Баян Тіленшина. Тағзым
Баян Тіленшина
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Баян Тіленшина — «Баян Тіленшина. Тағзым».
Баян Тіленшина
ТАҒЗЫМ
Тоңғанымда жылытқан шуақтарың үшін,
Жылағанда бауыр боп жұбатқаның үшін,
Тек жақсылық тілейтін мұраттарың үшін,
Бас иіп, тағзым етем, жақсы адамдар!
Сеніміңнен алданған бір арманың үшін,
Тағы да сеніп, өзгермей тұра алғаның үшін,
Ақ ниеттен АДАМ боп құралғаның үшін,
Сендерге тағзым етем, жақсы адамдар!
Алматы-2018
Мазмұны 1. Анашым.............................................................4 2. Әкеме.................................................................5 3. Әке рухына тағзым ..........................................6 4. Арқанмен күнді шығарған.............................10 5. Мектепке әке есімі берілгенде...................11 6. Серік аға бейітінде.........................................13 7. Өмір мен өлім егіз......................................14 8. Көп досым тауық боп кеттіау..................16 9. Жан жұлдызым –әжетайым..........................18 10. Ана \цикл\......................................................19 11. Анашым –теберігім ....................................20 12. О, ана, сен болмасаң, мен бармын ба?........21 13. Ұнаттың қай қылығымнан...........................22 14. Құшағыңа әлемді сыйғызбасаң...................23 15. Мейір жүрек..................................................24 16. Сені көрсем еркелегім келеді....................24 17. Жүрек дүрсілі...............................................25 18. Иманы қайсы өмірдің!..................................25 19. Анам –Зылиха Тәйтіманқызы Ғұмарды жоқтау.................................................................27 20. Ана бейітінде...............................................31 21. Апа ................................................................32 22. Жан апам......................................................33 23. Ана рухына тағзым....................................34
Қыз –жүрек жырлайды \цикл\
24. Сыйынғаным.......................................36 25. Сыр айтам суретіңе кәдімгідей.........37
26 . Сағындым............................................38 27. Жылытқан жанды нұрымау............38 28. Әлсіздік.................................................40 29. Өзіңді ұғындырдың.............................40 30. Әлемге Күн ие ме?..............................41 31. Жеңеше..........................................................42 32. Үміт оты.......................................................43 33. Ұлы жеңіске 60 жыл..................................43 34. Көтерген алтын күнді.................................46 35. Тыныштық керек әр таңға..........................46 36. Төлеби бабамның 350 жылдығында.......47 37. Бекет атама....................................................48 38. Жан бабамЖазық Ғұмарым......................50 39. Ұлы Жеңіс...................................................51 40. Құттықтау. Қуаныш Айтаханов ағаға \цикл\.............................................52 41. Жан ағама..........................................53 42. Тізгінді шын тұлпарға берейік те....57 43. Халықтан шыққан шын дарын.....59 44. Ақындық алғыс.................................61 45. Ұстазға алғыс................................................62 46. Ізіңмен жүрген адам адаспайды..................63 47. Жамбылдың 150 жылдығы..........................64 48. Тілім менің....................................................66 49. Ұстаздарға.....................................................69 50. Ауылым.........................................................70 51. М. Өзтүрікке..................................................71
Анашым
Жүректен жүрегімді бөліп берген,
Мейірі бар әлемге көрік берген,
Анашым, жаным анам, жалғызым –сен,
Бар кезең, бар жағдайда еріп келген.
Анашым, алақанда тербеткенім,
Мейірім уызымен ерке еткенім,
Асқарым, аспан анам, дастан анам,
Табаны жер жұмағын басқан анам.
Ғаламда сенен асқан дана бар ма?!
Сен болып ойланам ой сараларда,
Келбетің көз алдымда күндіз- түні,
Хор қызы, ғалым жетпес жан анама!
Өсиет, өнегеңді сақтағанмын,
Ешқашан ала жіпті аттамадым.
Атыңнан айналайын, киелі жан,
Өзіңе перзентпін деп мақтанамын.
Жанарың жанарыма байланған ба?
Мен сенің болмысыңа айналғам ба?
Анашым, мархабатым, махаббатым,
Сағынам әр мерекем тойланғанда.
Астында жүрегінің сақтағаным,
Аялы алақанмен баптағаным,
Шексіз –ау, шексіз ана махаббаты,
Қияр-ау жан, өмірін Хақ—Тобаның!
Әкеме
Қилы да қилы асқардан,
Өзіңнің тұлғаң биік тым,
Өмірім сенен басталған,
Сондықтан, сенсің сүйіктім.
Шындықтың жүр деп жолында,
Өсірдің мені жал сала.
Күншілдік шұбап соңымда,
Мен жапа шектім қаншама!
Сол шақта мені демедің,
Дәруін беріп жігердің,
Желкені болып кеменің,
Мұхитқа бұрып жібердің.
Халықтың қамын ойлаған,
Істерің көп-ақ табанды,
Сендей- ақ болар ойлы адам,
Білемін, әке, бағаңды.
Мысықша барыс сүйкенбес,
Әркімнің мейірі әр басқа,
Жылу, нұр, отқа икемдес,
Мінезің өршіл, нарқасқа!
Қартайдым деме, есейдің,
Жасартам, әке, жаныңды,
Көңіліңе гүлдеп төсеймін,
Еңбегім, ойым, арымды.
Жеткізбей жүрсе бір арман,
Жолыңды ақыры жалғаймын!
Кеудеңде ет боп тұра алман,
Жүрек боп соғам талмайтын!
Әке рухына тағзым
Көк байрақтай айбыным,
Ақылдың кені – байлығым.
Тіленші бидің кенжесі,
Немересі Майлының.
Кіреуке сауыт қорғаным,
Құрметі жүрген ортаның.
Әркім де түсер ажал-тор,
90-да тұтқан шортаным.
Өрбіген перзент, немерең,
Жалғасың емей неменең?
Жасайсың мәңгі! Орынсыз
жылауым керек неге мен ?
О, әкем - менің асқарым,
Төбемде заңғар аспаным.
Өзінен бұрын ойлаған,
Береке, бағын басқаның.
Бөлгенмен ажал денені,
Сезімді қалай көмеді?
Тірлікте жеткен жеңісім –
Рухыңның сенің көмегі!
Көңілді шайқап жыр-теңіз,
Жүземіз, әке, бірге біз!
Айдарымнан жел ессе,
Шалқиды бірге күлтеміз.
Жанымыз екеу, бір намыс,
Меже біреу, бір шабыс.
Жалындап өткен жан едің,
Тамсанып айтар жұрт аңыз.
Мақтаныш етем мен сені –
Шындықтың алмас семсері!
Сұмдық пен шындық айқасса,
Жалғанның шыққан сең-сеңі.
Кім едің, әке, сен деген?!
Дәл сендей адам кем де кем –
Жүрегін жұлып берсе де,
Жаралы жанды емдеген!
Періште дер ем! Адамсың!
«Мінезің тік» деп тағар сын.
Тура сөз жақпас туғанға,
Елге қамқор, адалсың.
Отырар орның жоғары,
Ұмытқан естер «тобаны»!
Таптаймын десе кім де кім,
Күлдірер шоқтан табаны!
Балқыса рухың балқысын:
«Өрлеуді» ашты тартысың!
Аштықтан алып қалам деп,
Абақ та көрдің халық үшін!
Талабы сондай уақыттың –
14 – те шалды оқыттың.
Мектептер ашып жер-жерден,
Қоғамның «миын» тоқыпсың.
Басыңнан тайған бақ талай,
Жабылды жала нахақтан-ай!
Тік ұстап басты жеңіпсің,
Өтіпсің еш «жіп аттамай».
Тереңім дауыл шайқамас,
Болғанда талай тай-талас,
Ашкөзді шұқып мін айтсаң,
Бетіңді бір жан қайтармас.
Арыстандай айбаттым!
Ұмсынған беттен таймадың.
Жүрген жерің той-думан,
Шежіре шертіп сайрадың.
Бейнеңді соқтым толғап жыр,
Рухыңмен, әке, қолдап жүр.
Пенделік бұзса жолымды,
Үзілген жерді жалғап жүр.
Әруаққа айтқан арызым –
Пенделік борыш-парызым –
Өзіңдей таза болады,
Өмірде басқан әр ізім!
Кер тусам-- кейін кетермін,
Ер тусам көкке жетермін!
Ақ алмас қында жатпайды,
Болмайды жолы «бекердің».
Жат алдында жыламан!
Сертімде сендей тұра алам!
Дәл сендей болып сүйсін-ақ,
Еркетай қызын тірі адам!
Қорғармын әлсіз торғайды,
Соқтыққан босқа – сорлайды!
Ниеті бөтен – жат маған,
Сатқынға сауға болмайды!
Кірлетпей өтем намысты,
Қасымда болар жаны ізгі.
Кім білсін, көкте тұрармын,
Таң шолпаны тәрізді?!
Арқанмен күнді шығарған...
Көмештің бұлақ мінез азаматы,
Тұлпардың тумысында қазанаты!
Кіл жүйрік жарысқанда тектіліктен,
Тобыңда жан болмайды оза алатын.
Біреуден сәуле түсер бір адамға,
Біз солай ел болармыз құрағанда.
Жігітті күйдірмей ме іштегі оты,
Бермесе халқы жылу сұрағанда!?
Кім білсін, неден болар қайтарымың,
Қазақтың өсіргенсің бай танымын!
Перзентпін ақындықты арман еткен,
Сіңірсем деймін Сізден ой танымын.
Тілеген орындалды Мұратым да!
Марқайсын бүгін досың, жұратың да!
Аталды оқу орны есіміңмен,
Ту желпіп ұрпақтарың жүр артыңда.
Мәңгіге мойындалып тарландығың,
Мен үшін атты бүгін арманды күн!
Мәңгілік тірілгенің! Тірілгенім!
Бақилық соқты жүрек- балғаң бүгін!
Өсиет батаң қабыл, тілегің де,
От бар-ау Күн нұрындай жүрегіңде.
Артыңда ар –туыңды көтермесем,
Өмірді сүрмедім не, сүргенім не?!
Көмештен аққан кәусар бұлақтайсың,
Әр көктің тамырында тұрақтайсың.
Оқытып 14-іңде шал-кемпірді,
Түнекте дара жанған шырақтайсың!
Ұмытпас тарих беті өткеніңді,
Көшпелі «Қызыл отау» мектебіңді.
Әліпті таяқ демес қараңғы елге,
Арқанмен шығарғандай көкке күнді!
Мектепке әке есімі берілгенде
Көмештен өсіп, түледің,
«Ел-ел» деп соқты жүрегің.
Қоңырау-күлкі сәбимен,
Бір жасап мәңгі жүр енді!
Мектептің илеп балшығын,
Санасын елдің аршыдың.
Халқым деп қанша қан жұттың,
Кеткенше ұшып жан- шыбын.
Рушылсыз елдің ағасы,
Қазақтың сары баласы.
Мектеппен айтқан атыңды,
Халқыңа бүгін қарашы!
Той жасап жатыр қуанып,
Көңілін нұрмен суарып.
Көшіңнен ерген азамат,
Білімді сыйлар ну халық.
Өлім мен өмір арасын,
Өлшемсіз еткен дарасың!
90-нан жасың асса да,
Халқыңа мәңгі баласың.
Тау жаңғыртқан күлкің-ай!
Арыстан сынды тұрқың-ай!
Туған ел білген бағаңды,
Көтерген әруақ, бір Құдай!
Ысырып бала, жар қамын,
Ізіңді қайда салмадың?!
Халқыңның қамын жеймін деп,
Тозағын көрдің жалғанның.
Зылихадай жан жарың –
Анасы болды баршаның.
Періштедей көтерді,
Қысқанда зауал-тар шағың.
Жеткіншекке дем беріп,
Жетімді жүрдің теңгеріп!
Адами жақсы-жаман мен
Білім – нұр бердің меңгертіп!
Періште көңіл баланың,
Баланың таудай талабын.
Сүйеп жүр, әке, рухыңмен,
Ордасын білім, сананың.
Өшпейді атың, тарланым,
Жебеп жүр ұрпақ арманын.
Жұмақта жасар шын рухың,
Тозағын кешсең жалғанның!
Шашу боп терген-жиғаның,
Бұйырды жарқын иманың!
Мәңгілік ғұмыр емес пе,
Көңіліне елдің сиғаның!?
Серік аға бейітінде
Ақ ниетті соңыңа ертегі еттің,
Ағажан, неге өмірден ерте кеттің?!
Жаным мәңгі аңсар деп сезбедің бе?
Сен неге еркелеттің?!
Мұңлық-өмір салмақшы мені торға,
Топырақ-тоңда жатырсың!
Орның сол ма?!
Ақ кебінді айыр да түрегелші!
Басыңда тұрмын зорға.
Жетім көңіл...
Сені іздеп торығамын,
Жете алмастан жығылдым жолыңда мың.
Сүйенер деп қалдырдың мені кімге,
Тірлікте соры қалың?
Аққу атқан арсыздар кезектігін
көрдің бе сен?
Менікі кезек бүгін!
Қайда, Серік, қайратың?! Сілкінші тез!
Жалғыз тұр өжеттігім.
Өмір мен өлім егіз, дос екен - ау
Жан ағам Серігім-ай сағындырған,
Жасын-от жүрегіне ақыл тұнған!
Өзімшіл қызыл- жасыл тіршілікте,
Айрылып қалдым сендей жақұтымнан!
«Мен, мен!» деп дірілдеген дүниеге,
Шынымен келгенбісің ағып нұрдан?
Шарапат сезім ғана өрістеген,
Шынымен адам кейіп періште ме ең?
Баз біреу алақайлап қуансын деп,
Әдейі шегінетін жеңістерден?
Жартысын жүрегіңнің жұлып беріп,
Қансырап қалғандығың – нең істеген?!
Жек көріп бұ дүние күншілдігін,
Жұмақта жалғасты ма тіршілігің?!
...Өзіңнің қатарыңды көрген сайын,
Сабалап қанатымды дүр сілкіндім.
Сағымды сағыныштың талшығынан,
Иірдім елес жібін ұршығымның.
Дүние жалған деген осы екен-ау,
Өмір мен өлім егіз, дос екен-ау.
Айналып жер кіндіктен таң атқанмен,
Ертеңгі қартың бүгін жас екен-ау.
Секундтап алға озған уақыттың,
Қайтымсыз қаталдығы рас екен-ау.
Жігіт ең жер- анаға бергенімде,
Шынымен 60 жасқа келгенің бе?!
Сен мына адамдармен бірге жасап,
Тәніңді ғана жерге жерледім бе?
Шынымен тірі екенсің, тірі екенсің,
Расында сенбеуші едім өлгеніңе.
Айтылмай сырың қалды-ау ақ парақта,
Жан анаң жас кейпіңді сақтамақ па?
Жанармен тауысылып қараған бір
кейпіңді жаным мәңгі жоқтамақ па!
Жер бауыры суық деген, тіршіліктің
әуені жұбаныш боп, тоқтамақ па?
Бауырым – Серігім-ай сағындырған,
Жанарға сағыныштан лағыл тұнған.
Көңілімде бір жасаған ағатайым,
Шашайын ой шашуын ағын жырдан.
Көңілінде туыс, достың өлген жоқсың,
Аңызсың адамдықты табындырған!
Көп досым тауық боп кетті-ау...
Жан ағам –Серік бауырым,
Көзімнен сөнді сауығым,
«Қартайдым» жиырма жетімде,
Қушиып текше жауырын.
Қиынның көрдім қиынын,
Сенбесіме сиындым,
Жападан жалғыз жылатып,
Топыраққа неге бұйырдың?
Жан-жағым толған өңшең ез,
Қайнатып қазан төңкермес,
Жанқияр пейіл жұбатпай,
Жасыған өмірім жөнделмес.
Жалғыз тұр қайсар намысым,
Айтпаймын тағы-тағысын,
Көп досым тауық боп кетті-ау,
Азғынның шоқып тарысын!
Қараңғы ойдың түкпірін,
Сайтанбектің жықпылын,
біртіндеп шашып берер ең,
қауқарым жоқ-ау түк бүгін.
Жанымды иттер талады,
Жылаудан көзім қанады,
Бірге күйер ешкім жоқ,
Күн туды Сенсіз қаралы.
Дұшпаным күлді мысқылдап,
Тұтандым сонда ұшқындап,
төбеме аспан төңкерді,
тіреулі намыс –ұстынды ап.
Жақын деп, жат деп талғамай,
Дүркіреу керек болғаны –ай!
Ақындық беріп арқалы,
Жыр –тіреу берген жалған-ай!
Найзағай болды жырларым,
Сені іздеп алас ұрғаным!
құлақта даусың жаңғырды,
орнына алтын сырғамның.
Серігім, жасын Серігім,
Әр сөзге серттей берігім,
Атылған оққа жығылмай,
Жалғыз тұр жетім елігің.
Қояр ең бәрін орнына,
Бұзар ең темір торды да,
Бауырым, өзің жоқтықтан,
Жабысты қарау Сор мына.
Жан жұлдызым –әжетайым \әнге\
Өмірде сен болмасаң, қайтер едім?
Нәр берген тамырыма бәйтерегім!
Ұшар ма ем самұрық боп көк аспанға?
Білер ме ем, білмес пе едім қай керегін?!
Бәйтерегім!
Жүрегім, жан жұлдызым – әжетайым,
Жүремін сағынумен сені дәйім,
Қартайма, қамықпашы, қалықташы,
Қасыңда айналады сенің Айың.
Әжетайым!
Тұлпарды мінер ме едім асыл ойдан?
Іздер ме ем періште-дос жұлдыз, Айдан?
«Ақылдым, ақылдым!» деп ақыл берген,
Айналдым, дәл өзіңдей әжетайдан!
Асыл айдан!
Астынан ақ шашыңның сезем уайым,
Алыстап кете көрме, әжетайым,
Өзіңсіз өгей өмір еркелетпес,
Ән салып, тәуір өлең жаза алмаймын,
Әжетайым!
Кеудеме күн орнатқан бала шағым,
Мен –сенің болашақтан алашағың,
Кемеңгер әулием сен, арнасы кең,
Жан анам –әжем менің, жан ошағым!
Жан ошағым!
Ана
Аялап алақанда тербеткенім,
Ай, жұлдыз, күнге теңеп, ерке еткенім.
Жетеуміз желкілдеппіз өркен жайып,
Өзіңнен өзек алып бойжеткенмін.
Атыңнан айналайын асыл анам,
Көбейсін сәби орар жөргектерің.
Айналдым Зылихадай ана, атыңнан!
Тек қана мейірім, нұр таратылған,
Жандауам, жан жұлдызым, махаббатым,
Әулием, пірім сенсің мен жаралған!
Нәп- нәзік даусың тербеп жүрегімді,
Үкілі өлең қонар қанатыңнан.
Қашан да қабағымды баққан анам,
Бойымнан тек жақсыны тапқан анам,
Меңдеген еркеліктің түр-түріне,
Елітіп, сылқ-сылқ күліп жатқан анам.
«Еу, менің ақ қозымда ақыл көп!» деп,
Ақыл- ой бойтұмарын таққан анам.
Сенімнің семсер сертін сезіндірген,
Серт беріп сол Сенімге көз ілмегем!
Қалай да ақтаймын деп ақ сүтіңді,
Бойыма қуат жидым Төзім деген.
Қылыштың жүзін бастым қыл сезіммен,
Құрыштың өзі болдым езілмеген.
Үлпілдек мінезіңмен желпігенде,
Желкілдеп жұлдыз кездім қара түнде,
Жазықұлы Ғұмарға жиен болсам,
Нағашы емей, ұқсаймын енді кімге!?
Қаным Мәлік –батырдың тегі болса,
Жаралғам-ау екі жұрт теңдігінде
Анашым –теберігім
Анам, анам, анамсың,
Ақылы асқан данамсың,
Бүткіл дүние бір төбе,
Бір өзің үлкен ғаламсың.
Өзіңнен өндім көгеріп,
Өзіңе жырды төгелік,
Жан анам, жоқ-ау теңдесің,
Әр ізің маған теберік.
Ақ сүтіңді еміздің,
Анам, анам дегіздің,
Махаббатың шексіз-ау,
Тамшыңмын сенің, теңізім.
Зылиха анам, қымбаттым,
Бәрінен сұлу, сымбаттым,
Сағынып кетсем өзіңді,
Ақ қағазға тіл қаттым.
Еркелетіп өсірдің,
Тентектік етсем кешірдің,
Бір өзіңде сияқты,
Қуаты өмір –көшімнің.
О, ана, сен болмасаң, мен бармын ба?!
О, ана, сен болмасаң мен бармын ба?!
Ақжүніс арман қайда Ер Тарғынға?
Тамыры тіршіліктің жаным – анам,
Бір сені теңгермейді кенді алтын да!
Жүректен жүрегімді бөліп бердің,
Перзентті ер жеткізу-арман, сертің.
Мен үшін жер бетінің аруысың,
Биязы мінезіңе еліктермін.
О, ана, құдіретсің, құдіретсің,
Анасы бар адамдар шүкір етсін.
Қайғыға қайрат еткен нар жүрекпен,
Қалтырап, әлдиіңді үкілепсің.
О, ана, саф ауалы тынысымсың,
Тербеткен ай-алақан тынышымсың.
Бал бұлақ, жағаңдағы құрағыңмын,
Сыңғырлап күлкі шашқан күмісімсің.
О, ана, құдіретсің батыр тапқан,
Батырға бүкіл елін асыратқан.
Күлгенде нұр төгіліп жанарыңнан,
Түйілсең, қимылыңды бақылатқан.
Ұйқысыз уәйіммін саған кей түн,
Сонда да махаббатсың өзгермейтін.
Атыңнан айналайын Зылиха анам,
«Баяшкам, аппақ қозым, еркем!» дейтін.
Ұнаттың қай қылығымнан?
Арқаңа міндім тербеліп,
Арқаңның жайлылығынан.
Ұялам бүгін жер болып,
Ұнаттың қай қылығымнан?
«Үстіңнен өтем секіріп,
Иіліп, апа, тұр!» - дедім.
Тастамай сонда жекіріп,
Есімде сылқ-сылқ күлгенің.
Түн жарымда түрегеп,
Жорыта тамақ сұрадым
Жер-көктің бәрін түгендеп,
Бітпейтін қояр сұрағым.
Жетеуміз жеті ел болып,
Ағарттық білем шашыңды.
Талбесік болып тербелтіп,
Ұзартсақ екен жасыңды.
Денеңді зорға көтеріп,
Таяқпен қалт-құлт жүрсең де,
Бір әулетке жетерлік,
Бірлік бар екен бір сенде!
Құшағына әлемді сыйғызғаным
Маңдайымды нұрлы еткен Ай-алақан,
Көңілімді гүлденткен, аялаған.
Шаттығыма шуақтап, қайғы келсе,
Жігер берген жаныма аяулы анам.
Жарық бергендігіңе табынбас ем,
Нұрлы сезім, шам берген бағым да сен.
Құшағыңа әлемді сыйғызбасаң,
Құшағыңды мен сенің сағынбас ем.
Шындығы жоқ перзентте ар бола ма?!
Сенен еміп, сыйладым нәр балама.
Жүрек, тамыр, қаныңнан бөліп беріп,
Өмір болып өсесің әр балаңда.
Нұр шуағын ғарыштың құйылдырдың,
Махаббатын мәңгі еттің қиын жырдың.
Ақ әлемді асырап ақ пейілмен,
Ақ пейілді өзіңе сыйындырдың.
Мейір жүрек, мейрімді апатайым
Ақ пен қара, зар мен дау арасында,
Асыл жанның жазып жан жарасын да.
Жан шуағын төгілтіп,
Парасатпен,
Тағдыр көшін тартысып барасың ба?
Мұрат – тауың гауһардай асыл, биік.
Жазықсыз жылағанның жасын тыйып,
Мейір жүрек, мейрімді апатайым,
Тағзым етем әрдайым басымды иіп.
Сені көрсем еркелегім келеді
Сені көрсем еркелегім келеді,
Сенің бейнең қуатымды демеді.
Жұдырықтай жүрегімді жұлдыз деп,
Аспандағы Айға мені теңеді.
Аялайды мені аялы алақан,
Алақанды ұялар мен – балапан.
Сені көрсем сәби болғым келеді,
Сендік сезім қандай нұрдан жаралған?!
Жүрек дүрсілі
Кеудеңнен нәр алған бүршігіңмін,
Мәңгілік нұрланып тұршы, Күнім.
Сен берген рауанды, гүл сезімдер,
Жанымды тербеткен жыршы бүгін.
Кім ұғар дәл сендей бала жанын!
Жылы ұя – мен үшін алақаның.
Өзіңе табынған жүрегімнің,
Дүрсілі – осы әнім, анажаным.
Жабықсам, жасырын жас төгерсің,
Мен күлсем көктемді ап келерсің.
Тап-таза перизат тілегіңмен,
Анажан, жолыма бақ себерсің.
Иманы қайсы Өмірдің?
Аяғың шаншып, бұрай ма?
Қуарып салды-ау шырай да.
Көтерілді қан қысым,
Не істеу керек мұндайда?!
Шыдашы, апа, шыдашы,
Дәрігер табар бір айла.
Бейшара болдым шарасыз,
Ем-домы бекер, санасыз!
Дәрменсіз мендей қыз таппай,
Өткенің жақсы ед баласыз!
Сұп-сұр боп қаның тартылып,
Бір мезет от боп жанасыз.
Жан бөліп жаннан бергенім,
Көзімді ашып көргенім,
Шарана шақтан кеудеңнен,
Ақ сүтіңмен емдедің.
Дәл қазір қолдау бере алмай,
Қысылып жаным терледім.
Жаралған мейір, төзімнен,
Айналдым, апа, көзіңнен!
Бар ықылас, пейілін,
Арнаған маған сезіммен,
Мен жүрген жаққа бұрылып,
Мені ойлап таңда көз ілген.
Жұбатпақ едім күлімдеп,
Иегім кетті-ау дірілдеп.
Жанарың неге сап-салқын,
Сұрай ма жылу «Күнім» деп?
«Жарығым Баян...» дегеннен,
Жаңылмас нәзік үнің тек.
Оу, Уақыт, қандай сор едің!
Көз жасы ма қорегің?
Тізерлеп, жылап сұранам,
Анамның берші керегін!
Жан саулығын қайтарсаң,
Айырбасқа бәрін беремін!
Тастама мені, жан анам,
Жаным бар егіз санаған,
Иманы қайсы Өмірдің,
Анасын бөлсе баладан!
Мен қалай жүрем өзіңсіз,
Сұраншы, ап-поу, Алладан.
Анам – Зылиха Тәйтіманқызы Ғұмарды
жоқтау
Жыламай қалай шыдайын,
Құлады менің шын Айым.
Айырып мені анамнан,
Зарлатып қойдың, Құдайым.
Ақ сүтін берген жан анам,
Ақ нұрдан ғана жаралған.
Анасын мендей сүйер ме,
Әулие санап бар адам?
Сәл түссе менің қабағым,
Қабағымды бағатын.
Мейірін төгіп, сейілтер,
Анамды қайдан табамын?
Тілегі бірге сырласым,
Бастағам сенен жыр басын.
Кім маған сұспен қараған,
Қорған боп өзің тұрғасын?
Өмірді берген негізім,
«Анам, анам» дегіздің.
Денеміз бөлек болғанмен,
Ниеті ортақ егізім.
Көшімді бастар сыңарым,
Сағынып әркез тұрарым.
Мерейімді өсірген,
Махаббатым, құнарым.
Жаныма мейір сепкенім,
Мәңгілік шуақ, көктемім,
Мені кім иіскер маңдайдан,
Тастағаның неткенің?
Соққысы-ай мына жарлықтың!
Жылай-жылай қарлықтым.
Бақытты екен, кеш білдім,
Сен тіріде барлық күн.
Жібектей жұмсақ шашың-ай,
Әр сөзіңнің асылы-ай !
Ақ жаулық көрсем, армандап,
Аңсармын мәңгі осылай.
Бойыма сенен нұр сіңді,
Солыдым сенсіз гүл сынды.
Тіліп түсті-ау найзағай,
Аспан-көңілім күрсінді.
Мерейім сынды, кетілдім,
Жас тілді әрін бетімнің.
Көңілім орта, жүзім пәс,
Анажан, енді жетіммін.
Қарайды-ау аппақ желегім,
Қайғыға батты-ау өлеңім.
Сағынып күтер өзің жоқ,
Үйіме не деп келемін?
Аңсатар елді шының-ай!
Нәп-нәзік үнің шырын-ай!
Қимылсыз қалай жатырсың,
Таппаушы едің тыным-ай !
Сәні едің, апа-ау, ұямның,
Жеткізбеді-ау қиялым.
Әлпештеген жан анам,
Топыраққа қалай қиямын?
Жоқ-жітікке қарастың,
Дос түгіл қаспен санастың.
Әулетке ортақ-үлкен үй,
Анасындайсың алаштың.
Өзегім күйді-ау, шоқтаймын,
Өзіңді бақи жоқтаймын.
Иманың жарқын бұйырсын,
Қой десең, халқым, тоқтайын.
Ой, арман-ай, арманым,
Өзіңде ме екен бар бағым?
Өзіңді таппай сезіндім,
Тіршіліктің жалғанын.
Сағыныш болды-ау ізің де,
Биязы, жұмақ жүзің де.
Орныңды ешкім толтырмас,
Бір кітап толған тізім де.
Сезімді қалай айтармын,
Тал шыбықтай шайқалдым.
Тоғыз ай жүрдім құрсақта,
Қай еңбекті қайтардым?
Жан анашым, анам-ау,
Жансаям, қорған, панам-ау.
Жанымды удай ашытты-ай,
Орныңды жұлған жарам-ау.
Қиын-ақ екен айрылған,
Өзегім талды-ау қайғыңнан.
Ортайтпады ішімді,
Сағыныш сонша айтылған.
Шыда десең шыдайын,
Қуат бер маған Құдайым.
Жұмақтан болсын орының,
Рухыңмен демеп жүр дәйім.
Алдымнан күліп шығатын,
Сен едің, анам, ұғатын.
Жаның жүрсін жәннәтта,
Алдыңнан күтсін жұмағың.
Өлмей тұрып жұбаттың,
Дәруін беріп қуаттың.
Қой десең, анам, қояйын,
Бақұл болшы, қымбаттым. 06.10.1984 ж.
Ана бейітінде
Гүліңмін саған ашылған,
Иіскеші, апа, шашымнан.
Түйінін салсын бір өлең,
Тыңдасаң жылап, күлер ең.
Басыңда тұрмын, қасыңда,
Түрегел , апа, түрегел,
Перзентің келді бас ұрған.
Жыл мезгілін Сен дейін,
Көктемде сен боп селдейін.
Жаз болсаң, сусап шөлдейін.
Сен тоңғанда, тоңайын,
Іздемей жолдың оңайын.
Өзіңнен алған Өмірді,
Өзіңді жырмен тербейін.
Жұмсартып Жердің тынысын,
Сезімнің жалғап бір ұшын,
Әулиемдей санап атыңды,
Күмбездеп махаббатымды,
Өлеңнен өріп құлпытас,
Өмірмен етем біртұтас.
Жер бесік тербеп ұйықтай ғой,
Бұзылмай жатсын тынышың.
Апа Есімде бурыл шашың, алақаның, Мұң тұнған нұрсыз көзбен қарағаның, Жаныңды жеп бітті ме емсіз ауру, Жаныңмен мен де бірге жараландым.
Тірегі перзент шығар бар ананың?
Ем тауып, бірақ, шипа бола алмадым,
Құбылып, ажал айла таптырмады,
Апатай, дым болмады бар амалым.
Ажалды амалсыздан құрметтедім,
Қабірге табытыңмен бір беттедім.
Жығылдым әруағыңа тізе бүгіп,
Бетіңді топырақпен бүркетпедім.
Көзімнен аққан жасты тия алмадым,
Қап-қара, суық көрге қия алмадым,
Әжімің қайда кеткен тірліктегі?
Үмітпен, апа-ау, нені қиялдадың?
Амалсыз бөледік жер- бесігіңе,
Екі ай... Не күйдесің осы күнде?
Өзіңсіз өгей өмір көп қинайды,
Алланың амал бар ма кесіміне?
Сене алсаң, сені өлер деп сезінбеппін,
Мәңгілік жасайтұғын өзің деппін,
«Жарығым – Баян» деген соңғы лебіз,
Кеудемді оттай қарып, безілдеттің.
Кім білсін, жарығың боп жана алам ба?
Жылуым жетер ме екен бар адамға?
Табынтып орамалда қалған шашың,
Бейнеңнен от аламын қарағанда.
Жан апам
Қарасы –көңіл –көзімнің,
Дарасы мөлдір сезімнің,
Санасы ессіз кезімнің,
Қаласы темір-төзімнің,
Жан апам –анам өзімнің.
Тентектік етсем «тәттім!» деп,
Бұлақтай күліп жаттың тек,
Көңіліңде болмай ащы леп,
Жолыма арнап ақ тілек,
Мен үшін ойға баттың тек.
Нәзік бір нұрдан жараған,
Аумайсың сәби баладан,
Барлығын бауыр санаған.
Бөліндің неге арадан...
Сағындым, апа-ау, жан анам.
Көзімде қалды көзің тек,
Еркелік аңсар кезім көп,
Аруана көрсем ақ маңдай,
Аяғын басқан ақсаңдай,
Өзің деп қалам, өзің деп,
Көмейде қалар сөзім тек.
Ана рухына тағзым
Қорғансыз сенің ботаңмын,
Аруана көңіл, нар анам.
Рухыңнан ғана от алдым,
бейнең де үнсіз қараған.
Анашым, ауыр тағдырым,
Ұқпады жалғыз жарым да.
Ұстыным болып тап бүгін,
Балапан-ұлым жанымда.
Өлмесе шыннан рух деген,
Берші апа, берші тағы күш.
Жарақат жаным бүктелген,
Меңдеді сендік сағыныш.
Қасыңда жүр ме Серігің,
Қызметшің болып күндіз-түн?
Тіршіліктен жерідім,
Ұлымнан басқа дымсызбын.
Жан ағам қайда жасындай,
Жанындай сүйген бауырын?
Ол болса ешкім басынбай...
...Иықтан басты-ау ауырым!
Жұлдызың қайсы ед мен туған?
«Арыстан» еттің несіне?
Шапшып тұр қазір тіл-сумаң,
Қиямет-қайым несібе.
Жоқ шығар қорлық тап мұндай,
Алар дейд құдай тәуірін?
«Қыдырып» барсам, жатсынбай
«Кел» дей ме итсіз «ауылың»?
Қыз – жүрек жырлайды /цикл/
Сыйынғаным
Сыйынғаным,
Дәл бүгін еш көрмеген қиын халім.
Кезігіп мендік Бақыт сыбаға боп,
Қинайды надандыққа бұйырғаның.
Ауырғаным...
Көзімнен нұр сорғалап сауылғаным.
Өрт түсті өзегіме, өтім жанды,
Сыз төсін қара жердің бауырладым.
Үлкендеумін...
Қайын ел содан тапты бір кемдеуін.
Сен маған ғашық болып үйленер ме ең,
Болмаса қасиеті бұл кеудемнің.
Жылағаным...
Тағдырын ойын еткен бір адамның,
Тәңірден байлық та емес, басқа да емес,
Басыңның бостандығын сұранамын.
Жарым менің...
Мұратым, махаббатым, арым, демім,
Күйбеңдеп жәндік тірлік кеше алмаспын,
Қымбатым, қасиетім, жаным менің.
Өмір солғын...
Біз тұрмыз айрығында жарым жолдың.
Өзіме тарта да алмай, кете де алмай...
Не деген қалың сорым, қалың сорым.
Сыр айтам суретіңе
Сыр айтам суретіңе кәдімгідей,
Жас ағып жанарымнан, жаным жүдей.
Дауыстап бірте-бірте егілемін,
Теңіз-ау бүкіл денем тегі менің.
Суреттің сүйе берем әр нүктесін,
Келгендей тәңірімнен жарлық кесім.
Білмеймін уақыт тілі тоқтаған ба,
Бес қадам арақашық аттағанда?
Жеткенде іздеп-іздеп есігіме,
Бөлмемді жаңғыртамын есіміңе.
Қараймын үмітпенен қуыстарды,
Қысады сені таппай уыс жарды.
Дауыстап бір айтпаппын сүю жайлы,
Ал қазір сол айтпаған сезім – қайғы.
Ас піспей, үй де жатты сыпырылмай,
Тоздырдың осыншама, шүкірім-ай.
Сағындым, бұзар ем-ау қамалыңды,
Көруге жалғыз-ақ рет жамалыңды.
Ынтық боп осыншама туар ма адам?
Сен емес, мен шығармын дуаланған?!
Сағындым сені
Сағындым, жаным, мен сені,
Сағындым, бітті тағатым.
Теңіздей төзім теңселді,
Сабырсыз соғып сағатым.
Жұмбақ бір сырмен қараған,
Көзіңді ойлы сағындым.
Тәніме токтай тараған,
Үніңді іздеп сарылдым.
Алғашқы жауған ақ қарды,
Баладым махаббатыңа.
Сағынған сені шақтарда,
Шағындым жазған хатыңа.
Сағындым, жаным, мен сені,
Сағындым! Бітті тағатым.
Теңіздей төзім теңселді,
Жүрмейді-ау тілі сағаттың.
Жылытқан нұр
Жылытқан жанды нұрым-ау,
Жазылмай кеткен жырым-ау.
Адасып қайда жүр едің,
Кезікпей сәл-сәл бұрындау?
Жарты жер шарын шарладым,
Өмірдің жаздым тармағын.
Қиылыс жолда кездесіп,
Бір жанып сөнген арманым.
Тырнадың орнын жараның,
Таусылып неге қарадың?
...Қиылыс жолдан алыстап,
Қимастан кетіп барасың.
Киелім болып кезіктің,
Күйімді неге тез ұқтың?
Күлдерін үріп ұшырдың,
Бойымда жүрген сезіктің.
Бір ысып, бірде суындым,
Сеніміңе жуындым.
Пейіліңнен нәр алды,
Бойыма біткен туындым.
Сөзіңе құлақ түріппін,
Ойыммен ойың кірікті.
Осылай маған салыпсың,
Асауға салар құрықты.
Амалым құрып, байландым,
Айдарыңа айналдым.
Егізін тапқан сезімнен,
Еріп те кетті-ау қайран мұң.
Әлсіздік
Не дейін саған, жанымсың десең,
жаныңмын,
Не дейін тағы?
Шоқтығы сенсің бар ұлдың.
Періштем дейсің, ақтар ем сенімдеріңді,
Болсам-шы жаны анаң мен туыстарыңның.
Әлсіздігімді мойындап тұрмын туғалы,
Секілді сенсіз тіршіліктің су қаны.
Жылайын мен-ақ, көтеріп жүрші басыңды,
Садағасы боп кетейін жалғыз жаныңның.
Өзіңді ұғындырдың...
Өзіңді ұғындырдың. Ұғындырдым,
Жанымды жанарыңда жуындырдың.
Уанды уыз сезім сәбиің боп,
Бір сәтте сүйіндіріп, суындырдың.
Тарылған тағдыр теңдік бермегесін,
Жастықтың «сайтанына» ермегенмін.
Япыр-ау, тілегіне өзге жанның,
Тұтқын боп бұрын-соңды көрмегенмін.
Керіліп амандасты ай қабағың,
Алыспыз, ауа арқылы аймаладың.
Төрт жанар телміреді көзайым боп,
Күліп те жылап тұрдың – байқағаным.
Сағынып, ынтығамыз, баралмаймыз,
Қайтусыз «Барса-келмес» аралдаймыз.
Түйсініп ұғынысқан жан-жүрекпен,
Біз неге бір адам боп жаралмаймыз.
Біріміз бірімізсіз тұра алмаймыз,
Біз неге шаңырақ боп құралмаймыз?
Адамдар жазған заңда қисын келмей,
Бірақ та махаббатта құрандаймыз.
Әлемге Күн ие ме, Түн ие ме?
Әлемге Күн ие ме, Түн ие ме?
Сен менің Күнім болдың дүниеде.
Қап-қара өміріме атқан таңым,
Өзіңсіз думан-сандық ақтармадым.
Өзіңмен бірге шешек атты арманым,
Таң келсе, қайсар басын түн ие ме?
...Бірақ, сен кеш келіп ең дүниеге.
Қайда...
Қайда едің күнім батып, адасқанда?
Қайтейін?! Кеш туылдың ақ аспанда,
Жаралып мен-бұрындау, сен-сәл кейін,
Келіппіз дүниеге.
Мен не етейін.
Көріндің неге аспанда?!
Күйінем де!
Жартылай нұрыңа мен сүйінем бе?!
Сен неге кеш келіп ең дүниеге,
Баянсыз күнім, менің дүниемде?!
Жеңеше
Ешкім саған келе алмайды теңесе,
Егіз сезім, сырласушы ек кеңесе.
Қысқа екенін бірге жүрер дәуірдің,
Білдің бе әлде?..
Қимап па едің, жеңеше?
Не сезім жүр кеуд еңде сол кездерден?
Қорғайсың ба, әлі жақпас сөздерден?
Мен басқаға жеңге болып жүрсем де,
«Бауырым» деп сені атауға сөз бергем.
Көзіңдегі мейір сепкен жалтылды,
Сағындым мен үнің, түрің, қалпыңды!
Қауышқанда маңдайымнан иіскеп,
Қоштасқанда көзден сүйер салтыңды.
Жан бауырдан кем көрмеген жеңешем,
Жарасады-ау жан анама теңесем.
Бір тамшыдан бөлінгендей тілекпен,
Бір отанда жүре алмайсың неге сен?!
Адасқанда жол көрсетер арайлым,
Маңдайымның мерейіне қарайтын.
Үкілеген бақ-киеге теңгеріп,
Үкі-шашты баппен ғана тарайтын.
Елік мінез, егіз сезім жеңешем,
Толған Айдың жарығысың, теңесем.
Қыз дәуірді Қыдырыңдай күттің бе,
Бауырыңа бастың сонша неге сен?
Үміт оты
Үміт болып алдымнан от жануда,
Қағыл қанат,
хақың жоқ тоқталуға!
Бар дегенім – білгенім, бере алғаным,
Ұмтыл, менің жүрегім, жоқты алуға.
Жыртып-жыртып жолымды сор маңдай
мұң,
Жолым менің мұратқа жалғанбайтын.
Костюм киген маймылдар ортасында,
Періште қыз тұтқында қалғандай-тын.
Қағыл қанат, үміттің сәулесіне,
Пенделіктің шырмалма әуресіне.
Сілкіп тастап тозаңды, таң боп атшы,
Қараңғылық келсін бір тәубесіне.
ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ 60 ЖЫЛ
Сұм соғыс, тажал соғыс, зәрлі соғыс,
Ананың жоқтауындай зарлы соғыс.
Жап-жасыл тіршілікті қалтыратып,
Үскірік демін шашқан қарлы соғыс.
Соғысу туады екен менмендіктен,
Патшаға бір қара ой келгендіктен.
Жеті қат жер астынан жебірейіл,
Жемтігін жер бетінен көргендіктен.
Сұм соғыс қанқұмардың ермегі ме?!
Соғыстың адамзатқа бермегі не?
Ананың құрсағында өнген тажал,
Өсті екен қалай сәби жөргегінде?
Соғыста 20 миллион өмір өлді!
Әкесіз қанша жетім көңіл өлді?
Адамдар, айтсаңдаршы, жарты жүрек,
Қанша ана әскер күтіп тебіренді!?
Аруана «ақ ботам» деп өтті өмірден,
Ақсақал ұлын сұрап көк тәңірден,
Сол жылы жесір қалған жас келіншек,
Жан-жарын іздей алған жоқ қабірден.
Маңдайға жазса көрді тәңір нені,
Жауынгер аруланып көмілмеді.
«Отан» деп бір жүргендер бір жерленді,
Ұлтына, дініне де бөлінбеді.
Соғыстан қайтпағандар, қайтпағандар,
Арманын еркін ашып айтпағандар.
Сендерге мәңгі тағзым, періштелер!
«Періште емес ол » деп айтпа, адамдар!
Сендердің сыйлықтарың – осы тірлік,
Сендерді айту парыз мәңгі жыр ғып!
Өмірі шейіт болған арман-жастық,
Көңілі көк тіреген қыран бүркіт.
Туған ел еркіндігін аңсағандар,
Сендерден өсіп-өндік қанша адамдар!
Белгісіз қабірдегі бауырларым,
Тыныштық сенің арқаң, таң самалдар.
Сендерге мәңгі құрмет, ардагерім,
Жанынан артық сүйген елін, жерін.
Батырсың атақпен де, атақсыз да,
Той төрі өзіңдікі, төрлет серім!
От кешіп, ауыздықпен су ішкендер,
Оқ тесіп, өмір мәнін біліскендер!
Бір мақсат, бір намысты ту көтерген,
Бірлікті үлгі еткен үрдіс – сендер.
Аман боп алдымда жүр, ағаларым,
Жасаған өмір-өзен сағаларын.
Біз сенің ұрпағыңбыз Жеңіс ата,
Алауды жалғасың боп жаға алармын.
Бәріміз бір Жеңістің баласымыз,
Әр тілді, сары, қоңыр, қарасымыз.
Көктемдей өмір берген, көңіл берген,
Мың жаса, Мамыр атты анашымыз!
Көтерген алтын күнді қанатым бар
Тойыңда 60 жылдық тебірендім,
Ағысқа қарсы жүзген бекіреңмін.
Егемен елдігім бар, бір мүшелде,
Еркіндік нұрын көрді көкірегім.
Көтерген алтын күнді қанатым бар,
Сәуленің нұрын алсын жанатындар.
Мен бүгін тұлпар мінген жас қазақпын,
Пейлімді күллі әлемге таратыңдар!
Бабамның шаңырағы көк тіреді,
Көтерді аманатын көп білегі.
Жасасын қазақ елі жүз ұлты бар,
«Ұлылық - ынтымақта» деп біледі.
Киелі Сайрам елім, сансыз бапты,
Әперген Иассауиге алтын тақты.
Мәртебең, туған елім, арта берсін,
Бұйыртсын дәйім думан, мерей, бақты.
Тыныштық керек әр таңға
Арайлы мынау ғаламда,
Жер ортақ барлық адамға.
Тіршілік керек, тіршілік
оған да, саған, маған да.
Қуармасын бір шілік.
Бір үйге түсіп бір келін,
Ақындар іздеп жыр кенін,
Думанды, шалқар көңілмен
Жарқылдай күліп
жүргенің –
Бейбіт күннен өрілген.
Өрт түссе орман жылайды,
Сұм соғыс кімге ұнайды?!
Бейбіт күн, сенің арқаңда,
Сүйеміз гүлді, Күн, Айды.
Тыныштық керек әр таңға.
Ядролық бомба жарылып,
Жер-ана отқа қарылып,
Адамзат азапталмасын,
Өлмесін өмір, бар үміт.
Көгершін қанат самғасын!
*** Маңғыстауда пір Бекет, Түркістанда Қожа Ахмет, Қазығұрт, Сайрам, Отырар, Еліме тағзым! Қабыл ет!
Төлеби бабаның 350 жылдығына \
24.10.2013 ж.\
Төлеби бабам теңдігін елдің ойлаған,
Тамырдан тартып, теңізге терең бойлаған,
Маржан- ой теріп, тұмарлап таққан халқына,
Ынтымақ, ырыс, жері мен тілін байлаған.
Үш жарым ғасыр тойыңда тұрмын желпініп,
Басымды иіп, тағзым етем! Айналам!
Бөле алмас бізді уақыт пен қашық аралық,
Күн нұры ыснды бойыңда бар- ау даралық!
Рухыңды еміп, дәм- тұзға теліп өскен ем,
Болашақ туын қадауға бірге баралық!
Бар қазақ саған перзентпін десе, несі імн!?
Бір анадан –Ұмайдан туған бар алып!
Ел болам десе, түзеттің елдің бесігін,
Қалың ел тыңдап, тоқтатты ханды шешімің,
Төлеби бабам «Қарлығаш әулие» атанған,
Шамшырағы керуенді дала көшінің.
Халықпен бірге өседі кие- қазынаң,
Қазақтар барда өшпейді сенің есімің!
П і р Б е к е т а т а
Әлсізге медет, күштіге айбар, зарыққанға
Жебеу, тарыққанға демеу, асқанға тосқан,
Сасқанға сая, ұрпаққа ұстаз, ұлысқа ұран, ел
Иесі, жер киесі –п ір
Б Е К Е Т ата
Рухыңа Бекет баба, сәлем бердім,
Ұрпағы ем Ғұмар Жазық кемеңгердің,
Яссауи туған жердің перзентімін,
Оңтүстік, сансыз бапты Сайрам елдің.
Батыста - Қараобада Ғұмар бабам,
Бабамның жүрген жолы үлгі маған!
Нағашым - бесігімді жырмен өрген,
Өлеңде өрнегімді содан табам.
Мен деген екеуіңе жиен едім,
Сіздерге қарап, ойды жүйеледім,
Не деген кәусар еді сезімдерің!?
Әулие деп санау –сол деп түйер едім.
Мекендеп құз –жартастың тас үңгірін,
Үңгірден тарады ма демің шырын?
Ғаріпті айықтырып қасіреттен,
Мұқтажға ұстаттың ба сезім гүлін?
Күтіп ап, ұзатып сап еліктерің,
Құз жарған ем суыңа сеніп келдім,
Бір құшақ аппақ гүлді бергеніңде,
Таң болып, көз жасыма ерік бердім!
Қос бабам –қос әулие саналғаным,
Рухани қазына жию –бар арманым.
Инемен құдық қазған жыр- ғаламда,
Жазса екен жақұт –әріп қаламдарым.
Жан бабам –Жазық Ғұмарым
Мың жылдық әулие шынарым,
Бойыма таққан тұмарым,
Өзегінен өрбіткен,
Жан бабам –Жазық Ғұмарым!
Ұқсаса жырым қанеки!
Ағзасы ұқсас сыңарым.
Қазаққа қанат берсем деп,
Санатты көшке ерсең деп,
Ұлттық мектеп салдырып,
Ұлысты ұрпақ көрсем деп,
Өмірін берген жан бабам,
Өз елін шаммен көрсем деп.
Қырықта қыршын қиылған,
Шейіт өлім бұйырған,
Он жеті рет Меккеге,
Зиянат еткен қиырдан!
Білікті білімділігін,
Әулие деп халқы сиынған.
Жан бабам -Жазық Ғұмарым,
Өзіме пір боп тұрарым,
Оттық болып тұтатып,
Өнермен берген шырағын.
Мен түсінбес тылсыммен,
Қаныма берер құнарын.
Жан бабам, жан да қонақ-ау,
Тіршілік шіркін –тола дау,
Дау-даудың ара –арасында,
Қысылып, сезім солады-ау?!
Кеңдігін берші күндердің,
Тілектің түбі сол- ақ ау.
Ұлы Жеңіс
1945, 9-май күні,
Отан-ана ұл тапты,
Жеңіс атты байлығы!
Құлы болмай езгінің,
Күні туар мезгілін,
20 миллион қыршын жас
арман еткен айбыны.
Құлатып туын немістің,
Қызыл нұр жапты жер үстін.
Құрметін көрген халықтың,
Білеміз бе Жеңіс кім?
Жоқтауы – ұлын ананың,
Үмітпен күтіп хабарын,
Әкесін, бауырын, сүйгенін,
Қауыштырған дара күн.
Бұл жеңіс – Шаттық тұлғалы,
Өмірдің жеңіс бір мәні.
Ардақты Жеңіс бабаның,
Тараған біздер ұрпағы!
Мұстафа Өзтүрікке
(мектеп аты берілгенде)
Ар-ожданын ту етіп, таза сақтар,
Өр намыстан өрілген азамат бар.
Ел жүрегін жаулайды нағыз адам,
Мыңнан тұлпар туылған қазанаттар.
Әруақты ердің қастерлеп қасиетін,
Қалың ел боп қолдады өсиетін,
Қара белдік тағынған Мұстафаның,
Рухына тәуетіп, бас иемін!
Жазық жайлау пейілің, жаның жасын,
Жауға бермес қаны бір қарындасын.
Түркі елінде туылған жан бауырым,
Күллі Тұран елінің жадындасың.
Мүсінің тау, саусағың шойын-батпан,
Жарысқанда озасың дәйім топтан,
Өз бауырым, Мұстафа Өзтүрігім,
Қазақ-түрік бірлігін мойындатқан.
Бір тойлап анаң отыр арамызда,
Әз-анаң куәгер-ау бар аңызға!
Өзіңдей болсақ деген арманы бар,
Жәудіреп қарағыштап бала, қызға.
Ана-жан, құтты болсын салтанатың!
Әуелеп, қаға берсін ән қанатын.
Ұқсаған Мұстафаға жастар өссін,
Өзтүрік мектебінде таң қалатын.
24.11.2000 ж.
Құттықтау
(Қуаныш аға «Құрмет» орденін алғанда)
Қымбатты аға, жұлдызды жүрегі бар,
Қызыл жебе пырақтай күреңі бар.
Құрметті боп туылған ай маңдаймен,
Үйлескенін орденнің білерім бар.
Қазақ таңын күмбездеп атыратын,
Қуанады туған жер – Отырарың.
Күллі қазақ секілді Көмешбұлақ,
Шапалақтар алақан – жапырағын.
Құтты болсын тағынған орденіңіз,
Арыстан бап сүйген соң зерделісіз.
Иығыңнан жұлдыздар нұрын шашып,
Сәлем берсін кіргенде төрдегіңіз.
Үш жүз алпыс бес күнде ауырмаңыз,
Әр жыл сайын бақ қонып, ауырлаңыз,
Қуатыңыз рухани ортаймасын,
Күннен күнге молайып, дауылдаңыз.
Қазақ деген халықтың айдарысың,
Күншілдерің бермесін тойтарысын.
Аламанның бәйгесін ала берші,
Ере берсін соңыңнан тай жарысың.
Жан дүниең масайса масайсын да,
Мереймен бір, ағатай, жасайсың да!
Түнек түннің шырағы бір Ай болса,
Табиғатта – мен үшін қос Айсыңдар.
Ұлылардың мекенін жайладың да,
Ұлылыққа өзің де айналдың ба!?
Ұлы Абайды оятқан Мұхтар сынды,
Сіз тұрыңыз Отырар айғағында.
Жан ағама
Ағам десем, өгейсіз,
Ағамдай болып жебейсіз.
Аты жоқ ең-ең жақыным,
Жан аға десем, не дейсіз?
Сөз саудалы заманда,
Кезіктім бір жаманға.
Сөз қадірін білмеген,
Адам кейіп Адам ба!?
Қырық жолдың тоғысы –
Бақ пен тақтың соғысы.
Билігі бар көп жігіт –
Қапшық дене қоқысы.
Ісің түссе, нан сұрар,
Сәл иліксең жан сұрар.
Ұнамасаң жаныңды,
Жаһаннамға тапсырар.
Сосын күйе жағады,
Іздеп «қылмыс» табады.
Керек болса, соңыңа
Салар «қызыл жағаны».
Бір секілді тілегі,
Күліп тұрып тіледі.
Ісің түскен сол жанда,
Жыланның бар «жүрегі».
Жылан жандар-ордалы,
Бірінің бірі қорғаны.
Бір әділдік айтқызбай,
Шын сезімді сорғаны!
Аттап ұят-аяттан,
Бірі шалды аяқтан.
Бүкіл жылан тіктелді,
Оқ жасап сөз-таяқтан.
Ұшты бастан шаштары,
Жыртты өзіндік масканы.
Тіл астынан тіл шықты,
Ашылды сөз астары.
Өтірік сән, ән қалды,
Шықты дене жаңқалы.
Аққу болып жүргеннен,
Көрдім нағыз қарғаны.
Бақ пен тақтың құлдары –
Сыған көрдім сырғалы.
Бүкіл долы жабылып,
Санатымды ұрлады.
Бәрі күлді бетіме,
Жеттік жардың шетіне.
Сүйегіме сөз атып,
Тиіспеді етіме.
Мысым шындап құрыды,
Таппай нағыз «ұрыны».
Санатсыз құр кеудемнің,
Кебе берді шырыны.
Өңшең сайтан кейіптер,
Адамсымақ кейіпкер.
Жан-жағымнан кеу-кеулеп,
Ми қайнатты жөйіттер.
Жаны ашыған секілді,
Сиыр бастар кекірді.
Жиылып сайтан қораға,
Шығарды маған «өкімді».
«Сөн-н!...» деді, сосын «Өл-л!» деді,
Бір ешкібас төрдегі.
Дөңгелекте селкілдеп,
Маймыл келін терледі.
Көрдім сондай тобырды –
Теке басты «шопырды».
«Кенгуру» мен «бегимот»,
Машинада отырды.
Қызыл бетті «маймылы»,
Әнін салды қайғылы:
«Қарттар қашан құрыр-р-р?!» деп,
Бесігін жардан тайдырды.
Өң бе, түс пе білмедім,
Көрдім «шошқа» үргенін.
Үйден үйге адақтап,
Арыз жинап жүргенін.
Қаным қатты, қарайдым,
Ұйықтамадым талай түн.
...Қалған өмір белгісін,
Сарыара- сөз талайтын.
Болды заман ақыры,
Ердің ауды ақылы.
Мейірім темір, тас болды,
Таяқталды ақыны.
...Арашалап сен келдің,
Есін бердің кемдердің.
Намысымды қайтарып,
Рух бердің, ем бердің.
Неге мені сыйладың –
Жаманатқа қимадың?
Бірге өсіп, туғам жоқ,
Батты неге күй, халім?
Мен қалайша жәй қалам,
Тереңімнен шайқалам.
Осы кезгі өмірді,
Сен бердің деп айта алам.
Өмір деген – күресін,
Адам деген – ұлы есім.
Уақыттың әрбір сәтінде,
Адам болып жүресің.
Сертінен қайтар жоқ ақын,
Соққанша соңғы сағатым.
Мен болам сізге жан туыс,
Өшсе егер отың жағатын.
Ағам десем өгейсіз,
Ағамдай болып жебейсіз.
Жаныма ең-ең жақыным,
Жан аға десем, не дейсіз?
Тізгінді шын тұлпарға берейік те
Бетінде нұры тұрар тектілердің,
Тілінде уы тұрар кектілердің.
Ит үріп, керуен көшер әлқиссадан,
Мен сені нағыз адам деп білемін.
Асылып өлген екен қасыңдағың,
Не үшін саған салар ардың дағын?
Ол кісі туып алған ұлың емес,
Әр адам қорғасын өз басын – тағын.
Қалайша біреу үшін кінәлісің?
Сен, аға, бар қазақтың шынарысың.
«Қазақтың жауы - қазақ» деген дана,
Көздейді-ау ақылсыздар шың арысын!
Белгілі –ет бұзылса, тұз түзейді,
Қисайса түйе –көшек, біз түзейді,
Қоңырат, дулат болған аламанның,
Айтысын ақын атты қыз түзейді.
Қазаққа барқыт бесік-дала керек,
Рухани байлығы мол дана керек.
Идіріп, туған жердің нәрін берер,
Өзіңдей ақ тобалы бала керек.
Сиырдың бүйрегіндей бөлінбейік,
Сырт көзге жабайы ел көрінбейік.
«Айт» десе үре берер ит емеспіз,
Бір қазақ –үш өрімің Сенің дейік!
Газетке имандылық толу керек,
Айтылған ойдың дәні болу керек.
Айтаханов Қуаныш мен білетін,
Елдің Айы!
Ай бетін қору керек.
Күн барда көлеңке-дос құтқармайды,
Бұлт шалса, ебелектен түк қалмайды.
Күн нұрын түнде берер ай секілді
Адамның нар жолында жүк қалмайды.
Көрейік руханиятты озық төрден,
Батырдың ең батыры – өзін жеңген.
Асылдың асып туған дұшпаны көп,
Жаманға – шөп, жақсыға өсек ерген.
Бойдағы қызғанышты жеңейік те,
Жүректе оты барға сенейік те.
Адами келешекті кері тартпай,
Тізгінді шын тұлпарға берейік те!
Халықтан шыққан шын дарын
Қойнауынан ғасырдың,
Сынығын көрдім асылдың.
Сөзі мен ісі үйлескен,
Санатыңа бас ұрдым.
Дүние-керуен көшеді,
Құм-таудың ізі өшеді.
Негізі текті тұлғаның,
Аты өлмейді деседі.
Ер соңында сын қалар,
Теңізден тұнық жылға бар.
Әуелбекұлы Еркіндей,
Құрметпен атың тыңдалар.
Адамдық немен егіз-ді?!
Білім деп білдің негізгі.
Рухани байлық молайту –
Мұратың болды ең ізгі.
Ұқтырған тірлік жалғанын,
Іздеген өлмес арманын.
Қорқыт бабам рухын,
Ұқпайтындардан қорқамын.
Анасын аттап өтер кім!
Шет әркез аты шетелдің.
Мемлекеттік тіліңнің,
Мәртебесін көтердің.
Халықтан шыққан шын дарын,
Халықтың мұңын тыңдадың.
Әр жүректе жасай бер,
Көбейіп, өніп мың да мың.
Биіктей берсін санатың,
Жыр арнап жүрсін бар ақын.
Күн барда шалмай көлеңкең,
Қақ жарылсын қара қыл.
Ақындық алғыс
Сайрамның сансыз баптары,
Беймәлім, мәлім аттары.
Рухтары бүгін оянып,
Тілдесіп елмен жатқаны.
Соққылап мәңгүрт сабырды,
Жез таңдайлар қағылды.
Толқыған теңіз түбінен,
Інжу де маржан табылды.
Сөйлемей әркез бай ұлы,
Өшпегей кедей шайыхы.
Рухани байлық болмаса,
Қазақтың тоқтар қайығы!
Жан-жағың болса өңшең ез,
Қайнатып қазан төңкермес.
Жанқияр пейіл арналмай,
Жасыған өмір жөнделмес.
Көшті бір нөпір дүркіреп,
Кеуіп тұр көңілім жыр тілеп.
Жаныма маза бермейді,
Боямасыз бір тілек.
Өмірдің түзеп ағысын,
Оңынан жеңсін тағы сын.
Көп достар «тауық» боп кетер,
Азғынның шоқып тарысын.
Қояр ең бәрін орнына,
Бұзар ең темір торды да.
Деніңе саулық тілейін,
Бастай бер көшті, қолды да!
Киесі сынды Абайдың,
Атыңды мың-мың атаймын.
Аққуға ғана лайықты,
Секілдісің ақ айдын.
Шын сөйлер жүрек тіл қатсын:
Жаныма туыс, қымбатсың,
Қазақтың барлық анасы,
Өзіңдей кие ұл тапсын.
Жұлдыздай жанған алмасым,
Жамандық жақын бармасын.
Халқың қанат, құйрық боп,
Баптардың бабы қолдасын!
Ұстазға алғыс
Леп белгі болды сұрағым,
Лаулап бір жанды шырағым.
Ұстаздар сенің арқаңда,
Ту ұстады ұланың.
Сынақтан өттім сүрінбей,
Шынықтым құрам бүлінбей.
Мұз қарып, ыстық – ерітіп,
Қақтарым ұшты білінбей.
Өсірген мені ата-анам,
Өркендер адам батадан,
Мәлік пен Ғұмар Қараштың,
Рухтарынан от алам.
Ізіңмен жүрген адам адаспайды
Құнарсыз құмдақ жерде гүл өспеген,
Жігерсіз жалғандықпен күреспеген.
Алдыңа сынай барып, риза болдым,
Атыңа атаң қойған Ілес деген.
Ізіңмен жүрген адам адаспайды,
Әділет ысырмай ма оғаш жайды.
Жатталып жүректерде жүрмегеннің –
Он таққа отырса да бағы аспайды.
Жылайды қара халық күші барға,
Күн жүрек, найза қаламұшы барға.
Рухани байлығы жоқ бисымақтың,
Басқаның мұң-зарымен ісі бар ма?
Ризамын Әйментегі Жамбылыңа,
Кісінің түсінетін жан сырына.
Мамаев, Нұрбаев пен Құрбандарың,
Ләйім да шома берсін таң нұрына.
Әруағын Махамбеттің жоқтамадым,
Шоқ баспай, мақпал басты ақтабаным.
Мен де осы шаңырақтың физматынан,
Шыққаныма дәл бүгін мақтанамын.
Қуанттық, Сіз, біз болып бір мұңлыны,
Ашылды бір отанның түн түңлігі.
Басыңда күнің барда көлеңкең дос,
Көрінер сын сағатта кім кімдігі.
Жамбылдың 150 жылдығына
Ерекше атты таң бүгін,
Еске алып елі Жамбылын.
Ақындар арнап жыр-шышу,
Ақтарды жырдың сандығын.
Ғасырдың бір кем құрдасы,
Қазақтың өлмес тұлғасы.
Көмейінде құсы бар,
Жыр бұлбұлы, жыр басы.
Қазақтың қара өлеңін,
Қасиет тұтып келемін.
Жамбылдың желпіп екпіні,
Абайдың ұстап елегін.
Тау болу қайда! Төбемін,
Сұрасаң көп-ау себебін.
Пенделіктен қашқақтап,
Періште болсам деп едім.
Айтқанға біз де ақынбыз,
Аспанбыз, Айға жақынбыз.
Бедерсіз табан, жылтыр сөз,
Беделді жығар тақыр мұз.
Биікті табан күндейді,
Бу кеуде өзін шың дейді.
Ақындар жүрсе шашылып,
Халықтың қамын кім жейді?
Жарасқан өлең тектіге,
Жаңылса түзеп, бекті де.
Дәуірді сізбен сүрген жоқ,
Өзіңмен өрлік кетті ме?
Ханға бермес қараны,
Нақақ жапқан жаланы,
Ақын қорғай алмаса,
Кім от болып жанады?
Дара шапқан жүйрік пе ең?
\Дарымас дарын бұйрықпен.\
Өміршеңдік өлшенбес,
Шен-шапанмен, сыйлықпен.
Түскенсің дейді жасыннан,
Жаныпсың лаулап жасыңнан.
Жоқшысы көптің болған соң,
Сондықтан халқың бас ұрған.
Сезімталдардан жыр тумақ,
Жетпей жүр бізге ынтымақ.
Жүз-жүздеп өстік, қазақы
Кигізші бүгін бір тұмақ.
Халықта мекен-тұрағың,
Өлмейді сендей шын ақын.
Күн болып тұрсаң аспанда,
Болайын жерде шырағың.
Тиегін шешіп жейдемнің,
Ақындарша сөйледім.
Бір жарым ғасыр тойыңнан,
Бұйырсын тозған көйлегің.
Тастамай кері шегеріп,
Беріп кет, ата, теберік.
Қызғалдақ-ғұмыр қыз едім,
Өсейік көп боп көгеріп.
Тілім менің
Дүрсілін жүрегімнің жеткізгенім,
Санамның нұр тілегін өткізгенім,
Мен де көк балғынымын табиғаттың,
Гүл тілмен толқын жырды төккізгенім.
Тілімнен жыр тамызып емделгенмін,
Тіл жоқта жүрек дертін емдер ме едің!?
Патшасы сезімдердің өлең болса,
Тіліме бар байлықты теңгермедім!
Тілім –ау, келмегенсің айдаладан,
Кіндігім кесілгенде байлап алғам!
Толқыған жібегіңмен жұмақ жасап,
Қаласам, қылыш жүзін қайтара алам!
Тіл жоқта кіммен қалай достасар ем?
Тәп- тәтті сөзсіз қалай қоштасар ем?
Ән салып мына барыс кең даламда,
Достар –ау, тілсіз қалай бас қосар ем?
Өз тілім, өрілгенсің өзегіммен,
Өз тілім –ата мұрам, сеземін мен.
Өз тілін ұмытқанның бәрі сатқын,
Сатқындық жаза көрсін сөз елінен!
Ұстаздарға
Ұстаз, ұстаз! Жол жасап әріптерден,
Жұлдыз жарық әр үйге алып келген,
Дәл өзіңдей мәртебе ешкімде жоқ,
Ұстаз –ана атың бар халық берген.
Жаралғансың, ұстаздар, ұлағаттан,
Ұлағат боп бойыңнан бұлақ аққан,
Періште- нұр сезімнен өмір өріп,
Білім, тәлім балаға сыналатқан.
Бұлақтар біріккенде өзен болар,
Теңізге айналатын кезең болар.
Ақыл –ой толқындатқан лағылдарға,
Ұстаздар, шын тілесең көзең толар.
Халықтың рухын көкке көтерер – біз,
Үйреніп, үйретумен өтелерміз.
Өз тілін сөйлей алмау – санасыздық,
Онда біз қазақ емес, бөтен елміз!
Сондықтан, туған тілім – жанымдай ма?
Тіл өлсе жүрек жұлып алынбай ма?
Несіне ұстазбын деп айта аламыз,
Сегіз қырлы бір сырға наным қайда?
Қойшының сөзі – қойы, жыр - жыраумен,
Оянар бала сезім бір сұраумен.
Қос шегі домбыраның – ұстаз, бала,
Үйлеспей жүрмейікші бір бұрау кем.
Қос шектен Сарыарқадай күй ағылсын,
Алдыңда кие кітап, сия тұрсын.
Алдымен өз тіліңде тарихты жаз,
Дархан ел дастарханын жия тұрсын.
Өр намыс боз інгендей боздадың ба?
Ұйқылы-ояу ойды қозғадың ба!
Қолыңда кілті тұр Уақыттың,
Дәл күзден кіріскейсің жаз қамына.
Шәкіртсіз ұстаз да тұл, ұста да тұл,
Көктемнің ұлағаты қыста жатыр.
Сеніммен болашаққа тік қарасаң,
Ұстаздар, руліңді ұста батыл!
Ауылым
Жаралған жүрек, бауырым,
Жанымды берген ауылым.
Ақ кимешек анамдай,
Перзентіңмін тауыңның,
Өзіңсің шаттық – сауығым.
Рухымды жуған жауының,
Еркелеп күлсе бұлағым,
Ерке еткен халқым –қауымым.
Бөлшекпін саған туған жер,
Перзентпін, саған ауылым.
Бұл өмір неткен күресін,
Жылайсың, қайта күлесің.
Көмешке келіп иіліп,
Жау Жоңғар бүккен тізесін.
Үш жүзді қосқан Мәртөбем.
Дау-дамай шешкен нар төбем.
Құрылтай жиған қазақтың,
Тұсауын кескен ар төбем.
Бөлшекпін саған, Сайрам -ел,
Перзентпін саған, ауылым.
Ұрпақтың қамын ойлаған,
Қазына қарттар – бай ғалам.
Бозторғай үннен оянар,
Ұйқыда жатқан сай-салам.
Айналдым Сайрам-туыңнан,
Иассауи бабам туылған,
75 жаста ауданым,
Әулие демге жуынған.
Бөлшекпін саған, Сайрамым,
Перзентпін саған, ауылым.
Бал бұлақты Көмешім,
Бұлақтан інжу себесің.
Жер жәннәті жүз болса,
Ішінде биік төбесің.
Қырық бір лағыл көлі бар,
Қасымбек датқа ері бар,
Тіленші би мен Сейітжаппар,
Шам ұстаған сері бар.
Перзентпін саған, Көмешім,
Рухтарың бізді жебесін.
Қазақи мінез ауылым,
Ауылдың бәрі бауырым.
Жердегі жұмақ секілді,
Түр сипаты бауыңның.
Сылқылдап судың күлкісі,
Жайлауда жусар жылқысы.
Жусан иісті ақ түтін –
Ауылдың аппақ үкісі.
Бөлшекпін саған, туған жер,
Перзентпін саған, Сайрам -ел,
Перзентпін саған, ауылым.
ІSBN 9965-9043-5-9
Офсеттік басылым. 4
2 баспа табақ.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру