Өлеңдер жинағы. І кітап
Шәкәрім Құдайбердіұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығы өте күрделі құбылысқа толы. Оның өлеңдері қоғамның түрлі саласын қамти алуымен, философиялық мәнімен, көркемдігімен құнды. Ақынның туындыларында азаматтық сарын да айқын байқалады. «Қазағым», «Қазақ», «Бостандық туы жарқырап», «Бостандық таңы атты»...
ЖАСТЫҚ ТУРАЛЫ
Гауһардай көзі,
Бұлбұлдай сөзі,,
Жаннан асқан бір пері.
Жүзі бар айдай,
Мінезі майдай,
Өзгеден артық сол жері.
Дариядай ақыл мол еді,
Жан ғашығым сол еді.
Ұжмақтың хоры,
Іздедім соны,
Тал бойының кірі жоқ.
Бойы бар сымдай,
Белі бар қындай,
Мүшесінің міні жоқ.
Қыз осындай болар ма,
Оны сөккен оңар ма?
Жаудырап көзі,
Тамшылап сөзі,
Жібектей шашын тараса,
Қалмайды халің,
Шығады жаның,
Қиғаштай көзбен қараса.
Бұл дүниеде қыз қызық,
Бозбалада ой бұзық.
Сынаптай толқып,
Түлкідей жортып,
Кетеді көңіл әр жаққа.
Қырандай қағып,
Алмастай ағып,
Мұратын түгел алмаққа.
Ер талабы бос қалмас,
Толқынды көңіл тоқталмас.
Шырайың қашып,
Асығып-сасып,
Қыз үшін түнде кезгенде,
Бар малды салып,
Шаруадан қалып,
Сері пер үйден безгенде,
Қарамай ұят, арына,
Жанды қиып жарына.
Ақселеу мініп,
Қылаңнан киіп,
Қараған жанға көрінбей,
Ізденіп жарды,
Пида ғып жанды,
Алыс деп ауып ерінбей,
Айлалы жолдас қасқа алып,
Аң көрген лашын бастанып.
Ауызды барлап,
Айнала шарлап,
Баруға тура бата алмай.
Кезеңнен бағып,
Жүрегің қағып,
Далада шыдап жата алмай,
Барып кел деп жолдасқа,
Бір хабар алсақ болмас па?
Сып етіп жолдас,
Дыбысы болмас,
Сұр жыландай сусылдап.
Ілеспей кезің,
Әкелер сөзін,
Тұрымтайдай қутыңдап:
«Тілеймін тілек берсін, — деп, —
Ер болса, үйге келсін», — деп.
Боды деп қиын,
Жеңілдеп киім,
Шыр айналып ұршықтай,
Еппенен барып,
Ынтасын салып,
Тышқан көрген мысықтай.
Кіргенде еріп есіктен,
Болмаса жапсар, тесіктен.
Боз үйге кіріп,
Буының құрып,
Жарыңның барсаң қасына,
Сипалап жүріп,
Төсегін біліп,
Тигенде қолың басына,
Ақылың кетіп, жан қалар,
Ғашығың сонда аңғарар.
Қолынан тартып,
Білегін артып,
Ақ тамақтан шөп етіп,
Тал бойың еріп,
Тілінді беріп,
Сүлдерің қалар ес кетіп.
А, дүние, дүние,
Ақылға сонда кім ие?!
Есінді жиып,
Иіскелеп сүйіп,
Оған да көңілің басылмай,
Тілекті алып,
Тоятың қанып,
Құйылып түскен лашындай,
Арманың бітіп жымыңдап,
Төсінде жатсаң тынымдап.
Таң келсе қуып,
Бой кетер суып,
Енді қашан келем деп.
Ал, жарым, қош деп,
Пәлен күн тос деп,
Тез келмесең, өлем деп.
Болмады деп таң ұзақ.
Сол болар қайғың жалғыз-ақ.
Қысылып таңнан
Ағарып қалған,
Жатуға болмас жайланып,
Қош айтып жарға,
Амалың бар ма,
Қайтуға енді айналып,
Жатайын десең таң қиын,
Тастайын десең жар қиын
Боз үйден шығып,
Дөң асып, бұғып,
Ертіп алып жарыңды,
Шығарып салып,
Аулаққа барып,
Асыққа айтып зарыңды,
Кетесің таңнан тұра алмай,
Жарыққа қайла қыла алмай.
Шыққан соң белге,
Көз салсаң елге,
Қарап тұр әлі жарыңыз.
Жолдасқа айтып,
Ат басын тартып,
Жүгіртіп қайта барыңыз.
Бір сүйіп алып тамақтан,
Асасың азар қабақтан.
КӘРІЛІК ТУРАЛЫ
Бар болса білім,
Сен сөйле, тілім,
Жан менен дене бірінде.
Ойласаң көніп,
Өзіңе жеңіл,
Қайратың қалың күнінде.
Жас көңілде жарық бар,
Кәріде кемдік анық бар.
Не шықпас жастан,
Қайтпайды тастан,
Ізденуге күшің бар.
Сайрандап жүріп,
Сансызды біліп,
Қалыпсыз, қызық ісің бар.
Жастықтан қызық іс болмас,
Кәріде ақыл, күш болмас.
Қайратың қалып,
Ақылдан танып,
Кәрілік келсе басыңа,
Қадірің кетіп,
Заманың өтіп,
Жан жуымас қасыңа.
Кәрілік деген жұмыс бар,
Артында таяу бір іс бар
Азайып күшің,
Саудырап тісің,
Шалбардай болып бет кетсе,
От басын бермей,
Үй ішін көрмей,
Сүйегің қалып, ет кетсе,
Далаға барып сие алмай,
Киімің жөндеп кие алмай.
Қуарып мұртың,
Суалып ұртың,
Түздегі қу бас жақтанып.
Тұра алмай жатып,
Былшылдап, шатып,
Өткен күнді айтып мақтанып.
Жарығың өшіп көңілден,
Кәрілік жаман өлімнен.
Қызарып көзің,
Езіліп сөзің,
Жастығың түсіп ойыңа.
Иекпен шайнап,
Тіліңмен айдап,
Жеген ас жұқпай бойыңа.
Ет жеген сайын қақалып,
Аз өлімге тақалып.
Бүгіліп белің,
Таусылып әлің,
Аяқ пен белің құрысып.
«Көрі итім, шат» — деп,
«Сөйлемей жат», — деп,
Қатының кетсе ұрысып.
Өлмегенге қара жер,
Онан да өзің бара бер.
Қайғы емес қаза,
Болмаймын наза,
Ноқталы басқа бір өлім.
Туған жан өлмек,
Тағдырға көнбек,
Кімді алмайды бұл өлім.
Шал болмай-ақ өлейік,
Алла ісіне көнейік.
Қызусыз тәнің.
Сезімсіз жаның
Болады кәрілік белгісі.
Оны да сезбей,
Үмітін үзбей,
Келмейді шалдың өлгісі.
Алпыстан әрі бармаңдар,
Аңдамай шал боп қалмаңдар!
ЖАСТАРҒА
Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,
Арам айла, зорлықсыз мал табалық.
Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік
Бір білімді данышпан жан табалық.
Ап енді, олай болса, кімді алалық?
Қазақта қай жақсы бар көз саларлық?
Шын іздесек, табармыз шыны ғалым,
Күнде күйлей бермелік бозбалалық.
Сақ болалық, бір шоқып, бір қаралық!
Қарауылдар мезі ғой, тұр, қаралық!
Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан,
Жалыналық Абайға, жүр, баралық!
Білімді сол кісіден ізденелік!
«Әдейі іздеп біз келдік сізге» делік.
«Өмір зая болмастық өнер үйрет,
Ақылыңды аяма бізге» делік.
«Көп қуға көзіңізді сүзбе» делік!
«Ұқпас деп бізден үміт үзбе» делік!
«Залымдар заң үйренісіп адастырды,
Бізді сал жөнделерлік ізге» делік!
Тапқан іске таласпай, шын көнелік!
Жұртқа күлкі болмалық, жөнделелік!
Арамдықпен, алдаумен күн өткізбей,
Өтірікке өлгенше, шынға өлелік!
Бұл Абай саудагер ғой ақыл сатқан,
Әр түрлі асылы көп етпей жатқан. -
Тегін білсең — аласың, бос береді,
Тұстасынан ешкім жоқ мұны тапқан.
Құрбыласы қулық пен айла баққан
Олардан алдамшы деп көңлі қайтқан.
Енді бізге ақылын көрсетіп тұр,
Алушы жоқ па екен деп жастар жақтан.
Алмасақ үміт үзер тағы жастан,
Өлсек те ұмтылалық осы бастан.
Өткізе алмай, еліне қайтса көшіп,
Қаламыз асыл түгіл ине алмастан.
Қой, ойлалық шатылып, шатаспастан,
Оңамыз ба Абайдан бата алмастан?
Асыл алсақ, асылын аямайды,
Келді ғой өз еліне сата алмастан.
Пұлы өтсе, үміті бар қуанбақтан,
Еңбегім жаңды ғой деп жұбанбақтан.
Абай кетсе, осы елде кім қалады,
Не табамыз наданнан сұранбақтан?
Қой, жігіттер, күн болды ойланарлық,
Білім, әдет, ақылды ойға аларлық.
Надандықтан еліріп босқа жүрсек,
Мына заман көрсетер бізге тарлық!
Өзің біліп біреуге қылсаң жарлық,
Асыл сол — ақыл, білім бойда барлық.
Айла, өтірік, арсыздық өнер емес,
Мен де анаудай болсам деп таласарлық.
Үлкендерде мінез жоқ таңданарлық,
Олардың қылған ісі ұрлық-қарлық.
Арам ойды ақыл деп ардан күсіп,
Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық?
Мынау Абай — бір ғалым жол шығарлық,
Замандасы болмады сөзді ұғарлық.
Амалы жоқ, айналды енді бізге,
Күн туды етегіне жабысарлық.
Пұл асылы табылса, қолға алалық,
Кісі емес ескерусіз бос қаларлық.
Күнде осындай табылмас бізге басшы
Күн болса кейінгіде қозғаларлық.
Ақын, білім осындай ар жақтарлық,
Айласыз, өтіріксіз жан сақтарлық!
Үзіп-жұлып ұятсыз атанбай-ақ,
Ақылмен жол табалық ел бастарлық!
Осыған қазақ бар ма жанасарлық,
Ғылым, өнер, ақылмен санасарлық?
Жұрт алмаса, ақылын біз алалық,
Өзгедей надан емес адасарлық.
Бұл елде түк ақыл жоқ жарасарлық,
Рахым ғып бір-біріне қарасарлық.
Өз Абайын өздері ұнатпайды,
Шын надан осылар ғой біз қашарлық.
Мына жұртта мінез жоқ ойланарлық,
Бізге де заман келер сайланарлық.
Елге еріп есер, бәңгі атанғанша,
Ой табалық жақсы атақ байланарлық!
Ақыл жоқ бұл қазақта ойға ұнарлық,
Өзін-өзі тексеріп, бой сынарлық.
Білім іздеп білуге кесел болар,
Көрсеқызар, көзі ашық бос құмарлық.
Ойланар уақыт болды бас қосарлық,
Дұспан көп енді бізге жол тосарлық.
Арамдықтан көңілді арылталық,
Ақыл ойлап, ал алға қол босарлық.
Мидағы ой-тамырға жол салалық,
Жүрекке оймен сынап апаралық!
Ақ жүректің ғадалат қылған ісін
Қабылдауға қызығып қозғалалық!
Жарасымды мінезді жатқа алалық,
Жанға қас жамандықтан сақтаналық!
Арсыз, ғайбат, өтірік, ынсапсыздық —
Бұлардан бой тасалап ақталалық!
Аспандап аса бермей шақталалық
Аласыздық, адалдық жақты алалық!
Өтіріктен жалығып, өнер тапсақ,
Біз сонда жетілдік деп мақтаналық!
Хош енді, көп наданның тілін алдық,
Бірімізге біріміз пәле салдық.
Ой да жоқ, ұят та жоқ, күнде аңдысып,
Жүргенмен жағаласып не таба алдық?
Арам ақыл үйрендік айла, амалдың,
Қулықпен өтірікті сайлап алдық.
Ынсап, рахым, ұяттан жүген ұстап,
Өзіміз ең түбінде қайда бардық?
Елірдік, ерегістік, елді жардық,
Байлаусыз пайдасы жоқ іс шығардық.
Бүгін дос, таң атса қас бола қалып,
Бұлт еттік, мен болдым деп ат аларлық.
Тыным жоқ, тыныш жүріп мал бағарлық,
Арыз бердік бас кетіп, айдаларлық.
«Енді бізге ғадалат айта көр» деп,
Өзіміз ақырында қайда бардық?
Бұл іспен бойға мақтан кірді тантық,
Әркімнің әлі бар деп алар аңдық.
Жеңгеніміз желіктік желпең қағып,
Жеңілгенді жер болған атқа таңдық.
Ортамыздан от жағып, өрт шығардық,
Көре тұра құтырып, күйіп-жандық.
Қой, үйтпелік, өзіміз жарасалық!
Наданмен неге бірге адасалық?!
Жаман айла, жат мінез пайда бермес,
Бойдағы мінімізге қарасалық!
Жаман әдет тастауға ұнасалық!
Мына мінез қалай деп сынасалық!
Тұп-тура бетімізге айтысалық,
Ашуланбай, ақылмен шыдасалық!
Арсыз, арам айланы тастасалық!
Адал іске талаппен бастасалық!
Неде болса білімді ізденелік!
Надандықпен біржола қастасалық!
Жалған айтып, біреуге жалынбалық!
Біз, сірә, үлкендердей қағынбалық!
Наданға өлсек-тағы бағынбалық!
Өтірік, өсекке еріп сабылмалық!
Рахым жоқ, қанағат жоқ, арсыз болып,
Жас бойға жаман атақ тағынбалық!
Таза ойлап, татулық іс табалық!
Жау жоқта, тіпті жауды сағынбалық!
Адалға әлімізше аяңдалық!
Арамға аяқ баспай шабандалық!
Елемесең, есіңе енбейді ақыл,
Ескерсең, осы сөзім сендерге анық.
Болмас іске бұртаңдап тырыспалық!
Бетке айтқанның зәрі жоқ, ұрыспалық!
Көзге жылпың көрініп, сыртқа құлпың,
Артымыздан құр өсек қылыспалық!
Сөз байласақ, уағдада тұрысалық!
Сыртымыздан жақсылық қылысалық!
«Қашқан — жаудан құтылар» деген қане,
Надандықтан жиреніп, жылысалық!
Білмегенді білуге тырысалық!
Жалқаулықты көңілден сырысалық!
Босқа күлген күлкіні күйлемелік!
Шын ақылға мойынды бұрысалық!
Жақсы білім іздеуге жалықпалық!
Табылмаса, тарығып, талықпалық!
Салақтықты қоялық, сақ болалық!
Білгенді, білмегенді анықталық!
Ғалым көрсек — әр істі сұрасалық!
Ондайға басымызды құрасалық!
Өстіп істеп өзіміз қамданбасақ,
Бізге ақыл үйрете алмас мына халық.
Кейде бірге жүрелік, кейде ойналық!
Ойнап, күліп, кешікпей ой ойлалық!
Ойынымыз аз болсын, ойымыз көп,
Оймен талап етпеген іс қоймалық!
Күнде көздеп, мінезді тексерелік!
Айланы ақыл демей, сескенелік!
Адалдың жолында өлсек, арман бар ма?
Ақты аныққа шығарам деп көрелік!
Кісіге оны бұрған өкпелелік!
Тіл алса, «мұны қой» деп ақыл айтып,
Тыңдамаса, жау көріп кектенелік!
Білімді неге бойға көп көрелік?!
Ақтан тауып несіпті жеп көрелік!
Артық ақыл ойланып таба қалсақ,
Біз-дағы алушыға тек берелік!
Надандықпен қарнымыз тоқ демелік!
Біз білмеген еш ақыл жоқ демелік!
«Айланы ақыл, арсыздық әдеп қой» деп,
Арамды адал, асылды боқ демелік!
Ақылды сол — ынсап пен ар сақтайды,
Арсыз сол — арамдықпен жан сақтайды.
Адал сол — таза еңбекпен күнін көріп,
Жаны үшін адамшылық ар сатпайды.
Жалғаншылар сөз айтса, «сырым» дейді,
Біліп қойсаң, «бұ да бір қырым» дейді.
«Әншейін байқайын деп айтып едім,
Өтірігімді ұстап па ең бұрын? » дейді.
Надандар төрт аяқты малға ұқсайды,
Қаңғырған тамақ іздеп аңға ұқсайды.
Өз бетімен табатын өнері жоқ,
Талапсыз, өлі сүйек жанға ұқсайды.
Бұлар - мәлім, сатып жүр, көрдің мұны,
Болмайды кімге залал мұның түбі?
Өздері біреуіне бірі сатсын,
Алмалық біз қызығып енді осыны!
Сатады өтірігін шынға жастап,
Жүрміз деп жарасымды өнер бастап.
Айналасы белгілі, аз ақша ғой,
Пәлшесін тауысайық жыртып тастап!
Осы жұрт өтірікпен жүр ту ұстап,
Айланы не қыламыз берсе уыстап?
Күні бұрын ондайға жуымалық!
Орын алып, кетпесін бой қуыстап.
Айла орнына ақылды жұмысталық!
Өтіріктің орнына Шын ұсталық!
Жалған айтып, жан сатып, жалынбай-ақ,
Тура жолда тұрып-ақ тынысталық!
Өз әкеміз айтса да ұнамалық,
Ағамыздың сөзі деп тыңдамалық:
Үйреткені өнер ме, әрекет пе,
Өзіміз ортамызда сынға алалық!
Олар бізге оқы дер қу болмақты,
Уағдасыз, жалғаншы су болмақты.
Сағат сайын әркіммен арпалысып,
Күнде дау, күнде жанжал, шу болмақты.
Өнер қылма ар сатып, жалданбақты!
Ұлық болып, елді жеп малданбақты!
Біреуді жеп, біреуді табамыз ба,
Қашан жақсы көруші ек алданбақты?
Өлсең де ондай сөзге құлақ салма!
Ардан күсіп, ақылдан құры қалма!
Әкең түгіл, арғы атаң айтса-дағы,
Білімі жоқ наданның тілін алма!
Қулықты біз қылғанмен, ол қылмай ма?
Бізге де өңкей надан жабылмай ма?
Айла, арамдық, арсыздық, ынсапсыздық
Бізге бар да, өзгеге табылмай ма?
Жамандық күнә болып жазылмай ма?
Адалдықпен жиған мал бағылмай ма?
Уағдашыл болған жан өле қалып,
Өтірікші құдайға шағылмай ма?
Өмір өнбес бір күнгі қылған жалға,
Көз тоймас үзіп-жұлып алған малға,
Жұрттың ісі неге жөн болмасын деп,
Ой ұнамай, ондайға өлсең нанба!
Мақтанбалық айламен алдағанға!
Надан боп, ұқсамалық айуан малға!
Жан біткеннің бәріне жара салып,
Жан сақтаған не болар жалғыз таңға?
Залалы тие берсе мұқым жанға,
Рахымсыз, қайырымсыз боп қысылғанға.
Не дүние, не болмаса ақыретте
Болар-ақ бір тиындық шыбын жанға!
Залым кісі кірмейді тіпті санға,
Сынай тұғын бір сыншы табылғанда.
Білімдігің бит шаққан құрлы болмас,
Тамам күнәң жиылып жабылғанда.
Ар қайда? Рахым қайда? Әдеп қайда?
Быт-шыт боп неге жүрміз әрбір сайда?
Көз жұмып, «Көппен көрген ұлы той» деп,
Береді бұл надандық кімге пайда?
Білімдіге білімсіз бағынбай ма?
Іздесе, пендеге жол табылмай ма?
Ақты қойып, арамды әдет етсек,
Денеміз дозаққа өзі жағылмай ма?
Ажал оғы бір күні атылмай ма?
Тура келсе, тіл тартпай қатырмай ма?
«Әлхилла ассалата жаназа» деп,
Ақ кебінге оралып жағылмай ма?
Қай пенде жолықпайды осындайға?
Соны ойлап жүрегіміз шошынбай ма?
«Дүниеде не қылдың, не қойдың? » деп,
Алдында неше жерде тосылмай ма?
Жатпалық жалқауланып тіпті жайға!
Жайлы ақыл ойланалық жанға пайда!
Кейінгінің қалмалық обалына!
Сонда мақұл боламыз бір құдайға.
Осы ел жүр өтірікті үнем қылып,
Ақты қойып, арамға көңіл бұрып.
Қудыраңдап, қу, білгіш атанам деп,
Шығарады бір пәле қарап тұрып.
Біреуіне біреуі қақпан құрып,
Аңдаусызда кетем дер бір түсіріп.
Біле сала қылады о да қулық,
Аяғы сау жан қалмас сүйтіп жүріп.
Мақтанады жетілген кісімсініп,
Қулыққа қалыппын деп қатты ысылып.
«Ел мінезі қолымда санаулы» деп,
Жан біткеннің айласын өзі біліп.
Айтқанда өтірікті — судай жылып,
Шынды ескерген адам жоқ көзіне іліп.
«Қу» десең, құлағына бір кірмейді,
Езуін тастар ма еді, сірә, тіліп!
Тоқталған бір пенде жоқ қыры сынып,
Мойнына әбден алған сайтан мініп.
Айтсаң-ақ, «анау қу» деп жымыңдайды,
Соған ыза боласың іштен тынып.
Арамдыққа осы жұрт жүр ұмсынып,
Аздан бері тым кетті құдай ұрып.
Білмегені білгеннің тілін алмай,
Бәрі бірдей шулайды иттей үріп.
Бір күн біреу жалғанмен жүр құтылып,
Біреу жүр айламенен үзіп-жұлып.
Ертең көрсең, екеуі қолға түсіп,
Кескектеген түлкідей тұр тұтылып.
Арамдықтан шығады кім сытылып?
Бір желіксе, кетеді тым құтырып.
«Жығылған жан күреске тоймас» деген,
Қарта ойнаған кісідей күнде ұтылып.
Абай жүр соны мазақ өлең қылып,
Біреуі ұғар ма деп көзі ашылып. . '
Бізге де біразырақ айтқаны бар,
Құр қылжақтай берме деп босқа күліп.
Ұқсатын, ұнасымды сыйыстырып,
Жасты да жамандапты қиыстырып.
Ойын-күлкі — бар қылған мінезіміз,
Біреуін де қалдырмай жиыстырып.
Тым туралап айтыпты сұғындырып,
Білгенге үйретіпті ұғындырып.
Көріп тұрған мінезді жасырсын ба?
Әркімге-ақ кеткен екен жұғындырып.
Сөзбен де, өлеңмен де сабақ беріп,
Алсын деп керектісін өзі теріп.
Шиқанымды езгендей шықты жаным,
Айтқанда естігендер ұғып келіп.
Шүу дегенде бұл сөзі жанға батты,
Бұрын ондай көргем жоқ жаманатты.
Қайырусыз, қағусыз өскен басым,
Бұлқындым шу асаудай мойны қатты.
Естіген соң, жүректе түйін жатты,
Сол түн тыныштатпай көп ойлатты.
«Неге мұндай қатты айтты?» деп ойласам,
Өлеңінің сырты ащы, іші тәтті!
Жаны ашып, жақсы соқпақ тазалапты,
Жігерленсін, білсін деп табалапты.
Жоба көрмей, жүгенсіз кетпесін деп,
Қатты сөзбен қайырып қамалапты.
Енді ойладым қайратқа мінейін деп,
Білімдінің қадірін білейін деп.
Ащы сөзбен арқама күнде ұрғызып,
Талаппен түзу жолға кірейін деп.
Мен неге күлкі болын жүрейін деп,
Өзім біліп. біреуге күлейін деп.
Шын наданға атар таң болмайды екен,
Білім іздеп. құдайдан тілейін деп.
Білмекке талап етіп көрейін деп,
Шын сөзге көңілімді бөлейін деп.
Надан болып қорлықты көргенімше,
Естінің айтқанымен өлейін деп.
Үлкендер ұмтылмайды ұғайын деп,
Мен-дағы бұл қылықтан шығайын деп.
Айтқан сайын аяғын кер басады,
Құлағына мақтаны тығайын деп.
Құмары - қулықпенен жығайын деп,
Айламен аялыма бұғайын деп,
Бәрі ішінен қанжарын байланып жүр,
Көрінгеннің көзіне сұғайын деп.
Халалға ойламайды шығайын деп,
Арамның түбі болар уайым деп.
Күнде жау боп, күрілдеп, жұлысады.
Тек отырған бір жан жоқ құдайым деп.
Байладым белді бекем буайын деп,
Жүректі адалдықпен жуайын деп.
Талпынған мақсат іздеп махрұм қалмас,
Адамдық ғылым жолын қуайын деп.
Жаз келер, қысты күнгі қысым өтіп,
Қар, суық, аяз, боран — бәрі кетіп.
Қасықтай қар, тобықтай тоң қалмайды,
Бар құдай барша жанға рахым етіп.
Жетпекке үлкендікке жас балалар,
Жүгірер қырдан ойға дүбірлесіп.
Шал-кемпір күн шуақтап, көңілі жай боп,
Өткен күн, өмірін айтып, күбірлесіп.
Бота, құлын, бұзау, лақ, қозы туып,
Қуанып ойнақтайды, олар да өсіп.
Сүйтсе де адам көзі бір тоймайды,
Құдайым берсе-дағы қанша несіп.
АРМАН
Жаз шығып, жаманшылық жоғалғанда,
Тал гүлдеп, шалғын өсіп, оңалғанда.
Көлбеңдеп көкорайда күрілдетіп,
Орақшы пішен шауып шөп алғанда.
Бүлдірген, қарақатты тереміз деп,
Қыз-келіншек сай-сайға жоғалғанда.
Аулақта құмарымды қандырам деп,
Асығы іздеп барар со барғанда.
Оларға тал — шымылдық, шалғын — төсек,
Басына жастық қылар томардан да.
Көз тойып, көңіл толмақ пендеде жоқ,
Болады айрылған соң со да арманда.
Адамды, санай берсең, көп арманда,
«Мінсіз бақ, сансыз дәулет» деп арманда.
Жанның бәрін жалмайтын күш те керек,
Айлакеске алдайтын еп арманда.
Ит пен қарға, шошқаға боқ арманда,
Мергенге түзу мылтық, оқ арманда.
Тамақсыз, табысы жоқ кәріптерге
Жалғыз күнгі тамақтың тоғы арманда.
Жалаңашқа киімнің жоғы арманда,
Тоңғанға отын менен шоқ арманда.
Талап қылса, табылар соның бәрі,
Мал жаусын ба оларға жоғарыдан да.
Жасты көксеп кемпір мен шал арманда,
Өсіп үлкен бола алмай бала арманда.
Еркектей еркін өмір сүрмедік деп,
Әйелдер де болады және арманда.
Тамам жанға бақ пенен мал арманда,
Ұрыға жүйрік аттың жалы арманда.
Жердің жүзін жесе де көзі тоймай,
Патшалар да болып жүр әлі арманда.
Кербезге киімінің сәні арманда,
Науқасқа жалғыз шыбын жаны арманда.
Кек қуған көр, ызақор, күншілдерге
Жұтатын дұспанының қаны арманда.
Бағаласам, адамның бәрі арманда,
Санай берсем, табылар сан арманда.
Өзі білмес, білгеннің тілін алмас,
Анық ойлап қарасам, әне, арманда.
ЖИЫРМА ҮШ ЖАСЫМДА
Жиырма үш жасымда
Бұл өлең жазылған.
Табылмай басында
Өзіне лайық ән.
Мұңлы, күйсіз, жесір боп жатыр еді,
Мінеки, ойланып, өз әні табылған.
Бақытсыз жүрегім
Жалындап жанып тұр.
Үміт тілегім
Орынсыз қалып тұр.
Ақыл, қайрат, сабырдың бәрі кетіп,
Адасқан асығың мұңды әнге салып тұр.
Көзіме көріндің
Ашылмас сорыма.
Байқамай іліндім
Сиқырлы торыңа.
Жаду көзің басымды айналдырып,
Құрбан ғып шалдың ба жарыңды жолыңа?.
Кетпестей сәуле бар
Ойымда нұрыңнан,
Ол неге жоғалар,
Айрылман мұңымнан.
Қарақаттай көзіңмен қызықтырып,
Ұстадың жанымды тұзақ қып тұлымнан.
Қадала қарайды
Үңіліп маған жар,
Жүректен тарайды
Сондықтан мұңлы зар.
Жүзін көрмей тұрғанда өлсем нетті,
Енді жоқ жанымда жанбауға ықтияр.
Нұрыңнан нұр алып
Аспанда жарық ай,
Келеді қозғалып,
Жақындап бері қарай.
Аямадың өлер деп мен ғаріпті,
Мейірімсіз сәулем-ау, сырыңды айт, бұл қалай?
Өртеніп, жаңды ішім,
Ақыл жоқ бойымда,
Кетсең де, сәулешім,
Суретің ойымда.
Нұрлы жүзің сипатпап зарланайын,
Айтайын әлемнің істеген тойында.
Жібектей қап-қара,
Таралған шашың бар,
Бұлдырсыз тап-таза
Жаралған басың бар.
Қардай аппақ әжімсіз маңдайың кең,
Қынаптан суырған қанжардай қасың бар.
Кірпігің тізіліп,
Миыма қадалар,
Нұр көзің сүзіліп,
Ойыма от салар.
Сиқыр жүзің ақылды байлап алып,
Top шашың шырмалап, басымды ноқталар.
Сүйем деп бір рет
Келді жан ерінге,
Сезіп тұр қасиет
Аузыңнан, тегінде.
Пәрменіңді айт, шықсын ба, не қайтсын ба,
Жолыңа құрбан боп, шыдап тұр өлімге.
Күн батып жоғалды
Нұрыңнан ұялып,
Жұлдыз бен ай қалды
Сәулеңнен нәр алып.
Жеті қарақшы айналып сені іздеп жүр,
Бәрі де сені ойлап, мас болып сандалып.
Үркер мен Таразы
Шашуды шашуға,
Шолпан да қарады
Мауқын бір басуға.
Темірқазық арқандап қос боз атын,
Жаратып, ойы бар тойыңа қосуға.
Таң атты бозарып,
Жоғалды жұлдыз, ай,
Шыдасын о неғып,
Есі ауып жығылмай.
Тойға келген таң желі сыбырласып,
Сызылтып ән салып, шырқады бозторғай.
Жүзіңді көргелі
Күн шықты қайтадан,
Бір көріп өлгелі
Ұмтылды бері таман.
Бұлт перде бүркеніп сығалап жүр,
Көз жасы — жаңбыр ғой, асық боп жылаған.
Гүл билеп жайқалып,
Бұлбұлдар сайраған,
Жорға су тайпалып,
Бұраңдап жайнаған.
Жел мен бұлт - дуана, бақсы болып,
Дүрілдеп, күрілдеп, от—қанжар қайраған.
Бұл әлем айланған
Асық боп сен үшін.
Шашыңа байланған
Дертіңнің емі үшін.
Ұят, ынсап бар ма екен, ойла, менде,
Жаралдың деп білем, сәулем-ау, мен үшін.
Ақыл-ес сұрама
Дуана сорлыңнан,
Менде ақыл тұра ма,
Байқасаң, порымнан.
Жаным, тәнім еркінде не қылсаң да,
Өзіңсің аямай әурелеп қор қылған.
Көңілде сәулемсің,
Көздегі нұрым-ау.
Ақылды астыртын
Ұрлаған, ұрым-ау.
Өмір бойы өртеніп жүргенімше,
Не өлтір, не тірілт, осы шын сырым-ау!.
АШУ МЕН ЫНСАП
Білгенімді жазушы ем,
Бекем буып белімді.
Мінін айтып қазушы ем,
Түзетпек боп елімді.
Бұлдарлық ой менде жоқ,
Бұған шыққан терімді.
Ұқтырарлық пенде жоқ
Қате басқан жерімді.
Күні-түні ойланып,
Жазудан да жалықтым.
Газет, кітап қолға алып,
Оқудан да талықтым.
Ел тіліме көнбеді,
Жыладым да қамықтым.
Үмітсіздік дендеді,
Зорықтым да шалықтым.
Бағасы бір халқыма
Жабағымен мамықтың.
Нанбайды рас антыма,
Қадірі мол танытқың.
Айырмайды арасын
Бұлдыр менен анықтың.
Енді қайда барасың,
Түрі мынау халықтың.
Айла таппай адастым,
Қайғы артылып мойныма.
Ақылымнан шатастым,
Жас төгілді қойныма.
Ойландым да толғандым,
У жайылды бойыма.
Мұңдасуға қамдандым
Қайратым мен Ойыма.
Үміт үзген қорқақ
Ой Дірілдейді қалшылдап.
«Мүмкін емес, мұны қой», —
Деп жалыңды жалпылдап.
Бір жағынан Еріншек
Тағы келді салпылдап.
«Болмаймын, — деп, — келіншек», —
Ашу шықты арсылдап.
«Елді сөк те жаманда, —
Деп ұрысты Ашуым, —
Жамандықтан аман ба,
Шыннан қалай қашуың? »
Қиын болды баяндап,
Аяқты қалай басуым.
Сабыр кедді аяңдап,
«Жарамас — деп, — сасуың. —
Бәріне де хабар сал,
Рахым, Ұят, Ар қайда?
Қаруыңды жиып ал,
Құр ашудан не пайда?
Қайратың мен Сақтығың
Көріне ме маңайда?
Өлше істің ақтығын,
Ынсап бар ма оңайда».
«Өңкей асау, мас халық,
Бәрін бойдан қашырған.
Көп наданнан жасқанып,
Сорлың елге бас ұрған.
Рахым, Ұят, Арының
Бетін топырақ жасырған.
Қайраты қайтып кәрінің,
Қайғысын сүйтіп асырған».
Сабыр айтты: «Мына сыға
Сабырымды қайнатты.
Өңкей ақымақ, шелді көз
Ақты қайтіп жайратты?
Мені ұстауға шыдай көр,
Сүйтіп жұмса Қайратты.
Өкпеге тағы тепкілеп,
Тарланды салдым болмасқа.
Кеткенімен жұмыс жоқ,
Қазақ ісі оңбасқа.
Мен сорлыда тыным жоқ,
Ақылдастым жолдасқа.
Сөйлесті бөрі сыбырлап,
Мен отырдым тыңдауға.
Жүрегім тұр жыбырлап,
Дәл тапқанда ымдауға.
Ойлағанын бәріде
Ортаға салды шындауға.
Қалжың емес, әрине,
Керек десті шындауға.
Кейбіреуі майда айтып,
Елжіретті, жылатты.
Қайсыбірі қайғы айтып,
Үміттің үйін құлатты.
Айтып-айтып келді де,
Бәрі Ынсапқа сынатты.
Ынсап өлшеп көрді де,
Былайша деп ұнатты:
«Ел саңырау, надан ғой,
Естіле ме құр айғай,
Емделмеген адам ғой,
Ем бола ма құр ойбай.
Құлағы мен көзін аш,
Оқу оқыт, ғылым жай.
Насихатты сөйтіп шаш,
Соны жүрсің біле алмай.
Газетке жаз, кітап жаз,
Бастыр, оқыт қазаққа.
Мақтағанға болы п мәз,
Қала берме мазаққа.
Сусыз егін не шықсын,
Суғар, шыда азапқа.
Дәмін алып ел ұқсын,
Сонда ұмтылар тамаққа».
Осы сөзді дұрыс деп,
Жүрек соқты, құптады.
Түзу істі бұрыс деп,
Ол жасытып, тықпады.
Айқай салып бақырса,
Ойсыз құлақ ұқпады.
Қанша тұқым шашылса,
Жер жыртылмай шықпады.
Жұқпайды екен айтқан сөз
Ғылымы жоқ наданға.
Кеудесінде болса көз,
Жұғар сондай адамға.
Ондай адам қазақтан
Көп туса осы заманға,
Босар еді-ау азаптан,
Қазақ шығып самалға.
ШАРУА МЕН ЫСЫРАП
Қайтер еді, жігіттер,
Тым қымбатты кимесек.
Мақтаң үшін борышты
Үсті-үстіне үймесек.
Қаладағы байлардың
Ыңғайына билесек.
Аяғында қайтеміз,
Банкрот боп күйресек.
Орта кисек ұрса ма,
Біз ешкімге тимесек.
Бұзақылық емес қой,
Құр нақақтан күймесек.
Елтірі мен теріні
Жақсы қылып илесек.
Әрі берік, әрі жылы,
Жыртылмайды сүйресек.
Керім-кербез кей жігіт
Жек көреді-ау бүй десек.
Боламыз ба жазалы,
Шаруаны сүйдесек.
Әміркеннен мәсі-етік
Парыз болып шықты ма?
Аяғыңды зорлықпен
Біреу оған тықты ма?
Өңі жылтыр болмаса,
Опайкеден мықты ма?
Етігіңнен именіп,
Жауын қорқып бұқты ма?
Бұл расходка еріксіз
Бізді біреу сұқты ма?
Науқас болып немесе,
Қазаққа да жұқты ма?
Киімі қымбат екен деп,
Ешкім сенен ықты ма?
Бұлды киім борыш боп,
Алқымыңнан сықты ма?
Орынсыз шашқан ысырап
Абыройыңды жықты ма?
Ұрсыңқырап айттым-ау,
Ерегіспей ұқты ма?
Үш теңгелік сукнодан
Мәлескен берік емес пе?
Сыпайы пішіп, жөн тіксе,
Құба төбел демес пе?
Шайды азайтып сүт ішсек,
Жуытпай ма кеңеске?
Бал қоймай-ақ, май қойсақ,
Келген қонақ жемес пе?
Мұнша неге құмармыз
Түбі пайда емеске?
Шалқи бермей шамалан,
Шаруа кетті келмеске.
Күміс тұрман тағынып,
«Мен қалаймын? » деп еспе!
Бәрі мақтан, бәрі борыш,
Рас сөзге егеспе.
Не деген мал шықпайды
Бұл киюмен, бұл жеске?
Өкінерсің, көрерсің,
Не таңертең, не кешке.
Түлкі тымақ, сырты пай,
Мойында бар ақ шарып.
Қымбат ішік, қыл шапан,
Папирос тарттым баптанып.
Бешбет, шалбар — сукнодан,
Тігінші тіккен ақша алып.
Күміс баулы сағатым
Қойнымда жүр сақталып.
Резеңкеден калошым,
Аяғыма шақталып.
Ер-тұрманым жарқырап,
Күміс жапқан қақталып.
Қуанып өле жаздаймын,
Киіміме мақтанып.
Үйткенменен бәрі - борыш,
Құтылам ба ақталып?
Пұл әпердім әркімге,
Ерте ойланбай сақтанып.
Бір күн осы кетеді-ау
Шек-қарнымды ақтарып.
Кел, арзандау киелік,
Кербездікті тұр қылмай.
Ойланар кез болды ғой,
Орынсызды құр қылмай.
Сабын алып онан да,
Үстімізді кір қылмай,
Тазалайық денені,
Сыртымызды сыр қылмай.
Жалтырауық тағынып,
Қылтиғанды қыр қылмай.
Мазақтатып әркімге
Өзімізді жыр қылмай.
Пайдалыны бұл қазақ
Не себептен тұр қылмай?
Мақтаң қуған елірме
Шаруаны жүр қылмай.
Бояу мақтаң бола ма,
Ішімізді нұр қылмай?
Өтеміз бе осымен
Жөнді жұмыс бір қылмай?
АНЫҚ ПЕН ТАНЫҚ
Ойлаңыз ақыл, білім қайда болмақ.
Денеде қандай орын жайла болмақ
Білу, нану, ұнату - а
Қайтсе зиян,
Тән - сезіп, құлақ - естіп, көзбен көрмек,
Мұрын - иіс, тіл — дәмнен хабар бермек.
Бесеуінен мидағы ой хабар алып,
Жақсы, жаман әр істі сол тексермек.
Ой сонда неше толғау шимай салмақ,
Қайтсе жөні келер деп өлшеуге алмақ.
Дәл солай қылайын деп ұнағанда,
Ғаділетті жүрегің бір қозғалмақ.
Бір билік сол жүректен шығарылмақ,
Денеге ол шымырлап әсер қылмақ.
Ойынды дұрыс деме, теріс деме,
Сол арасын анықтал байқа бірақ.
«Жарайды» деп, ұнаса, бас иземек,
Жек көрсе, жиіркеніп дірілдемек.
Жүрегіңнің тілі жоқ, ымбалы сол,
Ұғып ал да бола көр соған көмек.
Қазақта жоқ ақылмен ой бекітпек,
Нәпсі ұнатса болғаны, бәрі бітпек.
Тәуекел деп ат қойып ықтималға,
Байлауы жоқ нәрседен пайда күтпек.
Табамын деп талпынып ойына алмақ,
Өз әлінше о-дағы сынға салмақ
Аз ойланса қазақтың басы қатып,
Зиян істі пайда деп қойып қалмақ.
Ықтималдың есігі екеу болмақ,
Ішіне пайда, зиян - бәрі толмақ.
Нысананы сығалап, дәлдеп атпай,
Көзін жұмып оқ атқан қайтіп оңбақ?
Іс қылады таптым деп біздің қазақ,
Онан көрген пайдасы болады аз-ақ.
Аяғында ол ісі зиян шығып,
Көрінгенге күлкімен болар мазақ.
Арам оймен ар сатып үзіп-жұлмақ,
«Міне,. пайда қылдым» деп мақтан қылмақ.
Біреу білген айланы біреу біліп,
Өзі құрғандарына о да асылмақ.
Шолақ ойлап, шолтаңдап, сырттансымақ,
Аса мықты жан шығып көзге дым-ақ.
Аударысып жүргенде ауып кетіп,
Абыройың ашылар, байқа, шырақ.
Шолақ ойдың аяғы осы болмақ,
Біраз күнге көңілдің хошы болмақ.
Арсыз, арам, асығыс, айлакерлік,
Мұның бәрі шайтанның досы болмақ.
Құдай кешер, алла деп күнә қылмақ,
Ар кетіріп, ант ішіп, жан сатылмақ.
Не жалғанда, немесе ақыретте
Оңалмастай өкпеден бір атылмақ.
МАХАББАТ ПЕН ҚҰМАРЛЫҚ
Ашылған көз тұра ма бір зат көрмей,
Миға хабар бермей ме түсі өзгермей.
Әдейілеп көрейін демесең де,
Қарсы алдыңа қоя ма түк кез келмей?
Сол сықылды көңілдің көзі ашылса,
Көп ойланып, қиынға сермей-сермей.
Білер, айтар, ойлатар, хабар жетер,
Еркінді алар, сөйлетер тыным бермей.
Ойдан маржан, меруерт төгілгенде,
Отыра алар кім шыдап оны термей.
Дағды қылсаң, дап-дайын істің бәрі,
Адамзат тұра алмайды әдетке ермей.
Бал ашқан соң оп-оңай бақсы болмақ,
Ол қоя ма ғайыптан хабар бермей.
Тоқты сойып дәндеген тоқтай алмас,
Жылқы ұрлағыш батыр боп о да елермей.
Бір рюмкадан басталар маскүнемдік,
Наша үстіне нашаға өрлей-өрлей
Ойласаң, соның бәрі бір құмарлық,
Қуа бермей қайтеді тепши-терлей.
Аздан кейін араны ашылады,
Қаза берсе таусылмас шыққан кендей.
Жердің жүзін қыларсың бір-ақ уыс,
Бәрінен де өзіңнің кеудең кендей.
Жын да жын, құмар да жын, мастық та жын,
Өлең де жын, қоя ма бойды жеңбей.
Шын құмар шымырлатпай қоймас сірә,
Әр жерге соқтықтырар аққан сендей.
Әрине, бір құмарсыз өмір қараң,
Ондай жанның тұра алмас оты сөнбей.
Сөйтседе ифрат1 бар, тафрит2 бар,
Жарай ма соны айырып реттемей.
Не қылсаң қыл, адамға махаббат деп,
Мейлің сөк, мейлің үйрет, айла ізденбей.
Ол сүюің шын болсын, жалған емес,
Бұлдыр болма өзіңе-өзің сенбей.
Дүние құмар, залалкес бола қалсаң,
Өлімді ойла келерлік күні ертеңдей.
Маған сөйтсе қайтер ем деп ойлашы,
Адамның баласы ғой о да сендей.
Шырақтар, ен құмарың осы болсын,
«Алла сүйсең, адамды сүй» дегендей.
Құмдарың бір, ісің көп болсын, жаным,
Көпке құмар, еріншек болма меңдей.
«Молданың ісін қылма, айтқанын қыл»,
Ерте сақтан әр іске әдеттенбей.
Қапы қалсаң, қайта оқып, тағы да ойла,
Деп жүрме: сөзің қалды ішіме енбей.
Ой құмар, өлең құмар, малға құмар –
Бұл үш құмар қоя ма мені көмбей?
Қайрат қайтса, амалсыз бәрі қалар,
Қайран ой қартаяды-ау өзім өлмей.
Ермегім жоқ, өлімнен үмітім жоқ,
Қайтейін осындаймен көңіл бөлмей.
ДҮНИЕ МЕН ӨМІР
Білімділер насихат көп жазады,
Адам үшін уайым жеп жазады.
Байқап оқып отырсам, соның бәрі:
Дүниені «сұм, алдамшы» деп жазады.
Мен-дағы тіршілікке қадам бастым,
Рахат, бейнет, әр іске араластым.
Өмір бойы қуанбақ жынды ісі ғой,
Кейде асып, кейде қашып, кейде састым.
Рахат көрсем, сыйдыйып мақтаныма,
Таласы бар кімнің деп тапқаныма,
Қарсы жалдап, қайраңдап шыға бердім,
Көнбедім деп жалғанның қаққанына.
Қайғы көрсем: «дүниенің жалғандығы, —
Дедім, - алдап, мінеки, алғандығы».
Ол не десең, бұрынғы жазғандардың
Сөзі орнығып көңіліме қалғандығы.
«Мен де соққы жедім, — деп, — сұм дүниеден»,
Көп жазып ем, оныма өкіндім мен.
Ойласам, көрген бейнет, тартқан қайғы
Болыпты не біреуден, не өзімнен.
Дүниенің ол туралы жазасы жоқ,
Біз сөкті деп тоқтай ма алла атқан оқ.
Пәрменімен айналған шархи фәләк —
Күн мен ай, жұлдыз, әуе, жер менен көк.
Кімде-кім қайғы тартып, бейнет көрсе,
Сұм жалтаңның қылғаны бұл дей берсе,
Әлбетте, бұл— тағдырға наразылық,
Түбі аллаға қарсылық, ондайға ерсе.
Кім үйретті дүниені жамандатып,
Оны сөгіп, өзіңді амандатып?
Мұны үйреткен — білімсіз шала молда,
Қу қазыққа байлаған табандатып.
Кейбіреулер жазады «қу өмір» деп,
«Тұрағы жоқ, алдамшы, су өмір» деп.
«Көрген қызық, қылған іс — бәрі де ұмыт,
Иә көлеңке, яки түс, у өмір» деп.
Бұған да еріп көп жаздым түшіркеніп,
Білімділер сөзі деп ентеленіп.
Өмір емес, алдаған өзіңді-өзің,
Пәленше кем айтты деп қалма сеніп.
Бұл екі сөз айтуға тым орайлы,
Жүрекке әсер берер сонша жайлы.
Терісті де дұрыс деп сендіретін
Шешендердің келеді тілі ыңғайлы.
Дүние деген қызыққан ісің болса,
Қызықтырған кім сені оған онша?
Пайдасыз, баянсызын біле тұра,
Қуа бердің ойланбай неге сонша?
Өмір деген жастықтан қартаймақ па,
Бейнет, рахат, байлықпен мал таймақ па.
Боларға ұмтыл, болмасқа қанағат қыл,
Жала жауып, салынба жантаймаққа.
Өмір, дүние, жер мен көк, өткен заман,
Ажал алмай қоймайды ешкімді аман.
Өлмей, өшпей, қартаймай жүргің келсе,
Ол — болмай ма тағдырды жамандаған?
Тумақ, өлмек, қартаймақ болмай қоймас,
Қанша қызық көрсе де, пенде тоймас.
Сол тоймастық - дүниені жамандатқан
Сен сөкті деп тағдырды қайта жоймас.
Бейнет көрме, біреуге бейнет берме,
Дүние - алдамшы, өмір — қу деп елерме.
Қамдан, сақтан, қағып бақ, бәле келсе,
Бәрін құдай қылады дегенге ерме.
Қаза келсе, өзіңнен, ИӘ біреуден,
Немесе бір нәрсенің себебінен.
Дауың дұрыс бола ма, ойласаңшы,
Өмір - Қу, Дүние — алдамшы дегеніңмен?
Дүние - алдамшы, өмір - қу есерлерге,
Есерлікпен жолығар кеселдерге.
Ол екеуі мінді емес, мін өзінде,
Сөзің бөлек өзгеден десеңдер де.
МАҚТАУ МЕН СӨГІС
Біреу сені мақтаса, қуанасың,
Жамандаса, жабырқап, суаласың.
Мақтаған кім, сөккен кім — оңда ісің жоқ,
Бәрібір сен де елірме дуанасың.
Дос мақтаса, не пайда онан саған,
Дұспан сөксе, не кемдік көрдің жаман?
Шын сөзбенен мақтаса иә боқтаса,
Мақтау - пайда, зиян ба жамандаған?
Бойда жоқпен мақтаса, яки сөксе,
Қуанбақ, не кейімек өзіңе еп пе?
Ғаділ жүрек, таза ақыл мақтай тұғын,
Солар сөкпес іс қылар жолды көксе.
Дос мақтайды сен жақсы көрмек үшін,
Дұспан мақтар елірте бермек үшін.
Есептемей есірік елің мақтар,
Көп нені айтса, соны айтып ермек үшін.
Бұл үш мақтау берер ме саған пайда,
Мақтаулыны білерлік адам қайда?
Өзіңнен ілгерілер сүйсінерлік
Жол тап-тағы ақылды солай айда.
Кейде дос та жамандар жоқ нәрсе үшін,
Дұспан сөгер сыртыңнан қайрап тісін.
Өнері жоқ, өсекшіл ел жамандар,
Өтірік пе, рас па, көрмей ешкім.
Келер-кетер зиян жоқ мұнан тағы,
Мін болмайды наданның қорламағы.
Білімділер сөгерлік ісің болса,
Жоғалға бер, айласын ойла-дағы.
Түйіп айтқан талассыз мақтау, боқтау,
Жақсы іске — ындын, зиянға салар тоқтау.
Көп наданның сөзімен құйқылжысаң,
Сен де жынды боласың есі жоқтау
МІНДЕУ МЕН КҮНДЕУ
Көп сөз айтқан бұрынғы білімділер,
Пайдалансын, ұқсын деп кейінгілер.
Сынға салып талғамай талапты жас,
Соның бәрін қатесіз жөн деп білер.
Олай емес, ойласаң, талай мін бар,
Бұрын шын, қаталы шын, анық шын бар.
У берді ме сусын деп, су берді ме,
Көзің жұм да жұта бер деген кім бар?
Кім айтса да сынамай қойма, жаным,
Ақылыңа сынатып ойла, жаным.
Пәленше кем айтқан сөзді ұрыс қой деп,
Жүректің таразысын жойма, жаным.
Тегіс тексер, сөз көрсең, сыр мен сынын,
Түзетуге именбе, тапсаң мінін.
Әдеп сақта жалғыз-ақ қате айтты деп,
Былшылдапты дей көрме, білсең шынын.
Біле тұра кім айтар қате сөзін,
Білімдіге есептер әркім өзін.
Тұрған жері, әдеті, туған елі
Адастырар, айтқызар байлап көзін.
Мал іздеп, мансап іздеп, сауық жиын,
Дүниенің көрмек үшін әрбір сыйын.
Адамзат алаңдықтан босамайды,
Сол себептен қатесіз сөйлеу қиын.
Менің де көп жаралы жүрегім бар,
Надандықтан қираған сүйегім бар.
Күндемей, шын міндесең, разымын,
«Қайта, жастар сөйтсін» деп тілегім бар.
Сынамасаң жақсының сөзін қорып,
Талабыңды жоғалтар іштен сорып.
«Сандалған түспе ізіме» деген Абай,
Жүрсіңдер осы сөзін қалай жорып?
«Талас, тал» деп айтатын Абай өзі,
Танамыз ба жоқ қой деп бүгін көзі?
Айтқанымды сынама деген емес,
«Күндеме де қарғама» деген сөзі.
Мейлің сөк, мейлің мақта, оған не бар,
Бізден түк жоқ, өзінің иманы жар.
Қатесін тап, күндеме, жамандама,
Кейде жөн, кейде қате айыққан шығар.
Абай түгіл, ақылды көп жан өткен,
Түпсіз терең ғылымға көзі жеткен.
Солардың да бар сөзі бір жерде емес,
Кейі жөн, кейі қате айтып кеткен.
Алдыңғының соқпағын артқы түзер,
Ғылым деген нәрсе емес күдер үзер.
Мінін алып, міндіге мінсіз қосып,
Бұрынғыны жаңартып, жастар түзер.
Өндіге тағы өң беріп қырған қалай,
Түзетілмей шаң басып тұрған қалай.
Түзеймін деп қиратып күншілдікпен,
Дұрыс істі теріске бұрған қалай?
Осыны ұқсаң — ұғарсың көп сөзімді,
Алдасам, алмай-ақ қой еп сөзімді.
Әнге салып алаңдап, ұқпай жүрме,
Әншейін бір өлең ғой деп сөзімді.
ӨЗІМЕ
Қолда қалам, көзде жас, толқынып ой,
Шіміркеніп, тітіреп, салқындап бой,
Тозған мола сықылды сұм көрініп,
Өткен күнде қызыққан сауық пен той.
Қаның қашып, жасаурап екі көзің,
Не болдым деп табалап өзіңді-өзің.
Өткен іс ойға түсіп ойлатады,
Қисынсызды қызық деп қуған кезің.
Және ойыңа келгенде алдыңғы жақ,
Сұм жүрегің кетеді қозғалып-ақ.
Артың — анау, алдың - су, көз жетпейді,
Өте тұтын қамыңды ойланып бақ.
Неңді аяйсың, отырсың кімді қимай,
Құтырдың ғой тәуір-ау жерге сыймай.
Салып-салып сандалып отырмысың,
Жоқ өзің өз нәпсіңді ерте тыймай!
Досың қайсы, қимастай елің қайсы?
Ел салмағын көтерер белің қайсы?
Аузың темір татиды берін татып,
Жалғанды қимай тұғын жерің қайсы?
Дүние тұр қалыбында, сен өзгердің,
Бәрін көрдің, түбіне көз жібердің.
Ешкімнен көре тұғын дәнеме жоқ,
Өзінді-өзің өлімге ұстап бердің.
Пайдасыз бен баянсыз қуған ісің,
Түпсізді толтырам деп кетті күшің.
Ентелеген еңбектің бәрі жанбай,
Ақ өлімді шақырдың, сол жұмысың.
Енді қайтып сен мықты бола алмайсың,
Жас күндегі тұғырға қона алмайсың.
Кейін баспай, ентелеп ілгері бас,
К... айналсаң, еш жерде оңалмайсың.
Құдайдан жарылқа деп жәрдем сұра,
Сен талайды қылдың ғой біле тұра.
Аяғыңды андап бас, өлім таяу,
Қарсы алдында дайын тұр қазған ұра.
Соны ойла, өзге қызық істі ойлама,
Біреуге айла, біреуге күшті ойлама.
Кеткен қайта келмейді кейісең де,
Түнде көрген көлеңке түсті ойлама.
Көкіректе толған шер, көңіл қаяу,
Ермейсің деп елім жау, досым баяу.
Сүйер кісім, сүйенер жақыным жоқ,
Бір өзіңе сиындым, бар құдай-ау.
Елге көнсем, ақ жолдан адасамын,
Көнбей жүрсем, көп итпен таласамын.
Тек отырсам, тепкілеп шыдатпайды,
Енді қайтіп бұл елмен жарасамын.
Бір момынның ұстасам түзу ісін,
Жөндейін деп ғарыптың жөн жұмысын.
Ақтан безген ары жоқ өңкей залым
Ызыңдатып жабады ит пен құсын.
Көп төбетке жетеді қайдан күшім,
Құтқара алмай адалды пысады ішім.
Қабағыңды қаққанша қас болады,
Жақындық деп болысып жүрген кісім.
Осы күнде арамның жолдасы мол,
Қу мен сұмды кім жиса, шын мықты сол.
Мақтаң, атақ іздесең құдайдан без,
Ардан күсіп, арамның біреуі бол.
Мұны қылсаң боласың сен де мықты,
Қайдағы қу, алдампаз төрге шықты.
Еп ішінде сенен қор жан бола ма,
Ұстаймын деп отырсаң адалдықты.
Елеуреген есірік елдің бәрі,
Өңкей батыр, пәлеқор жас пен кәрі.
Сені адам деп есіркеп кім елейді,
Құлап қалған қу молаң кімге дәрі...
Әрине, сен де бірге жүрсең екен,
Кіндігіңді ашып, көйлекті түрсең екен.
Абұйыр жоқ, сана жоқ, ақтан безіп,
Дамбал шеш ит зікірге кірсең екен.
Мен адалмын дегенге жолдас қайда,
Екі көзі төрт болып қалар сайда.
Сырласы жоқ, сырласар жақыны жоқ,
Бар сүйеніш, үміт бір құдайда.
БАЙ МЕН КЕДЕЙ
Бай болдың, батыр болдың, шешен болдың,
Ел билеп, топ бастаған көсем болдың.
Сен қылмаған өнер жоқ бола қойсын,
Бір адам қандай болсын десең, болдың.
Немене, қор да болдың, кем де болдың,
Малсыз кедей кімменен тең де болдың?
Екеуінің бірін ал өзің таңдап,
Түбінде мен не болдым, сен не болдың?
Байлықты алып, мұратқа өзің жеттің,
Кемдікті маған беріп тентіреттің.
Қымыз ішсең, көже ішіп мен де жүрмін,
Бәрі бір, бай болғанмен қайтып өттің?
Сүйткенмен мен де өлемін, сен де өлесің,
Қаза келсе - қалмайсың, жөнелесің.
Тәңірі алдында, білмеймін, кім озады,
Өлгенде малың жалдап не көресің?
Енді маған дейсің ғой көрдің бейнет,
Сен-ақ тіпті кейімей сөзіңе жет.
Өз көзіңнен басқаның бәрі жауың,
Қане, сонан қайғысыз құтылып кет!
Біреу зорлап алады, біреу алдап,
Ұры-залым... бәрі тұр жыланша арбап.
Жаның толған жалмауыз жалаңдаған,
Тілі шыққан бала да сені қармап.
Мал бағусыз, малшыға сөзің батпай,
Қысы-жазы тынымсыз үйде жатпай,
«Қарағым, ана малды қайыршы? » деп,
Қане, сен де жүрмісің көзің сатпай.
Мен бақпаймын малыңды ақы бермей,
Және өзіме ақырма қарсы келмей.
Көңілім сүйсе ұйықтаймын, не жатамын,
Енді өзгеге бақтыршы маған сенбей.
Мен сықылды әкелсең тағы біреу,
Өз көзіңе қоймайды о да тіреу.
Аяғында өзіңе келген жоқ па
Мал бағып, күл шығарып, боқтық күреу.
Байлық жақсы екені елге мәлім,
Өзің істеп әдет қыл, келсе халің.
Қолың білсе, біреуге жалынбайсың,
Шыдамды бол, еріншек болма, жаным.
Анық байлық - денеге біткен өнер,
Білімдінің бәрі де соған төнер.
Арам жиып мақтанған дәулет емес,
Алдымызда бір күн бар есеп берер.
АБАЙ МАРҚҰМ ӨТКЕН СОҢ ӨЗІМЕ АЙТҚАН ЖЫРЛАРЫМ
«Ажал жетсе өлдің бе,
Өлім келді, көрдің бе?
Баянсызға салынба», —
Десе, тоқтау бердің бе?
Жетпесті қудың, жеттің бе,
Барша жаннан өттің бе?
Тағдырың жазған ақ елім,
Құтылып онан кеттің бе?
Қарманып едің, таптың ба,
Қарындасқа жақтың ба?
Қарсыласқан жауынды,
Қанеки, жерге қақтың ба?
Білдім дедің, не білдің,
Басыңа пайда не қылдың?
Бәріде болды баянсыз,
Өзіңнен-өзің жеңілдің.
Өлместей оны көруші ең,
Соған да қарсы келуші ең.
Алған сонан жаныңды
Кімге сақтап беруші ең?!
Өзің кімнен кем едің,
Кім үшін уайым жеп едің?
Күдеріңді үздің бе,
Сүйенішім мықты деп едің!
Қанеки, қайтып келді ме,
Жаныңа жәрдем берді ме?
Жалаңдаған жалмауыз,
Жан-жағыңнан көрді ме?
Тиянақ көрме жалғанды,
Қуа берме арманды.
Пайғамбар мен сахаба,
Сен түгіл содан қалған-ды.
Құтырмай енді тек отыр,
Күнәңе уайым жеп отыр.
Алдында кірер үйің бар,
«А, тоба, онда» деп отыр.
Есің барда елің тап,
Барғанда кірер жерің тап.
Жаратқанның құлысың,
Жаға тұғын ебін тап.
Ел мінезін білдің ғой,
Талай-ақ бірге жүрдің ғой.
Итпен бірге ит болып,
Күнәсіне кірдің ғой.
Енді есінді жисаңшы,
Манар тауға сыйсаңшы.
Ала сұрып аптықпай,
Бұл жалғанды қисаңшы.
Неменені қимайсың,
Нәпсіні неге тыймайсың?
Өзінді кімге сыйлатып,
Өзің кімді сыйлайсың?
Жан аяспас кісің жоқ,
Арманда қалар ісің жоқ.
Енді жүрер жалғанда,
Қарасам; сенде пішін жоқ.
Жалғанды талақ қылыпсың,
Бас-аяғын біліпсің.
Есі шыққан кісідей,
Құр сандалып жүріпсің.
Жалындамай сене қал,
Алла ісіне көне қал.
Бәрінің дәмін таттың ғой,
У ішкендей өле қал!
Тамам жанды билемек,
Жалғыз өзің сөйлемек
Мұның түбі не болар,
Үмітің болды не демек?
Досты мықты қылмақсың,
Дұспаныңды қырмақсың.
Аяғында сен де бір
Кішірек құдай болмақсың.
Жуанның ойы осы ғой,
Бұл мінезден шошы, қой.
Шыға алмассың ырғалып,
Ол — қайраттың босы ғой.
Шын досың саған не берді,
Соңыңнан сенің неге ерді?
«Арам да бопсам ақтасын,
Күнәма керек» деп ерді.
Еш нәрсеңді алмайды,
Жұмысы келсе, жалдайды.
Құй отқа түс, суға түс,
Арам да болсаң қалмайды.
Шын жолдасың осы ма,
Осылар жанның досы ма?
Ақ ісіңе адам жақ,
Адамнан тіпті шошыма!
Туысқан мен жақының,
Оларға толса тақымың,
Тату жүр деп зарлаған
Алынып па еді ақылың?
Адалдық айтып жеңді ме,
Немесе сөзге көнді ме?
Неше жылдай ұққан жоқ,
Ақылы жаңа енді ме?
Болмасқа бұлай қара тер,
Алдыңғы жақты қамдай бер
Жақыныңнан жау жақсы,
Ең жақының - қара жер.
Дұспаның анау, ел мынау,
Ойласаңшы, япыр-ау.
Адам болып туып ең,
Ақылың қайда, батыр-ау?
Құры білген не керек,
Білгенді қылған, со керек.
Баянсыздың бәрін қой,
Боласың сонда шын зерек.
Жаныңа қызық жалғанда
Неменең қалды арманда.
Бұл жалғаннан не серік,
Тәңірі алдына барғанда.
Лапылдадың, жандың ғой,
Тілегіңді алдың ғой.
Су екен деп, у ішіп,
Жаның жай боп қандың ғой.
Іздегенің мақтан ғой,
Далақтап күнде шапқан ғой.
Не күн туды басыңа,
Тегінде, жын қаққан ғой.
Жын қақпаса мұның не,
Шынымен қор болдым де.
Есінді жи, ерте ойлан,
Қаза келді - өлдім де.
Бір өлген соң жау да жоқ,
Алдыңа келер дау да жоқ.
Бұл жалғаннан кеткен соң,
Партия сатқан сауда жоқ.
Қалғандар жүрсін қағынып,
Қайтесің оны сағынып.
Тепкілесін молаңды,
Жатырсың деп не қылып?
Қазақтың жаманы болмас,
Жаманнан аманы болмас.
Бірігіп іс қыла тұғын,
Түзелер заманы болмас!
Бұл елде адалдық бар ма,
Оңдайын байқадыңдар ма?
Істейді нені де болса,
Наданға арамдық ар ма?
Ар сатар шайға да болса,
Бір асам майға да болса.
Ізденіп табады, жейді
Арамды қайда да болса.
Жуаны қылады зорлық,
Момынның көргені қорлық.
Теп-тегіс қулық пен ұрлық,
Ал енді қайтіп ел болдық?
* * *
Көкорайға қонғанда,
Қозылар ойнар дүркіреп.
Жаздың күні болғанда,
Жаңбыр жауар күркіреп.
Жаралы біздің көңілге
Бір тамбайды сіркіреп.
Таянды ғой өлімге —
Қақырық басты күркіреп.
* * *
Амандаса келісіп,
Бір бағыланды сойғызар.
Кел деп аяқ берісіп,
Қымызға әбден тойғызар.
Тері жадырап, жайылды,
Дене балқып, бой қызар.
Қайғы менен уайымды
Ойлауды да қойғызар.
Бағылан етін балқытып,
Біріне-бірі же десіп,
Шаттанысып, шалқысын,
Кем-кетігін теңесіп.
Әзілдесіп әр сөзге,
Қалжың айтып, егесіп...
Сөз қылар екен сол кезде
Біз байғұсты не десіп?
Жоқ болса ақың өзімде,
Қалғандарды зарлатпа.
Адал кісі еді-ау деп,
Алғыс айтып алғай ма?
Әркімді о да жеді-ау деп,
Әйтпесе сөгіп, қарғай ма?
* * *
Мен бір — тілсіз көлікпін,
Басыма соқпа, дауың жоқ.
Тепкілеме, елікпін,
Шайтаннан басқа жауым жоқ.
Қызығып сендер ұмтылар
Қасыма ерген қауым жоқ.
Жазаны кешіп, ұтыңдар,
Жазадан, сірә, сауың жоқ.
* * *
Мен кеттім де, сен қалдың,
Зияным енді тие ме.
Неңді жұттым, неңді алдым,
Кешсеңші жалғыз иеге.
Саған да сауап керек қой,
Кім сенеді дүниеге.
Осыны білген зерек қой,
Жолықпасаң киеге.
* * *
Өтірік болса сөзім де,
Ойыма менің алдатпа.
Ақың болса біт алып,
Kөп жегімге қарғатпа.
Өлгенге өтірік дау салып,
Қайынды талға жалғатпа.
Өлген жанның моласын
Тепкілемек өнер ме.
Онымен қайтіп оңасың,
Ойласаң, пайда келер ме?
Өзімнен басқа әркім бар,
Бәрін де жеңдім дей берме.
Алдыңда қиын бір күн бар...
Аптығып, асып, елерме.
Ақың болса басымда,
Осы күнде мені өлтір.
Отырмын ғой қасыңда,
Өзіңнің жазаң деп өлтір.
Жазам болса тартайын,
Қолыңнан келсе, әне, өлтір!
Обалыңды артайын,
Қызықсаң босқа, және өлтір!
Ол қолыңнан келмесе,
Ойнақтама, дулама.
Ойлашы өзің, ендеше,
Соған көңілің тола ма?
Біреудің мінін кешірсең,
Саған да құдай кешеді.
Бәрін де қылмай есірсең,
Тебенді әлі-ақ теседі.
Үйтсең — қатын болғаның,
Еркек олай бола ма.
Ол емес қой оңғаның,
Мұнымен кісі оңа ма?
Көңілі жұмсақ адамның
Күрмеуін алла шешеді.
Рахымсыз, пейілі жаманның
Орны дайын деседі.
Мен досыңмын, жау емес,
Еліре берме, қайта ту.
Жүрегім дертті, сау емес,
Сол себепті сөзім — у.
Ащы деп алмай қоймаңыз,
Аңсағанда, керек су.
Абайлап артын ойлаңыз,
Алды ғой алдап өңкей қу.
Мен өтермін, кетермін,
Жоқтарсың мені бір кезде.
Жәрдемім тимес, не етермін,
Бекінем осы бір сөзге.
Мақсұтың қайсы, досың кім,
Осының түбін шын көзде.
Бар ақылым — осыным,
Айтарым жоқ тіпті өзге.
ӨМІР
Біреу маған от жақ деп қылды бұйрық,
Жағайын деп ұмтылдым, көңіл жүйрік.
От жаққалы жатқаным - бір үлкен үй,
Отын жиып қойыпты талай күндік.
Шақпақ жағып жібердім, қуға түсті,
Тұтандырып алуым болды күшті.
Қызыл өңеш болғанда азар жанып,
Соған шейін асығып, ішім пысты.
Отқа әкеліп отынды салып еді,
Жалын шығып лапылдап жанып еді.
Үй жылынса, қайтейін, залал да көп,
Жалын барып талайды шалып еді.
Жалын кетіп, аздан соң шоқ болды құр,
Отын бітті, үрсем де жана алмай тұр.
Жалынды оттай жайна таң, қайран, өмір,
Шоқ сөнген соң қап-қара болды көмір.
Үш-ақ түрлі өмір бар — бәріде мас,
Бір рәуішті болады шал менен жас.
Ең керекті дегенің ортаншы өмір,
Түгел қолың жетпейтін бір жанталас.
Қапы өткізбе сол кездің бір сағатын,
Өкініші қалмайды, кетсе ағатың.
Күні-түні дей көрме, ғылым ізде,
Қалсын десең артында адам атың.
Өмірдің басы — бала, ортасы — адам,
Қартайып, шал болған соң кетті шамаң.
Мақтап жүрген өмірің осы болса,
Үш-ақ ауыз өлеңмен болды тамам.
МАЛ ЖИМАҚ
Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи,
Қазанда көз сүзбестің қамы үшін жи.
Арың сатпа, терің сат, адалды ізде,
Ғибадат пен адалдық, ар үшін жи.
Ерінбесең еңбекке, дәулет дайын,
Жаратқан жоқ жатсың деп бір құдайың.
Ойласын деп ой берді, көруге көз,
Аяқ берді, тапсын деп басқан сайын.
Үйде отырып салғанмен сары уайым,
Тілегенің тұра ма сағандайын.
Жүріп-тұрып, ойланып істеп көрсең,
Қарекеттің білесің сонда жайын.
Жатып ішкен жан — тыныш, салғырт-салақ,
Оған арам — харекет, ой ойламақ.
Іздемеген кісіге қайдан келсін
Таза киім, жылы орын, тәтті тамақ.
Егін сал, не сауда қыл, малынды бақ,
Білім білмек — әр іске шебер болмақ,
Қол өнерден пайда қыл үйреніп-ақ,
Кетпес дәулет осы ғой құдайға хақ.
Қол өнер - өзің өлсең - бірге өледі,
Сонда-дағы қалаңдар үйренеді.
Сен кетсең де өнерің елде қалып,
Талай жанға азық пен мал береді.
Әрі ермек, өрі пайда, әрі дұрыс,
Демейді қол өнерді ешкім бұрыс.
Көрінгенге көз сатып жалынғанша,
Күндік өмір қалса да соған тырыс.
Деп ойлама бұйрықсыз дәулет қайда,
Жалықпай талап етсең - дайын пайда.
Адал құл аштан өлмес, құры қалмас,
«Жүрген алар» деген ғой құдай да.
Талаппен адал істі істемекпіз,
Тапсырдық бір аллаға біз демекпіз.
Ындының таза болса, именбеңіз,
Дәулетті осылайша іздемекпіз.
Құдай таза жаратты, сен таза бол,
Ұқсаң, анық айттым ғой, бұл — тура жол.
Мақтан күйлеп, арамнан мал жинасаң,
Орның — дозақ, сорлы — сен, айтқаным сол!
НАСИХАТ
Балаңа ғылым үйрет жас күнінде,
Досыңа жақындама мас күнінде.
Халқыңа қайрылар деп насихат айтпа,
Ел бұзық, ерегескен, қас күнінде.
Алған соң әбден қызып, сөз ұқпайды,
Сүзекке елеуреген ем жұқпайды.
Аз басыла бергенде, ал қолыңа,
Қызу кезде сөз ұқпай қылжақтайды.
Панала, пәле шықса, басың сақтап,
Ойлама оңамын деп екі жақтап.
Мастығынан айыққан кезін андып
Ап-аман қара да отыр атың баптап.
Ол кезде ептеп алма жалғыз тиын,
«А, құдай, есін кіргіз» де сыйын.
Мастың малын жеймін деп, жаныңды жеп,
Тәңірі алдында өзіңе болар қиын.
Біреу тисе, құтылар қамыңды ойлан,
Сонда-дағы дәм татпа жынды тойдан.
«Бүлінгеннен бүлдірге алма» деген,
Ел бұзылса, момын бол қоңыр қойдан.
Елді бұзған не десең - кетті наным,
«Ант ұрды ма? » — деген сол, ұқсаң, жаным.
Бір көзің бір көзіңе сенбеген соң,
Аңдиды ана көздің не қылғанын.
«Ол өйтсе, мен бүйтем» деп дайындап тұр,
Барша жан соған бола бәле ұстап жүр.
Біреуді сендіре алмай, не сене алмай,
Бірін-бірі жаралап ойменен құр.
Бірлік түгіл иман жоқ, наным кетсе,
Жуымас алдайды деп бір бұлт етсе.
Жаулық түгіл жанжал да шықпас еді,
Ант етпей-ақ айтылған сөзге жетсе.
Адалдың жолы болар заман бар ма,
Жем болдық шын жексұрын надандарға.
Адастың деп отырмын айғай салып,
Бар тапқаным сол болды, амал бар ма?
Осы күнде қазақтың бәріде мас,
Жақсылардың біріне біреуі қас.
Атқа мінген жігіттен үмітім жоқ,
Сөзімді ұқса, ойланар кейінгі жас.
СӘНҚОЙЛАР
Шедірейіп, шекиіп,
Қасын керіп кекиіп.
Қолдан пішіп жасаған,
Біреу келер секиіп.
Шырт түкіріп, шынтақтап,
Жүз құбылып, қылжақтап.
Сұлуын-ай шіркіннің
Дегізбекші жұрт мақтап.
Мұнымен мақтау алмақ па?
Шамалап өзің салмақта.
Мұнша әдемі көрініп,
Көңілі қызға бармақ па?
Мен қыз емес, өзің қыз,
Осы күнде сындасыз.
Өз бетіңді өзің бұз,
Үйте алмаймыз, жаным, біз.
Бояған пішін бола ма,
Оны қылған оңа ма.
Ерте бастан айтқаным —
Сол пішінге жолама...
Бір сал мойын сал келер,
Омырауы дал келер.
Бақайынан келмес-ақ
Өзінен басқа пенделер.
Құлағын киер тымақтың,
Мойны бостау шырақтың.
Mac кісідей талтақтар,
Осыны қашан ұнаттың?
Жүрсе, тұрса, бұлықсып,
Мұнысы тапқан қылықсып,
Өнер қылар, ат мінер,
Жығыла жаздап толықсып.
Осындай салғырт салымыз,
Көтеріп аттан алыңыз.
Аяғын жерге анықтап
Баса алмайды, наныңыз.
Өзіне-өзі өң берген,
Терісін түзеп жөнделген.
Осындай шебер елде көп,
Өз қылығын жөн көрген.
ЫЗАҚОРЛАРҒA
Ашу келсе, тұрғызбас,
Артыңа мойын бұрғызбас.
Көрінеу отқа салады,
Орынды жұмыс қылғызбас.
Ыза көрсе бойыңды,
Ойлатпайды ойынды.
Басқызып алсаң, пайда жоқ,
Батпаннан ауыр шойынды.
Ашумен қылған іс емес,
Қайрат та емес, күш емес.
Ашуына билеткен,
Ақылы түзу кісі емес.
Пішінің кетер қуарып,
Аузың, ернің ұзарып.
Тыша тұғын баладай
Екі көзің қызарып.
Қабаған иттей арсылдап,
Дуанадай қалшылдап,
Ыза қылған кісінің
Соңынан қалмай жалпылдап...
Осыдан пайда не шықты?
Mac күнінде нені ұқты?
Ақылға салып ойлашы,
Мұнымен болар кім мықты?
Буындырмай өзіңді,
Бұлтитпай-ақ көзіңді,
Ойланып айтсаң болмай ма,
Керекті ғана сезінді?
Бойды ашуға билетпе,
Басынан жаман үйретпе.
Адырайып, аптығып,
Бір жеріңді күйретпе.
Билеп алсаң ашуды,
Пайдасыз істен қашуды,
Сонда әдемі байқарсың
Аяқты қалай басуды.
Ашусыз адам болмайды,
Ескеру керек ондайды.
Қапы өткізбей қайырып
Алмағандар оңбайды.
Еріншек, ашу, құмарлық —
Бұларды істен шығардық.
Жамандықтың басы осы,
Кісі болса ұғарлық...
ЕРІНШЕК
Еріншектен - салақтық,
Салақтықтан— надандық...
Бірінен-бірі туады,
Жоғалар сүйтіп адамдық,-
Еріншек таза жүре алмас,
Кірі-қоңын жуа алмас.
Харекет жоқ, ғылым жоқ,
Өз бойынан ұялмас.
Жүрейін десең, тұрғызар,
Төсекке мойын бұрғызар.
Аналар да жүр ғой деп,
Біреуді мысал қылғызар.
Тұрайын десең, жатқызар,
Буыңды сүйтіп қатқызар.
Орыңды іске кіргізбей,
Не болса соны шатқызар.
«Мен емес пе сабырың,
Жаныңа тыныш тамырың,
Асықпа, - деп алдайды, -
Қазулы ма, — деп, - қабырың?»
«Құдайдың, - дейді, - күні көп,
Асыққан істің міні көп.
Аз таңа рахат қылсаңшы,
Істерсің ертең мұны», — деп
Осымен-ақ жүре сал,
Мына бір жерге-ақ кіpe сал.
Бір жырымың үзілсе,
Қанжығаңмен іле сал.
Тарамыс қайда, біз қайда,
Асығыстан не пайда.
Тігіп ала қоярсың,
Біз табылған бір жайда.
Сонымен қалсаң алданып,
Ұмтылмасаң қамданып,
Жалқаудың құлы болғаның,
Жатпақ үшін жалданып.
Шаруа да көп басында,
Көндіру керек жасында.
Қылайын десең харекет,
Еріншек отыр қасында.
Және айтады ақылды,
Қысып қояр тақымды:
«Тілімді алсаң, тек отыр,
Менің сөзім мақұл-ды.
Жас басыңнан аптықпа,
Кіре берме боқтыққа.
Өмір өзі-ақ береді,
Тағдырға қарсы соқтықпа. ,
Құлақ қойсаң сөзіме,
Пайда айтамын өзіңе.
Арқалатпа бейнетті
Қызық көрер кезіңе.
Бейнетке жаның шыдай ма,
Осы сөзім ұнай ма?
Пендесін аштан өлтірмес,
Қарсы болма құдайға».
Мұның сөзі мақұл деп,
Айтқаны дұрыс ақыл деп,
Харекетсіз кеткенің,
Жай іздермін ақыр деп.
Бұл сөзді ұғып жас кетті,
Ішіп алып мас кетті.
Бар керектен айрылып,
Еріншек деген қас кетті.
Еріншектің қақпаны –
Көрінбей көзге жатқаны.
Біреу оған ілінсе,
Оны құдай атқаны.
Іс қалдырмас еселі —
Ең білімнің кеселі.
Кірсе бойдан шығу жоқ,
Күн сайын есер бес елі.
Төбені сүйтіп теседі,
Орныққан сайын өседі.
Ғибадат жоқ, өнер жоқ,
Бәрінің жолын кеседі.
Даулассаң желдей еседі,
Өзі айтып, өзі шешеді.
Үйір болған кісілер,
Жан тыныштық деседі.
Жан тыныштық бұл емес,
Жан дененің құлы емес.
Өзің байлап бересің,
Жан жұмысы ол емес.
ҚҰМАРЛЫҚ
Құмарлық деген бір ит бар,
Жаныңа жау шын ит бар.
Алды-артыңа қаратпас,
Рахымы жоқ тым ит бар.
Бай баласын көп көрдім,
Кедейлікті жек көрдім.
Сауық көрсем құмар боп,
Мен де сүйтем деп көрдім.
Мылтық атты, құс салды,
Домбыра, гармонь қолға алды.
Ауыл кезіп, ән салды,
Көрген адам таң қалды.
Дойбы, қарта — бәрі бар,
Жүз құбылған әні бар.
Киім біткен қынаулы,
Таңырқарлық сәні бар.
Мен де осындай болам ба,
Бола алмасам оңам ба?
Бар малыңды шашсам да,
Жетпей қойсам соған ба!
Арпалыстым, алыстым,
Жағаластым, жарыстым.
Дәл өзіндей болған соң,
Озамын деп қарыстым.
Жеттім, оздым. Жер білді,
Маңайдағы ел білді.
Бәрекелді батыр деп,
Қыз-бозбала сол күлді.
Мақтағанда бу ала,
Селкілдедім дуана.
Баяны жоқ, пайдасыз
Бір сағымды қуала.
Әлі келем далақтап,
Қызыл тілім салақтап.
Менен озған кім бар деп,
Алдыңғы жаққа алақтап.
Қара көрсем, кетемін,
Жетуге талап етемін.
Пайдасында ісім жоқ,
Не де болса жетемін.
Заман өтті, жас өтті,
Қайрат, өнер бос кетті.
Абұйыр жоқ, сана жоқ,
Өз басыңа не жетті?
Естігенді ұға бер,
Ыдысың болса — тыға бер.
Пайдасыз болса құмарың,
Сілкініп тастап шыға бер.
ҚАЛЖЫҢШЫЛ ҚЫЛЖАҚБАС
Жайдары күлдіргіш, қалқам,
Ұятсыз, әдепсіз, салқам.
Күлгенім бір сенің арқаң,
Ыржақта, қылжақта, әйде!
Мазақ қыл көрінген жанды,
Өнер қыл қылжақтағанды.
Сөзіңе құмарым қанды,
Жыртақта, бұлғақта, әйде!
Жолыққан кісіге соқтық,
Қалжыңға қосып айт боқтық.
Осы ғой сәулесі жоқтық,
Сен келдің, мен білдім, әйде!
Ішің у, сыртыңды майла,
Есердің бәрін де жайла.
Күлкімен көздерін байла,
Сенделдің, жөнделдің, әйде!
Сөзіңе күлгенді ұна,
Күлмесе жалынып сұра.
Сөйлесең аузыңды бұра,
Жедің боқ, әбден соқ, әйде!
Бай өліп, баласы қалса,
Қасына сені ертіп алса.
Қылжақ пен күлкіге салса,
Тамақ тоқ, қайғы жоқ, әйде!
Жағасың күлкімен жүріп,
Шығасың ішіне кіріп.
Аласың аузынан жырып,
Бұлтылда, жылпылда, әйде!
Маймыл бол есерге сондай,
Арсылда адамға болмай.
Ит болып өтесің оңбай,
Жырқылда, тырқылда, әйде!
СӨЗ СЫНАП, ӨЛЕҢ ӨЛШЕМЕК
Сөз жазамын түнімен,
Бар ұйқымды қашырып.
Тығып қойман мұны мен
Еш адамнан жасырып.
Мен кетермін, сөз қалар,
Ақ қағазға басылып.
Бозбалалар қолға алар,
Әр ауылға шашылып.
Оқырсың да қолға алып,
Сөздің мәнін табарсың.
Өз сөзіңе ең салып,
Дауды жүндей сабарсың.
Болмасам да қасында,
Алды-артымды қамарсың.
Миың бар ма басында,
Байқастамай шабарсың.
Білімді жұрттың, ақыны
Біздің сөзді сынамас.
Жазушының жақыны
Қазақ мұны ұнамас.
Сынатарсың өзіңді,
Менің түгім құрамас.
Өлген кісі сөзімді
Сынама деп сұрамас.
Сынасын деп жазғамын,
Сынама деп жатпаймын.
Қазақтың мінін жазғамын,
Айтқанымнан қайтпаймын.
Қазақ сыншыл болса екен,
Болмасын деп айтпаймын.
Жетегіме ерсе екен,
Өлсем де тыныш жатпаймын.
Мен жетелеп өлемін,
Өрге қарай қазақты.
Өлсем де ойын бөлемін,
Сөзбен салып азапты.
Білімдінің сөзіңдей
Сөзім демен таза, ақ-ты
Қазақ болса өзімдей,
Қыла алмайды мазақты.
Қазақтың жайы белгілі,
Өлеңі өңкей құрама.
Байқадың ғой ендігі,
Оны менен сұрама.
«Ауылым қонды Нұраға,
Мінген атым сұр ала».
Керексіз сөзбен бұрала.
Қазақ сүйтпей тұра ма?
Сөзімді өлшеп қараңыз,
Уәзінге дәл шыға ма?
Қазақ деген балаңыз,
Уәзінді де ұға ма?
Сөзді әнге дұрыстап,
Өлшеуменен сыға ма.
Сыймаса да сырықтап,
Зорлық қылып тыға ма?!
АЖАЛСЫЗ ӘСКЕР
Патшалар сансыз шығын қылады,
Дайындап соғыс үшін әскерін.
Аямай бірін-бірі қырады,
Ел алар оққа байлап жастарын.
Тұрақсыз шыр айналған дүние,
Жұтады бәрінің де бастарын.
Ел түгіл жерлеріне кім ие,
Айтпасаң моласының тастарын.
Шын патша мен емес пе уайымсыз,
Әскерім — өлеңім мен сөздерім.
Олардың патшалығы байымсыз,
Көреді баянсызын көздерің.
Ойлаңыз, біздің әскер өле ме,
Қағазға бір басылып қалтаң соң.
Бұл мықты әскер емей немене,
Жайылып талай орын алған соң.
Қарумен қанша қатты ұрса да,
Сөзіме жанның әлі келмейді.
Бұл дүние шыр айналып тұрса да,
Әскерім қартаймайды, өлмейді.
Білесіз, бұл сөзіме өлім жоқ,
Тағы да жүрген жерін қырмайды.
Дүниенің рахатына сенім жоқ,
Ешбірі баянды боп тұрмайды.
Алмаймын патшалықты берсең де,
Қайтейін, өлім тартып алады.
Мен-дағы ажал жетіп, өлсем де,
Әскерім ақ қағазда қалады.
Оқиды кейінгілер сөзімді,
Бірі ұнап, бірі сынап күледі.
Өзімнің көрмесе де көзімді,
Зарланып өткенімді біледі.
Өлімнің хақ екенін көрсең де,
Өлместей омыраулап шатасың.
Дозақтың барын біліп жүрсең де,
Күнәға әлің келсе батасың.
Сауал көп ғибадатқа десең де,
Жалығып, жалқауланып жатасың.
Алланың адал ризығын жесең де,
Арамды әдейі іздеп татасың.
Сыртыңды сыланасың өң беріп,
Ішіңнің түзетпейсің қатасың.
Айламен алдағанды жөн көріп,
Адамды аң орнына атасың.
Жалғанның бір пайдасын көргендей
Арланбай арынды да сатасың.
Алланың ақ өлімі келгенде,
Амалсыз қара тастай қатасың.
Шаранамен туып едің,
Без оранып өтесің.
Бір сағымды қуып едің,
Қай уақытта жетесің?
Қанша дәулет жиып едің,
Бәрі қалды, нетесің?
Мал үшін жан қиып едің,
Қайтіп алып кетесің?!.
Достыңыз зор,
Дұспаның қор,
Бар тілекке жетсеңіз.
Сансыз бақыт,
Алтын тақыт,
Барша жаннан етсеңіз.
Қалса уайым,
Болса дайын,
Нені талап етсеңіз.
Бәрі қайда,
Несі пайда,
Түк ала алмай кетсеңіз.
Дүние қу,
Бір ағын су,
Түстік онда шөп болып,
Күнде ағамыз,
Сандаламыз,
Бейнетіміз көп болып.
Кейде тасқа,
Кейде ағашқа
Соқтығамыз дөп келіп.
Суынан да,
Уынан да
Құтылармыз жоқ болып.
Дүние ағып,
Сусыл қағып,
Фәни көлге құйылар.
Бірі ерте,
Бірі кешке
Шөп те келіп жиылар.
Көлге барып,
Тыным алып,
Бәрі сонда сыйылар.
Алды тыныс,
Болды тыныш,
Су ағыны тыйылар.
НАСИХАТ
Сен ғылымға болсаң ынтық, бұл сөзімді әбден ұқ
Білгеніңнің жақсысын қыл, білмегенді біле бер.
Білген ердің бол шәкірті, білмегенді қыл шәкірт,
Үйренуге қылма намыс, үйретуге болма кер.
Өнерінді құр шірітпе, орнына анық жұмсамай,
Өкініші кетпес оның, өз ойында босқа өлер.
Қай ғылымды білсеңіз де, қазір оны елге жай,
Құр ішің де кеткенінше, пайдалансын өзгелер.
Шын наданға білгеніңді ұқтырам деп ойлама,
Қанша бидай шашсаң-дағы, болмас егін тасты жер.
Тотыға тіл үйретілсе, сөзі - адам, өзі - құс,
Сол сықылды ол наданды ермек үшін сөйлетер.
Қара тасты қанға малсаң о да маржан бола ма?
Тесік ыдыс, су құйылса, өзі қалар, су кетер.
Шын залымға берме ғылым, ол алар да оқ қылар,
Қаруым дер, кісі атып жер, ол ғылымды хайла етер.
Қарғысына сен қаларсың, елді алдап ол алар,
Ақылы жоқ, малы көптің бір талайын еңіретер.
Дүниені түзетуші һәм бұзушы — бір ғылым,
Әрі залым, әрі ғалым — ел түбіне сол жетер.
Шын надандар білмесе егер естілердің қадірін,
Оған ұрсып, сөкпеңіздер, шын ғұзырлы пенде сол.
Неге десең, білсе надан, өзі надан бола ма,
Оқымаған бір балата хат оқытсаң, жөн бе сол?
Әр адамның өз жұмысы, қылған ісі әр бөлек,
Ол наданның жұмысы жоқ ғылымыңызбен еш заман.
Білмегенді үйреніп, білгенді қылса, есті сол,
Білмегенін - білмеген, білгенді қылмау — сол жаман.
Сізге келсе кей надандар үйренемін деп ғылым,
Үйретудің ақысы деп, бір тиын да алма одан.
Неге десең, сен білесің алғаныңның не екенін,
Ол біле ме бергеніңнің пайда екенін я зиян.
Шикі надан ақылы жоқ жас баламен бір есеп,
Біле тұра алдап алмақ — естілердің жолы емес.
Ғылым үйретпек, ақы алмақ сауда есепті болса да,
Балалармен сауда қылмақ шариғатқа жөн емес.
Сізге надан қанша малын босқа берсе алмаңыз,
Неге десең, ол өзіндей ақылы бар кісі емес.
Пайда қылмай бір адамға, пайда қылма сен де онан,
Неге десең, «босқа аламын» — ол білімнің ісі емес.
Сен біреудің ғайыбын ашпа, түн сықылды перде тарт,
Күн сықылды аша берме жер жүзінің әр сырын.
Кісі бағын деме бағым, өз денеңді нұрлы қыл,
Ай сықылды болма жарық, қарыз алып күн нұрын.
Күн сықылды көпке білдір, шықты ма күн, батты ма?
Ай сықылды айтып отыр қанша ғұмыр өткенін.
Түн сықылды тым түнеріп көзді тартып байлама,
Күндізі бол, байқасын жұрт келгені мен кеткенін.
Сусағанның сусыны бол су сықылды сұп-сұйық,
Бірақ ондай болма салқын ел көңілін қалдырып.
От сықылды жылы болсын жүзіңіз бен сөзіңіз,
Бірақ ондай мархабатсыз болма өртеп, жандырып.
Жел сықылды желпі жұрттың шаршағанын, талғанын,
Жықпа үйін, болма құйын, қылма жаман аманын.
Жер сықылды пайдалы бол, пайдалансын ел сенен,
Тасты жердей болма қатты, тілме жұрттың табанын.
Сен бұлттай бол көлеңке мен мезгілімен бер жауын,
Сел ағызба, жай түсірме, бұзба елдің шаруасын.
Дариядай дап-дайын бол пароходпен жүрсе де,
Болма толқын, ашпа құлқын, жұтамын деп баршасын!
БОЯУЛЫ СУЫР
Бір суыр адасыпты оттап жүріп,
Кез болды бір ауылға көп қаңғырып.
Ит қуалап тыққан соң иесіз үйге,
Бояу құйған шелекке кетті кіріп.
Қараңғы түн болғанша сонда жатты,
Үсті-басы бояуға әбден батты.
Ит кеткен соң шелектен шықты-дағы,
Таңға жақын өз інін азар тапты.
Біраз ұйықтап, оянды демін алып,
Байқады өз үстіне көзін салып.
Қараса, тамам жүні құбылып тұр,
Ойланды жүнін көріп қайран қалып.
Болады кейде жасыл, кейде сары,
Құлпырып, түрленіп тұр жүннің бәрі.
Көрмеген өмірінде бір түрлі түс,
Суыр деп айтар емес жолдастары.
Бұл суыр түрін көріп, көп ойлады,
Бейшара түкті білмей неге ойлады.
Құдайдың сүйген аңы мен екен деп,
Болдым ғой қасиетті деп ойлады.
Шақылдап шақырған соң дыбыс беріп,
Көп суыр жиылады мұны көріп.
«Батыр-ау, қалай болып қалғансың? » — деп,
Таңырқап, таңғалады бәрі келіп.
Бір құс бар тауыс деген жүні жасыл,
Беріпті құдай маған сондай нәсіл.
Болыппын бүгін түңде мен де тауыс,
Аң бар ма бұ дүниеде менен асыл?
Тауыс дендер мені енді, суыр демей,
Қорқыңдар рұхсатсыз шөп те жемей.
Жүнім асыл, сендерден түрім бөлек,
Немене мен суырдың патшасы емей!
Суырлар шыны қорқып, жөн көреді,
Түрі жат, бұған қайтіп тең келеді?!
Ін түбінде бар екен кәрі суыр,
Аяндап ең соңында сол келеді
Жаным-ау, маза бермей шақылдадың,
Мақтанып, өз сөзіңді мақұлдадың.
Жүнің жасыл болғанмен, өзің суыр,
Қалайша тауыспын деп тақылдадың?
Тауыс деген сайрайды, ән салады,
Дауысын естіген жан таңғалады.
Қане, сен де сайрашы, тауыс болсаң,
Әйтпесе бұл сөзіңе кім нанады?
Сайрайын деп қарады шиқыл қағып,
Терге батып, көзінен сорасы ағып.
Келтіре алмай, сілесі әбден қатты,
Суыр үні ұқсасын құсқа неғып.
Кәрі суыр айтады: «Кел, қой, жаным,
Тауысқа ұқсамайды сенің әнің.
Ұшқан құс пен жердегі аң бір бола ма,
Қанатың жоқ екені елге мәлім».
Жетпей, сірә, қойман деп осы сертке,
Суыр байғұс ілінді мақтан дертке.
«Мен де ұшам» деп бір тасқа шығып алып,
Пәрменінше қарғиды арғы бетке.
Бояуына мақтанып босқа шатып,
Құс болып ұшамын деп құдай атып.
Арғы бетке жете алмай, орға түсіп,
Ағын суға күмп етіп кетті батып.
Жігіттер, бұл суырды қылма мазақ,
Осыдан естілерің болады аз-ақ.
Бояуды да бағым деп күн өткізіп,
Қол жетпеске ұмтылған көп қой қазақ.
ҚАНШЫР МЕН БӨДЕНЕ
Бір қаншырға айтыпты бөдене кеп:
Сен үшін қатты уайым қыламын, - деп, —
Солаңдаған байғұссың ұшуға олақ,
Бір күні кетеді ғой тұрымтай жеп.
Қаншыр айтты: — Қаупім жоқ тұрымтайдан,
Шықпаймын қалың қамыс, қопа сайдан.
Мен сендей жалтаң жерге оттамаймын,
Тығылған соң мені алып жейді қайдан?
Бөдене айтты: — Қамысың тыныс емес,
Босқа арықтап жүргенің дұрыс емес.
Айламен-ақ алғызбай кетіп жүрміз,
Тұрымтайың біздерге жұмыс емес.
Жүз құбылып, қуланып, жылпалақтап,
Таңырқатты қаншырды өзін мақтап:
«Тілімді алсаң, екеуміз дос болайық,
Маған ерсең жүрейін жаудан сақтап».
Аңқау сорлы бір қудан алды сабақ,
Бөденемен дос қылды құлқын тамақ.
Жау міндеті мойнында бөдененің,
Екеуі емін-еркін қырда оттамақ.
Қыраңға шығып алып оттап жүрді,
Бетегелі мырғайға әбден кірді.
Тегінде бөдененің айтқаны рас,
Тарлауға жайылған соң шын семірді.
Бір қырға шығып еді оттай-оттай,
Зырқырап келе жатыр бір тұрымтай.
Бөдене көре салып бұға қойып,
Қаншырға хабар қылды: «бұқ, — деп, — ойбай!»
Жалма-жан бұға қалды қаншыр батыр,
Жер еді панасыздау, шөпсіз, тақыр.
Екеуі тыпыр етпей жатса-дағы,
Тұрымтай тұпа-тура келе жатыр!
Бөдене әр айланы көп ойлады,
Бір түрлі сол арада еп ойлады.
«Тұрымтай мұны көріп алып кетсін,
Қаншырды ұшырайын» деп ойлады:
Қойыпты бұл тұрымтай бізді көріп,
Мен қашсам, кетер едім бір бұлт беріп.
Сен ертерек қашпасаң құтылмайсың,
Бұл сені алып жейді тура келіп.
Мендей тарғыл емессің, барандаусың,
Қыбырлап, тыныш жатпай алаңдайсың.
Ерте ұшып бір қамысқа тығылып бақ,
Бұл жерде жатып аман қала алмайсың.
Андамай алдауға еріп қаншыр ұшты,
Тұрымтай оны көріп тым құнысты.
Қанатының қаққаны көзге ілеспей,
Адым жерге жібермей қағып түсті.
Бөдене ұшып, жыпылдап, кетті алысқа,
Дос болыңыз осындай алдамышқа.
Қасыңдағы қаншырды қанға бояп,
Өзі барып тығылды бір қамысқа.
Қамыста жатып алды қылмай қауіп,
Құтылды досын беріп, айла тауып.
Қонғанын бөдененің көрген біреу
Жүгіртіп сол араға келді шауып.
Бөдене жатыр еді қыбыр етпей,
Қарап жүр шыр айналып, көзі жетпей.
Ат басып бөденені жаншып кетті,
Жазасын о да тартты аман кетпей.
Жігіттер, осы сөзге құлағың сал,
Басында миың болса, мұны ұғып қал.
Алды-артын ойламаған аңқау менен
Алдампаз арам достан ғибрат ал!
АҚЫЛШЫ ТОРҒАЙ
Бір адам жүреді екен тұзақ құрып,
Бір торғай ұстап алды сүйтіп жүріп.
Балаларға сатайын деп ойлапты,
Торғайды жазып алып ұстап тұрып.
Сонда торғай сөйлепті адамдайын: —
Босатсаң, үйретем, - деп, — байлық жайын.
Азар болса сатарсың үш тиынға,
Мен саған бір пайдалы сөз айтайын.
Бұрын-дағы саттың ғой талай құсты,
Қане, сонан қаншалық пайда түсті?
Тоймақ түгіл бүйірің шыққан да жоқ,
Харекет деп ойлама мұндай істі.
Айтайын үш ауыз сөз, ұғып алсаң,
Өз обалың өзіңе ұқпай қалсаң.
Соны білсең есепсіз бай боласың,
Мал табуға айла сол, тілге нансаң.
Алғашқы сөзді айтамын қолда жүріп,
Онан кейін қораға қой қондырып.
Екіншісін сол жерде ұқтырайын,
Ең соңғысын айтамын талда отырып.
Тұзақшы қуаныпты осы сөзге,
«Келдім ғой, — деп, — бақ қонар жақсы кезге».
Аузынан босатпаққа уәде берді,
Алдаса, торғай көп деп мұнан өзге.
Торғай айтты: — Әрқашан аңдағайсың,
Орынсызға, өтірікке нанбағайсың.
Ойланбай алдау сөзге сене көрме,
Тегінде шынның жолын қамдағайсың.
Бұл сөзге тұзақшының көңілі ұнады,
Торғайды бір дуалға қондырады:
—Алғашқы бұл сөзіңді әбден ұқтым,
Екінші сөзің қандай? — деп сұрады.
Торғай тұрып айтады тамға қонып:
— Өткен іске өкінбе ыза болып.
Кеткен қайтып келмейді кейігенмен,
Құр жүдейсің ішіңе қайғы толып.
Соны айтып ұшып-қонды биік талға:
— Болайын неге тұтқын сендей шалға.
Бар еді он мысқалдай гауһар тасым,
Айрылдың соны ала алмай алдағанға.
Гауһарды сатаң бермей кеттім алдап,
Ұстауға қолың жетпес енді қармап.
Мұны алсаң әлем асқан бай болушы ең,
Ала алмай өкініште қалдың зарлап.
Торғайдың алдағанын сонда біліп,
Тұзақшы өкінеді қайғы қылып.
Құдай берген асылдан айрылдым деп,
Жылайды өз сақалын өзі жұлып.
Сонда торғай айтады: — Әй, надан, мас,
Тым ұғымсыз екенсің, ақымақ, нас.
Үш мысқалдық денем жоқ, кішкентаймын,
Қай жеріме сыяды ол гауһар тас?
Әуелі— қисынсызға нанба дедім,
Алдау сөзге бойыңды салма дедім.
Екінші — өткен іске уайым жеп,
Емі жоқ бос қайғыға қалма дедім.
Орынсыз өтірікке сонша нандың,
Өткен іске өкініп қайғыландың.
Үшінші сөзді саған үйретпеймін,
Алдыңғы екі сөзді ұқпай қалдың.
Соны айтып торғай кетті аспанға ұшып,
Шал қалды дел-сал болып қайғы қысып.
Сол торғай үшінші де не айтпақ еді,
Соны тап, есті болсаң, ойға түсіп?
ТАЛАП ПЕН АҚЫЛ
Талап деген бір жүйрік тұлпар сынды,
Бабын таппай мінгенді қылар жынды.
Тауға ұра ма басыңды, тасқа ұра ма,
Ал енді оған кісі қайтіп мінді?
Талап шапса ақылға мініп алып,
Жақсы, жаман бәріне бірдей салып.
Анық ақыл адымын аштырмайды,
Еш нәрсе одан құтылмас жетпей қалып.
Талап деген ындынмен ентелемек,
Ойға алып, қызыққанын қылсам демек.
Ол ісі орайлы ма, орайсыз ба,
Ойланып оны ақылға салса керек.
Тапқыш ой ғой ақылдың мағынасы,
Тоны жүрек болады, мида басы.
Орынсызға ұмтылтпай тоқтатуға
Талаптың алты түрлі бар ноқтасы.
Ынсап, ұят, ар, рахым, сабыр, сақтық –
Талапқа алты түрлі ноқта тақтық.
Алтауының ішінде ынсап әділ,
Өзгесінің тізгінін соған ұстаттық.
Ынсап деген аспайды, кем қалмайды,
Орнын таппай ол, сірә, қозғалмайды.
Рахым жақсы көреді аяғанды,
Адамға қаттылықты ойға алмайды.
Ар демек - адамшылық намыс деген,
Арың кетпес жағыңа қарыс деген.
Теріс ұғып жүрмесін мұны біреу,
Сөз емес күншіл болып, алыс деген.
Намыс сол — өзің қорлан кемдігіңе,
Құрбыңмен ұмтылып бақ тендігіңе.
Алмай өз алдыңғының аяғынан,
Соқтықпай өзің ізден еңбегіңе.
Ұят сол — аулақта ұял көргеңдей-ақ,
Ұрлаған малың шығып бергендей-ақ.,
Орынсызды істеуге өлгенше ұял,
«Ұят күшті өлімнен» дегендей-ақ.
Сабыр деген — әр іске шыдамдылық
Қатты керек адамға бұл бір қылық.
Қолы жетпей талай жан ызданады,
Осыдан көп шығады адамшылық.
Сақтық деген — әрқашан байқап жүрмек,
Пайда ма, не задал ма, ескерілмек.
Көргенін, естігенін есепке алса,
Сонда оңай әрбір істі ойлап білмек.
Ойменен, талаппенен болды сегіз,
Айтылмай ойда қалды неменеміз?
Өзге жақсы мінездің бәрі-дағы
Шығады осылардан түгел деңіз.
Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан
Анық төмен болмай ма хайуаннан.
Ынсап, рахым, ар,ұят табылмаса,
Өлген артық дүниені былғағаннан!
Кәрілік — шал деген бір, ат қылғандай,
Айнадай ақылыңды тат қылғандай.
Жеңілді ауыр, алысты жақын қылып,
Бір туысқан жақынды жат қылғандай.
Бойдағы бар қуаттың бәрін алып,
Қайрат, өнер, талапқа қат қылғандай.
Ойым — у, өмірім — су, үмітім — бу,
Қалмады бір сүйеніш шат қылғандай.
Тоқтаусыз төмендетті күннен-күнге,
Түрі жоқ аз ғана аял, дәт қылғандай.
Шатыраш ойнап ұтылған сықылданып,
Байқаймын, кешікпей-ақ мат қылғандай.
Ойлай берсем қайғы емес оның бәрі,
Көп жасаған қоя ма болмай кәрі.
Өкініш сол — өмірді босқа өткіздім,
Өлсем ойдан кетер ме соның зәрі.
Білген адам баянсыз іс қылар ма,
Қолда болып тұрғанда ықтияры.
Өмірден қымбат нәрсе бар ма адамда,
Орындыға жұмсасаң өлмес дәрі.
Қасиетін өмірдің білу керек,
Басын дами бар болса, бетінде ары.
«Өлермін, шал болармын» ойыңда жоқ,
Мал, мансап, сауық, тамақ, сүйген жары.
Теңлік бар, тексеру бар деп ойламай,
Не зорлықшыл, не болар ұры-қары.
Төбесінен ұрғанын бір-ақ білер,
Арамдықпен шыға алар кім жоғары.
Кім жалғыз, бұл жалғанда — есті жалғыз,
Мұңдасар болмаған соң бір сыңары.
Жалтаңдап жалғыз Абай өткен жоқ па,
Қазақтан табылды ма соның пары?
Өлеңімен жұбатты өзін-өзі
Еңбегі еш, іші беріш, жүзі сары.
Сөзін ұғып, ақылын алмаған соң,
Патша қойса не керек қазақ шары.
Не қылса да шыдады, білдірмеді,
Сол десеңші сабырлы қазақ нары.
Ей, көп халық, көп халық,
Көп те болсаң, шөп халық.
Партияшылды құтыртпа
Мен сендікпен деп халық.
Оң-терісін байқамай,
Таза жолдан тайқамай,
Ылайлап тұнық шайқамай,
Тура жолмен кет, халық.
Таласты көрсең — басып айт,
Кемдігін көрсең — қосып айт.
Кекеп, мұқап қыздырма,
Берекесін бұздырма.
Ызаның айт дегенін
Желіктіріп сыздырма.
Адалдың әділ жолына
Ақырын басып жет, халық.
Мен қорқамын, қорқамын,
Қорыққанымнан жортамын.
Aшy менен ызаға,
Толы еместен, ортамын
Қыздырманың қызыл тіл,
Қызған отқа салар ол.
Кек сақтағыш кекшіл,
Аямай қауып алар ол.
Білмесе де білгенге
Өзін-өзі балар ол
Қаны қызып құтырып,
Ар-абыройы ұмытылып.
Ашуды қару тұтынып,
Артыңнан неге қалар ол.
Жақсыны қауып жаманың,
Қабылмай қалмас аманың.
Осы емес пе заманың,
Деме тентек тал ар ол.
Адалыңды арам деп,
Мен адалға барам деп.
Ит жемейтін жемтікті,
Жиіркенбей жал ар ол.
Ызадан жетсе бұйрығың,
Тұтпа ашудың құйрығын.
Таза ақылды жүйрігім,
Осы сөзге нанар ол.
Жүйріктерім нанбаса,
Тура сөзді алмаса,
Қайғылы шалды қармаса,
Жөнін өзі табар ол.
МҰҢДЫ ШАЛ
Жасында араластың малтымаға,
Қызығып есер елдің салтына да!
Би, болыс, епті жігіт атанам деп,
Көп түстің ерегіскен талқыға да
Кейде елді партияма көп жиям деп
Әркімге аласардың жалпияда!
Кей-кейде дұспаныңа айбар қылуға,
Сөйледің барысының қампияда.
Аздан соң ақыл кіріп, ой ойладың,
Жүрсең де сол былықпа партияда!
Үйткенмен жұлқынсаң да шыға алмадың,
Мықты боп түскен қақпан қапияда!
Уа, дүние! Ғылым қуып жете алмадың,
Құр ойбай, көзден аққан қан тыя ма?
Тырбанғанда тырнақтай ғылым таптың,
Мұнымен кірлі көңіл шалқия ма?
Қан жұтқан қайран сенің сұм жүрегің
Тазарып толған айдай маңқия ма?
Тоярлық толық ғылым таппадым деп,
Қабағың, қайғы басқан салпия ма?
«Ұл жоқ болса, қыз да игі» деген кәне,
Азсынба, әлі де шық сан қияға!
Ғылымға қанағатсыз болу керек,
Бес түгіл разы болмай алтыға да.
Қара жерге кіргенше қамданып қал,
Шалмын деп жатып алма шалқия да.
Әкеңді алып, өзіңді көксау қылып,
Қаны аздық қалып тұр ғой артыңа да!
Балалар нашарлықтан оқи алмай,
Келмей тұр зор үміттің шартына да!
Бір кезде ұмтылып ең талпына да,
Патша өліп бақ ашылған балқымада.
Білем деген жастармен жолдас болдың,
Төңкеріс ұлы дүбір, шалқымада.
Енді қазақ ел болар деп қуанып,
Жүріп ең орнықпаған қалқыма да!
Жолдастарың жазықсыз «байкот» беріп,
Кетті ғой бір қарамай артына да.
Дінің шатақ, әдетің арсыздық деп,
Жақпадың молдалар мен халқыңа да.
Ендігі жас ескі ісің шығады деп,
Олар да келмей отыр қартыңа да!
Тамам жанға қылып ең не қиянат,-
Бәрі мінімді айттың деп алқына ма?
Елдің мінін айтуға сайланып па ең,
Андамай айта бердің аңқия да!
Жалғанда сендей жалғыз адам бар ма?
Ешкім баға бермей дін арқыңа да.
Сені көрсе бәрі де сырт береді,
Қарағысы келмейді қалпыңа да.
Бәрін ұмыт, балаларға тәлім үйрет,
Баулиды балапанын қаршыға да.
Ол түгіл өзгелерге білгеніңді айт,
Туысқан көзбен қара жалшыға да.
Ауыз сөз, насихатты неге аяйсың,
Ақ жүрекпен айтқанға мал шыға ма?
АҚЫНДАРҒА
Өлең айт дарын өрге өрлегендей,
Сезімді қозғап, тәтті ой кернегендей.
Жанды сөз бойды ерітіп, маужыратып,
Әлдилеп жыр бесігі тербегендей.
Қауымның қалауына тап келгендей,
Болғанын, болашағын айт көргендей.
Керістен тартып жырды жебелі оқтай,
Дәл тигіз қалағанға қас мергендей.
Сүйініш ақынға елі мән бергендей,
Өлеңмен өміріне сән бергендей.
Қадалып жүрегіне аққан жардай,
Оятсын ой күйезді жан бергендей.
Ерікті билеп алсын айтылған жыр,
Сырты — гүл, жарасымды, ішінде сыр.
Жаныңның ләззат алар жарығыңдай,
Мәңгілік өшпей тұғын төгілсін нұр.
Үйіріліп көкейіне ұйып жатсын,
Тазартып жүрек кірін жуып жатсын.
Қаңсыған шөл даланы қанықтырып,
Жыр тасып, дариядай құйып жатсын.
Арыңның болсын өлең айнасындай,
Көрікті, көптің ортақ пайдасындай.
Жосылып жатсын артта жортқан жолы,
Арынды асқақ өзеннің арнасындай.
Жасымнан жетік білдім түрік тілін,
Сол тілге аударылған барлық білім.
Ерінбей еңбек еттім, еңбек жанды,
Жарқырап қараңғыдан туып күнім.
Оятқан мені ерте Шығыс жыры,
Айнадай айқын болды әлем сыры.
Талпынып орыс тілін үйренумен
Надандықтың тазарып, кетті кірі.
Танбаймын, шәкіртімін Толстойдың,
Алдампаз, арам сопы кәпір қойдың.
Жанымен сүйді әділет ардың жолын,
Сондықтан ол иесі терең ойдың.
Толстой кәпір емес, кәпір өзің,
Дін емес, бәрі алдау айтқан сөзің.
Көңілің соқыр, надансың, бейілің қара,
Нұр, жарығын қалайша көрсін көзің.
Көнбеймін дінді теріс бұрғаныңа,
Сопының бара қойман құрбанына.
Ақиқат сырымды айтсам, Толстойдың
Мың сопыны алмаймын тырнағына.
Адаспайсың ақылды, арлыға ерсең,
Жолай көрме жылмайы сопы көрсең.
Тапқыр, адал, ақниет адамдардың
Алданбайсың артынан ере берсең.
Адамның ең жақсысы
Үш нәрсеге шоқынар,
Мақтаны, асы, нәпсісі —
Шоқынғаны осылар.
Асты билер жас болса,
Мақтанар, баққамас болса.
Аулақта арам ас болса.
Асаудан деме шошынар.
Сайтанмен ойнас жүрегі,
Пайда мен мақтан — тілегі,
Арамға батса білегі,
Жақсыға қайтіп қосылар.
Тамақ үшін тіл жалдап,
Арын сатып елді алдап,
Сауысқанша қылмаңдап,
Әр үйден б... шоқынар.
Бірін-бірі дос десер,
Жауымның алдын тос десер.
Дос қолымен от көсер,
Өзі ап-аман отырар.
Мен де артыңнан барам деп,
Өлтірсе, құныңды алам деп,
Құтылмас менен, бәлем деп,
Аузымен қоқан-лоқылар.
Тіліңде бал, ішіңде у,
Көз байлағыш көп жаду.
Жақсы атанып өңкей қу,
Алдап алған досы бар.
Арақты судай сіміріп,
Тілі мен уын жымырып,
Маскүнем мәңгі боп жүріп,
Жауырын жаба тоқынар.
Жүрегі қатып мұз болған,
Майда тілі біз болған.
Қызтеке еді қыз болған
Бейне алдамшы сопылар.
Бар ма маған бір сын деп,
Ұстағаным не дін деп,
Ойламайды кіммін деп,
Жүрегіңде тоты бар.
Қанша жарық Нұр құйсам,
Хақиқаттан сыр құйсам,
Өршеленер су құйсам,
Нәпсі деген оты бар.
Күн деп іші қайнайды,
Қызыл тілін қайранды.
Әлі-ақ өзі жайрайды,
Алдында әділ соты бар.
Ашуланып албастың,
Күндемей мені қалмассың,
Тілімді кесіп алмассың,
Ақты айтуға еркі бар.
Алдауыңа сенбейім,
Алысып сені жеңбейім.
Ащы тілмен емдейім,
Жүрегіңнің дерті бар.
Адамды жауға бермеуге,
Жетсе қолды сермеуге,
Қызтекені емдеуге,
Ақылдың қылған серті бар.
Айырам деп жендеттен,
Тазартам деп індеттен,
Құтылам деп міндеттен,
Иманымның беркі бар.
Мен жатырмын оңаша,
Жастанғаным томаша.
Жан шыдамас мұныма,
Жалғыз Әупіш болмаса.
«ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІ МЕН «АЙҚАП» ЖУРНАЛЫНА СӨЗ ЖАЗУШЫЛАРҒА
Дұғай да дұғай сәлем айт,
«Айқап» пенен «Қазаққа».
Кекеу, сөгіс сөзден қайт,
Кез боларсыз мазаққа.
Қарап жүріп қақтығып,
Қатынша сөзбен шаптығып,
Менікі жөн деп аптығып,
Неге түстің азапқа?
Сендерден кім сұрады
«Кекеуге қайсың шешен? » — деп.
Елің аңсап тұрады
Көз, құлағым екен деп.
Етегіме жабысты
Айрылмастай бекемдеп.
Ойлап ат пен намысты,
Мұратқа сізбен жетем деп.
Сүйткен сорлы халқыңа
Бұл қылығын таза-ақ па?
«Жылы-жылы сөз айтса,
Жылан інінен шығады.
Қатты сөзбен бет йтса,
Надан дінінен шығады».
Осыны айтқан есті би
Есіл сөзін кім ұқты?!
Елеуремей есің жи,
Ерегістен не шықты?!
Қайрылып қара артыңа,
Мұныңа жұрт разы-ақ па?
Назаланбай не айтады,
Сендер бүйтіп тұрған соң.
Партия шықпай қайтеді,
Бетті ызаға бұрған соң.
Бар сүйенген, сенгені
Бұл қылықты қылған соң.
Түзетесің сен нені,
Айыра тартып жұлған соң.
Қайран елім, қазағым,
Енді өмірің аз-ақпа?!
Жылы жүрек, тәтті тіл
Берекені берер, біл.
Ащы сөзді — өзімшіл,
Өнері оның қалар тұл.
Қатесін тап, жұмсақ айт,
Ызаланба, сабыр қыл.
Асқақтамай бері қайт,
Көп жетімді көзіңе іл.
Тартпа ашудың азабын,
Ақ жолыңды адақта.
Кекеп-сөгіп кек алма,
Келелі сөзбен жығып ал.
Берсе, ашуды, тек алма,
Осынымды ұғып ал.
Ызақордың іші тар,
Сен де қар да, мен де р,
Осы мінез кімде бар,
Оны ұнатсаң, тығып ал.
Көп желігін алған соң,
Жол бұзуға сеп болар.
Біреу ыза болған соң,
Жолдас табар, көп болар.
Газет, журнал тоқтаса,
Зияны көпке, сен емес.
Қайтейін, қойсын ұқпаса,
Деме жалғыз мен емес.
Деп пе еді ешкім сендерге:
Оңашаға шығып ал
Басың үшін еп қылып,
Елді бөлме, естіп ер,
Араз болма деп тұрып,
Партия салды десті дер.
Сөгілуші, сөгуші,
Біздің сөзді тыңдаңыз.
Ызалы уды төгуші,
Шатты-бұтты қылмаңыз.
Ұқпағанды сынға сал,
Табалама, таптама.
Оқ атылса, қайтып ал,
Улы найза саптама.
Жаралайсың сен неге,
Жаралы кісі албырт қой.
Сенемісің дүниеге,
Ызаның арты шалғырт қой.
Ашулы албырт адамның
Қанжарын ептеп, бұғып ал.
Жапанда жалғыз жаттым елден безіп,
Жалықсам, аң қараймын тауды кезіп.
Оңашада жатқанды ұнатамын,
Елімді ел қылмасын ерте сезіп.
Жауға— қатын, жақынға — жалмауыздар
Жалықпай көк малтасын жүрсін езіп.
Адамнан артық жандық жаралмаған,
Дейді жұрт: «айуан жоқ иттен жаман».
Бұл туралы менде бір бөтен ой бар,
Анық ұқсаң, айтайын, достым, сатан.
Адамның айуаннан айласы мол,
Кит етсе қиянатқа қояды қол.
Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек —
Бұл төртеуін кім қылса, шын адам сол.
Қанеки, ондай адам қай жерде бар?
Көбінің сыртында бал, ішіңде зәр.
Жарық алып әлемді араласаң,
Ондай жан неше мыңнан біреу шығар.
Әйтпесе өзге адамнан ит ілгері,
Достықты ит ұмытпайды — артық жері.
Қолыңнан сорпа жалап өскен күшік
Өлгенше есігіңде жүргендері.
Түнде тыным көрмейді қораға үріп,
Шарқ ұрады ауылды шолып жүріп.
Кетпейді дәмін татқан досын тастап,
Қуалап анда-санда қойсаң да ұрып.
Тоқтамас өзге ауылға сыйласа да,
Кек қылмас иесі ұрып, қинасада.
Жүз жылдық дос бір күнде жау болады,
Көңіліне бір қылығың сыймасада.
Қарызы бар еді деп мойын бұрмас,
Сол күні-ақ дұшпаныңмен болар сырлас.
Бұрынғы жақсылықтың бәрін ұмытып,
Не қылса, бір зияны тимей тұрмас.
Өкпелесе не сөзге, немесе асқа,
Жау шығады дос, жақын, қарындасқа.
Ит иесін қаппайды құтырса да,
Адамның шын досы жоқ иттен басқа.
Біреудің асыраулы иті болған,
Күшігінен тамақты берген қолдан.
Сол адамның тап-тату жақын досы
Араз болып кетіпті достық жолдан.
Пәле салып жамандап күнде-күнде,
Өшігіп, дұспан болып кеткен мүлде.
Ыза менен күншілдік ойын билеп,
Өлтіргелі келіпті айсыз түнде.
Арсылдап иті үрген қараңғыда,
Иесі жер шалады барады да.
Бұғып жатқан дұспанын көзі көрмей,
Итті ұрады бір таяқ алады да.
Қанжар ала жүгірген жауды көріп,
Қашады қатты аттанды салады да.
Мына жақтан жүгіріп ит те келіп,
Тастайды әлгі жауын жарады да...
Алаңдамай тыңда да, сөзімді төс,
Айтылған сөз емес қой қалжыңмен бос.
Дос деп жүрген кісіңнің көбі дұспан,
Шын досың — жақсылықты ұмытпаған дос.
Тумақ, өлмек — тағдырдың шын қазасы,
Ортасы — өмір, жоқтық қой — екі басы.
Сағымдай екі жоқтың арасында
Тіршілік деп аталар біраз жасы.
Жоқтық, барлық — жоғалмақ араласы,
Үш еріксіз болады мағынасы.
Нажағайдай жарқ етіп өшпек болса,
Өмірдің он тиындық жоқ бағасы.
Патса, батыр, бай, бағлан, ел ағасы,
Өнерпаз, ойшыл, білгіш, ғұламасы,
Мақтанып жердің жүзін жалмаса да,
Кәрілік пен өлімге жоқ дауасы.
Енді өмірдің қызықты қай арасы,
Өлімді ойлап сіңе ме ішкен асы?
Оны ұмытып, өлместей өзеленер,
Әлі тірі жүргендей түп атасы.
Адамзат — айуанның арам, насы,
Жанның да, ақылдың да дұшпандасы.
Жанды сурет сияқты қуыршақ боп,
Жаралыстың ойнаған тамашасы.
Менменсінген кердеңнің керген қасы,
Ішімді күйдіреді сол ызасы.
Жер тәңірсіп, кісімсіп желіксе де,
Төбесінен бір түсер жайдың тасы.
Өмірдің өкінбейтін бар айласы,
Ол айла - қиянатсыз ой тазасы.
Мейірім, ынсап, әділет, адал еңбек,
Таза жүрек, тату дос — сол шарасы.
Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр,
Сол нұрды тән қамы үшін жан жұмсап жүр.
Тағдырдың қиын, сырлы сиқырымен
Жан тәнге, ақыл жанға матаулы тұр.
Жан тыныштық таппайды тән қамын жеп,
Тән бұзылса, тұрағым бұзылар деп,
Ыстық, суық, аштықтан сақтау үшін
Зұлымдық пен Айланы қылады сеп.
Айуан етін, терісін, сүт пен күшін,
Ара балын, су балық, жер жемісін,
Құс денесін, жүні мен жұмыртқасын
Сақтап жүр ғой дейсіз бе адам үшін?
Олардың да ойы бар өсіп-өнбек,
Кімге оңай өмір өтіп, оты сөнбек?
Адамның таза ақылы жанды қимай,
Амалсыз қиянатқа о да көнбек.
Сөйтіп ақыл бере алмай адал көмек,
Зұлымдықпен адамды адам жемек.
Адал еңбек, ақ пейіл, мейірім жоқ —
Осы болар таза қыл өлді демек.
Сондықтан адам — залым, әлемге жау,
Ебін тапса, қоймайды ешкімді сау.
Жер білсе адамзаттың бұл қылығын
Үстінен бәрін төгіп тастар еді-ау.
Олай қылмай, билесе бәрін ақыл,
Еш қиянат қылмаса зорлық, тақыл.
Таза еңбекпен тағдырдан пайдаланса,
Адамды сонда адам деген мақұл.
Наушеруан анда жүріп киік атқан,
Аң етін жемек болып асып жатқан.
Ет піскенше тез кел деп бір жолдасын,
Түз әкел деп жұмсапты бір қышлақтан.
Қайтадан шақырып апталай жерден,
Тұзды тегін алма деп әмір берген.
«Шымшым тұз бір тиынға татымайды,
Бұ қалай? » — деп уәзірі тұра келген.
Наушеруан айтқан сонда: — Ей, уәзірім,
Айтайын, жақсы тыңда мұның сырын.
Басшы алса бір алманы баға бермей,
Қосшы құртар алманың түп тамырын.
Мен алсам елдің жалғыз жұмыртқасын,
Кесерсің мың тауықтың сендер басын.
Сүйте-сүйте ашылып арандарың,
Ағызарсың бұл елдің қанды жасын.
Жебір ұлық халқына қас қылады,
Көңілін шерлі, көздерін жас қылады.
Қиянат қылдай істен басталмақшы,
Ескермесе, аз науқас асқынады.
Мал, мансап, адамзатты мас қылады,
Мейірімді ет-жүрегін тас қылады.
Тәкаббар, әділетсіз залымдарды
Бағы қайтқан сорлы елге бас қылады
Шын атын Наушеруанның ел білмейді,
Тілі келмей «Мұсырауын әділ» дейді.
Ақ жүрек әділдердің қылығы анау,
Жебір ұлық зарлатып елді жейді.
Мұны айтсаң алатындай тілді кесіп,
Мақтанады менен кім әділ десіп.
Теңдіктің атын естіп, дәмін татпай,
Өтеміз де жүректі қайғы тесіп.
Ескіден қалған сөз теріп,
Өз ойымнан өң беріп,
Үйретуді жөн көріп,
Түзетпек едім адамды.
Қышыған жерін қасуға,
Әділет жолға басуға,
Алдына салып ашуға
Жақсылық пен жаманды.
Ешкім бұған сенбеді,
Өз қылығын жөн деді,
Көре тұра көнбеді,
Кетірді қуат-шамамды.
Мұндай елде туғанша,
Бұл сағымды қуғанша,
Еркін тілді буғанша,
Жеткізсе нетті қазамды.
Адамшылық міндетім
Айт дейді адам індетін.
Еріксізбін, шын ниетім,
Алдың еме мазамды.
Демеймін мені ел білсін,
Не ұнасын, не күлсін.
Ел білмесе, жел білсін,
Жүректен шыққан назамды.
Түзулік көрсе күйленген,
Зұлымдық көрсе жиренген,
Күншілдік найза түйрелген,
Қызыл тілім, кел бері!
Тамам жанның мінін айт,
Жалған айтпай, шынын айт.
Аяп, ішің жылып айт,
Адамды бастыр ілгері!
Сөккенің болсын сүйгенің,
Достығың болсын күйгенің,
Ащы тілмен тигенің,
Жоғалсын деп міндері!
Мақтанды деп күлер де,
Кейбір миға кірер де,
Біреу сырын білер де,
Кете берме тым кері!
Мұнша неге сасқамын,
Аяқты шалыс басқамын.
Аптығып неге асқамын?
Ел жаратқан мен емес!
Сыртқы сөзің шын болса,
Ішің толған жын болса,
Жүрегінде мін болса,
Айтқан сөзің ем емес!
Жүрегі таза адамдар,
Зұлымдықтан амандар,
Қиянатсыз надандар
Әулиеден кем емес!
Өлім шыққан ауылға
Ойбайлап қазақ шабады.
Өтірік жылап көз жасын
Қайдан да болса табады.
Қаралы қатын, қыздары
Дауыс қып әнге салады.
Таяқ ұстап еркектер
Бүкшиіп тұра қалады.
Епті жігіт ентелеп,
Түсіріп аттан жетелеп,
Бата оқышы бауырымдап,
Еркектерге барады.
Ойбайлап шабу мақұл ма?
Жыласа да жақынға,
Қазақтың мұндай әдеті
Тіпті теріс ақылға.
Аяңдап-ақ жүрсеші,
Бақырмай үйге кірсеші.
Жылы жүрек шын сөзбен,
Көңіл айтып көрсеші.
Бір күні сондай ауылға
Үшеу шауып келсе егер;
Таяқ ұстап еркегі
Дайындала берсе егер;
Үшеуі болса қалпақты,
Оны көзі көрсе егер;
Амандаспай ешкімге,
Сұрланып үйге кірсе егер;
«Ойбай, орыс келді!» — деп,
Балалар қашып кетсе егер;
«Бір үстел тап жылдам!» — деп,
Біреуі әмір етсе егер;
Ауыл-атком бір уәкіл,
Бірі болса комсомол.
Қағаз алып жалма-жан
Жазып жатса протокол.
Бұлар жуан мықты деп,
Қару алып шықты деп,
Тізіп алып кетпекші
Болса оларды қолма-қол.
Кезекпе-кезек көрісіп,
Көзінің жасын төгісіп,
Көңіл айтып берісіп,
Азар тыным алады.
Қаралы ауыл едік деп,
Таяқ ұстап келдік деп,
Бата оқыры едік деп,
Жалынып азар ұқтырса ол.
Шай менен ет асылса,
Қант-бауырсақ шашылса,
Ашу, аптық басылса,
Сөз аяғы болса сол.
Неден болды бұл жұмыс?
Орынсыз әдет, қылған іс,
Ұлықсып асқан бос шабыс —
Екеуі де теріс жол.
Бұл әдетті тастаңыз,
Тура жолға бастаңыз.
Ұлығымсып аспаңыз,
Ел түзеуге еті бол.
Чиновник ісін қылмаңыз,
Әділет жолын тыңдаңыз,
Қорқытып елді қойсаңыз,
Тез түзеліп, жылдам тол!
Кәрілік - құтылмайтын бір қазған ор,
Қайратсызға өмірдің бейнеті зор.
Өлмейтін, жазылмайтын сол аурумен
Жалғанда жан болмайды кәріден қор.
Жас баласын әлпештер ата-анасы,
Бәйік болып келгенше бар шамасы.
Сүйткен ұлы ержетіп жігіт болса,
Бұзылар ата-анаға көзқарасы.
Қартайған соң балаға ата жақпас,
Атанады алжыған бір қу қақпас.
Сүйген жары тілінен сүймек түгіл,
Оның етін менсініп жылан шақпас.
Жар сүймесе, баласы жай білмесе,
Қанды жасы көзінен қайтіп ақпас.
Ием деп еркелеген ит болмаса,
Ол сорлы жылы жүзді бір дос таппас.
Әрине, балаң білсе қадіріңді,
Орындап екі айтқызбай әміріңді.
Жасыңнан жаны сырлас жарың болса,
Қылп еткізбей білетін тамырыңды.
Олай болса тілегің табылыңды,
Назаланба, бойға жиса барыңды.
Ол болмаса, өмірден өлім артық,
Өзің қазып дайында қабырыңды.
ШЫН БАҚ ҚАЙСЫ? КҮНШІЛ КІМ ?
Бай, ұлық, жуандарды бақты көрмек,
Ол мисыз шолақ оймен бата бермек.
Анық бақ деп айтарлық үш нәрсе бар:
Кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек.
Бұл үшеуі біріксе, сорды жоймақ,
Шын бақ осы деп бұған ақыл тоймақ.
Бір адамға мұндай бақ біте қалса,
Өзімшіл көп күншілдік көзін оймақ.
Жарқанат жек көреді күннің нұрын,
Күншілдің ұқсатамын соған түрін.
Өзге жанға біткенін ұнатпайды,
Әлгі айтылған бақтардың бірде-бірін.
Өзімшілдің іші тар, ойы шартық,
Ала алмас ол біреудің бағын тартып.
Күндейді деп күн нұры жоғалғанша,
Мың жарқанат соқыр болып қалғаны артық.
Айна қойдым алдыма,
Көрейін деп өзімді.
Екі құлақ тарс бітіп,
Шел басыпты көзімді.
Иіс білер мұрын жоқ,
Түзелерлік түрім жоқ,
Жалған деме сөзімді.
Ақ ниетім бұрын жоқ,
Жүрегімде нұрым жоқ,
Жасыратын сырым жоқ,
Айтпай арам безімді.
Жалғыз мені деме көр,
Мені қор де, сене көр,
Сен де емессің менен зор
Дәл мен деп біл өзіңді.
Адамның бәрін елесе,
Аламын деп ірісін,
Бәрі өтеді әрі қарай,
Сен де соның бірісің.
Електе қалмасын бір адам,
Не ғылымды, не надан.
Біз сияқты барша жан
Сорға сатқан ырысын.
Ындыны таза ешкім жоқ,
Сыртында май, ішінде оқ.
Түп қарыны толған боқ,
Жасырып жүр мұнысын.
ҚАЗАҚ
Жер жүзі жабылғанда ғылым жаққа,
Қазақ жүр құмарланып құр шатаққа.
«Анау — қу, мынау — пысық, мен — батыр» деп,
Айналды бірін-бірі құрытпаққа.
Ойда жоқ: «өнер біліп, жол табайын»,
Жалмауға жалықпайды өз маңайын.
Мұның түбі не болар деген жан жоқ,
Ұрлық, ұрыс, араздық күнде дайын.
Өтірікпен өткізіп күн мен айын,
Демеңді жамандықтан жалығайын.
«Анау — шыным, мынауым — сырым ғой»деп,
Сонша жақсы біледі алдау жайын.
Жаз жалымен жібермей жалғыз тайын,
Тыныштық пен ішкізбей тақта шайын,
Ұрысы ұрлап, қуы алдап, сұмы елертіп,
Құрытады үш жақтап тамам байын.
Байдың да ойлағаны — ел алайын,
Білмейді, құшағын жүр өз бақайын,
Көзі аспанда, көңілі мақтанда боп,
Тауысқанын сезбейді ішкі майын.
Демейді ғылым біліп жанданайын,
Мақсаты — мақтан іздеп паңданайын.
Қанша ұқтырып айтсаң да - қалыбыңда,
Ойда жоқ жігерленіп, қамданайын.
Мінеки, естісеңіз елдің жайын,
К...інен кейін кетті басқан сайын.
Қайран елім, қазағым, қалың жұртым,
Көп айтып, а, дариға, не қылайын!..
НАСИХАТ
Кел, байлар, балаңды оқыт, ғылым ізде,
Қазақты бастай тұғын қару сізде.
Партияға шашқанша осыған сал,
Қолыңда қорегің бар кезіңізде.
Білгіштер, біліміңді өнерге сал,
Жарты өмір жалғыз күңдік. болмайды жал.
Тіленіп, тілің безеп қу атанбай,
Ғылым білсең, табасың қадірмен мал.
Бел жи, ел шаңына ер, мұны тастап,
Қайғы жоқ басқа жатсаң ғылым жастап.
Сен — бахыр,, мынау — білгіш, анау — есті,
Апардың қазақ, көшін қайда бастап?
Көрмедім кеш бастаған қазақ ұлын,
Кеңірдек, өңеш кетіп, қалды жұлып.
Бәрің есті, батырсың, айлалысың,
Қазақтың түзеттің бе жалғыз қылын?
Жарлылар, жалаңдама, сеңдер де ойлан,
Кер кедей, кежірлікті шығар бойдан.
Бойың жалдап қор болма, ойың жалда,
Түк өнбес алты ай жүріп алған қойдан.
Онан да енер үйрен тек жүрсең де,
Ақы алмай, тамақ қана жеп жүрсең де..
Өнер білсең - он күнде жүзді аласың,
Басында, пайда алмай-ақ көп жүрсең да.
Жастарым, құмар болма көрінгенге,
Жас күнде бойды үйретпе ерінгенге.
Аз ойна да, көп ойла, осынымды ұқ,
Өкінбе жастық бойдан серілгенде.
Ғылым тап жас күніңде буын қатпай,
Басында байқамассың дәмін татпай.
Менің көрген жайымды сендер білсең,
Ғылым үшін жүрер ең тыным таппай.
Адамнан адам озар немен артып,
Бұл сөзді ақылға сал, кірге тартып.
Залымдықпен ел алса, сол оза ма,
Маңайының бәрінде оттай шарпып?
Біреу жүр алдап алып қайта малын,
Жалыңдай тысқа жаққан күнде шалқып.
Көпке пайда тигізіп біреу жүрсе,
Ғылым іздеп жап-жатық майдай балқып.
Осылардың қайсысын ұнатасың?
Ақылға әрбіреуін сынатасың.
Көпке пайда тигізген жақсы десең,
Оны неге іздемей тек жатасың?
Егерде ел алғанға қуанасың,
Немесе алдау қылып жұбанасың.
Бұл екеуін көңілің жақсы көрсе,
Бәрібір, сенде сондай дуанасың.
ҚОШ!
Жас өтті тынымсыз,
Өнерсіз, ғылымсыз.
Надандық жолымен
Кеттім-ау білімсіз.
Оқытпай баламды,
О да өсті тыюсыз.
Ойламай шамамды,
Алды-артым жиюсыз.
Бақ қайда қиыпсыз,
Бос тілек сыйымсыз.
Қазақта қажытты,
Күнім жоқ жиынсыз.
Бір жол бар келгісіз,
Қайта өмір көргісіз.
Ізім жоқ, түзім жоқ,
Өттім-ау белгісіз!
Қағазым - жолдасым,
Қаламым — сырласым,
Өлген соң белгілі,
Қайта кеп тұрмасым.
Тіл сорлы — сырласым,
Бекерге тұрмасым,
Алдымнан жарылқап,
Алла көр қылмасын.
Ел анау, мен мынау,
Қайтейін, бір басым.
Аман бол, ағайын,
Татуым — қимасым.
Надандық жаман ғой,
Оқыған — адам ғой.
Ізденіп көріңіз,
Ғылымды заман ғой.
Насихат тегін ғой,
Салулы егін ғой.
Еңбек қыл, ерінбе,
Араздық кегін қой.
Ғылым бір кенің ғой,
Ауырсаң емің ғой.
Бәріне жетеді,
Таусылмас көлің ғой.
Мен қайғы жедім ғой,
Қапы өттім дедім ғой.
Қазағым, қам ойлан,
Сен де адам едің ғой.
ШОШЫМА, ОЙЫМ, ШОШЫМА!
Шошыма, ойым, шошыма,
Келмейді жындар қасыма,
Таһараты3 жоқ сайтан
Жоламас менің қасыма.
Қажыма, ойым, қажыма,
Қарама тозған жасыма.
Адаспасаң ақ жолдан,
Қонады бақыт басыңа.
Билет бәрін сабырға,
Кірме ажалсыз қабырға.
Сырласатын күн туар,
Жан қияр жақын тамырға.
Кейбіреу безді дейді елден мені,
Есалаң айтады екен сезіп нені.
Хақиқатты танитын баста ми жоқ,
Ондайлардың сау емес анық дені.
Көре алмас өзімшілдер пейілі тар,
Жуандық, зорлық, күншіл, мақтаны бар
Қасқырша жемтік жеуден тартынбайды,
Адамшылық бойыңда қалмаған ар.
Мен жалғыз, сендер елде қойдың қалып,
Ешкімнің кеткенім жоқ малын алып.
Елу бес жыл жинаған қазынамды
Оңашада қорытам ойға салып.
Зорлығын елге істеген басшылардың,
Алдаған арам молда, бақсылардың
Жариялап жайларын, жайып жұртқа,
Құлағына салмақпен жақсылардың.
Жалмаудан жалықпаған елді талап,
Нашарды момынменен күнде сабап.
Өсектеп мені елге жамандайды,
Көрмейді арсыз қылығын өзі санап.
Жетім менен жесірдің алып малын,
Малын қойып, талайдың ішіп қанын,
Жазықсыздан нақаққа жала жауып,
Аямай шырқыратар шыбын жанын.
Көрген соң ел жарасын анық сезіп,
Андайын айдалаға кеттім кезіп.
Ел емес, елге істеген қылығынан
Қашқамын, шынымды айтсам, сонан безіп.
Елсізде неге жалғыз қалғанымды,
Қырық жыл нені жинап алғанымды
Сезбейсің тартпаған соң көп қайғысын,
Сен емес ұға тұғын арманымды.
Арманым байлық, мансап, мактан емес,
Ойлы адам оны әсте олай демес.
Ары зор, ата ұлы емес, адам ұлы
Итше талап өз елін, жырып жемес.
Партия, алдау, қулық— қылған ісің,
Жылмайы сыртың таза, арам ішің.
Саған ақыл айтудан жалыққамын,
Сари еткен бар еңбегім кейінгі үшін.
Айтамын, сөзімді ұқсаң, кейінгі жас,
Қиянатсыз адамға емеспін қас.
Жүректегі дертімді білер едің,
Өсекке ермей, менімен болсаң сырлас.
Арамнан адалды ақтап ала алмадым,
Жанғанның жанын сақтап қала алмадым.
Ел зарлатқан арсыздың қылығынан
Жанына жаным шошып бара алмадым.
Елді сөктік сайтанға ересің деп,
Неге оларға тізгінің бересің деп.
Елерткенге елігіп ере берсең,
Ескерттім азып-тозып өлесің деп.
Сұрашы, не айттым екен жақышыма,
Біреуі көнді ме екен ақылыма?
Сырт беріп, сырдаң тартып жүре берді,
Қыстырмай ақылымды тақымына
Еті кетіп, қауқиған сүйегім бар,
Жай таппай жанып жүрген жүрегім бар.
Жайнаған таза жүрек, таланты жас,
Ұғар деген сөзімді тілегім бар.
Жоспарым, жайым осы, мақтаным жоқ,
Ел жеген әкімдерді ақтарым жоқ.
Өлгенімше жазумен еңбек етем,
Қажыдым, кәртәйдім деп жатқаным жоқ.
АДАМ НЕМЕНЕ ?
Білімділер сөз жазып, зарлағанда,
Ой кезіп, жердің жүзін шарлағанда,
Алдаусыз адам өмірін түзетерлік
Әділет, ынсап, мейірім бар ма адамда?
Әйтпесе мәз боп жүр ме қиянатқа,
Зорлықпен бірін-бірі жалмағанға.
Мен адамнан таза ақыл таба алмадым,
Ойланып, өзеленіп, қармағанда.
Көрсеқызар, жалмауыз, бәрі алдағыш,
Көп адамның қылығын барлағанда.
Өнерпаз, білімді елдің мінезі осы —
Аяу, жәрдем, махаббат қалмаған ба?
Немесе бұлар бұрын жоқ болса да,
Әншейін бар деп бізді алдаған ба?
Көрінер ғылымды елдің сырты таза,
Тексеріп терең ойға салмағанда.
Ақымақ пен айуанның иісі аңқиды,
Істерін әбден сынап талда таңда.
Кей-кейде «түзелейік, кел» деседі,
Кешікпей соғыс ашып, белдеседі.
Айласы артық, қаруы сайы жеңіп,
Мақтанып «бар ма біздей ел? » деседі.
Тамам жан өзін-өзі «мен» деседі, -
Өзгелерді жатырқап «сен» деседі.
«Біз» дейтұғын бір елді таба алмайсың,
Бұл қайтіп әділетпен теңдеседі?
Ойласаң, барша адамзат — туған бауыр,
Бірін-бірі шұқылап қылды жауыр.
Балалық, айуандықтан шыққан ел жоқ.
Бұл сезім талай жанға тисе де ауыр.
Европа білімді жұрт осы күнде,
Шыққан жоқ айуандықтан о да мүлде...
Бақ-дәулетті мол берді жаратылыс,
Пайдаланып, қылсайшы жақсы жұмыс.
Табиғатың таусылмас қасиетін
Жұрттың жұмсап жүргені — ақылсыз іс.
Қайда кетті жаралыс берген байлық,
Ұстанғалы әскер мен қару сайлық?
Жаны ашымай әлсізді аңша қырып,
Мейірімсіз, озбырлығы осындайлық.
Мұнысы айуаннан қалай дейсің,
Бір жаңа енер шықса, «пәлі-ай» дейсің.
Ол өнермен өзгені құлданып ап,
Аямай өз бауырыңды қалай жейсің?
Күн көре алмай жақының жатыр өліп,
Шіміркенбей жемтігін жейсің бөліп.
«Ғылым деген бұл болса, адыра қалсын», —
Демеске бара жатыр ішім толып.
Қанеки, ақ жүрекке қайсың жеттің?
Жеттім деп тамам жанды тентіреттің.
Жиырмасыншы ғасырдың адамынан
Анық таза бір елді көрмей өттім.
«Мен — ақ жүрек» деген сөз босқа шығын,
Қару, күшпен көрсетіп қасқырлығын,
Мылтық билеп тұрғанда әділет жоқ,
Алдамай-ақ аулақ өл, жарықтығым.
Қару, әскер тастаудың жөні келмес,
Неге десең, біріне-бірі сенбес.
Тамам адам періште болмай тұрып,
«Ал, түзелші» дегенге ешкім көнбес.
Айла, күш — айуандықтың ең жаманы,
Боқты боқпен жұтаңмен ел түзелмес.
Ар түзейтін бір ғылым табылмаса,
Зұлымдықты жалғанда әділ жеңбес.
Құр айтқанмен қолынан түк келмейді,
Ақ жүректі таза адам болса кем-кес.
Қас түзеймін деп жүріп көз шығарып,
«Қалмақ ойын» ойнаумен ештеме өнбес.
Жас баланы ұрғанмен шырылдатып,
Ойы толмай тұрғанда ақылы өнбес.
Араны ашық жалмауыз, арсыз төбет
Аулақта жемтік жеуден жиіркенбес.
Адамның сыртқы дене жаралысы,
Нәпсісі айуанмен анық теңдес.
Бөлектігі — жалғыз-ақ таза ақылда,
Әлің келсе, жол тап та, осыны емдес!
СЕРІГІМ ЖАЛҒЫЗ ӘУПІШ ҚАСЫМДАҒЫ
Серігім жалғыз Әупіш қасымдағы,
Ертеден жолдасымсың жасымдағы.
Таза жүрек, ойында арамдық жоқ,
Қайғымды сен ұғасың басымдағы.
Неше жыл бірге жаттың, меніменен,
Ойласам, еркіңді мен алдым неден?
Елге бар, рұхсат бердім ырзалықпен, -
Қош, Әупіш! Айрылысам сеніменен.
Ол айтты: «Кетем деген ойымда жоқ,
Киім бүтін, қайғысыз, тамағым тоқ,-
Бірге жүріп, бір жусап, үйір болдым,
Айрылсам, жүрегімде жанбай ма шоқ?»
«Адалсың, жүрегіңді айтсай білем,
Елсізде енді жалғыз өзім жүрем.
Адам еркін байлауды ар сүймейді,
Өлгенше еңбек етіп, өмір сүрем».
Мінезімді білетін адал жолдас
Айтқаныма «құп» деді, бұрмады бас.
Аттандырып саларда амандасып,
Еріксіз шығып кетті көзімнен жас.
Оның жоқ тілегінің алалығы,
Менімен бірге өткен балалығы.
Ықтиярсыз көзімнен жас шығарған —
Қаяусыз ыдысының тазалығы.
Қайраты зор, білмейтін ерінуді,
Не асып, не мақтанып желігуді?
Еңбегімен күнелткен, сырға берік,
Ұнатпайтын орынсыз елігуді.
Әупіштер ғой өсірген малын байдың,
Еңбегі — жемі болған қомағайдың.
«Адалдық— борышым» деп санай тұғын —
Бар ниеті Әупіш пен Том ағайдың.
Көзіме елестейді құлдық дәуір,
Адамды «құл» деген сөз маған ауыр.
Шын ойласам екеуін салыстырып,
Том ағайдан Әупіштің несі тәуір?
Том ағаңды сатады базарға айдап,
Көнбесе, басын алар, қылыш қайрап.
Еркін байлап отырмын мен де Әупіштің,
Босаттым оны елге осыны ойлап.
Әупішті ұмытпаймын өлгенімше,
Не оны, не ол мені көмгенінше.
Барлығын шаруамның өзім қылам,
Қажымаймын кәрілік жеңгенінше.
«Әупіш аға» дейді оны балаларым,
Сыйлайды деп тек ата-аналарым.
Жанының сырын олар сезе алмайды,
Мен көрем оның артық бағаларын.
Білу қиын сырласпай біздің жайды,
Көлеңкеге пішкен тон жараспайды.
Адам үшін арымен ойламаған
Жүксіз, ойсыз жүктімен санаспайды.
Тату тұрса, адамға дүние кең,
Еңбек ет, жер жеткілік береді кен.
Адамның адал ұлы болам десең,
Алдыменен өзіңнің нәпсіңді жең.
Анадан алғаш туғанымда
Жыладым неге дыбыстап.
Кіндік кесіп қинағанда,
Анамнан кеттім алыстап.
Ақ бұйымға орап алғанында,
Құндаққа қойды таңып сап.
Жып-жылы суға салғанында,
Денемді әбден арулап.
Емуді қайдан үйрендім тап,
Емшектен сүтті сорғанда.
Кіш-кішке неге күлдім ұнап,
Үш айлық бала болғанда?
Бір түнде жылап дамыл бермей,
Ояттым неге анамды?
Емізген мені қиын көрмей,
Алды ғой демей мазамды.
Ақ сүтке әбден тойғанымда,
Аштықты ұмыттым анықтап.
Жылауды мүлде қойғанымда,
Ұйқыда күлдім шалықтап.
Туғанда кейіп, жыладым мен,
Сездім бе өмір сырларын?
Өмірді сүйіп, ұнадым мен,
Білдім бе мұндай қырларын.
Аспанда көріп жұлдыз бен ай,
Ержетсем, дедім: соны алам.
Ата-ана қалды, аһ, дариға-ай,
Күн болды Жермен ата-анам.
Жылылық, жарық нұрын беріп,
Сездірген атам — Күн шебер.
Балына қосып уын беріп,
Өсірген анам - қара Жер.
«Мұқтаждық өмір жолы бұл» деп
Мұң айтып ақыл жылатқан.
«Жас өмір қызық, оны біл» деп
Алдамшы үміт уатқан.
Тамақ пен киім, ат керек деп,
Өмірім кетті қиындап.
Құмарлық мақтан қуып ем көп,
Көбейді мұқтаж жиындап.
Осыны сезіп жыладым мен,
Анадан алғаш туғанда.
Қызық деп өмір ұнадым мен,
Сағымды су деп қуғанға.
Жұлдыз бен айды аламын деп,
Аптықтым неге жасымда?
Еркіндік жолын табамын деп,
Ойлаған екем басында.
Жыладым ба екен әлде сонда,
Азаттық көрмей өлем деп?
Кіш-кішке күлдім білмей онда,
Мазаққа талай көнем деп.
Табылмас анық азат адам,
Жаралыс билер заманды.
Көрсетер мұқтаж, азап сатаң
Тартқызар өмір жазаңды.
Кәрілік жетсе аяу білмей,
Жас өмір келмес қайтадан.
Бұзылмай, өлмей, өзгерілмей,
Қалады дейсің кім аман?
Кіндікті кесіп тастамағы—
Жас өмір сүйтіп қиылған.
Ақ бұйымға орай бастамағы —
Кебінің сондай бұйымнан.
Қуыстап салса құңдағына,
Кіретін көрге ұсамақ.
Тағдыр жоқ өлмей тұрмағына,
Өмірді өлім тұсамақ.
Алдауға күліп, қуанғаның
Алданып өтпек адам ол.
Ашығып емсе, уанғаның —
Өмірде көрмек ісің сол.
Еңбекке шықта, ебін тап та,
«Сабырдың түбі — сары алтын».
Өзімшіл болма, көпті ардақта,
Адамның бәрі — өз халқың.
Ынсап пен мейірім, әділетті,
Жанындай көріп, жан сақта.
Ол жолда өлсек, неміз кетті,
Мақсұтқа жетпей қалсақ та.
Залым боп елді қырсаң-дағы,
Қожаңыз себеп болмай ма?
Патса боп қанша тұрсаң-дағы,
Бір күні ол дәурен солмай ма?
Бұл ән
Бұрынғы әннен өзгерек,
Бұған
Ұйқасты өлең, сөз керек,
Өзіне орайлы.
Денең
Жан нұрлы болса, жөнделмек.
Өлең
Әнге өлшеп айтса, өңделмек,
Ұйқасса қолайлы.
Ән —өлшеуіш,
Өлең — күміс,
Қоспаңыз мыс аралас.
Артық алу, Не кем салу,
Қарпі қалу жарамас.
Ауыр
Осы әнге тауып сөз салмақ.
Тәуір,
Татымды ұйқас жиналмақ
Тереңнен толғанып.
Сырын
Бұл әннің айтып қарайын,
Түрін
Сипаттап, тізіп санайын,
Өлең тап ойланып,
Буыны сегіз,
Алтау, егіз,
Үшеу деңіз екеуі.
Кім дәл басты,
Кілтін ашты,
Жақсы ұйқасты нешеуі?
Қайран,
Қайғысыз, қамсыз күңдерім,
Сайран,
Сауықты, рахат түндерім!
Сендерден не пайда?
Асқан
Алпыстан мынау жасымыз,
Қашқан
Шалдықтан ғаріп басымыз,
Қаласың қай сайда?!
Ноқталы бас,
Ағызып жас,
Қызусыз мае, желіксіз.
Хаққа көніп,
Жалын сөніп,
Көрге теңіп еріксіз.
Жастық
Жалынсам және келер ме?
Мастық
Денеме қызу берер ме?
Суынған тұла бой.
Маған
Қарама, көңілім, мұңайып,
Саған
Жеткізбес кеткен ол ғайып,
Жас өмір, өткен той.
Бұл алпысты,
Түскен тісті,
Тозған түсті жасымда
Сөгуші едім,
Опық жедім,
Бәрі менің басымда.
Тағдыр
Адамды айдап туғызбақ,
Әрбір
Сүйгенін нәпсі қуғызбақ —
Өмірдің жолы бұл.
Жақсы
Нәпсісін өзі билемек,
Тапшы
Наданды нәпсі сүйремек,
Мақтанға болып құл.
Қай жолдассың, айтшы, сен?
Адамды аңша атасың.
Өз анаңның сүтінен
Қанды адал деп татасың.
Ата-анасы, Айналасы,
Замандасы қылған іс
Тәлім берер, Соған ерер,
Тағы келер бір туыс.
Өмір қылмен байлаулы,
Өз қамыңды жесеңші.
Заманды себеп жайлаулы,
Онда нем бар десеңші.
Жақсы уақыт кез келсе,
Жаралыстың сыйын біл.
Істің түбін тексерсе,
Не боларын білмес ол.
Айла, күшке таянба,
Болар-ау деп сол себеп.
Өлшеуі оның заманда,
Бұйырады ол не деп.
Өмір деген — ұйқы ғой,
Түс көргізбей қоя ма?
Қиын-қызық, әр түрлі ой
Іс көргізбей қоя ма?
Түстегіні шын ғой деп,
ІІІынды ұмытқан жарай ма.
Әлжеткенің бәрін жеп,
Арды жұтқан жарай ма?
Таза емес деп шекпенін,
Сыртын көріп сын тақпа.
Әркім орар еккенін,
Өз ішінді салмақта.
Ол — не жақсы, не жаман,
Оның жүгі сенде емес.
Десе біреу, «мен аман»,
Ол зияннан кенде емес.
Сопылар да күтіп жүр
Бейістің тәтті шарабын.
Маскүнем де жұтып жүр
Мас қылатын арағын.
Шымылдық артын кім білер,
Шын иесі болмаса.
Соның жолы жөнделер,
Кімді сынап оңдаса!
КӨҢІЛ
Басында жас бала едің сен,
Ойың бұзылмаған, көңіл!
Періштеден таза едің сен,
Қиянат қылмаған, көңіл!
Ата-анаңа махаббатың,
Бояусыз нұр, кәрәматың,
Жоғары ғарыштан затың,
Анық шын бұлмаған, көңіл!
Жігіттікке жетелеген
Секунд, минут, сағат деген.
Жаралыс бұл солай деген,
Балалықты ұрлаған көңіл!
Білем, болам, озамын деп,
Биікке қол созамын деп,
Ақыр бір күн тозамын деп,
Асығыс зырлаған көңіл!
Атақ, мақтан, құмар, пайда,
Өзімшілдік, зұлым, хайла
«Жетесің, қу, — деді — әйда»,
Боялып, сырлаған көңіл!
Бұ болды қайта бір туыс,
Тысы толық, іші қуыс.
Әлемді қылды бір уыс,
Тереңге зымдаған көңіл!
Балалық-тазалық өлді,
Жүректің ақ нұры сөнді.
Амалсыз осыған көнді,
Дұрыс деп тыңдаған көңіл!
Түзелмес мін емес бұлар,
Әр әмір өз ісін қылар.
Сынарлық тағы мезгіл бар,
Ауыспай тұрмаған көңіл!
Қырық жылдан жас өткенде,
Қызудың көбі кеткенде,
Есептер кезі жеткенде,
Не болар бұрмаған көңіл!
«Келіп қайдан, барам қайда?
Не қылғаным болар пайда?
Қалам ба мола боп сайда? » —
Деген ой тырнаған көңіл!
Жиырма жыл жүректі тесіп,
Бір олай, бір бұлай десіп,
Алынғанша анық шешіп,
Тынымдап тынбаған көңіл!
Бүгін тауып тілегенді,
Хақиқатқа көңіл сеңді.
Қуанып, түрленіп енді,
Бозторғай шырлаған көңіл!
Бүгін менің ұлыс күнім,
Бағымды ашқан қадір түнім.
Жетіліп түр қызыл гүлім,
Бұлбұлдай жырлаған көңіл!
Көзім көрді дегендей іс,
Табылды, кет, жоғал кейіс!
Өлімнің шын түбі бейіш -
Анық деп ымдаған кеңіл!
Тазалыққа тағы кеттім,
Балалықты қуып жеттім.
Жоғары ғарыштан өттім,
Осыны шыңдаған көңіл!
Терең ойсыз кей арам тер
Өлімнен соң өмір жоқ дер.
Өкініп, қайғымен өтер,
Мойыны сынбаған көңіл!
Келем десең, өлім, маған,
Досымсың, жау емен саған.
Есікті аш жолды байлаған,
Жөнелсін ұнаған көңіл!
ТАУ БАСЫНДАҒЫ ОЙ
Шыққаным Шыңғыстағы бір биік тау,
Жақсы екен тауға шығып тағдыр сынау!
Қайырлы түн болсын деп үнсіз айтып,
Күн кеткен соң, түн келді қараңғылау!
Аспандағы ай, жұлдыз — бәрі айналды,
Жалғыз-ақ Темірқазық тапжылмайды-ау!
Күн батып, ай, жұлдыздың айналуы —
Шыныңда, дөңгелеген жер жүрісі-ау.
Күн жауды, көз шағылды нажағайлап,
Судан от жаратылып шыққаны анау.
Көктен жаңбыр құяды, жерден бұлақ,
Қанша ақса да оларда бар таусылмау.
Жылылық пен салқыннан жаратылған,
Ойласам, оның түбі жердің буы-ау.
Көз адасты, ой тапты, көрдіңіз бе?
Ақылмен сыналмаған іс бұлдырлау.
Көз, құлақ, қол, мұрын, тіл — бәрі алдайды,
Тетігі — таза ақылмен өлшеп сынау!
Терең ойлап, тексеріп, күн батырып,
Сонда тауып байлаған ойым мынау:
Тұңғиық қараңғы түн, жарық күндіз,
Қуалап бірін-бірі жүр тынымсыз.
Біржолата қараңғы болмасын деп,
Көмескі сәуле берер ай мен жұлдыз.
Жүрісі шатаспайды, шаршамайды,
Дыбыс жоқ, кідіріс жоқ, не қылмайды із.
Күн нұрын, жер жүрісін, көлеңкені –
Жарық уақыт, қарашы деп атаймыз.
Жоқ болса ыстық, жарық, қараңғылық
Біздің де мүмкін бе еді барлығымыз?
Сыртын біліп, сырынан хабарсыз боп,
Надандықпен айтамыз осыны біз!
Күннен неге түсіп тұр мұнша жарық,
Сегіз минут, шерікте жерге барып.
Әншейін құр жарқырап тұрып алмай,
Жылылық нұрмен бірге жүр қозғалып.
Бұл дүние жылуы жоқ нұрсыз болса,
Әлемнен кім жүре алар пайдаланып?
Дүние атаулы теп-тегіс мөлдір болса,
Көлеңке орнығады қайда барып?
Барша әлем тапжылмай тұрып қалса,
Бола ма уақыт деген өлшеу салып?
Мақсат, тәртіп керексіз тозаңы жоқ,
Тексермей неге отырмыз мұны ойланып?
Қараңғы мен жарықты жүрміз өлшеп,
«Күңгірт, жарық, қараңғы, көмескі» деп.
Жыл мен ай, сағат, минут, секунд дейміз,
Секундты мың бөледі хроноскоп.
Жүйрік оймен оны да бөле берсек,
Кетпей ме ең аяғы есепсіз боп?
Қай жерден былайғысын жуан дейміз,
Бас қанттай ағаш жонсақ тым үшкірлеп.
Жұпардан неше жылдай иіс шығар,
Сол иістің ұсағын бөлші есептеп!
Мұхитқа тозаң құрлы түз салайын,
Ойлайсыз сол нешеге бөлінді деп?
Жаралыс жұмбағының ісі өлшеусіз,
Білдім деген, білмедім дегенге есеп.
Шымды жерде көресіз қара топырақ,
Шіріген шөп, тозаңнан болған құрақ.
Егер оған дым тиіп, күн жылытса,
Жан кіріп, шөп шығады гүл, жапырақ.
Өлген шөптің күлі еді тозған тозаң,
Онан тағы не шықты, байқа бірақ.
Әлемде жоғалатын ешбір зат жоқ,
Өзгеріп, түрленеді, ойла, шырақ.
Бұл соңғы шөп — өлген шөп емес дерсің,
Шөп жанынан білдің бе оны сұрап?
Дене — киім сияқты, күнде ауысар,
Жан ауысты деуіңіз қиынырақ!
Ей, жастар, қалай дейсің бұл дүние?
Мұны бүйтіп жаратқан қандай нәрсе?
Білімсіз мақсұтсыздан шыққан болса,
Мақсұт, білім, ой шықты мұнан неге?
Керексіз жаралған бір тозаңы жоқ,
Тәртіпті, таңғаларлық зор машине.
Алыстан іздемей-ақ, ойласаңыз,
Көру үшін жаралған көзіңіз де.
Себебі, толымдының ісі толық,
Ең түпкі жаратушы — мінсіз ие.
Күш, білім, шеберлікті іс білгізер,
Есті, мінсіз — шебердің ісі емес пе?
Ұлықтарша қорқытпай законменен,
Молдаларша теңемей кәпірменен,
Егер сөзім қонбаса көкейіңе,
Жығатын дәлеліңді айт ақылменен.
Ар, Ынсапқа не жауап берер едің,
Түзу істі қисайтсаң тақылменен.
Құдай жоқ, қиямет жоқ десең-дағы
Арың жолдас емес пе мақұлменен?
Бұл кездегі діңдердің бәрі нашар,
Ешбірі түзу емес көңіл ашар.
Өңкей алдау, жалғанды дінім дейді,
Тексерсең, ойың түгіл жаның сасар.
Әлемдегі діндердің тұп мақсұты
Үш нәрседе бұлжымай құшақтасар:
Құдай бар, ұждан дұрыс, қиямет шын,
Еш діннің мақсұты жоқ мұнан асар.
Дін адамды бір бауыр қылмақ еді,
Оны бөліп, дұшпандық қару жасар.
«Інжіл», «Құран» — бәрі айтып тұрса-дағы,
Адасып ардан күсіп қара басар.
Сөйтіп бұзып, бүлдіріп есіл дінді,
Дін десе білімділер тұра қашар.
Ешбір дін өйтіп дұспан бол демейді,
Қанеки, бұл сөзіме кім таласар?
Бейіс, дозақ молда айтқан сияқты емес,
Ақылды адам оны анық сондай демес.
Құрсақтағы балаға осы өмірді
Ұқтыр десе, айтар ең қандай кеңес?
Сол сияқты, мысал ғой ұқтыруға,
Осы қыздай қыз құшып жеміс жемес.
Бірақ қатты қуаныш, не кейіс бар,
Дәлелім — ұждан, зұлым бар тетелес.
Сондықтан бір тексеру болмай қоймас,
Мұнымды әділетпен ойла да шеш!
Егер құдай барлығы анық болса,
Тең болмас ақ жүрек пен сұм залалкес.
Бұл сөзге күндей ашық дәлелім көп,
Не дінмен, не ақылмен қылсаң да егес.
Соқыр ойлы бір езу өзімшілге
Қанша ғылым білсе де кіре алмайды ес!
Ұждандыны мақтайды тамам адам,
Мейлі ғалым болса да, мейлі надан.
Ар, ынсаппен іс қылып азап тартып,
Ақ жолында өледі бірталай жан.
Ыразы қылам дей тұғын құдайы жоқ,
Өлген соң тірілмеймін деп ойлаған.
Осыны терең ойлап, тексерейік,
Сорлыны ер ынсабы неге айдаған?
Өлген соң жұрт мақтасын дей ме мені,
Олай болса іс бар ма мұнан жаман?
Ел түзеуге құрбанмын деп-ақ айтар,
Өзі қалай пайда алар онысынан?
Адал жолда өлгеннің арманы жоқ,
Дегені болмай ма екен құрғақ мақтан.
Ар, ынсаптың құмары осы десе,
«Құмарың не» деп сұра зұлымдықтан?
Артында азап та жоқ, рахат та жоқ,
Емес пе ерегіскен екі дұспан?
Сен ананы сүйесің, ол мынаны,
Мұнан ақыл жиренді не қылмыстан.
Ар, ынсаптың осыдан үміті не?
Ел түзелсе, өлген соң, не пайда оған?
Не дін емес, не тыныш өмір емес,
Артқы үшін арпалысты неге осыған?
Ел түзеп тарихта аты қалар дейді,
Ақылым тоя алмайды менің бұған.
Жоқ, шырағым! Жанымыз жоғалмайды,
Екі өмірдің азығы — осы ұждан!
Әйтпесе оған бұл өмір төлеу емес,
Төлеуі: түпсіз рахат, тозбас заман.
Ар, ынсаптың пайдасын жан сезеді,
Өлген соң бәйге аларын біліп тұрған.
Ақ жүрек, адал ниетті бола алмайды,
Ұжданның бұл сырына шын нанбаған.
Шын нану — ақылымен қабылдауы,
Қалады зұлымдықтан сүйткенде аман.
Әйтпесе өлген соң да мақтанбақшы,
Жорымасқа жолым жоқ солай таман.
Ақ, арам, ұждан, зұлым деп не керек,
Сый алмай, не қиналмай жоғалса жан
Шолақ ойлы дәлелсіз шолтаңдаған,
«Фанатик» діншілсің той дер-ақ маған.
Тамам дерттен сау ақыл, менің сыншым,
Мың айтып ұқтыра алман деймін саған!
Тура жолда қайғы тұрмас,
Шат болайын бер шарап.
Қайғы, рахат — бөрі бір бәс,
Еш бірінде жоқ тұрақ.
Келсе бейнет, келді-кетті.
Болса уайым — болды не?
Ақ жолына бұрма бетті,
Бас нығыздап, мықтырақ.
Мен мешітке келмеді-ау деп,
Сөкпе, сопы, молдалар.
Еркін аяқ кетті билеп,
Шын хақиқат жолды ұнап.
Сіз бояулы дін тұтасыз
Мақтаның мен пайда үшін.
Сусыным деп у жұтасыз,
Кетпегейсіз бір құлап.
Таза ақылмен таппаған дін
Шын дін емес — жындылық.
Қармалаған бір соқырсың,
Өлген ой мен көз, құлақ.
Ескілерше қу қазыққа
Байланып мен тұрмадым.
Және емеспін жаңалыққа
Көрсеқызар қиқырақ.
Мен хақиқат құрбанымын,
Берді бізге сәулесін.
Кетті сұм түн, шықты нұр күн,
Міңді көңіл шын пырақ.
Кезсе ойым барша, барлық —
Ақылымның тұтқыны.
Неге болды, не боларлық...
Бәрін өлшеп тұр сынап.
Тән көретін бастағы көз
Байқамайды жан сырын.
Көр де ақылға сал деген сөз,
Көз керек қой ойлырақ
Хақиқатты дәл көруге,
Жан көретін көз керек.
Бас көзімен сенделуге
Бізге рұхсат жоқ, шырақ!
Сөнген ойды жандыруға
Жан берерлік сөз керек.
Жаны жоқты нандыруға
Жан керек қой милырақ.
Молдалардан дін сұрасаң,
Сандырақтап сандалар.
Пәншілермен бас құрасаң,
Жан, құдай жоқ, дер тұрақ.
Біз хақиқат елегіне
Осы екеуін елесек,
Түкке тұрмас керегіңе,
Екеуі де қалжырақ.
Пәнші дейді: «қайда тәңірі?»
Дінші дейді: «менде тұр!»
Екеуі де сөзге нанды,
Таза ақылдан жоқ сұрақ.
Пәнші нанды бес сезімге,
Дінші адасты жолынан.
Сал ақылға, дұрысы не?
Дәлелін тап жақсырақ.
Кім жасаса зор машине
Онда одан не қалар?
Құдіретімен қалды, әрине,
Сайраған із шам-шырақ.
Түп негізді жаратушы
Меңіреу ме, есті ме?
Таза ақылға сынатушы,
Тайқымай айт сен, бірақ.
Шынды білмек ойласаң сен,
Алдыменен жанды біл.
Ең керекті үш сұрақпен
Жан құлағын қой бұрап.
Келді қайдан, қайтсе пайдам,
Өлгеннен соң не болам?
«Мен» деген жан — ақыл айнам,
Жоғала ма сол шын-ақ?
Бар болған зат жоғала ма,
Жоқтан эсер қала ма?
Аш көзіңді тұмшалама,
Кетпе ақылдан тым жырақ.
Осы әлемде барша, барлық —
Жанды ақылдың табысы.
Нәрсесі жоқ бос қаларлық —
Мейлі, шөппен топырақ.
Шын сүю бар, жирену бар,
Мақсұты бар, еркі бар.
Жаратылған неге бұлар?
Осыны тап ой құрап.
Барша әлемнің нәрселері
Болса жанның әсері.
Есті сол жан, тәңірі әсері
Тазалықты тұр сұрап.
Шын таза жан тазалықпен
Тәңірісіне бармақ ол.
Мейірім, ынсап, әділеттен
Ағызам деп нұр бұлақ.
Мына жақта нәпсі жатыр
Қиянатты жастанып.
«Бармайық, — деп, — қойшы, батыр»,
Етегінен жұлқылап.
Ындыныңа сен иесің,
Кімге көндің ерік беріп?
Міне байқа жан жүйесін,
Аса берме бұрқырап.
Әділетпен мейірім, ынсап,
Құлшылығым тәңіріме.
Қиянатқа жанды жұмсап,
Жанбақ отқа шырқырап.
Жанға көнсем, жан иесі —
Тәңіріге де көнгенім.
Таймай өлсем, жолым осы,
Нәпсі қалсын зар жылап.
Таза діннің шын негізін
Ұстаған бір пенде жоқ.
Дүние толған көп шатақ дін,
Бәрі бірдей шатпырақ.
Дін тазасын діннен ізде,
Дін шатағын сынға сал.
Анық айна өзіңізде,
Айда ақылды Қаттырақ.
Шала діңді пәнде таппас,
Дін тазасын ой табар.
Еркін ақыл тіпті адаспас,
Кезсе кірсіз жарқырап.
Шынды таптым, қайғы басты,
Шын сырымды айтайын.
Дін де, пән де қатты адасты,
Дау сабасты барқырап.
АДАМШЫЛЫҚ
Кісіге адамшылық неге керек?
Адамдық — өзге айуаннан артық, демек!
Ит талаған төбеттен қалай дейсің,
Аямай әл келгенін жұлып жемек.
Мейірімсіз қасқырда да күшті өмір бар,
Артылған жерің қайсы онан бөлек?
Үнемі сен жерінді қайдан білдің?
Бұл дүние кезек берер істі өңгелеп.
Онан қорқып, обырлық қоймасаң да,
Адам боп, хайуаннан болсаңшы ерек!
Жалмағанша, жәрдемің тигізсеңші,
Жығылған, жылағанға болып көмек.
Мархабатты4 теріс деп кім айтады?
Адамшылық сол дейді тамам зерек.
Мейірім — жақсы, зұлымдық— жаман дейсің,
Қасқырлыққа қайтесің құр дөңгелеп.
Жаны ашып жәрдем қылмай өткен адам —
Өсіп, өшіп құлаған бір бәйтерек.
Қаламым — қарыңдасым — жан жолдасым!
Жау болды, жан аяспас сан жолдасым.
Қайрылып, мейірімденіп қарамайды,
Кеше аласа, бүгін зор, паң жолдасым...
Жарқырап нұрын шашып, жанады шам,
Талайлар пайда алады жарығынан.
Су тамып, не жел тиіп сөне қалса,
Көрмей, басып, таптайды пайда алған жан.
Демеймін мұңымды айтып зарланайын,
Жаралыс солай қылған адам жайын.
Жарық алып жалғанды тексерсең де,
Таза жүрек таппайсың, сол уайым...
«ТАҢ» ЖУРНАЛЫНА ЖАҢА ӘНМЕН БАЙҒАЗЫ
Жаңа ойдан
Шығарған
Бір бөлек бұл ән.
Жақсы үнді,
Ұғымды
Жас керек бұған.
Толға,
Шырқа,
Байқап жас жүрек.
Әншілерден
Сол тілек
Жорғалат,
Сорғалат
Мұңдандырып,
Тамылжытып сал.
Бойды еріт,
Ой кеңіт,
Әсер беріп.
Тыншы жанын
Билеп ал!
Бос айғай,
Құр ойбай
Әндеме, ойла.
Тұз-дәмсіз,
Түк нәрсіз
Ас жеме тойда.
Жасық еттен
Қандай пайда бар,
Болмас онда
Тәтті нәр.
Ұйқасты,
Сипатты,
Ішкі сырлы
Әнге қос.
Сөзі —жан,
Әні — тән,
Жарасымды болса,
Тыңдар оны дос.
Жыршылар
Ән салар,
Толғанып ойдан.
Мұндызар,
Қозғалар
Байқалып бойдан.
Жаныңнан
Бір майда
Сыр шығар.
Сезімі ояу
Оны ұғар.
Тіл билеп,
Үн күйлеп,
Суреттесе,
Өмір жайын ән.
Мұңлатса,
Шырқатса,
Ентелетсе,
Оянбай ма өлген жан?
Жаңа әнім —
Байғазым,
Құттықтап журнал.
Кәрі жан.
Салып ән,
Жыбырлап қозғал.
Алдынан шық
Майда ән сала,
Қабыл алсын жас бала.
Домбыра ал,
Әнге сал,
Шілдехана күзет енді сен.
Ер жетсін,
Тербетсін
Елді жаңа,
Нұрлы, әсерлі сөзімен.
Толқынға,
Құлқынға
Соқпас бұл жас.
Зорлықтан,
Қорлықтан
Тоқтасын жолдас.
Еркіндікпен
Өсіп көп жаса,
Ел қамыңды ойласа.
Қаламды,
Табанды
Жастар,
Жатпай жақсы сөзді жаз.
Емделмей,
Жөнделмей,
Басын ашпай,
Сорлы еліңді қылма таз.
Тілменен,
Пұлменен
Көмектеп, қолда.
Әр бойға,
Соны ойла,
Сараң болма.
Жәрдеміңнен
Жасқа толар ол.
Адасқанға табар жол.
Болма қор,
Үміт зор,
Хат білгенің алып оқы, бар.
Көксеген,
Жетпеген
Ойың сенің үйренеді талай зар.
Молдалар өзгелерді кәпір дейді,
Өзі надан, наныңыз, түк білмейді.
Өзімшілдік көкейін тескен сорлы,
Аузына келгенді айтып жанын жейді.
Орыстың жақсыларын білмес қазақ,
Болып жүр сондығынан көпке мазақ.
Өнерлі, білімді елден тәлім алмай,
Қуларға еріп, момындар тартар азап.
Үйренсе ғылым менен сан өнерін,
Білер еді-ау өнердің не берерін.
Танысса ақын, ойшыл адамымен,
Табар еді-ау адалдық ар көмегін.
Білсе егер Салтыков пен Толстойын,
Сезсе олардың айтылған терең ойын.
Гоголь мен Пушкиндерден ғибрат алса,
Қазақтың бөлер еді-ау нұрға бойын.
Лермонтов, Некрасовтай ақындарын,
Өнеге етсе солардың мақұлдарын.
Өзімшіл, надандықтан көзі ашылып,
Аңғарар адал жолға жақындарын.
Сұрқия, сопылардың алма тілін,
Беті тұнық, асты лай ол бір жылым.
Өнерсің өнеге алсаң үлгілі елден,
Адамшылық өнермен берер білім.
Алаяқ сұмдарға ерсең, болмас жолың,
Қазағым-ау, қаңғырып қайнар сорың.
Өнер-ғылым үйренсең еңбек етіп,
Мазақ болмай елдікке жетер қолың.
«ТАҢ» ЖУРНАЛЫНА ТАҒЫ БІР ӘНМЕН БАЙҒАЗЫ
Кейіме, кәрі жан,
Өмірің тозғанға,
Оянып ұйқыдан,
Әнге сал қозғал да.
Жаңа тілек,
Жарық таң атты, міне,
Байғазы
Қада сен
Мынау жас журналға.
Аямай ақшасын
Оқысын азамат,
Еш бөгет қақпасын,
Жасасын саламат.
ойлы,
шешен,
Қаламды таланттылар,
Жан беріп көркейту
Сіздерге аманат.
Жаны — сөз,
Тәні — ақша,
Бұларсыз ер жетпес,
Әсерсіз сөз жазса,
Көңілді тербетпес.
Осы екеуі
Пар келсе,
Көп жасайды.
Сөз жазып,
Пұл беріп,
Ел болса, көмектес.
«АДАМНЫҢ ЕРКІ ҚАЙДА», - ДЕП АҚЫЛДАН СҰРАҒАНЫМ
Шын жаным,
Қорғаным —
Жалғыз сен, ақыл.
Жүрегім, Тілегім —
Шын менен мақұл.
Ақыл үшін құрбан барлығым,
Анық ұқсам жарлығын.
Налындым,
Жалындым,
Шиені шеш,
Еркім, емін тап.
Ойымды аш,
Дертім бас,
Жазамды кеш.
Рахым етіп,
Мені аяп.
Бар ма еркім,
Сол дертім,
Жетекшім себеп,
Тым күшті ол,
Бермес жол билеттім деп.
Туғызған,
Сол айдап,
Жүргізген.
Әр өмірге
Кіргізген.
Жылатқан,
Уатқан,
Қуантқан,
Құлатқан да сол.
Ерік қайда,
Не пайда,
Жұлқынсам да табылар ма еркін жол?
Жүрмекте,
Өлмек те,
Тумақ та сонан.
Кім көнбес,
Кез келмес,
Салмақта, ойлан,
Себебі жоқ бір іс қайда бар?
Бәрі соған байланар.
Ерік жоқ,
Атқан оқ,
Бір мен емес,
Барша әлемге жол.
Ойға да,
Бойға да
Еркін бермес,
Неге осынша күшті сол?
Ойласам,
Барша адам —
Суға аққан дөңбек,
Себепке,
Кезекке
Тамам жан көнбек.
Әлсіз бен күш тағы себептен,
Юм құтылар кезектен?
Жақсылық,
Жамандық
Бәрін себеп билеп алған зат.
«Мен білдім,
Іс қылдым
Өзім билеп»дегеніміз, тіпті, ұят!
АҚЫЛДЫҢ ЖАУАБЫ
Шын ақыл,
Бір мақұл
Түсірді ой маған.
Мақсұтың,
Ындының
Еркін ғой саған.
Жаралыстың берген еркі сол,
Талап ет сен таза жол.
Бұзыққа
Қызықпа,
Ындыныңды
Тура жолға сал.
Жетсең де,
Кетсең де,
Мақсатыңды бұзба,
Осыны ұғып ал!
Бұл өмір,
Екі айыр,
Өзендей ағар.
Сең қаққан,
Әр жақтан,
Кез келе қағар.
Таза жолдан
Таймай барғаның —
Жетпесең де алғаның.
Құбылсаң,
Бұзылсаң,
Не қызығып,
Не именумен,
Қайта алмай,
Байқалмай,
Себепке еріп,
Жетектеліп өлдің сен.
Міне еркің,
Шын көркің,
Ындынды таңба.
Болмасқа,
Толмасқа,
Мақсатты салма!
Талабыңды себеп билесе,
Жанса, мейлі, күймесе.
Ие бол,
Тура жол,
Берді хабар анық.
Ақылынан,
Терең ой,
Ындын қой,
Мұны табар,
Сезімі ояу, есті жан.
Аңшылық әуелінде қандай тәтті,
Еркіндік, кім жеккөрер салтанатты.
Бұл күнде қоңлы тұғыр табылса да,
Аздан соң желдіктерсің жауыр атты.
Айтпаймын сөгейін деп азаматты,
Дей көрме мұны осы шал неге шатты.
Салынбай бір жолата аң қу таңға,
Еңбекпен ескере жүр қанағатты.
Толғанып ақын айтар әрбір затты,
Сөзімнің іші жұмсақ, сырты қатты.
Алпыс жыл аңшы болып алжыған шал,
Дерсіңдер бізге ашады насихатты.
Ойласаң, біздің заман мұнан жатты,
Ол дәурен ойран болып, құмдай батты.
Жұмысы бұл уақыттың — адал еңбек,
Заманың көтермейді бұл саятты.
ҚОРҚЫТТЫҢ САРЫНЫ
Кешегі кеткен ер
Қорқыт Кейінгі жанға болды ұмыт.
Сарынын соның салайын,
Ескі әуез демей құлақ тұт.
Аңғармай келе арынмен,
Қобызбен Қорқыт сарнаған.
Болмады жері бармаған.
Мұңлы әнмен өмір суреттеп
Сол әнін соған арнаған.
Ашулы, зарлы сарынмен,
Қорқыт — түбі түрік, қалмақ.
Ойы — өмір мен өлім жайын әнге дәл
салмақ.
Ол ән аяғын сөзсіз сарынмен,
Шер тарқатшы, зарлап.
Басында жырмен бастаған,
Екі рет жырлап тастаған.
Аяғын әнмен шырқатып,
Бір ауыз сөзді қоспаған.
Әсерлі үнмен толғаған,
Сол әнді ойым ұнады.
Зарласам, көңілім тынады,
Сарынға өлең салдым мен,
Түп-түгел сөз боп шығады.
Көрінді түзу сол маған,
Жасқа ұнамайды сарын.
Қайдан біледі ол,
Кәрілерде не сыр, ой барын.
Жат құлағына жастың мұндай өн,
Ол сезе ала ма нәрін?
Бұл әнге өлең салғаным —
Бұрыннан ойдағы арманым.
Сарнайтын мұны бақсы жоқ,
Жек көрдім ұмыт қалғанын.
Ескіден лтаң бір жұрнақ,
Жақпаса қойсын жастарға.
Жырлаймын ойлы достарға,
Мен өлсем, сарын жоғалар,
Қимадым көміп тастарға.
Сондықтан айтқан бұл жұмбақ
Сарын тез жайылар бойға.
Айдап түсірер сен білмеген
Тіпті жат ойға.
Жын-бақсыларға келер сондықтан,
Жас жиылғандай тойға.
Сарынға жастар салмасын,
Арам жын келіп қалмасын.
Таза ақыл табам деп жүріп,
Абыройын жойып алмасын.
Ол дайын болар қасында,
Шақырма ішпей мастарын,
Байқа, ал, шақырам жынды,
Ойла тереңнен,
Нені ішемін, шақырам мен кімді?
Ол адамдыққа мені жеткізер,
Сол жояды шер-мұңды.
Алып кел шарап тазасын,
Денеме нұры тарасын.
Ұйқыдан әбден оятып,
Жаралы жүрек жамасын.
Мас болмай кірмес ақылым,
Қой қаптан қозғал жындарым,
Тауып кел істің шындарын.
Хақиқат айтсам адамға,
Білмеймін кімнің тыңдарын?
Сынайын теріс, мақұлын,
Бері кел, тотсыз асыл айнам,
Білдір анығын, не хақиқат,
Не жөн, не пайдам?
Сал тура жолға мені, жетекшім,
Бұл — сынасатын майдан.
Бақсымын жырлап сарнаған,
Денем жоқ әсер бармаған.
Мидағы жыным, түгел кел,
Хакиқат іске арнаған!
Басайын қобыз пернесін!
Монтаны талай мұндар бар.
Нәпсіге ерген сұмдар бар,
Адамды анша аулатқан.
Алдамшы, арсыз жындар бар,
Ондайлар маған келмесін, _
Олар — жәдігөйлер жайтаң,
Ойды улатып,
Көзді байлап жүрген қу сайтан.
Сол хақиқатты айтам!
ТІРШІЛІК, ЖАН ТУРАЛЫ
Қасыңа қылыш қайратқан,
Досыңа гүлдей жайнатқан.
Ерік пен талап, ой беріп,
Ойынды сөзбен сайратқан
Жан емес дейді «білгіштер».
Осыған нанған есерлер,
Ойы кем, сөзге шешендер,
Ақылмен жанды тексермей,
Денешіл, пәншіл кеселдер
Дәлелсіз сөзбен ілгіштер.
Бұл жан басынан бар,
Ойла, тексер ақылмен,
Құр сөзге нанып ден қойма!
Шын таза ақылдың таппас заты жоқ,
Ол қасиетін жойма.
Оларды сөзбен қайраған,
Ақылдан алыс айдаған,
Ойменен тапқан бұлдыр деп,
Дене мен пәнге байлаған,
Баяғы Конттың5 сөзі еді,
Жаңаны көрсе жүгірген,
Ақылдан әбден түңілген,
Осыдан дұрыс жол жоқ деп,
Бұл уды судай сімірген,
Дененің соқыр көзі еді.
Дене сезіміне нанба!
Сағым су ма екен?
Барып көрсең таяу сол маңға,
Бар дене, сезім түгел алдайды,
Бұл сөзімді әбден анда.
Радийді бұрын біліи пе ең,
Электр ұстап көріп пе ең?
Бөрін де тапқан таза ақыл,
Аспанда ұшып жүріп пе ең?
Көрінбес зат бар бірталай,
Шығады жаннан көп қуат.
Спирт, гипноз, телепат,
Пакризм мен лунатик,
Жан сезу, түскер — бәрі жат!
Жан жоқ болса, бұл қалай?
Ойла, жанның жоғы шын ба.
Сал сөзімді терең ақыл менен ой сынға,
Сен бұл дәлелге кетсең тоқтамай,
Мен тағы айтамын, тыңда!
Электриядан не шықты,
Істедің талай қызықты!
Дәл өзін көрген адам жоқ,
Шын затын оның кім ұқты?
Ісінен білдік барлығын.
Жан ісі онан бір бөлек,
Еркімен ойлап түрлемек.
Жан қожа теңге, тән құлы,
Еріксіз айдап жүр демек,
Тән істер жанның жарлығын.
Жанды билей ме екен дене,
Болса бір сипат тәннен шыққан?
Билер жан неге?
Жан өсіріп тұр тәннің баршасын,
Тән жан жаратты деме!
Басыңда жоқты бар қылған,
Жоқтықты жойып көр қылтаң.
Есепсіз дене жаратып,
Еріксіз жиып нәр қылтаң
Жан емей енді немене?
Жарықтан бізді бу қылған,
Құбылтып буды су қылған.
Суынан топырақ қатырып,
Топырақтан жасыл туғызған
Ие кім сонда денеге
Жансыз тән қалайша жүрмек?
Сол жан емес пе денелерді қозғап өсірмек.
Бас қозғалыс қой жанның атасы,
Ол жаратады түрлеп.
Сол жаннан талай жан өскен,
Жанына қарай төн өскен,
Өсімдік жаны нашар боп,
Олардан жәндік және өскен.
Жәндіктен адам жаралған.
Жадыңда қанды емізген,
Ауызсыз қорек жегізген,
Туғызып түзеп өсіріп,
Өзіңді-өзім дегізген
Тіршілік сөйтіп таралған.
Енді тоқтадың ба жаным?
Жолдан тіршілік шықты деген сөзге жоқ
наным,
Қой пәленше-екем айтты дегенді,
О л қате екені мәлім!
Таза ақыл анық адамда,
Әлім бе мейлі, надан ба?
Айтқанға нанба шынға нан,
Жетектеп ойды әманда!
Ойланбай салма жарысты.
Ақылдың көзін байлама,
Білгіш деп басшы сайлама.
Оқуым дінім наным деп,
Әдетке қарай айдама.
Ақылға сынат әр істі.
Ұқсаң айтқанымды шындап,
Тағы сөзім бар,
Ақылыңмен оны көр сындап!
Ол — басқа жанда бар ма таза ақыл?
Сен осыны тұр тыңдап.
Құбылған әлем жарысы,
Ақылды жанның табысы!
Басында-ақ онда ақыл мол,
Мақсатты шешкен әр ісі,
Тереңнен ойла аңғар да.
Көресің, шырақ сен мені,
Көрсін деп бүйткен кім сені?
Теп-тегіс қара денеңе,
Ойламай ақ қой өзгені,
Мақсатсыз біткен тән бар ма?
Ойлы адамсың ғой сен де,
Бар ма мақсатсыз, тәртібі жоқ нәрсе
әлемде?
Ол меңіреу күш емес байқасаң,
Пән айтты ғой деп сенбе!
«Сезіміміз заттан жаралды», -
Деген сөз мүлде арам-ды.
Ақылды жанның мүлкі әлем,
Тәртіппен өсіп таралды,
Осыны неге білмеген!
Меңіреуге мақсат бола ма?
Ақылға осы қона ма?
Құбылтып түрлеп бояған
Қу сезге көңіл тола ма?
Дәлелі миға кірмеген.
Олар шатақ діннен қашқан,
Сөйтіп жан жоқ деп тіпті
Алысқа кетіп адасқан.
Бар обалы оның шатақ діншілде,
Сол дінді бояп басқан.
Еркіндік талап, шын сүю,
Жирену, мақсат, ой түю,
Қуаныш, қайғы, күлкі, ашу,
Денесі сау боп жан күю...
Жансыздан бұлар шығар ма?
«Айуаннан адам өзгерек
Жаралған дене бір бөлек
Сондықтан ойлап білді адам,
Жаны жоқ» дейді психолог,
Cay адам мұны ұғар ма!
Көзге көрінбеген затты «жоқ» деп отырып,
Ертеңіңде талай сыр тапты.
Ол жан туралы оны ойламай,
Бар жанды жоқ деп шатты!
(Бұл Жан туралы өлеңнің мұнан кейінгісін басқа бес буынды, екі тұяқ жырмен жазып, аяғындағы сарынға салтаң жыр қалдырылған.)
Жаралыс басы — қозғалыс,
Қозғауға керек қолғабыс.
Жан де мейлің бір мән де,
Сол қуатпен бол таныс.
Әлемді сол мән жаратқан.
Қозғалмаса көшпейді,
Көшпеген нәрсе өспейді.
Өспеген нәрсе өзгермес,
Түрден ол түрге түспейді,
Қозғалыс түрлеп таратқан.
Қозғаған қуат—жан дейміз,
Жан өсті жаннан сан дейміз.
Сол жандар эсер берген соң,
Жаралды сансыз тән дейміз,
Жанына қарай тән солар.
«Өсімдік күннен алады ас,
Күн суық болса, түпке қаш,
Дым тиіп, нұр кең жылытса,
Өс тағы жайнап, көңіл аш!» —
Дей тұғын жанда мән болар.
Жұмыртқада ұрық жатпай ма?
Олар да тамақ татпай ма?
Жылынса, яки егілсе,
Онан да таңы атпай ма?
Орасаң да өлмес бидайы.
Жандықта шаһуат болмай ма?
Жатынға барып қонбай ма?
Құбылып қаннан төн жасап,
Түзеліп әбден толмай ма,
Сіздерге мәлім әр жайы.
Осыны ақыл ұқпай ма?
Дене жаның тыңдай ма?
Бастапқы есті, жанды ақыл
Адамнан келіп шықпай ма?
Осыдан өзге шын бар ма?
Айтамын мұны жастарға,
Таза арақ ішкен мастарға,
У ішіп, қулық жинаған,
Айтпаймын қуыс бастарға.
Ол ұғынбас, тыңдар да.
Анықты білмес діншілдер,
Өзімшіл, ойсыз, күншілдер.
«Жаныңды жолдан қосты» деп,
Шариғат айтып күңкілдер.
Ойында биттей сәуле жоқ.
Дін айтпа: «маған нан», — дейді,
Адасқан дінді пән дейді.
Мағынасын анық біле алмай,
«Рух» деген сөзді жан дейді.
Осыдан жаман әуре жоқ.
Рух деген дінсіз таза ақыл,
Мінсіздің ісі шын мақұл.
Айуаңдағы ақыл ол емес,
Аз ғана сөзім — аз тақыл.
Құраныңды оқы нанбасаң.
Аз ақыл ондай көпте бар,
Айуанда айла, епте бар,
Өсімдіктер де сезім көп,
Көбелек жейтін шөпте бар.
Әлемнен сұра, адцасам.
Нәпсі дер рухсыз жандарды,
Мейлі адам, мейлі андарды.
Үстіртін қарап ұқпайды,
Қай молда мұны аңғарды?
Мәнісін білмей шатасқан.
«Тәпсірші» деген атақ бар,
Қарсы айтсаң, молда қақақтар,
Анығын таппай айтылған
Тәпсірде талай шатақ бар,
Ой-жотамен адасқан.
Пәнші мен дінші тыңдамас,
Жиреніп мұны үнамас.
Өйткені олар бір езу
Әдетін тастап, шыдамас,
Арланбай бұған еруге.
Бұлқынып, тулар, зарланар,
Дәлелін іздеп қарманар,
Иманын бұзу оңай ма?
Күндерде қызар, арланар,
Дәлел жоқ жауап беруге.
Пән менен дін деп қор болар,
Ойында — өзі зор болар,
Ноқтадан басын ала алмас,
Жетекшіл айуан сол болар,
Ақылға анық жүгінбес.
Көнбеуге талай бұл тақтар,
Күдікті болып қипақтар,
Миына түсіп біздің шоқ,
Желкесін сып сипақтар,
Онысы бізге білінбес.
Өзімшіл, нәпсі, жайдары-ай!
Көгенде қойып бірталай.
Күңгіртке көзін қадалттың,
Аныққа қарар ол қалай?
Бастағы миға қол жетпес.
Ақылын сатып есер қу,
Бал екен деп ішкен у.
Онысын өзі сезбейді,
Тәні сау болса, жаны ауру,
Емдейін десең, емдетпес.
Күлерсің мас деп сөзіме,
Мастығым жақсы өзіме.
Тазасын тауып бір жұтсаң,
Көрінер еді-ау көзіңе,
Алдыңғы айтқан емдерім.
Жарамсыз болса біздің жол,
Дәлеліңді айт, жақпаса ол,
Ұқпасаң, қылар лажым не?
Мен кеттім, сіздер аман бол,
Айуанмен анық тендерім!
Жалындап жанба, жүрегім!
Табылар әлде тілегің...
Адамның арты бұл емес,
Кейін де келер, білемін.
Сынайды солар мұныңды.
Таза ақыл акты барлайды,
Дәлелсіз сөзді алмайды.
Танитын жанға кез болса,
Хақиқат жерде қалмайды,
Жалғанға сатпас шыныңды.
Көнбеді деп күйгенің —
Тіріде мақтан сүйгенің.
Ақылды әбден тасалап,
Мақтаннан перде кигенің,
Жолама, сірә, мақтанға!
Баршаға жаның ашысын,
Қышыған жерін қасысын.
Аузыңнан мейлі сары алтын
Бұлақтай ағып тасысын,
Сонда да түспе қақпанға.
Кетті — келді,
Толды — семді,
Өзгеленді бұл ғалам.
Туды - өлді,
Жанды — сөнді,
Өршіп, өнді қайтадан.
Дөңгелеткен,
Өңгелеткен
Түк білімсіз күш пе екен?
Тіпті мінсіз,
Кемшіліксіз,
Есті қылған іс пе екен?
Жан деген не,
Мүлде өле ме,
Шын жоғалып, сөне ме?
Дене жөндеп,
Жоғары өрлеп,
Тағы «мен» деп келе ме?!
Аурусыз жанға айла жоқ,
Аурулы жанға дәрі бар.
Аурусыз адам қайда жоқ,
Аурудың оңда бәрі бар.
Аурусыз жандар — мисыздар,
Мисызда ауру бола ма?
Тәні cay, миы науқастар,
Ондайға дәрі қона ма?
Милыда ойсыз күн болмас,
Ауырмай миы тұра ма?
Миынан басқа ем қонбас,
Емдейін бедеп сұрама!
Малда аяулы,
жанда аяулы болса егер,
Малды аяма,
жаның үшін малды сат!
Жан да аяулы,
жар да аяулы болса егер,
Жанды аяма,
жарың үшін жанды сат!
ИМАНЫМ
Қырықтан соңғы иманым —
Отыз жылдай жиғаным.
Көп ғалымның сөзінің
Ақылға алдым сыйғанын.
Молдалардың әдісін,
Пайғамбардың хадісін,
Әулиелік жәдісін,
Алмадым ақыл тыйғанын.
Айтса қандай ғалым зат
Дәлелсіз болса, бөрі ағат.
Даусыз таза хақиқат
Жолында жаңды қиғаным.
Үйретсем иман адамға,
Әлімге, мейлі наданға.
Қолы жүйрік, көзі өткір,
Көңілі соқыр шабанға.
Түзетсем оның тілегін,
Тірілтіп өлген сүйегін.
Жұлып алсам жүрегін,
Кеудесін басып табанға.
Айқын аққа сенбейді,
Теріс деп дәлел бермейді.
Көкейіне енбейді
Құлағына құйғаным.
«Білмеймін» деген иман ба?
Ол ақылға сыйған ба?
Айтудан ақыл тыйған ба?
Жасырады иманын.
Философ сөзін оқыдым,
Талайын ойға тоқыдым.
Кітабын да көргемін
Әулие мен сопының.
Бәрінде сынға салғамын,
Керектісін алғамын.
Ашып, алып тастадым
Таз басының қотырын.
Саяз ақыл бас ұрған,
Мақтауын көктен асырған,
Жаба тоқып жасырған,
Талайдың жардым шиқанын.
Ақылдан адас қалмайым,
Дәлелсіз сөзді алмайым.
Бос жетекке бармайым,
Көтермеймін қиқаңын!
Шошыма, достым, сөзімнен,
Сөз — құдайдан шыққан бу.
Ұқпасаң көр өзіңнен,
Жұтқызайын нұрлы су.
Ішіп алып мас болып,
Мал, мақтанға қас болып,
Нәрестедей жас болып,
Қайта жарал, йта ту.
Арақ ішіп құтырсаң,
Бар киімді сыпырсаң,
Дүниеден құтылсаң —
Жолға түстің түп-түзу.
Қанжармен ішің тілемін,
Бар сырыңды білемін,
Мазақтаймын, күлемін,
Деме сиқыр, неткен қу.
Өлсең, сөзбен тұрғызам,
Еріксіз мойын бұрғызам.
Айтқанымды қылғызам,
Жүрегіңе төгіп у.
Сиқырыммен жүгіртем,
Жар бетіне үңілтем.
Дүниеден түңілтем,
Кереметті мен жаду.
Қасиетті баламын,
Жаныңды билеп аламын,
Денеңді отқа саламын,
Жалыны шықсын гу де гу.
Байлаймын да көзіңді,
Патса қылам өзіңді.
Ұғып отыр сөзімді,
Ел билетем жеті ру.
«Мейірім», «Ынсап», «Әділет»,
«Шыдам», «Шыншыл», «Харекет»,
Түп қазығы: «Ақ ниет» —
Бұл жетеуін ел қылу.
Ешкімге зиян тигізбей,
Кәріптің көңілін күйгізбей,
Сайтанға беттен сүйгізбей,
Жүрегіңді нұрмен жу.
Мақтанды алма ойыңа,
Кек сақтама бойыңа.
Барма дүние тойына,
Ойнаса да у да-шу.
Егер мұны қылмасаң,
Айтқаныма тұрмасаң,
Өз нәпсіңді бұлдасаң,
Сатаң арам сөз ұғу.
Мақтанып оттай саулама,
Жақынды жаттай жаулама,
Өлсең де адам аулама,
Аң жей тұғын болма аю.
Оқуың, дінің, дағдың көп,
Не бір білгіш айтқан деп,
Кетпесін сол жетелеп,
Жарамас үйтіп ой көму.
Ақылыңа ұстат қол,
Тура апарар сені сол.
Жардың жолы қиын жол:
Шытырман тоғай, қалың ну!
Шын асықтың әрбірі
Өліп топырақ болды да,
Жаралыстың тағдыры
Жаратты мені орнына.
Бәрінің нұры қосылған
Мол керемет менде бар.
Жалғыз жарға шоқынған
Қайда мендей пенде бар?
Менің жарым қыз емес,
Хақиқаттың шын нұры.
Оны сезер сіз емес,
Көзге таса бұл сыры.
Жасырып тұр жар өзін,.
Бас көзімен қарама.
Жүрегіңнің аш көзін,
Жанның сырын арала.
Көрем десең жарымды.
Мас бол, жүрек тазала.
Өртеп жібер барыңды,
Қарсы ұмтыл қазаға.
Көрсең оған бас ұрып,
Етегінен айрылма.
Не көрнеу, не жасырып,
Нәпсісіне қайрыр ма.
Бұл сәлемді есіңе ал,
Егер жетсең тілекке.
Жар қанжары — маған бал,
Сұқсын сорлы жүрекке.
Талай асық жаралсын
Жар ағызған қанымнан.
Жер жүзіне таралсын,
Жерді жусын қызыл қан.
Сайтан қашып асықтан,
Асып озып жасықтан,
Бейіс болсын бұл жалтаң
Жүректен кейіп сасыққан.
Әлемді түгел мен көріп,
Ешкім мені білмесе.
Мұқтажым, нәпсім жоқ болып,
Зияным жанға тимесе.
Мисыз мына көп жынды
Осы биін билесе.
Залым жеңіп момынды
Басылған нандай илесе.
Партия болып таласып,
Біріне-бірі шүйлесе.
Боқ жеген аузын жаласып,
Ылыққан иттей күйлесе.
Түзеттік деп өмірін,
Бұзғанын өзі түймесе.
Томаша етсем көмірін,
Өртенсін деп күймесе.
Биікті десе аласа,
Жалғанды шынға баласа,
Ұлыққа шағып момынын,
Тамтығын қоймай таласа.
Қиянат қылса иманын,
Арамнан тапса жиғанын.
Айламен төрге сыйғанын
Ұлықтап бәрі қаласа.
Кешегі уағда бүгін жоқ,
Кейде жалын, кейде шоқ.
Балшық қора бұз да соқ,
Батпақта жүрген балаша.
Шынды біреу жақтаса,
Жазасызды ақтаса.
Адалдықты мақтаса,
Арсылдап оны қамаса,
Мінезін көріп шошынсам
Түзеймін деп қосылсам,
Орнықты деп отырсам,
Сырғанай берсе шанаша.
Қараса да көз ашып,
Көрмесе менен адасып,
Қасына тұрсам жанасып,
Мені жоқ деп санаса.
Сайтанға иген мойынын,
Қулыққа толған қойынын,
Көп жындының ойынын
Қылсам-ау сөйтіп тамаша!
Күндегі таныс күн мен түн,
Жалықтым мұнан, кетемін.
Қайта-қайта бір ойын
Ұялмай ойнал нетемін!
Өзгермейтін, өлмейтін
Өмірді талап етемін.
Қайталап ойын көрмейтін ,
Қызыққа түпсіз жетемін.
Теріс десең, дәлел сал,
Түзу көрсең ұғып ал!
Кетпей тұрып сұрап қал,
Мен өлікке тетемін.
Шыннан өзге құдай жоқ,
Анық құдай — Шын құдай.
Ұқпай қалма алаң боп,
Шын болмаса, кім құдай?
Бұрын шын бар, бүгін шын,-
Ертең шын бар — үш бөлек. -
Керегі жоқ бұлардың,
Бұзылмайтын Шын керек!
Шын махаббат қылуға
Шын сабырың жетер ме?
Керілген әрбір сұлуға
Көңілің толқып кете ме?
Олай болса таза ақыл,
Әулиелік сенде жоқ.
Баянсызға бәрі құл,
Жынданбаған пенде жоқ.
Әулиедей асығың
Қасиетін былғайсың.
Қылығын қылып жасықтың,
Бір қалыпқа тұрмайсың.
Әлде сайтан, әлде жын,
Бірін тастап, бірін мін.
Адам емес, айуансың,
Неге тұрсын сен де Шын!
Анық асық — әулие,
Кереметке сол ие.
Жаны құрбан жарына,
Керексіз оған дүние.
Жарынан бөлек жаны жоқ,
Табатын басқа жары жоқ.
Асықтан аяп қалатын
Иманы, малы, ары жоқ.
Жарының жаны— жандары,
Жалынға жанбас тәндері.
Дозақтың отын өшірер
Жүректен аққан қандары.
«Шын қасиет соларда», —
Дегенім күнә болар ма?
Құбылмамінез, тайғақ ой
Екі сөз болмас оларда.
Тасбиқ, сәлде, жайнамаз
Тастамасаң қыс пен жаз.
Жүрегің болса тайғақ саз,
Сопысынып қылма наз!
Тәңіріні іздеп бір мұңғыл,
Тас суретке шоқынса.
Өлсе де болып соған құл,
Иманын бұзбай отырса.
Атақ, пайда іздемей,
Ойында мақтан жоқ болса.
Қиянатты көздемей,
Қанағатқа тоқ болса.
Молдеке-ау, оған таңданба,
Сол кіреді бейіске.
Екі жүзді сандалма,
Сен қаласың кейісте.
Құдайың мен дүниеге
Кезекпе-кезек шоқынсаң.
Инедей пайда тие ме
Мешітте мың жыл отырсаң?!
Кімде болса шын мінез,
Болмас онда екі сез.
Өлтірсе де көзбе-көз,
Иманын сатып алмас бөз.
Иман да сол, дін де сол —
Адаспайтын айқын жол.
Күнде, мейлің, ыза бол,
Бейіске анық кіреді ол.
Мысал емес, ындыным,
Әлгі мұңғыл - әулие.
Иман сатқан жыңдының
Іздегені дүние!
«Бейісте бар сұлу жар,
Мінсіз таза, хор қыздар.
Рахат берер бал кәусар»
Дейді біздің молдалар.
Айтады да бұл сөзді,
Арудан тыйды ол бізді.
Сүйме дейді бір қызды,
Молда-екемнің жыны бар.
Кәусарың рахат бермесе,
Mac қылмай ішті кернесе,
Хорды асық боп көрмесе,
Несін мақтап қылдың зар?
Кәусары болса шараптай,
Хор қызы болса қарақтай.
Қоймас па еді жаратпай,
Бейіске ондай арам нәр.
Қызына асық болмаса,
Мастықпен көңіл толмаса,
Көкейіме қонбаса,
Бейісің маған мұз бен қар.
Молдеке-ау, олай емес қой,
Қыз сүйіп жеміс жемес қой.
Мысалмен айтқан кеңес қой,
Тәпсірлеуге миың тар.
От емес қой тозақ та,
Дүние ісі жоқ о жақта.
Барамыз ғой қонаққа,
Сонда анықтап байқалар.
Жалықпас, бітпес рахат бар,
Азабы оттан қиын, тар.
Нәпсіге ерген молдалар
Қыз құшуға тым құмар.
Өртейін деп отқа көмдім, от жүрегім жанбады,
Жаңды апарып жарға бердім, пара ғой деп алмады.
Жан, тәнімді, иманымды — асылымды бойдағы,
Аямадым жиғанымды, сонда да көз салмады.
Жар қараса тірілуші ем, қарамаса, мен — өлік,
Рахым етіп қылмады-ау ем, енді үмітім қалмады.
Сүйтсем, онда сыр бар екен, байқамаппын мен оны,
Қосылайын, өлсем деген амалы екен, алдады.
Өліп едім, жар бірігіп, бір бейісті таңдады,
Ләйлі — Мәжнүн қарсы шығып, ерулігін қамдады.
Тірілікте қосылысқан — шын жар емес, ойнас ол,
Ондай асық шынға дұспан, ол бейіске бармады.
Жар сипатын білсеңіз де, НӘПСІҢ «өлмей» деме жар,
Айла, алдау өзіңізге, шын хақиқат қанбады.
«Сен — жарым» деп, алдаған еп, тиеді оқ боп кеудеге,
Өкінеді уайым жеп, ол аныққа нанбады.
Жар көрмеген надандар
Жарың кім деп күледі.
Оқыған, ойсыз адамдар,
Жансыз өмір сүреді.
Ойласам, олар — жанды ӨЛІК,
Меңіреу, мисыз бір КӨЛІК.
Осыдан жоқ әңгелік,
Адаммын деп жүреді.
Нұрыңмен жарық жүрегім,
Ғайыптан хабар біледі.
Жарымнан алған тілегім
Қап тауын нандай иледі.
Қанжарың бер, барайын,
Меңіреудің ішін жарайын.
Нұрыңнан сәуле салайын
Сонда оған жан кіреді.
Нұрыңды көрсе болып мас,
Мейлі кәрі, мейлі жас,
Меңіреу мұны жаратпас,
Деп тәңірі ісін біледі.
Сиқыр сөзбен арбасаң,
Табиғат басын иеді.
Кәрленіп кімді қарғасаң,
Қатесіз оған тиеді.
Нұрыңды түгел жасырсаң,
Жаралыс кебін киеді.
Өлшемей шектен асырсаң,
Көз шағылып күйеді.
Өлшеп жібер нұрыңды,
Білсін асық түрінді.
Бір-бірлеп аш сырыңды,
Соныңды көңілім сүйеді.
Өмір сырын көздесең,
Жарға шоқын, жаннан без!
Сыр қаласын іздесең,
Сырлы, сұлу тамнан без!
Болат кісен — тақ саған,
Темір ноқта — бақ саған,
Дәулетің у мақтаған,
Пайда, мақтаң, малдан без!
Жақын сыйлас, жатым деп,
Ешкімді айтпа халқым деп.
Бірінен-бірі тартып жеп, »
Таласып жүрген аңнан без!
Дүние құмар, өзімшіл
Нұр таба алмас, анық біл.
Жардың сөзін құран қыл,
Шатақ дін мен заңнан без!
Пән жамылған әлімдер,
Дін жамылған зәлімдер,
Бере берсең бәрін жер,
Сол жалмауыз паңнан без!
Пайғамбар қыл ақылды!
Сол табады мақұлды!
Адасып өлім шатылды,
Ол шатасқан шаңнан без!
Қараңғыны көріп қас,
Шарап ішіп болып мас,
Жар нұрымен көңілді аш,
Күн менен ай, шамнан без!
Бұл насихат тыймаса,
Ойыңа сезім сыймаса,
Дағдыны көңілің қимаса,
Жалмауыз бол да жардан без!
Жүректен аққан қанымнан
Жиіркенбе, нұр деп біл.
Сайраған бұлбұл зарынан
Нұрланады қызыл гүл!
Гүлге асық боп сайраған,
Қызыл тілді қайраған
Жүрегі оттай қайнаған,
Мұңлы, шерлі мен — бұлбұл!
Қайық қылып денемді,
Ақыл билеп кемемді,
Ой сарқырап жөнелді,
Шетсіз судан өтер, біл!
Жарға жетсем болғаны,
Суалған көңіл толғаны. –
Басыма қыдыр қонғаны,
Ақсам-дағы миллион жыл!
Басқаны сенен білмесем,
Қайғырмасам, күлмесем,
Дүниені көзге ілмесем,
Кім мендей ер, кім әділ?!
Жендет көзің маған сал,
Иманым мен жанымды ал!
Жаңа жанмен иман сал,
Қайта жарат, рахым қыл!
Бұл мен емес, шын мені
Жарат, жоғалт өзгені.
Тазарт, мына дүниені,
Бұл адамнан қалсын тұл!
Әлемді мен билейін,
Зұлымдықты сүймейін.
Залымды ұндай илейін,
Нәпсі болсын маған құл!
Дұспаным атса маған тас
р жіберген көз бен қас.
Ұстап, сүйіп, болам мас,
Бал ғой мені сөккен тіп!
Діншіл, мені күндесең,
Бұл сөзімді мін десең,
Тіліңді кесем, үндесең,
Мейлің жыла, мейлің күл!
Ақылдан бойға сыр тарап,
Үміттің шамы жанған күн.
Жар есіркеп, бері қарап,
Нұрына жүрек қанған күн.
Ескі иманды отқа өртеп,
Асыл иман алған күн.
Асық жарды таптым деп
Хақиқатқа нанған күн.
Саяз ойлы «шыншылдың
Қаруы адыра қалған күн.
Кеудесі тар күншілдің,
Үмітін өрт шалған күн.
Жар нұрына мас болып,
Жаралы жүрек талған күн.
Баянсызға қас болып,
Аққа көңіл салған күн.
Тауып алып тілекті,
Ұстап тұрып білекті,
Саналы, шерлі жүректі
Сары алтынға малтаң күн.
Ғылымсыз адам — айуан,
Не қылсаң да ғылым біл.
Ғылымға да керек жан,
Ақылсыз болса, ғылым тұл.
Ақылға еркін ой керек,
Матаудан ойды азат қыл.
Әдеттеніп ертерек,
Өрісін кеңіт жылма-жыл.
Қырық жасымды ойладым,
Жетпістемін мен биыл.
Белді бекем байладым,
Әдеттенді ой мен тіл.
Атағы шыққан жақсыға
Ақылды бойлап қылма құл.
Шатақ дін мен дағдыға
Шоқынба, досым, зиян бұл.
Дұрыс емес құр ойлап, -
Ақылға сынат, сабыр қыл.
Жығылмайтын дәлел тап,
Бір езу болма өзімшіл.
Мініңді тапса кім сынап,
Аяғына бар, жығыл.
Қап бәлем деп кекті ұнап,
Сақтай көрме ойға зіл.
Бақ-дәулетке сыйынып,
Болма боран, жел, дауыл,
Аса сәнді киініп,
Қуыршақ болма сәке күл.
Тікенің болса бойыңда,
Ауырса да өзің жұл.
Сергек болсын ойың да,
Еріншек болма, құр масыл.
Адамның ең асылы —
Қиянатсыз, ақ пейіл.
Ең зиянкес жасығы —
Тайғақ мінез, екі тіл.
Сөз, мінезі құбылса,
Ар, иманы жоқ деп біл.
Аулақта жемтік сыдырса,
Оны ойыңмен айуан қыл.
Дұспанға да бол әділ,
Түсірме ойға тат пен ніл.
Ұмытпа, болсаң біздің ұл,
Осы Өлеңді құлаққа іл!
Қобызым неге сарнаңды?
Ажалдан хабар береді.
Сыбызғым неге зарлайды?
Деп тұр нем өледі.
Дүниедегі қуаныш —
Бір азғантай жұбаныш.
Оның түбі бір налыс,
Қайғы мен рахат теп еді.
Басқа түскен әрбір іс,
Не қызықты, не кейіс,
Ойласаң, ол — көргенм түс
Соғып өткен жел еді.
Бақ бермейді есіркеп,
У салады жесін деп.
Иманың мен жаның жеп,
Жерге апарып кемеді.
Ақ малтадай езеді,
Түбіңде сенен безеді.
Оны ақылың сезеді,
Неге нәпсің сенеді?
Біле тұра талай жан
Саудаға салып ар-иман.
Алдап берген уынан
Көп жұтқысы келеді.
Сұлу бетін сүйгізсе,
Улатып, жаңды күйгізсе,
Маңдайын жерге тигізсе,
Ешкім әрі жүр демеді.
Ac бергенін дейді той,
Ол — қасапшы, бұлар— қой,
Көп мисызда болмайды ой,
Бұл не қылған ел еді!
Зұлымдық қылып елді жеп,
Ойладың әбден байырды.
Атану үшін мырза деп,
Кәріпке бердің қайырды.
Құлшылық қылдым деме құр
Қобызға жаққан шайырды.
Жазалы жаның сезіп тұр
Жасырғанмен зайырды.
Құдайға пара бересің,
Ылақпен қотыр тайынды.
Жоғалтқаңдай көресің
Ел жылатқан жайыңды.
Олай емес, шырағым,
Мұның түбі уайым-ды.
Параға берген ылағың
Ар, иманнан айырды.
Елден кешу алмасаң,
Жалмауыздай жалмасаң,
Тәңіріні малмен алдасаң,
Алдыңда орныңдайын-ды!
Әбден толып жарық ай,
Жоғарылап өрледі.
Таласып жарға байқамай,
Нұры кемін көрмеді.
Жар киесі атқан соң,
Секпіл түсті бетіне.
Асылық айтып шатқан соң,
Қаяу түсті шетіне.
Күн сайын кетті шегініп,
Кетіле берді, кетіле.
Ұялып әбден жеңіліп,
Жете алмады ниетіне.
Қабағы ғана қылтиып,
Қара салды бетіне.
Нұрының мінін ол түйіп,
Сонда түсті есіне.
Қармақтай белі бүгілді,
Таласудан түңілді.
Жаны шықты, жығылды,
Таласты екен несіне?!
Ай өлген соң Күн шықты,
«Мен жеңемін оны» деп.
«Айдан гөрі мен мықты,
Болмады Айдың жолы» деп.
Біздің жарды көргенше,
«Қап, бәлем-ай, сені?! » деп,
«Айша кеміп өлгенше,
Тәңір алсын мені» деп.
Күннің нұрлы бетінде,
Алты-жеті дағы бар.
Уайым сол ниетінде,
Көреді-ау деп тағы жар.
Жарым нұрын шашты да,
Күн бетіне қарады.
Күн ұялып қашты да,
Тым төмендеп барады.
Нұрын сүртіп топыраққа,
Зәресі әбден ұшты да,
Қашарын білмей қай жаққа,
Тығылды жерге түсті де.
Менің жарым қандай жар?!
Ай елді де, Күн қашты.
Мағынасын байқаңдар,
Сырлы сөзім сырды ашты.
Кімге келсе бір бәле —
Жар жіберген көлеңке.
Жақсылық болса егерде —
Жар нұрынан бір сәуле.
Бұл әлемнің әр түрлі,
Бөлек емес ешбірі.
Бәрі де жардың бір сыры: -
Не көлеңке, не нұры.
Қырық жылдан өтіп жасым,
Ақылым болды сырласым.
Отыз жылдық замандасым,
Иманым — басшы, жолдасым.
Оқи алмай ғылым тілін,
Тұман болып жарық күнім,
Қасықпен аршыдым жылым,
Не көрмеді ғаріп басым.
Әлемді ойменен кездім,
Перевод малтасын ездім.
Жарымның сәулесін сездім,
Моланың ақтарып тасын.
Қабірден шықты көп нұрлар,
Нұры өлшеусіз сұлу бір жар:
«Деме, — деді, — ғылымым тар, —
Ерінбесең, мені аласың».
Есім шығып қуанғаннан
Адастым мен ар-иманнан.
Күдер үзіп шыбын жаннан,
Болып тұр иманым — қасым.
Жарымның нұрына жанып,
Тәнім көмір бола қалып,
Жүрегімді жарып алып,
Ағызды арамын, насын.
Беріп тәңірім тілегімді,
Тазартқан соң жүрегімді,
Деді: «ұстат білегіңді»,
Дедім: «қайда апарасың?»
«Адамзаттың қылар ісін,
Иманын, ары, нәпсісін,
Жарамын, көрсетем ішін,
Ниеті мен ішер асын».
Әуелі сопыны сойды,
Жүрегін алдыма қойды.
Көріп ем талай тойды,
Дедім мен — «астапыралла!»
Қылыпты тасбиғын тұзақ
Ілмиген бір момын қазақ,
Буынып, көрген ол азап,
Дедім мен — «астапыралда!»
Попы мен молдасын жарып,
Көрсетті алдыма салып.
Кереметін көріп қалып,
Дедім мен — «астапыралда!»
«Құран», «Інжіл» қылып қақпан,
Адам аулап сойып жатқан, ,
Шапанымен қанын жапқан
Дедім мен — «астапыралда! »•
Біреуді сойды «бұл - пір» деп,
Қиянатты қылып жүр деп,
Жүрегіне қара бір деп,
Дедім мен — «астапыралда!»
Айуаншы лықылықтап,
Мүритін жүр бұғалықтап.
Таңып сәлдесімен мықтап...
Дедім мен — «астапыралда!»
Алып келіп ақ патшаны,
Бауыздалған шығып жаны.
Жарып, «көрші, — деді, — кәні»,
Дедім мен — «астапыралда!»
Іші толған адам тәні,
Баласы һәм зорайғаны,
Кейінің шықпаған жаны,
Дедім мен — «астапыралда!»
Ақ жүрек қой дегендерді
Терісін сойды да берді.
Еті — қасқыр, көзім көрді!
Дедім мен — «астапыралда!»
Және сойды би-екемді,
Жедің ғой деп талай жемді,
«Анықтап қара, — деп, — енді».
Дедім мен — «астапыралда!»
Жылан, шаян — жеген жемі,
Көңілге аян пара екені.
Сасыпты жемінің дені.
Дедім мен — «астапыралда!»
Ұлық болған талай мықты,
Қылып жүрген жуандықты,
Ішінен көп пәле шықты.
Дедім мен — «астапыралда! »
Кедейдің еңбегін жеген,
Жылатқан ол талай неген,
Ісінен сескеніп денем,
Дедім мен — «астапыралда!
Қиянатшыл арам досты
Басын кесіп, ішін осты.
Ол аузынан боғын құсты.
Дедім мен — «астапыралда! »
Әсер алғыш өнершілді
Алып келіп ішін тілді.
Қиянатын аян қылды.
Дедім мен — «астапыралда! »
Бір саудагер— өсімшіл бай,
Оны сойды аналардай.
Сасығанда шыдай алмай,
Дедім мен — «астапыралда!»
Паралап ол ұлықты алған,
Қиянат пен қосып жалған,
Сомына сом өсім салған.
Дедім мен - «астапыралда! »
Көбімен бір істеген ісім,
Бұрын көрген бұ бір түсім...
Бозарған соң сонан ішім,
Дедім мен — «астапыралда».
Ақыл құсы адаспай аспандаса,
Әлемде нәрсе болмас көзден таса.
Жеті көк жерден оңай басқыш болып,
Ғарышқа қол жетеді, қармаласа.
Жанның бәрі мендей жар табар еді,
Терең ой, сау ақылмен шамаласа.
Өлім маған өмірден мың есе артық,
Жарға құрбан болуға жан жараса.
Дозақ отын күл қылып сөндіремін,
Жаралы жүрегімнен қан тараса.,
Жарды көрген көзімнен сүймек болып,
Ғажап атаман айуан анталаса.
Хақиқат жар нұрына қанса біреу,'
Шықпайды оның жаны балталаса."
Жар нұрының ұшқыны осы ғой деп,
Жанған отқа шоқынам, жар қараса.
От арқылы жарыма бас ұрамын,
Тыңдаман, кәпірсің деп, табаласа.
Адамға періштелер сәжде қылған,
Адамнан жарым артық тым тамаша.
Жалтарып жардан нұрын жасырғаны,
Күн батып, жер жамылып, қорғаласа.
Жер жүзіне қып-қызыл гүл бітірем,
Көзімнен қанды жасым сорғаласа.
Жарды көрген көзіме шоқынып жүр,
Су бұраңдап майысып жорғаласа.
Тау тапжылмай, ағаштар қалғыр ма еді,
Бастарын жар сиқыры торламаса?
Көрсе еріксіз сайрай ма ақын-бұлбұл,
Көңіліне гүлдің нұры орнамаса?
Асықсың деп айықтар сөккенменен,
Ұялмай ма мас ақыл қорламаса?
Сау жүрек тесіле ме оқ батпаса,
Оқ орнынан біздің ой — шыққан маса.
Айық адам аңғармас ішкі сырды,
Байқайды, сол тесіктен мас қараса.
Араққа ақыл, мастыққа ой билетпек —
Оңай емес ертерек ойланбаса.
Тәкаббар өзімшілді құдай ұрар,
Ақылына бас имей шалқаласа.
Сопыларға біздің жар бір қараса,
Жар нұрымен жүрегін араласа.
Жанын жан, ескі иманын иман демей,
Байғұстар қалар еді-ау таң-тамаша.
Тауық неге шақырар сағат сайын?
Дей ме уақыт өткенін ұқтырайын.
Кейде зарлы дауыспен ит ұлиды,
Білемісің, қылып тұр нені уайым?
Гүлді көрсе мұңлы әнмен бұлбұл сайрап,
Айтып тұр ма баянсыз өмір жайын!
Таң бозарса, аспанда құйқылжытып
Әнді неге салады бозторғайың?!
Ғылымдылар тексеріп көрді ме екен,
Әлемнің қиын сырлы осындайын?
Ақылым соның сырын тап деп отыр,
Десем де ой жетпесті мен қумайын.
Саламын сасқанымнан ой-жотаға,
Қыла алмай айуан тілін тіпті пайым.
Бос сайрап, текке ұлиды дейін десем,
Ол дәлелсіз екені ойға дайын.
Әрине, мұнда бір сыр болса керек,
Дейім де шешу таппай алақтайым.
Әншейін керексізді елең қылып,
Дегем жоқ ермек етіп бос ойнайын.
Бұл да бір жаралыстың қиын сыры,
Деп едім білгендерден сыр сұрайын.
Ешкім жауап бермесе бұл сөзіме,
Өзімнің ой-жотамды енді айтайын:
Айуанда да ақыл бар адамдайын,
Десең ойлап ондайдан сыр табайын:
Көңіл көзін аш-тағы ақылға сал,
Құр құлақпен тыңдама, қалқатайым!
Олар деп тұр: — ойға алып бір құдайын,
Зор құдіретін әлемге ұқтырайын.
Құлшылық, намазы мен иманы сол,
Күнде бір, айыңда бір, сағат сайын.
Демейді босқа ұлып, тек сайрайын,
Деп тұр ол өз тәңірін сипаттайын.
Нәпсі көзін байлаған адамзаттан
Айуан артық біледі өмір жайын.
Суыр неге қазады таудың сайын?
Жаз жиып қыстық азық қылар дайын.
Қыс болса шала өлерін қайдан білді,
Деді ме азық жастап бір ұйықтайын?
Сондай өмір келерін сезіл тұрған,
Жан сыры ғой, сіздерге байқатайын.
Жаңа туған жас қозы тамақ іздеп,
Енесінің емшегін тапқандайын.
Ұядан ұшқан үйрек бізді алдайды,
Далбырлап, қанат қирап жатқандайын. -
Жайын, андар үйірге қарамайды,,.
Есептемей туатын мезгілді айын.
Қысты жердің қояны күздігүні
Дей ме әдейі рдай боп ағарайын»?-
Көгалдағы шегіртке жасыл болып,
Көрдің бе қырдағысы қоңырқайын?
Осылар өзін-өзі жаратты ма,
Жауымнан түсіммен деп құтылайын?..
Осындай сезімдерді қуа берсең,
Түпсіз терең, сондықтан тоқтатайын.
Ғылымда мұны «соқыр сезім» дейді,
Оны айтқан ғылым — соқыр, олда, оңбайын.
Меңіреуден мақсұт, білім шығады деп,
Бүгін әлем айтса да мен нанбайым.
ДІН
Жер жүзіне қарасам,
Неше түрлі халық бар.
Дін, иманын санасам,
Мыңнан артық анық бар.
Бұл қалай деп ойласам,
Мұның да бір сыры бар.
Терең ойға бойласам,
Дәл мынадай түрі бар:
Жардың шашы сансыз көп,
Ол санауға келмей тұр.
Анық нұры осы деп,
Әркім бір тал ұстап жүр.
Біреу отқа жағынды,
Нұрдың түбі қудай д еп.
Не суретке табынды,
Олай емес, былай деп.
Бірі: «құдай бір десе»,
Бірі айтады: «көп құдай».
Бірі: «тәңірі — Күн»десе.
Бірі дейді: «жоқ құдай».
Міне, осыдан байқалды—
Бәрі іздеп жүр иесін.
Табамыз деп ойға алды,
Жаратқанның киесін.
Жас қозыдай болып тұр,
Білсек, мұның мысалы.
Қолтық, шабын түртіп жүр,
Аңың соған ұсады.
Ойды кімнен алғанын
Адам өзі сезбейді.
Жанның айдап салғанын
Сезбесе де іздейді.
Хақиқаттың тарауы
Түгел жетпей қалмайды.
Әр түрлі боп қарауы,
Көбі анықтай алмайды.
Жердің жүзін дәл тауып,
Ешбір дін жоқ орныққан.
Бәріңде де бар қауіп,
Дін көбейді соңдықтан.
Сол көп дінде шешу бар,
Ол шешудің арты бар.
Адасқанға кешу бар,
Кешудің де шарты бар.
Мейлі, кімге шоқынсын,
Шын іздесе тәңірісін.
Қиянатты жау білсін,
Онан тыйып нәпсісін.
Тәңірі жолы — ақ жүрек.
Сайтан деген — қиянат.
Ақ жүректі ертерек,
Ескер-дағы, қыл әдет...
ТӘҢІРІ МЕН ЖАН
Күн аязда терезеге
Неше түрлі гүл түсер.
Мұнша әдемі түсті неге,
Кім түсірді? Ой жібер.
Нысабыңмен ойласаң сен,
Істей алмас оны адам.
Ең адамның шеберінен
Соны салған жан шебер.
Сипатын көр тосып ал да,
Жапалақтап жауса қар.
Таза тексер көзді сал да,
Қаңдай оның түрі бар?
Таңғаларсың, ойға салсаң,
Қар жасаған шытырасын.
Жаралыстан ғибрат алсаң,
Болар едің ой құмар.
Неше түрлі гүл, жапырақ...
Әрбіреуін қолыңа ал.
Құры көріп қойма бірақ,
Оңда не бар ойға сал.
Түсі қандай, түрі қандай,
Тамыры бар неше тал.
Тесе қара, тексере алмай,
Ұқпадым деп айтпа жал.
Өлсе өсімдік, тіріледі,
Күн жылынып, тамса су.
Кейі тамақ, кейі шарап,
Кейі дәру, кейі у.
Тән — терезе, ой қожасы,
Оймен анық байқасаң.
Бар ғылымның түп атасы —
Таза ақыл мен ойлану.
Тағы бір шөп ортасында,
Тіпті, тәтті балы бар.
Тарауының ең басында,
Өткір ине талы бар.
Балға қонса бір шыбын кеп,
Шаншылады инелер.
Қылды қорек шыбын шөп жеп,
Таңғаларлық халі бар.
Зор мұхиттың дариясының
Ең түбінде бар балық.
Денесінде сол балықтың
Бір нұры бар жап-жарық.
Сол жарықтың арқасымен
Тамақ аулап күн көрер.
Оқы ғылым, нанбасаң сен,
Жалған емес, бұл анық.
Сиқырына таңғалатын
Тас бар, аты — магнит.
Темір оған құл болатын,
Бар осындай қасиет...
Магниттің қуаты еді
Қыбылнама дегенің.
Терең оймен тексереді,
Табады ақын керемет.
Мына маржан — судан өскен
Тал сияқты, жануар.
Анам еді оны кескен,
Тағы өсетін жаны бар.
Тіпті кетпес еш жоғалып,
Байқасаңыз, барша жан.
Тағы дене тауып алып,
Тағы өседі қайтадан.
Түрлі жанда дене түрлеп,
Өзгеріп тұр бұл ғалам.
Жоғалатын нәрсе жоқ деп,
Айды ғылым байқаған.
Көзге сеніп, ойға сенбей,
Жанды жоқ деп қаңғырып.
Адасып жүр ақты көрмей,
Көңілі соқыр көп надан.
«Ана сансыз кереметті ''
Кім жаратса — тәңірі сол! » —
Десе нетті, қойса бетті,
Хақиқатқа жайнаған.
Шала дін мен қате діннің
Сөзіне ерме, маған ер.
Міне жаның, міне тәңірің,
Міне дінің, міне иман.
АДАМДЫҚ БОРЫШЫҢ
Адамдық борышың —
Халқыңа еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай,
Ар сақта, оны біл.
Талаптан да білім мен өнер үйрен,
Білімсіз,
Өнерсіз,
Болады ақыл тұл.
Мақтанға салынба
Мансаптың тағы үшін,
Нәпсіңе билетпе
Басыңның бағы үшін.
Өмірінді сарп қыл өлгеніңше,
Жоба тап,
Жол көрсет,
Келешек қамы үшін.
Қайтадан қайрылып
Қауымға келмейсің,
Барыңды,
Нәріңді
Тірлікте бергейсің.
Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң,
Шын бақыт —
Осыны ұқ,
Мәңгілік өлмейсің!
Ойдан шығарылған бар
Түрлі әндерім,
Үйрен,
Білсең әннің мәндерін.
Дәл толқындарын толғап,
Бұлжытпай,
Келтір кемеліне сөндерін.
Ән менен күйдің тілі — үн,
Ұқпасаң оны, саған мін.
Жасыңнан талаптан білуге сырын.
Жете ұғып алған соң,
Жарасады әнге қоссаң жырын.
Мұңлы,
Зарлы
Үндер еріксіз жылатар,
Қамыққанды кейі жұбатар.
Ой, ақылымды
Қозғар ән-күйді
Жаным жай тапқаңдай ұнатар.
Маңызсыз айғай ән болмас,
Татымды онда мән болмас,
Сазды үнмен билеп ал
Тыңдаушы ойын.
Елжіретіп жүрегін,
Әсер беріп, ән балқытсын бойын.
Әсем әннен ғажап
Ләззатты үн шығар.
Ойы сергек оны жан ұғар.
Бар сезіміңді билер
Ән-күйге,
Жастар,
Тілімді ал,
Бол құмар.
Үн сырын сезер адам аз,
Айғайға құры болар мәз.
Ұқпанды тас
Құлақ Ән мен күй мәнін.
Сезер ме еді,
Оларға салып берсе Сиреннің әнін?
Гомер ән сиқырын көрсеткен Сиреннен,
Қиялдаған оймен тереңнен.
Ол әннің жайын ашып берумен
Күткен сондай әнді өреннен.
Шығардым әндер жаңалап,
Саларсың сынға саралап.
Жараса, ойладым,
Әншілер салсын деп.
Белгі болып бір мұра,
Кейінгіге әнімнен де қалсын деп.
ҚОШ, ЖҰРТЫМ!
Шарлайсың, ойым, шарлайсың,
Алыстан мені барлайсың.
Таяу тұр ажал алдында,
Сарынға салып сарнайсың,
Мақсатың не ендігі?
Бостандық таңын көргенім —
Кемеліме келгенім.
Қорқытпайды мені ажал,
Арман емес өлгенім,
Кейітер істің кемдігі...
Қазақтың жайнар даласы,
Жетілер оқып баласы.
Шошын тазып мені сол —
Олардың күндес, таласы.
Дағдысы сіңген бойына
Тастаңдар күндес, мақтаның,
Көрген соң таңның атқанын,
Жөн емес жай жатқаның!
Нұр құйып елдің ойына,
Баста адал жолға елді!
Еңбек жанатын заман мынау,
Ерлерім келді,
Қош, арманым жоқ, жұртым,
Жасарсың.
Мен сапар шегем енді!
Мен кетемін, келеді тағы өмірге мендей,
Олар мінді көреді, қисық жерін жөндей.
Бара-бара айқындалып ақтық істің анығы,
Адасқанмен хақиқатқа қоймақ емес сенбей.
Ақ жүрек пен таза ақыл, қылсаң адал еңбек,
Бәрінен де сол мақұл — артқыға жол бермек.
Арсыздардың арам ойы түкке тұрмай жойылып,
Аяғында хақиқатты бұл үшеуі жеңбек.
Сен бола көр аққа жақ, болам десең адам.
Адал еңбек берер бақ, бассаң соған қадам.
Айнымайтын ақ жүрек пен таза ақылды жанның
Таппасы жоқ бұл өмірде, осынымды ұқ, балам!
...ҒА ЖАУАП
Тием
біреуге нахақ демесе,
Күйеу
арға деп арам жемесе,
Тыйылып зорлықтан.
Бәрі
адамның бірдей ағарып,
Ары
нәпсіні жеңсе тазарып,
Құтылар қор лықтан.
Бар еңбегін, шын тілегін,
Салса адалдық жолына.
Алып білім, ТӨГІП нұрын,
Түссе адамдық соңына.
Кісі
адамды ала көрмесе,
Ісі
санамен алға ерлесе,
Бірігіп бастары.
Тамақ,
керегін жерден іздесе,
Қалап,
еңбекті таңа кездесе,
Болмайды қастары.
Табиғаттың,
барша заттың
Білер адам айласын. ,
Орнар бейіс, кетер кейіс,
Көрсе еңбектің пайдасын.
Жойып
зорлық пен қару жолдауды,
Қойып
күндестік, мақтан, алдауды,
Мансапқор жойылса.
Ерді
Адалдық жолға бастайтын,
Елді
арамдыққа әсте баспайтын,
Басшы адам қойылса.
Еңбекпенен, өрнекпенен
Өнер ойға тоқылса.
Жайнар көңіл, қайнар өмір,
Ар білімі оқылса.
ЖАЙЛАУДЫҢ БАЛАСЫМЕН АЙТЫСҚАН ӨЛЕҢІ
Наданның көзі соқыр, көңілі қара,
Қазаққа надан болмай бар ма шара?
Бір күні аңнан қайтып келе жатсам,
Жүр екен далада ойнап бір топ бала.
Бәріде шуылдады сәлем беріп,
Олармен ісім бар ма, өттім желіп.
«Кісі-ау, кісең езіліп түсті ғой», — деп,
Тамам бала айғайды салды келіп.
Қарадым кісем түсіп қалды ма деп,
Балалар соған айғай салды ма деп.
Анықтап, алдағанын білгеннен соң,
Ұрыстым балалардың алдына кеп.
Ұйлықты менен қорқып тамам бала,
Ақырдым «антұрған» деп келе сала: —
Міне, кісем өзімнің белімде тұр,
Неге өтірік айтасың, жүзі қара?
Бір бала жауап берді жақын келіп:
Алыстан сәлем бердік сізді көріп
Үлкен кісі деп құрмет қылсақ-тағы,
Сәлемді алмадыңыз бізді ескеріп.
Сәлемді дұрыс па екен алмағаның,
Тым болмаса құлақты салмағаның.
Шынды алмаса, алар деп өтірікті
Сол еді жалған айтып алдағаным.
Сен, бала, бұл амалды қайдан таптың,
Тілін кесіп алайын бұл қу жақтың.
Әкесіндей кісіні алдаймын деп,
Айтқан сөзін қарай көр ақымақтың.
Ақымақ кім, ақылды кім, білсең, жаным,
Әлімше менің де бар байқағаным.
Үлкендермен баланы салыстырсақ,
Кімнің ақымақ екені болар мәлім.
Үлкенге келе алмайды бала жуық,
Жол көрмеген анадан жаңа туып.
Не мал емес, немесе тамақ емес,
Тас алып не қыласың торғай қуып.
Біз ойнаймыз торғайды ұрып алып,
Оны да қалып па еді көзің шалып.
Сен-дағы азаптанып аң қумасаң,
Мойныңа неге жүрсің кескек салып?
Пайдалы іс қой керекті аң ауламақ,
Ондайдан сендей бала алсын сабақ.
Мен атсам — іске жарар аң атамын,
Терісі киім болар, еті тамақ.
— Біз баламыз күнәсіз ойынға мас,
Үлкендердің құлқыны — мал менен ас.
Өзеленіп, өлгенше тамақ іздеп,
Арғы атаңыз өлген бе аш-жалаңаш?
— Сен ұрасың жазасыз бір торғайды,
Ұрғанмен ол керекті аң болмайды.
Еш адам аш-жалаңаш өлмесе де,
Мал мен азық жинайтын жан болмайды.
—Бұл заман біз түзелер заман ба еді,
Күнәдан үлкен кісі аман ба еді.
Сөз сөйлесең, мал демей сөйлемейсің,
Мал сенің атаң ба еді, бабаң ба еді?
—Үлкенмен теңдесуге бала қашық,
Көйлек жыртып ойнайсың, к....інді ашып.
Екі жұртты тіміскеп топай іздеп,
Өнер ме екен топай мен жиған асық?
—Біз ойнасақ, үлкеннің несі шықты,
Залалымыз тимейді жанға тіпті.
Қанағатсыз қасқырша ел зарлатып,
Өзінше қыл дейсің ғой жуандықты.
—Етік былғап, балшықты былшылдатып,
Үйде күл, тыста топырақ бұрқылдатып.
Тас қора әлі соғып, әлі бұзып,
Біз сендердей жүрмейміз қыртылдатып.
—Сізде де бар әлі жау, әлі тату,
Алдаймын деп арамға дінін сату.
Қалжақтап бірін-бірі мазақ қылып,
Қу жігіт атанам деп босқа шату.
Мінездерің бір жұмсақ, бірде қату,
Мақтанып, өтірікті суылдату.
Зорлық, қорлық, алдамшы, ары жоқтық,
Не қалды мұнан артық былжырату?
—Мына бала — қу бала, неткен залым,
Шын келмей ме осыны жеңуге әлім.
Жас басыннан бір қу жақ бала екенсің,
Әкең аты кім еді, айтшы, жаным?
—Өтірік сөз болмайды жанға байлау,
Жарамас жақсымын деп қолмен сайлау.
Мен сендей жуан ата баласы емен,
Әкем атын сұрасаң ұры Жайлау.
—Адалдық, тазалықтан құры екенсің,
Бағанадан байқатпай тұр екенсің.
Сені адам деп несіне айтысайын,
Боқ жейтін жолкесердің ұлы екенсің.
—Айтысқам жоқ ақылым молдығынан,
Сөзім дұрыс, айтамын сондығынан.
Ұрлық жаман болып па, ойлаңызшы,
Ел зарлатқан жуанның зорлығынан?
— Апырай, мына бала, неткен бала,
Бос ойыны түбіне жеткен бала.
Татумыз деп ойнасып, уағдаласып,
Асық үшін араз боп кеткен бала.
—Қарай көр мына сөздің шатасына,
Үлкендер мойынсұнбас қатасына.
Ойында ортамыздан талас шықса,
Жүгінеміз асықтың сақасына.
Алшылы-шік болғанның жолы болса,
Біз мойынды бұрмаймыз шақасына.
Қысқа күнде қырық құран соқса-дағы,
Үлкендер тұра ма екен батасына?
Айбарым, ақ патшадан кем емеспін,
Қалжақтама, мен саған тең емеспін.
Өзіндей бір қу жақты әкелейін,
Сенімен айтысарлық мен емеспін.
—Әкелсең әкеле ғой, отырайын,
Сырттан қорқып несіне шошынайын.
Өз қойнынды толтьфдым көп мініңе,
Оны да әпкел, етегін толтырайын.
—Қап, бәлем, қашпай, енді қара да отыр,
Үш қу жақ бар, жал-жақын арада отыр.
Әбдіахмет дейтұғын есепқор бар,
Бір-бірлеп ұсақ құмды санап отыр.
Таңсық - қожа әкеңдей бір жолкесер, ...
Өткен, кеткен кісіні қанап отыр.
Байділда — айласы көп жәдігөй бар,,
Бір өзін мың кісіге балап отыр.
Не қылсам соның бірін әкелейін,
Қорықпасаң осы орында, балам, отыр.
Үйтсем де, бар мінімді бетке басып,
Бала қылды бетімді қара қотыр.
Бұл Өлеңді жақтырмас замандасым,
Заманыма байлаулы менің басым.
Ойласам, өзімнің де қылығым сол,
Өкпелеме бұл сөзге, үш құрдасым.
ЖҰМБАҚТАР
І
Өлшеусіз, түпсіз терең бір дария бар,
Көрмейміз, құр естиміз анық хабар.
Дарияның суын түгел құя тұғын
Ол сыярлық ыдыс бар кішкентай, тар.
Дарияны сол ыдысқа құя білсең,
Керек суы болады көзге даяр.
Ондай бірақ дарияны естімейміз,
Көзбен анық көреміз байқа, дос-жар.
Ол суда лай да бар, тұнық та бар,
Лай судан тұнықты кім айырар?
Лай судан тазасын айыруға
Дария көрген адамның бәрі құмар.
Дария не? Ыдысы не? Тазасы не?
Көрген кім? Айырған кім?Табыңыздар.
Бес шешуі бір жерден табылмаса,
Шешкен емес, бірталай ой сандалар.
ІІ
Тамам сөзді сөйлейді, сөйле десе,
Етінен ет кесемін, сөйлемесе.
Айт десем, айтпай тұғын жауабы жоқ,
Сүйгенімді сөйлеттім әлденеше.
ІІІ
Бір нәрсе, жұртқа мәлім, көзден ғайып,
Ұстауға еш болмайды қолдан тайып.
Не сынап, не түстеуге ұқсамайды,
Кейде көп, кейде кетер тіпті азайып
Киім, тамақ, денеден жоқ бір нұсқа,
Жылдам кіріп, шығады жылдам тысқа.
Маңдайда жалғыз көзі жарқыраған,
Тұлымының бірі ұзын, бірі қысқа.
Кей-кейде екі ұрыстау мінезі бар,
Шағып алып жүрмесін, байқап ұста.
Бір кеткен соң қолыңа түсу қиын,
Айрылып қалып жүрме қапылыста.
Шаршау жоқ, арықтау жоқ, талабы жоқ,
Адам оны жұмсайды көп жұмысқа.
V
Тоғыз қатын жиылып бір толғатқан,
Бірін-бірі буаз ғып, жуандатқан.
Тоғызының киімі тоғыз түрлі,
Келген кісі сияқты әр тараптан.
Босанғанда, тоғызы бір ұл тауып,
Балата екі түрлі киім жапқан.
Бір киім шешесіне ұқсаса да,
Бір киімі келіп тұр бөтен жақтан.
Қатындар не? Киім не? Баласы не?
Көпке киім жетеді не себептен?
VІ
Кішкентай күрең қызыл, дөп-дөңгелек,
Тамаққа әбден тойса, болады көк.
Қанға тойып алған соң қарны үлкейіп,
Үлкендігі кетеді он есе боп.
VІІ
Бір нәрседен үш сипат қылдым хайла,
Бұл жұмбақты шешерлік адам қайда?
Бір сипатын ортадан кесіп алсам, _ , _
Орнында тағы болар екеу пайда.
Біреу деп кесіп алып тастағаным,
Үшеу болып жатады басқа жайда.
VІІІ
Бір де емес, тамам санның бірі де емес,
Не үлкен, не кішкене, ірі де емес.
Ғылым тапқан сипаттың бірі онда жоқ,
Бұл жұмбақ елі де емес, тірі де емес.
ЖҰМБАҚТАРДЫҢ ШЕШУІ
І
Жұмбақ ойды кеңітер, бермейді бөз,
Таза суы — шешендік, дариясы — сөз.
Әншейін ауызбенен айтылғанда,
Сөзді Құлақ естиді, көрмейді көз.
Ыдыс — қаріп, көз көріп тізбелейміз,
Оның айтқан дыбысын естімейміз,
Дария көрген — хат білген жалпы адамдар,
Лай, тұнықты айыртсаң есті дейміз.
VІ
Деп ойларсың таба алмай бұл немене?
Таба алмасаң, айтайын, ол таз — кене!
Түйе кене атанып қанға тойса,
Көк сұр болып кетеді күрең дене.
VІІ
Бір қағазды қи-дағы үш бұрыштап,
Бір бұрышын ортадан кес дұрыстап.
Қалған қағаз болады төрт бұрышты,
Үш бұрышты қиығын тұрсаң ұстап.
VІІІ
Жұмбақ айтып не керек әуре қылмақ,
Керегі сол, ойланып, ой ашылмақ.
Әлемде әр нәрсенің қарсысы бар,
Бар қарсысы — «жоқ» еді осы жұмбақ.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру