TELEGEI

Home

Бесөрім

Нүсіпбай Әбдірахым

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Бесөрім

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Алматы облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахымның бұл жинағына шағын әңгімелері мен сын-сықақтары, әр жылдары газеттерде жарияланған өзекті мақалалары енгізілген. Өмірдің өзінен алынған тәлімді жайттар жөнінде сыр шертетін бұл жинақ көпшілік оқырманның көңілінен шығады деп сенеміз.

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ

Б Е С Ө Р І М

Кітап Алматы облысының әкімі
Серік Әбікенұлы ҮМБЕТОВТІҢ
демеушілігімен жарық көріп отыр

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Алматы
облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары
Нүсіпбай Әбдірахымның бұл жинағына шағын әңгімелері мен
сын-сықақтары, әр жылдары газеттерде жарияланған өзекті

мақалалары енгізілген. Өмірдің өзінен алынған тәлімді
жайттар жөнінде сыр шертетін бұл жинақ көпшілік
оқырманның көңілінен шығады деп сенеміз.

Бірінші өрім

ЖАПЫРАҚ-ЖҮРЕК ЛҮПІЛІ

ЖАРЫҒЫҢДЫ АЯМА, ЖАРЫҚ КҮНІМ

«Қыс өтпейін десе де жаз қоймайды» дегендей, құмша сусып, суша сырғып өтетін уақыт шіркінге тоқтам бар ма? Әне-міне дегенше мың сан бояуымен көз арбап, көңілді тербей келетін керемет шақ – көктем де төбе көрсетті. Келе бер, көктемім, төрлет, Ұлыстың ұлы күні! Сенен күткен көпшіліктің үміті көп, өзіңнен тілер жақсы тілектер де жеткілікті. Қыс бойы тоң болып қатып жатқан ұлы даланың тұла бойы бусанып, жібіп сала беретін керемет шағында, Күн мен Түн, Жарық пен Қараңғы, Қара мен Ақ текетіресіп, түптеп келгенде Сүйіспеншілік пен Мейірім басым түсетін сәтте Қызыр баба ұлан даланы аралайды деседі. Көңілі ақ, ниеті таза адамға берері мол қасиетті қария өзіне жолыққан бақытты жанға бақ пен ырыс дарытып қана қоймай, жылағанды жұбатып, торыққанға үміт сыйлайды екен. Қызыр баба расында аралап жүр даланы! Жолықтыршы, пайғамбар, жабырқаған ағаны, жетім қалған баланы. Ренжіскен жан болса жалғап жібер араны. Бүгін сайын далама ғажайып бір мейірім, шаттық – сәуле тарады. Басқаша бір шуағын төгетұғын сияқты алтын күннің арайы. Өзгеше бір жылылық тарататын тәрізді замандастың жанары... Шымырлатты өн-бойды нұр сәулесін төккен күн, әлде бәрі әсері тек ғажайып көктемнің?.. Қызыр бабам, жолықшы, бос ұстаған бармағын, ертеңінен үмітті адам толы жан-жағым. Өз обалы өзіне, жасырғандар болса егер, қонышына қанжарын. Жылап жүрген жан болса, жолықтыршы арманын, жақсылықпен жадырап ата берші, таңдарым! Тәуелсіздік толысты, бодан болған өтті күн, жақсылықтар сүйінтер айналамда көп бүгін. Әлі талай сүйінтер сәттіліктер болады, тәубе, жарқын ертеңім, қазан аузы жоғары.

Қызыр баба, өзіңе тілек айтып қиылам, отандасқа ынтымақ берші уыздай ұйыған. Бірлік болса ел-жұртта талай тірлік болады, мынау сайын далаға төрт түлік мал толады. Егінін де орады, басқа да бар ойлаған тіршілігін істейді, дәм татып кет, Әз-ата, бөлінбеген еншіміз – қазан оттан түспейді. Шөліркеген жан болса, өтінемін, шайлық бер, бәрі керек еліме, бақуат бер, байлық бер. Мұңайған жан қалмасын, сырқат жанға саулық бер. Шаттықпенен көз салсын әрбір атқан таңына, жабырқаған жалғыздың жұп қосып бер жанына. Береке мен молшылық алып келіп ауылға, тоқтам салшы зілзала, тасқын менен дауылға. Тағы айтамын, ынтымақ, бірілік бергін қауымға! Келе бергін, Жаңа күн, төрлет, жарқын Жаңа жыл! Шөліркеген далаға, шөлдеріме сусаған жауып өтсін жаңа нұр. Небір айтқан тілектің, армандары жүректің орындалып, Аллаға бас ұратын ара бұл. Бере көргін жауқазын жас балаға болашақ, қарияға соларға жол сілтейтін парасат. Кетпегейсің тек таза көңілдерге жара сап, бүгінгі күн бәріне күліп жүрген жарасады. Көзі ашылып бітелген сыңғырласын бұлақтар, айналаға сән беріп өсе берсін құрақ, тал. Ырыс толсын қалаға, егіс толсын далаға, ақыныңнан жыр ап қал. Азайсыншы әлемде қантөгістер, соғыстар, шешімі жоқ сұрақтар, адамзатқа қайғы мен сор әкелер сынақтар. Әр күн сайын тек жақсы жаңалықтар естиік, қариялар өнеге, жастар аппақ сыр ақтар. Келе берсін көктемдер, төгіліп нұр – шуақтар. Дайын сыйым, өлең де, Төрлет жылым, бөгелме. Тізе бүгіп бір сәтке, Дәм татып кет менен де.

Жолыңды енді бастайсың,
Ентігіңді басқайсың.
Ақ көңілдер алдынан
Арман қақпа ашқайсың.

Ашық болып ай-күнің,
Келе берсін жайлы күн.
Адамдар да ұмытсын
Ащы дәмін қайғының.

Бүршік жарып үміттер,
Аулақ тұрсын күдіктер.
Гүл сыйласын тек қана
Аруларға жігіттер.

Серігің боп от қана,
Содан кейін тоқтама.
Төрлет, жылым, қарама,
Қиып түсер оққа да.

Шаршап-талған кезіңде,
Өзіңді әлсіз сезінбе.
Адамзаттың өйткені
Бар үміті өзіңде,

Бар үміті өзіңде!

ЖАПЫРАҚ – ЖҮРЕК ЛҮПІЛІ

Ақын бүгін де тынымсыз ұйықтады. Ұзақ түн дөңбекшіп
барып таң ата көзі ілініп кеткен екен, шым-шытырық түс көріпті.
Бас-аяғы бұлыңғыр, бір-бірімен байланысы жоқ үзік-үзік суреттер.
Қатты қиналып, қара тер болып жатып оянады. Қайтадан көзі іліне

берсе, жаңағы шым-шытырық түсі қайта жалғасады.
Қалың құмның ішінде жүр екен дейді. Басқан аяғы кері кетіп,
сусылдаған құмға тізесіне дейін батып бара жатады. Тілі аузына
сыймастай болып шөлдеген. Шеті, шегі жоқ қызыл құм тегі

таусылмайтын сияқты. Әттеген-ай, бір тамшы, жалғыз ғана тамшы
су болса ғой деп армандайды.
Енді бірде Қарасазға, қарға адым жерде жүріп қанша күннен
бері жете алмаған қайран Қарасазына барыпты. Жұмақтың төріндей

жайнап тұрған жайлау төсіне тұрақтамай, сонау бір шетте
қарауытып көрінген жақпар-жақпар жартастарға қарай жүгіреді.
Өрмелеп соның басына шықпақшы болады. Қолға ілінер бұдыры аз
тік жартасқа өрмелеп келе жатып, ұшар басына енді жете бергенде,

қармайтын ештеңеге қолы ілікпей, құлап бара жатады... Жарық
дүние, өзі өртеніп жырға қосатын шұғылалы жарық күн соңғы рет

бір жалт етіп жанарынан өшіп барады. Думанды тірлікті қиғысы келмей, қия алмай жанталасады. Ояна келсе жүрегі кеудесіне сыймай атқақтай соғып жатыр екен. Соған орай қан қысымы да көтерілген бе, қос шекесі зыңылдап, сыздай ауырады. Қан тамырлары сұрапыл қысымға шыдамай жарылып кететін секілді. Әр қырына аударылып жатып көріп еді, болмаған соң түрегелді. Күндегі әдетімен терезе алдына барған. Таң аппақ болып атыпты. Күндегі тірлік, күндегі көрініс. Сондай үйреншікті, мезі еткен, шексіз жалықтырған көңілсіз сурет. Астана... астана болса да тас қала... Әлде тек баспана ғана ма? Өзі де байқамай ұйқаспен күбірлеп тұрғандығын аңғарды. Иә, Алматы шынында да тас қала екен-ау! Көп қалалардан, бәлкім, әлемдегі қалалардың бәрінен әдемі де, артық та болар. Бірақ, сонда да болса барлық басқа қалалар секілді бұл да тас қала. Араның ұясы секілді бұл омартада да әр ара – адамға өзінің орны белгіленген. Ара сияқты ұшып қайтуға, жоқ-жоқ, жүріп қайтуға болады. Бірақ қоналқаға тас пәтерге, аядай тас бөлмеге қайта оралуың керек. Көшеге шықсаң да таспадай созылған тас жолдың жаяуларға арналған шетімен ғана жүруге тиіссің. Жаңа ғана түсінде көрген жазира жайлау төсімен салыстыруға келе ме? Саумал ауасын бір жұтып, салқын қымызынан қанып бір ішсе, мұздай бұлақ суымен беті-қолын бір жуса, қазір-ақ ширап сала берер еді-ау, шіркін! Ақбоз атпен, мейлі ақшаңқан автобуспен болса да бүгіннен қалмай тартып кетсе ғой. Бірақ ол қайдан болсын... Бірі бітсе, бірінің шеті көрініп тұрған қым-қуыт тірлік болса мынау. Кеудедегі бекіністі бұзбақ болып аласұрған, барлық жақсылықты аңсаған, шаршаған, ойпы-тойпы соғып тыпыршыған ет жүрегі, сырқат жүрегі тағы бар. Тұрып, ары-бері жүргеннен кейін қалыпқа түсе бастаған жүрегі тағы сыздап сала берді. Өзі өлеңінде айтқанындай, еркіндік, еркелікті місе тұтпай ақындық қуып, жасырып керегі не, атақ та қуып сонау жыл астанаға келгенде не тапты? Тасқа әкеп өзін-өзі шегелегеннен не ұтты? Рас, үш-төрт кітабын шығарды, шықпай жатқаны қаншама? Ешкімнің несібесін ұрламай ақ көңілімен аңқылдап жүрсе де жұрт шыққан биікке, әрине, өзі бір кезде күйкі тірлік көрген тұрмыс биігіне шыға алмапты, жұрт көрген құрметті де көрмепті. Әрине, болашаққа сенеді, бірақ бүгінгі күні қысқа жібің күрмеуге келмей жатса, қалай күйінбессің?! Өлеңнің қанатты

сәйгүлігінен бұрын тұрмыстың жабы торысын тізгіндей алмай жүргені жанына батады. Оны да қойшы, ең бастысы, мынау қымбат та қимас жарық дүние жанған шырақ секілді сәт санап қысқарып бара жатқандай. Соны сезінген, түйсінген сайын талайы күшті тағдырға көнгісі келмей жанталасады. Бұл жерде де өлімнен емес, айтып үлгермеуден қорқады. Басты өлеңін, соңғы өлеңін жазып қалуға асығады. Терезеде сол баяғы сурет, сол баяғы тас қала. Ол ғана емес, тоқтай тұр, сол сұрқай көріністің өзіне жан бітіріп тұрған басқа бір сиқыр бар секілді. Бар секілді емес-ау, бар! Сонау жол бойында жапырағы жайқалып тұрған жас қайыңның сондай сиқырдан несі кем? Талай жаз бен қыстың аптап ыстығы мен шыңылтыр аязын бастан өткеріп үлгерген, дауыл мен нөсер жаңбырға қасқайып қарсы тұра алатын діңі берік, саясы мол жас қайың. Әр жапырағы лүпілдеп соғып тұрған бір-бір жүрекке ұқсайды екен-ау... Жапырақ – жүрек! Мың сан жүрек... жалғыз өмір емес, мың өмір... Ақын өзін бір сәт осы қайыңның орнында сезінді. Ғажайып бір құдіреттің күшімен қайыңға айналып, бірнеше ондаған, жүздеген жылдар бойы жапырағы жыл өткен сайын жаңарып, келер ұрпақтарға қызыға қарап тұра берсе... Әр күн сайын арай таңды қарсы алса... Солай болса ғой, шіркін! Ал қайың адам болып көрсе... Осы бір ғажайып қиялдың көңіліне оралуы мұң екен, манадан жанын жеген мазасыз ойлары да, тәнін қинаған сырқаты да сап тыйылғандай сезінді. Ендігі мезетте тәні қалжыраған, жаны қиналған сырқат адамның орнын ақын, жо-жоқ, қайыңның өзі басқан. Ақ қағазға да ойлы, мұңлы өлең құйылып түсті.

Жапырақ – жүрек, жас қайың!
Жанымды айырбастайын.
Сен адам бола бастасаң,
Мен қайың бола бастайын.

Келісесің бе, жас қайың?

(Көрінер, мүмкін, кімге ерсі),
Өміріңді маған бір берші!

Дүрбелең мынау дүниені,
Адам көзімен бір көрші.

Қайың боп мен де бағайын,
Орманнан орным табайын.
Беймәлім маған өмірге,
Қайың көзімен қарайын.

О, шіркін шабыт! Ақын манағы күйкі ойлар мен күйбең
тірлікті мүлде ұмытып, қайраттанып алған. Мейлі, қос-қостан
шетелдік жиһаз жинап, мың-мыңдап ақша таппай-ақ қойсын, қазір
құдіретті дарын иесі өз биігінде. Өйткені ол жер бетіндегі барша

тірлік иелерімен, анау шырылдаған торғайлармен, қыбырлаған
адамдармен, сәл ғана самалмен жапырағы дір ете қалатын жас
қайыңмен түбі бір туыстығын сезінген. Өлең де сол бағытта
жалғасты:

Сен-дағы жерден нәр алдың,
Мен-дағы жерден нәр алдым.
Біреуден сен де жаралдың,
Біреуден мен де жаралдым,

Тілің жоқ, жанды қайың сен,
Айырмашылығым – Адаммын.

Жапырақ – жүрек... Сәл ғана самалға, сәл ғана ренішке дір ете
қалатын сезімтал жүрек, жалғыз жүрек. Ал қайың жүрегі
қаншама? Қызғанады емес, қызығады, сүйінеді.

Мендегі бары бір жүрек,
Беріпті жүрек саған мың.
Сондықтан ұзақ жасайсың –
Құрдасы келер заманның.

Бар-жоғы менде бір жүрек,
Ол өлсе мәңгі кеткенім.
Сендегі семсе мың жүрек,
Келгенде жасыл көктемің

Тірілер қайта дүркіреп,

Жапырақ – жүрек, жас қайың!
Жанымызды айырбастайық?
Адам боп жүрсең қасқайып,
Қайың боп тұрам қасқайып,

Тәуекел, айырбастайық!

Ақын дәл казір жас бала секілді. Әрбір сәтті шумаққа, шумақ
емес-ау, әрбір жолға жаны сүйсінеді. Бірінен кейін бірі құйылып
түсіп жатқан шымыр ұйқастарды, сезім пернесін дәл басатын өлең
жолдарын бейне бір өзі емес, еркінен тыс басқа бір құдірет

туындатып жатқандай, өзі сол құдіретке байқаусызда куә болып
отырғандай керемет бір күй кешеді.
Бір сәт өзін ол мәңгі өлмейтіндей, мынау жарық дүниемен
ешқашан қоштаспайтындай сезінді. Бұл сезімі тіпті де жалған емес

еді. Себебі ол ақындық күш-қуатының, шалқар шабытының
шарықтау шағында тамыры терең, діңі берік, ажары таймас өзіндей
бір тіршілік иесімен сөз байласып үлгерген болатын. Енді оған
күйкі тірлік те, тіпті түсі суық, қаһары қатты ажал да соншалықты

қорқынышты еместей көрінді.

Өмірге өмір жалғасып,

Анамыз жерге жармасып.

Бірде адам, бірде қайың боп,

Сүрейік өмір алмасып...

Жанары мана бір әзірдегі мұң табынан арылып, жарқыл
қаққан ақын «Сүрейік өмір алмасып» деп тебірене күбірледі.

САҒЫНЫШ – САРЫ ЖАПЫРАҚ

ЭССЕ

Тағы да, міне, күз келді. Сан ақын мен сан ғашық сағынышқа ғана теңейтін сары күз. Сарғайған сана, сары дала, сары жапырақ. Сары жапырақтар біртіндеп болса да жерге түсе бастапты. Мұқағали жырлаған жапырақ-жүрек те кешегі жасыл дәуренінен айрылған. Қанша байқамайын десең де лүп еткен желмен елп етіп,

аяқ басқан сайын сытырлап, көңіліңді аудара береді. Бұл мінезі
күні кешегі терек басындағы жайсаң мінезінен бір аусашы.
Бірақ ол кез бен бұл кезді салыстыруға бола ма? Кешегі жаз
дәуренінде көрген көздің жауын алып, биікте сыбдыр қағып тұрар

еді, ал бүгінде... Ақтық күшін жинап қас дұшпанымен алысып
жатқан жаралы жауынгерге, жо-жоқ, ақтық демін алғалы жатқан
арманды аруға ұқсай ма, қалай? Қайткенмен де жапырақ жапырақ
қалпында қалыпты. Жерге түссе де өзінің о бастағы күйінен

айнымаған. Көңіліме осындай бір жапырақ – ғұмыр жазған
жауқазын жыр оралды:
Кеше ғана биікте ең,
Бүгін жатсың табанда.

Жапырақ-ау, тағдырың
Тимеді оңай маған да.

Құлағанды биіктен
Кім сыйлайды бұл күнде,
Қансыраған жүректей
Жерде жатып бүлкілде.

Биіктен құлағанның жан сырын биіктен құлаған ғана жете
түсінеді. Жаз дәурені өткен жапырақтың жерге түскенін көрген
ақын мұны әлдененің тұспалындай қабылдап, еріксіз тітіркенеді.
Табиғат өлшеп берген мерзімі бітпесе де тағдыр өлшеп берген

дәуренінің өтіп бара жатқандығын сезінгендей болады.
Жалпы ақынды ақын қайталамау керек дейді ғой. Ендеше бұл
ақын да неліктен жапырақты жүрекке теңейді! Дегенмен, Мұқаң
айтқан жас қайыңның жапырақ-жүрегі мен бұл айтқан, Бауыржан

марқұм айтқан қансыраған жүрек бірдей ме? Мұқағали самал
желмен желбіреп тұрған жапырақ-жүрекке ақын көңілмен
қызығады, сондай мың жүрегім болса, анамыз жерге жармасып,
ғасырларға куә болып мәңгі тұра берсем ғой деп армандайды.

Бауыржан болса бір ғана жапырақ-жүректің ғұмыры бітіп,
қансырап бара жатқандығын көріп қамығады, ет жүрегі езіле
тағдырына ортақтасады. Мұқаңдай ұлыны қайталамайды, бір ғана
жапырақ-жүректің ғұмырына мүлдем басқа қырынан келеді.

Құлағанды биіктен
Кім сыйлайды бұл күнде,
Қансыраған жүректей
Жерде жатып бүлкілде, –

деп заманның ащы шындығын айтып салып, ары қарай төгіледі:
О, бүлкілде, бүлкілде,
Шірігенше бір тынба.
Ағаш сені неғылсын

Қабығы бар сыртында.
Бұтақ сені неғылсын,
Тамырлар бар нәр берер,
Қыстай қатып, көктемгі

Жылымықпен әлденер.
Құдай-ау, Бауыржан, өзі жырлаған жапырақ сынды ғұмыры
тым қысқа болған марқұм Бауыржан Үсенов осы өлеңімен өзінің де
тағдырын меңзеп тұрған секілді екен-ау.

«О, бүлкілде, бүлкілде, шірігенше бір тынба» дейді.
«Шірігенше» дегені өмірден қайтқанша дегені болар. Өзі де
отыздан жаңа асқан қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында
«бүлкілдеуден» бір тынбай жалындап, жайнап өтті емес пе?!

Одан кейінгі өлең жолдары да сезім қылын шымшылайды. Тарлан
талантқа ғана тән түйсікпен болашағын тамыршыдай тап басып
болжаған қайран ақын өзіне өзі жұбату, көңіл айтқан сияқты ма?..
Жапырақ-ау, жапырақ,

Сарыаурудай сарғайған,
Ғұмыр деген мәңгілік
Таусылмайтын қан майдан.
Құладым деп қамықпа,

Өлдім ғой деп түңілме,
Терегіңнен серейген
Дің де қалмас түбінде.
Сені таптап жүргендер

Түсе берсін әуреге.
Алты ай бойғы армансыз,
Ғұмырыңа тәубе де.
Бірнеше рет қайталап оқимын, «жапырақ-ау, жапырақ» деп

күбірлеймін. Жапырақтың орнына «Бауыржан-ау, Бауыржан» десең
де болатындай...
Өмір деген қан майданда бір жапырақ үзіліп түскенімен, бір
ақын өмірден өткенімен көп ештеңенің өзгере қоймайтындығы

белгілі. Күн сол орнынан шығып, өзен сол қалпымен аға бермек.
Мың жыл, миллион жыл бұрын да солай болған, солай бола береді
де. Ендеше шынында да «алты ай бойғы армансыз ғұмырға тәуба

ету» ғана қалғаны ма? Олай дейін десең ақында қашан армансыз
ғұмыр болып еді?
Ерте ме, кеш пе, жапырақ қана емес, серейген теректен де дің
қалмайтындығы рас. Бірақ сонда да жапырақтың – ақын, сазгер,

әнші, домбырашы Бауыржандардың ғұмырларының тым қысқа
болатындығы неліктен екен?
Жақында ерке Іле өзенінің көзіме ыстық бір жағасында,
кезінде Баукең марқұм үш күн, үш түн ән салып, думандатқан

жерінде болып қайттым. Ол жақта да сарғайған жапырақтар
саудырап жерге түсе бастапты. Басқа ештеңе өзгермеген секілді...
Бір кезде Баукең гүлі болған ҚазМУ қалашығының айналасы да
сағыныштың сары түсіне бояла бастаған шығар-ау.

Бір сәт көз алдыма Баукеңнің ән салып отырған асқақ кейпі
елестеді. Құлағыма ешкімге ұқсамайтын дара дауысы жеткендей.
Әсіресе Омар Һаямның рубаиларын өз әуеніне салып айтқанды
жаны сүйетін еді-ау. Қайдағы бір мұңға батыратын терең

шумақтарын тауып алатын. Омардың өлмес төрттағандары асқақ
та мұңды әуенге қосылғанда өмірден шынында да баз кешіп кеткің
келетін.
Жас та өтер бұл жалғаннан, кәрі де өтер,

Баянсыз бұл дүниенің бәрі бекер.
Жалғанда мәңгі жасар жан жоқ, сірә,
Өмірге келдік, кеттік, әлі кетер.
Осылайша бірінен бірі өткен сазды төрттаған адамды ойға

батырмай қоймайтын.
Бір жолы теледидардан Баукеңнің ән салып тұрған дауысын
естіп қалдым. Әншінің бейнесі көрінбесе де кадр сыртындағы
дауысты бірден таныдым. Қоңыр дауыс «Жаз өмірін, наз өмірін

қысқартып» деп арнасы кең өзендей баяу да мұңды тербеледі.
Көңілім тағы да шым-м ете түсті. Күз туралы, қайтып бара
жатқан құс туралы әдемі, бірақ тағы да мұңды ән. Сезген екен-ау
Баукең...

Сонда бұл не, шын дарынға ғана тән тылсым бір түйсік пе?
Әлде пәни жалғаннан қайтқан адамның қай ісін болсын бір
ғажайып тоқтамға әкеліп тірегің келіп тұратын өзіміздің
жаратылысымыз солай ма?

...Ақынның жалғыз жұқа жинағын ақтарып отырғанымда
арасынан сары жапырақ сусып түсті. Үйдің ішінде де тыныш жата
алмай, терезеден соққан самалмен дір қағып, әлденеше аунап

түскен сары жапырақ бір сәт менің көзіме арманда кеткен сыршыл
ақынның сезімтал жүрегіне ұқсап лүп-лүп етіп соғып тұрған сияқты
болып көрініп кетті...

Бір бала-ай
(әңгіме)

Автобус іші у-шу, жарасқан қалжың, көңілді күлкі. Ауық-ауық
ән қалықтайды. Арынды жастық қызуы автобус ішін ғана емес,
терезе сыртындағы көктемгі жазира даланы да қыздырып
жібергендей, бір сәтте сан құбылады.

Мұрат терезеге бұрылды. Жусан иісі, көктемгі жұпар иісі
кеудені қытықтаған жасыл дала терезеден бірқалыпты сырғанап
өтіп жатыр, өтіп жатыр. Таусылар емес.
Аспан да көкпеңбек. Көз ұшында ойнаған көгілдір сағым

аспанмен астасып кеткендей. Кеудесі де кеңіп сала берді.
Көкірегінде көптен қоламта болып келген алып сағыныш енді
ақтарылып қоя бергендей, денесі біртүрлі болып кетті. Иә, кең
далаға шықпағалы да біраз уақыт болыпты-ау. Қаланың да қызығы

көп қой, бірақ ауылда туып-өскен жігітке даладан артық не бар
дейсің? Ылғи бір нәрсе жетпей тұратын, осы екен ғой, осы екен...

Тағы да ән көтерілді. Баяу, бірте-бірте шырқау биікке
көтерілген ән әлі біткендей қалт етіп, сәл төмендеп барып лезде
қайта өрлейді. Қайта жалғасқан сағыныш сазы көңілді шымшып-
шымшып алады.

Әнді бастап, бәрін жетелеп отырған Әмір. Төмендетіп әкелген ән ырғағын қайта көтергенде, қастары керіліп-керіліп кетеді. Нұрлы қой көздеріне белгісіз мұң мен асау тәкаппарлық қатар сыйып кеткендей, кірпік қақпайды. Тек бет-әлпеті ғана ән ырғағымен мың құбылады. Бұйралау қара шашын анда-санда сілкіп тастағанда, жазық маңдайы ашылып кетеді.

Ән қайта өрледі.

Япырау, мұнша сағыныш, айтылмас аяулы арман әнде ме,
әлде әнді айтқан сол адамда ма? Балбыратып әкетіп барады.
Көкірегіне бір тәтті мұң, әлдебір асау сағыныш оралды.

Автобус әлі зырлап келеді. Ән толастаған, оның орнын енді
күлдіргі әңгімелер, жастардың жарасымды әзілдері басқан. Ду-ду

күлкі. Еңбек семестрін табысты аяқтаған студенттер шаттық
тасқынының еркіне біржолата беріліп кеткендей.
Мұрат әңгімеге араласып кете алмады, жаңағы ән әсерінен әлі
де айыға алмай отыр. Бір сәт өзімен-өзі болғысы келді. Мектептегі

әдеті. Кейде у-шу класс ішінде үнсіз қалып, айналасын көзбен
бағатын. Ол кезде класта Бағила бар еді. Көбіне соған қарайтын.
Бағила... Алдыңғы партада отыратын ақсары қыздан көз
алмайтын. Желке тұсынан бір байлап, арқасына төгілдіре жіберген

сарғыш шашы қозғалған сайын жан-жағына лықси төгіледі.
Сыртынан қанша елжіресе де, Бағила кейін бұрылғанда, көзін тез
тайдырып, кітапқа үңілетін. Қазір сол сәттерін де сағынғандай.
Жаңағы ән сол ауырған жеріне дөп тиді. Жетелеп өткен күндерге,

алаңсыз, алғашқы балаң сезімге мас, албырт шақтарға алып кетті.
Алыс қалған сол бір шақ. Бағиланың үйлену тойы... Сол
тойдың аяғын күтпеді. Достардың жүр-жүрімен әзер келген ол аз
ғана отырды.

Ішіндегі алай-дүлей дауылды әрең басып, жан толқынысын көңілді жұртқа сездіргісі келмей көп сөйлеп, күліп отырды. Сол тойда бұған да сөз берген. Сонда ғана күйеу жігіт пен қалыңдыққа, Бағилаға тіктеп қараған. Күйеу жігіт жайбарақат, қуанышты. Бұл сырдың шет-жағасын білетін ауыл жастары не айтар екен дегендей тына қалған. Сонда сөйлеп беріп еді-ау. Шын жүрегімен тебіреніп сөйледі. Өзін түсінбей кеткен, қазір өзге бір жігітпен қатар отырған Бағилаға деген өкпесін басқа көл-көсір сезімдер басып кеткен. Ол өзінің жанындай жақсы көретін Бағиласына ақ батасын берген. Қазір де тура сондағыдай өнбойы езіліп бара жатты. Мұрат еңсесін әрең тіктеді. Қарсы алдында – Әмір, Гүлнәр. – Ән салшы, Әмір. Әмір де Мұраттың қазіргі жан-күйін түсінгендей. – Қайсысын? – «Бір бала-айды». Ән қайтадан көтерілді. Мұңға да батырды, жаңағы құлаған құрдымынан да алып шықты. Мынау ән емес, сағыныш қой, шексіз-шетсіз сағыныш. Жете алмай қалған, ешқашан жеткізбейтін арман, жоқ, ол да емес, әйтеуір сөзбен айтып жеткізе алмас ғажап дүние. Мұраттың өзі де қосылып кетті. Әмірдің қоңыр даусына сыңғырлаған жіңішке дауыс қосылып, ерекше жарасымын тапқан секілді. Бағанадан бері өзімен-өзі

отырып, байқамапты. Ішкі жан толқынысының әсерінен дірілдей
шыққан сезімге толы ашық дауыс жанына жағып барады.
Гүлнәрдің бет-әлпеті Бағилаға ұқсайды. Қас-қабағы ма,
кішкене қырлы мұрны ма, ерні ме, тіпті біле алмай-ақ қойды.

Бағила мұны талай ренжітті. Бірақ оған бәрі кешірімді еді.
Оның мінезіндегі көп жеңілтектігіне, кейбір орынсыз
тәкаппарлығына да Мұрат көз жұма қарайтын. Өйткені ол
Бағиланы шын сүйетін. Уақыт Бағиланың барлық мінезін, оған

деген өкпе-ренішін де ұмыттырып, оның өзін ғана, күлімкөз
Бағиланы ғана қалдырған.
Қарсы алдында – Гүлнәр, Әмір. Гүлнәрдің көзіне көзі түсіп
кеткенде тез тайдырып әкетті. Неге қысылады, түсініксіз.

Ол не сөйлесе де, не істесе де, көңіл көзінің қиығымен
Гүлнәрді бағып отыр. Қатты күлмейді де. Тек нұрлы көздерін
жаудырата қарап, жымияды да қояды. Ұнатқан-ұнатпағаны белгісіз.
Ал осы бір жұмсақ сәулелі көздері адамның ішіндегісінің бәрін

көріп отырған сияқты. Мұрат көңіл түкпірінде беймәлім бір сезім
оянып келе жатқанын сезді. Қалайда Гүлнәрді риза еткісі,
күлдіргісі, сөзге тартқысы келді. Бірақ осы бір жәудіреген жұмбақ
жанардың тереңіне бойлай алмайды, еріксіз кейін тайқиды.

Осындай да көздер болады екен-ау. Сондай жұмсақ, мейірбан
көздер ылғи да бір мұңлы сәуле төгіп тұрады.

«Көз – адам жанының айнасы» – дейді ғой. Көзі де, жаны да
құпия. Тек қана жақсылыққа жаралған құпия.

Сол күннен кейін көп уақыттан бері тымық күнгі көл бетіндей
тыныш жатқан Мұраттың көңілі өз-өзінен алабұртатын болып
алды. Бұрынғы ет жүрегін езіп тастай жаздайтын батпан салмақ ән
тудырған сезім нөсерімен бірге жуылып кеткен сияқты. Шәйдай

ашылған аспан көгіне еркелегендей көңіл түкпірінде Гүлнәрға
деген балауса сезім бой көтеріп келе жатты. Оны Гүлнәр да
сезетіндей. Көңіл көктемінің сайын даласын көктей жүріп өткен
қызыл өрт көк балауса атаулының бәрін күйдіріп кете алмапты. Ақ

қайыңдар арасына төгіліп тұрған ай сәулесі тәрізді армандай бір
түнде ол Гүлнәрға сырын айтқан. Сол күні де көрші үйдің
терезесінен радиодан беріліп жатқан «Бір бала-ай» әнінің мұңлы да
сырлы әуені төгіліп тұрып еді-ау. Бойын билеп алған сезім

тасқынын тежей алмай, қызды құшағына қысып, бақыт толқынында
ессіз тербеліп тұрып қалған Мұрат есін жиғанда, Гүлнәр жылап
тұрды.

Үзік-үзік сөздер құлағына келеді. – Мен... Мен сүйем ғой оны, Әмірді... бар жаныммен... Дүние көшіп жүре берді. Қара түн де, жұлдыздары жымыңдаған тылсым аспан да өзгеше бір ғажайып құдіретке айналды. Өйткені ол жас жүректің, қыз жүрегінің дүниеде ешкім көтере алмастай мұңын, айтылмас сырын жан жүрегімен, бүкіл денесімен тұтас сезініп еді. Сен осындай ма едің, Гүлнәр? Кеш, кешір мені, аяулы құрбым. Азғантай пендешілік пиғылым үшін кеш. Сен шын мәніндегі періштесің. – Жыламашы, әлі-ақ сендер бақытты боласыңдар... Айтарын айтса да, өз сөзіне өзі сенбеді. Әмір басқа қызға ғашық болатын. Оны Гүлнәр да біледі. Гүлнәрді аяп кетті. Қандай ауыр. Әсіресе, сүйген жігітіңнің аузынан өзгеге арнаған өлеңдерін тыңдау... Бұлттан ай шықты. Ай сәулесі Гүлнәрдің жүзіне түскен. Жұмсақ жанар жәудірей қарайды. Іші қимайтынын сезді. Кімге, досына ма? Өз ойынан өзі тітіркеніп кетті. Әмірдің автобуста ән салып отырған кезін елестетті. Көзіндегі мұң... Құлағына тағы да ән келді. «Талдан таяқ жас бала-а, таянбайды-ау»... Сезеді екен-ау Әмір де. Дүниеде махаббат мұңынан ауыр не бар дейсің? Адам қанша қиналғанымен одан арылуға тырыспай, қайта өз қалауымен ауырлата түседі. Жаныңа батқан нәрседен ләззат алу – құдірет деген осы да. Шын сүйіп көрмеген адам жарық дүниенің қадірқасиетін түсіне алмаған, бақыт балының дәмін татпаған бейшара екен-ау. Мұрат келесі күні автобуспен үйіне қайтып келе жатып осындай бір тоқтамға келді. Жұмсақ креслода маужырап келеді. Автобустың бірқалыпты гүрілі тұтасып келіп, әнге айналып кетеді. «Ән салшы-ай, бір ба-ла-ай». Одан кейін Гүлнәрдің жұмсақ сәуле төккен жәудіреген жанары елестейді. Мұның мұңы Гүлнәрдің үлкен махаббатымен салыстырғанда түк емес екен-ау. Бұл айта алады, өлеңмен ойын сыртқа шығара алады. Ал Гүлнәр... Өмір бойы осылай іштен тынып өте бере ме? Тағдырдың оған сыйлағаны осы бір мұңлы сағыныш қана ма? Арғы

тағдыры не болмақ? Қашанғы күтеді, басқа біреуге қосылады да.
Кешегі сөзі құлағына келеді:
«Әмір ақын ғой, өзі болмаса да оның өлеңдері менімен өмір
бойы бірге болады».

Әмір, сен бақытты жігітсің. Осындай ару саған іштей болса да
адал махаббатын сыйлапты. Әттең, басқаны сүйесің. Тағдыр менің
екі досыма бір-бірімен қиылыспайтын екі бөлек жол сыйлапты.
Өмір, сенің ұлылығың да, тылсым жұмбағың да осында ғой.

Автобус гүрілімен үндесіп құлағына тағы да ән келеді:
«Ән салшы-ай, бір ба-а-ла-ай».

Екінші өрім

КӨҢІЛАШАР

КӨК ЕСЕК ПЕН КӨК ЕСІК (сықақ әңгіме) Басына «бақ қонып» нән мекемені билеп тұрған Былшықпен көрші тұратын Жабай шал өзі сияқты күні жетіп, қартайып қалған көк есегін қанша айдаса да ауладан шығара алмады. Көкелері бір кезде Қожанасыр жарықтыққа серік болған жануар құлағын қайшылап, қайдағы бір жоқ қиялға беріліп кеткендей орнынан қозғалар емес. Анда-санда көршінің көк есігіне көңілсіздеу қарап қояды. Біреуді күтіп, бірдеңе айтқысы келетіндей ме, қалай?.. Бірақ, ешкім көріне қоймайды. Көк есек те, көк есік те қимылсыз. Сиыр сәскеге дейін сергектеу тұрған көк есек күн одан әрі көтеріле күлге көсіліп жата кетті. Кәрі сүйегін күнге қыздырып біраз жатқаннан кейін қалғып кеткен екен, керемет түс көріпті. Өзі таңертеңнен бері күте-күте көзі талған, үсті-басына түгел алтын сырға, асыл тас, сақина, әлекей-шүлекей іліп тастаған көршінің кербез келіншегі келіп мұның жалынан аялай сипап тұр екен дейді. Бұл болса кеудесінде көптен қоламта болып келген ойларын осындайда айтып қалайын деп аптығып ақырып жатыр. Келіншек те мұны түсінетін сияқты. – Алтыным көп екен деп аспанға қарама, айналаңа қара. Бақыт, байлық деген көзден бір-ақ күнде бал-бұл ұшады. Сол кезде ақын мазақ еткен менің ақымақ атама ұқсап аңқайып қаласың, – дейді бұл. – Да, неужели?.. Аһ... Қандай ақылды есексің, прямо молодец! Келіншек аһылап-үһілеп, айналып-толғанып жатыр. – Ақынды оқы! – дейді бұл. Онысы «А-қу-қоқы» дегендей естіледі.

– Кім ол? Министрлікте істей ме?.. Көк есек күйіп кетті. Бір кезде атасын айдай әлемге масқара етіп жазса да, ол жарықтық аты есінде қалмаған ақынды өмір бойы сыйлап өтіп еді. Өзінің содан алған сабағын, ғибратын көңілге берік түйіп, балаларының баласына өсиет еткен. Мынау болса оны естімеген де. – Ақын ол. Өткенде бір топ кітапты өртеп едіңдер, кітабы соның ішінде кетпесін? Біздің атамызды жазған... – Тфу, ақын дейді. Ол жатпай-тұрмай жазған кітабына жүз мың теңге алады екен. Менің мойнымдағы моншағымның өзі бес жүз мың теңге тұрады. Қайдағы бір макулатураны сөз қылып... ...Көк есік сықыр ете қалғанда көк есек те оянып кетті. Жаңа ғана түсінде көрген келіншек шашы қобырап, алқам-салқам болып аулада жүр екен. Мұны адам екен, жануар екен демей тыр-тыр қасынып келіп ауланы қақырата бір сіңбірді. Неше күннен бері айта алмай жүргені есіне түсіп, ұмсына түрегелген бұған мұрынын тыржита қарап теріс айналып кетті. Ақырып-шақырғанына да қараған жоқ. Көк есек күрсінді. Ақыл тоқтатпаған ақымақ кезінде сол ақынға ренжуші еді, қазір аяйтын секілді. Ойлап отырса әр сөзі алтын. «Бұрынғының адамдары әулие болған екен ғой» деп өзегі өртене ойлаған ол тағы да ойға беріліп кетті. Топырағы торқа болғыр атасының үстіне бірде алтын артып қойыпты. Керуеншілердің бәрінің назары есекте, арпа-сұлының бәрі осының аузында. Айналасындағы маң-маң басқан атан, қылқиған қашырлардан өзін артық екенмін деп сезінген атасы байғұс асып-тасып, ешкімді менсінбей қойыпты. Ақыр аяғында үстіндегі алтынын алған соң абыройдан өзі де жұрдай болмай ма? Әлгі ақын соны жазған ғой. Мына көрші келіншек адам болса да сол атасы байқұстың қылығын қайталап жүр. Осы қазір ақыл айтып қоймаса кейін кім айтар дейсің оған? Төрінен көрі жақын қалды. Шалдың балалары кейін есек ұстай ма, ұстамай ма, кім біледі?

Көк есік тағы ашылып көк көйлек киіп көлбеңдеген келіншек
көрінді. Былқ-сылқ... Көлденеңдеп келіп ақсұр «Волга» тоқтады.
Күйеуінің қызмет машинасына отырып кеткелі жатқан келіншек
бүкіл көше бойына кекірейе бір қарап қойды. Бірен-саран

көршілерінің берген сәлемін де алған жоқ.
Көк есектің есіне осыдан үш күн бұрын болған оқиға түсті.
Қожасы екеуі айдап келе жатқан қызыл сиыр осы көршінің
ауласына кіріп кетіп... нетіп қойып... Кербез келіншек қожасын

«қайыршы» деп қорлап, құсып...
Айтпақшы, сол күні емес пе еді, кербез келіншек ауылдан
келген ағайындарын көшеге айдап тастады. «Астапыраллалап»
жағасын ұстаған қариялар мұның қожасының үйіне түнеді.

Күн кәдімгідей кешкіріп қалғанымен көк есекті ешкім
орнынан қозғаған жоқ. Қожасы да өзіне демалыс жарияласа керек.
Бір уақытта тұрып, атақырдағы кешеден қалған кәшегіне беттеді.
Бүгінге нәр сызбаса да тамақ батпады. Есіне тағы да жаңағы

келіншек түскен. Қолының ұшын да қимылдатпай қалай жей береді
екен десеңші! Түйені түгімен, вагонды жүгімен жұтып жатса да
жұмырына жұқ болмайды.
Көк есек көк есіктен көз айырмай жатады да қояды. Біреу

келіп жатады, біреу кетіп жатады. Кербез келіншек әрқайсын
әрқалай қарсы алады. Біреулердің алдында құрақ ұшып, дауылды
күнгі қоғадай жапырылса, біреулердің алдында әлемдегі ең биік
шыңдардың біріндей болып қалшия қалады. Дауыс ырғағы да сол

сияқты, үзіліп, сыңғырлап, кібіртіктеп, адуындап, ызғарланып
шығады. Аң-таң болып аузын ашып бұл жүр. Бірде оңашада өзі де
дауысын үзілдіріп шығармақ болған, бірақ бұл жағынан баяғыда
сүйегі қурап қалған марқұм атасынан асып кете қоймапты, ештеңе

шықпады.
Күндер осылай өтіп жатты. Күнде таңертең Былшық былшиып
ақсұр «Волгаға» отырады. Жеңіл машина бір уақытта қайта оралып
балаларды бақшаға, келіншекті дүкен аралатуға алып кетеді.

Қожасы да мұны ерттеп мініп алып ауылдың сыртына тартады.
Ойда жоқта жұртты дүр сілкіндірген бір оқиға болмаса бәрі осылай
өте берер ме еді, кім білген?..

Бір күні Былшық орнынан түсіп қалды. Жәй түспей мойнына ақша мініп түсті. Кербез келіншектің паңдығы айдалада қалып, кешегі сәлемін алмай кісімсініп қарайтын адамдарға қалбалаңдап, әркімге жалбалаңдап қарайтын болған соң мұны қалай түсінерін білмей көк есек тағы дағдарды. Баяғы салтанаты жоқ. Езуіндегі екі алтын тісінен басқа асыл ештеңесі қалмапты. «Жеп қойған мемлекет мүлкін аз уақыт ішінде орнына салмаса Былшекең сотталатын болыпты» деген суық сөз ауыл арасында сумаң қақты. «Алжыған шал» деп ауласына кірмек түгіл алыстан қарамайтын кербез келіншек бір күні бұл үйдің ауласына да сумаң етіп кіріп келді. Өңі сынық. Кібіртіктеп әңгімені бастап кете алмай тұр. Қожасы мұны ерттеп жатқан. Әлден уақытта дәл түсіндегідей жалынан аялай сипаған кербез келіншектің қолын сезінді. – Ой, қандай ақылды есек! Прямо молодец!

Басқа уақыт болса көк есек бұған іштей масаттанып та қалар
ма еді, кім білген, ал қазір қожасынан қарыз сұрап тұрған сумақай
келіншекке «Ақынды оқы!» деп айқай салғысы келіп кетті. Бірақ
айқайының түрі ақыру болып шығып, «Ақынды оқы!» дегені «А-

қу-қоқы» дегендей естілді. Өйткені ол тек қана есек еді.

АСПАННАН ТҮСКЕН АДАМ

Жаңалық жерде жатқан ба, ертесіне-ақ біздің ауланың
адамдары шу-у ете түсті.

– Аспаннан адам түсіпті дейді.

– Ұшқыш тәрелкемен келіпті.

– Жаңа салынып жатқан үйде қарауылмен бірге қонып

шығыпты.

Ішімнен қыпылдап отырмын. Маңдайымнан тер де бұршақтап
қоя берді. Қалақ пен Жалақ, Күлшегүлдер қояр емес.

– Бізге ұқсамайды екен.

– Бір жері ала, бір жері құла дейді.

Орнымнан тұрып жүре бердім. Айналамдағылардың бәрі
біліп, мазақтап тұрғандай қуыстана түсемін. Қалай болып еді өзі?
Иә, иә... Осы жақында жездемнің нағашысының бөлесі Салқам
қонаққа шақыра қалды. Етжақын адамым шақырып тұрғанда қалай

бармайын, қасыма Елпеңбай мен Телпеңбайды ертіп тартып кеттім.

Обалы не керек, Салқам мықтап дайындалыпты. Қуырылған құс еті, буға піскен кәуәп, мәнті дейсің бе, әйтеуір құстың сүті мен жылқының өтінен басқаның бәрі бар, үстел үсті қайысып тұр. Аздан кейін мөлдіреп «ақаң», күлімсіреп «кәкең» келді. Елпеңбай мен Телпеңбай маған, мен абыржып төбеге қараймын. Ішпейін деп-ақ жүр едім бұл құрғырды... Қайтесің енді... Үй иесі, Сәкеңнің сылаңдаған сұлу келіншегі үшін, туысқандық үшін, әйтеуір тартып жатырмыз.

Алғашқы алты тостан кейін Елпеңбай өмірінде тұңғыш рет
көріп отырған Салқамды жақсы көретінін айтып жылап алды.
Бұзауын жалаған сиырдай бетінен былш-былш сүйеді. Жетіншіні
үй иесінің өзі менімен танысқаны үшін көтерді. Отырыс қыза түсті.

Тағы бір уақытта қиралаңдап орнынан тұрған Телпеңбайдың
есіне менен жеті жыл бұрын жеген таяғы түсіпті. Мас адамға не
дерсің?..
Бәрін айт та бірін айт, бір уақытта есімді жинасам

тыржалаңаш, көшенің борпылдақ шаңын ке-ше-еп келе жатырмын.
Жалаңаш болғанда кәдімгі анадан жаңа туғандай... Ұят-ай!
Масқара-ай! Енді арақ ішсем желкемнің шұқырын көрейін, атым
басқа болсын деп осындайда ылғи айтатын жаттанды сөздерімді

шұбыртып келемін.

Оны қойшы, ағарып таң атып қалыпты. Тызалақтап жүгіріп
жүріп жаңа салынып жатқан бір үйге қойдым да кеттім.
Қарауыл шал да мың болғыр біреу екен, жағдайымды айтып
жалбырап едім, түсініп шапанын берді.Қараңғыда қандай түрде

екендігімді көріп те тұрмаған болар, онымен санасатын жағдай
жоқ, шапанды жамылып жатып ұйықтап кеттім.

Әлден уақытта оқыс бір тарсыл-гүрсілден шошып оянсам,
қарауыл шалым құтырған иттен қашқандай безіп барады. Артына
қарап қойып ышқынып-ышқынып қашады. Осылай тағы бір
ышқынғанда шалым шалынысып кетіп шалқасынан түсті.

Айналама қараймын. Күн көтеріліп, сиыр сәске болып
қалыпты. Анадай жерде бақсының моласындай болып шоқиып
шалдың шоқайының сыңары жатыр. Жамылған шапаным да
ашылып қалыпты. Елдің ала-құла дейтініндей бар, тіземе дейін

топырақ, басыма дейін балшық жұғыпты. Үсті-басы торы ала,
тыржалаңаш біреуді көріп шалың шайтан деп ойлады ма екен, тілін
кәлимаға да келтіре алмай қалды-ау.
Күлкім келіп кетіп ыржиып едім, ернім икемге келмеді.

Телпеңбай темір жұдырығымен оңдырмай-ақ осқан екен. Сорым
қалың... Әйтпесе жеті күнгіні есте сақтамайтын Телпеңбайдың
есіне жеті жыл бұрынғы түсе ме? Өзіме өзімнің жаным ашып
жылағым келді.

Терезеден сыртқа қараймын. Ерсілі-қарсылы ағылып жатқан
жұрт. Бәрі көңілді, мәз-мәйрам. Ойбай-ай, анасы несі?! Аттылы,
жаяулы, мәшинелі-матасекілді адамдар мен отырған үйге қарай
ағылып келеді. Шалдың сыңар шоқайын аяғыма сұға салып, келесі

бөлмеге сып бермек болғанымда әлгі шапанымның шалғайы шегеге
ілініп қақ айрылмасы бар емес пе? Сорым қалың...

Байқаймын, толық қоршауда қалдым. «Аспаннан түсіпті, бізге
ұқсамайды екен» деп дабырлаған дауыстар тіпті жақыннан естіледі.
Одан сайын бұға түсемін.
Біреулер есіктен сығалап қарайды. Қылт еткізіп бастарын

сұғып, қайта тартып алады. Бір уақытта біреуі батылданып кіріп
келіп үлкен табаққа салынған нан-тұз ұсынды. Амал жоқ,

шапанның шалғайымен белімді қалқалап, ілтипаттарын қабылдауға
мәжбүр болдым. Жан-жағымнан шартылдатып суретке түсіріп
жатыр. Самайларын ақ қырау шалған, қозықарын екі-үшеуді
шамасы Ғылым Академиясынан шығарсыңдар деп жобаладым.

– Марстан келген сияқты, – дейді біреуі.

– Жоқ, басқа Галактикадан келген, – деп екіншісі оған қарсы

шығып жатыр. Көрші ауылдан екенімді қайдан білсін, сөйлейтін
бет жоқ, үндемей тұра бердім.
Біреулер үйдің төбесіне шығып тәрелкемді іздеп жүр.
Тәрелкем болса тұрар ма едім осылай?..

Әлден уақытта «Қонақ шаршаған шығар, мейманханаға
апарайық» деп қолымнан жетелей жөнелгендерге ілесіп үйден
шыға бергенімде киімдерімді құшақтап алған Елпеңбай мен
Телпеңбайдың кездесе кеткені. Аңқылдаған ақкөңіл жолдастарым

«үндеме!» деп ымдағаныма болмай «Бауырым-ау, барсың ба?» деп
бассалды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ақыр аяғында бәрі белгілі
болып, «аспаннан түскен адам» деген ат алдым. Қазір екі кісі бас
қосқан жерге бетім күйіп бара алмай жүрмін.
Әй, қу арақ-ай...

ҚҰПИЯ ХАТ Осыдан біраз жыл бұрын газетімізде М. деген жігіт істеді. Журналистігіне баға беру қиын, дегенмен ақынжанды, әншілігі де бар, сері мінезді жігіт еді. Сол кездерде өзіне жөнді пәтер де табылмай жағдайы болыңқырамай жүрді. Көңіл-күй де көп ретте сол жағдайға байланысты емес пе, пәсейіп жүргенін сезетінбіз. Бірінші сәуір – Күлкі күнінің қарсаңында сол әріптесіміздің көңілкүйін әдемі бір әзілмен көтермек болдық. Ойлана келе оған бір

қыздың атынан хат жазатын болып келістік. Фототілшіміздің суреттерінің арасынан келіскен бір сұлу қыздың суреті де табылды. Ал енді ондай мазмұндағы хаттың сөзін жазудың өзі бір ғанибет емес пе? «Құрметті М. ағай! Ғашықтық оты шыдатпағандықтан қолыма қалам алып отырмын. Зайыбыңыздың, үш балаңыздың бар екенін де білемін, сонда да жүрекке әмір жүрмейді екен. Не десеңіз де жүрегімді қолыңызға тапсырдым. Редакцияға Нұрсұлу подружкаммен барып жүріп сізге бір көргеннен ғашық болдым. Суретімді де салып отырмын. Жауабын Нұрсұлу арқылы қайтарарсыз». Хат жазылып біткеннен кейін де бірнеше рет жігіттердің талқысынан өтіп, сенімдірек болу үшін сол кездегі хатшымашинистка Нұрсұлу Сәрсенғалиеваның қолымен қайта көшірілді. Почтаға барып байланыс бөлімшесінің штемпелін де соқтырып алдық. Сондай сан өткелектен өтіп барып хат әріптесіміздің қолына тиді. Басқа бір аңғарымпаз әріптесіміз болса хатшы-машинистканың қолын танып қояр ма еді, М. оны тіпті де байқар емес. Қолымен көлегейлеп қайта-қайта оқиды. Болымсыз бірдеңелерді сылтауратып жігіттердің бәрі ол отырған бөлмеге бір-бір кіріп шықты. Жаңа ғана көңілсіз отырған әріптесіміз шылымын үстіүстіне бұрқыратып, бәрімізге әзіл айта бастады, күлкісі де жарқын естіледі. Бізге керегі оның жауабы. Әлден уақытта барып ол да қолымызға тиді-ау. Махаббат туралы айтқан Ғабит Мүсіреповтің сөзінен мысал келтіріп барып тебірене толғаныпты сабазың. Соңында жас жүрегіңді түсінуге тырысамын деп, қас қарая баспахананың қасына шақырыпты. Суретін тапқанмен нағыз қыздың өзін қайдан табамыз, түрлі сылтау айтып, кешірім сұрап келесі күні қайта хат жазып, әріптесімізді екі жетідей әуреге салдық. Кейіннен шындық та айтылып, сол оқиғаның ізімен «Хат сыры» деген әзіл әңгіме дүниеге келді. Қазір сол хат сырын жұмбақ күйінде қалдырғанымыз дұрыс па еді деп ойлаймын. Кеудесін бір құпия қуаныш әлдилеп жүре бергені

жөн еді-ау. Дүниеде өзіңе ғашық бір адамның бар екендігін білудің
өзі бақыт емес пе?

ХАТ СЫРЫ

(ӘЗІЛ ӘҢГІМЕ)

Байланыс бөлімшесінің айқыш-ұйқыш мөрі соғылған үшбу хатты
самарқаулау алған Салқам асықпай оқи бастады.
«Алтыннан ардақты, күмістен салмақты, қорғасыннан ауыр Салқам
ағай! Иті аралас, қойы қоралас жақын отырып хат жазғаны несі деп

айып етпеңіз. Алақандай ауылға ауысып келгеніңізге алты ай болса
да мені тани қоймассыз. Махаббат оты шыдатпай қолыма еріксіз
қалам алуға мәжбүр болып отырмын».
Осы араға келгенде еріксіз елең ете қалып айналасына жалтақтай

көз салған Салқам сақтығының орынсыз екенін байқады. Елпеңбай
ернін тістелеп әлдебір ойға беріліп кетіпті. Кепсергүл өзінің
күндегі кестесімен әлек. Сонда да сабын судың үстіне отырып
қалғандай сипалақтап ақ қағазды алақанымен көлегейлей қойып әрі

қарай оқыды.
«...Жақын білмей жатып жабысқан қандай қыз деп қалмаңыз.
Маған ең алдымен сіздің семіздігіңіз ұнайды. Таңертең сіз көшемен
бегемот сияқты балпаң-балпаң басып бара жатқаныңызда

сыртыңыздан соншалықты сүйсініп қарап тұрамын. Содан кейін
сіздің сыр бермей сызданып, сұрланып тұратын кездеріңіз ерекше.
Сондай кездерде жаным шы-ғе-еп кете жаздайды».
Не дейді? Не деп барады өзі? Ойыны ма, шыны ма? Мынау

мазақтау, жоқ мазақтау емес, азаптау ғой. Жә, ар жағын көрелік.

«Сіз мені мазақтап отыр екен деп қалмаңыз. Әркімнің өз талғамы
болады ғой. Таңқыгүл атты әйеліңіз бен тоғыз балаңыздың
барлығын да жақсы білемін. Әйелдің жолы қаншалықты жіңішке
болса да еріксіз осы қадамға барып, тағдырымды қолыңызға

тапсырып отырмын.
Менімен оңаша сөйлескіңіз келсе бүгін кешке кеңсеге қарама-
қарсы тұрған үйдің есігін қағыңыз. Үй оңаша. Бірден тануыңыз
үшін суретімді салып отырмын.

Жалынды сәлеммен Жымпигүл».
Салқам сабырлы қалпын сақтаған болып столының төменгі
тартпалары жаққа еңкейді. Көгілдір конверттен шыққан суреттен
сылқым келіешек сиқырлы бір назбен қиыла қарап қалыпты.

Шіркінде бір мін болсайшы. Нағыз оймақ ауыз, күлімкөз сұлудың
өзі.
Жаңағы сәтте ойына оралған жымысқы күдік бірден сейіліп жүре
берді. Орнынан жас жігіттей жеңіл көтерілген Салқамның беті

жақсылап үйтілген қойдың бас терісіндей жылмия қалғанына да
ешкім назар аудармағандай. Елпеңбай етігін сүртуге, Кепсергүл
көше жақты бақылауға кірісіпті.
Иә, сәт! Жастықтың соңы, кәріліктің алды... Жолыңа жаным

құрбан, Жыпсигүлжан.
Әр үйден әртүрлі сылтаумен алқызыл гүл жинағанда, ауыл
ортасындағы еңселі ақ үйге орналасқан дүкеннің сатушысына
өлердегі сөзін айтып жатып зәру иіс май мен шоколад алғанда да

Салқамның ойынан осы бір сөздер кетпей қойды. «Неменеге сонша
сыланып кеттің! Сендерге жаңадан келген Телпеңбай туған күніне
шақырыпты. Соған бармаймыз ба?» деген әйелінің сөзі де құлағына
кіріп шықпады.

Шікірейіп көшеге шыққан кезде ымырт қоюлана бастапты. Баяғы
балаң жігіт кезіндегідей жүрегі лүпілдеп, қызарып, сұрланып
аталмыш үйдің есігін қақты.
Одан арғысы еміс-еміс есінде. Есіктің тез ашылып, әлдебір әйелдің

жетелей жөнелгені есінде. Иә, айтпақшы, аяқкиімнің көптігінен

секем алып қалып еді-ау. Содан... түпкі бөлмеге кіріп келгенде
қараса... Қызметтес жігіттердің барлығы кең дастарқанның басына
жайғасып, Кепсергүл кеспе құйып отыр.
Қолындағы гүл шоғы мен әлекей-шүлекейлері салдыр етіп жерге

түсті. «Ду-у» ете қалған күлкімен бірге далаға атып шыққанда
қарама-қарсы кездесіп қалған әйелін байқап одан сайын
жанұшырды. Бұрылуға мұрша қайда? Телпеңбайдың: «Сәке,
құрдастың қалжыңы ғой, ренжімеңіз» деген айқайы да Салқамға

сықылықтаған күлкідей естілді.

СОҢҒЫ АҚЫЛ

(Бейімбеттің ізімен)

Әй, Елпеңбай-ай,
Бай-бай-бай!
Құрыдың ғой енді
Қу құдай-ай...

Бастығыңды боқтапсың,
Арғы аталарынан түк қоймай
Бергі әкесіне кеп тоқтапсың.
Ол аз болғандай

Еден сыпырушыға барып оттапсың.

Жұмыс уақытында қызып алыпсың,
Сөйтіп жұмыс тәртібін аздап бұзып алыпсың.
Одан көшеге шығып милиционердің түймесін
Ескерткішке деп үзіп алыпсың.

Осы сенің не жының бар?
Мас кезіңде алдыңда түйе тұрса да
Қағып кетесің.
Қой деген Телпеңбайдың терезесін

Күл-талқан ғып шағып кетесің.

Үйіңнен анда-санда
Үш күнге қашып кетесің,
Өзгенің қалтасын өзіңдікіндей көріп
Тары шашқандай қылып шашып кетесің,

Сөйтіп, өз абыройыңды өзің ашып кетесің.

Өстіп жүріп жұмыстан шықсаң
Дүние кезіп қаңғып кетесің.
Сырахана мен дүкеннің алдын
Алқаштарға ұқсап аңдып кетесің.

Одан да ертең бастыққа
Әйеліңді ертіп кел.
Ұялмасаң да ұялған сияқты болып
Қызара бөртіп кел.

Молданың алдындағы шәкірттей
Басыңды салбыратып жібер.
Шынында да алқаш болғаныңды білдіру үшін
Шашыңды жалбыратып жібер.

Аузыңа су толтырып алып,
Біраз үндемей шыдасаң
Басекең жібіп қалар.
Түлкінің күшігіндей болып біраз жүрсең

Жаман атың да ұмыт болар...

ӘРТІС ПЕН ТАРТЫС

(сықақ)
Ауылға Әртіс келді,
Әртіспен бірге ырың-жырың тартыс келді.
Белсенділердің жиналуы тез болды,

Қонақты күтіп алу жайы сөз болды.

Қалақ тұрып:

– Мұндай мықты күнде келе бермейді,

Ол келген соң сахнада
Езуі көпіршіп екі сағат сөйлейді.
Сондықтан су көп болу керек,
Бүгінгі күн талабына сай

Арақ-шарап дегенің жоқ болу керек,

– деді.

Жалақ тұрып:

– Әй, Қалақ, сен де сөйлейді екенсің,

Көзің бақырайып тұрса да
Ештеңе көрмейді екенсің.
Мұндай адамның алдында
Ағыл-тегіл ас болу керек.

Шипалы шұбат пенен
Құйқасы сап-сары болып піскен
Бас болу керек.
Содан кейін...кәнешні...

Есінен айрылғанша мас болу керек,

– деді.

Алдыңғы екеуінің де сөзіне қосылмаған
Салақ тұрып:

– Бас қатырып жатамыз ба сондайға,

Сол бір жын-сайтандарға
Әткретке бере салсақ болмай ма?
Бас дегенді бастықтар жейді ғой,
Мұндай бақсыларға қой сойып

Құрта береміз десеңіздер мейлі ғой...

– деді.

Сонымен ырың-жырың тартыс болды,
Турасын айтқанда
Әлгі теледидардан көретін айтыс болды.

Сөйтіп жатқанда Әртіс кеп қалды,
Белсенділердің арасында

Тағы да тартыс боп қалды.

– Алдынан сен шық!

– Сен шық!

– Мен тоқалдан туып па ем, өзің шық!

– Көзің шықсын...

– Қолтығыңдағы безің шықсын!..

– Үй, әкеңнің...

– Байдан қайтып кеп отырған тәтеңнің...

– Ішіңнің…

– Запыранға ұқсап сарғайып кеткен тісіңнің...

Белсенділердің арасында осындай тартыс болды,
Қып-қызыл айтыс болды.
Тартыс төбелеске айналған соң
Бұғалтыр Бүйректің жүрегі шыдамай

“Қайтыс” болды.

Кеңседе осындай шу болды,
Әртіске барлық дайындалғаны
Жарты шелек су болды.
Халайық жиналған соң концерт басталды,

Әртіс байқұс аш қалды.

АЗДЫРҒАН «АҚЫЛ»

Бір күні байтақ өлкеге,
Аю мен Қасқыр, Серкеге
Сілеусін бастық болды.
Билікке қол жеткен соң, әрине,

Көңілде аздаған мардамсу,
Тойыс, мастық болды.

Ол да ештеңе емес қой,
Күйгені
Елін қалай басқаруды білмеді.

Содан соң терең толғанып,
Қауырсын қаламын қолға алып,
Жолбарыстан хатпен ақыл сұрады,
Не істеу керектігінің атын сұрады.

«О Жолбарыс ағамыз,
Сіз боп тұрсыз арқа сүйер панамыз.
Орныңыз мүлдем бөлек боп тұр,
Біздей бейшараға асқар ақылыңыздың

Аздаған мөлшері керек боп тұр.

Жұртым әбден азып жүр,
Құндыз құрыған судан шықпай,
Қабан, неге екені белгісіз,
Тұмсығымен жерді қазып жүр.

Аю да айтқанды ұқпайтын болды,
Жаз бойы сайранды салып,
Қыс түсе пырылдап ұйықтайтын болды.

Мойын бұрмай ағайын мен туысқа,
Серке деген селтеңбайдың
Тау-таста ойнақтап жүргені дұрыс па?

Маймыл да басымен құлаған көрінеді,
Сөйтіп жүріп әліне қарамай
Біраз жақсы мен жайсаңды сынаған көрінеді.
Соның аузын қалай жаптыруға болады,

Құмды қайтып қаптыруға болады?».

Жолбарыс оқып шыққан соң ойланып,
Ол да қауырсын қаламын қолға алып,
Сілеусінге жауап жазды:

«Е-һе, Маймыл осылай
Елді сынап күлдіріп жүр де,
Аю еңбек тәртібін бұзып,
Қабан егістік жерді бүлдіріп жүр де.

Әлі-ақ осының бәріне
Жауап беретін кез келеді.
Серке селтеңдеп жүріп құздан құласа
Мына саған алдымен сөз келеді.

Сондықтан Серке сорға жайылсын,
Қабан қиыршық тастың үстіне қолда жайылсын.
Аю мен Құндызды он бес күнге жабыңдар,
Маймылды жиналысқа салыңдар.

Болмаса қорқасыңдар ма,
Қарындарын жарыңдарІ».

Мұны оқып есірген Сілеусін
Ел-жұртын қан-жоса қылып талап жатты.
Содан кейін, әрине,
Арыз-шағым дегенің

Арыстан жаққа қардай борап жатты...

АУДАНДА ТҰРАТЫН АҚЫННЫҢ АЙТҚАНЫ

Әлі ел-жұртқа танылмаған ақынмын,
Сонда дағы өлең жағын қатырдым.
Поэма ма, баллада ма, басқа ма,
Бірінен соң бірін жазып жатырмын.

Тыңдамадым еш мықтының ақылын,
Баспада да жоқ ешқандай жақыным.
Өзге қызға өлең жазсам өртеніп,
«Өртеймін!» деп өрекпиді қатыным.

Керегі не одан асқан сыншының,
Демек мен де нағыз ұлы жыршымын.
Содан үш күн бармай қоям жұмысқа,

Қызметіме көңіл толмай қырсығып.

Өлеңім бар актуальді, ескірген,
Соның бәрі шықпаса да кештім мен.
Келер ұрпақ талантымды бағалар,
Ал әзірше кем емеспін ешкімнен.

Рас, өлеңнің есігінен кеш кіргем,
Өзгелерден кештеу барып бөстім мен.
Шайқылығым дәл солардан кем емес,
Шарапты да кем ішпеймін ешкімнен.

Ұлылар көп өз заманы ұқпаған,
Тимесін деп тілеймін тек сұқ маған.
Ақын достар таныстырып қояды,
Мықты ақын деп еш кітабы шықпаған.

Алғандай-ақ сосын жырдың қамалын,
Өз-өзімнен қоқырайып қаламын.
Асқар таумын аспанменен таласқан,
Айдын көлмін, жатқан сайын даламын.

Келсең маған сол кезде кел, ағайын,
Той алауын маздатып бір жағайын.
Шалқытып жыр оқып берем,
Сын айтқан

Білгіштердің бұзып берем танауын.

ҚАЛАМДАСТАР ҚАЛЖЫҢЫ

Журналист, ақын-жазушылардың арасында нетүрлі әзіл-
қалжың мен тапқыр, қағытпа сөздердің айтыла беретіндігі
белгілі. Орнымен тауып айтылған ондай ұтқыр қалжың мен
шымбайға бата қоймайтын әдемі әзілге жаның жадырайды.

Көңілашар ретінде шағын ортада ғана айтылып жүрген сондай
күлкілі әңгімелердің біразын оқырмандар назарына ұсынуды

жөн көрдім. Бұл үшін жайшылықта әзіліміз жарасып жүретін
жақсы ағалар ренжімес деп ойлаймын.

«Есен пайда болыпты»
Белгілі айтыс ақыны Шорабек Айдаров Есенқұл досының үйіне
келеді. Шәй-пәй ішіп, әңгімелескен соң Есен домбырасын алып
Қадыр Мырза Әли ағамыздың өлеңіне шығарып алған әдемі әуенін

шырқайды:
Құм менен тас кірігіп
Құрлық пайда болыпты.
Гүл мен тікен бірігіп

Тірлік пайда болыпты.

Бірте-бірте жай талдан Бадам пайда болыпты. Періште мен сайтаннан Адам пайда болыпты, – деп Есен бір тоқтағанда Шорабек: «тоқтай тұр, сенің Нүсіп інің бұл өлеңді басқаша айтып жүр», – деп домбырасын қолға алып сол әуенмен: Ақыл менен азаптан Көсем пайда болыпты. Хохол менен қазақтан Есен пайда болыпты, – деп жалғастыра жөнеліпті. Қапелімде ашудан тұтығып, аузына сөз түспей қалған Есен: «Қап, бәлем, бұжыр, сені ме? Бір кезде

редакцияның есігін тоқылдатып: «можно» деп шашыңды сипап
тұрушы едің, енді маған ауыз салдың ба?» – деп жарылып кете
жаздапты. Кейіннен ашуы басылған соң бұл әзілді өзі де көп
қайталап жүрді.

(Бір газет мақаласында бұл әзілді Шорабек айтыпты деп сәл жаңсақ
жазылды. Шындығында Шорабек тек жеткізуші ғана).

«Газеттің қағазын бүлдіреді»
Алғашқы өлеңдерімді жарыққа шығарған Есенқұл ағама біраз
бойым үйренген соң ел сияқты мені де бір рет суретіммен газетке
шығарсаңшы деп қолқа салдым.

– Болмайды! – деп Есенқұл бірден кесіп айтты.

– Е, неге болмайды? – деп мен де шамдана қалдым.

– Сенің бетің бұжыр-бұжыр, газеттің қағазын бүлдіреді...

«Бірден танисың»
«Күртінің редакциясында Нүсіп деген жігіт бар, соған барып мен
жіберді десең шаруаңды тындыруға көмектеседі» – деп Есағаң
Ақшиге бара жатқан танысын маған бағыттайды.

– Өзі қандай жігіт? Оны қалай танимын?

– Оны тану оп-оңай. Редакцияға кіріп айналаңа қара. Қарақшы

сияқты біреу көзіңе түссе, Нүсіп сол...

«Арағың болса...»
Жанында бірнеше «нөкері» бар Есағаң Ақшиді бетке алып жолға
шығады. Жеңіл мәшинеге жер алыс па, әрі жол қысқарсын деп ала
шыққан «жүз грамдары» бар, қауқылдасып отырып Күртіге қалай

жетіп келгендіктерін байқамай да қалады. Сонда Есенқұл: «апыр-
ай-ә, арағың болса Ақши мына тұрған жер екен-ау» – деп қатты
таңырқапты.

«Ақшиге бару керек екен»
Жолы түсіп келе қалған Есағаңды ақшиліктер үйден-үйге шақырып
құдасындай күтеді. Әйтеуір қай-қайсы да сыйлы қонақтың алдында
жерге қарап қалмау жағын қатты ойластырады. Сөйтіп жүріп

достарының кейбірінің қарызданып-қауғаланып қалғандығын аңқау
ақын қайдан білсін, қайтып барған соң Ұзынағаштағы ел-жұртқа:
«арақ ішкің келсе тек қана Ақшиге бару керек екен» – дейтін
көрінеді.

«Широкого профиля...»
Есенқұлды Алматыдағы ақсақал ақындардың бірі үйіне шақырады.
Мұндай құрметке көңілі өсіп, тебіреніп, толқыған Есен барын іліп,
бақанын сүйретіп дегендей, айтылған уақытта үлкен үйдің есігін

қағады. Амандық-саулық сұралып, өлең, өмір жайлы біраз әңгіме
айтылғаннан кейін жеңгеміз дастарқанға шақырады.
Есағаңның ол кезде бір кісідей сілтеп жүрген шағы, бірақ ағаның
алдындағы аздаған қысылу сезімі бар, ішімдік жағына көз салмауға

тырысады. «Мынаның қайсысын ішуші едің?» деген сұраққа да
«ішпеуші едім» деген жауап қайтарады. Өз кезегінде «арақ
ішпейтін қандай ақынсың өзің?!» деп ағасы да таңқалады.
Кейін осы әңгімені естіген Рәтбек Терлікбаев інісі: «қызықсың-ау,

Есен, әлгі кез келген техниканы жүргізе беретін адамды

«механизатор широкого профиля» деуші еді ғой. Сен де солайша
«широкого профилямын» демедің бе?» – деп санын соғыпты.

«Қарындасымды қорқытып жүрейін...»
Кейіннен Президенттің «Дарын» сыйлығын алған ақын досым
Светқали Нұржанов бір суретімді сыйлауымды өтінгені бар.

– Оны қайтесің? – деп мен де кішіпейілдік танытып жатырмын.

Әйтсе де ішімнен көзімдей көріп жүрейін деген екен ғой деп
кәдімгідей марқайып қалдым.

– Керемет жылауық кішкентай қарындасым бар еді, соны

қорқытып жүрейін...
«Ұзынағаштың атын өзгерттік»
Жамбыл ауданына күйеу бала болып, ұзынағаштық Баян қызға
үйленген (кейін дәм-тұздары жараспады) Шорабекті бірде

Алматыда кездестіріп қалдым . Шорабек ел-жұрттың амандығын
сұрап, жаңалығын білгісі-ақ келіп тұр.

– Бір ғана жаңалық бар, сенің құрметіңе Ұзынағаштың атын

өзгерттік, – дедім мен.

– Не деп өзгерттіңдер? – деп Шорабек те елең ете қалды. Елді

мекендердің атауы өзгеріп жатқан кез, шамасы әзілдің астарында
шындық жатқан болар деп ойлап қалса керек.

– Баянауыл деп...

«Әкең жүктеп қойып па?»
Шорабек өзінің көп қалжыңдасатын досы Есенқұлдың үйіне
келеді. Кезек-кезек әзіл өлеңмен қағысып отырып кешті батырады.
Ұйықтайтын кез болады. Жатар алдында Шорабек тыныш тұрмай

домбырасын алып: «Мені Ұзынағашта ешкіммен таныстырмадың,

міне, енді жалғыз ұйықтайтын болдым» деп қағытады.Оған
Есенқұл да:
Шорабек, шек бола ма тойымыңа,
Бір қыз салып бер дейсің қойыныма.

Саған қатын әпер деп қайта-қайта
Әкең жүктеп қойып па еді мойыныма, – деп табанда жауап
қайтарады.
Дәм-тұзы жараса қоймаған Баян қызбен де алғашында осы

Есенқұлдың таныстырғаны ойына түсе кеткен Шөкең жеңілгенін
мойындап, сылқ түссе керек.

Баяғыда айтып қойған...

Белгілі айтыс ақыны Шорабек Айдаров көптен көрмей сағынысып
қалған досы Есенқұл Жақыпбековтің үйіне келе қалады.
Амандық-саулық сұрасып болмай жатып Есенқұл алдында жатқан
кітабын мақтай жөнеліпті. «Менің нағашы жұртым мықты ғой,

қалай баюдың жолдарын айна-қатесіз көрсетіп, тәптіштеп жазып
қойыпты. Керемет кітап екен, көп нәрсеге көзімді ашты. Бұдан
былай баюдың жолына түсетін шығармын» – деп Есағаң желдей
еседі. Сонда Шорабек:

– Сол да жаңалық болып па? Қалай баюдың жолын қазақ атаң

баяғыда-ақ айтып қойды емес пе? «Артты қысқан бай болады»
деген сөзді естімеп пе едің?! – деген екен.

Тіл алып жүрсең...
Ақын-жазушыларға жақын жүретін Тоққожа Естенов ағамыз
Жамбыл ауданының әкімі болып жүрген кезінде Есенқұл
Жақыпбековке шынайы қамқорлық танытыпты. «Арағыңды қой,

ішпей жүрсең саған барлық жағдайды жасаймын» – деп Есенқұлды
әбден үгіттейді, ағалық ақылын айтады. Бұл ақылға Есағаң да
мойынсұнып, талай уақыт жіптіктей болып жүреді.
Сондай күндердің бірінде Есенқұл кезекті бір айтысқа

қатысып, жүлделі болады. Шымшыма сөздерімен көрерменді
күлкіге кенелтіп, сахнадан түсіп келе жатқанда оған аудандық

әкімдіктің жауапты қызметкері гүл ұсынады. Оны көзі шалып
қалған Рәтбек інісі:

– Оу, Есаға, гүл алып жүрсің ғой, – деп қалады.

Сонда Есенқұл:

– Тіл алып жүрсең гүл алып жүресің! – деген екен.

Лайкым ұшқан...
Шақпатілді ақын Есенқұл Жақыпбеков Үмбетәлі Кәрібаевтің
немересі Әуелбек Ысқақовпен жезде-балдыз болып әзілмен айтыса
беретін. Сондай бір айтыста Әуелбек өзінің ғарышкер Талғат

Мұсабаевпен жерлес, әрі Айқым деген бір ел екендігін
мақтанышпен айта келіп:
Қорықпай жердегі бар тартылыстан,
Ғарышқа ең алдымен Айқым ұшқан, –

деп шалқыңқырап кетеді. Өзі де Айқым еліне күйеу бала
болып отырған Есенқұл:
Әуелбек, жаңылыспа, алғашында
Ғарышқа Айқым емес, Лайкым ұшқан, –

деп табан астында жауап қайтарыпты.

Қазақ болдым
Жамбыл атамыздың 150 жылдығына орай Петерборға баратын
делегацияның құрамына Надежда Лушниковамен қатар орысқа
жиен болып келетін Есенқұл ақын да енгізіледі. Бірақ, түптеп

келгенде оның делегация тізіміндегі аты-жөнінің орнына басқа бір
шенеуніктің фамилиясы жазылып кеткені белгілі болады. Сонда
Есенқұл:
Жер мен көкке сыймайтын кәззап болдым,

Әкімдердің бәріне мазақ болдым.
Шешең орыс деуші еді әшейінде,
Петерборға барарда қазақ болдым, –
деген бір ауыз өлең жазып, ауданның сол кездегі әкімі

Тоққожа Естенов ағасына беріп жібереді. Ақынның көңіліне келіп
қалғанын қаншама түсініп тұрғанымен басқа қайраны болмай
қалған Тоқаң оны: «Ренжіме, жақында Түркияға делегация жүреді,
соның құрамында Стамбулға барып қайтасың» – деп жұбатады.

Өкпесі әлі де тарқамай тұрған Есенқұл сол кезде:
Жәкеңсіз Петербордың сәні бар ма,
Есенқұлдың Жамбылдай бағы бар ма?

Стамбулға барасың дейді маған,
Лә иллаһа иллалла,
Мұхаммед расул алла, –
деп оған да тәуба еткен екен.

Үмітті ақтамаған Гонзалес
«Балқаш жолбарысы» атанған жерлесіміз Василий Жиров сонау
жылдары американдық боксшы Алекс Гонзалеспен Алматыда
жекпе-жек өткізді емес пе? Ел намысы сынға түскен мұндай сәтте

толқымаған отандастарымыз қалмаған шығар. Марқұм Еркін
Ібітанов та бұл жекпе-жекті жайғасып тұрып көрмекші болып
теледидар алдына жайғасады. Әр раунд сайын бір рюмкеден ішіп
отырамын деп дөңгелек үстелге тіскебасарымен қоса бір шөлмек

арақ қояды.
Василий Жировтың жекпе-жекті көпке созбағаны белгілі ғой. Ақын
ағамыз алғашқы рюмкені де тауыспай тұрып, бірінші раунд
басталған сәтте-ақ қарсыласын сұлатып салады.

«Ер адам сөзінде тұруы керек, бокс бітіп қалды, енді ішпейсің» –
деп шөлмекті әкетіп бара жатқан жеңгемізге айтар уәж таппай
қалған Ерекең: «Атаңа нәлет Гонзалес-ай, үмітті ақтамадың-ау»
деген екен.

ҚАТЕ ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?

немесе журналистердің басынан өткен қилы-қилы қызықтар

Үнемі жол үстінде, көпшіліктің арасында жүргеннен кейін
де шығар, журналистердің арасында небір қызықты жайттар
кездесіп жатады. Ондай күлкілі оқиғалар журналистердің өз
іштерінде ауызекі әңгіме түрінде тез таралғанымен көп ретте

газет бетіне шыға қоймайды.
«Қаламмен жазылғанды балталап өшіре алмайсың» деген
де рас. Байқаусызда кетіп қалатын қайсыбір қателер кейде
зілсіз күлкі тудырып жатса, енді бірқатар қателер корректор

мен кезекші журналистің ғана емес, бас редактордың да
қызметінен алынуына, мәселе тым ушыққан жағдайда тіпті істі
болуына дейін апарған кезі болған. Әсіресе, Сталиннің жеке
басына табыну кезінде мұндай оқиғалар өте жиі кездесіп

отырған. Сондай бірнеше оқиға жайын әңгімелей кеткенді жөн
көріп отырмыз.

Балқашқа іссапар Сыйлы ағамыздың аты-жөнін толық атамай-ақ қойғанымыз жөн шығар, әңгімені әріптесіміз деп жалғастыра берейік. Кеңестік дәуірде «Жетісу» газетіне қызметке жаңадан орналасқан бір тілшіге Балқашқа іссапарға барып, кезекті бір қауырт науқанның барысы жайында жазып қайтуға тапсырма беріледі. Ұрыста тұрыс бар ма, тапсырманы орындауға құлшына кіріскен әріптесіміз Балқаш қаласы бағытына ұшаққа билет алып, тартып кетеді. Жол-жөнекей қалалық партия комитетінің хатшысына қоятын сұрақтарын, жазатын басқа да жайттарын жұптайды. Әріптесіміздің бұлайша жаңылысуына негізінен ол кісінің басқа облыста туып-өскендігі, сол себептен де Алматы облысында Балқашпен аттас ауданның барлығын біле қоймауы, содан кейін, әрине, өзінің ақынға тән ақкөңіл де аңғалдау мінезі себепші болса керек. Сонымен, әріптесіміз Балқаш қалалық партия комитетінің хатшысына кіріп, өзінің «Жетісу» газетінен келіп отырған тілші екендігін мәлімдейді. Мұндай газеттің атын көп ести қоймаған хатшы: «Қай газеттен келдім дейсіз, бізде ондай газет жоқ сияқты еді ғой?» – деп таңғалады. Тілші өз кезегінде: «Өзіңіздің облыстық газетіңіздің атын да білмейсіз бе?» деп шамданады. «Бәрін айт та бірін айт» дегендей, сәлден кейін Жезқазған облысында «Жетісу» дейтін газеттің атымен жоқтығы белгілі болады. Өзінің аңғалдығынан Қазақстанның мүлдем басқа бір түкпіріне келіп қалғандығын аңғарған әріптесіміз санын соғады. Бірақ, бәрі кеш... Жүзі жылы, жақсы адам екендігі бет-бейнесінен, түртұлғасынан аңғарылып тұрған тілшіге хатшы да іштартып, көмекшілеріне айтып, дастарқан дайындатады, содан кейін өздеріне қарасты бір кемеге су жолымен Балқаш ауданына жеткізіп салуға тапсырма береді. Әріптесіміз осылайша бір ғана іссапар барысында Қазақстанның екі бірдей облысын аралап, сый-сыяпатын көріп қайтқан екен.

Қайрат далада ойнап жүр...

Бұл оқиға «Жетісудан» басқа бір газеттің тілшілерінің
басынан өтсе керек. Жұртшылыққа аты кеңінен белгілі өнер адамы
жайында жазуға тапсырма алған әріптесіміз ол кісінің үйіне
телефон шалып, сұхбат алуға келіседі. Газетке суретімен қатырып

тұрып бермек болып қасына фототілшіні ертеді. Келісілген сағаты
мен мүйнетінде межелі жерге жетіп, есіктің қоңырауын басады. Үй
иесі де көп күттіре қоймаса керек.
Әйтсе де нағыз қызық осы жерде болады. Екі тілшінің де

бойы, жұмсарта айтқанда, онша ұзын болмаса керек. Үй иесі
олардың төбелерінен қарап: «Әй, балалар, мазамды ала бермеңдер,
қазір үйге журналистер келейін деп жатыр. Іздегендерің Қайрат
болса, ол далада ойнап жүр» – деген екен...

Қырылып жатқан қойды...
Қате деген шіркінің кейде бір-ақ әріптен кетеді. Кеткенде де,
қас қылғандай, ұйқасып кететіндігін қайтерсің? Мағынасы ауысып,
тіпті мүлдем басқа мағына беріп тұрған сөзді кештеу барып

байқағанда амалсыз бармағыңды тістейсің. «Ару қыздар» деген
әдемі сөз газетке «ауру қыздар», «атсалысып жүр» деген сөз
«атсатысып жүр» болып шығады. Бірақ, түзетуге кеш, ол кезде
газет басылып қана қоймай көпшілікке тарап та үлгерген...

Сол айтқандай, облысымыздағы бір аудандық газет алғашқы
бетінің ең жоғарғы жағына үлкен әріптермен «Қой қырқуды
ұйымшылдықпен аяқтайық» деген ұран жариялайды. Ондай ұран,
қаншалықты ықпал, әсері барлығын қайдам, кеңестік кезеңдегі

қауырт науқандардың тұсында жиі жарық көретін еді ғой.
Мәселе онда да емес. Ұран жарияланып, газет елге тарап
кетеді. Жұмыс өз кезегімен жүріп жатады. Бірақ бұл кезде газет
басшылығының басына бұлт үйіріле бастаған еді.

Сол күні редакторды аудандық партия комитетінің хатшысы
шақыртады. Қабағы қатулы хатшы: «Онсыз да қырылып жатқан
қойды одан ары қыруға шақырғандарың қалай? Ұйымшылдықпен
қыратын болсақ, малдан тұқым қала ма?» – деп қатты ренжиді.

«Қырғаны несі?» деп аң-таң қалған редакторға хатшы жаңағы
ұранды көрсетеді. Сөйтсе газет «Қой қыруды ұйымшылдықпен
аяқтайық» деп қойдан тұқым қалдырмауға шақырып тұр дейді.
Әріп терген, оқыған, тексерген адамдардың ешқайсы байқамаған.

Осылайша бір ғана әріптің кесірінен газет редакторы қызметінен
айрылып қала жаздапты.

Бір әріптің кесірі
Бұл оқиға өткен ғасырдың елуінші жылдарында болса керек.
Сталиннің дәуірлеп тұрған заманында «Известия» газетінің бас
редакторы бастаған, корректорлары мен әріп терушілері,

редакцияның тағы бірқатар қызметкерлері қостаған бір топ адам
қызметтерінен алынып қана қоймай, Сібірдің ну ормандарынан
ағаш кесуге жаяу айдалған көрінеді. Бұған сөз арасында түсіп
қалған бір ғана әріп себепші болыпты.

Нақтырақ айтатын болсақ, әріп теруші байқаусызда Сталин
жолдастың нақ өзі мадақталып жазылған мақаладағы
«главнокомандующий» деген сөзді тергенде «л» әрпін қалдырып
кеткен.

Бұл қатені корректор көрмей қалады, кезекші болған
журналист аңғармайды, қызметкерлеріне сенген редактор қол
қойып жібереді... Сұмдық қатені біреу байқағанға дейін газет
әлденеше миллион данамен бүкіл Одақ көлеміне тарап кетеді. Ар

жағы өз-өзінен түсінікті...

«Улы» Сталин Сталиннің заманында қызметінен босатылып қана қоймай сотталып, атылып кеткен журналистерде есеп болмаған деседі. Оған да көп ретте бір ғана әріп, тіпті әріп қана емес, сол әріптің үстіндегі титтей ғана белгі себепкер болған. Ол кезде «ұ» әрпінің де «у» әрпімен бірдей жазылатындығын аға ұрпақ өкілдері ұмыта қоймаған болар. Екеуін ажырату үшін «ұ» әрпінің үстіне кішкентай ғана белгі қойылатын. Жұмыс барысында, яғни газет таралымын басу кезінде жаңағы белгі ұшып кетсе, басың бәлеге қалды дей бер. «Ұлы Сталин» деген сөз «Улы Сталин» болып өзгеріп, мағынасы түрленіп шыға келеді. Мұндай қате, әрине, тиісті орындардың құлағына жетпей қоймайды. Одан ары қарай жазалау механизмі автоматты түрде іске қосылады. «Халық жауы», «жапонның немесе Американың шпионы» болып шыға келесің. «Ұ» әрпінің қазіргі нұсқасын қай мамандық иесі ойлап тапты дейсіз ғой? Әрине, журналист.

Бүкіләлемдік тартылыс заңын ашар кезде атақты ғалымның
басын ағаштың басынан үзіліп түскен алма жарып қоя жаздапты
деседі. Сол сияқты, кез келген жаңалық та жайдан жай ойлап
табыла салмаса керек. Басқа тигеннен кейін ғой...

ҚОШЕКЕҢ АЙТЫПТЫ...

«Біттің, Қошанбек...» деп басталатын әңгімені кім
білмейді. Сол сөз алғаш аузынан шыққан марқұм Қошанбек
Бекетайұлы қарияның өмірден озғанына көп уақыт бола
қойған жоқ. Әзіл-қалжыңды жаны сүйетін әрі баладай аңқау,

сенгіш Қошекең, әсіресе нағашылары болып келетін
Жалайырдың Шолпанқұлынан тараған замандастарымен көп
қалжыңдасады екен. Өзі Ысты руынан, Балқаш ауданының
Топар өңірінде ғұмыр кешкен. Ел аузында аңыз болып жүрген

«Қошекең айтыпты» деген әңгімелерден халқымыздың
дәстүрлі нағашы-жиен арасындағы қызғылықты қатынасы
айқын көрініс береді.

Пеш қосқаның жақсы болды
1969 жылдың қақаған қысында Қошекең Магеллан деген
қуақылау жігіттің тракторымен жолға шығады. Ол кездегі
трактордың кабинасының алды-арты бірдей ашық. Жеңілдеу

киінген Қошекең біраздан кейін жаурай бастады. Оны байқаған
Магеллан:

– Жаурадыңыз-ау, Қошеке, мынаның пешін қосып қояйын, –

деп бір тетігін сырт еткізеді. Аздан кейін бойы жылынғандай
болған Қошекең көңілденіп:

– Әй, Магеллан, пешті манадан бері неге қоспағансың,

әжептәуір жылынып қалдық қой, – деп жан-жағы улеп тұрған
кабинада бір түймесін ағытып қойыпты.
Калининнің баласы екенсің...

Қошекең Қасқаөгіз аулында қойма меңгерушісі болып жүргенде,
жанармай таситын мәшиненің жүргізушісіне қатты ренжіпті.
Жаңағы жүргізуші көрші ауылдан Қасқаөгізге жете алмай тұрған
кемпірін алмай кеткен көрінеді. Бұлқан-талқан болып жүрген

ағамыз бір уақытта жүргізушінің қағазына қараса, фамилиясы
Калинин екен. Ашуы басыла қалған Қошекең:

– Кешір, сенің Калининнің баласы екеніңді білмей қалыппын,

саған өкпе жоқ, айналайын, – деген екен.

Қысастық Қошекең ауылдық Кеңестің төрағасы болып тұрған кезінде кезекті бір сайлаудан ренішті қайтады. Мұны бірден байқаған шешесі сұрақтың астына алады. – Қабағың түсіп кетіпті ғой, не болды? – Маған деген қысастығы бар ма, білмеймін, бәрі дауыс бергенде, бір-ақ әйел сайлауға қатыспай қалды, – дейді Қошекең. – Оның кім екенін де анықтай алмадық. – Кім деген әйел екен? – Күлжәмилә деген. – Тұқымың өскір-ау, ол мен емеспін бе? Ауылдағылардың бәрі басқа атпен айтатындықтан шешесінің шын аты есінен шығып кеткен Қошекең қатты қысылса керек.

«Біттің, Қошанбек...»
Қасқаөгізден Балатопарға көшіп келген Қошекең
жұмысшылар кооперациясында қойма меңгерушісі болып істейді.
Қолда дүние тұрған соң қиын, біразын ағайын қарызға алып кетеді.

Дегенмен, кең заман, бірдеңесі болар деп жүре береді. Содан бір күні кешке: «ертең таңертең ревизия барады, күтіңіз» деген хабар түседі. Қалған жарты күннің ішінде елдегі қарыздарын жинап үлгере алмасына көзі жеткен Қошекең: «Біттің, Қошанбек! деп отыра кетіпті.

«Шаңырақ та без шляпы»
Бөлімше басқарушысы болып жүрген Қошекең директордың
орынбасары болып істейтін кәріс жігітімен қой төлдетіп жатқан
Балқыбек деген шопанның үйіне келеді. Жас төлге толы шопан киіз

үйінің түңлігі де жоқ екен. «Бұл қалай?» – деген орынбасардың
сұрағына Қошекең:

– Балқыбек плачет, плачет, юрта шаңырақ без шляпа, все

ягненок как карга лежит, – деп жауап қайтарыпты.

Маленький пацан Еркеш
Сатушы болып істейтін Қошекеңнің жұбайы Жанымкүл 3-4
жасар Ерғазыны алып Балатопардағы жұмысшылар
кооперациясының кеңсесіне кетеді. Ол кезде көлік қатынасы

қиындау болғандықтан бір-екі күн кешігеді. Соған алаңдаған
Қошекең орталықтан келген жүргізушіден:

– Маленький пацан Еркеш, қасында мәмішке Жәңкеш,

центральный не видали, – деп сұрайтын көрінеді.
Каргинский брат
Қасқаөгізге зат тасыған жүргізуші орыс жігіттерін Қошекең
аңға алып шығады. Нулы жердің аң-құсы көп, соның әрқайсы таң

көрінген жігіттер әрнәрсені сұрай беріпті. Бір уақытта көлден ду
етіп көтерілген қарабай дейтін балықпен қоректенетін құстың
мәнісін сұрайды.
Сонда өзі де орысшаға шорқақтау әрі серіктерінің мылжың

сұрақтарынан мезі болған Қошекең:

– Бұл каргинский брат, – деп жауап беріпті. Аузына құдай салды ма? Жолтай деген күйеу баласы аутпарткомның хатшысы болып сайланып, Қошекең құтты болсын айтуға Бақанасқа барды. Бірнеше күннен кейін кейін қайтуға қамданады. Бәрі қолында тұрған күйеу баласы сол күні ұшатын ұшақтың билетін сол заматта қолына ұстатады. Әуежайдағылар да құрақ ұшып қарсы алады. Көп кешікпей ұшқыштар ұшақтың моторын қыздыра бастайды. Ұшаққа енді мінейін деп тұрғанда Қошекең бір қызулау жігіттің: «мына самолеттің дауысы жаман, бұзылайын деп тұр-ау, шамасы...» деген сөзін естіп ойға қалады. «Жаманның айтқаны емес, сандырағы келеді» деген бар, мұның аузына құдай салып тұр ма деген күдігі күшейе түскен Қошекең билетін қалтасының терең түкпіріне тығып, бөгелместен күйеу баласының үйіне қайтыпты. Бұл жағдай 3-4 рет қайталанып, Қошекең біраз күн жұмыстан қалыпты. Қайтып келгенде сұраймын... Жақан деген жақсы көретін қызын шығарып салып тұрып Қошекең қойын дәптеріне бір нәрселерді түртіп алып жатыр дейді. Сұрағандарға жарықтық: – Ұшақтың нөмірін жазып жатырмын, ертең қайтып ұшып келгенде қызымның амандығын сұрамаймын ба? – деп жауап беріпті. «Поле чудес» Адамға лақап ат әртүрлі жағдайда қойыла береді ғой. Біреудің бет-әлпеті мен дене бітімінің ерекшелігіне, енді біреудің мінезіне қарай дегендей. Бақанаста тұратын бір жүргізушіге мұндай қосымша ат мынадай бір жағдайда қойылыпты.

Алматыға қарай зулап бара жатқан көлікті МАИ қызметкері
тоқтатады. Жүргізушінің куәлігі мен жол қағаздарын тексеріп
болған соң инспектор мәшиненің жүк салатын бөлігін ашуды талап
етеді. Бірақ жүргізуші қипақтап бірден аша қоймайды.

– 200 теңге берейін, ағасы, осыны ашпай-ақ қойсам қайтеді?..

Бірден қабан шошқа не қарақұйрық, әйтпесе тыйым салынған
басқа бір нәрсе әкеле жатыр деп ойлаған инспектордың көзі жайнап
сала береді.

– Бірінші не әкеле жатқаныңды көрейін. Давай, аш!

Жүргізуші одан сайын қипақтайды:

– 300 теңге берейін.

– Болмайды, аш деген соң аш! – 500 теңгеге келісейік те... «Батпанқұйрық» қолыма түсті ме, бәлем!» деп іштей алақанын ысқылаған инспектор жүк салғышты қалайда ашуға бұйырады. Жүргізушінің де ашпасқа амалы қалмайды. Инспектор да, жиналып қалған басқа жүргізушілер де не әкеле жатыр екен деп жүк салғышқа үңілсе... кілт пен болт, тот басқан гәйкіден басқа түк жоқ. Ашуға булыққан инспектор: «ей, мұның не?» – деп жүргізушіні ұрып жіберердей болып төніп барады. Сөйтсе, жүргізуші саспай: «Поле чудес» қой, ағасы» десе керек.

Содан бері бақанастықтар жаңағы жігітті «Поле чудес» деп
атап кетіпті.

Үшінші өрім

АУЫЛЫМ КӨШІП БАРАДЫ АЛМАЛЫҒА

ҚАЗАҚ РУХЫ АСҚАҚТАҒАН КҮНДЕР

Алыс кетсе бір-бірін керемет сағынып, кездесе қалғанда
шұрқырасып табысатын, кемді-күн қызық дәуренді тұтас бір
ғұмырға балайтын қазақтай халық, сірә, жер жүзінде жоқ шығар-ау.
Аузын ашса жүрегі көрінетін аңқылдаған ақ көңілі, қонағына

астындағы жалғыз атын мінгізіп жіберетін мәрт мінезі де оны басқа
ағайындардан ерекшелендіріп тұратыны хақ. Атаның күші, ананың
сүтімен бойға біткен бұл мінез қандасымыз сайын даламыз бен
асқар тауымызда жүрсе де, әйтпесе тағдырдың айдауымен әлемнің

әлдебір түкпіріне кетсе де оның бойынан бірден көрініп тұрады.
Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына қатысу бақытына ие болып,
әсері мол күндерді бастан кешкен сәтімде осы бір ақиқатқа көзім
айқын жеткендей болды.

Құрылтай делегаттарына бөлінген арнайы пойыз Алматының
ІІ теміржол вокзалына келіп тоқтаған сәттен айрықша бір көңіл-
күйдің құшағына еніп кеткендей болдық. Осы заманғы әсем қала
көрінісі мен Құрылтай эмблемасы – қазақтың қасиетті шаңырағы

бейнеленген пойыздың кіл жаңа вагондары болмаса, өзіңізді бейне
бір таза қазақы ауылда, әлденесінші ғасырда өмір сүріп жүргендей
сезінесің. Бірін бірі жаңа көріп тұрса да ежелгі танысындай
шүйіркелесіп кеткен ел, ал бұрындары бір көрген болса, мың

жылғы құдасымен жолыққандай төс түйістіре шұрқырасып жатқан
бауырларымыз. «Бауырым» деген сөз бауыр етіңді езіп
жіберетіндей әсерде құлаққа айрықша жағымды естіледі.

Бабаларымыз баяғыда қозы-лақ, ит кіріп кетпесін деп
есіктерін таяқпен тіреп қояды екен. Арнайы пойыз Астанаға барып
жеткенше, естен кетпес екі-үш күннен кейін Алматыға қайтып
келгенше арнайы пойыздағы ешбір купенің есігі тарс жабылып

тұрмады десе де болады. Өйткені шертілетін кеп, айтылатын әңгіме
көп. Аз уақыттың ішінде бір туған қырғыз ішіндегі қандастардың,
өз ағамыз – өзбектің арасындағы ағайындардың, түбіміз бір
Түркиядағы туыстардың, көршілес Қытайдағы қазақтардың жай-

жапсары мен жағдайларын білгің келеді, солардың лебізін тыңдауға
құштарсың. Өз кезегінде олардың да білгісі келетін жайттары
жеткілікті.

Басқа емес, Алматы облысының атынан бара жатқан өз
делегациямыздың ішіндегі әңгіме де таусылар емес. Ішіміздегі ең
үлкеніміз, жетпісті алқымдап қалған сазгер ағамыз Ахметбек
Қисықұлы Байөлкедегі қазақтардың жай-күйінен сыр шертсе,

кәсіпкер Мырзабек Өтебаев Қарақалпақстан қазақтарының қазіргі
жайынан хабар беретін кептерін ортаға салады. Қытай қазақтары
делегациясының құрамындағы кәсіпкер Айдархан Мәжімұлы
болса, ала бағанның арғы бетіндегі ағайынның елге оралудағы

кейбір қиыншылықтарын қызына әңгімелейді. Тыңдай отырып жер
әлемнің әр түкпірінде тарыдай шашырап жүрген ағайынның
жақсылығына сүйінесің, олар тартып жүрген қиыншылық жайы
арқаңа аяздай батады. Арнайы пойыздың Астанаға жетпей жатып-

ақ ағайынды туыстырып жібергендігі осыдан-ақ байқалмай ма?

«Әр қазақ менің жалғызым» – деп купеге аңқылдай кірген
суырыпсалма ақын бауырымыз Қайрат Құл-Мұхаммед
сәлемдемесін ұсына салып, жыр нөсерін ағылтып қоя берді.
Өмірінде бірінші рет көріп отырған біздерге айтқан ақ тілегі

шалқыған шабытының қанатында өлең болып құйылып, ұйқасып,
кереметтей дүниеге айналып барады. Сәлден кейін ес жиып,
диктофонды іске қосқанымызда жаңағы айтқан жыр нөсері сол
мағынамен, бірақ мүлдем басқа ұйқаспен қайтадан ақтарылған. Бар

қазақ бас қосып, ақ түйенің қарны жарылған қуанышты шақта
шабыты шарықтап жүрген ақын бауырымызға сүйсіндік те, таң-
тамаша да қалдық.

Алты айшылық жолға азық алмаған

Үйден ала шыққан аздаған дәмді ағайынның алдына қойсақ
деген ойымыз бар еді. Бірақ мұның сәті келесі күні ғана түсті.
«Тамаққа жүре қалыңыздар!», «Ыстық шәй ішесіздер ме?» деп
лыпып тұрған жолсерік қыздар, жымия қарсы алған даяшы

қарындастар қазы-қарта, тәтті-дәмдісін қайта-қайта алға тартып,
бұл ойымызды тіпті іске асыртпай қоя жаздады. Осы бір сәт алты
айшылық жолға түйір азық алмай шығатын ата қазағымыздың
керемет салты ойымызға оралған. Құрылтайды

ұйымдастырушылардың мәселенің бұл жағын да ескергені жөн
болған екен-ау деп көңіліміз тоғайды. Бізді қойшы, алыс шетелден

аңқылдап жеткен ағайын алдына келген асқа ақша шығарып жатса,
ұяттың көкесі сол емес пе?

Мұндай меймандостық, ағайынға деген ыстық ілтипат
Астанаға барып түскенде де алдымыздан шықты. «Құрылтай
қонағы» деген төсбелгісі бар ағайындар қай жерде де құрметпен
қабыл алынып, алдымыздан қай есік болсын айқара ашылып жатты.

Алматы облысының делегациясын күтуге бөлінген «Астана
хабары» газетінің бас редакторы Мағжан Садыхан әріптесіміз де
«Алас-отельдің» алдына ақсұр «Волганы» қаңтарып қойып, ертелі-
кеш қабағымызға қараумен болды. Ақжарқын әріптесіміздің

арқасында бағдарламада белгіленген шараның бірде-бірінен қалған
жоқпыз.

«Отан қорғаушылар» монументіне гүл қойып, «Атамекен»
аллеясына ағаш отырғызу, «Думан» ойын-сауық орталығына,
Президенттің мәдениет орталығына, «Атамекен» этно-
мемориалдық кешеніне бару, «Нұр – Астана» мешітінде, Л.

Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде болу, өсу,
өрлеу үстіндегі Астананы тамашалау көңілімізге естен кетпестей
әсер қалдырды.

Көрмеген де арманда...

«Жүз рет естігенше, бір рет көрген жақсы» деген рас қой. Сол
айтқандай, талайдан бері көпшіліктің аузында жүрген, талай-талай
әңгімелерге өзек болған «Көшпенділер» фильмін Астанаға барған
бетте тамашалаудың сәті түсті. Дүние жүзінің отыздан астам елінен

келген қандастарымыз ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен,
халқымыздың тағдыры сынға түскен қиын-қыстау кезеңді
бейнелеген көркем фильмді екі-үш сағат бойы тапжылмай отырып
тамашалады. Қазақстан деген елдің барын, сол елдің ұлан-байтақ

жерін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалған
қазақ дейтін жауынгер халықтың барлығын әлемге танытуға
арналған бұл туынды қандастарға жақсы әсер етті дей аламыз.
Фильмді тамашалау барысында онда батыс боевиктерінің

элементтері көп, ұлтымыздың табиғатына жат көріністер бар
дегендей әңгімелердің негізсіз екендігіне айқын көз жеткіздік.

Рас, «Көшпенділер» фильмінде атыс-шабыс, майдан алаңы
жиі көрініс береді. Әйтсе де саптыаяққа ас құйып, сабына қарауыл
қойып күн кешкен заманда ондай атыс-шабыс жиі болған жоқ
дегенді де айта алмасақ керек.

Жұрт айтып жүргеніндей, фильмде шығыс жекпе-жегіне аса
көп орын берілмеген. Есесіне Абылай бастаған батырлардың
жекпе-жектегі ұрыс шеберліктері, қайтпас қаһармандықтары шебер
көрсетіледі. Фильм аяқталған тұста сахнаға көтерілген режиссер

Талғат Теменовке жұртшылықтың ризашылығы да көп нәрсені
аңғартса керек-ті.

Астанаға сыймай емес, қимай кетіп барамыз

Арнайы пойызда, Астанада орысша немесе қытайша, түрікше
сөйлеп қалу құлаққа тым ерсі естілгендей еді. Тіпті қазақша жетік
білмейтіндердің өздері де тілдерін бұрап, ана тілінде түсінісуге
тырысты. Кеуделерінде «Құрылтай қонағы» деген белгілері бар

жандармен жолыққан астаналық өзге қандастарымыздың да
жүздері жылып сала бергендей еді. Ал енді соған да қарамай өзге
тілде сөйлемек болғандар, сөйлегендер қатаң ескерту алып жатты.
«Атамекенге келгенде қандастарымыздың бізге өз тілімізде жауап

қайтара алмағандары қалай, жат елде жалғыз-жарым жүріп біз
тілімізді жоғалтқан жоқпыз» дегендей реніш тіпті Құрылтай
мінбесінен де естілді.

Астанадағы кілең киіз үйлерден құралған «Этноауылдың»
төрінде отырып сөз сөйлеген Алтай өлкесінің қазағы Мәди Ешекеев
қазағым деп тебіреніп кеткенде дауысы бұзылып, көзіне жас алды.
Ешкім оны мынауың ерсі болды, ел аман, жұрт тынышта босағаның

не деп сөккен жоқ. Анау-мынауға босай қоймайтын атпал
азаматтың туған елім, атамекенім деген сәтте қабырғасы қайысып
сала берген елжандылығына, атажұртқа деген ақ махаббаты мен
шексіз сағынышына тәнті болдық.

Конгресс-холда өткен концертте де көңіл толқытарлықтай
сәттер көп болды. Бибігүл Төлегенова, Майра Мұхамедқызы,
Мақпал Жүнісова, Роза Рымбаева сияқты апа-қарындастарымыз,
Ескендір Хасанғалиев, Бекболат Тілеухан сияқты аға-інілеріміз

шырқаған әндер дүниенің түкпір-түкпірінен келген
қандастарымыздың қандарын қыздырып, сезімдерін тербетті.
Әсіресе, «Менің Қазақстаным», «Атамекен», «Елім менің» сияқты
әндер шырқалғанда көпшілік орындарынан қалай тұрып

кеткендерін байқамай қалғандай еді.

Мұндай көңіл-күй Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевты
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағалығына сайлағанда,

Астананың теміржол вокзалында қоштасып тұрып бүкіл қазақ
«Менің Қазақстаным» әнін шырқағанда тіпті үдей түскендей еді.

Осы сәтте шеттен келген бауырларымыздың бірінің аузынан
шыққан «Астанаға сыймай кетіп бара жатқан жоқпыз, Астананы
қимай кетіп барамыз» деген тебіреністі сөзі ойымызға оралды. Иә,
тәуелсіз еліміздің өркендеп келе жатқан әсем астанасын, ұлттық

рухымызды асқақтатқан бас қаласын алыста жүрген ағайын ғана
емес, біздің өзіміз де қимай аттандық.

Әңгіменің жалғасы

Мақала жазылып біткен кезде редакциямызға балқаштық
қарт ақын Нұрсапа Аманжоловтың Құрылтайға – дүниенің әр
түкпірінен атамекенді аңсап жеткен ағайынға арнаған мөлдір
өлеңі келіп түсті. Жалпы әңгімелеп отырған мәселеміздің рухына

сай келетіндіктен бұл өлеңді де қоса жариялағанды жөн көрдік.

Нұрсапа Аманжолов
Дүниежүзі қазақтарына

Өзінен бұрын жеткен дабыстары,
Бауырлар, келдіңдер ме алыстағы?
Кетсе де дауыл айдап сұм заманда
Қайтадан үйіріңмен табысқалы.

Ел мұнда, Еділ мұнда, мұра мұнда,
Байырғы атамекен тұрағында.
Көк туын тәуелсіздік желбіретіп,
Көтерді аруақты Алаш ұранын да.

Жаңғыртты Елұраны көк пен жерді,
Иншалла, қазағыңа көктем келді!
Ұлытау ұзақ күтті сағынышпен
Ұлардай шулап ұшып кеткендерді.

Атырау сағындың ба жағаларын,
Дауысын қызғышқұс пен шағаланың?
Ұрпағы Махамбеттің атқа қонды,
Құмдарын дүр сілкінтті жаңа Нарын.

Қазақтың салқын, саба, самал тауы –

Сарғайып сағындың ба Сарыарқаңды?
Атылып кетті қанша алыс жерде
Асқынған сағыныштың жанартауы?

Алатау тартып аппақ шылауышты,
Құшақтар асыл анаң рәуішті.
Кең жайып алдарыңа дастарқанын
Жастары зыр жүгірді қуанышты!

Жақсы мен жайсаңдардың бәрі осында,
Кел, бауыр, бірлік үшін жарасуға!
Қазақтың сапырылып сары қымызы
Көлкісін көлдей болып сабасында!

АУЛЫМ КӨШІП БАРАДЫ АЛМАЛЫҒА

Сәрсенбі күні облыстық әкімдікте Қазақтардың ІІІ
дүниежүзілік құрылтайына Алматы облысынан қатысқан
делегаттар баспасөз мәслихатын өткізді. Келесі күні облыстық
«Жетісу» телеарнасында облыстық көші-қон басқармасы

бастығының орынбасары Құрметбек Сансызбай мен осы
жолдардың авторы қатысқан «Тікелей эфир» хабары
ұйымдастырылды.
Шіркін, қазағымның әндері-ай! Өзінің шексіз-шетсіз сары

даласындай сағыныш, мұңға, теңіздеріндей терең тебіреніске толы
әуендерін тыңдап отырып, сол бабаларымыздың аттың белі,
түйенің қомында жүріп күн кешкен көшпенді тіршілігі көз алдыңа
елестеп, арман-тілегі көңіліңді шымшыламай қоймайды. Сондай

халық әндерінің бір парасы сол кездегі бабаларымыз тіршілігінің
құрамдас бір бөлігі болып табылатын көш-керуенге байланысты
болып келеді.
Әрине, көштің бәрі бірдей жайылым ауыстыру үшін ғана

ұйымдастырыла бермеген. Әйтпесе «Аулым көшіп барады
Алмалыға» деген арманды әуез «Кім көнбейді тағдырдың
салғанына?» дегендей күрсініс, шермен жалғасар ма еді?
Халқымыздың тарихындағы мұндай күрсіністі көштер кейінгі

ғасырларға дейін жалғасып келді. Ақтың әскерінің айуандығына,

қызылдың қырғынына шыдай алмаған қайран қазақ қаралы көш
түзеп Қытай, одан Ауған, Индия, Пәкістан асты. Ол жерде де көп
тұрақтай алмай, түбіміз бір түрік жұртынан пана тапты. Одан Батыс
Еуропаның, жаңа құрлықтың он сан мемлекетіне тарыдай

шашырады. Кеудеден шыбындай жан шықпаған соң тағдырдың
салғанына көнді.
Аллаға шүкір, тәуелсіздігімізге қол жеткізгелі бері тағы бір
ұлы көші-қон басталды. Бұл жолы көш бағыты түзеліп, аңсаған

атамекенді бетке алды. Қарамы барған сайын молайып келе жатқан
осы көш туған жерде қандас ағайынның төрт көзі түгелденіп
біткенше тоқтамаса екен деп тілейсің Жаратқаннан.
Қазақтардың ІІІ дүниежүзілік құрылтайында қаралған ең

басты мәселелердің бірі де осы көші-қон мәселесі болғандығы өз
өзінен түсінікті.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың айрықша атап
өткеніндей, әлемде өз қандастарын атамекенге шақырып,

орналастырумен айналысып жатқан үш-ақ мемлекет бар екен.
Оның алғашқы екеуі Германия мен Израиль болса, үшіншісі
дамудың даңғыл жолына енді түскен Қазақстан мемлекеті.

Бүгінгі келістің жөні бөлек

Деректер бойынша, бүгінде әрбір үшінші қазақ өз
атамекенінен тыс шет елдерде өмір сүріп жатыр екен. Олардың
тәуелсіздік алып, қарыштап дами бастаған Қазақстанға деген
қызығушылықтары да айрықша. Содан кейін де Елбасының

пәрменімен жыл сайын молая түсіп отырған көшіп келу
квотасының өзі де аздық етіп отыр.

Құрылтай делегаты болу бақытына ие болған естен кетпес үш
күннің ішінде бір байқағанымыз – шет елдердегі қандастарымыз
атажұртқа көшуге біржолата мойын бұрған. Бір бөлігі буынып-
түйініп, квота құжаты қолдарына бүгін тие қалса, ертең көшкелі

отырған ағайын. Екінші топ ешқандай квотаны күтпей-ақ өз
күштерімен қоныс аударып, ендігі татар дәм, несіп-ризықтарын
атамекеннен теріп жемекші. Әзірше жылы орындарын суытқылары
келмейтін де ағайын бар. Соған орай Құрылтай делегаттарының

пікірлерін де келтіре кетейік.

Сұлтан Жанболат, Шыңжан университетінің профессоры,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төралқа мүшесі:

– Елге оралу дегенде, халықты екі топқа айыруға болады. Бір

топ әзірге келу жайын қатты ойлап жүрген жоқ. Ондайлар: «Әне
жерде әкемнің қабірі жатыр, өзім көзімді ашқаннан бері осы жерде
туып-өскем» дегенді алға тартады. Тіпті болмаса азғантай
ауқаттанып қалған. Өзінің жылы орнын суытқысы келмейтіндер де

болады.

Екінші топ келсем дейді. Қытайда бүгінде жер-су тарылған,
бұл жақта туыстары бар. Қазақстанға келсе екі қолға бір күрек
табылады, жер кең, халқы да онша көп емес, бір шетінен, әрі ең
бастысы, өзінің қазағының елі.

Осы жерде бір мәселені айрықша бөліп айтпаса болмайды.
Қытайдан 62-ші жылдары көшкен қазақ қырылып қала
жаздағанның алдында келді. Қазіргі қазақ ашаршылықтан көшіп
жатқан жоқ. Өзге жерде сұлтан болғанша, өз елімде ұлтан болайын,

елге еңбегімді сіңірейін деп келіп жатыр. Демек, қазіргі келіс
мүлдем басқаша келіс. Қазақстан Үкіметі оралмандарға қатысты
жақсы саясат ұстанып ортыр.

Мәди Ешекеев, Ресейдің Алтай өлкесіндегі Угловский
ауданының тұрғыны, кәсіпкер:

– Бірінші кезеңде балаларды Қазақстанға оқуға жіберіп жатырмыз.

Кейін біз де, иншалла, көп бөгелмеспіз, балалардың соңын ала елге
қайтамыз. Біздің қатарымыз қазақша сөйлейді. Кейінгі балалардың
арасында, жасыратыны жоқ, орысқа бейім болып кеткендер де бар.
Олар да қазір қазақша сөйлеуге тырысып жүр.

Іргеміз аман болса екен қашанда. Шетте жүрген 5 миллион
қазақ елге қайтсын деймін, сол жайында әркез айтып жүремін.

Ақиетқан Жаналтай, Түркияның Гүнеші қаласынан:

– Елге өз ақшамызбен келейік. 100 мың доллар қаражатым бар,

алғашқы уақытқа жететін шығар деп ойлаймын. Түркияда көбіне
қауымдастықтан келген меймандарды қарсы аламын, басқа
қалаларға апарып, көмектескім келіп тұрады.

Кенбай Кулатов, Өзбекстанның Науаи облысынан:

– Біз отырған жер Тәуелібай елі деп аталады. Жер-суы бар,

қауымдасып тіршілік етіп жатырмыз. Жағдайымыз жаман емес.

Көшуге деген көңіл-күй де көбіне сол жағдайға байланысты болып келеді ғой. Бұл жағынан алып қарағанда судан тапшылық көріп отырған көршілес екі аудандағы қандастарымыз көшуге бейім отырған тәрізді. Түптеп келгенде бәріміздің, ерте ме, кеш пе, атамекенге бет алатынымыз ақиқат қой.

Назарбек Байжігітов, Бішкек қаласынан, республикалық
«Қырғыз туы» газетінің жауапты қызметкері:

– Қырғызстандағы қандастарымыздың жағдайы қалыпты

деуге болады. Бірге туған қырғыз бауырлар қазаққа жаман
қарамайды. Оншақты қырғыздың ішіндегі біреуінің қазаққа жиен
болып келетіндігі де рас.

Әрине, төсекте басы, төскейде малы қосылған ағайынның
арасында, өмір болған соң, аздаған өкпе де жүрмей қоймайды.
«Отызыншы жылғы аштықта қиналып келген қазаққа қол ұшын
беріп едік, кейбір қазақтар Шелек жаққа жұмыс іздеп барған

қырғызды алдап, еңбегін жеп қояды екен» дегендей ренішті де
анда-санда естіп қаламыз. «Елдің арасында ондай бірен-саран
алаяқтар бар шығар, сол үшін бүкіл қазаққа өкпелеудің керегі не?»
деп оларға орынды уәж айтамыз.

Еліме мен не бере аламын?

Ерекше бөліп айта кететін мәселе – Құрылтайда сөз алған қай
қандасымыз болсын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Дүниежүзі
қазақтары қауымдастығының төрағалығына сайлауды ұсынады.
Осылайша Нұрекең бірауыздан әлем қазақтарының көшбасшысы

болып қайта сайланды.

Елбасының сөзінде әлем қазақтарына, соның ішінде өз
республикамызда тұрып жатқан отандастарымызға да екі түрлі
өтініш айтылды, тіпті талап қойды десе де болады. Оның біріншісі,
халқымыз өзгеге жасаған жақсылығын өз қандастарына да жасаса,

басқаға көрсеткен дарқандығын атажұртты аңсап жеткен
бауырларға да көрсетсе деген тілек. Шынымен Ұлы Отан соғысы
мен оның алдындағы жылдары қазақ халқы қиындық көріп келген
өзге ұлт өкілдерін жақын тартып, бүтін дәнді бөліп, жарты дәнді

жарып жеді, төріне шығарды емес пе? Тұрмыс түзеліп келе жатқан
қазіргідей кезеңде ауқатты азаматтар квотадан тыс келіп жатқан
ағайындарға халқымыздың сол бір жомарттық қасиеттерін танытса
болмас па?

Екінші тілек, атамекенге атбасын бұрған ағайынның көкейінде Қазақстан маған не береді деген емес, туған еліме мен не бере алам деген ой тұрса дегенге келіп тіреледі. Түптеп келгенде бұл екінші тілекпен шеттен келген ағайындардың барлығы келісті. Өздері тұрған елдердің тәжірибесі мен өнер-білімдерін бойларына жинақтаған ағайындарымыздың шынында да туған елге берері көп

екені анық. Ендеше арып-ашып келген ағайыннан қандай көмек
күтеміз деген уәж айтушылардың пікірлерімен мүлдем келісуге
болмайды.

Оралмандар облысын ашсақ

Құрылтайда небір құнды ұсыныстармен қатар шын жүректен
шыққанымен орындала қоюы мүмкін еместей ұсыныс, тілектер де
айтылды. Мәселен Батыс Еуропадан келген бір қандасымыз
Қазақстанда, Аллаға шүкір, жер жетеді, сондықтан бөлек бір

оралмандар облысын құрсақ дегендей пікір де айтып қалды. Енді
бір отандасымыз шетте жүрген қандастарға Қауымдастық немесе
елшілік арқылы «қазақ» деген құжат берсек деген ой ұшығын
тастады. Өз ұсынысын ол сол құжат арқылы шеттен келген

қазақтар шекарадан тоқтаусыз өте берер еді деп тұжырымдауға
тырысты.

Әрине бұл ұсыныстың да орындала қоюы қиындау екені
белгілі. Көңіліміз қанша ақ болғанымен шетелден келген
қазақтарды да барлық өзге ұлт өкілдері сияқты кедендік, құжаттық
тексерулерден өткізбей болмайды. Әсіресе мынандай қым-қуыт

заманда екі шоқып, бір қараған ешқашан артықтық етпейді.

«Шалқар» сазды бағдарламасын сағындық
Алыс шетелден келген ағайынның аузынан осындай сөзді көп
естуге тура келді. Бұрындары талай елге тарайтын бұл бағдарлама
қайтадан бұрынғыша таратылса деген ой биік мінберден де

айтылды. Араб қарпімен шетел қазақтары үшін шығарылып тұрған
«Біздің Отан» газетіне де бұл жайт тікелей қатысты. Латын
әліпбиіне көшкен Өзбекстан сияқты мемлекеттердегі қазақ
мектептері оқулықтан тапшылық көре бастады. Мұның бәрі

мемлекетаралық деңгейде шешілетін мәселелер екендігі белгілі.
Қауымдастықтың да, тиісті министрліктердің басшылары да
осынау аса маңызды жайттарды ойластырып, тиісті қорытынды
шығармақ болып қағаздарына түртіп алып жатты.

Жазу демекші, дүниежүзі қазақтарының басын біріктіру үшін
ортақ жазуға көшу қажеттігі уақыттың өзі туындатып отырған өткір
мәселе. Олай дейтініміз, қазіргі кезде біз кириллицаны қолдансақ,
Қытай қазақтарының араб қарпін, Түркия мен Батыс Еуропа

қазақтарының латын жазуын пайдаланатындықтары белгілі. Бұл

мәселені асығыстыққа салмай әбден ойланып-толғанып барып
шешу қажеттігі ортаға салынды.

Иә, шешімін күткен жайттар көп. Соның бәрі бір-екі күннің
ішінде шешімін таппады, құрылтайға келгендер негізінен той
тойлап кетті, аңсап жеткен ағайынға Ақорда мен «Бәйтерек»,
Астананың басқа да көрікті жерлері көрсетіліп қойды деп кінәлаған

кейбір ағайынға не жорық? Елбасымен, тиісті министрліктердің
қызметкерлерімен және Қауымдастық басшыларымен
кездесулерде, секция жұмыстарында делегаттар көкейіндегілерін
ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Одан нәтиже шығару

алдағы күннің еншісіндегі шаруа.

Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы туралы

Қазақтардың тұңғыш құрылтайы 1992 жылғы 29 қыркүйекте
Алматыда өтті. Оның жұмысына сан қилы себептерге байланысты
төрткүл дүниенің бұрышына шашырап кеткен қандастарымыз, бір
сөзбен айтқанда 33 елден келген 1200-ге жуық делегат қатысты.

Осы оқиға Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының дүниеге
келгенін паш етті, сөйтіп туған жерден жырақта өмір сүріп жатқан
5 миллионға жуық қандастарымыз тұңғыш рет өздерінің ұйымына
ие болды. Қауымдастық Төралқасының төрағасы болып ел

Президенті Н. Ә. Назарбаев бірауыздан сайланды.

Қазақстаннан сырт жерлерде Қауымдастық өткізіп жүрген
кіші құрылтайлар бүкіл әлем қазақтарын топтастыруда айрықша
маңызға ие болып отыр. Соңғы жылдары мұндай кіші құрылтайлар
Ресейде, Өзбекстанда, Монғолияда, Түркияда, Германия мен

Швецияда өткізілді. Оларға осы елдерде өмір сүріп жатқан
мыңдаған бауырларымыз қатысты.

Қауымдастықтың «Қазақ елі» газеті, «Алтын бесік» журналы
сияқты баспа органдары белсенді жұмыс атқаруда. «Атажұрт»
баспа орталығы шетелдегі қазақ диаспорасының зиялы өкілдері –
жетекші авторлардың 20-дан астам кітаптарын шығарды.

Сырттағы қандастарымыз үшін жасалып жатқан ізгі
жұмыстардың бәрі Қазақстан Республикасының тұңғыш
Президенті, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасының
төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланысты.

Шетелдегі отандастарымызды қолдаудың мемлекеттік

бағдарламасы қабылданды. Жыл өткен сайын оралмандарға
арналған квота саны ұлғайып келеді. Жыл сайын Қазақстан халқы
оралмандар есебінен 50-60 мың адамға көбейіп отыр.

2002 жылы әлем қазақтарының кезекті ІІ құрылтайы өтті.
Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың баяндамасында қазақ
диаспорасы өкілдерімен байланыс, оларға қолдау жасап, туындап
жатқан мәселелерді шешу жолдары айрықша атап көрсетілді.

Дүниежүзі қазақтарының ІІІ құрылтайы өз жұмысын еліміздің
жас Елордасы – Астана қаласында өткізді. Бұл бас қосу қазақ халқы
үшін ғаламдық үрдіс – ұлттың бірлігі мен ерекшелігін сақтау
жолындағы мәселелерді шешуде тағы бір маңызды қадамға

айналды.

АСТАНАДА БОЛҒАН АЛПЫС САҒАТ

көңілімізге кереметтей әсер қалдырды

Ару қала Алматы қашанда көзіме ыстық көрінеді, қай кезде де
жаныма соншалықты жақын сезіледі. Осынау әсем қалаға жақын
орналасқан ауданда туып-өскендіктен, бәлкім, осы жерде жоғары
оқу орнын бітіріп, өмірімнің ең бір қызық шақтары өткендіктен де

солай көрінетін, сезілетін шығар-ау... Бұл бір менің ғана емес,
мыңдаған, тіпті миллиондаған замандасымның жан сезімі, шыны,
сыры десем әсірелегендік бола қоймас.

Арман қала, ән қала, ару қаланың кейінгі кезге дейін
астанамыз болып келгендігі де мақтаныш сезімімізді шалқыта
түсетін. Астана алыстағы Ақмолаға көшетін болғанда
тосырқағандай күй кешкеніміз де сондықтан болар. Алғашында

мұның өзі уақытша ғана орын алып отырған әлдебір жаңсақтық,
күндер өте келе бәрі баяғы қалпына қайта түсетін сияқтанатын.
Осынау тарихи шешімді қабылдаған халық қалаулылары да кезінде
соған жақын ойда болған тәрізді.

Қуанышқа қарай, олай болмай шықты. Шын мәнінде
саусақпен санарлық жылдар ішінде тың төсінен, байтақ
Қазақстанның орталық нүктесінен шын мәніндегі жаңа қала –
дүние жүзіндегі ең әсем шаһарлардың бірі бой көтерді. Сөйтіп

жүрек түкпірінде Алматымен қатар әсем Астанамыз бар, бас
қаламызға қарап серпінді даму үстіндегі байтақ Қазақстанды да

бағамдауға болады деген тағы бір мақтаныш сезімі бой көтерді.
Астананың шын мәнінде сондай қала екендігіне біздер, оған арнайы
іссапармен барып, «Нұр Отан» халықтық демократиялық
партиясының кезектен тыс ХІ съезінің жұмысына, Президентіміз

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өткізген баспасөз конференциясына
қатысып қайтқан өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының
өкілдері, сапар барысында айқын көз жеткіздік.

Бұл менің Астанаға екінші рет баруым. Алғашында, 2005
жылдың қыркүйегінде өткен Дүниежүзі қазақтарының ІІІ
құрылтайына қатысудың сәті түскен. Ол кезде әлемнің әр
түпкірінде тарыдай шашырап жүрген қандастарымызбен

сұхбаттасып, бас қаланың көркі көз арбайтын керемет
ғимараттарымен танысқан болатынбыз. Әйтсе де екі жыл деген
соншалықты қысқа да уақыт емес екен.

– Екі жылыңыз не, екі ай болмай қалсақ, жаңа қалаға тап

болғандай күй кешеміз. Жаңа құрылыстар таң қаларлықтай
қарқынмен салынып жатыр, – дейді бізбен әңгімелескен қала
тұрғындары.

Десе дегендей, біз барған кездің өзінде Есіл өзенінің үстіне
салынған жаңа көпірдің ашылу, «Ниссан» автокөлігін, «Дженерал
электрик» тепловоздарын жинайтын, «Нокиан» автомобиль
шиналарын шығаратын зауыттың іргетасын қалау салтанаттары

өткізілді. Мұның өзі Астанада жалғыз әкімшілік немесе көңіл
көтеретін мәдени орталықтардың ғана емес, өндірістік, әлеуметтік
нысандардың да көптеп салынып жатқандығын айғақтамай ма?

Баспасөз мәслихатында Президент келтірген мысалдар да бұл
әсеріміздің дұрыстығын көрсетіп берді. Нұрсұлтан Әбішұлының
айтуынша, Астанаға осы жылдар ішінде 1 триллион 500 миллиард
теңгенің инвестициясы тартылыпты. Дәл қазіргі кезде 650 нысан

салыну үстінде екен. Қаланы алып құрылыс алаңына айналдырып
тұрған да жұмыс істеп тұрған 1400 кран көрінеді.

Астананы көшіруге қарсы болғандар кезінде бұл мақсатқа
жұмсалатын шығынды бюджеттің қалтасы көтермейді, Қазақстан
тұрмақ Германия Федеративтік Республикасы сияқты іргелі
мемлекеттің өзі астанасын көшіре алмай отыр дегендей уәж

айтқаны есімізде. Ондай «сәуегейлердің» айтқаны келсе, қаржының
бәрі астана құрылысына жұмсалып, қазір аузымызды қу шөппен
сүртіп отыруға тиіс едік. Олай болмады, осы жылдар ішінде
экономикалық даму жағынан көршілес мемлекеттердің ғана емес,

бүкіл ТМД елдерінің алдына түстік. Елдің әл-ауқаты да жылдар
өткен сайын жақсара түсіп келеді. Ұлттық қорда жинақталған
қаражат көлемі 2007 жылдың маусым айында 17 млрд. 467,0 млн.
АҚШ долларын немес 2186 млрд. теңгені құрады. Мұның өзі де

Астана құрылысы бюджет қаржысының емес, тартылған
инвестиция есебінен жүргізіліп жатыр деген Елбасы сөзін айғақтай
түспей ме?

Ғарыштық оң энергетиканы жинақтап, тіршілік иелерінің
бәріне жағымды әсер етеді деп саналатын әйгілі «Пирамида» –
Бейбітшілік пен келісім сарайында тұңғыш Президентіміздің сөзін
тыңдаймын деп ойламаған екенмін. Нұрсұлтан Әбішұлының

адамдарды баурап алатын айрықша қасиетінен, әлде шынында да
пирамида пішіндес ғимараттың ғажайып әсерінен бе екен (мүмкін
екі фактор да үйлесіп кеткен болар), Елбасының елдегі саяси
жағдай, халықтың жағдайын жақсарту жайында үлкен жұмыстар

атқарып отырған «Нұр Отан» партиясының сайлауалды
тұғырнамасы, басқа да маңызды мәселелер жайындағы сөзі үлкен
ықыласпен тыңдалды. Терең талдауға, байыпты тұжырымға толы
сөзі дүркін-дүркін жаппай қол шапалақтауларға ұласып отырды.

«Пирамиданың» жоғарғы қабаттарынан орын алған өңірлік
бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне Елбасы сөзінен кейін
бірден Президент резиденциясы – Ақордаға беттей беру қажеттігі
ескертілген болатын. Сәулет өнерінің тағы бір кереметі саналатын

Ақордаға барғаннан кейін де съезд жұмысынан босай алмай жатқан
Нұрсұлтан Әбішұлын біраз күтуге тура келді. Жасыратын не бар,
съезд жұмысынан шаршап шығатын Елбасы баспасөз мәслихатын
кейінге қалдыратын шығар, не болмаса мүлдем өткізбейтін де

болар деген ой да көңілімізге оралған. Әйтсе де бұл ойымыз бекер
болып шықты. Баспасөз мәслихаты өтетін залға ширақ басып кірген
Нұрсұлтан Әбішұлы көпшілікпен амандасқаннан кейін табиғатына
тән жинақылықпен әңгіме тізгінін бірден қолына алды. Әдеттегідей

әрбір сұраққа мәнді де мағыналы жауап берді, тақырыпты тосын да
тың деректермен өрбітіп отырды.

Сұрақ демекші, республиканың барлық облыстарынан
жиналған өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының 200-ге жуық
өкілінің барлығы бірдей көкейлеріндегі сұрақтарын қойып
үлгермегендері өз-өзінен түсінікті. Сол себепті Алматы облысынан

барған журналистердің атынан облыстық «Огни Алатау» газеті бас
редакторының орынбасары – жауапты хатшы Виталий Пекельник

сұрақ қойып үлгерді. Облыстық «Жетісу» телеарнасының
журналисі Жұмахмет Жайлаубаев екеуміздің сұрақтарымыз
тіліміздің ұшында қалды. Әйтсе де оның өкініші тым үлкен де емес
еді. Заманымыздың заңғар тұлғасымен бір-екі сағат сұхбаттас

болып, мазмұнды әңгімесін тыңдағанның өзіне көңіліміз кәдімгідей
марқайып қалғандығын жасырып қайтеміз.

Әріптесіміз Виталий Яковлевичтің сұрағы Астана
құрылысына тартылған инвестицияға қатысты болғанымен
Президент Алматының жағдайына да тоқтала кетті. «...Алғашқы
кезде қаладағы автокөліктердің саны 30 мың ғана болса, қазір 160

мыңға жетті. Сондықтан көлік қозғалысын жеңілдететін көпір мен
айналма жолдар салынып, іске қосылуда. Көлік қозғалысы
Алматыда жеңіл емес. Ол жаққа да үлкен көмек көрсетілуде. Ең
бастысы, біз астананы Алматыдан дер кезінде көшірдік деп

ойлаймын. Әйтпесе онда дәл қазір қандай қиындықтар қалыптасқан
болар еді. Сондықтан мен Алматыға Үкіметтің қажетті қаржыны
бөліп, айналма жолдарды көптеп салғызуын қадағалап отырмын.
Бізге үлкен мегаполис ретінде Алматының да тұрақты

дамығандығы өте маңызды» – деген сөздерден Алматы қаласының
да Елбасының тұрақты назарында екендігін, Астанадағы ғажайып
ғимараттарды Нұрсұлтан Назарбаевтің есімімен қалай
байланыстырсақ, Алматыдағы жақсы істердің де Нұрағаңның

нұсқауымен жүзеге асырылып жатқандығын аңғардық.

«Нұр Отан» съезінің жұмысымен қатар Елбасының өңірлік
БАҚ өкілдерімен сұхбаты да баспасөзде толықтай
жарияланғандықтан онда айтылған жайттардың бәрін тізбелеп
жатуды жөн көрмедік. Дегенмен, болшақта Астанада салынатын 10

мың адам өмір сүретін жабық қала мен қыс айларында жағалауында
күнге қыздырынуға, ит тұмсығы өтпес джунглиін аралауға болатын
«Хан шатыры» сияқты қайталанбас ғимараттар, жерүстілік метро
салынатындығын естігенде қиял шіркін еріксіз шарықтап кетеді

екен. Ертегідей ғажайып қала дегеніміз де осындай-ақ болар.

Ертегі демекші, қиял-ғажайып ертегілеріндегі алып самұрық
құс қонақтап отыратын алып дарақ іспетті «Бәйтеректе» де болып
қайттық. Құрылтайға барған сапарымда осы нысанға көтерілудің
сәті түспей қалған еді. Виталий Яковлевич пен Жұмахмет

Жанахметұлы, облыстық телеарнаның операторы Шалқар
Құсайынов төртеуміз 105 метрлік алып «Бәйтеректің» ұшар басына
көтеріліп, Астана суреттерін тамашаладық. Президент алақанының

табы қалған, дәстүрлі дін өкілдерінің қолдары қойылған бейнелік
белгінің жанында естелік суретке түстік.

Даму үстіндегі Астананы, кеңірек алатын болсақ, байтақ
Қазақстанды бейнелейтін бұл дарақ шынында тамырын тереңге
жіберген биік бәйтерек іспетті. Ұшар басындағы дөңгелек шар
тіршілік өзегі – самұрық құстың жұмыртқасын еске салады.

Президенттің мәдени орталығында Мырзатай Жолдасбеков
ағамыз да осы самұрық құс туралы әңгімені қозғаған болатын.

«Халқымыздың қиял-ғажайып ертегілеріндегі самұрық құс
құдіретті күштің, тылсым сырдың иесі. Оның бейнесін қандай
нышанда болсын кескіндегеніміз артық болмас еді» – деген-ді
Мырзекең шын тебіреніп.

Бірді айтып, бірге кетеміз, Мырзекең сол жолы өңірлік
бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында тағы бір сырдың
ұшығын шығарған. Мәдениет орталығында сақтаулы тұрған баға
жетпес жәдігерлердің қатарында айбарлы Абылай ханның өзі

иығына ілген шапан да бар екен. Мырзекеңнің айтуынша, бұл өзі
дәлелденген жайт көрінеді. Мұны естіген сәтте асыл жәдігердің
жанына барып тәу еттік. Шапан тұрқына қарағанда бабамыз аса
бойшаң болмаса да кең-мол пішілген, бөлек тұлғалы жан болған

сияқты.
Бір мұражайды айтқанда бір мұражай еске түседі. Осы жылы
тұңғыш Президентіміздің мұражайында болғанымызда құндылығы
жыл өткен сайын арта беретін осындай талай жәдігерлерді

тамашаладық. Олардың қатарында ел Президентін ұлықтау кезінде
омырауға тағатын ауыспалы белгі, маңызды құжаттарға қол
қойғанда пайдаланылған Елбасы қаламы, Әнұран мәтініне
Нұрсұлтан Назарбаевтың өз қолымен енгізілген өзгерістер бар

дегендей, жалғасып кете береді. Түрлі елдер басшыларының
Қазақстан Президентіне тартқан бағалы тарту-таралғылары да
осында. Әрбір нысан, әрбір мұражай өзінше бөлек әңгіменің
тақырыбы.

Есте қалған тағы бір кездесу Астана қаласы әкімінің атынан
ұйымдастырылған қабылдау мен «Қазақстан теміржолы»
акционерлік қоғамының президенті Жақсыбек Құлекеев берген
банкет болды. Бейресми түрде өткен екі кездесуде де

журналистерге жылы қабақ, ақ ниет білдіріліп, қонақжайлық
танытылды.

Теміржолшылар берген банкетте әріптесіміз Жұмахмет
Жайлаубаев ел аузында жүрген аңыз іспеттес әңгімені ортаға
салған. Атақты би бір отырыста есіктен сығалап тұрған бір адамды
байқап қалып: «Кел, мысығым, кел!» дегендей сөздерді айтады.

Жаңағы адам келіп дастарқан басына отырғаннан кейін: «Же,
жолбарысым, же!» дейді. Қоштасарда «Сайра, бұлбұлым!» деп
қалады. Отырғандар бұл сөздердің мәнісін түсіне қоймайды. Сонда
бидің өзі былай деп түсіндіріп берген екен деседі:

– Есіктен сығалап, кіруге батпай тұрған жолаушының

жағдайы мысықпен бірдей емес пе? Дастарқан басына отырғанда
қонақ ретіндегі дәрежесі жолбарыспен теңесті. Еліне барғанда
осында көрген сый-құрметін айтып бұлбұлдай сайрайды. Жаңағы
сөздерімнің мәнісі сол еді.

Сол айтқандай, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары қанша
дегенмен жалпы баспасөздің оқырманға бір табан жақын буыны
емес пе? Астанада болған алпыс сағат ішінде алған әсеріміз ұшан-
теңіз болғандықтан оны айтып тауысу да оңай болмас. Өңірлік БАҚ

өкілдерін Астанаға шақырудағы бір мақсат та сол болса керек.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, мақсат
артығымен орындалған да сияқты.

Күміс қанат ұшақ иллюминаторынан төменге көз
салғанымызда Астананың алқасы тәрізденген жасыл желек жолағы
көзімізге шалынды. Әлемдегі теңдесі жоқ айшықты қаланың
айналасын ну орманға бөлейтін, Елбасының пайымдауы бойынша,

болашақта Бурабай маңындағы ормандармен шектесетін жасыл
желектің осы екендігін аңғардық.

Әзірше алып бәйтерекке айналмаса да тамырын туған жер
топырағына жіберген жас өскіндер жарыса өсіп келеді. Бір сәт
осынау жас өскіндер қатары алып крандары көкпен таласқан
Астанаға да ұқсап кеткендей еді.

Талдықорған – Астана – Талдықорған.

Облыстық «Жетісу» газетінің жауапты хатшысы Нүсіпбай

ӘБДІРАХЫМ:

ЖЕТІСТІГІМ ҮШІН «ЖЕТІСУҒА» ҚАРЫЗДАРМЫН

Алматы облыстық «Жетісу» газетінің жауапты хатшысы
Нүсіпбай Әбдірахым кәсіби мерекеміз – Баспасөз, теледидар
және радио күні қарсаңында баспасөз саласы бойынша
берілетін беделді сыйлыққа – Қазақстан Республикасы

Президентінің грантына ие болды. Соған орай әріптесімізге
жолығып, бірнеше сұраққа жауап беруін өтінген едік.

– Журналистиканың қиындығы мен қызығы неде деп ойлайсыз? – Әдетте журналистика дегенде оның қиындығынан бұрын қызығы аталып жатады ғой. Мамандықтың қыр-сырымен жақын таныс емес адамға оның қызық жағының басымдау көрінетіні де рас. Дәйім сапарда жүріп, қаншама атақты адамдармен дәмдес болады, жұрт назарын аударған нешетүрлі оқиғалардың қайнаған ортасында жүреді, ел көреді, жер көреді дегендей, мұндай артықшылықтардың қатары жалғасып кете береді. Дегенмен жаңағыдай қайнаған оқиғаның ортасында да журналистің ең алдымен жұмыс істеп жүретіндігін, оның жан-жүрегінің, ақылойының көзі көріп, санасы зерделеген мың сан фактіні қорыту үстінде болатындығын көп ешкім байқай бермейді. Жүздеген адам қатысқан үлкен бір шара немесе алқалы жиын аяқталған соң жұрттың бәрі алаңсыз демалуға кіріссе, журналист қолына қаламын алып жазуға отырады. Қойын кітапшасын қайта-қайта ақтарып, диктафон жазбасын сан рет тыңдап дегендей, құмнан алтын екшеген сияқты мазасыз күй кешеді. Бір мезгілде жазғанының шындықтан ауытқымауын, мақаласының оқырманға барынша қызықты, тартымды болуын, сөз арасында сыналап қате деген пәленің кетіп қалмауын қадағалайды. «Қаламмен жазылғанды балталап өшіре алмайсың» деген ақиқат ең алдымен газеттер мен журналдардың қызметкерлеріне қарата айтылған ғой. Шындығында басқа көптеген мамандық иелері өз жұмысында жіберілген қатені келесі күні немесе бір апта, ай өткен соң түзете алады емес пе? Журналистика мамандығында ондай босаңсуға жол берілмейтіндігін өзіңіз де жақсы білесіз. Газет көпшілікке тарап кеткеннен кейін қандай түзету жайында сөз

қозғауға болады? Сондықтан газет бетінде айтылатын әрбір тұжырым, тіпті әрбір сөз ой елегі мен көңіл сарабынан әбден өткізіліп барып қағазға түсуі тиіс. Осы жақында ғана, кәсіби мерекеміздің қарсаңында мерзімді басылымдар беттерінде жіберілген кейбірі күлкілі, кейбірі қасіретті қателер жайында мақала дайындауға тура келді. Сондай қателердің бірі жайында айта кетейін. Отызыншы жылдардың орта тұсында одақтық басылымдардың бірінің редакциясы қатаң жазалауға ұшырайды. Оған «Сталинград» деген сөздегі бір ғана «р» әрпінің түсіп қалғаны себеп болыпты. Бір сөзбен айтқанда оқырманның қолына тиген дайын газеттің қандай өлшеусіз еңбекпен шығарылғандығын журналистен басқа мамандық иелері көз алдарына елестете алмайды. Оны тізбелеп жатудың қажеті де жоқ. Басылымның атына айтылған бір ауыз жылы сөз ондай қиындықтың барлығын бір-ақ сәтте ұмыттырып жібереді. Қызығы дегеніміз де осы жайтқа келіп тіреледі. Жалпы мен өз мамандығыма осы күнге дейін романтикалық тұрғыдан қараймын. Газет бір ғана адамның тағдырына араша түсе алса, бірнеше жанның мерейін өсіріп, замандастарымызға ой салып жатса еңбегіміздің толығымен ақталғаны емес пе? – Жауапты хатшының қандай қасиеті басым болуы керек? – Газет ұжымдық еңбектің жемісі. Оның мазмұнды да сапалы болып шығуы бас редактор мен орынбасарларынан, жауапты хатшыдан бастап секретариаттың, бүкіл журналистер ұжымы мен техникалық қызметкерлердің кәсіби біліктілігіне байланысты болып келеді. Бұл жағынан алғанда жақында ғана 90 жасқа толған «Жетісуымыздың» атына орынды мақтан айтуға болады. Редакциямызда кідіріссіз жұмыс істейтін еңбек конвейері, бірден бірге жалғасып отыратын өзіндік игі дәстүрі, газеттің сапалы шығуына деген үлкен жауапкершілік сезімі қалыптасқан. Секретариаттың, терім мен бет жасап, әрлеуші дизайнерлердің, корректорлардың жұмысының бір ғана буыны ақсаса, бүкіл төккен терді зая кетті деп есептеуге болады. Содан кейін де жауапты хатшының газетті жоспарлаудан кейінгі басты міндеті барлық буынның жұмысын үйлестіріп, бір арнаға бағыттап отыруға келіп тіреледі. Жауапты хатшының қандай қасиеті басым болуы керек деген сұраққа бір сөзбен жауап бере қою қиын. Сірә, көпшілікпен, бұл

жерде мен жалғыз редакция ұжымын ғана назарға алып отырған жоқпын, тіл табысып жұмыс істеу, талап қоя білу сияқты қасиеттер болар. Бойымда бұл қасиеттердің қаншалықты барлығына баға бере алмаспын. Жалғыз ғана алып-қосарым, бұл орайда білікті басшымыз, газет жұмысын терең білетін тәжірибелі журналист Жақыпжан Мысабекұлы Нұрғожаевтан, басқа да әріптестерімнен үйренерім көп. – Аға газеттің қызметкері ретінде аудандық, қалалық газеттер жөніндегі пікіріңіз қандай? – Аудандық, қалалық газеттер баспасөздің оқырманға ең жақын буыны ғой. Содан кейін де көпшілік оқырманның ең алдымен жергілікті баспасөзді іздейтіні заңды. Ендеше бұл буынды күшейтпей болмайды. Облыс орталығында орналасқан «Талдықорған» газетінің жағдайы дұрыс шығар, бірақ басқа аудандық газеттердің көпшілігінің жағдайы кереметтей деп айта алмас едім. Редакциялар қазіргі кезде ең алдымен кадр тапшылығын өткір сезініп отыр. Мәселен, бүгінде небары екі немесе үш журналистен ғана тұратын аудандық газет редакцияларының бар екендігі жасырын емес. Мұның өзі түптеп келгенде басылымның мазмұны мен сапасына теріс әсер етпей қоймайды. Жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандар қазір алыс, тіпті жақын аудандарға да қызметке бара бермейді. Барулары үшін оларды тұрғын үймен, лайықты жалақымен қамтамасыз ету қажет. Ондай жағдайды көп әкім жасай алмайды. Шындығын айту керек, жергілікті газетке жағдайдың жасалыну, жасалынбауы аудан мен қала әкімінің сол газетке – өз газетіне деген қатынасына, турасын айтатын болсақ, қас-қабағына байланысты болып келеді. Меніңше, облыс қана емес, республика көлемінде шығып тұратын барлық аудандық, қалалық газеттерге бірдей талап қойылуы, олардың жағдайы заңды бір құжатпен реттелінуі керек сияқты. Сонда ғана газет қызметкерлері өздеріне тиесіліні талап ете алады. Оған дейін жағдай түбегейлі өзгереді деп ойламаймын. Өткен жылдары облысымыздың әкімі Серік Әбікенұлы Үмбетов барлық аудандық газет редакцияларын автокөлікпен қамтамасыз етті. Мүмкін осындай тәжірибені пайдаланып, барлық газетті бір орталықтан қаржыландыру қажет шығар. Қалай дегенмен де толғағы жеткен бұл мәселені шешетін уақыт жетті.

– Жетісу жұрты Сізді ақын ретінде де таниды, жеке шығармашылығыңыз жөнінде не айтасыз? – Өлеңді өмір бойы жазып келе жатқаныммен, өзім қатарлы ақындар әлдеқашан мойындағандарымен жеке жыр жинағым былтыр ғана жарық көрді. Өйткені кезінде кітап шығаруға өзім асыға қойған жоқпын, баспада отырған ақын достарым шығарайық деп бірнеше рет ұсыныс жасағанда, неге екенін қайдам, оншалықты құлшына қоймаған едім. Бұлай істеуіме көп өлеңдерімнің бір ғана тақырыпта жазылғандығы да әсер еткен шығар. Кейіннен кітап шығару мәселесі қаржыға тіреліп қалды. Шығарып бере ғой деп те ешкімге жалбарынып барған жоқпын. Қуанышқа орай, облысымыздың басшысы Серік Үмбетовтің демеушілік жасауымен былтыр он баспатабақтық жыр жинағым жоспарға кіргізіліп, жыл аяғында сапалы басылып шықты. Кәсіпкер азамат, облыстық мәслихаттың депутаты Усейн Исмиханұлы Касанов сол кітаптың тағы бір 1000 данасын шығарып берді. Мұның өзі шығармашылығыма өзгеше қанат бітіргендігін жасырып қайтейін. Күрті, Балқаш аудандарында көп жыл жұмыс істегеннен кейін 2002 жылы Талдықорғанға көшіп келіп, жыр бәсекелеріне қатыса бастауым да шабытымды шарықтата түскендей болды. Ал, қазіргі барлық шаруа тек қана уақыт мәселесіне тіреліп тұр. Газет жұмысы өлең жазуға көп уақыт қалдыра қоймайды. Уақыт деген шіркіннің қадірін енді ғана шындап түсіне бастаған сияқтымын. – Астанаға барып абыройға бөленгендегі және Елорданың бүгінгі көркінен алған әсеріңіз? – Шынын айтсам, Қазақстан Республикасы Президентінің грантын аламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген жоқ болатын. Газетіміздің 90 жылдығына орай марапаттауға ұсынылып жатқанда да, грантқа іліндің деген сүйінішті хабарлар түскен кезде де сабыр сақтап, әліптің артын бақтым. Тек Астанаға ұшып барып, Ақорданың төрінде Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың қолынан сыйлық алған кезде толқынысты сәтті бастан кешірдім. Бұл жетістігімді мерейтойын атап отырған байырғы басылымымыз – «Жетісу» газеті мен оның ынтымақшыл ұйымының арқасы деп білемін. Қарапайым еңбегімнің еленуі абыройымды арттырып қана қоймай өзіме үлкен жауапкершілік сезімін жүктейтіндігін де жақсы түсінемін. Астананың бүгінгі көркінен алған әсер жайына келсек, оны тілмен айтып жеткізу қиын. Жыл санап емес, ай санап құлпырып

келе жатқан ару қала бейне бір Арқа төсіне ғажайыптың күшімен орнай қалған керемет сурет тәрізденеді. Бұлай деп тұжырымдауыма негіз те бар. Мен осы жолы Астанаға үшінші рет сапар шектім. Алғаш 2005 жылы Дүниежүзі қазақтарының ІІІ Құрылтайына делегат ретінде қатысқан болатынмын. Былтыр Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірлік БАҚ өкілдерімен өткізген баспасөз мәслихатына шақырылдым. Екі жолы да Астананың көрікті жерлерінде түгелге жуық болып, тамашалаған едім. Биылғы көрініс пен алған әсерлерім тіптен өзгеше болды. Астананы ешбір әсірелемей-ақ Елбасымыздың шын мәніндегі ерлігі деп бағаласақ асырып айтқандық емес. «Бәйтерек» монументінің басында толқып тұрып осы бір ақиқатқа көзім жетті. Ару қалаға ақ қанатты лайнердің терезесінен көз салған сәтте де осындай тебіреністі сезімде болдым. Астананың мерейтойы басталған сәтте теледидардың алдына жабысып қалғандай күйде едім. Таныс нысандар, жаныңа сондай жақын көрінетін таныс көшелер көзге ерекше жылыұшырайды. Көшедегі адамдар да саған «Ақ тілекпен, Астана» деп қол бұлғап тұрғандай болады. Мұндай Астанасы – бас қаласы бар еліміздің ертеңінің жарқын болатындығына шек келтіруге бола ма? – Оныңыз рас. Астананың ел дамуының ертеңі екендігі сөзсіз. Сол Астанадан алып қайтқан қуанышыңызға тағы бір құтты болсын айтамыз. Әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбатты жүргізген «Талдықорған» газетінің тілшісі
Гүләйім Түстікбай.

ЕСТЕН КЕТПЕС ЕКІ КҮН

Желтоқсан... Осы бір жалғыз ауыз сөзді естіген сайын көз
алдыма Алматы көшелерін табанымен таптап бара жатқан тажал
бронетранспортерлер елестейді. Тоқтау бермейтін дүлей күш қазір
де келе қалып езіп-жаншып жүре беретіндей елегзимін. Содан

кейін... содан кейін дем ала алмай жатқан ақын дос, ағыл-тегіл
жылап бара жатқан ару қарындастың бейнесін қайта көріп

тұрғандай боламын. Өзімді солардың алдында айыптыдай
сезінемін...
Мен төрткүл дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасына
қатыса алмадым. Бірақ шет жағасын көргенімнің өзі-ақ барлық

сенім-нанымымның күл-талқанын шығарғандай еді. Сол жолы
қайта туғандай күй кештім.
...Қалаға 18 желтоқсан күні келіп жеттім. «Студенттер
көтеріліпті» деген жалғыз ауыз сөз. Автобустың ішінде де орыстар

мен қазақтар екі бөлініп тұра қалыпты. Салқын қабақ, мұздай
көзқарас. Көшеде құлаш-құлаш арматура көтеріп бара жатқан орыс
халқының өкілдері ұшырасады. Не де болса алдымен ҚазМУ
қалашығындағы достарымды тауып алайын деген оймен солай

қалай тарттым. 100 нөмірлі автобус тауға қарай ыңырана көтеріліп,
сол кездегі Брежнев алаңын айналып өтіп, әл-Фараби проспектісіне
түсті. Жоғарыда айтқан бронетранспортерлер де тура осы
проспектіден кездескен. Көк болатқа оранған, ұзын саны онға таяу

соғыс машиналары Брежнев алаңын бетке алып тартып барады. Дәл
қазір ұрысқа кіретіндей төбесіндегі пулеметтер де алға қарай
кезеліп, үрей шашады. Автобустағы орысы, қазағы, басқасы бар,
барша жұрт сілтідей тынып қалыппыз. Ауыр тыныштықты орыс

әйелі бұзды:

– Олар әскери жаттығудан келе жатыр.

Барлық көз жаңағы әйелге қадалған.

– Қайдағы жаттығуды айтып тұрсың? Айналада не болып

жатқандығын көрмейсің бе?
Тас-талқан болып ашуланған орыс жігіті кезекті аялдамадан
түсіп қалды. Қанды қылмыстың тігісін жатқызуға тырысқан өз
қандасына ашуланды ол.

ҚазМУ қалашығынан бір де бір досымды кездестіре алмай
енді көк базар маңындағы тоғыз қабатты биік үйде орналасқан
баспасөз орталығына тарттым. Іздеген достарым не алаңдағы
жастардың арасында, не басқа бір жерде жиналып жатыр ма,

оларды бұл жерден де кездестіре алмадым. Кешегі күні, бүгін түске
дейін алаңда болып келген қыздар қан қыздырар неше түрлі
сұмдықтарды әңгімелегенде төбе шашың тік тұрады. Соның
арасында милиция мен жасақшылардың, курсанттардың алаңды

айналдыра екі-үш қатар жанды қоршау жасап тастағандығы, жақын
барғандардың қолын қайырып ұстап жатқандығы белгілі болды.

Содан кейін Кіші станицада тұратын ақын досым Әбубәкір
Қайрановтың үйіне баруды ұйғардым.
Бұл күнгі кеште екі ұлт өкілдерінің арасына түскен сызат
үлкейе түскен. Сәл бір ұшқын шықса лап етуге дайын. Әсіресе

қызбалау келетін жастар жағы тұтануға шақ тұр. Қас қарайған
сайын мұндай қауіп те күшейе түскендей. Мұны 17 нөмірлі
автобустың ішінде бар жан-тәніммен сезіндім. Бір сөзбен айтқанда
не нәрсеге де дайын болуың қажет...

Межелеген аялдамадан түскен бойда көңілді жайлаған күдіктің негізсіз еместігін байқадым. Әрқайсында 10-15 жігіттен үлкен екі топ тұр. Негізінен орыс жігіттері. Автобусқа қайта мінуге кеш, бұрылып кетуге де болмайды. Сәл жасқанғаныңды білдірсең еліріп алған жасөспірім жігіттер тарпа бас салғалы тұр. Тәуекел деп тіке өздеріне тарттым. Бір-біріне тақау тұрған екі топты айналып та өтпей орталарынан кесіп өттім. Мұндайды күтпесе керек, екі топ та мені көзбен үнсіз шығарып салды. Мұны мақтан үшін емес, сол күндердегі адамдардың көңілкүйін дәл жеткізу үшін айтып отырмын. Осы күнге дейін бауырласып кетпесе де кәдімгідей тату тұрып келген екі халық өкілдері сол күндері ат құйрығын кесісуге шақ қалған. Ертеңіне сол түнгі көше төбелесінде қазақ жігітінің пышаққа түсіп қайтыс болғандығын естідік. Келесі күні ертеңгісін сол кездегі «Пионер» журналында жауапты хатшы болып істейтін ақын досым Мейірхан Ақдәулетовке соқтық. Кеше ғана сап-сау жүрген азамат бүгін әл үстінде жатыр. Әрең дем алады, әрең сөйлейді... Солдаттардың тағалы етігінің ізі түспеген жері жоқ. Сөйтсе бір әріптесінің үйінде алаңдағы оқиға туралы әңгімелесіп отырып қалып, үйге қайтпақ болғанда көше кезіп жүрген солдаттардың қолына түсіпті. «Коммунистпін, журналистпін» дегеніне қарамаған... Милиция бөлімшесіне апарған соң майор, подполковник шеніндегі офицерлерге дейін жабылып қайта тепкілеген. Қазақша тергеп, жауап алғаны үшін сол жердегі қазақ офицері де сүйегінен өтер сөз естіпті. Айта берсе бұл әңгіме таусыла ма?.. Бұл жерде мен орыстардың бәрін жау көріп, екі халықтың арасына от салайын деп отырған жоқпын. Бірақ болған нәрсені болды деп те айтуымыз керек қой. Аузынан көбігі аққан шовинистер, ұлтшылдар қай халықта да бар. Осы уақытқа дейін орын алып келген сорлылығымыз да сол өмірде бар нәрсені көрмей

келгендігіміз, көрсек те айтпай келгендігіміз емес пе? «Ауруын жасырған өледі» дегендей, айтылмай жасырып келген дертті қалай емдемекпіз? Мейірханның үйінен ауыр көңіл-күйде шықтым. Намысың тапталып, жігерің жасып, істер амалың қалмай бармақ шайнаған жаман екен. Неге сол жастардың, Мейірханның қасында болмадым екен деп те өкіндім. Бірақ одан не өзгерер еді? Сөйтіп бір қуарып, бір сұрланып тұрғанымда ағыл-тегіл жылап келе жатқан ару қарындасқа көзім түсті. Себебін сезіп тұрсам да «не болды, айналайын?» деп жұбатуға тырысамын. Ботадай боздаған ботагөз қарындасымды не деп жұбатарым да басыма кіріп-шығатын емес. Көз жасы алақандарыма тырс-тырс тамады. Бір уақытта барып: «Сұмдық болды ғой, аға...» деген өксікке толы жалғыз сөзін құлағым шалды. Ару қарындас сол көз жасын тыймаған күйі ақырын қозғалып жүріп кетті. Сол сәт мен оны жұбатудың қажеті жоқтығын түсіндім. Бір ғана қаракөз қарындасымыздың емес, бүкіл халқымыздың жүрегіне жара салып кеткен осы бір қанды оқиға ұмытуға да, жұбатуға да жатпайды. Ол жараның аузы осынау қанды қырғынның құныкерлері лайықты жазасын алғанда ғана бітелмек. Жақында «Алматының Арбатына» бара қалғанымда Желтоқсан оқиғасының бес жылдығын атап өту үшін қаржы жинап жатқан оқиғаның үстінен түстім. Өз үлесімді қосып жатқан кезімде көз алдыма, неге екені белгісіз, тажал бронетранспортерлер мен ағыл-тегіл жылап келе жатқан ару қыз елестеді. Кеш мені, аяулы қарындасым! Қасыңда болмағаным үшін кеш... 1991 жыл.

Төртінші өрім

ӨМІРДІҢ ӨЗІ – ӘҢГІМЕ

БЕЙБІТ КҮННІҢ БАТЫРЫ Балқаш пен Күрті аудандарын жалғастырып жатқан Димекең көпірінен өткен сайын сол оқиға ойыма оралады. Осы заманғы жобаға сай салынған берік те алып құрылыстың үстінде тұрып осыдан ширек ғасыр бұрын болған оқиғаны көз алдыма елестетуге тырысамын. Сол баяғы Іле, ерке өзеннің қос жағалауына орын тепкен Үшжарма мен Ақжар ауылдары, тіпті, су жағасында асыр салып ойнап жүрген бүлдіршіндер де сол кездегі балалар секілді көрінеді. Жалғыз ғана айырмашылық – ол кезде мынандай алып көпірдің ізі де жоқ, әрі асау Іле де қазіргідей моп-момақан қалпында емес-ті. Содан кейін... әрине, Бейсекеңнің – бүгінде аты аңызға айналған Бейсетай Дәуренбековтің от пен судан тайынбайтын, қазір өзіміз орда бұзар деп жүрген отыздан жаңа асып, кемеліне келген шағы болатын. ...1972 жылдың 18 желтоқсаны. Ол кезде Бейсекеңнің Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылағы жетістіктері көрмесіне барып қайтып, Қазақстан Компартиясы аудандық комитетінің мүшесі болып дүрілдеп тұрған кезі. Шопан, бақташы болып біраз жыл жемісті еңбек еткеннен кейін сырттай оқи жүріп Талдықоррғандағы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын бітірген. Шаруа ыңғайына қарай гидротехник, жүргізуші болып та жұмыс істеген. – Сол күні кеңсеге келсем, директордың орнында қалған бас мал дәрігері Ұлан Балабеков отыр екен. Сол кісі ауылға келген құрметті қонақ, аудандық халық сотының судьясы Ботбаев Шәмшидинді шығарып салайық деген соң менің мәшинеммен Іленің жағасына келдік, – деп еске алады Бейсекең сол күнгі оқиғаны. – Желтоқсан айының ортасынан асып кеткен кез ғой. Күн суық, қар аралас жаңбыр жауып тұр. Ол кезде арғы бетке тек қайық арқылы ғана байланыс жасалады. Жекелеген қайықшылар бір сом берсең өткізіп салатын.

Жағада қайық күткен біраз жұрт бар екен. Солардың арасында Үшжармадағы орыс мектебінде оқитын балалар да көрінеді. Бір уақытта моторында 1,5 аттың күші бар «Стрела» дейтін қайық келді. Қайықшы жігіт аздап ішкен көрінді. Балалар өткізіп сал деп ұйқысынан оятып алған тәрізді. Оқиғаның одан арғы өрбуі де Бейсекеңнің күні кешегідей көз алдында. Он бес баланы отырғызып алған шағын қайық мұзды суға ернеуіне дейін батып, Іленің айдынында қал-құлт етіп кетіп барады. Бір жаманшылықты сезгендей жағалаудағы жұрт та демдерін іштерінен алып тына қалған. Бағана: «Бүгін өтпе!» – деп айғайлап жүрген сегізінші класта оқитын Наташа деген қыздың ағасы тіпті тызақтап кетті. Ол уақыт Іленің Қапшағай тұсынан байланып, аздап тартыла бастаған кезі. Сонда да болса өзеннің ені 60-70 метрдей болып қалатын шығар. Әсіресе қазіргідей қобалжыған сәтте арғы жағалау тіптен алыстап кеткен сияқтанды. Міне, орта тұстан да асты. Енді бір серпілсе, арғы бетке де табан тиіп қалады. Бір сәтке манадан бері көңілді кеулеген күдік пен қорқыныш аздап сейілгендей де еді. Бірақ... мынау не, не болып кетті өзі?.. Бейсекең қөзін уқалап жіберіп қайта қарады. Рас екен, манадан бері қарлы сеңнің үстінде қалтылдап бара жатқан қайық төңкеріліп кетіпті. Балалардың бас киімдері мен бөкебайлары, сөмкелері судың бетінде қалқып жүр. Бастары әр жерден қылт-қылт етеді. Жағалаудағы жұрттың да естері шығып кеткен. Қай жақтан көмек қүтерлерін білмей шыр-шыр етеді. Біреулер қайық іздеп жүгіруде. Бірақ қайық табылып, оны алып жеткенше тілсіз жаудың балаларды жұтып үлгеретіні анық. Батырлық дегенді ештеңеден тайсалмайтын, қандай қиын-қыстау жағдайда да селт етпейтін заңғарлық деп түсінетініміз бар. Бұл бір қарағанда ғана солай сияқты. Атақты Баукеңнің – Бауыржан Момышұлының сөзімен айтатын болсақ, қауіп-қатерден, ажалдан қаймықпайтын адам болмайды. Батырлық дегеніміз сол қорқыныш сезімін жеңе білуде жатыр. Алғашқы сәтте құлағы тұнып кеткендей болған Бейсекең әлден уақытта барып суға кетіп бара жатқан балалардың «мамалаған» дауыстарын естігенде, өмірде бір-ақ рет

кездесетін сондай сын сағатының соққанын сезді. Одан ары қарай
ойланып-толғанып жатуға уақыт жоқ, мақталы шалбарының
балақбауын шеше алмай әбігерленгені есінде. Мұндайда шорт
байланған жіп те шешіле қоя ма, қолына ілінген тұсынан күшпен

тартып үзіп жіберді. Енді сағаттың бауы шешілсеші. Тақа
болмағасын бәріне қолын бір-ақ сілтеп мұздай суға қойып кетті.
Алғашында қар аралас жаңбыр жауып, өңменіңнен өтетін суық
жел соғып тұрған жағадан гөрі су жылы көрінген. Құлаштай жүзіп

қайыққа да жетті. Ойына қайдан түсе қалғаны есінде жоқ,
жартылай су толса да бата қоймаған қайықты төңкеріп жіберді.
Түбінде ауа қалған қайықтың орнықтырақ болатынын естігені бар.
Ілгеріректе су жағасында өскен бір қарияның асау толқынды

өзеннен осылайша төңкерілген қайықтың үстінде отырып аман
құтылғанын құлағы шалған.
Одан арғы қимылын да байыптап жатуға мұрша жоқ. Бірақ кейін
ойлап қараса, қай жағынан болсын дұрыс қимылдапты. Алдымен

ағыспен алыстап бара жатқан балаларды құтқарған Бейсекең келесі
кезекте сол ағыс айдап әкелген балаларды тосып алды. Қолына
іліккендерін қайыққа біртіндеп тізе берген. Кейбір бала деп барып
қолына іліккендері олардың бөркі немесе басқалай киімі болып

шығады.

– Мұндай аласапыран шақта қыз балалар ширақтау болады екен, –

деп еске алады Бейсекең. – «Әне, менің ағам ағып барады», «Міне,
менің інім қалып барады» – деп қайық үстінде шыр-шыр етіп
көрсетеді. Бірнеше баланы солардың көрсетуімен алып шықтым.
Әйтеуір су жағасында өскен балалар ғой, бірден батып кете қойған

жоқ. Содан кейін ғой, оннан астам баланың қолға ілінгені...
Адамда өзін өзі сақтау сезімі күшті дамыған. Қалыптасқан
жағдайды дәл бағалаған адам миы ағзаға: «Бұдан арғыға шамаң
келмейді, қайту қажет» дегендей мәлімет бермей тұрмайды. Әрбір

кезекті баланы құтқарған сайын Бейсекеңнің миында да осыған
ұқсас толқыныстардың туындағаны заңды. Бірақ «мамалаған»
дауыстар естіліп, балалардың әлсіз тырбаңдаған қолдары мен
айналада не болып жатқанын бағамдаудан қала бастаған бастары су

астынан қылт ете қалған сәтте ол не болғанын білмей жаңағы
балаға қарай қалай өршелене ұмтылғанын өзі де сезбей қалады.

Жайшылықта мұздай суға батқан адамның сіңірі әп сәтте-ақ тартылып қалмай ма, жанталасқан сәтте құдай оңдап сіңірі де тартылған жоқ. Әйтеуір өң мен түстің арасында бір баладан екінші балаға қарай ұмтылып жанталасты да жүрді. Әлден уақытта су бетінде ешкім қалмағанын аңғарды. Сенімдірек болу үшін өзіне қазіргі мезетте сондай бір қорқынышты болып көрінген айдынға тағы бір көз тастады. Жоқ, ешкім көрінбейді. Жанталасып қайықты мана өзі секірген жағаға жақындатты. Одан ары жағаға шыққаны есінде. Бар қолынан келгенін істеп, өзі де жағаға аман шыққасын босаңсыды ма, әлде алып денесінің күшқуаты осы сәтте ғана толықтай сарқылды ма, кім біледі, бір-ақ сәтте бар дүние аппақ болып жүре берді. Есінен танып, құлап қалыпты. Бұл кезде Іленің екі жағалауы ғана емес, сол өзенге еншілес екі аудан, тіпті, облысқа дейін дүрлігіп жатқан болатын. Ең алдымен жақын жердегі Бақанастың дәрігерлері жетті. Милиция қызметкерлері болса өзеннің екі шетіне күшті прожекторлар қойып, түнімен кезекшілік етіп шықты. Алайда тұңғиықтың түбіне кеткен үш балдырғанды енді құтқарып қалудың мүмкіндігі жоқ еді... Арнайы келген тікұшақ мұзды судан құтқарылған, кейбіреулері талып жатқан балдырғандарды шұғыл түрде облыстық ауруханаға жеткізді. Дәрігерлер балдырғандармен бірге олардың құтқарушысын да Алматыға ала кетпек болып еді, бірақ бұл кезде есін жиып қалған Бейсекеңнің өзі көнбеді. Тілсіз дүлейді жеңіп шыққан қайратты ағза, жастықтың бұла күші бұл сырқатқа да бой бермейтіндей көрінген. Ойлағанындай-ақ дәрігерлердің берген дәрі-дәрмектерін ішіп, семіз қойдың етімен сорпаланған Бейсекең бас-аяғы сегіз күн дегенде, жаңа аяқтанып келе жатқан жас ботадай әрең дегенде қаз тұрды. Содан кейін де бір айдай сырқаттанып жүріп жазылған. Осы бір айдың ішінде 12 баланы ажал тырнағынан алып қалған Бейсетай Дәуренбековтың теңдессіз ерлігі бүкіл бұрынғы Одаққа мәлім болып үлгерген еді. Алдымен Күрті аудандық «Шұғыла» газеті суреттеген осынау жан толқытар оқиға кейіннен облыстық, республикалық, одақтық басылымдарда паш етіліп, көптеген замандастарымызды таңдай қақтырды. Алматы мен Мәскеуден ағылған мерзімді басылымдардың тілшілері өз өміріне төнген

үлкен қауіпке қарамастан асқан адамгершілік, тілмен айтып жеткізгісіз жанқиярлық көрсеткен қарапайым ауыл адамының шын мәніндегі ерен ерлігі жайлы тамсана жазды. Оған байтақ өлкенің түкпір-түкпіріндегі жаны адал, жүрегі ақ замандастарымыз үн қосты. Грузиялық Н. бөлімшесінен хат жолдаған полковник Гуголашвили Бейсетай Дәуренбековке көзінің тірісінде алтыннан ескерткіш орнату қажет деп үлкен мәселе көтерді. Елдік пен ерлікті бағалай білетін жұрт өкілінің шын көңілінен шыққан бұл ұсынысы қарапайым ауыл азаматының қайтпас қаһармандығын мойындағаны болатын. Мұндай хаттар газеттер мен журналдарға, алыстағы Ақжар ауылына дүниенің түкпір-түкпірінен ағылды. Олардың көпшілігінде кездесетін шынайы ілтипат, ерлікке бас ию сезімі жүрек қылын шертпей қоймайды. Мәселен, Артек пионерлері бейбіт күннің батырының денсаулығына алаңдап, арнайы хат жазыпты. Қара теңіз жағасында бір ауысымда демалып жатқан пионерлердің: «10 тиыннан жинасақ, 25 мың сом құралады екен, денсаулығыңызды түзету қажет болса өзіңізге жіберейік» – деген ұсынысына қалай тебіренгені де есінде. Сол сәтте ол өзіне алыстағы бейтаныс балалар емес, кеше ғана өзі ажалдан құтқарып қалған бүлдіршіндер сәлем жолдап отырғандай сезінген. Жасырып керегі не, ол кез әрнәрсенің жетіспей, дүние шіркіннің құралмай жүрген шағы болатын. Сөйтіп жүргенде, әрине, жаңағы 25 мың сом да артықтық етпес еді-ау. Бірақ табиғатынан қанағатшыл, кішіпейіл азамат мүмкіндігі болып, тәуекелі жетіп жатса, әрбір азамат істеуге тиіс ерлігін міндет еткісі келмеді, жаңағыдай хаттарға рахмет айтып қана жауап қайтаратын. Дана халқымыз: «Жақсының жақслығын айт, нұры тасысын» деп қалай тауып айтқан?! Сол айтқандай, шын ерлікті өз дәрежесінде бағалай білген де бір ғанибет екен ғой. Рас, баспасөз арқылы кеңінен құлағдар болған жұртшылық, жаңа айтып өткеніміздей, Бейсекеңнен жылы сөзі мен мақтау, мадақтауларын аяған жоқ. Сонда да болса адам көңілі өте нәзік жаратылған ғой. Мәселенің осы жағы әңгіме болғанда, атпал азаматтың бір бүйірінің ортайып тұратындығы да аңғарылып қалады. Жүз қозыдан жүз қозы

алғандарға да атақ бергіш сол кездегі өкімет Бейсекеңнің ерлігін «Құрмет белгісі» орденімен ғана атап өтіпті. Жоғары орында отырған қай басшының қалай шешкені белгісіз, әйтеуір балалардың құтқарушысына осы құрмет жеткілікті деп тапқан көрінеді. Бірақ төменгі Топар өңірінің, жалпы Балқаш ауданының тұрғындары Бейсекеңе нағыз батыр есебінде құрмет көрсетеді. «Ол кісіге сол кезде-ақ батыр атағын беру керек еді, «Халық қаһарманы» атағын әлі де беруге болады ғой» деген пікірді бұл күндері Топар өңірінде екінің бірі айтады. Басқа емес, қалт айта қоймайтын халықтың өзі мойындаған бұл теңдессіз ерлікті бағалау жайы тиісті орындардың құлағына әлі де шалынар деп үміттенеміз. Осыдан біраз жыл бұрын Ақжар ауылының әкімшілігі сол бір айтулы оқиғаға қайта оралып, ауылдағы бір көшенің атын Бейсетай Дәуренбековтің есімімен атау туралы шешім шығарды. Арасында Бейсекең құтқарған азаматтар да бар, Жұбаныш Бәрібаев атындағы шаруашылық ұжымы ол кісіге үлкен қызмет көрсетіп, ат мінгізді. Бейсекеңнің өзі де осы құрметке орай бір жылқысын сойып, өзі ажалдан құтқарған балаларды, ауылдастарын шақырып той жасады. – Ол құрметтеріңе рахмет! Қазір, құдайға шүкір, ешнәрседен кенде емеспіз. Аздаған малымыз, басқа тіршілігіміз бар. Бес ұлым мен бір қызым өсіп келеді. Балаларға бас-көз болып, малды ауылда жүріп жатырмыз. Кемпірімді сағынғанда шауып осы Аралтөбеге келемін, – дейді Бейсекең сөз аяғын әзілге қарай бұрып. Иә, бірнеше ай бойы зейнетақы алмаса да, шүкірден басқа сөз айтпайтын нағыз қазақтық мінезі бар Бейсетай ағамыздан қазіргідей кезде шешілмей жатқан қандай мәселелердің барлығын сұраймыз. Ең бастысы, денсаулық жайы қинамай ма? Қанша дегенмен сол бір мұзды судың зардабы ізсіз кетпеген болар деген сұрағымызға ойланып қалған ағамыз біраз уақыт үндемей отырғаннан кейін барып шешілді. – Кезінде жетіспей жүрді, ол кезде ешкім көмектеспеді. Көп уақыт үй де ала алмай жүрдім, материалдық жәрдем де бермеді. Көше атын бергенде ең бірінші үй маған тиесілі екен деп естимін. Қазір айтып та қажеті жоқ секілді...

Иә, орыс халқы айтатындай, өзімізде барды бағаламай, мықтыны
ылғи да сырттан іздейтініміз жаман-ау. Кезінде өз өміріне төніп
тұрған қауіпке қарамай бүлдіршін балалар үшін ажалға қарсы
ұмтылған азаматтың сыр бере бастаған денсаулығын түзеп жіберу

үшін бүгінде неге көмектесіп жібермеске? Сол күнгі оқиғаның
зардабынан да болар, Бейсекеңнің аяғы ауыра беретін болған.
Полиартрит деген сырқат та мазалай бастапты. «Жақсы бір
санаторийге барып қайтуға жолдама да қымбат-ау»... – деп

армандап қояды Бейсекең.
Абзал ағаның Аралтөбедегі үлкен үйінде қазы-қартадан дәм тата
отырып, сол кездегі құтқарылған балалардың қазіргі жай-күйін
сұраймыз. «Кейбірі ғана көшіп кетті. Көпшілігі осында. «Батя!»,

«Батя!» деп жандары қалмай тұрады» – дейді Бейсекең бірден
көңілденіп сала беріп.
Бауырлас украин халқы «батя» деп әкесін айтады екен. Бүгінде өз
алдарына үйлі-баранды болған сол кездегі бүлдіршіндер өздеріне

екінші өмір сыйлаған адамды әкелеріне балап атаса, жарасып-ақ
тұрған жоқ па? Ол кісі құтқарған балалардың арасында қазақ пен
украин ғана емес, орыс пен шешен сияқты ұлттардың өкілдері де
бар. «Немерелерім бір совхоз болып қалды» деп Бейсекең мақтанса

мақтанғандай-ақ.
Жаңа айтып өткеніміздей, кішігірім сырқаттар мазалай
бастағанымен Бейсекең әлі тың. Тіп-тік сұңғақ бойы мен жалпақ
жауырыны бұл кісінің бойындағы бұла күштің әлі де бұлқынып

жатқандығын аңғартқандай. Соған орай шаруа өміріндегі шет-шегі
көріне қоймайтын қарбалас тіршіліктен де қалмаған. Одан қолы
босай қалса, қасқыр, түлкі, мәлін сияқты аңдарды аулаумен
айналысады. Бұл кәсіп бұрынғы аталарынан ауысқан сияқты.

Естуінше, Күреңбай деген атасы Жиренбай деген бауырымен бірге
осы өңірде жолбарыс соққан көрінеді.
Батыр ағамен қоштасып, Бақанасқа қарай жолға шыққанда
Димекең көпірінен тағы бір өтуге тура келді. Биіктен қарағанда

кезінде талай-талай қанды оқиғаға куә болған асау Іле өзені тіпті
момақан көрінеді. Иә, мынадай көпір тұрғанда осы әңгімеде
айтылғандай оқиғаның бұл маңда қайталана қоймайтыны анық.
Дегенмен, адамдарға қиын кезеңде қол ұшын беруге әзір тұратын,

ондай жолда қандай қауіп-қатерден болса да қаймықпайтын
Бейсекең сияқты адамдардың барлығы қандай бақыт! Соны
ойлағанда Бейсекеңнің батыр тұлғасы көз алдымда бұрынғыдан да
биіктей түскен тәрізденді.

КІСІКИІК

Шынын айту керек, алғашында Будан, жо-жоқ, Анатолий Иванович
Ефамов жайлы естігенде өз құлағымызға өзіміз сенбедік. Бірақ
«Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деген рас екен. Осы
өңір тұрғындарына соңғы жылдары Будан деген лақап атпен белгілі

болған Ефамов деген азаматтың құм ішіндегі меңіреу бір түкпірде
ғұмыр кешіп жатқандығы анық болып шықты.
Будан жайлы ұзынқұлақ таратқан аңыз әңгімелер бірінен бірі өтеді.
Бір аңшы құм ішінде адасып жүріп түн ортасына қарай канал

бойын қуалай өскен қалың қамысқа тап болады. Адам қолымен
салынған бұл құрылыстың әйтеуір бір елді мекенге апаратындығын
біліп көңілі жайланған аңшы жаңағы қалың қамысты бойлап келе
жатып бір жарқабаққа көтерілгенде алдынан күтпеген көрініс

ашылады. Ең бірінші байқағаны, жолын кескен ит пе, әлде
тайыншадай арлан қасқыр ма, әйтеуір бірдеңе зәресін алып «ар-р»
ете түседі. Содан кейін көзіне әлдебір жарық шалынады.
Қанша адастым дегенмен жақын маңда тірі жанның жоқ

екендігінен хабардар аңшы тілін кәлимаға келтіріп үлгерместен
құлағына кәдімгі адам даусы естіледі. Буданның жергілікті
тұрғындармен алғашқы таныстығы осылай басталыпты.
«Өзі ешкімді жақтырмайды екен, сол мінезі үшін еліне сыймай

жүрген біреу де...», «жо-жоқ, ауыр қылмыс істеп қашып жүрген
адам көрінеді, сол себептен адам көзіне түскісі келмейді-мыс»
немесе «дүниеде не болып жатқанынан мүлдем хабарсыз екен»,
«кім айтты, Алматыда кеше ғана шыққан газеттер бүгін үстелінде

жатады дейді» дегендей алыпқашпа әңгімелер осы заманның
кісікиігімен жолығып әңгімелессек деген құштарлығымыздың
отына май құя түскендей болды. Бір ғана анық нәрсе – ол Буданның
ешкімде шаруасы болмай құм қойнауындағы бір түкпірде өз күнін

өзі көріп жатқандығы болатын.

Бақанас орман және аң шаруашылығының директоры Жеңісбек Досқараев ағамыз бұл сапарды әне-міне ұйымдастырамыз деп жүргенде Буданмен жолығудың сәті өз-өзінен түсе кетті. Құм ішін аралап келе жатып сапарлас серіктестерім осы бір ешкімге ұқсамайтын қызық адам жайлы әңгіме қозғасын. Елең ете қалдық. Әңгіме барысында кісікиік адам тұрағының осы арадан онша қашық еместігі белгілі болды. Серіктерім тіпті Буданның жерүйіне қона кетуге қарсы еместіктерін де білдірді. Осылайша өмір жолы замандастарынан өзгешелеу қалыптасқан адаммен әңгімелесем деп сапарластардың уақытын алып, ыңғайсыз болып жүрмес пе екен деген күдік те бірден сейіліп жүре берді. Айтса айтқандай, Буданның тұрағы бірден қөзге шалына қоймайды екен. Тіпті жерүй айналасына егілген бақшалық та қоршалмаған. Тек мұқият аударылған жер мен оның арасына тартылған арық, бақшалықтың әр тұсынан шоқ-шоқ болып бой көтерген жуа мен сарымсақ, әйтеуір қолға түскен қамыс пен сексеуіл, тақтай сынықтарынан қалқайта салған иттің күркесі, сондай материалдан жасалған төсек тәріздес төсеніш пен оның үстіне тұрғызылған қалқа, көкөніс сақтайтын жертөле мұнда адам баласы тұратындығын айғақтайтындай. Міне, үй иесі де көрінді. Орта бойлы, сақал-мұрты өсіңкіреген, алпысты алқымдап қалған адам иттерін тыныштандыра сөйлеп, біз мінген көлікке жақындады. – Деніңіз сау болсын, қазіргі заманның Робинзоны, – деп біз күле амандастық. – Крузосын қосып қойыңыз, – деп үй иесі де әзілге кет әрі еместігін білдіріп жатыр. – Иттер енді тиіспейді, түсіңіздер. Серіктеріміздің бірі үй иесімен бұрыннан таныс болып шықты. Қыстыкүні сексеуіл дайындаған кезде жылы жерүйде бір-екі күн қона жатқан екен. Соған орай әңгіме де күнделікті күйбең тірлікке байланысты майда-шүйдеден басталып, бірте-бірте жалғасын тауып жүре берді. – Ең жақын деген Береке ауылынан 30-35 шақырым қашықтықта орналасқан осынау түкпірде жалғызсырамайсыз ба? – деген сұрақ көкейімізге алдымен оралды. – Соңғы жылдары бұл өңірге де адам келе бастады ғой. Қыстыкүні осы айналадан сексеуіл дайындалғанын байқап тұрған

шығарсыздар. Күз бен қыс айларында табиғат аясында демалуды
ұнататын қонақтар төбе көрсетеді.

– Қанша айтқанмен жақын маңда адамдардың болғаны дұрыс

шығар. Аяқ астынан ауырып-сырқап қалғандай болсаңыз көмек те
керек емес пе?

– Осы уақытқа дейін дәрі ішіп не ине салдырып көрмеппін.

Дегенмен, айтқаныңыз дұрыс. Жас ұлғайған сайын тәннен де қуат
кете бастай ма деймін.

– Оған сөз бар ма? Сол себептен де адамдарға, әйтеуір бір елді

мекенге жақындау ниетіңіз оянған жоқ па?

– Жасырып қайтейін, соңғы кездері ондай да ой жиі мазалай

бастады. Кім біледі, болашақта адамдарға жақындап та қалармын.
Анатолий Ивановичтің жасы 59-ға қарай аяқ басыпты. Өзінің
айтуына қарағанда бұл жерге 1982 жылы қоныстаныпты. Содан
бері үй жанындағы бақшалықтың өнімімен, бұл өңірде әрі мұрты

кертіле қоймаған сексеуіл тоғайларындағы қоян мен қырғауыл,
каналдағы балықпен қоректеніп, құдайдың берген ризығын теріп
жеп келе жатыр.

– Қыстыкүні қасқыр мазаламай ма?

– Қыстыкүні далаға шықсаң анадай жерде үш-төртеуі отырады.

Бірақ қарны тоқ болған соң ба, зияны жоқ. Иттерге де тиіспейді.

– Осы күнге дейін бір-бірімен «достасып» та кеткен болар?

– Кім біледі, достасса «достасып» та кеткен шығар? Қасқырдан гөрі

жылан мен улы құрт-құмырсқалар қауіптірек пе деймін. Сарышаян
алғаш рет шағып алғанда күп болып ісіп кеттім. Бір жақсысы, содан
кейін әсер етпейтін болды. Қазір де есікті ашып қойсаң шаян,
бұзаубас сияқтылар қаптап кетеді. Жылан, қарақұрт та жетерлік.

Көкейімізге кептеліп тұрған сан сұрақтарымызға Анатолий
Иванович қайтарған қысқа жауаптар онша қанағаттандыра
қоймайды. Бір жауап екінші сұрақты туындатады.

– Осы жын-шайтан, орман иесі, жезтырнақ дегендер елсіз жерде

жүреді деуші еді. Сіз 17 жылдың ішінде соларға ең болмаса бір рет
тап болып көрдіңіз бе?

– Жоқ, ондай ештеме байқамадым. Тек бір жолы ғана әлгі «ұшқыш

тарелке» деуші ме еді, сондай бір ғажайып көрініске куә болдым.

– Міне, қызық! Әңгіменің көкесі сізде екен ғой.

– Бір жолы жерүйден ұзаңқырап кеткен соң далада қона салайын

деп сексеуіл жағып, от жанына қисайдым. Әлден уақытта түнгі

аспанда ерекше жарқыраған жұлдызға көзім түсті. Әлгі жұлдыз
бірте-бірте жақындай берді. Жақындаған сайын бірте-бірте үлкейіп,
жай қөздің өзіне анық шалына бастады. Тіпті жақындап келгенде
дөңгелек сұлбасына, қаз-қатар орналасқан иллюминаторларына

дейін анық байқадым. Жаңағыдан шыққан прожектор сәулесіне
ұқсас жарық тура мен тұрған отқа қарай бағытталды. Жалма-жан
отты өшіре салып жерүйге қарай зымырайын. Ең ғажабы, әлгі
нысан еш дыбыссыз ұшып жүрді.

Өзіміз ала келген азық-түліктен осы үйдің ошағына дайындаған
кешкі ас та әзір болып, жозы басына жайғастық. Қамыс төселінген
екі төсек, ортада тақтай жозы, жерүйдің барлық жиһазы осы ғана.
Майшам жерүй ішін кәдімгідей жарық қылып тұр. Үй иесі қысқа

деп жапқан көкөніс салатының бірін ашып алдымызға қойды.
Дәмді-ақ. Ас соңынан қызылкүрең шәйді сораптап отырып әңгімені
тағы да өткен күндерге бұрдық. Будан бұл әңгімеден онша тартына
қойған жоқ.

– Мен туған Ескі Іле деген жер қазір Қапшағай су қоймасының

астында қалды. Бақанаста тұрдым, Құйғанда аңшы болып істедім.
Осы ауданнан армияға аттандым. Үйленіп келгеннен кейін де
Құйғандағы аңшылық кәсібімді жалғастырдым. Бірақ әйелім
«Ресейге көшейік» деп мазалай берген соң айтқанына көнуге тура

келді. Дегенмен ол жаққа үйрене алмай Құйғанға қайта оралдым.
Әйел, бала-шағам Ресейде қалды, сөйтіп көңіл-күйім болмай,
қиналып келгенде бұрынғы жұмыс орным қабылдамай қойды. Тағы
бір жерден тауым шағылып қайттым. Сөйтіп адамдарға қатты

ренжіп осы түкпірге кетіп қалдым. Басында ұзақ мерзімге қаламын
деп ойлаған жоқпын, ал үйренген соң қайтып кете алмадым.

– Әйел, бала-шағаңыз содан бері бір де бір рет хабарласпады ма?

– Бір-екі жыл бұрын балам келіп Ресейге жүр деп үгіттеп еді,

көнбедім. Қазір жасы отыздан асты, үлкен азамат болыпты. Бірақ
үйренген жерден қайда көшпекпін? Қызым да хат жазып тұрады.

– Қай мекенжайға? «Дала почтасына» ма?

– Неге? Ақдалада бауырым тұрады. Сол мекенжайға жазады. Анда-

санда өзім барып аламын, әйтпесе жолы түскен біреуден беріп
жібереді.

– Екінші рет үйленуге талпынбадыңыз ба?

– Қаладан келіп тұратын таныстар өткен жылдың қаңтарында жөні

түзу бір әйел алып келген екен, маусым айына дейін ғана шыдады.
Күн ысып, маса мен шыбын-шіркей, жылан мен сарышаян,
бұзаубас пен қарақұрт сияқты улы жәндіктер көбейген кезде екі
көзі тас төбесіне шықты. Бұл жерде тірлік кешу шынында да оңай

емес қой.
Табиғатпен біте қайнасып, тел өскен Анатолий Ивановичтің
тіршілік тепе-теңдігінің бұзылып бара жатқанына жаны ауырады.
Басқа сөзбен оны табиғат тамыршысы деп атауға әбден

болатындай.

– Түлкіні терісі үшін аулау тоқтатылып еді, түлкі көбейіп,

керісінше, қоян азая бастады. Қасқыр жөнінде де осылай. Ал балық
жайын айтып керегі жоқ...
Осы 17 жылдың ішінде Анатолий Иванович жерүйін бір-ақ рет
тастап шығыпты.

– 1989 жылы Ақкөл каналы іске қосылып, бұл айналма каналға

екі жыл бойы су жіберілмеді. Сол кезде мың тоннадай балық
қырылды десем өтірік бола қоймас. 80-90 киле тартатын жайындар,
үлкендігі үстелдей ақсерке, құлаштай сары сазандар канал түбінде
үйіліп қалды. Кейбір тұстарда балықты кеудеден кешіп жүрген

кездерім болды. Балық инспекторларының сол қырылып жатқан
балықты үйлеріне апара жатқан көліктерді ұстап, айып салғанын да
көрдік. Сол жазда сасыған балықтың иісінен бұл маңда тұру мүмкін
болмады. Мына сұмдыққа шыдамай газеттерге хат жазбақ

болғанымда, сізге өтірік, маған шын, жаңағы балық
инспекторларының бастығы тізерлеп отырып жалынды. Қазір ғой,
құдайларын танымайды. Өткен жылы сол инспектор жалғыз ауыз
ескі мылтығымды тартып алып кетті. Енді өзі қонақтарымен келіп

жабайы шошқа аулап жүр. Өткен жолы шошқа аулай келгенде
дастарқанымнан дәм татты. Құрысыншы, ондайларды ұялттың не,
ұялтпадың не, беттері қалың болып жаратылған ғой.
«Мылтығыңды қайтып беремін» деп күмілжиді.

– Адамдарға деген өқпеңіз әлі жазылмаған сияқты?

– Адамның да адамы бар ғой. Жақсы адамның келуіне қуанбасам

ренжімеймін. Өкінішке қарай, жамандары да жетерлік. Айтсам
мүмкін сенбессіз, қыстыкүні осы маңнан сексеуіл
дайындағандардың бірі кетпенімді қағып кетіпті. Ойбай-ау, олар
елді мекенде тұрады, сатып не жасатып ала алады, тіпті болмаса

көршілерінен сұрап алады ғой. Қолым қырқылғандай болып
қалдым. Әйтпесе жаңағы инспектормен келген екі полиция
қызметкерін алайық. Инспектор үйден мылтық пен оқ-дәрі қарап
жүргенде жаңағы екеуі бақшалық суаратын моторға қажет 6 литр

автолды жымқырып үлгеріпті. Енді бір полиция қызметкері маған
«ай сайын белгілі бір төлем төлеп тұр» деп кергиді. Ақшаның
жүзін көріп жүрген жоқпын десем, сенбейді. Қазіргі кезде ондатра
терісінің өзін ешкім қабылдамайтын болыпты ғой.

Жалпы бір жаққа баратын болсам, қажетке жарайды-ау деген затты
жасырып кетуге мәжбүрмін. Бұрнағы жылы өзім жоқта қысқа
сақтап отырған картоп пен сәбіздің тура жартысын алып кетіпті.
Бәрін әкетпегеніне шүкір...

– Біздер, көпшіліктің ішінде тұратындар, анау жетпейді, мынау

жетпейді деп жатамыз. Сіздіңше қалай, мына тірлікте адамға көп
нәрсе керек пе?

– Жеке өзім үшін көп нәрсе керек емес. Ұнды картопқа айырбастап

аламын. Бір қап ұн 4-5 айға жетеді. Қажет болып қалмаса аңшылық
та жасамаймын. Тұзаққа түскен бірлі-жарым қоянның етінің өзі
жетіп артылады. Кейінгі жылдары жабайы шошқаны да
ауламайтын болдым. Біріншіден, оның етін жерүйге тасып

жеткізудің өзі оңай шаруа емес, екіншіден, жалғыз адам сонша етті
жеп те жарытпайды, босқа сасытып қайтемін.

– Бұл маңда жабайыланып кеткен жылқылар да бар дейді?

– Осыдан бір-екі жыл бұрын суатқа елуден астам жабайы жылқы

келетін. Қазір екеу-үшеуін ғана көріп жүрмін.

– Қандай жағдайда міндетті түрде ауылға баруға мәжбүр боласыз?

– Бақшалықты суаруға қажет мотордың тетігі сынғанда ғана.

Бақшалық демекші, жеміс піскен кезде бақшалықты сотқар балақайлардан емес, жеңсік асқа құмар қояндардан қоруға тура келеді екен. «Күзгі түнде далаға фонарик алып шықсаң құлақтары қалқиып қаптап отырған қояндарды көресің. Жайшылықта көзіне түскенді қуа жөнелетін иттер мұндай кезде оларды үй жануарлары деп қала ма, тиіспейді, – дейді үй иесі әңгімесін жалғастырып. – Қояндар жеміс ағаштарын да өсірмей, жеп қоя бергесін оларды күзге қарай қаппен бүркеп қоятын болдым». – Өрік, қытай шиесі бар екен. Тағы қандай жеміс өсіргіңіз келеді? – Жүзім өсірсем деп едім. Қаладан келгендер уәде беріп-ақ кетеді, бірақ соның реті келмей жүр. Енді кеш, күз болмаса. – Робинзон Крузо ешкі өсірді, сіз ондай тірлік жасап көрген жоқсыз ба? – Шошқа асырап көрдім, алысқа жайылып кете беретін болды. Қолдан тамақтандыратын мүмкіндік жоқ, сосын қойдым. – Осыдан біраз жыл бұрын «Комсомольская правда» газетінде «Тайгадағы тұйық» атты мақалалар циклі жарияланды. Онда діни ескі сенімді ұстанатын Лыковтар отбасының тайганың меңіреу түкпіріне кетіп қалып тіршілік кешкендері баяндалады. Ол жайынан хабарыңыз жоқ па? – Жоқ, ол жайлы естімеппін. – Лыковтар тіпті Ұлы Отан соғысы болып, оның жеңіспен аяқталғандығын да естімепті. Будан таң қалғанын жасыра алмай рахаттанып тұрып күліп алды: – Менімен салыстырмақсың ғой. Мен бүкіл әлемдегі жағдайды, Алматы мен Мәскеудің жаңалықтарын радио арқылы қалт жібермей қадағалап отырамын. Таныстарым кейде газет-журнал, радио, фонариктің батареяларын ала келеді. Жалғыздыққа қанша үйреніп кетті дегенмен, адамның аты адам. Фәни дүниеде оның да бір уақыт көңіл көтеретін шақтары, біреулер ұнатпайтын зиянды, зиянсыз әдеттері болады. «Робинзон» өз

«Жұмасының» жоқтығына амалсыз көндіккен сыңайлы. Ал «зиянды әдеттері» бар болып шықты. Шылым шегетінін көріп отырмыз. – «Жүз грамм» ішіп қоятын шығарсыз? – Міндетті түрде! Біз де пенделердің біріміз ғой, кеңірек отырып сөйлесіп, әңгімесін де шешіліп айтқызу үшін қолтығымызға бір-екі «шөлмек» қыстыра келмегенімізге өкініп қалдық. Мұндай кездесу болар деп кім ойлаған?.. Әр тақырыптың басын бір шалып отырып түннің бір уағы болып қалғандығын байқамай да қалыппыз. Жатар орынға жайғасарда үй иесі айтқан бұзаубас, шаяндар ойға оралып, мәшине ішіне ұйықтауды ұйғардық. Түн қараңғылығында әрең байқалатын жапырайған жерүй мен оның көпшілік жұртқа ұқсамайтын өзгешелеу иесі менің көзіме бұрынғыдан да жалғызсырай түскендей болып көрінді. Келесі күні қоштасып шыққаннан кейін де Буданның бейнесі көпке дейін көз алдымнан кетпеді. Бірде ол табиғаты қатал өңірдің тегеурініне төтеп берген қайтпас, қажырлы жан болып көрінсе, енді бірде қиын-қыстау тірліктің темір талқысына шыдамай бас сауғалап кеткен осал адам сияқтанады. Қалай болған күнде де оны жалақы, жұмыссыздық, девальвация, қымбатшылық сияқты ұғымдар толғандыра қоймайды. Барына пайғамбар риза, жоққа жүйрік жетпейді. Моторы сынып қалмаса болғаны... Шынында да адамға өзі қалағандай тыныш ғұмыр кешу үшін соншалықты көп нәрсе де керек емес қой. Кетпенді келесі жолы ала барармын. Мылтық жағы қиындау. Айтпақшы, Будан айтқан манағы инспектор бар екен-ау! Соның есіне салып көрермін. Қайткен күнде де оның адамдарға деген соңғы сенімін жоғалтып алмағаны дұрыс шығар. Ал қайда тұрып, немен айналысу әркімнің өз жеке шаруасы. Тек ешкімнің ала жібін аттамаса болғаны. Ал, Будан болса, ешкіммен атақ, даңқ, мансапқа таласпай, бір адамның ала жібін аттамай тыныш қана ғұмыр кешіп жатыр. 1999 жыл.

АДАМЖЕГІШ

Тағылық әдет әлемнің әр түкпірінде әлі де төбе көрсетуін қояр
емес

Адамжегіш. Осы бір қорқынышты сөз бізге есте жоқ ескі
замандардан, әйтпесе күні кешеге дейін жабайы тіршілік етіп
келген халықтар өмірінен жеткен сияқты. Ойдан шығарылған
қорқынышты фильмдер де адамзат тарихында болған бұл

сұмдықты ара-тұра есімізге салып қояды.
Әйтсе де мұндай шектен шыққан оқиғалар біздің кезімізде де
кездесіп тұрады. Оның мысалын алыстан іздеудің қажеті жоқ. 2001
жылы Алматы қаласының үш бірдей тұрғыны адамдарды өлтіріп,

етін тағам ретінде пайдаланғандықтары (каннибализм) үшін
сотталды. Чикатило мен Головкин сияқты құбыжықтардың
есімдерін бүгінде екінің бірі біледі.
Кезінде Қазақстанды ғана емес, бүкіл Кеңестер одағын

дүрліктірген, профессор Сербский атындағы Бүкілодақтық
ғылыми-зерттеу институтының тұрақты сот-психиатриялық
сараптамасы психикасында ауытқушылық бар деп тапқан
ұзынағаштық адамжегіш Николай Жұмағалиевтің осы уақытта

арнайы типтегі психиатриялық ауруханадан бостандыққа шықпақ
ойы бар. Бүгінде бірқатар сот сарапшылары мен полиция
қызметкерлері Николайдың ақыл-есі сол кезде де дұрыс болған
деген пікірді айтады... КСРО-да маньяк болуы мүмкін емес деп

есептеген партиялық басшылыққа солай жариялау тиімді болған
сияқты...
Шындығында, Николай Жұмағалиев кім еді? Ақыл-есі ауысқан
сырқат адам ба, болмаса кәдімгі маньяк па?

Бұл сұрақтың жауабы қалың сейфтердің ішінде құпия күйінде қала
беретін шығар.

Қара маска

Өткен ғасырдың 80-ші жылдарындағы Ұзынағаш пен оның
айналасындағы елді мекендер тұрғындарының бастан кешкенін
сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес шығар. Көбіне Ұзынағаш пен
Фабричный поселкесінде болып жататын кісі өлімдері үлкен үрей

туғызды. Милиция аяғынан тік тұрды. Сол кезде әйгілі МУР-дан
(Мәскеулік қылмысты іздестіру мекемесі) да қызметкерлер келді-ау
деймін. Негізінен әйелдер жұмыс істейтін мекемелерде жиналыстар
өткізіліп, түн мезгілінде жалғыз жүрмеу, әсіресе есік-терезені

мықтап бекіту мәселесі қатты ескертілді. Мұның өзі ел арасын
жайлап алған үрейге тіпті өршіте түсті. Екі адам жолыға қалса
әңгімесі «Қара маска». Осындай да осындай, «Қара маска» кеше
пәленшенің үйіне кіріп, түгеншені өлтіріп кетіпті, тағы біреудің

үйінде қалып қойған пышағын төбелесіп жүріп алып шығыпты»
деген әңгімеден ел арасы гу-гу. Өткені күмәнді біраз адам
тексеруден өтті. «Қара маска» ұсталмаса олардың біразының көпке
дейін әуре-сарсаңға түсетіндігі де анық болатын...

Оның «Қара маска» аталатын себебі, түн мезгілінде үйлерге кіріп,
адам өлтіргенде қылмыскер қара маска киіп жүретін.
1980 жылдың 18 желтоқсанында Жамбыл аудандық ішкі істер
бөліміне телефон шалған ер адам діріл араласқан даусымен

Николай Жұмағалиевтің осы қазір өз үйінде жас әйелді бөлшектеп
жатқандығын хабарлайды. Николайды жолы болмаған жақсы жігіт
ретінде білетін кезекші алғашында бұл хабарға сене қоймайды.
Суыт хабарды тексеруге аудандық ішкі істер бөлімі бастығының

орынбасары бастаған үш қызметкер барады. Олар куә болған
көрініс адамның түсіне кіретіндей еді – анадан туғандай
тыржалаңаш, үсті-басы қан-қан Николай қыз денесін пышақпен
жіліктеп, жаймалау үстінде екен. Жаншошырлық көріністің

әсерінен сілейіп тұрып қалған милиционерлердің арасынан өтіп
кеткен Николай тауға қарай қашады. Пышақ пен балтаны да іле
кетеді.Үйден бөлшектелген әйел денесінен басқа бөшкеге салып,
тұздалған адам еті табылады.

Қылмыскердің кім екені белгілі болған соң оған жаппай іздеу
жарияланып, ол келесі күні сол Ұзынағаштағы
қартаң туысының үйінен қолға түседі. Бұл кезде адамжегіштің
барлық туыстары мен достарының үйінен милиция

қызметкерлерінен жасақталған тосқауыл күтіп тұрған болатын.

«Әйел етін жегім келіп тұратын»

Жұмағалиев тергеуде өзін өте сабырлы ұстады. Кімді қалай өлтіргендігін, адам етін қалай жеп, сүйектерін қайда көмгендігін тәптіштеп айтып қана қоймай, көрсетіп те берді. – Жас әйелдің етін бұрын да жегім келіп жүретін, бірақ ондай ойды көңілімнен шығарып тастауға тырысатынмын. 1979 жылдың 5 қаңтарында тұла бойымды жаулап алған бұл сезімге тежеу сала алмай қалдым, – дейді Николай. – Ұзынағаш – Майбұлақ жолында бара жатқан жас әйелді қуып жетіп, шетке қарай сүйреледім. Қарсыласа бастаған соң пышағыммен тамағын орып жібердім. Сол жерде ыстық қанды рахаттана жұттым. Содан кейін әлгі әйелді шешіндіріп, бөлшектеп, етін рюкзакқа салып үйге әкелдім. Майын ерітіп, тұздап, сало ретінде жеп жүрдім, бір рет еттурағыштан өткізіп, тұшпара да жасадым. Қылмыстық істегі осындай «мойындаулар» жалғаса береді. Олардың бәрін тізбелеудің де қажеті жоқ шығар. Бір анық жайт – Жұмағалиев адам етін өзі жегенімен оны ешкіммен бөліспеген, ешкімге бермеген сияқты. Неліктен әйелдерді ғана өлтіріп, солардың етін жедің деген сұраққа Жұмағалиев былай деп жауап береді: «Мен әйелдерді бірнеше себеппен өлтірдім. Біріншіден, мен оларға деген жыныстық құмарлығымды қанағаттандырдым. Екіншіден, мені әйел денесі кереметтей тартып тұратын: сол үшін де оны толық және тұтастай танып білгім келді. Үшіншіден, бірнеше жыл бұрын «Қара тұман» деген кітаптан ежелгі германдықтардың әйелдерінің көріпкелдік қасиетіне ие болу үшін қан ішкендігін оқыдым. Менің де көріпкел болғым келді. 1980 жылдан 1988 жылға дейінгі өмірімді толықтай болжай алдым». Бұл сөзі, әрине, ауру адамның сандырағына көбірек ұқсайды. «Табиғаттың заңын бұзғандықтары үшін менің әйелдерден кек қайтарғандығым бұл. Еркек барлық мәселеде әйелдерден жоғары тұруы керек, бірақ өмірде бәрі басқаша... Мен маңайдағы әйелдердің бәрінің бойына қорқыныш ұялатқым келеді» – дейді Жұмағалиев тағы бір сөзінде. Қанды қылмысын қандай оймен жасаса да Николайдың бұл мақсатына жеткені анық. Сол кезде маңайдағы әйелдерде ес қалмады десе де болады.

Жұмағалиев 2004 жылдың 1 қаңтарында 52-ге толады. «Қазір ақыл-
есім қалпына келді, босатса Өзбекстандағы туыстарыма тартып, сол
жаққа сіңіп кетер едім» – дейді бүгінде Николай. Ондай адамды
өзбектер керек ете қоя ма, жоқ па, ол өз алдына бөлек мәселе.

Ең бір таңқаларлығы – оны босатуды емдеуші дәрігерлерінің
жақтап отырғандығында. Қаншама адам етін жеп жүрсе де
әйелдерге жұлдызы жанып туған оны дәрігер әйелдердің не себепті
жақтап отырғандығын кім біледі?..

Әкесі қазақ, шешесі белорус Николай бір жерде тұрақтап жұмыс
істеген жоқ. Қарағандыда, содан кейін Коми АССР-і мен
Магаданда, саха елі – Якутияда болып, Солтүстік теңіздерде балық
аулайтын траулерде матрос болып істеп көрген соң Ұзынағашқа

оралып, өрт сөндіруші болып орналасады. Бұл жерде ол бір адамды
байқаусызда өлтіріп қойғанға дейін екі жарым жыл жұмыс істейді.
1989 жылы Николай Жұмағалиев Бішкек әуежайынан қашып кетіп,
бүкіл елді тағы дүрліктірді. Николай бұл жолы да қылмыс үстінде,

рас, адам өлтіру емес, пәтер тонау кезінде ұсталды.
Оны босату, босатпау жайының елді соншалықты толғантатыны да
бекер емес. «Қара маска» бостандықта жүрген кездегі қорқыныш
пен үрейді байырғы ұзынағаштықтар күні бүгінге дейін ұмыта

қойған жоқ. Оны қайтадан сезінгілері де келмейді.

Атақты адам жегіштер

Жан-Бедель Бокассо Орталық Африка империясын (бүгінде
республика) он бес жылдай басқарды. Жауларының, сонымен бірге
жас балалардың етін жегенді жақсы көрген. Өзінің бірнеше әйелін,
тіпті бүкіл елдегі жалғыз математикті де жеп қойған, адам етімен

ештеңеден хабарсыз қонақтарын да сыйлаған. Бұл «тағамды» ол
шетелге де алып шығатын болған. Кеңестер одағына келіп
қайтқанда кіммен не жегенін қазір ешкім біліп болмайды.

Жапон суретшісі Иссей Сагава Францияда болған кезінде студент
Рени Харвелтті өлтіріп, «тұз бен бұрыш қоспай» жеп қойды.
Париждің психиатриялық ауруханасына жатқызылған каннибалды
бай әкесі Токионың психиатриялық клиникасына ауыстырып алды.

Сагава 15 айдан кейін бостандыққа шықты.

Белгілі болған оқиғалар

1972 жылы Анд тауында ұшақ апатына ұшыраған 16 уругвайлық
өздерінің қаза тапқан жолдастарын жеп тірі қалды.

1946 жылы мұндай ұшақ апаты Қарағандыда да орын алды. Балқаш
қаласынан ауа райының қолайсыз жағдайында Қарағандының алыс
ауылдарына ұшып шыққан шағын ПО-2 ұшағының біреуі ғана
діттеген жеріне жетеді. Март айының басында жоғалған

«кукурузник» мамыр айында ғана табылады. Оның жанында Круп
есімді ұшқыш қана қалған екен. Радист пен техник ұшты-күйлі жоқ
болып шығады...

*** Мұндай оқиғалар Солтүстік полюске сапарлар, Украина мен Қазақстандағы аштық кездерінде. Бірінші Дүниежүзілік соғыстың тұсында кездескен. Бір кездері Египетте (1201-1207 жылдары) адамның еті базарларда ашық сатылған. Жаппай адам етін жеу Италия мен Англияны, Ирландия мен Германияны, Шотландияны да айналып өтпеген.

Не себеп?

Аштықтан ақыл-есі тұмандана бастаған адамның аман қалу үшін
өзіндей адамды жеп қоюы мүмкін екендігі жаңалық емес. Тарихта
мұндай мысалдар жеткілікті. Жүргізілген зерттеу жұмыстары
неандертальдықтардың да каннибал болғандығын көрсетіп отыр.

Тамақ жетімсіз кезде пайда болған өзіндейлерді жеу дәстүрі адам
өзіне жеткілікті азық табуды үйренген соң қажетсіз болып қалды
деген де пікір бар. Сонда қазіргі заманғы ақыл-есі дұрыс емес
адамжегіштердің жиіркенішті де сұмдық әрекетін гендік тұқым

қуалаушылыққа жауып қоюымызға болатын болғаны ма? Олай
болмаса керек. Молшылық, бейбіт заманда мұндай сұмдыққа
барудың өзі жекелеген адамдардың азғындай бастағандығын ғана
көрсететін шығар.

САТУЛЫ МАХАББАТ

немесе «түнгі көбелек» өзінің «жұмысы» жайлы не дейді?

Жезөкшелік... Кейінгі уақытқа дейін осынау келеңсіз құбылыс
«іріп-шіріген» капиталистік елдерде ғана орын алған деп келдік.
Алайда, «Күлме досқа...» деген, көп уақыт өтпей-ақ табыс табудың
оңай жолымен айналысатын бикештер өзімізде де таң болудан

қалды.
Жезөкшеліктің Алматы сияқты үлкен мегаполиспен, ондағы Сайн
мен Сейфуллин көшелерінің бойымен шектеліп қалмағандығы да
белгілі. «Түнгі көбелектер» бүгінде Талдықорған секілді кішігірім

қалалардың, тіпті алақандай ауылдардың өзінде «жұмыстарын»
жандандыра бастады.
Әрине, кішігірім қалаларда олар «клиент» тосып жол бойында
тұрмайды. Өйткені шағын қалада танысты немесе қызметтесті,

туған-туысты жолықтырып қалуға әбден болады. Сондықтан, олар
негізінен сауна мен қонақүй кешендерінің, казино мен түнгі
клубтардың маңын айналсоқтайды. Көрсететін қызметтерінің құны
да өте қымбат болмайды.

Ауылда да жергілікті жердің ерекшеліктері, яғни нақты ақшаның
жоқтығы ескеріледі. Мәселен, ауылдық жердегі жеңілтек мінезді
әйелдер тұратын сондай үйлердің біріне бас сұғу үшін еркектерге
екі қырғауыл немесе екі қоян ала бару міндет көрінеді. Оның бірі

тамаққа, бірі араққа жұмсалынады...
Әртүрлі себептермен ақша табудың мұндай жеңіл жолына түскен
әйелдер жайлы айтылып та, жазылып та жүр. Оларды біреулер
кінәлайды, енді біреулер мүсіркеп, аяйды. Мұндай келеңсіз

құбылыстың туындау себебін адамнан, кейде заманнан көріп
жатады. Ал, енді өз «жұмыстары» жайында осынау кәсіп иелерінің
өздері не дейді? Олардың іштерін қандай ала мысық тырналап
жатыр? Бір қарағанда жандары қиналмай күреп ақша тауып, сән-

салтанаттың ішінде шалқып жүргендей көрінетін қаракөз
қарындастарымыз өздерінің қандай құрдымға құлап бара
жатқандықтарын сезіне ме? Сондайлардың бірімен
сұхбаттасқандағы мақсатымыз – оларды айыптау, жер-жебіріне

жету немесе ақылдымсып мораль оқу емес, біз үшін беймәлім
осынау жайттардың жауабын іздеу болатын.

...Қонақүй маңында қыдырыстап жүргендей көрінген
бойжеткеннің «кәсібін» анықтау қиын болған жоқ. Біз мінген
автомашина жүрісін баяулата бастағаннан-ақ терезеге жақындаған.
Тек біздің әдеттен тыс «клиенттер» екенімізді білгесін ғана сәл

тартыншақтаған Х. (жаңа танысымызды солай атауға ұйғардық – Н.
Ә.) жылы-жылы сөйлегеннен кейін, әрі уақытының босқа кетпей
төленетіндігін айтқан соң барып өз өміріндегі тұңғыш интервьюін
беруге келісті.

Жаңа танысымыз өрімдей болмаса да жас көрінеді. Қарақаттай
көздері мен қарлығаштың қанатындай қиылған қастары, әдемі пісте
мұрны ақша жүзінен ерекше жарасым тапқан. Аса бір ашық-шашық
киініп, баттастырып бояу да жақпаған. Басқа бір жерден кездестіре

қалсаң сондай кәсіппен айналысады-ау деп тіпті де
ойламайтындайсың. Сәл ыңғайсыздана отырып сұхбатымызды
бастадық.

– Атыңды да сұрамаймыз, суретке де түсірмейміз. Тек ештеңені

жасырмай айтуға келісейік, жарай ма?

– Келістік.

– Мұндай жолға түсуіңе не себеп болды?

– Басында әжептәуір отбасы едік. Бірақ уақыт өте келе күйеуім

жоқ нәрсеге ұрыс шығарып, әркімнен қызғанатын болды. Дүниеге
нәресте келгеннен кейін бұл қылығын бұрынғыдан да үдете түсті.
Баланың әкесі мен емеспін дейтінді шығарды. Ақыр аяғы
ажырасуға мәжбүр болдық. Содан кейін... жұмыс жоқ, баланы

асырау, күн көру керек дегендей...

– Мүмкін ондай қызғаныштың туындауына өзің себепкер болған

шығарсың?

– Сіздерді бұдан кейін көрмейтін де шығармын, өтірік айтып

қайтемін. Содан кейін де барлық шынымды айтып отырмын.
Қызғанатындай еш себеп болған жоқ. Ұрыстан ұрыс шығарып, кей
күндері үйге келмей қалып жүрді де біржола кетіп тынды.

– Көмектесіп тұратын шығар? Алимент төлеп дегендей...

– Жоқ.

– Сенің мұндай «кәсіппен» айналасып жүргеніңді біле ме?

– Білмейді.

– Күніне қанша адамға қызмет көрсетесің?

– Орташа есеппен 5-6 еркекке. Кейде одан да көп...

– Күніне қанша ақша түсетіндігін айтпайсың ба?

– Әрқалай. Өткенде бір клиент 50 доллар беріп кетті. Бірақ бұған

қарап мені ақшаға көміліп жүр деп қалмаңыздар. Ақша көп ретте
қалай келсе, солай кетеді. Жатын үйге төлеуге, тағы біреулермен
бөлісуге тура келеді дегендей...

– Жатын үй?

– Иә, көшеде кездескен, баратын жері жоқ еркектерді арнайы

пәтерге апарамын. Ондай жағдайда төленетін ақы да қымбатырақ
болады. Өзіне үлес тиетін болған соң ол үйдің қожайын әйелі
барлық жағдайды жасап береді.

– Тағы біреу дегеніңіз шамасы «қорғаушылар» болды ғой?

– Дұрыс шамалап отырсыз. Тыныш «жұмыс істеу» үшін де

төлемесе болмайды...

– Бір күні жамандыққа ұрынамын деп қорықпайсыз ба? Түнгі

уақытта көбіне арақ ішіп, есірткі шегіп алғандармен істес болуға
тура келеді. Алматыда осы кәсіппен айналысатындарды өлтіріп,
қолға түскен бандиттер жайлы естіген шығарсыз.

– Жұмыс сондай... «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» демей ме?

Кейде қорқуын қорқасың. Әйтсе де, қорқа тұрып баруға тұра
келеді. Бұл ретте топтанып тұратындарға оңайлау. Олар бір-бірінің
қайда, қандай мәшинемен, кіммен кеткендігін байқап тұруға
тырысады. Мен жалғыз, жеке жұмыс істеймін. Жоғалып кетсем де

ешкім іздей қоймайтын шығар.
Х-ның жанарына жас үйірілгендей болды. Жұбату айта алмадық.

– Әйтсе де дөрекілік көрсетіп, ұрып-соғып кететіндер кездесе ме?

– Болып тұрады...

– Бір газеттен «ежелгі кәсіппен» айналысатын әйелдердің 80

пайызы жыныстық аурулармен ауырады дегенді оқып едім. СПИД
сияқты бір қатерлі аурумен ауырып қалам деп қорықпайсың ба?

– Кім біледі... Әдетте мүшеқапсыз жұмыс істемеуге тырысамын.

– Сонда да жүз пайыз кепілдік жоқ қой.

Үнсіздік. Сәлден кейін барып сұхбаттасымыздың «иә» деген
жауабы құмығып естілді.

– Кейін тұрмысқа шығып, үй болуды ойлайсың ба?

– Ім-м...

– Өзіңе лайықты жұмыс табылса істер ме едің?

– Істер едім деп ойлаймын.

Сұхбаттасымыздың жауабы сенімсіздеу шыққандай болды. Бірақ
ақыл айтып, мораль оқымаймыз деп келіскенбіз. Сондықтан бұл

тақырыпты одан ары қазбалауды жөн көрмедік. Түптеп келгенде,
әркім өз тағдырының қожасы...

– Мұндай жұмысқа итермелейтін не нәрсе? Жалғыз шарасыздық,

жұмыссыздық қана ма?

– Өткенде біздің кәсіпке жаңа келген бір әйелдің үйіне полиция

қызметкерлері барыпты. Аш-жалаңаш балаларын көріп өздері
қалталарындағы ақшаларын беріп кетіпті. Әрине, бұл әйел
шарасыздықтан келіп отыр. Көбіне бойжеткен қыздар көп ақша
таппақ болып келеді де... батпақтан шыға алмай қалады.

– Батпақ?

– Батпақ емей немене? Шынымды айтсам, кейде өзімнен өзім

жиіркенемін.

– Мұндай тірліктен шаршаған жоқсың ба? Бос уақытыңда не

істейсің?

– Өзімдейлермен бас қосамын, басқа не істеймін? Ішеміз... Кейде

удай мас болып бәрін ұмытқың келеді. Жұмыс үстінде де дәм
татамыз. Бізге келетіндер көбіне мас еркектер ғой, ішпесіңе
қоймайды...

– Мұның аяғы...

– Қойыңызшы, аяғын ойлағым келмейді! Жалпы менің сіздерге

бөлген уақытым бітіп барады.
Х. ашулана бастаған сияқты. Біздің сауалдарымыз жан дүниесінің
әлі тот баса қоймаған тетіктерін қозғап кеткендей ме, қалай?..
Мына мінезі сонысын бүркемелеген сыңайы. Оның жан күйзелісін

одан сайын тереңдете түскіміз келмей қоштасуға асықтық.
Саусақтары дірілдеп сигаретін әрең тұтатқан жаңа танысымыз
ұсынған ақшаны да алмады. Асыға басып қоюлана бастаған түн
қараңғылығына сіңіп бара жатқан Х. бізге осы сәт өзінен өзі қашып

бара жатқандай көрінді.

Тақырыпқа орай анекдот
Бернард Шоу атақты бір ханыммен сөйлесіп отырады.

– Миллион фунт стерлинг берсем, менімен бір түн болуға келісер

ме едіңіз?

– О, ондай жағдайда ойланып көруге болады.

– Ал 5 фунт стерлинг берсем ше?

– Мені кім деп отырсыз?

– Кім екеніңіз белгілі болды. Біз тек бағасына келісе алмадық...

ЕСЕПТІ НЕКЕНІҢ ЕРТЕҢІ ҚАНДАЙ?

немесе шарасыздан шалға тиген қыздар мен жас әйел алып
құтырынған қақсал «жігіттер» қаншалықты бақытты?

Құлаққа жылы, жанға да соншалықты жақын естілетін отбасы сөзінің қыры мен сыры қаншалықты көп болса, оның «жырының» да соншалықты көп екендігі белгілі. Отбасы деген атының өзі айтып тұрғанындай, мұның өзі еркек пен әйелдің бір-біріне ғашық болып, сезімдері махаббатқа ұласқан кезде құрылатын одағы, басқа сөзбен айтқанда, бір-біріне құштар екі адамның жандарының ыстық ұясы болуы тиіс емес пе? Ылғи да солай болса кәні... Қалыңмалға сатылып амалсыздан қаусаған шалға тиген қыздар, әмеңгерлік жолмен кексе қатынға үйленген бозбалалар заманының артта қалғанына да талай уақыт өтті. Сонда да болса мұндай жұптарды әлі күнге дейін көзіміз көріп, солар жайлы әңгімені құлағымыз шалып қалып жатады. Нарыққа өтпелі заман келгеннен кейін мұндай үрдіс тіпті үдеп бара жатқандай. Уылжыған жас пен қутыңдаған қарттың арасындағы мұндай одақ ұлы Абайдың «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» деп басталалтын өлеңін еске салмай қоймайды. «Ханның» да қыз жолында жанын қиятындай көрінетіні рас. Жанын қимаса да сол сұлу қыз үшін малы мен ақшасын аямай шашып жүрген ағаларымыз аз емес қой. Тек жартастан құлап жатқан қыздар жоқ. Барлық айырмашылық сонда ғана сияқты... Сонда заман өзгерді ме, адам өзгерді ме? Аралары бес-он жыл ғана емес, жиырма, отыз, қырық жастан да алшақ жандарды жақындастырып тұрған қандай күш? Аңыздағы Раймалы аға мен Бегімай сұлудың арасындағы шын махаббат па, әлде ... кәуділгі бақай есеп пе? Салқын ақылға салып екшейтін болсақ, күнделікті өмірде мұның соңғысы көбірек кездесетін сияқты. «Қарындасым, сенің қара көзіңе, кез болдым-ау қартаң тартқан кезімде» деп басталған ән сөздерін айтып өскен ұрпақ өкілдері шындап алғанда қарттыққа енді-енді ғана аяқ баса бастады. Ал ол кездің «қарттығы» қырмасақал қырық болатын. «Жасым үлкен, жаным, саған құрдаспын, сен де жас боп өмір бойы тұрмассың» деп үзілдіре шырқаған ән кейіпкері сол кезде қылшылдаған қырық жасынан да қысылатын еді-ау. Құндылықтар тым жылдам ауысып

жатқан заманда ондай қарттық деңгейдің елу, алпысқа дейін қалай көтеріліп кеткендігін аңғармай да қалған тәріздіміз. Рас, бүгінгі шал көп ретте қартаң тартқан адамға ұқсай да қоймайды. Жас әйел алып, сыртта нақсүйер ұстап жүрген қақсал «жігіттің» материалдық жағдайы әдетте шешілген, қызметі жоғары, белгілі бір ретте елге танылған да азамат болып келеді. Теңсіз некенің кем-кетігін жауып, олқы тұсын толтырып, белгілі бір уақытқа дейін тігісін жатқызып тұратын да негізінен осы нәрселер. Қамар сұлудың заманында ашық айтылған «қайтейін, шал болса да малы бар шал, мал болған соң аузында балы бар шал» деген өлең жолдарының бүгінде көкейде ғана тұратындығы содан болар... Әрине, бұл жерде азаматтың алтын басының асыл қасиеттерін де мүлдем сызып тастауға болмайтын шығар. Сондай қасиеттерін сыйлап, бағалап ерге шығып жатқан қарындастар болса, ондай жанға бас июден басқа ештеңе қалмайды. Өйткені біреулер бар, біреулер жоқ деп таласып жататын махаббат шіркіннің кейде жасқа қарамайтын да қасиеті бар емес пе? Дегенмен, бұл жерде ілуде бір кездесетін ондай оқиғалардың да соңы көп ретте өкінішпен аяқталатындығын айтпай болмайды. Табиғат заңдылығы бойынша әйелдер ерлерден көбірек өмір сүреді. Осылайша әйелінен 5-10 жас үлкен болып келетін ер адамның орташа жасы түптеп келгенде әйелімен шамамен теңдес болып шығып жатады. Ал енді арадағы 20, 30, 40 жас айырмашылық бұл тепе-теңдікті бұзып, әйелді өмірінің екінші бөлігінде көп ретте жалғыз өмір сүруге мәжбүр етеді. Бала өсіру жауапкершілігі де бұдан былай толықтай әйелдердің мойнына жүктеледі. Қазіргі заңдылық бойынша жасы келген адамдарға бала асырап алуға тыйым салынатындығы да сондықтан болар. Содан кейін де болашақ нақсүйер, тоқалдардың беймәлім өмірді бастамас бұрын өздеріне өмірдің сондай сындарына дайынмын ба дегендей де сұрақты қойып көргендері абзал-ау. Есеппен үйленетіндердің көпшілігі әйелдер деген ұғым қалыптасқан. Кім біледі, ондай зерттеулер жүргізілмеген де шығар. Әйтсе де есеппен күйеуге шығатын әйелдердің алдымен көзге түсіп қалатындығы рас. Тек байлықты ғана мақсат етіп, өмірдің мәні мен сәні сонда деп есептейтін жап-жас келіншектердің жасы жағынан әкесіндей ғана емес, атасындай адамдармен тағдыр қосақтағандарын көргенде бейтарап қалатындар аз. Қыздардың біразы қызғана қараса, тең құрбының көпшілігінде аяушылық сезімі басым. Ойлағандары

жүзеге асып, бүгінде байлыққа белшесінен батып отырғандарымен
сондай замандастарымызды бақытты деп санауға бола ма? Бұл мәселе
жайлы сөз болғанда ақын Қадыр мырза Әлінің «байға емес, байлыққа
барған қыздар жылап жүр» деген өлең жолдары оралады. Қазір

жыламағанмен олардың кейіннен жылайтындықтарын, қайта айналып
келмейтін өмірлерінің үлкен өкінішпен өтетіндігін ақын қалай тап
басып, тауып айтқан десеңізші! Редакция қоржынына келіп түскен
мына бір хат жолдарынан да сондай бір өкініш лебі еседі.

«Мен тұрмысы төмен отбасында туып-өстім. Бойжеткен
шағымда да тұрмыс қиыншылығынан құтыла алмадық. Өсіп келе
жатқан шиеттей бауырларымды жеткізу жайын ойлағанда түн
ұйқым төрт бөлінетін. Сөйтіп жүргенде өзімнен әлдеқайда үлкен

қалталы бір азамат көңілін білдірді. Отбасымыздың жағдайын
сырттай біліп жүреді екен, бәріне қол ұшын беруге уәде етті.
Ойлана келе келісімімді беріп, жаңағы азаматқа тұрмысқа шықтым,

– деп жазады редакцияға хат жолдаған бейтаныс жан. – Қазір

өкініштен өртеніп кете жаздап жүрмін. Өйткені көп уақыт өтпей-
ақ өзімнің тең қосақ емес, оның қолындағы жылтырақ ойыншық
қана екенімді сезіндім.
Ол менің жастығыма, әдемілігіме қызығады, ел-жұрттың

бәрінен қызғанады, ал жан-дүниемде не болып жатқандығымен
тіпті де шаруасы жоқ. Бүгінде байлықтың да барлық қызығы
таусылған. Өзімді солар үшін құрбан еткен бауырларым да маған
біртүрлі мүсіркей қарайтын тәрізді. Уақыт өте келе екеуміздің

арамыздың тек қана алшақтай беретіндігіне көзім жетті. Енді
біраз уақыттан кейін оның қаусаған шал болатындығын ойласам
денем еріксіз түршігеді. Сол кезде екеуміз қандай күйде болып, не
әңгіме айтып отырар екенбіз деп ойланам. Ондайда ол маған уыз

жастығымды аяусыз таптап өткен жендеттей сұмдық
жеккөрінішті болып көрінеді.
Кейінгі кезде ол осы күйімді сезгендей маған жасқаншақтай
қарайтын болып жүр. Соған орай өзімнің оны төмендеткім,

ренжіткім келіп тұратындығын байқаймын... Мұның арты не болар
екен?!».
Бейтаныс автор «мұның арты не болар екен?» деген сұрақты
тегін қойып отырған жоқ. Оның соңы не болатындығын бағамдау

онша қиын емес секілді... Әйел тарапынан есеппен құрылған неке
ажырасумен аяқталмаған күннің өзінде де отбасына үлкен қуаныш
әкеле қоймасы анық. Бойдан қуат, қолдан қызмет, қалтадан ақша

кеткен кезде жаңағы әңгімеде айтылғандай қарт күйеудің қадірі қаша бастамаса не қылсын? Барлық жағдайда сондай болмаса да қалтылдаған қарттық келіп жеткен кезде бейшара болып, жас әйелінің жүзіне жаутаңдап қалған ондай ағаларымыз да жоқ емес. «Әттең-ай десеңші! Өмірді қайта бастайтын мүмкіндік жоқ қой. Алланың ондай рақымы болып жатса басқа емес, бір ғана қателігімді жөндеген болар едім. Шалқып, толқып, толып тұрған кезімде қарттық келместей, дәурен өтпестей көрініпті. Бүгінде жас әйелдің алдында қадірім жоқ, баяғыда тастап кеткен бәйбіше мен бала-шағаға қайта баратын бет жоқ. Амал қанша, қалған өмірімді итшілеп өткіземін де» – деуші еді бір аға қатты күйініп кеткен кездерінде. Оның бұл сөзіне не алып-қосуға болады? Өмірдің қызығы да, шыжығы да сол өткен күннің қайта оралмайтындығында, бейнефильмді тамашалағандай бәрін қайтадан бастап көре алмайтындығыңда емес пе? Ал енді осындай жас әйел алған азаматтар мен тағдырларын қартаң адамдармен қосақтаған қыздар жайлы замандастарымыз не дейді? «Әр кәлләда бір қиял» демекші, осы бір мәселе жөніне келгенде қазіргі жастарымыздың пікірінің әлденешеге жарылатындығын байқадық. Ендеше оған да құлақ түріп көрген артық болмайтын секілді. Арман, студент: – Шалға тиген қыздарға жаным аши қоймайды. Олар өз тағдырын өздері таңдаған адамдар. Хамит, кәсіпкер:

– Байлықтың керегі жоқ деп ешкім де айта алмаса керек.

Мәселе соған қалай жетуде. Маңдай теріңмен, біліміңмен,
білігіңмен табылған байлық қана баянды. Ал енді біреудің
нақсүйері болу арқылы бақуатты тұрмысқа қалай ұмтылуға
болатындығын ұқпаймын.

Мәжит, зейнеткер:

– Біздің кезіміздің есепшіл қыздары, бойында қабілет, бейімі,

дарыны, яғни болашағы барларға қараушы еді, қазіргі қыздар
мәшинесі, пәтері, жақсы жұмысы бар жігіттерге қарайды деседі.

Арайлым, жұмысын айтпады:

– Кейбір қыздар көше бойында тәнін сатумен де айналысып

жүр ғой. Оған қарағанда күйеуге шығу арқылы тұрмысын
түзетуге ұмтылса несі айып? Кейінгі өмірді болжаудың қажеті
қанша, қазіргі кезде кімдер айырылыспай жатыр...

Жанар, даяшы:

– Шешем маған бай отбасынан шыққан жігіттің сөз айтып

жүргенін кездейсоқ біліп қалды. Енді соған хабарлассаңшы,
жағдайын біл, іздеп бар деп мазамды алады. Менің қалауым басқа
екендігін естігісі де келмейді. Осылайша екі оттың ортасында
қалған жайым бар.

Иә, кеңестік заман бізді басқаша тәрбиеледі. Байлықты,
бақуатты тұрмысты қуалаған дұрыс емес, ол қи домалатқан
қоңыздың ісі, оны қойып көпшілік игілігіне жұмыс істеген дұрыс
деп үйретті. Ол тәрбиемен өскен павелкорчагиндер де уақыт өткен

сайын азайып барады. Қазіргі жасқа мұндай ақыл айтпақ болсаң
күлкі-мазаққа қалатының анық.

Нарықтық қоғам ғана емес, кеңестік тәрбиенің шетін көрген
ата-ананың өзі де баласын қандай жолмен болса да баюға
итермелейді. Жоғарыда келтірілген әңгімеден көріп
отырғанымыздай, бұл жолда есепті некені пайдаланудан

қашпайтындар да кездесіп қалады. Қыздарын «байға емес,
байлыққа» бергісі келетін ондай ата-аналардың бала бақыты,
болашағы жайлы түсінігін осыдан-ақ бағамдауға болады. Өмірде өз
күшіңмен де белгілі бір биікке, табысқа жетуге болатындығын

қазіргі жасқа кім түсіндірмек?

Пессимистік сарынға салып көретін болсақ адал жар, өзің дү-
ниеге келтірген ұрпақ, жалпы адам алдындағы парыз, қарыз дейтін
дүниелер де кеңестік кезеңнің сарқыншағына айналып бара жатқан
сыңайлы. Оған да мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ.

Жаңағы әңгімеде айтылғандай, жас әйелге қолдары жеткен-
нен кейін қырық, елу жыл отасқан жары мен бауыр еті – балаларын
былай қойғанда шығарда жандары басқа немерелеріне де
қайырылмай кетіп жатқан еркеккіндіктілер қаншама? Олар ендігі

қалған өмірлерін жас әйелдерін қызғанумен, жоқ нәрседен
күдіктенумен, өзі жер соқтырып кеткен бұрынғы жақындарының
алдындағы айыпты сезініп, өздерін іштей қажаумен өткізеді. Демек,
жас, сұлу әйел алып, армансыз ғұмыр кешіп жүрген сияқты

көрінетін азаматтарды да белгілі бір дәрежеде бақытсыз санауға
болады.

Барлық жиған-тергенін жас әйелдің жолына сарп етіп, өзінен
қауқар кетіп, денсаулығы сыр бере бастаған кезде ер азамат көп
ретте адасқан қаздай болып бұрынғы отбасына қайта оралады. Бір
кездегі өзіне сенімді, айналасына астамшылықпен де қарайтындай

болып көрінетін нар тұлғалы атпал азаматтан із де қалмаған. Енді
қартайғанда қаңғыртып коямыз ба, ел-жұртқа күлкі болмайық деп о
баста қосылған әйелі мен бала-шағасы оған көп ретте кешіріммен
қарайды, сөйтіп қайтадан отағасы рөліне енгізеді.

Тіпті, қайтыс болып кеткен отағасын «жаңа» әйелі жерлеуден бас
тартқан кезде марқұмды соңғы сапарға бұрынғы әйелінің барлық
жөн-жосығымен аттандырып салған оқиғалары да аз емес қой.
Ондай қазақы менталитеттің қандастарымыздың бойларында қа-

шанға дейін сақталынатындығына кімнің көзі жеткен?

Қазіргі кезде байлыққа қолдары жеткен қалталы
қандастарымыз көбейді. Жасыратыны жоқ, «қазақ байыса,
қатын алады» деген принциппен олардың да біразының
жеңгейлер мен келіндерді «жаңартып» жатқан жайлары бар.

Олардың қалтамда ақша тұрған кезде қолымнан бәрі келеді,
қаласам тағы бір-екі қатын аламын дегендей асып-тасыған
ойларға барулары да ғажап емес. Бірақ, «Өтпелі бәрі, өтпелі-
ай» деп ақын айтқандай, өмірде бар нәрсенің барының, соның

ішінде байлық пен денсаулықтың да өтпелі нәрселердің
қатарына жататындығын еске салып өткен артықтық етпес
деп ойлаймыз. Содан кейін де көп ретте жаңсақ болып
шығатын жаңағыдай қадамдар жасамас бұрын жақсылап

ойланып алғанымыз жөн шығар, ағайын. Бұған сіз не алып-
қосар едіңіз, қадірлі оқырман?

БАСЫНДЫ ДА БАСЫЛДЫ...

Газетімізде бұдан бұрын да «Басыну» деген тақырыппен жарық
көрген мақалада кәсіпкер Б.-ның «затымды ұрлады» деген күдікпен
жергілікті тұрғынды жанармай ыдысына қамап, өміріне үлкен қауіп
төндіргендігі айтылған болатын. Жақында Балқаш аудандық

сотының судьясы Р. Әбілтаевтың төрағалығымен өткен сот мәжілісі
жалғанды жалпағынан басып келген кәсіпкердің одан басқа да
қылмыстарын анықтап, жазасын берді.
Ең алдымен оқырманға азамат Б.-ның кім екендігі жөнінен

мағлұматтар бере кетейік. Аудандық сот Қазақстан Республикасы
Қылмыстық істер кодексінің бірнеше баптары бойынша айыпты

деп тапқан қылмыскер 1952 жылы сол кездегі Целиноград
облысында дүниеге келген. Ұлты орыс. Қазақстан
Республикасының азаматы. Білімі 6 сыныптық, отбасылы.
Айыпталғанға дейін Алматы қаласында кооператив төрағасы болып

істеген.
Бұрын сотталған. 1989 жылдың 29 мамырында Қапшағай қалалық
сотының үкімімен Қазақ КСР Қылмыстық істер кодексінің 168, 201,
78-баптары бойынша немесе алыпсатарлық жасап, жасөспірімдерді

қылмысқа тартқаны, сонымен бірге қылмыстық жолмен табылған
дүниені өткізгені үшін 3 жыл 6 ай мерзімге бас еркінен айыруға
кесілген. 1990 жылдың 27 сәуірінде Қостанай облысы Семиозер
аудандық сотының шешімімен шартты түрде мерзімінен бұрын

босатылған. Алматы қаласында тұрады.

Талтаңдаған төраға
Судья Р. Әбілтаев төрағалық еткен аудандық сот араға бірнеше күн
салып 8 рет мәжіліс жасауға мәжбүр болды. Өйткені тағылған
айыптың бір де бірін мойындамай өзін сүттен ақ, судан таза етіп

көрсетпек болған Б. әрекеттерінің ақ-қарасын айыру үшін сотта
ондаған куәлерді сұраумен бірге түрлі сала мамандарынан кеңес
алу, әлденеше ресми құжаттармен, алдын ала тергеу орындары
дайындаған бейнетүсіріліммен танысып шығу қажет болды.

Әрбір сот мәжілісі өткен сайын Б.-ның істеген қылмыстық іс-
әрекетінің қаншалықты ауырлығымен қатар оның өзінің де
моральдық бет-бейнесі айқындала түскендей еді. Енді оның
осындай іс-әрекетіне аз да болса тоқталып өтейік.

Б. кооператив төрағасы ретінде 1992 жылы Ақжар селолық
округінің аумағында өндірістік кешен салып, шұжық, түшпара
дайындау цехтары мен дүкен ашты, мал бордақылау үшін қажетті
қоражайлар тұрғызды. Бірден іске кірісіп, жергілікті тұрғындардан

нақты ақшаға ірі қара мен қой-ешкі, шошқа сатып алып, цехтарда
шұжық пен түшпара жасатты. Дайын өнім Алматы қаласындағы
сауда нүктелеріне жөнелтіліп жатты.
Мұның бәрі дұрыс-ау, бірақ кәсіпкер бір-ақ нәрсені – кооперативті

жергілікті жерге тіркетіп, міндетті салық төлемдерін төлеп отыруы
керектігін ғана «ұмытып кетті». Айтқандай, шұжық цехы мен
дүкен, мал қоралары орналасқан 0,4 гектар жерді пайдалануға
рұқсат алу да «есіне келмепті».

Б. өзінің бұл «ұмытшақтығынан» зиян шеккен жоқ, керісінше, жыл бойы бюджетке бір тиын да төлеместен күреп табыс тауып келеді. Сөйтіп оған бір мезгілде заңсыз кәсіпкерлік, ұйымдарға салынатын салықты төлеуден жалтарғаны, жерге заттай құқықтарды бұзғаны үшін қатарынан бірнеше айыптар тағылды. Осы жерде жергілікті өкімет орындары мен тиісті қызметтер өкілдері сонша уақыт бойы қайда қарап келген деген заңды сұрақ туындамай қоймайды. Әрине, олар да қарап қалмаған – кооперативті тіркетіп, жер, мүлік, көлік сияқты салық түрлерін төлеу керектігін, санитарлық, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауы қажеттігін талай рет ескертті. Дегенмен, тексере келген түрлі қызмет салаларының өкілдері көп ретте Б.-ның иелігіне кіре беріске орнатылған тосқауылдан қайтып жүрді. Шұжық пен түшпара цехтары, дүкенде істейтін жұмысшылар мен сатушылар да қожайындарына еліктеп «тексеруші» деген сөзді есіткен бойда есіктерін тарс жауып алуды әдетке айналдырды. Оның бұлайша еркінсігенінен әбден мезі болған Ақжар селолық округінің әкімі Ғалия Қалисанова аудандық прокуратура мен санэпидемстансының, басқа да қызмет саласының өкілдерін қатыстыра отырып тексеру ұйымдастыра барғанда буына нан піскен кәсіпкер тіпті әкімнің жеке басының ар-намысына тиетін ауыр сөздер айтуға да барады. Осылайша Б. адамның ар-намысын қорлап, арсыздыққа дейін барған. Оның бұл «ерлігі» басқа еркінсулерінің бәрінен асып түсті.

«Агидельге» адам өмірін айырбастады
1999 жылдың 15 шілдесі күні шұжық цехынан «Агидель» моторы
ұрланады. Мұны полицияға хабарлаудың орнына Б. өз бетінше
тергеу жүргізеді. Сөйтіп, ол өзі күдікті деп тапқан Жұмабаев

Жалғасбек деген жас жігітті жерге көмілген 75 текше метрлік
жанармай құятын бос ыдысқа алдап кіргізіп, қамап тастайды.

– Моторды кім ұрлағанын айтқанша, әйтпесе өзің мойындағанша

осында отырасың. Мен қалаға кеттім, – дейді Б. «тұтқын» жігітке.

– Ұрламасам нені мойындаймын? Одан да полицияға айтсаңшы.

Сен қаладан келгенше мен шыдай алмаймын ғой, – дейді
Жалғасбек қиналып.

– Шыдайсың ба, шыдамайсың ба, ол өзіңнің проблемаң...

Осындай жантүршігерлік сөзді шімірікпей айтқан Б. ыдыс ішін
екіге бөліп тұрған темір тордың есігін құлыптап, сыртқы есікті де

мықтап жауып кетеді. Сәлден кейін сырттан жарық түсіп, аз да болса ауа кіріп тұрған титтей тесік те тарс бітеледі. Жалғасбек сөйтіп шын мәнінде көрдей қараңғы әрі қапырық темір ыдыстың ішінде қалып қояды. – Бір-екі сағаттай айқайлап, қолыма түскен темір-терсекпен қабырға мен торды ұрып, көмекке шақырдым. Түк болмаған соң темір торды майыстырмаққа әрекеттеніп көрдім. Ең соңында темір тор мен цистерна еденінің арасындағы кішкентай саңылаудан басқа бостандыққа апаратын жолдың жоқ екендігіне көзім жетті, – деп еске алады Жалғасбек. Бейнетүсірілімді қарап отырған адамның арқасы шымырламай қоймайды. Цистернаның арасы темір тормен бөлініп, қабырғаларына адам жатуға болатындай темір сәкілер жасалынған. Тордың темір есігі де кілттелінеді. Кішігірім түрме, зындан іспеттес. Бұл құрылысты Б. көкөніс қоймасы, ал сәкілерді тұздалған қөқөністі қоятын сөрелер деп түсіндіреді. Қайдам, қайдам... Менің жеке өз басыма бұл жерде жалғыз Жалғасбек қана жатпаған шығарау деген де «күпірлік» ой келді. – Темір тор мен еденнің арасына алғашында басым қысылып қалды. Содан соң кеудем не ары, не бері өтпей көп уақыт қиналып жаттым. Сенсеңіз, бүкіл өмірім көз алдымнан бір-бір өтіп шықты, – дейді Жалғасбек әңгімесін жалғастырып. Өстіп өлдім-талдым дегенде бір бөгеттен өткен Жалғасбек енді цистернаның алдыңғы жағын кесіп жасалынған екінші есікке келіп тіреледі. Бұл есікті сыртынан тіреп кеткен екен, иықпен ұрып, екіүш рет тепкеннен кейін пайда болған саңылау бірте-бірте үлкейе бастайды. Осылайша цистернадағы оттегі таусылуға айналып, тұншыға бастаған Жалғасбектің өмірге деген үміті қайта оянады. Алайда қуануға әлі де ерте еді. Цистернаның алдына салынған жапсырманың есігі де құлыптаулы болып шықты. Жалғасбек бұл жолы қолына бірінші түскен темірді алып еденді қаза бастайды. «Тұтқын» жігіт түлкі сияқты ін қазып жарық дүниеге шыққан сәтте кеш болып қалған екен. Кейін есептеп көргенде оның темір ыдыста барлығы 12 сағаттай азапты уақытын өткізгендігі анықталды.

«Сот залынан босатуыңызды өтінемін...»
Сотталушы Б.-ны айыпкер орындығынан көрген адам оны әсте де
басына іс түсіп, пұшайман болған айыпкер деп ойламас еді. Бірде
ол куәлік берген адамдар мен жәбірленушілердің ар-намысына

тиетіндей сөздер айтса, енді бірде адам ойына сыймастай
өтіріктерді қардай боратты. Оның айтуынша 7 жыл бойы оған
ешкім жер, мүлік, көлік салығын төлеу керектігін айтпаған
көрінеді. Ауыл әкімін де еш ренжітіп көрмеген, салық инспекторы

Қ. Шалабаевқа да «бұл жерден көзіңді жоғалт!» деп айқайламапты.
«Жұмабаевты қамағаннан құдай сақтасын! Екеуі полицияға бара
жатқанда Жұмабаев машина есігін ашып жіберіп қашып кеткен.
Содан соң жауапкершіліктен қорыққан Ж. Жұмабаев ауыл әкімінің

ақылымен мұны құрту үшін шошқа базына қайта барып,
цистернаның астын қазған... Қалисанова кейіннен комиссия
жіберіп, акт жасатқанда көргендері сол қастандықтың ізі.
Жалпы өзі заңдылықты қатты құрметтейді, ешқашан заң бұзып

көрмепті. Шұжық пен түшпара цехтарын, дүкен ашуға талпынғаны
рас, бірақ осы жеті жыл бойы сатуға жарайтын бір киле де сапалы
өнім шығара алмапты. Жабдықтар енді дайын болғанда көрмейсіз
бе? Бәрі ауыл әкіміне ай сайын төлем төлеп тұрудан бас

тартқандығының салдары... Сондықтан мені сот залынан
босатуыңызды өтінемін».
Басынып барып осылайша аздап қана басылған Б. өзінің соңғы
сөзінде егер сот оны айыптау жағына қарай ойысатын болса,

кешірім жарияланғанын да ескеруді өтінді. Алайда, өткен іске
өкініп тұрған Б. жоқ еді. Үкім шығарғанда сот, әрине, осы жайтты
да ескерді.

Асқанға тосқан
«Бәрін айт та бірін айт» дегендей, сот үкімі шығатын күн де келіп
жеткен. Қазақстан Республикасы Қылмыстық істер кодексінің 6
бірдей бабы бойынша айыпталған Б.-ға әр бап бойынша

тағайындалған жаза мерзімін ішінара қоса келгенде 4 жылды
құрады.
Осынша уақыт мерзімге бас бостандығынан айрылған Б.-ның
дүние-мүлкі тәркіленіп, жазасын жалпы тәртіптегі түзеу орнында

өтейтін болды.
Б.-дан жәбірленуші Ж. Жұмабаевтың пайдасына 15000 (он бес мың)
теңге өндірілетін болып шешілді.
Б.-дан жәбірленуші Ғ. Қалиасанованың пайдасына 50000 (елу мың)

теңге өндірілетін болып шешілді.
Сонымен бірге жасалынған сараптамалар үшін Б.-дан мемлекет
пайдасына 10500 (он мың бес жүз) теңге өндіріліп алынады.

«Мың асқанға бір тосқан» дегеніміз осы да.

ҮШ ЖЫЛҒА СОЗЫЛҒАН ЖАН АЗАБЫ

Бұрынғы Күрті ауданының Ақбайлау ауылында тұратын
Звягинцев Александр Викторович 1995 жылдың күзінде аяқасты
жоқ болып кетті. Онымен бір шаңырақтың астында тұрған Шварц
Ольга Степановна болса сұрағандарға: «Александр жұмыс іздеп

Ресейге кетіп қалды» деді де қойды. Кейіннен басқа сылтау тауып:
«Ол басқа әйелге үйленіп, Талғарға көшкен» деп те жалтарды.
Алайда Сашаны іздеушілер айтылған сөздердің жалғандығын
анықтады. «Шеңгелдіде пияз өсірушілерге жалданып, сонда жүр»

деген сөзі де дәлелдене қоймады. Басқа амалы қалмаған
Александрдың әпкесі Готовская Галина Викторовна бауырын
іздестіру үшін құқық қорғау органдарына шағымданған. Оның
мұндай ақырғы қадамға баруына бауырының өгей қызы, 1979

жылы туылған Аленаның: «Іздестіруге беріп қайтесіз, оны мамам
өлтіріп тастаған» деген сөзі себеп болды.
Жалпы бір-бірінің кірген-шыққанына дейін біліп отыратын
кішкентай ауылда мұндай сыбыс көптен бері сыпсыңдап жүрген.

Ауылдастары тіпті Ольганың күйеуінің қай маңда көмілгенін де
шамалай бастаған болатын. Сол күдік расқа айналып, марқұмның
сүйегі дәл үш жыл уақыт өткеннен кейін есік алдындағы бақшадан
қазылып алынды.

Алданған сезім сорға бастапты

– Алғашқы күйеуіммен бақуатты да жайлы тұрмыс құрдым. Екі

баламыз болды. Дегенмен кейде адамды сайтан азғыра ма деймін,
онымен сүймей қосылғандығым көңіліме қаяу түсіре беретін.
Сөйтіп жүргенде осы Саша кездесіп, бірден жарасып жүре бердік.
О баста тағдыр маңдайыма жазған, құдай қосқан қосағымды енді

тапқандай күй кештім. Бұл сезімімді күйеуімнің пәтер алу үшін
Грозныйға кетіп, екеуміздің біраз уақыт бөлек тұруымыз да
күшейте түскендей болды. Сөйтіп, айтып-айтпай не керек, Саша
екеуміз 13 жыл бұрын Тараз қаласынан осы өңірге көшіп келдік.

Алғашқы екі жылды тату-тәтті өткіздік.
Бұл Ольга Степановнаның әңгімесі.

Әрине, бұл әңгіме осымен тұйықталып қалмайды, бірте-бірте шиеленісе түседі. Оған ең басты себеп те бұған дейін талайлардың басын құртқан, әлі де басын жұтатын әзәзіл – арақ екендігін шамалау қиын емес. – Саша ішуді үдеткенін қоймай, өсіп келе жатқан өгей қыздарына басқа көзбен қарай бастады. Қатты мас болып алған кездері қыздарының төсіне қол жүгірткенін бірнеше рет байқап қалдым. Ұрыс-керісімізді бұл жағдай да үдете түсті. Әйтсе де ажырасып кету секілді батыл шешімге бара алмадым, қайткен күнде де отбасын сақтап қалғым келді. Солқылдақтық жасауыма тағы екі баланың дүниеге келіп, өсіп келе жатқаны әсер еткен болуы керек, әйтеуір оның мас күйінде жасаған жанжалдарын, ұрыпсоққандарын көтере бердім, тіпті сол таяққа етім де әбден үйреніп кетті-ау деймін. Сот залындағы үзілісте бірде егіле жылап, бірде өзін-өзі қайтадан қолға алып, өмір тарихын жалғастырған Ольганың әңгімесін тыңдау ауыр-ақ. Бір шаңырақтың астында ғұмыр кешіп жатқан екі адамның күн сайынғы ұрыс-керісін, жұпыны тіршілігін көзге елестету одан да ауыр. Сол онсыз да жеңіл емес тіршілікті Саша бұрғылау шеберінің көмекшісі болып еңбек ететін геологтар партиясының жабылуы бұрынғыдан да күрделендіре түскен. Ол енді бірнеше айлап қалың қамыс арасында ондатра аулауға шығатын болды. Өз кезегінде сондай жұмыспен айналысатын «достардың» да пайда болатыны өз-өзінен түсінікті ғой. Бірте-бірте Сашаның екі-үш ай бойы дайындаған терілерін арзан қытай спиртіне, сапасыз тауарларға сатып алатын өзінің «көтерме сатып алушылары» қалыптасты.

Қорған болар адам жоқ...
Бір отбасының айналадағылардың көз алдарында құлдырауы
қалайша мүмкін болды? Бұл сұраққа жауап беру де оңай емес.
«Учаскелік инспекторға талай рет шағым жасадым, тірек пунктінде

екі-үш сағат ұстағаннан кейін қайтадан жібере салады. Осы күнге
дейін Құйғанның автобусын көрсем, одан Саша түсе салып, бәрі
қайтадан басталатын сияқты арқам мұздап жүре береді» – дейді
Ольга әңгімесін жалғастырып.

Ольганың бұл сөзінде істеген қылмысына деген өкініштен гөрі ол
қайтып келіп, бәрі қайтадан бастала ма деген қорқыныштың
жатқандығын байқау қиын емес. Оны мұндай күйге жеткізу үшін

қаншалықты дәрежеде ашындыру қажет болды екен деген ой
көңіліңе еріксіз оралады.
Жақын көршілері бұл үйдегі ішімдік пен ұрыс-төбелесті жиі
байқайтын. Олар Сашаның бесінші сыныпта оқып жүрген өгей

қызын зорлағанын, небары 8-9 жастағы қызына да адам аузы
бармайтын айуандық қылықтар жасағанын естіп жүрді. Содан да
болар, үлкен қыз мектеп бітірместен Ресейдегі әжесіне кетіп
қалғанда «бұл қалай?» деп таңырқаған ешкім болған жоқ. Тергеуге

куә ретінде жауап берген кіші қыз жоғарыда айтылғаннан басқа
өзін өгей әкесінің ішіп алған күндері қайыс белдікпен немесе
оқтаумен сабайтындығын айтуы да осы жылдары оның тым жиі
ішіп жүргендігін көрсетеді. Ольга жұмыс істейтін наубайхана мен

сондай сауда нүктелерін басқаратын жұмысшыларды жабдықтау
бөліміндегілер де жұбатып, құрғақ ақыл айтудан аса алмады. Қалың
қауымның ішінен шектен шығып бара жатқан ішкішке «ай дер ажа,
қой дер қожа» табылмаса амал не?..».

Ашынудың ақыры Қайғылы сол күн – 1995 жылдың 3 қыркүйегі де әдеттегідей басталған. Ольга таңғы сағат алтыда наубайханаға жұмысқа кетіп, түсте күйеуі ондатра терісін сатып алушыларды ертіп келеді. Алушылар әдеттегідей қытай спиртімен есептеседі. Олар кеткеннен кейін де көршілермен ішуін жалғастырған Александр бір кезде мас болып ұйықтап қалады. Алайда «мәңгі ұйқының» алдындағы бұл мазасыз ұйқы ұзаққа созылған жоқ – біраздан соң қайта оянып алған Саша «үш литрлік банкідегі спирт қайда?» – деп әлек салады. Қайтадан дау-жанжал, ақыры спиртке қолы жетіп, оған қайта бас қойған күйеуі тағы қалғып кетеді. Осы сәтті пайдаланған Ольга күйеуінің қол-аяғын байлап тастайды. Бұл әрекетті заңгерлердің қалай бағалайтындығын зерттеп жатудың қажеттігі бола қояр ма екен? Таза адами тұрғыдан келсек, ұрыпсоғудан шаршаған әйелге аздаған бір тыныштық керек болды ма? Әлде бір оқыс қимылға алдын-ала бекінді ме? Кім біледі?.. Түнгі ондар мөлшерінде қайтадан оянып кеткен Саша аяқ-қолын шешуді талап етеді. Ол талабын Ольга орындай қоймаған соң балағаттап, қорқытып-үркітуге кіріседі. Ольга не болып кеткенін де білмей, қарсыласуға дәрмені жоқ күйеуін жастықпен тұншықтырып өлтіреді.

Кісі өлтіру сияқты ауыр қылмысты көбінесе ер адамдар
жасағанымен мұндай жағдайда, психологтардың зерттеуінше,
әйелдер салқынқандырақ болып келеді екен. Бұл ерекшелік
Ольганы да айналып өтпеген сияқты. Біраз еңіреп алғаннан кейін

ол істеген қылмысының ізін жасыруға кірісіп, түнделетіп ауладан
шұңқыр қазады да күйеуінің мәйітін көміп тастайды. Іле-шала
Ақбайлаудан Құйғанға көшудің сәті түсіп, сол қорқынышты
жерден алыстай түскенімен көңілі жайлана қоймайды. Осылайша

өзін өзі іштей жегідей жеумен азапқа толы үш жыл да өте шықты.
Енді, міне, істеген қылмысы үшін сот алдында жауап беретін сәт
келді.

Жаза
Ашығын айту керек, О. С. Шварцтың ісін қарайтын сот мәжілісіне
қатыспақ болып жиналғанымызда айыпталушыны Алматының
түрмесінен этаппен алып келер деп ойлағанбыз. Ольганың алғашқы

адвокаты Д. Андабаевтың талап етуімен сот-медициналық,
психиатриялық сараптау тағайындалып, сонда тексерілгенде
еркіндікте жүр деген ой басымызға кіріп-шықпаған. Айыпталушы
Құйғаннан ешкімнің күзетінсіз жолаушылар автобусымен келіп

жеткенде ғана аң-таң болдық.
Турасына көшкенде аудандық халық судьясы Б. Ахметов те,
мемлекеттік айыптаушы Ы. С. Бекпенбетов те айыпталушыға
түсінікпен қарағандай. Жайшылықта ауырырақ жаза талап ететін

мемлекеттік айыптаушының өзі сот-медициналық, психиатриялық
сараптаманың қорытындысын ескере отырып, оған Қазақстан
Республикасы Қылмыстық кодексінің 96-бабының І-бөлімі
бойынша тағылған айыпты 98 баптың І-ші бөліміне ауыстыруды,

демек анағұрлым жеңілдетуді ұсынды. Психиатриялық сараптама
бойынша О. С. Шварцтың ақыл-есі дұрыс, бірақ қылмысты
кенеттен пайда болған күшті жан толқынысы жағдайында жасаған
деп тауып, екі жыл мерзімге жалпы тәртіптегі еңбекпен түзеу

колониясына бас еркінен айыруға үкім шығарды. Оның кәмелетке
толмаған балаларының тағдырын шешу Балқаш аудандық оқу
бөлімінің жанындағы тиісті органға тапсырылды.
Балалар демекші, Құйған аулында жұмыс істемейтін әрі аяғы ауыр

19 жасар Аленаның қарауында Вера, Витя атты бүлдіршіндер
қалып барады. Олардың бүгінгі күні не болады, арғы тағдырлары
қалай қалыптаспақ, кім білген?..

– Өзім үшін қорыққан емеспін, тек сол балаларымның тағдырына

алаңдаймын. Тіршіліктің қиындығына шыдамай теріс жолға түсіп
кетпесе не қылсын? – деген Ольга этап алдында. – Дегенмен жалпы
адамдарға рахмет, осы уақыттың ішінде менен ешкім теріс айналып
кеткен жоқ. Бәрі түсініп, қол ұшын беруге тырысты. Ал аты-

жөнімді, сол сияқты қыздарымның аты-жөнін де өзгертпей-ақ
қойыңыз. Қайта менің басымнан өткен жай басқаларға сабақ
болсын... Болған іске қыздарым да көндікті, амал қанша?..

Түйін
Мақаланы жазып отырып өзімнің ылғи да Ольганы ақтап
аларлықтай себеп іздеп отырғанымды байқадым. Оның атына азды-
көпті айтылған айыптау сөздерді жазуға қолым бармайтын сияқты.

Көңіл шіркін осы жылдар ішінде онсыз да аз мехнат шекпеген
жанның біржола ақталып шыққанын да қалайтындай. Бірақ заңның
аты заң...
Ең үлкен жаза – ар жазасы. Бұл жазаны Ольга тартудай-ақ тартқан

сияқты. Олай дейтініміз, психиатриялық сараптаманың
қорытындысында ұзақ уақыт (әр күні айға бергісіз үш жыл) бойғы
қорқыныш пен үрейдің, түбі бір келетін жазаны күту сезімінің
айыпталушының жанына терең із қалдырғаны айтылады. «Бәрі

ашылып қалған сәтте қандай күйде болдың?» деген сұраққа
Ольганың: «Өзімді алғаш рет жеңілдеп қалғандай сезіндім» – деп
жауап қайтарғаны да осы ойымызды дәлелдей түсетіндей.

БАҚБАҚТЫДАҒЫ ШІРКЕУ

кейбір қандастарымызға әжептәуір сын болайын деп тұр
Балқаш ауданы тұрғындарының басым бөлігін, яғни 95 пайыздан
астамын жергілікті халық өкілдері құрайды. Соған орай
тұрғылықты халық та негізінен дәстүрлі ислам дінін ұстанады.

Басқа жерлердегідей «қазақ отбасы бүкіл үй-ішімен басқа дінге
кіріп кетіпті», «қаракөздер христиан, кришна діндерін насихаттап,
көшеде жүр екен» дегендей әңгімелер бұл өңірден естілмейді. Бірақ
соңғы кездегі оқиғалар таза қазақи ауданда да арқаны кеңге салып

жайбарақат отыруға болмайтындығын көрсетіп отыр.
Былтырғы жылы сырттан келген қазақтардың мектеп оқушыларына
Иса Мәсіх жайлы әдебиеттер таратып, шетелдік көліктермен жедел

түрде тайып тұрғандығы туралы оқырмандарға хабарлаған болатынбыз. Көп ештеңеден хабарсыз оқушылар жаңағы кітаптарды шолып өткеннен кейін біз тозаққа түседі екенбіз деп тітіркеніп, еңіреп жылауға дейін барған. Қуанышқа орай, ондай оқиға содан бері қайталанған жоқ Дін сабағы оқытылмайтын мектептердің маңында діни әдебиеттерді таратып, үгіт жүргізгендіктері үшін олардан жауапкершілік талап етсе де болар еді?.. Ол енді өз алдына бөлек мәселе. Жақында Бақбақты селосында жұмыс істей бастаған діни бірлестік заң жүзінде тіркелді. Таза миссионерлік қызметпен айналысатын бұл ұйым «Қазақстан аймақтық інжілдік христиандардың «Агафе миссиясы» діни бірлестігі деп аталады. Негізінен, Бақбақтыда осы діни бірлестіктің заңды тіркеуден өткен филиалы ғана жұмыс істейді. Жолымыз бір түскенде осы филиалдың құдайға құлшылық ету үйіне бас сұқтық. Бұл ауылда корейлер мен славян халықтарының біраз өкілдері тұрады. Сол себептен дәл осы ауылда құдайға құлшылық ету үйінің ашылуының қисыны да бар сияқты. Құрамында сол кездегі Балқаш ауданы әкімі аппаратының жауапты қызметкерлері Қанат Ақылбеков пен Берік Ақбергенов, Бақбақты селолық округінің әкімі Қали Сәтбаев және осы жолдардың авторы бар топты дін уағыздаушы Чен Андрей Константиновичтің өзі қарсы алды. Бірден ашық әңгімеге көшіп, бізге құлшылық ету үйімен танысып шығуды ұсынды. Сырттан қарағанда онша үлкен көрінбейтін құлшылық ету үйінің іші әжептәуір кең болып шықты. Залының өзі атшаптырым болмаса да бір келген діншілдерді түгел сыйғызарлықтай. Осы заманғы дыбыскүшейткіш, аудио, бейнеаппаратуралар. Дін уағыздаушы корей ұлтының өкілі, жап-жас жігіт Андрей Константинович барлық сұрақтарымызға жауап беріп жалпылдап-ақ жатыр. Дін уағыздаушының сөзінен ұққанымыз – діннің осы ағымын ұстанғандардың жаны өлген соң аспан патшалығына, яғни жұмаққа көтеріледі екен. Басқа дінді ұстанатындар, олардың ішінде мұсылман пақырлар біз де бармыз, жерде, тозақта қалатын көрінеміз. (Жоғарыда сөз болған мектеп оқушыларымен әңгімені еске түсірмей ме?). Миссияның негізгі мақсаты – біз сияқты «күнәһар» пенделерді өз дініне кіргізіп, тозақ отынан құтқару екен. Бұл пікіріміз зал төріне ілінген Бақбақты ауылының картасын көргенде тіпті орныға түскендей болды. Інжілдік христиандар

тұратын үйлер бұл картада қызылмен, ал мұсылмандар тұратын
үйлер қара түспен белгіленіпті. Қара түс көбірек орналасқан тұсқа
«Біз оларды ұрыспен тартып аламыз» (Мы их отвоюем) деген сөз
жазылыпты. Бұған ешқандай түсіндіру сөздің қажеті жоқ шығар.

Сөз арасында Андрей Константинович дінімізге қазақтарды
тартсақ қалай болады деп аңқауси сұрақ қойып қалды. Көкейінде
бірдеңе тұрған секілді. Соған қарағанда мұқтаж адамдарға нақты
көмек көрсететіндей мүмкіндігі бар діндәрдің дегеніне көніп те

қалған қаракөздер бар секілді. «Жергілікті халықтың көпшілігін
өздеріңізге қарсы қойып аламын десеңіздер, тарта беріңіздер, оған
сіздердің рұқсаттарыңыз, құқықтарыңыз бар» – дедік біз де
сыпайылық сақтап.

Мүмкіндік демекші, аталған миссия қайыр, көмекке зәру біздің
мешіттер сияқты емес, қайта мұқтаж адамдарға өздері көмек бере
алатындай дәрежеде екен. Құжаттарында да миссионерлік
қызметтің бір бағыты «балалар үйлеріне, қарттар интернаттарына,

ауру және мүгедек адамдарға қайтарымсыз қаржылай көмек
көрсету» деп тайға таңба басқандай жазылған. Өзге дінге бет
бұрған қандастарымыздың қатарының өсіп бара жатқандығының
бір себебі осында жатқан жоқ па екен деп те ойлайсың осыдан

кейін.
Біздің қазақ өзге дінге кіріп қана қоймай, құлшыныс жағынан сол
діндегілердің өзінен асып кетуге тырыспаса қазақ бола ма? Ондай
құлшыныстың күштілігі соншалық, кейбіреулер басы айналып

қалғандай мәңгүрт күй кешіп, бала-шағаларына дейін айрылып
қалып жатады. Сондай бір-екі оқиға ойымнан кетпейді.
Сырқаттанып қалған жақынымыз операция үстеліне жататын
болды. Аялдамада кездесе кеткен таныс келіншек соны естіген

бойда «ойбай, операцияны қайтесіңдер, одан да ертең шіркеуге
жүріңдер, бәріміз құдайға жалбарынамыз. Ауруың өз-өзінен
жазылып кетеді», – деп жата кеп жабысты. Кешегі иманжүзді,
өмірге құштар, кейде тіпті жеңілтектеу де көрінетін келіншекті

танымай қалғандай болдық. Аузымызға да сөз түспеді.
Екі-үш рет шіркеуге барып қайтқан келіншек ешкім мазаламасын
деп есікті сыртынан құлыптап, терезеден кіреді де екі күн
қатарынан ұйықтайды. Бақшадағы бала да, жұмыстағы бай да ұмыт

қалады. Сөйтсе оларға шіркеуде: «Үйлеріңе барған соң ұйқыларың
қанғанша ұйықтаңдар. Ештеңені уайымдамаңдар, алаңдамаңдар.
Бәрін құдайдың өзі сақтайды» деген уағыз айтылған көрінеді.

Сол келіншек екінші баласын туғанда бұл күйеуімнің емес, құдайдың өзінің баласы, атын Иисус қоямын деп әлек салады.Үйіші өлердегі сөзін айтып жатып оны бетінен әрең қайтарады. Бәріміздің құдайымыз бір ғой деп сәбидің атын Құдайберген қоюға көндіреді. Бүгінде жаңағы келіншек Ресейдің үлкен қалаларын аралап, шіркеу салуға ақша жинап жүр. Пойыздарда, орыстың үлкен қалаларында көше бойында тұрып ән салып, Иса Мәсіхті мадақтайды. Әп-әдемі дауысы бар, домбырамен ән салып тұрған діндесінен орыстар да ақша аямайтын көрінеді... Екі бала мен байды да құдайдың қамқорлығына қалдырған. Андасанда ауылға соғып кетеді. Библиясын құшақтап көшеде жүреді, кез-келген жерге – аялдамаға, арық жанына ұйықтауға жата кетеді. Бір кездегі үлбіреген келіншектің қазіргі түрі адам шошырлық. Діни фанатик емес, тірі аруақ – зомби дерсің... Иә, иә, сол зомбиге келетіндей. Бірқатар діни секталарда құры уағыз ғана емес, дұғалау мен жадылау, гипноздау сияқты рұқсат етілмейтін әдістердің қолданылатындығы бүгінде ешкімге құпия емес. Ислам діні басқа дінді ұстанатындарға мейлінше кеңшілікпен қарайды ғой. Соған орай басқа діндегілер де өздерін лайықты ұстап, әлі қалыптасып болмаған жаңағыдай жастарды «тартып алуға» тырыспаса дейміз ғой баяғы. ...Қоштасарда құдайға құлшылық ету үйінің бір бұрышында тұратын Андрейдің дастарқанынан дәм таттық. Қызмет көрсетіп жүрген корей ұлтының екінші бір өкілі осы жерде: «Сіздердің келетіндеріңізді білмей қалдық, әйтпесе «үретін қой» сойып қойған болар едік» дегендей өкінішін білдірді. «Ондайыңызды жемейміз» деген сөзімізге сенбегендей мырс етіп күлді. Соған қарағанда корей ағайынға ит етін жемейтін қазақ та таң бола бастаған сияқты. Тағы кімді немен таңдандырар екенбіз? Бақбақты селосына содан кейін де бірнеше рет соқтық. Келген сайын жаңағы құлшылық ету үйіне сыртынан болса да көз салып кетеміз. Заң бойынша рұқсат етілген жұмыстарын жүргізе берсін, тек қаракөз бауырларымыз кіріп-шығып жүрмесе болды да. Әзірге ондайлар байқалмайтын сияқты...

ҚАЗАҚ ШОҚЫНШЫҚҚА ҚАЛАЙ ҚАРАҒАН?

Бүгінде ата-баба дәстүрінде кездеспейтін сұмдықты шығарып, басқа дінге кіріп жатқан қандастарымыздың қатары көбейді. Ондай оқиғалардың үйреншікті болып кеткені сонша, баптист, кришнаит, Иегова куәгері немесе інжілдік христиан болып кеткен қаракөздерді көргенде, олар жайлы естігенде бұрынғыдай арқабасымыз түршікпейтін де болды. Содан кейін де иманын сатқандармен арада түк болмағандай аралас-құралас жүре береміз. Біз бұл жерде «иманын сатқан» дегден ауыр сөзді жайдан-жай қолданып отырған жоқпыз. Өйткені басқа дінге кіріп жатқандардың көпшілігі дүниеге деген философиялық көзқарастарының, яғни наным-сенімдерінің өзгергендігі себспті емес, материалдық жағынан пайдалы болған соң ғана осындай қадамға барып жүргендердің қатарына жатады. Мұндайлардың тағы бір тобы – мұхит асып кеткен миссионерлердің арбауына түсіп, гипноздалып қалған міскіндер. Бұл өз алдына бөлек зерттеуді, тіпті тергеуді қажет ететін үлкен әңгіме... Әрине, әртүрлі жайттарға байланысты наным-сенімдерінің өзгеруі себепті христиан, буддизм, иудаизм діндерін тұтына бастаған қандастарымыз да жоқ емес. Өз кезегінде бұған дейін басқа дәстүрлі діндерді ұстанып келген, содан кейін ғана ислам дінін саналы түрде қабылдап, мұсылман болып жатқандар да жеткілікті. Біз осындай адамдардың ғана таңдау еркіне, ар-ождан бостандығына үлкен құрметпен қарауымыз керек. Әркім, сол сияқты әр діннің өкілдері де өздерінің шыққан тауларының биік болғанын қалайды. Бұл үшін кім де болса қолда бар ықпал ету құралдарын (заң, материалдық қызықтырушылық, қоғамдық көңіл-күй, көзқарас арқылы әсер ету, т. б.) барынша тиімді пайдалануға тырысады. Мәселен, жақында жергілікті халықтар арасында жақын маңдағы шіркеуге поп қызметіне тұратын қазақ табылса, оған күн сайын 50 доллар төленетін болыпты деген қауесет тарады. Бұл қауесеттің астарында шындық жатуы да ғажап емес, өйткені белгілі бір ұлттың өз өкілдері жүргізген үгітнасихаттың, бұл жерде діни үгіт-насихат жайлы сөз болып отыр, пәрмендірек бола түсетіндігі біз ашқан жаңалық емес.

Басқа діндерді қайдам, Ислам діні оны қабылдағандарға көп материалдық артықшылықтар бере қоймайды. Қайта мал-мүлкің белгілі бір шектен асқан соң қарып-қасерлерге қайыр-садақа беріп тұруды міндеттейді. Сөйте тұра кейінгі кезге дейін (миссионерлер ақшамен, қайырымдылық көмектерімен қызықтыра бастағанға дейін) қазақтардың арасында бірен-саран болмаса шоқынып кету кездеспеген. Оған, негізінен, «шоқыншыққа» деген қоғамдық көзқарас себеп болған сияқты. Сондай бірен-саран дінін сатқандарға деген халқымыздың көзқарасы жазушы Сабыр Шәріповтың өмірде болған жайлардың негізінде жазылған «Жаубасар» деген әңгімесінде келтіріледі. Сөз болып отырған мәселеге тікелей қатысты болғандықтан бұл әңгімеде жазылған жайттарға толығырақ тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз. Елуге келгенше кісі есігінде жүріп, басына адал қара бітпеген әкесі Жаубасарды оқу оқы, әйтпесе бай саудагерге жағынып қызмет қылып, табыс тап деп дуанға жібереді. Көзін ашқаннан көргені жоқшылық болған Жаубасар әке ақылын орындауға құлшына кіріседі. Орыс саудагеріне приказчик бола жүріп білім қуып, алдымен төрт кластық мектепті, соңынан оқытушылық семинарияны, Петербургтағы институтты сырттай оқып бітіреді. Бірақ дәл осы кезде Жаубасар күтпеген қиындыққа тап болады. Байдың жалғыз ерке қызы Жаубасарды баяғыда айналдырып алған, оқу бітіруіне жақын қалғанда дүниеге бір ұл келген. Енді неке қидыру керек. Жаубасарға екі жолдың бірін таңдауға тура келеді. Оның бірі христиан дініне кіру, яғни шоқыну, өйткені Татьяна орыс қызы. Шоқынатын болса, әке-шешесі Жаубасардың бетін көрмей кетуі мүмкін. Онда әке-шешеме рахат көрсетем деп талап қылған он бес жылдан бергі бейнеті адыра қалады. Екінші жол – он жылға түрмеге отыру. Ол да оңай емес. Ойлана келе Жаубасар әке-шешеме мол дүние жіберсем кешірер, түрмеге отырғанша шоқынып-ақ кетейін деген тұжырымға тоқтайды. Ары қарай әңгіменің өзінен үзінділер келтірейік. «...Шаһар халқы шіркеуге сыймайды, базарға келген қазақтардың бәрі де ат үстінен сонадай жерде шіркеудің есігіне қарап тұр. Жаубасардың шіркеуден шығып келе жатқанын көріп бір-бір түкіріп, бәрі де теріс қарады. Жаубасардың өзі де не орысқа, не қазаққа тура қарауға ұялып, жерге еніп кеткендей болып, төмен қарап жүре берді».

«Не жағуға отын жоқ, не киюге киім жоқ. Сөйтіп қысылып
тұрғанда «балаң шоқынып, орыс болып кетті» деген хабар сап ете
қалды.

– Бұл хабарды естігенше көрге кірсемші!

– Сен бе, мен бе!

– Әже, «ағаң шоқынды» деп жұрттың бәрі маған теріс қарайды,

– деп кемпір, шал, қызы үшеуі зарланады».

«...Жүк алып келгендердің басшысы:

– Мінекей балаңыздың жіберген сәлемдемесі. Тоғыз арбадағы

дүние мен мынау ақшаны қосқанда, елу жылқы, отыз түйе,
жиырма сиыр, екі жүз қой болады. Осы малдармен енді сіздерге
кедейлік жоқ, – деп жүкті түсіріп жатыр. Сонда шалдың үй-іші
жұлып алғандай:

– Тарт, көзіме көрінбе!

– Дін сатып алған малды жинап, жұрттан шығып кетерім жоқ!

– Жоғал! Жаубасарға айта бар: енді бізді қайтып көрмесін! –

деп тұс-тұсынан ұрсып, маңайына жуытпады.
Ауыл адамдары да түгел жиналып қарап тұр еді, араларынан
қариялары:

– Соларың дұрыс, арам дүниені ауылға жуытпа... Тағы да солай

жүре берерсіңдер. Дүниесін алып жоғалсын. Соларың дұрыс, –
десті.
...Әке-шешесінің сөзін естігенде Жаубасар жер-көкке тұра
алмады, ішінен қан жылады.

– Аштан өліп бара жатсаңдар да жуымадыңдар-ау! Өлімнен ұят

күшті деген осы ма? – деп өзінен өзі сөйлеп жүр».
«Жаубасар да есіктен кіріп келді, үйдің іші тым-тырыс бола
қалды, ойын-күлкінің бәрі жоғалды, жаудан қашқандай үрейлері
ұшып, бәрі боп-боз болып, Жаубасарға амандаспастан бірте-

бірте киімдерін киініп, қонақтардың бәрі де есікке қарай
шұбырды».
Келтіріп отырған ұзын-сонар үзінділер халқымыздың
«шоқыншыққа» қалай қарағандығын, мұндай шектен шыққан

оқиғаны қалай қабылдағандығын анық көрсетеді. Жалпы
көпшіліктің бойында сондай ымырасыз позиция қалыптасқаннан
кейін де ол кезде дінін сатқандардың некен-саяқ болғандығын
көреміз.

Бұл өткен ғасырдың бас кезіндегі оқиға. Одан бергі уақытта біз
қаншалықты өзгердік? Өркениетке ілесіп алға басып кеттік пе,

әлде дініміз бен ділімізді (тілімізді сөз қылмай қоя тұрайық)
бірте-бірте жоғалтып, азып-тозып барамыз ба?
Қандастарымыздың өзге дінге жаппай ене бастауына салғырт
қарай салатындай күйге қалай жеттік? Санамызды самарқау

күйге түсірген қандай сілкіністер? Мұндай күрделі сұрақтардың
жауабын шындап іздестіретін кез әлдеқашан жеткен сияқты.
Әрине, ХХІ ғасырдың басындағы қазақ пен бұдан жүз жыл
бұрынғы қазақты салыстыруға келмес. Жаубасарды жалғыз

қалдырғандай бүгінгі «шоқыншықты» жалғыз қалдыра
алмайсың. Өйту мақсат та емес. Бірақ бұдан миы шайқалған
мәңгүрттің санасына қоғамдық ықпал жасаудың, жалпы ұлттың
оған деген қарым-қатынасы арқылы тиісті әсер етудің қажеттігі

жоқ деген ұғым тууы тиіс пе? Түптеп келгенде, басқа діннен
тапқаны мен жоғалтқанының қайсысы көптеу екендігіне
жаңағыдай «жаубасарлардың» өздерінің көздерін жеткізу керек
қой. Оның жолы қайсы?..

Осы жерде Жаубасардың оқиғасына қайта айналып соғуға тура
келеді. Қоршаған ортаның «шоқыншыққа» деген теріс қарым-
қатынасы, ондағы қалыптасқан көңіл-күй болмаса, ішер ас, киер
киімге жарымай сіңірі шығып отырған Жаубасардың үй-іші

оның иманын сатып тапқан байлығынан – елу жылқы, отыз түйе,
жиырма сиыр, екі жүз қойдан бас тартар ма еді, тартпас па еді?..
Кім білген?..
Қазіргі жаубасарларда ондай үлкен байлық қайдан болсын, олар

негізінен қайыршыға ұстатқандай жарытымсыз тиын-тебеннің
өзінен бас тарта алмай жүргендер сияқты. Ендеше, ондайларға
деген көзқарасымыз да ең ары кеткенде аяныштан аспаса керек.
Осылайша өткен ғасырдың бас кезіндегі қазақтың дінбұзарларға

қалай қарағандығын еске салып өттік. Ал оларға деген бүгінгі
көзқарас қандай болмақ? Жүзге, руға, жерге бөлініп келген
қазақтың енді дінге бөлінуі қалды ма? Әлде бұл тығырықтан
шығудың басқалай жолы бар ма? Бұған сіз не дейсіз, ағайын?

Бесінші өрім

Көкейкесті

НАМЫСТЫ ЖОҒАЛТЫП АЛДЫҚ ПА?

Нарық соқпағына әлдеқашан аяқ бастық десек те, өкімет өлтірмейді, жоғарыдан әйтеуір бір жақсылық болады деген масылдық пиғылдан арыла алмай келеміз-ау, осы. ...Қайырымдылық акциясы өтіп жатыр. Шаруасы кереметтей шалқып кетпесе де сауабы мол іске үлес қосқан акционерлік қоғамдар мен агрофирмалар, серіктестер бөлген ақшамен күріш, ұн таратылуда. Орптаға шақырылғандар да негізінен тұрмысы төмен, әйтпесе бала жасынан мүгедек болып, тағдыр теперішін көріп жүрген жандар. Көп балалы аналар мен ардагерлер де ұмыт қалмаған. Бәрі алдын ала ойластырылғандай, өз кезегімен өтіп жатқан сияқты. Бірақ... бір тұстан қатты дауыстар естіліп, төрге қарай ентелеп бара жатқан қарияны, әйтпесе орта жастағы әйелді, әжені көресің. «Анау алғанда мен неге алмаймын, зейнеткерге неге бермейсіңдер, мынаның жасы менен де кіші» дегендей таусылмайтын дау-дамай басталып кетеді. «Көмек алатындардың тізімін жасап отырған селолық әкімшілік. Мұқтаж отбасыларының тізімін солар жасап отыр» деген уәжбен өкпелі, ашулы адамды тоқтату қиын. Әрине, жұмыссыз, табыссыз отырған адам үшін бір қап ұн мен бір қап күріш, 2-3 мың теңге ақша әжептәуір дүние. Қайырымдылық акциясы да көп ретте солар үшін жасалады. Ал енді азды-көпті малы, бірсыдырғы шаруасы бар замандастарымыздың өзіндей адамдар жинаған шамалы нәрседен дәмететіні несі? Тапшылықтың зардабын көп шегіп, балалары оқуға бара алмай отырған, әйтпесе дастарқанға салар нан таба алмай жүрген отбасылары болмаса, қоңыртөбел тұрмыс кешіп жүрген азаматтар мұндай көмекке намыстанса керек еді... Бақанаста бір әйел қамқорлық жасау үшін өзіне бекітіліп қойылған мекеменің көмегінен бас тартты. Байлығы тасып бара жатқандықтан емес, әрине. Олай болса ауылдық әкімшілік оны

мұқтаж отбасыларының қатарына қоспаған болар еді ғой. Мына
ісін өзін мүсіркеуге жол бермеген намысқойлығы десек те, өрлігі
мен ерлігі десек те болар. Бірақ мұндай өжет қимылға баратындар
некенсаяқ.

Халқымыздың табиғатында ежелден бар осынау керемет
қасиетімізден айырылып бара жатқан жоқпыз бао сы?

ТЫЙЫМ ТОЗДЫ ДЕМЕЙІК

Қазіргі қазақ пен бұрынғы қазақтың айырмашылығы көп қой.
Соның бірі ата-бабаларымыздың жаман ырым көріп, салған
тыйымдарына мұрын шүйіре қарайтынымызда ма деймін?
Ауылдың тура ортасында тасырлатып шауып бара жатқан салт

аттыларды көргенде көңілге еріксіз осындай ой оралды.
Ауызекі тілімізде көп қолданыла қоймағанымен әдеби тіліміздегі
«ат қойып келу» деген сөз тіркесі әлі ескіре қойған жоқ. Қадірлі
адамы қаза болған үйге қарай аттың басын жіберіп «ой,

бауырымдап» жылап бару о бастан сүйегімізге сіңген әдет. Содан
кейін де болар, осыдан біраз жыл бұрын ғана ауыл-үйдің арасында
жеңіл шоқырақпен жүрген жастардың өзіне үлкендер «жаман ырым
бастағаның не?» деп зекіп қалып жататын. Аз ғана уақыттың ішінде

осы бір қатал тыйымды да ұмытып бара жатқан секілдіміз.
Өткен күнге көз жүгіртіп қарасақ, көшпенді тірліктегі бірден бір
көлік – атқа байланысты наным-сенім, тыйымдардың көп
болғандығын көреміз. Сыйлы, беделді адамдардың үйіне

жақындағанда аттан түсіп, алыстан жаяулап келудің өзі ондай
кісілерге көрсетілген үлкен құрмет саналған. Ауылдан шыға
шабудың өзі де, жұмсарта айтқанда, әдепсіздік деп есептелген. Бұл
жайлы сөз болғанда атақты Жаяу Мұса Байжанов еске түседі.

Әрине, Шорманның Мұстафасының зорлығы да жоқ емес, бірақ
үлкен бір себеп, ер көңілді ақын жігіттің ордалы ауылдың тұсынан
ат екпінін бәсеңдетпей қатты жүріп өткендігінде жатыр. Өз
кезіндегі көзі ашық, беделді, саналы жандардың бірі болған

Шорманның Мұсасының бауыры Мұстафаның халқының еркесі
саналатын аяулы ақынға жасаған осынау көпе-көрнеу қорлығы
жайлы сөз еткенде тарихи шындық үшін жаңағы жайды да ескеруге

тиістіміз. Сол тұрғыдан алғанда аулаға атпен кіріп кететін кейбір
замандастарымызға не айтуға болады?
Жекеменшік иелері көбейіп, жанармай азайғалы ауылдық жерде
салт атпен жүретіндер көбейді. Соған орай жаңағыдай өрескел

жайттар да көзге көптеп шалына бастады. Бұл тақырыпты қозғап
отырғанымыз да сондықтан. Көшенің ортасымен тырағайлап
шабудың ерлік емес, есерлік екендігін, жаман ырым ғана емес,
ауылдастарыңды сыйламау да болатындығын ақсақалдар жастарға

түсіндіріп отырса дейміз. Сол сияқты ауыл әкімдері де көшенің
ортасымен көкпар тартатындарға тыйым салғаны жөн секілді.
Өйткені ұлттық дәстүріміз қайта жандана бастағалы
шабандоздардың көше бойлап көкпар тартуы да көбейгені

жасырын емес. Олардың автокөліктермен соқтығысып қалу қаупін
былай қойғанда, сасқалақтаған балалардың ат тұяғының астында
қалуы да мүмкін ғой.
Халқымызда отқа түкірме, зиратты саусағыңмен нұсқап көрсетпе,

ағып жатқан суға дәрет сындырма дегендей көптеген тыйымдар
бар. Олардың қай-қайсысы болсын жайдан-жай туа салмаған.
Ендеше атқа байланысты ескертпелерде де терең мағына жоқ деп
кім айта алады?

ШЕКТЕН ТЫС МӘДЕНИЕТТІЛІГІМІЗ БЕ? «Известия – Казақстан» газетінің жуырдағы сандарының бірінде Владимир Нусипханов дейтіннің «Дайте этому языку спокойно умереть» деген мақаласы жарияланды. Әңгіменің не туралы екендігі де белгілі – тіліміздің кезекті бір «жанашыры» қазақ тілінің жанын қинап, оған мемлекеттік мәртебе беріп, әуре-сарсаңға түскенше оның тыныш өлуіне мұрсат берген жөн деген ойды ортаға тастайды. Жарайды, «мың өліп, мың тірілген» тіліміз туралы қай мәңгүрт не айтпай жатыр дейсің? «Ит үреді, керуен көшеді» дегендей, мақалаға назар аудармай-ақ қоюға да болар еді. Бірақ аталған шірік жұмыртқа осы бір пасық ойын неменеге сүйеніп айтты, солай деп айтуға өзіміз негіз беріп жүрген жоқпыз ба деген күдікті ой да түртпектеп қоймайды...

Жақында беделді бір комиссиямен бірнеше аудан орталықтарын аралап шығуға тура келді. Комиссия құрамының дені, қарсы алушылардың барлығы қазақ болса да, тіліміз келсін, келмесін, үйренген орыс тілінен ауытқымадық. Өйткені ортамызда екі-үш орыс ұлтының өкілі бар болатын. Мұнымыз намыссыздығымыз ба, әлде шектен тыс мәдениеттілігіміз бе? Ортамызда өзге ұлт өкілі отырса алдағы уақытта да жалтаңдап, жаутаңдап, ұлтаралық тілдің мерейін асыра береміз бе? Ондай жағдайда басқа ұлт өкілдері қазақ тілінің қажеттілігін қашан, қалай сезінбек? Осы қалпымыздан арылмасақ, мемлекеттік тіл, Владимир айтқандай, асүйде өзіміз отырғанда ғана қолданылатын тіл болып қала бермек қой. Қазақ пен қазақтың қазақша сөйлесуі үшін де таза өзіміз ғана қалуымыз шарт па? Осы сапар барысында дастарқандас болған орыс ұлтының өкілі өмір бойы Қазақстанда тұрса да қазақша бір ауыз сөз білмейтіндігін мақтанышпен айтып қалды. Бірлі-жарым қазақша сөйлегендерден не айтқанын орысша аударып беруін өтінді. Ол өтініші де аяқсыз қалған жоқ. Сонда жаңағыдай мәңгүрттің «Казахский язык – это язык застолья, песен и айтысов. Он был у нас на кухне, там и останется... Так зачем одевать на высохшее дерево праздничные букеты. Там должен висеть венок...» деген сөзінде шынымен-ақ әлдебір негіздің болғаны ма?

ҚАЗАҚША СӨЙЛЕУГЕ ҚАШАНҒЫ ҚЫСЫЛАМЫЗ?

Жұмыс жайымен әлдебір мекемеге телефон шалып,
«ассалаумағалейкумді» созып келе жатыр едім, «Вы куда звоните?»
деген қатқыл дауыс бөліп жіберді. Орыстың үйіне, не сол халықтың
өкілі жұмыс істейтін бір мекемеге түсіп тұрғанымды бірден сезе

қойып, білген орысшаммен мен де бипаздата жөнелдім.
Жаңылысып кеткенімді айтып кешірім сұрадым, қай мекеме
екендігін айтуды өтіндім. Өйтпеске болмайтын да еді. Қазақша енді
бір сөз айтсам ар жақтағы адамның телефон трубкасын тастай

салатындығы сөзсіз.

Жолай кездескен орыс халқының өкілінен қазақша жөн сұрай қалсаңыз да көретініңіз әлгі. Тіліңізді бұрап болса да орыс тілінде жеткізбесеңіз, өліп бара жатсаңыз да тоқтамайды. Бұл не, бір халықтың кемшілігі ме, әлде өз тіліне деген ерекше құрметі ме? Меніңше, соңғысы басымдау секілді. Орыс халқының бойындағы нақ осы бір ерекшелік біздің жаппай орыс тілін үйренуімізге себепші болды. Сөйтіп ана тілін білмеуімізден гөрі орыс тілін білмеуіміз бетке шіркеу, сүйекке таңба түскенмен бірдей саналатын дәуірді де бастан өткердік. Көп алдында қазақша сөйлеуге қысылып қалатын, өйтуді тыңдап отырған қазақтың өзі оғаш көретін кезді аға ғана емес, орта буын өкілдері де ұмыта қоймаған шығар-ау. Әскер қатарында жүргенде Өзбекстаннан барған барлық орыс, корей, поляктың өзбекше сайрап тұрғандығын көріп таңқалған едік. Себебін де сұрайтынбыз.Сонда олар қажеттіліктен үйренгендіктерін, өзбекше білмесе дүкеннен нан да сатып ала алмайтындықтарын айтатын. Естеріңізге түсті ме? Тура біздегі жағдай, тек бәрі керісінше. Ендеше біз де жаппай орысша сөйлей алатындығымыз арқылы басқа отандастарымызға мемлекеттік тілге деген қажеттілікті сезіндіре алмай жүрген шығармыз? Мүмкін сөздік шығарып, курстарды көбейткеннен бұрын біздің өзіміздің мемлекеттік мәртебеге ие ана тілімізге деген құрметімізді күшейте түскеніміз жөн болар? Бұл жерде айтқанымызды басқа тілді халықтар ұқпай қалады-ау деп қауіптенбестен, барлық деңгейдегі жиындармен қатар күнделікті өмірде де мемлекеттік тілімізде маңдайымыз жарқырап мақтанышпен сөйлеуді жаппай дағдыға айналдырсақ жеткілікті сияқты.

ӘП-ӘДЕМІ ӘН ЕДІ...

Біраз уақыттан бері халық әндерін өңдеп, яғни осы заманғы
қалыпқа түсіріп, түрлендіріп айту модаға айналды емес пе? Оның
кейбірі жап-жақсы, құлаққа жағымды естіледі, кейбірі тіптен
келіспей жатады. Ондайда «Әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор

қылды-ау» деп іштей ренжисің.

Жарайды, біз ән жағынан маман емеспіз. Сондықтан әуеннің
анаусы дұрыс, мынаусы теріс деп сараптауға тырыспай-ақ қоялық.
Ал енді кейбір әншілердің әнді ғана емес, оның сөзін де
«түрлендіріп» айтатынын қайтерсің?

Радиодан бір қарағанда әдемі әуен төгіліп тұр. «Зәлім-зәулім
ағашқа асылайық, еркем-ай, балалықты біз тастап, қосылайық,
еркем-ай» деп құйқылжып кетіп барады. Ал сөзіне мән беріп
қарасаң...

Асылу деген сөз керемет бір ұғымдардың қатарына жатпайды. Бір
нәрсеге сүйеніп тұру деп түсінгеннің өзінде асылуда тұрған
поэзиялық дәнеңе жоқ. Бұрындары толғатқан әйел арнайы керілген
арқанға жаны қиналған соң асылса асылған шығар. Ал ағашқа

асылу деген өзіне қол жұмсау деген мағынаны білдірмей ме?
Ары қарай «Балалықты біз тастап, қосылайық, еркем-ай» деп кете
береді. Соған қарап көңілді әуен бе деп қаласың. Бірақ
қайырмасына келгенде «әттең, тонның келтесі-ай...» деп көңілді

шым еткізеді. Кедейліктен, болмаса басқалай бір мәжбүрліктен
сүйгеніне қосыла алмай бара жатқан жастың арманды үні, ащы
мұңы тербеп шығарған бұл сөз ойыңды мүлдем басқа арнаға
жетелейді.

Бірақ оның алдындағы сөз жаңағы арман, мұңмен тағы астаспайды.
Эфирден «От жағарсың, шәй қайнатып, отырарсың бала ойнатып»
деп тағы құйқылжытады.
Ойпырау, отын жағып, шәй қайнатып, оның үстіне бала ойнатып

отырған келіншекте не арман бар? Ендеше «әттең, тонның келтесі-
ай» деп жігіт неге күйінеді? Дұрысы «Отың жағып, шәй қайнатып,
отырмас па ең бала ойнатып» емес пе? Сондай арманнан кейін
барып «әттең, тонның келтесі-ай!» деген аһ ұрыс айтылмас па?

Ән сөзінің кейінгі мәтінінде басқа да толып жатқан
үйлесімсіздіктер бар. Әннің өз сөзіндегі «сен емес пе ең маған
теңдес, сен көнсең де әкең көнбес» деген жолдарға жаңа мәтінінде
«әкең көнсе шешең көнбес» деген сөз қосарланып жүр.

Жасырып, жаппай-ақ қоялық та, қазақта, әсіресе бұрынғы қазақта
әкесі көніп тұрса, шешенің келісімін сұраған кім бар. Әкесі берді

деген, асылықтан сақтасын, құдай берді дегенмен бірдей емес пе? Соған орай «әкең көнсе шешең көнбес» деген жол арбаның бесінші дөңгелегі сияқты артық, құлаққа тым ерсілеу естіліп тұр. Осының бәрі қосыла келгенде қойыртпақ дүниенің айтпағы не дегендей әрісәрі, дүдәмал күйде қалдырады. Әп-әдемі әннің қадірін кетірген «жаңашыл» әншіге ренжисің. Өлең сөзді түсіне білу де үлкен өнер. Қалай десек те ақын халық, шешен халық санайтын өзімізде осы бағыттағы тәрбие олқылау соғып жатқан сияқты. Әйтпесе әдемі әуенге негіз болып отырған өлең сөздеріне әнші бауырларымыз мұндай жауапсыздықпен қарамас еді ғой. Біз бір ғана ән сөзінің түрленген мәтіні жайлы сөз қозғадық. Басқа осындай ән мәтіндері қаншама?

ҰЛТ АЗАМАТТАРЫНА СЫН

Жас келін жылап отыр: «Демаламыз деп ауылға барғанымызды
қайтейін. Қайтарымызда шешем байқұстың біреуден 500, біреуден
300 теңге қарыз сұрап жүгіргенін көрсеңіз. Жылап жүріп 3 мың
теңгені зорға жинап берді. Бауырларыма дені дұрыс бір жұмыс

табылмады-ау».
«Қанша жоғары дегенмен бір жалақы үйдің барлық керегіне
жетпейді екен. Коммерциямен айналысуға қаражат жоқ», – деп бір
жолдасым мұңаяды.

«Екі-үш миллион не болады? Әне-міне дегенше оны қайтару керек.
Бізге бірнеше жылға өсіммен мол несие берсе». Бұл ауылдық жерде
өзінің әжептәуір шаруашылығы бар кәсіпкер жігіттің әңгіме
арасында айтқаны.

Қаланың іскер жігітін әңгіме етпей-ақ қояйық.
Біреуге бұйым арман, біреуге тиын арман... Біреудің қол жеткізген
биігі келесі біреуге төмпешік құрлы көрінбейді. Өстіп биіктей
береді. Кедей бай, бай құдай болсам дейді.

Әрине, бұлардың қай-қайсына болсын көмектесу керек-ақ. Мәселе
алдымен кімге қол ұшын беру керек дегенге келіп тіреледі.
Шынында кімге? Қоғамымыздағы әлеуметтік топтардың арасында
осындай жер мен көктей алшақтық болып тұрған кезде шын

мәніндегі топтасу, бірігу деген болмайды. «Тең теңімен, тезек
қабымен» дегендей, бұл жіктелу болашақта тіпті тереңдей түсуі
мүмкін. Әлеуметтік шиеленіс дегеніміз де осындайдан пайда
болады... Ислам фундаменталистері позициясының Өзбекстанның

ең бір кедей ауданы – Ферғана өңірінде нығайып отырғандығы да
осының бір дәлелі.
Басқа салғанға көндігу дегенге келсек, ол халқымыздың бойында
бұрыннан бар қасиет. Бірақ ондай жақсы қасиетке де нардың жүгін

арта беруге болмайды. «Мың күн сынбаған шөлмектің бір күні
сынуы» әбден мүмкін.
Содан кейін де ең бірінші кезекте ауылға жағдай жасауды
ойластыру қажет. Елбасының Жолдауы осынау үлкен істің басы

ғана. Оны жүйелі жалғастырып, қолдап әкету, ең алдымен ауылда
жұмыс орындарын ашып, тиісті жағдай жасау «менмін» деген ұлт
азаматтарына үлкен сын.

ЕЛ ЕРТЕҢІН ОЙЛАСАҚ

Ел болып Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығын атап жатырмыз. Жөн
әңгіме. Қазақта той көп деп көре алмаған жұрт айтса айта берсін.
Әйтеуір не мақсатпен тойлап жатқандығымызды естен шығарып
алмасақ болғаны да...

Тәуелсіздік жайлы айтқанда отандастарымыздың, ең алдымен,
бүгінгі жас ұрпақтың бойында отаншылдық сезімін қалыптастыру
үшін айтамыз ғой. Сондай отансүйгіштік сезім бүгінгі
жастарымыздың бойында қаншалықты деңгейде орнықты?

Мықты кәсіпкер, жоғары санатты маман болып шығуды
армандайтын жастар көп. Ал енді сонымен қатар туған еліме,
Отаныма бір пайдамды тигізсем, қажетіне жарасам деп ойлайтын
балдырған бар ма? Ондай ойды оятып, орнықтыру үшін не істеп

жатырмыз? Әлде ондай ізгілікті арман күнделікті күйбең тірліктің,
жоқшылықтың немесе байлық пен барлықтың тасасына басылып
қалды ма?
...Кезінде жапондықтар өздерін өркениетті елдердің қатарына

жеткізу мақсатымен шетелге бірнеше мыңдаған жасөспірім ұл-
қыздарын оқуға жіберген екен. Солардың 98 пайызы оқуларын
үздік тамамдап, еліне жоғары санатты маман болып оралыпты. Ал
енді ондай дәрежеге жете алмаған 2 пайыз жас қайткен дейсіз ғой.

Олар туған елім мен императорымның үмітін ақтай алмадым деп
өздеріне өздері қол жұмсапты. Жасөспірім жастарды мұндай
дәрежеге жеткізу үшін қандай тәрбие керек болды десеңіщші!?
Иә, менталитеті мүлдем басқа жапондықтармен өзімізді

салыстармай-ақ қояйық. Басында таныстықпен шетелге оқуға
барып, сол жақта саудамен айналысып кеткен ұлдарымыз бен табыс
табудың жеңіл жолына түскен қыздарымыздың өздеріне харакири
жасауын да талап етпейік. Олардың ендігі жерде түзелуі қиын

болар. Азғантай мансаптың құлағын ұстаса қызметін қарын
тойдырудан бастайтын жас, орта буынның біразы да ондай
идеалдан бейхабар. Бәрі жақсы болып тұрса Үкімет күмәнді
жолмен табылған арам ақшаға тіпті салық та салынбайтын ашық

амнистия жасап шәт-шәлекей болар ма еді? Миллиондаған доллар
шетелдік инвестиция су аяғы құрдымға кетіп, талан-таражға
ұшырар ма еді?
Ендеше барлық үміт бүгін мектеп бітірген, бітіріп жатқан жас

ұрпақта. Тәуелсіздік тұғырымыздың берік болуы да көп ретте
соларға байланысты. Мерекелі жыл жайлы әңгімелегенде мәселенің
осы жағын да ұмытпаған жөн секілді.

ЖІГІТТЕРДІ ҚОРҒАУ

немесе замана жайлы толғаныс

Газетімізде жарияланған бір мақалада әріптес қарындасымыз
қазақ жігіттерінің бойында кездесетін көптеген ұнамсыз қылықтар
жайында сөз қозғапты. Ондай оқиғалардың (автобустағыдай)
кездесіп тұратындығы рас. Тіпті одан да сорақы мысалдарды

жолықтыруға болады. «Рэкетпіз» деп кеудесін қаққан, арақ-шарабы
жоқ дастарқанды аттап кеткен жасөспірім жігіттерді біз де көріп

жүрміз. Жалпы мәдениеті төмендеп кеткен, арақ-шарапқа үйір, обал-сауапты білмейтін жалғыз жігіттер жағы ма? Таяқтың екі басы көп ретте тең секілді көрінеді маған. Сондықтан ұл-қыз деп бөлмей, жалпы қазіргі жастарымыз қандай деп тұтастай алып қарағанымыз жөн болар. Дана шалдарымыз көз көріп, құлақ естімеген ықылым замандардың өзінде-ақ жастар бұзылып барады деп іштері қан жылап отырады екен. Міне, содан бері ұрпақтан ұрпақ ауысқан сайын «бұзылумен» келеміз. Өйткені жас буынның таным-түсінігі мен бағыт-бағдары, ұстанатын принципі алдыңғы буынға қарағанда әлдеқайда бөлек болып келуі, сөйтіп көзқарастағы қарамақайшылықтың туындауы заңды. Мұндай құбылыс әсіресе қоғамдық құрылыстар ауысып жатқан қазіргідей өтпелі кезеңде ерекше айқын байқала бастайды. «Біздің кезіміздегі, яғни 50-60 жылдардағы қазақ жігіттері қазіргі жігіттерге қарағанда мүлдем басқа еді. Оқуға, еңбекке құштар-тұғын», – деп жатады үлкендер жағы. Таласпаймын. Ол кездегі талаптану, еңбектену арқылы белгілі бір жетістіктерге жетуге болатын. Енді бір 20-30 жылдан кейін де сондай заман туатын болар. Ал, қазіргінің жастарына оқуға, еңбекке құштар емессің деп кінә тағуға бола ма? Ауылда алты ай бойы жалақысын ала алмай жүрген жігітке адал еңбек туралы мораль оқуға, шынымды айтсам, жүрегім дауаламайды. ...Жақында бейкүнә әңгімелесіп отырған қаршадай екі қыздың әңгімесіне еріксіз куә болуға тура келді. «Үлкейгенде кім боласың?» деп сұрайды біреуі екіншісінен. «Бастық боламын» – деп жауап береді ол. «Бастық болу үшін өте жақсы оқу керек қой». «Онда бір бастықтың баласына тие саламын...». Иә, бұл жерде бастық болу ниеті қорқытпайды, сол бастықтың баласына тие салу ойы қорқытады. Өз еңбегімен, іскерлігімен баю (бастық болу) емес, сондай адамға тие салу, құда болу арқылы жан қинамай-ақ жақсы өмірге қол жеткізудің көптеген замандастарымызға арман екендігіне кім таласа алады? Жаңағы сана-сезімі, өмірге деген көзқарасы әлі қалыптаспаған екі қыз да үйлерінде ондай әңгіме қозғалмаса да айналасындағылардан, екінің бірінен, теледидардан құлақтарына сіңісті болып қалған сол көзқарасты өздері де сезінбей қайталап отыр емес пе? Данышпан Абай: «Адамды заман билемек, замана оны илемек» деп бекер айтпаған. Қазіргі ұл-қыздарымызды замана

ашкөздігі билеп барады, міне, содан қорқуымыз керек сияқты.
Ондай ашкөздіктің жанында автобустағы дөрекілік көзге ілуге
тұрмайтын ұсақ-түйек болып көрінуі әбден мүмкін. Сол ашкөздік,
ал кейде замана тудырған қолқысқалықтың салдарынан тығырыққа

тірелу, шарасыздық өмірге небір сұмдық қылмыстарды әкеледі,
әкеліп те жатыр.
Ауылдың атын айтпай-ақ қояйын, айналамыздағы елді
мекендердің бірінде жас келіншек сәбиін небары мың теңгеге сатып

кете барды. Жағаларыңызды ұстамай-ақ қойыңыздар, өзінің
күйеуіне, сәбиінің туған әкесіне. Күйеуімен ажырасқаннан кейін
алыстағы ауылына қайтуға қаражат таба алмай қиналған келіншек
жаңағыдай сұмдық қадамға баруға мәжбүр болды.

Жарайды, бұл жолғы әңгіменің аяғы әйтеуір сәтті аяқталыпты
ғой деп көңіл жұбатуға болар. Бірақ оқиғаны көз алдыңызға сәл
басқаша елестетіп көріңізші. Сондай шарасыз қалыпқа түскен
келіншекке мүлдем басқа біреулер әлденеше мың теңге ұсынса ше?

Сәбиін, мейлі, оның туған әкесіне болсын, саудаға салуға дәті
барған адам ондай іске басқа жағдайда (анағұрлым көп ақша
ұсынса) бармас па еді? Кім біледі?..
Келесі бір оқиға да мың теңгемен байланысты. Жолға шығуға

(тойға баруға) ешкімнен қарыз таба алмай ашынған бір келіншек
күйеуін «қандай жолмен болса да қарыз тауып кел» деп жолға
салады. Байқап отырсыздар ма, қандай жолмен болса да! Мейлі,
кісі өлтірсін, адам тонасын, ұрлық, басқалай ауыр қылмыс жасасын,

әйтеуір жолға қаражат тауып келсе болғаны...
«Еркек еркек демегін, әйел оның анасы, әйел әйел демегін, ол
да еркектің баласы» дегендей, бір қоғамдағы ерлер (бұл жерде
жігіттер) жағы азса, ол процестен ешқашан әйелдер де сырт

қалмайды. Сол себептен де бұл жерде қазақ халқының қыз-жігіттері
түгел майдаланып барады дегенше, оларды өтпелі кезеңнің
қиындықтары қысып бара жатыр, шарасыздықтың, ертеңгі күнге
деген сенімсіздіктің, содан туындаған торығушылықтың жегіқұрты

жеп барады деген сөз шындыққа саяды. Әйтпесе айналасына
барлап қараған қарындастарымыздың көзіне мәрттік, адамгершілік
жағынан ешкімнен кем түспейтін қазақтың небір марқасқа
жігіттерінің көптеп шалынатыны анық. Ал «шіріген жұмыртқалар»

қай кезде де болып келген, бола да береді. Оған бола торығудың,
оқым шешім қабылдаудың жөні жоқ. «Ақ қыздар, арым таза
алдарыңда» деп ағынан жарылып, аруларды аппақ жүрегімен,

кіршіксіз сезімімен, өлеңімен аялап өткен мұқағалилардың сарқыты
қазақта әлі де сарқыла қойған жоқ. Қыздар жөнінде де айтарым
осы.
Әзірше халқымыздың мәрттік, меймандостық, ақкөңілдік

сияқты жақсы дәстүрлері сақталып келеді. Тек өзіміз асыға күтіп
жүрген жарқын капитализмнің «адам адамға қасқыр» идеологиясы
осы сабақтастықты үзіп жібермесе болғаны. Жас ұрпақ тәрбиесін,
демек еліміздің ертеңін ойлаған аға буын өкілдері, міне, осыған

көңіл бөлулері керек.
Тәрбие демекші, ұлттық тәрбие жөнінде бірер сөз. Көңілдеріне
келмесін, кейбір мұғалімдеріміз, тіпті әжептәуір атағы бар
жаңашыл педагогтарымыз ұлттық тәрбие беру дегенді балаларға

ши тоқытып, ер шабуды, қамшы өруді үйрету деп біледі.
Ағатайлар-ау, қай ғасырда өмір сүріп отырмыз? Ондай өнер
түрлерін үйренгісі келгендер үшін жағдай жасалсын, ал жалпыға
бірдей міндеттеудің қажеті қанша? Бұрынғы қазақтардың да

барлығы бірдей ерші, зергер, шебер бола бермеген ғой.
Тағы да бір үлкен кісілер келіндер бұрын көшеде кездескенде
үлкендерге иіліп сәлем етуші еді, орамалдарын бастарынан
тастамайтын, шылым, арақ дегенді ауыздарына алмайтын (атадан

қалған ас емес), күйеулеріне қарсы келу, ажырасу, жезөкшелік
деген болмайтын деп армандайды. Ниет дұрыс, дегенмен ХХІ
ғасырдың табалдырығында тұрып енді ол кезге оралудың
болмайтындығын, демек, маскүнемдік пен нашақорлықтан,

жезөкшеліктен енді құтылудың қиын екендігін мойындайтын кез
жетті. Тек сондай жекелеген жағымсыз құбылыстардың жалпыға
көшіп кетпеуіне күш салуымыз, сол бағытта жұмыс жүргізуіміз
керек.

Қайталап айтамын, марқасқа жігіттер, сол сияқты ару
қарындастарымыз әлі де жоқ емес. Ерді кебенек ішінен тануға
болатындығы сияқты, сондай асылдардың сынығын жас толқын
кәсіпкерлердің арасынан да ажырата білейік. Қозылар мен

Қодарлар, Төлегендер мен Бекежандар бел астында емес, өзіміздің
қасымызда жүр.
1995 жыл.

«СӘЛЕМ АЙТ БАРСАҢ АБАЙҒА»

немесе алыптардың арақатынасы жайлы бірер сөз

«Болашағы үлкен, көгеріп, көктейтін халық қана тоқмейілсуден аулақ болып, өз өзіне сын көзбен қарай алады» деген тұжырымға тоқтайтын болсақ, біздің қазақ дәл осындай халық. Олай дейтініміз, Төле би атамыз айтты дейтін «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» дейтін нақылды, «Атаның ұлы болма, адамның ұлы бол», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дегендей қанатты сөздерді екінің бірі айтады. «Қазақты құртатын осындай жершілдік, рушылдық қой» деген күйініш те құлаққа жиі шалынады. Солай да шығар. Дегенмен анда-санда мүлдем кері бағыттағы әңгімелерге де куә болуға тура келеді. Солардың бірқатары Абай, Жамбыл сияқты алыптарымыздың аттарына байланыстырыла айтылады. «Жамбылдың қасында Абай деген кім, тәйірі?», «Жоқ, екеуінен де Мұқағали мықты» деп өзеурегендерді көргенде жерге кіріп кете жаздайсың. Ондайда «Ағатайлар-ау, алдымен сол Абай мен Жамбылды, Мұқағалиды дұрыстап оқып алмайсыңдар ма?» деген запыранды ой тілдің ұшына келіп қалады. Кемеңгер ақындарымыздың біздің кейбір замандастарымызға тән көре алмаушылық пен бақталастықтан алыс болғандығына көз жеткізу тіпті де қиын емес қой. Өздерін ғана емес, өзгелерді де бағалай білген алыптардың бірбіріне үлкен құрмет сезімімен қарағандықтарын дәлелдеу үшін алысқа барудың да қажеттігі жоқ. Алдымен Жәкеңнің өз өлеңдерін парақтап көрелік. «Мынау тұрған Абайдың суреті ме, Өлең сөздің ұқсаған құдіретіне? Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған, Өр Абайдың теңелер кім бетіне? Ақын атын таратқан әрбір тұсқа, Өлеңменен өлмейтін салған нұсқа. Арғын, Найман сөзіне таңырқаған – Қандай арман бар дейсің бұл туыста! Терең ойдың түбінде теңізі бар, Тесіле кеп қарасаң көңіл ұғар. Сол тереңге сүйсініп жан үңілмей,

Есіл сабаз ызамен өткен шығар...» – дейді Жәкең өзіндей ұлы ақынның бейнесіне көз жіберіп. «Өлең сөздің ұқсаған құдіретіне» деп ақын талантына сүйсінгендігін де, «сол тереңге сүйсініп жан үңілмей, есіл сабаз ызамен өткен шығар!..» – деп Абайдың ауыр тағдырына қабырғасы қайысатындығын да білдіреді. Бұл өлең кейінтіннен, Жамбыл бабамыздың қырандай болып қайта түлеген шағында туған. Ал енді ертеректе, Абайдың сүйікті ұлы Әбдірахман қайтыс болып, келесі 1896 жылдың көктемінде марқұмның сүйегін алып қайту үшін Семейден қаралы көш келгенде толғаған көңіл айтуы тіптен ерек. Ол көңіл айтуында Жәкең: «кемеліне келіп толған асыл ақын өзін жалғыз сезінбесін, қабырға қайыстыратын ауыр қайғысын көтерісетін ағайын бармыз, жасымасын» деп сәлем айтады. Осылайша түбі бір туыс, көңілі жақын ағайын бір қуаныш, бір қайғыда көрінеді деген ақиқат айқын шаң береді. Сәлем айт барсаң Абайға, Кеңесі жеткен талайға. Ауырды жеңген қара жер, Сабырлы болсын қалайда. Бір жұтқан судай дүниесін, Ащысын татып күймесін. Жапанға біткен бәйтерек, Жалғызбын деп жүрмесін. Кемелге келген асыл-ай, Тасқынды тәңір басуы-ай. Нар көтерген ауырға, Арқасын тоссын жасымай!» – деп Жәкең Абай ақынмен бірге егіледі, қосыла толғанады. Осындай түпсіз терең, шынайы сезімге толы жан толқытар жыр жолдарының қайғыда қалған Абайға үлкен медеу болғаны сөзсіз. Оны Мұхтар Әуезов өзінің «Абай жолы» эпопеясында былай жеткізеді: «...Осыдан он шақты күн бұрын Мағаш өз бойындағы бар қалған қуатын жиғандай боп әкесімен арыздаса бір сөйлескен. Қорқыныш пен күдіктен еңсесі түсіп, салдырап жүдеп кеткен әкесін аяғаны да болар. Үйді оңашалап алып, Абайдың үлкен алақанын екі бірдей ап-арық, құп-құрғақ, сұп-суық қолдарымен сипап жатып аз сөздерін сыбырлап, баяу сөйлеп жеткізген.

– Аға... Әбіш ағамды жөнелтіп, Алматыдан қайтып ем ғой... – деп

біраз демігіп жатып тағы сөйлеген. – Ұлы жүз Жамбыл ақын айтқан
сәлемін өзіңізге жеткізіп ем... Есіңізде ме?..

– Есімде, Мағашым! Оқымаған қазақта көңілі даңғыл, тілі жүйрік

бір жан болар деген ем. Оны қалай еске алдың?

– Сол айтып еді ғой сізге... Өлеңін әкеп берген ем!.. «нелер

жылаған, зарлағанды өзі уатқан аға, әке емес пе еді?.. Оның
қайғысына сол жұрты қоса қамығады... Қасынан табылады... Ерінен
айрылса да елінен айрылу жоқ! Қамалаған қарындас халқын
ойласын», – деп еді ғой!.. – деген сөздердің бәрін Мағаш ұзақ

сөйлеп, үзіп-үзіп айтып болды да, сәл уақыт тұншыға жөтеліп
қалды.
Соншалық мінезді, терең ойлы Мағаш әкесіне Жамбыл ақынның
сәлем сөзімен көңіл айтқандай. Өзінің қазасы үшін де Жамбыл

үнімен көңіл айтты.
Барды түйген Абай сөзсіз ғана бас изеді. Мағаштың қанталап,
жасаурап қараған көзіне үлкен жүзімен еңкейіп жабысты да ұзақ
сүйді. «Бар айтқаның жанымда қалар, жарығым!» – деген болатын».

Жалпы қуанышқа құтты болсын деу, қайғыға көңіл айту –
халықтық салт-дәстүр. Бұл орайда сүйікті ұлы Алғадайдан
айрылып, зарлап қалған Жәкеңе келіп Кененнің көңіл айтуы ойға
оралады. Қайғыдан қан жұтып, ешкімге қарамай бүк түсіп жатып

қалған қарт жырау тек қадірлі шәкірті Кенекеңнің үніне ғана құлақ
түреді. Кенекеңнің өлеңмен көңіл айтуынан кейін ғана басын
көтереді. Жәкеңнің өлеңмен жолдаған сәлемі де ұлы Абайдың
жанына Кенекеңнің сөзіндей шипа болып дарып, қиналғанда берік

тіреу болғаны жаңа келтірілген үзіндіден айқын аңғарылады.
Жоғарыдағы әңгімеге қайта оралайық. Дәм тартып, жылға жуық
Семей қаласында тұрған кезімде ойсыз жастардың: «Сендердің
Жамбылдарың Сталинді мақтап қана аты шықты ғой, оны Абаймен

салыстыруға болмайды», – деген жадағай пікірлерін де құлағым
шалып қалды. Қазақ үшін Абайдың орны бір бөлек, Жамбылдың
орны бір бөлек. Сол сияқты басқа ақын-жазушыларының да жеке-
жеке өз орындары бар емес пе еді? Бірі қазіргі жазба әдебиетінің

негізін қаласа, бірі дәстүрлі ауыз әдебиетінің, жыраулық өнердің
өрен жүйрігі еді ғой. Халқымызда мықтылар мол болса, көптік етіп
кете ме деген уәж көкейде тұрғанымен көмейден шықпады.
«Көңілсіз құлақ ойға олақ» деп Абай айтқандай, ондайлар өздерінің

шолақ пікірлерінен басқа қай сөзді керек етсін?

Әрине, қай ақын-жазушының болсын атақ-даңқы өзінің туған
жерінде көбірек қадірленеді. Бірақ бұдан басқалардың қадірі кеміп
қалмақ емес. Оны Алматы облысында да кеңінен аталып өткен ұлы
Абайдың 150 жылдық тойы жақсы көрсетіп кетті. Демек, Абайды

ардақтасақ Жамбылдың, Жәкеңді қадірлесек Абайдың бағасы
арзандап қалмайды. Қазақ даласында бір-біріне ұқсамайтын алып
шыңдардың көп болғанына не жетсін, шіркін!

МАЗМҰНЫ:

Бірінші өрім
Жарығыңды аяма, жарық күнім
Жапырақ-жүрек лүпілі
Сағыныш – сары жапырақ

Бір бала-ай

Екінші өрім
Көк есек пен көк есік
Аспаннан түскен адам
Құпия хат

Хат сыры
Соңғы ақыл
Әртіс пен тартыс
Аздырған «ақыл»

Ауданда тұратын ақынның айтқаны
Қаламдастар қалжыңы
Қате қайдан шығады?
Қошекең айтыпты

«Поле чудес»

Үшінші өрім
Қазақ рухы асқақтаған күндер
Ауылым көшіп барады Алмалыға
Астанада болған алпыс сағат

Жетістігім үшін «Жетісуға» қарыздармын
Естен кетпес екі күн

Төртінші өрім
Бейбіт күннің батыры
Кісікиік
Адамжегіш

Сатулы махаббат
Есепті некенің ертеңі қандай?
Басынды да басылды...
Үш жылға созылған жан азабы

Бақбақтыдағы шіркеу
Қазақ шоқыншыққа қалай қараған?

Бесінші өрім
Намысты жоғалтып алдық па?
Тыйым тозды демейік
Шектен тыс мәдениеттілігіміз бе?

Қазақша сөйлеуге қашанғы қысыламыз?
Әп-әдемі ән еді...
Ұлт азаматтарына сын
Ел ертеңін ойласақ

Жігіттерді қорғау
немесе замана жайлы толғаныс
«Сәлем айт барсаң Абайға»

Редакторы Шарипа Жамықаева
Суретшісі Берлібай Мәмбетиұлы
Беттеген Есеней Ақіметбекұлы

ИБ № 854

Басуға 10.12.10 ж. қол қойылды.
Пішімі 84х108 Офсеттік қағаз.
Баспа табағы 11,5. Шартты баспа табағы 12,0.
Таралымы 500 дана.

«DALAPRІNT» баспаханасында басылды.
050056, Алматы қаласы, Ереванская көшесі, 1.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙