Мазмұнға өту
Home

Қалам сыры

Жабал Ерғалиев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Қалам сыры

Авторы: Жабал Ерғалиев

Жабал Ерғалиев

ҚАЛАМ СЫРЫ

Жабал Ерғалиев ҚАЛАМ СЫРЫ (Әдеби жазбалар мен ой-пікірлер) 2008 жыл Өз кезеңінің әсер, ықпал еткен жайларына өз көзқарасы мен пікірін білдіру әр қаламгердің бойына біткен қасиет болса керек. Есімі көпшілікке кеңінен мәлім жазушының бұл кітабына да әр жылдары белгілі қоғам қайраткерлері мен ақынжазушылардың кітаптары мен әдеби шығармалары жайлы жазған ой-пікірлері, сөйлеген сөздері топтастырылып отыр. Кітап қалың көпшілік оқырманға арналып отыр.

АДАМЗАТҚА АРАША ТҮСУ

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Сындарлы он жыл” кітабын оқығаннан кейінгі ой

Дүниеге төнген қауіп пен қатер әлі сейілген жоқ. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары әлем “коммунистік қауіп-қатерден” құтылғандай болып, бой жазып еді, әйтсе де мұнымен адамзаттың, бейбіт қатар, ешбір соғыссыз, енді алаңсыз өмір сүрерміз деген үміті де ақтала қоймады. Көне тарихтың үйреткен де, үйретер де сабағы аз болмаса да Адамзат бір ғана ақиқатты–қару-жарақтың небір сұмдық түрлерін қолдана отырып, соғыс ашқанмен, сөйтіп сол теке-тіресте жауыңды жеңгеніңмен адам баласы өзіне төнген қауіп-қатерден бәрі бір де құтыла алмайтындығын мойындауы қажет енді. Осы бір ақиқатты ең әуелі мемлекеттер басшылары мен саясаттың көрігін қыздырып жүрген сара саясаткерлер ұғынулары да, осы бір ақиқат алдында жүгінулері де қажет. Әрдайым теңдік пен бостандыққа, әлеуметтік әділдікке ұмтылып келе жатқан Адамзаттың ендігі ырқы мен ендігі ой-мүддесіне қарсы тұру, болмаса бір мемлекеттің екінші бір мемлекет үстінен үстемдік қылуға ұмтылуы бәрі бір де түрлі қарама-қайшылықтарға тап бола берері анық. Сонау құл иеленуші дәуірден бастап ойланар болсақ, аяқ-қолдарына темір шынжырдан бұғау салып, кемелерге тиеп алып, Африка құрылығынан Америка материгіне апарып сатқан құлдар, бәрібір бостандық алды… Ағылшындар мен американдықтардың, испандықтар мен француздардың Африка мен Азия құрылықтарындағы отар мемлекеттерінен қазір жұрнақ та қалған жоқ, бәрі де өз бостандықтарын алып, дербес мемлекет болып, дербес саясат жүргізіп отыр. Ал ендігі мына заманда, яғни адам баласы ғарышты игеріп, ғылым мен техниканы дамытуда ақыл-ойының шарықтау шегіне жеткен қазіргі жағдайда Адамзат өзіне төніп тұрған қауіпсіздік жайлы және оны жою жайлы ойламаса– өркениеттің құрдымға кетуі де ғажап емес. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың “Сындарлы он жыл” кітабының алғашқы беттерін оқи бастағанда, осы бір ойлар еріксіз бойлатып әкетті. “Планетадағы кедейшілік пен қайыршылық азайды ма? Жоқ!” Дүние жүзінде психотропты заттарды өндіру мен оларды тұтынудың деңгейі азайды ма? Жоқ! Жетекші конфессиялар арасындағы діни агрессия мен төзімсіздік кеміді ме? Жоқ! Осылай жалғаса береді,–жоқ, жоқ, тағы да жоқ!”–деп тізбеленген (16-бет) сұрауы көп те, жауабы аз жайлар дүниенің тіршілігін қымбат деп санайтын әрбір саналы адам баласын толғандыруы қажет еді. Нұрсұлтан Әбішұлы осы бір сауалды қоюмен бірге, оған жауап та бере отырып, бүгінгі әлемдік саясатты жаңаша түсінуге жетелейді. Ең әуелі дүниеге төнген қауіп пен қатердің түптамырының қайда жатқандығын да “Сындарлы он жылдың” беттерінен оқып, тани түсу мүмкіндігі бар. Осы орайда Н.Назарбаевтың дүниеге қауіп аш адам мен ашынған халық деп ой тастауы бүгінгі күнгі “халықаралық терроризм” дейтін үрейлі топтың іс-әрекетінен айқын байқалғандай.

“Қазірдің өзінде қауіп-қатерді сезініп-түсінген адамзат байлық пен кейдейліктің арасындағы “бейбітсүйгіш” байлармен “агрессияшыл” кедейлердің арасындағы алшақтыққа қарай нық та нақты қадам жасай алады”,– деп (13-бет) туындап отырған жойқын проблеманы шешудің нақтылы жолдарын атап көрсете білген Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл орайдағы үнін әлем Біріккен Ұлттар Ұйымының мәртебелі мінбесінен осыдан он жыл бұрын естіген де болатын. Келіңіздер,–деген Н.Назарбаев осыдан он жыл бұрын БҰҰ Ассамблеясында БҰҰ-ның мүше мемлекеттері басшылары мен саясатшылары алдында сөйлеген сөзінде:–Күшімізді біріктірейік, ерікті ынтымақтастық қадамын жасап көрейік, сөйтіп дағдарыстағы өңірлер мен дамыған елдердің проблемаларын шешу үшін барлық елдердің әскери бюджетінен бір пайыз берейік”. Дүние әлем бұрын-соңды мұндай тосын ұсынысты естіп көрмегендіктен де тосаңқырап қалғандығы да және де Н.Назарбаевтың: “Өзара және игілікті мәміле туралы үндеуді естір құлақ естімеді”,–деп (14 бет) қынжыла жазуы да қайғы мен қасереттен, ашаршылық пен жоқшылықтан, соғыстар мен қақтығыстардан, табиғат апаттарынан зардап шегіп, ыңырсып та, қаңсырап та жатқан Адамазаттың жалпы осы проблемасына бай да қуатты мемлекеттердің басшыларының назар аудармауы қынжылтқандай. Ақыл мен парасат жеңісіндей сезілер Назарбаевтың бұл үндеуі мен ұсынысы дәл бір мезгілінде айтылғандығын уақыт ұғындыра түседі. Президентіміздің “дағдарысты өңірлер мен дамыған елдердің проблемаларын шешу үшін барлық елдердің әскери бюджетінен бір пайыз берейік” деген бұл ұсынысын Назарбаевтың Адамзатқа араша түсу концепциясы деп қабылдауға тиіспіз. Және де дүние әлемінде жалпы Адамзат мүддесін шешуге бағытталған батыл әрі нақтылы бір ұсыныстың айтылуы қуантады. Сол адамзатқа араша сұрап, оны бүгінгі қауіп пен қатерлерден алып шығудың ақылға сиярлық, көңілге қонарлық жайын айтып, жөнін көрсетіп беріп отырған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың болуы түптің түбінде бұл ойдың да жүзеге асар деген үмітіңді маздатады. Өйткені Елбасымыз бейбіт қатар өмір сүрудің әлемдік үлгісі мен әлемдік нобайын тәуелсіз қазақ мемлекетінің аясында жержаһанға көрсете білді. Ұлтаралық қарама-қайшылықтар мен түрлі көзқарастарды ортақ бір мүддеге–татулық пен бірлік мүддесіне тоғыстыра білген Назарбаев саясатын әлем мойындаса, мұны да қазақ елінің басына қонған бақтың бірі деп ұғынсақ етті. Ырысты қазақ топырағындағы осы татулық пен бірлік тамырының тереңдей бой алуының себебін іздесек, тағы да Назарбаевтың өзі айтып, өзі ұстанып келе жатқан: “Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген кісі өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды,–деген саясат даналығынан табарымыз анық. “Сындарлы он жыл” кітабында “Президентіміз әлемге үрейін үйіріп, қаупін төндіріп отырған терроризм, есірткі бизнесі, экстремизм мен сепаратизм сияқты мәселелердің туындау себептері мен оларды айта білген. Терроризм дегеніміз не, оның таралу себебі неде, терроризмнің түп тамырының қайда жатқандығы жан-жақты дәлелдей түсіп: Түпкі себеп дамудың теңсіздігінде жатыр, мұның өзі әртүрлі мәдени жүйелерде қатар үн қату қарсылығын тудырып, оны

террористер ең бір агрессивті түрде арсыздықпен пайдаланып отыр”–деген (39 бет) автор пікірімен санаспасқа амалың да қалмайды. Терроризмнің түпкі себебі “дамудың теңсіздігінде жатса”, сол теңсіздіктерді жою ғаламдық үлкен бір проблемаға айналғандығы, ендігі арада бұл мәселеге көз жұма қараушылықтан дүние тынышталар деген сенім адамзатты тағы да адастырып кетуі де мүмкін. Бұл орайда терроризмге қарсы күрестің нәтиже беруін қамтамасыз етуге ең әуелі мемлекеттердің өздері мүдделі істер тындырп, “өзара іс-қимыл және сінім білдіру шараларын” да тындыруға тура келеді. Бұл мәселеге осы тұрғыдан қарай отырып, Қазақстанның, оның Президентінің соңғы жылдардағы батыл қадамдары мен парасатты пайымдаушылық әрекеттері өзін-өзі ақтап келе жатқандығын атап көрсетуге болар еді. Қазақстан Президентінің Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім білдіру шаралары жөніндегі Кеңестік (АӨІСШК), Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы белсенді іс-әрекеттері мен тың бастамалары әлемді кей жағдайда төніп тұрған аса бір қауіпті қатерлерден құтқарып қалғандығына да сан мәрте қуана қол соққанымызды ұмытуға болмас сірә да! Үндістан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынас ушығып барып, екі жақ та қрулы күштерін шекара аймақтарына шоғырландырып жатқан тұста АӨІСШК Саммитінің Алматыда өтуі де, сол кездесулер мен пікір алысулар барысындда жауласып та, өшігісіп те алған екі мемлекет басшыларының арындары басылып, бәтуалы тоқтамға келгендігін тарихтың үлкен бір жеңісі деп бағалануын да орынды дер едік. Кей жағдайда қаныңды қыздырар жай–терроризмнің таралуына діни фундаментализм, тіпті Ислам дінінің ықпалы күшті болып отыр деген пайымдаушылықтарға да “Сындарлы он жылда” нақтылы әрі нанымды мысалдармен тойтарыс беріледі. “Исламның өз болмысында ешқандай агрессияшылық жоқ”, (31 бет”. “Терроризмнің түп тамыры белгілі бір дінде жатыр дейтін мәлімдеменің ешқандай сын көтермейтініне қарапайым дәлел– терроризм белгілі бір идеологияны пайдалана алатын құрал болып табылады. Бұлай болмаған жағдайда біз террористік бейімділігі тұрғысынан тек исламды ғана емес католизмді де айыптауға тиіспіз, себебі, мысалға алғанда, Солтүстік Ирландиядағы жіктелудің бір ұшығы дінмен де астасып жатыр”–деген (38 бет)тұжырымнан терроризм сияқты агрессивті әрекетті кез келген дінге әкеліп телімеу қажеттігін ұғынасың. Егер де әлі де болса терроризмнің улы тамырын діннен, діннен болғанда да бір ғана дін аясынан іздеуге әуестенушілік ешқашан бітімгершілікке әкелмейтіндігін, керісінше бұл жай өшпенділіктің отын маздата түсер әрекет болып қалатындығын айтып та, дәлелдеп те беріп отырған Қазақстан Республикасы Президентінің бұл пікірінен Адамзат баласының рухани жан дүниесіне, наным мен таным, сенім мен сезім түйсігіне миллиондаған жылдар бойы серік болып келе жатқан кез-келген дінге қылау түсірмеу арқылы Адамзатқа араша түсуінің екінші әрі құнды бір парасын таныдық. Біздің Президентіміздің бір ғажабы, асыл қасиеті деуге де болар, өз еліміздегі, онан қалды әлемдік кеңістіктегі болсын кез-келген мәселені бүркемелемей, жағдайға нақтылы әрі ашық баға беріп отыруы саясаттың тамыр бүлкілін бірқалыпты ұстап тұруға әсер етіп келеді әрдайым. Ақиқатты айту

арқылы ойландыру, ойлану арқылы асығыс-үсігістік жағдайда шешім қабылдамауға үйретуінде кемел саясатшының кемеңгерлігі де, көрегендігі де жатыр. Қауіп бұлтының Қазақстанда да бар екендігін, бұл бұлттар қазақ аспанына қай жақтан келіп-кетіп жатқандығын да Елбасымыз өз еңбегінде жасырмай айта білген. “Қазір еліміздің қауіпсіздік жүйесі өзінің беріктігін сынға салмайды деп ешкім де кепілдік бере алмайды”–деген (69 бет) Президент тұжырымның және де “қауіпсіздік жүйесін жоғары дайындықта ұстап отыруды қажет етеді”,–(70 бет) деген байламының да дұрыстығына иланасың. Президентіміздің “Сындарлы он жыл” еңбегінің үйретер сабағы да, берер тәлімі де, әлемдік саясатты, дүниенің бүгінгі даму процестерін ой сарабынан өткізудегі де ойы да тек өз халқының ғана емес, өзге де мемлекеттер мен сан түрлі құрылықтар халықтарының ойынан шығары анық та ашық мәселе. Өйткені Қазақстан Президенті бұл кітабында бір ғана халықтың, не болмаса бір ғана мемлекеттің емес, жалпы өркениеттің тағдыры мен болашағы жайлы толғанып, ой ойлайды. Түрлі өзгерістер мен қарама-қайшылықтар салдарынан маңдайы тасқа соғылған Адамзатты сол тығырықтан алып шығудың оңтайлы жолдарын сілтейді, сол Адамзатты бір-бірімен қақтығыспай, ымыраға келіп, бейбіт өмір сүруге үндейді. Саясаттың, болмаса мемлекет тізгінін ұстаған кез-келген адамның, тіпті тұтас бір мемлекеттің екінші біреудің ықпалында кетіп қалмай, дүние алдындағы ұлы жауапкершілікті сезіну қажеттігін, ендігі арада әлемде үстемдік жүргізуші мемлекет болуы мүмкін еместігін, Каспий аймағын тұрақсыздық аймағына айналдырып алмауды, есірткі дертінің кез-келген ұлтқа төнген зардабы мол ауыр кесел екендігін “Сындарлы он жыл” толық ұғындыра түседі. Ендігі арада таршылықтың да, баршылықтың да аймағына айналып келе жатқан Орталық Азия аймағының халықаралық маңыздылығын Елбасымыз: “Орталық Азия–іріірі әлемдік өркениеттердің–ислам, орыс-православие, қытай–конфуций, батыс мәдениеттерінің тоғысында тұрған аймақ”,–деп (213 бет” оның геосаяси жағдайына дәл анықтама беруі және сол арқылы “бірқатар көтерушілер аймақтық қауіпсіздіктің құбылмалы және уақытша екендігін көрсетеді, сондықтан оны әлсін-әлсін қадағалап, безбенге салып отыру қажет!”,–деген (213 бет) оймен бұл аймақтың тұрақтылық мүддесін ойлаған жан иесі санасары да хақ. “Күрделі проблемалардың болуына қарамастан, әйтеуір қауып төніп тұр деп қара аспанды төндіре беруге болмайды”,–деп басталар (214 бет) Елбасы тұжырымынан жарық бір сәулелі үміт бастау алғандай. Және де сол үмітке жету жолындағы Адамзат мүддесі үшін шешілуге тиісті мәселелер төңірегіндегі ой-тұжырымдар шоғырын кітаптан жазбай танырың да ақиқат. Ұлттың және мемлекеттің қауіпсіздігін сақтауға қажетті сол ой-тұжырымдарды тани отырып, бізге, кез-келген мемлекет үшін де ендігі арада өз ұлты мен өз мемлекетінің ғана емес, тұтас әлемнің, тұтас өркениеттің мүддесін ойлай алатын кемел ойлы Президенттер керек деген ойға тоқталасың. Өйткені, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Сындарлы он жыл” осы бір ақиқатты танытары да, айтқызары да, оны мойындатары да хақ мәселе. (“Көкшетау” газеті, 18 сәуір 2003 жыл).

(“Астана ақшамы” газеті, 29 мамыр 2003 жыл).

БАЯНДЫ ҒҰМЫР БАЯНЫ

«Қу медиен далада құр ғана құрсақ қамынан басқа ешнәрсені ойламаған тоғышарлар болмаса, ақыл-оймен іс қылған адамдардың артында белгі, зердесінде бедер қалмауы мүмкін емес». Бәйкен ӘШІМОВ. («Ел сенімі–ең қымбатың» атты өмірбаяндық жазбалар кітабынан).

Көкшетаудың Бәйкен Әшімовы десек, тұлғалы ағамыздың мәртебесін де, мерейін де кемітіп аламыз ба деген оймен қазақтың, қазақ елінің Әшімовы деуді жөн санап отырмыз. Сол қазақ халқының ардақты ұлдарының бірі, қоғамның да, мемлекеттің де көрнекті қайраткерлерінің бірі Бәйкен Әшімов ағамыз жайында бұрын аз біліп келген едік. Бар білгеніміз Қонаевпен қатар жүретін, жиын-жиылыстарда қатар отыратын, мерекелерде мінбелерде қатар тұратын… Енді міне еліміздің ардақты да атақты бір ірі тұлғасы Бәйкен аға Әшімовтың да өмірдегі өрелі жолымен өзінің «Ел сенімі–ең қымбатың» деген өмірбаяндық жазбалар кітабы арқылы кеңірек танысудың мүмкіндігі тиді. «Балалық шақтың батпан жүгі» атты алғашқы тарауындағы «Мен алты айға толар-толмаста ат құлағында ойнап жүрген жігіт–менің әкем кенеттен қайтыс болыпты. Сөйтіп, мен туған әкемді көре алмай қалыппын»–(6-бет) деген жолдарды оқығанда-ақ көңіліңді мұң басады, әкесіз қалған алты айлық баланың бұдан былайғы тағдыры қалай қалыптасты екен деген қызығушылық кітапқа деген құмарыңды оятады. «Жататын шым үйдің ығындағы от орындай тақырда асық ойнап, топай ата жүріп, жеті жасқа да жетіппін. Енді ауыл балаларымен бірге мектепке барып, сабақ оқуым керек екен. Оған да мойын ұсындым»,–(7-бет) деп басталған балалық шақтың баяны мұнан кейінгі аранын ашқан отызыншы жылдардың ашаршылығынан араша іздеген тіршілік жолдарымен тоғыстырады. «Сөйтіп он бес жасар өмірім, 1932 жылдың жазында туған үйдің табалдырығын аттап, ел кезіп кеттім. Бұл менің аштықтан қашқан бетім еді. Жападан жалғыз, жаяулап Көкшетауға қарай жөнелдім. Дорбада азығым, құтыда сусыным жоқ, әйтеуір жүріп кеткенмін. (9-бет). «Әйтеуір жүріп кеткенмін…» Бәйкен аға айтып отырған осы бір ауыз сөзге төрелік айтар болсақ, «Бір Аллаға тапсырдым өзіңді»,–деп артында жылап қалған Сақып апаның, «Жас тілек, сен аман бол» дескен әке орнына әке болған Қабдолла ағаның көз жастарын көл қылып айтқан баталарымен, ақ тілеулерімен «жүріп кеткен» өзінің осы сапарында ең әуелі «Көкшетауда балалар үйінің директоры болып істейтін аталас ағайымыз Есбай Сүлейменов» болса жолықтырғаны, содан кейінгі жолығулар мен жолдар және сапарлар соқпағы ұзара түсіп, тұтас бір ел тарихының кезең-кезеңдерімен ұштасты, Қызылжар

темір жолындағы ФЗУ оқуы, онан кейінгі ауыл шаруашылық техникумы, онан кейінгі алғашқы комсомол қызметі. Бұлар жайлы және ХХ-шы ғасырдың ең бір қанқұйлы оқиғасы–Ұлы Отан соғысы туралы кітаптың «Ес жиып, есейе бастаған кез», «Жорық жолдары» деген атарауларда келісті әңгіме қозғалады. Бәйкен аға өзінің «Жорық жолдарында» майдан даласында өз басынан кешірген хикаяттарын баяндайды және көптеген әр ұлттың өкілдерін құрайтын өзінің қанды көйлек майдандастары туралы да қызықты сыр шертеді. Бұл кітаптың «Бейбіт өмірге беталыс», «Саялы ордам отбасым», «Жақсы адамдар–жайсаң жандар», «Гүлденсе ауыл…» деген кесекті тарауларына Көкшетау өңірі тарихының бір парағы деп қараған абзал. «Көкшетаудың туған топырағында 15-16 жылымыз өтті»,–деп жазады (56-бет) Бәйкен аға. Міне, сол он бес-он алты жылғы аға өмірінің Көкшетаудағы кезеңінен келген тарихи оқиғалар, қазіргілердің жадында көмескілене бастаған кейбір жайлар, бүгінгі күні біреуінің көзі тірі, біреуі арамызда жоқ тамаша-тамаша адамдар хақында жүрек сағынышын терберлік адал ниетті сырлар шертіледі. Бәйкен ағаның небір биік лауазымды қызметтер атқарған кезеңдерінің сыры да, хикаясы да бұл кітапта әсерлі баяндалған. Ағаның Қарағанды облысының атқару комитетінің төрағасы, Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған жылдарын да өмірінің бай да мағыналы жолдары деуге тұрарлық. Елдің өткенін, ердің өскенін білгісі келгендерге де Бәйкен аға көптеген құнды-құнды естеліктер қалдырып отыр. Ал, енді Бәйкен аға Әшімовтың ұзақ жылдар бойы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болған өмір белестері қазақ елі дамуының өркендеуінің, өсіп-өнуінің «жұлдызды суреттерімен» ұштасып жатыр. «Биік мансап–биік жартас» дегенді Абай білмей айтпаған. Сол биік жартасқа жетсек деп ұмтылушылардың болатыны да, не болмаса сол биікте тұрғанды қайтсем құлатайын деушілердің де арада жүретіндігіне заңды құбылыс деп қарайтын болсақ, өз кезінде Қонаев пен Әшімовтың арасына да сөз жүгіртіп, от тастаушы пенделер болған екен. Бірақ Бәйкен аға сондай оқиғалардың өзін әлдекімдерге деген ызбарлы, өшпенділікпен емес, жай бір елеусіз оқиға ретіндегі болмашы бір әрекет есебіндей баян етеді. Мұны да Бәйкен ағаның бойындағы үлкен бір парасаттылығы деп білдік. Ағамыз бұл кітабында өмірден, тұрмыстан көрген ауыртпалықтарын бейнетін ғана «жамандағаны» болмаса, бір пенде жайлы ағат сөйлеп, атын атап, түсін түстемеген, керісінше көзі көрген, –«тар жол, тайғақ кешуде» жақсылық, шапағатын көрген қызметтес, аралас-құралас болған өз төңірегінің адамдары, олардың бүгінгі ұрпақтары жайлы әрдайым жылы сөйлеп мол еске алып отырады. Мақтану да жоқ, даттау да жоқ. Естеліктің бір құндылығы осында жатыр. Ағаның бұл парасат-пайымының өнегесінен мемуар жазушыларды кез-келгені үйренсе де, үлгі алса да болғандай. Өмірден көпті көріп, көкірек көзіне түйгені мол Бәйкен аға осы кітабында бүгінгі тәуелсіз қазақ елінің болшағына сеніммен қарайтындығын жазады, ол сенімін қазіргі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланысты атайды. «Тәуелсіз Қазақстанымыздың тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы

Назарбаев–еліміздің экономикалық күш-қуатын дамытуға тікелей қатынасып, көп қажыр-қайратын жұмсаған және оны ұйымдастыруға мол білік-тәжірибесін қосқан адам» (142-бет). «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қай істің болса да жайына жеттік, қабілетті де қажырлы басшы ретінде ертеден білемін. Осындай сенімді қолдаған біздің республика, оның еңбекқор, ұйымшыл халқы қазіргі уақытта қиыншылықты жеңіп шығатынына, сөйтіп таяу болашақта экономикалық және әлеуметтік прогрестің сара жолы ашылатынына мен кәміл сенемін»,–деп (143-бет) Бәйкен аға Әшімов өзінің туған халқына өзінің де, халқының да бүгінгі таңдауын айтып тұрғандай. Қалың оқырманның аса бір қызығушылығын туғызатын кітаптағы тағы бір мәнді тарау –«Өміріміздің алтын тәжі» болса керек. Бәйкен аға өзінің аяулы жары, балаларының анасы Бақыт Әсетқызы екеуінің бір шаңырақ астында түтін түтетіп, бірге өмір сүрген 50 жылдық тойларына осындай бір керемет атау беріпті. Және де осы күнге, Бақыт Әсетқызының 70 жасқа толуына орай өткізілген той дастарханының мәжіліс-мәзірін «белгілі ақын Кәкімбек Салықов қағазға түсірген» есепті сол күйінде» осы кітапқа енгізілуі аға өмірінің, оның отбасының қадір-қасиетін арттыра түскені сөзсіз. Сондай-ақ кітапқа басылған әр фотосуретті де тарихтың бір-бір беттері деп қарағанымыз абзал. Бәйкен аға Әшімовтың өмірбаяндық жазбаларын оқып шығып көңілге түйген ойлар осы болды. Ал енді ағаның: «Ақыл оймен іс қылған адамдардың артында белгі, зердесінде бедер қалмауы мүмкін емес»–деп айтқаны көкейімде жатталып қалды. Бұл ұлы сөз!

(«Көкшетау» газеті, 13 қараша 1998 жыл).

АҚ НИЕТТІ АСЫЛ ОЙ МЕН АСЫЛ СӨЗ Өтеді дүние... Көшеді дүние!.. Сол өтпелі де, көшпелі дүниенің жел қайығына мінген адам баласы өзіне бұйырған ғұмырының алыста қалған... кей-кейде ғана ғайыптан үн қатар, енді тек қана өзіңнің ғана ойыңнан кетпес, өзіңнің ғана көңіліңнің түпкірінде жаныңды жылытып тәтті бір мұң болып бұғып жатар және де енді ...ешқашан да қайырылып қайра бір оралмас кезеңдерін сағынып сарғаюдың да бақытты сәттері болады екен. Алайда, сол бақытты сәттің тағы да екінің біріне бұйыра да бермейтіндігін, бар жан дүниеңді баурап алып, оймен есейіп, оймен көркейген өз көкірегіңде өздерінің аппақ та мөпмөлдір адами қалпымен тұнып та тұрып алған өз дәуіріңнің ұлылары мен дана да даралары жайында жан қаламыңды көңіліңнің сағыныш сауытындағы сиясына малып, бүгінгі күннің және де ертең мен мәңгілік болшақтың ақ парағына ой тереңінен сыр тартып, тебірене толғап жазып қалдыру да екінің бірінің қолынан келе де бермесін қайтерсіз?! Елесті де сағым дүниені есің кетіп сағынған бір шақтарыңда жүйрік көңілің де өз шабытыңның шыңына қонып алып, сол бір биіктен ақ ниетті асыл ойлы асыл сөзін Мырзағаңдай болып «Асылдарым» деп тебірене айтар да, ақтарылар бір.Ақтарылар да анығын айтар,сол анығын кей...кейде көңіл шіркін қамығып та айтар! Әйтеуір қалай айтса да сүйіндіре де, сүйсіндіре де білген қазақтың асыл бір перзенті Мырзатай Жолдасбековтің жуырда ғана қолымызға тиген «Асылдарым» атты ойлар мен тебіреністер кітабын оқи отырып,жан дүниеміздің жаңарып та тазарып, көңіл өсіп, ой толысып, ұлылықты тану, даналарды білу, ақиқатты анықтау сияқты есті сөздің бізге де жеткендігіне, естігенімізге қуандық та, тәубе де еттік. «Кітап...ең сабырлы ұстаз. Тек кітап қана қайырымдылық пен айуандықтың, ақиқат пен жалғанның ара жігін айнытпай танып білуге үйретеді»–деген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осы басылымның басқы сөзінде айтылған бір ауыз пікіріне жүгіне отырып,ой жалғар болсақ, Мырзағаңның «Асылдарымы» сол сабырлы ұстаздың ұстамды бір қалпымен құнды бола түсерінің де анықтығын аңғардық.Және де қазақтың рухани дүниесінің шынайы бір білгірі мен танушысы әрі қамқоршысы болып жүрген Иманғали Тасмағанбетовтың бұл кітапты «Ұлы сағыныштың кітабы»,–деп дөп басып айта білгендігі Мырзағаңның жан сырының бағасын онан әрі асыра да таныта да айтқан өрелілігі мен төрелігіне тоқтадық. Ал енді Иманғали Нұрғалиұлының: «Осы күннің өкініші шығар. Бірақ осындай елдің сөзін ұстайтын, ертеңіне елеңдеп, бүгінін таразылайтын, кішіге аға, үлкенге тілекші болатын азаматтарымыз санаулы. Солардың бірі әрі бірегейі... Мырзатай Жолдасбеков.. елімізде де, шет елде де белгілі қайраткер, Президенттік мәдениет орталығының директоры, көрнекті түрктанушы ғалым,–дей келіп бүгінгінің қазақ зиялысының «ұлтының

болашағы мен еліміздің келешегі үшін барын да, жанын да аямай жүрген» бүгінгінің абыройлы абызының бағасын бере сөйлеуінің де мол өнегесі барлығын айтқанды да жөн санадық. Әлқиссадан қайырар болсақ,Мырзатай Жолдасбеков өзінің «Кемеңгер» атты толғауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты «тарих толғатып туған ғасырдың тұлғасы»,–дей келіп « Қазақтың құлан жортса тұяғы тозатын, қыран ұшса қанаты талатын ұлан.ғайыр даласы бар. Ата...бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған соншама алып далада, мұндай алып кеңістікте мемлекет құру қиынның қиыны еді.Бір кезде жығылған Орданы қайта тігу, құлаған туды қайта тіктеу, елдің елінің ғана, ердің ерінің ғана қолынан келетін іс еді.Бізде ондай елдің де барын, бізде ондай ердің де барын мақтаныш етеміз. Елдің аты – Қазақстан, ердің аты – Нұрсұлтан. Қазақстан, Астана, Назарбаев дейтін сөздер бір-бірінен бөлінбейтін ұғымға айналды»,– деген анық та қанық сөзінде халқының ойындағысын, елінің көкейіндегісін баяғының билеріндей біліп, абызындай анықтай айтуы да, от ауызды, ырқындағы іс. Тоқтамды сөз айту білгеннің ісі. Пайымды сөз айту да парасаттың еді. Өз заманының тоқтамды да пайымды сөзін айтудың биігіне жеткен Мырзағаңның ой-пікіріне құлақ түрумен бірге, ендігі арада естілердің соған жүгінетіндері боларына да сенеміз. Біз мұны «Сөнбейтін шырақ, қанбайтын бұлақ» атты сөз пайымындағы Өтебойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баяны» мен Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқианнан өзіме шейін» тарихи еңбегінің маңызын айта отырып, солар жайында шығып қалып жүрген әлдебір жаңсақ пікірлердің негізсіздігі мен жүйесіздігі хақындағы Мырзатай Жолдасбеков ұстанымының ұлағаты ұйыта түскендігін айтқанды жөн санадық. Осы арада:«Арғы көне тарихты айтпағанның өзінде,аттың жалында, түйенің қомында белін шешпей өскен, бертінде үш ғасыр бойы орысқа бодан болған қазақтың не бір асылы жоғалып, жойылмады дейсіз. Алтын кездік тот баспай қынабына қайта түссе, біз оған неге күмәнданып, таңдануымыз керек? Мұның өзі асыл қасиеттерге, жақсы мінезге бай халқымыздың әлі де даукестерден, жікшілдерден арыла алмай келе жатқандығының салдары ма деп ойлаймын»,– деген, болмаса бір «Шипагерлік баян»...әлем тудырған ғажайыптардың қатарынан орын алатын, қазақ халқының даңқын арттыратын теңдесі жоқ ғылымнама, қазақ даналығының өлшеусіз биігі»–дей отырып, мұны әлемге таныту ісін бүгінгі ұрпақтың бұлжымайтын міндетіндей белгілеп отырған Мырзағаңның қашан болсын елдік істің жаршысы болып жүрер ірілігінің алдымызды қайра бір орағандығы орақ тілді шешеніндей ойып та шешіле сөйлеп, толғай айтуы да замананың ақиқаты деп санаймыз. Елбасының «Абай...қазақ халқының рухани көсемі»–деп айшықтап берген Абай хакім жайындағы Мырзатай Жолдасбековтің бүгінгі айтар ойы мен сөйлер сөзі сол бүгінгі күннің қөзқарасы тұрғысынан, яғни, былайша айтқанда тәуелсіз елде туып, ойын да бойын да еркін қалыптастырған бүгінгі ұрпақтың ұғымы мен санасына қарата айтылған сөз деп білген абзал. «Заман өзгерер, қоғам өзгерер, адам өзгерер, бәрібір қазақ түбінде Абайға жүгінеді, оның өсиетіне, аталы сөзіне тоқтайды», – деген Жолдасбеков ойының да, сырының да тереңде жатқандығын

аңғарамыз. «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла»,–деген Абай ғақлиясының түпкі сырынан Мырзағамыз тағы да «Кемелге келмей, ақыл тоқтатпай Абайды ұғыну мүмкін емес»,–деу арқылы орынды ой түйеді. Абайды санаңның өзі іздеуі керек. Абайға ақылы барлар ғана жүгіне алады. Абайға торыққан көңілің өзі тартылатын болса ,кеудеңде сәулеңнің болғаны да. Бұл – бағың! Тағы да анықтай айтар болсақ ,сәулесі бар кеудең еліңнің де, халқыңның да бағы. Кеудесінде сәулесі жоқтарды көр соқыр деп таңбалай сөйлеген сол халқымыз әуелгі таяқты да солардан жеген,солардан зар илеп, қан жылаған. Бетін аулақ қылсын деңіз, солар енді қаптап кетпесін деп тілеңіз. «Абай өлеңдерін оқу, оның қадір-қасиетін сезіну, асыл ойларын зердеге сақтау ынтасы да,ықыласы да бүгінде бұрынғыдай емес»,–дей келіп бұл ойын сол Абайдың «Қорқамын кейінгі жас балалардан» дегенімен әкеліп сабақтастырады да, ендігі арада етек..жеңімізді, есімізді жию үшін де Абай керектігін тағы да қалың қазағының есіне салар еді асыл аға. Соны сала отырып, Мырзағаң өз жүрегіне,өз айналасына үңілетіндігін айтады да, ұлы ұстазы Абайға мұң шағады. Мырзағаңның ол мұңы – ел мұңы. Алайда сол ел мұңы қалың елін неге ғана алаңдатпайды? Абай айтып кеткен баяғы сол «басбасына би болған өңкей қиқымның» қылығы ма бұл?! Әйтеуір не десеңіз де, Мырзатай ағаның мұңы да өзі анықтап айтқан Абай алысқан «адам бойындағы мың сан кесел мен кемшілік еді»! Енді келіп Мырзағамыздың көңілін торлап жүрген көп мұңының кейбірін ғана термелейік. «Ел ішінде бетімен лағып, жөнсіз сөйлеу, ғайбаттау етек алып барады...Ақылманы, қариясы жоқ елдей болдық» (жетпіс бет). «Бүгінде халық қамын ойлайтындардан да қарын қамын ойлайтындар көбейді» (жетпіс алты бет). «Жалқаулық, алауыздық, өсекшілдік, билікшілдік күні бүгін де бар». Жақсының етегіне жармасу әлі де жалғасып келеді» (жетпіс жетінші бет). Міне, жегі құрттай жанын жеген кей жайларды осылай бір айтып алады да: «Абай заманындағы қазақтан қазіргі қазақ көп өзгере қойды деп айту да қиын»,–деп тұжырым жасаған Мырзатай ағаның бүгінгі өз халқының Абайы болып толғануы да, қамығып, жабығуы да бізге түсінікті жай болуы керек. Ал, енді Абай болып күңірену үшін Абайша өлең жазу да шарт емес. Абайша елің мен халқыңды сүйе білу керек те, сол Абаймен қапталдас ой мен сана, ақыл мен парасат болуы қажет. Осы және де өзінің туа бітті бойындағы өзге де бір текті қасиетімен абыз болып толғанып та, тереңінен тербеп, ақтарыла да сөйлер Мырзатай ағаның «Асылдарым» кітабындағы асыл ойы мен асыл сөзі бізге осы тұрғыдан жақын да түсінікті болса керек-ті. Мырзатай Жолдасбековтің сан қырлы сырымен бір жазғанынан бір жазғаны тартымдырақ «Асылдарым» ойлар мен тебіреністер кітабындағы бір ерекшелік сол, ол сөз етіп отырған өз кейіпкерлерінің ойымен өз ойын шебер әрі қисынды ұштастыра білгендігінде дер едік. Бұл енді қалам ұстаған жанның шынайы шеберлігі де болар.Алайда, сол қаламыңның ұшына оралар көңіліңде көрікті ой да болуы шарт.Міне, осы бір шарттағы шеберлік пен көрікті ой қосарлана келіп, жүрек атты күй сандықтың қылын шерткен кезде барып Иманғали Тасмағанбетов айтқан «Ұлы сағыныштың кітабы» дүниеге келері бар. Кімді сағынасың?! Және де не үшін сағынасың?! Сағынғаннан не қайыр, не үміт?! Сол сағыныштарың мен сағынарларың елесті де ғайып дүниеден үн қатса етті!

Ести алармысың сол үнді?! Ол үшін сол бір ғайып жандар жүрегіңнің төрінен мәңгілік орын алуы керек екен де, бәрі де...бәрі де өз жаныңмен мәңгі бірге өмір сүрсін! Сонда барып сөйлейді олар, сонда барып сен де естисің оларды! Көзі тірісінде баласындай әлпештеп,інісіндей қастерлеп сыйласа алған Кенен Әзірбаев сынды ұлы тұлғаның қасиетін сезіну арқылы жыр алыбы Жамбылдың сұңғыла жан әлемін ұғына білген Мырзатай Жолдасбековтің ойы сағыныш, сағынышы ой болып бірге өріледі де, Жамбыл мен Кенен сынды қос алыптың өмірдегі де, өнердегі де бейнелері ұлттың ұлы мұрасы ретінде сағыныш полотносына сурет болып салынып қалды. Біз сол қос алыптың жан дүниелері мен жыр мұраларының жаңа... тіпті бұрын-соңды тани білмеген қырлары мен сырларын сол сурет арқылы жаңаша танып білгендігіміз үшін де марқаямыз. «Асылдарым» деп айдар тағып,ат қойып отырған Мырзағаның ойлар мен тебіреністер кітабының алтын арқауы мен өмірлі өзегіндей өрілген «Асылдарым» эссесі бұдан бұрын «Егемен Қазақстан» газетінде (он бір жыл, № екә..он ) жарияланып, бұл жан сағынышының сырлы әуені мен күйі хақындағы көңілге түйген өз ойымызды ел газеті «Егемен Қазақстанда» (төрт наурыз он бір жыл) айтқандықтан, сондағы мына бір пікірімізді ғана қайталағанды орынды санадық. «Кеңестік дәуірдің әдебиетін жасаған және қилы-қилы кезеңдерде ұлтымыздың рухани жан-дүниесін сақтап қалған сол арыстарымыз кезінде бірін-бірі қаралады ма, біріне бірі қарсы шығып мақала жазды ма, бірін бірі айдатты ма, оған қатал да кемеңгер уақыт өз бағасын, бізге...ұғар санаға сабағын да берді деп есептейік те, Тәңірдің жазуымен тәуелсіздіктің арқасында дәмін тата бастаған азаттығымыз бен бостандығымыз және де өз ұлтымыздың бүгіні мен болашағының тағдыры үшін қазірдің өзінде өзін-өзі танудан қалып бара жатқан, былайша айтқанда ұлтсыздануға бағыт алған ұрпққа, яғни, Ер түріктің бір оғланы қазақ бізде ешкімнен ұялмайтын өткен бар, тарих бар, әдебиет бар, тіпті, әлем халықтары кісілік пен кішілікті де, адалдық пен адамдықты да бізден үлгі тұтсын, біздің салтымыздан, дәстүрімізден үйренсін дейтін ұғым қалыптастыру үшін бүгін біз солай істеуге, Мырзатай Жолдасбековтің эсселеріндей мейріміңді қандырар мөлдір де таза, жаныңды ізгілікке бөлейтін жылылығы мен шуағы мол дүниелерді жазып қалдырайық. Асылдар бізде аз болмаған! Тек сол асылдар мен абзалдар жайлы айта білейік. Соған асығайық! Бұл ең әуелі дүниеден озып кеткен сол асылдар алдындағы парызымыз болса, бүгінгі және келер ұрпақ алдындағы міндетіміз деп санағанға не жетсін?! Мырзаға бізге осы бір үлгіні көрсетіп берді, сол үлгілі ізгілікке қазақтың бір ірісі, абзал аға өзі бастап жол салды, сөйтті дағы биік те, адал сөйлеуді міндеттеп, тіпті аманаттап тұрғандай сезінемін»,...деп бұрынырақта айтқан осы бір ойдан айнымай сөйлер едік әлі де. Мырзатай ағаны әлі де болса өз құшағынан босатпай жүрген мына бір: «Өнегесін көрген, тәлім алған ағаларымды көп сағынамын. Өзімді керуені қара үзіп, елі көшкен жұртта қалғандай сезінемін. Бәзбірде жан әлемімді айтып болмас мұң кеулейді. Ойласам-ақ ішін өрт шалған ормандай боламын. Ағыл..тегіл сағыныш сазынан сарғаямын, жүрегім талады. «Қайдасыңдар, асыл ағаларым!»–деп шарқ ұрып іздеу салғым келеді»,–деген нәзік жүрегі мен адал

көңіліндегі сағыныш мұңының менің де кеудеме келіп жабысары бар. Әркімнің өз сағынышының өз әні мен өз қайырмасы бар. Бірақ соның бәрі де бір ғана жүрек аспабымен ойналады да, бір ғана сағыныштың мұңлы күйін шертеді екен-ау! Аға, мен де сағыныштың от құшағында жүрмін! Жақсылықты сағынамын, жақсыларды сағынумен, іздеумен болдым! Зарықтым,аға! Сол зарыққан сағынышымды Сіздің «Асылдарымыңыз» бір басқандай болса, өзіңіздің ақ жаныңыздың құшағына алған бір сәттеріңізде және де «Айналайын, жаның таза бір жан екенсің» деген бір ауыз жылы сөзіңізді айтқаныңызда да жыламасам да, жүрек кірпігінің діріл қағып, дымданып жүре бергені бір өзіме ғана аян болатұғын. О, ұлы сағыныш ұшып барып барша адамдардың жүрегіне қонақтасаңшы! Бәлкім... мына дүниенің сезімі оянар!.. Қазақтың асылдары мен Мырзатай ағаның асылдары бір де бірегей тұлғалар болып бүгінгінің де, болашақтың да тарих таразысына тартылар тұста олардың салмағы әрдәйім артып, бағасы да қол жетпестік мөлшерге шарықтап шығарын сезіне білейік. Асыл көңілдің ойын тербей білген Мырзатай ағаның асылдары Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезов, Есмағанбет Ысмайылов, Бейсенбай Кенжебаев, Әбділдә Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев, Зейнолла Қабдолов ендігі арада мәңгілік жаратылыстың көк аспанындағы жарық жұлдыздай мәңгі жанып, мәңгі жарқырап тұрары және де бар. Бұған күмәніңіз де, күдігіңіз де болмасын. Ағып түсіп жоғалмайды да. Өйткені бұлар көк аспанға жерден ағып жеткен жұлдыздар! Адам жұлдыздар. Бәлкім жұлдызды түнгі аспанға жанарымызды қадап тұрып аларымыз да сонан болар!.. Беймәлім өмірдің беймәлім бір нысаны негізінен адам баласының өзі болып келетіні де бар. Ол да бір зерттеуді қажетсінетіні болады. Бұл ойды да Мырзатай ағаның өзі ұғынд ырды. «Асылдарымның» ендігі бір парасы «Мұстафа Шоқай», «Бауыржан» «Нұрғиса», «Шыңғыс» болып тарқатылар еді де, «Қазақ жырының Хантәңірі» Мұқағали Мақатаев «Мына дүние неге жатыр үндемей?!»,–деп мұңға батып, «Сырласу баяны» Әбдіжәміл Нүрпейісовтің сырын ақтарып, «Қалың қазақтың Өзбекәлісі» тағы да тұлғаланып, «Елінің елшісі, ұлтының ұяты» Олжас Сүлейменов дараланып, «Әулие» Әбіш Кекілбаев биіктеп, «Заманынан озып туған» Сағат Әшімбаев өзінің жалынды өмірімен қайра бір жаңа қырынан ашылар еді де, бәріміз де бұрын біліп келдік дейтіндей-ақ осы тұлғар Мырзатай Жолдасбековтің ойы мен жүрек әлемінің құндағынан шығыл, ақ қағазға түскен кезде бұлардың сіз бен бізге айтар басқа бір сырлары бар екен. Көп сыр аша да шаша да бермейтін және де ешкімге жалынан да ұстата бермейтін заңғар жазушымыз Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әлемін тануға арналған тұңғыш дүние де осы ма деп қалдық. Әбең өзінің шығармаларымен ғана биік пе деп жүрсек адами қасиет ұстанымымен де, кісілік келбетімен де биікте тұрған тұлға екендігін Мырзатай ағаның «Сырласу баянынан» оқып білдік. Және де Нұрпейісовтің баянымен Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Ілияс Омаров сынды қаншама ұлылардың өздерімен кеткен ұлылықтарын хатқа түсіріп алдық. Ұтқан жеріміздің бірі де осы тұс. Жазушының өмірін білдік, шығармашылығының лабараториясын араладық. Ендігі бір ұтқанымыз да осы тұс.

«Еліміздің төлқұжатына айналған тұлға» деп бір ауыз сөзбен-ақ Олжас Сүлейменовтың бағасын жеткізе айтқан Мырзағаның осы бағасына қалың қазақ тоқтаса етті. Олжастың ойының ортан белінен де келмейтіндер де, Олжастың білгені мен білімінің деңгейін жағалай алмайтындар да, Олжастың ерлігі мен өрелілігінің деңгейімен қапталдас келе бермейтіндер де ендігі арада сол «елінің елшісі, ұлтының ұяты» болып жүрген Олжастың балағына жармасып,әйтеуір бір қауып қалуға деген құмарлықтан,содан ләззат алар күйден де бойды аулақ салсақ етті. Олжасты ойсыратамыз деу ақылсыздық, Олжасты төмендетеміз деу парықсыздық, бүгінгінің «білімділерінің» өресіздігі мен білместігі, әрбірден соң қазақтың қыр соңынан қалмай келе жатқан надандық! Ұғар жанға Мырзатай аға осыны айтып тұр. Тағы да Иманғали Тасмағанбетовше «Ұлы сағыныш кітабы» деп қайыра бір сөйлер болсақ, сол сағыныш кітабының бағалы бір сөзін халықаралық Абай клубының президенті, жобаның авторы Роллан Сейсенбаев «Асылдардың аманатын арқалаған Мырзатай» деп айта да, атай да отырып, халқымыздың асылдары мен уақыт көшінің кезең керуенін әріден көре сөйлеуі сана жаңғыртады, ой тереңдетеді, көңіл тербейді. Қашанғы бір қалайғы да талайғы халықтық қалпымызбен жасай берерлік рух биіктігінде бүгінгі және ертеңгі де, әрі болашақ ұрпақтың да санасында табан тіреп тұрып қалуға жарарлық Мырзатай Жолдасбековтің «Асылдарымы» ақ ниетті асыл ойы, асыл сөзімен қымбаттырақ. Және де Мырзатай ағаның әлі де шарқ ұрып іздеп жүргені де жай емес, олар адамзаттың асылдары! Бәлкім, бар саналы ғұмырында сөз асылы мен өз асылын іздеумен келе жатқан Мырзағамның өзі де адамның асыл болар! Иә,солай!..

ШЫРҚАЙ БЕР, ШЫНДЫҚ!

“Әдебиет әдебиет үшін деген таңба айқын болмай нәрлі әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі”. Мұхтар ӘУЕЗОВ.

Заманымыздың заңғар жазушысы, ойшыл Мұхтар Әуезовтың осы айтқанындай “артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі” апырау, күні бүгінге дейін неге естілмей келген?! Бүгінгі ұрпақтың әрқайсысының көкейінде ең әуелі осы бір сауал тұрары анық. Социалистік заңдылықтың тым өрескел бұзылуы жағдайында жөнсіз қылмысты жауапқа тартылып, отызыншы жылдары сталиндік репрессияға ұшырағандардың арасында Мағжан Жұмабаевтың бар екенін еміс-еміс еститінбіз де. Шынын айтсақ әкелеріміз бен ағаларымыздың “халық жауларының” атын сыбырлап қана айтып отыратындығы біздердің де санамызда сол адамдарға деген сенімсіздікті берік қалдырғандай еді. Бірақ… жылдар өтіп, советтік қоғам өзінің қайта құру, қайта жаңғыру, жаңаша ойлау кезеңін басынан өткізіп отырған төрт-бес жыл төңірегінде өз тарихымыздың көлеңкелі көп тұстарының ақиқаты айтыла бастаған соң жүректерге де жаңа бір нұрлы сәуле түскендей болды. Енді міне, қараңғы қапастан Мағжан Жұмабаев есімі де жарқырап шығып, өз жүрегімен, өз жырымен туған халқына оралып отыр. Социалистік қоғамды қайта құру мен жариялылықтың бұл да бір игі жемісі! Енді арамызға ұзақ жылдар салып, “Армысың, жарық дүние”,–деп өз жырымен оралып отырған ақын Мағжанды оқиықшы: Келші, көзім, күн бетіңді көрейін, Сүйші, сәулем, тұншығып мен өлейін. Кел, жұлдызым, жылжып қана жібектей, Жұлдыз жүзік, айды алқа ғып берейін. Шашың–толқын, жүрегімнің жарына, Соғылды да баттым улы зарына. Айнам, саған арнап жырлар жазамын, Қаламымды малып жүрек қанына. Құмарлана, тамсана оқисың осы жыр жолдарын. Поэзияның шын асылы ғой бұл! Сезімнің нәзік те болса арлы әуені ақын жүрегінен мөлдіреп төгіліп тұр. Мағжан Жұмабаевтың осы бір өлеңін әлемдік әдебиеттің алыптары Пушкиннің, Лермонтовтың, Блоктың, Гетенің, Вальмонт пен Ахматованың шығармаларымен қатар қоюға әбден болар еді. Не деген нәзік сезім, не деген әуен ырғағы қандай десеңізші бұл өлеңнің! Төгіліп тұр, төгіліп тұр жүректен! Бұлбұл құс, көзімде жас, кеудемде от, Болып мен саған келдім ішімде шоқ. Дертіме сенен ғана дәрмен болар, Басқадан анық білдім, еш пайда жоқ.

Бұл жерден ұшып кетші сәулем жаққа, Барып қон, нәзік қана бір бұтаққа Сөйле оған ашындырып менің жайым, Көңілін елжіретіпей қанат қақпа! Жүз құбылт дауысыңды, өрте өзегін, Өртенсін, қызыл жалын қыл төсегін. Ойын ал, бойын балқыт сүйдір мені, Қалсын ол ойлай алмай өз есебін. Бұл Мағжан Жұмабаевтың “Бұлбұл” деген өлеңнінің үш шумағы. Ақын лиризмінің құдыреттілігі осы бір өлеңінде жатқандай. Жалпы Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін оқуға қол жетіп отырған бүгінгі ұрпақ біздер өзімізді әрдайым бақытты санауға тиістіміз. Өлеңнің мінезін, ақынның жаны мен жүрегін түсіне білер кез-келген оқырман мағжан Жұмабаев лирикасының құдыреттілігін танитын болады әлі-ақ. Мағжан Жұмабаевтың “Қазақ әдебиеті” газетінде жарияланған он шақты өлеңдерінің әсері өз оқырманын, ақынның бүгінгі ұрпақтарын бір бақытты шат пейілге бөлегенін айту ләзім. Қолымызға қайта келіп қонған бақ құсының тағдыры ендігі арада берік боларына адал көңілмен сенеміз. Ендігі арада Мағжан Жұмабаевқа, оның атына, оның жүрек қанымен жазылған нәзік өлеңдеріне ешкім де тас атпас деген сенімдеміз. Бүгінгі қайта құру дәуірінің ұрпақтары біздер ендігі арада Мағжан Жұмабаев есіміне кіршік түсіртпеспіз еш жанға. Осылай де отырып, адамзаттың Айтматовы атанған Шыңғыс Айтматовтың Мұхтар Әуезовтың “Қилы заман” повесінің 1975-ші жылы ұзақ жылдан соң қайра басылып шығарда жазған алғы сөзін еске алғанды жөн көріп отырмыз. “Міне, шапқанда кедергі болмасын деп, тізгінін түріп, үзеңгілерін қанжығаға қайырып байладым да әйт, жануар шуу дедім: “Есен-сау бол, тарлан тұлпарымның көзі! Жер танабын қуыра шап! Және де ұзаған сайын оның артынан қарап тұрып, ойға қаламын: жақсы адам иесіз шауып бар жатқан сені көргенде сәт-сапар тілейтін шығар-ақ. Ал сенің сайлы ер-тұрман, әбзелдеріңе қызығып, шылбырыңа жармасқысы келген жан ешкімнен ешқашан да алғысрахмет ести қоймас…” Айтматовтың бұл сөзінің ақталып, халқына нәзік жанды жырларымен қайра оралып отырған Мағжан Жұмабаевтың творчествосына толық қатысы бар деп ойлаймыз. Шындық шырқай берсе екен осылай!

(“Көкшетау правдасы” газеті, 11 қаңтар 1989 жыл). РУХЫ ТӘУЕЛСІЗ СУРЕТКЕР (жиырма бірінші ғасыр көзқарасы)

Кешегі Мұхаңдар “менің аспирантым” деп мақтан тұта білгені, кешегі Ғабеңдер “Сәкен сері” деп ат беріп, еркелетіп, ұстай білгендіктері түптің түбінде дүниеден өздерінің де озатындықтарын, дәуірлері өтіп, дәурендері көшкенен кейін, өздерінің соңдарынан адами ақиқаттың арашасысы, қазақ әдебиетінің ары, өз заманының тура биі болып Сәкен Жүнісов қаларын тани білген сол кемеңгерлердің ұлылықтары мен даналықтарына тәнті боласың! Сол ұлылар мен сол даналардың сарқытын ішіп, солар отырған орында, солар шыққан төрде енді бүгін халқына жаққан еңбегімен, төгіп-төгіп тастар шешен сөзімен, елін сүйсіндірген сәнімен, күмбірлетер күйімен, ең бастысы... былғанбаған, ешкімге былғатпаған арымен Сәкен Жүнісов отыр! Сәкен Жүнісов! Сәкен сері! Бүгінгі күні жетпіс атты жасының ғұмырлық бір белесіне көтеріліп отырған Сәкен Жүнісов жайында бізге дейін де талай бір ғұламалар мен талай бір ғалымдар сөз сөйлеп, не бір даналар мен кемеңгерлер бағасын беріп, айтар ойларын айтып, кейінгілерге қалдырып кетіпті. “Менің аспирантым, менің аспирантым!”–деп Мұхтар Әуезов балаша мәз болып қуанып өтіпті дүниеден! “Біздің Сәкен сері! Бойындағы қасиеттері: жазушылығына қосымша әншілік, домбырашылық өнеріне, мінез бітіміне, тіршілік әрекетіне орай мен бір жиында осылай атағаным бар еді”,–деп Ғабит Мүсірепов сөз қалдырыпты соңынан! “Сәкен Жүнісов–туған жерге тамырын терең жіберген Дала жыршысы”,–деп бағалапты академик Зейнолла Қабдолов! “Туған жер–Сарыарқаны сағынғанда–, Мен сені бір иіскесем жетіп жатыр,–деп ақын Ғафу Қайырбеков жыр жүрегінің бар мейірімін ақтарып, төге салыпты! Кеңестік дәуір кезеңінде түрлі-түрлі зобалаң мен зорлықтардан әупірімдеп аман қалған қазақ әдебиетінің ұлы тұлғалары Мұхтар Әуезов бастаған бір топ шоғырдың алыптары: Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әлжаппар Әбішев сынды ағалары соңдарынан ерте де білген, еркелете де білген Сәкен Жүнісов қазір мен үшін арамызда өздері де, көздері де жоқ сол Ағалардың, сол Алыптардың орнында қалғандардың, солардың орнында отырғандардың бірі! Және де сол орында ол лайықты отыр! Әдебиетімізге “Жапандағы жалғыз үй”, “Ақан сері”, “Заманай мен Аманай” сынды кесек бітімді дүниелерін беріп және сол шығармаларының өзегінде өз халқының ғасырдан ғасырларға асып жете беретін де, ұласып барып әр дәуірдің ұрпақтарын да айтар ойымен, айтар мұңымен, асқақ та әсем әнімен тербей де, тербете де білер Жүнісов кітаптарының қай кезеңнің болмасын жүгін белі

қайыспай көтере алатын мәңгі бітпес күші де, мәңгі сарқылмас қуаты да бар. Өлмес дүниелерін беріп тастаған, көнермес шығармаларын жазып та жатқан, айтар ойын ірікпей орынды сөз сөйлейтін, сіз бен біз жасқанып айта алмайтынды ойып тұрып айта алатын Сәкен Жүнісов сынды ағаның не қылышыңды шығартпайтын, не үніңді шығартпайтын бүгінгі күнге де, бүгінгі заманға да жеткеніне қуана шүкіршілік қыласың. Өйткені жиырмасыншы ғасыр бойы бір толассыз соққан тарихи кезеңдердің дауылдары мен жауындарынан, үскірік аязы мен миыңды аузыңа түсірер аптабының азаптарын тартқан, тартып қана қоймай, сол нәубеттердің құрбаны болып кеткен талай да, бір қазақ зиялылары мен даналарының кебін кие жаздағанның да, кебінін кигіземіз деп жауыққанның да зардабын тартқан Жүнісовтің желкесі қиылмай жетпіске жеткенін көріп отырған, халық, сіз бен біз шын бақыттымыз бүгін! Сол бір сергелдең кезеңдерден Сәкен аға қалай аман өтті, Жүнісов неге тірі жүр бүгін деген мәселеге бару үшін әуелі оның жан әлеміне, рух дүниесіне тереңірек үңілгеніміз жөн. Ғасырлар бойы орнығып қалған үстем тап өкілінің басына шығу үшін таптық күресті ойлап тауып, иттерін иесіне айдап салған коммунистік қоғамның жымысқы саясатының ең алғашқы құрбандары кімдер еді? Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мыржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Мағжан ақын!.. Бұлар және осылар сияқты халқымыздың басқа да оқыған, тоқығаны мол, елім деп еңірегенде етектері жасқа толған, халқым деп бір ғазиз бастарын тауға да, тасқа да ұрған, көзі ашық, көкірегі ояу зиялылар шоғыры отаршылдықты орнықтырмаймыз, құлдықты құптаймыз, халқымызды жылатып қоя алмаймыз деп неге алысты, сол саясатқа неге бас имеді, неге илікпеді, неге көнбеді, ақырында сол идеяларының құрбандары болып неге кете барды?! Өйткені… өйткені олардың әуелден Тәңір иесі жаратқаннан, дүниеге келгеннен бастап рухтары тәуелсіз болатын! Ал, енді Адам баласының сол рухының тәуелсіз болып жаратылуы бір Алланың ісі! Міне, сол тәңір иесі Сәкен атты өз перзентін әкесі Нұрмақ, анасы Мағрипа арқылы тәуелсіз рухпен жаратқан болатын. Біз болсақ тәңірі тәуелсіз рух салған Сәкен сынды жанның бір ғасырда бірақ рет туарын да ескерместен, тіпті оған күнде туып жатқан көз қазақтың бірі деп қарап келдік. Өкінішті ақ!.. Өкінбеске, опынбасқа тағы да амалың жоқ. Өз кезі мен кезеңінде Әуезовты әурелегендер, Мүсіреповті мүжігендер, Мұқановты мұқатқандар енді келіп сол алыптардың біреуінің аспиранты, біреуінің сырлас серігі, біреуінің сыйлас інісіндей болып, кесек сөйлеп, кесек дүниелер жазып, ұлыларды ұйытып, даналарды сүйсіндіре бастаған сол Сәкенге, яғни жаратылысынан бір тәңіріне ғана тәуелді Сәкен Жүнісовке жабыла бастаған-ды. Бірін-біріне талатуды үйретіп қойған қоғамның тісқаққан жан талағыштарына жанын аман алып қалуы үшін, арын таза сақтап қалуы үшін, рухын біреуге тәуелді қылмас үшін тайталасқа түскені үшін ғана Сәкен Жүнісов тентек…Сәкен Жүнісов сотқар болып шыға келгендігін ХХІ ғасырдың бүгінгілері мен тірілері, келер ұрпақтары, Сіздер де біліп өтіңіздер әрдайым! Бізде… бізде ағайындар, асау болмасаң тірідей жұтып асап қоятындар, тентек болмасаң обал-сауапқа да қарамастан тепкілеп, тентіретіп жіберетіндер болған жоқ па, әлде қазір де жоқ па?! Не десеңіз де, әйтеуір Сәкен Жүнісов ашына сөйлесе де, батыра айтса да

өзінің тірі пендеге тәуелді болып көрмеген рухы арқылы халқын қорғап келе жатқандығын мойындаймыз! Кешегі Мұхаңдар “менің аспирантым” деп мақтан тұта білгені, кешегі Ғабеңдер “Сәкен сері” деп ат беріп, еркелетіп, ұстай білгендіктері түптің түбінде дүниеден өздерінің де озатындықтарын, дәуірлері өтіп, дәурендері көшкенен кейін, өздерінің соңдарынан адами ақиқаттың арашасысы, қазақ әдебиетінің ары, өз заманының тура биі болып Сәкен Жүнісов қаларын тани білген сол кемеңгерлердің ұлылықтары мен даналықтарына тәнті боласың! Сол ұлылар мен сол даналардың сарқытын ішіп, солар отырған орында, солар шыққан төрде енді бүгін халқына жаққан еңбегімен, төгіп-төгіп тастар шешен сөзімен, елін сүйсіндірген сәнімен, күмбірлетер күйімен, ең бастысы... былғанбаған, ешкімге былғатпаған арымен Сәкен Жүнісов отыр! Мен бүгін тәуелсіз елімнің және Сәкен серідей ер ағамның барлығына тәубе қыламын. Енді тек сол тәуелсіз еліме Сәкен Жүнісовтің тәуелсіз рухын берсе екен деп те тілеп жүрмін!..

(Бұл толғамды сөз 11 қараша 2004 жыл «Көкшетау» газетінде жарияланып, 2004 жылдың 11 қарашасында Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде өткен ғылыми-практикалық конференцияда сөйленді және конференцияның “Замана тұлғалы–Сәкен сері” атты ғылыми жинағында басылып шықты).

ШҮКІРШІЛІК, “ӘЛІППЕ” ЖАЗЫЛДЫ

Шүкіршілік, “Әліппе” жазылды! Оны жазған Мұхтар аға Мағауинге мың алғыс!

“Бабаларымыз шаңырағын көтеріп, төрт ғасыр бойы ұстап тұрған қазақ ордасы аталатын ұлан-ғайыр ұлыстың толық әрі шынайы тарихын таңбалау– ғылымға, әдебиетке алғаш қадам басқан кезден бері көкіректе сыздаған арман еді”. Салиқалы оймен, ізгі бір жүрек жарды ниетті сөзбен басталатын осы бір кітап қолыңызға түсе қалса, кез келген адам оны құмарта оқып шығары бар. Өйткені, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті жазушы әрі тарихшы Мұхтар Мағауин қолына қалам ұстаған кезеңнен бері өз халқының көне тарихын зерделеп, терең ой айтып келе жатқан қаламгерлердің бірі. Алматыдағы “Ер-Дәулет” баспасынан жарық көрген Мұхтар ағаның “Қазақ тарихының әліппесі” атты еңбегі өз халқына, оның тарихына деген шынайы бір жанашырлықтан, үлкен бір сүйіспеншіліктен туған туынды деп ұқтық. Біз өз тарихымызды білмей өстік. Коммунистік идеологияның талабына сай “Қазақстан тарихын маркстік-лениндік тұрғыдан баяндау” туралы қанды қылыш қаулыдан асып, қазақ тарихы жазылмады. Хан мен төремізді жазар болсақ оларды жауыз, қанішер етіп көрсетуіміз керек еді. Халық тарихын шынайы жазуға әрекет жасауға батылы жеткен талай тарихшыларымыз бен әдебиетшілеріміздің “халық жауы” ретінде қуғындалғандығына тарих куә. “Тарихтың барлығы да қазақтың өткенін тануға емес, ұмыттыруға қызмет еткен еді”,–деген Мұхтар Мағауиннің осы кітаптағы “Әуелгі сөз” бөліміндегі осы бір нақтылы жасалған тұжырымын заман, дәуір шындығы деп қабылдауға тиіспіз. “Қазақ ордасының құрылуы” деген бөлімнен басталатын әліппеміз “ХІІ ғасырдың 40 жылдарында ту көтерген, ежелгі түрік жұртының қыпшақ тектес руларын біріктірген ұлы мемлекетіміз Алтын Орданың” саяси және әкімшілік құрлымын баяндаудан бастау алған. Мұндағы бір ерекшелік автор Алтын Орданың жарым дүниені алып жатқан алып бір мемлекет болғандығын батыл айтады. Және де сол айтқандарын тарихи жайлармен кеңірек тұжырымдап, толықтырып, бекітіп отырады. Алтын Орданың астанасы–Сығанақ шаһары, оның әр кездегі жандары жайлы деректер де біздің тарихымыздың құнды бір беттері. Әсіресе, осы бір бөлімдегі Мұхтар ағаның Қазақ Ордасының құрылуы хақында баяндай келіп, “Көне түрік қағандығы–біздің түп тамыр, әуелгі ұлы мемлекетіміз, Алтын Орда–одан соңғы бабаларымыз орнатқан даңқты ұлысымыз, Көк Орда қазақ жұртын этникалық бірлігіне жол ашып, мемлекеттік жүйе қалыптастырған, туған әкеміз десек, Қазақ Ордасы біздің өз есебімізбен көрінген, халқымызды этнос ретінде біржола орнықтырған құрылым болды”,– деп қазақ мемлекеттігінің түп-төркіні хақында батыл байлам жасауын тарихты терең зерделеуден туған көңілге қонымды ой деп айтуға әбден болар еді.

“Қазақ тарихының әліппесін” онан әрі парақтай түссек, “Орда іргеленді”, “Қиғылық жылдар”, “Тәуекел–Бахадұр-ханның ұлы жеңісі” бөлімдерінен халқымыздың көне тарихының небір қилы да қиын кезеңдерімен танысып, бұрын-соңды есімдері беймәлім болып келген талай-талай тарихи тұлғалармен табысасыз. Тоғым хан мен Хақ-Назар ханның төгілген қаны, Қасым хан салған қасқа жолдың Абылай ханға дейін үзілмей келген елдігіміздің сандаған ғасырлық жолын Мұхтар аға шежірелеуінде нақтылы тарихи тұлғалар мен тарихи кезеңдер қамтылады. Халқымыздың тарихындағы ұлы тұлға–Абылай хан кезеңі мен ғұмырнамасына кітапта үлкен орын берілген. “Абылай-Бахадұр-хан” деп аталатын үлкен бір бөлімде Абылай ғұмырнамасына байланысты көптеген тың әрі соны деректерді автор құнды тарихи құжаттармен дәлелдеп отырады. Осы орайда Мұхтар ағаның Абылай бабамыздың туған жылы–1711 жыл деп білместіктен шыққан деректі жоққа шығару үшін әуелі Ресейдің Сібір шебі әскерлерінің әміршісі генерал-майор Огаревтің Сыртқы істер коллегиясына 1781 жылы май айында жазған құпия қатынасын орынды келтірген. Сөйтіп, Абылайханның 1711 жылы емес, 1713 жылы дүниеге келгеніне “Россияның сыртқы саясатының архивінде” сақталған деректермен дәлел жасаған. Тәуелсіздігіміздің үш-төрт жылдың арғы-бергі жағында Абылай хан хақында біле де бастағандаймыз. Бірақ, күні бүгінге дейін санамызда Абылайды тек Орта Жүздің ханы ғана деп қарау көзқарасы бар екендігін жасыруға болмас. Осы орайда Мұхтар Мағауин орыс патшалығының “бөліп ал да билік құр” деген зымиян саясатының бет-пердесін шебер аша білген. “Бұдан былайғы жерде мені бүкіл қазақ жұртының әміршісі Абылай хан деп біліңіз”–деп патшайым Екатерина Екіншіге жолдаған мәртебелі мәлімдемесінде хан Абылай ақиқат шындықты қадап айтқандығын Мұхтар аға тарихи құжаттармен дәлелдеп-ақ берген. “Абылай хан тәуелсіз елдің халық сайлаған, толық құқылы бірден-бір әміршісі еді”–деген Мағауин тұжырымдамасы тәуелсіз қазақ елінің бұдан былайғы айтылар да жызылар, оқылар да оқытылар тарихының талас тудырмас ақиқаты ретінде санамызға орнығуға тиісті. Мұхтар Мағауиннің осы кітаптағы, “Орыс отаршылдығы”, “Ұлт ұраншысы”, “Қазақ Ордасындағы хан сайлау дәстүрі” деген бөлімдердің халықтың тарихы мен оның ғұрпын, бітім-болмысын танып білудегі танымдық, білімдік қасиеттері аса мол екендігін айтқымыз келеді. Біз тәуелсіздігімізді алдық, енді тәуелсіз ел болу үшін бізге ең әуелі тарих керек. Сандаған ғасырлардан талықсып жетіп жатқан көне тарих үніне құлақ түріп, қазақ халқының ұлы тарихын жазу бүгінгі тарихшыларымыз бен әдебиетшілеріміздің ел алдындағы абыройлы істері болса керек. Шүкіршілік, “Әліппе” жазылды! Оны жазған Мұхтар аға Мағауинге мың алғыс!

(“Көкшетау” газеті, 15 маусым, 1995 жыл). КӨКЕЙДЕ ЖҮРГЕН БҰЛ БІР ОЙ “Біржан–қазақтың халықтық музыка мәдениетінің алыбы. Біржанның аты қазақ музыкасының тарихында алтынмен жазылады”. Ахмет ЖҰБАНОВ.

Әдебиет пен өнердің екінші бір ажырамас бөлігі–ән. Ән халықпен бірге жасап келеді. Дүниеге келген сәбидің шілдеханасы әнмен ашылса, ұзатар қыз әнмен қоштасады, жаңа түскен келінге жар-жар айтылады. Халық әндері үлкен қазына, асыл байлық. “Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді”–деп жазды қазақ халқының әдебиеті мен өнерін көп зерттеген Шоқан Уәлихановтың досы Г.Потанин. Қазақ әніне Максим Горький мен Ромен Роллан да сүйсінген. Александр Затаевич қазақтың 500 және 1000 әнін жинап бастырды. Талант иесі Сергей Рахманинов қазақтың екі әнін төл туындысында пайдаланды. Орыстың музыка зерттеушісі А.Алекторов өзінің “Қазақ әні” атты бір мақаласында былай деп жазды. “Домбыраның күмбірлеген, қайғылы дыбысы маған ерекше бір әсер етті. Мына сияқты қарапайым музыкаға қаншама поэзия сыйып жатыр!..” Біздің мұндағы айтарымыз–қазақ әнінің шетсіз-шексіздігі. Сол шетсіз-шексіз әннің дуалы ортасы Арқа елі, соның ішінде Көкшетау жері. Әдебиеттің ұлы классигі–Абай болса, ән саласында Біржанды классик деп санауымыз тектентекке емес. Қазақ поэзиясы мен өнерінің тарихында Біржан алатын орын ерекше. Даңқты халық композиторы, асқақ әнші, дархан ақын Біржан салдың есімі мен тамаша туындылары бүгінгі түрі ұлттық, мазмұны социалистік жаңа мәдениетіміздің сарқылмас асыл қазынасынан берік орын алды. Мәдениетті қауымды Біржанның әншілігі, композиторлығы, ақындығы әлі күнге еріксіз сүйсінтіп келеді. Қазақтың әншілік өнерін, музыкасын жаңа белеске көтеріп, Арқа елінде әншілік, композиторлық өзіндік мектебін жасағандығын өнерші ғалымдар айтып та, жазып та жүр. “Жаңа өмір дамыған сайын Біржан сияқты ардагер ақын, өнерпаздың шығармалары, ұмытылмас асыл бейнесі бізден алыстамайды, әрқашан қасымызда күмбірлеп күй тартып, шырқап ән салып, сырласып, мұңдасып, әзілдесіп, күліп-ойнап, мәңгі бірге жасамақ”–деп жазды жерлесіміз, белгілікті әдебиетші ғалым Есмағанбет Ысмайылов. Біржанның творчествосын, өмір жолын зерттеу саласында біршама игі істердің басы қайырылды. Біздің тоқталғымыз келіп отырған ең маңызды мәселенің бірі Біржан сияқты халық талантын ескерткіш орнату мәселесі! Біржанның творчествосын насихаттау, әншілік мектебінің өрісін кеңейту жайы, жасыратыны жоқ, өте нашар. Әлі күнге дейін әнші бейітін жөнге келтіре алмайақ келеміз. Орталық газет-журналдарда осы мәселе жылына бір рет көтеріліп,

айтылып жүр. Бүгінгі күні облысымызда бірде-бір оқу ағарту, немесе тіпті шаруашылықтың Біржан есімімен аталмауы да ой саларлық дүние. Степняк қаласындағы бір көше ғана Біржан есімімен аталады, ал осыдан басқа көкшетаулықтар талант иесіне қандай ескерткіш қоя білді?! Әрине, тас мүсіннен сал бейнесін жасап, ескерткіш орнату бірер жылда мүмкін емес шығар. Дегенмен ойланып, жанашырлық көзбен қарар болсақ Біржанға өлмес ескерткіш соғу көкшетаулықтардың қолынан әбден келеді. Көкшетау қаласындағы музыка училищесіне Біржан есімін берсек! Міне, үш жүзге аты мәлім болған Біржанға қояр алғашқы ескерткішіміз осы болса, бұл барша жұртшылықты қуанышқа бөлер игі іс болар еді! Музыка мәдениетінің тағы бір ірі өкілі, жерлесіміз–Рамазан Елебаев. Біржанның әншілік, композиторлық өнерінен үлгі алып, салдың тамаша әндерін бүгінгі күнге жеткізуде Р.Елебаевтың еңбегі ерекше аталып жүр. 1941 жылы Москвадағы А.В.Луначарский атындағы театр өнері институтының композиторлық бөлімін бітіріп шыққан қазақтың жауынгер композиторы жаңа өмірді, социалистік құрылысты ән жанрында соны әуен, өзіндік үнмен жырлай білді. Оның тамаша талантынан туған “Аманкелді туралы ән”, “Ана сыры”, “Біз Отанның солдаты”, “Қазақстан”, “28 панфиловшылар әні” тағы да басқа әндері қазақ совет музыкасының төрінен орын алды. Рамазан Елебаевтың Ұлы Отан соғысында шығарған әйгілі “Жас қазақ” әнін белгілі музыка зерттеуші ғалым Б.Г.Ерзакович лиризм мен драматизм мотиві бірдей күшті эпикалық аңызбен ұштасып кететін тамаша күрделі әндердің бірі деп атаған болатын. Рамазан Елебаев Советтік Отанды жаудан қорғау жолында қан майданда опат болды. Мәлік Ғабдуллиннің “Сұрапыл жылдар” атты кітабында Рамазанның ерлігі жайында кеңінен баяндалады. Тамаша қазақ совет композиторы, Отанымыздың адал патриоты, жерлесіміз Рамазан Елебаев жайында мүлдем аз білеміз. Өнегелі өмір жолы бар абзал азаматтың есімін мәңгі есте қалдырудың қамын жасасақ, ардагер ұлан алдындағы, бүгінгі ұрпақ алдындағы азаматтық парызды өтеген болар едік. Бір ойланатын мәселе, Көкшетау қаласындағы балалар музыка мектебіне Рамазан Елебаевтың есімін беріп, шағын музей-бөлме ұйымдастырса нұр үстіне нұр болмас па еді. Ал бұл істі көп болып қолға алсақ, Рамазан жайлы деректерді жинауға барша саналы азаматтар атсалыссақ, сөйтіп композитордың өлмес мұрасын ұрпаққа мирас етудің мәселесін дұрыс шешкен болар едік. Көкшетаудың екі ардагері–Біржан сал мен Рамазан Елебаев жайында толғантып жүрген ойлар міне, осы. Ер есімі, ел тарихы ұмыт болмасын, оған қамқор көзбен, ыстық сезіммен қарайық деген ниеттен туған ой еді бұл!

(“Көкшетау правдасы” газеті, 11 ақпан 1978 жыл).

БІРЖАННЫҢ ӘНІ–ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ, ҚАЗАҚТЫҢ–РУХЫ (Біржан салдың туғанына 165 жыл толуына орай 1999 жылдың 6 тамызы күні Степняк қаласында өткен ғылыми-теориялық конференцияда сөйлеген сөз) Сіздердің бүгінгі істеріңіз бен қадамдарыңыз сауаптан болсын! Біржан сал сынды ұлы бабаның ұлы үні мен ұлы әуенін тани білер көкірек керек бізге енді. Біржанның өзін, оның ата тегін танып, біліп-ақ жатқан болармыз. Бірақ ұлы баба өз бағасын бізден де гөрі өзі артық білген, өзінің кім екенін, нарқы мен парқы қандай екендігін өзі-ақ айтып кеткен-ді. “Баласы Қожағұлдың Біржан салмын, адамға зияным жоқ жүрген жанмын”,– дегені бар. “Сайратқан орта жүздің бұлбұлымын”,–дейді ендігі бір сөзінде. “Көкшетау дуанына даңқым барған, мен Біржан алтын тудай айқындалған”,– деген өз қадірін өзі айтып өткен Біржан бабаның сөзінен кейін алтын тудай айқындалған алтын тұлға жайлы бөлек бір пікір айтып, баға беруден аулақпын. ХІХ ғасырдың орта тұсынан басталған Біржан салдың ән ғұмыры ақырынақырын аяңдап басып, міне ХХІ-ші ғасырға да аяқ артқалы тұр. Біз ең әуелі осынау бір ғасырлар тоғысында бүгінгідей радиосы, телевизиясы, магнитофоны жоқ замана кезеңдерінде ұлы Біржан әндерін құлағына құйып алып, көкірегінде сақтап, бүгінгі күні бізге жеткізіп берген қыр қазағына қарыздармыз. Сал Біржанның әр сөзінің, әр әнінің қадір-қасиетін ұғына біліп, соның біреуін де шашау шығармай, ұлы далаға жая білген халық болса, сол халқы Біржан салдың бағасын, қадірін білген-ау шамасы. Біржан әні қазақтың жаны еді, қазақтың рухы еді. Содан да болар, ол әндер жоғалмай, өзінің асқақ әуенімен бүгінгі күнге жетті. Алайда бүгінгі күні мына отырған сіздер мен біздер және өзіміз өсіріп тәрбиелеп отырған ұл-қыздарымыз өздерінің ұлы бабалары Біржан сал әндерін ХХІ-ші ғасырдың алдағы талай-талай тайталасты кезеңдерінің улап-шулаған әуендер тоғысынан аман-сау алып өте алар ма екен?! Менде осы бір хауіп бар. Өйткені қазақ даласын әумесер әуендер басып кетті. Тілін ұғып болмайтын, әуені құлағыңды бітеп, есіңді алар сол әумесер есер әуенге, елтіп, селкілдеп кетер ұрпақ көбейді. Қазақ радиосы, қазақ телевизиясы, қазақ әндерін сол қазақ әндерінің төресі Біржан әндерін көп бермейді, жат-жұрттың есер әуенін әуеден төккілеп, есімізді алып жатыр. Қара домбыраның қоңыр үнін естуге зәру болып барамыз.

Қазақ әнінің асқан шебер орындаушылары Жүсекеңдер мен Ғаракеңдер көз жұмғалы қазақ әнін, Біржан әндерін естуден, тыңдаудан қалып барамыз. Осы ғажайып әншілердің көзін көріп, тәлімін алған Қайрат Байбосынов бүгінгі Бекболат Тілеухановтар келіп, сахнамызға шығар болса солардың концертіне бармайтын, өзге бір елден келіп жататын есер әуенді концерттерден қалмайтын болып барамыз. Міне, бойымыздағы бүгінгі осы кеселдерден арылуды ойламасақ, бүгінгі мынау аласапыранды заманның өркениетінің есер әуендерінің арасында Біржан әндерін жоғалтып алуымыз да кәдік. Ал енді Біржан әндері жоғалмас үшін зерделі ұрпақ керек, оның зерделі көкірегі керек. Тіл-ойды, сөзді, әннің әуенін түсіну үшін керек. Алайда тәуелсіз еліміз барда қазақ жасай берері бар. Жер бетінде қазақ деген халық барда, оның әні де, күйі де жасай берері хақ. Біржан өз халқымен жасай берері анық. Өйткені Біржан салдың әні қазақтың жаны, қазақтың рухы! Жаны өлмесе, рухы өлмесе қазақ та өз Біржанымен мәңгі жасай берер. Лайым солай болсын!

МӘЛIК ҒАБДУЛЛИН (киносценарий) Мәлік Ғабдуллин!Бұл–мәңгі өлмейтін ерліктің, мәңгі жасайтын қасиеті мол адамның есімі!

Бас алаңында—хан Абылайдың, көшелерiнде серi Ақан мен сал Бiржанның, ұлы Шоқан мен Қаныштың, батырлары Талғат пен Мәлiктiң ескерткiштерi тұрған Көкшетауды ұлылар мен дарындар, ерлер мен батырлар мекенi десек, осы бiр қасиеттi де аруақты елдiң Құлагер шабысының дүбiрiн алысқа... тiптi, жер жүзiне жеткiзген өр де, ер тұлғаның бiрi–Мәлiк Ғабдуллин! Диктор: Арқада жер жетпейдi Бурабайға, Бөленген бұйра сыпсың қарағайға! Бұлт құшқан мәңгi мең-зең Көкшетауға, Бөлектау “ Ой, бауырым!”,—дер анадайда. Оқжетпес найза қия-қыранға ұя, Қарасаң жанның шерi тарамай ма? Солардың ортасында Бурабай көл. Мөп-мөлдiр, дөп-дөңгелек ұқсайды Айға! Бурабай-Арқа аралы, жер еркесi, Ертеде қоныс болған Абылайға!

(Бурабай көрiнiстерi, Абылай алаңы. “Кербез сұлу” сазы ойналады). Иә... ақын Мағжанды шарықтатып, шабыттандырып көңiлiн тербетiп, әлдилей бiлген күмiс көлдi, көгiлдiр таулы Кербез Көкшенiң не бiр аңыз бен жырға толы Бурабайы әлi де... әлi де адам баласының қиялын, сұлулыққа деген iңкәрлiгiн тербеп, ой әлемiн де әсерлендiре түсерi бар. Бүгiнгi күнi еркiн де тәуелсiз елiнiң бейбiтшiл ниетiнiң ұрпақтан-ұрпаққа кетер белгiсiндей Абылай алаңындағы мына бiр күн арқалаған алтын қыранды еңселi ескерткiш тұғырға көз салыңызшы!

(Бурабайдағы Абылай хан ескерткiш-монументi). Сегiз қырлы ескерткiштiң дөңгеленген бедерiнде дүние тiрлiгi шеңберiнiң мәңгiлiк таусылмас сыры жатыр. Зеңгiр көкке шаншылған ақ жебе бiлегiңнiң де тiлегiңнiң де күшi—бiрлiкте деген ой айтқандай жаһанға! Қасиеттi қазақы қара шаңырақ жер бетiнде қазақ деген халық, Қазақстан деген ел бар екендiгiн айдай әлемге танытып тұрған ұлттық бiр нышан ғой! Сол қара шаңыраққа iлiнген Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың штандарттары мен Абылай ханның таңбалары мен мөрi көне

халықтың ежелгi тарихын бүгiнгi күндердiң ұлықтығымен жалғастырып тұр. Осынау таңбалар мен белгiлер қадалған шашақ баулар өмiр мен тiршiлiктiң мәнi мен мәңгiлiгiн, жасампаздығы мен сән-салтанатын, елдiк пен ерлiктiң ұрпақтан-ұрпаққа жұғысты болған мирастығын ұғындырады. Хан ордасы–Көкшетау! Ән ордасы–Көкшетау!

(Көкшетау қаласындағы Абылайдың, Шоқанның, Қаныш, Ақан, Бiржан, Талғат, Мәлiк ескерткiштерi). (Мәлiк Ғабдуллиннiң портретi). Көгiлдiр Көкшенiң табиғаты тамаша бiр өңiрi–Зерендi ауданының Қойсалған ауылында 1915 жылдың 15 қарашасында дүниеге келiп, 1973 жылдың 2 қаңтарында қарт Алатаудың бөктерiндегi Алматыда қайтыс болған Мәлiк Ғабдуллиннiң 58 жасының бар ғұмырын ел мен халқына адал қызмет етудiң адам нанғысыз тамаша үлгiсiне айналды. Атағы мен даңқы жер жарса да, өзiнiң бар адами ғұмырында iзгiлiк пен тектiлiктен, әдеп пен ақылдан, кеңдiк пен кемеңгерлiктен, сыпайылылық пен зиялылықтан айнымай өткен Мәлiк Ғабдуллиннiң ендi бiзге өмiрдегi тiршiлiгi де аңыз, Ұлы Отан соғысының отты жылдарындағы ерлiгi де-аңыз! Ал сол аңыз ғұмырдың таусылмайтын мәңгiлiк жырын айтып, мәңгiлiк сырын ұқтырып, Көкшетау қаласының дәл ортасында сұлу да сыпайы бiр қоңыр үй тұр. (Мәлiк Ғабдуллин мұражайының сыртқы көрiнiсi). Бұл–Мәлiк Ғабдуллиннiң музей үйi! Осыдан жүз жылдан астам уақыт бұрын әлде бiр саудагер көпес қиып салдырған бұл үйдiң iрге қарағайларының шiрiп бiткендiгi соншалықты, оның сол үгiлiп тұрған iргесiне жаңадан бiр шеге қағудың өзi мүмкiн емес едi. Халқының рухани бiр ордасына айналған Мәлiк Ғабдуллиннiң осы музейiн Ұлы Жеңiстiң 60 жылдығы тойланатын 2005 жылдың мамырына дейiн қайыра салып шығу жөнiнде шешiм қабылданғанында, бұл өзi мүмкiн бе деген күдiк те болмай қалмап едi. “Мәдени мұра” бағдарламасы негiзiнде музейдiң iрге қарағайларын толық жаңада қиып салу жөнiндегi Ақмола облысының әкiмi Мәжит Төлеубекұлы Есенбаевтың бұл батыл шешiмiне ел ендi сүйсiнетiн де болды. Балташы шеберлердiң күнi-түнi қимылдауларының арқасында бұл музей аса қысқа мерзiмде қайрадан салынып шықты. (Музей құрылысы жүрiп жатқандағы кадрлар немесе фотолар). Биылғы жылдың 19 тамызы күнi осы бiр бiткен iстiң басына Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев келiп музейдi салтанатты жағдайда ашып, осындағы мұрағаттармен танысып, ел адамдарымен жүздесiп, Мәлiк рухына бас иiп, елдiк пен ерлiкке тағзым еткендiгiн Көкшелiктер күнi бүгiнге дейiн жылы бiр сезiммен еске алады. (Н.Ә.Назарбаевтың музейге келгендегi көрiнiстері). –Қазақ жазушысы, әдебиет зерттеушiсi, қоғам қайраткерi, Кеңес Одағының Батыры, Кеңестер Одағы педагогика Академиясының академигi, Қазақ ССР-нiң еңбек сiңiрген ғылым қайраткерi, филология ғылымының докторы, профессор, бiрнеше рет Қазақ ССР және КСРО Жоғарғы Кеңестерiнiң

депутаты, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты сияқты ресми атақ-даңқы бар, оның үстiне бiлiмнiң қара шаңырағы—Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогика институтының ректоры, Қазақ ССР Ғылым Академиясы тiл және әдебиет институтының директоры қызметтерiнде болған Мәлiк Ғабдуллиндi туған халқы оны өзiнiң көзi тiрiсiнде-ақ “Бiздiң Мәлiк” деп өзiнiң дара да, дана перзентiне деген ықылас-пейiлдерiмен-ақ Мәлiк Ғабдуллиндi ұлылар санатына қосқан. “Ту баста Абылайды хан көтерген, қамқоры Қарауылдың шешен Қанай”,– деп ақын Мағжанның “Батыр Баян” дастанында жырланатын өзi шешен әрi батыр Қанай бидiң бекзада асыл ұрпағы Мәкең, Мәлiк ұлылығы мен тектiлiгiнiң көк тамыры түпсiз тереңнен нәр тартқан. Сол Қанай бабасының асыл қасиеттерi бойына дарыған Мәлiк ағаның туған ауылы–Қойсалған мiне! (Музейдегi шежiре бұтағы. Қойсалған ауылы). Қайран да қайран Қойсалған, Мәлiкке де ой салған,–деп ақын Еркеш Ибраһим жырлаған Қойсалғанның жел жағындағы Желтаудың баурайынан есiп тұрар ерке самал жел де өзiнiң аймалап өсiрген аяулы перзентiн күнi бүгiнге дейiн уiлдеген тәттi бiр әуенмен әнге қосады, жыр етедi. Қайран да қайран Қойсалған!.. (Музейдiң бiрiншi бөлiмi. Мәлiктiң әкесi Ғабдолланың суретi, тууы туралы куәлiгi, ұстанған Құран, кiтаптары, Мәлiктiң бала кезiндегi суретi, басқа да жәдiгерлер көрсетiледi). –Менiң әкем Ғабдолла деген кiсi 1884 жылы туған. Өз шешем он құрсақ көтерген кiсi. Мен әкемнiң балаларының iшiндегi ересегi болатынмын. Он екi жанды үйден Көкшетауда әкем ғана тiрi қалыпты,—деп Мәлiк те күрсiне отырып еске алған екен өзiнiң өткен бiр өмiр белестерiн. Ғабдолла Елемесұлы оқығаны да, тоқығаны да мол сауатты адам болған көрiнедi. Ел iшi Молдаға дейдi екен. Қайран ана десейшi! Ұрпағына өмiр сыйлап, сол ұрпағын перiште болып қолдап та, қорғап та өтер ана мейiрiмi мен махаббатынан асар дүние бар ма екен мына жалғанда?! ( Мәлiктiң анасының суретi). –Менiң анам Әлия деген кiсi едi. Ұзын бойлы, әдемi ақ сұр адам едi. Мен өзiмнiң ұлы шешем Мадиянның қолында өстiм. Кей-кейде Әя, сен неге жылайсың деушi едiм. Жылама! Мен тiрi болсам, төрт құбылаң тең болады. Алматыда оқып жүрген кезiм. 1932 жылдың мамыр айында үйден хат алдым. Онда Әямның ауырып қайтыс болғанын хабарлапты. Мен күнде жылаумен жүрдiм. Анамды өз қолыммен көме алмадым!.. Е, дүние жалғанда шерменде болмаған, арманына жеткен, өкiнiшi өзегiн өртемеген пенде болды ма екен? Мәлiк те туған анасының қазасын, оған өзiнiң бiр уыс топырақ сала алмағанына, мiне, осылайша өкiнiп, өз анасына деген сағынышы мен аңсау аңсары бiр басылмай өттi ғой. Сол ғазиз ана жерленген Көкшетаудың Қопа көлiнiң жағасындағы ескi қорымға кейiннен... ес жиып, етек жапқан кезеңдердiң бiрiнде Мәлiктiң анасына орнатылған мына бiр құлпытас ана мәңгiлiк, өмiр мәңгiлiк, ұрпақ

мәңгiлiк екендiгiн өз пенделерiне ұғындырып келген сыр сарынымен жел өтiнде тұрып, бебеу қағады. (“Юбилейный” стадионы жанындағы ескi зиратта Мәлiктiң анасына орнатылған құлпы тас бар, сол көрсетiледi). Жел маяның майлы өркешiндей мәйектi Желтаудың iргесiндегi Құлет мектебiнде төрт жыл оқып, одан соң Мәлiк 1927 жылы Көкшетау қаласындағы жетi жылдық Коммуна мектебiнiң бесiншi класына оқуға түседi. (Мұрағаттағы ескi Коммуна мектебiнiң, басқа да жәдiгерлердiң, Мәлiктiң Коммунада оқып жүрген фотолары көрсетiледi). Құлынынан жер тарпып туған Мәлiк Көкшетау мектебiнде де өзiнiң жақсы оқуымен, белсендiлiгiмен даралана бiлдi. Сол кездегi Коммуна жетекшiсi Нұрмұханбет Көшiмов Мәлiктiң өзi айтуы бойынша оның аяулы ұстазы болды. “Сен мұғалiм бол, мұғалiм дайындайтын оқу орнына түс,—деп Мәлiктiң зеректiгi мен дарындылығын ерте бастан тани бiлген-дi. Мәлiк Ғабдуллин оқыған сол кездегi Коммуна мектебi қазiр Мәлiк Ғабдуллиннiң есiмiмен аталатын 3-шi қазақ мектебi болып отыр. (Көкшетаудағы М. Ғабдуллин атындағы мектеп). Бұл күндерi жасы тоқсаннан асып отырған халқымыздың қазына қарттарының бiрi—Социалистiк Еңбек ерi Баян Жанғалов Мәлiктi көрген және онымен кездесiп, пiкiрлесiп тұрған, сыйласа бiлген адамдардың бiрi. Әрi бәрi де бiр Қанайдың ұрпақтары. (Баян Жанғаловтың естелiк сөзi берiледi). Оқушы Мәлiктi өзiнiң алғаш көргенi жайлы заманымыздың заңғар жазушысы Сәбит Мұқанов та тебiрене жазған едi. (Сәбит Мұқановтың суретi). 1930 жылы Ақмола губерниясының газетi—“Кеңес ауылында” редактор болып жүрген Сәбең Бурабай тауын төңiректеген Еңбекшiлдер ауданына бару үшiн әуелi Көкшетау қаласына келiп қонып жатқан тұста Сәбиттi Мәлiк iздеп келген-дi. —Мектебiмiзде әдебиет үйiрмесi бар едi. Соның мүшелерi сiзбен жолығуды тiлейдi. Мен сол мектептегi Павлик Морозов атындағы пионер отрядының вожатыйымын. Тақылдап тұрған баланың өзi де, сөзi де маған ұнап кетiп, баруға уәде еттiм. Жиналысты мектептiң директоры ашты да сөздi Мәлiкке бердi. Мәлiк баяндамаға кiрiстi. Ол кездерде қазақ мектебiнде әдебиет сабағы жүрмейтiн. Мәлiктiң сөзiне қарағанда, ар жағы ауыз әдебиетiнен бастап, бергi Сәкен, Бейiмбеттерге дейiнгi әдебиеттi судай сапырады. Мен ол кезде “жас жазушылар” сипатында жүретiнмiн. Мәлiк менiң шығармамды да жатқа соғады. Және тап тартысы қызу жүрiп жатқан кезде әдебиетке таптық көзқарасы бар. Содан бастап Мәлiктi жақсы көрiп кеттiм,—деп Сәбең өзiнiң бiр естелiгiнде. 1931 жылы Алматыдан оқуға бала жинап қайтуға келген Павел Иванович Агеевке ерiп Мәлiк те асқар Алатау бөктерiндегi Алматыға келiп, ондағы ауыл шаруашылығы институтының рабфагына оқуға түседi. “Ол кезде мен бұрқыратып өлең жазатынмын,—деп өзi айтып кеткенiндей, сол өлең жазатын Мәлiк те Алматыға бойы үйренген соң редакция, баспа маңын

төңiректей бастайды. Бiрде “Қазиздатқа” барған Мәлiк кiруге батылы жетпей әр кабинеттiң есiгiн бiр ашып сығалай қарап жүргенiнде: —Әй, бала берi келшi, деген бiр жылы дауысты естидi. Бұл—Бейiмбет... Майлин едi! (Бейiмбет Майлиннiң суретi). Сол баланың, яғни Мәлiктiң арабша да, латынша да хат танитындығын сұрап бiлген және жазуының да әдемi екендiгiне сүйсiнген Биағаң Мәлiкке латын әрпiне аударып, көшiрiп беруге араб тiлiнде жазылған бiр құшақ қол жазба бередi. Мiне, Мәлiк Ғабдуллиндi осылайша қолынан жетелеп әкелiп әдебиеттегi жолына Биағаң, Бейiмбет Майлин салып жiберген едi. Ауыл шаруашылығы институтының рабфагын бiтiрiп, бiрiншi курсына өткен Мәлiктi “Сенiң ҚазПи-де оқығанын дұрыс”, деп ауыл шаруашылығы институтының директоры Ораз Жандосовқа ертiп апарып, босаттырып алған Сәбең, Сәбит Мұқанов болатын. 1931 жылдың 1 қыркүйегiнен бастап, Қазақ педагогика институтының тiл әдебиет факультетiнiң студентi болып қабылданып, осы бiр бiлiм ордасы Мәлiк Ғабдуллин үшiн алтын шаңыраққа айналды. (Мәлiк Ғабдуллиннiң ҚазПиде оқып жүрген суреттерi, студенттiк билетi, диплом). ҚазПиде оқып жүрiп баспа iсiнен бiрде-бiр қол үзбеген Мәлiк 1932 жылы Әбдiлда Тәжiбаевтың “Жаңа ырғақ” өлеңдер жинағын арабшадан латыншаға көшiрiп бередi. Ал 1933 жыл тұтасымен Сәбит Мұқановтың екi том кiтабын көшiруiне кетедi. Бұл iстi Мәлiкке “Қазиздаттың” сол кездегi бөлiм редакторы Iлияс Жансүгiровтiң өзi тапсырған болатын. (Iлияс Жансүгiровтiң фотосы). 1935 жылы баспадан шыққан Сәбит Мұқанов өз кiтабында “Осы кiтапты баспаға әзiрлеуге көмектескен пионер ақын Мәлiк Ғабдоллаұлына алғыс айтамын”,—деп жазып, ризалық бiлдiргендiгi мiне, сол тұс болатын. (Музейдегi латын әрпiмен басылған ескi кiтаптар көрсетiледi). Әйгiлi оқымысты Құдайберген Жұбанов 1935 жылғы 14 қаңтардағы “Лениншiл жас” газетiнiң 12 санында “Он үш—жас күш” атты мақаласын жариялап, талантты жастардың iшiнде Мәлiк Ғабдуллиндi “бiздiң мәдени жұртшылығымыз бiлiп те қалған, көптiң күткенiндей жемiс те берер, үмiттi ақтар шын жұмыскер болар,—деп көрегендiк танытқан екен. ҚазПидiң үшiншi курсын бiтiрген 1934 жылдың жазында Қазақстан өлкелiк Атқару Комитетiнiң төрағасы Елтай Ерназаров пен “Лениншiл жас” газетiнiң редакторы Несiпбай Манашев қолдарын қойып, мөрiн басқан құжатты қолына алып Мәлiк Ғабдуллин Батыс Қазақстан облысының Орда ауданына редакция тапсырмасымен iс сапарға барып қайтады. (Бұл құжат музейде бар, соны көрсету керек). Сол тұста мәскеудегi Қызыл профессурада оқып жүрген Сәбит Мұқановтың ақылымен Ордадан тура Мәскеуге түскен Мәлiк Ғабдуллин 1934 жылдың 17 тамыз күнi өткен Кеңестер Одағы жазушыларының тұңғыш болған бiрiншi съезiне қатысады.

Жалындап, жақсылармен жанасып өсiп келе жатқан Мәлiк Ғабдуллин ҚазПидi 1935 жылдың 4 шiлдесi күнi ойдағыдай бiтiрiп шығады. Молдағали Жолдыбаевтың жетекшiлiгiмен “Бейiмбет Майлиннiң әңгiмелерi” деген тақырыпта диплом жұмысын қорғағанда, сол мемлекеттiк емтиханға Бейiмбет Майлиннiң өзi келiп тыңдаса, Мұхтар Әуезов мемлекеттiк комиссияның бiр мүшесi екен. “Өзiңнiң жазуға икемiң бар екен. Сенiң Алматыдан алысқа кетпегенiң жөн”,— дейтiн ағалық сөзiн Мұхаң, Мұхтар Әуезов Мәлiкке сол жолы айтқан. (Мұхтар Әуезовтің суретi). Қас тұлпарды аяқ алысынан таныған Мұхтар Әуезов 1938 жылы ҚазПидiң жанынан тұңғыш рет ашылған аспирантураға түсуiне ақыл-кеңесiн берiп, өзi ғылыми жетекшiсi болып, “Қобыланды батыр” жырын диссертация тақырыбы етiп бекiттiрiп, тiптi қандай кiтап оқу қажеттiгiн де Мәлiкке өз қолымен қағазға тiзiп, тiзiмiн жасап берген де Мұхаң болатын. (Бұл тiзiм музейде бар, соны көрсеткен жөн). Мiне, мынау—сол! Екi бiрдей ұлылардың адами, биiк те таза жүрек лүпiлдерiнiң қолтаңбасы iспеттес! ҚазПидi Мәлiкпен бiрге 11 адам бiтiрсе, солардың iшiнде—кейiн белгiлi майталман әдебиет зерттеушiсi ретiнде танылған бiздiң жерлесiмiз Есмағанбет Ысмайылов та бар болатын. (Есмағанбет Ысмайыловтың суретi). Мәлiк Ғабдуллин ҚазПидi бiтiргеннен кейiн “Лениншiл жастың” редакторы Несiпбай Манашевтың айтуымен сол газеттiң бiр бөлiмi болып шығатын “Пионер” журналына редактордың орынбасары болып қызметке тұрады. Бұл жолы да өлкелiк комсомол комитетiнiң бiрiншi хатшысы Қайсар Тәштитов оқу халық комиссары Темiрбек Жүргеновтен Мәлiктi қалап сұрап алған едi. 1936 жылдың 3 шiлдесiнде әскер қатарына шақырылған Мәлiк Ғабдуллин Ферғанадағы 82-шi атты әскер полкында өз мiндетiн атқарады. Қыр баласы қарудың не бiр түрiнен оқ атуға келгенде өзiнiң құралайды көзге атқан мергендiгiмен әскери қызметте де өз ортасын сүйсiндiрумен болды. (Ферғанадағы әскери қызмет кезiндегi суреттер). Алайда... отызыншы жылдар зобалаңының ызғары тастүлектей болып жетiлiп, өсiп келе жатқан Мәлiктiң өмiрiн де қарымай өткен жоқ. Ол бұл жайында өзiнiң “Күдiктi күндер” деген естелiгiнде толық жазған. Әйгiлi Әди Шәрiпов пен “Социалистiк Қазақстан” газетiнiң жауапты хатшысы Байдабек Әлиманов екеуi халық жауы ретiнде әшкереленiп, ұсталып кеткен тұста солармен бiрге қызметтес, ниеттес болған Мәлiк те сол атты әскер полкында жүрген кезiнде тергеудiң астына алынады. Айрықша бөлiмнiң Шевченко деген аюдай ақырған тергеушiсiнiң әуресарсаңға салып, есiн шығарып, кейде тапаншасын жұлып алып, зiркiлдеп, күнiтүнi тергегенiне де қарамастан: —Жоқ! Мен оларды жау ете алмаймын! Маған не жаза қолданамын десеңiз де еркiңiзде. Бiрақ, мен күнәсiз адамдарды күйдiруге жоқпын,–деп қайран Мәкең бұл азапқа да қайсарлықпен төзiп бақты. Сынбады! Ешкiмдi қараламады! Адами арын сақтап қала алды!

Сөйткен, Мәлiк те комсомол қатарынан шығарылып, командирлiк дәреже берiлмей, халық жауларының сыбайластарының күдiктi бiр адамы ретiнде Ферғанадан 1937 жылдың қараша айының 10 күнi Алматыға оралады. Комсомолдан шығарылған Мәлiктi “Осының бiр пәлесi жұғар” деп сескенгендер жұмысқа қабылдамақ түгiлi, Мәлiктен терiс те айнала бастайды. Күн көрiсi үшiн вагоннан көмiр түсiрiп, арбаға сексеуiл артып, күнделiктi тамағын асыраған Мәлiк әбден жүдеп, жадаған бiр сәтiнде Байдабек Әлиманов себепкер болып газет редакторының орынбасары Ахмет Елшiбеков, атақты сыншы Сейдiлда Төлешовтiң қолдауымен “Социалистiк Қазақстан” газетiнiң редакторы Жүсiпбек Арыстановқа жәрдемшiлiк қызметке де алынды-ау, әйтеуiр! Жалған жала құрбаны болғысы келмеген Мәлiк өзi қызмет еткен әскер полкының партиялық комиссиясына, соғыс округiне, Мәскеуге өтiнiш-арыздар жолдайды. Өзiнiң де, Әди Шәрiпов пен Байдабек Әлимановтың да халық жаулары еместiктерiн дәлелдеп, жазумен болады. Сөйтiп 1938 жылы өзiнiң комсомол билетiн қайтарып алады. Сонан соң сәтiн салып атақты тiл маманы Сәрсен Аманжоловтың себiмен Академияның Жамбыл секторына кiшi ғылыми қызметкер болып орналасады. Ол кезде бұл арада көкшелiк болашақ атақты ғалымдар Ғаинитден Мұсабаев пен Есмағанбет Ысмайылов та қызмет жасап жүрген. (Сәрсен Аманжолов, Мұсабаев, Ысмайылов суреттерi). Еңсесi бiр көтерiлiп, тұлпардай жер тарпыған қуат-қарыммен ғылымға ұмтылған Мәлiк Ғабдуллин қазақ ауыз әдебиетiнiң күрделi ғылыми теориялық мәселелерiне жан-жақты әрi толық үңiле бастайды. Ол Мәскеу, Ленинград, Омбы, Орынбор сияқты iрi де iргелi тарихи қалалардың архивтерiнде iзденедi. жылы маусымның 7-11 аралығында Кеңестер Одағы ғылым Академиясының этнография институтының ұйымдастыруымен Ленинград қаласында өткен конференцияға қатысып, Мәлiк Ғабдуллин “Қазақ халқының ауыз әдебиетi” деген тақырыпта ғылыми хабарлама жасайды. Кеңес елiнiң даңқты әрi iрi оқымыстыларының бiрi, халық әдебиетiнiң маманы, академик Ю.М.Соколов “Ғабдуллин Мәлiк халық әдебиетiн (фольклор) өте жақсы көредi. Қолынан iс келетiн жастың бiрi,—деп Мәлiктiң бағасын асырды. Ленинградтан қанаттанып, әрi мерейленiп, өзiнiң болашағын анық айқындап қайтқан Мәлiк Ғабдуллин жылы Абай атындағы педагогика институтының аспирантурасына түсiп, қазақ әдебиетi кафедрасының аспиранты болды. Аспирант Мәлiк Ғабдуллин “Қобыланды батыр” және “Халық фольклоры жайында” деген зерттеу еңбектер жазды. Түрлi халықтардың көне батырлық эпостарын мұқият зерттейдi. Зерделi де байыпты көңiлмен зерттелген “Қобыланды батыр” жырын ғылыми зерттеудiң проблемалары” деген кандидаттық диссертациясын қорғауға 1941 жылдың 22 маусымында басталып кеткен соғыс кесiрiн тигiздi. Дайын еңбегiн сақтап қоюға Сәбит Мұқановтың қолына ұстатып, “Тумасам да тұтынған үйiм

едi”,–деп қасиеттi Сәбең шаңырағынан дәм татып, Мәлiк те Ұлы Отан соғысына аттанды. (Музейдегi диссертация еңбегi көрсетiледi). Адамзат тарихында теңдесi жоқ, 1939-1945 жылдардағы екiншi дүние жүзiлiк соғыстағы Кеңес халқының ерлiгi көне тарих беттерiне алтын әрiптермен жазылып қалғандығы анық. Қобыланды мен Алпамыстың, Қабанбай мен Бөгенбайдың, Кенесары мен Наурызбай сынды батырлардың ерлiктерiмен қанаттанған қазақ жауынгерлерi майдан даласында осы ер бабаларындай шайқасты. Сол ерлiк көрсеткендердiң арасында Мәлiк Ғабдуллин де болды! Генерал Панфилов бастаған даңқты сегiзiншi гвардия құрамында Мәскеу iргесiндегi қанды шайқаста қаһармандықтың асқан үлгiсiн көрсеткен Мәлiк Ғабдуллинге Кеңестер Одағы Жоғарғы Кеңесi Президиумының 1943 жылғы 30 қаңтардағы Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берiлдi. (Панфиловтың, соғыс кезiндегi жауынгерлердiң суреттерi. Ұрыс қимылдарының көрiнiстерi, награда қағаздары. Жоғарғы Кеңестiң Жарлығы. Алтын Жұлдыз). Мәлiктiң ерлiгi кең байтақ Кеңестер елiне аңыз болып тарады. Мәлiктiң ерлiгiн оған сүйсiнген ел де, ызыңдаған жел де айтумен болды. Орыс жазушысы Борис Полевой “Правда” газетiне 1943 жылғы 25 сәуiрдегi санында “Эпостың тууы“ атты очеркiн жариялап, Мәлiктiң ерлiгiн айдай әлемге паш еттi. Генерал Панфилов, Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров, Василий Клочков, Илья Капров, Ахметжан Мұхамедияров, Рамазан Елебаев сынды тағы да көптеген ерлер хақында кейiн Мәлiк Ғабдуллин өзiнiң “Менiң майдандас достарым” атты кiтабында ерекше бiр толғаныспен жазады. (Бауыржан Момышұлының, Т.Тоқтаров, В. Клочков, Рамазан Елебаев, басқа да жауынгерлердiң суреттерi, Мәлiктiң “Менiң майдандас достарым” кiтабы). Кеңес Одағының батыры, гвардия-майоры Мәлiк Ғабдуллин Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң арнайы шақыруымен 1943 жылы тамыз айында майданнан өз туған елiне келедi. Қазақстан еңбекшiлерiмен кездесулер өткiзедi. (М. Ғабдуллин елге келу жөнiндегi деректi хроника). Мәлiк өзiнiң сол сапарында ата-дәстүрiмен жасы жүзге таяп қалған Жамбыл Жабаевқа барып сәлем бередi. Батырмен бiрге Жәкеңнiң ауылына орыстың көрнектi балалар ақыны Самауил Маршак, Қазақстан Министрлер Кеңесi төрағасының орынбасары Төлеген Тәжiбаев, жазушы Сәбит Мұқанов барғанды. (Мәлiк пен Жамбылдың кездесуi жөнiндегi деректi кинохроника). –Кел, қасыма отыршы,—деп батыр ұлына сүйсiнген қарт жырау сол жолы: Батырым—Мәлiк беренiм, Жүйрiгiм озған, өренiм,—деп басталатын жырын ұзақ толғаса керек.

Батыр өзiнiң туған өңiрi Көкшетауда бiр күн, туған ауылы Қойсалғанда екi күн болып, Бурабай, Макинка, Ақкөл, Ақмола түсiп, Нұра бойын аралап, Қарағанды шахтерларымен кездесiп, Алматыға қайтқан едi. (М. Ғабдуллиннiң елге келгендегi деректi кинохроника). Мәлiк ерлiгiн жырламаған қазақ ақыны қалмады. Оның ерлiгi халық арасына аңыз болып тарады. Талай-талай ерлiк күндерiн артқа тастаған ол Ұлы Жеңiстi Қызыл Армияның саяси Бас басқармасында қызметте жүргенде, Австрия жерiнде қарсы алды. Соғыстан оралысымен-ақ Мәлiк Ғабдуллин өзiнiң сүйiктi iсi–ғылыми қызметi– қазақ фольклорын терең зерттеуге кiрiсiп кеткен болатын. Бұл жолда оның ұстаздары мен жетекшiлерi Қазақ ССР Ғылым Академиясының тұңғыш президентi Қаныш Имантайұлы Сәтпаев пен даңқты жазушылар Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов болған едi. (Қаныш Сәтпаев, Мұхтар Әуезов суреттерi). 1947 жылы Мәлiк жұртшылық талқысына “Қобыланды батыр жыры” деген ғылыми зерттеуiн ұсынды. Оның бұл зерттеу еңбегi өзiнiң терең ойлылығы, ғылыми iзденiсiнiң шынайылылығы, соны жаңалықтарымен ерекшелендi. Бұл еңбек үшiн Мәлiк Ғабдуллин филология ғылымының кандидаты, 1959 жылы “Қазақ халқының ауыз әдебиетi” атты әдеби тану саласындағы талантты еңбегi үшiн ғылым докторы атағы берiлдi. (Ғылым кандидаты, докторлық куәлiктерi). Соғыстан кейiн Мәлiк Ғабдуллин майдан өмiрiнiң нағыз куәгерi, елiн қорғаған талай бiр ерлердiң батырлық болмысын шыншылдықпен бейнелеген көптеген әңгiмелерiн, очерк, публицистикалық мақалаларын жазып, оларды жариялады. Кейiн бұл шығармалары жеке кiтап болып баспа жүзiн көрдi. Оның “Менiң майдандас достарым”, “Алтын жұлдыз”, “Майдан очерктерi”, “Сұрапыл жылдар” атты кiтаптары сол бiр ел басына қиын-қыстау кезең туғандағы ерлердiң батырлықтары мен ерлiктерiнiң шынайы шежiресiндей болып тарихта қалды. Оның өмiрi аса мазмұнды өттi. Республиканың ғылыми педагогикалық мекемелерiнде жемiстi қызмет атқарды. 1946-1951 жылдары Қазақ ССР Ғылым Академиясының тiл және әдебиет институтының директоры, 1951-1963 жылдар аралығында қазақтың Абай атындағы мемлекеттiк педагогикалық институтының ректоры, 1963-1970 жылдары Қазақ ССР Ғылым Академиясының Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты фольклор бөлiмiнiң меңгерушiсi болды. (ҚазПи, Академия және сондағы қызмет кезiндегi құжаттар мен суреттер). Мәлiк Ғабдуллин ғылыми-зерттеу саласында iзденiстi еңбек еттi. Ауыз әдебиетiн зерттеудiң ғылыми методологиялық негiздерiн айқындады. Қазақтың батырлар жыры, лиро-эпостық дастандар, айтыс өлеңдерi, мақал-мәтелдерi, жұмбақтар, ертегiлер туралы жан-жақты терең талдау жасады. Оның бұл еңбектерi жоғары оқулық ретiнде бiрнеше рет қайта басылып шықты. Батыр ғалымның Советтер Одағы педагогика ғылым Академиясының академигi болып сайлануы да тегiннен емес едi. Ол жас ұрпақтың тәрбиесiне де ерекше көңiл бөлдi. 1966 жылы “Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес” деген

кiтабында бесiк жырынан бастап, батырлар жырына дейiнгi халық поэзиясының тәрбиелiк мәнiн ашып көрсетедi. Балаларды Отан сүйгiштiкке, адалдыққа тәрбиелеу, жас баланы дұрыс сөйлеуге үйрету жөнiнде ата-аналарға педагогтiк кеңес бередi. Мәлiк Ғабдуллин екiншi және төртiншi сайланған Кеңестер одағы Жоғарғы Кеңесiнiң депутаты болып зор құрметке бөлендi. КСРО Жоғарғы Кеңесiнiң парламенттiк құрамының тобында 1953 жылы Финландияда, 1957 жылдары Белгия мен Югославияда болып қайтты. (Бұлардың құжаттары бар, солар көрiнiс табуы керек). Өз елiнiң Мәлiктей ерiн туған елi әрдайым ардақтай бiлдi. Ол бiрнеше рет еңбекшiлер депутаттары Алматы облысының және Алматы қаласының депутаттары болып сайланды. Ленин орденiн, Қызыл ту, Еңбек Қызыл Ту, Қызыл жұлдыз, бiрiншi дәрежелi Ұлы Отан соғысы орден, медальдарын омырауына тақты. (Наградалары). 1972 жылы Мәлiк Ғабдуллиннiң әдебиетшi Сыдықовпен бiрлесiп жазған “Қазақ халқының батырлық жыры” атты кiтабы Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлыққа ие болды. Ол соғыста да, бейбiт өмiрде де нағыз батырларша өмiр сүрiп, ғұмыр кештi. * Мәлiк Ғабдуллин! Бұл–мәңгi өлмейтiн ерлiктiң, мәңгi жасайтын қасиетi мол адамның есiмi!

(2007 жылдың қараша айында Қарағанды қаласында қазақ теледидарының 50 жылдығы қарсаңында өткізілген фестивальда осы сценарий бойынша түсірілген деректі фильмге «Алтын аймақтың адамдары» аталымы бойынша жүлделі үшінші орын берілді).

АРҚАЛЫ ЕЛІМНІҢ АБЫРОЙЛЫ ЕРІ

Құзар шыңын мұз балақты қыран мекендеген ақбасты анау Алтайдан ақ толқынды Ақжайыққа, баурайын ақ қайыңдар көмкерген мынау Қызылжардан сонау қарт Қаратау мен сырлы да жырлы Сыр бойына дейінгі құлашын кеңге жайып... көсіліп жатқан осынау қазақ даласының әр пұшпағы біз үшін қымбат һәм қадірлі. Әр қазақтың баласы өскен жерін, өнген топырағын, су ішкен бұлағын, шыққан төбесін, ойнаған ойпаңын, қыдырған қырын әмсе өзінің өмірлік мақтанышы, сағынышы етері сөзсіз. Алайда, осынау ғажап өлкенің ғаламат табиғаты, бір түйір құмы, бір шақпақ тасы, бір жұтым суы кешегі бабаларымыздың төккен қанымен, арпалысқан жанымен, сан ғасырларға созылған алапат айқастарымен де, күнді түнге, түнді таңға ұрып жан беріп, жан алысқан шайқастарымен де бүгінгі күнге жеткені ақиқат. Осынау қазақ даласы деген бір ғана қасиетті ұғым баршамыздың жан жүрегімізді тербетіп, көңіл-күйімізді өрлетіп, ерге, жерге деген мәңгілік махаббатымызды маздатып тұрары анық. Соның ішінде Сарыарқа деп аталып барша қазақтың өткен өмірінің өлшеусіз бір кеңдігіндей санамызға жатталып, киелі өңірдің асыл моншағындай, жарқыраған жауһарындай жадымызда жатталып қалған тамаша бір ғажайып өлке бар. Оны әрбір қазақ біледі және мақтанады. Ол қасиетті де киелі, атақ-даңқы алты алашқа жайылған Көкшетау! Осы Көкшеге кімдер тамсанбады, кімдер қызықпады?! Әр заманның от ауызды, орақ тілді ақын жыраулары өзінше осынау бір қайталанбас табиғат сұлулығына тамсанып өлең-жырға қосты. Мағжан «Арқада Бурабайға жер жетпейді»,–десе, Сәкен «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы»,–деп Көкшенің көркін, жұпар ауасын, қасқайған қарағайын, ару қыздай мың бұралған биші қайыңдарын, анадайдан көз тартып жарқырап жататын айна көлін тамсана жырлағанын білеміз. Оны айтпағанда, осы Көкшенің арғы-бергі тарихындағы қатпарлы қалың, шежірелі кезеңнің бізге жеткен сан қилы тарихи тағлымы бар. Қабырғалы қалың қазақтың басын қосып, ақ ордасын орнатып, аузын айға білеген Абылайдың атақты алаңы өткен тарихтың үзіп жұлынған парақтарындай сыр шертсе, дәл бүгін сол алаңға орнатылған асқақ ескерткіш айбынды қыран тәрізді текті халықтың рухын асқақтатып тәуелсіз еліміздің жетер биігін мензеп тұрғандай. 2004 жылдың 8-ші шілдесіндегі айтулы күн, Абылай алаңындағы ескерткіштің ашылу салтанатына арнайы келген Елбасымыз «Бейбітшілік саясатымыздың ұрпақтан-ұрпаққа кетер белгісіндей болған арайлы күн, арқалаған алтын қыран»,–деп асқақ ойын жеткізгені есімізде. Тарихқа тағзым, даңқты бабалар рухына деген перзенттік парыз сірә, осылай болмақ керек.

Киелі Көкшенің атақ-даңқы әлі талай ұрпаққа мақтаныш сезімін сыйлайтыны анық. Қазақ әдебиетінің ұлы классиктерінің бірі Ғабит Мүсіреповтің айтқаны секілді: «Біздер Көкшенің қасиетті даңқыменен, киелі топырағыменен, сол топырақта туып-өскен арда ұлдарымен әркез мақтанамыз». Сондай арда туған абзал азамат, атақ-даңқы бір басына жетерлік ердің ері Мәлік Ғабдуллин болатын». Дана қазақ тәмсіл етіп кеткендей: «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да тартпай қоймас негізге»,–дегендей азамат Мәліктің абзал жанды Мәліктің, парасаты терең ғұлама Мәліктің, батыр тұлғалы ер Мәліктің арғы атасы ұлы ақын Мағжан жырлаған «Ту баста Абылайды хан көтерген, қамқоры Қарауылдың шешен Қанай» екен. Бүгінгі ұрпақтың бірі білсе, бірі біле қояр ма екен?! Сөзге салса шешен, ел бастаған көсем, дүйім жұртты ақыл ойымен он орап алып дәрігейіне бағындырған, осынау аңыз адамның асыл тегін ал қызыл қанның бір түйірі. Мәкеңнің, яғни Мәлік Ғабдуллиннің алпыс екі тамырында ойнап кеткенін кім жоққа шығарар еді. «Балапан басыңда, тұрымтай тұсында»,–демекші әр кезең әр дәуір өзінің текті ұлдарын, бекзада бектерін туғызбай тұра алмайды. Өткен ғасырдың бойындағы талай қысталаң шақтармен, сұрапыл, қымқуыт тартыстардың өрт жалынында өсіп-өнген біздің аға буын алдыңғы сапында Мәлік Ғабдуллиннің есімі құрметпен аталуы тарихи, табиғи заңдылық деп білеміз. Мәліктің өмірі өзгелерге өнеге болса, ғұмыр дастаны адамшылықтың шар айнасындай жарқырап, ерлік істері ел есінде мәңгілік қалатын аңыз әфсанаға айналды. Бір сөзбен айтқанда, Мәлік Ғабдуллинің мағыналы мәнді ғұмыры адамзаттың алтын парағына жазылды. Ерекше қабілетімен, дара біткен дарынымен, кісілік болмысымен ерте танылған Мәліктің өмірінің ақырғы сәтіне дейінгі туа бітті тұлғасы, тұңғиықтан нәр тартқан тұмадай тап-таза, мөп-мөлдір қалпымен, ізгілік пен тектіліктің, парасат пен ақылдың, әдеп пен кісіліктің, кендік пен кемерліктің, сыпайылылық пен сыйластықтың зор өлшемі болып қалды. Бейбіт өмірде беделі қандай болса, оның қан майдандағы, қасіретті жылдардағы атақ-даңқы да жасаған ерлігі де сондай мәртебеге ие болды. Шынын айтқанда, мұндай биік өлшем өмір сыбағасы екінің бірінің пешенесіне жазыла бермесе керек. Сондықтан да барша елі, байырғы жұрты екі-ақ ауыз ғана сөзбен зор құрмет, ізгі ілтипат, адал сүйіспеншілікке бөлегендей, «Біздің Мәлік» деп атап кеткені қандай ғажап! Расында аты аңызға айналған осынау ғажап адам қандай болмасын құрметке лайық еді. Өзгесі өзге арыстандай ақырған айбарымен, аталы сөзімен, адуын мінезімен, ғаділетті ту еткен қайсар болмысымен талайларды тік тұрғызып, тәубасына келтірген Баукең, атақты Бауыржан Момышұлының Мәлікті шын шын сыйлап, қадірлегені үлкен жағдайдан сыр аңғарса керек. Қазақтың аттары аңызға айналған қайсар ұлдарының бір-бірін аса қадірлеп, қабақ астынан ұғысуы, жүрек түбімен білісуі бүгінгі біздер үшін кісілік дәрісі, өмір мектебіндей. Мәкеңнің бойындағы ерекше болмыс, ақ жарылған адалдық, иіліп тұратын ізеттілік, қайталанбас қамқорлық, мезгіл тандамас мейірімділік, арнасын ардан алған бекзада тектілік, сыры мол сыйпаты бөлек сұлу да көркем сырбаздық, тек қана Мәкеңе жарасатын кісіліктің өлшемі екен ғой.

Біздің бүгінде 95 жылдық торқалы тойын тойлап отырған Мәлік Ғабдуллинді сан қырынан саралап, алуан түрлі болмысымен бағалап әлі де біте қойғанымыз жоқтай. Мәлік – ер, Мәлік – тамаша педагог, Мәлік – ұлағатты ұстаз, Мәлік – білікті басшы, Мәлік – бір туар ғалым, Мәлік – адал дос, айнымас серік, Мәлік – нағыз азамат деп әрі қарай жалғаса береді. Сол кезеңдерде республикамызды былай қойғанда Одаққа есімі кең жайылып, атақ-даңқы алты жұртты аралап кеткен айтулыларымыз аз еді. Оны несіне жасырамыз, соның бірі Мәлік болатын. Жан дүниесі жарқырап тұратын Мәкеңнің саналы ғұмырының мағыналы жылдары Қазақстан ғылымы мен біліміне арналды. Кеңестік кезеңде Советтер Одағының педагогика ғылымдарының академигі аталынған бір қазақ осы Мәлік ағаның қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегін айтпағанның өзінде қазақ ауыз әдебиетін зерттеудегі ұшан-теңіз, қыруар еңбегі туралы ұзақ айтуға болады. Ғалым Мәліктің қазақ фольклортану ғылымына қатысты жазған кітаптары мен ғылыми еңбектері осы саладағы көшбасшылық мәнге ие болып, күні бүгінге дейінгі жоғары оқу орындарындағы студенттер мен ізденушілердің айнымас бағдары, ажырамас досындай болып келеді. Ол кісі қалдырған «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» оқулығы, «Қазақ халқының батырлар жыры» сынды жауһар еңбектері әлі талай ұрпақтың рухани кәдесіне жарары анық. Мәліктей тұлғаға құрмет пен тағзым мәңгілік жасалына берер. Соның бір айқын айғағындай кезінде өзі оқыған Көкшетау қаласындағы №3 қазақ орта мектебі батыр Мәліктің есімімен аталған. Сондай-ақ, қаламыздағы Мәлік Ғабдуллин мұражайы батырдың өткен өмірінен, жасаған ерліктерінен, қалдырған мұраларынан мол хабар беретін үлкен рухани ордаға айналып келеді. Ұлы Жеңістің 60 жылдық мерекесі қарсаңында осы мұражай күрделі жөндеуден өтіп, айшықты ажарын тапты. Дәл сол жылдың тамыз айының 19-2 күндері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың облысымызға келіп, мұражайды аралап, Мәліктің мәңгілік рухына тағзым еткені талай ұрпақтың есінде қалды. Сол Мәкеңді есте қалдыру жұмыстары жүргізіліп жатыр десек те, алайда терең ойға беріліп, толғанатын болсақ, Мәлік Ғабдуллин сынды қазақтың тіпті, адамзаттың асыл бір перзентінің есімі мен ерлігін, адами бітім-болмысын мәңгіліктің мәңгілігіне қалдыру жолындағы істерімізге көңілдің толмайтыны да бар. Бұл орайда Мәкеңнің 100 жылдық мерейтойын бүгінгі тәуелсіз еліміздің әлемге танылып отырған абыройының деңгейінде өткізуді көңілдің қалайтыны және де бар. Мәлік Ғабдулиннің 100 жылдығын Біріккен ұлттар Ұйымының ЮНЕСКО аясындағы шаралар негізінде өткізу мәселесін осы бастан көтере білейік. Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде кешегі өзі қорғаған Мәскеудің бір көшесін Мәлік Ғабдуллиннің есімімен атау, сол көшеге батырдың бюстін қою мәселесін де түрлі мінбелерден айтып, мәселені қойып келе жатырмыз. Алматыдағы Кеңсай зиратындағы Мәкеңнің басы дұрыс қарайтылмады деген де әңгіме жетіп жатады құлаққа. Сондықтан, бұл мәселені де ел болып қолға алғанымыз жөн. Көкшетауда да, Астанада да батыр Мәлікке арналған еңселі ескерткіш соғылса, бұдан біздің ұлттық рухымыз асқақтай түспес еді?!

Дөңгеленген мына дүниені тойымсыздық пен тобыршылдық, тоғышарлық пен тоятсыздық, көрсеқызарлық пен керенаулық, парықсыздық пен парасатсыздық, рухсыздық пен рухани жұтаушылық, ынсапсыздық пен ынтасыздық, кереңсіздік пен көрсоқырлық, дүниеқоңыздылық пен дүниеқұмарлық, тілсіздік пен тілемсектік, дінсіздік пен ділсіздік, бақталастық пен байлыққуушылық, құмарқуушылық пен құнсыздық, әумесерлік пен әлімжеттілік, ұлтсыздық пен ұлықсыздық, жәдігөйлік пен жәбірлеушілік, жалғандық пен жаныашымастық жайлап бара жатқан осы бір ұрымтал тұста біз, әр саналы адам Мәкеңнің, Мәлік Ғабдуллиннің биік адами тұлғасынан, кісілік те кішілік келбетінен, тектілік қасиетінен араша сұраймыз. Болашақты өткен уақыттың сын сағаттарынсыз, айшықты айларынсыз, жылжып аққан жылдарынсыз, сол кезеңнің айтулы тұлғаларынсыз елестету мүмкін де емес. Біз мұны дәстүр сабақтастығы, ұрпақ жалғастығы дейміз. Өткеніміз бен өткелімізді, бүгінімізді және де кемел келешегімізді, ерлігіміз бен өрлігімізді, кемеңгерлігіміз бен кемелдігімізді, асылдығымыз бен абзалдығымызды, даналығымыз бен даралығымызды, ұлылығымыз бен ұлықтығымызды, тектілігіміз бен тәрбиелігімізді мәңгіге жалғап жататын Мәкеңдей, Мәлік Ғабдуллиндей халқымыз бен ұлтымыздың алтын арқаулары, киелі кіндіктері үзілмегей парызымызды айту, соны орындау бүгінгі біздердің абзал борышымыз!

(Бұл сөз Мәлік Ғабдуллиннің республикалық ғылыми-теориялық конференциясында сөйленді, 19 қараша 2010 жыл).

І. ӘЗ-АҒАНЫҢ “АҚИҚАТЫ МЕН АҢЫЗЫ”

Сол сияқты жаныма жақын көретін кейіпкер менде де бар. Ол–Бауыржан Момышұлы! Оны өзге кейіпкерлерімнен өзгеше көруімнің бір себебі бар. Оларды өрнектеп айтсам мынадай: Бауыржан–менің өзім. Бауыржан–менің ағам, Бауыржан–туған халқым! Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ.

Елін қорғаған ер есімі…өлмек емес! Тарих беттерін сан оқиғалар шиырландырса да елдің елдігі, ердің ерлігі тот баспас асылдай жарқырап тұрары ақиқат. Кіндік кесіп, кір жуған ата мекенін басқыншы жаудан азат етуде өр кеудесіне намыс отын тұтандырып, атой салып қарсы шыққан хас батырлар есімі халқымыздың арасында аңыз-жырға айналды. Әр дәуірдің ұрпағы сол ерлер есімін қастерлеп, сүйсіне айтып жүрері белгілі. Біздің өмір сүріп отырған ортамызда аты аңызға айналып, ерлігі ел сүйсіндірген сондай батырлардың бірі Бауыржан Момышұлы. Советтік Отанымызды неміс басқыншыларынан қорғау жолында азаматтық борышын адал да шынайы атқарған Баукең есімі совет патриоты ретінде бүкіл әлемге әйгілі. Гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы отты жылдарда ерлік ісімен таныла білді. Отан деп, ар-намыс деп соққан ер жүрегі жаудан тайсалмады. Өзгені де жауды жеңуге рухтандырып отырды. Сол ауыр да қысталаң кезеңде 207 рет соғысқа кіріп, бес рет жау қоршауының шеңберін бұзып, жендеттерді жайпай білген батыр есімі аңызға айналса айналғандай еді. Жазушы Әзілхан Нұршайықовтың “Аңыз бен ақиқат” кітабын оқығанда оқушы қауым Ұлы Отан соғысындағы даңқты Панфилов дивизиясының қаһармандарымен тағы да беттеседі. Ал Баукеңнің отты жылдардағы өмірі осы дивизиямен тығыз байланысты. Шығарма арқылы совет солдаттарының қаһармандық істерімен жолығып, Баукеңнің ерлік тұлғасын жаңа бір қырынан айқын тани түсесің. Кітапта Бауыржан Момышұлының бұған дейін белгісіз болып келген көптеген ерлік істерін, таңдай қағып сүйсінерлік ер мінезіне лайықты қылықтарын автор тартымды да нанымды суреттеген. Оқиға сюжеті батырдың бала кезінен бастап автор мен кейіпкердің диалогы арқылы өрбиді. Шығарма қызықты әрі жеңіл оқылады. Бұл қазақ әдебиетінде диалогтік стильмен жазылған тұңғыш көлемді туынды екендігін ерекше атап өту керек. Осы арада журналист-жазушы Ә.Нұршайықов өзіндік әдеби түр-тұлға жасаудағы стильдік ізденісте сәтті

табысқа ие болған. Шығарма бойында архивтік материалдарды да жандандырып, тартымды да қызықты етіп бере білген. Батырдың адамгершілік қасиеттерін көрсететін штрихтар романның желісіне арқау болған. Батыр анадан батыр болып тумайды. Оны өмір тәрбиелейді, көңіл санасына көп жайды түйіп, өмірге, барлық әлемге іңкәрлікпен қарай отырып, жүрегіне туған еліне деген сүйіспеншілікті таратқан адам ғана қиындықтан тайынбайды. Есімі көпке танымал Бауыржанның пәтер жөніндегі өтінішін Алматы қалалық Советі қанағаттандырады. Ордерін алып, пәтерін көруге жаңа үйге келсе, есік алдында мұңайып тұрған қартаң орыс әйелін көреді. Үлкен жүректі батыр бұл жерде де шынайы адамгершілікті аттап кете алмайды. Бұрылып барып қарт ананың жай-күйін сұрайды. Сөйтсе, жаңағы әйелге берілуге тиісті екі бөлмелі үйді үш бөлмелімен біріктіріп қалалық Советтегілер Бауыржанға берген. Қарт ананың баласы соғыста қаза тауыпты. Батырдың ілезде көңіл күйі бұзылып, “барлық түгі сыртына шығады”. Қарт әйелді жұбатып, қайтадан қалалық Советке келеді. Қолма-қол бес бөлмелі үйдің ордерін қайырып тастап, әйелге өзіне тиесілі пәтердің берілуін талап етеді. Қалалық Советтегілер: “Сіздің берген пәтерден неге бас тартып тұрғаныңыз түсініксіз” дегенде, “Ол солдаттың анасы ғой! Солдаттың анасы деген сөздің мағынасын түсінесіз бе? Солдаттың анасы–Россияның анасы ғой! Енді ұғынықты ма сізге”–деп жауап береді. Бұл тек қана адамгершілік деген асыл-қасиетті жан-жүрегімен ұққан, ізгі жүректен шыққан сөз болса керек. Бауыржан Момышұлы әдебиет майданының сапында да еңбегімен көпке танылған жазушы. Кітапта кең тарап кеткен “Бауыржан айтыпты” деген көптеген мақал-мәтелдер мен нақыл сөздердің қалай туғандығы жөнінде қызықты етіп баяндалады. Оның жазушылық лабораториясына да кең шолу жасалып, толық мағлұмат берілген. Шығарма тілі жатық, әр жерде кездесіп қалар ойлы да ұтқыр диалогтар оқушыны сергітіп, серпілтіп риза етеді. Сонымен жазушы Әзілхан Нұршайықовтың бұл еңбегі де оқушы жүрегіне жол тапқандығын қуанышпен айтқымыз келеді.

ІІ. ӘЗ-АҒАНЫҢ “ТОҒЫЗ ТОЛҒАУЫ”

Ел ішінде атақты адамадар көп, бірақ елдің атын шығарар сарбаздар сирек. Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ. Әзілхан Нұршайықов жазушылықтың шеберлік шыңына абыроймен көтерілген қаламгер. Соңғы жылдары жарық көрген “Махаббат қызық мол жылдар” романы мен “Ақиқат пен аңыз” роман-диалогтары ғана жазушының қаламының қарымды, ізденісінің жемісті екендігін айқын дәлелдеп берген кесек туындылар. Газет бетіндегі очерктеріне дейін сүйсіне оқитын талантты жазушы Әзілхан Нұршайықовтың творчествосында жаңа бір тың сонылық, өз оқушысын баурап алар, риза етер жалынды қуаты бар. “Мектеп” баспасынан

жарық көрген жазушының жаңа туындысы–“Тоғыз толғау” повесть-монологі әдебиет сүйер қауымды тағы бір қуанышқа бөлейтін тың туынды. “Мінекей, өзіңнен өмір бойы именіп келе жатқан мен алдыңа бас иіп, тағы да сәлем беріп тұрмын, оқушым! Сәлем беріп, жазған жаңа кітабымды ұсынып тұрмын өзіңе”–деп өз оқушысының алдындағы жазушылық жауапкершіліктің салмағын бір түсірмей келе жатқан жазушы кітаптың кіріспесінде осылай дейді. Асылы, әдеби туындылардың қай-қайсысында болмасын оқиғаның түйіндеуі, шарықтау шегі, ширыққан сюжеті, шиеленіскен оқиғасы болса, мұнда оның бірі де жоқ. Автордың айтуынша “Бірақ мұнда адамдар бар, олардың тағдырлары, олар сүрген уақыт бар”, Міне, біз кітаптың алғашқы бетін парақтағанда-ақ өмір жолы өнеге ардагер ағамыз, жерлесіміз Совет Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің есімімен жолығамыз. Кітаптағы әр бөлімнің жүгін арқалап тұрған тоғыз толғаудың “Әңгіме туғызған әңгіме” бірінші толғауында автордың, Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың жетпіс бес жасқа толуына орай “Социалистік Қазақстанда” жарияланған естелігі жазушының монологі ретінде беріледі. Осы естелік Әзілхан Нұршайықов пен Мәлік Ғабдуллинді сырттай сыйлас азаматтықтан сырлас адамдар етіп табыстырады. Автордың монологінің қызметін атқарған естелігі біткеннен соң: –Ал сенің Мұхаң туралы естелігіңді түгел оқып шықтым,–деді Мәлік бірден әңгіме бастап. –Сенің жазғаның менің Әуезовпен талай тілдескен, жүздескен сәттермді есіме түсірді… Әңгіме болсын, мен саған соның бір мысалын айтып берейін. –Айтыңыз, Мәке! Міне, автормен Мәлік Ғабдуллиннің де монологі дәл осылай өрби береді. Бұл монологтардан біздер заманымыздың ұлы классик жазушысы Мұхтар Әуезовтың адамгершілік, жазушылық қасиеттерін жаңа бір қырынан танимыз. Әуезов жайлы көп айтылды да, жазылды да. Дегенмен автордың Әуезовтың үйінде болуы, оны жазушының қабылдауы, ақыл-кеңес беруінде де дәл осы сәттерді өз басыңнан кешіргендей жайда боларың хақ. Өйткені бұл монологтар сізді еріксіз толғантады, тебірентеді, ойлантады. “Бір хаттың тарихы” екінші толғауда Әуезов жайлы, онымен достық, творчестволық байланыс жөнінде енді Мәлік толғайды. Қазақ әдебиетін дамыту жолында Мұхтар да Мәлік те ар, адамгершілік туын әрдайым биік ұстанды. Әлдекімдер биік екі тұлға арасында шағыстыру сөзін жүргізіп, Мұхтардың өзіне біразға дейін ренжіп жүргенін айта келіп Мәлік: “Ойланып-толғанып Мұхаңа хат жазуға бекіндім. Басын қазақ поэзиясының қазіргі жайы деп бастадым, ең соңын былай деп бітірдім:–деп “Қазақ әдебиеті” газетінде Мұхтар Әуезовке хат” деген тақырыппен басылған әдебиет сыны жөніндегі өз ой толғамдарын айтып, “Бір кезде сын деп, сынау деп сыңаржақ кеткен, асыра сілтеген жеріміз болды. Осындайымыз үшін кешірім етуіңізді сұраймын” деп аға алдындағы інілік, адамгершіліктің шекарасынан аттамағаны үшін Мұхтар Мәлікке дән риза болып, жадырай сөйлеп, үйіне қонаққа шақырады. Осы толғауда Мәлік авторға Әуезовтың қайрымдылығы, балаша сенгіштігі, аңқылдақ мінезі жөнінде жазушымен Жақан Сыздықовтың арасында болған бір оқиғаны да қызықты етіп айтып береді.

Толғаудан соң толғаудан біз ардагер Мәлік Ғабдулиннің өнегелі өмір жолдарының сырлы беттерін ақтарғандай боламыз. Айналадағы жақсы адамдармен де таныса түсеміз. Кітаптың “Тағдыр таразысы” үшінші және “Бауыржанмен білісу” төртінші толғау–бөлімдерінде М.Ғабдуллиннің әскери өмірі, ерлікке толы отты күндер баяндалады. Бұл толғаулардағы Мәліктің монологтарынан оқушы тек қана оның өз басының ғана емес, тұтас бір майдан жауынгерлерінің Отан қорғау жолындағы ерлік ісінің куәгері болады. Соғыс басталар алдында әскерге Мәлік мерзімді уақытын өтеп, елге қайтарда киім мен жол азық сұрап барғанда полк комиссары Семиннің оның сәлемін де алмай, бостан босқа қайтарып жібереді. Ел басына күн туып, батальон командирі болған Семин жау қоршауында қалып, тұтқынға түседі. Бірақ одан қашып шыққан Семин ұзақ емделеді, сол кезде партия билетін де жоғалтып алады. Өзінің ақтығы жөнінде жазған арызын тексеру үшін Бас Басқармасының кадрлар бөліміне келген Семинді Мәлік ойда жоқта жолықтырады. Ең бірінші офицерлер асханасына апарып тамақтандырп алған Мәлік Семинге сол кезде киім мен жол азық бермей жібергенін есіне түсіреді. Адамгершілігі биік, арожданы таза Мәлік Ғабдуллин Семминді Саяси Бас Басқарма генералы Пупышевқа өзі алып барады. Мән-жайды айтып түсіндірген Мәлік генералдан осы істің әділ шешілуіне өтініш етеді. Сөйтіп Мәлік Семинге партия билетінң берілуін, жақсы пенсия алуына жәрдемдеседі. –“Сіз маған көп жақсылық жасадыңыз. Енді Сіз менен не тілейсіз?–деді кетерінде Семин. –Жалғыз ғана тілегім бар,–дедім мен оған. –Сіздің сол қатыгездігіңіз балаларыңызға көшпесін. Және осы әңгімені оларға толықтап айтып беріңіз”– деген жолдардан-ақ Мәліктің ар алдындағы ақ жаны жатқан жоқ па? Жыр алыбы Жамбыл туралы, оның жалынды жырларының соғыс кездеріндегі әсерін кітаптың алтыншы толғауы “Бірінші естелікті” оқығанда Біздер Жамбыл мен жауынгерлердің қандай өзара байланыста болғандығын білсек, жетінші толғау “Екінші естеліктен” біздер автордың қазақтың көрнекті жазушысы Сәбит Мұқановпен алғаш қалай танысқанын, екі ұлы тұлғаның да совет жауынгерлеріне, әдебиет жауынгерлеріне деген шынайы қамқорлығын, олардың адамгершілігінің жаңа бір қырын тани түсеміз. –“Сержанттың соғыс кезіндегі күнделігінен” оқушы жұртшылық автордың соғыс жылдарындағы жүргізген жазбаларымен танысады. Әсіресе майдан жауынгерлерінің гвардия майоры Совет Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинмен кездесуі, осы салтанатта автордың сол кездегі аға сержант Нұршайықовтың Мәлікке арнап, өлеңмен құттықтау айтуы да әсерлі. Бұл кітаптың толғауы болса, “Лондонға сапар” тоғызыншы толғауда Мәлік Ғабдуллиннің 1945 жылдың күзінде Лондонда өткен бүкіл дүниежүзілік жастарының конференциясына барған сәттері әңгіме болады. Жеңімпаз совет халқының бейбітшілік сүйгіш жүрегінің лүпілін сездірген осы сапарда совет елінің делегациялары сандаған елдердің жастарымен кездеседі. Осы сапарда шет жерде жүргенде де бәрінің де жүрегі Отан деп соғады. Жазушы Әзілхан Нұршайықов “Тоғыз толғау” повесть-монологінде Мәлік Ғабдуллиннің өмір жолын арқау ете отырып, батырға лайық ескерткіш

соққандығын ерекше айтқымыз келеді. Өйткені кешегі биік тұлғалардың өнегелі өмір жолдарын кейнгі ұрпақтар білуіміз керек. Сондықтан да олар жайында жазылар әрбір туындыны қызыға оқуымыз да орынды. “Тоғыз толғауды” оқып біткеннен соң біз жазушыға деген оқушы көңілінің ризалық алғысын білдіргіміз келді. ІІІ. ӘЗ-АҒАНЫҢ ШЫНАЙЫ ӨРНЕКТЕРІ “Өмір өрнектері” өз оқырманын шынайы қуанышқа бөлеп, риза еткен соны туындылардың бірі. Мұнда кесек тұлғалар, ширыққан оқиғалар шоғыры болмаса да күнбе-күнгі тіршілікте сан жүздесіп, кездесіп жүретін адамдар бар!

Бүгінгі оқырман қауымның сауаттылығы мен талғампаздығы сонша, оған, “мына кітапты оқы” деп айтып нұсқау қиынға соғады. Өйткені бүгінгі әрбір оқырман кімді, нені оқу керектігін өзі-ақ жақсы біледі. Көңілі қалаған авторлардың шығармаларын қолға түспесе іздеп сұрап жүріп оқитындықтары да содан болар. Бүгінгі күні қалың оқырманның сондай іздеп оқитын жазушыларының бірі–Әзілхан Нұршайықов екендігін айтсақ, бұл әсірелеу болмас еді. Өйткені Әзілхан Нұршайықовтың әр туындысы өзіндік өрнекпен, өзіндік мәнермен, айтары мол сырымен, терең иірімімен оқырман жүрегіне әрдайым жол тауып келеді. “Махаббат, қызық мол жылдар”, “Ақиқат пен аңыз” сияқты кесек дүниелерді дүниеге келтірген жазушы аға өз оқырмандарының шынайы сүйсіпеншілігіне бөлене білді. Енді, міне, біз тағы да жазушының “Жазушы” баспасынан шыққан “Өмір өрнектері” деген әдеби күнделігін қолымызға алып, қызыға, сүйсіне оқып шықтық. Жазушының әр жылдар бойы көңілге түйіп, қойын дәптеріне жазып жүрген ойлары оқырманды ойлантатын қасиетке ие болғандығын айтуға тиістіміз. Автор негізінен өзі көрген, естіген жайларды баяндайды. Соларды оқып отырып біреудің ағат сөзі мен қылығына өкініп отырсаң, кейбір жандардың адал да батыл іс-әрекетіне жаның жадырап отырады. Міне, кітапты оқыған сайын ішкі сезімің сан жиырылып, сан күйзеліп, сан жадырап отырып өзің де өзіңнің болашақ өміріңе қажетті деген ақиқатты ұғына түсесің. Мұның өзі “Өмір өрнектерінде” тәлім-тәрбие ұлағат айтылар ойлардың молдығынан болса керек. Жалпы бұл кітапты автордың өзі кездесіп жүрген әрбір адамына аса ыждаһатты қарап, олардың әрбір қасиетін, жан жүрегінің сырына әрдайым терең үңіле білгендігі айқын байқалады. Әрбір жаннан естіген жақсы теңеулерді, әсерлі әрі қанатты сөздер мен әңгімелерді қойын дәптерге түртіп алу автордың әу бастағы ізденімпаздығын, халық тілін халықтың өзінен үйрене білу қажеттігін ұғындыра түседі. Расында бүгінгі қаламгерлер әсіресе, жастар ел арасындағы әңгімелерді, жақсы нақылдар мен теңеулерді үйренуге, оны жазып алуға қамқорлықпен қарай бермейтіндігі де бар ғой. Ал Әзілхан Нұршайықов бұл еңбегімен халықтың жан дүниесіне, тіліне мұқият қарау керек деген ақиқатты ой өрнектерімен дәлелдеп беріп отыр. Әзілхан Нұршайықовтың

әрбір шығармасын халықтың іздеп жүріп оқуының бір сыры осында жатқан сияқты. Өйткені автордың кез-келген шығармасының өзегі халықтың жанымен бірге болады, олардың рухымен астасып, жымдасып жатады. “Атақты жазушы болу әркімнің өз қолындағы іс. Егер тыным таппай оқып, ойлап, көрген-білгеніңді қалт жібермей қағазға түсіріп, не есіңде сақтап жүрсең–бітіп жатыр. Атақты болу үшін осыдан артықтың керегі жоқ–ерінбей еңбек ете білсең болды, сол жетеді. Әрине, ең алдымен тиісті талантың, тамылжыған тілің болуы керек”,–деп жазушының осы шығармасында айтқан пікіріне оның “Өмір өрнектерін” оқи отырып тағы да илана түсуге болар еді. Кітапта автордың тағдыры қызық адамдармен жүздесуі, олармен арада болған әңгімелері де әсерлі оқылады. Бұл жерде әсірелеу, бояу жоқ. Автор әрбір адамның психологиясын, мінез-құлқын өз сөзімен, өз әңгімесімен, өз ісәрекетімен қарапайым түрде бере білген. Оқырманға әсіресе автордың Бауыржан Момышұлымен, Жазылбек Қуанышбаевпен болған әңгімелері үлкен әсер қалдырар сәтті дүниелер. Әсіресе елімізге атағы кеңінен мәлім Жазылбек Қуанышбаев пен атақты күрішші Ыбырай Жақаевтың арасындағы сыйластық оқырманды ынтықтыра түседі. Жазекеңнің Ыбырай Жақаевтың қазасына бару сапарын оқырман қызыға оқитындығы сөзсіз. Сондай-ақ, бұл шағын ғана әңгімеден қазақтың алып екі ұлының бір-біріне деген көңіл адалдығын, үлкен сый құрметін аңғаруға болар еді және сондай асыл қасиеттерді осы екі қарттан үйрену керек деп ойланар едің. Жалпы айтпағымыз “Өмір өрнектері” өз оқырманын шынайы қуанышқа бөлеп, риза еткен соны туындылардың бірі. Мұнда кесек тұлғалар, ширыққан оқиғалар шоғыры болмаса да күнбе-күнгі тіршілікте сан жүздесіп, кездесіп жүретін адамдар бар. Ал бұл адамдар тіршіліктің жанды рухы ғой. Ендеше кітаптың алтын арқауы өмірдің өзі, адамдар олардың тыныс-тіршілігі, солардың жан күйзелісі мен қуанышы, көңіл-күйлері баяндалады. Осы еңбегі үшін жазушыға өз оқырмандары атынан алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

( “Көкшетау правдасы” газеті, 9 қаңтар 1988 жыл). ЕЛІМНІҢ ЕСТІ АҒАСЫ (көрнектi жазушы Естай Мырзахметұлы жайлы эссе-ой)

Тәңірінің сынағынан сүрінбей өтіп келе жатқан да және де өз тіршілігіндегі қандай бір жан қуанышы мен жан күйзелісін бір басынан өткізген шақтарда да көңілі өскенімен көкірек көзі жабылмай, көзіне жас алып өксігенімен де тектілігінен жазбай, адами адал қасиетінен танбай тұра алатын тұлғалар тұғырында талмай отырған бір адам болса, ол–Естай Мырзахметұлы! Ардақты ағайын! Жақсылар мен жайсаңдар! Ардақты да аруақты, қасиетті де киелі Көкшетау топырағының тума таланттарының атағы мен абыройы қазақ даласының түкпір-түкпіріне жайылғаны қашан! Сырлы Сырымбеттің бөктерінен қанат алған ғалым Шоқанның ізі сайрап жатқан Көкшетау биіктерінде сал Біржан, сері Ақан, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ гәккулетіп, думандатып салған әндерінің әуені күні бүгінге дейін осы өлкенің қадірін асқақтата түскендей. Қаламын жүйрік уақыттың сиясына малып, заманалар ақиқаты мен өмірдің шындығын жазу арқылы өз замандастарының бейнесін ақ қағазға түсірген жазушылардан да, құдыреттің жаратуымен сыланған сал өлкенің, сері өлкенің асқақтаған Оқжетпесін, мөлдіреген Айнакөлін, мың бұралған Биші қайыңын жырға қосқан ақындардан да кенде емес бұл өлке! Талантты сол шоғыр жұлдыздарының арасынан Естай Мырзахметов атты бір жұлдыздың жарқырап көрініп, өзінің төңірегіне жарық сәулелі нұрын шашып тұрғандығын айтқан ләзім. Жарық дүниеге келген өз ғұмырында туған елі мен туған халқына қаламымен, өзінің ақыл парасатымен адал қызмет етіп келе жатқан Естай ағамыздың бар өмірі бүгінгі және келер ұрпаққа қайсарлықтың, қажымас рухтың тамаша үлгісіндей болашақтан болашаққа тартылары бар. Тағдырдың бір басына салған тауқыметін талмай көтеріп, аурухана төсегінде шалқасынан жатып, қолындағы қаламымен ақ қағазға өзінің ақ жанының сырын жазып жатты. Әуелден ана сүтімен бойына дарыған талантының жанартау күші Естай ағаның жазбасына, айтпасына мүмкіндік те бермеген болар. Шалқыған шалқар дүниенің тар есігін ашып кірген адам баласының өз ғұмырында көрер қызық-қуанышымен қатар кезектесіп бірге жүрер наласы мен азасы да аз болмайды екен. Кей-кейде сол дүние атаулы жаратушысының өзіңді сол бір болмашы қызығымен алдап та қойып, бір қуантып, жаныңды жадыратарын, ал кейін әлде бір тосын жаймен алдыңнан тосып алып, құлатарын да, жылатарын да қайтерсің, шіркін?!

Бәлкім, бұл өз тәңірінің адам баласының құдайшылығы мен пендешілігін, ақылы мен парасатын, ойы мен санасын, тоқтамы мен сабырын, ынсабы мен ниетін, тәубесі мен шүкірнамасын сынауы да, сынға салғаны да болар?! Тәңірінің сынағынан сүрінбей өтіп келе жатқан да және де өз тіршілігіндегі қандай бір жан қуанышы мен жан күйзелісін бір басынан өткізген шақтарда да көңілі өскенімен көкірек көзі жабылмай, көзіне жас алып өксігенімен де тектілігінен жазбай, адами адал қасиетінен танбай тұра алатын тұлғалар тұғырында талмай отырған бір адам болса, ол–Естай Мырзахметұлы! Өмір! Өз ғұмырында он бір рет пышаққа түсіп, отадан өткен сол өмірдің өрі мен төріндегі орнын талай бір босатып, жұмыр басты әр пенденің ақыры бір барар жеріне қарай барып қайтқан… жүрек шіркіннің сол бір сәттерде талықсыған сәттері болғанымен де, демін үзіп алмай осы күнге жеткендігі де бәлкім Естай ағаның өз есінен бір танбай, талай бір тура келген ажалын да ақылымен жеңе білген дара да, дана қасиетінен болар! Бір Алланың қолдауымен сол ажалды ақылымен жеңе білген Естай Мырзахметов өз ғұмырында кешкен бар қайғысы мен қасіретін де қайыспай көтеріп, талмай да шалдықпай да, көрген бар қызығымен де, қуанышымен де, сыйы да бар сыяпатымен де, кемел ойлы кемеңгерлігімен, көпті көрген көрегендігімен, айтарын сабырлы айтып, жазарын сырбаз жазып, жұқармаған жігерімен, мұқалмаған алтын қаламымен, елі мен халқы бұйырып, жарлық етіп атаған Есаға, Есті аға, Естай аға деген ат, абырой, атағымен өзінің бүгінгі сеңгірлі сексен жасына да келіп, соған да жетіп отыр. Бұл–бұйырған жас! Бұл бәлкім, кей-кейде Есағаңның санасын сығар сексен болғанымен де, сол сексен арқылы бұл әуелі өз халқына бұйырып тұрған, сонан соң ғана бұйрықты жаны мен жасы! Бұйрықты осы жас болмаса, сол бұйрықты жан талай бір пышақ жүзіне түскен шақтарда үзіліп кетер болса… онда мына сіз бен біз, онан қалды қазақ атты қалың елі Естай Мырзахметұлының жан қаламымен жазылған “Қайрөштің аманаты”, “Он бес жыл өткен соң”, “Медет”, “Көгалдайдың көк шақпағы” сияқты олжалы дүниелерді көзбен көріп, қолмен ұстап зердеге түйіп, түйсіне де, сүйсіне, көңілімізді қуаныш тербеп, үзілген үміттерді жалғап, ой толғата оқи алар ма едік?! Шүкіршілік, оқыдық! Оқимыз әлі де! Оқиды әлі талай-талай сан ұрпақ! Жазушы Естай Мырзахметұлының сол бұйрықты осы жасында ешкіммен егеспей, тіреспей де, сіреспей, істегені мен тындырғанын дабырайтып, дабыл қақпай-ақ, жақсының атағынан да, жаманның шатағынан да іргесін аулақ сала жүріп, “халқым үшін”,–деп ақырын жүріп жасаған еңбегі мен істерінің бағасы мен салмағы жазғандарынан басым түспесе, кем соқпас болар. Санадағы хан Абылайды оятқан да Есағаң! “Ту баста Абылайды хан көтерген” (Мағжан) Қарауыл Қанай бидің ұрпақтарының қанатын қомдатқан да Есағаң! Бұған дау бар ма? Жоқ, әрине! Онан соң қазақтың соңғы хандары Кенесары мен Уәлидің, ән мен жыр өнерінің ардақты асылдары Шал ақын, Шөже, Тезекбай, Орынбай, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Сегіз сері мен Балуан Шолақтың беймәлім өмір тұстарынан да қалам тербеп, сыр ашқан Естай Мырзахметовтың зерттеу мен зерделеу еңбектерінің құны мен құндылығын

қатар қойып бағалар ешбір өлшем бірлігін табудың өзі де қиынға соғатыны бар. Ал сонан соң… қасиетті де киелі Көкше өңірінің, соның ішінде Бурабай, Шортан, Қатаркөл аймақтарындағы тау мен тастың, жер мен судың аты мен атауы, тарихының төркіні жайында айтып та, жазып та келе жатқан дүниелерін саралай отырып, соның бәрі… тіпті, осының бәрі тәні де, жаны да жарасынан жазыла алмай-ақ келе жатқан Естай ағаның көкейінде қалайша ғана сақталып қалған деп таңырқанасың. Осыған таңырқайсың да, тілім-тілімі шығып сөгілген қабырғасы қайысқанымен де… бірақ рухы сынбаған, ақылы мен кемел ойының қалың қамалын алдырмаған Естай ағаның терең зердесін танисың. Өз ажалын да өзінің ақылымен жеңе білген Естай аға деген пікіріміздің бір дәлелі де міне, осы тұс! Есағаңның бізге бұйырған сексен жасының жел қайығындағы тағдыр-талайы Естай Мырзахметов атты өз пендесіне жан азабын да аз тарттырмағанын қайтерсіз?! Сонда… сол бір тұста сынар деген Есағаң ауыр қайғыдан шөгіп, жатып қалса да, тағы да сол өзінің тұла бойына қанымен сіңген жаратымды ақылы мен сабырына сүйеніп, бойын тіктеп, ойын жинақтап, еңсесін көтеріп кете алды. Халқының маңдайына сыймай кеткен Абай сынды ұланының Естай атты әкенің адастырмас ақылы мен алысқа және де тереңге бойлата алар алғыр ойының нәтижесіндей қазір Көкшетауда Абай Мырзахметов атындағы университет жұмыс істеп, күн сайын оның аудиториясынан жүздеген шәкірттер білім алып жатса, бұл да әке мен баланың, ел мен ердің бір-бірімен мәңгі бірге жасар ғұмырлары ғой! Онан соң… иә, онан соң қырық бес жыл бірге отасқан жан жары Гүлжәмила Нұрқанқызының дүниеден озуы да, Естай ағаның жан күйзелісін тіпті де күшейтіп кетті. Жалғыздықпен күйзеліп отырса да: “несін айтасың, әуелі бір Құдай, онан соң менің сан ажалдан аман қалуым Гүлжәмиламның арқасы еді ғой”,–деп Естай аға тәтті бір мұңмен өзінің адал жарына деген жан сүйіспеншілігін жыр қылып, сыр етіп ақтарар еді де, сол арқылы әйел затының қадірі мен қасиетін аспандатып, жар қадірін ұғындыра түсер еді. Ал енді, қилы-қилы кезеңдерден өткен, бәрін де көрген, бәріне де көнген, бәрін де өзінің ақылы, сабырымен жеңген Естай ағаның “Зәмзәгүлім!” деп өзіне тән жұмсақ та әуезді үнмен айта бастар не бір әңгімелерінен үзілмеген, тіпті, мәңгілік үзілмейтін де бар үмітін аңдағандай боласың. Естай ағаның өз халқына, онан қалды елге, жерге, жарға, балаға деген мәңгі сарқылмайтын сүйіспеншілігі мен үмітінің қайнап жатқан қуат көзі–осы бір “Зәмзәгүлім” деген бір ауыз сөзі! Е, жасаған ием, енді осы бір… осы бір …үміттерді үзе көрме! Мiне, осы бiр адал көңiл ақ ниетпен сөз сөйлей отырып, Естай Мырзахметовтың ағалық, тiптi, әкелiк деуге тұрарлық ақылы мен кеңесiн тыңдап та, соны ұстанып та келе жатқандығымды айтар едiм. Естай ағаның мына бiр: “Газетiң күйкi жанды ұсақшылардың өш алатын қаруына айналмасын, әмiсе адалдық, әдiлет сөзiн сөйлесiн! Жақсының жағасына жармасқыш жамандар, өзi ешкiмнiң қадiрiн бiлмес, өзiн ешкiм қадiрлемес, ит пен ит кездескенiнде ырылдаса кететiндей, кiм көрiнгенге ырылдамайынша,

абаламайынша жүре алмайтын, жүз жасаған жақсылығыңды зая кетiрер, жақсылыққа жамандық жасайтын жылан жаратылысты зұлым, айыр құйрық, шаян мiнездi, айыр сөздi жаһаннам, өзiмнен өзгеге болмасын дейтiн тар пейiл, болмашыдан iлiк тауып iлiнiсiп ұстасар, бiр ұстасса көрге кiрмейiнше тоқтауы жоқ қара көңiл кекшiл, өзгеге ақыл айтқыш, өзi ақылы өзiне жүрмейтiн екi жүздi жәһiл, болмашы пайдасына ар мен иманын айырбастай салатын опасыз, сыйластығы сатулы, көзге көлгiр, сырттан жау зәлiмдер бар, солардан аулақ болғайсың!”,–деген нақылмен айтылған осы бiр ақылын өз ғұмырымда есiмнен бiр сәтке де шығарар ма екенмiн! Әуелi халқымыз бен елiмiзге және бiзге, онан соң өзiңiзге бұйырған бүгiнгi бұйрықты сексен жасыңыз құтты болсын, Елiмнiң Естi Ағасы!

(Бұл сөз 2007 жылдың 27 қазан күні “Көкшетау” мәдениет сарайында өткен Естай Мырзахметұлының туғанына 80 жыл толу мерейтойының салтанатында сөйленді және осы сөз облыстық “Арқа ажары” (13 қаңтар 2007 жыл), республикалық “Егемен Қазақстан”(20 қаңтар 2007 жыл), “Заман Қазақстан” (25 қазан, 2007 жыл) газеттерінде жарияланды). ЖЕЗКИIК ЖЫРДЫҢ ЖАЙСАҢЫ Қазақстанға еңбек сiңiрген мемлекет және қоғам қайраткерi, аса көрнектi ақын Кәкiмбек Салықовтың 75 жылдық мерейтойын Астана жұртшылығы кеңiнен атап өттi.

Қазақ даласына сыршыл жырымен, сырбаз әнiмен кеңiнен тараған ақын Кәкiмбек Салықовтың есiмiнде кез-келген жүрекке қуатты бiр жылу беретiн ерекше бiр қасиет бар. Ең әуелi сол жүректердi ақынның жырлары сырлы сезiмге бөлеп, жылындырарын айтқан абзал. Ақын Кәкiмбектiң елуге тарта композиторлармен бiрлесiп бес жүзге жуық әнге айналған жырларының құдыретi осы бiр адам жанын жылыта бiлер қасиетiнде жатқандай. Сонан да болар композиторлар Кәкiмбек ақынның өлеңдерiне ән шығаруға құштар болса, сол әндердi айтуға қалың елi құштар. Қазақтың сар даласын кезiп кеткен “Жезкиiк” жыры мен әнi ақынның бар жыр ғұмырының соғып тұрған жүрегiндей сезiледi. Және де бұл ән айтылған сайын оның ғұмыры да ұзарып, ол өз халқымен мәңгi жасары да анық. Өзiнiң жетпiс жылдық ғұмырында елi мен халқына адал қызмет ете бiлген Кәкiмбек Салықовтың Астана қаласындағы Конгресс холлда өткен мерейтойы Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың құттықтауымен ашылды. Ақынның шығармашылық кешiне келген Қазақстан Республикасының мемлекеттiк хатшысы Оралбай Әбдiкәрiмов Елбасының құттықтауын оқып бердi. Ақынын асқақтатып, дала жыршысының шығармашылығына жоғары баға берген Елбасының осы құттықтауына жиналған жұртшылық дуылдата қол соқты. Нұрлы жол– Бәйкен жолы ырысы бар, Тер басар егде күнде тынысы бар. Бiр сәтi үлкендiктiң деп бiлемiн, Артында талай тарлан iнiсi бар,–деп кезiнде өзiнiң“Бәйкен жолы” лирикалық поэмасы арқылы аға ұлылығын жыр құдыретiмен ұққызуға ниет қойған Кәкiмбек Салықов сынды тарлан iнiсiнiң және келiнi Мәриям Мәженқызының бүгiнгi тойында олардың жандарында Бәйкен аға мен Бақыт Әсетқызы Әшiмовтердiң қатар отыруы жайсаңдықтың ерекше бiр жарасымдылығындай танылды. Қазақстанның халық жазушысы, белгiлi қоғам қайраткерi, Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының депутаты Әбiш Кекiлбаев өзiнiң ниетi мен Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын толғамды оймен жеткiзе бiлдi. Ақын Кәкiмбекпен ежелден сыйлас та сырлас ақын Тұманбай Молдағалиев, ғалымдар Аманжол Қошанов, Ақселеу Сейдiмбек, астаналық ақын-жазушылар Серiк Тұрғынбеков, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Алдан Смайыл, Нұрғожа Ораз ақ нөсер жыр мен әсерлi әнге қол соққан көптiң ортасынан көрiндi.

Қасиеттi Көкшенiң сырлы Сырымбетiнiң бөктерiнде балалық және балауса шағын өткiзiп, серi Ақан мен Үкiлi Ыбырайдың әндерiн естiп өскен Кәкiмбек ағаның ақын болмауға да ешбiр хақысы жоқтай сезiлетiн. Өзiнiң өмiр жолын кен инженерi болудан бастаған Кәкiмбек Салықовтың бойына ананың ақ сүтiмен, Көкшенiң қасиеттi топырағымен дарыған таланты оның қолына қалам алғызып, сыр тербетiп, жыр төккiздi. Кәкiмбек Салықовтың ақындықтағы алғашқы қадамына назар аударған арқалы ақын Сырбай Мәуленов болса, оның кейiнгi қолдаушысы да, шабыт берушi құдыретi де халқы едi. Ақын Кәкiмбектiң әр жырын халқы ән қылып iлiп әкеттi. Бұл сыршыл ақынның өз халқының нәзiк те терең ойлы, серi де пәк жанының сырын ұғына бiлгендiгi, сол ұққандарын жыр тiлiмен айта бiлгендiгi болатын. Ақынның шығармашылығы туралы академик Серiк Қирабаев тереңнен тартар толғамды сөз сөйледi. Ақын Кәкiмбектiң жырының сырын, өмiрдегi қайраткерлiк жолын жақсы бiлетiн халқы академиктiң бұл жолғы сөзiнен де бiраз жайларға қаныққандай болды. Ақынның “Дала”, “Гәкку”, “Қырандар” “Эдельвейс”, “ғасырға тең бiр мезет”, “Жезкиiк”, “Кенесарының соңғы сөзi”, “Қаныш–жұлдыз жарқылы”, “Үкiлi Ыбырайдың абақтыда жазған сөзi”, “Букетовке реквием”, “Тәттiмбет”,“Ақын Тайжан” сынды және басқа да поэмалары қазақ әдебиетiнiң алтын қорына қосылғандығы сөзсiз. Соңғы жылдары сонеттер жазуға ден қойған ақынның бұл орайдағы шығармашылық табыстары қазақ поэзиясын жанр жағынан байыта түскендiгi сөзсiз әрі даусыз жай. Ақынның Қаныш Сәтпаев, Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллин, Бейiмбет Майлин, Iлияс Жансүгiров жайындағы жырлары, орыстың ұлы ақыны Александр Пушкиннiң қанатты сөздерi мен нақылдарының аудармалары әдебиетiмiзге қосылған сүбелi сыбаға екендiгi дау тудырмайтын мәселе. “Қазақтың iрiлерi, Абайдың iнiлерi–Сәкен, Iлияс, Бейiмбет”,–деген жыр жолдары қанатты сөзге айналып кете барды. Ақынның шығармашылық кешiнде айтылған сөзден де шырқалған ән көп болды. Бұл орынды едi! Өйткенi, ақын Кәкiмбектiң бес жүзге жуық жыр әндерiнiң қай-қайсысы болмасын өз тыңдарманын күнi бүгiнге дейiн жалықтырып көрген емес. Сахнаға үкiлi домбырасын алып, ақын ағасының тойына Алматыдан арнайы келген Қазақстанның халық әртiсi Қайрат Байбосынов шықты. Шабытты шағындағы әншiнiң асқақ дауысы Арқаның бар атырабына естiлiп жатқандай болды. Мұнан кейiн Ғалым Мұхамедин, Арайлым Рахымқызы, Қорабай Есенов, Қазақстанның халық әртiсi Қапаш Құлышева, Серiк Оспанов ақын Кәкiмбектiң сөзiне жазылған тамаша бiр әндерiн кезеккезегiмен шырқап жатты. Қазақ ән өнерiнiң жарық жұлдызы Ескендiр Хасанғалиев та ақын Кәкiмбек Салықовтың небiр сыршыл жырларына, небiр тамылжыған әндер жазумен келедi. Хасанғалиевтiң өзi айтқанындай, сол әндердiң өзi бiр жинақ болып қалатын көрiнедi. Халқымыздың сүйiктi бiр перзентi Ескендiр Хасанғалиевтiң орындауындағы ақын Кәкiмбек Салықовтың сөзiне жазған соңғы бiр жаңа әндерiн де жұртшылық зор бiр қошаметпен қарсы алып жатты. Ақын Ғалым Жайлыбай ағасына арнаған жыр оқыды. “Салықтың ұлы, халықтың ұлы”,–деген ақынның дөп басып тауып айтқандығына риза болмаған

жан қалмады. Ал, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаты, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, белгiлi әншi Бекболат Тiлеухан ақын Кәкiмбек Салықовтың өзi және өзгелер жазған отыздан астам әнiн бiлетiндiгiн, соларды айтатындығын алға тартты.–Сахнаға домбыра ұстап алты жарым жасымда шығып едiм, мiне, сонан берi менiң жанымды да Кәкiмбек ағамның жырлары мен әндерi әлдилеумен келедi,–дей келiп әншi Бекболат шырқасынай бiр! Айдын көлдегi аққу қаз сұңқылдады! Сарыарқаның сар даласының Жезкиiгi желiп өттi! Ақан әнi жаңғырып, Үкiлi Ыбырайдың гәккулеген үнi қалықтады! Оқжетпес сылаңдап бой түзегендей болды! Бекболат әншiнiң үнi дүйiм жұртшылықты осындай бiр әсермен желпiп өткендiгi анық едi. Жерлес ақынның өнер кешiне желпiне барған көкшетаулық әншiлер Иран Тасқара мен Ғазиза Жұмекенова салған әндерiне халық зор қошемет көрсеттi. Әсiресе ақын Кәкiмбек Салықовтың сөзiне жазылған атақты композитор Еркеғали Рахамадиевтiң “Ақ тырналар” әнiн Қазақстанның еңбек сiңiрген әртiсi Ғазиза Жұмекенованың ерекше бiр сезiммен үзiлдiре, тамылжыта шырқаған үнi сол кештiң сырлы бiр күйiне айналып жүре бердi. Жалпы Кәкiмбек ағасы Ғазизаның әр салған әнiн ерекше бiр ықыласпен сүйсiне тындайтыны бар. Сол ағасының үмiтiн әншi Ғазиза бұл жолы да ақтағандай болды. Сонау кендi Жезқазғанның жерiнде жүрiп ақын Кәкiмбектiң соңынан өнерлi бiр iнiсi ретiнде ере бiлген Иран Тасқара бұл жолы да өзiнiң салдық қасиетiн асқақ үнiмен таныта бiлдi. Қазақтың аса көрнектi ақыны Кәкiмбек Салықовтың жетпiс бес жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кешiне Ақмола облысының әкiмi Мәжит Есенбаевтың ыстық ықыласты құттықтауы мен iзгi тiлегiн ала барған облыс әкiмiнiң орынбасары Ғалым Бекмағамбетов сол ниеттi жеткiзiп, ақынның иығына құндыз жағалы шапан жапты. Сол арада ел ағасы Чапай Әбутәлiпов пен жазушы Жабал Ерғалиев та өздерiнiң тiлектерiн жеткiзiп, қалың елiнiң қошеметiн бiлдiрдi. Ақынның шығармашылық кешiнен соң бүкiл дала жырлап, бүкiл дала ән салып тұрғандай әсерге бөлендiк.

(«Арқа ажары» газеті, 1 наурыз 2007 жыл).

ЖАС ҚАЗАҚ

Үлгердім-ау, әйтеуір, Жүс-аға, үйрене көріңіз. Осы әнімді елге жеткізіңіз! Ел есінде қаларлықтай артымда ескерткіш болып қалса арманым жоқ! (1943 жылдың январында майдандағы концерттік сапарларын аяқтап, елге қайтқалы тұрған Жүсіпбек Елебековке жауынгер композитор Рамазан Елебаев өзінің “Жас қазақ” әнін осылай аманаттаған екен)

“Қар жамылған кең дала қанға бөгіп, Гүрілдейді сұр аспан өлім төгіп. Жас қазақ, Мұраттай ұшты уралап. Жанын қиып кете алмай жас өмірден, Асқақтаған өмірге өрмелеумен Жас қазақ, Жатты көзі от жайнап”. Ән! Ән ғой, бұл ән! Мынау сыры мол нұрлы дүниені қия алмай үзіліп бара жатқан қыршын жастың жүрегінің нәзік үні ғой бұл. Майдан даласынан мәңгілікке оралмайтын талай боздақтардың жетем деген арманына жете алмай аһ ұрған өкініші бұл ән. Өмірді шын сүйіп, әнге қоса білген жас жүректің зары да, дүниені лаңдатқан неміс-фашистеріне деген қайтпас кегі де бар бұл әнде. Бұл әннің әуенінен жауынгердің арманы мен сағынышы, аналардың көз жасы, жесірлердің мұңы, әйтеуір кешегі сұм соғыстың бар қасіретті әнді Жүсіпбек Елебековтың айтуында тыңдап отырсаңыз көзіңізге еріксіз жас аласыз. “Халала-лау хала-ла-лау” деп сарнай жөнелер ән қайырмасы да жүректі тебірентіп, адамның өн бойын шымырлатады. Бұл әннің шығу тарихын айтып жатуды артық қой деп отырмыз, әрі бұл жай әркімге де аян ғой. Біз бүгін тек қана осы әннің авторы, қазақтың жауынгер композиторы Рамазн Елебаев жайлы көкейде жүрген ойларымызды ортаға салуды мақсат еттік. Өйткені уақыт озып, жылдар жылжыған сайын сол аяулы жерлесіміздің бейнесін уақыттың өзі толықтырып, жаңғыртып, сомдай түсуде. Небары бұл дүниеде отыз алты жас қана жасап, артына өшпес мол мұра қалдырған өнер адамының әрбір дүниесі бүгіндері халықпен бірге жасап келеді. Бұл әрине–бақыт. Кешегі неміс-фашистеріне қарсы совет адамдарының Ұлы Отан соғысындағы жеңісіне Рамазанның өзі де, әні де қызмет етті. Сол ұлы Жеңістің қырық жылдығына жер-жерде әзірлік, дайындық жүріп жатқан кезеңде бүгінгі ұрпақ еліміздің осы бір 1418 күндік тарихына қайыра-қайыра үңіле түседі. Өйткені, ешкімді де, ештеңені де ұмытуға хақымыз жоқ екендігі санамызға сіңген қасиетке айналды. Москвадағы А.В. Луначарский атындағы театр өнері институтының композиторлық бөлімін бітірген Рамазан Елебаев Ұлы Отан соғысына алғашқы күннен қатысты. Ол өзінің полк командирлеріне арнап жазған тұңғыш әні–

“Жолдастар” әнінен бастап, барлық шығармаларында жаңа өмірді, социалистік құрылысты өзіндік қанатты әуенмен жырға қоса білді. Рамазан Елебаевтың “Аманкелді туралы ән”, “Ана сыры”, “Қазақстан”, “28 панфиловшылар әні” сияқты туындылары да қуатты дүниелер. Оның әйгілі “Жас қазақ” әнін атақты композиторлар Ахмет Жұбанов пен Лати Хамиди “Төлеген Тоқтаров” операсында, Сыдық Мұхаметжанов “Ғасырлар үні” ораториясында пайдаланды және бұл ән осы шығармалардың әрін келтіретін алтын өзегіне айналды. Қазақтың ән тарихын зерттеуші, композитор–ғалым Ахмет Жұбанов өзінің “Замана бұлбұлдары” деген кітабында Біржан сал әндерінің жоғалмай бүгінгі күнге жетуіне көп еңбек сіңіргендердің бірі ретінде Рамазан Елебаевтың еңбегін де жоғары бағалады. Қысқасын айтқанда Рамазан Елебаев қазақтың ән өнерінде аз еңбек сіңірген жоқ. Ал ең бастысы, сол ел басына күн туған сәтте қолына қару алып, қан майданда жүрді. Совет елінің бір азаматы, жауынгер ретінде Рамазан Елебаев Советтік Отанының тәуелсіздігін қорғады. Сол жолда өз жанын пида етті. Рамазан Елебаевтың жарқын бейнесіне арналған көптеген туындылар да дүниеге келді. Совет Одағының Батыры, әдебиетші-ғалым Мәлік Ғабдуллин “Сұрапыл жылдар” деген кітабында Рамазан Елебаев жайлы толғаныспен жазса, ақын Еркеш Ибраһим “Жас қазақ” поэмасын жазып жарыққа шығарғандығы белгілі. Рамазан Елебаевтың қан майданда оққа ұшқанына биылғы апрель айында қырық жыл толғалы отыр. Ойлана қарасақ, біз өзіміздің жауынгер композитор жерлесімізге лайықты ескерткіш жасай алмай отыр екенбіз. Соған орай бірді-екілі тілегімізді білдірсек мұны көпшілік қолдар деген сенімдеміз. Ең әуелі Көкшетау балалар музыка мектебіне Рамазан Елебаевтың есімі әбден лайық емес пе! Мұның бүгінгі жас ұрпақ тәрбиесіне де үлкен ықпалы болар еді. Сол музыка мектебінде Рамазан Елебаевтың патриоттық әндерін орындаушы балалардың конкурстарын өткізіп тұруға да әбден болатын сияқты. Рамазан Елебаевтың өзі туған Еңбекшілдер ауданында да аяулы жауынгердің, даңқты жерлесіміздің есімімен аталатын ештеме жоқ. Бұл да ойланарлық жай. * “Ел қорғаған майданда жас арыстан, Төлегендей артыңда қалдыр дастан. Жас қазақ, Міне саған мәңгі бақ!” Ән! Тағы да ән!.. Жүсіпбек Елебековтың қоңыр үні. Магнитофон лентасына жазылып алынған әнді тыңдаудан жалығар емеспін. “Ел есінде қаларлықтай артымда ескерткіш болса арманым жоқ!” Рамазан Елебаевтың өзі сөйлеп тұрғандай сезіледі маған. Қайран Рамазан-ай, өз өміріңнің, өз әніңнің бүгінгі ұрпаққа асыл армандай болып, сағындырарын білдің бе екен! Сен мәңгі жасайсың, сен тірісің, жасай бересің, жас қазақ!

(“Көкшетау правдасы” газеті, 24 наурыз 1984 жыл). (“Лениншіл жас” газеті, 18 желтоқсан 1984 жыл).

ЖАҒАДА ҚАЛҒАН ЖАЛҒЫЗ ҚАЙЫҚ

Ақ көбігі ақ маржандай мөлдірей шашылған айдын көл тулап жатыр. Жардың қабағына бауырымен соғылып тұрған мынау жалғыз қайық қана айтар мұңы, айтар зары бар жандай жағаға ұмтылады. Жағаға ұмтылады да мына баянсыз дүниеден жүрегі суынып, көңілі қалған пенденің кейпімен тіршілік-жағадан кері серпіліп, тұңғиыққа бір батып, бір шығып бебеулейді… Қараңғы түнде мұңайып, Толқынға малып тұмсығын. Жағада жалғыз тұр қайық, Маңайда меңіреу тылсым түн! Менің де жарым сағынып, Ойлардан небір айықпай. Отыр ма екен жабығып, Осынау жалғыз қайықтай! Осынау бір жалғыз қайықтың мұңын да, зарын да осы бір жырымен, осы бір сырымен, осы бір әнімен айтып, осынау қасиетті көлдің сағыныш пен мұңнан жаралған терең тұңғиығына ой әлемімен, түпсіз қиялымен батып, мына дүниеден зар кешкен ақын Еркеш дәл қазір де Жалғыздық атты мәңгіліктің өшпес күйін шертіп тұрғандай. Ақын Еркеш өз ғұмырында өмір бойы жағада қалып қоя берген, өмір айдынының жағалауына шығып қала берген осынау бір жалғыз қайықтай болып елестей беретіні бар мен үшін. Жетім қалған лақ көрсем тітірейді жүрегім, Мен де сондай ана сүтін ембегеннің бірі едім… Көз алдымда елесі жоқ ең болмаса мұнартқан, Мен сөздерін естігем жоқ, еркелеткен құмартқан. “Ана дария” дейді ғой жұрт, ол теңізді кешпедім, Арсалаңдап ақ мамаға, омырауын шешпедім, Өлгенде де екі емшегі иіп жатты бұлақтай,– дейді әжемдер, бұл бір сөзі қалай қояр жылатпай… Соңғы сөзі депті әжеме:–“өсірерсің… жылатпай”… Осы бір сөз менің үшін мәңгі сөнбес шырақтай, Қорым жаққа жетелейді кейде мені шыдатпай!.. Ақын өмірінің Жалғыздық трагедиясы мен қасіреті “Ана дарияның теңізін кешпеуден” басталып, жан дүниесі өмірдің өгейлігі мен жалғыздығынан өрттелуден, өз жанын өз мұңымен әлдилеп тербеп, жетілу мен кетілуден құралып еді. Жаратқан ием Ана-дарияның жағасына сәби Еркешті тұңғыш рет осылайша шырылдатып тастап кеткен тұғын… Ана-дарияның жағасынан еңбектеп, шұғыла күнге ұмтылған Еркешіне туған жері кең құшағын жая, еркелете де білді оны. Өйткені ол өзінің Ана-дариядан жалғыз қалғандығына қарамастан мына тылсым дүниеге ғашық еді. Сол

дүниеге, сол өмірге өзінің ғашық екендігін ашық айтып, өгей тіршіліктің есігін жыр қоңырауымен қағып ашты: Мен білмеймін, қайран ғұмыр қайда барып тоқтарын, Жаңғырады жарық күнге жанымдағы сотқар үн. Түңіледі өлең болып, ағылады жыр , Жаутаң қағып жасынданып жарқылдаған оттарым. Мен өмірге шын ғашықпын, шын егілем қызығып, Мен өмірге шын ғашықпын, ынтық жаным үзіліп. Суық құшақ, ызғырық түн телміргенің болғанда, Аққан жұлдыз сияқтанып жарқ етермін созылып, Сонда маған қарағайсың сүзіліп! “Шын егіліп, қызығып, жаны үзіліп” ғашық болған сол өмірінде мәңгілік махаббатын, іңкәр жанын өзінің туған жерін жырлауға арнап өткен ақын Еркешіне, бұл күндері тау мен даласы, орманы мен көлдері іздеу салады, жоқтау айтады. Сыңсып ақ қайыңың іздейді. Айнакөлің шерлі бүгін, Оқжетпесің мұң-тұманның жаулығын шешер емес, ақын аға! Өзің боп нәзігім де, Дөкейім де, Көкшетау Сен жүресің көкейімде, Сағынған қазір осы сәттерімде Шіркін-ай, Самалың боп кетейін бе?! Әлде бір ақ жаңбыр боп жетейін бе, Әлде мен аңызғақ боп кетейін бе, Сағынған қазір сені сәттерімде, Бұрқап бір бораның боп өтейін бе,– деп ет жүрегімен сағына білген Көкшетауы да өз ұлын, өз ұрпағын, өз ақыны, қайран Еркешін қайтып сағынбасын?! Сағынады, сағынады, әрине! Осы бір туған еліне деген сағыныш атты құдіретті сезімнің иірімі өз ғұмырының соңғы жылдарын Қарағанды жерінде өткізген Еркеш ақынды өз тереңінен талай-талай батырып жібергені де бар. Еркеш ақынның жүрегін Көкшетауға деген алапат сағыныш өртеп кеткен жоқ па екен осы?! Еркеш ақынның неғайбылдан демінің үзіліп қалуы Көкшетауының бір жұтым ауасының жетпей қалғандығынан емес пе екен әлде?! О, шіркін асқақ қарап тұрысын, Оқжетпесім! Сөз жетпесім, ырысым,

  • * Көкшетау, көктемдегі сиқырың-ай, Кернеген бұл кеудемді күй тілің-ай!
  • * Табиғатта таңдай болса сен боларсың, Бурабай, Көлкілдеген толқынында бұлтыңдайды сынған Ай!

Міне, өзінің Көкшетауының қасиетін осыншалықты үзіле, терең ой, ғашық жүрегімен, іңкәр көңілімен асқақ жырлай білген ақын: Кешір сен мені қайран Көкшетауым, Толқындар тарпуына шыдамадым,–деп шет айырылып кеткенімен, өзінің “бірде алдын, бірде артын беретін” баянсыз тіршілігінің жағалауына шығып қалып, туған жерінен жырақтап, “ойлардан не бір айықпай”, жағадағы жалғыз қайықтай екінші бір күй кешкендігі осы бір кезең-тін. Ақын Еркеш Ибраһимнің творчествосы жайында сөз болғанда бұдан бұрын айтқан жайды бір қайталағым келеді. Қасиетті Көкшетауды небір жыр дүлдүлдері жырға қосқанымен, өз сүйіспеншіліктері мен көңіл іңкәрлігін ешқайсысы ақын Еркештей жеткізе алмағандығын ұғынасың. Ұғынасың да Көкшетаудың бауырынан түлеп, әсем өлкенің қасиетін жырымен, әнімен әлдилеген Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Сәкендерден кейінгі Көкшетау жыр дастанын жалғастырған ақын Еркеш Ибраһим! Әуелі Ана—дария… онан соң туған жері қалдырып кеткен “Жалғыздықтың” жағалауын қалың ой, терең мұң, ыстық бір сағынышпен жағалап әрі-сәрі болып жүрген шағында ақын Еркештің қайық жүрегін аяулы жары да өмір толқынына жалғыз тастап, ол да баянсыз дүниеден баз кешті. Қалқамай, қас қағымда жалғыз тастап, Шашымды енді ағарған қаралы еттің, Шашымды енді ағарған қаралы еттің! Сәбидей шырылдаған ақынның бұл үніне де мына жалған дүние тіл қатқан жоқ еді. Омырауын жас жуған ақынның үні зарлы болғанымен, жүрегінде Ақылдай серігінен, Ақылдай жарынан өшпейтін жалын, суынбайтын мәңгілік махаббат қалғанына қайран қалар едің! Ей, ғасыр, Менің сондай болған жарым. Мен үшін аямайтын қайран жанын Жаралған махаббаттың бір гүлі еді, Құлпыртқан қылығымен арман бағын. Құт еді дастарханы кемімеген, Қаңтарды көктем қылған деміменен. Соңынан аяулымның, қайда барса, Жүретін ақ қозыдай еріп өлең! Достармен жан-жағымды арай қылып, Шырқатқан бұл басымды талай биік! Осындай махаббаттың әулиесін, Апырмай жерге бердім қалай қиып?! Міне, өз жарына деген осыншалықты сүйіспеншіліктің “Апырмай жерге бердім қалай қиып” деген күйігі ақын жанын өртемей тұра алушы ма еді?! Күйдірген жанды ыстық жас, Қалай көзден ытпайсың,–деп ақын жүрегі жар күйігінің зар әуенін былайша бір төккені бар-ды. Енді сен ауа жұтпайсың, Көрмейсің күннің сәулесін.

Көшеге бірге шықпайсың, Жүрмейсің бірге сеулешім. Күн етіп маған өзіңді, Балқытқан, балқып сүйдірген. Қап-қара мойыл көзіңді, Топыраққа қалай қидым мен. Құлпырған қолаң шашыңды, Енді сен тарап жумайсың. Ойнатып қиғаш қасыңды, Айнада күліп тұрмайсың! Өмірдің өкініші бұл! Ақын Еркештің бұл өмірден соңғы бір зар кешіп, зарланып өткен өкініші еді бұл. Әйтеуір көңілге дәт балаларым, Тірліктің бөліп жесіп қара нанын. Оларға әке де мен, шеше де мен, Білмеймін ақыр түбі не боларын, Білмеймін ақыр түбі не боларын?! Өз ғұмырында мынау өмірдің үш бірдей дариясының жағалауынан баян таппаған ақын жүрегі “Білмеймін ақыры не боларын”,–деп мұңға батқан жетім көңілімен беймәлім жағалауға қайығын бұрып, ескегін есіп жүре беріп еді. Сол бір беймәлім жағалауға сол бір жалғыз қайыққа мініп аттанған ақын Еркеш жете алмай кетті. Айдын көлдің ен ортасындағы Мәңгілік атты аралда мәңгілікке қалып қалды ол. Ақын Еркеш өмір бойы сағынып өткен өзінің қасиетті Көкшетауына жете алмады. Толқындар ол мінген жалғыз қайықты ғана жағалауға алып келді. Сол қайық қой әне, анау тұрған мұңайып!

(“Егемен Қазақстан”, 29 наурыз 1996жыл ). (“Көкшетау” газеті, 8 қарша 2000 жыл).

“КӨКШЕТАУ, СЕН ЖҮРЕСІҢ КӨКЕЙІМДЕ!”

Мен білмеймін қайран ғұмыр қайда барып тоқтарын! Еркеш ИБРАһИМ. Қатынасушылар: Ақын Еркеш Ақыл–Еркештің жары Кәрім–ақынның досы Әжібай–әнші жігіт Жанар–әнші қыз Қыз…бозбала…өнерпаз жастар

Сахна ашылмас бұрын, ойын басталар алдында Сәкеннің “Көкшетауы” шертіліп тұрады домбырамен. “Ей адамдар, жалғыз минут тыңдаңдар, мен сендерге көп болды сыр шертпедім, қазір түгел көкірегім өрт менің”,–деген өлең жолдарын түрлі ырғақпен, біресе қатқыл, біресе үзілдіре, біресе әсерлендіре қайталанып тұрады. Осы өлең жолдары қайталанып біте бергенде, сахна шымылдығы ашылады. Көрініс: Оқжетпес, Айнакөл. Биші қайыңдар. Тағы да Сәкеннің “Көкшетауының” сазы қайталанады. Осы сәтте иығына жапқан шапаны бар, қолында айқара ашқан кітабы, ақын шығады баяу аяңдап. Ойлы, жүзінде мұң бар. Сахна шетіне қойылған үстелдің жиегіне келіп отырады ол. Оқжетпестің сұлу мүсініне сүйсіне қарап, ойланып отырады, Ақын Еркеш: Өзің боп, Нәзігім де, дөкейім де, Көкшетау, сен жүресің көкейімде! Сағынған осы қазір сәттерімде, Шіркін-ай, Самалың боп өтейін бе?!

Әлде бір ақ жаңбыр боп жетейін бе, Әлде мен аңызақ боп кетейін бе?! Сағынған сені қазір сәттерімде, Бұрқап боп бораның боп өтейін бе?! Әлде бір мыңдап қиқу салайын ба, Құстардай көктемдегі бал айында. Сәкеннің айрылған аққуындай, Төсіңде құлап жалғыз қалайын ба?! Өзіңсің ақпаным да, Май айым да. Өзіңсің алтыным да, Қалайым да, Өмірден мұңсыз болып өткенімше, Күл боп сағыныштың қалайын ба?! Күміс бар мына менің самайымда, Алтын бар бірақ көңіл сарайымда! Өзіңді шын сағынған сәттерімде, Шырақ қып кірпігімді жағайын ба?!

Балы боп сағыныштың тамайын ба, Кеудемнің ақ бөкенін қамайын ба?! Жанымды жалын өрттеп бара жатыр. Әлде мен сол алау боп қалайын ба, Кеудемнің ақ бөкенін қамайын ба?! (Осы жыр жолдарын терең бір күрсініспен оқиды. Жыр жолдарын қайта бір қайталайды да, жанында тұрған үкілі домбырасын алып, Сәкеннің “Көкшетауын” шертеді де, ыңылдап өзі соған қосылады). Сахнаға қолында көтерген шайы бар, мойнына ақ сүлгі салып алған, ақынның жары шығады. Ол сөйленіп келе жатыр. Үнінде наз, еркелік бар. Ақыл: Жаным-ау, осы саған бүгін күні бойы не болған? Бір жерің ауырып жүрген жоқ па? Өңіңді қарашы, боп-боз болып, жүдеп кеткенің не осыншама? (Әйелі мұңайып қалады). Ақын Еркеш:–Жүдеп дейсің бе, иә жүдесем жүдегенім рас менің. Жаным жүдеп жүр, жаным жүдеп жүр! Көкшетауым, Оқжетпесім, Мекенім, Самғап ұшып саған қашан жетемін?! Туған жерім, сен есіме түскенде, Сағынышқа садаға боп кетемін! (Үнсіздік) Сағындым… бәрін де сағындым. Мен түбі Көкшемді сағынып өлетін шығармын. Сағындым.. сағындым… сағындым… Ақыл:–Қойшы олай демеші… (Көзіндегі жасты орамалының ұшымен сүртіп, үні дірілдеп). –Мен саған сол Көкшетаудан шеттемей-ақ қояйық дедім ғой. Мына Қарағандыңа өзім де өгей баладай боп жүргенімді қайтерсің! Ух, жанымай!.. Ақын Еркеш:–Болды ма, кетпесіме, көшпесіме қойды ма? (столды жұдырығымен бір қойып. Ауыр күрсінеді, үнсіздік). Сәлден соң қолына домбырасын алып “Көкшетауды” шертеді де:

–Қазақтың жүйрік атының басынан қамшы, ақынының басынан қамшы, ақынының басынан өсек кеткен бе? Ақанның Құлагерінің басына айбалта соққан, өлер шағында Біржанын байлап ұстаған, Үкілі Ыбырайды айдатып жіберген бұл қазақ, бұл ел мені, мені не қылмайды?! Ақыл: –Қой, қой ақыным! Халқыңа ренжіме, Көкшеңе өкпе айтпа олай? Бәз біреулердің күйесін әкеп бүкіл халқыңа жаға көрмеші! Ақын Еркеш: (жадырап)–Ақыл, Ақылекем-ау, жөн айттың-ау сен! Көкшетау, айналайын келбетіңнен, Бар ма екен сенен ардақ жер бетінде… Ақыл: Е, бәсе, солай деп бір төгілсеңші, егіле бермей! Ақын Еркеш: (шалқып) төгіл дейсің бе?! Әрине, Көкшеме өкпем жоқ қой

менің! Өмір бойы жырларым да, айтып өтерім де, мұңым да, сағынышым да сол Көкшем ғой менің! Кешір сен мені қайран, Көкшетауым, Толқындар тарпуына шыдамадым! Ақыл: Е, бәсе, “Кешір сен мені қайран Көкшетауым” деуің жөн-ақ. Сен осы бір ауыз сөзіңмен-ақ бүкіл Көкше халқының, анаңдай болған Көкшетау өңірінің бейкүнә сәбиіндей болып кеткеніңді білесің бе?! Ақын Еркеш: (баяу үнмен) Солай да шығар! Көкшетау анамдай болған соң да сағына беретін шығармын. Рас! Рас!.. Сағындым сені туған жер, Туған жер сені сағындым! Мен кеше түнде Көкшеме деген сағынышымды айтып Кәрімге хат жазып жібердім. Сол хатты оқиықшы, жазған өлеңіме бір ән жаз деп Кәрімге тапсырдым! Кәне тыңдашы соны! (Сахна қою қараңғыланады. Осы сәтте ақынның байсалды да мұңлы үнімен ақынның Кәрімге жазған хаты және өлеңі оқылады). Дауыс:–Кәрім-ай, сағындым сені! Бәріңді, бәріңді сағындым! Кәрім-ай, Көкшетауды сағындым!Саған аманат етіп, мына бір өлеңді жіберіп отырмын. Сен оған ән жазшы! Екеуара достықтың әуені боп мәңгілік қалсыншы осы ән жер бетінде! (Сәкеннің “Көкшетауы” ойналады. Сол әуен ойналып тұрғанда өлең толық оқылады).

Сахна жарықтана бастайды. Бірін-бірі қолтықтап, даурыға, көңілдене әңгімелесіп ақын мен оның досы келе жатады. Кәрім:–Ойпырым-ай, сенің сол хатыңды алысымен ұйықтай алмай қойдым. Сапура екеуміз күні-түні жылаумен болдық! Сағынған екенсің ғой бәрін, сағынған екенсің ғой, бауырым-ай! Ақын Еркеш: Иә, достым, қазір менің бүкіл жан-дүниемді сағыныш кернеп алды! Жатсам да, тұрсам да көкейімнен сендер кетпейсіңдер! Айыртауым, Зерендім жатыр бір бүйірімді қытықтап! Осы бір сағыныштан қорқамын, бауырым! Түбі мен осы Көкшеге жете алмай қалатын шығармын?!

Кәрім: Қой, ақыным өй деме! Дәм жазса Көкшеңе де табан тірерсің! Айтпақшы мен сол өлеңіңе ән жазып әкелдім, соны саған естіртейін деп әдейі келдім! Ақын Еркеш: (Балаша мәз болып) –Ән дейсің бе, рас па? Манадан бері соны айтпайсың ба? Ақыл-ау, Ақыл, мында кел, Кәрім бізге Көкшеден ән әкелді. Келші, енді тезірек. Ән, ән тыңдайықшы. Сахна сыртынан әйел дауысы: –Қазір, жаным-ау қазір барамын. Не қылған ән ол! Қазір, қазір! (Қолында ас-суы бар ақынның жары осылай сөйлей кіреді де, ортадағы үстел шетіне келіп отырады). (Ақынның досы қолына домбырасын алып бір азырақ уілдеп алады. Ақын жастыққа шынтақтай жатып, ән тыңдауға пейіл көрсетеді. Кәрім Ілиясовтың “Сағыныш” әні орындалады). Әннің бірер аузы орындала бергенде әйел жылап, көзін сүртіп отырады. Ақын орнынан көтеріліп, екі қолын артына ұстап, үй ішін кезіп кетеді оймен, оның да көзінде жас. Ән аяқталып бітісімен ақын, жұртшылыққа тіке қарап: Ақын Еркеш: –Халқым-ау, мынау ән ғой, ән ғой, ән ғой бұл! Бұл дегенің Кәрім әндерінің тәңірісі ғой! Тебірене шалқи сөйлейді. Сахнаға бір топ қызжігіттер шығып келе жатады. Бәрі де көңілді. Қолдарында домбыра… Әжібай:–Аға-ау жаныңыз жабырқап тұрғаны несі?! (еркелеген еркін үнмен) Сізді бір әнмен сергітейік деп келдік. Ақан серінің “Ақтоқтының аужары” деген әнін үйрендім. Соны сізге естіртіп барып қалған жұртқа сосын айтсам деп едім! Ақын Еркеш: –“Ақтоқтының аужары” дейсің бе?! Бұл бір естілмеген ән еді! Апырай, ә, бәсе, Ақан ағам Ақтоқтысына арнап бір ән неге қалдырмады деп өзім де ойлаушы едім. Кәне, айтшы сол әніңді. (Әнші жігіт Ақан серінің “Ақтоқтының аужары” әнін орындайды шалқытып). Ән аяқталады. Сол сәтте ақын орнынан ұшып тұрып, әнші жігітті кең құшағына алып, бетінен сүйеді де, қолынан ұстап, сахна ортасына алып келеді. Ақын Еркеш: (Тебіреніп) Апыр-ай, бауырым, жан жүрегімді егілттің-ау мынау әніңмен! (Сол тебіренген қалпымен мына өлеңді оқиды). Желпіген жүреткерге гүлдің лебін, Ән бе екен кеудеңдегі күллі демің. Не деген Біржан көмей бұлбұл едің, Не деген жел жетпейтін дүлдүл едің? Балқыдың ән самалын аңқылдаттың, Шалқыдың бір нажағай жарқылдаттың, Үйдегі өз үніңе еліктіріп, Аққуын сексен көлдің саңқылдаттың! Біресе шар айнадай мөлдіредің, Біресе май айындай елжіредің. Көкшенің ауасындай болды демің! Ақын өлеңді оқып болысымен, жастар мәз-майрам болып қалады. Күлкі, әзіл. Домбыра шертіліп жатады. Жанар: (еркелеп) Аға, деймін, осы бір ән айтқан жігітке осыншама жыр төккеніңіз не? Ол пәле маған ақын ағам жыр арнаған деп бізді менсінбей

кететін болды-ау! Онсыз да өзін етегінен басып әзер ұстап қаламыз кейде, жеңілтектігі сондай! Әжібай:–Қап, мына қыздың тілін-ай! Ақын Еркеш: Ән адамға қанат бітіреді ғой, қарағым! Бұл інімнің ән айтқанда қанаттанып, қалықтап кететіні бар екен. Сол сәтте рас оны ешкім де ұстай алмасы анық. Ән мен әнші құдіреті дегенің болады ол. Ән дегенің өмір, ән дегенің жүрек, ән дегенің сезім, ән дегенің адам баласының ақыл ойы мен жан дүниесі ғой, қарақтарым! Жанар: Аға, мен де сізге бір ән әкелдім (наздана). Ақын Еркеш: Айта ғой сол әніңді ендеше! (Әнші қыз қолына домбырасын алып ән салады. Ән бітеді). Ақын Еркеш: –Мынау Көкшетаудан келген Кәрім деген ағаларың. Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай топырағында қалған асылдың бір сынығы бұл. Осы ағаларың менің бір өлеңіме ән жазып әкеліпті, соны тыңдайсыңдар ма?! Дауыстар: ?тыңдаймыз аға, тыңдаймыз! Ақын Еркеш: Осы әнді үйреніп алсаңдар етті! Бұл әнде менің қазіргі сағыныштан өрттенген жан дүнием жатыр бауырларым! (Ән басталады. Сахна қою қараңғылана береді).

ІІІ

Сахнаға жарық түскенде ақын, екі қолын қусырып кемсеңдеп тұрады. “Көкшетау” сазы ойнап тұрады. Дауыс: Ей ақын, бауырым! Мынау алаулы ғасырда, Атомға ораулы ғасырда, Өзегі от болған ғасырда, Адамы жаралы ғасырда Ядро бөлінген ғасырда, Ажал боп сезілген ғасырда, От басы болмашы қырауға, Қақырап сөгілген ғасырда, сенің де, сенің де жарың, сенің де Ақылың, сенің де аяулың, сенің де әулиең мәңгілікке қоштасып, енді өзіңменен өзің қалып, не қылып тұрсың ақыным?! Ақын: (Тебіреніп, жан дауысымен). Ей, жарандар! Мен үшін аямайтын қайран жанын, Менің де сондай болған жарым! (Үнін өзгертіп, байсалды). Достармен жан-жағымды арай қылып, Шырқатқан бұл басымды талай биік Осындай махаббаттың әулиесін, Апырмай, жерге бердім қалай қиып?! Сахнада жарқ-жұрқ найзағай оттары ойнаған көрініс, күн күркірейді, жылқы кісінеп, құлын шұрқырайды.

Әйел дауысы: (Күңіренген нәзік үнмен)–Ей, биігім менің! Есіңді жый, еңсеңді көтер! Сенің үлкен махаббатың, Мөлдіреген айдын еді. Жүрегіңнің от ордасы, Жарқыраған ай-күн еді. Сенің таза ақ пейілің, Арманымның несібі еді. Жұпар гүлі көктемімнің, Өз қолыңнан өсіп еді. Түсті сөйткен махаббатқа, Сұм ажалдың нажағайы. Жатыр жанып қатер отқа, Қайран жанның қарағайы! Ақын: Ақыл-ау, жаным-ау не дейсің! Сен осымен мәңгілік кеттің бе менен?! Жо-жоқ! Сен менің базарым ең үйімдегі, Сен барда дастарханым жиынды еді. Сен барда жүретін ем шалқып-тасып, Сен барда сөздерім де түйінді еді. Енді сол алаулаған түнсіз қалдым, Қар жауып кірпігімнен үнсіз қалдым. С

арасына от салған да осы саясат болатын. Партиялық бақылау мен қадағалаудың қатаң тезисін көрген қазақ әдебиетінің ХХ-шы ғасырдағы тарихы да сол себепті аласапыран арпалыстарға, ала құйын жағдаяттарға толы болды. Оған әдебиетіміздегі ақтандақтар нақты дәлел бола алары сөзсіз. Жоқты түгендейміз деп бар дүниенің өзін жоққа шығарып алатын кәнігі бір ғадетімізге сай күні бүгінге дейін рухани құндылықтарымыз бен ұлы тұлғаларымызды түгендеудегі асыра сілтеушілік пен кем түсушілік орын алып келе жатыр емес пе?! Расында соғыстан кейінгі кезеңнің жүгі кімге де болса жеңіл болмағаны белгілі. Оның алдындағы 1937-38 жылдардағы саяси нәубәтта ұлт зиялыларының барлық дерлік қаймағынан айырылған қазақтың рухани дүниесі расында тым жүдеу еді. Сондықтан да, соғыстан кейінгі жылдары әдебиет майданына араласқан Тұрсекең тұстас азаматтардың арқалар жүгі де қомақты, атқарар істері де сан алуан, ақтарар архивтері де ұшан теңіз болды. Сол кезеңнің өзінде де тоталитарлық жүйенің тастай шеңгелі әлі де болса ұлттық рухани талпыныстарға жол бермей бүріп ұстап, адымды аштырмай тұрғандығы белгілі. Тіпті, 1953 жылы қазақ ұлтшылдығына байланысты мәселенің қайта көтеріліп, Мұхтар Әуезовтің уақытша болса да өз республикасынан табан аударып Мәскеуде бас амандығын сақтауға мәжбүр болуы осының айғағы болса керек. Расын айтқанда 1956 жылдан басталған жылмықтан кейін ұлттық әдебиеттің тарихын жаңаша қарап, зерделеп-зерттеу қолға алына бастағаны белгілі. Осы мәселенің әу басында қазақ совет әдебиетінің негізін қалаушы Сәкен Сейфуллиннің әдебиеттегі алар орнын айқындап, осынау қайталанбас ірі тұлғаның бар адами болмысын ақиқаттандырып, әдеби көркем туындыларын қайта түгендеп бастыру мәселесі тұрды. Күні кеше ғана ақталған Сәкен өмірін, оның шығармашылығын терең зерттеу өте күрделі және жауапты шаруа екені белгілі. Шынын айтқанда Сәкенді зерттеу дегеніміз ХХ-шы ғасырдың басы мен төңкерістен кейінгі қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңін қарастыру деген сөз. Сәкен арқылы қазақ совет әдебиетінің жеткен жетістіктерін, алған биіктерін, қол жеткізген табыстарын, сонымен бірге олқы түскен тұстарын байыптап, бағамдау қажеттілігі туындады. Өйткені, төңкерісшіл әдебиеттің туын ұстаған, сол идеяға нық сенген, қоғамдық-әлеуметтік істерге шынайы берілген, берік те бекем, табанды да талапкер Сәкен Сейфуллин тұрды. Осынау үлкен аумалытөкпелі тарихи кезеңнің аласапыран саяси-әлеуметтік толқындарына ұрынған тағдыр-талайы ұлы тұлғаның кім екенін танытып қана қоймай, оның күрескерлік рухын аспандата көрсетіп, сом тұлғасын биіктете түскенімен, сонау бір кезеңдерде және дәл осы бір шақтың өзінде осынау күрескер дауылпаз адам–азамат жайында алыпқашпа әңгімелердің тууына түрткі болған себепті де ол кісінің тұлғалық болмысын күрделендіріп келгендігі әмісі өтірік емес. Расында Сәкен тағдыры күрделі тағдыр және аянышты тағдыр һәм қайталанбайтын тәкаппар да сұлу тағдыр. 1957 жылдан бастап күні бүгінге дейін, яғни жарты ғасыр уақыт көлемінде өзінің саналы ғұмырын, салиқалы пікірін, сарабдал ойын, талант қарымын бір сөзбен айтқанда табан ет, маңдай терін Сәкен өмірі мен шығармашылығына арнап келе жатқан білікті ғалым,

бірегей әдебиетші Тұрсынбек Кәкішұлы қазақ әдебиетінің тарихында таңдап тұрып, тайсалмай өз орнын алатын “Сәкентану” атты әдеби тарихи мектептің негізін қалады. Сонау жылдардағы Сәкен Сейфуллин жайындағы алғашқы ізденісті жылдарының жемісі ретінде алғаш рет “Сәкен Сейфуллин” атты тұңғыш кітабы жарық көрсе, осымен қатарлас Сәкен Сейфуллин жайындағы тарихи-архивтік деректер негізінде жазылған “Қызыл сұңқар” атты тарихи әдеби очеркі де әдебиет сүйер қауымды елең еткізді. Осы еңбек өз уақытында шынайы бағасын алғаны да шындық. Ол қазақ әдебиеттану ғылымындағы жаңа ізденістің үлкен үлгісі бола білді. Тек қазақ ортасынан ғана емес күллі түркі халықтарының қайраткерлерінің арасынан тұңғыш рет 1972 жылы Мәскеудегі “Молодая гвардия” баспасының “Тамаша адамдар өмірі” сериясынан Сәкен Сейфуллин жайлы кітап орыс тілінде жарық көрді. Бұл еліміздегі үлкен әдеби құбылыс ретінде бағаланды. Тұрсынбек Кәкішұлының Сәкентанудағы ізденістері мұнымен ғана шектеліп қалмай, ұлттық университеттің қабырғасында әрі қарай жалғасын тауып “Сәкеннің жаңашылдығы”, “ХХ-шы ғасырдағы қазақ әдебиетінің көркемдік ізденістері” атты арнаулы курстарымен толығып жатты. Осының барлығы Тұрсынбек ағаның ерінбей еңбектенуінің, талмай ізденуінің, қажымай талаптануының арқасы дер едік. Әсіресе, Сәкенге қатысты қажетті деректердің көбі мемлекеттік құпия ретінде архивтік мұрағаттарда құлыпталып келгені ақиқат. Сонымен бірге Сәкеннің көзін көрген, ол кісімен дәмдес, сырлас болған адамдардың көбі сталиндік нәубеттің теперішін көріп, сол үшін жазықсыз жазаланғандар еді. Олармен ашық-жарқын, емін-еркін Сәкен жайында іштесіп әңгімелесудің өзі оңайға түспеген уақытта Тұрсынбек Кәкішұлының кісілік, кішілік, табанды, талмайтын мінезінің арқасында Сәкенді жақсы білетін, ерекше сыйлайтын азаматтармен тіл табысып бізге беймағұлұм Сәкен өмірінің сәулелі шақтары мен көлеңкелі тұстарын ашық та айқын етіп жайып салды емес пе. Басқаларын айтпағанда тағдырдың таяғы соққы болып тиіп, өздері өмір сүрген қоғамға және адамдарға өкпелі күйде ғұмыр кешкен Сәкеннің жан-жары Гүлбәһраммен, Сәкеннің азаматтық болмысы мен ажарына тәнті болған Галина Серебряковамен жүздесіп, осы бір аяулы жандардың ар түкпірінде айтылмай бұғып қалған ақ адал сөздерін айтқызып алудың өзі неге тұрады?! Бұл кісілерді бұлай қойғанның өзінде күні кешелері Сәкеннің алдынан өткен, қатарлас жүрген қаламгерлердің өзі бұйығы мінез танытып, бұқпантайлап күн кешіп, бұлдыр-бұлдыр әңгіменің өзін буынсыз айтқандығы да өткен өмірдің ащы сабағы іспеттес. Қай қашанда шындықты шырылдатып, ақиқаттың аузынан жұлып алу оңай болмаған. Әсіресе, алмағайып заманда өмір кешкен атақты адамдар жайындағы аңыз бен ақиқат, өтірік пен шындық қатар өріліп жүретіндігі белгілі жәйт. Бұл өзгелерді айтпағанда, өнебойы кісілік пен зиялылыққа, кішілік пен дегдарлыққа, сұлу мүсін мен сырбаз жүріс-тұрысқа толы, әрі ақ жарқын да ашық, әрі тәкәппар да тұңғиық жан болып көрінетін Сәкен турасында сөз қозғап, ой қорытуы да екінің бірінің қолынан келмейтіндігі шындық. Күні кеше ғана әдебиетіміздегі ақтандақтар айқындалып, Ахмет, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбек сынды алыптарымыз ақталған шақтың өзінде осы тұлғаларды асқақтатамыз деп артық айтып, кем түскен кейбір ағайындарға басу айтып, ағат

кеткен тұстарын айқындап беріп, Сәкен жайында қоздаған біржақты, сыңар езу, ұшқары пікірлерге тойтарыс берген де осы Тұрсекең болатын. Бір сөзбен айтқанда Сәкен өміріне, оның шығармашылық жолына жолбикелік жасағысы келетіндерге дәлелді пікірлермен, дәйекті тұжырымдармен тойтарыс жасап келе жатқан ғалымның үлкен мұраттарының негізгі бір парасы Сәкен биіктерін аласартпау, Сәкен тұлғасына таласпау һәм Сәкен арына кір жұқтырмау екендігін білгеніміз жөн. Тұрсынбек Кәкішұлы әдебиет тарихын зерттеу барысында да, бүгінгі әдеби үрдіске сыни көзқарас тұрғысынан келгенде де ол өзінің ойлылығымен, өткірлігімен, дәлдігімен, маңыздылығымен құнды дүниелерге бара білді. Ол кісі жалпақ жұртқа белгілі жадағай дүниелерді қаузамай, неғұрлым сіз бен біз біле бермейтін тарих қатпарында, қоғам тартпасында жатқан тың дүниелердің соңынан іздеу салып, індете зерттейтіндердің қатарында. Айталық, жылы қазақ әдебиеті классиктерінің бірі әрі бірегейі Ғабит Махмұтұлы Мүсіреповпен жолығысудың ретін келістіріп, сөзге сараң, ойға бай, пікірге кемел, байламға тұрақты осынау ірі тұлғаның қыбын тауып қазақ әдебиетінің өткен тарихының өзекті де өкінішті кезеңдерін, оның ең айтулы тұлғаларының біз білмейтін ара-қатынас сыр-сыйпатын бейне Сәкен жырлағандай “Сыр сандықты ашып” сырласып көмескі көп дүниелерді магнитофон таспасына Ғабеңнің өз аузынан жазып алып қалғандығы қандай ғанибет болған. Бұл сұхбат көп жылдар өткен соң ғана баспаға жарық көріп, оқырманды елең еткізгендігі белгілі. Ол кезеңнің ауызға қақпақ болып ақиқатты айтқызбағандығын ескерсек, Тұрсекеңнің туралап барып тұғырлы әңгіменің туындауына себепші болуы бір өз алдына ерлікке пара-пар іс секілді. Өзара осы сұхбаттың негізгі арқауы Сәкенге қатысты жағдаяттарды қамтыған. Тәуелсіздіктің табалдырығында тұрған жылдары ғана айтылған тарихтың көп шындықтары осы диологта ашық көрініс тапқан. Көптеген тарихи оқиғалардың куәсі болған Ғабит Мүсіреповті ақ жарылтып сөйлету де сол уақыт үшін де үлкен маңызға ие еді. Біз Тұрсынбек Кәкішұлын әдеби үрдіске үздіксіз үн қосатын сыншы ретінде жақсы білеміз. Ең әуелі қазақ әдебиеті сыны тарихын жан-жақты қарастырып, осы тақырып негізінде оқу құралдарын жазды. Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов секілді әдебиет алыптарының туындыларына байыпты көз бен ой жүгіртіп, жан-жақты саралап ғылыми танымдық мақалалар легін дүниеге әкелді. Сонымен қатар Бейсенбай Кенжебаев, Есмағанбет Ысмайылов, Әбділда Тәжібаев, Жақан Сыздықов, Зейін Шашкин, тағы басқа қаламгерлер хақында келелі пікірлерді айтып, қазақ әдеби сынның салқар көшінің байыпты жол тартуына қомақты үлес қосқан сыншыларымыздың алдыңғы қатарында тұрған адамның бірі осы Тұрсынбек Кәкішұлы. Біз осы шағын шолуымызда ғалым-әдебиетшінің бірі-екі қырын ғана қамтуға тырыстық. Әйтпегенде, Тұрсекеңнің азаматтық, қайраткерлік тұлғасын әр қырынан жарқырата көрсету үшін көп уақыт, үлкен мүмкіндіктер қажетсінеді, тіпті де көбіміз болмыс бітімінен, кісілік келбетінен үлгі алуға тұрарлық осынау қайратты да қажырлы тұлға жайында бір мақалада барлығын көктей шолудың өзі мүмкін емес.

Туған әдебиетінің туын биікке көтерісіп, сонымен бірге өзі де айтулы зор тұлғаға айналып, туған топырағында ақ самайлы, Алатаудай абыз бейнелі тартып, мерейлі тойын ел-жұртымен тойлап отырған әз ағамыз–тұлғалы Тұрсынбек ағамызға шабыттың шалқар биігін, ғұмырдың бар жақсылығы мен ұзақтығын тілейміз. Тойыңыз тойға ұласып, туған топыраққа жиі келе беріңіз демекпіз! (Бұл сөз Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде 2007 жылғы 4 қазан күні өткен ғылыми-практикалық конференцияда сөйленді және Көкшетау университеті шығарған “Тұғыры биік, тұлғалы Тұрсынбек” жинағында басылды).

АЛҒЫСҚА ЛАЙЫҚТЫ ЕҢБЕК

Халқымыздың әдебиет тарихын кеңінен зерттеп, бұл орайда соны ойлар мен тың пікірлер жазып жүрген Тұрсынбек Кәкішевтің “Жалын” баспасынан жарық көрген “Садақ” атты эссе кітабын қызыға оқып шықтық. Қызыға оқумен бірге бұл туынды оқырманын бей-жай күйде қалдырмайтындығын аңғардық. “Садақты” оқып отырып ойға да берілесің, толғанасың да, тіпті ақын Сұлтанмахмұттың сөзімен айтқанда “қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам” деп талпынған жандардың ерлігі мен өрлігіне риза да боласың. 1916-1918 жылдары Уфа қаласындағы “Ғалия” медресесінде оқыған қазақ шәкірттері айына екі рет қолжазба түрінде “Садақ” журналын шығарып тұрғандығын көпшіліктің біле де бермеуі мүмкін. Әрине, қазақ совет баспасөзінің тарихы туралы сөз бола қалғанда “Садақ” журналы туралы бірдеекілі сөз айтылғанымен, бұл қолжазба журналдың тарихы белгісіз күйінде қалып келген еді. Тұрсынбек Кәкішев міне, тыңнан жол салып, әдебиетіміздің тарихында алар орны бар “Садақ” журналының шығу тарихын зерттеп, оны шығарушыларды анықтап, көп еңбек сіңірген. Түрлі қалалардың архивтерінде шаңға көміліп жатқан “Садақтың” әр санын тауып, ондағы жазылған жайларға ғылыми талдау жасауда автор аз тер төкпеген сияқты. Ғалым-аға қолжазба “Садақ” журналын іздеп Алматы қаласындағы А.С.Пушкин атындағы республикалық кітапханадан бастап Ленинградтағы М.Е.Салтыков-Щедрин атындағы мемлекеттік кітапханада болады. Уфа, Қазан, Ташкент сияқты іргелі қалалардың архивтерінде де ұзақ сарыла отырып, қазақ әдебиетінің қайнар бастауының көзін инемен шұқып тапқандай болады. Әрине, автордың “Садақты” табу жайын баяндауынан аңғарғанымыз, бұл жолдың ғалым үшін түрлі соқпақтары көп болғаны. Сол соқпақты жолдардан арымай-талмай ізденіспен өте білген Тұрсынбек Кәкішевке халқы үшін көп еңбек сіңіргендігіне бүгінгі күні алғыс сезімімізді білдіреміз. “Садақ” кітабын оқып отырып, көптеген қызықты деректер мен мәнді жайлардың куәсі болдық. Әсіресе, революцияға дейінгі қазақ жастарын өз халқының тағдырының толғантуы еріксіз ойға қалдырады. Сауатсыздық пен қараңғылықтың бұлты әлі сейілмеген қазақ аспанына жарқырап күн болып

шыққысы келген бір топ жастардың ой-қиялы мен армандарының ұшқырлығына таң қаласың. Қолжазба түрде шығып тұрған “Садақ” журналының әр санынан оны шығарушылардың сол өз заманына лайық өмірдің өзекті мәселелерін көтере білуі көңіліңе ризашылық сезімін ұялатады. “Садақ” журналының 1916 жылдың 18 ноябрінде шыққан 21 санындағы “Бас сөзде” оны шығарушылар өлең, жұмбақ, ертегі, тақпақ сөз, жаңылтпаштар “халықтың тілін сақтап, салып жүретін қоржыны”,–деп жазыпты. Бұдан медреселіліктердің халықтың алтын қоры–тілдің тазалығын сақтау жөніндегі талпыныстары байқалады. “Садақ” қолжазба журналын шығарушылар сол кезге тән әлеуметтік мәні бар әңгіме, романдардан үзінділер жариялап отыруы да оқырманды қызықтыра түседі. “Садақтың” осы санындағы “Бишара қазақ қызы не көрмейді” деген әңгімесі әсерлі оқылады. Сонымен бірге қолжазба журналында көптеген өлеңдерге, прозалық шығармаларға, аңыз-ертегілерге лайықты орын берілген. Бұлардың көбі қызықты әрі тартымды. Сондай-ақ сол кездегі қолжазба журнал шығарушылардың ой-мақсаты, арман-мүддесі мен тілегі де осы шығармалар арқылы айқын көрініс бергендей. Қазақтың сахара даласының тынысын, өмірі мен тұрмысын көрсетуге ұмтылған медресе шәкірттерінің талпынысы мен талабы бүгінгі ұрпақты бейжай қалдырмайды. Әсіресе білім мен ғылымға, мәдениетке азапты жолдармен келген сол кездегі қазақ жастарының өршіл де асқақ үні өз заманының рухына орай айқын естілгендігіне қуанасың. Осы орайда Ғайса Тоқтарбековтың 1913 жылы жарияланған мақаласынан үзінді келтіруді жөн санап отырмыз. “Қазақ ойласа: алда қандай заман болады деп балаларын оқытып, қаражат жетпеген талапкер шәкірттерді жолынан қалдырмай, көмек беріп тұрар еді ғой. Қазақ ілгері күнді ойламайды… Бірақ, не керек, есіл мал есепсіз желге кетіп, “ұстағанның қолында, тістегеннің аузында” болып барады. Ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін қазақ шешендері оқу жағына келгенде баяулай береді. Бұл қалай? Қазақ мырзалары алаштың талапкер азаматына көзінің қырын салуы міндет емес пе? Қазақ мырзалары партия таластарына ақша шашып, атын шығарамыз дегенше мектеп, медресе салдырып, ұлтына қызмет етіп, атын шығарса, дүние-ақиретке бірдей атағы жайылып, қылған жақсылығы тарих жүзінде алтын әріппен басылып қалар еді. Бес-алты миллион қазақта бес-алты жүз оқушы жоқ, біз қашан оқыған адамшылдыққа жетеміз”,–деген “Ғалияның” жас оқушысының бұл мақаласы, сөз жоқ, өзінің ойымен де, ісімен де туған халқына қызмет етуге әзір саналы азаматтың бейнесін көз алдыңа әкеледі. “Садақ” қолжазба журналын шығарушылардың кім екендігін анықтауда, олардың өмір баяндарын жинақтауда автордың біраз еңбектенгендігі кітапта айқын байқалады. Бұл үшін де ғалым аға көптеген деректерді ақтарып, көзі тірі, көкірегі ояу қариялармен жолығып, біраз адамдармен хаттар алысып, іздене білген. “Садақ” қолжазба журналына мақала жазушылар өз аттарын толық көрсетпей, көбінесе жасырын, лақап аттарымен қол қойып отырғандығын ескерсек, сол “жұмбақтарды” шешуде ғалым үлкен зерттеу жұмыстарын жүргізе білген. Әсересе, “Садақ” қолжазба журналының ізіне түсіп, оны зерттеп, тарихын жазуға Тұрсынбек Кәкішевке халқымыздың Жақан Сыздықов,

Хайыржан Бекхожин сияқты зейінді қарттары көп ақыл-кеңес айтып, қолқабыстарын жасағандығын автор зор ықыласпен атап көрсетіп отырады. Есімі елімізге кеңінен мәлім башқұрт әдебиетінің классигі Сайфи Құдашпен автор аралығындағы достық қарым-қатынас хикаяларының өзі бір шежіредей. Сайфи Құдаштың қазақ халқына деген ыстық ықыласы мен ақ ниеті оның Тұрсынбек Кәкішевке жазған әрбір хатынан айқын байқалады. Кітаптың “Үлкен жүрек лүпілі” деген бөлімінен автордың “Ғалия” медресесінде музей ашудың қамын ойлап үлкен істі Сайфи Құдаштың өзі болып қолға алуының тәлімді жағын баса баяндайды. Әрдайым ізденісте болған ғалым аға Уфа қаласындағы республикалық кітапханада үлкен олжаға тап болғанын да тартымды баяндаған. Осы кітапханадан тізімнен шығарылып, енді жойылып жіберілгелі тұрған қазақ тіліндегі ескі 715 кітап пен газет-журналдарды Тұрсынбек аға туған республикамызға қайтарып алуға еңбегін сіңіргенін әр кез жоғары бағалауға тиістіміз. “Садақ” қолжазба журналын жазуға атсалысқан Бейімбет Майлин, Жиенғали Тілепбергенов, Салахидден Сарталиев, тағы да басқа көптеген медресе шәкірттерінің өмір тарихтарын зерттеуде де автор жемісті еңбек ете білген. Бұл орайда кітаптағы “Ғибратты хаттар” бөлімінің орны ерекше. Онда “Ғалия” медресесінің шәкірті болған Зияш Алдабергенов туралы біраз жайлар кеңінен баяндалады. Зияш Алдабергенов–көкшетаулық, біздің жерлесіміз. Ол медреседе Сайфи Құдашпен бірге оқып, кейіннен елде мектеп ашып, бала оқытқан, сонан соң “Социалиятік Қазақстан” газетінде ұзақ жылдар бойы қызмет істеген. Автор бұл тарауда қазір Қызылту аудандық газетінде редактор болып жүрген Зияш ақсақалдың баласы Серік Зияшұлы Алдабергеновпен байланыса отырып, оның өз әкесі туралы толғана жазған хаттарын кітапта орынды келтірген. Сонымен бірге Зияш ақсақалдың жетісулық қарт ақын Балтағұл Бигелдиевпен жазысқан хаттарын аса құмарта оқисың. Бұл хаттар тәлімі мол жазбалар. “Зияш Алдабергеновтың ойлы да мәнді хаттары, біріншіден жас келіп, дүние сөзін ұмытатындай кезеңге ұшыраған егделердің емес, совет заманында қуаныш-бақытқа ұмтылған жанның жүрек лүпілі”,–деп осы хаттар туралы автор өз ойын айшықты әрі дәл тұжырымдай білген. Кітаптың эпилогы орнына берілген “Болашаққа ашық хатта” автор өз сөзін бүгінгі жастарға арнаған. Ұстаз-ғалым бүгінгі жас жеткіншектерге мұны айтуға да хақылы. Мұны оқып отырып, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің тарихын зерттеу үшін әлі де көз майын тауыса, көп еңбек ету қажеттігін ұғынасың. Жалпы алғанда Тұрсынбек Кәкішевтің “Садақ” эссе кітабында халқымыздың жазу өнеріндегі айтулы да бір қиын кезеңдегі сәттерін әсерлі жазып көрсете білген. “Садақ” қолжазбасын жандандырып, оны қайырадан халқына ұсынған Тұрсынбек Кәкішевтің еңбегі алғысқа әбден лайықты, құнды еңбек екендігін айтуымыз керек.

(Бұл мақала Тұрсынбек Кәкішевтің 1998 жылы баспадан шыққан қос томдық “Мерей” кітабында басылып, жарық көрді). (“Көкшетау правдасы”, 5 қаңтар 1986 жыл).

ӘЛІ ДЕ ЖЕБЕП ЖҮРСІҢ, ЖАҚСЫ АҒА!

Кiмге достық көп еттiм, Түбi болды бiр кейiс. Абай.

Өмiр—ұлы өзен, үлкен ағыс!.. Тоқтауы жоқ, толассыз ағып жатқан толайым тiршiлiктiң арынды ағысы анау замандардан берi Адам-ғапылды айтқанына көндiрiп, айдағанына жүргiзiп келе жатқандығы ақиқат. Асау толқындармен арпалысқан ескексiз қайықшыны елестететiн осынау хал пенде бiткеннiң пешенесiне жазылған ба дерсiз. Алас-күлес тiршiлiктiң алды-артын бағамдап, арғы жағын аңдап бiле бермейтiн адам пенденiң ағаттығы да һәм арман, өкiнiшi де өмiрде көп болатыны бәлкiм сонан да шығар. Әр адам өзiнше бiр әлем. Ал, сол адамың қатардағы қарапайым жай адам емес, жаны жайсаң, жүрегi жомарт, сезiмi нәзiк, ойы сергек, көңiлi адал, көкiрегi кең, ақылы кемел, адамгершiлiгi зор ақұштап тiлектiң ақ кептерiн алысқа ұшыруды арман еткен абзал жан болса ше?! Асылы мұндай жанды түсiну де, ұғыну да сол заман үшiн де, қоғам үшiн де, қала бердi қаумалаған қауым үшiн де оңайға соқпаған. Уақыт ұзарып, өмiр өтiп, керуен дүние келмеске кеткеннен кейiн кемкетiгiмiздi түгендеп, кейiс мiнез танытып, “апыр-ай, ә”—деп артымызға өкiнiшпен қарайтынымыз да өтiрiк емес. Осындай бiр оймен отырғанда көзiңе оқшау көрiнiп, көңiлiңе ормандай ой тастап кеткен, туа бiттi тұманың суын iшкен, тумысы бөлек, тұлғасы бөтен, тұғыры биiк азаматтарды аңсайсың. Мен үшiн солардың алғы қатарында тұрғандардың бiрi—абзал жан, арлы қаламгер Жанайдар Мусин. Ең әуелi бiзге Жәкеңнiң азаматтық болмысы, қаламгерлiк қарымы қымбат. Азаматтық болмыс дегеннен шығады, сарабдал ойды сарқып сiңiрiп, салиқалы пiкiрдi сабасынан қотарып, сабаз мiнездiң салмағымен басып, саңлақ қиялдың биiгiнде самғап жүретiн санаулы адамдар болса, соның бiрi—Жанайдар ағамыз едi. Қаршадайынан өмiрдiң ауыр тауқыметiн тартып, ащы запыранын iшiп, қағылез өскен баланың бара-бара байсалдылыққа бой тартып, бапты қылығымен, байыпты жүрiсiмен, барлағыш мiнезiмен өз ортасын “ә, дегеннен-ақ” бағындыру анау-мынау адамның алақанына бұйыра бермейтiн алшы түскен асықтай өмiр сыбағасы дер едiм. Басшылық қызметпен бiрге қаламгерлiктi қатар алып жүру—қайыспас нарға бiткен қасиет пе дерсiз! Бiрегей журналист, бiлiктi ұйымдастырушы ретiнде Жәкеңнiң орны бөлекше болғанын көзiн көргендердiң көбiсi мойындайтынына да шүбә жоқ. Алысқа салсаң алқынбайтын үлкен жазушы есебiнде де, жақынға салсаң тартынбайтын мықты көсемсөзшi ретiнде де көбiмiзге үлгi-өнеге бола

бiлгенiн несiне жасырамыз. Жұтынып тұрған әңгiменi, жұлып әкететiн журналистиканың жұлын-жүйкесiне дейiн еркiн бiлiп, меңгерген Жанайдар Мусиннiң қаламы тербетпеген тақырып аз болмады десем асылық айтқандық болмас. Өзiнiң ең алғашқы әңгiмелер мен очерктер жинағы–“Үмiттен” басталған үкiлi арман үлкен-үлкен дүниелерге, кесек-кесек туындыларға алып келдi. “Таң нұрымен” таласа оянған балапан талап “Қанат ұшқанда қатайып”, “Тың түлектерiмен” бiрге түлеп, “Ақ алаңымен” алаш аспанына көтерiлiп, “Туған үйдiң түтiнiндей” тiк ұшып, “Жер шоқтығы Көкшетауымен” бiрге көкке самғағандай сыр қалдырады. Бұлар жайында жақсылар мен жайсаңдар сол кездерi-ақ айтқан, әлi де айтыла беретiнi сөзсiз. Сырбаз жүрiп, айнала қоршаған дүниеден сыр аңдай бiлген қаламгердiң сұңғақ ойынан ғана сұлу бiтiмдi сұңғыла сөзбен өрiлген келiстi туындылар ғана керуен көшiндей болашаққа жол тартып жатса керек-тi. Сұлу да тәкаппар Көкшенiң қайталанбас келбетiне көз суарып өскен жазушының жан дүниесiн баураған бiр сиқыр әлем болса ол–сұлулық және соған деген ыстық ынтызарлықтан туған кiршiксiз, таза да мөлдiр махаббат. “Көкiрегiң таза болмай кемеңгерлiк жоқ”–деген екен данышпан Бальзак. “Адам экологиясы”–демекшi, “Тазалық”–атты қасиеттi ұғымның өзi қасқалдақтың қанындай болып, тамшы судай талмап жұтарға таптырмай бара жатқан мынау заманда “кiсiлiк” деген киелi дүниеге зарықтырмаса екен деп алаңдайсың. Адамды жақындастыратын–тумыс табиғат, алыстататын–болмыс ғадет. Өмiр атты ұлы жiңгiрдiң базарында жүрiп, болмыс пен ғадетке тым-тым бой алдыратынымыз өкiнiштi-ақ. Қалай болғанда да адам—пенде. Несiне жасырайын кезiнде Жәкеңе де жәреуке құрмет көрсеткен болып, жортақы сөз сөйлеп, мүләйiм көзiн сүзгендер де аз болған жоқ. Қаумалаған көп тобыр алды-артына қаратпай қақ-пақайлап, жарамсақ мiнез бен жартыкеш пиғылдарын майлап өткiзiп маңайына талайларды жолатпағаны ақиқат. Антис Фен айтыпты: “Жағымпаздарға iлiккенше, құзғындарға iлiккенiң жақсы. Бiрiншiсi тiрiнi жейдi, екiншiсi өлiнi жейдi”—деп. “Бiздiң доспыз, асықпыз дегенiмiз, жалғандықтан жасалған көңiл iсi”—деп қайран Абайдың да аһ ұрып кеткенi көп нәрсенi меңзесе керек. Сезiмi сергек болса да сенгiш, ақылы асып тұрса да алданғыш адамдардың алдын орап апанға құлату, “анау анандай деп жүр” деп ашық күнде жар астынан жау тауып берiп арандату, секемшiлдiктi серiк етiп қосып беру, жан дүниесiн сенiмсiздiкпен селкеулеу, түптеп келгенде сол адамның рухани мүжiлiп, таусылуына әкеп соқтыру бұрынғы соңының ғана әңгiмесi емес. Ол—әлмисақтан солай екен. Қазiр де... Тобыр мiнездi топты қарға тоңқаңдап әлi келедi, қияға көз тiккен қырандар тұғырында шөжiдi... Қазақта: “Ең жәй отырған қазақ бiр кебiстi бiр кебiске сұғып отырады”— деген ескiлiктi сөз бар. Адал ниеттен, ақ жолдан айнытып, адастырып алып кетуге әккi де әбжiл әлдекiмдердiң әуресi талай жүректi сыздатып, талай жүйкенi жұқартып әлi де келе жатқаны өкiнiштi-ақ. Өкiндiң не, өкiнбедiң не, өмiр заңы дейсiң де қоясың. Рухы жебей ме, әлде аруағы айналып кете алмай ма, жаны жәннатта болғыр Жәкең, Жанайдар Мусин менiң бiр қиналған, қапаланған сәттерiмде жиi-жиi түсiме енiп, түртiп оятқандай болып жүредi. Ал, бұл ненiң заңы?..

Е, аға, Сiз дүниеден көшкелi де Көкшенiң көгiнде талай бұлттар аунап түсiп, аласапыран заманның аумалы-төкпелi күйiн кештiк. 1997 жылы өзiңiз басқарған “Көкшетау” газетiнiң басынан бақ тайып, мүлдемге жабылып қалудың қара түнегi орнағанда, “басқа түссе баспақшыл”—деп бас сауғалап, барар жерлерiн ерте бастан бағамдап қойғандар да болды. Тiлемсектенiп күн кешкенше тiк тұрып өлгеннiң өзi артық. Өшiру де, көшiру де оңай, өндiру қиын. “Көкшетау” көзден бұлбұл ұшпасын деп, бұқпантайламай, бұйрығы болып, сол өз “Көкшетауыңыз” қалалық газет деңгейiнде қайта өмiрге келсе, ол да, ел мен жер алдындағы перзенттiк борыш, азаматтық намыс және өмiрден өткен өзiңiздей адамдардың аруағына деген құрмет деп бiлген жөн. Мен өз басым “Көкшетау” газетi үшiн адал еңбек еттiм деп ойлаймын. Бұл ең әуелi өзiңiздiң алдыңыздағы iнiлiк, шәкiрттiк борышымды бiр мысқал болса да адал орындауға деген талпынысым болатын. Үнiн өшiрген жоқпын, еш жерге көшiрген жоқпын, сол өзiңiз салып берiп кеткен қара шаңырақтың тұтқасына әлi де ие болып отырмын, аға! “Арманы биiк асыл ер—ұлтының қамын ойлайды” дегендейiн, Жанайдар аға, елiмiздiң өзiңiздей арлы да асқақ азаматтары әмәнда аман болсын! Желей жүр, жебей жүр таласуға түскен мен сияқты саяғыңды!

(Бұл сөз «Арқа ажары» газеті, 2006 жылдың 17 ақпан күні Жанайдар Мусиннің туғанына 70 жыл толуына араналған Шахмет Құсайынов атындағы қазақ театрында өткізілген еске алу кешінде сөйледі. «Көкшенің әр тасында аты қалған» естеліктер жинағында басылған. Көкшетау университетінің баспа орталығы, 2006 жыл).

КӨКШЕНІҢ КҮМБЕЗІНЕН КҮН БОП КҮЛЕМ

Жәке-ау! Жанайдар-ау! Бiлемiз, сеземiз бiз де, сенiң де алапат сағынышпен от болып жанарыңды. Бiз де... сағынамыз, iздеймiз өзiңдi! Бiз емес-ау, қалың елiң, қайран Көкшең күнi бүгiнге дейiн жоқтауда өзiңдi!

Күй ойналып тұрады. Сахна шымылдығы ашылғанда Жанайдар Мусиннiң портретi түрлi-түстi сәулемен нұрландырылады. 1-дауыс: (ынтыға, сағынышты күймен) Ей, жарық күн, армысың?! Ей, жарық сәуле бармысың?! Өмiр дегенге, Тiрлiкте, сiрә, жетер ме ой, Жарық сәуледен басқаның бәрi бекер ғой, Бекер ғой бәрi, Бекер ғой бәрi, бөтен ғой, Өмiр дегенiң—бiр күндiк Сәуле екен ғой! 2-дауыс: Тамшыдай ғана нұрына, мiне, зарықтым, Өмiр осы екен ғой, сырына мiне қанықтым! Жаса сен Мәңгi, Жаса сен Мәңгi, Жарық күн! Жаса сен, Жаса сен, Мәңгi! Жарық күн! (М. Мақатаев). 1-дауыс: Бармын, бармын! Өшкен жоқпын! Көшкен жоқпын! Аз ғұмыр кештiм демеймiн. Елу бес жас жасадым! Тәңiрдiң әуелден маған жазған ғұмыры осы елу бес жас болса, не етейiн?! Ризамын! Ешкiмге өкпем де жоқ, зарым да жоқ. Зарықтым да, тарықтым да, қамықтым да демеймiн! Тек қана... осы бiр алапат сағыныш!.. 2-дауыс: Сағыныш дейсiң бе?! Несiне үздiгесiң?! Не бар соншалықты, алапат сезiммен сағынар мына жарық әлемде! Не бар, не бар?.. Қасиетiңдi тiршiлiгiңде таныр пендеге зәру болып өтпеп пе едiң? Мылтықсыз майдан тiршiлiктiң қарауылына сан iлiнген қайран басыңды тауға да, тасқа да сан ұрмап па едiң, пендем-ау! Адаспаймын десең де алысып, сүрiнбеймiн десең де сүйкенiп, тiреспеймiн десең де сiресiп кеткен бiлiмсiз бiлгiрлердiң талауы мен арбауына түскен зайыр ғұмырыңның несiн... несiн... кәне несiн... кiмдi ... кiмдi сағындың?!. 1-дауыс: (елжiреген, сағынышты күймен) Мен бе? Мен... мен жарық күндi сағындым! Ей жарық сәуле, сенi де... сенi де сағындым... (үнсiздiк). Мен бе... мен... бәрiн де... бәрiңдi де сағындым. Ей, туған елiм, мен мына өзiңдi сағындым! Айдынында ақ шабағы ойнаған Зерендiнiң зерлi көлiн

сағындым! Көкшем!.. Көкшетауым!.. Қасиеттiм... құдiреттiм... мына мен өзiңдi сағындым!.. Бес жасымда... жетiм қалған ананың мұңын бiрге татып, мына тiршiлiктiң тауқыметiн бiрге тартқан қайран бауыр, Шахма сенi... менiң алтын жеңешем Күлзира өзiңдi... аяулы жарым Райхан... балапандарым Мұхтар, Ләззат, Айгүл ... бауырларым... мен...мен... өздерiңдi сағынып жүрмiн... 2дауыс: Жәке-ау! Жанайдар-ау! Бiлемiз, сеземiз бiз де, сенiң де алапат сағынышпен от болып жанарыңды. Бiз де... сағынамыз, iздеймiз өзiңдi! Бiз емес-ау, қалың елiң, қайран Көкшең күнi бүгiнге дейiн жоқтауда өзiңдi! Кәне, тыңдашы мынау бiр азаны. “Жанайдар! Жанайдар!”—деп жан дауысым, Жаңғыртып тұрады ұзақ әр тау iшiн. Япыр-ау, қайран сабаз қайда кеттiң, Мен түгiл, жел жоқтайды, тартады iшiн! Ер едi үзiлетiн тепсе темiр, Кең едi Арқа—кеуде, Көкше көңiл, Жанындай сүюшi едi өз өлкесiн, Дос еткен ер серiсiн, қыз еркесiн. Атан нар айдалада аңырайды, Жоғалтып қапияда қос өркешiн... 1-дауыс: Қайран, Ғафаң ғой бұл! Жыр болып жарқылдап өткен жарықтығымай! 2дауыс: Иә... иә! Ғафу ағаң да күңiренiп жоқтап өттi бiр өзiңдi. Жалғыз ол ма! Өзiңдi жоқтамаған дос, бауыр, ағайын қалды ма! “Жанайдар бар” деп ауылда, Жайбарақат жүр едiм. Басылсын көздiң бiлеуi, Ол емес елдiң жүдеуi. Ол—сексен көл iшiнде, Жарқырап жатқан бiреуi. Жетсе де хабар мол зiлi, Әлi де сенем, ол тiрi. Көгiлдiр таулар iшiнде, Көрiнген кербез ол бiрi. Жасыма, достар, жасыма, Еңбегi белгi басына. Ол жазды атын өлместей, Көкшенiң көркем тасына! Ақын ағаң Кәкiмбектiң елiмен бiрге егiлген осы бiр жыр көңiлi әлi де өз елiңнiң өзiңе деген сағынышы болып жүрегiмiздi әлдилеп, шымырлатады. 1-дауыс: Жоқтаңдар!.. Жылаңдар, ей бауырларым! Мен өшкем жоқпын! Өткен жоқпын... көшкен жоқпын! Туған елiм, өйткенi өз тiршiлiгiмде өзiм жағып кеткен шырағымды өшiрмейтiн өзiң барсың! Өзектi өмiрiмнiң мәңгi соғар жүрегi болып сол тiршiлiгiмде айтып кеткен... хатқа түсiрiп кеткен сөздерiм бар... Өзiң деп соққан жүрегiм бар, өзiңдi сүйген ақ жаным бар. Талай, талай

ұрпақ алмасар әлi де... Сол әр ұрпаққа айтарым бар әлi де! Айта алмай кеткен жан сырым да көп қой менiң. Әрбiр атар ақ таңмен күн сайын бiрге оянып, Көкшенiң күмбезiнен күн болып күлемiн мен! Ей, жарық күн, мен өзiңмен мәңгi бiрге жасаймын! Ей, жарық сәуле, мен де... мен де... өз рухыммен мына бейкүнә әлемге өзiң сияқты әрдайым ақ сәуле болып шашылып тұрамын! Жаса сен! Жаса сен Мәңгi, жарық күн! (Шам жарығымен бүкiл зал iшi жарқылдап, ақ нұрға малынып тұрады. Сахнаға жүргiзушiлер шығады).

1-шi жүргiзушi: Армысыздар, ағайын! Бармысыздар, туыс-туған бауырлар! Көкшенiң күмбезiнен күн болып күлер өлмес ғұмыр бар! Мәңгi жасайтын... өз елi, өз халқымен, мына отырған өздерiңiзбен мәңгi жасайтын ғұмыр бар! 2-шi жүргiзушi: Сол өлмес те, өшпес ғұмырдың мәңгiлiк әнiн өзiнiң көзi тiрiсiнде-ақ жазып кеткен, жазғанда да қасиеттi Көкшесiнiң әр тасына алтын әрiптермен қашап жазып кеткен тұлғаның бiрi—Жанайдар Мусин! 1-шi жүргiзушi: Зерлi Зерендiнiң Қараөткел атты ауылының қасиеттi топырағында 1936 жылдың ақпанында дүниеге келiп, ардақты да аруақты Көкшесiн өзiнiң 55 жастық ғұмырында ән ғылып жырлап өткен Жанайдар Баймырзаұлы Мусиннiң қазiр өзi болмаса да көзiндей болып отырған мына туған елi, өз халқы мен ағайын-туыс, дос, бауырлары, ардақты ағаның 70 жылдық мерейтойы құтты болсын! 2-шi жүргiзушi: Белгiлi журналист, жазушы, қоғам қайраткерi Жанайдар Баймырзаұлы Мусиннiң 70 жасқа толу құрметiне арналған еске алу салтанатының алғашқы сөзiн Ақмола облысы әкiмiнiң орынбасары Ғалым Мәдешұлы Бекмағамбетов алады.

1-шi дауыс: Халық Көкшетау атап кеткен, Сарыарқаның солтүстiк бөлiгiндегi көгiлдiр таулы өлке созылып жатыр. Көкшенiң көгiлдiр таулары асу бермес, асқарлар емес, сайын дала, жалпақ жазира төсiнде киiктiң лағындай еркелеп, құралайдай құлпыра қызықтырып, келсеңшi қалқам деп еркелей қол бұлғап, жiбек орамалы өзiне ынтықтырып тұрған–ару таулар! 2-шi дауыс: Ару таулар! Шiркiн ару таулар! Қайран Көкшенiң ару таулары! Кербез Көкшенiң әр тауы мен әр тасын шабыттана жырлаған ақын бiткен, сүйсiне суреттеген жазушы бiткен өз жырлары мен сырларында бұл өлкенiң тауларын аруға теңеген әзiрге ешкiм бола қойған жоқ едi. Апыр-ау, ғажап қой бұл. Ару таулар! Ғажап қой, ғажап!.. 1-шi дауыс: Көкшенiң тауларын аруға, көлдерiн кәусар бұлаққа, ауасын жұпарға балап өткен, соған iңкәр болып өткен Жанайдар ағамыздың айтқаны ғой бұл. Көкшетау атты бұл өлкенiң қасиетiн сезiнiп, танығыңыз келсе, сiз онда Жанайдар Мусиннiң “Жер шоқтығы Көкшетау” атты кiтабын оқыңыз! Елiн де, оның самал желiн де не бiр ғажайып әсермен сүйсiне толғаған сырға қанығасыз. Сол кiтапты оқи отырып, өзiңнiң де Көкшетау жайлы қалай ән салып кеткенiңдi

бiлмей де қалар едiң-ау! Көкшетау ән ғой... Көкшетау жыр ғой... Көкшетау сыр ғой өз ғұмырыңда айтып оны тауыса алмайтын! (Иран Тасқараның әнi “Көкше сұлуы”. Орындайтын “Шабыт” халықаралық фестивалiнiң лауреаты Саян Мұхамедьяров). 1-шi дауыс: Көкше елiне белгiлi қаламгер Жанайдар Мусин де өзiмнiң сыйлас та, сырлас та iнiм болған едi. Марқұмның ой-парасаты, туған өлкеге деген перзенттiк сүйiспеншiлiгi ерекше едi-ау! Жанайдардың қаламынан туған әр шығармасынан туған өлкеге, оның табиғатына деген ғаламат бiр сүйсiнiсi жатыр. 2-шi дауыс: Баян аға Жанғаловтың өзiнiң “Үш кезең” атты ғұмырнамалық естелiгiнде айтылатын Жанайдар жайлы осынау бiр ауыз пiкiрде ел ағасының өзiнiң тетелес iнiсiнiң қадiрi мен қасиетiн таныған зерделiгi жатыр-ау! Сол елiмiздiң қазына қарты, Социалистiк Еңбек ерi Баян аға Жанғалов бүгiн өз iнiсiнiң мерейтойына қатысып, абзал азамат жайында тағы да бiр сөз қозғамақшы. Кәне, бауырлар, алқалап ортаға Баян ағамызды шақырайық. (Халық әнi “Шiркiн-ай”. Орындайтын Ақмола облыстық филармониясының әншiсi Эльмира Төлеубаева). 1-шi дауыс: Жарқын ғұмырдың жасындай жарқылдап өткенiн, жұлдыздай жанып түсер күй кешерiн қайтерсiз?!

Құлатты берiк қазықты, Жүйрiктей тұрған жараулы. Әкеттi ердi қалаулы,

Көкшеде тұрған желбiреп, Әкеттi көпшiл жалауды! 2-шi дауыс: Дүние-ай десейшi! Әрине суық қайғы, суық қайғы, көңiлiн халқың бiрақ суытпайды дегендей, сол абзал да ардақты Көкшенiң бiр туар азаматы Жанайдар Баймырзаұлы Мусиндi туған елi бiз күнi бүгiнге дейiн жоқтаумен, күнi бүгiнге дейiн аңсап сағынумен келемiз. Сол аңсаған көңiлдердiң бiрi— Кәкiмбек ағаның көңiлi. Бүгiнде сал Көкшесiне ақын аға өзiнiң үлкен бiр сағынышын арқалап келiп отыр. Сөз қазақтың көрнектi ақыны Кәкiмбек Салықовқа берiледi. (Ақын Кәкiмбек Салықов сөз сөйлейдi) 1-шi дауыс: Уа, көңiл! Сен бүгiн әнмен жұбан! Ән... ән салшы, айналайын! Қайда... қайда... апыр-ау, қайда деймiн сол бiр сал дәуреннiң сал әндерi. (Бүркiт Бекмағанбетовтың “Сал дәурен” әнi. Орындайтын Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген әртiсi Бисара Мәкенова). 1-шi дауыс: Қазақтың көп жасағаннан емес, көптi көргеннен сұра дегенінде бiраз мән бар. Жер шолып, ел танып, көптi көрiп топқа кiрген жiгiттiң төңiрегiндегiлерге тигiзер шарапаты аз болмаса керек. Бiраз жерлерде болып, талай жұртпен араласқан Жанайдар елге солардың жақсы дәстүрiн ала келген едi. 2-шi дауыс: Бұл осы күндерi қазақ баспасөзiнiң ардагерi болып отырған Көкшенiң дарынды ұлдарының бiрi, кезiнде Жанайдармен сыйлас та, сырлас болған Сарбас Ақтаевтың жазғаны ғой. Ал ендi, сөз кезегiн қазақ баспасөзiнiң ардагерi Сарбас Ақтаев ағамыздың өзiне берейiк!

1-шi дауыс: В свое время две областные газеты Кокшетауской области “Кокшетау правдасы” и “Степной Маяк” имели свою многочисленную читательскую аудиторию, благодаря тем редакторам, которые стояли во главе этих изданий. Об этом и о своем соратнике Жанайдара Баймурзиновича Мусина многое может рассказать нам бывший редактор кокшетауской областной газеты “Степной Маяк”, лауреат премии Союза Журналистов СССР Рауф Хафизович Акбердин. (“Құрбылар биi”. Орындайтын “Көкшетау” халық би ансамблi. Жетекшiсi Мәдина Тiлеулина). 1-шi дауыс: Ғашықтық бiр ыстық күн, желi тынық, Басына түскен жанның көңiлi сынық!.. Беу, шiркiн! Ғашық ғұмыр-ай, десейшi!.. 2-шi дауыс: Ау, несiне күрсiнесiз?! Серi Ақанның торыққан да, зарыққан, сағынған да аңсаған күндерi мен күйлерiнiң әуенi ғой андағы. 1-шi дауыс: Сол... сол ғой... Ақан аға ғой бұл! Жанайдар ағаның “Балқадиша” атты хикаятын оқып, менiң де бiр мұңайған кездерiм болып едi-ау! 2-шi дауыс: Оқығанмын, оқығанмын! Етегiн ақ көйлектiң алтынданған, Ажарың ақ жамбыдай жарқылдаған. Сексен қыз серуенге шықса дағы, Iшiнде сiз қоңыр қаз қаңқылдаған. Мұндай жиi иiрiмдер шипалы әсер еткендей жанға жайлы жағып, Балқадиша балқи түседi. Ақанның өзiне де жүректiң терең бiр қалтарысында көптен берi жансыз қалған нәзiк бiр тамыры қайта соққандай сезiлiп, жүзiне шырай шығып келедi. Ақын жүрегi қыз жүрегiнiң тұңғиығын терең ұқты. Тебiренiп теңселттi!.. 1-шi дауыс: Балқадиша! Беу, шiркiн, Балқадиша! Серi Ақанды iңкәр қылған “Балқадиша” әнiне бiз де iңкәрмiз осы күнi! (Ақан серiнiң “Балқадиша” әнi. Орындайтын “Жас толқын” Республикалық байқауының лауреаты Темiржан Мұратов). 1-шi дауыс: Сарыарқаның төсiндегi Қараөткел өңiрiнiң бұрынғы “Коммунизм нұры” қазiргi Ақмола облыстық “Арқа ажары” газетiнiң редакторы Октябрь Қайырұлы Әлiбеков ағамыз Жанайдар Баймырзаұлымен сонау студенттiк кездерiнен жақсы таныс едi. Өзiнiң замандасының және әрiптесiнiң тойына Астана қаласынан арнайы келiп отырған Октябрь Әлiбеков ағамызға сөз беремiз. 2-шi дауыс: Жанайдар Баймырзаұлымен ұзақ жылдар бойы бiрге “Көкшетау правдасы” газетiнде қызмет iстеп, осы газеттiң партия ұйымын басқарған ардагер журналист Рүстем Ғаббасұлы Бермағанбетов ағамыздың да айтары аз емес. Сөз өзiңiзде, Рүстем аға! (“Достарым”. Орындайтын Ақмола облыстық филармониясының әншiсi Мара Есмұханова). 1-шi дауыс: Қайран, бауырым! Жасың кiшi болса да, асқар таудай панамыз, тiрегiмiз едiң! Төбеңдi көргенде бойымызды қуаныш билеп, төбемiз көкке жеткендей сезiмге бөленушi едiк. Машинадан түсе, амандық-саулықтан кейiн

Күлзира жеңгеңмен әзiл-қалжыңың жарасып, ойнап-күлiп дәм iшiп, бiр жасап қалатын едiк. Қайран, көзден бiр-бiр ұшқан сол күндер!.. 2-шi дауыс: Өзiнiң туған iнiсi Жанайдармен бiрге жетiмдiктiң де, жоқшылықтың да тауқыметiн тартып, келер күндерге, бақытты күндерге арманүмiттермен бiрге ұмтылған бұл күндерi Қазақстан Республикасына еңбегi сiңген ұстаз, еңбек ардагерi Шахма Баймырзаұлы өзiнiң бауыры жайлы осылайша күнi бүгiнге дейiн тебiренумен, жүрегiндегi бауырына деген мұңсағынышын баса алмай келедi. Аға, тәуба... тәуба деңiз. Бауырыңыздың мәңгi жасайтын ғұмыры мiне осы емес пе?! Қане келiңiз, ортаға шығыңыз, бауыр жайлы тағы да бiр толғанып, тебiренiңiз! (Ән.“Көгiлдiр Көкше” Орындалады). 1-шi дауыс: Туған елi, туған жұрты өз ұлын, өз перзентiн ұмытқан жоқ. Қазiр Жанайдар ағамыз тұрған өз үйiнде ескерткiш тақта бар. Зерендiнiң бiр көшесi де Жанайдар Мусиннiң есiмiмен аталады. Кезiнде өзi оқып бiлiм алған Көкшетаудағы педагогика училищесi қазiр Жанайдар Баймырзаұлы Мусиннiң атындағы педагогика колледжi болып қалың елге танылып отыр. 2-шi дауыс: Ендеше, кәне, сол Жанайдар Мусин атындағы iргелi оқу орнының бiр топ өнерлi жастарын тыңдайықшы! (Мусин атындағы пед. колледждiң өнерпаздары ән айтады. Құрмет Сақайдың әні “Жан аға”, орындайтын “Армандастар” вокалдық тобы, жетекшiсi Жанна Мұхамеджанова). 1-шi дауыс: Жанайдар ағамыздың өз ғұмырының он тоғыз жылын Көкшетау өңiрiнiң “Көкшетау правдасы” газетiне арнағанын, арнап қана қойғанын емес, көз майының тауысқанын, жаны мен жүрегiнiң жылуын бөлiп бергендiгiн бiр бiлсе қаламдас iнiлерi, өзi тәрбиелеп кеткен шәкiрттерi бiлер-ау. 2-шi дауыс: Бiлгенде қандай! Көкшетаудың басынан аунап түскен не бiр бұлтты кезеңдерде Жанайдар ағаның, “Көкшетау” газетi жабылып қалар сол бiр тұста, сол газеттi елiне қайта табыстырған iнiлерi отыр ғой арамызда. Жанайдар ағасынан қалған “Көкшетау правдасын” Көкшетау қаласының тарихында тұңғыш шыға бастаған қалалық газетi есебiнде қалыптастырып, бүгiнгi “Көкшетау” газетiн осы күнге алып келген, бұл күндерi Ақмола облыстық “Арқа ажары” газетiнiң бас редакторы, Жанайдар ағамыздың талантты шәкiрттерiнiң бiрi жазушы Жабал Ерғалиевқа сөз беремiз. (Ж. Ерғалиев сөз сөйлейдi, ән шырқалады) 1-шi жүргiзушi: Бiз сенiмен, Сен бiзбен қанаттандың. Қанаттанып, халқыңа нәр ақтардың. Сенiң көшiң тоқтамас жер бетiнде, Өлмес мәңгi сапарға жаңа аттандың. 2-шi жүргiзушi: Қайырымсыз қазаға елiң бас ұрмайды,

Саған деген сағыныш басылмайды. Табытыңды жасырса, жер жасырар, Ал уақыт өзiңдi жасырмайды. (М.Мақатаев). 1-шi жүргiзушi: Жанайдар Мусин! Туған халқының өзiне деген сағынышы күнi бүгiнге дейiн басылмаған. Туған елiнiң өзi ерi туралы айтар әнi

таусылмаған және мәңгiлiк таусылмайтын тау тұлғалы азаматтың есiмi мәңгi... мәңгi жасайды! 2-шi жүргiзушi: Ардақты, ағайын! Осымен бүгiнгi сөз тәмам! Бүгiнгi ғана сөз...Жанайдар!.. Жанайдар!,—деп сұлу Көкшенiң айтар сөзi ұрпақтар жалғасқан сайын таусылмақ емес. Ол ән болып шырқалып, жыр болып қалықтап, ол қасиеттi Көкшенiң көгiлдiр аспанында күн болып күлiмдеп, күн сайын тұра бермекшi!Баршаңызбен амандық-саулықта жолығайық. (Сахна жабылады, күй ойнайды).

(2006 жылдың 17 ақпан күні Көкшетаудағы қазақ драма театрында осы сценарий бойынша белгілі журналист-жазушы, қоғам қайраткері Жанайдар Мусиннің туғанына 70 жыл толу құрметіне арналған салтанатты кеш өткізілді).

ТАРИХИ САНАНЫҢ ТАРАЗЫ

Талас…Тараз… Әулиеата… Мирзоян… Жамбыл… Ұлы қазақ даласының Алатау мен Қаратаудың қиылысқан торабындағы екі мың жылдық тарихы бар көне шаһардың аты ғасырлар бойы осылай өзгеріп тұрған екен. Сол көне шаһардың тарихы да көнеден сыр тартады. Атақты ғалым, академик Әлкей Марғұлан “Ғұндар біздің эрамызға дейінгі 32 ғасырларда Талас өзенінің бойына қоныс теуіп, сарайлары мен мұнаралары бар Талас қаласын салған”,–деп тұжырым жасағаны белгілі. Сол Талас қаласын біздің эрамызға дейінгі 75 және 35 жылдары Қытай әскерлері екі рет шапты. Ақыры тізе бүккен Талас қаласының сарай үйлері мен биік мұнараларының сызбасы Жібек қағазға түсірілді. Тараз қаласының өсіп, өркендеуіне Ұлы Жібек жолының зор ықпал, әсері тиді. Қытайдан Орта және алдыңғы Азия арқылы Жерорта теңізінің шығыс жағалауы мен Батыс елдеріне дейін тартылған керуен жолындағы Талас тіршіліктің маңызы зор ірі қамалына айналды. Осы өңірмен 630 жылы жүріп өткен Қытай саяхатшысы Сюань-Цзянь өз жазбаларында: “бұл жерде түрлі елдерден келген саудагерлер тоқтап, әртүрлі товарлармен сауда жасайды”– деген деректер қалдырған. Мұсылман әлеміне Талас негізінен Тараз деген атаумен танылғаны белгілі. Бұған араб тіліндегі жазбалар дәлел болғандай. “893 жылы Исмайл бин Асау Таразды жаулап алуға барып, көп қиыншылықтарға кез келеді” деген араб тарихи жазбаларындағы бұл дерек те көне шаһардың әріде жатқан бір сыры іспеттес. Классикалық поэзияның атасы Рудаки Х ғасырда Таразды шығыстың Бұхара мен Рей қалаларымен бір деңгейде сезінген. Сол Рудаки: Михрабқа жүзді бұрғаннан не пайда, Көңіл Бұхара, Тараз аруында болған соң,–деп бір тамсанса: Қаласаң жаһаннан аз болса да үлес ал, Қаласаң Рейден Таразға дейін уысыңа ал,–деп Таразға қол жеткізудің арманды дүние екендігін айтады. Тараз қаласының орта ғасырда танымал қала болғандығын Махмұд әлҚашғаридың картасы да айғақтайды. Өзі көріп, өзі қолымен картаға түсірген Шаш, Самарқанд, Ксандр, Исфиджаб, Баласағұн қалаларының қатарында Махмұд әл-Қашғари Тараз қаласын да дөңгелетіп белгі салуы тегіннен тегін болмаса керек-ті. Бұл кезеңде, яғни Х-ХІІ ғасырларда Тараз қаласы Қарахан мемлекетінің астанасы болып саналған-ды. Көне Тараздың мұнан кейінгі жылнамасы 1856 жылы Тараздың Қарахан әулетін құрушының құрметіне аталуы да тарихи сананың әділ бір шешімі болғандай. Сол Әулиеатаның мұнан кейінгі атауы кеңестік дәуір кезеңінде екі рет өзгертіліпті. 1936 жылдың қаңтарында Мирзоян, 1936 жылдың мамырында халық ақыны Жамбыл Жабаевтың есімімен аталды. “Атыңнан айналайын Әулие Ата,

Атымды ап қойдың деп, болма қапа”,–деп Жамбыл ақынның әулие бабасынан кешірім сұрап, қапаланғаны осы жай болса керек. 1997 жылдың 7 қаңтардағы өз Жарлығымен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Жамбыл қаласына өзінің ежелгі Тараз атауын қайтарып берді. Міне, сол көне тараздың ХХ ғасырлық тойы халықаралық беделді ұйым ЮНЕСКО-ның аясында кеңінен аталып өтті. Қазақ даласында тарихи ұлы тойға Көкшетау өңірінен шақырумен барған бір топ азаматтар біз де қатысып, елдік пен ерліктің мәңгілігін паш еткен сән салтанатты көріп қайттық. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Светлана Жақияқызы Жалмағамбетова бастап барған бұл топта Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Абай Айтмұхамбетов, облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нүрикамал Сейітжанова, “Тыныс” акционерлік қоғамының президенті Қайырбек Құсайынов, облыстың бас архитекторы Асқар Рысбаев бар еді. Осының алдында ғана Көкше жерінде хан Кененің 200 жылдық торқалы тойының республика көлемінде дүрілдетіп өткізілуінің басы-қасында жүрген бұл зиялы топ енді, міне, көне тарихтың тағы бір зерделі тойына куә болмақшы. Тарихи сананы дүр сілкінтіп өткен Тараз қаласының 2000 жылдық тойынан алған әсер де, тағылым да мол болды. Ең әуелі көне шаһардың кескінкелбетінің жаңарып, жасана түскендігіне, Тараз қаласының Тәуелсіз Қазақстанның іргелі әрі сәулетті қалаға айналғандығына қуандық. Қазақ жеріндегі әр қала Тараздай сұлу болып таранып, әсемдігімен жұтынып, тазалығымен тамсандырып, көк желегімен көркейіп, самала шамдарымен жарқырап тұрса екен деп тіледік. Көне Тараздың, талайғы Тараздың тарихы Бәйдібек бабаның ескерткішінің ашылуымен айшықтала түсті. Қаланың орталық алаңында бұрын Ленин ескерткіші тұрған орынға жалпы биіктігі 14 метрлік Бәйдібек бабаның ат үстіндегі тұлғалы бейнесі орнады. Бәйдібек батыр бабамыз, Заманында ірі екен, Айтқаны болған би екен,–дейтін ақын Жамбылдың жыр жолдарының еске оралуы да осы сәт болды. ХХ ғасырлық Тараздың бұл тарихи тойына Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қатысуы және Бәйдібек бабаның ескерткішін өз қолымен ашуы Елбасының тарих алдындағы өзінің бір борышын өтегендік деп білдік. Әрі-беріден терең ой тастай сөйлеген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: “Көне тарихтан сабақ ала білейік, тағылымын жадымыздан шығармайық”–деді. “ХХІ ғасырдың бізге жүктеп отырған міндеттері де үлкен”–дей келіп Елбасы “Бүгінгі күні Бәйдібек бабаның ескерткішін аша тұрып, біз өзіміздің ардақты ұлы бабаларымыздың рухын қайта тірілту арқылы халқымыздың жады мен зердесін оятып, имандылық пен адамдықтың алтын арқауын қоса өреміз”,–деп ұлы тұлғаларымызға ескерткіштер қоюдың мән маңызын атап көрсетті. Күннің көзі қасиетті қарт Қаратау сілемдеріне барып сіңіп, кеш түсіп, Тараз қаласының орталық стадионында жиналған сансыз халық көне шаһардың, қазақ елі мен халқының талайғы тарихының сыр шерткен театрландырылған көріністі

тамашалауға жиналды. Кейіннен естіп, білгеніміздей, алты мыңға жуық адам қатысып, он бөліктен тұрған бұл көріністің ғажаптығын сезіну үшін, оны көзбен көру керек еді. Тамаша ойластырылған және түрлі тарихи кезеңдердің оқиғалары асқан шеберлікпен көрініс тартқан бұл қойылымды көңілің толқымай, жаның тебіренбей, көзіңе жас алмай көрудің өзі мүмкін емес еді. Бұл қойылым мерекелік үлкен концертке ұласты. Бауыржан Момышұлы атындағы атшабарда өткен той салтанаты да халқымыздың өшпеген рухын сездіргендей әсерге бөледі. Әсіресе ұлттық ойынның бір түрі–көкпар тарту қазақтың қанын қыздырғандай болды. Тараздықтардың біздің “ипподром” дейтінімізді атшабар деп қазақшылағаны да көңілге қона кетті. Алдағы уақытта “ипподром” дегендерді “атшабар” деп сөйлегеніміз де жөн-ау осы деген ойға қалдық. Сол атшабардың төңірегіне орнаған 350-ден астам киіз үйлердің сән-салтанаты айырықша сезіледі. Құмды даланың көш керуенін көзге елестететін сол ақшаңқан үйлерден халқымыздың тарылмаған пейілі мен ниетін, дастарханынан кемімеген ырыс-берекесін таныдық. Ең бастысы, той дастарханынан арақ-шараптың орын алмағандығына қуандық. Және облыс әкімі Серік Үмбетовтың бұл шешіміне әбден разы болдық. Қазақ еліндегі әрбір той ендігі арада Тараздағыдай арақ-шарапсыз өтсе ғой деген тәтті бір үмітпен тебірендік. Тараздың 2000 жылдығына орай өткізілген бұл ұлы тарихи шаралардан рухани бай мұралар қалғанын айту ләзім. Осыған орай биылғы жылдың сәуір айында М.Қ.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінде “Ежелгі және қазіргі Тараз: тарихи және әлеуметтік экономикалық даму перспективалары” тақырыбымен республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізілді, сонда жасалған бандамалар негізінде кітап басылды. “Баласұған” мәдениет орталығында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтіп, оған Франция, Бельгия, Иран, Египет, Үндістан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан шығыстанушы ғалымдары қатысты. Тараз топырағында туған ғалымдардың, ақын-жазушылардың кітаптары, фото альбомдарының жарық көруіне қамқорлық жасалды. “Тараз, Жамбыл облысы” атты энциклопедия басылды. Париж қаласындағы ЮНЕСКОның штаб пәтерінде Тараз тарихының көрмесі ұйымдастырылды. Міне мұның бәрін көне Тараз тарихының бір бетін осынау бүгінгі ұрпақтары жазып қалдырған бай рухани мұралар деп бағалау жөн болар еді. Тараздың көне тарихының көрінісін бүгінгі әсемдігімен, бүгінгі сәулетімен ажарландырып, көріктендіре түскен ғимараттар қаншама, сәнді көшелер ше! Бүгінгі ұрпақтың игілігіне айналған жастар сарайының ашылуы, “Дельфин” жүзу бассейнінің іске қосылуы, Теміржол вокзалының қайра түлеуі де Тараз тойының толымды болуына әсер етті. Теміржол вокзалы, вокзал емес, тап бір концерт залындай жұтынып тұрғандығына сүйсіндік. Мерейі үстем, бүйірі тоқ, көңіл-күй көтеріңкі халықтың пейіл-ниетіне сүйсіндік. Жамбыл облысының диқандары биыл әр гектардан 19,7 центнер мөлшерде астық жинапты. Бұл кейінгі он бес жылда болмаған көрсеткіш екен. Пәлі, міне бұл да болса, тойдың ырысы екен-ау деп сүйсіндік. Байтақ

даласында жайылып жүрген малды, ұзына жол бойында кілең бал сатып отырған адамдарды көріп, бұл бір дәулеті шалқыған малды өлке, балды өлкенің өркені өсіп отырғандығына қуандық. Тараздың тарихи ұлы тойын өткізу бақытына ие болып, бар шаруаның ілгері басқандығын, Тараздың көркейіп, мерейінің асқандығын халық облыс әкімі Үмбетовтың есімімен байланыстыра айтады. “Үмбетов келгелі”, “Үмбетов әкім болғалы” деп басталған сол әңгімелер төңірегінде елдің көркейгендігі, халық дәулетінің артқаны, ел мен жер сәулетінің көркейгендігі, ырысының толғандығы айтылады. Сол ырысың ортаймасын! Тәуелсіз еліміздің көне тарихының бір бұла көзіндейсің көне Тараз! Шырағың сөнбесін, дін-аман жасай бер!

(“Көкшетау” газеті, 4 қазан 2002 жыл).

ӘН–ӨМІРДІҢ ШЕЖІРЕСІНДЕЙ

Илья Жақанов қай әннің тарихын баяндамасын, сол әннің әуенін, әннің мінезін әбден түйсіне де түсіне біліп барып, сол ән назынан алғаш шалқар әсермен, шабыттана жазады.

Өзіміз күнде тыңдап, күнде естіп жүрер әр әннің өзіндік тарихы бар екен-ау! Әр ән адам өмірінің, замана ағымының шежіресі екен ғой! Әр ән көңілдің күйі, жүректің сезімі мен лүпілі екен бұл. “Жазушы” баспасынан жуырда ғана шыққан талантты композитор, зерделі өнер зерттеушісі, жазушы Илья Жақановтың “Аққулар қонған айдын көл” деген жүрекке жылы шуақ құяр кітабының соңғы парақтарын оқып біткен сәтте, еріксіз осы бір ойларға ойыса берген едік. Негізінен деректі әңгімелер мен эсселерден тұратын бұл кітапта ең әуелі автордың өнер зерттеушісі ретінде әр әннің шығу тарихын анықтаудағы ерінбеген еңбегі, ән әуенін жүректің нәзік сезімімен сезіне білер композиторлық танымы, ән тарихына байланысты естіп-білген жайды оқушыға әсерлі етіп жеткізе білген жазушының шеберлігі өз оқырманын риза етері ақиқат. “Гауһартасты” оқыңызшы! “Есілден жан сергітер жұпар самал еседі. Күн ұясына батқаннан кейін біраз уақыт батыс жақ қызыл нұрға малынып, тіршіліктің ызығиқы шуы саябыр тауып, дүние тылсым сәттің құшағына ене береді”,–деп нәзік бір лиризммен басталар бұл деректі әңгімеден сегіз серінің “Гауһартас” әнінің шығу аужайы кеңінен баяндалған. “Гауһарым… Гауһартасым!.. Ажары атқан таңдай ашық еді. Қашқын боп, елден, жерден безіп жүргенімде түндей қараңғы көңіліме шырағдан боп жарқырап сәуле берді, нұр құйды. Ақша маңдайынан иіскеп бота көзінен өбіп, қолаң шашын сылап, мұрнының ұшынан шынашақпен түртіп қойып, еліктің лағындай еркелеткен күндерім, бәрі…Бәрі ғайып енді. Мен ғаріп… Бәрі ғайып!!!”–деп әнді жанындай сүйген, өнерді де, өнердің иелерін де жан дүниесімен қадірлей білген имам Көрпеш пен Біржан салға Мақпал қызға қосыла алмай, аһ ұрған жүрегінің мұңын шағып, сырын ашқан Сегіз серінің ән тербеген жүрегіндегі өз ғашығына деген сезімі оқушы көңілін де жылы бір самалмен өбіп, қиял бесігіне салып тербетер еді, сол сезім жаныңды да аялар еді. “Басасың аяғыңды ырғаң-ырғаң, Сылдырап шолпыңменен алтын сырғаң. Құлпырып бей уақытта шаттанасың, Әсемсіп аққу құстай мойнын бұрған. Осылай дедім де оған таң қалған күйімде жарық дүниеде мен қала бердім. Есіл Мақпал… Гауһарым… Жарқыраған асыл тасым! Жоқ енді…” Осы бір жолдарды оқыған сәтте жүрегіңді тәтті бір мұң билейді. Көз алдыңа Сегіз серінің Мақпалы–Гауһартасы елестейді. Дүниеде махаббат мәңгілік, ән мәңгілік! Илья Жақановтың “Гауһартасы” бізге осыны ұғындырды.

Бұл күндері жұртшылықтың сүйіп те, сүйсініп тыңдайтын Біржан салдың “Айбозым” әнінің өлмей, уақыт қалтарысында ұмыт болып қалмай өз халқымен бақытты ғұмыр кешуіне Илья Жақанов үлкен еңбек сіңіре білген. “Айбозым, айхай бозым” деген деректі әңгімесінде автор Біржан салдың өз өмірінің соңғы сәттерінде дүниеге келген “Айбозым” әнінің шығу тарихын көркем тілмен әсем етіп баяндаған. Еңбекшілдер ауданындағы Казгородок селосындағы осы әнді білетін Шаймұхан деген ақсақалдан “Айбозым” әнін жазып алған автор одан кейін де бұл әннің Қайрат Байбосыновтың орындауында эфир арқылы кең шалқар даласын шарлауы үшін де көп ізденген, көп толғанып, Біржан салдың өлмес мұрасының шынайы әрі адал қамқоршысы, жанашыры болғандығын оқушы көңілі бірден сезер еді. Бұл кітапты оқыған сайын қызыға түсесің, ынтығың күшейіп, сырлы бір сезім билейді жүрегіңді. Өйткені Илья Жақанов қай әннің тарихын баяндамасын, сол әннің әуенін, әннің мінезін әбден түйсіне де түсіне біліп барып, сол ән назынан алған шалқар әсермен шабыттана жазады. Міне, автордың өзінің әр шығармасының бойына құя да сіңіре білген жүрек сезімі оқушысын еліктіріп, елітіп, ойға батырып отырары да осыдан. “Ор болып қалушы еді, шапқан жері” және “Балқадиша” әңгімелерінен оқушы қауым Ақан сері өмірінің тың да соны жайына қанығады. Бұл арада автор Ақан сері өмірінен нақтылы деректер бере білген. Ол үшін Ілекең ел аралап, Ақан серіні көзі көрген қарттармен, сері әндерін қаймағын бұзбай айта білген жандарды іздеген. Ақан серінің “Ақтоқтының аужары” дейтін ұмыт бола бастаған әнін іздестіру тарихын автор былай баяндайды. “Әнді іздеп Көкше елінің қарт әншілері Байсейіт Байбосынов, Шаймұхан Омаров, Байжұман Ғабдуллин ақсақалдармен, көп көне көзден ән алып қалған әрі журналист, әрі әнші Кәрім Ильясовпен, басқа да сөз қуған, ән терген жандармен көп жүздестім. Көкше елін шарлаумен болдым”,–деген Илья ағаның халқымыздың асыл мұраларын тау-тастан алтын іздеген барлаушы-бұрғылаушыдай еңбек сіңіруі әрбір саналы азаматқа ғибрат боларлық арлы да ақылды іс екендігін айтуға тиістіміз. “Алтынның қолда барда қадірін білмей” халқымыздың қаншама әнінен қаншама ғибратты нақылдары мен сөздерінен айрылып қалдық десеңізші! Бәрі де сол асыл дүниелерді іздеушілердің аздығынан екен ғой. Ақиқатын айтар болсақ, Илья Жақанов болмаса күні бүгінге дейін Біржан салдың “Айбозымын”, Ақан серінің “Ақтоқтының аужарын” да естімей, білмей өтеді екенбіз-ау. Бұл қандай өкініш болар еді. Әйтеуір ұлы бабаларын іздеуші бір ұрпағы үлкен жолға шыққанына қуанасың. Халқымыздың даңқты ұлдарының бірі, өнер әлемінде жарық жұлдыздай жарқ еткен Шоқан өміріне байланысты жазылған “Ауылы қонған Сырымбет саласына” деректі әңгімесі автордың шынайы өнер зерттеушілік қасиетін танытып тұр. Илья Жақанов бұл еңбегінде ұлы Шоқанның өз халқының мұраларын, ән-күйлерін әлемдік кеңістікке шығаруға деген талпынысын, ісәрекетін, зерделі ойын нақтылы деректермен шебер көрсете білген. “Туған халқының үні мен әуенін ол шыр етіп жерге түскенде-ақ естіді, оның тәтті әуезі аялап, ақбоз үйдің шаңырағынан самалдай самсаған жұлдыздар әлеміне қызыға қарап жатып, алтын табақтай қалқыған айды әнмен ұзатып сап, ертегідей

тылсым, хақ дүние бесігінде тербелді ғой талай. Күнге, гүлге, айлы түндерге мәз бола ынтыққан жүрек бітіп еді оған. Сол жүрек оны бір сәтке тыныш таптырды дейсіз бе?!”–дей келіп автор Шоқанның жүрегін Жанақ қобызшының қобызының үні Тәттімбеттей күйшінің домбырасының сазы, Біржан салдай әншінің әуені әлдилей білгендігін айтады. Әнмен, күймен, сазды әуенмен тыныстап өскен Шоқан өз халқының өлмес мұрасын жинап, қағазға түсіруге де ерте бастан ұмтылған-ақ екен. Бұл туралы автор негізінен архивтік деректерді, Шоқанның және оның достарының бір-біріне жазысқан хаттары арқылы баяндаған. Кітаптың жүгін көтеріп тұрған сүйекті бір дүние “Аққулар қонған айдын көл” деген жалпы тақырыппен жазылған Үкілі Ыбырай өнеріне қатысты шағын әңгімелер мен эсселерді айтуға әбден болады. Жалпы әдебиетіміз бен музыка саласында Үкілі Ыбырай өнері мен творчествосының зерттелуі әлі де аз дер болсақ, Илья Жақанов сол, бір олқылықтың орнын толтырғандай болып тұр. Үкілі Ыбырайдың өнері, оның әндерінің өмірі мен тарихын анықтауда жазушы үлкен еңбек сіңірген. Сондай-ақ кітаптағы “Тәттімбет күйлері шертілген кеш”, “Айтылмаған ән”, “Ақбала күйші”, “Жайық қызы”, “Жезкиік” атты дүниелер де қызғылықты оқылады. Автор осы бір шағын әңгімелерінде әр әннің өмірмен өріліп жатар сабақтастығын ұғындырады. Илья Жақановтың “Аққулар қонған айдын көл” деген бұл еңбегі өз оқушысына берер ғибраты, айтар тағылымы мол, жүректі шарпыр қызуы бар қадірлі еңбек. Бұдан бұрын да өзінің нәзік сезімге толы әрі құнды еңбектерімен жұртшылықты қуанта білген Илья ағаға өз оқырмандары атынан өнер айдынында жаңа табыстар тілейміз.

(“Көкшетау правдасы” газеті, 26 қараша 1988 жыл).

АНА ЖҮРЕГІ СӨЙЛЕП ТҰР!..

“Мен білетін қазақ әйелі, қазақпын дейтін қара көз, қара баланың анасы, сенің жүрегің нәзік…” Ғабит МҮСІРЕПОВ.

Шыбын жанын шүберекке түйіп шырылдаған ананың ыстық махаббатын, өз басым әрдайым теңеу таба алмай қиналамын. Ана мейірімін сезініп өскен балада арман бар ма екен, шіркін?! Адам баласында арман болмаушы ма еді, болады ғой. Анамыз өлмесе екен, мәңгі жасаса екен дейтін шығар әр баланың арман жүрегі. Алайда, өз жаратқаның ала да білетін құдіреттің жазғанынан аса алмайтын адам ғұмырдың қиылар тұсында мына жалған дүниеден сенің анаң да озады күндердің күнінде. Сол сәтте жылайсың …ботадай боздайсың…Бірақ өмірде сен барсың ғой! Тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, жарық дүниеге әкелген ол ананың құлыншағы сен барсың ғой! Саған өмір сыйлаған… сенен барып… сенің өзіңнің ұрпағыңмен жалғасқан өмір мен тіршіліктің мәңгі соғар өз жүрегін қалдырып кеткен ана ешқашан өлмейді. Ең әуелі жарық дүниеге сәби әкеліп, ана бола біл! Ана болдың ба өлмейсің, мәңгі жасайсың! Жарық дүниеге…өз ұрпақтарына өмір жүрегін қалдырып кеткен сол ана соған қоса өз тіршілігінде өз ұрпағына арнар ақ тілегін де ақ қағазға түсіріп, өсиет етіп қалдырып кетсе ше?! Сол анаңның көзі тірісінде күнде өзіне айтып отырар ақылын, айналып-толғанып отырар мейірімін енді өзің оқып, анау… ана дүниеде жатқан ғазиз анаңмен сырласып, сол өсиеттерімен өз ұрпағына деген шексіз сүйіспеншілігін енді сен өз ұлқызыңа жеткізе білсең, арманың бар ма екен, бала жүрек?! Мәпруза Қасқырбайқызы Әшімованың баспа жүзін көрген “Ананың ақ тілегі” атты кітабын оқып, осы бір ойлармен тербеліп, толғанғаным бар. Кітаптың иесі ақын да, жазушы да емес. Ол қарапайым кәдімгі бір ана, қазақ әйелі. Есімі Қазақстан Республикасының Алтын кітабына жазылған, Кеңестер одағының Еңбек Қызыл Ту орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған, Степняк қаласының құрметті азаматы атанған. Ұзақ уақыт… ширек ғасыр бойы Біржан сал еліндегі Степняк қаласындағы астық қабылдау пунктінің астық кептірушісі дүниеге Сағидолла, Сәбира, Қайдар, Жанат, Болат, Гүлнәр атты ұрпақтарын әкеліп, 37 жыл бірге өмір сүрген жан жолдасы Әсенді мүгедек болып қалған сәтінен бастап 30 жыл бойы тауқыметін бірге тартқан, онан соң әкесіз қалған балаларын асырап, адам қатарына қосамын деп тіршілікпен арпалысқан Мәпруза ананың қолына қалам да алып, өзінің ататегінен бастап, бүкіл ғұмырын баяндауы және өмірге, өз ортасына деген көзқарас, байламын, өзінің ұл-қыздары мен немере-жиендеріне деген аналық сезімін жыр жолдарымен кестелеуі оның сезім мен сүйіспеншілікке толы жүрегінің құдіреті болар!

Арманда өтіп барам дүниеден, Қатарласып сенімен бірге жүрмей,–деп ері Әсеннің қазасына бір жасыса, жиырма төрт жасында көлік апатынан опат болған ұлы Қайдардың қазасына: Қайдарым, айналайын балдан тәтті, Анаңа қасіреттің жаман батты,–деп қамығады Мәпруза ананың жүрегі. Тағы бір жазбасында “Қайдарым–ол менің қансырауын қоймайтын мәңгі өмірлік жарам”,–деген жолдарды оқисың да, қолыңдағы Мәпруза ананың кітабынан ана үшін өз баласына артық бақыт та, қызық та, оның қайғысынан артық қасірет те жоқ екендігін ұғына түсер едің. Кітаптағы Мәпрузаның қай жазғандарын оқысам да бір тектілікті аңғара білдім. Ерте заманда әрі батыр, әрі шешен болған Жанат бабадан туған ұрпақтың бір сарқындысы осы Мәпруза ана болар. Қасиетті Түркістанға жерленген Жанат áабаның бойындағы ерлік пен өрлік те, даналық пен тектілік те осы Мәпрузаға жұғысты болғандығын аңдадық. Әйтпесе: Көгілдір көлден не пайда, Жағасы жайсыз жар болса!

  • * Биік таудан не пайда, Басында ақ қар жатпаса!
  • * Бір туғаннан не пайда, Бірлігі оның болмаса?!
  • * Бұл жалғаннан не пайда, Тірліктің мәнін білмесең,– деп айта білген Мәпруза ананың бұлайша асқақ сөйлеуі сол Жанат бабасынан бергі жалғасып жатқан даналықтың үні болар. Осы кітаптың бірінші бөлімі “Алтын ұя–бесігім, шыққан тегім” бөлімінен жасаған осы бір тұжырымнан кейін ден қойған “Естелік сырлары” екінші бөлімдегі Мәпруза ананың күнделігін оқып, шіркін ананың жүрегі-ай, өз балаңның бір ауыз жылы сөзіне шаттанып, көзіңе жас алар не қылған нәзік едің деп толғандым. “1991жылы мамыр айының басында балаларым “Зеленый бор” шипажайына жолдама (путевка) алып, “дайындала бер” деп хабарлады. Қайдар баламнан, Әнуаш баурымнан, жастай қосылып, қырық жылға жуық өмірдің ащы-тұщысын бірге көрген Әсен жолдасымнан айрылып, қайғы-уайымнан денсаулығымның жаңылуы басталды, екі рет жүрек инфаркті болды. Бірнеше рет ауруханада жатып шықтым. Шипажайға жүруге бір күн қалғанда, үйге балалар да жиналып қалыпты. Маған мынадай сөз айтты: “Апа, ештеңеге алаңдамай, үйді көп ойламай, жақсы демалып, емделіп кел. Бурабай табиғаты, біріншіден, сен сияқты жаны нәзік, ойы алғыр, сезімтал адамға жақсы әсер беріп, өзі емдейді. Екіншіден, онда жақсы адамдармен кездесесің, әңгіме-дүкен құрасың, көңілің өсіп, бір жасап келесің”. Балаларымның сөздеріне риза болып, көңілім толқып, көзіме жас та келіп қалды: Боталарым-ай, сендердің бойларың ғана емес, ойларыңның, ақыл-

парасаттарыңның да өскенін байқамай да қалыппын. Енді маған мынадай ақыл айтып, менің ішкі жан дүниемді түсініп отырғандарыңды сезіп, төбем көкке жетіп, қуанып, толқып отырмын. Курортқа бармасам да, жазылып кеттім,– дедім”… Ана күнделігінен осындай бір жан сырын оқып көңілің жадырайды. Өз өмірінің өз балаларымен сабақтасып жатар әр сәтін, қуанышын, балапандарына деген көңілін, айтар ойы мен ақылын осылайша, тіпті айын, күнін, жылын көрсетіп ақ қағазға түсіре білген ананың әр күнделігінің әр беті сезім, әр сөзі өсиет, әр айтқанынан қасиетті ана жүрегінің соғып тұрған лүпілін сезінесің. Мәпруза ананың осы кітабындағы бір бөлімге топтастырылған арнау өлеңдерін және де әр баланың, әр немере, жиендерінің аттарын атап арнаған жырларын оқысаңыз, сенің де анаңның өзіңді еркелеткен, өзіңді емірене бір шолп-шолп сүйген сәттерін сезінесің де, жаныңды сағыныштың ыстық бір жалыны шарпып жүре берері бар. “Сағидолла, құлыным, ата болдың” немесе “Сәбирам, үлбіреген балапаным”; болмаса “Жанатым, сары алтындай құлыншағым”; “Болатым, қыздан нәзік құлыншағым”; онан кейін: “Қуанышым, айналайын, Гүлнар жаным”,–деп мейірленген Мәпруза ананың жыр жүрегінің лүпілін естисің де, отыра қалып, “осы мені де анам қалай еркелетуші еді” деп сен де баяғыда… тіпті тым ертерек дүниеден озған өз анаңның үнін қайта бір естігің келіп, елегізисің. Сөйтесің де, мәңгіліктің мәңгілігіне жазып кеткен өз анаңның жүрек жырын оқып отырар бала бақытын сезінесің. Сол ананың соңында қалған ұрпағы да “Сен мәңгі біздің жүрегіміздесің” деген тақырыппен Мәпруза анаға деген өз махаббат, сүйіспеншілік, сезім сағыныштарын бір бөлімге топтастырған екен. “Әжемнің баласы болып өскен соң болу керек, өз анама ішкі жан дүниемді ылғи толық аша бермедім, білем уақытында алғысым мен перзенттік махаббатымды жеткізе алмадым. Қазір ана алдындағы балалық борышым түгел өтелмегенін түсінудемін, айтылмаған сөздер, істілмеген істер қаншама?! “Мама” деп айта алмай кеткеніме өкінемін. Анам кешірсін. Ана өмірінің жалғасы–біз бармыз. Өз баламызды, немере, шөберелеріңізді тәрбиелеп, жақсылықтың шуағын, жер бетіне, айналамызға шашуға тырысамыз, өйткені сіз салған жол біз үшін өмір мектебі. Рухыңыз пейіште шалқысын! Анашым, топырағың торқа болсын, біз үшін алаңдамашы!–деп тебіренеді Сағидолласы. “Нет апы… Вот уже четыре месяца нет ее, а ощущение такое, как будто она где то рядом, можно к ней пойти, поехать, прижаться к ее доброму, по особому пахнущему лицу, и снова ощутить себя ребенком”,–деп сағынады Болаты. “Мне так тебя не хватает”,–деп егіледі Гүлнәрі. “Әжемнің “Өмір–өзен” деген өлеңі бар. Мен осы тіркестің мағынасын түсінбейтінмін, енді білген сияқтымын. Өмір де өзен секілді тоқтаусыз аға береді екен. Қазір әжем бұл дүниеде жоқ, бірақ оның өмірін жалғастырушы біз бармыз”,–деп тұрған немерелері Әрсен, Ерсайын, Ағзам, Диана, Әсем, Зәуреш сынды немерелер жүрегінен де орын алған ана сезімі ешқашан… тіпті мәңгілік суымастығын айтқанды жөн санадық. Ал, енді Мәпруза Әшімова сынды қарапайым қазақ әйелінің жазып, сызған дүниелерін балаларының қолқа салуымен жинақтап, құрастырып, баспаға

ұсынып, кітап қылып, жарыққа шығарған білімдар ұстаз, педагогикалық еңбектің ардагері Базарайым Сембайқызы Назароваға оқырман атынан айтылар алғысымыз шексіз болуға тиісті. “Анамыздың жүрегінен шыққан жыр жолдарын, өлең-арнауларын, естелік-сырларын, ой-пікірлерін, өзіндік көзқарасын терең әдеби өңдеуге ұшыратпай табиғи қалпында қалдырып, өз тілімен сөйлетіп еш боямасыз берілуін қалар едік. Өйткені біз үшін анамыздың сөйлеу мәнері, әзілі, жүрек жарды сөздері мен тілектері қаз-қалпында қалғаны қымбат”–деген Мәпруза ананың балаларының тілегін кітапты құрастырушы Базарайым Сембайқызы адал орындағандай. Бұл кітап–ана жүрегі мен оның жанының ақ тілегі. Ана жүрегі сөйлеп тұр!

(“Арқа ажары” газеті, 4 сәуір 2006 жыл).

АҚЫНМЕН СЫРЛАСУ

Ақын Мұса Асайыновтың “Туған елдің күй сандығы сияқты, аталардың жалғастырдым шабытын!” дегені жүрек-жарды сыры ғой!

“Туған елдің күй сандығы сияқты– Аталардың жалғастырдым шабытын”–деп жырлап өткен Мұса ақын Арқадағы әншілік мектебінен тәлім алып, Көкшетау өңірінің сал-серілерінің тамаша үлгісін бүгінгі заманға жеткізгендердің бірі. Жыршылық, әншілік, ақындық–бәрі де марқұм Мұса Асайынов бойына дарыған-ды. Көкшетау топырағының тума таланттары Ақан серінің, Біржан салдың, Үкілі Ыбырайдың, Балуан Шолақтың біраз әндерін күй табаққа жаздырып, өшпес мұра етіп қалдыруы Мұсаның бойындағы жыршылық пен әншіліктің бай арнасы еді. Мұса табиғи дарынды әнші болуымен бірге, бойына біткен таланты мен қабілетін ұштастыра отырып, өз жанынан өлең-жыр шығаратын, әсіресе айтыс кезінде арқалы ақын екендігін сан шаршы топта көрсеткен болатын. Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 125 жылдық тойында, республикалық айтыста шын өнерін көрсеткен Мұсаның ақындығына Сәбит Мұқановтың әбден риза болуы да тектен-текке емес шығар. Міне, сөйткен көпшіліктің қадірмен ақыны, әншісі Мұса Асайыновпен біздер тағы да табысып отырмыз. Жыр жинағын “Армысың, Мұса ақын” деп қолға алып, алғашқы беттерін парақтадық. Сұңғыла көмейінен төгілген сырлы әуенмен тот баспаған ақын жүрегі жырлай жөнелді. Арманым жоқ әннен болса табытым, Тірі жанға түспей өтсін сабытым, Өліп кетсем, бейітімнің басында– Сандуғаштай сайрап тұрар шабытым, Тіршілікке кінәм жоқ қой тағатын, Көрдім талай жүлде берген сағатын. Ризамын інілердің барына, Домбырамның үнін үзбей қағатын. Сөкпе балам, ұнамаса бағытым, Мен де әкеме жасаушы едім қағытым. Туған елдің күй сандығы сияқты– Аталардың жалғастырдым шабытын. Міне, өзінің барлық саналы өмірін өлең-жырға, әншілікке арнап өткен ақын жүрегінің шынайы сыры, ақ адал көңілінің сыры. “Шабытым” деген үш-ақ шумақтан тұратын осы бір жыр жолдары әмәнда жадырап, бірде сәл мұңайып жүрер ардагер аға бейнесін көз алдыңа елестетеді. Иә, ол өз шабытына, өз талантына сенетін, қазақтың қарапайым қара өлеңінің құдіретті күшіне сенетін. Сондықтан болар өз ғұмырында басқа кәсіп іздеп, ән мен жырдан басқа өмірді аңсаған жоқ ол. Шынайы әнді, шынайы жырды әлдилеп өткен ақын жүрегі өз шабытының биік шыңында үзілді. “Ризамын інілердің барына, домбырамның үнін үзбей қағатын”,–деген жолдарды қайталап оқыған сайын жастарға өз

өнерін үйретіп, күнде кешке терең оймен Көкшетаудағы мәдениет сарайынан қайтып келе жатқан қадірлі ағаны тағы да бір көз алдыңа әкелесің. Ол тәрбиелеген, әншіліктің, домбыра тартудың әліппесіне үйреткен, қазірдің өзінде өнердің өрісіне бет алған артында қалған қаншама талантты жастар бар десеңізші. Ал олардың ақын Мұсаға, азамат Мұсаға деген ақ алғыстары да шексіз, шетсіз-ай! Ақын жаны өмірге құштар еді-ау! Айналадағы тіршілікті, өзінің балалық шағын, ақын інілерін, өзінің Көкшетауын, туып өскен Сырымбетін жан сезімімен өлеңге қосқан ақын Мұса шын жүрегімен сөйлеп, замана ағымдарын ой елігінен өткізіп, сол ойды өлеңмен, жырмен жеткізуге құштар-ды. Ақ сағым шапқылайды саяқтайын, Ақ боран ызыңдайды аяттайын. Ұзартшы тірлігімді жарты күнге, Бір-екі өлеңімді аяқтайын. Бұл–өмірден, тіршіліктен түңіліп, тағдырдан қажыған жанның сөзі емес, бұл– қайта, мынау жарық сәулелі дүниені бар сезіммен аялап, шын сүйе білетін парасатты қайсар жанды шын ақын ғана айта алар жыр жолдары. Ақын үшін өмір дегенін–өлең. Олай болса ақын Мұсаның өмірі–өлең, өлеңі–өмірі. Мұса Асайыновтың “Аңшы аңызы” жыр жинағындағы кез-келген өлеңді оқып отырып, бей-жай күйде қала алмайсыз. Ол жырлар көңіліңе ой салады, кейбірі толғантады, қайсы бірі көңілдегі әлді бір сағыныштың қыл пернесін қозғайды. Бұл–кездейсоқ жай емес. Бұл–ақын жүрегінен шыққан жырдың қуаттылығы, шынайы шеберліктің, тума таланттың құдіреттілігі. Жинақтағы “Аңшы аңызы” лирикалық поэмасы Мұса Асайынов ақындығының биік шыңындай және ақын талантының қырын жан-жақты толықтыра түсер дара туынды екендігінде дау болмаса керек. Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мұса Айсайынов айтыстың салтын толық сақтап, айтыстың жаңа дәуірде жаңаша мазмұнмен дамуына үлес қосқан үздік айтыс ақыны болғандығы көп ретте айтылып жүр. Осы пікірді жинаққа топтастырылған бірнеше айтыс жырлары толық қуаттайды. Бірде баяулап есер даланың майда самалындай болса ақын шабыты, бірде буырқана тасып, жырдың не бір сұлуын төге жөнелді. Оның айтыстарының кез-келгенінде ауыл-село еңбеккерлерінің, жұмысшылардың социалистік өмірімізде қол жеткізген табыстары шабытты жырланса, орын алып отырған кемшіліктер ащы үнмен сыналады. Өз ақындарын еркелетіп, еркіндетіп, өркендетіп отырған еліне деген ақын жүрегінің ақ алғысы қай айтыс өлеңдерінде болсын дараланып тұрады. Сонымен “Жалын” баспасы ақын Мұса Асайыновтың жыр жинағын шығарып, ақын рухын, оқушы жұртшылықты риза етті. Бұл орайда жинақты құрастыруға атсалысып және алғы сөзін жазған Еркеш Ибраһимге деген оқырмандар алғысын жеткізе отырып, ақын мұраларын жарыққа шығарудағы іс осымен тоқырамаса екен дейміз. Өмірден ерте кеткен ақын Мұсаның еңбектерін толық шығару алдағы уақытта жүзеге асырылар іс болуы керек.

(“Көкшетау правдасы” газеті, 8 шілде 1978 жыл).

ЖҮРЕККЕ ҮНІ ЖЕТКЕНДЕЙ

Көкшетау театрының тұңғыш қойылымы “Ақан сері–Ақтоқты” жайлы сөз

Ажарлы ән мен жырдың ордасы Көкшенің тұңғыш облыстық қазақ музыкалы-драма театры өз шымылдығын қазақ өнерінің классигі Ғабит Мүсіреповтың “Ақан сері–Ақтоқты” драмасымен ашты. Бәрекелді! Қасиетті өнер әлеміне тұңғыш қадам жасағалы отырған жас театр ұжымының алыптар шоғырының бірі–Мүсіреповтың классикалық дүниесінің бірі–“Ақан сері–Ақтоқты” драмасын сахналауы елеулі бір құбылыс еді… Өйткені, театр актерлары өмірдегі де, өнердегі де жастықтарына қарамастан халқының жүрегіне мәңгіліктен мәңгілікке орныққан Ақан сері сынды өнер жұлдызының ән өмірін, серінің Ақтоқты сынды аруға, сол арқылы жарық дүниеге деген іңкәр көңілінің кәусәр сүйіспеншілігі мен қасіретін көзі ашық, көкірегі ояу бүгінгі көрерменге нанымды, шынайы да әсерлі етіп жеткізе білді. Әрине, біз өзіміз білетін “Ақан сері–Ақтоқты” драмасындағы оқиғалар мен кейіпкерлер сахнада толық көрінбегенімен, бұдан Мүсірепов туындысының қадірі мен қасиеті кеміген жоқ, керісінше мазмұны мен айтар ойы сахнада өзінің толыққанды күйінде көрініс тапты. Бұл арада осы театрдың ашылуына жанашыр болып, үлкен қолқабысын тигізген, әрі Көкшетау театры сахнасының тұңғыш туындысы “Ақан сері–Ақтоқты” драмасының қоюшы режиссері жерлесіміз, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткері Жақып Омаров ағамыздың талғамы мен шеберлігі айқын сезіліп, анық байқалып тұрды. Ең бастысы драмадағы тарихи тұлғалардың бірі–Науан хазіреттің Көкшетау сахнасына Мүсірепов шығармасындағыдай өз тоқалы Мәрзияны “күнәсі үшін” тірідей көмдірген, Ақан серіге “Хазірет емес, қылмыссың сен” дегізген кейіппен шықпай, бүгінгі ұғым, түсінік, бүгінгі ақиқат тұрғысынан келуі көңілге бір ізгілік құйғандай болды. Әрине, бұл Науан хазіретті қатал әрі адами қасіреттен ада етіп, жеккөрінішті кейіпте бейнелеп, оны Ақан серіге қарсы соғар сойыл ретінде көрсеткен Мүсіреповтың кінәсі емес еді, бұл–дін өкілдерін көркем әдебиетке озбыр етіп бейнелеуге еріксіз мәжбүр қылған коммунистік идеологияның қиянаты еді. Драмада қасиетті Науан хазірет бейнесіндегі осы бір қиянаттың шешуін спектакльдің қоюшы режиссері Жақып Омаров асқан бір шеберлікпен және Мүсірепов драмасының көркемдік құрылымына ешбір нұқсан келтірместен таба білген. Сахна төріне Ақан серінің Науан хазіретті “Аға” деп оны пана, тірек тұта, олардың бір-бірімен сырлас, тілеулес болып шығуы қандай жарасымды еді. Кез келген драмалық шығарманың көрермен көңілінен шығуы–сол шығарма кейіпкерлерін сахнада ойнаушы актерлардың таланты мен қабілетіне, шеберлігіне байланысты. Тұңғыш театрдың алғашқы көрермендері әрі актерге үлкен сынмен, талғаммен қарағандықтары да жасырын емес. Ақан сері қандай

екен?! Ақтоқты ше?! Міне, осыны білсек, осыны көрсек деген көрерменнің ынтызар көңілдері Жарас Қалдаров ойнаған Ақан сері, Жанар Құсайынова бейнелеген Ақтоқты бейнелерінен дала серісі мен дала аруын, олардың бірбіріне деген ғашық жүректерінің іңкәр сезімдерінің қуанышы мен ләззәтын, мұңы мен зарын, мөп-мөлдір сүйіспеншіліктерін тани алды ма, бұл екі актер өз көрермендеріне Ақан сері мен Ақтоқтыны таныта білді ме?! Адалын айтайық, сахна төрінде Жарас–Ақан болып, мына өмірді сүйе де білді, шаршы топта Ақан болып сөйлей де білді, ән де шалқытты, серіге тән мінезбен еркелей де білді. Қажет жерінде төске де шабар мінез көрсетті! Ақан сері өмірінің қуанышы мен қасіретін, мұңы мен зарын көрерменге шынайы бір жан толғанысымен әсерлі етіп жеткізе білді. Мұның өзі актер Жарас Қалдаровтың ішкі қуатының бұдан басқа да небір күрделі бейнелер жасауға жетерлік қабілеті бар екендігін аңғартса керек. Ақтоқты бейнесін актер Жанар Құсайынова сахнаға өз бойына тән ой мен сезім, ақыл мен нәзіктік арқылы Ақан сері сүйерліктей, Ақан сері ғашық боларлықтай, Жалмұқанды қызғаныш атты қызыл отқа саларлықтай сұлулықпен алып келді. Ақан сері мен Ақтоқты арасындағы шынайы сүйіспеншіліктің қуанышын да, сол сүйіспеншіліктің трагедиясын да актерлар Жарас Қалдаров пен Жанар Құсайынова жан толқытарлық, ой саларлық шынайы сезіммен жеткізе білгендігін айтқымыз келеді. Әсіресе “қыз баланың жолы жіңішке” деген дала заңдылығынан аса алмай: “Ақан атын атамаңдар енді… Айықпасам айығамын бір кезде” деп Ақан серіден еріксіз бас таруы, “Сорлы болған жалғызыңмын, жан апа” деп анасы Дәмеліге мұң шағар кезіндегі Ақтоқтының жан күйзелісін Жанар шынайы әрі бейкүнә бір таза сезіммен мөлдіретіп бере алды. Осы бір сәтте көрермен жанарына жас та оралды. Ақан серіге деген Ақтоқтының адал махаббатының тәтті үні мен қасіретті үні өз көрермендерінің жүректеріне сахнадан Жанардың үнімен, Жанардың шынайы сезімімен жетіп жатқандай болды. Бұл өнердегі өз қадамы енді басталған актер үшін де, жалпы театр үшін де алғашқы жеңіс, алғашқы табыс болды десек керек. Жас театрдың алғашқы қойылымының сәтті әрі табысты шығуы үшін актерлар қауымының маңдай терлерін аз төкпегендіктерін аңғардық. Бізге Науан хазіретті ойнаған актер Құмарбек Қалқатаев өзінің парасаттылығымен, ішкі жан тазалығымен, Жалмұқан–Отаралы Құлжанов өзінің ішкі сезімін ширықтыра білер шеберлігімен, Сердәлі–Меңдеш Шалихов ел мен ерді жауластырудан ләззәт ала білген “қасиетін” нанымды көрсете білуімен, Қарасақал–Кенжетазы Қарымсақов өз руының намысы үшін ұрандаған намысшылдығымен ұнады. Сондай-ақ, Ақтоқтының анасы Дәмелінің рөлін ойнаған Қазақстан Республикасының халық артискасы Жібек Бағысованың сахнадағы шеберлігі бірден байқалып тұратындығын айту ләзім. Сахнаға шыққан Қоңқай–Қайрат Мырзаболатов, Мылқау балуан–Ыдырыс Нұрқабаев, Мұрат–Сафуан Шәймерденов, Ақтоқтының жеңгелері Салтанат Әбдірова мен Зафура Арзымбетовалар да көрермен ықыласынан шет қалмады. Бұлардың да өздері жасаған бейнелерінің шынайы шығуына бар шеберліктерін, талант қабілеттерін жұмсай білгендіктері көрініп тұрды.

Осы өнер ордасының ашылуына үлкен еңбегін сіңірген театрдың директоры, әрі көркемдік жағын меңгеруші Мұратбек Үкібайұлы Оспановтың көңіліндегі бір үміт пен бір күдік әлі күнге дейін арылар емес. Театр актерларын қалыптастыру және театрдың шаңырағын көтеру үміті ақталғандай болды. Енді осы бір қасиетті өнер ордасы көрермендерден жүдемесе екен деген күдікті ой маза берер емес. Мұратбек Үкібайұлының бұл алаңдаушылығын әбден орынды деп білеміз. “Тыңдаушысы жоқ сөз жетім” демекші, көрермені жоқ театрдың да жетімсіреп тұрары анық. Көкшетау елінде шаңырақ көтеріп отырған осынау қасиетті өнер ордасын көрерменнен жүдетпеу ендігі арада исі қазақ баласының міндеті мен парызы деп білеміз. Әркім өз театрымыздың көрермені бола білгенге не жетсін! Әзірге іске сәт, Көкшетау театры дегіміз келеді!

(“Көкшетау” газеті, 14 наурыз 1996 жыл).

КӨПЕННІҢ КӨК ЖИЕГІ НЕМЕСЕ «КӨКЕМНІҢ КӨЗІН» ОҚЫҒАНДА...

Әрбір жаңа кітапты алып, су жаңа беттерін парақтағанда екіұдай көңіл күйде болатының бар. Оның да өз себебі бар. Қалтасы бар қазақтың көбі жазғыш болып, том-том болмаса да топырлатып кітап шығарып жатқан мынау бәсеке заманда асылы мен жасығын ажыратып алуың үшін де алас-күлес, аптықпа уақыттың ырқынан ыңғайлы бір мезет тауып, көз жүгіртіп емес, ой қадап оқып шығуың керек. Көп жылдардан бері өзінің сардар сатирасымен танымал болған Президент грантының иегері, Көпен Әмір-бек мырзаның «Көкемнің көзі» атты естеліктер, эссе, сыр-сұхбат кітабын оңаша отырып, оқып шықтық. Заманның тынысын, уақыттың есебін, қоғамның талап тілегін оңдай отырып, бүгінгі күннің рухани сезіну, өткен жылдардың өнегесімен бөлісу–әрбір қаламгердің азаматтық парызы болмақ керек-ті. Осы үдеден алғанда Көпен мырзаның аталмыш кітабынан көп дүниені көкейге түюге де болады. «Көкемнің көзі» деген бірінші бөлімнің беташары біртуар дарын иесі, қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқов туралы естелігімен басталғаны да жәй әншейін емес. Автордың өзі жазғанындай ол тек Шәуілдірден ғана емес, Шәмшінің ауылынан. Әлгі Ордабасының отағасының айтқанындай, расында Шәуілдірді көп адам біле бермейді. Ал, Шәмшіні барша қазақтың бәрі біледі. «Шіркін, Шәмші! Қазақ даласын жарты ғасырдай жаңғыртып әнге бөлеп, ақ бесіктей тербеткен шіркін, Шәмші! Ол баспаған жер, ол шықпаған тау, ол шомылмаған өзен-су кемде-кем шығар. Біз неге Шәмші туралы ел болып естелік жазбаймыз!–деп көсіле сілтеп, көкірек тігісін қақ айыра сөйлейтін Көпен көңілдегісін ақтарады. Расында Шәмшінің әнін әрі жиі, әрікөп айтқанымызбен, ол туралы жиі оқымаймыз, аз білеміз. Оның да әртүрлі себептері бар шығар. Ең әуелі біздің қазақ әу бастан естелік, эссе жазуға ебдейсіздеу ме деймін. Естелік жазсақ не асырып, не жасырып қалатынымыз да өтірік емес. Шәмші тірісінде-ақ аңызға айналған адам. Көпшіл, ақкөңіл, мінезге мырза Шәмшімен сырлас, дәмдес болып едік,–дейтіндер көбейді.Ақиық ақын Мұқағали жайында да солай. «Түймедейді түйедей ететін қазақы кейбір дабыра мінез, даурықпа көңіл осы бір асылдарымыз жайында алып-қашпа әңгімені өрбітуге құмар-ақ. Әрине, олардың кісілік тектілігі, азаматтық болмысы, талант тағдыры жайлы көбірек жазылса-ғой. Міне, Көпен Әмір-бек осы ойды қозғайды. Анау бір жылдары талантты композитордың Көкшетауға келіпкеткені бар-ды. Көпенше айтқанда: «Жанары жарқ етіп, жалт қараған жауқазын тәрізді сұлуларға сұқтана қарап, Көкшетаудың «Биші қайыңдарына» балады. Көркемдігі көз жауын алатын әсем табиғатымызды әнмен өрнектеп, ғашықтарды «Кел, Бурабайға» деп шақырды». Тау жаңғырады Ақанның үніменен, Біржанның әнімен. Кел, шырқайық сол әнді түнімен,

Махаббат Тілімен! Талантты ақын көкшелік Еркеш Ибраһимнің біраз сөздеріне ән жазып, Ақанның басына барып, тәу етіп қайтқан Шәмшінің көгілдір Көкшетаудың биігіндей өр серпіп қайтқаны рас. Көпеннің Шәмші ағасы туралы жазған мақаласынан композитор туралы бұрындары беймәлім болып келген тың деректерді кездестіруге болады. Әзілге жүйрік, қалжың, қағытпаға ұшқыр, қуақа мінезді, қу тілділеу Шәмшінің ақындық қырын көбіміз біле бермейміз. Жалпы, Шәкеңнің шығармашылық лабораториясы, оның жеке басының мінез машықтары, көңіл ауаны, пенделік қыр-сыры кімді де болса қызықтырары сөзсіз. Мұқағали, Төлеген, Тоқаш, Мұхтар, Сабырхан тәрізді қазақтың белгілі ақындарымен аға бауыр болып, етене жақын араласқан шығармашылық жақсы байланыста болған Шәкеңнің өмірі–өлең деуге болады. Көпен Әмір-бектің замандас ақын, арқалы азамат Жарасқан Әбдірашев туралы жазған естелігі де енжар қалдырмайды. Расында, Жарасқан көзі тірісінде-ақ өзіне өзі құлпытас қойып кеткен ақын. Сонау жетпісінші жылдары қазақ поэзиясына үйірлі жылқыдай дүркіреп, арқырай кісінеп, жер тарпып кірген бір топ тарланбоздардың алдыңғы қатарында Жарасқанның болғанын жақсы білеміз. «Ақ бұлақтар, алқынған ақ бұлақтар! Қазір–көктем, алдың–жаз, шапқылап қал!»–деп қазақ өлеңіне өзіндік өрнегімен, кестесімен келген ақынның қуатты ойынан құм шағылдай ән салып тұратын әсершіл көңіл жүрегінен талай жауһар жырлар өрілді. Жарасқан өзінен кейінгілерге үлгі бола білді. Ол–әдебиет сыншысы һәм эпиграмма жазған бірден-бір ақын еді. Кейіннен «сын жазамын деп, түзелместі түзеймін деп есіл кеткен жылдарым»,–өзегі жарыла өкінгеніндей, өз атымен де, бүркеншік есіммен де қазақ әдеби сынының сұр жебесі болып атылды. Эпиграмма жанрына еті үйренбеген қазақ қаламгерлерінің арына тимей ақиқатын астарлап айтып, «мақтамен бауыздаған» осы Жарасқан болатын. Әлдекімдердің ашуын туғызып, ызасын келтіріп, намысын жаныған, енді біреулердің ойнақы күлкісін туғызып, езу мысқылын тартқызған жып-жинақы жымиысқа толы эпиграммалармен тәнті қылған Жарасқанның Көпен айтқандай, «Поэзиясы–найзағайлы жаздай жарқжұрқ, сын мақаласы-ақ, әзіл-сықағы шоқ». Оның өмірінің соңғы жылдарында жалынды журналистикада қалам тартып, ауыл проблемасын «айқайлап» көтергендердің бірі болды. «Жазбау керек, тіпті қара тасқа да жазу керек жүрегіне халықтың!» деп өзі жазғандай Жарасқан өрт өлеңін өшпестей етіп жағып кеткен ақын. Кімге де болсын әрдайым өз замандасы туралы айту азаматтық парыз екендігі рас болса, Көпеннің Жарасқан ақын туралы ақ жарыла ақтарылуы әбден орынды-ақ. К.Әмірбектің марқұм Заманбек Нұрқаділовпен сұхбаты адам, заман, қоғам–басшылық, билік, ар-ождан туралы тереңнен сыр қозғаса О.Әубәкіров, С.Адамбеков туралы естеліктері еріксіз езу жымитады, сатира сардарларын сағындырады. «Көкемнің сөзі» бөліміндегі көзі тірі айтулы тұлғалармен Көпеннің эсселері мен сыр сұхбаты тақырыптық жағынан әр алуан, мазмұны жағынан бай, ішкі иірімдері қат-қабат. Қалт жібермей, жатып ататын Қадыр көкесі туралы көсіле

сілтесе, «Айы оңынан туған адам»–Шот-Аман Уәлихановпен сұхбатында тереңнен қаузап, хас өнердің қадірін, қажымас ердің қайратын сөз етеді. «Қара сия–қаным» деген Қабдеш Жұмаділовпен, қазақ кино өнерінде жарық жұлдыз болып қалған, аумалы-төкпелі Асанәлі (Әшімов), қазақ руханияты мен білім кеңістігіне жол салып жүрген Мырзатай Жолдасбеков көкелерімен терең интеллектуалды, емін-еркін, ашық-жарқын әңгіменің әсерінен бұрын, тағылымы мол. Бұлар бүгінгі жастар үшін үлгі-өнеге. Көпен Әмір-бек мырзаның айтқанынан әлі де болса айтары мол, өзгелердің де Көпен жайында жазары көп болмақ себепті, әзірше үтірмен қайыра отырып, алдағы өмір сапарынан үлкен-үлкен дүниелерді көруге үмітті екенімізді жеткізгіміз келеді.

БІР САБАҚ ГҮЛДІҢ САЯСЫ

Өзіңмен өткен әр күн–шын анық той, Айнала сәуле шашқан жарықсың ғой!.. Мұхамедия ЖҰМАҒАЛИЕВ

Көңіл көктемінің көгілдір көгінің кернейлеткен керуен көкжиегі кеңейіп, көркейіп-ақ келеді. Сол көркейген көңіл төрінде, тағы да сол көңілді көркейтіп тұрған бір жан баласы бар менде. Ол – Мұхамедия Жұмағалиев! Тағдыр ғұмырдың бір-бірімен байланысып, одан әрі сабақтасып бірге өріліп, бірге тарқатылып келе жатқан қос бұрымындағы қос шолпының сыңғырынан әрідегі өмір сырын қайра бір естігендей боламын. Сол бір өмір сырын қайра естіген сәтте «Е, тәуба, біз де өлмей осы күнге жеттік-ау»,–деген оймен Жаратқан иемізге мың шүкіршілік айтарымыз тағы да бар. Аңсадың сен де анаңды, Анамды мен аңсадым,–деп Мұхамедияның ақын жүрегі тәтті бір мұңымен сөйлеп, соны өзі айтып тұрғанындай біздің екеуіміздің де көңіл кесеміздегі анаға деген сағыныштың мәңгі құрғап, мәңгі суалмайтын да, қайра жылдар озған сайын сол Ана сағыныштың мөлдіреп, шүпілдеп, тола да, толыса да түсер, сезім қылын мәңгі шертіп тұрар алаулы бір аңсарымен бірге жатып, бірге оянар ұқсастау келген жан-дүниеміз және де бар. «Болмады менде басқалардай қос пана»,–деп тағы да сол ақын Мұхамедия жырымен баяндағанындайын, екеуміздің де анасыз да панасыз өткен тағдырымыз тағы да бар. Сол міне, екеуміздің де сәби шағымыздан анасыз қалған қос тағдырымыз бірін-бірі паналап, түпсіз ой тереңінде бұғып жатқан жүрек мұңын сол қос тағдыр үнсіз ғана бірге жағалап, бірімізді-біріміз құлатпай, сүріндірмей, туған аналарымыз жетектей алмай кеткен армандарымызды бірге жетелеп, бір Алланың қолдауымен жетіліп келе жатқан сыңайлымыз. Шүкір, тәуба! «Мұха»,–деймін мен оны! Осы бір ауыз ғана «Мұха» деген сөздің де, Мұхамедия Жұмағалиев атты азаматтың да бойына дарыған текті бір құдіреті мен қасиетін сезінемін. Құдіреті сол, Мұхаңа арқаңды тіреп, сүйенсең, ол демей де, жаның жыласа желей де біледі, жылыта да алады, мұң басқан жүрегіңді ойлардан арылта да, жадырата да біледі! Қасиеті сол болар, сол Мұхаңа адал көңіліңді ұсынсаң, ол сенің дүниеауи пендешілік ойлармен кірлей қалған кірпияз көңілің болса, ол өзінің Періштедей таза да ақ көңіл-ниетімен сол көңіліңнің кірінің де, кірбініңнің де түгін қалдырмайды, сыздаған жан жараңды жазып та бере алады. Жаныңда Мұхаң болса сол сәтте жаның айығып, көңілің тазарып, жүрек түкпіріндегі алаң да елең бұлттардан арылып та айығып, дүниеге жаңа келген сәбидей өзің де жадырап, жарқырап, мына айнала тіршілікке пәк сезімді көңіліңнің жарық жанарымен қарайтының тағы да болады. Айналамнан сырымды ашар тірі пенде таба алмай, кімге сеніп, кімге

сүйенерімді тағы да біле алмай жүрген сәттерімде сол Мұхаңның періште көңілін сағынамын, таза да пәк жанын аңсаймын. Бауырына тығылғым келеді, кең құшағына енгім келеді. Көз ашқалы көл–жасымнан, құрғамай, Келеді әлі омырауым–өңірім, –деген ақын Мұхамедияның бір басының өз мұңы өзіне жетерлік-ақ! Бұған қоса сол ақын бауырымның мұңды көңілінің көліне тамшылап тұрар біздің де көңіл мұңымызды қоссаңыз, соның бәрін де, тіпті барша адам баласының мұң-наласын да Мұхаңның кішкентай ғана ет жүрегі сыйғыза білеріне қайран қаларыңыз бар. Сонан да болар ол азамат ақын ретінде жүрегіндегі бар мұң-наланың әуенін күні бойы томаға тұйық жүріп, тыңдап, сезіне біледі де, түн баласы келгенде сол мұңымен сырласып, өзінің қаламын сол мұң-наланың сиясына малып, ақ қағазға жырымен өрнектеп ою салады, ұғар көңілге ой айтады. Өмір мынау– Түсірген төзімге жүк, Көңілімде Кірбің бар, көзімде – шық... Өкінбес ем: Сағымдай ертеңіме Өзім жетпей,– Жатса егер сөзім жетіп!,–деп сол жыр мұңын бүгіні мен келешегіне аманаттаған ақын Мұхамедияның көңіл төріндегі парасатты ойын жер-жаһанға оның өз жырлары ақ кептердің ақ қанатымен алып бара жатыр. Ақын досымның нәзік жанының сезімге толы сырлы жырларын алып, ұшып бара жатқан сол ақ кептер ғұмырдың қанаты талмасын, топшысы қиылмасын деп тілеймін әрдайым. Өзекті өмірдің сортаңдау жерінің кермек дәмін тата жүріп, көгілдір Көкшенің көгілдір жазығында бүр жарып өсіп-өнген, бұл күндері қарт Алатаудың бөктеріндегі Алматының жыр бағында көктеп, бүр жарып гүлдеп тұрған ақын Мұхамедия Жұмағалиев мына тіршілік дүниенің бір сабақ гүліндей болып елестейтіні және де бар. Бастайтұғын қияға болмады ағам, Басатұғын ізімді болмады інім,–деп кей-кейде көңіл мұңын осы бір тұманды ойларға қаматып алар қайран ақынның туа бітті жалғыздығынан бұрын Мұхаң өзінің жан дүниесіндегі сезімі мен сезіне білу қасиетімен, ой мен ой толғай алар, былайша айтқанда ол өзінің сезімді ой әлемімен жалғыздығын қатты сезінетін сыңайлы. Ол қиналса, өзінің ой жалғыздығынан, сезім жалғыздығынан, дүние жалғандығынан қиналар сыңайлы. Жанының қиналатыны да сол! Түлер күні,–үгілдім, Түнерді түн, Түңілдім. Түндігінен аспанның Тұңғиыққа үңілдім!..

Міне, түлер күні көңіл аспанының түнеруі де, сол түңілген қалпы тұңғиыққа үңіле білуі де ақын Мұхамедияның өз жаратылысындағы сол жан даралығынан да болса керек. Мұхаң жайлы сыр толғағанда сол Мұхаңның ардақты әкесі, марқұм Балта Жұмағалиев жайлы да көңіл сырын айтпай кетуге де болмас еді. Өйткені, Мұхаңның әкесі бізге де, яғни, өзінің жалғыз ұлының барлық досжарандарының да әкесі бола білді. Қазақтың белгілі азаматы, Мұхаңның құрдасы Көпен Әмірбеков Мұхамедияға: –Әулиелілік әкеңе қонған, әкеңнен маған қонған,–деп әзілдейтіні бар екен. Сол Көпен бауырдың аузының дуасы бар ма деймін. Шынында да Балта әкеміз әулие бір адам еді. Ауыл мектебінде отыз алты жыл бойы ұстаздық етіп, елу бес жасында зейнеткерлікке шығып, содан кейін Алматыдағы жалғыз ұлы Мұхамедияның қолына көшіп келіп тұрды. Сталинград шайқасының жауынгері 1942 жылғы қанды бір шайқаста сол аяғынан айырылып, одан кейін жарасынан жазылып, туған еліне келіп Көкшетау өңіріндегі біраз ауыл мектептерінде ұстаздық етті. «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мектеп мұғалімі» және «Халық ағарту ісінің үздігі» сынды атақтардың біразын алып, еңбегі жанғандай да болған Балта әкеміз ұлағатты ұстаз да бола білген жан. Қазақтың әйгілі әдебиетшілері Нығмет Ғабдуллин мен Айқын Нұрқатов, қоғам және мемлекет қайраткерлері Жұмабек Дәуренбеков пен Сұлтан Досмағанбетов және басқа да жақсылар мен жайсаңдар осы Балта әкеміздің шәкірттері болған көрінеді. Әкеміз сол шәкірттерін мақтаныш етіп, көтеріңкі бір көңілмен олар сыр тиегін ертелі-кеш ақтарудан бір жалықпайтынды. Балта әкеміздің әңгіме айтқанда ешқашан ешкімді жалықтырмайтын ерекше бір қасиеті болатын. Аңқылдап, адал көңілімен сөйлеуші еді жарықтық! Жалғыз ұлының тілеуін тілеген сол қайран әке Мұхаң жұмыстан, болмаса әлдебір кештерден кештетіп үйіне қайтқанынша, көзіне көрінгенше көп қабатты үйінің үшінші қабатындағы балконда отырып алып тосушы еді. Міне, қайран әкенің жүрегі ұлым деп, ұрпағым деп соғып өткендігі әмбеге аян. Сол әкесінің өзіне деген жүрек лүпілінің сезімі мен сенімін, сүйіспеншілігі мен сүйінішін Мұхаң да ақтады. Әкесінің жағасын кірлеткен жоқ, бағасын асыра білді. Сол жалғыз ұлы демі үзілер шағындағы әке аманатын аяқсыз қалдырмай сыңар аяқты сырқат әкесін арқалағандай болып туған еліне жеткізіп, сол туған топырақтың құтты қойнына көз жасымен бірге көміп, соңғы сапарына шығарып та салған-ды. Ақын бауырым елжіреген жүрегімен елге, яғни өзінің Көкшесіне келген сайын әке қабіріне барып, мұң басқан көңілімен терең ойға беріліп ұзақ тұрып алатыны да бар. Сол сәтте оның өз әкесімен үнсіз сырласып тұрғандығын жан дүниеңмен ұға да білуің керек. Қолындағы бір сабақ гүлін әке қабіріне қойып, жасқа шыланған жанарымен мөп-мөлдір көгілдір аспанның көк жиегіне қарап тағы да тұрып аларын қайтерсіз. Сол сәтте ақын досымды осы бір даланың бір сабақ гүліндей сезінетінім және де бар. Алайда, бір сабақ гүл сынды Мұхаңның, Мұхамедия Жұмағалиевтің сыры мен сыйпатынан, ақылы мен парасатынан, ақ та адал жанымен, нәзік те сезімтал жүрегінен, тірі пендеге иненің жасуындай қиянаты жоқ адами қасиеті мен қадірінен бір сабақ гүлдің де саясы болатындығын ұқтырды өмір маған. Сол бір сабақ гүлдің саясын

сағалап, сырлы сезіміне көңілдің мейір шуағын қандырып, терең ойына үңілу арқылы биіктеп, асқақтап, қамқор көңілі мен адал жанының, таза жүрегінің, ағалық бауыры мен кең құшағына жылынып өтіп келе жатқан күндерім мен кезеңдерімді, айларым мен жылдарымды, ғұмырым мен тағдырымды бақытты өміріме балаймын. Өйткені, Мұха сен өзің айтқаныңдай: «Айнала сәуле шашқан жарықсың ғой!..». Алпысың құтты болсын, дос-бауырым! («Арқа ажары» газеті, 11 қараша 2010 жыл).

“ЕЛЖІРЕЙДІ ЕТ ЖҮРЕГІМ ЕЛ ДЕСЕМ…”

Көкшетауым! Сағынып көрсем сені, Көтеріліп қалады еңсем менің, Кем сенбедің сен маған өзгелерден, Өзің болдың–менің де ең сенгенім Көңілімнің Тасытып көктем селін, Алдыңа кеп, ақ тұрып айтар сенім: Ақтамасам перзенттік парызымды, О, туған жер, ұлың боп қайтем сенің?! Мұхамедия ЖҰМАҒАЛИЕВ.

Есімі де, шығармашылығы да өзіңе әбден таныс, жаныңа жақын қаламгердің әрбір жаңа кітабын қолыңа қуана аласың да, бұл жолы не айтты екен, не жазды екен деген сауал қызығушылық та бірден ойыңа оралады. Міне, біз де есімі жыр сүйер қауымға әбден белгілі болған жерлес ақын Мұхамедия Жұмағалиевтің Алматы қаласындағы “Өнер” баспасынан жарық көрген “Сағыныш саздары” деген өлеңдер мен балладалар жинағын осы бір сезіммен оқыған едік. Бұған дейін де әр жылдары “Сырымды айтам”, “Гүлдәурен”, “Қанатым” атты жыр кітаптарымен қалың қауымға кеңінен танылған, поэзия әлемінде өзіндік айтар үні мен сыры, өзіндік қолтаңбасы бар ақын бұл жолы да қасиетті поэзияның қадыр-қасиетін төмендетпей, өзінің сыршылдық әуенінен танбағанына, шеберлігінің шыңдала түскендігіне, айтар ойының айшықталып тереңдей бергендігіне қуандық. Ақынның бұл жинағына енген өлеңдерінің “Жоғарғы ішек” бөлімі, “Өмір сазы”, “Төменгі ішек” бөлімі, “Көңіл назы” жыр топтамалары құрайды. Бүгінгі өмір, бүгінгі айнала тіршілік атаулыны ақын қалай түсінді екен, ақын жүрегі қалай толғанды екен? Міне, соған құлақ түріп, назар аударалық. Кел, кел, Күткен кел, Күнім! Енжар неге ел бүгін?! Қанбақтаймыз– Қонарға Жер таппаған желді күн, Әр жүректе бар талас, Ән де бүгін мұңдылау, Өмір мынау–жанталас Көңіл мынау–мың құрау…

Міне, өзінің “Күн керуен” атты жырында ақын жүрегі бүгінгі өмірдің сыйқы мен сұрқына осылайша үн қатады. Серке көңіл сенеді, Табардай жол түн қатып, Алдап үміт келеді, Алдан күт деп… Бір бақыт,–деген үміт сеніммен түйілер бұл жырдың бүгінгі күні өзектілігі мен мән-маңызы дәуірмен үйлестігінде жатқандай. Ақын Мұхамедияның біраз өлеңдерінде пессмистік көңіл-күй сарыны байқалып, ол бүгінгі күннің шындығын айтқызады. Тұншығар, Тыншығар, Азалы жүрегім, Азғынға кім шыдар. Аздым да жүдедім, Заманға не дейін, Жақсыға зар қылса, Жаманға не дейін. Жыртылып артылса! Жанын жүдеткен, ақын жүрегін тілім-тілім етіп жаралап, азалы еткен жамандық атаулыны осылайша айттың деп біз оны кінәлай алар ма едік?! Жоқ әрине! Біз өзіміз өмір сүрген ортаны, қоғамды тек мадақтауға ғана міндеттеліп келген ұрпақтармыз ғой, енді келмеске кеткен ол дәуірдің құрсауынан босанып, сөйлеу, жырлау екендігін ойға алған сәтте ақын Мұхамедияның іркіліп қалмағанына қуанамыз. Оқырман қауымға ақынның туып-өскен ел мен жерге деген іңкәр көңілінің сағынышы мен сүйіспеншілігінен туған жырлары үлкен бір әсер қалдырары бар. Ақынның мына бір айтқанына қалайша тәнті болмассың! Өзіңсіз, туған жер, Суы жоқ шөл екем. Өзіңсіз, туған жер, Қуы жоқ көл екем. Өзіңсіз күндер де, Күн емес түн екен. Өзіңсіз түндер де, Түнекпен бір екен! Туған жерге деген өз махаббатын әр ақын өзінше айтып-ақ келеді ғой. Бірақ та, ақын Мұхамедияның мына айтқаны, туған жеріне былайша табынуы, терең бір ой мен үлкен толғаныстың әсері болса керек. Бар перзентін қойған мәңгі ғашық қып, Қасиетті-ау туған жердің құшағы,– деген жыр жолдары арқылы ақын туған жер құдіретін түйіндегендей болады. Мұхамедия Жұмағалиевтің “Елге хат”, “Туған жердің құшағы”, “Бурабай баурайында” деген шоғырлы жырлары оның ақындық шеберлігінің биік бір шыңындай аңғарылады.

Кеттің салмай аттың ізін елге сен, Керегі жоқ енді биыл келмесең, Деп достарым әзілдейді, Меніңде, Елжірейді ет жүрегім ел десем!.. Ақынның өз туған жеріне деген шынайы сүйіспеншілігі мен сағынышының адалдығын да, “елжірейді ет жүрегім ел десем” дегені қуаттап тұр деп айтуға әбден болар еді. Адал көңілден, ыстық жүректен шыққан осы бір жырдың осы бір жолы ақын өмірінің кредосы іспетті. Қазақ поэзиясында баллада жанры әлі де дами алмай келе жатқандығы ақиқат. Қазақтың қара өлеңінің құдіретін жан-жүрегімен түсіне білген ақын Мұхамеди Жұмағалиев, міне, осы жанрды дамытуға өзіндік қадам, талпыныс жасағандығы айқын байқалып тұр. Көкейге түйген ойыңды, көкірегіңе тұнған мұңыңды баллада етіп айта білуге де үлкен ақындық шабыт пен сезім, ой мен түйсік қажет әрине. Міне бұл тұрғыдан алғанда ақын Мұхамедия балладаларының шабыт қайнарында әбден қайнап, пісіп шыққандығын аңғарар едік. Жинақтағы “Тұңғыш” атты балладаны оқығанда осындай тұжырымға келген едік. Ақын Жұмағалиев әу баста өзін лирик ақын ретінде таныта білген-ді. Ақынның жастық шақ, аяулы сезім–махаббат лирикаларын оқырмандары іздеп жүріп оқитын қасиеттері де бар екендігін айтуға тұрар. Міне, осы орайда ақын жүрегінің әлі де суынбағандығын, оның әсем де сырлы жырларын оқып, көңілің өсе түседі. Күндер зулап, жылжып айлар жыл өтер, Уақыт салып, бетке әжім әркімді-ақ жүдетер. Жылмен бірге жастық өтіп, күміс шалар шашты да, Сол кезде де сені ойласам, бәлкім жүрек дір етер,–деген жыр жолдарында ақынның ойын сергек ұстатар, жүрегін әлдилеп тұрар аяулы бір сезімнің оның жан дүниесінен мәңгілік орын тепкендігін аңғарсақ керек етті. Жалпы алғанда ақын Мұхамедия Жұмағалиев өзінің жаңа кітабы–“Сағыныш саздарымен” тағы да өз оқырмандарының, поэзия сүйер қауымның жүректерін сағыныш болып өрілген жырларымен тербете келді. Әлдилеп тербеткенде де тәтті бір үнмен, ыстық сезіммен, айшықты оймен аялай білді, жүректерді жылытып, жанымызды шуаққа бөлей білді. Бұл да болса поэзияның құдіреті шығар. Өз жырыңмен шуағыңды төге бер, ақын досым!

(“Көкшетау” газеті, 5 желтоқсан 1995 жыл).

БІР ЕЛДІҢ БИІНДЕЙ БИІК ТҰЛҒА

Қазақстан Республикасы кітап музейінің директоры, академик, профессор, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы жайлы көңіл сыры

Тау мен даланың жарасымды биіктігі мен кеңдігінің көз ұшына ілінер заңғарлығын, көңіл ұғынар сырбаздығы мен жайсаңдығын бір бойына жиып алып, Адами атты Ар шыңынан күлімсіреп қана қарап тұратын бір жан иесін білемін мен! Көңілімен күліп, жүрегімен қуанып, жанымен жадырап, құшағын ашып, қауышып құшып табысар да қарсы алар бір жан иесі бар менде! Ол–Нағашыбек Қапалбекұлы! «Артықша туған азамат, халыққа үлкен бел болар», – деп сол Нағашыбектің өз ұлы бабасы, жыр атасы Жамбыл айтқанындай, бұл күндері еліне ес болып отырған азаматтың өзім танып-білген кісілік келбетін, қаламгерлік өресін айтуды парызым деп санадым. Адамды білу мен танудың ара-қашықтығында алыс та ұзақ жолдар, асу бермес және де бел талдырар, онан қалды ой шалдырар белестер мен адырлар жатуы да қажет те болар бәлкім. Өмір атты сол көш керуеннің ұзына бойы керіліп жатар керегелі ғұмырының ғажайып та ғайып ғасырының талайғы бір тағдырының тарамдалған тармағы мен тамырында адам баласының жүгірген қаны мен тыныс алған жан дүниесінің сырын қолына ұстаған қаламымен ұғындыра білген жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының өз өмірінің де, шығармасының да бір-ақ тақырыбы бар. Қадап айтар болсақ, Нағашыбектің өмірінің де, шығармасының да сол тақырыбы – Ар мен Адамгершілік! Жазушының бір ғана «Таудан түскен тұман» хикаятын оқыған сайын адам баласының ар дүниесін тұмшалай бастаған қайырымсыздық пен қаярлық, мейірімсіздік пен мұрт мерездік, өзінен басқа өзгеге жаны ашымастық пен жәдігөйлік, өресіздік пен көргенсіздік сияқты кесапаттардың қалың тұманынан жол тауып шығуды іздеген Ыдырыс атты жап-жас жігіттің бейнесінен Нағышыбектің өз бейнесі мен бітім болмысын, жан дүниесі мен ар дүниесін танығандай боламын. Жалған жаланың құрбаны болып айдалып кете барған сол Ыдырыстың әкесі Қали, қиянатшыл баукеспе ұры Дәуітәлі, балалы-шағалы бір шаңырақтың тауқыметін арқалап, имансыз ортадан әділдік іздеп, араша сұрап шырылдаған Зейнеп ана өмірінің айнала төңірегінде өрбитін оқиғалар арқылы жазушы өз парасат пайымымен Ыдырысқа қиянаттың қанатын қиғызып, арамдықтың ініне су құйғызып, дүниеге әділдіктің үкімін айтқызады. Ыдырыс бәрін де жеңеді, ойға алған бар мақсатына да жетеді. Сөйтіп, жазушы өз кейіпкерін ар шыңының биігіне көтеру арқылы өзінің адамгершілік те, қаламгерлік те болмысының биік шыңында қалып қояды. Бұл Нағашыбек Қапалбекұлының адам ретіндегі кемеңгерлігі болса, қаламгер ретіндегі шеберлігі деп бағалануға тиісті. Жалпы,

Нағашыбектің «Жер ошақтың түтіні», «Өрік ерте гүлдеген жыл» атты хикаяттары қарапайым өмір тіршілігінің нәзік бір сырын шерте білген жаны бар жанды дүниелер. Бұл арада жаны бар дегенді әдейілеп айтып отырмыз. Сөз бен сөйлемге, айтар ой мен баяндар оқиғаға жан бітіре жазу әр қаламгердің талант қаламының ұшына іліне бермейтіні және де бар. «Шудасы желпілдеп атамның ақ нары бүкіл бота тайлағын ертіп, Алатаудың ар жағында ақ бұлттардың үстінде желіп барады...». «Жер жеңіл дем алып жатыр...». «Ағаш біткен жасанып, сүттеніп, сыздаған бүршіктерін жаңа-жаңа жарып жатқан шақ...» Жазушының әр хикаятынан алынған осы бір үш ауыз сөйлемнің жанына үңіліп көріңіз де, жүрек лүпіліне зер салып тыңдап байқаңыз. Сол сәтте еріксіз елең етесіз де, көгілдір аспанға көз тігіп, ақ бұлттардың үстімен бота тайлағымен желіп бара жатқан Нағашыбектің атасының ақ нарын іздейсіз. Аяғыңның астындағы жеңіл дем алып жатқан қара жердің тәнін абайсыз басып қасып қалып, ауыртып алар ма екенмін деген тағы бір оймен тағы да еріксіз аяғыңның ұшына қарайсың. Сыздаған бүршіктерін жарып жатқан тал мен терек, аққайыңның нәзік бұталарына да үңілер едің. Бұл – ойлы сөздің құдіреті! Бұл – жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының тіршілікке құдіретті сөзімен жан бітіре білер таланты мен дарынының жемісі! Жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының қаламгерлік шеберлігі хақында Қазақстанның халық жазушысы Әз-ағаң, Әзілхан Нұршайықов: «Нағашыбек Қапалбекұлы жалаң үгіт айтып, айқайламайды, жасанды пафосқа бой алдырмайды, қарапайым кейіпкерлердің ара-қатынасын реалистікпен бейнелей отырып, жамандықтан... түңілдіреді», – деп баға беруі біз айтып отырған шеберлік пен дарын хақындағы пікірімізді шегелей түскендей болары бар. Өмір қашан болсын жазушы, азамат Нағашыбек Қапалбекұлының өзін де сынаумен келе жатқандай. Сол сынға түскен сәтінде сынбаған, жылайтын кезде күйзелмеген, құлайтын жерде сүрінбеген адами кескін-келбетін сақтай білген және сақтап та келе жатқан Нәкеңнің бойындағы әлдебір, ерекше біткен қасиет пен тектілікті танығандай боламын. Тектілігі сол емес пе, ол бір өзінің ғана қара басының тіршілігін күйттемей, қашан болсын қалың елінің, қалың қазағының жағдайын ойлап, күн кешіп, күй толғар жағдайда жүреді. Тіпті, бір рулы елдің, Жетісу өңірінің бұрынғысының қазіргі жоқтаушысы, өткенін іздеушісі мен зерттеушісі, бүгінгілерінің басын қосып, келелі бір елдік істерге жұмылдыруға ұйытқы болып жүрген Нағашыбек Қапалбекұлы маған бір елдің биіндей әсер қалдырары бар. Жетісудің жан-жақта жүрген жақсылары мен жайсаңдарын туған жерлерінде қарсы алып, солардың басы-қастарында жүріп, оларға өз туған жерлерінің қадірі мен қасиеті жайлы, жақсылары мен жайсаңдары туралы, хандары мен билері, ақындары мен жыршылары, батырлары мен бектері, небір абзалдары жайлы сыр айтып, кітап жазып, кесене тұрғызып, ескерткіштер соққызып жүрер Нағашыбек Қапалбекұлының бұл да биік бір азаматтығының, тұлғалы қайраткерлігінің қасиеті болса керек. Сол қасиет дегеннен шығады, біздің Нәкеңнің бойындағы қасиет өзінің ұлы бабаларының бірі Жәкеңнен, Жамбылдан дарыған ба деген ойға тағы да келерің бар. Өзінің айтуынша, балалық шағында түс көріп, сол түсінде Жамбыл атасының қолына су құйып, батасын алған Нағашыбектің тегін адам емес

екендігін оның бүгінгі азаматтық білім-болмысынан еріксіз танисың. Баталы ұлдың ғұмыры тек қана жақсылықпен, ізгілікпен ғана жалғасып келе жатса, бұл да Нағашыбек Қапалбекұлының дара біткен бітім болмысын айғақтай түседі. Сол Жамбыл атасының қолына түсінде болса да су құйған Нағашыбек Қапалбекұлы қаламы қарымды жазушы болып Жамбыл бабасы жайлы «Жамбыл ата» және «Киесі–қызыл жолбарыс» атты құнды еңбектер жазып, ұлы атасының алдындағы перзенттік парызын ақтағандай да болып отыр. Бойына біткен білімдарлық қасиетімен жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы саналы ғұмырының біраз жылдарын ғылыми зерттеу жұмыстарына арнағаны да тегін емес. Өйткені, білмекке деген жан құштарлығы оны әрдайым көз майын тауысып, еңбек етер ізденімпаздыққа жетеледі. Қазақтың төл тарихында айшықты орны бар әз Төле би жайындағы зерттеу еңбектері өзінің соны да тың деректерімен елең еткізгені бар. Сонымен бірге жазушының «Көк байтал», «Наурызбай батыр», «Шамшырақ» атты еңбектері де өзіндік тарихы бар кезеңдерден суыртпақтап сыр тартар сырлы дүниелер екендігін айтқымыз келеді. Нәкеңнің жауһар жырлы Үмбетәлі Кәрібаевтың екі томдық жинағын баспадан шығаруы да қазақ әдебиетіне қосқан салмақты бір үлесі деп бағаланғаны жөн. Республикалық кітап мұражайының директоры бола жүріп Нағашыбек Қапалбекұлы кітаптану ғылымына да сіңірген орасан еңбегі бар екендігін атап көрсетуіміз керек. Әлемдік ғылымдағы үлкен маңызы бар ОрхонЕнисей ескерткішіндегі жазулардың құпиясы жайлы Нәкең үлкен ойлар түйеді. «Үш қоңыр» ғылыми мақаласының өзінде үлкен бір тарихи зерттеуге тұрарлық құндылықтар қамтылғандығы және де бар. Жазушының «Батамен ел көгерер» жинағы ұлтымыздың рухани байлығын еселеуге қосылған құнды еңбек екендігін батыл айта алар едік. Өйткені, қазіргі кезде ел ішінде батагөй қариялардың азайып бара жатқандығын ескеретін болсақ, бұрынғылардан, яғни, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билердің, одан қалды әйгілі батырлар мен ақындардың, дуалы ауыз шешендердің баталарын жинақтап, бүгінгі қалың еліне ұсынған дүниелері келер ұрпақтың да көкейінде жатталып қалатындығын айтуымыз керек. Нағашыбек Қапалбекұлының кітап музейі директор болып қызмет етіп келе жатқан жылдары мен кезеңдерін, оның өз өмірінің биік бір белесі деп танимыз. Жазушының музей туралы танымдық мақалаларынан бастап құрастырған жинақ кітаптарының аралығында еліміздің күні бүгінге дейін көмескі болып келген тарихы жатқандығын айта отырып, сол құнды мұраларды жинақтау арқылы тәуелсіз еліміздің тарихына лайықты үлес қосқандығын атап көрсетуге тұрады. Әсіресе, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша түрлі құнды қол жазбалар мен сирек кітаптарды жинақтау ісінде де үлкен іс тындырылып келе жатқандығын жоғары бағалар едік. Жазушының Қарасай батыр, Шапырашты Наурызбай батыр, Өтеген, Райымбек, Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Бекболат сынды ержүректі батырлар, Құртқа тәуіп, Андас датқа Стамбекұлы, Назарбай би, Қырбай сал Бозымбекұлы, Сүйінбай Аронұлы, Байсерке, Кенен, Үмбетәлі, Өтеп, Әбдіғали, Есдәулет, Сарыбай би, Медеу Пұсырманұлы, Мақыш балуан, Түктібай қобызшы, Сәт болыс, Қырбай сал және басқа да тарихи тұлғалар

жөніндегі еңбектері қазақ әдебиеті мен тарихына қосылған мол да құнды мұра болғандығын бөле-жара атап көрсеткіміз келеді. Бұл күндері бір өзі жиырма жеті кітап жазып, соларды басып шығарған жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының еңбекқорлығына еріксіз сүйсінер едіңіз. Бұл–еңбек! Және де еңбек болғанда да көз майыңды тауысып, түн ұйқыңды төрт бөліп, жұдырықтай ет жүрегіңе бүкіл әлемді сыйғызып, сол әлемді ойқиялыңмен шарлап, тербетіп, тебіренер жазушының шабытты бір шағының шырқау шыңы деп бағаланғаны жөн. Сол шырқау шыңға қаншалықты шығып түсу үшін де ой деген қара сүрлеумен бірде құлап, бірде сүрініп, бірде ентігіп те аптығып жүруіңе тура келеді. Қаламгерлік бұл жолдың азабын қаншалықты тартқандығын азамат жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының мол да кесекті дүниелеріндегі тұлғалы кейіпкерлерінің іс-әрекетінен, бет-бейнесінен айқын тануға да болады. Бір өзі бір ғасырдың жүгін көтеріп, қайғысы мен қасіретін, қуанышы мен қызығын, соры мен сортаңын арқалаған жазушы Нәкеңнің әр шығармасының кейіпкерінің тұла бойында, яғни образында заманның суреті мен сыры, кесірі мен кесепаты, обалы мен сауабы, сол заманның адамдарының кісілігі мен ірілігі, озбырлығы мен асылдығы, жақсылығы мен жамандығы, киесі мен қасиетсіздігі қатар өріліп, қатар жүреді. Мұны жазушының өмір атты кең дүниенің тоқтап қалған тынысына жан салып, тоқтап қалған жүрегінен қайрадан қан айналдыра білер, өткенді... былайша айтқанда өлгенді тірілте білер қаламының құдіреті деп бағалар едім. Ал, қалам құдіреті соны қолына ұстаған жазушының құдыреті. Олай болса жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы сол өзінің жазушылық құдірет-қасиетімен біздің ортамызда өзгеше жазып, дара шауып, даралана білген талантты қаламгер. Алатаудың баурайында жатқан асқар да, белді де беделді, абыройлы да, көңілі мен ниеті жаз дидарлы Нағашыбек Қапалбекұлымен таныс, біліс болғызған тағдырыма мен да ризамын. Ол–дос және де адал дос! Университеттің қабырғасында бірге білім алған кезеңдерден бері жалғасып келе жатқан адал көңілдің керуені жол ортада тоқтап қалған жоқ. Әлі де бірге келе жатырмыз. Жүгіміз де, жұбымыз да бір. Мақсатымыз да, ойымыз да ортақ. Ниетіміз де, көңіліміз де сол баяғы жарасқан қалпында. Әйтеуір біздің адал жандарымызды арадағы сыйластық, онан қалды бір-бірімізге деген бауырлық көңіл мен сазды бір сағыныштың жалғап тұрары бар. Және де сол адал көңіл сағынышы біздерді мәңгі жалғап тұрарына да сенемін. Жасай бер, адал дос, абзал да асыл азамат!

(«Арқа ажары» газеті, 30 наурыз 2010 жыл).

АҒА ЖАЙЛЫ СЫР

Міне, адам жанын сағынышқа, тәтті бір қиялға, тәтті бір мұңға бөлеп, ой әлеміңді жарып, шарықтатар сол бір жырлар туған ақын көкірегінің мұңын ұғуға тырыстық

Беу менің, Самала болып самсаған жарық дүнием, Тұңғиық тылсым сырыңды сенің шын сүйем. Ақшаңқан аспан, жап-жасыл мына жер үшін Табынам саған, тізерлеп тұрып бас ием! Бұл жай ғана жыр жолдары емес! Бұл ақын жүрегінің лүпілі, ақын жанының ақиқаты, ақын аға Төлеген Қажыбаевтың кез-келген уақытта кез-келген адам баласына қайталап айта берер, айта берер ақ адал сыры деп білемін. Мына айдай әлемнен өзінің бақытын, өзінің несібесін, өзінің ырыздығын құдіретті де қасиетті поэзиядан іздеуді өзінің өмірлік мұраты санап жүрген ақын аға жайлы көбірек біліп, оның жан сырын, жан жүрегін тереңірек ұғыну үшін оның өз поэзияларын қайра бір парақтап, ой жүгірткен жөн. Кез-келген шығарма суреткердің жан дүниесінің айнасы, оның заманына, өз замандастарына деген көзқарасы деген ұғым төңірегінде өз ойымызды жинақтар болсақ, онда ақын аға Төлеген Қажыбаевтың да шығармаларынан оның жан дүниесін ұғуға тырысайық. Ақыл айтар алдыңда, Көсемсір адам мен емен. Жалғандық айтып алдында, Алып та болсаң елемен. Алқалы топтың алдында Кездерім жоқ-ты есірген. Жалғандау іске бардың ба? Әкем де болсаң кешірмен. Артылма азап шексең де Жалғандық деген құр атқа. Мерт болып өзің кетсең де, Шындықты шыңнан құлатпа. Осы бір өлеңнің “Мерт болып өзің кетсең де, шындықты шыңнан құлатпа” деген соңғы бір екі жолын қайра қайталаңызшы. Қайталай отырып өзіміз күнде көріп, күнде сырласып, інілері аға деп, ағалары іні деп сырласып жүрген ақын Төлегеннің өмірлік кредосын танимыз. “Ақын жүрегін тат баспайды, тат басқан жүректен түк те шықпайды” деген Ғабаңның, әдебиет пірі Ғабит Мүсіреповтың пікірін еске ала отырып, ақын Төлегеннің бұл жолы да жалған сөйлемегенін айтуға тиістіміз. Өз өмірінде, өз еңбегінде, тіпті күнбе-күнгі қарапайым

тіршілігінде адамдықты, адалдықты жаныңа серік етіп келе жатқандығын шынайы көңілден айту соңынан ерген інілері біздердің парызымыз деп білемін. Жақсы бол жаным, Ешқашан көптік етпеген. Жақсылар керек елге де, Шуақпен ғана көктеген. Жақсылық керек жерге де, Жақсылық жебеп жүрмесе, Қиын-ақ болар пендеге, Осы бір асыл ақ арман. Бар шығар жаным сенде де! Бұл бәлкім адам баласын жақсылыққа үндеп, жақсылыққа шақырып тұрған аға жанының кең мейірімі, ақын жырының терең иірімі болар. Әйтеуір аға кім-кімді болмасын өзінің адал да ақ жанымен, сол адал да аппақ жанының мөлдір сырлы жырымен өзіне іңкәр қылары бар. Ал адалдықты аңсаған ақын жүрегін мен оны барша адам баласына деген үлкен азаматтық сүйіспеншілігі деп бағалар едім. Осы бір жай әркімнің есінде болса екен деймін әрдайым. Және де әлемдік әдебиеттің бір алыбы, француз жазушысы Ромен Ролланның “Өнер шын мәнінде адамгершілікті дәріптесе ғана құрмет пен сүйіспеншілікке бөленеді”, деген пікірі де ақын Төлеген Қажыбаевтың поэзия әлемінің сыр-сипатын аша түсері бар. Біз бүгін ақын әрі жазушы Төлеген Қажыбаев поэзиясын талдауды мұрат етіп отырғанымыз жоқ. Керісінше ақын поэзиясын қайта бір қайталай отырып оның өз өлеңдерінен, өз жырларынан азаматтық бейнесін тануға, адамдық жан дүниесін ұғуға және ұғындыруға тырысып отырғандығымызды айтқымыз келеді. Жасыратыны жоқ, әсіресе қызыл сөзі жоқ ақын жырының тәтті бір мұңын, аяулы бір сағынышын, мына өмірге деген жан сүйіспеншілігіңді оята түсер қуатын аңғарамыз. Міне, адам жанын сағынышқа, тәтті бір қиялға, тәтті бір мұңға бөлеп, ой әлеміңді жарып, шарықтаса сол бір жырлар туған ақын көкірегінің мұңын ұғуға тырыстық. Сол бір ниетке ден қойдық та, оның өскен ортасын, ақын өнген ел мен жер, ақын қалыптасқан табиғат аясына ой санамызды жүгіртуге мәжбүр болдық. Міне, ақын жанын осы бір аралықтан, осы деңгейден іздегенді мақұл көрдік. Өзің жайлы жиі ойлаймын оңашада қалғанда, Самғауменен қиял құсым топшысынан талғанда. Сағыныштан сарғаюмен қамығатын шағым көп, Жан көкешім, ерте үзіліп кеттің-ау деп арманда. Жігіттіктің додасында намыс туын көтерген, Жалықпапсың қайран әке ел парызын өтеуден. Қимасындай қызық шақтың, Той думанын тарқатпай, Сол бір апат кезікпесе өлең болып өтер ме ең, Маңайыңды жатса дағы жалындаған от шарпып, Тар окопта отырдың ба туған елден сыр тартып. Ақын жанды аңқылдаған кейпіңменен әлде сен, Жаттың ба екен көк майсада,

Көкірегіңнен күй шалқып,–деген ақынның “Қайран әке” деген өлеңінен осы өзіміз іздеп жүрген сарғайған сағыныштың ұшығын танығандай боламыз. Соғыстан оралмаған әке, оны сарсыла күткен, өмір бойы жаутаңдап күтіп жүрген соғыс жылғы балалардың бәріне тән ортақ мұң жатыр осы бір жырда. Бәлкім ақын Төлегеннің көкірегі барлық сағыныш атаулы, барлық мұң атаулы ақын әке болып, оның жарқын бейнесі болып тұнған шығар. Солай дей отыра, осылай деп ой толғаумен бірге айналадағы тіршілік атаулыны үлкен бір сағынышқа орап жырлау оның жырының сыршылдық қасиетін күшейте түскендей. “Әуелі әбден сағынып алмай, шығушы болма сапарға”,–деп кезінде ақын Төлеген Айбергенов жырлағанындай, ақынның көкірегі әуелі сағынышқа толып, әлде кімдерді, әлде нені сағынып барып жыр жазатын іспетті. Жаны сағынышқа толған сәтінде ғана ақын жүрегі жыр туғызады. Сағынышсыз өткен күнім далбаса, Бақыттырақ болмас едім мен де аса. Атар таңнан бір шапағат тостырған Іңкәр үміт сағынышым болмаса,–деген ақын жүрегінің ей, адам, өзіңе деген сағынышын, өзіңе деген іңкәрлігін ұғына біл. Мынау әппақ әлемге деген ақын жанының тазалығын түсіне біл. Ақынның сыршыл үнін ұғына біл!

СЫР ҰҚТЫРАР ӨМІРДЕН

Адамдардың бәрі бірдей сұлулықты танып, түсіне білсе, онда мынау айдай әлемдегі пенделердің бірде-біреуінің жүрегін өкініш етіп күйдірмес еді…

Әр жазушыны өз дәуірінің жыршысы десек халық алдындағы азаматтық парызын тереңінен сезіне білген әрбір қалам иесі өз айналасындағы адамдарды ойландырып жүрген сан қилы сұрақтарға жауап іздеп, толғанары бар. Өз замандастарын, кейінгі ұрпақты жақсылыққа үндеу, жамандық атаулыдан безендіру үшін, өмірдің көлеңкелі тұстарын азайтып, жылы шуағын молайтуға ықпал жасарлық шығармалар жазу әр жазушының қашанғы мұраты, ой-арман мүддесі болып келеді және солай болып қала да бермекші. Жуырда ғана “Жазушы” баспасынан жарық көрген жерлес жазушы Төлеген Қажыбаевтың “Махаббат әні” кітабын оқып болғаннан соң осы бір ойға берілгеніміз бар. Өйткені жазушының бұл жолғы өз оқырманына айтар сырының, ойының тереңдей түскендігін, қаламгер творчествосымен бұрын да таныс оқырмандар айқын аңғарар еді. Бұл заңды да. Өйткені уақыт атты үлкен көштің мазасыз легіндегі жазушының ойы толысумен бірге, көкейге түйген ойын, жүрек түкпіріне тұнған сырын жеткізе білер шеберлігі де жетілген үстіне жетіле түсуде. Жазушының “Махаббат әні” кітабындағы “Қорқаудың ақыры”, “Махаббат әні” повестерімен бірнеше әңгімелерінің қай-қайсысы болмасын осы пікірімізді қуаттап, ақиқаттығына көзімізді жеткізе түскендей. Жазушының “Қорқаудың ақыры” повесін оқи отырып, бойыңыздың әлде бір қиянатты істен тітіркеніп жүре берерін байқамай да қалар едіңіз. Өйткені, адам

баласының қорқаулық жолға түсіп, мола тонап, содан күн көруді кәсіпке айналдыруы еріксіз жирендіреді. Байқал көліне қарай шығыстан соғар жел– баргузиннен де қатал әрі суық болатын көр тонаушы Селенганың іс-әрекеті. Автор Сібірдің жергілікті халқының жай-күйін, психологиясын жетік білуге ұмтылған, бұл сәтсіз де шықпаған сияқты. Повестегі тунгустік Саяқ шалдың бейнесі арқылы жазушы Сібірдің жергілікті халқының ішкі ой-әлемін, адамға жақсылық жасаудағы адал көңілдерін нанымды суреттей білген.Тайга ішіндегі колониядан қашып кетіп Сібірдің ысқаяқ суығына шалдығып жүре алмай өлімші халге жеткен Тимофей–Селенганы Саяқ шал тауып алып, өз мекен жайына алып келеді. Оның аузына су тамызып өлімші халден бетін бері қайтарып алды. Үсіген аяқ-қолын емдеп, арып-ашыққан Тимофейді тап бір туғанындай күткен Саяқ шал өз ажалының түбінде осы сұмнан боларын сезген де жоқ еді. Өйткені, өзіне жақсылық жасаған адам өзіңді өлтіруі мүмкін бе? Жоқ. Бұған аңқау да ер Саяқ шал илана қояр ма екен. Бірақ Тимофей–Селенга опасыздық жасады, кінәсіз адамға. Саяқ шалдың ажалы өзі күтіп, өлім аузынан өзі алып қалған Селенгадан болып еді. Саяқ шалдың ажалына күйіне отырып, Селенганың қорқаулығы ашу-ызаңды туғызады. Әйтеуір Селенгаға енді бұл жарық дүниеде жақсылық жоғына сенесің. Жазушы оқушының осы бір түйсігін дөп басқандай, повестің концепциясын шебер түйіндей білген. Жазушының “Махаббат әні” повестін қазақ әдебиетіндегі соңғы жылдардағы тәуір шығармалардың бірі екендігін оқырман ретінде айта кетуді жөн санап отырмыз. Оқиғасы шымыр, тілі бай, айтар ойы терең бұл повестің сәттілігі сонда, мұны оқи отырып, шығарма кейіпкерлерімен жан дүниең бірігіп жүре береді. Повестегі суретші Досбол мен әнші Махаббаттың тағдыры арқылы жазушы айналадағы өмірдің, тіршілік атаулының тынысын сыршылдықпен баяндай білген. Жалпы кез-келген қаламгер үшін өнер адамдары туралы жазу, олардың түпсіз терең ой әлеміне ой санаңды бойлата білу, шым-шытырық психологиялық жан дүниесі мен күйзелісін, қуанышы мен мұңын тани түсу үшін бұған ден қойған жанның үлкен интеллектуальдылығы қажет. Осы тұрғыдан алғанда жазушы Төлеген Қажыбаев өнер адамдары Досбол мен Махаббаттың жан дүниесін, ішкі сезімдерін ашып көрсетуде шеберлік биігінен көріне білген. Жазушының мұндай шеберлікке жету жолы оның өнер туындыларын жан дүниесімен түсініп, тани білудегі ой өресі повестен айқын аңғарылады. Повестегі басты кейіпкерлердің бірі–суретші Досболдың өнердегі де, өмірдегі де жаны таза адал жандардың бірі. Ол өз тіршілігінде мынау айналадағы тіршілікте жамандық атаулы мына сұлу да сырлы әлемде сыйықсыз да сүреңсіз нәрселер, маңайдағы адамдар арасында парықсыз да топас көкіректер бар екендігін білмейтін де, сезбейтін де. Өйткені, Досбол бар жан дүниесімен әсемдікке, сұлулыққа құштар жан. Сол бір сұлулық атты сырлы әлемді іздеп жүргені өмір бойы қолынан қыл қаламын тастамай. Тіпті Досбол өзінің жары Гүлзада мен оның бастық ағасы Темір Тасеменович ісәрекеттерінен, бұған деген көзқарастарынан да әбестік байқамаған еді әуелде. Өйткені Досбол өмірді сүйетін, сол өмірден тек қана жақсылықты, сұлулықты іздейтін.

Жазушы Гүлзада мен Темір Тасеменович бейнелері арқылы өмірдің бар сұлулығы мен әсемдігін күйкі тіршіліктің ошағынан ғана іздейтін, соған әуес жандарды, көкірегінде сәулесі жоқ замандастарымыздың іс-әрекеттерін болмысы мен психологиясын нанымды суреттей білген. Гүлзада мен Темір Тасеменович үшін өмірдің сұлулығы мен жан рахаты жайлы пәтер, қымбат жиһаж, өктемдігіңді жүргізер биік мансап қана екендігі жаныңды күйзелтеді. Биік мансап пен байлықты парық санайтын Гүлзада өз жары Досболдың жан дүниесін, ішкі ой-әлемін, оның жақсылыққа, сұлулыққа іңкәр көңілін түсіне алмасы да анық. Сондықтан Гүлзадаға, оның ағасы Темір Тасеменович деген ағасына оқушы көңілінің де суып сала беруіне ешбір таңдануға болмайды. Ал бұған керісінше повестегі әнші Махаббатқа деген сүйіспеншілігінің арта түсері бар. Өйткені оның жан дүниесі мөлдір, тап-таза жүрек сыры әрқашан сыршыл ән болып естіліп жатады. Махаббаттың жан тазалығын, Досболға деген кіршіксіз де адал көңілі мен сезімін жазушы терең бір сүйіспеншілікпен баяндай білген. Досбол Махаббаттың жан дүниесінен өмір бойы өзі іздеп жүрген бір сұлулықты аңғарады. Сол сұлулыққа, сол бір сырлы сұлулықты бар жан дүниесі мен бітім болмысына жинақтай білген Махаббат суретші Досбол шабытының қайнар көзіне айналып жүре береді. Махаббат Досбол үшін ендігі арада мынау тіршіліктің, творчестволық шабыттың күш-қуатына айналады. Мұны Досболдың Махаббаттың бейнесін қыл қаламымен ақ қағазға түсіре білген сәтіндегі шабытты да қуанышты көңілінен де айқын аңғарар еді әрбір оқушы. Адамдардың бәрі бірдей сұлулықты танып, түсіне білсе, онда мынау айдай әлемдегі пенделердің бірде-біреуінің жүрегін өкініш оты күйдірмес еді. Бірақ, өмірде олай болған ба?! Гүлзада да сол сұлулықты тани алмай Досбол салып жатқан Махаббаттың этюдтік суреттерін шашып аяғына басады. Оның бұл әрекеті Досбол үшін оның жүрегіндегі аяулысы Махаббатың, қасиетті өнерді қорлағандай, барлық сұлулық әлемін аяғына басқандай әсер етті. Досболдың Гүлзадаға деген көңілінің бірден суынып сала бергендігіне, одан безінгендігіне де кешіріммен қарайсың әрдайым. “Махаббат әні” повесінде жазушы өз оқырманына мұңлы бір тәтті сыр шертеді де сол әуезді мұңының сарынын үзбей, шығарманы өмірден сыр ұқтырар терең бір толғаныспен аяқтаған. Жан күйзелісіне душар болған Досболдың машина апатына қазаға ұшырауы оқушы көңілін жабырқатады. Бірақ, Досболдың төс қалтасынан шыққан Махаббатқа жазып кеткен хатынан жаңағы жабырқау көңілің, жүдей қалған жан дүниең жаңа бір әсерлі қуанышқа, тәтті бір сезімге бөленері бар. “Жаныма сарқылмас қуат құйып, шабытыма қанат берген, аяулы Махаббатым, өмірде сенің барлығың қандай бақыт еді”,– деген хат жолдары Досболдың ізгі жаны, мөлдір сезімі болып ойыңнан бір кетпейді әйтеуір. Мұны шығарма қуаттылығының әсері деу керек. Сондай-ақ осы кітапта жазушы Төлеген Қажыбаевтың әңгімелерінің де айтары мол әсерлі дүниелер екендігін айтуға тиістіміз. “Авгидің ат қорасы”, “Жалғыз бауыр” әңгімелеріндегі өмірдің тамыр соғысынан бүгінгі адамдардың жан дүниесін, ішкі ой әлемін тани түсіп, “Айбозым”, “Аза жыры” әңгімелерінде Біржан сал өмірінің трагедиясы нанымды әрі шебер суреттелген. “Әдебиеттің

мақсаты–адамның өзін-өзі тани түсуіне көмектесу, өзіне деген сенімін молайту және ақиқатқа құштарлығын өршіту”–деген Максим Горькийдің пікірін еске алар болсақ, жазушы Төлеген Қажыбаевтың “Махаббат әні” кітабындағы дүниелер осы бір талаптарға біршама тәуір жауап берерлігін оқырман ретіндегі әділ де адал көңілмен пайымдауымыз керек. Өмірден сыр ұқтырар сыршыл дүниелер бола берсін дейміз. (“Көкшетау правдасы” газеті, 20 желтоқсан 1989 жыл).

МҰҢ БАР ЕКЕН, АҒАЖАН, ЖЫРЛАРЫҢДА

Өзің жайлы жиі ойлаймын оңашада қалғанда, Самғауменен қиял құсым топшысынан талғанда. Сағыныштан сарғаюмен қамығатын шағым көп, Жан көкешім, ерте үзіліп кеттің-ау деп арманда! Жігіттіктің додасында намыс туын көтерген, Жалықпапсың қайран әке, ел парызын өтеуден. Қимасыңдай қызық шақтың той-думанын тарқатпай, Сол бір апат кезікпесе өлең болып өтер ме ең?! Маңдайыңды жатса дағы жалындаған от шарпып, Сызды окопта отырдың ба туған елден сыр тартып. Ақын жанды аңқылдаған кейпіңменен әлде сен, Жаттың ба екен көк майсада көкірегіңнен күй шалқып. Үйде қалған домбыраңның қос ішегіндей ширығып, Тұрдың ба екен көкірегіңді намыс оты күйдіріп. Басталмаған бір ән болып толқып әлде жүрдің бе, Кеңащының бар аңғарын көкірегіңе сидырып… Кешегі қан майданда опат болған әкені аңсап, аңыраған сенің шерлі көңіліңнің, сенің ақын көңіліңнің бұл мұңы мен бұл қасіреті менің де жаныма жақын еді, ақын аға! Біз екеуіміз туған ауылдың сол кең даласы–Кеңащыдан мәңгілік, әрі беймәлім әлемге қарай жол салған сол әкелердің соңынан қалған ізі, солардың туған елінің баурайында бүгінгі күні самғар үні болып қалдың, ақын аға! Қалдың да, ет жүрегіңдегі сол арман әкелерге деген аяулы сағынышың шерлі көңіліңе аяулы бір мұң болып тұнды. Ет жүрегіңе мәңгілік орнап, жаныңды әлдилеп тербеген сол бір тәтті мұңнан, сол бір алапат сағыныштан туған жан сырыңды адам баласына аша алмай, адам баласына айта алмай жүрген балаң да бұлаң көкірегіңе қасиетті жыр келіп еді қонақтап. Сол бір сағыныш, сол бір мұң сені ақын етті де, осы бір аяулы қос сезім сонан бері сенің ақын жүрегіңнің күре тамырындай бірге соғып келеді әрдайым. “Бейқам күліп өспеген соң өз басым, Бос күлкіні ұнатпаймын бір түрлі”–деген ақын Мұқағалидың сыр әлемімен үндес сендегі мұң да көкірегіңді шайқап, әрдайым мұңға батып жүретін қыран қабақ кейпіңнен біреулер айтатындай “тұлданып” емес, мұң басып, мұңдалып

отырар сәтіңде, сол бір қасиетті қос сезімнің тұңғиығына батып, мынау кең дүниенің адалдық үшін кейде тарыла кетер тарсаңдығын, ар-қасиет пен имандылықтың саудаға түсе бастағанын көріп жан дүниеңнің әлем тапырығы шығып, жан жүрегіңнің, ақын жүрегіңнің жылап отырғанын сезінер ме екенбіз, ұғынар ма екенбіз?! Сағынышсыз өткен күнім далбаса, Бақыттырақ болмас едім мен де аса. Атар таңнан бір шапағат тостырған, Іңкәрлік үміт–сағыныштарым болмаса,–деп өз жанының, өз жүрек сырының сағыныштардан тұратындығын міне, осылайша айтып отырған ақын аға Төлеген Қажыбаевты сағыныш пен мұңның ақыны демей көр кәне! Осы бір сыршыл көңілдің айтар сыры поэзия әлеміне жыр болып қосылғалы ол өзіне ғана тән ақындық үнмен танылып келеді. Мен ақын ағаның баспалардан неше кітап шығарғандығын тізбелемей-ақ, бір ауылдың түлегі ретінде, ұзақ жылдардан бері білетін, ұғуға, ұғынысуға, түйсініп, түсінісіп жүруге ұмтылып, өкшесін басып келе жатқан қаламгер інісі ретінде Төлеген поэзиясының бастау көзі, қуат көзі, өмірдегі, қасиетті жыр әлеміндегі кредосы жайлы сөз қозғауды, сыр шертуді өзімнің аға алдындағы парызым деп білдім. Бірақ та ақын жайлы сөйлеу және адал айту, оның айналасындағы адам баласына ақтарыла да, айта да бермейтін жан сырын оның өз жырларынан іздеп табу және де сондағы сырларынан ақынның өзін тану оңайға түспегені де бар. Өзімен сөйлесіп, өзімен пікірлесіп, суыртпақтап сыр тартсаң да, томаға тұйық мінезіне басып, еркін сөйлесе қоймайтын ақын ағаның өзін, оның жан сырын ұзақты түн ақтарған жыр кітабынан тапқанымды айтайын. Ақыл айтар алдыңда, Көсемсір адам мен емен. Жалғандық айтып алдың ба, Алып та болсаң елемен. Алқалы топтың алдында, Кездерім жоқ-ты есірген, Жалғандау іске бардың ба, Әкең де болса кешірмен! Міне, бұл ақын Төлегеннің “Адалдық” деген өлеңіндегі айтар сыры–оның өзінің күнбе-күнгі тіршілікте ұстанған адамдық, азаматтық позициясы, “Жалғандау іске бардың ба, әкем де болсаң кешірмен”,–деп шындықты шыңнан құлатпау үшін өзін мерт қылуға әзір ақын ағаның адал да әділ бұл жан сырына тек тексіздер мен бетсіздер ғана шүбә келтіріп, дау айта алар-ау! Төлеген Қажыбаевтың шығармаларын ой елегінен өткізіп, үзбей және қадағалап оқып отырсаңыз ақын ағаның ұлы Абайға көбірек жүгіне бастағандығын байқар едіңіз. Бұл ақын Төлегеннің тақырып таппай жүргендігі емес, бұл Төлеген ақындығының биіктей түскендігі деп ұғынуымыз керек. Ақын Төлеген Қажыбаевтың “Абайға жүгініс” деген өлеңін оқи отырып, “Мыңмен жалғыз алысқан” Абай дәуірінен бері қалмай келе жатқан мынау өмірдің қарама-қайшылықтары, жер басып жүрген адам баласының бүгінгі

ұрпақтарының кей пиғылы, ең әуелі сезімі бар ақын жүрегіне ой түсіріп, жара салатындығын ұғындыра түсті. Мансаппенен өлшедік кісілікті, Дедік соның қашан да ісі мықты. Пысықайлар иыққа мініп алды, Қолы сумаң болғанда, көзі сұқты. Бұлай деп отырған Абай емес, мұны айтып тұрған ақын Төлеген! Ал енді ұлы Абайдың: “Ақылды деп, арлы деп, ақ бейіл деп, Мақтамайды ешкімді бұл күнде көп” деген жыр жолдарын ақын Төлегеннің осы жырына қосып бірге оқи жөнелсеңіз, екі дәуірдің екі ақынның сыры мен мұңы, қайғысы мен уайымы бірігіп, бітісіп жүре беретін қасиеті бар. Бұл неліктен? Мұның сырын Төлегеннің: “жан емен жегенге тоқ, ішкенге мас” деп ұстанған өмірлік позициясынан іздеу керек. Ақын–өз қоғамының төл перзенті бола тұра, сол өмір сүріп отырған дәуірдің жалғандығы мен қиянатына, өз үнімен қарсы тұруымен, өз кезеңінің кесір-кесапатын тани білуімен, өз халқына, өз еліне өсиет айтуымен қасиетті болар бәлкім! Теңдеспеспен теңестім, Егеспеспен егестім. Жыласаң бүгін жылап қал, Абайдан әулие емеспін,–деп адалынан сөйлеп Абайдың мұңымен шарпылып, Абайдың қасіретімен күңіреніп тұрған ақын Төлегеннің “Дариға жүрегі” міне, осыны ұғындырады маған. Асылында азамат Төлегенді түсіну үшін, оның кім екендігін білу үшін оның поэзиясын оқу керек. Өзінің көп ашыла қоймайтын, тұйықтық мінезіне басып, оның өлеңдері де ішкі сырын бірден жайып сала бермейді. қайталап оқып, сол оқыған сайын оның айтар ойы мен ышқына шыққан жан даусын таныр едің “сәулең болса кеудеңде”. Тегінде ақын болу үшін қасиетті бір сезім керек болса жүрекке, сол ақын жүрегінен шыққан жырды түсінуге де сезімтал да сергек көңіл керек болар-ау! Төлеген поэзиясынан тағы да бір ұғынғанымыз осы болды. Қасиетті поэзияның қасиетті жүгін арқалап, бүгіндері ердің жасы елуге де келіп жеткен ақын аға Төлеген жырларының жылдар озған сайын сомданып, шыңдалып та, кемелдене түсер қасиеті бар. Бұл Төлеген ақынның өзіндік айтар ойы, өзіндік айтар сөзі бар екендігінен болса керек. Ақын аға жырларының әрдайым жаңғырып, келер күндерге жетер күш-қуатына да сенесің. Өйткені, ол жырлардың бастау көзі–ақын аға жүрегіне өмірдің өзі тұндырған Мұң мен Сағыныштарда жатыр. Өз үнім, өз соқпағым қалсын деумен, Өріме сүйреп келет бақ талабым,–деп адал сырыңды, асқақ арманыңды жайып салып отырған ақын аға, жырлай бер әрдайым! Мұң мен сағыныштардан құралған біздің жүректер табысар әлі, табысар да бірін-бірі сағынар, ойлаумен, мұңаюмен өткен тіршіліктің қоңыр күйін біздер бірге, бірақ әрқайсымыз өзімізше айтармыз әлі. Ылайым тек сол бір күндерге жетейік, аға!

(“Көкшетау правдасы” газеті, 5 желтоқсан 1992 жыл).

ТҮСІНШІ МЕНІ, АЯУЛЫМ!

Мәңгілікке өзіммен ала кеткен, Менің нәзік жанымды кім түсінер!? Мұқағали.

Ақын түн құшағына сыймай отыр. Атса екен, атса ғой мына таң тезірек. Апыр-ау, жарық сәуле, терезе әйнегінен тезірек күлімдесеңші енді! Талды ғой ақынның сағыныштың сал шекпенін жамылып алған жүрегі. Мына ақын үшін түн дегенің өз өмірінің азапты бір кезеңі іспеттес. Тезірек, тезірек таң атса екен, атса екен! Әйтеуір, таң атса болды, ол өз сағынышын көреді, онымен жүздесіп, тілдеседі. Апыр-ау, бұл не деген сыйқырлы еді мынау жарық дүние! Қазір мұның сылдырлаған күміс күлкісін естиді, содан соң өзіне жалт етіп қараған, болмаса терең ойға батқан бота жанарларын көреді. Сол сәтте ақын жүрегі өзіне деген аяулысының көңіл сырын оқыр еді. Сүйіктім, сағындым дейді ақын жүрегі мұңайып. Білем саған жете алман, ғарыштасың, Белгілі мәңгілікке табыспасым! Дерт те емес, күйік те емес, жар да емессің, Сен маған сағыныш боп жабысқасың,–деген жыр жолдары ғашықтық отынан маздаған Мұқағали ақынның ет жүрегінен төгіле жөнелер еді. Ақынның жан дүниесіне, бүкіл болмыс бітім не сағыныш боп жабысқан сәл бір ару өзінің ерке де тәтті, кейде асау да тәкаппар мінезімен оның сазды жүрегінің қыл пернесін күніне сан рет қағып, ойландырып қоятын. Кейбірде өзі сүйіктім, аяулым деп те аймалайтын, ал тіпті сүйіспеншіліктің тәтті бір ләззатына бөленген шақта, қиқарым, қыңырым, қырсығым деп те еркелететін шақтарын ақын қайтып қана сағынбасын. Өз үйіне де, мынау аппақ әлемге де сыймай кетер шағында осы бір ғашық жанның кіп-кішкене от құшағына ғана сыйып, сол бір жанның өзіне деген отты сезімі ғана мұның жүрегіндегі алапат сезімнің атқылаған жанартауларын жуасытып сала беретін. Өз сүйіктісінің гүл құшағында отырған оның өзін ыстық сезіммен аймалаған сәтінде ақын жүрегі мына бір назын айтып қалар еді. О, менің гүл алаңым! Саған кеп сөндіремін мұң алауын. Сен–маған тыным бермес тіршіліксің, Осыған қуанамын!

Жаси, жалған сөйлеуді білмейтін ақынның өз сүйіктісіне деген ғашық жүрегі бұл жолы да ағынан жарылып еді осылайша. Аяулысын көрген сайын өзіне деген бір аяулы жылы сөзінен, бір нәзік күлкісінен, жарқ етіп өзіне қараған көздеріндегі алау оттан ақын жүрегі шабыттанып, өзінің мына тіршілігіндегі түрлі мұң-наланы ұмытып жүре береді. Кей-кейде мұның қыңыр сүйіктісі оның жанына шоқ салған сәтте ақын жаны әлде бір тәтті мұңға, сағыныштың қалың иіріміне батып, мынау өмірден түңіліп, сол аяулысы тұратын үй терезесінің алдынан ертелі-кеш теңселіп жүріп алар сәтінде де ақын жаны жырлаудан бір танған емес: Шарықтап, қолым жетпес көкте Күнге, Ақ қанат құсым менің кеткенің бе? Шарқ ұрып бар ғаламды шыр айналып, Мәңгілік сені іздеумен өткенім бе? Сарғайған сағынышты басып толық. Бар үміт, бар сенімді шашып болып. Өтермін сірәда мен бұл өмірден, Мәңгілік қалармын мен ғашық болып! Ақын ауыр ой үстінде. Бүгін өз сүйіктісін мынау қаладан іздеп таба алмап еді, көңілі тағы да алау-жалау. Апыр-ай десейші, сол сүйіктісінің аққұба өңін, от ойнаған көзін, қыр мұрынын, тіпті анау алтын сырғалары тербеліп тұрған күн көрінер аппақ құлақтарын да бір көре алмап еді, сағыныш аптаған ақын жаны ғашықтықтың ыстық алауымен тағы да шарпылып, өн бойы алаулап, еріндері кеберсіп, жүдеп сала берді. Қайдан іздесе екен аяулысын?! Апыр-ау мұның жанына мынау оның үйінің шамының жанып, мына терезелерден соның үйінің жарық сәулесінің мынау ол жүрген кең көшеге жарқырап шашылып жатқаны көңілін әрдайым ыстық бір үмітпен жылытып тұрушы еді ғой. Зарықты-ау жүрегі, қамықты-ау жаны! Қайда кеттің ерке сылқым ақынның ғашық жаны, сүйіктісі!? Келші, келші енді!? Міне, саған ғашық жан өз сырын айтып тұр ғой, тыңдашы енді, тыңдашы! Бәрібір, түсінбесең, түсінбе сен, Өмірім де, өңім де, түсім де–сен. Жүрсем болды мен сенің көлеңкеңде, Өзің біл шуағыңды түсірмесең. Ақын өле-өлгенше ғашық болып өткен сол бір жан да, жан дүниесін ұғынатын, түсінетін. Оның сүйіктісі мұны да сүйетін. Тағдыр бұларды әуелденақ жолықтыруы керек-ақ еді енді міне екеуінің жолы екі айырыла берері бар. Сол жол айырығына келгенде ақынның сүйіктісінің ет жүрегі еліктей елпілдеп, көздері тәтті бір мұңға батып жүре береді. О, тағдырым, осынау адамды өзіне, өзін мұның ақ та пәк жанына ғашық қылған сәтте екеуі де өмір бойы бір-бірін сағынып өтсін дедің бе екен?! Жоқ әлде бір-біріне қолдары жетпей кеткен екеуі де екі жерде өз биіктіктерімен өзгелерден дараланып тұрсын дедің бе екен? Қалай айтқанмен де әйел жаны осынау бір ғашықтықтың, тәтті бір сүйіспеншіліктің мұңына батқанда көз жасы сыр беріп қоятыны бар. Бота көздерінен жас тамшылары мөлтілдейтін. Ақын күрсінетін осы сәтте. Өз сүйіктісінің көз жасы мұның жанының сағыныш дауылын шақырып, қасірет

толқындары онсыз да мұның өмірден жырым-жырым болған ет жүрегінің жағалауын соққылай беретін, соққылай беретін! Өз сүйіктісін құшып, ішкі сезімнің алауынан жарылып кеткен еріндерімен өбіп тұрып: Көзіңнің жасын көрмесем екен, мен сенің, Көзіңнің жасын көрсетпе маған еңселім! Қайғыру саған–Қара теңіз боп теңселу, Қайғыра көрме, темірден соққан семсерім,–деп өз сүйіктісін нәзік жанымен жебеп, оны сонау тым-тым биікке, өз тұғырына ұшырып жіберетін. Әне, терезе алдындағы жалғыз терекке сүйеніп тұр ақын. Өз сүйіктісінің бейнесін тағы да бір көріп, сонан соң мынау қараңғы көшеге түсіп алып, өз мекеніне қарай аяңдайды қазір ол. Терезе әйнегіне жабысып бұған мұңая қарап тұрған әйел ауыр күрсінеді де, бұған қолын сермеп, “бар енді, үйіңе”,–дейді. –Қазір, қазір, кетемін сүйіктім,–дейді ақын үні дірілдеп.–Сенің терезеңнің алдынан да, мынау аппақ әлемнен де кетермін мен. Саған деген мынау сағыныштың алауы күйдіріп бара жатқан қайран жүрек сүйіктім-ау, сенің тәттілігіңді, сенің мұңыңды, сенің сезіміңді, сенің маған деген ерекше бір сүйіспеншілігіңді қашанғы көтеріп жүре алар дейсің! Мен сенен мәңгілікке айырылып қаларымды сеземін де, күн сайын өзіңді сағынып, өрт болып жанамын, сүйіктім! Кетпеші терезеңнің алдынан, сәл шыдашы, кетпеші! Осы бір ой толқындары ыстыққанды миын шарпыған ақынның ғашық жүрегі оны мынау кең көшеге сыйғызбай келеді. Мен өтермін, өтермін мен, Мәңгілік сен қаласың, сағынышым,–деп ақын жүрегі жырлап келеді. Ақын жүрегі жылап келеді!

(“Көкшетау правдасы” газеті, 29 қазан 1988 жыл).

БАБАЛАР ЖОЛЫ – АҚИҚАТ ЖОЛЫ

“Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды”–дегенде сол қазақ аталы сөздің абыройын аспандатып қана қоймай, атандай ауыр салмағын сездіріп, ахуалдың әу-жайын арсы-гүрсі қабылдайтын алакөкірек аптықпалық пен алаңғасарлықты, жүйелі сөзге жүгініс қылмаған жүргенсіздікті сынаса керек. “Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады”–деп аңдамай айтылған сөздің ауыртпалығы мен зардабын меңзей отырып, тіл һәм сөздің киесі мен қасиетін қадірлеуге үйретеді. Қазақтағы аталы сөздің арнасы шешендік өнермен өріле жұптасса, арқауы арыдан келе жатқан алқалы билердің билік кесімімен, тура да әділ шешімімен шеп құрап 19 ғасырдың соңына дейін жетті. Түрмесіз-ақ тентегін тезіне салып, абақтысыз-ақ ақымағын алдарқатып ұстап, сотсыз-ақ содырын сормаңдай етіп келген дала демократиясы, дала билігі бертін келе тізгінінен айрылғаны белгілі. Жат формация, жаңа қоғамдық-әлеуметтік қатынастар өз институттарын құрып қалыптастырады. Ежелгінің бәрі ескерусіз қалды, баяғының бәрі баянсыз көрінді, кешегінің бәрі керексіз етілді. Хан десе қарадай шошынып, би десе азар да, безер болдық. Айта берді ауыздан ауызға таралып, әдеби-тарихи жәдігерлерімізде ғана үзіліп-жұлынып көрсетілгені болмаса, олардың баяғы қазақ қоғамындағы атқарған іс-әрекеттері, тндырған шаруалары, елді бірлік пен ірілікке шақырған дуалы сөздері мүлдем қажетсізденіп, ескінің қалдығы есебінде танылғаны ақиқат. Сөйтсек, өткендегінің бәрі өлеусіреген шамның өтімсіз жарығы емес екен. Ол өміршеңдігін танытты, ғасырлар сұрыптауларынан сурылып шығып, әр дәуірдің сұранысына жауап берген, екшеліп еленген, ұлттық дәстүрліліктің бар жиған-тергенін бойына сіңірген, иі қанып, илеуі келіскен осынау қоғамдық-әлеуметтік үлгілер үрдісін үзіп алмауға деген азаматтық кәсіби құлшынысты “Билер мектебі–билік үлгісі” атты осы зерттеу еңбектен көруге болады. Қоғам әр түрлі институттардың жиынтығы болса, сот жүйесі соның айтулы да, азулы тармағы. Бұл салада қазақ халқының да өзі жинақтаған өміршең тәжірибесі мен заңнамасы болғандығын зерттеуші, сот жүйесінің білгірі, Ақмола облыстық сотының төрағасы Өмірсерік Сағындықұлы Қожабев өзінің “Билер мектебі–билік үлгісі” атты еңбегінде байыпты сөз етеді. Расында да бұрынғы хандық дәуірдегі қазақ қоғамында билер мектебінің атқарғаны аз болмаған. “Жер дауы, жесір дауы”,–деген ежелден-ақ қазақты жегі құрттай жеген дау шардан бастап ел мен ел, ру мен ру, хан мен сұлтан арасындағы бітеу жара, бітіспес дауды бітімге келтіріп, бітіріп жіберетіндер осы билер еді. Ақылға кемел, ойға жүйрік, сөзге шешен, мінезге ұста, дәстүрге берік, дінге даңғыл, әлеуметке әділ, қазылыққа қазықтай нық адамды тегіне қарап та, қарамай да, халықтың өзі қалап тағайындаған. Бұл туралы Шоқан Уәлихановтың зерттеулеріне автор сілтеме жасай отырып, жалпы сот билік жүйесін қазақ өмірімен, оның арғы-бергі тарихымен, этникалық мінез-құлқымен, рухани-мәдени құндылықтарымен сабақтастыра қарастырады. Сонымен қатар қазақ даласындағы билік айту дәстүріне, оның

өзіндік ерекшеліктеріне қатысты батыс, орыс ғалымдарының ой-пікірлерін орынды керектенеді де, жалпы қазақ қоғамындағы әлеуметтік теңгермешілік пен құқықтық әділеттіліктің хан демей, қара демей көп жағдайда бірдей болғандығын айтады. Қылмысқа сай берілетін жаза түрлерінің сол адамның ата тегіне, әлеуметтік түр негізіне қарамй қолданылуы да сол замандағы ең озық әділетті ұстанымды айғақтайтын бірден-бір дәлел. Кітапта қазақ билерінің іс қарау, билік жүргізу, жаза кесу үрдістері мен ерекшеліктері жан-жақты баян етілген. Билер мектебінің тарихы да арғы заманнан сабақталып, Майқы бастаған билер көшінің қадау-қадау тұлғалары, айталық Үйсін Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке билер жайында кең толғай сыр шертеді. Тек аты мәшһүр төбе билерді ғана төңіректетіп қоймай, аты-жөні қауым қазаққа әлі де болса толық таныс болып үлгермеген айтулы билер хақында да толымды ой қозғайды. Соның ішінде Ақмола, Көкшетау өңірінде өмір сүрген бишешендердің өзінше бөлек қарастырылуы орынды болған. Не қылғанмен де бұл еңбек қазақ билігінің биік шынары болған билер мектебінің болмысынан, тарихынан қыруар мәлімет беретін қызықты да, салмақты, ұлттық рухты биіктететін құнды кітап есебінде ойлы оқырманға жол тартты.

(2005 жылы жарық көрген Өмірсерік Қожабаевтың “Билер мектебі – билік үлгісі” кітабына жазылған алғы сөз)

ӘН ЖҮРЕГІ ҚАРТАЙМАЙДЫ

Шарықтап, шырқап жүріп өмір сүріп келе жатқан Кәрім ағамызды бүгін алпыста дейді… Құдыреті де, мұраты да ән еді ғой. Алпысқа келгені жақсыақ… бірақ, ағаекемнің ән жүрегі қартаймаса екен!.. І. Неге екенін қайдам, мен Кәрекеңнің өмірін ән деп білемін, ән деп танимын. Жақсы әнді шын сүйіп айтқан адам да, шын көңілімен беріле тыңдаған адам да, сол сәтте бейкүнә сәби қалпына келері бар әрдайым. Сәби кейпіне келу дегенің жаныңның тазаруы, пендешілігіңді ұмыту. Міне, солай дей отыра, өзі әнді айта да білумен қатар, өз жүрегінен көптеген әндерді де туғызған Кәрім аға жайлы басқаша пікір, ой айтудан аулақпын. Өмірі ән, әні өмір болып бүгін алпысқа толған аға жайлы мен де бүгін сәби жүрекпен шаттана сөйлейінші, ағайын! Памирлер, Гималайлар шұбап жатыр, Оқжетпес жер бетінде біреу ғана!.. –Апыр-ай ә! О, шіркін, бауырым-ай, айтқан-ақ екенсің! Саумалкөлді, Қоскөлді, Сырымбетіңді, Оқжетпесіңді шын сағынбасаң бұлай сөйлер ме едің, шіркін! Сағынған екенсің ғой! Бәсе, бәсе, Кәкімбекке не болған, ақын болса бұл да бір туған өлкесінің аруағын бір аспандатуы керек еді ғой. Сағынған екенсің ғой. Мен де… мен де … сағындым… сағынамын бәрін… сағынамын… Ақын Кәкімбек өлеңдерінің осы бір екі жолы Кәрім ағаның кішкене ғана ет жүрегін дір еткізді. “Оқжетпес жер бетінде біреу ғана… Оқжетпес жер бетінде біреу ғана… Оқжет-пес… Осы бір жолдарды нәзік бір сезіммен қайра-қайра қайталай берді де, орнынан ұшып тұрып, кең бөлмені ерсілі-қарсылы кезіп жүріп алды бір сәтке. “Оқжетпес жер бетінде біреу ғана…” Осы бір шумақты сан мәрте қайталаған сәтінде айналадағы тыныс-тіршілікті ұмытып, аппақ әлемнің барлық нұрлы сәулесі көкірегіне келіп құйыла берді. Бәрін де ұмытты, бәрі де есінен шықты. Бір әуен ғана жүрегінде шымырлайды. Ән бе бұл?! Апыр-ай, қай ән бұл… Кімнің әні апыр-ай… Өзі айтып жүрер Үкілі Ыбырайдың “Толқыны ма!” Беу, құдырет, “Толқын”, Толқын шіркін!.. Толқынды айту керек ей, жайлап қана, а-а-а-аа, Өзінің нақышымен ей сайлап қана а-а-а-а, Дариядай шалқып жатқан болмаса да, Бұлақтай, ей, көзі шыққан қайнап қана, ой, ги-ги-гай, ги-ги-гай… Беу, дүние, тербел, тербеле түс армансыз! Кәрім ағаның жүрегіндегі іңкәрлік, жүрегіндегі махаббат беу, өмір, сені қалайша тербемесін! Тербел дүние, тербел дүние… Ой-ги-ги-гай, ги-ги-гай… Құдыретті “Толқынды” бала күнінен айтып, бүгінгі ұрпағының зердесіне қаймағын бұзбай жеткізген, оны өзі шабыттана шырқап жүрер бұл ән бір сәт

Кәрім ағаның жан дүниесін дір сілкіндірді де, жаңа ғана, әзірде ғана, жүрегінде тербеліп тұрған тәтті де сазды бір әсерден айрылып қалғандай болды. Жалмажан қолына домбырасын алды да, үстіңгі шекті баяу ғана қағып қалып, беймәлім бір қоңыр үн әуелеп жүре берді. Сол бір қоңыр үннің тынысына “Оқжетпес жер бетінде біреу ғана” деген жыр жолдары әуен болып қабысып жүре бергенін қайтерсің. “Оқжетпес жер бетінде біреу ғана…” Сол қоңыр үннің әуеніне деген құштарлық қара домбыраның пернелерін салалы саусақтарына қайра-қайра бастыра берді. Сол қоңыр әуенмен өзі де ыңылдап, ет жүрегі бірде езіліп, бірде егіліп, бірде қайраттана, бірде суып, бірде ысып отырған шабытты ән туар осы бір сәтте қоңыр жүзіне қонақтаған ерекше бір жылылықпен, бір ыстық мейріммен Кәрім аға да мынау аппақ әлемге аяулы бір ән болып сіңіп бара жатқандай еді. Магнитофонның таспасына жаңағы, жаңа туған әнді ыңылдап отырып жазды да домбырасын жанындағы орындыққа сүйей беріп терең бір дем алды, жүрек лүпілін басқандай болды. Дүниеге ән келді! Ей, жараңдар, ән… ән… ән… туды, ән келді дүниеге!.. Тыңдашы кәне: “Памирлер, Гималайлар шұбап жатыр. Оқжетпес жер бетінде біреу ғана…” Ән, ән ғой бұл! Көкшетаудың Оқжетпесін асқақтатқан ән ғой бұл! Жаныңның Оқжетпесін аңсатқан ән ғой бұл. Ән!.. Кәрім аға әндерінің Оқжетпесі ғой бұл! Ән ғой, ән ғой бұл, ән ғой. Ән!

Өзің боп, нәзігім де, дөкейім де, Көкшетау сен жүресің көкейімде, Сағынған сені қазір сәттерімде, Шіркін-ай самалың боп жетейін бе?! Қолына ұстаған көкшіл конверттің ішінен шыққан ақ қағазға жазылған мына бр өлең жолдары өзіне таныс қолмен жазылған еді. Еркештің хаты ғой бұл. Кәрім-ай, Көкшетауды сағындым! Кәрім-ай бәрін де, бәрін де, бәрін де сағындым! Шіркін Көкшетау-ай!.. Көзінен бір тамшы жастың қалай ыршып түскенін өзі де сезбей қалды осы хат жолдарын оқи отырып. Досы, жан досы ақын Еркештің Қарағандыдан жазған осы бір хаты мен осы бір өлеңі бейуақ іңірдегі Кәрім аға көңілін күңірентіп жүре берді. Бей, дүние! Сайраны тарқап бара ма мынау айдын өмірдің! Күрсінгені несі?! Сағына ма әлде кімді, әлде нені… Е, бәсе, сағаныш екен ғой мынау етжүрегін өрттеп бара жатқан. Бәсе, бәсе… әйтпесе мынау өзінің шыңырағы, өзінің отбасында отырған, өз жары Сапураның мәпелеген жұмсақ үнінен жаны жүдемей жүрген шағында бұған күрсініп не болыпты! Сағыныш екен ғой бұл бір кеудесін кернеп жатқан. Әлде бір ақ жаңбыр боп жетейін бе,

Әлде мен аңызақ боп кетейін бе. Сағынған сені қазір сәттерімде, Бұрқырап бір бораның боп өтейін бе!.. §еркеш, Еркешім-ай! Қайран, досым-ай, осылай деп сағыныштан өртеніп жүр екенсін-ау! Шіркін өмір-ай!.. Ет жүрегі езілгендей, іштей егіліп отырған аға жаны тыныштықты, қараңғылықты қалады. Бұқпа тауына иегін сүйеп барып, ұясына қонуды әдет еткен күн көзі де көмескіленіп барады. Беуақ іңір… Терезе алдына келді. Көлбеп жатқан кең көшеден ақын досы Еркештің бейнесі көз алдына келгендей болды осы сәтте. –Кәрім-ай, Көкшетауды сағындым! Кәрім-ай!.. Кәрім-ай…ай-ай…а-а-а-а… Құлағы шың етіп, !а-а-а-алаған” бір дыбыс күмбірлеп ала жөнелді. Емханада жатып емделіп шыққан жүрегінің тағы да шанши жөнелгені. Осы бір “а-а-а-аалаған” әуенмен бірге ыстық қан шарпыды миын. Креслоға отыра кетіп, домбырасын маңдайына сүйей, көзін жұмып алды. Құлағының түбінен сбрлайды әлде кім. –Кәрім-ай, Көкшетауды сағындым! Кәрім-ай!.. Кәрім-ай… ай-ай… а-а-а-а… Селт еткен санасын жинап алды да, қолындағы домбырасының пернелерінен жаңағы “а-а-а-алап” мұңайған ақын досы жүрегінің әуенін іздей бастады жалма-жан. Бір басты пернені… Жо-жоқ, бұл ән емес еді… Келмейді, келмейді… Сағыныш әуені керек. Сағыну керек әлде кімді. Кәне, кәне…ойша өлең жолдарын қайталай берді… “өзің боп нәзігім де, дөкейім де”. Келесі пернені басып еді бір нәзік үн шықты. Е, міне осы ғой іздегені, осы, осы… Сағынған сені қазір сәттерімде, Шіркін-ай самалың боп өтейін бе… Сағыныштан сыздап, шырылдап тұр ғой ақын жүрегі. Ендеше әннің соңғы екі жолы да жүректің тәтті бір сағынышын бар даусымен, бар үнімен шырқауға тиісті. Сағын-ға-а-а-ан… е… е… міне, осылай, осылай. Көзін жұмып алып, соңғы жолдардың әуенін а-а-а-алап барып соңн ым-ым-ым деп қайталай берді, қайталай берді… Кәрекеңді шаттандырып жіберген еді. Сол әуенді рахат бір тәтті бір күй кешіп айта берді, айта берді қайталап, айта берді… Кәрім ағаның өз досына деген адал жүрегінен, терең сағынышынан туған бұл әнін әркім сүйсіне тыңдайды қазір. Әнніңмінезн үсініп, әннің сазы жүрек қылын тербеген сәтте көздеріңнің мөлтілдеп те жүре беретіні бар. Жүрегің қатқан қара тас болмаса бұл ән ет жүрегіңді дір еткізеді әйтеуір. Бұл ән сол ет жүрегіңдегі адамға тән бар сезім атаулына: сағынышыңды, мұңынды, іңкәрлігіңді сүйіспеншіліңді” оята алады. Кәрім ағаның бақытын осындай әндерінен көремін әрдайым. Кәрім ағаның ақ жаны осындай әндерімен бірге жүр. Кәрім ағаның мынау өмірге деген бар іңкәрлігі мен сүйіспеншілігі де өз әндерімен бірге айтылады. Кәрім ағаның барша адам баласына деген адалдығы да өз әндерінің табағында! … Әне қолына домбыра ұстаған Кәрім аға сахнаға шығып келеді. Бұл жолы өмір сахнасынан ән салмақшы. Толқыңды айту керек-ей жайлап қана, а-а-а-а, ой, ги-ги-ги-гай, ги-ги-гай…

шалқи түс, шалқи түс Кәреке! Қол соғамыз біз де шалқып, шалқы аға әніңменен! Бұлақтай, ей, көзі шыққан қайнап қана, ой, ги-ги-гай, ги-ги-гай… Беу, дүние, тербеле түс, тербеле түс армансыз! Ой, ги-ги-гай, ги-ги-гай… Шалқы дүние, шаттан дүние! Ой-ги-ги-гай, ги-ги-гай… Шалқы дүние, шаттан дүние! Ой-ги-ги-гай, ги-ги-гай… Шалқы Кәреке, шырқа Кәреке! Ән қанаты талмасыншы шалқы, Кәреке! Шырқай берші ән аға! Ой-ги-ги-гай, ги-ги-гай!.. Шалқы дүние, шаттан дүние! Баяу ғана басып қалып, беймәлім бір қоңыр үн әуелеп жүре берді. Сол бір қоңыр үннің тынысына “Оқжетпес жер бетінде біреу ғана” деген жыр жолдары әуен болып қабысып жүре бергенін қайтерсіз!..

(“Көкшетау правдасы” газеті, 16 тамыз 1989 жыл).

АРЛЫ АҚИҚАТТЫҢ АЗАМАТЫ

Адам баласы бұл дүниеге не мақсатпен келіп, қандай ойлармен өмір сүріп, өтеді екен?! Дүние тіршілігінің тынымсыз қайнап жатқан қара қазанының отын маздатып жүрген пенде баласы осы бір сауалды өзіне өзі қоя білді ме екен?! Осы сауалды қоя қалса, расында да біз мына дүниеге не мақсат көздеп келдік, қандай бір ой арқалап жүрміз?! Мені осы бір ойларға жетелеп, сол түпсіз ойдың тереңіне бір сәтке болса да бойлауыма Серік Жетпісқалиевтің мына бір жыр жолдары әсер етіп еді. Жан баласы жазбаған жыр жазсам деп, Жастық емес, қағаз-қалам жастанам,–деген ақын Серіктің осы бір жыр шумағының екі жолынан-ақ азаматтың да ой-мүддесін, бүгінгі ойқиялын және қазіргі ой әлемін таныр едіңіз. Тану дегеннен шығады, Серік Сапарұлы Жетпісқалиев өзінің жырымен де, өзінің сырлы жан-дүниесімен де, кісілік келбетімен де, жазу шеберлігімен де, айтар ой, асқақ үнімен де еліне, халқына танылғалы да уақыттың аз болмағандығы тағы да анық. Шағыл даласын шағыл құм бауырына басып жатар Атыраудың шағын бір ауылында дүниеге келген бала Серіктің көкірегіне күннің алтын сәулесі мен күйдің асау ырғағы қатар келіп құйылғандай. Ертелі-кеш қара домбыраның шанағынан төгіліп жатар Құрманғазы мен Динаның жігерлі күйлерімен ширығып өскен бала Серіктің бойына ақындық атты бір алапат сезімнің біткені де болды. Сол бір біткен сезім Серікті бүгінгі күйімен толқыған да шалқыған, бүгінгі ақындық келбетімен танылған өз биігіне көтерді десе де жарарлық. Әуелі өзінің еңбек жолын Алматының жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Атыраудың аудандық газетінде бастаған Серік Сапарұлы кейін Арқаның жер сұлуы және жер шоқтығы Көкшетауға ат басын бұрып, осы арада үй тікті, бала сүйді, сол балаларын өсіріп, олардың өзін үй қылып шығарып отырған жасқа да, жағдайға да жетті. Серік Сапарұлының сұлу да сымбатты келбетінен оның бойындағы әлде бір тектілікті аңдауға да болар еді. Бәлкім, сол тектіліктің құдіретті қасиеті болар, қашан да жайсаң жағдайынан, мейірімді мінезінен, ақылды да парасатты ұстанымынан, өзіндік бір айтар ойынан танбайтын және де қажет жерінде өр де өжет болып шыға келер тарпаңдығын да сол тектіліктің тамырынан іздеген де жөн шығар. Және де біздің айтып отырған осы бір жайымызды Серік өз жырымен ақтарып салғаны да бар.

Өшірген ыза ошағын, Қайтарған кектің салқынын. Күзіме кеуде тосамын,

Жазғыра көрме, жарқыным,–деген ақын Серіктің үніне бір мезет құлақ түріп көріңізші! Ызасының ошағын өшіріп, кектің салқынын қайтарар жылдың төрт мезгілінің бірі сары ала күздің ақын үшін өзі ғана таңдап алған сол күздің артықшылығы мен арулығын, жан дүниесін жаңартар да, мына іңкәр де бейкүнә дүниеге ынтықтыра түсер қасиетін ақын Серіктің өзі ғана біледі. Мұны өзгеміздің ұғына да алмасымыз анық. Өйткені ақын Серіктің жүрегі қоңыр күздің ырғағын, қоңыр күздің сыры мен жыр әнін ұнататыны бар. Сол қоңыр күздің қоңырқай тіршілігінен ақын Серіктің жаны жай тауып, сол қоңыр күзді өзінің сырласына, тіпті мұңын ашар мұңдасы мен серігіне, ойын бөлісер ойлысына, арқа сүйер ақылшысына айналдыра білгендігін де ерекше бір құбылыс есебінде қабылдаймыз. Сары күз сені сағындым, Көңілімнің көшірмесі едің. Ағымнан саған жарылдым, Сен қалай кешірмес едің?!. Ал, кәне, қоңыр күз ақын Серіктің жан сырласы екендігіне енді айтар дауыңыз бар ма? Ақын жүрегінің жалған сөйлеуді білмейтін бір қасиеті болса, Серік Сапарұлының «Сары күз сені сағындым, көңілімнің көшірмесі едің»,– деген жанының жыр сырымен өзінің бар адами қасиетінің беттерін сіз бен бізге парақтап ашып беріп тұрғандығын ұғыныңыз. Сары күз сенің де, менің де сағынышым! Көктеммен көктеп, жаз бойы жайқалып келген дүниенің базарын шайқаған өмір тіршілігі бетінің әрі таяр, тамырының қаны суалар тұс осы бір сары күз болса керек. Сол дүние тіршілігінің болып-толған сәтінің солғанын көрген сәтте мұңая білу де адамның бақытты бір сәті шығар. Өйткені, сары күздің сары уайымының кез келген жүрекке із тастамайтындығы және де бар. Сол сары күздің сары уайымын жүрегіңе қадап алып арқалап жүру үшін де ақын болып жаратылуың қажет екен. Ақын Серіктің сары күздің сырын ұғынып, соның жырын айта білуінің алтын арқауы міне, осында жатыр. Жүрекке салмақ көп мүлде, Көп менің татқан кермегім. Тарығып, жапа шектім де, Күз болып қалды ермегім,–деген Серік ақынның бұл ермегі және де өлеңінің өрмегінің де өн бойында өрілген терең парасат бар. Ақынның салмақ түскен жүрегінің емі де, тынысын кеңейтіп сала берер демі де осы күні сары күз ғана болып қалса, ол да ақынның ақылдылығы болар. Әйтпесе, өмір пендешілігінің торына түсіп тарыққан, шырмауына шалынып шалдыққан да ақын жүректер аз ба еді?! Аз емес еді олар... Біреуінің тамыры жарылды, біреуі қамықты, енді бірі... Біз бүгін елінің елулі азаматы болып кемелденген және де өзінің ақындық үнімен де, қаламгерлік қарымымен де таныла білген Серік Жетпісқалиевтің жан дүниесін ұғынуды мұрат санадық. Қаншама ұғыныспаған, түсініспеген тағдырлар кетті ажал аранында. Бәлкім, сол бір түсінігі мол ақындық мінбеден өз жырымен сөйлеп тұрған ақын Серік те менің жанымды түсініңдер деп ешкімге ешқашан жырлы да нұрлы жүрегін ала жүгірмеген де шығар. Солай

болғаны да! Өйткені Серіктің әр жырын оның өз оқырманына ұсынған жүрегі деп ұғыныңыз. Серіктің жыр жүрегі сөйлеп тұр! Серіктің жыр көңілі өз сырын ақтарып тұр! Суып қалған, селт етпес жүрегімнің, Осыншама туларын біліп пе едім?!,–деген және де: Көптен бері булыққан бұла жырлар, Жүрегімнен төгіліп жүре берді,–деген осы бір жыр шумақтарында ақынның нәзік жаны жыр бұлағының жылғасынан бір сәтке жарқ ете түсер лағылды есіңе түсіреді екен. Соңғы назын қалдырып көк аспанда, Аққу қаздар тізбектеліп ұзады,–деген ақынның байқампаз көңілінің осы бір сырында тұтас бір тіршіліктің үміті мен күйігі де, мұңы мен сағынышы да жатқандай сезіледі. Соңғы назын көк аспанның көз жетпес көк жиегіне қалдырып кете барған тіршіліктің сырын ақын жүрегі қалайша аңдап, қалайша естіп, соны қалайша ақ қағазға түсіре білді екен деп қайран қаларың да осы бір тұс болса керек. Міне, бұл ақын Серіктің шеберлігінің бір қыры деп танылса етті. Көңіл шіркін құстарға еріп барады, Қарай-қарай талды ма әлде жанары, Қайран үміт көрінбеген көп жылдар, Ту тереңнен түстік жаққа қарады. Өшпеген ғой сезім оты, бағы әлі! Бұл енді келіп Серік ақынның зерделі зейіні мен жүйрік көңілінің жырға ілескен сыры болар. Алайда, құстарға еріп бара жатқан көңіл шіркіннің түстік жаққа қарағаны несі?! Сол бір салқын қабақты түстікте ағарып жатар құс жолында ақынның өшпеген сезімі мен үмітті бақытына жолықтырып кезіктірер жыр жолы жатқандай сезіледі. Қазіргі уақытта дүниенің әр құбылысынан, көлде ойнаған толқыннан да, еркін көшкен құмнан да, сары күздің сарғайған сары ала жапырағынан да, қайтқан құстың қанатының суылынан да өмірдің мәні мен сырын ұғынуға ұмтылған ақын Серіктің бұл тұс толысқан да, кемеліне келген кезі. Ендігі жүректе бұлқынар бұла сезім арнасын өмірдің мәнгілік ақиқатына қарай бұрған ол қазір не өсиет айтып жүр екен?! Құлатпайды сілейтіп қаза мына, Емін-еркін жетемін ажалыма. Ұлы Алламның көнемін дегеніне, Айналмаймын ешкімнің мазағына! Міне, ақын Серік сіз бен бізге қазір осыны айтып отыр. Мұны неге айтып отыр демеңіз тағы да! Бұл енді ақындық ақылының ақиқат алдында жүгінгендігі! Ал, ақиқатқа жүгіну үшін де адам баласына жан мен ар тазалығы, адалдық пен адамшылық, кісілік пен кішілік керек болады. Сол және де ешбір адам баласы ешқашан толық танып біле алмайтын өзге де адами қасиеттер біздің Серіктің өн бойынан табылары да анық. Көкшетаудың кең көшесінде бірге жүріп, бірге тұрған және де соңғы бір жылдары ғана бірімізді-біріміз байқап барып ұғынысып келе жатқан көңілмен

айтар болсақ, маған Серіктің жеке басының мәдениеті, өзін-өзі ұстауы, әрбірден соң жүріс-тұрысы да ұнайды. Тектілігі мен мұндалап тұрады. Көкшетауда жүріп талай бір баспасөзде қызмет етіп, соған қоса шығармашылық және ізденімпаздық жұмыстармен айналысқан Серік Сапарұлы Жетпісқалиевтің есімі Көкше асып, қалың қазақтың арасына кеңінен жайылды. Әдебиет майданындағы оның қол жеткізген биіктерінің өзі бір төбе. Серіктің «Бейуақ естілген ән», «Алашқа хат» жыр жинағы, «Сейтен тағылымы», «БАҚ және саясат» ғылыми-зерттеу еңбектері, «Жетпісқалиевтің жетпіс жеті әңгімесі», «Бақтияр бұзық бала емес» сияқты прозалық шығармалары жалғыз оның ғана емес, барша оқырманның олжалы дүниесіне айналғандығын айтқан ләзім. Жапон жазушысы Хатцуо Рояманың «Моя жизнь – каратэ» еңбегін де қазақша сөйлеткен Серік болды. Шариф Хусайновтың «Анамның ақ көйлегі» драмасын орыс тілінен тәржімелеп берді. Бұл шығарма қазір Шахмет Құсайынов атында Көкшетау театрында сәтті қойылып жүр. Және де Серік Сапарұлы қазір «Қазақстан-Көкшетау» облыстық теледидарының продюсері ретінде тың да соны хабарларымен біздегі көгілдір экранның көркейіп шыға келуіне жанын да, барын да салып келе жатқандығын айтқанымыз да абзал болар. Шығармашылық ойдың шыңына шығып сол Серік Сапарұлы қазір сол биіктен ақын болып та, ойлы қаламгер болып та қалам сілтеп, бүгінгі күннің арлы ақиқатын айтып келеді. Бәлкім, сол Серіктің арлы ақиқатының ақындық үні бүгінгіні қойып, келер күндердің де көкірегіне нұр болып құйылып, жылы шуақ болып төгілері де хақ. Ақын Серік, азамат Серік өзінің елу деген жасын еңсеріп, өз елінің парызын өңгеріп, абырой биігіне көтеріле білді. Сол биігің құтты болсын Серік, бауыр!

(«Арқа ажары» газеті, 1 мамыр 2010 жыл).

44 ЖЫЛҒЫ ҒҰМЫР

Көгілдір Көкшенің зерлі Зерендісінің айбыны мен асуы, өрі мен төріңдей, ажары мен самалыңдай көк мұнарға малынып, аспан әлемінің биігінен жер бетіне асқақ қарап тұрар Қошқарбай таудың айтылмаған сыры, жазылмаған тарихы да көп әлі. Талай бір дүниенің ашылмаған сырын бүгіп жатар осынау киелі тау жиегіндегі қара жолмен жүріп өткен сайын сол бір тау тылсымның байсалды да салмақты, терең де тұңғиық ойларын ұғуға тырысып бағатыным бар. Алайда, өз жаратылысынан бері көргенін көңіліне ғана бүгіп, тас бүркеніп жатып алған сол Қошқарбай таудың бір басындағы хикаяны тұтас бір ел мен жердің, оның адамдарының өмір өлшемімен айту қажеттігін тағы да ұғына түсесің. Сол сәтте кім бар деп ойланып қалатының бар. Дүниеден озып та, көшіп те кеткен талайлардың ғұмыр дариясына бойлар болсаң, ол бір қалың тарихтың қалың беттеріне жүк болады екен-ау! Сол жүгіміздің қалам сүйреген керуенін беріге, өз арамызға, өз ортамызға қарай бұрсақ, ең әуелі көңілімізге жақын, көзімізге ыстық, жанымызға жайлы Бәкеңнің, Балталы Сәрсенбаевтың тұлғасы ойға оралатыны да жасырын емес. Өйткені, бір шаңырақтың астында отыз бес жылдан астам уақыттан бері бірге қызмет етіп, қалам атты қарудың қуатымен бірге қамал алып келе жатқан Балталы Сәрсенбаевтың өмірі мен қызметін бүгінгі де келер ұрпаққа да үлгі етіп ұсынуға әбден жарарлық дер едім. Қарапайым адам! Қарапайым тіршілік! Бәкеңнің, Балталы Сәрсенбаевтың осы бір адами және тіршілік арасындағы қарапайымдылық қасиеттері оның кісілік келбетін даралай көрсетіп тұратындығы және де бар. Ешқашан асуды да тасуды, ашуды білмейтін осы бір жанның тұла бойындағы тектілік пен ірілік, асқақтық пен сабырлылық сол өзі туған Қошқарбай таудың қасиетінен дарыған ба деген ойға да қаласың. Дүние есігін ашқан кезеңнен бергі Балталы Сәрсенбаевтың бар ғұмыр кіндігі өз елі мен халқына қызмет етудің қазығына байланып қалғаны және де бар. 1966 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін сол кездегі Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетіне ең әуелі аудармашы болып қызметке келген жасөспірім Балталымен қазіргі Балталы – Бәкеңнің аралығында жылдар данылығы жатыр. Біздің Бәкеңнің даналығы күн сайынғы шығарылып жатар газет беттерінде сайрап тұрады. Сол күн сайын шығып жатқан газет беттерінен Бәкең жазған дүниелерді күнде кездестіре бермесеңіз де, әр газеттің нүктесі мен пішімі, келбеті мен көркі, жасануы мен жасалуы Балталы Сәрсенбаевтың ақылойының жемісі деп таныңыз. Міне, қырық төрт жыл бойы бір ғана «Көкшетау правдасының», одан кейінгі «Көкшетаудың» терісін ғана илеп, менің маңдайыма жазған пешенем де, сыбағам да осы газет деп білетін Бәкеңнің өзінің журналистік мамандығына деген адалдығының өзі ғана жыр дастанға лайықты дүние.

Күн сайын қайнап жатар газет тіршілігінің қара қазанында Бәкеңнің ой санасы әбден пісіп-жетіліп, ол бүгінгі күні Көкшенің белді де белгілі азаматы дәрежесіне көтерілді. Журналистиканың сан салалы тарауымен таралар жүгі мол жолының бәрінен де мүдірмей өтіп келе жатқан белгілі қаламгердің өзіне тән айтар ойы, газетті шығарудың екінің бірі біле бермейтін қыры мен сырын меңгерген шеберлігі тағы да бар. Осы екеуі келіп Балталы Сәрсенбаев сынды журналистің алтын қолымен алтын қалам ұстайтындай биікке көтерді. Әрине, мұны біздің Бәкеңнің өзі байқамауы да мүмкін. Өйткені, журналистика, соның ішінде күн сайынғы газетті жасау дегеніңіз ол алдыңнан күн сайын ашылып жатар жаңа әрі беймәлім әлем екендігін көкірегі зерек Бәкең түсінеді де, әр жұмыс күніне жаңа бір оймен, жаңа бір әсермен кірісіп жататындығын аңдар едік. Алматыдағы қазақ мемлекеттік университетінің түлегі, одан кейін Мәскеу қаласында өткен халықаралық журналистер институтында өзінің мамандығын шыңдап және де ұдайы ізденістен бір танбайтын Балталы Сәрсенбаевтың қиыннан жол таба білер көрегендігі де тәнті ететіні аз болмайды. Ақылдасуға тұрарлық, мақұлдасуға да жарарлық ойы мен парасаты сүйсіндіреді. Қай істі болмасын ұйымдастыру келгенде алдына жан салмайтын қасиеті тағы да бар. Қашан болсын көптің жүгін көтеруге иығын тосар елгезектігі және де елдің мүддесін бәрінен де жоғары қояр ниеті біздің әріптесімізді әрдайым өз ортасының сыйы мен құрметіне бөлеп келеді. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі болып табылатын Балталы Сәрсенбаев осы одақтың съезіне делегат болып та қатсыты, облыс журналистер ұйымының жауапты хатшылығына да екі мәрте сайланды. Мұның өзі Бәкеңнің журналистика саласындағы өлшеусіз еңбегі бар екендігін көрсетеді. Жаңалық пен жақсылыққа жаны құмар Бәкең газет бетінде әрдайым көңілінді жылытар жылы хабарлар таратудан басталған аралықтағы барлық шаруаны бір өзі мойымай атқарып келеді. «Көкшетау» газетін әдіптеп, жобалап макеттеу бар, одан қалды қаламы енді төселіп келе жатқан жастардың жазған дүниелерін ой елегінен өткізіп, қырлап-сырлап түзету сияқты күн ұзаққа таусылмайтын газет басшылығының жұмысының бірінен жерініп те, ерініп те көрген емес. «Көкшетау» газетінің қалың оқырманмен байланыс үзіп алмауын әрдайым ойлап отырады. Әріптесіміз өңірдің индустриалдық-инновациялық дамуы және ұлтаралық келісімді нығайту жөніндегі облыс журналистер арасындағы байқау қорытыныдысы бойынаш облыс әкімінің арнайы аталымының жүлдесіне де ие бола білді. Бұл Балталы Сәрсенбаев сынды көп қырлы шебер журналистің тағы бір тәлімі болса керек. Осы бір күн ұзаққа таусылмайтын журналистік қызметтің арасында қоғамдық істерге де араласпай және де тұра алмайтын Балталы Сәрсенбаев қазір Көкшетау қалалық әкімдігі жанындағы тұрғын үй бөлу жөніндегі тұрақты комиссияның және ономастика мен тіл комиссиясының белді мүшесі. Көргені де, көңілге түйгені де көп Бәкеңнің ойлы пікірімен комиссия мүшелері әбден санасып та отырады. Өйткені, біздің Бәкең ойындағысын бүкпей айтады, сол бүкпесіз ойында ақиқат жатады. Ал енді, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Көкшетау қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау бекетінің

жетекшісі де болып, бүгінгі тіршіліктің өзекті мәселелерін шешуге белсенді түрде араласып келеді. Тәуелсіз еліміздің әлеуметтік және экономикалық жағынан нығаюына қаламымен де бар жанымен де қызмет етіп келе жатқан Балталы Сәрсенбаевтың «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне–10 жыл» медалімен және де Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төс белгісімен марапатталуын біз өз әріптесіміздің шыққан бір биігі, алған асуы деп мақтан тұтамыз. Мерейі өскен Бәкеңнің мерейі әлі де өсе түссе екен деп тілектес боламыз. Ел ағасының үлкен бір отбасының абыройлы иесі екендігін де айтқан ләзім. Көкшеліктерге есімі белгілі дәрігер Сапия Дәулетбекова екеуі үш бірдей ұлдарын тәрбиелеп өсірді. Қазір солардың тілеушісі және де дүние есігін енді ашқан немересі Әнел өз өмірлерінің жаңа бір қуанышына айналып барады. Сол қуаныш, сол бақыт баянды болсын дейміз. Қырық төрт жыл! Бір ұжымдағы қырық төрт жыл! Осы бір қырық және оған қоса тағы да бір төрт жылдың уысына қаншама оқиғалар, қаншама кезеңдер мен белестер, асулар мен биіктер... ең бастысы адам тағдыры сыйып тұр. Сол тағдырдың таусылмас та түгесілмес тұғырында нық тұрған Бәкеңнің өнегелі өмірінің туы желбірейді. Қолына газетшінің және журналистің сол туын ұстаған Балталы Сәрсенбаевтың өз ұраны, өз ұстанымы және де бар. Ұраны – елге мінсіз қызмет ету болса, ұстанымы – адалдық пен қарапайымдылық! Осы бір қасиеттер Балталы Сәрсенбаев сынды азаматтың айбынын асқақтатып, абыройын асырып, беделін бекемдеп, оның күн сайынғы шығар биігін аспандатып келеді. Әрдайым сол адами биіктіктен көріне бер, құрметті Бәке!

(«Көкшетау» газеті, 17 қыркүйек 2010 жыл).

БІР НӘЗІК СЕЗІМ

Құтылды бәрінен, толқынға айналды, желге айналды. Қалбалақтай жүгірген әжесін аңғарды, жаулығы желп-желп, қолдарын созғандай , асыққандай, бір көрінді, бір жоғалды! (Мағира Қожахметованың «Жылы шырай» кітабынан).

Әрбір қалам иесінің әдебиетке өз соқпағымен, өз үні, өз айтарымен келетіні ақиқат. Өмірдің сан тарау соқпағымен басталар сол өмір көшінде әрбір жазушы көңіл түкпіріне жиған-тергенін, былайша айтқанда, жан жүрегімен сезгендерін оқырманға баяндауға асығады. Әрине, сол көңілге алтын сыр болып тұнған сол сезім сырларын оқырманға кім қалай жеткізеді, бұл енді әр жазушының танымтүйсігіне, шеберлігіне байланысты. Біз Мағира Қожахметованың «Жылы шырай» деген кітабын қолға алып, алғашқы бетін парақтап оқи бастағанда-ақ осы бір ойға берілген едік. Бұл кітап «Жазушы» баспасынан басылып шықты. Әдебиет әлеміне өзіндік үнімен батыл да сәтті қадам жасай бастаған жерлесіміздің бұл жаңа дүниесін «қалай жазды екен?» деген сыни көңілмен оқығандығымызды да жасырмаймыз. Тіпті, әрбір оқиға осы шын ба, бұлай болуы мүмкін бе деген сұраулы көңілмен оқи отырып, бара-бара сол ойымыздың көкейден қалай ұшып кеткендігін де байқамайсың. Бұл, әрине, Мағира шығармаларының ең басты қасиетін–шыншылдығын көрсетсе керек. «Күй-кісен». Бұл–Мағира Қожахметованың өзіне ғана тән сезімтал да сергек, сыршыл әуенмен жазылған повестің атауы. Осы бір шағын, шағын да болса айтары мол, ойлы шығармаға адамгершілік алтын арқау болыпты. Мұндағы адамдардың сан қилы тағдыры арқылы жазушы телегей өмірдің өрімін шеберлікпен суреттей білген. Повестің басты кейіпкері Аяның тағдыры-ақ оқушының көңіліне әу бастан қонақтап алады да бітер-біткенше жадыңнан қалмай қояды. Өйткені автордың өз баяндауынша: «Жарық дүниенің барлық құбылысын іштей сезініп-түйсінгенімен, көңілін кернеп, құлағы естігенді бір ауыз сөзбен жеткізе алмайды. Басқаларға у-шуы мол өмір–Ая үшін тас мылқаулық». Тағдыр осылайша Аяны анасынан туғаннан-ақ тілінен айырған. Ал бірақ та оның көңіл тілінде, жүрек тілінде айналадағы өмірдің тіршілігін сезінуге келгенде асқан бір дарындылық бар. Әуелгідей емес осы бір Аяның бойындағы сезімталдылық, сүйіспеншілік оқырман жүрегіндегі оған деген аяушылық сезімді тұсаулап, көңіліңде оған деген сүйініш, оған деген пәк бір сізімің бастала жөнеледі. Жаның Аяның жанымен бірге ауырады, онымен бірге қуанасың, көңіліне кірбің ұяласа сен де онымен бірге қамығасың. Автор Ая бейнесін жасау жолында жасандылыққа жол бермеген. Күнбе-күнгі адам тіршілігі, одан қалды бір үйдің тіршілігінің айналасында өрбіген оқиға арқылы Ая бейнесі әсерлі жасалған. Аяның ішкіш әкесі Тілек, ақжарқын да намысқой апасы Аққатын, дімкес атасы Қалқаман, сыршы Бегім сері, міне, осылар Аяның

айналасында жүрген адамдар. Автор осы кейіпкерлердің әрқайсысының көңілкүйін, жан дүниесін асқан бір шеберлікпен суреттей білген. Әсіресе, сиыршы Бегім сері Қалқаман шалдың үйіне келіп күнде кешке домбыра шанағынан әуелете небір күйлерді төгіп отырады. Міне, осы Бегім тартқан күйлер еді сәби Аяның көңілін қонақтаған сезім болып. Қасиетті домбыра әуені мылқау жанның сергек те сезімтал көкірегіне бала күнінен сырлы саз болып қонақтай берген. Аяның лүп-лүп соққан ет жүрегінің еліктей нәзік сезімі де өмір бойы құдыретті күймен өрілген дегенді автор оқырманға айтпай-ақ ұғындырғандай. Аяның момақан өмірінің енді-енді толыса бастаған арналары осы үйге Қаһарманның келген күнінен бастап өзгергендей еді. Қаһарман да қолы бос сәтте домбыра ұстап, күй тартатын. Бойы толықсып ер жеткен Ая Қаһарманның көз құртына айналды. Өзінің жанынан күй тартқан сәтте ұзап шыға бермейтін Аяны сыйқырлы әуенмен арбай берді. Сол бір сазды күйден ғана өмірдің сырын, өмірдің әуенін ұғатын Ая айналасындағы бір-бірімен тілдесіп, сөйлесіп, ұғыныса білетін адамдардың, әсіресе небір сиқырлы әуені қар домбырадан төгілтіп отыратын Қаһарманның мұндай жасарын кім біліпті?! Аяғы ауырлап қалған Ая енді көз алдында өзгеріп сала береді. Оның пәк жанына Қаһарман дақ түсірді. Осы арада Аяға ғашық болып жүрген адал да ақкөңіл ауыл бозбаласы Айдостың мөлдір сезіміне қиянат жасалғандығын ұғынасың. Қаһарман мен Ая зұлымдық пен адалдықтың белгісіндей. Тағдырдың адам тәнімен Аяның жанына салған жарасы сенің де жаныңды ауыртады. Сұлулықты, пәктікті ойланбастан-ақ бір сәттік есірік сезім үшін бұза салған Қаһарманның қылығы әрбір есті оқырманға ой салғандай. Аяның пәктігі бұзылмаса екен, ары, абыройы төгілмесе екен деп қиналасың. Автор осы арада оқырманның көңілінен шыға білген. Бұл арада повестің шешімін жазушы шебер тапқан сияқты. Аяның ең ақырында көлге кетіп қалу сәтін автор нәзік бір сезіммен суреттеген: «Уһ, рахат-ай, құтылды бәрінен, толқынға айналды, желге айналды. Қалбалақтай жүгірген әжесін аңғарды, жаулығы желп-желп, қолдарын созғандай, асыққандай, бір көрінді, бір жоғалды». Міне, повестің соңғы бір жолдарын оқыған сәтте көз алдыңа буырқанып жатқан көлдің ашулы толқыны Ая болып елес берері анық. Сол бір сезімнен ұзақ уақыт арыла да алмайсың. Жазушы Мағира Қожахметованың осы кітабындағы әңгімелердің әрқайсысында ар, адамгершілік, ұрпақ алдындағы жауапкершілік деген қасиетті сезімдердің туын жоғары ұстаған адамдармен танысасың. «Ырыс» деген әңгімедегі ерлі-зайыпты Ұмсынай мен Тұяқтың бір-біріне деген қылауы жоқ адал көңілінен қарапайым ауыл адамдарының бейнесін таныр едің. Осы әңгімедегі: «Бүлк-бүлк… бүйірінен тепкілеп талпынып, белгісіздіктің құпия қойнауынан жарыққа шығуға асыққан, беу шіркін тіршіліктің тентек белгісінай!» деген сөз тіркестері Мағира қаламының шеберлігін тағы да таныта түскендей. Мұндай ұтымды да әсерлі баяндауларды басқа да әңгімелерден оқи отырып, жазушыға риза бола түсесің. Мұның өзі Мағираның еңбектеніп іздене білетіндігін, тіл өнеріне асқан ұқыптылықпен, талғампаздықпен, барынша жауапкершілікпен қарайтындығын көрсетсе керек. Кітаптағы «Жылы шырай», «Көңіл шіркін», «Тас жүрек», «Мәңгілік сағыныш» деген әңгімелерді де оқырман қызыға оқиды. Өйткені бұл әңгімелерде өзіміз күнде көріп жүрген,

бірақ екінің бірі сезіне бермейтін адамдардың көңіл-күйі, іс-әрекеттері, мінезқұлықтары бар. Автор әсіресе әйел жанының иіріміне терең бойлай алған. Жалпы алғанда жазушы Мағира Қожахметованың «Жылы шырай» кітабының сәтті дүние екендігін айтқан ләзім. («Көкшетау правдасы» газеті, 9 шілде 1988 жыл).

“ҰЯ” ШЫРАЙЫ–АДАМГЕРШІЛІК

Ардан үлкен ештеңе жоқ!.. (Баянғали Әлімжанов кейіпкерінің айтқаны бұл).

Әрбір жаңа кітаптың алғашқы бетін парақтап оқи бастағанда оқушы көңілін түрлі күдікті сезім билейтіні бар. Нәрлі тілімен, тартымды оқиғасымен өзінің тұңғиық сырлы әлеміне жетелей жөнелген жақсы шығарма бірден көкейіңдегі «қалай жазылды екен?» деген күдікті ойыңды ұмыттырып жүре береді. Жерлесіміз, жас жазушы Баянғали Әлімжановтың «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Ұя» кітабын да біз осындай әсермен қолға алғанымызбен, қызыға әрі құмарта оқып шықтық. Әуелде қазақ әдебиетінің бүгінгі толғақты әрі өзекті мәселелері хақында батыл да терең ой айтып, өткір де әділ сынымен таныла келген жерлесіміз Баянғали Әлімжанов көп іздене отырып, қаламгерлік өнердің ауыр жүгін сенімді арқалай жөнелді. Бұлай деуіміздің басты себебі: жас жазушы қаламының қуаты, оқырманға айтпақ ойының тереңдігі осы жаңа шығармасында да айқын байқалады. Бұл кітапта «Қарасай батыр тұқымының толғауы» деген сатиралық повесть пен әрбір әңгімелердің өн бойында ар, адамгершілік мәселелері шығарманың алтын арқауы болып өріліп жатыр. Повестің басты кейіпкері Алмамбет қылығы мен әрекеті арқылы жағымпаздарға, мансапқорларға, өзінен атақ-дәрежесі биік адамдардың алды-артын орап, кез келген жерден көлгірси білетін жарамсақ «пысықтарға» ары таза әрбір адамның қарсы шығуы, «соққы» беріп отыруы қажет деген ойын автор оқырманға сәтті жеткізе білген. Алмамбет өз әңгімесінің басында «ал мен ештеңеден қорықпаймын. Ардан үлкен ештеңе жоқ, арым таза, жаным да таза»,–дейді. Және оның бұл айтқандарына кітапты оқи отырып иланасың, соған көзің де жетеді. Алмамбетті айналадағы өмір тынысы, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы қатты толғандырады. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда қатар қонған көршілерімнің кім екенін білмеуім қалай?»–деген ойға берілген Алмамбет екі кештің арасында жапсарлас есіктегі көршілерін үйіне қонаққа шақырады. Ал, мұнысы ерсі ме, әрине ерсі, бірақ оның бұл қылығын да кешіресің. Өйткені ол адамның бірбіріне деген қалтқысыз бауырмалдылығын, ақпейілділігін, шынайы көңілден шаттана күлуін аңсайды. Адамдармен шын көңілмен сырласып, кіршіксіз достар табу– Алмамбет өмірінің басты нысанасы. Ол сол жолда қилы-қилы мінезі бар адамдармен жолығады, әрбір адаммен жолығысу Алмамбет өмірінің

мінезін жаңа бір қырынан аша түседі. Бұдан автор өз кейіпкерінің бейнесін шыңдаудың түрлі әдістерін шебер қолдана білгендігі байқалады. Алмамбет мінезі тартыс пен айтыс үстінде ашыла түседі. Мұның өзі адамдық арды жоғары ұстаған Алмамбетке деген оқырман сенімін нығайтады. Қалада танысқан жаңа жолдасы Қапармен еріп жайлауға келген Алмамбетті біз тағы да қайнаған өмірдің ортасынан көреміз. Жайлаудағы шопан ауылының қарапайым адамдарын ықтыра Алматыдан келген Қиқымат, ауданының «мықтысы» Қамза сияқтылардың Алмамбет алдында жүні жығылып, жуаси салуының өзі де тектен-текке емес. Алмамбет Қиқыматпен Алматыда бірге оқыған, оның бар мінез-құлқын, дәрежесі өзінен үлкендерге иіле, өзінен атағы төмендерге түйіле келетіндігін жақсы біледі. Жоғары атағы, лауазымы бар туған ағасының қанатының астына кіруге Алмамбет көнбей жүрсе, әрі мұны өзіне ар, ұят санасы, Қиқымат керісінше сол мүмкіндікті тиімді пайдалана біліп, жоғары білім алысымен сатылап қызметінің тез өсуіне қол жеткізеді. Осы арада жазушының өмірдің бір көрінісін шынайы суреттеп, нанымды сипаттауы ерекше сүйсіндіреді. Мансапқорлық пен дәреже құмарлық адамды жасанды әрі жат мінездерге ұрындыратындығына Баянғали Әлімжановтың жаңа шығармасы арқылы тағы да көз жеткіземіз. Повестің басты кейіпкері Алмамбеттің көңілден сүйсініп отырған, Қиқыматтың шашбауын көтеріп жүрген Хамза сияқтылардың іс-әрекеті жирендіріп, күлкіңді келтіреді. Бірақ күліп отырып ойланасың. Міне, бұл да шығарма шырайын келтіріп тұрған өмір шындығының қуаты болса керек. Повесті оқып болған соң да Алмамбетпен қоштасқың келмейді. Алмамбеттей жаны жарқын әділдік пен адамдықты өмірінің шырағы еткен адамдар айналаңда көп болса екен деп тілейсің. Алмамбетпен жатсынбай танысып, оны өз жаныңның сырлас досындай көресің. бәлкім, бұл автордың Алмамбеттің жан дүниесін оқырман көңіліне терең ұялата білген шеберлігінен де болар. Баянғали Әлімжановтың осы кітабындағы әңгімелерінің де әрқайсысы өзіндік әсерімен тартымды оқылады. Қай әңгімесінде болмасын күрделі оқиға кездеспейді, керісінше сондағы баяндалатын жайлар мен күндегі тіршілікте өзіміз жолығысып, оларды жақсы білеміз деуге болады. Алайда, мән бермейтін өмірдің ұсақ-түйек құбылыстарынан автор үлкен ой түюге жетелейді. Мұның өзі жазушының бойында адам тіршілігінің тыныс тамырының соғысын сезімтал да сергек көңіл елегінен өткізіп, ой түйіндей білетін қасиетінің бар екендігін анықтайды. «Ұя» деген тақырыппен берілген шағын әңгімені оқи отырып, өз ұрпағын өз бақытына балаған қарт әке мен ана бейнесі жүрегіңдегі сәбилік махаббатыңды маздатса, «Бақыттың бір үлесі» атты әңгіменің оқиғасы да қыр үстінде доп қуған алаңсыз, бірақ арманға толы балалық шағыңның суреттеріндей көрініп, қиял қанатына отырғызып, сағыныштың сазды самалы болып сезіміңді желпіп өтеді. Ағысы қатты өмірдің бетінде қалқып жүре беретін жаңдардың іс-әрекеті, тіршілігі «Жеңіл іс», «Есепті дос» әңгімелерінде де нанымды бейнеленген. Қол теннисінен өткізілген жарыста бәрін жеңіп, шешуші сәтте мекеме бастығынан көріне көзге әдейі Сержанның ұтылып қалуы, оның сол әлсіздігін кешіре алмай сүйген қызы Гүлнәзияның көзіне жас алып, намыстанып кетіп қалуы «Жеңіл іс» деген әңгімеде тартымды

баяндалған. Мұнда жазушы Сержанның қол теннисінен ғана емес, оның жас жанының ары мен адамгершілігінің де өмірде алғашқы жеңілісіне ұшырағанын айтқысы келген және сол ойы сәтті де шыққан. Біз Баянғали Әлімжановтың бұл кітабындағы шығармаларының бәрі бірдей төрт аяғын тең басып тұр деуден аулақпыз. Әрине, кейбір кейіпкерлердің жеңіл іс-әрекеті де байқалады. Бірақ соған қарамастан жазушының бұл еңбегі оқырман жүрегіне жол тауып, көңілге қуаныш нұрын сепкендей болды. Өмір шындығын шұрайлы тілмен, терең оймен, сергек сезіммен толғай білген жазушының бүгінгі қадамына қуана отырып, өзінің әділ төрешісі–қалың оқырмандары атынан Баянғали шеберлік биігіне көтеріле берер деген сенімдеміз.

(«Көкшетау правдасы» газеті, 28 ақпан 1986 жыл).

СЫР АШАДЫ АДАМҒА

Ақ қайыңның сыбдырынан сыр ұққан, көк желектің көлеңкесінен пейіл, сая тапқан, шалқар бұлақтан құмары қана су ішкен ағаның адамға сыр ашар бұл еңбегінен “Көкшенің көгі азаймасын”,–деген жүрек лүпілі естілгендей. “Табиғат пен адам егіз!”,–деген ұғым бар. Алайда, осы бір ауыз сөз жай ғана айтыла салған ба деп те ойлап, оның түпкі сыры мен мәніне ден қоймағандығымыз да ақиқат. Алайда адам баласы өзін де сол табиғаттың бір бөлшегі, сол табиғаттың бір перзенті ретінде сезіне білуі үшін орманшы болып өмір сүруі қажет пе деп қалдым. Жай бір орманшы болып қана қоймай, сол қалың орманның ойын, мұңы мен сырын, айтар жырын, салар әнін де ұғып білсең–нағыз орманшы болғаның. Мұндай бақытты да, парасатты орманшы болу әрине, екінің бірінің пешенесіне жаза да қоймағаны анық. Орманшы–ол табиғаттың қорғанышы болып қоймай, оның сырын да айтып, аша білсе Табиғат пен Адам сияқты егіз ұғымның арасындағы сыйластық пен сырластық жараса түсер еді. Менің осы бір ойға бекінуіме ардақты ағамыз Жұмабек Дәуренбековтың жазбалары әсер етті. Өйткені, өзінің өмір жолын қарапайым орманшы болудан бастап, орман шаруашылығы Министрінің бірінші орынбасары аралығындағы жолдан жүріп өткен Жұмабек аға өзі көзбен көріп, көңілге тоқып, сыр етіп түйген әсерлі жайларды ой елегінен өткізіп, үлкен бір жан толғанысымен қағазға түсіріп отырған екен. Содан да болар, терең ойдың тұңғиығынан тартылған орманшы сыры күні бүгінге дейін ескірмей естіледі. Және де Жұмабек Дәуренбековтың әр жазған дүниесінің, айтқан ойының әсер-ықпалын, оның маңыздылығын сезіне түсесің. Өзінің көзі тірісінде жазып, “Ақ қайың” деген атпен жарық көрер болашақ кітабында Жұмабек Дәуренбеков көтерген көптеген мәселелер бүгінгі күні де өзегіңді өртері бар. “Қазаққа қара орман керек емес пе?”,–деген ағаның жан күйзелісін енді қазір айқын сезінеді екенсің. Өйткені жаз бойы өрт шалған, есепсіз кесіліп, тасылып, селдіреп жатқан, түрлі ауруға ұшырап, өзегіне құрт түскен орман-тоғайды көріп, “Тәуелсіздік алған кезде жеріміз тозып, көліміз суалып, адамдарымыз ауру дертке ұшырап, ұрпағымыз азбасын десек, қазақ еліне орман керек”,–деген Жұмекеңнің үні ұрандай естіледі екен. Бұл кітапқа топтастырылған орманшы жазбаларында табиғатқа, соның ішінде орман мәселесіне орай көтерілген, жазылып айтылған ойлардың бірдебірі өзінің маңыздылығын жоймаған екен. Қазақ жерінде орман-тоғайдың азайып бара жатқандығына, орман ісіне әлі де болса мән бермеушілік, ағаш көшеттерін отырғызу ісінің жыл сайын сұйылып бара жатқандығына, шөлді және шөлейт аймақтардың ұлғаюына, даланың бұрынғы құнарлы жерлерінің жыл сайын құнарсыздануына алаңдаған көңілін айта білген Жұмабек Дәуренбеков өзінің Табиғат пен Адам алдындағы перзенттік парызын адал

өтеді деп айтуға әбден болар еді. Өйткені Жұмабек аға табиғаттың осы бір катаклизмдеріне қарсы өзі де әрекет жасап бағып, еңбек етті, қолынан келмегенін, яғни не істеп, не қою керектігін айтып, міне, алдымызға жайып салып отыр. Жұмабек Дәуренбековтің ой-парасатының жемісіндей дүниеге келген бұл кітапты–табиғат, орман жайлы адамдарға арналған оқулық деп айтар едім. Осы бір пікірге ден қойғыңыз келсе, оқыңыз! Орман жайлы білмегенді, сезінбегенді сездіреді, қазақтың қара орманын сақтап қалу үшін не істеу керектігін айқын айтады бұл кітап. Бүгінгі күні қара орманның, жалпы табиғат мүддесімен айналысып жүрген әр маманға қажет-ақ ой толғамдарға толы бұл кітап. Ақ қайыңның сыбдырынан сыр ұққан, көк желектің көлеңкесінен пейіл, сая тапқан, шалқар бұлақтан құмары қана су ішкен ағаның адамға сыр ашар бұл еңбегінен “Көкшенің көгі азаймасын”,–деген жүрек лүпілі естілгендей. Өзінің табынып, өзінің суарып, өзінің өсірген қазақ даласындағы ақ қайың, көк терек пен бал қарағай тіршіліктің мәңгілік екендігін айғақтай жайқалып тұра берері бар. Сол мәңгілік тіршіліктің айтар сырын ақтарып “Ақ қайың” болып бізге, еліңізге, өз ұрпағыңызға оралғаныңызға шүкіршілік қыламыз, соған жұбанамыз, Аға!

(Жұмабек Дәуренбековтің 2002 жылы баспадан шыққан “Ақ қайың” кітабының алғы сөзі).

АППАҚ СЕЗІМ СЫРЛАРЫ

Өмірі ақындардың жылмен емес, Жырымен, өлеңімен өлшенеді. Өмірзақ Мұқай.

Сөз патшасы–құдіретті өлеңнің қадірі мен қасиетін таныр қауым әлі азайған жоқ. Алайда, «өлең оқитын жұрт қалмады» деп жататынымыз және де бар. Қазақ баласы сөз қадірін жетік білген, оның бағасын бере де білген. Ал, енді ой мен сезімнің сыршыл қуатымен бірдей суарылған жыр болса, ол оқылмай қалмауы әсте де мүмкін емес. Жүргенде мұңдар билеп гүл өңімді, Жан ана, ауыртпашы жүрегімді. Мен зады сүріп жүрген сияқтымын, Ойлану, сезу үшін бұл өмірді. Кеудемде сезім қанша көрсең еді, Теңіз-ой тепсінеді, теңселеді. Өмірі ақындардың жылмен емес, Жырымен, өлеңімен өлшенеді,–деп төгіліп тұрған мына сыршыл жыр жолдарын қайтіп оқымассың! Бұл–ақын Өмірзақ Мұқаевтың жыры! Әр жолын зейін сала оқыңызшы, әр жолы–сыр, әр жолы–мұң, әр жолы–ой! Мына бір: «Жан ана, ауыртпашы жүрегімді» деген бір ауыз сөзге зер салайықшы. Анаға деген сүйіспеншілік, еркелік, тентектік, тәтті бір сәби қылығы да жырдың осы бір шумағына ғана сыйып тұрғандай. Мен зады сүріп жүрген сияқтымын, Ойлану, сезу үшін бұл өмірді,–деген байламды ойды қазақ поэзиясында бұрын-соңды ешкім айта қоймаған, ақынның тың түйін жасауы деп бағалағанымыз жөн. Алматыдағы «Жазушы» баспасынан жарық көрген көкшетаулық ақын Өмірзақ Мұқаевтың «Жылдың артық бір күні» өлең кітабында терең ойлы, сырға да бай жырлар көптеп кездеседі. Ақын жанның табиғи дарыны оның кезкелген жырында ой болып, сезім болып өріліп жатады. Бұдан ұғарың: қазақ поэзиясына өзіндік үнімен, өзіндік түйсіну, сезім қабілеті қуатты тағы да бір дарынды ақын қосылып отыр. Ақын жүрегі қыстыгүні жанады, жазды күні ұрынады үсікке,–деген, немесе: Еске сап бала күнгі сырғанақты, Жылытады жүрегімді үскірігің,–деп поэзия тілімен айта білу үшін де құдіретті бір сезім керек. Ол сезім–ақындық! Әуелден аңқау маң құрлар,–

Шүріппеде тұрған тағдырлар! Құс мылтық болып дүрсілдеп, Жаңғырып жатыр сан қырлар,–деген осынау бір жыр жолдарынан сол ақындықтың қызу қанды жүрегінің дүрсілін сеземін. «Қыстыгүні жанып, жазды күні үсікке ұрына білмеген» ақын жүрегінің, тіршілік құбылыстарын сезіну атты сезім кардиограммасы әдетте нашар болуы мүмкін. Әрине, мұндай, «дімкәс» жүрек, ол және пәк таза сөйлей алмасы анық. Жарыма балап жүргесін, Түсімде және өңде де, Шөкімдей бұлтқа мінгесіп, Енесің кейде бөлмеме. Армандар аз ба жас қанда, Отпенен жарқыл лапылды. Найзағай сенің аспанға, Жүреді жазып атыңды! Ақынның мөп-мөлдір, аппақ сезімінің осы бір жыр-сыры өз жаныңа да таза, бейкүнә бір жылылық шуағын құяды. Сол жыр шуағы қазақ поэзиясының соңғы бір жылдарындағы үлкен бір ақыны Өмірзақ Мұқаевтың бұл кітабында аз еместігін де қуана айтқымыз келеді. Ақын кез-келген өмір құбылыстарын әуелі сезініп алып барып жырлары хақ. Сезім мен ойды поэзияның қос қанаты дер болсақ, ойы жоқ жалаң сезімге құрылған сыңар қанатты жыр кез-келген ақын атулыны биікке көтере алмасы да анық. Өмірзақ Мұқаев жырлары қос қанатты; сезім де бар, ойы да бар. Поэзияның сезім мен ой атты осы қос қанаты Өмірзақты ақындықтың біреу шығып, біреу жете алмаған өз биігіне көтеріп тұр. Бұл–жыр мерейі, бұл–ақын бақыты! Анамның өзім бұзған тынысы атар, Мені сен мақсатыма дұрыс апар. Талайды жол үстінде тербетіп ең, Бесіктен басталатын ұлы сапар,–деп басталатын сегіз шумақтан тұратын осы бір жырдың қадір-қасиеті ақынның «Анамның өзім бұзған тынысы атар»,–деген бір ауыз сөзінің философиялық терең мәнінде жатыр. «Ананың– тынысы, ананың–киесі»,–деген жаңа бір ұғымдағы ой айтқан Өмірзақ ақынның шешімді ойына сүйсінесің. Қаталап едік жарты күн, Су алып келдің, алтыным. Жарқылдап арсыз шалғынның, Шимайы түскен балтырың! Бала қыздың балтырына арсыз шалғынның ғана шимайы түскен… Сол бала қыздың пәктігін ақын Өмірзақ та өз жырының аппақ, нәп-нәзік, мөп-мөлдір сезімімен тамсандыра жеткізіп тұр. Мұндай тың ойлар, айшықты теңеулерден ақынның басқа да жырлары құр қалмаған. Ақын Өмірзақ Мұқаевтың бұл жыр-жинағын соңғы жылдардағы қазақ поэзиясының олжалы бір бағамды дүниесі деуіміз керек. Өйткені жыр құдіреті мен қасиетін ұғындыра түсер биік талап, биік талғамнан шығатын жырлар бұл

жинақта молынан бар. Өз жанының аппақ сезімін жыр еткен ақын Өмірзақ Мұқаев қазақ поэзиясына кәделі сыбағамен келді. Өмірі ақындардың жылмен емес, Жырымен, өлеңімен өлшенеді,–деп ақындық ғұмырдың жаңа бір өлшемін ашып, соны айта келген ақын Өмірзақ Мұқаевқа да, ендеше өзіңнің де жыр ғұмырың ұзақ болғай деген тілегімізді айтқанды парыз санадық. («Көкшетау газеті, №??? ).

ЖҮРЕГІ ҚАЛАЙ ТОҚТАР ДЕРСІЗ!..

Мен басымды ұрамын тау мен тасқа, Тағдыры тәлкек болған ұлтым үшін! Мұны айтқан–ақын Баман! Бұлай деп саңқылдап сөйлеп тұрған азамат Баман! Өзінің айтып кеткен сөзімен, жазып кеткен жырымен тағдыры тәлкек болған ұлты үшін, халқы үшін атқарып кеткен ісімен Баман Құрманханұлы мәңгілік өмір сүрері бар. Тіршілігімізде бір-біріміздің қадір-қасиетімізді білмей, бір-бірімізді танымай, мойындамай, мойын бұрмай өткен, өтіп келе жатқан күндер мен кезеңдердің тағы бір өкініші дәл қазір өзегімізді өртері бар. Күйкі тіршіліктің құлы болған адам баласы бір-бірімізбен жүре сөйлесіп, жүре сәлемдесіп, адам баласының ішкі жан дүниесінің сырына құлақ түріп, көңіл бөле бермейміз-ау. Осы кешке әзірлік барысында қолына марқұм Баман Құрманханұлының естелік-күнделік жазбаларын, өлеңдерін алып оқып шыққаннан соңғы әуелгі еске алғаным осы ой болды. Мына жарық дүниеден 48 жасында оза берген Баман бауырымыздың өзі жаздырып қалдырып кейінгіге аманат еткен осы бір күнделік дәптерлері болмаса оның ақ адал жанын, мөлдір сезімін, елім, халқым деп соққан жүрек лүпілін танымай да, білмей де өте берер едік-ау. Баман Құрманханұлы 1948 жылы 5 маусымда Моңғолияның Байөлке аймағында туған. Уланбатордың мемлекеттік университетін 1975 жылы оқып бітіріп, өзінің еңбек жолын ұстаз болудан бастаған ол аймақтық радиода түрлі қызметтер атқарды. Байөлке аймағының бұқаралық-ақпарат құралдарында, мәдениет саласында жауапты қызметтерде болды. Баман әдебиетке ерте араласқан екен. Оның қаламынан туған “Қыран тағдыры”, “Киелі бастау” повестері, “Ұлы көш” тарихи романының алғашқы кітабы жарық көрді. Ол Моңғол жазушыларының біразының еңбектерін қазақшалады. Моңғолияда жүргенінде Баман Құрманханұлы Моңғол Халық Республикасы жастар одағының Алтын жұлдыз, Еңбек құрметі ордендерімен, бірнеше медальдарымен наградталды. Шет жерде, жат жұртта туып өсіп, еңбек етіп жүрсе де, өз ата-мекенін ардақтай білген азамат, ақын жазушы 1992 жылы Алматыда өткен Бүкілдүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайына қатысып, үлкен ой арқалап қайтқан еді. Елінің, халқының жайын ойлаған ол 1991 жылы Байөлке аймағында “Қазақ ұлттық бірлік” қозғалысын құрып соған басшылық жасады. Жаңадан қазақ газетін шығарып, соның редакторы болды. Аймақтағы қазақтардың өз ата-жұрты Қазақстанға көшуіне ұйытқы болды, соның ұйымдастырушысы болды, өзі де бала-шағасымен Көкшетауға 1993 жылы көшіп келіп, облыстық теледидарда қызмет етті. Бірақ тағдыр Баман Құрманханұлының ата жұрттағы ғұмырын қысқа пішкен еді. Ол 1995 жылы 48 жасында дүниеден озды.

Баманның артында мол мұрасы қалған екен. Сол мұраларының арасынан өзі жазып жүрген күнделік дәптерлері Көкшетау топырағына қоныс аударғаннан кейінгі көңіл толқынын, жан күйзелісін білдіреді. Бұл жазбалардан Баманның жан күйректігін емес, тұрмыстан, күйкі тіршіліктен кей сәтте тарықса да, торықса да біздің ата-жұрттағы салқындығымыз, тіпті адами көңілдің жетпей қалған, жетпей жатар сәттерінде іштен тынған көкірек жалынын аңғарар едік. Ата жұртым деп келіп, бірақ тәңір иесі сол ата жұртының, қазақ топырағын ұзақ басып жүруге жазбаған ақын жазушы, қоғам қайраткері Баман Құрманханұлының ата жұртындағы мәңгілік ғұмыры енді басталғандай. Осынау қазақ даласына, соның ішінде қасиетті Көкшетауға өз ұрпақтарының табанын тигізіп кеткеніне көңілі толып соған марқайып өткен екен бұл өмірден. Сол бір көңіл күйін өз баласына, өз ұлына былайша айтып кетіпті: Айналайын құлыным, Жұрағатым, Жүрегіңде сақтарсың мына хатым. Жабырқама, жасыма жігерлі бол, Жақсылардың ізет тұт ұлағатын.

Желіп жүріп түйедей жел көксеген, Қонысыңды сайладым ер Көкшеден. Мен өзіңе тілеймін ұзақ ғұмыр, Енді қарғам бірге бол сол Көкшемен! Көңіл толқытып, көзге жас әкеледі осы бір сөз. Аманат сөз бұл. Өз атажұртын кейінгі ұрпағына аманаттап, мәңгі сапарға аттанып кеткен сол Баман бауырымыз тірі болса өзінің бүгінгі 50 жылдығын бізбен бірге атар еді-ау. Бірақ бүгінгі күні арамызда жоқ ол. Арман да осы, өкініш те осы. Алайда ол мәңгілік өмір сүреді. Мен басымды ұрамын тау мен тасқа, Тағдыры тәлкек болған ұлтым үшін,–деп соққан ақын Баманның, азамат Баманның жүрегі қалай тоқтады дерсіз. Оның үні әлі де жаңғыра береді.

(Ақын Баман Құрманханұлын еске алу кешінде сөйленген сөз).

БАЛАНЫ ҚУАНТА БІЛЕР ТОЛЫМБЕК

Балаларымызды ұят дегенді сезіндіре алар шығарма керек пе қазір, әрине керек!

Адамзат пен табиғи даму заңдылықтары арасындағы қарым-қатынас тепетеңдігінің бұзылуынан адам баласы өзін-өзі танудан қалып, табиғи ғаламдық күшке қарай ұмтылысынан ұтып та, ұтылып та қалғандай. Ұтысын айтпай-ақ, ұтылысымызды айтар болсақ, адам баласының рухани жан дүниесінің жүдеушілікке түсіп, жұтаңдана бастауы алаңдатқандай қазір. Сол рухани жан дүниенің жұтаңдау тұстарын толтыру парызы бүгінгі күні өнеріміз бен әдебиетіміздің мойнында қалғандай. Қасиетті осы парызды хал-қадерінше орындау міндетін арқалаған әдебиет өкілдерінің бірі мына арамызда отырған Толымбек Сылдырбайұлы Әбдірәйім. Әрине, бүгінгі күні біз Толымбектің өзі жайлы айтуды қоя тұрып, оның қаламынан, қаламынан емес-ау жан дүниесінен туған “Еркешорасы” жайында айтқанды жөн көрдік. Жазушының “Балауса” баспасынан күні кеше ғана жарық көрген “Еркешора” кітабына негізінен оның балаларға арнап жазған әңгімелері мен ертегілері, “Туған жер” деген повесі жинақталған. Әлемдік әдебиет үрдістерін еске алар болсақ, балаларға арнап ертегілер, әңгімелер жазған Даттың ұлы ертегішісі Ханс Андерсен, орыс қаламгерлері арасындағы Корней Чуковский, Самауил, Маршак, Агня Барто есімдері ойға оралар еді. Өкінішке орай, қазақ әдебиетінде әу бастан-ақ бар ғұмырын, бүкіл творчестволық күш-қайнарын балаларға арнап, үзбей шығармалар жазуға арнаған қаламгерлер тым аз-ақ. Жалпы біздің балалар өнерінің әлемі жұтаңдау екендігін жасыруға да болмас. Сол жұтаңдықтан ба екен, әнші сарыауыз балапандарымыз сахнаға шығып алып: “Махаббатым нәр бердің”,–деп болмаса “Ғашығым-ау, ғашығым” деп зарланып тұрғанда сол сәби жүректің өзі түсінбейтін жайлардың әуеніне елтіп тұрғанын көріп, қарның ашады, өкінерің бар. Ойды осы тұрғыдан ұштар болсақ, Толымбек Әбдірәйімнің “Еркешорасы” балаларды қуанта келген туынды екендігін айтуға тиістіміз. Ал біздің балаларымыздың қуанғаны, ол үлкендер, біздің де қуанғанымыз ғой! Атап көрсетерлік ең басты нәрсе Толымбек өзінің кішкентай ғана кейіпкерлерінің іс-әрекеті, өзі, сөзі, қылықтары арқылы олардың бойына, жан дүниесіне ар-ұят деген адами үлкен қасиеттің дәнін себуге ұмтылған. “Мен мылтықты ұрлағаным, өтірік айтқаным үшін қатты ұялдым”,–дейді. “Оқсыз мылтық” әңгімесінің кейіпкері 5-ші класс оқушысы Батырхан. “Ал мен… Амантай ағайды әр кез көрген сайын… бетімнен отым шығып ұяламын”,– дейді “Тоқылдақ” әңгімесінің кейіпкері Бабазаров деген оқушы бала.

Бәрекелді! Өз өмірінде ұят дегенді алғаш сезінген Батырхан мен Бабазаров осы әңгімені оқыған әр балаға да ар мен ұятты сезіндірері ақиқат. Балаларымызға ұят дегенді сезіндіре білген, сезіндіре алар шығарма керек пе қазір, әрине керек. Дүние ар-ұят атаулының тапшылығынан қызыл отқа түсіп өртеніп жатқан қазіргі уақытта балаларымызды жамандықтан сақтау үшін де айтылар әңгіме ғой бұл. Әрине, “Еркешора” кітабын бүгінгі кеште терең талдап шығу мүмкін де емес, оның қажеті де бола қоймас. Әдебиетшілер мен әдебиет танушылар бұл кітапқа әлі-ақ өз назарларын аударары да сөзсіз. Ең басты айтылар әңгіме балаларымыз оқитын шығарма жазғаны үшін жазушы Толымбекке алғысымызды айтайық та! Толымбек, сен енді осы балалар әдебиетінің айнымас бағбаны бол, балалар үшін жазуыңды қойып кетпеші деген тілегімізді де қоса айтқымыз келеді. “Жақсы жазу үшін жақсы білу керек”,–деген Стендальдің, “Адам бойындағы нәзіктікті сезінуі сол нәзіктіктің өзі тудырады”,–деген Белинский сынды ғұламалардың айтқан қағидалары Толымбек Әбдірәйім кітабын оқыған сайын айшықтала түсері бар. Толымбек бала тілімен, баланың жанымен сөйлей алады, баланың аңқау да адал көңілін тани біледі. Содан да бала қылығын, оның жан дүниесін баланың ұғымымен нәзік жеткізе де біледі екен. Мұны жазушы Толымбек Әбдірәйім шеберлігінің қалыптасып келе жатқандығы деуіміз керек. “Қазақстанда алты жүзден астам жазушы бар”–деп ақын-жазушылардың өзін ауырсынып, үкіметтің өзіне көзтүрткі болып отырған осы бір бұлдырау, тұмандау, сұйықтау заманда “Еркешораны” шығаруға көмек жасағандарға балаларымыздың, өзіміздің атымыздан үлкен алғыс айтайық. Әр үйдің “Еркешорасы” болсын! Сол “Еркешора” әр үйдің қызығына, қуанышына, шаттығына айналсын!

(1996 жылы “Балауса” баспасынан жарық көрген “Еркешора” кітабының тұсаукесер рәсімінде сөйленген сөз).

АСҚАҚ ТА, ӘУЕЗДІ ЛЕБІЗ

Қолымда кен қазатын күрегім бар, Ақындық, ән салатын жүрегім бар. Уа, Көкше, асыл мұра, ортаңызға, Атадан үлгісі бар түлегіңді ал! Иран сал.

Ән үнім кетті бүгін елге тарап, Жалғадым сал-серілер ізін қалап. Тәңірдің маған берген сыйы емес пе, Осылай туған елге жүрсем жарап! Өз жан сырын өз орталарыңызға жайып салып отырған ақын, әнші, сазгер Иран Тасқараұлы Ильяшев есімі мына өнер сүйер қауым, сіздер мен біздерге әбден таныс есім. Өзінің бар саналы ғұмырын ән мен жырға арнап, қасиетті Көкшетау топырағынан үзілмеген салдық пен серілік үрдісін бүгінгі күнге дейін жалғастыра білген Иран өмірін ән өмір, Иран ғұмырын жыр ғұмыр десе де болар. Ол қайда жүрмесін, қай елдің суын ішіп, дәмін татпасын, Сарыарқасының сар даласын сазымен тербеп, бар қазақ даласына асқақ та әуезді лебімен тараған қазақ әнін қасиет тұтып, Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай сынды ән алыптарының ән көшін бүгінгі күнге жеткізген Иран Ильяшевті санаулы өнер өкілдерінің бірі десе де болады. Біздікі құр мақтау, текке әспеттеу болмасын. Алыптар мен дуалы ауыз ағалар пікіріне жүгінейік: Академик, техника ғылымының докторы, ғұлама ғалым Евней Арыстанұлы Букетов: “Ардақты Иран! Жаның ақын жігітсің, өмірдегі өзгешеліктерді үлкен тебіреніс, күйзеліс-қуанышпен қарсы алатын көрінесің, өлеңің де сондайда төгіліп кететін сияқты”,–десе, көнекөз жазушы Жайық Бектұров ағамыз: “Сен ақынсың, сондықтан сөздеріңнің сиқырына мән бере білу керек”,–десе, қазақтың көрнекті ақыны Тұманбай Молдағалиев: “Иран бауырым! Әнмен, сәнмен ғұмыр кеше бер”,–деп тілеулес болса, өзіміздің Кәкімбек Салықов ағамыз: “Жарқыл қаққан алдымда шырағымсың, Көкшетауда көгілдір нұр-ағынсың. Ұлытауды аралап елге оралған, Қыс қанатты киелі қыранымсың”, –деп Иран інісін, Иран бауырын шырағына, нұр ағысына да, қыранына да теңеуін тектен тек демесек керек етті. Жыр жазып жырымен дараланған, ән шығарып әнімен ажарланған, ән салып асқақ үнімен асқақтаған өз Ирандарыңыз міне бүгін 60-қа келіп жетті.

Жеткенде де шалдықпай жетті, алқынбай жетті. Еліне, халқына жырымен таныла жетті, әнімен сағына жетті, үнімен өзіңе табына жетті, ағайын! Ол бүгінгі алпысына күні кеше ғана баспадан шыққан, “Көкше жолы” атты жырлар мен әндер кітабын бірге ала келді, алдарыңызға тарта келді! Ол бүгінгі алпысына өзі жазған 50-ге жуық әнімен келіп отыр. Бұл аз ба, көп пе? Әрине, профессионал сазгер үшін аз болуы да мүмкін. Алайда тау-кен инженері үшін әнді өз жанына серік еткен өнерпаз үшін бұл үлкен олжа, үлкен байлық дер едік. Алайда мәселе әннің көбінде емес, азында да болмаса керек. Атақты тау ақыны Расул Ғамзатов: “Мен жазған жырлардың ішінен бір-ақ жырымның “Тырналардың” ғана бағы жанды”,–дейді екен. Сол абыз ақын айтпақшы Иран Ильяшев жазған елуге жуық әндерінің ішінде бағы жанғандары да аз емес екен. Сазгер Иранның бір сағатқа созылар ән концерті Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы тұр. Сазгер Иранның біраз әнін Республикаға еңбегі сіңген артисі Қапаш Құлышева күйтабаққа жаздырды. Сазгер Иранның әндерін Республикаға еңбегі сіңген артисі Бисара Мәкенова, Мереке Бекмағамбетов, басқа да талантты әншілер өз репертуарларына енгізді… Міне, Иран Ильяшев ән қаситтерін осылайша әспеттей беруге болар еді. Ол қазақтың ақындары Мағжанның, Сәкеннің жырларына ән жазады. Ол Кәкімбек Салықов жырларынан жанының әуенін іздейді. Ол өз әндеріне өзі жыр жазады, өз жазған әндерін өзі де асқақтата шырқайды. Айтыс ақыны ретінде де талай-талай айтыстарда да жарқылдаған кездері аз болған жоқ. Өзінің әнімен, өзінің асқақ үнімен Көкшетау топырағынан сал мен серілік өнерінің үзілмей, ол ұрпаққа мирас болып жалғаса түскендігінің бірден-бір жәдігері Иран Ильяшевтың бүгінгі салтанаты, бүгінгі жасы, бүгінгі тойы қайырлы-құтты болсын Көкшетау елі! (Бұл сөз Иран-салдың 60 жасқа толуға арналған жыр кешінде сөйленді).

ИРАН САЛ ӘУЕНДЕРІ

Жыр мен ән сахнасынан көрініп жүргеніне біраз болған Иран Тасқараның ақындығы да, әнші-сазгерлігі де әбден мәлім. Айтысқа да түсті, жыр да тербеді, ән де шығарды, асқақтатып ән де салды ағамыз. Өнерін таныған елі мен өнерін құрметтеген Кәкімбек аға Салықов сынды тұлғалар Иран сал деген атақты тегіннен таңбаған да болар. Сол Иран сал соңғы жылдары жазған жырлары мен әндерін оқырманға сыйға тартуды қолға алыпты. Әрине, бұл қуантарлық іс. “Тербеген ән-жыр өмірім” атты Иран Тасқараның жаңа кітабын оқып шығып, айтар ой мен айтар сөзіне құлақ түрдік. Өмірдің де, өнердің де сахнасында шыңдалған Иран ағаның ойы толысып, кейінгіге қалдыруға лайықталған сөздері көкейден шыққанын айтқан ләзім. Әрине, бұл қуантарлық іс. Әрине, сол жырлары мен ақын сырларына кәсіби ақын жазушыларға қойылар талап

тұрғысынан да қарауға болар еді. Өйтпедік. Өйткені “өлеңге әркімнің де бар таласы” деген Абай пікіріне ден қоя отырып, Иран жазған дүниелерді ревизиялауды мақсат тұтпадық, жақсысын іздедік. Мола бар кең алқапқа сиып тұрған, Түбіне Тереңкөлдің тиіп тұрған Жазу бар құлпытаста “Ақан сері” Көкшенің нәзік сырын жиып тұрған, –дегенді айта білген Иран сал ақындығына шек келтіре алмадық. Ал, мұндай сәтті жырлар ақын еншісінде мол да екендігі қуантады. Көкшетаудың қыраны сен болмасаң, Балапандай мен, аға, түлер ме едім?!–деген халық ақыны Көкен Шәкеевке арналған жыр жолдарының осы бір-екі шумағында Иран көңілінің алғысы мен ақын Көкеннің тау тұлғасы тұрғандай. Бір орнында тіршілік қалмас тұрып, Өмір кешер ұрпақты алмастырып. Сен жетесің, Кәрекем, болашаққа, Сал-серілік өнерді жалғастырып,–дейді Иран Кәрім Ілиясовқа арнаған жырында. Міне, мұндай арнау жырлар Иран шығармашылығында молынан кездесіп жатса, бұл оның әлдекімнің алдында бас ұрғандығы емес болар, керісінше ағаларына айтқан алғысы, інілеріне көрсеткен ізеті деп ұғындық. Әлі де айтары бар, әлі де ән шырқар асқақ үні бар ақын-сазгер ағаның қолынан қаламы түспесін, ой-теңізі сарқылмасын дейміз.

(Иран Тасқараның “Тербеген ән-жыр өмірім” атты кітабынан жазылған алғы сөз).

ӨЗІНДІК ШАБЫТЫ БАР

Өзінің бар сапалы ғұмырын Арқаның ақындық, сал-серілік дәстүрін жандандыруға, сол бір дала өнерін бүгінгі күннің үрдісімен жалғастыруға арнап келе жатқан ақын әрі сазгер, әнші Иран Тасқараұлының (Ильяшев) есімі бұл күндері республикаға кеңінен мәлім. Өйткені ол өзіндік шабытпен, өзіне ғана тән үнмен тіршілік атаулыны жырлаумен келеді. Иран ақынның бұл жыр кітабында туған жер, өскен орта жайлы көбірек сыр шертілуі тектен-текке емес. Жер шоқтығы Көкшетауда туып, әншілік пен ақындықты өзі туған топырақтан бойына сіңірсе, қазақтың қасиет дарыған Ұлытау өңірінде өзінің еңбек жолын, кеншілік ғұмырын бастаған тағы да бір қасиетті топырақтан тәлім-тәрбие алып, шыңдалған ақын Иранның жырларының шымыр, ширақ, екпінді келуі осыдан болар. Ақын Иран Көкшетауды, Ұлытау мен Жезқазғанды, ондағы табиғи көріністері мен адамдарды жырласа да шабыт атты биік тұғырдан түспейді. Сондықтан да Иран Тасқараұлының бұл жыр жинағына шабытпен жазылған сәтті жырлар көптеп топтастырылған. Кітаптағы ақынның туған жер, туған өлке

жайлы толғаулары әсерлі оқылады. Сонымен бірге оның арнау өлеңдері де өзіндік көркемдік жоғары деңгейімен ерекшеленеді. Ақындық ой-талғамымен жырланған ақынның әр өлеңін сүйсіне оқисың. Бұл кітаптың үлкен бір олжасы–әндер болса керек. Бұл әндердің біразы қазір түрлі сахналарда айтылып та, орындалып та жүр. Және де Иран әндері өз тыңдармандарынан жақсы бағасын алып та жүр. Кітап өзінің көркемдігімен, сыршылдығымен өз оқырмандарын үлкен қуанышқа бөлері хақ. (Иран ақынның 1999 жылы жарық көрген “Көкше жолы” жырлар мен әндер кітабына жазылған алғы сөз).

УАҚЫТПЕН ҮНДЕС ЖЫРЛАР

Өмірден көргеніңді көкірегіңе түйе білу бар да, сол көрген-түйген жайларыңды айта білу бар. Айтқанда да терең бір оймен, жүрегіңнің түкпіріне салып пісуін жеткізіп, қайнатып, айта білсең сол айтқаның кейінгіге қалар сөз болар. Айдос Әбутәліпұлының “Арман асуында” атты қолжазбасын оқып, осындай бір пікірге тоқтадым. Жыр жазуды кәсіп етпегенімен өлең-жырды өз жанының серігі, сырласы ете білген Айдос ақынның жазған дүниелерінен уақыт пен дәуірдің тынысын сезінгендей боласың. Қырандай самғап, ерлікпен жосын, Ежелгі елден жүретін көшіп. Қазақты танып жер жүзі бүгін, Келеді асқақ мәртебем өсіп! Бұл ақынның қазақ елінің тәуелсіздігіне тәуба етіп, асқақ сөйлеген үні. Осы бір ауыз өлеңнің төрт жолын да қазақтың өткенін де, бүгінін де танытар мерген сөз бен мерген ой жатыр. Өзінің айтар ойын дәл әрі анық жеткізу–Айдос ақынның басты шеберлігінің бірі болса керек. Төрінде аға сұлтан Құнанбайдың, Тоғысқан ақын-жырау, билер шешен. Жасынан құйма құлақ ұлы Абайдың Ордасы ой тербеген мектеп екен. Абай жайлы аз айтылған, аз жазылмаған болар. Бұл мәңгілік тақырып. Алайда күні бүгінге дейін Абайдың бойына ұлылықтың қайдан және қалай дарығанын өзінше таныған ақын ойының шымырлығына тәнті боласың. Сондай-ақ ол қазақтың басқа да тарихи тұлғалары жайлы толғана отырып, жаңа бір тың ойларды ортаға тастайды. Бұл да Айдос ақынның рухани жан дүниесінің кемел ойлы сырындай естіледі. Бұл ойымызды оның Біржан сал, Ақан сері, Қанай би, Мұхтар Әуезов, Жамбыл, Балуан Шолақ, батыр Мәлік сияқты кемел тұлғалар жайындағы толғау жырлары қуаттай түсер еді. Ақынның ақтангері Арқадағы,

Ақаным алтын айшық алқадағы. Үш жүзге өнерге аты жеткен, Көкшенің ақ сұңқары аспандағы,–деген жыр жолдарындағы “Ақаным алтын айшық алқадағы” деген тың ойлы теңдеуді бұған дейін ешбір ақын айта алмапты-ау. Айдос ақын жырларында терең ойлы сырлы сазды мұндай айшықты тұстар аз кездеспейді. Айдос ағамыз көңіл-күйдің ақыны. Құбылысы да, жақсысы мен жаманы да астасып жатар өмір-теңіздің әр жағасынан көңіл-күйін шерте білген ақын жырларын күнбе-күнгі тіршіліктің күнделігі деп те қарауға болар еді. “Өмір бар ма ажал уын татпаған”,–деген “Өмір сені сүйемін” деген жырдың бір ғана осы жолына зейін салыңызшы! Бұл ақыл ойымен көңіл-күйінің ұштасып жатқан терең философиясы. Өлмейтін, болмаса ажалдың тырнағына ілікпейтін тірі пенде жоқ деген адами ойды ақын Айдос “Өмір бар ма ажал уын татпаған” деген бір ауыз сөзбен ғана тың бір желімен санаңа жеткізіп тұр. Айдос ағамыздың шоқтығы биік жырларының шоғыры өзінің туған өлкесіне арналыпты. Көкшетау сияқты қасиетті мекен өзіне талай-талай сүлейлердің жыр арнауынан таңсық та емес. Қазақтың ұлы ақындары Мағжан, Сәкен, Қасымдар жырға қосқан Көкшені Айдос ақын да өз жырымен аялайды. Көк мұнар Көкшем қандай керім еді, Ақ бура мойнын созып керіледі. * Көкшенің кеудесі, Көкшенің жүрегі. Оқжетпес–майда тас, Секілді тірегі. Туған өлкенің жанды суретін жырымен сала білген сол сұлулықты бояусызақ тамсандыра таныта білген ақынның суреткерлік шеберлігін мойындағың келеді. Шымылдықтан киініп, Келіндей шыққан көңілді, Сырықтай мойны иіліп, қамыстан аққу көрінді,–деген мына ғажайып суретті қараңызшы. Көлдің қамысын шымылдық, аққуын жаңа түскен келінге ұқсата сөйлеу және де сол айшықты кестені әдемі де әсерлі жеткізе білген Айдос ақынның бұл теңеуіне кез-келген ақын қызығы да, тамсана да қара әлі. Ақынның “Азапты өмір” атты шығармасын поэма деп қарау керек. Соңғы жылдары қазақ әдебиетінде осы жанрдың азайып, сұйылып бара жатқандығын ескерсек, ақын Айдос Әбутәліпұлының бұл “Азапты өмірі” олжалы бір дүние. Қазақ баласының тарихтың сан соқтықпалы кезеңдеріндегі қилы-қилы тағдырын поэманың негізгі кейіпкері Сұлтанның өмірінен-ақ танырлық детальдар аса мол берілген. Әйгілі болмасам да дарынды ақын, Теруге сөз маржанын жаным жақын. Жазғаныма аз да болса ризамын,

Үндессе талғамымен туған халқым,– деп өзі жазған жырларымен шерткен көңіл-күйлерінің сырлары мен мақсатын өзі айтып отырған Айдос Әбутәліпұлының бұл жыр жинағы өзінің қалың оқырманын үлкен бір қуанышқа бөлері хақ. Өйткені ақын жырларының қуаты, көркемдік шеберлігі мен ой тереңдігі, жаныңды жылы бір шуаққа бөлейді. (А.Әбутәліпұлының 2001 жыл жарық көрген “Өмір, сені сүйемін” жыр жинағына жазылған алғыс сөз).

ЖЫР КЕСТЕСІНІҢ ШЕБЕРІ

Шәмшия апа! Бұл есім қазір Көкшетау халқына әбден таныс. Тіпті апамыздың атақдаңқының Көкшеден асып, басқа да орта, басқа жұртта аталып жатары бар. Әуелі өзінің ою-өрнегімен, қол өнерімен, кесте тігіп, кілем тоқып, ою ойған ісмерлігімен ортаға шықты. Халықтық өнерге, ұлттық өрнекке сусап отырған халқымыз Шәмшия Айтжанова апамыздың бұл іскерлігіне бірден назар аударды. Апамыздың қолынан шыққан ою-өрнекті бұйымдарын, бейнелі кілемдерін жұрт қалап алатын болды. Бұл бұйымдардың ел арасында зор сұранысқа ие болғандығы соншалықты, апамыз енді сол өз өнерін өзгелерге үйретуге ден қойды. “Шәмшия апай өнер мектебі” келді дүниеге. Бойына біткен қажыр-қайратымен талпына жүріп біраз абыройға бөленді. Сөйтіп жүрген Шәмшия апамыз қазір жыр жазады. Екі бірдей: “Өмір–өзен” және “Өнерім–өмірім” деген кітаптарын жарыққа шығарды. Бұған біреулердің таң қалғандары да болды. Алайда, апамыздың ою-өрнек салып, кесте тіккен қолынан шыққан шығармалары да шебердің бізіндей із салады ақ қағазға. Апамыздың жүрегінен шыққан жылы шуақты, өрнекті жырларды мына қолыңыздағы кітаптан молынан кезіктіресіз. Жас келді өмір сырғи арнасымен, Ұрпағым артындағы жалғасымен. Қолыма ерінбестен қалам алып, Ақынның аталып ем, қатары тең,–деп өзінің жан сырын алдыңызға жайып салған Шәмшия ақынның бұдан кейін де айтары аз емес. Ақын апа жүрегі қоғамда болып жатқан бар оқиғаға, тіршілік тынысына үн қатады, сыр айтады жырыменен. Шалқары болып шабыттың, Тиегін жырдың ағыттым. Керуенін бастап ұлы көш, Өзгертпей жолын, бағытын,–деп ел тәуелсіздігінің береке-құтын, маңызы мен мәнін жырға қосады. Сол жыр өзегінің алтын арқауы–туған жер тағдыры,

кісілік келбет болып келетіні бар. Апамыз тәуелсіздікті, 1986 жылдың желтоқсан оқиғасын, Ұлы Отан соғысын, отызыншы жылдардың нәубетін жырласа да, өз тақырыбын тереңінен толғайды. Бұдан ұққанымыз ақып апа қолына қаламын алып жазбастан бұрын, ұзақ толғанысты басынан кешіреді, ойланады, ой қорытады. Ақынның бір шоғыр жырлары–арнаулар. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, МәшҺүр Жүсіп сынды алыптардан бастап өз ортасында жүрген елге сыйлы, халқына қадірлі азаматтарға арналған әр жырдан ақын апаның сол адамдарға деген пейіл, ниетін аңғарар едің. Бұл да ізгі көңілдің, абзал жүректің сөзі деп қабылданары бар. Тамаша оймен, зердемен өзегі кең, Шоқанымды биікке көтеріп ең. Баянауыл бауырына болған күйеу, Майражанмен жарасып әдемі тең,–деп Асанәлі Әшімовке арнау жырдан әйгілі өнер жұлдызының қоғамдағы да өмірдегі орнын жырмен көркем кестелейді. Әрбір арнау өлеңінде, сол адамның жан дүниесін, кескін-келбетін ашу бар. Бұған дейін де өзінің жырларымен танылған, оқырманына айтар ойы, ашар сыры бар Шәмшия апамыздың бұл жыр жинағы да көңілден шығар деген сенімдеміз. Жырдың да, кестенің де шеберлігін қатар ұштай білген апамыздың алдағы уақытта да айтары таусылмағай деп тілейміз.

(Шәмшия апаның 2002 жылы баспадан шыққан “Жырдесте” кітабына жазылған алғы сөз).

ЖАН СЫРЛАСЫ–ЖЫРЛАРЫ

“Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы”,–деп Абай айтқан осы бір ауыз сөзге жүгінер болсақ, қасиетті поэзия әлеміне талпыныс жасағанның несі айып?! Ал, енді сол өлең жазуға құмартқан әркім-ақ поэзияны өзінің жан сырласы, айнымас серігіне, мұңын айтар мұңдасына, қуанышын бөлісер досына балап, әрдайым әр өлеңін сыршыл жүрегімен дәмділеп, төгілдіре жазса, жыр бағының жанғаны дей беріңіз. Жайығым менің, жаным-ау еркем, Сағынышыммен толғандаймысың?! Ақ сәуле нұрлы ақ толқындарың, Еркелей ертер армандаймысың?! Өзі туған өлкенің еркелеп ағар Ақ Жайығынан: “Сағынышыммен толғандаймысың”–деп лүп-лүп соққан жүрегімен сұрап тұрған Серік Бөлтеновтің осынау жүрек жарды сыры еріксіз елең еткізері бар. Серік жырлары мұң мен сағыныштан өріліп тұрары бар. Және де сол мұң атаулыны терең бір оймен жеткізе білер ақындық шеберлігі сүйсінтеді. Мен туғанда қан майдан басталыпты, Анам менің жесір боп жас қалыпты. Өмірдің басқа салған қиындығын, Анашым қайыспастан қарсы алыпты. Өзімнен өзім жатып езілемін, Өмірдің қайғы мұңын сезінемін. Дүние-ай, бір басымда болса бақыт, Анашым, айналайын өзің едің,–деген жыр жолдарынан Серіктің ақындық үні айқын естілгендей болып көрінеді. Адам баласының қасиетті үш тұғыры–ана мен әке, туған жері болса, сол үшеуінен ерте көз жазып айырылып қалған, содан да келіп сезімтал нәзік жүрегімен солардың өмірдегі қасиетін жете сезіне білген Серік осы бір үш қасиет жайлы ерекше бір тебіреніспен жыр жазады. Орал облысының (қазіргі Батыс Қазақстан) Камен ауданындағы екінші Шежін ауылында 1941 жылы жарық дүниеге келген Серіктің әкесі бұл бір жасқа толар толмастан майданға аттанып, сол сапарынан күні бүгінге дейін оралмаған екен. Төрт бірдей балаларымен шырылдап қалған қайран ана да көп өмір сүрмеді. Майданнан оралмаған әке…дүниеден ерте өткен ана… жетімектерін жеткіземін деп еңіреп, еңкейген әже…жетімдер жәудіреп өскен интернат…Отыз жылға жуық уақыт бойы Көкшетау облыстық автоинспекция басқармасында жауапты қызметтер атқарды. Міне, бұл өмір! Өмір болғанда да Серік сынды сыршыл жанның көкірегіне жыр болып тұнған мұңы мен сағынышы шалқар өміртұғын. Ақын Серік осы өмірді өзі ғана сезіне білген сезімтал жүрегімен әрдайым жырға айналдырып келеді.

Қасиетті өлең атаулының абыройын көтерген жырлар Серіктің осы кітабында баршылық. Осы жайды қуана айтумен бірге, ақын көңілінен мөлдіреп төгіліп жатар жыр бұлағы сарқылмасын деген ізгі тілекпен Серік ақынның жыр кітабын оқырман қолына ұстатқалы отырмыз. Өлең етем ойымдағы барымды, Өлең жазу бәрінен де қадырлы. Өмір бойы аңсағаным, арманым, Тек өлеңім, бір өзіңнен табылды, –деп өлеңнің қасиетін сезіне білген ақын Серік әлі де жыр сүйер қауыммен жүздесе де берер. Лайым солай болсын! (Серік Бөлтеновтің 1996 жылы “Ақ Жайығым, асылым” кітабына жазылған алғы сөз).

“СӨЙЛЕ, ӘУЕЛЕ”, “ӘКЕ ШЫРАҒЫ!”

Өз кезінде өз ортасына өнерімен танылып, сол өнерімен жүрген жерін сүйсіндіре білген адамдар ел арасында аз болмағаны анық. Талғамы да, таңдауы да жоғары халық та шынайы талантты ғана әспеттеп, құрметтей білген. Әншіге “әу” дегеннің бәрі әнші емес” деген биік талғаммен қарай білген халық шынайы әншіні, шынайы өнерпазды өздері-ақ таңдай білген. Халықтың сол биік талғамынан шыққан бірегей өнерпаздың бірі–Нығмет Кәрібайұлы болғандығы дау тудырмаса керек-ті. Жасынан әнге құмар болып, ән айтуға машықтана білген Нығмет ағаның биік талантын өз замандастары мен тұстастары әрдайым биік бағалайды. Бұл баға бағамын “Әке шырағы” кітабын оқыған әркім-ақ өзі саралай жатар деген сенімдеміз. Ел ішіндегі Нығмет сияқты әнші үнін күні бүгінге дейін ұмыта алмай жүргендер әлі де көп кездеседі. Бұл шынайы таланттың мәңгі жасар бір белгісі болса керек-ті. “Әке шырағы” кітабы бізге сол Нығмет ағаның үніндей естіледі. Артына қалдырған сөзінен ағаның парасат-пайымын, ой деңгейін, кеудесінде күмбір қаққан сазын танығандаймыз. Ән айта білген кеуде жырлай да білері анық. Бұған Нығмет ағаның осы кітаптағы жырлары куә. Туған жұрт, өскен орта, кербез Көкше жыр өзегіне айналған. Әрине, ақын болған әр жүрек бұл тақырыптарға соқпай кетпесі де анық. Мәселе, кімнің қалай жырларында, айта білуінде ғой! Бұл жайында сөз қозғағанда Нығмет Кәрібайұлы ешкімге ұқсамайды, өзінше жырлайды, өзінше сыр шертеді. Және де не нәрсені айтса да жеткізе айтады, әсерлі айтады. Әрине, жыр жазуды өз кәсібіне айналдырмай-ақ, өлеңді өзінің жан сырласы ете білген ғашық адамның жүрек жылуын да аңғардық. Жылуы жоқ жүрек жырлай да алмас еді, жырға тұнбаған жүрек ән де сала алмас еді деген ойға келдік. Бір қуаныштысы және аса бір көңілге медет болар жай–Нығмет Кәрібайұлының жазған дүниелерінің жоғалмай, біздің қолымызға тиюі болар сірә да! Ел ішіндегі талай бір таланттардың жазуын, айтқан дүниелерін өз кезінде қағазға түсіре алмай, ұмыттық, жоғалттық емес пе?! Бұл өкініш! Ал енді осы кітапқа топтастырылған аға жырларын, сондай-ақ “Тілеуберді” хиссасын жоғалтып алмай, бүгінгі ұрпаққа ұсынуымыз құнды бір еңбек деуге тиістіміз. Бұл орайда ең әуелі өз әкесінің жырларын жинақтап, кітап етіп бастырып отырған Айтжамал Нығметқызының осы бір игі қадамы елінен, халқынан алғыс алуға әбден лайықты ғой деп санаймын. “Әке шырағы” кітабы енді сол әкенің рухына, ол әкенің әсем әуені мен күмбір қаққан кеудесінің күй сандығының сазына айналары хақ. Ал, кәне, сол сазды тыңдайық! Сөйле, әуеле, “Әке шырағы!”

(2001 жылы баспадан шыққан “Әке шырағы” кітабына жазылған алғы сөз).

КЕЙІПКЕР МІНЕЗІ

“Қайнар” баспасынан жуырда жарық көрген Сәкен Хасенеевтің “Дала тарландары” очерктер жинағын ден қоя оқып шықтық. Шағын ғана кітапшаға жинақталған небары он-ақ очерк болғанымен олардың кейіпкерлері өте көп. Қай очеркінде болсын еңбек адамдарының жарқын ісімен, олардың қоғамды дамытудағы ой-ниеттерімен ұшырасасың. Әсіресе, “Дала тарландары” атты очеркте Кенжетай Рамазанов бригадасы диқандарының бейнесі іс үстінде тәптәуір жасалған. Диқан Болат Әлкеевтің күнбе-күнгі ісінен бүтіндей бір диқандар қауымының ерлігін тануға болады. Очеркте кейіпкер бейнесін жасаудың бірнеше тәсілдері бар. Автордың өз суреттеуі арқылы, кейіпкердің диалогі, монологі арқылы, іс-қақтығыс арқылы кейіпкер бейнесін жан-жақты көрсету бүгінгі очеркке тән қасиеттер. Журналист С.Хасенеев осы тәсілдерді қолдана білген. Әсіресе “Көкжиек”, “Бақыт құсы” очерктерінде Социалистік Еңбек Ері Геннадий Кузнецовтың, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты Зейнолла Ескендіровтың бейнелері бірден танылады. Автордың тағы бір жетістігі–әр очеркті белгілі бір сюжетпен дамыта білуінде. Мұнда шаблондық жоқ. Әр кейіпкердің өзінің орнына, ой-өрісіне сайма-сай келетін диалогтар беру үшін автор едәуір ізденген. Жинақтағы “Тың түлегі”, “Қос саңлақ”, “Ерлік білекте емес, жүректе”, очерктер-публицистикалық очерктің жүгін арқалап тұр. Алайда, Сәкен Хасенеевтің “Дала тарландарындағы” барлық очеркті шеберлік деңгейінен көрінген деп айтудан аулақпыз. Әлі де болса ширата түсуді, кейіпкер бейнесін сомдай түсуді қажет ететін очерктер де баршылық. Мысалға, “Ортақ қуаныш”, “Айдарының айдарлылары” очерктері суреттеме иә корреспонденция деңгейінде қалып қойғандығын жасыруға болмайды. Кейіпкерлері дараланбайды. Бүгінгі еңбек адамы қоғамдық-саяси, мәдени өмірге кеңінен араласатын білімді де мәдениетті жан емес пе. Ендеше өндіріс озаттарын жалаң еңбек үстінде көрсетумен олардың характерін тұтас ашу мүмкін емес. Осыны автор алдағы уақытта ескеруі керек. Біз де авторға ізденуден таймаса екен деген тілегімізді айтқымыз келеді.

( “Көкшетау правдасы” газеті, 10 маусым, 1978 жыл).

ЖЫРМЕН АЙТЫЛҒАН ШЕР

“Су түбінде жатқан тас жел қозғаса шығады, көңілдегі асыл сөз шер қозғаса шығады!” Халқымыздың осы бір ауыз дана сөзін Сансызбай Алпысбайұлының қолжазба өлеңдерін қолыма алып оқыған сәтте еріксіз есіме алған едім. Бірден айтайын, қолыңыздағы кітапқа топтастырылған жырларға өлең жыр атаулыға қойылып жүрген талап тұрғысынан қараудың еш қажеті жоқ. Мұндағы әр жырдың авторы, яғни жазушысы бұған дейін қолына қалам ұстап, мүлдем өлең жазып көрмеген азамат. Қазақы қара сөздің қадірін, күш-қуатын біліп, қасиетін танығанымен ол өлең жазамын деп өзі де еш қашан талпынбаған, оған ниет те қоймаған, тіпті ойламаған да екен. Алайда тағдыр-талайы оны бір сәтке болса да қолына қалам алғызып, өлең жаздырып, ақын етіп отыр. Бұл құдіреттің күші ме, болмаса Сансызбай Алпысбайұлының өз жарына деген алапат сүйіспеншілігі ме, ол арасының жігін жіктеп жатудың керегі де бола қоймас. Сансызбай жазған бұл жырлардан ер азаматтың өз жарының қазасын аза тұтуын, жан азабын, таусылмас сағынышын, анасыз қалған ұл мен қызының болашақ тағдырына алаң болған көңілін таныдым. Соны таныдым да қайран қазақтың “қатың өлді, қамшының сабы сынды” дегенді қалай ғана айтты екен деп қынжылдым. Бір үйдегі бір әйел өлсе ол “қамшының сабы сынғандық” қана емес, бұл сол бір шаңырақтың ауыр қайғысы, соңында қалған ер азаматының жан күйзелісі мен жан азабы, шырылдап қалған балаларының көз жасы, олардың жадырамайтын, жасып қалған қабағы, бір үйлі жанды бәлкім, ғұмыр бойы өкіндіре беретін, өксіте беретін мәңгілік тарқамас бір мұң мен сағынышы екендігін ұғындырды Сансызбайдың жырлары. Сансызбай Алпысбайұлының бұл жазғандарын жалпы ер азаматтың әйел затына деген сый құрметі, тіршіліктің қазанын қайнатып отыратын анаға деген шексіз махаббаты, жарға деген көңілі мен сезімінің адалдығы деп ұққан жөн. Өз бойына адами осы бір қасиеттерді жинай біліп, сол сезімдерін жырға айналдыра білген Сансызбайдың осы бір қадамын әбден құптағың келеді. Тек алдағы өмір, ендігі күндер тек шерді ғана емес, қуаныш пен бақытты жырлатсын!

БАЛАУСА СЕЗIМ СЫРЫ

Бiз қазiргi жастарды бiлемiз бе? Күн сайын көз алдымызда жүрген ұл-қыздарымыздың iшкi жан дүниесi мен ой әлемiне үңiле аламыз ба? Осы бiр екi сауалға да екiұштылау жауап берерiмiз де анық. Бiлетiнiмiз де, бiлмейтiнiмiз де бар. Және де бiз сияқты емес, еркiн өсiп, еркiн ойлап, ой-өресi еркiн қалыптасқан бүгiнгi жастардың бiр артықшылықтары да бар. Ол–сол ойлағандарын еркiн айта бiлетiндiктерi. Әлi де болса өмiрге деген көзқарасы толық қалыптаса қоймаған балауса сезiмдi Бану Қуандыққызы Рамазанова қызымыздың орыс тiлiнде жазылып, Көкшетаудағы “Келешек-2030” баспасынан жарық көрген “SmS-ная любовь” (“Балауса махаббат” деуге келер) кiтабын оқып шығып, осы бiр ойлар қамалады. “Бұл әлемде махаббат туралы қаншама әндер, әңгiмелер, ертегiлер мен романдар бар! Оларды бәлкiм санап та бола алмаспыз. Мiне, мен де нақтылы оқиғаларға негiзделген өзiмнiң шағын ғана романымды жазып шығуға бекiндiм”,–деп бастайды Бану қызымыз өзiнiң тұңғыш дүниесiн. Және де бiр ауыз өлеңiнде: күн сыйлай алмайтыным да, телефон арқылы гүл ұсына алмайтыным да өкiнiштi-ақ, ендi өзiңе SmS арқылы хат жазып қана, жаныңа сенiң жылылық нұрын құйсам”,–дейтiн Бану ойынан балауса сезiмнiң таза да тұнық әрi мөлдiр ой айдынын аңдайсың. Бүгiнгi заманның ақпараттар алмасуы сапырылысып кеткен кезеңде ендi баяғыдай қолыңа қалам алып, ақ қағазға “Алтыннан ардақты, күмiстен салмақты” деп бастап, үшбухат жазу дәуренiнiң өткендiгiн сезесiң. Сезесiң де, шапшаң шақтың iркiлмей айтылар сезiм сырына тағы да бiр үңiлесiң. Банудың жазғандары бiрге оқып, бiрге араласып, күн сайын ой-пiкiр алмасып, асқақ арманымен бiрге өмiр сүрiп жүрген өз құрбыларының ауыз екi де және қалта телефоны арқылы бiр-бiрiмен сөйлесiп, не жазып жiберiп жататын хаттары негiзiнде құралған. Кәдiмгi бала көңiлдiң сыры. Алайда, Бану кейiпкерлерiнiң әңгiмелерiн тағы да сол бала көңiлдiң балалығы деп те қарауға болмас едi. Бану кейiпкерлерiнiң әңгiмелерi мен қылықтарын бiздiң бүгiнгi дәуiрдiң, бүгiнгi өмiрдiң, осы кезең мен уақыттың соғып тұрған жүрегi деп қабылдаған жөн. Бiздiң өсiп келе жатқан ұл-қыздарымыз бiр-бiрiмен өзара сөйлескенде, қарым-қатынас жасағанда не айтады, қалай ойлайды, арманмақсаттары не деген кез-келген ата-ананы толғандыратын құпиялар сырын ашады Бану қызымыз өз кiтабында. Бүгiнгi арманшыл, бүгiнгi тiл жағынан тартынбай бiр-бiрiмен еркiн араласып, сөйлесiп, пiкiр алысып кете баратын жас буынның жаңа мiнезiне, алмастай өткiр ойларына сүйсiнесiң. Ашық та жарқын, еркiн де ерке, шыншыл да шымыр ойлы жас буынның ертеңгi ел үмтiн ақтарлығына иланасың. Бану Қуандыққызы Рамазанова сол шыншыл да шымыр ойлы жастардың бiр өкiлi ретiнде өз құрбы-құрдастарының күнбе-күнгi өмiр сүру салтының сырын

алдымызға жайып салғандығымен дара көрiнедi. Ол даралық–Банудың бойына бiткен байқампаздық пен аңғарымпаздық болса керек. Өзiнiң көрген, бiлген және естiгендерiнен ой қорытып, соларды жүйелеп, әсерлендiрiп жаза бiлген Бану талантына да тәнтi болып, сүйсiнесiң. Жас талант Банудың ойлау, сезiну арқылы түйсiнген жайларын еркiн айта бiлгендiгi де оның қаламгерлiк қарым, дарын қабiлетiн де аңдатады. Бұл күндерi Англияда бiлiм алып жүрген Бану Қуандыққызы сол өз бойындағы дарынымен күнi ертең жарқырап көрiнерiне де көңiл сенедi. Бану қызымыз осы бiр қалам сiлтесiмен-ақ “Өмiрде мен бармын!” дегендi айта келген сыңайлы. Сол өмiрде бағың жанып, жұлдызың жарқырап, биiктерден көрiне бер, айналайын!

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙