Памэла Жиро
Оноре де Бальзак
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Бальзактың суреткер ретінде қолданған көркемдік әдістері жазушылық шеберлігін танытып, оның еңбектерінің бағасын арттыра түседі. Негізгі мақсаты Францияның көркем философиялық тарихын, революциядан кейінгі ел жағдайын баяндау болған.
4 перделі пьеса
Аударған Есбатыров Ж.
ҚАТЫНАСУШЫЛАР
Руссо мырза — ірі негоциант
Руссо ханым — оның әйелі
Жюль Руссо — олардың баласы
Генерал де-Верби — қызметсіз кісі
Графиня де-Верби — оның қарындасы
Памэла Жиро — гүлші Жиро — оның әкесі, қақпашы
Жиро ханым — оның шешесі
Жозеф Бинэ — қабырға өңдеуші шебер
Дюпре — адвокат
Тереза — Руссоның үйіндегі жалшы қыз
Жюстен — Руссоның үйіндегі малай
Трибуналдың президенті
Полиция бастығы
Комиссар
Сот приставы
Муниципиалдық гвардеецтер
Агент
Тергеуші
Трибуналға жыйналған халық
Оқиға 1836 жылы Парижде болады.
І ПЕРДЕ
Памэла тұратын мансарда. Шымылдық тұтылған кереует. Жасалынды гүлдер шашылып жатқан стол. Пеш. Шатыр төбесіне шығатын саты. Стол басында жұмыс істеп отырған Памэла. Оның жанында Жозеф Бинэ тұр.
Памэла. Жозеф Бинэ мырза!
Жозеф. Памэла Жиро ханша!
Памэла. Мен сізді жексұрын көре бастадым!
Жозеф. Махаббатыңыз осылай басталатын болса онда мен бақытты екенмін!
Памэла. Олай болса, ашық сөйлесейік.
Жозеф. Сізді сүйетіндігім жөнінде бірнеше жылдан бері айтып келе жатқам жоқ па — қалай айтсам да, сіз түсінбей-ақ қойдыңыз. Памэла. Ол солай ғой, бірақ мен қабырғаға өрнек салушының әйелі болғым келмейді. Жозеф. Ойпырай, гүлмен күн көретін кедей қызға үйлену үшін де император, немесе сол сияқты ұлық болу керек болғаны ма?!
Памэла. Тек, көңіл сүйетін болу керек...
Жозеф. А-а... Енді ғана түсіндім деңіз...
Памэла. Бірақ, мен сізді ешуақытта сүйе алмаймын! Қайткен күнде де сүйе алмаймын!
Жозеф. Қайткен күнде де? Сүюдің қайтетін күндері болушы еді? Памэла. Солай. Сүймеушіліктің де әртүрі болатын сықылды, сүюшіліктің де әртүрі болады. Мысалы: сіз менің жай досым ғана бола аласыз...
Жозеф. О-о!
Памэла. Сіз маған көптің бірі ғана болуыңыз мүмкін.
Жозеф. А-а...
Памэла. Сіз маған жексұрын болуыңыз да мүмкін.
Жозеф. Жетер!.. Білдім!..
Памэла. Оның, бер жағында сіз мені тіпті жалықтырып жіберуіңіз мүмкін!
Жозеф. О, мынауыңыз бәрінен де сұмдық екен.
Памэла. Я, нақ мазаны алатын шыбын сияқты болуыңыз мүмкін!
Жозеф. Шыбын сияқты... сіздің жолыңызда жан қиюға дайын адамның шыбын сияқты болғаны ма... Тым болмаса солған гүлдей деп-ақ айта салсаңыз неңіз кеткен болар еді...
Памэла. Жарайды... Онда, солған қызғалдақтай-ақ дей салайын.
Жозеф. Олай деуіңіздің жөні бар!
Памэла. Егер сіз мені шын сүйген болсаңыз, осы күйіңізде бағана ұқсап, қақыйып тұрар ма едіңіз? Жозеф. Афиша жапсырған бағана құсап дейсіз ғой! Сыпайы сөйлеуіңізге болмас па еді, ханшам!
Памэла. Афиша жапсырған бағана болмай-ақ, кеткеніңіз жөн болар еді. Жозеф. Ал, егер кеткен болсам титтей де болса жақсы көрген болар ма едіңіз?.. Памэла (күлімсіреп). Кеткеніңізден соқ, менің сізді жақсы көргенімнен қанша пайда болмақ?
Жозеф. Сөйтіп, бірте-бірте, сіздің бойыңыз үйренер ме еді деген үмітім ғой!
Памэла (күліп). Жозеф не деген жарымессіз өзіңіз!
Жозеф. Ақырында, еркелете бастадыңыз ба!
Памэла (шетке қарап). Бұдан қалай құтылсам екен! (Оған.) Ал, енді сіз неге тұрсыз... не ғып...
Жозеф. Ендеше отырайын. (Орындыққа отырады.)
Памэла. Менің айтайын дегенім — кетпей не ғып тұрсыз дейін деп едім?
Жозеф. Қандай рақымсыз тағдыр десеңші!
Памэла. Бұл арада тағдырдың не қатысы бар?
Жозеф. Памэла, өзіңіз ойлап қараңызшы, мен құсаған қабырғаға өрнек салушы, нақ Морельдің өзінде істейтін шеберге тие берген болса; осы Париждың қаншама қыздары бақытты болған болар еді... Ал, мен болсам — патша қызымын деп өзінше қиялданатын, бірақ шаруашылығы күйзеліп біткен тігіншінің қызы — сізге ғашықпын. Памэла (шатынап). Патша қызымен деп!.. Олай болса, қолымды көре қойыңыз. Күні бойы жұмыс істеп, түн баласында да тыным көрмеуден, керек десе: ашық аспан, жарық күннің көзін көруге де, аяқ басып, көкке аунауға да, ағашты құшақтап мауқымды басып, гүл теруге де уақытым жоқ... міне патша қызы! Жозеф (қамығып). Қымбаттым, кішкентай ғана сүйіктім Памэла, сізге не болды? Бұрын мен күнде кешке жақын келіп: жапырақ жұлып, ағаш сабақтарын жонып, маргариттеге жүрек жонып жасап жүретін едім. Әр нәрсені әңгіме қылысып, театрға барып жылап-сықтайтын едік. Сөйтіп, ол кезде сен мені: «сәулем Жозеф, кішкентай Жозефім» дейтін болып ең. Сөйте жүре болашақ жар болуға да лайықты Жозеф мен болып ем. Ендігі жерде міне мен түкке де татымас болдым, шыбын да болдым, афиша жапсырған бағана да болдым, солған қызғалдақ та болдым. Енді сіз мені қумақ болдыңыз. Сондай, сондай, сіз сондай мейрімді, сондай сүйкімді, сондай көркем... Памэла. Жетер, Жозеф! Мен жылайын деп тұрмын. Сіздің кетуіңіз керек. Бір кезі келгенде өзіңізге бәрін айтып берермін. Ал, (Есікті нұсқап.) жөнеле тұрыңыз... Жозеф. Қазір кетейін, кетейін, бірақ төменде, сіздің анаңыздыкінде боламын. Ол кісі, мені сыйлайтын кісі ғой! Памэла. Тіпті жақсы екен. Ал, кетіңіз! (Жозеф шығып кетеді.) Құтылдым ба! (Корсажының астынан хат алып оқиды.) «Бүгін кешке мені күтіңіз, жалғыз өзіңіз ғана болыңыз, мені ешкім көрмейтін болсын. Әңгіме менің өмірім жөнінде болып тұр. Адольф Дюран». Бір сұмдық болуы керек: «Әңгіме менің өмірім жөнінде болып тұр» дейді. Адольф Дюран мұндай күйде жүргенде мен жаңағымен сандырақтасып тұрдым-ау... «Адольф Дюран». Аты қандай жақсы! Осы сияқты аттың өзі жарты роман емес пе. Танысқанымыздың өзіне міне он бес күн болып қалды. Мен өзім өзімнің әжептеуір сұлу екенімді білуші едім, бірақ мені мұндай орынды жерден шыққан сұлу, сыпайы жас жігіт сүйеді деп ойлағаным жоқ еді. Мүмкін, оның әкесі де бір ірі қызметті атқаратын болуы! Бірақ ол өзі істейтін қызметін менен жасыруы бір ғажайып мүмкін оның жасыруында да бір себеп бар шығар. Бәлкім, ол мені бір: көрсе қызар, бұзылған деп ойлайтын шығар? Бұл Парижда бір сүю үшін неден болса да тайынбайтын, гүл сатушы көркем қыздар аз ба? Жоқ, жоқ, өз сезімім өзімді алдай қоймас! Ол ондай адам болып шықпайтынына көзім жетеді! Жозеф (қайтып келіп). Басқыштан төмен түсіп бара жатып, өзіме өзім айттым: «Егер Памэлаға...»
Үйдің шатырына көтерілетін сатының жоғарғы басқышында Жюль Руссо көрінеді.
Памэла (оны көріп қалып). Аһ!
Жюль көзден ғайып болады.
Жозеф (байқамай). О не?
Памэла. Маған бір сондай төменнен шу естілгендей болды.
Жозеф. Төменнен?
Памэла. Я, төменнен, ана жақтан.
Жозеф. Мүмкін, жоғарыдан шығар? Сіздің үйдің төбесі—ұрылар үшін үлкен пана деп айтпаушы ма едім! Памэла. Жоқ, жоқ, мен анық төменнен естідім. Сіз солай барып біліңізші, ол немене екен. Жозеф. Құдай ақына! Сіз қателесіп отырсыз! Онан да алдымен үске шығып қарайын. (Сатымен жоғары шыға жөнеледі.) Памэла. Жозеф! Екінің бірі — я менің айтқанымды тыңдайсыз, я болмаса, сізді біржолата қуып шығамын.
Жозеф. Егер бұл маған қойған ультиматұмыңыз болса?..
Памэла. Я...
Жозеф. Олай болса оны қабылдау, әрине, ұят емес. Мен бағындым. (Төмен түсіп кетеді.)
Памэла. Құдайға тәуба!
Жюль басқышпен төмен түседі.
Жюль. Памэла!
Памэла. Құдай үшін ақырынырақ естіп қалуы мүмкін.
Жюль. Сіз хатты алдыңыз ба?
Памэла. Я, Сіз үшін сонша зәрем ұшты!
Жюль (оның қолын сүйіп). Жақсы көресіз бе?
Памэла. О не дегеніңіз?!
Жюль. Мен сізге сенгем. Сізден пана таппақ болғанымның өзі де сондықтан.
Памэла. Ал, не боп қалды? Нендей көмек көрсетсем — игі болар еді?
Жюль. Бері қараңыз, менің кішкентай ғана моп-момақаным! Мәселе мынау...
Памэла. Келе жатыр. Құлағыма дыбыс келді.
Жюль. Мен қайтадан үске шығайын.
Памэла. Жоқ, шығып үлгіре алмайсыз, мұнда тығылыңыз! (Шымылдықтың ішіне жасырады.)
Жозеф жүгіріп кіреді.
Жозеф. Сіз жалғыз емессіз бе, Памэла?
Памэла (иығын көтеріп). Әрине жалғыз емеспін. Өйткені, сіз келдіңіз ғой!
Жозеф. Мен еркектің дауысына ұқсас бірдеңе естідім ғой...
Памэла. Қашаннан бері сіз өзіңізбен өзіңіз сөйлесетін болып едіңіз?
Жозеф. Дауыс бірде қаттырақ шықты.
Памэла. Бірде ақырынырақ шықты.
Жозеф. Алдымен ол жоғарыдан шықты.
Памэла. Сонан кейін төменнен шықты.
Жозеф. Содан кейін сіздің қасыңыздан шықты.
Памэла. Аһ, сіз мені үрейлендіресіз, Жозеф. Мен елестен қатты қорқамын!
Жозеф. Сіз, сонда, естілді ғой деп ойлайсыз ба.
Памэла. Әрине, ол бірде ақырынырақ, бірде қаттырақ шығып; кенеттен жоғарыға барып жоқ болса...
Жозеф. Кім жоқ болса?
Памэла. Дыбыс!
Жозеф. Жоғарыда ма?
Памэла. Әрине!
Жозеф. Олай болғанда: мен жоғарыға шығайын десем, өзіңіз емес пе едіңіз — мені төменге жіберген! Памэла. Жоғарыға енді шығыңыз, шатырдың астып тексеруіңізге тура келеді, өйткені, астыңғы жақты өзіңіз тексеріп қайттыңыз ғой. Осыны істемесеңіз түн басы ұйқы көре алмаймын. Жозеф. Қымбатты Памэла, сіз үшін әрқашан дайынмын. (Сатының бірсыпыра жеріне шейін шығады.) Мүмкін маған солай естілді ме әлде?
Памэла. Жоқ, жоқ, сол жақта бірдеңе бар.
Жозеф (тайсалыңқырап). Сіз елес дейсіз бе?
Памэла. Ұялсаңызшы, Жозеф, сіз еркек емессіз бе!
Жозеф. Еркек екендігіме сенем ғой, бірақ онда тұрғанның қай жыныс екенін білудің өзі.
Памэла. Сіз жақсы күйеу бола алмайды екенсіз, Жозеф!
Жозеф. Мен бе? Байқап көріңіз. Мен сіз үшін жын-періге қол созуға да бармын! (Үске шығып кетеді).
Памэла (Жюльге ақырын ғана). Ол төмен түскенше көрінбей тұра тұрыңыз.
Жюль. Рахмет, Памэла.
Памэла. Сіздің де тезірек кетуіңіз керек, әке-шешемнің келіп қалуы мүмкін.
Жюль. Мен кете алмаймын. Мен бүгін түнімен осында болуым керек.
Памэла. Сіз ақылыңыздан адасқансыз ба? Бәлкім, сіз мұнда келгенде, тек тыс... тыс... Түсіп келе жатыр.
Жозеф қайта келеді.
Жозеф. Денис әулиенің атымен ант етемін, осылай қарай қашып кетті...
Памэла. Юм?
Жозеф. Дауыс. Тағы да естідім және сіздің де дауысыңызды.
Памэла. Мынауыңыз тым өрескелірек! Онан да шыға қойыңыз, мырза! Жозеф. Аһ, Памэла, кешіре гөріңіз — мені ғашықтың ақылдан адастырады. Тіпті ондаған адамның даусын естіп, жүздеген еркекті көрсем де күйінбеген болар едім. Бірақ, біреу ғана ғой. Сондай сүйкімді, жас...
Памэла. Мен сізге шық деп бұйырдым ғой, мырза!
Жозеф. Кетейін, кетейін! (Шетке қарап.) Осында кім де болса біреу бар. Мен мұны Жиро қарттарға айтайын. (Шығып кетеді.)
Памэла. Кетіп қалды. Шығуыңызға болады.
Жюль (шығады). Аһ, Памэла, сіздің бұл қызметіңізді ешуақытта да ұмытпаспын.
Памэла. Адольф, мені қандай қауыпқа душар ететініңізді көріп тұрсыз ғой. Жаңағы сорлы жігіт маған үйленбекші еді, оны мен мәңгі жоғалтып отырмын. Ата-анам мені күнәсіз көріп, сәби санайды, ал егер олар менің түн ішінде жігіт жасырып жүргенімді көрсе... олардың алдында менің ешқандай қадірім қалмақ емес. Сонда, бұл құрбандықтың барлығы кім үшін? Мен сізді онша жақсы да білмеймін! Бұл үйге де сіз бірінші рет келіп отырсыз. Сіз — байсыз, мен — кедеймін. Сіз буржуа, мүмкін, ақсүйек те боларсыз, ал, мен болсам — жәй, гүлші қызбын. Сіз менің тағдырымды ойыншық көресіз, өйткені, сіздер біз қусағандарды мазақ етіп дағдыланғансыздар. Жюль. Памэла, мен сізді сүйемін, сіз мені қорғап қалсаңыз екен деймін. Мені бүкіл Парижда іздеу салып жүр, тек сіздің үйде болғанда ғана қауіпсыз болмақпын.
Памэла. Іздеу салып жүр? Кім едіңіз өзіңіз? Біреу-міреуді... Жюль. Жоқ, жоқ, жолым таза! Бірақ, мен корольге қарсы қастық әрекетте көзге түсіп қалғанмын.
Памэла. Корольге қарсы?
Жюль. Біз оны қуып жіберіп, республика құрмақпыз.
Памэла. Сонда, кедей біткеннің бәрі жақсы өмір сүреді деп ойлайсыздар ма?
Жюль. О, әрине!
Памэла. Олай болса — мен де сіздерге қосыламын (Қолын береді.) Жюль. Бүгін түнді осында өткізуімнің не үшін керек екенін енді түсіндіңіз бе?
Памэла. Осында?! Кұдайым-ау!
Жюль. Қорқасыз ба?
Памэла. Қорқам!
Жюль. Полициядан ба?
Памэла. Жоқ!
Жюль. Менен бе?
Памэла. Жоқ!
Жюль. Енді кімнен?
Памэла. Өзімнен...
Жюль. Памэла, міне сізге қолымды беремін! Сіз менің әйелім боласыз...
Памэла. Әйелім боласыз?
Жюль. Я, егер сіз риза болсаңыз.
Памэла. Жоқ, жоқ, сіз тек қызулықпен айтып тұрсыз. Кейін өкініп жүресіз. Өз қолыңызды өзіңіз күрмемеңіз. Жюль. Мен мұны бүгін ғана ойлап айтып тұрғаным жоқ. (Қалтасынан бір буда ақша шығарады.) Алып қойыңыз, күтпеген жерден бірдеңе бола қалған күнде... Бұл 20 мың франк.
Памэла. Мырза-ау!
Жюль. Бұл менің өзімдікі емес. Егер полиция бірдеңе бола қалған күнде өзім келгенше сақтарсыз. Гіамэла. О, бұл жөнінде қам жемеңіз! Біреу келе жатыр тығылыңыз! (Жюль шымылдықтың ішіне қайта тығылады.) Мен бұны құтқарып қалуым керек!
Жироның әкесі мен шешесі кіреді.
Жиро ханым. Аһ, Памэла! Біздің бақытсыздығымыздың жұбанышы, кәрілік шағымыздың үміті бола тұрып, қалайша сен...
Жиро. Үйде де, түзде де қатты тәрбиемде өсірген қызым.
Жиро ханым. Өшір үніңді шал! Не айтып тұрғаныңды өзің де білмейсің.
Жиро. Оның рас, мадам, үнімді өшірейін!
Жиро ханым. Қымбатты қызым, Памэла, сен ата-анаңның жұбанышы бола алар едің ғой. Жиро. Және мейірімділіктің үлгісі бола алар едің. (Әйелінің көзқарасынан.) Өшірейін...
Памэла. Сіздерді қалайша ренжіткенімді білмей тұрмын?
Жиро ханым. Бізге Жозеф айтты, сен бір адамды жасырып отыр екенсің.
Жиро. Бір дауыс тығып жүр екенсің.
Жиро ханым. Өшір үніңді, Жиро! Ылғи сандырақтайсың да тұрасың. Дауысты қалай тықпақ? Жиро. Анық солай, мадам. Егерде дауыс, былайша айтқанда, жалынды жүректен... былайша айтқанда, қалтырап шықса. (Қолын сермеп.) Әйтеуір, сен мені өмір бойы түсінбей-ақ қойдың-ау...
Жиро ханым. Егерде жас қызметші әйел болып кірде...
Жиро. Нағыз түнде...
Жиро ханым. Біреуді жасырып отырса...
Жиро. Сол әлгі...
Жиро ханым. Егер айрылуға лайықты болса...
Жиро. Егер оны артынан қайтарып алу қиын болса...
Жиро ханым. Сен ылғи менің сөзімді бөле бересің, шал!
Жиро. Айыптымын, сұлуым!
Памэла. Ал, Жозефке ғана сеніп, маған қалайша сенбейсіздер? Әлде, бұрынды-соңды сіздерді алдаған жерім барма еді?
Жиро. Әрине жоқ!
Жиро ханым. Сен ақымақсың, Жиро! Бұл іс жөнінде мен сенен артығырақ білемін. (Памэлаға.) Ендеше Жозефті неге қуып шықтың?
Памэла. Ал, неге қуып шықпасқа? Мазамды алса ше?
Жиро ханым. Ол сені сүйеді.
Памэла. Ал, мен оны сүймеймін.
Жиро ханым. Жақында ғана емес пе еді...
Жиро. Дұрысын айтқанда, жақында ғана емес...
Жиро ханым. Ол сені айттырып жүр еді ғой...
Жиро. Күйеуің есебінде!
Памэла. Қазір айнып қалдым.
Жиро ханым. Онда сенің басқа біреуің болғаны ғой.
Жиро. Тақ осы сөз ешқашан да менің ойыма келмеген болар еді. Әй сен ақылды әйелсің-ау, мадам Жиро! Қолыңды берші, бір қысып қояйын! Памэла. Неге менен сонша қатал жауап аласыздар? Мен өз еңбегіммен күн көретін адаммын. Мен өз айыбыма өзім жауапкермін ғой.
Жиро ханым. Білемісің, қызым. Қайыршылық тұрмыста тұрғанда... Жиро. Бір кезде тігінші ем, енді ойда жоқ жерден қақпа күзеткіш болып қалдым... Жиро ханым. Жақсы көретін қызың болып, көмек көрсетуге шамасы келетін болғанда...
Жиро. Және әжептеуір күйеу тұрғанда...
Памэла. Маған да сондай аянышты дегенмен сіздерді ренжітуге тура келеді, енді мен басқаға ғашықпын.
Жиро. А! Онда мәселе басқа. Мен әрқашан да ғашықтықты қоштаймын!
Жиро ханым. Өшір үніңді, Жиро! Сен өз қызыңды өзің қылмысқа итересің!
Жиро. Айыптымын, мадам, үнімді өшірейін...
Жиро ханым. Кереуеттің жанында неге тұрсың? Жіберші мені, қарап көрейін. (Кереуетке қарай жүре бастайды.)
Памэла. Жоқ болмайды. (Шетке қарап.) Ол—мені ешкім көрмесін деген еді ғой.
Жиро ханым. Солай ма?! Ол ендеше осында екен ғой?
Жиро. Сөзсіз! Бұл жолы шешесі дұрыс айтты.
Памэла. Жақсы, мен сіздерге айтайын. Я, мұнда адам бар. Ал, бірақ оның мұнда болуы жасырын сыр. Түсіндіңіздер ме. Өте жасырын сыр!
Жиро. Егерде ол жасырын сыр болса қызым...
Жиро ханым. Сенің үніңнің өшер күні болар ма, Жиро? Әр қыздың өзінің жасырын сыры болады. Егер ол жөнінде өзінің шешесіне айтпайтын болса...
Жиро. Әкесіне де сүйтетін болса...
Жиро ханым. Ол жақсы болмағаны. Аһ, Памэла, сен қыл көпірдің үстінде екенсің! (Жюльдің тастап кеткен ақшасын көреді.) Ақша ғой! Мұның мәнісі не? Жиро (ақшаны жинастырып жатып). Бірнеше мың. Мұнша ақшаны өмірімде қолыма ұстап көргем жоқ. Аһ, қызым! (Ақшаны столдың үстіне лақтырып тастайды.) Ғашықтық пен ақша екеуі... екеуі қосылса... және мұндай масқаралық...
Памэла. Әке!
Жиро. Мен саған сенуші едім. Анаң екеуміз де адал адамдар едік.
Жиро ханым. Ақыры өзің данышпан адамдарша сарнай бастадың ғой! Қызым, сен бізді өл-өлгенімізше жетерлік масқараға кенелттің! Памэла. Әке... апа... мен сіздерге өмірлік арыммен, бақытыммен, махаббатыммен ант етемін...
Жозеф жүгіріп кіреді.
Жозеф. Үйді қоршап алды! Ол қарақшы болып шықты!
Памэла. Құдайым-ай!
Жозеф. Гвардеецтер... полиция... сот... Бәрі осында келе жатыр. Ол он адамды өлтіріп, жиырма үш үйді тонапты!
Жиро ханым. Не деген сұмдық!
Жиро. Сөзсіз!
Жюль (шыға келіп). Өтірік!
Жозеф. А-а! Сол сіз бе едіңіз! Мырза мені өлтіре көрмеңіз. Мен әлі жаспын.
Жюль. Мен құрыдым, бірақ...
Памэла (Жюльге). Менің, бар қолымнан келгені осы болды!
Жюль. Рахмет!
Жозеф. Памэла, сіз онан аулағырақ тұрыңыз, мүмкін, ол Картуш, немесе Роберт сияқты, қарақшылардың атаманы шығар.
Памэла. Адольф, мыналарға сіз өзіңіздің жазықсыз екеніңізді айтыңызшы! Жюль. Йә, Мен Марсельдегі негоциант Дюран байдың баласымын. Бұл жерде істің саяси мәнісі бар, бірақ біздің кім екенімізді сіздерге айтуға хақым жоқ және мен...
Жиро. Сіз қарақшы емессіз! Мен көргенде-ақ солай деп ойлағам! Жиро ханым. Өшір үніңді, Жиро! (Жюльге.) Мырза, егер сіз қарақшы болмасаңыз, менің қызымның жанына неге тығыласыз?
Жозеф. Йә, йә бұның жанына тығылуыңның мәнісі не?
Жюль. Білмеймін, айтуға хақым?
Памэла. Айтыңыз, Адольф, айтыңыз, мен рұхсат етемін...
Жюль. Оның мәнісі: мен Памэланы сүйемін, сондықтан оған үйленбекпін!
Жиро. Міне, мұның адамшылық-ақ екен, жігітім! Олай болса, мен сені өз қамқорыма аламын!
Жиро ханым. Қолыңызды беріңіз, мырза! Мен ризамын!
Жозеф. Бірақ, мен риза емеспін, тіптен риза емеспін! Көріп бағайық! (Жүгіріп төменге түсіп кетеді.)
Жюль (Памэлаға ақырын). Ақшаны тыға гөріңіз, ұмытып кеткеніңіз не...
Памэла. Йә күтпеген жерден болып қалды. (Ақшаны тығады.)
Полиция, онымен бірге Жозеф кіреді.
Комиссар. Заң атынан...
Жиро. Әрі әкелік ретінде, әрі үй қожасы ретінде, комиссар мырза, сізден сұрайтыным: қалайша сіз мынадай момын баланың үстіне рұхсатсыз кіресіз?
Жиро ханым. Өзі күнәсіз қыз!
Жозеф. Мұндай күнәсіз қыз бүкіл Сен-Дени көшесінен табылмайды.
Комиссар (Жозефке). Сіз сөйлемей тұра-тұрсаңыз қайтеді, жас жігіт! Осы үйді нұсқаған тап өзіңіз емес пе едіңіз.
Памэла. Сіз сөйттіңіз бе, Жозеф?!
Жозеф (сасып). Памэла, ол өзі қарақшы ма, жоқ па. Егер «рас» болса, онда сіз оған «жоқ» деңіз. Ал, егер өтірік болса, онда полиция оны босатады. Онда сіз де оған «мақұл» дейсіз. (Жаңылып қалып). Аһ, не айтып, не қойғанымды өзім де білмеймін!
Памэла (комиссарға). Ал, кімді іздеп жүрсіздер, комиссар мырза? Комиссар (полиция бастығына ақырын ғана). Мынау қыз біздің біреуді іздеп жүргенімізді біліп тұр? Соның сыбайласы болуы да ғажап емес!
Полиция бастығы (комиссарға ақырын). Ол осында!
Жиро. Комиссар мырза, менің үйімде қызымның болашақ күйеуінен басқа ешкім де жоқ, аты кім еді?
Полиция бастығы. Руссо мырза ма?
Памэла. Жоқ, Дюран мырза.
Жиро. Я, сол. Марсельдегі өз әкесі—Дюранның баласы.
Жиро ханым (ақырын, еріне). Үніңді өшір, Жиро, мұнда полиция тұр ғой.
Жиро. Е, соның үшін де айту керек. Әйтпесе олар бізді сасып тұр деп ойлар!
Комиссар (гвардеецтерге). Мына жігітті ұстаңдар!
Гвардеецтер Жюльді қоршап алады.
Жюль. Мен бір жаңылыс шатақтың құрбаны болып барамын. Сіздердің іздеп жүрген Жюль Руссоңыз — мен емес! Полиция бастығы (күлімсіреп). Сіздің тәжірибеңіз кем екен, жігітім! Әлі ауызға алынбаған атты атадыңыз.
Жюль. Сіздер өздеріңіз айтып тұрсыздар ғой Руссо деп.
Полиция бастығы. Йә, мен бірақ, Жюль дегенім жоқ қой.
Жюль. Міне менің қағаздарым бәрі де түзу.
Жиро. Түзулігінде сөз жоқ!
Комиссар (Жироға). Оның түзу екенін сіз қайдан білдіңіз? (Полиция бастығына ақырын.) Мынау сезікті шал! Жиро ханым (еріне, ақырын). Міне, енді сен де іліктің, мен саған: тыныш тұр, шал, демеп пе едім! Жиро. Мен оның қағаздарының түзу екенін білетінім: оның өзі түзу адам. (Әйеліне, ақырын.) Қалай, тауып айтқам жоқ па? Комиссар. Егер сіз осы қалыпта сөйлей беретін болсаңыз, онда, сізді іске қатысы бар адам деп тұтқынға аламыз! Жиро ханым (еріне, ақырын.) Мәссаған тауып айттың! Ай, шал, шал, сен тіптен бала секілдісің! Полиция бастығы (гвардеецтерге). Тінтіңдер! (Жюлді тінтіп, белгі салынған орамал табады). Орамалда «Ж-Р» деген әріптер бар. Жігіт, сіз онша қу емес екенсіз! Сіз бүгін Пале-Раялда тамақ ішіп отырып, Памэла Жироға хат жазып, оны жолдасыңыз Адольф Дюраннан беріп жібердіңіз. Ол жолдасыңыз сізге өзінің паспортын берді. Солай емес пе? Памэла (ақырын, шетке қарап). Құдай-ай, шын ба, мынасы! Бірақ мен оны білмеп едім. Комиссар. Ал, жас жігіт, өзіңіздің Жюль Руссо екеніңізді мойыныңызға аласыз ба?
Жюль. Я, ол менмін.
Памэла (шетке қарап). Ол мені алдаған боп шықты!
Жиро. Сөзсіз! Ол — Руссо! Мен де сол шығар деп ойлағанмын!
Жиро ханым. Өшір үніңді, шал! Сен тағы бір пәлеге ұшырайсың!
Жиро. Ал, мен қойдым, мадам.
Жюль (полицияға) . Кетейік, мырзалар. (Жиро қарияларға.) Мен сіздерді осынша әлекке түсірдім — кешірерсіздер! (Памэлаға.) Памэла, мені айыпқа бұйырмаңыз! Маған осылай істеуіме тура келді.
Памэла. Йә, бірақ Адольф... Жюль деп... мені неге..; менің...
Комиссар (гвардеецтерге). Жүріңдер!
Жюльді ертіп бәрі шығады.
Жозеф. Кешіріңіз мені, Памэла, мен бақытсызбын!
Памэла. Кетіңіз! Әке, апа сіздер де, мені жеке қалдыруларыңызды сұраймын!
Жиро. Рас, рас, біздің сөзсіз кетуіміз керек. Жозеф, кетейік, жүр!
Жиро ханым. Сабыр ет, періштем! Менің ойымша, оны босатып жібереді! Қош!
Шығып кетеді.
Памэла (жалғыз). Ол мені алдады, алдауға дәті шыдады! Мен оған барлық өмірімді қимақ болғанымда, керек десе ол менен атында жасырды! Сонда да мен оны сүйемін! (Хатты қайта оқып.) Адольф Дюран! Аты қандай әдемі десеңші! Басында біреуді сүйіп едім, енді басқаны сүюге тура келді. Жюль Руссо, қалай ғана сен менен Адольф Дюран бермекші болған бақытты тайдырып жібермексің!?
Шымылдық
ІІ ПЕРДЕ
Буржуа Руссоның үйінде. Үй іші жасаулы, бірақ көрікті, әдемі етіліп жыйыстырылмаған. Сахна ашылғанда, Жюстен малай мен ас пісіргіш қыз Тереза салонды жинастырып жүреді.
Тереза. Қандай жаңалық хабар бар, Жюстен?
Жюстен. Ешқандай! Ол суға батқан тастай жоғалды! Олар оны астыртын бөлімде ұстап отыр деген алып-қашты сөз бар.
Тереза. Онда қорқынышты ма екен?
Жюстен. Адамына қарай. Мен болсам қорықпас едім!
Тереза. Қандай батыр! Оны неге қамады екен?
Жюстен. Белгісіз! Алай да бұл сырды сенің бір сүйгізуіңе айырбастар едім.
Тереза. Маңдайымнан сүйе ғой.
Жюстен. Одан төменіректен.
Тереза. Түу, Жюстен! Мұрыннан сүйген кімді көрдің?!
Жюстен. Сөздің шынын айтқанда, одан төменіректен деп ойлаған едім.
Тереза. Жоқ, менің аузым күнәсіз ауыз, бүгінше солай-ақ болсын, тәуекел, бірақ қайталап жүрме! Бір-ақ рет...
Жюстен (сүйіп жатып). Егер мен біреудесем, біреу- ақ.
Тереза. Екеу боп кетті!
Жюстен. Айтқанымнан артық та орындай аламын! Сонымен оны қамаған себебі, ол... (Адвокат Дюпре кіреді). Тыныш Адвокат. Тереза (ақырын, оның құлағына). Мен қанша білсем, сен де сонша білесің. Ұятсыз, өтірікші, мақтаншақ! (Қатты дауыстап.) Саламатсыз ба, Дюпре мырза!
Дюпре. Саумысыз, Тереза! Саламатсыз ба, Жюстен. Мадам үйде ме?
Жюстен. Йә, Дюпре мырза! Келгеніңізді білдірейін бе?
Дюпре. Өркеніңіз өссін, білдіріңіз, жұмысым асығыс еді.
Жюстен шығып кетеді.
Тереза. Дюпре мырза! Жас Руссо туралы не хабар бар?
Дюпре. Оған сіздің жаныңыз аши ма?
Тереза. Ол сондай мейрімді, зерек еді!
Дюпре. Сізге ме?
Тереза. Кімге де болса!
Дюпре. Ештеңе болмайды, ештеңе болмайды. Тереза! Біз оны құтқарамыз!
Тереза. Ол соншалық не істеді екен?
Дюпре. Соны білгіңіз келе ме, әуесқойым?
Тереза. Сенсеңіз, Дюпре мырза, бұл жай әуестену емес.
Дюпре. Олай болса, егер сіз ауызыңызға ие болатын болсаңыз...
Тереза. Tіc жарып, бір ауыз сөз айтпайым, бір ауыз үн шығармайым леп те шығармаймын.
Дюпре. Білдің бе, шырағым, оның істемек болғаны...
Руссо ханым кіреді.
Тереза (шетке қарап). Бүгін білуге сәті келмеді. Қайткенмен, білмей қоймаймын. Руссо ханым. Есенсіз бе, қымбатты Дюпре! күттіре-күттіре, ақыры келдіңіз бе, сонша жалыққан едім. Тереза! Дюпре мырзаның келгендігін Руссо мырзаға білдіріңіз. (Тереза шығып кетеді.) Ал, айтыңызшы, айтыңызшы, оны жақында өзімізге қайтарасыз ба?
Дюпре. Барлық мүмкіндікті істеймін, мадам!
Руссо ханым. Мүмкіндігі болмаса да істеңіз!
Дюпре. Парижда мүмкін еместі мүмкін ету тіпті оңай, егерде, бір ғана...
Руссо ханым. Егерде, бір ғана...
Дюпре. Шығын мен заң санаспайтын жағдай болса, заң деген — өрмекшінің торы, мадам. Оған кішкентай шыбындар ілініп өледі де, үлкен шыбындар бұзып өтіп кете береді...
Руссо ханым. Ендеше біз шығынға дайынбыз.
Руссо мырза кіреді.
Руссо мырза. Йә, йә қандай шығын болса да дайынбыз. (Адвокатпен амандасады.) Қайткен күнде де біздің баланы құтқарсаңыз болғаны. Әрине, шығынның да ауыр болмас жағын ойлану керек. Дюпре. Жюль тергеуде күнәсіздің рөлін ойнай білді. Бірақ, біз соның күнәсіз екендігін ант ішіп дәлелдейтін бір де бір куә таба алмай отырмыз. Руссо мырза. Ондай болса, оның ретін табу керек. Соның да есебін таба алмайтын болсақ, онда дүниеде ақшаның не керегі бар болғаны?! Дюпре. Білесіз, Руссо мырза, өтірік куәлік үшін айдалып кетеді. Сондықтан бұған тәуекел ететін адамды табу оңай емес. Руссо мырза. Парижде етікші, тігінші, қаңғыбас, тағы солар сияқты қайыршылар тіпті көп қой. Солардың арасынан іздеу керек. Дюпре. Солай ғой, бірақ олардың көрсеткені сенімді болмайды. Бізге инабатты адам табу керек!
Генерал де-Верби кіреді.
Верби. Қалай, бандитымызды босатып ала-аламыз ба?
Руссо ханым (ұнатпаған қалыппен, басын шайқап.) Генерал!
Верби. Иттің күшігі! Ессіз бала! Әрекетін қара. Менің қолыма түсіп көрсе еді. (Руссо ханымның көз қиығын шолып.) Дегенмен мен оны тым жақсы көремін. Руссо мырза. Біздің мейрімді корольге, оның балапандарына қарсы болғандай не бар екеніне мен өзім де түсінбеймін. Ол анау-мынау Наполеон емес қой сонда да ессіз баланы онша балағаттамай-ақ қояйық.
Верби (кекесінмен). Әрине, Наполеон қайда!
Руссо мырза. Бержде ойнайтын король — жаным- ау ол ырыс қой! Тақта өз адамыңның болуы өз банкінде кедей туысқаныңның кассир болғанымен бірдей...
Руссо ханым. Сорлы Жюль. Оған жылы киім жіберу керек!
Руссо мырза. Мәссаған керек болса. Әйелмісің деген. Біз мемлекет туралы сөйлессек, ол ішкиім туралы сөз қылады! Руссо ханым. Аһ, баламның басы үлкен қатерде тұрғанда, маған сендердің мемлекеттеріңнің не керегі бар! (Адвокатқа.) Сіз қандай кеңес бересіз? Дюпре. Оны қорғап қалудың бір-ақ шарасы бар, бірақ оны айтуға менің батылым бармай отыр. Руссо мырза. Айтыңыз! Жаман мақсат болса болар, бірақ шараның жаманы болмайды! Дюпре. Жюльді бетімнен қайттым деп ант ішкізіп, серіктерінің кім екенін айтқызуыңыз керек.
Верби. Қандай иттік! Біз әділдіктің адамымыз.
Руссо ханым. Солай, бірақ, әділдік пен амандық екеуінің бірін таңдау керек болса...
Руссо мырза. Әділдік берждің тіркеуінде болмаса...
Верби. Сөйтіп, сіздер бір адамды құтқару үшін, бірнеше адамдарды сот тезіне салмақсыздар ма?
Руссо ханым. Егер ол менің балам болса!
Верби. Әділдікті жойғаннан да басты жойған артық!
Дюпре. Қайсысы қиын, қайсысы жеңіл, бұл соған байланысты.
Верби. Жюль бұны ешқашан да істемейді. Оның бер жағында менің жиенім граф қызы де-Верби оның қалыңдығы екенін естеріңізден шығармаңыздар.
Руссо мырза. Ал, қалыңдығы болса ше?
Верби. Егер ол осыны істейтін болса, жиенім де-Верби оған қалыңдық болудан бас тартады. Олай болса, ол миллионнан құр қалады!
Дюпре. Генерал, өз басы болғалы тұрғанда, оған миллионның не керегі бар.
Руссо ханым. Аһ, соны қойыңызшы!
Верби (сасып қалып). Ол жағы есімнен шығып кетіпті ғой, құдайдың құдіреті-ай! Руссо мырза. Біздің Жюльдің не үшін бұны істеуге мәжбүр болғанын граф қызы өзіде түсінеді. (Графиня де-Верби кіреді). Е, міне, біз оның өзінен-ақ сұрай аламыз.
Графиня. Не жаңалық, хабар бар?
Руссо ханым (адвокатты көрсетіп). Сіздер бір-біріңізбен таныс па едіңіздер?
Графиня (қолын созып). Йә!
Дюпре. Графиня! Сіз не дер едіңіз, егер сіздің болашақ күйеуіңіз Жюль Руссо...
Руссо мырза. Оны құтқару үшін...
Руссо ханым. Тіпті жап-жас қой...
Руссо мызра. Оның үстіне алдауға түсіп қалған.
Графиня. Бәріңіз бірдей сөйлемеңіздерші, мырзалар. Ал, сонымен?
Дюпре. Егерде ол...
Верби. Серіктерінің кім екенін айтқан болса! А? Қалай көрер едің?!
Графиня. Айқайламаңызшы, ағай! (Барлығына.) Бұлай болғанда, менің не істейтіндігімді білгілерің келе ме?
Руссо мырза. Әрине, соны айтыңыз!
Верби. Өзіңнің есіңде болар деп сенем — біздің тұқымымызда...
Графиня. Менің есімде бір-ақ нәрсе бар, — елі жарың болғаннан — тірі байың болуы анағұрлым артық! Руссо мырза. Абзал сөз! (Шетке қарап.) Егер бұл балықтың салмағы жүз мың рента болмаса, мен оны әлдеқашан ауымнан лақтырып тастаған болар едім.
Руссо ханым. Сіз... сіз... бері келіңізші, құшақтайын! (Сүйеді.)
Верби. Дегенмен...
Графиня. Оның бержағында осы қиянатшылар студенттерден, қолөнершілерден, кедейлерден құралған деп есіттім; солай емес пе?
Дюпре. Йә. Бірақ кейбіреулері бәрі емес.
Графиня. Өздерінің ренті жоқ, қалтасындағы он тиынын мүлкім деп дәріптейтіндер менің күйеуімнің досы болмақ емес.
Руссо мырза. Сөз айтасыз! Қолыңызды әкеліңізші, сүйейін.
Верби. Я, бірақ олардың ішінде ақ сүйектері де бар ғой. (Шетке қарап.) Егерде ұрғашы кәрі қыз боп қалмаудың қамын жейтін болса, онда ол жан қимаққа дейін бас тартпайды.
Жюстен мен Тереза жүгіріп кіреді.
Тереза. Полиция!
Жюстен. Осылай келе жатыр. Олармен бірге біздің жас мырза да келеді.
Тереза. Сондай жүдеп кеткен! (Шетке қарап.) Aһ, қандай аяп кеттім өзін!
Руссо мырза. Менің ұлым!
Руссо ханым. Менің балам!
Дюпре. Екінші рет тінтімек.
Жюль, сот тергеушісі, полиция агенттері көрінеді.
Жюль. Әке! Апа! (Құшақтай алады.) Уһ, сіздерді де көреді екемін-ау. А, генерал, сіз де осында ма едіңіз? Нендей қуаныш десеңізші. (Графиняны көріп, бас иеді.) Кешіріңіз мен сізді байқамай қалыппын.
Графиня. Мен сондай елеусіз бе едім?!
Жюль. Жоқ, бірақ та...
Тергеуші (Руссоға). Руссо мырзасыз ба?
Руссо. Я, менмін.
Тергеуші. Бізге балаңыздың бөлмесін көрсете қойыңыз.
Руссо мырза. Құлдық, тергеуші мырза, көре қойыңыз.
Руссо ханым (тергеушіге). Тергеуші мырза, сізден аналық ретінде сұранамын тұтқыныңызды бізге екі-үш минутке қалдырыңыз. Өзіңіздің де, мүмкін, сондай балаңыз бар шығар-ау деймін?
Тергеуші. Я, мадам, қызым бар.
Верби. Генерал де-Верби де сізден соны сұранады.
Тергеуші. Жақсы. (Агенттерге.) Есіктің алдында тұрып, ешкімді шығармаңыздар! Екі минуттен кейін Жюль Руссоны өз бөлмесіне ертіп кіргізіңдер. Жүріңіз, Руссо мырза.
Шығып кетеді.
Руссо ханым (Жюльді құшақтап). Балам!
Жюль. Апа, қам жемеңіз, мен жақында босанамын.
Дюпре. Я, оған бір-ақ жағдай бар.
Руссо ханым. Йә, йә, Жюль, сен соны орындауың керек.
Верби. Ешқашан да.
Жюль. Түсінбеймін.
Руссо ханым. Білесің бе, балам, өзіңді құтқару үшін...
Дюпре. Және ол жөнде сотқа.
Руссо ханым. Сені оған душар еткен бәледен құтылту.
Жюль. Сол үшін не қыл дейсіздер?
Дюпре. Сізді сол қиянат жасау ісіне араластырғандардың кім екенін айтуыңыз керек. Әйтпесе, өз басыңыз кетеді.
Жюль. Жоқ, ешқашан да!
Верби (оның қолын қысып). Жігітсің, Жюль, өзім де осылай болар деп ойлаған едім!
Руссо ханым. Дегенмен, балам!
Жюль. Апа, ендігәрі бұл жөнінде бірауыз сөз айтушы болмаңыз! (Сыбырлап.) Егерде мен оларды ұстап берсем — олар мені өлтіреді!
Графиня. Егер мен де...
Жюль. Онда тіпті мүлдем түсінбеймін. Қалайша сіз... сіз... мені аздап құрметтеуіңіз керек, өйткені...
Дюпре (шетке қарап). Инабатты-ақ, бірақ ақымақ адам!
Агент. Уақыт жетіп қалды! Бізді жоғарыда күтіп отыр.
Жюль. Йә, йә, кетейік!
Руссо ханым. Мен сені шығарып салайын. Ай, Жюль, түсінуің керек қой.
Шығып кетеді.
Дюпре. Осыны не зорлап жүргенін түсінбеймін.
Верби. Абырой зорлап жүр, мырза!
Дюпре. Сөз зорлап жүр! Адвокат, доктор, дегендер бос қиялға берілмейтіндер, генерал. Өзім анда-санда партерде отырып, ой жіберсем, еріксіз күлкім келеді, тіпті, ысқырып та жібергім келеді, бірақ ондайға әуестігім шамалы.
Верби. Ал, сонда отанды қайтесіз, мырза?
Дюпре. О, жұрт басқаны — адамгершілік дегенді тапқан соң-ақ бұл сөз мағынасын жойған! Бірақ, мен бұған да сене қоймаймын.
Верби. Әскери адамдар үшін бұл сөздің еш мәні жоқ!
Графиня. Әйелдер үшін де солай! Біз әсіресе түйсікті нәрселерді ұнатамыз ғой.
Жозеф Бинэ жүгіріп кіреді.
Жозеф. Сіздердің қайсыңыз адвокат Дюпре боласыз? (Әр қайсысына кезек жақындап.) Сіз бе? Сіз бе? (Графиняға.) Сіз емес шығарсыз?
Верби. Сіз, немене, соқырмысыз?
Жозеф. Жоқ, тек сасып тұрмын!
Дюпре. Сізге не керек? Өзіңіз кімсіз?
Жозеф. Аһ, не деген ақымақ едім! Генерал — боса-бомаса, Дюпре емес, әйел — адвокат бола алмайды, ендеше, ол сіз екенсіз ғой!
Графиня. Кетейік, ағай. Мен есуас адамның жанында тұрғым келмейді.
Шығып кетеді.
Жозеф (артынан). Мынау әйел тақ музейден қашып шыққан тас адамның ұсқынынан айнымайды екен.
Дюпре. Ал, мен тыңдап тұрмын.
Жозеф. Сот алдында Руссо жігітті ақтайтын сіз боласыз ба, Дюпре мырза?
Дюпре. Мен.
Жозеф. Олай болса, маған сіз ғана керексіз білсеңіз, мәселе мынада, мына менің Жозеф Бинэ екендігімде.
Дюпре. Онда қайт дейсіз?
Жозеф. Менің айтайын дегенім, ренжіту мақсатымен емес, бір мың төрт жүз франкым бар. Шынымен өз ақшам, оны өз еңбегіммен бір тиыннан жинағам. Өзім үй мүлкін жасаушы шебермін, ал менің ағайым Дюмешель баяғыдан бері вино сатушы.
Дюпре. Түсініктірек етіп айтыңызшы.
Жозеф. Мың да төрт жүз франк, адвокатқа бұл да аз деседі. Табысты көп тапқандықтан оларда ақша көп. Егер мен адвокат болсам, онда ана қыз менің әйелім болған болар еді...
Дюпре. Сіз немене ауысқансыз ба?!
Жозеф. Атамаңыз. Менің ақшам қазір жанымда, Дюпре мырза. Міні бұдан айрылу маған қаншама қиын болса да, бұл ақша сіздікі болып саналады. (Ақшаны береді.)
Дюпре. Ал, сонымен, не?!
Жозеф. Егерде жас Руссоны құтқарып, егер оны қашық жерге жіберу сіздің қолыңыздан келетін болса. Әрине, мен оның өлуін тілемеймін, дегенмен бір жаққа сапар шегетін етіп жіберу керек оның қалтасы мол талтаңдай алады. Ең болмағанда он бес жылға жер аударатын етсеңіз — менің мың төрт жүз франкім сіздікі! Мен сізге оларды шын ниетіммен берем, сонымен бірге сізге кабинет креслосын да істеп берем. Міні оның үлгісі, ең жақсысын таңдауыңызға болады осылай-ақ болсын.
Дюпре. Үлгіңізді жинап алыңыз! Өзіңіздің мақсатыңыз не?
Жозеф. Менің мақсатым ба? Олай болған күнде, мен Памэлаға үйленем. Менің кішкентай Памэлам болады. Түсіндіңіз бе? Көркем Памэлаға үйленем!
Дюпре. Памэлаға?
Жозеф. Йә, Памэла Жироға!
Дюпре. А! Ол әлгі үйінен Жюль Руссо ұсталған қыз екен ғой?
Жозеф. Я, соның өзі, гүлші қыз. Сен-Дени көшесінде он екінші үйдің жоғарғысында тұрады.
Дюпре. Ал, Памэла Жироның Жюль Руссоға қандай жақындығы бар? Жозеф. А, солай ма еді! Адвокатқа ақша төлегенде, олар барлығын білген үшін төлейді екен деп ойлаушы едім. Сіз ештеңені де білмейді екенсіз ғой, Дюпре мырза! Егер біреу-міреулер адвокаттарды надан десе, мен оған таңданбаған болар едім. Мен енді ақшамды қайтып алам. (Стол үстінде жатқан ақшаны қайтып алады.) Памэла өз-өзін кінәлайды, — онысы жазықсыз жанды бас кесерге ұстап бердің деп мені кінәлағаны! Егер ол өлмей, аударылатын болса, менің Памэлаға үйленетінім сіздің құлағыңызға кіре ме?
Дюпре. А енді бәрі түсінікті болды.
Жозеф. Егер сізге бәрі түсінікті бола бастаса, мына ақшаны қайтып алыңыз. (Ақшаны береді.) Алыңыз! Бірақ, есіңізде болсын: он бес жылға жер аудартасыз, онан бір сағаты да кем болмасын! Оған шейін мен де бала-шағалы болам, әйелім де әжептеуір жасқа келіп қалады. Түсіндіңіз бе?
Дюпре. Е...е... бұған ғашықтық араласқан соң ермек қылуға болады екен! Жозеф (шетке қарап). Мынау не сөйлеп тұр? Өз өзімен сөйлескен адвокат өз нанын өзі жеген наубаймен бірдей.
Дюпре. Сіздің Памэлаңыз Жюль Руссоны өте жақсы көре ме?
Жозеф. Сізге қалай десем екен? Ол бұрын мені жақсы көретін еді, артынан оны жақсы көретін болды, өйткені, менен көрі оның тұрмысы әлдеқайда тамаша боп шықты ғой.
Дюпре. Қыз сұлу ма?
Жозеф. Кім? Памэла ма? Менің Памэлам ба? Нақ Аполлон Бельведерский сықылды.
Дюпре. Тыңдаңызшы, досым! Егер Памэла екеуіңіз мейрімді адамдар болсаңыздар, Жюль Руссоны босатуға маған көмектесесіздер. Жозеф. Адвокат мырза! Жюль Руссо өмірінің сондай қатерде тұрғанын Памэлаға айта көрмеңіз, ол қайғыдан тұншығып өлердей боп жүр!
Дюпре. Қайткен күнде де бүгін мені Памэлаға жолықтыруыңыз керек. Жозеф. Мұны істеу тіпті оңай. Оның қабылдайтын белгілі күні жоқ. Мені қай жерде болса да қабылдай береді. Ал, оның ата-анасы болса, олар мені сондай жақсы көреді. Дюпре. А! Ата-анасы да бар екен ғой. (Шетке қарап.) Бұл ақшаға істелетін іс болды. (Оған.) Олар қандай адамдар?
Жозеф. Бұрынғы тігінші, қазіргі қақпа күзеткіш және оның ежелгі әйелі...
Дюпре. Үшеуге атап жеткіздіңіз ғой...
Жозеф. Мен бе? Жоқ, сіздің көзіңізге үшеу боп көрінген шығар. Әкесі Жиро бұрынғы тігінші, ал ендігі жерде мына мен секілді күйеуі болуды арман еткен қақпашы. Дюпре. Жақсы, жақсы. Барыңыз, оларға менің барып шығатыным жөнінде ескертіңіз. Айтқандай, екеуіміздің арамызда болған сөзді ешкімге айтпай, құпия сақтаңыз.
Жозеф. Tіc жарып, бірауыз сөз айтпайын.
Дюпре. Бір-бірімізді бұрынды-соңды көрмеген кісілер болайық.
Жозеф. Мен мылқау болайын. Аузыма ие болу қолымнан келеді және лақылдап сөйлей беруді өзім де сүймеймін!
Дюпре. Йә...йә... сондай екеніңіз көрініп-ақ тұр! Ал, ал барыңыз!
Жозеф. Кетейін! (Есіктен адасады.)
Дюпре. Былай жүріңіз!
Жозеф. Аһ, былай деңіз. Сіздің ұлы адвокат екендігіңізде ешбір талас жоқ, Дюпре мырза, сонда да сізге кеңес беруге рұхсат етіңіз. Сотқа былай деуіңізге болады. «Сот тақсырлар! Қылмыстыны жер аударып алыстату — келешекте, мемлекеттің жайбарақат отыра бере, тағыда солай жақа қылмыстыларды қарсы алып, оларды да солай қарай аударып отыруына мүмкіндік береді...» деңіз.
Дюпре. Сіз, немене, әлі кетпегенсіз бе?
Жозеф. Мен енді жоқпын! (Шығып кетеді.)
Дюпре. Тіпті жақсы болды! Ақыры, ақтаудың жолын табатындай болдым. Егерде қыздың Жюльді сүйетіндігі рас болып, олардың ортасында бірдеңе болса.
Руссо мырза мен Руссо ханым кіреді.
Руссо ханым. Жазған бала! Қандай ерлік десеңші!
Дюпре. Сіздер маған керексіздер, мырзалар!
Руссо мырза. Немене, Дюпре мырза?
Дюпре. Үміт бар!
Руссо мырза. О, ендеше, адамға сенушілік дегенді бізге қайтарады екенсіз ғой!
Дюпре. Мен жаңа ғана білдім - Жюльдің тамыры бар екен!
Руссо ханым. Мүмкін емес!
Руссо мырза. Қателесесің, болуы мүмкін.
Руссо ханым. Оның қалыңдығы бар ғой!
Руссо мырза. Ай ана деген! Бұлар балалары желмен қоректенеді деп ойлайды ғой! (Дюпреге). Ол бір оңған қыз дейсің бе, бұзылғандардың бірі шығар!
Дюпре. Йә, гүлші қыз дейді!
Руссо ханым. А а! Әлгі ауызға алуға болмайтын әйелдердің бірі.
Руссо мырза. Айрылысып кететін!
Руссо ханым. Қосылғаннан кейін!
Руссо мырза (шетке қарап). Бар болғырдың кімді сүйетінін білемісің!
Дюпре. Бір жақсысы — ол сіздің балаңызды құтқаруға себеп бола алады.
Руссо мырза. Құтқаруға?
Руссо ханым. Сол, сол ма?
Руссо мырза (кекеп). Сол сол мәселе сенің, соныңда емес, маған десе албасты болсын. Дюпре. Егер: сол қиянатшылар жиналып, ойға алған мақсаттарын іске асырмақ болған күні түнде Жюльді қыздікінде түнеген деп біз дәлелдесек. Егер қыз, оның ата-анасы сотта осыны растаса және Жюльдің өзі де бұған қарсы болмаса, онда ол құтылады!
Руссо мырза'. Өте жақсы, ал енді неге жайбарақат отырсыз?
Руссо ханым. Ол сияқты үй сыпырушыға оны айтудың не қыйындығы бар?
Дюпре. Гүлшіге деңіз, мадам!
Руссо ханым. Әй, бәрібір емес пе соның, сол әйелдерде ар-ұят, шындық бар дейсіз бе?
Дюпре. Қызға сене алам, ал бірақ ата-анасы...
Руссо мырза. Қысқасын айтқанда, бұл қанша тұрады?
Руссо ханым. Олар қанша көп сұрар дейсің...
Дюпре (иығын көтеріп). Алдан өлшеп, пішуге болмайды ғой.
Руссо мырза. Олар кедей ғой, болмашы бақыт көрінсе олардың төбесі көкке жетер, мәселен, бес мың франк десек...
Руссо ханым. Меніңше екі мың да жетер деп ойлаймын.
Руссо мырза. Ендеше, оларға бір мың ғана ұсынайық. Сіздің пікіріңіз қалай, Дюпре мырза?
Дюпре. Сіздің балаңыздың басы қымбатырақ-ау деп ойлаймын.
Руссо мырза. Жарайды, оны кейін көрерміз, қыздың аты кім еді?
Дюпре. Памэла Жиро. Сіз бүгін соларға барып шықсаңыз жақсы болар еді.
Руссо мырза. Әрине, әрине. Адресі?
Дюпре. Сен-Дени көшесі, нөмірі он екі, үстіңгі үйде тұрады. Мен де сонда болармын. Ал, мадам, сіз бармайсыз ба?
Руссо ханым. Сіз менің баруымды керекті деп және ізеттілік деп білесіз бе? Дюпре. Кей кезде әйелдер еркектен көрі пайдалы болады. Еш лаж болмаған күнде, сіз оның жүрегін елжірете аласыз ғой. Руссо ханым. Ендеше жүрейік! (Қоңырау береді. Жюстен кіреді.) Ат жексін деп айтыңыз, біз жүреміз. (Жюстен шығып кетеді.) Біз генерал де-Вербиді де бірге ала кетейік. Ол істің жүйесін қиыстыра біледі ғой. Руссо мырза. Дюпре мырза, егерде сіз Жюльді құтқаратын болсаңыз, бар байлығымыздың жартысын өзімдікі деп есептеуіңізге болады.
Руссо ханым. Әрине, әрине!
Дюпре. О, бұл жартысы дегеннің өзі! Құтқару керек болғанда, әрине байлықтың жартысы құрбандыққа атала береді, ал, бәле-жаладан құтылғаннан кейін, жарты дегеннің өзі — нөлдің жартысына айналады.
Руссо мырза. Мырза!
Графиня де-Верби кіреді.
Руссо мырза. Ол қызды дайындау керек. (Графиняға.) Графиня, біз қайта тірілдік. Жюль ақталады. Егерде... егерде біз... бір... (Сөз таба алмай қалады.)
Дюпре. Егерде Жиро деген фамилиялы қыз...
Руссо мырза. Гүлші. Сот алдында, біздің бала августың жиырма төрті күні түнде. (Қырынып жөтеледі.)
Графиня (иығын көтеріп). Қандай масқаралық. (Теріс айналып кетеді) Руссо мырза. Графиня, олардың ортасында ондайлық ештеңенің болмағандығына менің сенімім зор. Солай ма, Дюпре мырза? Дюпре. Солай болар, Руссо мырза! Оның бер жағында куәлік еткендігі үшін біз оған төлейміз ғой. Графиня. Бірақ, жұрт алдындағы әшкерелеу аты-жөнді әбігерлеу. (Генерал де-Верби кіреді.) Ағай! Бірер ауыз сөзім бар! (Шеткерірек барып.) Жюльдің тамыры бар боп шықты. Верби. Болса қайтушы еді?! Менің дивизиямдағылар Генрих екінші корольдің: «Қайырымды адам жоқ, тек жағдай бар!» дейтін сөзін ауыздарынан тастамайтын. һа-һа-һа!
Графиня. Я, теңі болса бір сәрі, гүлші ғой тәйірі.
Верби. А, онда сөз басқа! Мен орынды жерден шыққан әйел екен деп ойлап едім!
Графиня. Сотта да ол, ол айтар...
Верби. Не деп, үйіме қонды деп пе. (Күледі қарқылдап.)
Графиня. Мен түсінбеймін, мұнда не күлкі барын!
Верби (қапталдап). Я, мұнда күлетіндей ештеңе де жоқ. Әншейін, менің дивизиямда болған осындай бір оқиға есіме түскені... Графиня (шетке қарап). Наполеонның осы солдаты менің ағайым болса да, әрі жарым еді, әрі әдепсіз-ау деймін? (Оған.) Генерал! Мен сізге: атыңа да, басыңа да, үстіңдегі мундиріңе де ие бол деп ақыл берер едім! Верби (шетке қарап). Шірік! (Оған) Графиня! сіз өте көркемсіз! (Шетке.) Қу сүйек!
Жоғарыдан Жюль, тергеуші және полицияның агенттері түседі.
Руссо ханым. Алып бара жатыр.
Руссо мырза. Балам! Құтың қашпасын — үміт бар.
Жюль. Қош болыңыздар. Жоқ жоқ тез көріскенше ғана дегенім ғой. Біз сотта көрісеміз. (Графиняға.) Менің бір лажсыз жағдайдан сізге айтуым керек.
Руссо мырза (ақырын, оның құлағына). Памэла Жиро ма?
Жюль (таңданып). Немене, не дедіңіз, әке?
Тергеуші. Кешіріңіздер, мырзалар, бізге тезірек кету керек.
Жюль. Йә, йә, бара жатырмын. (Графиня мен Дюпреден басқаның бәрімен қоштасады. Әкесіне, ақырын.) Әке, сіз біреудің атын атадыңыз ғой?
Руссо мырза (оған ақырын). Жасыма, сені құтқаруға ол қыздың жәрдемі тиеді!
Жюль. Ол қыздың? Қайтып!
Тергеуші. Жюль Руссо, жүріңіз, деймін!
Жюль. Йә, жүрдім! (Агенттер қоршауында, кетіп бара жатып.) Ол қыз?
Барлығы оны шығарысып кетеді. Есіктің саңлауынан Тереза қарайды.
Тереза. Ақырында бәрін де білдім!
(Басқа бір есіктің саңлауынан Жюстен сығалайды.)
Жюстен. Мен де білдім!
Тереза (басын шайқап). Түу, Жюстен, біреудің сөзін тыңдау — ұят емес пе!
Жюстен. Әй, әй, Тереза, о дүниеде осындай іс үшін...
Сахнаның ортасына шығады.
Тереза. Олай болса, ол басқа біреумен жүрген! Соны көргім келген болар еді! Шынымен-ақ менен сұлу болды ма екен?!
Жюстен. Бола алмайды!
Тереза. Сен де тым сүйкімдісің, Жюстен!
Жюстен. Сүйкімді болмай ше!
Тереза. Былайша айтқанда, сен көрсе қызарсың, Жюстен!
Жюстен. Кім, мен бе? Ой, сенен басқа. Олай десең, жазала мені. Тереза. Театрда тұрған Дон Жуанша, өзің мені бір сүйейін деп ойлап тұрсың-ау, ә. Жюстен. Мен бе? Мен ойлай ма екем? Тіпті ойламаймын! Бірақ неге ойламасқа? (Құшақтап сүйгісі келеді, қыз қашады.)
Тереза. Егер мені ұстасаң, ойлағаның болсын.
Жюстен. Мен бола тұра, сен секілді тотыны ұстай алмасам! (Қуады. Қыз оның алдына орындықты көлденеңдей қояды. Ол сүрініп жығылады.) Бұл адалдыққа жатпайды! Тереза (аяғымен кеудесінен басып тұрады). Тыңда, Жюстен! Егер сен уәде бермесең, осылай бір сағат жатасың.
Жюстен. Не айтсаңыз да істейін!
Тереза. Руссоны соттайтын күні трибуналға пропуск алып беруің керек.
Жюстен. Жоқ!
Тереза. Қарақшы! Ендеше қимылдамай жат!
Жюстен. Жақсы, Мен риза! Бірақ, оның ақысына бір тек бір ғана сү... сү... Тереза. Жоқ, біреу емес, екеу және бүгін емес — ертең! Онда да, ай туса ғана! (Қашып шығып кетеді.) Жюстен. Ай, бұл әйелдер! Сенің оларға көңілің ауады, ал оларға сенің қолың керек, ал, қолыңды ұсынсаң, жүрегіңді сұрайды. Ал екеуін де берсең олар үшінші бірдеңені сұрайды, бірақ, сенен емес, басқа біреуден сұрайды! Дегенмен Тереза мендік болады! Егерде құдай мен секілді түкке тұрмайтындарға көңіл бөлсе, тап мені қарғыс атсын...
Шымылдық
ІІІ ПЕРДЕ
Памэланың мансардасы. Стол үстінде шашылып жатқан жасалынды гүлдер. Памэла жұмыс істеп отырады. Жанында әкесі мен шешесі. Шешесі тоқыма тоқып отыр. Әкесі ескі көйлек-көншектерді жамап отыр. Жиро ханым. Мен сенің бетіңе басып, табалағым келмейді, сорлы балам, дегенмен... Жиро. Әрине! Біз табаламаймыз. Бірақ, бір күйеуі қуылып шығып, екіншісі түрмеде болу деген...
Памэла. Әке!
Жиро ханым. Сенің үнің өшетін күн болар ма екен, шал?
Жиро. Өшірдім, өшірдім, қызы!
Жиро ханым. Памэланың тамыры түн ортасында тұтқынға алыныпты деп бүкіл көше шулайды. Үй қожасы бізді үйден шығарып тастамақшы, ал дүкенші болса... Жиро. Тфу! Ол шошқаның жаясы, мына бүйен. (Әйелінің көзқарасынан) өшірдім, өшірдім. Жиро ханым. Ол бізге несиеге де бермейтін болды. Кеше түскі тамаққа ет сұрап барғанымда: «Көбелегіңіз сары қоңыздан қуырдақ қуырсын» деп жауап берді.
Жиро. Оңбаған!
Жиро ханым. Я, сен кінәлі емессің, біз оны білемміз, дегенмен...
Жиро. Егер сенің осы іске тым болмаса мынадай, титтей ғана қатысың болса, мен сенің жанында соны естіп отырар ма едім, балапаным, шыбыным, бүкіл дүние саған теріс қараған күнде де, әкең...
Жиро ханым. Шешең де...
Жиро. Шешең де саған қолын созып, сені көкірегіне қысады.
Памэла (жыламсырап). Йә, йә! Оны өзім де білем!
Жиро. Қайткенмен, қызым, меніңше Жозеф Бинэ қусаған мейрімді жігіт Жюль Руссодан гөрі ол саған жарастылау болар ма еді деймін. Рас, ол аздап жарыместеу... Жиро ханым. Жарымес еркек — ақылды әйелге үлкен ырыс. Егер ол соның үстіне және мылжың болмаса... Жиро. Мадам! Егер сіз мен жөнінде осылай десеңіз, онда мен. (Жозеф Бинэ кіреді). А, міне оның өзі де келді!
Жозеф. Мені кешірер ме едіңіз, Памэла?
Памэла. Ешқашан да кешірмеймін!
Жозеф. Бірақ мен...
Памэла. Сіз полицияны осылай жолдадыңыз ғой. Егер сіз болмасаңыз, олардың таба алмауы мүмкін еді. Жозеф. Ал мен қазір сол жігіт жөнінде естіп-білгенімді айтқалы келіп отырмын ғой.
Памэла. Аһ, олай болса отырыңыз!
Жозеф. Солай, солай! Енді «Отырыңыз» дей бастадыңыз ба? Осы үйде қалу үшін бірақ амал бар: ол — тек сол жігіт жөнінде сөйлеу екен. Аһ, Памэла!
Памэла. Сіз оны көрдіңіз бе? Оның халы қалай екен? Йә, ал айтыңызшы! Жиро. Әрине көрдім! Жозеф, егер осында келіп отырмын десеңіз бөгелмей айта беріңіз!
Жозеф. Шынын айтқанда, үндемейін деп адвокатқа сөз беріп едім.
Памэла. Адвокатқа? Ендеше сіз соныкінде болған екенсіз ғой?
Жозеф. Әрине, мен өзімнің сақтап жүрген мың төрт жүз франкімді де ұсындым.
Жиро. Міне шын адамгершілік, Жозеф! Сол үшін әкелші қолыңды.
Жиро ханым. Құдай-ай! Мұндай адамдар қиямет күнінде де бір-ақ айтып отырады. Ал адвокат не деді? Жозеф. Адвокаттың айтқаны тек мен үшін, менің Памэла жөніндегі ісімді жөндеу турасында...
Памэла. Ал, ал сонымен...
Жозеф. Ол оны 15 жылға жер аудармақ екен.
Памэла. Сіз ақылыңыздан адасқансыз ба, Жозеф? Он бес жылға! Мен енді оны көре алмайды екенмін ғой! Жозеф. Табандатқан он бес жыл. Бір сағаты да кем емес! Олар оны... оны... (Шетке қарап.) Қайда жіберер екен? (Памэлаға.) Сандвич аралдарына жібереді екен! Памэла (күйініп-бүлініп). Сандвич аралдарына! Мен оның қай жерде екенін де білмеймін. Жозеф (шетке қарап). Менің өзім де білмеймін! (Памэлаға.) Ал, соныменен, не оның басы Греевская алаңында домалап жатпақ, не Сандвич аралына айдалмақ. Осының қайсысын таңдайсыз, Памэла. Адвокат Дюпре мырза да осыны айтты...
Памэла. Қалай? Олай болса, олар оны өлтіреді десеңші...
Жозеф. Я, солай! (Шетке қарап.) Мен бұны қорқытайын деп те ойлағаным жоқ еді! Ай осы қарғыс атқан тілім-ай!
Жиро. Сөзсіз! Ол жендеттер не істеймін десе де істей алады!
Памэла. Құдайым-ай!
Жозеф. Сөйтсе де оны мен құтқардым. Мен айттым: ұлы адвокат! Міне менің мың төрт жүз франкім сотта сіз осыны айтуыңыз керек! Оны сонда жер аудару керек. (Жөтеледі.) Тек әйтеуір басы аман болу үшін. Памэла. О, мен сізге борыштымын, Жозеф! Керек десе мен сізді сүюге де дайынмын. (Сүйеді.) Мен сізге барлығын кешірдім. Барлығын. Біз дос боламыз. (Шетке қарап.) Бір ғана соның басы аман қалса.
Жозеф. Мен бақыттымын. (Шетке қарап.) Тек соның, көзі таса болса еді.
Есік қағылады.
Жиро ханым. Бұл қайсыңыз? Кіріңіздер!
Ерлі-байлы Руссолар және генерал де-Верби кіреді.
Руссо мырза. Гүлші Памэла Жиро осында тұра ма?
Памэла. Йә, мен боламын!
Верби. А! Ол сіз бе едіңіз? Өте жақсы. (Шетке қарап.) Жаман көрінбейді!
Руссо ханым. Кешіріңіздер, біз хабарсыз келдік.
Жозеф. О не дегеніңіз, о не дегеніңіз, мадам! (Жиро мен оның әйеліне.) Бұл кісілер Жюль Руссоның ата-анасы болуы мүмкін! Мына генералды солардың үйінде көргем. Жиро. Отырыңыздар, мырзалар! Үй ішінің басы болған соң, сіздерден мен жөн сұраймын. (Әйелінің көзқарасын шолып.) кхе... кхе..: (Тына қалады.)
Жиро ханым. Мырзалар, сіздерге не керек?
Верби (Руссоларға). Бұлармен әдептілікті сақтап сөйлесудің қажеті жоқ. (Жироларға.) Білесіздер ме, мейірімді жандар... Жозеф. Әрине, солай мейрімді және адал мадам, мына кісілерді сіздермен таныстыруға рұхсат етіңіз! Мына кісі — Жироның әкесі, бұрынғы тігінші, қазіргі қақпашы. Ал мына кісі Памэланьщ анасы, мына кісінің әйелі. Бұл кісінің мейірімділігі барлық кварталға мәлім. Ал, мен өзім болсам: қабырға бояушы шебермін Жозеф Бинэ құлдығыңызға бас ұрамын.
Руссо ханым. Шынында, жас жігіт.
Жозеф. Дәл үстінен түстіңіз, мадам, кеше ғана жиырмаға шықтым.
Верби (шетке қарап). Мына жігіттің көзін жою керек екен! (Естіртіп.) Жігітім, бері қара, сенің атың кім?
Жозеф. Менің бе? Жозеф Бинэ тақсыр мыр...
Верби. Өркенің өссін, бір минутке шыға тұршы. Біздің сөйлесетін құпия сөзіміз бар еді. Жозеф. Түсіндім. (Шетке қарап.) Я, кетермін саған, бәрі бір есіктің сыртында тұрып, бәрін біліп алам! (Есіктің сыртына тығылады.) Руссо мырза. Біз бірден іске көшейік! (Жиро мен оның әйеліне.) Сіздің қызыңыз бен біздің баланың өздерінше қалай десек екен байланыстары болған ба...
Жиро ханым. Не дейсіз, Руссо мырза! Атай көрмеңіз! Менің қызым... Жиро. Сіздің балаңыз, мырза, біздің бишара қызымызға өсек тағып, жұрттың сөз қылуына себепкер боп отыр. Жұрт не десе ол десін, қызымда кінә жоқ... я, менің сөзіме...
Памэла. Әке! (Руссоларға.) Сіздерге не керек, мырзалар?
Руссо мырза. Бізге керегі...
Руссо ханым. Біз сіздерден өтінеміз...
Верби (шетке қарап). Қарадан туғандар! (Естіртіп.) Сен қыз, өзіңнің ар-намысыңды қаншаға бағалайсың? Памэла (өңі қашып, жарыла жаздап). Генерал! Сіздің ойлаған үйіңіз бұл емес! Тайып тұруыңызды сұраймын... (Есікті көрсетеді.)
Жиро. Я, сөзсіз!
Руссо мырза (шетке қарап). Мына солдат өзінің дөкірлігімен барлық істі бүлдіретін болды-ау! (Естіртіп.) Жюльдің өмірі қатерде.
Памэла. Қатерде!?.
Руссо мырза. Оны жалғыз сіз ғана құтқара аласыз!
Памэла. Мен бе? Мен бе?..
Руссо мырза. Я, жалғыз сіз ғана! Тек оның сонысын дәлелдеу керек.
Жиро. Сөзсіз! Айтпақшы, менің сізден бір сұрайын дегенім: сонысын деген не сөз? Руссо мырза. Ол — мысал үшін, біреу басқа жерде болған болса, ол осында болды деп дәлелдеуіміз керек... Түсіндіңіз бе? Жиро. Әбден түсінікті! Онда да, мұнда да болды деп, бірақ ол, бірден онда да, мұнда да қалай болмақшы?
Руссо ханым! Сотқа айту үшін емес пе! Түсіндіңіз бе?
Руссо мырза. Егер сіздің қызыңыз Памэла Жиро сотқа; августың жиырма төртіне қараған түні біздің бала осы үйде болды десе... Верби. Түсініктірек етіп айтқанда! Өзінің тамыры... ғашығының үйінде түнегені дәлелденсе және Памэла. О, жасаған!
Руссо мырза. Егер, әке-шешесі сіздер де ант етіп, осыны растасаңыздар... Жиро. Мен... мен... осыны айтпақпын ба? Өз қызымды өзім ұстап беріп, масқараламақпын ба? Сөйтіп оны жұрт бетін көре алмайтындай етпекпін бе? Жоқ, сіздер, білесіздер, мырзалар, Памэла біздің қуанышымыз... біздің үмітіміз... біздің жұбанышымыз...
Памэла. Тынышталыңыз, әке!
Жиро ханым. Жоқ, жоқ, мырзалар, бұл мүмкін емес, тіпті Памэла сіздің баланы сүйгендігі үшін құрбандыққа бел байлаған күнде де, біз сотта мұның дұрыс еместігін айтамыз. Руссо ханым. Бұл қасарысудың не екеніне түсінбеймін. Қайғымен қан жұтқан үйдің іші көз жасын төгіп, мейрімді қызға, оның кең пейілді ата-анасына келіп отырғанда...
Памэла (теріс қарап көз жасын сүртіп). Сорлы Жюль!
Верби. Ал, міне! Қатындардың көз жасы деген осы! Жынымды келтіреді! (Руссоға.) Бұларға ақшаны көрсетіп қойыңдаршы!
Руссо ханым. Біздің баланың өмірі қыл үстінде тұрғанда...
Памэла (бекініп). Мен мұны орындаймын!
Жиро ханым. Қызым!
Жиро. Памэлам!
Верби (шетке қарап). Енді бұл қыз біздің уысымызда!
Памэла. Ол өмір сүреді! Оның айдалатын Сандвич аралдарына мен де барам...
Руссо мырза. Қайдағы Сандвич аралы?
Верби. Не қылған айдалу?
Памэла. Маған айтқан Жозеф...
Руссо мырза. Жоқ олай емес, егерде әлгі айтқандай болса, ол біржолата ақталады деп отыр адвокат...
Памэла. Не деген бақыт!
Жиро ханым. Қызым, егер сен де осыған бел байласаң және ол да берген сөзін орындаса...
Жиро. Саған үйленсе...
Руссо мырза. О не сөз?
Руссо ханым. Не үйлену?
Жиро. Сіздер білмеуші ме едіңіздер, мырзалар? Осында, нақ мына арада комиссар мен полиция келгенде...
Памэла. Әке!
Жиро. Қысқасын айтқанда, ол: «Памэла маған әйел бол!» деді. Осыныма сеніңіздерші!.. Ол сөзсіз!.. Мен мұны «сөзсіз» деп айтып отырмын. Оның өзі...
Руссо мырза. Қалайша ол айта алады...
Руссо ханым. Қай арада ол...
Верби. Графиня де-Вербиге күйеу бола тұрып...
Памэла. Аһ!
Жиро. Қалай дейсіз? Сіздің балаңыз күйеу ме?
Жиро ханым (шетке қарап). Оңбаған! (Естіртіп.) Қалай батылы барады екен оның? Памэла. Жоқ, жоқ!.. Бұл сөз қызу үстінде, рахымы түскен минутте айтылған сөз, берілген уәде екен. Мен оны сіздерге қайтарам, мырзалар... Егер ол біреудің күйеуі болса... Оның өзінің де және қалыңдығының да бақытты болуына тілектеспін...
Руссо ханым. Сізде адамшылық бар екен, бикеш!
Руссо мырза. Біз де сізге қарыздар екендігімізді шын ықыласпен білдіреміз.
Верби (Руссоға). Қамал берілетін болды. Енді үлкен снарядпен талқандаңыз!
Руссо мырза (қалтасынан бір буда ақша шығарып). Мына ақшаға, бикеш өзіңізге тең адамдардың ішінен қандай күйеу болса да тауып ала аласыз... Мұндай жасауы бар қызға қандай тігінші, қандай етікші болса да...
Памэла (шошынып). Не айтып тұрғаныңыз не, мырза?!
Жиро. Бұлай деуге қалай батылыңыз барады?!
Жиро ханым. Сіздің ойыңызша, бұл мансарда да...
Памэла (қалтырап, жәшікті ақтарып, бір буда ақшаны шығарады). Міне, осы жиырма мың франк. Мұны ұсталар алдында сіздің балаңыз берген. Ол: «Бұл өз ақшам емес» деген. Мұны Жюльге тапсырыңыздар, сонымен бірге айтыңыздар... жоқ, жоқ бұған мен шыдай алмаймын, шыдай алмаймын... (Ақшаны беріп, шығып кетеді.) Руссо мырза. Шынында (Ақшаны санайды.) Я, жиырма мың... (Шетке қарап.) Мына ақымақ бір тиына да тимеген! (Ақшаны тығып жатып сыртқа.) Алланың әмірі бойынша ақылсыздардың ақшасы, ақылдылардың заңды меншігі болып саналады, олай болса—бұл менікі...
Верби. Бұл жанжал!
Руссо ханым. Бәрі де құрыды!
Дюпре мен Жозеф кіреді.
Жозеф. Мұнда, мұнда Дюпре, мырза. Міне Памэланың әкесі мен шешесі, мына мырзалар Памэлаға ақша ұсынып еді, бірақ ол оны алмады. Өзіңіз ойлап қана қараңызшы, олар менің Памэлашымнан болмаған нәрсені...
Дюпре. Сіз бір минутке үндемей тұра аласыз ба, жас жігіт?
Жозеф. Қиын да болса — тұра аламын!
Руссо мырза. Қыз көнбеді!
Верби. Тіптен көнер емес!
Руссо ханым. Мына гүлшілер ренжімек болады, мүлде, біз...
Дюпре. Әрине сондай ауыр сөз, олардың жүректеріне зіл түсіріп отырса?!
Руссо мырза. Ақша беру керек деп өзіңіз айтпап па едіңіз, Дюпре мырза?
Дюпре. Айтқам, бірақ қалай? Адам мен адамды айыра білу керек қой. Біреулерге ақшаның шетін көрсетсең-ақ болғаны ол артыңнан итше жүгіріп қалмайды, ал енді біреулерге тек көз жасын әбден төгіп алуға уақыт бер. Содан кейін үлкен еңбек сіңірген кісі болып, дәрі сияқтандырып білдірмей, ішіне алтын толтыр да, жұтқыз да жібер! Еһ, мадам кісімен сөйлесе білу керек. (Руссоға.) Сіз ешқашан да министр бола алмайды екенсіз, өйткені сіз адам арының құнын білмейсіз... Руссо мырза. Министр! Мен одан да жоғарысын көздеп жүрмін. Мен Ньюсинген сияқты банкир болуды қиял етем, сөйтіп, үкіметке депутаттарды сатсам деймін... Оппозицияшыл партияның депутаттарын топ-тобымен министрлер кабинетіне сатсам — міне, мен сияқты партияда жоқ адамдардың дұрыс кәсібі осы болмақ!
Дюпре (Жироларға). Памэланың ата-анасы сіздер боласыздар ма?
Жиро. Я, мырза, біз боламыз.
Дюпре. Өзімді таныстыруға рұхсат етіңіздер, — мен адвокат Дюпре болам!
Жиро ханым. Өте жақсы!
Дюпре. Соттағы Жюль Руссоның ісін жүргізетін мен боламын.
Жиро. Аһ, солай ма!
Дюпре. Жюль: Памэламен бір мәселелер жөнінде оңаша сөйлес деп өтініп еді.
Жиро. Егер анау жөнінде болса...
Жиро ханым. Онда біз осы бастан...
Дюпре (оларға ақырын ғана). Өзінің ғашықтығы жөнінде ғой, бала азап шегуде...
Жиро. Несі бар... егер Памэла...
Жиро ханым. Көнсе біздің ешқандай, қарсылығымыз жоқ. Жүр, шал! Біз оның өзін осында жіберейік, мырза!
Шығып кетеді.
Дюпре. Сіздердің де шыға тұруыңызды сұраймын, мырзалар... Мен онымен өзім оңаша сөйлесем.
Руссо мырза. Байқап көріңіз! Мүмкін, сіздің қолыңыздан келер.
Верби. Ол қыз мен сияқты генералға қатал жауап бергенде...
Руссо мырза. Біздің дәуірде адвокаттар генералдан анағұрлым пайдалы. Тілегінің бәрі де болады деп уәде бере беріңіз, — кейін берілген уәденің бірнешеуін орындамай қоюға болады ғой! Руссо ханым. Мен Дюпре мырзаның іскерлігіне сенем. Ай, әйтеуір біздің бала құтқарылса болғаны!
Руссо мырза. Есіңізде шығар, мен байлығымның жартысын деп едім ғой...
Дюпре (қолын сермеп). Йә... йә...
Руссо мырза. Кетейік!
Шығып кетеді.
Жозеф. Маған қалуға болады ғой, адвокат мырза?!
Дюпре. Айта көрмеңіз!
Жозеф. Есіңізде болсын, Дюпре мырза! Мен қызды үгіттеп қойдым. Айдалады дегенге оның сенімі көндігіп болған... Дюпре. Жақсы, жақсы, барыңыздар! Жозеф. Он бес жылға... Әйтпесе менің мың төрт жүз франкім... түсіндіңіз бе? Сонымен қатар талап ететінім... Дюпре. Е, сіз әлден «талап» ете бастадыңыз ба? Жозеф. Өз ақшама, керек десе, ұлы адвокаттардан да талап етуге болады ғой деймін. Мен, Памэланың сот алдында шығып сөйлеуіне тіпті қарсымын. Мен ешуақытта бұған көнбеймін, болашақ келіншегімнің... (Памэла кіреді.) А, міні өзі де келді! Мен кетейін, Дюпре мырза, алай да сізден сұраймын... (Шетке қарап.) Келешектегі күйеуі мына маған: қалай да мен олардың не туралы сөйлейтінін білуім өте қажет! (Есіктің сыртына тығылады.)
Памэла. Сіз не айтпақ едіңіз, мырза?
Дюпре (шетке қарап). Оһ... Мына гүлші қызың шынында да жаман емес екен. (Қызға.) Памэла Жиро сіз бе?
Памэла. Я, мырза!
Дюпре. Мен — адвокат Дюпремін, сізге Жюль Руссо сәлем айтты.
Памэла. Сіз оны көрдіңіз бе? Қашан... соңғы рет көргеніңіз?
Дюпре. Кеше ғана.
Памэла. Дені сау, көңілі шат па... мен жөнінде ойлай ма екен? Дюпре. Күн сайын, сағат сайын, минут сайын, ойлаймын дейді... өзінің айтқаны солай...
Памэла. Өзінің... (Шетке қарап.) Қандай жақсы көремін оны!
Дюпре. Мен бәрін де білем! Мына адамдар сізді әдепсіздік етіп, қорлап отыр... жүрегінің өзі алтын адамға алтын ұсыну... Памэла. Аһ, мырза, менің жүрегімді атамаңызшы... Сіз мені жақсы білмейсіз ғой — мені қапа қылған баска... ол — менің Жюлімнің ата-анасының мынадай боп шығуы!.. Дюпре. Амал бар ма, Памэла? Ол — Жюльдің айыбы емес қой... Сізді Памэла деп атауға кеңшілік етерсіз?
Памэла. Ықтиярыңыз, мырза, біз қарапайым адамдармыз ғой...
Дюпре. Балалардың әкелері әзірше сондай болуын тағдыр жазып тұр ғой. Бір кезде ғылым... Бірақ, мәселе онда емес. Жюльдің қорғаушысы ретінде менің сізге айтайын дегенім... Памэла. Өзі өлімге кетпей ме? Жасырмай айтыңызшы... Ешбір аяушылық етпеңіз! Мен қорықпаймын... Сеніңіз, мырза! Менің ғашықтығым қандай ауырлыққа болса да төзе алады...
Дюпре. Егер сіз оның тірі болуын керек қылсаңыз — ол өлмейді.
Памэла. Мен керек қылсам ба?
Дюпре. Йә. Жаңағы адамдардың сізден сұрағаны, — оны ақтаудың ақырғы әрекеті болып табылады. Жюльде соны біліп, сізге айт деп менен өтініп еді. Памэла. Әлде менің сүйетіндігіме, оған берілгендігіме, ол үшін неге де болсын дайын екендігіме ол күмәндана ма?.. Дюпре. Жоқ! Сондықтан да ол сіздің осы жөнде айтпауыңызды жалынып сұрады! (Шетке қарап.) Мен мұның жүрегін қозғап, қулығымды беріде тұрған Руссодан да асырайын... Памэла. Жалынып сұрады! Ол... ол қыл көпірдің үстінде!.. Енді білдім... Ол мені сүйеді екен! Мырза, мен қандай соттың алдында болса да шыға аламын... Дюпре. Сізді көргеннен-ақ, осылай дейтініңізге күмәнім болмап еді... Бірақ, білдіңіз бе, Памэла, жалғыз сіздің өзіңіз ғана емес, ата-аналарыңыз да...
Памэла. Олар да ма?
Дюпре. Йә, олардың да растауы керек...
Памэла. Жақсы, Олар да растайды.
Дюпре. Сіз оларға сенесіз бе?
Памэла. Сондай сенемін. Мен оларды көндіре аламын.
Дюпре. Өте жақсы! Сіз керемет қызсыз, Памэла. Бірақ, айтқаныңыздан үрейленбейсіз бе, оның алдында?.. Памэла. Сот алдында ма? Мен оның қалыңдығының барын білгенде де үрейленбеген болсам... Дюпре. Сіз оны қайдан білдіңіз! (Теріс қарап.) Есуастар айтып қойған екен ғой...
Памэла. Йә. Одан келер-кетері болмады.
Дюпре. Білесіз бе, Памэла, сізді музейге қою керек екен!
Памэла (күліп). Рахмет! Бірақ мен әлі тас боп қатқаным жоқ.
Дюпре (шетке қарап). Бұл қызды алдағы болатын сотқа дайындау керек. (Қызға.) Ой шырағым, алдағы болатын сот мәжілісінде жан түршіктіретін сұраулардан, сотпенен халықтың зәрлі көзқарасынан сіз тасша серейіп қатып қала ма деп қорқам. Ғашық адамын үйіне түнеткеннің өзі айтып отырған қызға, қандай қорлап, мысқыл ете қарайтынын білмейсіз ғой. О, ол сондай сұмдық нәрсе!
Памэла. Мырза, оның бәрі түк емес... бәрі де ұсақ- түйектік.
Дюпре. Я, солай, дегенмен, сіздің өмір бойлық абыройыңыз төгіледі ғой!
Памэла. Төгілсе қайтетін еді? Барлығы да Жюль үшін ғой.
Дюпре. Сізден сұрай бастайды...
Памэла. Менің оны қаншалық жақсы көретінімді ме?
Дюпре. Жоқ, Париж трибуналының поэзияда жұмысы жоқ. Сізден ол ақы төледі ме деп сұрауы мүмкін.
Памэла (тың күйініп). Мырза! Әрнәрсенің өз аты бар ғой... Айта беріңіз...
Дюпре. Саспаңыз, шырақ, арыңыз адал ғой..
Памэла. Адал. Бірақ сіз өз махаббатымды өзімнің кірлетуімді керек қып отырсыз ғой... Сөйтіп, мен өміріме керекті бар ар-ұятымды аяқ асты етпекпін бе?.. Өзіме өшпес таңба баспақпын ба?.. Жоқ... жоқ, сіз әншейін әзілдеп айтып тұрған шығарсыз, солай емес пе, мырза? Дюпре. Ой, жоқ, қызым! Шын махаббат дегенді, — қазіргі біздің заманымызда балаларға ертек етіп айтпайды! Ал орынды жерден шыққан жас жігіт, өзі ірі бай адамның баласы, алғалы отырған бай қалыңдығына аттанар алдында жәй мансардада тұратын әдемі гүлші қызға келсе... ол сый беруден бастайды...
Памэла. Құдайым-ай, сіз не айтып отырсыз!
Дюпре. Аяғын айлық жарнамен бітіреді... Оны кедей ата-анасы біледі... оларға да солай төлеу керек, — мүмкін, қызынан жасырып та төлеуі...
Памэла. Мырза, мырза! Енді маған бір ауыз да сөз қатушы болмаңыз!
Дюпре. Міне бүгінгі ісіміздің шындығы осылай... қызым...
Памэла (долданып). Жоқ, бұл шындық емес!.. Бәрі сатыла бермейді, сатылмайды да... Дюпре. Я, сізден біліп тұрмын. Бірақ, біз сот үшін айтамыз... арсыз ұятсыз адамдар үшін айтамыз ғой. Өмірдің қасиетсіздігі сондай, оны көрнекті жерге қойып, дұрыстап қарау үшін, ептеп бояп өзгерту керек! Сот сонда ғана сенеді, егер оның тексеріп отырған ісі роман емес, Париждағы болатын дағдылы істің бірі болса, — міне тек сонда ғана, сіздің құрбандығыңыз іске аспақ. Әйтпесе сот: айыпкерді ақтап тұрған сүйген адамы деп ойлауы мүмкін, бұл оларша барып тұрған жынды, есуастық қой... мұндайға олар сенбейді!
Памэла. Сіздікі жөн, мырза! Солай-ақ дейін!
Дюпре (шетке қарап). Ақырында қыз қолға ілікті! (Қызға.) Ал ата-анаңыз да...
Памэла. Жо-жоқ... бұған олар... ешқашан да!
Дюпре (шетке қарап).Кішкене өңделсе — бет-бейнесі қона қалайын деп тұр! (Қызға.) Бұл жөнінде сіздікі де дұрыс болар, Памэла! Оған мен де қосыламын, — ол жағын айтпай-ақ қояйық... Ол тіпті масқара... Сондай жиреніш, масқаралығы сондай, Жюльді қорғағаныма көп ақша алатын адвокат — мен де: мейлі тіпті сол-ақ қаза тапсын... Алаңда балтамен басы кесілсін дер едім...
Памэла. О, жаратқан!
Дюпре. Дүниемен қоштасар алдында жаутаңдаған көзімен көп ішінен іздеп...
Памэла. Жоқ, жоқ аржағын айтпаңыз!
Дюпре. Бір сол үшін өзін аман сақтаудан бас тартқан адамын іздеп...
Памэла (шешіліп). Мен айтамын!
Дюпре (жылдам). Қарттар жөнінде де ме?
Памэла (толқып). Менің мұны айтуға қалай батылым жетеді? (Батыл.) Жарайды, олар жөнінде де! О, мырза, не деген рақымсыз едіңіз! Дюпре. Шырағым балақайым, адвокат өзінің қорғайтын адамына жаны ашыған минутінде теңіз дауылы кезінде махаббат қиялына шомған кеме штурманына ұқсайды! Рахмет, Памэла, — Жюль құтылады!
Жозеф жүгіріп кіреді.
Жозеф. Жоқ, жоқ әлі құтылған жоқ!
Памэла. Сіз?
Дюпре. Сіз тыңдап тұрдыңыз ба?
Жозеф. А... Менің мың төрт жүз франкіме сіз осылайша қызмет істейді екенсіз ғой! Сіз сорлы Памэлаға сот алдында осындай... осындай сөзді айтқызып, оны да, мені де өмірбойына сорлатпақ екенсіз ғой. Онан кейін мен оған қалай үйленбекпін?! Маған онда барлық Париж күледі! Газетке шығып масқара болмаймын ба!
Памэла. Мені сізге күйеуге шыққалы отыр деп кім айтты, Жозеф? Жозеф. Кім? Кім? Өзім айттым! Мен басқадан көрі өзіме көбірек сенем. Керек десе сізге де өзіме сенгендей сенбеймін. Егер дүниеде әділеттік деген болатын болса, мен сықылдылардың да ғашықтығы жарыққа шығар. Трибуналға мен де барам. Бәрі де жалған екенін айтам. Және сорлы қызды зорлап көндіріп деп...
Памэла. Өшір үніңді Жозеф!..
Дюпре.( ақшаны суырып). Міне, сіздің мың төрт жүз франкіңіз, алыңыз да, кетіңіз! Жозеф (ақшаны алады). Сіз мені ақшаға сатып алмақшымысыз? Жақсы екен... Бұл жөнінде де айтармын... Мен — кішкене адаммын, ол рас, бірақ кішкене адамдарда да үлкен махаббат болады... Менің Памэламды тартып алу!... Міне ақшаңыз, мырза! (Ақшаны береді). Мен-ақ қайыршы болып өлейін! Йә, йә... бір тілім нансыз жүрсем де осының қалай болғанын... қалай екенін... сотта айтармын...
Шымылдық
ІV ПЕРДЕ
Трибунал. Президент пен екі судья жоғарыда отырады. Олардың екі жағында азырақ төмендеу, прокурор және ақтаушы отырады. Жюль қоршау ішінде отыр, оның артында екі муниципиалдық гвардеецтер. Халық арасында Жюльдің үй іші, генерал де-Верби және графиня де-Верди. Арт жақтағы скамейкада Жюстен мен Тереза. Жауап алынған куәлер отыратын скамейкада Жиро шал отыр. Сот алдында Памэланың шешесі тұр.
Президент. Сіз сүйтіп бәрін біле тұра, үндемеген екенсіз ғой?
Жиро ханым. Білесіз, президент мырза, қызыңды жақсы көретін болсаң, және...
Президент ...Сонымен бірге үндемегенің үшін бірдеңелер алатын болсаң...
Жиро ханым. Олай емес!
Жиро (куәлар скамейкасынан). Әрине, олай емес!
Президент (Жироға). Тыныш отырыңыз, Жиро. Сізді тыңдап болдық. (Жиро ханым.) Айыпкер сіздің қызыңыздікінде күнде түнеп жүрді ме? Жиро ханым (президенттің қаралай қойған сұрағын теріске айналдырғысы келсе де, өзін күшпен басып). Менің Памэлам, президент мырза, ешқашан да... Ондай нәрселерді шешесінен сұраудың өзі ұят емес пе?..
Тереза (жұрт ішінен). Әрине... жөн емес қой!..
Руссо ханым. Тыныш отыр, Тереза!
Президент. О не қылған шу?!
Жюстен. Оншалық ештеңе болған жоқ, президент мырза, мен түшкіріп қалып едім. Президент (Жиро ханымға). Куә, бұл жер балаларды оқытатын мектеп емес, сот. Құдай алдында шындықты айтуға уәде бергеніңіз қайда! Жюль Руссо қызы қыздікінде жиі қонып жүрді ме?
Жиро ханым. Жиі.
Президент. Жиырма төртінші август күні түнде болды ма?
Жиро ханым. Йә.
Президент. Соның басқа күн емес, жиырма төртінші август екенін анық білесіз бе?
Жиро ханым. Йә, анық білем.
Прокурор (президентке). Рұхсат етіңіз? (Куәге.) Куә, жиырма төртінші августқа қараған түн екені қалайша сіздің есіңізде қалды? Әлде есіңізде қалатындай сол күні айрықша бір оқиға болып па еді? Жиро ханым (сасып қалып). Жоқ, ондайлық ештеңе болған жоқ! (Дюпреге қарайды, ол оған басын изейді.) Тек... сол күні ертемен Памэла маған: «Апа бүгін жиырма төрті, үй қожасына пәтер ақысын беруді ұмытпа»... деген еді.
Президент. А... ақша деңіз... Әлгі, қыздың тамырынан алған ақшасы ма?
Жюль (отырған жерінен). Не деген жалған!
Президент. Айыпкер, куә сөзін өтірікке шығару сізге пайда емес...
Дюпре (президентке). Рұхсат етіңіз? (Судьяларға.) Айыпкер қоғамның инабатты адамы болғандықтан, қыз қара халықтан шықса да оның абыройын төкпеу үшін айтып отыр... Осыған трибуналдың назарын аударғым келеді. Президент. Ол жағы белгілі! (Соттарға қарап). Сұрақтарыңыз жоқ па? Куә, мүмкін сіз керек болып қаларсыз, залда болыңыз. (Сот приставына.) Куә Памэла Жироны шақырыңыз! Сот приставы куәлер отыратын үйдің есігін ашып: «Памэла Жиро», деп дауыстайды. Памэла кіреді, окурт назары оған аударылады. «Әні, әні», «Осындай жасынан-ақ,» деген дауыстар естіледі.
Әйел (жұрт ортасынан). Жоқ, ол оны сүйетін қыз!
Тереза. Ой, ханшам-ай, сүйіспенділік туралы айтпай-ақ қойыңыз!
Графиня де-Верби. Сұмпайы екен өзі! Руссо ханым. Гүлшіден не шықпас дейсіз!
Верби. Жоқ, жоқ, онда бірдеңе бар!
Тереза. Жақсы... жақсы... Еһ, көзі қандай әдемі!
Жюстен. Йә... жаман емес!..
Тереза. Не дедің, Жюстен?
Жюстен. Онша таң қаларлықтай ештеңе жоқ дедім.
Тереза. Бәсе... солай де.
Президент (жұртқа). Тынышталыңыздар, мырзалар! (Памэлаға.) Сіздің атыңыз?
Памэла. Памэла Жиро.
Президент. Жасыңыз нешеде?
Памэла. Он тоғызда.
Президент. Не істейсіз?
Памэла. Гүл жасаймын.
Президент. Бұл іс жөнінде не білесіз?
Памэла. Мен... мен... ештеңе де білмеймін...
Президент. Айыпкермен көңілдес болдыңыз ба?
Памэла (тұжырымды). Йә.
Жюль (таңданып) Памэла!
Президент. Қашаннан бері?
Памэла. Бірнеше айдан бері.
Президент. Сіз оны сүйдіңіз бе?
Памэла. Жоқ, мен оны сүйгенім жоқ!
Залда: «Не деген абыйырсыздық!» деген гуу-гуу дауыстар естіледі. Жироның әке-шешесі орындарынан тұрады.
Тереза (жұрт ішінен). Әрине... жөн емес қой!..
Руссо ханым. Тыныш отыр, Тереза!
Президент. О не қылған шу?!
Жюстен. Оншалық ештеңе болған жоқ, президент мырза, мен түшкіріп қалып едім.
Жюль. Памэла, ол не деген сөзің?
Жиро. Қызым!
Жиро ханым. Қызым!
Президент (Жироларға). Отырыңыздар! (Жюльге). Айыпкер, куәнің сөзін бөлуге хақыңыз жоқ! (Памэлаға). Сөйтіп сіз тек ақша үшін ғана?..
Памэла (ұятына жол бермей, жиын таласып). Йә... йә...
Президент. Алған ақшаларыңыздан ата-анаңызға да беріп отырдыңыз ғой?
Памэла (өз-өзін билей алмай). Мен... мен... әрине, оларға алғанымнан бөліп беріп отырдым. О, жаратқан... әлім құрып барады. Президент (сот приставына). Куәға орындық беріңіз. (Памэлаға.) Су ішіп жіберіңіз. (Памэланы отырғызады. Ол стаканмен су ішеді. Қолы қалтырап кетеді.) Тынышталыңыз, куә!
Жиро (отырған жерінен). Ол айтқаның дұрыс емес, Памэла, қалқам!..
Жиро ханым (отырған жерінен). Маған қарашы, Памэла, қарашы маған, қызым...
Памэла (аналардан сырт айналып, өзіне өзі). Тек оны құтқару үшін... (Естіріп.) Айтқаным — айтқан! Дюпре (президентке). Рұхсат етіңіз? (Памэлаға.) Памэла Жиро, августың жиырма үші күні, түнгі сағат он бірде сіздікіне... Прокурор. Қорғаушы мырзаның куәнің аузына сөз салуына мен наразылық білдіріп... Памэла (сандырақтаған адамша, жылдам). Жиырма үші күні дәл сағат он бірде екенін мен өзім да жақсы білемін, өйткені... өйткені Жюль Руссо мырза ертеңіне жиырма төрті күні ерте тұрып, біреумен жүз көрісемін деп айтқаны бар...
Дюпре. Сөйтіп, сіздер жаттыңыздар ғой...
Памэла (шетке қарап). Не деген тергеу! (Естіртіп.) Йә... түнгі сағат он екінің шамасында! Прокурор (президентке). Рұхсат етіңіз? (Памэлағa.) Айыпкермен бірінші ретте қай жерде жолықтыңыз?
Памэла. Болевильдегі «Ғашықтық аралында»...
Прокурор. Ол қандай компанияда болды?
Памэла. Ол жағын байқамадым.
Прокурор. Сіздің алдыңызда саяси тақырыпта сөздер сөйленді ме? Өйткені олар сізден ешуақытта қауыптанбаған ғой... Памэла. О!.. «Ғашықтық аралында» саясатқа жол жоқ, прокурор мырза... Егер өзіңіз онда болған болсаңыз...
Жұрт арасында күлкі, дабыр-дұбыр дауыс
Тереза (жұрт арасынан). Aha... Басыңа тиді ме, бәлем!.. Жаса, Памэла!
Жюстен. Тереза, сен өзіңді қалай...
Президент (жұртқа). Егер бұндай тәртіпсіздік тиылмаса, мен залды босаттырамын.
Жюль. Мен... куәге бірнеше сауал беруге болуын талап етемін... сұраймын... Президент. Рахым етіңіз!.. (Памэлаға.) Памэла Жиро, бері қоршауға таман жақындаңыз! (Жюльге.) Куәге сіздің не айтқыңыз келеді? Жюль (қызып). Менің айтайын дегенім... Менің оған айтайын дегенім: біздің ғашықтығымыздың бүйтіп кірлеуіне, өз басым мұншама масқаралауына... Мен үшін өзін аяқ асты етуіне мен ықтияр емеспін (Қызға.) Памэла! маған бұндай құрбандықтың керегі жоқ! Өзіңіз түсініңізші... Егер мені соттап жіберсе, менімен бірге сіз де құрисыз!
Памэла. Жоқ, сіз құрымайсыз!
Жюль. Олай болса — мен сізге ант етіп, айтамын.
Памэла (оның сөзін бөліп). Жоқ, жоқ айтпай-ақ қойыңыз! (Трибуналға.) Мүмкін, бұл мені аздап жақсы көрген шығар... Мен сықылдымен... жақын болуы... оған ұят қой...
Президент (Жюльге). Сіз не айтпақшы болып едіңіз?
Жюль. Менің айтайын дегенім... Памэла (оған, ақырын). Жюль... Жюль... Жюль. Менің айтайын дегенім... мен бұған үйленем деп уәде беріп ем... Памэла. Сіз... Сіз бе?! Міне қызық! (Күлуге тырысады.) Оған сену үшін есуас болу керек! Мұндай сұлу, бай, жас жігіт мен сияқты гүлшіге!... (Оған). Жоқ, жоқ, мырза, сіз маған ешқашан да өйдеп уәде берген жоқсыз... Шынын айтқанда, бұл жөнде сіз адал адам болатынсыз! Және... қалыңдығыңыз бар ғой! (Оған жақын келіп, ақырын). Егер сіз болмасаңыз, мен өлем...
Президент. Куә, айыпкерге сіз не сыбырладыңыз?
Памэла. Мен оған... Жозеф Бинэге тұрмысқа шығамын дедім...
Президент. А... Жозеф Бинэ! Ол әлгі керекті бір мәселе жөнінде сотқа өзін шақыртуын сұранған жігіт қой... Біз қазір одан жауап аламыз. Куә, сіз отырыңыз. Еш жаққа кетпеңіз.
Памэла Жиро куәлар отырған жерге ата-анасының қасына барып отырады. Дюпре (президентке). Рұқсат етіңіз? Менің трибуналға ескертейін дегенім, әлде Жозеф Бинэ қыздың күйеуі болатын болғандықтан... өздерінің арын сақтау үшін... Памэла Жироның айтқандарын теріске шығармақ болуы да мүмкін... Президент (бөліп). Жақсы... Жақсы оны ескерерміз. (Сот приставына.) Жозеф Бинэні шақырыңыз! Сот приставы куәлердің бөлмесіне жақындап: «Жозеф Бинэ» деп дауыстайды. Жозеф кіреді. Жұрт ішінен: «қызық жігіт екен» «Оған жасау берем депті ғой». «Ақшаның исі жоқ» т. б. дауыстар естіледі.
Графиня де - Верби. Міні оған осы жігіт лайықты!
Верби. Ол өзі жарымес, жәркелеш, мен оны білемін!
Руссо мырза. Бұл біздің жұмысты бүлдіруі мүмкін!
Руссо ханым. Осы сенімсіз бола ма деп қорқам...
Президент. Сіздің атыңыз?
Жозеф. Жозеф Бинэ.
Президент. Жасыңыз каншада?
Жозеф. Жиырмада.
Президент. Не тіршілік істейсіз?
Жозеф! Үй қабырғасын өңдеуші шебермін, айтуға болатын болса... Білсеңіз, мен қалай мектепті бітірдім...
Президент (оның сөзін бөліп). Сотқа не айтпақшы едіңіз?
Жозеф. Бәрін де... бәрін де... Мен қалай мектепті бітіріп...
Президент. Жоқ, оның керегі жоқ, іс жөнінде ғана айтыңыз.
Жозеф. Мен де соны айтайын деп тұрмын... Қалай мектепті бітірдім...
Президент (айғайлап). Жаным-ау, мынауың бұл іс жөнінде емес, түсінсеңізші, тек осы іс жөнінде ғана айтуыңыз керек... Жозеф. Мен де осы іс жөнінде-ақ айтып тұрмын ғой! Менің мектепті бітіріп шыққаным өзім үшін өте керекті...
Президент. О, құдайдың құдіреті! Ал айта беріңіз...
Жозеф. Сонымен, ол былай... Мектепті бітіріп үй өңдеуші шебер болғаннан кейін, тәрбиелі, күнәсіз қызға үйленбек едім... Бірінші мақсатыма жеттім, ал екіншісі өңінде... мына...
Президент. Сонымен, сіз мұнда келгенде тек...
Жозеф. Әрине, тек Памэла үшін ғана... Мен өзім сүйетін күнәсіз қызды өтіріктің, алдау-арбаудың торынан босатып алу үшін... (Жұрт арасында қозғалыс байқалады.) Йә йә... (Жұртқа.) Үйшені ол сіздердің талайларыңыздан артық, талайларыңыздан қымбатты!
Жиро (жұрт ортасынан). Әрине!
Дюпре (қанағаттанып). Басқа сұрағым жоқ.
Прокурор (президентке). Рұхсат етіңіз? (Жозефке.) Күнәсіз қызды өтірік өсектің торынан құтқарып алмақпын деп өзіңіз айтқан жоқ па едіңіз, куә. Ал енді өзіңіздің айтқаныңызды өзіңіз неге өзгертесіз? Жозеф (жайбарақат). Қалайша сіз мені түсінбейсіз, прокурор мырза. Памэла менің әйелім болатын болған соң, ол қайтып өтірік айта алады?
Прокурор. Онда сіз өтірік айтқан екенсіз ғой?
Жозеф. Мен бе? Қашан?
Прокурор. Немене, қасақана есуас бола қалдыңыз?
Жозеф. Мен қасақана ештеңе істеп тұрғаным жоқ! Құдайдың мені ақылмен сыйламай, алтын жүрекпен сыйлағанын барлық ел біледі!.. Ол сый бәрінен де қымбат...
Прокурор (қолын үмітсіз сермеп). Басқа сұрағым жоқ.
Президент. Куә, сіз енді боссыз! Куәлардан жауап алынып бітті. Енді сөз қорғаушы мен қаралаушыға беріледі.
Прожектордың сәулесі.
Прокурор. Судья мырзалар! Король, заң, тәртіп— барлығы да менің айыпкер болып, ауыр міндет атқаруымды керек қылады. Біз, мынау алдымызда тұрған айыпкердің жүзінен бүкіл Францияның ұлы атағын жоятын анархияны көріп отырмыз. Ал, оның куәсі Памэла Жиро болса, оны ақтап, әділ соттың мұндай адамдарға салатын тыйымын тоқтатпақ. (Памэланы нұсқап.) Мынау әйелге сенбеңіздер, бұл әйел қара халықтан шыққан! Бұл әйел өзінің ғашығын қорғап қалу жолында құдайдың өзін де алдап кетуге дайын.
Прожектордың сәулесі Дюпреге түседі.
Дюпре. Жоқ, судья мырзалар. Бұл әйелге сенуге болады. Ол мұнда келгенде, ғашықтық жүрекпен махаббат үшін келіп отырған жоқ. Ол өзінің өмір таршылығынан, бір тілім нанға бола келіп отыр! Осы отырған бәріміздің де, кешірерсіз, прокурор мырза, жас кезімізде, үйлі болуға үміт қойып жүргенде, ғашықтыққа үйреткен жарлы гүлші, немесе тігіншілеріміз болмап па еді? (Сот мүшелерінің естеріне түсіп, жымыңдасады, президент өзінің дәреже орнын ұмытып кетіп: «Рас, рас» деп сыбырлайды да, маңғазданып қасқа басын сыйпалайды, және соттарға ала көзімен бір қарап қояды. Сот мүшелері тым-тырыс қата қалады.) Және сол бишараларға ескерткіш етіп (саусақтарын ойнатып.) Бірдеңелер бермеуші ме едік? Я, судья мырзалар! Өмір деген осы! Монархияның жаулары Францияның ошағын қирату үшін қылыштарын жалақтатқанда, бұл әйел соған құшағын ашқан. Оның кінәсі жоқ. Ол айыпсыз!
Президент. Айыпкер, сізге ақырғы сөз беріледі.
Жюль. Судья мырзалар!...
Памэла. Жюль!
Жюль. Мен сөйлеуден бас тартам...
Президент. Сот мәжіліске кетеді.
Судьялар кетеді. Халық топ-топқа бөлінеді.
Руссо ханым. Күтуден!.. жаман нәрсе жоқ...
Верби. Тынышталыңыз! Баланы ақтап шығарады.
Руссо мырза. Оны Памэла құтқаратын... Және анау ақымақты да алғыстау керек...! Графиня де-Верби. Не үшін? Осы сықылды қыздар жұртшылық пікірене мән бермей ме еді?
Руссо мырза. Солай ғой, дегенмен...
Руссо ханым. Егер Жюльді ақтаса, мен Памэланы құшақтап қысуға бармын. Балам үшін мен оны істей алам.
Памэла. Рахмет, Жозеф!
Жозеф. Памэлам!
Памэла. Бұл мүмкін, менен көрі сізге ауырырақ тиген шығар.
Жозеф. Жоқ, жоқ, мен сіздің қандай екеніңізді... білмейді дейсіз бе... нансаңыз мен мұнда ол үшін келгенім жоқ. Сізді көріп, сөзіңізді естіген соң-ақ... Памэла. Мен сөзімді жұтпаймын, Жозеф. Бірақ білетін шығарсыз... мен жалғыз оны ғана сүйемін... Жозеф. Сізді шын ғашықтық қана еріксіз көндіргенін мен білмейді ғой дейсіз бе... Мүмкін оны бір жаққа жіберер, сонда ғана сіз...
Памэла. Жоқ, мен оны ұмыта алмаймын...
Жиро. Мен осы үкімді өзімді соттап отырғандай күтіп отырмын!
Жиро ханым. Алайда, Памэла біз жөнінде бұлай демеуі керек еді... Мен де ғашық болып көргем...
Жиро (жөтеледі). Кхе-кхе...
Жиро ханым. Йә білемін...
Жиро. Ал, сонда ол...
Жиро ханым. Ол, күнәсіз сәбидей...
Жиро. Онда сөз бар ма!..
Жиро ханым. Жоқ жерден біз туралы айтудың...
Жиро. Өшір үніңді, кемпір!
Жиро ханым. Жиро... тағы ұмыттың ба?
Жиро. Ендеше сен... ештеңе, ештеңеге де түсінбегенсің! Қалай істесе де Памэланікі жөн! Жөн болған соң ол солай істеді! Онда сөз жоқ!
Тереза (Памэлаға келіп). Сіз... сіз әкеліңізші қолыңызды!
Жюстен. Маған да!
Памэла. Бірақ мен неге екенін біле алмадым...
Тереза. Егер Руссо мырзаны мен де солай сүйген болсам...
Жюстен. Жарайды, жарайды Тереза...
Тереза. Мен де осылай еткен болар едім...
Памэла. Сіз оны білесіз бе?
Жюстен. Білгенде қандай... біз...
Сот приставы. Сот келе жатыр, тұруларыңызды сұраймын!
Сот мүшелері кіреді.
Президент. Айыпкерді кіргіз! (Жюльді алып кіреді.) Париж трибуналы, 1836 жылы, он бесінші октябрьде болған мәжілісінде істі қарап...
Памэла. Аһ! (Есінен танып қалады).
Жюль (тұрған жерінен). Памэла! Памэлаға не болды? Доктор шақырыңыздаршы!
Жиро. Қызым!
Жиро ханым. Қызыл гүлім!
Жұрт Памэланың маңына үймелеп қалады.
Жозеф. Су... су... Сорлы қыз өлуге аз-ақ қапты! (Сот столына жүгіріп барып, президенттің қолын қағып жіберіп, графиндағы суға ұмтылады. Су үкім жазылған қағазға төгіледі.)
Президент (Жозефке). Бұныңыз қалай?!.
Жозеф (жүгіріп бара жатып). Аһ, түкірдім бәріне! Памэла есінен танып жатқанда... Президент (приставқа). Куә қызды алып кетіңіз! Ал, ана арсыз немені желкелеп шығыңыз! Памэланы алып кетеді, онымен бірге Жиро қариялар да кетеді. Муниципалдың гвардеецтер Жозефке шық деп итермелей бастайды. Жозеф (гвардеецтерге). Е-ей, абайлаңыздар, әйтпесе мен де есесін қайтарармын (Кетеді.) Президент. Азамат Жюль Руссо туралы істі қарап, айыптау статьясының... (шетке қарап.) Айуан статьяның барлығын былғаған!
Верби. Зарықтырмай айтыңызшы, құрып кеткірді!
Президент. Қандай көргенсіз бұл айғайлаған?
Верби (алға таман барып). Бұл мен — Генерал де-Верби.
Президент. Е, бұл сіз бе едіңіз?.. Сізге не?
Верби. Ештеңе емес. Сіз сұрадыңыз, мен жауап қайырдым!
Президент (қолын сермеп). Жоғарыда айтылғандардың бәрін еске ала келіп, Париж трибуналы қаулы етеді — Жюль Руссоны айыпсыз деп табады. (Залдағылар қозғалады. Гвардеецтерге Жюльді көрсетіп.) Босатылсын!
Сот тарайды. Жюль әке-шешесіне келіп құшақтай алады.
Жюль. Әке! Апа!
Руссо мырза. Балам!
Руссо ханым. Ұлым!
Верби. Жігітсің, сенен жақсы солдат шығады!
Графиня де-Верби. Құттықтаймын!
Жюль. Графиня! (Нұрланып). Памэла... Памэла қайда? Мен жүгіріп барып келейін...
Руссо. Балам, бірақ...
Верби. Ақымақтық істеме, бала! Сенің қалыңдығың... (Құлағына.) Сенің мансабың... Жюль. Қалыңдығың?.. Енді бұл некенің қиылмайтын болғанын сіз қалайша түсінбейсіз? Мен Памэлаға үйленуім керек... Ол қыз мен үшін... Біздің махаббатымыз жолында...
Дюпре. Жаңа өзіңіз естідіңіз ғой... Қыз Жозеф Бинэге тиеді.
Жюль. Жоқ, жоқ, ол анау үндемесін деп қана айтты... Мен оны сүйем... Сүю жолында ештеме де бөгет бола алмайды... Мен кеттім. (Графиняға.) Графиня, кешіріңіз... Өзіңіз де көріп отырсыз ғой... Мен соған барам. (Кетпек болады). Руссо мырза (ақырын, Дюпреге). Бізге көмектесе көріңіз. Байлығымның жартысы... Дюпре. Тек бір ғана амал бар... Оған айтыңыз (құлағына сыбырлайды.) Сонан кейін маған сілтерсіз. Руссо мырза (оның қолын қысады). Рахмет сізге, кейін есептесерміз. (Ұлына.) Жюль, балам... Ол қыз сенің теңің емес. Біз оған, оның бүгінгі куәлік еткені үшін өзіне де және ата-анасына да он бес мың франк төледік қой...
Жюль (таңданып). Не... не дейсің әке?
Руссо (екі иығын көтеріп). Қайтесің?! Осылай етуге тура келді. Ол одан да кеп сұраған еді, кейін кемітті...
Жюль. Жоқ жоқ, ешқашанда! Сіз өтірік айтып тұрсыз, әке!
Руссо ханым. Қалқам, балам!..
Верби. Жюль балақай! Қалай батылың барып?..
Руссо мырза. Жамағаттар, ренжіспей-ақ қояйық! Ол қазір албыртып тұр! (Ұлына.) Егер маған нанбасаң, Дюпре мырзадан сұра; Қызбен сөйлескен сол...
Жюль. Сіз бе?
Дюпре. Мен. Ол қыз — өз пайдасы үшін ақылды көрінеді. Оның айтуынша: Сандвич аралындағы Жюльге ғашық болғаннан, ақшалы, ақымақ күйеуімнің болғаны артық дейді.
Жюль. Солай деді ме? Осылай деп-ақ айтқаны ма?!
Дюпре. Мен оған ақшаны беріп, сот алдында айтатын сөздерді жаттаттым... сонымен ол ұғымды шәкірт болып шықты... Онысына әділдік ету керек... Жюль. Ұсталар алдында оған жиырма мың франк тастап кетіп едім ғой?.. Оны сізге тапсырған шығар деймін? Дюпре. Маған ба? Ол ақша туралы естіп отырғаным қазір. Мүмкін, Руссо мырзаға берген шығар? Руссо мырза. Жоқ! Мен керек десе, сенің жаныңда онша ақшаның барын білгенім де жоқ!.. Жюль. Бұл не деген сұмдық! Бұдан көрі менің басымды кескені артық болар еді...
Руссо ханым. Қара халықтан шыққан қыздан не үміт етуге болатын еді, балам?
Графиня де-Верби. Сіздің соған сенім сақтап жүргеніңізге таңым бар.
Памэла, Жиролар қариялар және Жозеф кіреді.
Жюль. Осындай көзі бола тұрып!.. Ойы басқа екен ғой!..
Памэла (тез Жюльдің жанына келіп, оның қолын ұстап). Жюль!.. Жюль!.. Кешіріңіз... Руссо мырза! Мен сондай қуаныштымын! Қандай бақыт десеңізші! Жюль (қолын жұлып алып). Сахнаға... сахнаға шығыңыз... сіз — актриса екенсіз ғой, Памэла!
Памэла. Не айтып тұрсыз... Жюль!
Жюль. Анадағы сізге қалдырып кеткен 20 мың франк қайда?
Памэла. Құдай-ау! Осындай уақытта.
Жюль. Қайда ол?
Памэла. Ол менде жоқ... Мен оны...
Жюль (бұлқына). Келіскен!.. жиырма мың, ол жоқ! тағы әкем берген он бес мың...
Памэла. Маған... маған... сіздің әкеңіз?
Жюль. Барлығы отыз бес мың франк! Осы сотта көп-ақ табыс тапқан екенсіз, Памэла! (Өздерінің адамдарына.) Жүріңіздер, кетейік енді, бұл жерде бөгелерлік ештеңе де жоқ! Барлық топ шығуға бет алады. Памэла (жанталасып). Жюль... Жюль... қайтыңыз!.. Егер сіз қайтпасаңыз мен өлемін! (Жюльдер кетеді.) Мен құрыдым! (Орындыққа отыра кетіп, қолымен бетін басады.) Жозеф. Памэла!.. Мен қуып жетіп... оны күшпен қайтарамын..: Мен оны сүйреп әкеліп, аяғыңызға жығып, сізден кешірім сұратамын! Жиро. Мен өз қолыммен оны буындырып өлтірем... Бұзылған!.. Қалай ол!.. Жозеф! Жүр!.. Біз оны қайтарамыз! Қайтара алмасам мені қарғыс атсын!..
Жозеф екеуі есікке қарай жүгіреді.
Памэла. Қайтыңыздар! Керегі жоқ... Тоқтаңыздар, әке... Жозеф... Мен бұйырамын! Тілеп өтінемін... Аһ, ең болмаса, сіздер аяңдаршы мені? (Жылайды.)
Жиро ханым. Қызым! Сабыр ет!..
Жозеф (қайтып келіп). Мен сізді ренжітпеймін дедім, Памэла!
Жиро. Ал, келдім... Қойсаңшы енді, Памэла, жыламашы, әйтпесе, мен де жылаймын.
Жиро ханым. Сөйлеме, шал!
Жиро. Қойдым, қойдым, кемпірім...
Памэла (түрегеліп, бекініп). Жозеф, мен адал жар болам.
Жозеф. Жүрегім менің! Періштем менің!
Памэла. Ал сіздің де маған уәде беруіңіз керек...
Жозеф. Бүкіл дүние, керек болса айды, аспанды да!..
Памэла. Ешқашан да... ешқашан да біздің бұл адамдарға жолықпауымыз керек! Түсіндіңіз бе, Жозеф? Жозеф. Кішкене... кішкене ойлауға рұқсат етіңіз... Олармен ешқашан да дейсіз бе? Оны түсіндім... Ал жас Руссомен ше?
Памэла. Онымен де!
Жозеф (қуанып). Онымен де! (Памэланың маңында шыр көбелек айналып.) Аяқты қара... аяқты қара! Өздері билеп жүр! Құдай біледі! Тіпті тоқтата алар емеспін! Олар менен гөрі ақылдырақ болу керек... Бірден түсінді ғой.
Жиро. Сөзсіз!
Памэла. Кетейік.
Барлығы да есікке қарай басып, шығып кетеді. Діңгектің артынан Тереза мен Жюстен шығады.
Тереза. Ал біз қайда барамыз?
Жюстен. Егер кеш болып қалмаса... қала мериіне1 барармыз деп ойлаймын?
Тереза. Жоқ, ешуақытта да бармаймын!
Жюстен. Қойшы, Тереза...
Тереза. Мен сондай күйіндім... Мұрныма шейін қызып кетті. Жоқ, жоқ, бүгін емес!.. Жюстен. Аһ, сен мені жаман қорқыттың ғой! Әйелдер: «болымсыз нәрсеге» қарсылық етіп...
Тереза. Аһ, менің есалаңым! Бәрін есіттің бе?
Жюстен. Я, менің де айтатыным, бірақ сен маған ашуланба, біздің жас мырза...
Тереза. Ақымақ! Сен оның аяғына бас июге тиістісің...
Жюстен. Ол ненің ақысы?
Тереза. Ол мені бір-ақ минутте емдеп шығарды...
Жюстен. Қашан?
Тереза. Қашан ол батылы барып... қашан ол сұрап... қашан ол өзінің Руссо екенін білгенде! (Шетке қарап.) Сорлы Памэла!..
Жюстен. Ештеңеге түсінбедім! «Қашан ол, қашан ол...»
Тереза (күлімсіреп). Аһ, Жюстен, біз бақытты боламыз!
Жюстен. Ал... «Қашан ол» не болды?
Тереза. Қашан, ол — ол, олар — олар боп, ал мен және Памэла екеуміз біз боп шыққанда, мен сені түсініп... Жюстен. Көсегең көгерсін!.. Мен әйелге үйленген екем деп ойласам, тіл құралына үйленген екем ғой!.. Тереза. Оның несі бар, Жюстен, саған аздап білім алудың еш бөгеті жоқ... Жүр кетейік! Ертеңнен қалмай... Тіпті, кеш боп қалмаған болса, бүгін-ақ...
Жюстен. Ақырында түсіндім-ау! Жөнелейік!
Жүгіре жөнеліседі.
Шымылдық
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру