Мазмұнға өту
Home

Көп томдық шығармалар жинағы 7 том

Ғафу Қайырбеков

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Көп томдық шығармалар жинағы 7 том

Авторы: Ғафу Қайырбеков

УДК 821.512.122 ББК84 (5 Қаз) 7-5 Қ 23 Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі Ақпарат жəне мұрағат комитеті «Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылды Кiтапты жүйелеп, баспаға əзiрлеген Ғафу Қайырбековтің жұбайы Хамзина Бəдеш Қайырбеков Ғ. Қ 23 Көп томдық шығармалар жинағы./Ғафу Қайырбеков. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2012. 7-том: Өлеңдер. Поэмалар. Балладалар. – 384 бет.

ISBN 978-9965-22-414-0

Көрнектi ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi Ғафу Қайырбековтiң 7-томына «Туған топырақ», «Күнтеңескен» жəне «Шұбалаң» атты кiтаптарындағы таңдаулы өлеңдерi, балладалары, поэмалары енгiзiлдi. Кiтап көпшiлiк оқырманға арналған.

УДК 821.512.122

ББК84 (5 Қаз) 7-5 ISBN 978-9965-22-414-0 (Т.7) ISBN 9965-22-255-X © Хамзина Б., 2012 © «Қазығұрт» баспасы», 2012

«ТУАН ТОПЫРА » кітабынан 1985 жыл ЭЛЬБРУС ЕРТЕГІЛЕРІ ЭЛЬБРУСПЕН СӨЙЛЕСУ Кіріспе Көргенің бар ма, досым, Эльбрусты? Толы ғой ғажайыпқа жердің үсті. Сонда да, көзің аман тұрған шақта Көргенің Эльбрусты – ең дұрысы. Ол үшін болу керек аспан ашық, Ол үшін тұру керек таң таласып. Сол таңға əрбір тұстан қолын созып, Жұлдызды үзбек болып, жанталасып. Жамырап қара көк шыңдар шаншылғанда Тұманнан тұла бойы аршылғанда, Дүние сүтпен жаңа жуылғандай, Тəп-тəтті тіршіліктен дəм шығарда. Басыңды жастығыңнан көтеріп қап, Көзіңе күн шығысты əкеліп бақ, – Сол кезде көкжиекті жайлап тіліп, Шығады алып шатыр əдемі, аппақ. Туады дүниеде ғажайып сəт, Тұрғандай жанарыңда əзер ұстап.

Жоқ болып қазір-қазір кететіндей, Айрылып қалатындай зəрең ұшпақ. Ер киер дулығадай үш бұрышты, Құйғандай аямастан иен күмісті. Əлемнің сахнасына шыққан жайнап, Көргенің бар ма, досым, Эльбрусты? Танғандай жиі-жиі пендең естен – Дегендей ылғи көріп дəндемесін. Желкенін жиып шапшаң кеткендей бір Тірліктің жер астына сəн кемесі. Эльбрус жоғалады, көзден ғайып, Қанатын қара бұлттар тездеп жайып. Жабады, көңілінде қалады тек – Ағарып көпке дейін сол ғажайып. Ұйқының ең бір тəтті сағаттарын, Қиып мен, тостым талай таң атқанын. Жолығып жүрдім сонда Эльбруспен, Мезгілдей өте шығар қанат қағым. Қайтесің аз айтқанын, көп айтқанын, Тірліктің сол біледі шолақ таңын. Тұңғышы, соңғысы да сол ма дедім, Ақынның аз бақытын молайтқанын...

Бірінші дəптер ЛЕРМОНТОВ ТУРАЛЫ ЭТЮДТЕР * Онымен кездесуім он жасымда, Аз еді ақыл мидың дорбасында. Дүние қызыл-жасыл бояу кезі Сабырсыз сапырылған бір басымда. Бұлттар мен ойнаушы едім аспандағы, Созылып қиялымның баспалдағы. Əп-сəтте жетуші едім оларға мен Жұп-жұмсақ шудаларын жастанғалы. Жеп-жеңіл ұшушы едім, тағат қалмай, Асығып, тынбаушы едім тағы аттанбай. Жайылып кетуші едім кең ауаға Астында қолтығымның қанат бардай Бірінде сол ұшудың қаңғырып мен, Ғажайып самғайтұғын жаңғырықпен, Кездейсоқ ұшырастым, қақтығысып, Адам-құс, алақан көз самұрықпен. Аспанның падишасы күн астында, Сен кім? – деп, сірə, менен сұрасын ба, –

Мен төмен құлдиладым, зəрем ұшып, Кездеспей тұрғанымда сұрапылға. Жоқ, олай емес екен! Жаман ойға Мықтылар көкірегі кең көп жолай ма! Сорғалап қанатына мінгізіп ап, Əкетті көк тұңғиық əлдеқайда... Ішінде сол тұңғиық əлі жүрмін, Ұшумен өтіп жатыр бəрі күннің. Беліме найзағайды буынып ап, Күркіреу дағарасымен дабыл ұрдым. Демон ол – жырдың пірі-періштесі, Демеймін кіндігімді теріс кесті, О, шіркін, оның бəрі қиял еді, Өмірде бүгін тұңғыш бір кездесті! * Аспанның ақша бұлттар – орамалы, Машуктың мойнына кеп оралады. Одан соң қара орманға сусып түсіп, Басында əр ағаштың жоғалады. Бір сəтке ашылады атлас көк, Жерменен арасында қатынас жоқ. Сол кезде Бестау қала – Пятигорск Алдында шашылады шатыраш боп. Шашылып барып-барып тұйықталған, Жерінде, орналасқан биік қорған – Шартылдап талай түскен жайдың оты Көк мүйіз, сіңір тастап қиып салған.

Көркі мен қасиетін жұрт анықтар, Ішінде сол қорғанның бір парк бар. Лермонтов отыр соның ортасында Тізесін шинелімен қымтанып сəл. Биік тұр бар ағаштан тұғыры оның, Түсіріп маңдайына күннің жолын. Қараса, екі көзі елестетер Сөнбейтін мəңгілікке жырдың шоғын. Жайнаған эполеттер екі иықта, Сап-салқын жымиысы кең миықта, Белінен қиғаш түскен қайқы қылыш Күйінде шабылмаған тұр ұйықтап. Дегендей «кездесетін белгіні ұста!» Қарайды ол қас қақпастан Эльбрусқа. Жаралған елден ерек егіз нұсқа – Тəңірінің уақыты кең бұл бір тұста. Ғажайып тұрады əсер бойыңды алып, Солармен қауышқандай ойың барып. Жатқандай ертең таңда тағы Эльбрус Ақынмен кездесуге дайындалып. Бақыт қой бір өлкеде қос данышпан Қырандай бірін-бірі қостап ұшқан. Дүниеде «жарасым» деген жақсы ұғым бар, Сонымен жар сүйіскен, дос табысқан! * Алтын күн Жер ғашығы, Күн еркесі, Бестаудың нұрға малып бес өркешін

Машукқа қызыл көпір асып тастап, Шыңдардың ұзартты да көлеңкесін, Батыстың иек сүйеп ернеуіне, Келеді құлағалы жерге міне, – Бес жасар тұрды бала соған қарап, Бір сағат бүгін мұнда келгеніне. Қайтсін-ай, қайран əже ту алыстан, Кавказға немересін алып ұшқан. Қолында жалғыз бұлдыр қалғаны осы Бар дəулет, бақыт, байлық, қуаныштан. Байланған дүние-арқан бəрін үзбек – Қаршадай сəбиіне дəру іздеп. Нарзанның шипа суы шақырды оны Балқыған балдай түсі сары күзде. Қадалып тостаған көз, ұзын кірпік, Жібермей құбылыстың бірін мүлтік, Қарайды есі танып төңірекке, Қара көк қойнаулардың түбін тінтіп. Көрмеген бұрын мұндай сұлулықты, Таңырқап таңдайының суын жұтты, Батар күн – қоңыраулатқан алтын күйме, Бестаудың тасасында кімді күтті? Мұны ма? Жаңа келді бұл алыстан. Кавказбен тағдырындай қол алысқан, Қалшиып бір жартаста қалды ұзақ, Күн сүйген маңдайынан бала арыстан...

  • * Дариға, сонау күндер бəрі есінде... Қанында, жүйке, тамыр, денесінде. Сиқырлы бөтен əлем кешіп еді ол, Кавказдай жер-дүниенің кемесінде. Миының қалған түгел түкпірінде, Сезімнің қылдан нəзік жіп-тінінде. Айрылмай қиялында, түсінде де Ауасын сол Кавказдың жұтты күнде. Көлеңдеп көркем күні, ғажап айы, Ойнаған бұлт ішінде найзағайы, Андаған талма-түсте алып шыңдар, Жаңғыртқан сол шыңдарды өз айғайы. Қыранның таудан ырғып, тік ұшқаны. Ұйысқан қара орманның жыныстары. Алыста, арғымақтың жалы үстінде Черкестің жарқ-жұрқ еткен қылыштары. Бер жақта асау өзен бұрқыраған, Жан-жаққа ақ буалдыр бу тараған. «Өзеннің ту сыртында шешендер тұр», – Шошынып су ішкендер жалт қараған. Аспанның қаңғыр-күңгір алаңынан Сəскеде таңғажайып тарар бір əн. Шырқаған олар көктің сұлулары, Хош иіс жел соқтырып балағынан. О, шіркін, еркін еді əні қандай, Сəби жан қояр емес қанын алмай, Азаттық, еркіндіктің құдіретін Болды ол алғаш рет танығандай.

Баспаған періштелер жер тозаңын, Сыйлаған бұған ғана тап-таза əнін. Аспанға, адрессіз сұлуларға Білді ме кейін мұның хат жазарын? Білді ме мұның ғана ерте өсіп, Құдіреттің өзіменен бой теңесіп, Жердегі пенделерден рухы озып, Жүрерін көк жүзінде еркелесіп. Орнатып күн көзіне баспалдақты, Бір шолып қайту үшін аспан жақты, Бір жуып қайту үшін наз-өкпесін, Кезіккен тағдырына тастан қатты... Есінде, сонау күндер – бəрі есінде, Қанында, жүйке, тамыр, денесінде. Ғажайып басқа əлемді кешіп еді ол, Кавказдай жер-дүниенің кемесінде. * Келді ол көп жылдан соң екінші рет, Лаулаған кеуде де ыза, өкініші өрт. Айрылып ұлы ақыннан – ағасынан, Азалы, долы жаны жетімсіреп. Алыстап тұрған кезі одан құдай, Қасында жүргенсіген қолдап ұдай. Асықты, сезінді ол, секем алып, Сыймасын дүниеге содан былай. «Қош, Ресей, жуылып, тазармаған», Саған қорлық, бұйырған ажал маған», Сені бақытты етем, – деп, басын жұтып, Сабаздардың бірі жоқ жаза алмаған.

Қаным ұйып барады, жаным күйіп, Қауға түскен жалындай жалым күйіп. Мен ездерге еңіреп, еңкеймеспін, Мен қайтейін, жаратса тағдыр биік. Жалғыз қазық көрінер далаң жазық, Қалмас көзін көргіштер менен жазып, Жоғалайын Кавказдың тасасына – Болған, шіркін, жасымнан жаныма азық! Деді ол, тауысты да аз шыдамын, Татуға айдалудың ащы дəмін, Жөнелді, тəңірінің қуған жаны Жаңғыртып жендетінің тас құлағын... * Өр Кавказ жарқылдаған көзге сыны, Тербелген қиялының өз бесігі, Алдынан сағыныштың самалы есіп, Бұл жолы ғажап еді кездесуі. Кір, қоқыс дүниеден бөліп алып, – Төс қағып, кел екеуміз жолығалық! – Деді де, тік көтерген бойыменен Шыңдарға отырғызды оны барып. Сол жерден, тау Машуктың омырауынан Əдейі ұя жасап қойған бұған, Ол онша алыс емес Азаттықтың Серісі – қырандардың ойнағынан. Төменде шипа бұлақ сылаңдаған, Төбеде күрең күмбез күн аунаған, Түстікте, көк мұнардың арасында Денесі Эльбрустың қылаңдаған.

Қамалда полк жатыр бұлттай түнеп, Соғысты, жау сағынып, жатпай тілеп, Жанығып іші пысқан офицерлер Атысқан қабырғаға тақтай тіреп. Ал ақын анау құзда өзі үйренген Дүниені алдына алып, тебіренген. Кавказдың жан баспаған жартастары Жатсынбай кеудесіне келіп енген... * Жүз жыл ма, бəлкім, тіпті одан да əрі, Бұл жерде кім болғаны, не болғаны, Кешкілік саклясында сөз қоздатқан Бестаудың белден сақал қариялары. Естіді ол аңыздарды, ертегіні, Əзірге батпай тұрып ерте күні, Ғажайып таулықтардың табиғаты, Қаз-қатар ақылды аға, тентек іні. Нəзік жар, адал неке, батыр ұлдар, Аймақты қалтыратқан жортуылдар, Қанды кек түйіндерін қанжар кескен, Бас теңдеп қанжығаға жойқын мұнар. Алапта тезектей боп қалған ерлер, Аздан соң сүлдесіне қарға үймелер. Жөңкілген əзірейіл періштелер Бойына жан алғыштық болған өнер. Қашанғы Хаджи Абрек, Бейболаттар, Қашалып қара тасқа қалған аттар, Сыймаған əулетіне Измаил-Бей Еліне болған кеше қолғанаттар.

Шалдардың айтуында кетеді өсіп, Кейбірі ұзақ мақтап, жеке көшіп, Айналып аяқ жағы «сандалмаға!» – Азырақ тынары бар шекелесіп. Одан соң татулыққа жол тұратын, Көзеге асау шарап толтыратын. Орыстың офицері ұзақ тыңдап, Сүйеніп семсеріне отыратын... Қиялда оқиғалар қайта қаулап, Шабыста ерлер құлап, аттар аунап, Күңіреніп, кəрі шыңдар бебеу қағып, Күбірлеп кəрі шалдар құран арнап. Дүние болатұғын астан-кестен, Осынша сұрапылды бастан кешкен, Шалдардың жүз жасаған ең үлкені Бас шұлғып отырушы ед үндеместен. Содан соң қайта оралып қиясына, Өлеңнің қайта қонып ұясына, Төнетін темір қалам əлсін-əлсін Құрғамай, құтыдағы сиясына... * «Мцыри», «Хаджи Абрек», «Бастұнжы аул», Ойнаған қанатында қара дауыл, Мұңлы «Демон» – ғашығы Тамараның, Ажалдың періштесі жолдары ауыр. «Азаттықтың серісі ең ақырғы», «Измаил-Бей – Кавказдың ер-батыры, Атақты «Біздің заман қаһарманы», «Эльбрус» аспаннан да Жер жақыны.

Бəрін де жазып шықты ол дем алмастан. Қиялы өткір еді ақ алмастан, Шабыты ұшқыр еді ұшқан құстан, – Жаңбырын жазда төкті қысқан қыстан. Босатты ол от кернеген өстіп ішін, Азабын, көрген қорлық, өкінішін, Қолынан өзге дəурен жасап алып, Өзгертіп дүниенің төрт бұрышын. Өзі би, өзі патша, өзі құдай, Обалға еш пендені көзі қимай, Əлемді əлдиледі ол сəбиіндей, – Ең соңғы көретұғын қызығындай. Алланың құдіреті мен пайғамбардың Қасиетін ол осылай жалғады əр күн. Талайы көрді оны құз басында Шипалы су ішуге барғандардың. Бір күні жұмбақ сұлу жолықты оған, Қырандай сот сағатта қалықтаған, Ол-дағы биік құмар періште еді, Жерінтіп, жер қызығы жалықтырған. Сан рет махаббаттан ол ұшынып, Опынған сүйгендері сорлы шығып – Қыз емес, лапылдаған мынау бір от, Деді ол: «Княжна Мэри» – қол ұсынып. Тағы да торлады оны жер сайтаны, Ұясын тыныштықтың сол шайқады. Тірліктің ноқтасына тағы ілінді, Ақынның аспанмен дос асау жаны...

  • * Дүрілдеп кетті даңқы содан былай, Россия білмеді ақын одан құдай, Жаңғырды :«Күннің орнын күн басты», – деп. Қол соғып Пушкин өзі бардағыдай. Алайда өзі патша – жау бастығы, Оның жоқ төгіп қаһар, жаумас күні. Ойынан кетпей қойды Николайдың Халықта екі əмірші болмастығы. Билеген отанының ақыл-ойын, Оп-оңай болмады оған ақын ойын, Түк емес еді оған төге салу Жайнаған Россияның абройын. Тынарын білмеді ақын арты лаң боп, – Қалғанын заңның қиғаш шартынан кеп, Тағы да түрмесіне барып түсті, Бір итті жекпе-жекке шақырам деп. Барғанда Белинский сəлемдесіп, Ашылса ауыр тұтқа əрең есік – Таңырқап тұрып қапты, көз алдында Жатқандай адам емес, əлем көшіп. Бір адам сəлемдесті, келді, кетті, Айтпаған тісін жарып небір көпті, Соңынан ұлы сыншы достарына: «Байлаулы арыстанды көрдім!» – депті. Жөнелді ол ең ақырғы сапарына, Кавказдың құздары мен шатқалына. Тағы да қалды артында қайрап Отан Малшынған тіршіліктің батпағына...
  • Жайнаған жайсаң жаздың бір күнінде Атақты Диананың1 үңгірінде Құрды ол достарымен бір серуен – Бір серуен ең соңғы рет тірлігінде. Өзі де келтіруші еді бидің көркін, Тербеліп сұлулармен емін-еркін, Құшақтап дүниені бір сүйгендей, Ғажайып қиялдарға берілетін. Сол кеште ақын шашты бар байлығын, – Араға жомарттардың салмай бірін, Шампандар ақты нарзан суындай боп, Тағдырдың қарсы алады қандай күнін. Ол оның ойында жоқ, ертерек бұл Өзгеден, қалу керек еркелеп бір. Əйтеуір ұмыту керек жалғыздығын, – Бəрібір тағдыр-мылтық желкеде тұр... Кезі еді шақырылған шағын балдың Үйінде егіз қызды генералдың, «Асау той өңкей соқыр», содырлардың Ішіне ақын неге келе қалды? Оғындай өткір еді сөзің мірдің, Ол сөздің екі қайтпасын өзің білдің, «Қанжар» деп, қалжың тағып, Мартыновты Апарып сұлулардың көзіне ілдің. 1 Хайуанаттардың жебеуші пірі.

Адам жоқ ара түсер кекпен кекке, Боялып айқын жүзі көкпеңбекке, Сыныққа сылтау іздеп жүрген жауыз Шақырды сені ертең жекпе-жекке. Амал не, жер қалмады шегінуге, Қашанда болмайды рух жеңілуге, Дедің сен: «азар болса өлемін де, Жанымды жеп жүргенше жегі күнде!» О, сұмдық! Жалғыз сөздің қырсығынан Қиылған ер аз ба еді қыршынынан?! Сол сөздің, екеу болса оқасы жоқ – Ұшында кете барды бір шыбын жан... * Күнінде дүниеден кетер көшіп, Қарт Кавказ – өлеңіне əсем бесік, Ат ерттеп аралады көк шыңдарды, Бестаудың бес ұлымен есендесіп. Қарады көзін алмай Эльбрусқа, Пенденің еткен ісі жөн, дұрыс па – Үйренген, тазалықпен тұр тəкаппар, Қашаннан араласпай ол жұмысқа. Сонда да ол назарын салды алысқа, Түскендей ойы жұмбақ дағдарысқа, Қалтырап, қалш еткендей болды бір сəт, Ұқсаған тарғыл жонды жолбарысқа. Содан соң бетін бұрды Машук тауға, Жасынан топырағына ғашық тауға, Етегін соның кеше белгілеген Атысқа амалы жоқ асықпауға.

Бесіннен барады күн екінді аттап, Аспанның қара бұлттар бетін қаптап, Сіркіреп жаңбыр жауды, қарауытты Алдынан тұрған тосып секунданттар. Олардан сəл бұрылып, кері қайтып, Бекетке тоқтады аттың басын тартып, Шарапты бір стақан ішті сарқып, Көбігі тұрған шалқып, танауды атып... * Мартынов төменде, ақын жоғарыда, Кезекті алғашқы рет ол алады да, Сорлы ақын жауын аяп, аспанды атты – Сенген жоқ соңғы сағат соғарына. Ал анау сезген сəтін аман қалған, Бойымен секунданттан наганды алған, Көп көзден əккі жауыз тұрып алды, Құртуға ұлы жауын оғы арналған. Шақырып Машук тауы жылады атын, Күңіренді күрең тартып құбылада күн, Шарт етті оқ, шаңқ етті тау демі бітіп, Табанда тіл тартпастан құлады ақын. Эльбрус шыға келді бұлтты жарып, Боздады бір сұрланып, біз бозарып, Жанынан жан пенденің бəрі кетіп, Жатты ол жауын астында жалғыз қалып...

  • * «Не керек, – деді Эльбрус, – бəрін айтып, Оралмас өткен дүние кері қайтып, Дəл сондай құдіретті құдаймен тең Келемін мен ақынға жарымай түк. Адам, – деп, оның атын атағанмен Адамнан биіктігін байқағам мен. Елдің де байғұс кезі көп болады Жон ғана күн кешетін жарты адаммен. Келді ғой, жазды бізді талай ақын, Есімін ірі жазып, қол қоятын, Дариға, ол секілді бүркіт қайда Қанатын кең аспанға мол жаятын!» «Қош, сау бол!» – деді маған шың Эльбрус, Жамылды бұлт пердесін кəрі туыс. Əдісі əлсіздіктің – үндемедім, Ол шалдың айтқанының бəрі дұрыс.

Екінші дəптер * «Ат жарыс» атты ипподром Пятигорск түбінде. Аузымен бұлтты қапқан кілең Арғымақтар дүбірге Басады дейсің, топ-тобымен Жексенбінің күнінде. Дүниежүзілік Аукцион – Ат-жəрмеңке қызады. Саңғыр-сұңғыр, айқай-сүрен Ауаны сарт-сұрт сызады, Бірінің бірі айтқан, берген Бағасын жиі бұзады. Франк, доллар, стерлингтер Ауыздан ауыз алып қашқан. Ақ көбікке түскен жүйріктер Ол айқайдан түк ұқпастан, Жел үрлесе, үстен сырғып тер, Қайта басын шұлғып басқан. Сол мезетте шықты бір ат Басы аспанда, баран түсті. Жұрт сілтідей тынды бұл сəт, Елдің көзі соған түсті.

Екі жүз мың доллар жұмсап, Алмақ болды бір нəн күшті. Сол-ақ екен нарықтан нарық Мінгесті кеп бір-біріне, Бес жүз мыңға шарықтап барып, Жұрт алдында тұрды міне, Оны берген адамның халық Таңырқасты ерлігіне. Баяғы Хаммер – миллионер Лениннен рұқсат қағаз алған, Сауда ісіне кəнігі шебер, Жасы сексенге тақап қалған, Орнынан тұрды, дүрлігіп ел, Тынды байлар шалқақтаған. «Милион!» – деді сонда шалың, Бағып жұрттың əуселесін. «Бұған, кəне, салғасар кім?» Алды жаршы ел зəресін. Сонау биікке барған санның Түс болмаса, өң емесін. Айтып, сенбей дүрлікті жұрт, Қалды Хаммер көпті бағып, Соншама елді бір бұқтырып, Омырауын желпіп алып, Шылбырынан ұстады да, Хас тұлпарды кетті қағып. Еркі өзінің – жұрт не десін, Енді қайтсін дүниені Көрінгенде жер төбесі, Бар байлықтан биік еді, Лениннің Отанынан Бір ат міну мəртебесі!

  • Кавказ курорттарының Эмблемасы – қыран құс. Солардың қанаттарының Астында жатыр мың алғыс. Сауыққандардың алғысы – ол. Нешеме түкпір, неше елден Сүйретіліп келіп, арылды сор, Денеге шөккен кеселден. Кисловодск паркінде Көрдім бір қызыл қыранды, Шеңгелдеп, болат тырнақ бүрген Сары ала бас жыланды. Солардың шипа қуаты – ол Бүркіттей бүрген дертіңді, Əлсіреп жатқан жылан – ол Арылған ауру секілді. Кім тапса да, дəл тапқан – Адамның арман, мұратын, Көңілді құстай самғатқан Кавказдың ғажап қуатын... «Əйел мінезі» – дейтұғын Сол тұста шолақ көпір бар. Тасты мүжіп жейтұғын Ұсақ-ұсақ толқындар. Көлденең жатқан кісінің Бойындай-ақ ендеуі,

Өзен екен кіші бір, Атауға бірақ келмеуі. Əзелде сайтан біліп пе, Жұмысы барын не тығыз? – Сол өзеннен жігітке: – Арқалап өткіз! – депті қыз. Аянбай жігіт елпектеп, Арқалап қызды бері өтті... Оны көрген еркектер Намысы қозса керекті. Өмір бойы əйелді Ер арқалап өтпеске, Жаман үлгі бар елге Əдет болып кетпеске – Жатып алып серттескен. Шіркін, бұрынғы еркектер, Салыпты осы көпірді. Оқымайтын мектепте Бұл бір сабақ секілді... * Екі-ақ əріп «ГЭ» деген Ескерткіште жазу бар. Бойын гүлмен безеген Ортасында жаздың дəл. Тұрған кезде Деникин Осы өлкені ойрандап, Өңкей жауыз жендеттің Ішінде жалғыз қойған қап, – Революционер бір əйел,

Жас қызын тастап қаша алмай, – Елге мағлұм дəрігер – Жасырған жұрт жар салмай. Басына соның генерал Жүз мың ақша бəс тіккен. Дүниеқор сұм нені аяр Қарайса қаны қастықпен. Пəлен жыл бірге қызметі, Бар екен таныс бір дəрігер Ақшаға көңілі қызды, кетті, Сатты да қырсық – салды əбігер. Деникин оны дарға асты, Жендетке əйел – бұйым не? Ызалы көздің шарасы Жабылмай қалған күйінде. Қарайды ол, билеп сəл үрей, Құлақта зарлы бір үн қап, Сонау да жетім сəбидей Төбеде арман шырылдап... Көңілді терең ой басар, Тұрасың үнсіз бір кезек: Сондай да құрбан болмаса – Мұндай да дəурен сүрмес ек! * Есентукиді ашыпты Ат суарған солдаттар. Етегінде Машуктің Казармасы қаз-қатар. Одан бергі алқапта «Құмшық» деген өзеннен Суын ішіп, ат оттап Көгорай шалғын кезеңнен.

Жүреді екен жайылып Сонау көне дəуірде, Кісінессе, жаңғырып Тұратұғын тау бірге. Бірте-бірте жылқылар Əлгі өзеннен безініп, Сусындайтын бопты олар Бір шалшыққа кезігіп. Таңырқаған солдаттар Қараса кеп қасына, Буырқанған бұлақ бар Батпақ судың басында. Дəмі кермек, тым бірақ, Ішкен сайын құнығар. Кілең жылқы шұрқырап – Мұның қандай сыры бар? Бір жолаушы дəрігерге, Айтқан екен бұл кепті, Дəрігер барып сол жерге «Бұл шипалы су!» – депті. Талай ғалым кейін кеп, Судың сыры ашылған. Емделуге бейімдеп, Үй салдырған басынан... Мəңгі игілік еткен іс, Ақылды, есті жануар Жылқыға бір ескерткіш Қойылатын жөні бар.

  • * Қайсын Кулиевке Атақты суы Балкардың Таситын сыймай кемерге, Бұрымдай жасыл тарқар бір Шашылып алқап, төменге, Ішінен тулап шатқалдың, Асылып терек, еменге, Мүйізіндей арқардың Қадалып жартас, шеменге, Су емес, бейне сүңгідей Шаңқылдап тиіп, от шашып, Қоймайды қой тасты үңгімей, Өзіне өзі қақпа ашып, Жөңкиді сосын күркіреп, Даусы көкпен астасып, Аспаннан жерге сіркіреп – Қарғиды моншақ тасқа тік. Əйгілі Чегем, бұл Чегем, Туғанын көрмес жер беті, Шыңдардан шапшып, бұлт емген, Кавказдың тағы перзенті, Тілдесіп түнде үркермен, Оранып нұрдан жөргекті, Күндіз сан құзға сүйкенген, Сəуледен тоқып өрнекті, Биікке бізді итерген Бұралаң жолдар өрлеп тік. Жаяулап соған жұрт өрген Каньонға да кеп жеттік. Басталды ғажап бір серуен – Бойымен көкті еңсерген Тас сарайлармен сөйлестік.

«Чегемнің құлама сулары» – Дегенді сөзбен суреттеу Мүмкін емес, Бұл бəрі – Баяғы біздің тіл жетпеу. Доломит деген сартастан Жаралған алып қабырға Тамшы мен тамшы айқасқан, Тұнып тұр, нөсер, жаңбырға. Ал енді көзге елестет Адамның зор тұлғасын, Маңдайы сəл-сəл дөңес кеп, Сүйеген көкте күн басын, Дəл сол сопақ маңдайдан Құлайды судың үлкені, Екі су – екі самайдан Төмен қарай үркеді. Екі көз – екі сарайдай, Кірпіктен тамшы сілкеді. Талыстай ауыз – таңдайдан Тағы да жаңбыр бүркеді. Тамақтың тұсты ол бүлкіл, – Омыраудан атып мол дүркір – Кіндікке барып іркеді. Одан да төмен төменге Сорғалап, бəрін тінтеді... Ақырында башпайдан Қайта атылған бойымен Шығады бір-ақ аспаннан Ылғи да күміс сойылмен, Балкардай таудан оралған Маңырап, шулап қойымен, Қосылар барып ол алдан Чегемнің терең ойымен...

Осылай, досым, сəл бұлдыр Суреттегенде шамамен, Дегенмен су ғой ол құрғыр – Ұстауға келмес қаламмен. Тілдесіп жатыр сол Чегем Осынау шулы ғаламмен, Əлі де қанша жыл шегем Қазақы жалпақ даламмен, Осындай мінезді өлеңі Ағыл да тегіл ағар кең, Осы таулардың өрені Қайсыңды еске алам мен?! * Əр қуыста бір базар, Түгел бойы шатқалдың. Көрген адам көз жазар, Алған кім де, сатқан кім. Қойдың жібек жүнінен Тоқымайтыны болсайшы. Сөйлейді қазақ тілімен: «Алсайшы» да «алсайшы!» Соған көңілі босаған, Көзіне ауылы елестеп, Ала беріпті осы ағаң – Керек пе, керек емес пе. Түртеді жайлап əйелім: – «Оның не, отағасы? – деп, Қолымды бір-ақ сермедім, Тілімнің садағасы!» – деп.

Сонымды байқап қалды ма Бір келіншек жалғасып, Тосты менің алдыма Еркектің мойын шалмасын. Қалтаның тінтіп əр бұрышын Қарманыппын бекерге, Ендігі ол да байғұсың Қағылып қалған екен де. – Алыңыз, – деді келіншек: Ақшасыз да, жомартсыз. Сапарыңызда келешек Ұмытпасаңыз – соғарсыз. Жолыңыздан тоқтатқан, Болсын осы – алғысым, Тар күндерде көп татқан, Еліңіздің дəмі үшін! Енді алмасқа шара жоқ, Ойға кеттім мың түрлі, Қарсы алдымда қара көк Басын изеп шың тұрды... * Шарап көп-ау Кавказда, Дəмнен дəмін оздырған. Жүзге келген қарт аз ба Мүйіз құты тоздырған. Желге толып өкпесі, Делебесін қоздырған. Кеспегі мен бөшкесі Кеңірдекті создырған.

Сол баяғы күндерден Қалған бұл да бір аңыз. Жайың болса білмеген Білгендерден сұраңыз. Бап түгендер бір шалдың Тəтті бопты шарабы. Қанша мерзім, қанша күн Келтірілген жарауы. Нендей сиқыр, не тылсым, Кетеді өзге күш дарып, Айтпаған соң кім білсін, Шал ешкімге тіс жарып. Өлерінде тек қана Баласына айтыпты: – Мұны өсиет деп сана, Сақта менен сарқытты. Жан пендеге сыр ашпа, Үйсін, төксін байлықты. Ешкімнен жөн сұраспа, Деме əзəзіл айнытты. Ə дегенде шарапқа Депті бұлбұл қанын қос. Тамшыны артық таратпа – Болады онда бəрі бос. Екіншіде қанын қос Қара аюдың, ұмытпа, Қос-тағы, оның дəмін тос, Желге қойып суытпа. Үшіншіде шошқаның Екі қасық қос қанын.

Осы үшеуін есіңе ал. Мен жөнелдім, қош, жаным:! – Деген кезде баласы: – Айттың, əке, əдісін, Ашпайсың ба енді осы Жұмбағыңның мəнісін! – Ə, – деді шал, – жарайсың, Үміт ақтайды екенсің. Біріншіде сайрайсың, Бұлбұл болып кетесің. Екіншіде аюдай Күш бітеді бойыңа, Неден болса тайынбай, Не келсе де ойыңа Соның бəрін істейсің, Қалтырайды дос, қасың. Үшіншіні ішкенде – Сен кəдімгі шошқасың! – Депті-дағы қария, Батар күндей байыпты. Баласы оны жария Етіп, жұртқа жайыпты. Білмеп еді – несі айып, Білемін – деп – əлек қой. Білген сайын, қисайып Кететұғын əдет қой.

  • * – Жақсы дос, көп сөйлестік сені мен біз. Секілді отауынан жеріген қыз, Кей-кейде ұзақ тұрдым бетім ашық, Сондықтан бар кіндігім еріген мұз. Мен енді жамыламын көк шымылдық, Сырымды айта бермей көп шығын қып. Күндізгі биік көктің баласы едім, Онсыз да ойда жоқта кешке ұрындық. Қош енді, тіршіліктің ерке құсы, Сенімен жолықпаспын ертеңгісін, – Деді де, қарт Кавказдың Эльбрусы Осылай тамамдады ертегісін. Сөгілген көктің күмбез көбесінен Жол алып, қиялымның кемесімен Жөнелдім жусан иіс кең далама Дүние мені əкеліп, мені өсірген. Март-апрелъ 1983 жыл. Сарыағаш

ƏЗІРБАЙЖАН ƏУЕНДЕРІ * Дəм татуға аттандым Низами-Ата қонысынан. Құйылдық біздер Отанның Жемістей қойны-қонышынан. Қарт Каспидің қашанғы Серігіндей жан Баку. Ойнап-күліп қарсы алды Маңдайында жанған ту. Қаусырарда жаһанды Оны алдымен сүйіп күн, Құшақтаған əр таңды Ескерткіші Кировтың. Дəл Бакудің үстінен Тағдырдың долы шағында, Дəуірдің көзін түсірген Шығыстың болашағына. Ғажайып Революционердің Мекендеуі үшін күн қасын, Шіркін-ау, мынау шебер кім Құрыштан құйған тұлғасын?!

Теңізге, тауға жол салып, Бетінен алған тоқталмай, Ақыл мен қайрат, зор шабыт Қозғалып келе жатқандай... Жаралған қала мəңгіден, Алғыстың неткен күші еді! Бакуден бұрын алдымен Көзіңе Киров түседі. * О, Низами, сенің нұрлы атыңнан Əзірбайжан əрбір таңын атырған, Күмбірлеген сенің даусыңды естимін Ғасырлардың қабат-қабат хатынан. Дүниеге туарында бұл халық Данышпанын шыққан екен бірге алып. Естен кетпей ерлігі мен елдігі Мəңгі-бақи тұру үшін жырланып. Махаббаттың ең ғажайып дастаны Есіміңмен жерде өмірін бастады. Сенің асқақ құдіретіңмен айтылған Адамизат аппақ кезі, жас шағы. Бақыт, дəулет, биік мансап, шен-шекпен, Бəрін тастап, махаббатты енші еткен, Екі жасты жырладың сен егіліп, Енді қайтып өлмес күнге жол шеккен. Ол – дақ түспес сұлулықтың əлемі, Аппақ жары аңыз болып айтылған! – Сол аппақты жырыменен арбаған Күншығыста «кəрі жездем» бар еді. Оның жасы – сегіз ғасыр қамтыған, Сегіз ғасыр күмбез соққан даңқынан, Одан кəрі жезде болу мүмкін бе Аппақ жары аңыз болып айтылған! –

Дедім-дағы, алып-ұшып жүрегім, Жан Бакуге аттың басын тіредім, «Жақсы жезде – деген нақыл – ол да əкең», Ал асылды иығыңа білегім. Рақмет саған! Күн аспайды бұл күннен. Құшақтадың қойның толы мың гүлмен. Тамырымда туыстықтың қаны ойнап, Саусағыңды төске басып тұрдым мен! * Мирза Ибрагимовке Талай шешен келіпті Таңдайынан бал тамған, Шешіп тастап белдікті, Сөз тұлпарын қаңтарған. Кезек үшін таласып, Төрағасын қоршаған Алдыңғы үйде, санасып Дəрежесін сонша адам. Елін айтып, жерді айтып, Жатты солай дабырлап. Онда шаруам болмай түк Отырдым мен дамылдап. Кенет залға толды жұрт, Каспий кіріп келгендей, Алақан-толқын соғылып, Соқтығысқан сеңдердей, Мың көгершін ұшқандай Қақ жарылып бүтіннен.

Халық деген күш қандай Адамға қанат бітірген! Тұрды орнынан толғанған Бəрінің Мирза ағасы. Ел – бір шапан болғанда, Соның құндыз жағасы. – Қазақстан сөйлейді! – Деді сабаз салғаннан. Сенбе мейлің, сен мейлі, Жарылуға аз қалған Жүрегімді ұстап жөнелдім, – Қайдасың? – деп – мінбері, Қолда аруағы мені елдің, Қайран шабыт кел, бері! – Арғы жағын сұрама, Қойным толы – гүл екен. Иығыма Мирза-аға Қолын артып тұр екен. Содан бері, о, ғажап, Дүрсіл қағып жүрегім, Басталғандай жол бұдан, «Қазақстан сөйлейді» Деген дауыс естілсе-ақ Түсімде де жүремін Атып тұрып орнымнан. * Жап-жас екен Джабарлы1 Тоқтағанда жүрегі. Өнерін жаңа заманның Тік көтерген тіреуі. 1 Д ж а б а р Д ж а б а р л ы – əзірбайжан совет əдебиетінің классигі.

Бəрін өзі бастаған, Бəрінде де тұңғыш – ол. Жалғызбын, – деп саспаған, Қаптаса да жүз бір сор. Ақын екен арманшыл, Театрды да меңгерген, Драматург, романшы, Киноны да жөн көрген. Опера – «Аршин мал Алан» – Мəңгілікке ат қалған, Отыз бес жаста сол ағаң Бəрін қолдан атқарған. Бір оқиға – əлі аңыз, Айтар ұзақ келешек. Кереметін қараңыз – Сахнада келіншек Арманы бар аһ ұрған, Ызалы жүрек – мол жалын, Пəренжісін лақтырған Бетіне əкеп молданың. Бір-ақ күнде жоқ қылған Тас боп қалған тəртіпті, Дəл сол кеште театрдан Бүкіл əйел үйіне Пəренжесіз қайтыпты... Джабарлыңыз – сол енді... Құдірет де, адам де, Ғажабына өнердің Табынбасқа шараң не?!

  • Джабарлының музейі... Мұнда тарих – бəрі аңыз. Саламыз да біз зейін, Тебіреніп қараймыз. Сəтте жүрек соқпаған, Сарқылғанда санап түн, Тілі-дағы тоқтаған Жардағы үлкен сағаттың. Бұл бөлмеде еш адам Үн қатпайды тіс жарып. Қарауылға ұқсаған Күйде шығар тысқа жұрт. Темір сауыт ішінде Жанып-сөніп электр, Əлсін-əлсін дүрсілдеп, Жатқан бейне жүрек бір. Етеді əсер. Шынында, Мұңың сырын ұғып бақ. – Жатыр, – деген ұғым бар, Ақын əлі ұйқтап... Керемет қой бұл дейтін, Мағнасына бəрі сай! Музей жасай білмейтін, О, дүние, бізді айтсай! Күміс Каспий үстіменен ай жылжып, Бұл уақытта ұйыған сүттей түн жым-жырт.

Жаңа Баку демалыста, ұйқыда, Көне Баку ояу еді көне жұрт. «Күндіз мұнда адам-толқын ағылған, Көргенінен көре салып жаңылған, Біз өзіміз түнде келіп көреміз, Күмбездерді ай сəулесі шағылған. Мұнаралар ұйқылы-ояу күйінде Сөйлер сонда көне түрік тілінде, Күндіз аузы босамайтын өмірден Шахтарыңның бар қызығы түнінде. Кешке қарай алтын тақтан босанып, Хауздарда көңілінен хош алып, Гаремдерден шыққан кезде сұлулар, Мың бұралған дүниеге тамсанып, Жантаяр шах атлас жастық таянып, Ұйқтап қалған сайтан сезім оянып, Балқып сонда бал шараптың буымен, Шымыр-шымыр от нəпсісі бой алып, Таңдағаны көп арудан бұл шақта Жалын болып кірер жылжып құшаққа. Ең ақырғы естіледі бір күлкі, Айналады еріген су бұршаққа. Сыңғыр етіп, басылады кілт үні, Жоғалтады əлгі нəзік күлкіні, Естіледі əлдекімнің арманы, Əлдекімнің көре алмаған күңкілі!» – Дейді маған əзірбайжан дос-ақын. Білгіш еді, жігіт еді жосатын. Ай астында қарай берем тамсанып, Ештеме жоқ енді бұған қосатын.

Шынында да көне Баку түнде əсем, Сан қақпаны қаққандайсың мұнда сен. Сан Құлыптар сылдыр-сылдыр ашылып, Қанғандайсың не ғажайып сырға сен! * Гүлханэ-қызға «Қыз-мұнара» – көне Баку мақтаны. Онсыз оның он айтсаң да жоқ сəні. Қыз намысы мəңгі биік болсын – деп, Ол – халықтың қолдан соққан аспаны. Жеті қат көк – жеті қабат мұнара, Өз-өзінен теңселеді күн ара. Апарады жүз елу бес баспалдақ, Ең басына шық та əлемге бір қара! Жатыр дүние бəрі де аяқ астында, Амалы не айналмасқа бас мұнда. Ығы-жығы адамдардың ұясы – Бір заманғы «Керуен Сарай» қасында. Кəрі атырау толқындары зырлауық Жайындардай жағалауды тұр қауып. Сұлу Каспий көзін жұмып көкпеңбек, Басын сүйеп, дем алады бір ауық. Мұның жайын ғасырлардан сұраңыз, Мың жылғы өмір мықтап айтқан мың аңыз. Қызыл бастар қырық соғысып баққанда, Алдырмаған өзін жауға мына қыз! Өрмелесе əккі дұшпан антұрған, Баспалдақты қиып тастап отырған,

Таусылғанда ең ақырғы баспалдақ, Қайран сұлу көк теңізге атылған. Жау кеткен соң, қайта шыққан теңізден – Ел анасы аппақ сүтін емізген. Ел ғой – мынау батыр қыздың бейнесі, – «Елді ешқашан құрта алмайсың!» – дегізген. Мұнараны сонау биік құздағы Күзетіп тұр əзірбайжан қыздары, Сол қыздардың ең сұлуы – Гүлханэ, Оны сүймей бейбақ болған біз-дағы... * «Нахичеван – Ереван», – Айтатұғын ел бір əн. Түстік жақта Нахичеван – Ел алыс. Оған барсаң – ақ бұлттардан жоғары ұш. Ол бір жатқан – көне түрік бесігі, Содан туған Əзірбайжан – жолбарыс. Содан туған батырларың неше мың, Көп бастаған көсемің мен шешенің, Мықтап көрген осындай-ақ жер болар, Аласапыран соғыстардың кеселін. Үш жарым мың жыл жасаған қаласы – Ұшан дария – Аракстың жағасы. Ар жағында аспандаған Арарат – Армения тауларының ағасы. Мына бетте Иран жатыр көсіліп, Өмірі бітпес мəселесі шешіліп.

Əлсін-əлсін іші толы найзағай – Бір бұлт содан төнетіндей өшігіп. Асау жұртты тарих қана жүгендер, – Соғыс мертін жеңіс қана түгендер. Аракстың түрікше аты «Араз» – дер, Қанша ғасыр араз болған бұл елдер. Бағы заман – деп аталған «Күн елі», Алтын өлке жердің асыл кілемі. Ата мекен – Əзірбайжан жүрегін Ата тюрктен алып берген Ленин. Автономия аталуы – жай сылтау, Бəрі өздері – аман тілі, салты сау. Əкетеді нелер ғасыр түбіне Осынау бір жайсаң өлке – жасыл тау. * «Мəминə хатун» мавзолейі əдемі, Басын қосқан шеберлердің əлемі. Атабектер əулетіндегі арыстан – Мұхаммед Жаһан Пехлеванның əйелі. Таңдандырып он сан ұлтты, халықты, Ойларынан төгіп нұрлы жарықты, Архитекторлар – Юсуф ибн Кусейр, Əжəми ибн Əбубəкір салыпты. Көрмес көзің бұдан асқан көрікті, Тас біткеннен жиырма бес жол өріпті, Төрт ғасыр бойы осылардың үлгісі Таяу шығысқа ықпал жасап келіпті.

Жан-жағы толы қылыш асынған қошқар-тас, Дəулет белгісі – бастарынан еш қайтпас. Бар қызықтан басымдығын өзінің Тіл жеткізіп өзінен ешкім жақсы айтпас! Мұнда ең бай əдебиет музейі, Керек мұны көру үшін мың зейін. Ғалым туыс, дереу ұшып сонда бар Десең егер «тарихымды іздеймін». Он екі сүре – Қорқыт бабаң дастаны, Барлық Түркі өлеңінің бас жағы. Одан бері «Ашық керіп», «Смаил шах» – Махаббаттың жарқыраған аспаны. Ордубади, Мамедкулизаденің, Хайрен ханум жалғастырған əдебін, Күн шығыстың естігендей əуенін – Құлағыңа келеді бір əдемі үн... Тарихы да, мəдениеті ілгері Сүйсінтеді əзірбайжан күйлері. О, ғажайып, мұнда ескі мешіттер – Ақындардың жыр оқитын үйлері. Уақыт жоқ, – деп, біз жүреміз сіресіп, Келеді екен мұнда кешке кіл өстіп: «Ой, дүние, күйбең тірлік, тұра тұр – Кетейін деп арасында жыр естіп».

Біз келгенде тұрды жаңбыр сіркіреп, Жапырақтарды баяу ғана түрткілеп. Тұрды халық сол жапырақты жамылып, Бізден мынау ақ жаңбырдай жыр тілеп. О, дариға, мұндай кезде от керек, Жүрексініп тұрған маған шеткерек Деді бір қыз: «Оқыңызшы қазақша!» – Кеттім сонда көк нөсердей төкпелеп, Жайқалды жұрт шуылдасып ормандай, Болатынын туған тілде нəр қандай Алыс жерде біледі екенсің, қуандым Ауызымның дəмі кіріп қалғандай. * Рүстамның тоғайы» – Қара-көктау түбінде. Түсті жолдың орайы Жақсы сəттің күнінде. Ақ теректер көк бойлап, Жасыл талдар еркелеп, Құстар жырлап, той-тойлап, Аспан ысып, жер терлеп, Жұпар иіс, хош ауа, Таратқанда жел тербеп, Алды бізді түс ауа, Құшағына «кел-кел», – деп. Адам екен Рүстам Аты қалған артында, Сондай болар туысқан Аманат еткен халқына:

Мынау əсем тоғайды Бір заманда өзі еккен. « – Қимасыңа болмайды, Дүние өтеді кезекпен. Бəрі осының елдікі, – Жеке бастан не қалсын, Барлық жеміс жердікі, Жер көркейсін, дем алсын! Патша емеспін, диқанмын, Қарапайым бағыбан. Мұндағы еккен бір талдың Бақ болуы бағынан. Тастан сарай соға алман, Ердің еңбек – шырағы. Болсын осы көк орман Болашақтың тұрағы!» – Деген екен сабазың, – Адал жүрек, ақ көйлек, Біздердікі – лауазым, Ондай жомарт жоқ қой, – деп, Əждар бастық толғайды Ойын биік шырқатып. Мынау көркем тоғайдың Жемісінен бір татып, Ұсынады біздерге Тұт ағашы миуасын. «Қолыңменен үзгенде, – Көкірегіңде күй қалсын!» – Дейді жəне Хамит та, – – Бұл да өмірде бар кісің, Қызмет еткен халыққа Қасиеті дарысын!» Дүрілдейді көк тоғай,

«Дұрыс, дұрыс», – дегендей. Ал содан соң тоқтамай, Ал содан соң бөгелмей, Оркестрдей əр тұстан Сайрайды кеп бұлбұлдар. Ат-есімі «Рүстам» Мəңгі бітпес бір күй бар. * Үш мемлекет, төрт халық Бас түйіскен бұл ойпат, Баяғыда топталып Қырық қырғын, жүз апат Алма-кезек алысқан Осынау жасыл өлкені, Қанды көзді арыстан, Жолбарыстардың мекені. Енді бойлап қарасаң Көз жетпейтін тегісте – Жүзім өскен орасан, Жолығасың жеміске. Сол жемісті жинаған Қалың халық жан салып. Бір сəтінде дем алған Тұрды бізді қарсы алып. Жыр оқыдық саңқылдап, Жүзім баудың астында Қара көздер жарқылдап Сүрме жаққан қасына, Күреңітіп жүздері, Сырғалары дірілдеп,

Тыңдап еді біздерді Тəтті еріндер күлімдеп. – Тəуір екен өлеңің, – Қазағыңа лайық, Кел, жарығым, кел, ерім, Дəм татысып қалайық! – Деді маған ақсақал, Инабатты бір кісің. Алды шешіп дереу шал Беліндегі құтысын. Құйды сосын бал шарап, Құлаш керіп қағыстық. Күн астында шалқалап Тағы құйдық, тағы іштік... Тұрды риза жұрт қарап, Əзірбайжан ақ пейілі – Əлі күнге сол шарап Таңдайымнан кетпейді. * Отанын танып тұра қап, Шаңытып келіп алыстан, Жұтады Дондық арғымақ Арпачай атты ағыстан. А.С. Пушкин «Дон» Осынау өлең есімде Сонау бір албырт шағымнан, Көруші ем ылғи түсімде Əлдебір күрең сағымнан Тұратын келіп кісінеп Жануар жұртын сағынған.

Сен бе едің сол, Арпачай, Аппақ жал толқын ағылған?! Тау менен тасты жаңғыртып, Қақырата шыңырау-қияны, Жатқандай жардан қарғып тік Мыңдаған тұлпар тұяғы, Қарғыған жерден от бітіп, Шашылған алтын сияғы, «Аразды» соғып, толқытып, Ашуын бір-ақ тияды. Арпачай атты дария, Көрмеге аттай байланып, Ішінде таудың тар қия – Бүгінде теңізге айналып, Жарылқап жасыл алқапты, Толқыны желмен шайқалып, Жайымен шолып жан-жақты Жантайып жатыр жайланып. Жүземін соның төсімен Катерде қатер-қауіпсіз. Дария көңілі көншіген, Жан-жағын қымтап жауып құз, Тербейді біздің жан-күйді, Əкетіп толқын жағадан, Шағала болып шалқиды «Арпачай» атты əдемі əн. * Нан деген Елдің көңілі, Ырысы жəне таланты. Тарихы, кешкен өмірі, Бар серті мен бар анты.

Қазақта бар бауырсақ – Қалдырып жая, жалды да, Бауырын, туысын сағынса-ақ Төгетін соны алдыңа. Əзірбайжан жұртының «Лабашы» атты наны бар. Салтанат, сəні ғұрпының Белгісі содан танылар. Жуа мен етті бір бүктеп, Лабашпен орап сілтеткен. «Осы екен-ау, тірлік!» – деп Маңдайдан терің бұрқ еткен. Теңіз бен тауды көп астым, Кездесіп жомарт елімен, Кетпейді дəмі лабаштың Əлі де менің ернімнен. «Бір күн дəмдес болғанға – Мың күн сəлем» – деген бар, Туысқан алыс жолдарда Азамат халық – өңшең нар. Бауырында болдым аз-ақ күн, Олжасын соның қабыл ет, Кешегі кеткен қазақтың Қанжығасынан қалды, – деп! Ноябрь, 1983 жыл

ҒИССАР БАЛЛАДАЛАРЫ Т ə ж і к с т а н д ə п т е р і ТҮНГІ ДҮШАНБЕ Памирдің қабат-қабат тауларынан Дүниенің күннен беті аударылған Кезінде, яғни түн келгенде, Жаңылып қыран құстар самғауынан, Қараңғы сарайлардай шамы сөнген Қаптаған қара шыңдар қары семген. Қызыл от қанатында жылтылдаған Біз мінген самолетке жарыса ерген, Үн-түнсіз күзетшілер секілденіп, «Былай өт, былай ұш!» – деп, белгі беріп, Сырғытып шатқалдардың арасымен Сырылды бəрі бірдей енді келіп. Ашылды тау сандығы қақпағы алтын, Амалы қалмағандай қаптаған түн, Түбінен сол сандықтың мол жарқырап, Маржандай көзге тосқан салтанатын. Көрінді Дүшанбенің шаһар басы, Тəжіктің биік тəжі – от ордасы, Памирдің махаббаты, мақтанышы – Бақыттың ол мекені, отандасы!

РАХМАН ДОСТ 1 Түн – бір Мұхит, Дүшанбе – маржан Қалқиды сонда бір шығып, батып, Аспанды жыртып Сан самолеттер, Қонады сонда, ұшады қайтып. Ақ жауын бүркіп Тұрған кез бұл шақ, Сергітіп ысып келген денеңді, Асфальттар сынық Айнаға ұқсап, Түсірген қисық көлеңкелерді. Шошайып тұрған бір шетте мені Бейтаныс қала көркіне қарап, Құшақтай алды Əлдекім келіп, Үйріліп шапшаң алды артымды орап. – Рахман дос! – деді ол, жарқырап сөйлеп, – Сіз мені қайдан білесіз, жігіт? – Даланың иісі 1 Тəжіктер «Дос» деген сөзді «т» қосып айтады.

Белгілі ғой! – деп, Қалдырды аң-таң, жымия күліп. – Мен оны сізге Кейін бір айтам, Əзірге, кəне жүрейік, – деді ол. Қара машина етті де қайқаң, Жатты алдымда Жайнаған бір жол. Шала жетім ғой Жолаушы жаны, Қарсы алған кісі – болады ыстық. Адамдармен сапардың сəні, Жол түйістік, Қол алыстық! – Дедім оған, ол өзбекше Өте жақсы сайрайды екен. – Сафар дедіңіз бе? Бұл да ерекше Таң қалатын жағдай екен! – Неге? – Фамилиям – Сафаров ед! Ғажап адамсыз, – деді ол күліп, Талайды жолға апарып ек, Талайды жолдан қарсы алып ек, Не қызықты көре жүріп, Бұл жағдайды ұшыратпадым. – Сен де танымай құшақтадың, Сен де тегін емессің, – дедім. – Оныңыз рас, – деп бір шалқып, Қойды орнынан көтеріліп. Ойы алысқа барып қайтып,

Өткен күндер төңкеріліп, Зымырады ма көз алдында Машинаның доңғалағындай... – Бақытты адамсыз! – деді ол тағы, Кездесер ылғи жолға да мұндай. Байқап келемісіз, Ылғи да жасыл Жарықтың сізге жануын мынау. Адамдар болмақ Қасиеті асыл, Желбіреп тұрар жаны бір жалау! Қарадым оған Таңырқап мен де Дегендей: «мықты – қасымнан шықты!» Талайдан көрген Туысым бейне, Барады баурап Іш пенен сыртты. – Сəріде мені Осы жерден тос! – Деді ол мені жайғастырып. Рақмет саған, Рахман дост! Алғаш көріп, алғаш біліп, Тəжікпен қойған жалғастырып!

АЛЫПТАР АРАСЫНДА (М. Каноатқа) Рахман-дост сөзінде бар кісі екен, Бар жазығы – машинасы «кіші» екен, Соның өзін самолетке бермейді, Жігіт екен көңілі кең, іші кең. Енді заулап Рахман-дост Сафарың Аралатты Дүшанбенің шаһарын. Ақ қаздардай тау басында жайылған Жағалаймыз зəулім үйлер қатарын. Əне шықты көк шатырын керіп күн, Бағын ашып əсем жиһан-көріктің. Тойына ақын Мирза Тұрсын-Заденің Мен асығып бір күн бұрын келіппін. – Оның жақсы, болмай тұрып қарбалас, Аз да болса үйрен бізге, бауыр бас, Ертең шықса ұлы тойдың ұраны – Меймандардың кім екенін таңдамас. – Несін айтасың, жақсы бір күн бұйырды-ай! – Дейді Рахман, «жигулиін» құйындай Ұшыртады, дымқыл асфальт бетімен, Енді көрсем, жігіт екен тұйғындай.

Екі көзден əлі атады от-ұшқын, Машинада бізден басқа жоқ ешкім, Асықпастан баяндайды өмірін Капитаны өтіп кеткен соғыстың. Кейін айтам, – деді, тағы – ғажапты, Мен кешпеген хикматтар аз-ақты. Бір сиқыр күш жатыр менің қанымда Мың сан жұрттан танитұғын қазақты. Бастайық біз жазушылар үйінен. Бұл сапардың бар тамыры түйілген. Рақаттанып одан сайын Рахман Машинасын ұршықтай-ақ үйірген. Бір зəулім үй қарсы алдыңда, қақ маңдай, Жұмағыңа кіретұғын қақпаңдай. Сол қақпадан үлкен-үлкен адамдар Жаңа ғана шығып келе жатқандай. Данышпандар, алыптары Шығыстың Басын қосып ұлы күні ұлы істің Жаңа шешіп тарқағандай, о, ғажап, Мəселесін өлең деген жұмыстың! Əбу Əли Сина, Омар Хайям, Саади, Асыл Жəми, тақиялы дана Айни, Құшақтасқан ақындары советтің – Мирза Тұрсын, Əбілқасым Лахути. Тəжік жері – мынау алып қабырға, Таңқаласың тасты тескен тамырға. Сол тамырдан осы алыптар тараған Тағдырының жеке-жеке таңында. Тұтас мыстан, қоңыр жезден құйылған Бойларымен, ойларымен, қиыннан

Қиыстырған шебер қолдың күшімен Махаббаттың аруағымен сыйынған. Мен қараймын екі көзді жас торлап, Бірі жоғары, бірі төмен баспалдақ, Дабырласып келе жатқан секілді Не керемет дастандарды жоспарлап... – Мынау сенің ағаң! – деді Рахман, Дəл ертеңгі тойына сені шақырған, – Мирза-Муалим 1, Тұрсын-Задені көрсетіп, Тізе бүктім бар қазақтың атынан, Талай-талай елімде болып, татып дəм, Талай таңды сырласумен атырған Ағам екені рас еді, жарықтық, Бір басына күмбез соққан ақылдан. – Əне, Мүмин, қатарласың, сыйласың, Алыптардың қалған белгі, мирасы – Каноатпен қанаттасып көрістім, Інім ғой, ол кіші менен бір жасы! – Ғажап! – деді, – кездесуді қарашы! Қайтеді-ей, мына қазақтың баласы! – Жолы қандай, уəде беріп қойғандай Жолығарға дəл осы сəт шамасы! – Алыптардың шапағаты! – дедім мен, Тəжіктердің махаббаты! – дедім мен. Оған қоса азаматы! – дедім мен, – Бізге қымбат қазақ аты! – дедің Сен! 1 Т ə ж і к ш е – ұстаз.

«ФУРАЖКАМ ҚАЙДА?» Рахман əңгіме айтып отыр маған, Көзінде от ұшқыны топырлаған. Сықасқан бір бөлменің қабырғасы Орын жоқ папкаменен толтырмаған. – Мың папка, – деді ол, – Шайдан тағы бір ал! (Кісі екен қиын іске жаны құмар). – Соғысты бірге кешкен мың адамның Осында бөлек-бөлек тағдыры бар. Мен соны жинап келем отыз жылдай, Əлі де жатыр көбі толтырылмай, Қалмады баспаған тау, бармаған жер Солардың тірісін іздеп, жол суымай. Папкасы – мынау бөлек Онтаевтың, Ер еді, куəсі еді сан тарихтың. Соны іздеп, əзер өлмей қалғаным бар, Басымнан ауа жаздап жантайып күн. Жастықта бөгет бар ма тосылатын, Арманды арман қиып жосылатын. Естідім бір совхозда, тұсында, – деп – Арқаның Қара таумен қосылатын.

Əскерден босап шыққан бетім еді, Жалыннан босамаған көкірегі, Үстінен шешілмеген сұр шинелі, Көңілімде – таппай қоймау сертім еді. Сол жылы қыс қатты боп жолығар ма, Қаратау қарауытқан омбы қарда. Жету мұң бір ауылдан бір ауылға, Тəжіктің жас жігіті оны ұғар ма?! Аяқта тағалы етік сартылдаған, Басымда қызыл жұлдыз жалтылдаған Фуражка, нарттай күрең офицермін, Ол күнде кезім емес жан тыңдаған. – Жүрмеңіз жапа-жалғыз жəне жаяу, Болса да іздеп шыққан аулың таяу, Опасыз ойда жоқта қылар жазым Жүреді бұл далада боран ояу. Ол сəтте ұйқтамайды көкжалы да, Аңдыған жалғыз-жарым олжаны да, Қазақтың ақсақалы көп өтінді – Бір серік, жарықтығым, ал жаныңа! – Алмадым, əттеген-ай, оның тілін, Жастық-ай, ұмытылмас сол иттігің. – Ой, тəйрі-ай! – дедім-дағы жүріп кеттім, Несі бар боран мені торитұғын. Төңірек күңгірт тартты көптен кейін, Ойымда бір қыр ассам жеткендеймін. Жел тұрды біраздан соң, қар ұшқындап, Көз көрім анау алғы шепке дейін. Қаратау əлдеқашан қалған артта, Бұрылған менің бетім Арқа жаққа,

Жауған қар тез қалыңдап сала берді Азынап жел даусы шар тарапқа. «Бораны осы ма?!» – деп ойлауым мұң, Бəрі де қарға толды қойнауымның, Онтайдың үйін іздеп таппақ түгіл, Қарасы алыстады қойлы ауылдың. Не керек, аза шегін қақты боран, Қасқырдай екі етектен қапты боран, Көрмеген құлақ естіп, жат дауысты, Айнала үрейлі үнмен айтты бір əн. Кім көрген дүниенің ойран күйін, Сақылдап қосылады сайдан құйын, «Əлгі əн – ең соңғы əні тіршіліктің!» – Дегендей болды суып қалған миым. Темір жел тұла бойды үңгіді-ай кеп, – Сыйынып, күнде айтқанмен құр құдай, – деп, Құдай да қараспады, қалдым бір кез Сорайған адам емес, сүңгідей боп. Үй ішім, елестеді бала-шағам, Мынау бір сұмдық үрей оңашадан Құтылып, кіргендеймін от құшаққа, Соңғы рет дегендеймін «о, жасаған!» Содан соң күйіп барам, күйіп барам, Ғаламат өртке түсіп түк ұқпаған... Бір мезет көзімді ашсам – бір үйде екем... Ғажап-ай, мұнша неге көп ұйқтағам? «Бұл қай жер, мына отырған неткен

халық?» – Қарадым əлсіз көзбен аң-таң қалып.

Басымды от төсектен жұлып алып: «Фуражкам қайда?» –деппін айқай салып. Үй іші қуанғанда ду күліскен... Қайтадан ұзақ уақыт танғам естен. Баяғы алдағы ауыл іздеп шығып, Жағалай шала жағып ізді кескен. Белгісіз қанша сағат қалды арада, Себепсіз ажал бастан айнала ма, Əйтеуір əзер дегенде тауып апты, Мұз болып жатқан мені айдалада. Мен оны бір айдан соң білсем керек, (Қадірі бұл қазақтың білсең – бөлек), Солардың саумалаған қолыменен Үйіне Онтаевтың кірсем керек. Өмір мен өлім – екеуі арасында, Осынау ер халықтың панасында, Бағымның күндіз-түні арқасында Ажалдан аман қаппын, расында... Ол кезде дəрігер болсын елде нендей, Оларың осы күнде кем – дегендей. Халық қой, бір шарасын тапқан шығар, Меніңше көңілімен емдегендей. Болады елден артық ана қайдан, Ішінен аман келіп қанды майдан, Текке өліп қаларымда алып қалған Қазақты тануым сол – сонадайдан! Сүйеді жалпы тəжік зейінімен, Сендерді, туыс жұртты – пейілі кең, Нанбасаң – сұра əрбір шоферінен, Сұра сен, үй сыпырушы əйелінен!

Ұмытпан сонау күнді барында есім, Өмірдің кім тоқтатар мəңгі көшін?! Кешегі «кейін айтам» – дегенім сол, – Деп, Рахман аяқтады əңгімесін. МЫҢ БІР ЖҮЗ ФОНТАН Тамаша алаң. Дүшанбенің қақпасы. Ар жағында Əсем Ғиссар алқабы. Тірелетін Тəжіктердің ат басы, Керілгенде Күннің алтын арқаны. Қолына ұстап Ғасырлардың кітабын, Шыққан күннің Нұрыменен түптеген. Ақша бұлттар Сүйкеп, сүйіп шынтағын, Ақ шалмасын Жуған аспан сүтпенен. Əбу Əли Сина Ескерткіші бір ғажап, – Дүниенің кереметі Ең бөлек. Аяғының астында оның – Мінəжат – Бүкіл шаһар Бас ұрғандай дөңгелеп.

Бір мың бір жүз Фонтан атып, Тұр саулап Бір мың бір жүз Күміс шыбық шаншылған. Қандай шебер Сонша суды тұсаулап, Əбу Əли Сина Төбесінен асырған! Бір мың бір жүз Фонтан сөйлеп, суылдан, Он бір ғасыр Хикаясын тұр айтып. Неткен арман Мықты болып туылмақ, Дүниені бір Жаңартып, тыңайтып! Басын шайқап Біздің Шыңғыс Айтматов, Көзін алмай Мынау күміс мұнардан: – Бауырым, – дейді, Маған қарап тіл қатып: – Үйреніш керек бұлардан. Өзекті жеп Əлдебір өрт, өкініш. Қалам үнсіз Ауыр-ауыр ойланып... Бүкіл шаһар таң алдында Тым-тырыс Дөңгелейді ескерткішті айналып...

МИРЗОНЫҢ БАСЫНДА Дүшанбенің Ортасында бір тау бар Тəжіктердің Тақиясы секілді. Төбесінде Əлсін-əлсін бұлт аунап, Талай-талай Найзағайлар секірді. Соны бағып Жүрген Мирзо тірлікте Əлмисақтан, Əрбір сақтан ойы бар. – «Өмір шіркін, Бітерінде – бір нүкте, Өлсем, мені, – Депті сонда қойыңдар!» Бүкіл Тəжік Өсиетін орындап, Жалғыз тауын Жақсы ұлына беріпті. Жаяу көтеріп, Қойыпты оны арулап... Бүгін оған Жетпіс венок өріпті.

Ақ мəрмəрдан Алтын басқыш жасаған. Асқар таудың Жан-жағынан келуге. Гүл алқабын Егіп, қоршап тастаған, Көктем сайын Оған теріп беруге. Нақ басында Тұрсын-Заде зираты – Алтын жазу, Қара мəрмəр – сандық тас. Төбесінде Күмбезі бар күн қақты, Ешқашанда Су жоламас, шаң жұқпас. Бүгін – мейрам. Туғанына жетпіс жыл. Көкжиекте Көз сүрінген халықтан, Құмырсқаның Илеуіндей бейне бір – Бата алардай Əулиеден, алыптан. Жетпіс венок – Екі жағы басқыштың, Көр, Тəжіктің Салтанатын, дарынын! Венок етіп, Айқастырып тастаған. Жетпіс бірдей Жас қыздарын, аруын

О, ғажайып! Тірі екені белгісіз, Жалтылдаған тек Көздері болмаса! Есіңізден Танғандайсыз енді сіз. Анда-санда Бұраң етіп қозғалса! Бүкіл тəжік Төбесіне көтерген, Бүкіл ару аяғында бас ұрған, – Халыққа еткен Жақсылығың өтелген, Қайран ақын, Касисті асыл жан, Дербес тиген Əулие тау – сол мекен, Сенің тіпті Түк арманың жоқ екен!

ТҰРСЫН-ЗАДЕ ҚАЛАСЫНДА Шіркін, Ғиссар – Бақыты ғой Тəжіктің, Тіршілікке бəрі керек азықтың Бұл жазықта Өспейтіні жоқ шығар, Мəпелеген Алақанын жазып күн. Ал анау бір Асқар-асқар таулардан Тасқын сулар Бетін бері аударған Мəңгі-бақи Тұмсығын бір алмайды Тамылжыған Миуа бақша-баулардан. «Тау туғызбас Біздің Ғиссар екені – Адам-Ата, Хауа-Ананың мекені!» – Деп тəжіктер Мақтанады, несі бар, Жұмбақ өлке Қай мақтауға жетеді!

Сол Ғиссардың Арғы доға басында Ақ шалмалы Тау Памирдің қасында Тұрсын-Заде қаласы бар, Білсеңіз, Бүкіл Тəжік Өндірісі осында. Келешекке Тəжік қолын созған жер, Тұла бойы Алтын, күміс, толған зер – Иемденіп Жаңа заман қаласын Тағы да Ақын абройы озған жер! Тойдың басы Осы жерге тірелді – Жайып тастап Миллион шашақ кілемді, Тобығына Күміс таққан сұлулар Дүниені Сыңғырлатып жіберді. Күймен, əнмен Балқып тұрды айналаң, Сан бұлбұлдар, Сандуғаштар сайраған, Сан ақындар Саңқылдады биікте Жалын жырды Жалау етіп байлаған.

Мен қайтейін, Мейлің сүйсін, сүйсінбе, Өлең оқып Өз тілінің күшінде, Тұрды шалқып Қазақтың бір ақыны Сартылдаған Алақандар ішінде. Астық жинап Қырық мың санды қырманға Миллиардты Ортаңа əкеп ұрғанда, Мен сөйлемей, Дүние сөзі бітпейді. Ту сыртымда Қазақстаным түрғанда! – Деген кезде, Жұртты көрсең тасыған, Аруағы асып түскен Асыл нан! «Айналайын! – дедім сонда, – туған жер!» Барлық туыс Шыға келгендей қасымнан... Қалды есімде Тұрсын-Заде қаласы, Ақынға ақын Болысуын қарашы. Деді сонда Ауғанстан ақыны: – Нағыз ақын – Кең қазақтың даласы! Дүшанбе – Алматы. 1982 жыл

ЖАСТЫҒЫМ СЕНІ САҒЫНДЫМ КӨНЕ ДƏПТЕРЛЕР (Қос дəптер) Осы жуырда мен ескі қағаздарымды ақтарып отырып, əлдеқашан «жоғалдыға» жорыған, отыз жылдан астам уақыт көзіме шалынбай кеткен екі бірдей дəптерді тауып алдым. Өмірлік жарым Бəдешпен екеуміз осынау аяулы жастық шақтың көзіндей болған дəптерлерді көңіл босап, көзге жас алып отырып, сағына тебіреніп оқып шықтық. Əрине, бұл дəптерлер бір кезде жарық көреді деген үміттен емес, бастан кешкен күндердің, алаулаған жастықтың, махаббаттың күнделігі есебінде жазылған нəрселер болатын. Бұлардың көлемі кем дегенде осы күнгі шағын-шағын екі өлең кітапшасындай болады. Бұларды іздегенде мен «Ақ желкен», «Жел қайық» повестерінен кейінгі жастық дəуірді бейнелейтін кітапқа материал, негіз бола ма деген мақсатпен іздегем. Енді бүгін солардың бəрі керекке жарамаса да, арасынан таңдап, келмеске кеткен күндердің ізі есебінде ғана емес, өз жастық шағымның хабаршысы жəне ақындық сапарымның бастау көзіндей көріп, оқырманға ұсынуға тəуекел етіп отырмын. Жаңадан еш сөз қосқаным жоқ. Ол – өз тарихыма өтірік қосумен бірдей. Бұлар 1947 – 1952 жылдар арасында жазылған. Дəптердің біріншісі – альбом. Бəдештің альбомы. Екіншісі – өзімнің алғашқы ақындық дүниелерім. Осы сапар солардан үзінділер ұсынбасқа көзім қимады. Адам – уақыттың тəуелдісі ғой. Кезінде пайдаланған дұрыс па деймін. Сонымен, жол болсын, менің тұңғыш қарлығаштарым!

Бірінші дəптер БƏДЕШТІҢ АЛЬБОМЫНАН * Ғасіреттен аулақ, Бақыт күнге дос, Алшы қабыл, жүрегіңді бірге тос, Фонтаны ма достық мұнарасының Уа, құрдасым, осы əйтеуір бар шыным1, – деп басталады да, əрі қарай Пушкин, Лермонтовтан эпиграфтар алынған. Соның бірі – «Ты хочешъ, друг бесценный,

Что бы я, поэт младой,

Беседовал с тобой!»

(Пушкин) – Осыны ұсынған қол: «О, досым, біраз Жаз! – деді ме? – Ия. – Жаз десе – жаз! 1 Алғашқы бір шумақтың əр жолының бас əріптерінен «Ғафу» деген сөз құралып тұр.

  • Кешір мені, кеш жолықсам мен саған, Өтіп кетсе – ол күндерің аңсаған. Кей кездерге қисық болып түсерміз, Сен шаршама, мен достықтан шаршаман. Жүрегімнің маржанындай өлеңім, Альбомыңның арттырар ма беделін, Жазғы шықтай мөлдіреген жырымнан Арманым не, тапса жаның керегін! Қағаз ғой бұл – тозар-дағы жыртылар, Өлеңімнің іші бар да, сырты бар. Сол бір іші ішіңде ұзақ сақталса, Ақын жаны уанар да, тыншығар. Өлеңіме күндес жандар табылар, Құртпақ үшін іштен жаулық сағынар. Онда саған айтатұғын бір ақыл – Жүрегіңнің альбомына жазып ал! Январь, 1952 жыл

ҚЫЗҒАЛДАҚ («Т е р е ң о й л ы М ə р и я м» ə н і м е н) Неге, неге, жас қызғалдақ, Қыста көктеп тұрсың сен? Қараймын да, қалам ғажап, Əттең, сырын түсінсем. Тек дыбыссыз тербелесің Тереземнің алдында, Əлдебір қыз омырауынан Жазда түсіп қалдың ба? Сыртта суық қыстың күні Елең етпей тұрсың сен. Жансың ба əлде сен бір тірі, Айтшы маған кімсің сен? Қандай саусақ ұстап сені Қадады екен сол жерге? Кімді күтіп, қарсы ап кімді, Қашан, қай кез келгенде? Кімге тарту қылды екен Қай қара көз мөлдіреп? Гүліңді үрлеп тұрды екен Қандай ерін үлбіреп?

Кімнің тозбас үмітісің Осыншама көрікті? Маған ғажап бұл бітісің Өн бойымды ерітті. Аязды елең қылмайтұғын Неткен еркін, еркесің! Əлде өзімнің солмайтұғын Қызғалдағым ба екенсің? О, қызғалдақ, айтшы онда, Көтерші бір еңсемді, Көз жасымнан суарсам да Қуратпаймын мен сені! Ноябрь, 1951 жыл

ЖҰМБАҚ ТҮСТЕР (Баллада) «Сердце страстное пленилось, Признаюсь – и я влюблен». Пушкин «Без Вас хочу сказать Вам много, При Вас я слушатъ Вас хочу. Но, молча Вы глядите строго, и я в смущении молчу». Лермонтов Жатты қыз көп отырмай бүгін ерте, Кім білсін, жалықты ма албырт ерке, Төсі ме, шынтағы ма, – не қозғайды, Үстінде дірілдейді атылас көрпе. Өрілген серілердің қамшысындай, Қара шаш əсемдіктің жаршысындай, Тұр жауып, ақ бұғағын көлегейлеп, Маңдайда бұлттың сирек тамшысындай Бір-екі жылтырайды тер моншағы. Рақатта жатыр, бəлкім, сұлу жаны. Ернінде қызыл шие сəл қимыл бар, Осыдан білініп тұр жымиғаны.

Жатыр ма ғажап түсті көріп қазір? Айта ма түсте біреу оған əзіл? Ғафу ет, оқушылар, ол қандай түс – Ақында білмейінше кетті сабыр. ...Аз ғана қыз бен жігіт – құрбы-құрдас Қосыпты сауық кеште қазір бір бас. Ортада тағам толы дастарқан тұр Үстінде жастар үшін қойған түрлі ас. Отыр қыз бергі шетте жайнап гүлдей: Алыңыз, – дейді, – құрбым, жұртпен бірдей. Қара сұр, толқын шашты жігітке ол Қарайды қара көзін бір түсірмей. Шырқайды өзге жастар өлеңдерін, Қосылып бұл да айтады білген жерін. Оқушым, өзі күлсе, көзі күлмей Тұратын жанды бар ма көргендерің? О, ғажап, мына жігіт сондай адам, Көзінде жатыр жалын бір қараған. Сол қарас айнымайды, бұлжымайды, Күлгенде əзілдесіп кіл манадан. Сүйе ме сонысын қыз елден ерек, Əйтеуір, оған жиі қарай беред. Ұсынды жалғыз конфет қызға жігіт, Қыз алды, сезім жеңсе – ол не демек? Маржан тіс астында ол сықыр етті. Бір бөлек тілмен жылжып əрі кетті. Қалғаны тұрды қолда, бұдан кейін Дуылдап қыздың қаны бетке тепті.

Қиылып жартсын жігіт алды сұрап, Бөгетсіз түйірімен жұтты бір-ақ. Қол артып иығына қыздың сосын Бірдеме айтып жатты ол сыбырлап. Қыз қолын қатты қысты батыл жігіт, Содан соң жыр шырқады жайнап күліп, Қосылып бар дастарқан төңірегі Думаны жас өмірдің жатты жүріп... Оянды төсегінде қыз дауыстап, Болыпты осы кезде сəске түс шақ. Бөлмеде еш адам жоқ, отырды ол Көрпенің бір бұрышын қысып ұстап. Түсінде жігіт қолы уысында Тұрған қыз, көрпенің сол бұрышына Қарайды өз көзіне өзі сенбей, Жоруын білмей сұлу мұны шынға. Кім еді, қандай жігіт түсіндегі, Қыз қатты қиналды, анық түсінбеді. Сондай бір соған ұқсас жігіт түрін Келтірді көз алдына, түсірді енді. ...Зырлады оңтүстікке поезд ағып, Талай тау, талай өзен артта қалып, Ауылдан Алматыға жаңа оралған Жастарын солтүстіктің келеді алып. Купеде ортадағы орналасып, (Жел үшін терезені қойған ашық).

Отыр қыз жəне оның серіктері Бірде əн сап, бірде ермек картаны ашып. Есігі көрші купе ашылды да Бір жігіт тұрды ішке басын сұға. Жымыиып, көз жіберіп, ынталанып Қарайды қызыққандай жастық буға. – Келіңіз, келмейсіз бе бізге, жігіт! – Дейді де, шақырады қыздар күліп. Жеңді ме жас көңілін жас базары, Отырды ол енді аздан соң ішке кіріп. Ойнады, күлді, таныс болды бəрі, Қашан да осылай ғой жолдың заңы. Бес сөтке бес сағаттай өтті-дағы, Жастардың жақындады тарқар шағы. Содан соң айрылысқан, болмай алаң, Қашанғы бірге жүрсін жолдағы адам. Ешқандай қимастық та сезілген жоқ, Кəдімгі жолаушыдай болған оған. «Сондағы жігітке ұқсас мына жігіт, Ол болса – жүр түсіме қайдан кіріп? Ой да жоқ, ойлаймын дер көңіл де жоқ, Əр неме кіреді екен түске қызық!..» – Деді де, қыз жұбатты енді өзін, Қайталап іштей тағы əлгі сөзін. Алайда, шығара алмады есінен ол Жігіттің күлмейтұғын тағы көзін. ...Арада күндер өтті түйдегімен. Сол жігіт қыз түсіне кірді кілең. Біресе бақ ішінде құшақтасып, Білініп демі бетке тұрды кілең.

Таң атса, оянса қыз ұйқысынан, Кетпейді қолы көрпе бұрышынан. Сол бұрыш ыстық тартты бірте-бірте Түстегі сол білектей гүл ұсынған. Жатуға асығады кеш батқанда, Бір көрмей қалатындай кеш жатқанда, Байғұс қыз қуанады неге сонша Өңі емес, түсінде жар дос тапқанға? Отырар кейде өңінде ойға батып: «Жүреміз ылғи түсте бір дəм татып, Келер күн жан серігі сол болар ма, Не бұйрық тұрған мені мұнша тартып?! Оқушым, осы арада айтам ашық, (Құтылар адам дəмнен қайда қашып?) Өмірде сол жігітпен кездесті ол қыз, Көп көрді көшеде де дидарласып. Аяғы көп көрудің соқты соған, (Екен бір ол да ақ көңіл ізгі адам). Дос болды, кəдімгідей достасты олар Кездесіп, пікірлесіп сырласты əмəн. Бірақ жоқ түстегідей еш құбылыс, Еңбегін ұғам деген еш қылды қыз. Кəдімгі өмір жайлы, оқу жайлы, Кəдімгі əңгімелер қызғылықсыз. Не ғажап, қыз қалады терең ойға, «Мен көрген ол емес пе, əлде сол ма? Жоқ, осы! Кеше түсте тағы көргем Қазір де сол күлкісі – күлген сонда». Қарайды, қадалады қыз жігітке, Сəл себеп іздегендей бір үмітке.

Бірақ, жоқ, табылмайды іздегенмен Айтпайды жігіт көзі оған түк те. Кей-кейде таусыла ма қыз шыдамы, Күбірлеп қос еріннен сөз шығады. Онысы жігітке анық естілмейді, Жанады тек жалын боп көз шырағы. – «Таппаймын іздесем де бірдемені, Көзіңнен көрінбейді сыр тереңі», – Деп батыл қыз бір күні айтып салды, О, ғажап, жігіт оған үндемеді. Сонымен өтіп жатыр күн тізбегі, Өз түсін қыз өңінде күнде іздеді. Мызғымас баяғы бір сол күнінде Құпия оған сырын білгізбеді. Жұмбақ түс қыз жанына болды бір жүк, Жүрекке тыныш жатқан салды бүлік. Бірақ та жолығуын тыяр емес Түсте жар, өңінде дос сол бір жігіт... Январь, 1952 жыл

«ГДЕ ЖЕ ТЫ, МОЙ САД ВЕЧНАЯ КРАСА?!» ƏН «Ауыртар жүрек жан тербеп, Айтқанда ол өлеңді. Еріксіз бойды мұң кернеп, Жылап алғың келеді. Лермонтов Тиеді жұмсақ Жаныма аса, – «Где же ты, мой сад, Вечная краса?!» Салшы бір тағы, Əлдиле жанды. Осы əнің мəңгі Көңілде қалды. Естілсе сол əн Самалдай ескен, Тұрады əмəн Көзіме жас кеп. Алыпсың таңдап Мен үшін жақсы. Əдейі арнап Тағы бір салшы! Айтқанда соны, Үнінде сырлы Мұң бардай болды, Сағындың кімді? Салшы бір тағы, Əлдиле жанды, Осы əнің мəңгі Есімде қалды. Тиеді жұмсақ Жаныма аса: «Где же ты мой сад», Вечная краса?!» Январь, 1952 жыл

АРМАНСЫЗ ҚЫЗ ЯКИ БАҚЫТТЫ ЖАН (Орыстың «Дети дети, приходите» – дейтін əнімен) Мəз болдым ба, қаз болдым ба, Қанаттанып ұшайын. Сүйген жарым, қайда қолың, Қайда қолың қысайын. Түсімде де, ішімнен де Атыңды атап жүріп ем. Сол дертіме, жан өртіме Таптым ба ақыр бүгін ем? Жүрек жанды, саған мəңгі Тапсырайын өзімді. Кескініңнен түсініп ем «Сүйдім» деген сөзіңді. О, жаратқан, бақыт тапқан Сүйе қыз бен ұлыңды. Жаңа күткен, көкжиектен Батырмашы күнімді! Январь, 1952 жыл

  • * – Айтшы, жігіт, қыз жасын Қасиеттеп көрдің бе? – Дегенімде, жолдасым Жауап берді тез мүлде: – Егер адал жыласа, Таусылады шыдамым. Қыз қызғаныш қылмаса Жұтқым келіп тұрамын. Сол бір кермек тамшыны. Себебі ол – жан суы. Енді сұрақ қоймадым, Үнсіз ұзақ ойландым. Январь, 1952 жыл

ӨЗІҢЕ

Бəдешке Қуана да, қамыға да білесің Жандай жақын, жан құрдасым Бəдешім! Көкірегімнен асыл орын алар ма, Бір өзіңнің есіміңдей əр есім?! Қай бағыма кездесіп ең сен менің. Мінезің бал, жұтқан сайын шөлдедім. Қай жағыңнан қарасам да, бұлжымас Бір ғана асыл жүзің болды көргенім. Мақтау жүрмес, арамызда сый жүрер, Көлденең жұрт құй ойланар, құй күлер, Өз бағасын ойланса да қанша рет Тыңдай білген құлақ тапқан күй білер. Осы сөзім көкейіңде орнықсын, Көкірегіңді жарып достық жол шықсын! Жазмыштан жалғыз ғана тілегім – Басталған іс теріс бітпей, оң бітсін! Январь, 1952 жыл

ТАҒЫ ДА САҒАН! Саған біткен бидай өңде бар бір сыр. Бет ұшында дірілдейді жұқа нұр. Ол бір сенің айғағындай арыңның Білген жанға көзге ту ғып ұстап тұр. Ойнақы, еркін, жайдары, ашық мінезің, Сүйсе қандай сүйер сені кім өзін. Көзге жиі шалынатын жігер бар – Қуанамын, көріп сені кіл өзім. Қарапайым кəдімгі өмір сенікі, Қолдан соғып жасамайсың көрікті. Шындық деген өн бойыңда нəрің бар, Сол саған бір биік тұлға беріпті. Сеніменен дос болғанда жақын кеп, Сен атымды атағанда «Ғафу» – деп, Естіртпестен іштен күбір еткенмін: «Сенде ескірмес бір асылдық жатыр!» – деп. Ашып айтсам, ол асылың – жаның ед, Нөсер құйса, сөнбейтұғын жалын ед,

Сəулесі оның өн бойымды аралап, Шымырлатып жүрегіме барып ед. Жаның сұлу – жақсы қылған сол сені. Жан ғой – адам арының зор өлшемі. Қуыс кеуде, мағынасыз құр ажар – Адам емес, адамның тек бөлшегі. Қателессем – Ғафуыңды ғафу ет, Қайтып айтпау бір сөзімді антым ед, Тиіп кетсе байқаусызда біреуге, Мені кешсін, жүрсін өзі ар тілеп. Екен дер ғой: «жігіттің бір тентегі», Бас болмаса, неге керек телпегі? Қыздың қызы болатыны секілді, Еркектің де болады ғой еркегі. Жыласаң да шын егіліп жылайсың, Қуансаң да, тым ерекше қуанасың. Ақиқаттан аумай жаның тұрады, Сенші маған, осыныңмен ұнайсың! Сүйесің де, қызғана да білесің, Күлсең-дағы риясыз күлесің, Көңіліңнің ақтығына қар ұқсас Тұзың жеңіл, жазықсыз да күйесің. Кемшілігің емес сенің – ол, бірақ, Жақсылыққа куə болып – сол тұрмақ. Кей-кейдегі балалық бір мінезің Қайта сенің сол тұлғаңды толтырмақ. Осы менің – сен туралы айтарым, Кешір, бəлкім, сəл-сəл кемдеу байқадым.

Дəл осылай сені танып, ұғамын Маған осы – қарасам да, қай жағың. Сондықтан да жақынсың тым жаныма, Арың туыс адамсың, сен, арыма. Арманым не, бізде жүрек бір соғып, Қаның ағып, қосылса егер қаныма! Январь, 1951 жыл «Кончаю, в груди невольное Сомнение». (Лермонтов) Арасында көп өлең қалып қойғанымен, альбом осы жерден бітеді

ЕСІМДЕ ГОГОЛЬ КӨШЕСІ (Алғашқы нұсқасы, альбомға қосымша) Есімде Гоголь көшесі, Есімде үш қабат үй. Есімде жардың кесесі Дейтұғын: «жігіт, шарап құй!» Есімде қызыл трамвай Екіге дейін жүретін. «Қалса, антұрған, шыға алмай Өледі-ау, – деп – билетім!» Елегізіп, шіркін, жігіттер Есімде, шыдам тауысқан. «Қарындас жан, біліп бер!» – Деп, біреуге жабысқан. Есімде жүрген тротуар Ерсіл-қарсыл жол қылып. Тұрушы еді қыруар Терек сайын он жігіт. Есімде будка, сар есік Сыланып қыздар шығатын. Күзетші шал егесіп Бізге айқайлап тұратын.

Есімде «заказ» оралмай Сол бойынша кететін. Кездесе алмай, көре алмай Жігіт жапа шегетін. Есімде тапал шарбағы Қарғып кеткім келетін. Маған қызық – ар жағы Театрдай көретін. Есімде сол бір араның Ұйық, шалшық, батпағы. Демей-ақ қой «аламын» Түсіп кетсе қалпағың. Есімде кейбір күндері Аяз боп дене мұздаған. Сонда жалын бір демі Шықса жақсы – қыз саған, Жүрегіңе ыстық бу Тарататын құшақтап. Жаңа таныс – жас сұлу Айтса қызық сыр сақтап. Əйтпесе, сол сақайған Күйіңменен кеткенің. Жан жоғалып бақайдан, Ұшы сыздап өкшеңнің. Есімде, шіркін, бəрі де, Есімде қызық жастық шақ, Есімде жардың əні де, Есімде ыстық жас құшақ.

Есінде талай жігіттің, Есінде талай өмірдің, Дей алмас ешкім «ұмыттым» Көшесін қайран Гогольдің. Ноябрь, 1953 жыл

Екінші дəптер БҰЛ – МЕНІҢ ӨЗ ДƏПТЕРІМ Мұнда əр түрлі тақырыптағы өлеңдер жиналған. 1947 – 1951 жылдар арасындағы жырлар екен. Көбі махаббат туралы, ішінде сол тақырыптағы аудармалар да бар. Бірақ бұлардың дені еліктеу-солықтау, онша жаңалығы жоқ, сол кездегі жас талапкерлердің маңайындағы нəрселер. Кезінде жарық көрсе, оқасы болмас еді. Менің «Құрдас» атты тұңғыш жинағым осылардың материалынан құралса керек. Тағы да сол творчествомның бастау кезінен мағлұмат үшін жəне жастық шақ іздері үшін бұлардың аздаған шоғырын ұсынамын. ЕСІҢДЕ МЕ? Есіңде ме, уа, сүйгенім, Есіңде ме жастық шақ, Ай астында айқасатын Есіңде ме қос құшақ? Есіңде ме торғын көйлек Суылдайтын желменен, Есіңде ме түн самалы Толқын шашың тербеген? Есіңде ме еркелеуші ең Иығыма асылып,

«Болды, жаным, – кетем», – деуші ең, – Таң атты, – деп асығып. Есік алды көк орманнан Екі талды кесіп ал, Соны біз – деп, ойла да өзің Өткен күнді есіңе ал. Июнь 1947 жыл

  • * Əлі күнге айныған жоқ Саған деген махаббатым. Дамыл-дамыл қуантады Құдіреттей сенің атың. Сенің жаның ой-дүниемді Білді ме əлде білмеді ме, Жылдар өтті, жас жүрегің Таза ма əлде кірледі ме? «Ғафу» деген есімімді Сол жүректен жоғалттың ба? Мені тастап, басқа жанға Кірпігіңнен оқ аттың ба? Тым кешіккен махаббаттан Тас та жеңіл арқаласаң, Жар болсаң, кел, құшағыма ен Аянымайтын балталасаң... Май, 1947 жыл

К – М – ГЕ Ұмытқам жоқ əлі сені, Уа, көршімнің қиғаш қасы, Боп кетсең де, теріс қарап Бөтен жұрттың дүниясы. Көңіліңді берме маған, Емес қой ол енді қымбат. Қолымда тұр орамалың Атым жазған сен оюлап. Өртейін бе, не қылайын Қайырсыз бұл шүберекті? Жылдар жатып төс қалтамда Алдарқатқан жас жүректі. Əлде өзенге ағызайын, Толқын оны бүктеп жыртсын. Тозған мүлкі махаббаттың Су түбінде бір тұншықсын. Июнь, 1947 жыл

К – К Қолымда тұр көп хаттардың жинағы Көңілге ауыр ой түсірді, қинады. Айнытпастан ақ қағазға түсіріп, Жан жалынын қандай сұлу сыйлады? Əрқайсысы уақытымен тігілген, Сөз жалыны бірі асады бірінен, Кейде қалам айқын жазып пікірін, Ұялған-ау, кей жерінде сүрінген. Озды минут, озды сағат зырылдап, Тек таймайды жұлдыз ғана жымыңдап. Шіркін, жастық, жалыны көп өмірде Өтті қастан талай сұлу қырындап. Міне соның біреуінің хаты бұл. Сақталыпты құпияда алты жыл. Баяғыдай сезім беріп жүрекке, Баяғыдай алаулаған қалпы тұр. Июнь, 1947 жыл

Т – ҒА Сүйді досым сені бұрын, Күйді өртіңе алаңсыз. Ұқтың ба сен, ұға алмадың, Ол шегінді амалсыз. Өміріңді қидың жатқа, Өз еркіңді бердің сен, Қызықтың ба əлде баққа, Не десе де көндің сен. Нендей лəззат бар бұл күнде, Нендей рақат таптың сен? Əлде ұқсап солғын гүлге, Əлде қасірет тарттың сен?

КІМ КІНƏЛІ? Шілдеде сары адырдан Дірілдеп ойнар бір сағым. Сондай-ақ жүрек, жанымнан Барады өтіп жас шағым. Жыл сайын көктер ел қайда, Қурамаса желге ұшып. Жарым болса сондайда, Отырар сүйіп, мені құшып. Талайға қолды сермедім, Талаптан басқа кінəм жоқ. Қызыл деп, барып көргенім, Шыға келген қылаң боп. Ақылдың, ардың иесі – Деген жаным – құр қуыс. Тек адамдық бейнесі – Сары алтыным болды мыс. Таптырмады біркелкі Қыз мінезі қылықты. Ұсынары құр көркі, Кейін көңіл суытты. Жанмен айтқан сөзіңді Аузыменен тыңдаған.

Құлақ деген сезімді Бір бұрышқа жинаған. Махаббатты мас жанның Мылжыңы – деп санаған. Күн орнына аспанның Айын күн деп қараған. Қайда бір желбуаздың Қылмыңдаған өсегін, Сөзіндей-ақ ұстаздың Тыңдағаны неше күн. Өзің алдап, жылатып Көрмесең де ешкімді, Сол азғындар сорлатып, Еңбегіңді еш қылды. Олар үшін сен де бір Ертекшінің бірісің, Тақыр жерге өспес гүл, – Гүлсіз ғұмыр құрысын. Арымен қылған қызмет, Ардақты менің достарым, Тыңдап ал да, тағлым ет, Болсын ақыл қосқаным. Жаныңды жайдақ санаса, Қарама ездің бетіне, Ғашық бол қайта оңаша Табиғаттың көркіне. Тірідей өлік адамнан Түрленіп тұрған жер артық, Төсінде гүлдер жаралған Сағымды сұлу бел артық,

От келіп жанға, бір балқып Содан лəззат табасың. Суын ішіп құмартып, Сіміріп жұпар ауасын... ӨЗІҢ БІЛ Сұлу қыз, жуықтама, келме жақын, Мүмкін сенің қадіріңді білмес ақын. Сүйемін өзімді өзім, құмартамын, Өзімнен артылмайды махаббатым. Сұлу қыз, жуықтама, жаным салқын, Тоңарсың, сұрғылт тартып, жүзің жарқын. Адамды алдау үшін өмір сүрмен, Айтылған бір-ақ рет жүрек антым. Сүйемін, рас, қызды жақсы көрем, Бірақ ол – жалған сүю – нəпсіге ерген. Сондықтан жуықтама, сөзіме бақ, Бол жолдас менен гөрі жақсыменен. Қызық-ау дерсің мүмкін ақын жаны, Шыны ма, əзілі ме – айтылғаны. Бəлкім, мұнда əзіл де, шын да болар – Өзің біл, қабылдасаң қай тураны!

С-ға (Альбомға) Көкірегімнен жалғыз моншақ Түссе тамып қағазға, Асыл құрдас, қуан, боп шат, Қарамай-ақ көп-азға. Сонда ақынның ұғынасың Қанша жақын екенін, Жерін сұрап неғыласың, Жүрегіңде – мекенім. Есту үшін саған берген Біле білсең – бұл əнім. Көп «қалқам» мен көп «сəулемнен» Жалыққанда құлағың. Жаза баспа жатқа жорып, Ая құрдас жүрегін. Лұқсатсыз алмас орып, Пісті екен – деп бір егін. Жайқала бер, əзір аман, Жаздай жастық күніңде. Орушы адам – іске «маман» Бір табылар түбінде. Жаз осыны, құрдас Сара, Альбомыңа ерінбей. Өзгесінен тұрсын дара Бетіңдегі меңіңдей. Ноябрь, 1951 жыл

МАХАББАТ І3І Терезенің алдында тұрған кесе, Көрді жұрт сырттан оны əлденеше, Ай тұрды ол, жыл да тұрды сол орнында, Емес тек бүгін ғана, əлде кеше. Үңіліп ішіне оның тұрдым қарап, Кесе ме əуелде бал құйған шарап, Қағаздың жанған ескі күлі жатыр, Ол емес таңдандырған мені бірақ. Таңдандым бір ғажапты мен көрдім де, Тұр тізіліп кесенің ернеуінде Жалтыраған əріптер əп-əдемі Ескерткіштей арналған бір өмірге. Сонда менің көзіме келді елесі, Күнəдан пəк сұлудың жас бейнесі. Кесеге сап, хаттарды өртеп жатқан Қалтыраған бір қолдың көлеңкесі. Қағаз жанып, орнында күлі қапты, Жанбапты əріп, баяндап махаббатты. Оттан басым бір күштің құдіреті, Жазуларды жалыннан қорғап қапты. Əлдебіреу тозды – деп, – жас өмірім, Жан қартайып, тоқталар жетті күнім, –

Деп өртеуге бекінді жардың хатын, Өртенбепті ол, жарқырап, қағып күлім. Тұр əлі сол бұрынғы жас шағындай, Əріптері жаһұттың тастарындай. Бір қара көз əлі тұр ішінде оның Сыры түпсіз дүниенің аспанындай. Июль, 1946 жыл ҚАРА ШƏЛІ (Ə н і б а р) Тоқышы, жеңгем, Тоқи бер, жеңгем, Шəлісін қыздың Мен үшін қымбат. Қайғылы қайның Махаббат жеңген Жұбанар сонда Жүрегін тыңдап. Кім еді аты, Қай күні еді, Кеткені кеште Шəлісін беріп? Еркінен жаным Айрылып еді, Əйтеуір соған Бір қарай беріп. Тұңғиық көзі – Түпсіз бір аспан, Жалғыз-ақ рет Қалды ғой қарап. Кім еді менің Ұйқымды ашқан,

Кім еді тұңғыш Ұсынған шарап? Емес пе ем сəби, Сол күнім қайда, Ұшты ма бастан Зырылдап құсша? Қалдым ғой қарап Талпынып айға, Дегендей: – соның Ақ жүзін құшса! Махаббат деген Осы ма, жеңгем, Айтпапсың бұрын, Аядың ба əлде, Айтсайшы енді, Сонау қыз келген, Келе ме тағы Сол қара шəліге? Тоқышы, жеңгем, Тоқи бер, жеңгем, Шəлісін қыздың Мен үшін қымбат, Қадірлі қайның Махаббат жеңген, Жұбанар сонда Қыз үнін тыңдап. Тоқыма шапшаң, Қалмасын бітіп, Қояды келмей Сонан соң мұнда. Өтсе де өмірім Күн сайын күтіп,

Берем бе оның Сағатын жылға? Қайда екен қазір, Отыр ол қайда, Қай үйге нұрын, Сəулесін шашып. Жүрегім жара, Батумен ойға, Жүдеді жүзім, Кетті ұйқым қашып. Найзадай кірпік Тағы да тағы Қадалар ма екен Кеудеме келіп, Əлде аяр ма екен Сынар – деп сағы, Тəуекел – дер ем, Бағымнан көріп. Тоқышы, жеңгем, Тоқи бер, жеңгем, Тастама қолдан Шəлісін қыздың. Бақытты байтақ Жүзінен көргем Сол асыл жанның, Сол асыл жүздің. Январь, 1950 жыл

МАХАББАТТЫҢ СОҢҒЫ СӨЗІ ЖІГІТ СӨЗІ (Ə н м е н) – Əлде сор, бағым ба, Ұнап ең жаныма, Сағындым атыңды Жан сəулем, М-на. «Шығар деп бір ойдан», Тілеп ем құдайдан. Мен үшін ақ жүзің Артық ед күн, айдан. Ауырдым, сырқадым, Мəлім ғой бұл халім. Тез жанып, тез сөніп Басылмады іңкəрім. Кімге айттым мұңымды, Кім білер сырымды, Қос құшақ айқасқан Күн қайда бұрынғы? Ғашықтың бір əні, Жанымның құмары.

Сен салған «Ақ қайың» Құлақта тұр əлі. Кіресің түсіме, Құлпырған пішінде, Отырам сенімен Той-думан ішінде. Ұмытам деймін де, Бармаймын мен мүлде Өзің кеп тұрғандай Боласың кей күнде. Тағдырға не шара, Көңіл бір бейшара. Жазылмай кеткені-ау Жүректен сол жара. Болмасын жолың тар, Ақырғы тілекті ал – Мендей боп, менен де Тіпті артық сүйсін жар! Бұзбайын сертімді. Билейін еркімді, Соңғы рет бір бұршы, Сүйейін бетіңді. Енді сөз созбаспын, Енді жан мұздасын, Өшпейтін бетінде Ернімнен із қалсын. Қартайып-нұр түсер, Соларда гүл түсер, Сен деген жүрегім Көрге де бір түсер.

Əр тарап біздің жол, Бұйырған дəм-тұз сол. Қош, жаным, мəңгіге, Қош, сəулем, есен бол! Январь, 1950 жыл ҚЫЗ СӨЗІ (Б ұ л д а ə н м е н) Не дейін, жан жарым, Ауыр ғой арманым, Ұға алмай, майыстым, Достықтың бар мəнін. Кешір, сен, барлығын, Кешір, сен, жан күнім, Аз емес, білесің Менің де зар-мұңым. Сүймеймін ешкімді, Яки көз, кескінді. Сенен соң сұм жүрек Кірленді, ескірді. Құр өлік денемді Жат біреу иеленді. Бұрынғы М-на Жоқ енді, жоқ енді! Атыңды тұмар ғып, Тағармын қуанып. Қай жерде жүрсем де От жағып, күл алып.

Тілеймін тірлігің, Біткенше бұл күнім, Күліп өт өмірден Болмасын бір мұңың. Құшағым ұмтылған Аһ ұрып, құр тынған. Көлеңкең сан рет Оятар ұйқымнан. Келгенде қара күн Дүниеден көшетін, Сонда да сен ғана Аузыма түсетін. Өмір бір – дос артық. Қалар қол шошайып. Кетермін атыңды Иманмен қоса айтып. Дірілдеп, сөніп тез Басылсын соңғы сөз. Қалайын бір ұстап. Кел, ғашық қолың соз!.. 1950 жыл

ЖАСТЫҚ-АУ, СЕНІ САҒЫНДЫМ (С ы р л а с у) Қазақтың қыздар институтына * Дүниеге мен келгелі көп таң атты, Сан рет жұлдыздарын көк таратты. Орнынан қозғалмаған жалғыз ғана Бір жұлдыз таңға ғашық Шолпан атты. Сан рет ұйқымды үзіп ояндым да, Көрдім мен ылғи оны таң алдында. Аспаның бақытындай жеке дара, Тіршілік ойнайды екен жанарында. Қызарып, сұлу беті бал-бұл жанып, Еркелеп, өзіне өзі сəл бұлданып, Содан соң сағынып сыңғыр қағып, Алдына құлайды екен таңның барып. Жармын, – деп, сендікпін, – деп

басы байлы, – Куəға ертіп алып қасына Айды, Таңменен сүйіскенде ғажап дыбыс Үзіліп, көктен жерге тамшылайды...

Сұлулар, жалықтырса күнде бұл жер, Биікке қалай қарауды үйреніңдер, Сабағын ғашықтықтың оқу үшін Шолпанды ерте тұрып бір көріңдер!.. Мен де бір кез көк құмар тұйғын едім, Мезгіл желі жолымды қиды менің, Тұғырымда отыр ем жалқау қарап, Бір қыз келіп бетімнен сүйді менің. Əлі сөнбей маздаған ескі күннен, Оқыды ма бір отты кескінімнен, Дүр сілкіндім – төбемнен тағы салған Қырандардың қиқуын естідім мен. Əрі əдемі, əрі ойлы неткен кеш бұл, Неткен рақат кетпейтін естен ешбір, О, тəңірі! – дедім мен, – осындай бір Оқымысты қыздарды көп кездестір! «Алматыда көшесі бар Гогольдің, Сəулем, содан алғаш рет көріндің», – Əлі күнге тіл ұшында осы өлең, Айрылмайтын сыңарындай көңілдің. Түсімде де жиі көрем соны мен, Жүрегімді демеп ыстық қолыммен, Сол көшені бойлап келе жатамын Айдың аппақ тасқа түскен жолымен. Майдың түні екен деймін жұп-жұмсақ Жапырақтар жел қойнына сыңғыр сап,

Кəзір-кəзір бір хош иіс қоршардай, Кəзір-кəзір ашылардай бір құшақ... Арулардың, армандардың көшесі, Қай күн менің көз алдымнан көшесің, Соны ойласам, шымырлайды жүрегім, Сынардай боп махаббаттың кесесі... Үнсіз неге отырсыңдар, Бар-жоқтарың сезілмей. Көздеріңнен от ұшқындар Балқып жатқан сезімдей. Осынау көздер қарашығын Қатты ұнатам неге мен, – «Бал махаббат қаласының Терезесі», – деген ем. Соным рас, Май айында Сендерменен кезігем. Арман, үміт сарайында Отырғандай сезінем. Аспа, ақын, асылық қылма, Бұл бақытты тұсыңда, – Дəл осы сəт асылып тұрған Сонша кірпік ұшына! ЖенПИ – десе, тағы бір той болардай, Қопаңдаймын, тұғырыма қона алмай, Дамыл таппай, дайындалып жатқаным – Менсіз оның сəні кірмей қалардай.

Əлде мұным – «жаман күйеу қайынсақ», Арбасына артып алып барын сап, Жөнелетін тақиясы шошайып, Сонау құтты босағаны сағынса-ақ. Сонда қымбат бардай қимас бір кісім, – Солай қарай бұрады ылғи күнде ішім. «Ғафуды əлгі тастамайық!» – дейтұғын Жігіттердің арқасы ма, кім білсін! Бардай сонда махаббатым, тұңғышым, Бардай сонда менің бүтін тұрмысым, «Ғафуды əлгі тастамаңдар» – дейтұғын Балдыздардың арқасы ма, кім білсін! ЖенПИ – десе, тағы қызық болардай, Тағы маған жас күндерім соғардай, Əдемі бір əбігерге түсемін. Сезім деген ғажап екен,

ой, алла-ай! * Алина атты немерем бар, Бар болғаны – алты айлық. Сəбиге адам неге құмар – Деу үшін бе – қартайдық? Ылғи таңда сəби бетін, Ала сала тұрғызбай, Жуамын – деп, мен əлекпін, Əжесі əлек жуғызбай. «Сенсіз де оны періштелер Жуып қойған таңында, Адам ісін теріс көрер Құдай баққан шағында!»

Айнымайды софыдан тек, Таң қаламын кемпірге: «Осы-дағы оқыды-ау!» – деп, Бір заманда ЖенПИ-де. Қалма, Бəдеш, сен өкпелеп, Бұл бір кексіз əзіл ғой. Əзілменен көкке еркелеп Созыл көңіл, жазыл бой! Сен де бір кез бұл шаңырақтың Маңдай алды қызы едің. Ағынымен ақ боз аттың Алып қашқан біз едік. Жүрем ылғи көзбен іздеп, Соқсам мұнда сирек тым, Қабырғада тұр ма əлі, – деп, Сенің ғажап суретің? Сағынтпай ма, білсең, жаным, Іздетпей ме қыз-дəурен, Дəл қасымда жүрсең-дағы – Шаршамаймын іздеуден! Ғафу, қыздар, кетсем тайып, Жыр жолынан айып етпе, Дүзелу үшін бір қисайып Алу керек, əлбетте! Кездерімде жар аңсаған, Берген сенің – сыйың ғой,

ЖенПИ – менің бала-шағам, ЖенПИ – менің үйім ғой. Дұрыс қойған атымды да, Қыз қадірін білсін деп, Бұл өмірде қыздан ғана Кешу сұрап жүрсін деп. * Қайтасыңдар-ау, қыздар-ай, Биыл гүлі жанған дөңдерге, Қайтасыңдар-ау, қыздар-ай, Биыл суы толған көлдерге. Кешегі үркек құлыншақтар Бүгін құлын боп өсіп барады-ау, Кешегі қысқа тұлымшақтар Бүгін бұрым боп өсіп барады-ау. Кеше ана қойнында тулағандар, Бүгін жатқа кетіп жылар ма екен, Кеше жалғыз төсекке сыймағандар, Бүгін жар қойнына сыяр ма екен?! Ия, сендер бұлақсыңдар ғой

тұнып қалып, Қайта зулап аға алатын, Сылқ-сылқ күліп барып Көл қойнында жоғалатын. Өмірсіңдер ғой, өмір шіркін Тумай, өспей тұра алар ма! Келер қыздар толқын-толқын, Тұрмас дүние бір арнада.

Сол толқындар соғар дүркін, (Қанша соқса мейлі ғой). Арманы көп қайран ақын Жартас болсам дейді ғой. Қайтасыңдар, қыздар-ай, Келесіңдер-ау, қыздар-ай, Сол кетіс пен келіске Шыдар екенбіз біз қалай?! Даусы əдемі, жақсы қайсың, Шырқап, жазып алшы бой. Бəрің əсем аққудайсың – Аққу шіркін əнші ғой. Жұпар иісің əнге ұласып, Үн таратсын жан-жаққа. Кең далаға кеудені ашып, Əн салмаған қазақ па? Шырқаңдаршы ана жайлы, Туған бесік, үй жайлы, Бүгін көзің қарамайды, Ертең көзің қимайды. Жалыны өзге, өрті тосын, Тұрмас жүрек сыздамай, Тыңдағандар дейтін болсын – Қайран қазақ қыздар-ай! Қыз жанарын ашқанда жарқыратып, Жігіт бойын жіберер қалтыратып,

Солар жəне тəртіпке шақыратын, Əуреленіп жатпай-ақ ақыл айтып. Қуғандары дүние бас-бас алтын, Бұзатындар бұрынғы ата салтын, Бəсекешіл мұндарлар – машинашыл, Қатты кетіп, қапыда аунасатын. Аунамаса, қыз алып қашатындар, Бөтелкені тісімен ашатындар, Қарап жүріп, отауын жығып алып, Ата мүлкін, дəулетін шашатындар. Көбейсе егер, қиналам, ашынамын, Сұлуларым, болашақ жақсыларым, Қыздан артық дүниеде əмірші жоқ, Мен соларды сендерге тапсырамын. * Қанықсыңдар ежелден жырларыма, Мен қана алмай келемін сырларыңа, Бірақ, қазақтың мың қызын жинап алып, Мен ризамын мəжіліс құрғаныма. Көз жетпейді ақынның арманына, Көз жеткенмен өмірдің жалғанына, Бір күн, шіркін, сендерге ректор боп, Өкінбен ертең түсіп қалғаныма. Атымды ертте, жас ақын, сар тайыңмен Өзің де, ер соңымнан, айхай, дүнием! Тұра берсем бұл қыздар өртер мені Өрттен аман тұрғанда қайтайын мен!

  • * Жастық-ау, сені сағындым, Сағыныш белгі – бұл өлең! Іздесең – əр кез табылдым, Есімде қалған күндермен. Рақмет, қыздар, достасқан Жайдары, жарқын көңілмен, Сендермен əсте қоштаспан, Қоштаспас ақын өмірмен.

ЖЕНПИ-ДЕГІ КЕШ Сағынды ма аңқылдаған ақынды, Əлде көктем басы, сірə, жақын-ды. Сəлем жолдап, сəрсенбінің сəтінде Жаңбыр жауды, ЖенПИ бізді шақырды. Жан жарықтық, тағы сілкіп, жайна енді, Шақыр сен де жалындаған дəуренді, Жанарыңнан қалған сарқыт отымен Ізде осыдан баяғы бір сəулеңді! Анау отыр, мынау отыр – өзі отыр, Шіркін жастық сарқылмаған сөзі отыр, Пай-пай, сонау қарсыдағы ақ маңдай Менің жарым сияқты екен көзі өткір. Əлде осынау бидай өңді қалқам ба, Баяғы бір жолығатын ақ таңда? Қайран Гоголь көшесінде тұрдық-ау Үркер үстен ауып бара жатқанда. Кенет неге айтып кеттім естелік, Жатса жастық есімімді ескеріп, Дəл осы үйде жүре берсем болмай ма Баяғыдай ерте кетіп, кеш келіп. Арманшыл ғой жүрген адам жердегі, Мүмкін емес ол арманның сөнбегі,

Ақын жаны ескіруді білмейді, Ол ескірсе – өлеңнің де өлгені. Соны білген ақылыңнан айналдым, Кіл қара көз, қара бұрым, айдарлым, «Тағы жігіт болып қайттым бүгін», – деп Үйде отырған апаларыңа айтармын. Жас арулар бұл Ғафуды ғафу ет, Біз де сері, серуеншіл ақын ек, Тым болмаса көз қуантып қайтсын деп Жақсы кеште шақырғаныңа рақмет!

САҒАТТАРЫМ (Сағыныш сазы) Сағаттарым, минуттарым, сəттерім, Сен алдымда ашық жатқан дəптерім, Сол дəптерге, сол күндерге үңілсем – Неткен қызық, неткен балдай тəтті едің! Сағат, сағат – хабаршысы мезгілдің, Сонша неге аялдамай, тез жүрдің. Махаббаттың жолаушысы кешікті, Əлі отырмын, қақпайды ешкім есікті. Сағаттарым – менің өмір тынысым, Ақын жандар туады екен күн үшін. Жапырақтар өседі екен күн үшін Айтшы маған, мен жасаймын кім үшін? Жалынамын, жалбарынам бүгін мен, Сағаттарым, сыңғырлаған тіліңмен Айтшы маған, сол жолаушы келе ме Махаббаттың тар жолында сүрінген? * Сағаттарым, қанаттары күндердің, Мұнша жылдам мінезіңді білген кім?

Кеше ғана еркелетіп мені сен, Кеше ғана қолыма əкеп гүл бердің. Сағаттарым – сырын бүккен уақыттың, Айтарсың ба мағынасын бақыттың? Бақыт деген қолдан ұшқан құс па еді, Жайнап тұрған жоғалатын батып күн?! Сағаттарым – жоқшылары өткеннің, Қайрылмастан мəңгілікке кеткеннің, Жалынамын, ең болмаса қайтып бер Сонау тəтті бір сағатын көктемнің! ТАҒЫ ДА САҒАН! Жан Бəдешім, Халық берген сыйдан ас, Сен өйтпесең, сені де ол сыйламас. Бір Ғафуды екі беріп жалғанда – Тағдырың да енді қайтып қинамас. Қиын болдым, қайтаруға көнбедім, Сен білесің, қисық па едім,

жөн бе едім, Тарих өзі бағалар да түсінер, Текке кетпес тентек баққан еңбегің. Сен айтқанда, ақын неге «ə» десін, Тəңіріге беріп қойған уəдесін. Сен Ғафудың əйелі ғана емессің, Сен Ғафудың тағдырысың, Бəдешім! Бұл сөзімді құлағыңа ілші, Сен, Жарық болсын, жарқырай бер, күлші, Сен, Өмір деген – көк тайғанақ жер екен, Қолтығымнан ұстай-ұстай жүрші Сен!

ПОЭМАЛАР, БАЛЛАДАЛАР АЛТАЙ АЗАМАТЫ (поэма) (Социалистік Еңбек Ері Бошай Кітапбаев өмірінен дастан) Бардың ба, сен Алтайға, Көрдің бе оның мұз-тауын? Қалпыңменен шалқайған Тауысып бір көз жауын. Қарадың ба сен оған, Ақ дулыға шыңдардың. Ең төріне орнаған, Жолын тосып шығар күн. Үш бұрышты көк телпек – Айнымайтын шыныдан, Ерке жұлдыз – көп тентек Омырауына жығылған. Сəлдесіне қадалған, Меруерттей жылтылдап. Əр тамшысы адалдан Əрең еріп там-тұмдап. «КНТЕЕСКЕН» кітабынан 1986 жыл

Талма-түсте тершіген Күннің өткір көзімен, Еш кезі жоқ менсінген Салыстырып өзімен. Не тəкаппар шыңдарды, – Оларда да мықты көп. Таңырқасып тұр мəңгі: Мынау қайдан шықты?» – деп. Бір ғаламат құдірет Мұздан соққан ескерткіш. Талай ғасыр сүңгілеп Таулар төсін тескен күш. Көкке барып тоқтаған, «Осы тұс лайық маған!» – деп. Қырандар оған соқпаған «Қанатым қатып қалар» – деп. Онда жоқ жел мен борасын, Кезі жоқ əсте кірленген. Бұлттардың ақ пен қарасын Қат-қабат жұтып, күн көрген. Осынау Асқар – көк телпек, Басына жұлдыз түнеген, Шұбырар сосын көп тентек, Əкесін танып білмеген. Ананың сөзін ұқпаған, – Ақ шулан асау толқындар. Жолынан тосқын шықпаған, Жосудан танбас жойқындар.

Солардың бірі – Бұқтырма, Тұла да бойы толған өрт. «Бұқтырамын» – деп, – ол əлек, «Бұқпаймын» – деп, – бұл əлек. Көк ала тасты тілімен Жентектеп тіліп арадай, Күнімен яки түнімен Жан-жағына қарамай. Мың арыстан шайқасып, Жеңісе алмай жатқандай, Мың жолбарыс айқасып, Тырнақтан тамтық түк қалмай Қаңсылағандай, жаңғыртып Қаңылтыр көрмей тауларды, Самұрық шыңды сан құртып, Жолынан жасап аңғарды, Құлайды төмен алапқа, Құлаған сəтте баяулап, Ақ көбік болған қара атқа Тыныштық беріп, жаяулап, Еліне жеткен батырдай, – Жайланып ағар Бұқтырма, – Артта бір қалып кезең бел. Сəлемге келген жұртыңдай, Ағысы момын өзендер. Қосылар соған жолшыбай Түйісіп төске бастары Əкелген тарту, шашудай Салдырлап малта тастары.

Шаршаған туыс, шам көрмей, Шағындау сол бір шашуды Қабылдар үнсіз, əл бермей Асқынған басып ашуды. Ойнар ол ұсақ тастармен Тырнақпен жұмсақ қысып жай, Ерігіп майда башпаймен Жүнді аунатқан мысықтай. Дəл осы жерде, ойпатта «Жаңа үлгі» деген ауыл бар. Адамды жұтқан апаттар, Басынан өткен дауылдар. Солардан аман қалып ол, Ұрпағын сақтап алып кеп, Туғанда кеше ауыр жол, Жіберді соған салып кеп. Самсаған сабаз ұлдарын, Аямас тажал – келді жау. Көтерді халық ұранын – Отанды қорғау – Ел қорғау. Сексен жігіт аттанды, Жауына түсер жасындай Еңіреп ана, қарт қалды – Селдіреп орман шашындай. Бұқтырма екеш, Бұқтырма Баурына басып, аяған Шап-шағын ауыл жұртында Қалмады іні-ағадан.

Соғыстың қанды орағы Айналып келіп шалғанда, Ауылдың балғын құрағы – Он жеті жасқа қалғанда, Бошай да кетті ішінде – Бір үйдің тұлдыр-жұрнағы. Шошыр ең сонда түсіңде Ауылды көрсең қырдағы. Күңренді Алтай таулары, Көз жасын бұлтпен сүрткілеп. Шаңырақ, бірақ аумады Бақанын халық тік тіреп. Сондағы елдің қайраты-ай Ең соңғы сонау ышқыныс! Мұндағы жұртты сорлатты-ай Жаз – мылтық болып, қыс – қылыш! ...Соғыстан Бошай оралды Кіндігі түскен жеріне. Оң аяғы – ол қалды Европаның төрінде. Қос балдақты ер жігіт Қарады шолып ауылын, Жүрегі күйіп, жанып іш Жоқтады талай бауырын. Сан үйді кіріп жұбатты, – Жұбату – амал жоқтығы. Ішінен берді бұл антты, – Ендігі өмір көп күні. Жұмсалар елдің жыртығын Бүтіндеу, жамау ісіне.

Таппады сонан бір тыным, Қарамай ақтық күшіне. Алдымен елдің рухын, Еңсесін тіреп түзетті ол. Нəр беріп жанға бір жұтым Тірілу сəтін күзетті ол. Содан соң қирап, бұзылған Жөндеді не бір ұяны, Қысқаға бөліп ұзыннан, – Қырық сақ болып қиялы. Жинады ылғи тұқымды Шашылып қалған жұрттағы, Мұны бір əке тұтынды Келмегендердің ұрпағы. Құлыны яки ботасы, – Бəрін де жиды сəбидің, Жүгені яки ноқтасы Сақтаған, баққан əр үйдің. Ортаға солай жиналды – Ортаны құру оңай ма? Не керек сансыз қиналды Он күн бе яки он ай ма? Он еркек бүтін табылу – Қиынның қиын ісі еді-ау, – Өткен күннің бəрі – су, Бүгіндер еске түседі-ау! «Жаңа үлгі» солай қайтадан Баяулап жылжып, алға асты, Жақсы ғой артта қалса адам, Амандық күнге жалғасты.

Жалғасты колхоз тірлігі – Осынау ақсақ ағадан. Тірлігі – елдің бірлігі Жалықпай жүріп жамаған. Қырықта, кəзір елуде Сондағы туған жаңа адам, Əкем бар – деген сеніммен, Үмітпен бұған қараған. Арада өткен көп жылдар Асырды өмір белінен, Қайыспай тартқан сол бір нар Қат-қабат жүкті елімен. Катон мен Большенарымнан Бастаған жедел тірлікті, Қаншама колхоз жарымжан Үлкейіп, өсіп, бірікті. Заманы оны заулатып Алысқа құлаш серметкен, Ай менен жылды аунатып, Қайнаған қажыр-еңбекпен. Талай бір өрге шығарды Шабытпен, оймен ел бастап, Шаруасы топтан ту алды, Жүйрігі келді ойқастап, Жүздеген тұлпар алдында Жүлдені бермей талдырып. Сан өлке, самғап сан қырға Атағы кетті жаңғырып.

Бүгінгі Ленин колхозы Отыз жыл өзі басқарған, Республика жампозы – Бар табыс содан басталған. Советтік колхоз құрлысы – Шебері соның даңқты, Шығыстың қаулап тұрды ісі, Көтеріп Алтай алыпты. Зауласын ерің, зауласа Салдырмас қамшы қылаң көк Екі аяғы сау болса, Қайтер еді мынау!» – деп. Қанаттас талай құрбысы Əзілдеп əрі сүйсініп, Теріске жөнді бұрғысы Келді ғой талай күншілдік. Солармен де алысты ол Күресшіл жаны шаршамай. Аброй жолы – алыс жол, Емес-ау тірлік – кең сарай. Боз аттан мынау «Волгаға» Ағаш аяғы жеткенше, Тұрмысқа кешіп ел жаңа Қырсықты басқа тепкенше, Қап-қара шашы ағарып, Қаншама тер мен күш кетті! Баяғы сол бір ағалық Жүрегі бəрін істетті. Қатесін кейбір кешірмей, Жолында тұрған адам көп

Кешегі қолдан өсірген Елі қолдайды – амал жоқ. «Күшік асырап – ит еттім, Ол балтырымды қанатты, Біреуге мылтық үйреттім, Ол мерген болды – мені атты!» – Деген сөзін Абайдың Бұл да ішінен сан айтты. Жаны кең сабаз бірақ та Итпен ит болған күні жоқ. «Ішті арамдап, кек сақтап Кешкен ғұмырдың құны жоқ, Жүре берсін байғұстар Келіп, кетіп қасымнан Термейтұғын қай құс бар, Ризығын шашылған!» – Деуші еді ол жарына, – Жайымен күліп, сығалап, «Көрінгеннің бəріне Сенесің!» – деп кінəлап, Бəйбішесі сөз айтса, Бөксе бұрын қыңбайтын, Өскен емен көк таста – Дауыл соқса сынбайтын. «Ел шаруасын қараған, Жұрт аймағын күзеткен» – Əдеті жоқ сол адам Үй шаруасын түзеткен. Қақпасы анау аңқиған, Күндіз-түні бəрі бір.

Есігі ашық шалқайған Күйіменен əлі тұр. Кеңсесі не, үйі не – Келіп кетіп жатқан жұрт, Қаратады дəміне, Бал қымызы, жент пен құрт, – Əйелін де тағдыры Қоса салған теп-тең ғып, «Мінездің шапшаң тезінен Жығылсам да адал жығылам, «Коммунист» деген сөзді мен Азаматтық деп ұғынам, Жүз адамға бес адам – Азамат болып жолықса, Кереметтерді жасаған Осылар – деп ел ұқса, Сенемін өзім мен соған!» Осы күнде де ол солай Адам жайында толғайтын. Адаммен дүние кең сарай, Адамсыз сəні болмайтын. Ол оны сонау жылдарда Азамат жоқта түсінген. Кешігіп көктем туғанда Гүлдерді жинап үсіген, Алақанға салып мəпелеп, Ошақтағы отқа жылытқан. Ұрпақты қолдан жетелеп Əкелген жазға суықтан.

Ошағы – оның колхозы, Өз үйіндей аяулы. Талайға жəрдем қол созды, Сықырлап жүріп аяғы. Достарын іздеп баяғы Түсінде де айқай салатын, Соғыстың қалған саяғы – Сындырған сыңар қанатын, «Əттеген-ай, солармен Қосыла жұмсап бұл күшті, Бүтіндеп шапшаң алар ем, Қираған мынау тұрмысты» – Деп күрсініп, оянған Екі-үш-ақ сағат ұйқыдан. Көңілі бөлшек, ойы алаң Көп үміт күткен жұртынан. Осылай аспан бұлтынан Күн шығар еді қорғалап, Босанып түннің құлпынан Сəулесі жерге сорғалап. Республика кетті өрлеп Көз көрмеген биікке. Даламен жүйткіп көкпеңбек Ұқсаған алтын киікке. Аспан мен жердің арасын Жалғаған жалын жолымен, Көргенде қазақ баласын, Бірге ұшқандай сонымен.

Ғажайып масаттанатын Біздің де Бошай ағамыз. Өсіруші еді қанатын Сол шындық жəне сол аңыз. Осында, бəлкім, менің де Еңбегім жатқан шығар – деп. Енетін зор бір сенімге, – Біледі соны – бұлар – деп. Өйткені кəзір бұ-дағы ер Жайнаған балға-орағы. Колхозы мынау миллионер Таныған Елі Одағы. Табысы соның құйылған Қазына, алып қазанға. Əйтпесе сонау қиырдан Мұның да атын жазар ма, Телеграмма – жолдап құттықтау. «Жеңіспен туған – ер егіз. Болар ма мұндай шарықтау, Шарықтамасақ егер біз» – Деп, толғайды Бошекең, Толғауы оның дұрыс-ақ, Ол – ерліктермен де дос екен, – Енді ойланып ұғынсақ. Ерліктен Ерлік туындап, Шындық пен шындық жалғасқан. Қосылып жатыр дуылдап Бергі жер мен арғы аспан. «Айналдым туған елімнен, Айналдым шебер халқымнан,

Осының бəрін көрдім мен Көрмегендердің атынан. Көзімнің жасын көп сығып, Соларды жоқтап тауысқам. Толтырған орнын, өсіріп Халқым менің данышпан. Босап та, бəлкім, кеттім мен – Қарашы, бауырым, қарашы, Қанатыменен көк тілген – Мендейлердің баласы, Ақсақтардың баласы, Боздақтардың баласы!» – Дегені оның есінде Колхозды жинап алапқа, Аспанның заңғар төсіне Гагарин ұшқан сағатта. Орынды, жұртым ендеше, Осылай, осылай сөйлесе, – Мұндай да самғау бола ма, Ерлер өмірін қимаса, Ол аяғын бермесе!.. Мың тоғыз жүз сексен бес – Календарь беті ашылды. Тоқтауына дес бермес Мүжіп-жеп уақыт ғасырды Қырық жыл бопты ойласа Сонау бір өткен сұрапыл, Түбіне терең бойласа – Тағы да бір сұрақ тұр.

«Енді не істейсің соларға? – Ақырғы күшті қозғап қал. Туған жерге соға алмай Арманда кеткен боздақтар. Рухы күнде тіріліп, Жағалап өмір арнасын, Күтеді сенен бір үміт, Күтеді анттың жалғасын,» – Дегендей əлгі бір сұрақ – Тірінің сөзі секілді, Жүректің қозғап тынышын ап. Көңілден маза кетірді. Алпыстан асып жас келді, Ақ алмас əзір қында жоқ. Бастайтын қалың əскерді Баяғы қайрат мұнда жоқ. Сонда да əлі беріспей Келеді қырсық, қиынға – Ақ қырау бүркіп теріскей, Көк нөсер көзге құйылған. Жылдарды кешкен қарт солдат Қақаған қыста қасқарып, Зымырап кейде ақсаңдап Келеді колхоз басқарып. «Өлгенше Ленин колхозын Басқарып өтем!» – деген серт, Құдіретіменен сол сөздің Алдында жайнап келешек. Сүйрейді оны алысқа, Алысқа, жарқын жағаға.

Сүйсінер жат та, таныс та Осынау жайсаң ағаға: «Жігіт болсаң – сондай бол!» – Не жетер мұндай бағаға. Ол үшін кешті қандай жол Қырық жыл өткен арада. Қырық жыл екен ойласа, – Ойлану шіркін жайдан ба, Протезін мықтап байлап сап, Кіргелі Еңбек – майданға. Ол содан аттан түспеген, Талай ер шіріп астында, Талай да тоқым үстеген, Жүзумен жүріп тасқында. Қырқыншы міне жыл жетті, Қолда бір билік барында. Атқармақ соңғы міндетті Жан достардың алдында, Қаруластардың, алдында. Қайратын өлше нарыңның Қабырға бойы жүк салып, Катон мен Большенарымның Арасына əсте жік салып Көрмеген ерің бауырмал, Егіздей қатар тұтынып, Онда да, мұнда ауыл бар – Мың шаңырақ, мың түндік. Солардан қайтпай еліне Қалған да сонау боздақтар,

Жүз бе, əлде сексен, елу ме – Тірідей бұған сөз қатар. Баяғы анты есінде, Бар жігерін жиып ап, Келді бір өжет шешімге Бас пенен қолға қиын-ақ. Бес ауылға бес белгі Орнатпақ болды мəрмəрдан. Қалдырмай жазып еш ерді, Шыға алмай кеткен арманнан. Алтайдың тасын қидырып, Шеберлер жиды қашаугер. Жігітке сауыт кидіріп Сенімді серік осы-ау дер. Бастады өрен бір істі, Қимылы қатты сол ағаң. Жеп жіберетін жұмысты, Кезі жоқ шайнап талмаған, Зəресі ұшты кей надан, Ұғынып, мағына бере алмай, Төменнен ғана ойлаған Биіктің шыңына ере алмай. Шапшаң да шапшаң үлгіртті ол, Күндерін бүктеп, түнді алып. Жолдарға төнген үстірт-жон Қимылдан тұрды ырғалып. Май келіп қалды сөйткенше Жеңістің отын маздатар, Жықпайтын пілің сүйкенсе, Ескерткіш тұрды қаз-қатар.

Жарқырап алтын əріптер – Жайнады ерлер есімі. Жұрт қолы сипап дəріптер, – Мадақтар оны ел сыны. Ақ мата жауып əзірге, Салтанат күнде ашуға, Қойған бір кезде əзірлеп, Біреулер басты у-шуға: «Кітапбаев өзіне Ойдырды тастан кітапты. Дүрілдеп тұрған кезіне Қалдыру үшін атақты. Колхоз қалды сонымен Шаш етектен шығындап!» – Жоғарғы жаққа жолымен Арыздар ақты зуылдап. Ол арыздар оралып, Ондалап мұнда келгенше, Біткен іс бітті – ол анық Ескерткіш тұрды өзгеше Бір апта қалды ашуға, – Дейтін күн: «кəне, жұрт жиыл!» Аудандық басшы ашуға Басты кеп дейсің тұтқиыл. Рұқсат бермей қасарды. Жазықсыз ерді жазғырып. «Шаш ал – десе – бас алу» – Əлі де бізде бар қылық.

Сондайы қиын тың істің, Қолдауын таппай көп қинар. Бітуі жұмбақ жұмыстың Өзіңде болмай ықтияр. Талай да тауы шағылған, Құм болған талай жігері, – Тамаша ойлар табылған Əдіра қалған күндері. Сонда да ірі қимылға Үйренген басы илікпей, Тартатын ылғи қиынға, Секірген жардан киіктей. Бұл жолы да ешкімсіз Тəуекел серік еткенді. Ауылдан қаңқу естіп сөз, – Ауданда басшы кектенді. Ол өзі жалпы бұрыннан Қабағы теріс болатын, Өзгедей қақпай құр жылмаң, Айтарын тіке соғатын. Істерін істеп қалатын. Баратын жерге баратын, Жығылғанша сүйрейтін, Мінезін əсте сүймейтін. Беделі тозбас бұл қайсар Қиындау соқты басшыға. «Пенсияға шығарып сал Осы биыл жаз шыға», –

Деп ақыл берген анада Облыстағы дөкейдің, (Болмысты болжап бола ма) Өзіне төнді төтен күн. Мұның да жайы онша емес, Шаруасы төмен құлдырап, Бастық қой – мейлі қанша егес, Рұқсат бермей тұр бірақ. Мөлшерлі күндер сырғиды, Сырғыған сайын – жүз қайғы. Көтермей ауыр бұл күйді Шаршаулы жүрек сыздайды. Мазасыз қалпын байқаған Бəйбіше де ойға батады. – Бастады – десей қайтадан. Бітпеді-ау соның шатағы. Қуанып тосқан ел мынау Мерейлі күнді сағынып. «Осыған да аман келдік-ау!» – Деп еді бəрі жабылып. – Оқа жоқ, – деді ол оқыстан Тағы бір ойға бас бұрып, Оралтқан аман соғыстан Тастамас бізді жақсылық! Үзіліп кетер жұлыным, Бетімнен бірақ қайта алман, Соларға шыққан шығынның Саламын бəрін қалтамнан. Балалар өзі-ақ күн көрер, Өзіміз аштан өлмеспіз.

Бұдан да зорды жеңген ер, Намысты қолдан бермеспіз! – Шай ішші, суып қалды шай, Жұмыстың артын бір бақпай Тəуекел еткіш байғұс-ай! – Деді де тынды үн қатпай. * Мейрамға төрт күн қалғанда, Дегенде «рұқсат болмас түк» – Пленум өтіп ауданда Тоңқалаң асты сол бастық. Артынша соның облыс Жаңадан келген басшысы. Мұнымен жасап жолығыс, Иықтан езген тас түсті. «Ашуға бір күн қалғанда Көремін барып», – деді ол. Жаңаның сөзі жалған ба, – Айтқандай келіп көрді ол. – Игі де жұмыс жасалған, Көркейту керек əлі де, Сапасы тəуір тастардан, Ел үшін ғой бəрі де, Болашақ үшін бəрі де! – Дегенде, демін Бошекең Тереңнен тартып бір алды, Баяғың бəрі – бос екен, Жылап та тұрып қуанды.

Баяғының бəрі шықты естен, Мақұлдау сөздің зары өткен, Дəл сол күні кездескен Ақынның бағы бар екен. «Жаңа қайың», «Майемер», «Жаңа үлгі» мен «Қабырға» – Дəрімбет аулы – бір бүйір Ақ ала шыңның жанында. Бес ескерткіш – үш жүз ер Халқымен бүгін қол алып, Шақырып тойға туған жер Келгендей болды оралып. Оралған емей немене, Аналар таңды қарсы алып, Шүпірлеп өңкей немере Аттарын айтып, əн салып. Баяғы жарлар – жесірлер Жаулықпен шашын жасырған, Жарқырап алтын есімдер Көздерге оттай басылған. Келіншек күйге түскендей Ерлерін қайта құшақтап, Ғажайып күнді кешкендей Кірпікте жасы моншақтап. Кəзір де кəзір оларды Қолтықтап үйге қайтардай, Біразы бірақ қиналды «Шалым-ау», – деп те айта алмай «Жігітім», – деп те айта алмай.

Естілмей ақтық сөздері Қиылған қыршын армандар, Жұмылған сəтте көздері Жастары тоқтап қалғандар. Кемсеңдеп кемпір, шалдарың Құшақтап тасты бас салып, Сулайды орамалдарын Суалған көзден жас тауып. Оқиды анау сəбилер Қөзімен тінтіп, ақтарып, Оралғандай бəрі үйге Аталардың аттарын, Əлде бір тосын мақтаныш Кеудені солай кернейді, Табылып жансыз таста күш, – Адамша бəрі сөйлейді, Сөйлейді мəңгі өшпейтін Даңқтың жайын баяндап. Атынан түспей кетпейтін Жолаушы мұнда аялдап. Киелі мекен, қара орын Осылай орнап қалды ұзақ. Қарсы алып дала боранын, Соқса да, жалын, аңызақ. Міз бақпайтын ескерткіш. Сағынып ана, аңсап жар, Аздыртпас соны, ескіртпес Сипалап ыстық саусақтар. Сол жайында сөйледі Тебіреніп тұрып Бошекең:

«Ризалық маған бер, – деді, – Қолдан бір келген осы екен! – Ағалар, қатар құрдастар, – Армандас, биік өрелес, Тіл біткен мəрмəр бұл тастар – Еліңнің қолы – мен емес. Еліңнің махаббаты бұл, Алғысы аман ұрпақтың, Бəріңнің жайнап атың тұр Бетінде мəңгі кітаптың. Сол кітапты жазуға Қатнасқан жанның бірі – деп, Қолымды қойдым – жазғырма, Аттарыңды атап күбірлеп. Ішімде антым бар еді, Сөндірмей келген бір шоғын. «Іске асқан» – деген ал енді Айғағы болды бұл соның. Жетеді маған сол сезім; – Басқаны берсең – ауырлар. Аяулы менің колхозым, Аяулы туыс, бауырлар!» – Дегенде халық бұл шақта Лап берген толқынға ұқсады. Талайы сүйіп, құшақтап, Талайы қолдан ұстады. Түйедей бойлы Бошекең Түймедей болып, көрінбей Ақты да кетті – көп бір –сең. Бұқтырманың селіндей.

«Осынау жүрген жоғалтпай Азамат – деген атты алып, Менен туған!» – деп Алтай Тұрғандай еді мақтанып...

СОҢҒЫ СӨЗ Осындай өрен істермен Соңынан қалың ел ерткен, Осындай азаматтармен Айнымас жолдан серт еткен Мықты ғой біздің ұлы Одақ – Мызғымас қамал – жол берік. Халқына алғыс, – мың мадақ Өсірген солай қол беріп. Қимылы қысқа, бас қамшыл Тамағы тойса – тасыраң, Кесірлі кекшіл – бос шамшыл, Тазармай миы сасыған, Кереметтердің талайын Уақыттың қолы сілкілеп? Тартқызған тарих сазайын, – Ескінің азған мүлкі – деп. Елі де сүйген, жері де Алтайдың ерін жыр еттім, Шындық та осы, сенім де, – Бұйрығы жəне жүректің. Секілді Алтай мұз-тауы Өлкені жатқан қарық қып, Тегін де болмас ұқсауы – Табиғат деген жарықтық. Ел үшін еткен өшпес іс – Ерте ұғар біреу, кеш ұғар. Оған да бір ескерткіш Өлеңнен соқса несі бар?! Алтай – Алматы, июль 1985

МҰХТАР ҚАПТАҒАЕВ (поэма) (Ұлы жеңістің қырық жылдығына) * Дүниеден өтті кеше бір абзал жан, Қайырсыз қалды түсіп бір вокзалдан, – Тірлікте оң сапардың адамы еді, Соны ойлап, көкірегімде жыр қозғалған. Онымен сыр айтысып ширек ғасыр, Дүниенің құшағында қызыл-жасыл? Тағдырдың үлестірген дəмін татып, Жалғанның жалпағында салдық асыр. Бар дейсің жасыратын неменесі, Тірелмес қайда барып пенде көші, Жосылтып айтушы еді сөз жорғасын Баяғы Қаратайдың немересі: – «Ғафужан, – деді бір күн – мына жалған, Қарызға дүние ғой сұрап алған, – Ақырғы борышыңды өтер күні Көзіңде көлбең қағып тұра қалған.

Жетпістің келіп қалдым алтауына, Жас кезде серт ауды ма, ант ауды ма, – Жатпайтын есеп беріп дəурен еді, Бақыттың шықтым талай мен тауына. Алаңсыз алғыс айтам заманыма, Шүкірлік ақыл-ойға саламын да, Мына қол, мына саусақ күсіменен Жамырап жатты дүние табанымда. Ұлы сөз – Еңбек атты жүрегімде Қан болып, шырқ айналып жүрер күнде. Бір адам мендей болар, шынымды айтсам Еңбектен бақыт тапқан бұл өмірде, Іс еттік азаматтық атқа ылайық, Дос түгіл есіміңді жатқа жайып, Ай-сайын газет шулап жатушы еді: Айқайлап: «Қаптағаев, Қаптағаев!» Кез еді ауыр соғыс дертін жайған, Ер мен ел – кезектескен екі майдан, Көз ілмей екеуінің ортасында Өткен күн біздің ойдан кетсін

қайдан! * Қазаққа Түрксібтің зор қадірі, Бір кезде жүйрік мінді, жорға мінді – Дегенмен, қалың елдің көбі жаяу Ағайын амандыққа зорға жүрді. «Тауды бұзып, тасты жарып, Жолды салған қандай ер? Ол – қайратты, ол – қажырлы Қайтпас қайсар жұмыскер!»

Таң қалам осы күні керемет мен, Қолдағы барлық қару – күрек, кетпен, Қайланың өзі де аз, сүйретпе арба – Күшті еді сондағы елде жүрек неткен! Арыс пен Айнабұлақ арасында – Тас кеуде тау біткеннің бəрі осында. Солардың быт-шыт қылып, төсін жарып Жол салған ғажайыпқа нанасың ба? Өткенде паровозбен аңыратып, Жаңғыртып, тау ұрпағын, жамыратып, Дегенге қолдың ісі нанбаушы едім, Тастаған тас біткенді жарып, атып. Түрксіб – Бақыт жолы қоғам соққан. Мен өзім, содан туып, содан шыққам. Құрметті дем алыста отырсам да, Күнде айтам алғысымды оған сырттан. Шығарған не қаһарман, жүйрікті зор Кетпейді көз алдымнан сүйікті жол. Қазақтың қарапайым жұмысшысын Ұшырған қанат байлап, биікке сол. Кешегі Ұлы Отанның майданында Қар басып, ұрынбадық қай дауылға, Сонда да тоқтамастан барып жүрдім Бакуден оқтан қымбат майды алуға, Бензин ғой – май дегенің – мұнай емес пе, Танкі мен самолеттің құдайы емес пе. Шыдай ма, ол болмаса өңшең темір Күңіреніп күйіп кетпей ұдайы егеске. Бəрін де аямадық жаннан басқа, (Бəрі де қалған есте, қалған баста).

Жаңбырдай жау бомбасын төгіп бақты Басты күш – майдан мен тыл жалғанбасқа, Не керек өтірікті құрғақ тантып, – Алдың-ау шұбар шалды бір мақтантып. Аузында Сталинград тұрдым талай Түтінін паровоздың будақтатып. Білмеймін əлі күнге, осынау істе Мұншама ие қылған басым күшке, Мұншама адам ұқпас жігер берген Қазақы майлы, көмір машинистке – Не нəрсе, не құдірет оны өрлеткен, Темірді меңгеруге өнер жеткен – Əлде ол – ел намысы, ер намысы – Ежелден ата-баба кеудеме еккен? Одақта «бес мыңыншы» екеу ғана, Ойым бар – шығам деген жеке дара, Қашаннан ерегісшіл бір мінезім, Өшігіп, өрмеленіп кетем жəне. Сенімді серік етіп шыққан ұлға Шал əкем бата берді құт даруға. Составтың ұзынына көз жетпеді, Матайдан маңыратып шыққанымда. Тұсында Жалаңаш шың «Айқайтастың» Табандап паровозым – жаман састым. Ойбайлап, жаны бардай ыңырсиды, Дедім мен: «қарап жүрмей қара бастым». Шұбырды одан да тер, бұдан да тер, Тоқтасам, өйтпейді əсте одан қатер, Жүрегім аузыма кеп тығылады, Тетікті баса түсем одан бетер.

Бұзылар ышқынғанда бет қисайып, Көз жасым кірпігімді кетті шайып, Қалмады атамаған аруағым, Тұрғанда енді амалды жоққа сайып. Өрмелеп шыға бердім Бұғылыға, Аз тұрған бұлт ішіне сұғынуға. Еңіреп қоя берді жəрдемшім де – «Ағалап» аяғыма жығылуға Ұмтылды ол, құшақтадым мен оны кеп, «Адамға табынудың керегі жоқ – Одан да сүйісейік, бауырым! – дедім, – Тағдырдың əлі бізге берері көп!» Жүйткідік, кеттік содан алға қарап. Жарқылдап маңдайында балға, орақ. Тартты кеп паровозым жалаулатып. Байтақ жол – ойды қуып, қырды аралап... * Туған жер зымырады екі жақта, «Тез, тез» деп əндетеді доңғалақ та. «Солқ, солқ, солқ» – жүрегі де паровоздың «Көс, көс, көс» – көмір салған қолғанатта. Əр сағат асығамыз алға асқанша, Тағы да қиын қыстау жол басқаша, Соғыстың түтіні мен паровоздың Түтіні түйісіп кеп жалғасқанша. Еділдің ел жақтағы оң жағасы... Жалыннан көрінбейді жол жалғасы. Сөндіріп жалғыз көзін паровоздың Кіргенім əлі есімде сонда алғашқы.

Қайыстай қақ терімнен тер бұршақтап, Жанығып, жан таласқан сол бір шақта. Мен бірақ білгенім жоқ зымыраумен Жайнаған жеткенімді болашаққа. Барлық ой – ел ес алсын, ер сергісін, Тек соған сеп тигізу жетсе күшім, «Рекорд», рекорд!» деген сөздер ұшты Қойып ап аяғына леп белгісін. Саңқылдап радио, газет сайрап, Жан-жаққа телеграмм, хаттар айдап, Жер-дүние сөйлеп кеткен секілденді Қазақша бəрі дағы: «Қаптағайлап». – Сен, бала, жымиясың неге маған? Бөсті – деп, ойлайсың ба жаман ағаң? Шыны сол, документ бар сандығымда, Нанбасаң көз жіберіп, қара анаған! – Деп Мұқаң, қос қолымен тіреп

белді, Түскендей ауыр салмақ жүрекке енді. Азырақ бір дем алып, көрсетеді Жардағы самсап тұрған суреттерді. Содан соң – деді Мұқаң, сөзін жалғап, – (көрді ғой суреттерді көзің барлап). Сталин атындағы сыйлықты алдым. Аброй қанатында ұштым самғап. «Ері деп екі майдан, екі жақтың» – Баяндап өмірімді шертіп жатты. Жарқырап омырауымда жалау тұрды, – СССР Жоғарғы Совет депутаты!

Бар бақыт – күн боп күліп алдан шығар. Ондай шақ азаматқа арман шығар, Ол кезде балғын жігіт болсаң-дағы Есіңде сенің-дағы қалған шығар. Оқулық, очерк те, мақала да Əр уақыт менің атым атала ма. Тағдырдың өзі əкеліп үлестірген Олжадай көрініпті ата-анама. Мың алғыс Коммунистік партияға, – Бұл қазақ ол болмаса шарқ ұра ма? Данышпан ойыменен танып білген Адамнан еңбек көзін, сарқырама. Біржола бітірейін мақтанымды, Содан соң сан қызмет атқарылды. Партия басшылары – не бір сабаз Еске алам бірге жүрген шақтарымды. Сол кезде дүниеге қалай сыйдық, Аспанның ақша бұлтын оңаша үй ғып, Бірге ұшып самолетпен, сөйлесуші ем, Арқамнан қағушы еді Ворошилов. Еңбекпен келіп жатты күндер күткен, Кезі жоқ қайрат кеміп, жігер біткен. Майданның маздаған от жалынында Кездесіп жүрдім талай Шверникпен. Қарызын қан майданға ел төлепті, Сол кезде ол төлемге ер керекті. Қазақтың қасқа жайсаң басшылары «Мұқаң» – деп, бəрі тегіс еркелетті. Дүниеде саналады ер данадан – Барлықты, жоқшылықты көрген адам,

Миына тесіп құйсаң соны ұқпайтын Тірлікте толып жатыр көрдей надан. * Бес, он жыл домалады өрге тасым, Елуге жетпеген кез менің жасым, Бір шыққан биігіңе шыға берсаң – Кей-кейде тəубаңнан да жаңыласың. Дүние тұра алмайды бір қалыпта, Адамның бірі озып, бірі қалып та, Ұрпақтан ұрпақ туып жалғасқандай – Келеді Еңбектің де түрі жарыққа. Бұл күнде қала да бай, дала да бай, – Барлықты жүргендер көп бағаламай. Жарқырап тепловоз, электровоз Тұсымнан күнде өтеді самаладай. Алыстан кісінеген кəрі айғырша, Ұмтылып қала берем баяғыша, Үйренген ылғи шауып ескі тарлан Тоқтамас үзеңгіге аяқ ұрса. Талай жыл өтіп кетті біздің іске, Салады Тарих өзі жүгініске. Қолыма паровозым қайта тисе, Əлі де жарар едім бір жүріске! – Деп Мұқаң, аяқтамақ болды сөзін, Тіл қатар осы жерде келді кезім, – Адамды еркелетіп отыратын Аңқылдақ сыйлаушы едім ер мінезін: – Ал, Мұқа, сол паровоз қайда қазір? – Ол байғұс əр тупикте айдауда жүр.

Тағдыры олардың да адамдардай, – Қартайсаң зияның да, пайдаң да бір. Айтқанда ескі серік паровозды, Арқасы ер Мұқаңның қайта қозды. – Шынында, бұл өмірде болады екен Əркімнің бақытының тарлан бозы! – Мен үшін ештеме жоқ одан ыстық, Онымен жол қыртысын аударыстық. Матайға жақын қалып, бір ысқыртсам Балалар жетуші еді алдан ұшып. Мінгізіп, сүюші едім алдыма алып, Жұпардай иістеріне жан қуанып. «Мұқтардың айғырының дауысы!» – деп Əкем де анадайдан тануы анық. Көруші еді үй ішінің бəрі жақсы, Сүйетін түтінінің дəмін ащы, Əр жолдан келген сайын, мінгізіп ап, Жүруші ем сайрандатып кəрі, жасты. Шығардан аз жыл бұрын демалысқа, – Дедім де, тұра бермей енді алыста, Ұзамай Алматыға көшіп келдім, Үйімді тиеп алып сол байғұсқа. – Паровозға ма? – дедім мен ұқпай қалып – Əрине, – деді Мұқаң, бір тамсанып Алатын əдеті еді сөз жалғарда. – Көшуге біздің халық мықты халық. Сонда да мендей көшкен жан болмас-ты, Соңғы рет пайдаландым жан жолдасты. Рахмет теміржолшы ағайынға Алдымнан қарсы шығып қаумаласты.

– О, шіркін, заулаушы едік ол екеуміз Жол десе бар еді ғой берекеміз. Вокзалдар қалушы еді қолын бұлғап Тұсынан тоқтамастан əрі өтеміз. Еді ғой Темір жолым – өмір жолым, Ол барда сезбеп едім жолым жоғын. Деп мені айт – «жол қызығын көрген адам» Атады қай күн бізге тағдыр оғын? – Білмейміз, бірақ соның бəрі заңды? Қаншама қимасаң да қайран жанды, Отырмын шамаданды буып-түйіп, Бетке алып мəңгі түсер бір вокзалды. Тірлікте соқпап едім еш біріне, Тəкаппар сол қылығымды естіді ме, Ең соңғы ақыр вокзал қоймай-қоймай Шақырып күнде мені, өшігуде. Көп жаттым қол-аяғым сарып болып, Сайрандап, барар жерге барып болып, Əрең деп отыр енді жолаушы ағаң, Кетері ағайынға анық болып. Шешендер шертеді екен өз қылғанын, Мақтасып əділетке сөз бұрғанын, Менің жоқ ондай ойым, айналайын, Алтын деп, алғаным жоқ жездің бəрін. Алайда бір жырлайтын кезің келді Ағаңның адамдығын көзің көрді. Күн ауып төбемізден бара жатыр, Алатын қолдан шылбыр өзің енді! – Деп Мұқаң, жоқ сақалын сипалады, Секілді ойнап біткен күй табағы.

Басылды күңгір-күңгір қоңыр даусы, Өмірдің аяқталды бір сабағы. Дүниеден өтті кеше бір абзал жан, Қайырсыз қалды түсіп бір вокзалдан, Тірлікте оң сапардың адамы еді, Кеудемде сəл кешігіп жыр қозғалған. Ол жырды жаздым шапшаң, өте тығыз, Қалдырсаң өтеді жаз, өтеді күз. «Керемет келістірем», – деп жүргенде, Дейтұғын «əттеген-ай!» – əдетіміз. Март, 1985

«БАРСА КЕЛМЕС» ТУРАЛЫ АҢЫЗ (Баллада) Профессор Сағынтай Тайбағаровқа – «Қазақта бір арал бар «Барса келмес». Ертеде қалмайтұғын айтсаң елде ес. Естуші ем бала күнде соның атын Бəледей тіршілікте басқа бермес. Өлімнің екінші аты секілденіп, Көзіме елестейтін не түрленіп, Қираған кемелер мен алуан қайық Ыққандай белгісізге бетін беріп. Шулаған бала-шаға жағалауда, Түскендей қайтып келмес қамалауға, Сақалын шалдар жұлып жылағандай, Балығы ілікпесе салған ауға. Қамшыдай сабы сынып қурап қалған, Қабығы жыландардың шумақталған. Əр жерден анда-санда шошаңдаған Құйрығы кесірткенің құм ақтарған. Серейген сексеуілдің бұтақтары Секілді өлген адам саусақтары.

Əр заман келгендердің үйшіктері Шөмиген жер жастанып қаусап бəрі. Құп-қуаң өсімдігі күлге ұқсаған, Азынап аңызақтың жыны ұстаған. Аспаннан жалғыз тамшы қайыр болмай, Зар болған бір алатын тынысқа адам. Несі бар сондай жерге барып сонша, Дүниеден бара салып ғайып болса? – Деген бір сұрағыма жауап таппай, Есімнен жүріп едім танып қанша... Істейді уақыт шебер өз дегенін, Ол жерге жан бара ма сезген өлім, – Белгілі қанша қашса – жықпай қоймас Тағдырдың тас мылтығы көздегенін. Дүниеде бір жазықсыз жан болмайды, Оныңды жасамасқа қан қоймайды, – Ең ауыр күнə кешсе жазған басы – Аралға айдайды екен дəл сондайды. Əрине, еткен заман оны істеуші, Күні жоқ бейбақтарға болыс – деуші. Амал не байлап-матап апарған соң, Жалғанмен еріді қайтып керіспеуші. Теңіздің қанатсызға шет-шегі жоқ, Алысқа құлаш ұрып кетпегі жоқ. Сыпырып жон теріңнен жасасаң да, Қайықтан не пайда бар ескегі жоқ. Сондықтан келмейді екен барған адам, Жан-жағын жал-жал толқын су қамаған

Шыңғырса, сау дүниеге даусы жетпей Көзінің нұры қаңсып қан жылаған. Əйтпесе, «Барса келмес» жер бола ма, Таппайтын туған елді ер бола ма, Қапаста қайтпас сапар кешкен жандар, Жығылмай басын сүйеп кең далаға. Бұл күнде мекендері құландардың, Желаяқ жортуылға құмарлардың, Кəдімгі өзге орындай қатынайды Адамдар қызметімен бұған да əр күн, Көк орай шалғыны бар, орманы бар, Жағалай алдырмайтын қорғаны бар. Табиғат қорғау атты қайрымды заң Бұған да бұлжымастан қолданылар. Демейсің үйрек-қазы қайдан ұшты, Мол қопа, мекендеген бай қамысты. Азырақ суы кермек болса болар Аралдың кемуіне байланысты. Осылай кеңес шертіп отырдым мен, Талайдан маған таныс докторыммен. Аралдың аралдағы жайын айтып Аңызда сондай қырсық атқа ілінген. Ол маған бір күрсініп қарады да: – Осыдан көп жыл бұрын... баяғыда, Шырылдап мен туыппын дүниеге, Сіз айтқан «Барса келмес» аралында.

Мен келдім, келмей қалды əкем бірақ... – Деді ол, ойға батты бір тұнжырап. – О, тағдыр! – деген даусым шығып кетті, Тағы да өткен күнге тіктім құлақ. Ол күндер: «Рас, рас» деді маған, Əлі есте көзі жайнап бір қараған, Баяғы «Барса келмес» аралында Дүниеге бақытты боп туған адам, – Сонымен жетімдікті кештім бастан, Ол күндер əр сағаты өзі дастан. Жетектеп анам мені елге əкелді, Жат жерде жалғыз сояу көз қылмастан. Кезі екен əділеттің орнап жатқан, Бақытсыз талай байғұс сорға батқан, Тірліктен əлі дəм таусылмаған Жамырап бəрі тегіс елге қайтқан. Аңыз ғып көп айтатын анам маған Сонау бір əкем жайлы оралмаған, Ол сонда жаман дертке ұшырапты Ешқандай оны жеңіп ем алмаған. Ем – дейді-ау, ол жақта оны кім емдесін, Деп қойған тағдыр өзі – сүмеңдесін, Жеріне анық өлім айдаған соң, Кімді кім сұрау салып түгендесін? Қаптатып құзғанасын, бəлесін де Демеген өлмейсің бе, өлесің бе? – Балалар: «Барса келмес» атап кеткен Атым да жас кезімде əлі есімде.

Дегендей: «өлмегенге – өлі балық», Тағдырдың не жазғанын көріп алып, Теңізде жел айдаған қос жаңқадай Тұрмыстың жағасына шығып қалып, Дүниеге тұрсақ керек таңырқанып, Бір дорба арқамызға балық таңып, Аралдың станциясын аралаппыз, Пойызға мінгізіпті алып барып, Қараған құдайына бір қазақ шал, Түн екен, айы туған қорғалап сəл, «Қал, қал» – деп теңіз арттан айқайлапты. «Жүр, жүр», – деп зырылдапты доңғалақтар. Айналып Орынборды, Тройцкіні, Жетіппіз туған елге бір болыс күні, Тобылдың жағасына табан тиіп, Арқаға тағы батты күн көріс жүгі. «Тірлігін тірі істер» – дегендейін, «Ер жеттік», енді жолдан бөгелмейін» – Дедім де, оқу оқып, кеттім заулап, Далада еркін жортқан бөкендейін» – Деп маған, профессор сөз тауысты, Өзі де адам екен қаз дауысты, Сөйлесе қоңыраулатып, тебірентіп Үні бар кететұғын қозғап ішті. Шығайын əңгіменің аяғынан. Қашанда дерті бар жан қаяулы адам. Болжамсыз əр сағатың бұл тірлікте Демейсің бейнет келер қай жағымнан.

«Таптым, – деп – бір пəлені тамағымнан, Бір күні жаман дəрігер салады ылаң, Жалаңдап, қазір сойып тастаймыз, – деп, Кəрі иттей ажал тартып балағымнан, Сасқан бір күндер еді, не айтары бар, Хауіптің төніп келіп қайтары бар, Жан бермек оңай емес, көнбедім мен – Жəне де мінезімнің қайсары бар. Арқаны тіршіліктің бір-ақ кесілді – Дейтұғын адам сорлы шолақ шешімді. Талай бір айтыстан соң, «білгіштерім»: – Күтіңіз, – деді – əйтпесе профессорды... – Ол қайда? – деппін шығып даусым қатты, Жан деген қайран шіркін қандай тəтті? – – Келеді он күннен соң, – деді «əлгілер», Таңырқап, тағы жүдеп таңдай қақтым. «Ойпырмай, қалай айтады оңай бəрін, – Өзінің жандарына қолайларын, Төзбейтін он минутке ақын байғұс, Он күнде өліп шығам», – деп ойладым. Қайтесің, төздім, бақтым, күттім, тостым. Бар екен шіркін өмір, шіркін, дос-күн. Кешегі жер бетіне өзім əкеп Бар екен жығылмасы тіккен қостың. Профессор əрі қарап, бері қарап, Ойқастап артқа шығып, алдымды орап, Үндемей жүрген сайын, зəрем ұшты, Сол жақта жүрек ұрып «мен мұндалап». – Бауырым, – дедім сонда шыдай алмай, – Жан шықпас өзі келіп, құдай алмай, –

Айтсаңшы не болса да! Ақын жанды Хақың бар қашанғы рет сынағандай? Жымиды ол – дегендейін бекер оның, Қуандым – біліп бəле жеткен жоғын, Күлгенде, екі көзі тарс жұмылып, Кететін əдеті бар екен оның. Қарашы адам-пенде құбылуын, Жап-жаңа сарыққандай ғұмыр уын Боп тұрған өзім енді, байқап қаппын Біреудің аман көзі жұмылуын. – Түк те жоқ Сізде! – деді көзін ашып, – Қалайша?! – деппін дереу өзім сасып, Содан соң кере қарыс маңдайынан Бір сүйдім, тұрған бетте құшақтасып. – Кісі едің қандай жақсы, қарағым-ай, Қуаныш алып берген маған мұндай, Мінекей, кетіп қалып қайта келдім, Мекенге «Барса келмес» аралындай! Селк етті ол «Барса келмес» деген жерде, Қысылдым өз-өзімнен, денем демде Ысыды ыңғайсыздық сезінгендей, Дүрсілдеп қайта жүрек жөнелгенде. – Аралын «Барса келмес» білесіз бе? – Деді ол жайлап қана, елеусізде. – – Білмеймін, əлі күнге сеніп келем Ел айтқан аңыз етіп елесіне. Жүзімді абдыраған өзі аяды. Үзілді осы арада сөз аяғы. Оқушым, есіңде ме, бастап кеткен Хикая Арал жайлы біз баяғы?!

Шақырды ол студенттер кешіне бір... (Жасайды не ғажапты есіл өмір!) Арада əлденеше уақыт өткен Таныс боп кеттік содан жақсы көңіл. Одан соң, танысудан достық туды. Жалаулап, қолымызбен қостық туды. Сол кешке əкетпек боп əйеліммен Көшеде машинамен тосып тұрды. Мінген соң машинаға жалтыраған, (Əйелдер сөйлемесе жəй тұра ма?!) – – Осы сіз қай жерліксіз? – деді əйелім Əншейін əдетпенен жай сұраған. Айтты ол руымен, туған елін, Ештеңе ойында жоқ бұған дейін Əйелім – о, ғажап! – деп, сылқ түсті. Ақырын артқы орынға сүйеп белін. Қарады профессор аң-таң қалып, Сапардан оралғандай барып-барып, Бəйбішем күбірледі өзіне-өзі, «Ия, сол! Сол болуы айдан анық!» Мен таңмын көріп мынау жайды тосын. – Сіз менің нағашымсыз! – деді сосын. Талай жыл сұрастырып іздеп жүрген Шашыраған ұрпақта қайдан болсын. Туысқандық, бауырлық сезім – деген! – Содан соң баяндады сөзіменен. Кім кімнен туатынын тарайтынын Аналар айтқан тарих ізіменен. Тоқтатты профессор машинаны, Кенеттен көзден жасы шашырады. –

Бəрі де, бəрі де оның есіне кеп Өмірдің қайта жанған шам-шырағы, Өмірдің соқпақтары таныс бəрі, Жағдайлар жақындағы, алыстағы, Арасы Арал, Тобыл қиыр жолдар. Баяғы балықшылар дауыстары. Кезікті сапарларын оңғарып күн. Өмірдің ғажаптығын содан ұқтым. Бауырлар құшақтасып тұрды сыртта, Ішінде машинаның мен қалыппын. * Солайша бұл аңызды сарқар ем мен, Бір кезде құлан сауып, арқар емген Жетімек – аты əйгілі профессор Жерінен «Барса келмес» барса келген».

ТАҒДЫР БҰЙРЫҒЫ (Баллада) Айрылып əкесінен он үш жаста Ағайын ант еткендей болыспасқа, Ат-тоңын ала қашқан заман еді, Аударып анасымен қоныс басқа. Көшті ол алыстағы нағашыға, (Екі ұдай – өмір, өлім таласында) Қазақтың қашандағы бір əдеті – Тығылар нағашының панасына Сорына соғыс келді содан кейін, Белгілі не болғаны оған дейін. Қатпаған қабырғасы қара жетім, Не бейнет күтіп тұрса – соған бейім, Соқа айдап, сиыр бағып, қой қоралап, Зырылдап елден елге кетті аралап, Бойында талай өнер солған босқа, Бастаған жаңа туа шет жағалап.

Күн көрген бірді бірге шатастырып, Сындырған жастық шағы жартасты ұрып, Бұл пенде не істемейді тірлік үшін, Көрсетіп көп адамға жақпас қылық. Жазығы жанталасқан өлмеймін – деп, Дүниеден жанып болмай, сөнбеймін – деп, Ажалдың ауылына барып жүрді Кей-кейде шамадан тыс сермеймін – деп. Сол кезде соғыс бітіп, ел жайланды, Көзіне көп адамның шел байланды, Көрсетіп пəленшенің күшігі – деп, Қара бұлт жас басына енді айналды. Өзі де тентектікті көп істеген, Ешкіммен төбелесті бөліспеген, Қаңбақтай аударылып кете барды Жердегі шым-шытырық жол үстімен. «Жүр екен анау жақта, мынау жақта», Десін жұрт, біреу даттап, біреу мақтап, Тағдырдың көк тайғанақ көп жолында, Бір тұрып, бір жығылып, бір аунап қап, Тартты ол алдағы үлкен сапарына, Жүрегін аман-есен апаруға, Аз жылда жылдам-жылдам оқу оқып, Кірді тез азаматтың қатарына. Ер жігіт күн кешеді өткірлікпен, Жақты ол шаңырақтың отын күткен.

Қыз еді тұла бойы толған білім – Мəскеуде инженерлік оқу біткен. Белгісіз оның сүйген сүймегені, Ғашықтық қызды бірақ билеп еді, Мінезден аласұрған танылды ма, – Жігіттің жанбай қоймас бір өнері. Ғажап қой қыз түйсіктің сергектігі – Бейнетін біле-тұра көрмек түбі, – Əдеті тəуекелге бас иетін, Еркектің танып қалып еркектігін. Таңдауы сəтсіз болса əуел баста-ақ, – Кейінде кесірлі бір өнер бастап, Өзі еркек болатұғын əйелдер бар, Екеуі орындарын айырбастап. Жоқ мынау не десе де анау батыр Боп жатты бəрі дұрыс, бəрі мақұл. Бірақ та мəдениет, білім деген Жігітте əлі біраз кемдеу жатыр. Білді ол іске аспасын құр кеуденің, Ақындық, жазушылық ұлы өнердің Азығы – ақыл, ой мен білім еді. Мынау күн – сол талапты тілеген күн. Байланар перзент көрсе əйел басы, Болса да күйеуді ұстау – бар айласы.

Мəскеуде ірі оқуға жөнелтті оны; Тұруға уəде беріп қарайласып. Шыдады қарсы алуға тұрмыс оғын, Шынында күн еді əлі – қиын со күн. Жас маман жаңа келген, пəтері жоқ, Айтудай ерлік еді мұнысы оның. Қысқасы бес жыл өтті, оралды аман, Жазылып сан пьеса, сан роман, Үп-үлкен жазушы боп шыға келді, Талантын анадайдан таныр адам. Бұл емес əңгіменің түбі бірақ, – Тарихы басталғанмен бұрынырақ – Соңы да бітер шапшаң тұтқиылдан Амалсыз хикаямен қиынырақ. Анасы əйелінің білімді еді, Жарықты өзгелерден бұрын көрді. Атақты революция қарсаңында Бітірген гимназия күн ілгері. Талайдың ұстазы еді тəрбие еккен. Кезінде керемет боп бəрі кеткен. Əйгілі ағартушы еді əкесі Жұлдыздай қара көкті жарып өткен. Жосылтып орысшаны сөйлегенде, Жорғадай кең жазықта дөңгеленген. Жоқ шығар аузын ашып тыңдамаған Көзінен жарықтықты көрген елден.

«Бұл менің тағдыр берген еншім» – дейтін, Өзгеге қайдан оңай келсін – дейтін, Оқуы аз, мəдениеті одан да азды Əдеті білімдінің менсінбейтін. Сексеннің бесеуінде кетті көшіп, Екі қыз, екі құрсақ, екі бесік, Ол кезде ұзатылған, үйлі болған – Біреуін жазушыға етті несіп. Алайда күйеу балаға көңілі толмай, Жарастық бірде болса, бірде болмай, Айтысып күндері өтті өмір бойы, Сөздері кей уақытта миға қонбай. Тағдырдың көз жетпейді бұрмасына, Тұрмыста қиын болған сыйласуға, Көп жылдар өткеннен соң қатар жатыр Сонау бір қайтып келмес қыр басында. Екеуі – ене, бала қабырғалас, Болам деп ойлаған ба қабыр жанас, Солайша созылумен бітті барып, Тірлікте таусылмаған қайран талас. Тағдырдың қос дүниеде бұйрығы бір, – Таппаған жарастықты сыйлы ғұмыр, Жарасып қара жердің бауырында Рухтары қолтықтасып қыдырып жүр.

Не нəрсе – жақсы көру, жек көрумен – Мүлік емес қанжығаға бөктерілген, Жек көру арқылы да жақсы көру – Қалған бір мұра ма екен өткен күннен? Білмедім сондай жағдай шет көрінген Кетпейді көп уақыт көкейімнен. Тірліктің ғажабына қалдым қайран – Не тосын хикаяны шерте білген, Жанымды сол хикая тербетеді, Бір болған ақтығында жер мекені, – Əйтсе де, күн шуағын бірге бөліп, Өмірде сыйласқанға не жетеді?! Февраль, 1985

НАМЫС ҚҰРБАНДАРЫ (Екі баллада) Бұл да бір көне заман əңгімесі... Тарихтың талай жолда қалды көші. Баяғы орта ғасыр дəуренінде Дейтұғын: «күшті де, əлді де осы» – Дүрілдеп тұрған кезі түріктердің, Түгелдей Дунай бойын түріп берді. Ондаған мемлекетті ойсыратып, Ол аздай Грецияға кіріп келді. Зуылдап суда кеме, жерде аттары, Əскерден қарақұрым сел қаптады. Ұшында найзалардың от алаулап, Күңіренді зеңбіректер жел жақтағы. Күйреуді көрмеді көз одан қатты, Орнады Афинаға ғаламат түн. Айналды ат қораға алтын сарай Жаралған өнерінен адамзаттың. Жан салып сақтап келген неше ғасыр Мүсіндер, ғимараттар не бір асыл

Күл-талқан, күйеленген күйіменен, Қоштасып өткен күнмен, жерде жатыр. Əлемнің мəдениет мақтанышы, – Гректің көп құдайы тақтан ұшты. Сақтауға ең болмаса Парфенонды, Сорлы жұрт соңғы күшпен арпалысты. Қайткенмен елдің аты – ел емес пе, Намыстың сынға түскен жері емес пе, – Атысты күндеп-айлап түріктермен Жан беріп ең ақырғы ерегесте. Акрополь тоқтатпаған қарсылықты, Тағдырдан тартса-дағы таршылықты. Шыдамай күндіз-түнгі сол атысқа Оқтары түріктердің таусылыпты. Көрем – деп ойламаған ондай сынды, Дауысы мылтықтардың зорға тынды. Ойлады бас қатырып қолбасшылар Алуға қайдан тауып қорғасынды. Босатар ел шегесін дəл ондайда Қашанда бір сатқыншы табылмай ма? Сол барып ашып берген құпияны, – Көнетін келген кезде жау ыңғайға. Əуелде жаудың тісі батпас қылып, Сылақтың орынына қаттастырып, Іргесін Парфенонның соққан екен Мың батпан қорғасынмен баттастырып. Алған соң қасақы жау, соны біліп Сан дүмбі, салмақпенен соғып, ұрып, Іргені солқылдатып бұзған екен, – Жоспардың тез алынар жолын құрып.

Гректер аза бойы қаза болған, – Кезі жоқ мұндай ауыр жаза қонған, – Көретін туған ұлттың туындай-ақ, Намыстай тұрған сарай таза қолдан, Ежелгі ата-мақтан, мекен тұрақ, Мың жылдар ұрпақ қолы жеткен құрап, Садақа бүкіл грек қырылса да, – Парфенон аман қалу керек бірақ. Соны ойлап, əрі-бері кеңес құрып Бір жерге ақыл басын теңестіріп, Жіберген түріктерге елшілерін, Қайтуға құрбандықпен келістіріп. Өтінген Парфенонды бұзбасын, – деп, Берейік керек болса қорғасын, – деп – Арттырып оқ дəріні жіберіпті? Атысын шаршағанша қоймасын – деп... ...Намыс-ай, оқтан күшті, оттан ыстық, Сол үшін біз де кеше аттаныстық. Солайша аман қалған Парфенонды Келеді əлем əлі мақтаныш қып. Тағы бір елдің шерткен хикаясы... Төбеңнен ауса тірлік күн саясы, Қай мекен, қай сапарда жүрсең дағы, Бəрі бір қара жерге қисаясың... Алыстан, Африка жағасынан, Дамылсыз Атлант мұхит аласұрған, Келді де түсті біреу қонақ үйге, Есігі босамайтын жолаушыдан.

Кім еді дерің бар ма – бай ма, бəлкім, Жинаған жылдап күміс, айлап алтын, Болмаса алыпсатар сəудегер ме, Əлемнің төрт бұрышын айналатын. Əйтеуір кедей емес əлгі кісі, Əмбеге болмаса да əйгілі ісі – Мұншама қымбат отель жалдайтұғын Басында байлық, дəулет бардың күші. Əңгіме біткен жері не дегенмен, Дүние тегершігі дөңгеленген Ол үшін тұрып қалды – адам екен Ажалы дəл соңынан ере келген. Ауырды келе-сала – «кеттім-бардым», Емес бұл еркелігі мықтылардың, Шақыртты жан ұшырып дəрігерді, Кезінде кеткен дəрмен, ықтиярдың. Кім білсін келген дəрігер – жас, кəрі ме, Тағдырдың болжам болмас қас күніне, Əйтеуір, ақиқаты – адам емдеу – Берік жан медицина дəстүріне. «Оба» – деп тапты дерттің сұмдық атын, Бөлменің тарс жауып алдын-артын, Сырттағы адамдарға хабарлады, Еш кісі болмасын деп бас сұғатын. Арада күндер өтті, сезбей түкті, Бұларды бас амандар бекер күтті. Қайырсыз сол бөлмеден жиналған жұрт Көтеріп алып шықты екі өлікті.

  • * Жалғасақ енді арасын арман-жіптің, Аңызы бұл да ескіден қалған жұрттың – Біреуі – намысы еді бүкіл елдің, Біреуі – жеке адамның, мамандықтың.

ҚИМАСТЫҚ (баллада) Талайлар құт тілесіп, бақ тілесіп, Қуаныш жүздерінен шаттық есіп, Дүниеде жиған-терген мүлкін тиеп, Жаңа үйге жамырасып жатты көшіп. Бір кемпір көшу жағын көп ойланды. Өткен күн көз алдында шыр айналды. Осы үйде отыз бес жыл отырыпты, Туғызып өсіріпті талай жанды. Тал шарбақ, тауық қора сияқтанған Үйі еді ол, пештерінен күл ақтарған. Мінгескен бір-біріне бөлмелері, Жылдардың бейнесіндей жырақ қалған. Осында отағасы дүние салып, Үнемсіз үш баламен жесір қалып, Бейнетке белшесінен батып еді, Күндіз-түн қызмет істеп, есін танып. Өсіріп ауласына алма ағашын, Өрік пе, долана ма – тал баласын

Қаптатып, алақанның аясындай Сол жерге маңдай тері тамған асыл. Жаз болса, сол ағаштар саясында, Көнетоз алашасын аясын ба, Астына төсеп ылғи немеренің, – Рахаттың болушы еді бəрі осында. Бос емес бір қарыс жер өсімдіктен Суарып, өзі баптап, өзі күткен. Таң атса сайраушы еді онда құстар Жапыраққа мініп алып жаз үмітпен, Кішкентай бақта самал есетұғын, Жұмағың осы арада –десетұғын. Жұмыстан шаршап келіп, салқын суды Балтырын жалаңаштап кешетұғын. Айқай-қай! Арық қандай сылдыр қаққан, Жіңішке толқындарын сыңғырлатқан, Төбеден ауып келіп сол аулаға Сығалап қараушы еді күн бір жақтан. Осы үйде түнді ұзатқан, таңды атырған, Табақтап ағайынға дəм татырған. Осы үйде ұзатылған үш қызынан Сан бөбек сүйіп еді бал татыған. Осы үйде отыз бес жыл өтті аяулы, Күндер-ай, көп қуаныш, көп қаяулы, Қаланың көзден таса бұрышы еді, Секілді қалып қойған қазақ аулы. Кім білген бұл ара да керектігін, Қаланың құрылысы да ерек бүгін,

Əлі де қызмет еткен мекеменің Азғырып көріп еді директорын «Көшпесем қайтеді – деп – мекенімнен». Іргесі жаңа үйдің көтерілген, Мінбелеп үстен қарап тұрып алды, Күмəнің болмасын – деп кетеріңнен. Осылай талай күндер ой қамалап, Қия алмай, көзден жасы көп домалап, Арқалап аз дүниесін, көшті ақыры Жұртына өскен-өнген қарап-қарап. Жастар не? Қуаныштың есебі жоқ. Оларда бүгін бар да кешегі жоқ. Баланың осы күнгі бəрі сондай, Ойламас онша алаңдап, шешені көп. Күлкі етті қайта мінез оғаштарын, Орынсыз төгеді – деп көз жастарын. Кетерде ол көршілерге көп тапсырды Кішкентай бағы менен ағаштарын. Ешкімнен сұрағам жоқ үй берсін – деп, Биікке шығып аяқ, үйренсін – деп, Үйімді бұзса – бұзсын, амалым не, Бірақ та ағашыма тимесін – деп, Тапсырды қайта-қайта таныстарға, Таныстың еркі бар ма ант ұстарға. Əйтеуір көңілдің бір медеуі ғой – Айтқан жəй ақырғы рет айрылысарда.

Өмірде байқағанға бұл да мысал, Сабағын тіршіліктің миға бір сал. Жасаған жақсылығың зая кетпес – Адам мен табиғат та тіл табысар. Айналар мəңгі ұмытпас қимасыңа. Туғанда қиын-қыстау күн басыңа, Солардың өлі тірі рухтары Кім кепіл бір жақсылық қылмасына? Март, 1985

МƏҢГІЛІК ІЗДЕУ (Баллада) Туыстарым Едрес, Күлзадаға ескерткіш Бұл да бір көлеңкесі болған істің – Себебі тебірену, толғаныстың. Біз көрген кеп-кешегі оқиға еді, Қазірде өтіп кеткен ол да алыс күн. «Тастақта» – Алматының бүйрегінде, Тасалау тас көшенің бір жерінде, Ертеде одан-бұдан құрап салған Шағындау жөндеуі көп, жөргем үйде Тұрды бір шал мен кемпір – кəрі қосақ, Жүректің күші қайтып, əлі босап, Батуға күн еңкейген кездері еді, – Тірліктің ақырының бəрі де осы-ақ. Алайда жетпіс үшке басса да аяқ, Шал жүрді қызметін тастамай-ақ, Қайыспас қара кеме секілді еді Өмірді кешіп өткен бастан аяқ,

Көп жүрген дүниенің сайысында, Көрмеген айырбастап шайын суға, Аузынан «жоқ» деген сөз бір шықпаған, Жарылқап жақынын да, алысын да. Сүйретіп сан ағайын, сан туысты, Аямай кеудедегі жан-тынысты, Жіберген бəрін дағы адам қылып, Жан еді серті берік, анты күшті. Береке жүрген жері, олжа-табыс, Əп-сəтте барлық жұртпен болған таныс, Өзінің дүрілдеген заманында Дос еді ұйғыр, өзбек, доңған, кəріс. Кететін құшақтасып, қолтықтасып, Көрген жоқ ештеңеден қорқып, сасып, Азық па, дүние ме, шай-шарап па Қоятын үйіп əкеп, мол ғып тасып. Жататын үлестіріп бəйбішесі, Демейтін «қандай туыс, қай кісі осы?» Əйелдің ақ сүйріктей əулиесі, Жан еді ақылына сай мүшесі. Кездері қара бүркіт, қызыл түлкі – Жайпаған жастық дəурен – асыл мүлкі Осы үйдің қазанынан тарқаушы еді Қазақтың ол кездегі жақсы жұрты. Жылдар ғой отызыншы, дауылменен Жаңа күн орнап, өсіп, дəуірлеген. Бұрқанған революция тасқынында Жігіттер самсап шыққан тəуір – деген. Болған соң ортаң жақсы – сен де жақсы, Ел бақпас есірік-жын ылғи бақсы.

Мұның да туысында еш айып жоқ, Айыбы – оқуы орта, білім тапшы. Əрең деп қол қоятын хəлімен-ақ Тұрғанда дүние беті бері қарап, Бастығы болды талай мекеменің Көрген жоқ бірақ оның мөрін жалап. Шаттанып, шал болғанда еске алатын Қырандай қомдап ұшқан қос қанатын. – Сол кезде «совсинторг» болып тұрдым, Жұмысын сауда-саттық басқаратын. Астық па, мата, шай-қант, алтын күміс – Арадан үзілмейтін күн-түн жүріс. Аспанға жүрдік жүкті тіреп қойып, – Аударып ала беру – біздің жұмыс. Қайтемін, кейінгісін санап, тантып, Қызметті қолдан келген сан атқардық. Кезінде көздің өткір, кірпік қақпай, – Дүниенің қызығына қарап қалдық. – Деуші еді қайран шалың желдей есіп, – Етекті ұзартпадық жеңнен кесіп, – Ырысты қос аяқтап тепкеніміз жоқ, Өттік қой кепиетсіз, тəубе десіп. Мəпелеп бала туып, бала өсірдік, – Секілді баптау күткен бəрі есімдік, – Түзеттік қисайғанын қадағалап, Болған жоқ қаны бұзық, жаны есірік. – Деп оған бəйбішесі сөз қосатын, Шалының біреу мақтап, қозғаса атын. Кететін көтеріліп əдеті еді, Сөздері жарасымды жалғасатын.

Дариға, сондай болсын жар қосағы! Тірліктің жарқыраған зер моншағы. Секілді жақсы адамдар туады ғой Қашанда елдің сəні, жердің сəні. Əйтсе де жұмыр дүние шыр айналған Ешқашан бір қалыпта тұра алмаған. Қаңтарып, қартаюдың аулына əкеп, Бұрынғы ажар-көрік, шырайды алған. Содан соң «пəлен болдық, түген болдық» – Дегендер озып кеткен, уақыт қор ғып, Айналар өтірікші бір суайтқа, Мыс етіп, жүзігіңді жүз мың сомдық. Біртіндеп бірге жүрген кісі азайып, Баяғы кездесетін құшақ жайып, Қаңғырған жібек баулы қаршығаңдай – Көзіңнен қайран дəурен ұшар ғайып. Мүжілген қара таудың ескі тасы Секілді мүшеңнің жоқ еш тұтасы. Таң атып, күн келгенде солған айдай Түндегі аспан көркі, көк тұтқасы. Сарғайған жас кездегі суретті алып, Қарайсың сағыныштан жүрек талып. «Па, шіркін, болған екем!» дейсің мəз боп Иегің бос ауаны тіреп қалып. Ие, солай, біздің шалға қайта оралсақ, Пенде ғой, ол да күнін айтар аңсап, Қап-қалың қара кітап секілді еді Оқылар оқиғаның бəрі самсап.

Аузынан ұшыратын сөздің құсын, Дегізбей «өтірік айтса – өзі білсін», – Өткізген жəрмеңкенің өзегінен. Алтынға айырбастап жез-күмісін. Шабатын жүйрік еді сүрінгенше, Асылдай тозбай келген бүгінгеше, Осы ақыл, осынау өжет қимылменен Арман-ай, оған биік білім берсе, Басқарып кетер еді мемлекетті, Көп қайрат жұмсалынбай текке кетті, Өрмелеп жетпіс үшке шыққанынша Отырмай жалғыз сағат еңбек етті. Жаз түгіл, енді бастап күз өткенде, Қоқырауы кəріліктің дыз еткенде, Баяғы бастық болған мекемелердің Қақпасын бүгін келіп күзеткенге. Арланып, еткені жоқ босқа намыс, – Сағынып оның қолын тосқан əр іс. «Еңбектің жаманы жоқ», – дейтұғын ол Біз болсақ, жұмыс таңдап мастанамыз. Күзетіп шампан завод, шай фабрик, – Əр күннің хикаясын айта жүріп, Олжасын үйіп-төгіп кемпіріне Ішетін несібесін шайқап-үріп. Осындай күндерінің бірінде шал. – Болғанмен бойымдағы кірім де сəл Моншаға барып қайтам, – деді – кемпір, Келеді-ау деген кезде шай қоя сал.

Арада өтіп кетті үш-төрт сағат Шай түгіл, əлде қашан піскен тамақ. Шалы жоқ, шал кешікті сапарынан. Көп күтті, кемпірінен кетті тағат. Кеш батты, кеш батқан соң түн тұра ма, Уақыт – асқан жілік – бір тұра ма. Іздеді шалмен қоса балаларын, Қорықты жалғыздықтан шіркін, ана. Балалар бірі ойда, бірі қырда, – Қолда жоқ дүниенің қыңырында, Ол үйге телефоның қайдан келсін, Болса да танымас ед цифрын да. Солайша ұйқы көрмей таң атырды, Жұлдыз да сөніп болды ең ақырғы, Үміттің келер деген бір сəулесі Қалтырап қыл үстінде əрең тұрды. Өтініп көршідегі бір баладан Жан-жаққа телефонды ұрған анаң, – «Байғұс шал, қай ұзаққа кетем, – дейсің Табармын, тірі болсаң, бұл қаладан!» – Хабарлап кеңсесіне, жан ұшырды, Суалған көк тамырда қан қысылды, Шүйкедей сары кемпір жүгірумен Сүйектің тұла бойда бəрі сынды, – Шіркін-ай шал табылып дертті жамар, Дегенде өкпе кеңіп, жүрек қуанар – «Үзілген өмір жібі бір қара шал Моргта жатыр» – деген жетті хабар.

Содан соң сорлы кемпір ес жимады, Көзіне көрінбеді ешкім дағы, Ол түсті бұлдыр тұман арасына – Бұл жалғыз – өтіп кеткен көштің бəрі. Бұл жалғыз – қалып қойған ескі жұртта, Айналып талма түсі кешкі ымыртқа. Топырлап, содан кейін адам толып, Есінде отырғаны есік жақта. Аттанып əлде біреу əлде қайда, Соңынан жұрт шұбырып, ел жылай ма, Бұл жылап, ел жыласа – еңірей ме, Үстіне топырақ түсіп, жер құлай ма? Дүние болып кетті шым-шытырық, Шығады түн қойнынан күн сытылып, Қайтадан түн орнайды, шалды іздейді, Айқайлап төсегінен ұшып тұрып. Əлдекім сыбырлайды – «ол өлді!» – деп, Келмейтін сапарына жөнелді – деп, Қашан ол жөнелгені – өтті бір жыл, Кейін қайт, есіңді жи сен енді – деп. – Жоқ, жоқ, жоқ! – деген шығып ащы айқайы. Көнбейді, сенбейді де бас шайқайды. – Екеуміз ішеміз – деп əзірлеген Кетуі мүмкін емес – тастап шайды. Дастарқан жаюлы тұр, тамақ əзір, Кетпейді келеді ол – шалым кəзір. Сендерге шеше екенім есіңде жоқ, Ұялмай айтасыңдар бəрің əзіл. Қойыңдар, «жақсы сөзін – жарым ырыс» – Шал келсе дейінші бір, «бəріне ұрыс».

Жылатып текке мені шаршатпаңдар, Мен байғұс қай бір адам қаны дұрыс?!» Осылай оза берді бұл тіршілік, Қайран ес бірде кіріп, бірде шығып, Жүргені күні бойы шай қайнатып, Шал келмей, шаршатады кіл кешігіп. Шошынған балалары мынау істен Қаншама бақсадағы шыдап іштен, Айнымас болғаннан соң бір қалыптан Перзенттік адал көңіл, шын намыспен. Қарады үйлерінде кезектесіп, Өрттей-ақ ана дерті өзек кесіп, Бірақ ол өз үйінсіз тұра алмады, Шақырып көне шаңырақ, ежелгі есік. Жүргенде қызметте жұрттың бəрі, Не түнде яки таңда құлқын сəрі, Үйіне сол баяғы тартатұғын, Белгілі – шай қайнату одан əрі. «Бұл үйді болмас сатып құртпайынша – Жүре ме өсек айтпай, жұрт жайынша, Қаңғыртып жіберді – деп балалары – Оңай ма онда-мұнда сөз жайылса! – Десті де, өздерінше ақыл қосып, Тұрмай-ақ ендігі істің артын тосып, Əлгі үйдің ə дегенше көзін құртты, Бұларға болған бір кез алтын бесік. Тірліктің қайғы-мұңы ащы қандай! Қақпасын қанша келіп аштыра алмай, Аң-таң қап, қайран кемпір кетіп жүрді Кешегі өз үйіне бас сұға алмай.

Жоғалды күндегі есік ашқан кілті, Тарқады бауырына басқан мүлкі. «Шал, шал! – деп жаңғырыққан түңгі айқайдан Оянып жүрді талай Тастақ жұрты. Бұл шындық, шындық бірақ аңызға ұқсас, Шындықтың адам əсте бəрін ұқпас, – Аңыздың əулиесі – махаббат қой, Бəрі бір махаббатты өлім жықпас. Мəңгілік іздеуменен сыңарын ол, Білді ме көзін жұмып тынарын Түбінде мына дүниенің есігінен Апарар ол дүниеге шығады жол. Сол жолмен кетті кемпір шалын іздеп, (Ойым жоқ оқиғаның бəрін тізбек). «Ол шалды ойда жоқта жүріп кеткен Қайтсек те осы жолда табармыз – деп. Бəлкім ол тапқан шығар, көңіл – медеу Солайша тұтынады жанға тіреу. Əрине, айтар еді табысты – деп Ол жақтан қайтып келсе егер біреу. Ондай жоқ. Бірақ «Бардың» бəсін аңғар, – Дəм-тұзы бұл дүниеден таусылғандар, Таусылмай махаббаты қалды артында Бір-бірін іздеп өткен асыл жандар. Оқжетпес, июль 1985

САРМАТ АҚШАСЫ (Баллада) Есіктен 1 «алтын адам» табылғанда, Дүниенің соған көзі шағылғанда, Пенделер естен танып, табынғанда, Сайтандар сақ-сақ күліп, сан ұрғанда. Мен сонда өзге қызық ойға кеткем, Сол ойдан ыстық қаным бойға тепкен. Жауабы бір сұрақтың табылғандай Миымды босатпаған байлап көптен. Ол жауап – төнсе ажалдың қара түні, – Дүниенің сақтамасы сары алтыны, Денеңді сол алтынмен қаптасаң да, – Саудырап сал сүйегің қалатыны. Бес мың жыл, көп те шығар, бəлкім, одан, Сарматтың осы маңда халқы болған. Темір, мыс дəуірлерін айырбастап – Тұрмыстың қажетіне алтын алған. 1Жер аты

Ол кезде жер денесі тоналмаған, Алтын да көздің құрты бола алмаған, Ақылмен, ерлігімен асып туса, Қызығып қарайтұғын адамға адам. Тек қана мемлекет кісілері. Айырбас, сауда саттық ісіндегі Жүретін ел мен елдің, арасында Алтынды құралым – деп түсінеді. Заманнан заман озып барған сайын Білгендер өте жақсы алтын жайын, Жеткізген жеке бастың пайдасына, Сол болып көңілде арман, артық уайым. Ел Сармат мекен тауып Алатаудан, Өңкей бір алтын айдар қала салған, Болаттан жан-жағына қорған соғып, Кезі жоқ биік жалы аласарған. Өнерде керемет көп көзін тапса, Сол ғана өзі құдай, өзі патша, Сарматтар соны шебер пайдаланған Алтыннан дөңгелентіп соғып ақша. Білмеген бірақ соны соққан шебер, Қанша жұрт кейін содан сойқан шегер. Белгілі тоқтамасы қашандағы Шарықтап шын шегіне шыққанша өнер, Ия, солай Алтын Адам табылғанда, Ғалымдар ерсіл-қарсыл сабылғанда,

Елеусіз Есік – деген шағын село Дүниенің картасына салынғанда. Елеусіз ондағы оба, демек, қорған, Əуелі əлгі ақшалар себеп болған, Маңайда мал тұяғы қаза-қаза Байқаусыз жеп бетіне шығып қалған. Бір алтын жол ашады бір алтынға, Атағын соңғы алтынның шығартуға, Біреуін сол ақшаның тауып алып, Сыйлапты бір ақсақал бір ақынға. Ол ақын сол Есіктің баласы екен, (Дүние байқағанға талас екен) Көрсетпей əйеліне тыға салған, Шалдың да берген кезі оңаша екен... Алайда адам білмес сыр қала ма? Мінездің арқасында сырғанама, «Сол үйде алтын бар», – деп, – өзім берген» Əлгі шал айтып қойған бір балаға. Бір бала бір баладан он балаға, Он бала жайып қойған бар қалаға, Ағайын-туысыңның əдеті ғой, Ондайдан ойбайласаң құр қала ма? Ақынның əйеліне хабарлаған, Содан соң шұбырып кеп таң азаннан, Қолы бос, көзі таңсық адамдар кеп, «Көрсетші», «көрсетші» деп мазаны алған. Əдетте, жұрт нанбайды жоқ – дегенге. Қисайып дайын тұрар өкпелеуге,

Əйелдің өзі нанған бара-бара, Не дауа өршеленіп кеткен елге. Сұрайды шет жағалап жұбайынан, Жұбайдың күмілжіген сыңайынан Əйелдің өршеленіп кетері бар, – Ол шақта кем соқпайды құдайыңнан. Сондай бір үй ішілік «төңкерісте», – – Ол рас, – дейді ақын, – өң бе, түс пе, Бір шалдың бірдемені бергені бар, Мен оны жұтып қойғам – кеткен ішке. Бойымда əлі күнге жүр ме, жоқ па, Орынсыз оны тап – деп, күйдірме отқа, Онсыз да осы үйде ақша толып жатыр, – Мейілің төгіп-шашып бол да, тоқта! Белгілі көңіл сенбей басылмасы, Қабақтың бір түйілген ашылмасы, – Деді ақын ақырында – шынымды айтам, Азырақ қасыма кеп, ашу басшы! – Сарматтың ақшасы – деп шалдың берген, Теңгесі – талантым ед тағдыр берген, – Оны да өң де бермей, түсте берді, – Қазақша сол болады «аян» – деген. Мен байғұс айтып қойып соны жұртқа, Айналған кезін көрдім ойын отқа – «Менде жоқ», «Анада бар», – «Неге бұлай?» – Күндестік күйдіреді күнде шоққа.

Осылай ой туғызды жалқы маған Баяғы тұла бойы алтын адам, Не керек, қанша алтынмен қапталса да, Өзінің алтындығы айтылмаған. Одан да бақыттырақ дегенім ғой, Жанынан жыр саулаған ақын адам.

САҒАТ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА Қайтсін аспан жыламай, күн күрсінбей, Бұзылу мен бұзудың үлгісіндей, Қопарылып жатты жер оқ, бомбыдан Адамдардың ісіне түк түсінбей. Əр нəсілді айғырлар шабысқандай, Тұмсықтарын аспанға шанышқандай, Жорғалаған «жолбарыс», «Т-34» – Кезі келсе бір-бірін жанышқандай. Сойқан соғыс басталды сол арадан, Ажал-таудан тастардай домалаған, – Бір-біріне жойқындар жосылды-ай кеп, Бұйрық күтіп тепсінген бағанадан. Шаңқ-шаңқ, гүрс те гүрс, қарш-қарш, Лап-лап жалын, көк түтін, қызды арпалыс Мың тамырлы байтерек шыбықтай боп, Жығылады яки бір сынған қамыс. Шопақ құрлы көрінбей қазған орлар, Бөгесіндер, былқыған батпақ-сорлар, Үйген тастар, қашаңғы жер сіңірі Секілденіп оларға асфальт жолдар.

Жүйткиді-ай кеп болаттан құйған мұндар, Есеп емес алдында күн бар, түн бар, Сұп-сұр темір қып-қызыл түске оранып Мартенінде соғыстың балқиды олар. «Т-34» түскен соң қолға күшті, Мертіктірді бір жерде «жолбарысты» – Қайта-қайта оралып, таптағанда, Түптен түгін қалдырмай, көп жанышты Басылды айқас, дүниені мең-зең етіп, Жаңғырығы сан асу, белге кетіп, Өлі танктер жусаған жылқылардай Шебі аузында, тұмсығы жерге жетіп. Қалғандары жорықты созып əрі, Шіл қиындай жоғалды тозып бəрі... Адамдардың жайдағы ойын қайтсын, Өзіне сай соғыстың өз ұққаны. Жаяу солдат бір қазақ – қыр баласы, Қырғыннан соң айқайы тұнған ащы, Қаусап қалған қақырап танктердің Өзгелердей аралап жүрді арасын. Қазақ – солдат қарады аң-таң қалып Үгітілген бордай боп алып танк, Есінде жоқ «жолбарыс» болғандығы, Тек бүйірде жазуы қалыпты анық. О, ғажайып! Осыншама күл-талқаннан, Əншейін де шыдамас бір тартқаннан, Жүрісінен танбастан қол сағаты Ортасында қираудың аман қалған!

Жау мен қасты білмейтін қайран мүлік, Сау білекке тағылып сайран құрып. Сусып түсіп қалған ол өлі қолдан, Қайдан ұқсын болғанын майдан-бүлік! Бұл не ғажап! Көк болат қирап бəрі, Сайда қалды сан танк сирақтары, Мынау сағат уақытты көрсетіп тұр, Кəдімгідей цифры, сайрап саны! – «Кереметі тірліктің неткен күшті! – Сағат тілі не ғажап айтады істі. Тоқтамайтын өмір бұл!» – деді дағы – Қазақ жорық жолына қайта түсті...

ШОҚ ӨЛЕҢДЕР НАРЫНҚОЛ – БАЙЫНҚОЛ Көп болды-ау қасиетті өлке шақырғалы, Желпілдеп жел қанатты шатырлары, Ол жақтан елшілікке келген бұлттар Төбемнен əлденеше шатырлады, Тұрмыстың ылдидағы ың-жыңынан Бұлқынып босана алмай ақын жаны Жөнелді күннің келер жолын басып, Бұл жолы бұйырардай ақыры дəмі. Кегеннің аманбысың, кең шатқалы! Не заман рахатыңды аңсатқалы, Сары кемер – Ақар-шақар сарайларың Алдымнан шыға келді самсап тағы. Ол сарай – қақ бөлінген таулар еді – Тағдырдың төбеде ойнап қол шоқпары, Астынан жер мөңкіген бір заматта Солқ етіп, түсіп кеткен сол шақтағы. Осылай түсіндірген бүркітші шал Сексеуіл бұтағындай саусақтары, Қияға көп қараған көзі қызыл, Мұртының ерімеген моншақтары.

  • «Жолаушым, асу алда, аз тынықшы, Қос бұлақ, қоңыр салқын саздың иісі, Құлақ сал құрақтардың дыбысына – Бұларсыз танымайды жазды кісі. Осылай алдарқатып, тыныстатып, Тау Кеген – Нарынқолдың жақсы інісі Лақтырды «Сары Жаздың» жазығына, Балқыған ыстығына тастың үсті. Қақшиып Хан тəңірінің тұрды басы, Жарқырап бұлтпен сүрткен дулығасы. Тянь-Шаньнің жамыраған көп əулеті Қараған ауызына бір ағасы. Сүйенген сол ағаның иығына, Ақшаңқан оң қанатта «Іле басы», Ай қадап піспегінің күмбезіне Күндіз-түн күмпілдеген сар сабасы. Кім көрген Байынқолдың салтанатын, Жан болса мен көрдім – деп айта алатын, Көргенің соның ғана тыңдай салып, Атының басын бұрып қайтады ақын. Өйткені құдіреттей шабыт керек Есесін көргеніңнің қайтаратын. Базардың байғұсындай көңіл құрсын Пұлы бар бір-екі уыс шай табатын. Байынқол – байтақ өзен басы қатты. Кім білсін қанша ғасыр тасып ақты?!

Баласы Хантəңірінің бұл да өзіндей Ешкімнен сəлем алмас паң сияқты. Алайда жомарттығы жұрттан асқан Жарылқап бергі жақты, қарсы жақты. Белбеудей көк атлас шұбатылған Бойына тізіп маржан, асыл затты. Басында Байынқолдың Шоған сайы, Бар ма екен сұлулықтың соған сайы. Үш қатар кілем іліп тастағандай Тянь-Шаньнің күміс шырша, қарағайы. Көрсетпес шыңның өзін биіктігі Аспанға білектерін созған сайын. Ауаға тояр емес өкпе, шіркін, Дегендей «осы арадан қозғалмайын». Дегендей жас қарағай, бұла қайың: «Туғалы құмарыңнан шығарайын, Арала, аяғыңмен тыныштық бас, Содан соң шықсын шырқап бір айғайың. Адамның дауысындай құдірет жоқ, Əніңді айт, басқа ақы сұрамаймын, Тыңдасын тасама кеп, таңсықпенен Мөлдіреп қарап тұрған құралайым!» * Айттым ғой – аз сөзбенен Байынқолды Сипаттау маған қиын уайым болды. Қапыда қайратты сөз қайдан тапсын Жалқау ми көп іздеген дайын жолды. «Байынқол! Байынқол! – деп, қос қайталап,

Аспанға арыз айтып жайдым қолды Арман жоқ, соның бірін қайтып берсем Ішіме жақсылықтың бəрі қонды. Ойпыр-май оркестрдің жосылуы-ай! Қобыз бен домбырадан қол суырмай. Сырғытып, сыпыра сілтеп жөнелгенде Қиядан ақтарылған тау суындай. Бүктеліп, алдыңа кеп бір уыс боп Шалқиып жатқан жазық қаусырылмай. Қайтадан жаз жадырап, көктем шығып, Маужырап май айының маусымындай, Шаңқылдап шақпақ тастан от шығарған Жүз тұлпар тұяғының тасырындай. Жүрегім əрең-əрең аман қалды Дауылға мынау келген қарсы ұрынбай... Аспанның жерге берген олжасындай – Жасаған жаратады жанды осындай. Осы сəт дүниеде ол болмаса, Қалғандай тіршілікке сəн қосылмай. Қара көз мына кеште шырқады-ай бір Қашаннан сен сағынған əн досындай. «Қыз қарағай, қыз қарағай, қыз қарағай!» Үш рет тамып түскен көз жасындай, Үш рет үздіктіріп, қайтарғанда Қалды ғой қайран мауқым бір басылмай. Туған жер қайталанбас сұлу болса – Бұл соның талант соққан сырғасындай

  • «Жатырмын Шалкөдеде ат шалдырып, Қалқаға қасымдағы əн салдырып,» – Есімде осынау өлең бала кезден, Бір сері шырқаушы еді тамсандырып, Сол арман көкірегімде келді ұстатпай, Жеткізбес қашағандай салсаң құрық. Ал міне, асыл жайлау ашылды алдан, Ақынды бұлт қасында қарсы алды жұрт Ол жатыр асқар таулар құшағында, Тып-тыныш Жер ананың құрсағында, Баладай көк бесікке бөлеп қойған, Бір сағым қосылады бір сағымға. Ауаға жұпар тарап, рахат есіп, Бесікті жел тербеген бұл шағында. Жайқалып жас көделер, шал көделер, Жуынып мөлдір шықпен жусаны да, Жамырап жер бетінен қол көтерген Шөптердің миың жетпес мың санына Алуан бояу толған алып астау Суретін Шалкөденің бір салуға Əдейі дайындалған құдай шебер, Өнердің сəт сағаты туса мұнда Шалкөде шалқияды соны күтіп, Қырғызда сəлем айтып Сусамырға. * Мұқаш-ау, сен қайдасың мен келгенде, Сағыныш сарбесігі тербелгенде, Дауысым кеп қарлықты айқай салып, Жалынып сəлем айтып желден желге.

«Бір болса – Шалкөдеде болар» – деп ем, Көзіме көрінбедің бұл жерден де. «Уа, Ғафа! Біз азбыз ғой!» – деушең, баурым, Бұл тағдыр сол сөзіңді жөн көрген бе? Қолыңнан сусын берші, айналайын, Сол ағаң еліңе кеп шөлдегенде! Деп едім сенің ашық кеудең екен Көк жазық көз алдымда көлбегенде, Деуші едің: «Тау мен дала аман болсын!» – Кейбіреу бізге пəтер бермегенде. Дəл кəзір соның бəрі еске түсіп, Кім нансын оңашада еңірегенге! «Қармақ салдым суына Шалкөденің» – Жаңа ғана сəніне келді өлеңім. Аулаудай-ақ біреудей аулап едім, Балықтардың патшасы – тау форелін. Самсап тұрған адамның арасынан Қармағыма бар балық ауды менің. Жем сап тұрған баланың қолы үлгірмей Жарықтықтар жаңбырдай жауды – дедің. Ақ көңіл балықтарды аядым мен, Деп келгенде өз елім, бауырым едің, Не болады балығын қырып кетсем, – Сол ойымды оқыған Рауан ерім, Жомарттықпен бас изеп тұрып айтты – – Беріп жатқан сыйы ғой саған елдің! – – Олай болса, – дедім де – аулай бердім. Рахмет, туған жер, көк жайлаулар, Қарлы таулар, салқын кеш, гүл қойнаулар. Қыз қарағай, сал қайың, күміс шырша,

Асау бұлақ, ақ өзен, мұз қайнаулар. Жайсаң жігіт, абзал дос, жақсы ағайын, Сендерге арнап берілген серт байлау бар. – Бір түйінін мен соның шештім бүгін, Азырқанбай, алаңсыз сен қабыл ал! Нарынқол 1984

БАЯНТАУ БАЗАРЛЫҚТАРЫ АҚБЕТКЕ ҚАРАП Панасы осыншама көркемдіктің, Ағасы асқақ сұлу – еркеліктің, Ақбет тау, тұрысыңа таң қаламын, Басыңа алтын шанақ төңкеріп күн. Жарқырап көрінерсің көк жазықтан, Аспанның айдынында қозғалып паң, Алып бір ақ кемедей тоқтап тұрған Көркіңе шөлдеп қарап, көз қаныққан. Тартасың лебіңменен жолаушыны Шаншылып Мұстафаның сонау шыңы, Басынан бала бүркіт тайғанақтап Басылмас мың əбігер – қыран шуы. Басталып содан тірлік жəрмеңкесі, Бұлттардың шұбатылған керуен көші, – Доғарып көліктерін – көк нарларын, Ақтарып қазынасын, бермен тосып. Төгеді кілең маржан судырлатып, Қарағай қалпақтарын сыбдырлатып, Ол «маржан» Торыайғырға төгіледі Тып-тыныш көлдің бетін шымырлатып.

Тасада, арғы бетте бала таулар Жайылған сол маржанға алақандар Секілді, шығып-батып көрінеді, – Сатырлап əлгі маржан жəне саулар. Аздан соң адуын жел, ақ самал кеп, Бұлттардың жемісіне бас салар кеп. Шудасы буралардың желкіл қағып, «Кезіміз келді біздің аттанар», – деп. Аса алмай, Ақбет, сенің зор шыңыңнан, Өтеді қуыс, қойнау, қолтығыңнан, Таусылып маржандары, жүк жеңілдеп Манағы қапшықтарда толтырылған. Тайрақтап оңтүстікке жөнелісер, Олжасын ол жақта да ел бөлісер, Тағы да аршын төсің ағараңдап Азайған күн сəулесі теңелісер. Осылай бұлт асырмай, нұр жасырмай Даланың дархан сері мырзасындай, Қақпасын қалқаныңның ашқан сəтте, Көрінер аржағынан көл Жасыбай.

ЖАСЫБАЙМЕН ТІЛДЕСУ Сенбісің Баяндағы көл Жасыбай, Қазақша «мөлдіреген көз жасындай». Анау бір қыз қарағай, ару қайың Қарайтын күнде тұрып айнасындай. Жоқ, жоқ, жоқ! Ескі теңеу мұның бəрі, Бұқардың айтып кеткен жырындағы. Соңынан соншама ақын қайталаған. Енді оған кіре бермес тілдің дəмі. Сен болсаң, құбылыссың, қайталанбас,, Жеткізіп адам сөзі айта да алмас. Тілдің де өткірлігі иесінен, Жүзінен қайрамасаң қайтады алмас. Көздің де өткірлігі иесінен, Мың тарау құбылыстың жүйесімен Ойыңды жалғастырып қарау керек, – Мəңгілік кетпейтіндей бір есіңнен. Əйтпесе, көз адамның бəрінде бар, Бермесе көргенінен көңіл хабар, Ақылсыз көз дегенің –жансыз айна, Əншейін қара десең – қарай салар! – Дегендей: «жерім қайсы қатты ұнаған, Болсаң сен айтып берші ақын адам?! –

Қадалып менің қарауым ештеме емес, Үн-түнсіз сенің қарауың батты маған. Жатырсың еркек таулар ортасында, Қыз басың оңашадан қорқасың ба. Кеш батса бар денеңмен дірілдейсің – Шыдамай жігіттердің қолқасына. Таң атса – тағы таза тұрмыстасың. Күндіз ғой, білегіңнен кім ұстасын. Еркелеп еркіндікке той жасайсың, Шашылып жағалауға күміс шашың. Бетіңде нұр ойнайды жұқа күрең, Жуынып таңғы ауаның жұпарымен, Манаурап тау-жігіттер өкпе айтады, Түндегі қанбай қалған іңкəрімен. Күлесің, басыңды изеп сəлемдесіп, Келгендей қастарына əлем көшіп, Балқиды сұлулықтың мысы басып, Тұрғандар жаңа ғана «бəлем!» – десіп. Мадақтап сондай жұмақ жердің барын Тарқатқан табиғаты көз құмарын, Баянның əсемдігі жайында əнді Қосылып айтасыңдар енді бəрің. Содан соң, тату туыс жөнге келіп, Ортада би билейсің дөңгеленіп, Қос етек көйлегіңдей қос-қос толқын Мен тұрған жығылады дөңге келіп. Тастаған əн олжасын алам қағып, Шыдасын бұл думанға адам неғып, Бас қосып жер ақыны, ел ақыны – Жағаңа ə – дегенше, келер халық.

Келер де, мініп алып бір-бір қайық, Шырқатса, манағыдан жыр ұлғайып, Жай жатқан шашын өріп кербез сұлу, – Кетесің біраздан соң əнге айналып. Қалмайды оған самал, қосылмай жел, – «Менікі осындай қыз, осындай көл, Өлсем де оны жауға бермеспін – деп, Асуда жатыр анау Жасыбай ер. Олжабай оған қоса найза ойнатқан, Он жауды бір-ақ шаншып, ойбайлатқан, Көл-көсір жарадар боп, көлді бермей Қасына інісінің ол да жатқан. «Осылай сен тарихтың айнасы боп, Таулардың аясында жайғасып өт!» – Деген бір сонау ерлер батасы едің, – Құр жалаң сұлулықтың пайдасы жоқ. Көрікке қарау керек мағынамен, – Дегенім сол еді ғой бағана мен, – Қайталап «дұрыс», «дұрыс» – деген сөзді, Толқисың сыймайтындай жағаңа кең. Ендеше – ақын да көл, батыр да көл, Сұлу көл бауыр, туыс жақын да көл, – Сен жаса, менің асау өлеңімдей Аспанға толқыныңды лақтыра бер!

«ТОРЫАЙҒЫР» Қазақтың аспанында жүзген ақ бұлт, Желкендей қараңғыда еткен жалт-жұлт, Ұлтымның мəңгі бақи жас жігіті – Атыңнан айналайын, Сұлтанмахмұт! Мен сені іздеп едім жас күнімнен, Тасыған кеудемдегі тасқыныммен, Қашан бір сеніменен қауышам – деп, Қайсар ең қайратынан тас тілінген. Ұлдары қайран жұрттың дəл осындай Кетеді дүниеге неге сыймай? – Деген бір сұмдық сұрақ жаным жеген, Өмірді кешіп жүріп, шимай-шимай. Сен айтшы, сұлу көлі Торыайғырдың, Жүзіңе томсырайған қарай қалдым. Қазақтың қап-қараңғы көгін жыртқан Иесі қайда бүгін зор айғайдың? – Нұсқайсың неге маған Көк төбені, Опасыз ол тағдырға өкпеледі, Заманның аязына ерте ұрынды, Өзі де жайнап тұрған көктем еді. «Мен саған бекер кеппін, о, дүние, – Келе сап қасіретке болдым ие.

Сен маған мекен болып жарытпассың, Кетейін еңіреген сол күйімде». Деді ол, менің қолдан келерім не? Аларым – топырағым, берерім де, – Қайтейін, құшағыма қайтып алдым, Осы еді мақтанышым, беделім де. Сендер де келесіңдер біліп жарытпай, Ажырасып бірің ұғып, бірің ұқпай, Өтетін ұрпақтарды сағындық қой Баяғы жақсылардың туын жықпай! «Аман бол!» – деді көлі Торыайғырдың Астында қала беріп сонау қырдың, Қасында тұру қиын ұлылардың, – Бейшара екенімді сонда білдім.

ЖАЯУ МҰСА Баян тау қасиетті жер еркесі – Күндіз-түн сыңғырлаған əн өлкесі, Айқасқан аспанында бүркіттердің Түсетін Жасыбайға көлеңкесі. Бірі еді Жаяу Мұса сол бүркіттің, Үстіне шығып алып сұрғылт бұлттың Саңқылдап Сары Арқаны оятушы ед. Қапыда оғы тиіп бір мылтықтың, Қанаты қайырылып жерге түсті, Жан бар ма қанаты жоқ көрген құсты, Сондықтан жер бетінің құдайлары Қанды көз мына құстан зəресі ұшты. Адамға айналды да екі аяқты, Аспан жоқ, жер үстімен жаяу ақты. Адамға есім керек, таңдап алды ол Баянда Мұса деген ең мықты атты. Содан соң дүниені дүрілдетті, Дауысы қара көкті тіліп өтті. Баяғы азаттықтың еркін құсы Бұғауды қанша салса бұзып кетті. Бұзды да, жырлады ол еркіндікті, Жауыздық, зұлымдықтың бетін жыртты,

«Япыр-ай, мынауың бір құдірет қой» – деп Тыңдады түріп тастап ел түндікті. Қияды жалғыз жанға кім жақсы атты, Зорлықтың қара күші қанжар сапты. «Сыймайды бір Баянға екі Мұса» – Деді де, атын алып зар қақсатты. Тынбаған астындағы атын алып, Тағы да өз атына жамау тағып, Дегенде: «Жаяу Мұса» – қоя берген. Күрсінген қиянатқа ел таңғалып. Сонда да өткір жүрек, қайсар ақын, Түрі жоқ алған беттен тайсалатын, Шығарып ащы кегін ащы айқаймен, Баянды теңселдіріп əн салатын! Əн салса, қайта қыран қанаттанып, Баяғы биігіне күн де аттанып, О, сабаз тусаң ту – деп, бір мақтанып, Масайрап тұрады екен тыңдап халық. Ешбір күш қия алмады əн қанатын, Тағдыр да қайтып берді алған атын, Күштінің жер бетінен бəрі кетті; Баянда, қазығында қалған ақын. Өшпеген жүз елу жыл тудай жанып, Есімі ел көңіліне нұрдай жарық, Рухы Жаяу Мұса шырқап биік Жүр бүгін Баян тауды шыр айналып.

ТҰЛПАРДЫҢ БАСЫ Ақшоқы – оңаша тау. Шаттың қасы, О, ғажап, көрер көзге жат тұлғасы, Жаяу Мұса қабірі дəл үстінде Ақ сырмен бояп қойған аттың басы! Не жұмбақ? Нендей мəніс, мағына мұнда? Қу бастың осында кеп орнауында? Тірлікте «Жаяу» аты қалмаған соң Бұл – оның серік болған арманы ма? Қиялға сыймайтұғын көріністен, Азырақ қобалжиды көңіл іштен, Тұр міне соған қарап көзін алмай Жаяу Мұса мүсіні төніп үстен. Қасірет жүгін өңгеріп нелер батпан Қайран ақын елестер шерге батқан. Əлі күнге жер-сапар аяқталмай, Əлі күнге зымырап келе жатқан. «Ия, оның есімі де, аты болған, Ештемені ешкім жоқ тартып алған!» – Деуге куə үшін бе? Болды жұмбақ Осынау аттың тылсымдай қалпы маған

Кім болса да əкеліп мұны қойған, Қымбат белгі жасаған қиын ойдан, Көпке дейін ұға алмас мағынасын Қозғалмай қан денеде, қиналмай жан. «Батыр атам» – дейді екен ұрпақтары, Ақын, əнші, серілік атақ бəрі – Бір батырдың атына жетпегендей, – Онда да бар мағына жұмбақ тағы. Айдау, байлау, матаудың бəрін көріп, Бəрін беріп, алған ол жанына ерік, – «Жүрегінің түгі бар» – дегізген ол, Істерінің жасаған бəрі де ерлік, Бəлкім, дұрыс түсінген ұрпақтары – Туа көкті жайлаған ер сұңқары, Сұнқар болса, болады қос қанаты, Батыр болса – болады бір тұлпары, Көрген жанды көп ойға батыратын, Ұзақ қарап тұрдым мен басына аттың. Көз алдыңнан кетпейді, боз тұлпармен Шауып бара жатқан бір батыр-ақын.

МƏШҺҮР ЖҮСІП ҮЙІНДЕ Бұл дағы ел сыйлаған еді бабаң, Болған ол сырын – ұқпақ екі ғалам, Басында дүние айналған адам еді, – Демеген өзгелердей елім надан, Халқының дана туар қалпын ұққан, – Солардың жолын тосып көңілі алаң, Бастары қосылмаған данышпандар, – Бəрін де тудырса да ортақ заман. – Жол түсіп келіп қалдың шаңыраққа, Əулие, басыңды иіп аруаққа, Өз үйің, именбестен босаға атта, Азырақ шапаныңның шаңын қақ та, – Деп еді «қарағым» деп қолымды алып, Шүйкедей қара кемпір қалбалақтап, Баянды біздерменен бірге аралап, Күн-дағы ұясына барған шақта. Үй екен қарағайдан қиып салған, Өртінен көне күннің күйік шалған, Есігі керіле-керіле кеңіп кеткен Баяғы биік еңсе, иықтардан, «Ассаумағалайкүм» – жиі айтылып Жаңғырып, терге барып ұйып қалған,

Ойымен жерді шолған сабазының Сапары осы арада тұйықталған. Қазақы дастарқаны кең ед неткен, Төселіп төрден бастап, төмен кеткен, Шай құйған босағада келіншекке Дауысың сөйлегенде əрең жеткен. Толтырып бір бауырсақ бір алақан, Алыста сар самаурын елеңдеткен, Қуандық – Мəшһүр Жүсіп немересі Аспанға атасындай сөз өрлеткен. Қасында көп жүрсем де жайсаңдардың, Осынау отырысқа аң-таң қалдым. Естілген тұнық көлдің шолпылындай Күлкісі рахатқа батқандардың, – «Мəш атам аруағы кең кісі еді Алаңсыз тіршіліктің татқан дəмін Бəрі де кешіледі», – дейді шешең. Бұйдасын шешіп өскен атан-нардың. Өңгеріп қос қолыңмен қой жамбасын, Арылмай асқақ көңіл, ойдан басың Өң түгіл, түсіңде де бауырсақ жеп, Азанда тойған күні оянасың. Содан соң майы жүзген қымыз ішіп, Жадырап, жан шақырып, бой аласың. «Басына Мəшекеңнің барамыз» – деп, Əжеңнің аяқтайсың тағам-асын.

АЛТАЙ СƏУЛЕЛЕРІНЕН ҚОШ, БАЯН! Əсердің, көрген-баққан хикаяттың, Үзігін елең етіп бір тараттым. Жол шектік əлденеше біз күншілік Жалында көңіл деген тұлпар аттың. Көзімде əлі тұрсың көркің ойнап, Көк жасыл, өжет өлке, еркін аймақ, Тауысам қайдан сенің қадіріңді Бір сөзді бір күн толғап, бір түн ойлап Баяндай жер патшасы өзімде екен, Қашанда көлеңкесі көзімде екен, – Өмірдің қымбаттығын шебер айттың – Қоспастан арасына сезім бөтен. Қош, Баян! Азын-аулақ базарлыққа Өкпелеп, өзімсің ғой, назар жыртпа. Бар болып, бақыты боп арылмайтын Жасай бер құтты қоныс қазақ-жұртқа. Июнь 1985

ТОБЫЛ ТОЛҚЫНДАРЫНАН * Жадымда жастық жылдардың Тізілген моншақ күндері, Əреңдеп бүгін аңғардым, Кетіп те қапсың ілгері. Сағыныш салған сар сандық – Алтынды шашақ Қостанай. Тұрдың-ау талай қарсы алып, Қақпасы ашық ақ сарай. Қырық жыл бұрын дəл бұдан Келгенде қырдың баласы, Көрінген Тобыл алдымнан Күмпілдеп күміс сабасы. Телегей теңбіл теңіздей Өткелі қиын, өзі асқақ, Тұрып ем назар мен үзбей, Көк иық қырдан көз тастап. Қолымда ағаш чемодан, Үстімде жалғыз бөз көйлек, Болашақ күнге қарағам, – Кездесер саған кез ғой – деп.

Қорқыттың мені, Қостанай, Айбарыңменен ап-ауыр. Естігем сонда сөз талай – Қала деген жат бауыр Қыбыр да жыбыр көшеңді Кезумен табан ойылды. Кештеу де болса, кеш енді Сондағы теріс ойымды. Салтанат сəнді сан сарай Көрдім мен шəһар не түрлі, Сонда да саған, Қостанай, Жетпейтін бəрі секілді. Баяғы ағаш чемодан Бар болса, берші сен қайтып, Қолымен салған жан анам Жиһазым бар ед қимайтын. Ол – менің бала шағым ғой, Еш қымбатқа бергісіз. Ол – менің болашағым ғой Құндақта жатқан белгісіз. * Жадымда жастық жылдардың Тізілген моншақ күндері, Əрең де əрең аңғардым, Кетіп те қапсың ілгері. Тағы да есте, тағы да Базарың сенің Қостанай, Құмар ем күнде баруға Ақшасыз, пұлсыз бос талай.

Дүниенің барлық адамы Осында болар деуші ем мен, Аңқау да сəби заманым, Өзіме біткен өлшеммен. Ақсақ та соқыр бір солдат Баяулап созып сырнайын, Баяндар еді кіл сарнап Кешегі жорық жыл жайын. Қалпағы көкке қараған Дəлелі көмек, дəменің, Қасынан өткен бар адам, Тыңдап ап соның өлеңін, Тастайтын тиын-тебенін. Аяқсыз, көзсіз əлгі адам – Базардан тапқан мекенін, Түсімде де айтып тұрды əмəн Соғыстың сұмдық екенін. Тастадым тиын күн сайын Көзімде жасым іркіліп, Жығылып еңсем, қисайып, Жан-жүйем қатты сілкініп. Бір жақта көзді бояушы Үш карта қойып, бəс тіккен. «Мынаусы қайсы, анаусы» – Басып кеп қалсаң – іс біткен. Іс біткен емей, немене, Бітірген қуың мəз мүлде, Аздаған тиын тебене, Сонымен кетті аз күнде.

Бір адал менен бір арам – Қайтейін айтып басқасын. Екеуіне де шыдаған Анамның жиған ақшасы. Алматы жатыр алдымда, Оқуым жатыр баратын. Базарда қызық, ал мұнда Ақшалар судай ағатын. О, ғажап, əлі күнге мен, Қостанай келсем, азанда Тұрып ап жалғыз, ертемен Барамын сонау базарға. * Жадымда жастық жылдардың Тізілген моншақ күндері. Келе де келе аңғардым, Кетіп те қапсың ілгері. Студент шағым. Бəрі тұр Көлбеңдеп көздің алдында. Сағынтып жеткен каникул, Алыс-ақ еді аулымда. Алыс та емей, немене, Торғайым бес жүз шақырым, Сағыныш атты кемеге Қай кезде жүзбей – бар тыным. Онымен қайда барасың, Жататын таныс, жоқ пана, Облпотребсоюз қорасын Күзетуші едік көп бала.

Торғайға содан жүк артып Жүретін сирек машина. Жалынып, тілек мың айтып Жүз сомнан бала басына. Келісіп əрең, кетуге, Онда да болса сəтің бар, – – Тобылдың арғы бетінде, Тығылып сайда жатыңдар, – Деуші еді бізге шоферлар. Кейбірі сөзде тұратын, Кейбірі мұндар алдауық. Тұсыңнан өтіп зулатып, Қалушы ек біздер шаң қауып. Алдында көздің бəрі тұр, Арманға оңай жетпек кім, Қайран да қайран каникул Қақ жартысы жолда кететін. Қараушы ең соған, Қостанай, Мың əйнегіңменен жарқырап. Шайқаушы ең соған бас талай, Көзіңде самсап сан сұрақ. Таптың ба жауап соныңа – Жеңіп те, кейде қансырап. Өмірдің алыс жолында Келеміз солай шашырап... * Жадымда жастық жылдардың Тізілген моншақ күндері. Жүгенімді ұстап мен қалдым. Сен шауып кеттің ілгері.

Алдында көздің бəрі тұр, Бəрі де аян, бəрі анық. Ең соңғы мынау каникул Келеміз елден оралып. Алматы-вагон біреу-ақ – Жүрмедім-ау деп саспайтын. Көрінген поезд тіркеп-ап. Көрінген жерге тастайтын. Мінуің соған қырғын жол, Келмесе сəттің сайтаны, «Аман бол, сəулем, аман бол!» Ілікпегендердің айтары. Торғайдың тоғыз қасқыры, – Тұрады дейсің кімді аяп, Бəрінің менмін бастығы, Беделім қызыл судай-ақ. Мініп ап елдің алдымен, Белімді таяп шіреніп, Тұр едім масаттанумен, Қалыңға көзім жіберіп. – Əй, жігіт! – деді бір қыз кеп, – Ал, мына чемоданды тез. Онсыз да біздің жүгіміз көп, Ие бол соған, қатпа сөз! «Не деген қайсар бəле еді!» – Дедім де іштей – қол создым. Қыз екен бірақ əдемі, Сұлуы еді сол кездің. О, ғажап, отыз үш жылдай Өмірдің жолын өткеріп,

Келемін əлі мен тынбай, Сол чемоданды көтеріп. Солай да солай, Тобылым, Солай да солай, Қостанай, Жолында сайран өмірдің Созылды біздің көш талай. Қаласаң кəзір еңселі, Астықты байтақ мол далаң, Келгенде сайын мен сені Жап-жаңа көргендей болам. Сонау бір алғаш қиялда Кетпестей болып орнаған, Ғажайып бейнең тұр алда, – Ыстықсың ылғи сен маған. Өйткені ыстық жастық шақ, Жалынды жырмен, өлеңмен Сол күндерімді құшақтап Бір қайту үшін келем мен. Тағы да келдім. Жаздағы Қысқа таң, шолақ күніңмен, Бұл жолы отым маздады, Тобылдың жомарттығымен. Осынау жалпақ, көк өзен Толтырған дала астауын, Көрсетті маған бір кезең Өзінің көзін, бастауын.

Ең шетінде даламның Россиямен жалғасқан, Жатыр бұлақ бір момын, Шымырлап, демін алмастан. Қоршаған бір шоқ тобылғы, Қос орнындай жер-ақ ол. Дария болып толқынды, Кешемін деп жырақ жол. Ойламаған бұл бұлақ, Туламай да, тебінбей, Жатыр қайнап шымырлап, Таусылмайтын өмірдей. Содан тарап Шығысқа Қос бұрымдай сұлаған. Ұқсап егіз туысқа, Қос арна бар тулаған, Егіз қыздай далаға Серуенге аттанған. Сол кеткеннен ұяға Содан қайтып соқпаған. * Сол Тобылдың басталған Жерінен отыз шақырым, Секілді қос тостаған Қымыз құйған сапырып. Бар екен бір Қоржын көл Төсіне қонған алтын бұлт. «Мен бармаймын, өзің кел», Дегендей жатқан шақырып.

Жетіқара жерінде Көрік сəнін келтіріп, Жаралған тек көруге Көзіңді алмай сен тұрып. Əсия гүлі жайнаған, Жасыл қалпақ, тұңғиық, Бетінде сəуле ойнаған Қараған көзге нұр құйып. Жағасын талмен көмкерген Жапырағы желмен тербеліп, Сұлудай көзін төңкерген Ел қалаған ер көріп. – Мұндай да көркем көлдерді Туғызған кім? – деп сұрадым. – Жаңағы Тобыл. Сол берді Даланың екі шырағын. Даланың екі көзі ғой Кірпігін қақпай қараған. Тұл бойы сабыр, төзім ғой – Секілді ойшыл, дана адам. Дейді аудан басшысы, – Бұл да бір ақын ұл екен. – Жақсының қалар жақсы ісі, – Саған да ортақ бұл мекен. Ұсыныс боп тұр менде бір, – Ат, шапан шіркін қайда жоқ, Ел едік біз де кең көңіл Дүниеден мəңгі пайда жоқ. Осынау көлдің əсемін Атайық сенің атыңмен

Аяулы арман, ақ сенім Ілесіп жүрсін ақынмен. Қайдасың əлгі сельсовет, Дайында қағаз, мөріңді! – Жақсылыққа жол себеп – Ғафудың аты берілді. Мынау бір көлге – деді ол, Саңқылдап сөйлеп жан-жаққа Жаңғырды сонда соққан қол, Естіліп алыс аулаққа. Аузыма жүрек тығылды, Кірпігім аздап суланып, Өлең боп туған бір ұлды Өсірді-ау мұнша бұл халық! Мынау көл менің баламдай, Сүйкімді болды сол сəттен. Қарай да қарай қана алмай, Тебіреніп терең жол шеккем. Рақмет саған, Қостанай, Рақмет, дария, Тобылым, Ықласыңды тастамай, Рахатыңа шомылдым! Талай жыл сенің атыңды Талмай да жырлап келіп ем, Жарылқап салдың ақынды Жақсылық атты көліңмен, Ол көл емес – шынында. Алғысы туған мекеннің, Байқасам – соң да, бұрын да Бақытты ақын екенмін.

Қызғанба, достар, өтінем, Қызығып қана қойғайсың, Қысқа өмірдің көркі мен Қызығына тоймайсың... * Екі жыл өтті арада, Алаңдап көңілім, уайымдап, – Сол көлім менің аман ба? – Деймін де бір айында Телефон соғам илансаң, Баяғы таныс бастыққа, Уақыт-ай, жүрдек тым шапшаң Үлгіртпес сəлем дос жұртқа. Жасай бер көлім, көңілімдей Қалдырып кеткен мəңгілік, Созылған менің өмірімдей Жасарып, қайта жаңғырып. Июль 1985 Көкшетау-Оқжетпес

ҮШТӨБЕЛІКТЕРГЕ Рахмет, ұрпақтары Жарымбеттің, Сөзімді тасқа жазған қабыл еттің, Ағаның Бошай атты арқасында Алтайды екі-үш күнде жарып өттім. Өттім де, Сізге келдім сол екпінмен, Ақынды мейманым – деп елеп білген. Айналдым қасиетіңнен ардақты ауыл, Осынша ұлы мейрам, ерек күннен Бір белгі қалсыншы – деп ерлеріңе Қайтпаған кіндік кескен жерлеріне, Соғыпсың мəрмəр тастан бір ескерткіш, Қызыққан күннің өзі өрнегіне. Мəңгілік аты өшпейтін жетпіс боздақ, Аттары көрген сайын жүрек қозғап, Бүгінгі бақытты ұрпақ көз алдында Алаулап армандары тұрсын маздап! АЗАМАТ ЖЕРГЕ Нəр алдым «Жаңа үлгі» мен «Қабырғадан». Жақсы ұлды жаратудан жаңылмаған, Бəрің де өз үйімдей, босағамдай, Бəрің де көрінесің бауыр маған. Кез болдым жақсы күнде жаным – десіп, Қызықтың дүниедегі бəрін кешіп, Жақсы елдің қасиеті маған дарып, Қалды ғой өркешім мен жалым өсіп.

Туған жер тұтас болып ердің ері, Дəл бүгін тағы да өсті ел жігері, Қырық жыл арманда өткен сабаздардың Қозғайды бұл сағатта шері мені. Ағылып келіп жатсын ойдан-қырдан, Баяғы ұмыт болған ой жаңғырған, Аруағы боздақтардың бір тірілді Туған ел бақыты үшін болған құрбан. Дүние бір ағыс қой тоқталмаған, Қайыры болмағанда – боқтан жаман, Қашанда елі-тірі ер бақытсыз, Елінде еш уақытта жоқталмаған. Жатырсың жоқтау айтып тоқтау айтып, Жас ұрпақ түспес үшін отқа қайтып, Аналар ардағына, қош айтпасқа, Аталар жатпау үшін «аттан» айтып. Айрылған ел сорлы ғой азаматтан, Кезіңді мен білемін азан айтқан, Бұл күнде бүтін ошақ, биік шаңырақ Заманды қадірлей біл бағаң артқан. Өлікті ардақтамай, тірі оңбайды, – Тағдыр да аямайды, сірə, ондайды, – Жаманның көз жасына жақсы сенбес – Салғанмен ол да жылап, бір ойбайды. Алтайдың күні биік, айы көркем, – Өзі де атағына ылайық екен, Мен егер тірі болсам бұл өмірде Жақсыңды жарты əлемге жайып өтем. Тауыспай сан боздақтың, санын айтып Бұл сəтте уақыт тапқан бəрін қамтып,

Ағайын өкпелеме, ұлы күнде, – Жоқ кəзір сенен басқа ойымда түк. Ғажап-ай, əсіресе, бір жағдайдың, Өлгенше оны есімнен шығармаймын. – Қазақтың қасіретінің өлшеміндей Қайтпаған төрт баласы Тұмарбайдың. Бауырлар көп жылама, жасыңды тый, Той жаса, қырық жылға барыңды жи, Бүгінгі байлық, дəулет, бақыт үшін, Мынау бір ескерткішке басыңды и. Алғыс айт, азаматың, Бошайыңа, Аман сау осы күн мен осы айыңа. Қайтайын астанама ұлы күнде Өзіңмен ақ тілекті қосайын да. «Қызғыштай болған есіл ер, Қайран да жұрттан не көрді» (Махамбет) Мəселе онда емес қой, көрер-көрмес, Кісі ғой елге бауыр, елге жерлес, Əлеумет азаматтың қадірін біл, Дүниеге жақсылар көп келе бермес. Жасаңдар жақсы күнде, амандықта, Ездікке, үйір болмай жамандыққа. Ағалар мен секілді ініңді ұмытпа, Інілер, мен секілді ағаңды ұмытпа!

ДАРА ЖЫРЛАР ОДАҒЫМ ДЕСЕМ, ОЙЫМА Жарты ғасыр жарқыраған жолдары, Өз өмірің, өз тарихың ол дағы, Алтын ұя, ақ босаға мекенің – Қазақстан Жазушылар Одағы! Өнер туын тік көтерген жоғары, Ол тұғырдан түсіп көрген жоқ əлі, – Алыптардың, жарықтардың ұясы – Қазақстан Жазушылар Одағы. Ол сəулелі, нұрлы жолдар торабы – Тағдыры ортақ талай талант соғады, Елдің даңқын, жұрт мерейін асырған – Қазақстан Жазушылар Одағы! Қолдап тұрған заманы мен қоғамы – Шабыт құсы күнде келіп қонады. Сол шабыттан биік қаққан қанатын – Қазақстан Жазушылар Одағы. Еңсесімен, кеңсесімен жоғары – Оған кірсең жүрек қатты соғады. Зеңгір аспан – көкке ойыңды самғатқан Қазақстан Жазушылар Одағы. Жырлайтыны халық көркі, Ел бағы, – Одан аяр жоқ өлеңі, жоқ əні. Сен жасай бер – өз ұйымым, өз үйім – Қазақстан Жазушылар Одағы.

ЖАҢА ЖЫЛ СӨЗІ Кел, Жана жыл! Сен ақынды жарылқа! Ескі жылда Кетті талай барымта, Жаннан, малдан Кетті талай құрбандық, – Енді сенде Барлық үміт, бар ынта. Балаларым – Бақытым мен Дəулетім, Дүниедегі Сəн-салтанат, сəулетім – Қалғаныңа Берсін тірлік, береке, Менің жақын Азын-аулақ əулетім! Құдаларым, Нағашылар, жиендер, Жаңа жылда Жаман шалды сүйеңдер! – Өмір-тайғақ Құлап қалып жүрмесін, Ренжітпесін Көре алмаған біреулер! Сендер-дағы Құрметпенен қараңдар Аға-іні, Балдыздар мен күйеулер! Соңғы кезде Болып кеттік жат бауыр, Бір заманда Көңілі ортақ жақсы ауыл

Ұмытпаңдар, Үлкен ерлік бірлікте, Бір көтерген, Бола алмайды тас та ауыр. Қол тимесе, Телефон бар қолыңда, Болады ғой Аптада бір соғуға, Сəлем сайын Үлестірер атым жоқ, Болса егер Берер едім соны да. Бəрі де бар, Рақмет бұл күнге, Жақсы кезде Жаман болу мүмкін бе? Бар-қызығы, – Өзің тірі бар болсаң, Сене берме Дүние деген шіркінге! Шүкір, Шүкір, туысым аз демеймін, Жалғыздық қой – Ең сорлысы кедейдің. Əр қайсыңды Аман жүрген қасымда – Мен мақтанып Бір-бір елге теңеймін. Бермесең де, Келмесең де аман бол! Мен сендерге Тілемеймін жаман жол,

Бір саусағың Қанап қалса – қиналам, Сөзіме нан, Қатты батар маған сол. Жаңа жылды Сол тілекпен шақырдым. Əр бір істің Қайырын тілеп ақырын, Жақсылықпен, Тату күнді кешіңдер, Менің барлық Жан ашырым, жақыным! ЖҰМЕКЕН ЕСКЕРТКІШІНЕ Қаншама өлең Қалды жердің астында, Енді айналып Тасымайтын тасқынға. «Мұнда сен бар» – Деген сөзді арқалап, Қайысып тұр Қабырғасы тастың да «Қай дүниеде Рахат бар ақынға!» – Деп сұрап ең Осы былтыр, жақында. Сол сұрақты Енді екінші жақта да Əлі де ернің Əрең айтып жатыр ма?! Қаздың терең Ой түкпірін қаншама,

Əр сөзіңе Жүрек сала, жан сала, – «Сен тұра тұр, Сен керексің!» – дегенде, Сен көнбесең – Енді бізде қай шара?! Балықшы едің Сирек қапқан қармағы, Қары талып, Сүйелденген бармағы. Сен дүниеден Сұрап жарыта алмадың Дүние саған беріп Жарыта алмады. Сонда-дағы Алақаның жаймадың. Жайғаныңмен Болмайтұғын жай мəлім. «Сұрауменен оздырғанша уақыт, Өлең жазу – рахат!» – деп ойладың, Кім ойлаған Таусылар деп бұлай күн. Кегі жоқ жан Адамның да, құдайдың. Шылымыңның Оты сөніп болғанша, – Өзің сөніп қалғаныңа жылаймын. Тірінікі – Жылап-жылап басылу – Қатал тағдыр Үкіміне бас ұру. Тау басынан –

Тағы да үйге оралып, Тіршіліктің көшесінде шашылу. Балалармен Жалғасады сендік той. Ұмытпаспыз, – Ұмытпаймыз – дедік қой. Өлгендерді ұмытпау да – Бұл күнде Қолдан сирек келетұғын ерлік қой! Біз айтармыз – Сені ғажап ақын – деп, Айтпап едік – Енді айтуға батыл көп. «Мəңгілікке барар жолдың үстінде Жұмекен де Кетіп бара жатыр!» – деп. ЖАС АҚЫНДАРҒА Асқар таудан еріген Биылғы қардың суындай, Бұлт шашынан төгілген Жас жаңбырдың буындай. Жаңа таңда оянған Жаңа күннің көркіндей, Жай отынан жаралған Жас «Жігердің» сертіндей. Жақсы кепсің, достарым, Астанаға жыр артып, Жауқазындай жас қауым, Біз қараймыз құмартып.

Көріктерің тамаша-ау, Сарайларың саңғырлақ, Жүрек жалын, жан асау Жүген тимес арғымақ. Сезім адал, ой таза Шапшып аққан бұлақтай, Кеудең ашық дарбаза Керуен өткен тұрақтай. «Мынау жастық жырлары, Мынау дастан қат-қабат, Мынау əндер жинағы, Мынау кəдімгі махаббат!» Тең-тең жүктей саралап, Тастапсыңдар үйіп-ақ, Біз келеміз аралап, Үлгіруің қиын-ақ. Сендерменен бақытты Алдағы ұлы мерекең, Қуатты елдің шабытты Ақындары бар екен. Сөз сендерге берілді, Енді қарап тұрмаңдар, Мынау жайсаң өмірді Бейбіт күнді жырлаңдар! Ал мен солай жырды аштым, Бойынан саулап шың-тастың Рухымызды жаңғыртып Жуып өтсін бір тасқын.

ЖЕҢІСТІҢ ҚЫРЫҚ ЖЫЛДЫҒЫНА Қырық жыл – менің өлең жазғаныма. Салюттің аспан тілген маздағында Кеудеме қуаныштан құйылды оттар Жүрегім жарылып кете жаздады да. Ұрпақтың аман қалған бірі болып, Өмірдің құлақ тостым саздарына. Содан соң құйылды жыр тұла бойдан, Жалған сөз жазбадым мен бірақ ойдан, Соғыстың дүниені отап барып, Сəтінде қақап келіп тына қойған, Ақындық ащы даусым кетті ашылып, Халық боп «уралаған» сол айғайдан. Қырық жыл содан бері тынбадым мен, Əр алуан, əр көлемде жырларыммен Келемін ақ қағазға түсірумен Жосылған жойқын соғыс жолдарын мен. Қыруар өлеңдерге жүрек куə, Мүжілген мүйіз саусақ қолдарыммен. Солардың басын қоссам шын ұқыптап, Болар ед қол көтермес ұлы кітап, Соғысқа он үш жаста кеткен кіріп, Айырылып балалықтан біздің ұрпақ, Ол күнді ақын болса жазбай қайтсын, Төгілген төбесінен мұзды бұршақ. Сондықтан сол дəуреннің азасы бар – Нəрсе емес бірақ күнде жаза салар. Ақынға ойда жоқта ол тақырып, Белгісіз жазда соғар, күзде соғар. Қақ жарып көкіректі туар бір сəт Көлбеңдеп көз алдыңда іздесе олар.

Жыр жазбан апыр-топыр тойға əзірлеп, «Өзгені өлеңдетпей қой, кəзір!» – деп, Қазақтың сол дүние ойранында Еліне оралмаған сабазы – көп. Солардың аруағын ардақтаған Жыр қостым ұлы тойға байғазым – деп. Май, 1985 ЖҮЗ ҚОҢЫРАУ Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин тұрғыздырған мектепке жүз жыл Кел, балалар! Академиктер, ғалымдар! Дəл бүгінгі далаға біткен дарындар! Қолдарыңды Қостанайға созыңдар, Қол жетпесе – аяқ жетер – өзің бар, Алтынсарин мектебінің басына Бұл сағатта жүз қоңырау тағыңдар! Тағыңдар да жер жаңғыртып қағыңдар! Осынау мектеп – бар мектептің көкесі. Жүз жыл бұрын көтерілген өркеші. Жүз жыл бұрын қоңырауға сол қаққан Жалт қараған бүкіл қазақ өлкесі. Содан бастап дар ете қап сөгілген Қараңғылықтың қалың шуда көрпесі. Сонда оянған балалардың даусымен Күн сағынған, нұр сағынған жер төсі! Барлық оқу орындары! Орындарыңнан тұрыңдар! Оған арнап жалау байлап шығыңдар!

Оған арнап айтылмаған алғыс пен Оған арнап жазылмаған жырың бар. Келе жатыр жүз жасаған сол анаң, Барлық мектеп! Орындарыңнан тұрыңдар! Ұстаз келсе – тұратұғын шəкірттей! Үлкен сабақ басталады бүгін дəл! Ыбырайдың өзі сабақ беретін! Ұлы Диқан – білім ұрық себетін. Сепкен дəні кəзір қаулап кететін Ол халқының топырағына сенетін. Болашақтың сарайына кіргендей Ол осы үйдің қақпасынан енетін. Мəңгі мектеп, сен алғашқы кемесің. Қара мұхитқа жалғыз сапар шегетін. Сол тереңнен мықты тамыр тартып ап, Талай шынар тұрды көкте жарқырап, Талай талант – мақтанышы халықтың Ел арманын, ел үмітін артып ап, Бақыт үшін күрестерде бас тіккен, Астарында арғымақтар арқырап, Бастарында азаттық ту желбіреп, Жолдарында жанып-жайнап бар шырақ Талай шəкірт енді кəзір ел баптап, Жердің үстін алтын теңіз дəн қаптап, Жер астынан жез бен темір суырған, Сол баяғы саған берген антты ақтап, Көк ғарышқа күнде балаң ұшады Арманындай айшылықты алты аттап, Соның бəрі ғажап өмір кешеді Сенің асыл босағаңды ардақтап!

Жүз, қоңырау! Кəне, сыңғыр қағыңдар! Жаңғырыңдар, жер шетіне барыңдар! Ыбырайдың ескерткішін қоршалап, Кəне, қаздай тізіліңдер, балғындар! Көкірегінде шамнан шырақ жағылған, Барлық туыс, бақытты ұрпақ бауырлар, Кəне, қаптап кіріңдерші класқа, Мəңгі мектеп бəріңді де қабылдар! ЖƏНИЯ ƏУБƏКІРОВАҒА Күй жосиды бүкіл залды толтырып... Көз алдында көк омырау көл тұнып. Су бетінде қозғалады қос аққу, Дүниеге сəн орнатып сəл тұрып. Одан əрі көп жанардан жасқанып, Бұл дəуреннің шолақтығын еске алып, Кетеді Айдың сəулесімен тоғысып, Айтып бізге – «Қайырлы күн, кеш жарық». Əлгі аққудың сыңарындай адасқан, Ақ көйлекке қара шашы жарасқан. Бір қыз сонда шыға келер иіліп Сахнаның пердесінен жаңа ашқан. Моцарт, Шопен, Бетховенді, Шубертпен Саусағының ұшыменен тірілткен. Кіп-кішкентай қызына осы қазақтың Бүкіл Париж қолын соғып дүрліккен. Басылмайды бірнеше күн дуылдап, Тік биіктен құлағандай мың бұлақ, Көппен бірге шақырады қызды ұзақ

Фортепьяно өз-өзінен сыңғырап... Ал бұл жақта, Алматыда бір ана Теледидар алдына кеп тұр жылап. ҮМІТ-ДҮНИЕ Жылдар, жылдар – Қанатындай аққудың, Жылдар, жылдар, – Қиялындай ақынның – Зырлайсыңдар, Алдайсыңдар, ақырын, – Алданбауға Жетпес менің ақылым. Үміт-дүние, Бұрғызбайсың бетімді, Есептеуге Кеткен істі не түрлі. Арттағының Бəрі ұмыт секілді, Алдағының бəрі қызық секілді. Өмір-дария, Өткелі жоқ, кешпе жоқ, Өтемін – деп, Өшетінің есте жоқ, Сылдыраған су секілді Дүние-ай, Бəрі солай – Түсте көрген кеште жоқ. Жаңа жылдан Жақсылықты дəметіп, Қарсы аламыз

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙