Жұмадағы раушан
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Сағадат Ордашева
ЖҰМАДАҒЫ РАУШАН "Жұма сайын қыз ал..." Психология парасатсыз қоғамға парапар у іспетті. Уды у қайтарған. Психологияға кездейсоқ келеді, кездейсоқ кетеді. Ол да кездейсоқ келген. Қалалық жарнама газетін ақтарыстырып отырып, «Жас психолог маман керек. Тәжірибесі маңызды емес» деген хабарламаны оқыды. Дереу нөмірді теріп, демінің дірілі мен ұзақ шұбалған дыңылға құлақ тосқан. – Алло, иә, – ар жағынан ер адамның қоңыр үні естілді. – Мен жұмыс бойынша хабарласып тұр едім. – Фурманов пен Бөгенбай батыр қиылысында «Медитация» деген мекеме бар. Соған келіңіз, – деді қоңыр дауыс артық-ауыс сөзге келмей. Бұл бар бояуын жағып, көкбарқын көйлегін киіп, жүгіре жөнелген. – Иә, тыңдап тұрмын, сізді. – Сұңғақ бойлы, аққұба, бұйраланған қара шашты, отыздар шамасындағы келбетті жігіт екен. Кеңсе іші үй сияқты еркін жасақталған, жиһаздарының орналасуы, қабырғаны жапқан суреттер мен кітап сөресінің жинақтаусыз қалпы кеңсенің салқындығынан ада. – Жұмыс іздеп жүрмін. Оқуды бітірдім, қолымда қызыл диплом бар. –Өзіңіз туралы айтыңыз. – Аты-жөнім Ақнұр Игісін, 1991 жылы 26 қаңтарда Ақтөбе облысында дүниеге келгем. Абылайхан атындағы Шет тілдер Университетін психология мамандығы бойынша тәмамдадым. – «Бітті ме?» дегендей қарасы молдау көзімен қиылып қарады. Ақнұр «шынымен мекенжайдан адаспай келдім бе» деп бір сәтке күдіктеніп те қойды. – Өзіңіз туралы айтыңыз, – қайталады жігіт. – Мен 26 қаңтар сәрсенбі күні дүниеге келгем. Жылым – қой, жұлдызнамам – суқұйғыш, апта күніне сәйкес планетам – Меркурий. Өте сабырлы, төзімді, жаңа идеялардың жетегінде жүретін жанмын. Артық ауыз сөзге, бос жүріске жаным қас, жандүниемді түсінбейтін ортадан аулақ жүруге тырысамын. Интеллигенция ортасында озық идеяларыммен бөлісе аламын. Сәтті күнім – сәрсенбі, асықпаймын, қашан да қаржы үшін емес, жан байлығым үшін еңбектенемін. Бірақ қияли идеяларымның шексіздігіне орай, кейде жетер жеріне жеткізбей, жалығып, тастай салуым мүмкін. Алайда қолыма алған іске бір бекінсем, тап-тұйнақтай тындырам. Меркурий ‒ өте сабырлы планета, сыртқы әлемі мен ішкі жандүниесі қабысып жатады, көбіне көп маңызды бастамаларды ұйымдастырушы, іскер, жаңалыққа құштар. – Жарайсыз! Менің атым Берген. Жасаған, Тәңір, Алда, Құдай, Жаратқан, дейсің бе, әйтеуір, мені Берген дейді. 1984 жылы 22 қазанда, дүйсенбі күні дүниеге келгем. Кәне, мен жайлы айтып қараңызшы. – Жылыңыз – тышқан, жұлдызыңыз – таразы, апта күніне сәйкес планетаңыз – Ай. Тышқан – өте еңбекқор, кішкентайдан үлкен дүние құрай алатын әккі. Өте қу, кейде сараң. Ізденгіш, тіпті қазына иегері. Ал таразылықтар – өте ойшыл, қиялшыл, абзал ғұмырды аңсағыштар, кіршіксіз махаббат, пәкиза ғашықтық олардың есін алады. Үнемі әр қадамын теңгеріп отырады, әлдекім әлденені жаман десе, таразы оның жақсы жақтарын көріп отырады немесе жұрт жабылып «мынау жақсы» десе, таразы оның көлеңке тұстарын байқап қояды. Оны мақтасаң, өзі туралы «мен негізі ондай емеспін», «мұның бәрі – қалжың» деген сияқты сөздерді айта салады. Ішіндегі таразыны үнемі бақылап отыратын адамдар. Ал, күніне байланысты – Ай планетасы. Айлықтар көбіне көп рухани дертті, жүйке жүйесі нәзік адамдар болып келеді. Көп жағдайда психологтар мен психотерапевтердің
алдында дүйсенбі күні туылғандар отырады. Олар бала кезінде айкезбе болса, өскесін терісіне сыймай, ай толысқан күндері жабырқап жүреді. Бірақ соған қарамай, айлықтар – шығармашылық иелері, интуицияның адамдары. – Керемет. – Берген мырза, айтып болғам жоқ. – Көпсөзділікті қойыңыз. Соншама шешінгеніңіз. Ақнұр жалт қарады. – Берген аға деңіз. Терезе жақтауына арқасын бере шалқая отырған Бергеннің жүзі жылып, күлімсіреді. Сол қаптал тұтасымен иін тірескен кітап сөресі, оң жақта қабырғалай сурет. Кітап сөресіне тірескен қабырғаға аңшы мылтығы, сұр қасқыр мен қызыл түлкінің терісі, айыр қамшы мен қоңыр домбыра ілініпті. Үстелінің үстінде компьютер, ретсіз шашылған қағаздар. Қыз өзіне тігілген жанардан қаймығып, төмен қараған. Берген қалт жібермей қадалып тұр. Бұл сәт мәңгілікке ұласқандай, үнсіздік орнады. Ақнұр бойын адақтаған жанардан тайсалып, көзінің астымен Бергенге қарап өтті. Берген де көз тайдырмай қарап қалыпты. Кеуделі, иықты, өңірін ағытып тастаған ақ көйлек. –Бес күн сынақ тәжірибесінен өтесіз. «Судай сіңіп, тастай батып» жатсаңыз, менің мына тағыма отырасыз, қолыңызға алпыс мың теңгені ұстатам, жұмыс таңнан қара кешке дейін, қазірге отырар орныңыз анау – кіреберістегі үстел, онда мені камерадан бақылап, клиенттеріммен сұхбатымның бәрін тыңдап, көре аласыз. Бұл –менің жұмыс дағдымды жақсылап үйренуіңіз үшін. Бұл кеңседе екеумізден артық адам баласы жоқ. Сондықтан келген-кеткеннің барлық қызметі сіздің мойныңызда. – «Бұған не айтасың» дегендей, сынай қарады. – Бүгін кіріссем бола ма? – Бүгін кірісіңіз. Сосын мұндай мейрамханаға киетін көйлекті үстіңізге ілмеңіз, көз тиеді. Ақнұр Бергенге тағы жалт қарап, жанарын тайдырып әкетті. Бұл күні орталыққа имене аттап жас келіншек келді. Бойы сырықтай ұзын, өзі арық, қоңырқай жүзді келіншек «бір сағаттық қабылдауы» қанша деп сұрады. – Берген Төленұлының бір сағаттық қабылдауы үш мың, – деді Ақнұр. – Кіре беруіңізге болады. Камерадан бәрін көріп отыр. Сұңғақ келіншек бойынан именгендей иіліп сәлем берді де, Бергеннің қарсысына отыра кетті. Сәл үнсіз отырып: – Сізге келіп едім, – деді. Иә, айта беріңіз, құлағым сізде, атыңыз кім? Атым –Жанар. Осында тұрам. Журналиспін. – Сізді не мазалап жүр? Ашық, қысылмай айта беріңіз. Мұнда екеуміз ғана. – Сізді жақында бір таныс досым ұсынып еді, отбасылық мәселелерді оңай әрі тез шешеді екенсіз. Білесіз бе, менің тағдырым... мен тұйыққа тірелдім, өтініш, көмектесіңізші. – Бетін жапқан келіншек өксіп жылап жіберді. – Кешіріңізші, көмейіме тығылған өксікті ірке алар емеспін. Соңғы кездері тіпті, жылай беретін болыппын. Өмірден әбден түңіліп болдым. Неге маған осыншама қиыншылық бергенін түсінбеймін Құдайдың? – Тынышталыңыз, Жанар. Сіз өте ақылды әйелсіз. Біріншіден, өзіңізді жеңіп маған келдіңіз. Бар сырыңызды айтудан бұрын оны шешуге құлшынып отырсыз. Рухы өте мықты адамсыз. Демек, қандай да мәселені біз сізбен бірге аяғына дейін шешеміз. Қорықпаңыз, айта беріңіз. Не болды? – Жас кезімде маңдайымды тасқа соқтым. Әкесіз қызды өмірге әкелдім. Ол үшін талай сұмдықты естідім. Кейін екінші рет күйеуге шықтым. Күйеуім бұрын үйленбеген жігіт еді, екеуміз сөзге келіп қалсақ болды, өткенімді бетіме басып, өзін зор, мені қор санайтын. Ол күйеуімнен көп ұзамай екінші қызымды босандым. Соған қарамастан, екеуміздің айқайымыз жиілеп кетті. Бір бөлмеде отыра алмайтындай болдық. Араға оның
анасы, менің анам килікті. Ол маған үйленгелі «жұмыс жоқ» деп үйде отырды. Ал, мен ылғи екі мезгіл жұмыста болдым. Үйдің барлық қаражаты менің мойнымда. Ол болса, жатып алып тамақ жеп, ұйықтаудан қолы бір босамады. Үш жыл тұрғалы, бірде-бір рет жұмыс іздемепті. Өйткені, мені асырау ол үшін қорлық екен. Қызымды босанып, үйде болғанымда, қыстың қара суығында маған қарайласудың орнына достарын жағалап, менің жағдайыма бас қатырмады. Бір күні мен соның бәрінен шаршадым да, онымен ажырасуға бел будым. Екеуміз айтысып жүріп, ажырастық. Ол жұмыссыз болғасын, қызымды алып қала алмады. Алимент төлейтін қылып, сот шешім шығарды. Қазір міне, бір жыл бойы басқа адаммен тұрып жатырмын. Басында бәрі басқаша болды... мен ақыры бақытты болдым деп қуанып едім. Бұрын бастан кешпеген...ыстық сезімдер, ыстық құшақ, жылы сөз, ашық-жарқын сырласу... Алғаш еркек біткеннің ішінен әйел жанын түсінуге тырысатын біреуін кездестірдім деп, қуаныштан төбем көкке жеткендей болған. Бірақ бәрі өткінші екен. Ол да менің жұмысыма малданып, жұмыс істеуін қойды. Әрі кей-кейде ішіп алып, қарадай тиісетін болды. Ол үш жыл түрмеде отырған екен. Отбасының жылуын сезінбеген, туыс-бауыр дегеннің не екенін білмейтін қатыбас екен. Өмірде ана, бауыр жылуын көрмеген адамның тіл-жағына сүйеніп "жаным, күнім, сүйем" деуі де бөлекше болар екен. Содан қызым үшін қорқатын болдым. Ойланып қарасам, яғни өмірімдегі еркектердің бойындағы қасиеттерді салғастырсам, еркек біткеннің бәрі бірдей екен. Бәрі де бірдей ойлайды. Бірдей өмір сүреді. Тек айырмасы, біреуі ішеді, біреуі құмар ойнайды, біреуі қыз-қырқынды сүйеді, біреуі мансабын сүйеді, біреуі дүние-мүлкін сүйеді... Бірақ бәрінің түпкі тегі бір. Енді екінші күйеуіммен ажырасқаныма өкініп жүрмін. Менің де қателіктерім көп болды ғой. Сол отбасымды қалай қалпына келтірсем болады? Қалпына келтіре алам ба? Ең болмаса, қыздарым өз әкесінің қорғауында өсер еді ғой, – көз жасын орамалына сыққан келіншек демігіп бір тоқтады. – Сабыр етіңіз, Жанар, – деді Берген бұған ойлана қарап. – Көзі ашық, оқыған адамсыз. Қоғамдық құбылыстардың дәл ортасында жүрсіз. Солай бола тұра, бұл қоғамның тілінен, ереже, тәртібінен мақұрымсыз. Сізді түсініп отырмын. Көкейіңізден «бар мәселе өзгелерде емес, менде екен» деген ойды оқыдым. Рас, бар мәселе сізде. Айнала, адамдар сізден алғылары келген затын алып болған, сіз ғана талап ете алмапсыз. Сіз өзі, нені қалайсыз? Бұрынғы отбасыңызға қайтқыңыз келе ме? Жақсылап ойланыңыз. – Иә, мен сол отбасымды тіктегім келеді. Күйеуіммен табысып, бүтін бір шаңырақ болсам деймін. – Адам – қалауының жемісі. Сіз, шын қаласаңыз, бәріне қол жеткізесіз. Қаласаңыз болды. Онда былай етейік. Отбасын құраушы екі әлемді еркек пен әйел деп алсақ, олардың біреуін марс, біреуін венера ғаламшары деп алсақ, сол екеуінің негізгі жаратылыстағы табиғатын түсініп алайық. Біздің қоғам – осыны ұмытқан қоғам. Бүкіл зейініңізді салып, мені тыңдаңыз. Адам ата мен Хауа ана жұмақтан аластатылып, күнәға батқан сол бір заманнан бері "мені адастырған сенсің" деген ой еркектің бейсаналы бір тетігінде қалып қойған. Ал әйел өзінің "таңдау еркіндігі" дегенді тек "өз қалауы, өз нәпсісі" екенін ұқпайтын хәлде қалып қойған. Мейлі делік. Сонымен, еркектің табиғаты қандай? Еркектің болмысын сіз әуелі әкеңіз арқылы қабылдағансыз. Әкеңіз немесе ағаңыз сіздің көзқарасыңызда мінсіз жандар болса, күйеуіңізден де сондай кеп көргіңіз келеді де тұрады, яғни іштей салыстыру ойыны жүріп жатады. – Анам әкемді үнемі жерлеп отыратын. Ол көп ішетін болды. – Солай. Қадірсіз әкені көріп өскен қыз күйеуін де қадірлей алмайды. Мен мұнымен, бар кінәрат сізде деп отырғаным жоқ. Мәселе мынада, ерлі-зайыптылар бір-бірінен мыңмиллион шақырым жерде жүріп те, бір-бірінің ойын, түйсігін оқи алатын энергиялық қуатқа ие. Яғни, екеуіңізді азғырған шайтан – біреу ғана. Сол бір мызғымас шайтан екі
адамның ортасын үнемі бұзғысы кеп, ақпарат тасиды да отырады. Сіз үйде отырып алып, күйеуіңіздің ожар мінезін, бастан өткерген жағымсыз оқиғаларды еске түсіріп, кіжініп, кектеніп, ашуланып отырсаңыз, бұл ақпарат еріңізге бейсаналы түрде жетіп отырады. Ол бейсаналы түрде үйге осы ақпаратты миына жүктеп келеді де, сіздің қарсы алған түріңізден, сөзіңізден дереу жаңағы жасырын ақпаратты өзіне бекіте түседі. Ә десеңіз, ол мә дейді. Айтпағым мынау, жарастық әуелі еріңізге күйеуім деп емес, ол да адам баласы деп, ол да әлдекімнің үкілеген үміті еді деп, оны да басқа тараптан түсінуге, сосын кешіруге тырысудан басталмақ. Іштей әуелі Құдайдан, сосын күйеуіңізден кешірім сұрап, сырласыңыз. Әрбір ситуацияны бастан өткеріп, тек қана өзіңіздің қателігіңізді көре біліңіз. Әрбір ситуацияға қайта оралмайтындай желге лақтырып, кешіре біліңіз. Ол сіздің энергияңызды міндетті түрде сезінеді. Періштелер бұл ғаламда не істеп жүр деп ойлайсыз? – Періштелер? – Періштелер бүкіл жақсы ойыңызды Құдайға, сосын күйеуіңізге жеткізеді. Жеткізеді деу – шартты ұғым, Құдай тағала «саған қан тамырыңнан да жақынмын» дейді ғой, – Берген Жанарға таяп келіп шөкелеп отырды да, қолынан ұстады. – Сіз өте жақсы адамсыз. Жаныңызға батқан дерттен жараланып, кезінде оны емдей алмай, жылы жауып тастағансыз. Оны аршып алыңыз. Құдай тағала «сұрасаң – берем» дейді. Сізді құшақтасам бола ма? – Әрине. – Ініңіздей құшақтаңыз. Жанар, бүгінге осы жетер. Сіз бақытқа, махаббатқа лайықты әйелсіз. Еңсеңізді көтеріп жүріңіз. Бәрі жақсылыққа. – Берген жылы жымиып, аялы көздерін жасырып әкетті. Бидай өңді келіншек көзі қызарып, кабинеттен шыққанда Ақнұрдың да көңілі алатолқынданып, жанары еріксіз жасаураған. Терезенің ар жағына мұңайып қараған Бергенге, бұл жабырқап, камераның бер жағынан қарады. Әлем классикасынан мұңды әуен естілді. Маңдайшадағы "жел уілін" қақсатып кеуделі, қарны қампиған, ерні дүрдиген, қолындағы кілтін тоқтаусыз айналдырған елуге таяу ел ағасы қапылып кірді. Ол Ақнұрдың бетіне ежірейіп бір қарап, Бергеннің үстіне кіріп барды. – Ассалаумағалейкум, ағасы! – Тіл мен жағыңа сүйеніп отырмысың? Қашан төлейсің? – Ағасы, міндетті түрде төлеймін. – Сені тегін отырғызып қарап отырам ба? Тағы қанша күтем? – Бес күн. Бес күн ішінде жұмысымыз ілгері басып, қолымызға ақша түседі. – Осылай деп ана аптада айтып ең. Дәу қара Бергеннің жағасын бір қолымен сығымдап, бетіне тақады. – Бес күннен соң да осы әңгімеңді айтар болсаң, дүние-мүлкіңсіз тырдай жалаңаш қуып шығамын. Берген, жүйкеме тиме. Есікті тарс еткізіп теуіп ашып, шығып кеткен. Ақнұр жұмысының алғашқы күні-ақ мұндай сәтсіз көрініске куә болғанына қынжылып тұрды. «Мына кісіге жалданып бекер қылдым-ау» деген өкініш те қылаң берді. – Саған мұның еш қатысы жоқ, – деді жалт етіп кабинетінен шыққан Берген.– Алдыңа келген клиенттің тұрқына, сөзіне қарап, сеанстың бағасын үстемелей бер. Керек адам ақшаның бетіне қарамайды. Түстен ауып, күн төбеден құлаған шақ. Сыптай боп киінген, сары өңді, бойшаң, жиырма бес-отыздар шамасындағы сымбатты жігіт кіріп, айналаны барлап қарап қалды. – Төрлетіңіз. – Ааааа, сізді көрмей қаппын. Не ғой, психолог бар ма? – Бар. – Не ғой, мен... мен кірейін деп едім, бір сағаты қанша?
– Үш мың теңге. Камерадан бәрін көріп отыр. Бергеннің қабағы ілініп қалғандай, шекесіне шығып кетіпті. Екеуі аман-саулықтан кейін үнсіз біраз отырды. – Неге келгеніңізді айтқыңыз келмей ме? Сары өңді жігіттің шашы тікірейіп, көк көзі сынағандай Бергенге қадалып қалған. – Мен сізге үш мың төледім. – Иә, төлепсіз. – Енді ары қарай сіздің жұмысыңыз. – Рас, сізді сөйлету менің жұмысым. – Так, сөйлетсеңізші. – Сізді мазалап жүрген ой, қиындық бар ма? – Жоқ. – Онда неге келдіңіз? – Есіктің сыртында әйелім тұр, сол алып келген. Оның айтуынша, мен ауру екенмін. «Соған барсаң, түзелесің» деп екі ай құлақ етімді жеді. – Ааа, сол үшін деңіз. Не деген ақылды шешім. Әйелдің көңілі үшін келу деген, мейлі, екі айдан соң болса да, бұл – үлкен ерлік. – Көтермелемей-ақ қойыңыз, – жігіт сарғыш жүзін тыржитып, жаратпай қалды. – Тек бір сағат отырып көрейінші, шынымен емдейсіз бе, соны көру үшін келдім. – Еее, сөйдемейсіз бе? – Сіздің әйеліңіз бар ма? – Иә. Бар. – Осында мылжыңдап отырғаныңызға шыдай ма? – Бұл – менің кәсібім. Екеуі шыбынның ызыңын тыңдағандай тағы бес минут үнсіз отырды. Берген үстелінің үстінен кино көргендей тесіліп қарап отыра берген. – Үш жаста болуым керек, кенет ауыр ышқыныс пен ащы айқайдан көз аштым. Әкем көрші бөлмеде анамды аяусыз тепкілеп жатыр екен. Анам басын бұғып, қаша берді. Әкем жұдырығымен төмпештеп, аяғымен теуіп, тықсыртып барады. Бірақ мұның бәрін ерекше таңғалыспен бақылап тұрғанымды білем. Кенет сол тұрысымда, өзімнің қайда, қай жерде, неге тұрғанымды жақсы түсіндім. Мына өмірдің бас-аяғын көріп қойғандай, мұңға шомдым. Бұл сурет ғұмырбойы көз алдымда қалып қойды. Мені селт еткізіп оятқан бұл көріністен кейін, «мен бақытты боламын» деп өзімді сендіре аламын ба? – Қайдам? – Иә, былықта, батпақтан өзгені көрмеген ұрпақ бақытты болады деп кімді сендірмекшісіз? Кімді сендіргісі келеді? Менің әйелім, сіздің әйеліңіз «тек менің күйеуім ғана дертті, ауру» деп ойлайды. Шын мәнінде, қоғамның өзі түгелімен жынды су жұтқандай ауру. – һа, сезіп отырмын, сіз де аурусыз, ауру болмасаңыз, отырар ма едіңіз осылай. – Солай бола тұра, неге бір-бірімізді түсінбейміз? – Неге, түсінісеміз ғой, мысалы, әке мен шеше арақты сіміріп, темекіні бұрқыратып отырып, балаға адалдық, сауаттылық, тәртіптілік, алғырлық туралы лекция оқиды. "Балам, оқы, ұрлық жасама, тонама, ішпе, жаман ұлдарға қосылма" деп ақылы айтады. Бірақ бала әкесінің айтқанын керісінше жасайды. Қисынға салсақ, баланікі дұрыс. Бала естігенін емес, көргенін жасайды деп Аймауытов бір шығармасында айтады ғой. Қоғамның бет-айнасы далбаса клоун да, даңғаза фейерверк. Этель Войничтің "Бөгелегінде" цирктегі бүкір болып ойнайтын актердің ішкі дүниесін ақтарғаны қызық. Жалт-жұлт етіп жанар арбаған цирктің тасасында қаншама еленбеген қайғы-қасірет жатады, бетін күлкілі етіп бояған күлегеш әртістің жандүниесінде не болып жатыр? Ол шын мәнінде сізді күлдіруге шықты ма?
– Демек, біз, осы қоғамның өкілдері бір-бірімізді тілсіз түсінеміз ғой. Бірақ кей-кейде әлдеқалай ұшып кеткіміз келетіні, жанымыз шарқ ұрып, әлдеқайда кетіп тынғымыз келетіні неден екен? – Ол рухтың жанышталуынан. Жер бетінде рухқа орын қалмай бара жатыр. – Рухыңыз жанышталғанын қалай пайымдадыңыз? Сізді неге ауруға жорыды? Ішесіз бе? – Сіз менен ақша алып отырсыз. Егер менімен бірге кабакка барып, мас болып ішсеңіз, бар сырымды айтар ем. – Рас, мен сізбен бірге кабакка бармаймын, бара қалсам, мені ғана тыңдай алатын адаммен барам. – Демек, мен сізбен тең емеспін, сырымды айта алмаймын. – Бәрібір, дұрыс істедіңіз, психологқа келу дегенің, оның үстіне әйелің сыртта тұрса, сізді құттықтаймын. Адамзатты ілгері сүйреп келесіз. Екеуі келесі бес минутты тағы үнсіз өткізді. – Психология не үшін керек? Неге мұнда бос сөз соғып, әркімнің қалтасын қағып отырсыз? – Заманалар ауысты, кезінде бұл даланы би, төрелер, әулие-бақсылар басқарған. Қоғамда бет ұялатын, жүрек кірлететін қиянаттар аз болған. Бола қалса, ел алдында масқаралап, бүкіл кінәсін бетіне басып жазалайтын болған. Алқалы жиындарда ақсақалдардың дастанды дүниетанымдары, мақал-мәтелге сыйған уағыздары өңге абыржу мен торығуға түсірмей, ән мен күйдің қазаққа ғана ұғынықты пәлсапасы Тәңірмен тілдестіретін, сырластыратын. Қазаққа өнердің бүкіл тегі құлшылық еді ғой. Бүгінде осы таққа психологтар отырды. Әрине, психологтар адамның таңдаулысы емес, керісінше, керауызы болуы мүмкін. Сары өң, көкшіл көз сынаған кейпінен сынған жоқ. Құдды бір сынақ алып отырғандай, міз бақпай бағып отыр. Берген мына тігіліске, қадалысқа лайық жауап іздеп шарқ ұрғандай сыптай сары жігіттің бетіне бір, үстеліне бір қарайды. – Атыңыз кім? – Айталық, Зарлық би болсын. – Ақшаңыз көп пе? – Жетеді. – Онда күнде келіңіз. Ертеңнен бастап күніне екі рет, сағатына төрт мыңнан төлеңіз. – Құп. Әлі жиырма минут бар-тын. Берген терезеден көк тайотадан шыққан қара көзәйнекті әйелді байқады. – Сіздің әйел ме? – Біздікі. – Ер екен. Не жұмыс істейсіз? – Күзетшімін. – «Қар жаумай, қазан ұрмай солады екен, бұлбұлым» депті ғой қазақ. Ғұмыр қысқа. Жеті рет өлшеп, бір рет кесу керек. Өмір – жұмыс, үй, ақша, бала, мансап емес, өмір – қалау. Қалауыңша ғұмыр кешу. Адам алты жасында өмірден өзіне не керектігін, неге қабілеті барын анықтап алады. Бірақ өсе келе ата-ананың баулыған өміріне бағынып кете барады. Бала кезімде, түсімде домбыраның үнін еститінмін. Үнемі күмбірлеген қоңыр домбыраны тартып отырамын. Өзіме бейтаныс әуендер, күйлер ағытылатын. «Күй – Тәңір күбірі" дегенді естігенім бар еді. Кейін, әкеме «бір домбыра сатып алып берші» деп жата-жастана жалынатын болдым. Әкем қаласа, алып беретін бе еді, бәлкім, ешқашан ондай артық ақшасы да болмаған шығар. Бірақ ол «сатып алып беремін» деп мені үнемі алдайтын, күндердің күні ес біліп, есейгенде әкемнің ешқашан домбыра сатып алып бермейтінін түсіндім. Құлағыма құйылған күйлер де есейе келе сап тыйылды. Кейіннен қолыма қанша домбыра ұстасам да, кеудемдегі сол күйлерді таба алмадым. Сол ноталарды тере алмадым.
Білесіз бе, өйткені, сол тазалықты – бала жүрегімнің тазалығын қайтара алмайтын едім. Өсе келе, адам сол ғұмырлық армандарын, махаббатын, қиялын ұмытады. Сосын «неге жүрмін, мен мұнда жүрмеуім керек еді ғой, бәлкім, менің орным мұнан да жақсы жақта болар» деп іштей мүжіледі де жүреді. Адам өзін, ішіндегі кішкентай сәбидің тілегін оятса, ғұмырының мәнін ұғар еді. Сол сәбиді тірілтіп келіңізші ертең. – Қиын тапсырма екен? Бұған сіздің қатыспайтыныңыз жаман. – Терлетем әлі. Бүгінге осы, уақыт бітті. Сау боп тұрыңыз. Зарлық би ешбір эмоциясын көрсетпей, тікірейіп шығып кетті. Берген ары-бері сенделіп, аппақ сандал көйлегінің өңірін ағытып, алабұртып жақтауға сүйенді. Камерадан бақылап отырған қыз оған ойланып қарап отырды. Адам ретінде түсініп, бағалағысы келген. Жігіт деп қабылдапты о баста. Кірген бойда. Ер психологтар әйелдерге қарағанда ұстамды, сырбаз, санаңның түбіңде түтеп жатқан сырыңды бетіңе шығарып, лап еткізіп ұятыңды өртеп, мысы басып, қалайда сенің болмысыңды алақанда ұстар еді. Әйелдің еркек алдындағы өліспей беріспейтін парызы бардай неге өне бойы қымсына береді? Бұл екі тарап қашан бітімге келеді? Келмейді. Біреуі марстан һәм біреуі венерадан болса. Берген отыра қап пернетақтаны тарсылдатып жаза бастады. Ақнұр да телефонын шұқып, ысқырынған хаттармен алысты. Кешкі екінтінің сәті түскен. Ақнұр тықыршып үйге қайтқысы келді. Алғашқы күннің жүгі ауыр болғандай, жиналып кетпек болды. Берген осыны білгендей кабинетінен шығып: – Алакеуімнен атқа қонатындар бар. Күт, қазір бір әйел келуі керек, – деді қыздың бет-әлпетіне сұқтанып қарап тұрып. – Ақнұр, биге қалайсыз? – деді сосын. Қапелімде қыздың аузына сөз түспей, ішінен ыстық толқын лап көтерілген. – Оны қайтесіз? – Мен жақсы билеймін, хореографияға қатысқам. – Мен билей алмаймын. – Сонда да, сіз маған серік болмасаңыз болмайтын түрі бар. Көңілді сергіткенге жақсы бұл. Ол бұрылып кетіп, тосын екпінді әуеннің даусын зорайтып қайтып келді. Ақнұрға қолын ұсынды. Бергеннің қылығын қалай тыйып тастарын білмей іштей булыққанмен, бетін қайтара алмады. Берген шыр көбелек айналдырып, ұшыртып жөнелді. Ақнұр мына шәлкем-шалыс қимылға бойын үйрете алмай, босаңсып қалды, Берген белінен қолын босатып, айналдырып кеп жібереді, кейде жерге тастап жіберердей шалқайтып, сосын шалт қимылмен көтеріп, шыр үйіріп әкетеді. Жігіт қолынан тараған қызу тұла бойын елітіп, еркінен тыс биге берілтті. Әуен біте бергенде Ақнұр оны кеудесінен кері итергендей болып, қарулы қолдардан сытылып шықты. Берген жеңіл жымиды: – Жақсы биледің. Әлі үйреніп кетесің. – Үйренуге тұрмайтын би. Үйге қайтсам бола ма, Берген аға? Жігіт жауап бермес бұрын, бұған бір шекелей сынай және онысын жасырмай күлімсіреп қарап тұра берді. – Ешқашан сыр берме. Сен психологсың. Психологтар бір мезетте бірнеше қабат бояуды көре алады. Бір мезетте бірнеше сезімді апаш-құпаш сезінуі тиіс. Сағатына көз тастады. – Қазір келеді, алабұртып асығыс бір әйел. Сен сосын көзбен тыңдағанды қой. Қандай да ситуацияны түртіп отыр. Әрбір кейіпкердің күнделікті сауалын түртіп қой. Жауап тапқанын тағы түрт. Сыңғыр етіп ашылған есіктен жүзі дөңгелек, ажары аппақ, шашын түйген, үстіне қызыл гүлді ақ көйлек киген әдемі әйел кірді. Екеуіне кезек-кезек қарап амандасты да, Бергеннің артынан ілесіп, кабинетке енді.
– Жағдайыңыз жақсы ма? – Ой, несін айтасыз. Бүкіл шашым түсіп қалатын шығар деп жүрмін. – Жұпар, сізді жалықпай тыңдауға бармын. Айта беріңіз. – Білмеймін, енді не боларын? Ол күнде әр түрлі қылық көрсетеді? Кеше қол көтермекші болды. «Екі кештің арасында қайда жүрсің» деп дүрсе қоя берді. Мені кімнен, неден қызғанатынын білмеймін сорлының. Өзі ана әйелін үндемесем, бір күні қасыма алып келетін шығар. Өзі соны қалайтын сияқты. Неге кетіп қалмайтынын тағы түсінбеймін. Менің өз иелігінен шығып қалғанымды түсінгісі келмейді. Жынданатын шығармын. – Сіз қазір отыз жеті жастасыз. Бұл үшінші мүшел. Әр адамның өмірінде осылай бір соғып өтетін дауыл болады. Дауылдан аман өту де, соның ығына жығылуда сіздің қолыңызда. Сізге, білесіз бе, дәл қазір тыныштық керек. Осы ойлардың ешбірін қорыта алмасаңыз, құдай үшін, сізге пана бола алатын адамға – анаңызға, бауырларыңызға кетіп қалыңыз. Мұның бәрі – өткінші дүние. Тек сіз мәселені әбден жүйкеңіз жұқарған тұста сіңіре алмай тұрсыз. Яғни, өте қауіпті зонада тұрсыз. Жұпар, ойланбаңызшы көп. – Мен қалай, қайда кетем? Балалардың бәрін алып кетейін десем, ол бермейді. Не ажырасуға көнбейді. Көңілім сондай суып кетті. Бетіне қарағым келмейді, бетіне қарасам жиіркенішті құбыжық көргендей күй кешемін. Кейде «мені сүймейсің» деп те ұрады. Бұл күйге түскеніме қанша жыл? Неке түнінде-ақ қол жұмсаған адамнан мен не күтемін? – Сіз бірнәрсені қабылдағыңыз һәм түсінгіңіз келмейді. Жұбайлық өмірде махаббаттың, өшпейтін махаббаттың тұнығы маңызды емес. Отбасылық өмір – базар секілді алыс-беріс. Бақытты қолдан жасайтын жасампаз құбыл мінез. Рас, ол сізді алғашқы түнде-ақ, сіздің сезіміңізді аста-кестең етіп, дөрекілік көрсеткен. Ол сіздің өзін сүймейтініне жаны күйеді, сіз қаншама жыл іштегі кекті қабаттап жинап келіп, ол әбден асқынғанда барып, бәрін бірден шешпекші болып тұрсыз. О баста оны сол табиғатымен, сол барымен қабылдап, солай жақсы көруіңіз тиіс еді. Білем, жақсы көру оңай емес, бірақ, ойлаңызшы, дәл қазір қаласаңыз, мені де жақсы көре аласыз ғой. Алдыңызда отырған студентті де ол ожар болсын, оспадар болсын, оңбаған болсын өзіңіз үшін һәм ол үшін бағасын қойып жібере саласыз. Сол сияқты, Құдай тағала сізге садақаға бес тиын тастапты. Бәлкім, сіз он тиын шығарсыз, сізге енді ғұмырбойы бес тиынды жүз теңге қыл деп тапсырма берілген болса ше? Өмірдің өзі әрбір адам үшін миссия емес пе? Адам серігімен, баласымен, досымен, ата-анасымен, бауырымен, көршісімен де сыналады, сол үшін жауап береді. Бұл сіз үшін де сынақ қой. Және сіздің деңгейіңіз көтере алатын сынақ. Құдай тағала әйелге қырық шырақ жағып берген. Қырық шырақтан қырық мың шырақ жағам десеңіз де қолыңызда. Һәм Құдай тағаланың бұйрығына дауыңыз бар ма? Сізді ол кісімен ешкім қосқан жоқ-ты, Құдай қосты. Біліп қосты, «ол мені сыйлай алмайды, ол өзінен басқа ешкімді ойламайды, ол қол көтереді, ол жиіркенішті, одан безіп кеттім» дегеніңізбен, өмірлік бір факт – одан төрт балаңыз бар, ол балалардың әкесі – сол күйеуіңіз. Күйеуіңізден артық балаларға ешкім әке бола алмайды. Сол үшін бітімге келіңіз, жеңіңіз өзіңізді, кешіріңіз оны. Әйел адам табиғатында әртіс, әртіс болыңыз, сүйіңіз, дос болыңыз, мейлі, оның екіншісі болсын, оны қабылдаңыз, бұдан қашып құтыла алмайсыз, қабылдаңыз да еркіне қойыңыз. Өзі ұялатындай болсын. Ұяты болмаса, қоя салыңыз, Құдай тағала, сізді бәрібір бұл үшін марапаттайды. Қазақ «бірінші бақ – бақ, екінші бақ – бейбақ» деген. Өмір – кинодағыдай, болмаса ертегідегідей емес, «олар ұзақ та бақытты ғұмыр кешіпті» деген сөйлем – жасанды сөйлем. Өнер ойлап тапқан сөз. Өнер әуелден өмір үшін жаралған еді. Бірақ өнерді өмір жирентті. Сіз өзіңіз, мысалы, жазушы болар едіңіз. О баста жазғансыз. Бірақ жазудан айырылғалы түріңіз осы. Өмірді жүрегіңізбен қабылдап қойыпсыз. Өмір – иллюзия, өмір – режиссер белгілеген сценарий. Режиссер талғамындағы сахна. Өмір жоқ, уақыт та жоқ. Сіз де жоқсыз. Жұпардың қап-қара көздеріне жас айналды. «Қалбалақтап қар төгілген. Толарсақтан қарға бөккен кеңістік. Айнала аппақ кеңістік. Айқайласаң да, айқайламасаң да, өзіне жұтатын кеңістік. Қайда безсең де, көпсіген
көбік қар, жата қалып жер бауырлап жылайсың. Ешкім естімейді. Жаратқан болса, сол ғана естір, қалғанның бәрі жырақта. Сен ғана еститін, өзің ғана шыңғырып айтатын шындығың. Мойындауыңа мәжбүрлейтін кеңістік. Мойындайсың «мен сүйгім келмейді, оны сүйгім келмейді, оны кешіргім келмейді, мен оны жек көрем» деп мойындайсың, бірақ Құдай тағаламен жападан жалғыз бетпе-бет келіп отырғаныңды түсінесің де, шарасыз төмекшіктейсің «кешірші мені, неге кешірмейсің, мен не істедім? Айтшы, осы бір көрінші маған, бір рет бар екеніңді білейін, көрінші маған, не істеп қойдым? Не кінәм бар? Құдайым, бар болсаң, айтшы өзің, сен әділеттісің бе? Әділетті болсаң айтшы, өмір неге әділетсіз? Әйтпесе, осы негелеуге әкелдің бе бізді? Айтшы, айтшы?!» Уақыт деген ұғым жоқ, күннің айналып шөккенін уақыт дейді. Болмыста уақыт тіпті жоқ. Тек өткенді өткен, кеткенді біткен деп білетін сана бар. Бүкіл адамзат отыз үш жаста қиямет-қайымда қайта оянады. Отыз үш жасындағы түрімен». Берген оянып, жаны жараланғандай, әл-дәрмені таусылғандай ауыр ыңырсыды. Ақнұр кабинетке сыбдырсыз кіріп, бұрыштағы орнатпалы бөшкеден су алып берді. – Ішіңіз. – Ол кетіп қалды ма? – Бағана кеткен. – Жылауын тыйды ма? – Тыйған. Күтпеген жерден есік тарс етіп ашылып, екі иығына екі кісі мінгендей, еңгезердей қара кісі кіріп келді. – Ей, сенбісің, Жұпармен күнде кездесіп жүрген? Тұмсығыңды бет қылайын ба? – Хәлсіз отырған Бергенді жұлқып қалып, жұдырықпен жақтан қойып жіберген. Оңбай тиген соққыдан Берген ес-түссіз құлады. – Шшсссс, енді көрейін осы жерде оны қабылдағаныңды, көзіңді құртам, мені білмейді екенсің сен, о қатыннан не табайын деп едің? Ол – менің қатыным. Сен, мына, жәлептеріңді қатырып ал, сүмелек, еркек болғаныңа түкірдім! Үстелді шарт-шұрт періп-періп жіберіп, шығып жүре берді. Ақнұр жүгіріп барып ессіз жатқан Бергеннің жүзіне су бүркіді. Берген көзін сығырайтып ашып, бұған қарап әлсіз жымиды. 2–күн Алматының көкшағыл тусыраған аспаны. Біразға дейін ұйықтамады. Таң тез білінді де, қарасайрауық сарнады. Ақ көрпемен алысып, көрер таңды көзімен атырған. Алғашқы күннің суреті тап-тұйнақтай өтіп жатты көз алдынан. Бөтен, бөгде әлемге түсіп қалғандай. «Мына, Берген біртүрлі өзі?». Ойлары сабақталмай, түсініксіз кеп жанын буды. Іштегі қызу ып-ыстық дем болып аузынан шықты. «Барайын ба, бармайын ба? Жұмыс табылар, несіне жаны қиналып, кеңсесінің жалдама ақшасын төлей алмай қылпылдап жүрген адамға жалдануым керек? Өңшең жыларман әйелдерді баурап алуы да бір қызық. Кез келгенін тыңдата алады, кез келгенін тыңдай алады. Өзі жындысүрей сияқты». Десе де «барайын» деп шешті. Барғысы келді, адамша жаны ашып көмектескісі келді. Жаны құлазыған адамдай, жапанда қалған жалғыз ағаштай көрінді Берген. Барып басын сүйегісі келді. Жанын түсінгісі келді. Кеңсенің іші сап-салқын, жаңа ғана жуылған болуы керек, едені дымқылдана жылтырап жатыр. Төргі бөлмеден көңілді шырқалған ән естілді. Тықырсыз таяп келіп есіктен сығалаған, Берген өте бір көңілді әуеннің ырғағымен қолындағы қызыл шүберегін басынан асыра сілтеп, әлдекіммен билеп жүргендей айналшықтайды. Бұл аңтарылып қарап, есікті итеріп жібергенін байқамады. Берген табалдырықтан Ақнұрды көріп, қолындағы шүберегін үстелге тастай сала, күлімсіреп амандасты да, әуеннің даусын басып қойды. – Қашан келдің?
– Жаңа.. осы... Кешіріңіз, байқамай ашылып кетті есік. Еден жуушы бар ма еді бізде? – Жоқ, еден жуушы жоқ. Әйелім келіп жуып кетті. Иә, іске кірісейік. Қазір топырлап адамдар келеді. Үстіне ұсақ қызыл гүл мен жасыл жапырақты шашып тастаған жеңсіз ақкөйлек Ақнұрдың тұлабойымен құйылып, жаздың жұпар самалын алып кіргендей болды. Ақнұр көзден ғайып болғанша Берген көз алмай қадалған. Қыз есікті қос қолдап жаба беріп, өзіне қадалған назардан тайсалып қалды. Ту сыртынан екі көз еріп келе жатқандай, тұла бойы тітіркеніп кетті. Қадамын ауыр алып, үстеліне әрең жетті. Сол сұқтанған жанардың оты жүрегіне түсіп, тынысын тарылтқандай болды. Абырой болғанда, сыңғырласып жамырасып қоя беретін шыны ілмектер әлдекімнің келгенін ескертті. Жанар екен. Ол жеңіл жымиып, бес мыңдықты үстелге қойды да, Бергенге кіріп кетті. – Білесіз бе, сізбен кешегі сұхбаттан кейін көп ойландым. Күйеуіммен ортадағы араздыққа себеп болған барша жәйттерді ойша кешірдім. Алғашқы араздық – тойға көйлек алғанымда туындаған екен. Оны мен қоярда-қоймай сатып алдырдым да, тойдан кейін оған айтпай, сатып жіберген едім. Сонда ол, мұны біліп қалып алғаш ренжіген еді. Бірақ оған бұл ойды шешесі айтса керек. Ол менің сатқанымды, әйтпесе, қайдан біледі? Шешесі бір күні келіп, үйге қонып, көйлектің жоқ екенін байқап кеткен. Міне, содан кейін ол барша сырларын менімен емес, шешесімен бөлісіп жүрсе керек. Үйге кешкісін шаршап келгенімде, біреу оның аузына сөз салып қойғандай, дүңк еткізіп қойып қалатын. Бәлкім, менің жазығым бар шығар, мен оны сүюден гөрі, оның маған ғана назар аударып, еркелетуін, мені аялауын күтетін едім. Әлдебір нәрсе жасай қойса, рақмет айтудың орнына, кемшілігін айтып, «неге бүйте салмадың, неге мынаны алдың» деп жер-жебіріне жетемін. Ойласам, оның жұмыссыз болып үйде отыруында да менің кінәм бар екен. – Рас, әйелдер қашанда махаббатты, жалпы қамқорлықты ер адамнан күтеді. Бірақ қазақ «күйеуің – бірінші балаң» деп дөп басқан ғой. Ер адам өмірбойы балаң қалпымен ғұмыр кешеді. Ер адамдардың табиғаты сіз ойлағаннан да қарапайым. Ер адамның ымжымын түсіну, мінезіндегі құбылыстарды байқау – бас қатырмайтын нәрселер. Оның не үшін ренжігенін алты қырдың астында отырып та түсінуге болады. Ал, сіздерді, әйелдерді ешқашан, том-том кітаппен зерттеп тастасаң да, түбіне жетіп түсіне алмайсың. Сіздер құбылмалы кемпірқосақтай әр жағдайда әр сөзді, әр қимылды түрліше қабылдай бересіздер. Мысалы, сіздің еріңізге жай кино көріп отырғанда арқасын сипау, құшақтап отыру секілді қылықтар ұнаса, демек, оған бұл қимылдар өмірбойы ұнай береді деген сөз. Ал, сізге ұнаған бір қылық, мәселен, еріңіз кино көріп отырып омырауыңызды ұстағысы келді немесе шашыңыздан иіскегісі келді, сол сәтте бұл сізге ұнаған, бірақ келесіде «не болды, қолыңды алшы, әрі отыршы» деп жиырыла қаласыз. Еркек, кәдімгі күнделікті тірлігінен оғаштық көрмейтін еркек «Бұған не боп қалды?» деп сізге негізі не керек екенін түсінбей дал болады. Әйел еркектен талап ететін бірінші фактор – внимание, яғни НАЗАР. Назардың ішіне сіздерше, бүкіл махаббатың нұсқаулығы кіреді. Яғни, қашанда байланыста жүріп, хәлін сұрап тұру, үйге уақытында келу, айтқан нәрсені уақытында орындау, таза жүріп-тұру, артық қаңғып кетпеу, отбасыдан бөлек ештеңеге беріліп алаңдамау, отбасын, балаларын үнемі ойлау, еркелету, ауыра қалса тамағын, суын беріп қасында отыру, барлық жағынан қамтамасыз ету, төсекте құмарыңды қандыру және тағы да басқалары толып жатыр. Сіздерге, былайша айтқанда, төрт мінезді еркек керек. Айталық, біріншісі белі жарамсыз шал, екіншісі – төсектегі дүлей қуат иесі, үшіншісі – күзетші, төртіншісі – көгілдір еркек. Шал сіз не қаласаңыз, соның бәрін істейді. Сүйіседі, құшақтайды, еркелетеді, аймалайды. Өйткені оның бұдан басқаға шамасы жоқ. Екінші еркек –түнгі төсекте сіздің тәндік тоятыңызды қандыратын тағы күш иесі. Үшінші еркек – сізге күзетші, ол сіздің
бума-бума жүгіңізді көтеріп, сізге ожар мінез танытқанның тұмсығын бұзады. Төртінші гей еркек сізбен бірге ерінбей-жалықпай сауда жасап, дүкеннен-дүкен қалдырмай аралап, сізге көйлек таңдасуға, заттардың сұрыбын ажыратуға, тәттіңізді бөлісіп жеп, аузын жаппай судыратып өсек айтып, әңгімеңізге сағаттап құлағын тоса алады. Көрдіңіз бе, бұл қасиеттер бір адамның бойында болуы мүмкін емес. Ер адам қолы жеткенше жүгіреді. Қолы жеткен дүниенің бәрін «мүлкім, меншігім», «МЕНІКІ» деп санайды. Мысалы, мына айфон – МЕНІКІ, менің мүлкім. Ол міне тұр. Ол үшін енді уайымдамаймын, оған сағаттап шұқшимаймын, оны сатып алғанға дейін ол туралы ойлайтынмын, дүкендерді аралап арзандауын күттім, әр барған сайын қызығып қолыма ұстап, ішіне үңілетін едім. Қолыма түскесін, бар болғаны бір апта қызықтадым да, сосын тек сөйлесуге сеп болатын бір дүние болып қалды. Сол сияқты, сіз қораға кірген малсыз. Қорадағы малға қазақ уайымдамайды. Сырттан елік келе қалса, елеңдеп тұра қуады. Өзінде жеткілікті мал бола тұра, елікті сойып жесе, қазақтың айызы қанады. Сол сияқты, әйелдер еркектердің үйленгесін де, өліпөшкенін сарыла күтіп отырады. Ал, бұл кезде ер адам отағасылық статусынан түсіп, анасының ең үлкен баласы статусына шығып алады. Өйткені ер адамға бұл өмірде көп нәрсе қажет емес. Жылы төсек, дәмді тамақ, аялы алақан. Ол қалған балаларыңыздай сізден мөлдір махаббат, жылу күтіп тұрады. Ал, сіз керісінше, оны одан күтіп отырсыз. Неге? Құдай тағала, әйелді аналық статуспен жаратқан, күйеуіңіз де – әлдебір ананың баласы. Ол әйел де баласын бір анадай сүйіп баққан. Тек еркек бір әйелден екінші әйелдің қолына өтті. Демек, екінші анасының талаптарына құлақ асуы тиіс. Ол үшін әйелдің бұлжымас қатып қалған шарттары мен талаптары болуы тиіс. Шекараңыз болуы тиіс. Сіз шексіз-шетсіз кең махаббаттың территориясысыз. Ер адам сол үшін де жақсы анасына асығады. Үйіне асығады. Неге көптеген ер адамдар «үйге барғанымша, қаңғығаным жақсы» дейді. Үйде күте алмайтын, бабын жасамайтын ана отырады. Ал, ер адамның табиғи статусына келсек, ол – туылған, өскен ортасының жемісі. Ол әуел бастан өмірлік мұраттарын анықтап сызып, идеяларын құрып қояды. Идеялары міндетті түрде жақсы жар, жақсы әйелдің статусымен байланысып жатады. Сол құрылған шаңырақтан түтін түзу шықпаса, демек, отбасында кінәрат бар. Есіңізде сақтаңыз, ер жігіттің бүкіл мұрат-мүддесінің ішіндегі сұлу әйел, жақсы әйел, балаларының анасының қадірі күлге айналса, бар мұратының күлі көкке ұшады. Өмірінде мән қалмайды. Бірінсіз бірі жоқ. Сүлесоқ, тірі өлікке айналады. Бұған себеп, фактор көп. Дегенмен ең басты фактор сол – әйелдер еркектің үйкүшік болғанын қалайды. Үйленгенге дейін сыртта жүруді, достарымен кездесіп серуендеуді жаны сүйетін ер адам үйге байланған күннен бастап өзін бақытсыз сезінеді. Ер адам үйдің емес, түздің табиғаты. Неге әйелдер, үйленбей жатып ер адамның көлік айдап, көше кезгенін, тауға шығып, аң қуып, балық аулап, компьютер ойнап, бокс қарап, футбол көргіштігін ерсі көрмейді де, тұрмыс құрғасын оның осы қылықтарының бәрі неге әйелдердің жанына тікендей қадалады? Тұрмыс құрмай жатып өз тәртібіне көндірмеген әйел, некеден кейін ештеңені өзгерте алмайды. Жанар, сіз көзі ашық журналиссіз, интернетті ашып қалсаңыз, отбасының берік ұстынын қалайтын құндылықтарды санап түсіндірген нешебір кітапқа жолығасыз. Луиза Хей, Джон Грей, Стив Харви, Гери Чепмэн сияқты әлемдік психологтарды оқысаңыз, біршама ақыл түйер едіңіз. – Бұрынғылар осындай мәселердерді қалай шешті екен? Олардың психологтары кім болды сонда? – Бұрынғы қоғам табиғи жолмен ұлттың өсу, қалыптасу кезеңдерімен қалыптасқан қоғам болды. Қисынсызы бар, қисынға келері бар, ол қоғамда ерлі-зайыптылық қатынас та берік еді. Еркек әйелді, әйел еркекті таза табиғи жаратылысымен қабылдай білген. Мынау, қазіргі терезе артындағы қоғам, сізді маған алып келіп, араңыздағы бүкіл сырды, нәзік иірімдерді айтқызып отырған қоғам – жасанды қоғам. Қолдан қондырылған қоғам. Оған
біздің еркін даланың ғұрпы тез бой үйрете алмады, бәлкім де, бұған тағы жарты ғасыр керек шығар. Бәрібір, сіздің артыңызда мыңдаған әйел сіздің күйіңізді кешіп отыр. Миллиондап ішіне тығылған бұрынғы далалық заңның еркінен шыға алмай отыр, бірақ бәрібір осы жасанды қоғамға бой үйретеді. Қолдан қондырылғандықтан, біз үшін өте жат қоғам. Керек десеңіз, улы қоғам. Уды у қайтарады, кеңселік суық қоғамға психология да емдік у. Неге ажырастыңыз? Неге үшінші рет кездескен еркекпен қарым-қатынасыңызды құра алмағаныңызда барып, есіңіз кіріп отыр? Өйткені біз әлдеқашан тұнық бастауымыздан, далалық, бабалық құндылықтарымыздан шығып кеткенбіз. «Ақбілек» романын білесіз бе? Орыстан туған баласын ел жер-көкке сыйғызбады ғой. Ал сіз көшеден тапқан, кешіріңіз, бірінші қызыңыздан кейін де, екі рет тұрмыс құрып үлгердіңіз. Қазақ «кіммен қарайсаң, сонымен ағар» деген. Осы сөздердің бәрін құлаққа құятын құлақтың өзі жоқ қой қазір. Кеңсе ішін тамылжыған тыныштық жайлады. Ақнұр камераға қадалған күйі ұйықтап кеткендей болып есін жиды. Берген айтып болдым дегендей сағатқа қарады. – Жанар, мен уақытсыз адаммын, бірақ бір шөлмек миыңызға екі шөлмек су құйғым келмейді. Енді, күнара келіңіз. Бар назарыңыз өзіңізде болсын. Өзіңіздің жандүниеңізді өзгертіңіз. Құдай тағала «бір адам өзін өзгертуге күш салмаса, мен де оны өзгертуге күш салмаймын» деген екен. Өзіңізбен сырласыңыз. Өзіңізді табуға бекініңіз. Жолдасыңыз міндетті түрде сізді естиді, сізге деген көңілінде титтей де бір сезімі болса һәм бұйрық болса қосыласыздар. Берік болыңыз, – деді де Жанарды әдеттегідей бауырына басты. – Сіз жақсы адамсыз. Өзіңізге сеніңіз. Махаббатты күту үшін де махаббатты шығары білу керек! Алла жар болсын! Жанардың көңілі толқығандай, алабұртып шықты. Ақнұрға «сау болыңыз» деп қысыла күлімсіреп, көзден таса болған. *** Маусымның тамылжыған миуаз күндері-тін. Қаланың қапырық ауасы ішке ентелейді. Түн баласы ұйқы көрмеген көзі кіртиіп, қабағы ісініпті. Жүзінде нұр жоқ. Қалаға байланған ғұмырын тілдеп алады кейде. «Ауылға кетсем бе» деген ой қылтиып ол тұр. «Басқа жұмыс қарайын ба» деп тағы бір тармақ өсіп шыққан сол ойдан. Шешесі диплом аларда қалаға келіп, біршама ойға беріліп, ішкі уайымын айтқан: «Қалада сандалып қайтесің? Ауылға барсаң, әйтеуір, ретін тауып жұмыс тауып берерміз. Қалада жаман адамдар көп дейді ғой. Сен үшін қорқамын, қызым. Жалғыз жүрсің. Табаның тірелер жақын туысың да жоқ. Пәтер жалдап қай уақытқа дейін сенделесің? Әкең де «жалғыз қызым» деп жанын жегідей жейді. «Қыз мұраты – кету» деген, сені абыроймен ұзатып салғымыз келеді ғой. Ол күнді жазсын, құдайым» деген. Ауылға барса, әрине, жұмыс табылады. Бір-екі жекеменшік кеңсе мен мектепті айналшықтап, парасын беріп орныға алады. Бірақ Ақнұрдың арманы Алматыда. Тек қоғамдағы сұраныстың аздығынан, жұмыс көзінің тапшылығынан қаңғып қалуы кәдік. Мұның бәрін Ақнұр жақсы біледі, әйтсе де ішкі даусының алға сүйреп, шаршатпай келе жатқан үнін тыңдай бергісі бар. Дегенмен алғаш табан тіреген жұмыс орнында екі-ақ адам, оның үстіне Ақнұрға бақылаудан өзге ештеңе тапсырылмады. Тек тыңдау ғана, түртіп, түсіну ғана бұйырылған. Жалданған кеңсенің тік тұрып кету-кетпеу қаупі де бар. Ана жақта пәтерінің сағаты жүріп жатыр. Күнделікті азығы және бар. Артық-ауыс киімге, иіссуға шығындалмай, бөтен қыдырысқа салмай, көше оразасын ұстап отырғаны тағы бар. Төрт жыл бойы ауылдан қаңғалақтап ұшып келе беретін ақшаның кеңістігі тарылған. Әке алты қырдың астында қабақ түйіп «қайт» деп отыр. Онысын банкоматтың «көк тиыныңыз жоқ» деген бетінен көреді. «Бұл Берген кім болуы мүмкін? Қаншама практикада психологтардың аты-жөнімен таныс болып, қанша психологтардың алдында ашық сұхбат құрды. Берген Төленұлы деген есімді құлағы шалмапты. Өзінің алдына үнемі сұңқылдаған келіншектер келеді, оларды
жұбатады, құшақтайды, кейбірінің байынан таяқ жейді. Сөйте тұра, миықтан оқыс жымиып отырады. Бәлкім, магияшыл көріпкелдің бірі болуы керек. Лицензиясын, сертификатын тексермепті аңғал басы». Ақнұрдың миы шым-шытырыққа толып, ойларының қай тұсын ұстарын білмей ұзақ отырды. Камерадан Бергеннің тарсылдатып жазып отырғанын көрді. Жел үнін сыңсытып Зарлық би кірді. Өңі өзгеріссіз, кешегідей ревизияға келген кісіше бүгін де әр нәрсені тінте қарап, ішке кіріп кетті. – О, Зарлық би, амансыз ба? – Бек аманбыз. – Сәбиді тірілттіңіз бе? – Сәбиді сіз оятпасаңыз, мен оята алмаймын. Онан қалса, бұл – сіздің тірлігіңіз. Берген баяу ырғалған әуен қосты. Екеуі біраз үнсіз отырды. – Бұл ойымызды жинақтау үшін. Музыка ғажап. Ойларыңды иіріп әкеп тастайды. Еее, әйеліңіз сізді ауру деп ойлайды. Ал, сіз немен ауыратыңызды айтқыңыз келмейді. Мына музыканы қайта қоям, сіз осы әуеннен бір иірім тауып алып сүңгіңіз және мен айтып отырғанның бәрін елестетіп отырыңыз. Біз сәбиді оятуға аттанамыз. Шигери Умебаяшидің «In The Mood for love ost» күйі баяу сызылта басталды. Зарлық би Бергеннен көзін алмай, ұзақ қарап отырды. Берген әуенге ұйып, тұтасып бара жатқандай болды. «Дауыл. Алапат дүлей дауыл. Айналамды аңғартпайтын қара дауыл қамап алып, дедектетіп барады. Оңым да, солым да бірдей, бәрі бірдей. Аспан да жоқ, жер де жоқ. Салбырап ілініп тұрмын ба, әлде аяғым аспаннан келіп ұшып жүрмін бе? Бас-аяғымның бағыты қайда? Қара дауыл көз аштырмай ықтырып, айдап барады. Құлайын ба, әлде жүрейін бе? Жата қалып жер бауырлайын ба? Әлде мына дүлейдің ырқына көніп, кеудемді ашып, дауылға сіңсем бе екен? Тырмысудың не қажеті бар? Өмірге тырысудың қандай бағасы бар? Аспан-жерді дауыл алды. Кең дүние сұм дауылдың өзегінде түтіктей тарылып, жүрегімді қысып барады. Қойны-қойнышымды ақтарып, арсыз жел мені бәрінен ада қылмақшы. Тоқтадым. Сүріндім. Дауыл мені омақастырып құлатты. Аунатты. Тұруым керек. Бірақ неге? Тұрмасам қайтеді? Жата берсем қайтеді? Жер ме мынау? Әлде аспан ба? Жата берейінші, шаршадым ғой. Шаршадым, жалықтым, бизар болдым, баз кештім. Өйткені дауыл. Қайта барсам да, дауыл. Мені адастырып тынды ақыры. Осы дауыл қашан басталып еді? Білмеймін, басында бәрі тұп-тұнық, жап-жарық еді. Кейін жан-жағым тұмандана бастады, алдымдағыны шалмайтын болдым. Көзімді көлегейлесем ғана қарсы тарапымда келе жатқан сұлбаны көре алушы едім. Енді көзді ашудың өзі мұң. Көзді аштыртпас көр дүниені қайтем? Қара құйын қапасында дегбірімді қалай басам? Жатқаным жақсы, жата берейін. Соқсын дауыл, айызы қансын жұлқылап! Тоқтамасын, мейлі, маған бәрібір. Мен жатырмын. Осылай жата берем бе? Неге жатам? Неге тұрам? Тұрмаймын! Сол алапат дауылмен араласып, бір тегеурінді қол иығымнан тартып көтерді. Күш сала көтерді. Кім екен? Қарамадым. Мейлі, көтерген екен, кете берсін. Қойныма тыққан басымды көтеріп қарамадым. Жанымнан өткенде еріксіз көрдім. Шашы дудыраған, ақ көйлегінің ілгектері ағытылып, үстіндегі кастюмін жел жұлқылап, қадамын шәлкем-шалыс басқан басқан жас жігіт екен. Дауылмен ойнап барады ол. Әлдекімге ұқсайды екен. Кім еді? Бір жерде көрдім. Көрдім ғой. Танимын оны. Ол да дауылда адасып жүр. Бәлкім, тілдесерміз. Артынан басымды бүркемелеп әрең жетіп, тоқтаттым. Мас екен ол. Мастық. Жастық мастық қой. Масайраған мастық буғанда адам сондай мейірімді, ақкөңіл көрінетін. Сол жігіт. Жастығын мастыққа алдырған жігіт. Осыдан бес жыл бұрын осылай алшаңдап жүргем. Дүниені уысыма салғам. Қандай монтаны. Мен сияқты екен. Мен ғой бұл. Мен ғой, мен. Мен, өзім. Тұрған тұрысым, дударланған шашым, миықтағы мызғымас кейіс. Итеріп қалдым. Ол тәлтіректеп барып тұрып қалды. Қолын сілтеп жіберіп, кете барды. Кете барды дауыл жұтып ғайып боп. Жүрегім лүпілдеп аузыма тығылды. Мына жапан далада жалғыз өзім бе сенделіп жүрген? Өзім ғана. Бұл сонда қай
жақ? Қай жер? Қарап болмас дауыл аспан мен жерді билеп алыпты. Көрмедім. Мағынасыз қадамға тағы бастым. Сезімге мас, өмірді ойын деп білген өзімді көріп, шыдай алмадым. Неге өйттім? Неге адамшылығымнан аттадым? Обал-сауапты ойламаппын. Мақтанға, мансапқа алданыппын. Енді мына дауылда бәрі бекер. Бәрі өтті, жоғалды. «Жерсің бе, жоқ па» деп жерді теуіп қалдым. Бұрқ етіп айраны шыққандай бүлінді ол. Қорқайын дедім. Басқа әлем, бөтен әлем, жер жұтсын әлемді. Әлі келем. Қайда барам? Жүрейін бе, жоқ, осында қалайын ба? Неге мені көтерді әлгі жігіт? Кетіңдерші!!! Тағы жығылдым. Тұрмаймын! Неге тұрам? Оң санымнан оңдырмай тепті, ауыр соққы жаныма батты. Қарсы алдымда он сегіз жасар бозбала тұрды. Аузында сағыз, ыржаңдап күліп қояды. Шалбарының ауы бір қарыс. Аңтарылып қарадым. Күйіс қайырып ұлан тұр. Ұмтыла беріп едім, теуіп түсірді. Самайдан тепті. Қара дауылда құлағанды тепкен кім мынау? Аяғын алшаң басып бозбала әне кетіп бара жатыр. Оның да шашы дудар-дудар. Бұл да мен ғой. Өзім ғой. Кешкілік көше кездесуіне кетіп бара жатып, көше бойында үнемі мас болып, ісініп жататын көрші ағаны теуіп, ыржалақтап мәз болатын өзім ғой. Мен ғой. Соншама оспадар, ойсыз болғанмын. Тоқташы... естімеді. Естімейтінмін. Ешкімді тыңдамайтынмын. Дүниені уысымда ұстап тұрғандай кеудемді қағатынмын. Төбелес десе оң иығымды беріп тұратынмын. Тоқташы!!! Ол естімеді. Ол кетіп қалды. Тыңдамадың? Неге өйттің? Алыстан айғай естілді. Өзі. Бет-аузы ісінген мас көршісі айқайлап еді артынан. «Кетшееей» деген. Дауыл манағыдан тынайын деді. Енді алға бассам не болмақ? Мына кеңістікте өзімнен басқа ешкім жоқ екен ғой. Мына кеңістікке мен ғана жүрмін. Ұйытқытып соққан дауыл итеріп ұшырта жөнелді. Қаңғалақ атып, қалбалақтап барамын. Ұшып барамын қадірі жоқ қағаздай. Мейлі, жұтылғым келеді, жоқ болсам деймін. Дауылға айналсам деймін. Көздеріме жас үймелеп, көмейіме ыстық тас кептелді... Долы дауыл желкелеп, жерге құлатқанда әлдекім... тіреп ұстап қалған. Қолдар, балғын бала қолдар. «Аға» деп тартқылап жатыр... Он-он үш жасар бала. Уыздай жас бала. Дауыл саябырсып, жел жеңіл жүйткиді. Аспан ашылайын деді. Жер де бар екен, көгістеніп көшіп жатқандай. «Аға, қайда барасыз?» Баланың бұйра шашымен жел ойнайды. «Аға, қайда барасыз? Неге жатырсыз?». Мен, мен білмеймін, қайда баратынымды білмеймін? Мен қайдамын қазір? «Сіз бе, біздің ауылда жүрсіз? Әне, ауыл...» Қоңыр буаз белдің астын ала бере көк ағашқа көмілген ақбас үйлерді көрдім. Ескі үйлер. Бес-алты үйдің басы әр жерден шалынады. Айнала сыңсыған шөп. Бүкіл көрініс сағым бола бастады. Қасымдағы бала үркіді ме, қашып кетті. Тоқтамады. Айды ай, күнді күн дейтін аспаны ашық бала кезім. Өзім. Албырт, арманы асқақ, көкмұнар таулардың биігіне шығып алып, үлкен адам боламын деген қиялға берік өзім. Әне, тоғай. Жап-жасыл желек. Әлі де тосыннан соғып, бетіңнен сипаған жел бар. Тоғайға қарай желпіндірді. Тоғайды бойлаған өзен тұңғиықтай тұнып ағады. Қамыс, ермендер жұпар шашады. Өзім сонда сағаттап отырып, ойға шомып, балық ұстайтын едім. Тұнық су талай сырды сырғытып әкететін. Көкірегімде жылқыдай жусап өлең тұратын. Өлең... өлеңге сыр ақтаратын бұла шағым еді ғой. Көкірегіме мөрдей басылып талай сөз маржандай тізілген, бірақ қағазға түспеген. Түскенін бір күні жоғалтып алдым. Содан бері жазбадым. Өкпем өлеңде ғанадай жазбадым. Сөйтіп өлтірдім өзімді. Ен тоғайдың іші сыңсып жатты. Сол тоғайда мен жаттым ессіз мұңлық. Санам оралып, көзімді ашқанымда, әлі сол дауылдан айықпағанымды білдім. Отамалының он күндік дауылындай. Тізерлеп отырдым. Маңдайымды жерге төсегім келді. Өмірмені алдаған, адастырған, аямаған. Сол үшін жазықтымын ба? Сені іздедім үмітім үзілерде. Менімен көріспейсің бе? Мені көрмейсің бе? Мен... міне... осымын... халім осы... «Қасіретіңді берші» деп маңдайымнан жер сүйді. Еңіреп жыладым. Өксіп-өксіп. Өксігімді баса алмай. Көктің де көкірегі қарс айырылды. Жылашы, аспан? Қасымда болшы. Көзімді ашсам, шалшықта жатыр екенмін. Айнала самаладай жарық екен. Күн тесіліп төбеде тұр. Ауылды жарып өтетін жасанды арнаның жағасына барып отырдым. Қасыма бір сәби бала келді. Мәз болып, тәй-тәй қадам басады. Сонысына масайрап қуанады. Екі-үш
қадамнан кейін құлап, қайта тұрады. Анасы қызықтап анадай жерден өзіне шақырады. Кенет балақай маған бұрылды да, бетін ұстап, күлімсіреді. Аңсарым ауып, қарай бердім. Бала кезім екен. Тап-таза. Пәкиза кіршіксіз жүрек. Бала жүрегі... оның тілеуі басқада екен ғой. Оның қайғысы жоқ еді. Бақытты кезім. Аңсадым. Таптым. Құшақтадым. Тұнық көздің айдынынан бала арманның, бала жүректің аңсарын көрдім. Анасын шексіз сүйетін жүректі көрдім. Абзалында, осы тілек екен менің мақсұтым. Мақсұтым онымен табыспақ екен. Өзгеде емес, бар әлем өзімде екен. Сол сәбидің ділінде екен. Сол сәбидің қалауы не еді? Анасынан адасып қалмау. Анасынан алыстап өзгенің мейірімсіз, өгей қолына түспеу. Аңсары анасына деген шексіз махаббаты еді. Махаббатта еді. Ал, махаббат тұнып, сонау тереңде тұнып, үстіне жетпіс мың дүниенің тоннасы төңкеріліп жатқан екен. Сол сәби анасы бір адым ұзаса, жоқтап жылайтын, одан басқаға алданбайтын, басқаға жұбанбайтын. Ұзақ... Анасы баласын тәй-тәйлатып кетіп барады... Таптым... сәбиді өз ішімнен таптым! Сол сәбидің жүрегімен ата-анамды риясыз жақсы көруші едім ғой. Енді неге жақсы көрмеймін? Құдайыма табынғандай табындым. Бірақ олардың да пенде екенін кейін білдім, кейін. Өзіме айтамын, ендеше, неге кешірмейсің? Неге кешір деп айта алмайсың? Жоқ, олай емес, сол сәби көңілмен «апа, көке, мені кешіріңдерші!» деп. Бірнеше рет айт! Кешіріңдерші! Мені кешіріңдерші! Кешірші мені, апа! Кешіре гөр мені, апа! Мен бәрін кешірдім! Барлығын кешірдім. Бәрін кештім. Сендер де мені кешіріңдер! Кешіріңдер мені! Ана кешірсе, Құдай да кешіреді. Кешіріңдер!..» Зарлық бидің кірпігі ауырлап, қөздерін төмен салып отырды. – Рақмет сізге, Берген. Мен қайтайын. – Ішіңізде не болды? Негізі, сезімге ерік беру керек. Не сезіндіңіз, айтыңыз? Уақытымыз біткен жоқ. – Мұның бәрі артық. Менің кетуім керек, – асығыс аттап Зарлық би көзден ғайып болды. Кабинеттен қоңыр домбыраның шанағынан төгілген күмбірлеген күй естілді. Берген терезеге қарап көп отырды. Күй біресе тамылжып талықсып үзілсе, біресе көңілді әуезге жалғасады. Сүгірдің «Кертолғауы», «Бозінгені», Есірдің «Тоғыз түйеші», «Ақжармасы», Сейтектің «Заман-айы», «Көк аты», Тәттімбеттің «Жантелімі», «Саржайлауы», Таласбектің «Азапкері», «Хадишасы», «Тәттімбеті» шертілді. Күмбірлесіп күңкілдесіп, біраз сырды ақтарысып күрсінісіп барып тоқтады. Екеуі кең кеңсенің екі бұрышында түске дейінгі уақытты күйдің шеріне, еңірескендердің ішкі ықылығына құлақ түріп өткізген. Берген кабинеттен шығып, қабағындағы кіреукесін жасырғандай бұйра шашын ұйпалап жіберді. – Жақын маңдағы кафеден түстік ішіп келейік. Бұған қалай қарайсыз? – Сізді шығындап қайтем? Өзім де шығайын деп жатыр едім. – Жоқ, қарсы болмаңыз, жүріңіз. Мұнда керемет асхана бар. Айналасы шынымен қоршалған «Кереметтің» төріндегі көпшіліктің арасына еніп, түстікке кіріскен. – Бұл жердің тамақтары шынымен керемет! Мұнда жиі келем. – Иә, өте дәмді екен. Екеуі сыпайы сөздерден әрі аса алмай, тамақтанды. Ақнұр осындайда көкейіндегі сұрақтарын қойып, ақжарма көңілмен қарсы алдындағы өзіне жұмбақтау боп көрінген кісінің шынайы болмысын көргісі келді. – Р.Киплинг бе екен айтады: «Сен менің қасымда отырсың, маған қарап отырсың, бірақ мені көрмей отырсың» деп. Адам адамға көзбен қарауы, әрине, жеткіліксіз. Мель Гибсонның «Аватарында» «мен сені сүйемін» деген сөзді «мен сені көріп тұрмын» деп жеткізеді. Яғни, олар бір-бірінің жүрегіндегі сырды көріп тұрғасын «сені жақсы ұғамын, жақсы көріп тұрмын» деп жеткізеді. Адамды ұғу, қарсы алдыңа келгеннің жүрек түбін көру өте қиын. Әлдекім шын мәнінде басқа мәселесін шешіп алуға келеді. Оны өзі де білмейді.
Кілтін тауып бермесең, сол жарасын жапқан күйі қайтады. Демек, ішкі сұранысы оған әлі талай тау мен тасты кездіреді. Ал, психологтар сондай сұңғыла, дегдар болуы тиіс. – Сіз ақыл айтудан, осылай көсіліп сөйлей беруден жалықпайсыз ба? – Аһа, менің мамандығым һәм мінезім бұл. – Балаңыз бар ма? – Сіздер, әйелдер, осындай сұрақтарды сүйесіздер, оның мұнда қанша қатысы бар? – Қатысы жоқ, әрине. – Бар. Бес балам бар. Алтыншысын тағы ойланып жүрміз. Ақнұр таңданысын жасырмай, күліп жіберді. – Жап-жассыз, қашан үйлендіңіз сонда? – Он сегізде ме, он тоғызда ма, есімде жоқ, әйтеуір, үйлендім. – Әйеліңіз бақытты екен. – Мүмкін, менің әйелім болу бақыт. – Мен де соны айтып тұрмын ғой. Бірақ сіз тіпті жалға алынған кеңсені төлей алмай отырсыз, балаларыңызды немен асырап жүрсіз? – Бәрі Құдайды қолында. Дүние бірде бар, бірде жоқ. Оны қайтесіз? – Маған салса, табыс әкелмейтін жұмыстан бас тартар едім. Екеуі үнсіз шай ішкен. – Сіз қайдансыз, қай елсіз? Соны айтыңызшы, сұрамаппын ғой. – Мен Ақтөбеденмін. Руым Табын. Үйде жалғыз қызбын. Әке-шешем мал шаруашылығында, – деді қыз бәрін бірден. – Кіші Жүзбін деңіз. Екеуі ымсыз көтеріліп, жұмысқа бет алды. Кеңсеге таяғанда сары шашты, бойы аласалау, ұрты томтиған бір бойжеткен қос қолымен кеудесін айқара құшақтап, бұларды күтіп тұрды. Жүзінде бір қынжылыс, бір тықыршу бар. Берген сынай қарап, сынықси амандасты. Екеуі ләм-мимсіз кабинетке кірген, Берген ерекше ілтипатпен қызға орындық ұсынып, отырғызды. Сосын камераға назар салып, бір сөз айтатындай пішін білдіріп, мағынамен көз тастады. – Ал, сары қыз, азан шақырып қойған атыңыз кім? Өзіңіз туралы тосылмай айта беріңіз. Құлақ сіздікі. – Берген аға, сізге келмей жатып көп ойландым, орталықтан, көзге көп-көрім жерден мұндай орталық ашқаныңыз құба-құп дүние. Есімім Алуа. Дизайнермін. Жасым 28-ге таяп қалды. Өзім жалпы, Түркістаннанмын. Осында оқу бітірдім, осында тұрамын, жұмыс істеймін. – Иә, в чем проблема? – Ппроблема в том... что я одна. – Вижу у вас иномарка. И хорошая работа. При чем и жилье есть. И красота озарящаяя душу. И у вас есть проблема? – Да, проблема в том что меня не видять? Мне пора в замуж. – Мәә, так думаете? У женщины, которая все есть, кроме мучжины, значить у нее есть все. – Сіз қазақ емеспісіз? – Кейде өзге тілде ойлансаң, миың жаттығады. Әрі мәселе де өңін тез айналдырады. Демек, жалғызбын деңіз. Пардон, қолыңызды беріңізші,– Берген иіліп кеп алақанын жайды. Алуа таңырқап қолын ұсынып түрегелген. Берген бейнебір музыка ойнап жатқандай Алуаның толықша белінен екінші қолын байлай беріп еді, қолын шарт қағып тастады қыз. – Түсінбедім. Не істемекшісіз? – Кешіріңіз, билеп көрмек ем. – Билегіңіз келсе... мен билеуге келгем жоқ. Сізге құныңызды төлеп те тұрмын.
– Рас. Өзің Түркістандікі болсаң, қазақы ұяңдығың бәз қалпы. Егер Ақтөбенің қызы болғаныңда, сөзсіз қарсылық танытпаушы едің. Ақнұрдың беті ду етті. – Кешіріңіз, менің тәрбием бөлек. – Дұрыс. Шығыстық қалпыңызды сақтап қалғаныңызға мың алғыс. Ата-бабаңыз жасасын! Бірақ мына қаланың қыздарын айтам, бір көрінгенмен өбісіп, құшақ айырысып жатады. Шығыс әйелдеріне тән осы ибалылықтың иісін еркектер әлдеқашан жоғалтып алды, әттең. Алуа, сіз не деген ғажап жансыз. Мен, мысалы, үйленбеген, басы бос жігітпін. Сізді міне, бір көріп-ақ ұнатып отырмын. Менімен кешкілік бір жерге барамысыз? – Сізден мұндайды күткем жоқ. – Алуа кетуге ыңғайланды. – Алуа, тоқтаңыз, маған бір рет мүмкіндік беріңіз, мұның бәрі сынақ еді. – Артықтау кеттіңіз. – Неге мені өзіңізге лайық көрмейсіз? – Сіз тағы бастадыңыз ба? – Жалпы, мен сізге лайық бола алмаймын ба? Соны айтыңызшы... – Қалай десем екен, менің жүрегімде өзгеге орын жоқ. Сізде ешқандай мүмкіндік жоқ. – Демек, жүрегіңіздің иесі бар болғаны ғой. – Әрине, бар. – Сіз жалғызбын дегенсіз. – Жалпы, формальна алып қарағанда солай және ешбір жігіт мен үшін жүгірген емес. Бар мәселе сонда. – Уот, енді келдік аялдамаға. Мана сіз ешкім жоқ дегенсіз. Қазір жүрегімде адам бар деп отырсыз. Менің қалауым да – осы. Шыныңызды айтқызу. Демек, жүректегі сұлтаннан жауап жоқ, солай ма? – Иә, біздің танысқанымызға жарты жылдан асып барады. Байқасам, бауыр басып, жақсы көріп кетіппін. Бірақ ол басқа қалада, мен басқа қалада. Бар-жоғы үш рет кездестік. Қалған күндері телефон арқылы сөйлесеміз. Бірақ ол ешқашан «саған үйленемін, сен үшін күресемін» деп сыр білдірген емес. Қайта мен «оны жоғалтып аламын ба деп, уақытты өткізіп алам ба» деп уайымдап жүрмін. Кейде одан үміт үзгім келеді, бірақ онымен тең тетелесті көріп тұрғам жоқ. Танысқан жігіттерім бір-екі рет кездесуден кейін жоламай қояды. Неге бұлай екен, бар гәп менде болғаны ма? – Гәп басқада. Мұның мың түрлі себебі бар. Әуелі, сіздің бойға сіңген тәрбиеңіз бар, сосын мына қоғамның өзіндік шарттары бар. Бірақ адам қоғамға емес, өзінің табиғатына ұмтылуы тиіс. Қайткенде де сіздікі дұрыс. Сіз шарттарыңызды еркек қандай да бір ұсыныс жасамай жатып-ақ, қандай да бір жоспар құрмай жатып-ақ ұсынып, тізімдеп, ұшығын шығармай ұсындыңыз. Еркек сізді кезіктірген уақытта әлдебір мәселеге бас қатырып отырады, оның бір ұшына шыға алмай отырады, сөйтсе де сізді қолдан жібере салмайын, жай өтіп бара жатырмын ғой, қолымды соза салайын деп бір талпыныс жасайды. Болмаса оған тек уақытша бір ойын керек. Болмаса ол шынымен махаббатын іздеп жүр. Мәселе сонда, сізге кезіккен еркек алтын балық іздеп жүр ме, әлде ермекбалық іздеп жүр ме? Еркек – табиғатында, құдайдың жаратылыстағы жарлығымен түздің адамы. Аңшы. Өзі қуған кез келген аңға меншіктене қарайды. Сол сияқты, қызды қуғанда да дәл сол тұрғыдан қарайды. Бойындағы еркіндіктің бар қуатын қосып, қанындағы аңшылықтың бар жатқан өнерін салып қуады. Жеткен жерінде анау «Охота и рыбалка» арнасындағыдай аулаған балығымен суретке түсіп, түр-түсін түртіп алады да, қайта суға тастай салады. Немесе аулаған аңының терісін сыпырып тастап, етін жемтіккке, терісін мәңгілік төрдің төбесіне қасиет тұтып іліп қояды. Ал, сіз сол ойынға кімнің рөлінде қатысып отырсыз, соны байқауыңыз керек. Қай ойынға қатысып отырсыз? Түбі аңның терісін керек қылған мерген талай шыңды бағындырып, қара орманға сүңгіп, аязда ақ қарды кешсе де жетіп ұстап, құмарлана жұлмалап, қанжығасына байлайды. Мәңгі сізбен серік болады. Ал, текке
көңілдің әйтеуір, айдап шыққан құйынымен жүйткіген аңшы әр қоянның, әр түлкінің артынан желе береді, ұстау арман емес, ұстаса бір бедел, оған қоянның жортаңы емес, қортығы да жарайды. – Ал, оны қалай байқаймын? – Бір қызығы, бұл байқағыштық бойыңызда ана сүтімен сіңген бе деп ойлап қалдым. Сіз мұны байқайсыз. Бірақ байқағыштығыңыз ойынның тез бітуіне алып келеді. Сізді ешбір аңшы лып етіп бедеу белден көзге шалынғасын-ақ, ақ төсті аппақ қоян екен деп, сағымды қуғандай қуа бермейді. Сіз бұл кезде бой тасалап үлгересіз. Өйткені еркек пен әйел арасындағы қатынастың барлығы – тілсіз ойын. Ойынды іштей жақсы ұққан жеңеді. Ал, сіз ойынға кіріспей жатып-ақ, қатыспайсыз. Неге? – Білмеймін. – Білесіз, алтын балықты іздеген еркек сізді қашанда тыңдайды, сіздің шарттарыңызға мойынсұнады, сіздің талаптарыңыз оны қанағаттандырады, ол сізді ертіп жүрсе ханшайымындай көріп, елге «бұл – менің қызым», «менің сұлуым», «қалыңдығым» деп таныстырады. Сіз үшін кеш бойы сусын тасып, сіздің көңіліңізден шығу үшін бойын тасалап, әдепті балаға айналады. Сізді етжақын бауырларымен таныстыруға асығады, шешесіне көрсетеді, болашақ балалардың, отбасының мәселерін алдын-ала шешуден, қарастырудан қашпайды. «Менің де осындай балаларым болса ғой» деп сізді өз балаларының анасы ретінде қабылдайтынын әрқашан сездіріп отырады. Еркек біткен үйлену үшін жұмысын реттейді, ақшасын есептейді, мәселелерін шешіп тастайды, сосын барып көшеге кең көңілмен болашақ келіншегін іздеуге аттанады. Егер де осы мәселенің бірі де шешілмеген болса, ол сізді қанша жерден сүйсін, мейлі, өліп-өшсін, сізге жарқын, керемет болашақты уәде ете алмай, сіздің алабұртқан армандарыңызға құлақ аса алмай, сізге ұсыныс та жасай алмай, жасқанып жүруі мүмкін. – Рас, ол, жігітімді айтам. Шаруасы шартарап. Осыдан төрт-бес жыл бұрын досы екеуі банктен несие алып, бизнес бастамақ болған. Бірақ досы орта жолда ақшаны алып тайып тұрған. Бұл қамала жаздап аман қалған. Әке-шешесі бар дүниесін беріп құтқарып алыпты. Бірақ ол осы күнге дейін сол паралауға кеткен бір үйдің ақшасындай үлкен соманы қайтару үшін жұмыс істеп жүр. Оның үстіне, өзі шағын бизнеспен айналысады. Шаруасы бірде жақсы, бірде жаман. Қазір сол шаруасы іске аспай, соттасып тағы жүр. Әр қоңырау шалғанда шаруасының көптігін айтып, сөйлескісі келмейтін болды. Түсінем, бірақ оны жоғалтқым келмейді. – Солай ма? – Оны жақсы көрем. Берген камераға қараңқырап, манағы пішінмен тағы көз тастаған.– Оны жақсы көресіз бе! Онда, солай сөйлесейік. Демек, басында проблемасы көп жігіт екен. Оның үстіне бәс тігіп бизнес жасап жүр деңіз. Өте рискованный адам. Қай күні, қай жылғы, қай жердікі екенін анықтап айта аласыз ба? – 1985 жылғы, 10-ақпанда туылған. Ақтаудың тумасы. Нағыз Адай. – Ооо, ерекше адам болды ғой. Берген есікті керіп ашып қалды да, «Ақнұр, сізге кофе әкеліңіз дедім ғой» деп, ескерткендей елп етіп, кіріп кетті. Ақнұр бір сәт тосылып қалды да, кофе дайындауға кірісті. «Қашан айтты «кофе әкел» деп. Қашан? Әлде, жаңағы камераға қадалғаны сол ым болды ма екен?» Кофе келгенде, Берген үстел үстінде әлдебір сызықтарды олай-бұлай сызып, үнсіз отырды. – Сіз демек, бәріне дайынсыз ғой. – Дайынмын. – Неге солай айтпадыңыз оған? – Өйткені... – Өйткені проблемасынан қорқасыз.
– Иә. – Құдай тағала, байқайсыз ба, сізге бәрін беріп қойыпты. Астыңызда машина, басыңызда баспана, жақсы жұмыс. – Құдайға шүкір. – Ендеше, Ақтауға барыңыз да, «мен сені сүйем, бәрін де бірге жеңеміз, сенің бүкіл ыстық-суығыңа шыдаймын, қорықпа, өзімді асырар жағдайым бар, ісің оңалғанша күтем. Тек сен өз проблемаңды шешіп ал» деп махаббатыңызды, сеніміңізді білдіріңіз. Көзіңізбен бар жағдайды, бүкіл отбасын көріңіз. Ол сіз ойлағандай адам ба? Сіз ойлағандай проблемаға батып отыр ма? Егер шын сүймесе, қалай да сылтау табады. Сізден бас тартады. Сосын байланысты үзіңіз. Ештеңе болмағандай ұмытуға болады. Болмаса, ең болмағанда Құдайға сеніп, күтіңіз. Бірақ өмір күрес, проблема мәңгілік емес, «бас екеу болмай, мал екеу болмайды» дейді. Сіз сияқты, қалалық қыздардың бар талабы – сол вниманиеде болып тұр. Внамание деген назар – назар деген ақша. Яғни, әйелдің бар қалауын қанағаттандыру. Қыдырту, қалаған затын алып беру, қалағанынша азық-түлігін жеткізу, балаларын елден кем қылмай, артық қылып өсіру... Бұл үшін ойдай ақша керек. Осы төбеден ақша төгіліп жатса да, әйел проблема табам десе, қашанда табады. Алдыма төрт құбыласы түгел, төрт тарабын қамалдап алған кілең бай әйелдер келеді, бәрінің де ортақ мәселесі – өздерінің шексіз қалауы. Әйелдер өмірді өз қалауымен тәртіпке салғысы келеді. Әлем әйелдің айтқанымен аунасын дейді. Не керек, әлем аунап та жатыр. – Әйелдерге өкпеңіз бар-ау деймін. – Өкпем жоқ, бір қызығы, маған тек әйелдер келеді. Оның үстіне, тік ағаштан қисық бұтақ шығарған әйелдер. Ал, сіздікі, сіздің ғана проблема емес, бұл ғасырдың проблемасы. Жиырма жеті жасқа дейін оң босағада отыру деген біздің далалық дәстүрде болмаған. Берген үстел үстінде жатқан есептегішті алды да, Алуаны тергей бастады. – Қашан етеккіріңіз келді? Алуаның сап-сары алмадай томпақ бетіне қызыл қан үйіріліп, абыржып қалды. – Айта беріңіз, ұялмаңыз. – Он үшімде. – Қазір жиырма жетідесіз. Жиырма жетіден он үшті алып тастайсыз, болады он төрт жыл. Бір жылда он екі ай бар, оны он төртке көбейтесіз жүз алпыз сегіз. Сіз осы күнге дейін жүз алпыс сегіз баланы өлтіріпсіз. Алуадың көзі шарасынан шыға жаздады. – Мұны қайдан шығардыңыз?... – Иә, әр ай сайын бір баланы өлтіріп отырсыз. Әр етеккір сайын қыз бала болсын, әйел адам болсын жаны қиналады. Құдай тағаланың мұнда өз сыры бар шығар. Бірақ мұны көтеріп жүру де – күнә. Әрине, ертерек тұрмыс құрғаныңыз абзал, бірақ елесіңіздегі, идеалыңыздағы адамды кезіктіргіңіз келсе, онда көп күтесіз. Адам өз қалауын дәл анықтап, суретін де сызып, жоқ адамды елесінде тірілтіп, бүкіл қасиеттерін, бүкіл мүлкімен қоса елестетіп, жүрегімен сол адамды тосса, оны міндетті түрде кезіктіреді дейді психологтар. Ал, манағы жігітіңізді тосуға тура келеді. Одан қалса, оның шын сезіміне сенімді емессіз. Демек, ең дұрысы барып қайту. Адам көзбе-көз сөйлескенде көп ақиқат қалқып шығады. – Ондай адамды енді кезіктірмеймін ғой. Ол – сондай жақсы адам. Жаны нәзік. Адал. Бірақ қатерге басымды тіге алмаймын. – Уот, сайтан. Осыны үйге барып, жақсылап ойланыңыз. Сіз шынымен өмірді сонымен жалғауға дайынсыз ба? – Сіз мені дұрыс түсініңіз, мен таңдау жасап қойғанмын. Бірақ ішкі тәрбием, ақылым оның маған деген немқұрайлы көзқарасын қабылдамайды. Оны бар болмысымен қабылдауым үшін біраз уақыт кетті. Өзінің айтуында, әкесі психикалық ауруға шалдыққан. Өзі бала кезінен анасынан бөлек, әжесінің қолында өсіпті. Әке-шешесіне деген реніші
байқалады бойында. Не дегенмен, ген бар ғой. Білесіз бе, осы жағынан одан біраз қорқып та жүрдім. Өйткені бұрын тұрмысқа шыға жаздаған жігітімнің әкесі рухани ауру болатын. Құдалыққа келгенде әкем түрін көріп, қарсылық танытып, ұзатпай қойды. Айтуынша, бәрібір, генде бар нәрсе ертең ұрпағында шығуы мүмкін екен. Неше жылдардан соң, міне, тағы да танысқан, ұнатқан жігітімнің әкесі сондай ауру болып шықты. Ол сол үшін іштей қысылатын сияқты. Тіпті, өзін маған лайық көрмеуі де мүмкін. Дегенмен осының бәрін ескермей де, оның жанын түсінемін. Ол меніңше, әке-шешесіне ұқсамаған. Ол бөлек адам. Неге маған екінші рет осындай адам кезігіп тұр, осыны түсінбеймін, мен қабылдағанмен, әке-шешем қабылдамайтын шығар деген күмәнім де бар. Мейлі, соның бәрін жеңіп өттім делік, бірақ неге маған сондай жігіттер кезіге береді? – Иә, бұл қиын жағдай. Гены есть гены. Қанына тартқан деп осындайда айтса керек қазақ. «Қазысың-қартасың, әсілі затыңа тартасың» дейді. Демек, ол әке-шешеден жырақта, ата-ананың мейірімінсіз өскен адам. Оның үстіне, өз-өзін көтерем деп өз күшімен талпынып жүрген адам. Түсінуімше, ол басындағы, жандүниесіндегі ішкі айқайымен күресе алмай, жеңе алмай жүрген адам. Жүрегінде мына дүниеге деген өшпес жара жатуы мүмкін. Ондай адамдар суыққанды болып келеді, өмірбойы таяқ жеген адам соққыдан қорықпайды. Сіз, сөйтсе де, онымен мылқау дүниенің лаңын бірге жеңуге құлшынып отырсыз. Адам өзінде бар болмысқа, өзінің иммунитеті көтере алатын, өзінің тарихи гені оңай қабылдай салатын адаммен кезіге береді. Бұл – психологиялық зерттеулердің нәтижесі. Қыздар жас күнінде үнемі елесінде идеалды образды сомдап алып, соған ұмтылады. Қасында жай бір ерқараның тыраштанып жүргенін көзге де ілмейді. Мысалы, оқыған, тоқыған қыздар, маған да сондай оқыған интеллигент, көзі ашық адам жолықса екен деп армандайды. Керісінше, оның қасына құрылыста, ешбір дипломы жоқ, ешбір арнайы мамандығы жоқ, кондуктор, базарда сатушы, жай ғана көлік айдаушы сияқты қара жұмыстың жігіттері кезігеді. Олардың талпынысын байқамайды. Байқаса да, өмірін ол адаммен байланыстырмайды. Құдай тағала ешбір заттың көлеңкесін еріккеннен көрсете бермейді. Сіздің таңдауыңызға бір типтегі бірнеше версияны алып келеді, олардың бірі, айталық, зауытта жұмысшы, бірі жай ғана құрылысшы, бірі саудагер, бірі кондуктор, енді бірі таксишілікпен күн көрген адам. Бірінің мінезі биязы, жұмсақ, бірінің көзі әдемі, бірінің сөзі әдемі, бірінің көркі құлатады. Бірақ көркі бардың сөзі түрпідей, сөзі бардың көзі жаман, мінездінің тұрқы жаман, мінезсіздің жасықтығы жаман... кете береді. Ал, сіз қош жұпарлы жадыңыздан ақ жағасына қара галстук байлаған, астында көлік, қолында ақша, жалғанды жалпағынан басқан жанды күтіп жүресіз. Бірақ судың да сұрауы болады. Өмірде мінсіз ешкім жоқ. Айтайын дегенім, сізге лайықты, бойым жетеді-ау, осы маған лайық-ау деген адам ғана батылы жетіп қарым-қатынас құра бастайды. Кез келген еркекті әйел тәрбиелей алады. Кез келген ер адам әйелдің талап-шарттарымен келісе алады, егер әйелде керемет ұстамды талаптар болса. Мысалы, мен бір компанияға кірсем, айталық, ол Алматыдағы «Әйпл» компаниясы болсын, мені сынау үшін 90 күн мұрсат береді. Сол тоқсан күнде кеңседе өзімді өзім ұстауым, жұмысымды тиянақты атқаруым, кеңседегілермен бейбіт қарым-қатынасым, кез келген мәселеде ұстамдылық танытып, мәдениеттілік көрсетуім, уақытында келіп, уақытында жұмыстан кетуім... т.б. бәрі де қадағаланады. Тоқсан күнде жас келіншектей лыпып жүремін. Ал, тоқсан күннен кейін өз статусымды сезінген тұста, жұмысымның еркіндігіне бой ұрамын. Яғни, бұл тоқсан күн мені жұмыстағы тәртібімді бойыма сіңіріп үлгереді. Ал, сіздер, ақ кофта мен қара юбка киген ханшайымдар, банк пен таза кеңседе отырған ақ ләйлек ханшайымдар өзіңізге ентелеген еркекке екі күннен кейін қақпаңызды ашып сала бересіз. Ешқандай талап-тілексіз. Ешбір шартсыз. Көңілі түсіп, алса – алды, алмаса – қаласыз. Ол сізге үйленді делік. Үйленген тұста, аңшы аңын атып болды, қанжығасына байлады, аңшыда енді еш уайым жоқ, ал сіз сол қанжығада кетіп бара жатып
шарт қоясыз. Жо-жоқ, ханым, енді шарт-талаптарыңыз жүрмейді. Бұрын сізді үйге дейін шығарып саларда құйттай сөмкеңізді иығына асып жүретін, енді он келі дорбаңызды көтерейін деп ұсыныс айтпайды. Сіз оған маған үйлену үшін мені асырау керек, біздің отбасыға жайлы үй керек деп айтпағансыз, тұрмыс құрғасын айтқаныңыз ақылға сыймайды. Сіз қорадасыз. Сізбен енді қалай ойнаса да еркі. Миын жеген сайын «сен ондай болмап ең ғой» деп дүңк еткізеді. Дұрыс. Сен қыз кезде талапшыл болмағансың. Енді неге алқымнан аласың. Тіпті, ол сізге үйленбей жатып жарқын болашақ, барақатты бақыт уәде етсе де, сіз сынап көрген жоқсыз ғой. Мысалға айтып жатырмын. – Мен ол жігітіме бүкіл мүмкіндікті бердім деп ойлаймын. Екі рет іздеп келді де. Барлығы жақсы еді, оның да мені ұнатқанын сездім. Бірақ ол неге айни бастады? – Бәлкім, тым қымбат шығарсыз. – Қалай, қымбатпын ба? – Шарттарыңыздың көлемі кең, талаптарыңыз тең терезелі болған сайын кейбір еркектің қажыры жетпей қалады. Оның үстіне, қазіргі еркектерде бұрынғы аңшылықтың қасиеті қалмады. Оларды, әрине, арзан қыздар бұзды. Сол сияқты, еркек әйелге қарап түзелетін жандық. Ал, әйел болса, әйел азғын қоғамның көпіршігін ең әуелі сіңіріп жатқан жандық. Осыны көретін, сезетін ақыл жоқ. – Бұл не болғаны? Неге бұлай болды? – Матриархат дейді мұны. Бүкіл дүние әйелдің қолына көшіп жатыр. Мөңке бидің айтқаны келді. Ел аузында Мөңке бидің түс көріп, оны Сырым батырға жорытпақшы болған аңызы бар. Түсінде: бір жолы бәйгеге 40 ат қосады – біреуі де бәйгеден келмейді, бір жолы 30 ат қосады – біреуі де келмейді, бір жолы 5 ат қосады – біреуі ғана қарақшыға аман жетеді. Аман жеткенімен, келе сала пышаққа ілігеді. Әлгі аттың ішін жарып жіберсе, қасқыр шығады, қасқырды жарса, түлкі шығады. Түлкіні жарғанда, қоян шығады. «Осы түсін жорып бер» деп Сырым ұзатылған қызын шақырады. Қызы: "Түсті жездеңе, жиеніңе, қызға жорытпа деген. Сонда да айтайын, 40 ат дегеніміз – мұсылманның қырық парызы орындалмай қалатын заман болады екен, 30 аттың бәйгеден келмей қалуы – отыз күн ораза ұстамайтын заман туады екен. 5 аттың төртеуі келмей, біреуі жетуі – бес уақыт намаздың біреуі ғана оқылып, оны да біреу оқып, біреу оқымайтын кез келеді екен" деп қалған аңдардың нышанын айтып болған соң, "маған түс жорытқандарыңыз бекер болды, күндердің күнінде әйел билеген заман келеді, ол заманда әйелден ұят кетеді, еркектен намыс қашады" деп, дәл шешіп кеткен екен. – Бекер болжатқан екен. – Бұл да – Құдайдың бұйрығы. Сіздің еншіңіздегі мәселе – жігітіңізді уыстан шығармау. Ол өзі қаңғып жүріп, бір күні қаңғыған өзгенің қаңсығына жолығады, сіз ше, сіз неге осыған қарап қаласыз? Болашақта тәрбиелеу өз қолыңызда. Ең бастысы, сіз кім екеніңізді түсіндірдіңіз. Ал, өмірде, бәрі мүмкін. Жақсының жаманға, жаманның жақсыға айналуы бір сәт. Кейбір жігіттің бүлігі іште, сырты бүтін болғанмен, ішіндегі түтініне тұншығып, өмірбойы запыран құсып өтесіз. – Иә, дұрыс айтасыз. – Сіз жақсылап ойланыңыз, бәлкім тағы келерсіз, келмессіз, ол жігітті таңдау өз еркіңізде. Таңдадыңыз ба, күресіңіз. Ақнұр Алуаны шығарып салғасын, шамына тиген сөздің әсерінен арыла алмай көп отырды. Әйтсе де әліптің артын бағуды жөн санады. «Дұшпаның сабырлы болса, сен отыз минутқа көбірек сабырлы бол» деген жапон мақалын қайталады іштей. Берген үстеліне құлаған күйі қимылсыз көп жатты. Сыңғырлауық дыбыссыз. Маусымның аптап күні еңкейіп келеді екен. Түні бойы ұйқы көрмеген Ақнұрдың көзіне ұйқы тығыла берген. Жағына қолын тіреп маужырап отырғанда, ұлпадай жеңіл ұйқы кірпігін қамастырып әкетті. Әлден уақытта дәл қасынан дірілдеген лептен көзін ашты. Үңіліп тұрған Берген екен. Әлде шашын, әлде маңдайын сүйкеп өтті қолдары. Ақнұр абдырап, үлкен қара көздерін аударып-төңкеріп, басын шалқайтып әкетті.
– Ұйқыңыздың әдемілігіне тамсанып қалыппын. Ұйқыда да сондай әдемісіз. – Рақмет, – деді Ақнұр көзін алып қашып. – Кешір, оятып жібердім. Бүгін өте ауыр күн болды. Аузым тынбады. Шаршап қалдым. Үйге қайтармыз, бәлкім, сізді шығарып салар ем. – Рақмет. Маған әуре болмаңыз. Берген күлімсіреп ұзақ қарап тұрды, Ақнұрға емес, басқа жаққа қарап тұрғандай ойланып кеткен. – Сіз мынадай сұлулықпен әдебиетші, өнертанушы, кинотанушы болуыңыз керек еді. – Өнерге сұлулық қана керек пе? – Әрине, кіл қазанбастардың ортасында бір ақылды сұлу жүрсе, болмай ма? – Әрбір қазанбас сіз секілді сұғанақ болса, дымым қалмас еді. – Бұл сұғанақтық бәлкім, психологтың сұғы шығар. – Демек, қайтамыз ғой, – деді Ақнұр жалтарып. – Қайтайық, көздеріңіз ісіп кетіпті. Түнімен кітап оқыған шығарсыз. – Сіз, меніңше, бүгіндікке көп сөйледіңіз, – деді үнінен кекесін сездіріп. – Қызға сөйлеген серілік өзгеше ғой, Әсия! – Мән бермегенсіді Берген. – Әсия? – Сен өте нәзік қызсың, саған неғұрлым нәзік есім керек. Мысалы, Әсия? Ақнұр таңданыстан күліп жіберді. – Сізге, мысалы, Альберт, Артур, Антонио деген аттар жарасады десем қалай? – Әсия мен Артур қандай әдемі шығар еді? Екеуі үнсіз қарасып қалды. Нені астарлайтынын ұққысы келді Ақнұр. – Ертеңнен бастап, сізді Әсия деймін. – Онда сіз Артур боласыз. – Мейлі, бір жаман сары орысты білуші ем Артур деген, атта тұрған не бар? Дегенмен маған Төре деген ат жарасады. Ақнұр рахаттанып күліп алды да, сөмкесін иығына іліп: – Не деген қызық адамсыз, Артур, – деді. Екеуі Алматының жалғыз аяқ жолдарымен қыдырыстап көп жүрді. Жанға жайлы саялы аллеялар осы екеудің сырына құлақ тосқандай. Екеуі үнсіз бірталай кварталды асты. – Міне, менің мекенім осы жер, Райымбек пен Сейфуллиннің ар жағы. Ары қарай бармасаңыз да болады. – Рас па, көп жаяу жүріппіз. Ертең жұмыста күтем. Сау бол. – Сау болыңыз. Фурмановтың бойымен жоғары өрлеп бара жатып, көлеңкесі ұзара бастаған күннің қырқадан асып, биік ғимараттардың арасына сүңгігенін байқамапты. Жаяу-жалпы қайда, неге бара жатқанын түсінбеді. Әйтеуір, бір ойдың шешімін тапқысы келгендей, табаны талғасын көпқабатты үйдің ауласындағы сәкіге тізе бүккен. Көгілжім аспан шау тартқандай әжімденген бұлтқа беті толыпты. Алматыны түсінбейсің... жадыраған жазда дауылдатып, бұршақ жауа салады, ашық аспан құйындата тамшылатып өтеді, ақ нөсерден кейін жарқырап күн шыға келеді. Мұншама көп эмоция... Алматыда тұрақтаған адамның иммунитеті көтере алмайтын құбылыс. Міндетті түрде мінез болып жұғатын. Сәкіде күн еңкейіп, көлеңке күңгірттене бастағанда оянды. Қасында еңкіш тартқан, бойы бәкене кемпір отыр екен. Қолында таяқ. Анадай жердегі кішкентай немересін бақылап отырса керек. Кенет бұрылып қарап: – Апа, жасыңыз нешеде? – деп сұрады. – Жасым тоқсанда, қарағым. – Өмір қызық па екен? – Өмір қызық болмаса, асылып өлейін деп пе ең?
Кішкентай жүзі жидиіп, әжімнен бір уыс болған бетін ысқылап алып, кең пейілмен күлімсіреді кемпір. Бұл да риза кейіпте күліп жіберді. – Өмірді көп көрдіңіз ғой. – Иә, біз не көрмедік? Иә, бұл баба буын не көрмеген? Аштықты да, соғысты да. Сонда да, үміті үзілмеген, салы суға кетпеген, қу жалғаннан баз кешпеген. Тәңіріне тәубесін айтып, өлмеген жанға тіршілік деп күресе беріпті. «Мен болсам тұрған жерімде неге тұрмын, отырған жерімде неге отырмын, жүрген жерімде не істеп жүрмін» деп босқа шатыламын. Сәкіден үнсіз тұрып, бұрылмай жүре берді. Қарсы алдынан Ғылым академиясының сары ғимараты кезіккен. Анау жерде иегін ұстап Шоқан тұрған ойланып. 3-күн Ақнұр қоңырсалқын кеңсеге бас сұққанда кафелді еденнің беті жалтырап, судың ізі кеппеген еді. Төрден, төргі кабинеттен ауыр, қайғылы күй естілді. Бетховеннің «Айлы сонатасы». Әлдекімнің ішті тазалап жатқанын байқап, Ақнұр Бергеннің әйелін көргісі келді. Мұның есікке таяп келгенін Берген байқады да, қолындағы оқтаудай еден жуғышын үстеліне тірей салды. – Бүгін әйелім келген жоқ. Еден жуылмаса, тынысым тарылғандай болады. Ақнұр үн-түнсіз есік аузын тосқан тұстағы орнына келді. Ер адамның тыраштанып еден жуғанын қораш көрді. Үстел үсті айнадай сүртіліпті, ауыр мұң ыңырсып алқымын сықты. Ақнұр компьютерін қосып, әлеуметтік желідегі ақпараттарға көз салып шыққасын, кофе дайындап Бергеннің кабинетіне соққан. Берген терезеге телміріп, қарап тұрды. Мұның келгенін де байқамаса керек. – Сізге кофе алып келдім. – Рақмет. Бірге ішейік. – Көзі ұйқы көрмегендей қызарып, жүзі бозаң тартып, жағы суалыпты. – Түнімен мына кітапты оқыдым. Білуіңіз бар ма, «Оводты»? – Жоқ. Оқымаппын. – Ішіме от түскендей болып тұрмын. Бірақ әйелдерге бәрібір мүмкіндік аз. – Сонда сіз, өнерде әйелдер және еркектер өнері деп бөлуге бейілсіз ғой? – Әрине, сөйтіп бөлуге болар еді, бірақ әйелдерсіз өнердің құны тағы жоқ. – Неге мойындауға болатын нәрсені өмірі мойыннан асырып мойындамай тастайсыздар? Өнер жынысқа бөлінбейді ғой. – Кей тұста өнерді жынысқа бөліп тастағың келеді. Бірақ әйел ме, еркек пе, түбі адам. Сондықтан, әрине, жынысқа бөлінетін өнер жоқ. Кинодан хабарыңыз бар ма? – Аз-мұз. Қадарымша, «Оскар» алған, алмақ болған фильмдерді қараймын. – О, айттым ғой, сіз өнердің ортасында жүруге тиіс сұлусыз. – Бірақ менің мамандығым киношник емес қой. – Мәселе онда емес, өнерге сын айту үшін, өнертану үшін ми ашытып, Мәскеу барып, теорияға толған томдықтарды оқу шарт емес, шарт нәрсе – түйсік, сезімнің алғырлығы, анализдік сұңғылалық, дөп басу, қара терге малшынған еңбек, тәжірибе, ал ол қасиеттер бүгінгі өнершілердің бойында тіптен жоқ қасиет. – Сіз осы ақын емеспісіз? – Ал, делік? – Мұндай импровизациямен сізге ақын болу керек еді. – Ақын болсам, маған тиер ме едіңіз? – Айтпағым ол емес еді. – Асқар Сүлейменов пен Әлия Бөпежанова – өнердің шаңырағында тұтасып кеткен жандар. Әлия – өнер сыншысы еді, Асқар – жазушы. – Иә, мәселе сонда, сіз Асқар, мен Әлия емеспін.
– Сіз Әсиясыз. – Орныма барайын. Сізбен тілдесу беймүмкін. – Әсия. Менің махаббатым еді, – деп бастады Берген басын төмен салып, – Әсия. Атының өзі музыка емес пе? Бір-бірімізді қатты сүйдік. Онымен өзге әлемде жүрдім. Басым айналып, жер бетілік тіршіліктен қол үздім. Жынды көбелектей отқа түсіп, өртендім. «Онымен түбі қосыла алам ба» деп қайғыратын болдым. Адам құсап, елпілдемей, мақсатмұратыма жету жолында ол маған бөгет сияқты көріне берді. Өйткені ол қасымда болса болды, бүкіл еркім соның қолына көшетін. Өзімде өзімді билейтін ештеңе қалмайтын. Ессіздік еді бір. Бір күні екеуміз Каспий теңізіне бардық. Күн бұлыңғырланып, теңіз толқи бастады. Соған қарамай суға түстік. Оны дүлей толқындар алып кетті. Артынан қара кешке дейін іздеп, таба алмадық. Бірақ оның өмірден кетуі мен үшін дұрыс болып көрінді, әлі де солай көрінеді. Ойыммен, жандүниеммен оған абыройлы өлімді өзім алып бергендей күй кешемін. Біздің бірге болуымыз мүмкін емес сияқты еді. Оны сүйгенім сонша, жерден, көктен, адамдардан қызғандым. Жүзіне қарап күлген кез келген адамды жапырып соғып, кез келгенмен жағаласа кететін едім. Ол менімен ешқайда шыға алмайтын, ешқайда бара алмайтын жағдайға жетті. Оның бар болуынан өмірде мағына көрмей қойдым. Өз қолыммен өлтіргім келді. Білмеймін, өзі батып кетті ме, әлде толқын алып кетті ме, сүйегі су бетіне де қалқып шықпады. Із-түссіз көп жылдар өтті. Бірақ мен Әсия есімді қыздың атын естісем болды, тауып барып, бетіне қарайтын едім. Әсиям айта алмаған шындықты көргім келетін Әсиялардан. Бірақ Әсия ешкім болып оралмады. Келмегені де дұрыс. Мен оны өле-өлгенімше сүйемін. – Әйеліңіз бар емес пе? – Бар болса ше? – Сіз бақытты адамсыз ғой. – Бақытты болып та бақытсыз болуға болады, Әсия. – Мен Әсияға ұқсаймын ба? – Иә, сен Әсияға қатты ұқсайсың. Бүкіл тұла бойың, көзқарасың ұқсайды. – Маған кетіп тыну керек шығар. – Ол өнертанушы болды. Жүрген жерін күндей жарқыратып, күлімдеп жүретін. Маңдайыма сыймады. Тағдыр осы жерге мені сол күнәм үшін байлаған шығар. Менен кетіп ештеңе өнбейді. Қайта маған көмектес. Біздің жұмыстың өне бойы зор құлшылық. Медитация. – Әсияны ұмытыңыз, мені де олай атай көрмеңіз, сізге достық керек болса, жақсы доспын. Бірақ барлық нәрсенің шегі бар. – Мені тыңдап тұрғаныңа үлкен рақмет, сен мені тыңдай аласың. Алдыма адамдар келген сайын жаным бір түтіліп қалады. Өз бойымдағы мін, өз көзімдегі шөп жаныма батады. – «Оводты» бітірсеңіз, маған беріңіз. – Ауырлау, түндерің ұйқысыз ұзақ, күндерің түңілген тозақ болып жүрмесін. Жеріне жеткізіп жазыпты. Ал, оқып айтарсың пікіріңді. «Мені сұраса – келеді деп айт, көп кешікпеймін» деп Берген кетіп қалды. Ақнұр мынау кеңседе өзі білмейтін сыр бардай, барлап қарады. Әр бұрышын ақтарып қарап шыққысы келді. Төрде үнемі терезесі ашылмайтын қалың қабатты қызыл перде тұратын. Соған жақындап барып сырып қалып еді, арғы жақтан терезе емес, есік көрінді. «Тағы бір есік болғаны ғой». Тықырсыз ашты да, аядай бөлмеге кірді. Бір орынды тақтай кереует, бас жағында тумба, қағаздары бейберет шашылған үстел, үстелге тамақ қалдықтары, жуылмаған ыдыс-аяқтар... Кереует үстінде екі кітап айқара ашылып, етпетінен жатыр. Ақнұр кері шегініп, шығып кетті. Бергеннің үйі де, жұмысы да осы екеніне көзі жетті. «Демек, үйленгенмін деп алдаған». Кабинеттен Бергенге қатысты бір дүние табылар ма екен деп, үстелдің тартпаларын шолып шықты. Кітап сөрелерінде де ештеңе жоқ.
Компьютерін ақтара бастап еді, "жел уілі" сыңсыды. Есік ашылып біреу ентелеп кірді. Ақнұр жылдам басып кабинеттен шыққан. Зарлық би екен. – Отыра тұрыңыз, Берген аға қазір келеді. – Жүрегі атқақтап, аузына тығылғандай болды. Зарлық би ары-бері сенделіп, сыртта тосып тұрды. Ақнұр ғаламтордан Берген Төленұлының аты-жөнін іздестіріп, ол туралы ешқандай мәлімет таба алмады. Достары да, әлеуметтік желіде отыратын психологтар қауымы да бұл есіммен таныс болмай шықты. «Өз бойын, өз ойын жинақтап, өз жанын, өз-өзін емдей алмаған адамның психолог болуы күмәнді. Дегенмен, көп психологтар жүйкесі жұқарған адамдар болып келеді. Сөйте тұра, өздерін салмақты ұстап, сыр бермей бағады». Берген сыңғырлауықты сыңсытып, Зарлық биді ілестіріп ішке енген. Бар назары камераға ауысты. Берген қабағын керіп, ишаралы пішінмен камераға қарады. Ақнұр кофе дайындап алып барғанда, Берген аса риза кейіппен алғысын білдірген. Зарлық би көзін көтеріп те қараған жоқ. – Рақмет, Ақнұр. Дер кезінде әкелдің. Зарлық би, кофе ішіңіз. – Рақмет, қою кофе ішпеймін. – Ал, әңгіме айта отырыңыз. – Сізден шыққасын үйге барып, ойландым. Сіз айтқандай, ол сәби менің сәбиім боп шықпады. – Солай ма? Ішіңізге кіріп шыққам жоқ қой. Бар болғаны адамға ортақ, барлық адамдағы ортақ сәби затын оятуға тырыстым. – Мен сіз секілді сәбилік сезімімді тез оята алмаймын. Тіптен, соны табудың не қажеттілігі бар? Өткен өтті, уақыт әкеткен көңілді, пәк тазалықты қайтарып болмайды ғой. – Сізге менен не керек, Зарлық? – Сізден маған сіз керексіз. – Менде адам сүйсінерлік ештеңе жоқ. Қашанғы әйеліңізді қарауылдатып қойып, алдыма ойын ойнауға келесіз? Бәлкім, ағыңыздан жарылып ішіңізді ашарсыз? Не дерт ол, әйеліңіз айтқан? Зарлық би көкшіл көздерін аспандата айналдырып, сосын терезеге қадалып қарап қалды. – Осындайда шекпейтін темекіні шегіп кеткің келеді. – Мен шекпеймін. – Мен әулие емеспін. Жай қатардағы психологпын. Менімен үнсіз отырғыңыз келді екен, отыралық. – Иә. – Әкеміз бен шешеміздің итше ырылдасып, өмірбойы алысып-жұлысып өткенін көзіміз көрді. Неге ажыраспайтұғынын сұрасаң – "сендер үшін жүрміз" деп, өзімізді желеу ететін. Рас, отбасында бала – басты құндылық. Бірақ баланың, жалпы адамның құндылығын өткен ғасырда-ақ, бір өліп, бір тірілген қазақтың соғыс кезінде, емшектегі баласын төрт қабырғаға қамап, жанын шүберекке түйіп кете барған заман жұтып жіберді. Өзіңіз ойлаңызшы, сәби төрт тарабы төбесінен төнген тоқал үйде жападан жалғыз азынап, анасын жоқтап, таңнан кешке дейін неше рет жылап, неше рет жұбанады. Жылай-жылай сілесі қатып, шаршап, ұйықтап та алады. Сосын сол алғаусыз жалғыздығына көндігеді. Анасы тастап кеткен бір үзім нан мен суды талғажау етіп, боқ-сідігіне малынып өседі. Ал, анасы «өлмесе болды, аман болса болды» деп қас қарайғанда, егістіктен омырауы ісіп, иіп үйіне әрең жетеді. Иә, сол бала – «өлмесе болды» делінген бала – менің, сіздің атааналарымыз. Өлмей тірі қалғандар. Өздерін аямаған әлемді олар неге аясын? Оларды туысымен-ақ, бұл қатыгез қоғам жатсынған. Одан қалса, сол әке-шешеңнің әке-шешесі ашаршылықтан, қуғыннан аман қалған, бұқпантайлап күй кешкен, қорлықтан жасып
қалған жұрнақ болса ше? Сіздіңше, бүгінгі арақ ішетін, арақ ішсе жыларман болып жаны егілетін, ұрпағым азды деп азынайтын ақсақалдардың уәжі әділетті ме? Ал, жемқорлыққа жүрегі де құлқыны да тоймайтын биліктегі тоңмойындар бала кезінде қатты ашыққандар, аяусыз таланғандар. «Ала берсем, тойына берсем» дейді. Талғамай жұтады. Тынымбай Нұрмағамбетовтың "Мешкей" деген әңгімесі бар, қазақ "бір күн аш қалғаннан алты ай ақыл сұрама" деген. Бүгін һәм ертең бір ғасырлық зұлматтың зарын ұмытайын, сергиін деп тұрған сана жоқ. Берген осыны айтып, кабинетін әрі-бері кезіп көп жүрді. Жан-жұлынымен күйзеліп, сол заманға барып келгендей құлазыды. Сосын есін жиғандай боп, үстеліне оралды. Көздері маздап, жалт-жұлт құбылды. – Студент атанған шағым еді. Бір күні ауылға барғанымда, анам өзінің бір кездегі сыныптасының Алматыдағы мекенжайын тауып алғанын айтты. Сол мекенжайды тауып, сыныптасымен көздестіріп келуімді өтінді. Мұндай уақыт алатын сенделістен бірден бас тартып, бас-аяғы жоқ Алматыны ақтарғым келмей, қашқалақтадым. Өзім қуықтай жатақханада тұрам, анам «жоқ дегенде» екі күн бөлмеде түнеуі керек-ті және артынан ілесіп сол мекенді іздеуге аса құлқым да болмады. Анам менімен санасып жатпай-ақ, көп ұзамай Алматыға өзі келді. Келді де, сол мекенжайды таппай кетпейтінін қадап айтты. «Ол – менің алғашқы махаббатым, оны бір көргім келеді» деді. Жүзіне барлап қарап, «қалжыңдап тұрған жоқ па» деп ойладым. Жоқ, анам екеуміз Розыбакиевтің сұйырқұйымшақтанған шиыр-қиыр көшесімен көп сабылдық. Қанша көше қанша көшемен қиылысқаны дәл қазір есімде жоқ. Көп жүрдік. Көктемнің лайсаң күндері еді. Бір уақытта дәл сол мекенжайға келіп тірелдік. Есікті қақтым. Арғы жақтан елулер шамасындағы кеуделі, ақсары шашы дудыраған, еңселі, өңді ел ағасы бой көрсетті. Екеуі ұзақ қарасып тұрды. Анам көмейіне тас тығылғандай, аузынан сөз шығара алмай, үнсіз қиналып тұрды. Ал, ана кісі қанша тігіліп қараса да, анамды танымады, мені қайдан танысын. «Сіздерге кім керек еді?» деп алма-кезек қарайды. Сосын анам, әйтеуір, кім екенін айтты, ол да есіне әрең түсірді. Сасқанынан, «үйге кір»деді. Әйелі жап-жас екен, отыздың ар жақ-бер жағы. Әйтеуір, ол да біздің кім екенімізді әбден сұрастырып біліп алмай, дастарқан жаймады. Күйеуін тартып алуға келгендей бізге сұрлана қарайды. Ақыры дастарқан жайылды да, анам екеуі ескі күндердегі қызықты сәттерін айта бастады. Мен қыпылықтап отырдым. Екеуі алыста қалған жастық сезімдерінің күйін кешкендей, буын сезінгендей бір-біріне ұрлана көз тастап, ұялыңқырап қояды. «Сен маған қарамадың ғой, саған қаншама рет хат жаздым, есігіңнің алдына бардым. Бірақ бір рет те жауап жазған жоқсың. Кейін басқаға үйлендім, бірақ бірінші әйеліммен көп тұра алмадым. Ал, мына әйел – екінші әйелім. Егер маған сол кезде жауап қатсаң ғой, мына зәулім үйде тұратын ең. Әттең», – деді маған қарап, – «мамаң кезінде қандай жігітті жіберіп қойғанын білмеді ғой», – деп күлді. Анамның көзіне жас келіп, қызарақтап жер шұқыды. «Иә, мен ол хаттарыңды оқыдым, бірақ аса бір мән бермеппін. Өзімді сенен артық санаппын. Сонда да сендей болып мені ешкім жақсы көрмесін сездім, білдім. Сол кезде неге ойланбағанмын, соны ойласам әлі күнге дейін өкінемін» деп шынын айтты анам. Көп өтпей, бата қайырып жолға шықтық. Анам өз-өзіне қамалып, үнсіз ойға батты. «Жүрегін жеген қайғысы жеңілдеді ме» деп жүзіне қарағыштаймын. Адамдар кейде сонау артта қалған бір сәттік өкініштен бүкіл ғұмырын қапасқа айналдырып жібереді. Анам өз мүмкіндігін сынап көрді. Кезінде өзі көз жасына қалған жігіттің алдында «кешір мені» деп бас игендей болды. Бірақ уақыт мұның бәрін орны-орнына қойып қойған еді. Сол бір ойланбаған мезет үшін қалған ұрпақ жапа шегуі керек болды. Әрине, ол жігітке қосылып, бақытты болар ма еді, болмас па еді? Бұйрық жоқ болса, қайтесің? Дегенмен, тағдыр адамның өз қолында.
Тағдырды нақтылайтын адамның өз санасы. Анам өзін керемет бақытты сезініп, керемет болашағы үшін күресуі тиіс еді, жоқ, ол өмір бойы «сүйгеніммен қосылмадым, күйеуімді сүймеймін, ол да мені сүймейді, бүйткен өмірі құрысын» деп, алты баласының алдында бүкіл өмірін, өз өмірін ойран етті. Нәтижесінде, алты баласы да отбасына ешқашан сағынышпен қайта оралмайтындай болып шығынып кетті, бір жерге басы қосылып отыра алмайтын болды. Отбасында бар көргені сол еді: жеккөрушілік, қысастық, ерегісу, тергеушілік, қанағатсыздық, түсінбеушілік, басынушылық, абыройын төгушілік, қадірсіздік сияқты нешебір сұрықсыз сұм ортада өскен ұлда қайсыбір құндылық өсіп шығады дейсің. Ешқандай. Бауырларымның тағдырын ойлап қапа құшам, ешқайсысы отбасынан бақыт таба алмады. Біреуі үш рет байға тиді, біреуі екі рет үйленді. Қанша тағдыр бүлінді. Ал, әке-шеше сол бәз-баяғы салтымен барған сайын ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, сол керістерімен көрге де бірге кіретіндей болып отырады. Өмірде бақытсыз, мінезсіз, ақылсыз әке шешең болғаннан артық қасірет жоқ, Зарлық! Түсінермісің соны?.. – Түсінемін, Берген. Еңсеңізді түсірмеңіз, адам – тек отбасылық қана емес, қоғамдық құбылыс. Адамды ай мен күн де, самал мен жел де, таң мен іңір де тәрбиелей береді. Адамға махаббатты жер мен аспан да бере алады. Оларды кешіре біліңіз. – Рас, егер, бүкіл бақытсыздығыңды әке-шешеңе теліп қойсаң, одан ештеңе таппайсың. Көп болса, емсіз дертке шалдығасың. Ал, мен олардан, олардың тәрбиесінен биікпін. Бірақ кей-кейде, қаныңда жаңғырып шыға беретін қасиеттермен күресе алмай қиналғаныңда, «қоян жатақ тартады», «көн қатса, қалыбына барады» деген сөздерді еріксіз мойындайсың. «Америка трагедиясын» оқуыңыз бар ма? – Оқымаппын. – Американың, бүкіл әлемнің трагедиясы сонда, түбі тексіздігің бәрібір сені әйгілейді. Бетіңе маска киіп, мейірімді көрінгенің, жақсы көрінгенің уақытша нәрсе. Шын бейнеңді ашу үшін Құдай от пен суға салып көреді сені, ал сен айналып келгенде, ұяда көрген тексіздігіңе басасың. Шындық сол-ақ. Қоғамның қаныпезер болмысын бәрібір бойыңа жұқтырасың. – Сізді түсінем. – Мені тыңдағаныңызға рақмет. Сіз керемет ұстамды, салмақты, сырбаз жансыз, Зарлық. Мұндай мінезбен өмірдің бірталай шыңын бағындыра аласыз. – Менікі тек уақыт өткізу ғана. – Әке-шешеңіз бар ма? – Әжем де бар. – Әжеңіздің қолында өстіңіз бе? – Иә, әжемнің қолында өстім. Атам ертеректе қайтқан. – Әжеңізбен сырласасыз ба? – Есейгесін әңгімесін тыңдамай кеттік қой. Әйтпесе, әңгімені жақсы айтады әжем. – Ол кісіге бір жақсылық қылып, бір қуантқыңыз келмей ме? – Не үшін? – Жай ғана. Менің әжем баяғыда қайтты. Ол кісінің өмірдегі қандай да қалауы болса құлшынып орындар ем, әттең, мұны да кеш түсіндім. Өзіңізге керемет бір сый болар еді? Әжеңізден «мына өмірде не қалайсыз?», «Қандай қалауыңыз орындалмай қалды?» деп сұрап көріңізші? – Жастау кезімде, әжем атамның ешқашан үлкен ресторанға алып барып, екеуден екеу қалып, вальс билемегеніме өкінемін деп бір айтқаны бар. – Ол кісі жүре ала ма? – Иә. Әлі тың. – Онда сізге сол қалауын неге орындамасқа? Ресторанды бір күнге жалдап, билеп көріңіз әжеңізбен. – Бұл ыңғайсыз ғой. Оның үстіне ол кісі ауылда болса...
– Мейлі, қалаға алып келіп, бір сағатқа ғана ресторанды жалдаңыз да, сүйікті әнін қосып, бір вальс билеңіздер. Атаңыз орындай алмағанды сіз жүзеге асыра аласыз ғой? – Бұдан не табам? – Бұдан үлкен қуаныш табасыз. Оның үстіне, өмірдің мәнін тереңірек түсінуге мұрсат береді. – Бұл қызық болды. – Әрине, кейде аналарымыздың, әкелеріміздің көңілдері түсіп, қай-қайдағыны еске алып, «сол болмады ғой» деп деп өкініп отыратындары бар. Қолыңыздан келсе, орындаңыз, олар сол арманысыз да, өмірдің өзі, бастан-аяқ керемет, ғажап түстей мұғжиза екенін бір түсініп қалар. Зарлық бидің көкшіл көздері жылт етіп оянғандай болды, өңі жып-жылы мейірімге толып күлімсіреді. Берген де риза кейіппен қоштасты. Екеуі бір-бірімен келісіп қойған адамдарша сөйлеседі. «Анау неге келді, мынау неге өз басынан өткендерін айтты? Кім білген?». Сыртта, Ақнұрдың қарсы тарабындағы тізілген орындықта тықыршып бір жігіт ағасы отырды. Қара шашын жылтыратып тарап, әдемі қара сақалын мұқият әдіптеген, ашаң жүзді ер кісінің көзіндегі өткірліктен өнер адамына тән болмыс сезіледі. Берген жеңіл амандасып, «мархабат» деді. Қонақ кабинеттің әр бұрышында таңсық дүниелер тұрғандай, айналасына көзі атызданып қарады. Сол жақта иін тірескен сөре, оң жақта ештеңе жоқ – қоңырқай, сұрғылт жаңбырлы ауада иілген қайыңдар картинасы. Төрде сұр қасқыр мен қызыл түлкінің терісі, азуы ашылған күйі шегеге қадалған. Сұсты айыр қамшы. Кітап сөресінің бұрышына ілінген домбыра, қоңыр домбыра. Көз алдынан қазақтың бүкіл саятшылығы, домбырашылық машығы, кермиық, ақкимешек тау, етегіндегі қауырсын қарағайлар, қара көлеңке тау іші, қаңғыған қоян, саңғып кеткен құс... Осының бәрі елестеп өтті ме қонаққа, әлде елестемеді де, ол төрдегі қазақ болмысының дерегіндей дүниелерге оқшырайып біраз қарап отырды. Үнсіз. «Тағы бір үнсіз қонақпен бетпе-бет келдім бе» деп Берген де үстелдің арғы бетінен шалқайып қарап қойды. «Айта беріңіз» деп оқталмақ еді, жігіт кескінінен әлдебір суық ойды ұстап қалды. Бойын жинап, ішін тартты: «Театральный екен». – Менің атым Мұхит. – Мен Бергенмін. Сізді мазалап жүрген жәйт бар ма? – Иә. – Шашын артқа тарағыштап қойды да, еңкейіп үстелге үңілді. – Мен... біз әйелім екеуміз театрда актерміз. Екеуміз отбасын құрмай тұрып, сол театрда таныстық. Сол әйелім... сол... әйел... – Театр – үлкен алаң. Әрине, онда әйеліңмен жүру дегенің бір азап шығар. Үйде де әйел, түзде де әйел. Шаршатады ма? – Шаршатады. Оның бұл саладан кетуіне, театрда ойнауына қатты қарсылығым да жоқ. Екеуміз қаншама қойылымды сәтті орындап шықтық. Ол қойылымдар бізге арналғандай еді, ессіз махаббатты жырлайтын. Ғашықтық, естен тану, ақыры айырылысу... Бірақ біз ессіздіктен ес жиып, отбасын құрдық. Бір-бірімізді сүйеміз... бірақ ол... соңғы кездері өзгеріп, суып кетті. Арамыздағы байланыс та үзіліп бара жатқандай. Төсекте де қосылғысы келмейтін болды. Ойыма сол күдік кірді. – Оны қатты қызғанасыз ба? –Сіздіңше, не істеуім керек?! Даусының ащылығы Ақнұрдың өзін селт еткізді. Тосыннан жер астынан шыққандай дауыстан Берген де тосылып қалды. Мұхиттың көздері қан қызыл от шашты, Бергенді осы қазір жағып жіберердей. – Дұрыс. Қызғану керек! – Сіз... сіз миығыңыздан мысқылдап бекер күлмеңіз. Менің ішкі дүниемде не болып жатқанын сіз білмейсіз?
– Әрине, Мұхит. Мені тіпті, жоқ деп қоя салыңыз. Мен үнсіз тыңдаймын. – Иә. – Ол театр алаңын кезген актерше «иә» деді. Сосын ары-бері тар кабинетті шарлады. – Иә. Мен оны сүйем. Жанымнан артық, өмірден артық сүйем. Бірақ ол, айттым бағана, күдігім бар. Ол, анабір қойылымда қосылып кетіп тынатын актермен жақындасқан сияқты. Жақындаспаса да, соны ұнататын сияқты. Әлде, сырласатын ғадеті бар шығар. Әйтеуір, түнеукүні олардың грим бөлмесінде жылап отырып сырласқандарының үстінен түстім. Мен кіріп келгенде, Айгүл жасын тыя қойды, ал анау, ол маған дұшпандығын жасырған жауыздай көрінді. Менің сүйіктім, менің сенген өміржарым, менен не сыр жасырып жүр? Ол жауаптан жалтарады. Бар болғаны, сен шектен асып қызғанасың, бүйте берсең, мені де, өзіңді де жұтып тынасың деп ескерте береді. Опасыз ба дейін десем... ол да мені сүйетін еді ғой. Бірақ мына қазіргі қарасы алабөтен, бөтен біреуге қарағандай жат. Мен мұны көтере алмаймын. Қабырғаға артын сүйеп, сырғып құлады. Бетін жауып өксігендей болды. – Екі егіз қызым бар. Екі жаста. Жандарымды қалай қиям мұндайға? Қалай қиям? Бірақ ішім өртеніп барады. Түсінермісің? Соңғы сөйлем қыжыл, кіжінген, ішкі дауылдың айқайы еді. Берген жылдам басып барып, жағасынан қос қолдап көтеріп, қабырғаға тіреді. Екеуі шағын бөлмені театрға айналдырып жібергендей. Адам тағдыры мен сахналық өмір тұтасып кеткендей. – Сен... сен не істемексің? Есің дұрыс па? – деді суық ес жиған Берген. – Істейтінімді істеймін. Жоқ қылам бәрін. Түкіргенім бар бәріне. Маған берілген махаббат менікі ғана. – Бос сөз. Басыңды байлама ол әйелге. Жібер еркіне. Ол сенің сорың ғой. Соны білдің ғой. Білдің ғой, Мұхит. Ол сенің сорың. Өнеріңді, тағдырыңды құртуға жіберілген қарғыс қой. Жібер оны. – Жібермеймін! Тарт қолыңды! – Бергенді итеріп кеп жіберді, – Жоқ. Түсін, мына әлем, егер де сол махаббатсыз да аяғын тең басып тұра алатын әлем болса, оның маған көк тиын құны жоқ. – Басқа... одан өзге де армандарың, мақсаттарың көп қой, тоқташы... – Кетейін деп тұрғам жоқ, – Есіктен теріс айналды. – Мақсатымның Айгүлмен шиырласқаны сонша, Айгүлсіз өнер де тұл. – Балаларың бар емес пе, оларды қайтесің? Ертең не дейді? – Түсінер, түсінбес. Кешірер, кешірмес. Бірақ оларды жанымнан артық жақсы көргенімді білер. – Бұлай жасама, – Берген Мұхиттың көзіне тіктеп қарады. – Бұлай жасама, басқаның жаны – өз жаның. Өз жаныңды өлтірме. – Салқын сабырмен, шегелеп айтты. – Тағдыр екен. Амал қанша? – деді анау түңілтіп. Екеуі қанталаған көзбен үнсіз қадалысып бір сәт тұрды. – Солай екен, ал солай екен, жазған-ау, маған несіне келдің? – Анығын білмекке, енді білдім. Менің басқа амалым жоқ екен. – Бекер. Сен анығын білмейсің. Жаныңды жеген ар соты сені алып келді маған. Білесің бе, бізді бақылаған камера бар. – Ей, тыңда! Тағдырға не дауың бар? Көзіммен неше рет, ойыммен неше рет өткерген нәрсені, ойыммен де орындап болған нәрсені сен не талқыға салмақсың? Енді кеш, бәрі кеш! Тек сәтін күтудемін. Егер ол енді бәрін ашып айтпаса, екі дүние бір қадам. Болды не, болмады не? – Бар онда. Құдай әлдекімнің еңбегін еш еткісі келсе, өнбес білім береді. Әлдекімнің әрекетіне қаһар етсе, зұлымдықпен көмкерілген махаббат ләззатын береді. Ал, сен лағынет шайтанға алдырдың. Ол, ол ана дүниеде де сені тыныш қоймайды. Екі дүниенің ортасында сандалып жүрерсің. Бар! Мұхит озбыр қараспен атажауына тап берердей қадалды да, тістенген ернінен сөз шығара алмай, тарс еткізіп есікті жауып, жоқ болды.
Берген қабырғаға арқасын тіреп, төмен сырғыды. – Кетті... Құдай-ай... Берген екі шекесін езіп алардай қысып, басын бұқты. Ақнұр екеудің астарлы әңгімесінің бірін ұқса, бірін ұқпады. Жерге сұлқ түскен Бергенге жүгіріп барды. – Мына көздерді, өз үкімін өзі кескен мына өткір қарасты мен білем, білгенде қайтем? Болар іс болар, бірақ өз-өзімді алдыма әкеп қойғандай жанымды неге қинай береді құдай, неге? Әсия... – Берген аға, берік болыңыз! – Мұның не үшін келгенін білесің бе? – Сезіп тұрмын. – Менің ойым – реалда әлдекімнің әрекетіне айналып отыр, білесің бе, ойды қабылдау ғана жеткілікті, ал іске асыру, асырмау тағы еркің, бірақ келген ой, сен иелік еткен ой, бәрібір, ауада қалқып әлдекімге қонады. Туылып қойған ой орындалмай, қабірге кірмейді. Ол шарлап, иесін міндетті түрде іздейді, ол менің ойым. Менің туылып қойған ойым, іске аспақ, Ақнұр. Басын шайқап жіберіп, терең күрсінді. Көз ұясына толған жасты жасқап жіберді. Ер адамның жылауы қандай жат еді Ақнұрға, әйтсе де, бұл да – ілуде біреудің қолы жеткен жан еркіндігі. – Берген, білем, жаныңыз қиналады, мұның бәрін бастан өткеру оңай емес, бірақ сізге, мұның бәрін кешіру керек, өзіңізді кешіруіңіз керек, барлық кербақ ойларды босатып жіберіңіз ауаға. Мұндай шермен ұзаққа бара алмайсыз. – Ақнұр оның қасына отыра қалып, біресе екі қарынан сипалап, біресе екі қолынан қысып, жұбата бастады. – Рақмет, Ақнұр. Шарасыздықпен, немқұрай үнмен жерге тесіле қарап айтты. «Жүрегіне бүкіл жүгімен қабылдап алатын неткен әсершіл еді» деп ойлады Ақнұр. Әдетте, психологтар клиенттерінің дертімен бас қатыра бермейді. Яғни, айтылған нәрсе айтылған жерде қалады. Әлдекімнің негативін қабылдамауға күш салады. Ал, Берген күніне неше адам болса, соншама әсерге енеді. Бейнебір келген адамның бүкіл ауыртпалығын алып қалғандай, жандүниесіне кіріп шыққандай болады. Екеуі де түстенбеді. Берген кабинетіне қамалып, шықпады. Ақнұрдың тәбеті тартпады. *** – Келіңіз, Жұпар, аманбысыз? – Жақсы! – Әдемі келіншектің даусы да жан баурайды. Бергенге ерекше бауыр басып, үйреніп алған. Жеңіл жымиып, өз-өзінен қуыстанып біраз отырды. – Әнеукүні күйеуім келіп сізге дөрекілік көрсеткен шығар. Ол маған айтты. – Иә, бетімнен сипап кеткен. Күйеуіңіз өте мәрт жігіт екен. – Кешіріңізші, ол сізді қатты ұрды ма? Оны мұнда келеді деп ойламаппын. –Дым етпейді, сіздей әйелді мен де осылай қорғап көргем кезінде. Қызғанарлық сымбатыңыз, көркіңіз бар. Бір өзіңіз тұнып тұрған музасыз, мүсініңіз отыз бесте де бұзылмаған. Жігіттің арманы емес пе бұл көрік? – Қойыңызшы, сіз де бір, бұл көріктен не пайда, оның қадірін білетін күйеу болмаса. Көрген күнім құрысын! Мені қара күшімен бағындырғысы келеді. Мені иеленгісі келеді. Жылы сөз, жайлы құшақ сыйлаудың орнына, «неге мені сүймейсің?» деп жас балаша желкемнен түйіп жүргені. Түсінсем бұйырмасын! – Қазір бақылап тұрған жоқ па? – Жоқ. Ол қазір жұмыста. Білесіз бе, мен одан сондай жиіркенемін. Ол барған сайын жыныма тиеді. Ана әйелінің сөзін маған жеткізіп әкеледі. Өзін сүйетін адам барын айтып мақтанып алады. Мен оның үйде болғанынан болмағанын қалаймын. Ол үйге түнеген түні аза бойым қаза болады. Қасымда адам емес, дию жатқандай күй кешем. Жиіркенемін. Жек көремін. Жынданатын шығармын. Тіпті шошынатын болдым.
– Иә, сіз жынданасыз! – Терезеден құлап өлгім келеді, кейде, бірақ балаларым бар, оларды тастап кете алмаймын. – Өлгіңіз келсе, өлген жақсы! Терезеден секіре салыңыз. Жұпардың бота көздері бақырайып кетті. – Кейде, өліп те көрген жақсы. Кейбір ойларды ойша емес, қолмен орындап та көрген дұрыс. Ой адамды құртады, жегідей жейді. Ал орындау үстінде адам өзіне шын мәнінде мына өмірден не керектігін тез анықтап ала алады. Түбі өлетін адам өледі. Ал, дар алдында тұрған сәтте адам бүкіл ғұмырының ласы мен тазасын таразылай алады. Таза да тұнық ғұмыры үшін сәттік ласты кешіре салады. – Білмеймін, егер асылу керек болса, ойланбай асыла салар ем. Бірақ одан құдай сақтасын! – Сақтасын деу үшін мидағы беспорядокты, аласапыранды тоқтатыңызшы! Миға тыныштық беру керек, негізі ми емес, мұның кінәраты жүректе жатыр. Жүрекке әбден салмақ салғансыз. Сол жүректі тыныштандырмай, миыңыз да сабасына түспейді. – Бірақ оның жағымсыз қылықтарын көрген сайын жиырыла түсем. – Білем, қазір жүйкеңіз қатты ширығып кеткен. Айтып-айтып тастағыңыз келеді. Ішіңіздегі толқынды баса алмай тұрсыз. Бірақ мұның бәрі – өткінші, мұның бәрі – уақытша құбылыс. Бәрі қалпына қайтады. Тек сізге бәрібір құдайдың көмегі керек. Құдайдан басқа ешкіміңіз жоқ, ешкім сізді құдайдай түсінбейді. Өзіңізге сабырлық тілеңіз, құдайға жалбарыныңыз, әрине, кеудедегі жара біте қоймас, бірақ сіз қырық шырақты әйелсіз, сізге қара қазандай өшіккен ғұмыр керек пе, әлде балаларыңыздың бақытты ғұмыры керек пе? Күйзелген, шаршаған анасын көрген балада да сондай әлсіздік оянады. Күйзелгіштік, түңілушілік пайда болады. Баланы жігерсіз, жасық ететін үлкендердің қайғыға мойын беруі. – Білем, білем, бірақ шарасызбын. Не мен оны, не ол мені өлтіріп тынатын шығар. Шаршап кеттім одан, неше жыл бойы оның қоқан-лоқысына көніп, тілімді тістеп келдім. Қит етсе болды, қол көтеруге дайын тұрады. Оның үстіне, арашаға түскен балаларды да ұрып тастайды. – Сөйте тұра, төрт баланы үн-түнсіз туып үлгергенсіз. – Баланы өзім үшін тудым. Өзімнің жанымды жұбату үшін. – Бірақ кез келгенде сол балалар үшін айырылыса алмайсыз. Түсініңіз, менің мақсатым жеріту емес, кейбір еркекті айырылысу арқылы да емдеуге болады. Қымбаттысын жоғалтқан кезде кей еркек бар кінәсін түсінеді. – Ой, ол түсінетін адам емес. Кейде төркініме кетіп, айлап жатып алған кездерім болды. Ал ол дым болмағандай келіп, «жүр үйге» деп дауыс көтереді. Басын исе, кішірейіп кететін сияқты. – Бір байқағаным, әйелдердің көбінің реніші ең бірінші түннен бастау алады. Көңіліне алғаш түскен кір келесі онжылдықта жазылмауы мүмкін. Еркектер өз кезегінде мұны ескере бермейді, ал әйелдердің бар ойы сол алғашқы түнге ғана байланып тұрады. Мұны бір себеп деп алайық. Оның үстіне сіз әуелде еріңізді шын көңілмен сүйген емессіз, артыңыздан қалмай жүгіргесін, бар қалауыңызды орындап жүргесін қосыла салдыңыз. Алайда момын деп жүрген еріңіз асқан дөрекі адам болып шықты. Сіздің тәрбиеңіз мұндай жексұрындықты қабылдай алмады. Жаныңыз өте таза, нәзік адамсыз. Бірақ соны қорғаштаймын деп қатты сөйлеп, қату қабақпен еріңіздің көңілін қайтарып тастауыңыз да мүмкін. Өйткені іштегі реніш қалайда шығу керек қой. Солай, сіз оның әрбір кемшін қылығына қатаң ескерту айтып, жіби алмадыңыз. Жібісеңіз, тым жеңілдеп кетесіз. Қатты еркелетіп немесе басыңызға көтеріп аласыз оны. Кейбір еркекті ешқашан басқа шығармау керек, тәрбиесінде ақаулық барын сездіңіз бе, демек, өзіңіздің тәрбиеңізге қалайда мойынсұндыру керек. О бастан қалыпты емес қатынасты тіктеу өте қиын.
Бірақ сізге, дәл осы қазір, бір нәрсені анықтап алу керек. Сізге осы неке керек пе? Сол еркекпен тұру мүмкін бе? Әлде, көргіңіз келмейтіні сонша, одан да ажырасып тыну керек деп ойлайсыз ба? Өйткені ашу мен кектің аяғы ауыр бітуі мүмкін. Ол кезде не бала жоқ, не отбасы жоқ, бәрі адыра қалады. Бір баланы тастап кетсеңіз де, ажырасуға бел буу керек. Немесе бәрін қалпынша қалдырып, бірақ жандүниеңізді өзіңіз басқара білуіңіз тиіс. Яғни, оны бастан-аяқ кешіріңіз. Бастан-аяқ оны сүйетініңізді мойындаңыз. Құдай тағаланың сізге жазған адамы кездейсоқ емес. Бұл – қателік емес, бұл – тағдыр. Оны шешу керек. Қайтесіз? – Қалай шешем? Кешіре алмаймын! – Жынданасыз. Әзер тұрсыз. Берген кітап сөресінің артына жасырылған ақ тақтаны алды. Сосын оған ортасында сап-сары күндей шеңбері бар қара түнектің суретін қойды. – Сіз мына суреттен көз алмай қарап отырыңыз. Осы нүктеге жұтылып бара жатқанадай сүңгіңіз. Терең тыныстаңыз. Өзіңізді бос ұстаңыз. Берген терезенің бетін көлегейлеп тастады. Көлеңкемен салқын леп келгендей, Жұпар кең тыныс алды. – Сіз сап-сары нүктеге сіңіп барасыз. Жұтылып барасыз. Ойыңызда ештеңе жоқ. Жұтылып барасыз. Жұтып барады. Басыңыздан балаларыңызды, еріңізді, үйіңізді, жұмысты, бүкіл тірлікті лақтырыңыз орта жолға. Тастаңыз. Ешкім сізбен бірге жұптасып ана дүниеге кете алмайды. Ол дүниеден әлдекіммен егіздесіп туылған жоқсыз. Сіз өте жалғызсыз. Өте. Қасыңызда ешкім жоқ. Сарсылған сары дүние. Аспан да сары, жер де сары. Өзіңізден басқа тірі жан жоқ. Қай жаққа барсаңыз да, өзіңіз ғана. Тек өзіңіз. Сізге не керек? Кенет тұла бойыңыз дірілдеп, мұрныңыздың ұшынан лып етіп жаныңыз шықты да, жарық жылдамдығымен зуылдап Жер шарын артқа тастады. Сіз ұшып кеттіңіз. Ұшып кеттіңіз. Кеттіңіз. Сізге енді анау Жер, ондағы өмір мүлдем жат. Онда кімдер қалды? Ол жақтан кімдерді көргіңіз келеді? Ол жақта кімдерге барғыңыз келеді? Кері шегіндіңіз. Сондайлық лездікпен зуылдап үйге келдіңіз. Кімді іздедіңіз? Соған назар салыңыз. Бәрін көзбен аймалап құшыңыз. Бәріне айтарыңызды айтыңыз. Әрқайсысын тоқтатып алып, бір ауыз сөз айтыңыз. Айта беріңіз. Олар сізді тыңдап тұр. Бәрін құштыңыз, бәрін сүйдіңіз. Кенет алдыңыздан бір сұлба көрінді. Түрі айқын емес, бір адам қарсы келеді. Сіз де қарсы жүрдіңіз. Ол басы салбырап, мұңайып, жер шұқып келе жатыр. Кім екенін танымайсыз, кім екен деп қарсы жүрдіңіз. Ол басын төмен салбыратып келе жатыр. Сізді көрмейді. Сіз көріп тұрсыз. Кенет анық көрдіңіз. Ол сол, сіздің жүрегіңізге жара салған адам. Мұңайып өкінеді. Сіз өтіп кеткіңіз келді одан. Өттіңіз де. Бірақ ол... ол сізден жауап күтетін сияқты. Сізге бірдеңе айтпақшы. Сіз қайта барып, тоқтатып алдыңыз да, бүкіл кеудеңізді буған ыза, кек, ашудың бәрін төктіңіз. Айтып-айтып тастадыңыз. Айтыңыз, көмейіңізге тығылғанның бәрін айтыңыз. Тоқтамаңыз, ол тыңдап тұр. Айқайлап айта беріңіз, айта беріңіз. Бәрін айтып болдыңыз ба? Бұл соңғы кездесу ғой, айта беріңіз. Енді айта алмайсыз. Бұдан кейін айта алмайсыз. Оның басы салбырап, сіз сөйлеген сайын төменшіктейді. Сонда да кешіре алмайсыз ба оны, жарайды, кешірмей-ақ қойыңыз. Кешіріміңізді ішіңізге тығып, келмеске алып кетіңіз. Бірақ жүрегіміздің түбіне тастай батып, түйіндей байланған барлық нәрсе ертең алдымыздан шығады. Сізді де алдыңыздан тосқан беймәлім дүние бар. Сол адамның бақыты үшін, жеме-жемге келгенде өзіңіз үшін оны жай ғана кешіре салыңыз. Кешіріңіз. Сіз алысқа кетіп барасыз. Оралмайсыз. Кеудеңіздегі бүкіл өкперенішті азабымен қосып арқаламай, ақтарып кетіңіз. Айттыңыз ғой, жаныңыз жай тапты ма? Ойланатын дымы да қалмады енді. Сізді ұшырып барады аспан, ұшырып барады, ұшырып барады... – Тоқтатыңыз... болды... – Не болды? Жаныңыз ауырды ма? Жұпар көзіне үйірілген жасты айналдырып жіберіп, үнсіз қалды.
– Кешіре біліңіз. Өзіңізге жақсы бұл. Үйге барыңыз да, қағаз бен қалам алып, бүкіл ренішіңізді жазыңыз. Түгел жазыңыз. Сосын әрбір ситуациядағы оның қылығы мен өзіңіздің реакцияңызды жазыңыз. Сіз де осы мәселенің шиеленісуіне тікелей ықпалдысыз. Адам бір өзі ғана кінәлі болмайды, айналаның да факторы бар. Жалпы, кешіргіңіз келе ме, жоқ па, соны ойлаңыз, кешіргіңіз келмесе, ажырасыңыз. Қалай болғанда да, бұлай отпен ойнауға болмайды. Өзіңіз тұншығып құрып кетесіз. Балаларға ертең керексіз, қажыған, миы ашып, ерте алжыған ананы балалар да көтере алмай қалады. Есіңізді жиыңызшы, болмаса балаларды алып төркініңізге бара тұрыңыз. Бұл – ең жақсы шешім, ойланасыз. Алды-артыңызға қарайсыз. Берген Жұпардың қолынан ұстап, қысты. Сенім сыйлағысы келгендей. Жұпардың мөлт-мөлт еткен жанары жаңбырдан кейінгі жасыл қырдай ашылып сала берген. Сүйріктей саусақтарын тартып алды да, «сау болыңыз» деп тұрып кетті. Кабинеттің іші түтіндеп көкшулан демге тотыққандай Берген ауаны сермеп қалды. Сөре мен сол жақ қабырға арасындағы сар тұманға шөккендей үнсіз ойланды. Тамылжыған тыныштық. Көңіл бір күйдің елесін шалғандай, бір суреттің бейнесін ойша салғандай, жазудың жаңа машығын тапқандай өрекпиді. Тышқаншылаған күңірсік тірлікті тесіп өтер саңылау тапқандай арқаланады. Кеңсе іші қоңыр салқын. Екінді. Кабинетті басына көтеріп «Tim hi ho» фильмінде орындалатын мұңды әннің тиегі ағытылған. Ақнұр ойсыз ақтарыстырған смартфонын шетке ысырып, камераға назар салды. Берген көкпеңбек аспан бауырын кезген бұлттарға мініп кеткісі келгендей, басын шалқайта терезеден қарап қалған екен. Тәтті мұң арқалаған махаббаттың өз қасіреті, өз дауасы, өз мазмұнына тұншыққан дерті бар-ды. Адамды егер осынша кеңдікпен сүйер болса, Тәңірге қандай махаббат керек? Кенет ол назарын терезеден аударып, тура камераға қарап тігілді. Есікке беттеді. – Жүрек жалғайық? Әлде жылап-сықтағандардың жасымен асқазан суарамыз ба? Екеуі тамақтанып отырып, ләм-мим деспеді. Алатолқын жан дірілін баса алмай бір қызарып, бір сұрланған Бергеннің жүзінен көзін тайдыра берді Ақнұр. – «Tim hi hoны» соншама жақсы көресіз бе? – Жоқ. Музыкасы ғажап. – Асқан романтиксіз. – Ол рас. Безнадежно романтичен. – Ол – психологтың минусы. – Ол рас. Психология это – стойкость. – Жүйкеңіз сыр беріп жүрсе ше? – Жүйке психологта да бар. Мен де бойымдағы қоқсықты шығара білуім керек. Өмірді енді тамашалауға шықтыңыз. Өмір – жеңіс-жеңіліс емес, қара тер, іс-әрекет. Арды қорғау. – Сонда да жеңіліс тапқандай боласыз ба кейде? – Иә. Жеңілем, өз әлсіздігім алдында қапысыз жеңілем. Өзіңнің деңгейіңді көріп, сол деңгейден өте алмай жүргеніңді тағы көрген әлгіден де жаман. – Мұндай кезде бәрібір демалу керек. Бәлкім, шаршаған боларсыз. – Маған дәл қазір демалуға болмайды. Болмайды. Сіз демалыстан келіп отырсыз. Құлшынып отырсыз. Соның өзі жеткілікті. – Сіз мені психолог етіп отырғыза аласыз ба? – Непременно. Тәжірибе – тек іскерлікті емес, тәрбие мен тәртіпті де тексеретін дағдылы уақыт. – Өте сабырлымын. Сары алтындай сабырым бар. – Қыстан өткен сармаядай сабыр керек, дұрыс, сабырлы болыңыз. Кейде сабыр деп құдайдың бір сипатын атап отырам. – Бақытты адамдар – сабырлы адамдар. – Бұдан, керісінше ұғым тумайды.
– Егер мен сізбен түстенбейтін болсам, мүлдем әңгіме айта алмас па едік. – «Асхана мен сахна – антагонистер» деп бір сұңғыла айтқан. – Ғажап екен. Бәрібір, онша түсінбедім. –Сіздей көрікті басқа бәрін түсінудің қажеті жоқ. Кеш болып қалыпты. Қайтсақ па екен? Екеуі апыл-ғұпыл ағылған Алматының көшесіне шыққанда, елдің қарасы көбейген еді. Жұмыстан қара шаңырағына асыққан адамдарды бұзып жарып екеуі келеді. Фурмановтың сары, қызыл алқадай алқымын буған көзқамар гүлдері көңіл сергітеді. – Ақнұр, маған «Бөгелекті» қайтып беріңізші? – Неге? Оқиын. Кітап бетін ашпағаныма көп болыпты. – Ертең көзіңіз ісіп, ажарыңыз солып, ішіңізге от тигенін көргім келмейді. – Соншама ауыр ма? – Ауырлау. Кенжекейдей кербездің мұң ішкені, құса жұтқаны қапалы. – Мен үшін қайғырмасаңыз екен. – Сізден кітабымды қайтып беріңіз, деп сұрап тұрмын. – Мұны міндетті түрде тауып аламын. – Табыңыз. Тек мына бес күн желкілдеп өтсін десеңіз, жұттай жұтатын ол кітапты оқымаңыз. – Оқимын. Қалай да оқимын. Интернет жарықтық бар. Берген кідіріп тоқтады да, Ақнұрды қолынан ұстады. – Болашақ бала ұялайтын жатырды зәһарламаған дұрыс. – Сіз мені неден қорғағыңыз келеді? – Көбіміз ешқашан мойындай алмайтын, мойнымыз жар бермейтін шындықтан қорғап тұрмын. – Ер екенсіз, мақұл-ақ. Қолымды жіберіңіз. – Маған сау ми, тыныққан таза ақыл керек қазір. Көрген-білгеніңізді көкірегіңізге түйсеңіз екен. Сол ғана. – Рақмет! Кітабыңыз мінекей. Қап-қара былғары сөмкесінен жұқалау қоңыр кітапты алып берді. Берген кітапты алды да жүре берді. Кейде адам өз-өзін тыңдағысы келмейді. Өз ішінің үні сөйлегенде оны тұншықтыру үшін өзге айла-амалдарға жүгінеді. Егер де сол үнге құлақ салса, сол үннің барша азасына құлақ түрсе еді ғой, әрбір адам өз шындығын, өзінің қастерлі шындығын табар еді. Ол қастерлі шындықтың шынар шыңында алдынан алқап, жаратқаны күтіп алар еді. «Айтты ма, айтпады ма... Өз ойы ма, әлде Әсиясымен сырласып келе ме, қасындағы Ақнұрға қарап еді, ол үнсіз ойланып келеді екен. «Айттым ба» деп қарағанына Ақнұр«не айттың» дегендей сұраулы жүзбен бұрылды. Мынау кітап іштегі әлдеқашан мерт болған сол үнді оятады. Оянып кетсе, ой да тіріледі. Ол ой жандүниеңді еліктей кезгенде әкеңді танытар. У мен шер ішерсің. Құса жұтарсың. Өзгенің шері бәрібір сенің де бөлшегің екені, сенің де бәз-баяғы бір құрамды нұрың екенін сезесің түйсікте, бірақ сол түпкі үнді естуге бәрібір құлшынбайсың. Ол үн сені Тәңірмен тікелей табыстыратын үн болса ше? Айтты ма, айтпады ма... Әсиясы қасында, үнсіз, ойланып келеді. Мойылдай көздері тұнжырап ойға батқан. Жанары тұнық. Тұңғиық емес. Тұңғиыққа батпаған. Тек тұнық қана. Тұңғиық – терең, бөлек дүние. Тұңғиыққа батқан жан әлемді сол түптен шалады. Өзі тереңде болғасын кең дүние сүйірленген шеңбердей шолақ көрінеді. Тұсаудай, айналсоқтаған тұсаудай көрінеді. Түннелдей көрінеді. Наркозда жатқандай түс көреді. Айтты ма, айтпады ма...
Әсиясы қасында, ай маңдайын самал сипап келеді. Жүрісі жеп-жеңіл, күлкісі де жеңіл. Жүзі мейірлене жымия салады. Әсиясы аппақ нұрдай құбылып келеді. Берген кідірістеп Ақнұрға қарап қалды. Бүкіл тұлғасымен бұрылып қарады. Ақнұр да кідірген. Айтты ма, айтпады ма... Білмейді. Сен Әсиясың ғой. Әсия... атының өзі музыка. Музам менің. Жүрегіммен өбіп, көңіліммен құшсам да, тым алыста екенсің. Қашықтық, мекенге неге байланған сезім? Алыста жүрсең, сағынасың, жақында жүрсең, тарығасың. Қашықтық, шекарасыздық, шектеусіздің нышаны не? Үнемі неге сүйгендер қашық жүруі тиіс? Білемін, білемін оны, Тәңір, білемін, ол сенің нышандығың. Сенің астарың, сенің кейпің. Білемін, сөйтсе де, сүйіктіңді қасыңнан көру тағы ерекше бақыт па? Берген күнұзаққа сапырылған, аяусыз ағылған көз жастар, шер-шеменді сөздер, сезім мен сезік... бәрі де шатысып-бытысып, арнасын таппай сағыныш болып төгілгенін анық біліп тұр. Әлдекімді құшақтағысы келсе, егер құшақтағысы келсе, онда Әсияны құшақтар еді. Өз жанын емдегісі келсе, онда Тәңірінен кейін Әсиясына асығар еді. Берген бір қадам алға басып, Ақнұрды құшағына алды. Кеудесін үнемі тік ұстап, сырт көзге айдарынан жел есіп жүргендей көрінетін кербез мырзаның кертамұқтай ішінде жұбатусыз қалған баланың көз жасы барын сезетін қыз да үнсіз құшақтады оны. Көше бойлап асыққан жүргіншілер екеуіне жай ғана көз тастап өтіп жатты. 4-күн Маусымның миуаз соңғы күндері. Алматының аспаны самаладай аппақ, көгілжім көк жасыл ағаштардың желегімен, еңселі үйлермен көмкерілген. Таңғы арай шуақты. Бірақ түске қарай қапырықтанып, көк түтінге кептелген көшені аптап басады. Шақшиған күннен тасалансаң-дағы, қапырық ауадан қаша алмайсың. Ақнұр кеңсеге енгенде қаракөлеңке кеңсе ішінен салқын леп ұрды. Табалдырықтан екі адым жерде Берген еңкейіп еден жуып жатты. Қимылы ширақ, асығыс жуып жатқаны айқын. – Әйеліңіз тағы келмеді ме? – Иә, әйелім келмеді. – Тегі, әйеліңіз келмейтін шығар. – Келеді ғой бір күні. – Қайдам? Маған беріңіз. – Ештеңе етпейді. Жуа салайын. Бергеннің шашы ұйпа-тұйпа, жаңа ғана ұйқыдай тұрғандай екен. Жүзі шаршаңқы көрінді. – Ағасы, бере салыңыз. – Ыңғайсыз болды. Сағат таңғы тоғыздан асып бара жатқан. Екеуі үнсіз кофе ішіп отырған. Үстеріне Жанар кірді. – Аманбысыз Жанар? Кеше келмедіңіз? Халіңіз жақсы ма? – Кеше, алдың күні сіз айтқан біраз кітапты оқып шықтым. – Қалай екен? – Көзім ашылғандай болды. Өте қызық екен. Әсіресе, Джон Грейдің «Қалауыңды қалай орындайсың?», «Еркек марстық, әйел венералық», Чэпменнің «Махаббаттың бес тілі» кітаптары, Луиза Хейдің ақылды кеңестері адамға рух береді екен. – Джон Грейдің махаббат дәрумені дегенін ұқтыңыз ба? – Иә. Психолог махаббатты бірнеше типке бөледі. Кәдімге біздің организмге қажетті А, В, С, Д дәрумендері сияқты, махаббат та адамға керекті дәрумендермен қамтылуы тиіс екен. Әр дәрумен әр эмоцияға, жандүниедегі әр құбылысқа қарсы жауап қатады. Мысалы,
адамға кальций жетпейтін болса, бірақ ол соны білмей, өзінің болжамынша темір жейтін болса – ол адам керісінше ауруға шалдығады. Ал, сол кальцийдің өзін белгілі мөлшерден көп пайдаланса, тағы басқа ағзаға қауіп төнуі мүмкін. Сол сияқты, дәрігерлер адамға қажетті ғана мөлшерді жазып береді. Қандай да дәруменді тағайындау үшін диагноз қояды. Сол сияқты, адамның жандүниесі белгілі деңгейде махаббаттың түрлі дәрумендеріне кезек-кезегімен мұқтаж. Жас адам махаббатқа қатты зәру. Айталық, оны М дәрумені делік. М дәруменіне зарығып жеткен адам төсек қатынасына шөлдеп бас қояды. Бұл дәруменге тояттанатын уақыт та жетеді. Бір ай ма, екі ай ма, бұл дәруменді шектен аса көп пайдаланып қояды. Осы кезде, ол басқа махабаттың дәруменіне деген қажеттілікті сезінеді. Қолы әрең жеткен сүйіктісін үйіне тастап, сол қажетті махаббат дәруменін бейсаналы түрде іздейді. Ол мысалы, достық махаббат, бауырластық махаббат, ата-ана махаббаты, болмаса өзіне деген сенім, өзін сүю махаббаты сияқты кете береді. Қос ғашықтың ыстық құшақтары бұл кезде жазыла бастайды. Екеуі де түсініксіз, ымырасыз бір күйге душар болады. Әйел бұл күйге еркекті, еркек керісінше, әйелді кінәлай бастайды. Сол кезде адам өз жанына қажетті махаббат дәруменін іздеп, таба алса ерлі-зайыптының ортасындағы байланыс жаңара береді, қалпына қайта түсе береді. Бірақ сол махаббат дәруменін таба алмайтын, таба алмағанына тек ерін кінәлайтын әйелдер молшылық екен. Мен осыны білмеппін. – Әрине, киіз үйлерінің сыртынан қоршау қоймайтын бағзы заманда, қазақтың әйелдері малын сауып, күбі пісіп, құрт қайнатып жүріп-ақ, қорасы аралас көршісімен сөйлесіп жүре берген. Бір-бірінің үйіне «әй, Күләш» деп кіріп келген де, көңіліндегі кірбіңді екі ауыз сөзбен айтып, соған жұбанып кете берген. Ал бүгін әйел мен әйелдің арақашықтығы қалың жыныс. Бір-бірімен әлеуметтік теңдікпен араласады. Сыр мен өсекті, көңіліндегісін көршімен бөлісетін әйелдің жағдайы ауырлады бүгін. Әсіресе, қалада. Қаладағы әйелдер, қалаға келген қыздар. Қаланың тәртібі, қоғамы байырғы табиғатымызды құртқан соң, амал жоқ, құрбыға, көршіге айтылатын күнделікті кірбің сөз айналып келіп еріне айтылады. Еркек болмысынан әйелдей әңгімеқұмар емес, әйелдің кәкүр-шүкіріне бас ауыртып тыңдағысы жоқ. Кей кезде тыңдаса, амал жоқтықтан тыңдайды, бірақ одан мезі болған еркек үйден безіп кетуі мүмкін. Бүгінгі қалалық әйел ерін жұмысқа аттандырғасын, «үйге қамалып отыра берем бе» деп жиі ойланады. Әйелде сөйлесу, бөлісу, мақтану, өсек айту сияқты махаббаттың қажеттілігі бар. Соны қанағаттандырмай, сол дәруменді уақытында алмай әйел тағы бақытсыз. Оған өзін шектеп қойған тағы өзі. Өзінің еркін еріне ұстатып қойған өзі. Неге бостан, азат бола алмайды. Екі көзі төрт болып күйеуін күтіп, сосын шаршап келген еркекке «неге маған қарамайсың, маған неге көңіл бөлмейсің, мен саған ешкім емеспін бе» деп құлақ етін жейді. Ер адам, ойлаңызшы, табалдырықтан шыға салып, аяғын шалғысы келген әлеммен күресіп, кешке иығы салбырап қайтып, аяғымды аспаннан келтіріп жатайыншы деген еркек, керек десеңіз, дәл қазір сіздің аймалауыңызға, сіздің махаббатыңызға, сіздің сеніміңізге өте зәру. Керісінше, әйел «үйде таңнан кешке дейін отырдым, ішім пысты, бізді не қыдыртпайсың, не бір көше көргізбейсің» деп ерінің мойнына отырып алғысы бар. Жо, жоқ. Сіз өзіңіз, жалпы алғанда адамсыз ғой. Өзіңіздің өмірлік қалауыңыз, мақсат-мүддеңіз, арманыңыз болды. Соны еркексіз де, оны құлағдар етіп қана, онсыз да атқара бермейсіз бе? Мәселе сонда, сол адамға қажетті махаббат дәруменін дер кезінде иіскеп болса да анықтап біле алмаймыз. Білуге де тырыспаймыз. Неге әйелдер тек еркегіне ғана ерікті, жабысып қалғандай бірге жүріп-тұрғысы келеді. Неге өмірін түп-тегімен байлап, еркек өйтсе, мен де бүйтем деп ерегісіп тұрып алады. Өйткені, әйел табиғатымен романтик. Олар әсерлерімен аспанда ұшып жүреді. Қыз кезіндегі романтикалық аңсарлары оларды қартайған шағында да жегідей жейді. «Сен мені ешқашан қыдыртқан жоқсың. Адам құсап бір ресторанға шақырмапсың. Бір биге шақырмапсың. Бір дұрыс көйлек алып бермепсің.
Мені дым ойламайсың. Гүл сыйламайсың» деп сөгеді де отырады. Әйелдер жерде емес, аспанда, қиялында жүреді. Әйел – табиғатымен беруші, еркек – алушы. Еркектің миы "аламын, алушымын" деп қақсап тұрады, әйел "берушімін, бергішпін" деп қақсап тұрады. Әйел мейір, махаббатты беруші, «алып берші» деп жұмсалушы еркек – "алушы", ол бергісі жоқ. Оған ананы істей қойшы, мынаны алып берші десең, істей қоюы неге қиын? Оның үстіне, бір емес, бірнеше рет айтқасын барып орындайды. Өйткені бағдарлама солай, еркектің миы тек "алушы". Ол беруші қызметін бір рет атқарды ма, оны әйел міндетті түрде марапаттауы керек. Жақсы сөзбен, жан сүйсінтер қылықпен. «Сен болмасаң, не істер едім, сен менің қамқорымсың, қандай керемет, қарашы, сен істеп едің, күшті болды» деп қолпаштап отыруы қажет. Әрине, көп әйелдер басынан бастап «бұл еркекті шын көңілмен сүйгем жоқ, көңілім құлай сүймеп едім, ендігәрі сүюім мүмкін емес» деп өздерін көндіріп қояды. Өздерін құрбандық қып көрсетіп, жапа шегуші дәрежесіне көтереді. Жапа шектірушісі, азапкері ретінде күйеуін қадам сайын мінеп-сынап, өзін қор санап өтеді. Ал, еркектер керісінше, өзін баптамайтын, өзін күтпейтін, өзін сағынбайтын әйел үшін бір нәрсе істеуге құлықсыз, қабілетсіз бейшараға айналады. Яғни, бітіспес, ымырасыз майданда екі жақ өмір бойы қайшыласып ғұмыр кешеді. Бақытсыз отбасы, бақытсыз балалар дүниеге келеді. Ал, осы жағдайдың күрмеуі шешіліп, ақылды әйелдің, не еркектің батылдығымен өзгеріп, өзге түс алуы мүмкін, бұл мыңнан бір болатын нәрсе, ал көбінше, ақылы таяз әйелдердің үкімімен еркек біткен қылмыскерге айналуы да ғажап емес. Кей еркекті соған итеретін де әйел болып шығады. Нағыз қылмыс бейсаналы ессіз әрекетте емес, ымда, ишаралы итермелеуде. Еркектің табиғаты сондай, әйелдің сызған шеңберімен жүріп тұра алады. Тек әйелдің қолында ақылды қару болса болды. Еркекке сол қаруды қалай қолдансаңыз да, қатты тимейтін халге жетуі тиіс. Ер адам бала сияқты. Өзінің баласын да бақталас, бәсекелес санай береді. Әйелге ақылды болуы үшін не істеу керек? Бар болғаны еркектің бүкіл табиғатын, айла-шарғысын, интуитивтік ымсыз тілін ұға білуі керек. Сол сияқты, еркек те өз кезегінде әйелдің астарлы сөздерінің түп-төркінін түсіне білуге тырысу керек. Екі ғаламшарлық тек шай үстіндегі әңгіме барасында-ақ, бір-бірімен жауласып шығуы мүмкін. Сол үшін, қашанда ақылды әйелдің, ашуы жібек орамал кепкендей мінезге бай, пейілі кең, сабырлы, қолы ашық әйелдің үйінде ырыс-береке жатады. Әлемді тербетуші қуат – әйел! Егер Жаратқан әйелді жаратпаса, білесіз бе, еркекке бұл ғұмырда ештеңе керек те болмас еді. Оның үй жабдығынан бір кроссовка, екі-үш футболка, бұт жабар шалбар, мұздатқыш толы сыра, сосын теледидар табар едіңіз. Еркекке жуынып, таранып, жұмысқа асығудың, әлдеқандай мақсат-мүдде көздеудің, ақша табудың мазмұны болмас еді? Сіздер үшін ғана, ол өзін үнемі формада ұстауға мәжбүр. Көшедегі күйсіз бомждар неге соншама сұрықсыз? Міне, әрбір еркектің нағыз кейпі сондай болар еді. Олардың әрбірінің өмірінде бақытсыз, бассыз, аяр, сұмпайы, мекер әйелдер кезіккен болуы мүмкін. Өзінің дүниядағы мығым орнын бекітпеген әйелі бар еркек – ең бақытсыз еркек. Құдай тағала «Біреуге жақсы әйел берілсе, демек, Құдай оған діннің жартысындай көмек қылғаны, енді қалған жартысын өзі тапсын» деген. Көрдіңіз бе, кей жақсының сиқын жаман әйел кетіреді немесе керісінше кей жаманның сиқын жақсы әйел келтіреді. Жақсы әйел болу үшін де, кез келген адам «не істеуіме болады?», «не істемеуіме болады?» деп ойланып, жақсы психологқа жолығуы тиіс. Амал жоқ? Бірақ тәжірибеде көрсеткендей, ешбір әйел өзін «жаманмын» деп мойындамайды. Есесіне «Күйеуім жаман» деп бір дастан жыр тыңдатқызады. Ал, сол әйел ойланды ма өзі, сол күйеуін өзгертуге бір рет те күш салып па екен? Бір рет болсын ол үшін кешірім сұрап көріп пе? Әйел мен еркек тән мен жан қуатының тартылыс күшіне ие. Яғни, екеуі екі ғаламшарда жүріп те, бірі-бірінің ойын оқып, бір-бірінің сезім түйсігі туралы лездікпен ақпарат ала алады. Біреуі кешірім сұраған сайын, екіншісіне сондай толассыз ой ағылып
келіп жатады. Екіншісі қайта әлденені жасырып немесе әйеліме айтсам түсінбейді деген құпиясы бар болса, әйелде де, сол мезет осындай ой келіп жатады. Өзгеден ақ, пәк болмысты көру үшін өзіңнің пәк болғаның абзал. Өйткені қандай да ой аса қарқынды энергияға ие және ол жүзеге асып отырады. Сіз, міне, екі күнде үш кітапты ақтарып үлгеріпсіз, бірақ кітаптағы сөзді тәжірибеде орындау өте ауыр. Өзіңнің кеудеңдегі кектен аттап өту өте ауыр. Содан да, іштегі жараны емдемей, өзімді өзгертем деу әбестік, қателік. Кешірім сұраңыз өзіңіз үшін. Ол үшін. Барша адамзат үшін. Құдай тағаладан шын көңілмен, ақниетпен кешірім сұраңыз. Садақа беріңіз. Құдай атын ұлықтаңыз. Міндетті түрде намазға жығылудың қажеттілігі жоқ, ол – басқа сұраныс. Сіздің өзіңізге көңіл кірін жуған сайын өз болмысыңыз ашық көріне бастайды. Күйеуіңізді сүйіңіз. Сүймеген болсаңыз да. Сол болмысты сүйсін деп берген Жаратқанға шүкір деңіз. Құдай сізге бес тиын берсе, өзіңіз алты тиын болсаңыз, енді оны ғұмырбойы он тиын, он бес тиын, жүз теңге деңгейіне жеткізіңіз. Өмірдегі жұбайлық мұрат – сол – бірін-бірі жеткізу. Құдайға табыстау. Исламда ерлі-зайыптылықтың, өзара ықпалдастықтың маңызы өте зор. Бұл бекер емес. Адам жалғыздықта Құдаймен сырласып кеткендей, жақындасып кеткендей болуы мүмкін. Ал, екі баспен, екі ғаламшарлық мимен бір жұп болу, бір мүддені көздеу – өте қиын шаруа. «Сол қиындықпен маған жетсін» деп Құдай тағала жұбайлардың бір-бірін үнемі өсіріп, теңдікте жүруін қадағалайды. Жанар, келесіде Чэпмен туралы сөз қозғаймыз. – Уақыттың қалай өткенін де байқамадым. Рақмет сізге. Жанар есікті ақырын жауып кеткесін, Берген әлдекіммен ұзақ сөйлесті. Компьютерінен көз айырмады. Кенет көзі үрейге толып, атып тұрған. Жаманат хабар естігендей өңі бұзылған. Кабинетінен алқына атып шықты. – Кешегі... кешегі жігіт, анау театр актері? Сол... сол әйелін бауыздап, сосын өзін де өлтіріп тыныпты. Айттым ғой... Ақыры өлтіріп тыныпты. Ақнұр, біз оны тоқтата алмадық. – Құдайдың жазуын ешкім тоқтата алмайды. «Жазмыштан озмыш жоқ». – Ең болмаса, әлдебір танысын тауып, оны райынан қайтаруға күш салуым керек еді. – Өкінішті жағдай. Сахнадағы рөлдерімен өмірге өтіп кеткен жандар. – Өзінің болмысы сұмдық көрінді. Рөлдерімен жандүниесі ауысып кеткен шығар. Ай, осы өнерпаздарды түсінбейсің, шизофрения – дауасыз дерт. – Қалай болғанда да, артындағы қыздары әкесін кешіре алар ма екен ертең? Оларға қиын болды. Жетім қалды. – Ақнұр томсырайып қалды. Берген де басы салбырап, өзі кінәлідей аза шегіп тұрды. – Фейсбук парақшасында екі қызын бейнежазбаға түсіріп салыпты. Өзінің жүзі шарасыз, бәрінен көңілі қалғандай, әбден таусылған кейіпте. Соңғы постында екі қызымен түскен суретін салып «Амалым қанша?» деп жазыпты. Жүрегің суырыла жаздайды. Сәбилер қандай сүйкімді, тәтті. Құдайым-ау, қарғыстың түрі көп. Бірақ басыңды жұтар махаббат қарғысы бәрінен ауыр шығар.Тәңір алдарынан жарылқасын! – Иә, имандары саламат болсын! Оларды соттайтындай ешкім емеспіз. Артық ауыз сөз айтылғанын қаламас едім. Бірақ жаманат жерде жатпайды. Мына, БАҚ өкілдері сүйінші сұрағандай қаузалай бермесе екен? Қасірет қой бұл. Театр актерлері, елдің сүйікті кейіпкерлері. – Дұрыс айтасың. Мына қаптаған әйелдерде сенің титтей ақылың болса, әлем мұнша қатыгезденбес еді. – Әлемнің қатыгездігін әйелден көргіңіз келе ме? – Кейбір әлемдік қылмыстар әйелдердің емеурінімен-ақ атқарылып жатыр, ханым. – Мұхитты соған итермелеген Айгүл ме, сонда? – Айгүл мен Мұхит ортасындағы шиеленісті былай түсіндіруге болады: Джон Боулби екі адам арасындағы тығыз қарым-қатынастың бұзылуына «нарушения привязанности» деп диагноз қояды. Бауыр басудың шектен шығуы деп айтасыз ба, өзіңіз білесіз. Бірақ ондай адамдар өзі сүйген адамына бауыр басып қана қоймай, тістелеп, шайнап, езгілеп
отырғанды сүйеді. Қанішерге айналады. Мұхит та қанішерге айналды. Кейде, тыңдап жүрген әніңдегі, көріп жүрген киноңдағы әлдебір астарлы ой сені реалда арбап, сендіріп тастауы мүмкін. Театрдағы ой толқыны, тем более. – Иә. Жынданудан ешкім кепілдендірілмеген. Никто не застрахован. Табалдырықтан сары өңді Зарлық би көрінді. Кең кеудесіне көк жейдесі жарасым тауып қоныпты. Қара көзілдірігін шешті де, Бергенге ілесіп, кабинетке өтті. – Аманбысыз, Зарлық? – Шүкір. Арада сүт пісірімдей үнсіздік орнады. Алғашқы күнгідей, дөңгелексіз арбадай ауыр бір үнсіздік орнады. Берген әлдебір тақырыптың бұлаң құйрығын қолдан жіберіп алғандай күй кешіп, талдап тартатын жібін де таба алмағандай қиналды. Бәлкім, Берген осы сәт басқа бір ойдың, манағы қайғылы қазаның артын ойлады ма, әлде шым-шытырық ойын жинақтауға тырысты ма, үнсіз отырды да қойды. Зарлықтың да көкмөлдір көздері кабинеттің төрт бұрышын түгел кезіп таусылды. Көзілдірігін аударыстырып, ермек қылған. Ақнұр камераның ар жағында екеуінің үнсіз ойынын бақты. – Есімде жақсы қалыпты. Бала кезімде ақша табу үшін қара жұмысқа жегіліп, ауылдың беліне ұқсап созылып жатқан қыр үстін жалға алып, егін егетін кәрістерге жалданатын едім. Алақаным мүйізденіп, бозала таңнан қара кешке дейін егін далада кетпен шауып, шөп жұлып, қара нан күйсеген сол күндерде бақытты болу туралы, бақыт туралы, «Бақытты болу үшін не істеу керек деп?» көп ойланатынмын. Мына күніміз күн емес, құлдық болып көрінетін. Осы құлдық қамытынан құтылудың жолдарын іздеп, бала санаммен ғарыштай қашықтыққа нешебір ұшып келгендеймін-ау. Бірақ мәселе санадағы құлдықта екенін кейін келе түсіндім. Құлдыққа санамен енеді, санамен құтылады. Қамауда отырып та, өзіңді азат сезінуге болады. Сөйтіп, бір күні, бәлкім, мұны бақыттың бір төте жолы деп білдім бе, кірпі сорпасы ғажап емдік сорпа, оны ішкеннің денсаулығы мықты, ғұмыры ұзақ болады деп қолы жұмыста, аузы сөзде болатын әйелдерден бірталай әңгімені құлағым шалып жүрді. Біздің жақ, сонау Қаратау шатқалдары – кірпінің бықып жүретін жері. Бір күні тап болып алдымнан шыққан кірпіні ұстап алдым. Оны біршама күн үйде бағып семіртпек болдым. Бірақ ол тамақ та жемей, су да ішпей, арықтап кетті. Не болса, о болсын деп, ауылдың кірпі сойғыш баласын тауып алдым. Ол кірпі союдың нағыз қасапшысы екен. Шұңғылдау табаққа қайнап тұрған суды құйды да, кірпіні салып жіберді. Қайнаған суға шыдамаған кірпі дөңгеленіп жатқан бауырын жазып, басын төбеге қаратып жанұшыра ышқынды. Ноқаттай сүйірленген қарашық жалбарына ішек тартқандай шіңк етті. Аяқ-қолдары дірілдеп, басын төбеге көтере берді. Сол кезде әккі бала мойнынан орып жіберді. Мойнынан қан атқалақтап жатса да, кірпінің денесі ыстық суда ұзақ дірілдеді. Ал, бала асықпай қолындағы пышағын жанып жіберіп, жайбарақат терісін тілді. Сосын бүкіл денесін сылып шықты да, инеге толған терісін алып берді. Кірпінің қап-қара мөлдір қарашықтарына қарағанымда, жүрегіме ат басындай мұз құлады. Бейкүнә, жазықсыз жануарды тірілей соншама қинаған жүрегім неткен қатыгез еді деп қиналып жүрдім. Бұны ар дей ме, ождан дей ме, сол көкірегіме ауыр өксік болып, қадалып кетпей қойды. Ол мені кейде жалғыздықта жылататын. Он екіде бір гүлі ашылмаған баланың жүрегі неге соншама қатал? Ол қаталдыққа қашан үйреніп үлгерді? Қай кезде? – Оны үйренбейді, ол қанда бар зат. Әке мен шешенің қанында бар қаталдық. Бала түйсігінде сондай жасырын жатқан жауыздық өз өзінен тулап шыға береді. – Дұрыс айтасыз. Сананы үйренбейді, санамен өседі. Адамның сана эволюциясы ғасыр сайын өсіп толығып, одан қайта қартайып, жаңылып, өзінің саф қалпын ұмыт еткен. Бүгінгі толқынның танымы келесі толқынға шартты түрде өте береді. Неге жаңа туылған бала техниканы лезде меңгеріп кетеді?
– Әр ғасырдағы ұрпақтың өз миссиясы бардай. Бұл ғасырдағы қазақтың миссиясы ғаламторлық жетілу стадиясы ма деймін. Бір сайтқа немесе әлеуметтік желіде жарияланған мақала, пост үшін қырғын пікірталас, комментарийлер жазылады. Бір оқыс оқиға болса, дүркіреп талқыға салады. Демек, қазақ санасы өсу, толығу деңгейін кешіріп жатыр. Вконтактеде ме, фейсбукте ме, тууиттерде ме, әйтеуір адамның көзқарасын, танымын өсіретін ортада сана жетіліп жатыр. – Таласбек Әсемқұловтың осы мәселеде жазған мақаласын оқуыңыз бар ма? – Жоқ. Көрмеппін. – Бұл мәселенки, психологиялық та ауытқушылықты білдіреді. Бұдан айығатын күн туар. – Басқалай, кітап оқумен, өнер туындыларын тамашалаумен терең білімге, адамшылыққа жетесің деу қасаң қағидаға айналды. Қайта, сол әлеуметтік желілерде нешебір психологиялық, танымдық сайттардың қысқа мақал-мәтелдері, мақалалары еріксіз ойландырады, оқытады деп ойлаймын. – Зарлық, егер дүниеге тағы бір рет қайта тууға мүмкіндік берілсе, кім болар едіңіз? – Өзім болар едім. Я доволен собой. – Өзіңізді бүкіл кемшілігіңізбен қабылдайсыз ғой сонда. – Иә. Басқа тағдырды қаламас едім. – Тағы не істер едіңіз, егер уақытты қайтаруға мүмкіндік туса. – Анамнан кешірім сұрар едім. – Тағы? – Мүмкіндік болса, Махамбет батырдың досы Исатай болар едім. – Батыр екенсіз. Ірі екенсіз. – Сонда да, мені ел ауру санайды. – Неге? – Неге деріңіз бар ма? Мен компьютерде ойын ойнаймын. Сол үшін. – Ееееһһе, міне, енді білдік дертіңізді. Осыны айта салу неге қиын болды? Өзіңіз ұяласыз ба? – Жоқ. Менің ойнайтыным өзім үшін дерт емес. Бұл – спорт түрі. Киберспорт. Бүгінгі спорттың ең жетілген түрі. Мұның жетілгендігін мидың жылдам шешімдер қабылдап, шабуыл жасай білудегі стратегиясынан көруге болады. – Солай деңіз. Бұл жаңа заманның соғысы десеңізші. Жеңіп жүрсіз бе? – В смысле? – Жаудың бәрін қиратып жүрсіз бе? – Иә. – Мужчина не проявлеяющий себя в жизни, проявляет себя иными способами. – Можеть быть. – Өзіңізді дәлелдеу, өзіңіздің мүмкіндігіңізді ашу өзгенің қолында емес, тек қана өз еркіңізде. Сол ерікті әйелдің сенімсіздігіне, сынап, мінеуіне артып қоюға болмайды. Это часто случается, в семье которой мужской статус изначально был потерян. – Ну да. Әкем өмірбойы үйде отырды. Анам таң атар-атпастан арқаланып базарға кететін де, әкем үйде қалатын. Әкем өз мамандығы бойынша жұмыс істеуге құлықсыз болып шықты. Ішкілікке берілді. Бәлкім, бұл анамның қуаттылығынан шығар. Әкемнің тапқан азын-аулақ ақшасына көңілі көншімеген анам «мен де табыс табам» деп базарға шығатын болды. Расында, анам әкемнен екі есе тауып, елдің баласы жейтін нан таба алмай отырған заманда, біз сникерс шоколадын жейтін едік. Молшылықта өстік. Әкемнің жұмыссыздығы тіптен көрінбеді. Бірақ үйде, төрт тарабыңнан қамаған үйде анам қашан келер екен деген үмітпен қамалып отыру бала санама ауыр тиді. Бүкіл үй, бала-шағаның қамытын мойнына алған анам әкемді кемсітпесе де, әкем екі қолы мен екі аяғы сау бола тұрып, ештеңеге қабілетсіз болып шықты. – Дұрыс. «Әке көрген оқ жонар» деген.
– Міне, сол кезден бастап мен уақыт өткізу үшін компьютерде отыруды әдет қылдым. Бастапқыда дендилермен ойнадым. Артынан компьютерлік клубтар да пайда болды. Бұл бойыма қасиет болып кетті. Санамда, ойымда ойын ойнаймын тіпті. Енді, мені, отызға толған шағымда әйелім дұрыстамақ болады. Емдемекші болады. Ал, құп келдім. – Шыныңызды айтыңызшы, анау көк «Камриде» отырған әйеліңіз бе, қызыңыз ба? – Оның не қатысы бар? – Мәселенки, қатысы бар делік. – Әйелім. – Егер әйеліңіз болса, ол әбден кешікті. Бұл талабын сізге тұрмысқа шықпай жатып қоюы тиіс еді. Бұл әйелдер өз құнын өздері білмейді ғой. – Білесіз бе, ол менің қызым болса да, жағдай өзгермес еді. – Өзгерер еді. Ақылды қыздар әуелі өзгертіп алуға тырысар еді. Әдетте, ерлер сүйікті әйеліне қол жеткізу үшін бар мінінен айығып жатады. – Иә, сол ғой, сол, әйелімді сүймеймін, сүйген емеспін. – Онда, қалай жетекке көндіңіз? – Құлақ шекеңді жеген ызыңнан құтылу үшін көнесің. – Сенбеймін. – Берген, білесіз бе, мен бүгін шаршап кеттім. – Зарлық басын шайқап, алақанымен жүзін уқалап шықты. Жан жарасына тиіп кеткендей тықырши бастаған. Жүйкесі жұқарып, ашулана бастады. – Қайтайын, мені әбден тергеп сілікпемді шығардыңыз. Өзіңіз тергеуден шаршамайды екенсіз. Берген түрегеліп қолын ұсынды да: – Сіз үшін қуаныштымын бәрібір. Анау сұлу қызға айтыңыз, сіздей алтын жігітті таппас, ал ойын дерті – уақытша дерт. Бәрі жақсы болады. – Солай болсын. *** Түске таман жаңбыр жауған. Жылы, жазғы ақ жаңбыр. Берген жаңбыр басталғаннан, сыртқа беттеді, баданадай тамшыларға бетін тосып біраз тұрған. Жаңбыр күшейіп, айнала ағарып, аспанның түбі түскендей, ақтарыла жауғанда, Берген суға малшынып, көше бойлап кетіп қалды. Адамдар бір мезеттік жаңбырдан бастарын көлегейлеп пана іздеп тығылуда. «Алланың тікелей адамдарға жіберетін нұры бар. Ол – жаңбыр. Бірақ адамдар ол нұрдан қашады» деп бір жерден оқығаны бар еді. Ақнұр саулаған жаңбырға алақанын тосты да «Артын қайырлы қыл!» деді сыбырлап. Үсті-басынан су сорғалап Берген қайтып оралды. Шашы одан сайын бұйраланып, маңдайына, самайына жабысыпты. – Дала ғажап, жаңбыр. – Киімдеріңізді ауыстырыңыз. – Жоға, кеуіп кетеді. – Қайдағы кепкен? Жауапсыз өтіп, кабинетіне кірді. Баяу күй естілді. Мұңлы екен. Жабырқау екен. Үмітсіз ғашықтықтың уәжі. Наласы. Айтып болмайтын үнсіз күрсінісі. Уақыт тоқтап қалғандай, бір күй, бір ахуалдағы күй тоқтап қалғандай. «Махаббат пен ғадауат майдандасқан...»... Берген кабинетінен шығып, Ақнұрға қолын ұсынды. Екеуі қол ұстасып билеп жүргенде, қысқа күрмеулі әуен де бітті. – «Иданы» көрдіңіз бе? – Көрдім. – Сол жерде, төсектес жігітіне Ида «сосын... сосын ше?» деп сұрақ қояды ғой. – Иә... Екеуі әуенсіз де баяу қимылмен билеп жүре берді.
– «Екеуміз тұрмыс құрамыз. Сосын ше? Сосын үй аламыз. Сосын ше? Сосын көп балаларымыз болады. Сосын ше? Сосын... сосын іш пыстырар бірқалыпты күй басталады» демеуші ме еді? – Иә. – Өмір негізі сондай ғой. Ішпыстарар мекен. Ішім кеуіп кетті содан. – Өмір сүреңсіз күз емес. Жазы бар, көктемі бар, қысы бар. – Ішіңде осындай сүреңсіз әуен ойналып жатса, сырттың өзгергені қай жұбаныш? – Құдай бар ғой. – Құдай көрінбейді. Адам көрінетін затқа жұбанады. – Көрінетін заттан шайлығып отырған жоқсыз ба? – Көрінбейтінімен қымбат, білем. Көрінсе не болар еді, одан да мін табар едік. – Адам бәрібір періште хәлін сағынады, мінсіздікке ұмыталады. Мін, кемістік жанын жаралайды. «Адамға періштелер сәжде қылған...» деп қай ақын айтып еді? – Оны ақын айтпаған. Оны әулие абыз айтқан. – Адамның дәрежесі не деген биік. Екеуі тоқтап қалысты. Ақнұр Бергеннің қолынан сытылып шықты. – Үстіңізді ауыстырмасаңыз, келген адам не ойлайды? – Әйелі бейшара, салақ екен деп ойлайды. – Жоқ әйеліңізді айтып қоймадыңыз-ау сіз де. – Онда, хатшысы салақ екен дейді. Ақнұр жеңіл күлді. Жігіт үстіндегі ақ көйлегін жүре сыпырып, жуынатын бөлмеге қарай өтті. Қақпақтай жауырынын қаптаған мінсіз терісі жылтырап, қыздың көзін еріксіз арбады. *** Түс ауа ұзынша бойлы, көзілдірік таққан жастау әйел келді. Қысыла амандасып, жалтақтап кеңсе ішіне қарай берді. Ақсары өңді, қыр мұрынды, көз шарасы үлкен, беті сопақша келген сұлуша келіншектің жүзі солыңқы, қапалы көрінді. Бір сағаттық сеанстың бағасын сұрап, ойланып қалды. Сосын тәуекел еткендей кабинетке баяу басып еніп кетті. – Амансыз ба? – Сәлеметсіз бе? – Қысылмаңыз, мен сізді жеп қоймаймын. – Сол қысылып... бірінші рет психологқа келіп отырмын. Екі айдай уақыт болды, есіктеріңіздің алдынан олай өтем ойланып, бұлай өтем ойланып, кірейін бе, кірмейін бе деп... Сол ақыры кіріп көрейінші деп... не де болса... – Дұрыс. Сізді қалай атасам болады? – Гүлмира. – Гүлмира, менен жасыңыз үлкен, маған әпке, апа боласыз. Білесіз бе, сіз өте дұрыс қадам жасадыңыз. Жүрегіңіз дауалап ақыры тәуекел етіпті. Бұл саналы түрде болды. Дұрыс. Маған келмесеңіз, бәлкім балшыға, емшіге немесе дін туралы қақсайтын уағызшыға барар едіңіз, сөзсіз. – Соны айтам. – Ал, психологты жай бір жартас деп қабылдасаңыз болады? «Жартасқа бардым, күнде айғай салдым, одан да шықты жаңғырық» демеуші ме еді Абай? Мені сол жартас деп қабылдаңыз. Жаңғырық шықса егер де, жауап деп қабылдаңыз. Қабылдамасаңыз да бәрібір. Мен сіз туралы білген, естіген нәрсемді дәл осы жерде, дәл осы сәтте ұмытып, көміп, жартастай мылқауға айналамын. Келістік қой. Қысылмаңыз. – Иә. – Онда, мәселеге көшейік. Сізді қинайтын не мәселе бар? Тұрмыстасыз ба? – Жоқ. Тұрмысқа шықпағам. Жасым отыз жетіге кетіп барады. – Басыңыз бос. Жігіт жоқ. Солай ма?
– Солай. – Енді қайтеміз? – Білмеймін. Жалғызбастымын. Бауырларым бар. Бірақ кімге жүк болайын. Өзім пәтер жалдап тұрамын. Жұмысым бар. Жасым... Бірақ әлі де лайықты бір жігіт жолықса, тұрмыс құрғым келеді. – Иә, уақыт өтті де кетті. Кезіндегі уақытыңыз. Айтыңызшы, өміріңізде ұнатқан жан болды ма? – Иә. Болды. Бір-бірімізді сырттай болса да сүйдік. Ол үйлі-баранды адам. Бірақ маған көз салып, сөз салып жүрді. Үмітімді үзейін десем де, ол мені мазалай берді. Не ажыраспайды, не қоймайды. Ажырасуына қарсы болдым, бірақ ажыраспай тұру да мүмкін емес қой. Әйелі білмейді, білсе де іштен тынатын шығар. – Араларыңызда бірдеме болды ма? – Болған іс болды. Өзімді соған көндірдім, солай жұбаттым. Сол еркектен кейін еркек бетін көрмеспін деп өзіме уәде еттім. – Соған себеп болды ма? Соншалық жалғыз қалуға неге бекіндіңіз? – Себеп болды, – Ақ сары келіншек көзілдірігін алып ойланып, күмілжіп қалды. – Себеп болды. Айтайын десем... ол жанымның жарасы ғой. Ешкімге айтпағам. Бала кезімде армиядан келген немере ағам бір күні мені моншаға кіргізіп алып, зорлады. «Айтсаң, өзіңді өлтіремін» деп қорқытатын. Ол кезде бір жағынан қорыққанымнан, бір жағынан ұялғанымнан, әрі туыспыз, сондықтан ешкімге тіс жарып айта алмадым. Бұл сырды ешкім білмеді. Кейін анам да, әкем де қайтты о дүниеге. Үйде жалғыз ініммен қалдым. Інім ержетіп үйленді. Енді ол өз алдына бір шаңырақ. Келінмен тіл табысқанмен, қашанғы отырайын. Кетіп тындым. Қазір ойласам, бекер болыпты. Өзімді шектемеуім керек еді, кездескен жігіттерді қайтарып жіберіп отырдым. – Гүлмира, – Берген келіп қолынан қысып ұстады, – Сізді түсінем. Қысылмаңыз, мен сізге ініңіздеймін ғой. Бала кездегі жара – үлкен жара, білем мұны. Аппақ апам-ау, жаныңыз қиналып келген екенсіз, келіңізші құшақтайын. Екеуі біраз құшақтасып тұрды. Гүлмира сыңсып жылап жіберді. – Жыламаңыз, түсінем, бұл – құдайдың ісі. Біреуге құдай жара салумен емдейді, біреуді байлығымен, біреуді баласымен, біреуді жалғыздықта, біреуді мыңмен, біреуді махаббатымен емдейді. Құдай сізді көбірек сүйеді. Құдай сізге жақ. Көз жасыңыз шынайы. Шынайы жасты жерге тастамайды Құдай. Дәргейіне алып кетеді. Сіздің күнәңіз жоқ. Сіз пәксіз. Жан әпкем. Гүлмира көз жасын тыйып болғасын, Берген орнына отырды. – Сізде тек сол комплекс бар. Болды. «Қыз болмағасын кімге керекпін» деген комплекс. Бірақ ол – тағдыр. Тағдыр о бастан маңдайдағы жазумен ғұмыр кешуді бұйырыпты. Құдайдың алғашқы дәрісінде де мол ғибрат бар. Білесіз бе, аты әлемге әйгілі Луиза Хей деген психолог бар. Ол кісі жан дертін ғана емес, тән дертін де психологиялық медитация арқылы емдейді. Құдайдың көзі түскен адам. Оны бес жасында өзінің өгей әкесі күнде зорлайтын болған. Анаңа айтсаң, екеуіңді де өлтіремін деп қорқытатын болған. Ес-түссіз жылдар бойы зорланған қыз есейе келе ауыр дертке шалдығады. Ол қыз ақыры Құдайға жылайды. Құдайдан көмек сұрайды. Құдай оның жарасын емдеп, көңіл көзін ашып, нұрландыра береді. Көкірек көзі ояна бастайды. Әлемде тек тәндік ләззаттан бөлек, тәндік жарақаттан бөлек жанның да өз ләззаты, өз машығы барын аңдайды. Өмірдің өзі бақша сарайдай көрінеді. Ол мыңдаған жаны жаралы, тәні дерт жандарды жазатын әулие емшіге айналады. Оған бала кездегі жарақат ғұмырбойғы бақыттың, құдай махаббатының мәнін ұқтырады. Ол бейкүнә жан, сондықтан Құдай күнәсіздің даусына бірден құлақ асады. Өзіне жақын тұтады. Егер өйтпесе, оның әділ сипаты сипат па? Ол әділ ғой. Ол мейірімді. Ол жамандықтың өзін жақсылықпен көмкеруші. Сабыр еткеніңізге сыйлық етуші. Сол
зорлыққа шыдамай өліп кетуіңіз де мүмкін еді. Сіз өйтпедіңіз, мықтысыз. Рухыңыз мықты. Бұл да құдайдың махаббаты, шапағаты. Жарылқауы. Аман алып өтуі. Өз бауырына басқысы келгені. Айтыңызшы, жаңағы сүйіктіңізбен араласпай қойдыңыз ба? – Кейде хат жазады. Бірақ оның еш пайдасы жоқ. Кездескеннен, табысқаннан не түседі? Ол – отбасын тастап кете алмайтын адам. Әйелін сүймесе де, балалары үшін ондайға бармайды. Бірақ менің нөмірімді тауып алып, хабарласудан жалықпайды. Оны түсінем, менің жалғыз жанымды жұбатқысы келеді. Тіпті, бір ұл туып алып, жаныңа жұбаныш қыл дейді. Бірақ мен бәрі ашық-жарық болса деймін. Сол, сондай шешімге дәтім бармады. – Иә. Қазір кім мұны ұят көреді? Әлдекімнен бір бала тауып, жаныма жұбаныш деп отырған жалғызбасты әйел көп. Бірақ осы неге шариғат бойынша некелесіп, екінші әйелі етіп алуға қорынады? Бірінші әйелі рұқсат бере алмаса бір жөн. Бірақ оны да көндіруге болады. Әй, бүгінгі ерден намыс кетті ғой, несін айтасың... бұрынғы бабаларды айтам, екіүш әйелді ептеп, ортасында басқарып жүре берген. Мейлі, қалайда дұрыс болған шешіміңіз. Жасырын некеге тұру да шариғатқа қайшы. Демек, керегесі тең шаңырақ көтергіңіз келеді екен, солай ма? – Иә. Сосын... білесіз бе, еркек иісінен күдер үзгесін бе екен, қыздармен ерекше жақсы достасам. Жанымның жұбанышын қыз достардан табам. Мысалы, бірнеше жыл болды, қасымда айырылмас досым Бота деген қыз бар. Ол тіптен, тұрмысқа шығып, балалы да болды. Бірақ арамыздағы ыстық қарым-қатынас, сырласу, сағыну секілді сезімдер өшкен емес. Бір-бірімізге адалдығымыз, сеніміміздің арқасында, әсіресе, оның маған рухани көмегінің, жылы сөзінің арқасында қанаттанып келемін. Жұмыстастарым мені сол «лесбиянка» деп сыртымнан ғайбаттайды, күледі. Бірақ ондай қылығым жоқ. Біз бір төсекте құшақтасып жата береміз. Мұның несі ерсі екенін айтыңызшы? Бұным дұрыс емес пе? Берген үстелді айналып келіп, тізесін бүгіп, Гүлмираны екі қарынан қысты. Көзіне қадалып қарады. – Гүлмира, сіздікі дұрыс. Айтайын ба, неге? Әйелдер – венерадан, еркектер – марстан келген бөлек ғаламшарлықтар. Ал бірғаламшарлық біржынысты екеудің бір-бірін тілсіз түсінуі қисынға келе ме, келеді. Марстықтар да кешкілік сыра-барға барып, сылқиып отырып бір-біріне құпиясын айтады. Біліп қойыңыз, әйелге ешқашан, өліп кетсін ешқашан айтпайтын шындығын айтады. Кімге? Сол еркекке. Олар бір-бірінің ымына дейін түсініп, ымыраласып отырады. Сыраға тойып, түнделетіп қайтқанда еркектің жандүниесі босаңсып, жақсарып қалады. Өйткені қайда болсын, оны түсінген, оның жағына шыққан адам бар екенін білді, біледі. Сол секілді, бүгінгі жаһандық шиеленісте қарым-қатынастар да күрт шиеленісті. Әйел еркектің, еркек әйелдің затын түсінбейтін, тіл табыса алмайтын күйге түсті. Отбасылық жаңа комплекстер пайда болды. Бұған өркениеттің заңы кінәлі, оған тез бас шұлғи алмаған ердің намысы кінәлі. Еркін лаққан қыздарын жинап ретке келтіре алмаған ұлттың еркегі кінәлі. Сізде кінә жоқ. Сізде алғаусыз сезім бар. Иесін таппаған сезім. Құдайға шүкір, өзіңізді басқара аласыз. Жыртқыш тілекке құлақ аспайсыз. Құдайдың өзі сақтаған. Бұл табиғи нәрсе, егер еркек те кезінде сіз сияқты зорланса, ол да бүгін әйел атаулыдан аулақ жүрер еді. Бүгін келіп тұрмыс құрсам ғой деп ниеттеніп отырсыз. Көп дүниемен күресе біліпсіз. Оның үстіне, осыншама бүккен сырды тәуекел етіп айтып отырсыз. Білесіз бе, анау көшеде сіз сияқты, мыңдаған әйел тағдырының, өз жанының күрмеуін таба алмай алжасып жүр. Жылы сөзді, аялы алақанды, мөлдір махаббатты аңсайды. Адамда махаббатқа деген сұраныс шексіз. Сол махаббаттың орнын, бір ғана мейірімді жылы сөздің орнын басқа дүниемен толтырғысы келеді. Ал, махаббат – өзгеде емес, әуелі өзіңде бүршік ататын бәйшешек. Өзіңде болмаған махаббатты өзгеден бәрібір көре алмайсың. Көрдің екен, әлгіндей Бота сияқты дос тауып табыса бересің. Ананың махаббаты, бауырдың махаббаты, достың махаббаты, жігітіңнің
махаббаты. Осының біреуі түгел болмаса – біз жапа шегеміз. Біз кәдімгі өмірден ауытқи бастаймыз. Өйткені бізге махаббат керек. Сағынатын құшақ керек. Өзіңді керек етпейтін өгей әлем бөтенсиді. Ол үшін жаныңды, жандүниеңдегі өзіңді оятуың керек. «Өзіңді танысаң – мені де танисың» дейді Құдай. «Өзіңді тапсаң – мені де тапқаның» дейді. «Мен сенмін, сен менсің. Сен менің сүйіктімсің, досымсың, махаббатымсың, орынбасарымсың, менің көлеңкемсің, менің бейнемсің, менің нұрымсың дейді. Менсіз сенің күнің қараң, менсіз сенің күтің бөтен. Маған жақында, мен сені күтіп отырмын. Құшағымды ашып отырдым. Неге менен бөлек дүниеге алаңдайсың. Неге менің жаратқан кішкентай сәулеме алданасың?» Сен нағызды, оригиналды ізде, ол тек сенің қолыңның ұшында ғана, саусағың тиер жерде ғана, қан тамырыңнан да жақын жерде. Сен екі қадам аттасаң, алдыңда тұр. Құдай сүйер құлымен сұхбатын үзгісі келмей ортадағы пердені ысыра береді. Ол перде – сынақ. Біз үшін қайғы, проблемалар. Сәбиін жақсы көріп, қатты құшақтап өбе беретін ана сияқты құдай құлына шырқыратар сынақ жібереді. Шырқыратып қамау терін алған сайын ортадағы перде де ысырыла береді. – Білесіз бе, бірнеше жыл бұрын намаз оқып, құдай жолымен жүрмекке де бел будым. Оқыдым да. Жаным жадырап, жүрегім тынышталғандай болды. Бірақ көп өтпей тастап кеттім. Көп өтпей, намаз да мені қараңғы түнегімнен алып шықпағанын ұғындым. – Құдайды тануды – намаз деп ұғатынымыз өкінішті. Әрине, намазға бет бұрған жақсы. Бірақ Құдай тағалам неге әуелі «иман» деп қол қойғанын ұғынбаймыз. Иман – сол өзіңді табу. Намаз – «таптым» – «енді мәңгілікке жүрегім дәргейіңде тыныштығын тапсын» деген тәуекел. Бірақ адам – пенде, шайтан мызғымайды, бүгінгі шындығың ертеңгі шындықпен үйлеспейді. Шындық – шексіз ұлғая беретін ішкі сұраныс. Намаз – тек қана намаз, шайтанның сыпсыңына жеке-дара тұрып жауап бере алмайды. Бұл – басқа тақырып. Гүлмира, сіз екеуміз бұл тақырыпқа маңымай-ақ қоялық. Сізге мынаны ғана айтайын, намазға жандүниенің, жүректің дайындығы керек. Ендігі тілек – тұрмыс құру. Ойдың, тілектің өзі жетіп жатыр. Кеудеңізді, жүрегіңізді өзгенің қорықпай келіп қағуына мүмкіндік ашыңыз. Жандүниеңізбен күтіңіз. Сізге лайықты жан, әлбетте, келеді. Сіз әлі махаббат айдынында шалқып, бақытты ғұмыр кешесіз. Білесіз бе, тіптен ойша сіз – қандай адамды, қандай мамандықтағы, бойында қандай қасиеттері бар, түр, болмысы қандай болуы тиіс деген сияқты сұрақтарға дейін жауап тауып, қиялша күтетін еріңізді елестетіңіз. Құдай, әлбетте, періштелерін жіберіп іздеттіреді. Тілегіңізге құлақ асады. Жақсы ма, Гүлмира? Берген Гүлмираға таяп келіп, құшағына басты. Гүлмира көзіне құйылған жасты орамалымен сүрткілеп, кеудесін кере тыныс алды. – Сіз өте сұлу әйелсіз. Мұңаймаңыз, жыламаңыз. Гүлмираның жабырқау жүзі сынып, күлімсіреді. Бойы шаттыққа толғандай, жасқа шыланған жанары риза кейіпте еді. – Сізге кіргенім бекер болмапты. Рақмет, Берген. Бұйыртса, тағы келем. – Әлбетте, мен сізді тегін қабылдай берем. Түсіндіңіз бе, тегін. Маған ұнап қалдыңыз. – Қойыңызшы, Берген. Барлық әйелге осылай айтасыз ба? – Солай деуге де болады. Әйелдерді жақсы көрем. Сендерсіз не болар еді мынау жаңғалақ әлем? Гүлмира шығып кеткесін, Берген ұзақ үнсіз отырды. Бейнебір «тоқалдыққа алайын ба, алмайын ба» деп ойланып отырғандай. Күн төбеден ауған шақ. Ауыр күрсіністермен күмбірлеген домбыраның шанағынан талай шер мен азаның, әсем мұң мен тәтті тамсаныстың лебізі ақты. Сүгірдің «Қоңыры» терең түңілісті тарихты баяндады, Тәттімбеттің төрт тарау қосбасары құйқылжыды, Сарыарқадай арқырап, сайын даланы кезді. Кеңсені дүлей дүздің үстінен алып өтті. Қапысыз қайран халықтың бейқам тіршілігін тамашалатты. Ой-һой,
самалымен өпті. Кейін Таласбектің шертпелі сыңсыған нақышы басталды. «Азапкер», «Еңлік», «Хадиша», «Әбікен», «Алшағыр» күйлері еңірескен ерлер мен еркін даланың ерікті ұлдарының ерлігін жырлап, жоқтап бір тынды. Азапкер. Адамның бұл дүниеге сапарының өзі азап па екен? Аза. Аза бойы қаза дала. Әлі жалғасып жатыр. Әлі де... Жел соғып, есік ашылғанда, көңілдегі күйдің сүгіреті көше берді. Ақнұр мен Бергенді ұйытқан күй тыныштыққа сіңді. Берген селк етіп оянғандай басын көтеріп алды. Күткен адамы Жұпардай екі езуі екі құлағына ілінді. Камераға қарап жымың етті Берген. Ақнұр кофе дайындап алып барды. – Жұпар, қаракөз ханшайымым менің! Мұңайғаныңыз қандай қасірет! Сұлулық неге мұңға оранды екен? Көркемдік неге шерлі? – Айтасыз-ау, Берген, сұлулығым қасіретім екен, қадірі жоқ оның, оны қайтем? Шал ақын айтқан үш жетімді білесіз бе? «Санай берсең жетімді жетпіс болар, бірақ та арманда шын үш жетім бар. Біріншісі – ат жетім өрен жүйрік шабылмаған, екіншісі – құс жетім саятшысы табылмаған, үшінші – болады екен әйел жетім – өзінің теңін тауып қосылмаған». Берген Жұпарға таяп келіп: – Санасы ояу, саналы тірінің – бәрі жетім. Мен сізді жұбатқым келеді, сізді уатқым келеді, сізді қуантқым келеді, бірақ сіздің сұлулығыңызды көз жасыңыз да мөлдірете береді екен, соны білесіз бе? – Білмеймін. Не деп кеттіңіз? – Білмеймін, сізді көрсем жаным толқиды, өнерге өлердей ынтыға берем. Көмейіме лықсып өлең келеді, сөз самалдай еседі, жұпардай аңқиды, Тәңірді есіме алам. Неге нәзік болдыңыз екен? Нәзік лалагүлдей, нәзік нарцистей. Лалагүлдің жанарында шық жататын мөлдіреп. Өзі сұлу, жаны мұң. – Сізге тынығу үшін келемін. Дәтке қуат, бойымдағы шаршауды алу үшін келемін. Бірақ сіз маған онан сайын мұң артпаңызшы, жанымды ауыртпаңызшы. – Ауыртқым келмейді, Жұпар, сеніңіз, сіз таққа лайық ханшайымсыз. Құдай тағала біреуге артық бой, сымбат берсе де, сұрауын алады, біреуге артық кембағалдық берсе де, сұрауын береді. Дүнияда шығындалған мін жоқ. Мін бізде, менде, сізде. – Берген қою кофені құшырлана жұтты. – Кофе мұңды еселейді, мұңға бал қосады. Менің лебізіме бой үйрететін уақыт болды, Жұпар, еркелеңіз үмітсіз, үмітсіз маған сыр ақтарыңыз, сізді тыңдаймын, сізді түсінемін, жандүниеңіздегіні ақтарыңыз, мен бір сәтке өзімді ұмытып, сіз бола аламын. Сіздің бөлшегіңіз бола аламын. Көзіме қараңызшы. – Бергеннің қарашықтары үлкейіп, Жұпарға қадалды. Жұпар бой жиып, жалтарғысы келді. – Мен сіз күтетін жылы сөзді, жылы мейірімді сездірмекшімін. Еріңіз бере алмаған мейір-назарды ұсынбақшымын. Мені мен сізді байланыстырған өңге дүние жоқ, сеніңіз. Білесіз бе, шынымды айтайыншы, мен психолог емеспін. Тағдыр бірақ сіз секілді талай тағдырдың күрмеуін шешсін деп ояу кеуде, көреген көз беріпті. Бір күнде, осы кеңсені жалдамай тұрып-ақ, бір күнде талай адаммен кездесіп, жұбататын едім. Менің жандүниемде адамдардың мұңын, қайғысын бөлісуге деген сұраныс, талап бар. Шексіз тыңдай аламын, шексіз жұбата аламын. Қайтейін? Бірақ мен өлеңге жаны ғашық ақынмын. Ал, сіз әдебиетшісіз. Сізді мен көбірек түсінемін. Сіз де мені ақын ретінде түсінетін шығарсыз. Сіз секілді сұлу жан бақытты болу үшін туылмайды, Тәңірді сүйдіру үшін, Тәңірді сүю үшін туады. Тәңірді еске салу үшін туады. Яки, ақынға муза, еркекке сор болып туады. – Сіз неге әдебиетке етене араласпайсыз онда? – Әдебиет өмірден бөлек ғалам ба? Өмірге етене араласып отырмын, соның өзі аз ба? Әдебиет өзі менімен аралассын. Мені керек қылсын. – Қызық екенсіз. Мен де кезінде жазып, тастап кеткен, үміті өшкен жанмын. Сіз неге өйтесіз? – Өйтпеймін. Менің таңым алда.
Берген аузын жиып болған жоқ, есікті аңқитып ашып қара бұжыр, төртбақ ер адам кіріп келді. Жұпардың күйеуі. Атыздай көздерімен жеп жіберетіндей болып, Жұпарға жетіп келді. – Мен саған мұнда екінші рет жақындаушы болма дедім ғой. – Неге маған тыныштық бермейсің? – Саған қазір көрсетем тыныштықты? Әкеңнің.... тоймай жүрсің бе? – Ағасы, тынышталыңыз. Отырып сөйлесейік. – Өй, сен, кетші әрі! Бергенге қарай ұшып келе жатқан жұдырық қапы кетіп, ауа қармап қалды. Берген еңкейе бере, аяқтан тепті. Артынан келіп қолын артына бүріп, еңкейтіп аяқтан тағы тепті. Анау етпетінен құлады. Үстіне шығып, қолын қатты қайыра берді. Қара бұжырдың жан даусы шығып, тоқтат деді. – Әйелге қол көтеріп үйренген қандай езсің сен? Саған не жетпейді? – Сенің не шаруаң бар? Ол – менің қатыным. Әкеңнің... қазір мойныңды үзем. – Жібермеймін! Мен ортаңа түсіп жүрген азғын емеспін, тыңда мені! Тыныштал! Қолыңды айырып жіберемін қазір, тыныштал! – Мойнын шынтағымен бір соқты. Анау ауырсынып ыңыранды. Жұпар бетін жауып өксіп жіберді. – Ақымақ болма! Менің кім екенімді жақсы білесің, сөйте тұра алқымнан алып тұрсың. Өткендегі жұдырығыңа үндемедім. Бірақ тыңда сен, әйелің ортаңдағы түсініспеушілікті реттеу үшін келіп жүр. Араларыңдағы араздықты реттеу үшін. – Ондай пиғылын көргем жоқ. Қашан қарасаң да шайпауланып, кеудесін соғып жүргені. Бәлкім, сен соған үйретіп жүрген боларсың? – Білесің бе, ол өзін сен үшін ұстап жүр. Сенімен жарасқысы келеді. Сені түсінгісі келеді. Неге мүмкіндік бермейсің? – Мен бе? Мен бе бермеген? Ол мені жек көреді. Қалай менімен жараспақшы? Мені қалай түсінбекші? Түсінбейтін кермінез бұл. Ал, сен оны қоздатып, маздатып отырсың. – Мен психологпын. Сендерді жарастыру үшін барымды салып жүрмін. Жұпар, ол рас айтып тұр ма? – Рас, мен оны жек көремін! – Жұпар, тоқта, онымен тұрғың келмей ме? – ... – Айт, қане? – Амалсыз тұрып жатырмын. Балалар үшін. Бірақ уақыт сағаты келсе, балалар да ержетеді, сонда ажырасармыз. – Тоқта, Жұпар, олай болмайды. Ажырассаң, осы қазір шеш, ажырасам деп айт. Болмаса, қосыламын, кешіремін, жарасамын деп айт! – Айта алмаймын. Айтпаймын. Ол менің тырнағыма да татымайды. – Ажырас онда, Жұпар. Қиналмаңдар, балаларды да шаршатасыңдар. – Ажырассам, ол екі баланы алып қалады, мен мұндай қайғыға шыдай алмаймын. – Екі жол ғана. Ажырас не болмаса кешір, түсініс. – Олай болмайды, Берген! Қинамаңыз, мен бұл малғұнды өмір бойы жек көріп келемін. – Жұпар! – Берген бар даусымен айғайлады. – Сізге бала керек пе, жоқ па?! – Керек! Керек! – Кешіріңіз! – Жоқ, Берген, қинамаңыз, кешірмеймін! – Кешіріңіз! Жұпар өксіп, көз жасы көл болып төгілді. Берген екеуі көз қарасып қалды. – Кешіріңіз, Жұпар! Ол – балаларыңыздың әкесі. Сіз таңдаған еркек! – Кешіре алмаймын! – Кешіріңіз!
... – Кешіріңіз! Жұпар сұңқардың сұғындай қабағын көтеріп, «кешір» деді. – Олай емес, шын көңілден айт! – Мені кешір! – Тағы... – Кешір. – Тағы... – Кешірші... – Дұрыстап. – Кешірші мені, Берік. Жұпардың жүзін айғыздаған ыстық жас Беріктің шашына тамшылады. Ызадан булыққан Беріктің көзі алайып, бедірейіп жата берді. – Кешірші мені, Берік! Мен сені сүймедім. Сені құрметтей алмадым. Сенің алғашқы түні-ақ қол көтергеніңді кешіре алмадым. Берік ықылық атқандай селкілдеді. – Жұпар, сені шын сүйдім. Саған қолым жеткен күні бақытты едім. Бірақ сенің жаныңды жараладым. Алайда кешірім сұрасам, мені кеудемнен баса бересің бе деп иілмейтінмін. Мен саған алғашқы неке түні неге қол көтергенімді білмеймін, сені иемденемін деген жыртқыш бір сезім пайда болған шығар. Сенің сезімталдығыңның, нәзіктігіңнің алдында қатты қорынатын едім. Сен адал, ақкөңіл әйелсің. Сені жанымдай сүйем әлі де, бірақ неге мені кері итере бересің? Неге маған көңілің сонша қалды? Мен әдейі жасаған жоқпын, сенің жаныңды ауыртайын деген жоқпын. Менің қателігімді неге еш көтере алмайсың, айтшы? – Сен өйткені өте дөрекісің. Менімен дөрекіленіп, қалай болса солай сөйлесесің. Мен де әйелмін ғой, еркелегім келеді, махаббат күтемін. Ал, сен тек жатуды ғана ойлайсың. Төсекте ғана керек қыласың. – Ой, өй... – Берік басын жерге соқты. – Сүйем солай. Мен сен сияқты нәзік бола алмаймын. Сен сияқты аңғал, нәзік сезімді емеспін. Барым сол. Сүйгенім сол. Тәрбием сол. Қайт дейсің? – Білмеймін. Сенің екінші әйел алғаның, маған айтпағаның, түсіндірудің орнына менің аузымды жырғаның қайткенің? Қорғансыздығымды біле тұра, неге мені басынасың? – Сен мені соған итердің. Соған апардың. Кеуде соғып, өзіңді менен жоғары қоясың. Өзіңді менен артық, ақылды санайсың. Солай болған күннің өзінде, мен сенің еріңмін. Күйеуіңмін. Мені барыммен қабылдауың тиіс еді. Мен сенің бүкіл қалауыңды істеймін. Жұмыс дейсің, тауып берем, докторантура дейсің, алып бердім, балаларды арнайы мектепке беру керек дедің, бердім, сенің айтқаның – маған заң. Неге менің бір-екі қателігім үшін соншама жек көресің? – Әуелден жек көрдім. Қол көтергеніңді кешірмеймін. – Жұпар, сен мені сүйсең ешқашан ұрмаймын! – Енді қалай сүй дейсің, екінші қатының ол отыр, сен маған опасыздық жасадың ғой. – Ол, ол әйел тек сенің орныңды толтыру үшін керек болды. Сенің махаббатыңа ие бола алмағаным үшін кектендім. Сен бергің келмейтін, төсектегі суықтығыңның орнын толтыру үшін ғана. Сен төсекте де маған жан-тәніңмен берілмейсің. Амалсыз жатасың, – Берген қолын майыстырып үстінде отыра берді. – Рас, сенен сол, бірінші түні-ақ жиіркеніп кеттім. – Сол түннен бе? Сол түн үшін кешірім сұрайын ба, сол түні сенің тартынғаныңнан, өзімнің құмарлығымнан сөйттім. Сенің жаныңды ауыртайын дегем жоқ. Рас. Жұпар, бұным шектен шыққандық білем, иә, шектен шықтым, кешірші. Кешір! Неге мені түсінбейсің, мен сондай ожар, топас болсам қайтейін, сен ғана мені топастықтан құтқара аласың. Сені ұрғаннан кейін, ішімнен қатты өкініп, өзімді сөгіп жүретінімді білесің бе? Сені ұрғаным
өзіме оңай тиді ме? Мені көрген сайын тітіркеніп, суып кеткеніңді көрген сайын ызаландым. Сені сүйгендіктен, әлі де қызғанамын. Ал, сен мені түсінуге де тырыспайсың. Менің сен үшін істеген барша ісімді көрмейсің, көзіңе ілмейсің. Мен сен үшін шүберекпін бе? Ажырасуға да қоймас едім сені, тек өліп қана құтыласың менен. Менен құтыла алмайсың. – Құдай сақтасын! – Бергеннің басы салбырап кетті.– Кешіресіз бе, жоқ па? – Кешірші, Жұпар. Кешірші, мен сенің бір жылы сөзіңе ынтықпын. Бір жылы құшағыңа. Мен үшін мұзға айналған тас құшағың керек емес, маған қайтсаң, кешіріп қайт. Қайтпасаң да сол, мен сені ешкімге бере алмаймын, ешқайда жібермеймін. Менің сорым да, бақытым да – сенсің. Берген Беріктің қолын босатып, екеуін оңаша қалдырып шығып кетті. Ақнұрға таяп келді. – Сізге уәде беремін, үйленсем тағымнан түсемін. – Бір әйел, бес балаңыз бар. – Болса ше, тағы үйленем. – Үйленіңіз, тойға барайық. – Сіздерге той болса болды, ә? Үйленем, осы сенбі үйленем, уәде берем сізге. – Көріп алдым уәдеңізді. Кабинеттің есігі ашылып, Берік пен Жұпар қатар шығып келді. – Біз қалған дүниені үйге бара шешейік. Рақмет, Берген. Сау болыңыздар! – Сау болыңыздар! – С меня хватит сегодня. Закрываемся, – Екеуі ылдым-жылдым жиналып, көшеге ытқып шықты. Көлеңке басы ұзарып, күн ғимараттардың басынан асып барады екен. Берген күндегідей Ақнұрмен ілесіп, Фурмановтың бойымен төмен құлады. Көшенің ызыңымен әлделеніп ақ сары, қызыл лалагүлдер жайқалады. Алып қараталдар ауыр найқалады. Екеуі үнсіз құлдилап келеді. – Берген аға, қайта беріңіз. Үйімді өзім де тауып бара алам. – Екеуміз театрға да барып үлгермедік. – Үлгермедік? – Уақыт тар. Үлгермедік, ертең – жұма. – Болса қайтеді? Жұмадан кейін күн жоқ па? – Жұмадан кейінгі күндер өте көңілсіз өтеді. – Неге? – Жұма – жұмақтан жұпар есетін күн. – Кейін ше? – Кейін сол, бейуаз, сұрықсыз, сұрқай күндер басталады. – Онда... онда сол жұмада қалып қойыңыз. – Соны тілеймін, жаныммен, санаммен, рухыммен жұмада қалып қойсам ғой деп. – Шын қаласаңыз, жұма сіз үшін тоқтап қалады. – Жүректің шындығы ол емес бірақ. Тоқтау – өлудің алды. – Онда не? – Жұмадан жұмаға дейінгі шындық. – Әйтеуір, өзіңіз сұхбаттасатын адамыңызды кездестірмегендей көрінесіз де тұрасыз. – Мен кездестірдім. –Неге соған асықпайсыз? – Асығамын. Ол жақында, жақын болса да – алыста, алыста болса да – жақында. Берген үнсіз ғана Ақнұрдың қолынан ұстады. Ақнұр оның бетіне қарайлап еді, ештеңе топшылай алмады. Берген ілгері қарай жүре берді. Қолын тартып алғысы келді. Қымсынды. Бергеннің бойында өзгеріс жоқтай алға қарап бара жатты. Ақнұр жүрегі суылдап, кешегідей, тағы сол кешкісін құшақтасқан тілсіз ымның жалғасындай Бергеннің
үнсіздігінен сыр аңдыды. Бірақ ол үнсіз. Қолын қысып алған. Әлдене айтқысы келгендей. Әлденеге бекінгендей. Кенет кілт тоқтап, Ақнұрды ернінен өпті. Ыстық еріндерін тигізіп, көздеріне қадалған. Қолын жұлып алған Ақнұр шапалақпен тартып жіберді. Сосын жылдам басып жүгіріп кетті. Берген оның соңынан ұзақ қарап тұра берді. 5-күн Ақнұр түнімен көз ілмеді. Ай бетін айғыздаған қара түннің қауырсындары жанының аяусыз айқасқан майданындай аласұрып жатты. Бергеннің тұп-тұнық қарашықтары көз алдынан кетер емес, бойында жауқазындай жайқалып бір сезім аспанға құшақ жайғысы бар, бірақ оны ақыл іркеді уысынан шығармай діңкелетіп. Жүрегі атқақтап соғып, кеудесін жарып өтпекші. Төрт күн, ертең – бесінші күн. Төрт күн төрт жылға татыды. Бұл адамды бұрыннан білетіндей, бұрыннан танитындай, жатырқамай араласып кетті. Алғашқы күні-ақ, оның өзгеше қарасын сезді, іштей үріккен ойларын сабырға шақырды. Алайда ол, ол Берген, бәлкім, өзі айтқандай психолог та емес, үйленген де емес шығар, бірақ оған неге сенеді? Не деп... Оның үнемі ишараға жүгініп астарлайтыны, бұған сенімнің төрт құбыласын ашып тастауы, іші-бауырына кіріп сырласуы, көз жасы өтірік емес, жоқ, өтірік емес, ия солай, шын. Адал жүректі аңқылдақтық. Ақжүрек, ақжелең... ол маған ұнайды. Ақнұр селк етті. Өз ойынан, өз мойындауынан қорықты. Оны кім ұнатпайды? Сымбатты, тартымды, ойлы, ақылды, мейірімді, сезімтал, адал... солай, солай, ол сондай жан. Ол – менің аңсарымдағы жігіт. Бірақ... ол, ол сондай болмай шығуы да мүмкін ғой? Мұның бәрі түс сияқты, мұның бәрі ойын сияқты. Мені сынап жүрген болса ше?». Ақнұр ақ көрпемен алысып аласұрды. «Жұмысқа бармаймын» деп шешті таңға жуық. «Бармаймын. Бәрі бітті. Ойын бітті». Көзін ашқанда уақыт таңғы тоғыздан жаңа асыпты. Басын жастықтан көтермеді. Бірақ ұйқы қашты. Кешегі, кешкі алакеуім сәттегі сүйістің табы ернін шоқтай қыздырды. Қызуы тұла бойына тарады. Жанын қысты. Жүрегін күйдірді. «Бармаймын. Бара алмаймын». Берген таң алды ғана ұйқының шырымын алды. Әдеттегідей кеңсе ішін жуып шығып, есікке қарай берді. Күтті Ақнұрды. Ақнұрға деген сезімі қашан бой көтергенін өзі де байқамаған. Әсиясын ойлап жүріп, Ақнұрға ішін, жүрегін беріп алыпты. Берген кеңсені алқызыл, қызғылт раушан гүлдермен көміп тастады. Әр бұрышқа, тіпті төбеге де жұпары аңқыған раушан ілді. Бүкіл кеңсе көз жауын алардай құлпырып, жұпар таратты. Бірақ Ақнұр келе қоймады. Келмеді. «Аппақ рауан таңның сенсіз бұлыңғыр екенін білермісің, Әсия? Апаш-құпаш асау толқындармен алысып көміліп кеткеніңмен, менің жүрегімде мейірімді қалпыңмен қалып қойғаныңды білермісің, Әсия? Сол мүсінмен, сол кіршіксіз аппақ жүрекпен қайта келіп, жанымды жадыраттың. Бірақ мені қабылдағың келмейді. Менің болмысымды түсінбей тұрсың ба? Айыптайсың ба мені? Әсілі, сені өзгенің бетінде, өзгенің жүрегінде көруге дайын емес едім ғой. Сонда да, келдің, келдің де қайта махаббат теңізіне тастап кете бардың. Енді міне, тағы көзімнен бұла жасымды ағызып, зарықтырып келмеуге айналдың? Әсия... жаным...». Сыңғыр еткен есік еңсесі түсіп ойланып кеткен Бергеннің назарын аударды. Жұпар екен. Әйелдің бекзадасы. Еркектің соры. Сұлу әйел. Сұлулық пен жандүниенің қабысқаны қайткені? Ақыл мен көріктің басқа бақ болмай, сор болғаны қайткені? – Амансыз ба, Берген? – Аманбыз, қалайсыз? – Кеңсенің іші осынша раушанға толған. Кімнің мерекесі? Қандай мейрам? – Бұл ғашықтық сарайы... – Сіз ғашықсыз ба? – Ғашықпын. – Сіз үйленген, үйлі-баранды адам емеспісіз?
– Алдыма келген әйелдердің еркіндігі үшін солай айтатынмын. Соның енді жазасын тартудамын. – Сізге кім қарамай жүр екен? – Бір бекзада. – Білесіз бе, оның келетініне, онымен табысатыныңызға кәміл сенем. Ішкі түйсігім солай дейді. – Неге ішкі түйсікпен келісіп жүрмедіңіз екен үнемі? – Білесіз бе, сізге алғысымды білдіру үшін келдім. Берік екеуміз кеше кешке дейін отырып алып, әбден сөйлестік. Жандүниемізді ақтардық. Ол мені шын сүйеді екен. Бірақ көңіл бермей жүрген өзім екенімді мойындаймын. Екеуміз тіл табысып кеттік. Оны кешірдім. Ол да мені кешірді. Енді балалар үшін де, өзіміз үшін де тату-тәтті тұруға, бірбірімізді сыйлап, кешірімді болуға тырысамыз. Ол соншалықты жаман адам емес. Бар болғаны қопалдау, сөзге орашолақтау, қара дүрсіндеу адам. Сізге рақмет, Берген. – О не дегеніңіз? Менің мақсатым да, жұмысым да – сол. Сол үшін кейде сағатына бес мың алам. Мінекей, нәтижесін де көріп тұрсыз. – Сізге ара-тұра келіп тұрсам бола ма? – Әрине, бірақ... білмедім... – Мынау сізге. Күйеуім өзінің ризашылығын білдіріп, жүз мың теңгені бер деп жіберген еді. – Білмеймін. Бүгін осылай, ертең басқаша болып жүрмесін. – Алыңызшы, Берген. –Алайын. Бақытты болыңыздар! Жұпар риза кейіппен ұяңдана жымиды. Аппақ беті алабұртып, көзі жайнап кетті. Берген Жұпардай әйелге әрі қызыға, әрі қызғана қарады да, екі алақанын қысып, көзін жұмды. Маңдайынан иіскеді үлкен адамдарша. Жұпардың көзіне жас айналып шыға келді. – Жұпар, мына раушан сізге. – Қойыңызшы, оны бекзадаңызға сыйлаңыз. – Оған жетеді. Сіз де осындай алқызыл жұпарға лайықсыз. Жұпар кеткесін, кеңсе ішін ауыр тыныштық жайлады. Берген қабырғаға сүйенген қалпы сырғып жерге отыра кетті. Сәске түсте өңі жайнап Зарлық би келген. Бергеннің сылқия отырған отырысын көріп, қолтықтап тұрғызып алды. – Бұл қайткеніңіз, Берген? – Зарлықпысың? – Иә. Жүріңіз кабинетке. Екеуі кабинетке кіргенде, Берген жандүниесі опырылып түскендей жансыз көздерімен қарады. – Мен сізді бүгін тыңдай да, қабылдай да алмаймын, Зарлық. – Бүгін сізбен әңгімелесуге келгем жоқ. Сізге шынымды айтуға келдім. – Қандай шыныңызды? – Мен негізі сізге жұмыс іздеп келдім. Газеттегі жарнама бойынша. Келсем, сызылып Ақнұр деген менеджеріңіз отыр екен. Содан жұмысқа алған екен ғой деп, бұл туралы сұрамадым. Үйленгенім, жұмыс істейтінімнің бәрі жай айта салған нәрселер ғой. Бірақ сізге келген сайын жандүнием онан сайын құлпырып, онан сайын жасара беретін. Анау көк «Камри» де менікі емес, анау көзәйнектегі қыз да менің әйелім емес-тін. Сізге бір түр көрсету керек болды. Бірақ сіз жандүниемді қозғадыңыз, көңілімді босаттыңыз. Маған өзіңізді аштыңыз. Менің де нәзік, осал жерімнен ұстап, алақаныңызға салғандай болып жандүниемді ақтара алдыңыз. Сізге шексіз алғыс білдіремін. Мені сөге көрмеңіз. – Бүгін кешірім сұрайтын күн бе? Бүгін қай күн?
– Жұма. Бірақ мәселе күнде емес. – Ааа, сенесіз бе, сіз де дер кезінде келіп, менің жан түкпірімде өшпестей болып қатталған естеліктерімді оятып, мені сөйлете алдыңыз. Тыңдай алдыңыз. Жұбата алдыңыз. Сіз нағыз психологсыз. Мұны іштей сезініп те жүрдім. – Рас па? – Рас. – Жұмыс табармын, таппаспын, бірақ сіз маған қанат бітірдіңіз. Кірпі туралы әңгімеңіз жүрегімді ауыртты. Алғаш рет, бала жүрегіммен Құдайыма жыладым. Адамдар үшін кешірім сұрадым. Жүрегімді жібіттіңіз. Әлдеқандай өзімді көтеріп тастаған тәкаппарлық тауынан түсіріп тастадыңыз. Мен өзімнің өзімшілдігімнен азат болдым, Берген. – Сіз бен біз әлі, бәлкім, әріптес болармыз. – Мейлі, бір күні кездесерміз. Қазір ауылға кетіп барам, әке-шешемнің алдынан өткім келеді. Кешірім сұрап, олардың разылығын алғым келеді. Оларды ренжіткенмін. – Иә, сөйтіңіз. Оларды кешіріңіз. Жүрегіңізді болар-болмас ашу-кектен азат етіңіз. Өмір сондай қысқа, жақсылықпен өткізуге қандай қысқа?! Солай емес пе, Зарлық? – Менің атым – Жақсылық. Зарлық деп жай айта салғам. – Рақмет, Жақсылық. Ауылға барып қайтқасын, соғарсың. – Жақсы аға, сау болыңыз. Жақсылық көлеңкелеу кеңсенің әр бұрышына ілінген, әр жеріне қойылған құмыралардағы қып-қызыл, алқызыл раушандарға қарағыштап алды да, таң қалып, басын шайқап кете барды. Кеңсе ішіндегі мүлгіген тыныштыққа көміліп,Берген тағы жалғыз қалды. Берген кеңсе ішінде сенделіп, өзін қоярға жер таппады. Қапырық далаға қарай-қарай шаршады. Қызыл раушандардың барқыт күлтелерін аялай сипап, Әсиясын сүйгендей өбіп қояды. Гүлдері тостағандай ұзын сабақты раушандарды таңдап жүріп, 50 талын сатып алған еді таң алды. Бір апталық жиған-терген бүкіл ақшасын сарп етіп, тәуекел етті. Кеңсені абайлап жүріп жұпармен көмкерді. Бірақ Ақнұр келмеді. Төрт күн-ақ екен танығаны, бірақ Әсиясын төрт күнде қайта тауып алғандай болып алағызды. Үйін де, мекенжайын да анық білмейді екен. Кенет Бергенге «шығарып салып келген жерімнен іздесем, бәлкім, тауып алармын» деген ой келді. Бірақ тәуекел етпеді. Көкірегінде ол да мені ұнатты, ол да мені сүйеді деген сенім орнапты, қай сүйікті қылығы үшін, оны өзіне лайық тұтты екен? Әйтеуір, Ақнұрдың бұла жанары, мейірімге толы, таза жанары бұған зор сенім сыйлайтын. Адамның жанын ұғына білетін, шын дос, адал жар бола алатын аппақ ықылысты жанар еді ол. «Аялап өтем өзіңді, аялап өтем, жарығым!». Ол емірене иіскеген қып-қызыл раушандардың көп қабатты сабағына тамшылар құйылып жатты. «Пайғамбардың қаны – ол, раушан жұпары – ең абзал жанның қаны, Тәңір «оны жаратпасам, адамзатты да жаратпас едім» деп анық айтқан. Ол жаралмаса, біз қайтер едік? Пайғамбарым, әз Алланың елшісі, шапағытыңды төге гөр». Іштей айтты ма, дауыстап айтты ма, әйтеуір, ішкі әлеміндегі дауыстар жаңғырығып жатты басында. Кенет оған өзінің осы күйбеңі түкке тұрғысыздай көрініп, биік армандарын, өмірлік мұраттарын еске алып, осы, қазіргі мүшкіл хәліне күлгісі келді. Миығынан мысқылды күлкі тепті жүзіне. *** Алуа айналадағы раушанның көзқамар керемет көптігіне қайран қалды. Қара көзәйнегін қолына алып, жан-жағына тамсана қарады. Шаттанғандай сары томпақ жүзіне қуаныштың лебі үйірілді.
Берген ішке кірген әйелдің жеңіл лебін сезінсе де, демін ішіне жұтып, раушанды бетіне тақаған күйі, көзі жұмулы қалпы, үнсіз тұра берді. Жеңіл леп кабинетінің табалдырығынан өтті. – Амансыз ба, Берген? – Алуамысың? Қалың қалай, Алуа? – Жақсы. – Алдыма үнемі көркімен көз тайдырған сұлулар келеді. Көзім тайқып, есім ауысады. Сонда да, солардың ешбірі маған бұйырмайды, уай тоба! – Мына раушандарды кім жасаған? Ақнұрдың туған күні ме? – Жаным Алуа, бақытқа, қуанышқа лайық сендей қыздардың көңілі өссін деп қойылған. Мендей кім сыйлаған махаббатын? – Құдай-ау, осынша романтикпісіз? Кімді мұнша сүйдіңіз? – Сүйгенім, сүйіктім өлім құшқан. Қолым жетпеген. Қолым жеткеніне жүрегім жетпейді. Бір кем дүние... – Иә... – Алуа күрсініп алды. Демінде діріл, көзінде мұң бар. Көкшіл көздері қадалып, сырласуға сұранғандай. – Түсінесіз бе, Алуа, мен бүгін ерекше талып, жалығып отырмын. Жаным жаралы. Сізді тыңдай алмаймын ба деп қорқып тұрмын. – Ештеңе етпейді, мен сізді тыңдай алам ғой. Айтыңызшы, маған айтсаңыз, бәлкім, жаныңыз жеңілдеп қалар. – Түсіне алмайсыз сіз мені. – Түсінетін шығармын. – «Қайғым қалың, жаным дерт, мен не қылдым, япырмау?» деп Абай атам, бір тобықтыға қарап емес, көпті ойлап, қаймана қазақты ойлап, жүрегін қайғыға малыпты. Қазақ үшін сол дананың арғы-бергісінен кейін, тегі осылай ешкім уақытты тапжылтпай айтып кете алмапты. Уақыт содан бері Абай атаның уысынан шыға алмаған. Зар – сол зар. Мұң – сол мұң. Неге ойланбайсыңдар? Неге арғы-бергіңе назар салмайсыңдар деп әлі сөгеді? Сөгілген – мен де, сөгетін – ол. Алуа, сіз өте ақылды, парасатты әйелсіз. Сіздей паң әйелмен ғұмыр кешу – бір ғанибет. Жарты дін мен жарты әлемнің билігі. Бірақ сіз қападарсыз. Қағулысыз. «Орнымды таппадым» деп қайғырулысыз. Жоқ, сіз білегі жуан һәм сол жуан ақ білегін алтын білезік жапқан, омыраулы, жалпақ жұртын айбатымен ықтырған қалың тақым бәйбіше болып отырар едіңіз ғой. Құрсағы алтын, төрбөксе дара бәйбіше болып. Елді алқындырып билеуге ерден кейінгі билік сізге берілетін. Бірақ сіз мойныңыз иіскелмеген, ерніңіз өбілмеген сіз, ердің исін аңсап тізе құшып отырсыз. Және сол ессіз ердің ер-тоқымын өзіңіз дайындайсыз, осының өзі қайғы емес пе? Алуатай, Сенің бақытты болғаныңды қалаймын. – Мен де... сіз де бақытты болыңыз. Кетейін бе, онда? – Жоқ. Қалыңыз, менімен бір билей аласыз ба? – Иә, билеп көрейін. Только для вашего блага. Екеуі байыппен ырғалып,шалқи биледі. – Оған бардың ба? – Кімге? – Ақтауға да. – Бармадым. Оны күтуді жөн деп таптым. Бұйырса, ол мен үшін күресер, болмаса қойдым. Ол үшін тыраштанбаймын енді. – Алуатай, жөн екен. Адамның абзалын кездестіргейсің. Сен бақытқа, махаббатқа лайықсың. – Мен оның өткенінен қорқам. – Дұрыс. Қайткен күнде де, шешіміңізге өкінбейтін болыңыз, – деп қыздың қолын босатты. – Сау бол, жарқыным.
*** Оймақтай ауылдың белін буып таз жоталы қыр жататын, көктемеде ақ жаулығы желкілдеген аппақ шыршабалақайлар күнге қақталатын. Сонау бедеу бетеге шықсаң ауыл алақандай болып ұйысып жататын. Қақ ортасын тілімдеп айыржыландай көкпеңбек өзен жарып өтетін. Суы – дауа, жанға шипа. Сол көкпен құшақтасқан көкөзенге жаз бойы ақ тәндер жүзіп, көлік жуылып, әр үйдің кілем, паласы, одан қалса, ит пен құсы, жан-жануары түсіп шығатын. Елдің ақ адал ауыз суы да – сол. Ішсең, жан сарайың ашылатын тіс қақсатар мұздай. Сонау Шымғанның ет қақтаған жазында да қатқақтанған қар суынан бастау алатын Паркенттің ағысы қатты, арыны толы суынан ешкім уланып арам өлмеген. Өлсе батып өлген. Өйткені терең де көзді арбайтын иірімі мол судың араны қорқынышты әрі жұтқанының жұғымын қалдырмай байлап-матап тастайтыны тағы бар. Ирелеңдеп ағатын сол су бір күндік аттың аяңымен Шыршық жетіп, сол толарсыған қалпын бұзбай Ташкент асатын. Сосын қаздай қауқиып қатқан Қазығұрттың күйік тиген даласын бұзып өтетін. Сол кезеңге жеткенге дейін қаймана халықтың ауыз суына, үй мүлкіне, көлік арбасына, ит, малына дейін түсіп шығып, мұнтаздай жуынып тазарып шыға келетін. «Ағын судың арамы болмас» деген рас екен. Өзінің бала кезінде мойнында ақ қарғыбауы бар шойнақ итін жаз бойы неше рет тастап кеп жібергені бар. Ол қатты ағынға дес беріп, жағаны тырналап шығады да, мұны жеті айналып жүгіріп, ойнақтап мәз болатын. Сол өзенге сиыры да, мысығы да жуыныпты, жарықтыққа өзі түспепті. Қорқатын. Бірақ тіс сыздатар балдай суы сарайын ашып, жүрегін жібітетін. Берген жандүниесімен Қаратаудың арғы бетін, Өзбекстанның солтүстік шығыс бөлігін қаусыра ішіне жұтқан Тянь-Шань тауларының етегіне, сона-а-ау балалық шақтарының аппақ елестерін кешіп кеткен еді. Бостандықтай боз даласын құшақтамақ болып, емініп иіскеп жетпек болды ойымен. Үйі сатылған, әкешеше Қазығұртқа көшіп келген. Алайда ол үй, ол үйдің түтіні жат сияқты. Бәрібір, қазағы қаймақтай ұйыған Бостандықтай жерұйық мекен жоқ. Төрт тарабынан қаумаласқан Қаратау сілемдері, етегінде Зеңгі баба жерленген, іргемізде Домалақ ана ғұмыр кешкен әз топырақ өзгенің уысына түскені, өзгенің мейіріне бөленгені жанына батады-ақ. Сыңсып есік ашылғанға жүрегі алып-ұшып, Берген кабинетінен атып шықты. Биязы күлкісі жүзін өпкен Жанар екен. – Амансыз ба, Берген? – Шүкір. Бәрі жақсы ма, Жанар? – Ғажап, мұншама гүлдер ненің құрметіне ілінді екен? Қандай әдемі. Берген жауап қатудың орнына кабинетіне бұрылып кете барды. – Жүріңіз, екеуміз алар асқаралы асу бар. – Сіздің Чэпменіңізді оқып шықтым. – Менің Чэпменім ұнады ма? – Ғажап. Адамның жандүниесініңөз тілі, өз мимикасы бар екен. Адам тілмен жеткізе алмағанды дене тілі жеткізеді. «Язык любви» – махаббат тілі, бәлкі мейірім тілі деуге де болатын шығар, мұны әрбір әйел, әрбір отбасы оқыса екен деймін. Қатты ұнады. – Дұрыс. Әлемде қаншама тіл бар. Егер қазақ болсаңыз, испан еліне бара қалсаңыз, һәм көшеде әлдекіммен ұғыспақ болсаңыз, қаншама мимикамен де әуреленіп айтарыңызды айта алмауыңыз мүмкін. Сол тілді үйрену керек болады. Сол сияқты, әр отбасының өзіндік ұстаным тілі, тәрбиесі, ол қандай түрде болмасын, ұғысу, жақсы көру, қарым-қатынас формасы болады. Махаббат дегенде әуелі біздің есімізге отбасыдағы мейірім, махаббат еске түседі. Әкең, шешең, бауырларың... оларды қандай да мимикамен болмаса сөзбен жақсы көріп, ұғыса бересің. Ал, әлдеқайдан сол отбасыға келін түсе қалса, ол тілді түсіне алмай, біртүрлі күй кешеді. Оны сіз ұғынбауыңыз мүмкін, әрине, сіз үшін бұл жаңалық емес. Ол үшін жаңалық. Сіздің әкеңіздің, шешеңіздің қылықтары, бауырларыңыздың жақсы көру тілдері өзгеше екенін сол келін ғана байқайды Һәм төркіне барған сайын «олардың қылықтары қызық, олар бүйтеді, сүйтеді, біз бүйтпейміз ғой» деп таңданып отырады. Бірақ біраз
уақыттан соң өзі де сол қазанда қайнағасын, келін де отбасындағы жақсы көру тілін өзіне сіңіріп алады. Бірақ мәселе басқада. Мәселе, еркек пен әйелдің, екеуі екі жыныстылығына қарамай, екеуінің тәрбиесінің бөлектігіне қарамай, олардың жеке индивидтік махаббат тілі болады. Адам табиғатында махаббатқа зәру. Махаббат үшін біз не істемейміз? Асу-асу белдерден өтіп, шыңдарды бағындырамыз. Мектептегі жасөсіпірім алты сағаттық сабағында екінші дүниежүзілік соғыстың жантүршігерлік майданын айтып тұрған сәтте, ол махаббатының отына күйіп отырады. Оның махаббатының алдына соғыс не болыпты? Ештеңе. Ал, сол жылдар бойы ғашық қылған жарға қосылған соң, ары кетсе екі жылдан кейін отбасы шайқала бастайды. Еркек әйелді жаңа көргендей, әуелде жаңылысқам екен деп бас шайқап, қан жұтады. Әйел бұл мені шын сүймеген екен, алдаған екен деп өзінше қайғыға батады. Неге? Екеуі махаббатпен айналысып жүріп, өздерінің жеке дара тілдерінің бөлек екенін, мүлдем қабыспайтынын ұғады. Ұғысуға тырыспайды да. Ал екеуінің уәжін тыңдасаң тіптен күлкің келеді. Олар жас баладай өкпе-реніш айтады. Қарапайым мысал: – Мен әйелімнің сиыр етінен қақталған кәуапты сүйіп жейтінін білемін, сондықтан айлық алған күні оны қуантпақ болып, бес мың теңгеге бес тал кәуап алып бардым. Ол бұған алғыс айтудың орнына, шат-шәлекей бүлінді. – Иә, мен кәуапты өлердей жақсы көрем. Күйеуімнің мұндай тартуы да керемет. Бірақ, ойлаңызшы, біз аса ауқатты адамдар емеспіз, сол бес мыңға мен бес келі сиыр етін сатып алып, бес рет асып жер едім ғой. Ол мұны ойлаған жоқ. Ақшаны судай шашты да келді. Қайта маған сол ақшаны берсе, соған қауанар едім. Екінші мысал: – Мен жас кезімде кинотеатрдан жаңа шыққан фильмдерді жібермей қарайтын едім. Отбасын құрғаннан кейін, бұдан тыйылдым. Бірақ арасында киноға тартып кеткім келеді. Сол кезде екеуіміз барып көріп қайтайық десем, әйелім үнемі тартыншақтай береді. Сосын бір күні достарыммен бірге кинотеатрға барып келгім келді. Әйеліме айтсам, ол«сен мені кинотеатрға ешқашан шақырмайсың, барып келейік» деп айтпайсың да деп жала жабады. – Әрине, кинотеатрға баруда тұрған не бар? Бірақ ол киноны жыл өтпей үйдегі теледидардан да көрсетеді ғой. Оған ақша шашқанша, балаларды қыдыртып, оларға киім алмаймын ба? Оның мені шақырудан бұрын, менен қашқысы келеді. Отбасымызды ойламайды. Өзін ғана ойлайды. Маған уақыт бөле алмайды. Маған назар аударса екен деймін. Еркек бұл жерде әйелге махаббат тілінде, өзі түсінетін тілде сөйлеп тұр. Әйелге мүлдем мұның қажеті жоқ. Ол айталық, кинотеатрына барсын да, алайда ол одан рахат таппайды. Жағдай керісінше болуы мүмкін. Еркек бұл кезде «саған өзі не керек?» деп басы қатады. Бір еркек: «Үй, машина, теңіз, жағалау... мұның бәрі не керек, егер сені әйелің сүймесе? Бәрінен бұрын, оның мені сүйгенін қалаймын» дейді. Бір әйел: «Күні бойы менің бар-жоғымды көрмейтін күйеуім түнде мені төсекте ғана еске алады. Жек көремін соны» деді. Ол төсекті жек көріп тұрған жоқ, махаббатқа сұранып тұр. Махаббаттың ишара тілі көп. Ең әуелгісі «Мадақтау тілі», яғни мадақ сөз. Отбасылық ода. Марк Твен «мейірімді жақсы сөзден екі ай азық аламын» депті. Дана Сүлеймен пайғамбар: «Өмір мен өлім – тілдің билігінде» деген. Жақсы сөз, шын жүректен Құдайдың разылығы үшін айтылған мейірімді сөз адам жанын өсіреді. Көпшілігіміздің махаббат тіліміз осы мадақ сөз. Мәселенки: «Мына кәстүм өзіңе қандай жарасады, ә!», «Сен осы көйлекте құлпырып кетесің!», «Қандай дәмді картоп. Күшті пісіріпсің!», «Балаларды балабақшаға апарыпсың, рақмет жаным!», «Қоқысты тастап келіпсің, рақмет, жаным!» Алайда мадақ сөз жай ғана құрғақ мадақ болуы тиіс емес. Өйткені кез келген адам сөз қуатының арғы тегін танып тұрады. Қуаттау, қолдау, жанашырлық сөз шын жүректен
шығуы тиіс. Еркек қандай да шаруаға кірісу алдында әйел үнемі қолпаштап, жақсылығын асырып, мерейін тасытып отыруы шарт. Тағы бір, махаббат ым тіліне уақыт жатады. Уақыт – ұғымына көп ұғым кіреді. Назар аудару – осы уақытқа қатысты айтылады. Жұбайыңыздың махаббат тілі назар аудару болса, онда сіз уақыт деген ұғымға сабырлы болуыңыз тиіс. Оны жалықпай тыңдау, қызықты мәліметтерді сұрау, оның күні бойғы өткерген оқиғаларын тыңдау, оны қыдырту, онымен серуендеу, бірге отырып кино қарау, балалардың сабағына қарап көңіл бөлу, ойнату, бірге балалардың киімін таңдасу, мейлі бұл сіздің бір күндік уақытыңызды алар, бірақ жоқ дегенде бір апталық қуат сыйлайды. Ерлі-зайыпты оңаша отырғанда жүзбе-жүз, бір-бірінің көзіне тіке қарап, бір-бірін тыңдай білуі керек. Төркін мен ене, қайынсіңлі арасындағы дау-жанжалдар сияқты арақатынасты суытып жіберетін өсек-аяң айтылмауы керек. Өйткені екеуара әңгімеден, екеуара ыстық мейірімнен лыпа да қалмайды. Махаббат ишара тіліне сыйлық жасап қуанту амалы да кіреді. Көптеген, отбасыларда туған күн, мерекелік күндер арнайы аталып, үнемі сыйлық сыйланып, сыйлық үлестіретін үрдіс қалыптасқан. Әйелдер – жаратылыстан сыйлыққа құмар жандар. Жай күні сыйланған гүл де, торт та, білезік пен жүзік те оларды бақытқа бөлейді. Кейбір еркек пен әйелдің махаббат тілі дәл осы сыйлық жасау тіліне айналған. Сыйлық сыйлау, жұбайыңды қуанту – қашанда сауапты іс. Сыйлық сыйланған тұста, «Ол мені ойлайды екен», «Ол мені есіне алыпты» деп қуанады. Бұл, ерлі-зайыптының махаббатын арттыра түседі. Махаббат ым тілін ақша деуге болады. Ақша туралы ұғым әркімнің ұғымында әртүрлі. Кей адам ақшаны шашып жүре береді, кей адам тырмысып әрбір тиынды жинайды. Ақша, байлық – ерлі-зайыптының ортасына от түсіретін бірден-бір фактор. Көп айқай, шайқалулар осы ақшаны кім қалай жұмсап қойды деген сұраудың аясынан шығады. Ақшаны, байлықты сүймейтін адам жоқ, бірақ сіз өзге түгіл, өзіңізге де ештеңе қимас тар пейіл болсаңыз, мұныңыз бекер болды. Сіз әуелі ішкі қарсылығыңызды жеңуіңіз керек. Ақша ешқандайда отбасылық құндылықтарды сақтау жолында бөгет болмауы тиіс. Балаларды оқыту, олардың киімін түгендеу, ай сайын көңіл көтеріп саябаққа қыдыру, денсаулығына бөлу, әйеліне, өзіне қажетінше сарп қыла білу, әсіресе, жас отбасының тірегін мығымдайды. Ақша туралы сөз таусылмас, бірақ еріңіз ешқашан сізден жасырып, жырып ақша тықпасын десеңіз, сізге ұстатқан ақшасын үнемі бір жерге, өзінің көзі көретін жерге қойыңыз. Сол ақшаны өзі да жұмсай алатынын, сол жерден еркін алып кете алатынына сенімді болсын. Махаббат тілінің негізі – өзіңді бағыштау, өзіңді сыйлау. Кейбір жағдайларда әйел мен ердің адалдығы, бір-біріне деген беріктігі сыналады. Мәселен, перзентханада әйел босанып жатыр делік. Еркек жұмыстан шығып, қалайда уақыт тауып, қолында гүлі, бір дорба тамағымен келіп, әйелін құттықтаса, оның үстіне күткен қызы, не ұлы туылмаса да, әйелінің көңіліне кірбің түсірмейін деп келіп тұрса – бұл нағыз ерлік емес пе? Керісінше, перзентханаға бұл күнде ері емес, қайыненесі, қыздың шешесі барады. Әйелге осының бәрінен бұрын ерінің ықыласы сезілмей жатады. Үйге келіп, аяқ-қолын жинай алмай жүрген сәттерде еркектің қасында болып, қолдауы, ықыласы ерекше қажет. Еркектер мұндай қажеттілікті білмеуі мүмкін, ал әйел осыны тек айтып отыруы ләзім: «Бүгін қасымда болсаң ғой, сен маған қазір керексің» деп бір ауыз айтуы тиіс. Өйткені еркектің миында бүгінге, ертеңге, бір айға ойластырып қойған өзге жоспарлары болады. Керісінше, ері ауырып, төсек тартып қалса, әйелі жұмыстағы бастығынан ықпай сұранып: «маған бәрінен бұрын отбасым керек» деп үйіне келсе, ері ырза болып «мені жақсы көреді екен» деп махаббаты арта түседі. Ерлі-зайыптыға осындай маңызды сәттерде өзін бағыштай білуі ләзім. Келесі махаббат тіліне көмек беру тілі жатады. Қарапайым ғана көмек беру. Еркегі әйеліне, әйелі еркегіне. Байқасаңыз, еркектер үйде әлденені түзегісі келсе болды, әйеліне «анау қайда, ананы әпер, мынаны ұстап тұр» деп әурелеп қояды. Еркек әйелдің
айналасында көмектесіп, шыр айналып жүргенін жақсы көреді. Әйел де өз кезегінде, «мен ауырып, қатты сырқаттанып қалғанымда немесе жұмысқа шығып кеткен күні баланың тамағын беріп, үйдің бәрін албасты жұтқандай етпей, памперсін ауыстырып, ыдысты жуып қойғанын қалаймын. Мен оны үнемі сұрай бермеймін ғой. Жылына бір рет болса да мен үшін осылай етуге болмай ма?» деп налиды. Рас, әйел де – адам, темір емес. Қызуы көтеріліп, ауырған сәтте ол сіздің көмегіңізге ерекше зәру. Сізден ол аялы алақан емес, бар болғаны үй іші мен балаларын қарауын сұрап отыр. Бір-біріңізге көмектесе біліңіз. Махаббат ым тіліне аймаласу, құшақтасу сияқты дененің жанасу әрекеттері кіреді. Мысалы, үй ішінде өтіп бара жатып та бір-бірінің қолынан ұстап, белінен құшақтап, иығынан демеген секілді әрекеттер махаббаттың күшін сездіреді. Ерлі-зайыптылар қаншалықты жақын қарым-қатынаста болса, соншалықты теріс энергиялар ғайып бола бастайды. Кино алдында отырып құшақтасу, иық тіресіп отыру, қол қысу сияқты әрекеттер кей әйел мен еркектің негізгі махаббат тіліне жатады. Тіпті, қандай да бір қайғылы күнде жұбайыңызды жанына сүйеу болып құшақтасаңыз, қамқор көңіліңізді қолыңыз арқылы қысып білдірсеңіз, оған біршама күш-қуат сыйлайды. Атап кетерлік жайт, әрбір жұп бір-бірінің махаббат тілін зерттеп, біліп алуы тиіс. Бұл отбасының ұстынын сақтау үшін керек. Отбасы деген – өзі құрыла салатын, кинодағыдай ұзақ та бақытты бола салатын, өзінен-өзі бақытқа жеткізе салатын ертегілік ғұмыр емес. Бақытты отбасыға екі жақты күрес пен еңбек керек. Бақыт құрылмайды, бақытты қолдан жасайды. Бұған өзіңізді де, жұбыңызды да, онан қалса балаларыңызды да сендіре аласыз. Бақыт жеке дара тұрған, өзінен өзі бөлек ұғым емес, бақытты әр адамның жандүниесі құрады, демек, әр адам өзін түзейді, жансарайын соған ашады. Әйтпесе, бақытсыздығы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан көп отбасының бірі боласыз да қоясыз. Ал, ажырасуға қашанда кеш емес, ажырасу – ең оңай жол. Ал, үй болу, адам болу өте қиын шаруа. Иә, Жанар, солай да солай әңгімелер болған. – Күйеуіммен кездесіп, міндетті түрде кешірім сұраймын. Бәрін басынан бастауға талпынып көрейік. Құдайым қолдаса, бәрі жақсы болады деп сенем. – Иә, сөйтіңіз. Сіздің ерік-жігеріңіз мықты. Осы күнге дейін өзіңізді тәрбиелеп, ниетіңізді дұрыстадыңыз. Алла жар болсын! Отбасыңызды сақтаңыз, Жанар. *** Бұдан кейін кеңсеге жан баласы бас сұқпады. Берген кітап беттерін парақтап, мұқабаларына қарап, компьютеріне үңіліп, көшеге жалтақтап күн өткізді. Бірақ жүрек түбіндегі, күнұзына көңілін құбылтып, жанын мұздатқан сұп-суық дірілді баса алмады. Егер ол келмесе? Келмесе қайтесің, Берген? Кенет есіктен екі адам кіріп келді. – Ойлашы, Берген, ол қызды бар болғаны бес күн-ақ көрдің. Сымбаты мен ақылы сай, Әсияңдай аяулы, мейірімді, алқымынан ақ жүрегі көрінген деп айта алмайсың ғой. Ол қыз сенің теңің емес. Ол – бір үйдің жалғыз табан қызы. Сендей айналасы ақ отау, аузы мұрны жоқ отауға бермейді. – Берген, жүректің әмірі басқа. Сен оны сүйесің. Бес күн махаббатқа аздық етеді деп кім айтты? Жүрегің сезеді, ол сені де сүйеді. Оны тап та, жүрегіңдегі сөзді айт. Қабылдаса да, қабылдамаса да алдынан өт. Енді саған мұндай мүмкіндік берілмейді. – Берген, сен ақылды һәм өз ойыңды басқара алатын адамсың. Сен алыпұшпа махаббаттың дегенімен кете алмайсың. Махаббат – бәрібір өмірде өңі айналатын уақытша сезім, сен оны жақсы білесің. Өзіңді ол қызға байлап-матап, оның артынан шабылып жүретіндей уақыт та жоқ. Олар сенен көп нәрсе талап етеді. Алыстан арқалама, жақыннан дорбала. – Сен Әсияңды жоғалттың. Бұл – Тәңірдің сыйлаған нұсқасы. Это вариант который ты можешь преусвоить себе. Ал, өз Әсияң түбі сенің түбіңе жетеріңді өзің де аңдадың. Ал,
Ақнұрды сен бәрібір Ақнұр деп қабылдадың. Бұл уақытша сезім емес, сенің өмірлік сенімді серігің. – Олай емес, Берген! Жүсіп Баласағұнның қандай қызды алу керек деген толғамын білесің. Ол сені түбі кемістігіңді, тексіз тамырыңды бетіңе басып отырады. Жігіттің қайынжұрты басым болмауы тиіс. Олар үстемдік құрмауы тиіс. Берген, байқайсың ба, алдыңа келіп иба көрсеткен Алуа деген қыздың саған назары бөлекше болды. Сол қыз шын мәнінде жақсы әйел бола алады. – Жоқ, Берген, сен тұр да Ақнұрды іздеуге шық. Ол бәлкім, сені күтіп өзіңмен қыдырыстайтын көше бойында кетіп бара жатқан шығар. Оның қасыңда, сенің айналаңда жүргенін сезесің ғой. Оны жіберіп алма. – Берген, түсінші, ол Әсия емес! – Берген, тұр да жүгір, бар, такси ұста да, ол жүретін көшелерді адақта. Жүгір бар, тап! Оны тыңдама! Жан-жағынан көлеңкелер қол созып, «келер» деген үміті бітіп, білтесі таусылған шамның жарығындай соңғы рет жанып-өшкенде, Берген есірік күй кешкендей кеңсесінен атып шықты. Жол-жөнекей такси ұстап, Сейфуллин мен Райымбекке қарай жол тартты. Көше бойын адақтап, Райымбектен ары түсіп, бері шығып, жоқ іздегендей адамдай, жоқ, шынымен жоқ іздеп, көп сабылды. Үй-үйдің терезесінен аппақ жүзі шалынар ма деп, үмітпен бағдарлады. Қызылшапақ тарқап, түн әлеті Алматыны жарқырата бастағанда, салы суға кетіп, кеңсеге қайтып оралды. Таксиден түсе бере, кеңсе ішінің жап-жарық екенін көрді. Жандүниесі мұз түскендей су етті. Есікті ашқанда, қарсы алдынан ай туғандай көрінді көзіне. Ақнұр осында екен. Бірақ ол өзі қарап тұрған раушан гүлінен назарын аудармады. Берген босағадан екі аттап, тұрып қалды. Үнсіз демнің сыры сөзге дес бермеді. Қай ойдан қай сөзді ұстарын білмеді Берген. Табан астында бар жігерін, бар батылдығын жоғалтты. Өзінің қандай биікте тұрса, сондай шыңырауда екенін ұқты. Соңы. 2016 жыл.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру