Оңтүстік сапарынан
Мұхтар Әуезов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...
Жолжазба
(Очерктер мен жолжазбалар)
І. Талап та, тақырып та тек мақта
Бұл сапармен Оңтүстік Қазақстан облысына аса бір қызу және қызулығымен қызықты, қайнар ыстық шақта барған едім. Облыс тіршілігінің әсерлі лебін ең алдымен Шымкенттің өзіндегі ұлы, мол тіршілік демінен-ақ сезерліктей. Облыстық партия комитетіне, облыстық атқару комитетіне, қалалық партия комитеті мен қалалық Совет басшыларының кабинеттеріне кірсең, ең алғаш тіл қатысып, жөн біліскен минуттардан бастап жаңағы айтылған бар облыс тіршілігін бір күйге, бір талапқа төндірген қауырт еңбек майданы атала, санала береді. Әр кабинеттен нұсқалып жіберіліп жатқан басшылық талап, жігер сол бір жайды таңертең де, түсте де, кеште де естірте береді. Облыс бір адамның үнімен бір ғана: "мақта", "мақта теру", "мақта жоспарын орындау" деген ұран шақырады. Обком секретари ертелік сағаттарын дамыл алмай Шаян, Созақ, Түркістан, Түлкібас, Қаратас сияқты аудандармен алма-кезек сөйлесуге арнаған. Қажырлы талап сөздері, жаңа басталғалы отырған еңбек шабуылы екпінді онкүндік жайын баяндайды. Биылғы жыл облыстың көп аудандарында мақта жетік, бітік шыққан. Алды ашылып та келе жатыр. Жинауына барлық жұртшылық жігері жұмылады. Екпінді онкүндік жарияланып, облыстың шартарабынан ер-азамат, жас жеткіншектерден бастап, ересек аға-апалар, қайраты күшті әке-шешелер болып түстік үш ауданға қарай лек-лек аттану керек. Соғылған телефондар, ауызша берген нұсқаулар бәр-бәр! де алыс-жақын аудандар, қалалар, өндірістер — барлығынан да топ-топ көмекшілерді арнаулы күнге түгелімен жеткізу қамында. Қалалық Совет, қалалық партия комитетінің басшылары әр бөлек коллективтен лек-лек адам топтарын жіті, жедел жөнелту соңында. Шымкентке алғаш келген күннен, күн ғана емес, ең алғашқы сағаттан сана-сезіміңе түгел жетіп, толған халық мүддесі енді қай жерге барсаң да көкейіңнен кетпестей. Өзінің мерзімді, салмақты ырғағымен еңбек күндерін кешіп келе жатқан қорғасын заводына барсаң, оның өзгеше өз дүние, тірлік әрекетінің бәр-бәрімен қатар, мақта бар цехтарда, қайнар қазандар жанында да еске алынып, тілге оралып жүреді. Мақтаға қорғасын заводы кімдерді, қалай жіберіп жатқанын және жіберетінін бас инженер Малкин де, партия ұйымы секретарының орынбасары Сапаев та айта жүреді. Өздерінің айлық, апталық, күнделік қам-қарекетімен қатар, облыс жұртшылығының мына бүгінгі талап-тілегі олардың сана-сезіміне де мықтап сіңгенін көресің. Облыстың онкүндік серті - мақта теру жұмысын 50 процентам жеткізбек. Бар облыстың шарты, серті бар қорғасыншылардың да арманы болғанын аңдайсың. Дәл осындай күйді ұлы өндіріс ошақтары мол Шымкентте химфарм-заводта да, пресс-автомат заводында да, үлкен коллективі бар тоқыма фабрикасында да, көптеген коллективті, жаңадан құрылған, зор ұлы құрылыс цемент заводында да түгел танисың. Ұғып қана қоймайсың. Жұмылған жұртшылық аттанысының шын саналы екпінін, жігерлі арының аңғарасың, сүйсіне сезесің. Облыс орталығындағы екі жоғары дәрежелі оқу орны да барлық оқушы, оқытушы топтарымен түгел оңтүстікке қарай жол тартқан. Барша орта мектептердің ересек кластары және де тегіс жұмыла мақталы елге магниті тартқандай болып тұтас жөнеліскен. Осылайша облыстың өзге аудандарына шықпай тұрып-ақ, әлі мақталы тақтаны, картаны, атводтарды, мол гектарлар квадраттарын көрмей тұрып-ақ бір Шымкенттің өз ішінде барлық тірлік ырғағы бір қалыпта толқи соға бастағанын сезесің. Мұндай қажырлы тірлік жігері жоғарыда айтылған мыңдаған, көп жүздеген коллективтер толқын тынысынан бір танылса, партия, совет орындарының ой-жігер қызуынан онан сайын әсерлі сезіледі. Әрбір жеке үй ішінің де жеке тірлігіне де осы ұлы аттаныстың айқын сезілетін жайлары мәлім. Кейбір үйлерден жұмысшы жастар, тағы бірінен студенттер, енді біреулерінен орта мектеп ересек класстарының ұл, қыздары аттанған. Сол себепті тіпті үйде қалған, пенсияда отырған қарт, кәрі ата-апалар да қайнар қызу күндерін өздері отырған бөлмелерінде, жатыс-жайларында, ас-су айналасында түгел сезінуде, ертенді-кеш есте тұтуда. Біздің де ендігі көңіл көзіміз сол екпінді онкүндік сертінің майданы болып жатқан мақталы аудандарда. Бірақ Шымкенттен шығып, облыс аудандарын аралауға беттегенде, біздің сапарымыз өзі де барған сайын қызуы, қызығы үдей, дами түскен кейбір оқиғалы шығарманың бітім-болмысы тәрізденді. Ең әуелі мақтасыз Шымкентте біз мақта ағымына жоғарыда саналғандай қосылдық та, одан әрі басқам сайын мақта жөніндегі қажырлы енбектің үдей берген арнасына түстік. Тек әуелі біз мақта түгіл, бидайы жоқ, жалғыз жақсы жүгерісі бар, малы мол Шаян ауданына бардық. Одан Қаратау асып, Созақты араладық. Қаратауды қайта асып, Кентауға келдік. Содан Түркістанға жеткенше мақтаның өзін біз әлі көргеміз жоқ. Бұл өлкелерден мақтаны күткеміз де жоқ. Шаян ауданының басшылары бізбен көрісер сәттен бастап, бізді аудандарынан аттандырғанша қысыла қамшыланып, тек қана мақта қамында болды. Олар обкомға берген уәделі күнге серттегі адам сандарын түгел аттандырып жеткізу үстінде. Біз қаракөл қойлары жүз мыңдаған, әр совхозы өзіне бөлек-бөлек ен дүниенің еркін қожасы боп жатқан Созақ совхоздарында жүрдік. Қаратаудан құмға қарай асып, мақталы түстіктен шырқау алысқа кетсек те және мақта-мақта ұранынан, талабынан алыстағамыз жоқ. Облыстық партия комитетінде, қасында отырып, өзіміз естіген жолдас Юсуповтың немесе осы науқан үстінде обкомда әзір көбінше жалғыз отыратын Бегімбетов Сәлім жолдастардың үндерін Қаратаудың терістігінде: Құмкент, Шолаққорған, Қызылкөл, Созақ, Бабата қыстақ, ауыл, совхоз жайларының бәр-бәрінде үздіксіз естіп жүргендей болдық. Сол жолымызда, он-ақ жыл бойында көңіл мен көзді қызықтыра қуантқандай болып туған тамаша қала Кентау бар. Аз жыл ішінде бар көшесіне асфальт жайып, арық ағызып, жас еменнің тығыз қатарларын өсірген бұл қала қорғасын кенінің мол байлығы тудырған әсем қала! Бар болмысына, жайнаған жарастығына қарағанда, өнерлі, өскелең балғын қауым тірлігі көшесіндегі балғын өскен жас емен бейнесіндей. Өзге көрген аудан жайлардай Кентау жөніне де біз кейін арнай ораламыз. Әзірше жалғыз ғана ойға ала кетеріміз: қақпағы ашық сағаттың механизмі сияқты боп, өзі де сан алуан қайнар ырғағымен жүріп жатқан осы қала тірлігі жайшылықта және де мақтадан жырақ екені даусыз. Бірақ осы Кентаудан қай орынға барсаң да, мақталы оңтүстікке топтарын, лектерін, жас буын жеткіншектерін "жіберіп, жөнелтіп жатырмыз" деген үндер есітесіз. Сандар, ақпарлар аңғарасыз. Бұл қала халқы да жаңағы облыс жұртшылығы бар жігерін бір арнаға салған үлкен ағым ішінде. Сол бір үлкен өмір ырғағына қосыла соққан бір жүректей топ жүрегін, көп жүрегін сезесің. Енді бір кезек біздің сапарымыз алыстан атын көп естіген, көкейімізге мейлінше сіңген мақтаның өзіне оралды. Ол — облыс көлемінде маған әсіресе жақынырақ таныс Түркістан ауданы. Түркістан — мақталы аудандардың шеті. Облыс көлемінде сүбелі аудандардың бірі. Сексен мың халқы бар, колхоздарының көбі ірі, адам басы мол және мақта егуде мол тәжірибе-тәсіл алған өскелең аудан, мұнда колхозшыларға көп көмегін, әр алуан күш-көмегін қосып отыратын қала, өндіріс орындары бар. Сексен мың жанның қырық мыңдайы қалалы, темір жолды, өндірісті орындарда еңбек етеді. Сондықтан өз мақтасы мол болса да, өз мұңы, қам-қарекеті өзіне, басына аса жетерлік болса да, Түркістан ауданы өзге бұдан бұрын біз көрген аудандардан бөлекше екіұдай күй кешеді. Ауданның тәжірибелі, салмақты секретары Қадірқұл Мәуленов пен іскер, жігерлі атқару комитеті председателі Сасбұқаев Әділ екеуі де әрі өз мақтасына күш-жігерді жұмылтып жүр. Әрі оңтүстіктегі мақталы аудандарға тағы да талай топ жандарды бөліп жіктеп, іріктеп жіберу әрекетімен әуреленуде. Ал ауданның өз ішіне, ісіне үңіле түссең, мақталы далаларында қайнар қызу, қызған қызық еңбек жарысы көз де, көңіл де тартады. Біз ең әуелі дәл осы күнге аудан бойында озып тұрған "Победа" колхозына келдік. Сонан соң "Коммуна" колхозына ауыстық. Алдыңғы колхоз басшылары "біз алдамыз" десе, "Коммунаның" бастығы Әбдірахманов Әбдіразақ: "дәл бүгін-ертең біз "Победа" колхозына жетеміз, қазір біз үшінші орында тұрғанмен, дәл бір күнде 6,5 процент алғалы отырмыз", — деп күле отырып барынша сенімді күйде: "Бүгін "Победа" алда болса, екі күннен кейін алға біздің шыққанымызды есітесіз!" — дейді. "Коммуна" колхозында атақты мақташы қыз Зүлпіш бар (Исминова Зүлпия). Ол жалпы норма сексен килограмм болғанда, кешегі күні 511 килограмм теріп, алты норманы бір өзі бір күнде беріп шықты. Зүлпіштің мақта теруі таңғалдырады. Қолдарының қозғалысы сонша шапшаң. Әрі өсіп тұрған мақтадан, әрі мақта жинайтын қапшығынан қолдары мүлде үзілмейді. Екі ғана қол емес, Зүлпіштің төрт-бес қолы бар тәрізді. Бейне бір индуизм, буддизмнің көп қолды құдайларының бәрі әрекет етіп жүр дерсің. Осындай өнерлі жігер бір Зүлпіште емес, көп жанда, барлығы Түркістанның бар колхозынан байқалса да, Әбдіразақтың сенімі мен арыңның да анық берік қанат бар. Ол дегеніндей, екі-үш күннен соң колхозының аудан бойынша алға шыққанын облыс жұртшылығына тегіс мәлім етуге жарады. Осылайша мақталы ауданға кіре бере біз жарысып келе жатқан бәйгелердей қайнар жігер, ыстық қызу арнасына түстік. Аудан мен аудан жарысады, аудан ішінде колхоз бен совхоз үзеңгі қағысып, үздік-создық келе жатады. Колхоздар даласында бригадалар, сан Зүлпіштер бір күн емес, бір апта бойы саңлақтай самғап барады. Енді бір кезек оларды басқа тасқын жігер асқан еңбегімен, күштердің қайнар еңбек қызуы енді оңтүстікке қарай ауғанда одан да үдей түседі. Ыстық азарт лебімен тұла бойыңды еліктіре шарпығандай бола береді. Түркістанда біз ең алғашқы мақталы ауданға аралассақ та, оңтүстіктегі атақты мақталы үш ауданның сапары әлі алыс. Түркістаннан соң біз көрші аудан Шәуілдірге ауыстық. Бұл да өзгеше мол мал шаруасымен, жүгерісімен нық мақтана алатын келісті аудан. Шәуілдірдің қаракөл қой совхозы "Темірде" тек қойдың өзінің саны жүз екі мың. Өзі таза қаракөл қойы. Мұнда әлденеше асыл текті түйенің де екі мыңға тартқан мол басы бар. Сондай өзіндік өзгешелігі бір ауданға мол жетерлік қан қазынасы бола тұра, атақты онкүндікке кірісер күндерде бұл аудан және де "мақта-мақта" деумен танды атырып, кешті батырады. "Темір" совхозының жас оқушылар, жұмысшы қызметкерлер қауымының бір араласқан мол бір жиылысында бұл ауданның партия комитетінің бірінші секретары Әшір Момынов жолдас сөз сөйлеп еді. Аудан жұртшылығына беделді, алғыр Әшір бұл жолғы сөзін және де бір ғана мақтаға арнады. Мақсат - тағы да оңтүстік аудандарға әлі кетіп, жетіп болмаған соңғы топтарды тез, тығыз жинау да жөнелту. Обком, облисполком басшылары енді оңтүстіктің өзіне барып тарап, бірі Жетісайдан, бірі Славянкадан, тағы бірі Багарадан, Ильичевтен асыға, асықтыра күш-көмек шақыртып, құрастырып жатқанын есітеміз, сезінеміз. Облыс басшылары қазір түгел оңтүстікте. Олар өздерімен қатар әр ауданнан, қалалардан, үлкен өндірістерден кейбір басшы қызметкерлерді қоса шақырып, өз топтарына қолма-қол басшылық етуге нұсқаған. Осылайша алыс-жақын атыраптардың бәрімен оңтүстік аудандарға ағыла аттанып жатқан көмекші топтарды көре жүре, үлкен ағынды арнаға қоса түскен қалпымызда бір шақта, біз де сол оңтүстік аудандарға жеттік. Ай бойына аттарын дамылсыз естіп келе жатқан мақталы үш ауданның өзіне келдік. Ильич, Киров, Мақтаарал аудандары мәні-жөні бөлек: шөлді — шүлен еткен, жоқты-бар, болымсызды — мол еткен, біріне-бірі сай, ырыс өлкелері. Алғашқы кеш біз дәл осы күндерде атақ-абыройы ең алдымен шығып тұрған "Үшінші Интернационал" колхозында болдық. Үш ауданның көп колхоз-совхоздарының бәйгесінде, осы бір кезеңінде, мақта жоспарын елден бұрын 100 процент толтырып отырған осы колхоз. Бар мінезі ұстамды талай да талай ыстық-суық майданды кешіп өткен Алтынбеков Садық біздің құттықтай келген көңілімізге баяу қабақпен үн қатады. Оның мәні бар. Бар ауданның алдынан келген сәтін айтпақ болсақ, ол ең алғашқы әзіл-әңгіменің өзінде-ақ соншалық қуана алмай, күйбең тартып тұрған дәл бүгінгі соңғы сағаттағы кірбең жайын айтады. Өз күйіне өзі ащы бір мысқылмен күле сөйлейді.
— Алдымен келуін келген едік. Обком секретари қуанып кеп құшақтай алып: "Айналайын, бар жаныммен құттықтаймын" деген-ақ еді. Бірақ сол қызығымыз бір-ақ күнге жетті. Келесі күні мақта теруде, құдай ұрып, жай күндердегі табысымыздың үштен біріне зорға ілініп қаппыз. Соған күйіп, қиналған аудандық партия комитетінің секретары Тасанбаев Егемқұл өзімді оңдырмай ұялтты. Аудан үшін де, біз үшін де күйгені сондай. "Сен партия алдында, бар өзіңе қымбатты барыңмен жауап берерлік халге жеттің. Кеше ғана өз жұртыңның алдында обком секретары соншалық алғысын айтқанда, бүгін өз бастарыңды сонша қор етерсіңдер ме!" дегенде, үн қатар шамам болмады, — дейді.
Осындай шыншыл көңілмен айтылар жайлар көп-ақ. Бір күн от, бір күн судай ыстық-суық жалын арасында жан қуаттарын, ар-жігерін бар шындарымен сарапқа салып жатқан жеке жандар, бригадалар, колхоздар, мол совхоздар көресің. Біз Мырзашөлдің Оңтүстік Қазақстанға қараған ұзын өлкесін түгел шолдық. Бәрінде өнерлі еңбек тудырған: тоғайлы, сулы, мақталы, қалалы, қыстақты, берекелі, жемісті мәдениет орнатқан өлкелер танисың. Сол көгерген, жетіскен өлкенің бір шеті көне "Князь арығының" тұсындағы "Коммунизм" колхозының аймақтары. Бұл колхозда Мырзашөлдің қажырлы, қайсар колхоз ері, алпысқа жасы ілінсе де тұғырында балғын басып отырған Тәңірберген Жәйлібеков бар. Өнерлі өлкенің екінші шеті, дәл соңғы екі жарым жылдан бері кең, кемел, мол мүлікпен орнап жатқан атақты да безерген шөлдің бермесін алып, ұзақ жылдар қайрат-жігерін, ақыл-білімін үзбей жұмсаудан жазбай келген Арысланов Ахмед. Екеуі де жиырма-отыз жыл өмірлерін шөл шабуылына арнаған асыл жандар. Осылайша, жеңілген шөлдің екі шетінде екі балғын босағадай боп Мырзашөл алыптары екі шаруа отыр. Сол өлкелер аралығында көп колхоздардың, бірнеше совхоздардың мақталы далалары жатыр. Олардың биік, зәулім, тығыз өскен ағаш қоршауларының араларындағы квадраттары, атводтары, карталары барлық оңтүстік шартарабынан аттанып келген көмекшілерге және әсіресе осы колхоздардың, совхоздардың өздерінен шыққан мақта терушілер топтарына толы. Мұнда жалғыз облыс қана емес, Алматының да және тағы басқа көрші облыстардың да үлкен коллективтері жіберген көмекшілер лек-лек, тұман-тұман дегендей. Қауырт еңбек шағында Ильич ауданы мен Киров ауданының арасында жоспарды бұрын толтыру жолында күн санаған, сағат сайын алма-кезек тайталасқан, бәсеке жарыс бар. Әр аудан өз ішінде колхоз бен колхоз арасында, совхоз бен совхоз арасында және де ыстық жалын жанталаста. Ильич аудандық партия комитеті секретары Социалистік Еңбек Ері Тасанбаев Егемқұл, аудандық атқару комитетінің председателі Әлжанов өз аудандарына тиісті "Заря коммунизма" колхозында тынымсыз еңбек күнінің соңында бізбен бір ұшырасты. Ленин атындағы совхозда Ахмед Арыслановпен кездескен сағатымызда, Егемқұл өз бетімен ол совхоз ісін барлай келіп, күндізгі еңбек сағаттарында тағы бір кездесті. Келер күні, атағы көпке мәлім, барлық мақта шаруашылығының ішіндегі ең табысты, ең ескі абыройлы совхоз "Мақтааралда" біз тағы ұшырастық. Бұл совхоздың дәл сол күндердегі ең табысты озғын бөлімі Дзержинский атындағы алтыншы бөлім болғандықтан, біз сол бөлімнің басшысы Социалистік Еңбек Ері Есентаев Нұрмағамбетпен жолығысқан сағаттарымызда Ильич аудандарының жоғарыда аталған іскер, қажырлы екі басшы азаматы бірге болған еді. Бұл ауданда біз "Үшінші Интернационал" колхозын, "Путь коммунизма", "Заря коммунизма", "Амангелді" сияқты ірі колхоздарын және "Мақтаарал" мен "Ленин" совхозы сияқты бірі көне, бірі жаңа екі балғын-балғын совхоздарын аралап өттік. Мақта тергіш машинаның озғын шебері болып тұрған Морозов Владимирдің "СХС-1-2" машинасымен ең үлкен табыстар беріліп тұрған өнерлі еңбегін көрдік. Осы көргеннің бәрі бойынша көңілімізге сіңген, нық орнаған бір наным бар еді. Ильич ауданы бұл өлкеде биылғы жылы мақта жоспарын ең алдымен бітіреді, бітірмеске шара жоқ дегендей едік. Кейін Киров ауданына ауысқанда тек қана цифрлар, проценттер, тонналар тілімен дәл деректерін салмақты, байыпты қып баяндаған аудандық партия комитетінің секретары Мұқатай Жармұхамбетов жолдас пен осы ауданға облыстан өкіл боп келген Жарқынбеков Қаржаубек жолдастар өз ауданының мығым күшін асқындай түскен табыстармен танытты. Біз бұл күндердегі жүрісте ересек кластар балаларының мақта теру нормасын толтыру ғана емес, бірнеше есе арттыра атқарып жатқанын көрдік. Бір жерде Шымкенттегі қалалық атқару комитетінің председателі тынымсыз Айттқожиннің өзі де жүргенін есіттік. Шымкенттік коллективтердің мол-мол табысты еңбектер етіп жатқанын білдік. Сондай ретте қорғасын заводының, пресс-автомат заводының, педагогика институты коллективтерінің төстабандап тырысып, жұмыла қайрат көрсетіп жатқанын да көрдік. " Мақтаарал" совхозының Дзержинский бөлімінде бір тақтада, биік өскен мақталар арасында жондары мен бастары көрінер-көрінбес күйде жабыса тыртысып, табысты еңбек үшін қарысып жатқан Алматының Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің студенттерін де көрдік. Олар өздерінің оқытушылар тобының өкілі болған мені көргенде, төркіні алғаш келген жаңадан ұзатылған қыздардай жамырай жапырласты. Еңбек арасында сәл қаба қашқан жадырау сәттер, еңбек жайларынан айтқан деректерімен бізді де сүйсіндірді. "Алдымыз 150 килограммға шейін теретін де болдық, төселіп қалдық. Дөңгелек есепке келгенде де көмекке келген ешбір коллективтен олқы емеспіз", — дескен еді. Үш ауданның өз колхоздарының, совхоздарының ересек кластар балалары ғана емес, тіпті алтыншы, жетінші класс балалары да сабақтарынан шығып, оқуларын әзірлеп алысымен, ойындарын тастап, омырау қалталарын ала сала, мақта тақталарына қарай жүгіреді. Осылайша көпте де, саны аз топта да, тіпті арнап алған міндеті болмаса да, өз беттерімен, өздігінен домалана жүгірген жас жеткіншек балаларда бір бағытта, қызу қалыпта толқыған баяғы бір енбек екпін арнасынан сезесің. Бар жүрек пен санада, бар білекте партия мен Отан берген бір ғана бағытқа меңзеп, маңғыстай тартқан күрес бар. Біз үш ауданды аралағанда қай аудан жеңерін, озарын өз бетімізбен байлап болжай алмай кеткен едік. Бірақ кировшылардың сенімі басымырақ сезіліп еді. Жолай біз аса қызық болашағы бар, ерекше аудан Сарыағашқа соқтық. Және басқа аудандардан бөлек, ерек тұрған Келес ауданын да жолшыбай сәл аралай қайттық. Дәл мақта жөнінде ол екі ауданның базары әлі көтеріле қойған жоқ еді. Бұл жарыста әлі бәйгелі шағы ашыла да қоймаған. Оны ашпай тұрған анық айқын себеп бар. Бұл аудандардың және Сайрамның біз жүрген шақта мақтасы ашылған жоқ-ты. Теру жұмысы сондықтан саябыр. Көсектер көп болып, толық болып көрінгенмен, ішіндегі мақтасын сараңыта сақтап, іркіп тұр. Кейін біздің сапарымыз бар жарыс, бар ақпардың сарқылар сағасы — білгір қала Шымкентке қарай оралды. Мұнда жеткен күні ең әуелі Киров ауданы озып шыққанын естідік. Алғашқы онкүндікті елу ғана емес, елу екі процентке жеткізіп, облыс өзі де атаған жерінен шығыпты. Сонымен қатар Шымкенттен біз аттанар 11 октябрь күні бар облыс бойынша мақта теру жоспары 80,07 процентке жетіпті. Туысқан көршілес мақталы бір республика бұл күнге 66,33 процент, оның ең жақын көрші облысы 65,14 процентте жүр еді. Шымкенттен жүрер шақта барлық көрген, білген жайлардың бәрін жия келе, облыстың мақтаға арнаған аттанысын андай отырып, ең соңғы бір ұшырасу үстінде, ең алғашқы ой қорытқандай болыстық. Тегі, осы сөздің басынан бері қарай көрген-сезгеніміздің барлығын бір теңеумен түюге болғандай екен. Ол 924 мың жаны бар, жалпылай айтқанда, миллионға жуық халқы бар облыс образы — тұтас бір ғана алып бейне боп, бір зор импульс үстінде сезілуі жөнінде. Сол мол денеде ұдайы бір ырғақпен соғып тұрған қан тамырлар танисың. Кезіп, сезіп жүргеніңнің бәрінде, өз ықтиярыңнан тыс-ақ сол тамырларды бірде Шаян, бірде Шолаққорған, бірде Кентау, кейде "Ленин" совхозында көргенсің. Әр сәтте ыстық тірлік қаны сау денеде айнымаған жігерлі ырғақпен соғады. Біртұтас ұлы дене облыс болса, бір жері — қол, бір жері — аяқ, бір жері — бас болғанда, кей тұста күре тамырлар, кей жерде жан тамырлар, кей жерде жіңішке нәзік жай тамырлар соға-соға береді. Ал сол мол денеге көп тамырлы қандардың бәрін таратып, бәрін жай-жайына өз ырғақтарымен соқтыра дем беріп жатқан бір жүрек бар. Ол жүрек — қайнар күшпен, ашық, айқын дәл ырғақпен соғып тұрған Отан жүрегі - партия жүрегі. Осындай жайды ұғына келе жазушы есебінде өз басың жөне бір шындық теңеуді ойға аласың. Облыс еңбекші жұртшылығы көрсеткен еңбек пен жазушы біздің еңбегімізде сан алуан жақындық, тектестік байланыстармен қатар, бір айырмыс бар. Мақташы жұртшылығымыз, диқаншы еліміз мақта егеді де, мақта өсіріп алады; жүгері егіп, жүгері алады да, бидай егіп, бидай алады. Сол асыл жұртымыз өз еңбегімен біздің жанымызға жақсы мақта сортының, жақсы жүгері, бидай сорттарының ұрықтарын көміп, дәндерін егеді. Үлгісін егеді. Ал жазушылықтың соған орай сәтті, шабытты шағы туа қалса, құба-құп. Бірақ, сонымен қатар, ащы шындықты атасақ, шығарушылық еңбегіміздің кейде тараптық, жарымжандық жайы тағы бар. Біздің сана мен сезімімізге халқымыздың өмірі мен еңбегі еккен жақсы мақтасынан, жақсы бидайынан кейде мақта да, бидай да шыға алмай, тіпті жаман капустаның өзі де өне алмай бықсып, бүксіп жататыны болады. Сондай бір нақ шындықты, ауыр шындықты әзілмен еске алыстық. Содан әрі көңілге оралған ой көргеннен туған асыл ар-маңдай! Ол арман үлкені: шын шабыт туса, ол шабыт шығандап, шаққан тартып, ақты-бозды түріле кетер сәтін тапса. Сонда сауран көктің тобындай, шарқ ұра самғай шыққаны жай шабыт емес, жабайы жортақы шабыт та емес, анық бақытты шабыт, шырқау барған ырысты өріс болар еді-ау дегендейсің.
ІІ. Қадімнен мәлім Қаратауда
Жамбыл облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысының жапсарынан басталып, шығыстан батысқа қарай сұлай созылған қалың тау — Қаратау. Оңтүстік Қазақстан облысының Шаян, Түркістан аудандары Қаратаудың күңгей бетін — бауыр өлкесін алғанда, теріскей жағы — йен алысқа созылған Созақ ауданы. Қаратаудың түстік бөктерінде, қойнауларында қалың қазыналы кендер жатыр. Байжансай тобы, Ащысай топтары, Мырғалымсай, Хантағы, Баялдыр бұл шақта Кентау дейтін асыл атқа ие болған. Сәл бұрынғы шежіресін еске алсақ, бұл Қаратаудың басынан иісі қазақ баласына мәлім сонада кешкен бір "көш келетін". Содан бері қарай Қаратаудың теріскейі мен түстігі аңыз-әңгімеге, дастан-хикаяға толы дерсіз. Шаян мен Созақтағы ескі тұрғын әңгімешілер аңызы бойынша, Созақтан қазақтың үш жүзі тараған. Созақ ауданында Көкмұрын, Той деген қос төбеде қазақтың көп руларының тасқа шабылған таңбалары бар. Қаратаудың теріскейіндегі қадым заманда ойран болған көп қаланың бірі — Құмкент. Жаңағы аңыз бойынша, Көрұғлы өзінің асыранды батыр баласы Әуезханды осы Құмкенттен алып қашып алған. Сол Құмкенттің жанында, дәл бұл күнде "Құмкент" совхозының қасында Бабатүкті Шашты Әзіздің моласы тұр.
Аңыз емес, батыр жыры "Қобыланды",
Мен кетсем сізді тастамас,
Қараспан тауын жайлаған
Қалың қыпшақ қарындас... —
дейтін Қараспан тауы осы — Қаратау.
Өз туған өлкесінің арғы-бергі шежіресін жақсы, бапты баяндайтын сельсовет бастығы Кенжеғұл Берденов тіпті Қарақасқа атты Қамбардың да тұлпарын жосылтып, құмайын жүгіртіп, қыранын шүйген көлдері қазіргі Созақ ауданындағы Ақжар, Қаракөл, Үсіктас маңы дейді. Құмкент, Шолаққорған, Созақ, Саудакент (бүгінгі Сарысу ауданының орталығы Байқадамның ескі аты), Бабата, тағы сондай сан ата бәрі де, әулие-ишандардың мазарлары орнаса да, арғы көне замандардан, әр дәуірден келе жатқан кәрі кенттер екені даусыз. Сондықтан да қазақтың әлденеше батыр жырларының бірінің туған жері, бірінің соғыс салған, тағы бірінің мерзімді мекен еткен тұрағы осы Қаратаудың арғы-бергі беттері, сілемдері болады. Дәл кешегі күнде де Сұлуша қыз — "Сұрша қыздың" әнінде келетін "бірде қарлы, бірде қарсыз" Қаратау тағы осы. Сөйтіп, арғы аңыз, бергі әнімен қазақ халқы көп атаған Қаратау сол. Ал бүгінгі Қаратауды біз, әрине, ескі аңызымен емес, бүгінгі бар бағалы маңызымен білеміз. Ол маңызы өзге аудандар мен өндіріс, қала, колхоздардың қатарында сүбелі орындар алатын әр аудан, әр колхоз, совхоз әр өндірісті қала өнері мен өндірер нәр табысынан танылады. Осы жөнде алдыңғы мысал біздің жолымызда ең алдымен ұшырасқан Шаян ауданының өзі дейік. Шаянда шаруа негізі мал, әсіресе қаракөл қойы. Екінші діңгегі — өнімді мол жүгері. Шаян — совхоз-колхоздары біркелкі, қатар өніп-өскен аудан. Бес совхоз, төрт колхозы бар. Колхоздарының әрқайсысы өзі бірнеше колхоздан бірігіп ірілеген. Әр колхозы өзі де мол совхозға барабар. Мысалы, ауданның ең ірі емес, орта колхозы "Алғабастың" өзін алсақ та, бұл колхоздың байыпты, мығым өнерлі бастығы Қарабасов Жұманның айтуынша, отыз бір мың қойы бар, мыңнан аса сиыры, жарым мыңдай жылқысы, екі жүзге тарта түйесі, шошқа, тауық, қояны да бар. Совхоздарының қатарынан "Ленин" совхозы көптеген табысты кірісі бойынша одақтық бәйге алған. Аудан көп жерлерде тас қоралар салып, барлығы бір жылдың өзінде бір миллион сомға құрылыс жасаған. Аудан бойынша бес орта мектеп бар. Көп совхоздары мен колхоздарында жұмысшы шаруаларға үй салу шаралары аудан бастықтарының, совхоз, колхоз бастықтарының барынша зер салып, қатты қадағалап, қайта-қайта айтатын қамдары екенін есітесің. Аудан мәдениеті тірлік жолында күресуде екені күмәнсіз. Орталықта аурухана бар. Ауданның жиын шаруа ортасында дәрігерлік пункттер де жоқ емес. Бұл ауданды орталығымен түгел қинайтын — су, су... Шаянның суын бөгесе де, басқа не түрлі шара істесе де, аудан басшылығының әсіресе зер салатыны судың жайы екені үнемі есітетін әңгімең. Бұл аудан көркемөнерді де көп қадірлейді. Шаян ауданының көркемөнерпаздар үйірмесі жасаған оркестр облыс бәйгесінде даңқ алып, бәйгеге ие болған. Күндізгі еңбек сағаттарынан кешкі сәл тыным алар сәтке ауысқанда Шаян ауданының екінші секретари Аманқұл, үшінші секретары Шәкірова Мұхлиса екеуі де көп әнді көрікті айта алатын өнерлерін көрсетеді. Сонымен қатар таң атып, еңбек күні бастала бере, әрине, бұлардың көңілі де, көздері де малдары мен егісті далаларында. Бізді Шаян ауданының Қаратау бөктеріндегі "Алғабас" колхозына қарай шығарып салған Шәкірова Мұхлиса машина ішінде отырып әрдайым жайылған мал тобын көре бере көзі шалған кемшіліктерін айта жөнеледі. Бір жерде қойды шандақ жерге иіріп қойған, тағы бір топ қойды мезгілден бұрын шанды жолмен жақын пунктке айдап бара жатқан күйді көреді. Біресе қоралы қойды жайылыс өрістен ерте иіріп жатқан отарды байқайды. Сол жолда кездескен өрескелдік күйлер болса, бәрін де алғаш көргеннен-ақ андай сала айта бастайды. Мұхлиса өз мамандығы бойынша зоотехник. Сондықтан жұрттан бұрын көргіш, осы жердегі көргенін және елден бұрын айтып қалғыш. Сол мінезін ел де кейде андай қалып: "Маған райком секретари болып ойлайтын ойларымнан мамандық ойларым әрқашан бұрынырақ келеді", - дейді. Біз көргенде ауданда, бір шолып өткен шақтың өзінде, көзге де, көңілге де күйкі көрінген — мәдениет жайы. Әсіресе мектептер күйі. Шаянның өз орталығындағы қазақ орта мектебінде кітапханадағы бар кітап саны 1300 ғана дана екен. Бұл аудан орталығында өзге үлкен мәдениет орны жоқ. Мардымды кітапхана мектептен тыс жерде тағы да жоқ екені мәлім. Ойлана қалсаң, орта мектепте оқитын баланың ертең кәмелеттік аттестат алатын тәрбиеші ортасы осы мектеп болғанда, сол кәмелеттік білімді бүл мектепті бітірген қазақ баласы қайдан алмақ? Оқушы, оқытушы барлығының білім алар талшығы — қоры 1300 дана ғана кітап болу орта мектеп атына қандайлық кедейлік, жұтаңдық! Сол сияқты бақташылар ауруларын емдейтін дәрігерлік орындар да орташадан әлдеқайда төмен жатыр. Аптека болса, онда, мысалы, антибиотик аталатын дәрілердің ең қажеттісі ұдайы жоқ болады екен. Қажетті мамандығы бар дәрігерлердің де орнығып, байыздап тұрған жайы жоқ. Көбі екі жылға келіп, стипендия бойынша міндетті екі жылды ада қылып, азын-аулақ тәжірибе алады да, ауданды тастап, жол тарта береді екен. Осындай-осындай көңілсіз күйлер, Шаянда айқын олқылықтар орала берді. Шаяннан соң Қаратау асып, Созаққа ауыстық, Түнде жүрмек болып ек. Кешке біз Қаратаудың "Алғабастан" шыққан соңғы ел бөктерін басып, күнгей жағымен бірталай жүрдік. Әншейінде Қаратау тақыр тасты, қойнауы сусыз, сараң тау көрінуші еді. Ал әзірге біздің келе жатқан жолымызда әр белден ассаң, төскейден аққан бұлақ-бастау, сай бойы шалғынды көгал, бел-белестері құйқалы, шымы тұтас, тегіс түкті өлкелер, мал ырысы өңірлер екені айқын танылады. Жыланды, Кіші Шаян, Үлкен Шаян, Көкбас өлкелері Қаратаудың өзге талай қымбат қасиеттерін білмей тұрып-ақ, көз қуантып, көңіл сүйсіндіреді. Сонысына сүйінген елі Ақпамбетпен айтысқандағы Мәделі қожаның мына сөзін бүгін де айтады:
Жаужұмыры құмғандай,
Жесең көңілің тынғандай,
Осындай жерді жамандап,
Неден болдың қу маңдай.
Жуасы бар таяқтай,
Әр бұтаның түбінде
Еті жатыр табақтай... —
деп қоянына шейін бәйгеге қосқан.
Қаратау елі көне тауын көптен сүйеді. Құлмамбетпен айтысқанда Дулат Майкөт ақын да Қаратауға аузы тола сөйлейді.
Көкшеқұм деген жерім бар,
Жуасы бар таяқтай,
Қаратау деген жерім бар,
Алмасы бар аяқтай.
Осындай жерді жамандап,
Атаңа нәлет Құлмамбет,
Ақылың сенің қаяқта-ай, —
деген.
Бірақ сол жақсы Қаратаудың ішіне ымырт жабыла кіре бере, біз жаман адастық. Екі машина толы жеті-сегіз кісі түнде жолдан адасқанда қандай қау көрік келеді. Анда-санда тоқтасып алып, екі машина бір араға бас қосып, шуласа кеңесеміз. Көбінше дауласамыз. Біреуіміз оң жаққа жүру керек десек, біреуіміз оған қарсы, сол жақты көрсетеміз. Менің көрмеген жерім. Ал менің қасымдағы ұдайы сапарда айрылыспай тізе қосып жүрген жолдас достарым — "Оңтүстік Қазақстан" газетінің редакторы Әділбай Омаров, оңтүстіктің белгілі ақыны Омарбай Малқаров, әншейінде облыстың жай-жапсарын ақ тас пен көк тастай саралап айырып айтып бере алады. Өз облысын сондай жақсы білетін әзірліктеріне мен әрқашан сүйсіне таңғалатынмын. Бірақ, дегенмен, олар түн жүретін жылқышы, не машина жүргізетін шоферлар емес, қанша айтқанмен қаланың адамдары. Бұл күнге дейінгі ең білгіш достарым енді ең адасқақ достарым болып шықты. Ал адасқан адамға ашық аспанда "мен мұндалап" тұрған Темірқазықтың да түк септігі болмайды екен. Ол түнгі Темірқазық бір тарап емес, төрт тарапта бірдей тұрды. Біресе біздің маңдайымызда тұра тұрып, енді бір шақта он иығымызға шығады. Тағы бірде соған қарсы сол иығымызда отырып алады, тағы бір шақ болады, онда тіпті қыр желкемізге шықты. Бірақ бар адасуда әйтеуір толып жатқан шиыр жолдардың бірі болмаса біріне түсіп қаңғығанымыздан ақыр дегенде жарым түн адаса жүріп, түн ортасында ғана ел таптық. Бұл шақта біз Созақ ауданының шегіне ілінген екенбіз. Сұрастыра жүре кеп, көне Құмкент қаласының жанына, тарихтық ескі атпен орнаған "Құмкент" совхозына келген едік. Осыдан кейінгі бірнеше күнді біз Созақ ауданымен танысуға арнадық. Жалпы, ауданның жайын аудандық партия комитетінің бірінші секретари Шәріп Құсманбетов, аудандық атқару комитеті председателінің орынбасары Елбергеновтен күндер бойы ұдайы естіп білуден басқа, өзге де әр сала шаруада, мәдениет орындарында еңбек еткен адамдардағы көп жайларды аңғардық. "Құмкент" совхозының директоры, мамандық нағыз білімі бар Уәйда өз совхозының жайында әлденеше есте қалар жайлар баяндады. Бұл совхоздың өзге де Созақ совхоздарындай жас қана тарихы бар. Осы Құмкентке орнағанына үш-ақ жыл болса да, орталық усадьбада қазір екі жарым мыңдаған жан тұрады. Қой саны 66 мыңға жеткен. Тұқымы іріктеліп, таза қаракөлге айналған шаруа. Орталықта жұмысшы, малшы көпшілігіне арналып өңшең жаңа, жақсы үйлер салынған да, салынып та жатыр. Ауданның атақ алған тәжірибелі, қымбат бағалы қарт шопандары бар. Бұл қатарда жасы 63-ке келген Сәрсенбай Ерғазиевті, Тәжібай Күшікбаевты, жастардан Сәрсенбайдың баласы Атан Сәрсенбаев, Бақатаев, 100 сиырдан 100 бұзау алып, Одақтық көрмеге барып қайтқан Ысқақов сияқты мал шаруасына бейіл берген жақсы жастар көп. Сәрсенбай шопан өзінің Атан дейтін баласына өз таяғын тапсырған. Сол Атан 100 саулықтан 123 қозы алған. "Құмкент" совхозында онжылдық мектеп бар. Кітап саны ойдағыдай болмаса да, Шаяндағыдай емес. Онда 1650 кітап бар. Алдағы уақытта, биылдың өзінде 2 мыңдай кітап аламыз десіп отыр. Қойларын көбінше жайып бағатын бұл ауданның совхоздары ертеден бергі жер-суды пайдалану тәжірибелерін молынан ескеріп, барлық аудан жерін төрт маусымға бөліп, жайылыс қоныс етеді. Жайлауы — Қаратаудың жоны, Көсегенің көк жоны болғанда, қыс Мойынқұмда, көктемде тау бауырында, суық пен жылының арасында, күзеуі — құмның шеті кемер жиек жағада болады. Мұндағы мал өсіруші оқыған мамандар мен өскелең тәжірибелі шопандар жақындағы құмдарының көбіне көп сенім артып, әрдайым жылы сөйлейді. Олардың айтуында құм құйқалы, жақын атырапта Қаракөл дейтін сан бөлек, тіпті жүздеген қол жатыр. Талас, Аса сулары солай құяды. Созақ шаруалары Сарысуды да пайдаланады. Құм ішіндегі шоқат, шабыр тәжірибелі шопандардың, зоотехниктердің бәріне дағдылы қыстауындай мәлім. Сырттан, алыстан қараған көзге тұлдыр көрінетін құмда шопандар санаса толып жатқан мал құты шөптер бар. Оларды шетінен шұбырта санағанда: еркек, жусан, жүзген, қандым, ебелек, көде, түйеқарын, изен, құртқашаш, жаужұмыр деп молайта береді. Арада баялыш, сексеуіл өзі бір алуан. Тек Созақтың кейбір совхоздары мен Шаянның мал шаруашылығына өсім жағынан қатты батып жүрген бір орасан шығын бар. Ол әзірге емі табылмай жатқан секіртпе ауру — жыбырлақ. Ветеринарияда мұның атын — интротоксомия деп мамандар атын атағанмен, себебін де, емін де әлі күнге таппай жүр. Маман жағы мұны топырақтың ерекшелігінен десе, мал ішіндегі адамдар шөптен дейді. Әр өрісте осы індет жайы жиі-жиі сөз болады. Сонда біреуі қазақша осы "ылаң" емес пе десе, ол емес, ылаңда мал қалмайды деседі. "Топалаңнан көшкен құтылады" дегенмен, кей отарлар жиі-жиі көшіп те көрген. Бірақ індет арылмай жүр. Бір тәуірі, Созақтың құм ішіне жақын отырған "Жуантөбе", "Тасты" сияқты совхоздарында бұл індет жоқ. Ол совхоздардың жайлауы да Арқаға қарай, Қарағанды облысына шейін шырқай барады. Бетпақты басып, Жетіқоңырға барып жайлау етеді. Шаруаның осындай йен өлкені, тау мен дала, қалың құм ішін еркінше пайдаланып жүргенін айта келе, бұл ауданның барлық шаруа мұңын өзгеше біліп, тыңдаушының құлағына есте қалдыра құя отыратын тәжірибелі секретарь, жолдас Құсманбетов Шәріп жалпы бір ой түйеді. "Соңғы үш жылдың ішінде аудан көлеміндегі қой саны 170 мың болғанда, біз биыл ет тапсыруды ада қылғаннан соң, таза саны 333 мың қой өсіріп отырмыз. Жетіжылдықта қой санын 635 мыңға жеткізу міндетіміз. Осымен қатар ауданның мүмкіндігін алсақ, бірнеше қосымша жағдайларға жәрдем болса, мал басын бір миллионға жеткізер мүмкіндігіміз де бар", — дейді. Сонда керектің керегі — су да су!.. Созақтың ұзақ жолдарында, суы азғана шел далаларында Шәріптің қайта-қайта ауызға алатыны артезиан құдықтары. Бұл шаққа шейін аудан жұртшылығы сол үшін қатты зер салып алысуда. Құм ішінде 13 артезиан құдығын, жайша 5 құдық қазған. Дәл жақын шақтың өзінде 18 артезиан құдығы керек. Шу мен Бетпақ, Созақтың мал кіндігі боларлық йен ұзақ өлкелерін өнерлі, берекелі меңгеру үшін тереңнің сараң суын соза тарту шарт. Бұл жөнде аудан шаруашылығы бірнеше жерден плотина салып та жатыр. Құмкент плотинасы бар. Тастақта құритын Қарабұлақтың суы бар. Шәріптің деректі қиялында: соған плотина жасап, ауданға қарай тартсақ, үш-төрт мың гектар жайылым даласы да болар еді. Ескі Құмкенттен Шолаққорғанға қарай көсіліп жатқан Мырзабай даласында бұрын түгел, мол егіндік болған екен деседі. Құмкент пен Созақтың даласында, ескі лақап бойынша, бұрын қалың тоғайлы "түлей" болған екен деседі. Жабайы аңнан, орман сулы меңіреу өлкеден неше алуан аң атаулы өріп шығады екен. Жолбарысқа шейін болған дейді. Ауданды көгалдандыру арманы көкейін кескен Шәріп, осы аңыздардың бәрін де ертең Созақ далаларын көгертетін шаралар жасаудың есебіндей санайды. Созақтың агрономы Балтабай, бас дәрігері Жақай Құсанбаев пен алдағы айлар, жылдарға өз совхозының көп құрылыс мүдделерін атап санайтын Уәйде — бәрі де Созақ жайын айтқанда бір қиындықты баса сөйлейді. Ол — қатынас, қатынас жайы. Мұнда қыста Қаратау асуларын қалың қар алып қалған шақта, бүкіл Созақ ауданы барлық дүниеден қатынасын үзіп, шарасыз болады. Алыстағы облыс орталығы Шымкент қана емес, тіпті Қаратаудың арғы бөктеріндегі Кентау, Ащысайларға да қатынасуы мүшкіл. Созақ жолдарымен жүргенде жалпы бұл ауданда, керек десе, бір километр бойында мәдениетті жолдың иісін де білмейсің. Біраз жерде жол түземек боп бұрынғы өз жолдарын бұзып, дағдылы жол бойындағы сылбырлыққа салып, бастап тұрып тастап кеткен, жол түзерлік емес, "жол бұзарлық" жайлар көресің. Созақтың су жағынан, жол қатынасы жағынан облыс орталығына жырақтық, шет-шалғай жайына қарағанда, облыс басшыларының, тіпті республика орталығының да аса көңіл бөлерлік, қиындығы көп аудан. Бірақ соған қарамай, аудан орталығы Шолаққорғанда көз сүйсіндіріп, көңіл жұбатарлық әлденеше жақсы күйлер көресің. Мысалы, мұндағы аурухана қай аудан болса да мақтан етерлік. Осы ауданның өзінен шығып, өзіне қайтқан бас дәрігер Жақан Құсанбаев бастаған тоғыз дәрігер бар. Аурулардың жататын орны елу төсек. Аурухананың рентген кабинеті, жақсы емханасы, жұқпалы аурулар корпусы бөлек-бөлек орнаған. Аурухана жайын айта келе аудан азаматтары осы аурухананы Нұртас Оңдасынов өзі келіп-кеткеннен кейін, осындай қып салғызуға жәрдем етіп еді деп, оның атын алғыспен еске алады. Өте түсінікті хал. Мысалы, өзге басшы азаматтар да, айталық Оқу, Мәдениет министрлері, әсіресе Денсаулық сақтау министрі, жолдас Шәріпов Әди, Қанапин Әмір, Қарынбаев Сибағат өздері көздерімен Созақтың, Шаянның, Келестің, Шәуілдірдің мектептерін, мәдениет орындарын, ауруханаларын керіп қайтса, жаңағы Нұртастың келіп-кетісіндей игілікті іс қылса, халықтан қандай алғыс алысар еді. Созақтың мектебін көргенде де көңіл көншігендей боласың. Мұнда 850 бала оқығанда, биыл 98 қазақ жастары бітірген. Соның жиырмасы биылдың өзінде жоғары оқу орындарына орналасқан. Шолаққорғанда аудандық кітапхана тіпті жақсы. Оның қоры —11-12 мың кітап болады. Мектептің өзінде де 5 мыңға жуық кітап бар. Аудан орталығы -Шолаққорғанда арнаулы асхана, бапты боп салынған нанхана, жастар үшін арнаулы футбол, би майданшысы және қалалық парк бар. Ауданның жұмысшы қайраткерлерінің көпшілігі мал басындағы шопандар болғандықтан, облыстық профсовет көмегімен аудандық партия комитеті, атқару комитеті зер салып жүріп, өткен жазда Қаратаудың қалың ортасындағы мол тоғайлы, жемісті "Балықшы әулие" атанған мөлдір бұлақ басына шопандардың демалыс үйін құрған. Ол да әлі көбінше киіз үйлі демалыс жайы болғандықтан, Созақтың жолдарындай, ауыр қатынасындай, артезиан құдықтар қамындай көмек, тілек етеді. Бірақ кейбір істі қалай аяқтағанынан ғана емес, қалайша бастағанынан да бағалау керек деген Абай айтқан бір нақыл бар еді. Соған бағып біз жағдайы ауыр Созақта қиынды, қиынсызды жеңе бастаған қажырлы, табанды талай жақсы бастамалар көрдік. Көп жағынан көңілдегідей көгеріп қалған Қаратаудың бұл беттері, көне өңірі жақын шақта мемлекеттік көп көңілді аударатын жарқын шаққа жетеріне күмән жоқ.
ІІІ. Қаратау тәжі – Кентау
Біз Кентауға Балықшыдағы шопандар демалыс үйінен шығып, Қаратаудың қалың қатпарын аралай отырып жеткен едік. Қаратаудың біздің бұл жолымыздағы асуы жолшыбай әлденеше бұлақ-бастау, тау өзендерін, көп қоныс қойнау, жеке биік жоталар, қырқаларын басып өтеді. Қаратаудың іші-тысын, бар жерін жақсы білетін "Созақ" совхозының агрономы Балтабайға осы өңірдегі Қаратаудың Кентауға шейін кездесетін көріністерін айтқызып ек. Ол санаған жер аттары өзі бір шежіредей. Бұл жолда кезігетіндер: Көктөбе, Ақтөбе, Ақназар, Сананың сазы, Қызтөккен (бұл бір қыз, бір жігіттің өлімін баяндайтын аңызбен байланысты жер), содан әрі Балықшы әулие, Бөкенбай әулие, Құлметей әулие (аттарына қарағанда, бір дәуірде Қаратауды кернеген ишан-пірлердің, қожа-молданың қарапайым қазақтан да қас әулиелер жасап жүргендерін танытады), тағы да жолдағы жерлер аттарын атасақ, Бөжінің белі, Жамантас, Мұзбел, Қоғашық өзені, Көксарай (Қойтас) боп саналады да, содан әрі қарай Түркістан ауданына кететін еңіс, бөктер басталады. Бұл аталған жерлердің көбінде өзен мен бұлақты бойлаған ағаш кездесіп отырады. Ертерек кездерде қалың-қалың тоғайлар болғанын танытатын нелер зәулім биік, кең саялы түп-түп ағаштар кездеседі. "Қызтөккен" сияқты ерте күндерде ел жастарының бастарынан кешкен қазалы күйлерді аңғартатын өзгеше аттар да ұшырап отырады. Сол жөнде Қаратаудың теріскей жақ бетінде шұбатылған қырқа тас бар. Ол ұзақ салқар түйелі кешті бейнелейтін "Келіншек" аталған тау-тас. Аңыз бойынша, көп түйелі отауын, жасау-жабдығын ұзын керуен етіп, артып-тартып көшін өзі бастап келе жатқан жас келін ата қарғысымен тылсым буып, тас боп қалған деседі. Қаратаудың бұл тұсы "Келіншек" аталатын себебін Созақтың жазылмаған шежіресі солай баяндайды. Таудан шығып, күнгей жақ бөктерді әрі жайсыз, қалың шанды, қиын жолмен көп кезе отырып, түс ауған шақта біз Кентауға кеп кіріп едік. Қаланың біз кірген шетінен бастап-ақ, асфальт көше кездесті де, қалай бұрылсақ та, бар көшесі біркелкі тек асфальт қана жайылған шаң-тозаңсыз боп шықты. Қалың жас ағашты, сылдыраған таза сулы, өңшең тастан салынған екі-үш қабат әсем қатарлы жақсы кварталдар тізіле берді. Барлық үйлердің терезе алды оюлы, жақсы өрнекті бояулы шарбақтар. Қала үлкен. Көшелердің оқтай түзу қатарлары ұзақ-ұзақ. Біз қалалық партия комитетінің үйін іздеумен көп көшелерді, сан кварталдарды аралап шықтық. Ұзақ жолдан шаң басып келген машинада үстері ұйпаланған, шаңданған жолаушылар әрдайым мәдениетті, жақсы көшелі қалаға кеп кіргенде, өз-өзінен қысылу, қымсыну болады. Бүгін біз Кентау көшелерінде көп жүрген шақтың өзінде сол адасу үстінде мына қала көрінісіне, көркіне сүйсінгеннен еріксіз мақтай бастадық. Бар тарихы он-ақ жыл болса да, Ащысайды қосқанда 48 мың халқы болып, ертегідей екпіндеп өскен осы қала екенін еститұғынбыз. Бірақ ең алғашқы жолай көрудің өзінде көріктене оралған қала паркі, ішіндегі фонтаны, бассейні, кинотеатр, лекторий, әдемі мектептер, архитектуралық әп-әсем стильмен салынған үйлері, ұқыпты, тап-таза тұрғын үйлер, жас ағаш саясында жайғасқан жаңа жайлар. Жас қала болса да, балғын, жақсы көрікпен жайғасқан жұрттың қадірлі, мол мекенін айқын танытады. Өзіміз ыстық күннен шөліркеп, шалдығып, өз-өзімізден, басы-көзімізден тітіркене жүрсек те, мына қалаға қуана қызыққанымыз соншалық, ырзалық әзілмен: "қолың жетсе қорғасын тап", — десеміз. "Кені байдың — елі бай" Ащысай, Мырғалымсай, тағы талай қазыналы сай мен таулар осындай әсем Кентауды тудырған. Қаратау дәл Кентаудың тұсында мәңгі-бақи заманнан қойны-бауырына іріккен қан қазынасын қызықтыра ашып жайып, сарапқа салып: "мен мына осындай сыр-сипатта да бола аламын!" деп тұрғандай. Сонда арғы-бергі замандарда болып өтті деген Саудакент, Құмкент, тағы әлденеше "кенттердің" бәрінің дәуірін өткен-кеткен аңызға айналдырған қиялдың біздің социалисті алтын дәуірімізде ақталған арманы — осы өскелең қаланың өзіндей. Қаратау мұнда өзінің бар мүмкіндігін, бұрын түсіне кірмеген болашағын бүгін жарқын жарастығымен жасара тапқандай. Қаратаудың қойын-қойнауында, Кентаудың басқа да сай-сала сілемінде Ащысай, Байжансай сияқты шынайы бай кенттер бар. Және де Қаратаудың Жамбыл облысына қараған бір жамбасында, о да өзгеше жайнаған жас қала — Шолақтау бар. Кентау сол аталған мол қазыналы кендер үстіне орнағаннан кейін туса да, кемеліне келген қызықты қала. Біз бет-басымызды шаң-тозаңнан арылтып ала сала, тыным алмай қаланы аралауға кірістік. Қызықты қала сағат сайын сән-сырымен ыстық тарта берді. Мезгіл кешкірсе де, біз бар көшесі жарқырап тұрған қаланың көз тартар бірнеше қызықты орындарын аралап кеттік. Ең алдымен Пионерлер үйіне келген едік. Бұл анық, толық "сарай" деп айтуға келетін көркем жай. Өзінің ішінде балаларға музыка үйрететін класс, залы да бар. Көптен атын естігенмен, анық жақсы жайғасқан қалпын көре қоймаған, біздің Отан кейінгі дәуірде зор көңіл бөліп, жыл санап көбейте жасап келе жатқан мектеп-интернат та Кентауда кең жайғасқан екен. Қазақ балаларына арналған интернат алдымен ашылған. Биыл орыс балаларына арналған бөлегі жаңадан ашылып жатыр. Қазақ балаларының интернатына маңайдағы мал өсірген аудандардың колхоз, совхоздарында жырақ тауда, құмда, қырда жүрген шопандардың балалары бәрінен көп алынған. Біз сол жас балалардың жатар алдында жуынып, үй ішілік жұпыны ғана киімдер киіп жүрген кезінде келіп ек. Олар, тегі, қонақты таңертең дер, өздерінің формаларын киіп қабылдайды екен. Әр класта екі-екі тәрбиеші-апалар бізді, балалардың қонақ күтпеген жайларын айта отырып қабылдаған еді. Өндері күйлі, жүздері көңілді, томпаңдаған кішкене ұл мен қыздар көктемде айқын ажарлары көз тартатын қозы-лақтай ыстық тартады. Интернаттың да жоғары класс ересек балалары мақта теруге кеткен. Бізге кездескен директор Бапиев бастап интернаттың барлық оқытушы-тәрбиешілері сырт-ажар, ішкі білім-нәр, үлгі-өнеге жағынан өз міндеттеріне аса жауапты қарайтын адамдар тәрізденді. Әрине, мектеп-интернат тәрбиешісі деген — аса юр жауапты профессия. Ол балабақшасының "апайы" да емес, оқытушы да емес, өзіне мүлде бөлек міндет артылатын пансион-ана, пансион-ата болмақ шарт. Жалғыз Кентay емес, әлі бар Қазақстан, тіпті бір Одақ ұлы Отанда да біз сол интернат тәрбиешілерінің жолы, жөні бөлек-ерек мамандығын өсіріп болғамыз жоқ. Бұл жөнінде Кентау интернатын бағушы, баптаушы адамдар, орындар көп-көп зер сала жүру шарт. Мектеп интернат тәрбиешісі, ең алдымен, мейірлі ана да ата, зор үлгілі ұстаз. Сондай ұлы адамгершілік шартқа жауап ұғарлық тәрбиешіні тәрбиелеп өсіруіміз міндет. Сол күні кешке біз биыл ғана бітіп, енді оқушыларын күтіп тұрған, ең жаңа үлгіде салынған орта мектеп үйін көрдік. Орыс тіліндегі бұл мектеп бар ұлттар балаларын тәрбиелейді. Мектеп қорасының іші, арнаулы газоннан басқа аландарында, түгел асфальтталған. Мектеп ауласының айналасы түгел темір бетоннан балғын етіп оюлап салынған, биікше көркем қоршаулар. Ал мектептің өз ішінде жас балалар кластарына аналарының ұқыпты қамқор қолымен әкеліп қойылған үлкен құмыралардағы гүлдер. Реңі жаңаша тап-таза парталардың үстіне сол аналар жұп-жұқа, жеңіл клеенкалар жайған. Әр кластың ішінде аспаптар қоятын жаппалы шкафтар. Класс бас сайын кранды қол жуғыш. Бұл мектептің астыңғы қатарында механикалық мастерской, қол еңбегі кластары жайғасқан. Үсте өзгеше биік, кең, бапты етіп салынған спорт залы. Оқушылар ыстық тамақ ішетін асхана, бөлекше тап-таза буфет жайы да келісті. Ал оқу кабинеттерінен физика кабинеті, биология, химия кабинеттері, кітапхана жайлары тегіс барынша, керегінше мол жабдықталған, қаланың қандай орта мектеп оқытушысы болса да қуана қиялдайтын, қызғана сүйсінетін анық армансыз жақсы жайғасқан мектеп. Кентаудың мектеп мәдениет құрылысы партиялық, үлкен қамқорлық ойлардан туған үлкен программаны танытады. Қала аталары интернационалдық тәрбиенің шарттарын айқын әділ негізділікпен ойлап бастаған, бағыттаған. Дәл жаңағы біз суреттеген мектептей ең бірінші жаңа үлгілі мектеп үйі былтырғы жылы салынған екен. Онда Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебі ашылған. Облыс орталығы Шымкент қана емес, Қазақстанның өнерлі үлкен астанасы Алматының өзінде де дәл осындай, Алтынсарин атындағы мектептей қазақ мектебін көрген емеспіз. Мектептер жөнінде көңіл ойыңды тағы бір қатты сүйсіндіретін жай аңдадық. Кентаудағы орысша орта мектептің біреуі Абай атында болғанда, қазақша екі орта мектеп Пушкин мен Горький атында. Алтынсарин атындағы мектептің директоры Бақтияров Аппақша мен аудандық оқу бөлімінің бастығы Райымқұлов Төлеген елдің бар оқытушы — тәрбиеші топтарымен Ташкентте, Алматыда жоғары дәрежелі оқу бітірген, шын мәдениетті тәрбиешілер, бақытты балалар, жеткіншектер атаулының анық міндетіне сай, үлгілі оқытушылар екені байқалады. Келген күні кеш бойы, ертеңіне күн бойы аралағанда біз Кентаудың әрі балғын, әрі көрікті, үлгілі құрылыс қалпына тоя алмадық. Осының бәрі он-ақ жыл ішінде өнерлі, қажырлы қолдармен жасалғаны әсіресе өзгеше. Өндірісті Кентауды біз қалалық партия комитетінің бірінші секретары Зенков Александр Ильичтің бастауымен араладық. Жалпы қала қалпын, көшелер аралағанда екінші скретарь Тілеубердиев Ыдырыспен жүрген едік. Біз Кентаудың өзіндегі үлкен құрылысты байыту фабрикасынан бастап, компрессорлық және экскаватор завопим аралап шықтық. Кентаудың мол бөліктері саналатын Байылдыр және әсіресе Хантағы тәрізді қосымша қала дерлік үлкен бөлімдерін көрдік. Хантағыда су электр станциясы, киім тігу фабрикасы, Мәдениет үйі, Пушкин атындағы қазақ мектебі бар. Кентаудың жас қала қалпын Зенков: "Бұл бүгінгі көрінісі ғана! Шынымен мол жоспарға қарасақ, қаланың өсуі әлі илда, жақын жылдарда болады", - деп, бізді қаланың күнбатыс жақ шетіндегі 49-шы, 50-ші кварталдар деп аталатын күрделі үлкен құрылыстарға алып келді. Осы жақтарда жоспарлы ретпен қатар-қатар салынып болған, салынып жатқан жеке үйлер де өте көп. Бұл Кентаудағы жұмысшылардың, қызметкерлердің, мамандардың өз үйлері. Ол үйлердің барлығы шатырлы, терезе алдарына тегіс шарбақты ағаш өсірген, қораларына үзім тіккен. Шынылы террасаларында қазақтың алаша, кілем, шағын дүние көрпелері жайылып, жаңа үй иелері кімдер екенін андатып тұрған көріністер жиі ұшырайды. Әдетте, өздері мен малдарын қоса жайғастыра жүретін қазақ колхозшы, жұмысшыларының үйлерінде бау-бақша аз болатыны белгілі десек те, Кентаудағы қазақ жұмысшыларының үй-жайлары көңіл ашар, қалың көкке бөленген. Кентаушылар әлі қаланы салып болдық демейді. Қала халқының жақын шақтағы мықты мүддесі Қаратаудың сусыз бөктеріне орнаған көлемді Кентауға енді ойдағыдай үлкен де терең, мөлдір сулы қол салмақшы. Хантағы сияқты, Кентаудың ертерек орнаған бөлімінің бір мол жағында туысқан көп ұлттар кварталдары аралас тұр. Мұнда қазақ тұрғындары салған көп темір шатырлы үйлер кварталдарымен жалғас шиферлі азербайжан, түріктер, чечендердің де көп үйлерінің топтары бар. Зенков Кентауда жиырма жеті ұлт бар дейді. Бірақ бар тірлігі айнымас қажырлы еңбек, өнерлі, тауанды еңбек ырғағына мағыналы күйде бағынған бұл дөңгелек қаланың бар халқының арасында ынтымақты татулық, тәртіпті, ұстамды тәрбиелік бар. Күндізгі, кешкі шақтардың қайсысында болса да тәртіп бұзып ұрысып, қағысқан, ішкен, ләйліген, шырық бұзар жандар көзге түспейді. Тап-таза қалада сау сергек өмір тынысы танылады. Көшелерде, әрбір үлкен өнерлі қалалардың орталық көшелеріндегідей, жақсы, сыпайы киінген еркек, әйел, жас-кәрі, бала атаулының беті-жүзі байқалады. Әр үй алдында бойлап орнаған әсем шарбақтар ішінде гүл газондары, арнаулы гүл аландары, гүл бағы бар. Бұл қалада "Дружба" атты, еңсесі биік сұлу салтанатпен салынған кинотеатр — қандайлық үлкен қаланың болса да орталық алаңын көркейтуге тұрарлық сән сарайы. Осындайлық шартарабы түгелдей сәтті жайғасқан жас қаланың көшесіндегі, күле қараған гүл бағының көркіндей, қала халқы қауымының да жас нәсіл қауымындай ажары бар. Осы қаладағы өз жағдайларына мейлінше ырза инженер, партия, совет қызметкерлері, оқытушылар, үлкенді-кішілі оқушылар, үй шаруасының иелері, ата-ана — бәрі тегіс Кентаудағы қазіргі тіршіліктеріне анық қалтқысыз ырзалық айтысады. Өзі Ташкентте оқу бітірген мұғалім, немесе күйеуі Мырғалымсайда инженерлік ететін, жасынан Ташкентте өскен жас ана, биыл ғана Алматының мемлекеттік университетін бітіріпті, оқу-тәрбие орнының табалдырығынан енді өзі тәрбиеші болатын өмірге қарай аттанған жас оқытушы қыз — бәрі-бәрі де Кентауға сүйсіне сөйледі.
— Мен Алматыда өстім, бірақ Кентауға келгеніме соншалық ырзамын!
— Мен Ташкентте өстім, бірақ Кентау маған Ташкенттен де артық ұнайды! — деседі.
Бұл алуандас жас қайраткерлердің, жар-жолдас жастардың ән-сауығы да сезімді сұлу, сыршыл ырғақты әндерді талғап тыңдайды. Кентаудың болашағы, Қаратау кенінің көпшілігіндей, алдағы көп көрікті өнерлі күйлерге жете беретініне, ерлей беретініне күмән жоқ. Соншалық сүйсіндірген Кентауды біз бар қазыналы Қаратаудың тағы десек, Созақ, Шаян, Түркістан орталықтары қызғана қоймас. Ұлы Отанның әкелік өнерлі қамқорлығы шөл белдерге он-ақ жыл ішінде әкеп орнатқан Кентауға ой-қиялың көп-көп оралады. Сондықтан мен болашақ күндерде Оңтүстік жайынан роман жазар болсам, ең қымбат жас геройларым бірін-бірі ең алғаш сүйгенде осы Кентауда сүйсін дер едім.
ІV. Баға жетпес қасиеттер жайында
Басқа көп еңбек майдандарындай, мал айналасындағы еңбектің де анық үлкен геройлықты, қажымас қажыр қайратты, қала берсе, отаншыл зор азаматтық сананы талап ететін талай қысталаң қиын шақтары болады. Осындай ойдың өте айқын бір мысалдарын біз Шәуілдір ауданында еске көбірек алдық. Оның себебі Шәуілдірдегі барлық шаруа тірлігінің ең маңызды салмағы малға арналған. Оның үстіне, Шәуілдір өлкесінде күз бен қыс маусымында, кейде тіпті жазда да мал басындағы адамдарды қатты қиын бейнетке салатын құтырған дауыл, қатты қырсық жел болады. Мұны Арыстанды Қарабастың желі, біресе Қаратаудың арғы-бергі алыс жөн-жоталарын қыдырыстай, үзілмей орай соғатын қара дауыл, қайсар жел дейді. Шәуілдір үстінде бұл нақты дауыл кей кездерде күндер бойы, тіпті апталар бойы азынай соғатыны болады. Осындай адам мен мал пәлесі жайын, дүлей соққынынан туған талай ерлік, табандылық, қайраттар жайын Шәуілдірде бір кезек арнай әңгіме етіп ек. Сонда атағы баяғының батырындай ауыздан ауызға тараған ер шопандар қимылы біздің бүгінгі күннің анық аңызына айналған. Шәуілдір шопандарының ішінен барлық аудан кәрі-жасы бұл жөнде ең алдымен Социалистік Еңбек Ері Бойтанов Төлегеннің атын ұдайы ауызға алады. Мұның басынан кешкен ауыр бейнет шағы өзі бір дастан дерлік. Үздіксіз қатты суық боран астында Төлеген 100 қоймен ығып кетеді. Сол кеткеннен ел-жұрттан, өз аудан, облысынан үзіліп ұзап кете барады. 100 километр, 175, ақыры 200 километрге дейін үздіксіз қара боран, қара дауыл астында 18 күндей ығады. Артынан түйеге мініп іздеген жұрт талай күн көшпелі құм ішінде арлы-берлі көп шарлағанмен, таппай қояды. Ол дауылды құмда Тегенді қуып жету үшін жүрісі шапшаң ат мінсе керек еді. Бірақ Шәуілдірдің құм дауылында көзі-мұрны құмға толып, жылқы бал асы жүре алмайды. Сондықтан жоғалған жанды іздегенде тек түйемен іздесе де, жетпей-таппай, арттағы ел Төлегеннен түгел күдер үзеді. Іздеушілердің барып жеткен жырақ шегі 70 километр шамасы болады да қала береді. Өзі жаяу күйінде 100 қоймен ыққан Төлеген ол қойдың да екі атасы болғаннан айрықша бейнет шегеді. 100 қойдың жарымы қазақ қойы болғанда, екінші жарымы қаракөл қойы екен. Қазақ қойы ықса да боран астында жай қозғалғанда, өзі сергек, өзі жүрдек қаракөл қойы бөліне жырылып, озғындап жоси береді. 100 қойға әрі жаяу, әрі құм кешуде жаңағыдай қиюсыз күйде ие болу тек Төлегеннің ғана қажырлы, қайратты жанының құдіреті деуге болады. Ол құм шоқат ішіне оқта-текте қойды паналатып, иіріп тұрып, сәл тыным ала жүреді. Ашыққан соң жолшыбай бір қойды сойып, 18 күніне азық-талшық етеді. Сөйтіп, дамылсыз дауыл астында ыға береді. Сол Төлеген кейін аман-есен 100 қойымен түгел табысып, қайта өз шаруасына, өз жеріне оралады. Осындай жүрек пен жігер, қажыр-қайрат үшін Бойтанов Төлеген Отанынан Социалистік Еңбек Ері деген жоғары атақ алады. Төлегенді ауызға ала отыра, Шәуілдір шаруалары мал баққан Қазақстан, Қырғызстан шопан ерлерінің атақтарын ауызға алып аңыз етіседі. Оңтүстік Қазақстандай малы көп облыстың бірі - Қазақстанның батыс шетіндегі Гурьев облысы. Сонда, қысқы боранда бір шопан әйел өзі екі қабат күйінде, алты күн, алты түндей қоймен бірге ығып, ақыры күн ашылғанда малын аман айдап қайтқан. Қырғызда да төрт күн, торт түн бойында бір қора қойды ыға жүріп аман алып қалған, үш күн бойында нәр татпаған атақты бір қойшыны Шәуілдір аңыз етеді. Ол қойшы да Социалистік Еңбек Ері атағын алған. "Момын ғана қойдың мимырт қана аяңымен елсіз, ессіз тыныш далаларда, тау мен құмда кешіп жүрген шопандар еңбегінде бейнет көп болса да, ерлік болмас", — деп ойлайтын салғырт ойлар болуға мүмкін де және ол түсінікті де. Бірақ жаңағыдай қажырлы, қайсар, қамқор еңбек батыр көңілден шықпай, жай ғана жасық, қорғаншақ, аянкес жаннан шыға ма? Шәуілдірдің шопан ері Төлегендер жайы қандай қалың, оқиғалы, қызық тартысты романдар болса да, олардың талай беттерінде оқушыны толқыта толтырар мәні-нәрі бар дерсің! Кейде тіпті Хемингуэйдің бүгінгі бар әлем оқушысы таңырқай даңқтандырып жүрген "Шал мен теңіз" романына барабар тартыс жаңағы аталған адамдар жайынан да танылып тұрған жоқ па! Бұл жандардың еңбегіндегі, ер қайратындағы тағы өзгеше ерекшелік — олар өздері иеленіп жүрген малдарын сүйеді. Алдындағы малына шопан жұрты әрдайым жаны ашып, қамқорлық, достық бейілмен қарайды. Кейбір мал тегі мен түрін сөз қылғанда шопандардың ездері ғана емес, совхоздың, ауданның үлкенді-кішілі шаруаларын басқарып жүрген аудандық партия комитетінің Өшір Момынов сияқты секретары, "Темір" қой совхозының 102 мың қаракөл қойын және екі мың түйесін өсіріп, басқарып отырған совхоз директоры Ерманов Шери, сондағы партия ұйымының секретары Амантұр Мұсаев немесе осы аудандағы азамат соғысының ветераны, аудандық партархив бастығы Ерімбетов Дүйсен сияқты азаматтардың әңгімелерінен де мал басы туралы, малда жүрген шопандар туралы нелер терең ойлы қамқор сөздер, әңгімелер есітесіз. "Темір" совхозында түйенің басы аса мол. Бұрын Шәуілдірде арнаулы түйе совхозы да болған. Соның екі мыңдай түйесі қазір осы совхозда. Біз бір күнгі жолда сол түйелер арасын аралап өттік. Мұнда нар, бір туған, қоспақ, мая, үлек атанатын түйе тегінің өркештері баладай ғана емес, жөпшеңді семіз кісідей болған мал көркін көрдік. Түйе шаруасының бар жайын жақсы білетін директор Ерманов бар түйе тегін үшке бөліп сөйлейді. Бірінші тегі түрікпен тұкымды нар — қылқи. Ол ерен сүтті мал. 10 литрден 25 литрге дейін сүт беретіні болады... Екінші тегі, Астрахань айыры, бұл да қазақтың жай айыр өркешінен ірі келеді. Айыры кең, мұның тегі Моғолстаннан келген. Үшінші тегін таза монғол дейді екен. Бұл өте жүндес. Көбі 7-8 килограмм жүн мен шуда бергенде, кейбіреулері 18 килограммға дейін жүн беретіні болады. Түйе сүті көп елдерге мәлім емес. Ал оның ішіндегі май проценті сегізге дейін жетеді екен. Сиыр сүтінің майы бұның жарымындай-ақ. Сүті майлы буйвол сиыр болса, оның да проценті жетіден артық емес. Осы сипаты себеп шығар, түйенің сүтінен ашытылған қымыз (оңтүстікте — қымыран) бие қымызынан әлдеқайда артық сапалы және асыл ем екенін түйенің қадірін, жөнін білетін жұрттан сұрау керек. Жері жайлы, шөбі түйе баласы үшін сонша шүйгін "Темір" совхозында көп түйелерге қарап, мұндай да түйелер болады екен-ау деп таңырқайсың. Үлкендігі, бітімі, бар келбеті — бәріне қарай, түйенің "жампозы" дейтін осылар дерсің. Бүгінгі социалистік мал шаруасында қай түлігін алсаң да, баяғы бақташы қазақтың ғасырлар бойы қиял еткен, арманды асыл малдары Қазақстанның социалистік сахарасына келгені анық. Бұрынғы бақташы қазақ көшпелі тірлігінде арман еткен: түйеде — "жампоз", жылқыда — "тұлпар", сиырда — "тынжы", қойда — "құтпан", "келепан" десе, итте — "құмай", адамда — "алып", ал мал дұшпаны қасқырда — "сырттан" дейтін. Сондай-сондай ерен-ерек жан иелерін атаушы еді. Қиял-ғажайып ертегілік, батырлық дастан шеңберіне апарып әсірелеп сипаттайтын қиял малдары мен жандары сондай болушы еді. "Шәуілдір" совхозының кейбір болмыстары осындай ойлар оралтады. Мал адамның бейіліне бағынышты болғанда, адам өзі де малға бейімді, малды күткен шопан атаулысына қамқор жауаптылықпен қарауға қарыздар. "Шәуілдір" шаруаларының көзге күйкі, өкінішті бір қиын жайы не десек, сол мал баққан шаруалар тұратын үй-жайлар әлі көбінше ескі, жаман жер кепеге жуық, жыртық-тесік қора-жай, жарты лашықтар көп. Бұл ретте "Темір" совхозының орталығында салынып жатқан едәуір мол, жаңа үйлерге сүйсінесің. Көктемде Сырдың суы алып кеткен көп қора-жайларды енді қыратқа шығарып, шопандар мен совхоз жұмысшыларына жүздеген жаңа үйлер салыныпты. Бұл да жақсы бастаманың бірі. Бірақ Шәуілдірдің жалпы ауыр шындығын атасақ, мұнда жаман да жаман — жол, жол жаман! Және әлі қалың көпшілік — еңбек елінің тұрғын жайлары жаман. Бұл күйлер "Темір" совхозында байқалған жақсы бір белгілерге қарағанда оңай оңалар деген үміт бар. Осы совхоздың партия ұйымының секретары өте іскер, қамқор, ашық саналы Амантұр Мұсаев малдағы шопандарға білім тәрбие ретінде газет, журналдар, топтап кітаптар жөнелтіп, жеткізіп тұрады екен. Оны біз совхоз орталығындағы кітапханаға кіргенде андадық. Төменгі еденнен... кітапхана төбесіне дейін бөлек-бөлек, буда-буда болып буылған жаңа кітаптар топтары көп екен. Сол кітаптардың бәрі де совхоздың малда жүрген көп шопандарына аттары жазылып, арналып жіберілгелі тұрған кітап бумалары екен. Бұл алуандас қамқорлық, шопан жайын ойлайтын бір Амантұр емес, өзге азаматтар санының да аз еместігін аңғартты. Сол жұртшылық, шопандардың балаларын оқытуда және өздерінің тұрмысын өнерлендіріп, тазалығын, денсаулығын сақтау салтына баулуда, үй-жайларын түзеуде жақын тақта үлкен шаралар қолдануға жұмылар деген сеніммен жеттік. Қайта бір оралған сапарда Шаян, Созақ, Шәуілдір, Келес те, өзге өнерлірек аудандардан өздерінің үзіліп қалғандай артта қалған, күйкі күйлерін сейілтер деген үміттеміз. Жоғарыда біз бүгінгі біздің адам басындағы кей қасиет сипатты айттық. Сол адам өсіріп, өзгеше сапа таптырған мал баласындағы баға жетпес қасиет сипатты да еске алдық. Осыған жалғас енді бір басқа сапалы және бір қасиеттер енді жерден шығып жатқан қазына дейміз. Оны біз Оңтүстіктің Ташкент жанындағы келісті ауданы Сарыағашқа барғанда көзбе-көз таныдық. Бұл жерде ең алдымен айтарымыз — Сарыағаштың ыстық суы. Қазақстан жері көп болса да, жетіскен курорты көп республика емес. Табиғаты мен жері беріп отырған әзір байлығын өзінен-өзі аянғандай боп сараң-сырдаң ұстайтын біздің республика. Кейбір "Аяқ қалқан", "Сарыағаш" сияқты шипалық сапасы аса зор байлықтарды еске алып, соны әлі күнге жұрт пайдасына жақсы жарата алмаған. Қазақстанның курорты — денсаулық орындарының мінездерін қандай тоғышарлық деп атасаң да болғандай. Ішінде алтыны бар сандықты жауып алып, ешбір керекке жаратпай, үстінде міз бақпай отырып алған қаперсіздік жайларға көп күйінесің. Бүгінгі Сарыағаштың радиоактивтік ем суын тек қана сусын су етіп пайдаланса, бар Қазақстанның қай түпкірінде болса да, тамшысы жерге тамбай, қадірлі ішімдік боп халық атаулыны қарық қылар еді. Бұл күнде әлсіз ғана бір артель шығарып отырған, саны азғана бөтелкелердің суына ыстық күндерде ұшырасқан шағында суды сүйсініп, су иесін ұрсып ішесің. Бүкіл Одақ көлемінде жерден шыққан минералды сулар саны көп болғанымен, боржомға жетер, тайталасар тең су жоқ. Ол Сарыағаштың суы сол боржомнан дәмге де, емге де бар сипатымен артық болмаса, кем емес. Орта Азия көлемінде Сарыағаш суына барабар су ешбір өзге республикада жоқ. Бүгінгі көптеп сатылып жүрген боржом тәрізді сулар сол ауданға, республика шаруасына қаншалық қалың сома қазына қосар еді. Оны андаудан оңай нәрсе жоқ. Тек аты завод дерлік бірер өндіріс орнын Сарыағаш ауданына орнату керек те, миллиондаған бөтелкелерді шығара беріп, арзан ақшаны күреп ала беру керек. Мен бұл тұста Сарыағаш суының әлденеше ауруға іздеп таппас ем екенін айтуды қажет деп білмеймін. Бұл жөнде "Сарыағаш" курорты Одақтық үлкен курорттың бірі болып өсуі шарт та және солай болар да. Биылғы жыл "Сарыағаш" курортының қажымас қамқор иесі — бас дәрігер Қасымбековтің талабымен келесі жылға санаторий құрылысына республика 14 миллион сом қаржы шығарып отыр екен. Жоспар бойынша салынбақ төрт корпустың жаңағы сомаға екеуі салынса, бірнеше жүз адам емделуге мүмкіндік жасалмақшы. Бірақ "Сарыағаштың" курорты тұрған жер кең болғанмен, әлі көгі, көлеңкесі жоқ алаң ашық. Жай суға да тапшы! Сондықтан үлкен санаторийлер салынып, кемеліне келіп болғанша, күз демей, көктем демей бүкіл, курорт өлкесіне бақ атаулыны мол етіп өте, тіге беру керек! Мен Сарыағаш ауданын айтқанда, әсіресе Сарыағаштың сусын суын өндіріп, бүкіл ауыл шаруасын бүгінгіден он есе оңдырып әкетерлік шаруа есебін айтамын. Бұл ауданның көптен келе жатқан тәжірибелі, сергек ойлы, іскер және шын жауапты адамы — аудандық партия комитетінің бірінші секретарь! Ұлтубай Бейсенбаев. Ол Сарыағаш суы аудан болашағына не беретінін аса жақсы түсінеді де, көп жайды арман ете сөйлейді. Дәрменсіздік сазы білінеді. Себебі мұнда завод салу ісі облыстық немесе республикалық орталықтардың байлауы, қатынасымен істеледі. Сарыағаш ауданының бір шетінде сол Сарыағаштың суы болса, екінші бір бүйірінде тағы да өзгеше қызықты қазынадай бір совхоз бар, ол үзім мен үзім шарабының совхозы — атақты "Қапланбек". Бұл совхоздың көпжылдық тәжірибесімен жасалып шыққан шараптарының кейбір сорттары бүкіл әлемдік көрмелерде бірнеше рет алтын медальдар мен күміс медаль бәйгелер алды. Тек былтырғы өткен 1958 жылдың бір жылғы таза кірісі 8 миллион сом болған. Сарыағаштың суы мен "Қапланбектің" үзім бақтары сақтап отырған қасиетті қазыналықтарды еске ала отырып, біз Ұлтубайға: "екі жақ бүйірінде ертегі қиялы тудырған кәдімгі екі бөлек "ат басындай алтының жатыр!" дейміз. Үлкен мәдениетті Ташкент қаласының іргесіндегі Сарыағаш ауданы Қазақстанның үлгісін көрсететін, "Мынау Қазақстан" дегізерлік, абырой, беделін бағалы сапада танытарлық анық көрікті аудан болу шарт. Бұл аудан басшылары өздерінің қолынан келген, аудан шамасы жеткен істерінің бәрін сол аңғарда, сондай жауапты сапада ұстауға қатты тырысады. Республика намысын да, социалистік мәдениет санасын да анық, жақсы мағынадағы социалистік жарыс, бәсекедей бағалап, сол сананы өз еңбектеріне ту қып ұстағысы келеді. Мысалы, "Қапланбек" совхозының директоры Тищенко мен шарап сапасының білгір маманы Қатаева жолдастар өз майданындағы істерін Ташкент маңындағы ғана емес, бүкіл Одақ көлеміндегі шарап шығарар заводтардың бірде-бірінен кем соғады демейді. Сол сияқты аудандық партия комитеті мен атқару комитетінің аудан ортасы Сарыағашты көркейту жолындағы істері да анық мәдениетті аудан орталығының сапа, сипатын танытады. Сарыағаш қыстағының көп көшесіне асфальт жайылған. Мұнда Оңтүстіктің ешбір ауданында біз көрмеген анық жақсы гостиница бар. Қазір аудан орталығында өзгеше үлкен, келісті Мәдениет сарайы салынып жатыр. Аурухана, кітапхана, әсіресе мектептер мұнда көңілдегідей. Орыс, қазақ балалары оқитын бір орталық мектепте кітап саны төрт мың. Сарыағаш ауданында совхоздар директорларының мектебі бар. Онда бір мың студент оқиды. "Қапланбекте" жайғасқан мал дәрігерлік оқу комбинаты бар. Бұлар осы ауданда көптен орын тепкен үлгілі оқу орындары деп саналады. Шаруашылығы мақта, мал, бау-бақша, жеміс табыстарына құралған Сарыағаш ауданы облыс көлеміндегі, қатардағы орта кеуде ауданның бірі боп та қала бере алады. Бірақ Сарыағаштың суындай барлық Одаққа, қала берсе, дүниежүзіне де ертең мәлім бола аларлық табиғат байлығы, қасиетті қазынасы тұрған аудан өз мүмкіндігін өрісіне жеткізе өсіру шарт. Сөйтіп, осы жолғы сөзде Шәуілдірдегі мал соңындағы ардақты адам жанының кей сипаттарын қасиетті қазына деп санағанда, мал сапасын өзгерте өсіргенді социалистік шаруамыздағы және де қасиетті сипат деп атадық. Сарыағашқа келгенде сол қазыналық қасиеттер жер байлығы ретінде бар сипатымен толық болып тұрса да, соны барарына толық барғыза алмай жатқан шабан-шардақ күйлерді өкінішпен еске аламыз. Бір жерде, бір салада мүмкіндіктер бар да, сол мүмкіндіктердің тірлікте шаруаға жүзеге асқаны бар. Енді бір жерде мүмкіндік сондай сипатта, қасиетте болса да, тек мүмкіндік қана дәрежесінде іске аса алмай, асырылмай жатқаны бар. Мұндай қасиеттер алдағы аз айлар, жылдар ішінде өмірден өзінің бағалы орнын, өрісін табатын, ақталатын қасиеттер деп еске аламыз.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру