Шоқ жұлдыз
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: ISBN: Беттер саны: 286 Жанр:
Өтеген НҰРМАҒАМБЕТОВ ШОҚ ЖҰЛДЫЗ ӨЛЕҢДЕР Алматы УДК 821. 512. 122 ББК 84 (5 каз) Н 83 Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді НҰРМАҒАМБЕТОВ Ө. ШОҚ ЖҰЛДЫЗ: /Ө.Нұрмағанбетов. – Алма ты: ХанТәңірі, 2014. – 286 бет. ISBN 978-601-03-0289-1 Өрнекті өлеңдері мен ойлы шумақтарымен жарқ етіп көзге түскен ақын, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, белгілі кәсіпкер Өтеген Нұрмағамбетовтың бұл жинағына өмір, достық, махаббат жайлы өлең-жырлары еніп отыр. УДК 821. 512. 122 ББК 84 (5 каз) ISBN 978-601-03-0289-1 © «ХанТәңірі», 2014 Н 83
АУЫЛДА ЖҮРМІН Амансыңдар ма, әкеммен жолдас болғандар? Сау жүрсіңдер ме, шешеммен мұңдас болғандар? Еліме келдім сендерді көріп қайтуға, Ауыз толтырып: «Сәлем бердік!» – деп айтуға. Халдерің қалай, ауыл-ел тегіс аман ба? Тыныштық керек тоқтаусыз мынау ғаламға. Өзгеріп кеткен, таулар да шөгіп қалыпты, Қимайды көзім төмпешік болған алыпты. Сендерді көріп тағы бір жасап қаламын. Ұмытып бәрін жүгірген бейне баламын. Таяғын сүйреп қарт адам кетіп барады, Таныды ма екен? Үңіліп маған қарады.
– Армысың, бабам! Баласымын ғой досыңның... Шырамытып жатыр, сұрақтар жауды сосын мың. – Бармысың, балам? Шешең қалды ғой осында, Әкең аман ба тосқауыл болар тосынға? – Әкем де қайтқан. – Жасаурап кетті көздерім. Бірақ жыламаймын, тірегімсіңдер өздерің. Әкем өлсе де әкемді көрген сендер бар, Ақылшыларым, таусылмас қазына кендер бар. Тартылған көлдер. Өзендер қайда шулаған? Үйрек, қаз ұшып, төсінде сазан тулаған. Бәріміз кетіп, нулар да солып қалғандай, Жол жаққа қарап жанары оның талғандай. Ауылда жүрмін өткеннің іздеп елесін. Күрсінтер бәрі, несіне айта бересің. Зымырап уақыт, самайды қырау шалады, ...Қырлардан асып қызыл күн батып барады.
ТОЛҒАУ Мұртымыз өрге шаншылып, Өзектеп бетке қан шығып, Ұмытып кейде сөйлейміз, Кетерін бір күн жан шығып. Жасаурап жанар талады, Самайды қырау шалады. Қонақпыз жалған дүниеге, Қоштасып бір күн қалады. Сарқылар сыңғыр бұлақ та, Шаң болар көркем құрақ та. Шарасыздықтың салдары, Алғаным кейде жылап та – Қорқамын жалған күлгеннен, Бәленің бәрін білгеннен. Ұйқысыз атқан таңдарым, Артықсың ойсыз жүргеннен. Асырған жаман айласын, Жан-жағың қуған пайдасын. Жалтақтай жүріп шаршадым, Жанашыр жандар, қайдасың? Жиналып жаман қосыла, Жабылып жатса досыңа.
Сырт жағын беріп кеткендер, Түсінбей қалам осыңа. Жүргендер жылап, жабығып, Жалаулы күнін сағынып. Жауың болғым келеді, Жаныңнан әркез табылып. Қаумалап ойлар сан қилы, Еңсемді езіп жаншиды. Жазылмай жатқан жырлардан, Жүрегім тағы шаншиды.
АРАЙЛЫМ Ашумен қатты айттым деп, Ертерек бүгін қайттым деп, Көңілім қалған талайдан, Күндеріме мұңая қараймын, Өткен күн оралмас, Арайлым. Жандармен жақсы, дос болған, Жанына барып қос болған. Күндерімді бақытқа балаймын, Әр күнімді жылдарға санаймын, Шын сырым осы, Арайлым. Арзаннан күні үшін дос болған, Жалғаннан уақытша қос болған. Тынымсыз іздеген тұрағын, Мен, сірә, есі жоқ шығармын. Арайлым, жанымды ұғар кім? Думандатып құрғанмен сайран. Шат күндер өтеді, қайран! Дегеніне тағдырдың бағынамыз, Кеткен күннің елесін сағынамыз, ...Өтпесе екен бұл өмір мағынасыз.
ЕЛЕС Көз ұшында қалып қойды бір арман. Тағы да жол. Не күтіп тұр бізді алдан? Шытынайды шыдай алмай ызғарға. Сұлу бақтар сырласуға біз барған. Тағы да жол. Үнсіз қолын бұлғайды. Әлде елес пе? Айту қиын бұл жайлы. Көжиекте шақырады бір бейне, Сәулесінен үнсіз жүрек тулайды. Тағы да жол, тағы түнек, тағы таң. Мен өткен жер. Қандай таныс осы маң. Кетпеп пе едім? Бір сұлу ән естілді, Тағы ғажап, тағы және тосыннан, Сол әуенге үнсіз ғана қосылам.
ҚАБІР БАСЫНДА Табиғаттың заңдылығын адам қалай бұзады? Дос бейнесі жарқ етті де көрінбеске ұзады. «Құмсайымның құмын-ай», – деп, Айтушы едің, Алтынбек. Қалып қойдың сол құмыңда, Бетке ұрады салқын леп. Құмсайыңның құмы қалды, суы қалды. Шіркін де. Жетімсіреп көңіл қалды, өмір қалды бір күнде. Қияқ өскен жоталардан, шөпке қонған шаңдардан Таяқ сүйреп қарияң жүр, бейнеңді іздеп сандалған. Басымды ұрып тауға, тасқа айқайлағым келеді. Ортамызда жоқ дегенге көңіл қалай сенеді. Атқан оқтай, шапқан аттай - хош даурен, Өзгертуге дәрменің жоқ. Енді бәрі бос әуре.
Жайылмаған дастархандар, жүрілмеген жолдары. Қауышпаған құшақтар-ай, қысылмаған қолдар ше, Күтілмеген қонақтар-ай – бәрі қалды артыңда. Жүрек соғып, ми солқылдап, жас келеді алқымға. Ағыл-тегіл жылап алсам көңіл кірі кетер ме. Құмға тамған ащы тамшы саған барып жетер ме. Жігер құм боп жалтақтаймыз өзің қалған белеске, Бірге өткізген қызық күндер ұласады елеске. Өмір деген осы ма екен? Көзді ашып жұмғанша. Сұлу бақта сайран салар, аз ба көп пе, Кім, Қанша? Күз келеді, суық шалар. Сұлу гүлдер солады, Үңірейіп орның қалды. Енді қайтсек толады? Той тарқаған. Ел тараған. Ат бәйгеден келмеген. Жарықтыққа не болды екен, жанға бәйге бермеген.
Қатты ағыс жұлып кеткен қолындағы ескекті. Қайықшыдай суда қалған, бас айналып, ес кетті. САҒЫНАМЫН ӘКЕМНІҢ АЛАҚАНЫН Жыламаймын, жыласам мұң шалады. Сағыныштар ойымды тұмшалады. Аспан асты өзіңсіз бос қалғандай, Кең дүние қаз-қалпы тұрса-дағы. Бос қалғандай есік те, терезе де. Басқалдақтар, босаға, кереге де. Ішін тартып кер бие кісінеді, «Кешікті ғой қара шал, неге» – дей ме. – Атам қайда? Келе ме, атам қайда? Айта алмаймын, Не дейін балақайға? – «Көктем шыға қыдыртам» деуші еді ғой, Ер салып ерте туған қара тайға.
«Жер қарая, – деуші еді, – елге барам, Апаң жатқан киелі жерге барам, Қамыс шулап, толқыны еркелеген. Көлге барам, көк орай белге барам». Қанат қағып өргізген балапанын. Аңсаймын ауылымның ала таңын. «Құлыным», – деп сипаған маңдайымнан, Сағынамын әкемнің алақанын.
АЛҒАШҚЫ МАХАББАТҚА СӘЛЕМ Өткен күн елестерінен, Тағдырдың белестерінен Талмастан сені іздедім. Сағыныштан сарғайсам да, Күдерімді үзбедім. Арманның бөктерлерінде, Көңілдің көктемдерінде. Мен сені келер ме дедім. Жаныма сәуле шашып, Шаттыққа бөлер ме дедім. Кеудеге жас тамшылағанда, Толқындары сезімнің қамшылағанда. Мен саған ән арнадым. Қол бұлғап шақырып тұрды Арайлы жанарларың. Бұл күнде алыста жүрсең де, Өзгемен қуанып, күлсең де, Үміт шырағын өшіре көрме. Шаттық шақ – жалаулы күндерді, Көңілден көшіре көрме. Таусылып сүю дегенді, Қиналып күю дегенді, Мен сеннен білдім. Осынша сыйлығың үшін, Басымды иіп жүрмін.
ПОЭЗИЯНЫ ҚОРҒАУ Ел жиналған үлкен бір той үстінде, Санаға сұлу сезім ой түсті де. Өлең оқып беруді ниет қылдым, Керемет қой орнымен қай ісің де. Халықпыз қашаннан да өлең сүйген, Домбыраның үнінен сезім түйген. Ауыздықпен алысқан талай асау, Бір ауыз сөз алдында басын иген. Өлеңдерім көбіне далам жайлы. Бар асылын мұра еткен бабам жайлы. Бесік жыры кетпейтін құлағымнан, Ақ жаулықты, аяулы анам жайлы.
Тізбегіне қосылсам ақындардың. Еркін басып ортаға жақындадым. Ойым сансыз, өмірге сырларым көп, Айтқым келген өлеңде ақым барын. – Өлең деген немене, мылжың шығар, Ақын, ақын дегендер кіл жын шығар, Дегенде бір ағайым, тұрып қалдым, Құрып қалғыр жанымды кім шын ұғар. Үнсіз қалдым құм басып жігерімді, Жығып кетті ағайым тірегімді. Ащы сөз айта салған әлгі мықты, Тілгілеп жатты аямай жүрегімді. Не дейін қазағыма, үндемедім. Жарқырар ма жұлдызым күнде менің.
Қатты айтты-ау ән жайлы, ақын жайлы, Жақсы еді ғой одан да тілдегені. Өлеңімен ұлы Абай ұлы болған. Бір өлеңі азамат құны болған. Қалайша мылжың дерсің Шахановты. Қадырды поэзия құлы болған. Поэзиям менің де тыныс демім, Пешенеме жазылған ырыс терім. Өткен күнім, ертеңім, ұлы істерім, Ұлы ісіме, ағайын, тиіспегін!
ЖЕҢГЕМЕ Топырағынан анамның жаралдың ба, Салтымыздан жалғасқан нәр алдың ба? Сенім артып қарайсың жолдарыма, Сен күтетін, биікке бара алдым ба? Бар жақсылық еліме ерте келдің, Жайма шуақ жаныңа еркеледім. Кірбің тартса жанарым, сен мұңайып, Қуанғанда, күлімдеп еркем дедің. Шаштарыңнан көрініп шалалығым, Шаршатты ма, жеңеше, балалығым? Ортамызда жас болып жүре бер, сен, Күш береді жаныма даналығың. Қабағымнан байқадың көңілімді, Өміріме арнадың өміріңді. Кездескенде тағдырдың дауылына, Қуат етіп келемін сеніміңді.
АҚ КЕПТЕР Есімде әлі ақ кептер құлағаны, Құлағаны, атырап жылағаны. «Ақ құсымнан қалайша айырдың»,–деп, Тыныштықтан жалына сұрағаны. Көрген едім құлпырып өскенін де, Төбесінен қара бұлт көшкені ме? Суық шалған кезеңде табиғатты, Түсіп отыр кептерім еске, міне. Қайран қалып жүрсін деп келбетіне, Жібергендей жаратқан жер бетіне. Ұяңнан алыс ұшып кетпеуші едің, Қалып қойдың қалайша жел өтінде? Ақ кептерім – қиялым дара тұрған, Ақ ұлпа, ақ сәуледен жаратылған. Ақ құсым жоқ, аспаны жетім қалды, Салқын леп есетіндей қанатынан. 03.06.1992 ж.
ТАЛ БЕСІК Тағдыры тарих тал бесік, Жасаған бабам тал кесіп. Қаншама ұлды тербедің, Ертеңгі қара нар десіп. Мұңдасы болып ғасырдың, Қаншама сырды жасырдың. Әлдилеп бағып мәпелеп, Қызыңды қырдан асырдың. Моншақтар көзден шашылды, Мейірі қанып басылды. Ұйқысын түнгі төрт бөліп, Қанша Ана саған асылды. Белгісі болып өткеннің, Ғасырлар, алыс кеткеннің. Өзіңсің ілкі куәсі Мұра боп бізге жеткеннің.
БІЗДІҢ АУЫЛ Біздің ауыл Електің жағасында, Қарасу, тау, төбенің арасында. Адмдары жайдары, жарқын көңіл, Ұнатасың кәрісін, баласын да. Жүгіріп қырға шықса ала таңда, Барлық ауыл жатады алақанда. Көлбеңдейді ақ жаулық үй алдынан, Мені іздеген шай қойып жан апам ба? Қарсы алады күлімдеп жеңгелерім, Мінезімен оларға тең келер кім? Жүгіреді әжелер жас келінше, Сыңғырлатып шашбаудың теңгелерін.
Жасаураған көздері қариялар, Шежіре, сырға толы дариялар. Шапқылаған бір кезде құлыншағын, Айдарынан сипай сап тани қалар. Сарқырап Қотыртастан су ағады. Қар суына әкем ат суарады. Бозторғайдың шырылы естіледі, Атқан таңға тіршілік қуанады. Қыр астында қызғалдақ жайқалады. Табиғат та мас болып шайқалады. Кереметсің Туған жер! Айқайладым. «Керемет!», – деп таулар да қайталады.
ӨЛЕҢ Көңілім толмай қапа басқанда, Жолым да болмай сағым қашқанда. Бар жақсылықты сеннен іздедім, Қол ұшын бер, күдерімді үзбедім. Сүрініп кетіп құлап жүрсем де, Кездесулерге қуанып күлсем де. Сыздатып жанды соғады жүрегім, Жанымның жалауы – өзіңсің, тірегім. Өзіңді іздеп тауларға бардым, Өзіңе арнап әнімді салдым. Өзің деп өлең, қызғалдақ тердім, Бақытым менің, қай жақтан келдің?
ҚАЙРАТ РЫСҚҰЛБЕКОВТЫҢ РУХЫНА Бауырым қазақ! Дүбірлетер іс-ойы ғасырларды, Кеш танимыз біз неге асылдарды? Қудаладық кезінде төбет қосып, Кешегі Мұқағали, Қасымдарды. Ту көтерер, ел бастар Ерің қайда? Саламыз ба тағы да «Елім-айға»? Келер ұрпақ сұраса не айтамыз: «Бабаларым мұра еткен жерім қайда»? Шүкір еттік, шүкір деп бұға бердік. Тағдырымның салғаны шығар дедік.
Тұяқ серпер, тебісер кезің бар ма? Бауырыңа батқанда бұғау келіп. Қалайша тар етеміз кеңімізді? Қарындасты қайтеміз? Елімізді? Қызғыштай қорып өткен Қабанбайлар, Басқаға бөлгізбейік жерімізді! Қозғал, қазақ! Уақыт жетті түзетер ошағыңды. Беліңді бу, көрсетпе осалыңды. Рысқұлбеков секілді қыршын кеткен, Ерлерді ойлап, ашынып қосам үнді. Қайраттың көңілі сәуле, көзі ашық. Жиырма бір бұлқынды, қайран жастық. Қасқырлар да қорғаған бөлтірігін, Қайратыңа жасадың өзің қастық.
Келесі кім? Кімдерді табасыңдар? Кімдердің басына әлек саласыңдар? «– Қазағым», – деп, «елім», – деп еңіреген, Қай Қайратты түнекке жабасыңдар? Ойлан, қазақ, Таптамасаң, кызғалдақ солар ма еді? Арнасына тасқындар толар ма еді? Туады тағы Қайрат, қадірлейік, Еліңе солар тұтқа болар енді!
ЕСЕТ БАТЫР КЕШЕНІ ЖАНЫНДАҒЫ ОЙ (Бабамыздың 325 жылдық тойы үстінде жазылған) Дабылың асып жатыр ғасырлардан, Ассалаумағалейкум, Батыр бабам. Ескеріліп ел үшін төккен терің, Той қазанын көтеріп жатыр далаң. Арғымақтың ащы терін төккізген, Күндеріңді ер үстінде өткізген. Даламызға басымды игім келеді, Қаз-қалпында ұрпағыңа жеткізген. Серік болған ғасырларға боз далам. Мың-мың тұяқ таптағанда тозбаған.
Құлағыма еміс-еміс жетеді, Бота үні көш соңында боздаған. Аңыраған Ана үні естілер, Жесір үні, жүрегіңді кескілер. Жауда қалып алты қанат ақ ордаң, Қаралы ел, қара қосты кеш тігер. Аттан салып буып ап белді бекем, Қорғаны боп ен дала, елді мекен. Қол бастап, осы жерден Батыр бабам, Жау қайдалап жорыққа енді ме екен. Түн түріліп, қар өртеніп, жанып мұз. Басымызға күн туғанда ерімізді таныппыз. Аруақ сыйлар дәстүрі бар, салты бар, Қарапайым қазақ деген халықпыз.
АУЫЛДЫ КЕТТІМ САҒЫНЫП Мортық, Елек, Алысбаз, Сарқырап ағар, Қотыртас. Жүрер ме ек тағы ауылда, Желпілдеп кекіл,жалаң бас. Балығын қуған суларды, Жидегін терген нуларды, Қиқулап көлге оралар, Сағындым әнін қулардың. Төсіне қамыс бас ұрып, Төбесін дөңнен асырып. Жалғыз тал әлі тұр ма екен Жылдардан сырын жасырап? Айнала көгал, жаға – бақ. Қамысын Кіндік жағалап. Қасқалдақ ұшты айдыннан, Қанаты суды сабалап. Жарысқан желмен тай бөкен, Ел болды оған қай мекен? Арғымақ көрдім бәйге алған. Мен үйреткен тай ма екен? Тағы да арман,тағы үміт. Жете алмай жүрміз тарығып. Жол түссе елге қайтамын, Ауылды кеттім сағынып.
АҒАМА Не айтайын енді, не десем екен ағама, Теңесем бе екен толқындар соққан жағаға? Толқынға қарсы қасқайып тұрған сен жартас, Ал інің, аға, төбеңде ұшқан шағала. Марқайып қалам қолымды қысса қолдарың, Өздеріңсіңдер арқамды тірер қорғаным. Сапарға алыс аттанам жарқын жүзбенен, Білемін артта ағалар барын, қолдарын. Мәпелеп сақтап жеткізген асыл мұраны. Өздеріңсіңдер өлкемнің ғасыр-қыраны. Өздерің барда дәстүрдің, салттың, Боз далам, Мәңгілік мекен-тұрағы. Отыздан кетіп отыз бес жастың елеңін, Алыстан естіп артыңнан мен де желемін. Ағалар сырын жеткізіп тыңдар құлаққа, Шаршамай жырлап, дауыстап айтып келемін.
СЫР Қызарамын, жаман айтса біреулер сен жайында. Қызарамын, мақтап та айтса біреулер сен жайында. Ұқсап кетті мұңая қарағаның, Жалғыз өскен жапанда тал-қайыңға. Қорғаны көп жақсының жер бетінде, Ол неге жалғыз өскен жел өтінде? ...Ұмыт болған біреудің елесі бар, Жып-жылы боп қараған келбетіңде. Сағынамын, көрсем деп асығамын. Жанарыңа, күлкіңе асық жаным. Жабығамын, жарқ етіп кіріп келші, Қоштасуға асықпай, ғашық жарым. Жету қиын ой шеті, тылсым терең, Жүрегімді қайтемін дүрсілдеген? Кеудемдегі жалынға жанып барам, Көп су ақты, осылай күрсінбеп ем.
ТІЛЕК Белестерден Елес берген, Шаттық күнім келді де, Балапаным, Дара таңым, Ұлы көшке ердің бе? Қарындастың, Қарлығаштың, Жолын ашсын келешек. Кішкентай қыз, Жарық жұлдыз, Болып қапты ересек. Күнім менің, Гүлім едің, «Көке!» – деген күлімдеп. Тынып іштен, Күліп күшпен. Айта берем: «күнім!» – деп. Бесігіңді, Есігіңді, Ауыстырдың өзге үйге. Атар таңым, Шырқар әнім, Қауыштырдың гөй-гөйге. Еңселімін, Ел сенімін, Ақтап жүрсең жырақта. Күрсінбеп ем, Дүрсілдеген, Жүрегімді жылатпа!
ҰМЫТУ Неге мені іздемедің? Үйдемін. Жауабы жоқ белгісіз бір күйдемін. Өмір, деген сусылдаған жібектің Шеше алмадым шым-шытырық түйнегін. Терезеден қайта-қайта қарадым. Келмегенің болып алды дара мұң. Аман елдің, аты озған, аман бол Аман болып жүре берсең жарадың. Адам күні адамменен, ол заңға Бағынбасқа амал сірә, болған ба. Айғайласам естілмейді, дәрмен жоқ Жалғыз қалып қойғандаймын орманда. Қәріптен жас, жаяудан шаң шыққан ба. Бәрі бекер, бәрі де өтер ұққанға. Бас көтермей, бөлінбей-ақ жүрер ем, Тағдыр оғы тимей қалса бұққанға. 03.06.2002ж.
МАҢҒЫСТАУ Бастан кешкен қиын-қыстау, Таршылықтың талайын. Амансың ба, Маңғыстауым, Амансың ба, ағайын? Сенде өрлік, сенде аңыз, Сендегі жыр қаншама. Тағзым еттім құмдарыма. Тағзым еттім баршаңа. Маңғыстауым, Маң-маң түйең, мың елім. Ата-бабам маңдайында Жазылмаған мұң едің. Ұлдарыңның жүрегінде Қатып қалған тас едің. Қыздарыңның жанарынан Үзілген шық, жас едің. Маңғыстауым, Жақсылар мен жайсаңдардың мекені. Сағынышпен салған әнім, саған самғап жетеді. Сұрқия жел, сұрапыл күн, Жылы орнынан қозғаған. Ұрпағымыз Бозінгеннің Жерін тастап боздаған.
Маңғыстауым, Терең ой, бұйрат құмдар. Бауырыңда мүлгиді зират шыңдар. Әрбір тауың киелі, әрбір төбең, Ата қоныс болған жер. Аңсап келем. Маңғыстауым, Бақ қонған байтақ елім. Саған сәлем алыстан айта келдім. Көз сүрінбей көк жиек байқалады. Содан-дағы көңілім жай табады. Маңғыстауым, Күйшілер, әнші елі. Бауырыңда баптадың Шәмшілерді. Құрманғазы, Қазанғап жолын қуған, Талай дүл-дүл осы жер, сенде туған. Маңғыстауым, Ата жұрт іздеп келем. Жағаң жаз, етегің күз деп келем. Ғанибет қой ел іші, дос көңілі. Елжіретті жанымды, бос көңілді. 15.02.2006ж.
МАХАМБЕТПЕН ТІЛДЕСУ
О, Махамбет, Батыр бабам, арысым. Түн қатып ең қайма қазақ қамы үшін. Аш арыстан, жолбарыс та болдың сен, Қара көзің – қарындастың ары үшін. Келер күндер, келе жатқан таң үшін. Заманыңның тепкісіне көнбедің. Жалын едің, дауылдарда сөнбедің. Ұрпақ барын «теңдік сұрар ұрынып», Көре білдің. Ақтың туын бермедің. Жылағанды жақсы игімен тең көрдің. «Еңку-еңку» құм Нарында жер шалдың, Еділ кешіп, есіргенге қол салдың.
Ертеңі үшін есіктегі еркектің, «Ереуіл мініп, егеулі найза қолға алдың», Еркіндік күнге еңіреп жүріп жол салдың. Маңайын Еділ толтыру еді арманың, Толассыз көшкен керуендерге бар маңын. Тасырлап желіп, табындап өрген жылқыға, Тай құлындарға, қуалай шапқан жан жағын, Тай, бұқаларға, аспанға шашқан шаңдарын. Естіліп дауысың, намысқа найза қайраған. Ішінде жүрсің ұрыстың әлі қайнаған. Ұраны өзің артыңнан ерген ұрпақтың, Жаңа жорыққа арғымақтарын сайлаған. ...Құм төбелерде іздерің жатыр сайраған. 08.06.02 ж.
САҒЫНЫП ЖҮРСІҢ БІЛЕМ Сыр ұқтырып жанарыңнан әр қалай. Мөп-мөлдір боп отырысың, қалқам-ай. Терезеге неге қарай бересің, Біреу бар ма сағындырып келіктін? Қыс кетерде қызығын ала кеткен. Томсырайып отырсың. Дала көктем. Кеткен құстар оралды мекеніне, Сен күткен жан не деді кетерінде? Аймалайды жүзіңді таң самалы, Тірлік біткен қосылып ән салады. Алып-ұшып, жүрегің таппай тағат, Ерте тұрып жүрсің бе жолға қарап?
Терезеңде түнімен шам жанады. Құбылысқа қара түн таңданады. Суық төсек жаныңа маза бермей, Тағы таңың атты ма көзіңді ілмей? Қиналасың жақындар сөздерінен. Қиып кетсе солардың өздерінен. Жеме-жемге келгенде бәрі керек, Кешіре сал қайтесің, едің зерек. Түсінсең де екенін өмір алда. Тамшылайды моншақтар омырауға. Сағынып жүрсің білем, аяулым-ай, Қызық күнді құлпырған баяғыдай.
УАҚЫТЫМ АЗ Бәріне де, бәріне үлгеремін. Алаңқайға алқызыл гүл егемін. Жасын сүртіп жылаған жесірлердің, Қақпан қоям жолына кесірлердің. Зиратына бас ием есіл ердің. Қураған ағаштарды суарамын. Сонда ғана жай табар шыбын жаным. Хабар күтіп құлағы елеңдеген, Елге барып, үлкенге сәлем берем. Қаракөзге, кешікпей келем деп ем. Әкемнің құрдасына жолығамын, Тыңдаймын жыр-дастанын, жорық әнін.
Шешем жатқан төбеге барып қайтам, Жеңіл бол деп топырақ салып қайтам. Өміріме күш-қуат алып қайтам. Содан соң ағыл-тегіл жыр жазамын. Білмегенге танытам бір қазағын. Ішімдегі барымды жайып салам, Көрісе алмай жүрсеңдер, қайық болам. Көре алмай жүрсеңдер, ғайып болам. Естен танып сосын да ғашық болам, Теңіз болып шайқалам, тасып толам. Махаббаттың әніне мас боламын, Жібітемін жүректің тас қорабын. Қайта туып, қайтадан жас боламын, Аралаймын даламды, көше, бақты. Көргім келген қанша гүл, шешек атты. Қанша шыбық қайтадан егілгенін, Қанша шуақ жеріме төгілгенін. ...Уақытым аз, содан ба егілгенім?
ТУҒАН ЖЕР, ҚҰШАҒЫҢА АЛШЫ МЕНІ Ауылда өстім, ауылдың баласымын, Жөргегімнен жаттағам дала сырын. Сарсаң күнде сағынып келем саған, Қуат берші жаныма, жанашырым. Дала – бабам, мен оның ұрпағымын, Бабам жайлы жыр, дастан шырқадым мың. Айтқым келіп тұрады қымбатты ма, Табынатын өзіне ұрпақ үнін. Дала – анам, мен оның бөбегімін, Тосты аузыма бәрін де керегімнің.
Арқама сап даламды қасиетті, Алып кетпей Меккеге неге жүрмін. Дала – көп гүл, мен оның көбелегі, Көлбеңдейді көк көйлек ебелегі. Көкжиегін көкше бұлт көлегейлеп, Көк кілемге көп жаңбыр себелейді. Дала көркем, саны жоқ биігінің. Жосыған көз ұшында киігінің. Боз түбінен боз торғай шырылдайды, Ғашық болып өтермін, сүйіп үнін. Дала – сұлу, сан рет таңданып ем, Айлы түн, арайлы әппақ таңдарымен. Тілдескен таң атқанша, сыр жасырған, Жұлдыздар – жамыраған шамдарымен. Сағыныштан сабырым сарсып еді, Сары күндер келмеске қалсын енді. Оралған жыл құсындай келем саған, Туған жер, құшағыңа алшы мені.
АЗАП КҮНДЕР Бастан кешкен, Астаң-кестең, Азап болған күндерім. Достан безген, Дара кезген, Тозақ болған күндерім. Жаным кысқан, Жақын мыстан, Жан ұшырған күндерім. Нанып болған, Налып толған, Жан қысылған күндерім. Ардақтыңды, Бар жақсыңды Талақ еткен күндерім. Асылыңнан, Жақыныңнан, Саяқ кеткен күндерім. Дұрысың да, Ырысың да Ғаріп болған күндерім. Сезім барда, Көзің барда Қаріп болған күндерім. Сағыныштан, Жалыныштан Жан жылаған күндерім. Жазың өтіп, Назың кетіп Қансыраған күндерім. Өтеді екен, Кетеді екен Ызғар төккен күндерім. Күлім қаққан, Жымыңдатқан Күндеріммен біргемін.
КІМ КІНӘЛІ?
Көңілдің қошы жоқ, Қасында досы жоқ Неғылган адамсың Бас пана, қосы жоқ? Белгі жоқ кеткенде, Жаз күнің өткен бе? Асыға күткенің Айналып кеткен бе? Қай жерде қалдырдың, Қалайша алдырдың? Не болған бұл күнде? Сал көңіл, салғырт үн. Үн-түнсіз барасың, Бас изей саласың. Жоғалтқан жандайсың, Жақсысын, дарасын. Гүлі едің ортаның. Ізі жоқ сол таңның. Жалынсыз жанарың, Қараймын. Қорқамын.
Сұраусыз алдың ба, Шақырмай бардың ба? Жыртығын жамаудан, Шалдығып қалдың ба? Жақсыға қуандың, Жаман деп қуардың. Қанағат көлінен Жаныңды суардың. Асылды, жақұтты Бағалау бақытты. Кек сақтап қайтесің, Өлтіріп уақытты. Ой шалсаң әріге, Өмірдің нәріне. Кінәлі екен ғой Бәрі үшін бәрі де.
ҚАРАУСЫЗ ҚАЛДЫ ГҮЛДЕРІМ
Шырғалаң өмір, шырғалаң, Сондықтан болар жыр жазам. Сондықтан болар мұңданам. Маңдайынан сипай кет, Мұңайды бүгін бір балаң. Сырғалаң өмір, сырғалаң, Сыр айттым саған, сыр, далам. Сары ауру болдым сыздаған, Сабыр жоқ біздің жүректе, Сары күн келіп мұздаған. Танымай қалам өзіңді Түсінбей қалам сөзіңді. Сарғайттың жасыл бөзімді. Не жаздым саған, не жаздым, Тексере бердің төзімді? Бозінген әнін қозғаған Былтырғы жүрген боз балаң Бостан да босқа тозбаған, Бос түннен қаштым озбаған, Боз күннен қаштым боздаған. Бос күндер, бетпақ, безерген, Безерген, ерні кезерген. Қас жауым еді ежелден. Қас кылып қырсық күндерім, Қасқайып сезім тежелген.
Қамығып менің жүргенім, Қараңғы болды түндерім. Қапыда кетті күндерім, Қатулы содан түрлерім, Қараусыз қалды гүлдерім. ҚАЙЫРЛЫ ТАҢ Тағы да түн. Тағы жазып жатырмын, Арпалыспен тағы таңды атырдым. Алысам деп шалыс басып жүргенім Іске сараң, сезімге бай пақырмын. Көз ұшында сағым бар ма, шаң бар ма? Қайда асықтым, мені күткен жан бар ма? Ұмытсаңдар, қараңғы түн серігім, Тастамайды, ризамын таңдарға. Ұнатамын үміт отын жаққанды. Сабыр бермей сезім тулап жатқанды. Ұйқы қанар мәңгі ұйқыға кеткенде, Таңмен бірге қарсы алайын ақ таңды.
ТІРЕГІМ СЕН – ТУҒАН ЖЕР
Сағындым бұлттар көшкен аспаныңды, Шайқалған самаламен жас талыңды. Қайдасың, қол бұлғаған биіктерім, Жосылған көз ұшында киіктерім? Жусан исі аңқыған көк орай бел, Шулаған қамыстары айдынды көл. Қызарып қырдан асып бататын күн, Жымыңдап жұлдыздары жататын түн. Көрдің бе алма ағаштың бүр жарғанын? (Есімде сол жайында жыр жазғаным.) Қалықтап қаздар ұшып бара жатыр, Атын ұстап, ерттеді бала батыр.
Айтарым сенің әнің, сенің жырың, Ешкім естіп білмеген тылсым сырың. Естіледі домбыра қоңыр үні, Сыймайды құшағыма қызыл гүлі. Жаяулатып келемін тау арасын, Жазылғандай сыздаған жан жарасы. Көбірек осы жерде жүрсем екен! Тірегім сен, туған жер, білсең екен!
ЕЛЕГІМ Жағасын шыбық бойлаған, Ақбалық шоршып ойнаған. Сағындым суын Електің, Қуалап қаздар тойлаған. Толқынға төсін сүйдірген, Қамысқа басын идірген. Сағындым Елек жағасын, Құмдары табан күйдірген. Толқынға толқын ұласқан, Айдынға ғана сыр ашқан. Ағысын Елек сағындым, Иіліп барып қыр асқан. Санамда сезім өрлейді, Өткен күн елес, көлбейді. Ғайып боп бәрі кетердей, Көзімді ашқым келмейді. Уақытты бойлап өтемін, Ағыспен қалқып кетемін. Күте бер мені, Елегім, Бір күні саған жетемін. 31.05.2002 ж.
САҒЫНЫШ ДИАЛОГЫ – «Сағындым ғой», – дедің-ау тағы да сен. Жалындайды жанарың, жаның әсем. От боп жанып кетермін, абайлашы, Жаным-ау, жақындама жаныма сен. – «От боп жандым», – дедің бе? Өзіңнен көр. Сабыр күнім сарқылды.Көзіңнен көр. «Жаным», – деген сөзіңді есту үшін, Келе берем, өзіңнен, сөзіңнен көр. Ерекше боп жаралған еркем менің, Ерекшелік не деген көркем едің. Сен қасымда жүргенде сәби болып, Менің саған келеді еркелегім.
ЖАУАПСЫЗ СҰРАҚТАР
Сіз қайда болдыңыз Жасыған, жылаған кезде, Жақынын сұраған кезде, Жаманның сөзінен Жабырқап жылаған кезде? Ғайыптан пайда болдыңыз Қара бұлт тараған кезде, Қатарға жараған кезде. Қанатсыз балапан едік, Қыранға балаған кезде. Сіз қайда болдыңыз Дара қап, сағынған кезде, Дауа жоқ, бағынған кезде, Дауысың естілмей, Дауыл да қағынған кезде? Ғайыптан пайда болдыңыз. Жарығым, көкем дедіңіз. Жалпыдан бөтен дедіңіз. Жаныңа керек болсам, Жан пида етем дедіңіз. Сіз қайда болдыңыз Кері күн тоз қылған кезде, Күз келіп, боз қылған кезде,
Керегің кейінде қалып, Күресің тоздырған кезде? Артық, білем, Айлаңыз, күресің де, Артығырақ ойыңыз, үлесің де Айтамыз да қоямыз, Білесіз бе? Апардың да тастадың күресінге. Жанымыз бірге ед, Жаныңыз бір бет. Жаман дей берсін, Сәніміз бірге ед. Жоқ бізде өкпе, Қуаныш та жоқ, Жалған күндер-ай, Қалдырған бір шет...
ПЕНДЕШІЛІК Таңданамын. Мен саған таң қаламын. Мен емес пе ем өмірде таңдағаның. Ала-құйын, кей кезде асыр-тасыр, Таң алдыңғы күресім таңға мәлім. Кейде қарап отырам келбетіңе, Өзіңдей жан жоқ еді жер бетінде. Жоғалтыппыз елесін өткен күннің, Өкінбеймін сонда да, сен де өкінбе. Талай күндер өтіпті басымыздан. Көрінеді көзіңнен, шашымыздан. Өткен күндер құр елес. Қайда қалды? Қызық күндер кетпестей қасымыздан.
Асығушы – ек әр түнге, атар таңға. Ұқсайтынбыз қос аққу. Қатар санға. Айдын жоқ. Қатар жүзген аққу да жоқ, Сағынармыз бір күні, батар жанға. Төменірек болмадық сен де, мен де. Ақ балықтай шоршыдық қалған сеңде. Пендешілік ажалы періштенің, Қайтеміз мен де пенде, сен де пенде. 28.05.2002 ж.
КЕЗДЕСУ Сенбейсің бе сен маған, сенесің бе, Су алуға тағы да келесің бе? Тілдесуге сенімен бата алмадым, Сұлу бейнең қалыпты тек есімде. Йін ағаш беліңді майыстырды. Әппақ білек, қос шелек сайыс құрды. Жақындауға жаныңа дәрменім жоқ, Жасықтығым жанымды қайыстырды. Құрақ ұштым алдыңда, құрақ ұштым. Кіп-кішкентай иесі бұла күштің. Көзің сенің мөлдір көл, қос тұңғиық, Тереңіне келеді құлап түскім. Жиып алған бойыңа таң шырынын. Тіп-тік болып бара тал-шыбығым. Тағы сені көруге, тағы келем, Су басында кештетіп қалшы бүгін.
ӨМІР ЖАЛҒАСАДЫ Айта салған біреулердің сөзінен, Өңменнен өтер біреудің суық көзінен. Жасыған кезде мен сені іздедім, Жарқын жаз өткен, алда күз еді. Жаман түстерден қорқып кетсем де, Жақсылық көріп толқып кетсем де Атыңды айтып үнсіз жыладым, Тыныш ұйқыңды бұзған шығармын. Қиын күндерде, қиналған кезде, Алыс жолдарға жиналған кезде Сиындым саған. Жүремін дедім, Сен үшін де өмір сүремін дедім.
Сәтсіздіктерде, Шаршап жүргенде, Сағым күндерді аңсап жүргенде Сыр бермес санамды басады кілеу, Бауырым десе, құшақтап біреу. Шапқылап жүріп адасып қалған, Тізеге тағдыр ертерек салған. Жалтақтай берем құлындай болып, Жабырқар жан жоқ ұлыңды келіп. Сен асып кеткен қырларға қарап, Арада өткен жылдарды санап, Болса да кейде көңілім қапа, Жалғастырамын өміріңді, Апа!
ДОСЫМА Амансың ба, жан досым, Жүрсің бе сау? Сенің орның қашанда бір асқар тау. Іздемейсің досыңды, түсінбедім, Болмаса да арада бітпейтін дау. Сағынамыз дауысыңды, көңіліңді, Ұқсамайтын басқаға өміріңді. Қайсарлығың жететін бір басыңа. Сынап енді жүрсің бе төзіміңді? Таусылмайды, Талай сыр айтушы едік, Таң біліне асықпай қайтушы едік. Есіңде ме, айлы түн, шоқ жұлдыздар, Өлең оқып жүректі байытушы едік?
Сол көңіл, сол дастархан әлі күнге, Сондаймыз деп ойлаймын әлі мүлде. Сен бе екен деп таласа жүгіреміз, Тосыннан есік қаққан әлде кімге. Білем бір күн сеннен хабар жетеді, Қауышармыз, көңілден кір кетеді. Азды-күнде санасқандар не тапты, Өткен өтті. Келген тағы кетеді. ШАШУ Сағым қылып, Сағындырып, Азаматым үйленді. Бір шуақ күн Келін болып, Керім болып үйге енді. Айналада, Жайдарлана, Көз тіккендер мәз болып. Қарсы алыңдар, Жар салыңдар , Өтсін өмір жаз болып. Ұлы көшке, Тартқан төске Тағы бір көш ереді. Сол жайында Ағайынға Айта бергім келеді. Жан сарайын Ақтарайын. Той үстінде жалпыма, Қасиеттім, Бас иетін, Қарыздармын салтыма.
Аспанымнан, Жас талымнан, Көрімдігін алайын. Қалсын есте, Бақыт кеште Жырдан маржан тағайын. ЖАР ТАҢДАУ Айлап кетсең күлетін, Айдап кетсең жүретін. Жабы саған керегі, Қыран емес бүретін. Сен жымисаң күлетін, Ашсаң есік кіретін. Жарты саған керегі, Сұңқар емес ілетін. Ұзын етек киетін, Бас шұлғуды сүйетін. Жаман саған керегі, Жұбай емес тиетін. Басқа жерге баспайтын, Жұмған аузын ашпайтын. Дүлей ме екен керегің, Малын досқа шашпайтын? Көңіл деген еркені, Сезім деген серкені. Махаббатты қайтесің? Жан-дүние көркемі.
Мейіріңді қандырған, Көрсең естен тандырған. Сұлулықты қайтесің Жүрегіңді жандырған? Сағынып бір жетсең-ай, Сарқылып бір өпсең-ай. Содан кейін демінен, Өртеніп-ақ кетсең-ай. КҮТІП АЛ Қайтып келем күтіп алсаң сен мені, Өзге өтініш болмақ емес менде енді. Өтті күндер мағынасыз, мәні жоқ, Сен екен – ғой жүрген оның сәні боп. Өтті бәрі. Кездесулер. Табысулар. Қуаныштар. Сағыныштар, бәрі жоқ. Оралмады мекеніне күзде кеткен тырналар, Уақыт солай өтеді де, айтылмастан сыр қалар. Неге қалдым кетіп қалмай, сол тізбекке ілесіп? Қарсы соққан дауылдармен күресіп. Олар кеткен жылы жақтан хабар жоқ, Қыр басынан салқын самал тұр есіп.
Қалып қойдым қанатым жоқ, Қаламын, Жаяулатып бір күндері сендер жақты табамын. Ұмытпаңдар қайтар жолды Ата қоныс – мекенге, Қадірі жоқ туған жердің бөтенге. Мен де кетем туған жерге, Жата кетем тауларыма жетем де. Сондай жанмын, Осынымды біл десіп. Тұрмын мылқау тыңдаушыммен тілдесіп. Жеткізбейтін қуған алыс сағымды, Не бар маған Сонша қинап жанымды? ...Аласұрған сезімдер ғой, шаршатқан, Жариялап жұртқа жайған барымды. 1984 жыл
ҒАШЫҚСЫҢ
Білем досым, білемін, шын ғашықсың, Биіктен көру үшін шыңға шықтың. Кетпейді ме әлі де құлағыңнан. Сұлу бейне, сыбыры «Шын ғашықпын». Өткен өтті, өкінішке тұрмайды, Бір күндері көздің жасы құрғайды. Қуыс кеуде, қуыршақтар қалайша Жырларыңды, арнап жазған тыңдайды? Кезің қайда, мұңаясың сен неге? Жанарыңда жалын бар-ды сөнген бе? Сері көңіл сергелдең боп, бүгінде, Сағыныштың сары бұлты төнген бе? Құйылмаса естігенмен құлақ па, Мың сүрініп, мың тұрармыз құлап та. Ақын жары болу үшін, алдымен, Ақынжанды болу керек бірақ та. 1983 жыл.
ҚУАНЫШЫМ СЕН Күнім менің, қуанышым сен ғана. Пана болсаң, саяңдағы мен бала. Жылу іздеп құшағыма тығылған, Сәби болсаң, қасыңдамын. Мен – пана. Гүлім менің, жүрегімде сен ғана, Ұнатамын күлгеніңді паңдана. Саусақтарың сүйе бергім келеді, Көздеріңе қарай берем таңдана. Әнім менің, іздегенім сен бе едің? Сын көздерім таба алмады сенде мін. Перизатым, жерге түсіп еріттің, Мұз жүрегін мен сияқты пенденің. Сәнім менің, самал ма едің, жел ме едің? Сәл көрмесем басты мені жерде мұң. Жүрегімді менің қатқан жібітіп, Қандай жақсы бұл өмірге келгенің. 07.06.2002 ж.
АУЫЛЫМДЫ САҒЫНДЫМ Артта қалды сағыныш, ауыр мұңым Көрінгенде түтіні ауылымның. Көрмегелі көп болды, қайда жүргем, Аңсап кеттім құшағын бауырымның. Шөбің шалғын, Үнің балғын, Келеді сенде қалғым. Саз балшықтан илеген қуыршағым, Жібек желмен жарысқан құлыншағым, Алыс жүру сендерден қиын болды, Қарсы алыңдар, келеді ұрыншағың. Сайың құрақ, Жағаң бұлақ, Жұлдыздан жақтың шырақ. Ерке талдар, бұралған ерке сылқым. Құрбыларым сыңғырлап күміс күлкің. Сенерімді білмеймін, сенбесімді, Келгені ме шынымен осы бір күн. Суың тәтті, Жолың сәтті, Сағыныш жанға батты. 1995 жыл.
АҚША ҚАРДЫ САҒЫНДЫМ Аппақ киім киінген, Ақ белбеуін түйінген. Аппақ маржан лағылдым, Ақша қарды сағындым. Мызғып далам алсын деп, Тәтті ұйқыға қансын деп. Ақ көрпесін жабады, Әлди-әнге салады. Орамалын шешіп түн, Тербетеді бесігін. Омырауы босады, Ақ мамасын тосады. Естіледі балғын үн, Жұбанады балғының. Жамырайды жұлдыздар, Есте мәңгі бал күнім. Әлди-әлди көлдерім, Киік жортқан шөлдерім. Әлди-әлди бөктерім, Келер әлі-ақ көктемің. 1995 жыл.
ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҢЫ Осы күнге мен өзі қайдан келдім? Жеттім ғой қойшы соны, қайдан дерің. Тәуелсіздік теңім деп, атқа қонып, Тәуелсіздік күні үшін майданда өлдім. Бостандық, Тәуелсіздік егіз дедім, Желмаяға міндім де жер іздедім. Іздеп келіп тірелдім Жерұйыққа, Құмдарым, ормандарым, теңіздерім. Тәңірінен бұл күнді сыйға алған ба? Ел басына күн туып қиналғанда. Алғаш рет бір жеңнен қол шығардым, Аңырақай басында жиналғанда.
Ақ білектің күшімен, ақ найзаның, Қан майданда теңдік деп атой салдым. Дірілдетіп тізесін тірескеннің, Ұлан-ғайыр жерімді сақтап қалдым. Бұл күн үшін төкті ғой батыр қанын, Садақ болып сан рет атылғанмын. Хан Кене боп басымды оққа тігіп, Бұл күн үшін сан рет шатылғанмын. Махамбет боп Еділде еңіредім. Арда қазақ – бостандық теңі дедім. Түн қатып, таң асырып тірі қалдым, Өз жерімнің ырысын теріп жедім. Көтере алмай салмағын жауған тастың, Алтай аттап, Қытай мен Ауған астым.
Сүйтіп жүріп салтымды сақтап қалдым, Қамы емес бұл ісім қауға бастың. Желтоқсанда әндеттім, ақындаттым. Ашып айттым алаңда затын ақтың. Қар кешіп, мұз жастанып елім үшін, Бір табан осы күнді жақындаттым. Жеттім, міне, бұл күнге. Бақыттымын! Тәуелсіздік тірегім, жақұт үнім! Көк байрағым көлбеңдеп көк аспанда, Паш етеді әлемге бақыт күнін. Тәуелсіздік туым деп айта аламын, Мақтанамын, көңілім жай табады. Осы күнді армандап өткен едің, Бабаларым, сен үшін қайталадым.
КІНДІГІМДІ КЕСКЕН ЖЕР
Самала жел ескен жер, Сары сағым көшкен жер, Сай-саланы қуалап, Сары гүлдер өскен жер. Құндағымды шешкен жер, Кіндігімді кескен жер, Қалжа беріп анама, «Қанатты бол!» – дескен жер. Әкем күйеу болған жер, Анам келін болған жер, Әлдиімен әжемнің Әлем әнге толған жер. Аруана інген жер, Ат жалына мінген жер, Адыра қап атырап, Ащы жасым сіңген жер. 18.04.2011ж.
МЕН 48-ДЕМІН Қырау кірді самайыма, шашыма, Келдім бүгін, Апа, сенің жасыңа. Еңіреп ем сені алып кетерде, Ерік бердім тағы көздің жасына. Жылдар өтті, Не жоғалтып, не таптым? Талай күйдім ыстығында аптаптың. Ызғарында қалып талай суықтың, Өзің жаққан үміт отын сақтаппын. Бар қызығың бала еді ғой, бала еді, Жанарыңа баланы ойлап нала енді. Жан ұшырып өмір сүрдің. Не таптың? Бәрі орнында. Тыныш ұйықта ал енді.
Кемеңгер ең осы жаста. Есімде. Кемелденген іс-қимылың, шешім де. Бет-әлпетің көмескі боп барады, Белгі қалмай өткен күндер көшінде. Өтіп жатыр күндер, айлар, сан жылдар. Тексереді төзіміңді сан шыңдар. Сенің бейнең жүрегімде сақтаулы, Сабырымды сабай берсін сан сындар. 11.04.2011ж.
АҚТАНАУ Шапағатын себелейді әсем күн, Толғанамын, болмас әсте бәсең үн. Жан сарайы тылсым сырға толы еді, Жылдар бойы жылқы баққан әкемнің. Қиындықпен өткізіпті жас шағын, Жылқы мінез, өзгеруі қас-қағым. Тауқыметін талай тартып жүрсе де, Баласындай аялайтын аттарын. Қадірлейтін Қамбар-ата киесін, Мал бағары, құлын-тайы, биесін. Сезеді ме ықыласын ерекше, Аттары да түсінетін иесін.
Өткен күнсіз болашағың мәнді ме, Ұнататын домбыраны, әнді де. Жылқы көрсем еске түсе кетеді, Ертеректе әкем айтқан әңгіме: «...Дей алмаймын уақытымды аққа жау, Кез болатын іздемейтін жоққа дау. Бағып жүрген көп жылқының ішінде, Айғыр болды, аты ерекше –Ақтанау. Делінген қос танаулары аппақ ек. Шағыр көзді, сүйір тұмсық, шақша бет. Кекілдері жауып шағыр көздерін, Шашалары аппақ еді жатқан шет. Тұяқтары қара тасты шаң қылар, Тұқымында арғымақтың қаны бар.
Шапқан кезде жымитып қос құлағын, Жер апшысын қуыратын жануар. Бас сүйегі – пышақ жүзі, оқ қыры, Қазанатым, биік еді шоқтығы. Сом денесі тарамыстай тартылған, Білінбейді аштығы не тоқтығы. Тұлпарларға мекен болған осы ара, Бәрі кетті, өткен күнге не шара? Бар айыбы – тек тілі жоқ демесең, Адамнан да есті еді бишара. Әлі есімде, қақаған қыс болатын, Ішін тартып, ұйтқып боран соғатын. Жылқыдамын, үшінші түн ұйқы жоқ, Арман болып бір ықтасын қонатын.
Ақтанаудың мұз көмкерді сауырын, Қиыршық қар тілгілейді бауырын. Бойымда күш, қолда тізгін тұрғанда, Қорқыта алмас мені сойқан дауылың. Омбы қардың таусылмады сарсаңы, Ақ көбік боп жануарым шаршады. Аттан түсіп бой жаздырдым бір сайда, Қалғып кеттім. Кез болатын таң сәрі. Ұйқыдамын. Сезбей қырсық жеткенін, Сай жағалап жылқы өріп кеткенін. Уысымнан шығып кеткен қыл шылбыр, Ақтанаудың табынға еріп кеткенін. Ащы дауыс, шошып кеттім көз ашып, Ала боран ысқырады қар басып.
Ақтанау жүр екі ортада арқырап, Кісінейді тұяғымен қар шашып. Ақтанауым, бақ еді ғой басымда, Құр-құрладым, жетіп келді қасыма. Жан серігім, құшақтадым жалынан, ...Сабыр сезім, сап көңілім тасыма. Қарғып мініп, ерге мықтап орнықтым, Бір-ақ сәтте аяқталды қорлық күн. Жануарым жершіл еді, қанатым. Бесін ауа көп жылқыға жолықтым». Көп жыл өтті, осы әңгіме көңілде. Көп жаңалық, көп өзгеріс өңірде. Көп жыл өтті, ағыс алып кеткелі, Ақтанау да, әкем де жоқ өмірде.
*** Елестерге басқа елес ереді, Есіме алсам көзіме жас келеді. Өлгенде емес, көмгенде емес, Адамдар, Ұмытқанда, шыныменен өледі, Көңілінде мәңгілікке көмеді. Болар аруақ бір күндері данамыз, Қартаяды бесіктегі баламыз. Ұлы Өмір толқынында кейіндеп, Ұлы Тарих қойнауында қаламыз. Қалыптасқан табиғаттың бұл заңын, Өзгертуге келмес тіпті шамамыз. Қалауынша заман өзі реттесін, Толтырамыз өткен күндер жетпесін. Жақсы, жаман. Жаратқанның қолында. Тек өмірің мағынасыз өтпесін, Тек күндерің зая болып кетпесін. Осылай деп әкем өмір сүретін, Осынысын ауыл-аймақ білетін. Қырық жылдай уақыт өтіп кетсе де, Ақтанауын әңгіме етіп жүретін.
Ішіп-жеген демейді ме бұйырған, Қолда жоқта не күтесің қиырдан. Заманға сай Ақтанауды бір жылы Алмастырған екі үлкен сиырға. Өткен өмір – ұмыт қалған түс болған, Мұндай шешім әкеме де күш болған. Қайран шеше бақилыққа аттанып, Амалсыздан атқарылған іс болған. Сол Ақтанау талай тойда топ жарған, Талай-талай жарыстарда олжа алған. Талай рет үстем еткен мерейін, Бір-ақ күнде мерт болыпты, О, Жалған! Жинай алмай бойындағы нар-күшін, Адыра қап жалпақ жота, тау мүсін. Жайрап жатыр Ақтанауы, жаутаңдап, Артқы тұқай қағып түскен алғысын.
Құм қылатын тау-төбені, алапты, Тағдыр өзі дегеніне салыпты, Құлап жатқан арғымағын құшақтап, Өкіргені мәңгі есінде қалыпты. Өңірдегі дара жұлдыз, дара ай, Өзге тақым, Өзге тоқым қаламай, Өзге жанның ауласында сол күні Өліп қалды, пышаққа да жарамай, Өте шықты жан-жүректі жаралай. «Кешіргейсің Ақтанауым, Кеш мені? Дәтім барып қалай ғана шешкенім. Айтқанына кұлақ асып жатқам жоқ, Адам емес жануар ғой дескеннің. Ардағыммен ат кұйрығын кескенмін». Жылқы көрсем жұлып жеген қияқты, Жылап алам жиып қойып үятты. Асыр салған кұлын-тайдың ішінде Ақтанаулар шауып жүрген сияқты, Елестетем тыпыршыған тұяқты. 29.04.2011 ж.
НАРИДІРГЕН Қара жолмен екі салт ат келеді, Бірде аяң, бірде сыпсың желеді. Асығады отыруға бел шешіп, Алдан әлі көрінбейді ел шеті. Жолаушылар бірі мосқал қарт адам, Екіншісі жастау жігіт шаршаған, Екеуі де жұпынылау киінген, Қос домбыра, ер басына ілінген. Ат терлеген, ұнатады аяңды, Асыққанмен күн батуға таянды. Қарт адамға бәрі таныс өскен жер. Осы маңда болушы еді көшкен ел. Жол қысқартып серігіне сыр ашты, Тағы да бір белден өтіп, қыр асты. Алаңқайда көрші елдің жайлауы, Киіз үйлер. Белдеуде ат байлаулы. Абыр-сабыр, Мал оралған өрістен. Қуып ойнап, құлын тайлар тебіскен, Қозы-лақтар енесімен көріскен. Қазан-ошақ, Бүлкілдеп ет қайнайды. Аттың басын бұрмасыңа болмайды.
Тау ішінде орналасқан жерұйық. Тыныстауда дауыл тоқтап, жел ұйып. Қыраттарға иек артып алтын күн, Сәлем беріп келе жатыр салқын түн ...Осы кезде жан жүректі қозғаған. Тосыннан бір дауыс шықты боздаған. Тау басынан аруана келеді, Шаң көтеріп, ауыл жаққа желеді. Сай-сүйегің сырқырайды көргенде, Бота ермеген ертеңгісін өргенде. Қос жанары ботақанын іздейді, Үмітінен әсте күдер үзбейді. Меңірейіп тұлып тұрды белдеуде, Қарамады өте шықты өр кеуде. «Ботасының исі ерекше болатын, Еміренсе бойға қуат толатын».
*** Жолаушылыр аттан түсіп бой жазды, Ат байланды, саулық сұрап ой қазды. Осы ауылдың ақсақалы иек алды Бөлек тұрған үлкен үйге бет алды. Үй иесі жылы шырай білдірді, Келін болар, шай жасап та үлгірді. – Төрлетіңдер, Жолың болсын, жолаушым, Алыс жолдан шаршаған да боларсың, Асықпасаң, ат шалдырып қонарсың? – Қай туғасың? – Ауыл, елің аман ба? Тыныштық қой керегі де заманға, Тыныш күнге, тіршілікке не жетсін, Тірі жүрсең бәріне де керексің. Шөлдеп келсең, өзегіңді жұбатқан, Қымыз келер, ұяттымыз шұбаттан. Түйеміз бар, иігенде таң қылған, Ботасы өліп сүт шықпайды шандырдан. Аузымызды жарытпады антұрған. Жусамайды, күні бойы боздайды, Жануардың дауысы да тозбайды. Жоламайды шелегінен жеріне,
Көз салмайды шөп тығылған теріге, Обал болды, ботасы жоқ желіде. Толғандырды әлгі айтылған әңгіме. Бала жоқта өмір өзі мәнді ме? Адам түгіл жануарға керегі, Өзегіңді жарып шыққан бөбегі. Шапағатын сонда тірлік төгеді, Сонда ғана тіршілігің желеді. Ойлар кетті жетегінде сезімнің, Толтырады жүрегін күй, көзін мұң. Жас жолаушы домбырасын қолға алды, Шертіп тартып әр саладан ой шалды. Жанары жас, көз қарасы байсалды. Бір мезетте саусақтары қағынды, Домбырадан толассыз күй ағылды. Баурап алды төңіректі, даланы, Бірде бейне, киік қашып барады. Бірде бұлбұл сұлу әнге салады. Домбыраның екі шегі егілді, Шырылдады, безектеді, төгілді. Ағыл-тегіл аңырады да басылды, Сәлден кейін қайта сарын шашылды, Тоғыз перне, он саусаққа бас ұрды. Тұнып қалған тосын жайға айнала, Елітеді кешкі уақыт, сай сала. Бейтаныс жан, үнсіздікке құлақ түр, О, ғажайып, аруана жылып тұр,
Жанарында жалбарыныш, сұрақ тұр. Тынып қалған бар тіршілік жырақ тұр. Мөлдірейді, елжірейді жанары, Құм үстіне ащы тамшы тамады. Тылсым дүние көз алдынан аққандай, Тас емшегін бота искелеп жатқандай, Тар құрсағы ләззатқа батқандай. Еміренді, ару-ана егілді, Қайысты да қабырғасы, сөгілді. Күй төгіліп мерейіңді қандырды, Тырсиып тұр кепті деген шандыры, Намазшамда бүршік жарды таң гүлі. Жақсы ырым әкеледі елге құт, Сәлден кейін тамшылады жерге сүт. Бұлақ болып содан кейін ағылды, «Ақ түйенің қарны бүгін жарылды», Аңсап едік дәл осындай сарынды, Тағдыр айдап келді елге дарынды. – О, домбырам! Қасиетін сақтаған, Күнім батып, сенсіз таңым атпаған. «Наридірген», «Құс қайтарған», «Кісен ашқан» өзіңсің. Мирас қылып тастап кеткен, Ата-бабам көзісің. – Ау, жолаушым, Ризамын мен саған,
Міне, шапан. Ұста атың ен салам. Үйірімен үш тоғызды атадым, Қабыл болсын елің берген бата мың, Тарай берсін кең далаға атағың! ТАБЫТ ЖЫРЫ (Лермонтовтан) Суық жерді жастанып мен жатамын, Жер астынан өзіңе тіл қатамын. Махаббаттан есі ауысқан бишара, Ұмытқам жоқ. Бәрі есімде. Не шара? Сын сағатта аттап өтіп жарықтан, Жылу іздеп жүректерден, жабыққам. Сұлулыққа бақидағы таң қалдым, Тани алмай келбетіңді сандалдым. Жаратқанның рақымын қайтемін, Жұмағыңның жасыл бағы қай теңім?!
Бар қызықты алып кеткем өзіммен, Еске түссе жас тамады көзімнен. Мәпелеймін арманымды бұлқынған, Сағынамын жанарыңды сыр тұнған. Өтіп кеттім, сен жолымда кез келмей, Қызғанамын сол баяғы кездердей. Шаштарыңа демі жетсе басқаның, Қиналамын, өмір неткен қас-қағым. Сыбырласаң басқа адамның есімін, Өртенемін, мен бейбақты кешіргін. Тағдыр сені енді кімге қосады? Кеткен жанның сен мәңгілік қосағы. Қорқыныш бар, тыныштық бар торлаған, Білесің ғой, керегі жоқ ол маған. 25.08.2001 ж.
ЛЕРМОТОВТАН АУДАРМА Алдыңда сенің бас имен, Сан тарау жолдар таңдармыз. Жаныма мені оқ тиген, Біліп қой, бөлек жандармыз. Азаттығымды өзіңе Адастыруға бермеспін. Күлкіңе, арман көзіңе, Садақа жылдар, көрмеспін. Онсыз да үміт, арманды Бір ғана сеннен көріппін. Аяққа басып жалғанды, Өзіңе ғана сеніппін. Кім білсін, сұлу сәттерді Тапталған, жалғастырып ем. Сезімдер жылап жатты енді, Сен немен алмастырып-ең? Жанымның, мүмкін, жалынын Әлемге сый қып тартар ма ем, Қарымтасына жалын үн, Мәңгі өмір алып қайтар ма ем.
Уәдең, сөзің не болды? Ауыстырам деуші ең шуағын. Кезінде айтқан бос сөзді, Бүгінде сезген шығарсың? Тәкәппар жүрек, кешірші мені, Өзгеден бақыт тапқайсың. Дауылдар тұрар, мені өшіргелі, Құл болып бәрібір жақпайсың. Өзге тауларға, жылы өңірге Жыл құсыменен кетермін күзде. Бірақ та білемін, осынау өмірде Бір-бірімізді ұмыту жоқ бізге. Ендігі жерде ләззат қуамын, Шын ғашықпын деп уәде беріп. Бәрімен күліп, шаттық құрамын, Жыламаспын енді біреуге еріп. Үріп ішіп, шайқап та төгермін. Қалайша білмей сұлуды сыйладым? Адасқан күндер.. өзімді сөгермін, Періштем өзгерді, өсекке қимадым.
Бас тіккем сонда өлім мен азапқа, Сынамақ болдым әлемнің күшін. Қолыңды берсең, бармақпын тозаққа, Ақымақ басым. Бір сөзің үшін. Қатігез тағдыр, Беймәлім жаттым. Ерте көктемде ерте гүлдеппін. Қадірі жоқ-қой қолдағы бақтың, Сен мені білсең де, мен сені білмеппін. 07.02.2003 ж. АМАНТАЙ ӨТЕГЕНОВТЕН АУДАРМА (Наив) Мен түсіңе бүрсүгіні кіремін, Аймалаймын сені, сосын күлемін. Ұмытам деп ант-су ішіп тағы да, Пәктігіңді жария етіп жүремін. Түн ортасы, сусып жібек төгілді, Жан жүрегің керілді де, сөгілді. Оянған соң сезінесің, келмеппін, Екі ұшты ойың, қайтем сенің төріңді. Арайлы таң атқан бүгін, кеше өткен Састырады сені салқын төсекпен.
Жан адам жоқ, дем алуға дәрмен жоқ, Жарға қара. Өміріңді ойла еш өткен. Менсіз сенің күнің қараң, түнің тұл, Жылжымайды түнгі уақыт, тұнып тұр. Қапаланба. Қадірлегін қаттырақ, Менің ынтық құшағымнан ұғып сыр. КЕҢЕС Ұшқын барда жалында, Жалын барда адымда. Құлдар емес, тентектер, Жаратқанның жадында. Ұят барда іркілме, Арсыз болма бір күн де. Кол ұшын бер жақынға, Жадау жүрген, құр сүлде. 02.06.2002 ж.
ЕСЕНИННЕН АУДАРМА Сен әлі тірімісің, кейуана? Мен де тірі, Сәлем саған, сәлем. Құйылсын терезеңнен жай ғана Түнгі тылсым әлем. Алыстан хабар жетті маған, Қайғыда деп сені жолымды тосып. Жамалып ескі шарқатыңды, Сағынышқа жалыныш қосып. Бет бұрған деп сезім елеске, Үй сыртында дұшпан бұққандай. Кабактағы кешкі төбелесте Біреу Жүрекке қанжар сұққандай. Шаршама, Күндер бар көретін, Ісіне тағдырдың көнесің. Өзіңді көрмей-ақ өлетін, Сірә да, маскүнем емеспін. Менің жаным болды шерменде, Армандаймын үйге қайтуды, Сағынышпен аңсап келгенде, Жан сырымды саған айтуды.
Ораламын, ана, таң қалдың ба Бау-бақшалар гүлге толғанда, Тек мені оятпа таң алдында Сегіз жыл бұрын болғандай. Оятпа, Армандап болғанмын, Қозғама, қайтесің, қозғама. Ертерек таусылып тозғанмын, Өзгерген баяғы бозбала. Сыйын деп үйретпе тәңірге, Өткенге оралу енді жоқ. Сен ғана билеушім өмірде, Сен ғана қыздырған мені шоқ. Ұмыт сен қайғыны Тап берген, Не таптың көп ойлап қамығып? Жол тосып белесте көп жүрме, Ескілеу шарқатты жамылып.
ЖЕТІМ ҒАСЫР (Мұхтар Шаханов ағама) Күні өткен, құны кеткен белдеудегі бестінің, Аяқ асты айтқандары ортаңдағы естінің. Бағаланса тай-тұяғың бағасына тиынның, Ұға алмасаң батырың кім, Ақының кім, биің кім? Шен-шекпеннің керегі не, артығырақ сыйың тым. Адыра қап азаматтық, парасаттық биігің, Ойланбасақ, Келер күнде – әнің зарлы, күйің мұң. Қадірі жоқ қолда барда сом алтынның, асылдың. Елің аман, жұртың тыныш, неден, көңіл, басылдың? Құйын қуып, жел айдаған тағдырындай қаңбақтың, Сай-салада, жыраларда басың бұғып жан бақтың.
Патшасына өз халқы сай, сыйы ма әлде ғасырдың? Құл қып әлде туып па еді, шалғайына бас ұрдың, Құм басты ма ескі жолды, қасқа жолын Қасымның? Тас лақтырып қумас па екен, Артымыздан кеткен соң. Еңселі елдер қағып тұрмыз құлыптаулы қақпасын. Еңіреген елу елдің қатарынан сақтасын, Келер ұрпақ алаңдарда бейнемізді жақпасын.
Жүлде алып жарыстарда қорадағы жабылар, Көмбе басы атой салып, айқай салып сабылар. Дуылдаған, дүбірлеген көп дүрмектің ішінен, Өзі-өзінен жиіркенетін адамдар да табылар. Жүрегінде Жаңа өзендей қасіреттің табы бар, Жетім ғасыр, Мұхтар аға, сонда сізді сағынар. Бойларынынан кетпей әлі сұмдық күндер ызғары, Желтоқсанның өр ұлдары, өжет туған қыздары. Қуат алар өзіңіздей дара туған Тұлғадан. Арал құмы шегінер-ақ бір қадам, Арал суы жақындайды бір қадам.
БАЛАПАН ҚАЗ Қыз кетті, үйімізден қызық кетті, Қалыптасқан тірлікті бұзып кетті. Ақ қағаздай әппақ-ты көңіліміз, Шимай-шимай сиялап, сызып кетті. Қыз кетті, үйімізден көктем кетті, Бізде күз, бір үйлерге көктем жетті. Уақыт бар деп асықпай жүргенімде, Айтылмай сыр, айтылмай өкпем кетті. Құлазиды көңілім, сені іздеді, Қуаныш пен сағыныш егіз бе еді? Өмір осы, біреу боп жүргендерді Бір-біріне қосты да, егіз деді.
Қуаныштың жасырып тамшыларын. Сыр бермедім, өзімді қамшыладым. Сәукелемен жасырып тұлымыңды, Сәуле шашып барасың шам-шырағым. Таңдағаның өзіңе боп тірегің, Бере көр, О, Жасаған, көп тілегін? Жолың болсын, жарық күн балапан қаз, Жапырағың жайылсын деп тіледім. 28.07.2011ж .
АУЫЛДАҒЫ ҮЙ Түсіме кірді тағы ауылдағы үй, Тағы бастан өткіздім ғажайып күй. ... Жер ошақта жылтылдап от жанады, Күмпиеді апамның шоқта наны. Уақытша демалып самаурын тұр, Тезек исі жарады танауымды. Қара қазан ішіне ас салынған, Нан тақтайда илеулі қос қалың нан. Шам жанады алдында терезенің, Сорайтады бойларын шегелердің. Көлеңкелер ойнайды мазақ қылып, Жоғалады қозғалсаң аз-ақ тұрып.
Гуілі суық желдің естіледі, Ауылдың дауылы да есті ме еді. Ошақ басы жып-жылы, дала сойқан, Кірер ме екен есікті ашып қойсаң. Көрші әжей әлі отыр, кеткісі жоқ, Шамасы, мал жайлаулы, ешкісі тоқ. Қыңсылайды сенекте қара күшік, Қуалайды құйрығын бала мысық. Аяқ асты шашылған жүген-ноқта, Көз жанары жылтылдап жанған отта, Әкем отыр айналып балаларын, Шаршаңқырап қалыпты қара нарым. Сабыр, сабыр, жүрегім алып ұшқан, Ағыл-тегіл жыладым сағыныштан. Шүкір етіп бүгінге жеткеніме. Өкінбедім оянып кеткеніме. Бақытты едік сол кезде, сол үйімде, Қалып қойды жадымда сол күйінде.
СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ Мектебім менің, Он бір жыл тұрған мекенім. Өзіңде білдім қуаныш, шаттық не екенін. Қимастықпенен қол бұлғап қалып барасың, Алыстап енді қасыңнан мен де кетемін. Кездесулер мен қоштасулардан тұратын, Өмірдің заңын кез келді, міне, ұғатын. Басымды ием алдыңда сенің мектебім, Парасат үйі, білім ордасы – шын атың. Жасаурап тұрмын жасырып көздің жастарын, Қош енді, мектеп, он бір жыл неткен қас-қағым. Қош енді, ұстаз, аман-сау болып жүріңдер, Шәкірті үшін ағарған қара шаштары.
Күш алып едім өзіңнің алып күшіңнен, Қымбатсың, ұстаз, шәкіртін айтпай түсінген. Бала күндерім көз салып маған тұрғандай, Маңдайыңдағы әжімдеріңнің ішінен. Соңғы қоңырау, соңғы вальстің әуені, Тербейді үнсіз, жылатып алып әуелі. Тал-шыбықтарың өздерің еккен көктемде, Тілегім осы – бау-бақша болғай мәуелі. 17.05.2012 ж.
ІЗДЕДІМ СЕНІ Есіңде болар, мен сен деп өмір сүргенмін, Жабығып кейде, қуанғанмын да күлгенмін. Топан су қаптап қара жер бетін кетсе де, Қалайды жаным, өзгермейтінімді білгенің. Сағыныш күндер айналып кетті сағымға, Сары күз келді сары-ала сырға тағынған. Санамда менің сақталып қалған секілді, Сабылыс күндер айырған бізді сабырдан. Толассыз жаңбыр, тағы да аспан түнерді, Тоқтаусыз күнде жоқтайды бізді кім енді. Тоналған көңіл, тапталған аяқ астында, Тани алмадым баяғы жасыл кілемді.
Сұлу бақ қалды, көмкерді ақ қар етегін, Сұлулықтардың шынымен соры екі елі. Сары гүл өскен сайларым қалды қаңырап, Сезіндім сенсіз жалғанның мәнсіз екенін. 08.12.2012 жыл ЖЕКІМЕШІ БАЛАМА Жекімеші балама, керегі не, Айналады тал шыбық терегіңе. Бала деген бақыт қой, бала деген Шапағатқа бөлейді келеді де. Былдырлайды, Сосын кеп сыңғырлайды. Не білесіз сіз осы сыңғыр жайлы, Сәл нәрсеге екі ұртын томпитып ап, Сәл нәрсеге өкпелеп тұнжырайды. Құлыншағым құлдырап желіп барды, Бәрі қызық балаға, еріп барды. Ит ашуын тырнадан өш алғаның, Көңіліме шалқыған келіп қалды.
Алдыменен оңдырмай құлап алғам, Жасырмай көз жасымды жылап алғам. Тас батырып тіземе отырғанда, Тәңірімнен баламды сұрап алғам. Себеп емес басқамен керіскенің, Керіскенің қайтадан келіскенің. Түсініспей жататын ересектер, Жазығы жоқ бейкүнә періштенің. 2012 жыл.
ҚУАНА БЕР, ӘКЕ Қуана бер, әке, енді, мен де өзіңдей әкемін. Болашағы жарқын болсын, атын ата бөпеңнің. Мен де өзіңдей әр күнімді жанұшырып өткізіп, Мен де өзіңдей кей күндері гоңашаға кетемін, Енді ғана сезгендеймін алар орнын әкенің. Кей-кей жерде мен де өзіңдей қатты кетем, білемін. Кей кездерде тартқан жүктен шаршағандай білегім. Өңменімнен итергенде ауырғандай жүрегім, Аңсағанда, шаршағанда, өзің барсың – тірегім. Қапаланба сен де, әке, қабыл болсын тілегің. Тауқыметін тағдырыңның тартып, әке, жүрсің бе? Талайына жазылғанын татады екен әркім де.
Талайларға арман болған таттың дәмді бұл күнде, Озымыштан оза шабу бұл жалғанда мүмкін бе? Жақсы ісіңнің жалғасы бар, күрсінбе, әке, күрсінбе. Бәрін тастап бір күндері қасыңа, әке, жетемін. Көк шалғанда жоталарды, төбелердің етегін. Қатар тұрып шөп шабуды армандадым неше мың, Баудай түскен көк шалғында аунамадым неше күн. ...Шаршап келсең қою шайы дайын еді шешемнің. 06.12.2012 жыл
ҚАЛҒАН КӨҢІЛ Ақылсыздығы арсыздықпенен шектескен. Жақыныменен жауынан бетер шеттескен. Адыра қалып ақ астау бірге ет жескен. Ағайын сенің қорықтым қылықтарыңнан, Жайлы заманда жау тауып алған, кектескен. Алғаның қайсы ағайын-ара егесте, Арам тер болып несіне шаптың белесте? Ауыз толтырдың, айналып кетті елеске. Алқымнан алдың, тоныңды жырттың не таптың, Алатын тауың табалдырық қана емес пе? Тіліңді кессін, айтып қал бірақ лақ қылып, Тасада тұрып тас ату неткен жат қылық.
Табжылмай айтшы, жасадың қанша жақсылық? Тарпаң көңілің тертеге симай тұрса да, Талғампаз тағдыр тоныңды тігер шақ қылып. Әкеңнен алғыс, анаңнан алғыс алдың ба? Қара нар тектес арқаңа ауыр салдың ба? Жыртығын жамап, тесігін бітеп талдың ба? Өкпелеп битке көрпеңді өрте өзгермес, Не істедің өзің, сол күтіп тұрар алдыңда. 12.12.2012 жыл. ЖАҚСЫ АНА Құм көшкіні жер бетін сипап салған, Селдірейді шөп басы сидаң қалған. Қырқаларды қақ жарып көш келеді, Созылмайды, алды-артын жинап алған.
Бір сарынмен барады қырдан асып, Қырдан асқан сағыммен араласып. Тас-түйін боп шашылмай етек-жеңі, Салқынымен құралай жағаласып. Жылдағы тіршілігі көшкен елдің Тауы таныс, тасы ыстық өскен жердің. Ерте көктем, ызғары бой қарытып, Бетегенің басымен ескен желдің.
Қыр асып жол тартса да неше күндік, Көш бойы көрінбейді еркек кіндік. Қанша ана жалғызын жауға алдырған, Жасын төккен жасырып неше мұңлық. Барымта, қарымтасы шабыс күнде, Саналы өмір сырғыған ат үстінде. Кеше туған жас бала тәй-тәй басып, Жатырқаған әкесін жат кісідей. Жерінің, жесірінің дауын қуып, Еркек біткен елде жоқ, кеткен суыт. Ер салып, Ереуіл атқа, қамшы тартып, Тәуекел деп, тас жұтып, белін буып. Кешегі қыз, бүгінгі бала келін, Аты шыққан далаға дана келін.
Жақсы ана келеді көш алдында, Қатты қыстан алғанда дала демін. Алда үміт, күмәнін артқа тастап, Жетелейді алысқа арман асқақ. Бағыт қылып жусанды, бетегені, Жақсы ана келеді елін бастап. . Далада талай-талай дарын өткен, Жақсыларын сардала мақтан еткен, Жақсылығы көп тиіп жылағанға, Елі оны жақсы-ана деп атап кеткен. Тай үріккен атынан, маңайынан, Омар, Мәтек Адайдың Шоңайынан. Жақсы Анамыз келіні осылардың, Мәртебесі көп биік талайынан.
Етегінен бала жоқ, амал нешік. Тербетпей-ақ өтіпті бала, бесік. Елі үшін еңіреген ғазиз ана, Дамылдауға уақыт аз белін шешіп. Қолының ашықтығы аңыз болған, Болса да әйел адам абыз болған. Жақсы менен жұмсағы қонағына, Қабағы жайма-шуақ тамыз болған. Құдайы қонағына арнап қойып, Піскен етті артады малын сойып. Ат мініп, шапан киіп аттанады, Түскен адам марқайып, асқа тойып. Қашанда келген асқа өң беретін, Тау-тау қылып бауырсақ өңгеретін. Дастарханы жиналмай ертелі-кеш, Жарлысын да, байын да тең көретін.
- * Кез болатын су ішкен ауыздықпен, Текетірес ұласқан жауыздықпен. Бетегені боздақтың қаны жуып, Өспей жатып солатын қауыз біткен. Бітпес дауы қазақ пен түрікпеннің, Басы қалған далада үріккеннің. Жалғыздың үні шықпай сары құмда, Желбіреген жалауы біріккеннің. . Даусы қалған адасқан боталардың, Айта алмайды, тілі жоқ жоталардың. Шала-жансар шоқ қалды қоламтада, Отпан тауда тағы да от жағар кім?!
Бөлінгенді далада бөрі жеген. Айта алмайды кеткен жан, көрі терең. Бәрін көрген құм жалдар сөзге сараң, Көзі соқыр, жүрегі тас, құлақ керең. Итіс-тартыс сондай бір барымтада, Малға-мал, жанға-жан қарымтада. Атынан ауып қалған бір түрікпен, Ашық барып алған соң арың таза. Аламанда мерейі болған өктем, Өмір өзі бірде қыс, бірде көктем. Жау жүрек бір қазақтың тақымында, Түрікпеннің әйгілі аты кеткен. Содан бері қан қою, тіс қайраулы, Найза өткір, белдеуде ат байлаулы.
Түн қатып, тас жамылып, ұйқы қашып, Ерегеске түсетін ер сайлаулы. Қарауылда тыным жоқ бебеу қаққан, Оңды хабар күтуде күнгей жақтан. Ат артына өңгеріп қадірлісін, Сіміру дұшпан қанын сел боп аққан. Балаларын құл қылу, әйелін күң, Олжа қылу қыздарын бермей-ақ мың. Сабасына келтіру сар даланы, «Дандайсып кеткен екен қазағың тым». «Туырлығын тілгілеп тоқым кылу, Керегесін кескілеп отын қылу», Есі кірген баласын шырқыратып, Түрікпеннің атынан шоқындыру.
Күн туды қан төгісер, алар кекті, Аттандаса ат мінген талай текті. Аңдысқан жау қалайда алмай қоймас, Шолғыншының атынан хабар жетті: «Қуалап еңістікті, сай-саланы, қатын-қалаш бастаған көш барады», Бала-шаға, қартайған кәрі-құтаң, Оңтайын орып түспей кеш қалады. Сең-сең бөрік, көзіне қан бүріккен, Кешікпей атқа конды жүз түрікпен. Қарқынын құм қорқып, жер именіп, Қабағынан қар жауып, түз үріккен. Ойлары қамсыз көшті басып қалу, Оңай келген олжадан шашып қалу. Орайы кеп тұрғанда ойып алып, Отағасы жоқ көшке ойран салу.
- * Қамсыз көш сардалада созылады, Ілеседі тай-құлын, қозы-лағы. Ат үстінде ақ жаулық, бұрымдылар, Ереуілде садағы, оғы, бары. Қалқиды құм үстінде шөл кемесі, Түйе қомы шаңырақ, керегесі. Алыс жолдан керуен шалдықса да, Ел жақын, жолаушыға керегі осы. Кенеттен айқай шықты атыраптан, Көшке қарай ат шапты тапырақтап. Ақ көбік мінгені қарауылдың, Тұяғынан тас атқан жапырақтап.
«Ойбай, шеше! Жау келеді жар астында жасанған, Түрі жаман, шаш орнына бас алған» Аңдыған жау алыс емес, қыр асты, Бөріктілер, сыры мәлім қашаннан. Не істеу керек, Қайтсек қайрат қылады? Ел шошынып, бала қорқып жылады. Әкетіңдер жас келінді, қыздарды, Жасырыңдар, жау жанары қырағы. Болашағын сақтап қалар бір елдің, Бар сенімін ақтап қалар бір елдің, Шешім керек, ойы зерек, Бір адамға, Жақсы-Анаға тірелді.
- * Бұйрат құмдар бұйығады ет жеңді, Самала жел соғып тұрды көктемгі. Самсаған ел сары құмның етегі, Көп түрікпен көшті қуып жетті енді. Алқақотан, шөккен түйе, Артулы жүк ашылған. Ақ дастарқан, туралған ет, Ақ бауырсақ шашылған. Астан үлкен кім бар дейсің, Ашу сосын тасынған. Тұрып қалды қуғыншылар, Мыжғылаған күн бетін. Мұндай жағдай құм ішінде Бола бермес күнбе-күн. Жазылмаған дала заңы, Ас тұрғанда алдыңда Тізгін тарту, Ауыз тиу міндетің Ас алынды, сосын қымыз тартылды, Сый-сияпат көрсетеді парқыңды. Ас аяқтан аттап кету масқара, Ашу кернеп тұрса-дағы алқымды.
Содан кейін бас түрікпен сөз алды, Ақ дастарқан, тау бауырсақ көз алды. Айту қиын, қайту қиын мұндайда, Үнсіз тұрды. Бір қызарып, бозарды: «Көшкен елміз, Оған куә даламыз, Ат үстінде қартаяды баламыз. Дәмін татқан қандас еді, Енді қайтып шабамыз. Шулатқанда бейбіт елді Не абырой табамыз? Келер күнге қарабет боп қалармыз, Осылай деп айтып кеткен бабамыз». Қуғыншылар кейін бұрды ат басын, Бұл кесімге ешкім енді тақпас сын. Көшкен елдің, өскен елдің баласы, Санасында болған жайды сақтасын. Ер шешімдер болып тұрған далада, Ер жүректің ерен ісін шамала. Ет жүрегім елжірейді еріксіз, Есте мәңгі, естимісің, Жан-Ана. Елің тәнті, естимісің, Жан-Ана. Ұлы істердің Ана бастау-бұлағы, Ұлы жүрек - ұлы күннің шуағы. Жаулығына жанын түйген балам деп, Көз алдыма апам келіп тұрады. ...Көш - керуен қырдан асып ұзады. 20.02.2013 ж.
ҚОШТАСУ Хабарың жоқ, Телефон да тып-тыныш, Жаулап алды беймәлім бір өкініш. Алу қиын, алысуға дәрмен жоқ, Сен күмәннан соғып қойған бекініс. Өзгереді жүйрік заман, адам да, Баламасаң болғаны тек жаманға. Өткен күндер өшіре алмай бейнеңді, Сағыныштан симай барам ғаламға. Жылауық күн, Көктем, әлде күз бе еді. Жоғалттым да сәл кешірек іздедім. Үнсіз тұрдық, Шығарып сап соңғы рет, Аспандағы тырналардың тізбегін. Менің үшін едің жаным таң шығы, Жасаураған жанарларың жаншыды. Бұрылдым да кете бардым, Амалсыз, Көрмеу үшін ағып түскен тамшыны. 28.02.2013 ж. Астана әуежайы.
АУЫЛДАҒЫ КӨКТЕМ Аға ма екен жылғалар баяғыдай, Сағындым ғой, ауылым, баяндым-ай. Ақ көбік боп су тасып Қотыртаста, Қарасу үй шетіне таянды ма-ай. Жалғыз тал бұрынғыдай мәуелі ме, Әлде ол да жылдарға тәуелді ме? Балам жігіт болды енді, Жайқалатын, Әкем жігіт болғанда, Әуеліде. Алыс баздан ағылып, бұратылып, Жылқы суға құлайтын шұбатылып. Жүген алып жүгіріп шығатынбыз, Суға қанып болғанша тұра тұрып.
Айдыны жалтыраған Қосқарасу. Өсірген жетілдіріп құс баласын. Қара бала жүр ме екен жағалауда, Жалаң аяқ, күйдірген күнге шашын. Тал-теректің арасы көк бүлдірген, Тікенекті талғамай көп жүргізген. Күні бойы Електе балық сүзіп, Кешкі самал әлдилеп көз ілдірген. Мортық сайға жаяулап келу арман. Қойдан бұрын көк жидек теру арман. Мортық сиыр бұл сайда бұзау ертіп. Баспақ қылып ауылға ертіп барған. Сағындым ғой, қараған жусандарым,. Көктем келіп көк-бөктер бусанғаным. ...Жасыл көйлек киіп ап жастық шағым, Жеткізбейді жүйрікпен қусаң-дағы. 27.02.2013 ж. Астана әуежайы.
ҮМІТ Әрбір халық, әрбір қилы заманда, Жақсы көсем армандаған әмәндә. Сұрағанның сүйген асын кім берген, Битке өкпелеп шекпенімді жағам ба? «Қарағайға қарсы бұтақ» бітіп тұр, Салғандары суармай-ақ бітік тұр. «Иір бұтақ» қарт еменде бүр жарса, Ирелең жол, алдыңда не күріп тұр? Халық айтса қалыс айтып көрмеген. «Қамыс басын қалтыратар жел» деген. Махамбеттер қарсы жүзіп не тапты, Талай таңын атырғанда шерменен. Халқым аман, елім тыныш, не керек? Қой үстінде мекендеген көбелек. ...Үміт артып тағы бір таң атады. Қар аралас қара жаңбыр себелеп. 12.03.2013 жыл.
8 НАУРЫЗ Қырық жас қалды, елуге енді таяумын, Басылды аптық, дауысым бәсең, баяу үн. Сегізінші марта бір гүл де саған сыйламай, Боз өкпе болдым, кешірші мені аяулым. Көлгірсігендер, білесің, менің қас жауым. Гүл ғана емес барлық сезімнің бастауы. Бір ауыз сөзбен бақытты ету қолыңда, Айтылған бір сөз жаныңды мүмкін ластауы. Кешіре алмай, өшіре алмай көңілден, Өтермін бе екем өлшеусіз мен де өмірден. Жарақат алған жанымды кел де жазып ал, Жаралған жоқ қой жүрегім менің темірден. 12.03.2013 ж.
ДОСЫМА ТІЛЕК (Туған күнінде «мені мақташы» – деген досыма әзіл) Сен бақыттысың, Қайдан ұстап алғансың бақыт құсын. Бес бие сабасындай бәйбішең бар, Қыз еді ғой кешегі жақұт мүсін. Сен азаматсың, Жабы емес, жауға мінер қазанатсың. Ағыл-тегіл, көл-көсір дастарқаның, Айтқан тілек май болып саған жақсын. Сен бірбеткейсің, Сонда да дос көңілін кірлетпейсің. Біреулерге бірдеңе беріп пе едің, Әйтеуір естерінен бір кетпейсің. Сен нағыз қазақтың батырысың, Он жылда бір қонаққа шақырыпсың. Көп болды көңіліңді көрмегелі, Керек болсам келер деп жатырмысың. ...Тесік болар тері де ыса-ыса, Көзім тиіп кетпесін, тфа-тфа. 14.03.2013 жыл
КЕШІРІҢДЕР Неге жазам өлеңді, керегі не, Жаратпаса ешбір жан керегіне? Сыртқа атылып тұрады, ішімде от, Алқымымнан алады келеді де. Кімге шын білмеймін, жазамын да, Өзім ғана төзетін азабына. Өлең шіркін жүректің жарығы-ғой, Жарық шашып жүргендер жазалы ма? Өліп-өшіп жазғаным кімге керек? Ойламаңыз, қуғам жоқ тілге дерек. Бір адам тауып алса өз керегін, Бір адамға жұбаныш болсақ деп ек. ...Өмір, сенің сырыңды ұға алмадым, Адам, сенің ойыңнан шыға алмадым. Тағы жазып жатырмын, ұят болды, Кешіріңдер, ұятсыз шығар жаным. 17.03.2013 жыл
«АҚТӨБЕ» ГАЗЕТІНІҢ ҰЖЫМЫНА АШЫҚ ХАТ Тал-теректей кесілген бұтақтары, Кітап жоқта жабырқап жұтадым. Таратуға бір күні келді реті Соңғы шыққан Шаханов кітаптарын. Жаса, елім, мекені алыптардың. Алтыннан мүсін құяр қалыптардың. Алты алаш әлдилеген ағамыздың, Он кітабын газетке алып бардым. Неге керек жазғаның, ел көрмесе, Құр желік, желкеніңді жел көрмесе.
Ұлттық сезім, ұлт жаның, ұлы ісің, Ұлтыңның жүрегінде тербелмесе. Сұйық сөзге қашаннан аз құштарым, Өтіп жатыр қаламмен жаз, қыстарым. Тастап кеттім газеттің ұжымына, Ортасы деп ақын мен жазғыштардың. Бір соққанда кәмпит пен шарап тұрды, Тағы бірде айна мен тарақ тұрды. Мен әкелген ақынның кітаптары, Жетімсіреп сөреден қарап тұрды. Бір кітапты біреуі қарамапты, Өлең парқын өздері бағалапты. Есепке жүйрік болар, бір қарындас. Қанша пайда түсерін санап жатты.
Оқымаса Мұхтарды, Қасымдарда, Мұқағали, Жұмекен асылдарды. Елге қалай айтады ер жайында, Қалайша оятады жасындарды? Газет – елдің ұяты, шарайнасы. Елің сеніп тапсырды, абайлашы! «Қарашада қара үй тұр», содан шықтың, Арт жағыңа, ағайын, қарайлашы? 18.03.2013 жыл
ҚАРА МЕҢДІ Қарындасым, қалқам-ай қара меңді. Қиылған қас, қолаң шаш, бұраң белді. Қоштасатын кез келді, қош, аман бол, Қол үзіп мен өзіңнен қалам енді. Қылаң берген қиядан құралайым, Қоштасарда қалайша жыламайын. Қиялымның ақ тамақ қарлығашы, Қайырыл деп қайтадан сұрамайын. Қимастықпен жолыңа қарайладым, Қайда бастап барады арай-таңың? Қарайлама артыңа, қарлығашым, Қайта соққан дауылдан абайлағын. Қамсыз жүрген қайран менің күндерім? Қансыз жүрек соғады, құр сүлдері, ...Қараша қаз сұңқылдап ұшып келді, Қардан кейін құлпырды, қыр гүлдеді. 19.03.2013 жыл
ӨЛЕҢ ЖАЙЫНДА Қашаңғы қастарыңда жүреді екем, Ойым орман, қалғанын жүре көрем. Өлеңмен ұштастырған өмірімді, Өлең жазып отырып бере берем. Мүмкін бір күн жарармын керегіңе, Бойладың ба жанымның тереңіне? Бір күн біреу жанына азық етер, Әр сөзім өткен сезім елегінен. Бәз біреулер аяусыз сөгер ме екен, Бәр бәлені басыма төгер ме екен? Олар да мен сияқты қалам алып, Мен сияқты қиналып көрер ме екен?
Бар байлығым, білсеңдер, өлеңдерім. Бір күні уақыт айтар көлемдерін. Жүрегімнің жылуы, жанашырым, Жыласам да, күлсем де көгендедім. Менен асқан бай бар ма айналаңда, Мінбелерден салмадым байбаламға. Дос-жаран, ағайыным, өлеңдерім, Сеніміңе сендердің сай болам ба? 19.03.2013 жыл
ОЙЫЛЫМ (Біраз уақыт дәмдес болған Ойыл азаматтарына сыйластық көңілден) Ойылып аққан Ойылым, Қиылып аққан Қиылым, Тұйығып жатқан тұнығым, Бұйығып жатқан биігім. Сыңғырлап аққан бұлағың, Сыбдырлап жатқан құрағың. Сары гүл жапқан етегін, Сабырлы менің мекенім. Шоршыған суда сазаны, Сұңқылдап салған қаз әні. Көрікті неткен келбеті, Аққулар жүзген көл беті. Құм басып қалған Жібек жол, Күн ғашық болған Жібек жол, Ойылды кескен Жібек жол, Ойылда өшкен Жібек жол. Байұлы менен Кетенің, Байырғы атамекені. Баспана етіп келгендер, Байқамай байып кетеді.
Төскейде малың жосылсын, Төсекте басың қосылсын. Ойылым – ойы өлкенің, Ойылым, өссін өркенің. 21.03.2013 жыл ОЙЫЛ – КӨПТОҒАЙ ЖОЛЫ Кездесеміз Ойылдың жағасында, Қиыл келіп қосылған сағасында. Сарсаң көңіл серігіп қалатындай, Тобылғы мен изеннің арасында. Ерекше бір қонақжай жігіттері, Осынысын сен бұрын біліп пе едің? Алып ұрып марқасын, мәз болады, Тулаған сазанындай шіліктегі. Бар жұмысын қалдырып сейсенбіге, Уақыт тоқтап қалады дүйсенбіде. Қонақ болсаң қараусыз қалдым дей бер, Шақырусыз сол күні кірсең үйге.
Қара жол қанат беріп қиялыңа, Тура тартсаң шығасың Миялыдан. Көптоғайда көп тұрды бір келіншек, Жолды кесіп өтуге ұялды ма. Суық шалса көктемде, қысты күні, Ойылға бар, ем болар ыстық құмы. …Үркіп қашқан қой шықты алдымыздан, Қырқылмапты әлі де қыстық жүні. 21.03.2013 жыл
АЙ-АРУ Ай-аруым, аяулым, ақ-бөкенім. Жаңа білдім өмірдің тәтті екенін. Өзіңменен әр түнім сырға толы, Өзіңменен әр күнім сәтті екенін. Ай-аруым, сары ауыз балапаным, Арай шашып ататын дара таңым. Иіскетші атаңа тамағыңнан, Сүп-сүйкімдім, топ-томпақ алақаның. Ай-ару, әжесінің ойыншығы, Жүрегімді жібітті, ойын-шыным. Жаратқаннан жалынып сұрап алдым, Бар қызығым, мерекем, тойым бүгін.
Ай-ару, апасының көбелегі, Жеп-жеңіл, желпілдеген ебелегі. Сен жоқта қалай өмір сүрдім екен, Дәл өзіңдей мен кімге керек едім? Нағашылар қарайды көзге іле, Бір ұқсастық іздейді өздеріне. Атаң емес, адамның баласы бол, Ұят тұрсын әрқашан көздеріңде. Көз тиіп кетпесін деп қорқамыз да, Күйе жағып қоямыз жорта қызға. Өмірімнің жалғасы, жапырағым, Аман-сау жүр, немерем, ортамызда.
НАУРЫЗ КЕЛДІ Наурыз келді көп күткен біз сағына, Ару-көктем отырды өз тағына. Жер-Ана тіршілікті тербетіп тұр, Бар әлемді сидырып құрсағына. Теңеседі күн мен түн бір-ақ күнге, Таң атқанша билейді бір-ақ түнде. Күн кетеді ұзарып ертеңгісін, Қоштаспайды қос ғашық бірақ мүлде. Өкпе-наздың, араздықтың қас жауы, Наурыз барлық жақсылықтың бастауы. Жаңа күннің, жаңа үміттің жаршысы, Тіршіліктің тірі екенін растауы.
Наурыз көже – молшылықтың белгісі, Әдет-ғұрып, ар намыстың жеңісі. Жырға толды, күйге толды ел іші, Наурыз күні көкпар тарту - ер ісі. Көшпенділер, жапондар, парсы кеткен. Бар мұсылман әлемін тәнті еткен. Бес мың жыл, тіпті одан да асып кетіп, Әлімсақтан басталып бізге жеткен. Наурыз, Наурыз, Жаңардым өзіңменен. Өзің ғой сезіміме сенім берген. Еңселі ертеңімнің есігі ашық, Ертеңгі күн басталсын сеніменен. 22.03.2013 жыл
ӘКЕМНІҢ ҚАБІР БАСЫНДА АЙТҚАНЫ Ел-жұртың келіп арнауда саған батасын, Қош енді қош бол, балаларымның апасы. Жазымыштан озмыш озып кеткен бе, Осылай болды, осында енді жатасың. Сен артқан жүкті жеткізу үшін әріге, Жүре тұрамын жұмыр жер басып әлі де. Күре тамырым үзіліп кетті, білесің, Шарамыз бар ма көнуден басқа бәріне. Зымырап аққан заманың неткен қас-қағым, Өзіңе сеніп күйттемеппін де бас қамын.
Осыған ғана жағдайым жетті, риза бол, Басыңды сенің темірмен қоршап тастадым. Тас бауыр қозы маңырар-дағы оттығар, Өзіңдей қамқор балаларыңа жоқ шығар. Жетім жыласа періште налыр көктегі, Ілігіп кетсе жапырық жаяр көк шынар. Кем бір дүние. Кеш ұқтым бәрін, кешіргін, Тас түйін едім, көңілім босап шешілдім. Қарайлай бердім сен асып кеткен белеске, Өтпестей болған, келмеске кеткен есіл күн. Шаттықты маған сыйлады сенің етегің, Сағым күндерді санамда сақтап өтермін. Таусылған күні тартылған тары-талқаным, Қасыңа сенің бір күні мен де жетермін. 28.03.2013 жыл
ӨТІНІШ (Расул Ғамзатовтан аударма) Өтінемін сендерден, Сұранамын. Аналарың ешқашан жыламасын, Құлағың сал қайғы алып жүргендер, Өз-өзіңді кешіре алмай жүрмеңдер. Өрекпиді жүрегім ашық күнде, Айқай салам, оянам кейбір түнде. Анам мені шақырып жататындай, Құлыным деп маған тіл қататындай. Қаумалаған мені бүгін, Жарандар. Жылағаннан басқа қандай шараң бар. Өз анаңның дауысы тәтті жырдан да, Қадірлеңдер Сәл кешікпей тұрғанда! 15.03.2013 жыл
НӘЗІКТІК (Владимир Дагуровтан аударма) Реактивті ұшақтың гүрілінен, Атыс-шабыс, бульдозер дүрілінен, Қиын емес естілмеу, Керек төзім, «Сүйем» –деген қорғансыз жалғыз сөзің. Мегатондық жарылыс толқындары, Алақ-жұлақ киноның жойқындары, Сездірмейді жарыңның алақанын, Құрбан еткен сен үшін дара таңын. Жаныңның нәзіктігін жасырып ап, Әдейі, кейде орынсыз, асығып-ақ, Көп күлеміз қарқылдап, жылап тұрып, Айқайлаймыз біз үнсіз, жырақ тұрып. Бет пердені алып тастап, бірақ та, Ар алдында, басқа елде, жырақта, Ішімізде бұлқынады, Тыр жалаңаш нәзіктік, Жас сұлудай күнә артар, Жарықтық. 18.03.2013 жыл
БІЛМЕЙМІН (Ксения Некрасовадан) Сен жанымда жүргенде, Сен қуанып күлгенде, Ұмыт қалды айыбың, Жүрегіммен байыдым. Күн көзінен ашылған, Жұлдыз көрдім шашылған. Аяқ асты қимаймын, Жапырақты сыйлаймын. Жеп-жеңілмін ауадай, Сұлу болам даладай. Ал сен тұрсың жанымда, Сабыр, жүрек, дамылда. Сүйесің бе? Гүлдеймін. Сүймейсің бе? Білмеймін. 18.03.2013 жыл.
ЕШҚАШАНДА, ЕШНӘРСЕГЕ ӨКІНБЕҢДЕР АРТЫНАН (Андрей Дементьевтен) Ешқашанда, ешнәрсеге өкінбеңдер артынан, Ескі хаттай жыртып таста, қала берсін қалпында. Өткен істі өзгертуге шараң енді болмаса, Үзіп таста әлсіз жіпті, Өр көңілің толмаса. Ешқашанда өкінбеңдер, Болған істе шара жоқ. Енді қайтып болмайтынға, Өтті-кетті, дауа жоқ. Көлдей көңіл арнасында шүпілдесе – Толғаны. Ақ үміттің аппақ құсы шарықтаса болғаны. Жан жылуын, ет қызуын жақыныңа төге көр, Мысқылдасын, күле берсін, қайтесің сол
Көне бер. Біреуі бай, бәзбіреуі бастық болды жетелі, Өкінбеңіз, Өз қайғысы өздеріне жетеді. Ешқашанда, ешқашанда өткен іске өкінбе, Кеш бастадың, ерте кеттің, бәрі-бәрі есімде. Басқа біреу сырнайлатып әдемі ән салады, Бірақ әнін сенің нәзік жүрегіңнен алады. Ешқашанда, ешқашанда өткен іске өкінбе. Кеткен күн де, махаббат та Бағынбайды өкімге. Басқа біреу сырнайлатып әдемі ән салады, Бірақ сіздей тыңдаушыны енді қайдан табады? 15.03.2013 жыл.
МАХАББАТ ІЗІ (Мамед Исмаил) Қатал тағдыр шаштарыңды әурелеп, Аппақ қырау самайыңмен ойнайды. Бала-шаға ер жетеді мәуелеп, Ең алғашқы махаббатты бірақ та, Мәңгілікке ұмытуға болмайды. Ұмытуға болмайды, жылдар өтсін, Орман шулап, сарыны тырналардың сыр ұқтырды. Бізді көрген көршілер іштей сөксін, Басқа да құбылыстар ұмыттырды. Ала алмадым жарықшақ, Қатып кетті, Қыстар өтті, жаз өтті сыз қалдырып, Тас лақтырдым тұныққа, батып кетті ...Дөңгелектер барады із қалдырып. 21.03.2013 жыл.
ЖЕТПІСТЕГІ ЖАНАР ТАУ (Мұхтар Шаханов ағама) Өтеді өмір бірде ыстық, бірде ызғармен, Адамның жасы өлшенбес бірақ жылдармен. Түңіліп кейде жиырма бестегі кемпірден, Жарасар сөзің жетпіс бестегі қыздармен. Жігіттер бар сексен бестегі. Санасы, Жиырма бестегі шалдардан артық шамасы. Жылуын жанның жоғалтып алып сорлаған, Жиырма бестердің көзінің отын санашы? Сыр беріп шашым, маңдайға әжім орнасын, Заңдылық бәрі – екі жиырма бесте болғасын.
Адамды сүйген жүрегім менің – боз бала, Адамзат әнін, парасат әнін толғасын. Жетпіс дегенің – жағасы жайлау ақ бас шың, Батасын алмай атпайды таң да, батпас күн. Жетпіс жасыңда жанар тау болып атылдың, Жасына жетпей қартайғандардан сақтасын. 04.04.2013 жыл.
КАСПИЙ ТОЛҚЫНЫ Қарт Каспий-Атам, Түнеріп кеткен қабағы, Асау толқындар соғады келіп жағаны. Алып жартастар қорғаны болып тұрмаса, Тентек толқындар кетерме еді кезіп даланы. Көкпеңбек аспан, ақ ұлпа бұлттар ағады, Кім қуды екен, асығып қайда барады? Қимастық болар, көз жасы болар бұлттардың, Теңіз бетіне мөлдіреп тамшы тамады. Жағада тұрмын сезімдерменен күресіп. (Менде де ес жоқ мықтыларменен тіресіп). Өзіме өзім көңілім толмай барады, Неге кетпедім ақша бұлттарға ілесіп. Қарсы толқынға құлашты сосын сермедім. Каспий толқыны ақ көбігінде тербеді. Қасыңда жүрсем қадіріңді сенің білмес ем, Керемет қандай сағынып сені келгенім. 14.14.2014 жыл.
САРЫ ҚОЯН Сарым менің, сап-сарым, сары қояным, Қылығыңа қалайша тоя аламын. Тәтті ұйқың бұзылып кетпесін деп, Таң атқанша сан рет оянамын. Қамсыз ұйқың, алтыным, бұзылмасын, Ұзақ болсын қызығың, ұзын жасың. Шыбынның да дауысы естілмесін, Тең анаңның әлдиі ыңылдасын. Қуалаған құйынды құлыншақтай, Күні бойы жүгірдің тыным таппай. Дем алсын деп Күн кетті қырдан асып, Сенің үшін аспанда нұрын жақты Ай.
Туған жерің, тау-тасың түсіңе енсін, Тек жақсылық санаңда күшін керсін. Түн ұйқысы бұзылған әке жайын Өзің әке болғанда түсінерсің. Атқа мінген кезіңді көрсем деймін, Жарыстарда жүлделі келсең деймін. Бір қараға жеткізсем, балапаным, Содан кейін арман жоқ, өлсем, мейлі. Жая берсін жанымда күз етегін, Тәтті ұйқысын баламның күзетемін. Бұзылмасын ұйқысы сәбилердің... Соны ойласам жүрегім дыз етеді. 15.04.2014 жыл
МЕН СЕНІҢ ЖАНЫҢДАМЫН Жазым болған қапаға ақ таңым-ай. Жанға жайлы көпірді жаққаным-ай. Жаным сыздап кетеді, жаным сыздап, Жақынның жаттығынан сақта, Құдай. Жыртылып-айырылған көбесінен. Жыртық шапан жамылған төбесіне. Жалған дүние кімдерге опа болған, Жалғыз қалып қоясың өлесің де. Бас ауырып, балтырың сыздағанда, Бауыр шаншып, жүрегің мұздағанда. Біреу келіп тостағын тосар ма екен, Баспанаға жарамас бұл ғаламда. Өзгермедің, келмедің, сағынбадың, Өкініштен кеудем өрт, жалын жаным. Өзгелерді жағалап жүргенім жоқ, Өзегімнен тепсең де жаныңдамын. 28.04.2014 жыл.
*** Қайран қамсыз күндерім, Сайран салып жүргенім. Қайдан келді салғырттық, Ойран болды-ау білгенім. Абайламай құладым. Шегі жетті шыдамның. Көз жасымды көрсетпей, Үнсіз іштей жыладым. Тырнақтыға ілдірген, Өзім бәрін бүлдірген. Өзімсініп жүргенде, Өстетіні кім білген. Дос іздеппін талғамай. Бос жүріппін ойламай. Қалған көңіл – шыққан жан, Оралмайды, арман-ай. 01.05.2014 жыл.
ЖЕТІМДЕРГЕ Жердегі жетім жыласа, налыған көкте періште, Жердегілердің жағдайын біле бермейсің пейіште. Жасындар жатыр жарымжан, жетім көңіл де, Жарылып кетсе жарықшақ ұшар тегіске, Жанары мұңды, жүрегі жұмсақ. Тек іште. Жаутаңдап кейде қарайды, жатынан күтіп мейірім. Жетім боп әсте туған жоқ, өмірдің жолы иірім. Жақын да кейде жанына жара салса да, Жатады қимай жаманға, жаратқан солай пейілін, Жамандауға да шамаң жоқ, өзіңнің өскен үйірің. Жылатпа оны, онсыз да өмір жылатқан, Жылатып оны жетесің қайбір мұратқа, Жазығы бар ма, адасып қалған жасында, Жауабың бар ма жетімдер қояр сұраққа? ...Жаутаңдай берем анашым жатқан қыратқа. 01.05.2014 жыл.
ҚАЛҚА Жанымды жаңартқан жырыңды, Сезімді төңкерген сырыңды Сағынып келемін қалқа, Өлеңмен тағайын алқа. Қарамай жағдайға тосын, Мойныңнан тастама сосын. Өлеңім – тынымсыз жүрегім, Өзің де сезесің, білемін. Жүзіңнен көрейін сағыныш, Жанымды жаныңмен алып ұш. Айналып кетпе тек сағымға, Тойлайық махаббат бағында. 01.05.2014 жыл.
САҒЫНДЫМ СЕНІ Сағынышпен өтіп жатыр ай-күнім, Сағым құсым, айтқаныңнан айныдың. Самал сезім, мекен еттің қай жақты, Сені аңсап тұнжырайды айдының. Жетелей ме үміт-арман алдыңда, Жоқпын ба әлде өміріңде, бармын ба? Жадымдасың жүрсеңдағы жырақта, Жарық күнім, мені ұмытып қалдың ба? Естимісің жүрегімнің қағысын, Еркелеуші ең сағындырды дауысың. Ертіп алып әкетті ме жыраққа, Ерік бермей өмір-өзен ағысы? Шырылдаған бұлбұлым-ау бағымда, Шуағыңмен аймалашы таңымда. Шырыныңа тағы сенің мас болып, Шомылайын шапағатқа тағы да. ӘКЕМЕ Арманға жетелеп, Өсірген мәпелеп, Қамқор жан өзіңдей Болмаса нетер-ек.
Түнерсе қабағың, Мен үшін дара мұң. Мейірбан жүзіңнен, Күш-қуат аламын. Сынығы асылдың, Жалғасы ғасырдың. Келеді баладай Мойныңа асылғым. Ойлардан сан-қилы, Жүрегің шаншиды. Арманым болмас-ты, Әперсем бар сыйды. Саялы құшағың, Сағына құшамын. Күш бердің қиядан, Қыран боп ұшамын. 14.07.2014 жыл.
Қарасаз күнделігінен ЕЛШЕНБҮЙРЕК Төбесінен бұлт көшкен түйдек-түйдек, Қарағайлы, орманды Елшенбүйрек. Мұқағали жырлаған Қарасазым, Қарасуым, мекені қаз бен үйрек. Талшыбығың төсіңде өскен билеп. Түн түнеген тасына Елшенбүйрек, Жалау болған жаныңа келсең күйреп. Еңсең құлап жеткенде етегіне, Шабытыңды әкеткен өрге сүйреп, Қабақ шытпай қасына келсең сирек. Шыңдарына күн қонған Елшенбүйрек, Шатқалыңды қарағай өскен түйреп.
Қасиетті топырақ Ақын жүрген, Баурайында Қарасу ирек-ирек, Қамыс басқан жағасын бүйрек-бүйрек. Жылжып аққан төменде сыршыл Кеген, Шағала жүр жағаңда кердеңдеген. Жаяулатып төсіңде, тіке тартып, Сағынған Мұқағали елден ерен, Апаратын жол саған белең-белең. Жол жатыр соңғы рет өзің кеткен. Көпірің тұр соңғы рет өзің өткен. Самал жел, салқын түн бұрынғыдай, Елшенбүйрек қалыпты өзгерместен. ... Сен ғана кетіп қалған көз көрмеске. 16.07.2014 жыл.
ҚАРАСАЗ Қарасаздың кездім де шатқалдарын, Жүрегіңнің іздедім аққан қанын. Орны қайда қара үйдің су басында, Әжең қайда кештетіп жаққан шамын? Ертегісі таусылмас Тиін әже. Мейірімді де қатігез қиын әже. Екі өлеңнің біреуі сен жайында, Аруағыңа арнаған, сыйым әже. Елестеттім қара үйді – хан сарайын. Әжеңді сырға толы жан сарайы. Қара мұрт аттаныпты бақилыққа, Жеңгең де жастық шағын аңсамайды.
Суретте де шырайлы қайран жеңгең, Қарғаның валетіндей ойран жездең. Қара мұрт та, жеңгең де, ағайың да, Бірі елде, бірісі майданда өлген. Жалғыз артып мойныңа ортақ мұңды, Жоғалтпа деп жыладың ұрпағымды. Әр көшенің басында ойын қуған, Жатқа оқиды жырыңды ұрпақ үнді. Музейіңде портфелің, түймең қалды, Өлеңде құдық қазған инең қалды. Құба жел, қара құйын ойып салған, Шарынның шатқалында бейнең қалды. Жырың ашар әр үйдің есігін де, Тасқа басып жазылды есімің де. Әлдилейді ата-жұрт алақанда, Тербетеді туған жер бесігінде. 16.07.2014 жыл.
ПАЙ, ПАЙ, ПАЙ, НЕТКЕН ЖЕР Пай, пай, пай, киелі неткен жер, Мұқаңды шын ақын еткен жер. Маңдайын күн сүйіп, өпкен жел, Шын ақын еңіреп өткен жер. Кеудесін қуалап өкпек жел, Ұлы ақын жаяулап жеткен жер. Құр босқа дос іздеп төккен тер, Жидесі көз жасқа бөккен жер. Ұштасқан алыста көк пен жер. Қара нар шалдығып шөккен жер. Артынан қыр асып кеткендер, Бетіңді сипамай өтпеңдер. 16.07.2014 жыл.
КЕТЕЙІК, ҚҰРБЫМ Кетейік, құрбым, қырды асып, Жүрейік қырда сырласып. Қосылып кетсе несі айып, Бір ғашық пенен бір ғашық? Сыңарын іздер гөзел де, Кетейік жаным өзенге. Ерініңді тигізші Ерініме менің кезерген. Төңкеріліп жанарың, Таусыла неге қарадың? Төгілген шашың төбеңнен, Иыққа қонған қара түн. Көргендер қаққан таңдайын. Аппақ-ты неткен маңдайың. Алқызыл бетің – ақша қар, Мас қылды жанның қандайын. Тікелей түсіп бөлінген, Төсіңе жетпей сөгілген. Сәулені көріп сүйсіндім, Омырауыңа төгілген. ...Кетейік, бәрін тастайық, Басынан бәрін бастайық. Көлеңкесімен қорғасын, Қатты емен сені, жас қайың. 16.07.2014 жыл.
ШАЛКӨДЕ ЖАЙЛАУЫНДА Атам жұріп өткен жер. Атамекен, Атыңды қандай қазақ атады екен? Шаршағанда шабыстан, сабылыстан, Шалғыныңа келем де жата кетем. Шалкөденің бауырын мал жайлаған, Айғайтас мен мұндалап айғайлаған. Жүрегіме жыр құйған Қарағайлы, Шабытыма дем берген айхай далам. Тау басынан сарылдап аққан бұлақ, Кәрі тастар, шалдығып жатқан құлап. Желмаяға мініп ап жер кезгенде, Атам қазақ іздеп кеп тапқан тұрақ.
Тұзды көл, Есекартқан, Тоғызбұлақ. Жағалауы сары гүл, майса, құрақ. Теке суы тіресіп теріс аққан, Түзу, Қисық, текелер еткен тұрақ. Сұңқылдаған естілді байғұз үні, Орманшының ұсынған бал қымызы. Бесік жырын жатқа айтқан өрімтал қыз, Шалкөденің біз көрген жалғыз күні. Көп жүріппіз әр түрлі бағытпенен, Санаспайды жайлауда уақытпенен. Қар жол, тау арасы, салқын самал, Осы екен ғой туған жер, бақыт деген. 18.07.2014 жыл.
ҚАРАҚШЫНЫҢ МҰҢЫ Ат жалында, ер қомында күнбе-күн, Арпалыспен өтіп жатыр күндерім. Төсегім жер, қараңғы түн жамылғы, Бел шешіп бір дамылдауды білмедім, Өз жерімде, өз еліме кірмемін. Тағдырымнан маған деген бұйырым, Талай қудым қысырақтың үйірін. Таңды соғып келе жатқан бір таңға, Қайда менің сонда шыққан бүйірім? Ас қалмапты қазанымда түйірім. Қамшы тартып, сойыл соқтым жасымнан, Не өтпеді менің ғазиз басымнан.
Атымды айтып жұбатады баласын, Түз тағысы болып кеттім расында, Қолын созар жақыным жоқ қасымда. Жыртық киіз, бой қарыған суық түн, Қарашада, қараңғы үйде туыппын. Жөргек етіп басындағы жаулығын, Омырауын қайран шешем Көз жасымен жуыпты, Кіндігімді шашыменен буыпты. Содан бері айлар өтті, жыл өтті, Қара тұман қаптап алған жүректі. Ат үстінде алып кетсе арман жоқ, Жаппар Алла қабыл етсе тілекті. Білектіге жолығар-ау бір күні Тағы да бір білекті. Қарақшы деп айта берсін ел мені, Қайдан білсін қасіретті мендегі.
Жұдырықтай жүрегім бар тынымсыз, Жалшы болып күн көргісі келмеді, Жалғыз арша жабайы өскен белдегі. Жылатпадым жақыбай мен жарлыны, Елдің мұңы менің тартқан бар мұңым. Ойлай білген жанның көбі бақытсыз, Ойхой дүние, белгілі ғой тарлығың, Қолмен ұстап көріп келем барлығын. Артым тұман, жүріп келем, алдым жар, Арқа сүйер ақылшыға болдым зар. Қарақшы боп туғаным жоқ анамнан, Мені өздерің қарақшы ғып қойдыңдар, Жарты жілік, несін мүжіп тойдыңдар. Менің мұңым өзгелерден дара мұң, Жұбанышым жалғыз арша, қара түн. Өгейсітіп итерме тек өңменнен, Туған жерім топырағында қаламын. Тербет сосын бесігіңде, баламын. 25.08.2014 жыл.
АЛЫСТАП КЕТКЕН АРАМЫЗ Қараптан-қарап алыстап кетті арамыз, Қарсы тұруға келмей-ақ қойды шамамыз. Қоңыраулатып келеді тағы қоңыр күз, Жоғалтып нені, тағы да нені табамыз. Қайтесің сұрап өзгеден менің халімді? Базарда жүрмін шығарып жоқ пен барымды. Саудаға салып сары алтынымды сақтаған, Жоғалтып алғам ұятымды да арымды. Етіміз өлген, бетіміз ғана шырайлы, Қыдырған бірге қара түн ғана тұр айлы. Сырт көзге салғырт, ішімді тұман жайлаған, Тек жүрек қана жасырып көптен жылайды.
Сенімім едің, сен ғана мені ұғушы ең, Сағынып келсем, жайраңдап алдан шығушы ең. Сарсаң күндерден сабырың қашқан, сұрықсыз, Сен ғана ебін, сен ғана емін білуші ең. Мен сені күткем, сен-дағы күткен шығарсың, Тылсым түндері, тұншығып кейде жыларсың. Табыспай кету шын сүйгендердің тағдыры, Маңдайға солай жазылғандығын ұғарсың. 27.08.2014 жыл.
АҚСАҚ ТЕМІРДІҢ АДАСУЫ Қанымның оянғанда ар-намысы, Жанымның аз болмады арпалысы. Өртейді өзегімді ой жіберсем, Өткен күндер, өмірдің қалтарысы. Таусылмасын тағдырдың бал, тарысы. Тарихқа болса кейде таңданысым, Ерліктің танысам да тарлан ісін, Елдікті сақтай білмес жауыздықты, Ұлағат ете алмадым жалған үшін, Қарыздармыз жадында қалғаны үшін. Заман тұрмас, далада құм көшеді, Ізі де жоқ алыптың күн кешегі. Ауызекі атадан сөз қалмаса, Кейінгілер мақұрым, білмес еді, Әр тіршілік өзінше күн кешеді. Ұлағатты өткенді ұға білген, Ой тербесе тамады шұға тілден. Бәрі, бәрі, болған жай, еш нәрсе жоқ, Жер астынан жік болып шыға келген, Қос құлағы тік болып тұра келген. Өмірден небір тұлға тарлан өтті, Уақыт өзі айқындар қарабетті. Шыңғысхан түркі жұртын біріктірсе,
Түркіні Ақсақ Темір талақ етті, Естілікті, ерлікті мазақ етті. Сан-сапат одан бері заман өтті, Бірде бақ, қайсы бірде зауал жетті. Күшімен ақ білектің, көк найзаның, Даласын ата-бабам қорғап кетті, Қанша боздақ өмірден боздап кетті. Ежелден арман болып ерікті күн, Ғазиз басын қатерге беріпті мың. Сабақ алып ғасырлар тізбегінен. Егемен боп алдыңа келіп тұрмын, Еріктімін бүгінде, еріктімін. Мекен болған халқыма арман далам, Жусаның боп өсуді армандағам. Дүбірлеген өзінің дәуірінде, Бабалар төсін қағып талтаңдаған, Бала сүйіп, бақ көріп балпаңдаған. Заманның тылсымын-ай сан арналы, Тарихта қай халықтың жанар бағы? Шыңғыс хан жарты әлемді жаулап алып, Тіккен-ді Алтын Орда, Ақ Орданы, Мұра болған түрікке бақ, Орданы. Амал не, қолдан сусып бағы кетті, Бірлік күннің бүлінер шағы жетті. Сұрапыл Ақсақ Темір заманында, Зұлымдықтың запыран зәрі жетті, Құрбан болып жалау жас, кәрі кетті.
Болса да дара туған қабілетті, Талайына төндірген ақыретті. Тарихтың алмағайып кездерінде, Өзінен де, елінен қадір кетті, Салиқалы елінен сабыр кетті. Барластан, түркі елінен нәр алса да, Қол бастап жер түбіне бара алса да, Қан жылатқан өзінің топырағын, Топырағынан даланың жаралса да, Шыбық болып жеріне қадалса да. Бабалардың әруағын қор еткендей, Дүйім елдің үмітін жер еткендей. Бағындырып алса да барша елді, Түркінің несібесін кем еткендей, Түркіні өзгелерге жем еткендей. Қаһарлы Ақсақ Темір, өзі сесті, Өзі байлап түйінді, өзі шешті. Сайыпқыран әскері ат үстінде, Біздерге қарсы келер жау жоқ десті, Сары дала төсінде сел боп көшті. Тас жұтса да тағдырдан түңілмеді, Жаны бардың алдында бүгілмеді. Есімінен ат үркіп, бала жылап, Тірескеннің тізесі дірілдеді, Дара қайың дауылда иілмеді. Ежелгі ата-дәстүр сақтардағы, Ұмыт болды, қалпында сақталмады,
Кеңістік қолымыздан сусып кетті, Сенімі қалың елдің ақталмады, Топқа салар арғымақ бапталмады. Ат үстінде, жорықта шыңдалса да, Арман болған талайға шыңды алса да, Ата тарих түйеді қабақтарын, Жарты әлем, жарым жұрт, мыңды алса да, Жорық жыры дастан боп тыңдалса да. Бас игенде бүкіл ел, барша маңай, Зарлатып өз ордасын шаршағаны-ай. Ақиретте жұбаныш болар ма екен, Басына кеткендердің салса сарай, Оралмасқа аттанған алып талай. Тектіден жаралса да Ақсақ Темір, Уақыт куә, ісі бар жаңсақ небір. Түркі туын төменге құлдыратып, Ұтылды ұлылықта оқсап Темір, Қарайлашы артыңа тоқтап, Темір. Тарих куә, ақылдан саяз кетті, Түркінің арқасынан аяз өтті. Қан қақсатып ұрыста талқандады, Еуропаны билеген Баязитті, Еуропаны илеген Баязитті. Бір-бірін қолдамады шын естілер, Бекерге екеуара тіресті ер... Мәз болды сүйек-саяқ тастағанға,
Түркіден таяқ жеген кресшілер, Түркіден саяқ өрген кресшілер. Не жорық өз жұртыңа түнергенге, Бопсасына басқаның тым ергенде. Мәз болдың, арбап сені кресшілер, Алтыннан аптап күйме жібергенге, Асылдан баптап түйме ілерменге. Өмірде осы ма екен ұлдың парқы, Қара бақыр базарда құлдың нарқы. Қан қақсатып өзгені жылату ма, Мирас болған кейінге ғұнның салты. Немен біткен ғаламда мұның арты? Сан ұрпақ өткендерін мақтан етті, Өз еліңді өзің кеп таптап кеттің. Тоқтамысты талқандап жатқан кезде, Еліңнің бақ-баяны жатқа кетті, Мұң-мұқтажы баладан қартқа жетті. Мұндай іске барды екен дәті қалай, Жазылады тарихта аты қалай? Өреніңді өңменнен тептің неге, Өз еліңнің жауларын алқымдамай? Тауларың тұр көрсетіп салқын самай. Осылай қайран түркі босқа күйді. (Өйтпесе кешер ме еді басқа күйді?) Кешірмейді өткен күн кесапатты. Кешенін салдырсаң да Иассауидің. Атағын қалдырсаң да Иассауидің.
Иассауи – исі түркі тұғырлы ері, Ұлы Дала, көшкен ел шыққан тегі. Темірдің түркі еліне зауалдығын, Болжаған қайран бабам күн ілгері. Жасырын жылады ма, кім біледі. Күнә бар ма барлығын көрген көзде, Оранбай-ақ тірілей, өрген бөзге. Жер астын өз еркімен мекен еткен, Пайғамбардың жасына келген кезде, «Жоқтарсың», – деп бір күні өлген кезде. Халқына болмай пайда қара бақыр, Ен дала еншісі боп ала тақыр. Қытайға төрт жүз мыңмен бара жатып, Аурудан ажал құшты далада ақыр, Өзгермеген, сол күйі дала жатыр. Тітіркенер естісең тылсым денең, Тірілер ол кеткенде күрсінбеген. Табыттан қос алақан шығып жатса, Дымсыз келген өмірге тірі жанның, Дымсыз бара жатқанын білсін деген, Ұлы Тарих алдында кімсің деген. Өзгереді, дүние өзгереді, Көзге ілмей жүрсең де өзгелерді. Шешеннің сөзі қалған ғасырларға, Көкірегі ояудың көзі көреді, Өзі алған Жаратқан өзі береді.
Болса да заманында алтын алмас, Қыран болсын қияда қанат талмас. Жақынын зар жылатқан жаудан бетер Өмірден адам өткен халқына қас, Көңілден адам кеткен жалпыға қас... 15.08.2014 жыл.
ЗАМАНАМЕН СЫРЛАСУ Беу, замана, мен де бір сенің төліңмін, Білгісі келген мәнісін мынау өмірдің. Өзіңе арнап, замана-дәуір жаздым жыр, Ақтарып сырын ақжарма сезім-көңілдің, Ақ жарқын сенің аппақ нұрыңа көмілдім. Беу, замана, еремін сенің көшіңе, Кірпішің болып қалансам дедім төсіңе. Қалжырап келіп құлай кетемін кей-кейде, Демалып жатам төрімде сосын көсіле, Сыр айтам сосын өзіңе-ғана шешіле. Беу, замана, басыма менің бақ бердің, Ғашықпын саған, өмірді бақыт, шат көрдім.
Нарқасқалармен өмірді тартқан белеске, Достасып жүріп дәуірді келер өткергім, Араларыңызға жол салып тұрған өткелмін. Беу, замана, аз емес менің тартқаным, Өтіпті күндер мойынға жүгін артқан мың. Алыс та жұлыс, арпалыс мынау тірліктің Ортасындамын, осы бір рахат тапқаным, Достықтың оты маздатып сосын жаққаным. Беу, замана, аулақ ет қауіп-қатерден, Сағынып жетем жол түсе қалса жат елге. Өзіңде тудым, өзіңде қалсам болғаны, Жантая кетем, жайлауым, саған жетем де, Күнімді менің өткізе көрме бекерге. Беу, замана, болу ма мақсат – ұлы есім, Өзіңнен шықтым, өзіңе жетем білесің.
Мен керек болсам, менікінің бәрі сенікі, Замана, саған қосатын менің үлесім, Өзіме ғана жарасқан өзім күресім. Есіме салшы, үндемей қалдым қай тұста? Қайра да мені қайтадан салшы сайысқа. Қас болатыңмын көріктен шыққан өзіңдей, Уақыттың жүгін көтере білген қайыспай, Жай ғана өмір сүргім келеді айтыспай. Арысаң өзің, өзіңмен бірге жүдедім, Өзіңмен бірге жайқалдым, өстім, үдедім. Тас қылып мені жаратпаған да өзіңсің, Тынымыңды алса тынымсыз менің жүрегім, Түтінің түзу шықсын деп әркез тіледім. Пенде емеспіз бе, пендеде болар шалыстық, Жоқ кездерде де, жау тауып алып алыстық.
Жақынды жатқа жығып беруің оңай ма, Жылып-еңіреп артынан сосын табыстық, Жоғалтып алмай жылуын жанның қауыштық. Қапыда кеткен күндердің артып салмағы, Көз іліндірмей атады кейбір таңдарым. Көрікті қыз да, көзсіз ерлік те алдамшы, Керуен кетті, Артында елес, шаң қалды, Көздің ұшында шақырды үміт шамдары. Беу, замана, салтанатыңа қанбадым, Тастап кетпесін мені де рауан таңдарым. Мұқағалиша, түңіліп алыс, жақыннан, Мұқағалиша тірі жүруді таңдадым, От берген өзің, қалайша лаулап жанбадым? 17.08.2014 жыл.
ДОСТАРЫМ Тастадым бәрін, тастадым, Қасымда барда достарым. Өмірде мынау қас-қағым Төгеді нұрын аспаным. Достықтың мәнін сан ұқтым, Достыққа дәйім қанықпын. Өздерің барда марқайып, Өздерің барда жарық күн. Бөлісер мұң мен қайғыны, Өздерің барда ай нұрлы. Қасымда жүрсең дауылмын, Бабамдай өжет, айбынды. Арқамды саған тіредім, Өздерің жоқта жүдедім. Жыласаң бірге жыладым, Қуансаң бірге күлемін. Дархан көңілге сүйінем, Көрінбей кетсең күйінем. Толғанып тірлік кешемін, Сендерді іздеп жиі мен. Достарсыз келмей күйіме, Сыймаймын дала, үйіме. Қоштасып бір күн қалады, Сағымға толы дүние... 18.08.2014 жыл.
ТІЛ ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ Тіл дегенде тебірентер ой легі, Жолығасың құдыретке бейне бір. Бірде ортада, көп адамның ішінде Бір қария орысшалап сөйледі. Орыс емес қарап тұрсам түріне, Ол да сезді қалғанымды үңіле. – Ау, ағайын, орыссыз ба? – дедім мен, Қарияның сөз-ләмінен түңіле. Екі көзі бақырайып кеткендей, Менің сөзім жебіріне жеткендей. – Айналайын, Сібірденмін, – деді ол Өткен күнде алашағы кеткендей
– Білем, Аға, Сібір – көне түркілердің мекені, Қалың орман, өзен-көлдер етегі. Сол аймақта ат ойнатып жауына, Көшім сынды ерлер өткен көшелі. Ол жайында бар емес пе сан аңыз, Оған куә бәрін көрген даламыз. Ермак сынды есерлерден ел тозып, Көмескілеу тартып кеткен санамыз. Бұл ағамыз Сібір – Іібір зәузаты, Сұрағыма ол тереңнен қаузады. Бір кісідей біледі екен өткенін, Айтқандары жүрегімді баурады. Бастапқыда сөйлесем де сүйкеніп, Бауыр бастым бір ғаламат күйге еніп.
– Басқа елде өскеннен соң, бауырым, Басқа тілге кеттік, – деді, – үйреніп. – Жоқ, - дедім мен, - күнің туды қайтадан, Өз тілімде айтарымды айта алам. Өз тілімде сүйгеніме сөз салып, Өз тілімде сөйлегенде жай табам. Өз тілімде өлең жазам толғанып, Өз тілімде ойлай білу – зор бақыт. Бесігінде жаңа туған нәресте Бесік жырын естімесе, сорладық. Абай жолы – Әуезовтың тілі бұл, Жұмыр-Қылыш – Махамбеттің жыры бұл. Әлдиімен алтын бесік тербеткен Алтын құрсақ аналардың сыры бұл.
Адуын жыр, тілімізде тұр дәмі, Отызында көктемей-ақ құрғады. Ортамыздан ерте кеткен сағым боп Айтылмаған Айбергенов жырлары. Күміс көмей, жез таңдайдан ән тамған, Бүкіл дала ән сап тұр деп тамсанған. Еуропа жүрегінде, Парижде Қашаубаев осы тілде ән салған. Ақиығы жиырмасыншы ғасырдың, Сынығындай Махамбеттей асылдың. Осы тілде Мақатаев жырлары Қазағыма шашу болып шашылды. Жат бауыр боп кеткені ме қорғалап, Көздерінен тамшы кетті сорғалап.
– Ау, ағатай, мұныңыз не, қойыңыз, Тұрғам жоқ қой мен өзіңді қор санап. Тұрғаным жоқ өзімді де зор санап, Нем бар еді қазбалайтын соншама? Қасына кеп құшақтадым ағамды, Көп ішінде ыңғайсыздау болса да. 19.08.2014 жыл.
БИСЕМБІ ӘРІПҰЛЫ АҚСАҚАЛДЫҢ РУХЫНА Қазағымда жетер қарттар мақтаулы, Санасында ұлттық сана сақтаулы. Ғалым ағам, тұнып тұрған шежіре, Жүрегінде әкесінің өсиеті жаттаулы. Ой пішетін тым әріден, тереңнен, Кісі бопты парасатты, көреген. Әрбір сөзі айтылыпты ойланып, Әр қазақтың бойына тән өремен. Мейлі қандай өмір сүрсін қоғамда, Мейлі қандай өмір сүрсін заманда, Адам болып келген екен өмірге, Адам болып қалу парыз адамға. Ол кісінің бәрі де өткен басынан, Тауқыметін тартқан тағдыр жасынан. Асау заман сілкігенде сан рет, Сабыры кеп табылыпты қасынан. Күн түскенде қалың қазақ басына, Көшкен кезде елін тастап жосыла, Қанды қырғын ортасында болыпты, Он жасында әке-шеше қасында.
Басы ма екен отызыншы жылдардың, Көшкен елді Кеңес келіп қырған мың. Бар қазақтың басындағы қасырет Адайдың да басына кеп туған күн. Бәрін көрді кезіп дала тау-тасын, Өзгелермен өз жұртының айқасын. Ақ патшаға бас имеген текті жұрт, Туған жерде Кеңеспен де шайқасты. Соның бәрін көзбен көрген қария, Айтары көп шалқып жатқан дария. Қамқор болған жылағанға, жетімге, Жақсылығын ұмытпайды әр ұя. Әрбір сөзі тұнып тұрған шежіре, Кесек туған мәрт еді ғой өзі де. Көппен көрген ұлы той деп айтатын Зұлмат дәуір кесапатын сезіне. Зұлмат дәуір алса-дағы тақымға, Шапағатын төге білген жақынға. Ұлы Отан соғысында от кешті, Қай кезде де жүгінумен ақылға.
Өмірімнің тең жартысы-жоқшылық. Өмірімнің тең жартысы-молшылық. Өмірімнің тең жартысы-таршылық, Өмірімнің тең жартысы-баршылық, – – деп айтатын абзал кісі, ойлы адам, Қай кезде де елін, жұртын ойлаған. Бірге тартып қасірет пен қайғысын, Ордасымен, ортасымен тойлаған.
Болып арман қазағының өскен, Тәуелсіз боп, тату ғұмыр кешкені. Бейбітшілік туын тігіп қазақ та, Маңдайынан майда самал ескені. Бай баласы болып азап өткерген, Қатарынан бас көтермей шеттелген. Көппен жүрсең көгерерсің дегендей, Көппен жүріп, көпке сеніп, көпке ерген. Өмір бойы аттан түспей өтеді, Белестерге елес берген жетеді. Мың қосшыға бір басшы боп қашанда, Өлгенінше ел басқарып кетеді. Көп айтқаны қартыңның айналыпты нақылға. Дейді екен ол өзі: Бақыт қонар ақылға. Жылы-жылы сөйлесең, жылан шығар інінен, Жағдайыңның барында жылуың төк жақынға. Жолдас болмас жалғанда қалтаңдағы алтының, Жақын жина жаныңа жарық күнде жарқыным. Баталы құл арымас,
Жайын ойла халқыңның. Жүрсе шаңы шыққан ба Жаяулатқан жалқының. Сендер аман болсын деп, Өткен екен бар күнім. Сұрарым бар артымда, Сүйенішім, балқыдым. Адам қонақ өмірге, Ақылды бол алтыным. Нұрын төксін сендерге Арайлы таң, Алтын күн. Осы тектес ақсақал талай нақыл айтыпты, Сөз саптауы қартыңның тыңдағанын байытыпты. Салауатты күн кешіп, мекеніне мәңгілік Тоқсан деген жасыңнан асып барып қайтыпты! 20.08.2014 жыл.
ЖАЗ Шіліңгір шілде, күн аптап, Төбеде күн тұр қонақтап Шыжғырып барып Жер бетін. Мұндайда іздеп бұлақ тап, Кетейік көптен жырақтап. Сағала өзен-көліңді, Басасың сонда шөліңді. Елестетуге қорқамын, Қайнарсыз, сусыз өмірді, Жалынсыз, отсыз көңілді. Қыс келер ертең ызғырып, Барлығын кетер мұз қылып. Ақ шұнақ Аяз қайдасың, Күн өртеп барар қыздырып, Табаға салып шыжғырып. Аяла мені, Алтын күн, Қалдырма ізін салқынның. Күнімен бірге күн кешем, Күнін бер маған жалпының, Үнін бер маған халқымның. Теңізге қарай ұшамын, Қарт Каспий жайды құшағын. Құлаштай кесіп айдынын, Жағалау құмын құшамын, Жанымнан жалау, ұшар мұң.
Маңғыстау – жарты аралым, Өркендей берсін тарабың. Шаңқылдай ұшқан шағала, Көз алмай оған қарадым, Сағынып сені барамын. Ақселеу, аппақ нұр таңда, Тербеліп теңіз тұрғанда, Алыс та алыс қиырға Кемелер бағыт бұрғанда, Сап түзеп сапар қылғанда. Шақырып алыс сапарлар, Көрмеген біздер шаһарлар. Кемелер жүзді жөңкіліп, Жүк артқан керуен-атандар, Жолдарың болсын, атандар! Айналып аққу-қаз кеткен, Самала, салқын әз-көктем. Сағымды сығып су еткен, Ыстықсың сонша жаз неткен, Ып-ыстық демің, мәз кеткен. Жер таппай жанды қоярға, Ақ қайың, тұрмыз саяңда. Күн қанша ыстық болса да, Тірлікке адам тояр ма, Соғуын жүрек қояр ма.
Жанымның іздеп дауасын, Жұтамын теңіз ауасын. Сағындым сені, Алматы, Сағындым достар арасын, Сағындым жастар қаласын. 21.08.2014 жыл. АҚТӨБЕДЕГІ АҢШЫ ДОСЫМА Көрінбейді бораннан ара қашық, Күн өтеді ақ қармен жағаласып. Ақтөбенің ақ шұнақ аязында, Батыр болсаң аң қуып далаға шық.. Білген жанға бәрі ыстық, бәрі мәлім, Біздің елдің түседі қары қалың. Үріп-соғып ақ түтек ысқырғанда, Жақсы ат пенен жақын дос табынарың. Алға қарай жетелеп барады үміт, Айқайлап қой адассаң арагідік. Қасқыр тектес қас батыр қасыңдағы, Жарамайды мұндайда бала-жігіт.
Қасқыр ма деп қарайсың қараларға, Қар үстінде жортады ала қарға. Қамысқа алып барады қабан ізі, Қырсық шалса далада шама бар ма. Қылаң берді қиядан қызыл түлкі. Қар үстінде қып-қызыл, үрпі-түрпі. Қас қарайды, жұлдыздар оянады, Қырдан асып барады тағы бір күн. Қоян қашар қыр асып қалбалақтап. Тазы-көңіл қуады далбалақтап. Қой ауылдың түтіні көз ұшында, Бұралқысы үреді абалақтап. Малға тыным бермеген аңын атып, Сақтаған соғымының дәмін татып. Жауды жеңіп қайтқандай күйге енесің, Дел-сал болып даладан келе жатып. 21.08.2014 жыл.
ЕЛІ ҮШІН ТУҒАН ЕР БАРАҚ Асынған қару жарақтан, Аузына елін қаратқан. Асып та туған ер бар ма Табыннан шыққан Барақтан? Үстіртте құм бар Сам деген, Доңыз тау асып таң келген. Пендесіне Хақ-Тәңір Сол құмда бала, жан берген. Табыннан шыққан Шөмішті Қалмақтың қанын көп ішті. Шөміштінің Барағы Тапқанын елмен бөлісті. Жасынан әскер бастаған, Жауынан қорқып саспаған. Қиялай келген дұшпанын, Қылышпен бөліп тастаған. Ала шаң қылған тақырды, Жекпе-жекке шақырды. Кеудесін бөлген екіге Алакөбік батырдың.
Өкіріп қалмақ құлаған, Ұзыннан тура сұлаған. «Батырың болса келсін», –деп, Қалмақтан қайта сұраған. Жадында елдің өткен күн, Тұралап қара нар шөккен күн. Туралап келген көп қалмақ Туралып қанға бөккен күн. Жауынан қорқып ықпаған, Шашасына шаң жұқпаған. Ысқырып келсе сұр жебе, Шіміркіп басын бұқпаған. Жауырыны жалпақ төрден де, Жарты атан болар бөлгенде. Қалмақты көріп қуанған, Жауым деп көрген өлгенде. Бет бақтырмай тіріні, Қалмаққа жеткен бүлігі. Қол-аяғы сом біткен, Атан түйенің жілігі. Асаудан тұлпар жаратқан, Құйрық та жалын таратқан. Шөміштінің Барағы, Қан кешкен дейді балақтан. Сұлуды кімдер сүймеген. Сұңқарды кімдер ілмеген.
Асылдан туған Асыл ер Елім деп көзін ілмеген. Тоқтағаны Наркескен, Томылғыдан қар кешкен. Тобылғы қамшы үйіріп, Толарсақтан саз кешкен. Орысқа найза білеген, Терісін алып іреген. Қой үстінде бозторғай Балапандауын тілеген. Мерейін елдің асырған, Топырлап жауын қашырған. Тосыннан төнген тасырдың Төбесін ойып басынған. Асығы түсіп алшыдан, Қол жинаған жалшыдан. Ұрандап жауға тигенде, Дұшпаны қанға малшыған. Хан баласы ақ сүйек. Қолдаған ерін нақ сүйеп. Бір жеңнен қол шығарған, Біріккен елге бақ тиеп. Дат ұлы Сырым бастаған, Батыры Барақ қостаған. Орыстың қашқан үрейі, Ерлігін елі қоштаған.
Үмітін елдің ақтаған, Отаршыл жауға жақпаған. Еділ мен Жайық арасын, Орысқа бермей сақтаған. Береке күтпей биліктен, Кескілесіп киліккен. Бекініс салып бекінген, Орынборына шүйліккен. Көріпкел Бекет қолдаған, Асырып айтса ол да адам. Шөмішті Барақ қанында Үш ұрпаққа жететін Батырлар бар деп болжаған. Әулие халық айтпаған, Тарихта болған жәйтті алам. Барақтан туған Асау да, Асаудың ұлы Дәуіт те Еңсермей жауын қайтпаған. Елеулі етіп ел бетін Еңселі етіп келбетін. Асау мен Дәуіт аттанған, Қызғыштай қорып жер шетін. Ұрпаққа үлгі ететін, Мұра боп елге жететін. Батырлар өткен өмірден Ғасырға аты кететін.
Еліміз – ерлік тұрағы. Жанары ердің қырағы. Қаһармандық рухтың. Желбіреп туы тұр әлі. 22.08.2014 жыл. БҰЛТ Жаз күні неткен тымырсық, Атырап күйді күн ысып. Таңдайлар тілге жабысып, Маңдайлар кетер тырысып, Жер мен көк қалған ұрысып. Ұмыт боп салқын азанғы, Күн алар әбден мазаңды. Ыстық жел үрлеп ошағын, Қайнатқан қара қазанды, Тексеріп төзім, шамаңды. Лүп етсе самал бір демде, Сілкініп қалар гүлдер де.
Жапырақтар жаутаңдап, Құлағын көкке түргенде, Көк аспан, ақ бұлт жүзгенде. Көк аспан кенет күркіреп, Найзағай өтті тілгілеп. Бұйығып ақ бұлт тұрды да, Ақ жаңбыр құйды сіркіреп, Жер бетін жатыр сілкілеп. Еріксіз көкке қарадым, Жабырқап жаным барады. Жалаң аяқ жүгірген, Есіме түсті бала күн, Шалшықта ізім қалатын. Жылғадан сулар ағатын, Аққан су арна табатын Малмандай су-су көйлегім, Көтеріп апам алатын, Жып-жылы көрпе жабатын. Ақша бұлт, жүзіп барасың, Қай жерде тыным табасың? Апама сәлем айта бар, Сағынған шығар баласын, Ұмытпас бала данасын... 30.08.2014 жыл.
АТА-ТЕГІМ ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ Бағы асқан басқадан, талайыңнан, Айналдым асыл текті Адайымнан. Ұрандадым Бекет деп, таңбам – жебе, Тін тартамын Тобыштың Шоңайынан. Соққанда алабөлек дауыл келіп, Жан-жаққа босып кеткен бауыр едік. Табынай, Баубек, Шоңай, Зорбай, Қожа – Атанған бес Әлмембет ауыл едік. Тегінде үш Шоңайды бөле алмаймын, Бауыры – бабам Боқай, Тоқсанбайдың Толғамаққа тағдырын бел байладым, Заманнан зауал кешкен Бөгембайдың.
Шабысып қызылдармен өре көшкен, Шұбырып, бір-біріне ере көшкен. Ежелден ата намыс қанында бар, Дұшпанға иілмейтін ерегескен. Осындай мәрт мінезбен Адайдағы Дүбірлеп кең далада ат ойнады. Байы бар, молдасы бар, оқығаны, Тентіреп кете барды талайлары. Толғайын ол дәуірдің қалай бәрін, Өткен күн бейне тұман-мұнардайын. Сол күнде елмен бірге жапа шекті Тобыштан Жайық-Шоңай-Бөгембайым. Сөз етпеймін руды бөлмек үшін, Жол түсті Маңғыстауға білмек үшін.
Сыр тарттым көзқарақты ағалардан, Барғаным жоқ ол жаққа ермек үшін. Сырлы сөз бойды болар тербегені, Жанымның сазға толды пернелері. Зерделеп ата-бабам өткелдерін, Толғандым жыр жазбаққа мен келелі. Таңдарым тәуелсіз боп атқанменен, Өткен күн, неткен толы ақтаңдақ ең? Өз бағасын береді уақыт өзі, Халыққа қанша күйе жаққанменен. Қазақтың кездері жоқ аласарған, Кіммен де тартыса да таласа алған. Шексе де қуғын-сүргін, небір азап, Жақынына, досына қараса алған.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру