Дала сахнасындағы дүбір
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Жетібай Жылқышыұлы — «Дала сахнасындағы дүбір». ТЕАТР ЖҰМЫСЫН ШҰҒЫЛ ЖАНДАНДЫРАЙЫҚ
/uploads/cc7b67d0-f877-5c53-8ae9-dd2df44a3ede/cover.png
ТЕАТР ЖҰМЫСЫН ШҰҒЫЛ ЖАНДАНДЫРАЙЫҚ
Өз театрымыз бар дейміз. Аудан орталығындағы өнерпаздар коллективі «халық театры» атағын алғалы 2 жылдың жүзі өтті. Сол кезде жұртшылық бұл театрдан зор дәмелі болып қалған еді. Бірақ, сол үміт енді ұмыт болып бара жатқанға ұқсайды. Ілкі кезде талпыныс та, талап та бар еді, әсіресе, театр атағын жеңіп алу үшін жүрген қастерлі күрес көрінісі қуанарлық-ақ болатын. Драма үйірмесінің коллективі жылма жыл көптеген қойылымдар қойып, сахнаны думандатып жатты. Ақыры М.Әуезовтің «Қарагөзін» шығарып, өркенді театр деңгейінен көрінді де «халық театры» атағына ие болды. Сол сол-ақ екен, өнер жолындағы талап шегіншектеуге бет алды. Аудандық мәдениет бөлімі қолға алған атаққа мәз болды да, келешек өнер өрісін ойлаудан қалды. Содан кейін бөлім басшылығын қолға алған Б.Сарбалаев жолдас та бұл жұмысты оңғарып, даму арнасына түсіруге ниет қылмады. Енді, міне, театрға көз салсаңыз, сол баяғы шағын үйірмелік сипаттан әлі арыла алмай жүр.Театрда материалдық база атымен жоқ. Коллективтің ара-тұра тапқан табысы режиссер мен суретшінің жалақысынан артылмайды. Ал, материалдық керек-жарақ алуды ойластыру не режиссердің (С.Қостанов), не мәдениет бөлімі басшылығының естеріне келетін нәрсе емес. Осы кезге дейін декорацияға, киімге айтарлықтай бір арнайы дүниенің алынбауы аса қынжыларлық. Сонда барша коллектив тек театрдың штатты адамдарына айлық қаражат тауып беруге ғана қызмет ете ме деген заңды сұрақ туады. Әрине, бұл сұрақ әзірге мәдениет бөлімін де, аудандық комсомол комитетін де ойландырмай отыр. Театрдың кедейлігі сондай, тіпті шағын бір актілі пьесаны өзі жабдықтай алмайды. Мысалы, жуырда Қ.Сатыбалдиннің «Қолғабыс» атты бір актілі пьесасы қойылғанда ойнаушылар сахнаға өздерінің киімдерімен шығуға мәжбүр болды. Олар қашанғы өздерінің киімдерін тасып, не жұрттан сұрап жүре бермек.
Халық театрының күнделікті жұмысына өнердің өсіп-өркендеуіне аудандық комсомол комитеті баса назар аударуы қажет. Бірақ, комитет бұл іске қол ұшын бермей отыр. Етене араласып, жастарға ұйытқы болудың орнына комитеттегілер өздері театрдан шеткері жүреді. Сол 1961 жылдан бері қарай комитеттің бюро не басқа мәжілістерінде театр туралы сөз болды ма екен? Бірде бір рет сөз болған жоқ.Комсомол комитетінің мәдениет бөлімінің, аудандық мәдениет үйінің театр ісіне жете көңіл бөлмей отырғандығынан қазір өнерпаз жастар арасындағы ұйымдастыру жұмыстары мүлде нашарлап кетті. Аудандық мәдениет үйінің директоры К.Махмутов жолдас болса салқам жайбарақаттыққа әдеттеніп барады. Театр жұмысын алға апаруға Таушық поселкелік Советі де нақты көңіл бөлуі керек-ақ. Бірақ, поселкелік Совет председателі К.Сүйімбаева жолдас бір кезде өзі белсене араласқан бұл істен енді байланысты үзу барады.
Ең басты міндет - театр мүшелерінің арасында қазіргі кезде белең алып отырған бытырампаздықты жою. Мәдениет бөлімі мен комсомол комитеті сылбыр басшылықты жойып, өнерпаздар арасындағы ұйымдастыру жұмыстарын тиянақты түрде қолға алулары керек. Театрдың материалдық базасын, әсіресе декорация, киім, инвентарын жасақтауды ойланатын уақыт жетті. Атағына тоқмейілсіп, сырт орай жаба тоқып, жалқаулануға жол жоқ.
Халық театрына қазіргі таңда игі міндеттер жүктеліп отыр, ол тек өнер ғана емес, сонымен қатар тәрбие ортасы да. Сондықтан да ол нәрлі тәрбиелік мәні бар үлкенді-кішілі қойылымдарды көптеп игерулері қажет. Әлеумет өз театрынан осыны күтеді.
«Жаңа өмір»,
1963 жыл, №60.
«ЖАЛБЫР»
«... Бордай тозып босағаң - іргең, елім,
Мәңгі бақи тепкіде жүрген елім,
Адамың құл, әйел тұл, бас ноқталы,
Көрінген бір есек қып мінген елім.
Кетесің бе өмірден жылауменен,
Басқа азаттық болмай ма сұрау деген?!
Атадан ұл, анадан қыз айрылып,
Ақтабан боп осы ма шұбау деген?...»
Ауыр азап қапасындағы қазақ елінің тұрмысын паш етіп, күңірене шыққан осы сарын көрермендерді еріксіз баурап алды. Бұл аудандық халық театры коллективі жақында ғана аудан сахнасында қойған Б.Майлиннің «Жалбыр» пьесасының бір көрінісі еді. Қойылым жұртшылықтан тиісті бағасын алды. Әңгіме оның аудан сахнасында қойылуы, артистердің ойнауы жайында болмақ, бұл тұрғыдан келгенде спектакльдің халық театры сахнасында шыққанын айтуымыз керек.
«Жалбыр» - қиыншылығы көп, қалтарысы мол туынды. Осыны түсінген режиссер С.Қостанов қолда бар мүмкіншілікті сарқа пайдаланып, көп еңбектенген. Спектакльдегі басты бейне - Жалбыр. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының басшысы Жалбыр бейнесі көрнекті артисіміз Қ.Әмірхановтың орындауында сәтті шыққан бейнелерінің бірі. Қибатқали - Жалбырдың ел мұңын мұңдап, қазақтан солдат алу жөніндегі патша бұйрығын орындамауға шақырған сәттерін, болыс, билермен арадағы кикілжің қақтығыстарын, қойылымның финалындағы іс-әрекеттерін шебер көрсете білген. Бірақ, артистің жүріс-тұрысында оралымсыздықтар бар, бұл турасында артиске әлі де ізденіс қажет-ақ.
Спектакльдегі тағы бір сәтті шыққан бейне - Елемес. Ол - Жалбырдың інісі, көтеріліске қатысушылардың бірі. Ол Хадишаны сүйеді. Өзінің таза, пәк жүрегін ұсынып, шынайы махаббат сезімін білдіреді. Екеуі табысады да. Елемес - Таңаш Меңдібаевтың орындауында өзінің жақсы бағасын алды, артист ойынына көрермендер дән риза болды. Таңаштан әлі де сәтті бейнелер күтеді көрермендер.
Азапты өмір қыспағында екі көзінен жас кетпей, өзінің теңіне қосыла алмай жүрген қазақ қызын көреміз сахнадан. Міне, ол өзінің сүйгенін тапты да. Бірақ, қуаныш ұзаққа бармады, жау оғынан жан жолдасы Елемес те, өзі де қаза тапты. Бұл Хадиша бейнесі. Бұл бейнені ойнаушы Тыныштық Ахметова өзінің талант иесі екенін тағы да таныта білді. Хадишаның мұңы мен зарын, шынайы ыстық сезімдерін ол тамаша меңгерген. Теңдіксіз, еріксіз қыздың бейнесін шығаруда актрисаның ізденгені, көп тер төккені байқалды.
Пьесадағы жағымсыз кейіпкерлердің бірі - Сүгір, ол адам жанын түсінбес топас, озбыр күш иесі, сілімтір адам. Хадишаны күң етіп босағасында ұстамақ болады, ол ойы іске аспағасын оны өлтіруге дейін барады. Сүгір белді артистеріміздің бірі Сержан Шақратовтың ойынында шебер шыққан бейне, бірақ артистің осы рөлді шығаруда көптеген мүмкіндіктерді ескермегені байқалды, әсіресе дауыс ырғағында біраз бәсеңдіктер жатыр.
Сондай-ақ, Сайым (М.Сүйіншәлиев), Жақып (С.Қоразов), Бекен (Б.Қуатбаев), начальник (С.Қостанов) бейнелері де біршама сәтті шықты. Театр төңірегінде жас таланттардың топтаса бастағанын аңғардық. Нағима рөлін ойнаған А.Мұсаева, Қайрақбай рөліндегі Ж.Жаңбырхановтың алғашқы адымдары тым тәуір, әсіресе сахна төріне бірінші рет шыққан Айымгүл Мұсаева келешекке көп үміт күттіретінін таныта білді. Пьесаның эпизодтарында ғана сахнада көрінетін ол көрермендер көңіліне жақсы әсер қалдырды. Бұны біз жас талапкердің алғашқы тырнақ алды табысы деп есептейміз.
«Жалбыр» театрымыздың тағы бір творчестволық табысы деп танитын болсақ, мұны театрдың режиссері С.Қостановтың елеулі еңбегі екенін ескеруіміз қажет. Ол қойылымның режиссурасын жақсы ұйымдастырумен қатар, драманың музыкасына көп көңіл бөлген. Халық әндері құйқылжып, күңіренген хор залды кернегенде жаның риза болады. Бұл туралы қойылымның партитурасын жазған музыкант О.Құлсариевтің еңбегі ерекше. Қорыта айтқанда «Жалбыр» қойылымы халық театры репертуарында сәтті шыққан туындылардың бірі. Көрермен жұртшылық театр коллективінің әлі де жақсы туындыларды сахнаға әкелуін қалайды.
«Жаңа өмір», Ж.Тәпесов,
22 наурыз, 1964 жыл. №37.
«ҚЫЗ ЖІБЕК» ТУРАЛЫ ОЙЛАР
«Қыз Жібек» біздің ұлттық сахна өнеріміздің еңсесі биік бір шоқысы іспетті. Ол кез келгеннің қолы емес, тіпті қайсыбір академиялық театрлардың өзі де оны сәтті шығаруы екіталай. Бұл күрделі де қиын пьеса, оперетталық специфика, яғни драма сюжетіне вокал, би сәттерінің қосарлануы және трагикалық финал, міне, қойылымның қиямет сыры көп-ақ.Дегенмен, «Қыз Жібек» біздің халық театрына жеңістік әперді. Әуелде әлдеқалай мен тайсаңдаған коллектив оны толық игере алды. Бұл біздің театрымыздың ірі жеңісі, мұнымен ол өнер бел-белесінің бір биік сатысына көтеріліп, үлкен бір үрдіс қадам жасап отыр. Бұл режиссер Мұхамбетжановтың, өнерлі артистеріміздің ерен еңбегінің куәсі екені сөзсіз.
Айта кететін бір жай, бұл жолғы сахнаға шыққандар театр коллективтерінің жаңа буыны. Тіпті, олардың қайсыбірі театр табалдырығын биыл аттағандар. Ф.Теміралиева, Т.Сейтмағанбетов және басқаларға әп дегеннен басты рөлдер ұсынылуы олардың қабілеттеріне сенгендік еді. Олар бұл сенімді ақтап шыға алды да. Бұл, сөз жоқ, театрымыздың жастар арасында резервінің мол екендігін байқатады. Сондықтан, әлі де өнерлілерді театрға тарту ісіне баса назар аудару дұрыс болар еді.
Пьеса кейіпкерлері түгелдей дерлік жақсы орындалды. Әсіресе Бекежан (К.Қалымбетов), Шеге (С.Атшыбаев), Қамқа (О.Қоштаева) рөлдеріне көрермендер аса разы болды. Олар жұртшылықтың көкейінен шығып, өздерінің толықтай бет-бейнесінде көріне алды, ал өзіміздің жыршы Сүйеубайдан бөгде біреудің Шегеше шырқауы қайдам деуіңіз артық болмас еді. Оның әдейі ауылдан шақыртылуына да осынша мән болған-ды. С.Атшыбаевтың сырнай дауысы, тартымды ойыны жұртшылықты аса риза қылды. Сондай-ақ, Қамқа Қоштаеваны көрген көпшілік те оған арнайы ілтипат ықыласын білдірмей қалмады. Азынаған ана зары залды кеулегенде, тіпті қайсыбір көрерменнің көзі жылымшып суланып қалған да жайы бар. Орынша талапты да шебер артист екенін танытты.
Сонымен катар, дауыс диапазонының сәл-пәл әлсіздігін айтпағанда, Жібекті ойнаушы да рөлді жақсы меңгерген. Өнері көпшілікке алғаш осы Жібекпен таныс болған Ф.Теміралиева сахнаның салуалы саңлағыңдай байқалды. Ал, Т.Сейтмағанбетов Төлеген рөлін біршама тәуір ойнағанмен, аз-кем ағаттығы белең алды. Төлеген қорқау қарақшы Бекежаннан әлдеқайда артық тұлға екені кім кімге де аян. Ол сыпайы, сырлы болғанмен, әулекілік атаулыны ықтыратын қырлы да жігіт болса керек-ті, бірақ біз Төлеуіш -Төлегеннен мұны көре алмадық. Бұл тарапта кемшіліктің бір ұшығы режиссерде жатыр, ол сыпайылаймын деп рөлді божыратып алғанға ұқсайды. Төлегенді бұқтырып жіберген, мұны ескерген мақұл.
Қойылымда Дүрия (Ж.Хамзина), Батсайы (З.Бөкенбаева), Қарлығаш (А.Мұсаева) рөлдерінің де біркелкі сәтті шыққанын атап өткен жөн. Қойылымның басқа да аз-кем «әттеген-айлары» жоқ емес. Әсіресе, кейбір реликвия, бутафория, киім-кешекте салдыр-салақтық сезіліп қалды. Коллектив ондайларды ұсақ-түйекке балап, мән бермейтін сияқты, бірақ сол ұсақ-түйектің өзі кейде қойылымдардың жүрісін сүріндіріп немесе сүйемелдеп тұрады. Мысалы, Қамқаның шоколад пен «Дюшестен» шашу шашуы ыңғайсыз-ақ. Тіпті Базарбай хандығында кондитер фабрикасының барын жоғын тергемесек те, бұл ретсіз нәрсе. Және спектакльге арнайы киім дайындалғанның өзінде аяқ киім ұмыт қалыпты. Үлделі бүлделі камзол, шапанмен модельді туфлилердің қалай үйлесетінін режиссер әбден білетін шығар деп ойлаймыз. Міне, осындай арагідік ағаттықтар баршылық.
Сөз соңында бір мәселе, театр үйінің тарлығы. Өнер игілігін ойлағанда театрға арнайы үй керектігі бірінші кезекте тұр. Мұны мәдениет бөлімі және басқа тиісті орындар тиянақтап шешетін мезгіл жетті-ау дейміз.
«Жаңа өмір», Қ.Таңатаров, С.Шакратов,
20 мамыр, 1965 жыл. №56.
САХНА КЕЛЕШЕГІ
Елімізде кең құлаш жайып отырған игі бастамалардың бірі халық театры біздің өндірістік басқармада да өркен тауып отыр. Өнер белесіне ынта қойған аудан жастары, міне, биыл екінші жыл, өздері қолға алған ізгі міндет жолында айтарлықтай қызмет етіп келеді. Театр коллективі өз сахнасында біраз қойылымдар қойып, ауылдарға шығып, аудан жұртшылығының құрметіне ие болуда. Өнер жолын жаңа ғана бастап отырған жас коллектив аса зор үмітті келешек танытқандай. Қазір көптеген артистеріміз сахна төрінде өздерінің тым тәуір өсу жолын бастап отыр. Әсіресе, мақтанарлықтай талаптарымен танылып жүрген Шахта он бір жылдық мектебінің директоры Т.Меңдібаев, Маңғыстау сырттай оқытатын мектебі оқу ісінің меңгерушісі Қ.Әмірханов, Таушық сегіз жылдық мектебі оқу ісінің меңгерушісі Б.Қуатбаев, оқытушы Ө.Құдайбергенов, Таушық селосы басқарма председателінің орынбасары Т.Ахметова, оқытушы Ж.Хамзина, балалар бақшасының тәрбиешісі Ғ.Бисекенова, тағы басқа жолдастарды атап өткен жөн.
Театр жуырда ғана Қ.Мұхамбетжановтың «Құдағи келіпті» пьесасын сахнаға шығарды. Бұл комедияны меңгеруде коллектив айтарлықтай нәтижеге ие бола алды. Көптеген артистеріміз өздерінің іздену жолдарында еңселі өнер сатысына көтеріле бастағандығын байқатты. Дей тұрғанмен, театрдың алғашқы беташар жылы қиындықсыз да емес. Ең басты айтар жәйт, әзірше декорациялық, киім-кешек қорымыздың кемістігі. Театр өзінің бар қажетін өтей алатын болса да қойылымдардың инвентарлары толық қамтылмай қалатын жайлары бар. Келешекте мұндай ақаулықтан арылатынымыз да анық.
Қазір театр Ә.Тәжібаевтың «Көңілдестер» атты драмасын дайындау үстінде. Бұл пьеса қазіргі өмір тақырыбына жазылған тартымды туынды. Кейбір анау-мынау кемшіліктеріне қарамастан, «Көңілдестер» замандастарымыздың моральдық кейпін арқау тұтқан біршама жақсы шығарма. Қазір рөлдерді ойнаушыларға сәйкестендіре бөлісіп, тиянақты дайындықтар өткізудеміз. Бір білдіре кететін жай, кейбір артистеріміздің репетицияларға қатысуы көңілдегідей емес. Әлбетте, біз оларға мін айтып, қатты бетке басудан аулақпыз, тек көз қылар көңіл тілек қана. Ұқыпты ұйымшылдық болмаса өнер өріне өркенді қадам басуымыз аса қиын. Мұны театр мүшелері келешекте ескерер, болдырмас деп сенеміз. Халық театрының күнделікті ісінің бір ұшығы артистеріміз қызмет істейтін жергілікті мекемелер мен өндіріс орындарына тығыз байланысты. Олар да өз театрының ісіне ниет біріктіріп, қолғабыс тигізіп отырулары қажет-ақ. Бірақ, біз кейбір мекеме басшыларының театрға деген ниет пиғылы қынжыларлық екенін айтқанымыз жөн. Олар мекеме жұмысына нұқсан келеді деген дерексіздеу дәлелмен өз қызметкерлерін театрдан аулақтатқылары келеді. Келешекте мұндай көзқарасты үзілді-кесілді болдырмаған жөн.
Келесі айда аудан көрермендеріне Ә.Тәжібаевтың «Көңілдестерін» табыс етпекпіз. Шаруашылықтың жазғы қызу науқанына қажырлы еңбек ететін аудан еңбеккерлеріне өзіміздің өнер үлесімізбен қызмет етпек ойымыз бар. Сондықтан да гастрольдерге шығып, малшыларға, пішеншілерге қойылым, концерт көрсететін боламыз. Осы жылы театрдың репертуарлық жоспарында белгілеп отырған Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібегін» де қоямыз. Келешекте, әсіресе осы кезең тақырыбына жазылған пьесаларды, оның ішінде шағын, бір актілі пьесаларға көп көңіл бөлмек ойымыз бар. Аудан жұртшылығының мәдени өміріне қомақты үлес қосу біздің бірден бір ізгі міндетіміз. Осы міндет жолында өнер асуына, сахна шеберлігіне талпыныс жасап, талабымызды жылдан жылға арттыра береміз.
«Жаңа өмір», С.Қостанов,
17 мамыр, 1963 жыл.
«ТОЙ БОЛАРДА»
Жуырда аудандық мәдениет үйі жанындағы халық театры «Той боларда» атты спектакль көрсетті. Біз театр коллективінің жақсысына сүйіне, жаманына күйіне, көңілге оралған біраз жайларды қысқаша да болса атай өтуді мақұл көріп отырмыз.
Спектакльді қоюда жас режиссер Байтурина Әсиәнің біршама жұмыстанып, ізденгені байқалады. Көптеген театр артистері өз рөлдерін тым тәуір ойнап шықты, мәселен, Қалима рөлін ойнаған Р.Ысқақова, Үрияны шығарған Ә.Байтурина өздерінің ойдағыдай ізденіп, еңбектенгенін көрсетті. Бұлардан артық қимыл, орынсыз құбылмалық байқалған жоқ. Кейіпкерлердің ішкі жан дүниесін, іс-әрекетін біркелкі жеткізе білді.
Алайда, спектакльді қоюда кемшіліктердің көп болғанын да жасыруға болмайды. Біріншіден, сахна көркемдігіне көңіл бөлу жағы жетімсіз. Декорацияға көңіл толмайды. Мәселен, милиция қызметкері Байболдың үйінде ескі диван мен бір стол ғана болды, ал осымен үйдің ішкі көрінісін бердік деп санауға бола ма?
Артистер өз сөздерін жаттап ала алмағандықтан ауызын ашып үнсіз тұрып қалады, ал суфлердің үні құлақ жарып, залдағы көрермендерге естілді, бұған не айтуға болады? Енді грим жайлы бірер сөз. Нартай рөлін ойнаған Алдоңғар Сисеновтың беті аппақ етіп боялыпты да, ал оның мойнын бояуды ұмыт қалдырыпты. Әрине, мұның өзі ұқыпсыздық пен салақтықтан болған жай. Басты кейіпкер Айбаланың рөлі де сәтті шықпады, өте сылбыр, көңілсіздікке көмілумен болды. Сөйтіп, бұл бейне бір сөйлеп жүрген жансыз бейнеге көбірек ұқсады. Сондай-ақ, Болат, Нартай рөлдерін ойнағандар көп көңілінен шықпады. Жоғарыда айтылған кемшіліктер бұларға да тән болды.
«Жаңа өмір», А.Жүнісбеков,
24 желтоқсан, 1965 жыл. №153.
ЖАС ТЕАТРДЫҢ МҮМКІНДІГІ МЕН МҰҚТАЖЫ
Аудандық мәдениет үйі жанындағы драма коллективі халық театры атағын алу үшін 1959 жылдан бастап жұмыс жасады. Содан бері коллектив сахнаға көлемді туындылар әкелді. Алғаш рет өз жұмысын Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» пьесасынан бастаған коллектив кейіннен Ә.Тәжібаевтың «Жалғыз ағаш орман емес», М.Әуезовтің «Еңлік-кебек», «Қарагөз», Б.Майлиннің «Шұға», «Жалбыр», Ә.Тәжібаевтың «Той боларда», Қ.Мұхамбетжановтың «Қуырдақ дайын» пьесаларын қойып, тым тәуір бағалар алған болатын. Коллективтің бұл еңбектері өз жемісін бермей қойған жоқ. Коллектив 1962 жылы «Халық театры» атағын облысымызда үшінші болып жеңіп алды.
Аудандық халық театры 1963-1964 жылдары театр мүшелерін жастармен толықтырды. Амал не, бұл жұмыс ұзаққа барған жоқ. Коллективтің ұйымдастырушысы болатын облыстық мәдениет басқармасының жолдамасымен келген С.Қостанов жолдас әуелі жұмысты жақсы бастағанымен, кейіннен қожыратып жіберді. Жас театрдың қанатын қатайтып, сахнаға жаңа туындылар әкелудің орнына, азғындыққа салынып, соңынан жұмыстан шығарылды. Театрдың жетекшілігіне Теңіз ауданынан шақыртумен келген Мұхамбетжанов жолдас 7 ай режиссер болып, кейін мәдениет үйінің директорлығына ауыстырылды. Оның орнына жас маман Байтурина келді. Режиссерлер келіп-кетіп жүргенде, халық театрының коллективі тарап кетті. Жаңа келген режиссер оларды жинаймын деп жүргенде көп уақыттар өтті. Соның салдарынан халық театрының 1963 жылға дейін счетына түскен ақша тек режиссер мен суретшілерге еңбекақыға төленіп таусылды. Соңғы кездері театр коллективі қайтадан жинақталған болды. Жаңадан қосылған жас актерлерге сахна өнерін үйрететін режиссердің қабілеті төмен. Сондықтан, соңғы кездегі дайындалған пьесалар көрермендер көңілінен шықпай жүр.
Театр репертуары жаңаруы және қаражаттың кемдігі, жұмысты меңгеріп кететін маман режиссердің жоқтығы жаңа ғана қаз басып келе жатқан жас коллективті біраз тоқырауға ұшыратты. Көптеген қажеттер жетіспеді оған.
Қазан айының 1-8 аралығында өткен облыстық халық театрларының байқауында да біздің ауданның халық театры соңғы орында қалды. Бұл байқауда коллектив М.Әуезовтің «Түнгі сарын» қойылымын дайындаған болатын. Көрермен жұртшылыққа бұл пьесаның ауыр екендігі түсінікті. Дей тұрғанмен, актерлер өздеріне берілген рөлдерді өз шамаларынша шығарды. Амал не, аудандық мәдениет бөліміндегі жолдастардың кесірінен осындай ең жауапты ойында актерлер киімсіз ойнады. Барлық киім 5 күнде дайындалды, соның салдарынан дайындалған киімдер образға сай келмей, сахнаға облыстық қазақ драма театрының ескі киімдерін киіп шығуға мәжбүр болды. Ойынның нашар шығуына бұ да әсерін тигізбей қойған жоқ.
Бірер сөз театр музыкасы жайында. Домбыраның кіндігін кескен жерде дайындалған қойылымның музыкадан тапшылық көруі кешірімсіз жай. «Түнгі сарын» сияқты ірі пьесаларды кем дегенде 20-25 адамдық оркестрмен қостағанда өте орынды және тартымды болған болар еді, амал не, 4 адам қостап, біреуі бұзып, біреуі түзеп отырды. Келешекте бұл жайды ойлау керек.
Сонымен бірге, театр жанында 60 адамдық тұрақты оркестр де болғаны абзал. Бұл күнде театрға келіп жатқандардың дені жастар. Оларға сахна өнерінің сан қырынан ақыл-кеңес беру үшін мәдениет университеті жанынан арнайы сабақ өткенде дұрыс болар еді, көңілде жүрген көп ойлар осылар. Жас коллективтің қабілеті мен мүмкіндігі осы айтылғандарға тікелей байланысты.
«Жаңа өмір», Н.Сүйеубаев,
3 қараша, 1966 жыл. №134.
«КӨҢІЛДЕСТЕР»
Аудандық халық театры жақында поселке еңбекшілеріне Ә.Тәжібаевтың «Көңілдестер» атты пьесасын көрсетті. Шығарма нашар шықты деуге болмайды. Бұл қойылымды дайындаған, оған қатысқан жолдастардың еңбектенгені көрініп тұр. Шығармадағы полковник Мәлік (А.Ерманов), Келтек (Т.Қишымов) бейнелері көрермендер көңіліне жылы әсер қалдырды. Сол сияқты, театр осы сапарда сахнаға лайықты, талапты жастарды да таба білген. Бойдақ актриса Дәмеш рөлінде ойнаған Қошекенова, Ділдә әжей рөліндегі Ғ.Қадировалар сахнаға тұңғыш рет шығып тұрғандарына қарамастан өз міндеттерін жақсы атқарды. Жалпы, «Көңілдестерді» дайындаған коллективтің жақсы істерінің мол екендігін атап өткен жөн.
Дегенмен, қойылымда кемшіліктер де жоқ емес. Бұл жай қойылым қойылғаннан кейін осы премьера туралы болған көрермендермен пікірлесу үстінде ашық айтылды. Сахна шымылдығы ашылғанда декорация жұтаңдығы бірден көзге алынды. Сонымен қатар, шығармадағы ең басты тұлға бұрынғы министр Сапардың образы өз мәнінде шықпай қалды. Сапар бейнесін сахнаға шығарушы М.Алшымбаев жолдас премьера қабылдауға 3-ақ күн қалғанда дайындыққа қатынасқан, бұл арада актерді кінәлауға болмайды. Біздегі халық театрының ең басты кемшіліктерінің бірі ұйымдастыру ісінің нашарлығы, тым жеделдік. Үш-ақ күннің ішінде күрделі образды әуесқой актер былай тұрсын, бірнеше жыл сахна шымылдығын тоздырған кәнігі актерлердің өздері де сәтті шығаруы күмәнді емес пе? Қойылымдағы ең күрделі образдың бірі суретші әйел Маржанның бейнесі, мұны Н.Мәресова жақсы шығарды дей алмаймыз. Образ өз орындаушысын таппаған. Сондықтан бүкіл шығарманың өзегі болатын бейне сахнада елес күйінде қалды.
Пікірлесуде мәдениет бөлімінің театр жұмысына жан-жақты көмек бере алмай отырғандығы айтылды. Олқылықтарды жою жолында нәтижелі жұмыстар жасалса, қойылым театр репертуарынан берік орын алып, көпшілік сүйсіне көретін шығарма болары әбден мүмкін.
«Жаңа өмір», З.Исағұлов,
8 маусым, 1968 жыл. №72.
«МЫЛТЫҚСЫЗ МАЙДАН»
Адамзатқа апат әкелген анау бір жылдардың аласапыран шағы көңілден кетер ме, сірә? Талай боздақты қыршыннан қиып, талай арманды пәс еткен сол бір ауыр кезеңдер кім-кімнің болса да жүрегінде мұз болып қалды. Ширек ғасыр, тіпті бүтін ғасыр өтсе де соғыс тонаған бақыт пен ол салған жара еш уақытта ұмытылмақ емес. Соғыстың не екенін білмейтін ұрпақ келер өмірге, бірақ аға ұрпақтың ерлік дәстүрі, қилы-қилы кезеңдер жайлы жазылып қалған шежіре, ел басынан өткен қайғылы кезеңдер, аласапыранда тоғысқан адамдар тағдыры жас ұрпақтар жүрегіне жол табары хақ. Оларды ойландырары, толғандырары хақ. Соғыс деген қара түнектен безіндірері хақ.
Жақында халық театры коллективі З.Ақышевтің «Келіндер» атты 3 актілі, 6 суретті драмасын сахнаға қойды. Драма, негізінен, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ ауылының тұрмыс-тіршілігін, тылдағы ерлік еңбекті бейнелейді.
Енді, жалпы халық театрының жұмысы хақында бірер ауыз сөз: жаңа туындылар қоя алмай келеді, оған әртүрлі жағдайлар себеп болды. Бәрін түптеп келгенде кемшіліктің қазығы біреу-ақ: ол ұйымдастыру жұмысының нашарлығы, аудандық мәдениет үйі мен театры арасындағы жұмыстың бір-бірінен алшақтап кетуі, әуесқой артистердің театр маңына шоғырланбауы еді. Сондықтан да өткен жылы Ш.Құсайыновтың «Біздің Ғани» қойылымын көрсеткеннен кейін театр коллективі біраз тоқырап қалды. Ұсақ-түйектерге әуес болып кетті.
Міне, енді сахнаға «Келіндер» келді, Драма жайлы әңгімені бастамас бұрын бұл қойылымның халық театры коллективінің соңғы жылдардағы бірден бір табысы екендігін айта кеткен жөн. «Келіндерді» сахнаға дайындаған Н.Мұхамбетжанов жолдас Москваның Щукин атындағы жоғарғы театр училищесін биыл бітіреді. Бұл оның дипломдық жұмысы. Осы үлкен жауапкершілікті түсініп, Н.Мұхамбетжанов жолдас жақсы еңбектенген, ұтымды-ұтымды режиссерлік шешімдер тапқан. Бір жанұядағы адамдар тағдырын, соғыс жылдарындағы елдің ауыр тұрмысын, әртүрлі қайшылықтарды өте шынайы да шебер жеткізген. Үй шаңырақтың негізін салып, енші беріп, балаларын отау үй шығарғалы отырған Қарпық қарттың ізгі арманы орындалмай қалды, соғыс басталып кетті. Ер-азамат майданға аттанды. Бір шаңырақтың астында үш келін қалды. Оның бірі Ұрқия (Қ.Ерболатова) колхоз шаруасын басқарады, екіншісі Жаңыл (Т.Шәулекенова) балаларға ұстаздық етті. Үшінші келіні Айша (Р.Сүталиева) қарт әжеге қолғабыс қылды. Негізгі оқиға да, тартыс та осы бейнелер арасында болады. Осы кейіпкерлердің іс-әрекетін майданнан қайтқан жігіт Атағұл (О.Тоғжанов), колхоздың веттехнигі, алаяқ Түнғатар (Қ.Нұржанов)толықтыра түседі.
Жалпы, сәтті шыққан бейнелер дегенде, ең алдымен Қарпық қартты ойнаған Ж.Жылқышиевтің, алаяқ ферма веттехнигі бейнесін жасаған Қ.Нұржановтың шебер ойындарын баса айтқан жөн. Аталған екі әуесқой артистердің ойынынан, қимыл-әрекетінен, жан толғанысынан жасандылық із аз көрінеді, ойлану бар, іздену бар. Жалпы, рөл орындаушыларын тапқан. Осы сияқты жылы лебізді көрермен қауым Р.Сүталиева, Ғ.Қадирова, О.Тоғжановтардың ойындарына да айтты. Бір қызығы, Атағұл рөлінде ойнаған Орынбасар сахнаға тұңғыш рет шығып отыр, соған қарамастан, атаның ұлы, ақкөңіл әрі қызба, реті келгенде асқақтап кететін мінезі бар майданнан қайтқан жігіттің шытырман көңіл күйін, мінезін біршама шығара білді. Жалпы, халық театрына жаңа да жас толқын келіп қосылғанын аңғардық. Олар театрға қоятын абыройлы да жауапты міндеттерді талмай көтере алатын, осы жолда берері мол, қабілетті де талантты жастар.Осылардың бәрі түптеп келгенде режиссер еңбегінің жемісі, сол төккен тердің нәтижесі. Мәселен, драманың екі сәті көрермендер көңілінде қалады. Біріншісі, Қарпық қарттың ортаншы ұлынан қара қағаз келу сәті, екіншісі кіші келіннің алаяқ Тұңғатарға еріп үйден мәңгі кетіп қалуы. Міне, осы екі деталдағы көріністі нағыз режиссер еңбегі деуіміз керек. Ал, қойылымның аяғындағы өте нанымды, өте аянышты штрих ше? Өлді деген баласынан «Жақында барамын туған жерге» деген хатты оқығандағы кемпір мен шалдың жүрекжарды қуанышы мен Түнғатар, Жаңылдардың трагедиялық көңіл-күйін ұмытуға бола ма? Мәңгі айықпас қайғының ащы зарын жұтқан Жаңылдың мүшкіл халы көрерменнің көз алдынан кетер ме?
О баста отбасының жаймашуақ даң-дамасынан басталып, осы қайғылы халге дейін әрбір кейіпкер басынан қилы-қилы тағдыр талқысын өткереді. Шығармадағы әр жанның өз мұңы бар. Міне, осының бәрі соғыс әкелген қасірет. Сахнадан қолына қару алып, кісі өлтіріп жүргендер көрінбейді, әйтседе одан ауыр, жан-жүйкеңді езіп-жаншыған мылтықсыз майданның суреті бар. Соғыс болмасын, ол адамдарға бақытсыздық әкеледі дегенді әркім-ақ айтуға шебер. Ол салған жараны терең түсініп білу, шынайы өмір суреті арқылы көз алдыңа елестетудің жөні бір бөлек. Ол талай перзенттің көзінде өшпенділік оты болып қалған, талай арудың жүрегінде мәңгі айықпайтын жара салған. Көрермен қауым «Келіндер» драмасын көріп, осындай әсер алса, ол талантты коллективтің табысы деуіміз керек.
Дегенмен, премьерада кемшіліктер де жоқ емес. Әлі де жеңіл жөндеуді, қайта ойлануды керек ететін жерлер бар. Аз да болса көрініс пен көріністің арасында байланыс сылбыр жерлер кездесіп қалады. Тәжірибесіздіктен бе, кейбір ойыншылардың қимыл-әрекеттері образдағы деңгейден көріне алмай қалатын сәттер де кездеседі. Соңғы сөз қойылымның музыкасы мен декорациясы хақында. Осы екеуін өз орнында пайдалануда театр асығыстық, абыржушылық сыңай танытты. Мұның бәрі сәтті шыққан қойылымның құнын түсірмейді. Халық театры коллективі осы жеңіл-желпі кемшіліктерден дұрыс қорытынды шығарып, алға қарай іздене берсе, көрермендер көңілінен шығары сөзсіз.
«Жаңа өмір», З.Исағұлов,
12 маусым, 1969 жыл. №66.
TAЛҒАМҒА ҚАРАП, ТАРАЗЫҒА САЛСАҚ
Қазақ халқы қай уақытта болмасын, өнер дегенде ішкен асын қоя қоятын әдеті емес пе? Аудандық халық театры коллективі З.Ақышевтің «Жаяу Мұсасын» көрсетеді екен деген хабар Шетпе поселкесінің тұрғындарын арнаулы жарнамасыз-ақ құлақтандырып тастады. Сондықтан да болар, бүгін мәдениет үйінің залы халыққа лық толған. Бәрінің аңсары сахнада, қазақтың кәдімгі Жаяу Мұсасын, әйгілі әншісін, өнер иесін, еті тірі сал-серісін, елі-жұрты сүйіп, мадақтап, соңына ерген аяулы азаматын көреміз, Баянауыл баурайынан тараған қазақтың жан құдіреті - әсем әнін, Жаяудың әнін естиміз деп тамсанады...
Сонымен, сахнада төрт сағатқа жуық жүрген «Жаяу Мұса» аяқталып, соңғы нүктесі қойылды. Сонда, әлгі үміт ақталды ма? Көп көрермендердің бірі ретінде айтар жауабымыз - «ақталды». Енді осыны анықталық.
Театр коллективіне бір қуанғанымыз, музыкалық драманы таңдап алғаны. Музыкалық драма мен қарапайым драма спектакльдердің салмағы бірдей емес. Музыкалық шығарма коллективке бұрынғыдан да жауапкершілікті жүктей түседі. Сонда да ауыр жүкті алға ұстауы, біздіңше, батылдық деп білер едік. Көрермен көңілін көптен бері көтере алмай көлеңкеде жүрген театр бұл жолы бір сергітіп тастады ма дедік. Тек, енді жақсы істі жалғастыра білелік, жабылып көп болып жанашырлық жасалық. Әлгі біз айтқан жылы лебізді ертесіне жұрттың бәрі айтты. Өнер қуған қауымға одан артық не керек? Бұл -театр артистерінің, жалпы коллективтің еңбек жемісі, соның ішінде Шорманның Мұстафасы (Қ.Нұржанов), Байдалы палуан (М.Сафиев), Арап (С.Сатыбалдиев), Әңке (А.Мұқашева), Жаяу Мұса (Ж.Жылқышиев), Ботпай (О.Жұмағалиев), Байғабыл (Ш.Зейілов), Сапа (Қ.Ержанова), Сомов (С.Әнесов), тағы басқа көптеген әуесқой артистердің шеберліктері, өнерге деген икемі бір басқа. Айталық, Құттыбек Нұржанов қай профессионал артистен кем ойнады? Оның бір ерекшелігі, сахнада еркін ойнап, еркін меңгеруі, көптеген әуесқой артистерше кібіртіктеп, «Қай жағынан шығып кетемге» салынып, өз-өзінен қысылмауы, эпизодты жасанды емес, нақ өз күйінде бере білуі. Мысалы, Сапамен түнде кездесуін қалай әдемі, дәл күйінде шығарды? Әрине, мұндай сәтті жерлер рөлде көп-ақ. Біздің айтып отырған коллективіміз көркемөнерпаздар коллективі емес, халық театры, демек, оған қойылатын талап та күрделі. Рөлдерді қалай болса солай халыққа көрсетуге болмайды. Ойнаған рөлді образдап жеткізу біздің міндетіміз, артис автордың жасаған образын ойнап көрсетуі тиіс. Бұл тұрғыдан да Құттыбек Шорманның алаяғын таныта білді. Оның халыққа деген батып отырған тізесін, пасықтығын, өзімшілдігін, арсыздығын, жеңіл мінезділігін, шыдамсыздығын бере білді. Режиссердің Шорман тұқымын екі бөліп, бір-біріне ұқсатпай, бірақ арғы атасын бір арнаға құюы орынды. Сөйтіп, Шорманның Мұсасы былай салмақты секілді, бірақ оның қулығы, арамзалығы Мұстафадан артық. Бір қасқырдың күшігі екені білініп тұр. Құттыбекке бір ескертетін жай, жаманды көрсетемін деп орынсыз қимылды жамай берген артық сияқты. Жағымсыз образға лайықты жағымсыз іс керектігін ұмытпау керек.
Осы драманы талқылаған бас қосуда режиссердің «Жаяу Мұсаны даралау қажеттігі жоқ» деген пікір айтуы мүлдем қате. Біз басқаны дәлелдеп жатпай-ақ, мынаны айтсақ, соның өзі жеткілікті. Егер тарихта Жаяу Мұса болмаса, бұл драма туып, оның аты «Жаяу Мұса» деп аталар ма еді? Сондықтан, автордың айтайын дегені қазақтың сол Жаяу Мұсасы, соның өмірі, олай болса Жаяу дараланбағанда, оның образы көрінбегенде кім көрініп, кім дараланады? Шындығында да, Жаяудың образы солғын. Шорман тұқымы «Жаяу» деп ат қойғанмен, оның жүрегі, ой-арманы мен азаматтығы, ар-ұжданы жаяу емес. Бүгінгі күнге дейін ауыздан ән болып тасталмай жүрген Мұса қалайша Шорман балаларының, Араптардың арасында көрінбей қалады? Біз Жетібайдың әйгілі әншінің образын толықтай шығара алады дегіміз келеді, тек оған режиссерлік көмек керек.
Оқиғаны өрбітіп, шиеленістіріп, шешіп отыруға белсене араласып отыратын рөлдің бірі Әңке. Оның рөлін ойнаған А.Мұқашева сахнаға жаңадан шығып жүрген жас екені белгілі болып тұр. Бірақ сонысына қарамай, бар ынта-жігерін салып жүргені де байқалады. Тіпті, кейбір көріністі тым тәуір шығарған кездері де болды. Сондықтан да артист, Әңкі кім, алдымен соны біліп алғаны жөн. Әңке өмірі жақсы жаманды драма тартысқа толы, демек, оның күйініш-сүйінішін, психологиясын меңгеру, оны көрермендерге жеткізе білу артистің басты міндеті болуы тиіс.
Осы қысқа мақаламызда артистердің бәріне тоқталып жатуға мүмкіндік жоқ. Жоғарыда соның кейбіреулерін ғана сөз еттік. Соңғы пікір, драманы қоюда режиссер Н.Мұхамбетжановтың көп еңбек сіңіргенін айтуымыз керек. Әрине, Нұрекеңнің бұрын да қойып жүрген шығармаларын көріп жүрміз, бірақ осы шығармада режиссерлік ізденістің бар екенін анық көреміз. Әрине, драманы қоюда кемшіліктер көп-ақ. Оның бәрін ине-жіпке тізіп жатуды мақсат еткеніміз де жоқ. Бәрі де жүре-келе жойылатын ұсақ-түйек кемшіліктер.
Сонымен, театр коллективтерінің бұл еңбегін талғамға қарап, таразыға салсақ, әлдеріне қарай бір дүние етіп шығарғанын жасырмай айтар едік. Сәт сапар, Сіздерге!
«Жаңа өмір», Қ.Аманиязов, 26 сәуір, 1970 жыл. №50.
ХАЛЫҚ ТЕАТРЫ НЕГЕ ҚАЛҒЫП KETTI?
Ащы да болса, ашығын айту керек, соңғы жылдары аудандық мәдениет үйі жанындағы халық театрының жұмысы алғаш шыққан деңгейінен төмендеп кетті. Тегі, «мен мұндалап» бадырайып тұрған шындықты жасыруға болмайды ғой.
Рас, өзінің өмірге келген 7-8 жыл ішінде халық театры 26 ірілі-уақты спектакльді сахнаға шығарды. Талай таудан жұртшылығының шынайы алғысына, мол сүйіспеншілігіне кенелді. Зор табысқа ие болған «Қарагөз», «Еңлік - Кебек» сияқты қойылымдар әлі де ұмытылған жоқ.
Амал не, халық театрының бірен-саран туындысы оқта-текте жалт етеді де жоқ болады. Театрымыз соңғы жылдары облыстық байқауларда ең соңғы орынның «бәйгесін» бермей келеді. Неге? Неліктен? Кім кінәлі? Аудандық халық театрының осыдан 7-8 жыл бұрын 44 мүшесі болды, қазір тек қана 30 адам бар, олар да байырғы мүшелер емес. Кейбіреулер қағаз жүзінде ғана. Сол 30 халық театры мүшелерінің ішінде соңғы 2-3 жыл бойы қатысып жүргендері 4-5-ақ адам, ал өзгелері 1 жыл, әрі кеткенде 2 жылдан бері қатысып жүргендер. Қысқасы, халық театры өзінің мүшелерін жылма-жыл көптеп ауыстырып, жаңа адамдардың қатысымен жұмыс істеп келеді. Театр мүшелерінің жиі өзгеріп тұруы, әрине, олардың сахналық дарындылығының ерекшелігінен немесе бұрын әдейі дайындық мектептерінен өткендігінен емес. Сондай-ақ, байырғы мүшелерінің де театрға керексіздігінен, оларға лайық рөл болмағандықтан, дарынсыздығынан шығып кетіп жатқан жоқ. Мұндай жағдайлардың әртүрлі себептері бар. Міне, енді сол себептерге тоқталайық.
Осыдан 7-8 жыл бұрын аудандық мәдениет үйінің жанындағы драма коллективі М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Қарагөз» қойылымдарын сәтті сахналауы сол кезде ойынға қатысқан театр мүшелерінің іздемпаздығы мен өнерге деген құштарлығының жоғары болғанынан деп білуіміз керек. Сол тұстағы Т.Ахметованың Еңлігі, Т.Меңдібаевтың Сырымы, тағы сол сияқты жолдастардың орындау шеберлігінің тиісті профессионал артистер деңгейіне дейін көтерілді десек қателеспейміз. Өкінішке орай, сол бір артистеріміздің іздемпаздығы болғанымен театр өнеріне деген құштарлық кем болып шықты. Егер өнерге деген өзгеруіне, жанұялық жағдайға, не жұмыстың көптігіне қарамас еді. Жоғарыда айтылғаннан халық театрының жұмысындағы кемшіліктердің ең басты себебі, мүшелерінің тұрақтанбауынан деуге болады. Шынында да, әр пьеса сайын жаңа адамдар болған соң ол театрдағы творчестволық жұмыс туралы сөз етудің өзі де қиын.
Бұл мәселеге ең алдымен театр режиссері кінәлі. Режиссер Н.Мұхамбетжановтың театр мүшелерін ұйымдастыруда, олармен ортақ тіл табуда көптеген кемшіліктері бар. Ол артистің ойнайтын рөлін бірнеше рет қайталап өзі орындап, рөл ерекшелігін терең түсіндіре бермейді. Кейде ол актерлерге профессионал артистерге қойылатын талаптарды қоятыны бар. Әрине, талап қою өте орынды, бірақ халық театрының артистері әуесқойлар, көбі бұрын рөлде ойнап көрмегендер екенін есте сақтағаны жөн еді. Театрдың ұйымдастыру жұмысы да жоқ. Репетиция ойдағыдай болмайды. Актерлер тегіс жиналмай, кейде репетицияның өтпей қалу фактілері жиі кездеседі. Бір пьесаны ұзақ уақыт әзірлейтін болды. Үстіміздегі жылы З.Ақышевтің «Келіндер» атты пьесасы февраль айынан бастап дайындалып, тек қана май айында қойылды. Мұның өзі сәтті шықпады. Өйткені пьесаны қоюға қатысқан 8 адамның алтауы жаңадан келгендер еді. Олар бұрын сахнаға шықпағандар болатын. Сахна этикасы мен техникасын, ойын тәсілдерін жете білмейді. Көбінің рөлі тартымды емес, солбыр шықты. Ал бұл ретте театр режиссерінің жұмысында да белгілі дәрежеде кемшіліктер орын алды. Әдетте, пьесаны дайындағанда рөлде ойнауға резервте екінші адам (дублер) болғаны жөн. Ал, бұл жай театрда ескеріле бермейді. Рөлде ойнаушы бір адамның жоқтығынан кейде пьесаның тоқтап, не үлкен қиыншылықтарға ұшырау қаупі болады. Мұндай жай биыл июль айында театр облыстық байқауға қатысар алдында кездесті.
Театрда тәрбие жұмысы төмен. Таңдаулы актерлерді көтермелеу, олардың өнерін дәріптеу деген мәселелер шет қалып келеді. Соңғы жылдары театр коллективі көрермендер конференциясын ұйымдастыруды ескермеді. Өзін халық сынынан оқшау ұстады.
Дегенмен, барлық кінәні жалғыз ғана режиссерге артып тастау әділдік болмас еді. Театр жұмысының осыншама төмендеуіне аудандық мәдениет бөлімі (бастығы С.Ыбыраев), аудандық мәдениет үйі (директоры О.Құлсариев) және комсомол комитеті де (секретары Ш.Асанов) кінәлі. Аудандық мәдениет бөлімінің бастығы С.Ыбыраев халық театрының жұмысына жөнді көңіл бөлмеді, тым самарқау қарады. «Театр үшін жүрген режиссер бар, жауапты сол береді» деген ойда болды. Ал, аудандық мәдениет бөлімінің советінде биыл бірде бір рет халық театрының жұмысы сөз болмаған. С.Ыбыраев жолдас тек қана жауапкершілік сұрауға бейім тұрады, қолма-қол, нақтылы көмек беруге, ұйымдастыру жұмысындағы олқылықтарды дұрыс жолға қоюға мән бермейді. Ал, аудандық мәдениет үйінің директоры О.Құлсариев жолдас та өз театрының тағдырын көп ойламайды. Режиссерге талап қоймайды. істің орындалсын бақыламайды. Аудандық комсомол комитеті де халық театрының жұмысына көбінесе бақылаушы есебінде отырады десек артық айтпаған болар едік. Комитет өз жиналыстарында, бюро мәжілістерінде әдейі халық театры жайлы толғанып, шешімдер алып көрген емес. Тек оқта-текте, конференцияларда ғана атүсті әңгіме қып келеді. Өткен жылы 19 мартта аудандық комитеттің бюросында аудандық мәдениет үйінің бұрынғы директоры Ж.Жаңбырхановтың мәселесі қаралды, қызметтен босату туралы шешім алынды. Сол бюро қаулысында халық театры жөнінде «Мұнымен қатар аудандық халық театрының қазіргі жайына да басшылық сезілмейді. Халық театрының қазіргі жұмысы қанағаттанарлық жайда емес. Театр мүшелерін ұйымдастыру, олардың белсенділігін арттыру, көтермелеу жақтары қолға алынбайды. Театрда ұйымдастыру жұмысының нашарлығынан қойылымдар өз мәнінде көрінбей келеді, репертуары нашар» деп жалпылама атап өткен.
Өкінішке қарай, театр режиссері Н.Мұхамбетжанов жолдас аудандық мәдениет бөлімі мен комсомол комитетіне театр жұмысын жақсарту үшін нақтылы мәселе қойған емес. Кейбір актерлерді театрға келтіру үшін көмек сұраумен жүреді.
Иә, әлі күнге дейін кейбір мекеме басшылары тарапынан халық театры мүшелеріне тосқауыл жасалады. Ондай басшылардың жауабы: «Мен қайтейін, барам десе барсын, тек мұндағы жұмысын тастауға болмайды, ол жұмысты содан сұраймын. Айтпақшы, соның өзі артист болуға қабілеті бар ма екен?» - деген сияқты сөздер болып келеді. Әрине, театр мүшесі мекеме басшысының рұқсатынсыз гастрольге шыға алмайды, ал шыға қойған жағдайда мұның арты ренішке апарып жүр. Мәселен, 1966 жылы аудандық статистика басқармасының аға инспекторы Н.Шәудірбаев «Түнгі сарын» қойылымына қатысып жүрген Қапиев Дәлу деген өнерпаз жасты «Театрға өзің сұранып жүрсің, негізгі жұмысың болса қалып жатыр» деп орынсыз қызметтен босатқан. Кейіннен басшы орындарының араласуымен Қалиев жұмысына қайта алынды. Ал, аудандық біріккен аурухананың бас дәрігері Б.Тұрарбеков те халық театры мүшелеріне қамқорлық орнына қысым көрсетті. Кейбір дәрігерлер гастрольге шыққанда еңбекақысын төмендеткен фактілері кездесті. Халық театрының мүшесі Набат Туғанбаеваға Тұрарбеков жолдастың «Не бізбен бол, не артистігіңе кет» дегенін талай естідік. Мұндай айқай-сүреңмен жүрген мекеме қызметкерлері театр жұмысына қалай қатынаса алсын?
Кейбір мекеме басшылары театр артистерінің демалыс күндері ғана гастрольге шығаруды қалайды. Бұл шалғай орналасқан біздің аудан жағдайына үйлеспейді, бар болғаны екі-ақ күнде не бітіруге болады?
Сахнада қилы-қилы адамдар бейнесін жасауға тура келеді. Ол үшін киім-кешектің сан алуан, декорацияның түрлері ауадай қажет. Mінe, осы жағынан театрдың халі мүлдем ақсап жатыр. Театрда «Түнгі сарын», «Қыз Жібек» қойылымдарына арналып тігілген киімдерден басқа жаңа киім түрлері жоқ. Қазір әбден тозығы жетіп ескірген 42 әйел көйлегі, 5 ер адамның костюмдері, әйелдердің 4 пар ескі шоңқайма етігі, тағы басқа осындай ылғи ескі-құсқылар ғана бар. Ал сол киімдердің өзін дұрыс, ұқыпты сақтау ісі мұнда ұмыт қалдырылыпты. Барлық киімдер бір қуысқа үйіліп тасталған. Киім сақтайтын арнаулы бөлме жоқ. Рас, театр суретшісі О.Жұмағалиев өткен жылдың 26-шілдеcінде киімдерді сақтаудың ешқандай талапқа сай емес екендігін, оған арнайы бөлме қажеттігін аудандық мәдениет бөлімінің бастығы С.Ыбыраев жолдасқа өтініш қылып жазды, ауызша талай рет ескертті. Биыл да жоғарыдағы өтінішін қайталап жазған. Амал не, С.Ыбыраевтың жыл жарымға жуық уақыттан бері осы мәселені шешуге күші жетпей-ақ қойды. Ал, аудандық мәдениет үйінің директоры О.Құлсариев, театр режиссері Н.Мұхамбетжанов жолдастарды күтімсіз киімдердің жайы толғандырар емес. Театрда сақал, мұрт (бутафория) түрлері де жетімсіз.
Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні - театр ең бірінші киімге мұқтаж. Тіпті, кейде киімнің жоқтығынан ойға алған тым жақсы спектакльді бастай алмай, оның орнына кез келген декорациясы жеңіл бір пьесаны ала қою фактілері кездесіп жүр. Мұның арты спектакльге қарап киім дайындау емес, киімге қарап спектакль дайындау болып шығады.
Жоғарыдағылардан шығар қорытынды, халық театры ендігі жерде жалаң сөзден, сылбыр жүрістен нақтылы іске кірісуі керек. Назардан тыс қала беретін уақыт өтті. Халық театры жоғарыдағы кемшіліктерді шұғыл түзеп, алдағы келе жатқан қос мерекені лайықты табыстармен қарсы алады деп сенгіміз келеді.
«Жаңа өмір», Т.Ашықбаев, Қ.Нұржанов,
С.Өмірбаев, Ә.Қонарбаев,
16 қыркүйек, 1969 жыл.
«ЖОҒАЛҒАН ДОС» ХАҚЫНДА
«Жаңа өмір» газетінің өткен жылғы 10 декабрьдегі № 149 санында аудандық халық театры қойған «Жоғалған дос» спектаклі туралы әртүрлі пікірлердегі мақалалар жарияланған еді. Бұл ретте театр коллективтерінің спектакль қою үстіндегі кемшіліктерін ашып көрсеткен Тұщықұдық орта мектебінің мұғалімі А.Тұрованың пікірін қостаған жөн. Меніңше де «Жоғалған дос» өз дәрежесінде шықпады. Спектакльді қоюда нанымсыздыққа, сылбырлыққа, жасандылыққа жол берілді, тіпті, декорацияның өзі сәйкеспеді. Себебі, ол «Жаяу Мұса» қойылымынан дайын күйінде алына салды. Мұның өзі «Жоғалған дос» спектакліне үйлесімсіз болып шықты. Бұл жай театр суретшісі О.Жұмағалиевті де, режиссер Н.Мұхамбетжановты да ойландырмады.
Спектакль ауданымыздың бірнеше совхоз, ферма орталықтарында, Форт-Шевченко қаласында, Таушық, Шетпе поселкелерінде көрсетілді, бірақ жұртшылықты шын сүйсіндіре алды деу қиын.
Бұл пьесада мен Бабатай рөлін ойнадым, бірақ өз рөлімді жөнді шығардым дей алмаймын, себебі Бабатай характеріне менің мінезім де, жүріс-тұрысым да, қимыл-әрекетім де сай келмейді. Театр коллективінің қойып жүрген спектакльдерінің көрермен көңілінен шықпауы неліктен? Оның мәні былай: театр режиссері тақырып таңдауда шалағайлық жіберсе, екіншіден, соған ойнайтын адам таңдауда талғампаздығы жетпейді, кез келген адамды кез келген рөлге ойнауға көндіру өз жемісін бермей келеді. Ал, жоғарыдағы өзіміз әңгімелеп отырған «Жоғалған дос» спектаклі ауқымы кең дүние. Ол үлкен шеберлікті, ізденуді қажет етеді, сондықтан оған қойылатын талап та зор болмақ.
«Жаңа өмір», А.Ербозов,
7 қаңтар, 1971 жыл. №3.
САХНАМЫЗДА «БІРЖАН - САРА»
Жуырда сахнамызды композитор М.Төлебаевтың «Біржан - Сара» операсынан үзінді қойылды. Ол туралы көрермендер лебізі жақсы болды. Сахна ашылғанда базар алаңы көрсетілді. У-шу болған халық бәрі де «Біржан сал келеді» дегенді естіп, соны көрмекші. Сахна сыртынан ән естіледі: «Базарың құтты болсын, ардақты елім...» Бұл Біржан (Әбіл Жұмағалиев) дауысы.
Халық қуанышты. Көп ұзамай сахна шетінен Естай (Жетібай Жылқышиев) «О, халайық, тамаша, нөкерімен жараса Жетісудың бұлбұлы, ақын Сара келеді» деп әнмен хабарлайды. Осы екі арада сахнаның екі шетінен Біржан мен Сара қарама-қарсы шығады. Қастарында нөкерлері.Айтыс басталып кетеді. Халық дүрлігіп, айтысты қыздыра түседі. Айтыс Біржанның жеңісімен аяқталады.
Бұл, сөз жоқ, халық театры коллективінің үлкен өнердегі жақсы табысы. Осында Біржан рөлін ойнаған Ә.Жұмағалиев пен Сара рөлін шығарған Н.Туғанбаеваның іздену қадамдары ерекше үміт күттірерлік болды. Аудан сахнасында опера (үзінді болса да) көрсетілуі мәдени өміріміздегі айта қаларлық жаңалық, қуанышты жай.
«Жаңа өмір», А.Ербозов,
30 қаңтар, 1971 жыл. №13.
САХНАДА «ТАСТАЛҚАН»
Аудандық халық театры коллективі жақында тағы бір күрделі сахналық шығарманы дүниеге келтірді. Ол белгілі драматург Ә.Әбішевтің «Тасталқан» атты пьесасы, негізгі тақырыбы республикамызда түсті металлургия алыбының алғашқы іргетасын қалаушы жұмысшы табының қалыптасуын баяндайды.
Драмадағы тартыс негізінен екі жақтың арасында өтеді. Біріншісі - Әулиетастың мол байлығын Отан қажетіне жарату мақсатында игі іс тындырғалы жүрген инженерлер Айбол, Раушандар, екіншісі - бұрынғы ағылшындардан қалған мешеу Әулиетастың ескі бейнесін сақтап қалуға тырысқан комбинат директоры Ақпан және инженер Ләтипалар арасында болады. Бірінші жас толқын советтік дәуірдің жаңа өсу қарқынына сай жұмыс жасап, туған елдің ертеңгі жарқын болашағын аңсап, жұмысшы табының зор күшіне арқа сүйесе, Ақпан, Ләтипалар бастаған топ ол сезімнен ада. Әсіресе, соңғы топтағы зұлым инженер Ләтипаның әрекеті тым қауіпті. Ол өз мақсатын жүзеге асыру үшін қандай жауыздық әрекеттерге барудан да тайынбайды. Жергілікті жас мамандардың Әулиетастың байлығын игерудегі шешімдері сөзсіз жүзеге асатын болғасын, бұл жұмысты ұйымдастырушылардың бірі жас Айболды жасырынып жүрген байдың баласы Тасқараға өлтіртпекші болады. Қойылым Ләтипа тобының әшкереленуімен, жас Раушан, Айболдардың толық жеңісімен аяқталады. Сахнаның фонында алып заводтың оттары жарқырап, қазақ жұмысшыларының жас өкілдері Тасболат, Айбол, Раушан және ақылшы аға А.Харламовтар ертеңгі болашаққа үлкен үмітпен қарап тұрады, бұл қойылымның финалы. Осындағы қилы-қилы рөлдерді орындауда әуесқой артистердің тым тәуір еңбектенгенін атап айтқан жөн. Әсіресе қазақ жұмысшыларына әркез қамқор көзбен қарайтын ақылшы аға Харламовтың бейнесін жасауға тер төккен А.Ермановтың ойыны көпшіліктің жылы лебізіне ие болды. Сонымен бірге, совет инженерлерінің жас өкілі Раушанды ойнаған Қанзия Сәуенова да біраз ізденген. Жас жұмысшы, халқымыздың әзіл-сықағын бойына сіңірген Тасболат рөлін орындаушы Әбіл Жұмағалиевтің ойынын бөле айтқан жөн. Жалпы, Әбілдің өнерге деген ықыласы да күшті, ол осы рөлі арқылы театрдың ауыр жүгін қиналмай көтеретін өнерпаз екенін көрсетті. Бұлардан басқа Ақпан (Н.Мұхамбетжанов), Айбол (Қ.Исаев), Тасқара (А.Ербозов) рөлдері де сәтті шықты деуге болады.
Әйтсе де, әуесқой артистер ойынында жетпей жатқан жайлар да жоқ емес. Бұл салада, әсіресе, Ләтипаның рөлін ойнаған Қымбат Алдақованың ойынында кейбір кемшіліктер бар. Оның рөлі, негізінен, зұлымдығы мен зымияндығы мол психологиялық кейіпкер. Оның ішкі жан дүниесінде адамгершілік пен зұлымдық әркез арбасып, соңғысының мәртебесі үстем болып жатады. Қымбат әлі де болса іздене түскені жөн. Сонымен бірге, Жақия бейнесіндегі артистің ойынында кейбір көріністер солғын шыққан. Жас дәрігер Жақия, негізінен, инженер Айболмен дос, осы достық сөзім Айболға операция жасау кезінде толық ашылмайды, көрермендер Жақияның Айбол жөніндегі пікірін Харламовпен дидарласу кезінде ғана біледі. Негізінде бұл сезімдер Жақияның жан толғанысынан, Айболға деген ілтипатынан көрінгені дұрыс еді. Ауыл қызы Жанаттың ұяң, жасқаншақтығы, әртүрлі нанымдарға бой ұрғыш қасиетін беруде З.Кемелханованың ойынында да жетпей жатқан жайттар бар.
Қойылымның режиссурасында да ағаттықтар байқалады. Шұбалаңқы көріністер, кейбір суреттермен актілердің ара байланысында қиылыспай тұрған жерлер бар. Әлі де болса инженер Айбол, Ләтипа, Жақия рөлдерін сұрыптай түскен жөн. Декорацияны көркемдей түскен дұрыс. Шығарманы қызықты ете түсу үшін музыкалық сүйемелдеуді қажет ететін тұстары бар. Алдағы уақытта театр режиссерінің осы мәселелерге назар аударғанын жөн көреміз. Жалпы, жас коллективтің дайындауында «Тасталқан» пьесасы жаман шыққан жоқ. «Көш жүре түзеледі» дегендей, осындай кемшіліктерді ойын барысында жөндеп, ұйымшылдықпен қызмет істесе, театр өз мақсатына жетпек.
«Жаңа өмір», З.Исағұлов,
28 мамыр, 1971 жыл. №64.
«ДОСЫМНЫҢ ҮЙЛЕНУІ» ХАҚЫНДА
«Аудандық халық театры сахнаға жаңа спектакль шығарады» деген хабар көпті бір елең еткізді. Театрдың жаңа спектаклі «Досымның үйленуі» деп аталады, авторы Қасым Аманжолов.
Әр көрерменнің көкейінде спектакль басталмастан бұрын халық театры өмірінде қаншалық ілгерілегендік, ізденістер, жас таланттардың алғашқы қадамдары қалай, режиссерлік тапқырлық, батыл шешім байқала ма деген сұрақтар жатты.
Пьесаның оқиғасы Қазақстанның бір ауылдық жерінде өтеді. Мұнда, негізінен ана мен бала арасындағы байланыстар, олардың өмірге көзқарастары, қилы мінездері қаз қалпында шынайы бейнеленеді. Олардың характерлері, психологиясы ашыла түседі. Пьесаның басты геройларының бірі - Досымның шешесі Биғаным әжей. Пьесаның өн бойында осы Биғаным қалмайды. Бұл рөлде ойнаған театрдың жас артистерінің бірі Дәмет Тілепова, ол бұрын сахнаға көп шығып ысылған емес, десек те, оның еркін ойыны, сезім шынайылығы, нанымды қимыл-әрекеті сүйіндіреді. Ол әр сөзінің мағынасын дәл беретін интонация таба біледі. Дәмет Биғаным образын ашуда көп ізденгені көрініп тұр, актерлік диапазоны кең. Биғаным өзінің көршісі Айғаным атты кемпірдің Мәмпәси деген қызын келін етіп алуды мақсат етті. Биғанымның ойынша, Мәмпәси көргенді бала. Амал не, Досым Биғанымның ойынан шықпады, оның сүйген қызы Насихат қапада тұрады.
Досым рөлінде ойнаған Аманғали Ербозов - бұрын да талай рет сахнаға шыққан жас. Ол мына пьесада жаңа бір қырынан көрінеді. Оның бойында сан алуан характерлерді, рөлдерді ойнай алатын мүмкіншілік бар, жалпы, ол сөз сырын аша түсуге көп көңіл бөледі. Образ жасауда осы тәсілді актер кейде шамадан тыс қолданады, рөлге іштей берілмей, жалаң актерлік техникаға бой алдырып алады. Сосын, Аманғали да анаға деген еркелік наз, өзгеше бір құрмет, ықылас пейіл анық аңғарылмайды. Кейде түрлі немқұрайдылыққа, салқындыққа, нанымсыз қимыл, әрекеттерге бой алдырады.
Ауыл қызы Мәмпәси рөлін Айсұлу Ордабаева тым тәуір ойнап шықты. Мәмпәси еті тірі, пысық, сөзі өткір. Досымда көңілі болғанымен, оның өзге сүйгені барлығын түсініп, өзгенің бақытына кес тұрмайды, қайта Досым мен қала қызы Насихаттың қосылуына дәнекер болуға тырысады. Айсұлудың ойынынан ішкі еркіндік, өз рөлін түсіне ойнау, өзіндік қырымен көріну сияқты актерлік жақсы қасиеттер байқалады.
«Досымның үйленуі» комедиясының шешімін сөз еткенде, негізгі оқиғаны дамытуға мұрындық болғандардың бірі Сыбанхан. Ол да Биғайшаның көрші әйелі, «ақсақты тыңдай, өтірікті шындай» қылатын сабаз. Сыбанхан рөлінде ойнаған Жеміс Жолжанова да өз рөлін біршама сәтті шығарды. Пьесадағы Айғаным әжей рөлін ойнаған С. Бейбітова, Досымның сүйген қызы Насихат рөлін ойнаған К.Бисенбаевалардың актерлік тәжірибелері аз, сондықтан олар келешекте көбірек іздене түскені жөн. Талаптанса бұл екі жас та тым тәуір актерлік қабілеттерінің бар екенін байқатты.
Спектакльді қойған театр режиссері Н.Мұхамбетжанов көңіл толарлықтай еңбек еткен. Бір сүйсінерлік жай, режиссердің жақсы қойылым беруіне ғана емес, еңбектене отырып, сахнаға шығаруына, солардың талант қырын ашуында. Бұрын оның жас талаптыларды тек массовкада (жалпы көріністерде), не оқта-текте бір көрініп қалатын эпизодтық рөлдерде ойнаған жастарға әжептәуір рөлдерді сеніп тапсыруы сүйсінерлік жай. Режиссер міндеті, шынында да, актерлерді тәрбиелеп, оларға өз бетінше жұмыс істете білу, образ жасау әдісін қалыптастыру, әр актердің өзіндік шеберліктерін қалыптастыру ғой.
Драмалық шығармада музыка автордың ойын толықтырып, шығарманың сахналық формасын айқындай түсу үшін қолданылатыны белгілі. Бұл ретте де театр коллективі тым тәуір ізденген. Қасым ақынның сөзіне жазылған әндер пьеса оқиғасына қарай «Бесік жыры», Шәмші Қалдаяқовтың лирикалық әндері оқиғалар желісін, күйін ұқтырарлықтай, дамытарлықтай мазмұн береді. Сондай-ақ, пластинкадан беріліп тұрған театр дыбыстары арқылы баланың жылағаны, әтештің шақырғаны қойылым әсерін күшейте түсті. Қойылымды музыкалық әсерлеуде мәдениет үйінің директоры Ж.Жылқышиев іріктеген музыкалар сәтті пайдаланылған дей аламыз. Жалпы алғанда, екі актілі, 3 көріністі «Досымның үйленуі» атты комедия аудандық халық театрының соңғы жылдардағы іздену үстінде қол жеткізген тым тәуір табысы деуге болады.
«Жаңа өмір», Ә.Қонарбаев,
18 мамыр, 1972 жыл. №60.
ӨНЕР ӨРІСІ ӨМІРШЕҢ БОЛСЫН
Таяуда ғана аудандық халық театрының сахнасында тағы бір жаңа қойылым шығарылған болатын. Бұл республикалық байқауға арнап дайындалған драматург Ә.Әбішевтің «Тамұқтағы таң» атты 7 суретті қаһармандық драмасы еді. Республикалық байқауға қатыстыруға таңдап алынған бұл көлемді драманың артар жүгі мен қояр талабы да қомақты болатын. Мұны жақсы түсінген театр артистері талап деңгейінен көрінді. «Тамұқтағы таң» оқиғасы, негізінен 1943 жылдың жазында оңтүстік Франция мен Испанияның шекарасындағы Кармо қаласындағы совет, француз тұтқындарын қамаған немістердің концлагерінде өтеді. Лагерьде аудармашы болып жұмыс жасайтын француз қызы Сюзанна өзінің француз генералы Нейдің партизандарымен астыртын байланысын пайдаланып, тұтқындағы дәрігер Елзар Әулетов бастаған совет адамдарын құтқару жолында жұмыстанды. «Тамұқтағы таң» қойылымы театр коллективінің бірлескен ынтымақты шығармашылық ізденістерімен толысып, кемелденген күйінде сахнаға келді. Қойылымдағы жеке рөлдерде ойнаушылар да ойнау қабілетіне, пьесадағы образдарға қарай таңдалып алынды.Сондықтан да рөлдерде ойнаушылар өз образдарын шебер шығарды. Қойылым 18-19 май күндері алғаш рет аудан орталығында көпшілік назарына ұсынылып, көрермендер тарапынан жақсы баға алды, ал 20 май күні облыс орталығы Шевченко қаласында республикалық жюридің сарабынан өтті. Міне, тағы да қызыл мақпалды сахна шымылдығы айқара ашылды...
...Бебеулеген жоқтау ән жүрек талшықтарын тартқылайды. Көмескіленген сахна төрін концлагерьдің темір тікенді торлары тұмшалаған. Жер шары құдды жалын құшағында. Азапқа түсіп әлсіреген кісендеулі тұтқындар зары қабырғаңды қайыстырады. Кешегі өткен алапат соғыс зардабы көңіліңе қаяу салады. Көзіңе еріксіз жас тамшылары іркіледі. Туған жерін, елін аңсаған тұтқындар әр жерден әр тілде «Құтқарыңдар, құтқарыңдар...» деп аянышты үн қатады. Міне, сөйтіп барып қойылым оқиғасы одан әрі шиеленісіп, өрби түседі. Оқиғаның әр қимылы мен көріністері өткен сайын үлкен толғаныста, белгісіз қобалжуда боласыз. Ол концлагердегі тұтқындардың аянышты өміріне деген сезім, олардың жүргізіп жүрген астыртын әрекеттері мен батылдықтарына деген сенім, тілектестік, олардың көңіл-күйлеріне араласқаның. Сондай-ақ, қойылымның езу тартарлық көңілді сәттері де көп-ақ. Әсіресе, өркөкірек неміс капитанының ебедейсіз сөздері мен өз солдаты арасындағы байланыстары күлкі шақырады.
Қара көлеңке сахнаны өткір прожектор жарықтары тынымсыз тілгілейді. Жарылған снарядтар үні сахнаны кернеп алған. Тұтқындар лек-легімен қаша бастады. Олар бостандыққа шықты, олар жеңді...
Міне, сахнада екі-ақ адам қалды, бірі француз қызы Сюзанна, екіншісі тұтқын қазақ Елзар Әулетов... Соғыс жүріп жатыр. Олардың атуға оқтары да азайған, өздері де қалжыраған, бірақ бір-біріне, өмірге деген махаббаттары берік те тың, нағыз мұқалмас махаббат па дерсің? «Мен өлімнің өзін де мазақ еткім келеді» дейді қайсар қыз, сөйтеді де Елзарға деген ықыласты махаббатын жария етіп, оны сүйе бастайды. Алайда, қарша бораған ажал оқтары оларды да қармақтарына іліктіреді... Зал ішін «Бухенвальд дабылы» кернеп кетті. Олардың бірін бірі демеген, өр кеуделерімен құшақтасқан қуатты қолдарын, екеуінің денесіне кірш-кірш қадалып жатқан өткір оқтар ажырата алмады. Өйткені олар Отанның болашақ бостандығына, жарқын бақытына кәміл сенеді. Олар дегеніне жетті де...
Музыка үні барған сайын асқақтай түсті. Сахна шымылдығы жайлап барып ысырылып жабылған сәтте ғана зал ішін ду қол шапалақтар көміп кетті. Демек, қойылым өз межесінен сүрінбей өтті. Бұдан соң республикалық жюри Маңғыстау халық театрын байқаудың лауреаты деген атақ пен 1-дәрежелі дипломға ұсынғандықтарын айтып, театрдың қол жеткен табысымен коллективті қызу құттықтады. Сондай-ақ, республикалық байқаудың 1-дәрежелі дипломдарына театр режиссері Н.Мұхамбетжанов, режиссердің көмекшісі С.Еділханов, суретші О.Жұмағалиев және жеке рөлдерде ойнаушылар Ж.Жылқышиев, Н.Әбубәкірова, С.Сатыбалдиев, Т.Жалғасовтар ұсынылды. Ал 11-ші дәрежелі дипломдарға О.Оразов, Е.Мұстажаев, Қ.Демеубергеновтар ұсынылды. Сөйтіп, ауданымыздың халық театры тағы да бір жаңа белеске шықты.
Бұдан соң халық театры коллективі облысымыздың өндіріс орындары мен кейбір совхоз орталықтарында: Ақтауда, Ақшұқырда, Ералиевте, Жаңаөзенде, Ұштағанда, Жармышта болып өнер көрсетті. Театр қол жеткізген жетістіктерге барлық жерде де көрермендер алғыстарын айтты. Бәрінің де айтары: «Табыстарың баянды болсын, өнерлерің одан әрі өнердің асқақ өріне өрмелеп, жаңа белестерге көтеріле беріңдер, жолдарыңа гүл бітсін!» -деді олар. Бұл тек театрдың шағын коллективіне ғана айтылған ізгі тілек емес, жалпы ауданның өнер жолындағы жарқын табыстарына деген пәк сезімнен туған қуанышты тілектер еді.
«Жаңа өмір», Қ.Ахметов,
2 маусым, 1973 жыл. №65.
ӨНЕР БАСПАЛДАҒЫНДА
Халық театрын мазмұны социалистік, түрі ұлттық, көп салалы мәдениетіміздің шыңы деп орынды атап жүрміз. Оның мәнісі, әрине, бүгінгі өскелең өміріміздің шынайы бейнесін сахнада көрсете алатындығында ғой. Сонымен бірге, қилы-қилы характерлерді көріп тұщынасың, кейбірінен жиренесің. Міне, мұның өзі де адам санасына сәуле түсіретін ғибраты мол жайлар екені белгілі. Демек, қалың көрермен халық театры коллективіне үлкен творчествалық үміт артады. Онда жұмыс істеп жүретін әрбір актерлер мен суретшілердің, көркемдік шешім туралы әр сағатында, әр минутында толғана алатын режиссердің өз жұмысына соншалықты беріле кірісетінінің мәнісі осында деп білеміз. Біз жан-жақты білігі бар, көрермен талғамын қанағаттандыра білуіміз керек, ол оңай шаруа емес. Бұдан 10-15 жыл бұрын халық театры дегенді білмейтін бүгінгі ауылдың талғамы өсіңкі екеніне шек келтіре алмайсың, дегенменен, адамдардың талғамы қандай биік болса, халық театрының, ондағы актерлердің творчествосы да тым тәуір қанағаттанатындығын біз мақтан етеміз. Мысалы, қазір республикамыздағы халық театрлары Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат», Гольдинидің «Трактир иесі», Толстойдың «Тірі өлім», Гогольдің «Үйленуі», сондай-ақ совет дәуірі классиктері Треневтің «Любовь яровая», Лаврентьевтің «Тасталқан», Погодиннің «Кремль куранттары», тағы басқа да сахна өнерінің озық үлгілерін игеру талап пен талғамға үлкен сын болғаны анық. Қуанарлығы сол, халық театрының қарапайым өнерпаздары сыннан сүрініп көрген жоқ. Халық театрының репертуарынан жоғарғыдай шығармалармен қатар, халқымыздың тамыры тереңде жатқан мәдениетін паш ететін М.Әуезовтің «Айман -Шолпан», «Қарагөз», Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты», «Қыз Жібек» драмалары, Қ.Мұхамеджанов пен Ә.Әбішевтің, Н.Анов пен Ш.Құсайыновтың пьесалары орын алды. Халық театрының өнерпаздары коммунистік құрылыстың қаһармандары мен жасампаз өмірді, коммунистік моралды, өмірі ой-арманға толы адамдарымызды бізбен сахнада дидарластыра алады, өмірдің қат-қабат қалтарысын, шытырман тірлігін өнер өріне шығарып жүр. Міне, сондай творчестволық коллективтің қатарына біздің Маңғыстау театры актерлерінің де болуы зор мақтаныш.
Халық театрын 1962 жылдың 22 желтоқсанында аудандық мәдениет үйі жанындағы драма коллективі өмірге әкелді. Содан бергі оннан астам жыл ішінде творчестволық коллектив өздерінің барлық қызметін аудан еңбеккерлеріне коммунистік тәрбие беру ісіне, ортақ мақсаттарға халықты жұмылдыруға бағыштап келеді. Театр осы кезең ішінде сахнаға 26 көп актілі, 6 бір актілі пьеса дайындап шығарды, оларды 271 рет 41262 көрерменнің назарына ұсынды.
Қазақ кеңес драматургиясының озық үлгілері біздің репертуарымыздан көрнекті орын алады. Бұның өзі қанатымыздың қатайып, топшымыздың беки түсуіне негіз болды. Біз «Қарагөз», «Еңлік - Кебек», «Түнгі сарын», «Келіндер», «Ана жүрегі» пьесаларымен неше рет алып барып, әр сапарда алғашқы жүлделі үш орынның біреуін иемдендік. Театрдың 57 адамы осы жылдар ішінде бірнеше рет жүлделі дипломдармен наградталды. Мысалы, Таңа Меңдібаев, Тыныштық Ахметова, Қибатқали Әмірханов, Жеңіс Жаңбырханов, Күлән Нәжиева, Сырым Бердібеков республикалық дәрежедегі дипломдардың иелері. Бұлардан басқа да актерлік творчествосының лайықты бағасын алып жүрген Сүйеубай Атшыбаев, Шамшадин Сабытаев, Жетібай Жылқышиев, Орынбасар Жұмағалиев, Аязхан Ерманов тағы басқа жолдастар бар.
Театр коллективі соңғы 3-4 жыл ішінде репертуарға тақырыптық шығармаларды көптеп батыл енгізіп жүр. Мысалы, біз Ұлы Октябрь революциясы, Ленин комсомолының өмірін, СССР-дың 50 жылдығын сол кезеңдегі өмір суреттерін баяндайтын «Біздің Ғани», «Келіндер», «Тасталқан», «Жоғалған дос» («Күтпеген кездесу»), «Ана жүрегі», «Көңілдестер» деп аталатын пьесаларды сахнаға шығардық. Әсіресе, театр коллективінің соңғы жетістігі талант топшысының біраз беки түскендігімен сипатталады. Биылғы жылдың май айында халық театрының республикалық байқауы өткізіліп, оған біз алып барған Ә.Әбішевтің «Тамұқтағы таң» пьесасына бірінші орын берілді. 7 адам бірінші дәрежелі диплом мен марапатталады.
Театрымыздың өнер күнделігін аз сөзбен түгесе айту мүмкін емес. Не дегенмен «ұялмаған әнші болады» дегендей, өз ісіміздің қыры мен сырына біраз жетіліп келеміз. Бір кезде режиссурадан кейбір кемшіліктер жіберіп алатынбыз. Әсіресе, тәжірибенің тайыздығы репертуар таңдауда басты кейіпкерлердің рөлінде ойнайтын адамдарды іріктеуде көбірек байқалатын. Бұның өзі «Көңілдестер», «Жоғалған дос», «Құдағи келіпті» пьесаларының солғын шығуына себеп болды.
Өнершілдер коллективін қанаттандыру, сөйтіп, театрдың беделін өсіру бірді-екілі адамның ғана мүмкіндігіндегі іс емес. Театр халықтық өнерді хас тұтатын, бүгінгі ауылдың талантты еншілеп алған адамдарының топтасар жері. Сондықтан да болуы керек оның жанашырлары көп. Әрине, бізге жергілікті партия, совет орындары бірқатар көмектер беріп те келеді. Соның арқасында, бұдан он шақты жыл бұрын тіккен отауларымыздың іргесі құтты болып, материалдық жағынан нығая түстік. Жыл сайын елді мекендерде пьеса қоюды жиілету нәтижесінде декорация, киім, тағы басқа қажеттерге жұмсалатын шығындар тым тәуір өтеледі. Қазіргі репертуардағы отыздағы ойнаушылар пайдаланатын 140 шамалы киім бар.
Сайып келгенде, мұның бәрі үлкен өнер отауына барар жолдағы алғашқы қадамдар ғана, ал нағыз танымал өнер иесіне тән қадамдарды бастау үшін әлі де көптеген жұмыстар тындыруымыз керек.Сонымен қатар, бүгінгі таңда бізді толғандырып жүрген мәселелер де жоқ емес. Алдымен, театр өнерінің сан алуан сырларын үйрететін студия жұмысы жолға қойылмай келеді. Театр жанындағы көркемдік советінің жұмысында да кемшіліктер бар. Мұның өзі артистер құрамы шеберлігін әлі де ұстартып үлгермеген өнершілерден тұратындығын көрсетеді. Олай болса, артистерді тұрақтандыру көп болып ойластыратын өзекті мәселеміз болуға тиіс. Кей реттерде театр коллективінің біраз күндер бойына сарыла күтіп даярлаған спектаклімен гастрольге ұзағырақ шығып кетуіне мүмкіндік жасалмайды, тек қана орталықта 2-3 рет қоюмен ғана шектеліп жүрміз. Егер, талант топшысы бекісе екен, өнер қарлығаштары қанат қақсын деген игі тілекте болғысы келсе, тиісті орындар бізге көбірек қамқорлық жасаулары керек.
«Коммунистік жол», Н.Мұхамбетженов,
6 қыркүйек, 1973 жыл. №85.
«БЕУ, ҚЫЗДАР-АЙ»
Бұрын көрермендер назарына сан қилы оқиғалар желісін баяндайтын бірнешеленген сахналық шығармалар ұсынған ауданымыздың халық театры тағы да бір қойылымды өмірге әкелді. Бұл жолғы шығарма Қазақ ССР- інің халық артисі Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаевтың бірлесіп жазған «Беу, қыздар-ай» комедиясы еді.
Комедияны сахнаға сәтті шығаруда рөлдерде ойнаушылардың қай-қайсысы да жеткілікті дайындықтармен келіп, өздері шығаратын образ характерлерін жете сезіне білгендіктері көрініп тұр. Сондықтан да театр артистері өздеріне тапсырылған образдарын сәтті шығарды. Мәселен, Айсұлу рөлінде ойнайтын Жиде Құлтумаеваның іс-әрекеттері нағыз комсомол жетекшісіне тән. Образ нанымды, ал театрдың белсенді мүшесі Оңболсын Сақауов өр мінезді, қызуқанды шабыт иесі нақ ақын образын шығарды. Оның жетістігін атап айтқан орынды. Ол осы қойылымда өзінің қабілеті мен тым тәуір талаптылығын таныта білді.
Сондай-ақ, Күнсұлу (Сембі Бейбітова), кандидат (Қалнияз Ержанов), Серке (А.Әбдікәрімов), суретші (Т.Жалғасов), Нұрсұлу (Ұштап Оразбаева), Жансұлу (Күреңше Бисембиева), милиционер (Нәзипа Әбубәкірова) образдары да өз бояуларын тауып, сәтті шыққан бейнелер деп айта аламыз. Қойылымның көрінісін беруде суретші жетістіктерін де атап кеткен орынды. Суретші Орынбасар Жұмағалиев шынайы көріністер бере білген, басы артық дүниелер көзге көрінбейді. Мұның өзі әрбір көріністен кейінгі үзілістерді көпке созбауға, сөйтіп, көрермендерді жалықтырып алмауға үлкен септігін тигізген. Қойылымның музыкасы да бүгінгі күннің әуендерімен үндесіп жатқан сергек ырғақтар, бұл құптарлық жай.
Алайда, қойылымның өн бойында осындай мақтаныш сезіммен айтарлықтай қол жеткен жетістіктер көп бола тұрса да, кейбір «әттеген-айлар» да кездеспей қалмады. Суретшінің алғашқы рет газет бетінен Айсұлудың суретін көргендегі кейпі мен сөйлеу мәнері, қимыл-әрекеті бір-бірімен кірікпей жатыр. Немесе, Айсұлудың қыздарға «жігіттердің жазған хаттарын» әкеліп берген сәтіндегі эпизод та тым сұрқай, әрекетсіз шықты.
Жалпы, халық театры «Беу, қыздар-ай» комедиясын сахнаға шығару арқылы жаңа бір жемісті қадам жасады. Бұл құптарлық, қуанышты жай, өйткені өнер мұраты күн сайын топшысының беки түсіп, қанаттанғанында емес пе?
«Жаңа өмір», Қ.Ахметов,
27 қазан, 1973 жыл. №129.
«ТАБАМЫН СЕНІ»
Күні кеше ғана баспасөзде жарияланған пьесаны таңдап алып көрермендер талқысына ұсыну аудандық халық театрының тақырып ауқымының кеңіп, талғам дәрежесінің өсіп келе жатқандығының айғағы болса керек. Аманжол Шамкеновтің «Табамын сені» пьесасы жастар өмірінің бір қырын суреттейтін құнды туынды. Пьеса зерделі жастар мен зердесіз еркелер арасындағы драма. Пьесаның кейіпкерлері күнделікті өзіміз кездестіріп араласып жүрген жастар. Біреулері (Бораш, Сымбат) әрі оқып, әрі еңбек етуші нағыз лениншіл жастар болса, енді біреулері жеңіл тұрмыстың жетегіне ерген елгезектер (Зада, Арнұр, Жәлел). Бірақ, әрқайсысының мінез-құлқы әр алуан. Әрине, Арнұрдың зердесіз еместігі бірден сезіледі, бірақ ақкөңіл, сенгіш, еліктегіш. Ол Жәлел мен Заданың жетегіне қалай еріп кеткенін байқамай да қалады. Негізгі себеп, оның Заданы ұнатып қалғандығы. Арнұрдың пәк жүрегі Задаға мейлінше беріледі. Жеңіл тұрмыстың шырмауына түсіп кеткен Зада Жәлелдің жетегінде. Тәрбиесі аз ол қаршадайынан «Ресторанға» әуес болған, дарқылдақ гитара үні мен шарап буы жас қыздың есін алып, жеңіл өмір сүруге итермелей береді. Алайда, бәрі өзгеше құрылады, адасқан жолдастарын жаңаша өмір сүруге үгіттеген Бораш пен Сымбаттың еңбектері зая кетпейді. Арнұр да, Зада да түзеледі. Зада мінезінің күрт өзгеріске ұшырауы «зырзыбыл» Жәлелді мұзға отырғызып кетеді.
Жастардың тұрақты ой қалыптастырып өсуіне ата-ананың да ықпалы бар екендігі айтылған пьесаның оқиға желісінде дамылсыз дамып отырады. Оқиғаны жігерлі дамытып отыруда артистер біршама ізденген. Бір қызығы, олар кілең жастар. Жас артистер жауапты рөлдерді тамаша атқара білді, сөйтіп, пьеса сәтті шықты. Талапты жастар Қ.Демеубергенов, Д.Ақжанова, Л.Шохарбаева, Ж.Сағындықовтардың ойындарынан жаңалық, ізденімпаздықтың іздері айқын аңғарылады.
Арнұр (Қ.Демеубергенов) мінезіндегі ерекшелікті тамаша ойнап берді. Оның ойын өрнегінен біз тез еліктегіш, сенгіш, аңқау жастың мінезін аңғарамыз. Әрине, онда бірбеткейлік, қайсарлық та бар. Мүмкін, алған бетінен қайтпауға оның осы бірбеткей өр мінезі де әсер еткен болар. Қожахметтің іс-қимыл әрекетінен барлық ішкі сыры көрініп тұр. Зада (Лаура) рөлін шынайы көрсетуге біраз еңбектенгендігі байқалады. Оның еркелігі басым, нәзік дауысы Заданың аңқау, көңілінің ақтығын айқындап тұр. Жастайынан ата мен ананың жылы алақанының табы мен емеурінін көрмеген ол Арнұрдың анасы мен әкесінің жылы шырайынан кейін өзгеріске ұшырай бастайды. Арнұрдың өзін сүйетіндігі де ой салады. Сондықтанда ол бұрынғы тұрмысынан жиіркеніп, өмірді жаңаша бастауға бекінеді. Ал Сымбат (Д.Ақжанова) пен Бораш (С.Тілегенов) мінездері нағыз сымбатты образдар. Дина Сымбаттың рөлін өте жақсы шығарды. Арнұрдың әкесінің рөлін орындаушы Ж.Сағындықов мәдениетті өрнегі бар, өзіндік диапазоны мол ізденімпаз жас екенін көрсетті. Арнұрдың шешесінің рөлін орындаушы Д.Тілепова ойнау шеберлігін шыңдай түскен. Өрбісінов те (Жәлел) біршама ойнай білді. Жалпы, «Табамын сені» пьесасы халық театрының жаңа табысы. Алайда, артистердің сөздері нақтыланып, айқын, дәл, мәнерлі естіліп тұрса нұр үстіне нұр болар еді. Артистердің қимылы мен сөзі астасып жатпаса образдың осалдығы байқалып қалмақшы.
Бораш образын ширатыңқыраса жақсы болар еді. Себебі, ол әрі жұмысшы, әрі студент образының жиынтығы ғой. Заданың образында да түзейтін жерлер баршылық, әсіресе Арнұрға беріле қимылдайтын жерлерін аша түссе, жеңілтек қыздың жеңіл қимылдарын ақтара түссе жөн болар еді. Жәлел образы өзіне сай емес. Ол сақа жігіт, бірақ Өрбісіновтің ондайлығы баяу. Гитара ойнай алмайды, осындай кемшіліктерді түзесе пьесаны қандай жерде де ұялмай көрсетуге әбден болады. Музыкасын құрастыруда да үйлесімсіздік барлығы байқалады.
Пьесаның негізгі арқауы лас өмірден жиіркен, таза, жақсы өмірге ұмтыл, оқы да еңбек ет деп тұр. Махаббаттың құдіреттілігін, жолдастықтың, шын достықтың жеңімпаз екенін паш етіп тұр.
«Жаңа өмір», А.Ерманов,
18 желтоқсан, 1973 жыл, №150.
ЖҰРТШЫЛЫҚТЫҢ СҮЙІКТІ ОРНЫ
Аудан орталығындағы (Шетпедегі) ақ шатырлы еңселі ақ үй көзге бірден шалынады. Күнде кешкісін поселке жастары осында жиналып сауық-сайран құрады. Жаздың әсем кештерінде одан күмбірлеген күй шалқып, талай жас арманына қанат бітіреді. Аудан еңбеккерлері, шопандар, тағы басқа сан түрлі мамандық иелері осында рухани демалады. Құйқылжыған Құрманғазы, Дина күйлерін тыңдап, әсем де құлаққа жағымды халық әуендері ырғағында кемпір мен шалдар да көзден бұлбұл ұшып, қайран боп кеткен балалық кездерін естеріне түсіреді.
Алматыдан, туысқан республикалардан келген майталман ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері, Еңбек Ерлері, соғыс ветерандары, аудан еңбеккерлеріне ең асыл да салауатты сөздерін осында айтып, даладай кең көңілді халықтың қадірлі қонағы болады. Осы үйде олармен кездесу кештері өтеді. Бұл Маңғыстау аудандық мәдениет үйі.
Мәдени орталық қазір аудан еңбеккерлерінің ең сүйікті орындарының бірі. Оның құрамындағы ән хор үйірмесі, ұлт-аспаптар оркестрі, мәдени үгіт бригадасы, эстрадалық ансамбль және тағы басқа көптеген үйірмелерге 160-тай адам қатысады. Мұндағы халық театры туралы әңгіме ететін болсақ, 11 жылға еріксіз кейін сырғимыз. 1962 жылы М.Әуезовтің классикалық шығармасы «Қарагөз» драмасын байқауға жақсы дайындағаны үшін республикалық байқаудың жюриі үлкен сенім білдіріп ұсынумен Мәдениет министрлігі мәдениет үйі жанындағы драма үйірмесіне «Халық театры» атағын берген болатын. Сөйтіп, бір кездегі кішігірім ғана драма коллективі қазір шаңырағы биік орта. Осы кезге дейін отызға жуық көп актілі пьеса дайындап, халық назарына ұсынды. Оның көп көңілінен қалаулы орын тапқан «Үй қожасы» (А.Чаховский), «Тамұқтағы таң» (Ә.Әбішев), «Беу, қыздар-ай» (Қ.Шаңғытбаев, Қ.Байсейітов) сияқты көптеген пьеса әзірленіп, тек қана ауданда емес, бүкіл түбектегі қалалар мен аудандарда, көптеген елді мекендерде қойылып келеді.
Қазір халық театрының 24 мүшесі бар, олардың бәрі де әртүрлі мамандықтағы жас жігіттер мен қыздар, араларында отбасылылары да бар. Әсіресе, көп жылдан бері көлемді шығармалардың басты рөлдерінде ойнап келе жатқан О.Жұмағалиев, А.Ордабаева, Т.Тілеповалар театрдың белді артистері. Ал, бұл ортаға соңғы жылдары келіп өз кейіпкерлерінің қимыл-әрекеті, мінез-құлықтарын көрермендер талқысына ұсына алып жүрген жас артистердің қатарында Қ.Ержанов, Қ.Демеубергенов, Л.Шохарбаева, Т.Өрбісіновтерді жатқызуға болады.
Театрдың 600 орындық үлкен залы. Жым-жырт тыныштық. Кең сахнада А.Шамкеновтың «Табамын сені» пьесасына дайындық жүріп жатыр. Театр режиссері Н.Мұхамбетжанов сахна алаңында көз алмай, қыз бен оған көңіліндегі сөзін айтпақшы болған жігіт бейнесінде ойнайтын Қожахмет Демеубергенов пен Лаура Шохарбаеваның әр қимылын қарап қалған. Қызға бүкіл ішкі дүниесі мен бар асыл сөздерін тебірене айтып, бет әлпетінен оған бізді сендіре білген жігіт, оған мән бермей, ойнақы қылық пен жанарын төңкере сөйлеген қыз бейнесіне риза болды. «Өте жақсы, сіз көріп отырсыз ғой, қандай тамаша! Енді келесі көріністі бастаңдар...»
Иә, мұндағы халық театрының қарапайым актерлері талғамы биік, талаптар биігінен көрініп жүргендері көпке мәлім ғой.
Аудандық мәдениет үйінің директоры Ж.Жылқышиевпен, басқа да қызметкерлерімен сөйлесе жүріп, біз тағы да көптеген сырларға қандық. Былтыр СССР-дың 50 жылдығына байланысты аудандық мәдениет үйлері жұмыстарына республикалық байқау жарияланған болатын. Соның қорытындысында бұл театр екінші дәрежелі дипломмен наградталып, 500 сом ақшалай сыйлық алды. Ал, биыл көп актілі «Тамұқтағы таң» пьесасын қойып, республикалық байқауда бірінші дәрежелі дипломмен наградталды. Және де көптеген артистер осындай құрметке ие болды.
Мәдениет үйінің жанындағы мәдени үгіт бригадасы да аудан еңбеккерлері арасында танымал болып келеді. Жаз жайлауда малшылармен пішеншілер арасында болып өнер көрсетуді дағдыға айналдырған. Бригада құрамындағы «Жастар» эстрадалық ансамблі де көпшіліктің сүйіктілеріне айналған. Олар дала ардагерлерінің көңілін серпілтіп, жігерлеріне жігер қосып, еңбек қарқынын үдете түссе, осылай жиі-жиі сапарға шығып тұру бригада мен ансамбльдің өз репертуарларын жетілдіре түсуіне септігін тигізді.
Маңғыстау аудандық мәдениет үйі осындай игі істердің ұйытқысы болумен қатар биылғы жылы «Үздік мәдениет мекемесі» атағын жеңіп алу үшін күресіп, облыстық байқауға дайындалуда. Сонымен қатар, 25 желтоқсанда болатын аудандық партия конференциясына сценалар мен номерлер әзірлеуде.
«Коммунисты жол», М.Іңірбаев,
21 желтоқсан, 1973 жыл. №156.
ТАЛАНТТАР ТАНЫЛҒАН ОРТА
Маңғыстау аудандық халық театры шағын драма коллективінен өсті. Театрдың өмірбаяны 1962 жылдың желтоқсан айынан басталады. Содан бері театрдың материалдық базасы нығайып, репертуары кеңейіп, талғамы мен талабы үздіксіз өсіп келеді.
Халық театры 600 орындық, 3 грим, декорация, киінетін бөлмелері мен оқу залы, фойесі және бірнеше шаруашылық бөлмелері бар мәдениет үйінде орналасқан. Театр қаржысы қазір өзін-өзі қамтамасыз етуге жарап қалды. Оның тапқан қаржысына автобус алынды, режиссер, суретшіден басқа арнаулы қаржысы есебінен костюмер штаты берілді. Таяу уақытта шофер, контролер, кассир сияқты қажетті қызметшілер ұсталмақшы. Техникалық құралдармен де бірсыпыра жабдықталды. Қазір театрдың 6 пьесаны бірден жабдықтауға мүмкіндігі бар. Осының бәрі халық театрының еңбекшілерді мәдени қамтудағы тапқан табысы, үлкен олжасы. Халық театры халықпен тығыз байланыс жасамаса, оған қажетті жағдай туғызылмаса, онда оның осындай табысқа жетуі де екіұштылау болар еді. Театр жұмысының жақсарып, көркейе түсуіне аудандық партия, совет орындары мен мәдениет бөлімі шынайы қамқорлықтарын аяған емес. Театр жұмысына аудандық комсомол комитеті де көмектесіп келеді. Халық таланттарын тауып, олардың актерлік шеберліктерін шыңдауда театр айтарлықтай жұмыс жүргізді. Ол өткен 11 жылдың ішінде 309 рет халық алдына шығып өнер көрсетіп, 28 көп актілі, 7 бір актілі пьесалар қойды.
Театр өткен жылдың өзінде ғана жаңадан 3 көп актілі пьеса әзірлеп, жұртшылық алдына шықты. Бірнеше рет облыстық байқаулардың лауреаты болды. Осы сапарда театр ұсынған «Тамұқтағы таң» пьесасы республикалық жюри тарапынан жоғары бағаланды.
Халық театрының орны халық арасы. Ол ұдайы гастрольде болады. Гурьев және Маңғышлақ облыстарының көптеген елді мекендерінде өнер көрсетті. Маңғыстау, Бейнеу аудандарының малшылары мен механизаторлары, Шевченко, Форт-Шевченко, Жаңаөзен, Ералиев, Жетібай қала, аудандарының құрылысшылары, мұнайшылары мен геологтары, теміржолшылары театр коллективі қойған «Қарагөз», «Әке тағдыры», «Ашынған жандар», «Келіндер», «Жоғалған дос», «Досымның үйленуі», «Өзіме де сол керек», «Тамұқтағы таң», «Табамын сені», тағы басқа да туындыларды 10-18 реттен көріп, тамашалап, риза болысты. Театр 1973 жылы Шевченко халқына теледидардан «Табамын сені» пьесасын көрсетіп, облыстық телевизия мен радио хабарларын тарату комитетінің 400 сом сыйлығын алды. Қала халқы театр табысына қол соқты. 1972 жылы ауданда театрдың 10 жылдығы атап өтілді, соған байланысты театр режиссері мен бір топ артистері облыстық, республикалық грамоталарға, «Еңбегі сіңген қызметкер» атақтарына ұсынылды.
Театр халыққа мәдени қызмет көрсетуде көптеген игі нәтижелерге жетіп жүр деп отырмыз. Алайда, соның көпшілігі режиссер мен суретшінің еңбегісіз болмаған болар еді. Сондықтан да режиссер Н.Мұхамбетжановтың, суретші О.Жұмағалиевтің еңбегін ерекше атап өткен жөн. 1964 жылы жолдамамен Маңғыстау халық театрына режиссер болып келген Н.Мұхамбетжанов талғамды маман екенін байқатты. Ол қызмет еткен жылдардың ішінде 26 шығарманы сахнаға қойды. Ұдайы ізденіс үстінде жүретін творчество адамы Нұрекең 1969 жылы Москвадағы Б.В.Щукин атындағы жоғарғы театр училищесін сырттай оқып жақсы аяқтады. Коммунист Мұхамбетжанов өз ісіне адал көзқараспен қарап, шын беріле қызмет істейтін адам. Ол тақырыбына орай драмалық шығарманы таңдауда, пьеса идеясын күнделікті өмірмен байланыстыруда, адамдар образдарын бұлжытпай танып, рөлдерді дұрыс орналастыруда, актерлерді жинап, ұйымдастыруда үлкен шеберлік танытып жүр. Өзі бірнеше пьесада өнер көрсетіп, әрі ақылшы, әрі тәжірибесін насихаттаушы аға есебінде көріне білуде. Нұрекеңнің режиссерлік шеберлігі өз алдына үлкен әңгіме. Ол тапқыр соны пікір, ұсыныс айтып отырады. Мысалы, «Тамұқтағы таң» пьесасында Елзардың сүйгені Галинаны атуға мәжбүр болғандығы сөзін магнитофоннан беріп, болған оқиғаны жарық күшімен түгел көрсетті. Немесе пьесаның басталарында сахна от-жалын құшағында қалады, бұл соғыс салған жараны көрсету шешімі, ал пьесаның финалында Елзар мен Сюзанна иық тірестіре тұрып атысады, бір оқ тисе де жығылмайды деген шешім көрермендерді үлкен толқуға итермеледі. Немесе «Табамын сені» пьесасын қойғанда әртүрлі зердесіз «еркелер» мойындарына гитара асынып алып, қараңғы түнде көше даңғырлатып билеп жүреді. Бұл ондайлардың мәдени орны жоқ, кебелігін паш ететін сәт. Жастарды театр ісіне тәрбиелеудегі еңбегі де бір бөлек. Сахналық өнері және режиссерлік тапқырлығы мен ұтқырлығы үшін Нұрекең Гурьев облыстық мәдениет басқармасы мен Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің ақшалай сыйлығын алып, бірнеше рет I–дәрежелі дипломмен наградталды, медалдар алды.
Суретші О. Жұмағалиевтің белгілі мамандығы жоқ, бірақ ол салған декорация қандай да болмасын озық ойлы, толыққанды бояулы қылқалам шеберінің туындысынан кем соқпайды. Ол дайындаған «Тасталқан», «Келіндер», «Досымның үйленуі», «Тамұқтағы таң» декорациялары диплом алды. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» дегендей, актерсіз театр да, режиссер де бос сөз. Театрдың өсуіне, табыстан табысқа жетуіне, ең алдымен, актерлер қауымының еңбегі себеп. Театр артистері әр мекемеде, шаруашылық орындарында қызмет істейтін өнерпаздар тобынан құрылған. Мұнда ондаған таланттар тәрбиеленіп шықты. Олардың қатарында театрдың «Халық театрлары» атануына, оның іргетасының берік қалануына атсалысқан «қарт» артистер А.Құдайбергенов, Қ.Әмірханов, Т.Меңдібаев, Т.Ахметова, Т.Сейтмағанбетов, С.Қоразов, О.Жалжанов, С.Атшыбаевтар бар. Кейінгі жылдары өз өнерлерімен аудан, облыс еңбекшілерін сүйсіндіріп жүрген Ж.Жылқышиевтің орындауындағы Ходжаев Тұрсын («Біздің Ғани»), Жаяу Мұса (осы аттас пьесадағы), Маңғас («Жоғалған дос»), оқытушы Айсұлу Ордабаеваның Жанаты («Тасталқан»), Мәмпәсиі («Досымның үйленуі»), Алмасы («Ана жүрегі»), оқу бөлімінің қызметкерлері А.Ермановтың Харламовы («Тасталқан»), Ғаниы («БіздіңҒани»), Мәлігі («Көңілдестер»), Д.Тілепованың Биғанымы («Досымның үйленуі»), жұмыскер әйелі («Ана жүрегі»), Д.Ақжанованың Сымбаты («Табамын сені») көрермендер көңілінде көп сақталар сымбатты бейнелер болып шықты. Олардың көпшілігі облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегерлері атанып, әртүрлі дәрежелі дипломдармен, грамоталармен наградталғандар. Бұл наградалар әуесқой артистердің еңбегіне деген әділ баға. Бірқатар актерлер мен актрисалар өз рөлдерін үлкен театр артистерінен кем ойнамайды. Олардың рөлдерді ойнауы, образды нақтылы, шынайы бере білуі, мінез әдет шындықтарын көрсетуі шебер орындалды.
Қазір театрда 24 артист бар, олардың көбі жастар. Аға артистердің тәжірибелерін үйрене отырып, жастар театр жұмысына белсене араласуда. Театрға тілек білдірушілер күн санап өсе түсуде. Бұл театр жұмысының қызықты да мазмұнды екенін дәлелдейді. Мәдениет бөлімінің көптеген қызметкерлері С.Сатыбалдиев, Н.Әбубәкірова, Қ.Ержанов, О.Сақауов, К.Бисембиева, С.Бейбітова, Ұ.Оразбаева, Ж.Құлтумаева осы театрдың тұрақты да белсенді артистері.
Өнерлі коллектив 1974 жылы көрермендер талқысына Ш.Құсайыновтың «Қилы-қилы тағдырлар», Б.Уахитовтың «Алтын көрсе періште жолдан таяр» атты көп актілі және 2 бір актілі пьесаларын дайындап шығарып көрсетпекші. Талантты коллектив өз көрермендері арасында партия идеясын насихаттау барысында КПСС XXIV съезінің шешімдеріне сай қызмет ете бермек. Театрдың өз міндеттемесі, жоспары бар. Олар тоғызыншы бесжылдықтың шешуші жылын жемісті аяқтады, ал айқындаушы жылы да табыссыз болмақ емес.
«Коммунистік жол», А.Ерманов,
20 наурыз, 1974 жыл.
ПРЕКРАСНОЕ РОЖДАЕТ ДОБРО
Я часто думаю о нравственном строе души: из чего он складывается, что на него влияет, роль искусства в его формировании. Вопрос этот сложный и далеко неоднозначный.
Нравственность, прежде всего, воспитывается общественным строем. Это не только этническая, но социальная категория. Вот, уже несколько лет я являюсь режиссером Шетпинского народного театра. Понимая, сколь велики мои обязанности, мой долг, в сорок лет я закончил Государственный институт театрального искусства в Москве. Моими учителями были большие актеры, они мне дали не только необходимые знания, но и научили настоящей верности театру, открыли мне великую миссию его -воспитательную, идеологическую.
Трудно создавался коллектив театра. Ведь сначала надо было воспитать чувство театра, пробудить в людях понимание его сути не как развлекательного действия, а как воспитывающего. В душе моей жила уверенность: желающие познать прекрасное познают. А потом будут следовать ему и в повседневной жизни.
Начал сразу не с трудного по сценическому воплощению спектакля «Кыз Жибек» Объясню это свое, на первый взгляд, противоречивое решение: надо было сразу задать работу и сердцу, и голове - всем, кто пришел в театр. А ведь пришли люди разных профессии - учителя, библиотекари, рабочие, с разной степенью подготовки, разными способностями, в конце концов, с разным нравственным строем души.
С первого нашего спектакля прошло десять лет, срок, который позволяет говорить о сложившихсы традициях, о творческом почерке коллектива. Наш театр стал лауреатом республиканского смотра народных театров, его знают не только труженики нашего района, но и Бейнеуского, Ералиевского, жители городов Новый Узень и Шевченко. Но я опять-таки обращаюсь к основной мысли своей статьи: что дал театр и актерам, и зрителям в нравственном плане?
Коллектив наш влияет на формирование эстетических вкусов зрителей. Об этом говорят записи в книге отзывов: «Ушел домой после спектакля с мыслью: всегда поступать так, как его герой-красиво. А.Каримову.» «Захотелось быть членом вашего коллектива, но годы не те. Меня заменит сын. Т.Муканов» И еще одна примечательная запись: «Поверил, что и в жизни так бывает: добро побеждает темное, зло, подлое» - это зрители. Конечно, так мыслят далеко не все, бывает, еще на спектаклях и неуместные смешки, неласкающие слух выкрики, еще много нужно сделать, чтобы зритель во всей своей массе не только полюбил театр, но поверил ему, перенесенего гуманизм и веру в человеческое достоинство, в свою повседневность.
Над этим мы и работаем, и делая свое трудное добровольное дело, сами растем и творчески, и самое главное, духовно. Мне приятно сегодня видеть артистическую и гражданскую зрелость самодеятельных артистов - Н.Абубакировой, Ж.Жилкишиева, Д.Тлеповой, А.Ерманова и других, которые, воспитывая не театра себя, создают вокруг себя микромир, светлый и честный. Эта гармония жизни и сцены убеждает меня в правильности избранного пути и рождает в душе радость причастности к большому и важному делу воспитания.
Нравственный строй души-из чего он складывается? Всем укладом нашей жизни и прекрасным, что живет в искусстве.
«Огни Мангышлака», Н.Мухамбетжанов,
17 октябрь, 1974 г.
ТАЛПЫНЫС ТАҒЫЛЫМЫ
Аудандық халық театрының әуесқой артистері үлкен ізденіс, көрермендерге тартымды туындылар ұсынуға деген талпынысымен облыс көлеміндегі өнерсүйер қауымға кеңінен танымал болып келе жатқаны баршамызға аян.
Көп үзілістерден кейін сахна төріне шыққан талғамы жоғары жақсы шығарма - «Бетпе-бет». Бұл қазіргі дәуіріміздің танымал қаламгері, Лениндік сыйлықтың лауреаты Шыңғыс Айтматовтың осы аттас повесі негізінде театр сахнасына лайықталып жазылған. Шығарма белгілі аудармашы, марқұм Қалжан Нұрмахановтың қаламынан жолдама алған. Сонау Ұлы Отан соғысының сұрапыл кезіндегі мылтықсыз майданда болған адамгершілік пен пасықтық арасындағы күресті өзек еткен бұл шығарма таяуда аудандық театр сахнасында көрермен қауыммен дидарласты.
Екі иінінен дем ала ілгері зулаған паровоз вагон составы бірден-ақ елең еткізеді. Отанды жаудан қорғауға ер-азаматтарды аттандыру, ақ тілек, ақ үміт, жеңісті сағыну сарыны көңілді баурап, ойды орай береді. Жас ана Сейде де сол орта өкілінің бірі. Аяулы қосағы Смайылға деген махаббаты, сенімі шексіз. Бірақ, Смайыл жан сауғалап келгенде күйректік жасап жасырынады. Жан баласына сыбыс білдірмеуге бекиді. Қашқынның қысқа жолы, пасықтық құлқы, адал жандардың ашынуы. Сейдені (Маржан Ильясова) адамгершілік алдына әкеп жүгіндіреді. Үңгірде жан сауғалаған Смайылға өзгелерді өзі бастап әкеледі. Маржан Сейде бейнесін үлкен тебіреніс, толғаныс қалпымен нанымды, сезімдер тереңіне шынайы ендей жеткізе алғанын айтуымыз керек.
Бұл оның творчестволық табысы, талмас талпынысының татымды жемісі.
Көрінгеннің бәрінен зәрезап боп жан сауғалаған, шыбын жанының ғана, дара басының ғана құлына айналған құр сүлдер қашқын Смайыл (Түлкібай Жалғасов) шығарма болмысындағы өз орнын бағдарлай білген. Кейіпкер дүниесіне бойлап, беріле ойнауымен көрушісін қуанта алды. Тергеуші (Асқар Харесов), Мырзағұл (Нұритден Мұхамбетжанов), Құрмаш (Қыдырбай Тұрмағанбетов) шығармадағы өз салмағына қарай талаптылық таныта алды. Сахнадан «Бетпе-бетті» көрген әрбір адам халық театры артистерінің творчестволық талпынысынан игі тағылым алды десек артық айтқандық болар еді. Рас, жүре-бара түзеліп кетер жәйттер де бар екенін айтпай кету әбестік болар еді. Ең бастысы, сахнада бос үзіліс болдырмай, оқиғаның ширақ өрбуіне күш салыңқыраса игі іс болар еді.
Фәтима да тартымды образ ретінде есте қалады, оның (Мақташ Тасболатова) Смайылдың қашқын болып елге келгенін толғаныс, тебіреніс үстінде Сейденің өз аузынан естіген сәттегі жекпе-жегі әлі де ширата түсуді қалап тұр ма деп қалғандайсың. Сахналық көріністерді де қанықтыра түссе жөн болар еді.
Жалпы, «Бетпе-бет» аудандық халық театры коллективінің жақсы табысы. Творчестволық табыс үстемелене түссе деген тілек қана бар.
«Жаңа өмір», А.Кенжебаев,
18 наурыз, 1976 жыл. №34.
ӨНЕР КӨЗІ ХАЛЫҚТА
Іргетасы 1962 жылы қаланған аудандық халық театры шағын драма үйірмесінен қанат қағып, қияға ұшқан болатын. Сол жылдардан бері оның материалдық базасы нығайып репертуары толығып, оған қойылар талап пен талғам арта түсті. Халық театры аудандық мәдениет үйі жанында орналасқан. Театрдан түсетін қаржы оның өзін өзі қамтуына жететіндей дәрежеде. Мәселен, қазір театрға арнайы автобус сатып алынып, қосымша штаттардың берілуі де соның нәтижесі. Аудандық халық театры техникалық құралдармен де біршама жабдықталған. Театрда қазақтың және 15 одақтас республика халықтарының ұлттық киімдері бар.
Театр жұмысының барған сайын жақсарып, көркейе түсуіне аудандық партия комитеті мен кеңес атқару комитеті, оның мәдениет бөлімі шынайы қамқорлық жасап келеді. Халық арасынан жас талант иелерін тауып, олардың өнеріне қамқорлық жасап келеді. Халық арасынан жас талант иелерін тауып, олардың өнеріне қамқорлық жасауда аудандық комсомол комитетінің де көмегі айтарлықтай дәрежеде болып отыр. Халық театры жас таланттарды әрдайым құшақ жая қарсы алып, оларды баулып үйретеді, өнерлерін ұштай түсуге көмектеседі. Театр шаңырақ көтергеннен бері 36 көп актілі, 8 бір актілі пьесалар сахнаға шығарылды. Бұлардың ішінде атақты «Қарагөз», «Қыз Жібек», «Тасталқан», «Досымның үйленуі», «Көңілдестер», «Табамын сені» сияқты спектакльдер бар. Бірнеше рет облыстық байқауларда жүлде алған коллектив 1973 жылы республикалық байқаудың лауреаты болды. Халық театры тек аудан, совхоз орталықтарында өнер көрсетумен шектеліп қалмайды, ол көршілес Гурьев облысының, өзіміздің Маңғышлақтың көптеген елді мекендерінде өнер көрсетіп келеді. Маңғыстау, Бейнеу аудандарының малшылары, Форт-Шевченко, Жаңаөзен, Ералиев, Жетібай қалаларының мұнайшылары мен теміржолшылары театр коллективінің репертуарымен, өнерлерімен жақсы таныс.
Халық театрының суретшісі О.Жұмағалиевтің театрға сіңірген еңбегі айтарлықтай. Ол көптеген жақсы да жарқын декорациялар жасауда талмай еңбек етіп келеді. Ол дайындаған «Тасталқан», «Тамұқтағы таң», «Досымның үйленуі», «Келіндер» спектакльдеріндегі декорациялар облыстық байқауларда бірнеше дипломдарға ие болды.
Театрда талапты да талантты жандар көп. Олар профессионал артистер еместігі мәлім «бірақ шын мәнісінде нағыз артистерден кем де емес» деп жазыпты бір топ көрермен жуырда «Пікірлер дәптерінде». Рас, олар әралуан мамандық иелері. Театрдың халық театры атағына ие болуына, оның іргетасының берік қалануына атсалысқан аға артистеріміз Ә.Құдайбергенов, С.Қоразов, К.Мырзабаев, Т.Ахметова,.
Т.Меңдібаев,Т.Сейтмаганбетов, О.Жалжанов, С.Атшыбаев, Ж.Жылқышиевтер бүгінде үлкен құрметпен аталады. Олардың есімдері театрдың алғашқы қарлығаштары ретінде шежіре альбомда жазылған.
Ал, соңғы жылдары өз өнерлерімен аудан еңбекшілерін сүйсіндіріп келе жатқан Т.Жалғасов, С.Бейбітова, О.Сақауов және басқаларының есімдері көпшілік қауымға кеңінен таныс. Осы аталған өнерпаздардың көпшілігі республикалық, облыстық байқаулардың жүлдегерлері атанып, әртүрлі дипломдармен, грамоталармен наградталды. Қазір театрдағы жиырмаға жуық артистердің көбісі жастар. Оларға аға артистерден үйрене отырып, театр жұмысына белсене араласып келеді. Театрдағы әуесқой артистерден ішінде мәдени-ағарту мекемелерінде істейтін қыз-жігіттер де аз емес.
Халық театры жуықта атақты жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Бетпе-бет» повесі негізінде жазылған Қ.Нұрмахановтың пьесасын сахнаға шығарды. Пьеса үлкен табыспен өтті. Театр коллективі пьесаның мазмұнына, көркемдік сырына, әлеуметтік мағынасына тереңдей түсуге күш салды. Көрермен қауым жаңа дүниені жатсынбай, жақсы қарсы алды. Бұл коллектив еңбегі дер едім.
Маңғыстау аудандық халық театры өз күш мүмкіндігіне орай бүкіл аудан жұртшылығының мәдени талап-тілегін біршама өтеп келеді. Ендігі міндет - осынау көтерілген деңгейден төмендемей, тынымсыз іздене беруде творчестволық жағынан кемелдене түсуде. КПСС XXIV съезі алға қойған міндеттер, міне осыған меңзейді.
«Коммунистік жол», Н.Мұхамбетжанов,
27 наурыз, 1976 жыл. №65.
ЖАҢА ПРЕМЬЕРА - ЖАҢА ТАБЫС
Жуырда аудандық халық театрының коллективі өзбек драматургі Еркін Уахитовтың «Алтын көрсе періште жолдан таяр» деген комедиясын сахнаға шығарды. Турасын айту керек, есейіп өскен театрымыздың өнерлі коллективі бұл комедияны сахнаға оп-оңай шығара салған жоқ. Ол творчестволық ізденіс жемісі болды. Әр ұлттың өзіндік психологиялық ерекшелігі, әдет-салты, қам-қарекеті, жол-жоралғысы болады. Міне, осыларды көрермен қауымға шынайы қаз-қалпында жеткізе білу тек қана талапты талпынысты емес, талантты шеберлікті де қажет етеді.
Комедияның қысқаша сюжеті мынадай: көршілес екі шал Момын мен Әбдісалам үйлерінің арасындағы ескі дуалды бұзып жүріп, алтын салған құмыра тауып алады. Ақырында мұны сұмдығына найза бойламайтын, көзін тиын тескен әккі саудагер Сейітмәлік сезіп, Әбдісаламды өз уысына түсіріп алады. Оқиға одан әрі шиеленісе келіп, «алтын» сыры ашылып қалады, шындық салтанат құрады. Алтын арбасуы үстінде түс шайысып қалған екі шал қайта табысады.«Баяғыдан бері ақ адал еңбекпен күнелтіп жүргенде, осы алтыны құрғырда неміз бар еді үкіметке тапсырмай» деген сөздер екі шалдан да шығады. Сейітмәлік қапыда қолға түсіп, жер соғып қалады...
Ақкөңіл де аңғал екі шалдың рөлін ойнаған артистер Н.Мұхамбетжанов пен О.Жұмағалиевтің шеберлігі, артистік таланты, өзіндік ізденулері, өз рөлдерін түсініп ойнауы көрермен қауымды бір желпінтіп тастады. Ал, біз сахнада халық театрының белгілі артисі А.Харесовтың қараниет, зұлым Сейтмәлік рөлін өмірдегі қаз қалпында шебер бейнелей білгенін айтар едік. Сейтмәліктің былайғы сырт көзге жүзі суық болғанмен, ол пайда түсер жерінде қырық құбылып кететін «шайтан». Ол ақша түсетін жерде «өрмекшіні өрелеп, құмырсқаны құйысқандайтын» сан алуан кейіпке түседі. Міне, осылардың бәрін А.Харесов әрекет қимылымен, мимикасымен жасанды қимылсыз, жалған бояусыз жеткізе білді. Ал, Момынның әйелі Нұрхиса рөлін ойнаған Н.Имашева, Момынның баласы Нәдір, қызы Зухраның бейнелерін жасаған Т.Жалғасов, Б.Шәукенбаева, Әбдісаламның қызы Дилором мен Сейітмәліктің әйелі Шапағаттың бейнелерін нанымды көрсетуге тырысқан А.Бақтиярова мен Р.Байғалиеваның және тергеуші Қылышбекті ойнаған Қ.Ержановтың болашағынан үміт күттірерлік жас талапкер екені аңғарылды. Бұлардың көпшілігі, тіпті, сахнаға бірінші рет шыққандар. Дегенмен, көрермендер көңілінен шыға білді. Біз үркердей топ талантты осы жастарға болашақта творчестволық табыс тілер едік. Пьесаны сахнаға дайындаған режиссер Н.Мұхамбетжановтың, суретші О.Жұмағалиевтің және басқаларының белгілі дәрежеде тер төге еңбек еткенін, жаңа бір соны беталыс байқатқанын танып қуана қол соқтық. Әрине, біткен іске сыншы көп. Біз залдан көріп алып, бүйтсе қайтеді, мынау неге солай деп орынсыз өкпе айтып, жақсыға талпынған жастарды жасытуды жөн көрмедік. Көзге оғаш көрініп, бадырайып тұрған кемшілік байқалмаған соң, сахнада жүре келе түзеліп кететін ұсақ-түйектерді ине-жіпке тізіп отырғанымыз жоқ. Мақсатымыз - халық театрының жаңа премьерасы жаңа табыстың белесі болғанын айту ғана.
«Жаңа өмір», 19 желтоқсан, 1976 жыл. №152.
«ҚАРАҚҰМ ТРАГЕДИЯСЫ»
Надандық пен қараңғылық тұмшалаған тып-тыныш бұйығы далада ояну, жаңа бір жарқын заман жарқылы бар. Кедей-кепшік көкейіндегі ежелден аңсап келген ақ каналы қуанышты жеткізушілердің бірі - төтенше комитеттің қызметкері Омар. Арыстандай ақырып, жолбарыстай жекірген үстем тап өкілдерінің үстемдігіне кішкентайынан кектеніп өскен, солардың қара халық, қалың бұқараға жасап келген жан төзбес айуандықтарын бастан кешкен Омарда теңдік күні туар деген сәтте Найман Дәулетке деген, жалпы әулет байшыларға деген ашу-ыза бұлқына қайнап, шегіне жеткен. Ендігі жерде халық бақыты жолындағы күреске қолға қару алып шығып өмірін сарп еткеннен басқа жол жоқ. Ал, бұған кереғар, қарсы жау, қаныпезер, қараниет Дәулет байдың да өз көздеген мақсаты бар. Сол мақсатын жүзеге асыру жолында ол енді айлаға көшкен. Шамасы келсе, қолымен жасаған қылмысты мойнына қамыт қылмай, оп-оңай ақталып, тез аттап кеткісі келеді. Талай жазықсыз жандарды атаман Дутовтың ақ әскеріне қойша бауыздатып, қанын суша ағыздырған Дәулет бүгінде ескі жараның ауызын қайта ашқысы жоқ. Қарақан басы дегенде жауыздықтың бой тітірентерлік жолынан жиіркенбей, жалтармай, түлкі жылпостыққа салынған бай соңғы кезде тым жалтақ. Дәурені өтіп буалдырланып бара жатқанын жақсы сезеді. Жұрт та бұрынғыдай емес, арқасының жауырлығын көрсетпейді, көздерінде кек, қолдарында қару. Айнала қазулы ор Дәулетке, содан да «Біз қартайдық, ұйқы қашты» дей береді. Бұл ін түбіне тығылған арланның ақырғы шарасыз ырылы, дәрменсіз бұлқынысы сықылды әрекет. Расында, енді кең дүние Дәулет бай сияқтыларға тар. Жаңа дабыл үні олардың басын айналдырып, төңірегін тұмандандырып, ұйқысын қашырып барады.
Қоштасу әні, мұңды саз. Туған жерге сыймай, өскен жерді қимай, жанарын жасқа жуып, көкірегін ащы өксік тілімдеп жас қыз кетіп барады. іріп-шіріген ескіліктің сарқыты әкесі Дәулет байдың әпербақандығымен зарлай-зарлай жетекке ерген «жетім бота» Жамалдың әні тұла бойыңды тітірентіп, құс еттендіріп жібергені әлгінде ғана еді. Енді-енді оның үстіне ашық әрекетке көшкен Дәулетбай кек қанжарын Омардың қанына жуып тынды. Қаны тамған жауыздықтың куәгері сорлы қыз Жамал да сұмдық жолды таңдап, өзіне өзі пышақ салды... Қорқыныш, қатер, азалы өлім... Дүние астан-кестен. Құлан жортпас, құс ұшпас жапан далада ақыл-есін жоғалтқан Дәулет бай қаңғырып қалады. Жан білмес жыраққа безіп кете барады. Бұл Қарақұмда жоғалған ескілік, оны ешкім іздеген де жоқ, іздемейді де... Болашақтың, жаңаның іздеушісі бар. Жорық жолындағы қызыл әскерлер Омар мен Жамалды іздеп тапты. Сонау көкжиектен қызыл арайланып таң, жаңа дәуір таңы атып келеді...
Пүліш шымылдық сырылып жабылғанда барып сергіп кеттім. Бағанадан бері көз алдымда болған оқиға әлдеқандай ауыр ойдан қозғалтпай тастапты деді қасымдағы салуалы жігіт ағасы. «О несі-ай, көзімді сулап алыппын» - деді сыртқа беттеген егделеу әйел қасындағы өзі құралпы біреуге. Мұның бәрі жуырда аудандық халық театры сахнаға шығарған драматург О.Бодықовтың «Қарақұм трагедиясы» тарихи дастанынан кейінгі көрушілердің ой әсері. Трагедия табиғатына тән нәрсе кейіпкер әдетте барлық қарсы күштермен сайысу арқылы оқиға өршіп, әрекет аяғы азалы өлімге апарады. Шарықтау шегі зәре ұшырады десек, «Қарақұм трагедиясында» мұның бәрі бар. Ерлік пен ездік, жауыздық пен адалдық айқасы, характерлер айқындығы жақсы көрінген. Оқиға кейіпкерлерінің мінез қыртыстары мен психологиялық бұрылыстарында тайғанақтық байқалмайды. Бұл ретте театр режиссері әрі Дәулет байдың рөлін орындаған Нұритден Мұхамбетжанов төккен маңдай тердің исі жақсы сезіліп тұр. Режиссер бұл жолы бұрынғы жылдардағысынан гөрі ерекше еңбектенгені, біраз биіктегені көрінеді.
Жас актер Қалнияз Ержанов (Омар) тағы бір тың қырынан көрініп отыр. Дегенмен, Қалниязда әлі де болса ширығу, сахнада кейіпкерше танылу жағы жетіңкіремей жатыр. «Көш жүре келе түзеледі» дегендей, олқылығын түзетеді леп үміттенеміз. Жамалдың жасық та жан аярлық кескінін алдымызға тартқан жас актриса Жұмақыз Жанғалиеваны жауапты рөлден тұңғыш жолықтырсақ та жалықпадық. Оның сөз мақамы, бет құбылысы, сезімдік сипаттарында (анда-сандағы жасандылығын ескермегенде) көрермен иланар шындық бар.
Баяндаушы автор жүгін көтерген Жетібай Жылқышиевке де жұртшылық риза. Жалпы, халық театрының коллективі қойған тарихи дастан жай оқиға фабула күйінде алына салмай, ситуацияға лайық көрсетілген. Қорыта айтқанда, «Қарақұм трагедиясы» театрдың көрермендерді қуантқан тұшымды дүниесі.
«Жаңа өмір», Б.Байекеев,
24 қыркүйек, 1977 жыл. №114.
САХНАДА СӘТТІ ТУЫНДЫ
...Сары кетіп барады. Іші қазандай қайнайды. Қолдан келген дәрмені топас та озбыр топ басы Мырзалыны өлтіріп шықты.
«Туған ел, құрбы-құрдас, бол риза
Ақыры міне, мұндай күйге жеттік.
Жаза ма көрісуге, қайран елім,
Хош болып, алыс сапар біздер шектік...»
Сары жай бара жатқан жоқ, жүрген жолын әнге бөлеп, өлеңдетіп барады. Жұртына жыр нақышын тастап, қыспақшыл қауымның қара ниетін масқаралап барады...
Жуық арада аудан мәдениет орындарының сахналарында көрсетілген «Ән құдіреті» пьесасының соңғы көрінісі осылай аяқталады. Пьесаның кульминациясы шиеленісті оқиғаларды туғызып, көрушіні екіұдай пікірде қалдырады. «Сал Сары, жұртына жақын ақын Сарының ендігі тағдыры не болмақ? Тағы да темір есікті түрме ме, әлде алды ашық, арайлы, азатты жолға тартты ма ол біржола?»
Міне, пьесаның құндылығы осы жақсы идеясында. Жазушы Бәкір Тәжібаевтың «Дойыр мен домбыра» повесі бойынша «Ән құдіреті» атты 4 актілі пьеса жазған әуесқой драматург Жетібай Жылқышиевтің бұл тұста көптеген творчестволық ұтымды шеберлігі, жанр қасиетін жақсы меңгере білетіндігі байқалады. Бұрын ауданымызда әнші, музыкант ретінде танымал Жетібайдың жаңа талаптағы жемісті қадамын қуана құптап, оның қолын құшырлана қысқымыз келді.
Шыны керек, татымды дүниесінің сахнада қойылуы да сәтті болды. Өнерге өте ғашық, елінің еркесі, сұлу әннің серкесі Сарының түрмеден қашқан қуғынды кезеңдерін, оның арагідік туған төсегіне аунап-қунап қайтар күндерін, жұртын жырымен суғарып, серпілтіп тастар тұстарын әуесқой артист Қ. Ержанов біршама жеткізе білді. Бірақ Қ. Ержановтың көп жыл сахнада істейтіндігін ескерсек, оның жетістігінен гөрі жетіспеуліктері басым сияқты. Актер шығарма мазмұнына үңіле алмайды, содан оқиғамен қабыспай бөлектеніп қалу кезеңдері жиі. Кейіпкердің жан дүниесі не бойлап, оны бояулы бере алуы аз. Таспас жерде тасып, басылмас сәтте өрекпейтін көп уақыт көзін сүзіп мардымсымситындығы қалайда ұнамайды. Суарылған шарболаттай жалтылдап, жалындап, отты өлеңдерімен азулы қарсыластарын бетіне қаратпайтын Сарының келбетін біз пьесаның екі қойылуында да толық көре алмадық. Сахнадағы бос жасандылық, жалғандық тым тәуір оқиғаны осалсытып жібереді. Автор еңбегіне де қиянат жасайды. Сондықтан, мұны алдағы уақытта ойнаушы да, режиссер де мықтап ескергені мақұл сияқты. Сарының сүйген қызы Қосан рөлін ойнаған Ж.Жанғалиева жақсы талантымен қуантты. Қосан қыздың оқиғаның өн бойында әр қылығы еріксіз сендіреді. Көшек, Төлен, Қалампыр рөлдерін орындаушылар О.Сақауов, Т.Жалғасов, Б.Сәтембаева сияқты жастардың ұмтылыстары тұшынтады. Думан жыр, сауық-сайраннан көзі тұманданып, басы айналатын, ауыл-аймақты ауызына аңтарылтқан ұрда-жық ойсыз тип Мыржалы болыстың сотқарлығы, сойқан қылығы жұртты запы етіп, ыза-кектерін қайнатып болды. Мырзалы өзін талай жерде өлеңмен шенеп масқара еткен Сарының атын естісе аза бойы қаза тұрады, ақыры, ит қорлыққа салып, түбіне жетуге тырысқан болыс «Біреуге ор қазба, өзін түсерсің» көбі келіп, Сарының қолынан шәйіт кетеді. Пьесадағы Мырзалы болыстың жағымсыз бейнесін жасауда Н. Мұхамбетжановтың біраз маңдай терін төккені байқалады. Жалпы, «Ән құдіреті» талғам тұрғысынан қарағанда сәтті шыққан пьеса деп бағалауға әбден болады.
«Жаңа өмір», Т. Шынболатов,
13 маусым, 1978 жыл. № 71.
ӨЗГЕРГЕН ӨҢІР ӨНЕРПАЗДАРЫ
1954-1955 жылдардан бастап аудан клубтарында драма коллективтері ұйымдастырылды. Оларға жоғары оқу орындарын бітіріп келген ауыл мұғалімдері жетекшілік етті. Ғизат Жұмабаев, Ғизат Әбілтаев, Қибатқали Әміржанов, Айтмағанбет Құдайбергенов, Таңаш Меңдібаев сияқты ауыл мұғалімдері әуелі бір актілі пьесалар қойып, ауыл жастарын өнерге баулыды. Кейіннен драма үйірмелері көп актілі пьесалар қоятын дәрежеге жетті...
Маңғыстау аудандық мәдениет үйінің драма коллективі 1962 жылы республикамыздың астанасы Алматы қаласында өткен республикалық байқауға қатысты. Астана жұртшылығы Маңғыстау өнерпаздарының өнеріне риза болды. Әуесқой артистердің драма жанрын біршама меңгергені, жастардың творчестволық ізденіс үстінде екені байқалады. Ол кезде драма коллективінің репертуарында ондаған шығармалар бар болатын. Театрдың материалдық базасы да біршама нығайып қалған-ды. Осы жолы маңғыстаулық өнерпаздар «Халық театры» деген атақ алып қайтты. Бұл ауыл өнерпаздарының өрнекті ойынына берілген шын мәніндегі әділ баға еді. Халық театрының алғашқы түлектері Таңаш Меңдібаев, Орынша Қоштаева, Терекбай Жаңбыршин, Сержан Шакратов театрдың нық басып кетуіне, кемелденуіне үлес қосқандар. Олардың сахна сырын меңгеріп, шеберлік шыңдауына режиссерлік міндетті қоғамдық негізде атқарған кешкі жұмысшы жастар мектебі оқу ісінің меңгерушісі Қибатқали Әмірхановтың сіңірген еңбегі көп.
1964 жылы халық театрына режиссер болып Москвадағы Щукин атындағы жоғары театр училищесінің режиссерлік факультетін бітірген Нұритден Мұхамбетжанов келді. Бұрын халық театрының артисі болған тәжірибелі, білімді, ұйымдастырушылық қабілеті бар жігіт шын мәнінде жетекші бола білді. Ол театр репертуарын жұртшылықтың талап-тілегіне сай толықтырып, жаңартып отыруда білімділік, талғампаздық көрсетіп келеді. Өзі де рөлдерде ойнап, республикалық байқаулардың лауреаты атанды. Маңғыстау халық театры - өзінің тәрбиелік міндетін де ойдағыдай атқарып келе жатқан коллектив. Театр алғаш құрылған кезде «Қарагөз» пьесасындағы Қарагөздің рөлін ойнаған Т. Ахметова бұл күндері сауда жүйесінде абыройлы қызмет істеп жүр. Сырым рөлінде ойнаған Таңаш Меңдібаев қазір аудандық партия комитетінің секретары. Нарша болып ойнаған Қ.Әмірханов мұғалім. Шәкірттеріне терең білім берумен бірге оларды өнерге баулудан жалықпайды. Соңғы жылдары театр артистерінің қатарына Н.Теміралиева, А. Нажимова, С.Бердібеков, Ж.Жылқышиев, С.Еділханов, О.Жұмағалиев, Ш.Шабытаев, С.Атшыбаев, М. Илиясова, К. Бисембиева, С. Бейбітова, А.Ордабаева, Қ. Ержанов, Ә.Жұмағалиев, Т.Жалғасов, О.Сақауов, Т.Түтеев сияқты жастар келіп қосылды. Бұлардың барлығы дерлік облыстық, республикалық байқауларға қатысып, бірінші және екінші дәрежелі дипломдармен наградталғандар.
Халық театры болып ірге көтергелі бұл өнерпаз топ 85 көп актілі пьесаны 487 рет сахнаға шығарды. Оларды 80 мыңнан астам адам көрді. Маңғыстаудың халық театры тек өз ауылының, өз ауданының құрметті қонағы емес. Оларды облыстың о шеті мен бұ шеті таниды, асыға күтеді. Бір сәт қара алтынды ақтарған мұнайшыларды қуантса, енді бірде байлық бастауын барлап жүрген бұрғышылар арасынан көресіз. Ақтылы қой өсірген малшы ауылдың да құрметті қонағы. Содан соң, Форт-Шевченко, Жаңаөзен, Жетібай, Ералиев, Бейнеу... Сапар осылай жалғаса береді. М.Әуезовтің «Қарагөз», «Еңлік - Кебек», «Түнгі сарын», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Ақан сері - Ақтоқты», Ә.Әбішовтің «Тамұқтағы таң», Қ.Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керек», Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытпаевтың «Беу, қыздар-ай», С.Жүнісовтің «Ажар мен ажал», Ш.Құсайыновтың «Есірткен ерке», «Алғашқы ұшқындар» пьесаларын көрермен қауым жылы қабылдап. ауыл артистерінің талабына қуана қол соқты.
Театрдың материалдық базасы ұлғайды. Қазір спектакльді дайындауға қажетті нәрсенің бәрі өздерінен табылады. Бұл коллектив ұйымшылдығының, артистердің еңбексүйгіштігінің жемісі, - деді. Олар гастрольге жиі шығады. Әр сапарында көрермен қауымға арнап тың туынды әзірлейді. Оған режиссер де, суретші де, актер де бәрі атсалысады. Сөйтіп, спектакльдің ойдағыдай шығуы орта мәселеге айналады. Мәселен, халық театрының суретшісі Орынбасар Жұмағалиевтің осындай мақсатты іске қосар үлесі мол. Әуесқой суретші театрға 1966 жылдың басында келді. Тұңғыш қадамын сәтті бастаған жас талап театрдың тұрақты кадры болып қалды. Ол шығарманың тақырыбы мен идеялық мазмұнын жете түсініп, оны шынайы өрнектей біледі. Сондықтан да әр спектакльдің өзіндік ерекшелігі суретші қолымен сахна төрінде өз шешімін тауып жатады.
«Өзгерген өнер өнерпаздары»,
Д. Орынбаева, F. Теміртасов,
Алматы. Қазақстан. 1979 жыл.
ӨНЕРДІҢ ӨРІС АЛҒАН ӨҢІРІМІЗ
Маңғыстау өңірінің өнері мен мәдениеті өз тамырын тереңнен тартады. Небір дүлдүл ақын-жыраулар, жыршы, он саусағынан өнері төгілген зергерлер, шеберлер шыққан топырақтың бай мұралары ұрпақтан ұрпаққа ауысып, кейінгі күндерге баянды жалғасып келеді. Бұл орайдағы әңгімені Маңғыстау ауданынан бастаған жөн. Өйткені бұл өзіндік тарихы бар, өзіндік дәстүрі қалыптасқан, елге белгілі талай майталман өнерпаздар өсіп шыққан аудан. Маңғыстау ауданы 1928 жылы ірге көтерді. Сол кездегі 32 колхозда 32 қызыл мүйіс бар еді. Аудандық клуб соғыстан кейін яғни 1945-1946 жылдары іске қосылды. Құрамында 15-20 жас өнерпаз бар домбыра, ән үйірмелері құрылды делінген «Өзгерген өңір өнерпаздары» кітабында. Міне, менің мәдени қызметке араласам осы жылдардың аяғына таман басталды. 1948 жылы қыркүйек айында аудандық мәдениет үйінің директоры болдым, бұған дейін әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде, жергілікті өндіріс комбинатында, аудандық Совет атқару комитетінде, аудандық тұтынушылар қоғамында түрлі жұмыс жасаған едім.
Ежелден күй мен жыр өрбіген өңірдің жастары сол кезде-ақ жүрген жерін жыр-думанға бөлеп, еңбекші жұртшылықты еселі еңбек етуге жігерлендіріп отыратын. Жасампаз іс, жемісті жетістікті өнеріне арқау ететін аудан шаруашылықтарында экономиканы нығайтумен қоса халықтық өнерді, көркемөнерпаздық творчествоны дамытуға да айрықша көңіл бөлінді. Ауыл-ауылдарда талапты жастар ұйымдастырылып, мәдени орындардың материалдық-техникалық базасын жасауда айтарлықтай бетбұрыстар байқалды. Әрбір колхоз өндірісінің клуб, қызыл отауы, тұрақты көркемөнерпаздары қалыптасты. Мәдени жұмысқа көңіл бөлініп, маңыз берілуі ауыл тіршілігін ажарлап, жастар қатарының өнерге көптеп келуін тездетті. Әуесқой артистердің шеберлігі мен қабілет дарыны қанаттанып, ұмтылысы ұшталды. Елуінші жылдар еңісінде шағын үйірмелер негізінде хор, ұлт аспаптар оркестрі құрылды. Жалғыз домбыра, жалқы сырнай, жеке орындаушыға құлағы үйреніп қалған көпшілік енді коллективтік өнерді қызықтап, тамсана тамашалайтын болды. Бұқараға етене жақын көпшілік өнерге жоғары баға берді. Жаңа сипат алып, тың мазмұн иеленген, халық дәстүрінің заңды жалғасы көркемөнерпаздық творчествоға көпшіліктің орынды құлшынысын туғызды. Бұрынғыға қарағанда ауыл сахнасының ажары әнші-күйші, бишілері көбейе түсті. Олардың топтан озған бөлек талантты шоғыры пайда болды.
Домбыраның құлағында ойнап, күмбірлете күй шерткен Мыңбай Жолдасбаев, Кеңес Аманиязов, Өтежан Алшымбаев, жыр сазын төккен Жанжігіт Қосназаров, халық әндерін шырқатқан Қалмұхан Жолдасбаевтардың талант талпынысына жұртшылық тәнті болды. Алдыңғы толқын ағалар артына ізбасар серіктес інілері ерді. Комсомол Махмұтов, Орын Құлсариев сияқты домбырашы музыканттар ұлт-аспаптар оркестрінің көркіне айналды.
Ауданда драма үйірмелерінің ұйымдастырылуы 1954- 1955 жылдардан басталды. Әуел баста оны ұйымдастыру оңайлыққа түспеді. Пьесада рөлге ойнауға тілек білдірушілер табылғанымен, сахналық жабдықтар жетіспеді. Театрлық костюмдер, киімдер дайын күйінде болмады. Оның үстіне декорациялық сәтті шешім жасайтын маман суретші жоқ еді. Дегенмен, қажырлы жігерге қиындық кедергі емес екен. Ынта-ықылас құлата кіріскен істе жоқтан бар жасадық. Ал жетілгенді жетімсіретпей жарқырата түсуге тырыстық. Режиссер де, артис те, суретші де өз ортамыздағы жігіттер мен қыздардан іріктелді. Драмалық шығарманы сахна тілімен жеткізуге қалада оқып, жоғары білім алған, көрген білгені мол жергілікті жастардың күш-жігерін пайдаландық. Бұл тоқтамымыз өте орынды шығып, ойлағандай нәтижесін берді. Шәкірттер тәжірибесіне жаңа ғана араласқан жас мамандар Айтмағанбет Құдайбергенов, Қибатқали Әмірханов, Ғизат Жұмабаев, Әбубәкір Құдайбергенов, Таңаш Меңдібаев, Ғизат Әбілтаевтар ақылдасып, кеңесер жұмыстың жанашырына айналды. Олардың бастауымен алғашқыда бір актілі пьесалар қойылып жүрді. Кейін көп актілі пьесалар, кесекті спектакльдер көпшілік сарабына ұсынылды. Әуесқой суретші Ерғали Несібеков тым жастығына қарамастан тым тәуір декорациялар жасай білді. Әрине, бұл арада алғашқы табыс біреудікі емес, бірлескен көпшіліктікі еді. Сол кезде мәдени мекемелер жұмысын жақсарту үшін облыстан артист, режиссер, әнші, методистер көмекке келіп тұратын. Ауданның жастары да соны құр жібермеді. Қажетіндегі қолғабысты қамқорлық деп түсініп, қыруар істер тындырып тастауға құлшына кірісті.
1962 жылы аудандық мәдениет үйінің драма коллективі М.Әуезовтің «Қарагөз» пьесасын сахнаға шығарып, республикалық байқауға қатысты. Әуесқой артистердің өміршең өнері жақсы бағаланды. Коллективке «халық театры» атағы берілді, сөйтіп, ауданда алғаш рет халықтық атағы бар өнерпаз коллектив дүниеге келді. Халықтық театрдың жақсы дәстүрін дамытып, одан әрі жақсартуға, шеберлігін ұштап, жетілдіруге Таңаш Меңдібаев, Сержан Шакратов, Терекбай Жаңбыршин, Орынгүл Қожыбаевалар баға жетпес еңбек сіңірді. Бұл ретте, режиссерлікті қоғамдық негізде атқарған кешкі жұмысшы жастар мектебі оқу ісінің меңгерушісі Қибатқали Әмірхановтың есімін айрықша атап кеткен орынды.
Халық театрын 1966 жылдан бері Москваның Щукин атындағы жоғарғы театр училищесін бітірген Нұритден Мұхамбетжанов басқарып келеді. Ұйымдастырушылық қабілеті бар маман театр коллективінің жұмысын жандандыра білді, сахнаны тың туындылармен қамтып, репертуарын жұртшылықтың талап-талғамына сай құрды. Ол талап текке кетпеді. Н.Мұхамбетжанов жұмысқа кіріскелі 49 көп актілі, 12 бір актілі пьеса шығаруды қамтамасыз етті. 14 жыл өресіндегі мұндай өнер тартуы режиссер үшін аз табыс емес, яғни әр жылға шаққанда 4-5 пьесаны көрермендерге ұсыну іргелі ізденісті, төккен терді аңғартады. Н.Мұхамбетжановқа «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағының берілуі де осындай мерейлі ісінің нәтижесі. Халық театры қазір де өзінің тәрбиелік міндетін ойдағыдай атқарып келеді.
Әншілік күйшілік өнердің кең өріс алып, қанат жая өркендеуі 1957 жылдарда айрықша болды. Москва қаласында өтетін жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестиваліне байланысты облыс бойынша өткізілген өнерпаздар байқауында ауданнан Лиза Әбдірахманова, Төрехан Үсембаева, Зәуреш Есбергеновалар асқақтата ән шырқап, алғашқы орындарды иеленіп, лауреат атанды. Ал, домбырашылар Орын Құлсариев, Комсомол Махмұтов, Құрақбай Наурызбаев және басқалар облыстық ұлт-аспаптар оркестрі құрамында 1958 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Москвадағы онкүндігіне қатысып қайтты. Мұндай табыстардың өзі ауданда өнерпаздық көркем творчествоның кең құлаш жая өркендеуіне үлкен жол ашты.
Бұл күнде сол игі нышандардан бастау алып, түп-тамыр тартқан өнер гүлдей жайнап жапырағын жайды. Осыдан отыз жылдай бұрын арнаулы музыкалық білімі барлар некен-саяқ болса, қазірде жоғарғы, арнаулы орта білімді мамандар жұмыс жасайды. Ауданда 5 мәдениет үйі, 18 автоклуб, ондаған көркемөнерпаздар үйірмелері тұрақты жұмыс жасайды. Еңбекшілерге 3 халықтық коллектив мінсіз мәдени қызмет көрсетеді. Аудандағы 27 кітапхананың 205 мың кітап қоры бар. Өнерлі жастар қатары күн өткен сайын көбейген аудан мәдениетінің бүгінгі өсу өркендеу келбетіне қарап көңілім көктеп, көркейе түсемін. Өзім мәдениет саласында 1949 жылдан 1963 жылға дейін үздіксіз жұмыс істеп келдім. Еңбегім еленіп, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, бірнеше рет облыстың, ауданның Құрмет грамоталарымен наградталдым. Сондай-ақ, «Үздік мәдениет қызметкері» белгісін де алдым.
1963 жылдан 1972 жылға дейін Таушық поселкелік Советі атқару комитетінің председателі болып жұмыс жасадым. Қазір жасым 67-ге жетіп, пенсияға шықсам да қатардан қалмай қызметке араласып жүрмін. Мен өзім жұмыс істеген 40-50-ші жылдардың жақсы көрінісін кейінгі жастар зердесіне бере отырып, оларға бүгінгі уақытты бағалай білуді, бойындағы бар талант қабілетін көпшілік игілігіне арнауды, өнерлерін толассыз өрістетуді тілек етіп айтқым келеді.
«Жаңа өмір», К.Сүйімбаева,
31 шілде, 1980 жыл. №91.
КЛАССИКАЛЫҚ ДҮНИЕ ҚАЛАЙ ШЫҚТЫ?
Жақында аудандық мәдениет үйінде халық театрының әуесқой артистерінің күшімен дайындалған М.Әуезовтің «Еңлік - Кебек» трагедиясы қойылды. Біз осы премьерадан соң бір топ көрермендерден спектакльден алған әсерлері, қойылымның жетістігі мен кемшін соғып жатқан тұстары жайлы айтып беруін өтінген едік.
Е.Қорабаев (Шайыр ауылының азаматы): Алдымен, театр халқымыздың ұлы жазушысы.
Мұхтар Әуезовтің «Еңлік - Кебегін» таңдап алуы құптарлық жайт. Бұл халықтық нақыштарға, ұлттық бояуларға қанық классикалық туынды. Үлкен шығарманы спектакль ретінде көрермендерге ұсынуда театр коллективінің бірқатар жетістіктері бар. Маған ұнағаны - спектакльдің өн бойындағы көбіміз біле бермейтін халық әндерінің жиі орындалуы, ұлттық киіну мәнері, шағын да болса реквизит пен бутафорияның шынайылығы. Бұл орайда театрдың суретшісі О.Жұмағалиевтің режиссермен қоян-қолтық байланыс жасай отырып, үлкен творчестволық танытқандығын атап өткен жөн.
Көбей мен Еспембет билердің рөлдерін орындаған Мелісбек Көшев пен Асқар Бисеновтің актерлік шеберліктері көрермен жұртшылықтың көңілінен шықты. Біздерді олардың өз характерлерін толық түсінгендігі, жаттандылықтан ада, билерге тән сөз саптаулары риза етті. Бұлардан басқа театрдың Ә.Жұмағалиев (Кебек), Н.Түрікпенбаева (Еңлік), Т.Оразов (Есен) сияқты артистерінің өздері ойнаған рөлдерін характерлік жүйеде толық ашсам деген талпыныстары байқалды.
Е.Әсіленов (бұрғышы): Бұл халық театрының көрермендермен көп үзілістен кейін жүздесіп тұрғаны ғой. Десек те, ұлы жазушының белгілі трагедиясын халыққа ұсынарда театр коллективі асығыстық жасаған сияқты. Қалыптасқан коллективтің төселген актерлеріне тән ойын өрнегін көре алмадық. Режиссер Н.Мұхамбетжановтың өзі орындаған елдің, халықтың кемеңгер тұлғасы іспетті Абыз салауатты түрде сөз саптап, парасаттылық таныту орнына кейде жадағай сөйлеп, жеңілтек қимыл танытқан тұстары да болды. Есен (Т.Оразов) батырға тән гүрілдеп сөйлеймін деп ойнау шеберлігін әлсіретіп алса, Жапал (Т.Жалғасов) көрермендерді толқытар кейбір қайғылы сәттерде күлкі тудырады.
Б.Әлібаев (студент): Меніңше, «Еңлік - Кебек» сияқты классикалық туындыны сахнаға шығару оңай емес. Бұған көп дайындық, режиссерлік ақыл-кеңес, лайықты декорация мен киім, артистік талант керек. Мұның барлығы да жетпей жатты. Шынымды айтайын, бұрын тәп-тәуір дүниелерімен танымал болған театрдың мұншама әлсіз өнер көрсеткеніне өз басым ұялып отырдым. Соңғы сахна тіпті солғын болды. Кебек пен Есеннің кездесуі, олардың ашу шақырып найзаласуы мүлдем тартымсыз. Есен өлімінің сендірмейтіндігін былай қойғанда, батырлардың қырқысып жатқан тұсында бұл оқиғаға мән бермегендей Еңліктің қарға адым жерде бала емізіп отырғанына не деуге болады? Иә, көрермендер пікірі осындай. Бірі қойылымның қол жеткен табыстарын мақтан етсе, бірі кейбір кеміс соғып жатқан тұстарын бүкпесіз айтып, өз пікірлерін білдіреді. Жоғарыдағы бұл пікірлерге біздің қосарымыз: Режиссер Н.Мұхамбетжанов белгілі классикалық туындыны сахнаға шығаруда біраз еңбектенген. Оның ұлттық бояу нақышын сақтай отырып,ойнаушыларды жекелеген рөлдерге жақсы таңдап іріктеген. Алайда, спектакльге түрлі сезімдік үн танытатын музыкалар мен көріністердің тақырыбына орай сан алуан жарықтар пайдалану жағы мәз де болған жоқ. Көңіл ашпайтын, күңгірт жарық спектакльдің он бойында еш өзгеріссіз тұрды да қойды. Ал, алғашқы көріністердегі Жапалдың қой жаятын өрісінде тұрған қойтастың соңғы көріністегі Еңлік пен Кебектің таудағы үйшігі жанында еш өзгеріссіз тағы тұруы (ең болмаса басқа бір қырынан көрінбей) қынжыларлық жәйт. Бұл, сөз жоқ, қойылымның режиссерінің салақтығы. Ал, театрдың суретшісі О.Жұмағалиевтің осы жұмыспен айналысқанына 15 жылдан астам уақыт өтсе де, декорацияға мүлдем салақ қарайтыны байқалды, өйткені қай қойылымның болмасын көркемделуі біріне бірі ұқсас болып келеді.
Тағы бір айта кететін нәрсе, спектакльдің өн бойында тек Еңліктен басқа қыз-келіншек көре алмадық. Әрине, драмалық шығармада ондай қатынасушылар көрсетілмеген шығар, дегенмен көрермендерге тартымдылық жағын ойластырып, режиссерлік фантазия қосуға болатын еді ғой, мәселен, «Еңлік Жапалдың қасына келіп серуендеп жүрген сәтінде оның серіктері болуы мүмкін ғой» немесе билердің сахнасында Көбейдің артына қарап «Қонақтар шөлдеп келген шығар» деп, сусын сұратқандай емеурін танытқан сәтінен кейін қыз-келіншектер билерге қымыз құйып әкеліп берсе несі айып?
Десек те, халық театрының жаңа спектаклі азды-көпті кемшіліктерге қарамастан көрермен жұртшылықтың көңілінен шықты. Театр коллективі таяу күндерде совхоз орталықтарына барып, жүздеген көрермендермен дидарласты. Міне, біз осынау үлкен де жауапты сапар алдында премьерадан әсерлерімізді бүкпесіз айтуды жөн көрдік, өйткені соңғы екі жыл бойы дайындалып, сахнаға шыққан классикалық дүниені жұртшылық салқын қабылдады. Көрермендер залының төрттен үш бөлігі бос жатты. Ал, мұның түп тамыры мәдениет орындары қызметкерлерінің тапсырылған іске енжарлығында жатса керек.
Қ.Тұрмағанбетов,
9 маусым, 1983 жыл. №71.
«ӘКЕ ТАҒДЫРЫ»
Аудандық мәдениет үйі халық театрының күшімен дайындалған қырғыз жазушысы Бексұлтан Жәкиевтің драмасының аудан сахнасында жүре бастағанына бір айға жуық уақыт болды. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары театр коллективі көрермендер көңілінен шығарлық туынды бере алмай келген еді. Ал соңғы кездегі беталыстың жөні бөлек. Бұл режиссер Маржан Ильясованың театр сахнасындағы екінші еңбегі. Жас режиссердің бір ерекшелігі - ерінбей-жалықпай еңбектенуімен қатар, өзгелерге талап қойып, өзі үйрететінін өзгелерден үйренуінде жатыр. Режиссердің тілі өзге, тілегі бір қырғыз драматургі Б.Жәкиевтің шығармасын таңдауы да тектен тек болмаса керек. Спектакльге бүкіл театрдың әуесқой артистері қатынасып, бірін бірі өзара түсінісіп, бірлігі дамыды.
Б.Жәкиевтің «Әке тағдыры» сахнамызға Ұлы Жеңіске 40 жыл толу мерекесі қарсаңында келіп отыр. Пьесаның рөлдері тауып қойылған. Мұндағы әке (Ақылбек) сияқты қиын, күрделі образды жасау екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс болса керек. Әрбір көрініс өзгерген сайын адамның психологиясы, жан тебіренісі, қайғысы, мұңы, қуанышы, түр әлпеті кейіпкер бейнесін сомдаушыға, әрине, үлкен сын. Образды шығаруда Н.Мұхамбетжанов біраз еңбектенгендігін көрсете білді.
Спектакль көптеген талапты жастарды жұртшылыққа танытып үлгерді. Бұл ретте, әсіресе, Зураның жеңгесі Бурулдың, Ақылбек шалдың немересі Жеңісбектің, қызы Майраштың рөлдерін ойнаған Лаура Сейілова, Болат Нұрғазин, Тамара Тілепиевалардың сахнадағы үні, қимыл-қозғалыстары кезеңге, оқиғаға жете қабысып, шындықпен көмкеріліп, көрушісінің көңілінен табылды. Зура рөлін ойнаған Айша Үмбетованың да ізденісі сүйсінтеді. Болат Нұрғазин болашағынан көп үміт күттіретін оқушы. Оның балаға тән қимыл қарекеті, сөйлеу мәнері, бәрі де ұтымды көрініс тапқан. Ол қазір №2 орта мектептің 5-класында оқиды. Болат мектепте де жақсы оқып, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүр.
Зураның екінші енесі Оңалханды – адуынды да ашушаң ененің бейнесін Маржан Ильясова қаз-қалпында жеткізе білді. Әр көрініс сайын бұл образдың бірте-бірте кемелденіп, өзгеріп сомдалуы спектакльге жан бітіріп отырады. Сол сияқты, спектакльдегі Шаршеке, Ақылбектің кемпірі Ұлжан рөлдерін сомдаған О.Жұмағалиев пен Ж.Танашева да көп еңбектенгендіктерін көрсетті. Спектакльге әу деп басталғаннан майданнан оралып жатқан солдаттарды вокзал маңындағы перрондардан күтіп алып жатқан туған тумаластары туралы фильмнен үзінді көрсетілуі де ұтымды шыққан. Бұл драманың тынысы мен оқиғасының одан әрі қарай дамуына үлкен динамикалық күш берген. Жалпы алғанда, спектакльдің айтайын деген ойын, оқиға мазмұнын театр коллективі жеткізе білді.
Дегенмен, бұдан спектакль мінсіз деуден аулақпыз. Көп жылдардан бері жұмыс жасап келе жатқан халық театрының мүмкіндігі жоғары, пайдаланылатын музыканы қазақтың сазды күй әуендерінен іріктеген жөн болатын еді. Оны спектакль басталар не аяқталар сәттерінде, үзілістерде ғана емес, жан күйзелісін, тебіренісін көрсететін жерлердің бәрінде де пайдалану қажет.
Сондай-ақ, драмадағы кең қолданылмайтын жырақ, там, гәп, тағы басқа сөздердің жергілікті қарапайым баламаларымен (алыс, үй, қабат) айтылғаны дұрыс болар еді. Спектакльде Жеңісбектен (Болат) басқаларының киген киімдері жаңа, әдемі. Одан гөрі сол кезге лайық киімдер пайдаланылғаны ұтымды болар еді. Сөз бен музыка, оқиға үшеуі бір-бірімен қоса қабат, тығыз байланыста болуы керек, бұл әсіресе спектакльдің аяқталар жерінде айрықша көрініс береді. Бұлардың бәрі де көш жүре түзеледі дегендей, оны тезге салу қолдан келетін, еленбейтін кемшіліктер.
Жалпы алғанда, «Әке тағдыры» сол кезеңнің өміріне, қуанышына, қасіретіне көрермендерді араластырып қана қоймай, сезім сырларымызды елең еткізер әсерлі, жанды туынды, халық театрының көп жылғы творчестволық жолы мен әсерлердің іздену нәтижесі.
«Жаңа өмір», Ш.Сабытаев, Т.Шайгөзов,
22 қыркүйек, 1984 жыл.
ХАЛЫҚ ТЕАТРЫНЫҢ ЖАҢА ТУЫНДЫСЫ
Таяуда аудандық халық театры коллективі драматург С.Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» атты 2 бөлімді драмасын сахнаға шығарды. Жұртшылық мұнда басты рөлдерде ойнап, ауданымызға кеңінен белгілі болған Ә.Жұмағалиев, Н.Мұхамбетжанов, М.Ильясова сияқты артистермен қатар театрға жаңадан келіп қосылған Серік Байзуллин, Роза Қилыбаева, Оразгүл Сақтағанова, Света Ештаевалармен де танысты. Көрермендер олардың өздеріне тапсырылған рөлдерді ойнау шеберліктеріне жіті көңіл бөле отырып, музыкасының да сәтті шыққанына риза болды.
Театрдың бұл туындысы ауданымыздың Ақшымырау, Қызан, Шебір, Тұщықұдық сияқты елді мекендерінде сахнаға қойылып, жұртшылықтың жоғары бағасын алды.Театрдың жаңа қойылымын облыс аудандары мен қалаларының көрермендері тамашалайтын болады.
«Жаңа өмір», А.Төкенов,
6 маусым, 1985 жыл. №70.
ЖЫР СЫНДАРЛЫ МАХАББАТ
Жақында аудандық халық театры «Ақбөбекті» сахнаға шығарып, үлкен бір істі тындырғанын жақсы білеміз. Сөйтіп, театр коллективі бұл шығарманы дұрыс таңдап, орынды қадам жасады. Осылайша туған жердің Ақбөбегін туғандары қайта тірілтті. «Ақбөбекті» аңсап жүрген ауыл адамдары аз болмады. Оған бір ғана дәлел: көп мезгілден бері Оңдының кішкентай клубы бүйтіп ине шаншар жер таппастай болып бір толып көрген жоқ-ты.«Ақбөбек» ауыл аралап шығыпты, бүгін бізге келетін көрінеді» деген хабар сол күні таң азаннан тарап үлгерді. Бір жігіттің «Шевченкоға ертең-ақ барамын-дағы, «Ақбөбекті» көру керек қой» деп өзінің жүргелі тұрған сапарын кейінге қалдырғанын да көрдік. Сонда жұртшылықты елең еткізіп өзіне тартқан нендей құдірет, нендей күш, ғажайып? Ол өлке төл топырағының Ақбөбегі мен Қайыбы көңілге жатталып қалған мәңгі суымас махаббат дастаны, өзегі, алтын жыры еді. «Қараймын жабағыңнан қаздай бойлап...» деп шалқыта шырқалатын, сағынышпен, сарғайып аңсаумен үзілте айтылатын назға толы сазды әнді, жүрек тебірентер, сезім шымырлатар әуенді осы өлкенің қолына домбыра ұстай алар жігіті де, қызы да бір толқытпай тағатын таппаған, көңілін бірлемеген ғой. Сонда Ақбөбекті ғасырдан ғасырға әспеттей сақтап, әлпештей қорғап, жалғастыра жаңғыртып келе жатқан не құдірет? Ол өлмес, саяз таппас, сырын кетірмес махаббат жыры.
Ақбөбек тағдыры бүтіндей бөлек, болмыстығы, өрнегі ерек жыр, таусыла білмес сыр, мәңгі солмас тақырып - махаббат дастаны. Шығарманың бірден өрге тартар, қиянға сермер өзекті идеясы да осынау реңде жатыр. «Ақбөбекті» сахнаға қоюшы Н.Мұхамбетжанов, Ақбөбек пен Қайыптың рөлін ойнаушылар Ү.Меңдіқұлова мен Ш.Сабытаев мұны жаңылмас діңгек қылып ұстай білгені елеулі еңбекті, ізденісті бүкпесіз аңғартады. Тек бұлар ғана емес, бүкіл коллектив творчестволық ізденісті, талантты толғанысты зерттейтін үлкен жауапкершілікті жете сезініп, түйін жасауға бірегей талпыныпты. Өкінішке орай, «Ақбөбек» бұрын сахнаға қойылды ма, қойылмады ма, есімізде болмай отыр. Бірақ, бүгінгі шын сүйсініп отырғанымыз «Ақбөбектің» бөлек бір қырынан көрінуі.
Ақбөбек пен Қайып драмада басты тұлға. Оның үстіне, екеуі де күні кешеге дейін өмір сүрген осы өз өлкеміздің перзенттері. Сондықтан, Үнзира мен Шамшадиннің үлесіндегі творчестволық шеберлік, ізденіс жүгі жеңіл емес-тін. Оған қоса, Ақбөбек пен Қайып кәдуілгі қарабайыр жандар емес, өнер иелері. Олардың сахналық болмысында қиындау соғатын тұс та осында. Мұны режиссер дәл түсініп, жіті ойлап, Ақбөбекті Үнзираға, Қайыпты Шамшадинге сәтті ұсынғаны шығарманың шоқтығын биіктетіп, шырайын келістіріп-ақ жібергенін толымды медет тұта айта алсақ керек-ті. Газеттік нұсқада жазылған шағын рецензияда кең қамтып, терең толғауға келіңкіремейтіні белгілі, солай бола тұрса да, Ақбөбек-Үнзираға көңіл қойың қырауды жөн көрдік. Ақбөбек арқылы Үнзира өзінің бойындағы өнерге деген сағыныш пен құштарлықтың сезімталдық пен талапкершіліктің, икемділік, ең соңында өнерге деп ағытылуға әзер тұрған таланттылықтың бар екенін бүтіндей болмысымен танытты.Осынау әспеттей білер өнер қарлығашының топшысын бекінтіп, қанатын еркін серметер, тәрбие тәлім берер, баулып үйретер шырайлы орта болса керек-ақ. Табиғат берген өнерпаздықтың ерекше шапағатты сәулесін келеңсіздіктен тұмшап, барын ортаға салмай кердеңдейтін, сәл мүмкіндігін шыңдап, толықтыру орнына берекесіз бұлдайтын жап-жас жігіттер мен қыздар қаншама десеңізші.
Ал, Үнзираның бойында сол жаман әдет жоқ екен. Өзінің болмысына біткен өнер сипатты сусынды халыққа ізеттікпен инабатты ұсына білсе несі әбес. Үнзира даралап сомдаған, ажарлаған Ақбөбек арқылы көрермендер толайым тарихтың бір шалғайында емескі із қалдырып, аңызға айналып кеткен өздерінің сүйікті апасын, мәңгі жас, нелер жыл жүзінен нұры кетпеген, мөлдір сезім тұнған ару Ақбөбегін бәз бір қалпында, тұнық дидарында көріп жүздесті, құмары қанбай іңкәрлікпен сырласты, құшақ қауыштырды. Сахнада Ақбөбек көрінген сайын аяулы аруымен бірге мұңайып, бірге күйініп, бірге шалқып, бірге сүйсініп риясыз аймалады, шексіз аяды. Зарына егілді, мұңына тебіренді, қайғысына ортақтасты, күйінішіне қабақ шытты. Бұл Үнзираның шеберлігі емес пе -шеберлігі. Әсіресе, Тоқпанның бөлек үйге қамап, қазықтап қойған сәтіндегі көріністі бейнелеуін кім жасанды дей алады? Ешкім де. Үнзира сонымен бірге әнші де екен. Нәзік те биязы дауысы Ақбөбек сынды аруға лайықты жарасып, аражік таппай, айна қатесіз үйірім тауып-ақ тұр.
Ақбөбек өз бақыты үшін қараңғылық топастығының құрсауын нәзік жігері, рухани құдіретімен шытына үзіп, ерен батылдық жасаған дүлдүл қыз. Талай Ақбөбектер қапас заман уын жұтып, лағнетін ашық айта алмай іштей булығып, жетпей күрмеліп, уақыт толқынының тасасында ізсіз кете барды емес пе? Ал, маң дала аруының олардан ерекшелігі сол, өз махаббаты үшін ақтық күші таусылғанша аласұрып күресті, қарсы тұрды. Ақбөбектің тоғышарлық ортадан кең айдынға асқақтай шығуы, әрине, мүмкін емес еді. Ақбөбек ошақ басының өзі болып қалмай, жүрек сезімі, махаббат пәктігі үшін ашық кетуі көкірегінде адамгершілік, намыс сәулесі барлығынан-ды. Осынау өзгеден табыла бермес дара қасиеттер Ақбөбек өмірі драмасында сатылай дамып, үйіріле ширығып, биіктей қалыптасуының сыры да осында. Ақбөбекті далалық тағдыр өз қазанында қайнатып, өзі үйретті, өзі әдеттендірді. Осыны Үнзира жете түсініп, сахнада сол құбылыстарды ақиқаттай шығарып, көрермен көңіліне ұялата да алды.
Ақбөбек пен Қайып теңіз жағасында жасырынып жүрген кезіндегі бір көріністе бесік жырын мұң, нала толы естілгендей сәтін сахнадағы әрбір көрермен күткен еді. Бапаны аяққа тербетіп отырып бірде бауырына басса, бірде қолына шайқаса, ал енді бірде аймалап, аялап бесік жырын күңірене зарығып айтса, қатыгез тағдырдың қыл бұрауы, жапандағы жазықсыз жалғыздықтың хаты ап-айқын жан-жүйеге жететін-ді. Бірақ, бұл тұс күткендей болмай, көңілге қаяу түсірді.
Бала үшін қашанда ана жанын берген ғой. Үнзира сол бауыр еті баланы қолынан тағылықпен жұлып алғанда еш тебіренбей, толқымай, сыз қабақ халде қалуы да орайлы соқпады. Қайта Шамшадин баласына таңба басатын кездегі тартыс пен тебіреністі Үнзирадан гөрі анағұрлым нанымды шығарды. Реті келгенде айта кетейік, Шамшадиннің нақ сәтті шығарған эпизоды осы тұс, одан кейінгісі Қалжаннан айырылуы. Мен өзім Шамшадин шын жылап жіберер ме екен деп қалдым.
Сәттілік кім-кімді де сүйсінтеді ғой. Халық театры артистерінің қай-қайсысынан да күтеріміз осы, үмітіміз мол. Ш.Сабытаев Қайыптың әншілік, домбырашылық даралығын шынайы бейнеледі. Солай десек те, жасқаншақтық, батылсыздық көзге ұра беретініне өкінеміз. Әсіресе, Ақбөбекпен оңаша қалған көріністер жасандылау. Біз Шамшадин арқылы әрі сері, әрі ақылды, жүрегі жырға, көкірегі сезімге толы, көңілі көл-көсір, бірақ қолы қысқа, шарасыз Қайыпты тануымыз керек қой. Қайып қол бастап, соңына топ ерткен батыр емес, өзінің өмірлік махаббаты үшін күрескен өнерлі жан. Ол еліне ерен өнері, таза жаны, үздіккен махаббатымен танылған дара ұрпағы. Режиссер артистке осыны аңғартыңқырағаны орынды болар еді. Тағы бір есте қалған бейне - Тоқпан. Оны көрермен көңілінде бейнелеген Қ.Демесінов. Көпболдың Тоқпан үшін аз еңбектенгені көрініп тұрды. Сонда да ол бай бейнесін әлі сомдаңқырауы керек. Бай Тоқпан, ол сүлік, ол азулы қасқыр, ол түлкі, ол қаныпезер. Көпболдағы басты олқылық, бір оқиғадан бір оқиғаға ауысқан сәттегі кенеттен өзгеріс табатын артистік тапқырлық, оралым, үйірілу жетіспейді. Айталық, ол Ақбөбектен айырылып қалғандағы хабарды түйсіксіз қабылдап, бейжай қалыпта отыра бергені сендірмейді. Тоқпанның Тоқпан болғалы ту сыртынан қадалған қанжар осы Ақбөбектен айырылуы десек, онда оның жан күйзелісін, оқыс түршігуін жеткізу парыз емес пе?
«Ақбөбек» драмасының авторлары (1965 жыл) әп дегеннен-ақ түн ішінде Ақбөбек пен Қайыпты жасырын кездестірді де, оған ауылды басына көтергізіп ән айтқызады. Осы қисынға келмейтін деталдан халық театрының режиссері де бой тартуға батылдық, шешімділік етпегені бірден аңғарылады. Ұмытпасақ, төртінші картинаның басында теңіз жағасында елден қашып, екеуі (Ақбөбек, Қайып) балық аулап күн кешеді. Ал сахнадағы декорация бірінші картинадағы Қайыптың мәс тігіп отырған кішкене лашығы. Режиссер де, суретші де бұл декорацияны қалай пайдаланғанын біле алмадық. Оқиға ауылда емес, ен далада, теңіз жағасында емес пе? Оның үстіне, диалогтар да. әңгіме де теңіз, балық, ау туралы болады, сүйте тұра, балықшының бір кішкене қарекеті сахнада байқалмайды. Сондықтан режиссер бүкіл декорацияны (осы картина үшін) қайта өзгертуі тиіс. Қандай шығарма болсын, ол шарықтау шегіне жеткеннен кейін бірте-бірте таралып, ең соңынан түйін түйілуі керек, «Ақбөбек» драмасының ең соңғы нүктесіне біз тағы түсінбедік. Аяқталар кезде Семен және Қайыптар тағы ұсталып қалған сияқты идея елес береді. Драманың бұлайша аяқталуы оқиғаны жеріне жеткізбей үзеді. Көрерменге керегі «Ақбөбектегі» оқиғаның немен тынғаны, ол ашылмай қалады. Режиссер шешіміндегі жаңсақтық сценарий авторлары Б.Қорқытов пен У.Қайралаповқа жүгінуге итермелейді. Шығармада Семен мен Қайып Нұрскийді (төрені) алып шығады. Нұрский атпаңдар деп белгі береді. Семен мен Қайып кері шегінумен сахнадан шығады. Атыс басталады. Музыка, Қайып сазы. Шымылдық.
Енді осыны тағы талдап қаралық. Семен мен Қайып кері шегінумен сахнадан шығып кетуі қалай, шығып кеткеннен кейінгі атыс кімге керек және ол не қылған атыс. Оның үстіне, Қайыптың сазы қабаттасып неғып жүр? Жалпы, атыс басталғаннан кейін ол немен тынды, сол бойда кім жеңді, кім жеңілді, мәселе осында емес пе? Егер авторлар Ақбөбек, Қайып, Семендардың өмірі алға қарай тағы күреспен жалғасты деген идея туғызғысы келсе, оны атыссыз-ақ беруге болады ма? Тарсылдаған мылтықтың үнімен сол идеяны беруге болар ма екен? Ол сол сәттегі оқиға емес пе? Сондықтан режиссер драманың ең соңғы нүктесін қалай қоюы керек екенін әлі де өзінше ойлауы керек сияқты.
«Жаңа өмір», Қ.Аманиязов,
19 желтоқсан, 1985 жыл. №153.
«АҚБӨБЕК» АВТОРДЫҢ БІРІМЕН ЖҮЗДЕСТІ
Жақында аудандық халық театры коллективі Бейнеу ауданында гастрольдік сапарда болып қайтты. Бұл жолы бейнеулік көрермендерге өз репертуарында қайта жаңғыртқан жергілікті ғашықтық драмасы «Ақбөбекті» ұсынған театр артистері үшін жауапкершілік жүгі молырақ еді. Оның басты себебі: біріншіден, коллектив бұл өңірге ондаған жылдардан кейін ат ізін салып, көрермендермен біршама үзілістен кейін дидарласып тұрса, екіншіден, «Ақбөбек» авторларының бірі Уәйіс Қайралапов осы ауданның тұрғыны-тын. Театр коллективінің өзінің гастрольдік сапарын алдымен ауданымыздағы елді мекендер мен Форт-Шевченко қаласынан бастап, содан кейін Бейнеуде жалғастыруының сыры да осында жатса керек.
«Ақбөбекті» бейнеуліктер шынайы ықыласпен, жылы достық сезіммен қарсы алды. Мұндай ыстық ілтипаттың, құрметтеудің нышаны 3-4 күнге созылған сол сапардың өн бойынан керемет көрініс тапты. Маңғыстаулықтар жергілікті көрермендермен алғашқы күні теміржолшылар мәдениет үйінде жүздесті. Қойылымның жұртшылыққа етене таныс, жергілікті оқиғаны баяндайтындығынан ба, әлде облысымыздың ана тіліндегі қойылымдар жиі бара бермейтін шалғай ауданы болғандықтан ба, әйтеуір поселкедегі ең үлкен мәдениет ошағының кең залына халық лық толды. Театр артистері де осы бір шақтың жауаптылығын терең сезіне, тың серпіліспен ойнады. Әрқайсысы өз рөлінің ішкі сезім нюанстарына, характерлік құбылыс өзгешеліктеріне сай творчестволық шеберлікпен бүкіл көрерменді екі сағатқа жуық «уыста ұстады». Талғамы биік, талабы жоғары жұртшылық арагідік артистердің осындай шын шеберлік танытқан тұстарында қол соғып, қошемет көрсетіп отырды.
Спектакльдің соңғы нүктесі қойылып, Ақбөбек әйел теңсіздігіне, сүйіспеншілікке қарсы сүреңсіз салт-дәстүрге санасымен сарғайып, терең тыныс алғаннан кейін ғана шымылдық баяу сырғып жабылған сәтте зал толы халықтың ду қол соққаны дүркірей ұшқан кептерлерді еске салды. Осы кезде көрермен ретінде залда отырған «Ақбөбек» авторларының бірі Уәйіс Қайралапов сахнаға, театр артистерінің ортасына шақырылды. Ол өз шығармасын біраз жылдардан кейін қайта әзірлеп, халықпен қайта дидарластырған театр коллективіне шын жүректен рахметін айта келіп, қойылымның ұтымды, ұтырлы, жарасым тауып жаңғыра түскен тұстарына тоқталды. «Ақбөбек талай қойылып жүр, -деді Уәйіс. Бірақ, мұнда, маңғыстаулықтар трактовкасында бірқатар ұнамды өзгешеліктер бар. Қойылымда тұтастай халық арасында көп таралмаған әндерді пайдалану, Ақбөбек орындайтын әндер үшін біршама варианттар таңдау, әр картинаны жергілікті күйшілер Есір, Абыл, Мұраттың күйлері арқылы музыкамен көркемдеу - театр коллективінің, оның режиссерінің табысы. Әсіресе, маған түйін қатты ұнады. Қайып бұрынғы қойылымдарда кіжініп сахнада қалатын еді, ал маңғыстаулықтар бұл жолы әділетсіздікке шыдамаған Қайыпты Бесқалаға жөнелтіп, Ақбөбекті ару Әлиманың зарымен сахнада қалдыру арқылы авторлардың, біздің, ой-идеямызбен үндестік таба шешім жасаған» Соңынан, автор Уәйіс Қайралапов көпшілік көрермен алдында «Маңғыстау» деген толғауын және «Ақмыштағы Ақбөбек ескерткіші алдында» деген өлеңін оқыды.
Бұдан кейін СССР-дың 60 жылдығы атындағы және Сам совхоздарының орталықтары Ақжігіт, Сарға селоларының еңбеккерлеріне өнер шашу етіп қайтқан маңғыстаулықтар аудан орталығы Бейнеу поселкесіне жергілікті көрермендердің сұрауы бойынша қойылымды қайта қойып берді. Спектакльден кейін тағы да театр коллективіне ресми түрде рахмет айтылды. Онда Бейнеу аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі М.Болысов сөз сөйлеп, коллективке жергілікті әкімшіліктің грамотасын және ескерткіш домбыра сыйлады.
Артистеріміздің қай-қайсысы да діттеген жерден шықты, - дейді Н.Мұхамбетжанов осы сапардан келгесін сөзге тартқанымызда, - бар мүмкіндікті сала, творчестволық шеберлік деңгейінде көрінді. Дегенмен, бұрыннан талай-талай образ сомдап сахна мәдениетін жете меңгерген Ш.Сабытаев, А.Жарылғасов, К.Демесінов, Ә.Жұмағалиев және Ақбөбек рөлін орындаған дебютант Ү.Меңдіқұлова сияқты өнерпаздардың есімдерін ерекше атап өткен орынды. Әрине, спектакль туралы төрт аяғын тең басып тұр, ешбір кемдігі жоқ деуден аулақпыз. Әсіресе, театр киім-кешегінің тапшылығы көп ретте жағдаймен санасуды алға тартуда. «Ақбөбекпен» облыс көрермендерін толық қамтуды жоспарлағанбыз. Ендігі бағытымыз облыстың аудандары мен қалалары болады».
Бейнеу сапарынан оралған аудандық халық театры творчестволық өсіп-өркендеу үстінде екенін, бұдан да зор, күрделі шығармалар әзірлеп, көрермендер талғамынан шығу мүмкіндігі бар коллектив екенін аңғартты.
«Жаңа өмір», Қ.Тұрмағанбетов,
14 қаңтар, 1986 жыл. №6.
САХНАДА-«КӘУСАР»
Аудандық мәдениет үйі жанындағы халық театры қазақтың халық жазушысы Ә.Әбішевтің «Кәусар» атты драмасын сахнаға шығарды. Жақында олар аудан шаруашылықтарын аралап, гастрольдік сапардан оралды.
Шындығын айту керек, «Кәусар» көлемді болғанмен, жүгі ауыр, ойнаушылардан біршама талантты талап ететін, көрермендерді бүгінгі таңдағы көкейкесті күн ағымымен тоғыстыратын шығарма. Өйткені, спектакльдің өн бойындағы өзек кәдуілгі күнде өзіміз көріп жүрген таныс көрініс - мал шаруашылығы болса да, көре тұра көпе-көрінеу көзге ілмейтін, қоғамға жат құбылыстардың беті ашылатын, ар-намыс, әділет пен жалғандық таразыға түсер дүние.
Дегенмен, кейіпкер бейнесін жасаудағы жақсы талпыныстарын танытқан талапкерлер -Гүлзира Медиева, Айсұлу Өтеулиева, Мақпал Еркетаева, автоклуб меңгерушісі Мырзатай Жарылғасыновтарға көрермендер жылы ілтипат білдірді.
«Туындыны сахнаға шығаруда кемшілік жоқ деуге болмайды. Әлі де болса кейіпкерлердің ішкі көңіл иірімдеріне қарай дауыс құбылуы жеткіліксіз, бірсарындылық, монотондық басым. Бұл әрине, қалыпқа келтіруге болатын нәрсе деп ойлаймыз. Сондай-ақ, музыкамен көркемдеу жағын да жақсартуды ойластырудамыз. Ойнаушылардың кәсіпқой актерлер емес екенін ескерсек, мұндай саяси мәнді шығармаға үлкен дайындық қажет екенін де түсінеміз. Ал, жеткіліксіз дайындалған туынды өзінің құнын азайтып, көрермендерді мезі етері даусыз. Бұл біздің «Ақбөбектен кейінгі аудан өнерсүйер қауымына ұсынған спектакліміз» - дейді коллектив жетекшісі Ә.Жұмағалиев.
Жақында «Кәусарды» көрші аудан көрермендері де тамашалайтын болады.
«Жаңа өмір», Т.Атшыбаев,
17 шілде, 1986 жыл. №87.
КӨРЕРМЕНДЕР КӨҢІЛІНЕН ШЫҒАМЫЗ
Аудандық халық театрының қара шаңырағы алпысыншы жылдары, яғни бұдан 25 жыл бұрын құрылған еді. Бұл атақ аудан өнерпаздарына халық театрлары мен драма үйірмелерінің 1962 жылғы республикалық байқауында М.Әуезовтің «Қарагөз» драмасын қойып, жақсы өнер көрсеткені үшін берілген-ді. Осынау бір күрделі классикалық туындыны сахнаға шығарудың бейнеті мен зейнеті аз болған жоқ. Бүгінгі таңда қабырғасы қатып, шеберлігі шыңдалған халық театрының алғашқы адымы еді. Әсіресе ауыл көрермендері сол кезде Қарагөздің, Сырымның, Наршаның, Қарагөздің әкесінің образдарын бейнелеген қазіргі жол қызметкері Тыныштық Ахметованың, ағарту қызметкерлері Таңаш Меңдібаевтың, Қибатқали Әмірхановтың, мал маманы Орынбасар Жалжановтың өнерлеріне дән ризалықпен қол соқты. Олар өз кейіпкерлерінің бойындағы сүйініш пен күйінішті, толғаныс пен тоқырауды шеберлік деңгейіне жеткізді.
Аға ұрпақтың жолын ілгері жалғастырған халық таланттары қашанда өз көрермендерінің алдында өнер биігінен көрініп келеді. Өткен жылы театр коллективі Уәйіс Қайралапов және Берік Қорқытовтың «Ақбөбек», Ә.Әбішевтің «Кәусар» пьесаларын сахнаға шығарды. Өнерпаздар Үнзира Меңдіқұлова, Шамшадин Сабытаев, Гүлзира Медиева, Айсұлу Өтеулиева, Мақпал Еркетаева, Мырзатай Жарылғасыновтар көрермендердің жылы ілтипатына ие болды.
Біздің театрымыз халықтық атағын алғаннан бері үлкенді-кішілі 70-ке жуық сахналық туындыларды көрермендерге ұсынды. Еңбек пен өнер егіз. Халық театрының құрамында қазір көптеген талантты жастар жұмыс істейді. Олардың творчестволық өсуі мен көркемдік жетілуіне театр жанындағы қоғамдық кеңес басшылық етеді. Театр коллективі қазір Ұлы Октябрьдің 70 жылдығына арналған Бүкілодақтық II халық творчествосы фестивалінің құрметіне өнерді өрістете түсуде. Коллектив жуырда өздерінің төл мерекесі қарсаңында Ә.Әбішевтің «Қолға түскен шайтандар» комедиясын сахнаға шығарды. Комедияның басты рөлдерінде ойнайтын Әбіл Жұмағалиев, Клара Қосмамбетова, Шәрбану Сабырбаева, Нәбира Сүндетбаева, Еламан Қорғанов, Жомарт Сәрсеновтар творчестволық мол ізденістерін байқатуда. Талантты да талғампаз жастар қатары күн өткен сайын көбейе түсуде. Бұл жетістік ауданымыздың басқа театрларына да игі әсерлерін тигізуде. Біздің театр коллективі алда да көрермендер талаптарына сәйкес тың творчестволық ізденістер таныта береді.
«Жаңа өмір», М.Ильясова,
26 наурыз, 1987 жыл. №37.
ІЗДЕНІС ЖЕМІСІ
Аудандық халық театры драматург Т.Ахтановтың «Әке мен бала» шығармасын сахнаға шығарды, совхоз орталықтарында көрермендер қабылдауында болып қайтты. Театр туындысы Шетпе поселкесінде де қойылды. Қашанда бір нәрсені жақсы екен деп айта салу оңай емес. Сол себепті жақсы екенін дәлелдеп беру жеңіл шаруа емес. Сахна шымылдығы ашылғаннан-ақ, профессор Ораз Жансейітовтің (Н.Мұхамбетжанов) жанұясы әлденеге толқу үстінде екенін көреміз. Бұзақылар Әлия деген қызға ұрынып, қорламақ болғанда, баласы Асқар оған араша түсіп, тентектердің бір-екеуін соққыға жығады, мұнысы үшін ол түрмеге түседі. Әкесі оның түрмеге түскенін, осы кезге дейін дипломсыз жүргенін бетіне басады. Асқар оған ғылым кандидаты Санжардың (әкесінің досы) адамгершілігі, докторлық диссертация қорғағалы жүрген еңбегін Қаражановтың ұрлап алып пайдаланып кеткені, соңында оның бейкүнә өлімге душар болғанын айтады. Шығарманың негізгі желісі ғалымдар ортасы, олардың арасындағы тартыстарға құрылған. Олардың бірі (Қазаяқ Есенович бастаған топ) ғылым жолына қулық-сұмдықпен келген Қаражановты қолдаса, екіншісі Санжарды қолдаушылар азшылық болады. Өзінің ғылыми дәрежесінің өсуін құнттаған профессор Ораз Жансейітов досы Санжардың намысын қорғап, әділдік жолында ақырына дейін күреспейді. Ол ғылыми советке Қаражановтың диссертациясына экспертиза жасау жөнінде шағым түсіреді. Бірақ академиктік атақ алудан үміттенген Ораз ғалымдарды өзіне қарсы шығарып алудан қорқып, ғылыми советке берген шағымын қайтып алады. Сөйтіп, Қаражановтың қылмысы ашылмай қалады.
Оқиға әке Ораз бен бала Асқар арқылы өрбиді. Туындыда Санжардың бейнесі Қазаяқ Есеновичтен әлдеқайда артық, әлдеқайда биігірек етіп көрсетілген. Санжар ақылды, тура жолмен жүретін бірбеткей жан, ал Қазаяқ керісінше, тасбауыр, әділетсіз. Ол ойындағысын іске асыру үшін әр нәрсені есептеп, өлшеп-пішіп бір-ақ кеседі. Барлығын басқалардың бойынан табыла бермейтін аярлықпен істейді.
Бас қаһармандар Ораз Жансейітов, оның баласы Асқар, Санжар, Әлия рөлдерін Н.Мұхамбетжанов, Н.Нұрдәулетов, Ж.Көшербаев, Н.Сахиева ойдағыдай орындап шықты. Олардың қимыл-әрекеттері, сөз сөйлеу мәнерлері соншалықты табиғи әрі қарапайым. Н.Нұрдәулетов сахнадағы алғашқы қадамы Асқардың рөлін шеберлік деңгейде шығарды. Музыка да оқиғалардың өзіндей шықты, шығарманың көрермендерге берер әсерін күшейте түседі.
«Әке мен бала» аудандық халық театрының мерекелі жылдағы жақсы ізденісінің жемісі. Тек актерлердің әр кейіпкерге тән киінуі, мінез-құлқы, қозғалыс әрекеттері үйлесуін ескере қоймаған тұстар реніш ұялатады. Мұны театр жетекшілерінің алдағы қойылымдарда ескергенін жөн деп білеміз.
«Жаңа өмір», Т.Шайгөзов,
3 желтоқсан, 1987 жыл. №146.
ХАЛЫҚ ТЕАТРЫНА - 25 ЖЫЛ
Аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған драма коллективі 1962 жылдың маусым-шілде айларында республикалық байқауға қатысып сахнаға ұлы жазушы М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясын қойды және бұл алғашқы ірі қадам шағын коллектив үшін табысты да болды. Көп ұзамай-ақ бұл байқауда бірінші орынды иеленген оған Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің қаулысымен «Халық театры» атағы берілді.
Әрине, мұндай атақ-абырой оңайлықпен келмейді. Бұл ретте театрдың ең алғашқы режиссері, қазір Форт-Шевченко қаласына қарасты Ақшұқыр селосындағы орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет жасайтын Қибатқали Әмірхановтың атына жылы лебіз білдірген абзал. Ол бүкіл творчестволық ұйымдастырушылық жұмысына басшылық жасаумен бірге спектакльде Нарша рөлінде сахнаға шықты. Театрдың алғашқы белсенді мүшелері Т.Меңдібаев (Сырым), Т.Ахметова (Қарагөз), Ф.Теміралиева (Қыз Жібек), О.Жалжанов (Қодар), Т.Жаңбыршин, Ә.Құдайбергенов, Қ.Сәрсенов, Б.Қуатбаев, тағы басқалары бүгін облыс халық шығармашылығының сан саласында жауапты қызметтер атқарып жүр. Отыздан аса адамнан құралған театрдың алғашқы мүшелері биік мақсатқа жету жолында тынымсыз тер төкті. Одан бергі кезеңде театрдың халықтық атағын жоғалтпау жолында жұмыстанған орта буын өкілдерінің санатында А.Ерманов, Ж.Жылқышиев, А.Баужанова, Б.Ахметова, Қ.Исаев тағы басқа да көптеген белсенді азаматтардың есімдерін атап өтуді орынды санаймыз.
Осы театрға айтарлықтай еңбегі сіңген қызметкерлердің бірі марқұм Орынбасар Жұмағалиев. Ол 1966 жылдан күні кешеге дейін театрда суретшілік міндет атқара жүріп, сахнаға шығарылған барлық пьесаға қатысты деуге болады. Орынбасар дайындаған «Тамұқтағы таң», «Келіндер», «Ана жүрегі», «Біздің Fани», «Қыз Жібек», «Адасқан қаз» тағы басқа спектакльдер декорациялары көрермендер көңілінен шығып қана қоймай, республикалық байқауларда озық та көркем сипатымен ерекшеленді. Сөйтіп, бірінші және екінші дәрежелі дипломдармен наградталды.
Ұзақ жылдар бойы ауданның мәдениет мекемелерінде қызмет атқарып келе жатқан, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, облыстық Советтің депутаты Ш.Сабытаевтың театр үшін сіңірген еңбегі зор. Ол селолық жерде жұмыс жасай жүріп, театр сахнаға шығарған «Жалбырда» Елемес, «Түнгі сарында» Алаш азаматы, «Ақбөбекте» Қайып рөлдерін шеберлікпен сомдаса, сахнаға шыққан спектакльдердің басым көпшілігінің музыкасын дайындап әзірлеген де сол. Шамшадин сонымен бірге әуесқой режиссер, ол күні бүгінге дейін театр ісіне араласуда.
Қазір аудандық мәдениет үйінің директоры Әбіл Жұмағалиев те театрға көп жыл бойы бел шеше үлес қосып келеді. Ол күрделі де қиын кейіпкерлердің образдарын сомдауға машықтанды, ұдайы көрермен көңілінен шығумен келеді. Сондай-ақ, Әбіл тамаша әнші, әрі музыкант, сондықтан да оған көбінесе ән орындайтын рөлдер сеніммен тапсырылады. Айта берсек, Маңғыстау халық театрының қаз басып қалыптасуынан бүгінге дейінгі аралықта оған маңдай тер төккен, туған жер абыройын өсірген жолдастар, жасалған қадамдар баршылық. Олардың бәріне бірдей тоқталуды бұл шағын мақалада мақсат тұтпаймыз. Бір сөзбен айтсақ, ағалардың үлгі жолы, эстафетасы, жас ұрпақ қабілеті, ынта-жігері арқылы одан әрі жалғасын табуда дер едік. Мен өзім Москвадағы Щукин атындағы жоғарғы театр училищесінің режиссерлік бөлімін сырттай бітіріп, 1964 жылы осында жолдамамен келдім, содан пенсияға шыққанша осы театрда режиссер болдым. Театр «халықтық» атақ алғаннан бергі мезгіл ішінде 68 көп және бір актілі пьесаларды дайындап сахнаға шығарды. Олардың қатарында көптеген белгілі қазақ, тәжік, өзбек, қырғыз жазушылары мен драматургтерінің шығармалары бар. «Еңлік - Кебек», «Беу, қыздар-ай», «Әке тағдыры», «Құдағи келіпті», «Жаралы гүлдер», «Ажар мен ажал» пьесалары араға жылдар салынып әлденеше рет қайталанып қойылды.
Атақ алғаннан бергі уақыт ішінде театр 8 рет республикалық байқауға қатысты. Әр жылдары «Қарагөз», «Тамұқтағы таң», «Жалбыр», «Ән құдіреті» спектакльдерімен бірінші, «Ана жүрегі», «Бетпе-бет» спектакльдерімен екінші, «Түнгі сарын», «Тасталқан» спектакльдерімен үшінші орындарға ие болды. 1981-1987 жылдары театр «Сырласу», «Кәусар» спектакльдерімен халықтық атағын қорғап қалды.
Бір кездері тым жақсы табыстарға жетіп, бірнеше спектакльдерді сахнаға шығарған халық театры жанындағы жасөспірімдер студиясын мақтан тұтатынбыз. Сол кездегі мектеп оқушылары Б.Жұмабекова, А.Қадиев, Б.Смайылова. Г.Тілегенова, Ж.Бәйтілеуова тағы басқалары өз рөлдерін шынайы бейнелеген. Жауапкершіліктің жоқтығынан бұл студияның жұмысы көпке ұзамады. Сондықтан, алда жас талаптарға баса көңіл бөлген жөн. Өз табысымен сахнаға қойған шығармалар шығынын ақтау театр коллективінің дағдысына айналды. Театр сахналаған әр пьесадан тәп-тәуір пайда түсіреді. Ширек ғасырлық тарихы бар театрдың материалдық-техникалық жағынан ұдайы жаңарып, толысып отыруына жағдай жасалуда. Біз театрдың халықтық атанғанынан бергі кезеңге қысқаша тоқталдық. Ал, енді аудан тұрғындарынан оның драма коллективі, үйірме болып жасаған кезі, сахнаға қойған алғашқы шығармасы, қатысушы адамдар, тағы басқа да мәліметтер турасында кім не біледі, бізге жазып жіберулерін, сол кездегі суреттер болса жолдауларын өтінеміз. Бұл материалдар аудан орталығындағы «Еңбек даңқы» музейінде жабдықталатын «Өнер» бұрышына қоюға өте құнды болар еді.
«Жаңа өмір», Н.Мұхамбетжанов,
26 наурыз, 1988 жыл. №38.
СОЛ КҮНДЕРДЕН СЫР ШЕРТСЕК
Алғаш рет сахнаға ауыл клубында Б.Майлиннің «Шұғаның белгісіндегі» Шұға бейнесімен шықтым. Адамдардың өнерге деген құштарлығы сондай, белгіленген уақытта жиналып, барымызды салып, беріле ойнап, шынайы бейнелеуге тырысатынбыз. Әр күнгі әзірлігімізге сол кездегі аудан партия ұйымының екінші хатшысы марқұм А.Өтеуов, мәдениет үйінің директоры, сүйікті апайымыз К.Сүйімбаева келіп қатынасатын. Қойылым сахнаға шыққанға дейінгі бар жауапкершілікті атқаратын да солар еді.
1962 жылы «Қарагөз» спектаклін қойып, «Халық театры» деген атақ алдық. Әсіресе менің қуанышымда шек жоқ еді, себебі басты рөл Қарагөз қызды мен шығарғам. Ауылдағы дайындығымыздың соңғы бір айында Гурьев драма театрының артисі Қайырбек Ғұсманов арнайы келіп режиссерлік жасады. Гурьевке барған соң бізді тағы да бір ай өз сахнасында «Қарагөзде» ойнаған драма театрының артистері дайындады. Біздің пьесамызды көруге Алматыдан Әбіш Кекілбаев пен Сафура Қараходжаева келді. Елге үлкен табыспен оралдық.
Иә, мұның бәрі өткен күннің үлесі. Театрдың кейінгі буын актерлеріне осы абырой-атақты жоғалтпай, бойкүйездік пен салғырттыққа бой бермей, жасқа тән құштарлықпен өнердің тылсым дүниесіне ене, түсіне біліңіздер дегім келеді.
«Жаңа өмір», Т.Ахметов,
26 наурыз, 1988 жыл. №38.
АБЫРОЙ-АТАҚТЫ ЖОҒАЛТПАЙ
Бүгінгі мерекелі күні - халық театрының бұрынғы актерлері, қазір де алды ата, әже болып отырған біраз жандардың жастық шағы, кестелеген өнер жолы еске түсіп, ерекше күйге енері сөзсіз. Әр адамның өнерге құштарлығы бала кезден оянса керек. Алғаш мектеп қабырғасында бірнеше рөлдерде ойнадым. Одан кейін педагогикалық институтта жүріп Ш.Құсайыновтың «Рабиға» пьесасындағы Шахан рөлін шығардым. Аудандық комсомол комитетінде жұмыс істеп жүріп те халық театрынан қол үзгенім жоқ. Мұнда сахнаға шығарған тұңғыш рөлім «Біздің Ғанидағы» Ғани рөлі еді. Содан соң жан тазалығы мен ар адалдығын дәріптеген, мансапқорлар мен атаққұмарларды әшкере етер «Көңілдестердегі» әскери қызметкер Мәлік. «Тасталқан» пьесасымен халық театры облыстық байқауға қатысты. Сол кездегі Гурьев драма театрының режиссері Р.Шарафутдинова бізге өте жақсы баға берді. Өзім Харламов рөлін сомдап, I дәрежелі дипломмен наградталдым.
Көрермендерді тамаша өнерлерімен тәнті еткен М.Алшымбаев, Ж.Жылқышиев, Н.Туғанбаева, Н.Мәресова, З.Исағұлов, марқұм О.Жұмағалиев біздің театр сахнасындағы әріптестеріміз еді. Өнер, оның ішінде драма адамды көркем әдебиетті, ана тілін, көргенділік пен әдептілікті, әсемдікті сүюге баулуда үлкен маңыз алады. Жан сұлулығыңды байытады. Әріптестерімді театрымыздың ширек ғасырлық мерейтойымен және төл мерекемен құттықтаймын.
«Жаңа өмір», А.Ерманов,
26 наурыз, 1988 жыл. №38.
ТЕАТР ТОЙЫ ТАРТЫМДЫ ӨТТІ
Жақында Маңғыстау түбегінде ең алғаш шаңырақ көтерген біздің аудандық халық театрының 25 жылдығы атап өтілді. Бұл халықаралық театр күні мерекесімен тұспа-тұс келді.
Мерекеге облысымыздың аудандары мен қалаларынан делегаттар, байырғы театр мүшелері мен өнерпаздар қатысты. Салтанатты кешті аудандық партия комитетінің секретары А.Баужанова жолдас құттықтау сөзбен ашты. Театр, аудан еңбеккерлерін облыстық Совет атқару комитеті председателінің орынбасары Б.Халелов құттықтап грамота тапсырды. Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Қ.Төлеуішев, әр аудан, қала делегация басшылары ескерткіш сыйлықтарын тарту етті.
Кешті жүргізушілер алғашқы кезде драма үйірмесі ретінде қалыптасып, халықтық театр дәрежесіне жеткенге дейінгі өнер жолын, әр кезеңнің белді актерлерін еске түсіріп өтті. Театрдың тұңғыш режиссері Қибатқали Әмірханов, театрдың алғашқы жұмыстары мен талапкерлері туралы әңгімеледі. Сондай-ақ, театр актерлерінің аға буын өкілі Орынбасар Жалжанов орта буыннан Аязхан Ермановтар шығып сөйлеп, өздері ойнаған спектакльдерден үзінді көрсетті. Ал, кейінгі буын өкілдері ретінде Әбіл Жұмағалиев «Ән құдіреті» инсценировкасынан Сары Батақовтың айдауда жүргендегі әнін, Шамшадин Сабытаев «Ақбөбек» музыкалық драмасынан Қайыптың әнін, Айша Үмбетова мен Маржан Ильясова «Әке тағдыры» спектаклінен ене мен келін бейнесінен, режиссер Н.Мұхамбетжанов пен Нұрдәулетов «Әке мен бала» пьесасынан үзінділер қойды.
Мерекеге келген қонақтар белгілі өнерпаздар Сержан Шакратов, Орын Құлсариев, жас термеші Елдос Емілов, жыршы Жеткізген Сейітов әріптестерін құттықтап, музыкалық сәлем жолдады. Кеш соңында халық театрының аға буыны атынан Таңаш Меңдібаев жастарға аманат хат тапсырды. Аманатты театрдың жас өнерпаздары Балжан Ұзақбаева қабылдады.
Салтанатты кешті ҚКП аудандық комитетінің бірінші секретары С.Керелбаев жолдас қорытындылады. Бұл күнгі кездесу театрдың байырғы мүшелерінің бас қосып, өткен кезеңінің қуанышты сәттерін еске түсірген көңілді кеш, үлкен өнер мерекесі болды. Кеш соңында театр коллективі Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» музыкалық драмасын сахнаға қойды. Көрермен қауым өте риза болып тарасты.
«Жаңа өмір», Г.Байназарова,
2 сәуір, 1988 жыл. №41.
ТЕАТР ТАБЫСТЫ ОРАЛДЫ
Жуырда Гурьев қаласында II Бүкілодақтық халық творчествосы фестивалінің ауқымында халық театрлары мен коллективтерінің облыстық байқауы болып өтті. Онда өнер көрсеткен аудандық халық театры коллективі жүлделі екінші орынды еншілеп оралды. Біздің тілшіміз коллективтік сапардан қайтқан көңілді сәтінде оны бастап барған аудандық мәдениет бөлімінің инспекторы Н.Мұхамбетжановты әңгімеге тартқан еді.
— Нұреке, алдымен жалпы байқаудың ұйымдастырылу барысы туралы пікіріңізді тыңдасақ.
— Бұл жөнінде, шынымды айтсам, жақсы деп баға бере алмаймын. Өйткені, өнерпаздарды қабылдаудағы, басқалай ұйымдастыру шараларындағы оралымсыздықтар үнемі көзге ұрып тұрды. Облысымызда драмалық театр коллективтерін атамағанда, халық театрының саны 15-тен асып жығылады. Бірақ, байқауға небәрі 9-ақ коллектив қатысқаны көңілге кірбің ұялатты. Байқау жөнінде көшелерге, көрнекі орындарға алдын ала жарнама ілінбеген. Бұл кезінде көрерменнің жақсы шарадан тыс қалуына соқтырады.
— Сонымен, жүлделі орындар тұғырынан кім көрінді?
— Үш күнге созылған байқау қорытындысында халық театрлары бойынша Махамбет ауданы «Амангелді» колхозының халық театры бірінші, біз екінші, ал Ембі аудандық халық театры үшінші орындарды иеленді. Мұндай үш орын үздік өнер көрсеткен драмалық театр коллективтеріне де берілді. Бұл үдеден көрінген қатарында «Коммунизм жолы» совхозының, «Память Ильича» колхозының (Екеуі де Теңіз ауданынан) және «Зауральное» совхозының (Махамбет ауданы) драмалық коллективтері бар. Олардың қай-қайсысы да тым тәуір даярлықпен келгенін аңғартты. Алғашқы теңіздік коллективті «Халық театры» атағына ұсыну туралы ұйғарым жасалды.
— Мұндай драма коллективтері біздің ауданда да жоқ емес қой. Олар неге қатыспады? Әлде...
Бұл жөнінде әр совхозға кезінде хабарладық, драма коллективтері түгіл екі селолық (Шайыр, Жарма халық театрлары да қырық сылтау айтып, байқауға қатыспай қалды. Бұл жерде жергілікті басшылардың баяғы енжарлық пен немқұрайлылық шырмауынан әлі шыға алмай жүргенін баса айтқан артық болмас.
— Ал, енді өз театрыңыз туралы әңгімелей отырсаңыз?
— Біз бұл байқауға жазушы Ш.Құмарованың «Қыз тойы» деп аталатын екі бөлімді комедиясын апардық, өзі эксцентрикалық күрделі шығарма. Әйтседе театр артистері әрбір характерді аша, драмалық идеяны түсіне тамаша ойнап шықты, өрелі өнер көрсетті. Қазылар алқасы соңында коллективіміздің ұйымшылдығын ерекше атап өтті. Актерлердің ойыны мен жалпы қойылымның музыкамен көркемделуін де жоғары бағалады. Байқау қорытындысында театр коллективіне және қойылымның режиссері ретінде маған бағалы сыйлық ұсынды. Басты рөлді (Бегалы) ойнаған талантты жас актер Талғат Ерманов Қазақстан ЛКСМ облыстық комитетінің Грамотасымен наградталды.
— Байқауға театр маманы ретінде сауал: байқауды өткізуді бұдан да гөрі жетілдіре түсетін тұстар бар ма?
Бар. Біріншіден, байқаудың белгілі бір девизі, мәселен, «Ұлы Жеңіске - 45 жыл» деген болмады, содан барып әр коллектив әралуан тақырыпта қойылым әкелді. Тіпті, кейбір драма коллективтері өз мүмкіндіктері жете бермейтін күрделі шығармаларды (мысалы, «Память Ильича» колхозы «Ана – Жер - Ананы», «Өрлік» колхозы «Ойбай, күйеу керекті» т.б.) әзірлеп әкеліп, қиындық шырмауында қалды. Екіншіден, байқауды қазіргідей жер-жерде ауыл шаруашылығы жұмыстары қызып, бір қолды екі ете алмай жатқан шақта емес, ел етек-жеңін жинап, күз түскен маусымда өткізген әлдеқайда тиімдірек болар еді.
— Әңгімеңізге рахмет, Нұреке. Театр коллективіне творчестволық табыс тілейміз. Алдағы уақытта да жүлде биігінен көріне берсін!
Әңгімелескен Қ.Тұрмағанбетұлы, «Жаңа өмір»,
26.07.90. №89.
ХАЛЫҚ ТЕАТРЫНА - 30 ЖЫЛ
Аудандық мәдениет үйінің драма ұжымына «халық театры» атағы берілгеніне 30 жыл толу мерекесі жақында Қосбұлақ ауылында аталып өтті. «Жүзден жүйрік» демекші, кезінде Таушықтың 10-15 жасынан құралған Маңғыстау аудандық мәдениет үйінің драма ұжымы шағын бір актілі драмалық шығармаларды сахнаға қоюдан бастап Қ.Мұхамбетжановтың «Бөлтірік бөрік астында», Ә.Тәжібаевтың «Жалғыз ағаш орман емес», Б.Майлиннің «Шұға», М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» сияқты күрделі классикалық шығармаларын сахналау дәрежесіне дейін жетті. Ұжым 1962 жылдың қазан айында Батыс Қазақстан өлкелік театр ұжымдары байқауында М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясын сахналады. Режиссерлік шешімі мен актерлердің орындау шеберліктері жағынан қазылар құрамынан осы сайыста жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің 1962 жылғы 22 желтоқсанындағы бұйрығымен «Халық театры» атағын жеңіп алды.
Алғашында драма ұжымы болып, кейіннен халық театры атанған бұл ұжымға режиссерлік жасаған Айтмағанбет Құдайбергенов, Қибатқали Әмірхановтар жастарды өз төңіректеріне жұмылдырып, олардың театр өнеріне деген құштарлықтары мен ынтасын қалыптастыруда, шығармашылық қабілеттерін ашуда аянбай қызмет етіп, жоғары ұйымдастырушылық қабілеттерін көрсеткенін аудан жұртшылығы үлкен ілтипатпен еске алып келеді.
Театрдың негізін салып, өздерінің шығармашылық еңбектерімен ұжымның қалың көрермен қауымға кеңінен танымал болуына айрықша үлес қосқан театрдың алғашқы қарлығаштары Тыныштық Ахметованың орындауындағы Еңлік, Қарагөз, Таңаш Меңдібаевтың Кебек, Сырым,Орынбасар Жалжановтың Қодар, Қибатқали Әмірхановтың Нарша, Киев Мырзабаевтың Кебек, Ғизат Әбілтаевтың Абыз, Айтмағанбет Құдайбергеновтің Еспембет рөлдері және театр ардагерлері Қойшекен Сәрсенов, Бүркітбай Қуатбаев, Әбубәкір Құдайбергенов, Сержан Шакратов, Әди Бердіғұлов тағы сол сияқты өнерпаздардың сахна төрінен орындаған кейіпкерлер бейнесі күні бүгінге дейін театр өнерін құрметтеуші қауымның естерінде ұзақ сақталып, жоғары мақтаныш сезіммен еске алынып келеді...
...Мерекелік кеште театрдың бұрынғы белсенді мүшелері Т.Ахметова, А.Ерманов, Ш.Сабытаева, З.Исағұлов, тағы басқа жолдастар естелік айтып, шын жүректен құттықтады.
Театр ұжымын облысымыздың түкпір-түкпірінен келген әріптестері, сондай-ақ аудан әкімінің бірінші орынбасары К.Үйсінбаев мерейлі мереке иелерін құттықтап, табыс тіледі. Сый тарту, жоралғыларын тартты. Театрдың отыз жыл бойы режиссері болған Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Н.Мұхамбетжановқа шапан жабылды.Салтанат соңынан жиналғандар халық театры ұжымы қойған С.Адамбековтің «Алтын табақтағы жылан» пьесасын тамашалады.
«Жаңа өмір», Н.Дәулетов,
28 мамыр, 1993 жыл. №43.
ҚЫҢЫРЛАР КҮЛКІГЕ КЕНЕЛТТІ
Наурыздың 27 жаңасы дәстүрлі халықаралық театр күні екені баршаға аян. Бұл күні аудандық мәдениет бөлімінің халық театры ұжымы біршама іс тындырды. Сахнаға жаңа қойылым Иран-Ғайыптың соңғы кездегі шығармасы «Қанына тартқан қыңырлар» спектаклін шығарды.
Аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Ж.Айтуаров театр күніне байланысты қысқа да нұсқа баяндама жасады.Өз сахнасын сонау 1963 жылы ашқан аудандық халық театрының өсу жолын шолып өтті. Сол жылдардан бергі кезеңде өнер ортасынан кеткен марқұмдар есімін атап, бір минут үнсіз тұрып еске алу рәсімі жасалды.
Нарықтың өмірге ендей бастауымен туындаған қиындықтармен байланысты театр соңғы жылдары өз көрермендерінен қол үзіп қалған еді. Тек қайсыбір мүмкіндіктерді іздестіріп іске қосумен бұл жұмыс жаңа беталысын тапты. Аудандық халық театры ұжымы жедеқабыл дайындалып, сахнаға шығарған қойылымның тыңдаушысына, көрермендеріне берері, ойға қалдырар, ірге аулақтар тұстары жетерлік. Қайсыбір сәттерде қиғаш та оғаш қылықтар еріксіз күлкіге кенелтеді-ақ.
Шығарма кейіпкерлерін даралап, өзіне лайық мінез-құлқы, кейпімен, сөз мәнері, ажар көркімен көрсетуде өнерпаздар ізденіс пен таланттылық танытқанын аңғартты. Әсіресе. Кейуана рөлін орындаған Бақытжамал Құлжабаева сахнадағы қозғалысы, сөз мәнері, көңіл құбылысы соншалықты үйлесімді, нанымды. Оның үш арыстың азаматымен жар қосақ болған жылдары, әрқайсысының адамгершілік қасиеті, мінез шырайы, көңіл қалпы жайындағы толғанысынан көп нәрсені аңғаруға болады. Ұрпақ тәрбиесінің күрделілігі, сан қырлылығы, кеткен ағаттықтың орнын толтыру әсте мүмкін болмайтындығы бүкпесіз баян етілді.
Кейуананың үш ұлының: Ақарыс, Жанарыс, Бекарыстың (рөлдерді орындағандар Нұрболат Нұрдәулетов, Айткерей Шәуенов, Насихат Тасымбаев) мінез-құлқы бір-бірімен еш байланыссыз, кереғар. Әдеп дағдылары да құлықты емес, ішімдікке әуестеу. Осы кейіпкерлерді келістіріп кейіптеуді өнерпаздар орнына келтірген-ақ.
Кейуананың сіңлісі, жап-жас қыз Перизаттың байсалды, адамгершілік қасиеті, пәк қалпы Айнұр Қалжанованың орындауында көрермендерді ынтықтырғаны анық.
Аудан халық театры артистерінің сахнаға шығарған жаңа туындысы «Қанына тартқан қыңырларды» көріп, жұртшылық күлкіге кенелді, ойға қалды, өз пікір түйінін жасады.
Спектакль кемшіліксіз деу ағат болар. Әлі де болса жетілдіре түсетін тұстары құр емес. Бұған театр артистерінің мүмкіндігі жеткілікті.
«Жаңа өмір», А.Әбдіров,
2 сәуір, 1997 жыл. №14.
Қанат Аманиязов
ҚАРА ҚАҒАЗ
I актілі, 5 көріністі пьеса.
БАЗАРБАЙ - орта жаста, соғыстан оралған, бір қолы жоқ.
КЕНЖЕГҮЛ - қарт әйел.
НАУРЫЗБАЙ - ауыл ақсақалы, үлкен кісі.
АҚСЫНДАР - жас келіншек, колхоз председателі.
ОРЫНБАСАР - 10-12 жастағы бала. Кенжегүлдің немересі
Бір топ ауыл адамдары, белгісіз солдат бейнесі (елес). (Оқиға соғыс күндерінде бір селода өтеді).
Сахна тастай қараңғы. Күн күркірейді,найзағай ойнайды. Сахнаның бір бұрышында Базарбай тізерлеп төмен қарап отырады. Оған алыстан жарық түседі, сол кезде зарлы домбыраның тартылған үні естіледі.
БАЗАРБАЙ : (Терең тебіреніспен) Мен осы соғыстан неге тірі оралдым екен?! Бір қолымды жауға тастап қайтқанымда мына халқымнан, ел-жұртымнан қарғыс естиін деп пе едім? Қарғыс емей немене, күнара бір үйді қара қағаз әкеліп жылатып қоямын. Сонда мен осыны тарату үшін келгенім ғой. Менің міндетім, біреудің жалғызын, біреудің үмітін үздіріп, өзегін өртеп, көзінен қарақан ағызу ма еді?!.. Жоқ, бүйтіп жер басып жүргенім құрысын! (Түрегелді. Домбыра үні де тынды. Жарық жанады. Екінші жақтан Ақсындар киіз папкасынан бірдеңе іздегендей болып, қарсы шығады).
АҚСЫНДАР : (Иіліп сәлем етеді). Ақке-ау, сізге бүгін не болған-ай? Тым салбырап кетіпсіз ғой, өңіңіз де бұзылып түр. Аманшылық па өзі?
БАЗАРБАЙ : (Сылбыр сөйлеп) Көп жаса, шырағым. Әй, менің қайбір оңып тұрған күйім бар? Бір күні біреуге қуаныш әкелсем, енді бір күні жазылмас жара әкелемін. Қуаныш сыйласам өңім кіреді, дерт әкелсем бетіме қара күйе жағылады. Шырағым, дүниеде адамға суық хабар әкелгеннен артық жаман зат жоқ екен. Сен жақын келінімсің ғой, колхоз председателі болғанда сенен не көремін?» Құтқар мені осы қара қағаз тасудан, ауыстыр басқа жұмысқа. Осыны тілек етіп сұраймын.
АҚСЫНДАР : Әй, ақке-ай, соғысқа бармаған адамша сөйлейтінің не. Жүр, мына жерге тізе бүгейікші. (Екеуі отырады). Уфф! Осыны маған айта бересіз ғой. Сіз шабуыл алдында командирге ол жаққа бармаймын деп сылтау айтпаған боларсыз, ә? Соғыс тек ол жақта емес, бұл жақта да жүріп жатқанын абайламайсыз ба? Менің қай адамым жетіп тұр? Қайта сізге жүктелген жұмыс дұрыс деп санаймын. Себебі, көпті көрдіңіз. Ауырлық пен қиыншылықты бастан кештіңіз. Сіз әрқайсымызға басу айтып, кеңес беріп, сүрінгенді сүйеп, жылағанды демеп жіберуіңіз керек. Жақсылық хабар жақсылық қой, ал жамандық хабар күні сіз оларға жұбаныш бола біліңіз. (Кемсеңдейді) Бәріміз де сүйекше мүжіліп, таусылып тарыққаннан не пайда!...
БАЗАРБАЙ : Ақсындаржан-ау, ол айтқандарыңа түсінемін ғой. Қызыл қанның арасынан келсем де, күнара мына ауыл жандарының дауысы ұйықтатпайды, түнімен түсіме еніп төбелеп шығады.
АҚСЫНДАР : Қайтейік. Заманымыз осындайға тап болған шығар. Оған мен де, сен де кінәлі емеспіз ғой. Қалай болғанда да, халыққа бекем бол, беліңді бу деп айту екеуміздің міндетіміз. (Екеуі түрегеліп жүре сөйлеседі). Кеше қаладан келдім. Әлгі біздің ауылдың жіберген жүн қолғаптарына аудан басшылары рахмет айтып жатыр.
БАЗАРБАЙ : (Мойынына салған сөмкесін көрсетіп). Мынаның ішіндегі бүгін келген жақсылық деген хатты таратып біттім. Енді бір хат қалды, ол байғұс кемпір Кенжегүлге келіпті. Курск маңындағы дала почтасынан астында соғыс бөлімшесі командирінің қолы бар. Ашуға батылым барар емес. (Қолына алып, жерге түсіріп алады). Жүрегім бір нәрсені сезгендей, қарасам болды, дір-дір етеді. Қол иттің мына қалтырауын қарашы.
АҚСЫНДАР : Қойшы, ақке! Жаманшылыққа жорымайықшы, «Жақсы сөз - жарым ырыс» демей ме халқымыз. Кәне, онда мен қарайыншы? (Хатты қолына алып біраз қарап тұрады). Мен де ашпайын, өзіңіз жалғыз ашып көріңіз (Қайтып береді). Тіпті баласы бір үлкен ерлік жасап, соны мақтаныш етіп жазған болар, кім білсін?! Айтпақшы, ақке-ау, біздің үйдің жігітінен де хат әкелуді қойдыңыз, онысы несі? Бүгін де ештеңе жоқ па? (Басындағы орамалын шешіп, құлағына түскен шашын түзейді, іштей толықсиды).
БАЗАРБАЙ : (Ыңғайсызданып абыржиды, үсті-басын сүрткілеп, шыр айналады. Төмен қарап міңгірлеп сөйлейді). Қарағым-ай шамасы келіп жүр дейсің бе? Мүмкін, аласапыранға ұласып, ұзап кетіп қалған шығар. Осы ертеңгі почтадан күтейінші тағы бір.
АҚСЫНДАР : (Терең күрсініп) Иә, келсе, келіп қалатын шығар. (Осы кезде сахнаның тасасынан айқай шығады).
«Ақсындар! Ақсындар апа! Ауданнан өкіл келіп шақырып жатыр» (Ақсындар дауыс шыққан жаққа бұрылып), Қазір барамын. (Базарбайға) Мені шақырып жатыр ғой, төлдің жағдайына байланысты келуі керек еді. Бір айналып хабарласарсыз дағы.
(Екеуі екі айырылып кетеді, Ақсындар жүре түсіп, сахнаның бір бұрышында сілейіп тұрып қалады. Үстіндегі көнетоз бешпентінің ілгегін ағытады. Қос қолдап басын ұстайды. Жай, зарлы дауыспен өз-өзінен сөйлеп кетеді).
Жарқыным-ау, айдан айға асып, жылдан жылға ұласты ғой, бір хабарыңды күтіп, қабыртқамның қайрылмай қалғаны жоқ. Ең болмаса, бір ауыз сөз бен бір жапырақ қағаз салмағаның қалай?! Қасымнан жанай қарлығаш ұшса да жалт етіп қараймын. Қанатын сабалап қиқулаған қаздардан да дәметемін. Ызылдаған жел екеш жел де сенің үніңді әкелгендей болады. Бірақ, соның бәрі сенен хабар бермейді. Мені алдайды. Неге? Айтсаңшы, неге сүйтеді?..Хабарсыз кетіп қайда жүрсің, қай ағаштың түбіндесің, қай төбенің басындасың? Қандай жердің топырағын басып жүрсің? Тіршіліктің тізімінде жүрсең, мына мендей бейбағыңа бір сәлеміңді неге білдірмейсің? Сен кеткен жаққа қарай-қарай көзім талды, жылай-жылай ағарды. Берсейші бір хабарыңды, сездірсейші бұл жалғанда барлығыңды. Хабарыңды мына керең болғыр қос құлақ бір естісе, ағып түскір мына көз бір көрсе, мен бұларды жоқтамай-ақ қояйын. Бақытты жан екеу болса бірімін деп санайын (Сахнада жарық сөніп қалады. Зал да сөнеді. Екінші жақтан әскери киінген жас жігіттің қозғалмай мелшиіп тұрған кейпі көрінеді. Оған бұлыңғыр жарық түседі. Айқын жарық Ақсындардың өзіне түседі). Тоқта!.. Кім анау?.. Менің асылым емес пе? Аттанған кезде бүйірімді тепкілеп қалған баласын көрейін деген болар, ә?.. (Кенет дауысын басып). Неге сөйлемейсің, күте-күте сарғайдым ғой! Келші!.. (Солдат сол бойда кетіп қалады. Жарық сахнада қайта жанады. Ақсындар біраз тұрып, теңселіп есеңгіреп шығып кетеді. Сахнаның екінші басынан таяққа сүйеніп тұрған Базарбай көрінеді. Үзіп-үзіп сөйлейді).
БАЗАРБАЙ : Е-е-е, қайран Ақсындар, Ақсындар!... Сенің асылыңның Ленинград түбіндегі ұлы шайқаста қаза тапқанын қайдан білейін деп едің! Саған деген қарақағаз менің кебежемнің түбінде ораулы жатыр ғой. Адамға алыстағы асылын күткен де демеу болар, сүйеніш болар дедім. Бұл қылығым үшін кешір мені! Сазарып күткен де қасіреттің бір түрі, бірақ таңғы Шолпанша жанған бір үміт үзілмейді емес пе? Үміттенгеннің өзі бір дүние. Ақсындар, сен мәңгі күт асылыңды. Сөйт!
Шымылдық.
Сахнаның екінші басынан Орынбасар бір қап ауыр затты тілерсегі майысып арқалап шығады. Ол Базарбайға қарсы жолығады.
ОРЫНБАСАР : Ассалаумағалейкум, аға!
БАЗАРБАЙ : Уағалейкумассалам (Көзін оның үстіне жүгіртіп, басынан сипап). Орынбасаржан-ау, өзің жігіт болып қалыпсың ғой.
ОРЫНБАСАР : Базарбай аға, бізге хат жоқ па? Түнде Кенжегүл әжем түс көріпті, бүгін бір хабар келер деп күтіп отыр. Бар болса үйге алып кетейін.
БАЗАРБАЙ : (Сасып қалады, қипақтап сөйлейді). Е- е-е, хат па? Қайдан білейін... Сөмкеде ештеңе жоқ. Келіп жатса өзім де апарып беремін ғой. Әлгі әжеңнің дені сау ма, шырағым?
ОРЫНБАСАР : (Қабын арқалап тұрған күйде). Әнеугіден кейін маған көрсетпей жылайды да отырады. Тамақты да ішіп жарытпайды, Базарбай аға, иығымды қиып барады. Демеп жіберіңізші. жоғарырақ көтеріп алайын. (Базарбай көмектеседі). Рахмет сізге, Базарбай аға! (Кетіп бара жатып,бұрылып). Көкемнен хат келсе, бірінші әкелесіз ғой, ә?
БАЗАРБАЙ : Иә, иә, балам! (Күрсініп). Балапаным-ай. балапаным-ай...
Шымылдық.
Ақсындар сахнаның бір бұрышында әрнемені бір шұқып бейхабар жүреді. Екінші шеттен басын төмен салбыратып Базарбай шығады. Базарбайдың қаралы кейпін көріп Ақсындар шошып кетеді.
АҚСЫНДАР : А-а-а!.. Айтпа деймін, айтпа!..Естімеймін, естімеймін! А-а, қарғыс атқан соғыс ендігі құрықты маған салдың ба? Не жазып ем мен саған?!
БАЗАРБАЙ : (Кейін шегінген Ақсындарға ұмтылады). Тоқта деймін, тоқта! Сен туралы емес.
АҚСЫНДАР : (Сол баяғы қорыққан күйде). Түсіңнен танып тұрмын ғой, маған қарақағаз әкеле жатырсың.
БАЗАРБАЙ : (Жалынып) Жоқ, саған емес.
АҚСЫНДАР : (Сол үрейлі үнмен) Енді кімге?
БАЗАРБАЙ : (Бөліп сөйлеп) Кен-же-гүлге!
АҚСЫНДАР : Кенжегүлге?!.. (Бөлек ілгері шығып) О,сорлы жан!.. (Екеуі қалтиып екі жерде тұрып қалады).
БАЗАРБАЙ : (Біраздан кейін) Менің айтып жүргенім осы ғой...Енді оған қалай апарамын? Мен оны қалай жылатамын? Ай ғана өтті шалының қағазын апарып бергеніме...Енді мынау...Не деп барамын, не деп бетімді көрсетем?!..Шіркіннің жеті қыздың ішіндегі жалғыз ұлы еді, рулы елге теңейтін еді. Жер жастанатын болды ғой...
АҚСЫНДАР : (орамалының ұшымен көзінің жасын сүртеді). Тағдыр бұл үйге тырнағын аямай-ақ салған екен... Өткен қыста қарлы боранда келіні қоймен ығып, үсіп өліп еді. Бір үйден үш жанның қазасы қандай ауыр еді...Ұмытылар ма, бұл оқиға?!... Тек, Орынбасары сау болсын... Жүр, бұл не тұрыс? Елді жинайық (Екеуі бірінің артынан бірі үнсіз басып шығып кетеді).
Шымылдық.
Сахнаның екінші шетінде Кенжегүл кемпір отырады. Қасындағы немересі Орынбасарға баласынан келген соңғы бір хатты оқытып отыр, өзі ауызын орамалымен басып іштей жылайды.
ОРЫНБАСАР : (Хатты оқиды) Қадірлі мама! Әкемнен айырылысқаныма 2-3 айдай болып қалды. Біздің бөлімшемізді таратып, басқаларға қосып жіберді. (Орынбасар артынан шыққан тықырға қарайды).
КЕНЖЕГҮЛ : Оқи бер құлынымның хатын...
ОРЫНБАСАР : (Жалғастырып)...Әке мен баланың соғыста бір жүруі де қарғыстың бір түрі екен. Әр ұрыс сайын екеуміздің бір-бірімізге жылап көрісетін едік. Енді міне, әкем қасымда жоқ. Бірде кезекті шабуыл алдында «Құдай бір тілегім бар, ол сенің қансырап өліп жатқаныңды көргізбе деген тілек еді» - деп еді... (Орынбасар тағы да артына қарайды). Сонысы қабыл болды. Мама, сен жылама, ертең Орынбасарың Отанды әкем де, атам да қорғады деп мақтаныш етіп жүреді... (Үстіне ауыл ақсақалы Наурызбай, Базарбай, Ақсындарлар бар адамдар кіріп келеді. Кенжегүл әрқайсысына бір-бір жаутаңдай қарайды. Орнынан тұрайын деп еді, тұра алмады, етегін басып қайта-қайта жығылады. Орынбасар қолындағы хатты кеудесіне басып бір шетте сексиіп тұрып қалады).
НАУРЫЗБАЙ : (Терең тебірене сөйлейді) О, Кенжегүл, бір әңгіме айтқалы келдік. Бұл күндері ел басына еріксіз сәттің туған күні ғой. Елге ортақ түскен жүк бұл. Бірақ, оны ел болып көтеріп жатырмыз. Осы елдіктің, ерліктің нәтижесінде жау енді ілгері баспай, кейін шегінуде. Бір сәт сен айналаңа қарашы. Осы қасіреттен алақандай ауылда шаңырағы шайқалмаған түтін бар ма?Сексенге аяқ басқан шағымда мен де бір боздақтан айырылып отырмын.
КЕНЖЕГҮЛ : (Алақтап) Не деп барасың, не деп барасың? Тағы да маған ба?.. (Талықсып кетеді. Қасындағылар сүйейді).
НАУРЫЗБАЙ : Сабыр ет, Кенжегүл, бойыңа қуат жина. Сен осы ауылдың Кенжегүлі десе Кенжегүлі едің ғой. Сенің тұлымшағың желбіреп, үй арасында жүгіргенің, қос етекті ақ көйлек киіп, келін болып түскенің менің көз алдымда. Сенің сүйткен асқақ тұлғаң әрқашан да биік еді. Сол биік күйіңде қалу керек. Қазірде құралақан емессің ғой, босағаңды тіреп тұрған немерең бар. Енді соның тілегін тіле. Қан ішкен жау балаңды келмес сапарға жіберіпті.
КЕНЖЕГҮЛ : (Жанталасып)Жұртым-ау, не дейді?!.. Естисіңдер ме, не дейді? Не жазып ем?!...
НАУРЫЗБАЙ : Жай кетпепті, жалғыз өзі жаудың екі танкісін жойып, батырларша кетіпті. Мынау соның қағазы (Хатты ұсынады).
КЕНЖЕГҮЛ : (Үстін жұлмалайды, шашын жаяды). А, Құдай, бұрын да көрсеткен қорлығың аз ба еді?!.. Мынау не еткенің, шұнақ құдай. Қу тағдыр, аясаң нетті! Бүйтіп мені бар дүниеден тұл еткеннен неге алмайсың, неге алмайсың?!.. Естисің бе?.. (Жұрттың бәрі басу айта отырып жылайды. Ақсындар бұрын барып ұстайды).
АҚСЫНДАР : Кенжегүл апа, қайғыңа ортақпыз. Міне, ауылдың бар адамы сіз үшін аза тұтып келіп отыр. Саған түскен ауырлық бізге де түскен ауырлық (Кенжегүл қайта күшейіп кетеді). Қоя қойшы, апа!?.. Сол жігіттер мына біздердің, мына Орынбасарлардың болашақ өмірі үшін кетіп жатыр емес пе? Сіздің балаңыз үшін ауыл екі күн, екі түн қатарынан жұмыс жасауға ұйғарып отыр.
БАЗАРБАЙ : (Жан-жағына қарап) Осы Орынбасар қайда? Е-е-е, мұнда екен ғой... Келші, маңдайыңнан сүйейін (Орынбасар сол күйінде жылжып қасына келеді. Базарбай маңдайынан сүйеді).
КЕНЖЕГҮЛ : Орын-ба-сар!...
ОРЫНБАСАР : (Әжесіне жабыса кетеді) Әже!..
КЕНЖЕГҮЛ : Біз екеумізді қайтіп қиды екен, жарығым?!...
ОРЫНБАСАР : Ах, көкем, көкетайым-ай (Көңілі босап жылап айтады).
АҚСЫНДАР : (Орнынан түрегеліп, көтеріңкі сөйлеп). Ел, жұртым неге мұнша бастарыңды салбыраттыңдар? Көтеріңдер кеуделеріңді (Бәрі орындарынан тұрады. Бәрі шығып кетеді).
Шымылдық.
Ү-КӨРІНІС
Сахнада шам сөніп қалады. Ортасында Кенжегүл бүктетіліп жатады, оған жарық түседі. Шыр етіп жылаған өмірге жаңа келген баланың дауысы шығады. Кенжегүл басын көтеріп алады. Екі қолын залға жайып, сыбырлайды.
КЕНЖЕГҮЛ : О, Құдірет! Мынау бала дауысы ма? Иә, дәл сол, бала дауысы, бала дауысы (Кенжегүлге түсіп тұрған жіңішке жарық сөніп қалады. Кенжегүл шығып үлгереді. Сахна бірте-бірте жарық бола бастайды).
Шымылдық.
«Жаңа өмір», 27 апрель 1984 жыл, №51.
ӘН ҚҰДІРЕТІ
(Бәкір Тәжібаевтың «Дойыр мен домбыра» повесінің ізімен)
3 актілі, 6 көріністі музыкалы драма.
XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген қазақтың ақын-композиторы Сары Батақұлының творчествосы жайында баяндалады.
Шетпе поселкесі, 1977 жыл.
ҚАТЫНАСУШЫЛАР:
САРЫ БАТАҚҰЛЫ - XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген белгілі ақын-композитор.
ҚОСАН - Сарының сүйген қызы
ТӨЛЕН - Сарының досы
ҚАЛАМПЫР - Төленнің сүйген қызы, Қосанның досы
ҚАЛНИЯЗ - Сары ауылының қадірлі ақсақал-абызы Сарының анасы.
МЫРЗАЛЫ - болыс, Қосанның немере ағасы
КӨШЕК - бай, Қосанның әмеңгері
ШОҚША САҚАЛ - Сары ауылының ақсақалы. Генерал-губернатор. Түрме бастығы. Кезекші, күзетші.
ЕСЕНАМАН - көршілес Шолан болыстың ағасы, атқамінер.
Көпшілік сахнада: жігіттер, қыздар, ауыл адамдары. Оқиға XIX ғасырдың аяғында қазақ ауылдарының бірінде өтеді.
Өте қайғылы басталған азалы күй сарыны бірте-бірте күшейіп, Сарының шалт екпіндегі жігерлі әнінің әуеніне ұласады.
Музыка фонында АВТОР:
Ертеде сері де өткен, серке де өткен,
Ел іші еміреніп, еркелеткен,
Ардақтап асылындай аяулы ұлын
Өмірін өнегелі ертек еткен.
Ер өткен ел табынған бір өзіне,
Қыз өткен жұрт қызыққан мінезіне,
Ошаққа ошарылып сорлы да өткен,
Жігері күн езіле, түн езіле.
Ақындар той-думанды алқалаған
Күйшінің бармағынан бал тараған,
Жезтаңдай шешен де өткен, көсем де өткен
Халқының қасіретін арқалаған.
Біздерге әнші рухы үн қатады
Алыстан шемен сырды тыңдатады,
Қайраты құлшындырып, сүйсіндіріп,
Қайғысы жанымызға шым батады.
Тыңдаңдар, әл жеткенше жосылайық,
Көңілдің бола берсін хошы дәйім,
Кешегі думандатқан сал Сарының
Үніне ұрпағы боп қосылайық...
Музыка үні жігерлі күй ырғағына ауысып, күшейе түседі.
Бірінші көрініс
Көк шүйгінді алқап, әр жерде үйілген шөмеле. Шалғышылар арасында Қалнияз кәрия мен Сары бар.
ҚАЛНИЯЗ : Аз-кем демалайық, балалар. (Жігіттер шалғыларын жерге қойып, Қалнияз кәрияны айнала отырысады). Шалап сусынға қанып алған соң, салқынмен біраз жердің шөбін қаусырып тастау керек.
Бір жігіт үлкен месті шөмеле астынан көтеріп әкеліп, отырғандарға зереңмен сусын үлестіреді. Кей жігіт шалғысын қайрақпен жүзін қайрап жатыр.
1 - Жігіт : Біз маңдай терімізді сыпырып, көк бидайықты орып жатырмыз, өткен жылғыдай Мырзалының «түтін басы» алымына кетпегей еді тағы да.
2-Жігіт : Е-е-ей, жылда-жылда жыны бар ма, бізге шүйлігіп?
ШОҚША САҚАЛ : Жер қайысқан малы тұрғанда неге шүйлікпесін.
ТӨЛЕН : Малының көптігі де елге пәле болды ғой, әйтеуір...
ҚАЛНИЯЗ : (күрсініп). Қолында күші бардың елде не ісі бар...
САРЫ : Оның үстіне жақында ғана ақ патшамен жолығысып, көкірегіне дем бітіп келсе...
ШОҚША САҚАЛ : Иә, әңгір таяқты елге енді ойнатады ол. Бұл күндері Мырзалының «тфу» десе түкірігі жерге түспей, тым күшейіп тұрса керек. Патша ағзамнан алтын медал әкеліпті ғой...Ол туралы естіп пе едіңдер?
1- Жігіт : Естідік қой. Шынында да, алтын ба екен сонысы?
ҚАЛНИЯЗ : Жылтырағанның бәрін алтын деп әлдеқандай ететін әдеті емес пе олардың? Әйтпесе, алдына барғанның бәріне патша алтын үлестіре берсе, несі қалады?
ШОҚША САҚАЛ : Сіздер оның сол медальді патша ағзамнан қалай алғанын естіп пе едіңдер?
КӨПШІЛІК : (жамырай сөйлеп).
Қалай алыпты?
Естігеніміз жоқ. Айтыңызшы
Ақ патшаның алдына қалай барыпты?
ШОҚША САҚАЛ : Қасында бірге болғандар айтып келіпті деген қауесет көп ауыл арасында...
ҚАЛНИЯЗ : Иә, не дейді сонда?
ШОҚША САҚАЛ : Үш Жүздің болыс билері патша ағзамға қол қусырып сәлемдесіп қайтуға Петербор дейтін қалаға бармай ма? Барса, Петербор деген кілең зәулім үйлі, о шеті мен бұ шетіне ат шаптырар қала екен дейді. Содан ел басшылары патша ағзамға деген сый-сияпаттарын салған қоржындарын арқалап, бір биік сәнді сарайға келіпті. Ішіне кіргесін жүріп келеді, жүріп келеді, қалтарысы көп болса керек. Бір есіктен бір есік, бір есіктен бір есік. Қойшы, сонымен не керек, өлдім-талдым дегенде жетіпті-ау пақырлар. Патша ағзамның алдында бәрі бірдей қол қусырып, тағзым етісіп, иіліп бүгіледі. Әрқайсысының өз ойлағандары бар. Сарайға кірерде кім бұрын патшамен тілдесу керектігін өзара шеше алмай, «жол менікі, мен сөйлеймін, мен бастаймын» деп бұлар біраз керілдессе керек, ақыры келісе алмапты. Деуін десе де, ақ патшаның алдына келгенде көбінің құты қашып, тілдері байланып қалмай ма? Содан ішінде пысықша біреуі елден бұрын сөз бастапты. Қолын ербеңдетіп қойып, сасып-пысып, өз сөзіне өзі қақалып-шашалып сөйлей береді. Сонда әлгінің жанында тұрған Мырзалы сөйлеп тұрғанның қолынан шап беріп ұстай алып: «Әй, қолыңды шошаңдатып, патша ағзамның көзін шұқисың ба, байқасайшы» - депті. Анау еріксіз тоқтап қалса керек. (Тыңдап отырғандар мырс етіп күліседі). Патша ағзам байқап қалып, қасындағы қоршап тұрғандардан мұның мәнісін сұраса, қасындағы тілмашы: «Ұлы мәртебелі тақсыр, сіздің көзіңізге алдыңғы сөйлеушінің қолы тиіп кете ме деп, кейінгі киргиз қақпайлап жатыр» - депті. Рас болса, патша ағзам көзінен жас аққанша күліп: «Қандай ақылды киргиз» - деп, Мырзалыға медал сыйлапты.
ҚАЛНИЯЗ : Өй, Мырзалының жәдігөйлігі ондайға жетпесін бе?
САРЫ : Жалғыз ауыз жарамсақ сөзге медал сыйлаған патшасының ақылы да Мырзалыдан артпағаны ғой, ендеше.
ЖІГІТТЕР :
Солай екен.
Бәсе десеңізші!
Меделі де алтын дейсің бе, Мырзалыны алдарқатқан бір нәрсе дағы.
ҚАЛНИЯЗ : Ал, балалар, біраз күлдік қой. Дем алсаңдар жұмысқа қайта кіріселік.
Жігіттер орындарынан тұра бастағанда сахна сыртынан «Тоқтатыңдар» деген дауыс естіледі, жігіттер елең ете түседі. Сахна сыртынан көршілес Шолан болыстың ағасы Есенаман қолында дойыр қамшысы, қасында 2-3 ауыл жігітімен кіріп келеді.
ЕСЕНАМАН : Тоқтаңдар, тимеңдер қорыққа!
ЖІГІТТЕР : (қабаттаса).
Е-е-е, о несі!?
Кімнің қорығын айтып тұрсың?
Сен кімсің бізге ақырғандай?
ЕСЕНАМАН : Жарлық солай.
ҚАЛНИЯЗ : Ол қандай жарлық, кімнің жарлығы?
ЕСЕНAMАН : Мырзалы мен Шоланның жарлығы.
ҚАЛНИЯЗ : Не дейді сонда оларың?
ЕСЕНАМАН : Бұл қорықты Мырзалы Шоланның жеріне айырбастаған.
ҚАЛНИЯЗ : Ау, біздің қашаннан бергі ата қонысымызды Мырзалының билеп-төстейтін не жөні бар екен? Берсін өз жерінен, қажет болса.
ЖІГІТТЕР :
Бәсе десейші.
Бұны не деуге болады?
О не дегені-ай Мырзалының?
Берсе Мырзалының өз жері жетпей ме?
ЕСЕНАМАН: Онысын мен білмеймін.
ТӨЛЕН: Бұларың көрсе басарлық емес пе?
ҚАЛНИЯЗ : Балалар істен қалмаңдар. (Жігіттер шөп шабуға жан-жаққа тарай бастайды).
ЕСЕНАМАН : Тоқта деген соң тоқтаңдар. Мырзалы біздің жерімізге орақ салғалы қашан. Бұл менің жерім, енді мен сендерге өз жерімнің шөбін шаптырмаймын.
ЖІГІТТЕР : (дабырласа). Біз ата қонысымызды өліспей ешкімге бере алмаспыз. (Шалғыларын қолдарына қайта алып, шөп шабуға жан-жаққа тарай бастайды. Есенаман жалма-жан шеткі тұрған жігіттің шалғысына жармасады).
ЕСЕНАМАН : Тоқта дегенде неге тоқтамайсыңдар?
ЖІГІТ : (бұлқынып) Жібер былай шалғыны.
ЕСЕНАМАН : Сіңірі шыққан қу кедейді қарай гөр (Қамшымен жігітті тартып-тартып жібереді. Жігіт басын қос қолымен ұстап жүресінен отыра кетеді. Сары келіп Есенаманның қолындағы қамшысын жұлып алады).
ЕСЕНАМАН : (өз жігіттеріне). Ұмтылыңдар, не ғып тұрсыңдар, түге? Шаптырмаңдар шөбімді.
Екі жақ араласа сойылысады. Ыңқылдап ыңырсыған дауыстар шығады. Бір кезде бет-ауызын қан жуған Есенаман топтан бөліне шығып, жерге өкіре құлайды. Жағаласқандар еріксіз тұрып қалады. Есенаман жағының бір жігіті: «Масқара, кісі өлімі, кісі өлімі. Қайран ағатайым-ай, ой бауырым-ай» деп сахна сыртына жүгіре жөнеледі, қалғандары сілтідей тынып, тым-тырыс тұрып қалады.
Шымылдық.
Екінші көрініс
Шымылдық ашылмас бұрын сахна төрінен Сарының салған әні құлаққа келеді...
...Емес қой дәреже, ақыл бәрі бірдей
Мырзалы іс қылады әлін білмей.
Ағайын бір-бірімен қастасқан соң
Қантөгіс болып қалды кәдімгідей.
Басында Бақсыкөлдің Есенаман
Таяқтан өліп кетті сәліңгірдей.
Ағаның кегін қуып жоқтаймын деп
Жаланың жапты Шолан бәрін бірдей...
Әннен қайтып құтыларға жер таппай, аласұрып шымылдық алдына Мырзалы шығады. Бетінде ыза мен дәрменсіздік байқалады. Қолындағы дойыр қамшысын екі бүктеп, білемдеп қояды.
МЫРЗАЛЫ : Ән... Ән... Тілің кесілгір қу кедей, айттырармын әлі... Қарыстырармын жағыңды (Құтырына басып, шымылдықтың екінші шетінен сахна сыртына қарай өтіп кетеді).
Шымылдық ашылғанда бір шеттен Мырзалының немере қарындасы Қосан құрбысы Қалампырмен бірге келе жатады. Олар да Сарының әніне құлақ салған.
ҚОСАН : Сарыжан емес пе, Қалампыр-ау? Мынау соның дауысы ғой. Келіп қалғаны ма? Айта түссе екен, дауысын сағынып қалыппын.
ҚАЛАМПЫР : Иә, Сарының әніне құлақ құрышы қанған ба, шіркін...
Екеуі әнге құлақ салып тұрғанда, қалың шөптің арасынан Төлен шыға келеді. Байқаусызда келген Төленнен қыздардың қорқып кеткені байқалып қалады.
ҚАЛАМПЫР : Түу, сен бе едің, Төлен? Дыбыстап келсең болмады ма?
ТӨЛЕН : (сақтықпен айналасына ұрлана көз жүгіртіп). Сендермен бүгін қалай жолығысар екенмін деп келе жатыр едім. Өздерің кездесіп жақсы болды-ау. Екеуіңнен алар сүйіншім бар, қыздар.
ҚОСАН , ҚАЛАМПЫР : (жарыса) Айта ғой, айта ғой. Айтар хабарың жақсылық болса, қалағаның бізден болсын.
ТӨЛЕН : Олай десеңдер айтайын. Сары бүгін Жармола түрмесінен қашып шықты.
ҚОСАН : (өзіне өзі) Бере гөр, Жасаған, тілекті.
ҚАЛАМПЫР : Е-е, бәсе, бір жақсылықтың боларын жүрегім сезгендей еді-ау.
ТӨЛЕН : Қосан, сен осы арада тоса тұр, қазір Сарының өзін жіберіп, Қалампыр екеуміз аттың қасында болайық. Жат көзіне түсіп қала көрмеңдер. Сақ болыңдар, әйтеуір...
Төлен Қалампырды ертіп шығып кетеді. Аздан соң жалғыз қалған Қосанның қасына Сары келеді.
САРЫ : (Құшақ жая ұмтылып) Сәулем, Қосаным!!!
ҚОСАН : (Сарының құшағына ене береді) Саумысың, Сарыжан?!!
САРЫ : Саумын, қалқам. Сен үшін келдім. Қуғыншы топ бар соңымда келе жатқан. Қоңырат еліне барып бас сауғаламақпын. Тек өзіңмен жолығысып, амандасып кетейін деп келдім. Олай етпеске жайым бар ма? Айналайын, сәулем, жалғыз-ақ жанарыңды көрсетші маған. Бір себептен сені тастап, туған жерден кеткім де келмейді...
ҚОСАН : (жылағандай болып) Айтпа жаным олай деп. Бұл маңайдан тез жөнел. Қолдарына түссең жазым етуден тайынбайды олар. Көзден таса бола тұр әзірше.
Сахнаның бір бұрышынан ауыл жігіті көріне түсіп, тез кейін көрінбей кетеді. Алысырақ барып, сахна сыртынан «Ей, мұнда келіңдер, қашқын мұнда, қашқын мұнда» - деп айқайлайды.
ҚОСАН : Көзден таса бол, жаным...
САРЫ : Көз таса бол дейсің маған, Қосанжан. Сонда сенен аулақта жүріп өткізген ғұмырдың не сәні бар мен үшін?
ҚОСАН : Өзің ойлашы, басқа амал бар ма қолдан келер? Мына айналаңды торып жүргендер сені тыныштықпен жүргізер ме? Тезірек аттан... (Камзолының ішкі жағынан кестелі орамал мен мақпал қолғап шығарып ұсынады) Саған арнап тігіп ем. көзімдей көріп жүрерсің. Әне, тағы біреулер таянып қалды. Қош бол, енді жаным... (Асыға басып олардың қастарына Төлен мен Қалампыр келеді).
САРЫ : Тоқташы, Қосан...Мына сыйлығың көмейіме тағы бір ән әкелді ғой. Тыңдасыншы туған жерім, қайран елім. Жақсылардың жадында, жауыздардың зәресінде жүрсінші (Домбырасын қолына алып сәл күйге келтіре бастайды).
Сахна шетінен Мырзалының жігіттері шығады. Алда келе жатқаны артындағыларды кідіртеді.
I - жігіт : Тоқтаңдаршы...Домбырасын қолға алыпты. Естиік, не айтар екен?!
II - жігіт :Ұста деп болыс әмір етсе, тұрамыз ба ән тыңдап?..Бәлесіне қалармыз...
І - жігіт : Өй, әумесер, тоқташы кимелемей...Ән ел қызығы емес пе? Тыңдайық та. Сары Мырзалыға жау болғанмен, елдің, халықтың Сарысы емес пе әлпештеген...
САРЫ : (әндетіп)
...Беріпті Қосан бізге мақпал қолғап
Ауызын таспен зерлеп қойған торлап.
Қыз Қосан, мен келгенше үйден шықпа –
Төртқара алып кетпейд сені зорлап...
І- жігіт : Па, шіркін...Қайран Сары-ай, шын жүйрік сендей-ақ болар. Қадіріңді білмейтін тас бауырлар, сыйғызады ма арамызға?..
ІІ- жігіт : Менің де жүйкем босап кетті. Болыс келгенше тыңдай тұрайықшы...
САРЫ :
...Баласы мен Батақтың, атам Достан
Достанға бата алмаған ешбір дұшпан,
Тапсырдым жолыққанша бір Құдайға,
Қош-сау бол, көріскенше, жаным Қосан...
Қош бол, көріскенше күн жақсы болғай, Қосаным!!!
ҚОСАН : Сақболагөр, Сарыжан...Қолдарына түспей тез аттан...
ҚАЛАМПЫР : Саулығыңа тілектеспіз қашанда, Сары.
ТӨЛЕН : Ал, жолын болсын, достым. Аллаң жар болғай...
САРЫ : Қуанышпен жолығайық. (Бәрі бірдей Сарыны ортаға алып сахна сыртына шыға береді. Сары әнін жалғастырып барады).
...Баласы мен Батақтың тұтқындағы,
Көмекей көрінер ме жұтқындағы.
Мырзалы арыз салып жата берсін –
Мен де бір қызыл түлкі бытқылдағы...
Ән тыңдап тұрған қуғыншы жігіттердің қасына екпіндей басып Мырзалы келеді. Жігіттер Сарының соңынан қуарын да, қумасын да білмей дағдарып тұрып қалады. Мырзалы түтігіп, жігіттеріне ақырады.
МЫРЗАЛЫ : Не ғып тұрсыңдар, түге? Әлгі жайшылықта шетіңнен гүжілдеп: «Көрсетші бәлемді көзіме! Қолыма бір түссе...»- деп ісіп-кебетіндерің қайда? Бәрің жиналып бір қашқынға бата алмай тұрсыңдар ма, тумай тұра шөккір, өңшең шірік? Атқа мініңдер шапшаң!
Жігіттер қозғала бастайды, сахна шетінен Сарының әнін естіп сүйсінген кейіпте қасында 1-2 ауыл адамдары бар Қалнияз кәрия шығады. Қалнияз жігіттерді қолын көтеріп тоқтатып:
ҚАЛНИЯЗ : Ей, балалар, Сарының соңынан қуамыз деп босына әуре болмай-ақ қойыңдар. Ол оңайлықпен беріспейді сендерге. Мырзалы, Шоландардың айтағына еріп өздерің текке жазым болып жүрерсіңдер. Елі үшін азап көрген Сарыға елі тілектес, елдің кәріне ілігерсіңдер, байқаңдар.
Жігіттер іркіліп тұрып қалады. Мырзалы ызадан жарылып кете жаздайды.
МЫРЗАЛЫ : Әй, сендер не ғып тұрсыңдар? (Жігіттер қозғала қоймайды). Қап, мына шіріктердің қорлығын-ай... (Қамшысымен жерді бір ұрып ызалы күйде шығып кетеді, жігіттер тұрған жерлерінде сілейіп қалады).
Шымылдық.
Екінші акт
Үшінші көрініс
Көңілді мұң ұялатып, жанды құлазытар, жалғыздықты еске түсіретін әуен. Музыка фонында авансценаға қолында домбырасы, иығында асынған жол қоржыны бар, ауыр ойға шомған Сары шығады.
САРЫ : Иә, меңіреу тыныштық пен шетсіз-шексіз маң даладан басқа сырлас та қалмады-ау бұл жалғанда. Жан-жағымды қоршаған әділетсіздікке шыдай алмай, жазықсыз жапа шеккендер үшін озбырларға қарсы тұяқ серпіп едім, бай болыстар үстімнен адам өлтірді деп өтірік қағаз жазып, жазықсыз Жармоланың түрмесіне қаматты. Басқа амалым қалмағасын түрменің іргесін бұзып қапастан қаштым. Енді қашқын атанып, елсіз дала мен жанды жегі құрттай жеген жалғыздықты өзіме серік етіп жүрісім мынау... Жалғыздық дерті кеудемді жайлап алды... Артымда туып-өскен, кіндік кескен туған жер, тай-құлындай асыр салып бірге ойнаған дос-жаран, құрбы-құрдас, жаныма балаған сүйгенім Қосан... Алдым мұнар... Қайда барам, кімге арқа сүйеймін?.. Бәрі де белгісіз бір дүние... Қайран Қосаным, сені қайта айналып көрем бе, жоқ па?.. Туған жер... Сенің мейірімің, еркелетіп тербеткен самал желің де көп болғаны ма маған?.. Қайта айналып келгенше қош бол, саяңнан жанға сая таба алмай тентіреп бара жатқан бір ұлыңды ұмытпассың... (Қосан берген мақпал қолғапты қойнынан шығарып ұзақ қарайды да қайта қойнына тығады. Жанынан тастамай жүрген домбырасын қолына алып, әндетеді).
Беріпті Қосан бізге мақпал қолғап,
Мен кеттім Бесқалаға басым қорғап.
Тілекті біз тілеген беріп Тәңірім
Төртқара жұтап қалғай құдай оңдап.
Баласы мен Батақтың - атым Сары,
Дейтұғын «Сары, Сары» жұрттың бәрі.
Мырзалы жарық алып түстің соңға –
Сенің да мендей болсын балаларың...
Ауыр басып, шымылдықтың екінші жағына өтіп кетеді.
Қайғылы музыка бірте-бірте күшейіп шымылдық ашылғанда сахнаға өте жүдеу сағыныш пен қапа кеудесін жайлаған кейіптегі Қосан келе жатады. Сахнаның екінші шетінен ұрлана басып Көшек Қосанға жақындап келеді. Мес қарын, тұтығып әзер сөйлейтін, демін ентігіп зорға алатын келеңсіз бай.
КӨШЕК : Қосанжан...м-мен келгенде... (Қосан Көшекті жаңа байқап, оған оқты көзімен зәр шаша қарайды). Ы-ым...Ы-ы-ым... т-т-тайсақтай б-бе-беретінің не е-енді? Адам д-деген бы-былай...бір ш-ш-шырай білдіріп де-дегендей...ыңғай білдірмес бо-болар ма? (Қосанға ұмтылып құшақтағысы келеді).
ҚОСАН : (кейін шегініп) Жақындамаңыз маңыма!!!
КӨШЕК : Е-е-е... Қ-Қосанжан... Осылай дү-дүрдараз б-боллып қа-қашанғы жүре б-бе-береміз?.. Құ-құдай қосқан жесірімсің. Талайдан бері сен үшін дүнием-м- малымды тө-төгіп-төгіп... С-сондағы кө-көрсеткен қызығың о-осы ма?.. О несі екен-ай???
ҚОСАН : Мен сізге жесір боламын демеген шығармын.
КӨШЕК : С-сен со-солай демесең. М-м-мырзекең со-солай деген... О, несі-ай?...
ҚОСАН : Ендеше, сол саудаласқан адамыңызбен болыңыз, мен сізді көргім де келмейді.
КӨШЕК : Қ-қо-қоя қ-қой, шы-шырағым, енді бұ-бұлтыңдама. Жа-жақында той б-болады... Ы-ы-ым... Ел алдында ө-өзіңді т-түзу ұ-ұста... тү-түбінде м-м-мендік бо-болғасын...
ҚОСАН : Тіріде сендік бола алмас Қосан (Көшекке ызбарлы тас түйін кейіпте жақындап). Жолымды босына тосып әуре болмаңыз. Тұр деймін былай жолымнан: (Көшек еріксіз жол беріп ығысады).
КӨШЕК : О несі екен-ай, п-пәт-ша-пәтшағырдың?.. (тайсақтап шегіншектеп артымен жылжып сахнадан шығып кетеді).
Қосан күшейе түскен музыка фонында қайтадан мұңға батады. Көзіне жас іркіліп, қайғылы кейіпте баяу дауыспен әндетеді.
...Жайлаған шалқар көлді қайран елім,
Сол көлде жарқылдаған қайраң едім.
Билік жоқ бір басыма бұл жалғанда –
Дариға-ай, жарық күнім қайда менің?..
Қосан әнінің орта кезінде сахнаға шыққан құрбысы Қалампыр ән аяқталған кезде Қосанның қасына жылдам басып келеді.
ҚАЛАМПЫР : Қоя тұршы, Қосан... Сен ән айтқанда мен де біртүрлі бойымды қорқыныш билеп, мұңға батам... Сабырлық керек емес пе?
ҚОСАН : Қалампыр-ай, мынадай көріксіз күй үстінде мұңымды қалай қоярмын? Әнімді қалай тиярмын, қай жалғанға сиярмын?.. Жасқа толды жанарым, таусылды ғой амалым... Күні ертең Көшектің құрығына ілінгелі тұрған жоқпын ба?.. Тым болмаса Сарыны бір көріп, арыздасып қоштассам ба деп едім... (Қапалы күйде баяу әндетеді).
...Қызы едім Сылпының Қарылақ-ай,
Базардан алдым мақпал қарылап-ай.
Кей жаман қылған ісін жасырады –
Мен жүрмін айт пен тойды жарылап-ай... –
деп, ән салып, басындағы қайғысын басқаларға сездірмей өткен Қарылақ апайға ұқсап жүру де қолдан келмеді-ау... Айтсайшы, Қалампыр, бұл дүниеде әйел затынан қор адам бар ма екен, сірә?.. Жаным қалаған Сарымды жүрегімнен шын сүйгеннен басқа не жазып ем?.. Білсең - айтшы, айтшы, жан құрбым... (Қалампырдың иығына басын сүйеп, қыстығып жылап жібереді).
ҚАЛАМПЫР : (абдырап) Қой дедім ғой, қойшы енді Қосан уайымды... Үміттен күдер үзбейікші... Төлен сау болса, Сарыны Қарақалпақтың қай түкпірінен болса да таппай қайтпас... Келер шақтары да болған сияқты, неге айналғанын білмей, мен де ұйықтай алмай жүрмін.
ҚОСАН : Сарының келеріне сенемін-ау... Тек қана ол екеуміздің келешегіміз бұлдыр, ойласам ойым онға, санам санға бөлінеді. Жарқыраған күнімізді көрсетпей жабар түн түнегі тосып тұрған сияқты, Қалампыр... Зәрем жоқ... Өзімнен бұрын Сарыдан қорқам... Қыр соңынан қалмай содыр-сотқар Мырзалы мен Көшектер сойылдарын сүйретіп жүрген жоқ па?.. Бұлар тірісінде күн де көрсетпейді, жөнде жүргізбейді Сарыға. Солдағы менің уайымым... Не көрмеді ол, жазықсыз жала жауып қапасқа да қамады Мырзалы. Азды күн болса да басы саудаға түспесін деп Қоңырат жағында бола тұруға әзер көндіріп едім, келгеннен кейінгі күні не болатынына көзім жетпейді...
Осы кезде сахна сыртынан алыстан Сарының салған әні естіледі. Ән бірте-бірте жақындай түскендей күшейе береді.
...Көрдім бе сені бүгін қайран жерім?
Үш жылда жаңа көрдім елдің шегін.
Көз салып тұра қалып төңірекке
Қосанның мен іздедім жүрген жерін.
Үш жылым үш сағаттай енді менің
Көргенде Сары серің туған жерін.
Жат қылып сүйген Қосан аяулымнан –
Бітті ме болыс билер менен кегің...
ҚОСАН : О, Жасаған, көрдің бе көз жасымды, бергенің бе тілекті?! Келді ғой Сарым-арманым... Қалампыр-ай, мынау Сары ғой, соның үні ғой.
Сахнаға асыға басып Сары мен Төлен келеді.
САРЫ : Сенбісің, жаным, Қосаным?! (Қосан сүріне-қабына Сарыға қарай ұмтылады).
ҚОСАН : Сарыжан!!!
САРЫ : Қосаным-қосағым... (Екеуі құшақтасып аймаласып тұрып қалады).
ҚАЛАМПЫР : Бәсе-бәсе, жүрегім бір жақсылықтың боларын сезгендей еді-ау... Аман-есен оралдың ба, Сары?
САРЫ : Шүкір, шүкір, Қалампыр! Өзің де есен-сау жүрмісің, құрбым?
ҚАЛАМПЫР : (наздана). Тоса-тоса екі көзіміз төрт болды ғой, Сары.
ҚОСАН : (Сарыға) Саумысың, жаным, әйтеуір?
САРЫ : Саумын, қалқам, саумын. Тым болмаса көз жасыңды көрсетпеші маған, Қосанжан. Бәрін де естідім, бәрін де білдім Төленнен. Тіріде сені Көшекке бұйыртпаспын, қолдарында өлермін одан да. Мырзалы мен Көшектің тепкісіне шыдай алмай, туған жерге сыймай кетсем де, кең пейілді Қоңырат еліне сыйдым. Міне, аман-сау қайта келдім туған жерге, жалғандағы жалғызым, сені де көрдім. Енді екеумізді тек Алла айырар. Тағдыр салған қасіреттің ауыр жүгін сенімен ғана бөлісем, соған бекініп келдім, сәулем.
ҚОСАН : Сарыжан!!! (Тез басып сахнаның бір шетінен Көшек шығады).
КӨШЕК : (ақырып) Құшағыңа қысқаның кім, жү-жү-жүзіқара?!
САРЫ : (сабырлы кейіпте) Танымай қалдың ба, Көшек?! (Жігерлі, шалт екпінде әндетеді).
...Тұрғанда Қосанжанмен жолығысып,
Келдің бе менің тағы жолым тосып?
Қосан мен мені айыру қиын болар
Жисаң да қанша жаудың басын қосып...
КӨШЕК : А-а-а, С-Сары...Тағы к-келдің бе, т-түрмені бұ-бұзған қашқын? М-мен ті-тіріде ала алмассың Қ-қо-қосанды (Сарыға қамшысын ала ұмтылады. Сары қанжарын суырып алады).
ҚОСАН : (Сарының қолындағы қанжарын көріп). Сары!!!
САРЫ : (Қосанның қорқынышын түсініп, қанжарын қынына қайта салып, Көшекке) Жақындама, өлексеге телмірген құзғын (Көшек сескеніп кейін шегінеді) Махаббаттың тажалдан тайсалғанын қашан көріп едің? Бірақ сен махаббаттың не екенін білмейсің ғой, хайуан. Мен Қосан үшін қай жалаға көнбеп ем, қай қысымға төзбеп ем?! Әлі де төзем. Қолыңнан келсе Мырзалы екеуің аспаныңды төңкере сал төбеме. Бірақ, есіңде болсын, ендігі саған айтарым - Қосан екеуміздің құшағымызды тіріде күшпен айырамыз деп әуре болмаңдар, әйтпесе қылжақтың қызығын қанжардың жүзі шешер.
КӨШЕК : А-а-а... Ж-жарайды о-о-онда... Б-бұл күніңді өзіңе көп көріп ж-жүр екенсің, сү-сүйегіңді кү-күйретіп к-күл етермін е-ендеше. (Өзінше қоразданып, сахнадан шығып кетеді).
САРЫ : (Көшектің соңынан дауыстап) Қосан үшін, адал жарым үшін не салса да көнген жанмын, тостым тағдыр салғанын. Тайсаларым жоқ, қапыда қалмаңдар! (Сары Қосанды құшақтаған күйі әндетеді, сахна шымылдығы жайлап жабыла береді).
...Қонысым Ұлық құмда Жетей-Ебес
Іркілмей ақ құламен жаумен теңес.
Біз шаққан садақаға бір жұмыртқа
Екі ру арасында болып егес.
Болмаса тап оншама күнәм жоқ-ты
Халқыма қарап тұрсам олай демес.
Басым жас, әлі-ақ бәрі ұмыт болар
Ер жігіт еткен іске қайғы жемес.
Жаламен іс істедің Шолан болыс
Ісімнің жай-жағдайын білмей тегіс.
Атам бір, анам басқа сеніменен
Қашаннан Алтон-Қызай жолың теріс.
Шымылдық.
Төртінші көрініс
Түн. Киіз үйдің іші. Сарыны ортаға алған ауыл адамдары әңгіме-дүкен құруда.
САРЫ : (Қалнияз кәрияға қарап) Иә, солай ата... Бұрын-соңды сыртынан естігенім болмаса, көріп білмеген едім, үш жылдай сонда болдым. Бесқала дегенің Қоңырат, Шымбай, Төрткүл, Үргеніш, Хорезм деген қалаларының жалпы аты екен. Қарақалпақ деген де меймандос ел екен, ән мен жырға жанын береді, құшақ жайып қарсы алды.
ТӨЛЕН : (әзілдеп) Шынында да, ата, мынауың мен бармасам елге қайтар түрі жоқ екен, салдық құрып сайрандап жүр әншейін.
ҚАЛНИЯЗ : Бәрекелді, жай-жапсарға қандық, қарағым. Аман-сау келдің, әйтеуір, осыдан артық не қуаныш бар? Біз де сағындық сені бұл жақта. Ал, енді мына жиналып отырған ағайын сенің салған әніңді естуге құштар. Үш жыл жырақта жүргенде жинағаныңды жайшы мына жұртыңа, құлақтарының құрышы бір қансын.
КӨПШІЛІК : Иә, соны айт-ау!
Бір шырқап сергітші көңілді, Сарыжан.
Сағындық қой дауысыңды.
Серпілтші бір шемен басқан көңілді.
Сары жанында тұрған домбырасын қолына алып, құлағын бұрап күйге келтіреді. Көпшілік тым-тырыс, ынтыға құлақ түруде.
САРЫ : Қоңыратқа кетерде туған елім деп шырқаған ән еді, соны айтайын, ендеше (әндетіп)
...Баласы мен Батақтың Сары серің,
Бел байлап тәуекелге буған белін.
«Жасаған жолды оңғар» деп қылдым бата –
Тіріде кім қияды туған жерін?
Дедім де тарпаң атқа бастым қамшы,
Жас ақты екі көзден тамшы-тамшы.
Бусанып, еті қызып алғаннан соң,
Тарлан ат екіленді желге қарсы.
Айырылған қиын екен сүйгеніңнен,
Қайтейін, опасы жоқ дүние балшы,
Жаңғыртып cap даланы, зарын төгіп,
Өтіпті бұрын талай мендей әнші.
Барамын танымайтын алыс жолға.
Кім білсін жолаушының ата-тегін,
«Көз жұмбай дария кешпес» деген сөз бар,
Қош-сау бол көріскенше, туған елім...
КӨПШІЛІК : Ой, пәлі!
— Пай, пай, дауысы баяғысынан өзгермепті-ау!
— Алла, қарағым-ай, туған елін кім қияр еркіменен?
— Көңілімді босаттың-ау, Сарыжан.
ҚАЛНИЯЗ : (күрсініп) Беу, қарағым-ай, сенің көрген күніңді адам баласының басына бермесін. Жармола түрмесінде көр азабын тірі тартқан қайғы-мұң аралас әніңді осы ауылдың балалары жатқа айтып жүр, ол да адамның сай-сүйегін тебірентетін еді. Жарайсың ұлым, мынауың жақсы екен. Талабың таудай тассын... Ана жылғы екіұдай болып жауласқан жер таласында өлген ағасы Есенаманның құнын Шолан болыс Мырзалымен бірігіп қуып, сен Қоңыратқа кеткесін мына ағайындарыңның өндіріп алып, тігерге тұяқ қалдырмады. Иә... кедей сорлыға олардың әңгір таяғы ойнап тұр ғой, әйтеуір...
І- ШАЛ : Олардың талағын тарс айырып жүрген Сарыжанның осы әндері емес пе?
ТӨЛЕН : Қашанғы құтырар дейсің олар? Бүйте берсе түбінде тықыр өздеріне де таянар, шыдамның да шегі бар шығар?! Ата, одан да Сарымен кездескен бүгінгі кешімізге кірбің түсірмейікші, Сарының Қоңыраттан бері жүрерде шығарған әні бар, соны айтсын.
САРЫ : (ауыр ойдан серпіліп) «Асты қорлама - құстырар, ерді қорлама - тыштырар» деген, ол арсыздар көпті қорлағанымен, ақыры өздері де қалың сорға жолығар...
ТӨЛЕН : «Дариға-ай» әніне салшы, Сары.
КӨПШІЛІК : Төлен дұрыс айтады, ән сал, Сарыжан.
— Құмарымыз басылмай отыр, аға, тағы да ән айтыңызшы.
— Кәне, «Дариғаны» айтсын, біз де естиік
— Өзін үйреніп алайық, жастар.
САРЫ : (әндете)
... Мен шықтым Хорезм мен Қоңыраттан
Болар ма жылқы мықты тарлан аттан.
Сәскеде Шибұлақтан міне асып,
Бесінде өте шықтым Құмсу аттан.
Тарлан ат, аяғың бас ұрынбай-ақ,
Салбырап төбе шашың тұлымдай-ақ.
Жем беріп сауырыңды сипағанда,
Азбарда ойнаушы едің құлындай-ақ.
Мінуге сені, тарлан, әркім құмар,
Байлардың әлпештеген ұлындай-ақ.
Әрі атым, әрі досым менің тарлан,
Қайтейін өлең қылмай сыныңды аяп.
Шөпшағыл, Есеншағыл - құмның аты.
Қасқажол, Қаратамақ - шыңның аты.
Тарланмен боз белеске шыға келсем,
Көк теңіз шалқып жатыр, Құмсу аты.
Көрдім бе сені бүгін, қайран елім?
Үш жылда жаңа көрдім елдің шетін,
Үш жылым үш сағаттай енді менің.
Көргенде Сары серің туған жерін.
Көз салып тұра қалып төңірекке,
Тарланның бір сипадым көзден терін.
Жат қылып сүйген Қосан аяулымнан –
Бітті ме болыс билер менен кегің...
Отырғандар арасында көз жастарын сүрткендері байқалады.
1-Кемпір: (күрсініп) Алла, айналайын-ай!
I-Келіншек: Туған жерін сағынбайтын жан барма?
ІІ -Кемпір: Енді қайтсін, шыдай ма? Туған жердің топырағы да алтын емес пе?
1-Жігіт : Ана бөрі тигір болыстардың кесірі ғой соның бәрі.
ІІ -Келіншек: Тек, жай сөйле. Естіп қалып, тағы да үйімізді аттан жабар.
ІІ-Жігіт: Ағажан, енді Қосанға арнап шығарған әніңізді айтыңызшы.
Осы кезде үйге сырттан Қалампыр мен Қосан келіп кіріп, үлкендерге ізетпен сәлем беріседі, отырғандар үрпиісіп қалады.
САРЫ , ТӨЛЕН : (қатарласа) Қосан?! Қалампыр?! КӨПШІЛІК:
— Қарағым-ау, мынау Қосан ғой.
— Кімді айтса сол келеді деген-ау, жаңа ғана сендерді айтып отыр едік.
— Келіңдер, қарақтарым, төрлетіңдер.
ҚАЛНИЯЗ : Аманбысыңдар, әйтеуір? Түнделетіп суыт
жүргендерің қалай?
ҚОСАН : Айып етпе, атажан. Бүгінгі түні Сарының басына төнген қауіпті хабар ете келдік.
КӨПШІЛІК :
— Не дейді?
— Бұнысы не еді тағы да?
— Не сұмдығы бар еді артында?
САРЫНЫҢ АНАСЫ: Жалғызым-ай, құтылмадың-ау пәледен.
САРЫ : Ол не қауіп, Қосан?
ҚАЛАМПЫР: Бүгін Сарының ауылға келгенін естіп, Мырзалы мен Көшек осы түнде солдат ертіп келмекші осында. Біз оны өз ауыздарынан байқаусызда естіп қалдық. Ертерек хабарлайық, қамсыз болмасын деп қас қарая аттанып едік, жеткеніміз осы болды.
ҚАЛНИЯЗ : (қатулы) Не сұмдығы бұл тағы да Мырзалының?!
КӨПШІЛІК :
— Бәсе, тыныштық беруді қойды-ау, бұлар.
— «Бұға берсең сұға береді» деген, шығар олардан.
САРЫ : Сабыр ет. ағайын. Жалаға көнген жанбыз ғой. Келсін әуелі, көрейік, не ойлағандары барын білейік.
КӨПШІЛІК :
— Ойбай-ау, олардың ойы Сарыны елде жүргізбеу емес пе?
— Тезірек қашпасаң қапы қаларсың, Сары.
ҚАЛНИЯЗ : Жә, құр даурықпай, аз-кем ақылға салған жөн болар...
Осы кезде сырттан ат тұяқтарының дүбірі, дабырласқан дауыстар шығады. Қосан мен Қалампыр жастар арасына жасырынады. Үйге қамшыларын білемдеп, суыт жүріспен Мырзалы мен Көшек кіріп келеді.
МЫРЗАЛЫ : (екпіндей сөйлеп) Ақылдасып болмап па едіңдер, түге? Не ойланатыны бар? Қанша жасырынғанмен, үкіметтің құрығы ұзын, қашқын, ұры, елді бүлдірген Сарыға көмектерің тимейді.
ҚАЛНИЯЗ : Амандық-саулық сұраспастан, бұл қай басынуың, Мырзалы?!
МЫРЗАЛЫ : Басымда бағым, қолымда күштім, заманымда заңым жүріп тұрғанда, басына келмей, аяғыңа бас ұра келеді деп пе едің? Ендеше соқтықпай тыныш тұр, Қалнияз. «Тентекке жел беріп, екі қолына бел беріп» сенің де айыбың бар, бірақ ол кейіннен: Қазір менің сөзім сенде емес, анау Сарыда.
САРЫ : Олай болса, мен алдыңда тұрмын. Не айтасың, Мырзалы?
МЫРЗАЛЫ : Неге келдің қауымыма, неге бұздың шырқымды?
САРЫ : (тіксіне) Бүлік болып не істеппін? Неге қалмайсың соңымнан? Жоқ әлде, туған жердің топырағын қызғанасың ба, менен?
МЫРЗАЛЫ : Жер түгілі сенен көрді де қызғанамын.
САРЫ : Садаға кет сен, жерімнен. Тірілей талауыңды қояр кезің жетпеп пе еді? Әлде, мына көпті қан жылатқаның аз болды ма? Садақаға шығарғаның мен болыппын, сонда менің жазығым не еді? Есімді біліп, етегімді жапқалы көргенім қорлық, қуғын екен. Сонда сен пәлен істедің деп айта аласың ба? Жоқ, айта алмассың, Мырзалы.
МЫРЗАЛЫ : Аруақ атқанның адуындауын қарай гөр. Адал болсаң, кешегі көп арыстың бірі Есенаман қайда? Сен жетпеп пе едің түбіне? Адал болсаң, Қосанның басын неге шырмайсың? Бақытына неге кесе-көлденең тұрасың?
САРЫ : Кісі өлімі дейсің, сонда Есенаманды өлімге итерген кім еді? Сендер - өлтірген де өздерің. Бірдің емес, көптің қаһарына кезікті ол, обалын да сендер тартарсыңдар. Қосанның бағын байладың дейсің, сонда Қосанның бағын ойлап жүрген сендер ме? Жоқ, сендер Қосанның бағын ойлап жүрген жоқсыңдар, одан келер малын ойлап жүрсіңдер.
МЫРЗАЛЫ : (кие сөйлеп) Қысқарт енді. Қызыл тіліңді мұнда жұмсама, әулие болсаң ана абақтыға барғанда, сот алдында жұмсарсың. (Көшекке қарап ым қағады. Көшек үйден сыртқа шығып, мылтықты екі солдатпен ішке қайта кіреді. (Мырзалы солдаттарға). Ұстаңдар, қашқын Батақор анау.
I- солдат : (Сарыға) Сені қамауға алуға рұқсат бұйрық бар, алға түс.
САРЫ : (Мырзалыға) Е-е-е, жасауылдарың да бар ма еді, болыс? Сенің тырнағың маған аз тиіп еді, талата түс тағы да.
МЫРЗАЛЫ : Өшір үніңді, әйтпесе өңешіңді суырып алармын. Көпшілік Сарыны қорғамақ болып, ілгері ұмтылады, солдаттар мылтықтарын олардың кеуделеріне кезеп, қорқытады.
САРЫ : (екі қолын жоғары көтеріп, көпшілікке). Тоқта, ағайын! Қаруға қарсы бармаңдар, қан төгілмесін. Бүгінде әділет жоқ, жұртым. Кімнің басында бағы болса, заң соның қолында. (Мырзалыға жалт бұрылып). Сойылыңды соғып қал, Мырзалы, тағы да кидім қамытыңды. Бірақ, біліп қой: күндердің күні болғанда тірі болсам тас төбеңнен жай оғы түскендей етермін. Сонда жан ұшырып, тығылар жер таппассың. Өзің жаққан отыңа өзің өртенерсің сонда. (Домбырасын қолына алып жігерлі әуенмен әндетеді).
...Басында Бақсыкөлдің Есенаман
Таяқтан өліп кетті сәліңгірдей.
Ағамның кегін қуып жоқтаймын деп
Жаланың жапты Шолан бәрін бірдей.
Баласы мен Батақтың - атым Сары
Дейтұғын: «Сары, Сары» жұрттың бәрі.
Мырзалы жарық алып түстің соңға –
Сенің де мендей болсын балаларың...
Көпшілік арасынан Сарының анасы дауыс салып Сарыға ұмтылады.
САРЫНЫҢ АНАСЫ: Жалғызым, балапаным... Жайыңа жүргізбеді-ау, жауыздар... Көріңде өкіргір, Мырзалы, сен де мендей болып тентіре. Құдай бар болса берер зауалыңды... Балапаным-ай, не жазығың бар еді соншама азап көрердей. (Сарының аяғын құша құлайды).
САРЫ : (анасын қолтығынан демеп тұрғызып) Дұшпанның алдында көз жасыңды көрсетпеші, анашым.
САРЫНЫҢ АНАСЫ : Сенен айырылып, тағы да жалғыз қалғаным ба, құлыным? (Осы кезде топ арасынан Қосан шығып, ананың қасына келеді.)
ҚОСАН : Жыламашы, анажан. Сен жалғыз емессің.
І- СОЛДАТ : (Сарыға) Байқаймын, сен елдің азаматы екенсің. Елі сыйлап, халқы құрметтеген ерді қорлау қай елдің де дәстүріне жат. Менде билік жоқ екенін түсінерсің, азамат. Уезд орталығына дейін қолыңа кісен салмаймын, өз еркіңмен жүрерсің.
САРЫ : (тебіреніп) Неткен үлкен жүрек, қандай ақ ниетті жан едің, бауырым? Ұлтың басқа болса да, жағдайымды түсінгеніңе мың да бір рахмет. Сеніміңді ақтаймын.
МЫРЗАЛЫ : (солдатқа) Не деп кеттің, сен кәпір?
СОЛДАТ : Тоқтат болыс! Өз күшігін өзі жейтін қорқау қасқыр да сенен кешірімді болар. Ал сен ел азаматын, халықтың ұлын қорлап тұрсың. Бұның жыртқыштықтан да бетер. Мен өз міндетімді сенің сілтеуіңсіз-ақ атқарамын, сондықтан қалған іске араласпа. (Сарыға қарап) Жүрейік, азамат Батақов.
САРЫ : (көпшілікке) Амандықта, саулықта көрісуге жазсын, құдайым, қош болыңдар, халайық. (Қалнияз, ауылдың адамдарымен бір-бірлеп қоштасып солдаттардың алдына түсіп, сахнадан шығып кетеді. Сахнада Сарының анасы, Қосан, Қалампыр, кемпір-келіншектер, кімге ұрынарын білмей ызаланған Мырзалы мен Көшек қалады. Басқалары Сарыны шығарып салуға кеткен).
МЫРЗАЛЫ : (Қосанға) Сен қайдан келдің? Мұнда не ғып жүрсің?
КӨШЕК : (бір шетке шығып) Т-т-талақ е-е-еттім м-мен оны, т-талақ ет-тім б-б-біржола.
Т-т-талақ!!!
МЫРЗАЛЫ : (Көшекке ызбарлана қарап) Алып жүр мынаны ауылға.
КӨШЕК : (Қосанға) К-к-кәнекей, т-т-түс а-а-алдыма, қ-қ-қаншық.
ҚОСАН : Жақындама маңыма, қортық албасты. Енді менен біржола күдеріңді үзе бер.
МЫРЗАЛЫ : Жүзіқара, сүйегімді сындырмай, қайт шапшаң ауылға!
ҚОСАН : Әуре болмаңыз босқа, қайтпаймын.
МЫРЗАЛЫ : (Көшекке) Байлап алып жүр мынаны, Көшек, ауылға.
Көшек Қосанды ұстауға ұмтылады. Қосан Көшекті кеудесінен қос қолдап итеріп қалғанда, бұндай қарсылықты күтпеген Көшек сүрініп құлап түседі.
ҚОСАН : Сары кеткен жерге мен де кетем. Жылаған жүректі соның әнімен жұбатам. Әуре болмаңдар босына.
КӨШЕК : Қ-қ-қол к-к-көтердің бе, с-с-сен м-м-маған? О-олай б-болса қ-қ-қан қы-қылайын с-сен қ-қарды (Қосанға қанжар салмаққа тұра ұмтылады. Осы кезде Сарыны шығарып салып қайтқан Қалнияз, Төлендер келіп қалады. Төлен Көшектің қолындағы қанжарды оқыс қағып үлгереді).
ТӨЛЕН : (Көшектің қанжарын жерден алып) Мына сұмырай қайтеді-ай. Кәне, күшті болсаң бері кел, қайратыңды көрелік.
ҚАЛНИЯЗ : Ей, қарғыс атқырлар, Сарыға еткен қысастықтарың аз болып, енді Қосанға қол көтердіңдер ме? Қанжар қызығын көргілерің келсе, келіңдер кәне, көріңдер ендеше. Шешінген судан тайынбас, біржола болар іс болып тынсын. (Қалнияз бастаған топ Мырзалы мен Көшекке қарай ұмтылады. Мырзалы мен Көшек артымен шегініп, сахнадан шығып кетеді).
Шымылдық
ҮШІНШІ АКТ
Бесінші көрініс
Түрме бастығының кеңсесі. Түрме бастығы алдында Мырзалы мен Көшек отыр.
МЫРЗАЛЫ : Сонымен, Сарының үстінен жасақталған актілерге мөр басылып, сотқа тапсырылды. Ал енді, тек сақ бола көріңіз Сарыға. Енді айырылсаңыз, мырза, ол тұқым-тұяғыңыздан түк қалдырмайды.
ТҮРМЕ БАСТЫҒЫ : (креслода шалқайып) Материалдары толық жинақталса, Батақов біздің қолдан ешқайда кетпейді. Өзін біраз соққыға жыққыздым. Болыс, енді сот жағын айналдырып, істі туралата бер. Батақовты тезірек Сібірге айдатып құтылу керек.
(Болысқа қарап, көзін қысып, мұртын шиырып). Білесіз ғой, оған... және саған айтарым... осында генерал-губернатордың өзі келіп жүр. Оған да баруды ұмытпа. Бізге нұсқаудың содан келетінін білесің ғой.
МЫРЗАЛЫ : Бәрін бір ыңғайластырдым. Генерал-губернаторда да болдым. Маржасына арнап сыйлықтар бердік. Талай-талай алдынан өткен адамдармыз ғой...
ТҮРМЕ БАСТЫҒЫ : Онда тіпті жақсы... Айтпақшы... ұмытып барады екем ғой... Болыс, бүгін баламның именник күні еді... Иә, туған күні дегенім ғой, соған... біраз қонақтар шақырып қойып едім. Аздап мынаның... (көзін қысып, ақша санағандай қолын сумаңдатып) керегі болып тұрғаны...
МЫРЗАЛЫ : (емеурінді түсіне қалып) О не дегеніңіз, мырза... Білем ғой... (Көшекті ыммен шақырып, құлағына сыбырлайды). Көшек, сен мына нәшәндікке қойныңдағы түйіншегіңнен ептеп бер, Сарыдан тезірек құтылуға септігі тиеді. Гүбірнатыр мен соттың ауыздарын тығындадық, енді мұны құр қалдыруға болмайды.
КӨШЕК : (қойныңдағы түйіншегін шешіп, тілін жалап, ақша санай бастайды) Ы-ы-ым, Мырзеке, құ-құрттың ғой мені. Әй, б-бүйтіп қ-қ-қатын алғаным құ-құрысын...
МЫРЗАЛЫ : Жап ауызыңды, малғұн. Осының бәрі сенің қамың емес пе, біле білсең? Сары көз көрмеске кетсе. Қосан саған басы бос қалмай ма? Мен намыс қусам, саған керегі қатын емес пе?
КӨШЕК : Қ-қ-қойдым, Мырзеке, қ-қойдым. (Мырзалы Көшек берген ақшаны түрме бастығына береді).
ТҮРМЕ БАСТЫҒЫ : (ақшаны қалтасына сүңгітіп жатып). Сот өзіміздің адам. Оның менімен бажа екенін білетін боларсың. Айтқанымнан шықпайды.
МЫРЗАЛЫ : Ойбай-ау, неге білмейін. Мен де соны сезіп, сізді жағалап жүрген жоқпын ба? Бізде де бажа, жекжат жұрағат дегендер бар.
ТҮРМЕ БАСТЫҒЫ : (темекі түтінін будақтатып) Батақовты бүгіннен бастап Сібірде жүр деп өзіңізді сендіре беріңіз.
Осы кезде қолында қалың папкасы бар, кабинетке сот кіреді.
СОТ : Сәлем, господа!
ТҮРМЕ БАСТЫҒЫ : Ә-ә-ә, Сигизмундович, келіңіз, келіңіз.
СОТ : Оһо, болыс та мұнда екен ғой.
ТҮРМЕ БАСТЫҒЫ : Қалай болыстың жұмысын тураладыңыз ба?
СОТ : (басын изеп) Иә...ы-ы-ым...
ТҮРМЕ БАСТЫҒЫ : Материалдары түгел жинақталды ма?
СОТ : Ы-ы-ым... Айа.
ТҮРМЕ БАСТЫҒЫ : Батақовты тезірек жөнелтіп құтылу керек. Соған келгендер жолықтыр деп мазамды алып болды. Түрме де толып барады. Енді болыстың қажеті жоқ па ол іс жөнінде?
СОТ : (папкасын бүйірінен бір түртіп) Да, все в порядке.
Тыстан күймелі арбаның келіп тоқтаған дыбысы естіледі. Түрме бастығы терезеден тысқа қарайды.
ТҮРМЕ БАСТЫҒЫ : Генерал-губернатордың өзі келіп қалған екен. (Стол үстіндегі қағаздарын реттеп, тәртіпке келтіреді, сот пен Мырзалы да үстерін ретке келтіріп әлекке қалады. Осы кезде ішке генерал-губернатор келіп кіреді, іштегілер тегіс орындарынан тұрады).
ГУБЕРНАТОР : Далада топталғандар кімдер?
ТҮРМЕ БАСТЫҒЫ : Бұл екі-үш күннен бері мазаны алып, осында қамауда жатқан Батақов дегенге келіп жүрген бейбастақ топ, ұлы мәртебелі генерал мырза! Біз оларды бірнеше рет қуып тастауға мәжбүр болдық. Сонда да келуін тоқтатпай тұр.
Сырттан Сарының әнін қосылып айтқандардың дауысы естіледі.
...Батақтың баласы едім тұтқындағы
Көмекей көрінбейді жұтқындағы
Мырзалы, арыз салып жата берші
Мен де бір қызыл түлкі бытқылдағы...
Губернатор: (қабағын шытып) Бұл тағы неменесі?
МЫРЗАЛЫ : Бұл да сол бұзық Батақовтың мына біздің атымызды қосып халыққа жайып жүрген әні. Ва-ваше... а-а-а... ұлы тақсыр. Міне, бүйте берсе, халықты басқаруға бізге мүмкіндік бермейді. Оның көзін құртпай, бізге мүмкіндік бермейді. Оның көзін құртпай, біздерге күн жоқ.
ГУБЕРНАТОР : Жә, жетті. Немене сонша салы суға кетіп... (Түрме бастығына қарап) Немедленно тараттыр ана тобырды!
ТҮРМЕ БАСТЫҒЫ : Құп болады! (Кезекшіге) Тез қуыңдар аналарды маңайдан!
КЕЗЕКШІ : Құп болады! (шығып кетеді)
ГУБЕРНАТОР : Батақовты басқа саяси тұтқындардан бөлек қамаңдар.
ТҮРМЕ БАСТЫҒЫ : Бөлек қамадық, ұлы мәртебелі генерал мырза.
ГУБЕРНАТОР : (сотқа қарап) Батақовтың материалдары толық жасақталып бітті ме?
СОТ : Мінекей, толық болғанда қандай (Папкасын ашып, материалдарды көрсете бастайды). Мынау... Батақовтың кісі өлтіргендігіне жасалған акт мөрі де, қойылған қолдары да түгел. Мынау... Батақовтың Мырзалы, Шолан болыстардың бірнеше жүз малын ұрлап кеткеніне жасалған акт, мынау... Батақовтың біреудің жесірін зорлықпен алып қашқандығы жайындағы акт. мынау... болыстардың өміріне қастандықпен қауіп төндірмек болғаны жайлы акт. Мынау...
ГУБЕРНАТОР : (соттың сөзін бөліп) Жә, жетер! Осы кезге дейін бір бунтарьға шамаларың келмеген... Ну-ка, келтіріңдер Батақовты, көрелік (Түрме бастығы кезекшіге Сарыны әкелуге бұйырады), егер Батақовтай бірнеше бунтарьдың басы қосылса қайтер едіңдер? Ондағы күндерің не болмақ? (Мырзалыға қарап) Болыс дейді-ау, сендерді де... Ұлы мәртебелі патша ағзам саған знак сыйлады, оны немен ақтайсың?
МЫРЗАЛЫ : (мүләйім күйде) Ақтаймын, тақсыр, ол сыйды. Мақтан етем, өле-өлгенше ақтап өтем...
Үстіндегі киімі жыртылған, бет-ауызы соққыға жарақатталған Сарыны кезекші айдап алып келеді, Сарының қолында кісен.
ГУБЕРНАТОР : Осы ма әлгі бунтарь Батақов?
МЫРЗАЛЫ : Осы, осы бонтар Батақов.
ГУБЕРНАТОР : Жайың қалай, жас жігіт?
САРЫ : Қамаудағы адамда қандай жай-күй болушы еді, көріп тұрған жоқсыз ба жайымды?
ГУБЕРНАТОР : Өзің жап-жас жігітсің, неге басбұзарлық жасайсың?
САРЫ : Мен мойнына қарғыбау тағынып, қалтасымен жағынып жүрген болыстарыңыздан артық басбұзарлық жасамаған шығармын, тақсыр.
ГУБЕРНАТОР : Сенің үстіңнен жасалған қаншама документтер бар. Немене, сонда біз мөр басылған документтерге сенбеуіміз керек пе?
САРЫ : Ал, сонда, қолында мөрі жоқ, бармағы басылған қағазы жоқ, еңкейіп, бірақ ақ ниетті адамдардың сөзіне кім сенеді? Сондықтан, қаншама жер бауырлап жатқанмен, сіздерді сендіре алмайтыныма әлдеқашан-ақ көзім жеткен.
ГУБЕРНАТОР : (тіксіне) Көп сөзді қойып қылмыстарыңды мойындайсың ба, жоқ па?
СОТ : Қарсыласпай, ұлы Мәртебелінің алдында шын жүректен қылмысыңды мойындайсың, өзіңе жеңілдік болады, бала.
ТҮРМЕ БАСТЫҒЫ : Мойындасаң, оңай құтыласың.
САРЫ : Мен мойындайтындай қылмыскер емеспін, мырзалар. Мені ақтайтын заңның да жоқ екенін жақсы білемін.
ГУБЕРНАТОР : Aha, жарайды... Ы-ы-ым... Осы жұрт сені импровизатор, әрі әнші дейді ғой. Кәне, бізге бір нәрсе айта аласың ба?
САРЫ : (кекесінмен) Иә, тақсыр... Мені ақын еткен басымнан кешкен қайғы-қасіреттерім. Жырларым - медеу етер жан азығым. Айтар орын талғайтын ақындардан емеспін, айт десеңіз айтайын (серпіліп, жігерлі екпінде).
...Баласы мен Батақтың, атым батыр,
Қамалып қараңғы үйде бұл да жатыр.
Айтайын айт десеңіз алдыңызда
Жайымды тыңда, тақсыр губернатор.
Қонысым Ұлық құмда Жетей-Ебес,
Іркілмей ақ құламен жаумен теңес,
Біз шыққан садақаға бір жұмыртқа
Екі елдің арасында болып егес.
Болмаса, тап оншама күнәм жоқ-ты
Халқымнан сұрасаң да, олай демес.
Басым жас, әлі-ақ бәрі ұмыт болар –
Ер жігіт өткен іске қайғы жемес.
Шүу десе жылқы озбайды тарлан аттан,
Ырғытып қоян соқтым шағыл тақтан.
Салар ем ат көтіне болысыңды,
Қорқамын Қызай деген шаңырақтан...
ГУБЕРНАТОР : Жарайды, жігіттер... Бара бер. (Сарыны кезекші айдап алып кетеді). Дауысы қандай әдемі мына киргиздің. Пре-красно, прекрасно!!!
МЫРЗАЛЫ : (жарылып кетердей) Тақсыр-ау, міне, осы ғой естір сөзіміз, көрер күніміз.
ГУБЕРНАТОР : (олай-бұлай жүріп, тоқтай қалады) Да... все понятно мне... (қасындағыларға нықтай сөйлеп) Слышите, понятно!
Жарық сөніп, қайта жанғанда түрмедегі камерада жалғыз отырған Сарыны көреміз. Сары мұңды ән айтуда.
...Жатырмын Жармоланың қаласында
Тас қорған төрт қабырға арасында.
Әділет асқарына қол созамын
Қалсам да қас дұшпанның табасына...
Түрме бастығы келіп, тесіктен дыбыстайды.
ТҮРМЕ БАСТЫҒЫ : (ызбарлана) Тұтқындарға түрмеде ән айтуға болмайды.
САРЫ : Тақсыр, «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» дейді біздің қазақ. Басымызға бостандық болмаса да, тілімізге бостандық болсын да.
ТҮРМЕ БАСТЫҒЫ : Тұтқындарға рұқсат етілмейді дедім ғой. (Күзетшіге) Мынаған сақ бол. Ол ертең жүреді. Жақын адамдары бүгін соңғы рет жолығуға генералдан рұқсат қағаз алған.
КҮЗЕТШІ : Түсінікті, господин начальник. (Түрме бастығы кетеді). Менің осында күзетші болып жасағаныма жиырма жыл болған екен, содан бері түрмеге талайы келіп, талайы кетті тұтқындардың... Солардың ішінен мынадай қажымайтын жігітті көрмедім... Тек бұның түрмені басына көтеріп, ұзақты күнге айтатыны ән ғана... Дауысы қандай зарлы, ән айтпа дейін десем де, дауысына бола өзімнің де тыңдағым келе береді...
Сырттан жігітше киінген Қосан - таяққа сүйенген екі көзі көр соқыр болып қалған Сарының анасын жетектеп кіреді.
КЕЗЕКШІ : Тоқтаңдар! Кімсіңдер?
ҚОСАН : Біз тұтқын Батақовпен жолығуға генералдан рұқсат қағазбен келіп тұрмыз. Мына кісі тұтқынның анасы, көзі көрмейді. Аз ғана тамақ, азық-түлік береміз.
КҮЗЕТШІ : Тоқтай тұр, жігіт. Азықтарыңды көрсетіңдер. Кәне, не бар ішінде? (Қосан тамақ салған дорбаны күзетшінің қолына береді).
ҚОСАН : Піскен ет пен қазы.
КҮЗЕТШІ : Тұтқынмен тордың сыртынан жолығыңдар. Тұтқынға сыртқа шығуға рұқсат жоқ.
САРЫНЫҢ АНАСЫ : (таяғымен жүрер жолын тықылдатып). Қалай қарай жүрейін, балам?
ҚОСАН : Тіке жүре бер, апа.
САРЫНЫҢ АНАСЫ : (шыдай алмай дауыс салып) Қайдасың, күнім, жарығым?
Қайдасың, Сарым-сұңқарым, жалғызым, жаным жүрегім?
Жан балам, сені сағынып қайғыдан меңдеп жүдедім,
Сен қасымда жүргенде бақытты жанның бірі едім.
Зарлатып мендей бейбақты қайда кеттің, білмедім.
Боз інгендей боздаған анаңды неге сезбедің?
Келсейші, күнім, құшаққа, сені іздеп Сарым, шөлдедім...
Сары анасымен темір тордың екі бетінде бірін-бірі аймалайды. Сары анасының жүзінен көз алмай тұрып қалады. Өз көзіне өзі сенбеген Сары қатты қиналып.
САРЫ: Не болған, саған, анажан? (Маңдайын торға тіреп) О-оу, сұрқия сұм тағдыр, мұндай қасіретті де тартқыздың ба, маған?
САРЫНЫҢ АНАСЫ: (терең өксікпен күрсініп, бетін сүртіп). Ууһ... Көре алмаймын ба деп едім, шүкір... шүкірлік етейінші... Балам, Қосан да келіп тұр.
САРЫ : Қосан?!! Қайда Қосан, анашым?!!
ҚОСАН : (Сарыға жақындап) Мен мұндамын, жаным қасыңдамын... (Тордан қолын өткізіп, Сарыға қолын беріп). Апамды ертіп келдім... Осылай келмеске лажым болмады.
САРЫ : Саумысың, Қосаным?
ҚОСАН : Өзің де аманбысың, Сарыжан?!!
КҮЗЕТШІ : Уақыттарың болып қалды, көп кідірмеңдер тек.
ҚОСАН : (сыбырлап) Жанашыр достарыңның көбі осында. Төлен досың да бар. Оларды кіргізбеді болмайды деп.
САРЫ : Рақмет бәріне, Қосанжан, сен қазір осы арадан шыққан соң анамды ауылға аттандырып саларсың.
ҚОСАН : Жарайды, Сарыжан!
КЕЗЕКШІ : Уақыттарың әлдеқашан өтіп кетті, енді тұрмаңдар.
САРЫ : Ал, сау болыңдар. Бәріне менен сәлем айтыңдар.
САРЫНЫҢ АНАСЫ : Қош бол, балапаным (босап жылайды).
ҚОСАН : Қош бол, Сары (Қосан Сарының анасын жетелеп шығып кетеді).
Күзетші Сарыға әкелінген тағамдарды түгел тексеруден өткізіп болып, тордың көзінен береді. Өзі залға көпшілікке қарап.
КҮЗЕТШІ : Бұл араға жақынымен жолығысуға қаншама адам келген жоқ. Қаншама ана мен баланың көз жасы төгілмеді. Соның бәріне мен тірі куә болып келем. Жылағандарды көріп, жүрегім ауырады... Ауырмағанда ше? Тұтқын атаулының бәрі бірдей қылмыскер емес қой, нақақтан жала жабылып, қапасқа қамалғандары қаншама? Сондайда небір жалғыз бен жайсаңның кеудесіне оқ кезенген өзіңді жазғырасың... Ертең таңсәріден мына әнші жігіт алыс сапарға шығады... Ұзақ жол жатыр алдында, тым ұзақ...
САРЫ : Ау, күзетші, есігіңді ашшы, аздап тысқа шығып бой жазайын.
КҮЗЕТШІ : Тұтқындардың бой жазатын кезі емес қой, бұл.
САРЫ : Тым болмаса, соңғы күн рақым етсеңізші.
КҮЗЕТШІ : (залға қарап) Рақмет... (Сарыға) Далада бой жаза ғой дер едім. бірақ есіктің кілті менде емес, кезекшіде.
САРЫ : Оның өзі бүгін күн ұзағына көрінбеді-ау.
КҮЗЕТШІ : Кеше түнде түрме бастығының үйінде отырыста болып, басы ауырып қалса керек, қазір басын жазуда. Рұқсат етсе мен одан кілт әкелейін (Кетеді. Аздан соң кілт алып қайта оралады). Ойпырмай, кезекші өлердей мас екен. (Тордың есігін кілтпен ашады. Сары күзетшінің қолындағы мылтықты тез жұлып алып, оқталады. Қапелімде қорқып кеткен күзетшіні өз орнына кіргізіп, ауызын тұтқын көйлегінің жеңімен таңып, өзі күзетшінің киімін тез киіп алады).
САРЫ : Жақсылығың үшін жаныңды қалдырдым. Қош бол, азамат.Камераның есігін де бекітпестен домбырасы мен мылтықты алып, кетіп қалады. Аздан соң мастықтан тәлтіректеп, есінеген кезекші келеді.
КЕЗЕКШІ : (тілі күрмеліп) Ә-ә-әл-гі кү-кү-зетші қ-қ-қайда к-кеткен? Кү-ү-зет-ші... Б-б-бе-зо-бра-зие, неге үн-де-мейді, ә-ә? К-к-көр-се-термін м-мен оған п-постыдан к-ке-кеткенді (Камераның тесігінен сығалап Сарыны қарайды). А-а... Ж-жа-тыр... С-сол ғой... Ә-ә-әй, ұйықтап ж-ж-жатыр-сың ба?.. (Есіктің құлпының орнында жоқ екенін жаңа ғана байқап). Е-есік ашық қ-қа-лыпты ғой... (Есікті жұлқып ашып, ішке кіреді, мастығы тарап кеткендей. Тез барып, аузы таңулы күзетшіні жұлқылайды). Ай, в-встать!!! Б-бұл с-сенбісің, ит-тің б-баласы? Каторжник қайда? Ах... Қашып кеткен... А-а-ай, қа-ра-ул... (мылтығын аспанға атып) қарауыл... Айқайды естіп, түрме бастығы келеді.
ТҮРМЕ БАСТЫҒЫ : Не болып қалды? Кім атты мылтықты?
КЕЗЕКШІ : Господин начальник, каторжник Батақов қ-қашып кеткен...
ТҮРМЕ БАСТЫҒЫ : Не дейді?! (Кезекшіні жағасынан алып). Сендер қайда едіңдер, шошқалар? (Түрмені басына көтере айқайлап). Жан-жаққа шапқын шығарыңдар, Батақов қашып кеткен, табыңдар тез. (Барлығы алас-қапас шығып кетеді. Мырзалы шығып бара жатқан түрме бастығына қарсы жолығады). А-а-а... Жақсы келдің болыс. Тағы айырылдық Батақовтан. Саған да сын келді енді. (Кезекшінің мылтығын қолынан жұлып алып, Мырзалыға ұстата салды). Мә, ұста мынаны. Батақовты жеткен жерінде көзін жой.
МЫРЗАЛЫ : Құп болады, тақсыр
Шымылдық жабыла бере аттардың тұяқтарының дыбысы, қуанышты, жігерлі күй сарыны естіліп, бірте-бірте күшейе береді. Көпшілік қаумалағандар Сарыны авансценаға алып шығады, араларында Қалнияз, Төлен, Қалампырлар бар, жүздерінде қуаныш.
ДАУЫСТАР :
— Шабыңдар, анаға, қуантыңдар тезірек.
— Қосаннан сүйінші сұраңдар.
Екі-үш қыз-жігіт жүгіріп, сүйінші сұрауға шығып кетеді.
ҚАЛНИЯЗ : Ал, кәне, Сарыжан, қалай шықтың жауыздардың тырнағынан? Еш жеріңе зақым келген жоқ па, әйтеуір?
КӨПШІЛІК :
— Иә, айтшы, Сары, қалай шықтың түрмеден?
— Аққа қара жүрмейді деген осы екен-ау.
— Мырзалы итке сол керек, бәлем.
САРЫ : Несін айтайын, ағайын. Мен не істесем де арқа сүйерім өздерің емеспісіңдер? Тар қапаста жатып, өмірден, жарық дүниеден күдер үзген шағымда, сендердің тілеулес көңілдерің демеп бойыма қуат берді.Менің ендігі сиынарым да, сүйенерім де сендерсіңдер. Кеудеме қайрат бітсе, ән-жырыма жігер берген өздерің, сендердің ізгі тілектерің деп білемін, туғандар. (Қолына домбырасын алып. Жігерлі әнге салады).
...Дүние, әттең сенің жалғаның-ай.
Балтаның батыры едім жалмаңындай.
Сендерге арқа сүйер жолығысып
Жеттім ғой енді, міне, арманыма-ай.
Мастығын кезекшінің пайдаланып,
Түрмеден қашып шықтым ақырын-ай.
Бір досым айтты маған ақылын-ай,
Қыз берген құдандалы жақыным-ай.
Белдеуде қаңтарулы тарлан аттың
Үстіне шыға келдім атылып-ай.
Талтүсте жауған қардай оқ астынан
Құтылып кете барды батырын-ай...
КӨПШІЛІК: Ой, асылым-ай, жүректісің-ау!
— Алла сәтін салған ғой!
— Бәрекелді, қуаныш ұзағынан болсын деп тілейміз.
ҚАЛНИЯЗ : Жарайды, ағайын. Өз асылымыз ортамызға қайта оралып отыр. Енді Сарыны жауға алдырмау жағын ойластырайық. Жер сипап қалған Мырзалылар енді тыныштықпен жата алмас. Кідіртпей Сарыны ескі құдандалы Самырат ақсақалдың ауылына аттандырайық. Қуғын-сүргін басылғанша сол Ырғыз жақта көз таса бола тұрсын. Сырт көзге ешқандай сыбыс болмасын. Бірде бірің Сарыны көрмеген, білмеген болыңдар. Осыған уәделеселік.
КӨПШІЛІК :
— Табылған ақыл, екі елі ауызға төрт елі қақпақ.
— Сарыны жауға ұстап беріп, жын ұрып па біздерді?
— Тілегеніміз Сарының тілегі емес пе?
ҚАЛНИЯЗ : Олай десеңдер, аттанар алдында Сары аз-кем демалып, тынықсын, түрме қажытпады деймісің? Төлен, жан-жаққа шолғыншы жіберіңдер, құлақтарың түрік, көңілдерің сергек болсын, ауыздарыңа мықты болыңдар. Сақ отырайық.
Көпшілік Қалнияздың ақылын қостап, Сарыны ортаға алып шымылдықтың екінші жағынан сахнаға өтеді.
Шымылдық.
Алтыншы көрініс.
Сарының үйінен шығып келе жатқан ана, Төлен, Қалампырлар өте қуанышты. Қалнияз кәрия оларға қарсы жолығады.
ҚАЛНИЯЗ : Ау, бізден бұрын Төлендер келіп, қуанышқа бөлепті ғой ауылды.
САРЫНЫҢ АНАСЫ : Кел, қария, құдайым бәріңді де қуанышқа бөлесін. Кірбіңсіз, мұңсыз болыңдар. Жалғызым аман келгенде одан аяр ештеңем жоқ. Тойым бар, халайық, тойым бар.
ҚАЛНИЯЗ : Ал, бәйбіше, қуанышың ұзағынан болсын. Әрдайым жақсылығы жанында болғай Сарыңның.
КӨПШІЛІК :
— Қайда жүрсе де, көсегесі көгерсін балаңның!
— Алласы жар болсын, Сарыңның!
— Құдайым пәле-жаладан аулақ қылсын!
— Той бәрімізге ортақ, ана!
ҚАЛНИЯЗ : (алысқа көз тігіп, көпшіліктің сөзін бөле) Анау көрінген шаң не, балалар? Тым суыт келе жатқан сияқты, дәу де болса қуғыншылар болар. Ал, ағайын, топтанбай, үйді-үйлеріңе тарай тұрыңдар. Сары туралы дыбыс болмасын, сұраса көрмедік, білмедіктен басқа сөз айтпаңдар, ұқтыңдар ма?
КӨПШІЛІК : Ешбір сөз болмайды
— Сарыны ұстап беріп неміз бар?
— Көрмеген де, білмеген де болайық.
Көпшілік елеусіз үйді-үйлеріне тарай бастайды, Қалнияздың қасында Төлен ғана қалады.
ТӨЛЕН : Келе жатқандардың алдындағысы Мырзалы екен, екпіні жер-дүниені қуырып келеді ғой өзі.
ҚАЛНИЯЗ : Иә, бүгін Мырзалының оттан көйлек киер күні емес пе?
Сәл кідірістен кейін 2-3 солдатпен Мырзалы келеді.
МЫРЗАЛЫ : (Қалниязға қарай ентелеп). Ей, кәрі қақпас, Сарыны қайда жасырдың, тап жан керек болса.
ҚАЛНИЯЗ : Біздей емес құрығың ұзын жансың ғой, Сарының хабарын біз қайта сенен сұрағалы тұрмыз, болыс-еке.
МЫРЗАЛЫ : Күлесің, ә? Күлдірермін мен сендерді. Қалай жылағандарыңды білмей де қаларсыңдар. «Тап» деген соң табасың Сарыны, әйтпесе осы жерде маңдайың қақ айырылады, білдің бе?
ҚАЛНИЯЗ : Қолына кісен салып, алдыңа салған адамыңнан айырылып, не танытып тұрсың, Мырзалы? Біз Сарыны көргеніміз жоқ сен алдыңа салып алып кеткелі, хабарын сенен күтеміз. Алда-жалда одан айырылып қалып тұрғаның рас болса, оған да біз айыптымыз ба?
МЫРЗАЛЫ : (екілене сөйлеп) Айыптысыңдар. Босатқан да сендер, жасырған да сендер, табатын да сендер боласыңдар. Айтыңдар, Сары қайда? Айттырамын мен сендерге, таптырамын.
ҚАЛНИЯЗ : Заман сенікі, заң сенікі, Мырзалы. «Адамның басы Алланың добы» деген, біз бір доп, сендер Алладан күшті болған заман ғой, олай да домалатасың, былай да домалатасың, ойнауға ерінесің, отқа да итере саласың, солай ма?
МЫРЗАЛЫ : Иә, солай, солай (Қасындағыларға) Қараңдар, үйді-үйге кіріп, тінтіп шығыңдар (солдаттар әр жаққа тарасады). Әлгі алжыған кемпір қайда? Шық бері үйден! (Сарының үйінен Қалампыр мен таяққа сүйенген Сарының анасы шығады). Балаң қайда, қақпас? Қайда тықтың балаңды?
САРЫНЫҢ АНАСЫ : Бәсе, балам қайда, балам? Сен әкеткенсің баламды, мен сенің қолыңнан алам.
МЫРЗАЛЫ : Балаң тағы да түрмеден қашып кеткен. Сен білесің оның қайда екенін. Тап балаңды. Өлгің келмесе тауып бер.
САРЫНЫҢ АНАСЫ : Ал, таба ғой онда.
МЫРЗАЛЫ : Жоқ. алжыған қақпас, сен табасың оны, саған таптырамын мен.
САРЫНЫҢ АНАСЫ : Ау, әлі көрмей тұрмысың? Тұр ғой көз алдыңда.
МЫРЗАЛЫ : (еліре, жан-жағына қарап) Кәне, қайда? Қайда тұр?
САРЫНЫҢ АНАСЫ : Ей, есуас, міне мұнда, анасының құрсағында.
МЫРЗАЛЫ : Ә-ә-ә... Қылжақ қылайын дедің бе, сен қақпас? (ананы жұлқылайды).
САРЫНЫҢ АНАСЫ : Ана сыйлап көрмеген айуан, тфу бетіңе. (Мырзалының бетіне түкіріп жібереді. Мырзалы тапаншасын суырып алып ананы атуға көздей бастайды).
ҚАЛНИЯЗ : (Мырзалыға) Ей, арсыз. Адамның баласы болсаң бүйтер ме едің? Ана -жаратушы, ана - құдірет, біле білсең. Қалай ғана дәтің барып анаға қол көтересің? Сені де тапқан сондай ана емес пе?
Ана талықсып құлайды. Қалампыр, Төлен, тағы да бір-екі ауыл адамдары ананы сүйеп үйіне кіргізеді. Қалнияз да оларға ере үйге кіреді. Сілейіп тұрып қалған Мырзалы аласұра айқайлайды.
МЫРЗАЛЫ : Жақындамаңдар маңыма, жан керек болса. Мен қайта айналып келгенше табасыңдар Сарыны, өз қолдарыңмен ұстап бересіңдер, әйтпесе бәріңді де көгендеген қойдай тізіп қойып атамын, шаңырақтарыңды ортасына түсіріп, бастарыңа қара түнек орнатамын. (Сарыны таба алмай қасына келген солдаттарға). Кеттік. Аспанға ұшса аяғынан. Жерге кірсе тебе шашынан тартам Сарының. Табамын, таптырамын әлі... (тез басып шығып кетеді. Сарының үйінен Қалнияз кәрия қайта шығады).
ҚАЛНИЯЗ : Аза тұтайық, ағайын. Адам сыйлап көрмеген айуанның, залым жаудың шектен шыққан озбырлығына ана жүрегі шыдай алмады. Ғазиз ана жантәсілім етті.
КӨПШІЛІК : (күңіреніп).
— Сұмдық қой мынау.
— Ойпырмай, бұндайды кім көрген?
— Көріңде өкіргір Мырзалы, көріңде тек жатпассың.
Көпшіліктің күңіренген дауыстары азалы музыкаға ұласады.
ҚАЛНИЯЗ : (азалы музыка фонында) Уа, сұм заман, қансыраттың-ау. Зұлымдығың мен тауқыметің қашан таусылар екен кедей сорлыға? Ей, шұнақ құдай, әділетің жоқ болса, жаратпасаң етті біздерді. Кеңшілігің болар ма, жоқ осылай сұраусыз, құнсыз жетім қозыдай өтеміз бе қан жұтып? Қашанғы төземіз бұл қорлыққа?!
Жарық сөніп, азалы музыка күшейе береді. Дауыс салып жылаған әйел дауыстары естіледі. Аздан соң күшейген музыка фонында жарық қайта жанғанда жалғыз ағаштың түбіне жерленген анасының қабірінің басында отырған Сары, оны алыс жолға аттандырып салуға келген Қалнияз, Төлен, басқа да ауыл адамдары көрінеді. Бәрі де үнсіз, ауыр ой құшағында. Сахнаның екінші шетінен түйе өркештенген тасты паналап, Сарыларды аңдыған Мырзалы мен Көшекті көреміз.
МЫРЗАЛЫ : Айттым ба, анасы өлген жерге бөлтірігі қайта айналып бір соғады деп, айттым. Енді түскен-ақ шығарсың қолға, қалған ғұмырыңды түрмеде шірітпесем, иттің баласы!!!
КӨШЕК : (жарамсақтанып) Ә-ә-әрине, әрине. (Екеуі тасты айналып жасырынады).
ҚАЛНИЯЗ : Сенің көрген тауқыметің мен Мырзалының көрсеткен айуандығы шыдатпады ана жүрегін. Топырағы торқа болсын. (Дұға оқып, бетін сипайды, басқалар да беттерін сипайды). Сары, балам. Болған іске болаттай бол. Ана қазасы осы отырғандардың бәріне батады. Бұл қазаның құнын жұртың бірге жоқтасады сенімен. Бірақ, есіңде болсын, жауларың мұнымен тоқтамайды, ендігі қауіп өз басыңда. Аңдыған жау айналаны торып жүр. Амандықтарыңда кідірмей аттаныңдар, Алла жар болсын сендерге.
САРЫ : Ата, өзіңіз айтқан, анасы бала үшін шырылдап отқа түскенде, баласы өз басының қамын ойлап кете бере ме? Онда менің ұл атанғаным қайсы?!
ҚАЛНИЯЗ : Сарыжан, байқасайшы. Бел алып тұрған кезінде Мырзалар мерт қылудан тайынбайды. Әзірге көз таса бола тұрыңдар.
КӨПШІЛІК :
— Кәрия дұрыс айтады, сүйтіңдер, қарақтарым.
— Әуелі амандақтарыңды ойлаңдар.
— Күштімен алысам деп арандап қаларсың.
— Қапысын таппаса, бола ма бұндайда?
ТӨЛЕН : Атамның айтып тұрғаны – сендердің қамдарың, Сары. Қолында күші, қаруы бар, сайланған жауға қазір не істей алмақпыз? Ашу - дұшпан, ақыл - дос, ақылмен, айламен іс етпей, арандап барып мағынасыз мерт болғаннан не пайда?
ҚАЛНИЯЗ : Кектің де қарымы қайтар кезі келер, «көп асқанға бір тосқан» дейді ғой халқымыз...
Сары сілейіп ауыр ойда тұрып қалады. Аз ғана үнсіздік.
ҚАЛАМПЫР : (Қосанды оңашалап) Қосан-ай, сен бірдеңе десейші Сарыға.
ҚОСАН : Мен не де болса Сары үшін көнген, бәріне де төзген жанмын ғой, не айтайын?
Қалған жерде не көрсем де Сарымен көремін.
САРЫ : (ауыр ойдан серпіліп) «Елін тыңдамаған ер өледі» демеуші ме еді? Бердім тілектеріңді. Жалғыз-ақ, жанымды жегідей жеп, жүрегімнің түбінде өмірі айықпас құсасы күшті дерт кетіп барады, өн бойымды шарпыған жалыны күшті өрт кетіп барады. Ерте ме, кеш пе, қас жауымнан кегімді қайтармай - ол дертім айықпас, ол өртім сөнбес...
ҚАЛНИЯЗ : Кекке де кезек келер, балам. Бар тілегім: нали көрмеңдер. Ер жігіт тірлікте не көрмейді? «Нелер келіп, не кетпес ер жігіттің басына» дейді ғой халқымыз. Тек аман болыңдар (орамалымен көз жасын сүртіп). Бері келіңдерші, балапандарым, маңдайларыңнан бір иіскейін. (Сары мен Қосанның маңдайларынан кезек сүйеді). Ал, Тәңірім жар болып алдарыңнан жарылқағай.
ҚОСАН : Қош, атажан, қамқорым. Қош Қалампыр, Төлен, қош болыңдар қиыспас құрбы-құрдас. Сіздер де ұмытпаңыздар біздерді.
САРЫ : Қош болыңдар ағайын (анасының қабіріне тізерлеп отырып). Қош бол, ақ сүтіңді идірген анашым. Қош бол, жалғыз арша! Жан анама жапырағыңмен сая бол! (Орнынан тұрып) Қош бол, атырабыңда асыр салған туған жер. Қай шалғайда жүрсек те, бір сәтке сендерді естен шығармай аңсап өтермін. Ұмытпаңдар біздердей тағдырдың тәлкегімен араларыңнан жырақтап кеткен ұл мен қызыңды, халқым.
Қалнияздан бастап, тұрғандармен жеке-жеке қоштасады. Қосанмен екеуі бастап, көпшілік соңдарынан еріп жүре бергенде тас қалқасында бұғып отырған Мырзалы көтеріле беріп, Сарыны көздеп мылтықпен атуға оқталады. Осы кезде Мырзалының ту сыртынан жетіп үлгерген түрме бастығы оның қолынан ұстай алады.
ТҮРМЕ БАСТЫҒЫ : Тоқта, Мырзалы, тірілей қолға түсірейік. Берілген бұйрық солай.
МЫРЗАЛЫ : Қап! ..
ТҮРМЕ БАСТЫҒЫ : (Сарылардың қарсы алдынан шыға келіп, тапаншасын суырып).
Қолыңды көтер, Батақов! Сен енді тұтқындасың.
МЫРЗАЛЫ : Әп, бәлем, түстің бе қолға?! Ит қорлыққа бір салайын.
САРЫ : Соңымнан сен-ақ қалмадың-ау, Мырзалы! Маған бәрібір теңдік жоқ екен, не де болса жастығымды ала өлейін. (Қолына қанжарын алып, аңдаусыз тұрған Мырзалыға қапылыста салып қалады. Мырзалы өкіре жерге құлайды. Түрме бастығы Сарыны атам дегенде, тұрғандар қаптап келіп, араға түседі, түрме бастығы мен қасындағы солдаттарды қоршап тұра қалады. Сары мен Қосан сытылып сахнадан шығып кетеді. Қоршауда қалған түрме бастығы мен солдаттар не қыларын білмей тұрғанда, сахна сыртынан aт тұяғының дүбірі мен Сарының салған әні естіледі. Көпшіліктің қоршауында түрме бастығы да еріксіз әнге құлақ салады).
...Ырғыздан бір өткенде үш-төрт өттік
Міндік те қос жүйрікке бөжеңдеттік.
Сарғайтқан сағынышпен жаным Қосан
Қосылып, ел тұсынан біз әндеттік.
Туған ел, құрбы құрдас, бол разы,
Ақыры міне мұндай күйге жеттік.
Жазар мал өрісуге, қайран елім,
Қош болың, алыс сапар біздер шектік...
ТҮРМЕ БАСТЫҒЫ: (ызаланғаннан көзі ақшаңдап) Тараңдар бәрің де! (аспанға 2-3 дүркін оқ атады). Енді Батақовты не Сібір, не мына оқ (тағы да атады) күтеді. Қазір құтылғанмен, бәрібір қолға түседі. (Солдаттарына) Кәне, жүріңдер! (Солдаттарын ертіп шығып кетеді).
ҚАЛНИЯЗ : Уа, ағайын!!! Сары елдің ардағы, ортамыздың гүлі, халықтың ұлы. Оның уытты әндері әрқайсысымыздың жүрегімізге жақын. Себебі, ол біздің көрген қорлығымыз бен кеудемізге жиналған ащы запыранымызды өзінің ән-жырымен сыртқа шығара білді. Оның әндері тарыққанда демеу, шаршағанда қуат берді біздерге. Сары жеке басының қамын ойлап арпалысып жүрмегенін бәрің де білесіңдер. Біздің көрген қорлығымызға шыдамай, Мырзалы, Шоландармен белдесіп, қаншама қиындық көрмеді. Әйтпесе нендей қылмысы бар еді? Әлі де алдында нендей тағдыр тосып тұрғаны белгісіз. Жаңа, ғана айбаттанып келген патша жендеттері көптің, сендердің қаһарыңыздан қаймығып, Сарыға батып қару жұмсай алмай қалды. Бірақ, олар енді тек жатпайды, сондықтан біз ардағымызды дұшпандарының талауына бермеу үшін тізе қосып, қорғауымыз керек.
ТӨЛЕН : Атам дұрыс айтады. Сары біздің мақтанышымыз емес пе? Ол әділет жолында арпалысып жүр. Қанша батыр болғанмен көпке топырақ шаша алмайды. Сарыны жалғыз қалдырсақ, біздің елдігіміз қайсы? Қорғаймыз Сарыны, ол іздеген әділдікті бірге іздесеміз.
КӨПШІЛІК :
— Дұрыс. Бермейміз Сарыны жау қолына.
— Біз мал емеспіз ғой. Мал да тұяқ серпіп өледі емес пе?
— Сарының кегі - біздің де кегіміз.
ҚАЛНИЯЗ : Ал, кәне, балалар, Сары мен Қосанға жаңа сапарға аттанған жолы болсын деп бір әнін шырқап жіберіңдер, Сарының әні жігерлеріңді қайрасын.
Жастар жағы қосылып, Сарының әнін шырқай жөнеледі.
...Баласы мен Батақтың Сары серің,
Бел байлап тәуекелге буған белін,
«Жасаған, жолды оңғар» деп қылдым бата,
Тіріде кім қияды туған жерін?!!
Барамын танымайтын алыс жолға
Кім білсін жолаушының ата-тегін.
«Көз жұмбай дария кешпес» деген сөз бар –
Қош-сау бол көріскенше, туған елім...
Шымылдық жайлап жабыла береді. Хордың соңы жігерлі күйге ұласады. Күй фонында АВТОР:
...Сал Сары, әнші Сары, батыр Сары,
Жерінде Жағалбайлы жатыр Сары.
Күні өтті арпалыспен теңдік үшін,
Тартыстан тынышталды ақыр Сары.
«Баласы мен Батақтың Сары серің,
Бел байлап тәуекелге буған белін.
"Көз жұмбай дария кешпес"' деген сөз бар,
Қош-сау бол көріскенше, туған елім».
Деп салған аңыратып әні қалды,
Деген сөз - әні қалды - Сары қалды.
Мәңгіге есте сақтап ер есімін,
Ұрпақтан ұрпақ әнін қағып алды...
ШЫМЫЛДЫҚ.
Құттыбек Нұржанов
ДАҢҒОЙ
Бір актілі, екі көріністі комедия
Қатысушылар:
Институт ректоры - Даңғой Шәлкесович
Үйірме жетекшісі - Айдарова Декандар
Бухгалтер
Партком секретары - Арман Дәуіров
Секретарь-машинистка
Бірінші көрініс
Институт ректорының кең бөлмесі. Төрдегі үлкен стол жанында ректор отыр. Шымылдық ашыла бергенде телефон шылдырлап, ол трубканы қолына алды.
РЕКТОР : Алло, иә, мен тыңдап отырмын. Не? ... Студенттер фестивалі? Әй, кімеке-ау, сондай нәрселерің жылда болып жатпай ма? Онсыз да ойнап жатқан жастар ғой. А-а? Елу жылдыққа қарсы байқау?.. Одақ бойынша ма? Кім, мен жауаптымын ба?.. Ойпырмай, мынауыңыз қиын болды-ау! Балаларды оқыт дегеніңіз құлағыма қонады, үйреніп те қалыппын, ал енді мынау... зорла дегеніңіз мені қинап тұр. Әрине, әрине, мейлі енді, тырысып көрейік. Сау болыңыз! (Трубканы орнына қояды, қиналғандай маңдайын сипап үһілейді). Міне, қызық! Юбилей, мереке... Мерекеге қарсы облыс, шаруашылықтар жақсы көрсеткіштерге жетуі керек. Оған студент жастар көмектесуі керек. Бұл ұранмен екі-үш ай жұмыс та болады. Мерекеге қарсы әрбір кеңес азаматы мерекелік вахтаға тұруы керек. Осыған сиынған оқытушылар аз ғана программаны беріп үлгермейміз, оқуда қандай сапа болуы мүмкін деп зар жылайды. Ал, енді міне, барлық өнерпаз жастарды сабақтан босатып, концертке дайындау керек. Оған сен жауаптысың деп қойды. (Пауза) Тоқта, тоқта... Осының сөзінің де жаны бар. Жастар болса күнде ойнап жүр, ән сірә, айтылып жүрген ән... Осыны дұрыстап ұйымдастырып жіберіп, неге атымды шығармаймын?! Ы-ым... Дұрыс, әрине, дұрыс. (Дереу алдындағы звонокты соғады. Сәлден кейін секретарша бөлмеге кіреді).
РЕКТОР : Шырақ, маған дереу төрт факультеттің деканын және Айдарованы шақырып беріңіз.
СЕКРЕТАРША : Мақұл. (Шығып кетеді. Ректор жалғыз, ойда).
РЕКТОР : Так... Бұларды қалай-қалай тықсырсам екен, ә?..
Солай, солай... Қалай етсең олай ет, маған бірінші орын алудың қамын ет. Оқытпасаң кері оқыт, оқымаса студенттер оқымай кетсін, маған қалайда бірінші орын алып берің... (Есіктен декандар бас сұғады).
БІРЕУІ : Рұқсат па екен? (Сасып қалған ректор жалма-жан креслоға шалқайып, маңғаз күйге ене қалады).
РЕКТОР : Ым-ым... ие, кіріңіз. (Бірінің артынан бірі төрт декан келіп ректормен қолдасып амандасады. Бұлардың артынан іле Айдарова да кіреді).
АЙДАРОВА : Сәлеметсіз бе? (Ректор маңғаздау бас изеп, иегімен орындықты нұсқайды).
РЕКТОР : Жолдастар мен сіздерді бір маңызды іске бола шақырып отырмын. Бүгін маған қалалық партия комитетінің хатшысы телефон соқты. Бұрын хат та жазылған еді дейді. М-ым-ым.. Жалпы, былай. Биыл Совет Одағының 50 жылдық торқалы тойына одақ көлемінде көркемөнерпаздар байқауы болмақшы. Соған біздің институт жастары да қатынасуы қажет. Қысқасы, тапсырма былай: қалай етсеңдер де осы отырған бесеуің бүгіннен бастап кірісіп, жастарға ән айтқызыңдар, домбыра тартқызыңдар. Әйтеуір, ақырында біз бірінші орын алатын болайық. Түсінікті ме?
I- ДЕКАН : Түсінікті ғой, бірақ...
РЕКТОР : Ешқандай «бірақ» болмасын. Қажет болса өнері барларды оқытпай-ақ қойыңдар. Олай жетпей жатса кез келген студентке ән айтқызыңдар. Кез келгеніне! Әншейінде көшеде шулағанда керемет, айтсын енді осындайда!
II- ДЕКАН : Құр әнмен не болады, басқа...
РЕКТОР : Ән де айтқызып, домбыра, қобыз тартқызың. Тақпақ айтсын. Енді не керек?..
АЙДАРОВА : Даңғой Шәлкесович, мен бір-екі ауыз пікір айтайын. Қазір жалаң ән-күймен байқауға қатысуға ұят. Біздің үлкен хорымыз, оркестріміз, ансамбліміз, эстрадалық және үрмелі аспаптар оркестрі, вокалдық және бишілер тобы болуы қажет. Оларды ұйымдастыратын бірнеше талантты, музыкадан сауаты бар адамдар қажет.
РЕКТОР : (Шыдай алмай) Әй, шырақ! Айтып тұрғаның қай ертегі? Бокалың мен қорыңсыз-ақ күнелтерміз. Сосын, әлгә, жаңа не деп едің?.. Үрмелі ме, жүрмелі ме, оныңды да қоя тұр. Қалғанын келістірсек те жарар... Ал, енді ұйымдастыру мәселесін мен осы отырған бесеуіңнен күтем. Сіз ән айта білесіз, Қайрат аздап домбыра тартады. Дәуірдің дауысы ашық, көркемсөзге жақсы болуы керек. Үйретің жабылып.
ІІІ- ДЕКАН : Біз сырттай бақылағанымыз болмаса, үйретіп келістірмейміз ғой. Бұрыннан ұйымдастырып жүрген кружок жетекшілеріне тапсырармыз. Көмектесерміз. Ал, енді ұлт киімдері мен формалы киімдерді қайтеміз? Бұндай киім, тағы басқа құрал-жабдықтарды, музыкалық аспаптарды осы бастан дайындау керек, оған қаржы бөлу керек. Осы жағын ойластыру керек-ау деймін, Даңғой Шәлкесович!
РЕКТОР : (Ашуланып, орнынан ұшып тұрады). Бұл немене бұл? Түк түсінсем бұйырмасын. Әлде мені келемеж етіп отырсыңдар ма? Шеттеріңнен бір қиялшыл, ертегішіл болып кетіпсіңдер ғой. (Әрқайсысына бажырая қарап). Ұялсаңдаршы, дардай-дардай азаматсыңдар, үлкен қызметтесіңдер. Жұмысқа кірісудің орнына ертегі айтасыңдар. О заманда бұ заман, ән айтуға қаржы керек деген не сұмдық? (Ерсілі-қарсылы жүреді).
IV- ДЕКАН : Ән айтуға емес, домбыра, қобыз сияқтыларды сатып алу үшін қажет.
РЕКТОР : (наразы кейіпте) Домбыра, қобыз дегендерің осында көп емес пе осы?
ІІІ- ДЕКАН : Бар ғой. Бірақ оркестрге аздық етеді.
РЕКТОР : Жақсы, сонда неше домбыра, неше қобыз қажет?
АЙДАРОВА : Әлі де 15 домбыра, 1 контрабас, 1 бас, 2 баян, 2 қобыз, 1 саксофон, 1 дауылпаз, 2 прима, 15 ұлт киімі...
РЕКТОР : (Әуелі аң-таң қалып отырады да, кейін мысқыл күлкіге көшеді, дауысын көтере). Жарайды! (Айдароваға тесіле қарап). Қарағым, мен сені түсінбей отырмын. Бұл заманда әркімге де бір-бір бас бар емес пе? Бас сатылады дегенді естімедім, соның ішінде қотыр бас табу оңай болмас. Ал енді, әйеліміз де біреу оның аты Баян емес. Дауылпазың тағы жоқ, мен сірә прима шекпеймін ғой. Сонымен саған оңай табылатыны 15 домбыра, 2 қобыз екен, оны ойластырып көрейік. (Звонокты соғады, секретарша кіреді). Маған бас бухгалтерді шақырыңыз.
СЕКРЕТАРША : Қазір (кетеді).
РЕКТОР : Қазір сөйлесіп көреміз. Жалпы естеріңізде болсын, анау керек, мынау керек деп қыңқылдағаннан гөрі тезірек іске көшкен мақұл. Мен сендерден қалайда бірінші орын алуды талап етем. Осы бастан жюри мүшелерінің кім болатынын біліп, танысып алу қажет...
БУХГАЛТЕР : Рұқсат па екен? (Елпілдей кіреді).
РЕКТОР : (Бас изеп) Иә, кіріңіз. (Бір нәрсе есіне түскендей болып). Осы сіздің үйдегі келіннің аты Баян емес пе еді?
БУХГАЛТЕР : (Мәз болып) Әлі ұмытпаған екенсіз-ау, Даңғой Шәлкесович, Баян емес Саян еді, бір әріпке ғана қателесіпсіз.
РЕКТОР : А-а, жоқ.., онда болмайды... Ә, мейлі, бәрі бір, бола береді.
БУХГАЛТЕР : (ыңғайсызданып) Оны неге сұрадыңыз, бір нәрсеге қажет болып па еді?
РЕКТОР : Жоқ, жай, әншейін. (Қасындағыларға бұрылып). Мына кісілер біздің институтқа домбыра, қобыз, тағы басқы нәрселер керек, соған қаржы керек дейді. Бұған не айтасыз, қаржы сіздің қолда ғой?
БУХГАЛТЕР : (Оларға жақтырмай бір қырын қарайды). Бізде ондай құралдан анау акт залы толып тұрған жоқ па? Оның үстіне, жыл сайын ондайға бөлінген қаржы жоқ қой бізде.
АЙДАРОВА : Ағай-ау, сол сыймай тұрған құралыңыз аздық етіп, жетпей жатыр ғой.
БУХГАЛТЕР : Шырақ, соның бәрін бірдей жамыратпай-ақ, біреуін тартса да жарамай ма? Қыруар қаржы босына кетіп жатыр ғой.
РЕКТОР : Жақсы, не алса да өздері білсін, 100 сом ақша бөліңіз.
БУХГАЛТЕР : (Тесірейе қарап қалған). Ең болмағанда, 50 сом десеңізші. (Бұл кезде ана бесеуі орындарынан тұрып есікке беттейді).
РЕКТОР : Жоқ, 100 сом бөліңіз.
І- ДЕКАН : (Айдароваға) Бұлармен біз мәселе шеше алмаймыз, түсінісе де алмаймыз. Бұл мәселе жайлы тек партком секретары Дәуіровпен ғана жолығу керек. Жүріңіз. (Бухгалтермен әңгімелесіп отырған ректор бұларға енді назар аударады).
РЕКТОР : Жақсы, жолдастар, менен енді боссыңдар. Бухгалтерден 100 сом ақша алып, оған керекті құралдарды сатып алыңдар. Бүгіннен бастап ұйымдастырыңдар.
Бірінші орын, жолдастар, бірінші орын. (Келгендер түгел шығып кетеді. Қоңырау соғады, секретарша кіреді).
РЕКТОР : Шырақ, мені сұрағандарға «Даңғой Шәлкесович фестивальға дайындық барысын өзі аяқтай тексеруге кетті» деп жауап берерсің.
СЕКРЕТАРША : Мақұл (Шығып кетеді). (Өзі де орнынан маңғаздана тұрып, есікке беттейді).
Шымылдық.
Екінші көрініс
Сахна бұрынғы күйі. Ректордың кабинетінде декандар, Айдарова, бухгалтер. Шымылдық ашыла бергенде, өзінің столының жанындағы креслоға шалқая түскен, өзіне өзі риза, көңілді отырған ректорды көреміз.
РЕКТОР: Сөйтіп, жолдастар, қалалық байқауда оқу орындары бойынша бірінші орынды біз жеңіп алдық. Бұл жұмыста сіздер мен біздер ұйымдастыру саласында біраз еңбек сіңірдік. Біздің бірінші орын алуымыз, бір жағынан, жюри мүшелерімен таныс болғанымыз. Анау председательсымағын үш күн бойы өзім әурелеп, ақыры көндірдім. Осының бәрі соның арқасы.
АЙДАРОВА: (Шыдай алмай) Даңғой Шәлкесович, өз шәкірттеріңіздің өнер жолындағы еңбегін бағаламай жоққа шығарғаныңыз ыңғайсыз емес пе?
РЕКТОР: Шырақ, сіз әдемі желсөзге ғана шебер екенсіз. Бағалайтындай еңбек болды ма біздің шәкірттерімізде? Үйірме жұмыстарының жетекшісі сіз ғой, айтыңызшы, бірінші орынға тұрарлық не көрдіңіз?
АЙДАРОВА: Меніңше, жюри мүшелері белгілеген таңдаулы номерлердің бәрі жақсы.
РЕКТОР: Ал, меніңше, анау жеке өлең айтқан 3-4 қыз бен жеке күй тартқан екі жігіттен басқа номерлерге, дайындап жүрген сізді білмеймін, мен өзім ұялғаннан жюри мүшелері арасында жерге кіріп кете жаздадым. Екі-үштен шығып алып, әрқайсысы әр жаққа жамырады. Әлгі Әбілова бастаған он қызды айтсаңшы, оны он түрлі дауыспен шиқылдап тұр.
ІІ- ДЕКАН : Даңғой Шәлкесович, олар төрт дауыста айтты ғой және тым жақсы айтты.
РЕКТОР : (Мырс етеді, бухгалтер қосыла күледі). Мен он дауыс деп едім, сіз төрт дауыс деп азайтасыз да, тым жақсы деп мақтайсыз. Шырағым-ау, 10 адам 4 дауыста шырылдап тұрса, оның несін мақтадың? (Ойланып) Сосын, әлгі шеті жоқ көп домбыра тартқандарды айтам-ау, өзі, ішінде жоқ емес бәле жоқ қой, түйенің қарны сияқты дөңкиген, ожау қасық сияқты шіңкілдеген бірдеңелер бар. Ал, әлгі, артында отырған үлкенді-кішілі доңғалақтарды жын ұрған кісідей жанталасып ұрғыштап отырған кім?
БУХГАЛТЕР : Дәкең дұрыс айтады, онысы несі-ай?
III- ДЕКАН : Е-е, ол дауылпаз ғой. Оны анау Мергенов жақсы ойнады.
РЕКТОР : Жолдастар, халықты келемеж етуге болмайды ғой. Ол жігітке ойын керек болса, үйіне барсын да ойнасын. Ал, енді, жалпы, солардың күй тартқанын қараңызшы! Екі-үш рет анау шіңкілдегендері ұмытып қалып, кідіріп отырды. Домбырашылар сағада ойнап жатса, анау түйенің қарнындай дүңкілдеген нәрсе сонау бас жағында отыр. (Жан-жағына қомдана қарап). Ал, бұны қалай түсінуге болады?
БУХГАЛТЕР : (басын шұлғып) Иә, бұған не дейсіз?
IV- ДЕКАН : Даңғой Шәлкесович, олар өте дұрыс ойнайды. Ал, анау примашылар ұмытып қалған жоқ, олар өз партиялары бойынша ойнайды.
РЕКТОР : (Ренжіп) Жарайды, бәрің де шеттеріңнен білгіш болып кеткен екенсіңдер. Ал, енді, осы концерттің бас-аяғында болған анау шеті жоқ құралдарды қайдан алдыңдар? Жолдас Айдарова, айтыңызшы, қандай қаржыға алдыңыздар соның бәрін?
БУХГАЛТЕР : Елу сом жарайды дегенде 100 сом бөл деген сіз едіңіз ғой, Даңғой Шәлкесович.
АЙДАРОВА : Сіз бөлген 100 сом түкке де жетпей қалды, оның үстіне партком секретары мен проректордың көмегімен алған 100 сом да жетпеді. Домбыра және басқа арзан бағалы аспаптарды студенттердің өздері сатып алды.
РЕКТОР : (Бухгалтерге) Ол не қылған 100 сом менен биліксіз? Сіз не бағып отырсыз, бухгалтер жолдас?
БУХГАЛТЕР : Сіз жоқта проректор билік етті. Мен де қарсы болып едім, бірақ тыңдамады.
РЕКТОР : Жақсы, бұл мәселе бойынша кейін сөйлесерміз. Қазір сіздер мен біздер жақында болатын облыстық байқауға өнерпаздар бөліп, тиісті жерлерге дайындыққа жіберіп тұруымыз қажет. Қане, кімдерді жібереміз?
АЙДАРОВА : Жюри мүшелері белгілеп берген студенттерді жібереміз дағы.
РЕКТОР : Жолдас Айдарова, сіз баланың сөзін айттыңыз тағы да. Олар айтқан 30 адамның бәрін сабақтан босатып жіберуге болмайды той. Олар және қайбір өнері асып бара жатқан адамдар? Еріккеннің ермегі емес пе істеп жүргендері?
БУХГАЛТЕР : Дұрыс айтасыз, Дәке, еріккеннің ермегі бұл.
І- ДЕКАН : Даңғой Шәлкесович, жюри мүшелері өнер саласындағы мамандар ғой, бізден гөрі олар жақсырақ айыратын болар, сондықтан, өздерінің айтқан 30 өнерпазын жіберелік. Бәрі де бірінші, екінші орын алған жастар. Барсын, тағы да өнер көрсетсін. Олар облыстық байқауда да жақсы бағаланса, бізге де абырой емес пе?
РЕКТОР : Өте дұрыс айтасыз. Менде сол абыройды ойлап отырмын. Біз қазір 30 студентті жіберсек, оның кемінде он бесі бізді ұятқа қалдыруы мүмкін. «Жюри белгілеген» дейсіз, жюри біздің көңілімізге қарап, бізге бірінші орын алып беру мақсатында қолпаштады. Ал, ертең бағалайтын басқа адамдар.
БУХГАЛТЕР : (Қалғандарына қыр көрсете) Оған да Дәкең араласуы керек қой, шамасы.
II- ДЕКАН : Сонда, сізге ұнамайтындары қайсысы, Даңғой Шәлкесович? Бізге бәрі де жақсы сияқты.
РЕКТОР : Жолдастар өздеріңе белгілі, өнер деген баланың ойыны емес. Біздің жастарымыздың көрсетіп жүрген дүниесінің көпшілігі шын өнерден аулақ жатыр. Бүгінгі күннің Құрманғазысы мен Динасы қайда, Ақаны мен Біржаны қайда? Жоқ, жолдастар, ондайға жол беруге болмайды.
БУХГАЛТЕР : (мәз болып) Қайран, Дәкем-ай, десейші!
III- ДЕКАН : Даңғой Шәлкесович, халықтың ұлттық өнерімен бірге қазіргі заман талап етіп отырған музыкалық жанр түрлерін ескермеуге, оған ілеспеуге болмайды ғой.
РЕКТОР : (Орнынан қомдана тұрады, жүре сөйлейді). Ал сіз осы сөзіңізбен саяси қателесіп отырсаңыз. (Деканның алдына келіп тұрып). Иә, дәл солай, халық өнерін тастап, оны менсінбей тапқанымыз баланың ойыны, бақсының жыны болғаны ма? Әлгі айтып отырған отызыңның оны бүгінгінің бақсысы. Есіңізде болар, біреуі темір тұрба тістеп секеңдейді, біреуі үш-төрт домалақты ұрып жанталасып отыр, біреуі бір қара сандыққа қарап, шыбындаған атша бас шұлғып отыр. Екі қолына тыным жоқ. Енді біреуі әне бір абажадай бәлені ұстап дүңкілдетеді, қойшы, әйтеуір, тұрыстары сау адамның тұрысы емес.
БУХГАЛТЕР : Бақсы ғой, Дәке-ау, бақсы ылғи!
IV- ДЕКАН : Ол эстрада тобы ғой.
РЕКТОР : Оларды естен ада тобы десейші. Ал енді, әлгі Байжанова деген тым жақсы қыздың тыр жалаңаш халықтың алдына шығып алып жерге аунағанын қайтерсің?!
БУХГАЛТЕР : (Жымыңдап Айдароваға қарайды). Сол баланікі қалай болды өзі?
АЙДАРОВА : Ол акробатика ғой.
РЕКТОР : (Айдарованың қарсы алдына келіп бақшия қарап). Шырағым, өзіңіз әйел баласыз, сөйте тұра бәлен еді деп, оны жақтайсыз. Егер нағыз жалаңаш елге көріну мақсат болса, көшеге шықсын да жүре берсін. Ал басқа мақсаты болса, бір оңашалау жерін тапсын, әйтпесе сахнада зал толы халық алдында мынаусы масқара. Мен оны институттан шығаруға бұйрық берем, бізге ондай студенттің қажеті жоқ.
АЙДАРОВА : Даңғой Шәлкесович, оның жазығы халыққа өз өнерін көрсетіп, абырой алғаны ма? Бұлай болса, барлық өнерпазды шығармайсыз ба? Бейшара қыздың жазығы не?
РЕКТОР : Егер бұларын қоймаса, қажет болса бәрін де шығарамыз.
АЙДАРОВА : (ашулы) Олай болса, мені де шығарыңыз, ректор жолдас. (Шығуға бет алады).
РЕКТОР : (Ала көзімен қарап таңданған түрмен). Бұл немене, студент үшін оқытушы қоса шыққысы келе ме, оның ішінде елден шыққан ұятсызына бола? Жақсы, жолдас Айдарова, өз арызыңыз бойынша босадыңыз жұмыстан (Айдарова шығып кетеді). (Бухгалтер мен декандар да орындарынан тұрып, есікке беттейді). Сендер қайда барасыңдар? Әлде сендер де жұмыстан босағыларың келе ме?
БУХГАЛТЕР : (сасып) Жоқ, ағатай, мен босағым келмейді. (Қасына келіп) Не айтпақшы едіңіз? (Қалғандары іркіс-тіркіс тұрып қалады).
РЕКТОР : Жақсы, жолдастар. Мен сендердің уақыттарыңды алмайын. Сонымен, 30 студенттің он бесін алып, қалғанын облыстық байқау дайындығына жіберуге келістік. Он бесі де бірінші орын алып келуі керек. Бара берулеріңе болады. (Бухгалтерге) Ал, сіз әлгі босына кеткен 100 сомды орнына қосыңыз.
БУХГАЛТЕР : Даңғой Шәлкесович, менің қарсылығыма қарамай проректор ғой бер деген. Менің не жазығым бар? (Жалбарынып) Даңғой Шәлкесович, менің жазығым жоқ еді ғой, жұмысымда кінәрат жоқ еді ғой!
РЕКТОР : Барыңыз (есікті нұсқайды, бухгалтер шығып кетеді). Өңшең надан су милар, білгішсіне қалыпты бәрі де. Жоқ, жолдастар, шығатындарың шығарсың, өзім дегендерің ғана қаларсың менің қол астымда!
Шымылдық.
Қосымша көрініс
Сахнаның бір жағынан декандар, Дәуіров пен Айдарова шығады.
АЙДАРОВА : Сөйтіп, Арман ағай, шәкіртіміз оқудан, оның жетекшісі менің өзім жұмыстан қуылып жатырмыз.
ДӘУІРОВ : (ауыр ойда)
Иә, аузымен орақ орды деп,
Наданнан сауал сұрама
Тоқмейіл топас болған соң,
Мақтанбай, сірә, тұра ма, -
деген осы. Бұл институттың жалғыз тірегі мен тіршілігі Шәлкесұлы Даңғой болмас. Сөйлесерміз жолдастармен, қажет болса тиісті орындар арқылы тәртіпке шақырармыз. Ал, сіздер алаң болмай, жұмыстарыңызға кірісіңіздер. (Сол кезде сахнадан магнитофон арқылы екпінді эстрадалық музыка сазы естіледі. Одан шошынғандай болған Шәлкесов екі көзі артында, сүрініп-қабынып жұрттың ортасына келгенін білмей қалады).
ДӘУІРОВ : Қане, жолдастар әннен қорыққанды әнмен қарсы алайық. (Қасындағыларға ымдайды, бәрі қосылып ән айтады. Бұларды енді байқаған Шәлкесов анталап тұрған жұртты көріп, келген жағына қарай шегіншектейді. Ән ерекше екпінмен көңілді аяқталады).
Шымылдық.
МАҢҒЫСТАУ ХАЛЫҚ ТЕАТРЫНЫҢ 1962 ЖЫЛДАН БЕРГІ МЕРЗІМДЕРГЕ КӨРСЕТКЕН ҚОЙЫЛЫМДАРЫ:
№ Қойылым мерзімі Қойылым аты, авторы, режиссері, суретшісі Қойылымда ойнаған актерлер.
1. 1962 жыл, шілде-тамыз. М.Әуезов «Қарагөз» трагедиясы. Режиссері: Қ.Әмірханов, Ахметова Т., Меңдібаев Т., Әмірханов Қ, Қоштаева О.,т.б. Республикалық байқауда лауреат атанып «халықтық» атаққа ие болды.
2. 1963 жыл, шілде. Қ.Сатыбалдин «Қолғабыс» (1 актілі) Режиссері: С.Қостанов., Сүйінішқалиев М., т.б.
3. 1963 жыл, желтоқсан. С.Сухамбердин «Тергеу аяқталды» Режиссері: С.Қостанов, Меңдібаев Т., Әмірханов Қ., Бисекенова Г., Оңғарбаев Ө., Айтбаева Қ., Бәйімбетова Қ. т.б.
4. 1964 жыл, наурыз. Б.Майлин «Жалбыр» Режиссері: С. Қостанов, Әмірханов Қ., Меңдібаев Т., Ахметова Т., Шакратов С., Сүйінішқалиев М., Қоразов С., Қуатбаев Б., Қостанов С., Мұсаева А., Жаңбырханов Ж., т.б. Республикалық байқаудың лауреаты.
5. 1964 жыл, мамыр. С.Скляренко «Дәл диагноз» Жайлиев Д., Бөкенбаева 3., Бекбаев Ж., Бесімбаева Б., Нәбиев М., Қоңырбаева Қ., т.б.
6. 1964 жыл, маусым. «Өрісте»(1 актілі) Режиссері:С.Қостанов. Ойнаған актерлер туралы деректер табылмады.
7. 1964 жыл, қыркүйек. Қ.Мұхамеджанов «Қуырдақ дайын» Режиссері: Н.Мұхамбетжанов Ергазиев Ш., Шакратов С., Туғанбаева Н., Сарбасова Т., Жаңбырханов Ж., т.б.
8. 1964 жыл, қазан. Ә.Жәкеев «Әке тағдыры» Режиссері: Н.Мұхамбетжанов. Ойнаған актерлері белгісіз.
9. 1965 жыл,көкек-мамыр. Ғ. Мүсірепов «Қыз Жібек» Режиссері: Н. Мұхамбетжанов, Теміралиева Ф., Хамзина Ж., Қалымбетов, Қоштаева О., Мусина А., Бөкембаева З., Мұхамбетжанов Н., Атшыбаев, Сейтмағанбетов Т., т.б.
10. 1965 жыл, маусым. М.Хасенов «Махаббат неге оянбады» Оңғарбаев Ө., Жаңбырханов Ж., Сарбасова Т., Бөкенбаева 3., т.б.
11. 1965 жыл, қазан-қараша. Ә.Тәжібаев «Той боларда» Режиссері: Ә.Байтурина Ысқақова Р., БайтуринаӘ., Сисенов А., Жаңбырханов Ж., т.б.
12. 1966 жыл, көкек. Қ.Мұхамеджанов «Құдағи келіпті» Режиссері: Ә.Байтурина, Жаңбырханов Ж., Байтурина Ә., Төлепбергенов Б., Асанов А., Сисенов А., т.б.
13. 1966 жыл, қыркүйек. М.Әуезов «Түнгі сарын» Режиссері: З.Есбергенова Мұхамбетжанов Н.Нәжимова К., Сүйеубаев Н. Сүйінішқалиев М., Сабытаев Ш.. Таңатаров Қ. Бердібеков С., Ізікенова Б., Қоразов С., Жаңбырханов Ж. Байтурина Ә., Жылқышиев Ж., Атшыбаев Жиенбаева С., Алқамов А. Аманиязов Б., Ахметов Б., т.б. Облыстық байқауда III орын алды.
14. 1966 жыл, қазан. «Меккеден келген адам» (1 актілі). Ойнаған актерлері белгісіз.
15. 1966 жыл, қараша. Б.Майлин «Неке қияр» (1 актілі). Ойнаған актерлері белгісіз.
16. 1967 жыл, наурыз. А.Шамкенов «Адасқан қаз» Режиссері: Н.Мұхамбетжанов Суретші: О.Жұмағалиев, Жүнбасов А., Қоңырбаева Туғанбаева Н., Жаңбырханов Ж., Сарбапаев Б., Жұмағалиев О., т.б.
17. 1967 жыл, қыркүйек. Ш.Құсайынов «Біздің Ғани» Режиссері: Н. Мұхамбетжанов Суретші: О.Жұмағалиев, Туғанбаева Н., Жылқышиев Ж., Исағұттов 3., Жұмағалиев Ә., Атшыбаев С., Мұхамбетжанов Н., Ерманов А., Көшев М., т.б.
18. 1968 жыл, мамыр. Ә.Тәжібаев «Көңілдестер» Режиссері: Н. Мұхамбетжанов Суретші: О.Жұмағалиев,Ерманов А., Қишымов Т., Қошекенова А., Қадирова., Алшымбаев М., Мәресов Н., Мұхамбетжанов Н., Жұмағалиев О., т.б.
19. 1968 жыл, қыркүйек. А.Шамкенов «Үзілген жіп» Режиссері: Н. Мұхамбетжанов Суретші: О.Жұмағалиев,Нұржанов Қ., Қалиев Д. Жұмағалиев О., Көшев М. Айтұлова Ж., Бажыраева Д., Мұхамбетжанов Н., т.б.
20. 1969 жыл, көкек-мамыр. З.Ақышев «Келіндер» Режиссері: Н.Мұхамбетжанов Суретші: О.Жұмағалиев,Жылқышиев Ж., Қадирова Қ., Ерболатова Қ., Сүталиева Р., Шәулекенова Т., Тоғжанов О., Нұржанов Қ, т.б. Облыстық байқауға қатысты.
21. 1969 жыл, шілде. О.Әубәкіров «Дау» (1 актілі). Ойнаған актерлер туралы деректер табылмады.
22. 1970 жыл, көкек. М. Дүзенов «Аралдың алтын балығы» (1 актілі). Нұржанов Қ., Жұмағалиев О., Мұхамбетжанов Н., Атшыбаев С., Ержанова Қ, т.б.
23. 1970 жыл, көкек-мамыр. З.Ақышев «Жаяу Мұса» Режиссері: Н. Мұхамбетжанов Суретші: О.Жұмағалиев Нұржанов Қ., Сатыбалдиев С., Баужанова Б., Туғанбаева Н., Мұқашева А., Сафиев М., Әнесов С., Жұмағалиев О. Атшыбаев С., Мұхамбетжанов Н., Жылқышиев Ж.
24. 1970 жыл, қыркүйек. Қ.Мұхамеджанов «Өзіме де сол керек» Режиссері: Н. Мұхамбетжанов Суретші: О.ЖұмағалиевИманбаев Қ., Сәуенова Қ., Ізтілеуова Р., Сәтжанов Б., Ербозов А., Мұхамбетжанов Н., Жылқышиев Ж.
25. 1970 жыл, қараша. Т.Ахтанов «Жоғалған дос» (1 актілі) Режиссері: Н. Мұхамбетжанов Суретші: О.Жұмағалиев Мұхамбетжанов Н., Жылқышиев Ж., Малғараев Б., Ержанова Қ., Атужанова А., т.б.
26. 1971 жыл, қаңтар. М.Төлебаев «Біржан-Сара» операсының I актісі. Жұмағалиев Ә.,Жылқышиев Ж., Туғанбаева Н., т.б.
27. 1971 жыл, наурыз. Ә.Тәжібаев «Көңілдестер» Режиссері: Н. Мұхамбетжанов. Суретші: О.Жұмағалиев, Ерманов А., Алшымбаев М., Нұржанов Қ., Туғанбаева Н., Мәресова Н., Жұмағалиев О., Мұхамбетжанов Н., т.б.
28. 1971 жыл, қыркүйек-қазан. Ә.Әбішев «Тасталқан» Режиссері: Н. Мұхамбетжанов. Суретші: О.Жұмағалиев.,Ерманов А., Ордабаева А., Алдақова Қ., Сәуенова Қ., Ербозов А., Жұмағалиев О., Исаев Қ., Кемелханова 3., Мұхамбетжанов Н., т.б. Облыстық байқауда 111 орын алды.
29. 1972 жыл, наурыз. Қ.Аманжолов «Досымның үйленуі» Режиссері: Н. Мұхамбетжанов. Суретші: О.Жұмағалиев., Тілепова, Бейбітова С., Ордабаева А., Ербозов А., Бисембиева К., Жолжанова Ж., Жылқышиев Ж., Жұмағалиев О., Мұхамбетжанов Н.
30. 1972 жыл, қыркүйек-қазан. Б.Тәжібаев«Ана жүрегі».Режиссері:Н. Мұхамбетжанов. Суретші: О.Жұмағалиев.,Жылқышиев Ж., Әбубәкіров, Сабытаев Ш., Сәрсенова Р., Оразов О., Жұмағалиев О., Мұхамбетжанов Н., ЕрбозовА., Ордабаева А. Бисембиева К.. Бейбітова С. Байзуллин С., т.б. Облыстық байқауда II орын алды.
31. 1973 жыл, ақпан-наурыз. А.Шәмкенов «Табамын сені» Режиссері: Н. Мұхамбетжанов. Суретші: О.Жұмағалиев, Мұхамбетжанов Н., Ақжанова Д., Шохарбаева Л., Демеубергенов Қ., Тілегенов С., Сағындықов Ж., Өрбісінов Т., Тілепова Д.. т.б.
32. 1973 жыл, мамыр. Ә. Әбішев «Тамұқтағы таң». Режиссері: Н. Мұхамбетжанов. Суретші: О.Жұмағалиев, Мұхамбетжанов Н., Жылқышиев Ж., Әбубәкіров Н., Сатыбалдиев С., Жалғасов Т., Мұстажаев Е. Демеубергенов Қ., Құлтумаева Ж., Оразов О., т.б. Республикалық байқаудың лауреаты.
33. 1973 жыл, қыркүйек. Қ. Байсейітов , Қ.Шаңғытбаев «Беу, қыздар-ай». Режиссері: Н. Мұхамбетжанов. Суретші: О.Жұмағалиев, Ержанов Қ., Жалғасов Т., Сақауов О., Құлтумаева Ж., Оразбаева Ұ., Ордабаева А., Бейбітова С., Бисембиева К., Әбдікәрімов А., Әбубәкірова Н., Мұхамбетжанов Н., т.б.
34. 1975 жыл, мамыр. С.Жүнісов «Ажар мен ажал». Режиссері: Н. Мұхамбетжанов. Суретші: О.Жұмағалиев,Бейбітова С., Ахметова Б., Ержанов Қ., Харесов А. Бисембиева К., Ылиясова М., Жалғасов Т., Жұмағалиев О., Сағындықов Ж., т.б.
35. 1975 жыл, қыркүйек. О.Бодықов «Қарақұм трагедиясы». Режиссері: Н. Мұхамбетжанов. Суретші: О.Жұмағалиев, Мұхамбетжанов Н., Жанғалиева Ж., Ержанов Қ., Харесов А.
36. 1976 жыл, наурыз. Қ.Нұрмаханов «Бетпе-бет». Режиссері: Н.Мұхамбетжанов. Суретші: О.Жұмағалиев, Ылиясова М., Жалғасов Т., Харесов А., Мұхамбетжанов Н., Тұрмағанбетов Қ, Тасболатова, Сақауов О., Ержанов Қ.,т.б. Облыстық байқауда II орын алды.
37. 1976 жыл, желтоқсан. Е.Уахитов «Алтын көрсе періште жолдан таяр». Режиссері: Н. Мұхамбетжанов. Суретші: О.Жұмағалиев, Мұхамбетжанов Н., Жұмағалиев О., Харесов А. Имашева Н., Жалғасов Т., Шәукенбаева Б., Бақтиярова, Байғалиева А., Ержанов Қ. т.б.
38. 1977 жыл, қыркүйек. О.Бодықов «Қарақұм трагедиясы». Мұхамбетжанов Н., Ержанов Қ, Жанғалиева Ж., Жылқышиев Ж.
39. 1978 жыл, шілде. Ж.Жылқышиев «Ән құдіреті». Режиссері: Н. Мұхамбетжанов. Суретші: О.Жұмағалиев, Мұхамбетжанов Н., Ержанов Қ., Жанғалиева Ж., Жалғасов Т., Сәтембаева Б., Жылқышиев Ж., Көшкімбаев, Смағұлов С., Қарекешов А., Еділханов М. Республикалық байқаудың лауреаты.
40. 1978 жыл, қазан. Ш.Құсайынов «Есірткен ерке».Жұмабекова Б., Байназарова Ғ. Ақбасов Ж., Жүсіпова, т.б.
41. 1979 жыл, ақпан. Ш.Құсайынов «Алғашқы ұшқындар». Режиссері: Н. Мұхамбетжанов, Сарбалаев С., Исабергенов С., Көшев М., Ақжанова Д., Ордабаева А., т .б.
42. 1979 жыл, қазан. Б.Майлин «Келін мен шешей»(1 актілі). Ойнаушылары туралы мәлімет болмады.
43. 1980 жыл, қазан. С . Жүнісов «Жаралы гүлдер».Жұмабекова Б., Жүсіпова Айбасаровтар, Тілепова Ж., Тәжібаев С., Байназарова Ғ., т.б.
44. 1981 жыл, көкек. М.Хасенов «Сырласу». Жұмағалиев О., Жұмағалиев Ә. Мұхамбетжанов, Ылиясова М., Жарылғасов А., т.б.
45. 1983 жыл, көкек. М.Әуезов «Еңлік-Кебек». Режиссері: Н. Мұхамбетжанов. Суретші: О.Жұмағалиев, Жұмағалиев Ә., Түрікпенбаева, Оразов Т., Көшев М., Жалғасов Т., Жұмағалиев О. Мұхамбетжанов Н., Айдарбеков Ж., т.б.
46. 1984 жыл, қаңтар. С.Шаймерденов «Төрт бойдақ, бір қыз». Жұмағалиев Ә., Жұмағалиев О., Дербісов Қ., Ересенов, Көшекова Б., Ылиясова. т.б.
47. 1984 жыл, маусым. Б.Жәкеев «Әке тағдыры». Реж.: М. Ылиясова. Суретші:О.Жұмағалиев, Мұхамбетжанов Н., Ылиясова М., Жұмағалиев О., Сейілова Л., Тілепиева Т., Нұрғазин Б., Үмбетова А., Танашева Ж., т.б.
48. 1985 жыл, мамыр. С.Жүнісов «Жаралы гүлдер». Режиссері: М.Ылиясова. Суретші: О.Жұмағалиев, Ылиясова М., Сейілова Л., Қилыбаева Р., Ештаева С., Байзуллин, Мұхамбетжанов.
49. 1985 жыл, қыркүйек. Б.Қорқытов, У.Қайралапов «Ақбөбек». Режиссері: Н. Мұхамбетжанов Суретші: О.Жұмағалиев, МеңдіғұловаҰ., Сабытаев Ш. Демесінов К., Жарылғасов А., Наушабаева С., Ахтанова Т., Жұмағалиев О., Жұмағалиев Ә., Еділханов М., Көшев М. Байзуллин С., Тасболатова М. Мұхамбетжанов Н.
50. 1986 жыл, мамыр. Ә.Әбішев «Кәусар». Режиссері: М.Ылиясова Жарылғасов А., Еркетаева М. Жарылғасынов М., Жұмағалиев Ә., Медиева F. Дербісов, Әтеулиева А., т.б.
51. 1987 жыл, ақпан. Ә.Әбішев «Қолға түскен шайтандар». Режиссері: М.Ылиясова Жұмағалиев Ә., Ылиясова М., Селбаева Б., Сәрсенов Ж., Сабырбаева Ш., Сүндетбаева, Қорғанов Е., Сәрсенов Ж., Қоспамбетова К., т.б.
52. 1987 жыл, қыркүйек. Т.Ахтанов «Әке мен бала». Режиссері: М.Ылиясова Мұхамбетжанов Н., Нұрдәулетова Н., Көшербаев, Қорғанов Е., Сүндетбаева Н., Салихов, т.б.
53. 1987 жыл, қазан. Т.Ахтанов «Күшік күйеу». Режиссері: М.Ылиясова Селбаева Б., Аяшев М., Нұрдәулетов Н., Ахтанова Т.. Айдарбеков Ж., Ұзақбаева Б., Әтегенова А., Байбосынов К., т.б.
54. 1988 жыл, ақпан-наурыз. Ғ.Мүсірепов «Қыз-Жібек». Режиссері: М.Ылиясова, Жұмалиева Т., Тәжиев К., Жарылғасов, Наушабаева С., Берікбосынов О., Молдаев Қ., Ұзақбаева Б., Сүндетбаева Н., Ахтанова Т., Өтегенова А., Темірханова, Оразбаева, т.б..
55. 1990 жыл, маусым. Ш.Құмарова «Кімнің тойы». Режиссері: М.Ылиясова,Жұмағалиев Ә., Ерманов Т., Ердәулетов А., Ахтанова Т. ,Ұзақбаева Б., Серікбаева М.. Айдарбеков Ж., Көшербаев., Нұрдәулетов Н., т.б.
56. 1991 жыл. С.Ғаббасов «Айтылмаған сыр». Режиссері: М.Ылиясова, Меңдіғұлова Ұ., Жарылғасынов Ж., Айдарбеков Ж., Ерманов Т., Танашева Ж., Ұзабаева Б., Оңдасынов А., т.б.
57. 1992 жыл. Е.Домбаев «Жоғалған адам». Ерманов Т., Оңайбаева Ә.,Нұрдәулетов Н., Ылиясова, Қарагөзова Г., т.б.
58. 1993 жыл. С.Адамбеков «Алтын табақтағы жылан». Режиссері: М.Ылиясова, Ылиясова М., Ерманов Т., Оңайбаева Ә., Нұрдәуелтов, Жарылғасов А., Еділханов М., Ыбыраева Г., Шәуенов, т.б.
59. 1993 жыл. «Батыр бала Болатбек».Мектеп оқушыларының қатысуымен қойылды.
60. 1994 жыл. «Біздің ауылдың адамдары». Мектеп оқушыларының қатысуымен қойылды.
61. 1994 жыл. «Үй қожасы» (1актілі). Мектеп оқушыларының қатысуымен қойылды.
62. 1994 жыл, мамыр. О.Боранбаев «Бәле қайдан». Орындаушылары белгісіз.
63. 1995 жыл, қыркүйек. Әбілқайыр Спанов «Тобанияз». Режиссері: Ә.Оңайбаева, Жарылғасов А., Ерманов Т., Жәнібеков С., Нұрдәулетов Н., Берікбосынов О.
64. 1997 жыл, наурыз. Иран-Ғайып «Қанына тартқан қыңырлар». Құлжабаева Б., Нұрдәулетов Н., Шәуенов А., Тасымбаев Н., Құлжанова А.
МАҢҒЫСТАУ ХАЛЫҚ ТЕАТРЫНЫҢ 1962 ЖЫЛДАН БЕРГІ ТҰРАҚТЫ МҮШЕЛЕРІНІҢ ТІЗІМІ:
1. Ахметова Тыныштық
2. Айтбаева Қансұлу
3.Атшыбаев Сүйеубай
4. Асанов Амантай
5. Алқамов Алшын (марқұм)
6. Аманиязов Болат
7. Ахметов Болатбай
8. Айтқұлов Жанымқос
9. АлшымбаевМайдан (марқұм)
10. Алдақова Қымбат
11. Ақжанова Дина
12. Ағужанова А.
13. Ахметова Бақтыгүл
14. Ақбасов Ж.
15. Айдарбеков Жомарт
16. Ақтанова Т.
17. Аяшев Мұса
18. Әмірханов Қибатқали
19. Әбдіров Асан
20. Әбубәкірова Нәзипа
21. Әнесов Сайын
22. Әбдікаримов А.
23. Бердіғұлов Әди
24. Бисекенова Галина
25. Бәйімбетова К.
26. Бөкенбаева Зәуреш
27. Байтурина Әсия
28. Бердібеков Сырым (марқұм)
29. Бесімбаева Бөпехан
30. БекбаевЖылқышы (марқұм)
31. Бажыраева Дариға
32. Баужанова Ақмоншақ
33. Бейбітова Сембі
34. Бисембиева Күреңше
35. Байзуллин Серік
36. Бақтиярова А.
37. Байғалиева Роза
38. Байназарова Г.
39. Берікбосынов Орынғали
40. Байбосынов Кенжеш
41. Демеубергенов Қожахмет
42. Дербісов Қожахмет
43. Демесінов Көпбол
44. Ерғазиев Шақырған (марқұм)
45. Ерманов Аязхан (марқұм)
46. Ерболатова Қания
47. Ербозов Аманғали (марқұм)
48. Ержанова Қаншайым
49. Ержанов Қалнияз
50. Еділханов Махмут
51. Ештаева Света
52. Ерманов Талғат
53. Ердәулетов А.
54 Еркетаева Мақпал
55. Жаңбыршин Терекбай
56. Жалжанов Орынбасар
57. Жаңбырханов Жеңіс (марқұм)
58. Жайлиев Демеген
59. Жылқышиев Жетібай
60. Жиенбаева Сәнім
61. Жұмағалиев Орынбасар (марқұм)
62. Жүнбасов Амангелді
63. Жұмағалиев Әбіл
64. Жалғасов Түлкібай (марқұм)
65. Жанғалиева Жұмақыз
66. Жұмабекова Бәтима
67. Жарылғасов Алмажай
68. Жұмалиева Тамара
69. Жәнібеков Сауыт
70. Жарылғасынов Мырзатай
71. Жолжанова Жеміс
72. Зейілов Шырақбай
73. Исаев Қуантхан
74. Иманбаев Қойшыбай
75. Исабергенов Сейтжан
76. Исағұлов Зәкәрия
77. Имашева Н.
78. Кенжеев Сайлау (марқұм)
79. Көшев Мэлісбек
80. Кемелханова 3.
81. Көшкімбаев Мұсағали
82. Қошекенова Асыл
83. Көшекова Бибіғүл
84. Көшербаев Жарылғас
85. Қуатбаев Бүркітбай
86. Қостанов Сатқан
87. Құдайбергенов Айтмағанбет
88. Қалымбетов Көптілеу
89. Қоштаева Орынша
90. Қоразов Сейілхан (марқұм)
91. Қоңырбаева Құндыз
92. Қалиев Дәлу (марқұм)
93. Қадирова Ғ.
94. Қишымов Т.
95. Құлтумаева Жиде
96. Қарекешов Аман
97. Құлқаев Қалпақбай (маркұм)
98. Қорғанов Еламан (марқұм)
99. Қарагөзова Г.
100. Қилыбаева Роза
101. Құлжанова Бақыт
102. Құлжабаева Айнұр
103. Қосмамбетова Клара
104. Меңдібаев Таңаш
105. Мусина Айымгүл
106. Мұхамбетжанов Нұритден (марқұм)
107. Мәресова Нұрзила
108. Мұстажаев Есенқос
109. Мұқашева Алма
110. Малғараев Бимырза
111. Меңдіғұлова Үлзира
112. Медиева Гүлзира
113. Молдаева Жәмиға
114. Молдаев Қами
115. Нұрғазин Болат
116. Наушабаева Сәния
117. Нұрдәулетов Нұрболат
118. Нәжимова Күлән
119. Нәбиев Мәден (марқұм)
120. Нұржанов Құттыбек (марқұм)
121. Оңғарбаев Өтежан
122. Ордабаева Айсұлу
123. Оразов Орысбай
124. Оразбаева Ұштап
125. Оңайбаева Әлия
126. Оразбаева Д.
127. Оңдасынов Ақылбек
128. Оразов Тойшыбек
129. Өрбісінов Төрәлі
130. Өтеулиева Айсұлу
131. Сәрсенов Қойшекен
132. Сарбасова Тая
133. Сейтмағанбетов Төлеуіш (марқұм)
134. Сисенов Алдоңғар
135. Сүйеубаев Нұрбек
136. Сабытаев Шамшадин
137. Сарбалаев Марат
138. Сүталиева Роза
139. Сатыбалдиев Сұлтан (марқұм)
140. Сәтжанов Бақытжан
141. Сәуенова Қанзия
142. Сәрсенова Рысты
143. Сафиев Мақсат
144. Сақауов Оңболсын
145. Сағындықов Жеткізген
146. Сәтембаева Бақыт
147. Смағұлов Сағын
148. Сарбалаев Ү.
149. Сейілова Лаура
150. Сүндетбаева Нәбира
151. Салиқов
152. Селбаева Бақытнұр
153. Сәрсенов Жомарт
154. Серікбаева М.
155. Сақтағанова Оразгүл
156. Сабырбаева Шәрбану
157. Туғанбаева Нұраш (марқұм)
158. Теміралиева Феруза
159. Төлепбергенов Берекет
160. Таңатаров Құрамшын
161. Туғанбаева Набат
162. Тоғжанов Орынбасар
163. Тілепова Дәмет
164. Тілегенов Сабақбай
165. Түйтеев Темірхан
166. Тұрмағанбетов Қыдырбай (марқұм)
167. Тасболатова Мақташ
168. Тілепиева Тамара
169. Танашева Жапырақ
170. Тәжиев Қарамырза
171. Темірханова А.
172. Тасымбаев Насихат
173. Ұзақбаева Балжан
174. Үмбетова Айша
175. Хамзина Жаңылсын
176. Харесов Асқар
177. Шакратов Сержан
178. Сүйінішқалиев Мазлом
179. Шохарбаева Лаура
180. Шәулекенова Т.
181. Шәукенбаева Б.
182. Шәуенов Айткерей
183. Ысқақова Роза
184. Ылиясова Маржан
185. Ыбыраева
186. Ізікенова Баян
187. Ізтілеуова Рысжан
МАҢҒЫСТАУ АУДАНДЫҚ ХАЛЫҚ ТЕАТРЫНЫҢ БЕЛСЕНДІ АКТЕРЛЕРІ, ПЬЕСАЛАР ЖӘНЕ ОЛАР САХНАЛАҒАН РӨЛДЕР.
Актердың аты-жөні. Ойнаған пьесасы және шығарған рөлі.
1. Қостанов Сатқан «Қолғабыс»-(Майшеке), «Тергеу анықталды» - (Шұнақ), «Жалбыр» (начальник)
2. Сүйінішқалиев Мазлом «Қолғабыс»-(Жолтай), «Жалбыр»-(Сайым), Шаршы . «Түнгі сарын» - (Кәрім)
3. Әмірханов Қибатқали «Тергеу аяқталды»-(Сабытай), «Жалбыр-(Жалбыр), «Қарагөз»- (Нарша)
4. Қоштаева Орынша «Қарагөз»-(Моржан), «Қыз Жібек»-(Қамқа)
5. Меңдібаев Танаш «Тергеу аяқталды»-(Майбас), «Жалбыр»-(Елемес), «Қарагөз»-(Сырым)
6. Ахметова Тыныштық «Шұғаның белгісі»-(Шұға), «Қарагөз»-(Қарагөз), «Жалбыр»- (Хадиша)
7. Қоразов Сейілхан «Жалбыр»-(Жақып), «Түнгі сарын»-(Ояз)
8. Қуатбаева Бүркітбай «Жалбыр»-(Бекен)
9. Жалжанов Орынбасар «Қозы-Көрпеш - Баян сұлу» (Қодар), «Еңлік Кебек»-(Еспембет), «Жалғыз ағаш орман емес»-(Телғара)
10. Шакратов Сержан
11. Жаңбырханов Жеңіс
12. Қаттымбетов Көптілеу
13. Ашшыбаев Сүйеубай
14. Теміралиева Феруза
15. Сейтмағанбетова Төлеуіш
16. Мұхамбетжанов Нұритден
17. Жылқышиев Жетібай «Қуырдақ дайын»-(Ережеп), «Жалбыр»-(Қайрақбай), «Қуырдақ дайын»-(Болат), «Той боларда»-(Нартай), «Түнгі сарын»-(Жұмажан), «Жаяу Мұса», «Махаббат неге оянбады», «Құдағи келіпті», «Адасқан қаз», «Қыз Жібек»-(Бекежан), «Қыз Жібек»-(Шеге) «Түнгі сарын»- (Тәнеке) «Жаяу Мұса», «Досымның үйленуі», «Аралдың алтын балығы», «Ана жүрегі», «Біздің Ғани», «Қыз Жібек»-(Жібек), «Қыз Жібек»-(Базарбай), «Түнгі сарын»-(Майқан), (Мұса Шорманов)-«Жаяу Мұса», «Жоғалған дос»-(Естемесов), «Тасталқан»-Ақпан, «Табамын сені»- (Әйкен), «Тамұқтағы таң»-(Мей), «Беу, қыздар-ай»-(Әбдіқадыр), «Бетпе-бет»-(Мырзағұл), «Алтын көрсе періште жолдан таяр»-(Әбдісалам), «Қарақұм трагедиясы»-(Дәулет), «Ән құдіреті»- (Мырзалы), «Әке тағдыры»-(Ақылбек), «Әке мен бала»-(Ораз Жансейітов), «Еңлік-Кебек», «Ақбөбек», «Біздің Fани», «Көңілдестер», «Үзілген жіп», «Аралдың алтын балығы», «Өзіме де сол керек», «Досымның үйленуі», «Ана жүрегі», «Сырласу», «Жаралы гүлдер», «Түнгі сарын»-(Қыдыш), «Біздің Ғани»-(Тұрсын Ходжаев), «Келіндер»-(Қарпық), «Жаяу Мұса»-(Мұса Байжанұлы), «Жоғалған дос»-(Маңғас), «Біржан-Сара»-(Естай), «Досымның үйленуі»- (Дүйсен), «Ана жүрегі»-(Арман), «Тамұқтағы таң»-(Елзар), «Ән құдіреті»- (Қалнияз), «Алтын көрсе періште жолдан таяр», «Қарақұм трагедиясы»- (автор).
18. Ерманов Аязхан «Көңілдестер»-(Мәлік), «Біздің Ғани»-(Ғани Мұратбаев), «Тасталқан» - (Харламов)
19. Сабытаев Шамшадин «Түнгі сарын»-(Жүніс), «Ана жүрегі»- (Бағлан), «Жалбар»-(Елемес), «Ақбөбек»-(Қайып)
20. Туғанбаева Нұраш «Қуырдақ дайын»-(Әлима)
21. Мұсаева Айымгүл «Қыз-Жібек»-(Қарлығаш), «Жалбыр»-(Нағима)
22. Бөкенбаева Зәуреш «Қыз Жібек»-(Батсайы), «Дәл диагноз»-(Ольга)
23. Бердібеков Сырым «Түнгі сарын»-(Жантас)
24. Жұмағалиев Орынбасар «Жаяу Мұса»-(Ботпай), «Алтын көрсе періште жолдан таяр»-(Момын), «Көңілдестер». «Ана жүрегі», «Ажар мен ажал», «Жаралы гүлдер», «Еңлік-Кебек», «Төрт бойдақ, бір қыз», «Әке тағдыры», «Ақбөбек», «Үзілген жіп», «Досымның үйленуі», «Сырласу», «Аралдың алтын балығы», «Өзіме де сол керек», «Тасталқан».
25. Нұржанов Құттыбек«Келіндер»-(Түнғатар), «Жаяу Мұса»-(Мұстапа Шорманов), «Үзілген жіп» «Көңілдестер», «Аралдың алтын балығы».
26. Жұмағалиев Әбіл «Біржан-Сара»-(Біржан), «Тасталқан» - (Тасболат), «Еңлік-Кебек», «Жаяу Мұса», «Жаралы гүлдер», «Төрт бойдақ, бір қыз», «Ақбөбек», «Кәусар», «Қолға түскен шайтандар», «Кімнің тойы», «Біздің Ғани», «Сырласу».
27. Туғанбаев Набат «Біржан - Сара»-(Сара), «Жаяу Мұса», «Көңілдестер», «Адасқан қаз».
28. Ербозов Аманғали «Жоғалған дос»-(Бабатай), «Өзіне де сол керек»-(Хайдарбек), «Тасталқан»-(Тасқара), «Досымның үйленуі»- (Досым), «Ана жүрегі».
29. Ордабаева Айсұлу «Досымның үйленуі»-(Мәмпәси),«Беу, қыздар-ай»,(Жансұлу), «Тасталқан», «Ана жүрегі», «Алғашқы ұшқындар».
30. Тілепова Дәмет «Досымның үйленуі»-(Биғаным), «Табамын сені»-(Раушан).
31. Сақауов Оңболсын «Ән құдіреті»-(Көшек), «Беу, қыздар-ай»-(Сұлтан), «Бетпе-бет».
32. Жалғасов Түлкібай «Тамұқтағы таң»-(Ойран), «Беу, қыздар-ай»-(Сұлтан), «Бетпе-бет»-(Смайыл), «Алтын көрсе періште жолдан таяр»- (Нәдір), «Ән құдіреті»-(Төлен), «Еңлік-Кебек»-(Жапал), «Ажар мен ажал».
33. Әубәкірова Нәзипа «Ана жүрегі»-(Гүлжан), «Тамұқтағы таң»-(Сюзанна), «Беу, қыздар-ай»- (Гүлшара)
34. Ержанов Қалнияз «Беу, Қыздар-ай»-(Хасан), «Қарақұм трагедиясы»-(Омар), «Алтын көрсе періште жолдан таяр»-(Қылышбек), «Ән құдіреті»-(Сары Батақұлы), «Ажар мен ажал».
35. Сатыбалдиев Сұлтан «Тамұқтағы таң»-(Самар), «Жаяу Мұса»-(Арап)
36. Демеубергенов Қожахмет «Табамын сені»-(Арнұр), «Тамұқтағы таң»-(Ильмар)
37. Тоғжанов Орынбасар Келіндер»-( Атағұл)
38. Ылиясова Маржан «Бетпе-бет»-(Сейде), «Әке тағдыры»- (Оңалқан), «Ажар мен ажал», «Алтын көрсе періште жолдан таяр», «Жаралы гүлдер», «Төрт бойдақ, бір қыз», «Қолға түскен шайтандар», «Жоғалған адам», «Алтын табақтағы жылан», «Сырласу».
39. Көшев Мелісбек «Алғашқы ұшқындар»-(жетім балалар атаманы), «Еңлік-Кебек - (Көбей), «Ақбөбек»-(Семен)
40. Жарылғасов Алмажай «Жаралы гүлдер», «Ақбөбек», «Кәусар», «Қыз Жібек», «Алтын табақтағы жылан»
41. Үмбетова Айша «Әке тағдыры»-(Зура)
42. Оңайбаева Әлия «Жоғалған адам»-(Ақкүміс), «Бәле қайдан»-(Сәнияш), «Алтын табақтағы жылан»-(қара қатын Катя)
43. Тұрмағанбетов Қыдырбай «Бетпе-бет»-(Құрмаш)
44. Нұрдәулетов Нұрболат «Әке мен бала», «Күшік күйеу», «Кімнің тойы», «Жоғалған адам», «Алтын табақтағы жылан», «Қанына тартқан қыңырлар»-(Ағарыс), «Тобанияз»-(Оспан Көбеев).
45. Тасболатов Мақташ «Бетпе-бет», «Ақбөбек».
Жетібай Жылқышыұлы 13 маусым, 1940 жылы Маңғыстау ауданының Таушық кентінде туған.
1965 жылдың аяқ кезінде Атырау облысына шығармашылық сапармен келген белгілі сазгер Шәмші Қалдаяқов пен ақын Төлеген Айбергеновтермен кездесу оның кейінгі өмірін мәдениет пен өнерге бағыштауына оңды ықпал етті. 1967 жылдан бастап мәдениет мекемелерінде ұзақ жылдар бойы қызмет атқарды. 1972-74 жылдары аудандық мәдениет үйінің директоры болып қызмет жасап, Маңғыстау ауданында «Жастар» вокалды-аспаптар ансамблін құрып басшылық еткен. Мәдениет үйінің жанындағы ұлт-аспаптар оркестрінің, аудандық халық театрының белсенді мүшесі және ұйымдастырушыларының бірі болған. Әншілік өнерімен аудан, облыс жұртшылығына кеңінен танылып, ол талай байқаулардың лауреаты атанды. 1966-1978 жылдар арасында аудандық халық театрының көптеген қойылымдарына тікелей қатысып, қойылымдардың сазды көркемделу жағын басқарған.
1991 жылдан бастап Ж.Жылқышыұлы XVIII ғасырдан бергі Маңғыстау топырағында өмір сүрген ақын-жыраулардың, шешен билердің жоғалып кетуге айналған мұраларын жинақтаумен түбегейлі айналысып келеді. 1995 жылы Ақтау қаласынан Ж.Жылқышыұлының жинақтап, құрастыруымен «Жыр дария»жинағы, 1996 жылы Алматы қаласындағы «Ер-Дәулет» баспасынан халық ақыны С.Жанғабылұлының «Аманат» жыр жинағы басылып шықты. Екі жинаққа да алғы сөз жазған белгілі ғалым, филология ғылымының кандидаты Қ.Сыдиықұлы.
1997 жылы Ж.Жылқышыұлы ұрпағымызды имандылыққа баулуда «Имандылық иірімдері», Маңғыстау өңірінен Ұлы Отан соғысына қатысқандар туралы «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс», Маңғыстау халық театрының тарихына арнап «Таланттар тәрбиелеген шаңырақ», 1998 жылы халық ақыны А.Тілеуұлы, Маңғыстау өңіріне қазақ халқын бастап келген халық батыры Шотан Назарұлы, 1870 жылғы патша отаршыларына қарсы Маңғыстау халқының ұлт-азаттық көтерілісін басқарып, патшаның қапас түрмесінде қорлықпен өлтірілген Д.Тәжіұлы туралы деректерді баяндайтын «Үш арысы халқымның», Маңғыстау ауданының құрылуының жетпіс жылдығына орай «Ата көрген оқ жонар», Маңғыстау ақын-жырауларының мұраларын топтастырған «Тіл таңбалы Адайдың ақындары» жинағының екі томын, жыр сүлейі Қашаған Күржіманұлының мұраларын топтастырған «Өзімнің атым Қашаған», 2000 жылы үш ананың ұлына даңқы жайылған атақты шешен-би Мәтжан Тілеумағанбетұлының сөз мұралары, 2001 жылы «Мұхаммед пайғамбардың хадистері», 2002 жылы қазақ халқының мақал-мәтелдерін жинақтаған «Сөз мұрасы халық қазынасы» атты жинақтардың қолжазбаларын бітірді. Бұл қолжазбалардың көпшілігі Маңғыстау аудандық өлкетану мұражайына тапсырылған.
Ж.Жылқышыұлы халықтық мұраларды жұртшылыққа кеңінен насихаттау мақсатында жүздеген танымдық мақалаларын жария етті. 1997 жылдан бастап «Адай шежіресін» жинақтаумен түбегейлі шұғылданды. 2002 жылдың сәуір айында тиянағына жеткен 12 томдық қолжазбада ұлыс атын иеленген Адай бабамыздың дүниеге келуінен бастап бүгінгі ұрпағына дейінгі ел тарихын баяндайтын шежірелер мен тарихи деректерді ұштастыра жүйелеуде күш-жігерін жұмсады. Бұл ұрпақтар үшін тәлімдік мәні зор еңбек толыға түсуде.
Маңғыстау аудандық мәслихатының 2007 жылғы 12 желтоқсанындағы өткен үшінші сессиясының шешімімен Жылқышыұлы Жетібайға «Маңғыстау ауданының құрметті азаматы» атағы берілген.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру