Арнау
Баубек Бұлқышев
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Жазу үшін көп білім керегін түсінген қаламгер қаһарман халықты, жастық дәуренді жыр етті. Ақынның жауға қарсы қарумен бірге жұмсаған қаламы да еш кетпеді. Саналы, азат өмірді аңсаған әр азаматқа рух берді. Өлеңдерімен өмірді жырға қосты. Отанға деген кіршіксіз махаббатын қаламына арқау ете отырып...
(Пушкинге)
Төгілткен тәтті жырды шырын балдай,
Безенткен қиял кұсын шешен таңдай.
Жаныңа жырыменен рух берген
Па шіркін, жан сүйдірген ақын қандай!
Нәзік жыр жүрегіңнің қылын шертіп,
Әкетсе асылдайын тартып, ертіп,
Кең айдын жаңа дүние алабында,
Қол созып тұрғандайсың көкке жетіп.
Өнерлі қызыл тілден шашылып нұр,
Құйылса жүрегінде сырлы асыл жыр.
Сол жанға, сол шешенге, сол ақынға
Қалайша қалар сонда сайрамай тіл.
Жас бала тәтті жырдың дәмін татқан,
Туған ұл Октябрьдей таңда атқан.
Арнасын ұстазына жаңа жырын
Біржанша күйді толғап, түптен тартқан.
Июнь, 1939
ҰЛЫ АҚЫН
Ақсұңқар алтын топшы жерге құлап,
Талпынбай, торға түсіп жатты сұлап.
Өр кеуде еркіншілік жол іздеген
Тұра алмай ұлы өмірге түптеп шыдап.
Зарланып жатты ардагер қаны қайнап,
Күйініп екі көзі оттай жайнап.
Жауға оқ, досына бал шешен тілін
Шерте алмай, торға оралды сұңқар зарлап.
Ағарған алтын таңға қиялданған,
Сондықтан ұлы өмірге сыя алмаған.
Ақсұңқар, торға түскен Тарас сенің!
Ардагер, асқан ақын, асқар қыран,
Ақын Тарас, құлақта сенін үнің,
Бағаланды елімде сенің жырың.
Алтынменен атыңды әшекейлеп,
Тарихқа «Ұлы ақын» деп жаздық бүгін.
ТӘТТІ ЖЫР
Абайға
Аузымда тәтті дәмі бар
Шекер-балдай бір жырдың
Жүрегіме құйылған,
Түсінем білем мен сырын.
Тілге жеңіл тамаша
Жүрекке майда нәзік үн,
Рух берген жаныңа
Шұғыла шашқан құсап күн,
Алтындаған сара сөз
Тамылжыса балдай боп,
Жанына әсем нұр берсе,
Жазғы атқан таңдай боп.
Сол тәтті жыр дүкенін
Араламай, кезбей не?
Жырдың терең жырларын
Оқып, біліп сезбей не?
Аузымдағы тәтті жыр,
Абай жыры шекер-бал.
Миллион жылдар мәңгіге
Төгілмес, өшпес кетер бал.
Июнь, 1939 ж.
ЖАМБЫЛҒА
Алтын ғасыр Гомері Жамбыл ақын,
Сен ақынсың, ардақтап сүйген халқың.
Сен ақынсың, көсемге теңеу тапқан
Келтіріп тіл өрнегін, сөздің салтын.
Жасың — қарт, рухың — жас, жырың — бұлақ,
Тілің — бал, тыңдағандай қанбай құлақ.
Кеудеңнен күй сандығы әнге басад,
Егерде қояр болсаң кілтін бұрып. •
Жүлде алған Кремльден өрен жүйрік
Ән салған тәтті үнмен тілді үйіріп.
Қол соғад ұрпақтарын орденіңе
Құттықтап, қошеметтеп сені сүйіп.
1939 ж.
ПИОНЕР, АЛҒА!
Арыстандай айбатты,
жас пионер!
Ұмтыл алға, қарышта,
жайнап жігер.
Винтовка ал қолыңа ақ семсермен,
Болат нарком Климнің
соңына ер.
Қайырмасы:
Пионер, ұмтыл алға,
Отыр да бомбовозға,
Ұш көкке самолетпен,
Қолыңа винтовка ал да.
Бас аяқты ілгері командамен,
Бақытты елдің берік бол,
бөбегі сен!
Жерде танкі, қару ап,
Атты - жаяу,
Қапта көкте, болат күс—самолетпен,
Қайырмасы.
Бомбовоз көкті жарып гүрілдесін,
Теңізде линкорларың дүрілдесін,
Олардың капитаны, комиссары
Жас бөбек, — миллион халық,
сендер десін.
Қайырмасы.
Пионер, меңгер, меңгер
соғыс күшін,
Талқанда, қарсы шапқан
жаудың күшін,
Қажымай, қажырлана
қызмет істе,
Ел үшін, партия үшін,
бақыт үшін!
Қайырмасы
Июнь, 1939 ж.
ОҚУШЫ ЖЫРЫ
Мектеп, сені сүйем мен,
Аялаған анамсың.
Ақ сүтің — маған оқуың,
Деп берген көңілің
ағарсын,
Баурында анамның,
Еркелеймін,есейем.
Еліме ертең білімнен
Бітіріп шығып нұр себем.
Қуанады жүрегім,
Мектепті әлі бітірем.
Бәйшешектей гүлдеген
Мен қызыл гүл, мен берен.
Мен жас ұлан, мен ерке,
Көңілімде көзім бар.
Мектеп көрген жаспын мен
Ұяты бар, ары бар.
Оқыған сайын жоғары
Шыңға өрлей беремін.
Қанша оқысам соншама
Маңайымды көремін.
Сентябрь, 1939 ж
ЕР ЖЕТКЕНДЕ
Ер жеткенде есейіп,
Ер болмасқа немене!
Ерке өсіп, білімді
Кен болмасқа немене!
Өткір алмас болатқа
Тең - болмасқа немене!
Сары алтындай салмақты,
Сірә, саспас сабырлы,
Кең болмасқа немене!
Уралап айқай салғанда,
Алтын шашақ қызыл ту
Қолға алмасқа немене!
Жарқылдаған ақ семсер,
Аспаһанды, тарланды
Жолға алмасқа немене!
Қарсы келген жауыңды,
Қаһарыңмен үйіріп,
Торға алмасқа немене!
Айбатыңмен арбасып,
Айқасып жаумен қалғанда,
Қылпып тұрған қылышты
Сонда алмасқа немене!
Осы істерді істемей
Ер жеттім деген ерлердің,
Сөзіне кісі сенер ме?!
Сентябрь, 1939
ОРЫНДАЛҒАН АРМАН
(Украина, Белоруссия халқына)
Шұғыла шашқан Мәскеуді
Ана етуге өмірге,
Жер жүзінің жастары
Арман еткен беріле.
Жүрегінде олардың
СССР деген сөз бар-тын.
Сарғайып оны сағынған,
«Сабыр түбі - сары алтын».
СССР,
Мәскеу,
Кремль!
Сағынғаны көп ердің.
Әсіресе сағынған
Польшадағы бауырлар.
- Қашан атар алтын таң,
- СССР - ға қосылар!
- Қашан атар алтын таң,
Ерікті ерке ел болар!
Қараңғылық серпіліп,
Қашан деген, шам жанар?
Міне, бүгін атты таң
Польшадағы бауырға
Ұлы Мәскеу бақытпен
Шашты оларға шұғыла.
Кұттықтайық жаңа елді
Қуанғанда халықтар,
Қарсы алайық қол соғып,
Кел, балалар, балалар!
Сентябрь, 1939 ж
БАТЫР
(Твардовскийше)
Жер жарған атағынан батырлардың
Әлемге шықты бір ат жайып даңқын,
Сол атты өзімсініп, әрі ерекше,
Атайтын барлық халық ардақтайтын,
Біз оны шын жүрекпен сүйіп едік.
Ол өзі жаттығы жоқ еді елдік.
Шын дос, ардагермен араласып,
Бірге ұштық, бірге дәмді ішіп жедік.
Батырлық жігерімен ұнасымды,
Пилот ед елімізге шыққан даңқы.
Күн түгіл, сағат түгіл, жылдар түгіл,
Ғасырлар кете бермек бұл атағы.
Бұл даңқ жарып шығып ескі аңызды,
Көкке өрлеп, жүз жыл түнек бұлтын бұзды
Сөйтіп кеп ертегіден ертедегі,
Сырылып шын істе даңқ тапты оны.
Жас түлек алға ұмтылсын, өсе берсін,
Ескерткіш ұлы пилот ісі үшін.
Алмастай өткір ерлік атыменен,
Мұзбалақ чкаловша көкті сүйсін.
Декабрь 1939
САБАҒЫМДЫ БІТІРДІМ
Сабағымды бітірдім.
Лагерьге енді барайын.
Оқып көркем кітаптың
Тәтті дәмін алайын.
Самолетке отырып,
Жұлдызша көкте ағайын.
Естісін әлем сүйсініп,
Мотормен ән салайын.
Шешек атсын қызыл гүл,
Мәпелеп сылап бағайын.
Иісі қандай тамаша,
Кеудеме сәндеп тағайын.
Тоқта, әй, жолдас! Тұра тұр!
Бейнеңді қазір түсірем.
Қазір даяр болады,
Қалмайды бес минуттен.
Шекарадан жауды ұстап,
Келемін байлап жетелеп.
Аузында нәгән күшігім,
Айдап келед төпелеп.
Химияның ғылымын,
Сүйіп сонша оқыдық.
Міне ұшырдық, жазда біз,
Ауаға шарды толтырып.
Шарықта, үш көкке шар!
Механигің біз балалар.
1939 ж.
МЕДАЛЬДІ ОВЧАРКА
Үлкендігі тайыншадай,
Бір аң тұр үлкен көрмеде
Сирағы бейне бағанадай
Неткен үлкен зор - дене.
Жолбарыс па жүректі,
Жауымен қайтпай алысқан.
Көрінгенмен керісіп
Шайнап, турап қарысқан,
Бойына күшін жинаған
Арыстан ба әлде айбатты,
Кекті жауын жайлаған,
Күш тәңірі қайратты.
Жоқ, аң емес, овчарка,
Бұл адамның шын досы,
Өтпек болған жауларды
Ұстаған қырғи тап осы.
Шекарада күзетте,
Бірге болған ерлермен,
Алтын медаль алған ол,
Көрдім оны көрмеден.
1939 ж.
ЖҰМБАҚТАР
Баласы бар жүз мыңдап,
Сүтсіз бірақ емізед.
Мұндай ана көріп пе ең?
Өмірге шексіз тым керек.
Алдында бұлбұл сайрайды,
30 шақты үйректің.
Үйректерді аялап,
Деп отыр ол үйреттім.
ҚЫРАН
Алтын топшы тау қыраны,
Шыңда қалқып, тауда ұшты,
Шықты шарлап, көкке самғап,
Көк тәңірі күнді құшты.
Күнді құшты, бұлтқа ұшты,
Бұлттан биік көкке ұшты,
Көктен биік көтерілді,
Көкте ізі жол боп түсті.
Алтын топшы тау қыраны,
Көкке орнаған шың боп тұрды.
Шоқтығынан күн көрініп,
Күн сәулесі төкті нұрды.
Шұғыла шашқан шапағына,
Бар әлемді шомылдырды.
Сол нұрлы күн аясында
Көк, қыранға тәжім қылды.
Көк тәңірі мұзбалақты
Көк те білді, күн де білді,
Ай да білді, түн де білді.
Барлық әлем басын иді.
Барлығы да оны сүйді.
Бұлдыраған бұлттан көрдік
Бізді сүйген тау қыранын.
Бізде сүйдік, бізбен бірге
Жақты әлем шам-шырағын.
Әне қарашы оныменен,
Бірге жүрек соғуларын.
Жаны, тәні бірге болып,
Сүйсінуін миллион жанның.
Күн сөнбейді шұғыла шашқан,
Қанат қаққан қыран да алда,
Болат мотор гүрілдейді,
Әнге басып күнде таңда.
Күн сенбейді қыран көкте,
Қыран болат самолет те,
Қиқу салып барады өңі
Мың миллион жас бөбек те.
Көкте түзу проспекті,
Валерийдей батыр салған.
Көтерілген жас бөбекке,
Тарихи жол мәңгі қалған.
Валерийдің ұрпақтары,
Жас түлектер, жас қырандар
Көкке беттеп, кетті ұшып.
Көкте қыран салғам жол бар.
Жас қырандар талпынды да,
Ұзақ сапар күнге ұшты.
Валерийдей тау қыраны,
Оларменен бірге ұшты.
Декабрь 1939 ж.
ҚОШ, ҚОС ҚЫРАН!
Мұзбалақ, алтын топшы қос қыраным,
Айрылып қапылыста қайғыландым.
Булығып, жас жүрегім қапаланып,
Қазасы қажытады бауырлардың.
Сендер ең ардагерім, ақ иығым,
Меңгерген батырлар ең көктің сырын.
Советтік жаңа заман ұшқыштары,
Жас түлек, ақ сұңқарым, қырандарым.
Мезгілсіз қинайды өлім жасты жалын,
Бірге еді сендерменен менің жаным.
Жарыққа аттанғанда ертеңгі күн —
Полина, Анатолий болар әнім.
Қос қыран, қос геройым, қош болыңдар,
Жүректе сақталарсың миллион жылдар.
Тарихта шұғыла шашқан алтын нұрлы,
Жазылған өмірі өшпес аттарың бар.
ЖАУЫНГЕР
Заман ұлы жауынгер
Сай келген нағыз өмірге.
Жігері бар, күші бар
Өткір алмас болаттай,
Ерімес, ерір күнінде.
Сапқа тұрған оқтай боп
«Алға, алға! - деген, — кідірме».
Оған егер көз салсаң,
Айға шапқан арыстан
Айбатты емес, ірі емес,
Жарқылдаған нажағай.
Күннің қатты гүрілі
Айтарлықтай түк емес.
Қарсы келген қарысып
Кандай қайрат, қандай күш
Оған, сірә, жүк емес.
Жауынгер болу — бұл бақыт
Жас ұрпақ, есей, шынық, өс!
Сентябрь 1939 ж
СУ СҰЛУЫ
Гүрілдеп тәкаппар су тулап, тасып.
Шайқалып арнасынан лықсып асып,
Түнерген, тор жамылған түн ішінде,
Булықты, ашуланып асып-сасып.
Тулаған толқын толқып гүрілдейді,
Басқа ызың су үнінен білінбейді.
Толқындап иреңдеген асау арда,
Қыз емшек шықпай асып дүрілдейді.
Көпіріп көбік шашқан бура құсап,
Булығып, арпалысып, буып тұсап,
Артыла иығынан бір-бірінің
Бұралып, асып келіп, жайып құшақ.
Түнерген тас қараңғы түн ішінде
Тасқынға келдім төніп су ішуге.
Керемет долы толқын көкке шапшып
Тым ірі екен ерсі өз күшінде.
Еңкейіп, суға ұмтылдым ішпек болып,
Алмаққа сусап келген, қанып тойып,
Алдымнан сонда бір қыз қарсы шығып,
Жүректі тітірентті түсі суық.
Жүрегім суылдады пері ме деп,
Қашаннан ғашық болып жүрген іздеп.
Дегенмен күлім қағып сып-сыпайы,
Мезетте денесіне киді желек.
1939
АЛТЫН БҰЛАҚ
Суы бал, түрі көркем алтын бұлақ,
Көгі күн, негізі өмір жанған шырақ.
Кіршіксіз кристалдай сыры терең,
Өмірдің кілтін соққан астам шындап.
Миллионды алтын бұлақ сусындатқан,
Миллионды. шынықтырған, ол жаңартқан
Миллионды шат тұрмысқа кенелдіріп,
Бал бұлақ, балбыраған, бал боп аққан.
Күміс ай, алтын күннің көркі сонда,
Асқан күш, арда ерлердің серті сонда.
Жеңімпаз алға ұмтылған адамзаттың,
Азаттық, алып күші, еркі сонда.
Алтын бұлақ Ленинизм бұлағы ол,
Сәулетті, сәнді өмірге ашқан сол жол.
Сол бұлақтан сусындап халқым менің,
Күннен асып Марсқа созып тұр қол.
Нұр жауды сол бұлаққа Кремльден,
Қас батыр, тау қыраны данышпаннан,
Елімнің еш өшпейтін тарихына,
Ғылыми қосылды еңбек алтын сөзбен.
Халықтың махаббаты сонда парлап,
Құйылды Кремльге тым тасқындап.
Қазақтың қара көзді жас баласы,
Үнімді мен де қостым көсемге арнап.
ҚҰТТЫ ҚОНАҚ
(Толғау)
Домалақ жер шарымен
Шыркөбелек айналып,
Келе жатты қарт адам
Қолында айна толғанып.
Қолындағы айнадан
Көрініп оған бар әлем,
Көрініп жердің жартысы
Шұғыла шашқан күнменен.
Дөңгеленіп жұмыр жер
Зыр жүгіріп ұршықтай,
Басылмай мауқы қарт келед
Күнді айналып бір шықпай.
Айнасын салып жан-жаққа
Жасарғандай кәрі шал.
Қарт бетіне қарасаң,
Бетінде терең сыры бар.
Сөйтіп келе жатып ол
Бір бақша көрді алыстан.
Бақшадан көрді шұғыла
Аспанда күнмен шағылысқан.
Күмбезделіп күптелген
Алтынменен бағаны,
Шоғына күміс жалатқан
Сұлу бақша бағалы.
Бақыт нұры шашылып,
Жан жағына тараған.
Өмірдің алтын ордасы
Көз тігіп ғалам қараған.
Неткен бақша екен бұл?
Деді қарт сөйлеп өзіне.
Құлпырған нұрға таңданып,
Елестеген көзіне.
Бақшаға сөйлей келіп ол
Қақпаны қақты ақырын.
Таң қалып тұрды бақшаға,
Жеткізе алмай ақылын.
Дүние кезген қонаққа
Ашылды болат дарбаза.
Шыға келді алдынан
Әскери форым бір бала.
- Жақсысыз ба, ата - еке!
Жансыз қайдан келе жатқан,
Кімді іздеп жүрсіз сіз,
Іздейсіз нені, бұл жақтан?
- Алты ай жүріп келемін.
Шырағым, балам, құлақ сал.
Ғасырлар бойы жол шеккен,
Мен бір қонақ кәрі шал.
Бармаған жерім жоқ менің,
Қыдырып келем әлемді,
Ызғарың қатты дейді де
Алмайды көбі сәлемді.
- Білдім, ата, жөніңді.
Отыр күтіп жұртшылық
Сізді күтіп тұр дайын.
Ойын-сауық тым қызық.
Мен семсері елімнің
Еркесі қызыл қыраны.
Бастырмайтын суық қол.
Жанмын бір тұрған қырағы.-
Сөйлесуге сізбенен
Ақын қазір келеді.
Елімнің жай жағдайын
Сол айтып толық береді.
Бақшада жүрген жас ақын,
Кесте іздеп керім өлеңге,
Келіп қалды қақпаға
Қонақ тұр күтіп дегенге.
- Сәлемат па, қарт ата!
- Жақсысың ба, қарағым!
Ат-жөніңді айт, және де
Бақшаңа таң қаламын?
- Баласымын қазақтың,
Қара көзде нұры бар.
Бұлбұлымын халқымның,
Аузында балдай жыры бар.
Ақынымын елімнің
Тілімнің жүйрік желі бар.
Еркесімін елімнің
Кеудемде жырдың кені бар,
Мені көр де елімнің —
Еркелеп өскен ерін көр.
Мынау тұрған кең бақша
Көз тартқан күннің көгінен.
Елімнің сырт бейнесі
Нұрын төккен өңінен,
Ішіне кірсең жайнаған,
Жиһазымды кересіз.
Жиһазды көр де, жұртым көр!
Бақшамды жүрсең аралап,
Кесек-кесек сары алтын,
Кеміріліп атқан сыртына —
Ақ алтынды Алтай бар,
Алтайды көр де кенім көр!
Одан әрі асқанда
Қара алтындай көмірі
Тұтасып жатқан асты бай,
Таусылмастай көмірі.
Қара алтынның анасы,
Алыптардың бабасы
Қарағанды базым бар.
Базымды көр де белім көр!
Одан әрі асқанда
Қорытылған қорғасын,
Балқып жатқан баһардай,
Құшақ-құшақ өнімі.
Қабат-қабат салынған,
Мысалы жаңа шаһардай,
Туырылып тұрған кілегей —
Қаймағы қазір қатардан,
Ақ қалайы, қорғасын
Қорымды көр де таусылмас,
Оқтаулы тұрған оғым көр!
Одан әрі асқанда,
Қалыбына құйылып,
Қазанында толқыған,
Саудырап жерге төгіліп,
Айнымай сұлу шолпыдан
Қопарылған қойнынан,
Қазаннан жез қалқыған.
Жез атасы — Жезқазған
Жерінен жұпар аңқыған,
Жездіні көр де, жерім көр!
Шүмектеп майы құйылған
Ембіні көр де өнім көр!
Жер түгіндей жайылған
Малымды көр де жерім көр
Аймаққа көзің сал – дағы
Өмірдің шыңын, төрін көр!
Аңқылдаған ақ көңіл,
Ағаны көр де інім көр!
Қарындас көр де қара көз
Төгілген жібек айдары —
Бақытты жеңге, келін көр!
Еркелеп өсіп келе атқан
Жас ұрпақты көр – дағы
Көктемгі жердің көгін көр!
Халқымның соғар жүрегі
Мәскеу деген қала бар.
Астанам Қызыл Мәскеуім
Мәскеуді көр де өмір көр!
Тірегі бар елімнің
Инженері өмірдің
Шахтері әрі басшысы
Алтынның, күміс, көмірдің
Жаныма қуат әл берген,
Өмірге түр, сән берген,
Ұстазым бар лениншіл —
Ол көсемім ұстазым.
Аспандағы нұр шашқан
Бар әлемге күнім көр!
Қиялында халықтың
Ғасырлар бойы сақталған,
Рақат сөз — пейіш бар,
Пейішті көр де қиялдап,
Коммунизм шыңын көр!
Сол шыңға шырқап бет алған
Жеңімпаз істі елім көр!
Келед деп сізді көптен – ақ
Көңілді күткен елім бар!
Елкасын дайындап
Отыр бірге балалар.
- Түсіндім, білдім бұл елді,
Ақын балам, қарағым!
Жүр ал, шырақ жүрейік!
Елкаға барамын.
Қарт болғанмен, жасы ұзақ
Мен бір өлмес адаммын.
Коммунизм залында
Әлі-ақ қонақ болармын.
Десті де қонақ ақынмен
Қолтықтасып жөнелді.
Десіп жатты ел сонда
Бақытты Жаңа жыл келді.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру