Корей ертегілері
Ертегілер
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Ертегілер – ауыздан ауызға тарап бүгінге жеткен, ертеде халқымыздың келешектен жақсылық қана күткен, жарқын болашақты армандаудан туған туындылары. Ол батырлық, тапқырлық, жан-жануарлар, қиял-ғажайып, аңыз ертегілері болып бірнеше жанрға бөлінеді. Ертегілер баланың ой-қиялын дамытып, еркін ойлауғ...
XОН КИЛЬ ТОН — КЕДЕЙЛЕРДІҢ ПАНАСЫ
Баяғы заманда, мынадай уақиға болыпты. Сеул губернаторының бір күңі ұл табады. Баланың атын Хон Киль Тон қойыпты. Хон Киль Тон бір жасқа толғанда, ілгеріде өткен әулие ата-бабаларының қабіріне барып сыйыну үшін шешесі оны алып тау-таудың ішімен алыс жолға шығады. Күң жарты жолға жетпей-ақ, тау етегінен бір қаусаған шалды көреді. Сол арада ауыл адамдарының айтқаны Хон Киль Тонның шешесінің есіне түседі. Ал олар былай дейтін еді: Тау етегіндегі орман ішінде бір Хен Бу деген дана шал тұрады. Ол өзінің бар өмірін орман ішінде өткізген, шөппен бар ауруды жаза біледі, адам жейтін ызбарлы жолбарыстарды дегеніне көндіреді; бұл дана шал өлім аузындағы талай жарлыны емдеген, талай жарлыны аш қасқырдың аузынан, қатерлі жыландардың уынан сақтап қалған. Хен Бу ешуақытта байларға болысқан емес, ал жарлылардан ешуақытта ақша алған емес, сондықтан да айналадағы шаруалар, оны әкесіндей көруші еді.
Хон Киль Тонның шешесі Хен Буді көріп, басын иіп сәлем берді де:
— Менің тұңғышыма бақытты бол деп бата беріңіз,— деді.
Шал әйелге қарап күлімсіреді де баланың бетіне назар аударып:
— Мың жыл өмір сүрсін, тағы да бір айтатыным: бұл бала өзгеше бала. Бұл өскенде батыр болады, он төрт жасқа келгенде сыйқырлы сөзді біледі. Жарлылар бұны жанындай көреді, ал король чиновниктері — қорыққанынан жек көреді; тағы да айтатыным: бұл бала біздің губернаторды жояды.
Осыны айтады да дана адам өзінің үңгіріне кіріп кетеді.
Ал күң әйел—кішкентай баласымен бара жатқан жолына қарай жүре береді.
Шалдың айтқан сөздерінің бәрі де губернаторға жетеді де, ол күліп былай дейді:
— Мені күң әйелдің қаршадай баласы қалай жоя алады. Оны ержетпей тұрғанда қыршынынан қыйсам, кім маған көлденең тұра алады. Ол менің құлым, оған не істесем де өз ықтыярым.
Шалдың сөзін губернатор мазақтап күлді де, Хон Киль Тон есінен шығып кетті. Ал бала күн санап өсе берді, өсе берді. Ол жеті жасқа толғанда өзінін ақылымен, батырдай күштілігімен жұртты қайран қалдырады. Хон Киль Тон жеті жасында Қытай данышпандарының қолжазбаларын оқыйтын болды, жолбарысты дегеніне көндірудің әдісін білді. Хонь Киль Тонның жасы он төрттен аса бергенде, губернатор оның ақылгөйлігі мен қуаттылығы туралы аңызды естіп күңнің баласын алдыма алып келіңдер,— деп әмір етті. Оның көз алдына жас батырдың тұлғасы елестеді, «осы бала біздің губернаторды жояды» деп шалдың айтқан сөзі есіне түсті. Губернатор қатты қорқып кетті де, түнде ұйықтап жатқанында Хон Киль Тонды өлтірмекші болды. Бірақ Хон Киль Тон жаудың жаман ойын болжай алушы еді, сондықтан ол өзіне қатер төніп тұрғанын біле қойды.
Ол түнде шешесіне:
— Егер мен кешігіп қалсам абыржымаңыз. Мен тағы аңдарды аулауға барамын,— деді.
Шешесі:
— Оны сен қалай аулайсың, не садағың, не оғың жоқ,— деп шошып кетті.
— Оқасы жоқ, оның есесіне менің жүрегімде кек бар, бойымда күш бар. Қош болыңыз, кешікпей мен туралы естисіз,— деп Хон Киль Тон жүріп кетеді.
Үйде шам жарығы сөнген кезде Хон Киль Тон тау қуалап алысқа ұзап кеткен еді. Ол түні бойы жүріп отырып, таң атқанда биік күз таудың басында тұрды. Күңнің баласы солтүстікке қарап еді — көгілдір көлдерді, көлде жүзіп жүрген тәкаппар аққуларды көрді. Оңтүстікке қарап еді—төбесі аспанмен таласып, қалың өскен ну орманды көрді. Хон Киль Тон шығысқа көз салып еді — құлдырап ағып жатқан өзенді көрді. Батысқа бұрылып қарап еді — тары мен жүгері ырғалып өскен егіс даласынан көз айыра алмады. Хон Киль Тон өз отанына қарап еді, өзінің әрбір минут сайын бірден бірге күшейіп бара жатқанын сезді. Түпсіз жардың қабағынан үстіне жүз кісі сыйғандай үлкен көк тасты көріп, алақанымен итеріп қалып еді — көк тас түпсіз шыңырауға домалап кетті. Хон Киль Тон өзінің сондай күшті екеніне қуанып күліп, басын жоғары көтеріп қарап еді, көк жиектен биік құз тау көзіне түсті; таудың ұшар басы бұлт жамылып түнеріп тұр.
— Енді бәрін де істеуіме болады. Тіпті бұлтқа да жетуіме болады,— деді күңнің баласы.
Осыны айтты да Хон Киль Тон Кореядағы ең биік таудың шыңына қарай өрмелей бастады. Күні бойы Хон Киль Тон бұлтқа қарай көтерілуде болды, күні бойы жартастардың бойымен тырмысып, ақырында күн шыға таудың биік шыңына шықты. Күн шығып, тұман серпілген кезде Хон Киль Тон қарсы алдынан тас дуал көрді. Бұл тас дуалда есік бар екен. Ол есіктің үлкендігі мен ауырлығы — тіпті елу кісі орнынан әрең қозғағандай еді. Тас есікке келіп Хон Киль Тон оны иығымен итеріп еді, есік жайлап ашылып кетті. Хон Киль Тон гүл жайнаған жазыққа шыға келді. Оны лезде көп адам қоршап алды.
— Сен кімсің? —деп олар шу ете түсті. Мұнда келуге қалай батылың барды? Қазір сен өлесің!
Бірақ Хон Киль Тон шошый қоймады. Ол иіліп тәжім етті де:
— Мені кеше ғана Сеулді билеуші күңнен туған құл деп атайтын. Бірақ мен ерікті болғым келіп тау ішіне кеттім. Сіздер менің жағдайымды енді білдіңіздер. Ал өздеріңіз туралы айтыңыздаршы ?
— Біз король чиновниктері мен монахтардың жауымыз. Біз туыс болуға, өмір бойы кедейлер мен бақытсыздыққа ұшыраған бишаралардың панасы болуға бір-бірімізге ант бергеміз,— деді.
Сонда Хон Киль Тон:
— Мен сіздермен бірге болғым келеді! —деді.
— Егер де сен кедейлерге қастық істемей және король чиновниктерінің зорлығын кешірмеймін деп ант берсең,—бізге сонда ғана туыс боласың.
Хон Киль Тон ант берді. Сонда туыстардың ішінен жасы үлкен біреуі шығып:
— Енді сен бірнеше сыннан өтуің керек. Біз сенің күшіңді байқағымыз келеді. Өзіңнің күшің қандай? Қане бізге соны көрсетші,— деді.
Хон Киль Тон айналасына қарап еді, анадай жерде тұрған теректі көрді. Ол терекке келді де, қос қолдап ұстап тартып келіп қалғанда, жерден түп-тамырымен жұлып алды.
— Жақсы деді үлкен ағасы.— Біз сенің күшіңді көрдік. Енді саған тағы бір сыннан өту қалды бізге ақылың мен ықласыңды көрсет. Тыңдап ал: мына көрші таудың ішінде үлкен храм бар. Дуалдың ішінде зұлым монахтар тұрады. Олар кедейлерді тонап қана қоймай, өздерінің король чиновниктерінің жұмысына салады.
Біз осы храмға кіру үшін көп айла жасадық, бірақ оның биік дуалының үстінде тұрған қарауыл алыстан көріп қояды да, олар бізді мылтықпен атқылай бастайды. Көзге түспей храмға жақындаудың айласын ешбір таппадық. Сондықтан, бізге монахтарды қалай алдаудың әдісін тапсаң сенің ақылды екеніңе сенеміз.
Маған жарты күн ойлануға мұрша беріңіз,—деді Хон Киль Тон.
Түс уақытында өзінің ойлап тапқан айласын үлкен ағасына айтты Хон Киль Тон: мені қызыл шайымен киіндіріп, бір есекті ерттеп беріңдер деді. Есекке мініп алды да өзінің ағаларымен қоштасып, Хон Киль Тон көрші тауға қарай жүріп кетті. Храмның қарауылдары әсем киініп келе жатқан Хон Киль Тонды алыстан-ақ көрді.
— Бұл,- деді семіз монах,— бізге келе жатқан бір шандоз чиновник болу керек.
Хон Киль Тон дуалға келді де қақпаны қағып еді, оны сол сәтте-ақ кіргізіп алды.
— Мен король министрінің баласымын,— деді Хон Коль Тон.—Менің әкем осы храмдағы ең үлкен монахтарыңыздан ақылгөйлік пен ізгілікке үйрен деп жіберді.
Өзіне король министрінің баласы оқуға келгенін білісімен-ақ, үлкен монах Хон Киль Тонды қойнын ашып қарсы алды. Ал Хон Киль Тон есектен түсіп иіліп сәлем берді де:
— Менің әкем сыйлыққа сізге жүз атқа күріш артып жіберді. Керуен храмға күн бата жетуі керек,— деді.
Өздеріне келетін күріштің қуанышына монахтар той жасап, көңіл көтеруге ұйғарды. Олар ең қадірлі орынға Хон Киль Тонды отырғызып, барлығы да, оған аяғының ұшынан басып жүріп қызмет етті. Той әбден қызған кезде қарауылшы жүгіріп кіріп, министр жіберген керуен күрішімен келіп қалды,— деп айқайлады.
Керуенді дуалға кіргізіп, қақпаны мықтап жап,— деп әмір етті бас монах.
— Сіздер неге қақпаны кілттеп ұстайсыз?—деп сұрады Хон Киль Тон.
— Ой, сүйікті мырза,— деді бас монах қиналыңқырап,— сіз білмейсіз ғой, бізге жақын жерде басқыншылар тұрады. Олар біздің храмды тонағысы келеді. Бірақ бұл олардың қолынан келмейді. Біздің храмның қақпасы берік, қарауылдары өте қырағы.
— Солай, солай,— деді Хон Киль Тон. Мұндай сарайға олар ешуақытта да кіре алмайды.
Сөйтті де, ол кесесіне пісірген күріштен салуды сұрады.
Монахтардың бәрі де арандары ашылып ішіп-жеп отыр. Бір уақытта Хон Киль Тон жағын басып ойбай салды.
Монахтар жым болды.
— Сізге не болды, сүйікті мырза? - деп сұрады бас монах.
Хон Киль Тон жауап орнына аузына көрсетпей салып алған кішкентай тасты алып көрсетті де, ақырып:
— Әкем мені мұнда тас жесін деп жіберген бе? Сіздердің король министрінің баласына осындай күріш беруге қайтып батылдарың барды?
Тақыр басты монахтар қорыққандарынан бастарын иді.
Осы мезгілде Хон Киль Тонның берген белгісі бойынша, оның керуенмен келген жыйырма ағасы кіріп келіп, монахтарды арқанмен байлап-матай бастады.
Монахтар шу көтеріп, көмекке монастырдың қарауылдары келді.
Осы уақытта керуен әкелген жүз қапшық күрішке жан бітіп кетті. Әрбір қапшықта зұлым монахтарды құртуға хабар күтіп күріш болып отырған адамдар шыға келді де, барлық монахтарды лезде байлап алды. Хон Киль Тон храмнан кетер алдында бұрын монахтар зорлықпен жұмыс істеткен барлық кедейлерді жыйнап алды да храмның астық сарайынан әр кедейге бір қапшық күріш, бір қапшық ақша және бір есектен үлестіріп берді. Кедейлер өздеріне тиген байлықтарын есекке артып алып, алыстағы орманның ішіне кіріп, көзден таса болды. Ал Хон Киль Тон ағаларымен бірге атқа мінді де, өздері тұратын тауға қарай жүріп кетті.
Олар өздерінің гүлденген өңіріне жеткенде Хон Киль Тонға үлкен ағасы:
— Сен бізге өзіңнің күшіңді, даналығыңды, айлакерлігіңді көрсеттің. Сенің кедейлерге деген сүйіспеншілігіңді де көрдік. Осыдан былай қарай ішіміздегі үлкеніміз сен бол,— деді.
Хон Киль Тон оларға басшы болуға ризалығын білдірді.
Осы күннен бастап король чиновниктерінің тыныштары кетіп, берекесі қаша бастады. Оларды әр жерде Хон Киль Тон мен оның достары аңдый беретін болды. Хон Киль Тон күніне бір игілікті нәрсе істейді. Кедей қыздардың тойына қаптап ақша, жібек киімдер, ашыққандарға күріш, шаруаларға өгіз беріп, құлдарға бостандық әперіп тұратын болды. Ол қайырымсыз чиновниктер мен монахтардың барлық ақшаларын, алтындары мен малдарын тартып алып тұрды. Хон Киль Тонның осы ерлік істері корольға да жетті. Король ашуланып, Сеулдің губернаторын өзіне шақырып алды:
— Хон Киль Тон сенің күңіңнің баласы. Сондықтан оны ұстап менің сарайыма байлап әкелуді бұйырамын. Егер ұстай алмасаң басыңды кесемін,— деді. Осы арада сәуегей адамның айтуынша өзінің Хон Киль Тонның қолынан өлетіні есіне сап ете түсті де, қалай да өзінің бұрынғы құлын ұстап алуға бел байлады. Халық қорғаған адамды ұстауға болмайтынына әміршінің ойы жетпеді.
Ол үйіне жеткенше Хон Киль Тон корольдың бұйрығын естіп те қойды.
— Губернатор үйіне келді де, өзінің күңі—Хон Киль Тонның шешесін шақыруға бұйырды. Бірақ күңі бір аттап басқанша болған жоқ, үй қызметкерлерінің:
— Бақытсыздық! Сіздің үй өртеніп жатыр! Сақтаныңыздар! —деп айқайлаған дауыстары даланы жаңғыртты.
Губернатор қораға жүгіріп шығып үйдің төрт бұрышынан бірдей өртеніп жатқанын көрді. Үй қызметкерлері үйді өрттен құтқаруға қанша тырысса да, олардың қолынан ешнәрсе келмеді. Өрт сөніп, түтін сейілген кезде губернатордың үйінің орнында — үйілген көмір мен күл ғана қалғанын жұрттың бәрі көрді. Ал дуал үстінде үлкен әріппен: «Мен губернаторды арамдықпен жыйған дүниеден құтқардым. Хон Киль Тон», деген жазу тұрды.
— Қуыңдар, тез қуыңдар! Тонаушылар алыс кеткен жоқ,— деп губернатор айқай салды.
Қуғыншылар Хон Киль Тон мен оның достарының артынан босқа қуды. Олар тас қабырғалы шыңның басында еш нәрседен қауіпсіз болатын. Губернатор басқа үйге көшті. Енді сарайын күні-түні күзеттіріп қойды. Хон Киль Тонды ұстай алмағанын біліп, король бұрынғысынан да қатты ашуланды да:
— Егер де губернатор, сол тонаушыны ұстамаса — өзінің ақмақ басын салатын қапшық әзірлей берсін,— деді.
— Билеушіден маза кетті. Ол Хон Киль Тонды қалай ұстаудың әдісін көп ойлады, ақыры ойлап тапты.
Бүкіл Корей деревняларына жез сырнайлы шапқыншылар жіберді. Шапқыншылар көшелерді аралап жүріп сырнайларын тартып, халық жыйналған кезде:
— Хон Киль Тонға жеткізіңіздер, он күн ішінде губернаторға өзі келіп көрінбесе оның шешесіне жүз рет таяқ соғылып, азаппен өлтіріледі!—деп құлақтандырды.
Хон Киль Тон шешесінің азаппен өлтірілетінін есітті де, өзен жағасына барып жеті тал қамысты кесіп алды. Осы қамыстың ішін сыйқыр сөзбен үріп еді — қамыс тірі адамға айналып сөйлейтін болды. Ал бұлардың бәрі де екі тамшы судай Хон Киль Тонға ұқсас еді.
Он күн өткеннен кейін Сеул губернаторының сарай күзетшісіне келіп бір адам:
— Мен Хон Киль Тонмын. Губернатор мені көргісі келеді екен, міне мен келдім деді.
Күзетші Хон Киль Тонды тарпа бассалып ұстап алды да, губернаторға алып келді.
— Еһе! — деді билеуші,— қолға түстің бе? Енді сен менің қолымдасың. Эй, мынаның қолын байлаңдар!
Хон Киль Тонның қолын байлай бастаған кезде, күзетші тағы бір адамды әкеліп:
— Мырза, міне мына біреу де Хон Киль Тонмын дейді,— деді.
Губернатор ажырайып қарады да, әрлі-берлі сенделіп жүре бастады: оның алдында екі Хон Киль Тон тұр. Екі Хон Киль Тон да билеушіге қарап күледі. Губернатор енді бірдеме дейін дей бергенде,— бөлмеге үшінші Хон Киль Тонды алып кіріп келе жатқанын көрді. Міне, бөлмеге сегіз Хон Киль Тонды алып келгенше осылай бола берді. Зұлым састы. Қалай білу керек, мұның ішінде нағыз Хон Киль Тон қайсысы? Император сарайына сегіз Хон Киль Тонды қайтып апармақ. Ойлап-ойлап губернатордың тапқан ақылы: Хон Киль Тонның шешесін бөлмеге шақырып әкелуге бұйрық берді. Күң кіріп келгенде, ол:
— Осының ішінде сенің балаң қайсысы? Егер де шыныңды айтпасаң бәрін де өлтіремін. Ал айтсаң балаңа кешірім етемін,— деді.
Губернатордың алдаған сөзіне нанып, бишара әйел Хон Киль Тондардың бетіне қарап, баласын іздей бастады. Бірақ оларды бірінен-бірін ажырата алмады. Сонан кейін біраз ойланып тұрды да:
— Менің баламның көкірегінің үстінде қара мең бар еді,— деді.
— Басқыншылардың көйлектерін шеш,— деп бұйырды губернатор.
Не пайда, күзетші тұтқындарға жақындап келе бергенде, Хон Киль Тон сыйқыр сөзді айтып қалып еді — бөлменің іші қап-қара тұман болып кетті. Ал тұман тараған уақытта, бөлменің ішінде губернатор мен күзетшіден басқа ешкім қалмаған. Тек бұрышта тоғыз тал қамыс жатты. Сасқалақтап жүрген адамдардың біреуі де оған көңіл аударған жоқ. Түн болып, қараңғы түсіп, үйдегі адамдардың бәрі тегіс ұйықтаған мезгілде, бір тал қамыс өзінен-өзі қозғалып өсе бастады. Оған қол, аяқ, кеуде және бас бітті. Бұл Хон Киль Тон еді. Ол еденнен ең жіңішке бір тал қамысты көтеріп алып, ай бұлтқа кіргенше күтіп тұрды да, қараңғы түсісімен губернатордың үйінен шығып таудағы өзінің туыстарына қарай жүріп кетті. Таудың биік шыңына жеткеннен кейін ол жіңішке қамысты жерге қойды да, сыйқырлы сөзін айтып еді — әлгі қамыс Хон Киль Тонның шешесі болып шықты.
— Енді сіз бостандықтасыз,— деді шешесіне Хон Киль Тон.— Мен өзімнің туыстарыма алып келдім, олар сізді өзінің туған анасындай сыйлайды.
Губернатор көпке дейін корольдің көзіне түсуге бата алмады. Ол Хон Киль Тонды айтылған уақытында ұстап сарайға алып бармаса, король сөзсіз басын кесетіндігін білетін. Енді өзінің жауын губернатор күшпен емес, айламен ұстауға ұйғарды. Өзі саудагердің киімін киіп алды да, екі қайратты күзетшісін де саудагерлерше киіндірді. Үшеуі осы қалпында айналадағы деревняны қыдырды. Губернатор белдігінің ішіне өткір қанжар қыстырып алды, ал күзетшілер пышақтан басқа іштерінен жуан арқан орап алды. Губернатор арқан ал деп бұйырғанда онымен Хон Киль Тонды байлап корольге апармақшы еді. Ал Хон Киль Тон билеушінің өзін іздеп жүргенін білгеннен кейін бүкірейген шал болып, үстіне тозығы жеткен жыртық киім киіп, қолына таяқ ұстап бір жақын деревняға келді. Аяғын тәлтіректеп азар басқан болып келеді. Тап сол деревняға губернатор тоқтаған еді. Ол таяққа сүйенген, алба-жұлба киінген шалды көріп дауыстап:
— Әй, қайыршы, Хон Киль Тон тонаушыны көрген жоқпысың? — деді.
— Жоқ, құрметті мырзам, көрген емеспін,— деп жауап қайырды шал. Ол кереметтей айбатты, түсін көрген адам табанда жан тапсырады деп жүр ғой?
Билеуші қарқылдап күліп:
— Ой, оңбаған ақмақ шал? Егер кездессе, оған не істерімді өзім білер едім!
Сонда Хон Киль Тон тұрып: — Естуімше, ол бүгін таңертең жалғыз өзі жақын бір таудың басына шығып кетті деседі,— деді.
Сол арада, күзетшілер қанжарларын суырып алып, шалдың өңменіне таяп тұрып:
— Соның жасырынып жатқан жеріне бізді алып бар! — деді.
— Жүріңдер,— деді Хон Киль Тон,— менің өзім де сол тонаушыны қайтып ұстағандарыңды қызық көремін.
Хон Киль Тон билеуші мен күзетшілерді бірнеше сағат бойы ертіп жүрді. Олар тау ішінде жүргенде түн болды. Хон Киль Тон таңсәріден губернаторды оятты да, тағы да алға қарай жүрді. Ең ақырында олар, соңғы дөңнен өтті де, Хон Киль Тон қабырғаға ойып салған ауыр тас есікке қарай жүрді. Оның соңынан губернатор мен күзетшілер өкшелеп қалмай келеді. Бір уақытта Хон Киль Топ есікті итеріп жіберіп еді, есік жылжып ашылғанда, Хон Киль Тон ішке кіріп кетті. Шалдың соңынан губернатор да кірді.
— Тоқта! — деп айқай салды ол. — Тоқта, сумаңдай берсең, қазір сені жерге тірідей көмуге әмір беремін.
— Мен қашып бара жатқаным жоқ,— деді шал асықпай-саспай.
Бір уақытта шал қолындағы таяғын алысқа лақтырып жіберді де үстіндегі жыртық шолақ бешпентін сыпырып тастап, қолын жазып алды. Билеуші алдында тұрған қайратты жас батыр Хон Киль Тон екенін сонда бір-ақ білді. Хон Киль Тонға қарай жан-жақтан туыстары жүгіріп келеді. Олардың алдында жанұшырып шешесі келеді. Сол уақытта губернаторға бәрі аян болды. Ол Хон Киль Тонның аяғына жығылып, өзінің өмірін тіледі, тірі қалдыруды сұрады.
Айлакер Хон Киль Тон:
— Жақсы, сізге кешірім берейік. Губернаторға ең үлкен ыдыспен ең күшті шарап әкеп беріңдер,— деді.
Қуанған билеуші ыдыстағы шарапты басына бір-ақ көтерді де, сол арада оянбастай қатты ұйқыға кетті. Хон Киль Тон ұйықтап жатқан губернатордың басындағы шашының тең жартысын ұстарамен қырды да, үстіне әйел киімін кигізді, сонан кейін есектің үстіне жығылмастай етіп отырғызып тас қылып байлады да сол күйінде түнде Сеулге әкеліп тастады. Ертемен корольге сарай алдында мас губернатордың жатқанын хабарлады. Оны өзінің алдына алып келуге әмір етті король. Бірақ та әйел көйлегін киген, оның үстіне жарты шекесіне дейін шашын қырғызып тастаған губернатордың ұсқынын көргенде, король қатты ашуланып, табанда оның басын шауып тастауға бұйрық берді.
ЧЕЧЖУДЫ ШАРУА ҚАЛАЙ ҚОРҒАП ҚАЛДЫ
Бұл сондай ерте заманда болған, тіпті біздің бабаларымыз да дүниеге келмеген уақыт екен. Жапондықтар Кореяның Чечжу деген қаласын басып алып, мақтандықпен ойран салып, тонай бастайды.
— Енді біз өмір бойы осында қаламыз, корейлер Чечжуды бізден ешуақытта тартып ала алмайды,— деседі.
Кореяның королі сол уақытта генералдарды шақырып алып жауларды қуып шығуға бұйырады.
— Егер де қуып шыға алмасаңдар,— деп қорқытады король,— мен сендерден мылтық атып үйренетін нысана жасаймын, сонда сендерден аз да болса пайда тиеді!
Генералдар басы жерге жеткенше иіліп корольге құлдық ұрады да шығып кетеді. Барлығы да өз үйлерінде отырып алып, жапондықтарды Чечжудан қалай қуып шығу амалын ойлайды. Ал бұл қала өте берік қорған болып есептелетін: қаланың айналасын қоршай зәулім боп өскен тікенекті әрі қалың бұталардың арасынан бірде-бір адам өте де, үстінен қарғый да алмаушы еді. Генералдар корольдің бұйрығын орындау жолдарын, сонымен өздерін өлімнен құтқару жолдарын көп күндер бойы ойлады, бірақ ешнәрсе де ойлап таба алмады. Ешбір ақыл таппаған соң генерал Те Ион Чиль Чечжуға жақын жердегі биікке шықты да: тікенді бұтаның арасынан өтетін жол табылмас па деп, айналаны шолый бастады. Те Ион Чильға жақын жерде бір қарт шаруа қара өгізбен жер жыртып жүр екен. Генерал оған қараған да жоқ, бір уақытта шаруаның өгізді балағаттап ұрысқан даусын есітті:
— Қашанғы бір жерді таптай бермексің? Қимылдайтын кезеңде қол қусырып қарап отыратын, сен Те Ион Чиль емессің ғой!
Генерал ашуланып, шалдың жанына келді де:
— Тіл тигізуге қандай қақың бар! Ол корольдің ең ақылды, ең батыр генералы емес пе еді? — дейді.
— Егер де ол сондай ақылды және батыр болса, жауды неге Чечжудан қуып шықпайды? — деп жауап береді шаруа.
Сонда генерал:
— Қаланы қоршаған тікен қорғанды көрмей тұрған сенің көзің соқыр екен,— деп ақырады.
— Қолбасшыға бұл қорғанды жоюға кім кедергі жасады?—деп сұрайды шаруа.
— Мылжың! — деп Те Ион Чиль тағы ақырады.— Қорған күні-түні күзетіледі!
Шаруа генералдың ашуынан қорықпайды:
— Егер де адам өз жерін сүйетін болса, ол жаудан қалай қорғауды білуге міндетті,—дейді.
— Ендеше, сен жапондықтарды Чечжудан қалай қуып шығуды біледі екенсің ғой?—деп генерал келекете сұрайды.
— Білемін,—дейді шал.— Маған он бес айдан кейін жүз жауынгер жібер,—Чечжу қаласы қайтадан Кореянікі болады.
— Айтылған сөзден гөрі, атқан оқты кері қайырып алу тез дегенді шалым, сен тегі ұмытқан болуың керек. Мен айтқан уақытыңа жүз жауынгерді жіберейін. Бірақ, егер де жапондықтарды қуа алмасаң сенің теріңнен барабан жасауға бұйырамын.
Осы сөздерді айтты да, Те Ион Чиль шаруаны жайына қалдырып, өзі корольға кетті. Генерал шаруаның мақтаншақтығы туралы корольға айтып беріп еді, король шек-сілесі қатқанша күлгеннен кейін, былай деді:
— Мақтаншақты бақылап жүру керек, әйтпесе қашып кетіп, басын кесе алмай қалармыз.
Келесі күннен бастап корольдің тыңшылары шалдың қорашы үйінің айналасынан шықпайтын болды. Кешке олар корольға келіп:
— Шаруа күні бойы желімдеп кішкентай қағаз қалталар жасаумен болды,— деп хабарлады.
Ертеңіне тыңшылар тағы да:
— Шаруа ертеңнен кешке дейін кішкентай қағаз қалталар желімдеумен болды,— дейді.
Шаруа кішкентай қағаз қалталар жасады деп тыңшылар он күн бойы корольға хабарлап тұрды. Ал он бірінші күні шаруа арымай-талмай патпарақ жасап отыр деп мәлімдеді.
— Ол жынданған екен,—дейді король.
Кешікпей корольға шалдың жаңа бір қылығын айтып келеді: ол барлық деревнядағы балаларды жыйнап алып, таңертеңнен кешке дейін патпарақ ұшырумен болған. Король қатты ашуланады. Ол сол сағатында-ақ шалдың басын кесіп тастағысы келіп еді, бірақ Те Ион Чиль басын иіп.
— Марқабатты король, мен ол мақтаншаққа он бес ай күтем деп, уәде беріп едім. Басы бізден ешқайда қашпас, — дейді.
— Жарайды, сеніңше-ақ болсын. Ол ақмақ қашып кетіп қалып жүрмесін, соны байқаңдар,— депті король.
Жаз өтіп, күз келеді; шаруа генерал Те Ион Чиль мен екі арадағы болған сөзді ойдан шығарған сияқты. Ол қаннен қаперсіз шаруашылығымен айналысып жүре береді: егінін орады, үйін оңдап, орманнан отын жыйнайды, ау тоқыйды. Көзді ашып-жұмғанша қыс түсті де, оның артынан көктем де шыға келді. Шаруаның Чечжуды алуы үшін белгілеген мерзімді күні де жақындап қалды. Ол үйінің маңынан корольдың шпиондарын жиі-жиі көретін болды. Бірақ шал оларды байқамағансып, өз жұмыстарымен айналыса берді. Май айында төбешіктің басына шықты да, тікенек қорған жақты айнала шолып шығып, деревнясына көңілденіп қайтты.
— Ти Ион Чильға айтып бар, тоғызыншы ай туысымен мен оның әскерлерін күтемін.
Міне, ақырында тоғызыншы айдың бірінші түні болды. Бұл түні мықты істелген садақпен, өткір ұшты найзамен және ауыр қылышпен қаруланған іріктеліп алынған бір жүз жауынгер дыбысын шығармай шаруа тұратын деревняға келді. Әскерлердің арасында жендет те бар еді. Король оған: егер де шал Чечжудан жауды қуып шыға алмаса, басын кесіп сарайға әкел деп бұйрық берген болатын.
Шаруа әскерлердің алдынан шығып:
— Дыбыстарыңды шығармастан менің соңымнан еңбектеп еріңдер! — деді:
Әскерлер шалдың соңынан еңбектейді. Тікенді қорғанға жарты лидей1 қалғанда, шаруа әскерлерге тоқтатыңдар, деп бұйырады. Ол әскердің ішінен епті он жігітті шақырып алып, оларға бірдеңе айтып еді — жастар алға қарай тез еңбектеп кетті. Кенет, жауынгерлерден әріректе он жерден от лay ете түсті. Желдің екпіні өртті тікенді қорғанға қарай айдады. От жан-жақтан келіп лап қойғанда тікенді бұталар лаулап жанып, жалыны аспанға шапшыды.
— Мансе! Мансе!2 — деп шаруа айқай салды, енді бұрынғыдай алдырмайтын қорған болмағасын, корей жауынгерлері, алға қарай ұмтылып, Чечжуға басып кірді. Ұрыс тез бітті. Самурайлар берік қорғанда отырғанда ғана батырсыйды екен. Ал қорған құрып еді, бірдегеннен корей жауынгерлеріне өздері тұтқынға берілді.
Тұтқынға түскендердің көптігі сондай, оларды шаруа санап болғанша таң да атып, король өзінің генералдарын ертіп Чечжуға келіп те жетті.
Король шалдың қасына келіп:
— Айтшы, өрт тікенді қорғанға қалай жетті?—деді.
— Мен он жас жігітке қорғанның айналасындағы шөпті өртеңдер дедім, ал жел өртті қорғанға қарай айдады.
— Өтірік айтасың! — деп айқайлады Те Ион Чиль. Қорғанның төңірегінде шөп жоқ. Олай болғанда өрте деп өзім де әлдеқашан бұйрық берген болар едім.
— Шепті егіп шығаруға саған кедергі жасаған кім? — дейді шаруа.
Генерал бұрынғысынан да бетер ашуланып:
— Қорғанға жақын барғандардың барлығын жапондықтардың өлтіретінін сен білмеуші ме едің?! —дейді.
— Соғысу үшін садақ, оқ және қылыш керек. Ал, жақсы соғысу үшін, жаудан гөрі ақылдырақ, айлалырақ болу керек,— деп жауап береді шаруа.— Тыңдаңызшы, мен жауды қалай жеңдім: Он күн қағаздан қалта жасап, оны шөптің іріктеліп алынған тұқымдарымен толтырдым. Тағы он күн патпарақ жасадым. Осы патпарақтарға шөп тұқымын салған қалталарды байлап, бұталарға қарай ұшырдым. Патпарақ тікенді бұтақтарға ілініп қалды да, тұқымдар жерге төгілді, жел оларды қорғанның айналасына ұшырып жайды. Жазғытұры тұқым көктеді де, ал жазда қалың әрі биік шөп шықты. Міне, бүгін түнде жел Чечжу қорғанына қарай шыққанда мен сол шөпті өртедім.
Корольдің генералдары шалдың әңгімесін естігеннен кейін ызаланып:
— Біз өзіміз де осыны ойлап табатын едік,— деседі.
Шал тәжім етеді де:
— Құлаған ағашты кесу оңай, ойланып табылған іске ие болу оңай,— деп жауап қайтарады.
Осыны айтады да, шаруа езінің қайығының тесілген жерін оңдау үшін су жағасына кетіп қалады, масқараланған король мен генералдар Чечжуда қала беріпті.
АЙНА-ҚҰЛ
Бұл қазір емес, баяғы бір өткен кәрі заманда болған.
Бір шаруа корейдің әйелі сәтті сағатта еркек бала тауыпты. Ол күн санап емес, сағат санап өсіпті де, жеті жасында-ақ өзінің талантымен бүкіл елге даңқы жайылыпты. Кореяда бір кішкентай бала оқып, жаза, өлең шығара біледі екен және нағыз қыйын жұмбақтарды шешеді екен деген хабар Жапонияның императорына да жетеді.
Бұған Жапония императоры сенбейді де, Кореяға өзінің ақылгөйлерін жібереді.
— Баланы табыңыздар да, оның ақылдылығы және тапқырлығы дәл жұрт айтып жүргендей ме екен, тексеріңдер — деп бұйрық етеді император.
Ақылгөйлер императорға бас иісіп, сарайдан шықты да кемеге отырып жүріп кетті. Теңіз үстінде жел оңнан соғып, олар кешікпей Корея жағалауына келіп тоқтады. Жапон ақылгөйлері кемеден түсіп үлгірмей жатып, тастың үстінде өлең оқып отырған бір кішкентай баланы көрді.
Ең қарт ақылгөй баланы тыңдап тұрды да:
— Бұл өте жақсы өлең екен. Кім шығарған? — деді.
Бала:
— Бұл өлеңді шығарған мен өзім.
Ақылгөйлер оған нанбады.
Бірақ бала:
— Менің өлең шығара алатындығымды тексеріп көрулеріңізге болады. Маған тек бір сөзді бастап айтыңыз,— деді.
Сонда бір жапондық тұрып:
— Қара, біздің ескегіміз, түйреп жатыр толқындардың астындағы жарық айды... депті.
Бала:
— Үстімізіде жұлдызды аспан, көлбей түсіп жарқырайды... деп қағып әкетеді.
Жапондықтар баланың мұндай тез жауабына таң-тамаша қалады. Ақылгөйлердің ішіндегі ең кәрісі баланы тағы тексеріп көргісі келіп былай дейді:
— Атқан садақ көбіктенген шексіз мұхит жиегіне жетеді...
Бала оны былай деп аяқтайды:
— Ақылгөй сөзі онан күшті,— жер дүниенің қыйырына жетеді.
Өте жақсы өлеңдерді баланың өзі шығаратынына көздері жеткеннен кейін, олар енді баланың тапқырлығын байқағылары келіпті.
— Айтшы,— деп сұрайды, ақылгөйлердің біреуі, неліктен құстар мен егеуқұйрықтар цвик-чуик, цвик-чуик,— деген дыбыс шығарады.
Бала ойламастан:
— Ол да шошқа мен иттердің: рвау, рвау деп ырылдағаны сыяқты,— деп жауап беріпті. Бұған жапон ақылгөйлері күледі де:
— Сен өзің ақмақ екенсің ғой: рвау, рвау—бұл иттің ырылы ғой, ал шошқа ешуақытта ондай дыбыс шығармайды, — дейді.
Бала да күліп жіберіп:
— Егеуқұйрық цвик-чуик, цвик-чуик деп шықылдағанда шошқа да рвау-рвау деп ырылдайды депті. Баланың тапқырлығы ақылгөйлерге өте ұнайды.
— Сенің жасың нешеде, атың кім? — деп сұрайды, жапондықтар.
— Атым Чой Чун Куан, жасым онда.
Жапондықтар таң қалып:
— Егер де Кореяның кішкентай балалары мұндай дана болғанда, бұл елдің үлкендері қандай болмақшы! Жоқ, масқара болмай, тезірек аралымызға қайтқанымыз жақсы депті.
Сонымен, жапон императорының елшілері кемелеріне отырып алып, еліне қайтып кетеді. Олардың кемесі мұхиттың толқынында ұзақ жүзді. Ақыры жапондықтар ауылына жетеді де, императордың сарайына баруға асығады. Император өзінің елшілерін көргенде қабағын қарыс жауып жібереді де, каһарланып:
— Қане, айтыңыздаршы, Кореяда қандай адамдар тұрады екен, олардың балалары біздің қарттарымыздан да ақылды деген сөз рас па?—деп сұрады.
Елшілер қорқып кетті: олар Кореяда баладан басқа ешкімді де көрген жоқ, бірде-бір адаммен сөйлескен де жоқ қой.—Императорға не айта алады?
Сонда ішіндегі ең бір залымы императордың аяғына бас ұрып, былай дейді:
— Күннен туған жаймашуақ шұғылам! Кореяда ешкімге бағынбайтын өжет адамдар тұрады екен. Олар тіпті сенің дүниеде барыңды білмейді, атыңды атағанда біреу де тәжім етіп, маңдайын жерге тигізген жоқ.
Император бұрқылдап ашуланып:
— Мен олармен соғысуға аттанамын!
Нөкерлерінің барлығы да:
— Біз олармен соғыс ашамыз!—деп айқайласады.
Император аздап тынышталғаннан кейін:
— Маған күміс залдан кішкентай янтарь сандықшаны әкеліп беріңдер,— дейді.
Қызметшілері сандықшаны әкеліп береді. Императордың қолын жоғары көтеріп берген белгісінен залда тұрғандардың бәрі де еденге етбеттеп жата қалысады. Сарай маңындағылардың бәрі де басын көтеруден қорқып жата береді. Өздерінің әміршісінің қолын тек біреуді өлім жазасына кесудің алдында ғана көтеретінін олар жақсы білуші еді. Бірақ бұл жолы бәрі де жақсы өтті. Барлық сарай маңындағылар жерді құшақтап, мұрындарымен жер тіреп жатқан кезде, император бір нәрсені мақтаға орады да кішкентай сандықшаға салып, айналасына өзінің мөрін соғып бекітті. Осыдан кейін, ол сарай қызметкерлеріне еденнен тұруға әмір етеді де, бас кеңесшісіне:
— Сен мына сандықшаны Кореяның короліне апарып тапсыр да оған айт: егер де күз түскенше осы менің сандықшамда не барын таппаса, онда ол жер үстіндегі корольдердің ең ақымағы болғаны, — депті.
Біраз кідіріп демін алды да, император сөзін жалғап әкетті:
— Мен сандықшаның қақпағына жұмбақ жазамын, ал Кореяның билеушісі менің жұмбақ жазған жолымның төменгі жағына жұмбақтың шешуін жазсын.
Сүйтеді де император алтын туш пен кисточканы алып сандықшаның қақпағына мынаны жазады:
Сырты мұның әрі жылтыр, әрі ақ,
Іші мұның алтын шардай сап-сары.
Император ұлыққа не тартты екен,
Жәшікте не сақталыпты—тап қане?»
Кеңесші өзінің қожасының бұйрығын бұлжытпай орындайды. Ол Корея короліне янтарь сандықшасын әкеліп береді де, Жапония императорының сөзін айтады.
Король өзінің барлық министрлері мен ғалымдарын жыйнап алып:
— Кім мына жәшіктің ішінде не бар екенін тапса, ол адам королінің намысын, отанының намысын сақтап қалады,— дейді.
Корольдің ғалымдары сандықшада не барын табамыз деп босқа әуреленеді. Олар император жазған жұмбақты қайта-қайта оқыйды, айналып жан-жағының барлығын қарап шығады, үлкейткіш шынымен де қарап көреді, тіпті сандықшаның янтарьдай жасалған қақпағын иіскейді де, бірақ Жапон императорының сандық ішіне не жасырғанын олардың ешқайсысы түсіне алмайды. Бұл кезде Чой Чун Куан жұмыс іздеп Сеулге келген болатын. Ол үй-үйдің алдына келіп:
— Жез айна тазалаймын! Жез айна тазалаймын!—деп айғайлайды. Бұл дауысты бірінші министрдің қызы есітіп, өзінің үлкен жез айнасын алып шығуды бұйырады. Айнаны жаңғырту керек еді.
Чой Чун Куан тазалай бастайды. Ол айнаны сондай қатты тазалағандықтан, айна жарылып та кетеді. Тап осы уақытта қораға бірінші министр кіріп келеді. Ол қызының жақсы көретін айнасын баланың сындырғанын көріп:
— Өй, оңбаған. Бұл айна бір мың лән 3 тұрады. Қазір ақшасын төле,— деп ақырады.
Сонда Чой Чун Куан:
— Егер де осыншама ақшам болса, мен үй-үйді қаңғып жүріп, айна тазаламас едім, тақсыр депті.
— Жарайды онда!—дейді министр, тағы да ақырып.— Ендеше қашан сынған айнаның төлеуін өтегенше, менде құл болып қаласың. Сені қазірден бастап Айна-құл деп атайтын болады.
Осы күннен бастап Чой Чун Куан құлға айналады. Айна-құл ойында ештеме жоқ, стол жыйнап, өзінің күтушілік міндетін атқарып жүргенде, министрдің әйеліне не айтып отырғанын құлағы шалып қалады:
— Егер де он күн ішінде янтарь сандықшаның ішінде не барын король таба алмаса біздің корольдігіміздің ар-намысы айрандай төгіледі.
Бұл сөзді есітіп Айна-құл былай дейді:
— Дүние жүзінде жаратылыстың шешілмес сыры жоқ. Король сандықшаны маған көрсетсін, мүмкін, оның ішінде не нәрсе барын мен табармын.
— Ах, сен, ит!—деп ашуланады министр,— сандықшаның ішінде не барын мына мен өзім де таба алмай қойдым, ал сен, қайыршы құл министрден де дана болғың келген екен! Мұндай бұзықтығың үшін дүре соғуға жазаланасың.
Бірақ министрге баланы жазалауға тура келмеді. Ол таяқты ала бергенде, бөлмеге корольдің қызметшісі кіріп келді. Қызметші министрге басын иіп, тәжім етті де:
— Король саған мынаны айтуға бұйырды деді: бірінші министр әрі ақылды, әрі тапқыш, корольға шын ниетімен берілген айлакер болуы керек. Сондықтан, егер де сегіз күннің ішінде сандықшаға жасырылған нәрсенің не екенін білмесе, жендеттер бірінші министрдің құлағын және мұрнын кесіп, қаңғып жүрген иттердің жемтігіне тастайды.
Қызметшілер, осыны айтты да сандықшаны қойып, шығып кетті.
Министр қапаланып, қорыққанынан есі шығып, бөлменің ішінде әрлі-берлі жүгіріп, үстіндегі киімдерін жұлқылап жырта бастайды. Ол бұл сандықшаның ішінде не бар екенін өзінің таба алмайтынын жақсы білетін, сондықтан құлағы мен мұрнын кесуге жендеттің қылышын қалай қайрап жатқаны, көз алдына елестей берді.
Сол уақытта:
— Дүние жүзінде жаратылыстың шешілмейтін сыры жоқ,— деп Айна-құл тағы айтты.
Бұл жолы министр ақырған жоқ. Ол өзінің құлының алдында тізерлеп тұрып:
— Егep де, сен осы сандықшаның ішінде не бар екенін білсең, мен саған сегіз бөлмелі үй, он мың лән сыйлық беремін,— деп жалынды.
— Маған үйдің де, ақшаның да керегі жоқ. Тек мені және барлық құлыңызды босатам деп уәде берсеңіз болды,— дейді.
— Уәде беремін! — деп министр айқай салады.— Саған уәдемді беремін.
Сонан кейін Айна-құл сандықшаның қасына келіп, қақпағына жазылған сөздерді оқыйды:
«Сырты мұның әрі жылтыр, әрі ақ,
Іші мұның алтын шардай сап-сары.
Император ұлыққа не тартты екен,
Жәшікте не сақталыпты — тап кәні?»
Бұл жолдарды оқыйды да, Айна-құл:
— Бізде әлі уақыт бар. Сондықтан бұл сандықша алты күн ошақ үстінде тұрсын. Алты күннен кейін мен мұнда не сақтаулы тұрғанын айтып берейін,—дейді.
Айна-құлдың айтқанындай істейді. Ол жетінші күні сандықшаға келеді де, құлағын тақап тыңдап, сонан кейін кисточканы алып, тушқа батырып, Жапон императорының жазуының төменгі жағына жауап жазады:
«Әрбір корей баласы бұны білетін:
Мұнда жан бар таңнан хабар беретін!»
— Міне, жұмбақтың жауабы,— дейді Айна-құл.—Сандықшаны қайтадан Жапон императорына жіберуіңізге болады.
— Сонымен мұнда не бар болып шықты?—дейді министр.— Сенің жазған жолдарыңнан түк те түсінбедім.
— Бұған мен айыпты емеспін,— дейді бала. Осыдан артық мен ештеңе де айта алмаймын.
— Ендеше, сен мені алдаған екенсің ғой. Жарайды: мен сені мүлде босатпаймын, өз өмірінің ақырына дейін менің құлым боласың.
Министр сандықшаны әкеліп корольдің алдына қойғанда, король баланың жазған жолдарын оқып шықты да, ызаланып, жекіріп:
— Жұмбақтың жауабы қайда? Сен менің бұйрығымды орындамадың. Әй, жендет! Мына ақымақтың құлақ-мұрны шабылсын,— дейді.
Министр билеуші әкімнің аяғына жығылып сандықшадағы жазуды оның құлы жазғанын мойнына алады.
Сонда король былай дейді:
— Mен ол құлға жақсы жаза ойлап таптым. Сандықшаны Жапон ипмператорына сол құлдың өзі алып барсын. Император қаһарын соған төгеді, сонда ол бастан жұрдай болады.
Король қалай бұйырса, солай істеледі.
Айна-құлды кемеге отырғызып, Жапонияға алып келеді. Белгілеген күнінде, ол Жапонияның қаһарлы императорының алдына келіп, оған янтарьдан жасаған сандықшаны ұсынады. Император сандықшаға қарайды, содан кейін Айна-құлға қарап aшy кернеп, өзінің қылышына жабысады:
— Менің жұмбағымның жауабы қайда? Неліктен менің алдымда корольдің бірінші министрі тұрмай, кішкентай ақымақ бала тұр. Жауап бер, маған!
Король сол арада Айна-құлдың кеудесіне қылышын тақайды.
Айна-құл король жұмбағының астына өзінің жазғанын көрсетіп:
—Бұйрықшым, сенің сұрағыңа жауап міне,— дейді.
Император жауапты оқып шығады да, мысқылдап күліп:
— Кореяның королі менің жұмбағымды шеше алмаған. Сандықшада ешқандай жанды зат жоқ. Жер үстіндегі ақымақ король Кореяның королі екенін енді барлық дүниежүзі білетін болды.
Императордың берген белгісімен жендет Айна-құлдың қасына таянады. Бірақ бұл жолы да Айна-құл сасқан жоқ:
— О, императорлардың ішіндегі ең данасы, сенің жұмбағың сондай оңай, тіпті оны мен де шеше алдым,— деді.
— Өтірік!—деп айқай салды император.— Сандықшада ешқандай да жанды зат жоқ.
— Егер де мен қателескен болсам, мейлі менің басымды шапсын,— дейді Айна-құл.
— Жақсы,— деп Жапонияның билеушісі күліп жібереді. Екі минуттан кейін сен бастан жұрдай боласың. Біліп қой, сандықшада кәдімгідей тауықтың жұмыртқасы жасырылған болатын.
Соны айтып, өзіне өзі риза император сандықшаны ашуға бұйрық береді. Қызметшілері мөрлерді жұлып тастап, сандықшаның қақпағын ашады, сол арада олардың таңқалғаны сондай, сандықшаны қолдарынан түсіріп ала жаздайды. Сандықшаның ішіндегі тауықтың кішкентай балапаны — сары қораз болып шығады. Айна-құл кішкентай қоразды алақанына отырғызып еді, ол қылдырықтай жіңішке мойнын созып: «ку-ку-ре-ку!» деп шақырып қоя берді.
Император Айна-құлдың не жазғанына енді ғана түсінді.
Осылайша корейдің қарапайым баласы, кедей шаруаның ұлы, өзінің королінен, корольдің министрлерінен және Жапония императорынан ақылды болып шығады. Ал Жапония императоры содан бері Кореямен соғысуды ойлаудан да қорқады. Қорықпай қайтсын! Кореяның кішкентай балалары, ақылды және батыл болғанда, олардың ер жігіттері қандай батыр, данышпан болмақ!
ҚҰС ПАТШАСЫНЫҢ СЫЙЛЫҒЫ
Ерте заманда Хон Бу, Наль Бу деген ағайынды екі кісі болыпты. Наль Бу өте бай болыпты, ал Хон Бу өте жарлы болыпты. Бай туысқанында бала болмайды, ал Хон Будың бір ұлы, бір қызы болады. Жарлының әйелі:
— Ақшамыздың жоқтығы еш нәрсе емес, оның есесіне, өрімдей боп өсіп келе жатқан балаларымыз бар,— деп жиі айтады екен.
Хон Будың жарлылығы сондай, тіпті үйі де болмапты. Ол үйдің орнына күріштің саломынан баспана шалаш істеп алып, әйел, балаларымен сонда тұра береді. Аштан өлмей күн көру үшін, Хон Бу мен әйелі саломнан шапата тоқып сатып кәсіп етеді. Саломнан әрбір жасаған шапатаны бірнеше қарабақырға сатады, сондықтан қарны тойып тамақ ішуге еш уақытта тура келген емес. Бір жылы өте бір сәтсіз жаз болды, жерге себілген күріш тұқымы шықпай қалды. Деревняда Хон Бу шапата жасайтын күріштің саломы да табылмайтын болды. Аш балалар тамақ сұрап бекер қыңқылдай беретін. Көп кешікпей кедейдің шалашында бір түйір астық қалмаған еді, тіпті шалаштың ішінде отқа, тамызық болғандай қу шыбық та қалған жоқ.
Балаларының аштан өлерін көрген жарлының әйелі зар еңірейді. Хон Бу сорлы әйелі мен балаларының көз жасына шыдай алмайды. Таңсәріден жұмыс іздеп қалаға кетеді.
Хон Будың әйелі жылап отырған күйі кішкентай ұлына:
— Ағаңа барып: аштан өлгелі жатырмыз де, қарызға бір азғантай күріш сұра. Егер де құр қол қайтсаң, сенің ағаңның жүрегі жолбарыстың жүрегіндей болғаны,— дейді.
Бала Наль Будың үйіне кетеді. Бірінші қораның есігінен кіре бергенде-ақ күжірейген бұқаларды, жемге тойған торайларды, семіз тауықтар мен сансыз көп қаз, үйректерді көреді. Екінші қораға жеткенде, баланың алдынан күзетші иттер ырылдап тап берді. Осынша қабаған иттерді ұстауына қарағанда, байдың үйінде дүние-мүлік көп болуға тиіс.
Иттердің абалағанын есітіп, қызметші әйел сыртқа жүгіріп шығады.
— Жөнел аулақ! Шоқпыт неме, не керек өзіңе бұл үйден?— деп ақырды әйел балаға.
— Мен Наль Бy мырзаның немере інісімін, ол кісіні қайткенде де көруім қажет,— дейді бала.
Қызметші әйел баланы немере ағасы отырған түпкі қораға ертіп әкеледі. Наль Бу көлеңкеленген верандада ұзын трубкасын тартып отыр екен. Бай үсті далба-дұлба, аштықтан бұралған немере інісін көргенде, аузындағы трубкасын жұлып алып, ашу шақырып:
— Кімсің өзің? Бұл үйге қалай кірдің?—деді.
Бала:
— Мен сіздің ағаңыздың баласымын. Шешем мен қарындасым аштан өлгелі жатыр. Бізге бір азғантай қарызға күріш беріңіз,— дейді.
Наль Бу баланың сұрағын естіп, мыйығынан бір күледі де былай деп жауап береді:
— Менің күрішім қоймада кілтте тұр, ашқышын қайда қойғанымды өзім де білмеймін. Егер де мен саған бір жапырақ ет берсем — саған иттер жабылып, талап тастайды. Егер де күнжара берсем, — шошқалар қызғанып қорсылдап артыңнан қуады. Aл егер де саған бір шелек кебек берсем — сиырларым жемсіз қалады. Егер саған бір уыс қонақ берсем — тауықтар ашуланып жұмыртқаламай қояды. Сондықтан сен бұл жерден тезірек кет те, менің көзіме екінші рет көрінуші болма.
Үйіне құр қол қайту балаға ауыр тиеді. Ол қамығып келе жатып, шешесі мен қарындасын тамақтандыру үшін қайткенде азырақ болса да ақша тауып алу жолын ойлаумен болады. Кенет арқасында атып алған қояны бар, өзіне қарай қарсы жүріп келе жатқан аңшыны көреді.
Аңшы баланың жанына келіп тоқтап:
— Жауыз құс лашын, біздің деревнядағы барлық балапандарды тасып бітірді. Мен лашынды өлтірейін деп едім, бірақ ол көз ұшында, бұлтқа тақау ұшады, садағымның оғы жетпей қойды,— дейді.
Бала лашын құстың көк аспанмен таласып ұшып жүргенін көрді.
— Мына шоқ ағаштың астына жасырыныңыз,— деді бала, аңшыға. Ал лашын құс төмендеп түскенде,—мүлт кетпеңіз, екінші рет мен оны алдай алмаймын.
Аңшы бір топ жаңғақ ағашының астына жасырынысымен-ақ, бала өлген адамға ұқсап, шалқасынан жата қалды. Ол қыбыр етпей бірнеше минут жатты. Ал лашын қалықтап айналып ұша берді. Бұл бір өте сақ, кәрі құс болса керек. Қол-аяғын созып жіберіп жатқан баланы ұзақ байқады, ең ақырында, шыдай алмай төмен құлдыйлай бастады. Лашын құс баланың кеудесіне шүйілген кезде, садақтың оғы зу ете түсті де, лашын қанатын жая қалпақтай ұшты.
— Рақмет, саған бала,—деді аңшы.—Өзің батыр да, ақылды да, екенсің. Сен болмағанда мен бұл ұрыны ешуақытта да өлтіре алмаған болар едім. Міне саған сыйлыққа жүз лян.
Жүрегі жарыла қуанған бала, ақшаны қойнына тықты да, үйіне қарай жүгірді. Ол шалашта отырған әкесін көрді. Хон Бу қанша іздесе де ешбір жұмыс табылмай, аштан бұралып, жабыққан күйі отыр еді. Бірақ баласы алдына ақша әкеліп қойғанда, көңілденіп қоя берді. Ол қалаға барып базардан күріш саломын сатып алды да, өзінің көршілеріне тағы да шапата істей бастады. Күн соңынан күндер өтіп, жайлап жылжып көктем де шықты. Көктемде құстар қайтып келіп, ұя сала бастады. Екі қарлығаш ұяны Хон Будың шалашының есігінің қақ маңдайшасына салды. Жазда қарлығаш балапандар өргізді. Балапандар үнемі аш болатын. Жарлыны немесе оның балаларын көргенде балапандар жем сұрап ауыздарын кере ашатын. Олар балапандардың аузына бірнеше қонақ, кейде жаңбыр құртын салушы еді.
Балапандар кешікпей ұшып үйрене бастады.
Бір күні, балапандар ағаштың бұтағында, отырғанда оларға үлкен жылан аңдый басып келіп қалады. Бұны Хон Бу көріп:
— Жылан,жылан! Тез ұшыңдар! — деп айғай салады.
Кішкентай қарлығаштар жарлының айқайын естіп, тез ғана көрші қарағайдың басына барып қонады. Бірақ бір балапан әлі нашар ұшатын еді, қарағайға жете алмай шөпке құлап түсті. Хон Бу құлаған балапанды жерден көтеріп алып қараса, аяғы сынып қалған екен. Кедей оның сынған аяғын байлап, балаларына балапанды күн сайын тамақтандырып тұрыңдар деп тапсырады. Күз түсе қарлығаш секектеп ойнап, шалаш ішінде ұшатын болады. Бір күні Хон Бу қарлығашты жақын жердегі тоғай ішіне әкелді де, ұшырып жіберді. Пыр етіп ұшқан қарлығаш қуана шарықтай, мөлдір аспанға еніп көрінбей кетеді. Ол ешуақытта аяз болмайтын, жауыз жыланы жоқ данышпан және әділетті құс патшасы тұратын құстар патшалығына ұшып кетеді.
Құс патшасы ақсақ қарлығашты көргенде аң-таң болып:
— Meн үш жүз жыл бойы құстарға патшалық етіп келем, бірақ ешуақытта қисық аяқ қарлығашты көрген емеспін,— депті.
Қарлығаш құс патшасына басынан кешірген уақыйғаларын, кедей адамның оны қалай ажалдан сақтап қалғанын әрі емдеп жазғанын бастан-аяқ қалдырмай айтып береді.
Қарлығаштың әңгімесін құс патшасы тыңдап болады да:
— Жақсылықты ұмытудан өткен масқарашылық жоқ. Мына асқабақтың дәнін ал да, көктем шыққасын өзіңді ажалдан құтқарған адамға апарып бер,— дейді.
Теңіз жақтан көктемнің жылы желі соққан кезде, қарлығаш Корея жағасына қарай, алыс жолға шықты. Ол екі күн ұшып, үшінші күні өзіне таныс шалашты көрді. Қарлығаш шалаштың төбесіне келіп қонды да, қатты сайрай бастады. Хон Бу құстың көңілді сайрауынан оянып кетіп, шалашынан шығып еді, қарлығашты таный кетті. Ал қарлығаш ұшып келіп кедейдің иығына қонды да, аузын ашып жерге асқабақтың дәнін тастап жіберді. Кедей бұл тұқымды жерге отырғызды; арада небәрі үш күн өткенде отырғызылған тұқым құлақтана бастады. Асқабақ тез өркен жайды. Бір күні таңертең өркеннің сабағына үш гүл пайда болыпты, ал бірнеше жұмадан кейін гүлдер кішкентай асқабақтың түйнегіне айналды. Асқабақтар тез өсіп, піce бастайды, көп ұзамай-ақ жеуге жарап қалады.
Хон Бу асқабақтарды өрнегінен кесіп алмақшы болып еді, әйелі:
— Асқабақ біраз өсіңкіресін, сонда біз қабығынан су тасыйтын үлкен ыдыс жасап, бай адамдарға сатармыз,— дейді.
Хон Бу әйелінің ақылын тыңдайды; айтқанындай асқабақтар сондай үлкейеді, тіпті кесуге пышақтың саласы жетпей қалады. Кедей араны алып, бірінші асқабақты ортасынан екіге жарып жібергенде ішінен әп-әсем бала шыға келіп, жарлының алдына біреуі алтын, біреуі күміс екі сауыт қояды. Бала, иіліп тәжім етіп:
— Құстардың әділ патшасы саған сәлем жолдайды. Кім де кім алтын сауыттан бір жұтым ішсе,— әруақытта дені сау болады. Кім де кім күміс сауыттан бір жұтым ішсе,— үнемі жас болады, — дейді.
Осыны айтады да бала ғайып болады.
Кедей құстар патшасының жіберген тартуын шалашына апарып қояды да, екінші асқабақты аралап кесе бастайды. Екінші асқабақ жарылар-жарылмастан-ақ, ішінен алты ұста шыға келеді. Әрқайсысының қолында бір-бір аспап: біріншісінде — балта, екіншісінде— ара, үшіншісінде—қашау, төртіншісінде — сүргі, бесіншісінде — күрек, алтыншысында — сүймен. Ұсталар шыға сала жұмысқа кіріседі, олардың не істегелі жатқандарын түсінем дегенше, екі верандасы, үш қорасы бар, сегіз бөлмелі үй салынып та үлгіреді. Ұсталар өздерінің жұмыстарын бітіргеннен кейін, иіліп тәжім етеді де, ғайып болады.
Aң-таң болған Хон Бу есін жинап, бойын билегеннен кейін:
— Енді үшіншісінде не бар екенін қарайық. Азғантай да болса күріш болса жақсы болар еді, бізде түскі ас жасауға бір түйір де күріш жоқ қой,—дейді әйелі мен балаларына.
Ол үшінші қабақты аралай бастайды. Үшінші асқабақ жарылғанда, ішінен улап-шулап қаз, үйрек, қырғауыл, тауық, түйетауықтар ұшып-ұшып шыға келеді. Ең соңынан есектің үш кішкене қодығы шығады. Есектерге қап-қап алтын мен күміс артылған. Хон Бу, әйелімен, балаларымен бақытты жақсы өмір сүре береді. Хон Будың көршілері де бақытты жақсы тұрмыс етеді, өйткені Хон Бу оларға көмек көрсетуден тартынбайды. Неғұрлым кедейлерге ақшаны көп үлестірсе, солғұрлым қапшығындағы алтын мен күміс көбейе түседі. Ағасы кедейлерге ақша үлестіреді екен деген хабар Наль Буға жетеді. Жұрттың сөзіне нанбай бай күледі:
— Ол қайыршыға ақша қайдан келеді? Шапата тоқыйтын саломы да жоқ емес пе! —дейді.
Ағасы аштан өліп қалмады ма екен деп, бай өзі барып білгісі келеді. Ол Хон Будың үйіне келіп көргенде өз көзіне өзі нанбады. Шалаштың орнында сегіз бөлмелі, екі верандасы бар, үш қорасы бар ағаш үй тұр. Бірінші қорада — өгіздер, аттар, екінші қорада — тауықтар, қаздар, қырғауылдар, түйетауықтар, үшінші қорада — керемет жақсы бақша. Бұл бақшада жемістің неше түрлері — алма, шабдалы, алмұрт, өрік... өскен. Ал гүлдерінің хош иістері деревняның бір шетінен екінші шетіне жетеді. Наль Бу үйге кіре бергенде верандада баласымен шахмат ойнап отырған ағасын көреді. Веранданың еденіне жолбарыстың терілерін төсеп тастапты. Байдың қызғаныштан жаны шығып кете жаздайды. Ал Хон Бу інісін көріп, алдынан шығады да, верандаға алып келеді. Наль Бу өзін-өзі ұстап бағып еді, шыдай алмады, мұнша байлықтың кедейге қайдан келгенін сұрады. Хон Бу ешуақытта өтірік айтқан емес еді. Ол бұл жолы да інісінен дәнеңе де жасырған жоқ, бастан-аяқ болған оқыйғаны түгелімен айтып берді. Бай үйіне келісімен қызметші әйелге қарлығаштың ұясын алып келуге бұйрық береді. Әйел қожасының бұйрығын бұлжытпай орындайды. Ол үйдің ернеуі астынан ішінде үш балапан отырған ұя табады. Наль Бу таңсәріде, жұрт әлі ұйқыда жатқанда түрегеледі де, ұядағы балапандардың екеуін өлтіріп, біреуінің аяғын сындырып үйге алып келеді. Балапан байғұсты, бай жаз бойы емдейді де, күзде ұшырып жібереді. Зағып балапан құстар патшасына ұшып жетеді.
Құстар патшасы ақсақ қарлығашқа:
— Сені кім жәбірледі, неге ақсайсың? Маған айтшы,—дейді. Байдың ағасы мен қарындасын өлтіргенін, өзінің аяғын сындырып, қалай емдегенін және бостандыққа жібергенін — бәрін қалдырмай қарлығаш патшаға айтып береді.
Құстар патшасы балапанның қайғылы әңгімесін тыңдағаннан кейін:
— Мә, саған асқабақтың дәні, көктемде өзіңнің аяғыңды сындырған кісіге апарып берерсің,— дейді.
Қыс айлары өте шығып, көктем де жетеді.
Бір күні бай верандасында ұзын трубкасын тартып отырса, қарлығаштың шиқылдаған даусын есітеді. Наль Бу майлы қағаздан жасалған терезесін сырып жіберіп қарап еді, өзінің өткен жылғы қарлығашын бірден таный кетті. Ол жүгіріп далаға шыға келісімен, қарлығаш аузын ашып қалғанда асқабақтың дәні жерге түсті. Бай дәнді ала-сала қоярға жер таппай, егетін орын іздейді. Ол сыйқырлы асқабақ піскен кезде біреу ұрлап әкете ме деп өте-мөте қорқады. Сондықтан Наль Бу тамаша әсемдік үнемі көз алдында болсын деп дәл үйінің іргесіне егуді ұйғарады. Бүкіл жаз бойы бай қазынасын күзетуде болады. Ол асқабақтың өркенінің түбін жұмсатып, нағыз таза сумен суарады, ал күндіз аңызақ ыстықтан көлеңкелейтін де, салқын желді түндерде үстін жөкемен жабатын. Құстар патшасының дәні тез мезгілдің ішінде сабақ салды және күз түсе жапырағымен байдың бүкіл үйінің үстін жауып жіберді. Наль Будың асқабағы үшеу емес бесеу болып шықты. Байдың көңілі толып, шалқақтап жүрді. Асқабақтар күн санап үлкейе түседі. Аз уақыттың ішінде, олардың өскендігі сондай, тіпті салмағынан үй сықырлай бастайды. Наль Бу мен әйеліне астық жинаулы тұрған жанама үйге көшуге тура келеді. Бай әйелімен екеуі сыйқыр асқабақтан бір адым алысқа кетпейді. Түнде Наль Бу, күндіз әйелі күзетеді. Асқабақты үзетін уақыт әлдеқашан жеткен болатын, бірақ Наль Бу асқабақ үлкейген сайын, ішіндегі қазына да көп болады деп есептеді. Ең ақырында асқабақ өсе-өсе үйдің шардағын сындырып, төбесін ортасына түсіреді. Наль Бу асқабақты үйден шығармақшы болған екен, ол есіктен өтпейді. Асқабақты домалатып шығару үшін, үйдің, бір қабырғасын сындыруға мәжбүр болады. Наль Бу үйсіз қалғандығына, онша қайғырған да жоқ. Өйткені ағасының асқабағының ішінен қанша қазына-байлықтың шыққаны байға мәлім ғой... Асқабақты домалатып қораның ішіне шығарысымен, ешкім кесел жасамасын деп қақпаны мықты етіп жабуға бұйрық береді де, өзі бірінші асқабақты аралауға кіріседі. Асқабақ соншалық үлкен және қатты екен, бай аралап болғанша үш рет дем алады. Асқабақ екіге жарылған кезде ішінен тартқан сым үстінде билейтін он биші шыға келеді. Олар шыққан бойда ән салып, билей бастайды. Наль Бу мен әйелі мұндай тегін қойылған ойынға рақаттана қарайды.
— Бишілер бізге қонған бақытқа қуанышын білдіру үшін келген ғой,— дейді бай. Бірақ бишілер мені жалықтырып жіберді, басқа асқабақтардың ішінде нендей ғажап нәрселердің барын білгенше шыдамым құрып барады.
Сонан соң: ең аға бишіге — кет!—деп ақырады.
Аға биші өкпелеген жоқ:
— Сен біздің билегенімізге көз суыңды қандырдың, біздің әнімізді рақаттана тыңдадың. Бізге он мың лян төле — сонда барып қарамызды жоямыз,— деп тәжім етеді.
Бай ашу қысқаннан қалш-қалш етіп, бір мешок ақша салып береді, бишілер ғайып болады. Наль Бу екінші асқабақты аралауға кіріседі. Ол екінші асқабақтан ұсталар атылып шығып, қазір жаңа үй салып береді деп үміттенеді. Бірақ асқабақтың ішінен шаштарын қырып тастаған он монах шыға келіп, Наль Будан қайыр сұрай бастайды. Бай монахтарды қорадан қуалап бекер әуреленді. Монахтардың жер бетіндегі адамдардың ішінде нағыз жемқор, нағыз беймазасы екені жұртқа мәлім ғой. Наль Бу сараң болғанмен монахтарға бір мың лян беріп кетіруге мәжбүр болды.
— Қайғырма, — деді ол әйеліне.— Үшінші асқабақтан алтын мен күміс табатын-ақ шығармыз.
Бірақ үшінші асқабақты аралап екі жарғанда, ішінен ақылап жылайтындар шұбырып шықты. Жоқтаушылардың арасынан өлік көтерушілер: олар өлген адамның сүйегін алып келеді. Жоқтаушылар айқай салып жоқтау айтып жылай жөнелді, байдың көршілері не жағдай болғанын білу үшін қораның есігін соға бастады.
— Жоғалыңдар көзімнен! — Мұнда сендерді шақырған кім? —деп айқай салды Наль Бу.
— Біз өлген адамның сүйегін көмуге және қаралы киім сатып алуға жұмсалған ақшаны қашан алсақ, сонда кетеміз деп жауап қайырады да, онан сайын қатты жылай түседі.
Наль Бу бұл дауысқа көршілері есікті бұзып кіреме деп қорқып кетеді. Ол көршілерінің көзінше қалған асқабақтарды жарып көрсетіп жатпайды ғой. Сондықтан ол жоқтаушыларға он мың лян береді. Төртінші асқабақтан бес әнші секіріп шыға келеді. Әрқайсысының өзінің өлеңі бар: Біріншісі, бәрін қосқанда бір жыл болатын он екі ай туралы айтты. Екіншісі, бір айдың ішіндегі отыз күн туралы; үшіншісі, бір күн ішіндегі сағат туралы, төртіншісі, ескі жылдың өлімі туралы, бесіншісі, жаңа жылдың тууы туралы. Олар өлеңдерін айтып болып байдың оларға астық запасын беруін талап етеді.
— Сендерге мен түк те бермеймін!—деп айғайлады Наль Бу.— Барлық ақшамды таратып болдым. Енді сендер мені астықсыз қалдырғыларың келген екен! Жоғалыңдар!
Бірақ әншілер орындарынан да қозғалмайды.
— Бесінші асқабақты ашқанда, сен қайтадан байыйсың,— деседі.— Егер де жалшыларыңа бар астығыңды бірінші қорада тұрған өгіздерің мен аттарыңа артуға бұйрық бермесең, біз таң атқанша ән саламыз.
Бергісі келсін, келмесін бәрібір, байға астығымен қоштасуға тура келеді. Жалшылары қаптарды көліктерге лезде-ақ тиеп жөнелтті — бірнеше минуттың ішінде байдың, не бір қап астығы, не бір өгізі, я сиыры, не бір жылқысы қалмайды. Наль Бу сараңдықтан қалтырап және шыдамсызданып бесінші асқабақты аралауға кіріседі. Бұл ең үлкен, ең қатты асқабақ еді. Күн сәулесі тау аржағына түсіп жасырынып, қараңғы түн түседі; ал бай әлі аралап отыр, аралап отыр. Міне, ең ақырында, асқабақ тарс етіп жарылып кетеді. Кенет ішінен құтырған жел мен лаулаған оттың жалыны шығады. Жел үйді құлатады да жалыннан лаулаған үлкен өртке айналады.
Наль Бу мен оның әйелі көршілерін көмекке шақырып бекер жан таласады. Оларға ешкім көмекке келмейді, үйткені өздері де ешуақытта адамға жақсылық істеп көрген емес болатын. Наль Бу өзінің алтын салған сандығы жанып бара жатқанын көргенде,— шыдай алмай өртке өзі де қойып кетеді. Сараң қайырымсыз бай міне, осылай өледі. Деревнядағы бір адамның да оған жаны ашыған жоқ. Және біз де оған жыламаймыз.
САРАҢ БАЙДЫҢ ӨЛІМІ
Бір шаруаның әйелі ұл туады. Бұл шаруа тақыр кедей болғандығынан, тіпті өз ұлын асырауға да шамасы келмейді. Бала жеті жасқа толған кезде оны өзінің бай көршісіне жалшылыққа беруге мәжбүр болды. Бала ертеңнен кешке дейін байдың жұмысын істеді, бірақ қожасы оған риза болып көрген емес, үнемі ұрсып, зеки берді. Бала өте нашар тұрса да ешкімге шағынып көрген емес, қайта өзінің ақылды, жайдары мінезімен шаруаларды таң қалдырып жүрді. Бала он екіге толысымен-ақ, тұрған деревнясы бақытсыздыққа ұшырады. Деревняда адамдар ауырып, өле бастады. Жұрт өздерінің жақын тумаларын күнбе-күн көміп жатты, қалай тоқтатуды ешкім білмеді. Осы деревняда бір ақылды, әрі сәуегей шал болды. Ол әбден қартайған, неше жасқа келгенін өзі де білмеуші еді. Осы шал бір күні барлық шаруаларды шақырып алып:
— Тайгада Жень-шень4 деген шөптің тамыры бар. Кімде-кім, соны қайнатқан қою судан бір тамшы ұрттаса,— дені сау болады. Кімде-кім бір түп тамырдың суын түгел ішсе—жүз жыл жасайды,— дейді.
Бала жалшылықта жүрген бай көрші естісімен-ақ, орман аралауға кетті. Сол күні бала да орманға кетті. Екеуі де қасиетті Жень-шень тамырын іздеп тауып алуға бел байлады. Бай қасиетті тамырды іздеп, орман ішін үш күн бойы аралады. Төртінші күні ол қасиетті Жень-шень тамырының бес жапырақ гүлін көзі шалды. Бай қуанғанынан айқайлап жіберді: Жень-шеньнің тамырын табу сияқты бақыт әркімге кез бола бeрмейді, — деп бүкіл орманды жаңғырта күлді. Сеулде бұндай тамырға бір адам көтеріп кете алмайтындай ақша беретінін бай білуші еді. Бай Жень-шень тамырын қазудың орнына, белдігіне қыстырған пышағын алып, Жень-шеньнің төңірегіне өскен ағаштарға белгі сала бастады. Ол кенеттен өзінің жалшысын көрді. Бала жабығып, аяғының астына қарап жүріп келеді екен. Бай бір дегеннен-ақ баланың ешнәрсе таба алмағанын білді.
Бала өзінің қожасын көріп, қасына келді де, қайғылы пішінмен:
— Үш күн бойы жан сақтайтын тамырды іздеудемін және үш күндей ұйқы көрмедім, тамақ та ішкенім жоқ. Бақыт менен бетін бұрды, еш жерден Жень-шень гүлін кездестіре алмадым, — деді.
Қожасы күліп жіберді де:
— Саған ондай тамырды табу қайдан келсін! Әруақытта құдай байға көмектесетінін білмейсің бе? Әне, анау папортниктің түбінен не тауып алғанымды қарашы,— деді.
Бала папортникке қарап еді, бес Жень-шень гүлін көрді.
— Қожа!—деді бала қуанышты үнмен,— сіз шипа болатын түбірді тапқан екенсіз.— Енді біздің деревня аурудан аман болады. Сіздің тамаша табысыңызды қазып алуға көмектесейін.
Сөйтті де, бала беліне қыстырған сүйек күрегін суырып алды. Бірақ қожасы сол арада кіржиді де, баланың қолындағы күрегін жұлып алып, алысқа, бұталардың арасына лақтырып жіберді.
— Біреудің жұмысына қыстырылма,—деп ол ақырып қалды. — Meн тамыр біраз өсіп, ауырлауын күтемін. Сонда маған Сеулде бір қап ақша береді. Бір жылдан соң осы жерге келемін де, ағаштарға салған белгім арқылы түбірді тауып аламын.
— Күн сайын деревняда жақындарымыз өліп жатыр. Деревнямыз қырылып қалар болса, сізге алтынның қанша керегі бар?
— Кет! Әрі! —деп қожа жекіді. — Бұл тамырды не істесем де ешкімнің ісі болмайды!
Бала үндеместен, теріс айналды да, қалың орманға қарай жүре берді. Ол көзден таса болғаннан кейін бай: кетсем-ақ болғаны, әлгі бала келіп ұрлайды. Оны өлтіруім керек еді деп ойлады. Баланың артынан жауыз қуа жөнеліп, төңіректегі бұталардың бәрін қарап шықты, бірақ бала ұшты-күйлі жоқ. Бай кешке қарай тамыр жанына жатып ұйықтады. Таңертең күн сәл көтерілісімен-ақ тамырды қазуға кірісті. Бай тамырды қазып алып, от жақты, котелегіне су құйып, отқа қойды да, күтіп отырды. Котелектегі суы қайнағанша, бай баланы ойына алды, ойына алды да сықақтап күлді:
— Осы бала ақмақ деп әрқашан айтушы едім. Суымен қайыршы көршілерді суаруға бола түбірді іздемекпін бе! Менің оларда не шаруам бар! Мейлі, олар өле берсін, болмаса шипа түбірді өздері іздеп тауып алсын. Өзім тамырдың қайнаған суының бәрін ішіп алып, жүз жыл жасаймын.
Су қайнаған кезде, бай оған қасиетті тамырды салды. Котелектегі су бұрқылдап қайнаған сайын қойыла бастады. Содан кейін дәрі әзір болды. Бай котелектен бір тостаған қайнатынды алды. Бірақ, мейрімсіз адам тостағанды ерніне тигізе бергенде, қасындағы бір теректің тасасынан бала жүгіріп шыға келді. Ол байдың көзіне қарады да былай деп сұрады.
— Бақытсыздыққа ұшыраған көршілеріңе қол ұшын беріп, рақымшылық етпесең, саған ұзақ өмірдің керегі не?
— Сен менің мазамды алдың!—деп бай ашуланып айқай салды.— Тамыр менікі! Оны мен таптым, қайнатынды суының бәрін өзім ішем.
Бала байға бір ауыз сөз айтпастан, теріс айналды да, тайгаға жүріп кетті. Бала көзден таса болғаннан кейін сараң бай қайтадан тостағандағы қайнатындыны аузына апарды. Бай бір жұтып, үлгірместен орман ішінен жолбарыс атып шыға келді де, табанымен байды бір қаққанда сеспей қатырды. Байдың қайтып оралуын деревнядағылар көп күтті. Жұрттың бәрі, бай шипа түбір тауып әкеледі, аурулары қайтадан дендері сауығып, қайтадан қуаттанады, деп сеніп жүрді. Бірақ күндер өтe берді, бай келмеді. Бұл уақыттарда бала тыным таппай шипа болатын Жень-шень тамырын іздеп, орман ішін аралап жүрді. Бір күні орманның ит тұмсығы өтпестей қалың жеріне кіріп кетті, ол жерде шаңқай түс қараңғы түн сияқты еді. Мүк басқан жартастар мен тікенді бұталар жүруге бөгет жасады. Жуық жерде жолбарыстың гүрілдеген даусы естілді. Бірақ ер жүрек бала алған бетінен айнып, үйіне қайтпады. Өлім аузында жатқан көршілері ойынан кетпеді және деревнясын апаттан құтқаратын Жень-шень ғана болды. Сөйтіп бала тікенді бұталардың арасымен жүріп келеді. Үстіндегі киімінің алба-жұлбасы шықты, ағаш жырған бетінен қан сорғалады; бірнеше сағаттың ішінде он қадамдай ілгері жылжыған кездері болды. Сорлының діңкесі құрып шаршады.
Қазір құлап кетсе қайтадан тұралмайтын сияқты болып көрінді. Бала осы кезде анадай жерде жылтылдаған отты байқап қалды. Ең соңғы күшін бойына жинап, ол отқа қарай ұмтылды, бірақ осы кезде от арбаған тәрізді жәйімен жылжып қашықтай берді. Бала тағы да бірнеше адым жүріп еді, бір ғажап нәрсе: енді тікенек ағаштардың кіргені де сезілмеді, мүкке тайып жығылмады да, тағы аңдардың қазып тастаған індеріне де сүрінбеді. Қанша уақыт жүргенін баланың өзі де білмейді. Бір уақытта оттың жылжуы кілт тоқтап қалды да, шөптің үстін от ұшқындары жауып кетті. Міне сол сәтте бала зарығып іздеген Жень-шень гүлінің шөп арасынан шығып тұрғанын көрді. «Ауруға шипа тамыр мұнда, шипа тамыр мұнда! Кімде-кім басқаларды өлімнен құтқару үшін өз өмірін аямаса, сол кісі алсын» дегендей гүл жапырақшалары ақырын ғана шайқалады. Баланың қалай қуанғандығын айтып жеткізуге болмайды. Қымбат тамырды ақырын ғана қазып, орамалына орап алды да, ауылға жетуге асықты. Оған енді жол жеңіл де және қауіпсіз де көрінді. Ағаштар арасын ашып, шалшық батпақтардың үстінде жалғыз аяқ жол пайда болды, терең жылғалар саязданып, ашулы жолбарыстар оны көргенде тауға қарай қашты. Неге десеңіз, бұл дүниеде өзінің достары үшін риясыз жақсылық істеген адамнан күшті адам жоқ. Таң ата бала өзінің деревнясына келіп те қалған-ды. Ал түске дейін барлық деревняда тұратындар шипалы судан бір-бір жұтымнан ішіп бір дегеннен сауығып кетті және бұл деревняда бұдан былай адам ауырған емес. Біздің бабаларымыз өмір сүрген, ертедегі бір өте кәрі заманда, міне осындай болған екен.
АНА МЕЙІРБАНДЫҒЫ
Бұдан әлдеқашан бұрын, Кэсон деген қалаға жақын деревняда кедей шаруаның семьясы тұрыпты. Ері бай көршісінің даласында жұмыс істейді де, әйелі күріштен нан пісіріп сатады. Осылайша қалт-құлт күн көріс жасайды. Олардың жандарынан да артық көретін Хан Сек Бон деген ұлы болады. Қашан бастарына ауырмалық түскенше — әкесі қатты ауырып дүниеден қайтыс болғанша, кедей семьясы тату-тәтті өмір сүреді. Әкесі дүниеден өтер алдында әйеліне:
— Біздің баламыз ғалым болсын, сонда оны бәрі де қадірлеп сыйлайтын болады,— депті.
Әйелі күйеуіне ақырғы тілегіңді орындаймын деп уәде береді.
Хан Сек Бон жеті жасқа толғанда шешесі:
— Әкеңнің тілегін орындайтын мезгіл жетті. Саған оқымысты болу үшін алдағы он жылды оқумен өткізу керек. Осы уақыттың ішінде мыңдаған Иероглифты білесің, ең жақсы өлеңдерді жаттап аласың, дәрігерлік ғылым үйренесің және философтардың кітаптарын оқыйтын боласың. Тек осыдан кейін ғана Сеулге барып экзамен ұстап, әкең ойлағандай ғалым бола аласың,— дейді.
Хан Сек Бон Кэсон қаласына оқуға кетеді, шешесі жападан жалғыз өздерінің кішкентай үйлерінде қала береді. Бұл деревняда онан артық күріштен нан пісіретін адам жоқ еді. Оның пісірген нандары жұмсақ, дәмді сырты тегіс сұлу және бәрі бірдей болатын. Соның үшін де барлық деревня нанды тек осы кісіден сатып алушы еді. Шешесінің баласын ойламайтын кеші болмайтын. Ол баласын сағынып, жалғызсырап, кейде жылап та алатын. Кейде шешесі сүйікті баласын көруге неше күн, неше ай, неше жыл бар екенін түні бойы санаушы еді.
Бірақ жолығысатын күн әлі алыс жататын.
Міне, бір күні кешкілікте шешесі үйге жақындап келе жатқан адамның жүрісін естиді. Есігін ашып қараса баласы екен. Шешесі Хан Сек Бонның алыс жолдан арып-ашып келе жатқанын көргенде құшақтап бауырына қысып, аймалағысы келгенімен, оны істемеді. Тіпті баласына жылы шырай да бермеді, жалғыз-ақ:
— Неге мезгіліңнен ерте қайттың? Сен барлық ғылымға жетіліп, экзамен ұстауға жарап қалғаның ба? — деп сұрады.
Шешесі бұндай мейірімсіз қарсы алады деген Хан Сек Бонның ойына да кірген жоқ еді. Ол жылап жіберді де:
— Мен өте шаршадым. Бірнеше ондаған ли жерді жаяу жүрдім және кеше таңертеңнен бері тамақ ішкенім жоқ. Мені тамақтандыр, ертең таңертең мен сізге бәрін айтамын,— деді.
Сол мезгілде, баласын құшақтап бетінен сүйіп, үйдегі бар жақсы тамақтарды беріп төсекке жатқызғысы келіп тұрғанымен, оны шешесі істемеді. Тек қайталап:
— Сен қалайша он жыл оқып бітіретін ғылымның бәрін игеріп қалдың? — деп тағы сұрады.
— Барлық ғылымды оқыдым, он жылда өтетін сабақты бітірдім, сондықтан да мен сізге мезгілінен бұрын кайттым,— деп жауап берді баласы.
— Олай болса қауырсын қаламың мен қағазыңды ал да сыямен бірінші он иероглифты жазшы,— деді шешесі.
Сонда ұлы белбеуіне байлаған дорбадан тушь пен қаламын суырып алғанда шешесі жанып тұрған шырақты үріп сөндірді де:
— Сен иероглифты қараңғыда жазасың, ал мен нан пісіремін,— дейді.
Біраз уақыт өткеннен кейін:
— Нан әзір болды! — дейді шешесі.
Осыны айтып шырақты қайта жағады. Хан Сек Бон өзінің жазуын шешесіне көрсетеді. Қараңғыда иероглиф түзу жазылмай қисық, ажарсыз шығыпты, оның үстіне бірнеше жеріне сыя тамып кетіпті.
Мұны көріп шешесі:
— Менің наныма, қарашы,— дейді.
Хан Сек Бон нанға қараса, оның беті тегіс, әдемілігі жарықта пісірген нанмен бірдей екен.
Oсыдан кейін баласының иығына қолын салып тұрып:
— Кэсонға кері қайт, үйге оқыйтын мезгілді уақытың өткесін келерсің, сонда сен тиісті білімнің бәрін жете білетін боласың, — дейді.
— О, ана, ертеңге дейін үйге қалуға рұқсат етіңіз! Мен сізге демалмастан күні-түні жүріп әбден шаршап келдім, тағы да алыс жолға қайта жүруге халім де, күшім де жетпейді,— деп жалынады Хан Сек Бон.
— Демалып жатуға, сенің уақытың жетпейді,— деп жауап қайырады шешесі,— мә, жолыңа нан, енді қош бол.
Хан Сек Бон қараңғы түнде тау ішіндегі жалғыз аяқ жолға түсіп кете береді. Атам заманнан бері Кэсонға баратын жол өте қиын болатын. Оның жолын талай таудан аққан сулардың тасқыны бөгеді, жап-жақын жерден тағы аңдар ұлыйды. Хан Сек Бон көз жасын төгіп жылап жүре береді. Оған шешесі қатал әрі «мейірімсіз» болып көрінді. Өзі Кэсонда жүрген жылдарының ішінде шешесі жат болып, жақсы көруден қалған екен деп те ойлады. Ертемен түрегеліп, нан орап берген орамалды шешіп қараса, қараңғы түнде пісірген нандардың бәрі әп-әдемі, бірінен-бірін айырып болмайды екен! «Неліктен шешесі қараңғы түнде өзінің жұмысын жақсы етіп орындап шықты, ал мен ше — мен, ондай істей алмадым, ендеше ол өз жұмысын менен жақсы біледі екен! » —деп Хан Сек Бон сонда ғана бірінші рет ойлады. Осыдан кейін Хан Сек Бон Кэсонға жетуге асықты. Тағы да бес жыл өткеннен кейін шешесі кешкілікте үйіне жақындап келе жатқан адам аяғының дыбысын есітеді. Есігін ашып қарап келе жатқан баласын көреді.
Хан Сек Бон шешесіне қарай ұмтылып еді, шешесі:
— Сен барлық ғылымды үйреніп жетілгеннен кейін үйге қайттың ба?— деді.
— Барлығын,— деп жауап қайтарды баласы.
Сөйтті де дорбасынан қағазын, тушын және кисточкасын суырып алып, шырақты үріп сөндіре салды.
Он минут өткеннен кейін Хан Сек Бон:
—Шырақты жағуыңызға болады, — дейді. Шешесі бөлменің ішіне шам жақты да баласының қасына келді. Оның алдында беті иероглифке толған парақ қағаз жатыр. Иероглифтер бәрі де бір тегіс сұлу және бірінен соң бірі тізіліп жазылған екен!
Сонда ғана шешесі шаттанып:
— Сені мен қандай күттім! Қандай сағындым! Қане өзіңе әбден қарайыншы, келші бауырыма қысып аймалайын,— дейді.
... Бірнеше жылдар өтеді, Хан Сек Бон атақты ғалым болады. Оқушылары сіз қайтып ғалым болдыңыз, деп сұрағанда Хан Сек Бон:—мені өзімді аямай, барлық нәрсені жақсы, адал істеуге шешемнің мейірбандығы үйретті. Кімде-кім қолға алған ісінің барлығын жақсы әрі адал істесе ол адам кім болғысы келсе, сол бола алады,— деп жауап беріпті...
ТАПҚЫР СУДЬЯ
Бір күні жібек сатушы саудагер Пхеньянан жәрмеңкеге баруға шығады. Ол тайлап орған отыз бөлек жібек алады да есегіне мініп жүріп кетеді. Жолда келе жатқанда кеш болып кеткенсің, қонайын деп жан-жағына қараса не деревня, не иесіз тұрған фанзы көрінбейді. Тек анадай жерде айналасы кең қоршалған бір бейіт көрінеді. Бейіт айналасындағы ағаштардың екі жағында тастан құйылған екі адам мүсіні тұр. Сатушы түнді осы жерде өткізуге ұйғарады. Ол оралған жібектерді бәрін біріктіріп байлайды да, басының астына жастанып, ұйықтап қалады. Шаршап келе жатқан жолаушы қатты ұйықтап қалған екен, ояна келсе, басының астындағы жібектің орнында үлкен тас жатқанын көреді. Сатушы жылап жібереді. Онда енді я ақша, я бүйім қалған жоқ, семьясын қалай асырайтынына ақылы жетпейді. Енді оған не істеу керек екенін ойлап, ойлап жақын жердегі деревняның судьясына барып, ұрыларды айтып арыз жасамақшы болады. Ал бұл деревнядағы шын судья ұзақ уақытқа Сеулге кеткен екен. Оның орнына деревняның адамдары бір шалды судья етіп қойған болатын. Бұл өзінің әділеттігі мен ақылдылығы арқылы атағы шыққан, басқа шаруалардан өзгешілігі жоқ бір кедей шал болатын. Сондықтан да оны халық сыйлайтын.
Сатушының арызын шал әбден тыңдап болғасын:
— Сен моланың айналасында жүрген ешкімді де көрген жоқсың ба? — деп сұрады.
— Тек моланың айналасына шыққан шөптің екі жағында тұрған тастан жасаған мүсіннен басқа ешкімді де көргем жоқ—деп сатушы жауап берді.
— Ендеше сол тас мүсіндер осында әкелінсін, солар куә болады,— дейді.
Шаруалар аң-таң қалады; біздің судьямыз ақылынан шатасқаннан аман ба екен? Тас мүсіндер судьяға келіп куә болады дегенді кім есітіп көрген. Бірақ төре мен ерегесуге болмайды. Шал қалай айтса солай істелінді. Барлық деревня шалдың қатал әрі әділ соты болып жатқан үйдің есігінің алдына жиналады. Тастан істелген мүсіннен судьяның қалай жауап алатынын бәрі де есіткілері келеді. Бірақ шал бөлмеге 30 кісі кіруге ғана рұқсат етеді. Сот басталмастан бұрын бөлменің ішінде 30 кісінің ғана барлығын шалдың өзі анықтап санап шығады. Дұрыстығына көзі жеткеннен кейін сотты ашады. Ең әуелі Қытай жазушыларының керемет жақсы шығармаларынан бірнеше бет оқып шығып, сонан кейін Кореяның ұрыларды қатты жазалайтын заңын жариялады, осыдан соң жібек сатушыға сөз береді. Сатушы өз басында болған уақыйғаларын бастан аяқ қалдырмай тегіс айтып шықты. Шал бөлмеге әкеліп қойылған тас ескерткішке қарап салтанатты және қатал дауыспен:
— Жауап беріңіз,— сіз сол жібек ұрланған күні кімдерді көрдіңіз? — дейді.
Тас мүсін, әрине, дыбыс шығармайды.
Сонда судья: менің сұрағыма жауап бергің келмегені үшін, cаған жыйырма рет дүре соғылсын деп үкім шығарамын,—деп ақырады. Ендігәрі білетін боласың!
Шал қарауылда тұрғандарға белгі береді.
Қарауылдар зілдей жуан емен сойылдарды алып тас мүсінді сабауға кіріседі.
Осы жерде бөлме толып отырған адамдар өздерін ұстай алмай күле бастады.
Күлкіні естіген судья ызаланып, орнынан атып тұрып:
— Судья үкіміне күлу—қылмыс! — деп ақырады.— Мен сіздердің әр қайсыңызға осы жерге күн батқанша бір топ жібек әкелуге айып саламын. Ал кім әкелмесе, сол кісіге дүре соғылады. Кетіңдер және тездетіңдер!
— Тақсыр судья аяңыз! Біздің деревняда ешкім де жібек сатып сауда жасамайтынын өзіңіз білесіз ғой, сондықтан осынша көп жібекті қайдан тауып сатып аламыз,— деп барлығы шалға жалына бастады.
Бірақ судья тағы қайталап: — Кімде-кім жібексіз келсе, емен таяқтың етке қалай тиетінін байқап көреді! — дейді. Бәрі де тарай жөнеледі, неге десеңіз олар судьяның сөзді екі айтпайтынын білетін. Судья қалай ойласа, солай болып шығады. Күн бата барлық отыз кісі судьяның алдына отыз тай жібекті әкеліп тастай салады.
Сатушы орап әкелген тай-тай жібектерді көргенде, жүрегі жарыла қуанып:
— Мынау менің жібектерім! Мынау менің жібектерім! — деп айғай салады.
— Сөз жоқ сенікі! — дейді судья.
Жібек әкелгендерге қарап: —Сендер мұны кімнен сатып алдыңдар? —дейді.
— Өзіміздің дүкеншіден. Ол көп уақытқа дейін бізге сатқысы келмеп еді, біз үш есе қымбат төледік, неге десеңіз емен таяққа ұшырағымыз келмеді,— деп барлығы шулап қоя берді.
— Ендеше бұл жібекті дүкенші ұрлаған болды ғой! Ақшаларыңды тартып алыңдар да, сол ұрының өзін осында алып келіңдер. Ол жүз рет өкшесіне таяқпен соғуға жаза алады — дейді судья.
Содан кейін шал барлығына қарап тұрып былай дейді:
— Мына тас мүсін бізге қылмысты адамды табуға жәрдем берді. Егер де мен дүре соғылсын деп бұйрық бермесем, сіздер күлмес едіңдер. Егер де күлмесеңіздер, мен сіздерге айып сала алмас едім. Егер де мен сіздерді айып тартуға жазаламасам, сіздер жібек іздемес едіңіздер және үш есе қымбат баға төлеп алмас едіңіздер. Міне көздеріңіз көрді, бізге ұрыны табуға тас мүсіннің қалай көмек бергенін.
АҒАЙЫНДЫ ЕКІ ЖІГІТ
Бір деревняда тұратын шаруаның екі ұлы болады. Жыл өткен сайын балалар ержетіп, жігіт бола береді. Ал ата-аналары қартая түседі. Үлкені Чан Мо жыйырма жасқа толғасын үйленеді. Салт бойынша қартайған ата-анасынан үлкен ұлы бөлінбейді. Ата-анасының кәрілігі жеткен шағында ешқандай өмір қамын ойламаулары үшін бірге қалады. Көп кешікпей інісі—Чан Су да үйленіпті. Ол деревняның екінші шетіне көшіп, үй-жайлы болып, өзі шаруашылығымен айналысады. Оған да жеңіл болған жоқ. Ептеп-септеп үй тұрғызып алып еді, жер жыртатын сайманы жоқ. Соқа тауып еді, өгіз алуға ақша таба алмады. Өгіз алып еді — помещикке жер үшін төлейтін бір тиіні қалмады. Оның үстіне, бала-шағалы болады. Бірақ Чан Су еңбек сүйгіш болатын: ол егіс даласына көршілерінің бәрінен де ерте барып, басқалардан үйіне кеш қайтушы еді. Інісіне күн көрісі қандай қиын болса, ағасы да сондай тұрмыстың ауырмалығында еді. Ағасына тек өзінің әйелі мен балаларының қамын ойлау ғана емес, қартайған ата-анасына да қамқоршылық жасау керек қой. Олар сондай нашар тұрса да, өмір ауыртпалықтарын көп ойлауға тура келсе де туысқандар бірауызды, тату тұратын. Күздің бір күнінде Чан Мо өзінің күріш қорын есептеп көреді де: «менде астық көп емес — бар болғаны он қап. Бірақ інімнің астығы бұдан да аз шықты ғой. Оған көмек беру керек, бергенде ол, бұл көмекті сезбеуге тиіс» деп ойлады. Сөйтті де жерге қаракөлеңке түсісімен Чан Мо жақсы күріштен бір қапты толтырып арқалап алады да інісінің үйіне білдірмей апарып тастайды. Жолда қарсы келе жатқан бір адамды көреді, бірақ қараңғыда кім екенін байқамайды. Чан Мо інісінің үйіне бір қап күрішті әкеліп тастады да, тағы бір қап күріш әкелмекші болып асығыс кейін қайтады. Ол үйіне қайтып келсе бір ғажап таң қаларлық нәрсе, он қап күріші бәрі түгел орнында тұр. Бірақ ойлап тұруға уақыты болмады. Ол тағы бір қапты арқасына салып алды да, өзінің інісіне апарып тастады. Қайтып келе жатқанда тағы да жол ортасында бір кісіні кездестірді, бұл жолы да қараңғыда кім екенін танымады. Чан Мо қайтып үйіне келсе тағы да манағы сияқты: он қап күріштің бәрі орнында тұр. Бұл неғылған таңғажайып десеңші!
— Бұндай бола беретін жағдай болса, тағы екі қап апарып тастайын дейді Чан Мо.
Ол тағы да өзіне таныс жолмен деревняның екінші шетіне қарай жөнеледі. Осы мезгілде ай туып, жолмен жүру күндізгідей жеңіл болады. Чан Мо жолдың орта шетіне жақындап қалғанда, өзіне қарсы қап арқалап келе жатқан біреуді көрді. Әлгі кісі жақындап келгенде Чан Мо өзінің інісі екенін таныды.
— Осынша кеш уақытта қайда барасың? — деді Чан Мо.
— Сіз өзіңіз бей уақытта қайда барасыз?— дейді Чан Су.
Ағайынды екеуі түсіне қояды да, шаттанып күле бастайды.
Айта келгенде Чан Су да осы кеште ағасына көмек жасап, өзінің астығымен бөліскісі келген екен. Міне, олар бір уақыттың ішінде яғни бір түн, бір сағат ішінде біріне бірі қаппен күріш тасып жүрген болып шықты. Сондықтан да Чан Моның күріші екі қап апарып тастаса да кемімей — қалпында тұра беріпті. Ағайынды екеуі тағы да күлісіп, бірін бірі қатты қысып құшақтайды. Күріш салған қап ауыр болғанмен ағайынды жігіттердің жүрегі қуанышқа толы еді. Өйтпегенде ше, туысқандық сүйіспеншілік пен татулық кез келген ауыртпалықты жеңіп шығады.
ҚАРА СЫЙЫР
Бұл қызды Мә Фа деп айтатын. Мә Фа тоғыз жасқа толғанда шешесі өледі. Кішкентай қыз әкесімен екеуі тұра береді. Ол кішкентай болса да күн сайын әкесіне ас әзірлеп, киімін тазалап, үйін жыйып таза ұстайды, тіл алғыш, зейінді болды. Кішкентай қыз күн сайын таңертеңмен қонақ салған дорбаны алып қораға жүгіріп шығатын. Оны көргенде көгершіндер мен қарлығаштар топ-тобымен қыздың алдына келіп қона қалатын. Мә Фа құстарға жемді шашып тастап және көршісінің жауыз мысығы балапандарды жәбірлемесін деп жеп болғанша бағып тұрушы еді. Көгершіндер мен қарлығаштардың үйренгені соншалық, тіпті біраздан кейін кішкентай қыздың қолынан жем жейтін болады. Әкесі әрі рақымсыз, әрі еріншек бір әйелге үйленгенше Мә Фа осылайша жүре береді. Ал ол әйелдің Ен Фа деген өзі сияқты қатыгез, жалқау қызы бар еді. Өгей шеше мен оның қызы Ен Фа еңбек етуді сүймейтін, күні бойы айнаның алдынан шықпай, киімдерінің бірінен соң бірін киіп өлшеумен болатын, Мә Фаға дамылсыз ұрса беретін. Олар кішкентай қызға күн шыққаннан бастап кешке қараңғы түсіп, жұлдыз туғанша жұмыс істетуші еді: Мә Фа күріш тазалайды, орманға барып отын әкеледі, ошақтағы жанып жатқан отты қарайды, кірлерді жуып, оларды крахмалдап тақтайлап аялайды, бақшаның арам шөптерін отайды гүлдерге уақытылы су сеуіп, мәпелейді, үйдің бөлмелерінің ауасын жаңартады. Бір күні қалада үлкен салтанатты мереке жарияланады. Арнаулы хабаршылар көшелерді аралап, әрбір көшенің бұрышына келгенде тұра қалып аузына үлкен тұрбаны тосып тұрып:
— Сеулде тұрушылар тыңдаңыздар! Он күннен кейін біздің король өзінің нөкерлерін ертіп Сеул көшесінің батыс жақ қақпасынан кіріп, шығыс жақ қақпасына қарай өтеді, батыс жақ қақпасынан шығысына дейін өтеді! Өздеріңіздің корольдеріңізді сәнді киініп, көңілді қарсы алыңдар, сәнді киініп, көңілді болыңдар!—деп айғайлап елге хабар таратады.
Осы күннен бастап Мә Фа байғұсқа түнде де жұмыс істеуге тура келеді. Ол киімді жақсы тігетін. Сондықтан өгей шешесі өзіне және қызы Ен Фаға салтанатқа киіп шығатын киім тік деп бұйырады.
Мерекелі күн де жетеді.
Өгей шеше мен Ен Фа таң сәріден тұрып түскі тамаққа дейін өздерінің салтанатқа киетін асыл киімдерін бойларына өлшеумен болады. Күн түс болғанда, екеуі әбден киініп алып, әлдекімсіп корольдың өткенін қарауға көшеге шығып кетеді. Ал Мә Фа да барып жүрмесін деп өгей шеше оның алдына үлкен ыдыспен тазартылмаған күріш қояды және қақсып қалған бөшкені көрсетеді.
— Міні,— дейді өгей шешесі,— күн батқанша барлығын тазала және бөшкені суға толтырып қой. Байқа, күріштің бір талын қалдырмай тазарт, бөшкені ернеуіне дейін суға толтыр.
Осыны айтып өгей шешесі Ен Фаны ертіп кетіп қалады.
Мә Фа отыра қалып жылайды. Бір қапшық күріштің қабығын қолмен тазалап, оның үстіне қаусап қалған үлкен бөшкені сумен толтыру кішкентай қыздың қолынан қалай келеді? Бірақ, Мә Фа көп жылаған жоқ. Жылап отыруға уақыты да жоқ еді. Қыз саломның үстіне отырып алып, жұмысына кіріседі. Отырғанына бір минут өтпей-ақ, кішкентай қыз ойда жоқ жерден тас төбесінде шуылдаған дауысты есітеді. Қыз басын көтеріп жоғары қараса бір топ көгершіннің ұшып жүргенін көреді. Құстар Мә Фаның төбесінен екі рет айналып ұшады да, қыздың алдына келіп қонып, дереу тұмсығы мен де, аяқтарымен де күрішті тазалай бастайды. Көзді ашып-жұмғанша болған жоқ Мә Фаның алдында аппақ таза күріш төбе боп үйіліп қалды. Қыз қуанғандықтан, қаусап қалған бөшкені суға толтыруды ұмытып кете жаздайды. Ол жүгіріп құдыққа барып бір шелек суды алып келіп бөшкеге құйды да, екінші шелек суды әкелуге кетті, не пайда Мә Фа қайтып келсе бөшкенің ішінде ұрттам да су қалмапты. Бөшке жарық болғандықтан барлық су ағып кеткен. Мә Фа тағы жылайды. Егер де бұйрықты орындамаса өгей шешесі он ың көзін бұл дүниеден құртуы мүмкін. Бірақ жарық бөшкені толтыруға бола ма? Ойда жоқ жерде қыз шыйқылдаған көңілді дыбыс есітті. Мә Фа көзінің жасын сүртіп қараса, үйдің шардағында бір топ қарлығаш отыр. Ал әрбір қарлығаштың тұмсығында кішкентай саздың илендісі. Бір сағат өтпей-ақ, олар бөшкенің барлық жарықтарын сазбен майлап берді. Енді онан су ақпайды, бөшкені Мә Фа ернеуіне дейін суға толтырды. Мә Фа барлық жұмысты істеп болған кезде гонг5 пен барабанның даусы естіледі. Бұл корольдың Сеул көшесімен салтанатты жүрісінің басталуы еді. Мә Фа тез өзінің таза матадан тігілмесе де, кірсіз крахмалданған киімдерін киіп алып, көшеге жүгіре шығады. Ол мұндай салтанатты өмірінде көрген еместі. Корольдың сәулетті носилкасын отыз екі жүрдек адам көтеріп келеді. Олардың барлығы ашық сары костюм киген, ал бастарында ұп-ұзын қалпағы бар. Алдында трубада ойнайтындар, барабан соғушылар келеді. Трубашылар алтын түтіктен үрлейді, ал барабаншылар ленталар байлап тастаған барабандарын соғып келеді. Носилкенің соңында қолдарында күміс қоңыраулары, цимболдары, ауыз сырнайлары мен желпуіштері бар күзетшілер келеді, олардан әрі менменсіген нөкерлер жүріп келеді. Бастарында әртүрлі қауырсындармен әшекейлеп тастаған шоп-шошақ биік қалпақтар, үстеріне қызыл, көк және қызғылт сары киімдер киген. Нөкерлердің артынан күтушілер келеді. Олардың қолдарында шөлге ішетін сулары бар жәшіктер, әртүрлі тәтті тағамдар мен жемістері бар. Қыз корольды көре алмады. Король жан-жағын сары жібек шымылдықпен жауып тастаған носилканың ішінде отыр еді. Бірақ қыз мұндай сәулетті жүрісті көргеніне, жақсы музыка естігеніне риза болып, корольдың әскерлеріне қызыға қарады. Өгей шешесі мен Ен Фа үйіне қайтып келгенше Мә Фа өзінің жыртық киімдерін қайтадан киіп те үлгіреді. Өгей шеше барлық күрішті тазалап және бөшкені суға толтырып қойғанын көргенде, қызды бұрынғыдан да жек көріп қалады. Ал Ен Фа болса:
— Ах, егер сен көрсең еді, қандай бәрі жақсы болды? Корольдың музыкашылары қандай жақсы ойнайды! Менің көйлегіме жұрттың бәрі қызықты,— деп мақтана берді.
Ертеңіне король тағы да Сеул көшесін аралап жүруге тиіс еді. Тағы да түні бойы Мә Фа мерекеге арнап өгей шешесі мен Ен Фаға көйлек тікті.
Түс кезінде, өгей шешесі үйден шығып кетер алдында қызға:
— Бақшаның және бақтың арамшөптерін жұлып тазартпай үйге кірем деп ойлаушы болма,— дейді.
Тағы да байғұс қыз жалғыз қалады. Ол не істеуге білмей далада отыр: бақша мен бақтағы арамшөптердің көптігі сондай, тіпті бір кісі бір жұма жұлса да тазарта алмас еді. Кенет баққа бір қара сиыр келіп, мейірімді үлкен көздерімен қызға біраз қарап тұрып, арамшөптерді шапшаң-шапшаң отап жей бастайды. Көп ұзамай-ақ барлық жиектер мен клумбалар арамшөптен тазарып қалады.
Сол уақытта жақсылықтың қәдірін білетін Мә Фа қара сыйырға:
— Рақмет, саған, көп рақмет!—дейді.
Қара сыйыр адамша сөйлеп:
— Сен барлық кедейлер мен бақытсыздарға рақымды бол, сонда бақытты боласың. Ал қазір менің артымнан еріп жүр де отыр, менің тұяғымның батқан жерінде күміс теңгелер жатады, — дейді.
Осыны айтып сыйыр орманға қарай жүре береді. Мә Фа сыйырдың ізімен ереді — шынында да әрбір тұяғы батқан жердің шұқырында күміс теңге жатыр. Сыйыр орманға жеткенде қыз тоқтай қалады:
— Қош бол! Енді менің ақшамның көптігі сонша, өзіміздің көшеде аш жүрген қайыршылардың барлығын тамақтандыруыма жетеді, — дейді.
Сыйыр ештеңе айтқан жоқ, тек Мә Фа мен қоштасқан адам сыяқты басын шұлғыды да, қалың орманға кіріп кетті. Қыз үйіне қайтып келгенде өгей шешесі мен Ен Фа оған ұрсып, аузына келгенін сөйлеп балағаттай бастайды.
— Оңбаған! Мен ошақтағы отты өзім тұтатып жақтым. Қолымды ластап алдым!—деп өгей шешесі бажылдайды.
— Мен күріш асатын қазанды өзім жуып тазаладым. Енді менің саусақтарыма мүйіз пайда болады!
— Кешіріңіздер мені,— дейді Мә Фа.— Қара сыйырдың сөзін тыңдамауға менің батылым бармады.
Сүйтіп, болған жағдайды тегіс айтып шықты.
Өгей шешесі мен Ен Фа қыздың қолындағы күміс теңгелерді көргенде — іші тар қызғаншақтардың қолдары қалтырап, жандары шығып кете жаздайды.
— Өзіңізге қанша керек болса, сонша алуыңызға болады,— дейді Мә Фа.
— Сенің ақшаңның бізге керегі жоқ! — Өзіміз-ақ тауып алармыз,— деп өгей шешесі міңгірлейді.
Ертеңіне өгей шешесі мен Ен Фа баққа барып арам шөп жұлып жүрген кісі сыяқтанады. Олар ойлағандай: қара сыйыр қастарына жетіп келіп, түні бойы шыққан арамшөпті отап жей бастайды. Сыйыр бақтың арамшөптерін жеп болғаннан кейін, асықпай-саспай орманға қарай жүре береді. Соңынан ізіне түсіп өгей шеше мен Ен Фа да жүре береді. Қолдарында бір-бір үлкен қаптары бар. Бұл қапқа олар қара сыйырдың ізіндегі шұқырда жатқан күміс теңгелерді жыйнап салып келеді. Орманға жете беріп сыйыр тұра қалады. Өгей шеше итмұрынның бір тікенек бұтағын сындырып алады да, қара сыйырды ұра бастайды.
— Жүр ілгері! — деп ашкөз әйел айқай салады.— Сенің әрбір адымың бір теңге береді, тоқтаушы болма, жалқау!
Сыйыр құйрығын бір былғайды да, жан-жаққа қарамастан орманға кіріп жүре береді. Оның артынан көз жазып қалмай, өгей шеше өзінің сұрқыя сараң қызымен ере береді. Орман барған сайын қалыңдай түседі. Күн батып, түн болады, орманның іші қараңғы және суытып кетеді. Бірақ зұлым әйелдер тоқтамастан сыйырдың соңынан ере береді. Бір мезгілде әйелдер үрейлі дауыспен айғай салады. Қара сыйыр оларды үлкен тартпа батпақтың ішіне апарғанын сұмдар сонда ғана біледі. Өгей шеше қызымен екеуі әрбір адым басқан сайын батпаққа құлап, тереңдеп бата береді. Енді олар қара сыйырға ақырып ұрысуды қойып, тек жылап:
— Бізді құтқар! Біз енді ешбір уақытта сені сабамаймыз, тек бізді құтқар! — деп жалына бастайды.
Сыйыр оларға:
— Барлық өміріңіздің ішінде, бір адамға жақсылық істеген жоқсыздар. Тірі жүргенде сіздерден ешбір адам баласына пайда болған жоқ, тым болмаса өлгеннен кейін пайда болар,— деп жауап қайтарады.
Осы сөзді айтып сыйыр аяғымен, жерді екі тарпыйды. Сол арада өгей шеше мен оның қызы Ен Фа батпақтағы төмпешік жерге айналады. Таңертең күн көзі шыққанда, екі төмпешіктің үстінде де орман құстары, орман аңдарының балалары отырады. Олар бұл төмпешіктің үстіне отырып, күн көзіне шуақтап жылынып және өздерінің жаулары—қанішер жолбарыс пен жалмауыз түлкіні алыстан көріп сақтанатынына қуанатын. Ал Мә Фа көп кешікпей корольдің барабан соғушысына күйеуге шығады да уайымсыз-қайғысыз ұзақ жыл өмір сүреді.
СЫЙҚЫРЛЫ ҚҰМЫРА
Бұл ерте уақытта болған. Өзеннің дәл жағасында бір жарлы шал тұрады. Бұл шалдың иті мен мысығы болады. Олар ашаршылық азабын көп көреді. Оның есесіне, үшеуі тату тұрады. Бір күні шал орман арасынан бір арқа шөпшек теріп әкеліп сатады. Ол түскен ақшасына бір уыс күріш пен азғантай шарап сатып алады. «Бүгін бір жақсылап тамақ ішіп тойып ұйықтайтын болдым»,— деп шал жолшыбай қуанып келеді. Үйіне келіп күрішті қазанға салып отқа қойды да, шарабын әкелген ыдысынан ескі құмыраға аударды. Күріш жаңа бүлкілдеп қайнай бастаған болатын, шал есік алдында біреудің ыңқылдаған дыбысын есітті. Ол терезеден қарап еді — үстіндегі киімі далба-дұлба жыртық бір жолаушы сұлап жатыр екен.
Шал жүгіріп далаға шығып, жатқан жолаушыны үйіне алып келді.
— Мен аштықтан әлсіредім,— деді белгісіз жолаушы.—Сенің мені тамақтандыруға жағдайың бар ма,?
Шал бар ниетімен жүрушінің алдына пісірген қазаншасымен күрішін қоя салды, жолаушы тойғаннан кейін, ішінде шарабы бар ескі құмыраны әкелді. Қонақ құмыраның ішіндегі шараптың барлығына жуығын аяққа құйып алып ішіп салды.
— Енді, мен жақсы болып қалдым — деді жолаушы.— Сен менен ең ақырғы уыс күрішің мен жалғыз тостаған шарабыңды да аяған жоқсың, мынаны құмыраңа салып жібер,— деп кішкентай бір түйір янтарды ұсынады. Осы янтарды құмыраға салсаң — оның ішінен шарап таусылмайды. Қош бол!
Жолаушы ғайып болды.
Шал янтарды құмыраға салып жіберіп еді — құмыра бірден-ақ аузына дейін шарапқа толып шықты. Шал өзіне кружканы толтырып құйып алса да құмырадағы шарап бір тамшы кеміп мызғыған жоқ. Осы күннен бастап шал мұқтажсыз, жақсы өмір сүріп тұра береді. Ол көршілеріне шарап сатады, ал ақшасы жоқтарына тегін ішкізеді.
Шал қайдан осындай жақсы шарапты табады, деп көршілері таң қалысады. Сөйтіп шал уайым-қайғысыз, мұқтажсыз тұра берсін. Ал оның достары—ит пен мысық—тамақтары тоқ, көңілдері шат болды. Осылайша бәрі де жақсы болып келіп, бір күні бақытсыздық тап болады. Шал танымайтын жолаушыға шарап құйып жатқанда, құмыраның ішіндегі янтарь әлгі шарап сатып алушының ыдысына байқаусызда түсіп кетеді. Шал сыйқыр янтарьдан айырылуымен бірге шараптан да айырылады. Шалдың басына тағы да ашаршылық төнеді. Бірақ өзінің иті мен мысығын ұмытпайды, ең соңғы тамағын да олармен бөлісіп отыратын болады.
Бір күні ит:
— Егер де менен янтарь алыс болмаса, мен оның исін бірден-ақ сеземін,— деді.
— Ал кел ендеше барлық үйлерден іздейік,— дейді мысық қуанып.
Ит ризалығын білдіреді. Достар бөтен үйлердің қораларының фанзаларының айналасын искелеп іздей бастады. Бір жұма іздеді, тағы бір жұма іздеді, барлық үйлерді искелеп шықты, бірақ янтарьдың исін таба алмады.
Сонда ит тұрып:
— Сонымен, біздің янтарьды әкеткен кісі өзеннің арғы бетінде тұратын болды, сондықтан аржаққа өтуіміз керек,— деді.
Олар солай істеуге ұйғарды.
Суық түсіп, өзен қатқан кезде ит пен мысық өзеннің арғы жағасына өтті.
Танымайтын жерде қора-қораны аралап қаңғып жүру достарға оңай болған жоқ. Оларды көргенде танымайтын иттер шулап үреді. Ал мысықтар ырылдап, жүндерін үрпитеді. Тек қана жұрт түнгі терең ұйқыға кеткенде, екі дос өте сақтықпен бөтен үйлердің қора қопсысын тіміскелейтін болды. Бірақ өзеннің бұл жағасында да жолдары болмады. Ешбір жерден янтарьдың исі сезілмеді. Көктем жақындап қалды, мұз көтеріліп, қабыршақтанып, қоңырқайлана бастады, әлі жоғалған нәрсе табылған жоқ. Бір мезгілде мысық тұрып:
— Үйге қайтайық та, өзімізге басқа қожа тауып алайық. Бұл кісімен тұрсақ біз аштан өлеміз,— деді.
— Опасыз! Қыйын-қыстау кезеңде досты жалғыз тастауға болмайды! —деп жекірді ит.
Ит пен мысық түн қараңғысы түсісімен алысырақ бір шетте тұрған үйге келеді. Бұл олардың қарамаған ең соңғы үйі болатын, мысық тырмысып шардаққа шықты, ал ит верандасына ұрланып кірді. Бір екі адым ілгері басысымен янтарьдың исі оның мұрнына сап ете түсті. Ит қуанғаннан абалап үріп жіберуден азар дегенде өзін-өзі ұстап қалды. Иіс шыққан жаққа қарай жорғалап жүре берді, иіс бір бұрышта шаң басып жатқан жәшікке әкелді. Үй қожасы бұл жәшікте сыйқыр янтарь барын сезіктенбеген де сыяқты, жәшікке әкеліп тастай салған күйінде ойынан да шығып кетсе керек.
Ит жайлап қана үріп жіберіп еді,— сол арада мысық верандыға жетіп келді.
— Mінe қыйыншылық,— деді ит.— Жәшіктен янтарьды қалай аламыз?
Мысық ойлап, ойлап еш нәрсе таба алмады, бір уақытта иттің құлағына еденнің астында тақтайды кеміріп жатқан егеуқұйрықтың дыбысы шалынды.
— Бар, егеуқұйрықтың патшасына, егер де ол жәшіктен янтарьды алып берсе, ит пен мысық он жыл бойы оларды аулауды тоқтатады дегенді айт,— деп ит мысыққа бұйырды.
Арада бір, сағат өтпей-ақ, мысық егеуқұйрықтардың патшасын верандаға алып келді. Үлкен ақ егеуқұйрық жәшікке келді де, тесік жасау үшін кеміре бастады. Ай туып көтерілгенде егеуқұйрық өзінің жұмысын орындап болды. Мысық жалма-жан жәшіктің тесігінен аяғын созып еді, бірақ янтарьға жеткізе алмады. Енді кішкентай тышқан ұстап алу керек деп, ақыл айтты ит. Ол тышқан жәшікке кіріп бізге сыйқыр янтарьды алып берсін. Солай істеді де. Кішкентай тышқан тесіктен жәшіктің ішіне кіріп жоғалған дұғалы моншақты алып шықты. Таң атуын күтпестен, қуанышқа бөленген достар өзен жағасына қарай жөнелді. Олар өзенге жүгіріп келсе, мұз бұзылып сең жүріп кетіпті.
Мысық шошып кетіп:
— Біз арғы бетке қалай шығамыз. Мен жүзе білмеймін ғой! — деді.
— Янтарьды ұртыңа сал да менің арқама мін, сені арғы бетке алып шығамын, тек сен менің жүнімнен қатты жармасып ұстай біл,— деді ит оған.
Жерге жарық түскен бойда, мысық иттің арқасына мініп алады да, өзенге түсіп жүзе жөнеледі. Итке жүзу жеңіл болған жоқ. Судың ызғарынан аяқтары қатып қалды, мұздың сеңдері кеудесіне соғылады, ағын ықтырып басқа жаққа әкете берді. Бірақ ит барлық күшін аянбай салды. Ол өзінің аштықтан бұралып жалғыздан-жалғыз отырған шал қожасына баруға асықты. Осы мезгілде балалар өзен жағасында ойнап жүр еді. Олар иттің үстінде мысықтың мініп отырғанын көріп, шек-сілелері қатып күле бастады.
Балалардың күлгенін көріп мысық та ыржаңдап күле бастады.
Ит ашуланып:
— Тоқтат күлуді, көрсетермін мен саған жағаға шыққан соң ыррржаңдаудды!— деп арсылдады ит.
Бірақ ақмақ мысық балаларға қараған сайын күлкісін ұстай алмады. Ақырында қарқ етіп күліп жібергенде, ұртындағы сыйқырлы янтарь атып суға түсіп кетеді. Ит сол арада моншақтың артынан сүңгіп батырмай ұстап алады, бірақ мысық қорыққанынан иттің арқасына тырнағын кіргізіп жіберген мезгілде ауырғанына шыдай алмай қыңсылап жіберіп, иттің тісінен янтарь суға түсіп кетті... Тек ит жағаға шығысымен-ақ мысық секіріп ағаштың басына шығып алды. Ол қорыққанынан теректің басында көп отырады, тек ит янтарьды іздеп өзен суына сүңгіп кеткенде ғана түседі. Ит суда олай сүңгіп-бұлай сүңгіп, сыйқыр янтарьды таба алмайды. Әлсіреп, талған аш ит кешкілікте өзен жағасына келіп сылық түсіп сұлап жатады, таңертең қайтадан іздеуге кіріспекші болады. Анадай жерде оның қасында бір балықшы балық аулап отыр. Балықшы қармағын тартып қалып қарап еді, бір кішкентай балық ілініпті.
— Өте кішкентай екен,— деп балықты итке лақтырып тастай салды.
Ит сол арада-ақ жеп қойғысы келіп еді, бірақ өзінің қожасы есіне түсе кетті.
— Ол менен де гөрі аш шығар!
Балықты тістеп алып үйіне қарай жүгірді.
Ит білгендей-ақ келген. Қожасы екі күннен бері нәр татпаған, аштықтан бұралып аяғын азар басады. Шалдың итін көргенде қуанғанын айтып жеткізе де алмассың, иті оны тастап, басқа бір бай қожайын тауып алған шығар деп ойлаған болатын. Ең қуанышы әлі алда еді. Шал балықтың ішін жарғанда, ішінен сыйқыр янтарь жерге түсе қалады. Тағы да шал уайым-қайғысыз өмір сүрді. Оның үйі жанында әр уақытта иті жатады. Ит барлығына да еркелеп, тату тұрды, бірақ мысықтарды үйінің маңына жақын жуытпады.
СЫНЫҚ АЙНА
Бұның бәрі ертеде, өткен заманда болыпты. Ол заманда Корея деревнясында ешбір адам дүние жүзінде айна бар екенін білмейді екен. Деревняда айна болмағанмен, Сеулде бар еді. Деревняның бір саудагері өз жұмысымен Сеулге барғанда айна сатып алады. Айнаны жақсылап орап, жәшікке салып үйіне әкеледі. Ал саудагер өзінің осы сатып алған заты туралы үйіне келгесін ешкімге: не әйеліне, не шешесіне, не әкесіне, не баласына ешнәрсе айтпайды. Бөлмеде адам жоқ кезде саудагер жәшікті ашып айнаға қарап жүрді. Бұл кісіге өзін айнада көру өте ұнаушы еді. Күйеуінің әлісін-әлі жәшікті жасырып ашып қарайтынын әйелі сезеді де, оның не жасырып жүргенін білгісі келеді. Саудагер үйде жоқ кезінде әйелі жәшікті ашып жіберіп еңкейіп қараса, оған жәшіктің ішінен бір сұлу келіншек қарап тұр.
— Менің күйеуім өзіне Сеулден басқа әйел әкелген екен! Ол мені енді көшеге қуып шығады,— деп жылайды әйелі.
Келінінің жылаған даусын саудагердің шешесі естіп, не болғанын білейінші деп жүгіріп келеді. Саудагердің әйелі көзінен жасын ағызып:
— Менің күйеуім жәшікке жаңадан алған әйелін тығып қойыпты. Ол енді маған қарағысы да келмейді,— дейді.
Шешесі жәшіктің ішіне қарап еді, оған бір кемпір қарап тұр. Кемпір жас келіншекке тарпа бас салды:
— Құдай ұрған, сен есіңнен айрылған шығарсың. Бұған сен емес мен жылауым керек. Менің балам Сеулден өзіне басқа шеше әкеліпті! Енді мені танығысы да келмейтін болады.
Кемпір де жылай бастайды. Олардың екеуі де: кемпір мен жас келіншек қатты дауыстап жылай береді. Жылаған дауысты саудагердің әкесі есітіп, не болып қалғанын білмек боп жүгіріп келеді. Оған екі әйел де өз бастарына кездескен бақытсыздық туралы жарыса айта бастайды. Біреуі: күйеуі Сеулден өзіне басқа әйел әкеліпті дейді, екіншісі, саудагер баласы Сеулден өзінe басқа шеше әкеліпті деп сендірді. Екеуі де еңіреп жылап, жәшікті көрсетеді.
Шал келіп жәшіктің қақпағын ашып қарап жіберіп, о да бақырып қоя береді.
— Сендердің екеуіңнің де көздерің желкелеріңе біткен екен. Мұның ішінде әйел де, шеше де жоқ! Балам Сеулден өзінe басқа әке алып келген! — дейді.
Сөйтіп о да жылай бастайды. Әйелі, шешесі, әкесі үшеуі бірдей қосыла еңіреп, бүкіл үйді басына көтереді. Олардың жылаған даусын далада ойнап жүрген саудагердің баласы естиді. Оған жақын арада ғана жеті жас толған. Бірақ өз көшесіндегі ең тентек, ең даукес бала еді. Бала бір қолында конфет, екінші қолында үлкен тасы бар, бөлмеге жүгіріп келеді. Ол осының алдында ғана ит қуалаған болса керек. Баланың өз шешесі, әжесі, атасы — барлығы да өксіп жылап, жәшікті көрсетеді, тентек бала тас ұстаған қолын артына тығын тұрып жәшікке қараса, жәшіктің ішінде қолына конфет ұстаған бір бала тұр.
— Ой, сен оңбаған!—деп айқай салады саудагердің баласы. Сен менің конфетімді ұрлаған екенсің! Мә саған, ал сыбағаңды!
Бала бар пәрменімен қолындағы таспен айнаны періп келіп жібереді. Айна күл-талқан болып, уатылады да қалады? Сөйтіп саудагер айнасыз қалады. Осының бәрі, ол өзінің сатып алған заты туралы ешкімге айтпай, жалғыз өзім пайдаланам дегендіктен болған нәрсе.
ШАЙТАНДАР КҮМІС ЖӘНЕ АЛТЫН ТАЯҚТАРЫН ҚАЛАЙ ЖОҒАЛТТЫ
Мынадай бір ел аузында аңыз бар және солай болған деп айтады. Бір деревняда өзі кедей қарт адам тұрыпты. Бұл шалдың сол жақ ұртында үлкен ұрасы бар екен. Жұрттың барлығы оның осы томпағын мазақтайтын, шал ұрадан қалай құтыларын білмейтін-ді. Бір күні шал орманға шөпшек теруге барады. Бірақ оның жолы болмайды, қурап жатқан уақ ағаштар өте аз кездеседі. Байғұс кедейге алыстағы орманға баруға тура келеді. Ал қашық орманда да отындық ағаштар одан да сирек болып шығады. Қаракөлеңке түсе бастайды, ал шал бір арқа отынды азар дегенде теріп алады.
Жолы болмаған шал үйіне қайтады. Ол жарты жолға да жетпей түн болып кетеді. Кедей абыржып: «мен қайда қонамын»—деп ойлайды. Шынымен айдалада қонбақпын ба? Тек оған осындай ой түскен бойда қайдан шыққаны белгісіз, жол үстінде айналасын қоршап тастаған биік қақпасы бар жалғыз тұрған ескі үй көрінеді. «Осында қонайын» — деп кедей қораға кіреді. Қораның іші қаулап өскен қалың шөп екен, бұл үйде ешбір адам тұрмайтындығы белгілі болады. Шал үйдің ішіне кіріп төргі үйден жөке тауып алады да, соның үстіне ұйықтайын деп жата кетеді. Түн ішінде кедей құлағын жарған айқай-шудан шошып оянып, біраз тыңдап жатқасын терезеден қарайды. Орманның шайтандары келіп қорада ойын-сауық құрып шулап жатыр екен. Әрбір шайтанның қолында бір-бір таяқ— біреуінікі күміс, біреуінікі алтын. Осы таяқтармен шайтандар: қораға да, қақпаға да, теректерге де ұрғылап, сондай күшті шу көтеріп жатыр. Шайтандар мені байқап қалса қайтем, деп кедей қорқып кетеді. Олар мені таяқпен есімді шығара ұрады ғой, одан да шайтандарды өзім қорқытайын деп бел байлайды. Бұл шал өлең айтып, ән салуды жақсы көретін. Оның даусының күштілігі сондай ол ән салғанда терезелердің қағазы6 жыртылып кететін. Ол өзінің бар даусымен аңыратып өлеңін айта жөнелгенде тіпті алдындағы бөренелердің астындағы шаң аспанға көтеріле бастады. «Ол қазір шайтандарды өзімнің даусыммен қорқытамын» деп ойлады. Ал шайтандар шалдың даусына жүгіріп келіп, қыбыр етпестен тыңдап тұр. Оларға шалдың өлеңі өте ұнаған болуға тиіс. Осылайша шал таң ағарып атқанша айтты. Күн шығуға таянғанда барып шалдың жүрегі орнына түседі. Шал шайтандардың кері қайтқалы тұрғанын сезіп қалады.
Кенет, шайтандардың ең үлкені ізет тұтып, тәжім етеді де:
— Айтыңызшы, ата, сіз мұншама жақсы дауысты қайдан алдыңыз? —деп сұрайды.
Шал қорыққан жүрегін басып, есін жыйнап алады да:
— Менің даусым сол жағымдағы ұраның астында тығылып тұрады деп жауап қайырады.
Үлкен шайтан басқа шайтандарға бір қарап алып:
— Қадырлы ата, бізге өзіңіздің осы ұраңызды сатыңыздағы. Біз сізге бағасын келістіріп береміз,— дейді.
— Алыңыз,— дейді шал.— Ал оның орнына маған өздеріңнің таяқтарыңызды беріңіздер, өте жақсы тақылдайды екен.
Осы мезгілде күннің көзі шығады да, шайтандар лезде ғайып болады. Күміс, алтын таяқтарын есік алдына лақтырып тастап кетеді. Шал ұртындағы томпағын ұстап қараса, орны да қалмапты. Кедей отын орнына күміс пен алтын таяқтарды арқалап алып Сеулге қарай жүріп кетеді. Олжасын қалада көп ақшаға сатады. Ақшасын бір өзі жеткізе алмайтын болғасын, ат сатып алып, теңгеге толы қаптарды соған артады.
Кедей үйіне келе жатып: ұрадан да құтылдым, ақшалы да болдым,— деп күледі. Шал өзінің деревнясына келіп кіргенде кедей атты қайдан алды екен деп ондағылардың барлығы таң қалысады, осынша көп пайданы қалай тапқанын бәрі де сұрай бастады. Кедей барлығын өтірік қоспай, бастан аяқ айтып береді. Ал деревняда осы кісі бір бай қарт адаммен көрші тұрушы еді. Оның ұртында да үлкен ұра бар болатын, тек оның томпағы оң жағында еді. Кедейдің әңгімесін естиді де, бай ашуланады: «Мына қайыршының ақшасының менікінен көп болуына төзе алмаспын. Шайтанды барып мен де алдаймын! Сонымен бірге ұрадан да құтылармын»,— дейді. Және сол күні кешкілікте-ақ бай орманға кетеді. Ол орман арасында тұрған жалғыз үйді тауып алып, ішіне кіріп шайтандардың келуін күтіп отыра береді. Түн де болады. Түн ортасында шайтандар қораға жыйналып алды да, жан түршігерліктей айқай-шу көтерді. Өздерінің күміс, алтын таяқтарымен не кез келсе соны сабалайды. Қорыққанынан байдың кеудесінен жаны шығып кете жаздайды. Бірақ дүниеқоңыздық оған әл береді. Бай өлең айта бастайды. Ол өлеңді ұйқассыз айтады, бірақ оның ышқына шыққан қатты айғайынан теректердің қу бұтақтары жерге құлай бастайды.
Шалдың өлеңін шайтандар есітті.
—Еһе, — дейді үлкен шайтан,— әлгі алдаушы шал бізге тағы келген екен.
Шайтандар шалды қоршап, оның өлеңін тыңдап мұрттарынан күліп қойысады. Ал дүниеқор бай шал шайтандарға менің өлеңім жаққан екен, қазір шайтандарды алдаймын деп қуанып, онан сайын тамағын аямастан жырта айғайлайды.
Ол бір секундтай тоқтап, демалады. Сонда үлкен шайтан тұрып.
— Айтыңызшы, ата, сіз мұндай әдемі дауысты қайдан алдыңыз,— дейді.
Шалдың күткені де тек осы сұрақ болатын.— Менің даусым оң жағымдағы ұраның астында жасырынып тұр,— дейді.
Шайтандар қарқылдап күле бастайды:
— Ой, сен кәрі алдаушы, кешегі бізді алдағаның аз болып, енді бүгін тағы алдағың келген екен,— дейді.
— Сенің томпағыңды жағыма жапсырып алғасын, өлең айтам екен деп бірнеше рет байқап көрдім, ешнәрсе де шықпады. Сенің томпағыңда ешқандай өлең де, дауыс та жоқ. Мә, өзің қайтып ал!—деді үлкен шайтан.
Осы сөзді айтып, шайтан бай шалдың сол жағына ұраны жапсыра салады. Сол арада күн де шығады, шайтандар улап-шулап, секіріп, ысқырып, күміс, алтын таяқтары қолдарында жоқ болып кетеді. Ал дүниеқор бай шалдың екі жағындағы ұра өмір бойына қалады.
КЕДЕЙ МЕН КӨГЕРШІН
Біp деревняда шаруа тұрады, оның кедейлігі сондай, сол деревняда онан кедей адамды табуға болмайтын еді. Ол өзі еңбек сүйгіш адам болатын, солай бола тұра жоқшылықтан бір де құтыла алмайтын. Сондықтан ол қалаға кетпекші болады, мүмкін, сол жақта ептеп тамағымды асырармын деп ойлайды. Қала жап-жақын болмайтын. Оған он күн бойы кең алқаптарды, белес-белес биік таулы, тасты жолдарды, қалың орман ағаштарды жарып өту керек болады. Ал, кедейдің жол азыққа я бір түйір сарымсағы, я бір бүртік күріші де жоқ еді, бірақ шаруа өзіне тамақты жолда аң аулап табармын деп ойлады. Ол өзіне садақ және садаққа салып ататын он оқ кесіп алып жолға шығады. Бірінші күні қоян атып алады, екінші күні көжек соғып алды. Міне, осылайша алты күн өтеді. Кедей бір уақытта қараса белбеуінде садақтың екі-ақ оғы қалыпты. Қалаға дейін әлі жол алыс жатыр, тек болғаны екі-ақ оғың қалса қанша құс атып ала қоясың, деп ренжиді кедей. Ол жапырағы қалың биік теректің көлеңкесіне келіп демалып жатты да, алдағы уақытта не істеу керек деп ойға шомды. Кенет теректің ең биік бұтағында бір көгершін қырқылдап ұяны айнала ұшып жүр, оның балапандарын жеу үшін теректі өрмелеп ұяға қарай бір үлкен жылан жақындап қалыпты. Кедей атып түрегеліп, садағын жұлып алып оқтың біреуін салды да, залым жыланның тап көзін көздеп атып түсірді. Өлген жылан биік теректің басынан домалап жерге түсті. Ал көгершін қуанышты қырқылдап, кедейдің төбесінен айнала ұшты. Кедей садағын мойнына асып алып, ілгері қарай жүріп кетті. Енді онда тек садақтың жалғыз оғы ғана қалады.
— Жә, енді бұл садақтың жалғыз оғын сақтау керек.— Кім біледі жолда ненің тап болатынын!
Күн кешке айналғаннан кейін аңдардан қорғану үшін, түнде қонатын тау үңгірін іздейді, бір мезгілде қашығырақ бір жерде жылтылдаған от сәулесін көрді. Көрінген отқа барса, ол үлкен храмның қақпасының алдынан шығады. Шаруаны храм бақташысы қақпаға кіргізеді де, бақшаның ішіне апарып, бір буда солом төсеп береді, кедейге осыдан артықтың өзі де керек емес еді. Соломның үстіне керіле жатып тәтті ұйқыға кетеді.
Түсінде шаруа өзін біреудің тұншықтырып жатқанын көреді.
Шошый оянса не қолын, не аяғын қыймылдата алмайды. Оны үлкен жылан орап алып, енді болмаса қысып өлтірмек екен. Жақын бір теректің басында көгершін қайғылы дауыспен қырқылдап отыр.
Кедей ең соңғы бар күшін жыйнап алып жыланнан:
— Сен не үшін мені өлтіргің келеді? — деп сұрайды.
— Сен бүгін күндіз менің әйелімді садақтың оғымен атып өлтірдің, соның үшін сені өлтіремін,— деп жауап қайырады жылан.
Кедей ажалдың төніп тұрғанын білгеннен кейін, кешірім сұрай бастайды:
— Мені жіберіңіз жылан, мен сенің қандай тілегің болса да орындайын,— дейді.
Сонда жылан тұрып:
— Бір уақытта мен де адам едім. Менің қаталдығым, зұлымдық мінезім үшін сыйқырлы адам мені жыланға айналдырып жіберді.
— Егер де түн ортасында храмның басындағы қоңырау соғылып, дыңылдаған даусы естілсе, бұл қарғыс өзінің күшін жояды. Бүгін түн ортасында ана храм төбесіндегі қоңырау соғылатын болса, мен саған кешірім берейін. Егер де сен оны істей алмасаң—ажалым жетті деп, бұл дүниемен қоштаса бер,—дейді.
Кедей не істесін? Жыланның бұйрығын орындауға ризалығын білдірді. Ол храмның мұнарасына жақындап келіп қараса — мұнара сондай биік, ешбір айла тауып басына шығуға болатын емес. Есіктерінің бәрі де мықтап жабылған, бәрінде де үлкен-үлкен алқа құлып ілулі түр. Сырт жағынан мұнараға шыға алар емессің, жақын жерде бірде-бір басқыш жоқ. Кедей не істерін білмей ойға шомды, ал жылан қасында жатыр, көзін одан айырмайды, түн ортасына бір минуттай ғана уақыт қалды.
Оның ойына өзінің темір үштігі бар жалғыз оғы түсе қалды.
Кедей қуанып кетті: қуанбай қайтсын, садақ оғының темір үштігі мұнараның қоңырауына барып тисе, қоңыраудың шылдырлауы анық қой. Жәй болса да, әйтеуір даусы шығады ғой? Ең соңғы оғын садаққа салды да мұнараның қоңырауын көздеп, шіреніп тұрып атып келіп жіберді. Садақтың оғы зу ете түсті де аспан түнегіне сіңіп кетті, қоңырау даусы шықпады. Шаруа қараңғы түнде жақсылап көздей алмаған болу керек.
— Қазір сен өлесің! — деп ысылдады жылан.
Жылан енді шаруаға секіруге жыйнала бергенде, ойламаған жерден мұнараның қоңырауының еміс-еміс ақырын даусы құлаққа естілді. Қоңыраудың даусын естіп жылан адам түршігерліктей етіп ысылдап-ысқырып, домаланып, өзінен-өзі тоғашталып храм қақпасының сыртына жорғалап шықты да адам кебіне түсті. Қалайша мұнараның қоңырауы өзінен өзі соғылды деп кедей таң-тамаша болды. Ол өзінің бақытына көпке дейін нанбады да, біраздан кейін тағы да төсеген саломның үстіне жатып ұйықтап кетті. Шаруа ұйқыдан тұрғанда күн көзі көтеріліп, сәске түс болып қалған екен. Ол бақташыларға өзін қарсы алғаны үшін алғыс айтты да жүріп кетті. Кедей мұнараға жақындап келгенде, алдында төс сүйегі быт-шыт болып өліп жатқан көгершінді көреді. Тура келген ажалдан түн ортасында кімнің құтқарып алғанын шаруа сонда барып түсінеді. Көгершін бар екпінімен ұшып келіп, кеудесімен мұнараның қоңырауына соққан екен, сондықтан да ажалдан құтқарушы қоңыраудың даусы естіліпті. Mіне, кедейдің балапандарын ажалдан құтқарған жақсылығын көгершін осылайша ақтапты.
АЛТЫН БҰРШАҚТАР
Ерте бір заманда, тау алабындағы бір провинцияда жесір кедей әйел тұрады. Жесір әйелдің Мун Сик деген он екі жасар баласы бар екен. Әйелдің тұрмыс жағдайы ауыр болады. Ол таң сәрісінен тұрып күн батқанға дейін бай көршісінің егіндік даласында жұмыс істейді. Көршісі өте сараң еді, жесір әйелге еңбекақыны өте аз төлейді, әйелдің тапқаны тамағына жетпей үнемі аш жүреді. Мун Сик шешесінің ауыр тұрмыстан жүдеп-жадап жүргенін білгенімен қалай көмек етерін білмейді. Жесір әйел күн санап жүдеп, бойынан әл кете бастайды. Мун Сик шешесінің аштық пен ауыр жұмыс азабынан жақын арада ауыратындығына көзі жетеді.
Егер де шешем мені асырамаса, мұндай ашықпас еді»,— деді Мун Сик өзіне-өзі. Ол осылайша ойлайды да, қалаға барып өзін құлдыққа сатуға ұйғарады, шешесінің ауыр тұрмысына азғантай да болса көмектескісі келеді. Бір күні шешесі бай көршісінің егіс даласына жұмысқа кеткенде, Мун Сик үстіне өзінің күртесін киіп, орамалдың ұшына азғана тары түйіп алып, қалаға жүріп кетеді. Жолда ол үлкен меңіреу қалың орманнан өтуге тиіс еді. Ол көп уақыт орман ішіндегі жалғыз аяқ жолмен, ит тұмсығы өтпейтін қалың ағаштардың ішін аралап, батпақтарды айналып, ұйтқып жатқан өзен суларына түсіп кетпей өтетін өткел іздеумен жүреді. Мун Сик бір кішкентай ашық алаңға шыға келсе, алдында қозғалмай тұрған жап-жас сұлу бұғыны көрді. Бұғы баладан қорқып, көре сала қалың орманға қаша жөнелмей, Мун Сикке қарап, қыбыр етпей тұра береді. Бала бұғыға жақындап келгенде аяғы ауырып жерге баса алмай тұрғандай болып, ол алдыңғы аяғын көтереді. Бұғының өзінен не тілеп тұрғанын Мун Сик бір қарағаннан түсіне қояды. Бір үлкен шөгір екі бақайының арасында тереңге бойлап кіріп кетіп, ауыртып тұр екен. Аяғында мұндай шөгір тұрғанда жолбарыс түгіл кішкентай қасқырдың бөлтірігінен де қашып құтылатын түрі жоқ. Мун Сик тізерлеп отырады да, бұғының аяғындағы шөгірін тісімен ептеп суырып алады. Бұғы қуанғанынан басын жоғары көтеріп, бұтақ-бұтақ үлкен мүйіздерін бір шайқап жіберіп, орманға қарай жүріп кетеді. Ол жайлап жүріп келеді, бала қалмай, еріп келеме дегендей, анда-санда бұрылып артына бір қарап қояды.
Ал Мун Сик неге екенін өзі де білмей Бұғыдан қалмай ізімен жүре береді. Кеш болды, аспанда үлкен сарғыш ай жерге жарқ беріп тұр. Ал бұғы әлі тоқтамай, асықпай-саспай, бұрынғысындай артына қарап қойып жүріп келеді. Оның артынан Мун Сик те өте сақтықпен еріп келеді, өйткені орман жүрген сайын қалыңдап, жалғызаяқ жолдар әлдеқашан жоғалған болатын. Бір кезде папортниктің қалың өскен жеріне келгенде, бұғы бір секірді де көзден ғайып болды. Мун Сик өте қорқып кетті. Ол жолдан мүлдем адасты және қалаға бару: үшін қай жаққа жүрерін білмейді. Ол бұғы жоқ боп кеткен қалың өсімдікке жақындап келгенде, отша жанып тұрған гүлді көреді. Мун Сик гүлге жақындап келіп өз көзіне өзі нанбайды: бұл Жень-шень, ауруларды жазатын, тіпті қарттарды жасартып, қайратты етіп жіберетін аса қымбатты Жень-шень екен. Уақыт өткізбестен Мун Сик өзінің тамаша олжасын қаза бастайды. Баланың қуанышы қойнына сыймады: енді өзін құлдыққа сатудың қажеттігі жоқ. Жень-шень суынан бірнеше тамшы ішсе болғаны шешесі ауруынан жазылып, қайраттанып кетеді. Бала тамырды қазып алды да, өзінің деревнясына жетуге асықты. Шешесі үйінде еді. Оның әлі кетіп, ескі төсектің үстінде ыңырсып, енді бұл дүниемен қоштасуға жатыр екен. Бірақ ол шипа өсімдіктің бір кесе тұнған суын ішіп жібергенде, бетіне қан жүгіріп қоя берді, жүрісі жеңілденіп, жұмыс істегенде қолы-қолына жұқпайды. Бір күні таң алдында деревнядағылардың бәрі тегіс ұйқыда жатқанда Мун Сик жайлап қана есікті түрткен дыбысты есітеді. Ол есікті ашып қараса, алдында тұрған сұлу жас бұғыны көреді.
— Mіні ол? Міні ол? — деп Мун Сик бұғыны құшақтап сүйе бастайды.
Мун Сиктің шешесі де бұғыға жабыса кетеді. Өзі мен баласына істеген жақсылығына оған қандай алғыс айтарын білмейді. Таудың аржағынан ыстық күннің сәулесі шығып көтерілген мезгілде, бұғы басын жоғары көтеріп алып, бірнеше рет секіріп жоқ болады. Мун Сик пен шешесі көргендеріне риза болып үйлеріне кіре бергенде, бала есік алдындағы текшенің үстінде жатқан кәдімгідей бес бұршақты көреді. Тек Мун Сиктің бұршақтарға қолын тигізуі ғана мұң екен, бұршақтар сол арада алтынға айналады. Енді Мун Сик пен шешесі өте жақсы тұратын болады. Оларға бұғы жыл сайын келіп тұрады, әрбір келіп кеткен сайын соңынан әлгі текшенің үстінен кәдімгідей бес бұршақ табылды.Бірақ, оған Мун Сиктің қолы тисе болды, сол мезетте әлгі бұршақтар алтынға айналады. Жарлы жесір әйелдің аштық дегенді білмей, мұқтажсыз тұратынын, онымен қоймай, басқаларға көмектесетінін күншіл әрі бай көршісі тез байқайды. Бай көршісі бұларды аңдый бастайды, қалай Мун Сиктің үйіне бұғының келгенін, текшенің үстінде бес бұршақтың пайда болуын, олардың қалайша алтынға айналатынын бір күні таң сәріде ол барлығын көріп алады. Бай тыныштығынан айрылады. Ол бұл бұршақтарды ұрлауды ұйғарады. Жесір әйел мен баласының егіс даласына кетуін аңдып тұрып, үйге кіреді де, барлық жерді тінткілеп қарай бастайды. Көп іздеп әбігерленбей-ақ тамақ ішетін аласа столдың үстінен жібек орамалға оралған бес алтын бұршақты тауып алады. Бай бұршақты қойнына тығып алып үйіне қарай қаша жөнеледі. Үйіне келгесін алтынға қарап көз суын бір қандырмақ болып, бұршақтарды қойнынан алып, қарай бастайды. Бірақ бір ғажап, оның алақанында кәдімгі жұрттың бәрінің бақшасында өсіп тұрған кәдімгі жай бұршақ жатыр. Бай өзінің көзіне тіпті нанбайды, столдан алғанда бұршақтардың алтын екенін ол жақсы біледі ғой.
Ұры ызаланғаннан бұршақтарды еденге лақтырып жіберіп,
— Неліктен Мун Сик кәдімгідей бұршақты алса ол алтынға айналады, ал мен алсам алтын бұршақ жай бұршаққа айналады,— деп ойбай салады.
Ойда жоқ жерден үйдің терезесі сырылып ашылып кетеді де бай бұғыны көреді. Бұғы оған ашулы көзбен қарап:
— Оның себебі еңбекті сүйетін қол тисе жай бұршақ алтынға айналады. Еңбек дегеннің не екенін білмейтіндердің қолы алтынды бұршаққа айналдырады,— дейді.
Осыны айтып бұғы орманға қарай аяңдап жүре береді. Бай қолына жалма-жан садағы мен оғын алып, бұғының артынан жүгіреді. Ол қайткен күнде де сыйқырлы бұршақты қайдан алатынын білмекші болады. Бұғы орманға кіргесін артына бұрылып қараса, еріп келе жатқан байды көреді. Жауыз бай садақты бұғының қақ жүрегіне көздеп тұр екен.
— Айт, сыйқыр бұршақ қай жерде сақталады?—деп айқайлады бай.
Оған бұғының не деп жауап қайырғанын бай естіген жоқ. Күн қатты күркіреп, найзағай жарқылдап жайдың оғы байдың қолындағы садағын жұлып әкетеді, жауыздың өзі шалқалай құлайды. Бай есін жыйып тұра келгенде бұғының қарасы да көрінбейтін. Тау жақтан қаптай түскен қою тұман орман ішін қап-қара түнек етіп жібереді. Байдың тұман ішінен деревнясына баратын жол табам деген әрекетінен түк шықпайды. Қашан өзінің нақ қасынан жолбарыстың ақырған даусы шыққанша қайда бара жатқанын өзі де білмей, беталды жүре береді. Осының ар жағында байға не болғанын біз білмейміз, неге десеңіз оны осы уақытқа дейін ешкім көрген емес. Оны жолбарыс жeп қойған болу керек. Жесе жей берсін. Ондай адамға жан ашымайды.
ЖОЛБАРЫСТЫ БАҚА ҚАЛАЙ АЛДАДЫ
Канвон алмас тауын бір жолбарыс мекендепті. Бұл өте зор әрі күшті, айлакер және қорқау жолбарыс болады. Маңайдағы деревнялардың шаруалары оған тау Қожасы деп ат қойып алған.
— Мен бәрінен де күштімін, бәрінен де ақылдымын, өмір бойы тауда жүру мені жалықтырып жіберді,— деді жолбарыс бір кезде өзіне-өзі.
Сөйтеді де тау Қожасы биіктен жіңішке жалғызаяқ жолмен сайға түседі. Осы сайда үлкен деревня бар болатын. Жолбарыс деревняны айнала жортып өзіне тамақ іздей бастайды. Түнде, жұрт ұйықтаған мезгілде тау Қожасы ұрланып шаруаның қорасына кіреді де бір есектің құлынын арқалап алып қонысына қарай жөнеледі. Шаруа таңертең қорасына шығып қараса есектің құлыны жоқ, үйден айнала із кешіп еді, жолбарыстың ізін көрді, есек байғұстың қайда кеткенін шаруа сонда барып түсіне қояды. Ертеңіне тау Қожасы тағы деревняға ұрланып келеді. Ол бір қорада толып жүрген шошқаның торайларын күндізден байқап алған болатын. Тек түн болып айдың бетін бұлт жабысымен, жолбарыс шошқа қорасына ұрланып кіреді де, ішінен ең бір семіз торайды таңдап алып тауға қарай тағы жөнеп береді. Шаруаның әйелі таң ертең торайларға тамақ апарғанда, ең жақсы торайдың жоқ екенін көреді. Үй маңында жолбарыстың ізі жатыр.
— Taу Қожасы барлық малды тасып бітірер, содан кейін адамға да шабатын болады ғой,— деп шаруалар уайымдай бастады.
Осы деревняда бір батыл, жас аңшы тұрушы еді. Ол жолбарыстың деревняға қожа бола бастағанын біліп, әлепес қарақшыны өлтіріп тыныш табайын дейді. Аңшы мылтығын алады да деревняның бір шетіне барып қалың ағаштың ішіне жасырынып отырады. Тек кеш болысымен-ақ жалғызаяқ жолмен түсіп келе жатқан тау Қожасы көрінеді. Аңшы зұлымды шошытып алам ба деп қорыққаннан демін ішіне тартып қыбыр етпеді. Жел жолбарыстың алдынан шығып ол жақын арада адам исі бар екенін сезіп қалды. Аңшы мылтығын көтеріп үлгіргенше болған жоқ, өзінің тауына қарай зыта жөнеледі. Ініне кіріп алғасын:
— Мен адамнан да залыммын. Оған мені ұстау қайда! — деп мақтанып қарқ-қарқ күледі.
Келесі күннің кеші жетеді. Тағы да жолбарыс деревняның шетіне әкелетін таудың жалғызаяқ жолы үстінде көрінеді. Ол шоғыр-шоғыр ағаштарға жақындап қалғанда, кенет бұлт астынан ай шыға келіп, жарқ еткен мылтықты көріп қалды.
Аңшы көздегенше болған жоқ, жолбарыс қашып тау басына шығып та кетеді. Тау Қожасы өзінің ініне кіріп жатып алғасын, аңшыны келемеждеп күле бастайды:
— Өзі ақмақ адам екен! Мен сыяқты тау Қожасын алдағысы келеді. Ол менің әрі залым, әрі ақылды екенімді білмейтіндігі ап-айқын көрініп тұр. Оны ендігі жолда мен әншейін ұстаймын да жеп қоямын.
Келесі күні жолбарыс кешті күтпей-ақ таудан сайға түседі. Әлі кеш батқан жоқ еді, тау Қожасы өте сақтықпен аңшының қай жерде жасырынып отырғандығын білгісі келіп ауаны иіскелеп жүріп келеді. Ауаны қанша иіскелесе де адам исі байқалмайды. Жолбарыс деревня шеті басталатын алаңға дейін келді де, жан-жағына байқап бір шолып шықты, бірақ қауіпті ешнәрсе сезілмеді. Ол тағы ауаны өзіне тартып адам исін іздеп еді, бұл жолы да таба алмады. «Еһе! Әлгі қорқақ ақмақ аңшы менің оны жеймін деп ойлағанымды біліп, жасырынған екен»,— деп ойлады жолбарыс. Тау қожасы осылайша өзінің ініне қайтайын деп тұрғанда, кенеттен қурап жатқан ағаштың үстінде отырған көжекті көрді. Көжек зәресі ұшып қорыққан болса керек, қозғалмай да, дем де алмай бүк түсіп жатыр. Жолбарыс жайлап ырылдады да, құйрығын былғап, қабырғасына бір соғып, көжекке қарай атылғанда терең шұңқырға омақаса құлады. Тау қожасы өзіне не пәле болғанын түсінгенше болмай, төбесінен сырықтан жасалған ауыр қақпақ жабылып кетеді.
Мақтаншақ тау Қожасы өзінің аңшы қақпанына түскенін сонда ғана түсінеді. Аңшы терең шұңқыр қазып, оның бетін жапырақтармен, қураған ағаштармен жабады; ал алдау үшін үстіне қызықтырып көжектің тұлыбын қояды. Жолбарыс көжекке секірген екпінмен терең шұңқырға түскенін бір-ақ біледі. Тау Қожасы тұзақтан шығамын деп босқа әуреленеді. Ол тырнақтарынан қан сорғалағанша айнала секіреді, ақырында, әлі құрыйды, бірақ апаннан шыға алмайды. Жолбарыс түні бойы шұңқырда отырады. Ал таңертең сырттан бір дыбыс естіледі. Тау Қожасы басын көтеріп қараса, жоғарыда тұрған аңшыны көреді.
— Ал аңшы мырза, мені өлтіре көрмеңіз! — деп жалбарынады жолбарыс,— ешуақытта ешкімге зұлымдық етпеуге сізге ант берейін, тек мені осы дозақтан құтқарыңыз, адамдар тұратын жерге қарай аяқ басуды ұмытыңдар деп барлық жолбарыстарға бұйрық берейін.
Аңшы жолбарысқа сеніп, шұңқырдың ішіне ұзын жұмыр баған түсіреді. Жолбарыс бағанға секіріп шығып, өрмелей дұзақтан шығады. Тау Қожасы апаннан шығысымен аңшының қасына жетіп келіп, құйрығын бұлғақтатып жіберіп:
— Мына шұңқырда түні бойы отырып әбден ашықтым, қазір сені жеуім керек дейді.
— Сен не айтып тұрсың, жақсылықты білмейтін оңбаған!— деп аңшы айқай салады. — Әжептәуір тәртіпті аңдар осылай істей ме екен!
— Осылай етеді! — деп жолбарыс жерді бір тарпып қояды.
— Әнe, қарағай басында отырған қарғадан сұрайық,—деді аңшы.— Осылай ету дұрыс дер ме екен.
Ол қарғадан:
— Айтыңызшы, басының бостандығын өзіне қайтарған адамды тәртіпті жолбарыс жей ала ма?—дейді.
Қарға басын төмен салбыратып жан-жаққа қаранып алып:
— Кім де болса, жақсылықты жамандықпен қайтарса,оны дұрыс деп айтуға ешкімнің де ары жетпес,— дейді.
Жолбарыс мына жауапты естігенде былай деп ырылдады:
— Сен ақмақ құссың! Сенің бағыңа ұстауға менің шамам келмейді!
— Қане, құрбақадан сұрайық, ол не айтса, солай болсын,— деп ұсыныс жасайды жолбарыс адамға қарап.
«Бақа — қарға емес, ол менімен қарсыласа алмайды, өйтсе мен оны табан астына бір-ақ жанышам ғой,» деп ойлайды Жолбарыс.
Аңшы мен жолбарыс кең шалшық батпақта тұратын құрбақаға келеді.
Бақа ертеңгі асын ішіп болып, өте бір шат көңілді отырған кезі болатын.
Ол жолбарыс пен адамның арасындағы қайшылықты тыңдағаннан кейін, ойланып үндемей көп отырады. Ең ақырында, ашыққан жолбарыс тісін сақ еткізген уақытта, құрбақа салтанатты сөз бастайды:
— Сіздердің бұл ерегістеріңізді әділ шешу өте қыйын. Бұл үшін тау Қожасы арандаған жерді өзім барып көруім керек болады.
Сонымен олардың үшеуі де шұңқырды көруге барды. Құрбақа апанға бір қарайды да:
— Мен бұл шұңқырдың қаншалықты тереңдігін дәл білуім керек дейді.
— Мен жүгіріп барып үйден арқан әкеліп тереңдігін өлшеп берейін,— деді аңшы.
— Ризашылығым жоқ! Сенің келмей қалуың ықтимал,— деп ырылдайды жолбарыс.
— Ол уақытта сен мені жерсің.— Өзің ойлашы, мен өзімнің өмірімді, бір танымаған адамым үшін қыям ба? — дейді құрбақа.
— Олай болса, жақсы,— дейді жолбарыс ырылдап.— Тек ол тезірек қайтсын, менің қарным ашты.
Өзі теректің түбіне отыра кетеді.
Аңшы аялдап тұрмайды. Аяғы аяғына жұқпай деревняға қарай жөнеледі, көп кешікпей аман-есен өзінің үйіне келіп кіреді.
Бір сағат өтеді, аңшы болса әлі көрінбейді. Сонда жолбарыс ашуланып:
— Сен мені алдадың, тасырақ көз! Бірақ мен әрі күштімін, әрі залыммын. Қазір сені жеймін, ал түнде аңшының үйіне ұрланып кіріп оны да жеймін,—деп күжілдейді.
Бақа өзін өте қорыққан сыяқты етіп көрсетеді де, былай деп құрылдайды:
— Тақсыр жолбарыс, маған сіздің арқаңызға шығуға рұқсат етіңіз, әлгі адам келе жатқан жоқ па екен, қарағым келіп тұр.
— Жарайды,— деді жолбарыс,— шық, бірақ есіңде болсын: егер де ол бес минуттан кейін осында болмаса,— өз өміріңмен қоштаса бер! — дейді, осы сөзді айтып жолбарыс жерге етпеттен жата қалады, ал бақа басына секіріп шығады да:
— Ұлы мәртебелі жолбарыс, артқы аяғыңызбен түрегелуіңізді өтінемін, сонда мен аңшының үйін де көретін түрім бap, дейді.— Ал сізге түрегеліп тұруға жеңіл болу үшін мына терекке сүйеніңіз.
Тay Қожасы солай істейді.
Тек ол артқы екі аяғына көтеріліп терекке қарай сүйене бергенде, бақа оның басынан жоғары секіріп, теректің қуысына кіріп алады.
Бақа қорқынышсыз жерге кіріп алғаннан кейін жолбарысты балағаттай бастайды:
— Мақтаншақ! Ақмақ! Ашықауыз!
Жолбарыс ыза кернеп ашуланғаннан теректің қабығын кеміре бастайды. Бірақ бұл терек бірнеше жүз жыл жасаған жуандығы үш кісінің де құшағы жетпейтін терек болатын. Жолбарыстың өзінің теректі құлата алмайтындығына, бақаға жете алмайтындығына көзі жеткенде шегініп барып бар екпінімен шауып келіп терекке атылғанда, басы теректің қуысына кіріп кетеді. Бақа әуелі қорыққанынан жүрегі жарылып өле жаздайды. Бірақ бекер-ақ қорыққан: жолбарыстың аузы жап-жақын болмағанмен, бақаға жетпейді. Тау қожасы бұрынғыдан да қаттырақ жүгіріп келіп секірмекші болады. Бірақ зұлым жолбарыс басын теректің қуысынан шығарып алам деп қанша жұлқынғанымен ештеңе шығара алмайды. Мақтаншақ тау Қожасы басы теректің қуысында, бөксесі далада ілініп тұрып қалады. Егер де аңшы мылтығын әкеліп атып түсірмесе, жолбарыстың осылайша ағашқа асылып қанша уақытқа дейін тұратынын кім білсін.
Осымен ертегі де аяқталды.
БАҚЫТТЫ ҚОЯН
Тасбақа жерге қайдан пайда болған? — деп сіздер сұрайсыздар ғой.
Aл, енді тыңдаңыздар:
Өткен бір замандарда терең мұхиттың түбіндегілер үлкен бақытсыздыққа ұшырайды. Теңіз қожасы ұлы Айдаһар өте қатты ауырады. Оның ұзын тілін сарай дәрігері — итбалық — қанша қарағанымен, ішін басқанымен — бәрібір, ол өзінің өлім аузында жатқан әміршісінің науқасын таба алмайды; қандай порошок, қандай тамызып ішетін дәрі жазып берерге білмейді. Айдаһардың денсаулығы күн сайын төмендеп өмір оты сөне береді. Ауруы итбалықтың дәрісінен жеңілдемей, қайта ауырлай түседі. Сарай маңындағылардың бәрі де тек аяғының ұшымен ғана басып, сыбырлап, ымдасып сөйлейтін болады. Күлген, жымыйғандар өлім жазасына кесіліп, жағаға шығарып тасталады. Осындай қайғылы күндердің бірінде, кенеттен бір сопы сегізаяқ келеді. Ол көп жылдан бері үйінен шыққан емес еді, бірақ, теңіз қожасының қатты ауырып, өлім аузында жатқан қауырт хабарын естіп, көп жасаған сегізаяқ Айдаһардың алдына келіп тұрады да:
— Әміршім! Сенің науқасыңды дәрігер де, сарай маңындағылар да, тапқыш ақылгөйлер мен ғалымдар да жеңілдете алмайды. Сізді тек мен ғана жаза аламын. Ерте бір кезде, менің қарт бабам осындай дерттен қатты ауырып, өлім аузында болған еді, сонда ол жан тапсырмастан бір минут бұрын ақылгөй біреу тірі қоянның бауырын әкеліп берді. Соны жеді де әкем сауығып кетті. Менің ұлы әміршім, сізге тірі қоянның бауырын тапсын, сонда аурудан жазылып кетесің. Әрине, теңіз ішінде қоян тұрмайтыны жұртқа белгілі, бірақ теңіз жағасы осы арадан өте жақын, онда қояннан көп нәрсе жоқ,— дейді.
Сегіз аяқтыны жақсылап тыңдап болғаннан кейін ұлы Айдаһар қатты қайғырып:
— Мен барлық теңіздер мен мұхиттардың қожасымын, менің алдымда киттер де, акулалар да қорқып қалтырайды, үлкен кемелерді су түбіне батырып жіберу қолымнан келеді, ал бірақ та ақмақ қоянды ұстауға әлім жетпейді,— дейді.
Айдаһар бірінші, екінші күндері уайымдайды да, үшінші күні барлық сарай маңындағыларды жыйнауға бұйрық береді. Сарай айналасындағылар қоянды қалай ұстаудың ақыл-айласын көп ойлайды, бірақ ештеңе де ойлап таба алмайды. Ең шешен кеңесшілері аузына су толтырып алғандай, түк айтпайды. Бір мезгілде дәу кит күжілдеп сөйлей жөнелді. Оның айтқаны:
— Құдіреті күшті әміршіміз Айдаһар! Қоянды ұстауды маған тапсыр. Ол жалқау қаңғыбасты мен тез ғана сарайға әкелейін, — дейді.
Айдаһар таңқалады.
— Рақмет саған кит. Ал менің сенімді қызметшім, сол аңды сен қалайша ұстамақшысың, соныңды айтсаң қайтер екен?
— Тіпті оңай,— деді Кит.— Теңіз жағасына жүзіп барып, қарсы келген қоянды жұтамын да қайтадан осында келемін.
— Эх, кит, кит,— деп ренжіді патша,— басың үлкен болғанмен, ақылың аз-ау! Ал сенің қарныңнан тірі қоянды мен қалай аламын?
Ұялған кит үндемей, әміршінің бақташысы акулдың артына қарай тығыла түседі.
— Ендеше, менің ақылшыларымның ішінен бірде-біреуі қоянды қалай ұстап, теңіз түбіне әкелуді білмейді,—деп Айдаһар айғай салғанда, кит зәресі ұшып тұла бойы дір-дір етеді.
Бір мезгілде тасбақа Айдаһарға жорғалап келіп, жайлап қана даусын шығарып:
— Әмірші, қоянды ұстауды маған тапсырыңыз. Менің төрт аяғым бар, тек қана жүзіп қоймай, күні бойы құрғақ жерде де жүре аламын. Мен тауға барайын да, қоянды іздеп тауып алып, оны осы араға алдап әкелейін,— деді.
Айдаһар біраз ойлап тұрғасын: — жарайды, қоянды тасбақа ұстап көрсін,— деп ұйғарады.— Ол айлашыл, басы жыланға бекерге ұқсамаған ғой,— дейді.
— Сенің жоспарың өте жақсы!—деп ол ризалығын білдірді де,— қазір құрғақ жерге аттан. Енді менің өмірім сенің ақылыңмен байланысты.
Тасбақа абыр-сабыр боп, туғандарымен қоштасады да, теңіз бетіне көтеріліп кетеді. Теңіз жағасы онша қашық болмайтын. Тасбақа құрғақ жерге шыққаннан кейін, жорғалап тауға өрмелейді. Ол өзі үлесіне тиген тапсырмаға өте қуанышты еді. Қуанбай қайтсын! Сәті түсіп қоянды мұхиттың түбіне апара алса, құдіретті әмірші, оны сөз жоқ, бас кеңесші етіп тағайындайды ғой.
Кенет тасбақаның есіне өмір бойы қоянды көрмегені түсе қалды.
— Қандай бақытсыздық!—деп сыбырлады тасбақа.— Асыққандығым сондай, тіпті қоянның сыртқы пішіні қандай екенін біреуден сұрауға да мұршам келмепті ғой. Үйге кері қайтуға тура келеді.
Содан кейін тасбақа теңіз жағасына қайтадан жорғалап келеді де, күмп беріп суға түсіп кетеді, теңіз түбіне түсіп, сарай маңынан шығып келеді. Әдеттегідей, бұл жерде сарай маңындағылар біріне-бірі қағысып, сыймай жүретін.
Оларға келіп тасбақа:
— Мырзалар сіздердің араларыңызда қоянды көргендеріңіз бар ма? — деді, ол ұяла сөйлеп.
Көптің ішінен біреу ысқырып жіберді. Бұл көздерін бажырайтып жіберіп, күліп тұрған үлкен теңіз шаяны екен.
— Сіз неге күлесіз? — деп ашуланады тасбақа.—Не деген көргенсіздік!
Теңіз шаяны қырындап жүзіп келеді де, тасбақаға:
— Мен сіздің надандығыңызға күлемін,— дейді.
— Сонымен, сіз өзіңіз қоянды көрген екенсіз ғой?
— Көрмегенде ше! Қоянды мен білмегенде кім білуші еді! Тау етегінде қыдырып жүргенімде бірнеше рет кездестірген болатынмын.
— Ойпырым-ай, бұл тамаша болды ғой! Айтыңызшы, қоянның түрі, түсінің қандай екенін?
— Мен бар көңіліммен айтып берген болар едім, бірақ сіздің ұмытшақ екеніңізді жұрттың бәрі біледі ғой. Сондықтан сізге сол аңның суретін салып-ақ берейін,— дейді.
— Олай етсеңіз, құрметті шаян, сізге көп алғыс айтар едім! Өзім бірінші кеңесші болғанда бұл істеген жақсылығыңызды ұмытпаспын.
Сөйтеді де, тасбақа суретті тас қабының астына тығып алып, қайтадан cу бетіне көтеріліп, жағаға шығады. Ол шыққан бойда, әлде қашаннан бергі қояндар мекендеп келе жатқан тауына қарай жорғалай жөнеледі. Қоянның да тап осы мезгіл түскі тамақ алдында біраз серуендеп, бой жазып келейін деп шыққан кезі еді. Қоян бірнеше рет секіріп, үлгіргенше болған жоқ, біреудің өзін шақырған даусын естіді. Қоян кілт тұра қалып:—Кім мені шақырады? — деді; сол арада тастың аржағынан шығып келе жатқан тасбақа көрінеді. Ол қоянның қасына батыл жорғалап келіп, бастан-аяқ түгел қарап шыққаннан кейін:
— Құлақ салшы! Сен қоянсың ғой? — деп сұрады.
— Менің қоян екенім даусыз ғой! —дейді назданып қылый көз. Ал сен өзің неғылған аңсың? Сендейді бірінші рет көріп тұрмын. Біздің жаққа қайдан, не үшін келдің?
— Менің атым тасбақа. Мен мұхит теңізі түбінде тұрамын. Сондықтан да сен мені ешбір уақытта көрген жоқсың. Бірақ маған ерекше маңызды бір мәселемен осында бүгін келуге тура келгені.
— Ендеше, егер де сен мені өмір бойы көрмеген болсаң, сен менің қоян екенімді қайдан білдің.
— Ол ғажап емес: менде сенің суретің бар! — деп тасбақа суретті суырып алып, қоянға көрсетеді.
— Қандай ұқсас — дейді қоян даусын қатты шығарып. — Аумаған өзім! Бұл сенде қайдан жүр?
— Маған сенің суретіңді теңіз патшасының сарай қызметкері — теңіз шаяны сыйлыққа берді.
Қоян таң қалды.
— Тасбақа, менің суретім саған не үшін керек болды және сен мені неге шақырдың?
— Ардақты қоян, мен өз әміршімнің сені шақырғанын хабарлайын деп келдім. Сені теңіздер патшасы өзіне қонаққа шақырады.
— Мені сыйлап шақырғаныңызға өте рақмет,— деп қоян басын иіп ризалығын білдіреді.— Бірақ сенің артыңнан еріп мен теңізге түсе алмаймын. Менің жүзе білмейтінімді және судан өте қатты қорқатынымды білмеуші ме едіңіз?
— Бос сөз! — дейді тасбақа. — Ешқандай қам жемеңіз. Сізді аман-есен теңіз түбіне өзім жеткіземін.
Бірақ қоян дәмді шалқан мен сәбіз өсетін бақшаны, капуста егілген даланы және өзінің кең әрі жайлы жатағын тастауды қыймайды. Ол сондықтан қайталап:
— Сіз білмедіңіз бе, неліктен сіздердің патшаңызға мен сонша керек болдым екен? — дейді.
— Неге білмейін, білемін,— деп тасбақа өтірік айтуға кіріседі.— Теңіздер патшасы жер жүзінде қыбырлаған жандардың ішіндегі ең қайрымды, ең әділ патша. Егер де оның патшалығында тұрушылардың біреуі ауырып-сырқаса қанқақсап жылаумен болады. Патшалардың ең қайрымдысы сенің жер үстінде жаман тұратыныңды есітті. Оған теңіз шаяны: сені жолбарыстың жарып, бүркіттің жұлқылап жейтінін, адамдардың атып алатынын айтқанда өксіп-өксіп жылады. «Маған шақырып беріңіз? —деді ол егіліп отырып.— Теңіз түбінде оған ешкім де жәбір көрсетпейді ғой! Мұнда жолбарыс та, адамдар да, бүркіт те жоқ». Міне, менің саған келген себебім,—алдампаз тасбақа әңгімесін аяқтайды.
Тасбақаның сөзінен кейін қоян қайғыланып:
— Ол рас! Жер үстінде мені барлығы аңдыйды: аңдар да, құстар да және адамдар да. Неше рет өлім аузында болдым! Тіпті өзімнің жатағымда да қауіпсізбін деп ойламаймын. Жарайды— шешілді! Мен бәрі де қайрымды, бәрі де әдепті мұхит теңізі түбіне барамын.
— Тамаша болды, — деп тасбақа қуанып кетеді.— Уақытты жоғалтпайық. Ал қазір-ақ кетейік.
—Я, я! Қазір-ақ кетейік!
Сөйтіп тасбақа мен қоян теңізге қарай жөнеледі. Бақытты болғанына қоян қуанып күлімсіреп, құлағын тынымсыз қайшылап, орнында тұрып секектеумен болады. Тасбақа қанша асығып келе жатса да, қоянға ол ұлудан да жай жорғалап келе жатқан сыяқты көрінеді. Қоян оның жүрісіне шыдай алмай:
— Құрметті тасбақа, келіңіз менің арқама отырыңыз, бір минуттан кейін біз теңіз жағасында боламыз. Ал сонан әрі қарай сіз мені арқаларсыз. Ризасыз ба? — дейді.
— Әрине! Менің құрылыққа шығып тұрғаным осы ғой, жер үстінде жүрудің азап екенін көріп тұрмын.
Тасбақа қоянның арқасына шығып алды, қылый көз теңіз жағасына қарай секектей жөнелді. Ол артынан тап қасқыр қуып келе жатқандай безектеді. Тасбақа басын қапшығына жасырып үлгірмей-ақ, теңіз жағасына өскен ну орман қарағайдың ішіне жетіп барды. Қоян теңізді өмірінде көрген жоқ еді, сондықтан оған өте қорқынышты болып көрінді. Жел тұрып толқындар тік жарға соғып көбіктеніп астаң-кестеңі шығып тулап жатыр.
— Қараңызшы, тасбақа ханым, теңіз қандай долданып жатыр. Мұндай дауылда батып кету қиын емес,— деді қоян зәресі ұшып.
— Сізге не болған! — деп күлді тасбақа.— Теңізде болмағаныңыз, көрініп-ақ тұр. Ол тек үстінде ғана тынышсыз. Судың астына түскесін барлығы да жақсы болады. Енді менің үстіме отырыңыз да, ешнәрсе ойлап тынышсызданбаңыз.
Бірақ қоян кідіре түсті. Оған теңіздің тулаған толқынына періп кету қалай да қорқынышты көрінді. Сөйтіп тұрғанда қастарынан қоянның ескі танысы борсық шыға келді. Қоянды өзінің жатағынан осынша қашық жерде кездестіргеніне борсық өте таңырқады.
— Мұнда сен не істеп жүрсің? — деп сұрады борсық.
Қоян табанымен мұртын сыйпап, маңғазданып:
— Тасбақа ханым маған теңіз патшасының менімен танысқысы келетінін хабарлады, соның патшалығына бара жатырмын,— деді.
Борсық ашуланып басын шайқады да, айқай салып:
— Бос сөз! Сен онда бір күн де өмір сүре алмайсың!
— Бекер, теңіз түбінде кімнің маған батылы барып тиеді, егерде, патшаның өзі менсіз тұра алмайтын болса?
— Сені алдаған! Теңіз түбі қауіпті нәрселерге лық толы. Сен онда өлесің. Түсініп қой: қанша көмек сұрап жыласаң да, сенің достарыңның біреуі де бара алмайды. Менің ақылымды тыңда: теңізден тезірек аулаққа қаш, ал тасбақа туралы ұмыт.
Борсықтың жаны ашып және дәлелдей айтқаны соншалық, қоянның есі шығып кетті де, тасбақаға:
— Тасбақа ханым, менің бір буда сәбізім жатағымда қалғаны жаңа есіме түсті. Сондықтан мен қазір сіздің әміршіңізге бара алмаймын,— деді.
Осыны айтты да, қоян үш секіріп борсықтың қасына жетіп келді, олар жайбарақат қалың орманның ішіне қарай қалықтап жүре берді. Мұны көріп тасбақа өкінішті дауыспен:
— Қандай бақытсыздық! Патша қандай ренжір екен! Қоянға мен ақмақ ең маңыздысын айтуға ұмытқанмын. Біздің әміршіміз өзі қарт және баласыз, сондықтан ол өзінің патшалығын ақылды қоянға бергісі келген еді, — деп айқай салды.
Қоянның құлағының ұзын екені жұрттың бәріне белгілі ғой, сондықтан қылый көз тасбақа аузынан шыққан сөздердің бірін қалдырмай есітті, ал тасқұлақ саңырау борсық ештеңе де есіткен жоқ.
— Тыңдашы, борсық,— деді қоян, дегенмен мен бір минутқа болса да теңіз патшасына барып қайтайын. Олардың қалай тұратынын көріп білген қызық қой...
Сөйтті де қоян кері, тасбақаның күтіп тұрған теңіз жағасына қарай секектей жөнелді.
— Meн сенің әміршіңді ренжітпей, оның тілегін орындауға бекіндім, — деді қоян.— Сонымен қатар, менсіз жалғыз барсаң саған патша ашуланар деп қауіптенем...
— Әуелден солай ойлау керек еді!— деп тасбақа қуанып кетті. — Ақмақ борсық күншілдік жасап, жоқ нәрсенің бәрін саған айтты. Жарайды кеттік!
Сол арада тасбақа қалшылдап қорқып тұрған қоянды арқасына мінгізді де толқынға қойып кетті. Тасбақа жерде шабан жорғаласа да, су ішінде шапшаң және сенімді жүзді. Теңіз ортасына дейін жүзіп барды да, тасбақа төмендеп су түбіне бата берді. Оның жолды жақсы білетіні сондай, патша сарайының тап қақ алдынан келіп шықты. Арқасына қоян отырғызған тасбақаны көріп нөкерлер Айдаһарға көп күткен қонақтың келгенін хабарлады. Қоянның алдынан екі акула шығып сарайдың қақпасын ашты, тасбақа тақта отырған теңіз патшасының алдына қылый көзді алып келді.
— Мархабатты әрі құдіреті күшті Айдаһар, сенің бұйрығыңды орындалды. Алдында тұрған тірі қоян, бауырын жеуіңе болады,— деді тасбақа.
Мына сөзді естігенде, қоян есі ауып, жығылып қала жаздады. Бірақ ол өлгісі келмеді, сыпайы және барлығы естігендей етіп даусын қатты шығарып:
— Құрметті тасбақа, қадірлі патшаға менің бауырым керек деп, сен неге жер үстінде тұрғанда маған айтпадың?!
Тасбақа мысқылдай күліп:
— Егер де мен бұны ерте айтсам, сен маған еруге тіріде ризалығыңды бермес едің ғой,— деді.
— Тасбақа ханым, сіз дұрыс істемегенсіз. Мен қадірлі патшаға бір бауырымды, мүмкін тіпті екеуін де берген болар едім. Бұл секілді құдіретті патша үшін маған ешнәрсе де аяулы емес. Ал мен бауырымды өзіммен бірге өмір бойы алып жүрмеймін. Ол менің жатағымда сақталады. Енді біз қайтадан су бетіне шығып, тағы да сүңгуіміз керек болады. Міне сіз, тасбақа ханым, қанша керексіз жұмыс жасадыңыз!
Айдаһар тасбақаның қоянды бауырсыз әкелгенін естігенде:
— Осы тасбақа өмір бойы ең керекті нәрсені ұмытады да жүреді,—деп, өте қатты ашу шақырды.
Айдаһар үш рет пысқырды, бұл қатты наразылықтың белгісі еді:
— Сен ақмақ, қоянға қалайша бауыр керек екенін айтпадың! Осы қазір кері барыңдар және кешке қоян бауырымен менің алдымда болсын! Олай істемесең сені жұт деп акулаға бұйырамын! —деп күжілдеді.
Қоян қайтадан тасбақаның тостағанына отырды да, жүзіп жағаға шықты. Тасбақаның аяғы жағаға тиуі мұң екен, қоян оның арқасынан секіріп түсті де, орманға қарай зытып отырды.
— Қош, сау бол, ақмақ тасбақа!—деп айғайлады ол.— Саған менің бауырым керек қой — ол міне!
Ол артқы екі аяғына басып тұрды да, алдыңғы аяқтарымен ішін соғып көрсетті.
Тасбақаның көргені сол-ақ болды. Оған қоянға қуып жету қайдан келсін.
Айдаһардың ойынды сүймейтінін тасбақа біледі. Енді оның акуланың аузына түсетініне көзі жетті де: «Егер де ақмақ қоян жер үстінде күн көре алатын болса, мен де өмір сүре аламын!» деді.
Сонымен тасбақа жер үстінде қала береді.
Осыдан бастап жер үстінде тасбақаның тұқымы тарай бастады.
Ал қоян содан бері қарай теңіз жағасына жақындамайды да, тасбақамен сөйлеспейді де.
МЫҢАЯҚТЫ МЕН ҚҰРТ
Мыңаяқтының құртқа не себепті күйеуге шықпағаны, ал құрттың мыңаяқтыға үйленбегені туралы қаратамақ торғай әңгіме етті.
Бұл былай болған:
Ерте-ерте заманда ескі тастың астында бір сұлу мыңаяқты тұрады. Өзінің кішкентай аяқтарына қызығудан жалықпайтыны туралы және оның кербездігі бүкіл провинцияға белгілі болады. Аяғы аз да, көп те емес бір мың болғандықтан, ол аяқтарын мәпелеуді таңсәрісінен бастап, екінші күннің батысында ғана бітіреді екен. Егер де, көршілерінің біреуі байқамай аяғын басып кетсе, мыңаяқты өпкелеп тас домаланып қалатын және ешкіммен де сөйлесуді тілемейтін. Ал мыңаяқтыдан онша алыс емес жерде бір ұзын құрт тұрыпты. Бұл өте еңбек сүйгіш құрт еді. Күні бойы жерді қопарып, ұзыннан шұбақ тунель қазып жер астынан шым-шытырық жолдар салатын және өзінің осы тағдырына өте риза болушы еді. Үнемі жер астында жорғалап жүргендіктен құрттың үсті өтe жылтыр, ұзын болғанмен де епті болатын. Бір күні құрт жаңбырдан кейін өзінің жер астындағы үйінен жер үстіне жорғалап шыға келгенде, мыңаяқтыны көріп қалып, сол арада оған ғашық болып қалады. Ал мыңаяқты да оны сүйеді. Құрт сол күні қарт кесірткені тауып алып, мыңаяқтының тумаларына құда түсуге жаушы етіп жіберді. Кесіртке құрттың сондайлық сұлулығын, ақылдылығын оның ұзын бойын, жер астындағы көп қабатты үйін ерекше мақтаған кезде мыңаяқты ойланбастан-ақ құртқа күйеуге шығуға ризалығын береді. Бұл хабарды басқа құрттар естігенде олар ирелеңдеп, жыйырыльш, аһлап-уһлей бастайды.
— Бұл масқара ғой! — деді біреулері,— ойлап қараңыздар, оның қалыңдығының мыңаяғы бар! Бақытсыз байғұс құрт өмір бойы етікшіге қарыздар болар да жүрер!
Басқалары:
— Қалыңдығы сәнқой! Ол бес жүз пар башмақты жай киюге, бес жүзін қыдырғанда киюге, тағы бес жүз қызыл сақтыян етік әперуді талап етеді ғой!
Мыңаяқтының құрбылары да риза болған жоқ.
— Бұл құрттың несіне қызықты? Онда бірде-бір аяқ жоқ қой. Барып тұрған зағиптің өзі—деді біреулері.
— Өздерің ойлаңдаршы,— деп қағып әкетті басқалары — оның сондай ұзын, ебедейсіз тұрпатына киім пішіп тігу, крахмалдап жуу үшін қанша күн керек!
Үшіншілері жаны ашығансып:
— Байғұс, мыңаяқты-ай! Ол ешбір уақытта тыныштық көрмейді ғой. Оған ертеңнен кешке дейін кір жуып, крахмалдауға, күйеуінің костюмының қыртысын аялауға тура келеді. Оның үстіне құрт жердің астында тұрады ғой, ол күніне киімін он рет ауыстырса да кірлете беретін шығар,— десті.
Өзінің құрбыларының талқысын есіткенде мыңаяқты жылап та алатын болды. Жүрегі қуанышқа толған күйеуі өзінің болашақ әйелі үшін жаңадан тағы бір қабат үй қазғанша, мыңаяқты өзінің алдағы міндетін санай бастады. Ол өзінің күйеуіне тігетін ұзын киімдерді қалай үздіксіз жуып, крахмалдау және қайткенде үйін таза, құрғақ ұстау туралы үнемі қам жеп отыруы туралы ойланды. Осы туралы мыңаяқты тас астында жатып алып, күні-түні ойлайды, ең ақыры қатты ренжіп кетіп, құртқа күйеуге шықпасқа шешті. Бұл туралы мыңаяқты болашақ күйеуге қабарламас бұрын-ақ құрт бұл туралы естіп қойған болатын. Мыңаяқты сыяқты сұлудың, өзіне әйелдікке шықпаймын дегеніне құрт әуелгі әзірде өте қынжылды. Бірақ достарының айтқандары есіне түсіп. «Мыңаяқты киіндіруге сонша ақшаны мен қайдан аламын?» — деп ойлайды өзінен-өзі. Бес жүз пар жай сандалиға қанша төлейтінін есептегенде құрт жаны түршігіп жыйрылып кетеді. Ал, ол бес жүз пар қызыл сақтыян етікке төлейтінді есептеп көзінің алдына елестеткенде есі ауып жығылып қала жаздайды.
— Бұлай болуы мүмкін емес!—деп құрт айқайлап жібереді. Осынша аяқ киімді ол қайда сақтайды?! Мыңаяқ ағаш табанды башмақпен үй ішінде жүргенде қандай шу болады, ондай шудан тас құлақ, саңырау болу да мүмкін.
Құрт байғұс өзін осылайша күйзеліске ұшыраған, саңырау болған, азап шеккен адам етіп елестетіп көрді. Құрт өзінің жер астындағы үйінің ең алыс түкпіріндегі бөлмеге тығылып алып қара сыя тауып алды да кисточкамен қалыңдығына өзінің оны алмайтыны туралы хат жазады. Мыңаяқ құрттан хат алған сағатында, құрт та мыңаяқтыдан сол сыяқты хат алады. Құдалығы бұзылады, құрт өмір бойы әйелсіз, бойдақ қалады да, ал мыңаяқты қартайып өлгенінше ескі тастың астында жалғыз өмір сүреді. Ақмақ құрт мыңаяқтының еш уақытта аяқ киім кимейтініне ойы жетпейді, ал жалқау мыңаяқты құрт барлық уақытта да бір киім киетінін, оның өмір бойы кір болмайтынын сезбейді. Елдің алып қашты өсегін тыңдап, еріккен сөздеріне сенсең міне, осылай болады.
ҚАСҚЫР ҚАЛАЙ ТЕРІСІЗ ҚАЛДЫ
Аңдардың патшасы — жолбарыс қатты ауырады. Оның үңгірінде жатып ыңқылдаған даусының қаттылығы сондай, тіпті орманның екінші шетінде тұратын қоян жүрегі ұшып, өзінің ұзын құлағын табанымен басады. Өздерінің әміршісіне аңдар бекер-ақ дәрі іздеп әбігерленеді. Жолбарыстың саулығы күн сайын нашарлайды. Сонда патшаның бірінші министрі — қасқыр орман және тау қожасына қоштасуға келсін деп барлық аңдарды құлақтандырды. Жолбарысқа қоштасуға келген аңдар күні бойы судай ағады. Олар өздерінің патшасына тәжім етіп, тез арада жазылуын тілейді. Кешке дейін жолбарыстың көңілін барлық аңдар сұрап болады, тек келмеген біреу ғана қалды. Ол—қызыл түлкі. Ал қасқыр болса ерте уақыттан оған тісін қайрап өшігіп жүретін, өйткені түлкі үнемі оны мазақ етіп: бірінші министр қасқыр емес әншейін жай ит қой деп сендіруші еді. Жолбарыстың көңілін сұрауға келмей қалған түлкі екенін анықтағаннан кейін қасқыр өлейін деп жатқан патшаның үңгіріне кіріп:
— Ұлы және әмірлі патша! Қарауыңыздағы аңдардың бәрі де келіп бақытты болуыңызға және сауығып кетуіңізге тілектестіктерін білдірді. Тек бір-ақ аң өзінің міндетін ұмытты, саған келгісі келмеді,— деді.
— Ол кім? - деп ақырды жолбарыс.— Маған қылмыстының атын аташы!
Қасқыр езуін ыржыйтып, тісін ақсыйтты да.
— Ол түлкі, о, әділ патша! Мұндай қылмыс үшін оны өлім жазасына кесуге болады,— деп жауап қайырды.
— Ендеше оны тап та быт-шытын шығар!—деп жолбарыс арс ете қалды.
Жүрегі жарыла қуанған қасқыр, үңгірден атып шығып, орманның шет жағындағы түлкі тұратын жерге қарай шаба жөнеледі. Ал түлкі болса, көрінбей үңгірдің есігі алдындағы шоғыр ағаштардың түбінде жасырынып жатып, көкжал қасқырдың өзі туралы не айтқанын әбден есітіп алады. Қасқыр ағаштардың арасына кіріп қарасын үзісімен-ақ, түлкі үңгірге кіріп аянышты сезім білдіріп патшаға сәлем береді.
— Сені мұнда кім кіргізді? — деп ақырады жолбарыс. Осы уақытқа дейін менің денімнің сауығып, бақытты, ұзақ өмір сүруіме тілек білдірмеуге қалай батылың барды?
Түлкі жата қалып, өзінің сары құйрығының жүнін күрбитіп жібереді де, тәтті үнмен сөйлей бастайды:
— Тыңда, ұлы патша, сенің қызметшің неге мұнша кешігіп келді. Барлық аңдар жолыңда болып, сәлем беріп тілектерін білдіріп кетті. Бірақ солардың біреуі де дерті де ем болғандай дәрі әкелген жоқ және сенің жаныңның қыйналғанын жеңілдетуді ойламады.
— Бұл дұрыс! — деді жолбарыс. — Солардың ішінен біреуі де маған денім сауығып қайтадан қуатты болуым туралы ештеңе айтпады.
Ал түлкі өзінің сөзін жалғастыра берді:
— Денсаулық туралы сұрау қыйын емес. Бұнан әлі біреу де жазылып көрген жоқ. Мен сенің өміріңді қалай ұзартуға себеп болу жағын күні-түні ойладым. Соның үшін барлық елді араладым, міне осы себептен ұлы патшам саған уақытында келе алмай кешігіп қалдым.
Бұл сөзді естіген жолбарыс қуанып:
— Менің бұйрығымды қасқырдың орындап үлгірмегені қандай бақыт десеңші. Тапқан дәріңді тезірек бер, егер де ол маған шипа болса, бірінші министрім сен боласың,— деді.
Түлкі тұрып:
— Мен он мемлекетті жүгіріп айналып шықтым, ең алдымен Индияның атақты дәрігеріне бардым. Мен онан: әміршім, орман мен таудың пірі, дені сау және бақытты болу үшін не істеу керек?— дедім, жолбарыс тек он түн қасқырдың терісінің үстінде жатып ұйықтасын, сонда қайтадан дені сауығып кетеді, деді атақты дәрігер маған.
Осыны айтты да түлкі аңдардың патшасына басын иіп тәжім етті де үңгірден шығып жүре берді. Сол арада жолбарыс қасқырды тауып алып, оның терісін сыпыруға бұйрық береді. Жолбарыс қасқырдың терісінің үстіне керіліп жатып алып,өзінің жазылуын күтеді. Ал түлкі ол уақыттың ішінде өзінің андай-мұндайларын жыйнап алып, көрші орманның ішіне көшіп кетеді. Жолбарыс он күн бойы күні-түні қасқырдың терісінің үстінде жатады, бірақ жазылмайды. Сонда ғана аңдар патшасы, өзін қызыл түлкі алдағанын біледі, не пайда, уақыт өтіп кетті, түлкіні қанша іздесе де таба алмайды. Ал қасқырдың өлгені тіпті орынды: — кім де кім біреуге қастық ойласа, көбінесе бәлеге өзі душар болады.
БОРСЫҚ ПЕН СУСАР ҚАЛАЙ СОТТАСТЫ
Бір күні борсық пен сусар екеуі орман ішіндегі жалғызаяқ жолмен жүгіріп келе жатқандарында, алдарында жатқан бір кесек етті көрді. Табылған олжаға екеуі бірдей жүгіріп келеді.
— Етті мен таптым! — дейді борсық айқайлап.
— Жоқ, бұл кесек етті мен таптым!—деп сусар бүкіл орманды басына көтереді.
Борсық өз дегенінен қайтпай:
— Мұны мен таптым! Босқа дауласудың керегі жоқ! — дейді.
Сусар өзінікін жөндеп:
— Бірінші болып мен көрдім! — дейді.
Сөйтіп олар керісе, керісе келіп, бірімен бірі жұлысып та қала жаздайды, бірақ ешқандай шешімге келе алмайды.
Сонда борсық тұрып:
— Жүр, сотқа барамыз, билікті судья айтсын дейді. Ормандағы судья түлкі болатын.
Түлкі борсық пен сусардың айтысын тыңдағаннан кейін, біраз үндемей ойланып отырады да, былай дейді:
— Сіздердің таластарыңызды соттау қыйын емес. Қане маған тапқан олжаларыңды беріңдерші.
Таласушылар судьяға етті ұстата салады. Түлкі тағы біраз үндемей, ойлап отырады да, қайталап:
— Ет екеуіңе бірдей. Бұл етті екіге тең бөлу керек. Бір бөлегін борсық алсын да екінші бөлегін сусар алсын,— дейді.
Осыны айтып түлкі етті екіге бөледі.
— Бұл әділеттік емес, сусардың бөлегі үлкен болып кетті,— деп қыңсылайды борсық.
— Мұны қазір түзейміз,— деп түлкі қу сол арада сусарға тиесілі бөлектен едәуір етін бір тістеп жеп қояды.
— Енді борсықтың бөлегі үлкен,— деп сусар айқай салады. Бұл дұрыс емес!
— Ештеме етпейді, біз бұл қатені де түзейміз! Мен бәрі де әділ болғанын сүйемін.
Осыны айтып ол борсыққа тиген еттен тағы бір жұлып алады.
Енді сусардың етінің бөлегі борсықтан гөрі үлкенірек болып қалады. Түлкі абыржыған жоқ, сусардың үлесінен тағы бір жұлып жейді. Міне, түлкі осылайша олар тапқан бір бөлек еттен ештеме қалмағанша тегістей беріпті. Ақылды адамдардың әрі сараң, әрі қыңыр адамдар үнемі зиянға ұшырайды, дейтіндері дұрыс болуы керек.
TOPFАЙ НЕЛІКТЕН ШОҚАҚТАП ЖҮРЕТІН БОЛҒАН
Бір мезгілдерде торғай тек шапшаң ұшып қана қоймай, жерде де тез жүгіретін болған. Торғай бір күні жазатайым корольдың сарайына ұшып келеді. Осы кезде сарайда той болып жатады. Король мен оның сарай маңындағылары түрлі тәтті тағамдарға толы столдың айналасында отырады. Торғай терезенің алдына отыра қалады да, төмен қарап, көңілді үнмен шырылдай бастайды:
— Не деген жақсы қоғам еді, чирик! Мұндай тойды көру қандай бақыт!
Торғай ойламаған жерден король столының үстінде жорғалап, қанттың ұнтақтарын кеміріп жүрген кәдімгідей араны көреді. Мұндай бассыздыққа торғайдың қалай ашуланғанын көрсеңіз еді!
Айғайлап шырылдап қолды аяққа тұрмайды.
— Тонаушы ол! Ол король столындағы астардың дәмін корольдың өзінен бұрын татпақшы! Бұл сыяқты арсыздығы үшін оны өлім жазасына кесу керек! Чирик!
Торғайдың бұл сөзіне ара:
— Нағыз тонаушы сен! Сен күріштің дәнін адамдар орып үлгерместен бұрын ұрлайсың,— деп жауап қайырады.
— Сен гүлдің нәрін ұрлайсың! —деп дызақтайды торғай.— Сен тонаушы! Бұны барлық жұрт біледі!
— Мен ең-бек-бек-ете-етемін, мен еңбек сіңіремін,— деп ара ызылдайды, ал сен кісі еңбегімен күн көресің.
Олар осылайша ұзақ дауласады, бірақ келісімге келе алмайды. Сонда ара тұрып:
— Ендеше біздің таласымызды адам соттасын, дүниедегі ең дана жаратылған адам,— дейді.
Бұлар көрші деревнядағы қыйсайып құлағалы тұрған ескі үйде тұратын жарлы шаруаға ұшып барады.
Шаруа екеуін де тыңдағаннан кейін.
— Аранікі дұрыс. Корольдер еш уақытта өздерінің тамағы туралы қам жемейді. Олар үшін біреу істейді. Ал шаруа болса астықты өсіріп, оны орғанша көп және ұзақ еңбектенеді. Сондықтан барлық астық бір түйіріне дейін шаруалардікі болу керек.
Өз дегені болмай шыққан соң торғай қатты ашуланып, зәресі ұшып қорыққан араны қуа жөнеледі.
— Ә,— деді шаруа,— сен нағыз бұзықтың өзі екенсің ғой! Сен әлі қорғансыз араның көзінде шұқып аларсың. Мен ең болмаса ара жер үстінде сенен қорықпай жүретін етейін.
Осы сөзді айтады да, ол жауыз торғайды ұстап алып аяғын тұсап жібереді. Сонан бері қарай торғай тек секектеп қана жүретін болады, жерде жүрген араны ешуақытта қуып жете алмайды.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру