TELEGEI

Home

Ермұхан Бекмаханов

Бауыржан Момышұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Ермұхан Бекмаханов

Бауыржан Момышұлының шығармалары батырлыққа, өрлікке баулиды. Жазушы шығармашылығының ерекшелігі – ойдан шығарылған оқиға мен жасанды кейіпкерлерден аулақ. Көзбен көрген оқиғаларын бойына сіңірген туындылардың әлеуметтік, қоғамдық сипаты басым. Салт-дәстүрін ұлықтап, соның негізінде түйген ойлары...

(әңгіме) ...1943 жыл. Полк командирі кезім. Таныс-біліс емес Анна Михайловна маған хат жазып, «Қазақ ССР тарихының» бірінші томын салып жіберіпті. Оқып шықтым. Жетістігі мен кемшілігін, яғни алған әсерімді жазып жібердім. Жауабымды алып, қатты риза болыпты. Сол жылдың 9 декабрь күні Москвадағы «Әдебиетшілер үйінде» менімен кездесу болды. Оны генерал-лейтенант А.А.Игнатьев басқарды. Мен жазбасыз 45 минуттей сөйледім. Сұрақтарға жауап бердім. Менен кейін Шкловский, Лавренов, Стасов, Панкратова, біздің Қазақстаннан И.Тәжиев, Ә.Шәріпов, С.Аманжолов сөйледі. Кеш аяқталысымен, қасыма жастары ұлғайған екі апай келді. Олардың бірі — Анна Михайловна Панкратова, екіншісі — В.И.Лениннің тұсындағы Орталық партия Комитетінің секретары болған Елена Дмитриевна Стасова екен. Біраз әңгімелесіп болған соң, тарқай бастадық. Шашы аппақ, ап-арық Анна Михайловна қолдары дір-дір етіп, тілдей қағазды қалтама салды. Былай шыға «Бауыржан, уақытың болса, жолығып әңгімелесейік. А.М.Панкратова» деген жазуды оқыдым. Соңына адресін жазыпты. Арада алты ай өткенде мен Анна Михайлованың үйінде болдым. Қызы бар екен. Шай іштім. Әңгімеміз «Қазақ ССР тарихының» төңірегінде болды. Оны зерттеуге қалай кіріскенін айтты. Әйтеуір Қазақстан туралы жақсы әсерде екен. Сөзін тыңдай отырып, терең ұтымды тарихшыларымыздың алдыңғы легіндегі кісілердің бірі-ау деп ойладым. Мені де зейін қойып тыңдай білді.

— Алматыда кездесіп, азды-көпті әңгімелескен адамдарымның ішінде ерекше әсер қалдырған, әрі үміт күттірген Ермұқан Бекмаханов болды. Сіз оны танитын ба едіңіз?

— Жоқ.

— Бұл көрікті жас жігіттің (менің шамалауымша жуық арада) нағыз ғалым, тарихшы болатынына әбден көзім жетті, — деп өз сөзін дәлелдеп, көп сыр шертті.

1946 жыл. Анна Михайловна мені Ермұханның докторлық диссертациясын қорғау процесіне шақырды. Вера Павловна екеуіміз трамваймен (сол кезде Москвада такси жоқ еді) кешігіңкіреп бардық. Барсақ, жап-жас (кейін білдім, сонда Ермұқан отыз бір жаста екен), сұлу қазақ жігіті мінбеде докторлық диссертациясын қорғап, сөйлеп тұр екен. Бұл — менің мұндай жиынға тұңғыш қатысуым.

Анна Михайловна ымдап, бізді қасына шақырып отырғызды.

— Ермұхан Бекмаханов — осы жігіт. Ол бәрін дұрыс айтып тұр, бірақ байқаған боларсыз, аздап толқу үстінде, — деді сыбырлап.

— Меніңше, Анна Михайловна, сіз одан да гөрі толқу үстіндесіз, — дегенімде ол шынтағымды қысып, жымиып күліп қойды. Сол сәт есіме Қаныш Имантайұлының Ермұхан туралы:

— Ол жігіт — талапты, білімді жастарымыздың бірі. Болашақта одан күрделі еңбек күтуге болады, — деген сөзі түсті.

— Жақсы қорғады. Сөз жоқ, тақырыбын ұлғайтып үлгергенін оппоненттері де, басқа сөйлеушілер де мойындай бағалады,— деді жолда академик Кәрім Мыңбаев.

— Мүдіріп қалар ма екен деп қорқып едім. Оңай дейсіз бе, Москвалық өңкей азулы, ірі ғалымдардың алдында, — деді химия ғылымдарының докторы Ерден Әзірбаев.

— Ол мүлде қағазға қарамай сөйледі, шешен екен, — деді РСФСР-дың еңбек сіңірген өнер қайраткері Вера Павловна.

Ертесіне Анна Михайловна мені «Ган Отель» мейманханасына ертіп барды. Ермұхан шаршап отыр екен. Әңгіме онша үйлесіңкіремеді. Ол кезде карточка жүйесі. Менің карточкам полковниктікі. Елу процент жеңілдігі және ол бойынша азық-түлік кезектен тыс беріледі.

— Анна Михайловна, Ермұхан Бекманов қорғауын атап өтпек пе?

— Сіз естіпсіз ғой.

— Менің қосқаным, — деп үш мың сомдық карточкамды және бір жарым мың сом ақша бердім. Анна Михайловна қатты қуанды.

Біраз отырғаннан кейін желеу тауып, орнымнан тұрдым.

— Бауыржан, маған «Кавказ жазбалары» блокнотыңды қалдырып кетші. Ертең қайтарамын,— деді Анна Михайловна. Мен сол кісіге әскери командирлік дәптерімді тапсырып, қош айтыстым.

Ертеңіне мені Бас штаб Подольскіге жұмсады. Ермұханның тойында бола алмадым. Үш күннен кейін Анна Михайловна ЦДСА-дағы бөлмеме келді.

— Мен сіздің жазбаларыңызбен толық танысып шықтым. Ермұханға да оқып бердім. Оған сіздің рұқсатыңсыз оқығаныма кешірім өтінемін. Ол өткенде сіздің тез кетіп қалғаныңызға қатты өкінді.... Мен Тәуке хан, Бірінші Петр, Цеван Рабдан, Галдан Церен, Абылай хан туралы екеуіміздің арамызда болған әңгімені айтқанымда, тыңдап, таң қалды.

— Анна Михайловна, мен Ермұханның XVІІ—XVІІІ ғасырлардағы қазақ халқының тарихы жөніндегі біліміне таң қаламын,— дедім.

— Мұның дұрыс. Ол өте адал, білуге құмар... материалдарды өте мұқият, тиянақты зерттейді... Өкінетініміз сол, архивтік документтердің бәрі қолымызға тие бермейді,— деп күрсінді.

Қысқасы, Анна Михайлованың бізге жәрдемі көп тиді. Өте ақылды кісі еді. Ермұхан қаралы азапқа душар болып қамалғанда, ол кісі қатты қайғырды, қолынан келген көмегін аяған жоқ. Тиісті орындарға барып, оны ақтап, түрмеден босатты. Мұны мен ұстаз бен шәкірттің арасындағы ғана қарым-қатынас деп емес, ерлік деп білемін...

Еркін отырдық.

Оңғарбек Бердібаев соғыс кезінде менің қарамағымда полк дәрігері болған кісі еді. «Москва» қонақ үйінде докторлық диссертация қорғағанына байланысты той істеді. Дастарқанды Сәбит Мұқанов басқарды.

Той енді қыза бергенде, Ермұхан төбе көрсетті. Отырғандардың біразы:

— Әй, сен мынаны неге шақырдың?! — дегендей сұрланып, тыжырына қалды. Төрге шық деген ешкім жоқ. Қасымда Тілеш Шойынбаев отыр еді.

— Тілеш, қарағым, орныңнан тұр, — деп, Ермұханды қасыма отырғыздым. Бұл қылығым тыжырынғандарға ұнаған жоқ. Намысым, ашуым қозып, рұқсатсыз сөз сөйледім.

— Қарағым, профессор, — дедім орнымнан тұрып, Ермұханға қарап.

— Мен Тынық мұхиттан Орта теңізге, Шығыстан Батысқа дейінгі аралықты шарлап шыққандардың біреуімін. Ойлы-қырсыз, тау-тассыз, жыра-жылғасыз жерді мен көргенім жоқ. Бұл айтылғанның астарына түсінерсің, шырағым. Сен тарихшысың. Қазақ халқының да өз заманында өзіне жарастық қару-жарағы, қолбасшылары болғаны рас. Ол өткен заманды сен менен гөрі жақсы білесің... Біздің заманда Әліби Жангелдин деген кісі болған. Оның ықпалымен Амангелді Иманов қол бастап, майданға шыққан.

— Әй, Бауыржан, сен бізге лекция оқып тұрсың ба, ей?! — дейді Сәбит маған жақтырмай.

— Сәбе, кешіріңіз, лекцияны сізге оқып тұрғам жоқ, профессорға оқып тұрмын. Мен атаған кісілер туралы сіздің пікіріңіз елдің бәріне мәлім ғой. Оны профессор да оқып шыққан. Ал, менің пікірлерімді оқып шыққан жоқ. Естісін деп әдейі айтып тұрмын.

Оңғарбектің өңі қашып кетті. Көзімді аларта қарап:

— Ей, шырағым доктор, Ермұханды мына тойыңа мен шақырғам жоқ, сен шақырғансың. Бұл жігіт жаламен жабылған қара жаулығынан құтылдым ба, құтылмадым ба деп арамызға жаңа қосылып отыр.

Түсінсең, бұл жалғыз саған емес, маған да келіп отыр. Тойымды бұзды деп ойласаң, рұқсат бер, біз кетейік!

Оңғарбек орнынан ұшып тұрды.

— Бауке, бұл не дегеніңіз, өзім шақырғаным рас, — деді сасқалақтап. — Ең құрметті қонақтарым сіздерсіздер.

Осыдан кейін тыжырынған-мыжырынғандардың үні өшті. Еркін отырдық.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙