TELEGEI

Home

Ақ лақ

Сәдуақас Сəли

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Ақ лақ

С. Сəдуақастың балаларға арналған жаңа жыр жинағы тақырып биігінен көріне білген шығармалар қатарына жатады. Өз оқырмандарының жас ерекшеліктеріне сəйкес ұғынықты тілмен жазылған С. Сəдуақас өлеңдерінде нақтылық əрі жылылық бар. Не айтса да ойын ашық жеткізетін автордың «Ақ лақ» жыр жинағын танымал ақынның еліміз болашағына лайықты тартуы деп қабылдауға болады.

УДК 821.512.122-93 ББК 84 (5 Қаз) 7-5 С 28 Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне ақпарат министрлігі Ақпарат жəне мұрағат комитеті «Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылды Сəдуақас Сəли. Ақ лақ. Балаларға арналған өлеңдер, поэмалар, жұмбақтар, жаңылтпаштар, өтірік өлеңдер. С. Сəдуақас. – Алматы: Дүниежүзі қазақ тарының қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығы. – 2012 жыл. 176 бет. ІSBN 978-601-7023-44-7 С. Сəдуақастың балаларға арналған жаңа жыр жинағы тақырып биігінен кө р іне білген шығармалар қатарына жатады. Өз оқырмандарының жас ерекшеліктеріне сəйкес ұғынықты тілмен жазылған С. Сəдуақас өлеңдерінде нақтылық əрі жылылық бар. Не айтса да ойын ашық жеткізетін автордың «Ақ лақ» жыр жинағын танымал ақынның еліміз болашағына лайықты тартуы деп қабылдауға болады. ІSBN 978-601-7023-44-7

УДК 821.512.122-93

ББК 84 (5 Қаз) 7-5

© Сəдуақас С., 2012

© Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

«Атажұрт» баспа орталығы, 2012

С 28

ШЫТ Сексен жасқа таяған кіші әкем ұлыма «өзімдей көріп жүрсін» деп 3 тал құрт түйілген көне шытын берді. Сол сәттегі тебіреністен туған өлеңіммен алғашқы беті ашылатын осы жинағымды болашақ иелеріне шыт тәрізді кәдеге жарар ма деп ұсындым. Автор Сексен жасқа жуықтап қалған бабаң, Сендей ұрпақ көрсем деп армандаған. Армандаған атаңның алыстағы Шыты – мынау жіберген, қарғам – балам. Ал, қолыңа кірсінбе, көнесінбе, Жіберді ғой алған соң сені есіне. Осы шыттай тозған сол қайсар атаң, Томардай шал болыпты, сенесің бе? «Ұмытпасын ұрпағым өлсем мені, Армансызбын қолыңмен көмсең!» деді. Соны айтты да күрсінді, көз алдымда Бір шал емес, бір ғұмыр кемсеңдеді... Кемсеңдеді, оза алмай от басынан Аттанбақпын мұрсам жоқ – қатты асығам. Сонда, бәлкім, қара шал ғұмырының Ең ақырғы көз жасын төкті осыған. Әлде мына мөлшерім қате шығар, Жаңсақ айтсам санама от ашыңдар. Осы шытқа түйілген үш тал құртта Иманындай атаңның – батасы бар.

Жан емес-ті қиыннан қыры сынар,
Көңілінің бұл да бір күйі шығар.
Қорашсынба бұл шытты,
өйткені, онда

Сен сағынған атаңның иісі бар.
Атаң иісі – тер иісі, расында
Тер – бақыт, тер – байлық қой, ұғасың ба?
Соның бәрін сендерге атайды екен,

Томардай шал бес уақ дұғасында.
Көңілден күй,
сапырған қазаннан май,
Бақытты еді құлыным бабаң қандай.

Сенен көріп шөбере,
Қарқарадай
Қариямыз ләйім аман болғай!
Сексен жасты алқымдап қалған бабаң,

Көбейсін деп ұрпағым армандаған –
Армандаған атаңның шыты осы
Өзіндей көр,
Жоғалтпа, қарғам – балам!

ӨЛЕҢДЕР

КЕЛ, ОЙНА

Есік алды кең арна,
Арнадағы көгалға
Ағаларым еккен-ді
Сорты бөлек көп алма,

Екіде екем мен онда.
Есік алды кең арна,
Арнадағы көгалда
Әр ағаштың басында,

Құжынаған көп алма,
Таяп қалдым мен оған.
Біздің аула кең аула,
Жемісті ағаш көп онда.

Шым жатқызып жасадық
Гүлді алаң, көгалда,
Сабақтастар, кел, ойна!
Біздің қыстақ көп аула,

Әр аулада көл – айна.
Жағалауы көк алма,
Піспей тұрып оларды,
Бауырларым жеп алма.

Саясында салқындап,
Көгалына кел, ауна
Гүлді алаңда көп ойна!

ІСТЕЙДІ КӨРГЕН КӨРГЕНІН

Көршіміз біздің бұрыннан,
Қимылы ғажап, қызық жан.
Жүреді дайым көтеріп,
Сызбаны алуан сызылған.

Заводта ерте құрылған,
Істейді екен бұрыннан.
Түзепті талай көңкені,
Тозығы жетіп бұзылған.

Ғылымға шексіз сенетін
Икемге жылдам келетін.
Бұзылса қандай мүлкіміз,
Сол кісі жөндеп беретін.

Баланың тауып ермегін,
Ойыншық жасап бергенін
Қызықтап талай көргемін,
Қасына мен де ергемін.

Қолөнершілік атағы,
Таралып күнде жатады.
Мінезді, судай сіңсе елге
Өнерде балдай батады.

Тыным жоқ ерте, кештері,
Сызады алуан кестені.
Ермегі әйтеу бос кезі,
Кенжесі биыл бесте еді.

Ал, содан көрдік жаңалық
Көңкені берген жаңа алып –
Быт-шыт қып бұзып тастапты,
Осы ғой дестік балалық.

Таусылды сәтте шыдамым,

– Бұның не қылық, шырағым? –

Десем мен, дейді: – көңкімді
Атамша құрап шығамын.
Көрінді шаттық көзінен
Батылдық ұқтым сөзінен.

Ойымды дереу түзеттім,
Сарапшы – сынның тезімен.
Көргенде мұны атасы,

–Жоқ, – деді мұның қатесі.

Дарыпты дейді әуелі,
Арғы атасының батасы.
Сәбиде емес, менде мін,
Талантын неге көрмедім.

Дейді екен соған халқымыз:

– Істейді көрген көргенін.

ҰЛЫҚПАННЫҢ ӨКІНІШІ

Ерке бала Ұлықпан,
Ойынға әбден құныққан.
Алуан себеп айтады,
Амалсыздан қайтады

Қасқарая сыныптан.
Үй мен мектеп арасы,
Бес шақырым шамасы.
Түсте дайым жауапты –

Дәмдендіріп тамақты,
Ішкізуге ағасы.
Ол келгенде сыныптан,
Сөмкесін ап иықтан,

Жанашыры – панасы,
Тоңып қалса
Анасы
Құшақтап сан жылытқан.

– Түсте тамақ іштің бе?

– Автобусқа түстің бе?

– Ақылыңнан айналдым!...

Бір үйдегі жандардың,
Жаны соның үстінде.

– Жазуыңды жазасың,

Көп үйренсең озасың,
Деп жебесе ағасы,
Ара түсіп анасы,
Алма дейтін мазасын.

–Жақсы баға алдың ба?

– Тапсырмаңды болдың ба?

Деп сұраса тәтесі,

Шақыратын әкесі,
Теледидар алдына.
Жыл соңында Ұлықпан,
Көше алмапты сыныптан.

Ашуларын төкті-ау кеп,
Ұстаздарын сөкті-ау кеп,
Ата-анасы мұны ұққан.
Арқаланды Ұлықпан,

(Жол табылды тұйықтан)

– Талай білім игердім,

Деді, – ата-ана сіздердің
Шапағатты ұмытпан!... –
Ойлап алыс, жуықтан,
Тәжірибем бір ұққан,

Болса ұстазым сендердей,
Көшеді екем бой бермей.
Сынып аттап сыныптан–
Деп өкінді Ұлықпан.

ОРЫНСЫЗ.....

Қайтып келсем жұмыстан,
Тентек ұлым Жүнісхан –
Ұстап апты торғайды
Тошаладан – қуыстан.

Үндемедім, мақтанды,
Жан сезімін ақтарды.
Біледі екен торғайды,
Қапасқа сап баптауды...

Деседе бір сәт, шөлдеді
Шашылмады жемдері.
Дейді бірде, талтүсте
Күннің нұрын көрмеді.

Айтқандықтан «ақылдым»
Барлығына мақұлмын.
Көрдім бір күн «ерлігін»
Біздің Жүкең батырдың...

Көтеруге иықты,
Дос-жаранын жиыпты,
Шығарыпты табанда
Жүкеніміз қылықты.

Достар көзі тұныпты,
Торғай жайын ұғыпты
Аша алмапты бірақта
Қапастағы құлыпты.

Жүкең тынбай бөсіпті,
Елеурепті, есіпті.
Ал, достары торғайды
Ұстап көрсек десіпті.

Торғайына желденіп,
Жүкең сәтте ерленіп –
Қол тығыпты қапазға
(Әне қызық көр келіп!)

Шиқ-шиқ етіп таңдайы,
Дыбырлапты торғайы.
Саусағына Жүкеңнің
Ілініпті борбайы.

Салыны әсте түспеген,
Епті ұсақ іске ерен.
Жүкең торғай борбайын
Тартқан екен күшпенен –

Достары таң қалыпты,
Торғай мүлде «талыпты»
Бір борбайын санымен,
Жүкең жұлып алыпты.

* * *
Қайтып келсем жұмыстан,
Тентек ұлым Жүнісхан.
Жасырып тұр торғайын,

Шығармастан уыстан.

Орынсыз мақтан,

Шабатын қақпан.

Өрендер жаман –

Әдеттен сақтан,

Жеңіске жетпек,

Қиуын тапқан.

БӘЙГЕДЕ

Бір шақырым – көмбеміз,
Жарысуға келгеміз.
Жүрек жарды қуаныш,
Көңіл бүгін көл – теңіз.

Болғандықтан тыныштық,
Міне осылай ұйыстық.
Белгіленген орында,
Қаздай қатар тұрыстық.

Жанарлары от шашқан
Шабандозбыз топтасқан.
Тұрдық сәтке,
Танауды

Тартып қойып қос-қостан.

Жолықпағай тіл–сұққа,
Сәтсіздікке – қырсыққа.
Деп тілеймін, көк тайым,
Үйіріледі ұршықша.

Мейірімі телегей,
Төрешіміз төбедей –
«Ал!» дегенде-ақ жөнелгем
Зымыраған жебедей.

Құлдыраңдап тай көгім,
Шықты алдына бәйгенің.
Деп келемін ішімнен.
Тәлейім бар, әй менің...

Көбік шашып есірді,
Қолтық жазып көсілді.

Бірақ, тағы шығарды
Жол ортада кесірді.
Ауыл бар-ды бөктерде,
Жылқы жатқан беткейде.

Тартты солай тай көгім,
Дәл тұсына жеткенде.
Қанжілік боп терледі,
Дөйдалаға өрледі.

Бұрсам-дағы күшпенен,
Маған ырық бермеді.
Тізгінімен алысып,
Қалды қолым қарысып.

Артымдағы балалар,
Өте шықты жарысып.
* * *
Асып қырдың сай-белін,

Жетегімде тай көгім.
Келдім жаяу көмбеге,
Ең соңында бәйгенің.
Түтін шығып төбемнен,

Сөгіс алдым көп елден.
Содан бері қорқамын,
Сыңар езу дегеннен.

АТАНЫҢ АҚЫЛЫ

Аққайыңның бұтағын кеспе, көкем,
Сен үлкенсің, бұл байғұс бесте ме екен?
Қол-аяғың секілді бұтақтары
Аппақ болып әдемі өскен екен.

Жүрсін осы ақылым есіңде енді,
Жолатпағын келсе де досың мейлі.
Ұлы анамыз–табиғат,
ағаш түгіл

Бір тал шөбін жұлсаң да кешірмейді.
Айтқаныма өкпелеп қалма, сірә,
Көп келіп тұр атаңның ауласына,
Кім кепілдік ете алар

осы бұтақ
Ертең саған шаңырақ болмасына?...

КҮТЕДІ ЕНДІ ҒЫЛЫМНЫҢ КӨМБЕСІНЕН

(қызым Салтанатқа)
Үмітімнің осы ма ақталғаны,
Он жылдықтан отырсың аттанғалы.
Аттандырар алдында ата-анаңның

Жөн де шығар ел-жұртқа мақтанғаны.
Қыздыратын бұл жегжат, о туысты,
Қуаныштың шынында оты күшті.
Қуан қызым сен де бір қоғамдағы

Болмақшысың өнерлі – оқымысты.
Санаққа ендің, бола біл санаттарда
Әлі талай түсесің сараптарға.
Қадірін біл заманның,

әжең марқұм
Жете алмаған қойқаттық сауатқа да.
Сауат тұрмақ, болмаған еркіндігі,
Шел жұқпаған ондағы ел тірлігі.

Ал, мінеки Отан-ана сен секілді
Қыздарының көңілін желпіндірді.
Тәтті ойлардың бағына төте кіріп,
Ізгілікті сендерден етем үміт.

Алдыда жүр ағалап, әке-шешең
Жүрсін десең иығы көтеріліп.

Электрон меңгерген таңда, мына,
Ұмтылғандар талаптың талғарына –
Салмақ қосып сананың салмағына,
Жетері хақ оқумен арманына.

Алатұғын өмірде мол несібең,
Озады адам – адамнан зердесімен.
Ал, қарағым, өзіңді Отан,
Халық –

Күтеді енді ғылымның көмбесінен.

АҚПАЙ МЕН СӘТБАЙ

(Жеңіл айтыс үшін)
А: Әдепті бала Ақбайды,
Көргендер тегіс мақтайды.
Жақсылық істеп әр кімге

Қыс-жазы тыным таппайды.
В: Әдепсіз бала Сәтбайды,
Көргендер янаттайды.
Қияңқы, қыңыр мінезі.

Адамға ешбір жақпайды.
А: Әдепті бала Ақбайды,
Маңдайға ешкім қақпайды.
Мектептен,

қоғам,
кітаптан
Үйреніп білім топтайды.
В: Мұратсыз бала Сәтбайды,

Сабақтастары ұнатпайды.
Ғылымға, өнер-білімге,
Көңілі мүлде тартпайды.
А: Әдепті бала Ақбайды,

Ұстазы күнде мақтайды.
Үш тәртіп, сегіз мақтықты,
Есінде берік сақтайды.
В: Әдепсіз бала Сәтбайды,

Ұстазы қайтып ақтайды.
Әлі жетсе әркімді
Ұрады, жездей қақтайды.

А: Тәртіпті бала Ақбайды,
Көп қауым қолдап жақтайды.
Мектептің, елдің мал-мүлкін
Бүлдіріп бұзып-шақпайды

В: Тәртіпсіз бала Сәтбайды,
Көшеде кімдер сақтайды?...
Темекі, арақ дегенде
Күні-түні тыным таппайды.

А: Еңбекшіл бала Ақбайды,
Еңбекші халық мақтайды.
Үмітін ата-ананың,
Қан-теріменен ақтайды.

В: Еріншек бала Сәтбайды
Жанына ешкім тартпайды.
Мектепке, үйге, қоғамға
Бәріне ақыр батпайды.

НҰРБЕК КӨЛГЕ ҚҰЛАДЫ

Шыбық атты сүйреткен,
Танысыңыз Нұрбекпен.
Лағы бар жетекте –
Сүзеген қып үйреткен.

Үйреткен-ді жапалы,
Болды «мықты» тапалы –
Мүйіз шығып сүйемдей,
Екі елідей сақалы.

Бір болатын Дүрмекте,
Уәде еткен Дубекке:
Лақтардың қауқарын,
Сүзістіріп білмекке.

Көл жағалап келеді,
Аяңдайды, «желеді»
Шөліркеген лағы,
Суға қарай төнеді.

Жібермейді бірақта,
Ширығуда лақ та.
Жарар еді-ау жануар,
Қалдырмаса ұятқа?!

Дегенімше болмады,
Тайғанақ тар жолдағы –
Иесіне тап берді,
Босап лақ қолдағы.

Жымырайып құлағы,
Тік секіріп лағы –
Періп кетті, тайғанап
Нұрбек көлге құлады.

Нұрбек көлге құлады,
Айғайлады, жылады.
Жағада тұр жайылып,
Шөлі қанған лағы.

ТОРҒАЙЫМ

Таң бозынан сайрайды,
Тақылдатып таңдайын.
Қапезінде ойнайды,
Менің бұлбұл торғайым.

Су ішкізем, жем берем,
Болғанымда үйде мен.
Ықыласпен, зердемен,
Сайрағанын үйренем.

СОҒАН ӘЖЕМ МАҚТАЙДЫ

Ақ мысығым алдымда,
Пырылдайды, тынбайды.
Сыртқа шығар алдында,
Босағаны тырнайды.

Былғамайды үй ішін,
Тазалықты сақтайды.
Сезсе тышқан дыбысын,
Күндіз – түні жатпайды.

Соған әжем мақтайды,
Маңдайынан қақпайды,
Сылап – сипап баптайды.

Ақ лағы Зейнелдің,
Ерте туған – сақалды.
Ортасында төлдердің,
Сүзеген деп аталды.

Қылығы да өзгерді,
Теке болды бақылдап.
Шықса өріске төлдерді,
Қуды бірден тақымдап.

Ермек болды Зейнелге,
Қызық көрді, шаттанды.
Орайы бар жерлерде,
Лақ жайлы мақтанды.

«Сырға» салды құлаққа,
Әдемі мыс жармақтан.
Күйек асты лаққа,
Алақандай жарғақтан.

Мұның бәрін ақ лақ,
Мәртебе деп ойлады.
Тыншымады маңырап,
Сол әдетін қоймады.

Енесі де сүтті еді,
Расымен-ақ мәйекті.
Текешік боп шықты енді,
Үш, төрт ай өтті арада.

Бірақтағы басқа адам,
Мақтамады, кекеді.
Жөн-ақ, тартып тастаған,
Неғылады текені.

Осы үйге бір кеште,
Қожа келді,
ел келді.
Отырғызды «сүндетке»

Ақ лақ пен Зейнелді.
Қылығына Қожаның,
Зейнел жатыр ұрысып.
Ортасында қораның,

Ақ лағы тұр бүрісіп.
Кішкентай достар,
Ойлаңдар бастан.
Деген сөз осы –

Асқанға тосқан.

КӨК КҮШІК

Тістесе де уыты жоқ тісінің,
Жуас еді жуан бас көк күшігім.
Еркелеп кеп алды-артын орағытып,
Алқауын ап жататын көп кісінің.

Ала жаздай ұйқыға бөкті шырын,
Қыңқ етпес деп атанып кетті, шыным.
Жуындыға тойынып, сүйек мұжып,
Бір тәуірі етпейтін етті шығын.

Тіреп алып тұмсығын кіндігіне,
Жалғайтұғын тырп етпей түнді күнге.
Үрмек тұрғай ырылдап көрген емес,
Сегіз аяқ семірген тірлігінде.

– Жақсы үйретпей жегіздің алал асты,

Күшігіңді сондықтан қара басты! –
Десіп көрші ауылдың балалары
Мазамды алды, мазақтап табаласты.

«Айтақтадым»
Ініммен жарыстырдым,
«әу» демейді, әй, жағы қарысқырым!
Шамырқандым, өзім де намысшылмын,

Ақыл айтты бір күні таныс құрбым:

– Бақпағансың не керек баста абайлап,

«Шық!» демейсің төріңде жатса да аунап.
Сақ болады іргеңнен бақсаң аулақ,
Ашықтыр да, шынжырлап таста байлап.
Танысымның айтқанын екі етпедім,

Байлап қойдым,
әредік жетектедім.

Ашықты ма, білмеймін ширықты ма
Үш күннен соң жұлынды етектерім.
Босай алмай шынжырдан жұлқынады,
Қыңсылайды,

Ұлиды, бұлқынады.
Екі көзі қанталап күндіз – түні
Тықыр еткен дыбысқа ұмтылады.
Сілекейі шұбырып жалақтайды,

Жерді тырнап, маңына жолатпайды.
Қапелімде босанып,
көрші ауылдың
Дардай мықты жігітін талап та алды.

Қозы – лақтан нешеуін етті шығын,
Көкжалданып көк езу – көк күшігім.
Қыбыр еткен қимылды қалт кетірмей
Қарғысына қалды ақыр көп кісінің.

Бүліндірген бейкүнә ел тірлігін,
Тартып жүрмін итімнің дертін бүгін.
Долы болып кеткенін сезеді ішім,
Буғандығым себепті еркіндігін.

Итекешім иттігін білді ме екен?
Жуан шықса жуастан сұмдық екен.
Ұққаным сол:
жақсылық, жамандық та

Үйретуден болары шындық екен! –
Сол үшін де шындыққа құлдық етем!

ҚОЙДЫРДЫМ

Жеңгем айтты :

– Әлгі қайным – түйнекке,

Десем үйтіп үйретпе!
Тілімді алмай кенжемді
Дәндетті тіл,
бүйрекке.

«Шешең болсам егер мен
Түсірмес – ем төбемнен!» –
Деп жетелеп қалмайтын
Той – томалақ дегеннен.

Төрттен енді асқан-ды,
Ас та әңгіме бастайды.
Тамақ құрлы көрмейді,
Ет пен майдан басқаны.

(Қиқарын-ай Ермектің!)
Не десе де көнбеппін.
Бірақ әр күн жеңсігін
Қайдан тауып бермекпін? ...

Ел не десе, о десін,
Балалыққа көнесің.
Жалғыз лақ бар еді,
Ұры әкеткен енесін.

Алдасам да көнбейді,
Айтқаныма сенбейді.
Тірі лақтың бүйрегін –
Тілін алып бер дейді.

Ақыр соны сойдырып,
Қарнымды да тойдырдым
Мал қалмады,
Ермектің

Қылығын да қойдырдым!

ҚҰЛАП ҚАПТЫ

Бас кезінде көктемнің,
Жағасына көк көлдің –
Арық тартып, жер жыртып
Алуан көксөк еккенмін .

Алтын табақ көктегі –
Шүлен күннің от демі,
Жылу беріп көкөніс
Тегіс қаулап көктеді.

Мұны көріп Жанарат,
Қуанған-ды қабағат.
Өспеді деп бірақ тез
Етпей жүрді қанағат.

Әрі өтірік, әрі шын –
Тыңайтқышын – дәрісін,
Шашып, тағы тауыпты
Тез өсіру әдісін.

Ойлар түсіп еске көп,
Тәтті қиял кешті ерек;
Бірден созып майсаны
Өс, өс жылдам,

өс демек.
Деп кірледі, желденді
шомылдырып Ерленді,
Өс, өс, өс деп тәтесі

Созғанын сан көрген-ді .

Жәкең бөсіп, мақтана
Жинап алып топ бала –
Істетпек боп әдісін,
Барды шетке тақтаға.

Істелетін жұмысты,
Әп-сәтте тез ұғысты.
Қылтиған әр майсаны
Бірден созып шығысты.

Самал сүйіп беттерін,
Күн қақтады еттерін.
Шұрқырасты балалар
Өсірдік деп көп-көрім.

Әр отаудың еркесі –
Бәрі ойынның серкесі.
Көрді сұмдық тақтадан
Барғанында ертесі:

«О, құдырет неткен іс,
Кеше өсіріп кеткеміз!...»
Десті бәрі , майсалар –
Құлап қапты теп-тегіс.

МЫҚТЫБЕК

Қиқар бала Мықтыбек,
Дымым құрып бітті деп –
Жүгіріп кеп, тіл алмай
Суық суды жұтты кеп.

Шөлі қанды,
балқыды
«Жақсы-ақ судың салқыны».
Бірақтағы ертесі,

Ісіп кетті алқымы.
Тұла бойы дірілдеп,
Жұтқыншағы іріңдеп,
Қайта-қайта түшкіріп,

Түсті әлекке мұрын көп.
Сыздап аяқ-қолдары
Шаншиды иық,
жондары.

Тауып берген апасы
Дәрі шипа болмады.
Енді қайтсін Мықтыбек,
Әлім құрып бітті деп.

Барған еді доғдырға
Ащы уколды сұқты кеп.

– Ой, жамбасым,

жамбасым,
Ойбай, апа, қайдасың? –
Деп Мықтыбек ойбайлап,
Көрді судың «пайдасын».

САЯҚТЫҢ ТАҒДЫРЫ

Саяқты кім аяпты,
Жейтін тас пен таяқты.
Күрең саулық дүйімге,
Аты шыққан Саяқ-ты.

Айдағанға көнбейтін,
Қойға ілесіп, ермейтін.
Кешке жатын қораға,
Сүйресең де енбейтін.

Көз сүрінтер қараса,
Төлі қандай тамаша!
Барса өрісте күрең қой,
Жайылатын ауаша.

Қора маңын баспас бір,
Еді-ау нағыз нас басқыр.
Өткен түні даладан
Жеп кетіпті аш қасқыр.

ТҮЗЕЛУ

Мақтап, мақтап төрттен қойып тасымды,
Шығаратын төрге дайым басымды –
Апам менің тарап тұрып шашымды
Айтты былай биыл шыққан жасымды:

– Бір тоймадың қызығына асықтың,

Үйде тентек түзге шықсаң жасықсың.
Әлі күнге түк келмейді қолыңнан,
Кіші емессің,
көк өгізбен жастысың.

Ол да биыл шығады екен алтыға,
Қайран қалдым бойымыздың парқына.
Көп жұмысты тындырғанын көргенмін,
Арба,

шана тіркеп алып артына.
Енді білдім; апам мені аяпты,
Соған бәлкім әр күн түсте оятты! ...
Асыр салып, алты жылдың ардақты

Асын ішіп, босатыппын аяқты.
Тамтығы жоқ мендегі көп қиялдың,
Үлкендерден сөгісті де жиі алдым.
Күлдіруден бүлдіруім көп екен,

Тұңғыш рет бетім қызып ұялдым.
Бәрі жұмыс: үлкен – кіші жұмыстың,
Дейтін апам, көрсе өнімін бір істің.
Елгезекпін енді міне ерте – кеш

Көк өгізше көп шаруаға кірістім.

ТІК-ТАК

Тыным алмай тік-так деп,
Шошаңдаған тік-так доп –
Көл бетіне секірді,
Судың сырын ұқпақ боп.

Тітіркенді тік-тактап
Тұра қалды тік тоқтап.
Кірі кетіп,
денесі

Болып шықты тіпті аппақ.
Батырсынған тік-так доп,
Бір секіріп, бір тоқтап,
Тұра ұмтылды,

бір таптап
Отты өшіріп құртпақ боп.
Қалды байқұс боп қолды,
Тұла бойы топ болды.

Ойбайлауға үлгірмей
Өртенді де қоқ болды,
Бір жолата жоқ болды.
* * *

Астамсу деген,

Бір жаман әдет.

Білмеген әлін,

Болады әлек.

ӨКПЕЛЕДІ КӨКТЕМГЕ

Семіз бала Ойынбай,
Денесі ауыр– шойындай.
Қолтығында шаңғысы
Ұзындығы бойындай.

Еңіс, өрді айырмай
Сырғанайтын тайынбай.
Кейде құлап жататын
Ойбай салып аюдай.

Пышылдайтын, терлейтін
Өзгеге ырық бермейтін.
Үскірікті аязды
Елең құрлы көрмейтін.

Шаршамайтын, талмайтын
Кейде құстай самғайтын,
Кеткенше жер қарайып
Ойыны бір қанбайтын.

Шаңғы да артық «стажы»
Талайдың ол ұстазы.
Тілейтұғын: қар мен мұз
Болсайшы деп қыс, жазы.

Бүгін шығып көк белге,
Қар–мұз еріп кеткенде –
Ойнатпаған шаңғыны
Өкпелеп тұр көктемге...

ӘЙ, БАЛАЛЫҚ!

– Жетпей желкең қиылғыр,

Әй, қарақұрт!
Әттең, әттең
Жүр екен қайда барып? –
Деп тұрғанда кірген-ді сүт кенжесі,

Ұмтылды ана тістерін «қайрап алып».

– Әй, жүгірмек!

Қаңғырдың қайда барып?

– Келдім, апа, отаудан қаймақ алып! –

Деген еді кенжесі,
шешесінің
Кетті ашуы малтадай майдаланып.
Кетті ананың шырайы жайнап анық,

– Ұзап кетпе ауладан,

ойна барып!
Деді ұлына, ойладым: енді қандай –
Алдарсың деп анаңды әй, балалық?....

МАҚТАУ МЕН СӨГУ

Деп мақтап ем:

– Ыдырыс,

Балдан-дағы тәттісің,
Қолындағы бір уыс,
Бере салды тәттісін.
Деп сөгіп ем:

– Ыдырыс,

Балаларға тас атты.
Қолындағы бір уыс,
Лайымен асатты.

ҚЫҢЫРБАЙДЫҢ ҚЫРСЫҒЫ

Бері жығыл десең ары жығылар,
Қыңыр байдың қыңыраяр жыны бар.
Ас – су сайын айналасын алады,
Бәкі – пышақ,

қасық, тақсы – шынылар.
Бар меншікті орындығы, үстелі
Табу қиын ой-қиялын іштегі.
Қыңыр байдың тарқамаса қырсығы

Үйлі жанның ірің болар ішкені.
Төгіп-шашып
тәтті, жидек-жемісті,
Құлағына қыстырмайды сөгісті.

Біреуі ұрысса, арашалап біреуі
Ата-анасы талай сөзге келісті.
Кір қожалақ бет-аузы,
тұмсығы,

Түзу болып жатады ылғи қисығы.
Жылан жылы кірген еді мектепке.
Жоғалды әйтеу Қыңырбайдың қырсығы.

ЖЕКСЕНБІ

Жасаған биыл сексенді
Атасы, ертіп Жексенді –
Бақшаға кетті ойнатып
Күн ашық еді –жексенбі.

Тамаша көріп, тоқтала
Жеткенде әрең қақпаға –
Жолыға кетті шуласып,
Жарыса сөйлеп топ бала.

Сөйлесті сәтте танысты
Барлығы қоршай жабысты.
Дем алды ата, балалар
Ойнады,

күлді,
жарысты.
Малтады, допқа ұйысты
Қала сап, үй де жиысты.

Бөлініп топқа «ұрысты»
Бақшаны басқа киісті.
Күресті, кезек күш алып,
Алысты шаттық, құсалық.

Уда-шу, айғай,
жүгіріс
Ілезде кетті түс ауып.

– Жүріңдер алма тереміз!

–Келіңдер аю көреміз!

– Кетеміз!

– Келер жексенбі –

Тағы да ойнап келеміз.
Әңгіме айтып еседі.
Әндетіп, билеп «бөседі»
Демалыс күні бәрінің

Іздейтіндері осы еді.
Тапсырма бар деп кешегі,
Кетісті қайтып нешеуі.
Бір тобы: бүгін демалыс

Ойнаймыз әбден деседі.
Шыжып тұр,
жаздың күні ащы,
Айтысты жалған, расты.

Топ бала енді Жексеннен
Жексенбі күнін сұрасты.
Жастанып көздің шанағы,
Тұнжырай қалып қабағы.

«Менде жоқ бірде жексенбі»
Деп Жүкең жерге қарады....
* * *
Жасаған биыл сексенді,

Атасы ертіп Жексенді.
Уәде берді: әр күні,
Беретін болып «жексенбі».

ТАЗАЛЫҚ

– Бүгін бізге тазалық,

Алайыншы тазарып, –
Деп есіктен Далабай
Кірді асығыс бозарып.
Әр сыныпта екі жыл

Аялдайды, еті кір,
Тазалықта апталық ,
Ағарады беті бір....

БАЛА МАХАББАТЫ

Кернеген шаттық кемерін,
Көшеде келем көк өрім.
Жол бойы тал мен шынарлар,
Желпиді жасыл желегін.

Сылдырап тұрған жапырақ,
Сыбырлап тұрған көп ерін.
Қуалап кепті артымнан
Ентігіп ұлым – өренім

– Немене қалқам керегің?

– Қалмаймын, саған еремін.

Достығын әр ұлт халқының
Парадтан ана көргенмін.
Сәбилік құрмет білдіріп,
Иіліп сәлем беремін.

– Өмірге ерте үңілген,

Өренім неткен ұғымды ең.
Достығын айтқан әр ұлттың
Айналдым сенің тіліңнен.

«9» БЕН «1»

Аламын деп билікті,
«9» қатты ширықты.
Түк таба алмай ақыры,
«1»-ге барып килікті.

– «9» деген жоянмын,

Барша санға аянмын.
Менсінбеймін тұрқыңды,
Сирағындай қоянның.
Мақтанышым – көптігім,

Домалағыш ептімін.
Молайтуға тимейді,
Мендей сенің септігің.

Ауырымын салмақтың,
Топтан озған саңлақпын.
Сондықтанда сандардың,
Атаманы болмақпын.

Цифр еді ақылды,
«1» бұған бас қатырды.
Көршісі «0» пақырды
Берекеге шақырды.

– Қосайын дәм – тұзымды,

Түсірмейін жүзіңді.
Деп «0»
«1»-дің барды да,
Оң жағына тізілді.

Берекеге құрылып,
Көрінбей ме ірілік.
«10» болғанын көрдің бе?
«1» менен «0» бірігіп.

Қол –аяғы шолтиып,
Теріс қарап, қоңқиып,
Кішірейіп әп–сәтте,
Қалды «9» шоңқиып.

– Қорламаймын басыңды,

Көргейсің көз жасымды,
деп тоңқаңдап,
«10»-ға енді
«9» цифр бас ұрды.

ҚАҒАЗ ҚҰСЫМ

Иек артып асқарға,
Күн қарайды күлімдеп.
Қалықтап жүр аспанда
Аэроплан гүрілдеп.

Темір қанат құсымның,
Өнеріне қайранмын,
Сондай көкте ұшудың,
Жолын іздеп ойландым.

Өтті күнім әлекпен,
Ақыр сырын түсіндім.
Жасадым да газеттен,
Батпырауық ұшырдым.

Қостым үлес өмірге,
Мақтанамын достарға.
Қағаз құсым менің де,
Қалықтады аспанда.

БІР ҮЛКЕН МӘДЕНИЕТ

Бауыр етім, базарым, қарағым-ай,
Жерім бар ма қаққан бір қабағыңа-ай,
Қарашы енді: мойның кір, қолың күс-күс
Үстің батпақ, өңірің, балағың май.

Пәленшенің баласы... арамын-ай,
Десе біреу қымсынып қаламын-ай.
Жүрсең нетті мұнтаздай тазаланып
Көрінгеннің алдында таба қылмай?!

Ержетсін деп өзіңді әдемірек,
Ата-анаңның тартатын әлегі көп.
Түсін, балам, ту бастан тазалықтың
Екендігін бір үлкен мәдениет!

ҚАЙТЕР ЕДІҢ?

Сезілетін керемет,
балдай маған,
Қылығына бөпемнің қанбай қалам!
Қолдағысын сұрасам, аямайды

Дегізеді:
Таудай бол! Таудай – балам
Баурайды екен қандай тіл,
қайсы әнімен –

Көңілімді,
мақсатын ойша білем.
Деп ем тағы «таудай бол!»
Деді былай:

Нұсқап тұрып тауларды саусағымен.

– Ұрсасың ба?

Батаңа иланбасам,
Әурелесем, өзіңді қинай қалсам?
Қинағаным емес пе – қайтер едің,
Таудай болып

есіктен симай қалсам.

КІМ БОЛАМ?

(шағын айтыс)
Қайрат:
Сабақтастар, келіңдер
Қане, көңіл бөліңдер!

Асыл арман жайында,
Айтылады сенімдер.
Мыналардың сөзіне,
Әділ баға беріңдер!

Жұлдыз:
Заманындай тынысты,
Орындайтын ұлы істі,
Жарататын ырысты,

Боламын мен жұмысшы.
Айдар:
Тәлімі ата – бабамның:
Ас – арқауы адамның.

Диқан болам сондықтан,
Қажеті үшін қоғамның.
Асқар:
Жанашыр жан – қормалым,

Құрыш шепті қорғаным.
Ана отанды қорғайтын
Әскер болу – арманым.
Думан:

Ойы биік өрелі,
Табыстары келелі,
Әлем сырын ұғатын
Ғалым болғым келеді.

Гүлзира:

Дарындылар өсірген,
Қиынға еркін көсілген.
Ұстаз болу – арманым,
Шықпайды әсте есімнен.

Патиқа:
Қойнында мектеп анамның,
Нұрланды көз жанарым,
Арнап білім жолына,

Тұнығын ой – санамның,
Дәрігер боп,
ажалға
Арашашы боламын.

Қайрат:
Ал ендеше самғаңдар,
Қағыс кейін қалмаңдар.
Уақытты еселеп,

Мол табысты қармаңдар,
Ағалардың ізгі ісін,
Болашаққа жалғаңдар.
Бәрімізге өнеге,

Жақсы үйреніп озғандар.
Тез ұмтылсын алдыға
Нашар оқып қалғандар.
Сонда іске асады,

Біздегі ортақ армандар!

ҚОШЫМНЫҢ ЖАУАБЫ

Біледі онға дейін қосуды,
Мақтады әже бес жастағы Қошымды.
Бір аулада отыратын үйлердің,
Баласына болып жүрді осы үлгі.

Сынайын деп ауашада Қошымды,
Тілдесіп ем, талабыма қосылды.

– Беске бесті қоса қойшы шырағым?!

– Он болады! – деді іркілмей, жосылды.

Біледі екен әдеп – иба, жосынды,
«Тағы да бір сынайыншы осы ұлды»
Деп ойланып:

– бестен бесті алғанда

Не қалады? – деп ем, бала тосылды.
Тосылды да, салбыратты қабағын,
Тез түсіндім әлсіздігін баланың.
Онға дейін білгенімен қосуды,

Білмейді екен бірақ та алу амалын.

– Бұл амалды үйренбепсің, рас, жаным,

Деп балаға елжірей көз тастадым.
Түздім де тез іштей көңіл жоспарын,
Алу жолын ұғындыра бастадым.

– Бес кәмпитің салып жүрген қалтаңда,

Түсіп қалса жол-жөнекей қайтарда.
Не қалды сонда, балам, қалтаңда?
(Деп отырмын дұрыс жауап айтар ма?)
Ойланбады әжесінің Қошымы,

Білмейді деп отырсыз ба осыны?
Бес кәмпитім түсіп қалса, қалтамның
Қалмай ма, тек үңірейіп тесігі! ...
Айтты осылай қортындыны, о, демде,

Босын енді балақайға не деуге.
Ду-ду етті екі бетім,
сездім тез,
Бір шикілік кеткендігін менен де...

ДҰРЫС ПА?

Сексендегі қарт атасы Шекердің,
Білуші еді көп тілдерін шетелдің
Сондықтан да, газет, журнал, кітапты
Көп оқитын, өткізбейтін бекер күн.

Көргендіктен артық қимас досынан,
Кітапқұмар атаныпты жасынан.
Кейде әдеті үйде, түзде, аулада
Немересін қалдырмайтын қасынан.

Аздап діріл болғанымен үнінде,
Тоймаушы еді үйренуге – білімге.
Сөйлесе де өзі болып қайсы ұлттың,
Титтей мүкіс болмайтұғын тілінде.

Тұрған биыл алты жастан асқалы,
Білмейтұғын тек ойыннан басқаны –
Шекер бір күн атасына еркелеп
Асылды да, былай сұрақ тастады:

– Яслиден оқы дейсің биыл да,

(Көп әріпті жаттасам да миымда)
Енді оқысам шетел тілін үйренем,
Оны үйрену оңай ма, ата, қиын ба?
Гүл-гүл жайнап албыраған беті анау,

Секілденіп көрініп тұр от – алау.
Немеремнің ойындағы тілегін,
Күні бұрын бір сезбеген екем-ау.

Неткен жақсы ой-арманы көкемнің,
Деп түйді де қарт атасы Шекердің,
Қысқа ғана берді сөйлеп ұғымды,
Үйренетін тілі жайлы шетелдің.

– Қиындығы қиын балам, расында,

Талай–талай өткелек бар басында –
Кейінірек болады оңай бірақ та,
Қиналмассың,
мен бармын ғой қасыңда.

Деді атасы көңіл күйі тасыған,
Сипап тұрып Шекерінің шашынан.
Деді Шекер:
онда үйренсем жөн екен –

Оңайларын, әуреленбей басынан.
Барлық бала ата-анаға, туысқа
Шекерше ойын жасырмауы тиісті, ә!
Бірақ тағы ойлаңдаршы өрендер,

Оның соңғы тұжырымы дұрыс па?!.

ОТЫРДЫ КӨП ОЙЛАНЫП

Үйлерінде Елдостың,
Тұрғанымда он бес күн.
Қалың сұрақ қаптады-ай,
Бәлкім бұған сенбессің.

Ермек іздеп еріккен,
Бала емес-ті зеріккен.
Аузынан бір түспейді,
Дейтін сұрау неліктен?

Ойламайтын кейде ешкім,
Ойлары көп Елдостың.
Тапты сұрақ ал, бүгін,
Тығынынан термостың.

Ойлантар тыс еріктен,
(Мен де ақыры көніккем)

– Кейде термос тығыны,

Атылады неліктен?
Деп сұрады қайта бір,
Қолдадың ба әй,тәңір!
Сұрағына бұл жолғы,

Қанық екем әйтеуір.

– Көңіліңді көп бөлсең,

Түсінесің еппен сен.
Атады термос тығынын,
Ішке кірген ауаның,
Кернеуі асып кеткен соң!...

Тұрмын тағы сайланып,
Келері хақ ойланып.
Жауабыма бірақ-та,
Отырды көп ойланып.

КҮЛДІМ-АЙ, КЕП ...

Қызығарлық ақылы мен зердесі,
Қашан көрсең алаң–ашық кеудесі.
(Бір күні түсте, жалаң аяқ, жалаң бас)
Кіріп келді көршіміздің кенжесі.

Атасы мен әжесіне қырдағы,
Бауыр басып, көп тұрған-ды бұл дағы.
Енді міне беп-белгілі қойнына,
Қуанышын сиғыза алмай тұрғаны.

Әкесінің жолдасы да, «туысы».
Біз дейді ғой, бір болғасын жүрісі.
Сол үшін де сұра дедім балама,
Немене екен келген оның жұмысы?

Өзі кепті, жібермепті тәтесі,
Дегендей-ақ тіл қататын сәт осы.
Кетті сөйлеп, кеше түсте реңді
Телевизор әкеліпті әкесі.

Баламыз бар, жасымыз бар, кәріміз,
«Құтты болсын!» дестік тегіс бәріміз.

– Жудыңдар ма?

– Жудырамыз соңыра!

Көрші-қолаң,

– Жуғамыз жоқ әлі біз.

Жуғамыз жоқ, жуғамыз жоқ суменен,
Жап-жаңа екен,
еш жері жоқ кірлеген.
Сол үшін де тәтем кеше, бүгін де,

Сүртіп қойды бетін жұмсақ бұлменен.
Деді бала, бұзбай тұрып түс-өңін,
Енді орынсыз «жуыңдар» деп күшеуім.
Бірақтағы жауабына баланың,

Күлдім-ай, кеп, түйілгенше ішегім...

...БІРІНШІ

Баяу ғана жел тұрып,
Алды бау–бақ желпініп.
Келді үйіне асығыс,
Ұлан түсте ентігіп.

Сөйлесе де көпіріп,
Айтпайтын-ды өтірік.
Іле салып сөмкені,
Шықты каңға секіріп.

Сөйлеп кетті тоқталмай,
Тосын олжа тапқандай.
Әдеті еді ойларын,
Тынбайтұғын ақтармай.

– Шүйінші апа, шүйінші,

Бүгін бар ғой, ұлың-шы,
Бүкіл мектеп бойынша,
Болып шықты бірінші.
Құшып, сүйіп Ұланды,

Шешесі сәт қуанды.
Амал қанша, аздан соң,
Кейіді бәрі, жұбанды...
Ертіп Дауыл, Есқатты,

Мектепте ойын бастапты.
Терезесін кластың,
Доппен шағып тастапты.
Қарт мұғалім сүйікті,

(Мәртебесі биік-ті).

Демалыста алаңға,
Бар баланы жиыпты.

– Қорықпайды оншалық,

Іс болса да қаншалық.
Адал ұрпақ өзі айтад! ...
Депті ортаға жар салып.

– Мәлімдесе өздерін,

Тағылмайды өзге мін.
Қане айтыңдар, кім шақты –
Терезенің көздерін?
Деген кезде мұғалім,

Бірінші боп Ұланым.
Қол көтеріп, алдыға,
Шығыпты да бір адым –
Арқалапты «айыпты»,

Қателігін таныпты.
Разы болып ұстазы,
Арқасынан қағыпты.
Оған кінә тақпапты,

Қабағын да қақпапты.
Керісінше,
шыншыл деп,
Көп алдында мақтапты.

Соған көңілі хош екен,
Істің жайы осы екен.
Тұңғыш рет бірінші,
Болған жайы осы екен ...

ҚОРҚАДЫ ЕКЕН

– Миың көп сенің басыңда,

Деп едім қорқып расында –
Сөйледі шеше қасында,
Булығып Гүлназ ашуға.

– Басымда миым жоқ! – деді,

Өзіңнің миың көп, – деді.
Бермеймін шай мен ет деді,
Ұрамын,
үйден кет! – деді.

Айтқан ем жақсы пейілмен,
Естідім жауап кейюлі ең.
Баланың мидан қорқатын,
Себебін ұқтым кейіннен.

Ауылға осы көп келіп,
Жүремін міндет өткеріп.
Әйтеуір, әйтеу балақай,
Кетпегей деймін жек көріп.

...Әңгіме айттым тиімді,
Балалар тегіс жиылды.
Гүлназдыңдағы басынан,
Қорқыныш күмән сұйылды.

Көңілден күмән сұйылды,
Шешті ақыры өзі түйінді.
Қорқады екен: бар десем,
Жейді деп шағып миымды.

БАРАДЫ ОСЫ КҮН ҚАЙДА?

Құшағын түнге дала ашып,
Малынды нұрға қалашық.
Сам жайып көкке күн сұлу.
Асқардан кеткен ары асып.

Сейілден қайтып ақшамғы,
Аралап қайың, ақ талды.
Немере қызын атасы,
Жетелеп келе жатқан-ды.

Қылығы тәтті, тілі майда,
Сұрады былай Гүлжайна:

– Ататай, айтшы әр түні,

Барады осы күн қайда?

– Жарығым, қарағым – Жайнашым,

Басыңнан бақыт таймасын.
Сәбиден білім бұлбұлы,
Санаңда дәйім сайрасын.
Немерем–жаным, талабы өр,

Үйреніп білім ала бер.
Домалақ қарбыз секілді,
Біз тұрған осы қара жер.
Таныдың әріп екіңде,

Мектепке берем жетіңде.
Жарымы жатыр тірліктің,
Бұл жердің арғы бетінде.
Болса да қай ұлт,

қай халық,
Ынтызар күн мен айға алып.

Біз тұрған осы жер-дағы,
Соларды тұрад айналып.

Тірлікке төгіп нәр, жалын,
Шуаққа бөлеп мал-жанын.
(Батқан соң бізді)
күн барып,

Нұрлантар жердің ар жағын.
Ұқсамас салт пен санасы,
Аралас ағы, қарасы.
Бұл жердің арғы бетінде,

Жасайды адам баласы.
Болса да бөлек тіліміз,
Үніміз, дәстүр, дініміз.
Олармен ортақ айымыз,

Олармен ортақ күніміз.
Тудырған ойлар өрелі,
Әйгілі ғылым–өнері.
Өзіңдей күнді сүйеді,

Ол жақтың–дағы өрені.
Жамырап шапақ ақшамда,
Бұл жақтың күні батқанда.
Ол жақтың күллі тірлігі,

Жаяды құшақ ақ таңға.

«БАЛА БИДІҢ» ТӨРЕЛІГІ

Білмедік түннің қай тұсы,
Олардың қызған айтысы.
Тақырыбы:
зәру біз үшін,

Ай мен күннің қайсысы?
Біреуі күнді мақтады,
Нешеуі оны жақтады.
Жазғырды айды, даттады,

Елеуреп ауыз жаппады.
Біреуі айды мақтады,
Айтарға теңеу таппады.
Кінәдан оны ақтады,

Қарсы дау бірақ қаптады.
Ойында жоқ қой өрелік,
Қызығын енді көрелік.
Бәріне енді «бала би»,

Жасады былай төрелік:

– Қараңғы түссе, әрине,

Жағамыз шырақ, әр үйге.
Болмаса ай түнде ойынға,
Шыға алар ма едің, бәрің де.
Жиылсақ түнде бәріміз,

Әрине айға зәруміз.
Айсыз түн сыртқа шықпаймыз,
Ойынға қайтып жараймыз.

Күндіз айқын жері өңі,
Барлығын көзің көреді.
Қараңғы емес,
ал, күннің

Қаншалық сонда керегі?
Жаутаңдап «биге» қарасып,
Балалар кетті тарасып.
Бірақта әрбір санада,

Ұғымдар жатты таласып...
Байқатып бірде даналық,
Істейтін кейде шалалық –
Жататын ойы жаңарып.

Қызық-ау, шіркін, балалық .

АРЛЫ БОЛСАҢ, АЗБАЙСЫҢ

(ұлым Қанатқа)

Жамандықтың бәрінен тиыл, балам,
Тиыла алсаң болмайды күйің жаман.
Сыйлар болсаң сиыңды көрсете жүр,
Өлгеннен соң не керек сиың маған.

Жүйрік тұр ғой жайы да бұйырмаған,
Әкеңе не көрсетті құйын– заман.
Есіңді жи, жап ерте етегіңді,
Түк таппайды өзгені шиырлаған.

Бір ілінсең қоғамға, сөз–қорымға,
Икемді етер біреулер ез болуға.
Арлы болсаң азбайсың, өмір бойы,
Бақытың да, сорың да өз қолыңда.

Білмейді ешкім өмірде жасау шегін,
Көгертпейді адамды бәсең сенім.
Ездік деген еміну, еңбек қана,
Идіреді тағдырдың тас емшегін.

Бағамын деп әркімнің қас-қабағын,
Жанарыңды сан рет жасқа малдың.
Осы күннен ойластыр, болашаққа,
Үй ішіңнің тоқ болар, аш боларын.

Біреулерге білінсең кереметтей,
Көрері хақ біреулер кемелектей.
Соғыласың соқпаққа сорың қайнап,
Кете берсең жел қуған ебелектей.

Төзе білсең қиынмен белдесуге,
Құбылмалы өмірде мол несібе.
Осы бастан сене біл ешкімнің де,
Қазаныңа ас салып бермесіне.

Сусындатып бір мезгіл, шөлдетпеген,
Сынары анық бір күні шөлмек деген.
Ердің ері ежелден ел-жұртына,
Танылған ғой, танылмақ еңбекпенен.

КӨЗІМ ЖЕТТІ

Атасының сиынып аруағына,
Жетті балам ақыры арманына.
Жайнаң қағып,
мойнына сумка асынып,

Бір ай болды мектепке барғанына.
Қай қоғамда болса да қандай надан,
Ұрпағына үмітін жалғайды адам.
Мәлім күні сұрадым:

– өздеріңе

Сабақ өткен мұғалім қандай, балам?

– Мұғалім бе, мұғалім – Мәлік, – деді,

Үлкен–үлкен жазатын әріптері.
Жалықпады, сабақты жақсы өтеді,
Бірге оқиды бізбенен әліппені.
Ол да біздей партада бірге отырыпты,

Көп-көп оқып ержетіп, жетіліпті.
Бірақ бүгін өткенде есеп бізге,
Абайламай айтты бір өтірікті.

– Иә, қалай?

тіксіндім қас қағымда,
Деді балам:

– мұғалім бастабында –

Төрт болады шығынды деп үйреткен,
Екі менен екіні қосқаныңда.
Қате ме әлде үйреткен бұрынғысы,
Ұқсамайды оқытқан бүгінгісі.

Үшке бірді қосқанда оның-дағы,
Төрт болады деп соқты шығындысы.
Қайсысы рас, қайсысы жалған мұның,
Жалған болса жұғады қайдан білім?

Ең алдымен мен сездім есептеуде,
Мұғалімнің жаңылып қалғандығын.
Мұғалімнің дәлелдеп «өтірігін»,
Масаттанып өзінше отыр ұлым.

Ешкімнен де қайтпаған беті бұрын,
Су мұрынның қарайгөр көпіруін...
Батылдығын баланың байқадың ба?
Дәт қылмадым месе қайтаруға.

Көзім жетті бірақ та, әйтеуір бір күн,
Өзі келіп,
өз мінін айтарына.

ЖАЛҚАУЛЫҚ

– Өрімін ойдың өріңдер,

Шындықты нағыз көріңдер.
«Жалқаулық» деген тақырыпта,
Мақала жазып келіңдер.
Тапсырма солай жүктелді,

Балалар тегіс құп көрді.
Бірақ та біздің Жалқаубай,
Қырсыққа үлкен «дөп келді».
Ұйқы мен тамақ миында,

Онан соң әуес тиынға.
Қаңылтыр сынды майысқақ,
Жолыға қалса қиынға.
Жасырсын қалай азабын,

Біледі әбден өз әлін.
Ойланып, кешке қалдырды,
«Жалқаулық» жайлы жазарын.
Қарайып тағы кеш батты,

Қуыршақ көрді – қош жақты.
Ұйқылы-ояу мәңгіріп,
Езіліп барып, кеш жатты.
Ұйқыдан басы айналып,

Жатқанда барып жайланып.
Ертерек ертең тұрып ап,
Жазбақшы болды ойланып.
Тастайтын езіп білгірді,

Қайтерсің ұйқы құрғырды.
Мақала түгіл, ертесі –
Сабаққа әрең үлгірді.

Жасыру қиын шындықты,
Шындықты айтқан – шын мықты.
Қас қағым сәтте Жалқаубай,
Тапты бір оңай қулықты.

Сыныпқа кіріп бара сап,
Істетті ғажап «парасат».
Мақала жазды дәптердің,
Бір бетін жыртып ала сап.

Жалқакең рас тез екен,
Оқудан бірақ мезі екен.
Бір бетке жазған мақала,
«Жалқаулық» деген сөз екен.

Сабырлы ұстаз Есекең,
Баламен барлық дос екен

– Жалқаубай жазған «жалқаулық»

Деп күле берді Есекең.

ҚИЫСБАЙ

Әй, Қиысбай, Қиысбай,
Балаларға жұғыспай,
Жүрсің кіммен сиыспай?
Қыңыр-қисық мінезің,

Қылпылдаған қылыштай.
Өткізетін күнің жоқ,
Бір баламен ұрыспай.
Болсаң еді-ау орнықты,

Анау – момын Тыныстай.
Берсеңші бір тыныштық,
Көрінгенмен жұлыспай,
Әй, Қиысбай, Қиысбай.

Түтінің бір тік ұшпай,
Қиындықтан жылыстай...
Жазғырасың әркімді,
Істің жайын ұғыспай.

Болсаң еді-ау әдепті,
Ақылды-ақ – Ырыстай.
Мүлтігі жоқ денеңнің –
Бейне құйған құрыштай.

Арнасаңшы күшіңді,
Оқу менен жұмысқа-ай.

КӨҢІЛІН ЕНДІ ТҮСІНДІМ

(ұлымның әңгімесі)

– Көмегі тиер көргеннің,

Өнерін ұқсын мергеннің, –
Деп ойлап ұлға – онүште
Бесатар алып бергенмін.

– Іркілме, қарғам, тұсалма,

Шегінбе, заулап ұш алға:
Мергендік үйрен,
мылтықты
Кезеніп тура құс–аңға.

Десем мен, ұлым көнбеді,
Сөзімнен түк те өнбеді.
Ойланып қалдым,
«баламның

Батылдық жағы кем бе еді?»
Оңына баспай ісімнің,
Құрығаны осы-ау мысымның,
Деген ем, бірақ баламның

Көңілін кейін түсіндім.
Ардақтап ана мектепті,
Ойлары жақсы көктепті.
Әжесі айтқан санақсыз,

Әңгіме естен кетпепті.
Қашан да шындық аяулы-ақ,
Шындық пен сана оянбақ.
Әжесі айтқан шындықты

Берді енді ұлым баяндап:

– Жалған жоқ, әке, сөзімде

Айтарсың бәлкім өзің де.
Ғажайып бопты осы маң,
Балдырған мендей кезіңде.
Хайуандар дейді көрікті,

Көрмедім арқар, елікті.
Сол кезде солар қорадан,
Қойменен бірге өріпті.
Бейуазды қырып – арандар,

Жоқ па онда жыртқыш адамдар?
Жүретін дейді іргеде
Жайылып бұғы-маралдар.
Расын айтшы, расын,

Демесең мені жыласын.
Сондағы көркін бұл маңның,
Жасырып қайтып тұрасың?!
Ауылдың үстін айланғыш,

Болыпты ғайып қайран құс.
Ол кезде бұлбұл шаңырақ
Үстіне қонып сайрар-мыс.
Бастаудан үйрек-қаз өрген

Дегенге сенгем әзер мен.
Осының бәрін әйтеуір –
Естігем марқұм әжемнен.
Болған ба айып солардан,

Табиғат неге тоналған?
Сондағы қалың аң мен құс
Неліктен тозып жоғалған?...

Шындықты айтқан нақ батыр,
Әжем ғой көңілі – ақ шатыр.
Ол кезде мынау сахара,
Күйде емес екен тап-тақыр.

Пішендік ауыл маңайы,
(Қылықтар жоқ-мыс анайы)
Тұрады екен төгіліп,
Гүлдері, орман тоғайы.

Шыңдары жасыл тіреудей,
Тұратын мәңгі түрі өңбей.
Даласы көркем, жатар – мыс
Жайылған қалы кілемдей.

Өзендер бүгін сарқылған,
Суалып құдық тартылған.
Осының бәрін ертектей
Естігем әжем марқұмнан.

Келетін жер мен көкте тең,
Жалғанда мұндай жоқ мекен! –
Дейсіңдер,
бірақ осы орта

Неліктен тозып кетті екен?
Десем де тілге шебермін,
Сұраққа мына бөгелдім.
Бала емес, ұлы табиғат –

Анаға рас не дермін?
Табиғат – ана қымбатты,
Оспадарлықты тимапты.
Өзінде бардың бәрін де

Адамзат үшін силапты.

Несібе жиып жаз-қыстан,
(Жазықсыз жатқан жазмыштан)
Адам-ау, адам жер менен
Не көрдік осы аң-құстан?

Өтірік айту ерге мін;
Өзімді өзім тергедім.
Бесатар емес ұлыма
Қандауыз екен бермегім.

Жаңылып тұрған боздақпын,
Жанымның отын маздаттым.
Табиғат – анам кешпестей,
Күнәға бата жаздаппын.

Осыларды ойлап қысылдым,
Миымнан түтін ұшырдым.
Көнбеген тілге ұлымның –
Көңілін енді түсіндім.

1990 жыл.

ЖУСАН МЕН ҚАҢБАҚ

Сарыла күтіп көктемді,
Мекендеп қиыр бөктерді.
Жусан мен қаңбақ көгеріп
Жылуын күннің өпкен-ді.

Шалқыған байлық-ырысы,
Даланың кең-ақ тынысы.
Таралып жатты-ай аумаққа
Бұрқырап жусан иісі.

Бетеге бүркеп дөңесті,
Ерте-кеш дала желі есті,
Тамыры таяз таралып,
Қаңбақтың бойы тез өсті.

Арайлап атқан ақ таңды,
Аймалап дала жатқан-ды.
Бой тартқан биік көк қаңбақ
Жусанға былай мақтанды:

Ызғарын қыстың өткеріп,
Көктемде қатар көктедік.
Барады бойым биіктеп,
Бүрлерім көктеп кетті өріп.

Құнарын жердің жиыппын,
Сондықтан сенен биікпін.
Аласа шөптің бәрінің,
Өзегін өртер күйікпін.

Өсемін ойда, қырда да
Шөлде де, құба құмда да.
Сол үшін маған тәуелді
Осынау бөктер, сұр дала!

Айтайын ішкі сырымды,
Сырымды – нағыз шынымды.
Айнала қоршап маңымды,
Сен бұзып тұрсың сынымды.

Сүймейді жаным кірбеңді,
Қасымда менің тұрма енді.
Жанымнан жоғал ей, жусан
Аулаққа тайдыр іргеңді!

Көршісін жездей қақтады,
Елеуреп ауыз жаппады.
Көп жусан, тегіс көк жусан,
Қаңбаққа жауап қатпады.

«Не пайда талас, керістен,
Оңсын ба көрші тебіскен?»
Деп ойлап жусан, қаңбаққа
Жол қоя берді көп істе.

Көрмеген тарлық өрістен,
Жауынның суын тең ішкен.
Көршіні силап көк жусан,
Қалмады барыс-келістен.

Қуарып бүрдің паршасы,
Ақсүйек болып арқасы –

Кетеуі кетті қаңбақтың,
Ауғанда жаздың ортасы.
Даланың көшіп сағымы,
Таусыла берді сабыры.

Түбінен қурап жұлынды,
Салданып кеткен тамыры.
Мекені бар-ды көлемді,
(Көр енді аға шөнеңді)

Келді де боран бір күні,
Қуалап ала жөнелді.
Қараңыз, қара басқырды,
Бүрлерін боран шаштырды.

Сүргіндеп қатты састырды
Сояуын жаншып тасқа ұрды.
Қуғасын айдап қу басын,
Көре алмай кетті құрдасын.

Ажал боп тиіп ақ боран,
Шығарды мылжа-мылжасын.
Аптығып қаңбақ асқан-ды,
Ақыры жарды жастанды.

Ақтаңлақтанған қотырдай,
Қаңырап орны бос қалды.
«Көршім ең қаңбақ кекілді,
Бұрмадың қайта бетіңді».

Деді де жусан толқыды,
Көк бұйра толқын секілді.

Ықпайды боран дегенге,
Тамырын жайған тереңге.
Жұпарын шаша береді,
Жеткенше жалпақ әлемге.

Ашатын дала тынысын,
Жаңбыр мен боран –
ұлысың!
Көк жусан көлдей ырысым,

Өлмейсің мәңгі тірісің.
Даланың дарқан
сынысың,
Топырағымның нілісің.

Құрсын қаңбақ құрысын,
Жасасын жусан иісің!
* * *
Балалар, құлақ салыңдар;

Білімге еркін қаныңдар!
Алаулап өрттей жаныңдар:
Кездерің осы лауылдар!
Күндерің алда арындар!

Өмірге мәңгі пайдалы,
Жусандай мықты болыңдар.
Кететін желдің еркінде,
Қаңбақтан сабақ алыңдар!

1989 жыл, 28-көкек.

МАҚТАННЫҢ КЕСІРІ

Тал–қайыңдар көлбеңдеп,
Нұр жамылды жер мен көк.
Келе жатты үш қоян,
Ну орманда серуендеп.

Менсінбейтін басқаны,
Ақ қоян сөз бастады:

– Жақтыртады өңімді

Әлемдегі жас-кәрі
Өңім әппақ қар сынды,
Жүгірісім қарқынды.
Адамзатты тамсантып,

Ән шырқаймын тартымды.
Тілім шешен, сөздерім –
Дана екенін сезді елім.
Дөп-дөңгелек, қып-қызыл

От шашады көздерім.
Жанарлары жарқылдап,
Қара қоян қарқылдап –
Мақтанышпен сөйледі,

Жон терісі жалтылдап:

– Мақтанышым сиымды,

Өңіме ел сүйінді.
Жақтырады адамзат,
Алуан түрлі биімді.
«Дәт» дегізіп жауларды,

Алдан сезем әу-жайды.

Қарақаттай көздерім,
Көрген жанды баурайды.
Ойлап талай қулықты,
Алмақ болып билікті –

Ала қоян осы сәт,
Сөзге келіп килікті.

– Кез келді сыр ақтарар,

Жол менікі мақтанар.
Көз тұндырар өңім де –
Қара да бар, ақ та бар.
Айтыңдаршы өздерің,

Бар ма, сірә, менде мін.
Табылады тұрқымнан,
Екеуіңнің өңдерің.
Шырқап жүріп жағымды ән,

Ел көзіне танылған –
Менің биім емес пе?
Жан-жануар табынған.
Күндерім жоқ көңілсіз,

Кірбеңім жоқ болымсыз.
Мен тұрғанда екеуің,
Бөсулерің орынсыз.
Өң-түстері парықты,

Таласып көп «даңқты» –
Ормандағы үш қоян,
Жанжалдасып қалыпты.

Көпке дейін керісті,
Тістелесті, тебісті.
Ең ақыры мынадай,
Шарт қойысып келісті:

«Аң мен құсты жинайық,
Бағаларын тыңдайық.
Белгілесін солар кеп,
Бар екенін кімде айып».

Шақырды құс аңдарды,
Тастап енді орманды –
Өткізуге бәсеке,
Кең жазықты таңдады.

Ұмыт болды шат күлу,
Қуыстану, сақсыну.
Үшеуі кеп жазыққа,
Жасап жатты жаттығу.

Түс кезінен асқанда,
Мекендейтін асқарда –
Хабар алған үш бүркіт,
Келе жатты аспанда.

Тамашаны жердегі,
Көрді де олар тездеді.
Дайын тұрған жемтікке,
Тұнып кетті көздері.

Аялдамай көп енді,
Үш қоянды «өнерлі» –

Шүйіліп кеп үш бүркіт,
Іліп ала жөнелді.
Жанжалдасқан бөсумен,
Жерге симай есірген –

Үш қоянның тағдыры,
Тынды осылай кесірмен.
* * *
Басы артық мақтан,

Жылан ғой жатқан.
Адамдар ондай,
Қылықтан сақтан!

КӨЖЕК ЖӘНЕ ТАСБАҚА

Орман ішін салтанатты,
Ұлы думан кернепті, –
Тасбақа мен Көжек мұнда
Жарысуға келмекші.

Тамашашы көрермендер,
Ерте бастан жиналды.
Асқақтаған көжек бірақ,
Уағында келмепті.

* * *
Қаздар тегіс өрекпісіп
Қозданыпты,
Тынбапты.

«Жеңіледі, ал тасбақа,
Байқайық» деп шулапты.
Кептерлер де ауыз жаппай:

– Көжектікі бас бәйге –

Біз кепілдік етеміз, – деп
Ант беріпті қымбатты.
Мадақтаулар көжекеңнің,
Миын әбден буыпты,

Масайрапты, күліпті ашып,
Ерніндегі жырықты.
Маймыл мырза жариялап
Басталғанын жарыстың,

Даңғой көжек кердең қағып
Саспай жолға шығыпты.
Ал, тасбақа бас көтермей,
Күшін бойға жиыпты,

Көжек екі секіргенде-ақ,
Алдына оның шығыпты.
Шолжаң қағып әспенсіпті,
Тасбақаны сықақтап,

Қызыл көзін ойнақшытып,
Сықылықтай күліпті.
Шығып алып ну орманнан,
Тауға қарай өрлепті,

Қош иісті гүл–бәйшешек,
Алдарынан кез кепті.
Көжек тоқтап, белін толғап,
Осы арада азырақ –

Ұйықтап алсам деген сезім
Тұла бойын кернепті.
Шөп төсеніп, көжек шіркін,
Тәтті ұйқыға кетіпті,

Түсінде оны суретке алу
«Қаулысы» да бекіпті...
Ал, тасбақа жанталаса,
Тау басына өрмелеп,

Ең ақыры бәйге тосқан,
Көмбеге де жетіпті.
* * *
Шешесі кеп оятыпты,

Көжекті ерек сындапты,
Басты албасты, жарыста ұйықтап
Ұтылдың деп тым қатты.
Ояна сап көжек дереу,

Қарағанда көмбеге,
Тасбақа оны сықақ етіп,
Аяқтарын бұлғапты.

* * *
Түн ішінде қою орман,
Түс алыпты көрікті.
Көңілдестер ақ көжекті,

Арнайы іздеп келіпті.

– Өзіңді өзің әспенсітіп,

Зор санама!
Басқаны –
Қор санама.
Күлме оларға,

Десіп ақыл беріпті.
Артықшылық басқаларда –
Болса егер үйрен көп,
Тәжірибе жинамасаң,

Қаласың тек кірбеңдеп.

– Бұдан былай кішіпейіл де,

Болам мәңгі байсалды...
Ант-су ішті даңғой көжек
«Асқақтаман
мүлдем» деп.

* * *
Қас қаққанша көктем келді,
Балқытып тау – асқарды,
Ерке самал аймалады,

Балаусаны, жас талды.
Ақ көжек пен тасбақаның,
Сол баяғы майданда,
Екінші рет дайындықпен,

Жарыстары басталды.
Маймыл төре тамашашы,
Көрерменді жиып ап,

Берді бұйрық, кетті көжек –
А, дегенде-ақ зымырап.
Көзіменен ұзатып сап,
Енді оны тасбақа,

Жыланбауыр трактордай,
Барады әрең жыбырлап.
Сап құраған қалың бақа,
Шұрылдасып есіре,

– Тасбақа аға, жүгір! – дейді.

Қолтық жаза, көсіле.
Мойнын толғап күліп алып,
Былай дейді тасбақа:

– Ол бәрібір ұйықтайды ғой,

Қорқасыңдар несіне?
* * *
Көжек келді, тау ішінде,
Болжап барлық алапты,

Өз-өзіне ескертеді,
Қойып мына талапты:
Өмір бақи қанағат қып –
Ұмытпаймын өткенгі –

Сәтсіздіктен алған ащы
Тәжірибе сабақты.
* * *
Монтансыған қарсақ кез боп

Деді: – Әбден шөлдедің,
Сусындап ал, осы емес пе?
Көз ұшында келгенің.

Сонда көжек басын шайқап,
Былай депті тоқтамай,

– Тоқтай алман жетпей тұрып,

Дәл өзіне көмбенің.
Сидам сирақ бұғы–марал,
Сағымдай тез зырлағыш,
Депті оған: Аз ойнап ал,

Емес енді жүлде алыс.
Көжек сонда сықылықтай,
Күліп алып оларға,

– Әр кез жүлде алу үшін –

Емес, – депті бұл жарыс.
* * *
Талай-талай тар жолдардан,
Еппен өте шығыпты,

Күдері бел жоталардан.
Ыра төмен шүйіпті.
Тау басына талмай шауып,
Шыққанында ақ көжек,

Гүл–гүлістан құттықтасып,
Алақайлап тұрыпты.
Бұлбұл ару сауға қылып,
Қызыл гүлін тағыпты,

Аю ағай асығыстау,
Суретке алып қалыпты,

– Көпшіліктің кеңесі мен

көмегіне рахмет –
Деп ақ көжек қолын бұлғап,
Дауыстапты байыпты.

* * *
Қуаныштан биге басып,
Көптің көңілі өсіпті,
Тасбақа да келді әрең,

Бірақ ұзақ кешікті.
Көп мақтапты оның-дағы
Табандылық рухын,
«Бірақ енді сен жүлдеден

Дәмеленбе!» десіпті.
* * *
Көжек пенен тасбақаның,
Жарысына қарап дәл,

Ойланыңдар, ми жүгіртіп.
Ал кішкентай қарақтар:
Оларда бар қандай жақсы
Артықшылық үйренер?

Оларда бар қандай құнды
Тәжірибе – сабақтар?

МАҚТАНШАҚ ҚОРАЗ

Алшаң басып сыртқа теуіп айбарын,
Кәрі қораз селтеңдетіп айдарын,
Шөжелерге мақтанышпен сөйледі,
Өзінде ерен жасампаздық ой барын:

– Ертең мендей сендерге де тіл шығып,

Алды-алдыңа құрасыңдар тіршілік.
Боласыңдар уақыттың жаршысы,
Бақ таймаса бастарыңнан қырсығып.
Көмейімнен шыққанда бір өктем үн,

Жаңғыртамын ұлан таудың бөктерін.
Өмірім қысқа болғанымен, өлшеусіз
Еңбегім мен үлестерім көп менің.
Айқын ұғып тәуліктегі шақтарды,

Жан-жануар дауысымды мақтайды.
Егер де, мен шақырмасам азан сап,
Күншығыстан сызылып таң атпайды.
Дәнді көрсе шиқ-шиқ етіп жөнелер,

Естіп мына «әңгімені» шөжелер.
Мәз болысты қанаттарын қаққылап,
Әкемізде бар екен деп көп өнер.
Күн дөңгелеп құзар таудан асты ары,

Ауыл тыншып, түн ұйқысы басталды.
Кәрі қораз шөжелерге сөз сөйлеп,
Бүгін кеште жем жей алмай аш қалды.

Кәрі қораз түніменен «қоқ-қоқтап»,
Шұрылдаған жатты ішін тоқпақтап.
Шиқ-шиқ етіп жыбырлайды ақ шөже,
Жатыр ма әлде әкесіне «шоқ, шоқтап?»

Кәрі қораз ойға батып не түрлі,
Түн ортасы тапты шара өтімді,
Күндегідей азандатып шақырмай,
Бүгін таңды атырмауға бекінді.

Сонда, адамзат оған келіп жалынбақ,
Бар қажеті өз-өзінен табылмақ.
Түйді де ойын міне осылай топшылап,
Кетті шөгіп тәтті ұйқыға қорылдап.

Шуағымен шомылдырып алапты,
Бүгін тағы рауандап таң атты.
Шиқылдасып қарны ашқан шөжелер,
Әкелерін шырт ұйқыдан оятты.

Кәрі қораз шошып кетті оянып,
Күн шығыс тұр қызыл нұрға боялып.
Естиярлау қара шөже қарқылдап,
Әкеміздің болды дейді жәйі анық.

– Кім тудырды бүгінгі бұл сұмдықты?

Кәрі қораз ашуға әбден булықты.
Мойнын толғап, басын сілкіп әп-сәтте,
Таба қойды мынадай бір қулықты:

– Шөжелерім ұйықтап қаппын мен бүгін...

– Айтшы, әке, таңды атырды енді кім?

– Рас па, әке, кеше бізге сөйлеген

Еңбектерің, үлестерің, ерлігің?
Менменсіген кәрі қораз «талантты»
Ашуланып шөжелерін таратты.
Деді былай :

«бәлкім басқа бір қораз,
Шақырған ғой... сондықтан да таң атты...»

1979 жыл.

ЖОЛБАРЫС ПЕН БАҚАЛАР

(Ханзу халық аңызы)
Өз басынан таймаған ырыс-бағы,
Көп аралап тау-тасты, гүлістанды,
Ұзақ жолдан үздіккен дәу Жолбарыс

Бүгін түні осында тыныстады.
«Атақ, даңқым әлемде құйғысын көп,
Басқа аңдардың жүрегін үңгісін дерт!» –
Деп ойлайтын жүкеңнің бұл орманға

Қонақтауы мінеки тұңғыш рет.
Көп жерлерді шиырлап кезіп келді,
Талай жемтік тірідей безіп берді.
Әл кетті ме, бойынан ар кетті ме,

Құлдық ұрар жануар кезікпеді.
Ашу кернеп алқымға тығындалды,
Ашу-ыза жүрегін сығымдады.
Үймелеп жүр көзіне осы орманның,

Жүрек жұтқан көкала шыбындары.
«Күйік қой бұл өмірде шынында ащы,
Кәрілік жеңді, халым бұл қиындасты».
Дегенде тақ түбінен құлағының

Көлдің қалың бақасы шұрылдасты.
Долы жөкең орнынан қарғып тұрды,
Гүр-гүр етті,
маңайға жарлық қылды.

Деп ойлады: дауысым жан-жануар,
Жәндіктердің жүрегін шайлықтырды.

Білмейтұғын әділдік, қалыстықты,
Жөкең қалай бермекші таныстықты?!
Осы сәтте су ішкен өзі жаңа,
Көл бойынан ғажайып дауыс шықты:

– Кім боласыз ?

Елеуреп есіресіз,
Қарсы алмаймыз қонақты несібесіз.
Біздің мекен бұл ара,
тез кетіңіз,

Танымаймыз сізді біз, кешірерсіз.
Мұны естіген дәу жөкең ғажаптанды,
Азапталды, жүрегі мазақталды.
Көл бақасы сөйлеп тұр анадайда,

Бас салуға қатумен аз-ақ қалды.

– Аузыңды жап! Қарыстыр жақтарыңды,

Ести алман енді көп шатпағыңды.
Қорашсынам, болмаса көрер едің
Бірақ шайнап жыныңды қаққанымды.
Әлмисақтан мәнсүп тек маған думан,

Ешбір пенде кесе өткен жоқ алдымнан.
Қалсын десең бойыңда шыбын жаның,
Аулаққа кет, көзімнен жоғал жылдам!
Жортуылдап келгенде ұдайы күн,

Мазамды алдың, кешірмес бұл айыбың.
Тау, су, орман, даланың қожасымын,
Көзіңді аш, танып ал, құдайыңмын!

Қозғалақтап қан батқан ұрты кері,
Осыны айтып дәу жөкең күркіреді.
Бірақтағы бақаның шырайынан,
Өңменінен өтердей күлкі көрді.

– Әуел баста-ақ ұққамын бөтеніңді,

Сырыңды ұғып ой-санам көтерілді.
Жауыздыққа жасқанып бере алмаймын,
Туып өскен ардақты мекенімді.
Жоғал дейсің, жоғалсаң өзің жоғал,

Қыстырмаймын құлаққа сөзіңді ожар.
Сескенте алмас жанымды қашандағы,
Сайтан отын жаққанмен көзіңде ажал.
Келседағы бұқтырып сан «жасықты»,

Қарсылықты дәу жөкең алғаш ұқты.
Осыменен айтысы екеуінің,
Талай сөтке дамылсыз жалғасыпты.
Хабарды естіп, майданға бұл қауіпті,

Жан-жануар, жәндіктер жиналыпты.
Ақылдасып барлығы қиналыпты,
Ақырында мынаған ұйғарыпты.
Көңілдері көрмеген лайланып,

Піл, Арыстан шығарды былай жарлық:
Көмбеден біз тосамыз даудағылар,
Ұлан тауды келеді бір айланып.
Біз сенеміз: әділет жасар мәңгі,

Көп сынасын мықты, иә осал жанды.

Бұрын келсе кім егер мекендейді,
Қасиетті осы көл, осы орманды!
Мұны естіген дәу жөкең көпіріпті,
Алақайлап күліпті, секіріпті.

Көл бақасы жасамай күпіршілік,
Төрешіден мынаны өтініпті:

– Тек өзімнің көретін күнім десем,

Жалбарынып сіздерге жүгінбес ем.
Азық-түлік, сусыным шөп ішінде,
Сондықтан да қан жолмен жүгірмесем.
Ұйғардыңдар жүйрікпен жарысуды,

Арман етем сіздермен қауышуды.
Жүгірейін бірақта жол шетімен,
Анда-санда шығарып дауысымды.
Сүйтіп бақа сарнап бір тақылдапты,

(Ойында оның жасырын ақыл жатты).
Менменсіген жолбарыс бұғандағы,
Басын изеп табанда мақұлдапты.
Бақа келіп көл суын сапырыпты,

Серіктерін маңына шақырыпты.
Болар істің бой ұрып болжамына,
Байыппенен бәрі бас қатырыпты.
Түніменен бақалар жол жүріпті,

Біреуінен біреуі мол жүріпті.
Ұлан тауды айналып,
дауыс жетер
Жерге бірден барлығы орнығыпты.

* * *
Ертесінде бәсеке басталыпты,
Піл, Арыстан жиынды басқарыпты.
Шөпті аралап кетіпті бақа байғұс,

Жөкең тартып қан жолмен асфальтті.
«Ал!» дегенде-ақ зытты жолбарыс қатты,
Қараса енді көмбе де алыс қапты,
Айғайлады:

– Бармысың бақа?

Сонда,
Шықты алдынан «шұр» еткен дауыс қатты.
Селк етті де дәу жөкең қайран қалды,
Ойлаған-ды азырақ сайрандауды.

Намыс керек ол үшін, табыс керек,
Кетті зулап бұл жерге айналмады.
Мерт қылатын ежелден егескенді,
Асты ол талай дөңдерді, белестерді,

Жіпси қалды қолтығы
көз алдынан,
Ұшқындары жеңістің елестеді.
«Тоқтамадым, бұл рет шықтым алыс,

Жер тістетіп жауымды ұтты намыс» –
Деп ойлады:
сол кезде тағы алдынан,

– Жүгір жөке!

деген бір шықты дауыс.
Селк етті де дәу жөкең ғажаптанды,
(Дауыс шыққан жаққа бір қарап та алды).
Қайталайды бақаның лабасындай1,

Жаңғырығып тау мен тас алаптағы.

Тағы кетті, етпестен көп іске елең,
Ыра төмен ылдилап, еңіспенен –
Аққан жұлдыз секілді барады ағып,
Құлағына шалынып жеңісті өлең.

Сай аузына шықты да тоқтай қалды,
Жанарлары жалтылдап оттай жанды.

– Бақа, бақа бармысың?

– Мен алдыда!

Енді міне бұл дауыс оққа айналды.
Жай соққандай жөкеңнің шошып тәні,
Болды сәтке аққандай жосып қаны.
Намыс керек, өйткені пендесінің

Сол көмбеде тұрмай ма тосып бәрі.
* * *
Бір-біріне міндетін алмастырып,
Ұлы мұрат ойларын жалғастырып –

Жатты қалың бақалар,
жөкең үшін,
Бұл бір сырлы кілті жоқ алмас құлып.
«Бақа–бақа бақылдақ»

шымыр әлі,
Жан ұшыра дәу жөкең зымырады.
Дәрмен кетіп барады, «ер» жүрегін,
Шұрылдаған дауыстар суырады.

Мимырт бақа неліктен қалыспайды,
Әлсін-әлі алдынан дауыстайды.

Қуып жеттім дегенше,
«мен мұндамын»
Деген үні бақаның алыстайды.
Енді міне көмбеге жақындасты.

Бақа тағы алдынан бақырды ащы.
Ұтты бақа,
Жолбарыс қалды ұтылып,
Осыменен бұл жарыс ақырласты.

Елге қарар жөкеңде бет қалмады,
Бір-ақ күнде селге ағып кетті арманы.
Қалды орман, көл,
жылыстап тайып берді,

Көлеңкелі көңіліне кек байланды.
* * *
Орындалып етене дос арманы,
Жан-жануар, жәндіктер масайрады.

Табаланып бөспелік, есерсоқтық,
Ойрандалар мен-мендік қашандағы.
1979 жыл
1 Лаба – дауыс күшейткіш аспап.

ЖЫЛЫМ

(Француз халық аңызы)
Құлақтарын жылмита жығып кері,
Аштық жайлап, өкпесін сығып демі,
Лақса түлкі келеді ну орманнан,

Тірі сынап секілді жылып бері.
Құрт-құмырсқа жолықты,
місе етпеді,
Қу сүйекке мүжілген тісі өтпеді.

Сілекейі шұбырды, дәрмен құрып,
Шұрылдады жел толып ішектері.
Оған дереу қажеті жаңа «ішірткі»,
Талды өзегі, қу нәпсі жан ұшыртты.

Талай күннен тістері айқаспаған,
Арқасына бауыры жабысыпты.
Жерді сүзіп тұмсығы әлсін-әлі,
Сирақтары батпаққа малшынады.

Қорғалады бір сәтке тобылғыны,
Құсты көріп жотадан қарсыдағы.
Бөктергі екен, қорқыныш сезімдері
Ғайып болды,

жөнелді тез ілгері.
Иіс сезді, құлаққа дыбыс келді,
Тұра қалды жыбырлап езулері.
Естілді анық әтештің шақырғаны,

Көзі жайнап, тістері сақылдады.

Қуанғаннан жата қап жол бойына,
Аунап алды,
таңдайы тақылдады.
Қалай ғана қу құлқын шыдар енді,

«Түн жамыла әйтеуір, туар ебі» –
Деді-дағы төтелеп дауыс шыққан
Тас төбеге баспалап шыға келді.
Қыстақ көрді түтіні будақтаған,

Көрінеді көл шеті бір қақпадан.
Қаздар қалқып барады, ала үйректер
Жағада жүр мойыны бұлғақтаған.
Алақанын кең жайған жапырағы,

Үкілі орман қыстақтың атырабы.
Күресінде көп тауық,
ортасында
Шұбар әтеш озандап шақырады.

Тұнды көзі, қышыды кеңірдегі,
Толды көңілі әп-сәтте семірді енді.
Көн тулақтай құрылған үмітінің,
Ұшқындары қайтадан тебіндеді.

«Адамзаттың аңызы–айлалы ісім,
Құр жібермен осынау олжаны шын!» –
Деді-дағы бұғынып жата берді,
Дәл бұл шалқар түс кезі болғаны үшін.

* * *
Сам жамырап,
ілезде өтті ымырт шақ,

Қараңғылық,
ұйқыға кетті қыстақ.
Жымда тосып жылыстап жылым түлкі,
Келе жатты денесін епті ұстап.

Шет жағына қыстақтың барды жылжып,
Емексиді, бірақ та алды күңгірт...
Селқос үрді ит таяудан,
секем алып

Көне дуал түбіне қалды бұғып.
Қараңғылық тағы да қалыңдады,
Тілегі оның табанда қабылданды.
Қыбыр еткен құбылыс, қыңқ еткендей,

Ешбір дыбыс құлаққа шалынбады.
Сескендіріп «қауіпті» қақпа жағы,
Төтесінен бетке алып шөп қораны,
Әккі жылым абайлап атырабын,

Сумаң қаға жөнелді, тоқтамады.
Шығып кетті қорқыныш тез есінен,
Жағалап кеп лапастың сөресімен.
Еппен түсті сездірмей, тауықтардың

Ұясының тұп-тура төбесінен.
Көлегейлеп, қалқалап бұғып тамды,
Шолды бір сәт абайлап жуық маңды.
Қора бейғам, тыныштық, бірақтағы

Тұр есігі ұяның құлыптаулы.

Көңіліне әлде не сыбыс берді,
Тауықтардың келіп тұр иістері.
Шыр айланды ұяны, кездейсоқта,
Өзі сияр қараңғы қуыс көрді.

Талшық көрмей кепкен қу кенезесі,
Қозып кетті лезде делебесі.
Сыйды тұмсық,
қайырылып кетті ашылып,

Тауықтардың желдеткіш терезесі.
Қарғып түсті аялсыз әккі жылым,
Тырп еткізбей табанда қақты бірін.
Алты тауық әп-сәтте жан тапсырды,

Шығаруға үлгірмей ақтық үнін.
Бесеуін жеп, біреуін тістеп алып,
Шықты қайта қуыстан күшпен анық.
Күбірлейді: «еңбегім еш болмады,

Азаптанғам, өйткені түстен аңдып.
Сезіктенгем, шошығам бастабында,
Бітті жұмыс, мінеки, қас қағымда,
Енді маған қауып жоқ тыныстайын!» –

Деп тоқтады қыстақтың бас жағына.
* * *
Тауық еті тығындап кеңірдекті,
Қу жылымның бұл түні көңілді өтті.

Қанжығада бір тауық «қалжасы» бар,
Бір құдыққа таң ата келіп жетті.

Көмкерілген көк майса шеті егінмен,
Қазылыпты бөктердің етегінен.
Ол келген шақ ай сұлу баяу жылжып,
Арқан бойы аспанға көтерілген.

Көп күндерден мазалап тынышын алған,
Аштық қашып өзегін шымшылаған.
Бөгіп алған жас етке қу жылымның,
Расында жәйі бар сусыраған.

Ол шыққалы қыстақтан безіп бері,
Таңдай жібір ұрттам су кезікпеді.
Қауғасы бар құдықтың тұнық суы
Жолығарын, кім білсін, сезіп пе еді?

Шөлі қанса әлденіп бекіп белі,
Толмақ нағыз бойда кем-кетіктері.
Осыны ойлап құдықтың ернеуіне,
Тістеп алып «қалжасын» жетіп келді.

Құдық түбі недәуір терең еді,
Бірақ, түкең ол жайды елемеді.
Қалды қайран үйткені су ішінен
Бейне өзінен аумаған дене көрді.

Бұл қозғалса, ол-дағы жыбырлайды,
Бұл сөйлесе, ол баяу сыбырлайды.
Арыз айтып тұр ма әлде деп ойлады,
Бұл құдықтан тезірек шығу жәйлі.

Тастап еді «қалжаны» лақтырып,
Жұтып алды ол бөгелмей бірақ қылғып.

«Ұяласым ол менің, төбесінен
Тыңдайыншы тілегін құлақ түріп,» –
Деді-дағы қауғаға салды аяқты,
Сол-ақ екен тереңге заулай ақты.

Шығырықтың бір ұшы ширатылып,
Қауға шықты, ішінде «қалжа» қапты.
Қасиетті құдықтың шығырықты,
Суы тәтті, талайлар шұбырыпты.

Алма-кезек қос қауға ауысады,
Тұрғын елге бұл жайы ұғынықты.
* * *
Есі шыққан түнгі айғай-сүреңменен,

Көкжал қасқыр келеді сүмеңдеген.
Жұтынады, ашығып қыңсылайды,
Малдың ізін иіскелеп сілемдерден.
Болса-дағы апаны берік, мықты,

Бөлтіріктер қақпанмен өліп бітті.
Жалғыз қалып қаңғырып міне ақыры,
Шығырықты құдықтан келіп шықты.
Дәрмен кетті бойынан, аяқ талды,

Ернеуіне құдықтың таяп барды.
Су түбінде өзіндей бір қасқырмен –
Түлкі отыр, таңғалып қарап қалды.

– Сөтке болды өзіңді сағынғалы,

Сәлем жолдар еш пенде табылмады, –

Деді түлкі, ал анау «көкжал» бөрі,
Тұр өзіне қатумен шабынғалы.
Деді қасқыр:

– бұларың қандай жәйіт?

– Келдіңіз бе тағы да малды айланып?

Біз өлгенбіз, бейіштің төріндеміз, –
Деді түлкі тақылдап таңдай қағып.

– Қашан өлген едіңдер?

– Сөтке болды.

Оңдырмаңыз өлгенді сөккен елді,
Өзіңіздей мықтыға бағландарды,
Ал біздерге құстарды текке берді.
Тірі күнгі сергелдең аяқталып,

Құлдық ұрып құдайға тояттадық.
Андағы бір тауықты әтей қойдым,
Тоқтығымды көрсін деп саятшы анық.

– Қане тауық?

– Қауғаның ішінде еді,

(Өлім жайын қасекең түсінді енді).
Сақ-сақ күлді құдықтың түбіндегі
Көкжалдың да ақсиған тісін көрді.
Ұмыт болған ежелгі туысындай,

Көрсетті ол да мінекей жылы шырай.
«Мен де барсам қайтеді қастарына,
Түзді кезіп жүргенше жылысып жай» –
Деп ойлады қасекең,

– Ал, қасекем,

Бұл бақиым пәнидің жалғасы екен,

Үй ішіме сәлем айт, келсін мұнда,
Екі күннен кешігіп қалмаса екен.
Олар менсіз тентіреп сабылады,
«Әкелерін» анық қой сағынары.

Онандағы тез келсін, осы арадан
Бар қажеті қиналмай табылады.
Әйтеуір, айта салғайсыз жылдам барып, –
Деді түлкі «жалынып» жылмаң қағып.

Көрді қасқыр түлкіні қауғадағы,
«Сұлуланып» алыпты, сидамдалып.

– Олар келсе қасыңа жетпек қалай?

– Жолға шықсын туғанда ептеп қана ай,

Жағасына құдықтың келісімен,
Шықсын ана қауғаға көп тоқтамай.
Алда-жалда жолықса тосын адам,
Қайта қашып жүрмесін шошып одан.

Тілегімді құдайым қабыл көрді,
Қақпасынан бейіштің тосып алам!
«Жәннәтына» түлкінің тарылды іші,
Келді азаптан енді тез арылғысы.

– Мен бе сенің жандайшап шабарманың,

Хайуандардың мен де бір азулысы, –
Деді-дағы қасекең қайрап тісін,
Жиды бойға ақырғы қайрат, күшін.
«Өлу керек!» деп қалды, ол дүниенің

Байлығына тауып тұр айғақты шын.

Жан-жағына алақтап қарап өтті,
Қалған өмірін біржола талақ етті.
Жұмды көзін, секіріп барды-дағы,
Бос қауғаға – «қалжаға» қона кетті.

Көкжал қасқыр «жаннатқа» барды суыт,
Жараланды,
бір сәтке қалды сұлық.
Шыр айланды шығырық, әккі түлкі,

Айласымен құдықтан алды шығып.
Мертікті ме, қасекең қырылдады,-
Зытты түкең артына бұрылмады.
Шығып барад жегені желкесінен,

Жылыр емес оңайға жылым жаны.
Таң атуы түлкіні алаң етті,
Зытып келед қадамын санап епті.
Сезбей қалды,

шыққанда керге таман,
Түз қыраны таңына қона кетті...
* * *
Сырты сұлу болғанмен, іші уытты,

Қу жылымның сонымен ісі бітті.
Ал, қомағай, азулы көкжал қасқыр,
Не болары сіздерге түсінікті.

1980 жыл

АҚЫЛ

(ертегі-аңыз)
Әккі түлкі, жыртқыш қасқыр, жолбарыс,
Бір-біріне тигізіп көп «қолғабыс» .
Аштық айдап, талай күннен сандалып,

Басып келді баяны жоқ жолды алыс.
Тарғыл таудың тастары мен орманы,
Талшық бермей табалады, қорлады.
Серттескен-ді кеше ғана былай деп:

«Тең бөлісіп жейміз тапқан олжаны».
Тағы талай шеру тартып қиырға,
Тапты олжаны өте мүшкіл, қиын да.
Жолықты олар шөбі шүйгін суатта,

Бір өгіз бен бір бұзаулы сиырға.
Көптен бері үшеуінің аш қарны,
Қанталап көз, көңілдері настанды.
Бұталарға бұғынып кеп жауыздар,

Үшеуін де тырп еткізбей бас салды.
Шыр айланып жемтіктерді жердегі,
Дәу жолбарыс аяқтарын сермеді.
Төрелікті тапсырды да қасқырға:

– Қане мұны әділдікпен бөл, – деді.

Езуіне жұққан ыстық қызыл қан,
Дәмесі оның бар-ды қара сиырдан.
Бірақ, бұрын тіл қатудан жасқанып,
Мысы құрып сілекейі шұбырған.

– Өзіңізбен болды бекем іргеміз,

Бас ұрамыз құлшылық қып сізге біз.
Атан өгіз семіз әрі етті екен,
Бөліп-жармай, тақсыр, оны сіз жеңіз.
Рахатқа алыңыз бір кенеліп,

Көк бұзауды түкеңе-ақ берелік.
Ал, сиырды мен жұлмалап көрейін, –
Деп, қасекең жасады тез төрелік.
Нені ойлады, жолбарыс ашуланды,

Төрешінің бір қойып басын жарды.
Қыршып алды түбінен бір құлағын,
Гүр-гүр етті түлкіге қасындағы.
Сезді нені қу түлкі күлімдеді,

(Өйткені ашкөз қасқырдың «сыйын» көрді.)
Қасқыр қанға боялды, ал жолбарыс
Төрелікті түлкіге бұйырды енді.

– Алдиярым, жоқ сізден жасырарым,

Арқа сүйер шыңымсыз, бас ұрамын.
Өгіз сізге сыбаға, бұл жайында
Қасекеңнің сөзіне қосыламын.
Кешірмеңіз, болса егер айыбымыз,

Сізбен міне өмірде байып жүрміз.
Сорпалансын сиырдың етіменен,
Үйде қалған қадірлі зайыбыңыз.

Көңіліңіздің арнасы шалқып толсын,
Басыңызға бақ, дәулет артық қонсын.
Семіз екен көк бұзау, балаңызға
Апаратын азын-аулақ сарқыт болсын. –

Деді дағы қу түлкі бұратылды,
Алақайлап жолбарыс тік атылды.
Сұрап қалды түлкіден:

– айтшы, Түке,

Алдың ұғып кімдерден мына ақылды?
Әккі залым, өзінше қырағы жан,
Жолбарыстың өткен соң сынағынан,
Деді түлкі:

– Үйрендім бұл ақылды,

Қаны тамған қасқырдың құлағынан.
1980 жыл

ҚАРАҒАЙ МЕН СЕКСЕУІЛ

(баллада-аңыз)
Дамымаған ақыл-ой мен саналар,
Сонау ерте, ерте кезде балалар –
Боз жусанды–боз даланы мекендеп,

Өткен екен біздің момын Бабалар.
Жотасындай жолбарыстың жондары,
Гүл бүркенген сай-саласы, аңғары.
Көркемдігі көз жаулайтын таулары,

Көп түлеген, көк тіреген заңғары.
Ну жыныспен көмкерілген бар маңы,
Байлық екен қойны толған қордалы.
Қой секілді өреді екен ауылдың,

Іргесінен қоңыр-қоңыр аңдары.
Бір суретші қолмен жасап қойғандай,
Орман қайда ол кездегі ормандай?!
Елі қандай есіл еді ол кездің,

Берекеге ұйытатын айрандай.
Білмейтұғын айғай-ұйғай, сүренді,
Адамдары қызыл шырай, нұр өңді –
Алқам-салқам Атымтайдай жомарттар,

Бір қария басқаратын бір елді.
Қаратаудай салмақты елдің төзімі,
Данасының даласындай сөзі ұлы.
Ондағы елдің дариядай көңілі,

Кристалдай кіршіксіз-ді сезімі.

Бишілері бұралатын боз талдай,
Жыраулары күміс көмей, жез таңдай.
Жел тимеген көлдей өмір,
жататын,

Қой үстіне жұмыртқалап бозторғай.
Тау, даладан, өзен-көлден, бұлақтан,
Жататұғын ән-күй тарап жыраққа.
Сұлулыққа толғанымен күллі өмір,

Сүркейлік те болушы еді бірақ та...
Кең қоныста жасай алмай келісім,
Бір-бірінен қызғанысқан өрісін.
Енді айтамын, тыңдаңыздар сондағы,

Қарағай мен сексеуілдің керісін.
Әлмисақтан бірге қонып, көшкенін –
Ұмыттырып бірлікте ойнап өскенін,
Қызғаныштың қызыл иті қыңсылап,

Кетіріпті екеуінің естерін.
Әзәзілдің аздырды ма жетегі,
Берекенің кетіпті де кетеуі,
Ұлан-ғайыр кең далаға таласып

Араз, ашты болысыпты екеуі.
Шамаластау болса-дағы жастары,
Алды – алдына жасалыпты жоспары.
Алакөз боп аралары алшақтап,

Бір өңірде қосылмапты бастары.
Естімепті ағайынын, алашын,
Дос-жарлардың насихатын, бағасын.

Қан жаласып серт беріпті өзді-өзі,
Бір-бірінің көріспеуге қарасын.
Жын-албасты көлегейлеп көздерін,
Жиреніпті ақылынан өзгенің.

Ант ішіпті оңашада екеуі,
Бір-бірінің жоймақ болып көздерін.
Сумаңдаған қысыр жылан секілді,
Өсек тасып, ғайбат айтып не түрлі,

Арамзалар араға сап іріткі,
Қуанғаннан алақайлап секірді.
Болғандықтан екеуі де тіл-жақты,
Бірін-бірі аянаттап тынбапты.

Биіктігін мақтаса нар қарағай,
Ал, сексеуіл шымырлығын бұлдапты.
Сәби тілді бала айтса да сенбепті,
Салиқалы дана айтса да көнбепті.

Жыланменен Тәует сынды аңдысып,
Бір-біріне титтей ырық бермепті.
Дүрліктіріп дүниені, жер-көкті,
Өсек тасып өрлі-қырлы жел кетті.

Татулыққа, берекеге үндеген,
Ел тіліне екеуі де көнбепті.
Бұта-бүрген, жан-жануар жақыны,
Қанша айтса да дарымапты ақылы.

Күн-күн сайын көкбеттенген екеуі,
Қол топтасып соғысыпты ақыры.

Жанып тұрған жанарлары шырадай,
Үңгірлерге айналыпты ұрадай.
Екі жақтың жасауылы санақсыз,
Баудай түсіп, қырылыпты қынадай.

Ой менен қыр күңіреніпті налалы,
Зеңгір аспан күй кешіпті қаралы.
Ашылған соң екеуінің араны,
Толарсақтан қан жауыпты даланы.

Тарс жабылып мейірімнің қақпасы,
Ойран бопты он мыңдаған отбасы.
Қан майданда қанқорларды тыя алмай,
Күйзеліпті күллі әлемнің патшасы.

Қос содырдың тоқтата алмай егесін,
Дал болыпты талай елші–төрешің.
Патша ақыры тыңдау үшін барыпты,
Су перісі Сүлейменнің кеңесін.

Ол айтыпты:

– Бар парызыңды өтедің,

Болдырыпсың, кетіпті әбден кетеуің.
Қызыл қырғын тоқтамайды мәңгілік,
Екі жаққа қондырмасаң екеуін.
Жосын айтып тежеуің мен тектеуің,

Жоя алмады екеуінің кектерін.
Сондықтан да қажет енді олардың,
Бірін тауға, бірін ойға жөткеуің.
Саялаған қарт еменді, топ талды,

Соны айтты да су перісі тоқталды.

Деді патша:

– Пірім саған тапсырдым,

Сөз жемеген мынау екі сотқарды.
Үкім айтып екеуіне ақырғы,
Су перісі қаһарланды, ақырды.
Бойындағы барлық жынын шақырды,

Лай теңіз – топан суын сапырды.
Су аяғы құрдымға айдап сестерін,
Айбатымен қайтарды да дестерін,
Су перісі тұншықтырып екеуін,

Талай сөтке жиғызбады естерін.
Әйтеуір бір күн әредікте – бейуақта,
Жан шақырып, келіп әрең қайратқа –
Қарағайлар қырға қарап өрмелеп,

Сексеуілдер жылыстапты ой жаққа.
Екеуі де арып-шаршап, қаңғырып,
Мекен іздеп болыпты әбден қанжілік.
Содан былай бірі тауда, бірі ойда,

Қалған екен ірге теуіп мәңгілік.
Қарағайлар көп болғанмен сан жақтан,
Мұңы бар-мыс өзегінде сан батпан.
Бұтақтағы сояулары санақсыз,

Сексеуілдің жебесі екен сонда атқан.
Адамдардың көп жауатын алғысы,
Ұлы таудың болғанымен нәрлісі,
Қарағайда жапырақ жоқ болыпты,

Тигендіктен сексеуілдің қарғысы.

Ерекше ғой тамыр жайып шығысы,
Ойда өсетін ағаштардың сірісі,
Сексеуілдің тыртық бопты өн бойы,
Көп тиген соң қарағайдың қылышы.

Соны ойласа қабырғасы сөгіліп,
Жылайды-мыс ауық-ауық егіліп.
Қарағайдың қарғысына қалған соң,
Тұрады екен құм боранға көміліп.

Әлмисақтан аңыз болған есімі,
Алды-артына бұйырғанмен несібі,
Әрекенің басы бопты,
Қарағай –

Сексеуілдің жанжалының кесірі.
Келмеске айдап ынтымақтың кемесін,
Малданғандар өктемдіктің елесін –
Енді бүгін зарланғанмен не пайда?

Бір-бірінің көре алмайды төбесін.
Тілеріміз: екеуі де өлмесін,
Мәртебесі биіктесін, өрлесін.
Төртеу түгел, берекелі тел болсын,

Алауыздық дегенді жұрт көрмесін.
Қарағай мен Сексеуілдің тағдыры,
О, балалар бастарыңа келмесін!

КҮН МЕН БОРАН БАЛЛАДАСЫ

Үндемеуі сесі екен,
Сөйлеп кетті есекең:

– Ерте, ерте, ертеде,

Күн мен боран дос екен.
Күллі әлемге таралар,
Екеуі де – даналар.
Солар жайлы бір аңыз,

Айтып берем балалар.
«Өктемі боп жаралдым,
Он сегіз мың ғаламның».
Деп бір жылы өзгерді

Мінез-құлқы боранның.
Тынысы да ызғарлы,
Менменсіді, сызданды.
Ұлылықтың барлығын,

Күн досынан қызғанды.
Есірткендей есірткі,
Өтірікті жосылтты.
Жан-жануар, тірліктің,

Барлығымен өшікті.
Ашқан сайын аранын,
Шаңын қағып даланың.
Маза бермей тірлікке,

Еліріпті бораным.

Тұлан болып тұтылып,
Обырланып, жұтынып,
Соқтығыпты еліріп,
Көрінгенге құтырып.

Демей ерте,
кеш пе екен,
Ұлитұғын сесті екен.
Атаққұмар, аптықпа –

Даңғой әрі бөспе екен.
Кезіп орман арасын,
Шығарыпты додасын.
Кетіріпті қысы-жазы,

Адамзаттың мазасын.
«Қой!» дегенге көнбепті,
Ақыл айтса сенбепті.
Билеймін деп жар сапты,

Бағындырып жер-көкті.
Көлдәрия ақылы,
Бар тірліктің жақыны –
Күн келіпті шыдамай,

Боранды іздеп ақыры.
Оған да оңай көнбепті,
Кеңесіне сенбепті.
«Билемексің жер-көкті,

Жалғыз ғана сен» депті.
Сабырлы да салмақты,
Күннің тілін алмапты.
Астаң-кестең қылыпты,

Ой мен қырды, жан-жақты.

«Ибалы тіл қатумен,
Табу қиын ақыры ем».
Деп мынаған,
күн енді,

Алмақ болды ақылмен.
Амал ойлап татымды,
Ой қазанын сапырды.
Келесі күн қонаққа,

Боран досын шақырды.
Тығып ішке мойынын,
Жиды сәтке «ойынын»
Біледі екен ас-тұзды,

Қадірлеуді дойырым.
Мінезі тез өзгерді,
Өзгергенін көз көрді.
Бұлданбады,

күн досы,
Шақырғанда тез келді.
Тарай қалды салқыны,
Тынышталды, балқыды.

Дастарқаннан аста-төк,
Ішті-жеді, шалқыды.
Жоспары бар бастағы,
Күн де асып-саспады.

Келгенде бір ыңғайы,
Байыппен сөз бастады;

– Тілесетін есендік,

Ежелден біз дос едік.

Жақсы-жаман күндердің,
Бәрін көріп, төселдік.
Тірлікке нәр бермекке,
Құштар болдық еңбекке.

Енді бүгін
өктемдік,
Етем дейсің жер-көкке.
Барған жерің салқындар,

Боран деген даңқың бар.
Қожа болмақ жер-көкке,
Ойың болса,
шартым бар:

– «Майдан–анау төбеміз,

Ертең түсте келеміз.
Сонда өнер көрсетіп,
Күш сынасып көреміз.
Амалият – төреші,

Бәлкім, күшпен жеңесің.
Ал, жеңілсең, табанда.
Айтқаныма көнесің.
Құрметтесең досыңды,

Құп көресің осымды!»
Деген еді күн сұлу,
Боран дереу қосылды.
Ертесі түс болғанда,

Келді екеуі майданға.
Сонадайда жол жатты,
Иір-иір, айланба.

Мидай жазық алабы,
Кезіп жалпақ даланы.
Ішік киген,
бел буып,

Бір жолаушы барады.
Боранда жоқ түйсіну,
Секем алу, күрсіну.
Сонда былай тіл қатты,

Жібек мінез күн сұлу:

– Жадаулау сырт пішіні,

Жалба-жұлба ішігі.
Шыққан ұзақ сапарға,
Көрдің бе, анау кісіні?

– Көрдім!

– Көрсең пысығым,

Кереметін күшіңнің –
Көрсеттағы, жұлып ал,
Үстіндегі ішігін.

– Осыдағы сөзбе екен,

(Анау кісің кезбе екен)
Ішік тұрғай,
өзін де,
Ұшырмайтын ез бе екем! –

Деп бораным ышқынды,
Қатуланды, ысқырды.
Жетіп келіп лезде,
Жолаушыға күш қылды.

Дүлейімнің кеуделі,
Бойын ашу кернеді.

Етек-жеңін ішіктің,
Аралады, кеуледі.
Жегіқұрттай жемірім,
Қайтармады тебінін.

Жұлқылады аюдай,
Жолаушының өңірін.
Бірақ, кісім саспады,
Ықтасынға қашпады.

Қаусырынып, қымтанып,
Алға қадам тастады.
Етемін деп өлексе,
Дойырланды ерекше.

Етегінен ішіктің,
Тістеледі төбетше.
Бірақ, кісім бықпады,
Қасірет–мұң жұтпады.

Өктемдіктің алдына,
Жігер туын жықпады.
Кидірмек боп кебінін,
Тездетсе де тебінін.

Шешпек түгіл
бір жерін,
Жырта алмады терінің.
Соқты боран не түрлі,

Ширады адам, бекіді.
Ішік емес кигені,
Өз терісі секілді.

Соқса да көкбеттеніп,
Жұлсадағы кектеніп.
Қалыпты ішік адамның,
Етіменен ет болып.

Алақұйын албасты,
Ақыл алмай алжасты.
Ақырғы рет амалсыз,
Жағалыққа жармасты.

Оған да адам көнбеді,
Дүлейге ырық бермеді.
Мың құбылып тисе де,
Еш нәтиже өнбеді.

Жеткенінше құрығы,
Сілтеп боран
ұлыды.
Шеше алмады ішікті,

Діңкесі әбден құрыды.
Тасқа тиген шоқпары,
Табиғаттың сотқары.
Ақыры енді діңкелеп,

Амалсыздан тоқтады.
Қуанышқа сүйсіну,
Қам қайғыға күрсіну –
Әдеті еді, тіл қатты,

Енді былай күн сұлу:

– Алмаған ең тілімді,

Білдің бе енді мініңді?!
Мойындасаң кешірем,
Айыбыңды бұрынғы.

Ана адамға бас қайғы,
Саған құшақ ашпайды.
Ал, мен барсам
ішігін,

Өзі ақ шешіп тастайды.
Сәндендірер тірлігін,
Мен ол үшін нұрлымын.
Бәлкім, бұған сенбессің,

Көр, қанеки шындығын!
Деді-дағы күн жарық,
Шыға келді қырланып.
Кетті лезде күллі әлем,

Көңілденіп, нұрланып.
Жан-жануар жердегі,
Жадырады, терледі.
Табиғаттың құшағын,

Шаттық, думан кернеді.
Нұрға тірлік кенелді,
Ашылды аспан, көгерді.
Құстар қағып қанатын,

«Дүр-дүр» ұша жөнелді.
Бірақ, кісім саспады,
Көлеңкеге қашпады.
Үстіндегі ішігін,

Өзі-ақ шешіп тастады.
Табыстарға сүйсіну,
Сәтсіздікке күрсіну –
Әдеті еді,

тіл қатты,
Енді былай күн сұлу:

– Сенбе, иәки, сен, мейлі,

Шындық оты сөнбейді.
Адам көңілі ешқашан,
Сүркейлікке көнбейді!
Сенбе, иәки, сен мейлі,

Шындық оты сөнбейді.
Адам еркі тылсымның,
Қылжағына көнбейді.
Болса да алды құзар тік,

Қалса да арты мұнартып.
Ың-дыңы жоқ өмірді,
Сүйеді адам құмартып.
Басқан ізін шұбалтып,

Өтер тарих – уақыт.
Қашан да біл
мейірім,
Қастандықтан мың артық.

Сен барғанда долданып,
Қалмады адам қорланып.
Ышқындың да
күш қылдың,

Не бітірдің зорланып?

– Мен барып ем жақтырды,

Ән қанатын қақтырды.
Жылуыма сүйсініп,
Ішікті өзі-ақ лақтырды.
Озбырлықпен ұрынып,

Не бітірдің жұлынып.
Қайда болса жылылық –
Сонда деп біл ұлылық!

Ұқ осыдан парықты.
Деп күн сұлу байыпты.
Түсіріпті боранды,
Бір дағдыға қалыпты.

* * *
Содан бері сан дәуір,
Өтті бәлкім,
таңда бұл –

Сол себепті шығар-мыс,
Қатты боран шанда бір...
Күн – тірліктің сүйгені,
Аймалаймыз күнде оны.

Қара боран бүгін де,
Сүркейліктің символы.
Күллі әлемге таралар,
Күннен өмір нәр алар.

Аялаңдар мейірмен
Жылылықты, балалар! ...
Желтоқсан, 1991 жыл

БОЗТОРҒАЙ

(поэма)
Алғашқы көктем күркірі,
Оятып жерді сілкіді.
Маржанын төкті мөп-мөлдір,

Қара сұр бұлттың жыртығы.
Күн сүйген өркеш, маңдайын
Асқар шың шөккен нардайын.
Ен дала қағып таңдайын,

Күшіктеп жатты тал-қайың.
Жел-құзын айдап нұраның,
Даланы жапты жылы ағын.
Қырқада тұрды жауқазын,

Делдейтіп алып құлағын.
Талқандап бөгеу дегенді,
Сүзгілей өріп кемерді –
Жараған аттай өзендер,

Үдере шауып жөнелді.
Түсінген жанға құнықтап,
Табиғат сыры қызықты-ақ.
Жас төлдер ойнақ салады,

Өмірді дарқан қызықтап.
Сүбедей әппақ–қасатты,
Жыралар бір-ақ асапты.
Боз торғай ұя салмаққа,

Көк жусан түбін босатты.

Жарлардың түсіп иегі,
Мәжнүн тал басын иеді.
Тоғанның жалтыр ернеуін
Лай су шөп-шөп сүйеді.

Көктем-ай елді дулатқан,
Жүрегін жердің тулатқан.
Уқалап жатыр диқандар
Тақтасын қыстай іи жаққан.

Қыстайғы жатқан тұншығып,
Сөйледі бұлақ тіл шығып.
Абырда-сабыр, қарбалас
Әйтеуір барлық тіршілік.

Аз күнде-ақ өңір өзгерді,
Бәрін де, бәрін көз көрді.
Бір күні суық торғайға,
Боз торғай тосын кез келді.

Кез келді-дағы тоқтады,
(Алдымен өзін мақтады.)
Алтайдан бері көргенін,
Сөйледі ауыз жаппады.

– Сарғайып шөбі бөктердің,

Тұрғанда көшіп кеткенмін.
Оралдым қайта көңілді,
Басында мына көктемнің.
Суықта бір күн қалмады,

Өңірді талай шарладым.

Ертеде, кеште құбылта
Сайраудан дайым танбадым.
Өтсем де талай асқардан,
Жерім жоқ бір күн аш қалған.

Ырғында түнеп жырғадым
Сусындап тұнық бастаудан.
Қуана таңды атырдым,
Талықпай күнді батырдым.

Жылуын жердің қуалап,
Жылыстап келе жатырмын.
Көрмедім тартып сары уайым,
Уайымға әсте нанбадым.

Өйткені: көрген емеспін
Қырау мен қардың қандайын.
Мақұлық түгіл, кісі аттап
Жоласа алар құшақтап –

Қыс деген сүркей неменің
Дейді екен түр-түсі аппақ.
Ақылым толық, кемелді
Қорғаймын соған денемді.

Естимін, бірақ білмеймін,
Ақпан мен Аяз дегенді.
«Суыққа мүлдем төзбейсің!
Десең де мейлің кезбейсің!»

Мезгілдің әйтеуір көрмедім,
Көктем мен Жаздан өзгесін.

Жер-суы көркем әлемі,
Аралап қайттым әр елді.
Таулары асқақ жап-жасыл
Даласы қандай әдемі.

Жүр десем күзде жүрмедің
Тіліме көніп кірмедің.
Жақсылық істеп қоймақ ем,
Онымды бірақ білмедің.

Ал, бұны сабақ етерсің,
Қадіріме енді жетерсің.
Қуандым: көне көршім ең
Әйтеуір тірі екенсің.

Мініңді досым сезгейсің,
Қылықтан жаман безгейсің.
Шықпаған шыбын жаныңды,
Ғанибет олжа көргейсің.

Кетіпті түсің өртеліп,
Қайтейін бірақ желкелеп.
Дайындал ұзақ сапарға,
Есейіп ал да ертерек.

Тапқанды жұтып күл де, ойна!
Айланба ұя, үй-жайға.
Өйткені сендей байғұсқа
Жұмыртқа басар күй қайда?

Боз торғай – шешен танымал,
Түрі жоқ сөзден жаңылар.
Көпіріп бір сәт тоқтады
Деп тағы, тағы, тағылар...

Сүйінде ме
әлде кектенді?
(Тиіспейтін елге беткелді).
Әйтеуір суық торғайдың,

Сұрланып өңі кеткен-ді.

– Шип, шип, шип

Шип, шип ... боз торғай
Шырылдап тұрсың мәз торғай.
Сағына күттік өзіңді,
Даладағы әнші ең жезтаңдай.

Жасырмай айтсам шындықты,
Білмеймін сұмдық-қулықты.
Айттырам дейсің құлдықты,
Асатпай жатып құйрықты.

Даң құрдас едік,
жолдаста,
Алты айдан бері жөн басқа.
Сондықтан әуел амандық –

Сұрасып алсақ болмас па?!
Тып-тыныш мынау заманда
Қуаныш саған,
маған да –

Әкелген, былтыр жаздағы
Балапандарың аман ба?
Қатарға бәрі ерді ме,
Жат жерді жайлап көрді ме?

Сағынып туған даласын,
Бәрі де қайтып келді ме?

Табарсың мекен сен құнар
Ақылдан бірақ кенде олар.
Сондықтан дағы олардың
Хал-жәйін ұғу жөн болар!...

Сындар ем, сынды сүймейсің,
Маусымды толық білмейсің.
Сондықтан өзің көрмеген
Күз бенен қысты тілдейсің.

Сөйлей ме десем мәз болып,
Ойымды менің азғырып –
Өзіңе еңбек «жаздырып»
Сөкпексің мені жазғырып.

Оныңа ашу шақырман,
Кенде емес те едің ақылдан.
Айналып кеткен ел-жұртың,
«Боз торғай деген» атыңнан.

Ләйім артқай мерейің,
Көзіңнен шаттық көрейін.
Ал, тыңда досым, өзімнің
Жайымды айтып берейін:

Белгілі шанақ – шамамыз,
Өмірден алар бағамыз.
Әйтеуір адамдарменен
Көрші екен ата-бабамыз.

Үйір боп бала-шағамыз,
Болсын деп қамсыз панамыз

Жан тартып адам баласын,
Маңынан ұя саламыз.
Маңында жасап жүреміз,
Ашықпай өмір сүреміз,

Маңына жыртқыш аң-құстың
Жолай алмасын білеміз.
Жасырам несін сенен мен,
Алаңсыз жүрміз дегенмен.

Қорқамыз дайым жымсыма
Мысық пен Жылан дегеннен.
Сол сұмдар талай сұқтанды,
Аңқаулар кейде мықталды.

Көбінде әйтеуір адамдар,
Ажалдан бізді құтқарды.
Сол үшін алыс ұшпаймыз,
Жаз жайлап, қысты қыстаймыз.

Сол үшін біз де адамша
Тұрақты мекен ұстаймыз.
Атқоралар мен тошала,
Дөдегелер мен босаға,

Қуысы, тамның бұрышы
Бәр, бәрі мекен-бос ара.
Ілесіп ұшып күзде сен
Жүрмедің дейсің,

жүр десем.

Көшпеймін! орным орнықты
Табасың сонан іздесең.
Ілесіп ұшып күзде сен
Жүрмедің дейсің,

жүр десем.
Ал, сонда кетсем, көктемнің
Қадірін мұнша білмес ем.
Биыл күз тағы жүр дейсің,

Бұл жерді күзде сүймейсің.
Сондықтан мұнда көктемнің
Қадірін мендей білмейсің.
Жүр дедің күзде, жүрмедім

Тіліңе сенің кірмедім.
Көзіммен көрдім сондықтан
Суықтың қалай кіргенін.
Алысқа ауып ұшпадым,

Қыспенен бірге қыстадым.
Балапандарды баулыдым
Ұйқы да қыста дұспаным.
Өзгерсе қыста реңім,

Тұрады жанып жүрегім.
Сондықтан ақ қар, көк мұзда
Рыздық теріп жүремін.
Суыққа қандай үйлесем,

Далада еркін күн кешем.
Аязда ұшып жүрмесем,
Қадырын жаздың білмес ем.

Қадырын жаздың білмес ем.
Ыстығына әсте күймес ем.
Қаңтардың айын көрмесем,
Шілденің күнін сүймес ем.

Жеріңді білем мақтаған,
Өмірі олай аттаман.
Тәттінің білмес қадырын,
Ащының дәмін татпаған.

Білмейсің әлі, қарағым,
Табиғат деген ананың –
Құшақтап жатқан байлығы,
Төрт маусым бойы тарарын.

Шырылдап ауыз жаппайсың,
Әркімді жездей қақтайсың.
Ол жаққа барсаң
бұл жақтың,

Күзі мен қысын даттайсың.
Шырылдап ауыз жаппайсың,
Ауғанды ғана жақтайсың.
Күн-түні бейғам жатпайсың

Бір жерге қашан тоқтарсың?...
Шырылдап ауыз жаппайсың,
Тау-тасты кезіп қақсайсың.
Сүйегін ата-бабаңның

Қай жерден іздеп жоқтайсың?
Кетсе де әбден кетеуің,
Белгілі тағы кетерің.

Өз ұям–өлең төсегім
Жаннатым осы мекенім! –
Деді де суық торғайым,
Шип, шип, шип қылып таңдайын

Отыра берді орнында,
Сүйдіріп күнге маңдайын.
Атыздың ұшып шетімен,
Боз торғай кетті бетімен.

Сақ болғай жауын-шашыннан
Бораннан, желдің өтінен.
Көрініп көктің шетінен,
Боз торғай кетті бетімен.

Мекенсіз,
күйсіз сорлыны
Түртті екен деші не түлен?
Қауырсын, қанат жетілген,

Боз торғай кетті бетімен,
Амандық ойла байғұсқа
О, тағдыр сенен өтінем.

ҚАТПА

(Абай Құнанбайұлының 165 жылдығына
арналған деректі поэма )
Шалқар тұсы шілденің ми қайнаған,
Келген, кеткен ауылға – тынбайды адам.

Ортасында ақ боз үй, солай қарай
Келе жатты балалар бірге ойнаған.
Ел көзінен әдейі оңашалап,
Кеңес айтып молдаға орашолақ –

Шыққан Абай, тұрған-ды мына сәтте,
Балаларды сүйіне тамашалап.
Өкпелері алқынып ісіп-кепкен,
Өрге шығып, жарыса түсіп беттен –

Келді бәрі, қалды артта жалғыз бала
Үсті дал-дұл, еңсесі түсіп кеткен.
Баста бөрік, жарғақ тон қаудыраған,
Жасқа толы жанары жаудыраған.

Еріндері итжалақ, беті сатпақ,
Мойны күс-күс, иығы салбыраған.
Күн аямай аптабын төгіп көктен.
Тер – қорғасын балқиды еріп беттен.

Қос қабақтың астында қос жанары,
Шүңірейіп ішіне шөгіп кеткен.
Бас па,
Тас па бөріктің астындағы?

Сауыс қотыр, қанды ірің бастың бәрі.
Іші қандай сорлының ойран-асыр,
Беп-белгілі дертінің асқынғаны.
Басқа бала бір келкі сай тасындай,

Шама қайда олармен «айқасуға».
Шұрылдайды бақадай ішектері,
Кіндік қалған жабысып арқасына.
О, жаратқан!

Пендеңді түсінгейсің.
Түсінгенде жанға дерт түсірмейсің.
Ал, мынаның болмаса қозғалысы,
Қатырылған қара тас – мүсін дейсің.

Қам-қайғының жүрегін қажытқаны,
Беп-белгілі, өмірден жалыққаны.
Алақұйын қисайтып иіп кеткен,
Бір тал қурай секілді жазықтағы.

Осыны екшеп тұрғанда ақын сана,
Деді молда жақын кеп:

– ақылшы аға,

Қайда сүңгіп кеттіңіз, селт етпейсіз.
Кезек-кезек балалар шақырса да.
Сөгілді де ойының көбесінен,
Бұрылды ақын молдаға денесімен.

Тұрғаны хақ болатын жайрап бір сәт,
Жай түскендей күй кешіп төбесінен.

– А, не дейді-ау,

білесің әлі-ақ бәрің,
Жетіледі қауырсын, қанаттарың.
Ал, сендерден сұрайын ,

– әнеу тұрған

Қайсы атаның баласы, қарақтарым.
Айтыңдаршы онымен қандайсыңдар,
Одан неге бөлініп ойнайсыңдар.
Байқап тұрмын манадан, ол сорлыны

Іштеріңе неліктен алмайсыңдар?
Бәсекеде – оқуда тез көрінбей,
Жүрме әлде береке, сөзге кірмей.
Жоқшылықтың айғағы – үстіндегі,

Болмаса ол да бала ғой өздеріңдей.
Көңілдердің сандығын жабыла ашып,
Сөйлеп кетті балалар жамырасып:

– Қорамжанның баласы, аты – Қатпа,

– Шын аты ма, басқадай аты жоқ па?

– Басы қотыр, иісі іріңінің

Мүңкиді де тұрады атырапқа.

– Мандам – мандам бес елі самайлары,

– Ел біледі есімін маңайдағы.

– Алып келген әкесі биыл қыста,

Жігітектің (1) ішінен қара ойдағы.

– Оның жайын бір ұқса әжесі ұғар,

– Кім біледі ұғымтал – пәле шығар?!

Біздің оқу басталар, басталмастан

Кеп алады,
оқудан дәмесі бар...
Аш-жалаңаш, қорланған күйіне бұл,
Күйінсін бе қатыгез құйын – өмір.

– Бит дегенің торғайдай,

мойны ырғайдай
Қарамайды өзі де түріне бір...
Міне осылай бірі атып, бірі қағып,
Бірі қайрап, сыбанып бірі жанып.

Шулап кетті балалар
сырт айналып,
Ұзай берді бейшара тірі ғаріп...
Көп қиянат көрсе де өз елінен,

Қабырғасы қайысып, төзе білген,
Ақын жаны әп-сәтте кетті боздап,
Ақжалынды бұрқатып өзегінен.
Ойлады екен сол сәтте ақын нені,

Не сыйлады жүрекке ақыл кені?
Етегіне оралған немересін,
Бұйырды өзі: – Қатпаны шақыр! – деді.

– Шақырып кел! ертіп кел, келсін бері,

Үлкен үйге ертіп бар, көрсін мені.
Айапаңа айт, жіберсін маған қазір,
Жігіт пенен келіншекті көрші үйдегі.
Бәрлерің де барыңдар, қарақтарым,

Бұзылмасын сандарың – санаттарың.

Қатпаны да көрейін, байқайын бір,
Қаншалықты екенін шанақтарың.
Деді де Абай үйіне бұрып кетті,
Молданы ертіп, адымдап жүріп кетті.

Отыр екен толықсып Айгерімі,
Әніменен тамсантып жиып көпті.
Езілгенін сезді ме ел жүрегі,
Ақын пейілі лезде елжіреді.

Әлде біреу саңқ етіп босағадан;

– Қорамжанның Қатпасы келді! – деді.

– Кіргізіңдер Қатпаны, келсін былай,

Көзі болса пендесін көрсін құдай.
Бұл дағы бір атаның ұлы емес пе,
Қабыл көріп тілегін берсін құдай.
Шыншыл болса әуелде хақтағалла,

Жұқпас та еді-ау қашанда аққа қара.
Адам болу өзіңнің төл борышың,
Ең алдымен осыны ұқ Қатпа бала.
Шапағатшыл болса егер хақтағалла,

Бір-біріне адамдар жат бола ма?
Өмір деген майданы бақ пен сордың,
Бақытыңды тап ерте Қатпа бала.
Әділғазы болса егер хақтағалла,

Біреулерге біреулер таптала ма.

Сен де адамсың, шырағым, ет жүректі.
Қорашсынба өзіңді Қатпа бала.
Бықси берсең өшесің, жана алмайсың,
Жана алмасаң, ғұмырды тамамдайсың.

Мынау – шілде айы ғой, ми қайнаған
Басыңдағы бөркіңді неге алмайсың?
Қоштасқандай лезде ескі өмірмен,
Ақын сөзін тыңдаған қош көңілмен –

«Басыңдағы» дегенде-ақ зәресі ұшып,
Басты бала бөрігін қос қолымен.

– Қорықпа бала, бөркіңді алдырмаймын,

Айт жөніңді, ұятқа қалдырмаймын.
Қотыр болып анадан тумайды ешкім,
Саудың бәрі болмайды алғыр дәйім.
Қашан түскен басыңа қотыр жара?

Естіледі құлаққа атың дара –
Қатпа дейді неліктен? дастарханға
Жақын отыр, қымыз ал, отыр бала!
Орныққандай Қатпаның көңілі енді,

Елжіреді, езілді, еміренді.
«Сен де адамсың» дегенді
тұңғыш рет
Естуі осы,

жылады тебіренді...

Әлде қалай бойына қуат кіріп,
Сөйлеп кетті балақай жылап тұрып:

– Жүрген кезде зарығып ұлдан әкем,

Қыс ішінде, жұт жылы туған екем.
Қалжа түгіл зарығып қара суға,
Анам байғұс сонда көз жұмған екен.
Әкем сорлы ұрлық қып шатасыпты,

Ауылнайлар үстінен сот ашыпты.
Мешел болып жатыппын беске дейін,
Содан мені «Қатпа» деп атасыпты.
Құлантаза сау екем бастабында,

Етек жаптым, ес біліп қас-қағымда.
Көктем кірді, басыма қотыр түсті,
Алдыңғы жыл – сегізден асқанымда.
Содан бастап бұзылды келбетім де,

Өлмеген соң жүрмін ғой жер бетінде.
Қолы қысқа болған соң сорлы әкемнің,
Еш амалы болмады емдетуге.
Қарай алмай ешкімнің есігінен,

Ауысқандай күй кештім есім бірден.
Өршіп кетті қотырым басымдағы,
Өткен жылғы сүзектің кесірінен.
Жатқан кезде бір жақтан аштық жығып,

Өткен жазда қара ойда тасқын жүріп,

Суда қалып бір сөтке,
бұл – пәлені.
Алдым мүлде өршітіп – асқындырып.
Жегіқұрттай басымды қажап қайғы,

Шырқыраған жанымды азаптайды.
Маңайына еш адам жолатпайды,
Көрген жерде балалар мазақтайды.
Сөнбеген соң іштегі жалын – демім,

Бағысып жүр мүсіркеп жанымды елім.
Әжем науқас,
әкем жүр қолыңызда,
Міне – осылай қазіргі халым менің.

Ғаріп шырай басылып көзге бірден,
Көңілдерге көрінді өзге мүлдем.
Ессіз емес,
Қатпаның естілігін,

Ақын жаны байқады сөздерінен.

– Тартынбадың, жарайсың, Қатпа балам,

Біз секілді сені де тапқан ана.
Жарығыңды өшірме жалыныңды –
Лауылдатсын жар болып хақтағалла.
Мені деп ұқ қамқоршың, жақының да,

Көнуің шарт сөзіме, мақұлыма.
Қашанда біл; адамның адамдығы,
Көрінеді парасат – ақылында!

Ел танылса ежелден елдігімен,
Ер танылар еңбекпен, ерлігімен.
Ұққын балам; ешкім де шалдықпайды,
Ауруға, індетке кемдігінен.

Бос қиялға салынып құрма кеңес,
Жер қаптырып кетеді құрғақ елес.
Ақылды боп немесе ақымақ боп,
Ешбір пенде анадан туған емес.

Адамдардың еркіне билетпеген,
Құбылыс қой дерт деген, індет деген.
Сарқу деп ұқ бойдағы қан мен терді,
Мағыналы бір ғұмыр сүрмек деген.

Өткір екен қарағым тілің бөлек,
Ділгір бәлкім, байқаймын, ділің де ерек.
Рухани еркіндік табу үшін
Кімде – кімге алдымен білім керек.

Аңыз болып қалады ел ішінде,
Өмірдегі жеңіліс,
жеңісің де.
Парызың не,

өтейтін борышың не?
Оқу оқы, білім ал сол үшінде.
Ал, балалар, Қатпаны естідіңдер,
Ет жүректің қадірін есті білер.

Ертең бастап оқысын сендерменен,
Бұны дағы кәдімгі дос біліңдер!

Өнер – білім жандарын сүйіндірсін,
Бұл сөзімді бәріңнің үйің білсін.
Ал, Айгерім көршіңе өзің тапсыр,
Жуындырсын Қатпаны, киіндірсін.

Аңқып тұрса жасаған ғасыр лебі,
Ақыл-ойы адамның – асыл кені.
Терезең тең өзгемен
Қатпа балам,

Рухыңды серпілтіп бас ілгері!
Түс көргендей ғажайып
қайран – ғаріп,
Қалды сәтке дал болып, қайран қалып.

Ертесінде бөріксіз, тақиямен
Шыға келді тазарып, жайраң қағып.
Жатқанымен телінбей ауыл қашық,
Екені хақ білімге дәуір ғашық.

Дәуірінің ойшылы – ұлы Абайға,
Кетті солай Қатпамыз бауыр басып.
Ақын сөзі табанда атқарылды,
Айға жетпей Қатпамыз хат таныды.

Мейіріне Абайдың пейіліне,
Ауыл-үйдің алғысы ақтарылды.
Ауыл-аймақ алғысын үйіп төкті,
Мәртебесін ақынның биіктетті,

Үш ай өтіп арадан, ақын Абай,
Қатпаны ертіп Семейге жүріп кетті...

Абай өзі он күнде қайтып келді,
Жаңалықпен, өлеңмен балқытты елді.
Ал, Қатпаның Семейде – емханада,
Дауаланып қалғанын айтып берді...

* * *
Бес жыл өтті,
арада он жыл өтті,
Жарлы байып, жас өсіп сезді көпті.

Қара нардай қасқайып, Қатпа бала
Азамат боп ержетті ер жүректі.
Жатсынбайды өзіне жан баласын,
Жасырмайды көңілінің жарнамасын.

Екі кісі мінгендей екі иығы,
Шырайына мұнтаздай таңғаласың.
Көмейінен асқақтап арман әні,
Желпінтеді сарғайған сардаланы.

Ел дегенде етегі жасқа толып,
Абайша ойлап, Абайша зарланады.
Ерше жылап, баладай уанады,
Әділдікті жүрегі құп алады.

Надандыққа Абайша жиренеді,
Адалдыққа Абайша қуанады.
Жарығы етіп жанының отты өлеңді,
Жемқорлықты өлердей жек көреді.

Жаршысы боп Абайша жаңалықтың,
Зұлымдыққа Абайша кектенеді.

Қатпарында жанының сертін бүгіп,
Ез тірлікті мінейді еркін жүріп.
Талқысында даланың тартысында,
Тастайды ылғи Абайды желпіндіріп.

Ел ішінен кездейсоқ шаруа шығып,
Сахараны тімтініп шарласа ұлық –
Халық жоғын жоқтайды,
ол басқарған

Жатады ылғи құлпырып шаруашылық.
Берекеден бөлініп – жырылмайды.
Арекеге – алауыз ұрынбайды.
Абай десе жүрегін қолына алып,

Абай үшін қызғыштай шырылдайды.
Тіл қатпайды көңілінің күйі сүймей,
Көншімейді терінің нілі сіңбей.
Өз алдына бір тұлға – Қатпа жігіт,

Болып кетті Әбіштің інісіндей.
Сарыарқаның пейілі даласындай,
Күллі алашты сүйеді аласынбай.
Басына отау,

бауырына қазан асып,
Болып кетті Абайдың баласындай.
Жаны сүйіп атар таң,
батар күнді,

Салдық құрды...
Ел жортты, отар жүрді...
Сұңғылалық Қатпаны өзі тұстас,
Жігіттердің ағасы атандырды!!!

СӨЗ ЖИЯР

Ел кеспірін көрсетер тапқан айна –
Өлең-жырдың шырағын жаққан ойға,
Болмаса егер Абайдың Абайлығы.
Біз білетін кейінгі Қатпа қайда?

Тағылыққа тар кезде тапқан айла
Өнер-білім шуағын жапқан ойға,
Болмаса егер Абайдың Абайлығы,
Ел білетін кейінгі Қатпа қайда? ...

(1)Тобықты ішіндегі бір атаның аты.
(2)Жер аты
(3)Абай асшы-қосшыларына дейін «көрші» деп атайды екен.
(4)Абайдың ұлы.

ЖАҢЫЛТПАШТАР

Көктемеде
Көк пе төбе?
Көк төбеде –
Көп бетеге,

Бетегеге
Көк жетеме?
* * *
Көк шөп көрікті ме,

Көп шөп көрікті ме,
Көк кер көрікті ме,
Көк көл көбікті ме,
Көк бел келісті ме,

Көп тер жемісті ме?
* * *
Бала мысықты ана мысық,
Ана мысықты ала күшік.

Ала күшікті қара күшік,
Талаймын деп барады ұшып.
* * *
Шөжелерім шөптесінде,

Шөптесін де шөп жесін бе,
Шөп жемесе, кет десін де –
Аулағырақ беттесін де,
Құрт-құмырсқа ет жесін де.

* * *
Құлатай, құбатай,
Құлатай мен құбатайды
Құлақтай алмағанның

Ұяты-ай!
* * *
Тұрған қара қабақта,
Жабысқан жауыр қаратқа

Сауысқан – ала қанат па?
Алыстан ана ала қанатқа
Тас ат!
Қара атқа жолатпа.

Арқасын қара аттың талатпа!
* * *
Ала құнаным қиырдан озады,
Қара құнаным қиыннан озады.

Орманда шапсам тиыннан озады.
Күрең құнаным құйыннан озады,
Жирен құнаным сиырдан озады.
* * *

Қойым көп пе,
Қозым көп пе?
Қойша төлдер
Ойым көп пе?

Қойым бетте,
Қозым шетте,
Ойым көкте.
Қой мен қозым

Тойды көкке!

* * *
Біз – деген бізбіз,
Жүз ұлмыз, жүз қыз –
Дәл екі жүзбіз.

Жердегі гүлміз
Көктегі жұлдыз.
Әр маусым сайын
Сабақта жүзбіз

Болашақ үшін
Жақсы оқып жүрміз.
Ұл десең, ұлмыз
Қыз десең, қызбыз –

Біз деген бізбіз –
Жүз ұлмыз, жүз қыз!
* * *
Кенеремен кенерлеп келдің бе,

Кенереден көп ебелек көрдің бе?
* * *
Бақа бақылдаса, таңдайы тақылдай ма,
Таңдайы тақылдаса, бақа бақылдай ма?

ЖҰМБАҚТАР

Жүрісі кейде жылдам, кейде шабан,
Мұрнында тесігі бар ине табан.
Азығын шайнамайды тек жұтады,
Ақ дала сусындайды шөлдесе онан.

Денесі жүрген сайын аласарып,
Сызады алуан кесте тамаша қып.
Болғанымен діңі қатты, тілі тәтті
Балалар жатады оны таласа алып.

Жанса да айлап, жылдап балқымайды,
Тисе де қол-аяқты шарпымайды.
Өшпейді су құйсаң да оңайлықпен
Жел түгіл, боран шықса шалқымайды.

Шапсам да жауын-шашын, жел де мейлі
Астымда арғымағым терлемейді.
Тұрады қаңтарулы мінбегенде
Өмір бақи су ішіп, шөп жемейді.

Бес жігіт біреуінен біреуі аласа,
Тұрады төрті көрші, бірі оңаша.
Бастары бірікпесе кетер әлі,
Ырқына бір-бірінің ұнамаса.

Тастайды тау қопарып, көл қотарып,
Бесеуі бір ниетпен шыға қалса.

Күндіз-түн сарнайды,

Жағы бір талмайды.
(Қалам)
(Қарындаш)
(Лампочка)

(Велосипед)
(Бес саусақ)

Тоқтамай безеді,

Бір ізден танбайды.

Қалсаңыз көз жазып

Өкінтіп алдайды.

Күндіз бар,

Түнде жоқ,

Түзде бар,

Үйде жоқ.

Көз жұмсаң

Мүлде жоқ.

Бір нәрсе қырық құрау , іші қуыс,
Қарнын жарса болады бір-ақ уыс.
Өзі де бір желтабан тоқтамайтын
Адамдар арасына салады ұрыс.

Құлағы жоқ,
Аяғы жоқ, дыбысы жоқ,
Естіп, білер солай да сыбысы көп.
Тіл-аузы жоқ, бірақ та саған дәйім,

Үн қатады дос-жаран, туысың боп.

Тетіктерін игеріп,

Алсаң тілін үйреніп.

Ұшырады аспанда,

Алып қанат «инелік».

(Сағат)
(Көлеңке)
(Доп)
(Хат – хабар)

(Ұшақ)

Таңқаласың қимылының тезіне,
Білдірмейді кіргеніңді көзіне.
Аял болсаң ақ бәтеске түсіріп,
Көрсетеді өзіңді әкеп өзіңе.

Меңгеруге жарасаң,
Қай уақытта қаласаң.
Естіледі ішінен,
Ойын – күлкі, тамашаң.

Аспанда ай мен күндей «қалқымайды»,
Жел тисе жанған отша шалқымайды.
Жатса да ұзын арқан өзегінде,
Лап етіп барған жері жарқырайды.

Ұзын-ұзын арқаным,
Үй-үйлерге тартамын.
Үзігіңді жалаңаш,
Ұстай алмай – қорқамын.

Ертелі-кеш болатын жұмысымда,
Бір сандық бар үйімнің бұрышында.
Әлемдегі өмірді көрсетеді,
Сиғызып ап ішіне – қуысына.

Қызып алса тындырар,

Бір адамның жұмысын.

Киіміңнің сындырар,

Тігісі мен тырысын.

(Фотоаппарат)
(Магнитофон)
(Ток)
(Ток сым)

(Теледидар)
(Үтік)

Өмірі нәр татпайды,
Үмітіңді ақтайды.
Өзің жоқта үйіңнің,
Амандығын сақтайды.

Көмір, ағаш,тезекше,
Тамыздықпен жанбайды.
Жасылданып ерекше,
Түртіп қалсаң лаулайды.

Түтіні жоқ, маздайды,
Бір қалыптан жазбайды.
Дағдылансаң, ас-суың,
Онсыз дайын болмайды.

Көмекейлете асатсаң,
Білем-білем шикі етті,
Шығарады тосаттан,
Жанышпа қып бір текті.

Тәтті, дәмді тағамды,
Пісірген соң әудемде.
Қолғанат деп жарамды,
Бағаланды әр жерде.

Бұдыры жоқ бетінің,
Кетігі жоқ шетінің.
Жарқырайды күндіз-түн,
Ашып қалсаң тетігін.

(Құлып)
(Газ ошақ)
(Ет тартқыш)
(Духовка)

(Лампочка)

Алпыс қырат, он екі өзекпенен,
Жүремін деп өзімді тежеп келем.
Үш арғымақ астымда;
бірі шабан.

Бірі жүрдек, біреуі безектеген.

Көзіңе көрінбейді, ысқырады,
Еліріп кейде қатты ышқынады.
Өзінің болмаса да қол-аяғы,
Жолыққан бар нәрсеге күш қылады.

Қусаң мойын бұрмайды,
Қайрасаң да тұрмайды.
Қашан шаршап біткенше,
Ескеуілдеп тынбайды.

Ол келгенде теректер,
Бас шұлғысып шулайды.

Жаһанда бір алып бар теңдесі жоқ,
Күші бар, бірақ, ақыл-зердесі жоқ.
Жаралған барлық жанды мақұлыққа,
Қойнынан ақтарылып бермесі жоқ.

Айдаһардың арқасына жатып ап,
Күн суыса шыға келер шатынап.
Бірақтағы, жоғалады зым-зыя,
Көктем келіп бусанғанда атырап.

(Сағат, минут, секунд)
(Боран)
(Жел)
(Жер)

(Мұз)

Су ма десең су емес,

Бу ма десең бу емес.

Көшіп жатыр далада,

Толқын-толқын бір елес.

Тамсандырып кіршіксіз келбетіне,
Қыс күндері қонады жер бетіне.
Көктем келсе елжіреп, қара жердің,
Кіріп кетер қойнына – кеудесіне.

Жылт-жылт етіп жыланша сумаңдайды,
Қысы-жазы жортса да қиналмайды.
Күллі жанды, жансызды қандырса да,
Ешкімге де бәлсініп бұлданбайды.

Он сегіз мың ғаламда ол болмаса,
Адамзатта жасайтын күй қалмайды.

Аспан – атам егілді,

Қабырғасы сөгілді.

Жанарынан санақсыз,

Жас тамшысы төгілді.

Жердің беті әп-сәтте,

Ақ маржанға көмілді,

Күн шыққанда дидары,

Ғайып болды, не білді?

(Сағым)
(Қар)
(Су)
(Бұршақ)

ЗЕЙІН ЖҰМБАҚТАРЫ

(екі баланың айтуына лайықталған )

– Қос құлағы делдиген,

Құйыршығы ербиген.
Үстінгі ерні жыртық,
Тұяқтары быртық.
Тостағандай көздері,

Жау көреді өзгені.
Қорқақтығы аян –
Ол кәдімгі?

– Астыңғы ерні салпиған,

Үстіңгі ерні жалпиған.
Кере қарыс құлағы,
Оңай тозбас тұяғы.
Мандымайтын шабысы,

Мезі қылар дауысы.
Жерге аунаса күш алар,
Сүті арам, күші адал.
Жүгені жоқ басында,

Мінем десең қасыңда –
Тұрар арқасын төсеп,
Ол кәдімгі

– Тойып алса тамаққа, Жоламайды табаққа. Жылы жерде жатады, Тәтті ұйқыға батады. Шалқасынан жатпайды, Сезгірлігін сақтайды. Тез парықтап иісті, Тез сезеді дыбысты. Жайшылықта ұстамды, ған ) – Қоян! Есек!

Бірақ, көрсе тышқанды –
Түрегелер ұшып,
Ол кәдімгі?

– Болғанымен кішкене,

Нағыз пәле – міскене.
Талғамайтын күйіңді,
Бүлдіретін үйіңді.
Тұрақтамай көшеді,

Қаптың түбін теседі.
Мүлде тыныш тұрмайды,
Ас-тамақты ұрлайды.
Өзі сезгір «мыстан»,

Ол кәдімгі?

– Жорықшыдай баяғы,

Таусылмайды аяңы.
Белі нәзік,
қомақты –
Басы менен аяғы.

Басып өткен жеріне,
Өз иісін жаяды.
Қастығы жоқ кісіге,
Қол қоясың ісіне.

Көтеретін жүгі ауыр,
Таңғаласың күшіне.
Өте құмбыл жұмысқа,
Ол кәдімгі?

– Мысық!

– Тышқан!

– Құмырсқа!

– Қ

– Ақ көбелек секілді,

Жерге жылдам жетуді,
Аңсай ма екен?
Төпелеп.

Түсіп көктен төтелеп,
Қыстыгүні жауады,
Тазартады ауаны.
Көк аспанның еркесі,

Жердің аппақ көрпесі.
Жұмсақтығы мақпал,
Ол кәдімгі?

– Санының жоқ есебі,

Көлемі тез өседі.
Ұстай қалса ашуы,
Түйдек-түйдек көшеді.
Кетпесе тек сұйылып,

Қара жерге шүйіліп.
Ақырады айбармен,
От қамшысын үйіріп.
Өңі қара түнектей,

Желкілдейді үлектей.
Түседі ақыр аспаннан,
Сансыз ұзын жібектей.
Кезсе дала – қаланы,

Қуанып ел қалады.
Сондай сәтте көз жасын,
Төгіп-төгіп алады.
Жердің шөлін қандырып,

Тірлік бағын жандырып –
Кетеді,
Бұл кәдімгі?

– Ақ қар!

– Жаңбыр мен бұлт!

ӘРІП, СӨЗ ЖҰМБАҚТАРЫ

Басы да «а», соңы да «а»,
Оқығандар ұғады.
Ортасына не қоссаң,
Ата болып шығады?

(т) Жалғыз әріп арасы, Бәрін қоссаң аталар – Адамзаттың анасы. Айтшы қане, балшәріп, Арадағы қайсы әріп?

(н)

Басы «ә» де, соңы «е»,
Бар адамға кез болар.
Ортасына не қоссаң,
«Әке» деген сөз болар?

(к)

Басы «ш» мен басталып,
Жалғанады «е» менен.
Қайталасаң осыны,
Болар сенің неменең?

«А» дегеннің соңына,
Бір әріпті білетін –
Қоссаң болар көлігің,
Жол жүргенде мінетін.

Зеректігің қаншалық,
Қосатының қайсы әріп?

(т)

(Шеше)

Бір әріппен бөлінген,
Екі «Н» ның арасы.
Адам үшін сол заттың,
Ғаламда зор бағасы.

Қасиетті сол зат тұр,
Дастарханға қарашы.
Оны мәңгі ардақтар,
Адамзаттың баласы.

Басы «е» де, соңы «к»,
Ортасында «с» мен «е».
Бәрін қоссаң бір көнпіс,
Көлік шығар кішкене.

Кішкенеңіз шаршамас,
Нағыз мықты міскене.
Байлаулы тұр сөреде,
Ол көлігім немене?

«Л»-ды қойып соңына,
«Қ»-ға жалғап тағы да,
Бір әріпті қоссаңыз –
Болар мықты бір мүшең,

Ал, қане, оқи бастаңыз
Рөлі зор денеде,
Бұл мүшеңіз немене?
Бас–аяғы түгел «І»

Мағанасын біліңіз.
Ортасына бір әріп,
Қосса болар кіміңіз?
О, балақай, балақай,

(Нан)

(Есек)

(Қол)

Қалайық бір тамсанып, Ортадағы қайсы әріп. (н) «К» мен «З» ның арасы, Бір-ақ әріп, қарашы. Көре алмайды ештеме, Онсыз адам баласы. Ол сіздің де бағыңыз, Жарқыраған шамыңыз. Арадағы әріпті, Қане жылдам табыңыз.

(ө) Ортасында «а» жалғыз, Басында «б», соңы «с». Биігінде дененің, Тұрақтаған қонысы. Онсыз барлық мақұлық, Жүре алмайды тік тұрып. Бұл немене тапшы, дос, Көрсетіп бір мықтылық. Екі жақта екі «қ», Ортасында үш әріп. Ол болмаса түк ұқпай, Тартарың хақ құсалық. Өзі де екеу, тұрады – Екі жерде «тұсалып».

(Бас)

(Құлақ)

«А» мен «ң»-ның арасы,
Бір-ақ әріп, санашы!
Онсыз аттап жүре алмас,
Адамзаттың баласы.

Басы «м» да соңы «н»,
Сезер бәлкім, қу ішің.
Ортасында үш әріп,
Түсіндің бе туысым.

Ол болмаса ауызбен,
Алынады тынысың.
Онсыз мүлде сезбейсің,
Ешнәрсенің иісін.

Ортасында екі әріп,
Соңында «з», басында «а».
Үлкен рөль атқарып,
Тұрады ол басыңда.

Онсыз өтпес тамақтан,
Шайнап берген асың да.
Бірі бітсе «л»-менен,
Бірі бітер «с»-пенен.

Екеуінде баршылық,
Құдіретті күш деген.
Екеуінің алдында,
Тұрғаны ұқсас екі әріп.

Мұны тапқан «би» болар,
Бірді беріп екі алып.

(Аяқ)

(Мұрын)

(Ауыз)

Бірі жатыр сайланып,
Біреуі тұр қайралып.
Қайсы мүшең екеуі,
Тапшы, қане, ойланып.

Бір итім бар үрмейді,
Ары-бері жүрмейді.
Тамақ берсең жемейді,
Су ішуді білмейді.

Ол тұрғанда еш адам,
Үй ішіне кірмейді.

Балада бар,

Данада жоқ.

Бабада бар,

Ағада жоқ. (Б)

Саңлақта бар,

Салмақта жоқ.

Қаңбақта бар,

Қалмақта жоқ.

(Ң)

Нарда бар,

Малда жоқ.

Нанда бар,

Қарда жоқ. (Н) (Тіл мен тіс)

(Құлып)

Тарихта бар, Көнеде жоқ. Қайықта бар, Кемеде жоқ. (И) Орманда бар, Тоғайда жоқ. Қорғанда бар, Маңайда жоқ. (О) Сақалда бар, Мақалда жоқ. Сапарда бар, Тапалда жоқ. (С) Тарихта бар, Көнеде жоқ. Қайықта бар, Кемеде жоқ. (И) Орманда бар, Тоғайда жоқ. Қорғанда бар, Маңайда жоқ. (О) Сақалда бар, Мақалда жоқ. Сапарда бар, Тапалда жоқ. (С)

Қобызда бар,
Қоңырда жоқ.
Доңызда бар,
Тобырда жоқ.

(З) Арада бар, Сона да жоқ. Қорада бар, Далада жоқ.

(Р) Ыдыста бар, Күмісте жоқ. Ырыста бар, Плюсте жоқ.

(Ы) Ауылда бар, Адырда жоқ. Сауырда бар, Сабырда жоқ.

(У) да бар, да жоқ. да бар, да жоқ. (З ( ) бар, а жоқ. а бар, жоқ. (Р ( ) Р а бар, е жоқ. а бар, е жоқ. (Ы ( ) Ы а бар, а жоқ. да бар, да жоқ.

( У) У

ӨТІРІК ӨЛЕҢДЕР

Мың жыл бұрын табысқан тәтемменен,
Сексен жастай кіші екен әкем менен.
Жердің бетін қаптаған топан суды,
Тасып төктім аспанға катөлменен.

* * *
Қанатына отырып инеліктің,
Түскі асыма елудей ине жұттым.
Он сегіз мың ғаламның мамандығын,

Жөргегімде жатқанда үйреніппін.
* * *
Көк өгізім бұзаулап жетпісінде,
Он бұзауы туылмай кетті ішінде.

Отыз қасқыр зорығып өлген екен,
Ақ қоянның шыдамай тепкісіне.
* * *
Алты қабат аспанның ар жағында,

Алып кит ілінді қармағыма.
Алпыс аю алты жыл таласыпты.
Қолындағы әжемнің оймағына.
* * *

Тоқсан жылдай мінген кер дөненім,
Айлық жолда көрмедім терлегенін.
Мың жыл бұрын аспанның жұлдыздарын,
Етегіме тезекше терген едім.

* * *
Тайқазандай құйрығы көк ешкінің,
Көк ешкінің жан сырын көп естідім.
Өсек тасып, от жағып, жаныстырып,

Тау мен тауды өзара егестірдім.
* * *
Жүгімді артып он тонна есегіме,
Көк шыбынға ер салдым көшерімде.

Ет пен майды, астықты үйіп тастап,
Алты жылдай аш жаттым төсегімде.
* * *
Топырақпен сүрттім де көз жасымды,

Өзім кесіп тастадым өз басымды.
Мың шақырым жарысқа дайындалдым,
Жұттым-дағы он кило қорғасынды.
* * *

Теңіздердің бетіне ектім егін,
Кірпігімнің ұшымен көк тіредім.
Аспан құлап, басыма іс түскенде,
Күнге шығып, сол жерде көп түнедім.

* * *
Шықтыдағы мінбеге қара қарға,
Сабақ өтті оқушы балаларға.
Бір қаланы көшірдім жалғыз өзім,

Екі бөліп арттым да қара нарға.

* * *
Мініп алып илеусіз елтіріге,
Қас қаққанша жетіппін жер түбіне.
Тоқсан жылда әрең барып бір қайтты,

Елудегі құдашам төркініне.
* * *
Міндім-дағы жаратып бір шыбықты,
Бастап кеттім бақида тіршілікті.

Бір ғасырда оралсам пәниіме,
Кешке жақын батыстан күн шығыпты.
* * *
Ұстап алып кесіртке,

Құлағына ен салдым.
Аспанға айдап есекті,
Ұшқанына тамсандым.
* * *

Жараттым да қоңызды,
Қостым ұзақ жарысқа.
Оқыттым да доңызды,
Аттандырдым марсқа.

* * *
Алып бердім қыздарға,
Құмырсқаның асығын.
Бүрге шығып мұз – қарға,

Тапты сүйген ғашығын.

* * *
Қандаланың сирағын,
Елу ғасыр жинадым.
Көк шыбынның терісін,

Достарыма қимадым.

* * *
Ортасына тақтаның,
Шіркей бағып, баптадым.
Шаншып алып істікке,

Тірі аюды қақтадым.
* * *
Кесіп тастап басымды,
Төктім көлдей жасымды.

Қапаздағы торғайым,
Ұстап жейді лашынды.
* * *
Іркіт пісіп табаға,

Нан пісірдім сабаға.
Таңда шығып қоңызбен,
Айға бардым қонаға.
* * *

Ұясынан түлкінің,
Көк тіреді кірпігің.
Садақ, жебе жасадым,
Мүйізінен кірпінің.

МАЗМҰНЫ Шыт ..................................................................................................................3 Өлеңдер Кел, ойна .....................................................................................................5 Істейді көрген көргенін ................................................................6 Ұлықпанның өкініші .......................................................................8 Орынсыз ..................................................................................................10 Бәйгеде .......................................................................................................12 Атаның ақылы .....................................................................................14 Күтеді енді ғылымның көмбесінен .................................15 Ақбай мен Сәтбай ............................................................................17 Нұрбек көлге құлады ....................................................................19 Торғайым ................................................................................................20 Соған әжем мақтайды .................................................................21 Ақ лақ ..........................................................................................................22 Көк күшік .................................................................................................24 Қойдырдым ...........................................................................................26 Құлап қапты ..........................................................................................28 Мықтыбек ...............................................................................................30 Саяқтың тағдыры .............................................................................31 Түзелу ..........................................................................................................32 Тік-так..........................................................................................................33

Өкпеледі көктемге ..............................................................................34 Әй , балалық ..............................................................................................35 Мақтау мен сөгу ....................................................................................36 Қыңырбайдың қырсығы ..............................................................37 Жексенбі.......................................................................................................38 Тазалық .........................................................................................................40 Бала махаббаты .....................................................................................41 «9» бен «1» ..................................................................................................42 Қағаз құсым ..............................................................................................44 Бір үлкен мәдениет ............................................................................45 Қайтер едің?..............................................................................................46 Кім болам?...................................................................................................47 Қошымның жауабы ..........................................................................49 Дұрыс па?.....................................................................................................51 Отырды көп ойланып .....................................................................53 Күлдім-ай кеп... ......................................................................................55 ...Бірінші .......................................................................................................57 Қорқады екен .........................................................................................59 Барады осы күн қайда ?..................................................................60 « Бала бидің » төрелігі ....................................................................62 Арлы болсаң, азбайсың ................................................................64 Көзім жетті ...............................................................................................66 Жалқаулық................................................................................................68 Қиысбай.......................................................................................................70 Көңілін енді түсіндім.........................................................................71 Жусан мен қаңбақ..............................................................................75 Мақтанның кесірі...............................................................................79 Көжек және тасбақа..........................................................................83 Мақтаншақ қораз................................................................................89 Жолбарыс пен бақалар..................................................................92

Жылым...........................................................................................................99 Ақыл...............................................................................................................108 Қарағай мен сексеуіл......................................................................111 Күн мен боран балладасы..........................................................117 Бозторғай.................................................................................................127 Қатпа.............................................................................................................137 Сөз жияр....................................................................................................149 Жаңылтпаштар.............................................................................150 Жұмбақтар ..........................................................................................153 Зейін жұмбақтары...........................................................................159 Әріп, сөз жұмбақтары....................................................................162 Өтірік өлеңдер................................................................................169

Теруге жіберілді 20.11.2011
Басуға қол қойылды 19.06.2012.
Қалыбы офсеттік басылыс. Қаріп түрі «Тип-таймс».
Шарты баспа табағы 14,3. Пішімі 70х100 1/16.

Есептік баспа табағы 11. Таралымы 2000 дана.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының
«Атажұрт» баспа орталығы,
Алматы қаласы, Ш.Уəлиханов көшесі, 43 А

Сəдуақас Сəли

Балаларға арналған өлеңдер,
əн сөздері, жұмбақтар, жаңылтпаштар
Редакторы Серік РƏСІЛОВ
Көркемдеуші

редакторы Бейсен СЕРІКБАЙ
Суретшісі Изольда СЕРІКБАЕВА
Корректоры Жанар ЖАНАПИЯНОВА
Беттеген

Айнагүл АУАНОВА

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙