Қызылтау
Сайлау Байбосын
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қызылтау. Сайлау Байбосын
І БӨЛІМ
Өмірге деген өкпемді,
Өлеңге барып айтамын!
Ақындар
Басымызды мұнарлаған мұң егіз,
Бәрі жалған екенін де білеміз.
Біреулерге ұқсағымыз келмейді,
Біреулерге ұқсай алмай жүреміз.
Ешкімнің де қызықпаймыз бағына,
Ешкімнің де қызықпаймыз тағына.
Желік қуған жынды демес бізді ешкім,
Сау дейтұған сау емеспіз тағы да.
Періште ме, пері ме екен иеміз,
Ақпанда да алау атып күйеміз.
Кимейтұғын киім алып кей кезде,
Сүймейтұғын біреулерді сүйеміз.
Жұрттан артық болмаса да халымыз,
Жасымайды тек әйтеуір жанымыз.
Даналарша кей кездері ой толғап,
Балаларша іс жасайтын тағы біз.
Жапырақты жырға қосып күзге ерген,
Адамдаймыз жұмағыңды жүз көрген.
Өмір өтіп бара жатыр, қайтейін,
Танымайтын біреулерге ғашық боп,
Табылмайтын бірдеңені іздеумен.
Құйрығың - жез, сары алтыннан - кірпігің,
Көкжиектен асып кеттің тулкі - Күн.
Жамаймын деп көңілімнің жыртығын,
Жыр құраумен тағы да өтті бір күнім!
Бақыт - қымбат,
Үміт - құнсыз
Ой - тегін.
Өзің, өлең, өкініштің айт емін.
Қасиетіңді қалтаңменен өлшейтін,
Кешелерге құнсыз болсам қайтемін?!
Қой, бауырым, қабағыңды аш, түнерме,
Тірлік мәнсіз, жұп болмаса мұң ерге.
Құны жоқ деп қызыл сөздің қамықпа,
Ақыны мен әкімі көп мына елде!
Сырты - сылаң,
Іші - жылан жалғанда,
Ажалдай боп көрінеді арман да.
Бұқар айтқан ой түбінде жатқан сөз,
Шыға қалса, құлақ асар жан бар ма?!
Жанымда қанат жайса мұң,
Түсінер пенде жоқ па енді?
Өлеңге барып айтамын,
Өмірге деген өкпемді.
Бағасыз тірлік - бәрі дау,
Жабылмай жатса етегің.
Өле алмай жүріп, жаным - ау,
Өлеңші болған не теңің?!
Үміт те... бәрі бекер ғой,
Етпейді тағдыр кешірім.
Өлең боп кетеді екен ғой,
Өкініш деген кесірің.
Күлкіге толы, күмбірге,
Қалыпты күндер алыста - ай.
Іріген көңіл бұл күнде,
Іркітке салған қайыстай.
Сахара кезген сағымдай,
Сырғанап аққан күн мынау.
...Олжадан түскен арудай,
Өлеңі құрғыр мұңдылау...
Естелік
Санасында шарқ ұрып бір шағала,
Саумал өлең шымырлап жыр - сабада...
Бөктердегі ауылда белгісіздеу,
Болушы еді арманшыл сұрша бала.
Кеш те нұрлы,
Дариға - ай, таң да жарық,
Құс жолымен жататын арман ағып.
Қырды кезіп сол бала жүретұғын,
Қиялымен ғарышты жалғап алып.
Өрнектеген өзендер жон, даланы,
Өзгеше еді өмірдің сондағы әні.
Арман ба екен...
Әйтеуір аппақ сезім,
Әкететін алысқа сол баланы.
Шарлағанмен қиялы шыңнан асып ,
Шеттеу қалды балалық жыл да қашық.
Ақыны жоқ ауылда (сенесіз бе?)
Болып өсті сол бала жырға ғашық.
Көктем өтіп жететін күз аңырап,
Күн бататын сонан соң қызарып ап.
Ақыны көп Алматы қайда екен деп,
Көкжиекке қарайтын ұза - а - ақ, ұзақ!
Күндер көшсе,
Қаңбақтай жылды ұшырған,
Хабар күтіп қарайтын жыл құсынан.
Ақынсың деп айтатын сол балаға,
Табылмады ауылдан бір мұсылман!
Жылдар өтті,
Жұп болмай өлең енді,
Тұрмыс жеңді, тұсалды, өреленді.
Өлең деген жұлдызы сол баланың
Өле берді...
Ақырын сөне берді.
Жүрегінде шарқ ұрмай жыр шағала,
Жиі - жиі қол созды ол мұң шараға.
...Бөктердегі белгісіз ауылда сол,
Болушы еді арманшыл сұрша бала!
Аңсау
Қыл шылбыр секілденіп лақтырған,
Қара жол шұбатылып құлап қырдан.
Жататын біздің ауыл жайбарақат,
Жағасын Өлеңтінің тұрақ қылған.
Балық - күн аспан деген табада аунап ,
Беткейде сағым ірге салады аулақ.
Балалық сонда қалды, жүретұғын,
Балақты түріп алып шабақ аулап.
Күндер - ай, ататұғын таңы үмітпен,
Отырам өздеріңді сағынып мен.
Сол өзен - өлең өскен жағасында,
Сол дала - көкжиекте сағым үрккен.
Жалғын - күн жабы - мұңды жетім жегіп,
Жөнелді бесін асып, бетін беріп.
Сол ауыл,
Сол бір кезді жиі еске алам,
Бірдеңем ұмыт қалған секілденіп...
Өкініш
Сұлу қыз, көркем жігіт бәрі сонда,
Апырмай, неге кеттім сол арадан!
Халық әні
Ана қыр ма екен, мына қыр ма екен,
Жастықтың қалған іздері.
Құбақан төбе, құла бір мекен,
Еске аласыз ба сіз мені?!
Еркелеп өзіңе есейіп едім,
Кереге қаптал кер белең.
Күндерден қымбат кешегі керім,
Жаныма жақын сендер ең!
Байқасам, сірә, ұмытқан бәрі,
Кездерді сонау жыр - дастан.
Өзгеріп тіпті шыбық - талдары,
Құрбымдай болып сырласқан.
Тұр мені сонау кезеңде бағып,
Сазарған Күн де сепкіл бет.
Өкпемді төктім, өзенге барып,
Өзгеріп неге кеттің - деп.
Егіз қозыдай етене жастан,
Келіп ед саған сыр айтқым.
Бөтеге төбе бетеге басқан,
Бөтенсіп қарап, мұңайттың!
Ылдида тоғай, ызғыма белес,
Ана бір аспан көпкөңбек,
Шулады бәрі:
«Біз кінәлі емес, өзіңсің тастап кеткен! » - деп.
Биігім де жоқ, мұратқа жеткен,
Бастағанменен жол мына.
Сендерді тастап, жыраққа кеткен,
Не дерсің мендей сорлыға?!
Аңқиған таулар, аңқаусыңдар ма,
Шуаққа шомған құбылаң?
...Тірлікте бір күн дәм таусылғанда,
Ортаңа келіп жығылам!
Көсілткен бір кез көңіл дөненді,
Кейіндеу қалды арман - күн.
Бет жағы жылтыр өмір дегенді,
Бітпейтін той деп алдандым!
Дүрілдеп сосын, тойдыртып құмар,
Жасадық талай күпірлік.
Бір мәрте кіріп, бой жылтып шығар,
Шарапхана деп бұ тірлік!
Әрінен жұтап ән ұшқан бағым,
Қалғандай босап бар әлем.
Керектің бәрі алыс қалғанын,
Жатырмын біліп жаңа мен!
Сарғайып келген тамызды көріп,
Сарғайды бүгін көңіл де.
Босаған шиша тәрізді болып,
Арзандайды екен өмір де.
Мәреге жетпей, шалдыққан атай,
Шаршадық сәл - сәл бүгінде.
...Қалған ғұмырың - қалдық шараптай,
Тостақтың мынау түбінде!
Жоғалсақ та бізді кім түгендесін?!
Жарым көңіл, әйтеуір, жыр өлмесін!
Күрсініп ап кетерміз қайтқан құспен,
Көкжиекке құласа күрең бесін!
Құбылада керілген құла қырат,
Құлағанның мәңгілік тұрағы нақ.
Аққа оранып жетпейді кімдер саған,
Арманы қап артында, мұрады қап.
Құла қырат, жатасың жанға ұсамай,
Құлағанға өзіңсің мәңгі сарай.
Анда - санда сен жаққа қарап қоям,
...Аққа беріп, мінекей, қалды самай!
Тірлік
Бұрынғыдай сүйремей асқақ арман,
Дәм татамыз тәубешіл тостағаннан.
Киімдейміз модадан шығып кетіп,
Қалтарыста ілініп босқа қалған.
Тірлігіміз мысалы - сыйсыз мейман,
Қатыны ұрысқақтау досқа барған
Көлігіміз көнелеу мініп жүрген,
Көңіліміз төмендеу басқалардан.
Өтті күндер жөңкіліп бұрылмай түк,
Өзіме - өзім отырам мұңымды айтып.
Жылдар кетіп қалыпты - жыр жазатын,
Балтырды айтып, белді айтып, бұрымды айтып.
Жарасарын білмейді түрім қайтіп.
...Кіржіңдесіп қатынмен аламын да,
Компьютерге отырам сырымды айтып.
Біз де осылай алты бел асамыз ба,
Кеңселердің туындай жығылмай тік?
Кейбіреудей кейімей жоқ - барға аса,
Талтаң басам білдірмей тоқ қарғаша.
Тірлік шығар бұл - дағы деп түсіндім,
Өмірімді біреулер әңгіме ғып,
Көңілімді біреулер көкпарласа.
Тағдыр деген мына бір табансыз дос
Қайтем енді, азғана бақ қонбаса,
Қайтем енді, жазғаным мақталмаса.
Дәл өзіме лайық осы тірлік,
Аяқ асты бірдеңе боп қалмаса...
Әлі талай мінерміз атқа біз де,
Самайдағы мына бір... ақ болмаса.
ТӘҢІРГЕ САУАЛ!
Назар сал, Алла, мұсылман ұлға,
Жоқ менің басқа тілегім!
Құдайды еске алар қысылғанында,
Қазақтың мынау бірі едім!
Тәңірім, өзің, дара пішетін,
Өрнегін пәни - өмірдің.
«Аллаәкпірді» айтып арақ ішетін,
Ішінен шықтым тобырдың.
Қашпаймын бақи ақыретінен,
Түбінде сол ғой тұрағым.
Мазаңызды алдым, ғафу өтінем,
Болғасын жалғыз сұрағым!
Санамның тіпті тұрғаны жетпей,
Жүргесін төмен жерде біз.
Жалғанның осы жұмбағы көп қой,
Түсінбейтұғын пендеңіз.
...Керегі де жоқ басқаның пұлы,
Қояйын сауал түйіп бір.
...Апланың емес, ақшаның құлы
Біздерден неге биік тұр?!
Байлыққа бұрса барша мұратын,
Толтырып бердің мал - басқа.
Мұсылмандықтан мансабын жақын
Көретін анау қандасқа.
Құдайдың ұлы расым бүгін,
Сияқты тіпті тексіздер.
Мешіт тұрғызып, күнәсін - кірін,
Ақшамен жуған бетсіздер!
Сайтаннан, сірә, аумаған анық,
(Болмай ма сонда түк күнә?)
Салдақылармен саунаға барып,
Сауап іздеген мықтыға?
Жалғасып сосын араққа думан,
(Мұндарға қой дер бүгін кім?)
Қажыға барғанын «кабакта жуған»
Көкемді көріп түңілдім!
Күнә мен сауап - кісіге қандай?
Ойлайсың жанға батып бір.
Осының бәрін түсіне де алмай,
Жүремін басым қатып кіл!
Бақилық әлем, баратын, сірә...
Бұл жақты аз күн мекендеп.
Ойлаймын сосын, Жаратушыға
Қайсымыз жақын екен деп!
Расым, бақи - жанатын сүйем,
Шапағат жуып бетімді.
...Бірақ та саған, Жаратушы ием,
Аналар жақын секілді! ..
Жылжиды тірлік заманы - көші,
Айналып баяу жер - кеме.
Кешіргін, Тәңір, сауалым осы,
Кейіме ессіз пендеңе!
Жолыңның халал - сарасын сүйем,
Әлхамдулилла - керегім!
Өзіңнің сосын, Жаратушы ием,
Барыңа ғана сенемін!!!
АЛЛА
(баллада )
Әлқисса, құлақ түрсе ел сөзіме енді,
Қадымнан баян айтар кезі келді.
Өтіпті бір дәруіш баяғыда,
Жүретін жалаңаяқ кезіп елді.
Керіліп көлеңкеде мылжың құрған,
Аулақтап кеспірсіз күң, қыржың құлдан.
Жүретін аузында Алла, әлхамдилла,
Қолында асатаяқ қу жыңғылдан.
Кеш шығып, түнде жортып, таң баратын,
Әйтеуір, бір мазасыз жан болатын.
«Шіркіннің Алласы не айтып жүрген?»
Деп сосын естіген ел таңғалатын.
Ой салмай пәни тірлік астарына,
Жүрген кез көшпенді жұрт бас қамында.
Жерде - хан, сосын көкте Тәңірі бар,
Білмейтін Алланы да, басқаны да.
...Күнәкәр қалың жұрттан безіп енді,
«Аллалап» осы байғұс кезіп елді.
Тұсынан бір ауылдың өте беріп,
Шуласқан қалың топты көзі көрді.
Қалың топ шуылдасқан ала - құла,
Қан қатып, қырау тұрған қабағына.
Жазаға тартпақ болып бір мүскінді,
Тұр екен қоршап алып қамағына.
«Қызыққа» у - ш у болып жан - жақ келіп,
Көзбенен барлығын да қалмақ көріп.
Жендет тұр жалаң қылыш, ортасында,
Кәлләсін жазалының алмақ болып.
Шуласқан үлкен - кіші, бала - шаға,
Мүскінге түсер жан жоқ арашаға.
Дәруіш басқаменен жұмысы жоқ,
Жендетке жабысады бара сала.
Бара сап жабысады: «Әй, бауырым!
Қолыңды қызыл қанға малма бүгін.
Алланың қаһарына ұшырайсың,
Күнә бұл, кешірілмес салмағы мың! »
Алла тұр төбемізде анық құдай,
Барлығын көзбен көріп, танып тұр - ай.
Мынау кім, аллалаған? - деп ақырып,
Лақтырды жендет оны алып былай.
Тәңірім өзі кешер қаза құнын
Алдында жаратқанның таза ділім, -
деп жендет көтергенде алдаспанын,
Көзіне көзі түсті жазалының.
Бойына сыймай тұрған білек күші,
Жендеттің осы - тұғын шын ептісі.
Көзіне құрбанының қарады да,
Кенеттен бір шым етті жүрек тұсы.
Көрмеген бұрын бұндай ғаламатты,
Қылышы қолдан түсіп бара жатты.
Жүрегін ұстай берді сосын жендет,
Таң қылып қоршап тұрған жамағатты.
Жоғалып қатыгездік реңінде,
Сылқ етті, күші қалмай білегінде.
Дәруіш айқай салды:
«Әй, бауырым,
тұр Алла қазір сенің жүрегіңде! »
...Соны айтып, бетіне алып дала белді,
Дәруіш аулақ ұзап барады енді...
Жаңағы жендет сосын аң - таң болып,
Сипалап жүрек тұсын қала берді!
Жалғыздық
Құштарымның құрығын ала қашқан,
Бір жыр оқып берейін саған, Аспан.
Бір жыр оқып берейін, саған бүгін,
Қуанышы мұңымен араласқан.
Желқайықтай жанымнан күн зыр етіп,
Жеткізбейтін бір арман жүр жүдетіп.
Тұман кешіп түнеріп тұрған таулар,
Сендерге де берейін бір жыр оқып.
Сері самал асып кеп қырдан аман,
Сергітеді жанымды мұң қамаған.
Бір өлеңім бар еді сақтап жүрген,
Сонымды оқып берейін тыңда, Далам!
Жүрегімнің қаны мен тамған нәрі,
Бар байлығым осы еді жалғандағы.
Сендерге оқып берейін, себебі оны,
Ерейменде тыңдайтын жан қалмады.
Ерейментауым
Көгінде өлең көктеген,
Көркіне еш ел жетпеген.
Көгеріп абыз - батамен,
Көгеннен құты кетпеген.
Шежіресі шерлі дастандай,
Тарихы - теңіз теп - терең.
Ерейментауым, сен менің,
Өзіңде өткен күндерім,
Өлшеусіз бақыт деп келем!
Сары дала мына, сан адыр,
Сырыңа қанық саналы ұл.
Тарихқа куә кешегі,
Анау бір жота, ана қыр.
Ерейментауым сен менің
Шешендер бір кез дүбірлеп,
Көсемдер өткен дала бұл!
Жылдармен тауып жарасым,
Жылжумен алға барасың.
Қалың ел, мына жұртыңа
Қамалдай қорған панасың.
Мерейлі ел үшін осынау,
Ереймен болып қаласың.
Дарасың бізге, себебі,
Бөгенбай басып топырағын,
Үмбетей жұтқан ауасын,
Осындай дастан даласың!
Ақтарып теңін аңыздың,
Сорабын кештім сан іздің.
Қайтарғым келіп өтеуін,
Перзенттік міндет, парыздың.
Ерейментауым - еңселім,
Сен маған қарыз емессің,
Туған ел жұртым - жаны ізгім.
Төсіңде тудым, сондықтан,
Мен саған мәңгі қарызбын,
Мен саған мәңгі қарызбын!
Автовокзалдағы кездесу
Жаз. Астана.
Автовокзал. Күн ыстық.
Әрі - бері ағылысқан кезбе жұрт.
Әрнемені әңгіме етіп тұрыстық,
Аяқ асты бір танысым кез болып.
Кербез Есіл - келбетіне өң беріп,
Кекірейіп тұр өзінше Астанаң.
Күнде келем бұл қалаға сенделіп,
Кітабымды шығара алмай баспадан.
(Көлік күту осындайда бар ісің,
Тұра - тұра таусылғандай табаның).
«Мал бағамын, - дейді менің танысым,
- Мына ауылда, түбіндегі қаланың».
- Жинағымды шығара алмай әуремін, - деп
өзімше бір әңгіме бастадым.
- Кәсібім ғой бала жастан мал менің,
керегі не енді бізге басқаның...
- Қарап қалған заман болды тиынға, - деймін тағы, - алға баспас әр ісің... - Сәйгел тиіп ала жаздай сиырға, Биылғы жыл қиын боп тұр мал үшін...
Аяқ асты айтатын сөз таба алмай,
Оның - сиыр,
Менің - кітап әңгімем.
Екі тілде сөйлейтұғын адамдай ,
Әңгімеміз жараспай тұр әлгімен.
- Азғана мал - Алла берген нәсіп те, асыраймыз қатын менен баланы. ...Ат шалдырып жүрсің қандай кәсіпте? - деп сұраулы жүзбен маған қарады. - Өлең жазам...
- Ондай кәсіп бар ма еді,
Қанша сонда айлығыңа табарың?
Жасырмаймын, асырап тұр мал мені,
Әр басына бес жүз теңге аламын!
Болғанменен малтыпқыштан есем кем,
Керек шығар мұндай кезде мұңаймау.
«Бес тиын да төлемейді» десем мен,
Өлең, сенің абыройың құлайды - ау!
Құлатпаймын ,
Саған байлық тең келмес,
Абайлардан, талайлардан қалған ән.
Өлең жазу кәсіп емес, емделмес
Дерт екенін қайдан білсін әлгі адам!
Ақындықты десем егер ірі бақ,
Ақымақ деп жүрер ме екен ел күліп.
Қалай айтам түн ішінде тұрып ап,
Қалам алып отырам деп телміріп!
Қалай айтам,
Көкжиекке қонған күн,
Жүретінін жүрегімде мекендеп.
Қалай айтам, адастырған арманның,
Басы - өлең де,
Соңы - өкініш екен деп!
Түйсігі жоқ түсіне алмас дәру - мұң,
Жыр - сәулесіз қалатынын жан жүдеп.
Қалай айтам, анау өткен арудың,
Кірпігінде өлең кетіп қалды деп!
Қалай айтам...
Түсінбейді, құрысын,
Оның ойы сиырына арбалған.
Дүниенің естілмейтін дыбысын,
Мен ақымақ теремін деп сандалған!
Бермегесін сезімге - әуен, жанына - от,
Қайдан білсін жыр қадірін бұл адам.
Түсінемін,
Сауып ішер ағы жоқ,
Қара бақыр - қара өлеңнің құны оған.
Оранбай - ақ үлде менен бүлдеге,
Отырамыз басқа жұртты тең көрмей. ..
Тамсанып ем айтайын деп бірдеңе,
Таңдайыма сүттің дәмі келгендей!
Қарағаш, Қазақ және «Қызыл кітап Қарағаш - Ерейментау жерінде өсетін, «Қызыл кітапқа» енген ағаштың сирек кездесетін түрі. Ол таза сулы бұлақтардың жағасына ғана шығады. Егер бұлақ тартылса, қарағаш та қурап қалады.
Қара орманда осынау бірге өстім деп,
Ей, Қарағаш, өзіңмен мұң кештім көп.
Сиреп қалған қатары сені көрсем,
Сені көрсем тұрады тілдескім кеп!
Сәл ырғалып, неге ойға берілесің,
Қарағаш - тал, бірақ та не білесің?
Қарапайым күн кешкен қара қазақ,
Секілді боп көзіме көрінесің.
Мазаласа жанымды мұң лебі.
Жыр шіркінді құлаққа кім іледі?
Сенің нәрің - бұлағың.
Менің нәрім -
екі талай тағдырлы тілім еді!
Беу, Қарағаш, сенің де қайғың бар ма,
Екеумізді тағдырым сай қылған ба?!
Сен өлесің, тартылса бұлақ - нәрің,
Мен құраймын, тілімнен айырылғанда!
Осы бір ой мазалап күнде мені,
Тоғай жаққа қараймын іргедегі.
Сені «Қызыл кітапқа» кіргізгенде,
Білген шығар ғалымдар бірдеңені.
Мақсатым да, мұңым да бөлек еді,
Келетін күн білмеймін не береді?
Қарағашты кіргізген сол кітапқа
Қазақты да кіргізу керек еді!
Басымызда болғанмен парыз неше,
Нанар біреу осыны аңыз десе.
Қызыл қоғам бір кезде қанын ішкен,
Қазақ «Қызыл кітаптан» пана іздесе!
Мекен болған таусылмас сан аңызға,
Сен де, мен де перзентпіз даламызға.
Қазақ пенен Қарағаш бір күндері
"Қызыл кітап» бетінде қаламыз ба?!
Бұлтқа батса бұлданып қырыс күн де,
Қыр үстінде кешқұрым мұң іштім бе...
Қара Қазақ, Қарағаш, сені ойлаймын,
Қалтыраған бейуақ қыл үстінде .
Не қыламын, апырмау, енді не етем,
Буамыз ба бәріне белді бекем?
"Қызыл кітап» Қазақ пен Қарағашқа
Боп жүрмесін әйтеуір соңғы мекен!
Елес
(Үмбетей жыраудың рухына)
Баба!
Сен,
Жасын өлеңнің жарқылы ма едің,
Ғаламат ғасыр тудырған?
Қазтуғандардың сарқыны ма едің,
Толғауын байрақ - ту қылған?
Сөздерің бүгін санама мұра,
Селебе сынды қайралған.
Үмбетің менмін далаға мына,
Кіндігі мәңгі байланған!
Тулғаңның ерек нарқы даламдай,
Жетпейтін әсте өреміз.
Өзіңе ұқсап жарқырай алмай,
Жасық боп тудық неге біз?!
Таусылып біттік күптеніп ерек,
Тәуелсіз болдық дегенге.
Тексіздер бірақ түп - тегі бөлек
Тайраңдайды әлі төбемде!
Арының сенің жырыңдағы асыл,
Қонбай - ақ бізге кетер ме?
Үмбетей болып туылмағасын,
Үндей алмаймыз бөтенге...
Өтіпті, баба, шайқалмай көшің,
Біз жүрміз мылқау адамдай.
Айтатын жерде айта алмай, сосын,
Шабатын жерде шаба алмай!
Топқа да кіріп толғанбағасын,
Жат болды жанға жыр - аңыз.
...Үкілі найза қолға алмағасын,
Үркек боп өстік мына біз.
Болса егер сәл - сәл ашынған жырым,
Өзің кеп Баба, айт емін.
Тіліңді кесер басыңнан бұрын,
Қоғамға құлмын, қайтемін?!
Жанымды кейде мұздатса нала,
Диуана болып кезіп қыр.
Бетімді бұрып сіз жаққа, Баба,
Келеді кеткім безіп бір!
Қырларды кезіп құла даламда
Ілесіп анау сағымға...
...Бөгенбайлар жоқ мына заманда
Жүрер ем мен де жаныңда!
Жеңісімді ерен тойлаймын ба әлі,
Күбірлеп іштей дей берем.
Осының бәрін ойлаймын - дағы,
Үн - түнсіз жүрем кейде мен.
Үзіліп шыдам, ішім егіліп,
Үгіліп кеткен шағымда.
Үмбетей болып түсіме кіріп,
Үміт бересің тағы да!
Сертімді сосын етемін берік,
Сес алып семсер сөзіңнен.
Түмен ойлардың жетегіне еріп,
Түн қатып жүрем өзіңмен! ..
Мекенін ойлап, мұңға батпаған,
Деймісің бізді жасық кіл.
Көңілің толмай бір қарап маған,
Кетесің сосын асып қыр.
...Қапасы тарап қайғы - мұңымның,
Биіктеп бір сәт мұрадым.
Тұяғынан ұшқан сәйгүлігіңнің
Тозаңын жұтып тұрамын!
Жантай батырдың рухына «Шаңды жорық» атанған атақты шайқаста сексен сарбазбен жоңғардың мыңдаған қолына қарсы айқасқан Жантай батыр, оның баласы Мырзакелді, інілері Үйсінбай мен Найманбай, Уақ Баян батыр барлығы Балқаш көлінің шығысында апат болады. Батырлар тегіс қаза тауып, он жеті жерінен жарақат алған Жантай жалғыз қалыпты. Қансыраған батырды жан - жағынан қаумалай қоршаған дұшпандар тұс - тұсынан найзаға шаншып, аспанға көтеріп алған екен. Сонда денесінен қаны сорғалаған ер Жантай: «Ит, қалмақтар, әлі де сендерден биік тұрмын!» деп мазақ етіпті дейді бізге жеткен аңыз.
Іргесін елдің сақтадың ба есен,
Дұшпанға бермей даласын.
Ақырып сендер атқа мінбесең,
Не болар еді Алашың?!
Көтеріп дәйім ауырды жотаң,
Болсын деп Отан, от аман.
Сен жасап өткен дәуірді
Шоқан «Ерлік ғасыры» деп атаған.
Еңіреп туған ер едің дара,
Сілтеген жауға сүңгісін.
Сол бір ғасырдың, сен едің, баба,
Көрсеткен ерлік үлгісін!
Қазақтың қайтып қарымтасы анық,
Қашырдың жауды ел - жерден.
Батыр болғандар барымта шауып,
Садаға кетсін сендерден!
Мәңгілік жолға түйіп, бекініп,
Аттандың солай нар баба!
Дұшпандарыңнан биікте тұрып,
Тапсырдың жаныңды Аллаға!
Жалғыз болған соң көпке не етесің,
Жатса да жауың азаптап.
Жалғаннан бірақ өткен екенсің,
Ажалдың өзін мазақтап!
Бүгінгі ұрпақ бақыт көшінде,
Түсінбес мәрттік зор мәнін.
Шайқаста жүріп шаһит кешу де
Ерлерге арман болғанын!
Басқадан еңсең биік десем мен,
Өзіңе берер ел баға.
Бір жұлдыз көрсем биікте сөнген,
Сені есіме алам, Ер баба!!
Сендерден қалған ар - намыс
(«Мәмбеттің Бесқасқасы» атанған Атан, Досай, Ақпан, Бура, Тайлақ
батырлардың рухына)
Атағың айдан асыпты,
Алыс бір сонау күндерде.
Бес мың қол қалмақ қашыпты,
Бесеуің атқа мінгенде.
Алашқа тиген пайдаңыз,
Алыс бір сонау күндерде.
«Бес таудай еді» - дейді аңыз,
Бесеуі қатар жүргенде.
Аспаннан түскен жасындай,
Дұшпанның жолын кескен ең.
Бес қырдан жауды асырмай,
Бес қару бойдан шешпеген.
Жау тисе - елдің қорғаны,
Бесеуің бірге жиылдың.
Бес саусақ сынды қолдағы,
Жұдырық болып түйілдің.
Келмеске сосын кеттіңдер,
Ұрпаққа тастап арманды.
Елім деп арнап өттіңдер,
Бес күндік ғұмыр - жалғанды.
Керуен ғасыр, көп күндер,
Ұзатып жатыр араны.
Мұралап бізге кеттіңдер
Ереймен сынды даланы.
Біздерге тастап бар істі,
Кеттіңдер міндет мол артып.
Сендерден қалған намысты
Алмасақ болды жоғалтып!
Махамбетке
Қуаң дала.
Құмды шағыл.
Құла түз.
Құла түзде құлазып жүр жыр - аңыз.
Кешір, баба, қай ұшпаққа жетерміз,
Сенен кейін өлең жазған мына біз?!
Ақын да - ақын,
Әкім де - ақын,
Кіл ақын,
Түгел сөздің түгендер ме мұратын?!
Қайран өлең өзіңменен кетті өліп,
Қара қылыш секілденіп тұратын.
Қайран өлең - жазмыштан озған дүр,
Жанымды жеп, қайдағымды қозғап жүр.
...Қанды - сия,
Қалам етіп қылышты,
Ғұмырлылау болады екен жазған жыр.
Жасықтардың жаншып өткен кіл езін,
Жырларыңда атойлап тұр мінезің.
Атақ үшін ақын болған қазақ көп,
Арың үшін ақын болған - бір өзің!
Жазу қиын өзің жайлы «тәтті өлең»,
Жазар едім, жазылмайды, әттеген!
Қалам алсам құлағыма келеді
Қараой жақтан соңғы демің «аһ» деген.
Ұрпағына тастап кеткен ұранды ұл,
Қараой жақта бітпей қалған бір ән жүр.
...Бассыз барсаң Жаратқанның алдына,
Басқалардан биіктігің шығар бұл!
Шашасынан шықтың исі кетпеген,
Шашақты жыр шалғайларға беттеген.
...Топан өлең бара жатыр жөңкіліп,
Топастардың санасына жетпеген.
Қуаң дала.
Құмды шағыл.
Құла түз.
Құла түзде құлазып жүр жыр - аңыз.
Кешір, баба,
Қай ұшпаққа жетерміз,
Сенен кейін өлең жазған мына біз?!
Қызылтау
Балалық шақ,
басқамен жоқ ісіміз,
Әжеміздің қойыны еді өрісіміз.
Әңгімелеп сол кісі отыратын,
Қызылтауда қалды деп қонысымыз.
Есіне алып елесін талай күннің,
Қарияның жүзінен тарайтын мұң.
«Қара да емес, ақ емес, неге қызыл?»
деп таң болып әжеме қарайтынмын.
Әңгімесі тартатын кісіні ерек ,
Біздер бірақ нені онда түсінер ек.
...Аршасы да, тасы да, бәрі қызыл,
Бір тау сосын кіретін түсіме кеп!
«Күні кеше секілді тірі адамға,
Ел болатын ызғындай мына арада.
«Үйтасты» кеп қыстайтын біздің әулет,
Жондағы ауыл күзеуге құлағанда! ».
Түтіп отқан түбіті былай қалып,
Шер тарқатар еді әжем шырайланып:
«Күндер қайда, дәурен - ай, қонатұғын,
Ақшоқысын Шайманның бір айналып!»
Айтпаса да заманға ғайбат бөтен,
Күбірлейтін: «...Кім бұлай ойлапты екен,
Қуан байдан тараған төрт баланың,
Қалғандары шіркін - ай, қай жақта екен?! »
От пен ошақ осынау саламатта,
Құдай берген ырза боп қанағатқа.
Қызылтауын аңсаумен сол әжеміз
Кете барды бір күні ана жаққа.
«Тамырымыз Қызылтау - қалың елде!»
Деп соны айтып түсуші ед әбігерге.
Қызылтауды әжеміз аңсап өткен,
Бір көре аламай келемін әлі мен де.
Тоқтамайтын толассыз көп күнге еріп,
Жылдар - жылдар, жанымнан өттің желіп.
Қызыл - қызыл бұлт көшсе Баян жаққа,
Қызылтауға тұрады кеткім келіп!
Қызылтау (Мәшһүр - Жүсіп Көпейұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Қадыр Тайшықов секілді біртуарлар туған
қасиетті аймақ )
Заманмен өткен, даламмен кеп - кең тілдесіп,
Бабама бір кез болыпсың өзің шын бесік.
Тасыңнан бүгін тарихат тарап ұрпаққа,
Басыңнан сенің дәуірдің желі тұр ма есіп?!
Соңыңда талай ғасырдың шұбап шаңы қап,
Біздерге жеттің, тарихтың теңін таңып ап.
Қызылтау - Ордам,
Қызылтау - өшпес ошағым!
Бабамның көзі, киелі қара шаңырақ!
Жазирам менің - табаны жаттың тимеген,
Жанымды бөлек болмысың сенің билеген.
Қызылтау болып жетіпсің күнге бүгінгі,
Қызыл нар сынды жылдардың көшін сүйреген!
Ана бір тұста кіндігін кесіп бабамның,
Анау бір тұстан әжеміз келін боп келген.
Кеудені керіп кермектеу енді мұң ғана,
Кеткенге сосын береді дейміз кім баға.
Қопара білсек, таусылмас тарих біз үшін
Абыздарымнан аңыздар қалған бұл дала.
Өткеннен бізге байқасақ енді қалды не?
Үзіліп жеткен үлгісі молдау әңгіме...
Бабамның көші,
заманның көші анау бір
Белдерден асып кеткен бе сосын мәңгіге?!
Не қалды дейміз біздерге бүгін боп мұра,
Іздейміз сосын табылмас кейбір жоқты да.
Тағдырға көніп, тарыдай бір кез шашылған
Ұрпақта мына отырған ешбір жоқ кінә.
Тек тәубә дейік, өткенге сосын тоба ғып,
Кетпедік әйтеу бетінен жердің жоғалып.
Қызылтау Ана, құшағыңды ашшы, қанекей,
Ақыры келдік өзіңе бүгін оралып!
Бауырыңда бүгін өткізіп жатса той халық,
Тұрмысың енді өткенде сен де ойға алып.
Адасып жүріп, енесін тапқан құлындай,
Өзіңе келді ұрпағың бүгін айналып!
Өзіңе келді айналып бүгін жұрағат,
Жаңғырсын енді үнімен тойдың мына алап.
Біз үшін сенсің - бабадан қалған мұражай,
Біз үшін сенсің - бабадан қалған мұрағат!
Көңілдің мынау жарылып шығып ағынан,
Бір өзің жаилы аитыла жатар тағы да ән.
Сен аман тұршы, Қызылтау - қара шаңырақ,
Тәу етіп келер қасиетті қара Қағыбам!
Тұлпар бабаның асына
Бөлек тігіп боз орда - керегені,
Бабам өткен бозала белең еді.
Тіл бітсе егер ана көл не дер еді?
Тіл бітсе егер ана бел не дер еді?
Ошақ отын әжеме көсеткен жер,
Бұл даланы панам деп есептеңдер.
Дәнібайдың ұрпағы қосын тігіп,
Барлыбайдың бір кезде көші өткен жер.
Шын мұражай осы бір дала неткен,
Бұл даладан не түрлі заман өткен.
Бар арманын өзімен ала кеткен
Ахметолла секілді адам өткен...
Арлы қызбен жиналып арыс ұл да,
Басын қосты жақының - алысың да.
Жақсылардан бір кезде қалған ұрпақ
Атажұртта қайтадан табысуда.
Табысуда жұрнақ та, жұрағат та,
Тамсанумен қарайды мына алапқа.
Бабалары тарихын жазып кеткен,
Дала дейтін үңіліп мұрағатқа.
Мекен болған сан жүйрік, сан асылға,
Кім өтпеген Баянның даласында.
Өскен жері - ұрпағы Тұлпар бабам,
Көшкен жері, іздесең бәрі осында.
Бәрі де тұр, төрі де, босаға да,
Бабаларға бақ берген ошақ ана...
Барлыбайдың ауылы көшіп кеткен,
Қайта қонып жатқандай осы араға.
Асып жатса аспанға байтақ үнім,
Ас - тәрбие осынау, той - тағылым.
Батыр тоғай, даласы Сарыөлеңнің
Оянғандай селк етіп қайта бүгін.
Самал есіп сәскеде самғап қырдаң,
Сезім деген кеудеде шам жақтырған.
Сол бір жарық өшпесін санамыздан,
Атажұртпен араны жалғап тұрған.
ІІ БӨЛІМ
Жалғыз кетіп баратырмын,
Жастық деген мына ауылдан..
Баса алмай арын, екпінін,
Жыраққа талай кетті күн.
Топтасып біздер жүретін
Топырлы дәурен жоқ бүгін.
Армандар алыс ап қашып,
Жүруші ек солай топтасып,
Ертелеу бізден ержеткен
Еркелеу қызға боп ғашық !
Дамылдап дарқан дала түн,
Шырағын айдың жағатын.
Құйылып аққан жулдыздар
Қойынға келіп таматын.
Балауса балғын қыз - ұл ек,
Бітпестей мәңгі қызық ек.
Аспанда Құстың жолындай
Арманның жолын сызып ек.
Сәулесін жұтып жаңа айдың,
Сайранмен өткен талай күн.
...Аңырап жұлдыз ақпайтын
Аспанға бүгін қараймын!
Қош, жас дәурен!
Күлте жалды кербесті күн
Алдан енді тоспасы анық.
Анық - қайтып келместігің,
Кел, жас дәурен, қоштасалық!
Кешегідей қырдағы нұр
Емес бізге ән ұсынар.
Қоштасалық, бұл - дағы бір
Уақыттың заңы шығар.
Жоқ бұрынғы бала ғашық,
Қалам тартар ғазалдарға.
Көңіл дөнен, ала қашып,
Сен - дағы енді мазамды алма!
Арман күндер, арлан күндер,
Сау тұрыңдар бәрің - бәрің.
Тамшы болып қалған күндер
Жанарында арулардың!
Қалыңыздар, қала алсаңыз,
Сыбырлы кеш сыр ақтарған.
Бірге жүрген балауса қыз,
Жұлдыз теріп қыраттардан!
Құрдасым да, сырласым да
Мәңгілік боп қалад деген.
Айдың нұрын қыр басында
Бірге жұтқан шараппенен.
Кеші қоңыр, майда лепті,
Күндер қайда керім - керім?
Сол құрбылар қайда кетті,
Кір баспаған көңілдерін?
Ұйқысыз таң сан атырдым,
Жапырақтай қырау ұрған.
Жалғыз кетіп баратырмын,
Жастық деген мына ауылдан!
Түн
Кигені қызыл мақпал нұр көйлектен,
Қыр асып қылаң етіп Күн ғой кеткен.
Әнекей, айдан сырға тағынып ап,
Сызылып келе жатыр түн бойжеткен!
Пай - пай, пай!
Хош келіпсіз түн ханшайым!
Іргеде қою ымырт тұнған сайын,
Мен сізді қырға шығып күтіп тұрам,
Күтемін, елден ерек сізді аңсаймын!
Шек - шектің шырылынан бал татырып,
Тұрады қою ымырт - торта тұнып.
Сіз сонда көрінесіз, бүрымыңыз
Қап - қара, тарам - тарам тарқатылып.
Түн қызға ел де ғашық, мен де ғашық,
Жүремін ғашықтықтан жерде адасып.
Ол соны біледі ғой, біле тұра,
Кетеді таң біліне белден асып.
Жұлдызға толтыртып ап етегіңді,
Кетесің тастап аспан мекеніңді.
...Түн ару, саған мәңгі ғашықпын мен,
Білмеймін неге ғашық екенімді!
Сіз туралы өлеңдер
Бір ауыз сөз айтайыншы,
Сізге мен,
Сіз секілді бір адамды іздеп ем!
Сәуірдегі сәулелердің саусағы
Сияқтысыз - сиқыры бар жүздеген!
Сіз...
Затындайсыз сиреп қалған көненің,
Басқашасыз, біле алмадым себебін.
Көзімдегі бар жылуды жинап ап,
Көзіңіздің түбіне әкеп төгемін!
Сіз...
Біртүрлісіз, біртүрлі,
Жымиюмен ап қойдыңыз ырқымды.
Әуезділеу әлеміңізге аттап ем,
Кездестірдім бала күнгі күлкімді.
Жан құсымды жібердіңіз жебеп Сіз,
Сөз айту да бұл арада керексіз.
Көз - шараға сезім - шарап құйып ап,
Алып - алып қояйықшы себепсіз.
Өйткені ...
Сіз басқалардан бөлексіз!
Сіз бен Біз,
Жолықпастан бұрын қалай жүргенбіз?
Қос сәулеміз ағып шыққан беймезгіл,
Қап - қара орман, қара түнек түннен біз.
Сіз бен Біз,
Екі бөлек қалай өмір сүргенбіз?
Жарқ еттіңіз, кетті айналып көктемге
Санадағы сап - сары боп жүрген күз!
Сіз бен Біз,
Бал күндердің бір бітерін білгенбіз,
Жарқылдасып біраз ғана жүруге
Жастық шақтан қайта оралған күндерміз!
Сіз бен Біз,
Қалар ма екен осы күннен бір белгі, із?
Іңір шақта күнмен бірге қыр асып,
Жоғалсаңыз...
Жан ұшырып іздерміз!
Айтыңызшы, бұған қалай қарайсыз,
Жүдетсе егер жүрегімді ызғар кеп?
Түңілгенде тіршіліктен талайсыз
Жұбатайын өзімді - өзім - Сіз бар деп!
Сәулесіндей дүниедегі бар нұрдың,
Сүю деген шуағы мол арай ма?
Шапалағы тиген кезде тағдырдың,
Сізге барып шағынайын, жарай ма?!
Ауып түссе, аңдаусыздан көш - жүгім,
(Көзіме ілмей қол созғанның ешбірін)
Жетейінші, бір солқ етіп басылсын,
Сізге ғана түсінікті өксігім!
Талай мезгіл болғанына қарамай,
Беймезгілдеу бас сұғамын есіктен.
Еркелеймін есім кетіп баладай,
Көзіңіздің кешірімін кешіп мен.
Жүрегіңіз - мейірімділік мекені,
Жүрем сосын жабырқасам жиі кеп,
Білем Сізді - қасіретімнің өтеуі
Үшін берген Жаратқанның сыйы деп!
Қарыздар едім мен саған...
Қарыздар едім мен саған...
Қорғаған мені бір сөзің үшін,
Бір сезім үшін лап еткен.
Қолыңның маған бір созып ұшын,
Жетелеп алыс әкеткен.
Қарыздар едім мәңгілік саған,
Ән қылып тіпті салатын.
Жарқ ете қалсаң - жаңғырып санам,
Биіктеп көңіл қалатын.
Жылуын төккен күн едің маған,
Жүр едім аман сонымен.
Мейірімге толы жүрегің әмен,
Жүрегіммен бірге соғып ед.
Сен едің айбар, күшім де менің,
Түсірген едің нұрыңды.
Бір өзің ғана түсінген едің,
Жұмбақтау жазған жырымды.
Шаншыған сәті жүректің аз ба,
Жүректің аз ба, қайтемін?!
Барына менде бір оттың маздар,
Сен ғана сендің, әйтеуір.
Қол созған көкке жүз арманменен,
Жоғалып кетті демегін.
Шоқ болып кейде қызарғанменен,
Лапылдай алмай келемін.
Еркелеу едің, есте бір сырың,
Кеште бір шерткен тұп - тұнық.
Кездерім болған ескегім сынып,
Әкеткен дауыл ықтырып.
Адасқан жанды бағаласын кім,
Таба аласың ба еш көмек?
Шарқ ұрып келіп шағала сынды,
Мен үшін толқын кешкен ең.
Болмасаң сонда не етер ем, жаным?
Кетер ем ағып теңізге.
Қолыңды созып жетеле тағы,
Келемін шаршап, сені іздеп!
Перінің қызы Бекторы
Кезіктірдім өзіңді...
Өлең өрдім,
Келді сосын соңыңнан ере бергім.
Біздер кейін баратын кереметтей,
Ертегілер елінен неге келдің?
Неге келдің адамдар арасына?
Арасында осылай қаласың ба?
Қарасында көзіңнің қасірет бар,
Шарасыздық шымырлап шарасында.
Көзің - теңіз, кілкіген жағада мұң,
Жанымды жеп жаудырап, қарамағын.
Жер бетіне, жарқыным, неге келдің,
Жетер екен бұл жақта бағаңа кім?
Жер бетіне жарқ етіп келіп алып,
Көп ішінен таңдадың мені не ғып?
Жеңіл етек біреумен шатыстырып,
Ала ма деп қорқамын сені халық.
Жалған ғұмыр - құны жоқ қара бақыр,
Қалдыратын көзде жас, санада кір.
Ертегіден сен келіп, тірлік түскір,
Ертегіге айналып бара жатыр!
Елден бөлек ап кетіп, еркелеткің келді ме?
Ертегілер еліне ерте кеткің келді ме?
Өзегімді өрт болып өртеп өткің келді ме?
Өмірімді өрнектеп, көркем еткің келді ме?
Құмарлықтың дертімен ұшындырғың келді ме? Қызық барын әлі де түсіндіргің келді ме?
Шаршы топта шырқап ән, шырайлансын дедің бе?
Қасірет пен қызықты бөліп ішкің келді ме?
Шұғылаңмен толтырып, шаттығымның шарасын, Елесіңе ертіп ап, қайда әкетіп барасың?
Сен емессің...
Шынымен сол баяғы бала қыз ба ең,
Жүретін қол ұстасып дала - түзбен?
Жырақтан бір жалт еткен жарық сынды,
Жоғалған жүректегі ән - аңыз ба ең?!
Шынымен сол баяғы, сол баяғы...
Шараға шаттығымыздың толмай әні.
Байқамай бітіріп ек біз екеуміз
Балалық деп аталар жолды аяғы...
Келмеске кеткені ме көктеміңнің,
Көзіңде тұнып қапты қоп - қоңыр мұң.
Күйі де байқап тұрмын, жоқ көңілдің,
Жүзіңде ізі қапты өткеніңнің.
Жабырқау тартып тіпті қабағың да,
Жабусыз бір мұң жатыр жанарыңда.
Мандытып әзілімді айта алмадым,
Маңдайда әжіміңе қарадым да.
Болушы ең - сөзің жырдай, өзің гүлдей ,
Қоюшы ең көрген жанды көз ілдірмей.
Тұнжырап неге төмен қарай бердің,
Ерінің күлсе - дағы көзің күлмей.
Шынымен бәрі - бәрі бекер ме еді,
Өткенге көңіл, шіркін, жетер ме енді?
Құлыны ең бір ауылдың еркелеген,
Тұлымың қайда кеткен шекеңдегі?!
Баяғы кезің бөлек, сезім бөлек,
Бар құрбы көруші едік өзіңді ерек.
Тоналып әзіл - қалжың сөзіңдегі,
Жоғалып қайда кеткен көзіңдегі от?!
Қалыпсың белгісіндей көп елестің,
Жолымды неге кестің, неге ілестің?!
Баяғы балауса қыз бұлғақтаған,
Әйтеуір, сен емессің, сен емессің!
ІІІ БӨЛІМ
Кеудесінде атай салып бүлік ән...
Менің Қазақстаным
Жер менікі, тау менікі, көл ана...
Дінім мынау - сәл бұрылған жобаға,
Тілім келді кәлимә мен тобаға.
Осыны айтып мақтанбасам бол ма!
Жер менікі дегенменен, аспаным,
...қазынасы қалтасында басқаның
Бір кемдігім со ғана.
Жүрегімді мұң - өкініш тілімдеп,
Отырамын кейде сосын жыным кеп.
Пайдасы үшін ертең кетер, бүгін кеп,
Кавказ көршім алтын тісі жарқырап:
«Қазақстан жақсы! » - десе күлімдеп.
«Қазақстан мықты ел - дейді, - керемет,
Табылады іздегенің, не керек!
Ана жақты Отаным бар, әйтпесе,
Біржолата келер ек...».
Анау белдің қазып жатқан алтынын,
Алған кезде әлгі мықты сәл тыным.
Деймін оған: «Отан деген - мәрт ұғым,
Қазыналы жерім менің - нарқы мың,
Кеңқолтықтау халықпыз ғой, сондықтан,
Сен ала бер артығын.
Жер иесі мен екенін бірақ та,
Есіңде ұста, жарқыным! ».
Бе - еу, Қазақстан!
Жерің қандай сүбелі,
Елің қандай — қойнын ашып жүреді.
Орыс та дос, қытай да дос, бәрі дос,
Оны мынау бүкіл әлем біледі.
Газетіңіз соны жазып жатады,
Теледидар соны айтады үнемі. «Қазақстан керемет қой, кетпейміз! » - деп жебірей көршім бар, Ол да өтірік күледі.
Байлық деген түсінгенге - ірі бақ,
Ірі бақ па,
ойлайықшы бір уақ?
Шүршіт келіп тоқал етіп қызыңды,
Шешенің жүр желкемізге мініп ап.
Орыс көршім ол да мықты орасан,
Жататұғын бірін сатып, бірін ап.
«Қазақстан жақсы! » - дейді кекіріп,
Бірезулеп күліп ап.
Тонап - тонап Тәңір берген барымды,
Бір соқтырып кете ме деп санымды.
Жер иесі екенімді білдіріп,
Күдірейтіп қоям кейде жалымды.
Ішкен күні боқтап алам ыза боп,
Қуамын деп деп бәріңді!
«¥райын мен тегіңді!
Жібермеймін намысым мен кегімді.
Анашымның ақтарғандай қойынын,
Неге келіп ақтарасың жерімді?! ».
«Қой - қой, - дейді көршім сосын, - алайма,
Байлық бар ғой жететұғын талайға.
Сіздікі жөн, алайда,
Ұлыңды алам күзетші ғып жұмысқа,
Қызыңды алам аспаз етіп, жарай ма?
Бір жүз грамм ішейікші әуелі,
Келісерміз қалайда! ».
Тамам болып осы арадан әңгімем,
«Келісемін» әрең - әрең әлгімен.
- Бірақ - тағы жер менікі, бауырым,
Бұны ұмытпа алдымен!
...Мына дала, марғау белес, қыр ана,
Тастап кеткен бабаларым мұраға.
Алтыны бар ала берсең бітпейтін,
Мұнайы бар ағыл - тегіл бұл ара.
...Өгей бала секілдімін бірақ мен,
Бұйырмаған сыбаға.
Ей, Қазақстан!
Сенсің маған жалғыз ана, бір ана,
Кейідің деп қоймашы тек кінәға!
Бәрі кетер таусылғанда берерің,
Сәл - сәл енді шыда да...
Бәрі кетер толған кезде жемсауы,
Бәрі кетер,
...жоғарыда... кім... ана...
Тек мен қалам өзіңменен мәңгілік,
Жасыңды тый, жылама!
Беу, дариядай далам кең!
Көңіліндей жомарттың,
Байлығың мол, бағаң кем.
Желініндей батбат сорған саулықтың,
Суалғанда берерің ,
Келем іздеп саған мен!
Саумалды көл - сорға айналған жағаңмен,
Ағашы өліп - тақыр болған алаңмен.
Уран жұтып - уға айналған самалмен,
Бәрібір,
Өзіңді іздеп табам мен!
Керек емес алтының да, күмісің,
Керек емес байлығың да, қурысын!
Алтынсыз да сенсің менің ырысым,
Ауасыз да сенсің менің тынысым!
Қазақстан, сен аман тұр, жалғызым,
Ертең атар көкжиектен күн үшін!
Ертең шығар сәбилердің тілі үшін!
ТӘУБЕ
Олай қара, ал енді былай қара,
Ылғи мықты қоршаған кіл айнала.
Ырғатылып түседі көлігінен,
Анау інім,
...анау бір шырайлы аға.
Тектілердің тұқымы десем бе екен,
Осыларға ұсынып былай баға.
Бұлар деген - аспанда Күннің көзі,
Сәулесін түсіретін мың айнаға.
Біз деген не бұларға,
Біздер түгіл,
Міндетсініп қояды Құдайға да.
Бас бұратын өзіндей теңіне тек,
Шықпайды олар ешқашан төріме кеп.
Тек алыстан бас изеп, иілемін,
Көре қалсам көшеде көбіне - көп.
...Анау әкім - бегіндей баяғының,
Бағынбасты бұратын жөніне әкеп.
Анау әйел - ол - дағы шенеунік,
Құндыз бөрік, кең құрсақ,
...керім етек,
Осыларға сүйеніп тұр әзірше,
Біздің мына тәуелсіз мемлекет!
Ерке бұлақ жүгіріп тау басынан,
Тал өседі біреудің ауласынан.
Біреулер жүр аса алмай шаруасынан,
Біреулер жүр арылмай дау басынан.
Қазына іздеп жүр әне, қайсыбіреу,
Тартып алған құдықтан қауғасынан. ...
Құрысын, қайтем соны әңгіме ғып,
Қазақпыз ғой әйтеуір, тәубе осыған!
Тәуелсіздік
«Тағдыр өзі бізге ұсынған сыбаға,
Тәуелсіз боп желпінеді қыр ана.
Тәңір берген осынау бір ырыс - бақ,
Тойламасақ болмайды енді дұрыстап.
Себебі бұл түсінгенге - ұлы ұғым» - деп желпінді әкімсымақ бір інім. «Біздер күткен осы еді ғой күн құтты,
Тойлау керек, - деп қостады бір мықты.
Секілденген қозы қарын үрлеген,
Әлгі ініме бірде мен.
Шаруамды айтып кірген ем.
Отыратын жау қуғандай боп кейде,
Інім мені әлгі арада сөкпей ме:
«Егеменді ел болдық қой, ағасы,
Сізге сол да жетпей ме?! ».
«Ел де бүгін, жер де бүгін жетілді, Сұрамасты сұрайсыздар не түрлі! » - деп шіренді әлгі інім, Егемендікті өзі ап берген секілді.
Тәуелсізбіз дегенменен, Ал, мұным - айтатұғын бір азырақ бар мұңым. Тәуелсіздік - түсінгенге мәнді ұғым.
Көп айтумен кір жұқтырып алдық па,
Көп киілген көйлегіндей жарлының.
...Мысал етсем ал, бірін:
«Тәуелсізбін! » - деп отырған қоқайып,
Мансабына тәуелді ғой әлгі інім.
Тақытынан төмен қояр ар атын,
Тоқалына тәуелдірек ана әкім.
Құлқынының құлы болып қалатын,
Шенеунік болып жүрген ана... кім.
Баспана үшін баз кешіп,
Байшыкешке бәйіт арнаған ана ақын...
Нардай жігіт шиша терген қоқыстан,
Нарық заман жаздырмаған қанатын ...
Жарайды,
Жынды қылмай мына отырған сау елді,
Жасамайын айналаны жау енді.
Айтыңдаршы, кім тәуелсіз бірақ та?
...Ана мықты - ақшасына тәуелді,
Мына мықты - басқасына тәуелді.
Жалақ ерні жазылмаған жарадан,
Ей, жамағат,
дау айтарсың, жә, маған.
Алашың ба, дардай қылып қараған,
Арылмаған әлі құлдық санадан!
Қоғам осы тәуелсіз –
табанынан бір құлдың,
Бір құл келіп жалаған!
Кеңес құрып төрт қабырға - іргемен,
Жазып қоям кейде осылай мұңды өлең.
Өмір мынау - өгіз - аяң, ілбіген,
Көңіл мынау - сәл - сәл ғана кірлеген.
Бай да емеспін - киген үлде - бүлдемен,
Бастық та емен - сөйлейтұғын мінбеден.
Бәйбішеме қарап алып кей кезде,
Деп ойлаймын: «Тәуелді екем кімге мен?».
Дарвинның ілімі немесе
тек туралы өлең
Түзелер, қазақ, тұрмысың әлі,
Бәрі де тіпті әдемі.
Бірақ та бүгін сынға ұшырады
Дарвин көкемнің дәлелі.
Апыр - ау, қандай себебі дедім,
Сеніп келдік пе теп - текке?
"Бабамыз - маймыл» дегенін оның,
Оқытқан бізге мектепте!
Шығыс пен мына Батысқа қоса,
Осыған сендік бәріміз.
Бір ағам айтты:
«Шатысқан о шал, қасқырдан - біздің қанымыз! » Даласы да аман,
Бабасы да аман.
Дау айтам қандай сайлы ұлға?
Деді ағам сосын: «Қарашы маған, қай жерім ұқсас маймылға?! » Демесін біреу: «Қандай халықсыз?»
Жеткізсін көзін бағама. "Қасқырдан тіпті аумай қалыпсыз! » - деп шынымды айттым ағама. "Бәсе, - деді ағам, - сенім өшпесін,
Көнеден қалған мол аңыз.
Бөріні бабам еміп өскесін,
Қалайша жаман боламыз?!
Шығармай тіпті, төріне ханды,
Ар - намыс болған бас құны".
...Есіктен сол сәт көріне қалды
Көкемнің әлгі бастығы.
Бастығы сірә, мәнді адам, керім...
Маңғаздау қарап сағатқа...
Бөрі боп тұрған әлгі ағам менің
Өзгеріп кетті заматта.
Сыйлайтындығын аңғартып олақ,
Құшағын аша жүгірді.
Бастығының сосын алды - артын орап,
Иілді, тұрды, бүгілді.
Жоғалып әлгі көңілдегі елес,
Жампаңдап ағам, жанықты.
Байқасам тіпті, бөріден емес
- Маймылдан аумай қалыпты.
Жайлап тұр еді санамды көрік,
Сенімге берік байланған.
Шошыдым, әлгі ағамды көріп,
Құйрықсыз маймылға айналған.
Болады - ау енді, әркімде шүбә
- Деп іштей ғана күрсіндік.
Ойладым сосын,
Дарвинде, сірә,
Рас - ау, бары бір шындық!
Алланың көкте айбары қолдап,
Алаш болыппыз (хабарым).
Үйге кеп сосын, айнаны қолға ап,
Бейнеме ұз - а - ақ қарадым!
Астанаға ода
Беу, Астана, шаһарым!
Аштархандай бүгін сенің атағың.
Үркетұғын Үрімің мен Мәскеуің,
Нұр - қала деп, бір қала деп хас - керім
Мадақтаймыз ересен!
Бірақ енді...
артық айтты деме сен,
Тілің сәл - сәл орысшалау демесең,
Туысқанға өріс тар - ау демесең.
Пара алғыштар жақсы орында демесең,
Байлығымыз жат қолында демесең.
Тірлік құрғыр мардымсыздау демесең,
Аярлықтан ар құнсыздау демесең,
Сені тіпті жаман қала демес ем!
Даңғазадан кенде емессің, дегенмен,
Мен өзіңді мақтар болсам өлеңмен
Ренжи ме, тастай салып арбасын,
Базардағы арба итерген қандасым.
Қарындасым еден жуған кеңседе,
Келіспейді меніменен өлсе де...
Жалақысы жамбаспұлдан қалмаған
Жерлестерім «жетім бұрыш» жалдаған...
Жайлап жатқан кілең сабаз, серімен,
Десем сені: төре шығар төрім ең.
Жаныңдағы жыртық шекпен ауылдар
Дауласа ма менімен?!
Әлде сөзім болсыншы деп өтімді,
Ақордаға бұрып алып бетімді.
Ағытам ба айхай, мақтау не түрлі,
Атаққұмар ақын ағам секілді!
Құрысын !
Мықтыларда менің қанша жұмысым.
Айтқаным жөн дұрысын: .
..Қыздарменен тәнін сатқан күні үшін
Құрылыстарда құлап өлген ұл ушін!
Ей, Астана, дүр қабақ!
Маң далада маңғаз тұрсың мұндалап,
Бердім дейсің бекке байлық, құлға бақ.
Мен де кейде саған кеткім келеді,
Ерейменнің төбесінен бір қарап!
Тіпті бұған керек емес мол шыдам,
Көшер едім бөле қашып қоңсыдан.
...Бейсболка киген бекзат бауырдай,
Гольф соға білмегесін қорсынам!
Британдық қойшылардың өнерін,
Білмегесін, қайтем енді, көнемін!
(Ермегі бұл тектілер мен төренің)
Мен ұлымын асық атқан даланың,
Білмеуімнің айтар болсам себебін!
Аналардан төменірек көлемім,
Қай бетіммен сосын саған келемін?!
Ей, Астана, ел сенер!
Сені салған бір сәулетші ең шебер.
Сол арада біз білмейтін мықтылар,
Сол арада біз кірмейтін кеңселер!
Дәрежесі долларменен өлшенер,
Сол жерде жүр талай - талай еңселі ер!
"Ақша - қала» деп атар ем өзіңді,
Маған билік берсе егер!
Бізден өзін сәл биіктеу санайтын,
Адамдарың зор тіптен.
Шенеунігің шекесінен қарайтын,
"Мадамдарың» «мерседесін» мөңкіткен
Беу, Астана!
Қазағымның мұрады!
Жарқыраған өндірлі елдің шырағы,
Сарқыраған «тендерлердің» бұлағы.
Жақсылар мен жайсаңдардың тұрағы!
Тұрмағасын босағаңда ілініп,
«Аяз бидің тымағы»,
Елдің саған тарқамай жүр күмәні!
Ей, Бас қала!
Бауыр үшін болғаннан соң баспана,
Мен өзіңді алмастырман басқаға!
Айып етпе, жазылмаса жақсы өлең,
Тартылғандай таспаға...
Бір ұрты - май, бір ұрты - қан Қазаққа,
Дәл өзіңдей жарасып тұр астана!
Кутузов көшесіндегі Мәшһүр - Жүсіп
мешітінің алдында
Келетін көбі Құдай дегеннің,
Керекудегі мешіт бұл.
Әуезіндей боп шырайлы өлеңнің,
Ертістен самал есіп тұр...
Аидындаи асфальт КӨС ІЛ ІП алдан,
Ағылған көлік гулесіп.
Фельдмаршалдың есімін алған
Көшеде, міне, тұр мешіт.
Мақтанғанымның бәрі - далбаса,
Не деген, сірә, ұлы есім!
Кутузовты сен танып алмасаң,
Мәшһүрді таппай жүресің.
Күн сайын өсіп, гүлдейді қалам,
Көркіне мынау мән дарып.
«Кутузов деген кім?», - дейді балам,
Сұраулы жүзбен таңқалып.
Керемет ұлы бір кісі көріп,
(Сәбиде жоқ қой түк кінә).
Сұрайды тағы білгісі келіп:
«Бөгенбайдан да мықты ма?! »
Табайын жауап сұраққа деймін,
Білмесем - дағы тегін мен.
«Кутузов мықты, бірақ та, деймін
Мәскеуді ол тастап шегінген».
Бізден де талай ұл туған дара,
Тоқымы терден кеппеген.
Басына бірақ күн туғанда да,
Даласын тастап кетпеген.
Талқандап жаудың қамалын құртып,
Самайдан қаны тамшылап.
Жусанын құшып даланың бір түп,
Құлаған сосын қансырап!
Тағарсың қалай балаға кінә,
Қояды сұрақ еселеп.
«Батыр болса егер қалада мына,
Оларға неге көше жоқ?! ».
Сауалы жетіп жетеме жаңа...
Не дермін енді балаға.
Бермейді десем көкелер ана,
Сөзіме, сірә, нана ма?
Түсінбегесін тағады кінә,
Айтамын қалай ар жағын.
Кутузов емес, даланы мына
Бабалар сақтап қалғанын...
Жыр етерімді, мұң етерімді,
Біле алмай тұрмын мұнда кеп.
Кутузов маған кім екенімді
Ескертіп әлі тұр ма деп!
Арқаның әні
(Семейлік әнші Толу Сембаевқа )
Бір ән бар,
Аты - дала,
Анасы - Көк,
Сол әнге мен салам деп таласып ек.
...Жігітке жұрт қарайды қаршығадай,
Соңында Жәнібектің қарасы деп.
Бұл өзі - арғы дүние, аздан ғана,
Айтушы ед: алқалы елден озған дара.
Таусылған тыңдаушысы ән саласың,
Бола ма жолың сенің «жазған» бала!
Ұйыса әсем әнге айнала тек,
Ұға ма мына отырған қаймана көп?!
Жүсіпбек, Жәнібек тұр көк желкеңде,
«Әніңе дұрыстап сал, әй, бала! » деп.
Көкала сонау белден көш жығылып,
Үрпиіп келер күннен тостық үміт.
Даңғаза шулы әуеннен үркіп, қашып,
«Сұржекей» айналып жүр осқырынып.
Сол әуен, сыры шінде, мұңы ішінде,
Өзгеше өрнегі бар тігісінде.
«Сұржекей» тұл қалар деп кім ойлаған,
Иесі Қазақ деген тірісінде!
Арнасы кепкен судың қайығындай ,
Әріден қалған әннің жайы мұндай.
Қадірі қашқаннан соң «Қанатталды»,
Келмеске бетін бұрды қайырылмай!
Қара өлең, қоңыр әуен - қайғым деймін,
Мысалы, қиыры жоқ айдын деймін.
Бауырым, біз кетерміз түбір бір күн,
«Сұржекей» қалар ма екен?
Әй, білмеймін! ..
Ей, Қазақ!
Бұйырмапты тақымыңа төр кілең,
Заман желі шайқағанда іргеңді.
Бір қопарып арғы менен бергіден,
Өзіңе - өзің есеп берер күн келді.
Аллаға аян, аңғал жұртым, ақ - қараң,
Тәңіріңнен басқа сенер бар кімің?!
Басың бүгін босағанда ноқтадан,
Басқаша бір байыпташы барлығын.
Күрсінгенде күлдей болған түр - түсің,
Келеңсіз күн кетті бүгін жыраққа.
Жыртамын деп жат біреудің жыртысын,
Жетпесіңді кейін білдің мұратқа.
Көк Түріктің тұяғы едің - өр кеуде,
Татамын деп Тәуелсіздік кәусәрін.
Жағаласып жанды түйіп белбеуге,
Азулының кетті аузында саусағың.
Ту еттің бе ожданыңа таң нұрын,
Көк саумалдан құр қалса да көнегің.
Тұлданып бір тулағанда тағдырың,
Ері кеткен бауырына ел едің.
Жағаң тозып айдалсаң да жат жерге,
Жігеріңді жолдас еттің намыспен.
Кезің болған - қазы шайнап қақ төрде,
Кезің болған - итаяқтан зәр ішкен!
Іріліктің белгісі бар бейнеңде,
Іргең мықты болмаса да қорғандай.
Жаның үшін жалтарсаң да кей жерде,
Арың үшін арпалыстың арландай.
Қабіріңді қорқаулар да ақтарып,
Ғасырларда ізің қалды қан - жоса.
Ғұмырыңда сен өтпеген жоқ тамұқ ,
Тәлтіректеп сау жеткенің болмаса!
Алаш едің - сынығындай асылдың,
Шаңыраққа жұлдыз қадап, күн ілген.
Астың міне, асуынан ғасырдың,
Алқам - салқам, аңырайған түріңмен.
Ұрпаққа аңыз - ұтылғаның, ұтқаның,
Өшкен жанды, өлгеніміз тіріліп.
Егемендік деген сөздің түп мәнін,
Әлі толық болған жоқпыз ұғынып.
Ел едің ғой еркіндікке шөлдеген,
Көлгірсу боп көрінбесін күлкің құр.
Тәуелсіздік өлшенбейді теңгемен,
Тұнжырамай тұғырыңда сілкін бір!
Шер - толғау
Керуендеп келген кешеден,
Көреген ел ең, көсем ең.
Күндердің сонау керемет,
Кәусарын жұттың кесемен.
Кермалдасатын кездерде
Кесіп бір айтар шешен ең,
Күлмейтін жерде күлетін,
Күмпілдек бірақ есер ең.
Күлдір де салдыр күн кештің,
Көгермей жатып көсегең.
Күніміз туды деп біздің,
Күлімдеп кейде бөсер ең.
Кебеже қарын мықтылар,
Кекіріп, желдей есер ең.
Кереметпіз деп күпсініп,
Көпіртсек - тағы неше өлең,
Көбеңдеу қозы - біз бүгін,
Кенжелеу қалған шешеден!
Ақылың ашып айран боп,
Арсызға қылар айлаң жоқ.
Апаботалы ала қыр,
Ауылың жатыр ойран боп.
Аттандап жүрген көп мықты,
Ағайын - жұртқа пайдаң жоқ.
Аңқауды жеген арсыздың
Араны әлі тойған жоқ.
Алланың өзі берер деп,
Аңқиып жүрген бейғам көп!
Тарқамай көңіл тұманы,
Татамсыз тірлік - шүбәлі.
Тәуелсіз болдық десек те,
Түйнеп жүр жанды мұң әлі.
Төріңе тышқан тексіздер,
Төбеңе тағы шығады.
Тәркілеп қолда барыңды,
Туысқа жаптың кінәні.
Тоқымы жыртық бейбақтан
Төренің бөлек ұраны.
Талайсыз туған бауырдың
Талғажау табу мұрады.
...Тостағанменен зәр іштің,
Төсіңе басып құранды.
Табаннан өткен ызғар - мұң
Таудайға жетіп тұр әні.
Тайғанақ осы тірліктің
Түбінде болар сұрағы!
Түбінде болар сұрағы!
Қазақ тілі
Алынғанмен бодандық, қолда бұғау ,
Биігіңе біз күткен қонбадың - ау.
Жетпіс жылғы көргенің аз болғандай,
Тағы сені жабылып қорладық - ау!
Қорладық - ау, қайтейін, қорғаным - ау,
Сүйеу таппай сабылып, сорладың - ау.
Ақ айдыны сен едің Алашымның,
Ақтарылып арнаңа толмадың - ау!
Жанарға мұң түсті ме, жанға бұрау,
Шын керексіз Қазаққа болғаның - ау.
Өзің келіп төріне отырмасаң,
Неге керек - оңаша Орда мынау?!
Сорладың - ау, қайтейін, жәдігерім,
Жүзімде - иман, жүректе - қаным еді.
Халің бүгін қиямет қыл үстінде,
Артта барын қайтейін қалың елің!
Қалың елің... аты бар, заты нендей?
Артық қимыл жасамас ақы бермей.
Сен қалайша өшесің жер бетінен,
Қазақ деген әуелі атым өлмей!
Кетеріңді жоқ болып сезінгенде,
Түк қалмады жігер мен төзімнен де.
Боз далада бейуақ ботасы өліп,
Боздап қалған ұқсайсың боз інгенге!
Сені көріп жүдеген, аласарған,
Сыздады ғой жанымның жарасы әрмән.
Қартайғанда қыз - ұлы сырт айналған,
Айнымайсың қаймана қара шалдан.
Жасуменен жігерім, жаным ұдай,
Неге кетті тірліктің мәні бұлай?
Намыс берші қазаққа бір сілкінер,
Көк Түріктің рухы - Тәңірім - ай!
Желтоқсан
Жан - ордамның ашып тастап түндігін,
Желпінетін, серпілетін күн бүгін.
Желтоқсаным - жасымаған жігерім,
Желтоқсаным - шырылдаған шындығым!
Шырылдаған шындық іздеп қызың мен
Ұлдарыңды өшірмегін тізімнен.
Желтоқсаным - менің Қазақ - төзімім,
Талай ғасыр шыдап келіп... үзілген!
Елең етпей ет кессе де санымнан,
Сандалумен соқпағымнан жаңылғам.
Желтоқсаным - менің Қазақ - ашуым,
Жүріп - жүріп, ақыры кеп жарылған!
Ұрандайтын ұлың кетсе ұлтыңнан,
«¥лы жолда» ұлтанымыз жыртылған.
Желтоқсаным - менің Қазақ - жүрегім,
Тоқтап барып... сосын қайта бұлқынған!
Алтын ноқта арманымды басқа ұрған,
«Анаулардың» менмендігі асқынған.
Желтоқсаным - менің Қазақ - жанарым,
Шарсыздан шеңберінде жас тұнған!
Тұщы етіме ащы таяқ тигенмен,
Өлуге де, көнуге де үйренгем.
Желтоқсаным - менің Қазақ - аруым,
Бейуақта бұрымынан сүйрелген!
Қара шашы қара қанға малшынған,
Көз жаздық біз қаншама қыз, қанша ұлдан...
Желтоқсаным - менің Қазақ қандасым,
Керзі етіктің табанына жаншылған!
Атой салып кеудесінде бүлік - ән,
Бүліне алмай дымы сосын қурыған.
Желтоқсаным - менің Бөрі бауырым,
Айдалада Айға қарап ұлыған!
Күнің күлсе - арай шашқан асқардан,
Керек емес басқа тірлік, басқа арман.
Желтоқсаным - менің Тәуелсіздігім,
Желтоқсанда желді күні басталған!
Жиналыста
Кеуде соққан көбік ауыз кіл көсем,
Кіл көсемде кетіп жатыр күнде есем.
Үйдей пәле тауып алам - үндесем,
Үндемей - ақ сосын тыныш күн кешем.
Шеттерінен бәрі мықты, бәрі әділ,
Данышпан мен жиналғандай дана кіл.
«Ақ жарылып» сөйлегенде ана бір...
Қақ жарылып кететіндей қара қыл.
Шекпен үшін сататұғын шешесін,
Ана біреуге айтылса да неше сын...
Ел үшін деп етегіне еңіреп,
Ешкімге де жібермейтін есесін.
Мына біреу «жайдары да жайлы адам»,
Қанша жұтса құлқыны бір тоймаған.
«Халық қамы» деп ұрандап, сонан соң,
Қалта қамын бұрынырақ ойлаған.
Көбік ауыз, кеуде соққан кіл көсем,
Осыларда кетіп жатыр күнде есем.
Үйдей пәле тауып алам - үндесем,
Үндемей - ақ, сосын тыныш күн кешем.
...Солай!
Тәңірге өтініш
Ойлағанның бола бермес бәрі ұдай,
Артық бақыт дәметпен.
Тексіздерге тәуелді еткен Тәңір - ай,
Саған ғана бар өкпем!
Тағдырымды таразылап піштің бе,
Топастықты тым болмаса қи маған.
Сырты сасық, іші пасық пендеге
Ұқсай алмай қиналам!
Тәңірім - ай, бәрі өзіңнің күшіңде,
Қолдан келмес көп бірақ.
Тобырлардан шеттеу қалмас үшінде,
Топас болғым кеп тұрад!
Топ ішінде жалғыз болып сенделгем,
Олар көп қой,
Тағам қалай көпке мін?
Ақымақтықты аяғаның пендеңнен
Неткенің?!
Туа алмаймын бұл дүниеге қайта бір,
Оның қанша керегі?!
Маған көмек жасаңызшы, ей, Тәңір,
Топас болғым келеді!
ІV бөлім
Ағалар мен даналар
Мәшһүр - Жүсіп Көпейұлының рухына
Толғанып жазған өлеңім
Тұлғаңа теңеу бола алмай.
Өзіңе әлі келемін,
Өмірден өлшем таба алмай.
Саумалдай сырлы сөзіңе
Еліңнің қанған мейірі,
Адамның емес, өзіңе
Алланың түскен пейілі!
Фәни мен бақи екеуін
Бөлмедің рас, алайда,
Дүние – жұмбақ екенін
Дәлелдеп кеттің талайға!
Өзіңе халқың бас ұрып,
«Әулием» деді сүйіп шын.
Пайғамбар десем - асылық,
Пендеден бірақ биіксің!
Ұқтырдың жақсы - жаманға
Жалғанның мынау бекерін.
Айтумен өттің ғаламға
Алланың жалғыз екенін!
Болса егер адам танитын,
Дедің бе табар түбінде,
Қазақтың қилы тарихын
Жеткізіп кеттің бүгінге.
Құдайдың түскен көзі анық,
Жоғалмас салған жолың - дүр.
...Бүгінде сенен сөз алып,
Біреулер ғалым болып жүр.
Өзіңмен қайта табысқан
Қалың ел қазақ - жан - жақта.
Аруағыңменен алысқан
Арсыздау заман қалды артта
Жұмбақ боп солай тұра бер,
Таппады ғылым бүгінгі.
Айға ұшып жатқан мынау ел
Аша алмай қойды сырыңды.
Тәңірдің түскен хас нұры,
Ынсап пен иман құндағы.
Даламның сенсің Мәшһүрі!
Ғаламның сенсің жұмбағы!
...Толғанып жазған өлеңім,
Тұлғаңа теңеу бола алмай.
Өзіңе әлі келемін,
Өмірден өлшем таба алмай!
Жүсіпбек Аймауытов
Сапар тілеп сенім - кемең,
Дарын болдың дараланған.
Өзің едің Өмір деген,
Ұлы ұстаздан сабақ алған.
Алға сүйреп бір ән керім,
Өнерге бет бұрылғасын.
Ұлан белге шығам дедің,
- Ұлы болып туылғасын.
Жазмыштан қаша алмадың,
Болғаныңмен шын дарынды.
Ортаң - дағы кеше алмады,
Озық болып туғаныңды.
¥мыт болмай сор - бағың да
Қалай жеттің бүгінге есен?
Көптің бірі болғаныңда
Қарауылға ілінбес ең.
Шуылдасқан елдегі көп,
Тигізер деп кесіріңді,
Алпыс жылдай қор болып ек,
Атай алмай есіміңді.
Жүргенде әркім бас қамында,
Білмеді рас, шын мәніңді.
Қара сөздің бастауында,
Өзің дара тұрғаныңды.
Қайық салған құтты арнаға
Қайырымың биік еді.
Анау жылы Мұхтарға да Шапағатың тиіп еді.
Шыққандайын кемеңгерлер
«Гоголь шалдың шекпенінен»
Шыққан Ғабең, Сәбеңдер де
Аймауытов мектебінен!
Секілді бір тағат тапқан,
Кеудеңе кеп күннің нұры.
Қызылтаудан қанат қаққан
Қыран тектес ұлдың бірі!
Ізделерсің жұртың барда,
Жазулы ғой тарихта әр күн.
Баянтаудай тұр тұлғаң да
Көшбасында алыптардың!
ЕЛ ДЕП СОҚҚАН,
ЖЕР ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕГІ
(Жүсіпбек Аймауытовтың ескерткіші
ашылғанда оқылған өлең)
...Дарынымен даласына нұр беріп,
Кеткен алыс оралмайтын кунге еріп,
Баянауыл, есігіңді аш, әнекей,
Оймауыттың Түсіпбегі* тұр келіп!
Басын иіп келіп тұрған іргең
Түсіпбегі Оймауыттың кім деме?!
Арысың ед алай - түлей заманда,
Алып кеткен ажал атты бір кеме!
Оймауыттың Түсіпбегі... кім еді?
...Ел деп соққан, жер деп соққан жүрегі.
Құрбан болған қызыл қырғын ішінде,
Қызылтаудың қыран тектес ұлы еді!
Қызылтаудан... құрбан болған әз ұлың,
Білмейді ешкім кінәсін де, жазығын.
Бар айыбы - қазақ деген жұрт үшін,
Қара сөздің қағып кеткен қазығы
Бар айыбы... - қанат қағып жыраққа,
Жете алмады жетем деген мұратқа.
Өте алмады тағдыр атты өткелден,
Байланды да жалғыз түйір бір оққа.
Қызылтаудың құдіреті бар қанында,
Сол Жүсіпбек қайта келді, қабылда.
Жанын алған НКВД жендеті,
Тәні қалған белгісі жоқ қабырда.
Сол Жүсіпбек - өз бауырың, өз балаң,
Жазмыштың жазуынан озбаған.
Қызылтауы қала берген артында,
Қара інгендей ботасына боздаған.
Сол Жүсіпбек - өз ұланың, нар ұлың,
Шашып өткен шартарапқа жарығын.
Ере алмаған кейбіреулер шаңына,
Көре алмаған кейбіреулер дарынын!
Сол Жүсіпбек - теңіздейін теп - терең,
Тереңінде текті сөзі көктеген.
Алашының маңдайына сыймаған,
Бағасына ешкім әлі жетпеген!
Қара сөзде тыңға салған түренін,
Қадыры мен қасиетін біл оның.
Баянаула, қайта оралды өз ұлың,
Бауырыңнан беремісің бір орын?!
Кере қарыс маңдайына қара да,
Жатырқама, жатыңа оны санама.
Жүсіпбегің аман кеткен бір кезде,
Тасқа айналып қайта келді араңа.
Баяу басып Баянына жеткенде,
Тани ма оны, танымай ма көп пенде?
Тас жүректі заманына өкпелеп,
Тұнжыраған тасқа айналып кеткен бе?
Сәл - сәл ғана мұң шырмаған тур - өңін,
Сол Жүсіпбек, қолдан ұшқан түлегің.
Баянаула, өзіңді іздеп келіп тұр,
Боздағыңа беремісің бір орын?!
* Қызылтау елі Жүсіпбек Аймауытовты Оймауыттың Түсіпбегі деп атаған
Қадыр Тайшықов Екібастұз ауданының Шиқылдақ ауылында тұ ратын, өткеннен түйгені мол Базарбаев Қоқыш ақсақал маған мынадай бір дерек айтып еді: «Кезінде Ерейментау ауданындағы Бозтал ауылында жасаған Жаңабайдың Қайнені деген адам зұлматты жылдары жазықсыз айдалып, Сібір лагерлерінің дәмін татып келген. Бүл кісі ол жақта Қадыр Тайшықовпен бірге болыпты. О сы Қайненнің айтуынша, Қадыр айдауда жүріп, тайга ішінде оққа ұшқан . Жазғытұрым уақыт еді дейді ол. Өздері ашқұрсақ, әбден титығы жетіп жүдеген тұтқындардың дені дұрыс киімі де жоқ. Табаннан өткен қар суының ызғары маңдайға жетеді. Таңертең сапқа тұрғызып, жұмысқа айдап апара жатқанда, аштық пен суықтан әлі құрыған Қадыр басқаларға ілесе алмай, кейіндеп қала берсе керек. Сол кезде айдаушы солдат арқасынан мылтықтың ұңғысымен түйіп қалады. Әлгінің қорлығына шыдамаған Қадыр оған әлде қол жұмсай ма, әлде бірдеңе дей ме, солдат оны сол арада атып жіберіпті. Жазықсыз ажал құшқан есіл ер осылай тайганың ішінде көмусіз қала береді».
Ғайып болған іздеп ұлын,
Жылдар да ұзап алыстаған.
Есіміңді бізге бүгін
Тарих өзі табыстаған.
Өзгелерден ірі едіңіз,
Озамын деп қарыштаған .
Зиялының бірі едіңіз,
Қараңғы елге шам ұстаған.
Күнге жетіп көсегелі,
Қайта оралды алыстағы ән,
Дұғам болсын осы өлеңім,
Рухыңызға бағыштаған!
Елің бүгін шат болғанда,
Басымызға бақ қонғанда.
Азаматы, арысы да,
Елмен қайта табысуда
Ұмытуға шақ қалғанда.
Бірақ та, аға, кешіріңіз,
Көрінбейді есіміңіз
Тізімдерде, ақпарларда.
Іздемей ме ел дарын ұлын,
Мықтылардың бәрі бүгін
Ақталғанда, мақталғанда?!
Жаралғасын арың ақтан,
Ғұмыр кештің жалын атқан.
Өзен едің сарқылмайтын,
Өз арнасын тауып аққан.
Түстің заман қармағына,
Жете алмадың арманыңа.
Тағдырыңды қарып ақпан.
Туғызатын жарық күнді,
Сіз секілді халыққа үлгі
Боздақтардың бәрін атқан.
Еркеккіндік қалмапты, аға,
Бәрін түгел жалмапты, аға.
Қалған Тайшық, Баспақтардан
Елден биік асқақтанған
Берекелі шаңырақтан!
Сізге арнаған өлең - жырым,
Болсын, Аға, менен бүгін
Құлпытасым орнатқан
Жол сілтер болашаққа мәңгі жұлдыз
Дүбірлеп думанменен дала бүгін,
Баянтау еске алады саналы ұлын.
Жалғаған Сұлтанмахмұт бабамыз сол
Кеше мен бүгінгінің аралығын.
Қалдырған өлмейтұғын ғасырға өлең,
Алаштың бір ұлы едің асыл - берен.
Заһарын заманының жұтса - дағы,
Торығып тағдырына бас имеген.
Жүргенде әркім өзі бас қамында,
Өтер деп мынау өмір қас - қағымда,
Талпындың күн болам деп жарқыраған,
Қазақтың қара түнек аспанында.
Тірлікте жеткеніңші қанша халың,
Жасалған халық үшін барша амалың.
Аз ғана ғұмырыңда байлық болмай,
Ғылым мен білім бопты аңсағаның.
Меңіреу қоғам бірақ елең етпей,
Қолыңыз неге жетті, неге жетпей?
Тұманнан жол табам деп жанұшырдың,
Түнекте шам айналған көбелектей.
Төзумен жоқшылықтың тозағына,
Аурудың көне жүріп азабына.
Бір емес, он ғұмырға татитұғын
Қалдырдың өлмес мұра қазағыңа.
Бас имей ит тірліктің зар - мұңына,
Жақсының үміт арттың барлығына.
Бұл күнде өзің жұлдыз елің үшін,
Сөздерің кейінгіге мәңгі мұра.
Деп айттың: «Күшің, қазақ, бірлігіңде,
Біріксең қолың жетер нұрлы күнге».
Ғасырда жиырма бірінші елің шықты,
Биікке сен аңсаған тірлігіңде.
Жас ұрпақ, есіңе ұста қашандағы,
Төбеңде Сұлтанмахмұт дейтін жұлдыз
Жол сілтеп болашаққа тұр бүгінде!
Қыран
(Қазақтың тұңғыш ғарышкері
Тоқтар Әубәкіровке)
Мекен еткен тек құзды ғұмырында,
Қыран отыр байланып тұғырында.
Аңсайды ма биігін, сағына ма,
...Кімдер бірақ арманын ұғынуда?
Жарамсақтар қайтарса бүгін бағын,
Кім ұғады қыранның мұңын, жанын?
Балқантаудың ақиық бүркіті еді,
Балақбауын байлаған тұғырға кім?!
Қыран деген осындай бола ма шын?
Түсінбедім әйтеуір сол арасын.
Балақбауын шешпейміз неге біздер,
Сыпырмаймыз неге оның томағасын?!
Бауырынан алапат ызғар ағып,
Неге ұшпайды қанатын мұзға малып?
Аспан керек қашанда қырандарға,
Асқар керек - қонатын құзға барып.
Түңілді ме сан тобыр, санасыздан,
Шаршатты ма бос мақтау, бағасыз мән.
Көк бөріге түсетін болат тұяқ
Қу ағашты қысады шарасыздан...
Ауыздықтап арлы мен арыстарды...
Қыздырады қайтейін, намыс қанды.
Заман келді - қыранды торға қамап,
Дәріптейтін қарға мен сауысқанды.
Қарай алмай биіктен даласына,
Мұң толды ма көзінің шарасына?
Неге біздер етпедік оған құрмет?!
Неге біздер жетпедік бағасына?!
Әркім өзі жүргенде бас қамына,
Ұмытты ма жақсыны, басқаны да?
Қадірлейік ,
әйтпесе қыран бір күн,
Ұшып кетер өзінің аспанына!
Ағаға арнау
(Нығмет Жәмінұлына)
Қазынасы секілді саналы ұлдың,
Түсінгенге бір кітап дала бұл күн.
Төбе болып, тау болып, өзен болып,
Тарих жатыр астында табаныңның.
Батысыма қарасам, шығысыма,
Ырыс қосқан сол екен ырысыма.
¥лы дала осынау ұлан - ғайыр
Пана болған бір кезде ұлысыма.
Қырға шықсаң бетіңді самал өпкен,
Ғажап еді осынау дала неткен!
Атам қонған ана бел ақ селеулі,
Ана қырдан көшімен бабам өткен!
Тарихым бар, тарихтың жалғасы бар,
Көз саламыз өткеннің таңбасына әр.
Ана жерден асалы әулие өткен,
Жүректе иман, аузында Алласы бар!
Басқа төніп кей кезде қаралы аспан,
Ана белден аттандап бабам асқан.
Ана көлден азанда ат суарып,
Ана жерде жауымен жағаласқан.
Кетті бәрі сонан соң оралмасқа,
Қоғам басқа, бұл күнде заман басқа.
Біздер, Нықа, осыны іздемесек,
Мәңгілікке барлығы жоғалмас па?
Деп ойлайсың оңаша мұң қамалап,
Мұң қамалап, таба алмай бір қанағат.
Іздейтұғын біреулер бола ма деп,
Дала - тарих біздерге тұр ма қарап?
Солай, Нықа, жаз өтіп, күз келер ме,
Табылды көп нәрсе іздегенге.
Дала деген қарт ана мына жатқан,
Сол далаға перзентпіз Сіз де, мен де!
Анығы осы, айтарым сол ғана, Аға,
Аллам жүрсін өзіңді қолдап, Аға!
Кітап жазсаң өткенге іздеу салып,
Парызыңыз перзенттік сол Далаға.
Дала - тарих - таусылмас сабағымыз,
Іздеп жүрміз ескіні, жаңаны біз.
Тау қопарған кеншінің қайласындай,
Мұқалмасын ендеше қаламыңыз!
Ініден ізет (Мұрат Рахметов ағаның 75 жылдық мерейтойына) Беу, Аға, бір қазақпыз - Сіз де, мен де,
Үлкенсіз табылатын іздегенде.
Інінің ізеті ғой деп біліңіз,
Өзіңді қосар болсам ізгі өлеңге!
Кейбіреу сәлемін де бұлдағанда,
Ойлаймын: жыр бағам ба, мұң бағам ба?
Аға деп сосын Сізге сыр ашамын,
Арлысы аз, азғыны көп бұл қоғамда!
Кей уақ шырқалса да әнім өрден,
Қашан бұл ит тірліктің мәні келген.
Мұңымды бөлісетін жан таба алмай,
Жүремін сосын бөлек қалың елден.
...Кейбіреу шешен сөйлеп, көсем күлед,
Кейбіреу кетер кейде есеңді жеп...
Әйтеуір, Сізге келем қара тұтып,
Осылай жүрген кезде есеңгіреп.
Шырқалып ел мен жер деп жаның әні,
Күн кешкен бір адамсыз мығыналы.
Ағалық, даналық та - бәрі, бәрі,
Әйтеуір бойыңыздан табылады!
Ілгері сүйреп бізді алағай күн,
Ізіне жүрміз еріп сан ағайдың.
Қазақта ақсақалмын дегендерді,
Мен сосын сізге қарап бағалаймын!
Жинасаң мерейтой деп көпті бүгін,
Демегін: артық сөйлеп кетті ме інім.
Жақсының қалдығындай бір адамсыз,
Қанында жоғалпаған тектілігін!
Жау басып заманында, жұт алмаған,
Бұл дала - кие қонып, құт орнаған.
Төсінде сол даланың Абылайға'
Ақылшы болып өткен Бұқар бабаң!
Үзілмей өмірдегі арлы әніңіз,
Сыйласқан үлкен - кіші жан - жағыңыз.
Байқасам, бүгінгі күн мынау елге,
Үкібай би секілді салмағыңыз!
Айбынын Сүйіндіктің еселеткен,
Бұл жерден көсем өткен, шешен өткен.
Іздейтін маза көрмей тағы өзіңіз
Аруағын жақсылардың кешегі өткен.
Ел жетсе бүгін енді шын бағаңа,
Ақбеттей айқындалсын тұлғаң, Аға!
Сіздің де салып кеткен ізіңіз бар,
Шоң менен Шорман өткен бұл далада!
Ал, Аға, құтты болсын, тағы да бір,
Жаратқан құя берсін жаныңа нұр.
Қарттыққа жақсы жеткен бір адамсыз,
Жұқтырмай жаныңа кір, арыңа кір!
Басталып Баянтаудан қадамыңыз,
Биікке тігіліпті жанарыңыз.
Мінекей, 75 деп аталатын,
Асқарға тіреліп тұр табаныңыз!
Тірліктің тарқамайтын базарында,
Ағалық айбын тұрсын ажарыңда.
Баянтау - мына отырған ел - жұрт үшін
Жүріңіз Жаратқанның назарында!
Келе жатсың сүйеніп қаламыңа
(Жазушы Сүлеймен Баязитовтың
70 жылдық мерейтойына)
Дөңгеленсе сезімнің ұршығы, Аға,
Жыр шыға ма, көңілден, сыр шыға ма?
Ақындарды түсінер - ақын ғана,
Сынағандай жүйрікті сыншы ғана...
Жетпісіңе сондықтан, менің - дағы,
Келіп еді ұсынғым жыр - сыбаға.
...Құтты болсын барлығы,
Баянтаудан - бала болып бір кезде аттанып ең,
Дана болып оралып тұрсың, Аға!
Пенде болып ұстамай көңілде кір,
Өкпелемей ешкімге өмірде бір.
Қоңыр кеші Баянның секілденіп,
Тірлік кешіп келесіз қоңыр - қоңыр.
Жырың - аспан, айтатын әнің - далаң,
Өлең тербеп, күй тербеп жаныңды әмән.
Көп шертілген домбыра секілдісіз,
Әуенінен бірақта жаңылмаған.
Желкеніңді жайып сап желге керіп,
Өлеңменен келесіз өрнек өріп.
Кейбіреудей баптанбай биік қарап,
Кейбіреудей мақтанбай кеуде керіп...
Өлең менен жаныңды ән емдеген,
Тіл қатысып құпия әлемменен.
Жалғыз Сізсіз, жүріп - ақ қарапайым,
Өзіңізді мына елге дәлелдеген.
Орағандай сәбидің бөз құндағын,
Түсіндіңіз түгендеп сөздің мәнін.
Атақ пенен бірақ та сыйлық сұрап,
Босағасын бастықтың тоздырмадың.
Қарамай - ақ ешкімнің қабағына,
Төселмей - ақ ешкімнің табанына.
Жоғарыда сүйенбей жағалыға,
Келе жатсың сүйеніп қаламыңа!
Ұштастырып өнерді тәлімменен,
Қуандырып еліңді барыңменен.
Жетпіс жасқа жетіпсіз жайбарақат,
Жайлап аққан өзендей сабырменен.
Күйі кетіп, күрсінсе көне далаң,
Болсыншы деп жүретін өлең аман.
Болсыншы деп жүретін өнер аман,
Қолыңды соқ, ағайын, ортаңда отыр,
Баязитов Сүлеймен деген адам!
Өзіңе деген ізетімді, аға
(Қадірлес аға Ғосман Төлеғұлдың
60 жылдық мерейтойына )
Арай қып Алла ақ таңыңызды,
Тілегіңізді құп алғын!
Алпысқа келіп жатқаныңызды
Газеттен оқып қуандым!
Рухың дәйім демеп діліңді,
Бастың ба қадам түрлі ізге?
Басқадан мынау еректігіңді
Мойындай алмай жүрміз бе?
Дарынды берген Аллаң көп көрмей,
Пернесін таптың пайымның.
Қос күреңді әкеп парлап жеккендей,
Қос тілдің басын қайырдың!
Қалам сілтеген құтты жолыңа,
Шапағат төккен өлшеп кім?!
Кеуде соқпай - ақ мықты болуға,
Болатындығын көрсеттің!
Табан тірейтін түп - тұғыр - арың,
Жүремін сырттай бақылап.
Аударып жатсың мықтының бәрін,
Аулақта сонау жатып ап!
Қуат ап жігер, намыстан мына,
Аттай бер, Аға, тағы алға!
Алпыс дейтұғын арыстанды да
Салыпсың, міне, табанға!
Басқадан кілең жүзетін дара,
Кетпесін желкен кемеңнен!
Өзіңе деген ізетімді,
Аға, Білдірдім солай өлеңмен!
Әлихан Барлыбаевтың рухына арнау
Тас бұлақтың қанғандай тұмасына,
Үңілеміз өткеннің мұрасына.
Ояндың ба, Әлеке, ей, ағатай,
Қосып жатыр өзіңді ел дұғасына!
Күлімсіреп, әнекей, күнім көктен,
Керемет күн, апырмау, бүгін неткен?!
Қалың ұрпақ ас беріп аруағыңа,
Ерейменнің бауырын дүбірлеткен.
Көне қоғам, көне жұрт, көне ғалам,
Тарих мынау оянған елең - алаң.
Даурығамыз, өтті деп талай жақсы,
Өтті дейміз тамсанып, зерек адам.
Неге керек көн тарих, көне қоғам?
Дерегімді іздеймін себебі одан.
Жақсылардың ұрпағы, болған бір кез,
Барлыбаев Әлихан деген адам!
Барлыбаев Әлихан деген адам,
Үлгісінен мен оның өнеге алам.
Арқасында сол шалдың бүгінгіге
Өткен күннің жетіпті дерегі аман.
Дерегі аман жетіпті өткенімнің,
Соны айтамын, қуанып көпке бұл күн.
Тарихтағы ақтаңдақ беттерімнің
Еркін күнге есен - сау жеткенімнің.
Есіне алса құрметтеп бүгін елі,
Сол Әлихан, ол да бір ұлың еді.
Жақсылардың кешегі сарқытындай,
Асылдардың қап қойған сынығы еді.
Қыл қобыздың бір шалар қияғындай,
Жыр арылмай, жанынан күй арылмай .
Арамызда жүретін ақсақал еді,
Могиканның ең соңғы тұяғындай.
Алаш үшін осынау арыс тұлғаң,
Ұрпақ еді қап қойған намысты ұлдан.
Өзің жерің - мына жер, өз мекенің,
Бабаларың бір кезде қоныс қылған.
Уақыт өзі барлығын сұрыптайтын,
Сұрыптайтын, ештеңе ұмытпайтын.
Өзі кетіп қалса да ей, жақсы Аға,
Ерейментау елің бар ұмытпайтын,
Ерейментау елің бар ұмытпайтын!
Қазыбек Нұралинның рухына арнау
Қуаныш құтты болсын, айхай, халық,
Мәнісін кейбіреулер байқай ма анық?
Бір ұлың келгеннен соң қайта айналып,
Ас беріп, міне, бүгін той тойладық!
Дұрыс қой, той да керек, ас та керек,
Бұл өзі қуаныш еді басқа, бөлек.
Шашсаң да артық болмас барыңды әкеп,
Жазсаң да артық болмас дастан ерек.
Іздесең міне жиын, міне, дүбір,
Бас қосқан туыс - туған тілегі бір.
...Өзі жоқ ортамызда, аты қалған,
Қазыбек кешегі өткен - кім еді бұл?
Дейміз ғой: білімді еді, зиялы еді,
Жақсыны жамандыққа қия ма елі?
Аузымен құс тістеген Олжабайдың
Қазыбек бізге жеткен тұяғы еді.
Кешегі өткен тарих өнегелі,
Ол - дағы іздемесең көнереді.
Нұралы қатарынан асып туған,
Қазыбек сол жақсыға немере еді.
Қолдаған, қадірлеген дүйім елі,
Жақсыға - жақсы десең сүйінеді.
Кешігі Саққұлақтан қалған сөздің
Қазыбек бізге жеткен түйіні еді!
Ұмытпай сақтап өткен елді есіне,
Ұмытпай сақтап өткен жерді есіне.
Тарихын, шежіресін Ерейменнің
Тоқыған ғұмыр бойы зердесіне.
Тоқыған бәрін соның зердесіне,
Қазағы жатыр алып енді есіне.
Тарихын Бөгенбайдың сол Қазыбек
Қатпарлап өткен еді кеудесіне.
Лайық болса - дағы атқа қандай,
Кетті ме сөзін қоштар топ таба алмай?
Сандығын шежіре мен тарих деген,
Кетті ме толығымен ақтара алмай.
Айтам деп кім екенін қозғағасын ,
Түсінер халық өзі сөз жобасын.
Адамдай уақытынан ерте келген,
Ала алмай кеткен еді ол өз бағасын.
Сол адам ғашық болған дала - аңызға,
Айналып қаита келді арамызға.
Қазыбек Нұралинның көшесі бар
Осынау Екібастұз қаламызда!
Қымызын толғай жұтар кесесімен,
Қайтарды заман бәрін есесімен.
Жүреді болашақтың жастары енді
Қазыбек Нұралинның көшесімен!
Қазанама
(Амангелді Қаңтарбаевтың қазасына)
Төбемізден төнгенде қаралы күн,
Қара бұлттай басады сананы мұң.
Сездірместен, апырмай, кез келді ме,
«Қош» дейтұғын сізге де, Аға, бүгін!
Мәңгілікке кеттіңіз, бір - ақ аттап,
Өмір менен өлімнің ара жігін!
Айтпайтұғын ешқашан ірісің деп,
Қадірлемес елміз ғой тірісін көп.
Өзгешелеу басқадан адам едің,
Өзгелердің ісінде жұмысың жоқ.
Бар ғұмырың өтіпті айқасумен,
Ділі үшін деп, қазақтың тілі үшін деп.
Аласартпай шығатын биігіңді,
Биік ұстап өзгеден иығыңды.
Иір біткен еменнің бұтағындай
Білмей кеттің басқаға иілуді!
Ел деп соғып кеудеде жүрегіңіз,
Сол еліңе жақсылық тіледіңіз.
« Ұлттың тілі - ұлт үшін тірегіміз»
- деп айтатын жасқанбай
Сіз едіңіз.
Баянаула дейтұғын байтақ елдің,
Бөлек туған осындай ұлы едіңіз!
Ұлт үшін деп жүргенде ұраныңыз,
Беймезгілдеу сөнді енді шырағыңыз.
Ал, қош, Аға, бақилық дүниеде,
Өзіңізге жай болсын жұмағыңыз.
Ақиретте алдыңды жарық етіп,
Пейіші болсын мәңгілік тұрағыңыз!
V Бөлім
Баба байрақ
(дастан)
Қазақ халқының тағдыры таразыға тартылаған аса ауыр кезеңдердің бірі – ХҮІІІ ғасырда ел бостандығы үшін қаны мен терін бірдей төккен батыр бабалардың асыл рухтарына бағыштаймын!
Ұлы дала, осынау ұлан аймақ,
Бұлт жөңкілген көгінде, қыран ойноп.
Ұлысың деп, кім оған кінә қоймақ ?!
Ірісің деп, кім оған кінә қоймақ?!
Көне дала, кең жазық, көшелі бел,
Кең төсіңнен өтпеді неше бір ер!
Түкпірінен тарихтың тарау - тарау,
Үні болып бабамның еседі жел!
Автор
Бисмиллаһи!
Бастайын сөз көне күннен,
Ер арып, есі кетіп, ел егілген.
Дабылдап далбағайын теріс киген,
Даңқты шақ, бастау алдым дерегіңнен!
Сөзіме арқау болшы дүбірлі күн,
Сөз етпей саралайды сырыңды кім?
Ғасырдың шаңы басқан әжіміңді,
Сүртейін,
Сәулеленсін түрің бүгін!
Өткен күн, ертегі мен жыр - аңыз ба ең?
Жыр аңыз - хақ жәдігер мұрамыз ба ең?
Намыстың туын жықпай, тұлпар мініп,
Өтіпті нар бабалар құла түзбен!
Құла дүз - өткенде ойлап көз іледі,
Өлмейтін бабалардың көзі ме еді?
Жүзінде алдаспанның ғұмыр кешіп,
Ізінде ісі қалған шежірелі.
Арасы майдан болып көк пен жердің,
Көліксіз көші қалған бөктерде елдің.
Сол күнді сөз етейін, ал, оқырман,
Сыйынып аруағына өткендердің!
Ереймен - еміренген анадай бір,
Қыз мүсін қыналы тас, жағалай қыр.
Адырын арша басқан аралай жүр,
Болмысын, бітімімен бағалай біл.
Қалың тау - қабақ түйіп тұнжыраған,
Қара бұлт төбесінен жылжымаған.
Шемен ғып сырыңды ашпай тұрасың тек,
Шер өліп, көкірегіңде мұң жылаған.
Шеменді тарқатшы бір тізгіндеген,
Шеріңде не бар екен біз білмеген?
Тылсымды тарихыңа қалам тартып,
Тыншыды сан ғасырлық бұзғым кеп ем...
Бар болса жылатайын жүректе өлең,
Болғанада тірек Сізден, тілек менен.
Тебінгі теріс тағып, ту көтеріп,
Төсінен Ерейменнің кім өтпеген?!
Текті күн тұмандылау түрің анық,
Сол күннің сыбырынан сыр ұғалық.
Жайлапты бұл даланы дейді тарих,
Қу жаны қайыстан да сірі халық.
Күңгірттеу керуенді заман өткен ,
Көп сырды өзіменен ала кеткен.
...Сырғыған Сыр бойынан қалың қазақ.
Кезі екен Сарыарқаға жаңа жеткен.
Артына мұра қылған ұлылықты,
Арманын бабалардың кім ұғыпты?!
Қалың ел Қанжығалы көппен бірге.
Ерулеп Ерейменге ілігіпті.
Тобықты, Қанжығалы - екі ел екен,
Қаратау, Сырдың бойы мекені екен.
Ішінде Қанжығалы ел қондырар.
Қарт қыран, кәрі бөрі - Бөкең екен!
Бастаған Тобықтыны нән Ырғызбай,
¥л тумас ұлысты елден нағыз мұндай.
Ерлігі, ерендігі ертегідей,
Айбары, аңғалдығы аңыз жырдай.
Бөгенбай - қалың елге ырыс - тірек,
Өткізген бастан майдан, ұрысты көп.
Жорықта жолдас етер інісі бар –
Жау жүрек Нияз Жантай құрыш білек.
Сауыттың сүңгі батпас көбесіне,
Байлаған қос қауырсын жебесіне.
Аруақты Бөкеңнен соң - Жантай еді,
Көтерген Қанжығалы төбесіне!
Қалың ел ауа көшкен - үркінді еді,
Көзде жас, көңілде мұң сүртілмеді.
Кезумен сары даланы аттың басын
Тірепті Ерейменге бір күндері.
Көшкен ел күн - түн жүрген көз іле ме,
Көз ілсе кедергіге кезіге ме?
Жайлапты Ерейменді қалмақ сол кез,
«Он мың үй», - деп айтады шежіреде.
Бабалар жалын жігер, жаны - құрыш.
Ел болып қолға алыпты бәрі бір іс.
Қалмақты аударыпты Ерейменнен,
Күндіз - түн аттан түспей салып ұрыс.
Түрем дем жау іргесін аласұрып,
Тұлпардың терін алып, таң асырып.
Қылыштап қалмағыңды қуыпты ерлер
Аюлы, Қаракөлден әрі асырып.
Шаңдатып сары даланы шабыс қылған,
Шежіре - аңыз қалған намысты ұлдан.
Ерулеп ер бабалар бір кездері,
Осылай Ерейменді қоныс қылған!
Бедеудей бұғалықсыз - бұла ғасыр,
Безерген бедеріне тыға ма сыр?
...Жасытып, жаудың бетін әрі аударып,
Жасапты жұрт бір думан ұлан асыр.
Қалың ел тарқаған соң мұңы жаңа,
Хабар сап ойына да, қырына да.
Бата ғып, бозқасқаны құрбандыққа ,
Шалыпты бетін бұрып құбылаға.
Қызықтан қазақ неге аяныпты,
Қосылып қара суға май ағыпты.
Қанша мал сойылғанын осыдан біл
- Қара қан толтырыпты сай - арықты.
Жиналған қарасы да, төресі де,
Жиын бұл қалатұғын ел есінде.
Жай қылып көңілдерін, жамбас мүжіп,
Май жұғып мұрттарының жебесіне.
Ұнаған қалың елге қылған ісі,
Бас қосқан талай батыр, түрлі арысы.
Қасқайып төр алдында отыр әне
- Қазақтың хан Абылай тұлғалысы.
Қазаққа тұлға болған хан Абылай,
Халықтың қамы жатқан қабағында - ай.
Самарқау, сырты суық отырады,
Сұңқардай тұғырдағы таранып - ай.
Болған соң қылған істің өтеуі кем,
Қол үзген Ереймендей мекенінен.
Қалмақтан Уса Серен хан да кепті,
Қалың топ, соңына ерген нөкерімен.
Егесте жібермейді ер есені,
Ер болмай елдің қамын жемес еді.
Еретін Ләрідей данасы бар,
Усаның қысылғанда кеңесері.
Той емес бұл екеуін толғандырған
- Талайлы өз елінің келешегі.
Қайтадан келмесін деп қаралы күн,
Халықтың болмасын деп қабағы мұң.
Белгілеу басты мақсат бұл жиында,
Шекара - қазақ - қалмақ ара жігін.
Шашырап, билік айтпай бас - басына,
Шешуін бұл сауалдың тосты асыға.
Суырылып тон ішінен, қамшы тастап,
Сөйледі қасқасы да, басқасы да.
Жинамай Қоржынкөлге халықты құр,
Ортаға талай сауал салыпты бір.
Үкілі домбырасын қолына алып
Үмбетей топ ішінде ағытты жыр.
Үмбетей толғады жыр топ ішінде,
«Ай, жұртым, келген жоқпыз жеп - ішуге.
Көпіріп, кермалдаспай кезек - кезек,
Келейік біздер бүгін келісімге.
Келейік біздер бүгін келісімге,
Келіссең керіс болмас ел ішінде.
Татулық табар болсақ екі жақтан,
Тарылмас өркешті тау, өрісің де.
Жантайып жататұғын жастық алып,
Тыныштық табу бізге - басты бағыт.
Белгіліп шекараны қазақ - қалмақ,
Батырға Арқандырдай тапсыралық».
Атқан ел еруменен талай таңы,
Шу етті: «Жырау тіпті жөн айтады!
Қарашаң тыныш алсын азғана жыл,
Кіреміз қан майданға қалай тағы?! ».
Соғыс ол - ұтқанға сын, бұққанға сын,
Сабаздың талай - талай жұтқан басын.
«Сүрейік азғана жыл бейбіт тірлік! »
Деді көп, жырау сөзі құпталғасын.
Ереймен, Аюлымен - алабың құт,
Жер емес жүріп кетсе ара күндік.
Белгілеп екі арада - шекараны,
Қойыпты Арқандырды қарауыл ғып.
Арқандыр ер Жантайдың інісі еді,
Сүйеніш, демеу берер тынысы еді.
Ішінде батырлардың ірісі еді,
Қалың ел - қарашаның ырысы еді.
Бұл істің шешілді деп сұрағы тез,
Бар халық жақсыларға бұрады көз.
Даурығып бір тоқтамға келген кезде,
«Дат» айтып, батыр Жантай сұрады сөз.
Жантай батыр:
«Ай, Абылай хан ием!
Алашқа тұлға арысым.
Бөгенбай - ағам алдымда,
Айбарымменен, намысым.
Жиылған бүгін байқасам,
Жақының менен алысың.
Айтылған сөздің аңдаусыз,
Бола да бермес бәрі шын.
Ай, айқайлап ұран шақырып,
Ұйқысыз таңды атырып,
Қамалын бұздық қалмақтың,
Қатын мен бала қамы үшін!
Кіреуке кидік жеңсізден
Кеудеде шыбын жан үшін.
Қазанат міндік қаз мойын
Қазақтың мынау бағы үшін.
Ай, алқалы жиын, ағайын!
Алағызып сөйлесең,
Анық та болмас әр ісің!
Ежелгі душпан ел болмас,
Етектен кесіп жең болмас.
Қарадан қасқыр туған ұл
Ханзададан кем болмас.
Өзі жаман жігітке
Жығалы бөрік кигізсең,
Жақсыға барып тең болмас.
Қылтадан қылыш тиген соң,
Қанша мықты болса да,
Қайтып ерге ем қонбас!
Ай, Бөгенбай аға, ардақтым!
Арғымақ міндік теңселген,
Асындық жарақ семсерден.
Қажыры қайсар ұланның
Қан майданда өлшенген.
Дұрыстық болмас тірлікте,
Дұшпандық болса көрші елден.
Қамсыз күн болмас қазақта,
Қымызын жұтар керсеннен.
Қара жүрек қалмағың
Қылмайды жаулық дегенге
Сен сенгенмен, мен сенбен!
Берсеңші ақыл ағалық,
Бұл істің жөнін табалық,
Аюлы - Нияз - Ереймен,
Екі аттам жер ғой аралық.
Қару ап тағы қалмағың,
Қара бір көзден жүрмесін,
Жас емес, аға, қан ағып.
Жасанып келсе жау деген,
Кеудеден кетер жан алып,
Өрістен кетер мал алып.
Қабылдық қылсаң, аға - еке,
Қалмақты қайта шабалық.
Көзін бір құртып кәпірдің,
Көңілге медеу табалық! »
Осылай, деді ер Жантай,
Қатулы жүзі қабарып.
Ұсыныс болады деп басқа қандай,
Үн - түнсіз отыр халық тосқан аңдай.
Іс жасап жүрмейміз бе, - деді Бөкең,
Аңдаусыз соғылғандай тасқа маңдай .
Сұрланып, хан Абылай сыр бермеді,
Болса да біраз адам қоштағандай.
Болмайтын мағынасыз мақтанға құл,
Тілеген қылған іске Хақтан қабыл.
Алқалы жиын солай тоң - торыс боп,
Тарқады келісе алмай тоқтамға бір.
Тарады бір тоқтамға тұрақтамай,
Шешілмей көкейдегі сұрақ талай.
Сыртымен Уса Серен сыр бермеді.
Көңілі тыншыр енді, бірақ, қалай?
Топыр ғып жинағанмен тамам елді,
Талай іс шешілместен қала берді.
Аттанды Уса Серен, Ләрімен,
Бетке алып Аюлы мен Қаракөлді.
Көгіне көтерілмей көңіл әні,
Алдағы не болар деп өмір әлі.
Келеатқан ой үстінде, бір заматта:
«Әй, ханым, бермен қара! », - деді Ләрі.
- Әй, ханым, бермен қара, біл шаманы,
Көңілді күдікті ой кеп тұмшалады.
Біз енді қам жасайық жатпай - тұрмай ,
Бұл Жантай түбі күні бір шабады!
Бұл Жантай бір шабады түбі бізді,
Шапса егер қалдырмайды түгімізді.
Құрбан ғып қазақ үшін - өлімізді,
Құл қылар құлақ кесті - тірімізді.
Құл етер тесік ұлтан - ұлымызды,
Күң етер, көсеу беріп - қызымызды.
Қамданып бір - екі жыл, тарталық біз,
Түстікке бұрып алып жүзімізді.
Қалмаққа Уса басшы, Ләрі құт,
Қысылса содан ақыл сұрады жұрт.
Тегі ойрат, діні бөлек,
Ордасының
Төрінде табынатын тұрады пұт.
Зобалаң әкелмес деп, зәбірменен,
Табынып, пұт құдайға, тәңір деген.
Жалғызы - Әйніш сұлу, өзі ақылды,
Саралар әрбір істі сабырменен.
- Көрейік, - деді Ләрі еңбектеніп,
Құр босқа көздің жасын көлдетпелік.
Көшкенде қиын болар айдауыңа,
Бірер жыл мал біткенде төлдетпелік.
Шабақтай шығып қалған құм қайраңға,
Шарасыз күн туғанда ел мұңды ойлар ма?
Ойға сап арғы - бергі жағдайды,
Осылай келді қалмақ бір байламға.
Сөгіліп қасат қардың көбесі құр,
Қарайып Кәрітаудың төбесі бір.
Қыр асып қаһарлы қыс, екі арада
Жылжумен жаз да жетті келесі жыл.
Көгеріп қарағайдың бүр - желегі,
Көктемде Ерейментау түрленеді.
Көктен күн шуағымен қытықтаса,
Күліп ап бұлақ қашар іргедегі.
Ақ сәуле сепсе де күн жарқынырақ,
Аңғардан тау қоршаған салқын ұрад.
Ағады Күншалғаннан құлаған қар,
Аңғарын Өлеңтінің толтырып ап.
Маңқиып маңғазындай бір алаптың,
Манаурап, мұнар басып тұр ма Ақдің.
Ардағым, әлі өзеңнен сұрамаппын,
Артына қалдырды екен мұралап кім?!
Көркем бел, көкала орман, киелі қыр,
Кеудесін еміреніп сүйеді нұр.
Төсінен аймаласа сәби - шуақ,
Тасытып ақ бұлағын иеді бір.
Ауасы - бірде қымыз, бірде - шұбат,
Аспаны бірде - түнек, бірде - шуақ.
Бозайғыр, Төрежалы, Қаратау тұр
Біреуі біреуіне мінгесіп ап.
Тұлғасы Ерейменге түр беретін,
Тосумен Ақшоқы тұр күнге бетін.
Құланы жылқыменен бірге жусап,
Бұланы сиырымен бірге өретін.
Табиғат келіп жаңа қалыбына,
Түрлеген айналаның бәрі мына.
...Өзіміз әңгіме еткен жоғарыда,
Келейік Уса Серен ауылына.
Құс біткен Қаракөлді әнге бөлеп,
Көктемде мән де бөлек, сән де бөлек.
...Усаның ақылшысы Ләрінің
Әйніштей сұлу қызы бар деген ек.
Әнменен қарсы алмаса таңды құсы,
Түссе егер талапайға ел - тағдыр ісі—
Көк шығып, қымыз бесті болған шақта
Қыз Әйніш Арқандырға салды кісі.
Қаракөл үйрек ұшып, қаз қонатын,
Жайғасын жағасында жаз қанатын.
Сұм Әйніш Арқандырға хабар салды:
«Қонақ боп кетсін батыр азғана күн! ».
«Арқандыр, азғана күн сырласалық,
Бұл дәурен басымызда тұрмасы анық.
Құс салып, Қаракөлден қаз ілдіріп,
Құмарды көптен бергі бір басалық».
Қай істің қашандағы алдын алар,
Қу Әйніш осылайша салды хабар.
Құп алып, Арқандыр да барам деді,
Жалтақтап, жан емес қой жанды бағар.
Арқандыр: - Аттанамын, күтсін, - деді,
Араздық арадағы, - бітсін деді.
Айнала Қаракөлдің жағасында,
Ақбоз үй қатар - қатар тіксін, - деді.
Жүдеткен бозбаланың жүрегін көп,
Сұлудың ел сыйлаған бірі еді деп.
Сый етсе бас тартқаным дұрыс болмас,
Соны айтып қам жасады жүремін деп.
Жайлауға келіп қонған көші жаңа,
Қыз Әйніш тартады деп не сыбаға?
Ертелеп шыққан батыр жедел жүріп,
Жетіпті Қаракөлге бесін ауа.
Келбеті көлегейлеп күнді жарық,
Қарсы алды Әйніш өзі мың бұралып.
Хош кепсіз, батыр! , - деді Арқандырға,
Қызықты бүгінгі кеш бір құралық.
Бас бұрар біздей мына мұңлыққа кім?
Боз орда көл жағалай құрдық бәрін, - деп
Әйніш құрақ ұшты,
Қайран батыр,
Артында қайдан білсін сұмдық барын.
Кеудеге тағып жұлдыз - бар асылын,
Кеш келіп, алғандай бір дала тыным.
Қайран ер, қайдан білсін, бүгінгі кеш
Ажалы сұм Әйніштен болатынын.
Кешқұрым думан солай басталады,
Толады бал шараптың тостағаны.
Жігіттер арқа - жарқа болып бір сәт,
Жазылды Арқандырдың қас - қабағы.
Қызықтан құр қалмаңыз ешбіріңіз,
Қазыдан кертіп жеңіз, төс мүжіңіз.
Шараптан асып түсер, басып ішсең,
Шарада сапырылды бесті қымыз.
Тегіс қыр, - дегеннен соң Уса, Ләрі,
Қымызға қыздар келіп у салады.
Осылай опат болды кілең ерлер,
Келе алмай ауыз сөзге мұршалары.
Жалған бұл - өлшенбеген нарық - бағаң,
Жаныңды жақсылыққа жарытпаған.
Арманда кетіп ерлер,
Жалғыз ғана
Ат баққан атшы бала қалыпты аман.
Артық шу естілмеді, басқа дабыр
, Ақырын күрсінгендей аспан ауыр.
Әлгіндей кез өткен жоқ, қарбаласып
Әп - сәтте үйін жыға бастады ауыл.
Әп - сәтте ауыл түсті дүрбелеңге,
Мезгілсіз жау тигендей білмегенге.
Бір сұмдық болды ғой деп атшы бала,
Баспалап тұрды шығып бір белеңге.
Сезгендей сұмдық барын алда жақын,
Еру боп, ерттеді қалмақ атын.
Бет бұрып Жетісуға, жанталасып,
Жөнелді ауыл көшіп таңға жақын.
Апынар түбі күні кекті біліп,
Асығып көшкен ауыл кетті жүріп.
Шыбыны шырылдаған атшы бала
Шабады Ерейменге бетті бұрып.
Әлқисса, қамшы басып қаракерге,
«Аттандап», атшы бала салады елге.
Қаралы оқиғаға куә болған
Бір қарап артындағы Қаракөлге.
Жүрегін қан жылатып кекті жара,
Бір қарап Қаракөлге кетті бала!
Жантайдың жайлаудағы ауылына
- Тәулік сап арасына жетті бала.
Жыл болып жорығы жоқ, қиындығы аз,
Ел іші көтергендей күйін біраз.
Жағасын Өлеңтінің Жантай батыр
Жайлаған Ажы тауын биылғы жаз.
Тепкілеп қос өкпеге қаракерді,
Ауылға «аттан» салып бала келді.
Қой қурттап, қымыз ұрттап жатқан елге
Қаралы суық хабар ала келді.
- Қалмағың алды бізден кекті, - деді,
Ақыры дегеніне жетті, - деді.
Өлтіріп Арқандырды нөкерімен,
Бір түнде ауа көшіп кетті, - деді.
Ажының азан - қазан боп қапталы,
Аңырап қалың ауыл жоқтап бәрі.
Шайқалып қайғы - шерден батыр Жантай,
Шарасыз қара жерді тоқпақтады!
Жан еді қызынбайтын желікке көп,
Жаманат осы хабар болып себеп.
Ашулы арыстандай Жантай батыр,
Ақырды: «Сарыбауырды ертте! », - деп.
Ақырды: - Ал атқан қон, тұрыңдар! , - деп,
Соңымнан ере тұғын кімің бар, - деп.
Кегіңді осындайда қуа алмасаң,
¥л болып туылғанша құрыңдар! - деп.
«Ел едік - бейбіт атар асық таңға,
Қасық қан жібермейміз - қасық қанға!»,
Деп солай қырық адам атқа қонды,
Қалың қол жинала ма асыққанда?!
Бұл қалмақ көгертпейді көсегені,
Аттанды, бермейміз деп есені енді.
Жантайдың екі ұлы да шықты бірге,
Тоқаш пен Мырзакелді - қос өрені.
Солар ер - ер болса егер жастық бірі,
Ар менен намыс болған бастың құны.
Жасанған жауды көрсе қайтпайтұғын
Жантайдың дәл өзіндей қасқырлығы!
Қарасы биік тұрар дүйімді елден,
Қысылса жол табатын қиын жерден.
Тұңғышы Мырзакелді - бөлек отау,
Тоқашы он алтыға биыл келген.
...Қақ тұрып жүйріктердің сауырына,
Жеткізбей биенің қос сауымына.
Орғытып жетіпті ерлер,
Қоржынкөлде
Отырған Бөгенбайдың ауылына.
Қайғыдан болғаннан соңа жара бауыр,
Секілді жүрістері - қара дауыл.
Әскер кеп таң азанда дүбірлеген,
Әп - сәтте үрпиісіп қалады ауыл.
Ел едік, малына сақ, жанына сақ,
Жау тиіп, келді ме деп тағы жасақ.
Асығып ордасынан шықты Бөкең,
Шекпенін желбегейлеп жамыла сап.
Ел үшін ер Бөгенбай ырыс - құт па,
Жол сілтер қашандағы дұрыстыққа.
Жантайдан жөн сұрады:
«Әй, бауырым, Жүрісің суыт екен, тыныштық па?»
Қылышты тағы асындым қарыс жүзді.
Қылдың да, тыңдың Бөке, қайтем енді,
Қапыда қалмағыңыз қан ішкізді!
Қабағы қазақпенен жараспаған,
Қалмақты жау санаған Апаш бабам.
Жоңғарды жүндей түтіп, жерін алып,
Жөн еді елден қуып аластаған.
Қайтеміз іс өткен соң хаққа налып,
Қоясын қу қалмақтың ақтаралық.
Қапыда Арқандырды опат етті,
Ап, Бөке, қолыңды жи, аттаналық!
Қу қалмақ сезіп тұр ғой жайыңды анық,
Жағдайды, деді Бөкең, - пайымдалық.
Аз қолмен сайланған жау алдыра ма,
Алайық аз ғана күн дайындалып.
Жоқ, Бөке, деді Жантай, бөгелмеспін,
Жауымнан кегімді алмай мен өлмеспін!
Кеудеде шыбын жаным аманында,
Кесе алмас ешқашанда өремді ешкім.
Бүлдірер елдің ішін бүлік деген,
Бүлінсе елдің басы бірікпеген.
Дәм бітсе шәйт болып қырылармыз,
Болмаса қалмағыңды қырып келем!
Армансыз қылу үшін алда күнді,
Аяман ештеңеден мал - жанымды.
Бөгелмен, ал кеттім, - деп батыр Жантай,
Борбайдан жалғыз ұрды Сарыбауырды.
Соны айтып батыр Жантай жөнеледі,
Соңынан қырық кісі қол ереді.
Ордадан Баяу ана шықты осы сәт,
Ортаға ақыл салған өнеге еді.
Бөкеңнің бәйбішесі - Баяу еді,
Есімі ел ішіне аян еді.
Бауырға бәйтеректей саялы еді,
Батырдың тұғыры мен таяны еді.
Ал, Бөке, жина - деді тамам елді,
Бұл Жантай соңыңа ерген қараң еді,
«Қырылам» деген сөзді бурын айтты,
Қатерге ұрынбаса жарар еді!
Деп солай Баяу ана ақыл берді,
Ақылын батыр Бөкең мақұл көрді.
Жоңғарға аттанбаққа тез арада,
Жан - жаққа хабаршы сап, шақырды елді.
Көз салсаң ілкі заман күндеріне,
Іс болған дәл осындай ілгері де.
Анадан ірі туып, өтіпті ерлер,
Армандап ізгі күнді бір көруге.
Тірліктің тұсау салған аяғына,
Тасбауыр заман өткен баяғыда.
...Әлқисса, ашуменен жүріп кеткен,
Келейік ер Жантайды баянына.
Елім деп, кіндік кескен, кірім жуып,
Еңіреп атқа мінген қырық жігіт.
Ақдіңнің иығына шыға келді,
Ат белін суытпастан жүріп - жүріп.
Ер болсаң - от намысты, жалын жүрек,
Ел үшін айқасқа кір, қанынды төк.
Дегендей, қырға шықса қырық жігіт,
Көрінді алдарыңнан қарулы топ.
Топ атты шықты бойлап жал ағашты,
Кім екен пайда болған табан асты?
Жігіттер, қару сайла, - деді Жантай,
Байқамай бізді қалай қара басты!
Шыққанда дәл осынау белеске кеп,
Көрінген аяқ асты елес пе? - деп.
Тұрғанда деді біреу: «Өй, мынауың,
Уақта батыр Баян емес пе?! » - деп.
Ойпырмай, шелі бардай көзіміздің,
Үрейі көптеу болды - ау сөзіміздің.
Ол, рас, ақбоз атты Баян батыр,
Қасында - Үйсінбай ғой өзіміздің!
Жаратқан жақсыға өзі жар бола ма,
Жолыққан әлгі бір топ сары далада.
Жантайды таныған соң бөгелместен
Ат қойды «ой, бауырымдап» әлгі арада.
Жігіттер шетеу жүрген жырақтағы,
Жаманат хабарды естіп қулақтары.
Жантайдың өз інісі Үйсінбай мен Жаужүрек
Баян екен Уақтағы.
Кез емес, жайыңды айтып мұң шағардай ,
Көңілді қайғы - шемен құрсағандай.
Аз кісі атқа қондық, - деді Баян,
Аялдып қол жиюға мұрша болмай.
- Ай, Жәке, қолыма алдым құралымды,
Жау қуып тарқатпаққа құмарымды.
Жолыңды тосып жүрмін Үйсінбаймен
Кешікпей біліп едім шығарыңды.
Жар қабақ, жан шошытар реңі - дүр,
Болғанмен түсі суық, жүрегі - нұр.
Баян бұл - сан айқаста қатар жүрген
Жантаймен қашандағы тілегі бір.
Жорықта жалғыз малта нәсіп еткен,
Жан еді жоғалмайтын сесі беттен.
Ақбозға Баян мінді деп естісе,
Қалмақтың құты қашып, есі кетқен.
Үйсінбай - Жантайға іні, бала жігіт,
Үйренген жас болса да дара жүріп.
Бауырынан Ноян сынды айырылған соң,
Баянның соңына ерген аға қылып.
Келген соң ата жауды құрытқысы,
Жанында қанат жайып рух - құсы.
Асығып атқа қонған бүлар - дағы,
Шағын топ, азаған адам - қырық кісі.
Болса да алдағы айқас қиынырақ,
Бас қосып сексен адам жиылып ап.
Жөнелді жауды өкшелеп,
Жалғыз мәрте
Бет сипап, Жаратқанға сиынып ап.
Ер Жантай, батыр Баян - екі де алып,
Жауға ойран саламыз деп, жетіп алып.
Жөнелді басты қосып сексен батыр,
Нұра өзен, Балқаш жақты бетіне алып.
Алда айқас болатынын тұрсаң біліп,
Жеткенше ұмтыларсың мұршаң құрып.
Суытпай аттың белін жедел жүрді,
Аз тоқтап, анда - санда бір шалдырып.
Таз төбе, тақыр дала, бүр - қараған,
Тіршілік білінбейді сұр даладан.
Шыққанда Балқаш көлдің шығысына,
Көрінді жау қарасы мұндалаған.
Шалғайдан бір көштік жер көрінді жау,
Екі орта едәуір жер - өңір мынау.
Жігіттер өзектейді «ал, кеттік» деп,
Жасытпай алда тұрған өлім - бұғау.
Бауырын қызыл бояу - нілге малып,
Батысқа еңкейгенде күн де барып.
- Топырлап құр беталды даурықпаңдар,
Тоқтайық, бел суытып, бір дем алып.
Ереймен артымызда қалды жырақ,
Есе алу сұм кәпірден - алғы мұрат.
Алайық ақылдасып, - деді Жантай,
- Аттарды бір аз ғана шалдырып ап.
Жақындап жау қарасы қалды міне,
Жөн айтты жігіттердің әрбіріне.
Деп шешті Жантай менен Баян батыр:
«Тиеміз сәтін салса таң біліне».
Алдымен қылар істі ойға алалық,
Көптігі кәпірлердің айдан анық.
Шабайық бір - бір құшақ қарағанды,
Аттардын құйрығына байлап алып.
Қатерлі қолға бүгін істі алғанда,
Бойыңа қайрат бітіп, күш қонған ба!
Байласақ қарағанды шаң молайып,
Көп болып көрінерміз дұшпандарға.
Қарсыда тұрса күтіп кілең қалмақ,
Қалайша жігіттерде рең болмақ?
Алады сонда - дағы бірер мызғып,
Азғана малта сорып, жүрек жалғап.
Ел үшін құрбан болған бас та, мал да,
Ерлерді ереуіл күн тосқан алда.
- Жігіттер жиналайық, - деді Жантай,
Шығыс жақ сәл бозара бастағанда.
Жігіттер, жиналайық, таң білінді,
Жаратқан өзі оңдасын арғы күнді.
Көрсетсең қиын істе нарлығыңды,
Қолдасын Қызыр бабам барлығыңды!
Ер салдық қақпан белге, - қозыкүрең,
Елім деп, ертеңді ойлап көз іліп ем.
Ер ме екен ақтармаса жаудың қанын,
Ел ме екен мақтанбаса өз ұлымен?!
Болса да ісің адал, күшің мығым,
Бағалар халық болмай ісіңді кім?
Азаптың ордасында ат қоялық,
Қазақтың болашағы үшін бүгін!
Қалың ел - қара орман бар артымызда,
Мерт болсақ мың алатын нарқымызға.
Шаң қылып біз шабайық, мына дала
Мәңгілік мекен болса халқымызға!
Сабырды жоғалтпайық босқа бекер,
Сау болсақ талай майдан бастан өтер.
Елге ұшсақ жауды жеңсек - ол бір мерей,
Жер құшсақ - ұрпағымыз дастан етер!
Соны айтып батыр Жанатай атқа мінді,
Сиынып, демеу етіп хақ Тәңірді.
Бел буған ақ өлімге сексен боздақ,
Беттерін жау жайлаған жаққа бұрды!
Апдағы қылар іске қабыл ойлап,
Көтеріп төбесіне бөрі байрақ.
Жөнелді сексен боздақ «жау қайдалап»,
Жарқылдап жанарында жалын ойнап.
Жарқылдап жанарында жалын ойнап,
Кек буып кеуделерін, қаны қайнап.
Ат қойды сексен батыр ала таңда, «Ақжолдап! », «А, қудайлап! », «Абылайлап! »
Бұзылып тыныштықтың таңда сәні,
Топырға топыр келіп жалғасады!
Шапқандай сексен емес, сегіз мың қол,
Тозаң боп айналаны шаң басады.
Дегендей не ғып бізді қара басты,
Дұшпан да қалды сасып табан асты.
Бөрідей қойға тиген бейуақта
Батырлар жауға келіп араласты.
Көрінбей күннің сонау жүзі күлгін,
Бітердей дәмің менен тұзың бұл күн.
Әп - сәтте тамуқ келіп орнағандай,
Басталды қанды қасап, қызыл қырғын.
Апырмай, соғады екен арты неге?!
Айқастың біреу жеңу - шарты көне.
Айнала айғай - сүрен, кесілген бас,
Айрылған иығынан жарты дене.
Біреулер қашуға да арсынбайды,
Біреулер ашынғандай аршындайды.
Шабынан ақтарылған арғымақтар,
Ышқынып, жан бере алмай қалшылдайды.
Қылышпен бірге жұмсап сүңгіні де,
Қазақтар жау іргесін түрді, міне.
Жантай жүр қос ұлымен сүрен салып,
Үшеуі тірек болып бір - біріне.
Ер Жанатай бойы биік қарағайдай,
Жан - жақтан қалмақ біткен қамалайды - ай.
«Мырзаш - ау, абай бол деп Тоқашыңа! »,
- Бұрылып анда - санда салады айғай .
Көрініп бір топ қалмақ дала беттен,
Көмекке келіп, міне, жаңа жеткен.
Жантайдың көзі шалды абайсызда,
Ішінде қыз Әйнішті қараң еткен.
Күйдіріп, кеудені өртеп кекті нала,
Деп айтты: «Ана қарбетті қара! ».
Сайқалды бір ілем деп сүңгіменен,
Сүрендеп алға ұмытылды шепті жара.
Ұрандап ұмытылды енді шепті жарып,
Қаһары қаңтардайын бетті қарып.
Қорғаған жасауылды жарып өтіп,
Жантай ер сұм Әйнішке жетті барып.
Бұл жерде бітсе - дағы ғұмыр анық,
Артымда сен жүрмессің тірі қалып.
«Салдақы сыбағаңды ал! » - деп Әйнішті,
Лақтырды найзамен іліп алып.
Шайқас бұл, - шалдықтырып шамаңды алған, Дәм бітсе тірлігіңіз тамамдалған.
Қызыл қан өне бойы Жантай ердің,
Сау жер жоқ денесінде аман қалған.
Қан сүрен, орнағандай заман ақыр,
Құны жоқ өміріңнін қара бақыр.
Сәріде кірген ерлер сілікпеге,
Сәске өтіп, бесін ауып бара жатыр.
Бір жақта батыр Баян қабыландай,
Қаһары жаудың бетін қарығандай.
Омырауы ақ боз аттын қызыл қан боп,
Ойран сап, орғытып жүр дамыл алмай.
Ағызып жау арасын жарып өтіп,
Ақырып, «Апға ұмытыл! » деп әмір етіп.
Айбар боп жүрсе - дағы, қазақтардың
Азайып бара жатыр, әлі кетіп.
Жаны бір батырлардың тар шақта әмән,
Ешкім жоқ, бұғып қалып жан сақтаған.
Қатары қатты сиреп қазақтардың,
Сексеннен қалған енді он шақты адам.
Қапыда қылыш тиіп дәл сүбеден,
Қан кетіп Үйсінбай да әлсіріген.
Саңлақ, серке туған сабаз еді,
Сау шыққан талай сойқан, сан сүреден.
Қалың қол - қалмақ біткен қара қабақ,
Қоршады қасқырдайын қамалап ап.
Жазық жер, қу медиен, тақыр дала,
Қысылсаң жанға қалай пана болад?!
Тас қоршау, кілең кәпір жан - жақ мығым,
Саны көп, сездіргендей салмақ - құнын.
Азан бері қырғын тапса - дағы,
Азаяр емес, сірә, қалмақ бүгін.
Қасапқа талай боздақ кіріп, өліп,
Қан сасып дала жатыр күңіреніп.
Құлады ер Үйсінбай қансыраған,
«Қош, аға! » деуге ғана тілі келіп.
Құлады «қош», - деді де ақырғы рет,
Тоқтады, бір бұлқынып батыр жүрек.
«Бауырым, кегіңді алам әл біткенше!»,
- Деп Баян арыстандай ақырды кеп.
Ада боп бойындағы бар шыдамы,
Ақырып атына енді қамшы ұрады.
Осы кез дәлдеп атқан жалғыз жебе
Ақбоздың қолтығына шаншылады.
Айқаста серік болған ерке күлік,
Ақбоз ат жанарына тер төгіліп.
Қорқырап, қан шұбырып қолқасынан,
Құлады таудай болып төңкеріліп.
Ақбоз ат - ер Баянның ақберені,
Мерт болды андаусызда, - әттегені.
Талайдан күтіп жүрген қалын қалмақ,
Қорқаудай жан жағына тап береді...
Қан қатқан алмас қылыш қолда жалаң,
Ендігі не болар деп алда заман?!
Ер Жантай екі ұлымен ұрыс сап жүр,
Қазақтан осы үшеуі қалған аман.
Басына салғаннан соң бір іс тағдыр,
Ұрандап Жантай батыр ұрыс сап жүр.
Сау жер жоқ денесінде, сонда - дағы,
Құламас жаралғандай құрыштан дүр.
Өлімге мойыныңды ұсынып бір,
Өкінген не болады, қысылып құр?!
Бұл соғыс - бұлар үшін соңғы соғыс,
Боларын батырларда түсініп тұр.
Егісте жібермейді ер есені,
Ер болмай елің батыр демес еді.
Жалғыз сәт қалмақ кейін серпілгенде,
Ер Жантай қос ұлымен кеңеседі:
- Аттан мен айқай - ұран дабыл барда,
Алаштың тірлігінде дамыл бар ма?!
Мырзаш, сен елге жөнел, Сарыбауырмен,
Садақты бір тартатын халым барда.
Туады әлі талай тамаша күн,
Туыстың еске алайық болашағын.
Мін - дағы Сарыбауырды, елге жөнел,
Садақты тартып саған жол ашамын.
Қызығың тірі болсаң тамамдалмас,
Қызырың болсын, балам, саған жолдас.
Бәріміз опат болсақ осы арада,
Бозымнан* ел қондырар адам қалмас!
Талайлы тіршіліктің көшіне ерген,
Әйтеуір айырылмасын несібе елден.
Секілді бізге бүгін, әй, балалар,
Топырақ бұйыратын осы жерден!
- Әке, - деп Мырзакелді тебіренді, -
Дәм бітіп таусылса да өмір енді.
Әр жігіт армандаған шын ерлерше
Шайқаста көз жұмудың жөні келді.
Көзде нұр, таусылғанша қолда күшім,
Алыстым, Алаш азат болмағы үшін.
Айқаста шәйіт болған бөріктінің
Алды - арты біз емеспіз, ол - дағы шын!
Елім деп ер салып ем арман атқа - ай,
Елес боп өтті ме өмір жанған оттай.
Ай, әке, ізсіз кетіп баратқам жоқ,
Артымда жалғызым бар - Жанболаттай!
Қашанда серік болған намыстыға ар,
Арлыдан арамзалық алыс тұрар.
Артымда Жанболат бар, тірі болса,
Алмастай түбі бір күн жарып шығар!
Ақырын өмір ағар арнасында,
Адамның ізі қалар жалғасында.
Ай, әке, Тоқаш кетсін, ұрпағы жоқ,
Өмірге келмегендей болмасын да!
Хақ өлім Тәңір бізге әмір етіп,
Қалды ма тіршіліктің мәні кетіп.
Түсіп бер, Сарыбауырды Тоқашқа, әке,
Шыға алса қалмақ шебін жарып өтіп!
Бәйгеге тігіп солай бақыр басты,
Соңғы рет әке - бала бақұлдасты.
Өксігін көмейдегі кері жүтып,
Ер Тоқаш Сарыбауырға тақым басты.
Керемет бола бермес өмір кілең,
Қайғымен тарылтпайық өмірді кең.
- Ал, балам, жолың болсын, Аллаң сүйеп,
Ашамын садақ тартып жолыңды мен.
Сәлем де - Қанжығалы қалың елге,
Қара орман, қария тау, кәрі белге.
Қайтейін, тіреді ғой қалмақ әкеп,
Қан қасап, соғыс деген әбігерге!
Тоқашым, толыспаған жас баласың,
Амал не өзің елге бас боласың.
Дегейсің Есен - Бозым баласына,
Бес уақ дұғасынан тастамасын.
Тағдыры сызыққа кеп тірелгесін,
Дәм бітіп, ажал жетсе кім өлмесін?!
Айта бар, Бөгенбайдай арысыма,
Кегімді қу қалмаққа жібермесін!
Өңінен шошынғандай қараған жан,
Соны айтып батыр Жантай садақ алған.
Сарнауық сары жебенің дыбысымен
Серпілді қалың қалмақ қамап алған.
Серпілді қалың қалмақ әрмәнырақ,
Тебінді Тоқаш бала жалға құлап.
Соңынан сыңсып ұшқан сары жебенің
Суырылып шыға берді Сарыбауыр ат.
Дүбір қып сары жазық, дала, белді,
Суырылып Сарыбауыр ат салады енді.
Қалмақтың қоршауында екі батыр
«Ал, хош! », - деп мәңгілікке қала берді!...
Мына дала - мұнартқан мұң алабы,
Мазасын ал, сырларын сұра - дағы.
Өңірінен өреді аңыз - дастан,
Жылғасынан ертегі, жыр ағады.
Қайран далам, далиған - тілсіз мұра,
Ойландырған ойсызды, мұңсызды да.
Топыр да өткен, төсінен топан да өткен,
Тоң - торыс боп төбелер тұрсыз мына...
Көшпенділер - қосатын күнге көрік,
Құпиясын кеткен 6е бірге көміп?!
Төгілген қан бір кезгі - гүл боп өніп,
Ескі қорым қарайды іргеленіп.
Ескі қорым қарайды іргеленіп,
Есім кетер жүрсем де күнде көріп.
Сары төбенің астынан - жалғыз куә,
Ай да шықты сықсиып, сүлделеніп...
Қайсар жұртым, қалайша жаның қалды?!
Жауың келіп жарыңды, барыңды алды.
Қаратауда қаралы әнің қалды,
Қара жерге төгіліп қаның қалды!
Қанша құқай көрсең де құрып кетпей,
Мұра болып - намысың, арың қалды.
Аруақты ерлер өзімен алып кеткен,
Асыл арман әйтеуір орындалды!
Ар - намысың біздермен қалды бірге,
Азат болып қарсы алдық таңды мүлде.
Аман шыққан қоршаудан Тоқаш бала
Әлі шауып барады алғы күнге!
Әлі шауып барады алғы күнге!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру