TELEGEI

Home

Әбіш Кекілбаев өлеңдері

Әбіш Кекілбаев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Әбіш Кекілбаев өлеңдері

Әбіш Кекілбаевтың өлеңдері негізінен ел мен жерге арналған. Анаға деген махаббат, табиғат туралы өлеңдері мен арнау өлеңдері де бар. Өмірдің кейбір сәттері мен көрген-білген, көңілге тоқыған дүниесін де өлеңге айналдырған. Сонымен бірге, жазушы мысал өлеңдер де жазған.

КҮН НҰРЫН АЯМАЙ СЕБЕДІ

Күн нұрын аямай себеді –
Жерде қыз қызғалдақ терсін деп,
Адам да ащы тер төгеді –
Жер үсті құлпыра берсін деп.

ЖЕР – АНАНЫҢ МЕН СҮЙІКТІ ПЕРЗЕНТІ

Жер – ананың мен сүйікті перзенті,
Осалсың деп айта алады маған кім?!
Менің ізім - жердің бүкіл келбеті,
Ажарымын дүниенің, адаммын!

Өкпелетіп көрген емес жер мені,
Жер – ананы өкпелетем неден мен.
Өз қолымнан салынған бар өрнегі,
Жыртығын да жамаймын өз денеммен!

АҚ ЖАЙЫҚ

Ақ Жайық қырды шөп-шөп сүйіп алып,
Жатады жабырқаңқы бұйығы ағып.
Айдыны жаутаңдайды, мөлтеңдейді
Көз жасын қара жердің құйып алып.

Білмейді онда толқын еркелікті,
Шашпайды жағалауға өр көбікті.
Маңдайы шимай-шимай өңшең әжім,
Өзегі оның талай өртеніпті.

Өткенде тентек күйші күй бөктеріп,
Бір ауық өрт "Серперге" билеп көріп
Құлапты, жесір қалған тұл арудай,
Жылапты көкейде шер түйдектеліп.

Өткенде тентек ақын ұрандаған,
Оның да кезі бопты сылаңдаған.
О да өтті. Тәйтік өзен жуасыпты,
Ақ толқын сосын қайтып сыланбаған.

Даланың шарлап шығып шар тарабын,
Желікпей май бүлкілмен тартады ағын.
Сылқылдап күлмей толқын күрсінеді,
Деміндей көпті көрген қарт ананың.

Ақ төсін аймалатса – өмір өніп,
Ақ сүтін жатыр байтақ өңір еміп.
Жасыл тал жапырағын созса айдынға,
Ақжайық иіскейді еміреніп.

Ұланын қарсы алады алас ұрған
Жайып сап жасыл кілем жағасынан.
Ақжайық – аппақ әже осы өңірде
Ұл туса, бұрын сүйеді анасынан.

АУА

Сәби жұтса – жайраңдайды, күледі,
Ару жұтса – албырайды гүл өңі.
Кәрі жұтса – қарт денесі жайылып,
Жай табады ентіктірген жүрегі.

Таңдамайды ол лашық пен сарайды,
Алаламай бәріне де тарайды.
Әуен қосты ол сандуғаштың әніне,
Жұпар қосты ол қызғалдақтың әріне,

Шіркін, бақыт о да жұпар ауадай
Дүниенің түгел жетсе бәріне!

БАҒБАН

Жігіт еді ол.
Ал онда,
Біз балауса бала едік.
Тұрып елең-алаңда

Жүретін ол тал егіп.
Бүгінде ауыл сыртында
Кеңге құлаш созды бау, –
Бағбанның мұртында

Шілдеде де боз қырау.
Кеп-кешегі жапан түз
Жайқалған кәузір гүл алаң.
Кәрі жерді жасартып

Қартаяды екен бұл адам.

МИНУТ

Минут! Минут!
Сенің атың – тіршілік,
Жаңа егілген жасыл шабық тұр шығып.
Бір өзіңде көлеңке де, шуақ та –

Біреу күлсе, біреу жатыр күрсініп.
Минут! Минут!
Сенің атын – жаңалық,
Қарт ғалымның түссе ойына жаңа үміт,

Жас шәкірттің жалын жанын ой тербеп,
Дүниенің отыр сырын жаңа ұғып.
Ентіктіріп келсең дағы неше күн,
Мезгіл шіркін, белгілі ғой есебің:

Миллион минут қажет етсе өсуім,
Бір-ақ минут – көз жұмуым, өшуім.
Мен өткізген минуттердің төлемін,
Берсе екен деп маңдай терім – өлеңім.

Уақыттың бәйгесіне қосылып,
Мен де міне тайталасып келемін.

ҚАСЫМҒА

Ақынның өшті әр демі
Жанының сырын бүкпеген,
Бітіпті тірлік сөйлемі
Өлім деген нүктемен.

Тапсырып жерге денені,
Артына дастан сыйлапты.
Қағазға сыйған өлеңі
Қара жерге сыймапты.

* * *
Таппаған жолда аялдап бір күн тыным,
Өмірде бір салт атты жүргіншімін.
Қақтаса қырдың күні маңдайымнан

Жамылам көлеңкесін қыр бұлтының.
Төбемнен күн қарайды, ай қарайды,
Бірауық қырдың желі аймалайды.
Бірауық тентіреген құйын соғып

Үстімді бұрқылдаған шаң қамайды.
Жол бойы біреу көріп сүйсінеді,
Бәз біреу мені көрсе күрсінеді.
Көп адам ақыл айтып, жөн сілтесе,

Артымнан кей ауылдың иті үреді.

ШАБЫТ

Жанында жарқыраған жанса да үміт,
Жыр төкпей жүреді ақын аңтарылып,
Шабыттың шапшып тұрған шәлкес аты
Көңілдің қазығында қаңтарылып.

Қашаннан ақынға жат дамылдамақ,
Ол ылғи өрт боп тұтап жалындамақ,
Жанында бұлттай бұрқап ұйысқан ой
Күн сайын, сағат сайын қалыңдамақ.

Сол бір ой дерт боп жайлап қалыңдап ап,
Ақынның жүргізбесе жанын қамап.
Өлеңнің ақ құйынын артына ертіп,
Шабыттың шаңқан аты арындамақ.

Сонда алдан ақпан үріп жел кимелеп,
Көзіне жас үймелеп мөлтілдемек.
Кеуденің күмбірлеген кең отауы
Теңселмек, туырлығы желпілдемек.

Дүрлікпек, оларға енді жатыс бар ма,
Сырлы сөз, бояу, теңеу, нақыштар да
Жездесін қарсы алатын балдыздардай,
Сылаңдап шыға келмек ат ұстауға.

* * *
О, табиғат, өкпелімін өзіңе,
Арамсаққа жалтыратып сөз бердің.
О, табиғат, өкпелімін өзіңе,

Қызғаншаққа жарқыратып көз бердің.
О, табиғат, өкпелімін өзіңе,
Көрсеқызар болды неге көретін?
О, табиғат, өкпелімін өзіңе,

Өсекшіге неге құлақ бересің?
Олар келіп бүлдіреді заманды –
О, табиғат, өкпелімін езіңе.
Дүниеге жаратарда адамды,

Неге ғана қарамайсың көзіңе?
* * *

ЕЛЕС ЕМЕС БІР ЖЫЛДАР, ЖАДЫМА

Елес емес бір жылдар, жадыма
Қашап тұрып жазылған бір шежіре.
Ақ боран боп соққан күндер жазыма
Ерте есейтіп кеткен еді мені де.

Шарпылғам жоқ өртке түсіп от-оққа,
Бұғанама түсті бірақ салмағы.
Жатпасам да алғы шепте окопта,
Жау мылтығы оғын маған арнады.

ТАНКТЕР

Тажал табан ну шалғынды жайпады,
Алда – майдан, алда – қаза, алда – мұң.
Шойын дене жердің тәнін жаншыды
Сездіргендей қасіреттің салмағын.

Қара жердің таспа тіліп жонынан,
Бара жатыр бауырымен қамшы өріп.
Жатыр окоп қызыл қанға шомылған,
Жайрап қалды қанша ғұмыр... Қанша өлік?!

Жер – ананың рең кетіп жүзінен,
Қырғын соғыс қайғы отына ыстады. ...
Майдандағы танктердің ізінен
Маңдайларға талай-талай түсті әжім.

ӘЙЕЛ КҮЛКІСІ

Анау бір кезде келіндер
Көрпесін жаңғыз жамылған.
Өрт қойнына еніп жер,
Жастықтар жасқа малынған,

Жоғалтып сан түн тағатын,
Талай әйел жылады.
Қос жанардан ағатын
Қасіреттің бұлағы.

Сол жылдар әлі жадымда,
Сонда үйренгем өз басым
Батырдың пәк қанындай
Қадірлеп әйел көз жасын.

Әйел күлсе ұғамын,
Жарқылдап жүр деп аналар.
Жамылмай ажал тұманын
Есен-сау жүр деп ағалар.

Құлпырып тұр деп гүл шығып,
Сабағынан үзілмей.
Әсемдеп мынау тіршілік
Әйелдің күлген жүзіндей.

БІЗДІҢ БАЛА ШАҒЫМЫЗ

Мына біздер конфет таңдап бірауық,
Үлкендердің алған жоқпыз мазасын.
Біздер емес ерке бала жылауық,
Көкесінен тартқан талай сазасын.

Дей алмаймыз:
Күні бойы доп қуып,
Көк қойнына күміс шарлар самғаттым.
Онда елдің омырауын от жуып,

Жетпеді ұлтан етігіне солдаттың.
Төбемізге талай қатер төнген-ді
Жатқанда ажал ат ойнатып, дауыл сап.
Түсімізге қоса қабат енген-ді

Көкеміз бен күрең қызыл бауырсақ.

ҚАРЫНДАСЫМ НҰРАЙША

Қуантты бізді сол күні
Сәбидің түңғыш ащы үні.
Жылатты бізді сол күні
Почташының қапшығы.

Көңілді көктем құшып қап
Ажыратты қыс қайта.
Түске дейін құттықтап,
Бата оқыды ел түс қайта.

Иесін тапса бір бесік,
Оққа ұшыпты бір солдат.
Келеді қарғам жылда өсіп,
Тереді қырдан гүл таңдап.

Жылдарға ерді Нұрайша,
Жылдар алға заулайды.
Көз көргендер шын айтса,
Көкесінен аумайды.

Аумайды ма менен деп,
Мазалап жүр талайды.
Көкешімді көрем деп,
Айнаға көп қарайды.

ЖҮРЕКТЕ ӘЛІ ЖАТЫР МҰҢ

Күндер де өтті әлемнен
Өлімнің селін бүріккен.
Үндер де өшті әлемнен
Көңілден күлкі үріккен.

Қайғыға жұрттың еті өліп,
Күлкіге енді үйренді.
Сол жылғы бала есейіп,
Сол жылғы қызға үйленді.

Өмірдің шалқып бастауы,
Тасыды тағы кенеле.
Бақшаға бара бастады
Атасыз өскен немере.

Құлпырып қайта сан арман,
Иықтан батпан түсті мұз.
Иін босап жамаудан,
Бүтінделді үстіміз.

Жүректе бірақ жатыр мұң,
Жатыр сол бір кесір күн
Тыртығында батырдың,
Әжімінде жесірдің.

ТІЛЕК

Атасақ өлімнің тек атын,
Біреулер алартар көздерін –
Адамның ақырғы сағатын
Жазатын мен үшін кез бе еді?

Жоқ! Соққан жоқ ол сағат,
Тірімін!
Дүниеде бармын мен!
Тірліктің қызығы түр мені қоршап ап,

Қанғам жоқ ләззатына жардың мен.
Көрген жоқ мұрнымды
Жөргектің иісі қыдықтап,
Ол түгіл мен өзім баламын,

Қырамын мұртымды қызықтап,
Десе де жан анам:

– Ерте ғой, қарағым! –

Қартаю ерте рас әлі де,
Шыққан жоқ мұрт маған
Ақ сақал түгілі.
Айта алман, ал бірақ,

Қай күні жығылам қалжырап,
Бері ме, әлде әрі ме
Қабірдің сызы мен өлімнің дүбірі?
Болса екен алыста ләйім,

О достар, өмірді сүйемін.
Жеткізсін кәрлікке,
Ол емес уәйім,
Ауырсынбас сақалды иегім.

Дүние, қанша ұлың құлады
Үйінен-күйінен алыста,
Өшкенде өмірдің шырағы
Бұйырмай кебін мен табыт та?!

Шаштарын боз қырау шалмады,
Қапқан жоқ қарттықтың қармағы,
Мерт етіп неше бір арманды
Оларды зеңбірек жалмады.

О достар, осы ғой уайым,
Сол күнді көрмелік ләйім,
Сондықтан қарттықты жек көрем мен неге!?
Әлемдегі барлық пендеге

Тілеймін ғұмырды
Сәби боп келетін,
Шал болып өлетін!

ҚЫСТАҒЫ ОЙ

Қабаған аяз сықылдап,
Бетімнен алып тістеді.
Дәурені өтіп жатыр бақ.
Тұнжыратты қыс мені.

Иығыма мұз артып,
Ақ дүлей боран қағынған.
Екі бетті қызартып,
Жіберді тартып жағымнан.

Күні-түні ұлыған,
Жалықтырды өкпек үн.
Сергіген жаным нұрынан
Көктемім қайда, көктемім...

Іркеді ойдың тізгінін,
Арқадан аяз өткен күн.
Қыс болмаса біз құнын,
Білмес едік көктемнің.

ОЙЛАР

Дүние деген жәрмеңке:
Келдің екен – көріп кет!
Дүние деген жәрмеңке:
Алдың екен – беріп кет!

* * *
Жағымпаздың басына
Қонды келіп көбелек.
Піл болғанда көбелек,

Ол жаншылып өлер ед...
Әй не керек, не керек!
* * *
Кім бар екен мін тақпаған, күлмеген,

Кім бар екен бәлденуді білмеген –
Тышқан екеш тышқан да мәз өзіне
Мың есе үлкен екенмін деп бүргеден?!

АЮ МЕН ДӘРІ

(Мысал)

Аю жатты ауырып,
Безіп астан, дәмнен де.
Кетсін деп ол сауығып
Дәрі келді жәрдемге.

Сонда аю бопты ыза; –
Тайып тұр, – деп жөніңе:
Тырнақтай-ақ боп бұ да
Емдемекші-ау мені де.

ТЕҢІЗ ЖАҒАСЫНДАҒЫ ОЙ

Мекен етіп көкшіл теңіз, көкшіл аспан ортасын,
Тұрмын басып құзар таудың қына басқан жартасын.
Төменде мың иретіліп бұрқыраса көк толқын,
Төбемде шың шуақтайды күнге тосып арқасын.

Теңіз, Теңіз?... Теңіз неткен, теңіз неткен ашулы!
Білмейді екен бұ жалғанда ол ашуын бір басуды!
Көкжал толқын айбат шегіп мүйіздесе жағаны,
Жалына кеп жартастардың күс-күс қолы асылды.

Төбемде шың бойын ылғи өрлік, паңдық билеген,
Әлгі айбатты ақ толқынды теңізге бас имеген.
Күн ғана оны еміреніп маңдайынан сүйеді, –
Екеуінің ортасында тұрмын аң-таң күйде мен.

Уа, табиғат, өзің неткен құпияңа беріксің?!
Өрлігіңе, көрігіңе – бар сырыңа жерікпін.
Тауыңның да, дауылдың да, теңіздің де сыры мол, –
Мен ғана тек бұл өмірге құпиясыз келіппін.

Толқыным жоқ теңіз болып тулар едім тағатсыз,
Қыран болып қалықтар ем жаралыппын қанатсыз,
Туғызыпсың дүниеге бір-ақ құлаш бой беріп,
Болар едім асқар таудың төсіндегі абат құз.

О табиғат! Жараттың ба адамды әлде күңкілдек
Жер бетінде бос қыбырлақ тірлік етіп жүрсін деп, –
Әлде теңіз айбаты мен асқар таудың өрлігін
Өзі көріп, өзі үйреніп, сондай бола білсін деп!

ЖӨРГЕК

Шырылдап безек қаққан балапандай,
Нәр сұрап тіршіліктен бала таңдай.
Жатқанда жайылып ең астыма кеп,
Жөргегім – кең мекенім алақандай.

Толғантқан күні-түні бала қамы,
Ананың секілденіп алақаны.
Жатып ең жамбасында жұп-жұмсақ боп,
Өмірден алғанда алғаш алақаны.

Өзіңнен басталыпты береке күн.
Басы сен бақыт пенен берекенің.
Мол кебін емес өзің ұқтырасың,
Мынау жарық жалғанның кең екенін.

БІЗДЕР

Артың – жол, артың – даңғыл, алдың – соқпақ,
Сен қашан ұзақ жолда қалдың тоқтап,
Қарыса көңіліңді күдік демі,
Жаныңа жақсы үміттен алдың шоқ сап.

Адамзат, өтті-ау күнің қол жетпеумен,
Тұрды арман мұнартып тек "кел, жет" деумен,
Жаңалық сәби болып жаралып ап,
Жүрісті үйреніпті еңбектеуден.

Адамзат, содан қанша дөңесті астың,
Өткенді сен асқан сан белес жапты.
Киіп ап көзілдірік оқымасаң,
Есіңе түспейтұғын елес қапты.

Жүрмей тек таң атқызып, күн кеш қылып,
Арманды алақанмен үйлестіріп
Өтсек те, барса келмес керуені
Бізді де кетер бір күн мінгестіріп.

Тербетсе бізді де жер бесігіне ап,
Қаларын дүниенің несі құлап
Білмеймін.
Білемін тек бізді өткенде

Тұрмасын артқы ұрпақтың "екілік" ап.
* * *
Адам қолы талай жауды жайратқан,
Адам қолы талай бауды жайнатқан.

Адам қолы тіккен талай кебінді,
Адам қолы жуған талай жөргекті.
Адам қолы сепкен талай өлімді,
Адам қолы талай бесік тербетті.

Бір өңешті толтыра алмай қос қолмен,
Бұл жалғанда талай пенде босқа өлген.
Адам онда білмей рақат дегенді,
Адам онда сезбейтұғын шабытты,

Қолдар онда жазып зарлы өлеңді,
Қолдар онда көтеретін табытты.
Қолдар! Қолдар! Аян, аян өзіңе!
Оның бәрі өзің жазған шежіре!

Талай-талай таңбаң қалды уақытта,
Жылдар келді, жырлар туды не түрлі.
Бүгін қос қол болашаққа, бақытқа
Барар жолдың рельстері секілді.

АҚЫН

Көзім бар күнді құйып алатындай,
Сөзім бар өткен күшке өңгерілмей.
Нәп-нәзік көбелектің қанатындай,
Қап-қатты қаршығаның шеңгеліндей.

Аспанның көкірегін түртіп тұрған
Асқар тау – асқақтаған менің басым.
Күз болса күнде ертемен бүркіп тұрған
Мөлдір шық – мөлтеңдеген менің жасым.

Жылдар кеп дүниені былғап бақса,
Ары – мен кірленбеген, бүлінбеген.
Шыңғыс хан найзасын ап бұлғақтатса,
Жауладым мен әлемді тілімменен.

Білмедім атақ-даңққа тамсануды,
Қайғы емес қалтаның да тапшылығы.
Іздемен өмірде өзге мансабыңды,
Жүректің тұрса болды хатшылығы.

* * *
Айдай аузы, күндей көзі – шын сұлу
Қызым бар-ды қолымда.
Төрт алақан қос бұрымға ұмсынып,

Екі бірдей жігіт түсті соңына.
Жаратпаушы ем, қаратпаушы ем біреуін,
Кезейтінмін кездескенде жұдырық.
Мен еңбекті иемденіп жүр едім,

Қойыпты қыз жалқаулықпен қыдырып.
Бүгін біліп, ашу қысып бойымды,
Өлтірмекке кетті менің көңілім.
Қалай қиям қанжар итке мойнымды,

Қыз дегенім болса өзімнің өмірім!?

ШАҒАЛА

Көк толқын көк айдында кілкіп, қалқып,
Қайықты мазалайды түртіп, тарпып.
Сүйкеніп жөңкіп кейін шегінеді
Жағаның жағасынан сілкіп, тартып.

Өзді өзі кейде күшін байқасады,
Бұқадай буырқанып шайқасады.
Өкіріп, өршеленіп сүзіссе де,
Жеңілсе, жентектеліп жай қашады.

Көк толқын айбат шегіп, иықтасып,
Үркеді жағалаудан тиіп қашып.
Шошынып бұрқылдаған тентегіңнен
Қыран да қалықтайды биікке асып.

Бұрқанған билей алмай өзін-өзі
Теңізден бәрі шошып безінеді.
Сескенбей шарықтайды тек шағала
Айдынды өз үйіндей сезінеді.

– Қандай екен сүйіктіңнің жанары?

– Бір қараса соғар жаздың самалы.

– Қандай екен кескіні мен мінезі?

– Көктем болып жадыратар бір өзі.

– Келісті екен, келісті екен ғашығың.

Айтып жібер біз де естиік, аты кім?
Білем шашын, білем қасын, көзін де,
Бірақ, атын әлі білмен өзім де.
* * *

Тербегенін жанарыңның ой бағын
Байқамаппын, бүгін ғана ойладым.
Қия алмадық, екеуміз де қызардық,
Өзімменен бірге кетті ойдағым.

Алыстады туған жердің алабы,
Алыс қалды ақша жүзің манағы.
Жүйрік поезд жетелесе шалғайға,
Жаным саған жақын тартып барады.

* * *
Жазғы күн шапағын
Өшірді. Түн келді
Қап-қара шапанын

Дүние бүркенді.
Алыстан жарқырап,
Көк айдын көлбейді.
Қорқақ ши қалтырап,

Қоға бас тербейді.
Шегіртке шырылдап,
Көлбақа бақылдап.
Жатыр көл дуылдап,

Сақылдап шақылдақ.
Топырлап тұяқтар
Жөңкіле жылқы өтті.
Сытырлап қияқтар

Ақ көйлек жылт етті.
Көктен бұлт арылды
Қырқаға асылды Ай.
Мен сүйем жарымды

Құмарым басылмай.
Нұр төкті ай алапқа
Тіліп түн мұнарын,
Төніп ақ тамаққа

Қанбайды құмарым.
Ай барды жиекке
Солдырып жанарын,
Бал тамып жүрекке

Тамсанып барамын.
Бірауық құмартып,
Сүйсем ақ тамағын.
Жағыпты қызартып,

Шыққан күн далабын.
Сәулесін күн келіп,
Малыпты көлге рас.
Оны біз білмедік,

Ол да мас, мен де мас.
Енді жұрт көрері
Түсті жар есіне.
Жоқ еді керегі,

Таң атты несіне?!
* * *
Бозбаланың жарқ-жұрқ етіп жанары,
Бір ғажап от лапылдатып барады.

Шұғыласы алаулаған жалынның
Албыраған екі бетке тарады.
Сонда жігіт сүйінді:

– Кім тапты екен сүюді?!

Білсем, іздеп барар ем,
Тәңіріге санар ем!
Енді бірде момақансып жанары,
Қабағынан қар жауды да түксиді.

Жүрегінің жалындаған алауы
Баяғыдай лапылдамай бықсиды.
Сонда жігіт күйінді:

– Кім тапты екен сүюді?

Білсем, іздеп барар ем,
Басын шауып алар ем?

ҚЫЗ ӘНІ

Күте-күте қашты менің тағатым,
Кім болды бұл терезені қағатын?
Деп қалып ем сен екен,
Ұйтқи соққан жел екен.

Мұнша неге, мұнша неге кешікті,
Кім болды екен тырсылдатқан есікті?
Деп қалып ем сен екен,
Ұйытқи соққан жел екен.

Күте алмадым үйде енді кідіріп,
Шыдай алмай шықтым сыртқа жүгіріп.
Үркек жүрек бұлқып қалды кеудеде,
Анадайдан сыбдыр етіп әлдене.

Оны да мен сыбдырлатқан жел дедім, –
Өзге қызбен сыбырласқан сен бе едің?!

ҚҰРДАС ҚЫЗҒА

Бірге қап балалықпен қуыршағың,
Шаш бопты сала бұрым тұлымшағың.
Кешегі еркелеткен екеуімізді
Бала күн бұлдыраған бүгін сағым.

Бүгінде баяғы емес басқа ажарың,
Барады маған ұнап қас-қабағың.
Бір жігіт күдіктеніп қала ма деп,
Жүзіңе көп қарауға жасқанамын.

* * *
Ай да бір сәт қалжырап,
Бүркенді шарбы бұлтты.
Ауыл түгел маужырап,

Әйнектер көзін жұмыпты.
Қыз құлағын тігіп мың
Төңіректі тыңдады.
Қой күзеткен жігіттің

Алыстан салған тынды әні.
Махаббаттың құйыны
Қыз көрпесін ысырды.
Махаббаттың құйыны

Ұйқының туын ұшырды.
Махаббаттың құйыны
Жандырады жүрегін.
Махаббаттың құйыны

Жайдырады білегін.
Қайта-қайта күркілдеп,
Шал да көз ілмейді.
Өзі-өзінен күңкілдеп,

Кәрілікті тілдейді.
Бұлт бүркеніп ұйықтапты ай,
Кетіпті қалғып сар дала.
Біреуін жастық ұйықтатпай,

Біреуін қарттық ұйықтатпай,
Ояу екі жан ғана.
* * *
Сәулешімнің бар бейнесін білемін,

Келбетінде оның туған тұр елім.
Кең даламның дәл өзінен аумайтын
Кеңпейілдік мекендеген жүрегін.
Қолаң шашта сахараның тұр түні,

Қыр сүйетін мойыл қара кірпігі.
Алатаудың ақ қарындай тап-таза
Ақ тісінің табылмас еш кіршігі.
Қыр күніндей қызулы от бар көзінде,

Көктеміндей сұлулық бар өзінде.
Маужыратқан, жадыратқан жаныңды
Самал желдің лебі бар сөзінде.
Батыратын білмесең жөн малтуын,

Қыр көліндей терең керем жан сырын.
Қызыл ерні қыр бағында өсетін,
Таңдай жұлар жемістердей бал шырын.
Сәулешімнің бар бейнесін білемін,

Келбетінде туған қырым, тұр елім.
Сондықтан да өзін-өзі ұмытып,
Туған жердей сүйеді оны жүрегім.
* * *

Күн қайда бірге қуған көбелекті?
Соны ойлап албырт жаным елең етті.
Көп еді-ау қызықтары? Қызық бәрі.
Сол күндер келмеске енді неге кетті?

Көктемді ана жылғы білесің бе?
Ізі оның өшпей мәңгі жүр есімде.
Бар жолы балалықтың таусылды ма
Ақыры тиіп кештің үлесіне?

Сол түні ойнамадық ақ сүйекті,
Жаныма сенен жайлы шат күй есті.
Үн-түнсіз саусағыңды салаладым,
Ай ғана сырыңды аш деп қақты иекті.

Байқасақ, қалмапты ғой текке кетіп,
Алыппыз балалықты өкпелетіп –
Сол күні ойынға біз елікпедік,
Оралдым үйге төбем көкке жетіп.

Балалық безіп бізден жал асыпты,
Жігітше қойған шашым жарасыпты.
Анашым байқапты да өзгерісті,
Сандыққа сап тастапты бар асықты.

Балалық біздің төрден алшақтады,
Жатты ылғи думандатып алшақта әні.
Мен оны ескермедім, елемедім,
Ойым тек жалғыз саған жалтақтады.

Ол күннің сырын жүрек жаңа ұқты,
Достар да білсін біздің жаңалықты –
Бір кезде біздің үйден үркітіп ең,
Енді өзің оралтпақсың балалықты.

МАХАМБЕТ

Қызғыштың әні

Қыр желі,
Арсылдама, абалама!
Құр жаяу жолаушыны табалама.
Ол кеше қыран еді саңқылдаған

Ал бүгін жалпылдаған қара қарға.
Кір жұқты қанатына қан жұғатын,
Тот жұқты қылышына қан қылатын.
Қу тағдыр оның аңшы арманының

Қуратып бос жіберді қанжығасын.
Солынан туды шалқақ айы оның,
Толқынға қарсы жүзді қайығы оның.
Жұрт құсап жұдырықтай шандыр емес

Өрт жүрек арқалаған – айыбы оның.
Найзасы жалаулаған батыр еді,
Лебізі алаулаған ақын еді.
Ол жердің екі аяқты пендесінен

Аспанның сұңқарына жақын еді.
Адамның адамының адамы еді,
Бір өзі – бір халықтың заманы еді.
Дүние-ай, кезеңі бір кім қылды оны,

Түтеген көкірегін мұң қылды оның,
Шөп түгіл хан жабыспас шалғайынан
Қалады тартып-тартып жыңғыл да оның.
Қу дәурен, біліп пе едің кісі құнын,

Көрдің бе зұлым желдің ұшығуын.
Қиырдан төрт боп келген қос көзіне
Шеңгелден қырдың құмын ұшыруын!
Дариға, қырдың мынау кезеруін,

Бір жұтым су ұсынбай безеруін,
Жылан жол жетелейді бір түбіне
Ірік айран секілді өз елінің.
Бұл құрғыр ақыр құдық табады ма,

Жетелеп бір ауылға барады ма.
Иреңдеп бастап барып құла дүзде
Жылан жол өзі жұтып алады ма!
Бекерге қанын улап төгеді ме?

Апарып қабырғасын сөгеді ме?
Ирек жол, апарасың қайда бастап,
Нар жүрек бір жерге кеп шөгеді ме?
Қайран қыр, өз ұлыңды білсейші, сен,

Безермей ол келгенде күлсейші, сен,
Жасыңды мөлдіретпей төксейші, сен,
Аймалап кеудесінен өпсейші сен!

Махамбеттің толғауы

Бір кезде мен де мен едім,
Қырда оны бүгін кім білсін,
Бәйтеректей ел едің,
Қураған бүгін жыңғылсың.

Құлазып қалды жан-жағым,
Күйреді таудай арманым.
Махамбет те алданып,
Тасқа шапты қанжарын.

Күні құрсын оның да,
Қалың қол жоқ соңында,
Найзасы жоқ қолында,
Айы тумай оңынан,

Жұлдызы тумай солынан,
Айғыр дәме жарғақ боп,
Жылан өтті жолынан.
Әр сөзін көмір шоқ қылған,

Нарынды қызыл от қылған,
Ойын құмар найзаға
Дұшпанның басын доп қылған.
Кешегі анау күндерде

Бас иген еді ол кімдерге.
Кімдердің күшін таныды ол,
Қылышын кекке жаныды ол.
Қараң қалған сол күндер,

Кеудеде үміт мол күндер,
Өттің де кеттің, апырмай!
Елі көшкен белдеймін
Құсы кеткен көлдеймін,

Құлазыдым тақырдай.
"Уа, қызғыш құс, қызғыш құс!
Қанатың қатты, мойның бос,
Исатайдан айырылып,

Жалғыздықпен болдым дос..."
Найзада бүгін жалау жоқ,
Елімде өткен алау жоқ,
Уа, менің,

Елім-ау,
Аш бөрідей түз кесіп,
Аңдушыдай із кесіп,
Қара түнді жамылып,

Қара қанға малынып,
Нені ғана іздедім?
Құс жастықта жантайып,
Жатсам да үйде шалқайып,

Таппас па едім өзіме
Бал қымыз бен қыз демін?!
Тепкілеген құйрығын,
Теріп жеген қыр гүлін

Таппас па ем аттың жүйрігін?
Көңілдің де болар машығы,
Киімнің де болар асылы,
Мүлгіген менің, халқым-ау,

Өзіңе жаным ашыды.
Уа, менің, жұртым-ау,
Тайтаңдаған серіңе,
Талтаңдаған еріңе

Аруды да табарсың,
Зәруді де табарсың,
Бірақ, байтақ еліңе
Етек-жеңі кеңдікті,

Бостандықты, теңдікті
Қашан ғана аларсың?!
Сайранды да қиып ем,
Тайранды да тыйып ем,

Арманның зеңгір көгінде
Шарықтап, самғап, шүйіген
Азаттықтың ақ құсын
Қондырам деп қолыма.

Жеткізбеді оныма,
Жуа бітті жолыма.
Үмітім көктей үзілді,
Бұғанам содан мүжілді.

Нұрлы күн менен безініп,
Бұлдыр күн шөгіп, езіліп,
Көлеңке қапты жүзімді.
Асылыңа таппаған,

Алқабыңа қаптаған
Мынау зымиян түнекті
Қуармысың, халқым-ау!
Ежелден бергі зәруің,

Ауруыңа дәруің
Азаттық деген аруды
Ертіп шығар төріңе
Арыстан жүрек, арлан ой

Ерлерді тағы бізден соң
Туармысың, халқым-ау!
Ала қыр мұны естіп еңкілдеді,
Жел зарлап, о да жылап кеңкілдеді.

Боз дөңнің жал жап-жалпақ жауырыны
Кемпірдің иығындай селкілдеді.
Шалғайда қыр елігі, маңырады,
Алыста аруана аңырады.

Күзгі жел қуалаған түз гүлдері
Батырға бәрі келіп жамырады.
Жел тыйды ала шаңыт борасынды,
Мөлтілдеп қара бұлтқа сора тұнды.

Тырбиған тақырдың қу ебелегі,
О да кеп аяғыма оратылды.
Аяңдап алға ұмтылып адыр ассаң,
Шығады аңдап-аңдап адыраспан.

...Құла дүз ақыры бір сарқылдың ба,
Әнекей, түтін шықты-ау шаңырақтан...
Сарыжамбас болып еді неше күннен,
Ақ унтер атып тұрды төсегінен.

Христос, мың мәртебе рахмет,
Ақыры шығардың-ау есебінен!
Әттең-ақ жоқ арағы.
Бірақ та барсаң, бай үйі

Бал қымызын табады.
Шығармаймыз қыр үнін,
Шығармаймыз қыр гүлін.
Киеміз қырдың құндызын,

Мінеміз қырдың жүйрігін!

Махамбет

Басында өйтіп даланы,
Олай деп төбет айта алман.
Мінгенің сенің шабаны,
Жүйрігі емес тайпалған.

Жолатпас олар маңына,
Жоласаң салар шалқаңнан.

Унтер

Қайсарсың, батыр, байқаймын,
Аяп басты шайқаймын.
Болғанымен бунты көп,
Халқыңның бірақ құнты жоқ.

Бұл күнге ертең көндігіп,
Сендерді сирек ойлайды.
Бастарыңа оңдырып
Ескерткіш те қоймайды.

Махамбет

Көңілінде медеуі бар ердің де,
Бізді ұмытса, көктей қоймас ел мүлде.
Әне, маған таптырмайтын ескерткіш, –
Жөргектегі қызыл шақа сәбидің

Саған түйген жұдырығын көрдің бе!
Саңқ етті мылтық. Дүние құлақ түрді,
Көктің де көзден жасы құлап тұрды.
Жер жатты жер бауырлап басын соғып,

Қалшиып ауыл-аймақ жылап тұрды.
Күн де өшкен көк жиектен ай батқанды,
Қаймығып қайғылы аспан қаймақтанды.
Жер болып асқақ жаны асқар таудың

Бармағын бұл қорлыққа шайнап қалды.
Анадай ару ана сарнап қалды,
Боз інген жан жарыңдай зарлап қалды.
Құс екеш құсқа дейін дүрлігісіп,

Шиқылдап жендеттерді қарғап қалды.
Теңселтіп теңізді де тосын өлім,
Біле алмай өкінерін, өкірерін.
Байбайлап балуан қолы толқындардың,

Төмпештеп ұрып жатты көкірегін.
Азадан абдыраған алап турды,
Тентек жел мұз тілімен жалап қырды.
Жапанның жыңғылына, шілігіне

Тірсегін жау атының сабаттырды.
Қайран ер қанды қолдан жайрап қалды,
Қыр кектің бір үйірін айдап қалды.
Қыр желі құтырынды, ысқырынды,

Ақ боран азу тісін қайрап қалды.
Қайғыдан қар жамылып қасқа дала,
Қыр кәрін біржолата ақтара ма,
Жітіріп айналаға уыс-уыс

Ақ шашын жұлып жатты аспан – ана.
Ер өлім есейте ме жым-жырт қырды,
Әп-сәтте айналасын дүрліктірді.
...Не керек қараң қалған қараша ауыл

Боз дөңде баяғыша мүлгіп тұрды.
Жерге олар ер денесін көміп жатты,
Қызыл шоқ қоламтада сөніп жатты.
Сәбилер балбыраған қос емшектен

Азаның ащы сүтін еміп жатты.
Қайғыдан қалды қалғып қаралы ауыл,
Тұрды тек екіленіп қара дауыл.

ТАҢҒЫ КӘЛИМА

А "узу биллаһи минаш - шайтанир ражим!
Бисмиллаһир рахманир рахим!
Әлхәмду лилләһи рабил
"әләминар рахманир рахими

мәлики иаумид дин
иакә на "буду, уә йакә наста" ин
иһдинәс сиратал мұстақим
Сиратал ләзина ән "әйтә алейһим

Қайрил мағдубу алейһим уә ләлдаллин!
Уа, шарафаты шалқар мұхиттай хақ Аллам,
Шапағатыңды шашып тұрсың тағы алдан.
Қияметтің қыл көпірінен өтпек үшін сүрінбей,

Жерде бейнет шегіп бағуға жаралғам.
Атар таңыңды нұр дидарың деп ұмсынып,
Шырайымды шығысқа бұрып,
Пейілімді пейішке түзеп,

Жан-тәніммен етіп бағам құлшылық.
Оразамды ашпай, отбасымды көрмей,
Өзіңе тіктеп жүзімді,
Көлкілдеген көкжиекке де салмай тұрмын көзімді.

Ағайынмен де амандаспай,
Көкіректегі уыз сезімді,
Көкейде адал сөзімді
Бәрін-бәрін бағыштадым өзіңе –

Көлгірлік жоқ көңілімде –
Көзің түссе көзіме.
Атар таңыңның шарапатын
Алдымен мынау жерге бер,

Тамұқтың сорын тарихта тартып,
Тарыққан бейбах, елге бер.
Албасты алып алқымынан,
Тажалға тәнін таптатып,

Арсасы шығып,
Боршасы қалған,
Бозы оталып,
Ботқасы шыққан,

Борсып біткен белге бер.
Су жұтам деп, у жұтып қойып,
Берекесі кетіп,
Бейнеті асып,

Көрместі көрген көлге бер.
Өнбей жатып, көктей солған шөпті ая,
Өршімей жатып, төгіліп біткен өтті ая,
Өксімей жатып, өмірем қапқан кекті ая,

Күлмей жатып, күмірем қапқан бетті ая,
Бершімей жатып, бекершілік шеккен текті ая,
Шеру көрмей шетінеп біткен шепті ая,
Серпілмей жатып, сетінеп біткен септі ая,

Кеткенді қойып,
Өткенді қойып,
Өшкенді қойып,
Қолда қалған барды ая,

Алдан тосқан арманды ая,
Әлі өшпеген арды ая!
Аясаң, Алла! –
Сала көр тура жолыңа,

Қарғысыңа ұшырар қаскөйдің ерітпе соңына,
Мейіріңе кенелген кемелдің жолын нұсқай көр,
Әзәзілге ертіп, әбжілдіктің батыра көрме сорына...
Жә, жә, жамағат,

Тап сын байын – талықсып біткен халық бар,
Апшымайын – хақ тағала ақ пен қараны анықтар.
Таусылмайын тидағыны қайдан қазбалап,
Тәубә дейін –

Көретін алда жарық бар.
Биссимиллаһир рахманир рахин!
Әлхәмду лилләһи рабил
«Әләминар рахманир рахими

Мәлики иаумид дин
йакә на "буду, уа йакә наста"
ин иһдинәс сиратал мүстақим
Сиратал ләзина ән "әйта алейһим

Ғайрул мағду алейһим уә ләлдалин!
Әмин.

(1959-1969)

Асан Қайғы желмаясы ізіңдей,
Шимай сүрлеу маңдайымнан үзілмей.
Барған сайын келе жатыр жиілеп,
Ара-тұра соны ойласам – күйінем:

Апырай, ә! Күні кеше бала едік,
Ана сүтін апыл-құпыл шала еміп,
Асығып ек – есеюге, өмірге!..
Өмір, міне, не сыйлады – көрдің бе?!

Тірлік шіркін бастап барып қиырға,
Кете барды маңдайымды шиырлап...
Әжім сызған сол «нотаның» біл әнін,
Ойнап көрші, ойлап көрші: ол – уәйім...

Қайран маңдай құм жолындай бытпылдық,
Сызған оны атылас арман, шыт шындық.
«Қалайша, ақын өмір жолы бытпылдық,
Қалайша өмір – атылас арман, шыт шындық?!»

– Деп шүйлігіп жүрегіңді шымшылар,

Қаламақы қайғы болған сыншылар.
Жоқ, өтірік! Бұл өмірде, бұл маңда
Адам дейтін мына біздер тұрғанда
Ғаламатты самсатсақ та қаншалық,

Алтын тулы арман тұрар жар салып.
Сол арманның ала алғанша қамалын,
Алша мойының талша болар, қарағым.
Қиын майдан картасындай өңкей шимай қаптаған

Ию-қию әжімі мол маңдай барға мақтанам...
1961.

АЛМАС ҚАНЖАР

Жер түбінде көп дұшпан дуылдады –
Жатты қында жарқырап, суырмады.
Жаудың оғы төбеде зуылдады –
Жатты қында жарқырап, суырмады.

Жау тақалды, жүрегі суылдады –
Жатты қында жарқырап, суырмады.
Жау қамады, қалды енді қалың сында

– Сонда зорға апарды қолын қынға.

Жау сүңгісі кеудеде от шашып тұр:
Суырды – ақ алмасты тот басыпты...
1959.
Мен егер шал боп алжып өлер болсам,

Сен соны кемпір болып көрер болсаң –
Кеудеңді өртесе де жара, күйік,
Өтінем: жоқтай көрме қара киіп.
Емес бұл табиғаттың кәрі, шыда.

Қараңды өзгерт күздің сарысына.
Күз түсі көрінер-ді көрік болып,
Күзше өлсем, берерімді беріп болып.
Ғұмырым болып кетсе жолдан ада

Жоқтарсың қара киіп сонда ғана.
1959.
Қараңғылық қымтап алып бір күні,
Жұмылып қап күміс күннің кірпігі.

Сыпырғышы ажал деген тирақтың
Сипап кетсе жүзімдегі күлкіні.
Садақа қыл мен кетер күн кешіне,
(Садақа да – тірілерге несібе).

Сосын менің сүйегімді арулап,
Мына жайды аларсың, дос, есіңе:
Құла түздің қақ төрінен көр қазып,
Көмерсіңдер аяқ-қолды кең жазып.

Топырақты саларсыңдар азырақ,
Қырдың желі соғып тұрсын азынап.
Үстіме кеп арайланып таң нұры,
Бүркіп өтсін төбеме қыр жаңбыры.

Кебінімдей ақ қар қонса бетіме,
Соның сызы өтіп жатса етіме.
Маңдайымнан адам өтсін, күлкі өтсін,
Желе-жортып үйір-үйір жылқы өтсін,

Менен шошып, түн ішінде дүрліксін,
Тұяқтардан үстіме кеп шаң қонсын,
Шаңы қонсын қырымдағы тірліктің.
1959.

ШЫҢЫРАУ

Желінсау бұлт түк тамызбай көшеді,
Ерте солды қыр гүлінің шешегі.
Ала жаздай дымқыл тиіп көрмеген,
Ала қырдың салтақ-салтақ етегі.

Ұнша үгіліп айдын тақыр қақсыған,
Ат өтсе де, жол бойында ақ тұман.
Сағым шіркін сілекейді ағызды,
Толқын болып көк аспанға шапшыған.

Жалдан ассаң – тағы да жал мөлиді,
Көңіл шіркін жүре-жүре жериді.
Талмармын деп жолыңа алған көкше құрт,
Бал шәрбаттай таңдайыңда ериді.

Кездесер деп кездейсоқта қоңыр аң,
Көз алмайсың маңайдағы қоңырдан.
Елең етіп бөкен ғана қашады,
О да ыстықтап, шабы терге шомылған.

Көңіліңнің тарқап думан сауығы,
Ақ көбік боп атыңның да бауыры, –
Талмауратып тап болады шыңырау –
Секілденіп нағашыңның ауылы.

Анадайдан оны көріп бүлкілдеп,
Жортады атың... Көзіңе де жылтың көп,
Қуаныштың домбырасы кеудеңде
Майда қоңыр күй тартады шіңкілдеп.

Суды жұтып, өн бойыңа жан кіріп,
Жантаясың атыңды отқа шалдырып.
Еске түсер жапан түзге дес бермей,
Жамағатын кеткен жан сол қандырып.

Шалдыққанда соның әлі сақтады,
Сол сабазды жүрек дүрс-дүрс мақтады.
Еске аласың естен шыққан бабаны
Қуырғанда тас бауыр күн аптабы.

1959.

ГҮЛ ДҮКЕНІ

Қыз бен жігіт, сәби, жасы, кәрісі –
Бәрі осында ертелі-кеш келеді.
Қызыл, ағы, көгілдірі, сарысы –
Туған жердің гүлі неткен көп еді.

Албырт жігіт алабұртып қарайды,
Ару күтіп тұрған болар бақшада.;
Алаулатып алқызыл гүл қадайды,
Анар төсін аймалауға жасқана.

Жатыр біреу ақынға арнап сый алып,
Ол да дұрыс! Ғажап-ғажап жыр тусын!
Балғын әке әйеліне қуанып
Гүл ұсынбақ: – ұлы гүл боп құлпырсын!

Біреулердің көздерінде қуаныш,
Гүл іздейді, гүл сұрайды асыға.
Енді біреу өңі қашып қуарып,
Гүл іздейді – қоймақ мола басына.

Бір жылпылдақ көк тер болып қапылып
Кірген екен, басылмапты аптығы,
Гүл сұрайды, тыпыршып тұр асығып,
Күні бүгін келмек екен бастығы.

Біреуді гүл жақсы атақты етеді,
Біреуді гүл көрге апарып көмеді,
Бәріне де, бәріне де жетеді –
О, қара жер, гүлің неткен көп еді!

Май, 1959.
* * *
Жалғаннан жаным әлі мұң сезбеді,
Күдікпен қарсы алсам да жыл кезбені,

Ақпанның аңыраған ақ дауылы,
Азаның жоқтауындай бір кездегі.
Дариға, осы күндер өтеді ме,
Асықпан ақыреттің төсегіне.

Не жетсін қайран күнге балтырды аңдып,
Іліккен елдің күңкіл өсегіне.
Қимаймын күндерді өткен сабылуда,
Епті едім ерке қызға бағынуға.

Елші ернім қыдықтаса ару жанын,
Шығатын асау сезім шабуылға.
Дариға, кім-кім де бұл сұраған бақ,
Қарында қолаң шашы бұралаңдап,

Қос кірпік құшақтасып, ажырасса,
Қалса егер қайран сұлу қызараңдап.
Қаныңда қайта-қайта түлер күшің,
Қапы қап, жылармысың, күлермісің.

Қайтадан сол бір мезет қолға түссе,
Тәңірден өзге бақыт тілермісің.
Дариға, осы күндер өтеді ме,
Дедектеп жабысып ап етегіме,

Қаскүнем ай, жыл деген жынды кезбе,
Алысқа алшақтатып кетеді ме?!
Мен сонда махаббатқа мас болам ба?
Әлде бал ләззаттан аш қалам ба?

Жас күнгі құс мамықтың орынына
Қаудырлақ шанаш төсек жастанам ба?
Маған ас – махаббатта жүдегенім,
Кәрліктің ар-иманын тілемедім.

Жанжал мен күнәсі көп, желбас дәурен
Жалғаннан жалғыз сенсің тілегенім.
Күнде өксіп, күңіренген мұңды өбем де,
Бөстек пен кемпір құшып күн көрем де.

Оқып ап, ағызармын көздің жасын
Жасымда жазған осы жынды өлеңге.
1959.

РОБЕРТ БЕРНСТІҢ ІЗІМЕН

– Төңіректе жұрт аяғы басылды,

Түн пердесін ұстап, жерді жасырды.
Босқа тоңып тұрмын әлі қорада,
Терезеңнен түсуге, еркем, бола ма?
Есер жүрек билеп кетіп ойымды,

Төзімнің де тор қамалы жойылды.
Ақ тамақта саяхаттап, ерінім,
Шәй көрпеңе жылытайын бойымды.

– Босқа тоңба, тентегім, түн ішінде,

Үйіңе қайт, мына сөзге түсін де:
Түнде маған келер жалғыз жолың бар,
Ол жол да тек сіздің үйдің ішінде.
1959.

ТУҒАН ЖЕР

Өстім қырда, қиырда,
Естімей орман шуылын.
Жүзімді қақтап құйынға,
Селеудің тыңдап суылын.

Теңізден шетпін бұрқақты,
Тәнімді толқын көмбеді.
Сусай қалсам, су тарттым
Шыңыраудан шөлдегі.

Тақырға асық иірдім,
Құмақта қудым қозыны.
Күн жеп қойған киімнің
Иықта кеткен тозығы.

Қиып та кеткем қиясын,
Шағылын, тауын, обасын,
Шағынып тамған көз жасым
Бабамның қара моласын.

Сол кеткеннен мол кеттім,
Бармаған жерім қалмапты.
Ай сайын алыс жол шектім,
Шар тарапты шарлаппын.

Қырымнан көріп қиянды,
Ұрымнан танып ұяңды,
Бұлағыңды ойлап мұхитта,
Құрағыңды ойлап хан бақта,

Самғатқам сансыз қиялды.
Құландар жортқан құба дөң,
Қиырында әбден талықтым,
Өзіңе берген уәдем –

Өзекті өртеп, қамықтым.
Жүресің, ылғи есімде
Өзіңнен жүрек босамай.
Құлын боп ойнап төсіңде,

Боздармын шетте ботадай.
Өзгенің мұнда ісі не?
Өзің, сірә, ұғарсың.
Пейіште де түсіме

Сен кіретін шығарсың.
1959.
* * *
Қайран дүние-ай , қалай ғана дәт табам,

Гүл райханды иіскемей аңқыған.
Тәнім құрсын сүңгімеген, батпаған
Кәусарына айдын көлдің шалқыған.
Алқорыдай албыратып ажарын,

Шырын сорсам, асай қауып, анарын.
Тарс жауып тас қақпадай жанарын,
Тапамасам, қалай тарқар базарым?!
Қақым бар ғой бақ мәуесін жұлуға, -–

Жаратқанның өзі ұсынған ырысын.
Тап-тап беріп тал шыбықтай сұлуға
Талықсытпайтын тақуа дәурен құрысын.
Онсыз жастық – өшкен күн ғой жылусыз,

Бұл мін емес, о жарандар, өзге мін:
Тамсанғанды айып көрме, сұлу қыз,
Тәтті болып жаралғасын өздерің.
1959.

* * *
Жайқала өскен жауқазынның ажарын,
Көрмей бірден, не бітірдің, жанарым?
Көкіректің думан тойлы базарын

Көрмей бірден, не бітірдің, жанарым?
Шәрбат судың шапшып атқан бұлағын
Сезбей бірден, не бітірдің, құлағым?
Махаббаттың атойлаған ұранын

Сезбей бірден не бітірдің, құлағым?
Шарпығанын жас жүректің оты кеп,
Түймей бірден, не бітірдің, көкірек?
Жазаларын өкініштің соты кеп,

Түймей бірден, не бітірдің, көкірек?
...Дүниеде арманымдай жан барын
Кеш білдім де, күйіп-жанып опындым.
Қапалықтың кезіп қапас аңғарын,

Елесін тек пайғамбар қып шоқындым.
Жас жүректің жығылып ақ ордасы,
Қайғы-құйын кетті тапап көңілді.
Өкініш боп өр жанымның жолдасы,

Қуанышпен араздасып бөлінді.
* * *
Махаббаттың мен де нөсер бұлты едім,
Мезгілімді өткізіп ап селдеттім.

Еміздім де қасіреттің емшегін,
Өгей ұлын өкініштің тербеттім.
Бәйшешек ем махаббаттың қырында,
Дер шағымды өткізіп ап гүлдеппін,

Айтпай маған жүрегім де, жырым да,
Дүниеде оның барын білмеппін.
Шуағымның тозаң қонып орынына,
Жас қолқамда қалды шаңы ұялап.

Құлағым да, көкірек те – сорыма, –
Айтпай маған бәрі де етті қиянат.
Жас үміттің тиылған соң өлеңі,
Бәрі бүгін үстіме кеп төнеді:

Бірі – оны жат үйінен көреді,
Бірі – соны еске сала береді...
1959.

АЛМАТЫДА, КҮЗДІ КҮНІ, БУЛЬВАРДА

Күз келіпті-ау... Маңай түгел сап-сары,
Жадап-жүдеп қалған екен бақ тағы.
Қоңыр қаздың қаңқылдаған дауысы
Қайта-қайта "қош сау бол" деп қақсады.

Теректер де жұлдырыпты кекілді,
Тауда тұман тастан тасқа секірді
Күз жауыны тырсылдайды жер шұқып,
Жем іздеген жетім шөже секілді.

Сабапты жел қайыңды көк жоса қып,
Жайратыпты қызыл гүлді қоса атып.
Сар жапырақ тұра бермей бұтақта
Жатыр орнын жаңа бүрге босатып.

Саудыр-саудыр саулап сары жапырақ,
Жатыр өбіп, жатыр өбіп сыз жерді.
Тұрушы еді жазда ылғи жылтырап,
Қайтсын енді ол... Қайтсын енді... Күз келді.

Желмен ұйтқып сар жапырақ борады,
Саудыр-саудыр саулап жатыр бақшада.
Паналап ек тұрғанында жоғары,
Түскенде енді аяғыңа таптама...

1959.
* * *
Ақын-ау, сен кімнен ғана үркесің,
Жүре көрме ессіз жұтқа жәбір боп.

Қимаса егер бұл дүние күркесін,
Қаласың да құба жонда қабір боп.
Тірлікте тек түтін болып тұтама,
Қызыл шоқтай көрік басқан ұшқында.

Жұрттың сөзі ақын үшін құса ма?
Жақтырмасаң, құлағыңа қыстырма!
Қорықпа, ақын, мейлі біреу жат десін,
Елжіреген, елін сүйген жырынды.

Олақтар-ақ жылтыр сөзбен әктесін
Өлеңдерін ойдан-қырдан жырынды.
Қорықпа, ақын, ұнатпаса, ұнатпас,
Айтшы, кәні, қисаяды оған нең?

Қорықпа, ақын, ұнатпаса, ұнатпас,
Жұрт көңілі тар болғанмен, молаң кең.
Бәрісібір туған жердің құшағы
Жатырқамай бауырына қысады.

1959.

ДАСТАРХАН ЖЫРЫ

Уа, достар, бүгін неткен керім еді,
Қыздар да қысырақтай керіледі.
Қара көз төңкерілсе төңірекке
Жалын от жанарынан төгіледі.

Апай төс ақ айдын боп ашылады,
Дірілдеп үркек кеуде басылады.
Жас анар жанар тау боп бұлқынғанда
Жігіттің ойы қырық шашылады.

Бас салып ерніне, тамағына,
Былғанып қалар ма еді далабына...
Жиын-той – шалқып жатқан айдын болса,
Қыз – соның сылаң қаққан шабағы ма?!..

Құриын десең оның бар маңына,
Сен оның татымайсың бармағына.
Шабақ боп ілікпейді саған өзі,
Сағақтан ілігесің қармағына.

Құлпырып жәннәт пейіш төріндегі
Тотыдай мың таранып керілгені,
Кілгіріп кірпіктерін әзер ашып,
Езуін жиыруға ерінгені.

Тәңірден содан басқа бар ма тілек,
Тұрсаң ғой жолай алмай жадап-жүдеп.
Көйлегі көбелектей бұлғақ қағып,
Жүзіңді желпіп өтсе самал леп...

Ойпырмай, ойсыратты-ау, пері ме еді,...
Керсылаң кердең қағып, керігеді
Жігіттің жүйкесінен құрт боп жеген
Жасасын қыздың қызыл еріндері.

Ес кетіп, есеңгіреп, тағат тамам,
Алыстан аш бөрідей алақтаған,
Аңқау ой, арлан дәме, асау жүрек
Жасасын жігіттер де жалақтаған.

Жасасын дейміз енді тағы нені;
О, міне, қызыл келді, ағы келді...
Кенжесі дастарханның ерке туған,
Біз оған, олар бізге жағып еді.

Жоласаң, көмейден жыр ағып еді,
Өзі шоқ, өзі және жалын еді.
Серігі бақыттың да, қайғының да
Мөлтеңдеп күрең шарап тағы келді

Табынып, тамсанбаған кез бар ма оған
Көңілдің пайғамбары... Сөз бар ма оған!
Жасасын жалын шарап, арынды арақ,
Еліттіріп, елжіретіп, көзді арбаған.

Құтылып әзер ғана ноқтасынан,
Шампан да шыққан екен топ қасынан.
Құйыңдар, бол, бол, апшып қалмай тұрып,
Ақ көбік езуінің шоқ шашылған.

О достар! Ішейік те, күлелік те,
Өтерін бастан дәурен білелік те.
Бұл күннен айырылып ертеңдер біз,
Бокалдай шампаны жоқ мөлтеңдерміз.

1959.
* * *
Бүгін тым азан-қазан қараша үй жаң,
Жиылдық опыр-топыр қара сирақ.

Бір тентек бетін басып өкіреді,
Әкеге тіл қатпайды ана сыйлап.
Ақ балдақ ақ сазандай ойнақтайды,
Ойпырмай, осындайда ой қаптайды.

Көбіміз телміреміз көзді сатып,
Көңілге көк сүңгідей бойлап қайғы.
Көңілге көк сүңгідей бойлап қайғы,
Алаңсыз асыр салып ойнатпайды,

Біз тұрмыз көз алмай сол көріністен
Ақ балдақ ақ балық боп ойнақтайды.
Мынау бір біз көрмеген бөтен сабақ,
Апырау, осы шығар төтенше бақ,

Пәтшағар, арманың жоқ, бақырып бақ,
Жатыр ғой бөтен емес, әкең сабап.
1960.
* * *

Күні-түні от шашып,
Жарқырайсың, шырақ күн.
Қалар еді тот басып,
Жердегі даттан жырақсың.

Сонау көкте тұрып ап,
Саған тозаң тие ме?!
Қара жерде жүріп-ақ .
Былғанбай көр күйеге...

Күміс күн, маған мақтанба
Күлім қағып атқанда,
Күлімсіреп батқанда...
1960.

* * *
Думанды жерден суыстым,
Жиынды көрсем – ығысқам,
Абайламай у іштім

Бал құятын ыдыстан.
Шетірек кетсем, шер тарқап,
Оңаша ойдың өтінде,
Мәуемді ызғар жел қоршап,

Бүрісіп мезгіл өтуде.
Құлпырарға – көктем жоқ,
Қырқыларға – ертерек,
Көрер көзге өктем боп

Тұрмайтын ба еді өр терек.
1960.
* * *
«Аға!» – дедің, бұрылдым;

Ұп-ұзын екен бұрымың.
«Аға!» – дедің, қарадым:
Жарқылдап тұр жанарың.
«Аға!» – дедің, тоқтадым.

Шарпып кетті от жалын.
«Аға!» – десең, қарағым,
Келе берер қарағым.
Қарай-қарай, шынарым,

Күшейіп кетті құмарым.
Үзіліп кетпей дәрменім,
Айтатын қолқам бар менің:
Анасы болшы, қарағым,

Маған тартқан баланың!
1960.
* * *
Махаббат деген – ақырет,

Тыңдата ма, бірақ, қыз.
Бәйгеден жүрек аты кеп,
Қызығын көрдік бір-ақ күз.
Мен өкінбей қайтейін...

Жүректі қайғы даты жеп,
Қапаста қалдым шырақсыз.
Қас пен көздей жақын ек,
Жер мен көктей жырақпыз.

Мен өкінбей қайтейтін...
1960.
* * *
Ғұмырым артқа лықсуда,

Барады өтіп ай, күнім.
Қақым жоқ менің бықсуға,
Қақым жоқ маздамайтұғын.
Төріме шуақ толғанмен,

Ауламда әлі салқын леп.
Жанымда жарық болғанмен,
Маңымда әлі бар түнек.
Өлкемді түгел нұр бөлеп,

Атқанынша ұлы таң,
Шырақ қып жырды сермелеп,
Түнекті мен де қуысам.
1960.

* * *
Шат болсам шалқақтаған, селкектеген,
Жас көрсең жанарымнан мөлтектеген
Таңғалма: тіршіліктің уын, балын

Жүректі таразы қып өлшеп келем.
Сол мені от жалын қып лаулататын,
Сол мені ақ жаңбыр қып саулататын,
Құлпыртып алма ағаштай гүлге көміп,

Қуратып кәрі емендей жаурататын.
Кетеді қуратып күз, жылатып түн,
Жетеді қуантып жаз, жұбатып күн:
Тіршілік тойдырған ба, қандырған ба

Төлі ұлын табиғат пен уақыттың?!
Шат көрсең, жанарымнан нұр сұғынған,
Пәс көрсең, кірпігіме мұң бұғынған,
Мені емес, күшті болсаң, күстәнала

Пәтуасыз дүниені мың құбылған.
1960.

ТҮРКІСТАН

(Нұрмақанға)

Терезеден көз айырмай келеміз,
Таң атып еді, күн де батып, ай туды.
Қашан ғана көшесіне енеміз,
Қайда, бауырым, туған қалаң айтулы?

Сабырсыз жан, шамасы жоқ қарайлар,
Арпалысып келеді асау өлеңмен.
Қашан ғана көрінеді сарайлар
Қалпағыңды түсіретін төбеңнен.

Кенет... Алдан ақ шұғыла төгілді,
Күлгендей боп кілең ару тісі аппақ.
Жапырайған аласа үйлер көрінді –
Жатыр қала жер-анасын құшақтап.

1960.
* * *
Мезгіл, мені көрген жоқсың мезі қып,
Тәй-тәйіңе келем еріп, мен – бөбек.

Аулақ, аулақ, қалжыратқан ез үміт,
Жанымды тек жақсы күндер емдемек.
Жақсы күндер емдемекші жанымды,
Безінемін қалжыратқан қайғыдан.

Қызыл тілмен қағамын да дабылды,
Көңіліме көркем жырды ай қылам.
Даналықтан алып қашам басымды,
Ақыл алжып, аңғалдыққа бойлапты.

Ұмытамын ойды, ызаны, ашуды,
Қуам енді күлкі менен ойнақты.
Парасаттың бес тиындық құны жоқ,
Бұл дүниеге шаттық – күн де, шарап-ай.

Өлсем, өлем тек тәттіге құнығып,
Абайламай у жеп қойған баладай.
1960.

МОЛА ТҰСЫНАН ӨТКЕНДЕГІ ОЙ

Қара жер, жыр жаттатып, гүл жұлдырған,
Жорытқызған жотасында, дүлдүл қылған,
Сауырын тіршілікке жөргек етіп,
Бауырын жалмап түсер шылбыр қылған.

Көруші ек өзіңді хақ құзырындай,
Жатырсың қайтып бұған тыжырынбай.
Мына бір құжынаған қызыл төмпек
Көркіңді апты-ау қотырдың бұжырындай.

Апыр-ай, сенбесек пе, сенсек пе осы,
Адамның арпалысқан тентек досы –
Аңқылдап аңқаңдаған алтын дәурен,
Алатын аяғыңнан төмпек пе осы?!

Қара жер бүлк етпестен жатыр әлі,
Орақ боп ғұмыр қауын жапырады.
Астында өмір деген бәйтеректің
Жатыр сан желмен ұшқан жапырағы.

1960.
* * *
Кейде қас, кейде жақын дос түнертіп,
Жүріпсің артыңа, ақын, бос күнә ертіп,

Көкейім күмбірлеген бұлбұл дейсің,
Бұлбұлың өмір сазын қоссын елтіп.
Беттесең: бұл дүние – жайсаң дүние,
Шеттесең: сайқал дүние, шайтан дүние.

Қойып кет, тұрар деп пе ең баста дәурен,
Сыраның көбігіндей шайпау дүние.
Бүгін ол көтергенмен талтаңыңды,
Күні ертең желге ұшырар қалпағыңды,

Асай бер ащысын да, тұщысын да,
Ұмытып жиіркену мен тамсануды.
Жүре бер, жұт ауасын, жыр ойлай бер,
Көліне көңіліңді құрайлай бер

Тәңірден тілеп жүрме таза тағдыр,
Былғаса ол, сен де оны лайлай бер!
Шабыттың шарпуы ғой көңіл деген,
Жөн оның көбігіне көмілмеген,

Айныса сайқал тірлік аймалаудан,
Кетерсің құшақтасып өлімменен.
1960.
* * *

Тығылған көк үйректей нар қамысқа,
Бұқ сен де, ақын, бүйтіп арпалыспа.
Сөзіңнің садағасы – саңырау тобыр,
Серпілтпейсің жыр жазып, жар салып та.

Одан да тыныш ішіп тапқаныңды,
Өлеңнің біл отына таптануды.
Үмітке жүкті дүние туар бір күн,
Айтар сол бұрқануды, аттануды.

Көңіліңді көтермейді көтерем күн,
Аузыңды бақ, келмесе, бекер өлгің,
Өкпе де – көңіл иттің сортаңы ғой,
Жаныңда бір сарықсаң, еселер кім?

Күткен күн келе қоймас сағынғанмен,
Шырпынбас бедеу дүние шабынғанмен,
От боп ерт көкіректің тақыр мұзын.
Одан да тілек тіле тыншып, ақын,

Дүниеге еті пысық ұл туатын
Қазақтың аман қыл деп қатын, қызын...
1960.
* * *

Қалжыраған қабағымды
Қайсың барсың ұға алатын?
Ой солдырды жанарымды
Мол таттым ғой сыбағасын.

Көп түнерген тарқады арман,
Көкейде тек желі қалды,
Үміт жүгін арқалаудан
Көңілдің де белі талды.

1960.
* * *
Шаңы қонып өн бойыңа тірліктің,
Тотықтырып жүзіңді өмір аптабы,

Өтіп жатыр, өтіп жатыр мүлгіп күн
Секілді бір тұтқындардың саптары.
Қайран дәурен батар күндей бозарып,
Қара бұлтқа сүңгігелі әзір тұр.

Өр көңілім – өмір итке жол азық,
Көкірегім сезімнен де кәзір тұл.
Кеуде қуыс, сырты дүрдей тұлыппыз,
Түгімізге тірлік тозаң жия апты.

Өмір әнін ыңылдаймыз құлықсыз,
Кәрі қызбен қалжыңдасқан сияқты.
1960.

ШАЛДЫҢ ӘНІ

Анау бір шақта тік тұрып,
Алшаңдап басқан аяқты,
Бостан босқа жүк қылып,
Ұрдым ба мынау таяқты?!

Өмірдің, міне, сәні азып,
Бықсып, сөніп барады от.
Келіншек құшқан сабаз ем,
Кемпірге жүрмін таба боп.

1960.
* * *

ҚҰМАРЛЫҚ ЖОЛЫ ҚАЯУСЫЗ

Құмарлық жолы қаяусыз,
Көңіл, бірақ, жерігіш.
Балдың да дәмі баянсыз,
Ауызға түссе, ерігіш...

Бөбегім-жырым, уа, саған
Тіледім өзге сәтті жол:
Аш жүріп келіп асаған
Қара нандай тәтті бол.

1961.
* * *
Айым сен деп жүр едім,
Шығыпсың басқа аспанға.

Қапыда түсті жүрегім
Қасірет деген қақпанға.
Жарығына жат айдың,
Жаным-ау, қайтып телмірем?

Жалғанда қалай жасаймын,
Жайқалам қайтып енді мен?!
Жалғыз өзің – қаймағым,
Жалап кеткен жат мысық.

Жалғыз-ақ оқтан жайрадым,
Жүрегіме дат түсіп.
Бақыттың ауылы о шетте, –
Не бітірем енді өксіп,

Тағдыр деген төсекте
Өтемін де дөңбекшіп...
1961.

ҚАРА ТАЛҚАН

Дастарқанның тозған ба көк жайлауы,
Қызыл гүлдей кәмпит біткен құрыпты.
Ақ тоқаш пен ақ бауырсақ қайда әлгі,
Өңшең кетік тостағандар тұрыпты.

Өңшең кетік тостағандар самсайды,
Кең жазира дастарханның басында.
Бала көңіл баяғыны аңсайды,
Қара талқан... көрем деген асым ба?!

Қара талқан құлды қара күліндей
Бомба түсіп қирап қалған үйлердің.
Ашыққан соң о да кетті білінбей,
Біраздан соң оны да асап үйрендім.

Нәлет соғыс дастарханды басып ап,
Мына бізді зарықтырды, жылатты.
Қара талқан төрт жыл сонда асырап,
Қара талқан төрт жыл сонда жұбатты.

Мол дастархан бұрынғыша майыспай,
Тәтті біткен оқтан үркіп дүрлікті.
Қара нарша қабырғасы қайыспай
Қара талқан асырады тірлікті.

1961.

КҮНШУАҚ

Тіршіліктің алтын толқын өзені
Көк аспанның көкірегінен бас алған,
Бұл әлемнің өзі-ақ жалғап өзегін,
Келе жатыр қарық қылып қашаннан.

Жер түбінен өліп-өшіп өбеді,
Сылап-сыйпап өмір-сәби маңдайын.
Күн желінін үсті-үстіне емеді
Жапырақтар тақылдатып таңдайын.

1962.

ЖОЛ ЖЫРЫ

Ел аралап, жаз болса, бастан аяқ,
Кетемін, үй күшік боп отырамын ба,
Қалада, тыныш үйде, костюм аяп,
Былғамай туған жердің топырағына.

Қимаймын салқын сыра, жел өсекке,
Жыл он екі ай бір келген жазым қымбат.
Сергимін аунап-қунап көбе шөпте
Шегіртке мен шіркейдің джазын тыңдап.

Жалпақ жон маған түздің Бродвейі,
Сылқымы бұл көшенің – сартамақ құр,
Ала юбка көбелек бұраң белі
Даланның бар бояуын арқалап жүр.

Мен де боздақ ұлы едім табиғаттың,
Ертерек отау тігіп шеттеу кеткем.
Қыр бөкені құйғытып шағыл астың,
Бауырым, үркітті ме көк береткем.

Сонда да қақталып қыр от лебіне,
Қыдырам, қымыз жұтам, шұбат ішем,
Анамның жұпар иіс көкірегіндей
Жусанға тұмсығымды тыға түсем.

1962.
* * *
Мына толқын қырады ма, не дүлей еді, о тегі,
Өңі итіңнің өмірбақи түксиюмен өтеді.

Қара жер байғұс қалбалаңқы қанша ашса да құшағын,
Өңменінен өкшесімен бір-ақ теуіп кетеді.
Мына толқын, бұла толқын, не сұмдық еді, о тегі,
Бабасының құны бар ма, сонша неге өш еді!

Ақ езу боп түкірігін сонадайдан жиып кеп,
Жер байғұсты қақ маңдайдан
былш-былш ұрып кетеді.
Мына толқын, бұла толқын көрсетті әбден сазаны,

Жер бейшара осыншама болды неден жазалы?
Былқ етпестен жатыр әні, моп-момын,
Түкірсең де, тепсең дағы, оған бар ғой аз әлі.
1962.

АҚЫН

Бір күні сүр топырақ жасырғанмен,
Құдайдың өзі демей, мен кім дейсің,
Қыздардың күлкісіне бас ұрғанмен,
Жай отын жарқылдаған менсінбейтін?!

Көзім бар күнді құйып алатындай,
Сөзім бар өткен күшке өңгерілмей,
Нәп-нәзік көбелектің қанатындай,
Қап-қатты қаршығаның шеңгеліндей.

Аспанның кіндігінен түртіп тұрған
Асқар шың асқақтаған – менің басым.
Күз болса, күнде ертемен бүркіп тұрған
Мөлдір шық мөлтеңдеген – менің жасым.

Білмеппін таж бен таққа тамсануды,
Қайғы емес қалтаның да тапшылығы.
Іздемен өмірде өзге мансабыңды,
Жүректің тұрса болды хатшылығы.

1962.

ОБАЛАР

Обалар, өңшең обалар
Қатар-қатар қаздиған.
Обалар – өңшең молалар
Найзаменен қаздырған.

Жылдар көшсе, жұрты оның –
Осынау жатқан обалар.
Бәрі де көне жыр соның
Ойыңа кейде оралар.

Обалар ылғи маңайым,
Төңірек толы жыр-дастан.
Елегізе қараймын –
Ерлер жатыр тұрмастан.

Аралап мынау жазықты
Таныстым өлкем сырымен.
Тарихын халқым жазыпты
Батырлардың қанымен,

Ақындардың жырымен.
Тұрса дағы күйіп іш,
Мақтана шолам маңайды.
Ендігі қалған сүйініш –

Обалар мынау талайғы.
1962.

АҚЫН ӨЛІМІ

(А.С.Пушкинге)

Меруерттей тыныштықты күлпаршалап сындырып,
Жатыр ақын үш күн, үш түн
дамыл таппай шыңғырып,
Үш күн, міне, күй көмейі еліттірмей құлақты,

Үш күн, міне, жұрттың бәрін еңіретті, жылатты.
Үш күн бойы қызыл-жасыл құбылмалы қыз дәурен,
Езуін бір жиырмастан отыр үнсіз сыздаумен,
Біледі ол – сан аруды аймалағын құшағы,

Ақыр келіп дар ағашын қапсыра өбіп құшады.
Біледі ол – шалқып тасса тар арнада жыр кемер,
Ақын тәнін бүргелерге талатады түрмелер.
Өлең қуған ақын жолы қашаннан да қыл көпір,

Киіп-қағып маза бермес соңындағы зіл нөпір.
Бір күн олар пистолет боп, не арыз боп атады,
Тулап жүрген тентек ақын – жуас төмпек, жатады,
Біле тұра соның бәрін ақын таусып шараны,

Шыңғырады жан айқайға айналдырып жараны,
Ах ұрады, қапы ұрады,
атылмаған снарядтай бейне бір,
Айтылмаған нелер сөздер іште кетіп барады.

1963.

ОПЕНГЕЙМЕР

Дүниені жұтып қояр секілді
Аларады әлемге әйнек не түрлі.
Әйнек сайын алас ұрған бір бас бар,
Әр бас сайын ойлар, ойлар арбасқан.

Ойлар, ойлар... белдеседі, көнбейді,
Әйнектерде ойдың шамы сөнбейді.
Дипломат көне томға сүңгиді,
Ал ғалымдар атом сырын үңгиді.

Әйнек сайын алас ұрған бір бас бар,
Әр бас сайын ойлар, ойлар арбасқан...
Ойлы әйнектер ойды әлектер көп бүгін,
От жанбайды әйнегінде тек мұның.

Босап қалған кресло секілді
Жезөкше де бұл әлемде өтімді.
Жезөкше де жүр талайдың мұңы боп,
Дүниеде бұның ғана құны жоқ.

Кеше ғана басында оның бақ тұрды
Бүгін, міне, бос шөлмектей лақтырды.
Көрсе мұнын жары ғана көреді,
Ерсе ізіне, тыңшы ғана ереді.

Байтақ әлем сират көпір тәрізді
Байқап басар әр адымды, әр ізді.
Көңіл байғұс шашын талдап жұлады,
Жетіп жатыр дүниеге бұның салған лаңы.

Жаңа сұмдық қан қанатын кең әлемге жайыпты.
Бәріне оның, бәріне оның мұның миы айыпты.
Қарғайды өзін дүние үшін бір қанішер кісі боп,
Ал дүниенің дүниемен ісі жоқ,

Бар болғаны бейбақ мұңлық балқылдайды, жылайды,
Дипломаттар цитаттармен таңдайларын шылайды,
Жезөкшелер балтырларын сылайды,
Налиды бұл, дүниеде ең айыпты кісі боп,

Ал дүниенің
Бұнымен де, дүниеңмен де ісі жоқ.
1963.

ТҮЙЕЛЕР

Сап-сары
Қоп-қоңыр
Сахара
Жатады далиып,

Түйесі бақыра-шақыра
Көшеді ел,
Үркітіп әр бұта, әр үйік,
Тайлақта тай қазан былаңдап,

Жарбайда шаңырақ ауады.
Көз біткен маңайды жүр аңдап
Біткен жоқ кикілжің дау әлі.
Қазекең қымызға тойып ап,

Асап сап ақ майды,
Кетеді қойына,
Күйінсе – қатынын боқтайды.
Келеді ұзын көш шұбалып,

Кебежеде – кітап жоқ, ірімшік.
Сан дастан арнасы суалып,
Өсектің исі есер күлімсіп.
Қазекең, қазекең!

Қайғы-мұң аз екен...
Келеді ұзын көш шуылдап,
Бұл көшке ереді қашанғы,
Желмая алға озды суырылып,

Арқалап қайғы мен Асанды,
Безініп барады желмая,
Қанағаттың қап-қара күркесін қалдырып,
Барады безініп,

Ел қайда, жер қайда,
Арманның жолында табанын алдырып.
Таудан да асады,
Көк тасты қиқалап-жиқалап,

Құлағында көйгөйлі күй ырғақ...
Жапан түз – жап-жалпақ күй табақ,
Желмая инедей кезеді шиырлап,
Сан белді басыпты аяғы.

Сан саба талдырды піскекті,
Сол ызың, сол көйгөй баяғы
Түйенің аузынан түспепті.
Түйелер зарлайды, зарлайды

Асанның мұңлы әні құлақта қалған-ау,
Көздері мөлдіреп,
Сор жасты қара кен жалмайды,
Сол жастар төгілген арман-ау...

1963.

ТҮТІНДЕР

Түтіндер, түтіндер, түтіндер...
Түтінге көмілді бүтін жер,
Түтіндер, көктің көк шудасын
Түтіндер, түтіңдер, түтіндер.

Түтіндер тайлақтай тайрақтап,
Аспанға асығып барады,
Көңілге көк түтек ой қаптап,
Түтіндер нені еске салады?!

Түтінсіз жатыпты сахарам,
Таз қыздың басындай тұп-тұлдыр,
Түтіннің исінен шошыған
Ыс емес уды сен жұттың, қыр.

Түтіннен қашатын бабамыз,
Ыс қылған үйінің киізін.
Жаттың ғой тап-таза, даламыз,
Қайда әлгі шығатын мүйізің?

Көсіліп шаба алмай көкті өрлеп,
Көк тұлпар тұрыпты белдеуде,
Өкініш түтіндей кеп-кермек
Кернейді енді еске келгенде.

Сахарам, мен, міне, келемін
Төсіңде сауық қып, сайрандап,
Зауыттың көрсем көк желегін
Қараймын қайран қап,

Болат боп балқыған,
Жалын боп шалқыған,
Басқа бір заманның ұлымын.
Кешегі жетімек сахарам

Шалқайып сорады шылымын.
Түтіндер, түтіндер, түтіндер...
Түтінге көңілді бүтін жер,
Түтіндер кектің көк шудасын

Түтіндер, түтіңдер, түтіңдер.
1963.

АРХЕОЛОГИЯ

Жер үстінде қызыл төмпек құм қалды,
Талай шөптің қыршып кетті тамырын,
Археолог қырнап-жонып жылдарды,
Ғасырлардың аршып жатыр қабығын.

Қасапшыдай қос білегін сыбанып,
Қолда пышақ жалақ-жалақ етеді.
Жердің төсін көптен жатқан құлазып,
Ту биенің сүбесіндей кеседі.

Археолог таңдайын көп қағады,
Қасапшыдай қалың майға сүңгіген,
Қызыл оба – қызылы жоқ жабағы,
Жауыз жылдар бауыздаған сүңгімен.

Қызыл оба – қызылы жоқ жабағы,
Жауыз жылдар жайратыпты сүңгімен.
Археолог, аялдашы шамалы,
Бұл күннің де ет жүрегін үңгімей.

Археолог – күрең білек қасапшы,
Ғасырлардың ішек-қарынын ақтарды.
Жер астынан тауып тат-тат масақты,
Сүртіп жатыр ұшындағы жас қанды.

1963.

БАҒЗЫ БАБАЛАРҒА ОДА

Ындын құрып, өзегі әбден талғанда,
Жалқау бабам жалбаң қағып барды аңға,
Көрді – ағашты сағалаған бұғы бар,
Көрді – суды елік ішкен аңғарда.

Көрді тасты – қанағанда аяғы,
Көрді сазды – былғанғанда таяғы, –
Бабам менің аң іздесе аңырып,
Байтақ әлем байтақ қойнын жаяды.

Бабам менің алба-жұлба балағы,
Шың басына шүйлігіпті садағы,
Құлады елік, сондағы атқан жебесі
Зымыран боп айға зулап барады.

Қайран бабам, қарын садақ талдырған,
Артқа мезгіл көне елес қып қалдырған,
Асыраған адамзаттың ақылын
Айналайын сенің қызыл қарныңнан.

1964.
* * *
Көп қуып қиял көшін ірметілген,
Мол ғой деп татар жеміс жер бетінен,

Өтсем деп өктем түсіп өлеңде өңкей,
Ес біліп, етек жауып ер жетіп ең.
Кәніки, шыққан мүйіз ер жеткеннен,
Бесігін таудай талап тербеткеннен,

Қайдағы қағынғанға қапың кетіп,
Кеудеңді ыза кеулеп, шер дерттенген.
Асаудай алабұртып ала қаштың,
Айқай сап ақ сағымға араластың,

Ақ езу асау арман соңына еріп,
Көлінен бір-ақ шықтың Жалаңаштың.
Жалаңаш қалай екен жағып тұр ма,
Жау анау жар қиядан бағып тұрған,

Көздесе, көзіңдегі нұрды іледі,
Өкініш өзегінен ағып тұрған.
Төбеңде темір құзғын мың шүйіліп,
Басыңа қайым заман бұлт үйіріп,

Қарайсың сағым шалған сар далаға
Көзге мұң, езуіңе күлкі иіріп.
Көзде – мұң, езудегі күлкің емес,
Күлуің мұндай күйде мүмкін емес.

Мұқатып тұрсың білем өзіңді өзің
Бір күнде бұл-бұл ұшып мың күнгі елес.
Күлсең күл... Сен сүретін дәурен, міне,
Арман деп алып ұшқан әурең, міне.

Әзірейіл секілді ана таудың
Аржағы – Ажал... ұғып қой әбден мұны.
Мамыр, 1969 жыл.
* * *

Тұр әлі көктем шықпай, күн айықпай,
Бошалаған сиырдай мына бұлтты-ай,
Талтайып кеп тұрып ап қақ төбеңнен,
Төгіп-төгіп жіберіп, тұра зытты-ай.

Тұра зытып зымқайым, қайта оралып,
Тәйтік таулар шәлісін қайта оранып,
Тағы тықты мұп-мұздай тас кеуекке
Сел астында селтиген майса қалып.

Көктем шыға қоймастай көлдеткенмен,
Күні-түні көк нөсер селдеткенмен,
Жақпар жонда жағал жұрт орыны жатыр,
Ізі қапты, ық қуып ел көшкенмен.

Қайран жұртым қайқайда кезіп баққан,
Жау түгілі дауылдан безіп баққан,
Безіп кеткен жұртыңда біз отырмыз
Дем салатын бақсыдай кезік баққан.

Дем салатын бақсыдай демді ішке алып
Тырс етпейтін сақшымыз – көмбіс халық,
Көкжиектен көз алмай мөлиеміз,
Қымталған қара барқыт перде ұсталып.

Жатса да аспан төбемде бұлт сапырып,
Тынысты үзер тып-тыныш тұр қапырық,
Қапырықты қапаста біз отырмыз,
Сыртқа шықсаң, қауып тұр от қақырып.

Бүрісеміз суық бұлт бүріккесін,
Бүгежектеп тауда елік үріккесін,
Айқай тастың басынан ән шырқар ем,
Шүршіт отыр сығалап шүріппесін.

Көкіректен сейілмей зіл құсалық,
Шартарапты шарлаймыз дүрбі салып;
Бөктеріліп бөктерде қойлар жатыр,
Кетпейтіндей ешқайдан ит-құс алып.

Бекер екен бәрі де, бекер екен,
Бетер келсе, береке кетеді екен,
Дүмбісіне дүрбінің сыйып кетер
Дүниенің кеңдігі екі елі екен.

Мамыр, 1969 жыл. Жалаңашкөл.
* * *
Шығандап шыға шауып әп дегеннен,
Барады дәурен өтіп "әттегенмен",

Әуелден әуселеңді білгенімде,
Жүрмес пе ем өзгелердей әктеп өлең.
Өйтпедім айтқыш деген атаққа аздым,
Атағын қияды ма "шатақты" азғын,

"Ақиқат іздегіш ең, көріп кел", – деп,
Жөнелтті жер түбіне, окоп қаздым.
Сол окоп болар, бәлкім, соңғы мекен,
Соңғы мекен тар болған оңды ма екен.

Далиған кең далаға қараймын кеп,
Дей ме екем "бұдан шықсам, қаңғып өтем"...
Орын жоқ бұл далада қаңғыбасқа,
Суыр боп сүңгімесең үңгіп астын.

Желкелер жер бетінен кеткеніңше
Жендеттер жігеріңді құм қылатын.
Сыраны бөліп ішіп, жендетіңнен,
Көр топырақ секілді көн бетіңмен

Көнесің... Көнбесіңе қоймас шығар...
Жеңіс жоқ жендеті көп жер бетінде.
Таба алар ақиқатты арақтан кім,
Бірі емен арақ сауған дорақтардың.

Жымиып жыртық дүниеге етем білем,
Жылпосқа іш бұрса өзі жаратқанның.
Маусым, 1969 жыл, Жалаңашкөл.
* * *

Бұл заман бұл шаңыраққа неге өш болды,
Ындыны толмайтын бір өңеш болды.
Отыз жыл ойрандалып келген ордам
Оңалып кете алмайтын емес болды,

Обыр жыл аударыпты атамды аттан,
Қан қасап қақ кеудеден әкемді атқан,
Қытайдың қылғып салар бір шабағын
Жасамақ жауыз сұмдар мен ақымақтан.

Желбеңдеп жел өтінде нем бар еді,
Өжеңдеп өсиетіме кім зар еді?
Қырқылып қылтасынан келген тұқым
Жер басып жүргеніме ділгәр еді...

Зар илеп ел шетінде шешем қалды,
Еңіреп екі бірдей бөпем қалды.
Қажаған қағаз, қалам қай саппастың
Мен талап алдым екен мүкәммалын?

Қиқулап қисыны жоқ мақтан қуған,
Есердің мен қайсысын тақтан қуғам?
Аузымнан жаздым ба әлде, айтпай кетіп
Шатпағын бір дөкейдің шатқан-буған?

Білмедім бұл жаланың түбі қайдан, –
Қуалап тықпақ жері қызыл ойран.
Жер қазып, ой сапырып, жете алмадым,
Тоқтайын медет сұрап бір құдайдан.

Мамыр, 1969 жыл.
Жалаңашкөл
* * *
Жыра мен жықпылы көп Жоңғар таудың

Шұрқ-шұрқ тесік қып омырауын,
Жаппай қазып шығамыз түн атаулы,
Ал күн бойы төпейді қоңыр жауын.
Қоңыр жауын... қоңырқай көңіл күйім,

Жер түбінде қалғасын не бір жиын.
Думан қуған дәуреннің елесі де
Сүр сүбедей тәтті екен – кел, мүжиін.
Үйіріндей қысырақ бұла топтың

Жүруші едім арманын шырақ от қын,
Сатырлаған дауларда салғыласқам,
Қарғып шығып, мінберге бір-ақ ытқыш.
Ақырында түбіме сол жетті ме,

Сыз аранда отырмын шөлдеп, міне,
"Амансың ба?" дейтұғын хат жоқ арттан:
"Бұл кеткеннен, – қалды ма, – мол кетті," – деп.
Кім біледі, мол кетсем, кеткем шығар,

Асау сөйлеп, асылық еткем шығар,
Ала жібін алаштың аттамап ем,
Күн туып тұр күйзеліп іштен тынар.
Ирек ойлар күйреткен күйзеліспен

Жан-жағыма жақ ашпай күйгем іштен.
Ел шетінде өлсем де биік түсем,
Тұзақ құрған ізіме кіл нәйістен.
Биік түсем, бәрі бір аласарман,

Көз ашқалы қумағам аласа арман,
Биік болып өтемін бұл өмірден
Жауларымды зар қылып жанасарға.
Жанасатын жауларға жақ ашпаймын,

"Сен теріс, – деп, – мен дұрыс" таласпаймын.
Шәуілдейтін итті жұрт өзі көрсін,
Алыса кетер арлан боп адаспаймын.
Шілде, 1969 жыл. Жалаңашкөл

* * *
Көрдім жапа көпке еріп дүрліккеннен,
Кетем безіп бір жола дүрмектерден,
Дүрліктірген дүлейлер думандап жүр,

Мен жатырмын тірілей көлбеп көрде.
Жаттым, міне, тірідей көлбеп көрге,
Өкініш пен ызаға кеулеп кеуде.
Кәрі анамды зар болып бір көруге,

Қос бөпемді алдыма ап тербеткенге.
Дүрліктіргіш дүлейлер думандап жүр,
Кердең басып кең дүниеде бұлғаңдап жүр,
Сөзге ылығып көз тиген сорлы басың

Шүріппесінде шүршіттің былғаңдап жүр.
Думанды да тыямын, бұлғанды да,
Есен қайтсам бұл даудан бізді аңдыған.
Есер боп та, ер боп та атақ қумай,

Арттағылар аңдайтын із қалдырам.
Бұлғаңдауды қоямын бұла жастай,
Арзымсызға аузымды тұрам ашпай.
Зымырандай зырқырап шығам көкке,

Ракетамен атпаса құламастай.
Құлата алса, мейілі, құлатсын-ақ,
Үлгерем ғой бағымды, бірақ, сынап.
Ел шебінде шер қуып, серт қумасам,

Болғаным да бозымбай бір ақымақ.
Жоқ, болмайды олардың ойлағаны,
Тым ертерек еліріп тойлағаны,
Құрбанға айтар қошақан мен емеспін,

Төгілмесе, көрсетем, бойда қаным.
Болар ісі болды ғой – сірә, шыда,
Жау көзіне қуды ғой – ысыра-ысыра...
Енді қапы қалмастай запы болдың,

Тірлік сұра тобадан... Сұра, сұра!
Шілде, 1969 жыл. Жалаңашкөл
* * *
Абайла, бауырым, абайла,

Ала керме, у ұрттап,
"Абайла!" деген Абай да,
Ұнатпасаң да, ұғып бақ.
Арман дейтін – арғымақ,

Шындық дейтін – шабан ат,
Үстіне жатсын жар құлап,
Шабатын әлін шамалап.
Сезім дейтін – сел нөсер,

Төзім дейтін – қара жер.
Әулекі келер жәрмес ер,
Әуреге түспей қала гөр.
Жер болмаса, нөсерден

Миуа түгіл мүк өнбес.
Қиқу қуған бөсерден
Қияметтен басқа түк өнбес.
Күшіне сенген дүлейдің

Моласы жатыр сайғақсыз.
Ісіне сенген сүлейдің
Бір ізі жоқ айғақсыз.
Көнбесең көнбе күштіге,

Аяй біл, бірақ, басты да,
Сия алсаң жердің үстіне,
Сиярсың, сірә, астына.
6 желтоқсан, 1969 жыл.

(1980-1999)

ІҢІР СЕМБЕЙ ІРГЕГЕ КЕП ҚҰЛАҒАН

Іңір сембей іргеге кеп құлаған,
Сұр сәскеде "сүт іш" десе, жылаған,
Бұлданумен ғұмыр кешкен бұладан
Көнтерілі көнбіс болған бұл ағаң.

Көнбіс болмай, қайтушы еді бұл ағаң,
Жер түбінде желкектей боп сұлаған,
Қыршын боздақ қылғына алған бір деммен
Қылтасынан қырқылса сан сынбағам.

Қыршын боздақ қылғына алған бір деммен,
Еркеліктен ерте айырылған мүлдем мен.
Ертелетіп кірпігімді шық шылап,
Ертелетіп аяз үрген іргемнен.

Қара басым сау қалғанмен ажалдан,
Қызғалдақтай қыршын солды-ау сан арман,
Соны ойласам – солған гүлдей сазарғам,
Жаңарса тек, иін ғана жаңарған.

Жаңарса тек – иін ғана жаңарған,
Әлі күнге қан шапшиды жарамнан,
Әлі күнге жас шапшиды жанардан,
Қыңсылайды көз ашпаған күшіктей

Көкіректе көктей солған сан арман.
Жаңарса тек – иін ғана жаңарған.
Ерте үрген аяз демін іргемнен,
Әлі күнге ұмытпаймын мүлдем мен.

Қарып жатыр, қамсау болмай тұр әлі
Үстімдегі үлдем менен бүлдемнен.
1984.
* * *

ҚИЯ-ҚИЯ ТАУЛАРҒА

Қия-қия тауларға
Қиғаштай түскен қылаң жол...
Қияс-қияс тағдырдан
Тартқан азап, лаң мол.

Лаң мол демей, не дейін:
Құмға толы көмейім,
Мұңға толы көкірек,
Жорғадан болсам текірек,

Шорадан болсам жетімек,
Жетімек мүжір толарсақ –
Болса өмірлік сыбағам, –
Талайым сол ма ед сұраған?!

1980.
* * *
Өтуде күндер, апталар, айлар зымырай, зулай,
Құлдиға қарай құлдырай жөңкіп, дөңгелей,

Түбі тесік қалтада тұрмай,
Төгіліп түскен теңгедей.
Қапы соғып шап беріп қумай,
Қарайсың енжар көзіңді салып артынан..

Сығылып өкпең, жүрегің тулай,
Көмейіңді өртеп
Сілтідей көк зәр запыран.
Таусылып әлің, салдырап қарың,

Мартудай басып өзіңді өз салмағың.
Ілбисің алға, еткенше сарып
Бағасы түскен бақыр теңгедей
Пәтуасыз ғұмырдың қалғанын.

1989.
* * *

ОПЫР-ТОПЫР...

Опыр-топыр...
Обыр тобыр
Жолай көрмей орта түгіл шетіне,
Солған жүрек күн-күн санап тал жібектей сетінеп,

Тұрсаң болды кеуде тосып өкпек желдің өтіне,
Шуақ емес, ызғар қонып жаз да, қыс та бетіңе.
Елең етпей, қара қанжар қарш-қарш енсе етіңе,
Қарағаштай риза боп тастың тапшы ниетіне,

Бір міз бақпай біткеніңше қажала да кетіле,
Ештеңе алмай есіңе:
"Келдім, – демей, – керең дүниеге несіне?!"
Төзсең болды, тозсаң болды,

Көрмей түкке өкіне де, өшіге.
Ақыр бар ғой, бәріне де ақыр бар,
Тартылғанша айдын шалдар ақылдар,
Арыстандай атылар түбі ашу-зар –

Тойлап қалсын, ойнап қалсын пақырлар...
1989.

ӘКЕМ ТҮСКЕ КІРЕДІ

Тағы да тәңір аян берді,
Көз алдымда тап менің.
Жиылып жастық, жайылып төсек
Жатты елім,

Маңдайым – асқар, маңайым – шалқар,
Жан-жағым – жақсы-жараңдар.
Көңілімде бір-ақ алаң бар.
Тағдырға деймін:

"Тапшы емін!"
Кенет сол, көктен,
Көрінбей кеткен
Көкешім келіп,

Кенезем кеуіп,
Кеңкілдей бір ұмтылдым,
Жалғастырып баяғы сол
Қаздай басқан тәй-тәйімді

Жетуге асығып жұлқындым,
Жеттім дағы қолына,
Қапсыра құшып, тәтті өбіп,
Талықсып кеттім,

Құрығандай сүлдерім,
Құс болып шүйіп,
Құздарға биік
Құйқылжып жүрген жүрегім,

Кенеттен бірақ
Құлдырай құлап
Бара жатқанын білемін...
Құлағым шулап,

Құладым зулап,
Өн бойдан бір әл кетіп.
Тылсымнан бір бұлт
Тым-тымнан бүркіп

Омырауым шылқып,
Қоя берді селдетіп.
Ағыл да тегіл
Төксін-ай кеп бір ақ жауын,

Ебіл де себіл
Түрімді көріп,
Күлсін-ай сақ-сақ бар жауым,
Ебіл де себіл

Түрімді көріп
Айтсын-ай келіп
Бар ғайбатын, бар дауын.
Көмейім көлкіп,

Көрпемді серпіп,
Оянып кетсем –
Өзімнің үйім,
Өз төсегім,

Өз басым.
Ебіл де себіл – өзімнің кейпім,
Ағыл да тегіл – Өзімнің ащы көз жасым.
"Үзсеңші, – деп, – күдерді"

Түнгі аспан сыртта түнерді.
1984.
* * *

ӘКЕМДІ АҢСАП

Әкемді аңсап,
Баламды тостым,
Жадырар жаңа заманды тостым
Бақ күттім.

Көл-көсір көктем
Көз ілмей күткен
Кергіді ме,
Келмеді, –

Қайтадан түстім
Қақпақылына тақ-тұқтың.
Айқасқам талай –
Арқамның етін

Арса да, арса, арса қып.
Байқасқам талай –
Борбайдың етін
Борша да, борша, борша қып.

Суалды суым
Көз алмай жатып құм басып,
Қуарды талым,
Көк алмай жатып сор шалып.

Аяусыз арман, Арбай да арбай,
Алдап кеттің, келмедің.
Қайырсыз жалған
Қақсал боп алған

Қайтып алды бергенін.
Талайсыз тағдыр
Тағы да қандай
Көрсетер бар көрмегің?

Шауып ал, кәні:
Өткенмін талай өткелек,
Өлетін жерде өлмедім.
1985.

ӨЛМЕЙМІН ТІПТІ

Өлмеймін тіпті,
Өлексемді көмбен өлсем де,
Желекті ту қып,
Желкілдете берем еңсемді.

Білсін бұл жұрт
Қиқардың қайда жүргенін,
Қисайттым десе
Қайдағы-қайдан

Қиқым да сиқым белсенді,
Сезбейді-ау бұл жұрт
Сергелдеңнің
Қалай тап боп,

Қайдан келерін,
Секектеп жүріп,
Соңына еріп,
Сенделбай кілең неменің?!

Тау жыққандай боп,
Талтаңдап жүріп
Боқ баспас жерден боқ басып,
Дағдарарсыңдар,

Дал боларсыңдар,
Тоқтасып тағы, оттасып, –
Болар сонда керегім.
Көрермін әлі көрермін!

Қу тобырға өңкей –
Қиылып қайтем,
Қиналып нетем,
Олар менің не теңім?!

Көкке бәрібір көтермес мені
Байқап қалар деп
Бастары қауақ екенін,
Төменге қуса,

Қуа да берсін –
Үйреншікті мекенім.
Көремін тағы кектегілердің
Борсыған бұтын, сасыған етін,

Салтақ-салтақ етегін,
Қимайтындай да, сыйлайтындай да
Дәнеңесі жоқ
Дәлдүріш мына дүниеден

Айылды жимай,
Ауызды тыймай,
Алшаң басып өтейін,
Алаң болмай кетейін.

1984.

НАҒАШЫ

Қайыр Құлбасовқа – әкемнің мен
көрген ең соңғы құрдасына.
Томарға бояп тон киіп,
Тұмар мойын ат мініп,

Сәл нәрсеге қомпиып,
Сәл нәрседен шарт сынып,
Сормай-ақ аяз нарттай боп,
Көкпеңбек көзің бажбиып.

Танымай қалған жаттай боп,
Қар үстінде қаздиып.
Желге тосып желкеңді,
Қырын тастап бетіңді,

Жер түбінде өлген әкеңді
Мен өлтірген секілді,
Қырындай қарап үстіме,
Қырыстай тұрып тіл қатып,

Бағзыда кеткен бабамның
Құлағын біраз шулатып,
Дудыраған шашымды
Дұрыстап тұрып бір сыбап;

– Кекжитіп кердең басыңды,

Келдің қалай, қу шұнақ? –
Деп оқыстау маңқ етіп,
Қой төбет қоңыр даусыңмен,
Тұрар едің шіреніп,

Сосын оқыс шаңқ етіп;

– Кім сағынды, ау, сені? –

Деп түзеліп реңің,
Кенет жығып еңсеңді,
Ат-матыңмен құлардай,
Иіскер едің желкемді,

Көзімді көрсең – жылардай.
Көжек кіріп кеткендей
Жағамның асты бүлкілдеп,
Сосын зекіп сөккендей,

Мошқар едің:

– Күл, күл! – деп.

Тұрар ең біраз кекшиіп,
Мұртыңның ұшы сертиіп,
Көзің әбден көкшиіп,
Екі бетің нарттай боп,

Кеткендей кенет өрт тиіп:

– Өзің, сірә оңбаған,

Әкең, бірақ, оңды адам,
Жеті ата, жеті бабаңнан
Бір қасиет қонбаған.
Қонса, осылай жүрер ме ең,

Жер түбінде жат болып?
Сәлемің де келер ме ед
Қағазға түскен хат болып?
Желк-желк етіп тұлымың,

Ауылда жүрсең, болмас па?
Шәртиген анау жұмырың
Осында да толмас па?!
Көрмейміз, міне, жыл ұзын,

Кейде хабар-ошар жоқ,
Көрерміз шықса мүйізің
Құдайға орынбасар боп?!
Құрдастан қалған көз едің,

Төбе-шашың қопырап,
Ажалдың жетсе кезегі,
Саласың ба топырақ? –
Деп қамшыңды бір бүктеп,

Асығыс тығып жеңіңе,
Қайқайта серпіп кірпікті:

– Қайқай, – дер ең – жөніңе!..

Кете барам жөнеле,
Көңілім алау-далау боп.
Қызыл шал қалар төбеде
Қадалған қызыл жалау боп.

Қызыл ту сол бір құлаған,
Қоңырайған қызыл төбе де,
Болдыртқан аттай сұлаған,
Дөңкиген мынау немене?

Жатырсың ба жалпиып,
Тіл қатпай безер жаттай боп.
Басыңда тұрмын қалқиып,
Қуарған құлып тастай боп.

Төбе шашым қопырап,
Көмейді бір у шиырлай,–
Әкеме бұйырмаған топырақ
Саған да, міне, бұйырмай.

Қараша желі елгезек,
Желкемнен су сепкендей.
Баяғы бір сұр көжек
Кеудеме кіріп кеткендей.

Көкірек тұсым бүлкілдеп,
Көзімнің алдын дым басып,
Алайын бір кеңкілдеп,
Бір тіл қатшы, Құлбасов?!

Тіл қатпайсың, қиқарсың,
Жер астына кетсең де.
Аяғымды сипайды
Қызыл шағыл кемсеңдеп.

Сөздерің тұр құлақта,
Өзіңді қалған құм басып,
Жүректі қан жылатпай,
Жайыңа жат, Құлбасов...

1985.

ОДАҒАЙ ӨЛЕҢ

Ыбыр-жыбыр. Қыбыр-сыбыр. "Тәк-тәк!"
Дабыр-дұбыр. Жабыр-жұбыр. Паһ-Паһ!

І

Шақыр-шұқыр. Тыпыр-тыпыр. Қап! Қап!
Ебіл-себіл. Егіл-тегіл. Бай-Бай!
Үрпе-түрпе. Сірке-сірке. Уай-уай!
Қалтаң-құлтаң. Жалтаң-жұлтаң. ЕҺ-еһ!

Қылтың-сылтың. Жылтың-жылтың. Тек-тек!
Қаңғыр-күңгір. Дәлдүр-дүлдір. Әй-әй!
Кәук-кәук. Әуп-әуп. Пай-пай!
Жалақ-жұлақ. Далақ-дұлақ. Жә-жә!

Әрпіл-тәрпіл. Қауқыл-қауқыл. Кә-кә!
Кеңк-кеңк. Дүңк-дүңк. Жора.
Саңқ-саңқ. Шаңқ-шұңқ. Тоба!
1985.

* * *
Таң атқаннан күн батқанға қызыл тілдер безеңдеп.
Тас кереңдер тарпа бас сап, омыраулап, өжеңдеп,
Көрсоқырлар көкірек соғып: "

білем, бәрін, көрем" деп,
Мешел біткен "мен","менге"сап, "
мен де дүние кезем" – деп,
Қортықтар да қоразданып, "жол бермесең, езем" деп.

Кекештер де кеңірдек керіп, "
Өзім... Өзім... өз-е-ем", – деп,
Шортықтар да шабынысып,
Қақсалдар да қағынысып,

Бұл дүние, бұл бола ма,
Жоқ әлде әбден тұл бола ма,
Тағы да сол таз әулекі, соқыр әңгі кезең кеп.
1985.

ҚҰЛПЫ ТАСТАҒЫ ЖАЗУЛАР

Талдырмаш қыз кемпір болып арбиған,
Бұла жігіт шалға айналып шалжиған,
Шалқалап кеп осы араға жайғасты,
Жер астында жеркемік боп қалды иман.

Өлгеннен соң, бізді аяма, басып өт,
Тірі күнде ардақ тұтсаң, қасқа етпей,
Өмір жайлы айтар ек сан өсиет,
Тұрғаны ғой тас жеткенмен, бас жетпей.

Обалыңа қалған сонау қара кемпір, қара шал,
Әуелден де жаралғансың арзымсыздау себеппен,
Жоқтан бардың бардан жоққа қақы бар ма таласар
Сондықтан да бұл фәниге жүре қойсын неге өкпең?

Адал тұрып, ақ жүрдім,
Тезіне көндім тағдырдың.
Арман мен мақсат көп те еді,
Азғантай ғұмыр жетпеді.

1985.

ТӘУБӘ ЖЫРЫ

Алағай да былағай,
Айналайын дүние-ай!
Адам неткен қомағай
Тіршіліктің сыйына-ай!

Адам неткен нысапсыз
Қызығына тірліктің,?!
Ірі бар ма ұсақсыз?!
Ұсаққа бола дүрліктім.

Дүрліктім де, тапсындым
Шап берердей тәңірге.
Шап бердім де, шарт сындым,
Әлім жетпей өмірге.

Өмір неге тоқтасын,
Әуресіне бола пенденің?!
Пенделіктен тәңір сақтасын,
Жеңілгенім – жеңгенім...

1985.
* * *
Аласарып кетердей көп қой қауып,
Алатауға қарайын ауық-ауық.

Алатауға қарасам ауық-ауық
Кетеді екен оны да мұнар жауып.
Мұнар жауса асқар шың ауық-ауық
Жоғалады кеткендей дүние ауып.

Көзден ұшқан асқар шың ауық-ауық
Жарқырайды қайтадан жаңбыр жауып.
Ақ қар жапқан Алатау ауық-ауық
Жоғалады жым-жылас тұман жауып.

Тұман жапқан Алатау ауық-ауық
Қайта ашылар басына ақ қар жауып.
Тау орынында құбылған мұнар екен,
Мұнар өтер, шың мәңгі тұрар екен.

Көңіл ит те құбылған тұман екен,
Көп нәрсені бүлдірер күмән екен.
Күмәнге ертсе күйкі мұң ауық-ауық,
Кете бергің келеді дүние ауып,

Алжастырар дүниеде көп қой қауып
Аласартып кететін ауық-ауық.
Аласартып кетердей болса қауып,
Алатауға қарап қой ауық-ауық.

1986.
* * *
Өксіп-өксіп ояныппын мен алғаш
Бұл дүниелік бесіктегі ұйқымнан.

Сықырлапты сыры кеткен тал ағаш
Шыдай алмай сыртта желге жұлқынған.
Шыдай алмай шайқалыпты шаңырақ,
Майыстырып тіреу қылған бақанды.

Желтоқсанның желі сапты аңырап,
Бұрын-соңды естілмеген мақамды.
Бұрын-соңды естілмеген мақаммен
Зікір салып тұрды сыртта уақыт.

Бесігімде бедірейіп жатқам мен
Әлди емес, желдің үні жұбатып.
Желдің үні ызыңдаған әуенмен
Жата берем күле алмай да жыламай,

Мың-мың сайтан сақ-сақ күліп төбемнен,
Жан-жағымның бәрі алағай-былағай.
Жан-жағымның бәрі алағай-былағай
Сирек көрдім тыныштық пен шуақты.

Жүре берем күле алмай да жыламай,
Әуелден де гулеген жел жұбатты.
Әуелден де гуіл еді жұбатқан,
Жел гуілі ел гуіліне ұласты.

Сумаң сездер сүңгіп кіріп құлақтан,
Көкірегіме кетер қойып құлашты.
Құлаш ұрып көкірегімнің көліне,
Көтергенмен не бір дауыл сұрапыл,

Шарт сынсам да, сыпсың сөздің желіне,
Жеңнен тартып, жеңіс бермей жүр ақыл.
Жеңнен тартып, бермей қойды жеңістік:
"Күлер едің – күлетіндей заман ба!

Жылар едің – онсыздағы кіл сімсік,
Таба болып қайтесің, – деп, – жаманға!"
Сосын, міне, жер төсінде жүргенім,
Күлерге – күлмей, жылайтынға – жыламай,

Жел менен ел қояр емес гулеуін,
Дүние сол – алағай да былағай.
1988.
* * *

Тірлік, тәйірі, – құйын ғой,
Ұйтқып-ұйтқып өшетін,
Бақыт келте жиын ғой,
Өтетін де кететін.

Ереуілге елікпе,
Тек сабырға серік бол,
Қара жердей төзімді,
Қара тастай берік бол.

4.08.1988.
* * *
Тағдырдың талықсыған талма тұсын
Тауша аударып тастардай бар ма күшің?

Күш жоқта күшенгенмен не бітеді,
Табарың: жанға-қауып, арға-қысым.
Жалақтап жала-нала жан-жағымнан,
Сыпсыңдап сімсік сөздер салған ылаң,

Лаңға лағам ба – құлазимын,
Айырылып жер ойылар салмағымнан.
Сақтаған сан қиында сабыр қайда?
Сарқылса – тағы бір ұрттам табылмай ма?

Табылса – талаттырып қоймас едім
Мына бір жәбірлі жыл, жәбірлі айға.
Мына бір жәбірлі жыл, жәбірлі айдың
Ызасы өтті-ау – қашан дамылдаймын?!

Қиямет пен қиянат қиқуласқан
Қу дүниеде таусылмас зарым, қайғым...
1988.
* * *

Қыс-жазы құтырынған Атырау теңіз,
Зәрленіп зытырымнан жатыр-ау деңіз.
Қаскөйдей қабағын ашпай тұнжырайды,
Қапелімде жақпай қалды екен, апырау, неміз?

Жайындай жайпап кетер жалмауыз сағақ,
Жалп еткен жат кеменің жалауын санап,
Жаһаннамнан жау пиғылды алдымен аңдап,
Жалықпас жыл он екі ай қарауыл қарап.

Шытшаның шытынған қабақ шыңына шығып,
Көз сұсын көкжиекке сұғына сұғып,
Көл-дарияға көлкіп жатқан көп қарадым,
Көкірек көп нәрсені ұғына тұрып.

Бұл теңіз... Ар жағында Қап, бер жағында Қапы,
Білмеймін қалған дүниеден болған ба запы.
Көстеңдеп көк суды айналып көше беріпті,
Бабамыз, сол қолында – найза, оң қолында – сапы.

Басы ауса баратын жері – Қырым, Қыр, Қапы,
Жосылтып жолындағының бәрін тырым-тырақы,
Жойқын сап жортуылдағаннан не бітірді екен –
Бұлтиған көне төмпектің сырын сұрашы?

Деді ме өмірбақи қодаңдап өтем,
Таба алмай күндердің күні одан да мекен,
Алғидың ала шөліне айналып қонған
Аусарға аңызақ та кәусар – содан да ма екен?!

Құр бедеу қу мойнақ мініп құтырынғаны,
Жаз шықты-ақ – жауға айбар шекті жытырымдағы.
Ұтам деп ұтылып қапты ұпайлы тұста,
Билігі бір алланың ұтырындағы.

Еріксе – тескен тау асып, Балқан да барған,
Зеріксе – Ұрымға ұрынып, талқандап алған,
Желіксе – жер шоламын деп жел қуып кетіп,
Қиырда қылышы қирап, қалқаны да қалған.

Белдегі бес қаруды ұстамай бекем,
Аңдысқан ата жауын қыстамай төтен,
Бейуақ бел шешпес жерде белін шешіп,
Бекерден бекер оққа ұшқан-ау көкем.

Тажалға тап бола берген талай да талай,
Ажалға аттана берген қалай да солай,
Ауызын ашса, көмейі көрініп қалып,
Аңқаулық арам қатырды-ау сабай да сабай.

Садағын көздеген тұстан жай атқылатқан,
Найзасын қадаған тұстан май атқылатқан,
Майтымақ маңғаз көкем нәпақасын
Айтыңдар, арашалай алды қай аш құлақтан?!

Ер көңіл жараспайды екен ел күйттегенге,
Сеніп қап, секеңдей берген "сен бүйт" дегенге,
Таппадық шығарға есік, кірерге тесік
Су қақсып, ауа сасып, жер биттегенде.

Еріншектік пен көңілшектік-ау... Шайқалды тағым,
Сайтандай сахарамды буды сайқалды сағым,
Аруақ қана апшытар ақикөз жұрттың
Қой боғындай қорғасын қайтарды-ау бағын.

Қорғасын қой боғындай қайтарып бағын,
Шау тартып, шаруасы күйреп, шайқалған уағын
Көргенде көңілім жидіп қоя береді,
Тапсына табалаудан да тайсалды жаным.

Түскесін баяғыда-ақ бес қару белден,
Көреріміз бұл дүниеде кеш қалу ма елден?!
Шытшаның шытынған қабақ шыңына шығып,
Қапымды қай-қайдағы еске алуға келгем...

Үңілген көк теңізге Шытшаның шыңы,
Уілдеп қоя берді – ұққаны ма мұны?!
Құз кеуек қобыз болып боздап кетті,
Біліп қап көңілімді – шаққаны ма мұңын?!

Сарнады сырқыратып сай сүйекті үгіп,
"Аруақтың қайда, – дей ме, – қасиеті бүгін,
Есікке төрдегі бас түскен жоқ па,
Көстеңдер көрінгеннің қай сыйы өтіп еді?

Намысы біздің жұрттың білекте ме, еді?
Жоқ әлде есе түгендер жүректе ме, еді?
Түзде емес, төрде ұпайын жіберіп алса,
Құдайға не бітіреді құр өкпелегені...

Алдыру абырой ма еді астағы атын,
Ат кетсе, кетпейді дей ме қастағы қатын,
Алмаса ошақтан бастап отанға ие боп
Қазаққа атқылар ертең аспаны жасын..."

Дей ме шың, көйгөйге басты күрсініп қойып,
Көк теңіз көбігін шаша сілкініп қойып,
Шытша шың желге қарап желпініп тұр,
Зымырап ұшатын құстай ұмсынып бойын.

Желкеден соғып, қақ маңдайдан күткен де қауып,
Есіл дәме ер үстінен түскен бе ауып,
Жақпар шың жауды айбынтар жабырқау тым,
Құрышын құр қиялдың біткен бе сауып?

Көк теңіз қайтадан қалғып көз жұмып алған,
Меңірейген мекерлікпен мезі қып жалған.
Ерте-кеш есінеп қойып ербең тірлікке
Есеңгірейді, есер кез ез қылып алған.

Айдын сұлқ... Ал, менің жаным алай да дүлей,
Буырқанды-ау бізден де бұрын талай да сүлей,
Шыбын жанды қиғылыққа салып, тұңғиыққа малып,
Тілеп ап тағдырдан талқы, тәңірден үрей.

Көңілім көк теңіз болып сапырылып жатыр,
Көп үміт күйреген қаудай жапырылып жатыр.
Балдырдай жел шайқаған жеміріле бермей,
Тіксін де, тістеніп алып, ақырын күт, батыр...

1988.
* * *
Дүниенің бұлаңы-ай,
Дәуренінің сылаңы-ай,

Қиял иттің лаңы-ай,
Жаратқанның олағы-ай,
Жаралғанның молағы-ай,
Ұзын дәме, шолақ ой,

Өзіне мәз пенденің
Ындыны, сірә, толама-ай?!
Толмаса, түбі толады-ай,
Болғанда басы толағай.

Уайым тұрмас ұдайы-ай,
Заманның солай сылайы-ай,
Аулақ болғай, құдай-ай,
Алағай да былағай...

1988.
* * *
Қиыр-қиыр қиыр-ды,
Қиырдың жолы шиыр-ды.

Шиырдан шындық іздеткен
Шытырман маған бұйырды.
Шиыр-шиыр шиыр-ды,
Шиыр да әбден сұйылды.

"Сұйықтан пәтуа тапшы", – деп,
Тапсынып тағдыр бұйырды.
Бұйрық түбі – бұрысты,
Бұрыстың түбі ұрысты,

Ұрыстың бұлты ұйысты ,
Ұрысқақ шошып жылысты.
Жылысқы мінез жымысқы,
Жымысқы іске жыбысқы,

Жыбысқы сүйер сыбысты.
Сыбыстың соңы сыпсың-ды,
Сыпсыңды қусаң – шып-шындық.
Шындықтың түбі – зымыстан,

Батпайды сосын дұрыс күн,
Атпайды сосын дұрыс таң.
Әділдік күтпей бұрыстан,
Пәтуа күтпей ұрыстан

Жөн болар ма екен жылысқан.
1988.
* * *
Шау тарыппын, шамырығыппын,

шалдығыппын, шаршадым,
Мен келгелі алағай да,
былағай да бұл дүниеге қанша күн?!
Бұлыңғырлау сар сәскеде түскен екем жарыққа,

Содан ба екен,
көзімді ашсам – бұлдырайды әр таңым.
Бәрі күңгірт, бәрі күмілжі, бәрі-бәрі бұлыңғыр,
Жарқырап бір таңым атпай,

шықпай қойды-ау күнім бір.
Түс кезінде бір жылт етіп бұлттан шыққан күн көзі
Бесін болмай зып береді –
неткен мойыны жұлынғыр?!

Сусылдаған су аяқтай сұрқия екен бұл тағдыр,
Қайда барсаң – алақ-жұлақ,
қыбыр-сыбыр бұлтақ жүр.
Бұлтақтаған бұлтың дүниеде бұлталаңға салар ең,

Көз аштырмас көк тұмандай
күдік-күмән қымтап жүр.
Қия жардың қия шеті маған ылғи бұйырған,
Ал тауып көр адаспас жол қиыр менен шиырдан.

Құз шегінде құлап кетпей сәл-ақ қалып тұрамын,
Бір қарасам сирек сәтте сұрғылт тұман сұйылған.
Сол баяғы сонар қымтап солбырайған қырау күз,
Бір қапталым – мүлт бассам,

мүрдем кетер шыңырау құз.
Қалай ғана қасқыр тартпай қанғалақтап келеді,
Жақыбайдың жалғыз төлі жоғалса да сұраусыз.
Тәубә, тәубә, көкте тәңір көзін дұрыс салғанға,

Дәл мынандай бірін-бірі қылқып салып
жалмаңдасқан жалғанда
Азу тісін білеп жүрген арландар да ашқарақ
Тоқты менен торым емес,

Сонша құмар болғанға
Майса құйрық бағланға.
1988.
* * *

Маған біткен тағдырдың тұзы неткен ауыр тым,
Батпан-батпан жүк артып, арқам да әбден жауырды.
Күні-түні бас қатты қайтсем селкеу шығармай,
Риза қылып өтем деп дос түгілі жауымды.

Қылмайын деп ешкімге қылдай тіпті қаралық,
Жүрегімді бітіргем тілім-тілім жара қып.
Сонда да қойды арылмай басымнан бір қара бұлт,
Араға жылдар салғасын тұрады қайта оралып.

Тыншып еді шығыс бет...
Аунақшып кетті ауған жақ.
Тілдей қағаз шақырту...
Отырғам сонда қайран қап:

Дүниенің жыртығын жамауға мені қойған ба,
Жұрт жүргенде сайранда, жөнелмекпін ойранға...
Өтіп еді ол күндер, бітіп еді жарасы...
Кешіп келем бәрібір от пен судың арасын.

Ести-ести ес шықты кіжінгендер наласын,
Тапсынғандар табасын, жатсынғандар жаласын.
Күстәналар мұншама – озып кеткен бағым жоқ,
Қыстағандай соншама – қызықта жүрген шағым жоқ.

Бар айыбым – базарда бағымды жұрттай сынаппын,
Жүре бермей жырақта жатқан сонау сағым боп.
1988.
* * *

Тағдырдан қайта-қайта жесем таяқ,
Көремін талайымнан некен-саяқ.
Оңаша оқшау кетіп ой толғаймын,
Құлаққа кірмесін деп бөтен хаят.

Көптің аузы қияңқы, пейілі оғаш,
Жолап кетсең былғайтын күйелі ағаш,
Саяқ кетсем, сайтандар сайрандаған
Үйірімен үркітер-үйіңе қаш.

Үйге безсем, көңіл ит көше кезіп,
Тереді неше секем, неше сезік.
Үміттің үлбіреген нәзік гүлін
Күдіктің көн табаны кетеді езіп.

Көп жүрген жердің бәрі абыр-сабыр,
Жоламас айқай-шуға иман-сабыр,
Жолығар әулие де киесіне,
Жер жұтса, елден безсе, тапса қабір.

Содан ба екен, жаралған жаратқан хақ
Жұп жуытпай, жап-жалғыз, о бастан тақ.
Көппен жүрсең – көлгірлік көлі жұтар,
Жақ болар жалғыздыққа болса ақиқат.

Шындық тақ, өтірік жұп, айла егіз
Айқұшақ аймаласқан фәнилік із.
Бақиға басың жалқы аттанасың,
Өзіне ұқсас жаратқан озалда иеміз.

1988.
* * *
Басым мынау, шашым қырау, көз бұлдыр,
Баяғының солғындау бір сүлдері.

Көмейімді көптен тұрған сөз құрғыр
Кәрі ағаштай қайта бөртіп бүрледі.
Бүр де бір күн бүршік болып ашылып,
Көбелектей үлпілдеген гүл шығар.

Баяғыда қалған жүрек жаншылып,
Қайта тулап, бұлқынар да жұлқынар.
Жұлқынғанмен не тындырар ол бейбақ,
Сау басына сұрап алар сақина.

Кәрі тұғыр мұрттай ұшса жол қинап,
Бекер дәме бейнетіңе тати ма?
Татымаса, татымасын – тартпаймын
Тап-тап берген тарпаң көңіл шылбырын,

Біліп кетсін тірлік жоғын арқайын,
Қиял иттің бұлдырын,
Дүниенің тұлдырын.
1993.

ӘЗІЛ ӨЛЕҢ

Майда сөйлеп, майса күлген мамық жеңгем екенсің.
Тәнті етем деп тамсандырсаң,
Тарпа бас сап, тапап-жайпап кетем шын.
"Тәйіт!" – дей алмай кетерсің,

Тамсанумен өтерсің.
Тәтті болса – тағы-тағы таудай құлап үстіңе,
Көзіңе әкеп көрсетер ем жер мен көкте күштіні.
Ирек сұққан қынабынан изей тартсам семсерді,

Деп қалар ма ең төбеме әкеп жер мен көкті төңкерді.
Төңкеріліп тас төбеңе аспан, түгел атырап,
Қалар едің қайраңдағы қайықтай боп қақырап.
Қақырасаң – қарамастан, қарғып мініп қайтадан,

Қайығыңды қайқаңдатып, қайтармалап айтам ән;
Қайым әнге қайта басып, қайта құлаш сермеймін,
Естен танып сұлағанша сұрапылда тербеймін.
Сойқан толқын солқ-солқ ұрып, солқылдатса тәніңді,

Сойған қауын сияқты қып, суырсам мәйек-мәніңді.
Сұрапылдан сүлдең құрып, мүлдем тарқап құмарың.
Толықсысаң – тағы шырқап тентек сезім ұранын,
Ұмыттырсам сыңғыр-сыңғыр сиқырлана күлгенді,

Су перідей судыр-судыр сылаң қағып жүргенді.
Сусылдама-сұғынармын, суымай тұрып сыбағам,
Қутыңдама – құтылмайсың, шыдамаймын, шыдағам.
Көлбеңдеме көбелектей, көрсетермін көрімді,

Береніммен бір-ақ персем – безінтермін періңді.
Қиындағы қызылыңның қисайтқанша қимасын,
Көк бөрідей көк жұлынып, "көкелетіп" қинасын.
Қуып шығып құйын қылып құйқылжытқан желіңді,

Сауайын ба саумалдай қып сарқылмаған сөліңді.
Жаншиын ба жау туындай қан майданда жеңілген,
Шаншиын ба кек найзамды көмбеңе әкеп көмілген?!
Шатқалыңның шәт-шәлейін шығарайын мүлдем мен,

Түбіттей түтіп, түк қалдырмай үлбіреген бүлдеңнен.
Шатқалыңның шашырап жатқан
түгел атып тағы ағын,
Шашылып қалған етегіңнің шаңын сілкіп қағамын.

Қағамын да – бір ұйпалап төсіңді,
Жиғызармын жиылмаған есіңді.
Алсам сосын тұрғызып,
Айхай дәурен – бұл қызық...

1993.
* * *
Талай барғам таңдай қата құмартып,
Сен күлгенсің, мен таусыла күрсінсем.

Бүйткен күннен біткен ғұмыр мың артық,
Мерт болар ем – өрттей лаулап тұрсың сен.
Қайта барам ғайып перен күтердей,
Тайып жүре бересің сен жолымнан.

Қиям басты, қиямет күн бітердей,
Қиыла бір қарайсың-ау соңымнан.
Сосын тағы түсіп басым бауырға,
Салып барам, сарыққан соң сабырды.

Қос бұрымың қосыла ойнап сауырда
Зытып бердің – құдай мені тағы ұрды.
Өтті дәурен сол кездегі өзіңдей
Есек дәме күйде мені қалдырып.

Кетті жастық сенің сылқым кезікпей,
Алдап көңіл, арбап көзді талдырып.
Солмас гүлді солай бекер солдырып,
Өткізіппіз өрттей қызу уақытты.

Ойсыраймыз ойлап енді болдырып,
Ойнап жүріп опат қылған бақытты.
Ақыл кіріп ақ кіргенде шашыңа,
Алдыма кеп, ақырын бір күрсіндің.

Еске салып сонда төккен жасымды,
Көзіңде енді көмескілеу тұрсын мұң.
Тұрсын, тұрсын, өшірмесін уақыт,
Өш емеспін, еш болмасын сол күнім.

Сол күйінде сол қасірет, со бақыт –
Қалтырайды қолтығымда қолтығың.
Қатар басып қаздаң-қаздаң келеміз,
Қартайғанда қауышқан да бір тәубә.

Сүймей-күймей сүйретіліп өлеміз,
Бір тұрмап ек, бір жатармыз бір тауда.
Қаймыға қарап, қабағыңа мұң артып,
Қажытасың, күрсінемін – күрсінсең.

Қиядағы құзар шыңдай мұнартып,
Қиялымда қыз қалпыңда тұрсың сен.
1993.
* * *

Тұр орнында дүние, жер мен көгім,
Неге мұнша мен осы шермендемін?!
Тұр орнында арқайын ел мен жерім,
Жөн бе осылай теңселіп, сенделгенім?!

Сенделгенім жөн бе екен жан сауында,
Жатса жетіп ғажайып тамсануға,
Қармақ кірген балықтай жемсауына,
Қақым бар ма опынып, сан соғуға?!

Санды соғып, опынар қақым бар ма,
Жансызда ырзық, жанды да ақым барда,
Өкпе айтқаным ажал кеп алқымдарда
Нәр тамызар аузыма жақындарға?

Шерменде емен ешкімге есем кетіп,
Жетіп жатыр қусам бақ, жесем несіп,
Дәлі де емен дау қуған тепеңдесіп,
Жетім де емен: әкем-көк, шешем-бесік.

Бесік лүп-лүп соқтырған жүрегімді,
Көк жарылқап жеткірген тілегімді,
Ақылым нысап керегін біле білді.
Неге шіркеу шырмайды реңімді?!

Реңімді неге осы мұң торлайды,
Кім басынып, апырай, кім қорлайды?
Қорлап көрсін, түбінде бір сорлайды –
Бәрібір бар бүк түскен бір зор қайғы.

Қалай қарық болмақшы қағанағым,
Сұқ жеп жатса төбесін дағарамның,
Жел жеп жатса іргесін сағанамның,
Өрт кеулесе кеудесін заманамның.

Дерт кеулемей тұра ма көкіректі,
Сал бөксе елім біле алмай епті, ретті.
Жау орынына дау қуып тепкілесті,
Жел жағына желбуаз өрті жетті.

Үйренбеппіз бір жүріп, сөкпей, демей,
Алла берген ырзықты төкпей жемей.
Жерде, жұртым, мерейің, көкке өрлегей,
Көкте тәңірім бергенін көп көрмегей!

Жеп кетпегей жемісті жел мен желік,
Жеңіс туын желек қып серменбелік.
Желікті елді жеткізбей пәрменді ел қып,
Қайдан өшпек кеудеден шерменделік.

1994.

ТУҒАН ЖЕРГЕ БАРҒАНДА

Шытыра аппақ шыңдары
Шыр айнала қоршаған.
Бытыра сусыл құмдары
Бұлтия шөккен ортадан,

Мырзайыр деген жер бар-ды,
Мен үшін жердің кіндігі.
"Екпінді" деген ел бар-ды,
Желпілдеген түндігі.

Қып-қызыл еді жалауы,
Қытымыр еді заманы.
Шектеулі болып амалы,
Шерменде еді адамы.

Шеттеу жүрер шекіспей,
Шегедей мығым бір жігіт.
Кетіспей де, бекіспей,
Тобадан ғана қылды үміт.

Атаға біткен мол дәулет
Ортаға түсті маңырап.
Атадан өрген көп әулет
Жалғаспады жамырап.

Түнде түске кіреді
Кешегі кеткен дәурені.
Бұзылады реңі,
Көңілге салып әурені.

Тақым шіркін дуылдап,
Сәйгүлікті сағынды.
Көкейде күй шымырлап,
Сайхылықты сағынды.

"Безіп бір кетсем, – дейтін ол.
Бетімнің ауған жағыңа,
Кезігіп бәлкім қалармын
Кешегі ауған бағыма?!"

Кезіп бір кезіп қайтатын
Көшкен бақты таба алмай.
Ыңылдап өлең айтатын
Жауабы жоқ сауалдай.

Баса алмай көңіл алаңын
Тоқырайтын, тоқтайтын.
Сұмпайы мынау заманын
Сылқита бір боқтайтын.

Сылқита бір боқтап ап,
Сұрқия мынау заманын,
Қолына құрық, ноқтаны ап,
Қылатын тірлік амалын.

Сұм заманға кезенді
Сия алмай жүріп жер-көкке.
Шерменде сондай кезеңде
Мен түсіппін жөргекке.

Қуаныпты сабазың
Тірілгендей әкесі.
Даусын көкке созады,
Алдына алып бөпесін.

"Тарқамапты жиыным,
Тәубә, тәубә, тәубә!" – деп.
Жайратты жалғыз сиырын:
"Сауға, сауға, сауға!" – деп.

Жалғыз сиыр жайрады,
Жабырқау қабақ жайдары,
Шешілді тілдің байлауы,
Іргеде қақсып жататын

Қара домбыра да сайрады.
Ерген соң соңға бір "күшік",
Көңілдің кірбің бұлты ұшып,
Түзеліпті ұйқысы,

Оралыпты күлкісі.
Іргедегі ақ шыңдай
Ағарыпты көңілі.
Таудан аққан тасқындай

Тасыпты сабаз сол күні...
Тасысын да төгілсін,
Талталдасын сабазың,
Алдағы күннен не білсін,

Алланың не жазарын?!
Мен түсіппін жөргекке,
Тал бесікті тулатып,
Қабар шашып жер-көкке

Дүние жатты шуласып.
Шуылдаған дүние
Қиырға қиқу төнгізді.
Желкілдеген көңілді

Желдей ұйтқып сөнгізді.
Батысқа тартқан қасқа жол
Қасқайып жатыр әлі де.
Аласұрған көңілді

Жетелей қашып әріге.
Шытыра аппақ шың жатыр,
Есіме салып сол жайды.
Шөкелей шөгіп құм жатыр,

Астына тығып мол қайғы.
Көкжиекте тұмса күн
Күлімдеп бір сыр толғайды:
"Өткеннің бәрі – құр сағым,

Өкінуге болмайды..."
Алабұртып мен тұрмын –
Алғаш рет көргендей.
Қабарытып мен тұрмын –

Әкем бүгін өлгендей.
1994.

ТӨЗІМ ЖЫРЫ

Бүтіннің бәрі тесіліп,
Тесіктің бәрі көміліп,
Бойшаңның бәрі кесіліп,
Толының бәрі төгіліп,

Төгінділер шашылып,
Кесінділер мүжіліп,
Шашынды шаң боп таусылып,
Мүжінді күл боп үгіліп,

Шаң шашырап бозаң боп,
Күл шашылып тозаң боп,
Тұтастар түгел тұтылып,
Толылар тегіс жұтылып,

Айлалылар ұтылып,
Айбарлылар мытылып,
Майса толып шалғын боп,
Майда бойлап балғын боп,

Қайтқанша кеткен қапылар,
Ес жиғанша запылар,
Көгере қоймас көсеге,
Түзеле қоймас пешене,

Ортая берер бұл тірлік,
Орнай қоймас бүтіндік,
Жел желігіп, бұлт бүркіп,
Желпілдей берер бұл түндік.

Желкелей берер бұл заман,
Жетелей берер шырғалаң.
Шытырман болар сыбағаң,
Шығады аман шыдаған.

Төзімнен басқа жоқ шараң,
Өзіңнен басқа жоқ панаң.
Қолтыққа су бүріккен,
Тақымға ине жүгірткен

Елбеңдерге елікпе,
Желбендерге желікпе
Түспейін десең өртке.
Бөрлікпе де, бөрітпе,

Тұрғанда соңғы сынақ қап,
Шыдап бақ, қазақ, шыдап бақ!
1995.
* * *

Сырласарға қара жоқ,
Мұңдасарға дара жоқ,
Жыртылар ма екен бұл жүрек
Бір күні пара-пара боп.

Қастың ғайбат сөзі етті.
Дос бопсасы мезі етті.
Өңмеңдеген өкініш
Өртеп барады өзекті.

Елеуредім "ел" деп мен,
Желеңдедім "жер" деп мен
Тіл үшін тартпай тілімді
Сайыстым сансыз жендетпен.

Елең қылмай ел мені,
Жерге тықпақ жер мені,
Тілдеп жатыр тіл шіркін,
Сонда неге сенгенмін?!

1995.

БАЛЛАДА

Құйынындай бесіннің
Құтырып жетті бір сұмдық.
Еш болды да есіл күн,
Әке-марқұм, ұл-мұңлық.

Құйын кетті құйғытып,
Әке қалды құм құшып.
Жер шұқиды жетім ұл
Жер шолмаған үй күшік.

Үй күшік үміт үрейлі,
Біле алмай кімге үрерді.
Үнсіз кешіп тіршілік
Үлес тимей түнерді.

Төбет болды – топқа ерді,
Төгіп те көрді көк терді.
Ол көздеген көк бөрі
Өзге бір азу бөктерді.

Қартайды, қайтты арыны,
Қажыды, қатты арыды.
Қарғаны қапты қасқыр деп,
Бұта деп бұтқа сарыды.

Шекесін шыбын шымшылап,
Іздейді кілең күн шуақ.
Ұйықтағанда ырылдап,
Оянады қыңсылап.

1998.
* * *
Табалаймысың, тәйт, әрі!
Тағдырым, көп-ау айтарың...

Қапы кетсем, қайтесің,
Бермексің бе қайтарып?!
Қайтып келмес, байқайық,
Бір кеткен соң қайқайып,

Қайран дәурен – қайсар ер,
Қарамас артқа шалқайып.
Кеткен күннен үз күдер,
Келер күнді күз білер.

Жайнаған жаздай жас дәурен
Өзгенің көзін сүздірер.
Сүздіріп көзін басқаның
Фәни шіркін қас-қағым

Лақтырар алдына
Бақи деген қақпанын.
Сайын белде сарғайып,
Жатқан жоқ шалдар мал жайып,

Тезектей төгіп кеткен-ді
Тіршілік атты сал қайық.
Солардың бір жақ қасында,
Желтөбенің басында

Сені де күтіп бір төмпек
Көптен жатыр, расында.
Кездігін кезеп ажал тұр,
Түтігіп түрі азар тұр,

Қобалжыма оншама,
Шалжия құлап жата кет,
Кесіп алар болса да...
1998.

* * *
Қобалжимын құр аттай құрағытпай,
Құз басынан құлжадай бір-ақ ытпай
Бөкендеймін бөксесін бөрі тартқан,

Бүлкілдеймін бүкшеңдеп, тұра зытпай.
Сығалаған сүр мерген сұсты қабақ
Сұр жебенің ұшына үскі қадап,
Сай басынан садағын тартып қалса,

Сап болады жел көңіл, өксік, азап.
Сол сұр мерген сықсиған кәрілік пе,
Үкіміне қоймаған әлі нүкте?!
Қалса болды қызғалдақ қызыл ерін,

Басқасының бәрін ал, бәрін үпте.
Қырмызы ерін, керме қас кербездерім,
Кездессеші-ай кезеңнен кез келгенің,
Ебін тауып, емдеп кет көз көргенің

Бебеулеткен безгектей безгелдегін.
Ебін тауып емдемей көз көргенің
Бебеулеткен безгектей безгелдегін,
Көрінбеді кермиық кербездерім –

Білдім енді дүние өзгергенін.
Жалт еткендей оқ тиіп жамбасымнан,
Жалт қараймын шыққандай жау қасымнан,
Көзін салмай көшеде өте шықса,

Көлеңдеген күлім көз дәл қасымнан.
Дәурен қайда шалқыған кең өлкедей,
Оны ойласам – сөз сұрғылт, өлең кедей.
Кермиықтар кешегі ебіл-себіл

Бұлтты күнгі бұлыңғыр көлеңкедей.
Құлазиды-ай, көңіл ит бұйығады-ай,
Базар тарап, бос қалған Хиуадай.
Қыршын жастық қылт етіп ғайып бопты,

Қылғып салған қыз еріні миуадай.
1998.
* * *
Қаратауды қапталдаған қара жолдың бойында,

Жаңбыр жауса, су қалқыған ақ тақырдың ойында,
Қақырайған қара нардай қайқы өркеш биік тұр,
Жаңа түріп жібергендей бас бұйдасын мойынға.
Сол биіктің шақыр-шұқыр тасын басып абайлап,

Өрмелесең, күдірейген өркеш тұсын маңайлап,
Қалақ тастан қалай-солай қалай салған көп төмпек,
Көре қалсаң – қоя берер жүрек сыздап, қан ойнап.
Сол төмпектің оңашалау жел жақ бетте шетіне,

Жата кетсең, аяқ созып, ақырғы рет есінеп,
Көкірегіңде көптен түйнеп келе жатқан ет жүрек
Жүре берсе өз-өзінен сөніп, семіп, сетінеп.
Жан-жағыңда қыбыр-қыбыр көзге таныс тіршілік

Жон арқаңа жыбыр-жыбыр оттай ыстық нұр сіңіп,
Жатсаң, шіркін, жайбарақат, өткен-кеткен маңыңнан
Атыңды атап, бетін сипап, қойса, шіркін, күрсініп.
Тағдыр найсап тәйтіктенбей, тап осындай тапса ақыл,

Табылған іс болар еді-ау ол да, шіркін, мап-мақұл,
Қашанғы біз тозған доптай ойдан-қырға домалап,
Болмақшымыз борбайының арасында қақпақыл.
Жүрек неме сыр алдырып, сыздайтынды шығарды,

Еске салып өткен-кеткен қанбай қалған құмарды.
Оған бола өкінудің өзі де енді есерлік,
Ең дұрысы – есің барда күдер үзген сыңайлы.
Болды, болды – ендігінің бәрі дақпырт, бәрі өжең,

Түк те емес, тәубәң болса, таудай бақыт, дәрежең.
Қатпар-қатпар көкірегіңе бас сұғайын, тыншытшы,
Қайран менің Қаратауым - қатып-семген кәрі әжем...
1998.

* * *
Біздің ауыл мекені таудың күнгей беті еді.
Шыжымдай аққан бұлақтың шөкімдей егін етегі.
Түрулі тұрған іргеден самиян самал еседі,

Қулық бие сүтіндей саумал аңқып кетеді.
Күлтеленіп бас жарған көк жүгері жайқалған
Көк теңіздей толқиды желді күні шайқалған.
Сол жүгері ішінде қолдан үйген төмпек бар,

Сол төмпектің үстінде секеңдеген тентек бар.
Қолында – қыл сақпаны, сатырлай тиіп атқаны,
Шүйіле қонбақ торғайлар дүркірей безіп жатқаны.
Желпілдеп қос тұлымшақ, өзі де бір ұрыншақ,

Желіден қашып ойнаған желкілдеген құлыншақ.
Көлеңдеген етегі көбелек болып кетеді,
Көлеңке қуып жүргендей көлбең-көлбең етеді.
Сарт та сұрт тас атады.

Сартыл қағып жатады,
Кейісі тиіп іргеме, кейісі тиіп үзікке,
Үйімнен безіп шыққанша таусылмайды шатағы.
Мен түйемін жұдырық, ол қояды жымиып,

Жанарында күн ойнап, езуіне нұр ұйып.
Білдірмей кіріп егінге, шөп жырса да, шегінбей,
Ту сыртынан бас салып, қапсыра құшып белінен,
Қадалсам деймін әй-шөй жоқ

қызғалдақ қызыл еріннен...
Сездірмей барып шап бердім,
шапалақ жедім, жалт бердім,
Бұлқынып ол да бұлт етті, көзінде бір шоқ жылт етті,

Ашу ма, жоқ па – білгім жоқ, ақ шабақтай ілгім кеп
Тағы да тарпа бас салғам,
жалп ете қалғам шалқамнан,
Құлап түстім ұзыннан, жуып кетті қызыл қан,

Көк егіннің қияғы пышақтай тірсек қияды.
Қасыма келді жүгіріп, сөйлей алмай мүдіріп,
Жанарына жас шапшып, не істерін білмей кідіріп,
Сақ-сақ етті тісі аппақ, үстіме құлап құшақтап,

Аймалап кеп жылады.
Құпия сырдың бұлағы
Лақылдай кеп төгілді.
Жұбана алмай егілді.

Шөп-шөп етіп еріні, жарамды сүйіп еріді.
Аққан қан да тыйылды.
Айтусыз бақ бұйырды.
"Кешір, жаным, кешір", – деп, қиналды да қиылды.

"Міне, бәлем, алақай...
Солай ма екен, балақай!"
Айқара құшақ ашып ем, өлердей әбден ғашық ем,
Көне кетті бұлқынбай, көбелек болып жұлқынбай

Өткен соң сол арасат, көзімізді ашып қарасақ –
Жайрап жатқан жапырақ, жаншылып қалған қалақай.
Тызылдаған қыжылы – көңілдің қанбас қызығы.
Көкіректен өшкен жоқ сондағы өрттің қызуы.

Орыны тұр әлі қызарып... біле ме екен мына жұрт
Жүргенін сүйткен қалқаның
қай үйдің күлін шығарып?
1998.

ҚҰЗ БАСЫНДА ҚҰЛЖА ТҰР

Асқардың басын шуақтап,
Арнаның басын суаттап,
Арқасын нұрға сылатып,
Айдарын күнге бұлатып,

Сақалын желге таратып,
Шашасын жерге қадатып,
Шаңырақ мүйізін шалқайтып,
Алдыңғы бұтын алшайтып,

Артқы бұтын талтайтып,
Күбідей күпсек ұмасын
Күдірейте томпайтып,
Бұланай таудың басында,

Бұлағай бұлттың астында
Алдына ешкі шоңқайтып,
Артына лақ қалқайтып,
Құз басында құлжа тұр,

Бұтқа толып, зорға тұр.
Бір кезде ол да бұла-тын,
Құралай атты құла-тын,
Құйғыта шауып, жел қуып,

Жазатын қырда құлашын.
Ойнақтайтын, ойнайтын,
Ойынға тіпті тоймайтын,
Көлге қарай жүгіріп,

Шөлге қарай шұбырып,
Көк сағымға бойлайтын.
Жаз басында жамырап,
Құз басында маңырап,

Матауға түсіп, мажырап,
Өмірдің тойын тойлайтын.
Қимай дарқан күндерді,
Самиян самал түндерді,

Айқай салып ит жұмсап,
Қиқу салып құс жұмсап,
Жыраға қақпан құрғызып,
Жықпылға тұзақ ілгізіп,

Күндіз тозаң мінгізіп,
Түнде жарық сүзгізіп,
Шүріппе басып сығалап,
Құз-қияға қуалап,

Етпек болып қуырдақ,
Еліре қудық дуылдап.
Қаша-қаша сұм болды,
Көзден ғайып жым болды.

Құзға қусақ – жымысқы
Қияға әрлеп жылысты.
Шыңды жайлап үйренді,
Тас мүжіп-ақ күйленді,

Тасаға барып бас бұғып,
Оқ кезесең – қас қылып,
Иісіңнен танып қап,
Асқарға қашар алыстап.

Айқай тастың басынан,
Шыққан күннің қасынан,
Желге төсеп өкпесін,
Саған тосып бөксесін,

Төсінің алды далақтап,
Бұтының асты салақтап,
Ойында жоқ дәнеме
Қағанағы қарқ тұр,

Сағанағы сарқ тұр,
Ауызыңа аңқиған,
Маңдайыңа маңқиған,
Жерден қылмақ пәлеңе,

Көктен күткен дәмеңе
Қар аралас қақырып,
Мұз аралас түкіріп,
Жаңбырға қосып сарып тұр.

Бұйыртқанға кенеліп,
Бұйрықтыға теңеліп,
Жақсылыққа жарып тұр.
Құз басында құлжа тұр,

Құдайына ырза тұр.
Ентелесіп етекте
Көздерін сатқан көпекке
Шалқаяды қыр қылып.

Дүние оған қитығып,
Құс шаңқылдап, ит үріп,
Дүрбі салып дүрлігіп,
Қапысын табар шақ күтіп,

Мүлт кетпейтін сәт күтіп,
Зуылдаған бір-бір оқ
Бұта сайын тұр бұқып.
Аспанға қарап ауа боп,

Аңырған топта сауа жоқ.
Бар болғанды жоқ қылған,
Шарадай көзді шоқ қылған,
Дүние, саған дауа жоқ.

1998.
* * *
Тіршілік қай күнде де құбылмалы,
Пенденің ине ұшында шыбын жаны,

Ұшпақ қой ұқпағанға сұм дүние,
Үн қылып ұнтақтайды ұғынғанды.
Естінің есесі еш, кезегі кеш,
Есерге ештеңе де кедергі емес,

Өмір шекті болған соң – бәрі шекті,
Шектен шықпа – деп Ұят берді кеңес.
Шектен шықпай, шеп бұзбай өткен тірлік,
Кеткен есе, еш еңбек – енді білдік.

Ұят салған ақ кісен аяқтағы
Құр қалдырды қызықтан кемді күнгі.
Өтер-кетер кемді күн бекер дәурен,
Елеңдетіп әр неге етер де әуре.

Әуре болмай, әуейі көңілге еріп,
Тыныш жүрген дұп-дұрыс екен бе әлде...
Не де болса, жетіппіз жер түбіне,
Кір шалдырмас кісілік серті, міне,

Күпірлікті көгендеп көңілдегі
Бірге алып кетерміз көр түбіне.
Пері жайлап алса да жердің жүзін,
Періштеден бетер боп келдім түзік.

Үйірсектік көрсетпей пейіште де,
Үркітіп ап жүрем бе үрдің қызын?..
1998.
* * *

Ел болмақтың орынына –
Бара жатыр ел іріп.
Ойланбақтың орынына –
Жүргендер кеп еліріп.

Сахарада тудық па,
Сағымды көп қудық па –
Желпіл қағып шығамыз,
Етек-жеңді жел үріп.

Желпілдедік, желпіндік,
Шетімізден жел кіндік.
Ішті тесіп барады
Кемді күнгі еркіндік.

Еркін ойлау орынына –
Еліре сөйлер бейпілдік.
Аузымызбен тау жығып,
Тілімізбен жер тілдік.

Басқаны көрсек жағынып,
Бастасты көрсек қағынып,
Тұрамыз дау сағынып,
Жақыннан жау табылып,

Жақсы сөзге тарынып,
Жаман сөзге жарылып,
Жылтырды көрсек табынып,
Жылосқа ердік сабылып.

Мың жыл тұрып ұйымай,
Жүз жыл қайнап қойылмай,
Шашырадық, шашылдық
Құсқанбастың шоғындай,

Түзде шілдің боғындай.
Мәшурасынан мән кетіп,
Мәйегінен мәз кетіп,
Су шалаптай шылдырап,

Қу бұтақтай сылдырап,
Қара суық соққанда
Қаптай қашқан тағыдай
Ойдан қырға құлдырап,

Бұралқы сөзге бұлдырап,
Осынша аңғырт болардай
Осқырынған біздің жұрт
Бұ құдайға не қылды-ай?!

1998.
* * *
Қайдағы қайда жоқтан дау шығып жүр,
Қайраны бұл ағаңның таусылып жүр.

Қаймана "ағайын" да қасқыр болып,
Қапталдан қармай шауып қаусырып жүр.
Көбейді көксейтіндер ызы-қиқы.
Көбінің көкірегі қиқы-жиқы.

Көбік у көміп алған көмейлерін,
Соны айтсаң – ой қысырап, бұзылды ұйқы.
Бұлқынып бұнша ғасыр бұқалықта
Әлі күн шыға алмаған бұлалықтан.

Бұралқы ой, бұзық сөзге бой алдырып,
Шырқ бұзса – шырқырарын ұға алып па?!
Сол жағын отырғам жоқ ұға алып мен,
Сондықтан, теріс жақтан шығарып дем,

Кері тартқан көткеншектеп көп көсемдер
Бастамақ қалай қарай сыбанып жең?
Керек деп бәрімізге бақ пен бақыт,
Не шықпақ айқасқанда арды сатып.

Обал жоқ мынау елге, соны ойламай,
Жүрсе егер есерге еріп арам қатып.
Алаш жоқ ақыл табар алқаласып,
Жатқаны жаға жыртып жанталасып,

Кез келген қу жақ ертіп қутыңдасты
Болмай-ақ бес бересі, алты аласы.
Апырай, көрер көзге азады жұрт,
Шетінен пысығы арам, адалы қырт,

Айтсаң еш, айтпасаң кеш, амал құрып,
Жаныңды шарасыздық барады үгіп.
1998.
* * *

Жамыраспай, жағаласпай, жараңдар-ай, тоқтаңдар...
Кеуде керіп, кеңірдек жыртып, көкіректі соқпаңдар.
Даурығысып, дәлірісіп, дәупірімсіп жүргенмен
Жасаған өзі әуелде бізді жаратыпты жоқтан бар.

Жоқтан бар қып әуелде бізді жасаған өзі жаратқан –
Жымиған ерін, жарқылдақ жанар,
жайдары жылы қабақтан,
Қапыда тап боп, ғапылда сәт боп,

бар болып содан кеткенбіз.
Көретін жарық нұр болып дарып,
жадырап жайсаң таң атқан.
Жарқылдай күлсек,

жадырап жүрсек – жан-жағымызға ұнармыз,
Жадыра таңға, жайдары жанға,
содан да, бәлкім, құмармыз.
Жүздегі күлкі,

жанардың жылты сергітіп мұңды, серпілтіп түнді
Көңілді бірлеп,
көсеге бүрлеп – көгеріп жатқан шығармыз
Қанағат білмей, қайғы іліп зілдей,

зарлана берсең – арман көп,
Көрінер тіпті жер бегінде тірі
жүргенің де жалған боп,
Түксиген қабақ, түнерген жанар тізгін алса түгіп жеп,

Етпей қоймас ақыр түбі қайтадан бізді бардан жоқ.
1998.

ШИМҰРЫН

(эллегиялық баллада)

Ай далада екі үйді айқара түрген есігін,
Кештік-ау сол түн не күйді, ересектер кешігіп.
Той ма әлде аза ма – көрші ауылға кеткен-ді,
Ұзын сары күн батып, қытымыр қара кеш келді.

Төңіректе тірі жан көрінбейді, түн жым-жырт,
Көкжиекте қара дөң сең соққандай тұр мүлгіп.
Қутыңдаған Құтаяқ – о да кеткен жиынға,
Оңаша қалдық ұл мен қыз – іс айналды қиынға.

Батыс жақта қыз үйі – уыздай аппақ үзігі,
Шағас жақта ұл үйі – күмбірлеген уығы.
Қыз қарайды іргеден түнерген тұнжыр түз жаққа.
Мен қараймын іргеден абыржыған қыз жаққа.

Ол да отыр қиналып, мен де отырмын ұялып,
Қаусыра түсті қараңғы қара тоны шұбалып.
Қалыңдай түсті қараңғы, көбейді көңіл алаңы,
Жым-жырт түнде сәл сыбыс селт еткізе қалады.

Ауылдың сырты шілікті, шығарды шілік бүлікті,
Сол жақтан сыбдыр көбейіп, күшейте түсті күдікті,
Шіліктен әрі сор еді, аумағы да зор еді,
Жайлайды дейтін сол сорды шимұрын – қан қорегі.

Қашады дейтін жылқыдан, сасады дейтін төбеттен,
Босады дейтін шимұрын тарықса аңсар қоректен.
Табылмаса қорегі – ауылды торып кезеді
Табыла қалса қорегі – арқаға салып безеді,

Дейтін сөз түссе ойыңа, аяз шапшыр бойыңа,
Түршігіп денең кетеді, мұз тыққандай қойныңа.
Шілік жақта сыбыс көп, басқа жақта дыбыс жоқ,
Отырмыз бір уыс боп, тығыларға қуыс жоқ.

"Қалайсың?" – дейді қиылып,
"Отырмын", – деймін, – бұйығып".
Барады жүрек жиі ұрып, барады сабыр сұйылып.
"Бері кел", – дейді қысылып,

"Жарайды", – деймін түсініп,
Түндігін үйдің түсіріп, зәремді түн ұшырып,
Есігін зорға тапқаным, ентігіп әзер аттадым,
Босағадан аспадым, төрге қарай баспадым.

Түрінің көріп аппағын, сұсының көріп қашқанын,
Немене болып қалды деп, қаралай әбден сасқаным,
Жалма-жан оған ұмтылдым, "жолама" деп жұлқынды.
Тежеп тентек құлқынды, кеуде тұсым бұлқынды,

Томпайтып алып ұртымды,
бере алмай қызға сыртымды,
Томсырайып мен тұрмын, тымсырайып ол тұрды.
Сырттағы сыбдыр көбейді, көз шарасы кеңейді,

"Қорқамын", – дейтін қыз шіркін "
қасыма кел" демейді.
Құлақтың түбі күңгірлеп, барады дүние дүбірлеп,
Бірдеңе деймін міңгірлеп, бас шайқады ол дірілдеп.

"Қорықпа" деймін ұмсынып,
"жоқ-жоқ" дейді ол қымсынып,
Екеуміз дір-дір етеміз, кеткендей боп ұшынып.
Молайды сырттың дүсірі, зәрені әбден ұшырды,

Шыр айналып шимұрын үй торып жүрген сықылды.
Дүңк-дүңк етіп барады, дүсірі құлақ жарады,-
Діңк-діңк етіп сұмпайы келмесе кіріп жарады.
Қыздың қашты тағаты, шама жоқ кірпік қағатын,

Жас шылап көз шарасын, жыламсырап қарасын...
Жүгіріп келіп тағы да, бауырыма сұғынды,
Үрей мен бақыт бір тап боп, сандалтты сана-ұғымды.
Құрып кеткір шимұрын үй торып солай жүрсе екен,

Қалш-қалш еткен қалқатай құшаққа әбден кірсе екен.
Атпай-ақ қойсын таңы да, шықпай-ақ қойсын күні де,
Тұрса болды осылай өң мен түстей дүние.
Жүрек дүрсіл қағып тұр, құлақ бітіп қалыпты,

Әзер-әзер естідік сырттан шыққан дауысты.
Қалып едік жабысып, қойып едік табысып,
Ажыратып жіберді-ау әңгірлей шыққан таныс үн.
Кәукілдеді үлкендер, әупілдеді

Құтаяқ, пысқырынды аттар да,
Қалт-құлт еткен тәуекел ала жібін арманның
аласұра аттарда,
Төрге қарай ол қашты, мен есікке жармастым,

Сол қапия қара түн өкінішке жалғасты.
Қойсайшы тағдыр бұйрығын,
жеңгетай болған шимұрын
Ат дүбірін естіп,

зытып берген сор жаққа, шолтаңдатып
құйрынып.
Әй, жексұрын шимұрын...

1998

* * *
Далиған, қайран, далам-ай,
Жиылмайды-ау етек-жең.
Аңғал өскен баладай

Құқай көрмей бөтеннен.
Қиырдан қара көрінсе,
Шауып барып таныстың.
Бұрылуға ерінсе,

Шаужайына жабыстың.
Көсілте жайып төсекті,
Көлкітіп қазан асқаның.
Білмейсің өзге есепті,

Тойдырсаң болды басқаны.
Мейманның мұрты майланса,
Шырадай көзің маздайды.
Бел шешіп, әбден жайланса,

Әңгімең шоқтай қоздайды.
Айтатын кеп жетеді,
Изесе болды иегін.
Бәрі де иіп кетеді

Алпыс екі жүйенің.
Қонуға ыңғай білдірсе –
Ұсынасың төріңді,
Жүруге ыңғай білдірсе –

Ақтарасың теңіңді.
Иыққа жауып, белге орап,
Ұстатасың қолына...
Артынан қол бұлғалап

Аттандырасың жолына.
Қимасыңдай қия алмай,
Қиыла қарап қаласың.
Өз төріңе сия алмай,

Іргеден жол шоласың.
Қылтиса қырдан қарайған,
Құдайдан тағы құзыр кеп,
Шығасың шауып тағы алдан,

Қырықтың бірі қызыр деп.
Қызыр да әбден көбейген
Түз кезетін сескенбей.
Ғайып перен қырық шілтен

Түгел босып кеткендей.
Отырдың ақыр тақырға,
Тұлдырланды іргең де.
Айналдың өзің пақырға

Айнала жат боп бүргенде.
Шідердей ирек иір жол
Тірсегіңді кесті енді.
Кісендей суық темір жол

Қиып түсті бөксеңді.
Шұбаған баған түздегі
Мойыныңнан ілді тұзаққа.
Жан-жақтан қара іздеп ең –

Қуып тықты тозаққа.
Босағаңнан бас сұғып,
Төріңе шығып тапсынды.
Жағаңнан мытып тас қылып,

Қуырды әбден апшыңды.
Қуарып қапты піспегің,
Құлазып қапты көгенің.
Ірің бопты ішкенің,

Желім бопты жегенің.
Далаңбай менің далам-ай,
Дәнің ұшқан, қауызың – бар.
Ақымақ болған баладай

Аңырайған ауызың бар.
Аңырайған сол аузың
Аңқаюмен өте ме,
Нұқығаны заманның

Аз болды ма шекеңе?!

1998

* * *
Шалқыған кеше төре бүгін ғарып,
Жүр дей ме мына заман тілімді алып,
Сыртымнан сыпсыңдайды сыншы ағайын,

Онсыз да тұр жүрегім сығымдалып.
Барады сығымдалып ет жүрегім,
Бұл құлақ не сұмдықты естімедің?
Тәңертең жазық жатса қас-қабағым,

Жабыңқы жауар бұлттай кешке реңім.
Күйініп күлдей болып келем үйге,
Ұғатын бір пенде жоқ, мен не күйде?
Өкпені өсекке орап бұрқыратып,

Әлеуреу де өнер ме, япырай, – бұл не?
Ес болса, есе қайда, намыс қайда,
Жалына замананың жабыспай ма?
Тарланын тәуекелдің таңдап мініп,

Әркім өз талайы үшін алыспай ма?
Есесін кім қайтарар ерінгеннің,
Телміріп езуіне көрінгеннің,
Жеті мүше сау тұрып, сауға сұрап,

Сандалардай қайдағы көрім келді?
Апырай, қайдағы бүл көрім келді,
Жыбырлап жоғарғы еріні, төменгі еріні,
Баққанша бақырайып басқа ауызды

Бел буып төкпей ме екен маңдай терді?!
Неғайбыл арам дәулет басқадағы
Қызғаншаққа ақ адал ас болары.
Өнбесті ойлап, келмеске келеке боп,

Кеше ғана кешпеп пе ек масқараны?
Қиын ғой, кетсе ақылды кесір билеп,
Жармасып бір-біріне тілін түйреп.
Онсыздағы тағдырдың тар соқпағы,

Иттің дәрет ізіндей ирек-ирек.
Аз болғандай арттағы сол бұралаң,
Көп бүгін де із баққан, қол бұраған.
Көз сатқандар жем болып сөз сатқанға,

Көп бөскенге құл болар көп жылаған.
Сөз азайтпас шер менен шемендерді,
Көбейтпесе көңілде көбеңдерді.
Пақыр жұрт қой аңсайтын батыр, ерді

Кемел ел керек қылмас кемеңгерді.
Шіркін-ай, бола алсақ қой біз де сондай,
Баба бағын байлаған ізге қонбай,
Көз жасы емес, көк терден көл жасасақ,

Көктемгі бақ тұрар ед күзде солмай.
1998.

АЛПЫСҚА АЯҚ БАСҚАНДА

"Алпыс, алпыс" дегені осы ма еді,
Қалтаңдаған талтақ бұт мосы ма еді.
"Бір кең сарай" деп жүрген дүние шіркін,
Құлазыған қойшының қосы ма еді?

Жайнақтаған жаз жайлау көшкені ме,
Ойнақтаған от дәурен өткені ме.
Көкжиекті бұлыңғыр мұнар қымтап,
Күңгірттеніп күз шіркін жеткені ме?

Бұлтарғанға қоймас ол ұрынған соң,
Құла дүзге көшкендей Қырымнан соң,
Белгілі ғой келешек, көштің басы
Көң сасыған қораға бұрылған соң...

Не болыпты бізге оны ұқпастай боп,
Өте шықты дүние түскі астай боп.
Сумаңдаған суырдай сусыл жылдар,
Інге кіріп алмақшы шықпастай боп.

Басы қылаң дүниенің соңы шылаң,
Жан мен тәнге салатын талай лаң.
Бұлғақтаған бұла күн өткеннен соң,
Көзден бұл-бұл ұшады былаң-сылаң.

Былаң-сылаң өткенмен бұл антұрған
Тірлік дейтін түртіншек лаң тұрған.
Қай-қайданы еске сап елегіздіріп,
Арт қимай, алдың қинап, алаң қылған.

Қиналғанға қыңқ етпес қиын дәурен,
Былтырғыдай бола алмас биыл дәурен.
Дәме безіп, дәт бекіп, көңіл мұқап,
Беймәлімге бой ұрар тыйылды әурең.

Осы болар ойсырап тоқтасқаның,
Опыныш ошағынан от басқаның.
Қашық емес қасына көшер күнің
Көктөбеде көлбеген көп қасқаның.

Біз қалмасақ, қалмайық – дүние қалсын.
Бізден соң да талайлар күйіп-жансын.
Арман қуып, арды ойлап, алас ұрып,
Аймаласып, айқасып, сүю қалсын!

Бәрі қалсын тірліктің, бәрі қалсын,
Барар жерге алдымен кәрі барсын.
Жаратқанның жарлығын екі етпейтін –
Жарық күнді қимаған әні қалсын!

1998.

ТҮС ПЕН ЖОРУ

Алпысыншы жылдар. Жазушылар Одағы. Үшінші қабат үстегі. Сол жақ қанат. "Қазақ әдебиеті". Қоңыржай бөлме түптегі. Алпамса ақын. Талдырмаш сыншы. Тамақ үсті. Түс кезі. Екеуара әңгіме. Сөйлеген бала. Тыңдаған жігіт.

Көлгірсіген ешкім жоқ.
Көңілдің көлін ит жаламаған.
Мінездің де тік кезі.
Сондағы мынау айтылған гәп бүкпесіз:

Созылып кеткен соғыстың сорығып біткен көз жасы,
Сор маңдай со жаз, со қысты ұмытпаспын өз басым.
Маңғыстау маңғаз мандайын көк теңізге тірейтін,
Шап беріп ұстап шаужайын кек өгіздей ірейтін.

Үшкіл түбек үскідей ұшынтып кірер ұшында,
Үш аппақ қия – үш дүлей – ұмсына тоқтар тұсында:
Шыттай аппақ Шытша мен Өңез жұққан Өңеже
Едірейген есердей еңгезердей Ембіге

Шыбындаған жылқыдай шұрқырап барып бас ұрар
Өкпе тұста өлкейік созыла біткен Қапы бар.
Аждаһаның аузындай айқара ашып аранын,
Көк желкеңнен төнетін күдірейтіп қабағын.

Сол Қапының езуі – үріккен жылқы сияқты
үйме-жүйме әулие.
Қай кезде қалай орнаған қай шайхы, қай әмбие –
Шаруам не – шалдықтым, шарапатынан дәм еттім,

Арып-ашып бардым да, аруағына тәу еттім.
Көне қорым... Күнгейде көне сайғақ күн жеген...
Жылт-жылт етіп тал шырақ маздап шықты түнменен.
Арқардың арса мүйізін айқара құшып алдыма ап,

Ақар-шақар тауларға қараумен болдым абдырап.
Ұшпа таудың басынан, жоқ үрейлі үңгірден,
Айдын сордың қасынан, жоқ құмайттан – кім білген,
Шу-шу етіп бөрі ұлып, шәу-шәу етіп түлкі үріп,

Селт етпейтін секпіл тау сездіріп бақты мың құлық.
Ши бөрі шулап, айлы түн, аңылжыған кеңістік,
Қапталдан қалың бұтаны қаптатады "неміс" қып.
Шырқ айнала қоршап ап, "қолыңды көтер" дейтіндей,

Көтермесең қолыңды, көтеріп ұрып жейтіндей...
Зәрем қалмай барады зәнталақ мынау елестен,
Ай даланың аңынан адам жаман егескен
Бұндайды кім ойлаған, бұндайды бұрын кім білген,

Құлақ шулап барады абыр-жабыр, күңгірден,
Атып тұрып орынымнан, жөнелер ем алысып,
Белден тартқан мешелдік жібермейді жабысып.
Мешел аяқ... Құяң бел... Аш-жалаңаш мешеу күн.

Қарсы алам деп тап болды жұмыстан
қайтқан шешемді.
Жалаң аяқ жүгіріп көбік қарда көктемде,
Тобанаяқ боп қалдым, қабынышы өкпем де.

Мешелаяқ мелшиген... Аш-жалаңаш мешеу күн
Шығартпай қойды шетіне шұбалған дерт-кеселдің.
Сол түнде де көзіммен көрер таңды атырдым,
Қалғып кетсем-қас біреу қара саннан ойыққа

мұздай суға
батырды.
Шаққа жеттім шалғайда шаңға бөккен шатпама,
Шалқалай түсіп сұладым, жаныма дерт батса да.

Айқасыпты кірпігім, ұйықтап кетсем "құр" етіп,
Үй сыртында кісі тұр... көкшіл шапан, ...сұр етік...
Бып-биязы күлгені... Оң жақ үзік түргені...
Шып-шырайлы жанары...

Шырадай маздақ нұрлы өңі...
Көзін маған тіктеді... Көңілін де бүкпеді...
Жыбырлатып саусағын:
"Келіп кет, бері шық!", – деді.

"Бері кел, – дейді, – балақай"
"Шығып кет, – деді,– сұраймын.
Қорықпа, – дейді, – қошақан!
Мен келіп тұрған құдаймын."

"Құдай-ай!", – дедім барлығып,
қалыпты даусым қарлығып,
Шырт ұйқыдан ояндым, уайым-қайғы қалды ұмыт.
Қарғып тұрдым орнымнан, атып шықтым есіктен:

"Кешіре гөр, тәңірім, шақырғанда кешіксем!"...
Айдалада қараша үй, маңайыңда жоқ ешкім,
Күлімдеген күн көзі дейтіндей: "Елес емеспін!"
Әлгі бір нұрлы биязы өң күн болып көкке шыққандай

Көтерілді көңілім – аянын хақтың ұққандай.
Содан, міне, келемін, қара жерді нық басып,
Белгілі әлі сол түстің өлмей естен шықпасы.
Айтқанымда бұл кепті марқұм Мұқағалиға,

Қоңыр даусы күмбірлеп, қайтарып еді кәлима.
"Байқа, – деген, – бауырым...
Түскен ғой көктің назары...
Сарқылмас, – деген, – сауығың...

Баянды екен базарың...
"Көл-дария көкем ғой... Тарылмайтын сағасы-ай!
Жоруың жақсы екен ғой... Аузыңа май, ағатай!
1999.

* * *
Тауық тағы таң атпай айқайлады,
Тарап кетті тәтті ұйқы балқаймағы.
Көзімді ілмей төсекте дөңбекшимін,

Түседі де ойыма қай-қайдағы.
Үлкейгем бе, күніне жүз ойланам,
Ажал шіркін кіжінген ұдай маған,
Жебеп бақты әрдайым ата-бабам,

Оң қарапты әуелден құдай маған.
Құдай маған әуелден қарасқан-ды,
Қарасқасын – тірлікке жарасқамды,
Жараспасам – шалқайып жүрер ме едім,

Тастайтындай төңкеріп бар аспанды.
Жүрер ме едім шіреніп, басқа болсам,
Соры аумаған маңдайдан қасқа болсам,
Жетер ме едім бұл күнге, жетпес пе едім,

Жауқазындай жайнамай жастай солсам.
Солатындай басымнан шақ өтіпті,
Алды-артыма қара ертпей, тақ етіпті.
Бұл дүниеден із-түзсіз өтер ме едім,

Сабырымды сарқылмас саба етіпті.
Сабырымның сабасын сарықпаппын,
Сабырға еріп ақ жүріп, анық бастым.
Сағат сайын санамды сабыр билеп,

Ауыз ашсам, "сабыр" деппін, жалықпаппын.
"Сабыр, Сабыр!" – айтарым сасқанда да,
"Сабыр! Сабыр!" – айтқаным тасқанда да .
Сабырды ойлап, сақ жүріп, сақтап қалған,

Тағдыр талай құрылған қақпаннан да.
Сасқанда да сақтаған сабыр, сабыр...
Тасқанда да сақтаған сабыр, сабыр...
Сабыр сақшым болмаса, кім біліпті

Әлдеқашан жұтар ма еді аран қабыр.
1999.
* * *
Дәл есімде: ол жылы сегізде едім,

Үйге сыймай жаз бойы елегізгенім.
Көз ашсам, көк жиектен көш іздеймін,
Түсінбеймін әлі күнге – неге іздедім?
Шет кеттік, мен бесікке түспей тұрып,

Әкем де өткен, соны ойлап, іштей құрып,
Үлкендер артта қалған ауылды аңсап,
Дастан қылып шертетін бітпейтұғын.
Біреу келсе ойда жоқ ол тараптан,

Ата-бабам аңызын мол таратқан,
Керуенші кешігіп келмей қалса,
Ертелі-кеш еңкейіп жол қаратқан
Ол жылы да етердей бізді есалаң,

Керуенші кеш келді күзге таман.
Жетпей қоймас деген ғой мұратына
Көңілдегі күдерін үзбесе адам.
Арман қылған жаз бойы алас ұрып,

Мінгесейін артына қалашының.
Мимырт басқан түйеде қалғып келем,
Көзге-басқа қонақтап қара шыбын.
Қара шыбын күн бойы ызыңдайды,

Көшбасының көйгөйі бұзылмайды.
Изең-изең жүрістен жалыққанда
Құрт жегендей құйымшақ тызылдайды.
Бара жатыр бозарған дала қалып,

Сазы кеуіп сазарған сала қалып,
Иретілген иірмек көш келеді,
Сегіз жасар сергелдең баланы алып.
Сегіз жасар сергелдең нені іздейді,

Көншітетін көңілді жөн іздейді.
Бабаларым жайлаған жер іздейді,
Бауыр аңсап балқыған ел іздейді.
Сегіз жасар сергелдең сенделеді,

Көз алдына көлбеңдеп ел келеді.
Еміс-еміс естіген елесті аңсап,
Желбеңдейді, жас көңіл желденеді.
Иірмек көш изеңдеп күн асады,

Түтеп тұрған түнеріп түн асады.
Бұйдадайын шұбалған бұралаң жол
Ұлан ауру сықылды ұласады.
Ұласса да, сабырды сарықпайды,

Сағыныштың тарланы тарықпайды.
Самарқаулау сары атан өркешінен
Қыран құсы қиялдың қалықтайды.
Самарқаулау сары атан көш соңында,

Сарнап жүрген сары сона өш қомына.
Маса талап тастаған масаң бала
Маужырасын мамыра кеш соңында.
Маубас бала мажырап маужырасын,

Жұлдыз көмген түнгі аспан жаудырасын.
Ай батқанша аялсыз келе атқан көш
Аяң үсті көз жұмып қалжырасын.
Қалғиды көш – Қаратау солда қалсын,

Шаңқан орда Қамысбай оңда қалсын,
Қарақұдық алдынан қарғын орған
Ишан кеткен аран сай соңда қалсын.
Жадау керуен жабыссын жал басына, –

Көзден ұзап кетердей болғасын ба? –
Әлдеқайдан шуылдап ши бөрі үрсін,
Жұрт селк етсін – бір мызғып алғасын ба.
Селк етсін де, іздесін бірін-бірі, –

Бұл қырсыққа қай сайтан іліндірді? –
Соңғы түйе үстінде ешкім де жоқ –
Жер жұтты ма ол мойыны жұлынғырды?
Абыр-сабыр болсын да, іздесін кеп,

Бірін-бірі жетелеп түзге сүйреп.
Ай батқан соң айдала су қараңғы,
Көз бітелген көш салған із кесуге.
Жар жағалап, аяқты еппен басып,

Сенделген жұрт, естері кеткен қашып.
Арғы бетте шоқ-шоқ от жылтырайды,
Ши бөрі жүр – ғапылдан еткен нәсіп.
Көшбасының көзіне сол іліксін,

Иықтағы мылтықты бір сіліксін.
Тарс еткен де – бақырып сайдың түбі,
Оқыс үннен ойсырап, жұрт үріксін.
Үріксін де, сай жаққа жүгірсін кеп,

Түнек құзға биіктен үңілсін кеп,
Дауыс берсең – жауап жоқ. Тас қараңғы.
"Аман болса жарар", – деп түңілсін көп.
Түңілердей мен сонда жайда екенмін.

Аш бөрілер аңдыған сайда екенмін.
Ши бөрілер кешірек шуылдаса –
Бір құдайға белгілі қайда екенім...
Қарғын жүріп, бір кезде ишан кеткен

Сол аран сай бүгін де жермен жексен...
Менің ғана кеудемде сол бір аран
Жұтып қоятындай боп жатыр көптен.
Елсіз сайдың ен бойы толы аң болған,

Тағы аузына тап қылмас тобам болған.
Кейін білдім – күнгей жақ қара дөңге
Мәңгілікке менің ата-бабам қонған.
Қамыспайды қала қып самсап жатқан

Аруақтар мені аяп, қам сап жатқан,
Қағып алып қанды ауыз қасқырлардан,
Жарамды да жазыпты қан саулатқан.
Ұйықтамаппын мен сосын үш күн, үш түн,

Ісіп кеткен күлбіреп күп боп үстім...
Содан аман келемін, аруақ қолдап,
Құздан құлап талай мен, көкке де ұштым.
Бұл дүниенің ғапылын мол аңғардым,

Сонда да ұмыта алар емеспін сол аңғарды.
Жым-жылас боп жер жұтып кеткен сайда
Қазылмаған менің де молам қалды..
Еске түссе, ет жүрек сығымдалып,

Өткен күнге қайтемін бүгін налып,
Таусылмаған сол түні жарығымның
Атып тұрса бір таңы күлім қағып.
1999.

* * *
Әлділер де туыпты,
Әлсіздер де туыпты.
Әлін білмес әлектер

Әр дауды бір қуыпты.
Әлдіге де жан керек,
Әлсізге де жан керек,
Әлін білмес әлекке

Әйтеуір бір лаң керек.
Әлділер де ұғысты,
Әлсіздер де ұғысты.
Әлін білмес әлектер

Әркіммен бір жұлысты.
Әлді де оттан үрікті,
Әлсіз де оттан үрікті.
Әлін білмес әлектер

Әр отқа май бүрікті.
Әлді де тастар жалғанды,
Әлсіз де тастар жалғанды,
Әлін білмес әлектер

Әуреге салар қалғанды.
Әлдіден де көз қалар,
Әлсізден де көз қалар.
Әлін білмес әлектен

Әрпіл-тәрпіл сөз қалар.
1999.
* * *
Бұл дүниеге қай ақымақ келеді деп ең сұранып,

Көрер жарығың – көрпе астында
көңілшектіктен түскен бұқалық.
Аяр тағдыр, айда, сосын екі тепкі,
бір қамшының астына ап,

Ойдан-қырға шапқылатар ойран-ботқаңды шығарып.
Өзге желік жаратқан соң жарылқай қоймас өзге ерік,
Көрге түспей көз ашылмасын келе жатыр көз көріп.
Өзіңді өзің туа алмайсың, өзіңе де бітпей өз көңілің

Өкінумен өте шығарсың,
кетпесе дүние өзгеріп.
Өзгере қоймас...
Өмір саған қаптырмай тынбас өмірем,

Тула мейлің тұлынғанды тұтып,
елжіреп мейлің емірен.
Тас бауыр тағдыр тас шайнатып,
талақты тарс айырып,

Табанға салып, тапап, таптап,
тайып тұрар жөніне.
Көнесің бе, көнбейсің бе – көкешім, осы көресің...
Не өндірмексің өзеурегенде – өл деген күні өлесің,

Өзіңді өзің тумаған соң, өзіңді өзің,
өлтіріп не мән табарсың.
Өз мойныңды өз қолыңмен өзгеге жұлып бересің.
Ей, аласұрған адам пақыр, осындай сенің көресің...

Көресің солай... Көнбесең де, көнесің.
Көнгенмен, бірақ, көкейде жүрер бір мақсат:
Озбыр тағдыр таяғына жықса да,
аяғын құшпай өлесің.

Айтары оның, сен де мендей бет қаратпас безер бол,
Кездескенді кесірткедей тапап, к
енедей жайпап езер бол.
Түйегінің бұдан: сергелдеңіне көнсең де,

семсерін алма қолыңа,
Өзгеге қорлық қылмас үшін өзің қорлыққа төзер бол.
Төзбес болсаң, төбелес іздеп,
жендет боп сен де кеткенсің,

Өштестік уы жегі боп жеп, жемтігің боп – жеткенің.
Әділет азу қайрар болса, әбілет болып кетпекші,
Адал жүрсең – арман боп алдың,
өкініш – болмақ өткенің.

Ей, бауырым-ай,
қай дүниең де – тозақтың нағыз түнек төрі,
Тірлік деген – жәй әншейін есігіне кірер өткелі.
Серуен құрып, серілік қылар сейіл бағы деп пе едің?

Ендеше, бауырым, орыны жоқ өкініш пен өкпенің.
1999.
* * *
Өктем түспек өзге ықпалы өзеурегенмен өзім деп кіл,

Өз қолыңмен өз мойныңды
буындыра салар өзге пиғыл.
Ешкім де жоқ бұл дүниеге өзі кеткен, өзі келіп,
Таптырғанды өзге желік, сап қылмақшы өзге ерік.

Өз қолынан келер азға өзге пейілдің берері аз,
Сосын қайтып бола қалмақ пенде риза, дүние мәз.
Арман-адыра, мақсат-мақұрым, ой-опасыз, көңіл-запы,
Туу – бекер, тұру – мәнсіз, өлім – аян, өмір – ғапыл.

1999.
* * *
Біз туып, жер басқалы апыл-тапыл,
Мүйіздескен дүние сатыр-сатыр,

Қиянкескі қым-қуыт түрін көрдік,
Орнамады демесең заман ақыр.
Өтті-кетті балалық жылап-сұқтап,
Өлдік-өштік, күн кештік жылап-сықтап.

Жастық өтті жаутаңдап жалтақ-жұлтақ,
Егделікті еңсердік қалтақ-құлтақ.
"Бітті заман, – деп жүрсек, – етекбасты",
Қақсал уақыт қайтадан етек шашты.

Қайта қаулап барады апыр-тапыр,
Қайырылар ешкім жоқ – өкір, бақыр.
Қолдан қағар табылмас – опыр,жапыр.
Сарапшы жоқ – тантықты судай сапыр.

Тәртіп тұл, тәр адыра, тәрік үстем
Ертелі-кеш жер мен көк шатыр-шатыр.
Ол емес қаһар төккен Исырапыл,
Шарт та шұрт шатақтасқан шөртік-шапыл.

Бодандықта боз өкпе кілең пақыр,
Бостандықта өпірем өңкей батыр.
Бас іздеген балталар шақыр-шұқыр,
Тақ іздеген бөкселер тапыр-тұпыр,

Бақ іздеген шеңгелдер сатыр-сұтыр,
Жақ іздеген жылпостар жапыр-жұпыр,
Билік қуған даңғойлар арсыл-гүрсіл,
Айқас, айтыс, анттасу апыл-құпыл.

Жұт қыстың бөрісіндей шуылдасып,
Өршіп кеткен үнде саңқыл, көзде жарқыл.
Қарақшылар қосындай олжа үлескен
Өлеурескен күнде қаңқыл, түнде сарпыл,

Ши бөрідей жабылған жабағыға
Ауыз арс-арс, азу тіс сақыр-сақыр.
Талай баба қан кешкен арман көріп,
Талай ұрпақ баз кешкен жалған көріп,

Тәуелсіздік абайсыз қалған келіп,
Ел орынына елірген егес көріп,
Өпірем көмей, өлермен өңеш көріп
Қайда тап болғанына айран-асыр.

Күйкілікті күйттеген нәпсі емес,
Ынсап жеңбей, тыйылмас бұл сұрапыл.
Жағаласқа сарп боп көрер жарық,
Өңмеңдеумен өтер ме дүние ғапыл?!..

1999.
* * *
Жерде атыс. Тарс-тұрс. Құстарға да оқ тиеді.
Көшеде айқас. Сарт-сұрт. Жайрағандар сүйегі.

Үйде егес. Түзде төбелес. Қалшылдаған иегі.
Шіркін дүние қым-қуыт. Білегі көкке білеулі.
Еліріп алған ес шіркін білмейді өзге тілеуді.
"Төбелес", – дейді. – "Төбелес!

"Төбелестен өңге жөн емес."
"Ерегес , – дейді. – Ерегес.
Келмесе болғың келемеш."
Күрес, – дейді, – өмірді. Тыныштық, – дейді, – өлімді.

Өлу үшін буып беліңді, өтесің аңсап көмуді.
Тап келтеңге төнуді, шап бергенді жеңуді,
Қайтарам деп кегіңді қара көрге енуді.
Қара жер тапап төсіңді, қайтарар әбден өшіңді –

Тыяр ең сонда бөсуді, жияр ең сонда есіңді.
Есіңе түсіп не сұмдық, өзіңді өзің шошынтып,
Табар едің сабаңды, ұстар едің жағаңды,
Таныр едің тобаңды, талқандап бұзып молаңды,

Шығып қайта жарыққа:
"Сап-сап!", – дер едің халыққа.
1999.
* * *

Заманға айтпай, маған айттың бар зәріңді, ақын дос,
Тепсінісіп шығатынға,– дедің бе екен,– тақым бос,
Тепсініскен бабаларың тентіресіп кеткен-ді,
Ойқастамай, ойласайық, одан да, бауырым, ақыл қос.

Ей, бауырым, мен де өзіңдей жұмыр басты адаммын,
Сен сияқты мен де емгенмін аппақ сүтін анамның,
Сен сияқты мен де далмын ертеңін ойлап баламның,
Сен сияқты мен де аң-таңмын кей ісіне заманның,

Мен де өзіндей қырда туған қара борбай қазақпын,
Мен де өзіңнен кем тартқам
жоқ кермек дәмін азаптың.
Сор тұзақтың торын әлі түгел сыпырып болғам жоқ,

Қуанғанмен туды ма деп қазақ үшін азат күн.
Ей, бауырым, мен де өзіңдей басы қатқан пендемін,
Пенделікті мен де өзіндей әлі күнге жеңбедім.
Пенделіктен қамығамын құмға сіңіп, тәрк боп,

Кете ме деп өмір бойғы өзек үзген еңбегім.
Ей, бауырым, мен де өзіндей көп нәрсеге аң-таңмын,
Ашу буып әзер сиям кейде ішіне қаңқамның,
Аң-таң болып аңырғанды айдалаға лақтырып,

Кеткім де келер кесір дүниені біржолата талқан қып.
Талқандайық, ешкімге де керек болмаса бұл жарық,
Талқандайық, талқанына болар екен кім қарық?
Талқаны шыққан тұл даланы талақайға салғанда

Болмаймыз ба бәрісібір сен ғарып та, мен ғарып.
Таусылмайды шамалы да бұл ыза мен бұл арман,
Орнағанша қу далада жайқала өскен ну орман,
Ол үшін тек балтаңды алып бәйтерекке кіжінбей,

Жөн шығар-ау қауғаңды ұстап өз шыбығыңды суарған.
1999.

ТҮНГІ КӘЛИМА

Жарық өшті – қараңғы көмді жалғанды,
Тәубәңа кел – ұмыт қиял, арманды.
Әніңді тый көйкөйлеген зарланды,
Өкіне бермей көксеп өткен-кеткенді,

Қанағат қыл қалғанды.
Қайдан білесің – серпіле қоймас бұл түнек,
Дәуренің, бәлкім, біткелі тұр ма сетінеп,
Осы түнде кетерсің, бәлкім, шетінеп,

Құтыла алмассың бұлқынып,
Қорқыта алмассың жұлқынып,
Көз сұғын безеп,
Тырнағын кезеп,

Төбеңнен төнсе
Ажалдың тажал бұлты кеп.
Бостан-босқа көзіңнің жасын бұла қып,
Кетпеймісің қай-қайдағыны лағып,

Аллаға қояр бар ма еді соңғы сұрағың,
Алладан не еді ақырғы рет сұрарың?
Аллаға сонда ақырғы қояр сұрағым:
Қала ма орынында мына жер мен мына күн?

Алладан сонда ақырғы рет сұрарым:

- Қалса орынында мына жер мен мына күн,

Жалынамын, жаппар ием, өзіңнен,
Қарағайсың шарапатты оң көзіңмен
Қасіреті асқан қасқа маңдай қазаққа,
Көнтері боп көндігіп алып азапқа,

Көншімей жатқан көңілі бостан азатқа,
Ұшырата көрме масқара мен мазаққа,
Саппастардың сөзіне ертіп сабылтпа,
Тантықтарға ерітіп,

Әумесерлерге табынтпа,
Тапсынтам деп жүріп,
Тап қылма қайта тамұққа,
Қанағатты білгізбей,

Қағынан жерінтіп, қағынтпа,
Бекіткенше буынын нық,
Ұстата көр туын тік.
Соған кәміл сеніммен

Кетуге жазса, дәл қазір.
Қорықпаймын өлімнен.
Тәубә, тәубә, уа, тобам!
Тәубә, тәубә, жасаған!

Тұрса бекем туған жер,
Болса есен туған ел,
Қалса бүтін тұяғым, –
Тұрса түгел босағам, –

Осы ғана өзіңнен
Жалбарынып сұрарым,
Құдіреті мол құдайым!
Бисмаллаһир рахманир рахим!

Құл Һула Аллаһу ахәд.
Аллаһус сәмәд.
Ләм йалид, уә ләм йулләд,
уә ләм иакул ләһу кфуән ахад.

Қул ә 'узу би раббил фәләқи
Мин шари ма халақа,
Уә мин шари ғасиқин изә уақаба,
Уа мин шаррин нәффәсәти фил' уакади,

Уә мин шарри хасилдин иәә хасәд
Бисмиллаһир рахманир рахим!
Кул ә' узу би раббин нәс, мәликин нәс,
Иллаһин нәс,

Мин шаррил уәсуәсил
Ханнасил ләзи иуассуйеу
Фи судурин нәси
Минл жиннәти уән нәс.

Әумин!
1999.

АҚТЫҚ ӘН

Ғарифолла Құрманғалиевке

Әлім де менің таусылды,
Ақау шалды даусымды.
Шөгіп бара жатырмын
Мүжіліп біткен тау сынды.

Көріп тұрсың қалпымды:
Арғымақ едім аршынды,
Жүйрік деп бізді кім айтар
Қарық қылған халқымды.

Қурап қалды домбыра,
Барады семіп қол мына.
Барады сөніп көз мына.
Қыз ойнақта жүргендей,

Құлпырып тұр дүние.
Құлпырып тұрған бұл жалған,
Қыз секілді бұлданған.
Менсінбес, енді не күтсін

Біз секілді мұңдардан.
Үсті-бастан сән кетті,
Басқаға көшіп дәм кетті.
Біз шырқаған айдайды

Басқа бір көмей әндетті.
Қызғалдақ көңіл семгендей,
Сезім де қалған сенделмей.
Опырайып отырмын

О дүниеден келгендей.
Сарқылып біткен бұлақтар,
Босап қалған қынаптар.
Есен жүрер ме екен тек

Тыңдаған бізді құлақтар.
1985.
* * *
Байғұс жұртым, не түрін сен көрмедің

Бұл ғасырда аударма-төңкерменің?!
Сөйте тұра бір он жыл бастыққанша,
Ауыз баға тұрғанды жөн көрмедің.
Жағаласып жан-жақтан құлаш-құлаш,

Тіл безуге құмармыз. Рас па? Рас!
Рас болса, соны әбден малданып жүр,
Тайтаңдасқан бақ қуып тантық-тыраш.
Сорымызға билер көп безектеген,

Жөнелмекші жетектеп кезекпенен,
Теліге еріп, тентекке кезек беріп,
Қай қиқарың бар еді мезі етпеген?!
Мезі қылған егес те, ереуіл де,

Ереміз деп кекқұмар кер езуге,
Кек қайтпаған, бақ қайтқан, бастар ұшқан
Қақ-сұқ отын қаузаудың керегі не?!
Қыл арқан ғой қызыл тіл бұ халыққа,

Матап келген мандытпай – ұғалық та!
Ауыз азат болғанмен шықпас мүйіз,
Азат бастар қылғынса бұғалықта!
Көп ерем деп көңілшек қазақ қасқа

Таққұмарға бақ қуып бажақтасқан.
Қарқалазы болып бір көрген емес,
Азап тілеп алмаса азат басқа...
Азат ақыл болмаса, азат ауыз –

Азаттықты мерт қылар нағыз жауыз.
Соны ұқпай сойқан тіл соңына еріп,
Желпінем деп жел жұтқан болма қауыз.
1998.

* * *
Япырмай, мұнша шешен, мұнша батыр,
Көрінбей баяғыдан қайда жатыр?
Қит етсең, қиқу салып шыға келер,

Орнатып көз алдыңда заманақыр.
Қазақтың бұдан жаман заманында
Көрмеп ек ауруын да, аманын да.
Келмейтін бірі жуық маңайыңа,

Ет сыздап, шөңге кірсе табаныңа.
Жатқанда тектен текке топтан қуып,
Шықпап ед жаны ашитын дос пен жуық.
Бүгін де құдай оңдап, қатарға енсек,

Бәрінің көзі аларған, жүзі суық.
Жүргендей мен кенеліп, ақ та, көк те,
Сыртымнан сыбап жатыр тектен-текке.
Бауыр мен жүрегі бар біреуі жоқ,

Ауыз ашса ар жағында қап-қап өкпе.
Көрмеппін салмақ салып еш біріне,
Тимепті тілім сиық-кеспіріне.
Аты – астында, қасында – қатындары,

Өршеленер мұншама өштігі не?
Жабылардай көргендей түзден өлік,
Кетіп пе едік соншама құзғын болып?
Құдай қайтып жарылқар жүрген жұртты

Қызғанышқа мұншама тізгін беріп?
1998.
* * *
Кешіп келем,

Кешіп келем,
Кешіп келем -
Кеше берем
Шаң жуытпас шаңқан боздың

өзі болсам да неше жерден,
Қиқулайтын демеушімнен
Күңкілдейтін күндесім көбін
Әуелден де жете білгем.

Өсектен өңге не күтерсің,
Кенедей боп өріп жүрген
Кіл кеңкелес көшелерден?...
Кеше бергем,

Кеше бергем,
Кеше бергем...
Күңкілі мол күндерменен
Арпылы көп айлар жылжып

Өте берген, өте берген.
Найсап нақақ шаң-тозаңы
Сауырға қонып,
Қабат-қабат

Өсе берген, өсе берген.
Өскен сайын бұрынғы өңім
Бұлдыр тартып,
Өше берген, өше берген.

Енді, міне,
Өзімді өзім
Танымастаймын,
Сімсік сыпсыңға құлақ ассам,

Жаманға налып жаным күйгенде,
Кетсе екен деймін құлап аспан.
Жұрт айтатын құбыжықтан
Құтыла алмастаймын, тура қашсам...

Бұл дүниеде жан жоқ екен
Дәл мендей боп,
Өз басына өзі лаң асқан.
Жексұрын жұрт-ай,

Жемір ниет кіл қырт-ай,
Жақсы ойлап қайтсін біреу жайлы.
Өзі құбыжық өзгені де
Құбыжық қылмай тұра алмайды.

Өйтпесе, өңкей шайтан-шабыр
Бір күн де өмір сүре алмайды.
Қаңқуы жоқ қара жерді
Қара ниет нәмәрт өңкей

Бір күн басып жүре алмайды.
"Сен – періште, мен – періште, ал анау..." деп,
Иығын қомдап,
Миығын майлап,

Бірін келіп бірі алдайды.
"Жақсы – мен" деп айтпа оларға,
Айтақты айғақ жеңген емес.
Кісәпірлік кісілікке

Сенген емес,
Көнген емес.
Жөніңді біл,
Жөндемді бол,

Бекем болсын жүген-ноқтаң.
Тізгіндеп бақ өзіңді өзің,
Өзіңді көндір,
Өңгені емес.

Көніп келем, көне берем...
Көнбістікпен көзімді ашқам.
Аулақ болғай абыржыр күн
Ашу жеңіп, төзім қашқан.

Найсап қайтпек обалыңды,
Оған жала, таба керек.
Ақылы аз ұқпас бұны,
Кешпей тұрып өзі бастан.

Бәріне төз,
Бұл дүние –
Дарақыға дарқан,
Дегдар үшін –

Әуелден де көр зымыстан.
1998.
* * *
Даңғаза ер, дәукес-дана, есер-көсем

Бастаса, кетпес жерде кетер де есең.
Кесірлі ел атанарсың кесапаты мол,
Бөсе бер, бұл сөзімді бекер десең...
Сен едің: "Қалжаңа қарап қатын ал", – деген,

Енді өзің сол ақылды сатып ал менен.
Су аяқ сұғанақтарың сумаңдап жүр:
"Дау қуып, жетекке ермей, жатып ал", – деген.
Жетісерсің жетекке ермей жер құшақтасаң,

Есікте еңсеңді жықпай, төрде ұсақтасаң,
Дау салып, жау қашқан соң, қатын ер боп,
Періден айырылып қап, тері пышақтасаң.
Кешегі кесепатта бөгеді кім?

Көптен күш асыра алмасаң, сөгеді кім?
Енді, міне, керін келтіріп жүрмегейсің
Байғұстың етегіне бидай салсаң,
Қоқайы тұрып кетіп төгедінің...

1999.

АҚЫН

Бекболат Тілеухановқа

Алтай ма, Арғанаты ма, Алатау ма,
Хан тау ма, қатпар-қатпар Қаратау ма,
Көкше ме көк моншақтай көлге сүңгіп,
Қақ бұлтын қаптай көшкен дара сауған.

Ор тау ма, одырайған Орда тау ма –
Оқшаулап ертелі-кеш жаңбыр жауған.
Маң төбе, Жалғыз төбе, Жарты төбе –
Маңқиған алды қошқар, арты көбе,

Ақсай ма, Қызылсай ма, Қарасай ма –
Саялап, сай түбінен тапсаң пайда,
Жар бұлақ, Қасқыр бұлақ, Қасқа бұлақ –
Жөңкілген жолындағы тас та құлап,

Мың бұлақ, Мың су алмас, Мың жылқы ма –
Үзігін үйлерінің мұң жұлқыған.
Ақкөл ме, Қара көл ме, Қызыл көл ме –
Өлмейтін ұл қаталап, қызы шөлдеп,

Шилі ме, Шиелі ме, Шілікті ме –
Шідерін ұстатпайтын бүліктіге,
Бөрілі, Бұғылы мен Бөкенді ме, –
Бөпедей мәпелейтін бөтенді де,

Қарғалы, Қарқаралы, Қайыңды ма –
Аңдайтын айтпай біліп жайыңды да,
Шынжырлы, Шыңғырлаулы, Шыңғыстау ма –
Шыдайтын сыр алдырмай шын қыстауға,

Өсекті, үлеңті мен үлкейек пе –
Айтпайтын қас пен досқа өңкей өкпе,
Баянкөл, Баянаула, Баянды ма –
Бақ бітер биі білгіш, байы оңдыға,

Шөулі ме, Шәуілдір ме, Шәуешек пе–
Ел шықпас үйір жұрттан қауесетке,
Қазбайыр, Қызылайыр, Қазықұрт па –
Жүретін үлкенінің назы жұртқа,

Нарын ба, Найзашағыл, Нарқызыл ма –
Алтыннан алқа таққан бар қызына,
Сары құм, Сары кеңгір, Сары су ма –
Жалықпас жорға мініп жарысуға,

Торғай ма, Тоқырауын ба, Тоғұзақ па –
Тоймайтын той жасауға тоғыз апта,
Елек пе, Ешкіқырған, Ебелекті ме –
Елейтін көлбеңдеген көбелекті де?

Ұшқан ба, Ұштаған ба, Ұялы ма –
Ұйықтасаң түс боп енер қиялыңа,
Маңғыстау, Мамытқұмақ, Майтөбе ме –
Ойнатар оқыс бассаң жәй төбеңе,

Бұлдыртты, Бұланты мен Бұланды ма –
Әуелден ән қуалап, жыр аңдығаң,
Мойынты, Мойылды мен Мойынқұм ба –
Ел жиып, ес кеткенше ойын қылған.

Сартоғай, Сарышаған, Сауырың ба –
Әйтеуір, қазақтың бір ауылында
Ұл сүйіп, ұрпақ көріп, ұрын барған,
Қыз қалап, үкі қадап ырымдалған,

Келін кеп, кебеже ақтарып, кебіс салып,
Құдалар құйрық асасып, бата жасасып,
Тон киіп оқа, зермен жұрындалған,
Жолына жұлынып тұрған жүйрік байлап,

Қолына құлқыны құрыған құс ұстатып,
Құтылған қилы ырым-жырымдардан,
Той жасап, ұлан асыр жиын жинап,
Алқалы айдын топта сиын сыйлап,

Ас беріп, асар жасап, атақ шығарып,
Есерлер сәл нәрседен шатақ шығарып,
Қойқаңдап қоқайланып жуан ауыл,
Дуылдақ дауды басып дуалы ауыз

Ел бітіп, егес тынып, ес оралып,
Белбеуі берген серттің бес оралып,
Мәз-мәйрам мәре-сәре қызған шақта
Қыр қылып қыржың қабақ қызғаншаққа

Тыңдатар тырп еткізбей тылсым елді
Алыстан атышулы жыршы келді.
Қорқыт па, Қодан ба әлде Сыпыра ма, –
Мәшһүр жан мәлім елге, сыпыраңа,

Ербиген есті сөзге құлақ аспай
Есерді ескек желдей жыпыра ма,
Шәлкиз, Асан Қайғы, Қазтуған ба –
Айтқыштар айыр тілді аз туған ба,

Жоқ әлде Доспамбет пен Жиембет пе –
Жырына жұрт жүрегін жиі емдеткен,
Бәлкім ол Марғасқа мен Ақтанберді –
Ауызда айтар сөзі қақтан келді,

Үмбетей, Тәттіқара, Бұқар ма еді –
Диюдай дүйім елді жұтар демі,
Көтеш пе, Шал ақын ба, Шортанбай ма –
Шер-шемен олар айтса ортаймай ма,

Мұрат пен Әбубәкір Кердері ме –
Желкелеп жеткізе айтар жер-жеріңе,
Кемпірбай, Шөже менен Дулат ақын –
Қаныңды он бойдағы тулататын,

Жоқ әлде Абыл, Ақтан, Нұрым ба еді
Қырымнан жыр құлатқан Мұрын ба еді,
Қалнияз, Аралбай мен Қашаған ба –
Біз түгіл, сыры жұмбақ жасағанға,

Бәлкім ол бала Ораз бен Балқы базар –
Сөзіне салмай қалмас халқы назар,
Сарыбас, Ізім шайыр, Майкөт пе еді –
Сайысса, сирек тойдан жәй кетпегі,

Жоқ әлде Сүйінбай ма, Түбекпенен –
Қызыл сөз қызыл шайдай шүмектеген,
Жамбыл мен Құланды аяқ Құлмамбет пе
Ажарын асау ойдың жүдетпеген.

Шабынып шар бурадай шабыт буған
Шашубай, Иса әлде бұл Нұртуған,
Нұрқан, Нартай, Тайжан мен Нұрпейіс пе –
Жүретін олар бар да жыр пейіште,

Әйтеуір, аузы перен әйгілі ақын,
Көргенде төбесін жұрт той қылатын,
Келді де, кермеге жұрт атын байлап,
Түскені асты-үстіне "апырайлап",

Жол беріп жиылған ел қақ бөліне,
Думанның шықсын алып тақ төріне.
Сосын ақын ақтарды,
Шатынатып аспанды,

Шайқалдырып асқарды,
Қақыратып шатқалды,
Шаршы тойға шашу қып
Маржан сөзді шашқан-ды.

Қымсына тыңдар қыз күліп,
Ұмсына тыңдап ұл күліп,
Қысыла қымыз ұсынған
Кермиықтардың ішінде

Не барын жатыр кім біліп?!
Көздерінде тұр бүлік,
Көңілдерінде жүр күдік,
Оны аңдайтын шама жоқ,

Тасқын басып кеткендей,
Топан сөздің сазына
Шұлғыдық та мүлгідік.
Ойды билеп серілік,

Бойды буып перілік,
Қос пернені қыдықтап,
Сөз бастады ақын ерініп,
Кербестідей керіліп,

Көмейден әуез төгілді,
Күн жауғандай көрініп,
Естілер отыр емініп,
Есерлер түр елігіп,

Шерлілер отыр егіліп,
Күні қайтқан кәрінің
Жүйкесі кетті сөгіліп,
Арман қуған арландар

Анадайдан айқайлап,
"Әй, пәлі,"– деп қояды,
Астағы атын тебініп.
Барады жыршың желігіп,

Ителгідей шүйіліп,
Қаршығадай түйіліп,
Қаптаған қалың жиынға
Қанатын қағып төнгенде

Кім білген кетер нені іліп?
Қақсаған қызыл домбыра
Қасқа маңдай қақпағын
Қарс-қарс қасып қаққанда

Желіндей жібір езіліп,
Жүзімдей кетер үзіліп,
Ойнақтап тұрған ақ маңдай
Көз тастаса сүзіліп,

Ойқастай жүйрік шапқандай,
Шырқата түсер аспандай,
Асқақтай даусы шыққанда
Аласарып тау қалар,

Арбала бұғып бау қалар,
Алшиып тұрған маңғаздар
Маңқиып тұрған бастарын
Топқа тығып сауғалар.

Қызыл шәйдің үстінде
Қызара бөрткен ауыздан
Қызына шыққан дау қалар,
Қызып алған жыршыңыз

Қызыл алған қырандай
Қанатын жая самғанар,
Жырдың әсем кәусарын,
Күмпіп жатқан құдықтан

Бесті бие сабасын
Бүтіндей бүрген бүрмемен
Құлаштай тартып қауғалар.
Қаумалар жұртың қарық боп,

Дүние кетер жарық боп,
Саңқылдаған сабазың
Шаңқылдаған сұңқардай
Шабына сөйлер шалық боп,

Шалқыған айдын шалқарда
Шаңқая жүзер балық боп.
Аңқая аузын ашқан ел
Алдында тұрған жыршының

Сері екенін де біле алмай,
Пері екенін де біле алмай,
Жын екенін де біле алмай,
Жан екенін де біле алмай,

Тобаға ойын жеткізген,
Жораға сөзін өткізген
Пір екенін де біле алмай,
Түсе қалып аспаннан,

Түртіп ойнар көңіліңді
Нұр екенін де біле алмай,
Шалжия тыңдар шалт болып.
Аңқылдай сөйлер ақының,

Босатып әбден тақымын,
Бөсіп бір бөсіп кеткенде
Ойлап басын ауыртпас
Не боларын артының,

Шабынар шабыт шарықтап,
Қаңқылдар дауысы қалықтап,
Жоқ сөз қайсы, жөн сөз не? –
Бір Алла алар анықтап.

"Пай-пайлаумен" түс те өтті,
Айқайлаумен көш жетті,
Тамсанумен таң да атты,
Сандалкер жырау саңлақтай

Жырменен әлем шарлатты-ай,
Айғыр болып ақырып,
Буыршын боп бұрқырап,
Бұқа болып өкірді,

Боз інген боп та зарлатты.
Ақылдың көзін аршыды,
Батылдың көңілін жаншыды,
Пақырды демеп тұрғызды,

Байғұсқа гүрзі ұрғызды,
Соқырдың жанын маздатты,
Наданның түнек көңіліне
Жарқыраған шам жақты,

Сан ғасырдың қоймасын
Асты-үстіне қопарып,
Бай төріне күл шашып,
Хан төріне шаң қақты.

Сонда бір жан болсайшы,
Тежеген дүлей саңлақты.
Апта жатты, ай жатты,
Жырдың ақбоз дүлдүлін

Ұшқан құстай парлатты.
Білмейді қанша күн өтті,
Білмейді қанша түн өтті
Өлеңді сабаз үдетті.

Қолдағы қоңыр домбыра
Қаруы емей жыраудың
Дойырындай дыраудың
Талайдың қисық бастарын

Орынына қойып түзетті.
Талайдың қоңы тыз етті,
Талайдың шабы шым етті,
Талай жүрек елжіреп,

Көңілге талай гүл екті.
Сұңқылдаған сұңқарды
Біреу сырттай баба етті,
Біреу сырттай аға етті,

Біреу сырттай бала етті,
Бәрі өзіне дана етті,
Бәрі өзіне пана етті, –
Бәрі де содан дәметті.

Әсіресе, арулар
Қиыла қарап біреуі,
Бұйыға қарап біреуі,
Сиына қарап біреуі,

Бұйыра қарап біреуі
Шөкелей қарап біреуі,
Көкелей қарап біреуі,
Бөпедей қарап біреуі,

Мәпелей қарап біреуі,
Шекелей қарап біреуі,
Төтелей қарап біреуі,
Қысыла қарап біреуі,

Қымсына қарап біреуі,
Ұмсына қарап біреуі,
Ұсына қарап біреуі,
Ұшыға қарап біреуі,

Ұғына қарап біреуі,
Сұғына қарап біреуі,
Бұғына қарап біреуі
Салып бақты әлекті.

Ұқтыруға ол епті,
Ұғынуға бұл епті,
Жұлқынтып бақты жүректі.
Топ ішінде бұл мықты,

Топтан былай кеткесін,
Сыйланар шақ жеткесін
Су құйған боп біреуі,
Шәй құйған боп біреуі,

Шам әкелген боп біреуі,
Дәм әперген боп біреуі,
Ас әкелген боп біреуі,
Бас әперген боп біреуі,

Біреуі құман әкеліп,
Біреуі сүлгі әперіп,
Біреуі табақ көтеріп,
Біреуі жолын күткен боп,

Біреуі терін сүрткен боп,
Біреуі төсек жайған боп,
Біреуі жастық салған боп,
Біреуі көрпе жапқан боп,

Біреуі шамды сөндіріп,
Ерінге ерін төндіріп,
Жабуға түндік таласып,
Іргенің көзін санасып,

Жеңінен саусақ сұғысып,
Демінен сырын ұғысып,
Жұрт көзінше ағалап,
Жұрт жоқ жерде жағалап,

Әйтеуір ебін келтіріп,
Кетуге әуес жанасып.
"Құрбыжан", – деп қиылған,
"Құрдасжан", – деп жымиған,

"Ағатай", – деп епсінген,
"Жездетай", – деп тепсінген,
"Шөлдедің ғой", – деп мөлиген,
"Терледің ғой", – деп көлиген

Ұстады қанша білекті?!
Өзі келген өңдінің
Қаншасын аяп түнетті.
Талай білек ұмтылды,

Талай көрпе жұлқынды,
Шыбын-шіркей шақпасқа,
Құрт-құмырсқа шықпасқа,
Шаң мен тозаң баспасқа

Көлегейлеп тігілген
Масаты масахананың
Талайы босқа жыртылды.
Бетінде періште жымиған,

Ішінде пері ұлыған,
Түлкідей кіріп ініңе
Түрткілей сипап бүріңді,
Тындырмаққа дымыңды,

Жым-жылас қып жымыңды,
Сүлдері әбден құрыған,
Нұр сәуле болып торыған,
Сұлулардың торынан

Қашқаннан не бітеді,
Көп үшін туған жан болып,
Қимай қинап қайтесің
Бір мызғитын ұйқыңды.

Айтылмай іште кететін
Бұл да бір тылсым дастан ғой,
Білмейді қанша том болды?
Не болса да, оң болды,

Анар төсті арулар
Аяққа кеп жығылар,
Алма ұрлаған баладай
Бауырыңа тығылар,

Бал жинаған арадай
Асты-үстіңе сұғынар,
Жырау сондай шоң болды.
Не де болса, оң болды.

Ғайып перен, қырық шілтен
Болмаса, басқа пенденің
Аттамағаны жоқ шығар
Абайсыз солай оң жолды,

Бір Алла өзі кешірсін,
Кітабы жоқ заманда
Ақынның сөзін өлтірмес,
Атына кір келтірмес,

Өнердің туар өренін,
Өлеңнің үзбес өзегін
Амалдың өзі сол болды.
Түнде салған төсектің

Таң атқанша жан-жағы
Шұбырған айдын жол болды.
Бойынан шырын шалқыған,
Исінен жұпар аңқыған,

Демінен денең балқыған,
Ажары күнді тамсатқан,
Базары жұртты аңсатқан
Балдай тәтті өлеңнен

Бал сораптап нәр татқан
Арадай гулер түн бойы
Аран дәме арулар
Қай күнде де бұл түзде

Сан жетпестей мол болды.
Жасырғанмен, амал не,
Қыспақшы болсаң оң қолды,
Кеспейсің ғой сол қолды.

Сол түннен болған талғақтың
Таңдағанын талматсын.
Содан өрбір толғақты
Пір Пәтима анамыз,

Аруағына қолдатсын.
Өлеңнің өртін өрбітер
Алаудың отын мол жақсын.
Жә, қоялық бұл жақты,

Жиылған жұртқа барайын,
Күтіп қалар кіл жақсы!
Еліріп отыр ақының
Тілімен шәрбат сапырып,

Көзінен таңды атырып,
Сөзімен жауды жапырып,
Демінен тарап барады
Талай-талай көкіректі

Тас бүркеп алған қапырық.
Көмейден шыққан сұңқар жыр
Көк аспанды шүйіп жүр
Көкжиекте шарқ ұрып,

Жал басынан ат шықты,
Зымырандай атылып,
Айқайды естіп, ағызды –
Жырауды жатқан сияқты

Тағы бір ел тойға шақырып...
Ертесіне думан тарады,
Түн асқан аттай жараған,
Маңайға шүйіп қараған

Маңмаңкер мінген маң жырау
Айғыр топтың ішінде
Алысқа беттеп барады.
Қол былғап қалған ауылдың

Қошаметші жиыны
Алты қыр асып кеткенше
Тарамай тұрды базары.
Алты қыр асып кеткесін,

Айнала мұнар шөккесін,
Анталап тұрған көп жанар
Үзді білем күдерін
Аударды әрең назарын.

Жарқылдаған кеп сұлу
Кірбің шалып қабағын,
Кіржің торлап ажарын,
Қармаққа түскен балықтай

Демін әзер алады,
Лүпілдетіп тамағын.
Мұңайып жатыр кең өлке,
Тарамай тұр қапырық.

Ұзара түсті көлеңке
Өлеңнің күнін батырып,
Қарабайыр тірліктің
Қарбалыссыз таңдарын

Қайта-қайта атырып.
Қоңыр дәннің басында
Қоңырқайлау ауыл түр
Күнімен сона ызыңдап,

Түнімен байғұз шақырып.

1997

БАТЫРЛАР

Айдаланы айнала жау алқымдап,
Бұл қазаққа бұйырмапты салқын бақ.
Боз даланың боз баласы ат мінсе,
Жау қуалар жауар бұлттай жалтылдап.

Жаттың көрсе жалпылдаған жалауын
Қарс жабар қар жауардай қабағын.
Қашқан жауын қарыс қадам аттатпай
Қақшып түсер қадай көздеп садағын.

Көк нөсердей себелетіп жебені,
Көктей отап көкірексіген немені,
Көзін тұздай құртып қашан тынғанша
Көк желкеден әзірейіл боп төнеді.

Тексіз жаудың тентіреген тентегін,
Тезектей қып шығарғанша жентегін,
Тепкілейді басыменен қайғы қып
Тыйдырғанша елге тиер селтеңін.

Бұл дүние тыныш тұрар қайда заң? –
Қолы босап көрген емес найзадан.
Бауырға алып балбыраған аруды
Балдай татып сүймегелі қай заман?!

Толықсытып жар құшатын күн қайда?
Бұл құшқанда бұғанасы сынбай ма?
Сынса сынсын – сыр білдірмес сұлудың
Сарғайғаны батып тұр-ау шымбайға!

Қиыла бір қарайтыны-ай жанжардың,
Қылпып тұрған жүзіндей боп қанжардың.
Бес қаруды белден шешіп лақтырып,
Ақ төсіне төнер ме еді заңғардың!

Құртпай көзін астамсыған дұшпанның,
Күні алыс қой күлім көзді құшқанның.
Күн-түн күткен күпті сәті жетпей түр
Емексіткен езуіндей мыстанның.

Он бесінде туған айдай жар қалды;
Оны ойласа – ойы ойран боп сандалды,
Аймаласқан аққудайын асыл жар
Қалай басып жүреді екен жалғанды?!

Аунақшыған ақ сазандай жалған-ай,
Төбеден кеп төніп тұрған толған ай.
Толған айдай толықсытқан қалқаны
Қас-қағым сәт сонша келте болғаны-ай!

Тағдыр бірақ соны-дағы көп көрді,
Жар тапқанға жау шапқаны дөп келді.
Қарғып мініп қазан атқа қаңтарған,
Түн қойынына түре сүңгіп кеткен-ді.

Сол кеткеннен, келеді әлі құйғытып,
Еркек туса, бола ала ма үйкүшік,
Жапан түздің жалпылдаған бұтасы
Жаутаңдайды бұдан, әне, сый күтіп.

Күтсе күтсін – жаудың басы жетеді;
Қыл мойнынан қия тартып өтеді,
Қаңбақтай боп қалбаң қаққан шақша бас
Қау бұтаға бір-ақ сүңгіп кетеді.

Бұта да көп, бұл дүниеде жау да көп,
Жаудың басы домаласын сауға боп,
Иығында тұрса болды өз басы,
Қақшып түспей алды-артынан жауған оқ.

Зая кетпей жардың төккен көз жасы,
Сол бір күнге аман жеткей өз басы.
Айқара ашық қара түнде ақ құшақ,
Жанған от боп қайта тағы маздасын.

Құшсын жарын, құшағын қайта жазбасын,
Жалындасын, лапылдасын, маздасын.
Қайран ердің қайратынан қара жер
Қаймыққаннан қақ айырыла жаздасын.

Қақыраса қайратынан қара жер,
Жар төсегі, жаннат төр боп қала гөр.
Сағыныштың сатырлаған нөсерін
Саумалдай жұт, сімір әбден, қана бер.

Сімір, сімір – қансын әбден құмарың,
Мәңгі тұрмас мына түн мен мына күн,
Сел сағыныш қандыра әбден суарсын
Махаббаттың мәңгі жасыл шынарын.

Қандырғанша қайран жардың жерігін,
Қандай жігіт баса алмақшы желігін,
Жауды қойып, аң қуалап кетеді,
Кебін киіп тентіреген телінің.

Таудан таңсық, ойдан оқшау қалдырмай,
Талғақ жардың тамсанғанын қандырмай,
Жау іздеген жаубасарың кешегі
Шарлап шығар шатқалы мол сан қырды-ай.

Аждаһаның айыр тілін суырып,
Ақ аюдың ащы өтіне жуынып,
Жолбарыстың жонын тіліп боршалап,
Қабыланның қара өкпесін қуырып,

Қандырған соң қайран жары жеңсігін,
Қақшып салып қаны қатқан жемтігін.
Бес қаруын қайта байлап беліне
Атқа қонар ақ сауытқа жең сұғып.

Ақ сауытқа жең сұғар да, ат қояр
Ата жауы алдан тосып лап қояр.
Құлай қоймас, қолдай қойса аруақ,
Қолдамаса – қалың жауда қап қояр.

Қапы соқса, жау найзасын еншілеп,
Қаймықпастан шап бергенін женшімек.
Мерт тапса да, дерт тартпастан кетеді,
Артта бар деп бойда қалған бершімек.

Жарық көрсе, бойда қалған бершімек,
Тумай жатып, тұлпар таңдар еншілеп.
Әке кегін қайтаруды армандар:
"Ат жалынан тартатын күн, келші!" – деп.

Ат жалынан тартып мінер шақ келіп,
Ата жауға тұтқиылдан тап беріп,
Ақ тушадай алып ұрып астына,
Екі езуін екі айыр қақ бөліп,

Қолқасына қолақпандай қол сұғып,
Қос уысын қара қанға толтырып,
Қандырған соң қайнап келген ызасын,
Қалың жауды қуып шығар ол түріп.

Қай қиқуға қарсы шабар қыңбастан,
Атой салар түмен бастап, мың бастап.
Әке кегін қайтара алған қайсарға
Елі ерер шын табынып, шын қостап.

Бұл даланың еркек кіндік түлегі
Серт қуалап мерт табарын біледі.
Арманы жоқ артта қалған жесірі
Жеңсігіне жесе арыстан жүрегін.

Марқұмдардың ол тілегі келіп жүр,
Жесірлердің жеңсіктерін беріп жүр.
Ай даланың аңы құрып кетсе де,
Арыстан жүрек ақиықтар өріп жүр.

Арыстан жүрек ақиықтар қаптасын,
Айқай шықса қоя берер ат басын,
Маң далама аңсары ауған ата жау
Көз салса да, қол салуға батпасын.

17.10.99.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙