бар,
Қылатын түлкі тәсілді.
Оларға да Үкімет,
Артар-ау оған масылды.
1918.
КӨКТЕМ
Қара жер қар, тоң кетіп қойнын ашты,
Көтерді, ашқан заман, гүлдер басты.
"Көрсет,- деп, - көпке тұрып түрлеріңді",
Бұлт бұған бу, буалдыр әтір шашты.
Ай мен күн осыларды қошеметтеп,
Қыздардай қылық көрсетіп, қақты қасты.
Көктердің бойы өсіп, буыны бекіп,
Бәрі де болып ырза, басты ырғасты.
Желегін жаңа жылдың көтеруге,
Жан-жақтан желдер де кеп, ұшырасты.
Сайрауға сандуғаш пен бұлбұл біткен,
Ішіне бау мен бақтың араласты.
Құлпырып қызыл күрең қырмызыдай,
Көрсетті шайқалып жер сондай нашты.
Кемпір, шал тоқсандағы тоңғанынан,
Көзінен, кетті ұмытып, аққан жасты.
Қызығып қылығына қара жердің,
Ел "егін ексек" деген ойға қашты.
Дайындап, қаптарына салып жатыр,
Тары, арпа, бидай, сұлы, күнжіт, машты.
Бұлардың былайынша біліп ойын,
Бұлақтар қай жердегі қайнап, тасты.
Қалайда отыратын уақыт емес,
Болмаса ақсақ, мешел көзі састы.
Осы еткен талаптарың оң болсын, - деп,
Олар да отырғанмен ақылдасты.
1918.
ЕЛ ТЕГІС ОСЫ ТОЙҒА ҚУАНЫП ТҰР
Ел тегіс осы тойға қуанып тұр,
Үкімет қолға қызыл ту алып тұр.
Ac беріп аш, арыққа астанадан,
Шәй беріп, шөлдегенді суарып тұр.
Тұтқынның түрмедегі көп дегенін,
Айдын көл алғанда су, суалып тұр.
Лебімен қайнаған су, піскен астың,
Арасын аспан жердің бу алып тұр.
Қарны ашқан ғәріптердің қуанышты,
Даусымен базар ішін ду алып тұр.
Бай, құлақ, атқа мінер сопылардың,
Шаң-шаң боп шекелері қуарып тұр.
Кедейдің қолдарына құюға су,
Құманды бай мен құлақ, қу алып тұр.
Беріліп қазынадан киім, тамақ,
Жылаған жетім, жесір жұбанып тұр.
Қорғауға халықты жаудан қалың әскер,
Қолға алып қылыш, мылтық сыбанып тұр.
Көбейіп күннен күнге күші олардың,
Шаңындай бәйге атының шұбалып тұр.
Еңбегін ел де біліп Үкіметтің, Дауысын
"Жасасын!" деп шығарып тұр.
Көшесі көне заманның қарап болып,
Ел ізін ол кездегі құм алып тұр.
Ол кезде ерікті болып, ел сұрағанның,
Көкірегін - қайғы, көзін дым алып тұр.
Асаудай ұсталмаған бұлқынғанмен,
Мойнында үзілмейтін бұғалық тұр.
Онан да шын көңіліңмен қызмет қылып,
Халық енді қорғалайтын ық алып тұр.
1918.
ЖҰРТЫМНЫҢ ЖҮДЕ ЖАҚСЫ ЖАЙЫ, КҮЙІ
Жұртымның жүдә жақсы жайы, күйі,
Тойынып, түскен орта толды миы.
Қуылып бай, құлақтар құрып кетті,
Қан сорғыш секілденген қара бүйі.
Берілді бадырақтың пайдасына,
Олардың ұстаған мүлік, тіккен үйі.
Әл-жайын аш, арықтың аңғарып тұр,
Ауданнан азаматтар келіп жиі.
Жасасын Кеңес табы гүлдей жайнап,
Аз емес еңбекшіге еткен сыйы.
Шап кетпен, шалқақтама, енді ерлерім,
"Жұмсақ" деп жолбасшымның жүдә иі.
"Туған жоқ тура биде" дегендей-ақ,
Атамайды атасын да, шықса шиі.
От жақсаң өзің кімге деп өртенерсің,
Құлайсың қақтығысып, қазсаң құйы.
1918.
ҚАДАМЫҢ ҚҰТТЫ БОЛСЫН, КЕҢЕС АҒА
Қадамың құтты болсын, Кеңес аға,
Ренжу ешкім саған емес аға.
Тең тұрып таразыдай тәрбие еттің,
"Ауыштың", - дұшпаның да демес аға.
Осынша еліңе еткен еңбегіңді,
Үкімет есіне алар, жемес аға!
Қаранды көрсе, күліп, қуанады,
Жүдеу мен жетім-жесір, бала-шаға.
Көркейіп күннен-күнге, есін жиып,
Енді олар шығуға тұр тамашаға.
Қасқырдан қорықпайтын болды қойшы,
Шыққанмен қой-қозысы оңашаға.
Халқың тұр қалайда да тілегіңде,
"Тұяғы тимегей, - деп, - томашаға".
1918.
КӨМІЛІП КӨНЕ ЖОСПАР ЖАҢАЛЫҚ ТҰР
Көміліп көне жоспар жаңалық тұр,
Жайылып, жаз гүліндей жайқалып тұр.
Жарығы жер жүзіне жетіп тұрған,
Сталин ортаңа ілім орнаған нұр.
Әр сөзі оның айтқан аңлағанда,
Сияқты шаттығыңа шашылған дүр.
Қазына қай уақытта қылуыңа,
"Құлдық" деп құрметіңе, құшақтай бүр.
"Жаса!" деп ұзағынан үлкен, кішің,
Қуанып қолдарыңды шапаттай ұр.
Біз түгіл: "Болыңды, - деп, - бостаншылық",
Бәрі де мақұлықаттың мәз болып жүр.
Арнаған әр ақынның бар сөздері,
Секілді съезд үшін сақтаған сүр.
Өзімнің аз да болса сыйлығым бұл,
"Болмас, - деп, - қалайда да қалуға құр!"
1918.
ОКТЯБРЬГЕ
Октябрь үшін той қылып,
Тамашада тұр халық,
Бай, құлақтан бір жан жоқ,
Батырақ кедей бір қалып.
Миуалы дарақтай,
Үкімет тұр ырғалып.
Қағып жеңдер "қап!" демей,
Жалқаулық қылып, құр қалып.
Балық аулап, қыс болса,
Жаз егін ек тырбанып.
Бұйрығын айтқан бітір де,
Ауданыңа ай сайын
Шапқыла да тұр барып.
"Жарайсың, жолдас, жаса!" деп,
Марһамат етер мамандар,
Барған соң сонша норма алып.
"Ер сыйлаған есікте Отырмас", - деген нақыл бар,
Қалғанмен ауға шырмалып.
Ақсай басып аяқты,
Тартынам деп түйедей,
Желбезекті жырмалық.
Түсіріп таңба тұщы етке,
Өкініш етіп орасан,
Шапаттап санды ұрмалық.
Халық болудың қамы үшін,
Қызметтен қалай да
Бектерім, басты бұрмалық!
Төбенің шығып басына,
Сақал, мұртты сипалап,
Бекерден-бекер тұрмалық!
1918.
* * *
Тарих жоқ тіпті оқылып, қаралмаған,
Біздей жұрт бәрінде де жаралмаған.
Себебі солтүстікте туды тіктік,
Бұлттардан басқа нәрсе бара алмаған.
Көрсін деп газетке де тіркеттірдік,
Халық болса, бұл хабарлар таралмаған.
Дананың Сталиндей арқасында,
Жеріміз бар ма жаудан арылмаған.
Болып тұр елдің-дағы ықыласы,
Айнадай ашықтағы шар алмаған.
1921.
АЛТЫНГҮЛГЕ
(Құрдасының атынан жазып берген)
Көп сәлем көрмесем де, Алтынгүлге,
Өзіндей кім қызықпас гәуһар, дүрге.
Орнығып ойыма ышқым алғаннан соң,
Сөйлесем түспей тұрмайды атың тілге.
Қалыңнан қаптап жанған өрт сияқты,
Түрің бар түсіретін неме түрге.
Сондықтан саған шырақ өтінемін,
Сөйлессек қайтер еді деп бір түн бірге.
"Сәті бар сәлемнің де" - дегендей-ақ,
Болып тұр қосылғандай қоныс, ірге.
1921.
ЕРІМ ТӨРЕНІҢ ҚЫЗЫ МӘДИНАҒА
Көңлімде көркің көріп, қалды бір дақ,
Дауасын дақ ұлғайтар, бермесе Хақ!
Өзіңнен емін есітіп болған дерттің,
Шайқаттың15 шаһналық шырағын жақ.
Тұрғанмен төбемде ай, алдымда - күн,
Бұл жаһан сенсіз көзге көрінбес ақ.
Ізденер бұлбұл - бақша, байлар - ақша,
Ғашыққа дидар дәркәр, патшаға - тақ.
Мәжнүннің мысалында болып жүрмін,
Ләйлінің ұқшасында - өзіңсің нақ!
"Аһ" ұрып ғасіретіңе ертелі-кеш,
Көз жасым "Кәрим-айлап", болып тұр қақ.
Тарихы ғашықтықтың - әшкере іс,
Қастаңа қас табибсын16, әр қашан бақ.
"Мәһбүбім, келдім, басынды көтер", - десең,
Бейкүмән бұл індеттен болмағым сақ.
Тұқым деп тұтынып ту тұттым етек,
Байқадым, бейпарасат - басқалар зақ17.
Іздесем дариядан - дүр, кеннен - гауһар,
Кем қылар көріп, ая, уақытымды шақ.
Хикая : - Шайхы-Асанның мәжілісіне,
Жойылтып біреу есек, келген шырақ.
Тоқтай тұр, болар дерек есегіңнен,
Еш жаққа ұрма, - деген, - енді аяқ.
Жинап ап жамиғатын жанабына,
Қайсың ғашықтықтан, - деді, жырақ?
Хабарым ғашықтықтан жоқ, - деп, - менің,
Бір кісі түрегеліп тіккен құлақ.
Шақырып шайқы әндә жаңағыны:
Есегің мынау, - депті, - мін де, ылақ.
Шерменде шаршы топта болып он жан,
Қысылып қыжалатты тартқан тымақ.
Хабарсыз ғашықтықтан болғандарды,
Өтіпті ол ерлер де тұтпай нақ.
Көңліне гүлін егіп махаббаттың,
Бейқарар етті Егем, бермей тұрақ.
Болармын досқа - күлкі, дұшпанға - мат,
"Бізден - қол болар,- десең, - Сізден - құрақ".
Ағаң ем алғыр бүркіт сияқтанған,
Алқызыл алтайы өзін кезген құмақ.
Жалтарып жер соқтырып, жазым қылсаң,
Деймін де: "Деміктірді-ау, дүние шолақ!"
Ишарат - әр орыннан болуында,
Жауабым не десең де, қайтар бірақ.
Дамолла Тұрмағамбет Ізтілеуов,
Мүбәде, есімімді етсең сұрақ.
1921 ж.
БИБІШ ҚЫЗҒА
24 жасына дейін еркекше киініп, өзінің тойында жігіттермен бірге көкпар шауып, қыз екенін мойындамай жүрген Бибішті осы өлең арқылы аттан түсіріп, қыз киімін киіндіріп, ұзатуға келістірген екен..
Көреміз көктің көркін толған соң ай,
Туады тоқтап кейін күн-күннен жай.
Кеш туып кемге өзін санағанмен,
Жарқырап жаңа болар жамалға бай.
Ғибрат алып мұнан, асылында,
"Шүкір, - деп, - осы берген деміңе-ай!"
Қыл заңын қыз баланың, қызды базар,
Тобынан тулағанмен шыға алмастай.
Айламақ жарастығын жақсы жұмыс,
Жаратса Жаппар Алла пормада қай?
Айтайық құтты болсын, құрмат келіп,
Ки, Бибіш, кемқап, атлас, жібек пен шай.
Жол қуған жолығады қазынаға,
Соңын күт, су орнына ішерсің май.
Әдетпен адамгерлік ілім-білім,
Баласың, байқауымда, бәріне сай.
Дос күлкі, дұшпан таба ойламасын,
Жалтарма, жеткеннен соң қуған құмай.
Халық айтсын қалиялы көп алғысты,
Жайтын қыл байпатшаның болған сыбай.
Тапқанмен тәселдеме18, турасы осы,
Мұныма мейілің күл, мейілің мұңай!
Болмасқа бұл жұмысың айналған соң,
Дегендей боп тұр халқың құрай-құрай.
Ет деуге ел-жұртыңның ережесін,
Қипақтап, қылысып тұр халқың рай.
Қысқасы, Қыңыр көрген Төлегеннің,
Немере баласымен болдың жұбай.
Іркіліс етпе, осының ер ізіне,
Дәулетін бұл жиһанның берсін Құдай!
Еркекше жиырма төрт жыл киім киіп,
Кеші-күн кебісіңмен кештің ылай.
Таңбалы, танымалы тайындай-ақ,
Қолыңнан қосағың тұр: "Жүр, - деп, - былай
Бәріне аға-ініңнің риза бол,
Қалуға "қош" айтысып, келген шұбай.
Отырмын осылайша үгіт айтып,
"Естіге еш болмас, - деп, - еткен ым-ай!"
Деп молда Тұрмағамбет ағаңыздан,
Жолданды жанабыңа сәлем дұғай.
1920.
* * *
Аттарды айтқан мынау қалатамын,
Бұлбұлы бағындағы бала-атаның.
Ер туған Кенішбек пен Бостан, Кеншім,
Алдыңа анықтатып санатамын.
Ойланып Үмбет, Мырзаш, Құндақбаймен,
"Ала ғой!" - дегеніңді жаратамын.
Керекті көне түсі кеткенімен,
Жан-жақтан және оларды қаратамын.
Дос тұтып дүниені жүргеніңмен,
Жын-дұшпан дейтұғын: "Ужалатамын".
Сағымнан су табылмас, мұнан - опа,
Ойы иттің: "Үй, мүлкіңді талатамын!"
Терлетіп табаныңды, тас аударып,
Талтиып деме: "Табан қанатамын!"
Сөзімде аз болғанмен, ғибрат көп,
Шығармай орынсыз оқ, дәл атамын.
Ойыма үлкен олжа - үйір болу,
Өзіндей бектерімен өр атаның.
1920.
ІНІСІ НҰРЛЫБЕК ҚОШАМАНҰЛЫНА
Жаттап ал бұл сөзімді жаным, інім,
Есерлік ете берме, ізден ілім.
Боларсың байтаққа бас, орнап ықпал,
Көңліңе ілім Алла ексе гүлін.
Жатырмын ошбу форма үгіт айтып,
Зейіліңнің көңіліндегі байқап түрін.
Құнансың халыққа бәйгі әперетін,
Болмайсың, байқауымда, енді құлын.
Деген бар ер бүлінбей, білінбейді,
Жасыңнан жақсы іске жат та, ұрын.
Өткенсін жас жиырмадан жалқау тартып,
Келерсің қай іске де, қалқам, қырын.
Іні деп есі бүтін еске алатын,
Жан-ділмен жатыр ағаң айтып сырын.
Болады ақылы барға артық азар,
Тыңдаусыз бола қалса сөзің шырын.
Сақтауға шама болса, шаң жолашай,
Аямас қай кезде де ағаң дүрін.
Қатарға қалайынша мақтанасың,
Көп айтып кетірмесең көңіл кірін.
Жаһанға келген пәнде - керуен мысал,
Ерте-кеш көшіп жатқан бірін-бірін.
Мақсұты мұсылманның қалдырмақ-дұр,
Артына ілім айлап, туған ұлын.
Атаның қадірін біліп, Құран оқып,
"Бергей, - деп, етсең дұғай, - жәннәт үрін".
Ақынан қалайынша құтыласың,
Қалқам деп қойған басқа айдар-тұлым.
Ескермей осыларды өтсең надан,
Қара бет болдың оған, халыққа - зұлым.
Көп ақымақ әуре болып дүнияға,
Жазық іс жақсы иістен тартқан мұрын.
Ажалдың шеңгеліңде шерменде боп,
Құсарсың қорыққаннан қан мен ірің.
Парасат майданында қаһар айлап,
Кетірер Құдауаңда әнің сұрын.
Өкініш уақыт өткен соң, орынға аспас,
Доғарсын Тұрмағамбет енді жырын.
1920.
ТҰРЕКЕҢНІҢ ҚОНАҚ КӘДЕСІ
Ақын көрші ауылға қонаққа барса, ондағы жастар "қонақ кәде" сұрап қоймайды. Әрі-бері айтпаған соң, олар "Айтпасаң, отқа тартамыз!" деп, ортадағы ошақтың үстіндегі бақанға арқан салып қонағын тарт оттың үстіне тартпақ болады. Сондағы ақынның айтқаны:
"Айт, - десең, - қонақкәде", қорлағаның,
Айтуға таппай өлең қорғаладым.
Жиналып жігіт-желең, қыз-келіншек,
Тартуға көкпарыдай құрмаладың.
Ән қосып айтатұғын өлеңім жоқ,
Қорыққаннан көсеуіңді қолға аламын.
Еске алып ескеріңдер, азаматтар,
Қолайсыз қонағыңды зорлағаның.
"Баспақшыл, басқа түссе" деген болар,
Лажсыз өлең қамдап, қозғаламын.
Себеппен бір-біреуге кездескенде,
Ей, аға, қонағыңды қорғамадың!
Жәрдем сөз жалғыз ауыз болмай сізден,
Кеттіңіз ығына есіп бозбаланың.
Ойласаң осы ісің ұят шығар,
Бұтаға бұққан торғай болмағаным.
Қонаққа қол қоясың "тартайын" деп,
Біз бойдақ - ортадағы олжаларың!
Жолаушы көлік жүрмей арып, ашып,
Қолыңа келді шаршап жорғаларың.
Бұл сөзім бірің емес, бәріңізге,
Ортаңа общество19 жолдағаным.
Ей, халайық, жиналып,
Қонақ кәде дегенің.
Ырымын бізге ет дедің,
"Жоқ, - деп едім, - өлеңім",
Бұл сөзге нанып кетпедің.
Ақысыз кеткен адамдай,
Қол қоюға беттедің.
Отқа қарай сүйрелеп,
Тартуға қонақ ептедің.
"Ырза болса қонағың,
Құдайың риза" деген бар,
Бұл сөзді есітпеп пе едің?
Я болмаса жігіттер,
Құмарсыздар ма қонақтың,
Жыртуға жаман шекпенін.
Бұл мінезді қоймасаң,
Күйдірерсіздер қонақтың,
Күнелтіп жүрген к..терін.
Жыртылса шекпен, күйсе к..
Біте ме сонда кектерің?
Аралас жүрген ауылмыз,
Қонақпен байқап ойнаңдар,
Абыройды да ойлаңдар,
Осындайлық заманда,
Жазым болып бір жерде,
Үстінен шықпа өкпенің.
Дүние жүзі дөңгелек,
Орады әркім еккенін.
"Жаққан - отқа жылынар,
Қызған - орға жығылар"
Алдыңнан шығар, жігіттер,
Жақсы, жаман еткенің.
Бұрынғы пешең қалынып,
Аумасты заман қалыптан,
Білмейсіздер ме жігіттер,
Заманның бастан өткенін?
1920.
ЖЕР ЖАҺАНҒА ЖАЙНАҒАН HҰP
Жер жаһанға жайнаған нұр,
Күн сияқты Сталин!
Көркейтіп көңлін сайратты,
Біздердей бұлбұл құстарын.
Табылар түрі сөздердің,
Бола қойса құштарың.
Халық біледі қалайда,
Қаласам қисық қыштарын.
Әзіріне айтайын,
Тыңдап құлақ қойыңдар.
Бай, құлақтың тұстарын.
Егінін егіп олардың,
Қой-түйесін "кіш-кіштеп",
Күреуші ендер қыс қарын.
Жүргенінде жауырап,
Жаңасын қимай жамаулы,
Беруші ет көйлек, ыстанын.
Тасытып отын тағы да,
Шаққандай шыбын көрмеуші еді,
Арқанды арқан ысқанын.
Үлкенің бол, кішің бол,
Жұмысынан жазы, қыс,
Жоқ еді тіпті тысқарың.
Қылғанмен қызмет қинап жан,
Көжесін де көп бермей,
Қоюшы ед етіп пыш қарын.
Аузымен құс алғанмен,
Біреуін адам демеуші еді,
Дүниядан қолы қысқаның.
Сөзін сөйлеп солардың,
Би менен болыс, молдалар,
Көбейіп еді дұшпаның.
Ырысыңа мұндай ер туып,
Езіп, жаншып олардың,
Шығарып берді мыстарын.
Белінен орып орақпен,
Төбесін тағы оюға,
Балғасын берді ұстаның.
Көз жетпес көл ғып шөліңді,
Үйретіп бәрін өрлетті,
Өнеге, үлгі, нұсқаның.
Көргеннің көзі қызығар,
Таптырмас таза гауһардай,
Мың тіллә болды мысқалың.
Жайластырып жер үстін,
Мініп ап аэропланды,
Мінеки, көкке ұшқаның.
Осындай басшың барында,
Еңбекші елім енді де,
Болар ма екен еш қамың.
Тарағалы Түркіден,
Тау-тастан тұрып, қазағым,
Табаныңды тас тіліп,
Тартып ең дүние азабын.
Соларыңды сөз қылып,
Термелер теріп жазамын.
Өтірік оның десеңдер,
Бәріңе де назамын.
Көз алартып көрінген,
Деуші еді: "Көрің қазамын".
Сүңгітіп суға алушы еді,
Дегеніңменен: "Тазамын!"
Тарқамаушы еді төбеңнен,
Тұман мен түтін, тозаңың.
Тозушы едің тұс-тұсқа,
Жоғынан жағдай, мазаның.
Уақытында Қоқанның,
Қалыпынша қалушы еді,
Қайнаулы тұрған қазаның.
Қолына түссең қосақтап,
Қосарына алушы еді,
Малындай - ақ азаның.
Салмасаң қызың қойныңа,
Қорқытушы еді "Салам,- деп,
Ауырын саған жазаның".
Қыз таппасаң, "Қатыным,
Мінеки!" деп маймаңдап,
Болушы ең өзі бажаның.
Шарапаттай көруші ең,
Күнің үшін көз қысып,
Солардың еткен мазағын.
Бергенмен қорлық, қалайда,
Анығында жоқ еді,
Тырп етуге мажалың.
Ойма тазға он теңге,
Қырма тазға қырық теңге,
Салығын салып, саз шалып,
Айтушы еді ғазалын.
"Қалмайық, - деп, - біз де құр"
Жыл сайын шауып, шулатып,
Қалмақ та боп ед тажалың.
Паналап сай мен шұқырды,
Жазы, қысы жүруші ең,
Жетпеген соң ажалың.
Срогің сол болған соң,
Қала түгіл, жоқ еді,
Белгілі, тіпте, мазарың.
Николай келіп көрген соң,
Жиып, терген болып еді,
"Салам,- деп, - шапағат назарын".
Бірігіп баймен ол-дағы,
Жетім, жесір, кедейге,
Көрсетіп еді азарын.
Болмағанда Сталин,
Құлақтарың қауқиып,
Қалмап еді қайрат, қажырың.
Күні туып кендіктің,
Конституция гүл шашып,
Кірді енді айдай ажарың.
Қарағанда тарихқа,
Бостаншылық болған жоқ,
Бұл сияқты базарың.
октябрь 1923.
ҚЫЗЫЛОРДА
Бектерім, болсын құтты Қызылорда,
Бақ қонсын бақтарыңа қорда-қорда.
Ойлы ерлер өздеріндей бас болған соң,
Құстар жүр көкте ұшып, қалған торда.
Аз бен көп, жарлы мен бай бірдей болып,
Ешкімнің емес енді еркі зорда.
Істерің күннен-күнге басар алға,
Тұрсаңдар туралықпен ошпу форма.
1924.
СОТҚА
Құттықтау халық аралап келген сотқа,
Тұрсындар ту көтеріп келіп қотқа20.
Ақ тұзын Үкіметтің анық ақтап,
Байлатып бай біткенді аттың отқа.
Оларды ошағыңа отын қылып,
Қайнаттың қазаныңа біраз ботқа.
Бай емес бәрінде де байтақ елдің,
Шатақ бар шыға алмайтын салып шотқа.
Қан сорғыш қарны әйдіктер қалды отырып,
Сынғандай сырық тиіп бел омыртқа.
Жолынан жүретұғын қалды айырылып,
Айналып капиталдың күні ымыртқа.
Ерлерден ел билеген ерік кетіп,
Текке отыр ие болып сақал, мұртқа.
Айта алмай сасқанынан сұлулап сөз,
Сыймай тұр нешеулердің тілі ұртқа.
Осы рет намақұл деп надан да айтпас,
Жүргізген жол жобаңды жалпы жұртқа.
Ойымша партияны ұйғарамын,
Жаңбырлы жазғытұрым жауған бұлтқа.
Әлбетте артыңды абат ойлап енді,
Әр түрлі миуа жеміс жегіз ұлтқа.
Қулардың құшағына қоса салмай,
Біздердей кеңшілік қыл кеткен мылтқа.
1924.
ҚАУЫНБАЙҒА
(Әзіл)
Баласы Қаумен ағам Қауынбайсың,
Иісті, пісіп тұрған қауындайсың.
Тұрғанда бақ басыңда, халық қолында,
Бұлт шөгер Алматының тауындайсың.
Шырын тіл, шырайлы жүз, сынық мінез,
Көктемде көк шығарған жауындайсың.
Иніңді інім ғой деп ұстағанда,
Несіне "ұят қой" деп ауырлайсың.
Енің сау, денің таза болып жүрсе,
Келінді кеші-күндіз сауырлайсың.
Болғанмен жасың кіші, жолға маман,
Біздерге байқағанда сауырдайсың.
Бедеудей бабындағы жүрсең болып,
Талайын талдырмаштың бауырлайсың.
Қол тисе қай жеріңе, қипақ қағып,
Тұратын тыпыршылап жауырдайсың.
1925.
* * *
Інім ең айтқанымды етер деген,
Ойым жоқ өкпелетіп кетер деген.
Көруге кітабыңды кеңшілік қыл,
Исламның дінін өлшеп, метерлеген.
Жерінен бәріміз де бас тартайық,
Ақылдың аруанасы көтермеген.
Күніне кім көрінген міне шауып,
Жабыдай жауыр болдық жеті ерлеген.
Қамқорлық халыққа өздерің қылмасаңдар,
Қауіп бар қорлықта өмір өтер деген.
1925.
ЖИЕНБАЙ ЖЫРАУДЫҢ БАЛАСЫ РҮСТЕМБЕККЕ
Жерінді сұра шырақтанымаған,
Қиял сөз қиын емес әлі маған.
Атақты Алла берген байларға ұят,
Қоңсысы қасындағы жарымаған.
Әнің21 үшін әпсанамды аямаймын,
Дей қойсаң, мынау бір кеп, дәрі маған.
Қырық рет қысқа күнде шабылғанмен,
Тұлпардың тұқымы едің арымаған22.
Озғай деп өз табынан атасындай,
Тілектес қай уақытта ғаріп ағаң.
1925.
ОН ЖЫЛДЫҚ ОКТЯБРЬДІҢ ЕТТІК ТОЙЫН
Он жылдық Октябрьдің еттік тойын,
Екпіні еріткендей тас пен шойын.
Құттықтап қатын, еркек қалмай келіп,
Тамаша таң қаларлық болды ойын.
Жиналып жалшы біткен ту астына,
Қуанып құрметіне ашты қойын.
Бай-құлақ, сопылардың сұры кетіп,
Бұғысты, көрсете алмай көпке бойын.
Тұрғанда большевиктің бақыты өрлеп,
Бұра алмас бұйрығынан ешкім мойын.
Бадырақ, кедей, дихан басың қосып,
Осы алған құтты болсын абыройың.
1927.
БІТІК ЕТКЕЙ ЕГІНДІ
Бітік еткей егінді
Әлемге бірдей нұр шашып,
Көктем шықты, күн күлді.
Дүние балқып, нұрланып,
Ақ меруерттей төгілді.
Иісі аңқып жұпардай,
Жер беті гүлге көмілді.
Зердей болып тотыққан,
Көтерді шаттық көңілді.
Көңіл түгіл, күн нұры,
Балқытты жерде темірді.
Қыстан әрең сілінген,
Арық-тұрақ семірді.
Және күлді, күн күлді,
Төгілді нұр, төгілді,
Жер балқыды егілді,
Қыстай баққан қара өгіз,
Қосқа бастап жегілді.
Жер жыртылды, тілінді,
Тұқым бастап себілді.
Төгілді нұр, төгілді,
Бітік қылғай егінді.
1927.
ЛЕНИН ЕСКЕРТКІШІНЕ
Қараңдар Лениннің тұрысына,
Әр істің қолын сілтеп "дұрысына".
Тұрған соң туралықтың туын тұтып,
Дүниенің кетті аты төрт бұрышына.
Аспанға ажал құсы алды да ұшты,
Халық үшін құрал, сайман құрысына.
Жазы, қыс жатсақ, тұрсақ жабығамыз,
"Ер ед" деп елдің туған ырысына.
Енді оның өсиетін орындайық,
Қызықпай қу дүниенің мырышына.
1927.
САРЫМСАҚ ҰСТАҒА
Соғып бер Сарымсақжан23 маған пышақ,
Салалы ет, соға қойсаң, етпе ұсақ.
Орасан өте сұлу болсын форма,
Мойнағы жез, ақ болсын яки масақ.
Көзіндей көріп оны көп тұтынам,
Осы жаз ұстар демей яки қысақ.
"Біздерді пістік, міне, жарып же", - деп,
Қауын мен қарбыз жатыр жайып құшақ.
Сондықтан өзіңе арнай келіп тұрмын,
Айналмай ұсталарға ұсақ-пысақ!
Жөнелтсең жұмысымды, жөнді болса,
Жегендей талтаңдармын тоқты-ұсақ.
"Қу жансың құр жан жүрсең қалайда", - деп,
Ұялтты балалардың берген нұсы-ақ!
Қынында қыл қабатын пышақ болса,
Көргендер қошеметтеп дейді: "Кісі-ақ!"
1928.
МОЛЛА САДЫҚ АҚЫНҒА АЙТҚАНЫ
Аман ба, ақын Саке, жан, малыңыз,
Көбісін жас өмірдің жалмадыңыз.
Мән-жайды уәжі дұға айлап амал,
Ізінен ілім-ікімат қалмадыңыз.
Бақ қонып басыңызға, байтақ билеп,
Өрлеп тұр ат-ауаза, намларыңыз.
Сұбһы-шам, бәлкі-дауам, дұғадамыз,
Жағылған сөнбесіне шамдарыңыз.
Шүкірана шам сарайға еніп енді,
Жайып қол Жаббар Аққа жалбарыңыз.
Қылатын халайыққа жолбасшылық,
Сәруардың Сәйділ башар балларымыз.
Мирасын мекем тұтып бабаңыздың,
Ерте-кеш үгіт айтып, сандалыңыз.
Көлеңке көпке берсе, ғажап емес,
Көгерткен гүжім болып талдарыңыз.
Ашылып Әһлісламға абатшылық,
Ағысты болсын өте аңғарыңыз.
Ала жер бағдаралтай мағлұмынша,
Сақталсын сап алтынға әмбарыңыз.
Өзіндей ағаларға айлап қызмет,
Дұға алу - дүниядағы арманымыз!
Тиді деп мүшәуірлік24 мәртебесі,
Ат ізін біздікіне салмадыңыз.
Түйеге желіккенде шара бар ма?
Дегендей болды-ау осы әлларыңыз.
Сөзімді осы айтқан ауырласаң,
Ұратын шойын, шоқпар қамданыңыз.
Қателік қалайда да болды десең,
Нарлардай нарау тартпай нан да, алыңыз.
1929.
САҚИҒА
(Әзіл сөз)
Ағаңнан ілтимас сөз, інім Сақи,
Ерде бар кездескенде ердің ақи.
Шаппамның басы босап, тыңдамайды,
Түзеліп бұрынғыдай десем қақи.
Бекітіп бере қойсаң мұның миын,
Басыңда бақ, дәулетің болсаң бақи.
Тұрарлық еш нәрсеге болмағанмен,
Өзіме тиетұғын көп еді нақый.
Отырмын "ондар" деген ойым болып,
Көп қинап қылмаған соң бұран зақи25.
Қайтемін кек тұтынып, кетемін де,
"Кетенің керек емес, - десең, - кәпи!"
1929.
НҰРПЕЙІСКЕ
(Әзіл)
Нұрпейіс, беріп жібер, болса балтаң,
Беріп ем өзімсініп, сеніп салтаң.
"Алғыстан ақшаң тәуір!" - дейтін болсаң,
Толық пұл бермесем де, толар қалтаң!
Көркейтсең көңілімді қалайда да,
Жүрермін қалайда да талтаң-талтаң.
Жат қылсаң жадыңа осы жазғанымды,
Бұл болар көпке дейін шайнар малтаң.
Көрме жек күлерге айттым, кеуіл - аппақ,
"Адамға артад, - деп, - қол ашқан қартаң".
1930.
БАЙДАШОВ АСҚАРҒА АЙТҚАНЫ
Сәлем берсең әрқашан,
Саламат бол, шырағым.
Болғаннан соң бастасым,
Байдашты талай сұрадым.
"Уақыты қош" деген соң,
Бекіді көңіл бұраным.
Құтты болсын, қолға алып,
Осы ұстаған ұраның.
Алтайысы арам, қор,
Қарақұм мен Нұраның.
Алып бер деп соларды,
Ұшырып тұр Үкімет,
Өздеріңдей қыранын.
Қалайда да құтылмас,
Тығылған менен түбіне,
Індігеш пенен жыраның.
Қиянатты қойдырып,
Көптің көзін ашқанға,
Таңданам да тұрамын.
Өнеге-үлгі болсын деп,
От басында отырып,
Дүкенін сөздің құрамын.
Қалағаныңды жазып ал,
Қалам, сия, тетрадь,
Бола қойса құралың.
1930.
АУЫЛ СОВЕТ ҚЫЗҒА АЙТҚАНЫ
Мархабат, сөзің шырын, жүзің жарқын,
Шықпайтын шын асыл ең халыққа қалпың.
Жасыңнан жақсылармен жолдас болып,
Біліммен билеп тұрсың жұрттың жарпын.
Өнерің өз алдына үздікше тұр,
Жазатын жайластырып латын әрпін.
Табылып ілім-білім бір өзіңнен,
Гауһардай болып тұрсың қымбат нарқың.
"Арзанға аламын" деп әуреленді,
Білмеген бибаһамдар шама-шарқын.
Ертеде өтіп кеткен Зылихадай,
Алашқа анық кетті ат пен дәрпің,
Арзу боп әнің үшін сүһбатыңа,
Ойдағы өтінішін айтты әркім.
Білдіріп ойдағымды мен де мұндай,
Соғар деп қойынымды ашам қоңыр салқын.
Қалайда қадір тұтар, сағым сынбас,
Қиялым қатарыңнан қалмай талпын.
Тоғар кеп, көп айтудың керегі жоқ,
Білетін біліктіге сөздің парқын.
1930.
КЕЛЕДІ ДЕП ҚАЙ КЕЗДЕ?
Келеді, - деп, қай кезде?
Отырмын күтіп жолыңды.
Екі, үш рет оқып көр,
Танысаң жазған қолымды.
Айтқандарым, асылында,
Болуға тиіс толымды.
Әрқашан беріп тұрайын,
Газеттен маған кідіртпей,
Беріп тұрсаң орынды.
Сұлу боп шыққан сөздер бар,
Құралай көз, қиғаш қас,
Қыз сияқты форымды.
Орысшадан басқадан,
Беруге тауып роман,
Басамын жалпақ мөрімді.
Шаһнаманың соңынан,
Басар, - деп жүрмін ойланып,
Жинаған жастан қорымды.
Арабы, парсы аралас,
Екен деп бірақ сол кезде,
Қайнатпаңдар сорымды.
Абайдың да сөзінің,
Апат хадис ішінде,
Оқып едім көрінді.
Өздеріңе өтініш.
Уақытында жәрдем беріңдер,
Қысыңдар да ерінді.
1930.
* * *
Пайдаң не халыққа тиген мақтанғанда,
Өлімге, лажың не, сақтанғанда.
Көп сенің кемісіңді төлемейді,
Қорынды құрта сөйлеп шақтанғанда.
Жетпейді жұртқа тегіс шүлен асың,
Теңіздей таса сөйлеп тақтанғанда.
Бітірдің бір құдайдың қай қызметін,
Аллалап әулиесін ақтанғанда.
Уағдаңа өткенде айтқан опа еттің бе,
Өтірік айтпаймын деп нақтанғанда.
Тоқсанда тонсыз жүріп тоңбадың ба,
Отыңды өте өртеп қақтанғанда.
Шықпайды қарыныңнан қидан басқа,
Ақылың қай жақта деп ақтарғанда.
1930.
АЛМАТОВ КӨШЕНГЕ
Ықпалың тасқан судай тұр еді өрлеп,
Сыртыңнан жүруші едім мен де серлеп.
Хабарың қай жағынан шықса дағы,
Іздеуге ойым бар еді шаршап, терлеп.
Тойында Октябрьдің ұшырасып,
Қуаныш көкірегімді кетті кернеп.
Бара алмай Алматының қаласына,
Жүр едім қасірет жеп, қатты шерлеп.
"Досыңды қиындықта сына" деген,
Аламын етегіңнен енді "ер" деп.
Қалтанда болмағанмен халқында бар,
Өтінем "жүз елу сом тауып бер" деп.
Уақытта уағдалы тапсыруға,
Қолыңа хат беремін жазып, мөрлеп.
Қарманса таз дағы бит табатұғын,
Көрші енді көңілденіп, қолды сермеп.
Мысалы бұл сөзімнің байқағанға,
Тіктірген тон сияқты оқа зерлеп.
Кел енді, Көшен інім, қош аман бол,
"Ауданға қайтам" десең атынды ерлеп.
Берермін жанадағы жазып дастан.
Отырып оңашада етуге ермек,
Қалтаға қарамастан тыға салмай,
Лайық ағаң сөзін оқып көрмек.
1930.
КОЛХОЗДАСУҒА АЙТҚАНЫ
Біріккен шаруа колхозға,
Пұлынан мұның тартынба.
Мұқтажыңды түгендейді,
Бес жылдық жоспар шартында.
Жолбасшың өңшең мамандар,
Бірлікке түгел қараңдар.
Ортаңда үгіт айтқанды,
Өздеріңе санаңдар.
Табыңа кедей байқас бол,
Жүрмесін жауыз адамдар.
Оқысаң әйел өз пайдаң,
Ойланбаңдар деп қайдам,
Ел әйелі надансың,
Оқығандар мәз-майрам.
1931.
БАЙМЕНОВ АЙДАРБАЙҒА АЙТҚАНЫ
Қадырдан құдам еді Ұлтай Сайым,
Оған ет салыпсыңдар білмей жайын.
Ордерін өткен айда алған екен,
Әр нешік тоқсандағы төлеп пайын.
Өтініш оның үшін айтып отыр,
Шырағым шырқыратпай тап ыңғайын.
Қарызын үкіметтің өтемесе,
Қиқарсып құдам еді деп неғылайын.
Сөзімді екі етер еді деп ойламаймын,
Болған соң әрі іні, әрі қайын.
Ағаның айтқанына қас қақпасаң,
Басында бақыт құсың тұрар дәйім.
Деген бар құдалықтан күн кетпейді,
Қой демеймін қатыныңның да мінсең майын.
1931.
* * *
Тоқаңа "тап жөнін" деп он сом бердім,
Әр қалай әулеті ең деп кемеңгердің.
Қызғындап қызметке кетті өзі,
Халқына қадырлы үшін қайбір жердің.
Қуаныш қалайда да қылдым бұған,
Тұттым да түбетегін текдар ердің.
Басшыны бала санап жұмсаған соң,
Арман жоқ абыройын алдым тердің.
Соң келіп сұсты ерлерді сопандатқан,
Айтыңдар мендей жанды қайда көрдің?
1931.
БӘЙБІШЕСІНЕ
(әзіл)
Бәйбішем бұл уақытта қартаң ашты,
Болғанмен бұрын жуас, тарпаң ашты.
Ізденіп ертелі, кеш енді жүрмін,
Сұлуды сипалайтын арқа, басты.
"Алмасаң бір жас қатын болмайды", - деп,
Мұңайып, мазамды алды, марқа басты.
Алмасам қалайда да бір қара көз,
Көңілден қайғы, уайым тарқамасты.
Біздерді өздеріне ұзын көріп,
Бір пара шөпжелкелер шалқаласты.
Елудің екеуіне ілінген соң,
Шамалы шаш пен сақал шаңқан ашты.
Ойлы ерлер ертедегі өтіп кеткен,
Батпақта бірін-бірі арқаласты.
Бұл күнде заң бұзылып, заман айнып,
Ісегін суға жығып алһаласты.
1932.
* * *
Азамат екенсіңдер ойымдағы,
Жігіттің жоқ дәулетке тойынбағы.
Кеңейді күткендердің күнде өрісі,
Жолдасын жұмыртқадай қойындағы.
Құрметтеп кез келгенде күтіп алу,
Міндеті бір-біреудің мойындағы.
Гүжімдей көлеңкелі боларсыңдар,
Дарақтай дарияның бойындағы.
Ағаңның айтқандарын пістедей көр,
Қыздардың тамашалы тойындағы.
Кем ақыл көрер-дағы, күлге тығар,
Деп дүрді дымға өтпейтін шойын дағы.
Тұрекең былайынша берді жазып,
Сөздерін өлең қылып ойындағы.
1933.
НҰРАЛЫБЕК
Келіп ек кеуіл сұрап, Нұралыбек,
Түріңді түнәугіден көрмедік жек.
Жарылқап Жаппар Алла жағыңызды,
Сауалап сырқауыңнан аларсың кек.
Болып тұр өміріңе ел тілектес,
Бала еді деп білімге бай бір асыл тек.
Көл деген көп дұғасы нақылына,
Қарттардың керек емес келтіру шек.
Оңалып өзіңе өзің келе қойсаң,
Халқыңа қамқоршылық құрмасын ек.
1933.
ІЗМҰХАМЕДКЕ
(Елдің ерекше ұлы, ілім иесі)
Ардақты Ізмұхаммед, інім саған,
Бір Алла беріп еді білім саған.
Ел біткен айтқаныңды екі етпей,
Қыздардай қиқарсып тұр қылымсыған.
Жан кеулін жабықтырмай жай қылған соң,
Бергей деп көп тілеп тұр жұрым саған.
Жігітке қара айналған бақ айналад,
Осы анық аңлауымда ырым саған.
Осы еткен әдетіңнен айрылмасаң,
Байтақ жұрт берер сақтап сүрін саған.
Білмесең бұдан былай жағдайымды,
Бұрыннан мәлім емес сырым саған.
Әлжуаз асылы нашар адам едім,
Баладай емізулі ыңырсыған.
Ағаңа әрқашанда назарың сал,
Анайы айтатұғын шыным саған.
Назымды көтеретін болғаннан соң,
Бермеске белім будым тыным саған.
Түртпейді түбі бірге деген үшін,
Баратыр батылсынып тілім саған.
Ішарат ақылы барға дегендей-ақ,
Аз ғана айтсын уәкіт ділім саған.
Таласпа талайлымен дегені рас,
Болғандар қор болып жүр қырын саған.
Қолынан келер нәрсе көрінбейді,
Суытып қарағанмен түрін саған.
Алдыңа келгеннен соң кеңес бітті,
Айтудың керегі жоқ мінін саған.
Түбінде таспен ұрғанды аспен ұрсаң,
Өшірер өмірінше үнін саған.
Қондырып басыңа алла бақтың құсын,
Қаратар бәрінің де күнін саған.
Қошемет көзін көріп айтқан емес,
Арман жоқ ұқсатса әркім ұлын саған.
Ете тұр әзіріне осыны ермек,
Аямас ағаң және жырын саған.
1933.
СҮЛETKE АЙТҚАНЫ
Таң атып, қуаныштың күні шықты,
Гүжімнің көлеңкелі гүлі шықты.
"Мұқтажың мұнан былай бітеді", - деген,
Жолдастың Мирзояндай үні шықты.
Рахмет көптің көңлін көркейтетін,
Ән мен күй тамашаның түрі шықты.
Шат болып шамадан тыс бұл сүлетте,
Әр жүздің құттықтауға дүрі шықты.
Кимесек көйлек, ыстан күйедей боп,
Киімнен сыртқа еттің кірі шықты.
Ауданнан келгендерді атқаруға,
Камалов көбісінен ірі шықты.
Саңлақтар саннан озған сарапқа өтпей,
Бәһасы бір сом да емес, мірі шықты.
Ләпқойдың бір қатарын бақ көтеріп,
Білгірдің білімге бай бірі шықты.
Мазалы сөздеріңді жаз, - деген соң,
Қиялдың қалайда да қыры шықты.
1934.
ҚҰРЫЛҒАН ҚҰТТЫ БОЛСЫН, СҮЛЕТТЕРІҢ
Құрылған құтты болсын, сүлеттерің,
Сияқты болды сүлет сүр еттерің.
Кедейдің күннен күнге көзін ашып,
Бұздыңдар бай, құлақтың үреттерін.
Айтылмай аңлауымда сөз қалған жоқ,
Енді істің ету керек іреттерін.
Ақымақты "әліпті айыр бақан" дейтін,
Кеңестің көрдік көзбен дүр еткенін.
Солардың санағында біз де болсақ,
Қояр ет қорқып жүрек "дір" еткенін.
Жойсаңдар надандықты народ көптен,
Жайынды өліп қалған тірі еткенің.
Құстарды алғыр бүркіт мұзды балақ,
Қолайлы қолдарыңнан түлеткенің.
Алғысын "Алға бас!" деп жұрт беріп тұр,
Білген соң нұрдан сүтін тіреткенін.
"Айып" деп азаматтар айта көрме,
Ұят деп ұнамайтын тұр еткенің.
Деп ұлы Ізтілеудің Тұрмағамбет,
Аңлапты надандықпен күн өткенін.
1934.
ЖИНАЛДЫ ОСЫ СҮЛЕТКЕ
Жиналды осы сүлетке,
Үш жүздің өңшең маманы.
Кеуілден кетті уайым,
Кендіктің туып заманы.
Құттықтап тойды ақындар,
Жазып жатыр наманы.
Көңліне бәрі батпандай,
Білерсіңдер шаманы.
1934.
ҮКІМЕТ БАСШЫЛАРЫНА АЙТҚАНЫ
Миуалы ортаңдағы гүжім дарақ,
Биіктеп бара жатыр көкке қарап.
Ел үшін ертелі, кеш иіп басын,
Шашып тұр: "Тойыңдар, - деп, кетпей тарап!"
Рахмет мұндай кеңдік болған емес,
Халық болып тарағалы ажам арап.
Зейнеттеп зейілдеріңнің зеңін ашып,
Қойды етіп тұлпар аттай тұрған жарап.
Алмайтын асылында андарың жоқ,
Кең ойлы баптаған соң өңшең сарап.
Еншілес өзіңменен болғаннан соң,
Орын жоқ ерінуге еңбек санап.
Аласың арытса еңбегің анық бәйгі,
Алтыннан артта қалар неше қанап.
Басшыңның нарқы қымбат арқасында,
Қайткенмен жемесің нан өлшеп, танап.
1934.
ТАЙМАНҒА
Сәлем хат жанабыңа жаздым, Тайман,
Еппенен екі болмайды еткен пайман.
Талабың ойындағы оңғарылып,
Сұлуға қосқайсың бас нағыз Айман.
Ондағы ел мен Отан ойға түсіп,
Жатырмын жөнелуге дүзеп сайман.
Себеппен тұз айдап кеп таныс болдық,
Секілді ек бір-біреуге Қыпшақ, Найман.
Қатының қойнындағы қарын бөле,
Шығады деп шын сөз екен қарттар жайған.
Жүсекең жезде шығып, сендер жиен,
Болдыңдар тап дарақтай тамыр жайған.
Қадірлі қатарыңа көрінесің,
Ойламайды қу деп көңілім құр мұңайған.
Өзіндей көз көргеннен кеусен алып,
Табылды бұл уақытта талай пайдам.
Ол пайда баюға емес мақтануға,
Дегенде дос пен дұшпан алдың қайдан.
Тілектес бәріне де болып тұрмыз,
Қайтқай деп құрметтерің бір құдайдан.
Өзіңнен ой бір жайлы бола қойса,
Түлкідей түн жортар ек қашқан сайдан.
Көрініп көп көзіне кете қойсақ,
Алуы үкіметтің анық айдан.
Нақыл бар қашқан жаудан құтылады,
Ондайша ұят емес еткен айлам.
Біз түгіл көтере алмай жатыр жүгін,
Нарлар да нарау тартып неше тайлан.
Келуі қалыбына қиын емес,
Қоңайтып Қадыр Алла десе майлан.
Шүкірлік бұған дағы ету керек,
Бұзылмай бүгін тұрса иман шайлаң.
Шартынан шариғаттың шығу бекер,
Большевик береді деп бізге шай, нан.
Сары алтын сабыр түбі, саса бермей,
Орнығып орныңа анық жайлан.
Тән қойып тәңрі ісіне тартпай ғәсрет,
Белбеуін тәуекелдің белге байлан.
Кейіні кеніш реніштің бола кетіп,
Болармыз бұрынғыдай мәз-майрам.
Ақырын алла өзі оңғармаса,
Болып тұр қайткенменен көптер қайран.
Ерлердің үлгі айтатын үні шықпай,
Етіп жүр ылғи бұзық тайраң-тайраң.
1934.
ЗЕЙНЕПКЕ
(Әзіл сөз)
Әһуалап, андатып ем Зейнеп масқа,
Құмай көз, оймақ ауыз, қиғаш қасқа.
Отырмын сұлу қызға сәлем жолдап,
Тезірек жеткіз, інім, сүмбіл шашқа.
Сәлем хат жанабыңа жаздым шырақ,
Бөһәз26 дүр пәһәм айлап салғын құлақ.
Жамал бар, әм кәмәл бар, әм парасат,
Жаратқан Хақ бейнеңді артығырақ.
Күлшақай інім едің заманың бір,
Берген Хақ парасат пен артықша нұр.
Сыпатың жәннаттегі һүр мысалдас,
Өзіңсің жәһандағы жайнаған гүл.
Бала едің орындағы ей, асыл зат,
Гауһарсың көз қызығар нарқы қымбат.
Құмай көз, оймақ ауыз, жазық маңдай,
Қыпша бел, алма мойын, артық сымбат.
1934.
СУСЫНДАП САЯСАТҚА АЛҒАНЫМША
Оңғарып осы еткен сапарымды,
Қуандыр мен сияқты қапалыңды!
Ой көзін осы кезде кірбің басын,
Жас, шіркін, елу үшке тақалынды.
"Осыған қадір-құрмет қайда?" дейді
Көнерген көріп дұшпан шапанымды.
"Не пайда Кеңес мұнан көред?" дейді,
Ағарған көріп мұрт пен сақалымды.
Дұшпанның ол сөзіне олжа қылмай
Тыңдаулы ет, айтқан қиял, мақалымды.
Ұнамсыз өлеңдерім бола қойса,
Ұрыспа: "Тап, - деп, - атамекеніңді!"
Сусындап саясатқа алғанымша
Жүріңдер сүйеп біздей нәкәріңді!
1934.
ТОҚСАНБАЙ АҚЫНҒА
Жаманның жақсы шыдар табасына,
Қолайсыз қоймас құлақ намасына.
Кемістік күндегенмен келе қоймас,
Ол ердің яки бақыт, я басына.
Таланы тас уатып талқандасын,
Дағы өтер тыңындағы шамасына.
Қызығып қара тасқа қарамас жан,
Қойғанмен жиып жолдың жағасына.
Қашаннан қапаланбақ қалған мирас,
Әр елдің ерді өсек ағасына.
Ете бер елатыңа жолбасшылық,
Сыйынып Қалқай, Марал27 нағашыңа.
Осындай үлгілі сөз тауып берген,
Риза бол тұқымындай тоғашыңа.
БАЯНҒА
Шай ішіп, балық жедік Баян биден,
Сол еді сол күнгі асым көңлім сүйген.
Жар достан қадіріңді білетұғын,
Еңбегің еш уақытта емес күйген.
Қажетің қай уақытта шықпайды ерлер,
Жаманнан жат сияқты қабақ түйген.
Әдеті адам болар азаматтың,
Дарақтай миуалы басты иген.
Қай кезде халық сыйлаған қали қалмайды,
Асылында адам болар дуа тиген.
Әр қалай атақты ердің әулеті ғой,
Бұлт шөгер биік таудай тәңірім үйген.
Барып ем барын базар ете берді,
Шалды ертіп Қайықбайдай бүкірейген.
Ырза боп екеуміз де талтақтадық,
Адамдай ат жетелеп, сарпай киген.
Қошемет бұл сияқты көрген жоқпыз,
Жастардан жаңа өспірім тұрып сиген.
Осыған намыстанған бала болса,
Шақырар анайы кеп біздерді үйден.
1934.
ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНЫҢ СЕКРЕТАРЫ ЫЗБАНОВҚА ЖАЗҒАН ӨЛЕҢІ
Қаздырып берді Ызбанов,
"Ақжар" атты жарманы.
Бітетұғын болды енді,
Аш, арықтың арманы.
Жер менен суда қалайда,
Бұл дүниенің бар малы.
Ағысы сондай суының,
Домалатады арбаны.
Жағалап жүр жұрт біткен,
Қолға алып кетпен, тырманы.
Қуанышты бәрі де,
Толғандай пұлға қарманы.
Жасасын жолдас қайткенмен,
Дүзетіп берді шаруаны.
Қатын, еркек қалмастан,
Қаптап барады егіске.
Тамыр жайып талданып,
Айналды дәндер көгіске.
Бәрі де бәйге алатын,
Қалатын емес сөгіске.
Шекелері тоқпақтай,
Тойынғандай жеміске.
Шығып барады шынында,
Күннен-күнге кеңіске.
Дұшпандар да дос түгел,
Санай алмайды кеміске.
Жасаңдар жолдас жай қылып,
Шығардыңдар тегіске.
Қой қоздап, ешкі лақтап,
Ішіп жатыр айранды.
Екі рет туып жылына,
Көбеюге айналды.
Реттеліп от, суы,
Жазы, қыс жақсы жайланды.
Лақтары серкедей,
Қозылары тайланды.
Көтере алмай құйрығын,
Көп қошқарлар байланды.
Қайткенменен күтетін,
Бергенмен Кеңес қай малды.
Халық қалайда біледі,
Асырау жөнін айуанды.
1935.
АЙЫШҚА
Ақылым айтатұғын келін Айыш,
Құрметтеп қатарыңды талдай майыс.
Ақылы ажарымен тең болмаған,
Әйелдер аңлауымда илі қайыс.
Кеседен келсе қонақ қол қусырып,
Иіліп сәлем беріп деп тұр: "Шәй іш!"
Қалайда "Халық сыйлаған қалы қалмайды",
Селтимей серігіңнің себін жайыс.
Осындай үгіт айтсам ұнатпайды,
Өз-өзін опалаған өңшең дәйіс.
Ер болсын, әйел болсын ақымақтардың,
Басынан бір сағатта-ақ бақыт тайыс.
1935.
РҮСТЕМБЕККЕ
Рүстембек сен қаяқта, мен қаяқта,
Қалынды басым қаңғып, ел қаяқта.
Сен едің сенген қосшым, кеттің қаңғып,
Жарайтын жолдастыққа ер қаяқта.
Жолдасын жолға тастап жүре берген,
Қаңғырған құр далаға сен саяқта.
Оқып көр осы сөзді өкпелеме,
Сыбағаң сапырулы тұр аяқта.
1935.
ҚОЛДАУҒА
Отырмыз ұшырасып інім Қолдау,
Баласың байқауымда зейілің молдау.
Жаның сау, жағаң бүтін болып тұрса,
Қолыңнан келер көптің ісін оңдау.
Отырмын өкініштің ортасында,
Мақсұтымның мезгілінен қалып сондау.
Жағдайым және дағы болмай отыр,
Күн суық болған үшін көше тоңды-ау.
Айтпаймын өтінішті үркек ерге,
Отырып он саусағым дейтін оңдау.
Берер ме еді шай қайнатып самаурынмен,
Бір үйге ертіп барып етсең омырау.
"Досыңды қиындықта сына" деген,
Сыр беріп сылдырлатып, таңса қоңырау.
Қалайда ер бүлінбей білінбейді,
Жарамайды жаңа өспірім ерге бобырау.
1935.
ЖҰБАНҒА
Қалайсың, хош ба уақытың, құрбым Жұбан?
Сырдай ең сыймай тасып шыққан шыған.
Бай ұлы Қаракесек баласынан,
Оның да жоқ еді пікір деген ығам.
Сонда да сынық мінез сыпайы едің,
Майдай-ақ майда тілді уылжыған.
Заманға заңы осылай ұшырасып,
Бастағы қисайып тұр алтын жығаң.
Кең дүния көп дауысымен күңіреніп тұр,
Баладай емізулі ыңырсыған.
Кіршінің күйінбе артық еркі өзінде,
Десе де қалай жуып, қалай сығам.
Тақынан тартып бөрі талмаусытты,
Деп жүрген не ерлерді өрге шығам.
Ерте-кеш ел біткенді иіріп тұр,
Тырп етсең бәрінді де жерге тығам.
Тау түгіл тасалайтын төбе де жоқ,
Қызарып көт көрінеді десең бұғам.
Адасып ақылымнан өзім дағы,
Болды деп бұл қалайша көзді жұмам.
Оңғар деп өзің алла енді ақырын,
Қылайық шытпай қабақ шүкір бұған.
"Кейіні кеніш - реніштің" деген нақыл,
Қате деп қуана бер қылма күмән.
Беліңді босаң тартпай буып ал да,
Халық үшін қайраттанып қарды сыбан.
Қалайда қайтқан бақыт қайта қонып,
Басыңнан бұлт арылып тарқар тұман.
Көз жасын қайткенменен көрер Алла,
Жар болып он бір ахмат, он екі имам.
Кендікке кешікпей-ақ кездесерсің,
Қабыл боп бәріңнің де еткен дұғаң.
1935.
ПУШКИНГЕ
Аламға аты мәшһүр ай мен күндей,
Қадірлі, қымбат сөзі гауһар дүрдей.
Пушкиннің орыс, қазақ осы күні,
Рухын оятумен отыр бірдей.
Оларда аңлағанда арман бар ма,
Айтқаны үлгі, өнеге қалғандарға.
Қошемет қылады халық өзі түгел,
Суретін сұлу қылып салғандарға.
Болғанмен өлгеніне оның жүз жыл,
Болып тұр жазды күнгі жайнаған гүл.
Жұмып көз, жер астында жатқанменен,
Оларды түпкілікті тірі деп біл.
Өлген сол - соң жағында сөз қалмаған,
Сөзіне халық құмартып қозғалмаған.
Қалса сөз қатарынан қалмау артық,
Болғанмен бұл дүниеге көз қанбаған.
1935.
ОКТЯБРЬГЕ
Октябрь он сегізге қадам басты,
Жемісі жұртқа жетер тікті ағашты.
Туғаннан туралықтың туын ұстап,
Кедейді өркендету оның қасты.
Қалайда көлеңкелі гүжім қылды,
Көмегі аз, көмейі тар, көңлі пәсті.
"Қайткенде көңілдерің бітеді?" - деп,
Ерте, кеш еңбекшімен ақылдасты.
Жардырып жарма өзен халық қамы үшін,
Қылды абат құс қонбайтын құба дәшті.
Келе жатын күннен-күнге алға басып,
Екпіні еріткендей тау мен тасты.
"Біздерді көрсе көрге тығады", - деп,
Қан сиіп бай, құлақтың бәрі қашты.
Сойылын соғатұғын, сөзін сөйлеп,
Тастады талмаусытып талай масты.
Болғанмен байларға ондай, кедейге арық,
Қыпша бел, құралай көз, қиғаш қасты.
Сүмбіл шаш сұңқар мойын, сұңғақ бойлы,
Сөйлеген шекерден де сөзі нашты.
Гауһар тіс, ақық ерін, пісте мұрын,
Бұл қатар сұлулығы жаннан асты.
Оянып ұйқысынан осы биыл,
Халыққа күлімсіреп көзін ашты.
Ашық боп ажарына ай сияқты,
Қойды оған үлкен, кіші ықыласты.
Ырза боп ықыласына елдің еткен,
Алдына неше түрлі жеміс шашты.
Қап пенен қанарына сыйғыза алмай,
Халық біткен алақайлап өте састы.
Қолға алып қуанғаннан қызыл туды,
Жас, кәрі "жаса!" деп тұр иіп басты.
Ұранын Октябрьдің ұлғайтуға,
Қалмастан әйел, еркек бас құрасты.
Той қылып тамашада тұр мінеки,
Қалған жоқ қам көңілді көзі жасты.
1935.
ҰЛЫ СҰЛТАН АЯПОВКЕ АЙТҚАНЫ
Ағаң ем отыратын тілегінде,
Ойынды отырамын білемін де.
Қамқорлық қай уақытта қылғаннан соң,
Марқайып мәз боламын күлемін де.
Калошым киіп жүрген көнерген соң,
Шөп-шалаң дейді де тұрат-ды ілемін де.
Аяққа басқа ылаж болмаған соң,
Тастамай таңып жүрмін сілемінде.
Күз өтіп, күн суытып бара жатыр,
Жан інім, жалаң аяқ жүремін бе?
Іреті болмайтұғын бола қойса,
Көн тауып күні ілгері бүремін бе?
1936.
МИРАМКҮЛГЕ
Мирамкүл мысалында, бұлбұл - жастар,
Тыңдауға үндерін ел ісін тастар.
Қайнаған қабағында бұлағы бар,
Ленин бұлт шөгетін биік асқар.
Тігілген үстіне оның Мирзоян ту,
Қоладан құйып салған құрған әскер.
Тастайтын жауыздардың жұлып басын,
Саясат сондай сұсты жолбарыстар.
Жау жүрек жаңа түлек жас қырандар,
Жетекші жұрт біткенді жолға бастар.
Отырмыз өр қабақтың ой қылында,
Ешкім жоқ еркінсіп кеп бізді жасқар.
Мұндайша кеңшіліктің күні туып,
Тойдай боп тамашалы тойынды аштар.
"Атынды шапқанда шап" дегендей-ақ,
Өнерге өмір серік ұр құлаштар.
Келе алмай кедей таптың қарсысына,
Би, болыс, бай мен құлақ толды мастар.
Қанауда қалмаймын, - деп, кетті олармен,
Болғансын біреуі тыс, біреуі астар.
Істерін еңбекшінің енді реттеп,
Міндетті мойындағы дұрыс басқар.
Әрқалай арқасында үкімияттың,
Бағулы барлығың да болдың қошқар.
Құттықтап қызыл туды қолға алып,
Осындай үлкен, кіші уақытын қоштар.
Құрметтеп қарсы алған бірін-бірі,
Мінекей махаббатты мәңгі достар.
Ауданы Қармақшының оныншы ауыл,
Берілді былайынша бізден жоспар.
Панидан Ізтілеуов Тұрмағамбет,
Баспана бүгін емес, көне қос бар.
1936.
* * *
Арасы төрт-ақ елі шын, жалғанның,
Шынында шені артар шынды алғанның.
Ортаңа осы сөзді ұсынамын,
Біреуі болар-ау деп тыңдалғанның.
Жүр едім өз ойыма өзімін деп,
Ұйқас сөз ретінде шыңдалғанның.
Сыналдым сезімімнің жоқтығынан,
Біріне бәйгесінде сынды алғанның.
1936.
ЛЕНИН ТУРАЛЫ
Ленин жолдас иірімді,
Ұқсасында дарияның.
Мирзоян жолдас мысалы,
Тасқынды бұлақ қайнарың.
Оған жалғас жолдастар,
Туып тұрған айларың.
Әскер құрған бірлікпен,
Саясат сұсты әйдарың.
Көрсеткен кеңіс жоспары,
Бау-бақшалы сайларың.
Онан өнген миуа,
Жеген нан, ішкен шайларың.
Реттеп тұрған оларды,
Ақылға диқан байларың.
Үлгі, өнеге, өнерлер,
Жегізген жұртқа майларың.
Оқып жатқан өңшең жас,
Бәйгі алып берер тайларың.
Құтты бол сын жаңадан,
Салынған сарай жайларың.
Күні, түні күтіңдер,
Бетіндей етіп айнаның.
Білмейтін жоқ қой ұятын,
Жабайы өскен жайдарың.
Жабайылық жаман дерт,
Бергенмен қонбас қай дәрің.
Шашып шылым қағазды,
Болмасын топыр тайраңың.
Досы үшін шеккен зияның,
Зорындай болар пайданың.
Олардың айтқан алғысы,
Қымыз, шұбат, айраның.
Орындап болмай қызметті,
Болмасын көлайт, сайраның.
Кеш келіп, ерте кетуге,
Керегі жоқ айланың.
Ақыл жетсе айтар ем,
Сөздердің сұлу тайлаңын.
Босқа өткізіп өмірді,
Өкініш жеп орасан,
Бармақты баса шайнадым.
Сынатуға сонда да,
Алдарыңа аттай-ақ,
Бұл сөзді әкеп байладым.
Тапқанымды тағы да,
Әкеліп беріп тұрармын,
Десеңдер жолдас жайладым.
1936.
СЕЙДАХМЕТКЕ
Кеңес тұр кеше күндіз күтіп көпті,
Жер түгіл, көрсетеді ұшып көкті.
Ерлердің өзі түгіл түзде ұрпағы,
Шұбар төс шынжыр қатар ата-текті.
Жасасын жетім-жесір жүдеулердің,
Керегін келтіріл тұр көтерсе иекті.
Азамат Сейдахмет шет ауданы,
Оңтүстік Қарқаралы өкірікті.
Ішерге ас, киеріне киім таппай,
Жоқтықтың жалбарынумен қарын шекті.
Нағима қызы оның бес жасында,
Жетім қап, жылап еңіреп жасын төкті.
Есіркеп оны Үкімет детдомға28 алып,
Нан мен май, шекер мен шай беріп сөкті.
Кидіріп киім-кешек көңілін ашып,
Оқуға ұзатпай-ақ оны жекті.
Зейілі қатарынан басым болып,
Ән мен күй болды биге өте епті.
Тамамдап "4" болам деп бұл күнде отыр,
Жан-жаққа жарқыратып жайып септі.
Мектепте 7 жылдық жайнақтап жүр,
Көтеріп көкке қарай көкіректі.
Он бірде осы биыл осыны ойлап,
Тілеңдер түпкілікті бір тілекті.
1936.
* * *
Бізің сөзді, жолдастар,
Газетке тіркеп болып тұр.
Сөз қымызы құтырып,
Сабасында ашып тұр.
Ішіп көрсек екен деп,
Жұрт біткен жымыңдасып тұр.
Жасасын Кеңес кедейдің,
Келтіріп керек жарағын,
Алдына миуа шашып тұр.
Құтты қонақ қонғанда,
Қой егіз туар дегендей,
Дария мен бұлақ тасып тұр.
Қоймайтын қылды қорлықты,
Ой жетпейтін өнерлер,
Күннен күнге асып тұр.
Жан-жақтағы жаулары,
Жүректері дірілдеп,
Өзінен-өзі жасып тұр.
Бай, құлақ, төре, ишандар,
Көзді қысып, көт тығып.
Қиқарсымай қашық тұр.
Көркейте бермей көңілін,
Кедейді қойып кеңіске,
Шаршатып біздей ашықтыр.
1936.
НҰҒМАНҒА
Нұғман баласы едің Молыбайдың,
Молыбай секілді еді толық айдың.
Көлемің Келдібайдан кем болғанмен,
Қожасы ең Қаратамыр Төребайдың.
Қайқы атам қалайда да қайың дарақ,
Ішінен жарып шыққан зор лайдың.
Саламат бір-біреуге қауыштырған,
Пазьшына сансыз шүкір бір Құдайдың.
1936.
АТЫЛҒАН СЕГІЗ СҰМҒА
Ағаштай о басынан біткен бүкір,
Ойлаған ой түршігер бұзық пікір.
Тарттырып жазаларын жауыздардың,
Жайнадық жаз гүліндей, жүз мың шүкір.
Олардай улы ниет болғандардың,
Бәрің де беттеріне бір-бір түкір.
Құйылып құм мен қоқыр көздеріне,
Көр болды өздеріне қазған шұқыр.
Сталин ұдайына өшпейтін нұр,
Сөздері сондай қымбат сияқты дүр.
Орнатып осындайша бостандықты
Таланы тасқан судай өрбумен тұр.
Бұлт шөгер бола алмайтын таулар тоған,
Тасқынды тоқтатам деп тарбаңдап жүр.
Қиналып қия шөлден құм арқалап,
Ақымақтар асылында әуре боп жүр.
1936.
* * *
Алғанмен, айтарым аз, қалам қолға,
Қалғандай қиял құсы түсіп торға.
Ойланып ұзақ күнге отырғанмен,
Табамын төрт-бес ауыз сөзді зорға.
Сондықтан, уайымның ортасында ем,
Сирағым сына ма деп шауып шорға29.
Жүрегім жаңа орнына орналасты,
Өзіндей ұшырасып озған зорға.
Қатаға қапылыста кете қойсам,
Қолыңнан келе қойса, мені қорға.
Кітабын Шаһнаманың болар ма еді,
Аударсам өлеңменен осы форма.
1936.
БІРЕУГЕ АЙТҚАНЫ
Қайырлы болсын, інім, тұрған орның,
Аңлайтын азаматсың сөздің формын.
Қадірін қонған бақтың білмеген соң,
Болып жүр боқ сыпырған деген зормын.
Көз жасын Жаппар Алла көргеннен соң,
Дегендер ел билеп жүр иттен қормын.
Елеуреп опасы жоқ дүнияға,
Деу қате які білгір, які ермін.
Шатасы болса сөздің елестірме,
Айрылған ақылынан мен бір көрмін.
1936.
СОЯУБАЕВҚА
Ескерту Сояубаев, інім Оспан,
Әр ұлттың азаматы ең басын қосқан.
Сондықтан сөйлесуге арзу болып,
Ағаң ем әр қашанда алдың тосқын.
Бірнеше мейман болып кетер деген,
Хабарда болып еді сіздей достан.
Отырсақ ойнап, күліп бір түн бірге,
Кезгендей бой өсер еді бау мен бостан.
Үйретіп жол мен жоба жөндемесең,
Ақыл сөз азып-тозып болды ырыстан.
1936.
ТҰРСЫН
Қарасам келбетіңе, келін Тұрсын,
Қиғаш қас, құралай көз нағыз һүрсің.
Дегендей мақтаулы қыз тойда осырар,
Осы рет етіп кеткен ісің құрсын.
Қонақты үйіңдегі ойыңа алмай,
Гөлайттап көше үстінде неғып жүрсің.
Келінім көп кешікпей келер-ау деп,
Төрінде түйдектеліп жаттым тырсым.
Асылдай ауыр бәһа аңлап едім,
Екенсің шалғы порас шықтымыршың.
Сөзімді осы айтқан ауырласаң,
Дейсің де қайнағанды құдай ұрсын.
Құрметің қонағыңа болмаған күн,
Бұл емес бәріне де жұрттың жырсың.
Қалынған атадан жас, ақылдан бас,
Бала еді біздің Ысқақ нағыз қыршын.
Құрметтеп туысқанын тұрсаң күтіп,
Басыңа орнатасың ықпал ырысын.
Айыбыңды анық біліп мойныңа алсаң,
Әулеті ата бидің анық дүрсің.
"Айтады дос жылатып" деген сөз бар,
Мұныма мейлің мұңай, мейлің ыршын.
Азсынсаң әлі дағы аяқ салып,
Қайнағаң қандырады құлақ құршын.
Ерге әйел, елге ана болам десең,
Қатаңа қатты өкініп жат та күрсін.
Қадірлеп қатарыңды қай кезде де,
Қатаң көн сияқтанбай бол ымырсын.
Білгеннің білмесең де тілін алсаң,
Ағысы ат бұратын сен бір Сырсың.
Түсінсең үгітіме осы айтқан,
Тұлпардай түскен күйге бір япірсің.
1936.
АЛМАТЫДА 1936-37 ЖЫЛДАРЫ ЕЛДІ САҒЫНЫП ЖАЗҒАН ӨЛЕҢІ
Қалайсың қатар-құрбы, аға-жеңге,
Саламат, шүкір Алла, жүрмін мен де.
Қайтуға сонда дағы сәлемдесіп,
Артықша арзумын ондағы елге.
Жүргенді сайран қылып сағынамын,
Қосылып өзім теңдес туған төлге.
Болар ем көп кешікпей барып қайтсам,
Қудай-ақ көлайттаған айдын көлге.
Бағланы Қазақстан болғанменен,
Көңліме кеткендеймін шығып шөлге.
Халқыма хабарымды беріп тұр деп,
Ұшқан құс тапсырамын соққан желге.
Біреуі туысқанның келе қойса,
Қосқандай қуанамын бірді нөлге.
Тататын тұз таусылмай осы жақтан,
Ойы жоқ екі аяқтың жүрер жөнге.
Түрім жоқ тұратұғын тапсам пұрсат,
Өкшеге отырғанмен кіріп шөңге.
Келеді деп қайсылары көз саламын,
Құстай-ақ қойған байлап құба дөңге.
Сәті боп сәлемдесіп қайта қойсам,
Қалды деп қайғырмас ем арманды өңге.
Қадірім қатарымнан қау болғанмен,
Сияқты болып жүрмін "тұтқын бенде".
Ырза боп ықыласқа осы айтқан,
Болма, - деп, батаңды бер, бастан кенде.
Ұзамай отпуск30 алып бір барармын,
Денім сау болып жүрсем осы шенде.
Кеңестің кеңшілігін күт ағайын,
Тұс-тұсқа тозып кетпей болып делбе.
Тозғандар қайтауылдап келіп жатыр,
Жыртылып етек, жеңі елбе-желбе.
Түзеуге тұрмысыңды сайман сайлап,
Қонысқа ата мекен аунап көлбе.
Келтіріп керегіңді Кеңес те тұр,
Шай, шекер, тауар, тұқым, беріп бөлме.
"Сары алтын - сабыр түбі" деген анық,
Жеткерер Жаппар Құдай десе: "Өлме!".
Асықпа асығысты артыңа қой,
Білмейсің барар жерің көл ме, шөл ме.
Кететін гүжім болып тіккен талы,
Тамыры тамыз түспей тисе һөлге.
"Кейіні кеніш - ренжістің" болатұғын,
Белбеуін тәуекелдің байла белге.
Кеңеске кем ойлының өкпесі көп,
Қылды деп халық біткенді жөлге-жөлге.
Өкпесі ол айтылған орынға аспайды,
Тоқпақ жеп, тері и болмайды түспей сөлге.
Мақсатың ойындағы орындалып,
Келіп тұр кедей біткен жүруге өрге.
Бай, құлақ, болыс, бидің бәрін құртып,
Жасаңдар жас ұландар, шықтың төрге.
Кедейге мұндай теңдік тиген емес,
Ертеде ел өткенмен неше пелде.
Қалады қатты ренжіп сөз егесі,
Борықтай болса үгіті аққан селде.
МЫСАЛ ӘЗІЛ
Жараулы жиеніме бердім бес ат,
Бәйгіге қалағанын алып қосад.
Біреуін бесеуінің міндір дағы,
Қолына қамшы беріп алдын босат.
Кідірмес біздің берген бедеу болса,
Келгенмен алдынан ор, тау мен шошат.
Қамастық қайбіріңде қылмас едім,
Бәрі де бас білмейтін бірақ лошад.
Төртеуі тулап үркіп тұра қашса,
Қайтарып қалайынша алдын тосат.
Ақынның аты шыққан өзі-ақ едім,
Нараусып, назым сөзге дейтін не сәт.
Елудің еңкеуіне түсіп алып,
Күні-түн тынбай өмір жортып, жосат.
Алпыстың асқарына асылған соң,
Қадалып қарттық оғы өкпені осат.
Дүния дұшпан болып ең соңында,
Түрі бар қоймайтұғын бізге дос ат.
Қысқасы хан мен қара, бай мен бидің,
Быж-тыж боп бұл жаһаннан бәрі босат.
1936.
БІЛІМ АЛУ ТУРАЛЫ
Өнердің ең артығы ғылым еді,
Ғылымнан барлық пайда білінеді.
Білген соң байтақ жұртқа басшы болып,
Қалайда бас бәйгеге ілінеді.
Ғылымнан бек те болса бос қалғанның,
Табаны тасқа тиіп тілінеді.
Суменен сепкен тұқым көгергендей,
Ой құсы оқуменен тіріледі.
Оңалтып ой тұйғынын отырған соң,
Ерлерді деп болады "іріледі".
Баяғы бай, құлақтың заманында,
Жұмысы жұрттың ұйқы, пырыл еді.
Оянса бір-біріне көз алартып,
Иттей-ақ етер ісі ырыл еді.
Айқайлап атқа мініп айтатыны,
"Қайтпаңдар, қалайда да, қырыл!" еді.
Ұятын ол жұмыстың өте біліп,
Үкімет оларменен қырын еді.
Өтірік, өнерменен ретінде,
Айтқаны Сталиннің шырын еді.
Қайрат қыл жатпай, тұрмай жас жүректер,
Деме "атым демін алсын, сүрінеді".
Шаба бер шұқар, шоқат жоқ алдында,
Сүріну бүгінде емес бұрын еді.
1936.
БОЛМАСА ЖӨН СІЛТЕЙТІН ОЙДА БІЛІМ
Болмаса жөн сілтейтін ойда білім,
Қыздай бақ өз-өзіңді қызыл тілім.
Қызғындап қисынсыз сөз сөйлеймін деп,
Боп қалма байқаусызда тілім-тілім.
Жоя алмай жұртқа әйгілі болғандар көп,
Жуғанмен жүз қайтара жұққан нілін.
Бірігіп білімменен болса олай,
Барында пұрсатыңның бәйгеге ілін.
Ал енді әлің келсе қиял таулап,
Құттықта Қазақстан он бес жылын.
Сталин көптің көндің көркейтіп тұр,
Иіскетіп ертелі, кеш еккен гүлін.
Асырды жұмыла жұрттан жомарттығын,
Аямай аш, арықтан мал мен пұлын.тың
Тұйғындай тұғырдағы талпындырды,
Ішінен туралықтың алып зілін.
Азды көп, жарлыны бай зар жылатқан,
Жұрт едің бөрі бауыр мұнан бұрын.
Дүнияға мұндай жолдас келмегенде,
Ұзамай үзілетін боп ет жұлын.
Аузынан әйдаһардың ажыратып,
Кіргізіп көрсетті ай, көздің нұрын.
Бозторғай қой үстіне жұмыртқалап,
Келмей тұр көз алартып ешкім ұрын.
Ескі әдет еске түссе осы кезде,
Жан біткен жиіркенеді тартып мұрын.
Қойды үйіп алдарыңа алыңдар деп,
Маркстің Ленинменен жиған сүрін.
Жайылып жер жүзіне жол жобасы,
Тапқай, - деп тілектеспіз, ұзақ жүрім.
Мұратқа мұндайынша жетістірді,
Қазақтың тәрбиелеп ұл мен қызын.
Артық боп ата-анадан жетімдер де,
Ac беріп асырады сондай шырын.
Бәрі де қақпақыл қылып ойнап отыр,
Теңіздің теріп алып інжу дүрін.
Жайнаған жазғытұрғы гүлдей қылды,
Кетіріп бойларының бет пен кірін.
Ортаға Калинин де келді міне,
Көруге көзіменен халық құжырын.
Қалайда ой көзімен қарағанда,
Секілді Кеңес - бие, кедей - құлын.
Еңбегін осылардың орындайық,
Үйреніп өнерлердің неше түрін.
Әр қандай айтқандарын орындайық,
Бірліктің белге байлап жалпақ құрын.
Қалайда туралықтың туын ұстап,
Азбайық арақ ішіп, тартып шылым.
Ойынан ол ерлердің шыға алмасақ,
Болмайық қойып әуре айдар, тұлым.
Жаз болса жарма жарып, егін егіп,
Қыс болса балық жейік сүзіп жылым.
Тойыңа тамашалы Қазақстан,
Ойланып осы болды тапқан жырым.
Демей-ақ, мін таққанмен, мұның қалай,
Болыңдар еткенге ырза барымды ырым.
Келген соң елу үшке ойдың көзін,
Зең басып бара жатыр, кетіп қырым.
Және де жоқ сезімі саясаттан,
Наданмын нан танымас нағыз сырым.
1936.
ОҚЫСАҢ ГАЗЕТ, ЖУРНАЛ БІЛІМІҢ ТАСАР
Оқысаң газет, журнал білімің тасар,
Адамдай болар, әрі ақылдасар.
Үйреніп үлгі, өнеге өз-өзіңнен,
Боларсың белгілі тау биік асар.
Қалмастан оқуға оны ұмтылыңдар,
Кеңестің шашуы анық елге шашар.
Ішінен әрбір сөздер табылады,
Гүлдей-ақ көктемдегі кеуліңді ашар.
Газеттің жылдық пұлы отыз-ақ сом,
Нәрсе емес анығында адам сасар.
Отыз сом отырып жер бір-ақ тамақ,
Оныңмен жоқ жұмысың алға басар.
Пулы мен бір тамақтың болсаң білгір,
Негізінде нарау тартып, нең бар қашар.
Кеңесіп кеуілменен көргенінде,
Білімің өзіңнен де ұзақ жасар.
Аңласаң ауыр ұят не болады,
Білімсіз болғаныңнан ойға нашар.
Ағар да ақылға бай бола қойсаң,
Атағың әр елге де араласар.
1936.
ЛЕНИНГЕ
Ленин - аузымда атың, ойымда - өзің,
Жолбасшым кеші-күндіз айтқан сөзің.
Орындап уставыңды отырғандар,
Сияқты байқауымда бәрі көзің.
Уақытында Николай мен бай табының,
Кедейлер байбайлап еді басып қозын.
Қылдырып қысы, жазы қызметін,
Алтынын алушы еді, беріп жезін.
Өсіріп уақытында бере алмаса,
Ат қылып мінуші еді бір кез бөзін.
Өздері жал мен жая жеп отырып,
Беруші еді қарын-қажақ, өкпе, безін.
Болмаса қойды бағып қара күреу,
Жарлының жалғызында жоқ еді сезім.
Олардың ондайша еткен азарына,
Ерте, кеш еңіреуші еді етпей төзім.
Ері - күл, әйелі - күң болып еді,
Бай-құлақ қоймағанда сол мінезін.
Жүргенде сондай күйде өзің туып,
Ортадан туралықтың құрдың тезін.
Ұялмай олар тірі отырар ма еді,
Кедейдің келіп көрсе осы кезін.
Риза бол ел атыңа, ұзақ жаса,
Сен үшін ұстап отыр ұлы, қызын.
Өлгенмен ойлағанда ұмытар ма,
Осынша тәрбиеңнен татқан тұзын.
1936.
ҮКІМЕТ БАСШЫЛАРЫНА
Орнығып Алматының қаласына,
Қазақтың қарастыңдар баласына.
Қылдыңдар жердің жүзін бостаншылық,
Әр жұрттың су жіберіп саласына.
Күйзелді көп аудандар өткен уақыт,
Ұшырасын өңшең бөрі таласына.
Нақақтан небіреулер жылап жүрді,
Егіліп жауыздардың жаласына.
Еткендер ондайынша жоқ боп кетті,
Өртеніп өзі жаққан шаласына.
Бұл күнде туралардан тұрып басшы,
Халықты тұр қалдырмай көз аласына.
Күнбе-күн керектерін келтіріп тұр,
Көз салып күйсіздердің наласына.
Жарылыр жарма өзен, тоқтық кірді,
Қаланың қай жердегі даласына.
Көркейді кеуілдері кедей таптың,
Құс төсек отырғандай паласыға.
Жол-жоба бұлайынша берген тауып,
Лениннің нұр шашайық моласына.
1936.
БОЛДЫ, - ДЕП, ЖАН АЙТПАЙДЫ, ЗАМАН МҰНДАЙ
Болды, - деп, жан айтпайды, заман мұндай,
Тұрғандай сайрауменен бұлбұл тынбай.
Гүлденіп Конституция күжім болып,
Иілген ертелі, кеш басты ырғай.
Жеп жатыр жемісінен үлкен, кіші,
Үстіне ұялаған бақыт құсы.
Ұзайып көлеңкесі күннен күнге,
Жетпейтін болып кетті көздің ұшы.
Жеті қат тамырлары жерге жетті,
Аспаннан бұтақтары әрі өтті.
Самалды саясына салып төсек,
Тамам халық шаттықта отыр, сипап бетті.
Енді жоқ ойлағанда уайым, мұң,
Атып таң, көтеріліп күлімдей күн.
Төбеде тапжылмастан тұрып алды,
Еш кезде мұнан былай болмайды, - деп, түн.
Шыдамай шырайлы түс туып айда,
Кеттің,- деп, көтеріп ек, халқым қайда?
Бойынды балбыратып баурына алып,
Үнменен ашты ұйқыны өте майда.
Қалам деп қалайынша ай мен күннен,
Шарыққа шолпандағы келіп мінген.
Құттықтап қуанышты осындайша,
Ол дағы қошеметін етті білген.
Алдында ай, төбеңде күн, Шолпан онда,
Тұрғанда тұрамыз ба, озбай сонда.
Қан жұтып қанаушы тап қалды тегіс,
Қу дала, құс қонбайтын құба жонда.
Көрсетіп кеңшілікті келмес ойға,
Ұшыратқан ұлы думан, күнде тойға.
Көп сәлем көсеміміз Сталинге,
Тимейтін түзде бөрі болды қойға.
Байғазым берген осы менің көпке,
Бағасын байқарсыңдар аз ба, көп пе.
Болыңдар бәрің де ырза, аз да болса,
Қалайда, қалды демей қарап текке.
1936.
АҚЫННАН ТҰРМАҒАМБЕТ ТАҒЫ ШАШУ
Ақыннан Тұрмағамбет тағы шашу,
Келген соң қуанарлық қайтпас тасу.
Халқына Қазақстан қай кезде де,
Болмайды, бер қолыңды, қарын ашу.
Кеше күн кезеңдерге кетігі бар,
Кетпейтін керек бірақ тоған, басу.
Ашылар абаттықтың арналары,
Бұлт шөгер болғаннан соң биік асу.
Лениннің өтіп кеткен өсиеті,
Колхоз боп қосып енші, қоғамдасу.
Білген соң бірлік кілті сол екенін,
Еш жанның ойында жоқ онан қашу.
Бірліктің бекіген соң нәтижесі,
Осындай өркен жайып орналасу.
Қорғаның қола да емес, құрыш болат,
Жоқ жаудан жауыз ниет қорқып, сасу.
Болды деп, бұл қалайша осы кезде,
Ойлап олар ісі басты қасу.
Әрқалай арқасында Сталиннің,
Болып тұр бізге жасау, жауға жасу.
1936.
ОНЫНШЫ ӨТТІ СЪЕЗД ӨТЕ ҚЫЗЫҚ
Оныншы өтті съезд өте қызық,
Тәртіппен тап маржандай, қойған тізіп.
Алғанмен құшырланып қолға қалам,
Тәусипін тауыса алман оның сызып.
Таңырқап тамашасын тұрды қатар,
Ай мен күн күлімсіреп көзін сүзіп.
"Шашылсақшашу болып қайтеді?"- деп,
Жыбырлап жұлдыз біткен кетті қызып.
Тұра алмай тау менен тас тебіреніп,
Теңселді теңіз, балық қайнап, құжып.
"Япырай, бұл не деген бостандық?" - деп,
Не наһан су бетіне шықты жүзіп.
Үндерін өңшең бұзық өшірісті,
Иттердей ырылдаған сүйек мүжіп.
"Келмес,- деп, - бұған шама" бұғып қалды,
Қорыққан жандарынан күдер үзіп.
Шаттықпен шапаттап қол, тарқады халық,
Салғандай шұғылалы гауһар жүзік.
Кенелткен кеңшілікке күннен күнге,
Жолдарын жауыздардың бұзып-бұзып.
Бар ма жан жүз айтқанмен жер жүзінде,
Сталин ұқшасында туған үзік.
1936.
ҚАШАННАН ҚҰЛАҚТАРЫҢ БОЛҒАН ҚАНЫҚ
Қашаннан құлақтарың болған қанық,
Мінеки, май мейрамы келді анық.
Ұлы күн ұлық мейрам екеніне,
Бәрі де ел біткеннің емес танық.
Күңірентіп көшелерді керней шалып,
Қалмастан қаптай шығып қарсы алып.
Күтейік күйлер тартып тоқсан түрлі,
Әртүрлі айтып өлең, әндер салып.
Бұрқырап бұлақтардың суы тасып,
Тазартты шаң-тозаңның бәрін басып.
Құлпырып қызыл, жасыл жайнап гүлдер,
Сайраумен бұлбұлдар тұр кеуілді ашып.
Көркейген кезі осы жер мен көктің,
Әрі уақыты ажарланған ағаш, шөптің.
Келген соң кеңшілікті кеуілденіп,
Күтуі кеше күндіз керек көптің.
Салынған ұстап туды орақ, балға,
Асқар тау аса алмас бұлт, шығып жалға.
Ұранын ойлы ерлердің ұлғайтайық,
Бастырған былайынша біздерді алға.
Ол ерлер өтіп кеткен Маркс, Ленин,
Қастасып қанаушы тап байларменен.
Ондайша іретінде еңбегінің,
Ендігі көретіні осы сенен.
Олардың үгіті мен айтқан сөзі,
Абайлап аңғарғанда анық өзі.
Сталин көсеміміз кейініне,
Отыртып кейініне кеткен көзі.
Жасасын мұнан да өрлеп ұзағынан,
Құтқарды патша, байдың дұзағынан.
Енді өрттей айпап-жайпап жоқ қыламыз,
Көтерсе иек, келді деп жау бұ жағынан.
Біз қырғи қанша айтқанмен олар торғай,
Бастарын қашатұғын қорқып қорғай.
Әгарда әлін білмей қарсыласса,
Қыламыз қырып, жойып қызыл борбай.
Қылышпен қайтпайтұғын қара тастан,
Тураймыз жауыздарды тисе қастан.
Көз жетіп, кеуіл сенді, кетпесіне,
Қолдан ту, халықтан бірлік, бақыт бастан.
Келісті кенегеңе тіркесем кеп,
Айта жүр әрқашанда "рахмет!" деп.
Айтқаны қариялардың қата емес,
Деп, "дұға су сияқты, адамзат - шөп".
Мүбада, мағынасыз бола қойса,
Сынсыз ер сірә болмайды, сөкпеңдер көп.
Айтқан сөз айтқан оқтың ұқшасында,
Орныңа ойындағы тимейтін дөп.
1936.
ПРАВДА ГАЗЕТІМЕН ЖАЙЫП СӨЗІН
Правда газетімен жайып сөзін,
Ленин еді еңбекші елдің ашқан көзін.
Дүниеден өмір бітіп өзі өткенсін,
"Правда" буып белін, билеп өзін.
Аралап жалпы жұртты жазы, қысы,
Досқа үгіт, дұшпандарға берді төжім.
Осы жыл жиырма бес жетіп жасқа,
Табаны таю түгел, тиіп тасқа.
Басына бәйге алып, шығып шыңның,
Атанды анық жүйрік, айқын қасқа.
"Ізімнен ізерттесіп жетіңдер" - деп,
Және де тұр газеттерге қарап басқа.
Күнбе күн газеттерде басылып тұр,
Көргеннің көңілдері ашылып тұр.
Жастар да жаңа өспірім жатпай, тұрмай,
Ой жетпес өнерлерді асырып тұр.
Өркендеп өсіңдер,- деп, ұзағынан!
Ел тегіс ырза болып бас ұрып тұр.
Жорнал да шығып жатыр жалғас-жалғас,
Сөздері сондай шырын, мейрің қанбас.
Кітап көп жақын кезде басылатын,
Ойында оқығанның қайғы қалмас.
Абайлап ақылменен аңғарғанда,
Басқалар бола алмайды бізбен парлас.
1936.
ЖАРАЛЫП ҰҚШАСЫНДА АЛТЫН ТЕЗДІҢ
Жаралып ұқшасында алтын тездің,
Болып ең Горький жолдас көркі сөздің.
Сағынып жанарынан жас кетпейді,
Өзіңді о, басында көрген көздің.
Халыққа қайғың қатты батып еді,
Басылған мысалында болып қоздың.
Айтылып атың бірақ әр орында,
Арманың жоқ қалайда және де оздың.
Болып тұр ойлауымда өлігіңді,
Бақшадай ортасынан ашқан боздың.
Таусылар емес миуаң жұртты жапсақ,
Тойынып аш, арықтар оңалды ақсақ.
Оятып рухыңды оның бәрі,
Орнында ойнап отыр, күліп "сақ-сақ".
Жаттаймыз жабыла оқып жазып кеткен,
Ікая, дастаныңды әгар тапсақ.
Мазмұны өр сөзіңнің аңлағанда,
Бедеудей бәйге бермес міне шапсақ.
Сөзіңді "өзің ғой" деп ортаға алып,
Қуалап хасіретіңді еттік ап-сап.
1936.
БИБІГҮЛГЕ
Бибігүл, қоштадың ба айтқан кепті,
Болатын бала екенсің асыл, текті.
Бір жауап Бибігүлден алып қой, - деп,
Қайқыға кетіп едім қағып иекті.
Әр қашан іліп жүрген Лашын ем,
Өзіңдей құмға ойнаған құба жекті.
Шамалы шаш, сақалдың ағын көріп,
Қартайып қалды ғой, - деп қылма шекті.
Өзіндей анық сейіс қолға түссе,
Көретін емес әлі көзім көкті.
Айыбым азу тісім ауырып жүр,
Шайнауға қорынамын құрғақ сөкті.
Бәйбішем қартаң ашып қалғаннан соң,
Ізденіп жүрмін жолдас білгілікті.
Аламын өмір серік етіп шырақ,
Ойлама айтады-ай деп өтірікті.
Нар болсаң нарқы қымбат нарау тартпай,
Ойдағы орынға апар артқан жүкті.
Қырсаудың қыр аса алмас керегі жоқ,
Қырындай ізденетін қалың бүкті.
Қырайын сақал, мұрттың барлығын да,
Екен деп ұнатпасаң аузы түкті.
1936.
АЛМАТЫҒА БАРҒАНДА
Аңласам әр жерінің қатесі бар,
Қатаның халық ұялтар шатасы бар.
Шашуға шамасынша алып келген,
Ағаңның Алматыға матасы бар.
Алдымен соны жүзеге шығарайық,
Беретін болса көптің батасы бар.
Жатырмын жаңа түрмен таныса алмай,
Бала емес сөздің қартаң атасы бар.
Кең ойлы кемеңгерлер кешірерсің,
Мұнымның болса ішінде шатасы бар.
1936.
АЛЫП ҚЫРАН
Сталин алып қыран, жүректі өткір,
Халқы оның саясында сүрген өмір.
Сталин ғасырлардың данышпаны,
Сталин жердің жазы, жайнаған нұр.
Көлбеген шексіз дала көктей өсіп,
Жасанып бау-бақшалар жайқалып тұр.
Біз бұрын кедей едік таяқ жеген,
Бүріп ап бар еңбегін байлар жеген.
Бай басып, мал менен жер құралды алды,
Қоштасқан және қатын, баламенен.
Қытымыр патша, төре, ұлық-дүлей,
Халықты қатты қинап шеңгелдеген.
Халықтың достығына, бағытына,
Сталин туды күн боп, келді тура.
Сол күннің сәулесінен жігер алып,
Жазылды жан жарасы, кетті мұң да.
Сор тұрмыс енді қайтып оралмайды,
Жетістік ие болып жер мен суға.
Достары Сталиннің әрбір дихан,
Емшектес соларменен бір туысқан.
Еруге Сталинге өмір бойы,
Еңбектің шын достары бала жастан.
Ерліктің ерекшесін бұл сықылды,
Ел-жұртым айтыңдаршы көрдің қашан?
Екеуін еркек, әйелі тең адам ғып,
Арылтқан жетім көзін аққан жастан.
Сталин күлімсіреп балаларға,
Тұрғанда қуанады балалар да.
Қолға алып бөбектерді құшақтаса,
Қуаныш ол бір мерей аналарға.
Бақша ашып, балаларға мектеп салып,
Бақытты орнатып тұр, бұл қоғамға.
Біздің ел өзін еркін бақытты, - деп,
Біледі қамқор әке бар болғанда.
Батыл, ер, шын кемеңгер әкесі бар,
Біз еркін, біз бақытты бұл заманда.
Күш дарып бір ерекше көңіліме,
Сол берген қуанышты өміріме.
Шат болып, бақыттылық жырын жырлап,
Жыршыңыз отыр жұртым бүгін міне.
ЛЕНИН ТУРАЛЫ
Ленин бау-бақшалы қайнар бұлақ,
Жұрт жатыр қоныстауға қалмай құлап.
Қырандай қияға ұшар етіп қойды,
Аштардың арқа-басын сыйпап, сылап.
Өткендер елді қойды, малды бақты,
Малдының ұдайына отын жақты.
Арқасы кедей таптың күнге күйіп,
Күні-түн көріп бейнет, тартты дақты.
Мал болды өткендердің туысқаны,
Бай біткен билеп елді, ту ұстады.
Жарлыға жылап барған "жыт!" деп, әрі,
Шашуға шоқты жинап, уыстады.
Болған соң шоқ шашатын тумаласы,
Жайлары болды жердің қу даласы.
Кетпенін тартып алып көмді жабын,
Болса олар бау-бақшасын суғарғысы.
Кедейлер күн көре алмай кетті қаңғып,
Қоймас деп бұлар, сірә, бізді жан ғып.
Берген соң аш, арыққа сондайша азар,
Бақ құсы бастарына кетті саңғып.
Ленин туды ырысына кедей таптың,
Бәрін де ұмыттырды көрген дақтың.
Азарын аш, арықтың әперуге,
Байларды тықты ішіне атыз, жаптың.
Ленин ең алдымен бақты елді,
Кемшілік кедей табы көрмеді енді.
Бірдей ғып барлық жанды бағып, күткен,
Ел сірә, есіттің бе мұндай ерді.
Алдымен әйел табын бастырды алға,
Өткендер сатушы еді қызды малға.
Бұл күнде еркі өзінде, өнер біліп,
Ұқшасты болды бәрі биік жалға.
Жетімді ата-анадан артық күтті,
Алдына көрмегенін әкеп тұтты.
Мұндайша марһаматты милы туған,
Кедейлер басшыларың болсын құпы.
Шалықтап жерді қойып жүрсін көкте,
Бұл дәуір болып па еді бай мен бекте.
Олардың өліп-талып бабын тапсаң,
Мінуші ең есек-песек оқта-текте.
Десеңдер мынау жалғыз, мынау жетім,
Кеңестің тырнағындай болар бетін.
Бәрің де Лениннің баласысың,
Жаттардай жалтақтама мұңыңды өтін.
Күйшіні байлар табы деуші еді "дәйді",
Біздердей етпейді, - деп, малды қайғы.
Ленин көптің көркін көркейтті, - деп,
Оларға бергізіп тұр сыйлау, бәйгі.
Жомарт бұл жан еңбегін еш етпеген,
Бар ма өнер көздеріңе көрсетпеген.
Уақытында Николайдың бар ма еді ойда,
Мұндайша кедей көңлі өседі деген.
Елді елге ел теңгермейді, ер теңгерер,
Ол ерің осы Ленин ізіне ер.
Жеткізер ойыңа алған арманыңа,
Мұнымның анығына қолыңды бер.
Ескерту: Сталин туралы жазылған екен, Ленинге жазылды. Өзің білерсің.
СТАЛИН ТУРАЛЫ
Сталин жауыны көп көктем еді,
Жайқалып, жасын гүлдей отыр ұлты.
Мұндайша мамырстан етіп қойды,
Кең ойлы болғаннан соң білім кілті.
Тастады түкке аспайтын етіп жолға,
Ішіне ескі әдеттің құйып сілті.
Ертеде өтіп кеткен Үрістемдей,
Болады, - деп, болмайды ойлау жаннан мұлты.
Әрқашан айтқандарын орындамай,
Халықтың қай жердегі құлқы құнтты.
Мақсаты Стахановшы болмақтықта,
Ерлердің есі бүтін ынты-шынты.
Орындап міндетті істі мың есе етіп,
Есіту марһамат сөз мінез, мінті.
КЕЛІҢДЕР КЕҢ ОЙЛЫЛАР КЕҢЕСЕЛІК
Келіңдер кең ойлылар кеңеселік,
Кеңестен кемдік көрген емес едік.
Ел атын Сталиннің өткізуге,
Отырған кеше күндіз кемеші едік.
Құрғаққа халықты ертерек шығаруға,
Ескекті елеуремей оң еселік.
Керегін кей ел таптың тауып беріп,
Бастырып алға аяқ демеселік.
«Жемейді біріккенді бөрі» деген,
Бас изеп бір - біреуге «е» деселік.
Қарғыны қиянаттық қаптамасқа,
Шым басып, шын ниетпен бөгеселік.
Алуға озып бәйгі, айтып ұран,
Елдермен ескі таптың егеселік.
Тудырып торғай құсын қой үстіне,
Туралық туын ұстап теңеселік.
ГОРЬКИЙГЕ
Горький жолдас көркі едің,
Ікая, роман, дастанның.
Ұран аты өшпейді,
Өнеге, үлгі шашқанның.
Қандырып құлақтың құмарын,
Қалайда да өзі едің,
Теңіздей толып, тасқанның.
Ес-дерті сенің сөзің еді,
Есін жиып, ербиіп,
Аяғын аңлап басқанның.
Біреуі едік біз дағы,
Таңдай қағып, тамсанып,
Таңырқап ауыз ашқанның.
Кеңескенде көңілмен,
Кезіндегі кезектен,
Керегі жоқ қашқанның.
Айтқанменен әр қалай,
Уақытында батады,
Ай, күні де аспанның.
Арманың жоқ асылында,
Санаулы өмір сарқылып,
Алтын қазық жастандың.
Аталып атыз әлі де,
Ықтасында боп тұрсың,
Белгілі биік;.
Соңындағы сөзді оқып,
Рухыңды ояту.
Ендігі ойы жастардың.
1936.
ӨТЕБАЙҒА
Өтебай жолдас осыны,
Оқып көрші қолға алып.
Жаза алмайды көбейтіп,
Қолы құрғыр қорғанып.
Себебі сақтық етеді,
Саясаттың жөнінен,
Алғанынша қорланып.
Болмайды, - десең, бұл сөзің,
Қалбалақтап қаламын,
Жығылғандай орға анық.
Өсіріп қойсаң ойымды,
Әр түрінен өлеңнің,
Көрсетер едім жорғалық.
Күйім келіп отырып,
Ұстасам қалам қиялға,
Қысылмаймын зорланып.
Құрыстап, қаптап келеді,
Көк шығарар көктемнің,
Бұлтыңдай торланып.
Көмегім кем болған соң,
Көркейте алмай көңілімді,
Болып жүрмін құр ғарып.
Ақсаңдай аяқ басамын,
Тұралаған тұлпардай,
Табанында шор қалып.
Мақсатым менің мағыналы,
Материал беру журналға,
Өздеріңнен форма алып.
1936.
HAPКОМПРOСҚА
Тербетіп әрлі, берлі көрсем ойды,
Ұйқысын аша алмады, тіктеп бойды.
Ой тұрып «осылай жаз!» демеген соң,
Орнына қаламды қол қайтып қойды.
Өтініш осы берген сөздерімді,
Сынаңдар оқып көріп өңшең ойлы.
Көзіме көрсетіңдер түсінейін,
Аралас кетсе ішінде қола, шойыны.
Алмасам өздеріңнен үлгі, өнеге,
Адаммын аз ақылды, қысқа бойлы.
Шамасы келе қойса көп ісіне,
Июлі ертелі-кеш ердің мойны.
Қауып етем болып сөзім кете ме деп,
Секілді бақсы жыны, бала ойыны.
Болмаса негізінде ниетім бар,
Етпекке өздеріңді абыройлы.
Қарт едім халыққа бұрын қадірі жоқ,
Басына кедейліктің тиген сойылы.
Нәрсем жоқ аянарлық, асылында,
Көрсеткен бұл кеңестен күнде тойды.
Рахмет Сталинге кедей таптың,
Көңілінен уайымның бәрін жойды.
Болып тұр бір туғандай бүткіл адам,
Жойылып жанжал, ұрыс жарды, сойды.
Мұндайда мейірімді ердің арқасында,
Байлардан болдық артық жүз мың қойлы.
Дүниеге мұндайда жан келер ме екен,
Ашулы аш-арыққа күн-түн қойны.
1936.
КҮЛӘШҚА
Сәлем хат жауабыңа жаздым
Күләш, Ой шіркін, о, басында құлаш-құлаш.
Кем-кемнен кейінінен басыласың,
Дүниенің опасызын біліп рас.
Өткендер орынына келмейді қайтып,
Сондықтан керегі жоқ оларды айтып.
Тән қайда, тәңірі ісіне талап қолдан,
Отырмай өз-өзіңді құр мұңайтып.
Білгеннен хабарыңды сенің сұрап,
Арба жоқ, ара шөлде, жерің жырақ.
«Құлағың есіткенді көзің көрер»,
Дегені қариялардың бар ғой бірақ.
Іншалла қауышармыз болсақ аман,
Келіп бақ уақытың болса бері таман.
Осындай Алматыдан орын алып,
Отырмын асылында ғашық боп саған.
Орасан көп болғанмен әйел халқы,
Артық, кем бір-бірінен болар парқы.
Бас қосса жаманменен жабығар ер,
Жүргендей жүдеп, шаршап, жаяу-жалпы.
Жақсысы жайнаған гүл көңіліңді ашар,
Ой тауып өзіңменен ақылдасар.
Дегендей «Біріккенді бөрі жемейді»,
Талабың ойыңа алған алға басар.
Көз салып әйел тобын араладым,
Бұрылып бәріне де қарамадым.
Қызыл жүз, қызғылықты болғанменен,
Білімді болмаған соң қаламадым.
Белгілі бұл Биекең еді досым,
Қолының білгеннен соң мұның босын.
Әдейі аттандырып тұрмын қолдан,
- Жеткер, - деп, сол Күләштің мұнда көшін.
Барған соң біздің жайдың бәрін де айтар,
Өзіңді бері қарай ала қайтар.
Қалмаса біреу ұстап білегіңнен,
Ойым жоқ деген сізді сөзді ұзайтар.
Аяғы осыменен бітті сөздің,
Өзгеге жоқ алаңы енді көздің,
«Келеді, - деп, Күләш қашан?» ойнақтаймын,
Үстінде балалардай тұрған қоздың.
1936.
ЖАМБЫЛҒА
Бәйгі алып тоқсан жаста келді Жамбыл,
Бедеудей басып озып жолмен даңғыл.
«Қазақта қарттар сондай бар екен!» - деп,
Газеттен хабарланды Қытай, Моңғол.
Марқайтқан қартайғанда халықты осындай,
Қалай да құрметіне мұның қам қыл.
Шаңына шал біткеннің ілесе алмай,
Жастардың жаңа өспірім басы қаңғыр.
«Бұрмалап бастасына кетті ғой» деп,
Сыртымнан сөйлемеңдер менің әрбір.
Жолдастар, өкпелеме, оным ойын,
Шалдарға кім сендерсіз бұрар мойын.
Көз салып көнелерге кемдік көрген,
Өлгенше өсіріңдер енді бойын.
Шалдарды шалықтатып қоюларың,
Асылында өздеріңнің абыройың.
Николай залым патша заманында,
Байлардың жүруші едім бағып қойын.
Көп жаса қамқор болған Компартиям,
Кендіктің көрсеттің сен күнде тойын.
Жастардың және он үші алды бәйгі,
Газеттер оларды да елге жайды.
Озған соң осы ретте қатарынан,
Айтпаған қалмады жан алақайды.
Езіліп өткен кезде кедей табы,
Жұрт ендер болып қалған жүрек шайды.
Ер туып Сталиндей ырысыңа,
Тудырып тұс-тұсыңнан қойды айды.
Әр қалай арқасында озып оның,
Айрылды бастан тұман, ойдан қайғы.
Басшыны Мирзояндай берді милы,
Миуалы дарақтай ол басын иді.
«Жеп менің жемісімнен тұрыңдар» деп,
Қалдырмай Қазақстан халқын жиды.
Жасасын! Жетім-жесір, жүдеулерге,
Көрсетті көз көрмеген мұндай сыйды.
Жіберіп Сталинге және оздырды,
Осынша үйрендіріп би мен күйді.
Ал енді, үлгі-өнеге, өнер біліп,
Өрлеңдер, еркің елім қолға тиді.
1936.
СӘКЕНГЕ
(Сәкеннің әдебиет майданындағы 20 жылдығына)
Сияқты алмас қылыш, алтын сапты,
О, баста айырысып екі тапты.
Алдына айқындалып түстің көптің,
Тұлпардай талғамаған күй мен бапты.
Кен кеулеп кейінгілер пайдасы үшін,
Көп жаса, көріп бейнет, тарттың дақты.
Ескеріп Сталин ол еңбегіңді,
Төсіңе түспейтін ғып орден тақты.
Нарқыңның артықтығын аңғарып халық,
Ұлғайтып ұраныңды, отың жақты.
Көлеңкең күндік жерге түсетұғын,
Жемісті жас ағашсың жапырақты.
Ерте-кеш риза бол, тілектеспіз,
Мұнан да өрлегей деп ықпал бақты.
1936.
СӘКЕННІҢ «ҚЫЗЫЛ АТЫНА»
Қолқалап Сәкен сіздің «Қызыл атты»,
Жолдадым жауабыңа жазып хатты.
Әр қашан арызумын ат дегенге,
Екпіні есіп тұрған желдей қатты.
Қалайда ойлағанда өздеріңсің,
Жұрт үшін жинап жатқан түрлі затты.
Қымбат сөз қайсыңнан да сұранамын,
Мазасы мазмұнының майдан тәтті.
Сәбиттің «Сұлушашын» оқып көріп,
Көп айттым оқып көріп мархабатты.
Ілиястың «Күйін» дағы күнде оқып,
Жатамын «жарайсың!» деп керіп шатты.
Мәжит те «бірер кітап берем» деп еді,
Сөздері сұлу болып шыққан сәтті.
Алдаумен әлі күнге бермеген соң,
Азары ол жолдастың өте батты.
Бастырып мен де кітап беремін, - деп,
Етіп жүр Әбділдә да іждақатты.
Қиыстық «Қызыл атты» ете қойсаң,
Мың жаса, марқайтқаның мендей қартты.
Қалмахан: «Керегімді табамын», - деп,
Мен үшін көп міндетті мойнына артты.
Оқимын өздеріңе шәкірт болып,
Наркомге орындасам еткен шартты.
1937.
ТЕМІРГЕ
Қайырлы болсын тұғыр, інім Темір,
Тілеймін баянды бақ, ұзақ өмір.
Қалай да осы ісің оңға айналып,
Ең азы үлгерерсің үш, төрт номер.
Мәдениет майданында шын қимылдап,
Басып ұр балғаңды енді барда көмір.
Сыр беріп сирағыңды сылтып баспай,
Күннен күн гүл-гүл жайнап қунап, семір.
Қырық жас - қыл қабатын қылышы ердің,
Кезетке келгенің жоқ күшің кемір.
«Тілегі досқа достың қабыл» деген,
Жөнделіп жүретұғын жолың кеңір.
Қиыңа қорқып қурай жаныша алмас,
Болғанмен көп дұшпаның, көзі шегір.
Ұшады ер ұрпақпен, құс қанатпен,
Қайратың құлатқандай болсын жебір.
Бес күндік дүниенің базарынан,
Гөзелдер күні бітіп көшті небір.
Солардай сапар қамын етпегенмен,
Айналдық ая боздай ашқан кебір.
1936.
«ШАҺНАМАҒА» КІРІСКЕНДЕ
Келсем де бұл жұмысты қиын көріп,
Қарап ем қиялыма киіндіріп.
Орасан артық, кемі болмаған соң,
Көңілімді кетті менің сүйіндіріп.
Тәуекел тауып орын тапсырып көр,
Алармын әр қалайда иілдіріп.
Қалайша қиял шіркін қашар екен,
Отырсам жоғарыға киімді іліп.
Абырой асылында болар еді,
Қоя алсам күндеушіні күйіндіріп.
Баяғы балалықтың базарында,
Өлеңді отырушы едім үйілдіріп.
Ойламай ұлғайған соң оның жолын,
Тастап ем зейілімді түйілдіріп.
Сонда да қиял құсы алар деймін,
Ақбөкен, алтайына биыл бүріп.
Қолымнан келетұғын жұмыс болса,
Халықты қоймайтын ем қиылдырып.
Алалық асылында таңдаулысын,
Порасын не етеміз жиылдырып.
Ораз да өзіміздей адам шығар,
Қайтесің мені оған сиындырып.
Жолымен оның жүрген жортақтасам,
Түрі бар кететұғын миым іріп.
Қалай да бәйгі алып бере алмайды,
Жүйрікті жаратпасаң күйін біліп.
«Ишарат - ақылы барға» деген нақыл,
Ал қойдым осы араға тиілдіріп.
1936. Алматы.
«ШАҺНАМАНЫ» АУДАРУ ҮСТІНДЕ
Білмедім бұяғында ненің барын,
Қағазы жыртылған соң бірлі, жарым.
Қаламды «қап!» дедім де қайтып қойдым,
Қалғандай қазылы етке тоймай қарын.
Анығы Кейқысырау кетіп қалды,
Аллалап Апырасиаптан алып арын.
Сол жерін іздете ме, іздетпей ме,
Кеңестің өзі білсін не қыларын.
Қалдырып араб, парсы, өзбек тілін,
Осындай еттім өлең ойға ұнарын.
Сөз болып «Шаһ-нама» шыға қойса,
Қандырар қалайда да халық құмарын.
Ұнаса осы айтқаным асықтырмай,
Беріңдер өз қолыма ықтиярын.
Ұрайын «Тәуекел!» деп тағы қалам,
Кеңесіп көңілменен көне сарын.
Қартаңдық қиялға қақ түсірген соң,
Көремін асқар таудай әр қатарын.
Қырсығып қиял сондай қала қойса,
Бес бармақ білмей қалар не жазарын.
Сондықтан өтірікші бола алмаймын,
Бітер, - деп, осы биыл, яки жарын.
Жеті ай жер бауырлап жата - жата,
Бітірдім зорға жазып жарты парын.
Қалайда алсам қолға ақырлармын,
Алдыма қоймаса ажал құрып дарын.
Болған соң көргендердің көңілі бітер,
Кезгендей Азияның бар шаһарын.
1936.
«ШАҺНАМА» АЯҚТАЛҒАН СОҢ
Ортаңа шашуым бұл шашқан менің,
Көріңдер кеулегендей гауһар кенін.
Әуелі - Адам ата, соңы - Дара,
Қызықты қатаң қағып, тартқан желім.
Сөзінің көбірегі көрінеді,
Тұранмен ұрыстыру Иран елін.
Екеуі о басында туысқанмен,
Шайқаған бір-бірінің шалқар көлін.
Өздерің оқығанда, байқарсыңдар,
Жетекші болғандығын оған ненің?
Ираннан Рүстемдей батыр туып,
Тұранның талқандаған тау мен белін.
Сөздер бар басқа дағы басты шайқап,
Есіткен отыратын тістеп ерін.
Жойылып сексен қағаз шамасындай,
Шамалап тастап кеттім орта жерін.
Тіркеймін табылса олар тағы артынан,
Үзбесін онан дағы көп күдерін.
Болсаңдар бұған риза әзіріне,
Тигендей төбем көкке, тарқар шерім!
1936.
«ШАҺНАМАНЫ» АУДАРҒАНДА
Шыққан соң «стахановшы» деген атақ,
Қалмады кейбір жанда татау, шатақ.
Кітабын Фердаусының аударуға,
Отырмын өзімді-өзім мен де матап.
Жатырмын ана тілмен етіп өлең,
Араппен жиюшы еді парсы, үрім.
Өлмесем осы жылдың ақырына,
Бітіріп қолдарыңа жазып берем.
Жартысын жатпай-тұрмай болдым жазып,
Түрім жоқ кететұғын жүдеп, азып.
Барады күннен күнге көңілім өсіп,
Кен кеулеп жатқаннан соң гауһар қазып.
Келгенмен кейуана боп елу үшке,
Жасарын жиырмадағы келдім күшке.
Алаңсыз анық қиял ауғаннан соң,
Ұйықтасам ойдағы ісім енер түске.
Тұрыңдар тілектес боп жұртым тегіс,
Мен дихан түзеп жатқан бәріңе егіс.
Бау ағаш бауларыңа берсем тігіп,
Ойым бар бермес деген ешкім сөгіс.
Бітірген Фердауси да отыз жылда,
- Барады, - деп, ойламаңдар оған бұл да.
- Кем ғой, - деп және дағы жабықпаңдар,
Мазмұнын түгелінен терем мұнда.
Ел үшін өтті ерлер етіп еңбек,
Оларға өткенмен жоқ өмірде өлмек.
Кейініне кенін тастап кеткеннен соң,
Не керек негізінде қайтып келмек.
Халық болып қорған салып құралдағы,
Кенінен керегіңді тұр алдағы.
Солардың сарынына сен де түссең,
Боларсың белгілі ер ұрандағы.
Артында арманың не қалса атың,
Халыққа тиіп тегіс қайриятың.
Ер болсаң ел атыңа тисін пайдаң,
Амалдап кім асырамайды бала, қатын.
1936 жыл, Алматы.
АУДАРМАШЫДАН
Болған соң «Шаһнаманың» соңы осы,
Сөзінің Тұрмағамбет ұшын жиды.
Өлеңмен он бір буын он ай жазып,
Бітірдім ойды оятып, қозғап миды.
Күндей-ақ күллі әлемге нұрын жайған,
Арнадым Сталинге осы сыйды.
Осының осылайша бітуіне,
Жолдастан Мирзояндай жәрдем тиді.
Уақытында Николайдың езгіленіп,
Жан едім жүдеп қалған, болып шилі.
Бұл жолдас бізге келмей тұрғанда әрі,
Болып еді уақиғалар неше қилы.
Олардың барлығы да болып ұмыт,
Мәз-мәйрам болдық мұндай жайлы, күйлі.
Жүргенов жаздырулы Наркомпрос,
Болғанмен жасым анық елу үште,
Жасарып жиырмадағы тұрмын күште.
Дананың Сталиндей арқасында,
Егіндей өсіп тұрмын ішкен үсте.
Сондықтан сылтауратып бас бұрмаймын,
Әр қалай қызметінен деген істе.
Денім сау дерт, сырқаудан болып тұрса,
Ойым жоқ онан өзге бұл келісте.
Баяғы бай мен бидің уақытында,
Мерт боп ем, мұқап өте итерісте. –
Осыдан құтылар күн болар ма? - деп,
Бармағым басылулы боп еді тісте.
Тозаңы таршылықтың ондайынша,
Өң түгіл, көрінетін емес түсте.
Өшкен соң уайымның өрті ойынан,
Бір жан жоқ жүрген қазір өкініште.
Бәрінің екі езуі құлағында,
Сияқты шарбақтағы піскен пісте.
Көруге осы дәуірін Сталиннің,
Балалар да асығулы жатқан іште.
КЕШЕ ШЫҚҚАН ГАЗЕТТЕ
(Газетке шыққан мақаланың аяғына аты қойылмағасын жазған өлеңі)
Кеше шыққан газетте,
Сөзім бар да атым жоқ.
Атамайтын ер атын,
Көнеден қалған қатын жоқ.
Баспаса болады басында,
Болса сөзде татым жоқ.
Өздеріңнің бірің біз,
Ауып келген жатың жоқ.
Ескертіп қой оларға,
Өзіңнен өзге шырағым,
Тілі өткір батыл жоқ.
Келген сөзді кеуілге,
Кідіртіп кейін қоятын,
Қалайда сабыр, дәтім жоқ.
1936.
ШАҺНАМАДАН СӨЗ АЛЫП
(Шаһнаманы басқандағы аяғында аты көрсетілмегендіктен айтқан сөзі)
Шаһнамадан сөз алып,
Газетке жолдас басыңдар.
Шашуымды бұл берген,
Уыстап ұстап шашыңдар.
Жәрдем беріп жабыла,
Іреуі болса ашыңдар.
Айтатұғын алғысым,
Теңіздей толқып тасыңдар.
Кебеже қарын, кең құрсақ,
Көнеден қалған мен бедеу,
Сылап сипап қасыңдар.
Аяғында сөзімнің,
Атым бірақ айтылмайды,
Қайсыңның менде қасың бар.
Өкпелермін екінші,
Ұмытсаңдар осыны,
Үлкенің бар, жасың бар.
1936.
ҚҰЛЫМБЕТОВКЕ
- Тисін, - деп, тірілікте көпке пайдам,
Кірісіп қызметке өткен майдан.
Жатырмын «Шаһ-наманы» ермек етіп,
Анықтап ана тілмен ашық айдан.
Сөздері көңіліме көрінеді,
Сүйріктей шыққан жарып қара ылайдан.
Түрі бар біте қойса болатұғын,
Гүжімдей көлеңкелі өнген сайдан.
Ойым жоқ елу үшке келгеніммен,
Кейіндеп қалам деген құнан, тайдан.
Баласы Кіші жүздің, Кете руым,
Емеспін сарт пен өзбек, я ноғайдан.
Ауданы Қармақшының, оныншы ауыл,
«Кім еді?» деп сұрасаңдар біздің жайдан.
Бағып тұр Наркомпрос тәрбиелеп,
Жай беріп жаман емес бұл маңайдан.
Айлығым алып тұрған ауыспайды,
Негізінде жейтұғын нан, ішер майдан.
Тон киіп, тон кетсе де әлі жүрмін,
Көрініп көзге едәуір анадайдан.
Сол үшін жауабыңа жолдадым сөз,
Өзіндей сұрауға ақыл, ойға байдан.
Жол сілте жолдас маған жөні келсе,
Қаржыны киім алар табам қайдан?
Өздерің осы орынға отырғалы,
Еш жай жоқ берекелі бұл крайдан.
1936.
ЖОҚ ЕНДІ ЖҮЗ АЙТҚАНМЕН КІМ МЕН ҚАЙҒЫҢ
Жоқ енді жүз айтқанмен қам мен қайғың,
Боп тұрсың ұқшасында толған айдың.
Аталып Қазақстан қала салып,
Қуанам, құтты болсын алған бәйгің.
Қолынан Мирзоянның тояттанып,
Түлеген қыран құстай қанат жайдың.
Алуға анығында айналдыңдар,
Әртүрлі аңды ішінен қашқан сайдың.
Колхоз боп қоныстанып, қосып енші,
Жобасын патшамен жойдың байдың.
Олардың жоқ шығуы жүзге енді,
Қалғандай қабатында қара ылайдың.
Ұстап ту ұдайына біршілікпен,
Жүрегін жауларыңның жұртым шайдың.
Мың шүкір мертік тегіс тұрды орнынан,
Тәрізінде табылып заң тап мұнайдың.
Жас түгел, жығылатын емес шал да,
Үстінде шапқанменен жайдақтайдың.
Перевод Фердоусидің еттім сөзін,
Елдерін аралауға әр крайдың.
1936.
АҚЫНДАРҒА
Бейімбет, Сәкен, Сәбит, Ілиястар,
Қайткенмен кемеңгерлер көпті бастар.
Солардың санды жүйрік сараптары,
Қалайда Қалмахан мен Мәжит, Асқар.
Өтебай, Әбділдә, Айдар, Тайыр, Жақан,
Орасан озат туған, ойға мастар.
Қасымбек, Қапан, Ғали қайтпас болат,
Сияқты сынауымда өңшең жастар.
Бедеудей барлығы да бабындағы,
Ортаға озып келіп олжа тастар.
Сүйріктей судан шығып келе жатқан,
Балалар көп байқауымда сөзді бастар.
Жаңартпай жұртты бұлар қояды ма,
Бірі тыс болғаннан соң, бірі астар.
Етсе өлең Аманкелді батырларды,
Ерінбей оқыр еді әр кластар.
Қам қылды қарт ақының күшін жинап,
Қалмауға қатарынан қаламдастар.
Бітірдім, бердімміңе «Шаһ-наманы»,
Күдік қып, күңкілдеуші ет бақталастар.
Жырлаймын Аманкелді енді отырып,
Үлгі алсын Тұрекеңнен әр жолдастар.
1936.
АЙТАТЫН ӨТІНІШІМ ҚҰЛМЬІРЗА ІНІМ
Айтатын өтінішім Құлмырза інім,
Ал дағы біздің сөздің татау, мінін.
Бастырып жалпы жұртқа жайып жібер,
Байқасын бәрі де оның оқып түрін.
Сөзімнен осындайша өлең еткен,
Тартпаушы еді татау тауып ешкім мүрін.
Қалдырмай қалайда да қатарымнан,
Салып жүр қай уақытта көздің қырын.
1936.
КӘРІМЖАН НЕ ҚЫЛДЫҢДАР САМНЫҢ АРТЫН
Кәрімжан, не қылдыңдар Самның артын,
Сөздері байқағанда еді алтын. –
Басылып енді ертең шығар - ау, - деп,
Ойланып ұйықтамастан жатам әр түн.
Ол ойым әлі күнге болмаған соң,
Өкпелі өздеріңе біздей қартың.
Қояйық мұнан былай сөз бермей-ақ,
Бәріңнің осы болса етер салтың.
1937.
ӘШІРГЕ АҚЫЛ
Баласың білімге бай інім Әшір,
Ой құсын өте баптап, ұзаққа асыр.
Алдырып ақмарал мен алтайы арқар,
Атыңды ет айтылатын неше ғасыр.
Сияқты аңлағанға аждаһа ажал,
Жеп жатқан жанның бәрін пашыр-пашыр.
Қайткенмен санаулы өмір сарқылған соң,
Сөз қалар кейінгіге, кеуде сасыр.
Фердоуси, Навои мен Низамилер,
Жазып сөз, жайған жұртқа назым-насыр.
Соларды сары алтындай сақтап таза,
Халық біткен қалып қайран, басты қасыр.
Оларды өлді деген ойсыздарды,
Көрсетпей көрімен көміп, көптен жасыр.
1937.
ТАҚПАҚТАР
ТАҚПАҚ
(Әбдіраманға өкпелеп көшіп кетем дегенге)
Жақтасу – «құрты» жақ - жақтың,
Егесу - ісі ақымақтың.
Есің бүтін ер болсаң –
Қамын қыл халыққа жақпақтың!
Аз да болса бұл сөзім –
Шықылындай шақпақтар!
Бұл айтыл - мыс сөзі-дұр –
Тұрмағамбеттей тақпақтың.
1908.
ҚҰЛЖАН БИГЕ
Арғы атаң - Бекет еді,
Бекет емес, бөгет еді.
Өзің әкең - Базар еді,
Базар емес, мазар еді.
Сенің атың - Құлжан
Құлжан емес, құр жан еді.
1905.
НЕ ҚЫЗЫҚ?
Ұл менен қыздың қызығы –
Тілі анық шыққанша.
Мергендіктің қызығы –
Көздеген аңын жыққанша.
Жүйрік аттың қызығы –
Шомылып терге шыққанша.
Тәтті тамақ қызығы –
Қарныңа барып быққанша...
Татулықтың қызығы –
Кеудеден жаның шыққанша.
Әртүрлі үгіт айтамын,
Өтіп кеткен Лұқманша.
1905.
НЕ АРТЫҚ?
Сипаты бірдей адамның, -
Ерден - ердің ісі артық,
Формасы келмес күмістен –
Сұлулап соққан мыс артық.
Жаңбырсыз болған жаз күннен,
Шаруаға жайлы қыс артық.
Тұғыры құтсыз сұңқардан, -
Тұрымтай атты құс артық.
Өңінде көрген кемдіктен, -
Ұйқыда көрген тұс артық.
Құрымы тамған қараша үй,
Таза болса тағамы,
Ықыласты болса адамы,
Ақ ордадан мың артық!
Ұл менен қыздың қызығы –
Тілі анық шыққанша.
Мергендіктің қызығы –
Көздеген аңын жыққанша.
Жүйрік аттың қызығы –
Шомылып терге лыққанша.
Тәтті тамақ қызығы –
Қарныңа барып быққанша...
Татулықтың қызығы –
Кеудеден жаның шыққанша.
Әртүрлі үгіт айтамын,
Өтіп кеткен Лұқманша.
1905.
ТӘЛІМ
Аға деген ініні,
Жаным десе болады.
Ерді күткен әйелді,
Ханым десе болады.
Ыңырсыған ұл, қызды,
Сәнім десе болады.
Көктемдегі төл даусын,
Әнім десе болады.
Шөлдеп ішкен сусынды,
Палым десе болады.
Ойлы туған ерлерді,
Салым десе болады.
Жаман туған жақынды,
Залым десе болады.
Сот жүктеген жазаны,
Тәлім десе болады.
Осындай айтқан үгітті,
Ел біткенге үйретіп,
Мәлімдесе болады.
1936.
ЖАҚСЫ МЕН ЖАМАН
Халық үшін туған қас жомарт,
Мың барсаң да пір көрер.
Кеуде зор, көңіл пәсендер,
Мың айтсаң да бір көрер.
Мал менен дос мөңгілер,
Қаранды көрсе бүркенер.
Туысы бірге болған соң,
О, тарих, бәрін бір көрер.
1933.
МЫРЗАНЫҢ МІНЕЗІ
Ораза жоқ, намаз жоқ,
«Құдай» деген бір жанбыз.
Уайым жоқ, қайғы жоқ,
Есалаң, ессіз, ыржаңбыз.
Жал мен жая тартылса,
Пышағы жоқ құр жанбыз.
Басқа бақыт қонған соң,
«Білікті» бірақ мырзаңбыз!
Қалайынша болғанмен
Өмір бітсе, күл жанбыз.
ОПА ЖОҚ
Атында, ерлер, опа жоқ
Біреу мінсе, кетеді.
Қылышында опа жоқ –
Өзіңді ұрса, өтеді.
Қатыныңда опа жоқ –
Қиянат қарлық етеді.
«Өтірік» деп осыны
Айтпасаңдар, не етеді?
Анығында, асылында
Ақылдарың жетеді.
1925.
ӨМІР ТОЛҚЫНЫ
Пендесін Алла жек көрер,
Жек көрмесе, жеткерер.
Қалың өрттен қаптаған,
Аман-есен өткерер.
«Шүкірлік» қылып шыдаған,
Кеңшілікті көп көрер.
«Болмады, - деп, - ойдағым»,
Асығып, ақымақ өкпелер.
Қашқанменен қай жаққа,
Тағдырда жазған талайың,
Тап алдыңнан дөп келер.
Осы үгітті тыңдамай,
Тарап кетті түс - түске,
Көкірегі көппелер.
1932.
«АДАММЕН АШЫНА БОЛАМ» ДЕСЕҢ
(Мақтұмқұлыдан)
«Адаммен ашына болам» десең,
Уағдасында тұрғанын көр.
«Байдың пейілін көрем» десең,
Қайыр, көмек бергенін көр.
Ат-жарағы сай болса,
Жетеді әр кез, жай болса,
Әкім өзі бай болса,
Қонағының келгенін көр.
ӘЙЕЛІНЕ АЙТҚАНЫ
- Жесін, - деп біздің бибі жілік берді,
Жұмсағын басқасынан біліп берді.
- Өлер, - деп, өте жаман қорқып едік,
Саулыққа қалайда Алла іліктірді.
«Кейіні кеніш – реніштің» деген қылып,
Қуантып ой кетігін кіріктірді.
Қылыңдар қол қусырып сансыз шүкір,
Басыңды бәріңнің де біріктірді.
ЖАЛҒАСҚА
Жүгіріп шықты Жалғас діңгегіне,
Баспалдақ қылған екен мінбегіне. –
Құлар, - деп қапияда қауіп етемін,
Ілінсе екі түйме ілгегіне.
Болады дос сыртынан досы қамқор,
Ескерттім екіншілей білмегіне.
Бір ауыз былайынша өлең еттім,
Басы бос балалардың күлмегіне.
УАТАЙҒА
Жүруші ем жақсы көріп Уатайды,
Ол айтқан Уатайдан дуа тайды.
Жұмысы жұрт көңіліне жақпағанды,
Халық біткен қалайда да «қу» атайды.
БАЙДЫҢ БЕЙНЕСІ
Бір ұрты етігінің іскен екен,
Өзін де шебер кісі пішкен екен.
Басың таз, мұрның пұшық, көзің соқыр,
Құдай да қыр соңыңа түскен екен.
КЕТЕБАЙҒА
Кең жаһан тарылады, қаза келсе,
Жоқ айып бар болады, жаза берсе.
Жүйрікке бір күн томар кез келеді
Жарқырап жалғыз өзі оза берсе.
Екінің бірі береді тасқан жерде,
Күніңе ер жарайды сасқан жерде.
Жаманға жазатайым ісің түссе
Қабысып қалады екен аспан жерге.
Қармақшы, 1937
* * *
Ар жақсы болыстық пен биліктен де,
Сол жарар не бәлеге киліккенде.
Бұл күнде еті семіз шобыр озды,
Бағусыз, бабы кеткен жүйріктен де.
* * *
Мал дегеннен есек қалды,
Үй дегеннен кесек қалды.
Ер мен әйел екі айрылып,
Құр далада төсек қалды.
Керекті зат қалмаған соң,
Құрым киіз, сүйекпенен
Ескі-құсқыны есепке алды.
Айтқанымен алары жоқ,
Ағайынның арасында,
Өкпе менен өсек қалды.
1931.
СӨЗ БЕРСЕМ «ТҮЗЕЙМІН» ДЕП БҰЗАСЫҢДАР
Сөз берсем «түзеймін» деп бұзасыңдар,
Буына балалықтың қызасыңдар.
Еліктеп ертедегі ақындарға,
Ойланып өлең - пөлең сызасыңдар.
Сияқты қайнар бұлақ біреуің жоқ,
Шамалы шалшық сулы ызасыңдар.
СӨЗ ЖАЗШЫ ОСЫ АРАДА БІР-АҚ АУЫЗ
Омар:
Сөз жазшы осы арада бір-ақ ауыз,
Ішіне шатақ қоспай жалғыз қауыз.
Тұрмағамбет:
Нәпсіңнің қалайда да қылма айтқанын,
Бұл бетбақ басыңды жұтар нақ жалмауыз.
ШАҒЫН ШУМАҚТАР
АТАҚ
Орынсыз аға, ініңді өкпелетсең –
Өкінбес олар саған өртке кетсең.
Қалады қалайда да артында атың,
Елпеңдеп елдің атын ерттеп өтсең.
Көп сені «керексіз» деп кесіп тастар,
Ұзайып көлеңкесіз көкке жетсең.
ӨМІР
Жігіттік, мысалы, жаз құс келгендей,
Қар жауып, кәрішілік, қыс келгендей.
Дүнияның өзі - сиқыр, көз бояушы
Төсекте ұйықтап жатып, түс көргендей.
Өстіп жүріп бұл өмір өтіп кетер,
Шай ішіп, отау үйге түстенгендей,
Жаманға жазатайым ісің түссе,
Бақырып, әлекпеден ешкі өлгендей...
* * *
Адамы бұл заманның әрбір түрлі,
Сөзі жұмсақ, жайдары сегіз қырлы.
Осындай сырты ажарлы болса - ағы,
Зәрра қарар ағы жоқ, іші кірлі.
Іші зұлмат болған соң, керегі жоқ
Қаншама болса-дағы жүзі нұрлы.
* * *
Бұрылмас қайнар жолдан қаққанмен,
Үстіне тау көтеріп артқанменен.
Сұңқардың тұғырына отырғызып,
Құладын қу ілмейді баққанменен.
Есекті ат орнына кім алады,
Жампоздап күміс маржан таққанменен.
НАСЫБАЙ
Атпаңдар тіл алсаңдар насыбайды,
Нас атсаң нас боласың басыбайлы.
Желді күн «түп» деп қатты түкіргенде,
Боқтай-ақ бет-аузыңа шашырайды.
Аблықпай ақылы толық азаматтар,
Өз-өзін таза етіп асырайды.
ШЫЛЫМ
Ұнамайды отыру да шылым тістеп,
Оны да қолданбаңдар қолайлы іс деп.
Түтінін өз ойымша ұйғарамын,
Артыңнан арам желге шыққан «пыш» деп.
Осындай пайдасы жоқ жұмыстардан,
Қолың тарт қосқанменен нәпсің күштеп.
1907.
АРАҚ
Өшіріп отырсаңдар, ішіп арақ,
Итсіңдер иесіне үрген, нағыз барақ.
Нәрседен нашақ болар бойды сақтап,
Жүргендер көлеңкелі гүжім дарақ.
Қолға алып осынымды аңғарсаңдар,
Ағаңның айтқан сөзі алғыш тарақ.
ҰРПАҚ
Өлген соң ердің орны төлене ме,
Қу мола cay күнгідей елене ме?
Орнына мың тал шыбық бітсе - дағы,
Бұрынғы гүжімшілік көгере ме?
Артында ақылы артық бала қалса,
Қалғандай кескір алмас керегеде.
1931.
КӘРІЛІК БЕЛГІСІ
Көңіліме ойлансам да сөз келмейді,
Келгенмен қолайлысы кез келмейді.
Көнеріп көңіл шіркін қалған білем,
Қайткенмен көп ойланам, тез келмейді.
Белгісі кәріліктің шығар деймін,
Кимесем көзгелдекті көз көрмейді.
Танабы тәнамыздың тартылғанмен,
Ниеті нәпсуаттың өзгермейді.
1934.
ҮГІТ
Қалайда қара жүрек болсаң қыңыр,
Болады түнің түнек, күнің іңір.
Қайткенмен көптің шықпа кеңесінен,
Болдым, - деп, боғың жемей жуан сіңір.
«Көмусіз көптен шыққан қалады» - деген,
Басына ондай ойдың күнде мың ұр.
Ұнатпай осы айтқан үгітімді,
Етпеңдер от басында дыбыр-дыбыр.
РУБАИДАР
(Төрттағандар)
КӨҢІЛ
Еу, кеулім, талпи берме бет алдына,
Бетіңе талпынғанмен кете алдың ба?
Үш түгел алтайыға алты қостым,
Сонда да біреуіне жете алдың ба?
ОЙ
Негізінде нәпсім - бөрім, ойым - қойым,
Нәпсіге ойды жемей жоқ қой тойым.
Біле алмай қайсысына қарарымды,
Болып жүр осы уақытта ел-сал бойым.
ӨЛІМ - ОҚ
Жасында жаңа соққан пышақтайсың,
Қаржалып қартайған соң ұсақтайсың.
Өкпеңнен өлім оғы өткен күні,
Көз жұмып қара жерді құшақтайсың.
ІНІ
Есерлік естен қалмайды жасындағы,
Бақытты білу қиын басындағы.
Ерттеулі белдеудегі бедеу аттай,
Ініңнің қадірін біл қасыңдағы.
ӨМІР
Дүниеден өмір бітіп, өлсем де өзім,
Аралап жердің бетін жүрер сөзім.
«Көре алмай кейінгіні кеттім – ау» - деп,
Арманда болмай-ақ қой екі көзім.
Алматы, 1936 ж.
ҚАҒАЗДЫ ҚҰР БЕКЕРГЕ ҚАРАЛАМА
Қағазды құр бекерге қаралама,
Алысқа атсыз адам бара ала ма?
Онан да ұнағанын өткере бер,
Ағаңның айтқандарын арала да.
ЖАРАМДЫ ЖОЛДАС
Жігіттер тап жараулы жолдасыңды,
Қылмайтын қиындықта қор басыңды.
Жаманды жақыным деп қасыңа ертпе,
Кек тұтып кеңкиетін болмашыңды.
* * *
Болмайды жүнді жібек түткенменен,
Болмайды жасық асыл үккенменен.
Қара тас қымбат баға дүр болмайды,
Күніне мың тазалап, сүрткенменен.
НАҚЫЛ СӨЗДЕР
Айтар нақылы жоқтың –
Табар ақылы жоқ.
Әкім - бір ұлттікі,
Ақын - бар жұрттікі.
Сөйлеуге сөз таптым да
Тыңдауға құлақ таппадым.
Бөз - көйлек болады,
Сөз - еңбек болады.
Ғылым - іштегі нұр,
Өнер - сыртқа салынған түр.
Білім - арзан,
Білу - қымбат.
Арыстан - аш болады,
Доңыз - тоқ болады.
Өтірікшінің астында –
Жер-су баспайтын құр аты бар
Шынкөйдің астында –
Жүрмейтін сұр аты бар.
Адам баласы үш түрлі:
Ел үшін,
Мал үшін,
Қатын-бала қамы үшін.
Әйел жерден шыққан жоқ –
Ол да еркектің баласы.
Ерлер көктен түскен жоқ –
Әйел - оның анасы.
Екі әйел - ұрыс,
Үш әйел - үш бұрыш,
Бұрыштың тең - төртеу болғаны дұрыс.
Ақылсыз адам –
Ауыздықсыз ат.
Әйелсіз тіршілік жоқ,
Әйел алсаң, тыныштық жоқ.
Қар бар жерде
Қаһар бар.
Жеген - аз,
Жегізген - көп.
Қой еті қазы болмайды, қайнағаңмен,
Шөп оты шоқ болмайды жайнағанмен.
Удай ащы болсаң - түкіріп тастайды,
Балдай тәтті болсаң - жұтып жібереді.
Іш кетсе,
Күш кетеді.
Күш кетсе,
Іс кетеді.
Ақылдыға біткен сақал - жөн,
Ақылсызға біткен сақал - жүн.
Кеудеден жан кетпесе,
Ауыздан нан кетпейді.
Төреге ерсең - ер арқаларсың,
Қожаға ерсең - тері арқаларсың.
Әкімің зұлым болса –
Жердің үстінен асты жақсы.
Қарныңнан қиын кетсе,
Басыңнан миың кетеді.
Кепкен - жарылады,
Іскен – басылады.
Тозбайтын - жер,
Мұқалмайтын - ер.
Жақсы ер - елдің туы,
Жақсы әйел - ердің туы.
Аз ауылмын,
Аз да болса бір қауыммын.
«Керіспеймін» деп мақтанба»,
«Кек сақтамаймын» деп мақтан.
Сыпайының ісі сыбырмен бітеді.
Ердің ісі - келіс,
Жаманның ісі - керіс.
Тон алсаң, тозады,
Ат алсаң, азады.
Өлмейтін ол - өлең,
Бәрінен де озады.
Көзі жоқ, құлағы саудың ақылы толады
Құлағы жоқ, көзі саудың ақылы солады.
Ілім - бұлақ,
Ақыл - жағалай біткен құрақ.
Тон киген тоңбайды,
Тонау алған оңбайды.
Қараның күйеу болғаны, хан болғаны.
Кәрі жатса қунайды,
Жас жүрсе қунайды.
Сабыр - күн түсірмейтін сая,
Асығыс - аунатып кететін мая.
Ұл - орнындағы ту,
Қыз - айдыннан ұшатын қу.
Жақсы - керісіп отырып, келіседі,
Жаман - келісіп отырып, керіседі.
Бір сиыр тоғай боқтамайды,
Оны тоғай жоқтамайды.
Тілменен тікен тартып болмайды.
Құс қарағына,
Ер жарағына.
Басты Құдай береді,
Малды қайрат береді.
Өзіңді олжалатпай,
Өзгені олжалай алмайсың.
Жаяуға қоныс жақпайды.
Қарны ашқанға - қара талқан майдай көрінеді,
Қатыны өлгенге - пұшық қатын айдай көрінеді.
Бір бала атаға жете туады,
Бір бала атадан өте туады,
Бір бала кері қарай кете туады.
Жатық айтсам – «жағымпаз» дейді,
Тік айтсам – «тұрпайы» дейді.
Құданы құдай қосады,
Үйірі басқаны ноқта қосады.
Жаман да болса ағамыз,
Жақсыны қайдан табамыз.
Ауру емес, жынды емес,
Мінезді қайдан табамыз.
Жалғыз баласы бардың,
Шығар-шықпас жаны бар.
Екі баласы бардың,
Өкпе, бауыр, жалы бар.
Үш баласы бардың,
Бұқарада пұлы,
Қорасанда қолы бар.
Батыр емей немене атқан кісі,
Қатын емей немене қашқан кісі.
Ағаш кессең ұзын кес,
Шаба келе қысқарар.
Темір кессең, қысқа кес,
Соға келе ұзарар.
Жарым күнде - жарыс жоқ.
Қой иесі бір санаса,
Қойшы басқа санайды.
Қылмыс қияметке бармайды.
Даулы болып, жақсыға барма,
Ауру болып, бақсыға барма.
Аз да бітер, көп те бітер,
Татулыққа не жетер.
Жалғыздың үні шықпайды,
Жаяудың шаңы шықпайды.
Тау белгісі тас болар,
Бай белгісі ас болар.
Азған елдің белгісі –
Бура, танасы бас болар.
Тісің барда ысқыр,
Мұрның барда пысқыр.
Туманың туарын айтпа,
Тұрарын айт.
Баланы жеріне бер,
Ыңғайы келмесе, еріне бер.
Жеті тоқсанда жер мұздайды.
Шеберден олжа,
Шешеннен сауға.
Шешен - кептің анасы,
Шебер - елдің ағасы.
Күле келіп күңіренгеннен сақтан,
Ел болып жау болғаннан сақтан.
Елу - шылбырдан алды,
Алпыс - тізгіннен алды,
Жетпіс - өре салды,
Сексен - тұсау салды,
Тоқсан - толқып қалды.
Елің жаман болса, бір жақсыны сағала,
Атың жаман болса, ақ текенің мүйізімен
Ел алмаған елу жыл жатады.
Жылқы - малдың патшасы,
Түйе - малдың қасқасы.
Аз елдің атасы бір.
Ағайының барда - дұшпаным жоқ деме,
Абысының барда — күндесім жоқ деме.
Атпен ойнағанша,
Атаңның басымен ойна.
Еркек - бас,
Әйел - мойын.
Қапияда қатын табады.
Келмек - сүндет,
Қайтпақ - рұқсат.
Жуас түйе жүндеуге жақсы.
Ит сегіз тауып, елден аспайды,
Ешкі егіз тауып, қойдан аспайды.
Дүние дүниеде қалады,
Әкең өлсе, шешеңді біреу алады.
Бай атқа мінсе «құтты болсын!» дейді,
Жарлы атқа мінсе «қайдан алдың?» дейді.
Бергенің - әкеңе ұқсайды,
Қайтып алғаның - шешеңе ұқсайды.
Сабағы жаман жемістің дәмі де жаман.
Істің ағы білмейді,
Жігіттің бағы біледі.
Бек болсаң, бергеніңді айтпа,
Ер болсаң, көргеніңді айтпа.
Арғымақты байтал бастамайды,
Аруақты шайтан бастамайды.
Құм жиналып тас болмайды,
Құл жиналып бас болмайды.
Байдан пақыр озады,
Ақ ордадан қақыра озады.
Өрісі бірге от оттайды,
Ауылы бірге ас ішеді.
Айға жетпес асыңды,
Ауылдастан аяма.
Күнде тойсаң - күлерсің,
Аптада тоймасаң - өлерсің.
Ақыл - аста,
Қайрат - атта.
Көсеумен түрткеннің - кегі кетпес.
Қырықтың бірі - Қыдыр,
Мыңның бірі - Уәли.
Біреу әзіл айтса, сен әділ айт.
Ойнап сұрағанға шындап жауап бер.
Алпыс күн аспанға қарағанша,
Алты көш те айдынға құла.
Ерін баққан қатын елін де бағады.
Ер илейді, ит жейді.
Ер көретінін көрмей, көрге кірмейді.
Қашпақ, қумақ - ерге сын,
Көшпек, қонбақ - елге сын.
Аштың аңы жүрмейді,
Тоқтың тобасы жүрмейді.
Екі жақсы қосылса - бірін-бірі қия алмас,
Екі жаман қосылса - бір шұқырға сия алмас.
Жүріп шаршаған тұрып тынығады.
Жүзігі барда - Сүлеймен,
Жүзігі жоқта - сүмірейген.
Сыпайыны арығында бақ.
Бектіктен бекер қалғанның - даусы қабыл.
Аш та отыра алмайсың,
Ашып та отыра алмайсың.
Жаман - ауылда, жас - бесікте.
Ұстамен жақын болсаң,
Мүйіз кесерін аларсың.
Қайықшымен жақын болсаң,
Дауыл күні кемесін суға саларсың.
Ұрымен жақын болсаң,
Ақырында ұятқа қаларсың.
Қатынның молдасы құрысын,
Байталдың жорғасы құрысын.
Бойындай бой табылғанмен,
Ойындай ой табылмайды.
Санасызға сан айтсаң да болмайды.
Жалыны болса - отын,
Жаулығы болса – қатын.
Ер жігітке өлім бар да, қорлық жоқ.
Есек мінген - ат сұрамайды,
Балық жеген - ет сұрамайды.
Кешкі күн құлақтанса,
Келінің ұл тапқандай сүйін.
Ертеңгі күн құлақтанса,
Жұртыңды жау шапқандай күйін.
Ер жігіт үйінен шықса, үйіріне қосылады.
Елдің малының алды мыңға жетсе,
Артының малы жүзге жетеді.
Жаз жыланнан қорыққан,
Ақ арқаннан аттамайды.
Жолдастың мыңын алма, бірін ал.
Құс жаманы - саңғығыш,
Адам жаманы - қаңғығыш.
Табылғанның қымбаты жоқ,
Тәңірі ұрғанның сымбаты жоқ.
Жақсы құдаң құрдасыңдай болсын,
Жақсы құдағайың қорғасындай болсын.
Шерлі өлмейді, борышты өледі,
Қайғылы өлмейді, қарызды өледі.
Бесті бураның көні күркірейді.
От отынға тоймайды,
Жер жұтуға тоймайды.
Адам ұйқыға тоймайды,
Бөрі қойға тоймайды.
Үлкен - бастайды,
Кіші - қостайды.
Дені саудың - жаны сау.
Байлаулы ит - үреген,
Байлаулы өгіз - сүзеген.
Ұрыс бар жерде, ырыс тұрмайды.
Ырыс бар жерде, ұрыс болмайды.
Керісудің кесірі - келесіні кетірер.
Палуанның жаманы жығылған соң қалтаяр,
Күзетшінің жаманы алдырған соң талтаяр.
Етік жолға бастайды,
Шалбар боққа жастайды.
Бай күйігі - етекте,
Бала күйігі - жүректе.
Көп істеген - құп істейді
Жарамсақтанған ит жатқанша таяқ жейді.
Аңсыз бөрі қой үркітеді.
Жартасқа шықсаң - көзің ашылады,
Жақсымен сөйлессең - көңілің ашылады.
Ит - адамның құлағы.
Ат баққан - аш болады,
Аттанған күні тоқ болады.
Төсектен шошыған ер оңбайды,
Көнектен шошыған бие оңбайды.
Жақсы айғырдың үйірін ат сақтайды.
Ерді Құдай сақтайды,
Етікті нәл сақтайды.
Жігітті жоқтық қоспайды,
Я тоқтық қоспайды.
Сексен шықпай, тоқсан кірмейді.
Итке ит ошақтың басында ұшырайды.
Ашу - ақылдың дұшпаны,
Нәпсі - иманның дұшпаны.
Жарлы болсаң, кентті сақта,
Жалғыз болсаң, бойы бәлентті сақта.
Алты жыл аш болсаң да,
Ата жолын ұмытпа.
Малыңды құртайын десең - пұл қыл,
Азығыңды құртайын десең - үн қыл.
Балықта сүт жоқ, баласын теңіз асырайды.
Жонға салсаң жүйрік,
Жолға салсаң жорға.
Айыратын жаман бар,
Қосатұғын жаран бар.
Қабаған ит қайыр байлайды.
Тіл жүйрік емес, шын жүйрік.
Ортаншыға оқ тимейді,
Оқ тисе де, боқ тимейді.
Құдай көнсең, көңіліңді ағартады,
Көнбесең көп қылып тағы артады.
Шөлдеп ішкен қара су, шекер емей немене,
Тебінгімен біткен мал, бекер емей немене.
Көсенің қарағаны білінбейді,
Шабанның арығаны білінбейді.
Жігітке сайран да сайран,
Машақат та сайран.
Жақсы - жаныңа жолдас,
Жаман - малыңа жолдас.
Жаманмен жәнатта болғанша,
Жақсымен жаһаннамда бол.
Білімді ер ұрыны «қатын» дейді,
Білімсіз ел ұрыны «батыр» дейді.
Жігіттің сорлысын аттың жолдысы жеңеді.
Жылап айтқан шынға нанбайды,
Күліп айтқан өтірікке нанады.
Жаманды «жақыным» деме,
Қарды «қатыным» деме.
Бес күн төре,
Бір күн түрме.
Күншілдің күні тумайды.
К..т саудасы көрім болады,
Ең ақырында өлім болады.
Ер егіз, еңбекте жалғыз.
Сыйлаған - қорыққанның салдары.
Ашушаңның анты болмайды.
Сабырсызға дәулет тұрмайды.
Алтайы айдаһар сақтайды,
Айдаһар алтын сақтайды.
Досы көпті жау алмайды,
Ісі көпті дау алмайды.
Ай кәпірді ай пақыр жеңеді.
Досының басын дос мұжиды,
Бір тиын бермейді, бос мұжиды.
Халық қазанын қайнаттым,
Қолымның қане қарасы.
Ер қызметін көп еттім,
Етімнің қане жарасы.
Мінезінен белгілі,
Жақсы мен жаман арасы.
Ер сасқанда белгілі,
Ат шапқанда белгілі.
Жігіт жанған - шоқ болсын,
Шоқ болмаса - жоқ болсын.
Атты арбада көр,
Жігітті ұрада көр.
Жердің сорлысына, елдің сорлысы қонады.
Ұлы жүзді құрық беріп малға қой,
Орта жүзді қамшы беріп дауға қой.
Кіші жүзді найза беріп жауға қой.
Тіріде сүйерім - от,
Өлгенде күйерім - от.
Алла бермегенді молда бермейді.
Ақылы жоқ басқа адырайған көз бітеді,
Дуасы жоқ ауызға судыраған сөз бітеді.
Жарлы болатын жігітке,
Мал орнына ұйқы бітеді.
Жарым болатын жігітке,
Ақыл орнына күлкі бітеді.
Жақсы болсаң жердей бол,
Бәрін шыдап көтерген.
Таза болсаң судай бол,
Бәрін жуып кетірген.
Өкімің дұрыс болмаса - жұрт бұзылады,
Саудаң дұрыс болмаса - нарық бұзылады.
Миға ерген дене азбайды,
Милыға ерген ел азбайды.
Ашу келсе - ақыл кетер,
Ақыл көп болса, ашу не етер?
Ашу жұту - тау жұту.
Ашулының алдында тұрма.
Аш адам ұрысқақ,
Аш қой тырысқақ.
Ауру адам күлкі сүймейді,
Ит жүйрігін түлкі сүймейді.
Таудан қашқан түлкіні,
Табындағы тазы алар.
Уайым деген бір теңіз,
Батасың да кетесің.
Тәуекел деген жел қайық,
Мінесің де өтесің.
Ер үмбетпен ұшар,
Құс қанатпен ұшар.
Қаршыға қазан қайнатады,
Ителгі салған ет жейді,
Атының етін ит жейді.
Ертең үшін есек қайғырады.
Тандағы тамақ тәңірдің мойнында.
Ерге дәулет бітерде,
Қарға салса қаз алар.
Ерден дәулет кетерде,
Лашын салса аз алар.
Әуелі Құдай жерге береді,
Жерге берсе елге береді.
Елге берсе ерге береді,
Ерге берсе еріге береді.
Екеуі - бір орнында,
Біреуі - жоқ орнында.
Өзіне қайыр қылмаған,
Өзгеге қайыр қылмайды.
Өте жаман болмаса,
Өте жарлы болмайсың.
Жарлы болсаң - арлы болмайсың.
Ұлық ынтығып өлсін.
Құдай беретін адамның ұлы епті болады,
Қызы көрікті болады.
Ел алдына шықпаңдар,
Түндікті дұшпан ашпасқа.
Ел соңыңда қалмаңдар,
Көзіңді шыбын баспасқа.
Ел ортадан кетпеңдер,
Қарын әркез ашпасқа.
Жаманыңды жақсы десең,
Бақытын өсіресің.
Жақсыңды жаман десең,
Бақытын өшіресің.
Ырыс қашса да, туыс қоймайды.
Мал қайда,
Арыстанның аузында,
Түрікпеннің төрінде.
Жаманнан қойсаң жасауыл,
Жұртыңды жауға алдырар.
Наданнан қойсаң жасауыл,
Еліңді дауға алдырар.
«Алла!» деген құлда бір шағым қу бар.
Қымбатта бір ікімат бар,
Арзанда бір індет бар.
Жарлының ақшасын жаман тауар құртар.
Сарттың кигенін ал,
Өзбектің мінгенін ал.
Атың жаман болса, арманың кетер,
Балаң жаман болса, дәрменің кетер.
Қатының жаман болса, мейманың кетер.
Пейілің жаман болса, иманың кетер
Адам болатын бала қонаққа үйір,
Ат болатын тай саяққа үйір.
Болар адам жеті жастан бас болар,
Болмайтын адам қырыққа келсе де жас болар.
Отызыңда орда бұзбасаң,
Қырқыңда қыр аспайсың.
Біріккенді бөрі жемейді.
Біршілік болмай, тіршілік болмайды.
Тозған қазды топтанған қаз жейді.
Сыпа болсаң бегіңнің қасында бол,
Дихан болсаң жеріңнің басында бол.
Берген перне бұзады.
Берсең аласың,
Ексең орасың.
Қолы ашықтың жолы ашық.
Мың сіз - бізден, бір шыж-быж.
Сабыр түбі сары алтын,
Сақтаған жетер мұратқа.
Асығыс түбі ащы сор,
Сақтаған қалар ұятқа.
Ұялмаған өлең айтады,
Әуейі ат қосады,
Масқарапаз палуанға тұрады.
Өсетін елдің қарты қазына болады,
Өспейтін елдің қарты қазымыр болады.
Көп жастың ортасындағы қарт даң - даң болады,
Көп қарттың ортасындағы жас дана болады.
Көп жасағаннан сұрама, көп көргеннен сұра.
Ақыл ауысады,
Ырыс жұғысады.
Көп ит боқты тартып жейді,
Аз жемейді артық жейді.
Аз елге азар бар да, төре жоқ,
Аз қойда айран бар да, өре жоқ.
Аспанда бұлт барда малыңа сенбе,
Әзірейілі барда жаныңа сенбе.
Жанымдағы жасарсын.
Күтсең ата-анаңды,
Кешірер тәңірім қатаңды.
Алғыс алған адам деп,
Халық алар сенің батаңды.
Қоңсы ақы - Тәңірі ақы.
Жалғыз десең - Құдайды жамандағаның,
Жарлы десең - Пайғамбарды жамандағаның.
Жаман атқа жал бітсе,
Жанына торсық байлатпас,
Жаман жігітке мал бітсе,
Жанына қоңсы қондырмас.
Қожа, молданы басындағысынан білерсің,
Төрені қасындағысынан білерсің.
Өзің білгенмен өзгеден білім сұра.
Өзіңді ер білсең
Өзгені шер біл.
Өзіңе-өзің бекем бол,
Қоңсыңды ұры тұтпа.
Атың жаман болса сатып құтыласың,
Қатының жаман болса неғып құтыларсың?
Айт аттынікі, той тойшінікі.
Танитын жерде бой сыйлы,
Танымайтын жерде тон сыйлы.
Ердің өзіне қарама, сөзіне қара.
Ауру өлмейді, ажалды өледі.
Өлушінің ажалы жетпесе,
Өлтірушінің қолы жетпейді.
Өлемін деп жұмыс қып,
Өлтірмейтін Құдай бар.
Ер болсаң оққа шап,
Я, ата алмай қалады,
Я, от алмай қалады.
Жігіт сегіз қырлы болсын,
Я, бір сырлы болсын.
Сыпа - сырын жасырмайды,
Пұшық - мұрнын жасырмайды.
Жарлылығын жасырған байымайды,
Жалғыздығын жасырған көбеймейді.
Дихан жауында тынады,
Балықшы дауылда тынады.
Дәу даудан қорқады,
Дау шешеннен қорқады,
Шешен мылжыңнан қорқады.
Бастан ми кетсе, екі аяқ кезбе болады.
Адам болатын адам,
Аштан өлсе де асатпай жемейді.
Адам болмайтын адам,
Жарылып өлсе де, «мә» демейді.
Шайырлар қайда - саз сонда,
Сұлулар қайда - наз сонда.
Жүйріктер қайда - тозаңда,
Молдалар қайда - азанда.
Озаңдасаң - созаңда,
Бәрінің де тарқауы,
Төрт құлақты қазанда.
Халқым - қара қазаным,
Туғаным - туырлығым.
Қарындас - қарындағы ас.
Қараңғыда шақырса, қарындастың үні белгілі.
Үндемеген үйдей бәледен құтылады.
Жалғыз қаздың үні шықпайды.
Жарлы байыдым десе - нан,
Жалғыз көбейдім десе - нан,
Әдеттілер әдетін қойдым десе - нанба.
Мал басынан байланады,
Адам тілінен байланады.
Атасы басқамен аң ауласаң,
Атады да жанына байлайды.
Жаны ашымастың қасында, басың ауырмасын.
Жауыңа жаныңды берсең де, сырыңды берме.
Жатқа сырыңды айтпа,
Өзіңе өтірік айтпа.
Өз өлтірмейді,
Жат жарылқамайды,
Түбі бірге түртпейді.
Қоян өлімі қамыстан,
Ер өлімі намыстан.
Өлімнен ұят күшті.
Күштінің көті диірмен тартады.
Күштімен күреспе, баймен дауласпа.
Ұлық болсаң, кішік бол.
Қазақтың кішігі болғанша, иттің күшігі бол.
Білегі жуан - бірді жығады,
Білімді ер - мыңды жығады.
Сенікі, менікі деу - көңілдің тарлығы,
Әрі жат, бері жат деу - төсектің тарлығы.
Таршылық болмай кеңшілік болмайды.
Кең болсаң кем болмайсың.
Ақ пейілдің аты азбайды, тоны тозбайды.
Таң атпайын десе де - күн қоймайды.
Жалғаншының куәсі жанында.
Өтірікшінің шын сөзі шығынға кетеді.
Татар бар жерде, қатер бар.
Орыс барда, қоныс бар.
Сақтықты - соқырдан үйрен,
Кішілікті - түйеден үйрен.
Бір еткен - екі етеді,
Екі еткен - әдет етеді.
Ауру қалса да, әдет қалмайды.
Атты күнде мінсең - тулақ,
Аптада мінсең - қунақ.
Айында мінсең - ат,
Жылында мінсең - тұлпар.
Таудан аққан тас бұлақ,
Құяды барып теңізге.
Бәлен пәстен десең де,
Тартпай қалмайды негізге.
Бай баласы қуанар,
Қойдан туған егізге.
Атасы жақсы асыл зат,
Қолайсыз ғып көрсетіп,
Жаман туды дегізбе.
Көн қатса қалыпына барады.
Көпті сөккен көмусіз қалады.
Көпті сөкпе, кенді төкпе.
Көппе тентек болсаң да,
Көпке тентек болма.
Шалқайғанға шалқай, пайғамбардың ұлы емес.
Еңкейгенге еңкей, атаңнан қалған құл емес.
Әйел үш түрлі: сыйлаумен қатын, қинаумен қатын.
Нағыз қатын сол, әр нәрсені ойлаумен қатын.
Жігіттің жақсы, жаманын жолдасынан білесің,
Әйелдің жақсы, жаманын ойнасынан білесің.
Аласымды аз алсам,
Даудың менде несі бар?
Ел шетіне қонбасам,
Жаудың менде несі бар?
Ел ағасыз болмайды, тон жағасыз болмайды.
Әуелгі байлық - денсаулық,
Екінші байлық - ақ жаулық,
Үшінші байлық - он түйе мен жүз саулық.
Аяғыңдағы етігің тар болса,
Дүниенің кеңдігінен не пайда.
Іздегенің пайда,
Қара сиырың қайда?
Інгенімді қараймын деп,
Мінгенімнен айрылдым.
Ұлың көңілшек болса, атыңның соры,
Қызың көңілшек болса, көтіннің соры.
Жорғаның тері кеппейді.
Ел берігінде досың болсын,
Жер берігінде қосың болсын.
Ауру азығымен.
Өлмегенге өлі балық кездеседі.
Ұялмаған бұйырмағаннан ішеді.
Әуелгі қыдыру - пайғамбардың сүндеті,
Екінші қыдыру - байлардың дәулеті,
Үшінші қыдыру - ағайынның құрметі,
Төртінші қыдыру - күнәнің нәубеті.
Адамның бермейтін нәрсесі жоқ,
Есебін тауып сұрай алмайды,
Есебін тапқан екі асайды.
Қыңырып ішкен көженің кенеуі жоқ,
Қыңырып айтқан биліктің керегі жоқ.
Ұрыспай айрылған ұялмай қосылады.
Ағайынды жамандап, туғанды қайдан табасың.
Арғымақты жамандап, буданды қайдан табасың.
Жаяушылық тартқанда,
Жүрмес есек ат болар.
Қарын қатты ашқанда,
Қара талқан қант болар.
Өре табылса табақ,
Талқан табылса тамақ.
Қарын тойса, қарта боқ сасиды.
Бір қарны ашқаннан, қырық күнге дейін ақыл сұрама.
Ас - адамның арқауы.
Жамансыз жақсы болмайды,
Бұрқапсыз бақсы болмайды.
Тентекті - тентек десе, бөркі қазандай болады.
Егіншіден - жарма,
Балықшыдан - қарма.
Күріштің таң асқанынан,
Аталының жаңа асқаны артық.
Барлық жарастырады,
Жоқтық таластырады.
Бала бүркіт парлап ұшады,
Баба бүркіт барлап ұшады.
Ер басына өрендер назар салмаса,
Есек базарына делдал әкім болмайды.
Асың барда - ер таны беріп жүріп,
Атың барда - ел таны желіп жүріп.
Іріген аузыдан шіріген сөз шығады.
Басыңды жу да бастасыңа бар.
Жорғаны мінген жолдастан айрылады,
Көп жасаған құрдастан айрылады.
Көп ауыз біріксе - бір ауыз жоқ болады.
Таңдап алған сұлудан,
Таңдамай алған текті артық.
Тамыр берген түйеден,
Тәңір берген тоқты артық.
Қу қанжыға жүйріктен,
Белі жуан берік артық.
Тамыр берген баюға емес, мақтануға.
Бір лақ екі адамды талтаңдатады.
Аза арулы, сый сатулы.
Біреудің жамбасын жесең, ұшаңды сайла.
Құдайға жазсаң - кешіреді,
Адамға жазсаң - көз отыңды өшіреді.
Өзбек өз ағам,
Түмен өзбек түбі бір,
Түп атасы Майқы би.
Мұсылманнан қыз алсаң,
Қарындас алған күйеусің.
Бір үйде нешеусің, біріңе - бірің меймансың.
Ынсапсыз қатын болса қар,
Аңдыған ерде қала ма ар?
Өкпе кімге жарасар,
Ағайынға жарасар.
Ағайынның ішінде,
Қадірлі адамға жарасар.
Қауіп бар жерде - қатер бар.
Сақтық а қорлық жоқ.
Артқы айылым берік болса,
Атым тулап не етерсің?
Тай атқа жеткізеді,
Ат мұратқа жеткізеді.
Атсыздың атасының құны кетеді.
Жомарт - жоқтықты білмейді,
Жүйрік - тоқтықты білмейді.
Батыр - көптікті білмейді.
Нарға барсаң - нар сойылады.
Қысың қатаң болса,
Қопалы көлді қыста,
Заманың қаһатшылық болса,
Қайратты ердің етегін ұста.
Өзі қылған өкінбейді.
Алла ісіне амал жоқ.
Елді елге ел теңгермейді,
Бір көзел туған ер теңгереді.
Арық малды асырасаң,
Аузы, басыңды май етер.
Арам адамды асырасаң,
Аузы, мұрныңды қан етер.
Көрпеңе қарай аяғыңды көсіл.
Жоқ болып бардың ісін етпе,
Бар болып жоқтың ісін етпе.
Әлін білмеген әлемге таң болады.
Қарғыстың жаманы
«Өзің білме, білгеннің тілін алма».
Ақ сөз - ащы болады.
Бір пайдадан кешкен,
Мың кісімен дос болады.
Жылы-жылы сөйлесең,
Жылан інінен шығады.
Асықпаған арбамен қоян алады.
Асыққанның етегі аяғына оралады.
Қазаны басқаның, қайғысы басқа.
Ауырған басқа, темір тарақ.
Ойын түбі шынға кетеді,
Осырық түбі боққа кетеді.
Пайданың зоры, дос үшін шеккен зиян.
Ақылға сүйенген азады,
Заманға сүйенген озады.
Ел ұрыссыз болмайды,
Тау бөрісіз болмайды.
Арқасында көзі бар,
Аққа кімнің сөзі бар.
Адам көркі сақалмен,
Әңгіме көркі мақалмен.
Есек мінгеннің екі аяғына тыным жоқ,
Екі әйел алғанның құлағына тыным жоқ.
Қотыр - қорадан, таз - есіктен.
Баласын мақтар бас жаман,
Әйелін мақтар қас жаман,
Алыстағы дұшпаннан,
Аңдысып жүрген дос жаман.
Жаман ағайыннан, жақсы жекжат.
Жаманды асқа тартсаң да, іске тартпа.
Жаманның сөзін сөйлеме,
Жалғыздың таяғын соқпа.
Кәлі кілем төрге керек,
Алмас қылыш ерге керек.
Ортақ өгізден, оңаша бұзау.
Аз ғана асым,
Даусыз басым.
Даулы бас ерге керек,
Даусыз бас көрге керек.
Ер жолдасы өсек,
Өсексіз адам есек.
Аздың аштығына нанба,
Көптің тоқтығына нанба.
Тентек болсаң асарлар,
Жуас болсаң басарлар,
Орташа болсаң хан жасарлар.
Құмырсқаның тасқа басқаны тәңіріге аян.
Тоқтың тобасы жүрмейді.
Тоқтың жоқтығы бар,
Аштың тоқтығы бар.
Жоқ болғанша, боқ бол,
Тау мен тасты жел бұзады,
Адамзатты сөз бұзады.
Айналдырған ауру, алмай қоймайды.
Тұманның түбі жұт,
Тұмаудың түбі құрт.
Көкірек ауру күліп отырып өледі.
Жаны күйген Тәңірісін қарғайды.
Екі тау қосылмайды, екі ел қосылады.
Қылмаймын ұрлық дегенің,
Қайратыңның жоқтығы.
Май жемеймін дегенің,
Қарыныңның тоқтығы.
Досың да, дұшпаның да ер болсын.
Құс баласы қырымға қарайды,
Ит баласы жырымға қарайды.
Мың күн алған заңғар,
Бір күн есебін береді.
Ер мойнында қыл арқан шірімейді.
Жақсыны сыйласаң, есінен кетпейді,
Жаманды сыйласаң, есігіңнен кетпейді.
Жақсыға қылған жақсылық,
Өмірінде тозбайды.
Жаманға қылған жақсылық,
Бір күнге дейін озбайды.
Жан - күтсең гүл,
Қинасаң - күдері.
Ас қадірін білмесең,
Ашаршылық берсін сазаңды.
Ат қадірін білмесең,
Жаяушылық берсін сазаңды.
Нені қор тұтсаң, соған зар боларсың.
Реніштің түбі - кеніш.
Жалынсаң жақсы кешеді,
Жанысаң асыл кеседі.
Ақыл жастан шығады,
Асыл тастан шығады.
Өзен жағалағанның өзегі талмайды.
Ақынды ер жемейді, жер жемейді.
Жұрт сөйлесең, тақ-тақ дейді,
Сөйлемесең ақымақ дейді.
Ат қартайса, ұрыншақ болады,
Ер қартайса, жаңылшақ болады.
Ер басынан бақ тайса, кеуіліне жын орнайды.
Нені ексең, соны орарсың.
Дәме етпестен дәме ету,
Тарыққанның салдары.
Жаудан күту жақсылық,
Зарыққанның салдары.
Қыс қыстығын қылмаса,
Жаз жаздығын қылмайды.
Көшкен жұрттың қадыры, қонғанда өтер,
Ер жігіттің қадыры, өлгенде өтер
Отырған қыз орынды болады.
Ер керіспей, келіспейді.
Жаманда тек болмайды,
Жақсыда кек болмайды.
Жақсының кегі, китін жаулық кепкенше,
Жаманның кегі, басы жерге жеткенше.
Өңкей жақсы бір анадан,
Өңкей жаман дөй даладан.
Жақсы Алласынан көреді,
Жаман жолдасынан көреді.
Адам құлақтан азады, көңілден семіреді.
Күнде бір сөз есітпесең, құлағың қалқандай болады.
Жұрты жаманның, биі азады,
Қатыны жаманның, үйі азады.
Баланың тентек болмағы, үйінен,
Жігіттің тентек болмағы, биінен.
Жібекті түте алмаған, жүн етеді,
Қызды асырай алмаған, күң етеді.
Жаман қоныстан, жақсы жүріс.
Жатқан - бория,
Жүрген - дария.
Дүниеде тас қатты,
Тастан да бас қатты.
Мұңайғаннан мұңайсаң әркім күлер,
Есіркесе Құдайдың өзі білер.
Жаманға ісің түспесін,
Қалыңға құсың түспесін.
Қатты жерге су төксең, суықта тайғақ болады.
Жаманға айтсаң сырыңды, сасқанда айғақ болады.
Көп біл, аз сөйле
Азды қызғанып, көптен құр қалма.
Жалғыз ағаш үй болмайды,
Жалғыз адам би болмайды.
Көп елдің тентегі жүре-жүре би болады,
Аз елдің тентегі қамшымен би болады.
Арғымақ ат жабы болмайды,
Жалы кетіп, арыса да,
Жақсы адам жаман болмайды,
Жасы кетіп, қарыса да.
Ағын дария арам болмайды,
Неше иттер сарыса да.
Назары аштың көзі тоймайды,
Бақ пен қыдыр дарыса да.
Арғымақ аттың баласы,
Аз ғана оттап, көп жусайды.
Жақсы адамның баласы,
Аз ғана сөйлеп, көп тыңдайды.
Жақсыдан жаман туады,
Бір аяқ асқа алғысыз.
Жаманнан жақсы туады,
Адам айтса нанғысыз.
Талайлымен таласпа.
Шыбын басына бақ қонса,
Самұрық сәлемге келеді.
Баста бақыт тұрғанда,
Білмесең де данасың,
Бастан бақыт тайған соң,
Қатарыңнан қаласың.
Үзіп жеген үнемге жатпайды.
Қойшы көп болса, қой арам өледі.
Бас-басыңа би болсаң,
Манар тауға сыймассың.
Бір данаға жол берсең,
Жанған отқа күймессің.
Малды тапқанға бақтыр,
Отты алғанға жақтыр.
Малдың күйін сұрама,
Қонысынан ауған соң.
Ердің күйін сұрама,
Біреуден сауын сауған соң.
Жекен - жерінде, бақа — көлінде.
Қараша ханның тұсында,
Әйел ердің тұсында.
Ердің жақсысы елімен ойласады,
Әйел жақсысы ерімен ойласады.
Есі жоқтар, астындағы енімен ойласады.
Аузы кіші, қарны әйдік,
Қой семірсе көтерер.
Қарны кіші, аузы әйдік,
Ит семірсе құтырар.
Ер мұрынды келсін,
Ат ерінді келсін.
Келбеті келгеннен кеңес сұра.
Түсі игіден түңілме.
Қар әйел, күлгенінен жағады,
Бұралқы ит, үргенінен жағады.
Тамырың қашса тары ек,
Келер жылы тағы ек.
Атасы басқамен ауылдас болма,
Сырғиямен дос болма,
Зең баспенен жолдас болма.
Атасы басқамен ауылдас болсаң,
Жоғалған малыңды қараспас.
Сырғиямен дос болсаң,
Уәдесінде үйінен таптырмас.
Зең баспенен жолдас болсаң,
Айрыларда амандаспас.
Арба сынса - отын.
Өгіз өлсе - ет.
Әйел алсаң, таспа белді торыны ал,
Ол болмаса, аққұбаның зорын ал,
Ол болмаса, қажымайтын қараны ал.
Жері байдың елі бай.
Бай баймен құда болса, жорға қатынасады,
Жарлы жарлымен құда болса, дорба қатынасады,
Бір бай, бір жарлы құда болса, зорға қатынасады.
Бермесе де бай жақсы,
Жемесе де май жақсы.
Май әулие, майсыз жарылқайтын қай әулие.
Жамандайсың байды,
Содан жейсің майды.
Ұлың өссе, ұлы жақсымен ауылдас бол,
Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол.
Әулиенің қасындағы мазарды ит ашпайды.
Көсеуің ұзын болса, қолың күймейді,
Туысқаның көп болса, адам тимейді.
Жантақты жерде сона бар,
Қыспаған к..тте бәле бар.
Шаруаның бірі бес,
Диханшылық оған ес.
Жортуылдың өмірі еш,
Саудагерліктің түбі борыш.
Анасын көріп, қызын ал,
Аяғын көріп, асын іш.
Алып анадан, ат биеден.
Екі тізгін жоқ болса,
Ат басын адам бұра алмас.
Екі тартпа жоқ болса,
Ат үстінде тұра алмас.
Екі үзеңгі жоқ болса,
Атқа адам міне алмас.
Қамшы - қанат, құйысқан - құт.
Екі қанжыға тон сақтайды,
Тон жан сақтайды.
Панасыз болса, сайдан без,
Қайырсыз болса, байдан без.
Ұры - Құдайдың жаны емес пе,
Шошқа - Құдайдың малы емес пе.
Ұят - иманның қабы.
Ынсап, ұят, терең ой,
Ойлаған жан жоқ, жауып қой.
Мал жақсысы - сиыр,
Жер жақсысы - кебір.
Есі кеткен ешкі жияды,
Ешкіменен есін жияды.
Бір киікті бір тау аш қылмайды.
Кісі болған кісінің,
Кісіменен ісі бар.
Кісі болмаған кісінің,
Кісіменен не ісі бар.
Аузын аш, тісі болса қаш.
Жемейтін, жердің астында.
Би тапқаны күл үшін.
Құл төресін би бұзбайды.
Есеп білмеген есек.
Есепті дос айрылмайды.
Есек жүрер қатқақта,
Мәлім болар бапақта.
Тура биде туған жоқ,
Турасыз биде иман жоқ.
Тұр-тұрдан хабар келсе,
Ұйқыдан маза кетеді.
Азасыз бата азасыз.
Шал, кемпір тірі болса тығын, өле қойса шығын.
Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,
Төртеу түгел болса, төбедегі келеді.
Мал ала бітсе, басқа бәле бітеді.
Жатық болсаң, ішкенің қатық болар,
Қиық болсаң, айранша сұйық болар.
Жау түбі - ел, жар түбі - кешу.
Ұрыспас ұлым болмайды,
Керіспес келінім болмайды.
Жауынмен жер көгереді,
Алғыспен ер көгереді.
Атыңнан айрылсаң да, ер тоқымыңнан айрылма.
Шақпақ - шақпақты атқа берген ақымақ.
Ақылдыға - ишарат,
Ақымаққа - келтек.
Жаман жолдастан, жақсы таяқ.
Ақылды атын мақтайды,
Ақымақ әйелін мақтайды.
Ақылды ойлағанша, ақымақ ісін бітіреді.
Тентектен томырық жаман,
Келтектен жұдырық жаман.
Атыңды тың сақтама,
Тамырыңды тың сақта.
Тамырдың келгені сұрағаны,
Сұрағаны өлгені.
Жігіттер есеппен байимын деме,
Есебіңді Құдай бұзса қиын-ды.
Мал таппас жігіт болмас, құрарын айт,
Ұл таппас әйел болмас, тұрарын айт.
Қолың қимылдамаса, аузың қимылдайды.
Сауып ішсең мың күндік,
Сойып жесең бір күндік.
Тамыр тартқан тарықпайды.
Сауынсыздың жазы болмайды,
Қауынсыздың күзі болмайды.
Жаман айтпай жақсы жоқ.
Көрік көмейден.
Екеу болса жас аға,
Біреу болса бөрік аға.
Бөрі жоқ деме, бөрік астында,
Жау жоқ деме, жар астында.
Ұры қосыларда бірінің аузын бірі жаласады,
Айрыларда ит болып таласады.
Өткелден өтсең бұрын өт,
Соңына қалсаң жол тайғақ.
Ұрлық қылсаң жалғыз қыл,
Екеу болсаң бірі айғақ.
Жар құласа жайын өледі.
Қатын алма, қайын ал,
Жақсы көрер досыңның,
Атын алма, тайын ал.
Кең жерде тар отырсаң,
Тар жерде кең отырасың.
Қазаншының еркі бар,
Қайдан құлақ шығарса.
Құдіреттің еркі бар,
Тастан бұлақ шығарса.
Таспа тасқан суда қайтады.
Тассаң төгілерсің,
Қазсаң жығыларсың.
Әңгіме бұзау емізеді,
Бұзау таяқ жегізеді.
Біреудің бұзауына деген,
Өзінің өгізіне болады.
Өзім деген басын ұстайды.
Бас бастайды, аяқ тастайды.
Өтірік сөз жанға қас,
Өткір пышақ қынға қас.
Алтында тат болмайды,
Жақсыда жат болмайды.
Жатып қалғанша, атып қал.
Ұрып - ұрып төбенің астымен жүргенше,
Ұрдырып-ұрдырып төбенің үстімен жүр.
Жігіт түндегісінен күндіз ұялады.
Ақылсыз жігіт, ауыздықсыз ат.
Аз ғана ел ақыретшіл болады.
Алтаумын деме, жетеуге жолығасың,
Жетеумін деме, сегізге жолығасың,
Сегізбін деме тоғызға жолығасың,
Тоғызбын деме, өзіңнен де күшті доңызға жолығасың.
У жесең руыңмен.
Өнбес дауды, өспес жігіт даулайды.
Жаныс көп пе, қамыс көп пе,
Шымыр көп пе, шыбын көп пе.
Аш та болсаң тоқтай бол,
Ауру болсаң да саудай бол.
Шам жарығы түбіне түспейді.
Ер қолында мал тұрмайды,
Елек ішінде су тұрмайды.
Артқы түйенің жүгі ауыр.
Нан жапса, бала тапса қатын.
Еңбегіңді малдан сұра.
Малдының беті жарық,
Малсыздың беті көн шарық.
Қызыңды алып, ұл берсе,
Оңдағаны Құдайдың.
Ұлыңды алып, қыз берсе,
Жондағаны Құдайдың.
Қимасыңды құдаң алады, я, Құдай алады.
Иесін сыйласаң, итіне сүйек сал.
Сыпайының итіне «кет» десең, өзіңе «кет» дегенің.
Сыпайы сөкпей жарылқамайды.
Қадыр білмейтінге, қаламыңды көтерме.
Өлуші мал, өтеуші Алла.
Жақсы мал жан садағасы.
Садақаны сауда бер.
Өзін-өзі аямаған, кісі бетін шиедей қылады.
Өзің қорықпасаң, жау қорқады.
Қанағат қарын тойғызады,
Қанағатсыз жалғыз атын сойғызады.
Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді.
Ауру астан, дау қарындастан,
Сараңдық жұғысады ауылдастан.
Кімнің жерінде отырсаң, соның сөзін сөйле.
Кімнің соңына ерсең, соның сойылын соқ.
Аталастан ауылдас жақын.
Аталастың аты озғанша,
Ауылдастың тайы озсын.
Күндестің күлі де күндес.
Күндес күнде ес.
Жыламаған балаға емшек бермейді.
Иілген басты қылыш кеспейді.
Тіл жарасы оңалмайды,
Тән жарасы оңалады.
Құлан қырда, құндыз суда.
Құлан қайда семірсе, түгін сол жерге төгеді.
Қазанның бұлты қайда орнаса, береке сонда.
Шөккен түйе соққанды білмейді.
Қоныс ақысын түйе қайтарады.
Түйе үйге кірмейді,
Төре дінге кірмейді.
Тудың өлдің, өлдің құрыдың.
Жақсылық көрген жеріңе, еңбекте де жет,
Жамандық көрген жеріңнен, еңбекте де кет.
Ақылды ел ағасын би қояды,
Ақылсыз ер баласын би қояды.
Жақсылыққа жақсылық, әр кісінің ісі,
Жамандыққа жақсылық, ер кісінің ісі.
Таспен ұрғанды аспен ұр.
Тас - тасты жібітетін ас.
Сиыр сипағанды білмейді,
Жаман сыйлағанды білмейді.
Боларыңда болып өт,
Болмасыңды білген соң,
Болған ердің қосын жек.
Ат жаманы тайымен ойнайды,
Әйел жаманы байымен ойнайды.
Падыша-байға жалынады,
Бай - Құдайға жалынады.
Үй өзімдікі деме, үй артында кісі бар.
Әйелің жақсы болса, үй сыртынан дыбыс қыл,
Қатының жаман болса, үйге кіріп сыбыс қыл.
Тоқтық не дегізбейді,
Аштық не жегізбейді.
Аш бала тоқ баладай ойнамайды,
Тоқ бала ешнәрсені ойламайды.
Тойға барсаң тойып бар,
Қойныңа наныңды қойып бар.
Асқа барсаң аш бар.
Тойға барсаң бұрын бар,
Бұрын барсаң орын бар.
Көп ойнаған бір жылар,
Көп осырған бір тышар.
Тышқанға өлім, мышыққа ойын.
Көзі жаманның сөзі жаман.
Ойнасаң да, ойындағыны айтарсың.
Ойнап айтсаң да, ойлап айт.
Жақсы жерде жатсаң жақсы түс көресің,
Жаман жерде жатсаң, әжептәуір іс көресің.
Түсің оңбай, ісің оңбайды.
Түс - түлкінің боғы.
Түлкі түгінен жазады.
Болар бала боғынан белгілі.
Ойда он сиырдың мүйізі сырқыраса,
Қырда қырық сиырдың мүйізі сырқырайды.
Айлас әйел - мұңдас.
Кемеге мінгеннің тілегі бір.
Ұяда не көрсе, ұшқанда соны аларсың.
Көрген көргенін қылады,
Көсеу түрткенін қылады.
Өсетін ел бірін-бірі батыр дейді,
Өспейтін ел бірін-бірі қатын дейді.
Әйел алсаң көт керек,
Шайнауына ет керек.
Жаман ісінен көрмейді, кісіден көреді.
Досыңа ет турат,
Дұшпаныңа шай құйдыр,
Я, қауын тілдір.
Ұсталы ел түзеледі,
Қасапты ел бүлінеді.
Ұстамен дос болсаң ісің бітеді,
Молдамен дос болсаң басың қатады,
Әкіммен дос болсаң басың кетеді.
Жақсымен құрдас болсаң,
Басыңды жоқтайды.
Жаманмен құрдас болсаң,
Сақалыңды боқтайды.
Шаруа болсаң қыс етігің кең болсын.
Дихан болсаң қос өгізің тең болсын,
Жарлы болсаң байдан бір ауыз сөзің кем болсын.
«Жаным» десе жан семіреді.
Балам, байым баласы жаным.
Немере етін жеп, сүйегін береді.
Сүйместікі - сыймас.
Тарыққанда берген тұрымтай,
Сұңқар орнына жүреді.
Аспандағы тырнаны ұстаймын деп,
Қолындағы шымшығыңнан айрылма.
Анды ерінбеген атады, я, көрінбеген атады.
Жоқты кезбе табады, я, езбе табады.
Жақпа отты өзің пісерсің,
Қазба құдықты өзің түсерсің.
Тоймай ішкен асың құрысын,
Қорлықпен жасаған жасың құрысын.
Жасымда бейнет бер,
Қартайғанда дәулет бер.
Би қылмасаң да, би түсетін үй қыл.
Тоғай қыдырған үйші болады,
Ел қыдырған сыншы болады.
Өлместі Құдай жаратпайды,
Сынбасты ұста жаратпайды.
Бала жасындағыны ұмытпайды.
Жаңылысқа жаза жоқ.
Жаңылмас жақ болмайды,
Сүрінбес тұяқ болмайды.
Екі ауру бірге келсе,
Ажалыңның жеткені,
Екі тесік бір келсе,
Абыройыңның кеткені.
Аузы күйген үрлеп ішеді.
Құр қасық ауыз жыртады.
Қызғанғаның қызыл итке жем болады.
Екінің бірі ханға жарайды.
Өзі қылған өкінбейді.
Құлағың естігенді, көзің көреді,
Көзің көргенді, қолың ұстайды.
Өтірік пен шынның арасы төрт елі жер.
Жарлының байға жалынам деп,
Тоқтылы қой ақысы кетеді.
Жарлыдан тұз, байдан май.
Ел бұзылса ер, түзейді,
Ас бұзылса, кен түзейді.
Кен бұзылса, нең түзейді?
Ит алған түлкіде не сын бар.
Екі жарты - бір бүтін.
Жақсының жақсылығын айт, иманы тассын,
Жаманның жамандығын айт, иманы қашсын.
Жер шегесі тау,
Дау шегесі ант.
Ақ та болсаң ант ішпе,
Айрандай жұғар бойыңа.
Ел ішінде аз болсаң,
Әр нәрсе түсер ойыңа.
Кәрілік саған не жаздым,
Айғыр басымды ат еттің.
Жалғыздық саған не жаздым,
Айтар сөзге мат еттің.
Жарлылық саған не жаздым,
Ағайыннан жат еттің.
Бар болсаң баршамен бетін сүрт,
Жоқ болсаң жаныңмен көңің сүрт.
Өзіңді-өзің сыйла,
Жат бойыңнан түңілсін.
Жаяуды жаяу деме,
Арқалағаны болмаса.
Арқалағаны бар деме,
Қайталауы болмаса.
Қайта шапқан жау жаман,
Қайтып келген қыз жаман.
Ырыс алды - қыз,
Ас артығы - тұз.
Біреу зәбір қылса,
Сен сабыр қыл.
Біреу зорлық қылса,
Сен ұрлық қыл.
Ұрлықты зорлық қылдырады.
Шыныменен жыласа, соқыр көзден жас шығады.
Берейін десең нең жоқ,
Бес ешкің бар, пейілің жоқ.
Бермегеннің үйінде,
Бесті қымыз тұрады.
Сор сараңнан шығады,
Өтірік арамнан шығады.
Бей асыл, асыл болмайды,
Асыл би асыл болмайды,
Бей асылмен жолдас болсаң,
Мұратың асыл болмайды.
Жақсымен жолдас болсаң,
Жетерсің мұратқа.
Жаманмен жолдас болсаң,
Қаларсың ұятқа.
Кеңесті ел азбайды,
Кең киім тозбайды.
Оймақ пішсең, ойлап піш.
Көл көлге құяды, шұқанаққа дам да жоқ.
Әркім теңін олжалайды.
Жаяудың несібесін атты жемейді.
Жүгірген алмайды, бұйырған алады.
Өз мінін білген өзгеге төр береді.
Адам өз айыбын көрмейді,
Өзгенің айыбын көреді.
Жарлы ет жесе тісіне кіреді,
Бай ет жесе ішіне кіреді.
Ораздының он тамыры келеді.
Қызды қоныс алады.
Бал ұстаған бармағын жалайды.
Жау түбі ел, жар түбі кешу.
Тізеден суға, белден тоба.
Ат ақымағы жорға,
Адам ақымағы молда.
Ат жақсысы боз болады,
Адам жақсысы таз болады.
Күліп сөйлеген ерден без,
Жылап сөйлеген әйелден без.
Ердің атын әйел шығарады,
Әйелдің атын отын шығарады.
Ат шаппайды, бап шабады,
Бап шаппайды, бақ шабады.
Қырсыққан ит қыңыр жүгіреді.
Қыры кеткен қырқында таз болады.
Игіліктің ерте-кеші жоқ.
Өзгеге өлім сұрағанша,
Өзіңе өмір сұра.
Дос түгел дұшпаныңның да көңілін қалдырма,
Дос болса ұяларсың.
Дұшпаныңнан бір сақтансаң,
Досыңнан мың сақтан.
Сенбе досыңа,
Сабан тығар постыңа.
Дос бергеннің бетіне қарама.
Алтынды жерден тапсаң санап ал.
Ит құтырса, иесін қабады.
Жылқы еті жесең тісіңе кіреді,
Жемесең түсіңе кіреді.
Ыстансыздың пұтына,
Екі қары бөз енеді.
Ниетіңді кеңге сал,
Егініңді дөңге сал.
Егін ырыс таңдамайды.
Дихан бір иіннен.
Егерсің егін, ішерсің тегін.
Тек жүрсең, тоқ жүрерсің.
Жақсының күнде бір үйі кеңиді,
Жаманның күнде бір үйі кемиді.
Жігіті жүзге жеткен елді,
Жүзі қара кемітеді.
Кім бай болайын демейді, құдайы қаламайды,
Кім би болайын демейді, халқы қаламайды.
Отты қозғама, өшірерсің,
Қоңсыңды қозғама, көшірерсің.
Қазақ көшсе байиды.
Кісі киімі кіршіл,
Кісі аты тершіл.
Есіктен табылса, төрге озба.
Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала.
Бақ-бақ деген текені,
Қыс түскен соң көрерсің.
Батырсыған жігітті,
Іс түскенде көрерсің.
Үйдің жылы, суығы,
Қыс түскенде белгілі.
Кімнің жақын, алысы,
Іс түскенде белгілі.
Жеті қабат қар жауса,
Жұтамайды сауысқан.
Өте жаман болмаса,
Шыдамайды туысқан.
Ат жауырға шыдамайды,
Ер бауырға шыдамайды.
Ойнасқа сенген ерсіз қалады.
Басшысыз халық - байсыз әйел.
Қайырсыз пайдадан, қайырлы зиян артық.
Жанымды алмаған ауру жанымсың.
Жоғалып табылған мал олжа,
Ауырып жазылған жан олжа.
Доңыздан түк тартсаң да пайда.
Жарты қарсақта пайда,
Бүтін қарсақ қайда.
Көп жеймін деген аз жейді,
Аз жеймін деген көп жейді.
Ақым деп алма, ақымдап ал.
Біріңдеген бит түгеседі.
Жақсы болар кісіні,
Кісесінен танырсың.
Жүйрік болар жылқыны,
Мүшесінен танырсың.
Жандыға - бала мешкей,
Жансызда - тері мешкей.
Арық атқа қамшы үйір,
Жыртық үйге тамшы үйір.
Тоғыз қабат торқадан,
Тоқтышағымның терісі артық.
Жан бергенге жай бер.
Қалауын тапса қар жанар.
Қанға тартпағанның қары сынсын.
Қар жауды деп қуанба,
Артынан болар аязы.
Келді деп қожа қуанба,
Алатын болар ниязы.
Тай тулап үйірден шықпайды.
Есі бүтін елден шықпайды.
Бай байығанда, жарлы қарап тұрмайды.
Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар.
Жұртты жеген жігітте күй болмайды,
Шабақ жеген шортанда ми болмайды.
Жеген аз, жегізген көп.
Есектің жүгі жеңіл болса, жатаған келеді.
Ұйқы жастық сұрамайды.
Аштық ас таңдатпайды.
Сұлу, сұлу көрінбейді,
Сүйген сұлу көрінеді.
Күңге күле қарасаң,
Көйлегіне жамау сұрайды.
Біреудікі біреуге қыздай көрінеді.
Еріншек - екі істейді.
Ерінбеген етікші болады.
Ер боларда тау сияқты,
Бұларды сыйлау бақ сияқты.
Жігіт бақтың қонғанын білмейді, ұшқанын біледі.
Тақия теппек ойнаса, таздың көті қылпылдар.
Әуе таяқ ойнаса аздың көті қылпылдар.
Еттің бәрі қазы болмайды,
Иттің бәрі тазы болмайды.
Күйеу келсе қыз әзір.
Жігіт жайын табар,
Қыз байын табар.
Бойжеткен қыз күйеуден қорықпайды.
Ат жүйрігі айырады,
Тіл жүйрігі қайырады.
Ердің атағы туырлықтай, өзі жұдырықтай.
Алпыс күн атан болғанша, бес күн бура бол.
Аға бордан, іні зордан.
Ағаның үйі – ақ жайлау.
Жақсының малы ортақ,
Жаманның малы бұлтақ.
Мақтанған жігіттің үйін көр,
Азынаған айғырдың үйірін көр.
Көзі соқырдан қорықпа,
Көңілі соқырдан қорық.
Айрылар дос, ердің артқы қасын сұрайды.
Мал бітпес деп ерден түңілме,
Шөп шықпас деп жерден түңілме.
Балық бәсін алады,
Егін есесін алады.
Мал басқа бітеді,
Қына тасқа бітеді.
Бас екеу болмай, мал екеу болмайды.
Тамырды бата айырады,
Я, майып мінген ат айырады.
Қозы асығы деме, қолайыңа тисе сақа қой,
Жасы кіші деме, ақылы асса аға қой.
Жаман қой ісегінде қартаяды.
Туысы жаман жігітті,
Жас басынан дерт алар.
Шығысы жаман қамысты,
Жас кезінде өрт алар.
Ұрыдан қорыққан мал жимайды,
Шегірткеден қорыққан егін екпейді.
Сүтсіз қой - маңырауық,
Құтсыз қозы-жамырауық.
Қадіріңді білейін десең жер сұра.
Кәрі қойдың басы піскенше,
Тоқтының басы арса болады.
Ақылдыға айтсаң біледі,
Ақылсызға айтсаң күледі.
Білімді әйел басыңа қарайды,
Білімсіз әйел жасыңа қарайды.
Аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі.
Тентектің аяғы сегіз,
Семіздің аяғы сегіз.
Көшпелі елде ақың болса,
Көше-көше қасыңа келеді.
Жұтқаның - бұйырған,
Шайнағаның - нағұман.
Ұры бол, қары бол, нысаппен бол.
Берген жомарт емес алған жомарт.
Туған ай, тураған етпен бірдей.
Жыл деген ат басын бұрғанша.
Биыл өзі болса, келер жылы өзі болады.
Мал кімдікі?
Айдаса жаудікі, ысқырса желдікі.
Жерде қалған жиендікі.
Жын мен жиен - тең.
Қараңғыда қалтырағанша, жарықта жалтыра.
Бар мақтанса - табылар,
Жоқ мақтанса - шабылар.
Қарада ат құйрығын түйгеннен түңіл,
Сәрада өрге қарап сигеннен түңіл.
Жаман баласын боқтата алмайды,
Боқтатса тоқтата алмайды.
Ат басына күн туса,
Ауыздықпен су ішер.
Ер басына күн туса,
Етігімен су кешер.
Андызды жерде ат өлмейді,
Үйірлі жерде ер өлмейді.
Қанның басын қаз алады,
Қардың басын қар алады.
Қалған көңіл шыққан жанмен бірдей.
Үйге кірген құр шықпайды,
Көрге кірген тірі шықпайды.
Қуыс үйден құр шықпа.
Көрініп тұрған астан, көргені жоқ бермейді.
Үйге кірген жылан,
Ақ құймай шықпайды.
Заманың ұры болса, ұры бол,
Бөрі болса, бөрі бол.
Заманың түлкі болса,
Қарғылы қара тазы болып бір шал.
Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппенен адас.
Ер айрылса көбіне,
Жол айрылса кеңіне.
Жол құтан қазынаға жолығады,
Сөз қуған бәлеге жолығады.
Құлақтан кірген суық сөз,
Жүрекке барып мұз болар.
Сөз мәнісін білмеген,
Сөзді өзіне келтірер.
Көш мәнісін білмеген,
Көшсе түйе өлтірер.
Байдың талтаңы қалмайды,
Жарлының қалтаңы қалмайды.
Сырыңды досыңа айтпа,
Досыңның да досы бар.
Олжаң кеміс болса, ісің кеңіс болады.
Емен ағаштың иілгені сынғаны,
Ер жігіттің ұялғаны өлгені.
Тентек - дұға, бұқа - бұға.
Шаруаның иті ұрғашы болсын.
Атан айында туады,
Інген жылында туады.
Қызы бардың - назы бар.
Ақырлас аттың мінезі жұғады.
Ат пен есек ақырлас болса зеңі жұғады.
Ақыл айнымайды, алтын шірімейді.
Удай ащы болсаң түкіріп тастайды,
Балдай тәтті болсаң жұтып жібереді.
Есі жоқтың ісі жоқ.
Іш кетсе күш кетеді.
Жақсының жаманы өлсе - қалма,
Жаман өлсе - барма.
Сиырлының үйі айран,
Сиырсыздың үйі ойран.
Су сағасы - бұлақ,
Сөз сағасы - құлақ,
Жол сағасы - тұяқ.
Жақсы атқа бір қамшы,
Жаман атқа мың қамшы.
Түйе - байлық,
Қой - мырзалық,
Жылқы - сан.
Бір түлікке бай болғанша, әр түлікке сай бол.
Көзден кетсе көңілден таса болады.
Ақыл - тозбайтын тон,
Ғылым - таусылмайтын кен.
Жаманның әлі жапалаққа жетеді.
Таспен жапалақты ұрса да, жапалақ өледі,
Жапалақпен тасты ұрса да, жапалақ өледі.
Суды құм бөгейді,
Дауды қыз бөгейді.
Қызулы жігіт қыз алып қашады,
Қызғынды жігіт бірге қашады.
Қыз кетеді, қызарған бет қалады.
Бір тойда екі жар жоқ,
Бір дауда екі жан жоқ.
Апасының киген тонын сіңлісі киеді,
Екеуінің тойы бір күнде болмайды.
Қолы жоқтың құдайы жоқ.
Жұтаған шүкірге тоймайды.
Жаман ұста жанынан.
Хан елімен, әйел ерімен.
Пәлен жерде астана бар,
Барып қарасаң бақыраш та жоқ.
Ілгері басқанның иті оттайды,
Кер кеткеннің келіні ұрлық қылады.
Өлімді жерде молда семіреді,
Өлеңді жерде өгіз семіреді.
Мың қарғаға - бір кесек.
Бүлінген елден бүлдіргі алма.
Алыссаң - атаң да болса, жық,
Аясаң - тұрғызып жібер.
Қараның тері шыққанша, сарының жаны шығады.
Жалғыз үйдің тамағы жетсе де, табағы жетпейді.
Қазаныңа не салсаң, шөмішіңе сол ілінеді.
Сағымнан су табылмайды,
Дүниеден опа табылмайды.
Ат - өледі,
Құс - қашады.
Мінгеспе,
Мінгессең үндеспе.
Пышағыңды шыныңмен бер,
Шыныңмен берсең, қыныңмен бер.
Төлеу болмай, тілеу болмайды.
Ауыр жігіт дегенше ауру жігіт де.
Елді өсек тоздырады,
Киімді өтек тоздырады.
Қысыраған ешкіден, лақтайтын шыбыш артық.
Ақылдыға біткен сақал жөн,
Ақылсызға біткен сақал жүн.
Жуас болғанша шуаш бол.
Жусан азбай жер азбайды.
Ишан азбай ел азбайды.
Төреге ерсең ер арқаларсың,
Қожаға ерсең тері арқаларсың.
Кісі ақылын талғап ал,
Жараулысын таңдап ал.
Бір түйеде екі өркеш,
Бірінен соң бірінің күші жоқ.
Бір биеде екі емшек,
Бірінен соң бірінің сүті жоқ.
Сопы суға тышады, боғы қалқып шығады.
Түстік жерге өсек айтсаң, кешке ізіңнен барады.
Тентектің ақылы түстен кейін кіреді.
Түн Тәңірінің пердесі.
Жын да бейімін ұрады.
Жатарда жар бойы, тұрарда түйе бойы.
Қарның ашса от жақ,
Тоңсаң от жақ,
Жалғызсырасаң от жақ.
Жақсы өзін қосып сөйлейді,
Жаман өзін ашып сөйлейді.
Қой мыңға жетсе, керегеден бас кетпейді.
Өкпе бер, бауыр бер,
Сыбағамды тәуір бер.
Тапқан қуанады, таныған алады.
Кеудеден жан кетпесе, ауыздан нан кетпейді.
Кетпен шауып нан бер, «Алла» деп жан бер.
Сақ қарға сағағынан.
Көрмеген жер көрстан.
Көп жасаған білмейді,
Көп көрген біледі.
Ас көп болса - кәде көп.
Ас иесінің әлі біледі.
Асатушының қолы біледі.
Ағайын тату болса ат көп,
Абысын тату болса ас көп.
Көп түкірсе көл болады.
Ұры - қасық, ел - теңіз.
Сауда сақал сипағанша.
Тентек өзін дәу санайды,
Жантақ өзін бау санайды.
Үндемегенде бәле бар,
Екі ұртында шала бар.
Отқа жақын күйеді,
Қорқақ деген дұрыс.
Ажал жетпей өлмейді,
Батыр деген дұрыс.
Сорлының батыры шошқаға шабады.
Жаман жаннан қорықпайды.
Жаман уәдеге нық болады.
Шағала келмей жаз болмайды,
Шаңқай болмай боз болмайды.
Дәулет біткен кісінің,
Иті үреген болады,
Аты жүреген болады.
Кепіл болма, болам десең болып көр.
Ішіп тоймасаң, жалап тоймайсың.
Көпті сөкпе, кенді төкпе.
Қайраты бар кісінің, берекеті бар ісінің.
Тоймасқа берме, толмасқа құйма.
Тоң айырған май жейді,
Дос айырған боқ жейді.
Екі бас - екі бастың мұрнының боғы да
Ерге берсең асыңды,
Ер сыйлайды басыңды.
Итке берсең асыңды,
Ит кемірер басыңды.
Қадіріңді білгенге жұмса.
Жас баланың уысынан жылан өледі.
Ойнақтаған бұзау от басады.
Албарлы қонақ аштан өледі.
Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді.
Қонақ таңдап қонады,
Ұры басынып алады.
Өлім жайды білмейді,
Қонақ жайды білмейді.
Еңбектінің үйінің отының басынан,
Етік басындай өлім шықсын.
Өлім бардың малын шашады,
Жоқтың артын ашады.
Қорықпас әйел қой басынан қорқады,
Қасындағы ойнасынан қорқады.
Әкем ерім болсын деген әйелдің,
Өзінде үш тамыры болады.
Тере берсе тезек те қызық.
Алыстағы аз несібеден сақта.
Азға қанағат, көпке шүкір.
Мың күнгі ұшпақтан,
Бір түнгі тіршілік.
Себепсіз пір болмайды,
Себепсіз дүр болмайды.
Дарияның дүрі астында,
Қонағы үстінде.
Жіңішкені мақтап, жуанды мін.
Жолдас таппай жолға шықпа.
Жолдасыңды тауып шық,
Үй-ішіңді шауып шық.
Молданың айтқанын қылсаң да,
Қылғанын қылма.
Құдай бергенге, құлай береді.
Ет етке, сорпа бетке.
Құлақтай ет жеп, қырмандай сорпа іш.
Асылсаң биікке, жығылсаң майданға.
Ер сыйлаған есікте отырмайды.
Аза арымайды, дау шірімейді.
Дау қырық жылда бітсе де, қыршын біттім дейді.
Халық сыйлаған қалы қалмайды.
Ауылдағы ойды, базардағы нарық қылмайды.
Базар барда бағыңды сына.
Төркіні жаманның төсегі жиылмайды.
Шақырусыз барған төсексіз орынға отырады.
Арзанның сорпасы татымайды.
Екі өштіні, бір күшті қосады.
Аллаңнан ойбайым тыныш.
Жаман қатын төркіні келсе төрге шығады.
Бітерге дүние келгенде,
Ғашық болған қыздай - ды.
Кетерге дүние келгенде,
Қолға ұстаған мұздай - ды.
Жақсы аттан жығылса,
Жаман табашыл болады.
Жақсының аттан жығылғаны да жақсы.
Асыққан үйрек артынан сүңгиді.
Арқан бойы жердің, тұсау бойы төтелігі бар.
Қисық болса да, жол жақсы,
Қыли болса да, қыз жақсы.
Есік көргенді алма, бесік көргенді ал.
Бесік баласы бес түлейді.
Солпы жүре түзеледі.
Сүйек тамыр сүйенісіп күн көреді,
Ауыз тамыр айтысып, артығын алысады.
Ұра алмайтын ұлы таяқ көтереді.
Ағайын бар болсаң, көре алмайды,
Жоқ болсаң, бере алмайды.
Жоқпен құда болғанша,
Бармен барымталы бол.
Барыңды кездеме, жоқты іздеме.
Қонақ берсең атыңды жейді,
Бермесең бетіңді жейді.
Битке өкпелеп тоныңды отқа жақпа.
Той сылтауымен тон бітеді.
Молданың хаты қалады,
Жақсының аты қалады.
Ұстаның даты қалады,
Жаман бүркеніп жатып алады.
Ұры жете алмайтын жаяудікін алады,
Сұрай алмайтын баяудікін алады.
Ұры өз малын өзі жейді.
Бір ауылдың малын бақпасаң,
Мың ауылдың малын бағасың.
Мал жима - мылтық жый,
Ашында - астық, жалғызында - жолдас.
Өгіз - өлгенше өседі.
Төрде орын барда төменге отырма.
Жүйрік аттың жабымен жайылып жүргені айып,
Жүйрік тазының итпен қосылып үргені айып.
Атаның баласы болма, адамның баласы бол.
Дүние тегіс болғанша,
Ерге бір іс болады.
Ата өліп бала қалса, мұратына жеткені,
Бала өліп ата қалса, арманы ішінде кеткені.
Бәрің бірдей тойшы болсаң, қу боларсың,
Бәрің бірдей қойшы болсаң, құл боларсың.
Тұяғы бүтін тұлпар жоқ,
Қияғы бүтін сұңқар жоқ.
Жылайын деген бала, әкесінің сақалымен ойнайды.
Жер шұқырсыз болмайды, орман киіксіз болмайды.
Жақсыға күн жоқ, жаманға өлім жоқ.
Жақсы әйел арша ұнын кәуап етер,
Жаман әйел бидай ұнын қарап етер.
Жаман әйел өлсе төсек жаңарады,
Жақсы әйел өлсе бас қаңғырады.
Жүз мың ақшаң болғанша,
Жүз мың досың болсын.
Жыраққа қойсаң жақыннан аларсың.
Жаман сиыр жарға бұзаулайды.
Жаңа байдың күлгені, ескі байдың бүлінгені.
Жақсы сөз ер азығы, жаман сөз бас қазығы.
Жарлының ұлы, байдың құлы.
Жеміс асылын ит жейді.
Құлан қақтан жерісе,
Қақ таба алмай шөлде өлер.
Өзінің басын зор тұтқан,
Ағаның басын қор тұтқан,
Атасы басқа елде өлер.
Жақсы көретін адамның жұмысын келерде сұра.
Екі қары бөз, бір қолтыққа сыймайды,
Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды.
Емен ағаштың иілгені сынғаны,
Ер жігіттің ұялғаны өлгені.
Байдың моржасы қисық болса да, түтіні тура.
Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін.
Өлген сиыр сүтті болады.
Піскен астың күйігі жаман,
Әйелдің көңілінің биігі жаман.
Ердің жаманы құдықтың көзін қориды,
Әйелдің жаманы ердің безін қориды.
Әйелің шалпы болса, елдің бейбітшілігінен не пайда.
Ашта жеген құйқаңды, тоқта ұмытпа.
Тойсаң тоба қыл.
Ерін қызғанбаған әйел есек,
Әйелін қызғанбаған ер доңызға есеп.
Құн берген байиды, күн алған құриды.
Қонақ несібесін ала келеді.
Құтты қонақ қонса, қой егіз табады,
Құтсыз қонақ қонса, қойға қасқыр шабады.
Ақсақ жатып семіреді.
Ақсақтың астына түспе,
Соқырдың қолына түспе.
Ақсаққа жүреді, соқыр көріп жүреді.
Соқыр көргенінен жазбайды.
Жауда да бір үйің болсын.
Күмән иманнан айырады.
Жоқ жомарт, жолаушы мырза.
Өтпес пышақ қол кесер.
Жемісті ағаштың басы төмен иіледі.
Ашта туған баланың екі көзі аста,
Тауда туған баланың екі көзі жаста.
Құдай жүгіртпегенді бұзау жүгіртеді.
Жақсының жүзі жәннәт, оны көру міндет.
Жаманның көрсеткенінен, жақсының сілтегені артық.
Жарлының жаны ардақты, байдың малы ардақты.
Жігіт жиғанын жемейді, бұйырғанын жейді.
Қолы ойнағанның аузы ойнайды.
Аналы жетім ерге жетім, анасыз жетім елге жетім.
Жақсы сөйлесе аузынан гүл шашырайды,
Жаман сөйлесе аузынан жын шашырайды.
Арманы жоқ жігіттің, алған жарын қаратса, мінген атын артса.
Екі елі ауызға төрт елі қақпақ.
Шешеннен тіл қалады,
Шеберден мін қалады.
Айтты күні атыңнан түңілесің,
Тойлы күні қатыныңнан түңілесің.
Жолдан жолдас қосылса,
Жол болудың белгісі.
Әйел сырлас қосылса,
Бай болудың белгісі.
Қазық бастан хан шықпайды,
Бүйрек беттен би шықпайды.
Құр ағаштан май өнбейді,
Құр айқайдан түлкі өлмейді.
Қыз құшпаған жігіт арманда,
Қызғалдақ жемеген тоқты арманда.
Сағадағы су ішеді, аяқтағы у ішеді.
Кілемге бергісіз алаша бар,
Ұрысқа бергісіз араша бар.
Бал бар жерде шыбын бар,
Мал бар жерде шығын бар.
Есен ердің аты шығады.
Жаманның түзге барғаны, қызға барғаны.
Мал қонысын іздейді, ер туысын іздейді.
Аш ауыл айранды бұрын ішеді.
Ұл - орнында отыратын жұрағат,
Қыз - әр жерден салдырған рабат.
Істесең тістейсің.
Жақсы мал жалғыз жоғалмайды.
Жерлі құланды, терлі құлан аудырады.
Жақсы көпке ұрлық қылмайды,
Азға зорлық қылмайды.
Жаман әйел қотыр мая,
Оған қылған еңбек зая.
Тамырың қолқа салмайды,
Апарып берсең алмайды.
Сынып қалған сапты аяқ,
Қанжығаңнан қалмайды.
Жаман сайға су құйса,
Өткел бермес кешуге.
Дәулет бітсе жаманға,
Сусын бермес ішуге.
Жақсының сөзі ақыл шақырады,
Жаманның сөзі ашу шақырады.
Жарым жігіт жаяу жүріп киік қуалайды.
Күшті күшенсе күш енеді,
Күшсіз күшенсе күші үзіледі.
Етігін шешпей ер тыңаймайды,
Ер-тоқымын алмай ат тыңаймайды.
Жақсының аты шығады,
Жаманның үні шығады.
Халықтың қорғаны батыр, құты бай.
Мал дауға керек, ағайын жаға керек.
Бөрі көмеді, түлкі ашады.
Татуға - тіл, сұлуға - сұқ.
Ескі сөз жаңа сөздің қазығы,
Жақсы жаманның азығы.
Қатының қардай болсын,
Атың адам жұтатын, айдаһардай болсын.
Сыйға сый, сыраға бал.
Ерге ықпал орнарда, бересілі болады,
Ықпалы таярда аласылы болады.
Иірімі жоқ суға иірілген балық не табады,
Қайырымы жоқ ханға ерген ел не табады.
Қылығы жақсы қызыңыз, адал туған ұлмен тең,
Арам туған ұлыңыз, үйде жүрген құлмен тең.
Қосағы жақсы жігіттер, халық үстінде бимен тең,
Алғаны жаман жігіттер, қара топырақ жермен тең.
Қатты қаңтар болмаса, су теңізі тоңбайды,
Қатын шалпы болмаса, ер жалғыз үй қонбайды.
Алғаны жақсы жігіттің, талабын тәңірі оңдайды,
Алғаны жаман жігіттің, ойдағы ісі болмайды.
Қарманған қарап қалмайды.
Жақсыда мін жоқ, жүйрікте сын жоқ.
Өзіңе жатық қыл, өзге келіп қақтықпас.
Десе Құдай құрасын,
Еңбек етіп сұрасын.
Анаға баланың алалығы жоқ.
Жасында қалжыңбас болсаң,
Өскенде мылжыңбас боласың.
Екпей егін шықпас,
Үйренбей білім жұқпас.
Момындық жамандықтың ағасы,
Қулық-сұмдық жақсылықтың құдасы.
Тар қазан тас қалақ,
Ақылсыз адам сасқалақ.
Қой тілегі амандық,
Бөрі тілегі жамандық.
Ескі бай аяншақ, жаңа бай мақтаншақ.
Оқыған дана болады, оқымаған шала болады.
Соқыр көзіне сенбей қолымен көреді.
Ашқа қазан астырма,
Тоңғанға от жақтырма.
Дауыл болмай жауын болмайды.
Қотыр қолға қотыр сақина.
Артқы айылдың батқанын,
Егесі білмес ат білер.
Ер жігіттің қадырын,
Жақыны білмес жат білер.
Бір сынаған жаманды, екі қайта сынама,
Жүрмейтұғын шабанды, жүргізем деп қинама.
Өтірік сөз жанға қас, дауға пайда,
Өткір пышақ қынға қас, қолға майда.
Аш адам тұрып өлмейді, жүріп өледі.
Төресіз елде сан жоқ, серкесіз қойда сән жоқ.
Күміс азса күл болады.
Жаман биені жабу жауып, құлынын ал.
Көптен би шығады, аздан батыр шығады.
Шапқан озар, жатқан қалар.
Тауына қарай түлкісі,
Заманына қарай күлкісі.
Әдептілік белгісі - иіліп сәлем бергені,
Жақындықтың белгісі - кешікпей жылдам келгені.
Адасқанды сөкпеңдер, қайтып үйірін тапқан соң,
Ұрлағанды кешіңдер, тоғыз әкеп жапқан соң.
Екі жақсы ұяда табар,
Екі жаман қияда табар.
Оқ табылса - құс кез келмейді,
Ас табылса - дос кез келмейді.
Ұлы, қызы бар құдалыққа барысар,
Ат, тоны сай кісі бара жатып жарысар,
Қой-қозысы бар кісі бір-біріне берісер,
Бірін-бірі сыйлаған дос дұшпанмен де келісер.
Сойса қозы өледі, соймаса өзі өледі.
Талапты ерге нұр жауар,
Ырысты ерге мал тұрар.
Өзен бойы тұрғанда, өзге жерге қонбаңыз,
Өзі болған жігіттің, ата-тегін сұрамаңыз.
Ақылдының сөзі қысқа,
Айта қойса бәрі нұсқа.
Ағайынның аласы аузында, жақыны бауырында.
Сусыз жердің шөбі иесіз,
Елсіз елдің малы иесіз.
Жақсы адам кішік болар,
Өзін-өзі ұлық тұтқан,
Бақыты кетіп, пұшық болар.
Жар басына қонбаңдар.
Жар құласа үй кетер.
Залымға сырыңды сөйлеме,
Жамандық қылса ми кетер.
Жақсылық ағаш басында,
Жамандық аяқ астында.
Әкеңді өлтіргенге апиын бер.
Жамандықты көп қуған, бір бәлеге жолығар,
Жақсылықты көп қуған, мол дәулетке молығар.
Әр не қылса тірлікте,
Бақ белгісі бірлікте.
Шеге қақсаң тойтар, пәлекетті қайтар.
Үлгісіз іс бітпейді, еріншектің қолы жетпейді.
Сөзіңді айт ұққанға,
Айтып, айтпай немене,
Құлағын мықтап тыққанға.
Жолдасыңның жоғын қарас,
Табылса өзіне жақсы,
Табылмаса кеуліне жақсы.
Алдыңнан бір адым білсең,
Артыңнан екі адым біл.
Жабу астында жал қалады,
Жал қалмаса да, жан қалады.
Екі жақсыны қосқанның сауабы бар,
Екі жаманды қосқанның жауабы бар.
Еркек дауысты әйелде ұят жоқ,
Әйел дауысты еркекте қайрат жоқ.
Ел ішінде аз болсаң, әр нәрсе түсер ойыңа,
Жұрт ішінде жоқ болсаң, мін тағылар бойыңа.
Аяғы жаман көлді былғайды,
Аузы жаман елді былғайды.
Жаңбыр жауса, жер ырысы,
Жақсы ұл туса, ел ырысы.
Көшпелі елдің қоры болғанша,
Отырықшы елдің зоры бол.
Жортуылдың жаманы, қуғыншыға жақ болады.
Еңбегі аздың, өнбегі аз.
Кесірлі ауыздан, кесапатты сөз шығады.
Түйе тойса көп кетеді, жаман тойса өкпе етеді.
Жомарт бергенін айтпайды,
Ер айтқаннан қайтпайды.
Қанша тұлпар болғанмен,
Мініп болмас жалсызды.
Қанша білгір болғанмен,
Халық сүймейді малсызды.
Жаманға баспа, жақсыдан қашпа.
Ер азамат белгісі - әрі мырза, әрі құл.
Өтірік ердің дұшпаны, өртке сүйреп салады.
Демі бардың емі бар.
Шын батырдан қорқақ туады,
Шын шеберден шорқақ туады,
Шын жүйріктен жортақ туады.
Өнбес іске өшікпе,
Сөйлес қылған қонаққа,
Жүгіре шық кешікпе.
Бар болсаң таспа, жоқ болсаң саспа.
Досыңа тиген оқ, қойныңа түскен шоқ.
Дұшпаныңа тиген оқ, аяғыңа тиген боқ.
Жуас аттың жуан қой артығы бар.
Там бұзылса да, мұнара бұзылмайды,
Төрелік бұзылса да, ымыра бұзылмайды.
Кепкен жарылады, іскен басылады.
Тозбайтын жер, мұқалмайтын ер.
Қайнасаң үлкен қазанға қайна.
Арыстанды тырнағынан танимын,
Есекті құлағынан танимын.
Жау тілегенге жасыл түседі.
Сабырлы мешкей ішіне қарайды,
Сабырсыз мешкей үстіне қарайды.
Бармайтын жерге қой барады, қыз барады.
Әйелін мақтаған жынды болады,
Баласын мақтаған құнды болады.
Қанды қалпақ кисе де, айрылмайды туысқан.
Пышақты берсе атасы жылайды,
Бермесе баласы жылайды.
Бақсы көрінсе - дерт қозады,
Ұста көрінсе - тоға тозады.
Қаңтарда қалпақ киіп болмайды.
Жылатуға адам көп, жұбатуға адам аз.
Бас болу оңай, басқару қиын.
Халық тілі құдайдың қаламы.
Қауын пұшығы - тәтті болады,
Әйел пұшығы - қатты болады.
Ат қызығы арығанша.
Қарадан қошқар салсаң, үй азады,
Ақтан қошқар салсаң, қой озады.
Көк шулан қойдан табылады.
Сабан бол, шөп бол,
Шамаң келсе көп бол.
Жолбарыс жолдасын жейді.
Күннің түні бар, түннің күні бар.
Сарғая сабыр қылсаң, қызара бөртерсің,
Шошалаңдап шоқшасаң, үй-мүлкіңді өртерсің.
Ақымақ базар барады, уақыты өткен соң,
Тентек мақұл болады, маза кеткен соң.
Жақсылық қылсаң өзіңе,
Жамандық қылсаң өзіңе.
Аспанға қарай оқ атсаң,
Қайтып тиер көзіңе.
Қожа диуанадан телім сұрар.
Байдың жаманы жарлыдан қозы сұрайды,
Молданың жаманы диуанадан сауал сұрайды.
Ордаға керек отауға да керек.
Шаруаның бір тоқтысы туса,
Мың түп жусанның түбі көгереді.
Астықты ұрадан сат, қойды қорадан сат.
Арыстанның ойынынан, түлкінің мойыны үзіледі.
Қой егіз туады –
Бірі қонаққа сойылады,
Бірі қошқар қойылады.
(Ақынның қолжазбасынан көшіріп, салыстырған
Мардан Байділдаев. Июль, 1958 жыл).
Ескерту: Ақынның нақыл сөздерінің ішінде халық аузында кең тараған, ертеден келе жатқан мақалдар да аз да болса, кездеседі. Олар ақынның жинап-терген мақалдары болып есептеледі.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру