Тəуелсіздікке тарту
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Е.А. Тілепбердиев
УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз 7-5 Т 29 Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі Ақпарат жəне мұрағат комитеті «Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылды Құрастырған: Е.А.Тілепбердиев
ISBN 978-9965-22-389-1
Қазақстан Республикасы Тəуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне арнап, Астана қаласы Мəдениет басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы бірлесе отырып, «Тəуелсіздікке тарту» атты тəуелсіздіктің асыл мұраттарын арқау еткен – азат Ақордасы Сарыарқа төсінде бой көтеріп, əлемге танылған Қазақстан мемлекетінің мəртебесін асқақтатқан, жаңа заманның жаңа тарихын толғаған топтама өлеңдерге, толғаулараға, поэмаларға мүшəйра жариялаған еді. Бұл жинаққа жүлделі орын алған жəне мүшəйра талабына лайық туындылар іріктелініп алынды. Тəуелсіздік тарихының қыр-сырын ашуға ат салысқан, көркемдігі жағынан да, ақындық деңгейі жағынан да биік, тəуелсіз қазақ мемлекетінің тарихына, поэзиясына қосылған еңбектер оқырмандарын қуантып, халқымыздың қазынасына айналады деп ойлаймыз. УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз 7-5 © «Қазығұрт» баспасы», 2012 ISBN 978-9965-22-389-1 Т 29 «Тəуелсіздікке тарту» Астана қаласының Мəдениет басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласы филиалы ұйымдастырған ақындар мүшəйрасы / – Алматы: «Қазығұрт» бас пасы, 2012. – 192 бет
Оңайгүл ТҰРЖАН АЗАТТЫҚ Үміт артып үміттерге Айдан ақ, Үсіп кеткен ымырттарға тайғанап. Желтоқсанның үстіменен жүгіріп, Азаттықты жеңіп алдық Ай-Қанат. Жеңдік! Бірақ... секілденіп төр өгей, Шаттық бізге келе қалмай телегей. Қара жерім жансауғалап баратты, Елім жатты төңкерілген кемедей. Азаттығын танымаған қоғамдай, Тұрдым, бəлкім, бостандыққа сене алмай. Даламызға келгенменен жүріпті ол, Санамыздың есігінен ене алмай. Азаттығың жеткен кезде үдеріп, Бəрі бірдей келмейді екен гүл өріп. Жұдырықтар аңдиды екен алыстан, Көрінбейтін саусақтарын жіберіп. Бақталастар аз емес-ті іргемде, Шындық жатты бұғып көңіл-түрмемде. Өзге дін кеп алып кетті талайды, Өз дініме тілім келмей жүргенде. Азаттығым, сенің таңың атқанда, Енді оларды сөз таба алман ақтарға. Өзге тілге өріс болып кетті олар, Қазағыма қазақ жетпей жатқанда. Жамауымен алдарқатып шоқпыт-күн, Тоқшылықтың келер сəтін көп күттім. Кете жаздап, кете жаздап құрдымға, Құлай жаздап қабіріне жоқтықтың. Құлай жаздап... бірақ сенім қаны аунап, əр қадамды, əр ізімді санауға ап,
тоз-тоз болған көйлегімнің ішінде, Азаттығым келе жатты алаулап. Көк Бөрімен кеткен көңіл тірі екен, Мыңжылдықтар іздеп мені жүр екен. Қалт-құлт етіп түрегеліп қарасам, Бейбарыстың тұлғасында тұр екем. Көз алдымда айқындалып ақ-қара, Жұмбақ əлем жұдырығынан сақтана, Мазарлардың мазасынан оянды, Томирис қыз сақтап қалған Сақ-дала. Бара жаттым күллі əлемдік төрге өрлей, Күліп тұрдым өзіме жан теңгермей. Жылап тұрдым Күлтегіннің алдында, Қарсы алдымнан Қағба шыға келгендей. Ұлы бабам – ұланғайыр киелі, Қара жерде қалған ізі жүйелі. Олар жазып кеткен ойдың салмағын, Зорға ұстап тұр əріптердің сүйегі. Ұлы бабам сөзін айтам бекемдей, Сезімінің нəрі – бал мен шекердей. Олар айтқан терең ойдың екпіні, Жердің шарын домалатып кетердей. Күлтегіндік ойдың шың-құз қиясы – Тас-кітаптың кепкен жоқ тас-сиясы. Тілім, ділім – солар жазып қалдырған, Рухымның Консти-ту-циясы. Тас-бабалар тас-көйлегі желбіреп, Азаттыққа бір керемет берді леп. Қуаныштың моншақ жасы қарап тұр, Көкбөрінің көздерінен мөлдіреп. Ғұламасыз жаһан да тұл, тал да тұл, Ұлы Абайдың ғаламына кел батыл. Ойларында орман жатыр Абайдың, Сөз бен сөздің арасында ел жатыр.
Бізді іздейтін дос көбейді жүздеп кеп, Көңіл бірақ жүз қуарды, жүз көктеп. Түсімізге енді Сəкен, Мағжандар, Өздерінің бейіттерін іздеп кеп. Іздеп кеттім, жылдар алдан ашылып, Ғасырларды шарлап жүрді жас үміт. Талайларды сақтап кепті бұл күнге, Жусандарым жүрегіне жасырып. Бұлт ішінен шыққан біз бір – Бала-Шың, Бала-Шыңды қорғай көрші, Алаш-үн. Астананы Бəйтерекпен бойлатып, Сарыарқаның хан көтердік даласын. КарЛаг жақтан қасіреттің иті ұлып, Көктемдері мəні кетіп, күй тынып, өр қазақты қан қақсатқан кеше бұл – үрейлердің қонған жері үй тігіп. Сол үрейдің орнын бүгін гүл еттім, Құрбан болған боздақтарды жыр еттім. Құлдық ойдан қашып шыққан санамды, Қобыланды жырына əкеп түнеттім. Сарыарқаның сал желген бұл даласы – Бүгінгі күн бара қазақтың Анасы. Қандай алыс Ақмола мен кешегі, дəл бүгінгі Астананың арасы. Жамбыл-жырдың өрлігімен алап-қыр, Бозоқтардың мыңжылдығын санап тұр. Зəулім үйлер заңғар-заңғар ойлармен, Жер шарының төбесінен қарап тұр. Сенің еншің мына тау мен мына жер, Еншісімен шыңдалар деп қыран ер, бапталсын деп бұл Қазағым бəйгеде, əлі шауып бара жатыр Құлагер. Жастар өсті арманының түсі аппақ, Кете алмастай оны ешкімнің мысы аттап.
Келбетінде жалындап тұр жас жігер, Махамбеттің жырларына ұсап қап. Қыздарым бар қара шашты, ақмаңдай, Жанарынан жаныңа нұр шашқандай. Сұлулығы Қыз Жібек пен Баянның сұлулығын қосқандай. Азаттықтың мұхит-мұхит аумағы, Қазақ деген елмен қайта лаулады. Жер шарының ендігінен енді де ол, Бойлығының тауларын да баурады. Құлдық ойды талқан етіп үміт-ой, Теңдік келді сəні бөлек, үні – той. Сөйлемдердің көшесінде Азаттық, Санамдағы сахнада ұлы той. Астанадан дүнияға тарап таң, Ұлы армандар, сен де енді қанаттан. Уысымыздан шығармаспыз енді біз, Азаттықтан енді айырма, Жаратқан!
ЖЕЛТОҚСАН-1986 Желтоқсанның шарасында, Тұнып тұрды қара шық. Адамдардың арасында, Көшелер жүрді адасып. Үмітімді таңдарым да, Тастағанмен аз-ақ қып. Бағдаршамның бағдарында, Жанып тұрды Азаттық. Талайларды құлы қылып, Талайларды торға алған, Балғасымен ұрып-ұрып, Орағымен орып алған,
Қызыл жалау қыдырыстап, жүретұғын Алаңда, Ұлы арманын ығына ұстап, Дауыл жүрді соғарға. Соқты дауыл. Дүбір кетті. Ұран болып ұшқан үн. Желтоқсанды дірілдетті, «Менің Қазақстаным»! Жер-дүние – қалш-қалш, келе жатты жан үптер, қара түнді қарш-қарш шайнап жеген танктер. Келе жатты екінді еніп: шыға келді көміп тер, қызыл жалау секілденіп, өрт сөндіргіш көліктер. Жігер едік лапылдаған, Жан-жағына шоқ тарап. Сөндірмекке атылды оған, Қара судан оқ борап. Шынында да өрт едік біз, Жалындаған от-кегі. Бабалардың серті едік біз, Серті едік біз өйткені. Оқ тиіп, қан жосылған соң, Қала алмады ой қалғып. Өрт пенен су қосылған соң, Цунамиге айналдық. Бар жігерін құйды уысына, Қайрат, Лəззат – балаң ер – Антиқазақ вирусына, Қарсы шапқан қарагер. Қуат беріп жан арманым, Алаңға үміт жүз келді.
Қара халық – қара орманым, Қолдап тұрды біздерді. Əнімізді жалғап кекті, Қосылды енді басқа да үн. Екпініміз шарлап кетті, Күллі Кеңес аспанын. Келіп тұрды баптауына, Ұлы күрес жалаулай. Балтық пенен Қап тауы да, Атқа қонды алаулай. Қуатты енді содан күттім, Көрсетіп жол жүлгесін. Жетпіс жылдық бодандықтың, Шайқап бердік іргесін. Білмей келген жасқанбақты, Бодандықтың сұр əні. Жұлдызы еді – бес тармақты, Бес жылдан соң құлады. Жиырма жылда тұнып шықты əн, Кетті елім көшелі. Біздің ұрпақ бұзып шыққан, Ұлы қамал осы еді. * Каспий күнге қыздырынып жатады, Тоңып қалған екен ғой деп ойлайсың. Каспий кейде қозғалмастан жатады, Өліп қалған екен ғой деп ойлайсың. Кеме көрсе, қуып бара жатады, Кеме мініп кетіп қалсам дей ме екен? Көз жасымен жуып бара жатады, Көкбөрі елге жетіп қалсам дей ме екен? Сағыныштан сапырылысып өрт үні, Кейде даусы ентігеді желем деп.
Кейде оның қарғиды асау толқыны, Алыстағы Алатауым көрем деп. Қарап жатып шағалалар көшіне, Тұтқиылдан тап беруін қоймайды. Бала кезі түсіп кетсе есіне, Толқындары Айды доп қып ойнайды. Жата қалып жұлдыздарды санайды, Көк Тəңірді жорамалдап табарға. Толқын сосын жүз бұрылып қарайды, Жағадағы жалғыз тұрған саған да. Сосын сен де сол толқынға жанисың, Теңіздейін өрілетін сөзіңді. Сонда ғана, сонда ғана танисың, Көкбөрі оймен толқып тұрған өзіңді. * Бозторғайдың əуенінен аспан ап, Жусан жатыр қырды жасыл шашқа орап. Бір келген соң кетпейтұғын ешқашан, Қара тастар – даладағы тас-қонақ. Тас-қонақтар ұйықтап жатыр оянбай, Өздерінің тау-мінезін баяндай. Біз де – қонақ бұл өмірге келетін, Бірақ сосын кетер аз-маз аялдай. Иə, біз де – қонақ, бірақ жолды іркіп, Қала алмаймыз. Рух жолын салдыртып, аттанамыз көз ұшында баратқан, бабалардан қалған ізді жаңғыртып. Кие – солар, замандарға төзген мың, Иесі олар сөнбес рух-көздердің.
Иесі олар сөйлемдердің бойымен, Қашықтыққа жүгіретін сөздердің. Мың ғасырлық қашықтық ол, жебе – мың, Толқынымен жарға ұрса да кеме-күн. Көз жазбауға, адаспауға сол ізден, Ақ қағазда суыт жүріп келемін. Жəркен БӨДЕШҰЛЫ АСПАННАН ЖАУҒАН ҚАЗАҚТАР (Тарихи дастан) Еріксіз түскен еңістен, Еркіңмен шыққан өр артық. (Абай) Кеңге салып арқаны, Дəніккен бал мен шекер жеп. Сұрадым байдан қалталы, Тəуелсіздік не екен деп? Байлық деді ол бөгелмей, Жуан қарнын бір сылап. Кедейлік, жоқтық көген ғой, Олар қалай жүр шыдап. Берлинді қалған мекендеп, Ел жаққа түріп құлағын. Бостандық деген не екен деп, Бір қазақтан сұрадым. «Бостандық – деді ол туған жұрт, Тал бесіктің құндағы. Демеңіз, мені, жүр қаңғып, Тағдырдың ісі бұл – дағы. Ішімде шер, күйігім, Сатқындық жоқ салтымда. Қарақұмның түйірін, Бермес едім алтынға. Тірліктің ісі тірі егес, Қауіпті емес ол да аса.
Байлық, мансап түк емес, Туған халқың болмаса». Салпаңдатып құлағын, Есек мінген тепеңдеп. Еріксіз құлдан сұрадым, Еркіндік деген не екен деп: « – Рахмет, мырзам, ел едің, Сақтамай қулық ішіңе. Еркіндік, теңдік дегенің, Кіреді тек түсіме». Ойына көркі жарасқан, Санасы саңлақ, маңдайлы, Сұрадым атпал Алаштан, Тəуелсіздік қандай-ды? « -Осы біздің қазаққа, Көзі түзу алланың. Дем беріп ұшар қанатқа, Меңзеді бұлттың аржағын... Аңсап күткен арманы, Бір қиырдан оралып. Ақсұңқар құс самғады. Аспан ашық, жол анық. Азаттық алған Алашым, Түрді түнек, қыспақты. Мінгізіп атқа баласын, Қос тізгінін ұстатты. Қондырды таққа қолдасып, Киізге салып Ұлығын. Көтеріп шаңырақ, Ордасын, Шаншыды алтын уығын. Түгендеп түгел мал, басын, Жаңғыртты өлке, аймағын. Өрнектеп ойып таңбасын. Шашақтап көк байрағын. Тұйыққа тіреп мезі еткен, Тастады ашып қақпасын.
Төрткүл дүние кезекпен, Тіреді келіп атбасын. Жүк қалдырса – нарға сын, Қазақ қандай ақылды. Ауып кеткен қандасын, Ата-жұртқа шақырды». Дүниежүзі Қазақтарының тұңғыш Құрылтайы Тəуелсіздіктің алғашқы жылы Алматы қаласында дүркіреп өтті. Ашық аспанды күндей күркіреткен алып ұшақтардан əлемдік меймандар тəулік бойы толастамай нөсердей төгіліп тұрды. Төгіліп тұрды көк нөсер, Нөсер емес кіл қазақ. Өз көзіңмен көр де, сен, Құбылыс қой бұл ғажап. Аспаннан Алаш жауғанда, Алматы гүл-гүл нұрланды. Нұрланды бақша-баулар да, Ағаштар дүр-дүр бүр жарды. Тасқа да тамыр біткендей, Қызыл-сары мүк басты. Тұла бойын құт керней, Қарағай, шырша жұптасты. Құйып тұр нөсер сабалап, Толастамай, басылмай. Апорттар доптай домалып, Шашылды жерге шашудай. Боз талдың бойы ұзарды, Үзім моншақ үзілмей. Шиелер тегіс қызарды, Ұялшақ қыздың жүзіндей. Алшы түсіп асығы, Аспаннан қазақ жауған күн, Дос мерейі тасыды, Құты қашып жаулардың. Еліңнің тартты көші өрге, Нөсерле, қазақ нөсерле. Атажұртқа кім келді: Сағыныш келді, нұр келді. Бөлінбеген дін келді. Бұлғанбаған тіл келді.
Күмбірлеген күй келді. Мың бұралған би келді. Сұлулық келді. Сəн келді. Ұмытылған əн келді. Береке келді белсеніп. Махаббат келді өртеніп. Адалдық келді алқынып. Шындық келді шырылдап. Арман келді шарқ ұрып. Елдік келді еңселі. Ерлік келді еңіреп. Қайсарлық келді. Серт келді. Бəйгенің аты ерттелді. Қуаныш келді құлшынып. Үміт келді үлбіреп. Бөлінгенді бүтіндеп, Ортайғанды толтырып. Толықсытып қалың елді, Келді, келді, бəрі келді. Алматыға кім келді? Қазақ келді, қаз келді. Қазбен бірге жаз келді. Жер көгерер, ел өссе, Арналар соған əн-жырым. Алланың нұры емес пе, Шелектеп жауған жаңбырым. «2002 жылғы қазанның 23-24 күндері Түркістан қаласында Дүниежүзі қазақтарының екінші Құрылтайы ашылды. Бұл Құрылтайға əлемнің түкпір-түкпірінен қазақтар қатысты». (Құрылтай шежіресінен). Қазан айы көгінде, Толғатып тұр буаз бұлт. Қаяу салып көңілге, Абыржыды біраз жұрт. Қалайда бір бар қауіп, Тіршілік тұр қорғалап. Кетер ме екен қар жауып, Əлде нөсер сорғалап.. Құпиясын жасырып,
Табиғат тіл қатпайды. Мүмкін аспан ашылып, Жер былығып жатпайды... Əлде ерте, əлде кеш, Бүрлейді екен тасжарған. Жаңбыр да емес, қар да емес, Қазақ жауды аспаннан.. Бүкіл Тұран ойпаты, Елеңдеген, елтіген. Қаратаудың қойтасы, Домалады өз еркімен. Сиремей мейман қатары, Тірегенде ат басын. Түркістанның шаһары, Айқара ашты қақпасын. Ой жетпес шыңға, қол жетті. Күмбірлеп кетті күй демде. Қазақтар еркін төрлетті, Тігілген ақбоз үйлерге. Əн-ұраны көк бойлап, Көл толқып, тау тебіренді. Желбіреді көк байрақ, Болашағын ел көрді. Тіл-жағы бөздей жыртылып, Жыраулар төпеп жаңбырын... Əншілер құстай сілкініп, Құйқылжытты əн-жырын. Таң қалды мейман, жамағат. Көргендей асыл бейнені. Он жасар ойшыл азамат, Тəуелсіздік сөйледі: « – Армысың, қандас қауымым, Қонағым құтты армысың! Елжіреп жүрек, бауырым. Сіздерге айтар алғысым. Қазақ деген ұлт біреу, Ғарышта, жерде жүрсе де. Отаны біреу–құт тіреу, Алтын тағы – Күлтөбе... Күлтөбеге жиылып, Кеңес құрған қандай-ды.
Билер мұртын шиырып, Алыстан жауын барлайды. Баладай пəк, тілалшақ, Күллі Алаштың тілі ортақ. Діні, салты, ділі ортақ. Қазақ тілден айрылса, Маған қауіп төнеді. Қазақ діннен айрылса, Жүрегім жүнжіп, сөнеді. Сенімді досым Қаламсап, Құранның жазған сүресін. Бірінші жауым – Жарамсақ, Табанымнан сүйетін. Қисынын табар қиялап, Сақтанам өсек, ғайбаттан. Екінші жауым – Қиянат, Адалдың сорын қайнатқан. Ұлтымды жаным сүйеді, Мəңгүрттен көрер ел қорлық. Түгімен жұтқан түйені, Үшінші жауым – Жемқорлық. Адалдық ардың айнасы, Сақтасын, тəңрім жаладан. Төртінші жауым – Лаңкестік, Халықты бұлап, талаған. Мейірім, шапағат ұраным, Санам ада жаңжалдан. «Ата заң» əділ құралым, Қара қылды қақ жарған. Аман бол, қандас бауырым. Мейманым құтты аман бол! Елжіреп жүрек, бауырым. Тілеймін аппақ саған жол». * Бұлттан шықты күн көзі, Құлпырды гүлдің шешегі. Күмбірлеген күмбезі, Яссауидің кешені... Айнала халал шырын бақ, Мұсылманға несіп бұл.
Мұсылман торғай шырылдап, Мұсылман жел есіп тұр. Білдіріп құрмет, ізетін, Ашылды алдан дəу есік. Меймандар бүкті тізесін, Аруақтарға тəу етіп. Киелі екен бұл аумақ, Имансыз болсаң жүр аулақ. Абылайханның рухы – Есімханның рухы – Құлқожаның рухы – Қасымханның рухы – Əз Тəукенің рухы – Қазбек бидің рухы – Қазірет Сұлтан рухы – Орнынан тұрды бір аунап. Табалатпай шайтанға, Қорлатпай жалдап сайқалға, Зиратын хан мен билердің, Мешіт қорғап, сақтаған. Қуанып кіріп меймандар, Ойланып шықты қақпадан Түркістанда Түмен баб – Сайрамда бар сансыз баб – Отырарда Арыстан баб – Самарқанда сансыз баб – Ең үлкені Арыстан баб – Айналасы гүл өрнек, Бас қосқандай осында, Əулиелер түгел кеп. Жаумаса да қар мұздап, Құстар ұқсап ұшқышқа. Келген қазақ андыздап. Ұшып кетті тұс-тұсқа. «2005 жылғы қыркүйектін 28-30-да Астана қаласында Əлем қазақтарының үшінші Дүниежүзілік Құрылтайы өтті. Құрылтайға əлемнің 32 елінен 300-дей өкіл шақырылды». (Құрылтай шежіресінен)
Зардап шеккен апаттан, Зардап шеккен соғыстан. Зардап шеккен аштықтан. Зардап шеккен қастықтан. Бұралқы иттей ұлыған, Зардап шеккен ұрыдан. Мына заман қандай-ды: Адамды адам қорлайды. Адамды адам ұрлайды. Адамды адам алдайды. Адамды адам тонайды. Адамды адам арбайды. Адамды адам сатады. Адамды адам атады. Адамды адам қанайды. Адамды адам қамайды. Адамнан робот ақылды. Аңыз боп жүрген талайғы, Ақыр заман осы ма? Осындай қиын заманда, Қарсы шауып қамалға. Астана қонақ шақырды, Жар салып күллі ғаламға. Сарқа жұмсап ақылды, Қазақты – қазақ шақырды. Қанатқа жалғап қанатты. Шақырды қазақ қазақты. Емес еді желік құр, Ел сағынған ерікті ұл, Аяулы Ата жұртына, Шақырғасын келіп тұр. Алаш пен Алаш қауышты, Дəм мен тұзын ауысты. Қауышқаны бір мерей, Жақындатып алысты. Орындалды бір тілек. Өзі барда бұлты жоқ Сарарқаның жонына, Жауып тұр қазақ дүркіреп.. Дүркіре қазақ, нөсерле, Еліңнің тартты көші өрге.
Бауырларым келді деп, Есіл ақты елжіреп. Ақорданың үстінде, Көк ту тұрды желбіреп. Астана – Нұр мешіт те, Шақырды таңғы азанын. Болардай күнə кешіксе, Ұйқыдан тұрды қазағым. Арқада боран борап тұр, Ақтеңіздей толқынды. Қойны-қоншын қонақтың, Ақ ұлпаға толтырды. Таза ауа, ақ сонар, Махаббат қой білгенге. Қойынға кірген ақша қар, Жылуымен жүректің, Еріп кетті бір демде... Ақ сауыты шірімес, Біздің батыр Алаштың. Бірі ерте, бірі кеш, Толастамас ұлы көш. Торғай екеш торғай да, Ұясын тауып қонбай ма. Айналайын Алашым. Көш байсалды болғай-да. Алла жолын бергесін, Көш тоқтаса елге сын. Ұрпақтың тал бесігін, Барша қазақ тербесін. Қазақ ұлты қанатты, Қамалмас қара қосына. Көш тонаған қарақшы, Тозақтың күйер отына. Қазақ келді көш келді. Жаңартып мынау ескі елді. Қарғыс атсын, ант атсын, Керуен жолын кескенді. Солай демей не дейсің, Көбейсе қазақ көбейсін. Қазақ келді дегенше, Сұңқар құс келді дегейсің.
Солай демей не дейсің, Көбейсе сұңқар көбейсін. Ақсұңқар ұшты шүйіліп, Арқаның желін үйіріп. Күн нұрын шашып жондарға – Ай толықсып толғанда – Астана алтын тұғыры, Қанаты талып қонғанда. Жыраулар бекер толғай ма? Беу ақсұңқар, пəк сұңқар, Тұғырың құтты болғайда. Қуанып тұрмын мен қандай, Қуанбасқа жол бар ма-ай, Астана жүрек болғанда, Атажұрт Арқа кең маңдай. Солай демей не дейсің, Тынысым бір кеңейсін. Мейман келді дегенше, Береке келді дегейсің. Алаш келді дегенше, Бірлік келді дегейсін. Өшкенім жанып, өлгенді, Тіріліп келді дегейсің. Қолымызды бек қысып, Қарауыл қойып сыртына. Мейман қазақ кетті ұшып, Қош, айтып, Атажұртына. Эпилог Қауышу емес танысу, Қауышу емес жарысу. Қауышу емес алысу. Қауышу емес қан ішу... Қауышу... Қауышу... Қауышу... Көктем келсе, жаз маздап, Қауышар жермен сарғалдақ. Бесік пен бөбек қауышса, Ананың көңілі мəз болмақ.
Қара жер күнді айналар, Жұлдызын нұрлы ай бағар. Қапысыз қауыштырайын, Қауышпай жүрген қайда бар? Ұстаның көзі от шашар, Төске ұрылса балғасы. Еділ мен Жайық қауышса, Каспийдің толар арнасы. Сұлу əйел, ер кісі, Махаббатқа өң берер. Ырыс тасыр іргеден, Қауышқанда ел мен ел. Ғарыш пен адам қауышса, Жер құпиясы ашылмақ. Жапырағымен қауышса, Саялы болар жасыл бақ. Ажырамас бейне дос құсап, Қауышу ыстық қос құшақ. Іле мен Балқаш қауышса, Жетісу желдей лепірер. Ертіс пен Зайсан қауышса, Асқақтаған Алтайдың, Киігі күнге секірер. Шарпыса келіп от құйын. Өмірдің мəні көк тиын. Ажырату оп-оңай, Қауыштыру бек қиын. Ажырату – талақ. Қауыштыру – сауап. Оң қанаты – сағаныш. Сол қанаты – жылы үміт. Атажұртқа талпынғыш. Қауышу – алтын құс. Ақсұңқар қазақ, қаз, қазақ, Қанатты қат-қат жаз, қазақ. Қазан мен ошақ қауышса, Ошақтың оты маздамақ. Ақ сұңқарға, қыранға, Қуат бергей бір Алла! Қауышу...
Қауышу... Қауышу...
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ АЛЛАМЕНЕН АЛАШТЫҢ АРАСЫНДА... ҚАРАОРМАН Тасын жарып мұз құрсанған шыңдардың, Қара жерде қарағай боп бүр жардым. Жазда–аптап, Қыста–аязды көзге ілмей, Жар басында жап-жасыл боп тұрғанмын. Текті жұрты – Əрі – ұлы, əрі-ірі, Топырақта жатады ылғи тамыры. Мен Алтайдан алты ағаш боп шығып ем, Алты Алашқа айналдырған – Тəңірі. Құдай мені Түрік қылды, құты – ұлы, Жаным–сонда, тəн де – соның тұқылы. Мен – Алтайдан Ақсораңға кеп түскен, Қарағайлы Қараорманның тұқымы. Маңғаз Мағжан, Өр Қасым да сол жұрттан, Сорғалаған көз жасым да сол жұрттан. Қара басты тəрк қылып қашанда, Қараорман деп зарлайтыным – сондықтан! Жан сіміріп жасыл жұрттың жарығын, Жастайымнан уызыма жарыдым. Қараорманым Хаққа қарап күңіренсе, Қақсайды, Алла-ай, алпыс екі тамырым... ХАЛЫҚ КҮЙІ: «ЕЛАЙЫРЫЛҒАН» Сен – елде. Ал, мен – қалада. Башқұртым қайда – Бас-Құртым!?1 Сайын далада, – 1 Бас-Құрт–Қасқыр (көне қыпшақ тілінде)
Салқам Жəңгірдей санатты ері болмаса, Салауат Юллай кəуірге сайран сала ма? Көкірегі – қайғы-бұлт, Көк Бөрі Һас Сақ көкем Ноғайдан айрылып, – Көзінің жасын көл қылып қырда төккенде, Қарамады-ау о да көшкен жұртына қайрылып?! Ой-хой, жалған-ай, ойланса дертті қозғаған, Ойпатта қалып боз далам, – Орманға сіңіп, оймақтай ізі қалмаған, Боздағын іздеп, ағыл да-тегіл боздаған. Тұран тығырыққа тірелді. Мың өлді... деген өтірік, о да бір өлді. Қарақалпақ деген қаралы қарындасымды, Кімнің қанжығасына кім салып, байлап жіберді?! Қырандай қазақ қанаты босап, майырылған, Айрылған, Боздап қайрылған... Қара басқанда – қасымда жүрген қара нар – Һалифа Алтайдан қай жақта жүріп айрылғам?!! Ой – алаң. Тыйылмай көз жас омырауымды бояған, – «Мəңгүрт» дейтұғын бір жұртым бар-ды, онан да Айырылам-ау деп, Түн сайын шошып оянам! Серігелдеңге мені салар бір, Алашқа осы Алладан келген амал бұл. «Ел қалмас» дейді...Қалмаса – соның жұртында, «Елайырылған» дейтін егілген күйім қалар-дүр. Алдында – ұшақ, кемелер, Бекзатпен мендей тексіз құл қайтсе теңелер? «Елайырылған» дейтін күйімнен кетсін садаға, Ел бола алмай, Еділді асқан немелер! Кеудеме ит сарып, көзімді қарға шоқыған, Көшкен жұртының жұртында құран оқыған,– Атырау – Арқа – Алатау менен Алтайды, Малдасымды құрып, етегіме басып отырам.
АСТАНА Құдай үні құлақты зар еткенде, Елеңдеп ек бері өтіп, əрі өткенде: Хан Тəңірін қалдырып Алматыға, Көк Тəңірі келіп тұр Қараөткелге. – – – – – – – – – – – – – – – – – – – – – *
Асыр салған аяр, сұм дəл осында, Қашып кетті көрсетпей қарасын да. Астана тұр аспани көпірдейін, Алла менен Алаштың арасында. Тəңірді іздеп əлемнің сөздігінен, Əліпбилер жеп бітті көзді кілең. Қазақ деген – Феникс, Өртке түсіп, Қаулап шықты қайтадан өз күлінен. Қараормансыз қалғанда қайтер ек деп, Қамыққан жұрт қазықтан...қайта көктеп, – Қараөткелдің қақ жарып топырағын, Қайта қаулап шығып тұр Бəйтерек боп! Су да мұны көріп тұр, от та мұны, Қорқыт, Абай, Низами, Тоқтағұлы. ...Көк Түркілер тартады Күнге қарай, Көк аспанда тұрғанда Көк Тəңірі. Ар-ұяты ұлтымның, бəрі–осында, Адамзатпен түсіп бір жарасымға,– Астана тұр аспани көпірдейін, Алламенен Алаштың арасында.
- * Уа, біз несіне қапамыз? Атының тұяғы Алтайдан – Альпіні аттап, Жүзін құбылаға тіктеген,– Ер-тұрманын саф алтынмен аптап, Жүгенін күміспен күптеген,– Бабаларым балконда тұр Аруақ боп! Сайтан да оны қуа алмаған кəуір боп, Шүршіт боп, не – қалмақ боп. Пəле, жала, шаңырақтан аулақ кет! Қазақстаннан аулақ кет! ... О, Аруақ! Алашыңды аластап, Жұма сайын төрімізге аунап кет... КӨК ТҮРІК (Осы заманғы нұсқа) Уа, Көк Бөрі–Арысым! Аяр дүние Мені қайдан танысын: Адымымды санап басып, заманның, Адамның да аңдымаппын аңысын. Қан–ішім... Желбіреген тұлымым, Мен де сендей иен даланың ұлымын. Жердің құртын басып тұрып табанға, Көкке қарап ұлыдым! Қара жердің қасіретінен аһ ұрып, Қайран жүрек қара өлең боп ат ұрып, – Көкіректегі Көкке деген бір сезім, Көк бұлттардың ар жағына шақырып: Көктің əні-салғаным, Қалқып, қайран, қайда сол бір қалды əнім? Феодализмнен–социализмге секіріп, Байқоңырда – Көк пен Жерді жалғадым!
Көк біткенге көңілім көншіп баладай, Күн де кешкем бұлағай да алағай: Барлық елдің жетімі мен жесірін, Баурыма ап ем баладай! Қанжылап бір қарыны, О да Алаштың ақ сүтіне жарыды. Қанағаты жоқ ғаламда, қайыры, Қазақ болған– Азап болды-ау, Тəңірі?! Ұлым кетіп–Ұрымға, Қызым кетіп–Қырымға, Азу тісім опырылып қанқұртпен, Айдалада қалдым калың Мəнгүртпен... О, Көк Тəңірі! Желбіреген тұлымым, Адамзаттың Мен бір асқақ ұлымын! Лайланды тұнығым,– Жердің құртын басып тұрып табанға, Келеді бір Көкке қарап ұлығым... Алты малта ғана қалып ұртымда, Құл бола алмай құлқынға, – Тұрмын, міне, сақтай гөр деп тұқымды, – Жұртыңда! Көксегенім енді Көктен табылар, Жамбасымда тағы соның табы бар. Социализмнен–капитализмге бір-ақ қарғып, Келдім, Саған, Көк Тəңірі, қабыл ал!!! СЫРДАРИЯ Күннің өңі сықылды құмның өңі, Көшенайдың елі бұл – Ғұнның елі. Сырдария жағасы–Жыр-дария, Не жатқанын түбінде кім біледі?
Құрсап жатқан құмдардың құба белі, Сырдың бойы сықаған сұрақ еді. Меніңше, оның түбінде алтын жатыр, (Сэм ағайым сезбесін, бірақ, оны).
АСАН ҚАЙҒЫ – ҚАРТ АБЫЗ Асан Қайғы – Қарт Абыз, Алды жарық болған, міне, арты – аңыз. Анам – Ұмай. Атам – Көк Түрік. Қызым – Қыз Жібек. Ұлым – Алпамыс! Көз жұмылса Көк Тəңірді көрем кеп, Көкте жүргем. Көрген емен төмендеп: «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» дейтұғын Жырдан туғам – Өне-бойым өлең боп! Жерден жеміт теріп жеген қулардың, Тəлкегіне түсіп қалай уландым? Бал-тандайым. Жарқырап ақ мандайым, Мен – Эпостан туғанмын! Бесікке де туа жырмен бөленген, Өлеңменен өреленген төл ем мен. Өмірмен де Кемпірбайша егіліп, Хоштасып ем өлеңмен! ...Атша тулап, Алпыс екі тамырымнын бүлкілі, Сағыныштан сарғайды іздеп түркіні; Үйсін, Арғын, Адай болып алдым да, Абай болдым бір күні.
Қарқаралы, бір жағым – Баянауыл, Жұрттан қашса, жұпарын саялады ұл. Менің Алаш Анамның, Мəдилер мен Ылғи, Жаяу Мұсаға аяғы ауыр. Мынау – Қара Шордағы, Қалың нулы Қарқаралы орманы. Мен – Алаш дейтін дертке түсіп жүдедім, Бұл – Өртке түсіп сорлады... Біреуі – ағашзатында, Біреуі – адамзатында, – Сен – орманда, мен бөлек ем – ақында. Жану үшін тудық, жазған, тағдыр – сол, Лапылдасаң, ал, лапылда! Лапылда! О, дариға-ай, қамшысын төрге ілген, Һас Сақтың бір бұтағы едік өр, мүлдем. Қарағайға қарсы біткен бұтақтың, Күл болғанын көрдім мен, Тұл болғанын көрдім мен... Ал, лапылда! Лаулайтын тек ақын ба, Өлең айтып өрт пенен дерт хақында? Екеумізден өткен шерлі ешкім жоқ, Ағашзат пен мынау адамзатыңда. БАЯН ЖЫРАУ («Игорь жасағы туралы жыр». XII-XIII ғ.ғ.) Қыпшақтан шыққан, қайран, Баян жырау, Атағың адамзатқа аян, жырау, Алаштан сені бөліп алып кеткен, Дүние неткен арам, аяр мынау, Қыпшақтан шыққан, қайран, Баян жырау?!
Ерім-ай! Елге мойыны бұрылмаған, Жыр төгіп бозторғайдай шырылдаған, – Қорқыттан қалған қаның еді сенің, Қобыздан қалған қаның шымырлаған, – Жыр төгіп бозторғайдай шырылдаған! Сол қаның кəуірге де сүйікті етті, Іштегі шерін Жырға үйіп-төкті. Іштегі шерін Жырға үйіп-төгіп, Адасқан елін Жырға үйіп-төгіп, Шымырлап тұрып... Қалай ұйып кетті?!. Кім айтты елдің бағы соғыста деп, Қай жерде өссең ту ғып соны ұста деп? ...Сол кездің Олжасы едің, зəу-затың жүр: «– Қыпшақ па, кім бұл?!» «– Əлде, орыс па?!!»-деп... Кім айтты қыпшақ жоқ деп қырылмаған, Сайтан ба құлағыңа сыбырлаған? Жат тілде жарқ-жұрқ еткен жасындайын, Қорқыттан қалған қан-ай, шымырлаған, Қобыздан қалған қан-ай, шымырлаған... * Алаштың көңілі Айда жүр, Ай дегенің – ақтығына айна-дүр. «Алла – аққа жақ» дегені елдің шын болса, Қазақстан, қазақ тілі қайда бұл?! Қазақ халқы қайда бұл?! Қазақстан, қара маған, сазармай, Саған деген өкпем – қара қазандай... ТАУБАЙДЫҢ ТОҒЫЗ ҰЛЫ Мен де бір Мұхамедтің зəузатынан, Сөйлеген аспандағы Алла атынан. Арабтан тараған сол нағашы елім, Адамзат баласынан арда туған!
Түркі ұлы, Қорқыт ұлы, Оғыз ұлы,– Жүрегін шымырлатқан қобыз үні. Сəждеге жыққан соны Арқаға кеп, Таубайдың тасбиқ тартқан тоғыз ұлы! Жұлдызды көз арбаған алқара көк, Айналған Алаш дейтін алқама кеп. Алланың құдыретіне көз жеткізген,– Таубайдың тоғыз ұлы Арқаға кеп! Дінсізге сол тоғыз ұл салыпты ойран, Қожа деп атын біздің халық қойған. Жеті ұлы жеті ауылға айналғанда, Екі ұлдан екі қыз бар қалып қойған... Ар-ұят, Иман, Сауап – дінім ісі, Оларсыз жер баса ма тірі кісі? Айшаның Ай мен Күндей көзі еді олар, Ханшайым Хадишаның сіңілісі! Жан-жүйем Құранды оқып қуаттанды, Алашқа азалы бір күй ақтарды. Олар да кетті-ау жөнеп, қайран дүние, Соңында Иман, Сауап, Ұят қалды! Мен соны жанға кəусар көрек қылдым, Күнəма көз жасымды төлеп тұрдым. Ата-жұрт Алаш болса, Ана-жұртым – Араб боп – Адамзаттан бөлек тудым! Көзіне Хақты ғана қара көрген, Бəйгеден мен бір тұлпар дара келген. Мұнайдың буы арбаған мынау елге, Құдайдың жырын айттым қара өлеңмен...
О, АЛЛА О, Алла, сақтай гөрші Алашымды! Қайғысыз ішсем дейтін қара суды. Мырза бұл адамзатқа мал жинаған, Немесе, бал жинаған ара сынды. Дүниенің кіл бекзатын көзің көрді, Өздерін хан ұлындай сезінген-ді. Уа, Алла! Адамзатты алқап болсан, Қарайлар қазаққа да кезің келді. МЕДЕУОВА Биғайша Бесірқызы АҚ БОЗ АТТЫ АРУЛАР Ғасырлық түріп мұнарларымды, Тəбəрік еттім Тұмарларымды. Еліне жанын садаға еткен, Ұлықтайыншы Шынарларымды. Қол ұшын беріп нар ұлдарыма, Ұмтылды олар қаруларына! Ескерткіш қоям ақ боз ат мініп, Елін қорғаған аруларыма! Тоғыз торғауыт киінгендерім, Қаршыға құстай шүйілгендерім. Жосыған жоңғар жолағын бөгеп, Жұдырық болып түйілгендерім! Шаң қондырмайын шалғайларыңа, Бұлбұлың болып таңдайларыңа. Аруларым-ау, азаттықты қорғау – Жазылған екен маңдайларыңа! Тəнтімін мəңгі байлауларыңа, Қондырған елін жайлауларына. Бермейді еш ұлт баһадүрлерін, Белгісіздіктің қойнауларына.
Байтағым барда қалқысын сұңқар, Байтақтарымның бар құтысыңдар! Ерлігіменен Еуропаға аңыз – Сақ қыздарының сарқытысыңдар! Ожданым менен ұятты шыңдар, Эталон – сендер сияқтысыңдар. Тұмар патшаға, Зариналарға, Сүйеніп тұрған сияқтысыңдар! Жоңғар қақпасында алтын жебе жатқандай, Адырнасын таулар кере жатқандай. Азаттық шеруін Қабанбайдың жары – Гауһар қыз бастап келе жатқандай! Болмайды оны сағынбасыңа, Болмайды оған табынбасыңа, Ілені тастап қашқандай қалмақ, Малайсарының қарындасына! Шеруге – шеру, келеді сазым, Қаңқылдап аққу, келеді қазым. Қабанбай менен Гауһардан туған, Аягөз жақтан келеді Назым! Қазақтың жері – асыл арман ба? Қолқасын қорқау жасыра алған ба? Сескенген орыс... Қарасай бабам, Эрдени Батурдың басын алғанда! Тағызым етейін, көсем күйде ме? Төрелік айтқан шешен, биге де! Үйсіннің туын көтерген батыр – Қарасай қызы Есенбикеме! Жанарымда қыздар от ойнатады, Кеудемді намыс атойлатады. Бұланбайдың жары – Айбике ару, Жоңғар ордасында ат ойнатады! Қабанбай қарындасы ұсақтасын ба? Жат елде, жаны пышақта, сында.
Басқарып барлау тобын Айбике, Отырды Рабтан ставкасында! Ақ берен сауыт жырдан кигенім, Жорыққа жүрердей сырдаң күйдемін. Соңынан ерейін, Шаншардан шыққан, Батырлар – Ай, Нұр, Қыздан бикенің! Тағзым етейін мұнарасына, Қарауыл қарау ғұламасы ма? Ақбикеш батыр тарихта қалды, Айналып рудың ұлы анасына. Заманның ұлы көштеріменен, Жазады сұлу естелік əлем. Айбынын асырған Бопай ханыша, Ақ сауыт киген əскеріменен! Терістеліп тегім, танымай қалдым, Тереңде, халқым, тағы бар қайғың. Ақ боз ат мінген сегіз жүз ару, Қорғаны болған Абылай ханның! Салтанатындай қыз ғұрыптардың, Сымбаттарына мың құрықталдым. Қазақтың қайран сарбаз қыздары – Құжаты ұлы Құндылықтардың! Киелерімсің десем бе сені? Иелерімсің десем бе сені? Алатауыммен рухтарың сынды, Ақ мамық бұлттар есендеседі. Тоғыз батыр қыз – Толғамдарымсың, Теңселген ойлы ормандарымсың. Тұмар ханшадан Бопайға дейінгі, Ақ боз ат мінген қормалдарымсың! Өмірдің өтіп, неше өткелінен, Сынған сағымды көкектерімнен, Жоңғарды қуған сүрлеулеріңмен, Сендерге қарай жетектедім мен!
Ұлытаудағы ұлармысыңдар? Салтанат бір кез құрармысыңдар? Жоңғар қақпасына жанарды тігіп, Ескерткіш болып тұрармысыңдар? Күтпеймін, уақыт, түсінгеніңді, Самсаған жылдар ішінде мұңды. Қапшағай даңғылы бойына қоям, Өлеңмен ойып мүсіндеріңді! Билігім де жоқ, долларым – дағы, Шашу болар ем жолдарыңдағы. Ескерткіш қойдым қаламымменен, Сарбазың болып соңдарыңдағы! Дауылпаздарым дауылдады ма? Кешігіп жеткен тануларыма! Алматы көшелері, лақтыр гүлдерді, Ақ боз ат мінген Аруларыма! Ұлтымның ұлы дерегі – олар! Мүсін қоямын... керегі болар! Тəуелсіздік үшін шейіт болды ғой, Шейіт болды ғой, себебі олар! РОКСАНАКИ ƏМІРШІСІ ЗАРИНА (хикая) Хикаялар қалдырып қари сана, Ұйытады ұрпақты ар, ибаға. ...Мидия ханзадасы ғашық бопты, Сақтың сұлу патшасы Заринаға. Зарина – өткір, өжет жан үлгісі, Еркіндік пен Елдіктің Тамыршысы! Екі мың бес жүз жыл аңыз болған Əйгілі Роксанаки əміршісі! Жары – Мəрмəр қолбасшы, арқалы да, Ат суарып Сақстан шалқарына. Дамылдапты қисапсыз əскерімен Жорықтан соң, Отырар алқабына.
Тыныстауды аз күнге тəңір берді, Ұрыс өнеріне əскер əзірленді. Серуен құрып, саяттап қайтамын деп, Жасағына Зарина əмір берді. Жібек шатыр желбіреп шашағымен, Жарқылдады Зарина жас əнімен. Кең далада серуен құру үшін, Кетті аттанып арулар жасағымен. Қыз жасағы – қорғайды дала, сайын, Дəстүрі ол сақтардың қарапайым. Он үш жастан Отан деп атқа мінген, Қыз жасағы – «сен тұр да, мен атайын». Батыр еді қыздар да таққа отырған, Сескенді əлем Тұмардай хас батырдан. Ел басына күн туса қыз жасағы, Ақ найза алып, атойлап атқа отырған! Аманаттап патшалық, тамам елді, Қыз жасағы даңғайыр далаға енді. Мəрмəр қаннен-каперсіз Заринаға, Олжа тілеп артында қала берді. Аң менен құс ілініп садағына, Риза болды Зарина амалына. Үйір-үйір құланды қыз жасағы, Құлатыпты Үстірттің аранына. Бас тартқандай əмірші аптығынан, Кенет, кенет жел сипап шоқтығынан. Заринаның тұсынан оқтай заулап, Құла дүзге жырыла қашты құлан. Алдарынан жалт берді неге несіп? Қыз жасағы жаудырды жебені есіп. Оқтай аққан құландар көсемімен, Зарина да бірге ақты ерегесіп. Құлан өрлей шапқанда құба белді, Ақбоз атты Зарина қуа берді.
Дөңге шыға келгенде қарсы алдынан, Мидиялық тосқауыл шыға келді. Қапылыста түстім-ау, түстім жауға, Жау жағынан сұраман ешбір сауға! Жасанған қол лап қойды, жасағы жоқ, Əміршіні тірідей тұтқындауға. Боз сəйгүлік жер тарпып, қызып тіпті, Тосқауылды Зарина сүзіп шықты. Жалғыз жанға жабылу – дəстүрде жоқ, Жау қоршауын Батыр қыз бұзып шықты. «Амалын тап, асып түс – дала заңы», Батырлықты жау дағы бағалады. Бұзып – жарып қоршауды шыққан кезде, Қара санға сұр жебе қадалады. Сақтар мінер даңқына сай күлікті, Құтылды-ау деп жау жағы қайғырыпты. Стриангей намыстанып, батырды емес, Көздеді оқтай аққан сəйгүлікті. Омақасты жануар, «құрықталды!», Осы сəтте тіршілік тынып қалды. Шаппақ болған жау басын алмас қылыш, Көтерілген қалпында тұрып қалды! Сүрінбеген жерінің əр тасына, Маңдай тиіп тағдардың жартасына, Тұра берді жамбастай Зарина қыз Қолаңшашы төгіліп, арқасына! «Осы қыз ғой ұйқымды мың ұрлаған, Не жағдайда кезіктің мұңым маған?» Жерге шаншып, қылышын аһ ұрады, Стриангей жүрегі шымырлаған. Қателігін ханзада түзетеді, Тұла бойы қайырым, ізет еді. Заринаны аялап, сауықтырып, Махаббатын Стриангей күзетеді.
Патшайым да ұмытып, тəн жарасын, Қалды ұнатып Мидия ханзадасын. Уəделесті саятта жүздесуге, Қосылудың айласы болмағасын.
Екі патша, екі елдің бұла сəні, Бірін-бірі сүйеді, ұнатады. Бірін-бірі құрметтеу сезімдері, Құрметтеуге екі елді ұласады. Шейіттер жоқ еш ана аңырамай, Қантөгістен қалалар қаңырамай. Қос патшаның киелі сезімінен, Өмір сүрді екі ел де мамыражай! Екі ғашық екі елдің өкілі еді, Салтанатты, айбарлы несібелі. Қырғи қабақ екі елдің қабағынан, Қара бұлтты екеуі өшіреді. Жылы қабақ Мəрмəрға ұнамады, Олжа соғыс құдайдан сұрағаны. Қолбасының беделі соғыстар мен, Даңқты жеңістерінен құралады. Оның көңілі олжасыз орталанды, Айбарланып даңқына арқаланды. Заринаны көруге бір келгенде, Стриангейді қолымен қоршап алды. Қан төгетін ниетті қабыл көрмей, Соқтырмады Стриангей дабыл, керней. Беріледі, Мəрмəрға қарсылықсыз, Шайқасуға əскерге əмір бермей. Алқымға ашу тығылды, түйдектелді, Мұндай сезім тарихта сирек болды. Мидия соғыспады Заринаның, Ықыласы осылай құрметтелді. Мəрмəр таптап махаббат – мұнараны, Дабыл қағып, жеңіске қуанады.
Қарсылықсыз берілген ханзаданың, Басын алуға үкім шығарады. Шалғалы тұр, дүние, тау басын ақ, Көрген жоқсың ұрыста, дауда сынап. Көтермеген адамды елге қылыш, Босат дейді Зарина сауға сұрап. Қайғырады Зарина мұңданады, Басып қалды мұнар мен мұң даланы. Қан сұраған, ұр да жық, ожар күйеу, Елін қатерге тікті тыңдамады. Қаһарланды Зарина, Хан атым бар! Ханды қандай есуас шала тыңдар? Өлтірілсе ханзаданы Сақстанда, Қантөгіс бар, басатын қара түн бар! Тоқтат Мəрмəр үкімді, таландыны, Жазалаймын мен сендей өр, əңгіні. Сен күйеуім болсаң да, артық маған, Артық маған елімнің Амандығы! Шекарада патшасын тосатын бар, Мидия ханзадасын босатыңдар! Əскеріне құрметпен жеткізіңдер, Мен бостандық беремін! Дос атым бар!
Мəрмəр тұра ұмтылды ханзадаға, Қынабынан суырып, қанжар ала. Қыз жасағы. Шарпа-шұрт! Қансырады, Ожарлықтан мерт болды ол, даңғазада! Қатерлерден сейіліп, өмір тұрақ, Қызғалдақтар қаптады өмір сұрап. Өз еліне аттанды Стриангей, Зарина патшайымның қолын сұрап. Бір жылдан соң Зарина – ақыл нəрі, Жер қайысқан əскермен қасындағы. Ханзадаға шешімін айту үшін, Мидия шекарасына жақындады.
Хикаяттар айтады қари, сана, Ұйытатын халықты ар, ибаға. Салтанатты қолымен Стриангей, Бетпе-бет кеп тоқтады Заринаға. Бір тыныштық орнады. Бекзада мұң. Бақылады арудың əр қадамын. Патша тəжін кигенде... жан жүрегі, Мұздап сала береді ханзаданың. – Армысың, сүйіктім, Стриангей! Бір мін жоқ бекзадасың, сүйегіңде. Сағынамын, сарғаям, сүйемін де. Мына жарық дүниеде қалауым сен, Басқа адамға орын жоқ жүрегім де! Біз үйленсек, боламын ханым саған, Бағынады жаным да, тəнім саған. Сенің жарың болғанда менің елім, Бағынышты болады, жаным саған. Отырғызды мені елім тақытына, Інжуіне балады, жақұтына. Азаттығын елімнің, еркіндігін, Айырбастай алмаймын бақытыма. Айналасың ханзада əн-жырыма, Өзің бе деп қараймын таң нұрына. Мен налысам налимын таққа ие, Аға, іні бермеген тағдырыма! Қош, сүйіктім! Аққудай қатар жүздік, О дүниеде жан-тəнім болар сіздік. Махаббаттан да күшті бір нəрсе бар, Оның аты – Азаттық, Тəуелсіздік! Бұл сөзді естіп, көздерден бұрқылдап шер, Күрсінді жер, қайысқан күрсінді əскер. Екі əскер бұрылды екі жақа, Махаббатқа бас иіп сілкінді Естер! – Ақ дидарың көзіме қонып қалсын, Сені сүйдім! Аспан, жер шөгіп, талсын.
Біздің махаббатымыз еліміздің, Татулығы белгісі болып қалсын! Хош, Зарина, бақытым! Қайыр қош, Сақ! Жүрегіме барасың уайым тастап. Бақытсызбыз екеуміз, қос бақытты, Ел бағына жібердік айырбастап. Хош, Зарина, ес-түссіз сүйдім сені, Қатты едім қалайша идің мені? Сақ елінің сағының сынбауы үшін, Құрбандыққа ақыры қидың мені! Тəкаппарым! Тəңірім тастай үнсіз, Қалай өмір сүрмекпін ақ қайыңсыз! ...Ақ дидарын жас жуған Стриангей, Мидияға бет алды патшайымсыз. Ақ боз атты арулар – ар, ибамыз, Əр қазаққа мақтаныш, əр үйге аңыз. Халқы үшін, халқының бақыты үшін, Бақытынан бас тартты Зарина қыз! Гүлнəр САЛЫҚБАЙ Қаншама ағаш егілді екен сен үшін, Қаншама дəн себілді екен сен үшін. Қаншама ақын қара жерге тірідей Көмілді екен сен үшін... Қанша қылыш сермелді екен сен үшін, Қанша батыр жерленді екен сен үшін. Қара жауын, қара тастың сызында Тергелді екен сен үшін... Қаншама ұлды тор алды екен сен үшін, Арылмайтын сор алды екен сен үшін. Қанша бұрым білегіне жауыздың Оралды екен сен үшін..
Қаншама жан сөгілді екен сен үшін, Қаншама қан төгілді екен сен үшін. Мөлдіреген көк аспанды ту еткен Менің алтын жеңісім! Сенің атың – жаздың жайлы желінде, Тыныштықта балқыған жер демінде. Алма ағашы сияқтанып гүлдейсің Атыңды айтып, күбірлеген ерінде. Өлеңдесің қаламымнан құлаған, Өзімдесің – түсінбейтін бір адам. Үніндесің шырылдаған сəбидің Қол-аяғын босатуды сұраған. Сенің атың – ат біткеннен əдемі, Сенің атың күнге ғана шақ еді. Алып құстың қанатына жазылған Кеңістіктің шетсіз-шексіз сəлемі... Сен – күнімсің, жарып шыққан бұлтты, Сен үнімсің бұзған қара құлыпты. Биіктікке құмары бір қанбаған – Сен – бағымсың, қыран болып самғаған. Ұлы армансың, алты алашты тербеген, Ұлы айқайсың, көкіректі кернеген. Жебеушісі – желді сүйген жанымның, Сен – шуақсың, өлтірсе де өлмеген, Азаттық! * Жарасқан аспанына асқақ елдің, Атыңды тауға жаздым, тасқа да өрдім. Аталар арманының баласы едің, Ат жалын тартып мінер жасқа келдің.
Жолдардың қиынымен жүріп көрдің, Соңыңнан ерген елге үміт болдың. Жарқырап күнмен бірге шығып едің, Өзің де күнге айналған жігіт болдың. Жазылды атың нұрлы əріптермен – Жағылып, жан-жағына жарық берген. Жиырма жыл жиырма жырға айналды, Қаламмен қанат тағып, халық берген. Болары анық ертең əлем сіздік, Кеудемді керіп тұрған əуен сіздік. Жыл да емес, ғасыр да емес, мəңгілік бол, Жиырма жасқа келген Тəуелсіздік!
- * Көшпелі елдің көркі едің сен, азаттық, Ен далада ерке едің сен, азаттық. Ұмытылмас, ұлы арманға айналып, Сан жүректі өртедің сен, азаттық... Сағынышты салтым едің, азаттық, Қолға түспес алтын едің, азаттық. Қанатыңа қара темір байланып, Талай азап тартып едің, азаттық. Алтын күннің шуағы сен – Азаттық! Өр рухымның қыраны сен – Азаттық! Алашымның ұраны сен – Азаттық! Қиялымның пырағы сен – Азаттық! Аспанымды еншіледің, азаттық, Мəңгі еліме төнші менің, азаттық! Ағыл-тегіл тасқыны боп ауаның, Жүрегіме енші менің, азаттық! Азат елдің ертеңіне сендіре, Көк байрағым, толқынданып, желбіре! Аталарым арман еткен азаттық, Көк аспандай төбемізден мөлдіре!
Наурызбек САРШАЕВ АСТАНАМ АЛТЫН ТƏЖІ АЛАШЫМНЫҢ Ақиқатқа айналып асқақ арман, Бүгінде бодандығым бастан ауған. Сұлулығы ұқтырған ұлылығын, Асыл қоныс бар ма екен Астанамнан! Желге ұшырып ғасырлық шер мұңымды, Тізгіндедім теңдессіз теңдігімді. Шаһарым меніңше, бұл шартараптың, Сегізінші кереметі – сен бүгінгі. Арқадай табылсын ба жаһанда жер? Алаштай бар ма əлемде қаһарман ел? Кемел елдің келбетін көргің келсе, Есілді бойлай біткен шаһар дəлел! Есілім, есіміңді мадаққа алып, Есілдім сан сырымды сан ақтарып. Шалқарында шарқ ұрған шағаламен, Шабытым шарықтады қанат қағып. Сəулеті асып Бұқара,Самарқаннан, Сан сараймен самсады самарқау маң. Самұрық құс салыпты жұмыртқасын, Самаласын төгілтіп Сары арқамнан! О, Сарыарқа мерейлі менің үйім, Бүгінде заңғар көкпен тең йығың. Асу асып желдіртіп желмаясын, Асан қайғы аңсаған жерұйығым. Талай тезден төгілген жер жасы мың, Шегінді шермен еткен шер ғасырым. Есілдің ернеуіне ел қондырған, Елордам ерен ісі Елбасының. Өркениет көшінде оз ұрандап – Дедім дұға жырымды өзіңе арнап.
Мəртебесін арттыршы мəрт елімнің, Көркіңмен күллі əлемнің көзін арбап. Асқақтатқан айбары аспан астын, Аспанменен астастым, асқар астым. Алты құрлық алдыңа ат арылтқан, Астанам Алтын тəжі Алты Алаштың! ТОЛҒАУ Ғұннан бергі шығармай ғұрпын естен, Қаным – Қазақ, түбіміз – Түркі дескен. Жаным да азат,бəрі азат бүгінгі күн, Басымыздан бодандық бұлты көшкен. Тəңірінің бір өзі жебеген күн, Егеменмін, кеңейді керегем мың! Уығың боп көгіңе шаншылмасам, Дүниеге мен мынау неге келдім?! Төрткүл дүние елеңдеп елеген күн, Кемел елмін, мен бүгін ерен елмін! Əлі алда деп бақытқа бөленер күн, Сене бергім келеді, сене бергім! Тастан ұққан тереңін тағылымның, Таныр ұлмын тарихын тамырымның. Тағатсыз тəу етейік Тəуелсіздік – Теңдессіз Тəбəрігі Тəңірімнің! Шегіп айбат дұшпанға кегі қайнап, Шейіт болған бабалар жерін ойлап. Ал, бүгінде қан жұтпас небір аймақ, Елім де енді егілмес Елім-айлап! Қаратаудан келмейді қаралы көш, Қара тайлақ келмейді жаралы бос. Қалыс қалу жарамас басталғанда, Қарыштану жолында жаңа күрес!
Түйір тасын сақтаған Сақ бабадан, Бұйырмасын бүгінде жатқа далам. Ақтабан боп шұбырар шақтан аман, Халқымды сақтағайсың Хақ Тағалам! Тоқтарбек ХАМЗИН ТƏУЕЛСІЗДІК ТАРИХЫ Ай-хай заман, қай заман, өткен заман, Тəубə қылдым, солардан жеткенге аман. Соның бəрін есіне ап мүлгиді үнсіз, Сарыарқа боп көсіліп кеткен далам. Сарыарқа – дана дала, баба-дала, Алдында мыңжылдықтар бала ғана. Тарихқа табан тіреп мүлгиді үнсіз, Көнеріп бара жатқан бара-бара. Өткен күн – түлкі болған, құмай болған, Қуалап, қудаласып, шыр айналған. Барлығын баба-дала есіне алды, Ол заман былай болған, бұлай болған... БАҒЗЫДА Арзу да арзу күн өткен, Аршыла да алмай түнектен. Ауыздықтарын алдырмай, Арғымақтарды жүдеткен. Сақта да болған, Ғұн болған. Түркі де болған күн болған, Ойран да ойран далада, «Ой, баурымдаған» мұңлы арман. Қылышын да қанға боятқан, Əзірейіл жанға таятқан. Сүйеніп сүңгі қалғыса, Сұр жебе зулап оятқан.
Аңырай да жылап ай шыққан, Күңірене жылап күн шыққан. Ақтаусыз қалған арудың, Өзегі жасқа тұншыққан... Ойлай да ойлай ой болған, Ат көтермес шой болған. Азамат ерге жеткізбей, Сағымдай бола қойды арман. Солай да, солай күн өткен, Аршыла да алмай түнектен, Азаттық аңсап алты Алаш, Үмітті еміп күнелткен... Үмітті еміп күнелткен... БҰРЫНДА Бодан дүние, бодан жұлдыз, бодан ай, Бодандыққа бойұсынған қоғам-ай. Ақ пен қызыл арасында сенделіп, Халық жатты, қазақ жатты... обал-ай. Қызылында ұятта жоқ, ағында ар... Алыңдаршы, алыңдаршы, алыңдар. Шүберекке түйіп алған жаным бар, Жиып алған малым бар...
Бітті бəрі. Басталды енді ортақ күн, Ортақтасып өзімше бір жол таптым. Сыпайы жұрт, сыпайы көп, о, тоба, Ал мен неге қорқақпын?! Білгем де жоқ, білген де жоқ ешкімде, Ой, тəйірі, өстім бе, əлде өштім бе?! Қоңырқайлау кейпі бар ед таңныңда, Қоңырқайлау кейпі бар ед кештің де... Артқа қара, алға қара, шыр айнал, Аңдамадық, биігінен құлайды ар... Біз Құдайға дəлелдедік жоқтығын... Жүрдік солай, ағайында жүрді ептеп, Өткен күннен білмек жоқ та, күрмек көп... ...Жылынуға, жылытуға кеп еді, Желтоқсанда Бір Тұтам от дірдектеп... Желтоқсанда Бір Тұтам от дірдектеп... БҮГІНДЕ
Бағзыдан бақыт ауысқан, Арманға арман қауышқан. Мен сонда күліп ояндым, Сүйіншілеген дауыстан: «Сарыарқа дала, сар дала, Қазақтай елге жар дала. Хабарым саған бар, дала, Сүйінші беріп ал, дала. Кеңейер енді тынысың, Көбейер енді ырысың, Жорғадай болар жүрісің – Тəуелсіз елдің бірісің». Деп еді, самал жел келіп, Төсімде менің тербеліп. Жара да жара жаныма, Жақсы лебізбен дем беріп... Сен, содан өсіп, жайнадың, Астана жұртым, аймағым. Қазаққа қоныс болсын деп, Кеудеме сені байладым. Сен – арман едің қорылған, Жол салған жолақ жонымнан. Батыр да туған бабаның, Аманатынан соғылған. Есілдей өзен, ерке өзен, Шаттықтың күйін шерт, өзен.
Еркелікпенен жар соқсаң, Естілікпенен мен төзем. Ай, қазақ – деген іргелім, Бақытты күнім, бұл менің. Сезініп жатам төсімде, Тəуелсіз елдің жүргенін, Тəуелсіз елдің жүргенін!!! Деп, Сарыарқа абызым көсіледі, Көсіледі, ой-түйін шешіледі. Тарихына тағы бір парақ қосып, Қоржынын қой тыққандай өсіреді. Сарыарқа – дана дала, баба-дала, Алдында мыңжылдықтар бала ғана. Тарихқа табан тіреп мүлгиді үнсіз, Көнеріп бара жатқан бара-бара. Өткен күн – түлкі болған, құмай болған, Қуалап, қудаласып, шыр айналған. Барлығы баба-дала есіне тұр, Ол заман былай болған, бұлай болған... ТƏУЕЛСІЗДІККЕ ЖИЫРМА ЖЫЛ Зарлы да зарлы заманда, Заманға біткен ғаламда. Арманым іліп бұлттарды, Асқақтап келем даламда. Жақпар да жақпар тастардың, Тас сауыт киген асқардың. Жонына жылу жүгірткен, Қызуын Күннің жастандым. Гүл-жабу жапқан қыр-белдің, Сағымын кешіп жүргенмін. Еркелікті алған есіне, Есіттім назын сыр-желдің.
Үкісін қадап үміттің, Жалынан сипап күліктің. Тұрманын қамдап жүргенде, Тұяқтан ұшқан жыр ұқтым. Көңілдің күйі ғажап тым, Азаптан таза азатпын. Бақ деген менің бəсірем, Жерінде туған қазақтың! Толыбай АБЫЛАЕВ САМҰРЫҚ (толғау) Айналайын ақ бас тау, абат далам, Сен бердің сөнбейтін от, талап маған. Шолайын шырқау көктен байтағымды, Мен бүгін көк аспанға қанат қағам. Ақ қар... көк мұз асу жол бермеді оңай, Түрен салдым тыңнан із өрге талай. Болашақ тұр қол бұлғап... Самұрығым, Қанат қақ, ұлан байтақ елге қарай. Өркениет еремін көшіне аман, Ел тұрғанда боламын несіне алаң. Күллі адамды сүйгеннің құлы болып, Бұл даланы сүйгеннің досы болам. Еркін елім сияқты еңсем ірі, Қашаннан зеңгір көктің Жер серігі. Сол жердің кіндігінде Қазақстан, Əр ісі өркендеген өңшең ұлы. ...Аңыз-жырдың арқауы маңай мына, Тұнған тарих төбешік... талай жыра. Осы жер ғой, осы жер бір заманда, Отан болған оғызға... ноғайлыға...
...Ақ мақта бұлт астында аңырмаймын, Бағытым-байтақ дала, жаңылмаймын. Айшылық алыс жолды атан жортқан, Самұрық екпінімен адымдаймын. Құс қанаты талатын кеңістікте, Көл-дария ағады кеніш тіпте. Түстігімнен ескенде «Алтын күрек», Қасқа боран соғады терістікте... Жерұйығым жүз он бес жұрт жайлаған, Ынтымақшыл, сүйсінер сыртта айналам. ...Бауларымды, көремін аумағымды, Тауларымды көремін бұлт бойлаған... Алашының үстінде жаны бүгін, Ақыныңның...алмайды ол əлі тыным. ...Сайын дала үстінде шайдай ашық, Көкте еркін самғайды Самұрығым. Маңқыстау... Мақат деген мына аралар, Астынан жердің бұрқ-бұрқ бұлақ ағар. Сол жердің табанында тұр тапжылмай, Мойынын көкке созып мұнаралар... Əруақты Бекет ата... Абыл баба, Жебей гөр, байтақ елдің бағын жаңа. Əуеден жанарымды жаулап алған, Əнекей, Ақтау-Сити ару қала! ...Желетін теңбіл бұлты тайлақтай боп, Қалқиды тас төбемде қаймақтай көк. Төменде дөңгеленіп қап барады, Оралым... Атырауым оймақтай боп. Атырау... Ақ Жайығым төмендегі, Марғасқа Махамбеттің өлеңдері. О, саған қазыналы ел, сансыз сəлем! Самғаған Самұрықтан төбеңдегі. Толқыны бірде асау, тыныш бірде, Қарт Каспий тосқан төсін күміс Күнге.
...Жетіқат көктен соған көз жіберіп, Мен жүзіп келем бейне нұр үстінде. Кеңдігіңді ұғады ұшқан ұлан, Құлпырып Қызылжар тұр қыс қырынан. Қиқулап өттім жаңа қызғыш құстай, Кереку... Баянауыл тұстарынан. Борышын құрып кетсін ақтамаған, Мен сенсіз қайтіп елім, бақ таба алам?! ...Алтын дəн артқан керуен жол үстінде, Ағылады Қостанай... Ақмоладан. Көмірлі Қарағанды қапталымнан, Көрінді, бұлбұл сайрап бақтарынан. Барады тебірентіп Тəттімбеттің, Күйлері ақ жаңбырдай ақтарылған... Көргендер оу, Қарқаралы бас ұратын, Алашқа атақ-даңқын асыратын. Мəссаған, Мəди туған маңай осы, Кіндігін кескен отты Қасым ақын. Сəті жоқ сапарымның толастаған, ...Міне, Көкше! Бар ма асу мен аспаған?! Арқада асқақтайды арман болған, Ақ ордам... жалт-жұлт еткен жаңа Астанам. Алаштың Ақ ордамды төрі дегей, Ақтарсын ақпа шайыр соны көмей. Елбасымыз Нұрсұлтан Əбішұлы, Ел қамын жеген бағзы Едігедей. Астанам алашыма қосқан көрік, Ай-көркін асқақтатар достар көріп. Ақ шаңқан көркем үйлер көк тіреген, Менімен кететіндей аспанға еріп... Маңқиып жан-жағыңда маң даласы, Жаһанда көрмеген бір жан баласы. Жеңсігі болған бүгін жеті жұрттың, Аңыздан жеткен аппақ Ордам осы.
Шаһарын шайыр келсе, мақтайды ол шын, Көзіме басылатын оттай сенсің. Тілеуін тілеп келем төбесінде, Тіл-көзден Ақ ордамды сақтай көрсін. Жарықтық, жетіқат көк шабыт деген, Құс болып қиқу салып қалықта, өлең! Қызықтап Астанамды қалықтайды, Ақ мақта бұлт үстінде алып кемем. Баураған «Бəйтерегі» күрең Күнді, Ақ ордам – Елбасымның ұлы ерлігі. Кекірген Нью-Йорк кішірейіп, Лепірген бас игізді Лондонды. Əлемді жалт қаратқан əйбат қалам, Өрнегін өркениет сай баптаған... Ертегі сияқтысың беу, Астанам, Ерке Есіл кіндігінде ойнақтаған... Əп-əсем əуелетіп əнді ойнатқан, Самұрық қанатында самғайды ақ таң. Желпініп Жезқазғанда... Алматыма, Тартамын тоқсан тарау Торғай жақтан. Жолымда ғажап іс көп, сұрамаңыз, Ұрпаққа тағылымды ұлы ол аңыз. Асығады Аралға төмендегі, Қорқыт баба қонысы – Сыр-анамыз. Емпілдеп құшағыңды ел жаясың, Желпілдеп нұрға суын Жем боясын. Жерұйық бұл қазақтың топырағы, Желдірткен Асан қайғы желмаясын. Ақ түтек Ақтөбеден асқан ақын, Аралға жоқ ретің бос қонатын. Бұлт асып Күншығысқа беттеді енді, Ұшағым зіркілдетіп қос қанатын. Кең байтақ көктей өтіп сар даланы, Семейге Самұрығым самға, кəні!
Өткенде Өскеменнен Зайсанменен, Алтайым асқақтайды алдан əлі. Суырып сұңғыла жыр нұр жанардан, Түркістан түлеп демде үр жаңарған. Иассауи кесенесі асқақтайды, Ұлылық ұстынындай қырда қонған. Армысың, Арыспенен Шолаққорған! Шардарам шалқып жырын, боратты алдан. Түстіктің түнін айтып тамсанады, Шырайлы Шымқалада қонақ болған... Көзайым «Көксарайым» болған көпке, Шаттандым шартарабын шолған бетте. ...Ақ бұлттан асқан сайын Самұрығым, Келеді тимей төбем заңғар көкке. Жайлаған Тараз бенен Талас бойын, Жаны жаз Жамбылдықпен жарасты ойым. Қордайдың асуынан қонбай ұштым, Аспаннан тамашалап алаш тойын. Жуалы... Мойынқұмнан... бір қарасам, Əп-сəтте кеттім өтіп... Жүр, қаласаң. Жаңатас, Ақбақайды аралатам, Шулатып Мыңарал мен Шудан асам... Талмай ұш, Самұрығым, самға, тынбай, Алдымда абат шаһар Алматымдай. Алатауды айқара аймалайды, Жетісуым Жер-Ана жаннатындай. Ай қалам... ажарындай ару қалам, Жастықтың, махаббаттың жалындаған. Беу, сенде жұрттан бұрын жан Алматым, Қазағым Тəуелсіздік қабылдаған. Жиырма жыл Тəуелсіздік жол асқалы, Осы жер оймауыттай о бастағы. Көк көл бір көктемдегі кең жазира, Мөп-мөлдір Қазақстан көк аспаны.
...Шығыс пен «Қызыл ағаш» қылған алаң, Ап шықты Бірлігіміз сыннан аман. Бауырың Қара орманым, бейқұт соққан, Болсыншы оттан аман, судан аман. Жүректің сен деп соққан жалыны мың, Тілеулес Жер шарының бəрі бүгін. Жетіқат шайдай ашық аспанымда, Самғай бер, Самғай берші, Самұрығым! Жұма-Назар СОМЖҮРЕК АЗАТТЫҚТЫҢ АҚ ТАҢЫ Көз салсам ой жіберіп өткеніме, Басымыздан сор қайғы өтпеді не. Қайран елім шекпеген азап бар ма, Жеткенше тəуелсіздік көктеміне. Құдірет! Құдайсыз құртты Кеңесті, Өткердік жиырма белесті. Біріккен ұлттар ұйымда, Терезем жұртпен теңесті. Сақтады Құдай, сақтады, Қазақты жебеп жақтады. Азаттық туы желбіреп, Арайлап атты ақ таңы. Сақтады бізді, сақтады, Құлады Кеңес тақтағы. Қазақпен қоса қуанып, Сайрады бұлбұл бақтағы. Теңдікті беріп теңеді, Асуы қиын бел еді.
Алланың алды қазаққа, Бірде тар, бірде кең еді. Боданнан босап, бостан боп, Əлемнен таптым достар көп. Азаттық үшін алысып, Ақындар үлес қосқан көп. Біз күдер үзбей көктемнен, Өтіппіз қиын өткелден. Егемен күнге осынау, Еңіреп жүріп жеткем мен. Тебіренбейін неге мен, АҚШ-қа Тəңір теңеген. Шекарамызды шегелеп, Ел болдық азат-егемен! Ай туып бүгін оңымнан, Жұлдызым жанып солымнан. Ақырған кеше арыстан, Жем алып жеп тұр қолымнан. Кеніме – байлық құштар боп, Қолымды күліп қысқан көп. Тақылдар қазір таңдайлар, Нұрсұлтан, Қазақстан, – деп. Таусылып еді тағатым, Сағынтып соқты сағатым. Бөрілі байрақ бұрынғы, Қыран боп қақты қанатын. Алатау, Алтай аймағым, Қалқимын жырдың қаймағын. Шалқимын тулап тұрғанда, Бүркітті көк ту – байрағым. Құлыңмын, Құдай, құлыңмын, Қызығын көрсет ұлымның.
Еңбегі жанып елімнің, Шайқалмасыншы тұнығым. Тасадан жау оқ атпасын, Тұлпарын қазақ баптасын. Қақтығыстардан, Соқтығыстардан, Бір Алла өзі сақтасын! Азатпын бүгін, азатпын! Азаттық алған ғажап күн! Баянды болғай мəңгілік, Тəуелсіздігі қазақтың!!! Жүйрігім озып жаратқан, Даңқымды жайып таратқан. Асқақтап жаңа Астанам, Əлемді таң ғып қаратқан. Салтымен елім еленер, Қонағы сыйға бөленер. «Астана ғажап қала!»-деп, Таңдайын қаққан Батыстық барлық төрелер. Басқарып дұрыс, үкімет, Бірлікті бұзбай бүтін ет! Азаттық – аққу, аялап, Ұстайық қолда үкілеп!!! Өзара дауды ысырып, Алайық сөзді пісіріп. Аңсатып қонған бақ құсын, Алмайық, қазақ, ұшырып!!! АҚ СƏУЛЕЛІ АҚ ОРДА Сарыарқа самал ескен далам қандай! Қазақтың бағы үшін тек жаралғандай. Ақ орда – Астанамның ақ жүрегі, Ақ күріш, ақ маржаннан қаланғандай.
Ақ ордадан ақ сəуле – нұр тараған, Əн қалықтап, ақ қанат жыр тараған. Көз ала алмай тұрасың тұлғасынан, Сияқты сұлу таңдап, қыз қараған. Қыран байрақ шарқ ұрған төбесінде, Көтерілдік жаңа өмір белесіне. Нұр сəулетті Ақ орда – айғағысың, Ерлік істің сақталар ел есінде. Ақ ордам – шырқап салар əнім де сен, Мақтанышым, салтанат сəнім де сен. Сарыарқаның төрінде саңқылдаған, Ақынның жырындайсың жалынды əсем. Сымбатың жас сұлудай артық туған, Сəулеленер ақ мəрмəр балқып нұрдан. Күн сүйген көк күмбезің көкке бойлап, Ауада сияқтысың қалқып тұрған. Ақ сарай күмістелген, алтындаған, Өзіңнен сəн-салтанат артылмаған. Қонақтарды күлімдеп қарсы аласың, Жайдары ашық жүзбен жарқылдаған. Жарқын жаз – жаңа күнге сеніп келген, Айналдым ер мінезді ерікті елден. Ең асыл алтын-гауһар алқасы боп, Ақ орда Елордаға көрік берген. Ақ орда елдің мықты тірегі де, Жеткізгер асыл мұрат тілегіне. Түссе де қанша салмақ қабырғаңа, Түспесін дақ көк күмбез – жүрегіңе. Ақ сарай сəулетің сай дара тұлғаң, Жаһанға жатсың ғажап таратып əн. Қазақтың сан ғасырлар түсіне еніп, Ақ орда ақ арманнан жаратылған.
ЖЕТІ ЖЕҢІС (толғау)
Қазақстан–бағыстан мақтанымсың, Жүрегімнен жыр тасып ақтарылсын. Бодандықтың бұғауын бұзып шығып, Азаттықтың ақ таңы атқаны шын. Зоры осы жетістіктің, жеңістің де! Тағдырым тұрған еді-ау сең үстінде. Көршілерден басқасы білмейтұғын, Қазақ деген ел барын жер үстінде. Ауыр салмақ түсіп ел иығына, Тағдырдың тірелдік сан тұйығына. Ал бүгін Алла оңғарып тең мүшеміз, Біріккен Ұлттардың біз ұйымына. Өтпейді бізсіз БҰҰ-ның Кеңесі де, Мұхитта Қазақстан кемесі де. Бүркітті көк туымыз көкте самғап, Тұр желбіреп сол үйдің төбесінде. Халқымыз қонағына шырай берген, Қалауын кетер алып сұрай келген. Қазақтың даладай кең пейіліне Азаттық – бақыт нағыз Құдай берген. Танылып ұлтымыз бен ұлысымыз, Азаттықтан ашылды тынысымыз. Қосылу өркенді елдер қатарына – Бүгінгі ұлы міндет – ұлы ісіміз! * Екінші зор жеңісім – Ана тілім, Қадірлі мемлекеттік дара тілім. Көбеюде қатары қазақтардың, Қазақ тілмен шығарар бала тілін.
Ашып анық айтайын айтарымды, Айдаудан ана тілім қайтарылды.
Құдықтан Шəкəріммен бірге шығып, Туған тіл тұғырына қайта мінді. Болғанбыз құса тілдің күйігінен, Қалай шығар деп енді иірімнен. А, Құдай, өзің қолдап ана тілім, Биіктей берсін шыққан осы биігінен. Өзгеріп елдегі ұлттар ұғымы да, Үйренер шала қазақ ұлығы да. Мəртебесі асқақтап тіліміздің, Мызғымай тұрғай мəңгі тұғырында!!! * Үшінші жеңісіміз – Астанамыз! Жас болса да елорда – бас қаламыз. Тарихы ерліктерге толы ғажап, Түсуде оюланып тасқа нағыз. Сағат сайын сəнденіп сəулеттенген, Сəніне сай тұрмысы дəулеттенген. Ғимараттар, күмбездер құбылады, Сəулеленіп сан түсті əйнектермен. Ерке Есілдің айдыны көрік беріп, Астана көз тартады көріктеніп. Көңілің көтеріліп көкке өрлейді, Ақорда, Бəйтеректі көріп келіп. Өтетін сансыз көлік нөпірлері, Тамаша «Арқар», «Бұғы» көпірлері. Сүйсінтіп көз мейірін қандырады, Сəулетті ғимараттың не түрлері. Күн-күн сайын құлпырып кемелденген, Сəулетшілер əсемдеп өнерлеген. Сазгерлер «Астанам!» деп əн қалқытып, Ақындар өрнектеген өлеңдермен.
- * Төртінші: көп партия – жетістігім, Игеруде саясат кеңістігін. Оппозиция биліктің, үкіметтің, Көзге айтып көрсетуде кемістігін. «Жас алаш», «Дат»... – тəуелсіз газеттерің, Оқиды ел өткір сынын – мəз еткенін. Жатады жазып күнде əшкерелеп, Əділетсіз əкімдер əдеттерін. Бүгінде ешкімді ешкім шектемейді, Шектеумен демократия көктемейді. Көрсетіп кемшілікті əділ сына, Тек кісіні орынсыз сөкпе дейді. Бұрында аузымызда құлып тұрды, Шындық, шіркін, қыңсылап ұлып тұрды. Демократия есейіп жігіт болып, Жол ашып жатыр бүгін тіліп тыңды.
- * Бесінші: – ел бірлігі, ынтымағым, Ынтымақпен жайқалар жыр-шынарым. Халқымның нар төзімі – ырыс нағыз, Қазақтың бағы ассын деп құлшынамын. Момын деп бірақ ешкім басынбасын, Байып алып, мастанып тасынбасын. Қазақтың жақсылығын сезіп іштей, Білсін жəне бастан сөз асырмасын. Орынсыз ренжіспей бұртың қағып, Бельгердей тани білсін ұлтымды анық. Ұйғыр, түрік, шешендер қастық жасап, Сатып кетіп жүрмесін бұлтың қағып. Бір бүйірден тимесін бүлік болып, Қанап бізді сормасын сүлік болып. Шын ынтымақ орнайды сонда ғана, Қазақпен сыйласса дос-ілік болып!
- Алтыншы жетістігім – оралғаным, Шұрқырасып табысып қол алғаным. Бауырымдап қарсы алып ұшақтардан, Бəйек боп шылбырына оралғанмын. Еліне бауыр басып өсіп-өніп, Үздіксіз жатыр қазақ көші келіп. Көшпен бірге қаймағы бұзылмаған, Таза тіл мен ата салт, бесік еріп. Қазақтың беруде Алла шын арманын, Бұл да бір тақырыбы шығарманың. Исініп бауырына жатыр басып, Ұлы дала ұл-қызын, ұландарын. Шет елде қаракөзім қандасым көп, Ұлы көшке қосылсын жалғасы боп. Тілеймін атажұртын аңсап жүрген, Жат жерде жалғыз қазақ қалмасын! – деп. Жетінші жетістігім – кəсіпкерім, Кəсіпкерлер кəсіппен нəсіп тердің. Алғашында Қытайдан, Түркиядан, Ала қапшық арқалап тасып келдің. Еңбектерін айтпай мен тұрайын ба, Өркендесін кəсібі ылайым да. Бар ақынға машина – ат мінгізіп, Шығарған солар айтыс шырайын да. Орның бөлек, отандық кəсіпкерім, Кəсіптің неше түрін ашып бердің. Саланың тыңын тұңғыш көтердіңдер, Қиындықтың қия шың асып белін. Аламандар білегін білей келген, Кеудеге тапаншасын тірей келген. Шын ерлік – кəсіптерін дамытқаны, Алысып рэкеттермен, рейдермен.
Аламандар зорлықпен басып белге, Талайды кіргізді атып ашық көрге. Бір ескерткіш орнату керек деймін Құрбан болған алғашқы кəсіпкерге. * Өрнекті қайран жырға жетеді не, Кетпедім жеңіл сөздің жетегінде. Сəйкестеп жеті санға қасиетті, Тоқталдым жетістіктің жетеуіне. Еңбектің татып тəтті жемістерін, Өркендей берсін кəсіп-төл істерің. Айналайын алашым, отандастар, Баянды болсын табыс жеңістерің! Ақылбек ШАЯХМЕТ 1. АҚЖОЛТАЙ Азаттықтың атқан шақта нұр-таңы, Туған елім тебіреніп тұр тағы. Көтергендей Абылайдың ақ туын, Тəуелсіздік жырын бүгін шырқады. Еркін құстың қанатын кім қырқады?! А-а-а! Ақжолтай! Тегі түрік, қаны қазақ қашаннан, Алаш атын ұран қылған ұрпағы. Тапқан бағын атамекен-қоңыстан, Тар жол, тайғақ кешулерде табысқан. Жауға қарсы жұдырықтай жұмылып, Ерлер өткен арыстандай алысқан, Жүректері жаралғандай намыстан, А-а-а! Ақжолтай! Жетелейді келешектің шыңына Солар жаққан үміт оты алыстан. Тіршіліктің болса тоқсан тарауы, Жақсы ырым гой жақсылыққа балауы, Шайқалмасын Қыдыр қонған шаңырақ,
Құт дарытсын бар халықтың қалауы, Жарқырасын еркіндіктің алауы, А-а-а! Ақжолтай! Жүрек күндей, тілек бірдей. Иншалла! Жығылмасын тəуелсіздік жалауы! 2. ТƏУЕЛСІЗДІК ЕСКЕРТКІШІ АЛДЫНДА Алтын қазақ, нар қазақ барыс мінген, Жетті бізге мұқалмай алыс күннен. Нар қазақпен – намысы бар қазақпен. Сонау ықылым заманнан таныспын мен. Осы қазақ қой айдап, жылқы баққан, Садақ оғын дұшпанға зырқыратқан. Өзі барып ешкімге тиіспеген, Келген жауды жығып сап, шырқыратқан. Осы қазақ кен қазып, дəн өсірген, Асқан талай өмірдің белесінен. Кісі аузына тосқан ол бар тапқанын, Құр қалса да өзінің үлесінен. Осы қазақ күй тартып, əн шығарған, Жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған. Ұрпағы үшін шырылдап суға түсіп, Ажалға да қаймықпай қарсы барған. Осы қазақ бақ егіп, қала салған, Сөз саптаған билермен таласа алған. Насыбайдан бір атым көңілі қалып, Бір сөз үшін айықпас жара салған. Осы қазақ елі үшін атқа мінген, Жанып жатқан лапылдап отқа кірген. Бойтұмар қып ар-ұждан – қазынасын, Абыройын жоғалтпай сақтап жүрген. Болашаққа бастаған көші ғажап, Жұбан ақын жырлаған осы қазақ. Ұрттап жүрген арағын, сырасын да,
Орыс пенен қытайдың досы қазақ. Ақ орнына сатып ап арақ ішіп, Жолын кесіп өтті ме қара мысық? Сол қазақтың зəузаты өсіп жатқан, Отауында абалар ала күшік. Ақ боз атын қарғытқан жар үстінен, Өткен күннен кеттік пе алыс мүлдем?! Сол қазақтың ұрпағы осы күні, Еттің өзін жейді екен шанышқымен. Жанына ерген қастық қып жолдасына, Жолдан тапқан мəз болып олжасына. Сол қазақ қой сабаған қамшыменен, Байлап қойып əкесін арбасына. Кешіккен соң далада ерте көктем, Қыс ызғарын қумаппын желкелеп мен. Сол қазақ қой шешесін сыртқа теуіп, Сұр жыланды қойнына ап еркелеткен. Сол қазақ қой қос тілді қос қанат деп, Мəстекті де бəйгеге қосқан ат деп, Ғасырлардың түйісер тұсына кеп, «Не болар деп тағдырым?!» – сасқан ептеп. Сенің пірің, қазағым, алыс күннен, Келген батыр астына барыс мінген. Желтоқсанның желімен мұз қозғалып, Қиянатпен барыстай алыстым мен. Алтын қазақ, нар қазақ барыс мінген, Жетті бізге жарқырап алыс күннен. Нар қазақпен – намысы бар қазақпен, Жиырмасыншы ғасырда табыстым мен! 3. БАҚЫТ ЖҰЛДЫЗЫ Тəуелсіз күнім, мен сені, Асқақтап тұрған шың дер ем, Қараған жанның еріксіз басы айналар,
Ұлылық мəнін ойланар, Перзенті болып, жер-ана төсін иіткен, Дəуірге дархан сүйсіне қарар биіктен, Өзіңдей заңғар қайда бар?! Мен сені нұрлы күн дер ем, Шуағы жетер төрт бұрышына əлемнің, Арқауы болар өлеңнің, Тауларды басып, мұхиттан асып дабылың, Жерлерге қашық кұйылып жатса жарығың, Тілегі сенсің көп елдің. Өзіңсің шаттық арнасы, Басынан таудың бас алып барып тасыған, Ілгері қарай жосыған, Көбейіп қызық, еңбекпен қызып ду-думан, Бұрқанып-тасып, ереуіл-толқын тудырған Серпінді күй мен асыл əн.
Өзінсің тірлік жалғасы, Қабыл боп тұрған батасы абзал атаның, Алысқа жайған атағын, Масаты белім, қоғалы көлім, өзенім, Аунайтын жерім, жұтатын демім, өз елім, Шалқыған менің Отаным! Тəуелсіз күнім – тағдырым, Көзімен оның өткенді көріп сырласам, Тереңде жатқан сырды ашам, Атымтай жомарт секілді бүгін баймын мен, Кеудемді шаттық кетеді кернеп, лайнермен Төсінде көктің зуласам. Тəуелсіз күнім – əн-жырым, Зор дауыспенен шырқайтын елдің ұл-қызы, Жүздері гүлдей қырмызы. Куəсі болып ыстық қан, ащы терімнің, Жайнайды мəңгі көгінде еркін елімнің Тəуелсіздіктің жұлдызы!
- ЖАСАМПАЗ ЖЫРЫМ Тəуелсіз күнім – жасампаз жырым, жас күнім, Думаны сенсің жеті қат аспан астының. Жалғанда жалпақ бөгейтін ешбір күш те жоқ, Жасампаз елдің телегей теңіз тасқынын. Серігім болып тəтті күй, əсем əн менің, Жалғасып жатыр дүркіреп келген дəуренім. Қыпша бел қыздар, нар тұлға жайсаң жігіттер, Танытып жатыр өзінің мықты пəрменін. Қырандар қалқып ашылған шайдай көгімде, Жерімде жомарт төгілсе маңдай терім де. Ол ерлік жүзің, қалдырған ізің деп білем, Еркіндік дəмін сезінген менің елімде. 5. ТЕМІРҚАЗЫҚ Тəуелсіздік таңы атқанда кетті толқып жүрегім, Қуаныштан гүлдей жайнап, арайланды реңім. Шұғыласы армандай боп келген күнім осы ғой, Жалғыз серпіп түріп тастар қараңғылық түнегін. Қара мақпал қою түннің көтеріліп етегі, Ала шарбы шуда бұлттар қарбаң-құрбаң етеді. Алаулаған жалындардың арасынан қып-қызыл, Желтоқсанның құрбандары елес беріп кетеді. Халқымыздың көңілінде бұғып жатқан ой-арман, Жүзеге асып, жердің беті шұғылаға боянған. Қайғы тартып, зар-заманда уайымнан сарғайған, Далам менің арыстардың ұранынан оянған. Басқа қонып бабамыздың бақыт құсы аңсаған, Сен жайында əндер шырқап, жыр арнаймын мен саған. Атқан таңды достарыммен бірге күліп қарсы алам, Қызық толы тіршілікке қараймын да, тамсанам. Жаңа ұрпақ келе жатыр қолдарына ту ұстап, Тұрмын күліп күннің күміс моншақтарын уыстап.
Бет қаратып, жан жолатпас айбатыңнан сескеніп, Көлеңкелер таса жерге жасырынды жылыстап. Жылдар сайын биіктесе дараланған өр тұлғаң, Кемпірқосақ бояуындай сан құбылған көркің бар. Қазақ елі, қазақ жері көсегемді көгертсе, Тынығуға, жыр ұғуға, шынығуға еркім бар. Күн менен түн тойын жасап, жарыстырып дүлдүлін, Итжығыс боп жатқан шақта кезек жеңіп бір-бірін. Тəуелсіздік – күндіз көкте сəуле шашқан алтын күн, Түн болғанда жол сілтейтін Темірқазық жұлдызым. 6. ҚУАН, ҚАЗАҚ! Ақ түйенің қарыны жарылды бүгін, Ақ сандықтың түбі де қағылды бүгін. Тəуелсіз күнің, қазағым, ғұмырлы болсын, Осыны жеткіз əлемге, дабылды жырым! Желтоқсан желі қой жылы самал боп ескен, Құқайды көрген күніміз шығар ма естен?! Ержүрек ұлым құл болып, боданда жүрген, Ұмытам қалай тайғақты жолдарды кешкен. Көздерін ашып көргелі тартқаны азап, Қастық пен аштық қыспаққа ап, қырылды қазақ. Жаныма менің бəрінен батады қатты, Келімсек біреу кердеңдеп, қылғаны мазақ. Асымды ішіп, аяққа түкіргендер бар, Тамаққа тойып алған соң секіргендер бар, Кекіргендер бар. Жерімнің суын ішсе де, Қанып ішсе де, кермек деп өкінгендер бар. Тасмешін жылы жұртымыз еркіндік алып, Уақыт-емші жазар ма дертіңді, халық?! Есеңгіреп қалған ел естерін жиып, Оянып намыс қалғыған, серпілдік анық.
Қайтадан міне, оралып тіліміз келді, Иманды жанды көбейтер дініміз келді, Қонақжай елдің азаттық сағаты туды, Тереземіз теңесер күніміз келді! Кейінде қалып қазақтың жалынған күні, Күмбір де күмбір кісінеп, табылған жыры. Аспан түстес көк туды көтердік бүгін, Көк бөрінің бейнесін сағынған күні. Перзенті болсын қай ұлттың, ағызып терін, Қадірлеп, сүйіп, өзі өскен жайласын жерін. Қазақтың туын тұмардай қасиет тұтып, Төбеге бүгін мақтанып көтерсін елім! Еркіндіктің елтаңба арнасы болсын, Қанатын қаққан арманның жалғасы болсын. Шаңырағы əрдайым биікте болып, Рулық емес, елдіктің таңбасы болсын! Жақсы ниетпен жайласын от басын пейіл, Еліміз енді бұрмасын ат басын кейін. Мерейім тасып, мəртебем асқақтай берсін, Қазақтың жауы қазақтан шықпасын дейін! 7. ТІК ҰСТАЙЫҚ ЕҢСЕНІ! Болғанмен бүгін қазақтың иемен елі, Сұққысы келіп тұрған бар көбеге инені. Одақтың тұсы кешегі, белгілі ғалым, Диссертация қорғаған, мазмұны мəлім: «Қазақстанның қансорғыш кенелері». Қанымды сорып, тəніме жабысқанды да, Досыма балап, құшақтап, табыспадым ба?! Сырымды біліп, кенедей қадалып сүйіп, Ішіме кіріп, тонымды сұрамай киіп, Жыртылса жағам, арман не, алысқанымда. Үретін иті, сасыған доңыздары да, Бүрге мен биті, дүниеқоңыздары да. Қиларын үйіп, жақсының кеудесін басып,
Арағын құйып, арудың етегін ашып, Дастарханыма сілекей ағызбады ма?! Ата-бабамыз нəр татпай, қаңғып қалғанда, Тіл мен діннен айырылып, мəңгүрт болғанда, Бармақ шайнаған кім еді?! Ес жиып елім, Қарақұстардан қорғаса аққулы көлін, Əлі де аңқау, салдырлақ, аңғырт болам ба? Білектің күшін, көз нұрын, жіліктің майын, Бəрін де беріп болған соң кіріпті уайым. Еңсемді тіктеп, бойымды тура ұстайын, Жауымды жіктеп, болайын ұрысқа дайын, Ер болсам болдым, немесе құрып тынайын! Жүректің нұры кептіріп көзімнің жасын, Жайнамаз ғана еңкейткен ерімнің басын. Кеудесі таза, қолы адал, талабы асыл, Қабағы ашық халқымның қайраты басым, Шығарар солар өрге де қазақтың тасын. 8. ҚАЗАҒЫМ МЕНІҢ ТƏУЕЛСІЗ Жайнаған гүлдеп еліміз мынау, Жемісін əлі терерсіз. Қонса да кейде қабаққа қырау, Қазағым менің тəуелсіз. Астық па біздер басқадан, бірақ, Сұрарсыз, бəлкім, менен сіз, Қөп елдер бізге түреді құлақ, Қазағым менің тəуелсіз. Төменде жүрдік, Кеденге кірдік, Болмайды еш зат дəлелсіз. Нарықтың енді бағасын білдік, Қазағым менің тəуелсіз. Ауады көштің жүгі де кейде, Сынақты талай көрерсіз. Ұлтымның салты болса егер үйде, Қазағым менің тəуелсіз.
Шыққанда топқа салады бəрін, Болмайды жігіт өнерсіз. Тартады күйін, шырқайды əнін, Қазағым менің тəуелсіз. Бұрын да солай жəне де бүгін, Тарқамас той да өлеңсіз. Ақындар жатқа оқыса жырын, Қазағым менің тəуелсіз. 9. АУДАРҒАН ƏЛЕМ НАЗАРЫН Қазақтың толмай қазаны, Таусылмай назым, ғазалы. Көбейіп тірлік азабы, Өзгені көріп мазағын, «Маса» болып ызыңдап, Ақанның салған азаны, Жендеттің алса мазасын Жақанның «Оян, қазағы!». Дұшпанның беріп жазасын, Нұржанның «Оян, Алашы!», Оятқан жоқ па қазағын?! Елімнің бекіп іргесі, Ағалар бастап ел көшін, Қыздырып өмір көрігін, Қайнатқан жоқ па базарын?! Арқаға салып Астана, Жастарға беріп баспана, Аударып əлем назарын. Қазағым болса тəуелсіз, Тереңнен ойды қазамын, Мақтанып жырды жазамын. ТƏУЕЛСІЗДІК ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ І. Қалай келдік бұл жерге, Қалай жеттік бұл күнге, Қазақ елі жұмаққа мекен деуге мүмкін бе?! Қазақ елі тозақтың шегі деуге бола ма, Сөйле, сөйле, ендеше, қызыл тілім, іркілме!
Ата жауды қашырған, баба даңқын асырған, Қас дұшпаным бас ұрған күндер өтті басымнан. Қарсы алдымнан жел тұрып, қалдым қазір ентігіп, Асамын деп келгенде жиырмасыншы ғасырдан. Не жетеді жалғанда дүния сырын білгенге, Жұлдыздарға көз тіктім сүттей жарық түндерде. Шымылдығым құрулы, туырлығым түрулі, Өткен күннен белгі боп жетті біздің күндерге. Өткен күннен белгі көп, ана тілім – қазынам, Сені жұтсам балдайын, сырқатымнан жазылам. Жақсы сөзді сондықтан жатпай-тұрмай іздеймін, Бал арасы секілді өмірімнің жазынан. Сырт айналып бір күнде дос-жарандар ұғысқан, Күндер жетті суысқан, қайыр кетті туыстан. Ұмыт қалып өсиет, жиылды да қасірет, Сүтпен сінген қасиет шығып кетті уыстан. Əке тілін ұл алмай, шеше тілін қыз алмай, Баламызбен тілдестік өзге тілде қызармай. Енді отырмыз өзіміз тастай қылып қатырған, Көбе-қарды сөге алмай, қалың мұзды бұза алмай. Жолбарыстай қайратты, арыстандай айбатты, Ерлерімді ездер кеп абақтыға айдатты. Арып-ашқан халыққа нəр беретін жан қалмай, Піскен сүттің бетінен қалқып алды қаймақты. Енді көрсем ең алып бəйтеректер сыр тұнған, Бұтақтары тоналып, тамырлары қырқылған. Күнім туды десем де, жалбаңдаған канден ит, «Аман жүр деп бұл неге?» – абалайды сыртымнан. Əзəзіл боп шықты ма келген қонақ төрдегі, Тас жатқанын қойнында неге көзім көрмеді? Қорсылдаған доңыздың асыл текті тұлпармен Қанша семіз болса да, терезесі тең бе еді?! Біреу зар боп балаға, ит жетелеп біреу жүр, Көзін қадап далаға, іште мысық тілеу жүр,
«Қыстың көзі қырау» – деп, тоқтатпасам сөзімді. «Не айтып кетті мынау?» – деп тілеулестер ренжір. Тілі тəтті болса да, діні қатты шешеннің, Кіндігінің тек қана қамын жеген көсемнің. Сөздеріне иланған, көппен бірге қиналған, Жайын ұқпас кеселдің, о, не деген есермін? Жалған сырын білсе де, көкірегінде мың арман, Өзін ұқпай жүрсе де, өзгелерді ұға алған, Көрген өмір азабын бала мінез қазағым, Жыланды да үйге енген айран құйып шығарған. Сыбағадан құр қалып жүрсек-тағы анық біз, Нұрды аспаннан, қуатты жерден алған халықпыз. Күннің көзін бұлт басып, жерден табан тайғанда, Ішіп алып есірткі, есімізден таныппыз. Сүйтіп жүріп қазақтың маңдайынан күн туды, Одақ деген олақтың тар астары жыртылды. Көрсете алмай қарсылық жатқан шалғын жаншылып, Бойын тіктеп, қайтадан тіршілікке ұмтылды. Ту астына жиылып, таудай болып үйіліп, Батыр бола бастадық бабаларға сыйынып. Өктем, озбыр мінезді өзімізге көрсетіп, Тек кетпесек болғаны қар суындай сұйылып. Қайта көктеп, көгеріп, жапырақ жайып тіліміз, Тереземіз теңеліп, көкке жетсін үніміз. Жалпақ жатқан жалғанды көктей өткен тіріміз, Көп халықтың піріміз, аз халықтың біріміз. Билеп-төстеп жүргеннің сыпырылды пердесі, Дөңгеленген жерде осы тоқтамасын ел көші. Қайта айналып қазығын оралғанда қазынам, Шашу болып шашылсын қазағымның теңгесі. ІІ. Тізеліні тізерлетіп, басы барды еңкейткен, Есіл ерлер еңіреген туған жерін көркейткен.
Басқа жұртқа бодан болып тұрғанда да бұқпаған, Адамдықтың, адалдықтың əппақ туын жықпаған. Бүлінгеннен бүлдіргі алмай, қанағаты тойдырған, Жетімдер мен жесірлерді жиып алған ой-қырдан. Жақынына бөліп берген жолдан тапқан олжасын, Орамал боп сүртіп алған жылағанның көз жасын. Тілім нанды өзі жемей, көршісімен бөліскен, Алыстағы ағайынмен құшақтасып, көріскен. Қиындықта қабақ шытпай, тартқан тағдыр ауырын, Сен не деген аяулы едің, айналайын, бауырым! Үйір-үйір жылқыларың Сарыарқаны шаңдатқан, Найзасымен жауды үркітіп, қабағына қар қатқан, Ұлы құл боп, қызы күң боп өмір сүре алмаған, Шырылдаған торғайы да кеңістікте самғаған. Саусағынан күй төгіліп, көмейінен бал тамған, Жарық нұрды алақанға тосып алған əр таңнан. Балалары анасының бесік жырын есіткен, Атта жүрген кейде белі шықпай жатып бесіктен. Ана тілін еміп өсіп, уызынан жарыған, Перзенттері намыстарын қайратына жаныған. Үсті-басын су қылмаған көрсе де өмір жауынын, Сен не деген аяулы едің, айналайын, бауырым! Өз ішінен шықпаса егер, сырттан келер қасы жоқ, Жағаласқан дұшпанынан аңдып жүрген досы көп. Тұлпар көрсе қыз көргендей елпілдеген, елірген, Түске дейін есі бар да, түстен кейін есі жоқ. Жалғыз қойын сойып тастар қонағына құдайы, Тар жерде де төрінде асқақ отыратын ұдайы. Жыртық үйдің құрай алмай отырса да жамауын, Орындайтын өліп-талып мейманының қалауын. Сыртқа жүнін тікірейтіп, арықтығын білдірмей, Бір шаруаға үлгірсе де, мың шаруаға үлгірмей, Көріп жүрген бұл жалғанның құйыны мен дауылын, Сен не деген аяулы едің, айналайын, бауырым!
Тірілерге қызмет қылып, қадір тұтқан өлгенді, Балалары құйма құлақ, келіндері көргенді. Ақылына көркі сай, ару қызы қылықты, Қосшылары қайырымды, басшылары білікті, Жандары асыл, бары басым, «жоқ!» – деп айтар сөзі жоқ, Мінген атын жаяуларға түсіп берген кезі көп. Қыдыр қонып, бақ дарыған шаңырағы аталы, Некелері негізді де, дастарханы баталы. Тауқіметі көп болса да, ұмытпаған сауығын, Сен не деген бақытты едің, айналайын, бауырым! Қиындықта қабақ шытпай, тартқан тағдыр ауырын, Үсті-басын су қылмаған көрсе де өмір жауынын. Көріп жүрген бұл жалғанның құйыны мен дауылын, Тауқіметі көп болса да, ұмытпаған сауығын, Сен не деген аяулы едің, айналайын, бауырым, Сен не деген бақытты едің, айналайын, бауырым! ІІІ. Тəуелсіздік Алматының алмасы емес топ еткен, Мата да емес артылған соң кесіп берген етектен. Тар жол, тайғақ асуларда жүрген ізін мұз еткен, Жалғызаяқ талай соқпақ жолаушыны жүдеткен, Тəуелсіздік бабамыздың аңсап өткен мұраты, Қатал қыста, сары аязда табанынан сыз өткен. Тəуелсіздік – тамаша сөз жарып шыққан жүректен. Есім хан мен Қасым ханның ескі, қасқа жолдары, Абылай мен Кене ханның жер қайысқан қолдары. Шəкəрімнің торығуы, Құрманғазы арманы, Махамбеттің бұлқынуы жаралы аңдай тордағы. Мұның бəрі үлкен іске дайындықтай алдағы, Тəуелсіздік асуының батпан-батпан салмағы, Тəуелсіздік – еркін елдің тастай берік қорғаны! Таудай талап, қайрат қылған кісі болса тырбанар, Тəуелсіздік – қайнар көзі жаңа ашылған жылғалар. Елдің жүзі тəуелсіздік сəулесімен нұрланар, Көздің жасы қарияның жанарынан сырғанар.
Желі үдеген Желтоқсанда айбар берген тұлғалар, Бір жұтым су, іздеп келген кісі болса, бір қанар, Тəуелсіздік! Бұл мəңгілік тақырып қой жырланар! Сəуле ДОСЖАНОВА САМҰРЫҚ. БƏЙТЕРЕК ЖƏНЕ АСТАНА Беу, Самұрық! Ұя сап, жер шегіне, Жалғыз түп бəйтеректің өркеніне. Алтыннан жұмыртқаң бар, Қалып едің сүйікті ертегіде. Дүние-ай, Сол жалғыз жұмыртқаңды Жылда жалмап айдаһар құныққан-ды. Дауылдатып, сағынып жеткеніңде Ұяң бос! Ұлып қалдың... Содан, алысып жалмауызбен, Тұқымыңды тұз қылған қанды ауызбен, Жеті күн, жеті түн бойы шайқасып, Жеңіп шықтың ертеңге жалғау іздеп. Бұл сенің ғана жеңісің емес еді, Зұлымдықтың сөгілген көбесі еді. Бабаларым қалдырған ертегі етіп, Бостандықтың көрінген төбесі еді. Бұл сенің ғана жеңісің емес еді! Содан бері, Жылдарға жыл жалғасып, Бəленбай жүзжылдық кетті алмасып. Сол бəйтерек, Сол алтын жұмыртқамен ХХІ ғасырға жетті арбасып.
Өмір түсті өзінің сабасына, Сарыарқада, Есілдің жағасына. Азат елдің орнатқан астанасы – Тыныштықтың айналды қаласына. Сол қаланың орталық алаңында, Баяғы бəйтеректің дарағында. Самұрықтың сары алтын жұмыртқасы, Жарқырайды нұр шашып тарабына. Жаңа Астана! Орнаған жер көгіне, Жаңа өмірі ұқсайды ертегіге. Бəйтеректің нұрымен армандарын, Жалғастырған жаһанның өркеніне. Жаңа Астана күллі əлем назарында, Айналған бейбітшілік базарына. Ертегідей өмірді бейнетіне, Жаратқан бере салған қазағыма. ҚАЙЫРЛЫ ТАҢ НҰРЛЫ ОТАН Қайырлы таң, Астана! Қайырлы таң, нұрлы Отан! Сыр ашпаған басқаға, Жүрегімді жырлатам. Көңілімнің көгіне, Бұлбұлдарын сайратам, Өңіріңнің төріне, Жыр қазанын қайнатам. Тəуелсіздік, азаттық Əлқисасы тірліктің. Жүз ұлт сыйлап қазақты, Бауыр болып бірлікті. Көк байрағың желбіреп, Көкте күнмен таласты. Туған халқың елжіреп, Қуанышпен қарасты.
Жас мемлекет десек те, Жаңа астана құрадың. Əлемдегі есепте – Еуразия тұрағың. Жаңа астанаң – бас қала, Құлаш жайып барады. Жаңа ордаңа Астана. Əлем назар салады. Орта Азия көгінде, Шырағдандай жанасың. Салтанатты шеруге, Барыс болып барасың. Арқа жақтан тасқындап, Көмір, темір шығады. Маңғыстаудың астында – Қара алтынның бұлағы. Оңтүстікте – ақ мақта, Солтүстікте – ақ бидай. Батысыңда – ақ қайың, Шығысыңда – қарағай. Жетісу – жер жəннаты, Көкөніс пен жеміс көп. Алатау мен Алматы – Қалды екінші өріс боп. Көк тіреп Хантəңірің, Қарт Каспийің толқиды. Атырау-Алтай өңірің, Дəулеті тасып шалқиды. Есілдің бойын жағалай, Ел қондырдың əулетті. Қалыңдығы қоғадай, Жиып бердің дəулетті. Ортасына айбатты, Ақ ордаңды орнаттың.
Көтеріп көк байрақты, Қыраныңды самғаттың. «Қазақ елі» көк тіреп, «Перамидаң» жер тіреп. «Бəйтеректі» орнаттың, Ел орданың көркі деп. Қайырлы таң, Астанам! Қайырлы таң, нұрлы Отан! Сенен шабыт бастаған, Жүрегімді жырлатам. САРЫАРҚАНЫҢ САМАЛЫ Сарыарқаның соғады сар самалы, Сар даланың осы ғой аңсағаны. Бұлым-бұлым белдердің қары кетіп, Жер-Ананың ериді сонша жаны. Сарыарқаның соғады қоңыр желі, Саф ауамен дем алып көмірлі елі. Қорым-қорым қыраттың қары кетіп, Қара тана тағады өңірлері. Сарыарқада соғады алтын күрек, Сар даланы тербетіп салқынды леп. Арқа-жарқа болады адамдары, Бір-біріне жолдасып жарқын тілек. ТУҒАН ЖЕР – ОТАН-ƏЗ АНА Өзгермелі, ауыспалы ғаламда, Отан жалғыз, Ана жалғыз адамда. Екеуіне деген ұлы махаббат, Талай жауды таптаттырған табанға. Ана жалғыз – Тар құрсағын кеңіткен,
Толғақ қысып сүйектерін еріткен. Иілдіріп алпыс екі тамырын, Бала емізіп, өмір күйін шерткен. Жəне жалғыз – Ешкім таңдап алмайтын, Туған жерің – қанат қағып, самғайтын. Отан – Анаң осы жерден басталар, Жан алысып, жан берісіп қорғайтын. Тауға ұмтылып, тасты жарып талабың, Туған жерден басталады қадамың. Күллі əлемді шарласаң да жүректе, Соған деген тұрады бір дара мұң. Сол дара мұң – сағынышың қайда да, Серік болар барсаң да ұшып Айға да. Бейбарысқа топырағын аңсатып, Сол сағыныш алдаспандай қайраған. Заманында Үндістанды билеген, Бабырды да сол сағыныш илеген. Шығыс халқы пір тұтқан əл-Фараби, Боз жусаннан басқа иісті сүймеген. Елестетіп туған жердің аспанын, Бөтен жұртта қиды қанша жас жанын. Басқыншыны бауырға алып сан батыр, Өліп кетті туған жерін жастанып. Ақын өтті – құдіретіне тамсанып, Əнші де өтті – құрметтеп əн салып. Туған жердің қаратасын сөйлетті, Суретшіні матап алып сал шабыт. Қайда барып бітсе де өмір сапарың, Туған жерге сағынышпен маталып. Жүретұғын қазақтың бар арманы – Отанымен жүрсе аты аталып. «Шет жүрсем де даңқым елге жетсін», – деп, Алла нұрын ел-жұртыма төксін», – деп
Отыратын қазақ күйсе қарғаған, «Туған жерің өзегіңе тепсін», – деп. Қайсы əлемге апарса да мұратың, Магниттей жіпсіз тартып тұратын. Туған жерің – сағынышың тəп-тəтті, Еске алғанда жанға рахат тұнатын. Өзгермелі, ауыспалы заманда, Отан жалғыз, Ана жалғыз адамда. Екеуіне деген ұлы махаббат, Таусылмайды, сарқылмайды ғаламда. КӨБЕЙ, ҚАЗАҚ «...Қазақстан қартайып бара жатыр...», – Деп жазыпты газеттер қарабақыр. Ұзақ өмір сүргенге кінəлідей, Кемпір-шалдың жасын кім санап отыр. «Көбейіпті шал-кемпір елімізде, Шығып алып барлығы төрімізге. Зейнетақы алады үйде» – дейді, Жаңалықтай жеткізіп соны бізге. Ағайынның айналған асқарына, Жол көрсетер келешек жастарына. Қарияны көп көріп көш бастаған, Қара басқыр жамандық бастады ма?! Қартаймайтын сияқты өздері де, Не көрінді, бəтшағар, көздеріне! Қариясы бар үйде – қазына бар, Санақшының түкірдім сөздеріне. Білгіштерден үлгі алып Батыстағы, Жүрген шығар біреулер шатысқалы. Жапондарда аңыз бар: «Баяғыда – Көп көріпті қарттарды атұстары. «Атауын» сап кішкентай қалтасына, Қариясын көтеріп арқасына.
Тауға апарып тастайтын болған екен, Жем болсын», – деп құзғынның ортасына. Жаман дəстүр қанатын кең жайыпты, Қарттығынан таба алмай өңге айыпты. Тастай беріп тау жаққа, ел ішінде, Жөн білетін адамдар азайыпты. Жау шапқанда қасқайып қол бастайтын, Жасырынар халыққа жол бастайтын. Қарт қалмапты, шулаған қатын-бала, Пана тұтып, дұшпаннан қорғаштайтын. Табиғаттың ашулы дауылына, Қуаңшылық немесе жауынына. Жол көрсетіп, білгенін үйрететін, Қарт қалмапты жапонның қауымында. Білек күші, жастықтың қызуы да, Жол көрсете алмапты бұзығына. Жапондықтар қарттарды мойындапты, Жөн көрсетер өмірде қыз-ұлына. Қарттарының алдына жүгінгелі, Жапондықтар жүз жасап бүгіндері. Қариялы ел болып қазыналы, Дəулеттеніп кетіпті ту ілгері. Кімдер екен көп көрген қарияны, Данышпанды, өмірлік дарияны. Қарашаңырақ жанынан қада қағып, Отау етіп шағарған əр ұяны. Көп көрмеңдер, көңілін тонамаңдар, Зейнетақы бердік деп санамаңдар. Бар өмірін Отан мен балаға арнап, Жүргендердің еңбегін бағалаңдар. «Қазақстан қартайып кетеді», – деп, Батыстағы санақтың жетегіне. Байбаламдап отырмай, ойланыңдар, Бір күн қарттық бізге де жетеді деп.
Еліміздің тілесек жасарғанын, Көп көрмейік, қартайған «осалдарын». Көктемдейін жаңартқан дүниені – Бала болсын қазақтың бас арманы. Келін біткен қуантып əр отбасын, Сəбилерге бақыт кеп қонақтасын. Көбейейік, қазағым, көбейейік, Өсіп-өнсін деп бізді жаратқасын. Бір-бір сəби көтеріп арқасына, Қариялар жарасып ортасына. Көбейейік, қазағым, батыраштың, Тамырымыз ұрынбай балтасына. «Қазақстан көбейіп бара жатыр», – Деп күйінсін көршілер қарабақыр. Көбейейік, қазағым, елу жылда, Елу миллион боламыз, қара да тұр. Динара МƏЛІК БОРЫШТАРМЫЗ АЗАТ ЕЛДІҢ ТАҢЫНА Тəуелсіздік – деген ұлы сезімім, Алла берген аманат. Мен бір сонау əпкелердің көзімін, Жүрер ме екен жазалап. Менің үшін, балам үшін күрескен, Азат таңды əперіп. Егемен ел ертеңіне ілескем, Мұнша бақты көтеріп! Қара жерге жас тəнімен құлаған, «Қазақпын» деп жазығы. Желтоқсанның желін жұтып жылаған, Құлағымда наз үні...
Аппақ таңның алақаны оятар, Бал өмірім – жанымда. Қиялымның тал шыбығы бүр атар, ...парызым бар – арымда... Ол борышым өтелер ме өлмесем, Бос сермемей қаламды. Ұрпағымды ұлт тіліне көн десем, Сөндірме деп санаңды. Жатырымнан шыққан ұлым бүлінбей, Тектілігін сақтаса. Туған елдің бейнетіне бүгілмей, «Абай жолын» жаттаса! Азат таңның білсе екен қадірін, Несібінен жиренбей. Бабалардың рухын сыйла Жарығым, «Қазақпын» де именбей! Отаныңның əрбір гүлін аяла, Ұлтыңнан ал – жар қылып. Азат күннің əрбір таңын бағала, Аманат бұл мəңгілік. Алтын көріп ар жолынан жаңылма, Ана тілің – ұятың. Жүректегі иманыңа дамылда, Ізгілік нұр сиятын. Қарыздармыз сол бір қатал ғасырға, Қанша жасты жалмады. Адал болсаң ақиқатты жасырма, Бұл солардың арманы. Балапаным, Жақсылығын əкелсін жаңа таңың. Күн иіскейді шашыңнан сезесің бе, Отаныңның аялы алақанын.
Гүл-жүрегім, Періште боп көзімде үлбіредің. Апыл-тапыл басқанша аяғыңды, Құшағымда ойнатып, күлдіремін. Тіршілігім, Жаратқанға бітпесін құлшылығың. Отан-Ана тербейді шуағымен, Бақытыңның қадірін білші, күнім. Өз елің бар, Топырағында аунайтын өз жерің бар. Қазақстан дейтұғын даламызда, Мəңгілікке қалатын іздерің бар. Ұғын, күнім, Жалғандыққа ар беріп жүгінбедім. Отаныңа жасама – опасыздық, Саған айтар аналық сырым менің. Ержетерсің, Жүрегімнің үнімен бір ме екенсің? Хақ-Аллаһ ғұмырыңды бере көрсе, Жаныңды иманменен гүлдетерсің. Аманатым, Көңілімнен көркем ой таратамын. Атаң бар қаны сіңген қара жерге, Естілмесін ешқашан жаман атың!
Төмендеме! Жанбай жатып, өшемін, сөнем деме! Көпке қарай жығылып, тығылам деп, Намысыңның тізгінін жүгендеме! Ойдың да орманы бар, Уақыттың шындығы мен жалғаны бар. Жеріңнің əрбір гүлін аялап өс, Тамырында бабаңның арманы бар. Жетеледім, Бір сен үшін еңсемді көтеремін! Отаныңа тамшыдай еңбек етсең, Анаңның адал сүтін өтегенің!
ІІ-ші бөлім Поэмалар, Дастандар, Толғаулар Рафаэль НИЯЗБЕК ТУҒАН ЕЛДІҢ АСПАНЫ (толғаудан үзінді) Дүр дүние жасарып, жаңғырғалы, Өкпе артатын жан бар ма тағдырға əлі. Алатауы асқақтап тұрған елдің, Азаматы көп болған нар тұлғалы. Запыранын көп жұтқан мұң-наланың, Жанарынан жас көрем құм-даланың. Сізден өзге тағдырын кім ойлаған, Қақтығысқа құрылған бұл ғаламның. Құзырынан бақ болып құт тараған, Сізді ғана пір тұтып, жұрт қалаған. Көзсіз батыр ер ғана бұл заманда, Ақиқаттың көзіне тік қараған. Туған елің кең жайып керегесін, Заңдылықтың сақтаған ережесін. Сіз барда, Аға! Қазақтың шаң шала ма, Күллі əлемге қараған терезесін. Қуат беріп тұрғанда кең даласы, Кімнен, неден сескенсін ел ағасы. Сіз барда, Аға! Ешқашан бұзылмайды, Татулық пен Бірліктің шекарасы. Ата қазақ қаз тұрып, жер басқалы, Қан мен тері – жазылған шер дастаны. Сіз барда, Аға! Дүбірлі дүниеде Алты алаштың бұлттансын неге аспаны.
Тұнық ойлы көзімнен мұң қашқалы, Көңілімнің көк тіреп тұр асқары. Кеудесінде жұлдыздар жамыраған, Сіз деп білем елімнің нұрлы аспаны. ЕЛ БІРЛІГІ Елге, жерге... бəріне ие болған, Азамат ерге ғана кие қонған. Түзу болса егерде құрған жүйең, Неге, ендеше, болмасын жүйең қорған. Өмір бірақ долы өзен толқындаған, Тағдыр бар ма алдыңа тор құрмаған. Сазға біткен сары ағаш секілденіп, Кезің, Аға, жоқ əлі солқылдаған. Жаңа күннің тұрсақ та белесінде, Желтоқсанның ызғарлы желі есіңде. Арамдық та келеді бірге жүзіп, Адалдықтың ақ бауыр кемесінде. Өрге қарай бұлқынып бұлақ ағып, Жұрт қызықтап қарайды тұра қалып. Туған елдің бір тұтас бірлігіне, Жүргендер де жоқ емес сына қағып. Ғұмыр кешіп жүрсек те көңілді елде, Тұрса дейміз өзгеріп өмір демде. Кімге мүйіз бітеді қарағайдай, Қоғам түрлі топтарға бөлінгенде. Жаратқанның жолынан жаңылмаған, Елдің ғана жүрегі қабынбаған. Жұртта қандай береке, бітім болсын, Бір жүйенің бойынан табылмаған. Желбуаздар желігіп еліргенде, Қара құйын суырған теңбіл белде. Алайда елдің бірлігі бұзылмайды, Аттан түспей өзіңдей ер жүргенде.
ТОЗБАЙ БІРАҚ ТҰРА МА Дүниені қойыртпақ ботқа көрген, Жұғымсызды жан бар ма сотқа берген. Қол бастаған сардарын тыңдамаған, Қай сарбаз да қаңғыған оқтан өлген. Кесек атып үйренген өзеніне, Қызғаныштың құрт түскен өзегіне. Қарсы шыққан бірақ та ел оңбайды, Көшін түзу бастаған көсеміне. Бағын тойлап сайлауда жеңген ердің, Бəрі қазан көтерген жеңгелердің. Арайланып алдынан ақ күн туған, Көсеміне қалтқысыз сенген елдің. Сонау жылы жүгі ауып мұңға батқан, Ауылдар да көңілді қырда жатқан. Жер бетінде тартылған өзен бар ма, Бір арнаның бойымен тулап аққан. Көктемге енді жеткенде күзді өткеріп, Қабағыңа сұстан ба мұз бөктеріп. Жылы жақты бетке алып салқын түсе, Тырналар да ұшпай ма тізбектеліп. Бəрі азамат мұратқа жеткен ердің, Топырағын баспапты текке жердің. Тозбай бірақ тұра ма?... Көсеміне, Сенім артпай бетімен кеткен елдің. СІЗГЕ СЕНЕМ Қызыл жүйе арқандай тарқатылып, Жұрттың басын тұрғанда сан қатырып,- Ел басқардың – Өмірдің өксігенде, Буырқанған толқыны жарға атылып. Ерте аңғарған заманның құбылысын, Бақытқа бастамайды кім ұлысын.
Ескі өмірдің қоқсығын күреп тастап, Жаңа өмірдің бастадың құрылысын. Ел басқарып, сенімге ие болған, Асыл ерсіз бақ дарып, кие қонған. Көз алартқан өзіңе жау болса егер, Өзің құрған қашанда жүйең – қорған. Қайта жанып көзімде сөнген арай, Өзің барда шықпайын төрге қалай. Сенің арқаң, жан Аға, жүгірсе егер, Туған елдің өзені өрге қарай. Қарау күштің шегінсін қайдан бəрі, Шайқасасың от кешіп майданда əлі. Алтын таққа жайғастың айбынданып, Елдің кеткен есесін қайтарғалы. Бақ-дəулеті тасыған мың арналы, Жарқын өмір жұртыңның шын арманы. Бəлкім, таққа жайғастың Туған елді, Жер-жаһанның төріне шығарғалы. Қара тобыр бұл жайлы не біледі, Үйде отырып құр босқа тебінеді. Үміт артып алдыңда ел тұрғанда, Рухың қалай кейінге шегінеді. Жылқы емес қой лағатын желдегенде, Жұртың қайда барады ермегенде. Ар-намысқа қайралып, суырылған, Семсер неге өтпесін сермегенде. Жалған сөйлеп тұрғанда жалған дүние, Кімге сенем сізге, Аға, сенбегенде. ЕЛБАСЫҒА ХАТ Ақындарды көргенде тұра қашқан, Əкім қанша жүрегін қына басқан. Айбатынан жау қашқан Абылай да, Бұқар жыраудың сөзіне құлақ асқан.
Сұлу дүние тұрғанда қасын керіп, Талай ақын жырлаған шашын өріп. Ал солардың ішінде жырау жоқ па, Бұқардайын жүретін қасыңа еріп. Зауал туса егерде қан құсатын, Қонаққа арнап кім сойсын жалғыз атын. Ханның бəрі жол тапқан қысылғанда, Қасына еріп жүргенде абыз ақын. Көктем болып еспесе самалы елдің, Тауы қайтпай тұра ма табанды ердің. Елдің бірі болсақ та байлығы асқан, Бəрі неге қайыршы қаламгердің. Жетім бала секілді ел шетінде, Қалған соң ба қайғы көп келбетінде. Қайыршыға айналған ақындары, Бізден өзге жұрт бар ма жер бетінде. Асқар тауы алыста бұлдыраған, Заман боп тұр, қайтейін, тұнжыраған. Ақындардың тынысын тарылтқалы, Нарық қысып кеудесін шынжырлаған. Өкіметке өгей боп өз баласы, Алты алаштың боздауда боз даласы. Елдің көші ешқашан түзелмейді, Ақындарға түзелмей көзқарасы. Қырау шалып үлгерген ақ самайын, Сізден өзге кімді, Аға, бақ санайын. Ақындарға нұрыңыз түссе деймін, Пушкиннің бағын ашқан патшадайын. ТІЛ ТАҒДЫРЫ ТАЛҚЫҒА ТҮСКЕНДЕ Рухым жасып, жүрегім езілгенде, Түсі суық жат пиғыл сезілді елде. Кірмелердің көзінде көктем күлген, Талай қазақ тілінен безінгенде.
Домбырасы күй төгіп күмбірлеген, Біздің елде, ағайын, кім жүрмеген. Парламентте ол кезде көп болатын, Депутаттар жат тілде шүлдірлеген. Жұрттың бəрі ол кезде тез тоңатын, Ақылды бас аз еді сөз қонатын. Желтоқсанның ызғары, Шынында əлі, Санамыздан өшпеген кез болатын. Арнасында бұлқынып нұр ағылған, Туған елге қайғыны мұра қылған, – Қылышынан қан тамған сұм Кеңестің, Кезең еді шықпаған құрамынан. Мəскеу дəстүр бойынша қалыптасқан, Бақылайтын жиынды жалықпастан. Жұрттың бəрі ол кезде ауыздықтап, Ұстай білген сезімін алып қашқан. Ағындасын ол кезде арай қалай, Алды-артыңа бола ма қарайламай. Қара жердің көзінен қан атылып, Сөйлегеннің үні өшкен абайламай. Түзу болмай жат жұрттың көзқарасы, Тұрған еді асқынып сөз жарасы. Бəрі Абай тіліне жабылғанда, Буырқанған қазақтың боз даласы. Көкірегін ақ сəуле арайлаған, Кім шыдасын бұндайда Ар ойлаған. Президент мінбеге көтерілді, Тал бойында арқардың қаны ойнаған: «Ата қазақ айналып іргелі елге, Қорған болды қаншама кірмелерге. Қызыл Кеңес сол үшін арыстарын, Жапқан жоқ па атжалман түрмелерге.
Сол күндерге кім-кім де кектенеді, Неге тексіз тірі қап, текті өледі. Бəріңнің де ата-анаң бұл далаға, Азып-тозып, қалжырап жеткен еді. Тығырықтан шыға алмай сансыраған, Босқындарды көргенде қалжыраған. Аузындағы бір үзім нанын беріп, Бəрін түгел бұл қазақ асыраған. Пана болған суықта үйін беріп, Сол қазақтың бүгінгі күйін көріп. Ей, ағайын, ұмытып жақсылығын, Желіккенің бұл қалай құйынға еріп?! Ата жұрттың төрі еді жайғасқаның, Неге, ендеше, тарылды айлы аспаның. Полигонның зардабын тартқан елдің, Жармасқаның тіліне қай сасқаның?! Достың бəрін пір тұтып, құшақтаған, Жұртты жұрт деп ойлама ұсақтаған. Қазақ төрін берсе де қонағына, Мөрін бірақ жат қолға ұстатпаған. Достың бəрін пір тұтып, құшақтаған, Жұртты жұрт деп ойлама ұсақтаған. Қазақ атын берсе де қонағына, Жатқа бірақ тізгінін ұстатпаған. Қилы шақта өзгертпей түр-түсін де, Арыстанын қарсы алып, түлкісін де,- Жүрген кезі болатын Елбасының, Найзағайдай жарқылдап бұлт ішінде... ...Өткен-кеткен тарихты барлағанда, Қанды қырғын көп болған сардаламда. Ақиқатты тайсалмай айтамын деп, Арманда өлген ер қанша қарлы алаңда. Қазақ тілі мəртебе алмас еді, Елбасы егер сол жолы жарқыл қағып, Көзсіз батыр ерлікке бармағанда.
ИРАН-ҒАЙЫП ТƏУЕЛСІЗДІК ЖЫРЛАРЫ I. Ұлы-Отаным, Өркендеп – Өскен Елім, Нұр-Астанам – Ерке-Жыр, Есті-Өлеңім?! Сені – Көрсем: Ертеңге – Қоңыраулатып, Кіре тартқан – Тəуелсіз Көш көремін! Көш көремін – Тəуелсіз... анық басқан, Көшбасшысы – Кемеңгер, Халық – Хоштан: Қыран-Тұғыр Қазақтың Күн-Бейнесі – Жас Абайлар жазатын – Алып Дастан... II. Тəуелсіздік?! Талаурап – Атқан Таңымсың, Шығып, Қайта енген – Жанымсың! Қашан – Ел санатына енгенше,
Адалдап – Жейтін Нанымсың! Қасықтай – Қаны қалғанша, Қорланып – Естен танғанша: Затыңды – Қойшы... Атыңа – Зар болып, Өткендер – Қанша?! Тағдырдың тартып – Азабын, Тарыққанда – Халқым – Қазағым: Екі Аяғың – Көктен салбырап, Түстің-ау – Жерге, Ғажабым! Түстің-ау... Түстің, Алыбым, Нұрлантып – Дүние-Жарығын: Айнымас – Ата-Заңымнан, Алтын-Қалыбымды – Таныдым... ...Жүрегімдегі – Тұнық Сезімсің, Рухани – Ұлық Кезімсің: «Кəлимеге» – Тілімді келтірер, Ақтық Дем –
Соңғы Сөзімсің... ...Тəуелсіздік! III. Ата-Заңым – Мазмұн-Мəнім: Барым-Жоғым, Ашым-Тоғым, Тəжім-Тағым, Бағым-Сорым... ...Тəңірлік Тұғыр – Табиғи Қалып, Пенделік Ғұмыр – Бесігім-Табыт... IV. «Сүйдім!» десем – Беремісің келісім?! «Күйдім!» десем – Беремісің келісім?! Тəуелсіздік, Барымды – Жоқ еншілеп, Қайыршылық күйге түстім – Сен үшін! Сүйгендіктен – Босаға аңдып жүргенім, Жер шұқылап, Жетімсіреп күлгенім! Күйгендіктен – Тері-Қалта «Пілдердің», Теңгесінің сылдырына – «Үргенім»! Сүйгендіктен – Ақын-Ғұмырын кешкенім, Өлеңнен – Оқ, Жырдан – Қылыш-Кескенім! Күйгендіктен –
Шенқор-Жемқор-Жебірдің, Ығын есіп, Ыңғайына көшпедім! Сүйгендіктен – Тəж-Тағыңды міндесем, Тəңірінен безгендерді – Тілдесем! Күйгендіктен – Кеше алмаймын Күнімді, Қайғы – кешем, Зар – кешемін, Мұң – кешем! Сүйгендіктен – «Тəубе!» деймін осыған, Тауып мият – Тамған Көздің жасынан! Күйгендіктен – Тамырымда қан тасынып, Жауар Бұлттай – Түнерем де басылам... ...Тəуелсіздік, Сүйем – Сені, Сүйемін! Сүйгендіктен – Тозағыңа Күйемін: Күңіренткен Құдіретің алдында – Таз-Кепешті Тəу-Басымды иемін!.. V. Үрей жоқ, жоқтай, тіпті, ой-алаңым, Ұйқымнан – қам-қаперсіз оянамын: Қайғы еміп, қасірет жұтпай – бұрынғымша, 20 жыл – өмір сүрдім, дей аламын.
20 жыл – өмір сүрдім, жырдай ғажап, Өзімді – өзгелерге қылмай мазақ: Қорлығын кек тұтпайды – баяғыша, Көлденең көк аттымен – қырбай қазақ... ...Рухтас, Бір Атаның Баласындай, Ескінің – Бүгінгі үр-Жаңасындай: 20 жыл, Кісі құсап – кештім ғұмыр, Аһ ұрмай, азып-тозбай... аласұрмай. Нан жеймін... уайым жемей – шер-күйіктен, Қараймын төменгіге – ең биіктен: Бостандықта өткізген – 20 жылым, 20 есе артық – БоданМəңгіліктен.... ...Мен – Қайда жүрсем де Қазақпын: Ұлы – Түрік... Қытай Жерінде! Мен – Қайда жүрсем де Азатпын: Шыған шетте де, Туған Елімде!
Мен – Қайда барсам да Қазақпын: Алып – Ақ Үйде... Қызыл Алаңда! Мен – Қайда барсам да Азатпын: Күллі Əлемде – Бүкіл Ғаламда! Менің Қазақтығым – Рухани Азаттығымда: Беріштейін беркін, Ескен желдей еркін! Менің Азаттығым – Қарапайым Қазақтығымда: Қойдан момын қоңыр, Дархан дала көңіл... Əбубəкір ҚАЙРАН КЕНЕСАРЫ (тарихи дастан) (үзінді) ТОЛҒАНЫС. ЕЛЕС. МІНƏЖАТ. Қамырықтым, қабаржыдым, қамықтым – Неткен тайғақ жолы біздің халықтың! Дей алам ба – алыбы еді алыптың? Дей алам ба – ғарібі еді ғаріптің? Көлде жатып, мұңдасамын шөлменен, Шөлде жатып, сырласамын көлменен… Бірақ сол түн… тұра қалған көлденең Сиқыр сəтті жеткізе алман сөзбенен! Мен мұндайды бастан кешіп көрмегем! Петерборда… Кунсткамера ішінде Бастар көрдім түрлі-түрлі пішінде. «Хан Кененің басы мұнда жоқ па?» деп, Қарай беріп… тұншығамын түтінге. Көріп тұрмын – бір маңдайды оқ тескен,
Ал бір бастың қағып апты тісін де! Бұл не елес? Өңім бе əлде, түсім бе?.. Бір дауыс кеп құлағыма сарнады: «Хан Кененің арманы жоқ, арманы! Ол – кешегі өз елінің заңғары, Ол – бүгінгі өз елінің ардағы! Оның басы азат болған бұл жерден, Рух болып қалай елге бармады? Мүмкін емес! Қара! Ізде бар дағы!..» Елес кезіп тағы жүрем, тағы мен… Іздерменен… шұбатылған қанымен. Іздеп келем… іздеп келем əлі мен. Міне! Міне! О, Құдырет, Хан Кене – Көрініп тұр басыменен… барымен! Елестеді… Елес шынға айналып Бара жатыр…. қалды тілім байланып. Алаша хан мазарының басында Сиынып тұр баһадүрлер сайланып. Кене ғана жеке дара Бабаға Мінəжат қып отыр екен ойланып. Басы төмен, қос тізеде қос қолы Былай дейді ол іштей ғана толғанып: «О, Алаша хан! Құтты екен сенің құдай сыйлаған несібең – Бір сəтке шығып көрмепсің Халқыңның мынау есінен. Анадан ала болып туыпсың, Кіндік қаныңды Сырдың суына жуыпсың. Əкең сенің хан екен – Қызыларыстан Ала боп туған ұлы үшін Жарыла жаздап намыстан Басыңа ажал жастапты, Дария суына тастапты. Сені сол кезде-ақ Тəңір қолдаған, Ажалың судан да, оттан да болмаған. Батырлықпен атың шығыпты, Досың қуанып, қасың бұғыпты. Майқы би – маңдай алды би екен, Сонда саған жасаған сыйы екен – Қол астыңа ең таңдаулы ірікті
Берген екен үш жүз батыр жігітті. «Үш жүзіңмен» ұлан елді меңгеріпсің, Қараны ханға теңгеріпсің. Ел дəулеті Есілдей толыпты, Тайың таңбасыз, қойың енсіз болыпты. Басынғандардың басын алып, Бəлсінгендердің бəсін алып, Бастапсың сан-сан жорықты. Ұлытау мен Кішітауды жайлау етіпсің, Қарақұм, Борсық құмдарын қыстау етіпсің. Қаракеңгір бойында хан атанып, Өле-өлгенше əділет жолын ұстап өтіпсің. Елің ел болды. «Алты сан Алаш» атанды. Алты сан Алаш «қазақ» боп, Жаугер жұрт болды қаһарлы. Сол, «Алаш» пен «Қазақ» атауы Айырылмас тұрпат алған-дүр. «Алаш Алаш болғанда, Алаша хан болғанда» – деген аңыз жатталып, Санамызда қалған-дүр. Күмістелген есігін күншығысқа қаратып, Құлыпталған есігін құбылаға қаратып, «Алаша хан сарайын» алтындатып салдырдың. Атағыңды Алты аумаққа таратып. Сол сарайыңның сарқыты, Қазақ елінің ар-құты, Көтеріп тұрған жер төсі, Өткен тарихтың өркеші, «Алаша ханның ордасы.» Алапаттарға миземей, Сыр түйіп ішке, үндемей. Жанғабыл деген өзеннің, Жағасында əлі тұр. Тарихтың көріп дүрмегін, Бойына түспей бір де мін Тəңір қолынан түскендей, Мəңгілік үшін біткендей, Қаракеңгір бойында Күмбезің, міне, тағы тұр. О, Алаша хан!
Алғашқы Қазақ өзіңсің Ел болды сенің елің шын. Басыңа бүгін кеп тұрмын – Қасірет-мұңым төгілсін, Аруағың маған көрінсін! Отыз омыртқам бүгілсін, Қырық қабырғам сөгілсін! Егіліп келсем – ергенек, Төгіліп келсем – төрімсің. Айтып-айтпай не керек, Үзіліп тұр белім шын! Үш жүзіңнің үлкен Ордасы Үлеске түскен олжадай болды. Хандығың құлады, Халқың жылады. Құлағаныңды тұрғызсам деп ем, Жылағаныңды күлгізсем деп ем. Қазақ та Тəңір баласы емес пе, Ел қатарлы жүргізсем деп ем. Тілегіме ортақтар тік көтеріп хан етті, Қайраңдаған қайран ел менен ғана дəметті. Басым жерге жеткенше, Бақытсыз осы жұрт үшін Сылып берермін сан етті, Түршіктіріп қасымды, Тігіп өтермін басымды! Əумин!» * Ең соңғы хан, ең шерлі хан, міне, осы! Басын иген бүкіл Алаш дүниесі. Ақ киізге көтеріліп, Кененің Хан атанған, қайта туған күні – осы! Аян жұртқа – бес жыл болды, мінеки, Келеді əлі қас жауымен күресіп. Отқа орады Ақмоланы, Орды да, Қаны қатып, қасарысып, сіресіп. Көріп тұрмын Хан Кенені… Рухты, Кетем енді сол рухқа ілесіп….
Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ АЗАТ БОЛЫП, АЙНАЛДЫҢ АСТАНАҒА Нағыз ұлан өз елін сүйеді артық, Намысымды басқаға жібермеймін. Көк туыңа сүйеніп, Иек артып, Тарихынды Астана, түгендеймін. Алдымен ардақтайын Асылымды, Бастауы – Бақытым мен азабымның. Арқадағы астана осы күнгі Сенің жолың – Ғұмыры қазағымның. Жарастырып жаным мен жосығымды, Өткен күннің жазады жарасын кім?! Арқадағы Астана осы күнгі, Сенің жолың – Арманы Алашымның. Мейіріміне идіріп маң даланы, Көкірегіне ізгілік ұялатқан. Ал, солардың арманды – салған əні, Сақтап қалған халықты қиянаттан. Кім бар сенің жолыңды нұрлы қылған, Қанша ғасыр қор болып жатқа басың... Алас-күлес, Дау-дамай, қырғыныңнан, Аман-есен қалған сен – Ақмоласың. Қосып алып еліңді – Отаныңды, Кең далада тарылды тыныс мүлде. Қайта-қайта өзгертіп атауыңды, Қалт-құлт етті тағдырың қыл үстінде. Тəуелсіздік орнады ұғымыма, Сарыарқаның боранды – бұрқағымен.
Кенесары оралды тұғырына, Шауып келіп өзінің тұлпарымен. Алаш ұлы ұйқыңнан оятқанда, Еркіндікті алдымен кім ұсынған?! Аман-есен қалдың сен, Ей, Ақмола, Хрущевтың қып-қызыл қылышынан. Зауалынан зулаған замандардың, Жіберетін көзіңді қарықтырып. Ей, Ақмола, сөйтіп сен аман қалдың, Тəшеновтың тағдырын «тəрік» қылып. Тойтарады тек қана халық бастап, Қызықпайды көз салса кім далаға?! Ақмоланың атауын алып тастап, Біраз уақыт айналдың «Тың қалаға». Кенге салып туған ел арқа-басын, Тағы да бір төтенге тап бола ма?! Сарыарқаның келтіріп салтанатын, Ақмолаға бір күні бақ қона ма?... Жеткізбейтін үніме ұшар басы, Осы еді ғой əуелден ел тілегі. Тəуелсіздік – Мергеннің нысанасы, Тəуелсіздік – Ерлердің серті ме еді?! Желтоқсанда ұран боп айтқан бір əн, Ата арманы – сақтадың арды берік. Алатаудан қанатын қаққан қыран, Сарыарқаға ұясын салды келіп. Тұр Бəйтерек, Ерліктің дарабозы, Астанаға əлемді жалт қаратқан. Ерке желі Есілдің, Сары аязы, Аруларды аймалап ақ тамақтан.
Жақсы менен жаманды безбендедік, Жолға түсіп – керемет кең арналы. Енді міне, ақыры көзбен көрдік, Ертегіге айналған – Елорданы! Алты Алашқа жүргізіп əміріңді, Сенің нұрың төбеден төккен арай. Сарыарқаға жіберіп тамырыңды, Өркен жайып өсе бер, көкке қарай. Тазартқанда Тарихтың шарайнасын, Тіл бітеді сол кезде Тасқа ғана... «Бозоқ» болып Бүк түсіп талай ғасыр, Азат болып – Айналдың Астанға! «ЖАЛАҢАШ КӨЛ» ЖƏНЕ «АЛЖИР» Əйел ары – Осы арада тапталған, Осы арада – Өзен болып аққан қан. Сол өзеннің қаны сіңіп құрдымға, Жалғыз ғана – «Жалаңаш көл» сақталған. Ұйып қалған көздің жасы төгіліп, Ел қарайды – Қабырғасы сөгіліп... «Жалаңаш көл» жағасында, «АЛЖИР» тұр – Құлаған үй мұржасындай көрініп. Адам ары – Азбасын да, тозбасын. Азалы сөз – жан жарасын қозғасын. Күй кешемін –
Көкірегіме толтырып, «АЛЖИР»дегі əйелдердің көз жасын. Жауыздықтың есеп болмас санында, Құр қоймаған адам түгіл, аңын да. Əйелдердің – Мөлтілдейді мұңы боп, «АЛЖИР» дегі «Жалаңаш көл» жанында. Əйелдерге қабір болған өлгенде, Аққу емес, Құзғын қонған сол көлге. Азабын да, Мазағын да айта алмай, Əйел жаны – Əлі күнге шерменде. Замананың Зауалы мен сүргіні, Запыран құсып, Зарын төксе бір күні... Естігенде естен танып тұрар ең, Керек болмай қу дүниенің тірлігі. Өртенгенде дүниенің өзегі, Сап-сау адам өз жанынан безеді. Əйелдерді өте алмады айналып, Жауыздықтың Жан шошырлық кезеңі. Керең дүние, Адам жанын ұқпаған, Жауыздықты тарих бар ма құптаған?! Айуандар өмір сүрді сол кезде, Аналардың құрсағынан шықпаған. Қанша заман өтсе-дағы Заң жағы – Əлсіз екен (Мұны бəрі аңдады..) Əлі күнге Өшіре алмай келеді, «АЛЖИР» деген – Қарғыс атқан таңбаны!
Ғасырлардың Асуы мен қиясы, Қалам алса – Қан боп тамған сиясы... Аналардың арын таптап жерлеген, «АЛЖИР»деген – Жауыздықтың ұясы. Кетпейді естен – Сұлулықты сүйгендер, Ар мен Анттың азабына күйгендер, Аялдайды – «Жалаңаш көл» жанында, Аналарға мəңгілік бас игендер. «Жалаңаш көл» қай кезде де жалаңаш, Жағасында көктемейді тал-ағаш. Көл бетіне Қарап қалсаң болғаны – Қан тұнып тұр – Көз жасымен аралас! Қорқынышты – Жақынға да, жатқа да, Түзер оны Хақ тағала тек қана. ... «Жалаңаш көл» жағасында «АЛЖИР» тұр, Қабырғасы – Қара тізім... қап-қара!
Исраил САПАРБАЙ ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА БАЛАСЫ (толғау) Еңісте жүрген ел болмас, Етектен кесіп жең болмас. Еншілеп алған аруға Екі дүниеде ем қонбас. Ананың сүтін арда емген, Атадан бала кем болмас. Тебініп атқа мінсе де, Тектіге тентек тең болмас. Қазанға түспей ас болмас, Харекет қылған аш қалмас. Қазақтың қара баласы Біріне-бірі қас болса, Күндердің күні болғанда Жат болудан жасқанбас. ..Өзіңе-өзің жаудайсың, Өнбейтін істі даулайсың. Төріңді жатқа жайлатып Төсекте жатып аунайсың. Аузыңмен орақ орасың, Тіліңмен оны баулайсың. Атымтай сенің неңді алған, Қожанасырдан аумайсың. Сарала қамыс, сар қамыс Саясы кімге алданыш? Самырсын қанат, сарбалақ Самұрық, көкке самғап ұш! Жақынның бəрі жарамсақ, Алыстың бəрі арбағыш. Балаға бағбан болса игі Бабадан қалған ар-намыс... Асу да асу бел қайда? Аса бір соққан жел қайда? Еңіреп туған ел үшін Едіге сынды ер қайда? Еңісте малы мыңғырған, Ежелгі қоныс жер қайда?
Еншісі бөлек ер ұлан Еңсесі биік ел қайда? Атадан қалған көз қайда? Абыздан қалған сөз қайда? Алауыз болса арасы, Ағайын азып-тозбай ма? Баязының көзі – балбал тас, Басына байғыз қонбай ма? Қара шал тіккен қараша үй Қараусыз бір күн қалмай ма? Отқа да түскен қызыл тіл Бекерден бекер, құдай-ау, Заманның зарын толғай ма? Аспанның қары алапат, Алланың нұры ғаламат! Келген бір күнге саламат, Көрген бір күнге қанағат. Жаманнан туар жалмауыз, Жақсыға құмар жамағат. Қадымнан қалған Қағанат – Қазаққа бүгін аманат!!! Бақытжан ТОБАЯҚОВ ТƏУЕЛСІЗДІК ТОЛҒАУЫ І. Тəуелсіздік тəжі Азаттыққа ата-бабам ғұмыр бойы шөлдеген, Қаптап жатсын жауларым, Таптап жатсын бауларын, Сонда-дағы жаны сірі, өлмеген Қазағым-ай, Ғажабын-ай бүгінде Бұрын-соңды көрмеген, Отырмыз ғой төбеде сен, төрде мен. Түрленгендей балмағыздай байтақ менің мекенім, Бүрленгендей бұтақтарым,
Далиғандай етегім. Бұлағайлы-толағайлы күшпенен Көрерсіңдер, шынар-шыңға жетемін. Байсын қандай қазыналы жерлерім, Елімменен, Сенімменен мен де бүгін ерледім. Сардарлармен, сарбаздармен сайдақтай Өр биікке өрмеледім, өрледім. Айқын қандай айпаралы Астанам, Сүйсінеді тұрпатына Кəрі менен жас балам. Шарықтайды, Қалықтайды көгінде Алқау тілек, Алқын жүрек асқақ əн. Жиырма жылым зымырандай өтті бек, Ұшпағына ұшқан құстай жетті деп. Тəуелсіздік таңыменен туғандар Қомданғандай, Сомданғандай текті лек. Артта қалды айқастарым, шайқасым, Қуғындалды, Қырғындалды сай-тасым. Ендігіде емен-жарқын елімнің Көк байрағын көпсінгендер байқасын. Қайран ерлер, Сəкен, Мағжан – серкелер, Алашымның төріндегі еркелер, Құрбан болды азаттықтың жолында, Ұрпақтары жоқтатпайтын тер төгер. Ахметтей, Əлихандай ардақтар, Мұстафадай, Жаһаншадай саңлақтар Елі үшін еңіреген боздақтар, Жолдарынан таралғандай тармақтар. Мұхтариятты құрды олар алғашқы, Ақ пен қара əбжыландай арбасты. Отаршылдық пиғылды кіл албасты
Сəргерлердің етегінен жармасты, Аярлықпен аңдып жүріп соңыра Атты, айдады, аямай-ақ дарға асты. Еһ, көрді сондай зұлматтарды қырандар, Мұраларын мұрағаттан сұраңдар. Олар тіккен тулар енді қисаймас, Арттарында желкілдеген ұлан бар. Тəубе деспін, Зəуде ешбір жығылмас, Жау біткенің шекарама сұғынбас. ...Тəуелсіздік! Тəу етемін мəңгілік, Мəңгі осыны сертке тағып ұғын жас! Бірді жығар жүздер менен мыңдар кеп, Ертегідей езбе сөзін тыңдар деп. Өрекпіген өршіл қауым зым-зия, Қайда кетті тапшыл қауым, мұндар көп. Құрбан етіп жауқазынды, жастықты, Құдай көріп мəнсапқорды, бастықты. Шиебөрі шұбар беттер, қу жақтар, Алып келді иен далаға аштықты. Кеңескенде құрушы еді малдасты, Қатар өскен аға-бауыр қаржасты. Сұңқарларым ұшырады сүргінге, Улы жылан зəрін төгіп арбасты. Өз елінде саналдық аз тұрғынға (Жазылғандай бір ғажайып сыр мұнда). Əкелерім көк шыбықтай орылды Жер-жиһандық алапатты қырғында. Құйын соқты, ұйқы-тұйқы жын-дауыл, Талаттарды бір бауырды бір бауыр. Ағаларым қамыт киді нақақтан Ұлтшыл деген жаламенен зілмауыр. Сарыарқаға АЛЖИР салып, КАРЛАГ-ты, Апаларды зар илетті, сарнатты.
Төрт түлікке баян жерді тыңайтып, Сар даланы ту-талақай шаңдатты. Ділім қалды айдалада мақаудай, Дінім қалды ешбір жерде аталмай. Тілім қалды сыртта, Сыртқы есіктен сығалаған күшік сынды бата алмай. Келер ұрпақ күнəһарды соттасын, Сақалдылар үйретті кеп боқтасын. Арақ-шарап жайлап алып төрімді, Ойран етті ұйып тұрған отбасын. Уақыт-безбен. Оған көпті ұтқыздық, Жайлап алды құнтсыздық пен құтсыздық. Алты алыптың бірі айтқандай ақылман: Енді бізге сор болғандай ұлтсыздық. Жүрек шіркін содан бəлкім сыздады, Шықты алаңға елдің ұл мен қыздары. Тəуелсіздік бостан босқа келген жоқ, Қариды əлі желтоқсанның ызғары. ...Жылда естимін желтоқсандық жаңғырық, Жер-жаһанды келеді əлі таң қылып. Болсын десек бостан таңы арайлы, Көк жалауды мықты ұстайық мəңгілік! ІІ. Тəуелсіздік-тəуменім Зер салсаңшы, достым-ау, Өткеніме үңіл де. Жолда қанша тосқын-ау, Қалай жеттік бүгінге. Қорқыт баба күйінен, Ұқтым заман захметін. Алла берген сыйымен Алдық сауап-рахметін.
Асан ата Жерұйық, Ұрпағына іздеген. Кең даламда кермиық, Көсіліп ек біз деген. Отау болдық бөлекше, Тұран – елдің сəні деп. Хандық құрды ерекше, Керей менен Жəнібек. Рабат салып даламда, Ата жаумен айқастық. Алыспенен, жақынмен, Байырқастық, байқастық. Қалмақ біткен қас жаумен, Арпалыстық қос ғасыр. Дана билік бастаумен, Айта білдік досқа сыр. Əз Тəукенің мизамы, Алғышарттай болды нұр. Жеті Жарғы, үй заңы, Босаттырды қолды бір. Ордабасы, Күлтөбе - Күллі алаштың сүмбесі. Тоқайласты дүр төре, Бар қазақтың мүддесі. Бірлік еді мақсаты, Тірлік еді тегінде. Осы Уəзипа – жақсы аты, Арман əлі елімде. Арман еді тəуелсіз, Елге айналу Айпара. Отаршылдық əуенсіз өз əніңді айта ала. Жеттік соған, жете алдық, Жолдар болды бұралаң.
Өткелектен өте алдық, Балпаң басып жүре алам. Жарық жұлдыз манардай, Абылай салған қасқа жол. Орыс-қытай амалдай Жарығанбыз асқа мол. Отаршылдық бұғаумен Буындырды қамыттай. Шұрқ тесік шұлғаумен Өтті өмір тамұқтай. Қарс айырды хан Кенем, Орыс-нойыс жақтарын. Тəуелсіздік нар кемем, Бұзып-жарды қақпанын. Мият еді халқыма, Арыстары алаштың. Салтанаты-салтына, таңырқадым, таң астым. Кескек сойы қазақтың, Əлихан мен Міржақып. Шеккен талай азап күн, Тұңғиыққа кіл батып. Азат жолдың хикметін, Көрді сондай мың құрбан. Алашорда үкіметін, Бірге қалап, бір құрған. Тəуелсіздік оттарым, Лаулады өрттей өрімде. Желтоқсандық достарым, Мерейтойлық төрімде. Бұғаулықтың тас жібін, Зұлпықардай қиды олар. Қанын шашып, рас, бүгін, Тауарихқа сыйды олар.
Жиырма жылдық белесте, Жиырма ғасыр тарих бар. Тəуелсіздік емес пе. Елдің бетін анықтар. Қараөткелде салынған, Ежелгі ол – Бытығай. Үлде-мүлде малынған, Астана тұр ұтып-ай. ...Сымбал сұлу жақсыдай, Туа берер ізгі жас. Хан Кене тұр сақшыдай, Ескерткіші мызғымас! ІІІ. Тəуелсіздік – тəу етем! Тəуелсіздік! Тəттісің ғой сен балдай, Еркіндікте елім қандай, жер қандай! Азаттықтың арқасында бостан боп, Келемін де өз жолымды мен таңдай. Тəуелсіздік! Осы сөзде сиқыр бар, Естігенде көңіл-күйім қиқулар. Артта қалда қиямет пен қиянат, Алаңдау мен уайым-қайғы ұйқы ұрлар. Тəуелсіздік! Сенде бабам қаны бар, Желтоқсанның ызғырығы, зары бар. Оңайлықпен келмедің сен, ұғынса, Адам деген жамандықтан арылар. Тəуелсіздік! Құшағыңа қыстың сен, Алақайлап көгілдірге ұштым кең. Желтоқсанның өтіндегі алаңда, Ғасыр бойғы запыранды құстым мен. Тілім дедім, дінім дедім, діл дедім, Уайым шектім, қайғыландым, күлмедім. Талатса да иттеріне зор билік, Иілмедім, бүгілмедім, үндедім.
Таяғына жон арқамды тосқам-ды, Сабағанда сілімтіктер достарды. Аямады антұрғандар, жендеттер Шаштан жұлды махаббатты, бостанды... Боз таңым да арайланды атқалы, Бостаным да босағадан аттады. ...Балдəуренді қызықтаған балғындар, Тəуелсіздік жырын талай жаттады. Тəуелсіздік! Ата-бабам аңсаған, Қаншама жыр арнады екен жан саған. Көк байрағым желбіреген сəттерде, Қадамыңа Қазақстан тамсанам... Күмбірлер күй ақжарма ағыл-тегіл, Ақсарбас шал ағайын, жарыл, төгіл! Отаршылық бұғаудан құтылдың ғой, Енді аянбай қамыттан арыл, сөгіл! Ақжарылқап ананың ақ тілегі, Қараңыздар, жастардың сəтті легі. Лүпілдеген жүректерде соққандай, Тəуелсіздік таңының тəтті лебі. Тұнып тұрған шежіре, жер-мекенім, Сен дегенде сері өлең селдетемін. Тұғырына мініп ап Тəуелсіздік, Ел-жұртымды егемен ерлетемін! Астанам-ай! Бас қалам-ай, бас тұғыр, Шаттық кернеп көздеріме жас тығыл. Шаһар қандай-түс көргендей! Көңілім шалқыды кемерінен асты бір. Əр істі барыс күшпен барлағандай, Мəністі маңғаздықпен жалғағандай. Дүбірлі дүниені дүр сілкінтіп, Туу көкке самұрық құс самғағандай. Самұрық самғап ұшты самдағайдай, Алапат өзгерісті аңдағандай.
Ол біздің игілік қой, ізгілік қой, Қазақтың маң даласын қармағандай. Бəйтерек– ұшар басы ұя құтты, Көңілім көк дөнендей күй ағытты. Тəуелсіздік таңымен астатөк боп Көгімнен көл-көсірдей сый ағыпты. Егемендік астары... Жан-сыр бардай, Адымыма қарашы, аршын қандай. Қатпар-қатпар қабаты мың-мың томдық, Тарихтың ақтаңдағы аршылғандай. Жағаласқан жауыма сұрапылмын, Тəуелсіздік жолында мың атылдым. Темірқазық – ол біздің Абайымыз, Ұлағаты манардай ұлы ақынның. Айту парыз нəубеттерді бұрынғы, Қанша бауыр, қандастарым қырылды. Тəуелсіздік құрбандарын еске алып, Шерте берем шежіредей сырымды... Жиырма жас! Бозбала ғой бозалаңда, Жаһандану үрдісі, оза алам ба? Бəсекеге бəс тіктім, бəйгелерге, Үлкен жиын, саммитте сөз аларда. Шаршы топқа шыққанда арқалы ақын, Зарың менен шерің бір тарқалатын. Əн-өлеңім, күйім бар – тəуелсіздік, Домбыраммен үкілі тарта алатын. Мəстектерді қалдырдық шаң қаптырып, Тұла бойға жинадық бар заттылық. Тəуелсіздік! Тəу етем асқақтатып, Туын көкке көтеру – ардақтылық!
ІV. Желтоқсан желі Тəуелсіздік дəмі қандай-татығам, Өткенді ойлап талай таңды атырам. Желтоқсанның ызғарында, желінде, Сыртқа шықты ішімдегі запыран. Сыртқа шықты зорлық пенен зомбылық, Үстемдік пен жəбірлену, қор қылық. Желтоқсанның желі өңменнен өтті ғой, Əлі күнге келеді ол тоңдырып. Момын едік, тоңып едік ызғардан, Тапталғанды бойымдағы ізгі арман. Талатқанда иттеріне аямай, Жүрегімде жазылмайтын із қалған. Ойым анық, Мойымадық, тік тұрдық. Бүгіп белін отаршының, бүктірдік. Ар-намысын жібермейтін ешқашан, Əлемге біз қазақ атын ұқтырдық. Қысымына қысталаңда қыңбадық, Абақтыға қаматты да, сынбадық. Атамекен, жерім, елім үшін деп, Өшпейтұғын өлең-жырды жырладық. Не көрмедік, бастан өтті зобалаң, Есімде ғой жастар біткен толы алаң. Тауқыметін тартып бірге нəубеттің, Əлі күнге зар илейді сол анам. ...Бостан болдық, енді көзім қырағы, Көз алдымда Желтоқсан-қыс тұрады. Алаулайды əлі құрбан жастардың, Сол алаңға мəңгі жаққан шырағы!
Батық МƏЖИТҰЛЫ ЖҮРЕКПЕН ҚОРҒА, БОСТАНДЫҚТЫ Аталарың туралы айтам, балам! Жүз пайымдап, он өлшеп ой толғаған. Тай жарыстың қуанып екпініне, Талаптының мəселін қайтармаған. Тізгіндерді нық ұстап төске өрлеген, Қара сөзді қайырса, дес бермеген. Ақылымен асауды жуасытып, Жұдырығы жуаннан сескенбеген. Арылмасын деді олар дала гүлден, Даласының жұмбағын таба білген. Өткендерге салауат айта келіп, Үміт отын тұтатқан жаңа күннен. Аталарың шетінен болған ақын, Сұлулыққа сүйініп, таңданатын. Ақ орданы өлеңмен асқақтатса, Арт жағында əдемі əн қалатын. Тамашамен таңдарды таңға ұратын, Құлақтардың құрышын қандыратын. Домбыраға қоңыр үн қосылғанда, Алатаудың қойнауы жаңғыратын. Əділеттің ақ жолын жақтады ақын, Сондықтан да, басына бақ қонатын. Ата салты айнымай сақталатын, Ақиқатты халқына ақтаратын. Асу-асу белдерден тайынбаған, Тəуекелге өздерін дайындаған. Парасат пен сабыры сары алтындай, Пейіліне аумайды сайын далам.
Артылмайды жомарттық бай ағадан, Ілтипатын көргенде тояды адам. «Пайда ойламай, арды ойлап« өскен қазақ, Өтіріктің кірпігін боямаған. Тіршіліктің мəнісін шын ұқтырған, Уəдесінің жолында жігіт құрбан. Қулық жасау қолынан келмейтін ер, Көмекейі көрініп күліп тұрған. 4. Аталарың – мыңғыртып малын баққан, Аққа аузын жарытқан, елін баққан. Үйір-үйір жылқылар, қой мен түйе, Ұрпағына мұра боп қалып жатқан. Көлін мақтан етті олар, жерін мақтан, Қаймағының қыртысын қалыңдатқан. Ат құлағында ойнатып жеткіншегін, Айтқандарын қапысыз орындатқан. Төрін сайлап қонаққа ұтқан бəрін, Аспанның да, жердің де ұқты арманын. Өкшесімен жапырмай жасыл қырды, Өзендерін тұндырып, күтті орманын. Мақпал кеште естілді отардағы əн, «Малдың көзі ыстық» деп мақалдаған. Бейнетінің зейнетін жолықтырып, Еңбегі еш, тұзы сор атанбаған. 5. Аталарың асынса бес қаруын – Ашықтығын тілеген аспанының. Тал бесігін күзетті сəбилердің, Амандығын ойлады жастарының. «Ең бірінші байлығым – елім» деген, Ел дегенде, шашырап бөлінбеген. Азаттығын қорғады иықтасып, Қасық қаны бекерге төгілмеген.
Жауынгерлік жарғыны жатқа білген, Атамекен, ел үшін атқа мінген. «Еркек тоқты құрбандық» – ұлы тағдыр, Отан үшін ойланбай отқа кірген. Қара көздің ұшқыны шашыраған, Жасымаған өмірге ғашық адам. Жорықтан соң қылышын қынға салып, Шаруа болып отбасын асыраған. 6. Аталарың – айнымас дос таңдапты, Дос көңілі мерейін аспандатты. Қауышқанда олармен құрақ ұшып, Бабын қалай табам деп ес қалмапты. Еркелепті, күліпті, назданыпты, Небір езу жиғызбас сөзді ағытты. Құрдас келіп құрдасын қамшыласа, Сексеуілдің шоғындай қозданыпты. Ынтымақты тілеген бір Алладан, Ынтымақсыз ештеме құралмаған. Досы жоқтың тас батып табанына, Тайғанақтап тал түсте бұраңдаған. Бауырмалдық байытты аз халықты, Сағынышы кеудеге саз дарытты. ...Қабығына қар жауып отырғанда, Досы кіріп келгенде, мəз болыпты. 7. Аталарың – ұнатқан серілікті, Өнерліні өлкенің төрі күтті. Ай астында тербеліп алтыбақан, Жыр-кеменің желкені керіліпті. Жазындағы күй осы, қысындағы, Жаралғандай той, думан үшін бəрі. Қызды ауылды аңсаған боз жігіттер, Бойжеткенмен айтысты тұсындағы.
Сымбатымен баурады, көрікпенен, Сыңғырлатып көмейден төгіпті өлең. Тарланбоздар тегінің тазасын-ай, Осқырынып, ойқастап, желікпеген! Құшырлана күн сүйді маңдайлардан, Қағып күміс қанатын самғайды арман. Күй үнімен билеткен аққуларды, Аталарың, мінеки, сондай болған! 8. Армандады арайлы келешегін, Анық білді – жетіліп, ер өсерін. Анық білді – шыққанда ұлы жолға, Атақ-даңқы əлеммен теңесерін. Алғандарын санады, берешегін, Құрастырды өмірдің оң есебін. Асылдарын арнады ұрпағына, Таяз болмақ танымың неге сенің?! «Сақта, – деді, – дұшпанның мазағынан!» Кім бар жақын қаракөз қазағынан?! Қараша үйден іздеген қайраткерді, Құтқаратын алашты азабынан. Балапанын баптады танып бабаң, Баптағаны қыран боп қалықтаған. Ой қонатын маңдайды анықтаған, Оған ұстаз болудан жалықпаған. 9. Аталарың – дінінен безінбеген, Діннен артық шындықты сезінбеген. Пешенеге жазылған қиындықты, Қара нардай көтерді төзімменен. Білесің бе, не күтіп, нені іздеген?! Иманым мен Ислам егіз деген. Көзқарасын, танымын, талғамдарын, Мұсылмандық ұғымға негіздеген.
Ажыратты арамнан адал асты, Ақ пейілді құшағын саған ашты. Түкірген жоқ су ішкен құдығына, Адамдармен жарқырап араласты. Ширатты ғой есінеп ерінгенді, Еккен дəні ұдайы өнім берді. Бес парызы тазартып жүректерін, Мейірімнің шуағы көңілге енді. 10. Байлығым мен бақытым жерім деген, Қасиет бар даланың төрінде кең. Қазақ жері қаншалық кең болса да, Бір сүйемі басқаға берілмеген. Қол бұлғаса гүлдері қыраттардан, Сапарларға алаңсыз ұл аттанған. Асқақтығы – апайтөс алып таулар, Нəзіктігі аумайды құрақ талдан. Мейірленіп сімірді бұлақтардан, Бұлағының нəрімен қуаттанған. Саумал иіс, самал жел балбыратып, Көк аспанның көзінен шуақ тамған. Осы дағды, осы ойдан арылмапты, Көктөбені құшақтап дамылдапты. Атамекен – мəңгілік махаббаты, Махаббатын заң етіп қабылдапты. 11. Аталарың – болмысын пəк ұстаған, (Солай болу керек қой намысты адам) Қараулармен құшағы қабыспаған. Көк езумен көсіле жарыспаған. Үйіріне тексізді кіргізбеген, Құралайды құмайға бүргізбеген. Ұятсыздың етегін түргізбеген, Дарақыны далитып жүргізбеген.
Бағыттарын байқамай көшке ермеген, Кəрілікке қауқиып бос келмеген. Тоғышардың «тойынан» жиіркеніп, Торқа киген «пысықты» дос көрмеген. Аластады аспанды қарғалардан, Ақ бұлақты ағызды арналардан. Ақыл-есін жиғызды ағайынның, Өзін-өзі сыйлаудан кенде қалған. Болған еді жазықсыз жанға қорған, Қылығына сүйінді сонда бар маң. Ез атанып күн сайын бір өлгенше, Қырандардың тағдырын таңдап алған. 12. Үлгі, өнеге дегенің міне, балам! Шынықпайды талқыға шыдамаған. Түйінді шеш, зерделе тіршілікті, Түбін танып жарытпас сығалаған. Азат елге айналды бүгін далаң, Азаттықтың бағасын ұғын, балам! Атасына ұрпағы ұқсау керек, Сеніп саған артады жүгін заман. Тілің де аман болса екен, ділің де аман, Жазираңда жайнасын гүлің де аман! Жүрегіңмен қорғап өт Бостандықты, Бозтарғайы бол оның шырылдаған! Бұтақ та аман болса екен, бұлақ та аман, Туған жерің құтты өріс, қуатты анаң. Жапырағым, жалғасым, жаным менің, Тұлымына мың сəуле шуақтаған. Жүйке де аман болса екен, жүрек те аман, Амандықты аңсады тілеп бабаң. Жігеріңді өткірлеп қайрап ал да, Абыройын Алаштың түлет, балам!
Ертай АШЫҚБАЕВ ҰМЫТПАҢДАР! (Үштаған) 1. СИЯ Қадырғали ЖАЛАЙРИ. «Жами ат-тауарих». Жылнама Шəр Мəскеу ме, Хан Керман ба, басқа ма, шұбырған жұрт, қыңыр көлік, тас қала, жел соғады ауық-ауық жасқана. Уа, жұлдыздар, неге сөніп қалдыңдар, Үндемейсіз сіз неліктен, Аспан, ə?! Уа, қай жаққа жұқа бұлттар қашты ана, ұнамай тұр, уай, мына баспана, көкқарын кеш, тұманбас түн, ғаріп таң əлденеден жалыққан, су ішіп тұр мұңсыз мəстек арықтан. ... Қадырғали биіңіз сонда қамыққан, білдіңіз бе, уа, Арқадағы Астана! Мен – тамшымын қалған сонда сиядан, не жас құспын ұшқан ұлық ұядан, жиі қонам бұлттарға, жел-сағым боп жиі ағам. ... Əрі жүрсе – қол басы, бері жүрсе –
жол басы, би ұлының теңдесі, хан ұлының жолдасы, қайран менің Қадырғали би ағам! Олай шапса – түгел найза, түп қылыш, былай шапса – түмен-күмбір, тұяқ-əн, бұл да менің би ағам! ... Уа, қарсы ал, Қазақ-Далам – Үй-Анам! Өтті, кетті тайқы тірлік, тыйым күн, Мен, мысалы, түпнұсқасы биден қалған бұйымның, олай ақтар – дипломат жиынмын, былай ақтар – пəлсапалық түйінмін, тарих жаздым – тірілттім, əскер ерттім – бұйырдым, жолақ-жолақ жол кештім, Алатауға орнықтым, көк Есілге құйылдым, уа, жоғалды қия қайғы, қиыр мұң. ... Мен – су жаңа шытырлаған теңгемін, (рас, кейде тиынмын). Көкбөрі шықсам – күңгірмін, Арғымақ шықсам –
үйірмін, ... Кеппеген сиясы мына мен кешегі Жалайыр Қадырғали биіңнің! Мен – сиямын, сия болып қалғанмын, Қасыма кел, ай-хай, дүние, арман күн, Жақындама, жат уайым, жалған мұң. Мен дегенің, кешегі – хан таңдаған тұлпармын, би таңдаған тарланмын, Түннен оздым, Таң бардым, жарық аспанның сəулесін уысыма толтырып бір алғанмын. ... Ұзара бергей, уа, баба, сөйтіп сіздерден мына қалған күн! 2. ДЕРЕК Сəкен СЕЙФУЛЛИН. «Тар жол, тайғақ кешу». Роман. Тайғақ та, тайғақ, тайғақ күн, Мен – тайғақты айлақпын. Күнді күзеттім, Ай бақтым. Мен – далада сандалған, сыпыра басқан сайғақпын. Мен – бір талқы қара шай, Мен –
төгілген қаймақпын. Ордаға кірсем – ошақпын, Жылқы да бақсам – жайдақпын. Сөз бергенде əрлі-берлі бұлдандым, құрсанарда құрым бешпент құлдандым, Мен – кешегі Қызыл Байрақпын. Байрақ болғам, тозғанмын, о, озған күн, озған күн! Бері қарай келмейсің бе, беу, самал, Бұлттар, неге əрі қарай қозғалдың? Барқыт едім бунақ-бунақ, бөз қалдың, Сөйлем едім шумақ-шумақ, сөз қалдың, о, озған күн, озған күн! Желбіреген желегім, Мен – бір қызыл жел едім, таралғысын тарттым талай кеменің. Уа, мен едім – мұз бетіне қашқан су, С.Сейфуллин кешкен тайғақ мен едім. Кірпіштерім, беу, ұрланды, қорған ем, Орман едім, уа, жоғалды терегім,
о, көп еді дерегім! * P.S. ... Біздің сапар біткен жоқ,
сақ бол, менің кенен жұртым,
кең елім!
- САПАР Өтебай ҚАНАХИН. «Жер басып жүрсем». Повесть Мен жер бастым,
көкке ұштым,
қалықтадым,
дүниенің сипатын анықтадым,
жалыққаным жоқ əлі,
жалыққаным... Мынау –
менің үйренген жұлдыздарым, Анау –
менің меншікті жарық таңым,
уа, татқам жоқ ешқандай тамұқ дəмін. Шалқарлық шағалалар шаршаған жоқ,
шөлдеген жоқ ырғыздық балықтарым. Жылама, жүдеу талант,
арық дарын, беу, Ойылдан бері орал,
шабыттарым, ел туралы еңселі ойларымды
неліктен көптен бері дамытпадым? Нарық мырза,
жүйкемді жұқартпаңыз,
тиіспеңіз қаржыма,
салық ханым,
өте көп менің түзу бағыттарым. Құрметке бөленеді қағидатым, оянады дүрмекті даңқтарым, мен – əлемнің сырына қанық ғалым. Елемей ертеңдердің табыттарын, біразырақ жер басып жүрейікші, о, менің түрлі-түсті халықтарым! Мен жер бастым, жол кештім, шаршамадым, жұттым түннің сəулесін, таң самалын, құпиясын меңгердім əр саланың. Рас, іштім сорпасын тоқ қазанның, Рас, жұттым жастықтың бал шарабын, қызықтарға кенелдім барша мəлім, айталық, о, шаңдаттым вальс алаңын, көрдім көкте жұлдыздар самсағанын. Мен сонда да əрнені қиялдаймын, əлі талай ғажапқа тамсанамын, шаршамағым келеді, шаршамағым... Ал, сұраңыз, мүлкімді түгендедім,
ойдағыдай өткіздім мал санағын, құптады мырзаларым, ханшаларым. Керек пе, гүл теремін алқаптардан, бұлттардан уыс-уыс тамшы аламын, əндетемін, əлемге жар саламын. Сол себепті мен мықтап түсінемін Өтебай Қанахинның аңсағанын. Қаншама жыл жер бастық, уай, дүние, Жер басуға лайықпыз қаншама күн?! Біз талай тау асамыз, тас басамыз, Күннің нұры жұбатар, жасқаса Күз, бізден қиял үрікпес, қашпас аңыз. Бұлт емеспіз қиянға желіп кетер, Құс емеспіз бұлттарға еріп кетер, Біздің арман – əріге аспас арыз. Тал егеміз, əрине, гүл баптаймыз, Жыр жазамыз, əрине, баспа ашамыз, уа, ғұмыр кешпейміз басқаша біз. Көріңіз,
шуақ мынау аспан берген, Жол анау, өткізетін асқар белден, Біз татумыз жарқын нұр шашқан желмен. Сан түрлі патшалармен сыйласамыз, Сырласамыз қамкөңіл дастангермен. Басты Мақсат,
сізді біз ұмытпаймыз, Əуені тербетеміз Басты Əндермен. ...Жүріп келе жатамыз осылайша Біздің қайран ағалар басқан жермен! Маржан ЕРШУ ҚЫРАН (поэма) Сын – сағат Аспан, Аспан. Ақ аспан, алау аспан, Ала бұлт, қара бұлтпен араласқан. Аспан деген іңкəрлік əлеміндей, Қызығатын кішкентай бала жастан. Ақ бұлттарды орап ап құшағына, Қанат бітіп түсінде ұшады ма? Хиуаз сан қиялдың жетегінде, «Ұшқыш болсам» деген оймен құсалы да. Жас қыздың жігері от боп жалындайды, Батыл ой кейде ешкімге бағынбайды. «Ұшқыш болу қолымнан келер ме» деп, Кей түні ұйқы қашып уайымдайды, Арманың, – дейді біреу – жəй бір мазақ, Бұл ойлайды: Мен де бір мықты қазақ. Орыс қызы Раскова – ел аузында, Биікте ұшу деген қандай ғажап! Елемей азабын да, ауырын да, Кездесер қиындықтың бəрі мұң ба? Хиуаз қайсар мінез қалпыменен, Келді батыл «Аэроклуб» ауылына. Қыз жүзінде жүгіріп қызыл арай, Ұшақпенен самғады көкте талай. «Запастағы ұшқыш» деген куəлігі, Қастерлер қасиетті тұмарындай.
Мəскеуге келді ұшып жүрегімен, «Əуе оқуына түссем» деген тілегімен. Амал не, бұл оқуға қабылданбай. Мұң кетпеді уыздай реңінен. «Дəрігерлік оқимын адам емдер», Ұшқыштың жолы жабық болса мен де. Қайран қыздың қанаты қайрылғандай, «Неде болса тəуекел» дер. Мамыражай тірлікке дүлей кірді, Соғыс өрті бұзғандай сүлей жырды. Аспаннан бомба жауды. Жаудың беті, – Сұрқия сұр–ды. Ел қозғалды. Бұзардай екпінменен, Жауға қарсы лап қойды кекті үнменен. Хиуаз майдан – өртке сұранады, «Ел қорғау борышым бұл» жеткін кемем. Сол ызғарлы күндерде. Азап–қанды, Раскованың авиаполкі жасақталды. «Запастағы» Хиуаз ұшқыш осы жерде, Қайсарлығын танытты қазақ жанды. 1942. Көктем айы. Аруаққа сыйынып, Бата алып ап. Жүрегіне ызалы от алып ап. Ұшқыш қыз аттанды сұм соғысқа, Ұшақтың қанатындай қатайып–ап... 1. АСПАНДАҒЫ АЙҚАС Қауіп–қатер, тауқымет – тосын бəрі, Күйзеліс, қиындық та қосылғаны. Əуедегі шайқаста отқа оранған, Ұшақтардың гүрілі басылмады. Соғыстың аты – суық, жүзі – қатал, Елі үшін қайран жүрек жалын атар.
Қыздардың авиаполкі көк жүзінде, Жауына шүйлігеді шашып қаһар. Бетпе – бет келу қандай қатерменен, Үрейлі ой сенен қашып кетер деген. Жүйкеге күш түскенде ми дамылдап, Сескенуге уақыт жетер ме екен?! Батырлық деп айтпады мұны білген, Тек қорқақтар қашады інге іннен. Етігімен су кешкен есіл ерлер, Ерліктің өзін сезген, құнын білген. Ұрыс осы. Қарсы алар оқпен, отпен, Қарсыласу полкінде жекпе–жекпен. Соғыс өрті бояды, аямады, Жиырмадағы қыздардың шашын ақпен. Жаудың күшін тойтарып құлатқанда, Ақ шаш, əжім кірмейді сұрақтарға. Əуеден бомбалайды тапсырма алып, Өжет қыздар босаңдықты ұнатқан ба?! Қанша гүл ерте солды сағағынан, Қаншы тамыр суалды жанарынан. Шынашақтай тағдырлар тарам–тарам, Уақыт тұр. Қар жауып қабағынан. Небір қиын тосқауылдар қарсы алады, Сезілмейді күйрегені, шаршағаны. Жау жағы бұл полктің атын естіп, «Қорқынышты мыстандар» деп жар салады. Тапсырмалар қауіпті. Қатерлі үн, Отқа оранып ұшақтар, Жоғалып шекерлі үн. Қаруластар азайды күннен күнге, Беу дүние! Бір күні өтермісің. Əткеншек тепкендей ме бар атырап? Көзіне елестейді жер, топырақ.
Жан жақтан зу-зу еткен оқтар үні, Құлдилаған не ұшақ, не жапырақ?! Есін жиды Хиуаз. Аппақ əлем. Дел-сал бойы. Таңулы. Шыққандай ауыр бір шақтан əрең. Дəрі иісі. Абыр-сабыр – Құлағына еміс-еміс келгендей ме Бақтағы өлең. Алға ұмтылды. Тұрардай қанат қағып, Қолдай гөр! – деп, – Құдыретті Жаратқаным! Ақ дəкемен таңулы үсті-басы, Көтертпейді жылжуда сағаттар мың. Дəрігер келді таяп: Осындасыз, Емделесіз, амансыз, тосылмаңыз! –Жолдастарым аман ба, олар қайда Дəрігер жолдас, айтыңыз, жасырмаңыз! Дəрігер қиналғандай тілін тістеп, Хиуазға өтінеді: «Суыңды іш» деп: Экипаждың мүшесі түгел мерт боп, Аман қалған өзіңіз тек! Қос жанардан барады жас домалап, Қайран достар, құрбылар өлді, обал-ақ. Көз жасымен қайғысын шығарғандай, Қолымен керуетті тұр сабалап: Сендер! Сендер! Ерлікпен шайқастыңдар! Жер астында тып-тыныш жатпассыңдар. Екпіні қатты сұңқарларым! Арыны асау тұлпарларым! Сендер жүректілер мен Рухы күштілердің – Жадында қалар жарқын мысалсыңдар, Жұмақта құс болып ұшарсыңдар. О, қайран қыран құрбылар! Сырды ұғар!
Кім сынбас, кім сынар Сендер – құламас бір шынар! Долданып кегім қайнасын, Толқын ем, айналам тасқынға. Қарулас құрбылар қайдасың, Айға ұлыдым қасқырдай... 2. НАЙЗАҒАЙ – НАМЫС Тұманды аспан. Солқ-солқ еткен қара жер. Жылап тұрды. Бомбалардың үніне құлақ тұнды. Темірдей тегеурінді бір алып қал, Ұшағынан жұлып ап лақтырды. Сандырақтап есінен танып жатты, Ұшақтан айрылғаны жанға батты. «Мен ұшамын» дегендей екі қолмен, Ұстайтындай қызыл отты, қаңғалақты. Бұл – түсі еді. Ұшқыш енді түсінеді, Қинайды жанын оның күші кемі. Сауығып аман шықса госпитальдан, Жауының төбесінен жай түсіреді. Көкке ұшуға қанатын қомдағандай, Тістенеді шегінер жол қалмағандай. Мынау бөлме. Дəрі сіңген госпиталің, Тар қамалдай. Қайсар қыздың жүзінде тұр айбыны, Өзегінде шоқ боп қайнар қайғы–мұңы. Бір жаралы сыр тартып ұшқыш қыздан, «Қандай ұшақ айдайсың?» деп сұрайтыны. Мен ұшпаймын. Ұшқыш та емеспін мен, Сендерге керегі тек егес білем. Аурухана төсегінде жатсам дағы, Өзімді қыран құспен теңестірем.
Ұшқыштың мінезі бар мінезің де, Ұшқыштың арыны бар бір өзіңде. Жан-тəніңмен, ақыл-ой, қуатыңмен, Ұшқышсың! Өзің соны білесің бе? Сыйлайды айналасы жаны қалмай, Батырдың өр мінезін танығандай. Қуыршақтай қыз екен. Ашаң жүзді, Қос жанары ұшқындар жанған шамдай. Туған жерін сағынды Атырауды, Болмысы қыз болғанмен, заты – нар-ды. Раскованың авиаполкі ерлік іспен, Тарихта «Қыран полк» боп аты қалды. Хиуаз от боп оралды өз полкіне, Қаруластар жауға соққы жүр төндіре. Отан – ошақ өртке айналған ауыр тұста Қарлығаштар қанатымен су бүркіді. Мəскеу түбі, Кавказ, Кубан, Қырым, Украина, Белоруссия, Польша жерін. Жау шебіне үш жүз рет ұшып барып, Көрсетті ерлік сынын. Жау жеңіліп «Жеңіс» деп жас аққанда, Асыққанда дүйім ел ғажап таңға. Германия түбінде соққы беріп, Жеңіс туын желбіретті ұшақтарда. Қазақ қызы Хиуаз оттай жарық, Қаһармандық ерлігін жұрты танып. Оралды туған жерге ол Жеңіспенен, Омырауына сан түрлі орден тағып... ҚАҺАРМАН Еркін елдің еңсесі бүгілмейді, Кешсе де қиындықты иілмейді. Бүлдіршіндер қолына шоқ гүл ұстап, Жеңіс күні алаңдарда күлімдейді.
Өткеннің көз жүгіртсек тереңіне, Жүрекке – мұң, көзге – жас келеді де. Қираған қалалар мен жетім, жесір, Толғандай дүниенің кемеріне. Елін қорғар ерлердің нарқы биік, Тұрғандай кең иығы бұлтқа тиіп... Туған елдің топырағын қорғау үшін, Қаншама ер кетті күйіп. Бауыржанның ерлігі – сұрапыл дүр, Нұркен, Талғат – биікте тұратын жыр. Рейхстагқа ту тіккен Қошқарбаев, Əлия, Мəншүк – қайсарлық қуатым бұл! Толғандай тебіреніске, жүзі – назға, Батырын бағаламас елдер аз ба? 60 жыл өткеннен соң дүлей соғыс, «Батыр» атағы берілді Хиуазға. Шыдаған қиындыққа, қанша сынға, «Қазақстан» əлемнің картасында. Ер ерлігі алтынмен əдіптелді, Көрегенді Елбасының арқасында. «Алтын басты» əйелдің өзі ардақты, Ал, ерлігі – тарихта бар салмақты. «Халықтың Қаһарманы» белгісі оны, Халықтың алғысы боп бір самғатты. Оттай ыстық нұр тарар алау күннен, Қандай көркем ғимараттар жалау ілген. «Қаһармандық деген не?» – деп сұрасаң, Хиуаз жауап берер қадау үнмен: «Қаһармандық – еліңді сүю болар, Қаһармандық – тарихыңды білу болар! Қаһармандық қастерлеп ата-анаңды, Отаныңа басыңды ию болар!...»
Дулат ШАЛҚАРБАЕВ АБЫЛАЙХАН МЕН НҰРСҰЛТАН 1. ДАНАЛЫҚ Дана дейміз!.. Даналықтың өлшемі – Жамап-жасқап, жалғап жүру келтені. Қамын ойлап келер күннің ертеңгі, Желге қарсы тік көтеру желкенді. Халық десе қабырғасы қайысып, Басын ию тал шыбықтай майысып. Ел дегенде еш нəрседен тайсалмау, Тұрса дағы төбесінен жай түсіп. Халық үшін – бар асылын құрбан қып, Ант берсе – сол антында тұрғандық. Қайыршы мен қаржыгерді тең ұстап, Бірдей көру бір анадан туған қып. О, даналық!... Бірде – құлы, Бірде – ұлы боп халықтың, Сен өзіңді бұқараға таныттың. Даналардың даналығы болмаса, Өркендеуі мүмкін бе еді тарихтың? Тексіздікке дарымайды даналық, Даналықтан жатыр игі іс таралып. Даналық сол – əділетті пір тұтып, Жан-рухы жүрер болса тазарып. Міне, осы – даналық!... 2. БҰРЫНҒЫ АТЫ «САБАЛАҚ» ЕДІ Жас кезінде, Əбілмəнсүр «Сабалақ» деп атанған. Есейген соң, Үш данадан... Үш алыптан бата алған, Құдай оған бақ пен тақты дарытып,
Абылай боп шықты озып қатардан. Ел биледі, айналысты зор іспен, Тіл табысты қытаймен де, орыспен. Қосылды да Атырау – Алтай арасы, Болған еді жер-жазира қоныс кең. Басын қосты жаудан үркіп көшкендер, Жаз жадырап, Қаз мамырлап өсті ел. Көкшетауда «Бурабай» деп аталды, Абылайдың Ақ бурасы шөккен жер. Абылайдың арманы да көп еді, Бар қазақтың басын қоссам деп еді. Сол қазағы даңғыл жолға түсіп ап, Арындата алға басып келеді. Ардақ тұтып Абылайдың əруағын, Іске асырған аңсаған бар арманын, Жеңіл деме Нұрсұлтанның салмағын, Тəнті етіп... Бас идірген бүкіл əлем заңғарын! 3. БҰҚАР ЖЫРАУЫ ҚАСЫНДА Бұлқып жатқан ақыл – дария басында, Бұқар жырау жүрсе қолдап қасында. Арыстандай айбарланып Абылай, Қарсы ұмтылып шабар еді жасынға. Кейде ханнан кетер болса бір ағат, Бұқар жырау қарсы қарап тұра қап. Айтар еді төбесінен тап басып, Хан тыңдайтын тыңдағандай ұлағат. Шаң шалдырмай Бұқар айтқан шындықты, Қабылдаған ер Абылай шын мықты. Көрігінде гулеп жанған намыстың, Шоқтай жайнап, құрыш болып шынықты. Ақын еді, күйші еді өзі де, Сері атанған балаң жігіт кезінде.
Қарайтын ол əр қашан да хан емес, Өнерлінің көзіменен өмірге. Ар алдында айтқан адал ақылын Асқақтата əлпештепті ол ақынын. Өнерліні өрге қарай жүздірген, Еске аламыз сол Абылай ғасырын. 4. НАЙЗАҒАЙДЫҢ ЖАРҚЫЛЫ Мен бе? Мен – Ер Абылай рухына сиынам. Қиналғанда жол табатын қиыннан. Ел дегенде – Өр Алтайдай, Көтеріліп кеудесі, Қас-дұшпанның төбесінен Нөсер болып құйылған. Ер Абылай!... Қазақ елін қаншама жыл басқарды. Айбары мен ақылына – дос сүйсінді, Дұшпандары жасқанды. Ол өлгенде... Адам түгіл, тас көзінен жас тамды. Қазақ – қайсар!... Тік көтеріп Абылайдың ақ туын, Су сепкендей... Басты жаудың аптығын. Өзі өлсе де – ісі өлмейді,
Еш қашанда жақсының. Міне, бүгін... Абылайдың ақ туы мен ақ жолын, Қалың қазақ,... Дарын қазақ,... Нұрсұлтанға тапсырдың. Ел дəстүрі, Ата жолы.. Бұл керемет жақсы ырым!.. Ей, қазағым!... Абылайдай дана ұлың болмаса, Қалмас еді тамтығың. Көрдің қазақ Түркі болып туғалы, Босқындық пен басқындықтың Сан алуан, сан түрін. Ғұмырыңда қанша толып, Қанша рет сарқылдың. Абылайдай бекзат бір ұл, Туса екен деп шарқ ұрдың.!... Қағып алып Қанатымен найзағайдың жарқылын, Əлем шарды жалт қаратқан, Нұрсұлтандай Тау қыранның саңқылын. Жаман емес қарқының, Дария боп тасыдың!.. Барды бардай, жоқты жоқтай, Білу керек Қолдағының бар түрін. Сезу керек тіл үйірер
Дəм-тұзының татымын. Қадір тұтып, Құрметтеу де – ұлылық, Еңбегі ерен халық ұлын! Қайтесіңдер... Құзғындар мен қарғалардың қарқылын. Көре білер көзбен қара, Найзағайдың жарқылын!... 5. ҚАДІРІҢ АССЫН ХАЛҚЫҢА Тектіден туған – тегіне тартып өседі, Еске алсақ жетер, Абылайханды кешегі. «Хандардан шыққан – нағыз хан еді» деседі. Болғаны анық халықтың сондай көсемі. Бұхар жыраудай данасы жүрген қасында, Жанартау бар-тын Абылайханның басында. Тұлғасы қалды – шыңдардың биік тасында, Айбыны қалды – найзағай шашқан жасында. Арманы асыл іске асты осы ғасырда.
Абылай – ақыл, адалдық, шындық бастауы, Бар ісі оның тарихта мəңгі сақтаулы. Мінеки енді тілейді халық Алладан, Елбасы елді Абылайша əділ бастауды. Нұрсұлтан!.. Адал қызмет ет те халқыңа, Арманды жеткіз шырқаған шырқау шарқына. Еркіндік алған еліңнің даңқын асырып, Жұлдыздай жанып, күн болып көкте жарқыра!.. Қанат НҰРМАХАНОВ МƏҢГІЛІК БƏЙТЕРЕК ЖЫРЫ (поэма − толғау) Астана, тамашалап бай сəулетін, Отырмыз біз түбінде «Бəйтеректің». «Бұл ненің мағынасы» деген жаттың, Үніне жалт қарап бір ойға кеттім. Ағылған кəрі жастан сұрап та олар, Кезікпей бір жауапқа құлақ қанар. Бізге де келді бір кез, намыс қысып, Дедік біз, ұлтымызға ұят болар, «Ақыл мен парасатқа сай келбеті, Бұл елдің ежелгі алып Бəйтерегі. Тамырын тартқан терең осы жерден, Түркінің аңыз қылған байтақ елі. Шарлаған жердің бетін, жарық үстін, Білмейтін Фениксті халықпысың. Басында жарқыраған алтын шары, Самұрық жұмыртқасы, алып құстың». «Самұрық...ол бекерге аңыз болар..» Қолына алды қалам, қағазды олар. «Шынында Сіздер білмес бізде терең, Тарих та, қазына да бар қызғанар.
Куəсі ерте дəуір түркілердің, Бетінде болған олар шіркін, жердің. Ежелгі Феникс құс – Самұрықтар, Қасында атасындай бүркіттердің. Шыңдарда жеті мыңдық шарықтаған, Шынын да Самұрықтар – алып қыран. Келеді бірге жасап қадым заман, Түркілік бұл аңыздар халықтардан. Алтайда археологтар жазық қырда, Тап болды бір ғажапқа қазып тұрса. Қаңқаға үш – ақ қана аң – таң болып, Беріпті бір бағасын алып құсқа. Шығыстық ғалымдарды таң қылып құс, Жапанға кетті хабар жаңғырып тұс. Келіпті бір шешімге кейін олар; «Түркілік бұл ежелгі Самұрық құс!» Ақихат қара жердің қатпарында, Таңбалы тарихат бар тастарында. Бəрі аңыз, сол аңыздар астарында, Ақыры айналады тосса шынға. Бар бүгін қанша айырма кешегінің, Арада балаңдық пен есеюдің. Таулар да аласарып, толқын жуып, Жүзінен дүниенің көшер құмың. Қалпында жаралмаған дала мына, Тұранның теңіз болған табанында. Ұшары тропиканың шулап жатқан, Сарыарқа, Маңғыстаулар аралында. Жарқырап тар маңдайы қазақ біткен, Болмаған талайы да ғажап тіптен. Шықпаған жерден өніп тегін бағы, Отындай ошағының маздап кеткен. Түспеген көктен елге тегін ерлік, Көнесін тере берген шежіре ғып.
Бағзы да сол қазақтай қай халық бар, Қоң етін кесіп берер тегі берік. Алтайдан Азияға құтты бесік, Ағылған түркілердің жұрты көшіп. Шашылып төрт құрлыққа аз-ақ топтан, Өркені тұрған жұртпыз бұл күнде өсіп. Болармыз аз болсақ та аз-ақ қана, Бұйырған талайына ғажап дала. Мəңгілік Бəйтеректің Отаны бұл, Келмеген кең дүниеге қазақ жаңа. Қыранмен көк самғауды көкседі ме, Өткен мен қарау керек өксігіне. Алып құс алып ұшып еркіндікке, Қуанып жарық күнге жеткеніне.
Өзі өлсе өз күлінен қайта келген, Өмірде Фениксті айтады екен. Адамзат көп іздеген сол бір құстың, Отанын аңыздағы байтақ Жерден. Өзі құс, пенде басты келбеті де, Көп – ақ қой аңыз қылған елдер мүлде. Бірақ та əлі күнге тұрағы жоқ, Таппаған Фениксті жер бетінде. Ақтарсақ тарих бетін, дəуір түбін, Кетерміз ойға түсіп ауыр, құрдым. Сол құс-мыс бұл далаға келген бір кез, Бабасын асыраған Дарий, Кирдің. Кеткен бақ бастан ұшып құсы асқарға, Құт болмай перғауындар, Тутмостарға. Акура Маздалардың, авестаның, Жыры бар самұрыққа ұқсас мына. Самұрық – ол текті құс, ойға салсаң, Бергендей жақсылығын сайлап далам. Мекенді іздейді екен кең дүниеде, Зұлымдық, қара ниет жайламаған.
Іздеген адамзаттар ізгі де арман, Шындығы – сол шындықты бізден алған. Қызғанба, ей қонағым, алып құстар, Ұя сап кең далаға, құзға қонған. Күлінде қазына бар бағзы жұрттың, Бейнесі сомдалған бір Самұрықтың. Көресің көмбесінен қорғандардың, Атырау, Алтай, Есік, Пазырықтың. Өзі өлсе өз күлінен қайта өнер деп, Өр рухын Түркілердің айтар ма көп. Күн менен Қыран құсы бар бүгінде, Көтерген туында елдің жайнаған Көк. Дəуірдің құлақ түрсең үніне ерен, Бұл елге өлмес Рух жырын берген. Қираған қағанаттар, қамалдардың, Қазақтың арманы бар күліне өнген. Махмұтбай ƏМІРЕҰЛЫ ТƏУЕЛСІЗДІК ТОЛҒАУЫ Тəуелсіздік сан жылғы ұлы арманың, Шапағаты, айрықша сыйы Алланың. Еркін жазып қанатты еркін самғап, Қасиетті қолыңа ту алғаның. Тəуелсіздік жарқырап атқан таңың, Қуанғаның, күлгенің, шаттанғаның. Болашаққа үмітті ұялатып, Əр жүрекке сəулелі жаққан шамың. Тəуелсіздік күн көзі, ай нұрында, Бақытың да, бүгінгі байлығың да. Тəуелсіздік сан жылғы күрес, майдан, Тарихың, таланың, тағдырың да. Ұлы далам, кең байтақ ұлан далам, Сынға түсіп, қаншама сыналмаған.
Ата жаумен айқасты қаншама ерлер, Ұлы жорық жолында ұрандаған. Ұлы далам, киелі, қасиетті, Қанша көрдің қырғынды, қасіретті. Аңдыған жау, алакөз шапқыншымен, Алысумен ғасырдан ғасыр өтті. Не көрмеді жайсын жер, жасын дала, Не болмады ата жұрт басында да. Арбасумен, алысу, айқаспенен, Жиырмасыншы жеткенбіз ғасырға да. * Өткен күнге жасайтын көп алаңым, Қарсы тұрар зорлыққа жоқ амалым. Ең алдымен біздің ел, халық көрді, Жиырмасыншы ғасырдың зобалаңын. Қатал ғасыр қатыгез қасарғандай, Жақсылығын халқыма жасар қандай. Төрткүл дүние тіреуін тітіреткен, Төңкеріс те біз үшін жасалғандай. Езу, жаншу, өктемдік ел есінде, Еркіндіктің көрмедік елесін де. Өз жеріңде өзіңді өгей еткен, Орнағандай біз үшін Кеңесің де. Таңдайына татқан аз малды қуып, Белсенділер ауылға салды бүлік. «Ұжымдасу», «Тəркілеу» дегендермен, Тең жартысын халқымның алды қырып. Талай түстік тағдырдың талауына, Қаскөйліктің кездестік қамалына. Алып кетті халқымның бар асылын, Жалған атты «Жау» деген жамады да. Жау боп шықты елде ерлер жүргені үшін, Қасиетті халқын шын сүйгені үшін. Азапталды, атылды сауат ашып, Азын-аулақ оқи да білгені үшін.
Тамұқ тағдыр ұға алмай тылсымдарын, Есімде əлі мың өліп, мың сынғаным. Жалынымен жер бетін жайпап өткен, Сұм соғыста қиылды қыршындарым. Соғыс жайын ұқты ма, ұқпады ма, Күн көсемнің жарлығын құптады ма. Жанған оттың, жау беттен жауған оқтың, Біздің ерлер бірінші шықты алдына. Біздің ерлер бірінші таймай кіріп, Жаудың оғы жіберді баудай қырып. Жойды солай халқымның жас өскінін, Соғыс деген сұрапыл салған бүлік. Бұдан соң да сан көрдік зобалаңды, Доптай болып тағдырым домаланды. Қасиетті кең далам, тау құмымды, Қаптап кеткен полигон орап алды. Бізге болды қанкөздің бəрі құштар, Бұғауымен бұлтартпай бағып ұстар. Ауыл, елдің жанында сынақ үшін, Болып жатты атомдық жарылыстар. Қадағандай сұм тағдыр сұсын қатты, Халқым күнде азапқа түсіп жатты. Аспан, жерді қуырып жанымыздан, Ғарышқа да кемелер ұшып жатты. Тауым балқып, құм, тасым қуырылды, Қаңсыды өзен кескендей бұрымымды. Аралымның тартылған табанынан, Ақ тұз шығып аспанда суырылды. Адам дертті, Жер дертті, ауа дертті, Басымыздан сан азап талай өтті. Басқыншының төбеде ойнақтаған, Көкірекке көп ісі салады өртті. Бар байлығым аузына тығындалды, Ала алмадық Алладан бұйырғанды.
Асылымды күн сайын теуіп, таптап, Алтынымды көк тесік тиынға алды. Тілімнен де бездірді, дінімнен де, Дəстүр, салтым, əн-жырым күйімнен де. Желтоқсанда жендеттер тағы қырды, Əділдікке жастарым жүгінгенде. Топқа кірген ақ, адал көңілменен, Қырды жасты Отаным, елім деген. Жаным бар ма осылай егілмеген, Қаным бар ма осылай төгілмеген. Шыққандаймыз торлы көз тозақтан да, Арып-ашып сан жылғы азаптан да. Жиырмасыншы қаһарлы қанды ғасыр, Болып шықты айрықша қазақтарға. * ...Тоқсаныншы жылдары теңдік алып, Өз-өзіне келгендей енді халық. Көгімізде көк байрақ көтерілді, Жерімізге көп күткен келді жарық. Қуаныштан нұр енді кеудемізге, Еркіндіктен күй енді пернемізге. Қолын созып көрсетті қолдауларын, Сан құрлықтан сан түрлі ел де бізге. Еркін, азат ел болдық Елбасы бар, Беделімді бір биік белге асырар. Халық үшін жаралған қайраткердің, Қыдыр бабам қадамын қолдасын əр. Алла, пірім жар болсын, жебесін де, Алақанда бар бағдар, белесім де. Айбынды елдің, бүгінгі айбатты елдің, Айдарынан еркіндік желі есуде. Тəуелсіздік арқамды сүйегенім, Бейбітшілік, тыныштық тілегенім.
Жаңа ғасыр көгіне жайып қанат, Жайнап өсіп, жаңарып түледі елім. Түлеп жатыр қырым да, қиырым да, Бақыт, байлық нұр болып құйылуда. Асқақтады мəртебем көтеріліп, Туым биік тұр бүгін тұғырында. Асыл елмін бүгін ақ ордасы бар, Айбынды елмін қаһарман Елбасы бар. Жолбасшы елмін жыл сайын Елбасының, Жолдауымен қамданып жолға шығар. Айналайын асыл ел, алтын халық, Айқын мақсат, алдыңда айқын бағыт. Əлемдегі үздік ел етемін деп, Елбасың жүр алдыңда жарқыл қағып. Əр сөзінен мейірім, шуақ тарар, Əр ісінен халқым күш, қуат табар. Болашаққа Елбасым жол бастаған, Шамшырағы елімнің сияқтанар. Дара тұлға, дана ой таласы жоқ, Бағыт, бағдар, іс қанша бағасы жоқ. Сыр еліне айрықша қамқорлығы, «Сыр – Алаштың қашаннан анасы» деп. Дүйім дүние дүрліккен дүрбелеңде, Қанша міндет елім деп жүрген ерде. Жаны бөлек сонда да Елбасының, Қасиетті, киелі Сыр дегенде. Жібергендей Елбасы ырыс, бақты, Жаңа леппен халқымды тыныстатты. Жадыратып əр ісі жанымызды, Еңсемізді көтеріп, ту ұстатты. Ел мүддесі, бақыты аңсағаны, Бірге лаулар халқының жанса бағы. Елбасымыз қуаттау, қолдауымен, Дүр көтерді біздегі бар саланы.
Айта алмайсың, сан істің тауып атын, Қанша мектеп, емхана салынатын. Тартылған көл, теңіз де суға толып, Асау өзен болды енді бағынатын. Бейбіт елді нұрлантып тыныш жатқан, Таң шапағын шашады шығыс жақтан. Тəуелсіздік, еркіндік ел бақыты, Еңсемізді көтеріп ту ұстатқан. Тəуелсіздік бақытың тұрған күліп, Ойың еркін, бүгінгі тұлғаң биік. Тəуелсіздік көктегі шуақты күн, Əр жүректі қуантқан нұрландырып. Тəуелсіздік бүгінгі туым менің, Туым үшін ешкімге иілмедім. Тəуелсіздік сан жылдар аттан түспей, Айқас, шайқас, мың өліп, тірілгенім. Тəуелсіздік азат ел, ұлан далам, Ұрыстарда ерлерім ұрандаған. Тəуелсіздік тыныш таң, бейбіт өмір, Төбемізден шуақты күн аумаған. Дүбірлетіп байтақ жер, дүйім елді, Жиырмасыншы еркіндік жылы келді. Жарқын күндер жаныңды жадыратып, Жүректерде қуаныш жиіленді. Тəуелсіздік сөнбейтін шырақ жағып, Бойымызға кеткендей қуат дарып. Əр жүрекке от берген, жылу берген, Тəуелсіздік көкте күн сияқтанып. Асқақтатып арман мен үмітті алда, Қуанышпен тұрамыз күліп таңда. Тəуелсіздік туын нық, берік ұстап, Ұлы тойды ұлы елім ұлықтауда. Жүректерде жыр толқып, туады əн, Шындық артық ертеңнің қиялынан.
Тəуелсіздік туын тік көтереміз, Бүгінгі осы біздегі бір-ақ ұран. Бейбіт елді нұрлантып тыныш жатқан, Таң шапағын шашады шығыс жақтан. Тəуелсіздік, еркіндік ел бақыты, Еңсемізді көтеріп ту ұстатқан. Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ ҚАЙҚЫ ҚЫЛЫШ І Аттан, аттан! Сақтан, сақтан! Жау шапты! Аттан, аттан! Қабырғаңды қаусатты! Қатын бала қалбақтап: А, Құдайым қал сақтап. Арысымды өлтірді-ау, Арқа сүйер ардақтап. Сенаторлар сенделді, Не істеу керек енді... Енді?... Құл бола ма, қайтеді, Құрмет тұтып жеңгенді. Үрім үркіп, үрпиісті жұрт тағы, Іргесінде адамзаттың сырттаны. Легионның өкіргені естілді, Ал Ғұндардың құтырғаны құртқалы. Сенаторлар сергелдеңде, ми қатып: Қаламызды кетпесе екен қиратып. Елшілерді əлдеқашан жіберген, Қайтарыпты құп алмастан сыйға түк...
ІІ Алға! – деді, Атты Еділдің əмірі, Жандарыңа жар болсын Көк Тəңірі! Төресіне жүр екен бұл кезікпей, Құлға ғана зорлығымен зəбірі. Аспан астын күңірентіп ақырды, Қара мына қол бастаған батырды. Кездесуден тайсақтайды бетпе – бет, Жекпе жек те, жекпе жек! Оғландар өстіп ұран шақырды, Қорлап қорқақ пақырды. Атты Еділде қайқы қылыш, Қынай сап! «Бола көр» деп, «Құдай сақ!». Үрім батыры, жекпе жекке шықты əрең, Өлу үшін шықты білед бұ найсап! Қысқа болды қос батырдың ұрысы, Үркіп барад, Үрім елдің ұлысы. Сенімдегі Құдайында соғыстың, Бола-тұғын дəл осындай қылышы. Сол қылыштан көрді көбі ажалын, «Құдай бізге жіберіпті тажалын!» Біреуінің кеңірдегін кескілеп, Біреуінің қан жуыпты ажарын. О, Құдайым, бізге қандай қасың бар, Жерге сіңген мұңым қалды жасымда əр. Тарпып кетер тажалдың бұл тұяғы, Жан сауғала, қашыңдар! Атты Еділдің саңқылдаған құс үні: Ей, күңдердің түсігі! Жылап қалды, ездігіңе еңіреп, Егіліп тұр Ұлы Цезарь мүсіні. Даңқың қайда, қарыштаған ғасырлар, Есің ауса, елді тастап қашыңдар.
Жеңімпаздың дəргейіне басыңды ұр, Еркің барда қақпаларды ашыңдар! Юли елі, Антонио елі масқара, Аспаныңды бұлт қаптайды тас қара. Сендерде енді намыста жоқ, жоқ жүрек, Сендерде енді шабылмаған бас қана! ІІІ Үрім... Ит ұлыды, жоқтау үнге қосылып, Сенаторлар сергелдеңде, тосылып, «Амал табу керек» – дейді, аптығып, «Мына итпен қалмау үшін қоса ұлып!» Амалы не? Кеттік енді құрдымға, Ерлер құсап тұрар жерде тұрдың ба? Қол басшыңды жекпе-жекте өлтіріп, Боздағыңды харап қылды қырғанда. Дəуірлерде тоған болған тасқынға, Үрім бүгін қара бұлттың астында. Сарбаз дейсің, сандырағың шығар бұл, Сарбаз деген əлгіндегі қашқын ба? Мына иттің жаман екен ұлысы, Сəтсіз болды-ау, сарбаздардың ұрысы. Марс құдай1 мүсінінен көріп пе ең? Атты Еділдің аумайды содан қылышы. Цезарь елі емес пе едік, əй, ұлы? Əрекет қыл əкелерге сай ірі. Су жүректер сорлатты ғой еліңді, Қайқы қылыш, Құдай ма екен, тəйірі! Цезарь қайда?! Ерлік қылар кеміді іс. Шаппақ түгіл, шегініс те шегініс. Алдынан шық, Атты Еділді ардақта, Жеңілістің аты əсте жеңіліс. 1 Марс – ридіктердің сеніміндегі қайқы қылыш ұстаған соғыс құдайы.
ІV О, Атты Еділ! Ғұн ұлы. Алтын тақта тұғыры. Біз жығылдық, сен жеңдің, Салттын сақта ерлердің. Сертімізде болсын тағы бір нүкте, Қыздарымды ал күңдікке. Тимесін тек, мына жұртқа салқының, Артып берем, Үрімнің бар алтынын. Оған қоса жетпейтін сен шегіне, Жауһар, лағыл тиеп берем теңіне. Тыңда мені, О, Атты Еділ құлақ сап, Саған қоям бірақ шарт. Арқамызға артты соғыс ауыр мұң, Ісін қылма кəуірдің. Мына қала ғасырлардан құралған, Ескерткіші дəуірдің. Жіберейік, қошеметтеп, сыйлап та, Түкір мейлі бабам жатқан зиратқа. Аман жетсін ұлы мұрам ұрпаққа, Тек қаланы қиратпа! Тек қаланы қиратпа! Атты Еділ паң, Жауын бүріп шеңгелде: Ей, ұзандар, ұлағат жоқ сендерде. Не бетіңмен қарар едің енді елге? Күнің құрсын, күңдікке қыз бергенде. Түбің құрсын, сенделме, Жауһарың да сендерге, Алтының да сендерге! Алабыңнан арыла ма қайғы мұң? Санап берсең өз жұртыңның байлығын. Ерлеріңді ергенек қып не қылам, Құл болмасын соңыңдағы тай-құлын. Көкте Құдай, жерде Ғұнды ұмытпа, Дəргейіме басыңды ій де, ұлықта.
Тасырыңның таспен басып кеудесін, Асауыңды қылқындырдым құрыққа. «Келдім... Көрдім... Алдым...» Ұлы Үрімді, Тегеурінге темір тізең бүгілді. Мен Тəңірдің көктен түскен ұлымын, Керек емес, Сыйға тартпа түгіңді! V Үрім жатты, Ұлып, жалап жарасын, Айырды енді ақ пен өмір қарасын, Айырды енді Құдай мен құл арасын! Кейін қайтты Атты Еділ, Қан сасытып даласын. Кейін қайтты Атты Еділ, Қиратқан жоқ қаласын. Онда жоқ-ты, Ашкөздікпен жат көңіл, Онсыз-ақ та, Құлап, сұлап жатты өңір. «О, Атты Еділ! Атты Еділ!». Дархан ҚАДІРƏЛІ ХАН КЕНЕ Желік кірсе мұңдарға, Аталы сөз тыңдар ма? Жөңкіле жортса жосып ел, Арқаланар ұл бар ма? Сонау, сонау жылдарда, Жел айдаған қайдағы, Жемірі мен жайдағы, Басып кіріп жеріме, Құнарымды жайлады. Көгенделіп арқанға, Тұсау түсті тарпаңға. Қосақталып қартаңға,
Жоқтау айтты қалқам да. Ойын қылған осылмай, Қиямпұрыс қосындай, Оспадарсыз тосылмай, Ойран салды осындай. Бұлағай да алағай, Зарлық болған заман-ай. Тарпаң мінген Түріктен, Шерік қалды шалағай. Жер қайысқан түліктен, Жарбай қалды жадағай. Сансыраған сенделмек; Соқыр тауық, сен де ермек, Қансыраған мен де ермек. Тажалға кім тең келмек, Самұрық құс шеңгелдеп, Қос бүйірден қысқанда? Қара орманым өлген шақ, Қара аспаным төнген шақ. Жер соқтырып мыстанға, Қан құстырдың дұспанға Айналайын, хан Кенем! Сұңғақ бойлы сұңқарым, Сұңғыла ойлы сұлтаным. Дүбірлеп озған дəуірден, Тарланбозым, тұлпарым! Салқам-салқам салқарым, Шамырқанған шалқарым. Үкілі үміт артарым, Зұлқарнайын сияқты Қос мүйіздім, арқарым! Елбең-елбең елменен, Емеурінге көнбеген, Ербейгенге ермеген, Ел намысын бермеген, Сендей болсын ер деген! Алты алаштың ардағы, Айдарынан таң атар, Айбарынан күн батар, Темір төсек жастанып, Талас болып таңменен,
Түзде жортып түнқатар, Сендей болсын хан деген! Абылайдың жалғасы, Ақ беренді алмасы. Саған ауыр болар, хақ, Құл-құтандық таңбасы. Тек Тəңірден тілеген, Сен – бөрісің, бір егең. Бодан болмай басқаға, Азуын айға білеген. Ағайынның ары үшін, Қара бала қамы үшін, Жаумен жаға жыртыстың, Ерлігің – елдік намысым! ...Дұшпан – нөпір, жауың көп, Жаралады жаныңды оқ. Шарпып кетті тағыңды от. Келген едің жалын боп, Кете бардың сағым боп! Əзірет берген əз бабам, Жырың қалды маздаған. Базбіреуге боздаған, Күліп жатты боз далаң... Күн артынан күн өтті, Жыл артынан жыл өтті. Тəңірім беріп тілекті, Тілгіледік түнекті. Талқан қылдық тозақты, Атты арайлап азат күн. Кек боп кеуде кернеген, Сонда оятқан жүректі, Ол – сенсің көкке өрлеген, Ол – сенсің мəңгі өлмеген, Ей, ұлы ханы Қазақтың! ...Қара бұлттай түнерген, Құлдықтың бүгін күні өлген. А, хан ием, хан ием! Біз білмеген бір елден, Ойқастап шыға келсеңші, Омыраулатқан күреңмен!
Жолыңды күтіп жүрем мен, Жолынан тосып жүрем мен. Ғазиз ЕШТАНАЕВ ҚАЗАҚ ДЕЙТІН ХАЛЫҚПЫН Жаратылған Тірлік дейтін ырғақтан, Сөйлеп кетсе тарих болып тіл қатқан. Армандары дарияны бетке алып, Өзендермен қол ұстасып бірге аққан. Қиялдары желмен жүйрік жарысқан, Қас жауына қасарысып, қарысқан. Қабылетім қара жерден дариды, Қасиетім – ғарыштан. Байқайсың ба, Бауыр дертті, бас жара, Сөйтіп жүріп серттен тайсам – масқара! Менің жаным – қайшылықтар алаңы, Менің жаным түсініксіз басқаға. Жазылады дедім жанның жарасы, Көк түріктің көк Бөрі еді анасы. Ала құйын, мың құбылған тағдырым – «Елім-ай» мен «Илигайдың» арасы. Деп отырмай: «Тағдыр салған күй осы», Мені оятты оман күштің киесі. Жұрттан озсам деп келеді жығылмай, «Жұртта қалған» дейтін күйдің Иесі. Ұмтылады, ұмтылады жан сала, Талдырам деп тірлік сынға салсада. Тағдырыма қарғыс айтсам қаншама, Тағдырыма шүкір еттім соншама. Өтті-кетті. «Ел айырылған» кез-кеше, Есті ұланың өзі танып, сезбесе.
Баян таудан баяғы бұлт тараған, Қаратаудың айтар əні өзгеше. Ұлытаудың ұраны өзге, ғұрпы, ісі, Сансыз бояу туған айдың – түр-түсі. Еділ-Жайық екі өзенге жетті əне, Жетісудан жеті өзеннің күлкісі. Ох, қаншама талықсыдым, тарықтым, Жұбанышым – жан жылытқан жарық Күн. Өзге түгіл өзіне де құпия Қазақ дейтін мен осындай халықпын. Өмір емес, мен кешкен күн өрт десін, Өткеніме өкпе артпаймын, Сертке сын. ...Мəңгі өлмеудің сырын білсем дегендер Алдыменен Мені келіп зерттесін. Таңатар ДƏРЕЛҰЛЫ ДҮБІРЛЕЙДІ ДҮНИЕ ҚАЗАҚТЫ АЙТЫП... Тағдырыңмен кейде сен жағалассаң, Ізіңді аңсар біреулер жаза басқан. Бұлттар бетін тым жиі айғыздайды, Көзімізге көрінсін азат аспан. Сезінумен қадірін серпіле жүр, Елдік, ерлік, түсірмей сертіңе кір. Тəуелсіздік Тəңірдің сыйы болса, Сенің, менің басымда еркін өмір. Жатқан қанша жаһанда жау елді үгіп, Сондықтан да тек бірлік əуелгі үгіт. «Мен не бердім» демейді көк езулер, Бəрін бізге бергенмен Тəуелсіздік. Ойлы көзбен қарамай жан-жағына, Құр далаға бауырдың маңғаны бар.
Туған жердің күбірлер əрбір тасы, Күңіреткен бетінде қан дағы бар. Осы жерде ұлы рух – бар киең де, Боздамайды құр босқа нар түйең де. Біле-білген қандасқа басты байлық, Шейіт кеткен бабалар əр сүйем жер. Мұражай ғой паң дала, таң қаларлық, Сол құдіретке, бауырым, тұшынарлық. Жел суырса көрерсің сай-тасынан, Баяғыда шахит болған жан қаңқаларын. Бала күнде барған кез дүр көктем-ді, Үміт алға жетелеп жылт еткен бір. Ұлы ерліктің қадірін біл дегендей, Табанына жебе ұшы кірш еткен-ді. Біз болыппыз қайғысын жырғар керең, Өкініш көп өткенге, сырлар терең. Коммунистік қоғамды құрысқанбыз, Қызыл жалау көтерген жылдары кең. Қызыл күннің қадірін білетін біз, Коммунизм жақын деп жүретінбіз. Намазына жығылса қайран əжем, Ту сыртынан жырқ-жырқ күлетінбіз. Қойдай қуып молданы шеттелді үгіт, Атың қалмай баяғы көшпенді жұрт. Əдет-ғұрып, ата-тек ұмытылып, Біз советтің адамы деп кергідік. Жұрттың бəрі бір тілде «сыпыртатын», Ондайларды өсіріп құтыртатын. Өз тіліңде сөйлесең, өзге біреу, Танауыңды тығынмен тұқыртатын. Қанға біткен болмысты күштеп жойды, Еңбегіңмен баюға нүкте қойды. Инкубатор-саясат бірдей қылып, Ауыр-ауыр міндеттер жүктеп қойды.
«Халықты басқара алар бар бізде», Деп қарсы жүзді зор тасқын көшемізде. ...Сексен алты, ызғарлы желтоқсанда, Тұңғыш жетті, ұлттық рух жетемізге. Теңдік сұрап жастардың шықты бəрі, Абалатты Колбин де «мықтыларын». «Тасобада» қадалған табаныма, Жебе ұшы санамда зырлап ұшты. Ұл-қыздарым қанымен шашып шерді, Айдаһардың аузында тасытты ерлік. Өз алдына ел болам дегендерге, Тəуелсіздік қақпасын ашып берді. Содан бері жиырма жыл кетті өтіп, Тозар-тозбас мерзім ғой өкшелі етік. Елтаңбасы жарқырап ай бетіндей, Желбірейді көк туы көкке жетіп. Нұрсұлтандай дананың арқасында, Жалғыз тұрып қалмадық жар басында. Халқы жүзген кемені өзі бастап, Таба білді өрлеудің арнасын дəл. Көнбес деген қиындық жөнге келді, Үрлеуменен тұтатты сөнбегенді. Тауып өзі қалауын қар жандырып, Қатқан өзен сең болып дөңгеленді. Елге айналдық қызығып жат қарайтын, Кім Елбасын сол үшін мақтамайды. Алты Алаштың бірлігін жымдастырып, Кең дүниеге билігін бастар айтып. Бауырыңа тартпасаң тола ма дос, Көзі жетпей, айтқаның қона бос. Қам жасады қазақстан бейбіт күнге, ЕҚЫҰ-ға күні кеше төраға боп. Тамашаны сезінген халқы нұрлы, Жаратқан ел, арулар, алтын ұлды.
Азиада алауын аспандатып, Кеудесіне өр қазақ алтын ілді. Талай елден кетсек біз көш ілгері, Елбасының тек алдан көрінгені. Ғажайыбы ғасырдың мойындаған, Астанамыз Сарыарқа төріндегі. Алдын бермес пырағың дуға қоссаң, Құлақты көр, біздегі шуға тосқан. Əлем жұртын еліктей елеңдеткен, Жаңалықтар бастауы – Туған Отан. Артта қалып күндерің мұңы басым, Тəуелсіздік қадірін ұғынасың. «Қара жорға» биімен сан мың қандас, Аққу болып оралды Шұғыласы. Даласында ырғалса алтын масақ, Отан шебін күзеткен жарқыл жасақ. Фабрика, зауыттар кім берер ед, Жиырма жылда біз өсіп талпынбасақ. Жалын керек сөнбейтін жүрекке тек, Саясатты сарабдал тілекке сеп. Дүбірлер ме дүние қазақты айтып, Елбасының соңына ілеспесек. Өркендемей жатқан бір өңірі жоқ, Елбасының сондықтан көңілі – хош. Соның бірі Атырау – алау жаққан, Мұнаралар басынан өріліп от. Басшысы бар Бергейдей алды жарқын, Іске асырған бағамдап бардың нарқын. Игеріліп ауқымды жобалары, Сан өндіріс саласы алды қарқын. Тəуелсіздік – тартылған тыңнан түрен, Дертімізге дауа да, мыңнан бір ем. Астананы салдырып көз талдырған, Белін бермес асаудай бұлқындырған.
Əлкен БАЙБУРИН ТƏУЕЛСІЗДІК ТОЛҒАУЛАРЫ 1. Егеменді елім. Егеменді Тəуелсіз ел болуды, Еркіндікті, өз алдына ел болуды. Аңсаған талай ғасыр қазақ елі, Тілегің, Ұлы арманың орындалды! Келмеді тəуелсіздік бізге оңай, «Мың өліп, мың тірілген» халық талай. Келгенше қол жеткізіп осы күнге, Қаншама қиын асу өткен талай. Ойласам өткен өмір, өткен жолды, Өткізсем ой-шелектен азат жолды. Келеді көз алдыма қазағымның, Шейіт болған майданда ұл мен қызы. Өтіпті талай шайқас, талай қырғын, Кең дала қазақ елі не көрмеген. Өтіпті ел басынан зарлы заман, «Ақтабан шұбырынды» бастан кешкен. Қорғаған жау шапқанда байтақ елін, Күшімен ақ білектің, найзаменен. Еске алайық халқымыздың ұрпақтарын, Көрсеткен жанқиярлық ерліктерін. Болғанды халқымыз нар ұлдары, Жаужүрек ел бастаған тұлғалары. Болғанды əр заманда көсемдері, Ақылгөй, көріпкелді даналары. Дуалы дүйім елге пана болған, Үш жүздің басын қосып, ақыл берген. Өтіпті Төле Би мен Əйтеке Би, Өтіпті Қаз дауысты Қазыбек Би.
Бас тіккен елі үшін қан майданда, Өтіпті сан батырлар қол бастаған. Жан берген сан сұрапыл шайқаста,рда Қабанбай, Бөгенбайлар жол бастаған. Қайтарған келген жаудың əрі бетін, Көрсеткен халқымыздың ел екенін. Еске алайық ел басқарған Абылайды, Көрегенді, саясатпен қылған ісін. Еске алайық өтіп кеткен хан Кенені, Наурызбай, Ағыбайдай батырларды. Қорғаған шүберекке жанын түйіп, Отаршыл басқыншыдан туған жерді. Өткізген ат үстінде бар ғұмырын, Азатшыл, еркіндікті сүйген баба. Сақтаған еліміздің тұтастығын, Мəңгілік ел есінде Ата-баба! 2. Алаш. Еске аалайық өтіп кеткен ағаларды, Əлихан, Ахмет, Міржақып, Мұстапаны. Мұхамеджан, Халел мен Жаһаншаны, «Алаш» деп партиясын құрғандарды. Ол кезең қиын еді халқымызға, Кетіп еді тоз-тоз болып əр далаға. Ел болмай, бет-бетімен өз алдына, Түсіп еді мал-жаны талапайға. Өтетін тығырықтан жолды іздеп, Қазақтың оқығаны жанталасты. Жұртшылығын қазақтың сақтап қалып, Алашорда үкіметі құрылғанды. Сайланған «Алашымның» басшылары, Жұртқа бас,елге тұтқа бола білді. Ойланып тілмен түйген шешімдерін, Бірігіп бəрін бірдей іспен шешті. Қорғады халқымыздың малы-жанын,
Ойлады еліміздің ар-намысын. Бастарын біріктіріп бар қазақтың Жоқтады ұлтымыздың мұң-мұқтажын. Бас қосқан «Ел кеңесте» басшылары Көтерді ұран айтып «Алаш!Алаш!» Уақыт жетті, енді көтер басты! Сүртелік көзден аққан қанды жасты! Алаштың алған беті дұрыс еді, Ұлтшылдық идеясы болмап еді. Тең қылып теңдестіріп ұлт өкілін, Бостандық, еркіндікке қол жеткізді. Ұлтымды өз алдына ел көрмеген, Ресейдің бір бөлігі санап келген. Кеңестік үкіметке сол кездегі, Істері «Алашымның» қайшы келген. Алаштың үкіметі құлатылды Басшылары айдалып, азапталды Қалғаны тірі жүрген жер бетінде Қайтадан «советтермен» қудаланды. Елінің ел болуын көксеп кеткен, Бірлігін, тұтастығын ойлап өткен. Жолында азаттықтың құрбан болған, «Алашқа» азаматқа тағзым ет сен! 3. «Нəубет» жылдар. Еске алсам «Сталиндік» нəубет жылды, Күйзеліп жаным содан түршігеді. Келеді көз алдыма жөн-жазықсыз, Қырылған миллиондап қазақ ұлты. Халықтың азын-аулақ малы бары, Аталған бай-құлақ боп, жат қылықты. Тəркіленіп бар жиған малы-мүлкі, Алыс жақ «итжеккенге» айдалған-ды. Тудырған ашаршылық жасап қолдан, Сыпырып ұранменен малын алған.
Қалдырмай «аша-тұяқ» үй басынан, Зорлықпен ұйымдастырып «колхоз» болған. Түскен-ді ел басына зарлы заман, Аш-жалаңаш бір үзім нан іздеген. Есеңгіреп халқымыздың сұм тағдырдан, Шашылып шартарапқа пана іздеген. Қудаланды ұлтымыздың өр ұлдары, Зерделі, ойы ілгері, оқығаны. Арыстары қазақтың басшы болған, Ел бастаған халықтың көсемдері. Еске алайық Ахмет пен Сəкендерді, Бейімбет, Ілияс пен Міржақыпты. Жүсіпбек, Мағжанменен, Тұрарларды, Ұлтымның бетке ұстар ұландары. Аяулы «Алашымның» ұл-қызына, Тағылған ауыр айып «Халық жауы». Жаны ашып халық қамын ойлағанға, Жабылған жат пиғылды «ұлтшыл» аты. Алдымыз көрінбейтін күңгірт болды, Сейілмейтін қайғылы күндер толды. Жазылған халқымыздың тағдырына, Бұлыңғыр қияметті жылдар болды. Еске алайық халқымыздың мұң мен зарын, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын. Нақақтан, жазықсыздан жапа шеккен, Қазақтың сол заманғы ұрпақтарын! 4. «Желтоқсан» Еседі самал желі еркіндіктің, Естіліп жаңғырығы «Желтоқсанның». Келеді құлағыма сол күндердің, Дауысы шырылдаған боздақтардың. Еске алайық «Желтоқсан» көтерілісін, Əкелген азаттықтын жаңа лебін.
Өктемшіл, озбырлыққа қарсы тұрған, Намысшыл ұлтымыздың ұл мен қызын. Елі үшін жанын беріп, қанын төккен, Қаншама жастарымыз қыршын кеткен Іздеген талап қылған əділетті, Шырқырап азаптаған, жапа шеккен. Ерлігі ұрпақтардың, қайсарлығы, Жадында халқымыздың мəңгілікті. Ұмытпас Қайрат пенен Лəзаттарды, Ұмытпас қыршын кеткен боздақтарды. Жазылар не бір дастан, не бір жырлар, Арналған «Желтоқсанның» жастарына. Істері мəңгілікті орын алар, Елімнің Тəуелсіздік тарихында. Тəрбиеленсе жас ұрпақ, келер буын, Жастарындай «Желтоқсанның» сол кездегі. Ұстайтындай халқымыздың азат туын, Ұлтжанды патриоттық сезімдегі! 5. Егемендік жолында. Жігерлен халқымыздың ұл мен қызы, Жолында еліміздің Егенменді. Қазақтың ұлт болмысын сақтауына, Жауапкер оған ұрпақ – сендер енді! Сенеміз Елбасы алған бағытына, Оятқан халқымызға ұлттық сана. Сенеміз болашағына еліміздің, Жететін жетістікпен үлкен шыңға! Ардақтап қалдырайық мəңгі есте, Есімдерін азатшыл ұландардың. Жеткізген еркіндікке осы күнге, Бағалайық еңбегін бабалардың. Ақ туын тəуелсіздіктің бағалайық, Құлатпай, мығым ұстап мығым қолда!
Елдігін қазағымның білдірейік Əйгілеп бар əлемге, шартарапқа! Намысшыл қайсар ұрпақ жеңілмейтін Қорғайды егеменді қазақ елін! Көнбейді өктемдікке, озбырлыққа Қорғайды ұлан-ғасыр қазақ жерін! Білдіріп бай-қуатты дəрежелі Тəуелсіз Қазақ елін егеменді Елімде қазағымның аспанында Көк байрақ желбіресін мəңгілікті! Төсінде Сарыарқаның бой көтерген Астанам азат елдің Астанасы! Тəуелсіз егеменді Ту көтерген Қазақтың мəңгілікті Астанасы!
БЕГƏЛТЕГІ Лұқпан Сисекенұлы МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ (үзінді) Ұлан ғайыр даласы бар кең байтақ, Қаратау мен Алатауын құшақтап. Қолтыққа алып күміс өзен көлдерін, Теңіздерін жолатпаған қысты аппақ. Кең əлемді қобызымен тербетіп, Маңдай тері көз жасымен моншақтап, Қанды тырнақ тажалдарға иілмей, Тауға біткен шыңдар тектес түйіндей Туған елін қызғыштардай қорғаштап. Скиф, Гундар, Қыпшақтардың ерлігін, Жалау қылып түсірместен қолға ұстап Ұрпағынан кетпес үшін ырыс бақ. Өртте қалған жолбарыстай ызалы, Жаудың құрған жан жағынан тұзағы, Шеңбер құрған жалын шоқтан жүз аттап. Қасірет шегіп кеудесіне мұз қаптап Бізге жеткен ғасырлардан ұлы көш, Ұлы Түрік шаңырағы жыр сақтап!
Тəңір өзі сол өрлігін көрдіме, Арман қылған бақыт құсы туды елге. Желтоқсанның қатқан мұзын жібітіп, Бақыт құсын сыйға тартты төріне. Бодандықтың тас лақтырып көріне. Көк байрақпен кең құшағын жайнатып, Шырақ жағып өшпейтұғын мəңгіге, Ерік берді азаттықтың əніне! Ата заңы – алтын кітап қолға алып, Қайта туып жаңарғандай қуанып. Ізгіліктің жолын талмай іздеумен, Егемендік шуағына нұрланып, Туған елге шашқан ажал уларын, Қанаушының жауып атом сынағын Құмнан аршып ана тілін бұлағын, Қайта тауып қасиетті құранын. Өзі болып зерек ұлы Зиманның, Жарқыратып жағып ғылым шамдарын, Нарықтықтың терең зерттеп заңдарын, Келер күннен күтіп ашық таңдарын, Сұлтан сайлап елін сүйген қыранын, Адамзаттың сеніп ақыл ойына, Бейбіт күнге шақырғаны жер шарын! Мəңгілігін тілеп келген жазының, Жасай біліп келісімін ғасырдың. Жеңілмейтін жасампаздық ерлікпен, Алшасынан тұрғыза алып асығын, Таңдандырып қадамымен алғашқы, Тектіліктің көрсете алып тасқынын. Азат елдің туын биік көтеріп, Сақтай біліп ата-жолдың дəстүрін. Ұлы достық сезімімен қосты үнін. Теңіздердей ағылғаны мұнайы, Ел тілегі əрдайымда жақсы ырым. Көш басында жұлдыздардай жарқырап, Өзі тұрды Нұрсұлтандай жақсының. Сыр болмады онда бөлек жасырын, Қуанышқа бөлеп халқын асылын, Даласына толқып бидай піскенде, Қамбаларға құйып жатты астығын.
Тер төккенді еңбекпенен кім жеңбек, Армандары алыстарға жетелеп. Аюлардың тиген талай таяғы, Қиын күндер бастан кешкен баяғы, Қала берді арта кейін біртіндеп. Бірге шығып ынтымақпен үндері, Сан ұлт ұлы қол ұстасып гүлдеді. Бір-біріне қамқор болып мейіріммен, Батыл қадам баса берді ілгері. Еңбек етіп ерінбестен езіле, Жайқалдырып пана болған кең жерді. Қызыл тұман астында бір күн кешкен, Тайынбады олар əсте күрестен. Қуанышын бір бөлісіп теңдіктің, Болашақпен бір туғандай көріскен. Жетсе деумен барша адам мұратқа, Азат таңда əділдікпен жеңіспен! Еркін алып еркіндіктің тынысын, Молайтуға туған елдің ырысын. Бой түзеді Астанасы Есілде, Бəрі, бəрі ата жұртым ел үшін. Ірге тасын қалап берсе ел басым, Жалғастырып сүйсінерлік ұлы ісін. Ала таңнан құрылысшылармен бір тұрып, Жақындатып алда келер жеңісін, Тоқтатпастан жеміс толы жұмысын, Көтеріскен қабырғасын бас болып, Иманғали кемеңгер ұл-туысым! Көшесінде – таңның тəтті сырлары, Құшағында-алтын күннің нұрлары. Бар əлемнің сұлулығы тоғысқан, Бұл Астана мəңгіліктің жыр əні! Азаттықтың алаулаған шырағы, Азиямның зəулім биік шынары. Бар маңайы гүл жамылып құлпырған, Бəйтеректе бабалардың тұмары. Жауға шапқан ерлікпенен ту байлап, Бөгенбайдай жан бабамның ұраны! Бізге жеткен алтын қанат қыраны. Сəкен ақын іздерінен сыр айтқан, Өр Рухтың сусындатар бұлағы.
Сылаңдаған Есіл ашқан құшағын, Бұл Астана кім-кімнің де арманы! Шілдедегі жұлдыздардай самсаған, Бұлбұлдардай тамылжыта əн салған. Бір-бірімен тайталасқан ажары. Аққулардай сұлу біткен қыздары, Шын достықтан соға білген қорғанды, Алпамыстай батыр тұлға ұлдары. Қуаныштың сыйын тартып жаныма, Қан қосқандай тамырыма қаныма. Туыс қылып барлық ұлтты халқыма! Күмбірлеген күйлерімен шалқыма! Бара қалсаң сусыныңды қандырып, Ақындары жыр жұлдызын жандырып Түнің де жарық қылар мұндағы. Алға тартып Серік дүлдүл тарланды, Еске салып Ғафу сырлас ағаңды. Фаризадай жаны мөлдір апаңды, Қоғабайдай қадір тұтып бағаңды. Мəди достай жазған жүрек жарамды. Көрсете алып махаббатын сезіммен, Қолдан түспей Муза берген қаламы! Кеуде тосып көктемдердің желіне, Қадам басқан өркениет төріне. Əлдилеген ақ сүт берген анаңдай, Қуанасың бағы жанған еліңе! Желді бөгеп Батыстағы ызғарлы, Жылу төгіп бұзып жарып мұз-қарды. Зергер тағып даналықтың беліне, Ақыл ойдың бойлай еніп кеніне. Дауды шешкен Төле бидің өзі боп, Қазыбек пен Əйтекенің көзі боп. Мөңке бидей алдын болжап ой өріп, Жасай білген əділдікпен төрелік. Із қалдырған ізгіліктің өрінде, Абыроймен Еуропа төрінде.! Жеңісіне жаныменен сүйсініп, Бұлбұлдары сайрап берер төгіле. Кім тартпайды бауырым-ау айтшы сен, Кие толы ата баба тегіне?! Астанамда мəңгі орнардай гүл көктем,
Бар мұсылман басын қосып бірлікпен. Қуаныштан көздің жасын тия алмай, Түркі жұрты Түркістанға көз тіккен. Қайта маздап жанатындай ошағы, Ата жұртта бабалары ту тіккен! Алғыстарын сенімменен жеткізіп, Адамзатқа үлгі қылған төзімін! Тыныштығың ұя салған қойнында, Бар қайраты күш жігері бойында. Шарықтаумен шырқап қанат қаға алған, Шыдауменен небір дүлей құйынға, Бас имеген сан дағдарыс қиынға. Жиырма жылда жеткен мақсат ойына, Қалай досым жыр төкпессің толғанып, Құт дарыған туған елдің тойында! Дүбірлеткен байтақ шексіз даламды, Құтты болсын тəуелсіз ел мейрамы. Əрбір үйге Қыдыр қонсын тыныстап, Алты Алаштың бұзылмасын қаймағы. Ынтымақтың қуат беріп қайнары. Аман болсын бар байлығы адамы, Сəтті болсын алға басқан қадамы. Жалғайтұғын келешектің жолдарын, Жапырақ жайсын келер ұрпақ орманым. Бəріңе де жалғыз Тəңір бақ берсін, Орындалсын ізгі тілек арманың! Қуанышы жаңғырттырып өлкемді, Бүгінгіден қызық болар ертеңі. Өрлей өссін туған елдің өркені, Сол ғой бізге көркемдердің көркемі! Азаттықтың сыйға тартқан таңдарын, Құтты болсын, құтты болсын мейрамың. Өздеріңде кең даламның исі бар, Бабаң болып құшақтайын кел жаным!
ІІІ-ші бөлім ӨЛЕҢДЕР МОЛДАБЕКОВ Серік Рысбекұлы ТƏУЕЛСІЗДІК– ТІРЕГІМ Тəуелсіздік– ерліктің сақталғаны, Тəуелсіздік – жастардың аққан қаны. Тəуелсіздік– жиырма жыл ел түлеткен, Тəуелсіздік– тыныштық бақтардағы. Тəуелсіздік – Астана салынғаны, Тəуелсіздік – Бəйтерек бабындағы. Тəуелсіздік– Ханшатыр, Пирамида, Тəуелсіздік – арманның жалынды əні. Тəуелсіздік -діндерді тоғыстырған, Тəуелсіздік – Алтын адам таныс тұлғам. Тəуелсіздік– көк тасы Күлтегіннің, Тəуелсіздік – Азиада жарыс құрған. Тəуелсіздік – баршаның тілеуі еді, Өткен күннің тарихын біледі елі. Тəуелсіздік – иманның оянғаны, Тəуелсіздік – тілімнің түлегені. Ұмытпай шырайланған нақты күнді, Бағалайық бастағы бақты құнды. Ойлай жүр бабалардың аманатын, Тойлай бер Алаш жұрты шаттығыңды.
Бақытгүл БАЙМОЛДАҚЫЗЫ Аспан таулары – Астасып жатқан аспанмен. Аңыз ба ең, далам дастан ба ең?! Адалдық сезем сендегі – Ауадан, судан, тастан мен! Тəңіртаулары – Тəуелді еткен тəубаға, Таңданыс болған жауға да, Тағдырым сенсің түспейтін, Талқыға, тартыс, саудаға! Керіштаулары, Кереге жайған кеңдіктің, Кереметтігін енді ұқтым, Келтелеу мынау ғұмырда, Кез болған кені, сен құттың! Аңсаған азаттықтың ақ таңдары – ай, Арманмен аққан жұлдыз, батқан дара ай… Кең далам дəл өзіңдей кен пейілмен, Келген ем бақ қуалап, бап таңдамай. Басқаға бас имейтін тектілігім, Басынан құс ұшырмай жетті бүгін. Көк бөрі рухыменен жебегендей, Көксеген көк аспанын көктің ұлын. Шартарап шалқығандай шаттығыма, Шат көңіл басылған жоқ аптығы да. Сағымды сындырғанмен сан сын кезең, Сатқындық жасамадым Сақтығыма. Аңсаған азаттықтың ақ таңдары – ай, Арманмен аққан жұлдыз, батқан дара ай… Кең далам дəл өзіңдей кен пейілмен, Келіп ем бақ қуалап, бап таңдамай.
Болат ҮСЕНБАЕВ ТƏУЕЛСІЗДІК ТУРАЛЫ ЖЫРЛАР I Тəуелсіздік, нұрың қандай кіршіксіз, Сен – бəйтерек, біз – көктейтін бүршікпіз. Азаттығым арманы еді бабамның, Аманаты орындалды мүлтіксіз. Еске, аламын Хан Кененің жорығын, Өтті-ау бастан азап, зарға толы күн. Тəуелсіздік – күресінің өтеуі Ұрпақтардың сан ғасырлық жолының. Жанарымда жатушы еді мұң бұғып, Бағым байлап, сағымды да сындырып. О, азаттық, пешенемді ашыпсың, Өмірдегі сенсің ұлы құндылық! Дербес дамып, Дағдарысқа дес бермей, Нық қадаммен бастық алға сескенбей. Іргелі елдер бірге бол деп, қуаттап, Қазағымның мəртебесі өскендей. Көш басында Нұрағаңдай кемеңгер, Тындырғанын артық, кем де демеңдер. Қазақстан назарында əлемнің, Жас болса да жер жаһанға беделді ел. Өтер бастан небір сындар, сынақтар, Елбасының əр сөзіне құлақ сал. Қол бұлғайды биік-биік межелер, Шақырады алға асқақ мұраттар. Кереметтей кеңістіктер ашылып, Тəуелсіздік нұры тұрды шашылып. Тəубемізді ұмытпайық, жамағат, Өксіп-ек қой өзгелерге бас ұрып.
Сыпырды да бодандықтың көгенін, Өрге басты өз елім деп өренің. Зарықтырып барып қонған қолыма, Бақыт құсы – Тəуелсіздік дегенің! Тыныбай КЕНЖƏЛІ ҰЛТ ӨСТІП КӨГЕРЕР
Тəуелсіздігін, елдігін əр уақта жүрсе ел жебеп, Ертеңі жарқын болуына бұл – көпіржол, бұл – себеп. «Елім!» деген ерлерді жабыла жүріп, нық демеп, Діниманын күшейтіп, ұлтым сөйтіп көгерер. Ғылым – білім меңгеріп, озбырлықтан жиреніп, Əділдікке жақ болып, жақсылықты үйреніп. Егеменін бағалап, дұшпаны одан именіп, Түркілер тұтас туысып, халқым сөйтіп көгерер. Бостан үшін атой сап, тіл мен жерге ие боп, Ұлт дəулетін көбейтіп, алаш туы кие боп. Ру да жүз боп бөлінбей, жамағат болған бүтін топ, Ауызбірлігі мықтанып, ұлысым сөйтіп көгерер. Ғасырларға алдағы ерлікпенен жол салып, Беттетпей жауды тақаған егеменге қол салып, Көл – көсір қып егінді, өрістете мол салып, Ғылымға озат ден қойып, қазағым сөйтіп көгерер. Гүлсамал АЙМАХАНОВА ТАҢСƏРІДЕ ТІЛЕГІМ... Таңсəріде Тəңіріден тіледім: Аман болсын жаз шуақты Күн Елім! Түгел тұрсын төрт құбылам, жан-жағым... Титтейімнен осы менің аңсарым. Ел-жұртымның есенінде жігерім, Еңсе тіктеп... мерейленіп жүремін.
Таңсəріде Жаратқаннан сұрадым: Сарқылмасын таудан аққан бұлағым. Сылдыраған үйлесімді сүйетін, Таза сақта Қазағымның ниетін. Таңғы шықпен құлпырады құрағым, Түзу маздап... жарқырайды шырағым. Таңсəріде бір Аллаға жалындым: Тілегенін бере гөрші Халқымның. Туған Жердің нəріменен жетілген, Көкейімде бал-бал күйлер шертілген. Құлынымнан ақ уызына жарыдым, Бабалардың хақ жолынан табылдым. Құштарлықпен дарытатын Күн лебін... Қуаттансын ізгілікпен Құт-Жерім! Кемерінен қуанышы шүпілдеп, Қазағыммен бірге соқсын лүпілдеп... Кеудедегі жұдырықтай жүрегім, Махаббатпен мұңсыз өмір сүремін. Желтоқсанда Ұлтыммен бір ниетім: Адамзатпен өркендесін Нұр-Елім. Мəңгілікке құтты болсын өз еркім Тəуелсіздік – мызғымайтын тірегім! ...О, Тəңірі, жалбарынып тіледім: Қабыл болсын, таңғы таза тілегім!
Табиғат АБАЙДІЛДАЕВ БƏЙТЕРЕГІМ МЕНІҢ! Қатпарлы бұлттар баспаған көгін, Тамырда тулап таспаған кегім. Арқа төсінде əйбат қалам бар - Армандай асқақ Астанам менің! Қараөткел тұсында іргең қаланған, Тарихтан терең ғибрат алам-мəн. 170 жылдан соң Астана болған, Айналдым айдай, арман қаламнан. Майрыла қалса əйтеуір, бір белім, Маңғаз дүниені қайтер ең елім?! Эйфельден асқақ, Биг-Беннен биік, Бейбітшілік тұрағы – Бəйтерегім Менің! Бала арманмен тек алға ұмтылған, Жыр тиегін ағытсам, көмей құлқыннан. Ерке Есілде еркелей жүзем бір, Бағдарлы болашақта батыл бұлқынған. Төксе егер əлем бізге заһарын, Төңкеріп қалай Туды жатамын. Ереуіл атқа ер салмай мініп, Қорғаймын елдің нұрлы шаһарын! Жалын да атқан жастары өрім, Жымысқы ойлылар баспаған төрін. Гүл дидарыңмен көркейе берші, Армандай асқақ Астанам менің! Майрыла қалса əйтеуір, бір белім, Маңғаз дүниені қайтер ең елім?! Эйфельден асқақ, Биг-Беннен биік, Бейбітшілік тұрағы - Бəйтерегім Менің!
Ғайса-Ғали СЕЙТАҚ ТҰРҒАНДАЙ НҰР ҚҰЙЫЛЫП АСТАНАҒА... Айналған сағынышқа қалқажандай, Өзіне ынтық қылған Арқа қандай! Қазақтың көші жетіп Қараөткелге, Азаптың бұлты бастан тарқағандай. Бабаның күңіреніп күйі қалған, Қаншама күтті батыр сыйын алдан! Қаймығып Кенесары қаһарынан, Айылын аждаһалар жиып алған. Не жетсін, шіркін, елдің бірлігіне, Тірлігін бүкіл ғалам білді, міне! Айналып Ақордаға кəрі Ақмола, Байланып қалды Жердің кіндігіне. Қазақтың əлем көрді бастамасын, Бет алған мəңгілікке жас қаласын. Авторы Нұрсұлтандай Ер болған соң, Қақ төрге орнатқан Ел Астанасын. Қарайлап ұшқандай ма балапанға, Бозторғай əн салады ала таңда. Бұрғандай «Бəйтерек» те басын Күнге, Тұрғандай нұр құйылып алақанға. Бір мезет халық біткен алса тыным, Қызықпен өткізеді қанша түнін! Жар салмас жақсылығын қалайша адам, Тауса алмас, тамашалап «Хан шатырын»! Қалса елі қытайланбай, орыстанбай, Ұласар келешекке көп іс бардай. Жиғаны ізгілікке қызмет етіп, Иманы адамзаттың тоғысқандай. Көбейіп бақыт қонған баспанасы, Осылай болу керек бас қаласы. Ғажап нұр күллі əлемге таратып тұр, Қазақтың көк тіреген Астанасы!
Дəулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ТІРІ ТІЛЕК Есімі сан өзгеріп ұлтымыздың, Пошымы қалыптасқан сыртымыздың. Бұзса да жаһангерлер шырқымызды, Билігін ала алмады жұртымыздың. Хұн болдық, сақ та болдық, үйсін болдық, Ер түрік, Оғыз, Қыпшақ күй сіңген ұлт. Дос болса құшақ ашып төрлет дедік, Қастерлеп ел мен жерді сүйсін келіп!.. Бəрінен рухым мықты тілім биік, Емізген абыз ата білімді иіп. Арыстар бес қаруын бекемдесе, Арулар елдің көркі – бұрымды иық. Осынау сан-санақыз ғасырдағы, Сақталды салтымыздың асылдары. Бас кетті, астаудағы ас та кетті, Күн үшін күңге айналып бас ұрмады. Ұрпағын ұлықтады артындағы, Қайнары қасиетті тартылмады. Дос көрсе, шуақ болды төгілген нұр, Жау көрсе, найзағайдай жарқылдады. Ел болды ақыл тауып есін жиып, Мінбеден міндеттелді кесім биік. Көк туым көтеріліп көкті кезді, Құс жолы планета өсін қиып. Жайылып жер шарына қазақ аты, Арланбай алшаң басты азаматы. Желге ұшып, құмға айналды қорлау сөздер, Жат елдің жабыстырған мазақ аты... Басқадан басым азат байланбайды, Көз күліп жылы жүздер жайраңдайды. Таныған бір Алланы тағдырым деп, Тыңдады үмбетпін деп Пайғамбарды. Картасын жер шарының түзеттірді,
Ұлына шекарасын күзеттірді. Көшіріп Астанасын сарыарқаға, Жасауға жаңа тарих білек түрді... Ұл өсті ұя басар Қыран болып, Атымыз асқақтады жыр, əн болып. Айтулы – Абай, Мағжан, Мұқағали, Маханбет жыр толғады Жұбан болып... Сездірді сенімді ұрпақ сергектігін, Алланы сүйді жүрек шөлдеп бүгін. Ғарыштың əмірімен болсын бейбіт, Айналсын аялдамай жер-көкті Күн!.. Жомарт ИГІМАН ШАТТЫҚ КҮЙІ ШАРТАРАПҚА ЖОЛ ШЕКТІ Тыңда əлем! Салмағымды көр, екше, Қазақ елім еңселі һəм ерекше. Өсе білдік жылдамдықпен ғарыштық, Көтерілдік берекелі белеске. Қазақиям! Келді өркендер кезегің, Қиялыммен қияндарды кеземін. Найзағайдай жарқылдады намысты ер, Жер – жаһанға танытам деп өз елін. Тағдырлы елім, Қасиетті халқым бар, Алға қарай қадам басып, аршындар. Тыңда тағы мұз құрсанған тау – шыңдар, Тіл қатамын даусым да бар, даңқым бар! Қабырғалы халқым бүгін танылған, Бағзы кезгі жел – құз дерттен арылған. Атом – ажал өңешіне құм құйып, Бас тартқанбыз ядролық қарудан.
Қоңсыларым көз қадайды таңданып, Жарқын күнге талпынудан талмадық. Бекіттік де Отанымның іргесін, Тəуелсіздік шежіресін қамдадық. Астанаммен рухтандым, жаңардым, Келешекке кірпіш болып қаландым. Шаттық күйі шартарапқа жол шекті, Құт қойнауын кезіп Ұлы даламның. Көгім ашық, Көңілімде қырау жоқ, Жақсылыққа жаршы болсам, жырау боп. Ертеңіне қадам басқан тартынбай, Ел – жұртымның пейілінде қылау жоқ. Бағдар айқын, Өркендеймін, өсемін. Көш бастаған ұлдарым бар көшелім. Ұлыс болып, ырыс қонып алға бас, Қазақиям – менің құтты мекенім! Жанар ƏСКЕРБЕКҚЫЗЫ ТƏУЕЛСІЗДІККЕ 20 ЖЫЛ! Қуанышым сыймай шіркін, қойынға, Атап өтіп, тəуелсіздік тойын да! Азаттықты қанмен саған əперген, Батыр баба ұрпағысың, мойында! Көк аспанда көк жалауы желбіреп, Күлімдейді бейбіт ұрпақ елжіреп. Қабанбайлар тыныстаған ауадан, Азат елге салқын самал келді леп. Сөндірмейтін мəңгілік алауыңды, Орындалар бұл елде қалауың да! Батыр елдің ұрпағы мақтанышпен – Желбіретер жат жерде жалауыңды.
Қала шулап жатады, дала мұңсыз, Көк аспан да көріксіз жалауынсыз. Шəмші ата шабытындай əнұранға – Адам түгіл табиғат та тынады үнсіз. Батыр туар бейбіт елдің ұланы! Самғап ұшар көк аспанда қыраны. Елтаңбадан егеменді елімнің Елестейді еркін елдің тұрағы! Асқақтатар азат елдің айбынын, Бұлт шалмасын тəуелсіздік айдынын! Тілегім сол, өте берсін мəңгілік – Тəуелсіздік тойындай боп əр күнің!
Ерғазы МАНАПҰЛЫ ОТАННЫҢ БОЙТҰМАРЫ Шуақ шашып жердің барлық осіне, Уақыттың жүгін артқан көшіне. Көк түсімен кеңдігімді меңзеген, Көк байрағым күн қондырған төсіне. Жалғаныңды кеп тұратын жеңгісі, Қазақ деген – даласындай кең кісі. Егемендік мұратымды айқындар, Өз туым бұл – өрлігімнің белгісі. Намысымды айбарыңмен қайрадым, Қадірлейтін киелімсің аймағым. Қазақстан төлқұжаты іспетті, Отанымның бойтұмары – Байрағым.
Қ. РЫСҚҰЛБЕКОВТЫҢ МОНОЛОГЫ «Қайрат деген атым бар, Қазақ деген затым бар. Еркек тоқты құрбандық, Атам десең атыңдар». Сыйынар елім-тəңірім, Өшпесін білем үніңнің. Ұмытпа қиын тағдырын, Шырылдап кеткен ұлыңның. Шығарды қатал жарлығын, Үміттің жауып-түндігін. Тойынған үйрек-тағдырым, Сойылып қойған күн бұрын. Сұрақтан қысыр қажыдым, Кездеспей адам жаны асыл. Бөлісер мұңды азығым, Серігім, ойым жаны ашыр. Төзімді бордай үгіттім, Қалмады менде басқа амал. Шығамын деген үміттің, Қанатын қиып тастаған. Сырымды айтып халыққа, Қалуға бір сəт бекіндім. Еркіндікті аңсап қамыққан, Тордағы сұңқар секілді. Ататын болса атса екен, Малға да бүйтіп қарамас. Қараңғы қапас, тас еден, Төсегім кепкен нас ағаш. Жаныммен қазір əуремін, Қаны да қашты-ау түсімнің. Именшек, жетім сəуленің, Қадірін жаңа түсіндім.
Қарақұс көлді торыпты, Шошына безді қасқалдақ. Жолбарыс-жүрек халықты, Суырлар қалай басқармақ. Əділдік іздеп күйінген, Жастарды көріп алды ақпар. Сайланып мұздай киінген, Тас жүрек қасқыр-солдаттар. Қолына келіп түскенді, Аяусыз ұрып талқандап. Нашақор депті біздерді, Көшеге шыққан айқайлап. Тілменен, дінді жоғалтып, Уланды рас санамыз. Наша мен шылым таратып, Шекпеген біздің бабамыз. Құрту боп бізді арманы, Қазыпты дұшпан қаншама ор. Ержүрек елдің ұлдары, Қалайша болмақ нашақор. Пікірін елдің санамай, Шыдарсың қалай-жара сап. Күй талғамайтын көкнəрдай, Көктесе арам саясат. Жеткенде біздер, тасынып, Сасып бір қалды жойқын топ. Жиылған жастар ашынып, Алаңда тұрдық толқын боп. Көзге ілмей елдің талабын, Кеткесін бардық жүгініп. Түсіріп тілдің қадірін, Сөйледі сонда жұдырық.
Түрлері сондай ызғарлы, Сілтеді күрек-қылышын. Шашынан сүйреп қыздарды, Қорлады қазақ намысын. Осыдан бəрі асқынған, Қозғалды жастар алға адым. Көргенмін сонда аспаннан, Қыстада жаңбыр жауғанын. Ұлтшыл боп міне қамалдық, Білекте кісен қол кесер. Əділдік іздеп атандық, Ауылдан шыққан əумесер. Қиянат-қамшы ұрғасын, Өмірден жылап өтем мен. Туған ел қош бол қимасым, Елдігін ту қып көтерген. Өткенде сырғып сері күн, Көрсем бір шіркін тұғырын. Шарықтап көкке керілген, Тəуелсіз елдің туының. Қайрат САБЫРБАЙ АЛЫП МАҚСАТ Жиырма жыл, дегенде, жиырма жыл, Өзің жайлы мың сезім миымда жүр. Отырама үн қатпай ақын-жүрек, Жолға түсті жорғадай, бұйырған жыр. Жас елімнің жасампаз жолын ашты, Құдай қолдап көгімнен құйылған нұр.
«Тəуекел» деп іздедік тыңнан соқпақ, Шиыр емес, жол тартып қиырға бір. Елдің көшін келеді еркін бастап, Халық үшін Тəңірге сиынған Ұл. Жиырма жыл, əр жылы – жеке дастан, Жырлай алар оны тек шебері асқан. Қазмойынды, қыран көз Қазақ елі, Төңірекке үлгі боп төте басқан. Айдарына ай ғашық Астанадай, Ақмоладан ажарлы мекен ашқан. Бар қазаққа Құрылтай қуат беріп, Қанат тостық қандасқа шетел асқан. Суырылып шықпаққа жеке-дара, Қалмас үшін тұтылып екі арада, Сорғалатпай маңдайдан маржан тамшы, Мақсаттарға маңдайлы жете алам ба? Бетке алғанда барыстай биіктерді, Қарағандар аз емес секем ала. Алыс-жақын нысана анықталып, Айқын белгі қойылды шекараға. Кешегіге қарасаң бүгін көктен, Сайрап жатыр соқпақтар жүріп өткен. Адамзаттық ойларға атсалысып, Полигонның өшірдік үнін өктем. Болашақты болжаған «Болашағым», Жас буынға жаңаша білім еккен. Сөз-додаға еркіндік берілгенде, Оңды-солды сынады тілі жеткен. Оқыс бассаң омыртқа опырардай, Тəуелсіздік, ауыры-ай жүгің неткен! Қадыр тұтсаң ынтымақ – жанға дəру, Мүмкін болмас бірліксіз алға бару. Достық қана достықты нығайтады, Заман емес кезенер жауға қару. Төңіректің қалауы – тепе-теңдік, Шалыс бассаң оп-оңай дауға қалу.
Түпкі болмыс біздегі бөлек еді, Тектілікті жарасар таудан алу. Қазақ елі алдында – алып мақсат, Даулап емес, ғаламды баурап алу! Қуандық ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ ТƏУЕЛСІЗДІК САРБАЗДАРЫНА Даламда бабалардың ізі қалған, Отызда орда бұзып, қамал алған. Ежелгі көшпенділер ұрпағымыз, Ерлігі ел аузында аңыз болған. Тарихы жеткен сонау ғасырлардан, Басынан кісі сөзін асырмаған. Атасы ат ойнатып ен далада, Ұрпағы қырларында асыр салған. Біз сонау тектілердің тұяғымыз, Ұштасқан көк аспанмен қиялымыз. Жау жүрек көшпенділер ұрпағымыз, Жүретін жорықтарда жастанып мұз. Нақыштап сыр талынан садақ иіп, Теріден жебе өтпейтін жейде киіп. Ойнаған ат үстінде көшпенділер, Қынабы қылышының жерге тиіп. Сол тұлпардың шабысына қиялдағы, Келеді күмбірлетіп күй арнағым. О, тəңірім кешіре гөр кемшілігім, Өз елімдей, өзгені сүйе алмадым. Аталардың арқалап аманатын, Бар əлемге паш еткен қазақ атын. Бүгінгі Тəуелсіздік сарбаздарын, Мен сонау батырларға ұқсатамын.
Əсем ЕРЕЖЕҚЫЗЫ СЕНІ СҮЙМЕУ – САТҚЫНДЫҚ! Егеменді елім үшін еңселі, Атазаңым ар сөзімен қоңсы едің. Қазыбек пен туралығы Төленің, Əйтекенің əділдігі өлшемің. Ажырамас бірлікте ұстап ел ішін, Көздегенің ынтымақ пен келісім. Таудай мінің болар бəлкім, кім білсін, Тарыдай да байқалмайды мен үшін. Ақын жүрек ақты жақтап үн қатсын, Əділ кесім əр уақытта тым қатты. Бəз біреулер белден басып жүрсе де, Сен мен үшін киелісің, қымбатсың. Ойланбай сап өтіріктің өрнегін, Еріккендер жасағанмен ермегін. Қасым салған қасқа жолдың жалғасы, Жүрегімнің төріндесің сен менің. Қанды қылыш жарғысындай Кеңестің, Сен ешкімнің ақысын да жемессің. Ойран салғыш озбырлар көп, оған да Атазаңым сен кінəлі емессің. Байығандар бап бұзуды көздесе, Заңсыздықты көрер көздер көрмесе. Бұл да сенің кінəң емес, оларды, Ожданына тапсырайық ендеше. Алпауыттарға жасап айла, тапқырлық, Əр қадамды аңдап бастық, сақ күлдік. Ашкөзі көп, алмағайып заманда, Сені сыйлап, сені сүймеу сатқындық!
Айжарық АБЫЛҚАСЫМОВ ӨС ЕЛІМ! Арманым еді ағарып атқан бір таңдай, Бүрлеген қайта көктемін тосып бір талдай. Сыздатып сұңқар қаншама Сəкен кеудені, Бұрқ ете қалды, бақытты күнім вулкандай! Қуалай ағып қуатты елдің қатарын, Басталып кетті баhадур елім сапарың! Жермен де көкпен таңырқап жеткен сумен де, Қарсы алып жатыр қонағын бүгін шаhарым. Бəйтерек барлап болашақ кезге тұр қарап Беймарал таң кеп, құшақтан құштар түн тарап. Жетінші миллиард бір сəби келіп дүниеге, Бесігін елдің босатпай жатыр іңгəлап. Бұл біздің дəурен түлеген темір ғасырда, Жаңарып жатқан жарқылын қосып жасынға. Нұқ Пайғамбардың кемесі біліп тоқтаған, Тегіннен-тегін емес-ау шіркін, осында! Əуенім қанша əуелеп тұрған бір əннен, Дəнегім қанша мəуелеп тұрған бір дəннен. Армандап сенің ансамбль үйлі қалаңды, Қуанып қанша таңдардан уыз тұрғам мен! Өс, елім енді, Өсейік бізде, өс қалам! Жерде қанша ұлт бар, бəрімен соның дос болам. Батасын алған бабалардың біздер ұл едік, Ақ парақтарың əлі көп болсын, лайым ашпаған!
Болат АСАНОВ ҚАЗАҚ ТІЛІ Анам туып, мен көргенде жарықты, Ана тілім шаттық əнге салыпты. Туған əкем айналайын, жарықтық, Туған тілде шақырыпты халықты. Туған тілде əліппені таныппын, Туған жерде жүрек оттай жаныпты. Туған тілде көзім көпке қанықты, Туған тілмен бұлдыр емес анықпын. Өз тілімде қуаныппын, налыппын, Өз тілімде суыныппын, жаныппын. Сөйте тұра, көшіменен заманның, Кеш жоқтадық мəртебесін халықтың. Рухтардың үрейін ап, билеген, Өктем күштен тілге тізгін тимеген. Əрі – сəрі күйге түссең, кеш, тілім, Жаңа міндік сенің алтын күймеңе. «Қазақша айту қалдығы – деп – ескінің», Есіркердей емексітті, бөсті кім?! Ар алдында айыптымыз алдансақ, Ағымға сай алаңдасақ кеш, Тілім! Туған тілім сүтпен сіңген Ізгілік, Ізгі үмітті желбіреттім Ту қылып! Тəуелсіздік – бақытымның тұтқасы, Ана тілің дана тіл де игілік! Сен ауадай қажетсің-ау ел үшін, Ана тілім – Ай, Күн, Аспан, Өрісім! Көптік етпес барлық тілді меңгерсек, Қазақ тілім, киелісің мен үшін! Туған күннен шырқап салған əн қылып, Ана тілім жаса, жайна мəңгілік! Өр рухың менен өрнектерің тұрсыншы, Ғасырлардың биігінде жаңғырып!
Төлеген МЕЛЛАТ АСТАНА Ойымды от шалады үңілсем, Алдымда аңызды атырап, Сақ қып қойынын құлаған, Күлтегін қураған топырақ, Көзіме көріндің бүгін сен, Орхонның оюлы хаттары Ақ мəрмəр тасыңнан жарқырап, Отпанға ту алған Астанам! Баламның бағы үшін, Бабамның басының үстіне, Жусанын жұардай аңқытып, Анамның жасымен суарған Астанам! Бағызы баспанам! Қобыздың құлағын бұратып, Оғыздың ұлдарын жылатып, Алаштан аңқыған асқақ əн. Тамырың байланып туған жер төсіне, Бұтағың бұлт сүзді тасыдым. Күллі əлем көруде, Қазақтың ғасырын. Ай, жұлдыз қызғанды, Арқаның асылын. Аспанға сомдалған Абылай арманы, Жас талда бүрледі а, Құдай! Сүйіндір енді өзің ұзақтан, Санамды сақтай көр сызаттан. Тағдырдан тиген бұл табысым, Құрбанмын қолдағы бақ үшін. Шарлайын шеп құрып шетіңді, Құбыла қаратып бетімді. Айналып діңгегін арғымақ, Байланып жатқаны секілді. Көзімнің алдында түр міне, Өткеннің өрі мен еңісі, Жиырмасын тойлаған елімнің, Өзіңсің өндірген жемісі.
МАЗМҰНЫ: І-ШІ БӨЛІМ ЖҮЛДЕЛІ ЖЫРЛАР Оңайгүл ТҰРЖАН (топтама өлеңдер)........................................3 Жəркен БӨДЕШҰЛЫ (поэма, толғаулар).................................10 Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ (поэма)................................................21 Биғайша МЕДЕУОВА (поэма, топтама өлеңдер).....................30 Гүлнəр САЛЫҚБАЙ (топтама өлеңдер)...................................39 Науырызбек САРШАЕВ (топтама өлеңдер).............................42 Тоқтарбек ХАМЗИН (топтама өлеңдер)...................................44 Толыбай АБЫЛАЕВ (топтама өлеңдер)....................................48 Жұма-Назар СОМЖҮРЕК (топтама өлеңдер)..........................53 Ақылбек ШАЯХМЕТ (толғау)...................................................61 Сəуле ДОСЖАНОВА (топтама өлеңдер).................................74 Динара МƏЛІК (топтама өлеңдер)............................................81 ІІ-ШІ БӨЛІМ ПОЭМАЛАР, ДАСТАНДАР, ТОЛҒАУЛАР Рафаэль НИЯЗБЕК (поэма)........................................................84 ИРАН-ҒАЙЫП (толғау)..............................................................91 Əбубəкір ҚАЙРАН (поэма)........................................................96 Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ (толғау)...........................................100 Исрайыл САПАРБАЙ (толғау, топтама).................................105 Бақытжан ТОБАЯҚОВ (толғау)...............................................106 Батық МƏЖИТҰЛЫ (толғау)...................................................116 Ертай АШЫҚБАЕВ (поэма).....................................................122 Маржан ЕРШУ...........................................................................128 Дулат ШАЛҚАРБАЕВ (поэма)................................................135 Қанат НҰРМАХАНОВ.............................................................139 Махмұтбай ƏМІРЕҰЛЫ...........................................................142 Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ (поэма)...............................................148 Дархан ҚАДІРƏЛІ (толғау)......................................................152 Ғазиз ЕШТАНАЕВ....................................................................155 Таңатар ДƏРЕЛҰЛЫ (толғау)..................................................156 Əлкен БАЙБУРИН....................................................................160 Лұқпан БЕГƏЛІТЕГІ (толғау)..................................................165
ІІІ-ШІ БӨЛІМ ТОПТАМА ӨЛЕҢДЕР Серік МОЛДАБЕКОВ...............................................................170 Бақытгүл БАЙМОЛДАҚЫЗЫ.................................................171 Болат ҮСЕНБАЕВ.....................................................................172 Тыныбай КЕНЖЕƏЛІ...............................................................173 Гүлсамал АЙМАХАНОВА......................................................173 Табиғат АБАЙДІЛДАЕВ..........................................................175 Ғайса-Ғали СЕЙТАҚ.................................................................176 Дəулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ................................................177 Жомарт ИГІМАН.......................................................................178 Жанар ƏСКЕРБЕКҚЫЗЫ.........................................................179 Ерғазы МАНАПҰЛЫ...............................................................180 Қайрат САБЫРБАЙ..................................................................183 Қуандық ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ...............................................185 Əсем ЕРЕЖЕҚЫЗЫ..................................................................186 Айжарық АБЫЛҚАСЫМОВ....................................................187 Болат АСАНОВ..........................................................................188 Төлеген МЕЛЛАТ .....................................................................189
Кітапты шығаруға жауапты – «Қазығұрт» баспасының директоры Темірғали КӨПБАЕВ Астана қаласы Мəдениет басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласы филиалы ұйымдастырған ақындар мүшəйрасы «ТƏУЕЛСІЗДІККЕ ТАРТУ» Редакторы Ардақ КАКИМОВА Суретшісі Жамила АЙДОС Техникалық редакторы Дарико ОМАРҒАЛИЕВА Беттеген Ермек ҚАБЛАНБЕКҰЛЫ ИБ № 329 Басуға 20.08.2012 ж. қол қойылды. Қалыбы 84×1081/32. Офсеттік басылым. Қарiп түрi Times New Roman. Шартты баспа табағы 12.0 Таралымы 2000 дана. Тапсырыс № 7186. «Қазығұрт» баспасының компьютер орталығында теріліп, беттелдi. «Қазығұрт» баспасы, 050009, Алматы қаласы, Абай даңғылы 143, 522-офис. Телефон (факс): 8(727) 394-42-86 e-mail: kazygurt@list.ru http://www.kazygurt.kz Тапсырыс берушінің файлдарынан Қазақстан Республикасы «Полиграфкомбинат» ЖШС-нде басылды. 050002, Алматы қаласы, М.Мақатаев көшесі, 41
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру