TELEGEI

Home

Әріп ақын

Бауыржан Ердембеков

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Әріп ақын

Бауыржан Ердембеков - «Әріп ақын» шығармасы.

КІРІСПЕ

Бүгінгі биіктен төл әдебиетіміздің тарихына көз тоқтатар болсақ, уақыт сілемі алыстаған сайын асқақтай түсер ұлы тұлғалар бейнесі төбе-төбе болып көзге шалынады. Өз заманының саңлағы атанып, туған халқының атын әлемге әйгілеген ұлылар болашақ буынның ұранына айналып, күннен-күнге даңқы артып, үркердей жарқырай түспегі хақ. Ұлылық пен ізгілік қатар дарыған қасиетті қазақ топырағы да осындай ренессанстық тұлғалардан кенде емес. Мәселен, Орта ғасыр, қазақ халқына Ахмет Иассауи әлемімен танымал болса, XV ғасыр әдебиетін Асанқайғы атымен атаймыз. XVІІІ ғасырыңыз буырқанған Бұхар жырымен өрілсе, өткен ғасырдың аяғы – қазақ поэзиясының шыңы – ұлы Абай дәуірі екеніне еш таласыңыз жоқ... Тарихымызды тыңнан толғап, туған әдебиет төріне бүгінгі биіктен қарасақ, ұлттық болмысы мен мәдени дамуы түбірлі өзгерістерге толы екі ғасыр тоғысында өмір сүрген, ұлы Абайдай поэзия Алатауының асқаралы шәкірттерінің бірі, қазақ әдебиеті тарихының өзіндік бір биігі – Әріп Тәңірбергенұлының әдеби мұрасы жаңаша пайымдаулар тұрғысынан жан-жақты, терең зерттеуді қажетсінеді. Абай – өзінен кейінгі қазақ поэзиясының бағытын айқындар темірқазығына айналған ұлы құбылыс... Қоғамдағы түбегейлі бетбұрыстар ұғым-түсінігімізге құрсау болып келген кешегі кеңестік идеологияның торын үзіп, рухани өрісімізге тың серпіліс әкелгеніне де біраз уақыт болды. Сондықтан да кешегі тарихымызға, әдебиет пен мәдениетімізге дәл қазіргі күн көмбесінен үңілгенде байқайтынымыз, қазақ әдебиетінің тарихын жаңаша тұжырымдау – өскелең уақыт талабы. Кеңестік идеология келмеске кетіп, елдік тізгін өз қолымызға тиген тап қазіргі шақ қазақ әдебиеттану ғылымына қыруар міндеттер артып отырғаны сөзсіз. Қоғамдық бетбұрыстар әдебиеттану ғылымының даму процесін жаңа бір бағытқа бұрды. Әдебиет әлемінде аз уақытта атқарылған істер қазақ әдебиеттану ғылымын ақтаңдақ беттерден арылтуға бет алды. Әдебиетімізге қайта оралған ұлы тұлғалармен қатар, кешегі тәжіке-таластардан тұралап қалған Абайдың ақындық мектебі еңсесін түзеп, керегесін бүтіндеуде. Абай балалары – Ақылбай, Мағауия, Тұрағұлдардың мұралары өз бағасын алып, Көкбай, Шәкәрім сынды шәкірттерінің шығармалары енді-енді көпшілік кәдесіне жаратылуда. Алайда батпандап кірген індетті әдебиет бетінен бір күнде сылып тастау мүмкін емес. Сондықтан да ғалым Т. Кәкішұлының сөзімен айтсақ: «...адамзат тарихында айрықша кезең есептелетін XX ғасыр қазақтың рухани мәдениетіне әкелген олжаларды жаңаша пайымдайтын уақыт келді, туды. Оны жасамасақ, ескі сараппен тарта берсек ел-жұрт алдында күнәһар боламыз» [1]. Қазақ әдебиеті тарихында XІX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы өкілдерінің қатарынан орын алып келгенімен, Абайдың талантты шәкірті ретінде танылуы бертінге дейін көлегейленіп келген Әріп Тәңірбергенұлы тұлғасын жаңа тұғырдан танып, ақын мұрасының зерттелу ауқымын кемелдендіре түсудің кезі келгендей. Ұлы Абай мұрасына ғұмырын арнаған Мұхтар Әуезов кезінде «қоғамға жат» саналып, жарыққа шықпай қалған «Көкбайдың ақындығы» деген мақаласында Тәңірбергенұлы турасында алғаш боп мынандай пікір білдіреді: «Абай мектебінің ақындарын айтқанда сол «Абай шәкірті» деген атаққа лайығы бар тағы бір топ ақындар жайын әзірге жазғанымыз жоқ. Бұл қатарда алдымен аталатын Әріп ақын мен Әсет сияқты әдебиет, көркемөнер қайраткерлері бар екені даусыз... Бұл жерде, мысалы, Әріптің Көкбайға ұқсаған және одан гөрі де молырақ, таланттырақ шығармалар тудырған бағалы еңбектері бар екенін білеміз» [2.117], – дейді. Әріптің ақындық қуатын алғаш танытып, ақын мұрасының кейінгі зерттелуіне тікелей қозғау салған қысқа ғана ой ұшығының келешекте кеңейіп, ғылыми түрде өрістеуіне уақыт қыспағы ырық бермеді... Осы арада біз Ә. Тәңірбергенұлы өмірі мен шығармашылығының әлі де жете зерттелмей, ғылыми тұрғыда өз орнын таппай келуінің бірнеше себептерін айта кетейік. Біріншіден, абайтану мен Абайдың ақындық мектебін солақай таным тұрғысынан таныған сол уақыттың әдеби көзқарасы. Екіншіден, ақынның социалистік қоғамға жат шығармалар жазуы (әсіресе дүниетанымдық мәндегі поэзиясы). Үшіншіден, Әріптің төңкеріске дейінгі патша шенеуніктерімен бірге бірнеше жерде тілмаштық қызметте және болыстың хатшысы сияқты қоғамдық жұмыстар атқаруы, ол аз десеңіз төңкерістен кейін кеңес өкіметі тұсында «істі болған күдікті» өмірі. Ең соңында, тіпті «Әріп Абайды ұстаз көрмеген, Абайға қарсы болған» [3], – деп Абай мен Әріп арасындағы өнерге тән өлең қақтығыстарын өршіткен кереғар пікірлер еді. Ғасыр аралығындағы әдебиет өкілдерінің бір тобы «діншіл, ескішіл» деген айдарға иеленіп келсе, ағартушы-демократтық бағыттағы екінші бір топ ақындарының өзі саяси идеология талғамына қарай тұрпайы сүзгіден өтіп, әдеби мұралары біржақты танылып келді. Кеңестік идеология стандартына сай өлең-жырлары аса дәріптеліп, ол талғамға келмейтін мұралары бүркемеленіп, реті келсе, сын тезіне алынып келген ақын – Ә. Тәңірбергенұлы болатын. Абай мектебіне көзқарас өзгерген шақта, Әріптің атын әдебиет тарихында төмендетпей ұстап қалған оның төңкеріс ұранын қолдаған және Ленин туралы өлеңдері екенін жасырмауымыз керек. Қайта ғалым С. Қирабаев айтқандай: «Қазақ халқының төңкеріс кезіндегі ізденістері де, осыны жырлаған ақындар да өз болмысының бар шындығымен, қайшылығымен тиісті бағасын алғаны жөн» [4]. Сол кезде Алладан алыстап тұрған заман талабы ақынның жалпы болмыс, діннен мәселесі жайындағы дүниетанымдық мәні бар терең философиялық туындыларына қырбайлық танытты. Әлеуметтік тақырыптағы өлеңдерінің өзі тарихы жете танылып, тамыры қазылмай, сол уақыттың ығына жығыла талданып, қоғам заңына икемделе берді. «Шығыстық сарын» дегеннен бойымызды аулақ ұстаған тәлім-түсінігіміз ақынның шығыстық үлгідегі қисса-дастандарынан бейхабар етіп келді. Әріптің артында қалған мол мұрасының 1969 жылы ғана шағын жинақ («Ұмытпаңыздар мені») болып бізге жетуінен-ақ, ақын шығармашылығы зерттелу, жариялану аясының тым жұтаңдық тартып жатқанын байқау қиын емес. Осының бәрі – Әріп Тәңірбергенұлы тұлғасының қазақ әдебиеті тарихында жан-жақты бағасын ала алмауының айқын көрінісін сипаттайтын дүниелер. Ендеше, әлі де толыққанды зерттелмей келе жатқан Әріп Тәңірбергенұлы мұрасын дәл бүгінгі күн талап тұрғысынан тану – Абайдың ақындық мектебі аталатын әдеби концепцияны кемелдендіре түсіп, бұдан бір ғасыр бұрынғы әдебиетіміздің тарихына жаңа бір серпін әкелу деген сөз.

ӘРІП ТӘҢІРБЕРГЕНҰЛЫ МҰРАСЫНЫҢ

ЗЕРТТЕЛУ ЖАЙЫ

Ә. Тәңірбергенұлы туындылары сонау XІX ғасырдың екінші жартысында Қазан қаласында жарық көре бастағаны белгілі. Дәлірек айтсақ, ақынның шығыстық сюжетке құрылған қисса-дастандары «Қожа Рафан», «Қисса Таһир», «Қисса Зияда-Шаһмұрат», «Қисса Баһрам» Қазан қаласының әртүрлі басылымдарында жаңғыра басылып отырды. Негізінен, ақынның көзі тірісінде баспа бетін көрген туындылары осылар ғана. Тек, сол кездегі «Дала уалаятының газетінен» мынандай хабарлама кездестірдік: «Киргизам Семипалатинского уезда Арипу Танирбергенову и Иманбазару Казангапову. Ваши стихотворения не могут быть напечатаны» [5], – деп шолақ қайырылған жауаптан Әріптің аталмыш газетке 1890 жылы өз өлеңдерін жіберіп, оны патша үкіметінің қарауындағы ресми газет баспағаны айқындалып отыр. Әріппен бірге аты аталып отырған И. Қазанғапов – зерттеуші Мұхамедханов Абайдың ақын шәкірттері катарына қосқан, Әріптің жерлес, сыйлас адамы. Өзінің інісі іспетті Иманбазарды Әріп бір өлеңінде:

Әркім мақтап айтпайды Қазанқапты, Қазанқап хақ жолында иман тапты. Аман Қынаш - бір түйте кездік еді. Кездіктен қанжар таудың алтын сапты [6.149], – деп ерекше бағалаған. Иманбазар бұған дейін де осы газетке өлеңдерін жіберіп, оған газет тарапынан қырғи-қабақтық танытылған болатын [7]. Бұдан кейінгі Әріп екеуі жіберген өлеңдерге ашық түрде қарсылық танытудың мәні, бұл өлеңдердің үкімет газетінің көңілінен шықпағанын сездіреді. Алғашқы әрекетінен-ақ осындай тосқауылға ұшырап, баспасөз беттерінен қағажу көрген Әріп өз өлендерін баспа бетіне жариялауға қайта әрекет етпегенге ұқсайды.

Ал ақынның қолжазбалары бізге жеткен жоқ. Әріп өлеңдерінің жариялануы тек төңкерістен кейін, кеңес дәуірінің тұсында ғана қарқын ала бастады. Қоғамымыздың әдеби-мәдени дамуы кеңестік идеология ықпалына жығылды. «Кедейге қамқоршы» атанған кеңестік үкіметке көп кешікпей таптық мүддені жарнама етер жаңаша жырлар қажет болды. Міне осы кезде көптеген «социалистік» туындылармен қоса 1927 жылдары Ә.Тәңірбергенұлының «Париж коммунасы» [8], «Ленин жолдас» [9] деген өлеңдері кеңес дәуіріне ақын атын танытқан алғашқы туындылары болып басылған-ды. Сол кездегі қоғам талабын тұшындырарлық деген ақын өлеңдері республикалық, облыстық баспасөз беттерінде дүркін-дүркін басылып тұрды. 1936 жылы «Ленин өлгенде», «Балаларыма» деген өлеңдері жарияланса [10], осы Ленинге арналған бір өлеңі «Ленин, как снежные горы высок» деген атпен орысшаға аударылып, 1937 жылы «Творчество народов СССР» жинағына енді. Осы жылдан бастап бұл өлең орыс орта мектептерінің 10-сынып әдебиет хрестоматиясына енгізілді [11]. Сондай-ақ, «Ленин өлгенде», «Ғылым туралы» өлеңдері 1940 жылы Семей облыстық газетінде жарық көрді [12]. Әріп ақын мұрасының зерттелуін сөз еткенде, Абайдың ақындық мектебін айналып өте алмасымыз ақиқат. 1951 жылы М. Әуезовтің жетекшілігімен Қ. Мұхамедханұлы «Абайдың ақындық мектебі» деген тақырыпта каңдидаттық диссертация қорғады. Осы еңбегінде зерттеуші Абайдың талантты шәкірттерінің бірі де, бірегейі ретінде Әріп Тәңірбергенұлы мұрасын алғаш рет ғылыми тұрғыда зерттеуге бастама жасайды. Дегенмен сол кездегі саяси идеология жалауын жамылған нендей әдебиетшілер Абай мектебін «қоғамға жат, ұлтшыл топ» деп қаралап, оны жасаушы Әуезов мен Мұхамедханұлының өшіге іздеріне түседі. Сөйтіп, Мұхтар мен Қайым жаққан Абай мектебінің шырағы жанбай жатып тұмшаланды, ал Әріп сынды Абай шәкіртінің туындылары тәлкекке түсті. Бүгінгі зерттеушілеріміздің: «Следует отметить, что поэтическая школа Абая (Акылбай, Магауия, Арип Танирбергенов, Асет Найман-баев, Кокбай Жанатаев, Уаис Шондыбаев, Нарманбет Орманбетов) мало известна широкому кругу читателей, литератураведы Казахстана только теперь получили возможность всесторонне исследовать творчество ее представителей» [13.201], – деген қынжылысы Абай мектебіне келген кесапаттың оның өкілдеріне қаншалықты кесірін тигізгенін айқын аңғартып-ақ тұр. Алайда уақыт – емші. Елу бірдің бұлты Әріп есімін қанша бүркегенімен, ақынның өлмес мұрасы ел есінен өшкен жоқ. 1959 жылы «XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» [14] хрестоматиясына Әріптің «Қалың мал туралы», «Тәуірбек болысқа», «Кәрілікке», «Өлерінде айтқаны» деген өлеңдері енсе, 1963 жылғы «XX ғасыр басындағы қазақ ақындарының шығармалары» [15] кітабына ақынның жиырма шақты өлеңі басылған. Кітаптың соңында басқа ақындармен қатар Ә. Тәңірбергенұлының басылып шыққан шығармаларының тізімі, ол туралы жазылған зерттеу еңбектері мен мақалалардың көрсеткіші және ақынның кейбір өлеңдеріне, ондағы түсініксіз сөздерге түсініктеме берілген. Бұл ақын шығармаларының жарияланудағы ғылымилықтың артқандығын айқындайды. 1962 жылы Ө. Есназаровтың «XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті тарихын зерттеудің кейбір мәселелері» [16] деген атпен кандидаттық диссертациясы қорғалды. Осы еңбектің көлемді бөлігі Әріп Тәңірбергенұлы мұрасын қамтып, ақынның поэзиясына, сондай-ақ «Зияда-Шаһмұрат», «Қожа Ғафан» дастандарына кеңірек тоқталып, ғылыми талдау жасалған. 1965 жылы «Үш ғасыр жырлайды» [17] жинағына ақынның бірсыпыра өлеңдері енсе, 1969 жылы Ө. Есназаровтың құрасты-руымен Ә. Тәңірбергенұлының «Ұмытпаңыздар мені» [18] деген атпен тұңғыш шығармалар жинағы жарық көрді. Бұл жинақ Әріп мұрасын танудағы алғашқы маңызды қадам еді. Жинаққа ақынның сол уақытқа дейін жинап-терілген өлеңдері, айтыс-қағыстары енген. Ал жоғарыда сөз болған қисса-дастандардың енбеуі үлкен олқылық. Осындай жайттарды байқаған сол кездегі баспасөз беттері: «Ұмытпаңыздар мені» деген атпен тұңғыш шығармалар жинағы басылды... Бұл кітап ақынның барлық әдеби мұрасын тегіс қамтып тұр деп айта алмаймыз» [19], – деген болатын. Араға жылдар салып шығып тұрған «XX ғасыр басындағы ақын-жазушылар шығармаларының» жинақтарына және 1989 жылғы «Бес ғасыр жырлайды» [20] кітабына Тәңірбергенұлы туындыларының үзілмей енгізіліп келуі – ақын мұрасының өміршеңдігін танытар ұлы көрсеткіш. Десек те, ақын қаламынан туған дүние-болмыс, жаратушы Алла жайында толғаған терең философиялық толғамдары, өмір мен өлім туралы астарлы жырлары сол кездегі қоғам қатпарында қалып, көлегейлене берді. Кешелі-берлі ақиқат алауы тұтанып, тоталитаризм тоңының іргесін сөкті. Еліміз еңсесін түзеп, егемендіктің ескегі соққан шақта, жөргегінде тұншыққан Абай мектебі қайта іңгәлады, Қ.Мұхамедхановтың араға 42 жыл салып, 1993 жылы «Абайдың ақын шәкірттері» атты еңбегі көп өзгеріссіз оқырманымен қайта қауышты. Автор еңбегінің үшінші кітабында Ә. Тәңірбергенұлының өмірі мен шығармашылығын ғылыми түрде кеңінен қарастырып, ақынның шығармашылық өмірбаянын жасауға орасан үлес қосады. Әріп мұрасын толықтыра түсерлік бір еңбек – ақынның 140 жылдығына орай шыққан «Ұрпақпен үндесу» жинағы [21]. Шағын жинақта ақынның бұрын баспа бетін көрмеген «Дәл ертең өзгереді бүгінгі күй», «Мырзаларға», «Тәуба», «Ғапылдық қараңғы жол адаспаңдар» өлеңдері және «Ағыбай туралы аңыз», «Біржан-Сара» дастандары, сондай-ақ бүгінгі күні Көкбай Жанатайұлына таңылып жүрген «Абылай-Қандыжап бітімі» поэмасы басылған. Әрине, орталықтан ешқандай ғылыми тұжырым жасалмай, ауыл ақсақал-дарының басшылығымен кітап етіліп басылған бұл туындылар, сөзсіз, тиянақты зерттеуді қажетсінеді... Ақын мұрасын зерттеуде қатпарлы істердің түбі көріне тындырылып тасталмағанымен, игі істің төбесі көрінерлік біршама жетістіктерге қол жетті. Қоғамға келген өзгеріс өткен тарихымыз бен мәдениетімізге, әдебиетімізге қайырыла қарауға мүмкіндік әперді. Ақиқатымыз айқындалып, өлмес мұраларымыздың мұратын айрықша тану сәті енді туғанда, Тәңірбергенұлы сынды майталман ақын мұрасын жаңғырта қарап, түлете түгендеу – ақын аруағы алдындағы борыш, өскелең ұрпақ алдындағы кезек күттірмес парызымыз. Ә. Тәңірбергенұлы және оның шығармалары жайында алғашқы көзқарастар сонау XІX ғасырдың аяғында-ақ көрініс берді. Олай дейтініміз, ол кезде авторы Әріп екендігі әлі бекімегенмен, «Қожа Ғафан» қиссасы жайында пікірлер баспасөзде орын алды. 1876 жылғы «Түркістан уалаяты» газетінің 29 санында «Қисса-и Қожа Ғаффан Уә һәм Сағидуақас» деген кітап қазақ тілінде басылып шыққан екен» деген мақала басылды. Осы мақалада қисса тіліне назар аударған автор: «...Тегі қазақ тілінде жазылғаны рас, көшіргенде бір ноғайдың қолына түсіп, со ноғай бұзып, ноғайша қылып жазып шығарған деп ойлаймыз. Ноғай болғанда да Қазан ноғайының тіліне ұқсамайды, Тобыл ноғайының тіліне келіңкірейді» [22], – деп қисса тілінің шұбарлығын автордан алшақ әкетеді. Мақаланың құндылығы сол – аталмыш мақала кітап жайында қағылған қазақ сынының алғашқы сынасы еді. Ресми-баспасөздік сипатта болмағанымен, осындай сын ұшығын біз Абайдың өз шәкірттеріне арнаған «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңінен де кездестіреміз... Әріптің «Зияда-Шаһмұрат» дастанына қатысты айтылған сол кездегі пікірлерге тоқталған шығыстанушы-ғалым У. Субханбердина: «Жырдың 1896 жылғы басылымы туралы белгілі шығыстанушы ғалым Н.Ф. Катанов «Деятель» журналында жарияланған мақаласында жақсы ой-пікірлер білдірген. Ол жырдың қысқаша мазмұнын бере отырып, онда араб-парсы, татар сөздерімен қатар «фонарь», «пуд» сияқты орыс сөздері де кездесетінін атап айтқан. Кітаптың бұл басылымы он мың тиражбен тарағанын хабарлаған» [23.7], – деген пікірінен-ақ сол кезде баспа бетін көрген Әріптің қисса-дастандары көзі ашық қауымды, әсіресе орыстың шығыстанушыларын елеңдеткен елеулі дүниелер екенін байқауға болады. Ақын мұрасы жайында негізгі пікірлер төңкерістен кейін көрініс бере бастады. Ә. Тәңірбергенұлы есімін кезінде «сыбырлай айтқан» Абайдың ақындық мектебі атауынан бөле қарау мүмкін емес. Жалпы Абай мектебінің уығын қадап, шаңырағын көтерген – Мұхтар Әуезов. Бұл жайында Қ. Мұхамедханұлы: «Мұхтар Абай жөніндегі ең қызықты, ең соны және әдебиеттік-прогрестік ретіндегі ірі мәселе Абайдың ақын шәкірттері», – деп 1918 жылдан бастап айтып та, жазып та келді» [24], – дейді. 1936 жылдың ІІ қыркүйегіндегі «Социалистік Қазақстан» газетінде ақынның екі өлеңімен бірге 37-нің құрбаны болған Тұрлыхан Қасенұлының «Әріп ақын» атты мақаласы басылды. Бұл Тәңірбергенұлы мұрасына арналған алғашқы біртұтас еңбек еді. Ақын шығармашылығы зерттелуінің сүрлеуі боп табылатын мақалада зерттеуші өлең тақырыбына тоқтала келе: «Әріп өлеңін – жек көргенін жамандап, жақсы көргенін мақтау жолына көбірек жұмсаған... Әріп өз заманында ру бастығы адам болғандықтан, руының жоғары болуын өзіне міндет санайды», – деп, оның рубасы Құнанбайды жақтай сөйлеген сөз қағыстарынан мысал да келтіреді. «Әріп, Көкбай бәрі де Абай тұстас, Абайдың тұсында болған ақындар. Бұл екеуі де Абайды өздерінің мұғалімі есебінде есептеп, Абайдан тәлім-тәрбие алуға ыждаһат еткен» [25], – дей келіп, ұлы ұстаз Абай мен шәкірт Әріп арасындағы өлең сынына түсінік береді. Әрине, аталмыш мақала төңкерістен кейін әлі етек-жеңін жиып үлгермеген тоталитарлық жүйенің балаң шағында жарияланып қалды. Араға аз уақыт салып бұл сарындас мақалалар кеңестік танымның таразысына тартылып, ызғарына шалынды. Әріп мұрасы хақында жазылған еңбектердің бірінде: «Әріп Тәңірбергенов жайында жоғарыда аталған сын мақалалар мен очерктерден басқа, оның шығармашылығын ғылыми шындық тұрғысынан емес, қалай болса солай, жөнді-жоқсыз мақалалар да жазылды (Автор Т.Н. «Әріп ақын»; Соц. Каз. 1936, ІІ қыркүйек, «Семей әдебиетшілері», Соц. Қаз. 1947, тамыз мақалаларын көрсеткен – Б.Е.). Осындай мақалалардың авторлары ақын өмірінің шындығына, шығарманың маңызына үңілмеді. Оны әдеби еңбегіне қарай емес, бір кездегі атқарған қызмет орнына қарай бағаламақ болды» [16.88], – деп баға берді. Ақын мұрасының нағыз шынайы бейнесін берер осындай мақалалар таптық таным тұрғысынан өрескел сындарға ұшырап жатты. Ақиқатына келсек, жоғарыдағы мақала авторы – Т. Қасенұлының ақын мұрасын зерттеп жинау барысында Тәңірбергенұлының он жеті өлең-айтыстарын жинап, жиналған туындыларға түсініктер жазып, «Әріп Тәңірбергенұлының өмірі мен өлеңдері» атты [26] қалың қолжазбаны Ғылым академиясының қолжазбалар қорына тапсырған ерен еңбегін ескерсек, бұл мақаланың қаншалықты іздену мен зерттеу нәтижесінің тезистік тұрғыдағы ғана көрініс екенін байқау қиынға соқпайды. Демек, М. Әуезов көтерген Абай мектебінің көрнекті шәкірті Әріп мұрасын тұңғыш жинап, бастама жасаған Т. Қасенұлы деп танығанымыз жөн. Абайдың ақындық мектебімен тағдыры тамырлас ғалым Қ. Мұхамедханұлы – Тұрлыханның алдынан сабақ алған шәкірті. Олай болса, Мұхамедханұлының Әріп ақын мұрасын зерттеуге ұстазының мұрындық болғанын жоққа шығара алмаймыз. 30-40 жылдардың ішінде      Әріп      мұрасына      байланысты Мұхамедханұлы [27], Ж. Жұмаханов [28], [29], [30], Ж. Тілеков [31], Н. Баймұратовтардың [32] мақалалары жарық көрді. Бұл авторлар, негізінен, Әріптің өмірі мен шығармашылығына шола тоқталып, ақын туындыларының тақырыптық-идеялық мәнін ашуға тырысады. Ақынның «Зияда-Шаһмұрат», аудармалары Пушкиннен – «Евгений Онегин» поэмасы, Лермонтовтан – «Ақынның өлімі» өлеңі және «Біржан-Сара айтысы» сөз болады. Мақалалар сарыны уақыт талабынан да ұзай алмады. Әріптің ақындық өнерінің биігі ретінде Ленин туралы жазылған өлеңдері танылып, осы туындыларға баса назар аударылды. Тек Мұхамедханұлы мақалаларында Әріп мұрасы хақында көбіне ешкім айтпаған, ешкім шешпеген беймәлім дүниелер сөз болды. Автор «Абайдың әдебиет мектебі» деген мақаласында Абай шәкірттерін төрт топқа бөледі. Бірінші – Еуропа ақындарының үлгісімен терең сезімді махаббат, өршіл сарынды уақиғалы дастандар, жазушылар, екінші – көңіл күй төңірегіндегі қысқа өлең, аударма, қара сөз ұстанушылар, үшінші – қазақ өмірінен тарихи өлең жырлар жазып, айтыс өнерін өрбітіп, суырып салма өлеңдер туғызушылар, төртінші – өлеңінің тірегі әзіл-мысқыл боп қалыптасқандар. Мұхамедханұлы Әріп, Көкбай сынды шәкірттерді үшінші топқа жатқыза келіп: «Абай шәкірттерінің ішінде, ауыз әдебиетіне, айтыс өнеріне шебер жүйріктері Көкбай, Әріптер болды... Бұл екеуінің айтыстағы өнері де өзгеше. Бұрынғы халық ақындарының айтысынан сонағұрлым жоғары, қисынды, көркем болып келеді» [33], – деп Әріптің айтыс өнеріндегі ақындық қасиетін даралай түседі. Елуінші жылдары Әріп мұрасының зерттелу аясы ауқымдала түсті. Мұхтардың жетекшілігімен «Абайдың ақындық мектебі» концепциясы кең түрде зерттеліп, жүйелі қалыпқа енгізіліп, 1951 жылы Қ. Мұхамедханұлының «Абайдың ақындық мектебі туралы» кандидаттық диссертациясы үлкен тартыспен қорғалғаны белгілі. Абайтану тарихының сүбелі саласы ғылыми тұрғыда дәлелденіп, Ә. Тәңірбергенұлының өмірі мен шығармашылығы мейлінше кеңінен зерттелді. Бірақ қоғамға бағынған әдеби орта енді шарықтай бастаған Әріп сияқты Абай шәкірттерінің шығармашылығына шырға тастауын тоқтатқан жоқ. Оның айғағы – 1951 жылы 15 маусымда Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және Әдебиет институты мен Қазақстан Совет Жазушылар Одағы бірлесіп өткізген «Абайдың әдеби мұрасы» мәселесін талқылауға арналған ғылыми айтыс. Осы әдеби жиылыстың қаулысындай С. Мұқановтың «Абай шәкірттері туралы» деген аты шулы мақаласы жарық көрді. Абай айналасындағы ақындарды шетінен қаралады. Шәкәрім, Тұрағұлдарды «халық жауы», Ақылбай, Мағауия, Көкбайларды «пантюркист, ұлтшыл ақындар» деп, ешқайсысынан ілуге тұрарлық нышан таба алмаған ол Ә. Тәңірбергенұлы мұрасы хақында былай деді: «...Біз Әріппен таныспақ боп, жиналған шығармаларын түгел оқып шықтық. ...Әріп шығармаларындағы негізгі сарын ескішілдік. Дүниелік темаға арналған өлеңдерінің Көкбай өлеңдерінен еш айырмасы жоқ (Автор Көкбай өлеңдерін саяси беті теріс, шығармалары залалды деп баға берген болатын – Б.Е.) Алпыс сегіз жыл жасап, сол жастағы шығармаларын түгелге жақын діншілдік пен ескі сарынға арнаған Әріп Советтік Қазақстанда төрт жыл жасағанда, жаңа ауылдың өміріне бір ауыз өлең неге арнамаған? Осындай кертартпа ақынның аузынан өлер алдында ғана Ленин туралы екі өлең қалай шыққан?» [35], – деген социалистік идеология астарынан қараған ғалымдарымыздың бағасы – ақын мұрасына қиянат, Абайдың ұстаздық құдіретіне жасалған қастандықпен барабар еді. Осы жылдарда Абай мектебін қаралаған пікірлер қаптап кетті. Соның бірі – Тұрғанбаев деген: «Әсет пен Әріп хат таныған, сауатты болса да, поэзияда ру тартысы көлеміндегі импровизатор ақындар шарқында қалған... Әріптің Найман мен Тобықты арасындағы ру тартысымен байланысты айтқандары кейінгі жазғандарын ақтап ала алмайды. Бұлар Абай маңында болғанмен, оның ақындық дәстүрін творчестволық жолмен меңгере алмады» [36], – деген тұрпайы тұжырым жасады. Ал сол кездегі ғылыми еңбектер: «Әдетте, Абайдың ақындық мектебін зерттеушілер көбінесе Абай ауылынан, Көкбайлардан ұзап шықпай жүр. Біздіңше, қазақ поэзиясында аты белгілі, ірі ақындардың Абай мектебінен өтпегені жоқ» [37, 65], – деп Абай шәкірттерін тануда шындықтан алыс тұжырымдар жасады. Сонымен қоғам күрзісі, кезінде М. Әуезов іргетасын қалаған Абай мектебінің шаңырағын ортасына түсірді. Қ. Мұхамедханұлының «Абайдың әдеби мектебі туралы» еңбегі саяси зиянды болып, автордың өзі «итжеккенге» айдалды. Алайда Абай мектебі, оның ішінде Әріптей шәкірт мұрасы тарихтан мүлде жойылып кеткен жоқ. Елуінші жылдардың аяғында ақын мұрасының зерттелуі Бейсенбай Кенжебаевтың есімімен тығыз байланысты. Ғалымның сол уақытта жазылған «Әріп Тәңірбергенов» атты қомақты мақаласы ақын мұрасы төңірегіндегі «ызғарды» ығыстырарлық дүние еді. Әріптің жүз жылдығына арналған аталмыш мақала, сол кездегі ақынның Ленин турасындағы туындыларын жер-көкке сыйғызбай мақтап ала жөнелетін стандарттық сипаттардан ада, ақын өмірі мен шығармашылығының біршама жұмбақ тұстарын ашып, көркем туындыларға тың талдаулар беруімен құнды еді. Автор ақынның ұстанған бағытын айқындай келе, оның ақындық бастауының негізі болған қисса-дастандарына тоқталып, мазмұндық-идеялық және көркемдік жақтарына талдаулар береді. Осы мақаласы жылдар өте тың деректермен толықтырылып, автордың «Қазақ халқының XX ғасыр басындағы демократ-жазушылары» [39, 198-220] кітабына жеке тарау етіп енгізілген-ді. Б. Кенжебаевтың бұл кітабына байланысты Т. Кәкішұлының «Әдебиеттануға қосылған үлес» деген атпен сын-мақаласы жарық көрді. Т. Кәкішұлы кітаптың Ә. Тәңірбергенұлы тарауына байланысты мынандай пікір қорытады: «Автордың баяндауларына қарағанда Әріп жазба әдебиеттің өкілі ме екен? – деген күдікті сұрақ туады. Оның үстіне Әріптікі деп айтылып келген «Біржан мен Сараның айтысы» сияқты керемет ақындық туындының өзі даулы проблемаға айналып кеткен. Сол сияқты «Қисса Зияда-Шамырат», «Қожа Ғаффан мен Садуақас» деген шығармалар да әлі тиянақты зерттеуді керексінеді», – деп ақын шығармаларының зерттелу зәрулігін тілге тиек ете келіп: «...ақынның революциядан кейінгі «Ленин», «Еңбекшілердің көсемі – Ленин», «Париж коммунасы» туралы өлеңдері ол «совет ақыны болып өлді» деген тұжырымға дәлел бола алмайды... Біздіңше, автор Ә. Тәңірбергенұлының совет ақындығынан гөрі, ағартушы-демократтығын айтқаны жақсы еді» [40], – деген салмақты сын айтады. Алпысыншы жылдары Әріп мұрасын зерттеуге қомақты үлес қосқан Ө. Есназаров ақын шығармаларының тақырыбын топтай келіп, өлеңдерін төртке жіктеді [41]. Зерттеуші тарапынан ақын өмірі тарихи деректермен толығып, кемелдене түсті [42]. Ақынның әлеуметтік тақырыптағы өлеңдері жан-жақты, кеңінен зерттелді [43]. Ө. Есназаров кандидаттық диссертациясының көлемді бөлігін Әріптің өмірі мен шығармашылығына арнап, ақын мұрасын: Әріптің өмірі мен шығармашылық бастаулары, өлеңдері, айтыстағы орны, кеңес дәуіріндегі шығармалары және ақын өлеңдерінің құрылымдық мәні деген сияқты жүйелі қалыпта қарастырып, Тәңірбергенұлы мұрасының зерттелу нысанасын мейлінше кеңейте түседі. Десек те, ақын мұрасының зерттелуі кемеріне келе қойды дей алмаймыз. Осы жылдары: «Ә. Тәңірбергенұлының әдеби мұрасы соңғы жылдарға дейін тұтас алынып, ғылыми тұрғыдан толық зерттелмеді, ақынның өмірі, дәуірі, шығармалары турасында көбінесе жол-жөнекей үстірт пікірлер айтылып, жеңіл-желпі топшылаулар жасалып келді» [44,26], – деген пікірлер зерттеу жұмысының енді ғана ғылыми қалыпқа түскендігін танытады. Сондай-ақ Ө. Есназаровтың: «Тәңірбергенұлы «Қожа Ғафан», «Нұрғазарұн», «Баһрам», «Алты бармақ» деген қиссалар жазды деген сөз бар, бірақ бұлар әзірге табылған жоқ және олардың басылған, басылмағаны да белгісіз» [18.8], – деген пікірі ақын мұрасының зерттеу зәрулігін байқатады. Ал ақынның дүниелік темаға жазған өлеңдерін сол кезде: «...ақын көзқарасының өрісі тарлығы, өмірге материалистік тұрғыдан қарауға көтеріле алмағандығы, өзі өмір сүрген заманның, әлеуметтік ортаның шеңберінде қалғандығы деп тануымыз керек» [44.162], – деген уақыт тезіне салды. Осындай заман талабынан туған сындар Әріптің қисса-дастандарының, дүниетанымдық мәндегі өлеңдерінің дұрыс жолға түсіп, зерттелуіне, танылуына айтарлықтай кедергі жасады. Әріп мұрасына қатысты пікір білдірген алпысыншы жылдардың кеуделі туындыларының бірі – А. Нұрқатовтың «Абайдың ақындық дәстүрі» атты монографиялық еңбегі. Абайдың ақындық дәстүрін бекем ұстанған ақын ретінде Әріптің ұлы ұстазымен поэзиядағы үндестігін сабақтастыра келіп автор: «Абайды әділет пен шындықтың жыршысы, адамның абзал қасиеттерінің жыршысы деп білген Әріп оның ұлы тұлғасынан, рухынан көз жазған жоқ. Ол қашан да Абайға шын ақындық үлгісі творчестволық авторитет ретінде қарады» [45.133], – деп баға берді. Жетпісінші жылдардағы ақын мұрасын, оның ішінде өмірбаянын өсірер құнды дерек – М. Бейсенбаевтың «Әріп ақын туралы жаңа деректер» [46], деген ғылыми мәні зор мақаласы болды. Мақала құндылығы – автор бұған дейін ескі көздердің естеліктерінен құралған ақын өмірбаянына нақтылы мұрағат деректері арқылы едәуір толықтырулар мен тың түзетулер жасап, көптеген жаңсақ пікірлердің ақиқатын анықтады. Тәңірбергенұлының қоғамдық қызметі турасында құнды құжаттар келтіріліп, ақын өмірбаянының тарихи мәні ашыла түсті. Кейінгі жылдарда да әріптану мәселесі айтарлықтай алға басты. Ақынның «Ұмытпаңыздар мені» жинағы жылдар бойы әдебиет сүйер қауымның көңіліне қонып, көкейіне көп ойлар ұялатты. Олай дейтініміз, алғашқы жинақ болған соң, жетіспеушіліктер мен кемшіліктер де жоқ емес еді. Негізінен, ақын мұрасы – Әріп айтыпты, шығарыпты деп ел аузынан жеткен дүниелер. Ал нақты төл қолжазбасыз жиналған туындыларда бір ақын сөзі екінші бір ақынға ауысып жатуы немесе өлеңдердің көп вариантты болып келуі заңды құбылыс. Әріп жинағында да ақынның төл туындысына телініп бөгде ақындардың туындылары жүргендігін баспасөздегі пікірлер анықтады. А. Жүнісов Ақсуат өңірінің ақыны Көнекбайдың Құсайынының мұрасына тоқтала келе: «Осы кітапта («Ұмытпаңыздар мені» жинағы – Б.Е.) Құсекеңнің «Бұтабайға», «Тағы да Бұтабайға» деген сықылды үш-төрт өлеңі Әріптікі деп ағат қосылған» [47], – десе, Қ. Егізбаев осы пікірді қуаттап: «Әріптің «Ұмытпаңыздар мені» атты жинағына енген өлеңдерінің бірталайы Әріп шығармашылығына үш қайнаса сорпасы қосылмайды, көркемдік дәрежесі өте төмен, бөгде өлеңдер екендігі бірден көзге түседі» [48], – деп, «Бұтабайға», «Тағы да Бұтабайға», «Қабылан болысқа» өлеңдерінің негізгі шығу тарихына тоқталып, дәйекті деректер арқылы текстологиялық түзетулер жасайды. «Ұмытпаңыздар мені» жинағына Әріптің төл туындысы деп телініп, еніп кеткен «Сәдірдің келіні» деген өлең. Негізінен бұл өлең – Сәдір ақынның өзі келініне айтқан өлеңі. Осы олқылыққа тоқталған Алтынбаев былай дейді: «Жинаққа басқа ақындардың бірлі-жарым өлең шумақтарының кіріп кетуі. 120-шы бетті ашыңыз. «Сәдірдің келіні» деген өлең бар... Бұл өлең Әріптікі емес, сол төңіректен шыққан шақпа тілді Сәдір Жәпекұлынікі» [49], – дей келіп, өлеңнің шығу тарихына тоқталып, Сәдірдікі екенін дәлелдеп береді. Осы өлеңнің толықтау нұсқасын Қ. Мұхамедханұлы «Сәдір ақын» деген мақаласында келтіріп, өлеңнің шығу тарихына толық түсінік береді [50]. Ал Шәкәрім Құдайбердіұлының «Талап пен ақыл» деген өлеңі Әріп жинағына «Ақыл» деген атпен басылып кетуі өкінішті жайт. Шәкәрімнің бұл өлеңі 1912 жылы Семей қаласындағы «Жәрдем» баспасынан шыққан «Қазақ айнасы» кітабында жарияланған. Екі ақынның да көзі тірі кезінде Шәкәрім өлеңі болып басылып, бертін келе Әріп еншісінде кездесуін, әрине жинақты шығарушылардың жауапсыздығы деп қана түсіне аламыз. Егіз өлеңді таразылағанымызда шумақ орындары ауысқаны болмаса, өзгеріс шамалы. Тек «Әріптің өлеңінде үш шумақ кем», «Ынсап деген аспайды, кем қалмайды» деп басталатын шумақ толық емес. Сондай-ақ Әріпке таңылған өлең текстологиялық жағынан тұрпайы, сөз мағыналарының үйлеспегендігіне қарағанда, шала жаттағандардың айтуымен жинаққа енгенге ұқсайды. Демек, бұл өлең Шәкәрім еншісіне толық қайтарылуы керек. Осындай кемшіліктері бола тұрғанмен, «Ұмытпаңыздар мені» – Әріп шығармашылығының өрістеуіне салынған сара жол еді. Ақын шығармаларының зерттелу мәселесін сөз еткенде бүтінгі күнге дейін даулы болып, екіұшты пікірге ұрынып келе жатқан туындылардың бірі – «Евгений Онегин» аудармасы. Абайдың Татьянасы ән болып, шым-шымдап қазақ сахарасына таралған кезде, ең алдымен, ұстаз жаңалығына оның шәкірттері Әріп, Әсеттер елең етісті. Пушкиннің «Евгений Онегинін» енді өздері қазақша сөйлетуге құмарлық танытты. Міне, осы арада Абайдан кейін Пушкиннің бұл шығармасына аударма жасаған Әріп пе, Әсет пе деген пікірталас қалыптасты. Яғни бір шығарманың авторын еншілеуде 30-жылдардан етек алған әдеби дау екіге жарылып келді. Ж. Жұмаханов [29], Б. Кенжебаев [39.204-205], [53], М. Бейсенбаевтар [51] поэманы аударушы Әріп десе, Е. Ысмайылов [53.272-275], С. Ордалиев [54.528], Б. Адамбаев [55], Б. Абылқасымов [56], [57], Б. Ысқақов [58], Б. Нұржекеев [59.31-33] сынды зерттеушілер поэманың Әсеттікі екенін дәлелдеп келді. Ысмайылов бұл дастанды жырға қосқан халық ақындары Терібаев, С. Әлімбетов, Е. Құнанбаевтардың Әсеттен үйреніп жырлағандарын айта келіп: «Сөйтіп, жырдың халықтық вариантын жырлап таратушы Әсет екені даусыз» [53.274], – дейді. Енді мына бір деректерге назар аударайық. Б. Ысқақовтың айтуынша: «Евгений Онегин» романының соңғы үлгісін аударушылар Әсет пен Әбіш жайын білетін Ақсу ауданының азаматы Шынасылов Шамайдың айтуынша, «Евгений Онегин» романының мазмұнын естіп, өлеңмен өңдеп жазған Әсет әнші және нағыз оригиналын аударушы Әбіш еді, Әсеттің замандас құрбысы Әбіш деген болған. Әсет Әбішпен бірге жүріп, көп жолдас болған. Әбіш бұрынғы Лепсі уезі начальнигінің тілмашы» [58], – деп жазады. Б.Ысқақовтың Әбіш деп отырған тілмашы Әріп ақынның өміріне келеді. Олай дейтініміз, Әріп 1882-1884 жылдар арасында Сергиополь уезінің бастығы Троицкийдің арнайы шақыруымен Лепсі, Сергиополь бекеттерінде тілмаштық қызметте болғандығын архив құжаттары айғақтайды [60]. Б. Нұржекеев те жоғарыдағы пікірді қуаттап: «Әбіш тілмашқа оқытып барып аударып отырған Әсет ... «Евгений Онегинді» аудармаған, өзекті оқиғасын ғана қысқаша жырлап шыққан» [59.31], – деген пікір айтады. Осы арада Б. Кенжебаевтың мына бір пікірін келтіруді жөн көрдік: «Әсет тек медресе ғана оқыған. Әсет оқыған кезде медреселерде орыс тілі оқылмайтын. Яғни Әсет орысша оқымаған. Орысша оқымаған адамның орыс тілінде «Евгений Онегин» сияқты күрделі шығарманы аударарлық дәрежеде білуі мүмкін емес. Әсеттің орысша өлең айтуы, оның орыс тіліне жетіктігін сипаттай алмайды» [51], – деген пікірінде шындықтың бір ұшығы жатыр. Әйтсе де, автор дастанның аудармадан гөрі еркін жырланған жырға келетінін ескермеген. Зерттеуші Б. Абылқасымовтың: «Евгений Онегин» романын Абайдан кейін аударған Әріп, болмаса Әсет деген талас, біздің ойымызша, ғылыми негізсіз, екі пікірдің де сүйенері «Евгений Онегиннің» халықтық нұсқалары болса, ол дастандар аударма емес, Әсеттің өз жанынан туған «Евгений Онегиннің» қазақша жыр нұсқасы деп танимыз» [56], – деген пікірі ғылыми негізге сыйымды. Демек, біз білетін «Евгений Онегин» жыры аударма емес, Әсеттің өз жанынан шығарған шығармасы. Әсеттің өзі де:

Мазмұнын осы сөздің қысқартамын, Аяғын соза бермей енді ұзартып. Онегиннің романын аударуда Керек қой аударуға көп уақыт [59.31], – дейді емес пе. Ендеше, жоғарыдағы пікірлерді басшылыққа ала отырып айтарымыз – Әріптікі немесе Әсеттікі деп жүрген туынды аударма емес, Әсеттің Абайдан, Әріптен Пушкин жайында естуі бар, романды білуі бар, бәрін нәзиралық ретпен өзінше жыр-дастан еткен туындысы.

Қоғамдық өзгерістерге толы тоқсаныншы жылдар Әріп мұрасының зерттелуіне тың серпіліс, жаңа жарқыл әкелді. 1995 жылы Мұхамедханұлының «Абайдың ақын шәкірттері» еңбегінің үшінші кітабында Әріп есімі қайта түледі. Ал 1996 жылы Ә. Тәңірбергенұлының 140 жылдық мерейтойы қарсаңында Аякөз қаласынан ақынның шағын жинағы шықты. Жинаққа ақынның ел аузында жүрген бірнеше өлеңдері мен «Біржан-Сара айтысы», «Ағыбай туралы аңыз», «Абылай-Қандыжап бітімі» сияқты көлемді туындылар да енген. Әрине, әдеби-ғылыми мекемелердің сараптауынан өтпей, ғылыми тұжырымсыз ел аузындағы туындыларды жинақ етіп шығару ақынның атын шығарудан гөрі, дау-дамайға, әдеби айтыс-тартысқа әкелетіні айқын. Негізгі дау туғызған мәселе, бүгінде Көкбай Жанатайұлына телініп жүрген «Қандыжап» тарихи дастанының осы жинақтан орын алуы еді. «Қандыжап» дастаны жайындағы зерттеушілер пікірлерін ортаға салсақ, Әріп, Көкбай сынды Абай шәкірттерінің мұраларын тікелей зерттеуші Қ. Мұхамедханұлының пікірінде ғалым 1950 жылғы «Абайдың әдебиет мектебі» деген кандидаттық диссертациясында Әріп мұрасына тоқтала келіп: «...Тәуке мен Қайша айтысы», «Қандыжап» поэмалары халық аузында, қолжазбаларда сақтаулы» [34.199], – деп дастанды Әріп еншісіне бергенмен, жылдар өте бұл пікірін өзгертіп, «Қандыжап» поэмасын Көкбай Жанатайұлынікі делінетін М.Әуезовтің мына бір пікіріне сүйенеді: «Өзінің айтуынша, Көкбайдың соңғы үлкен шығармасы – «Қандыжап» деген поэма болуға керек еді. Бұл поэма және де Абылай заманы мен оның істеріне арналған. Шығарманың аты Абылай тұсында қазақ пен қалмақ арасында болған «Қандыжап» дейтін бітімнің атымен аталмақ болатұғын. Бұл соңғы мәліметті біз Көкбайдың өз аузынан естіген сөздер бойынша айтып отырмыз. «Қандыжапты» Көкбай өзінің өлерінен екі жыл бұрын жазуға кіріскен еді. Бірақ сол поэма аяқталды ма, біткен болса, қандайлық шығарма болып қалыптанды, ол жайлардан бізге жеткен дерек жоқ» [61.49-50] – дейді М. Әуезов. Әріп жинағы шыққаннан кейін баспасөз беттерінде қызу пікірталас жүрді. Ғ.Зұлқаров жоғарыдағы Қ. Мұхамедханұлының пікірін қолдаса [62], Әріп мұрасын жинаушылардың бірі және осы жинаққа «Қандыжап» дастанының енуіне бірден-бір себепкер болған Р.Шәкерұлы аталмыш дастанды Ә. Тәңірбергенұлының туындысы деп дәлелдейді [63]. Сондай-ақ әр кездегі пікірлерге көз жүгіртсек, А.Тілеуханова: «...Әріп Тәңірбергенұлы «Зияда-Шаһмұрат», «Қисса-и Баһарам», «Қандыжап» поэмаларын... жазған» [64.128], – десе, Т.Барақұлы: «Жәнібек Тархан Әріп Тәңірбергеновтің «Абылай» дастанының (автор «Қандыжапты» айтып отыр – Б.Е.) басты кейіпкерлерінің бірі» [65.249], – деп дастанды Әріпке таңады. Дегенмен «Қандыжапты» Әріп шығармасы дейтіндердің сүйенер дәлді деректері жоқ. Оның есесіне дастанды Көкбай туындысы ретінде қарастырып жүрген зерттеушілердің келтірген фактілері көңілге қонымды. Б.Абылқасымов Көкбай мұрасына тоқтала келіп: «Академия Қорларында Көкбайдікі деуге негіз бар шығарманың екі нұсқасы сақталады: бірі – «Абылайдың алғашқы аты шыққан әңгімесі», екіншісі – «Абылай хан» деп аталады... Аталған текстер бірін-бірі толыққа жуық қайталайды, айырмашылық болар-болмас, жекелеген сөздер көлемінде ғана» [67.295], – деп Көкбайдан Төлеу ақын арқылы қолжазбалар қорына түскендігін келтіріп өтеді. Ғылым академиясының қолжазбалар қорындағы нұсқаны [67] біз сөз етіп отырған «Қандыжап» дастанымен салғастырғанда, оның Б.Абылқасымов атап отырған «Абылай хан» жыры екендігіне көз жеткізуге болады. Зерттеуші Ж. Тілепов те қазақ дастандарындағы Қалмақтың ханы Қалданның Абылайды тұтқыннан босатып, келісімге келген оқиғасына тоқтала келіп: «Осы идеяны Абылай ханның өмірін дастан етіп жырлаған шығармасында К.Жанатайұлы да пайдаланған» [68.39], – деп Б. Абылқасымов тоқталған қолжазбалар қорына сілтеме жасайды. Демек, «Қандыжап» дастаны – қолжазбалар қорына Көкбайдың «Абылай хан» деген туындысы болып тапсырылған соның шығармасы. Енді «Ұрпақпен үндесу» жинағына енген «Ағыбай туралы аңыз» деген дастанға келсек, ел аузынан жеткен бұл дастан Әріптің төл шығармасы ретінде еш ғылыми тұжырымсыз басылып кеткендіктен, түпкілікті зерттеуді қажетсінеді. Әдебиет және Өнер институтының қолжазбалар қорында осы дастан «Ағыбай батыр» деген атпен халық дастаны ретінде сақталған [69]. Әріптікі делінген ешқандай белгі көрсетілмеген. Аталмыш дастанға қатысты басқа дәлді деректердің болмағандығынан, «Ағыбай батыр» дастанының авторын еншілеуді кейінге қалдыра тұрамыз. Соңғы кездерде ел аузында сақталып, Әріп шығармаларына телініп «Мұхамед Пайғамбарымыздың рухы», «Ер Шәкер», «Қабанбай батыр» сияқты дастандар аталып [63], осылардың кейбірі Аякөз аудандық баспасөз беттерінде жарияланып та жүр [70], [71]. Жинап, бастырушылардың Әріптікі дегенінен басқа тегеуірінді дәлелдері болмағандықтан, бұл туындылар да терең зерттеулер мен нақты деректерді керексінетіні сөзсіз. Қолымызда аталмыш туындылар жайында дереккөздерінің жұпынылығын ескере отырып, бұл шығармаларды Ә.Тәңірбергенұлының төл туындылары ретінде жалаулата, үстірт қарастыруды жөн санамады.

...БҰЛ ӨЛЕҢ ШЫҚҚАН ЕКЕН БІРТАЛАЙДАН

Ә.Тәңірбергенұлы әдеби мұрасы зерттелуінің ауқымды бөлігі қазақ әдебиетінің ілкі туындысы саналатын «Біржан-Сара айтысымен» тығыз байланысты болғандықтан, Ә. Тәңірбергенұлы және «Біржан-Сара айтысы» зерттелуіндегі көкейкесті мәселелерге арнайы тоқталуды жөн көрдік. «Біржан-Сара айтысының» ақиқатын анықтау ғасырға жуық уақытты ұттырған-ды. Олай дейтініміз, қазақ әдебиетінде бұл туындыға пікір білдірмеген әдебиеттанушы кемде-кем десек, ұзақ-сонарға созылған пікірлер, ойлар, дәлелдеулер, шешімдер тізбектелгенмен, аталмыш айтыс әлі күнге ақырғы нүктесіне жетпеді. Алдымен дау екіге жарылды: бірі – айтыс болған, екіншісі – айтысты шығарушы Ә.Тәңірбергенұлы. Келе-келе осы екі пікірден үшінші бір тұжырым туындады: Сара мен Біржан кездесіп айтысқан, бірақ айтыс сол қалпына сақталмай, кейіннен Әріп ақын осы айтысты өзінше жырлаған. Жалпы төңкеріске дейін және одан кейінгі 30-жылдардың аяғына дейін «Біржан-Сара» Әріптің төл шығармасы деген талассыз пікірлерді Ж. Жабаев [72], І. Жансүгіров [73], М. Әуезов [74.156], С. Машақов [75.47-49], Т. Касенұлы [25], Қ. Мұхамедханұлы [27], А. Ысқақов [76], Ж. Жұмаханов [30], Н. Баймұратов [32] сияқты әдебиет төңірегіндегі адамдар айтып келді. «Біржан-Сара айтысы» туралы сонау 1915 жылы орыс ғалымы А. Белослюдов: «Состязание – это «Биржан и Сара», воспроизведенное киргизским поэтом Арипом, поется в степи до сих пор» [77], – деп Әріптің осы айтысқа тікелей қатысын көрсетіп берген болатын. «Біржан мен Сара кездесіп айтысқан, айтысқа Ә. Тәңірберген-ұлының еш қатысы жоқ», – деген пікір 30 жылдардың аяғынан бастау алды. Көшбасшысы – С. Мұқановтың «Айтыс және ақын» мақаласы [78]. Күні бүгінге дейін күңгірт тартып, күмән туғызып келе жатқан Біржан Қожағұлұлының өмірі мен Сара Тастанбекқызының туған, өлген жылдарының уақытын анықтауда мақала авторы дәлді деректерден гөрі, өзіндік жадағай болжамдарға бой ұрады. Дегенмен автор жылдар бойы айтыс туралы іздену барысында аталмыш ақындардың өміріне толықтырулар мен шындыққа жанасымды түзетулер енгізеді [79.22], [80], [81.17]. Жылдар өте С. Мұқанов: «Әріптің «Біржан-Сара айтысына» ешқандай қатысы жоқ», – деген бастапқы біржақты пікірін өзгертіп: «...Біржан мен Сараның кездесуі анық. Айтыстың алғашқы көлемде болмай, артынан өңделіп, толықтырылуы, сол толықтырған ақын Әріп болуы немесе алғашқы айтыстың мазмұны ғана сақталып, сол темаға Әріптің жаңа айтыс шығаруы әбден мүмкін» [82.55], – деген болжам айтады. «Біржан-Сара айтысының» ақиқатын анықтаудың күрделілігі сонша, арқалы ғалымдарымыздың өзі жылдар бойы, уақыт оза алғашқы пікірлерін толықтырып, кейде тіпті түбегейлі өзгертуге мәжбүр болды. Осы айтыс жайындағы алғашқы пікірінде «Біржан-Сараны» Әріп туындысы [74,156] деген М. Әуезов кейіннен: «Біржан мен Сараның айтысы болған жоқ, болса сақталмай қалып қойған, бұл айтысты шығарушы Әріп ақын деген де пікірлер бар. Бұл қате пікір. Анығында Біржан-Сараның айтысы болған. Бірақ дәл қалпында, толық күйінде, алғашқы айтысқан жердегі қалпымен түгел сақталған жоқ... Көп айтушы ақындардың аузынан өтеді. Сол тірлігінде, хатқа түскенше бұл айтыс көп өзгерістер көреді. Осындай айтушының және ең алғаш хатқа түсірушінің бірі Әріп болады. Әріп өзі ақын және қазақша, орысша оқыған адам. Ақындығы, шешендігі, тапқыр тілділігі бар ірі ақынның бірі. Сол Әріптің Біржан-Сара айтысына кейінгі айтушының бірі дәрежесінде атсалысқаны анық. Бірақ бар айтыс Біржан-Саранікі емес, Әріптікі деген теріс пікір» [83.452], – деп алғашқы пікірін өзгертеді. Ал Әріп мұрасын зерттеуші Б.Кенжебаев: «Біржан мен Сараның айтысы шын, болған оқиға...

«Біржан-Сара айтысының» ізі, жобасы, желісі сонда шыққан болуға тиіс... Оның бір вариантын Әріп шығарған дегенге мен бастығы Абай, Ілияс, Жамбыл етіп он шақты адамды куәға тартам» [38.210], – дейді. Автор Қ. Сыдиықовпен бірлесе әзірлеген еңбегінде жоғарыдағы пікірін кеңінен қорытып, соңынан Әріп шығарды деген айтыс нұсқасын енгізеді [84]. Ақын Сара мұрасын зерттеушілер Т.Қалилаханов пен С.Қайнарбаевта осы пікірден алшақ кетпейді [85], [86]. Осы зерттеуінде Т. Қалилаханов Сара 1878-80 жылдары туып, Біржанмен 1895 жылы кездескенін, сол кездесуде туған өлең-жырлар Әріптің «Біржан-Сара айтысы» сияқты көркем шығармасына арқау болғандығын айтады [85]. І. Омаров: «Біржан мен Сара кездескен, бірақ айтыспаған, оны айтыстырған Әріп» [86], – десе, Әріп Тәңірбергенұлы мұрасын зерттеуші Ө.Есназаров: «Біржан-Сара айтысының» ел арасында үзік-үзік жүрген үзінділерін жинастырып, үлкен еңбек етуші, алғаш хатқа түсіріп, өзгерістер енгізген, өңдеп баспаға әзірлеген осы Әріп ақын» [16.225], – деп, Әріпті өңдеп, бастырушы дәрежесінде көрсетеді. Бұл уақытта айтысты болды деушілердің алдындағы үлкен қайшылық – Біржан мен Сараның өмір сүрген уақыттарының олардың айтысқан уақытқа дәл келмейтіндігі еді. Ш. Ахметов айтыстың ақиқатын анықтауда алғаш болып Сараның 1853 жылы туып, Біржанмен 1871 жылы айтысқаны туралы пікір келтіреді. Ал Әріпті айтыс алаңынан мүлде алып тастайды [88], [89]. Ғалым Е.Ысмайлов айтысты 80 жылдарға шегеріп, Әріпті хатқа түсіруші қызметінде қалдырады [90.105-107]. Айтыс табиғатына терең үңіліп, оның даму жолдарын қарастырған М.Жармұхамедов: «Бұл шығарманы қашан да айтыстың фольклорлық көркем үлгісі, көптеген өңдеулерден өтіп шыңдалған, жетілген шырқау шыңы ретінде қарастыратын боламыз» [91.87], – деген пікір білдіреді. Осы кезеңде айтыстағы Әріптің салмағын басым қоятын пікірлер де болды. Т. Ахтанов: «Бірінші – бұл айтысты өлеңдік жағынан тексергенде ол ауыз әдебиеті емес, жазба ақынның шығармасына жуық, бұған кім де болса бір талантты ақынның мықтап араласқаны және соның авторлығы шығарманың өзінен көрініп тұр» [94.264-265], – деген көңілге қонымды пікір айтады. Кезінде Ғ. Мүсіреповтің «Ақын Сараға соқтықпасақ қайтер» [93], деген ағалық ақылшы айтыс дауылын біраз толастатқандай болды. Алайда әдеби даму мүлде тоқтап қалған жоқ. Бүгінгі күнде Біржан мен Сараны айтыстырушылардың бірі – зерттеуші М.Имашев. 1981 жылдардан бастап аталмыш айтыстың түбін қазып, табиғатына текстологиялық зерттеулер жүргізген автор, Сара 1855 жылдарда, Біржан 1833-34 жылдарда туып, шамамен 1870-72 жылдар арасында айтысқан деген тұжырым жасап [94], кейіннен осы пікірін дәлелдеп, бекіте түседі [95]. 1988 жылы жарық көрген «Айтыс» кітабында жарияланған «Төребай мен Сара», «Төребай мен Мәйке қыз», «Әсет пен Кәрібай» айтыстары – Біржан мен Сараның кездесіп, айтысқанын дәлелдейтін бірден-бір тарихи деректер. Б.Нұржекеев «Төребай мен Сара айтысындағы» деректерге сүйене отырып, айтыстың жетпісінші жылдары болғанын, яғни Сараның 1852 жылы туғанын дәлелдеп мақала жариялайды [96],[97]. Дегенмен Қ. Мұхамедханұлы, Қ. Жұмаділовтер бұл тарихи деректерге де мойынсұнбай, «Біржан мен Сара кездеспеген, айтысты Әріп шығарды», деген біржақты пікірді қуаттап отыр [75.39-58], [98]. Ал бұған қарсы Ө. Ақыпбеков тарапынан «Төребай мен Сара айтысы» сияқты тарихи дәлелдерге қоса, айтыстың болғанын қуаттайтын «Сара 1851-1907 жылдары өмір сүрген» [99], – деген пікір айтады.

Әйтсе де, бұл «Біржан-Сара айтысы» жайындағы даудың тұжырымдалып тоқталғаны емес. «Біржан-Сара айтысының» жылдар бойы (әсіресе тарихи деректердің шиеленіскен соңғы жылдарда) зерттелу сүрлеуін сүзген адамға көзге бадырайып байқалатын бір нәрсені айта кетуіміз керек. Айтысқа байланысты екіге жарылған, бір-бірін жоққа шығарар кереғар дәлел-деректер келтіріп жүрген зерттеушілердің ғылыми пікірлері ұдайы біржақтылықтан құтыла алмай келеді. Мәселен, айтысты «болды» деп дәлелдеуші ғалымдар «Әріп шығарды» деген дәлді деректерге тоқталмай, айналсоқтап кетеді. Ал Әріптің авторлығын қуаттайтындар Біржан мен Сараның кездесіп, айтысқанын беретін фактілерге көзжұмбайлық танытады. Қысқасы, әркім өзі айтқан пікірлерін күйттеуден әрі аспайды. Аталмыш айтыстың әлі күнге нақты бір тоқтамға келмей, бірін-бірі жоққа шығарған дау-дамайдың өрши түсуінің негізгі себебі де осында. Сондықтан да ғасырға созылған әдеби даудың әділдігіне жету үшін әркім өз пікірін қорғап, қолдағаннан гөрі, айтыс турасындағы дәлді фактілер мен тарихи деректерді жан-жақты салғастыра қарап, ортақ бір тұжырымға келген жөн.

Аталмыш айтыстың тыныс-тылсымына үңілсек, әлі көптеген жайлардың көлеңкелі жақтары көрініс беріп жатыр. Сондықтан да «Біржан-Сара айтысының» табиғатын тануда осындай көкейкесті мәселелердің тамырын басып, оған Әріп ақынның тікелей қатыстылығын дәлелдеу мақсатында өз ойымызды ортаға салуды қажет іс деп санадық. «Біржан-Сара» туралы даудың ушығып, тарихи деректердің өзі бірін-бірі жоққа шығарып, қайшылыққа ұрынып жатқанын есте ұстай отырып, біз бұл арада, анау айтты, мынау айтты деген көнекөз қариялардан, Сараны, Біржанды, Әріпті көзі көрді дегендерден жиналған нақты тарихи дәлелдерсіз естелік, әңгімелерді келтіруден бойымызды алшақ ұстадық. Сондай-ақ айтыс жайында бүгінгі күнге дейін айтылып, ұдайы қарама-қарсылықтан құтыла алмай келе жатқан ғалымдарымыздың, зерттеушілеріміздің, және жалпы әдебиет маңында жүргендердің ой-пікірлеріне жығыла жүгінбей, айтыс ақиқатын айтыстың өзінен, сондай-ақ «Біржан-Сара айтысына» қатысты айтылған ақындардың мұраларынан, дәлірек айтқанда өлең-жырларынан табуға тырыстық. «Айтыс» болды деушілер алдымен Сараны 1878 жылы туғызып, артынан 1854 жылға ілгерілетті, «айтыс» уақытын да 1895-тен 1871 жылға ауыстырды. Сонымен «Төребай мен Сара айтысы» сынды тарихи дерек ақын Сараның бір емес, екі өлеңдер жинағындағы «Сара 1878 жылы туды, 1895 жылы Біржанмен айтысты», деген деректерді жоққа шығарды [100], [101]. Көп жылдар бойы тірі куәлардың естеліктерін жиып, Сара өмірін сарыла іздеген Т. Қалилаханов пен Қайнарбаевтың еңбектеріндегі Сара өмірі жайындағы, Біржанмен айтысы жөніндегі деректер жалған болып шықты. 1977 жылы жарық көрген Қазақ совет энциклопедиясындағы: «Сара 1878 жылы туып, 1916 жылы өлген» [102.28], – деген дерек, кейінгі – 1989 жылғы Қазақ ССР қысқаша энциклопедиясында «1853-1907 жылдары өмір сүрген» [103.515], – деген деректермен ауыстырылды. Демек, тарихи дерекке саналатын «Төребай мен Сара айтысы» Сара өмірінің ақиқатын танытқандай болды дегенімізбен, тарихи тармақтар шешілудің орнына шиырлана түсті. Төребаймен айтысында Сараның:

Қырықтың сегізіне жасым келді, Екпінім өзге ақыннан басым келді [104.115], – деген сөздері оның өз өлеңдеріндегі:

Мүшелге отыз жеті ажал жетіп,
Таусылып ырыздығым, бітті демім. [105.107] немесе
Дүниеге келіп-кетер әркім қонақ,

Солардың біреуі мен өмірі шолақ [101.128], – деген тарихи тармақтармен бір-біріне қайшы келіп жатыр. Енді мына бір өлең жолдарына үңілейік. Біржан мен Сараның кездесуіне куәгер болған ақындардың бірі:

Таңырқап жұрт тыңдаған сол Біржан сал,
Ол күнде алпыстарға тақаған шал.
Қарасұр адам еді, онша өңді емес,

Қыр мұрын, түлкі мұртты шоқша сақал, – деген өлең жолдары, сондай-ақ Біржанның Сарамен кездескендегі өлеңінен ел аузында қалған:

Мінеки жасым асты елу бестен,
Өткіздік сауық-сайран мен бір десте.
Найманға келіп сәлем берейін деп
Еліңді іздеп келдім Ешкіөлмеске.

Сөзіме, қалың Матай, құлағың сал,
Бұл күнде жасым озған жай бір мен шал.
Бұрылдым танысқалы ұзын жолдан

Келгем жоқ олжа сұрай, алуға мал [85], – деген өлең жолдар Сара мен Біржанның кездескен уақытын күрмелей түседі.

Осы өлең жолдарындағы қайшылықтардан қашып, бір туындының салмағын арттырып, екіншісіне келгенде үстірттікке басып, көзжұмбайлық танытқанымыз – өлең мұрасына қиянат. Демек, аталмыш тармақтардағы қайшылықтар Сара өмірінің және айтыстың болған уақытының әлі ақырына жетіп анықтала қоймағандығын аңғартады. Әйтеуір, әдеби дауды тоқтату үшін бір жағына қисая кету – ғылым үшін қажетсіз құбылыс. Біржанның Жетісуда болғанына оның «Талай заман», «Жетісу» өлеңдері куә. Сондай-ақ Біржанның «Мұра» атты өлеңіндегі:

Бәйге алдым жігіттікке өлең-жырдан,
Асырдым асқақ әнді алты қырдан.
Кешегі қырық жеті кәміл жаста,
Өнермен әрбір іске құлаш ұрғам.

Салдым мен ою-өрнек асыл жырдан,
Тайдырмай аяғымды жалғыз қылдан.
Кездесіп Наймандағы Сара қызбен,

Өзімді айтыстырып, қисса қылғам [106], – деген жолдардан Біржанның енді Сарамен 47 жас шамасында кездескенін байқаймыз. Десек те, Салдың «айтыстым» демей, «өзімді айтыстырып, қисса қылғам» деуі тек ұйқас үшін айтылған сөздер ме? Осы арада айтыстың қисса болып жазылуын Біржан өзі меңзеп тұр.

«Айтыс Әріптікі, Біржан мен Сара айтыспаған» деген тарихи деректің бірі – «Әріп пен Қуанышбайдың айтысы» «Әріп пен Қуанышбай айтысы» – өзіне қарама-қайшы деректер беретін «Төребай мен Сара», «Төребай мен Мәйке қыз», «Болман мен Несікүл», «Әсет пен Кәрібай» айтыстарымен таразы теңестірер тарихи дерек. Осы айтыстың мына бір тұстарына назар салайық. Қуанышбай Әріпке:

Әріпке сәлем айттым үш қайтара, Айтысты деп оттапсың Біржан-Сара, – деп шүйіледі, «Біржан-Сара» айтысында Сара аузымен жамандалған Құнанбай мен Абайды ақтап сөйлейді. Ғылым академиясы кітапханасының қолжазбалар қорындағы Ф.Ғабитова тапсырған нұсқада [107] жоқ, тек Семей қаласындағы Абайдың мемлекеттік мұражайының қолжазбалар қорына Ғаббас Шөкімұлының тапсырған нұсқасында біраз нәрсенің басын аша түсетін Әріптің жауабында мынандай шумақ кездеседі:

Адамнан артық туған Сара саңлақ,
Сарадай оңай емес ақын болмақ.
Өнері қашан кем еді Біржан салдан,

Екеуін айтыстырдым әдейі арбап [108], – дейді Әріп Қуанышбайға. Бұл жолдар Қ.Мұхамедханұлының еңбегінде де кездеспейді. Ө.Есназаров өзінің ғылыми зерттеуінде аталмыш шумақты келтіріп, түсінік берген [16.213]. Қарап отырсаңыз, тарихи тармақтардың өзінде бірізділік жоқ.

Кейінгі зерттеушілердің Сараны 1853 жылы туған деген пікірлері Әріп пен Сара арасында таныстық, ғашықтық болды дегенді жоққа шығарып жүр. Осы арада біз бүгінде даулы болып жүрген Әріптің «Сараға» деген ғашықтық толғауына түсінік беруді қажет деп санадық. Баспасөз беттерінде: «Бұл толғау Ақан серінің «Тағырыпың» өлеңінің көшірмесі», – деген пікір айтылып жүр. Алдымен, Әріптің осы өлеңіне берілген түсінікке үңілейік: «Сараға» (Жар тұттым әуелден-ақ өзіме арнап) – Орталық кітапхананың қолжазба қорындағы нұсқа бойынша берілді. Жазылған жылы белгісіз, кейбір деректерге қарағанда, тегі 1895-1900 жылдары шығарылса керек... Бұл өлең Ақан серінің «Тағырыпың» деп аталатын өлеңімен ұқсас, бірқатар жерлері сөзбе-сөз келіп отырады. «Тағырыпың» Ақанның 1935 жылы басылған өлеңдер жинағына енген. Ал әлгіндей ұқсас жерлердің кімнен-кімге қаншалықты ауысқандығын дәл айту да қиын. Көптеген мағлұматтарға қарағанда Әріптің осы өлеңі атақты Сара қызға арнап, ғашықтық хат ретінде жазғандығы анық... Сондай-ақ Әріптің осы хатына Сараның ұзақ жауап хаты болған, бірақ ол әзірге қолда жоқ» [15.343], – делінген. Осы жайға байланысты Ө. Ақып-бекұлының «Әріп ақын Сараға ғашық болған ба?» деген мақаласы жарық көрді. Мақалада: «Әріп Тәңірбергенұлы пен ақын Сара арасында сүйіспеншілік, ғашықтық хикаялары болды деуге негіз жоқ деген болжамды батыл айтып, осы ой-пікірімізді дәлелдеуге көшейік», – деп, жоғарыда айтылған екі ақынның егіз өлеңін, сондай-ақ Ақан серінің «Шамсиқамар» өлеңдерін жолма-жол салыстырады. «Сарағаның» «Тағырыпың» мен «Шамсиқамардан» алынғанын айта келіп автор: «Мұны ұқсастық дейміз бе, әлде бір ақынның өлеңін үзіп -жұлып, жамап- жасқап екінші ақынға телу дейміз бе?» [109], – деп Әріп пен Сара арасындағы ғашықтықты жоққа шығарады. Осы арада ескеретін бір жай, Ақанның да, Әріптің де осы өлеңнен төл қолжазбалары қалмағаннан кейін, «бұл – Ақанның өлеңі» деп нақты айту асығыстық болар. Шындықты өлеңнің өзінен іздесек, біріншіден, өлең тілі араб-парсы сөздерімен көмкерілген. Мысалы: уажып, мехкат, меһман, махбуб, бәлә, ғайри, базарған ... тізе берсек көп. Бұл Әріпке жақын құбылыс. Өйткені, жасынан араб, парсы, қытай тілдерін жетік білген Әріп өз шығармаларында бұл тілдегі сөздерді еркін қолданған да. Ақынның қисса-дастандарындағы араб-пасы сөз қолданыстарын айтпағанның өзінде, Абайға еліктеп жазған «Әліф-би» өлеңінде хулла, хаят, даргаһ, ғарасат, әмгәбіл, мағраш, жаухар, уәжіп тағы басқа араб-парсы сөздері кездеседі. Ал мұндай сөз қолданыстары Ақан сері шығармаларында аса сирек. Бұл – бір, екіншіден, егіз өлеңдегі:

Ізденіп Баһрам да Күләндәмді Мехнатпен ақырында сөйтіп алған, – деген жолдардағы Баһрам мен оның сүйгені Күләндәм Әріптің «Қисса-и Баһрам» [Қазан, 1908, 1912] атты шығыстық, сюжетке құрылған дастанының басты кейіпкерлері. Сондай-ақ екі өлеңдегі:

Зияда, Хорлы, Ғайын, Фархат-Шырын, Бұл күнде хабарым бар сондай жолдан [75.81], – деген Әріптегі жолдар, Ақанның «Тағырыпың» өлеңінде:

Зияда-Қорлығайын, Фархат-Шырын, Бұл күнде хабарлармын осылардан [110.65], – деген өзгеріске түскен. Осы жолдардың ішкі сырына үңілсек, біріншіден, Хорлы және Ғайын – екі адамның аты. Зияда, Хорлы, Ғайын – Әріптің «Зияда-Шаһмұрат» дастанының (Қазан, 1890,1892,1896,1912) басты кейіпкерлері. Қиссадағы Бағдат патшасы Мұхтардың ұлы – Зияда, Мысыр патшасы Заданың қос сұлу қызы – Хорлы мен Ғайын, Зияда мен Хорлы – бір-бірін сүйіп қосылған ғашықтар. Жоғарыдағы тармақтар ортақ өлеңнің негізгі салмағын тағы да Әріпке аударып отыр. Мақалада, сондай-ақ Әріптің осы хатына жазылған Сараның жауабы болып табылатын «Қарлығаш» өлеңіндегі:

Толғанып терең ойға баттым ағай,
Бір таңда көз іле алмай жаттым ағай,
Жайдары жүрегіме от боп түсті

Әр сөзі сіздің жазған хаттың ағай [100.55], – деген өлең жолдары «Гүлхасима Секербайқызының Жаяу Мұсаға арнаған өлеңінің көшірмесі», – деген тұжырым жасайды Ө. Ақыпбекұлы. Осы арада тағы да айтарымыз, аталмыш өлеңдерді жазып қалдырған Ақанның да, Әріптің де, Сара мен Гүлхасиманың да бізге дейін жеткен қолжазбалары жоқ. Сондықтан да өлеңнің шығу тарихына, ішкі табиғатына жете мән беріп тексермей, «ана ақынның өлеңі мына ақынға таңылып кеткен» деген пікірлер мен біржақты болжамдар ғылыми тұрғыдан алғанда негізсіз. Мұндай мұралардың көп варианты болып, бірнеше ақынның туындысына телініп жүруі қазақ әдебиетінде көптеп кездеседі. Еш жазбасыз ауызша жиналған мұралардың әр ақында қайталануы заңды құбылыс. Қазақ әдебиетіндегі Доспамбет пен Махамбеттің, Дулат пен Шәкір т.б. ақындар өлеңдерінің жолма-жол қайталана ұқсап жатуы – осының дәлелі. Аталмыш мақаладағы автордың «Сара 1853 жылы туған, он бес баланың анасы болған, Әріп Сараға ғашық болған уақытын ескерсек, Сара – 8- 9 баланың анасы» [99], – деген пікірлері жоғарыда келтірген тарихи жолдардан-ақ байқағаныңыздай қайшылыққа ұрынып жатыр. Әлі толық ақиқаты ашыла қоймаған Сараның өмір сүрген уақытына арқа сүйеп, Әріптің «Сараға», соңдай-ақ Сараның «Қарлығаш» өлеңдерін басқа ақындардың туындыларына тели салу асығыстық болады. Әріп пен Сара арасындағы ғашықтықты айғақтайтын мына бір сөз қағысының шығу тарихына үңіліп көрейік: «Абай, Шәкәрім, Көкбай үшеуі келіскендей, бір күні Сәуірбекті жұмсап: «Әуелі нағашы жұртқа асып кет, қайтарда Әріптің үйінің сыртына келіп, дауыста. Шыға келген Әріпке мына сөзді айта ғой», – дейді. Айтқанындай үйден шыға келген Әріпке:

Ассалаумағалейкум, Әрібіміз!
Тараған қазағыма дәрібіміз.
Аспандағы жұлдызды аламын деп,

Бір күні болма ғарібіміз? – деп өлеңдетіп жібереді. Аспандағы жұлдызы – ақын Сара ... Алыстан келген біреу ме деп үйден Әріп шыға келсе, өлеңдетіп тұрған Сәуірбекті көреді. Бұл істің Абай мен Көкбайдан келгенін сезген Әріп:

Уағалейкумассалам, Сәуірбегім,
Атауға арғы атаңды ауыр көрдім.
Қылша мойын көктердің бәрі қалып,

Бәйгеден сен келдің бе, жауырбегім, – деп бәріне бір жауап қайырған екен» [111.69-70]. Бұл сөз қағыстары Әріп пен Сара арасындағы сүйіспеншілік сезімнің болғандығын қуаттайды. Ендігі жерде Ө. Ақыпбекұлының «Ақын Сараға соқтыға береміз бе?» мақаласындағы мына бір жайларға назар салуды жөн көрдік. Автор: «Даулы мәселелердің бірі – айтысты хатқа түсірген кім деген сұрақ төңірегінде өрбіп, көбіне-көп Әріп Тәңірбергеновтің есімі аталып келді... Осы өлең жолдарынан... айтысты Қазанға жіберуші Әмірхан екендігі айқын көрініс береді» [99], – дей келіп, «Айтыс» кітабына енбей қалған қазірде Әдебиет және Өнер институтының қолжазбалар қорында сақтаулы төмендегі жолдарды келтіреді:

Айтысып Біржан екеуің болған шақта,
Ер Әмірхан түсірген оны хатқа.
Серілікпен күн өткізген өнерпаздар,
Қолжазбамен таратқан әрбір жаққа.

Дәм тартып ер Әмірхан Зайсан барған,
Болысқа қызмет қып сайран салған.
Төртуыл Наймандарда бес жыл тұрып,
Алтай мен Шәуешекке даңқы барған.

Жаласы өлген солдат жабылған соң,
Еліне ұлықтан қашып қайта алмаған.
Қазанға айтыс-қисса жіберсе де,
Өз атын сақтық қылып айта алмаған.

Шәкірті Әмірханның Жорға Жақып,
Жасынан хатқа жүйрік молда Жақып.
...Керейден ашамайлы арғы жаты,

Бижігіттің баласы Жақып аты [112], – делінген «Төребай мен Сара айтысында». Автордың айтуынша: «Біржан салдың бас шәкірті Әмірхан Сүйінұлы (1836-1901) өзі палуан, өзі ақын, әрі әнші екен... Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Благовещничный кеңшарына қарасты Гүлтөбе деген жерді мекен еткен... Ән-күй шығарған, айтыс ақыны болған, дастандар мен қиссалар жазған. Әмірхан Қазанға айтыс, қиссаларын «Жақып Бижігітұлы» деп өзінің өкіл баласының атынан жіберіп тұрған» [99]. Жоғарыдағы айтыс жолдарынан Әмірхан Сүйінұлының айтысты бірінші боп таратқанын байқаймыз. Дегенмен осы шумақтар бізді шытырманы көп күңгірт құбылыстарға жетелейді. Олай дейтініміз, осындағы сөз болып отырған ақиық Әмірхан ақынның атын, не қалдырған мұрасының жұрнағын қазақ әдебиеті, дәлірек айтсақ, XІX ғасыр басындағы әдеби-зерттеулерден, небір қисса-дастандар, айтыс жинақтарынан, ән-күйге байланысты зерттеу еңбектерден, ел аузынан жиналған жинақтардан кездестіре алмадық. Егер Әмірхан, Ө. Ақыпбекұлы айтқандай, сегіз қырлы, бір сырлы, әнші, айтыскер, қиссашыл атақты ақын болса, өз ауылының ақыны туралы ғалым С.Мұқанов неге ештеңе айтпайды? С.Мұқанов «Қазақтың ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» [113] деген еңбегінде сол кезеңнің белгілі-белгісіз ақындарына тоқталғанда да Ә.Сүйінұлының атын, не бір еңбегін атамайды. Әмірханның «Біржан-Сара айтысын» хатқа түсіргені жайын, айтысты ұзақ уақыт зерттеп, ғылыми тұжырымдар жасап жүрген ғалымның білмеуі мүмкін емес. Әрине, Әмірхан деген атағы ауыл арасынан аспаған ақынның болуы да мүмкін. Ал жоғарыдағы Әмірхан өмірінен келтірген өлең жолдары біраз нәрсенің сырын да аңғартады. Әмірханның болысқа қызмет қылуы, Шәуешекте болып, әр-түрлі жала жабылуы сияқты құбылыстар Әріптің өмір жолына дөп келеді. Бұны жай ғана кездейсоқтық дейік. Екіншіден, Әріп өз қисса-дастандарын үнемі өз атынан емес, бүркеніш атпен Қазан қаласына жіберіп отырған. «Зияда-Шаһмұрат» қиссасын Әріп Жақып Бижігітұлы деген бүркеншік атпен жіберген. (Бұл жайында еңбегіміздің кейінгі бөлімінде кеңінен тоқталдық). Сонымен «Төребай мен Сара айтысындағы» Әмірхан мен Жақып жайын танытар тарихи тармақтардың өзі айналып кеп Әріп ақынның «Біржан-Сара айтысына» тікелей қатыстылығын аңғартып-ақ тұр. Осы арада «Айтыс» кітабына енбей қалған қолжазбалар қорындағы Төребай мен Сара айтысының мына бір шумақтарына түсінік іздеуді жөн көрдік. Сөз кезегі келгенде Төребай Сараға:

Келсе де жауап сөзім саған қырын,
Неге айтпай өтемін Біржан жырын
Сенімен Біржан өзін айтыстырғаны
Көп елге мәлім болған бұдан бұрын.

Айтысты Біржан өзі шығарғаны,
Ол жырдың елге сонша ұнағаны,
Адам түгел Аллаға аян шығар
Інжуден Біржан қисса құрағаны.

Құдаша, бұған жауап айтармысың,
Біржанмен айтыстым деп айта алмассың.
Аузыңа жүн тығылар кезек келді,
Аулыңа масаттанып қайта алмассың [112], – деп шүйлігеді.

Төребайдың айтқанын мойнына алған Сара:
Шығарған рас Біржан атымды елге,
Біржанға тең ақын жоқ біздің елде.
Сен екеуміз сал Біржан бола алмаймыз,

Біржанды сөзге қосып керегі не? – деп тоқырайды. Бұл арада Әріпті қыстырудан аулақпыз. Төребайдың сөзіне сенсек, Сара Біржанмен тіпті де айтыспаған, жырды, яғни айтысты Біржан шығарған болып шығады. Қалай болғанмен де айтыстың әлі де даулы бола түсуіне осы жолдар да тікелей қатысты болғандықтан шығар сірә, қолжазбадағы осы шумақтар (осы мағынадағы Төребай аузынан айтылған тағы екі шумақ және Құнанбай ұрпақтары – Шәке, Ақылбай, Ыбырай, Шәкәрім, Халиолла, Ысқақ, Оспан, Смағұл, Әбдірахман, Мағауия, Тұрағұлдар мақталатын жолдар) қарындашпен «керегі жоқ» делініп сызылып тасталған. Құнанбай ұрпақтарының айтыстан алынып тасталуы сол кезде әлі де жібімей тұрған идеология кесірінен десек, Біржан мен Сара айтысына қатысты шумақтардың баспаға жіберілмеуін онсыз да шытырманы көп айтыстың дауына одан әрі ушықтырмауға жасалған әрекет деп түйдік. Алайда тарихи жолдарды бүркемеленгенмен ақиқат анықталмайды. Сондықтан аталмыш тармақтар қаншалықты кереғарлық туғызғанымен, айтыстың келер басылымдарында өз орнын алуы тиіс. Біз «Біржан-Сара айтысындағы» әлі де шешімін таппай келе жатқан даулы деп танылатын біраз мәселелерді алдарыңызға тарттық. Осындай қым-қиғаш құбылыстарды ескере отырып, белгілі жазушы Т. Ахтановтың «Біржан-Сара айтысы» туралы: «Соңғы кезде осы айтыс туралы әр қилы пікірлер айтып, әртүрлі деректер келтіріп жүр. Бірақ солардың көбі осы «айтыстың» поэтикалық жүйесін, стиль бірлігін тексермей, көбіне кәрі құлақ, естеліктердің сөзіне сүйенеді. Ал біздіңше мықты деректі «айтыстың» өзінен, оның өлең табиғатынан іздеген жөн» [92,265], – деген салиқалы сілтемесіне сүйеніп, айтыс ақиқатын сол айтыстың өзінен суыртпақтауды жөн көрдік. «Айтыс – Біржан мен Сараның ғана шығармасы, оған Әріптің қатысы жоқ», – деген пікірдің біржақтылығын мына мәселелер толығымен қуаттай алады. Біржанның Керей екендігін ескермегеннің өзінде, Сара мен Біржанның Найман мен Арғын емес, оның ішіндегі кіші аталары Қаракерей-Сыбан мен Тобықты руларының атынан сөйлегені айтысты оқыған адамға бадырайып-ақ тұр. Айтысқа Сыбан-Әріптің тікелей қатыстылығын ескерсек, айтыста аттары аталатын Байғара, Ақтайлақ, Сабырбай, Түбек – Әріптің арғы аталары, әйгілі Сыбанның он жеті ақынына кіретін арқарлылар. Сондай-ақ Сыбан атадан тарайтын Ақтамберді жырау, Бабатай, Дулат ақын, Аққожа би, Алтыбай батыр, Ер Еспенбет, Кенжеғұл би, Байтоқа би, Кеңесбай би, Данияр, Тойғұлы, Қапан, Салпы Жанақ есімдері қазіргі Аякөз, Жарма өңірінің белгілері. Ал бұл адамдарды анау Жетісудың 18 жасар қызы қанша «шежіреші» болса да біледі деу қиын. Білген күннің өзінде Сыбанның мықтыларын атайтындай Сараның жөні жоқ, өз руы Матай тұрғанда. Матай қызы тағы кімдерді атайды десек, Сыбанға жақын Қаракерейден Жолымбет, Қожағұл, оның ұлы Қабанбай, одан Әлі, Әліден Жақас бай, оның баласы Әділбек батыр, одан Сүлеймен болыс, сондай-ақ Тана мырза, ер Тәукебай, Тілеуберлі, Әлихан, Қисықхан, Шаянбай батыр, Сасан би, Кенже, Қазыбек батыр, Садырбай, Жаманбала тағы басқалар. Осыншама Қаракерей мен Сыбанды адақтаған ақын Сараның өз елі Матайдың манаптарынан Маман, Тұрысбек, Есімбек сияқты өз туыстарын атап, қалғанына келгенде «тілі таңдайына жабысып қалады». Осы арада Қ. Мұхамедханұлының мына бір пікірі орынды айтылған: «Лепсі, Зайсан, Семей уездеріне қарайтын Қаракерейдің белгілі адамдарының аты аталмай қалғандары жоқ. Осылардың бәрі, Матай қызы Сараның аузынан мақалады. Ал Матайдың бұлар қатарлы атақты адамдары, мысалы, Бұғыбай батыр, Жапалақ би, Садыр Сиқымбай, Қызай Балапан би тағы басқалар Сараның аузына да алынбай қалады. Сол сияқты Қаракерей ақыны Түбекпен, Маман алдында үш күн, үш түн айтысқан дейтін Матайдың атақты ақыны Толғанбай да Сараның аузына алынбай қалған» [75.55], – деген сөзінде шындықтың бір ұшығы жатыр. Аты аталғандар Сараға емес, Әріпке туыс, аталас әрі жерлес адамдар. Бұлардың атақ-даңқы мен беделін Әріп өте жақсы білген. Матайдың Сарасы:

Кеншімбай, Дулат, Сабыр, Сұртай, Жылтыр, Жанұзақ, қолда, – дедім ақын Түбек [72.140], – деп, аруақ шақыра сөз бастайды. Осындағы Сара сиынған Дулат, Сабырбай, Түбек Әріптің аталары, қалғанына келсек, шежіреші Қ. Алтынбаевтың айтуынша, Кеншімбай Матай руынан болғанымен, Жарма Матайларына жататын Елқоңды тармағынан тарайды [114]. Сұртай ақынның руы Қыржы, Зираты Ақсуат ауданының Сұлутал кеңшарында, Жылтыр – Бураның Қаратаз тармағынан, Шар өңірінен шыққан, Жанұзақ – Тарбағатай өңірінің ақыны [115]. Бұл ақындар Әріпке қарағанда Сараға алыстау өңірден. Осы арада Сара аузынан айтылатын мына бір жолдарға үңілсек:

...Арғын жоқ мақтағанмен Тойғұлындай,
Қор құйған қыдыр келіп сабасына [75.147].
...Тойғұлының асында бәйге тікті

Тоғыз      қыз      Арғын      берген      жетімінен      [75.151], – деген жолдардың тарихи сырына тоқтала келіп, Қ. Алтынбаев: «Тойғұлы Сыбанның Жанкөбек тармағынан шығады. Ол дүние салғанда бүкіл Орта жүзге сауын айтыпты, Арғыннан келген кісілер аттың бәйгесіне тігуге тоғыз жетім қыз әкеліпті» [115], – деген дерегі Сараның емес, өз атасының асын асыра мақтаған Әріптің сөздеріне әбден жақын. Сондай-ақ, Сараның аузымен аталатын Кенжеғүл, Байтоқа, Шаянбай, Серікбай сияқты Қаракерей-Сыбан елінің жақсыларына Әріптің арнаулары да бар. Ал өзі Керей, бірақ Арғын атынан сөйлеген Біржан кімдерді атайды? Біржанның атаған 25 шақты адамының жеті-сегізі ат төбеліндей Тобықты руынан. Қалғаны Арғын ғой деп көңіл семірткенмен, Каракерей, Сыбан-Мұрынмен ауылы аралас, қойы қоралас бергі өңірдің Арғындары ғана аттары аталып, ал сонау Біржанға жақын Көкше, Кереку маңының, Есіл мен Нұра бойының Арғын тармақтарынан танымалдардың есімдері кездеспейді. Айтыстың әлпетіне көз тоқтатсақ, Жанайдар батыр, ер Жәнібек, Шыныбай қажы, Құсбек сұлтан, Тәттімбет күйші сияқты Арғын ақиықтарының қасиеттерін бір-ақ ауыз сөзбен сомдап келе жатқан Біржан Құнанбай мен жас Ыбырайдың мәртебесін көтеруде біраз сөзін жұмсаған. Біржанға берген жауабында Сара да Арғынның атақтыларын аттап өтіп, тек Құнанбай мен Абайдан бар кемшілікті табады. Құнанбайдың Қазыбектің найзасына ілінгенін, істі болып Омбыда жатқанын тілге тиек еткен Сара, енді Абайға шүйіледі:

Ел аспас Серікбайдың жарлығынан,
Құт болды бас қадірі барлығынан
Мақтаған Ыбырайың дәнеме емес,

Бүлінді бар Тобықты паңдығынан [75.150]. Осы арада Сарадан Әріптің тасы тағы салмақтылау. Осындағы Серікбай, Найман Серікбай қажы – Әріп елінің биі. Әріптің «Серікбай қажыға» деген арнау өлеңі де бар. Олай болса, Абайдың сынына кектенген Әріп оны өз ауылының ауқаттысы – Серікбаймен иықтастыруы әбден ықтимал. Сара тағы да:

Наймандай Арғын қайда қоңыр майда,
Ел тоқтар бір мінез жоқ Ыбырайда.
Қазақтан өнері асқан ер болғанда,

Бағланы Жігітектің кетті қайда? [75.150], – деп Құнанбайлар Сібірге айдатқан Базаралыға жоқшы болады.

Быт-шыт қып
Тобықтыны тентіретті,
Түбіне аяғында түгел жетті.
Елге құт-берекелі кісі болса,

Маңғазы Жігітектің қайда кетті? [75.151], – деп Біржанды тақымдай түседі. Әрине, Базаралыны бас қылып Жігітектің он жеті адамын Сібірге Құнанбай балаларының айдатқанын Сараға қарағанда Тобықты ішінде жиен болып жүрген Әріп әлдеқайда жақсы білген. Базаралы айдаудан қайтқан кезде қарсы алып, қасында болған да Әріп. Бұл кездесу М. Әуезовтың эпопеясында тартымды суреттелген. Әріптің «Базаралыға» деп аталатын арнау өлеңі де осы кездесу оқиғасына орайлас туған...

Байқасаңыз, айтыс Тобықтыны айналып шықпай отыр. Айтыстың негізгі сөз шеңбері де Құнанбай мен Абай маңында түйісуде. Сара күллі Арғынның кемшілігін бір уыс Тобықтыдан, оның ішінде Құнанбай мен Абай басынан табады. Бұл құбылыс Сараның емес, тағы да Әріптің жағдайына дөп келеді. Зайсаннан жіберілген айтыс нұсқасының аяғында:

Бірі – әйел, біреуі әнші өлең айтқан, Біледі жат елдердің жайын қалай? [101.106], – деп жоғарыдағы құбылыстарды бармақпен басқандай етіп көрсетіп береді емес пе? Міне, бұл жайлар «Біржан-Сара айтысына» Әріп ақынның тікелей қатысын айғақтай алады.

Енді, айтыстың жалпы ішкі құрылымдық, сюжеттік желісіне келер болсақ, «Біржан-Сара» – оқиғалы сюжетке құрылған көркем туындыға келеді. Бүгінгі күнде айтыстың 1898, 1899 жылдардағы екі нұсқасы және осы нұсқалардан көп өзгешелігі жоқ ел аузында айтылып жүрген нұсқалары бар. Бірақ, бәрінің оқиға желісі бір. Оқиға былай: Біржан алты жолдасымен (кей нұсқаларда он бір) ақын Сараны іздеп Жетісуға келгені баяндалады. Яғни әдеби терминмен айтсақ, айтушының сөзі арқылы оқиғаның басталуы – тура экспозиция. Біржан тобы ауылға кіргенде, ауыл жігіттері оларды өлеңмен қарсы алады, арада аздаған қағысулар болады. Біржан Сараның шешесімен, одан Сараның сіңілісімен айтысып қап, олардың өзін зорға тоқтатады. Бұл арада, атағы жер жарған сал Біржанға қыз бен шешесін автор әдейі қарсы қойып, айтыстырып отыр. Бұлар – Сараның образын сомдап, шыңдау үшін ойдан жасалған кейіпкерлер. Автордың айтпағы «сенің асқақтаған Біржан атың болса, Сара да осалың емес». Автор баяндауындағы:

Сал Біржан құп болар деп аттан түсті,
Жауапқа көрінеді қатын күшті.
Өзі мұндай, қызы бір қу шығар деп,

Жолдасының алты бірдей зәресі ұшты [101.77], – деген жолдар шығармадағы сюжеттік байланыстың туғанынан хабардар етеді. З. Қабдолов сөзімен айтсақ, «...адамдар арасындағы әрекеттің басы, тартыстың басталуы іспетті, шығарма арқауындағы негізгі оқиғаның әуелгі туындау себебі секілді» [117.174]. Екі ақынды кездестірмес бұрын автор Тұрысбек қажыға мұңын айтқызу арқылы Сараны, оның жәйін оқырманға таныстырып алады. Бұл да бір сюжеттік тартыс тудырудың нәзік тәсілі. Алтай-Қарпық деп аттандаған Біржанға Сара бірден суырылып, атойламайды. Автор оқиғаны ширықтыра түседі. Бүкіл ел демін ішіне тартып, Тұрысбек, Есімбектер қыпылықтап қалады. Сосын Сараны қуаттандыру үшін қажы бата береді. Осының бәрі көркем шығармаға тән оқиғалар, ситуациялар емес пе?! «Кел, Сара амандасайық» деген Біржанға, Сара «Қисасұл әнбиені» алға тартып оңтайлы жауаппен қарсыласын омақастырғанынан оқиғаның дамып, нағыз ситуациялық шиеленістерге ұласқанын байқау қиын емес. Осындай композициялық сатыларда автор өз баяндауымен оқиғаны ары қарай өрбіте жалғап отырады:

Көтерді домбырасын көкке сермеп,
Салады түрлендіріп әнмен өрнек.
Бұл сөзге ызаланып алғаннан соң

Дауысқа салды Біржан аспанға өрлеп [101.84]. Оқиға қимылы күшейіп, тартыс тақымы тарыла түскендей. Бірі – сал, екіншісі – әнші. Екеуі де өз бастарының атақ-даңқын асыруда бірінен-бірі өтіп, түрленген теңеу мен астары мол асыл сөзге көмілді, ұғымды ұқсатулар мен бағалы баламалар тіпті қалмады. Енді екі ақын да өз елдерінің бетке ұстарларын асыра мақтауға көшті. Байқасаңыз, оқиға жүйелі бір тәртіппен дамып отырады. Біржан Арғынды адақтаса, Сара Найманды асырды. Әрине, оқиға бөгетсіз дами бермейді. Бұл сюжеттік дамудың ситуациядан шиеленіске көшкен түрі. Енді қаһармандар арасында қақтығыстар басталады. Біржан Құнанбай мен Абайды асыра мақтаса, Сара Құнанбайды Қазыбекке найзалатып, Абайды жерден алып, жерге салады. Демек, тартыс «өмірдегі қайшылықтардың өнердегі көрінісі, адам тіршілігіндегі түрліше қарама-қарсылықтардың өнер туындысындағы жинақталуы, суреттелуі» [117.166], яғни оқиғаның барынша шиеленісе түскендігі аңғарылады. Біржан Құнанбайдың Найманға қылған ерлігімен тамсанады. Ақыр соңында Сара қыздың Жиенқұлдай нашарға қосылғанын, сол жаманды көргісі кеп, құмарта, құтырынған Біржан Сараны сүріндіріп тынады. Міне, дарадан күрделіге қарай дамыған қым-қуыт ширыққан шиеленістер шоғыры оқиғаның шарықтануына да жеткізді. Автордың сөзіне бақсақ:

Тұрысбек Біржан салға атан берді,
Маман құтып тай-тұяқ шапан берді,
Естуші ек дабылыңды сыртыңыздан
Жарайсыз өнеріңді көзім көрді.

Сараға ер Есімбек берді жорға,
Ұялып бергеннен соң алды зорға.
Тұрысбек ақ жібектен көйлек беріп,
Жылатпаспын, – деді, енді сені қорға [101.104].

Бұл – шығарманың мақсатын танытар автордың үкімі, тартыстан туған соңғы нәтиже, көркем туындының шешімі. Ал шығарманың прологы – соңғы сөзіне Сара мен Біржанның қоштасуы мен автордың соңғы сөзі кіреді. Шым-шытырық оқиғалар, тартыс таразысы мен шиеленісе барып шешілген көрініс аяқталды. Біздің түйген ойымыз – Сара ақындық өнері мен сөз қуатының арқасында бас бостандығына қол жеткізді, ал Біржан Сараның сөз қуатын шынықтыра шыңдаған, сөйтіп, ақындық дәрежесін үлкен биікке көтеруші, Сара қыздың бас бостандығына кепілдік әперуші. Бір сөзбен айтқанда, жоғарыдағы талдаулар айтыстың бастан-аяқ белгілі бір сюжетке құрылған көркем шығарма екенін танытып тұр. Осы тұста Ахмет Байтұрсынұлының мына бір пікірін келтіре кетуді жөн көрдік: «Айтыс бастапқы кезде шын екі ақынның айтысқаны болса да соңғы кезде ақындар айтысты өз жанынан шығаратын болған. Яғни екі ақынның айтысқаны қылып, екі жағының да сөзін өзі шығаратын болған. Сөйтіп, «айтыс» шын айтыс емес, тек шығарманың түрі болуға айналған. Адамның, елдің яки бүкіл жұрттың келіссіз істерін, мінездерін, пиғылдарын айтқысы келсе, ақындар өз атынан айтпай, айтысқан ақындардың сөзі қылып шығаратын болған» [118.227], – деген пікірі «Біржан Сара айтысының» тарихын тап басып тұрғандай. Демек, келтірілген дәлелдеулер Әріптің Біржан мен Сара арасындағы болған айтысты елеулі өңдеуден өткізіп, толықтырып көркем туындыға тән оқиғалы дүние жасағандығын көрсете алады. Дәлелдемелерімізді бекіте түсу үшін Әріптің «Тәуке мен Ұрқия айтысы» шығармасын «Біржан-Сара айтысымен» салыстырып, екі айтыстың идеялық мазмұнына, оқиғаға орайластығына, сөз салымдарына үңіліп байқайық. Екі айтысты салыстырмас бұрын, алдымен, ақынның «Тәуке-Ұрқия айтысына» түсінік беріп кетейік. Шығарманың басты кейіпкерлері Тәуке мен Ұрқия. Ұрқия – Әріпке туыс. Жанкөбек, Ақтайлақтан тарайды. Ал Тәуке – Тобықты, Мәмбетай елінің батыры. Тәуке жайында Уәйіс Шондыбайұлы «Тәуке-Жікібай» дастанын жазған. Бұл туралы Қ. Мұхамедханұлы өз еңбегінде кеңінен түсінік берген [61.324-330]. Тәуке 1912 жылдары тұтқындалып, Сергиополь түрмесінде отырғанда Ұрқиямен кездесіп айтысқан. Қ. Мұхамедханұлы осы жайында: «Тәуке-Ұрқия айтысы» – өмірде болған шын оқиғаны айтыс түрінде жазған Әріп ақынның көркем шығармасы» [75.162], – дейді. Болған айтысты көркем шығарма етіп, өңдеп жазу Әріптің ақындық өнеріне машық құбылыс екендігін «Тәуке-Ұрқия» шығармасы дәлелдей түседі. Енді екі айтыстың табиғатын таразылар болсақ, әкесінің төрт түлігі сай, дүниеге мұқтажсыз Сара айтыста қажы ағасына мұңын шағып, бас бостандығын аңсаған жан болса, Ұрқия да Жұмақандай мырзаның қарындасы, еріксіз аз ауыл Ақымбекте ұзатылып, Аякөзде тезек арқалап, су тасыған күйге түседі.

Сара:

Сіздерден ұялағаннан үндемеуші ем,
Есекке қосақтаулы өтті-ау күнім, – деп ашынса, Ұрқия:
Ақ ноқта басқа киіп қатын болдық, – деп мойынсұнады.

Екі айтыстың негізгі желісі Сыбан мен Тобықты елі төңірегінде өрбиді. Сара да, Ұрқия да Тобықтының бүлігін қарсыластарының бетіне басады.

Ұрқия:

Ұрысын Тобықтының қойдай тізіп,
Елінде намыс қылар бар ма кісі.

...Батырым мейлің мақта, мейлің боқта
Тобықты кигізіпті шынжыр ноқта.
Сара:

Мақтанған Ыбырайың дәнеме емес,
Бүлінді бар Тобықты паңдығынан
...Елге құт берекелі кісі болса,

Маңғазы Жігітектің қайда кетті?

Ал қарсыластары – Тәуке мен Біржан Тобықтының тұлымын көтереді. Тәуке:

Адам жоқ бақыты асқан Құнанбайдан
Үлгілі Орта жүзге өнер жайған.

Біржан:
Құтыма тіл тигізбе ер Құнанбай,

Алашқа даңқы шыққан кер бұландай, – деп асқақтатады. Екі айтыстың сөз салымына көз салсақ, Біржан:

Үш жүзге даңқым шықты өлең жаттап,
Қысқартам адымыңды бір-ақ аттап, – десе, Ұрқия Тәукеге:
Болсаң да қанша жүйрік тоқтатармын,

Қысқартып адымыңды бір-ақ аттап, – дегені сияқты сабақтастықтар екі айтыста да молынан кездеседі. Айтыстағы Сара да, Тәуке де өз қарсыластарынан ақындық қуатының кемдігінен немесе ұрымталда сөз таппағаннан жеңілген жоқ. Елінің айнасы болған ақынның ең осал тұсы да – елінің кемшілігі, елінің міні. Сараны Жиенқұлға қосақтаған да, Тәукеге шынжыр ноқта кигізіп, абақтыға жапқан да ел-жұрты, дәлірек айтқанда өз елінің игі-жақсылары.

Жеңілдім рақымсыз елім үшін,
Кетіп тұр бүгін менің қайрат күшім.
Сиық жоқ қазір менде Тәуке дерлік

Азғындап, қан азайып, тұрған пішін, – деп ер Тәуке ақындық қуатын елінің жамандығына құрбандық етсе.

Сара:
Адамға жол бермеген есіл тілім
Күн өтпей қурап ұшқан қызыл гүлім.
...Өзі білер деуші едім жақсылардың

Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім, – деп, ел жуандарының рақымсыздығынан Біржан алдында шырмалады. Екі айтыста да әлеуметтік ой-түйіндер осылайша бір араға түйісуде. Екеуіндегі осыншалық ұқсастықтарды елемеу мүмкін емес.

«Біржан-Сара айтысына» Әріпті қатыстырғысы келмейтін зерттеушілер тобының ұстанар дәлелдерінің ең салмақтысы – Әріп шығармалары мен айтыс табиғатындағы сөз қолдану, стиль алшақтықтары. Мәселен, Е. Ысмайыловтың: «Біз әуелі Біржан мен Сара айтысының Әріп өлеңдерімен үндестігі, ақындық өнер жағынан қайталанып келетін тамырластығы бар ма деп қарастырдық, бірақ ондай үндестік байқалмайды», – деп:

Ақ қағаз тәштит етпе хат жазарға
Түскен соң мағлұм болды сөз базарға...
Жаһил көп тілін тіске құр жаныған

Не пысық сәуел қылсаң иманыңнан, – деген сияқты Әріптің бірнеше осы сипаттас өлеңдерінен үзінділер тере келіп: «Әріптің мұндай өлең, сөз өрнектерінен Біржан мен Сара айтысындағы ақындық өнер үлгісі байқалмайды. Әріп оқыған діндар ақын, оның өлеңдерінде ақыл айту, мінез-құлық түзеу, құбылысты сол қалпында прозалық үлгімен баяндау басым болып отырады. Әріптің өлеңдерінде қайталап келетін сөз кестесі, сөз машықтарының бірде-бірі Біржан мен Сараның, сондай сал-сері ақындарының ақындық дүниесіне тіпті қабыспайды» [90.106-107], – дегенін толық құптау қиын. Өйткені, Әріп, ең алдымен, «Біржан-Сарадай» көркемдік қуатқа ие болмаса да, жазба айтысының озық туындысы саналатын «Тәуке-Ұрқия айтысын» өңдеп, көркем шығарма жасаушы, екіншіден, Көкбай, Қуанышбай, Әсет, Боранбай сияқты айтыскерлермен ауызша да, жазбаша да айтысқан айтыскер ақын. Үшіншіден, өз туындыларын тек «құр баяндауға» құрмаған, ұлы Абайдың үлгісінде ақындық өнерін дамытып, сыншыл да, шыншыл шығармашылық деңгейге көтерілген ақын. Дәлеліміз дәмді болу үшін, «Біржан-Сара айтысы» мен Әріп шығармаларының арасындағы сөз өрнектері мен тілдік тамырластықты таразылап байқайық. Міне, дәлелдеуді қажет етпейтін құрылымдық және мағыналық жағынан сәйкестік тауып жатқан қуатты ой, әсерлі суреттер Әріп шығармалары мен «Біржан-Сара айтысының» арасы мүлдем қабыспайды деген пікірлердің толыққанды дұрыстығына шүбә келтіреді. Әрине, бұл таразыланған тармақтардан Әріп мұрасы толығымен «Біржан-Сара айтысына» ұқсап жатыр, онымен тең дәрежеде деген ұғым тумауы керек. Тек кезінде: «Мен Әріптің өлеңдерімен біраз таныс адаммын, олардың ішінде асылдық және көркемдік жағынан «Біржан мен Сараның айтысына» қатарласу түгіл, маңайлайтыны да жоқ. Егер Әріп күшті ақын болса, оның өз өлеңдері «Біржан мен Сараның айтысына» неге теңесіп жатпайды? Өз өлеңдерінде ол «құба төбел» шағын ғана ақын» [80], – деп Әріптің ақындық өнерін танымай жатып тым таяздатып жіберген кей ғалымдарымыздың пікірлеріне жауапты жоғарыдағы таразыланған тармақтар бере алады. Әрине, мұндай сәйкестікті Біржанның да, Сараның да ақындық табиғатынан молынан кездестіруге болады. Әйтсе де, осы арада қатты ескеретін бір жай, көптеген зерттеушілер айтысты Біржанның, Сараның өлеңдерімен салыстырып, яғни айтыс табиғатына тән табан астында суырылып айтылған сөз бен ақындық талғамнан туған өлең табиғатының екі бөлек құбылыс екенін ескермей жүр. «Біржан-Сараны» айтыс деп қарайтындар, мұны осы екі ақынның айтыстарымен салыстыруы ақиқат болар. Осы арада көкейге қонымды тағы бір сауал туындайды. Егер айтыс толығымен, осы қалпында Біржан мен Сараныкы болса, олардың басқа айтыстары неге осындай деңгейде емес? Біржанның біз білетін белгісіз қызбен және Шөжеден ұтылған бір-екі ауыз сөз қағысы ғана бар. Ал Сараның мықты деп саналатын Төребаймен айтысын «Біржан -Сара айтысымен» көркемдік қуаты жағынан теңестіруге келмейді, бұл – бір, екіншіден, Біржанның адымын аштырмаған 18-дегі Сара қыз көп жыл тәжірибе жинап, айтыстың «маманы» болған шақта Біржанның шәкірті Төребайдан оңбай жеңіледі. Жеңілгенде де басқа себеп емес, сөз таппағаннан, өз елінің жақсыларын жарытып таныта алмағанынан жеңіледі. «Біржан-Сара» мен Сараның басқа айтыстарындағы сөз қуатына үңілсек:

Біржан-Сара айтысы:

Еркек жоқ өз басыма теңгерілген,
Сөз пірім он жасымнан меңгерілген.
Нәп-нәзік көзден олқы көрінсем де
Сан жүйрік қойдан оңай өңгерілген.

Ұшырған тәрбиелеп ақ тұйғынмын
Матайдың Қаракерей сеңгірінен.
Даусыма аспандағы құс айналар

Құбылып тоты құстай төңкерілген [75.154]. Төребай мен Сара айтысы:
Белгілі әйелде ерке сал екенім,
Біледі Үйсін, Найман Сара екенім.
Атақты сал Біржаннан бата алғаным

Біледі ел өлеңге ебім бар екенін [104.115]. Сара мен Ермек айтысы:
Құлаштап келер жақсы өткен дүние,
Сұңқардай тоят алып қанат жайған
Құсындай құдіреттің кез боп қалдым,

Дәм татпас тірі жүрсе адам қайдан?! [102.100]

Айтыстардың ақиқат жолдары осылай сөйлейді. «Біржан-Сара айтысы» тек осы екеуінің аузынан шыққан ауыз әдебиетінің соншалықты озық үлгісі дегенге бағанадан келтірген фактілер кепілдік бере алмайды. Ендеше, түгел сөздің тобықтай түйіні, жоғарыдағы жыр жолдарына, өлең мұраларына сүйенген дәлелдеулеріміздің жиынтығы мынау – Біржан мен Сараның кездесіп айтысқаны, дәлірек айтқанда, сөз қағыстырғаны, кей деректерде келтірілгендей [қараңыз: 85,87] өлең жарыстырғаны анық. Бұл екеуінің «кездесіп, айтысты» дегенін «Төребай мен Сара», «Төребай мен Мәйке қыз», «Әсет пен Кәрібай», «Болман мен Несікүл» айтыстары сияқты тарихи деректер қуаттайды. Ал негізгі арқа сүйеп, дерек көзі еткен тарихи өлең мұраларының өзі қайшылыққа ұрынып жатқандықтан, ақындар дәл қай жылдары кездесті, Сара қай жылдары өмір сүрді деген сұрақтар әлі де шешімін таппаған күйі қала бермек. Өйткені, біз бүгінгі зерттеушілер сөзінен кешегі өлең тармақтарын артық қоямыз. Бастысы, Біржан мен Сараның дәл қандай деңгейде айтысқанын тап басып айту қиын. Десек те, айтыс табиғатының тамырын басып байқасақ, Біржан мен Сараның амандасып, сөз алысулары, айтыс ақынына тән қарсыласының алдында өз бастарын асқақтата көтеру сияқты баламалы сөз жарыстары, сондай-ақ Жиенқұл маңындағы оқиғалар Біржан мен Сараның аузынан шыққан сөздері, яғни айтыстың негізгі түпнұсқасына келеді. Осы айтыс оқиғасын басты тақырыптық нысана етіп, Біржан мен Сараның айтысын сюжеттік тартыс құрып, көркем дүниеге айналдырған – Әріп Тәңірбергенұлы. Айтыстың басталуы мен аяқталуын қоспағанның өзінде, Тобықты, Сыбан адамдарының мақталып-датталуы, сол өңірдегі кейбір оқиғалардың сөз болуы, Құнанбай мен Абай образының бейнеленуі сияқты құбылыстар – Әріптің өз жанынан қосқан оқиғалары деуге жоғарыдағы дәлелдер жеткілікті. «Біржан-Сара айтысы» жайында әр жылдарда пікір айтқан М. Әуезов Әріп Көкбайларға айтқан Абайдың сынына тоқтала келіп: «Абайдың сын сөздері ақындардың барлығына да ауыр тиген шығар. Бірақ іштерінде, әсіресе Әріп қатты намыс қылып, кектеніп, Абайдан есесін қайырмақ болып «Біржан-Сараның айтысына» өз жанынан Абайды жамандау сияқты көп сөздер қосқан деседі» [74.340], – деген пікірі осы құбылыстарды бекіте түседі. Ал, айтыстың елге таралуы жайынан сөз қозғайтын болсақ, зерттеушілердің соңғы пікірі айтыс 1871 жылдары болды дегенді негізге ала отырып айтарымыз: негізінен елге Біржан мен Сараның айтысы емес, осы айтыс негізінде жазылған Әріптің (1887, 88 жылдары Қапал, Алматы жақта болғанда жазған деп топшылаймыз. Жамбыл естелігі т.б. деректер осыған саяды) шығармасы елге тарап, Біржан мен Сараның даңқы сахараға осылай жайылады. «Сара мен Төребай айтысында» Төребай ақынның: Сара, сен шамалы ақын болсаңдағы, Шығарды атағыңды Біржан жыры [104.116], – деп айтыс емес, жырды ауызға алатыны да сондықтан. Елге тараған осы жырды қазақ топырағында туған жыр-қиссаларды мұқият жинаушы Ж. Шайқысламұлы алғаш боп өзінше өзгерістермен баспаға ұсынады. Іле-шала Әріптің де нұсқасы жарық көреді. Екі нұсқаны салыстырған адамға бірден байқалатыны – екінші басылым көрген нұсқа бірінші нұсқаның (бастырушы тарапынан басы, аяғының өзгергені болмаса) толық түрі, яғни оригиналы деуге әбден болады. Әріп нұсқасының аяғындағы:

Екі ақын басты қосып сөйлескен соң
Көп әңгіме болыпты бұл бірталай.

...Нұсқасы екеуінің Арғын, Найман,
Бұл өлең шыққан екен бірталайдан.
Сөйтсе де хат болмайды, басылмайды.
Қазанға бастыруға көңіл ауған.

Әр кісінің қолында біреуі жүр.
Біреуі рас болса, бірі – жалған [101.105].

Осы жолдар айтыстың елге таралып, басылым көру мәнісімен қоса, осы нұсқаның тұпнұсқалық салмағын таныта түседі. Егер айтыс Әріп өңдеуінен өтіп, біртұтас көркем шығармалық биіктен көрінбегенде, Сараның немесе Біржанның басқа айтыс, сөз қағыстары сияқты қазақтың қоңыр төбел көп айтыстарының дәрежесінде қалар еді. Бұл арада, Әріптің орны тек өңдеп, бастырушы қатарында емес, одан анағұрлым жоғары, ауыз әдебиетінің үлгісін толықтырып, өзіндік қоспалар қосып, айтысты көркем туындыға айналдырып жырлаушы дәрежесінде көрінеді. Бірақ бұл жайлар айтысты толық Әріптікі ете алмайды. Екінші ескертетін жайт, айтыстағы Біржан мен Сараның сөз қуаты, әсерлі ой-өрнектері айтарлықтай жоғары дәрежеде болмағанда, қаншалықты Әріп өңдеуінен өткенмен, бұл туынды «Тәуке-Ұрқия» сияқты биіктен ғана көріне алар еді. Біз бұл жерде екіге жарылып жүрген ғалымдардың пікірлеріне де, қайшылығы мол ескі көз естеліктерге де жығыла жүгінбей, тек ақындардың аузынан шыққан өлең мұраларын куәға тарттық. Яғни біздің пікірлеріміздің түйіні – сол заманғы ақындар аузынан шыққан ақиқат жолдарда. Бұл пікірлер, әрине, айтыстың соңғы нүктесі болуға тиіс емес. Ғасырға созылып келе жатқан айтыс жайындағы даулы мәселелер бүгінге дейін айтыстың беймәлім тұстарын аршып, біршама деректердің ақиқатын анықтады. Сондықтан да, айтыстың ақиқат нүктесін анықтау әлі де жалғаса бермегі ләзім. Егер, тарихи фактілердің қайшылығына көзжұмбайлық танытуды тастап, даулы деген дүниеден үрікпесек, «Біржан-Сара айтысы» қазақ әдебиеті бетіндегі жаңа ғасырдың ең көкейкесті мәселелерінің бірі болып, әлі де ақиқаты аршыла түсетіні хақ.

САЯСИ ӘЛЕУМЕТТІК ОРТА ЖӘНЕ АҚЫН ТАҒДЫРЫ

XІX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасыр басы қазақ халқының тарихындағы аса елеулі де, қым-қуыт кезең болды. Қазақ елінің қоғамдық жағдайы бұл дәуірде тікелей Ресей империясымен тығыз байланыста. Қазақ халқы Ресейдің қол астына енген соң, орыстың «қамқорлығы» біртіндеп күштеп орыстандыру орағына айналды. Крепосниктік құлдықтан құтылып, «капиталистік» аталатын кезеңге аяқ басқан Ресей империясының қазақ даласына зорлық-зомбылығы күн санап зорая түсті. Бодандықтың бұғауы буындыра түскен отар ел – қазақ халқының жеке ұлт қалпын сақтап тұруына үлкен қатер төнді. Сайқал саясатын ежелден сайлаған Ресей қазақты тақымдай түсу үшін, 1868 жылы «Қазақ даласын билеу ережелері» деген заң шығарып, қазақ елінің басқару жүйесін «бас-басына би қылып, қиқымдап» жіберді. Ал елдің территориясын тулақтай илеген Ресей мен Қытай империяларының шекарасы ресми түрде белгіленіп, қазақ ауылдарын қаққа жарып, қызыл сызық жүргізілгеннен кейін, патша өкіметі бұрынғы уақытша ислам дінін тарату саясатынан бас тартып, 1862 жылы-ақ елді шоқындыруға кірісті. Осылайша, түгін тартса майы шығатын қазақ жеріне қара шекпенділерін қаптатып қана қоймай, халықтың тілі мен дініне іркіт құя бастады.

Отарлаудың негізгі бағыттары – қазақты діннен бездіріп шоқыншы ету. Сонау ықылым заманнан тасқа таңбаланып жеткен жазу-сызуын жойып, переселендерді қаптату, оларды қазақпен араластыра қоныстандыру еді. Миссионер Остроумовтың: «Русско-государственное задачи и стремления нашего отечества по отношению с инородцам состоят в обрусении... еще другое задача – способствовать слиянию киргиз с русскими в один целый политическо-государственный организм» [119.25], – деуі көп нәрсені аңғартады. Ал орыстандырудың негізгі бағыттарының бірі – Ресейдің шет аймақтағы бұратана елдерде ашқан, миссионерлік мүддені көздейтін аралас мектептердің дүниеге келуі еді. Орыс емес халықтар үшін ашылған мектептің мақсаты да біреу-ақ еді – қазақ елінің көзін ашу емес, өз ішімізден орыстандыру саясатын іске асырушы шала сауаттылар дайындау. Мұны, күні бүгінге дейін біздер еңбектеріне табынып, озық ойлы ағартушылар ретінде бағалап келген миссионер Ильминский, Остроумов, Алекторовтар алдын ала, жан-жақты дайындаған оқыту жүйесі арқылы ұзақ жылдар бойы белсене атқарды. Бұл құбылысты да қырағы көз қазақ зиялылары байқамай қалған жоқ. Ә. Бөкейханов: «Первые начальные школы были открыты даже значительно ранее, чем для русского населения, но русская грамотность среди них весьма незначительна. Такой науспех русской грамоты среди инородцов объесняется, может быть, тем что в этих школах в начале заботились не столько о том чтобы дать им определенное идейное направление» [120.63], – дейді. Дегенмен орыстың отарлауы қазақ жерінде еш тоқтаусыз, қарсылықсыз жүре берді деу қиын. Патша саясатын ерте сезген ел ішіндегі үркердей топ – көзі ашық, зиялы азаматтар әр жерден қарсылық білдіре бастады. Сондай-ақ, қазақ еліне православия дінінің келуі мұсылман дін басыларын қатты дүрліктірді. XІX ғасырдың ортасынан-ақ мұсылман дін басылары дінге салғырттау қарайтын қазаққа мұсылманшылдықты мықтап енгізе бастады. Ресейдің шовинистік қатеріне әуелі мәдени тұрғыда дүниеге келіп, кейін саяси қозғалысқа айналған жәдидизм қарама- қарсы тұрды. Жәдид мектебі – дәстүрлі мұсылман мектебі мен орыс мектебінің аралығынан туған жаңа ұлттық мектеп. Десек те, ертеден бес қаруын сайлаған орыстың саясатына бұл құбылыстар айтарлықтай тосқауыл бола алған жоқ. «Патша өкіметі оларға (жәдидизмге – Б.Е.) ескіше оқыған молдаларды-кадистерді қарсы қойып, шайқастырып, жәдидизмге астыртын кедергі жасай бастады. Ақыры жәдидше оқығандардың біразы қақтығыстар мен шайқастарға шыдай алмай, бұрынғы едәуір белсенді әрекеттерін әлсіретіп алады, сөйтіп жәдидизм екі топқа бөлініп, соңғы кезеңде әлсіз, артта қалған ағымға айналды [121]», – дейді ғалым Ш. Сәтбаева. X ғасырдың басында Ресей империясы үшін дүрбелең кезең басталды. Төңкеріс түндігі желпілдеп, езілген қара халық бостандық исін сезіне бастады. Әлеумет әбігері мен өкіметтің экономикалық өзгерістері орыстың темір ноқтасына бой үйрете бастаған қазақ даласына да дүмпуін сезілтіп жатты. Қоғамдық ой-сана бостандығының көрінісі 1905 жылғы бас көтерумен сипат алып, азаттық, теңдік идеялары қазақ сияқты бұратана жұрттарды да елеңдетпей қоймады. Бұл құбылысты Т. Рысқұлов былайша сипаттады: «Революция 1905 г. дает большой толчек оживлению мысли среди восточных народностей, в том числе и среди казахов. В связи с манифестом 1905 года устраевается среди казахов митинга и пишутся петиции на тему о религии и земле» [122.150]. Қазақтың кең даласына бостандықтың, азаттықтың желі ескен шақта, ел еркіндігін аңсаған Ә.Бөкейханұлы, А.Байтұрсынұлы бастаған зиялы топ халқының тізгінін жатқа ұстатпау мақсатында әртүрлі партиялар құрды. Үкімет тарапынан езгінің күшеюі азаттықты аңсаған қара халықты жұмылдыра түсті. Оның арты белгілі: батыл ереуілдер алдымен, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске айналды, соңы XX ғасыр басында Ресей мен оның қарауындағы елдер үшін түбірлі өзгеріс әкелген 1917 жылғы ақпан, артынан қазан төңкерісімен тамамдалды. Қазақ елі де бостандық алды. Бірақ қандай бостандық? Ұлттық азаттығымызды аңсаған Алаш үкіметі қудаланып, арты – ашаршылық, кішкене революция қырғыны 37-нің нәубетіне ұласып, қазақ халқы қызыл тудың астында қызыл қанға бөкті... Қазақ елінің саяси-қоғамдық өзгерістерімен қатар әдеби-мәдени өмірі де осы кезеңде үлкен бетбұрыстарға тап болды. Қазақ әдебиетіне үлкен әсер болған Шығыс пен Батыс мәдениеті қазақ топырағында тоқайласты. Орта ғасырдағы аңыз-ертегі сюжетіндегі дастандар XІX ғасырдың ортасынан қайта жаңғырып, романтикалық, діни тақырыптардағы қиссалар қазақ әдебиетінің қорын молықтыра түсті, Қазан қаласында кітап етіп басылды. Жаңа ғасырда қазақ елінің кітап басу ісі едәуір алға жылжыды. Елдің ояну дәуірінде халықтың ұлттық мүддесін көздеп, азаттықтың ұранын ту етіп қазақ баспасөзі дүниеге келді. Десек те, қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштары «Түркістан уалаятының газеті», «Дала уалаятының газеті» патша үкіметінің мақсат-мүддесін насихаттау шеңберінен аса алмады. Бұл жайында Ә.Бөкейханұлы: «На киргизском языке пока нет ни одной газеты, точно также киргизы не распологают до сих пор своей типографией» [120.75], – деп шырылдаған болатын-ды. Сол кездегі қоғамдық ахуал мен елдегі саяси бетбұрыстар казақ әдебиетіне де әртүрлі ағым-бағыттар әкелді. Оларды бүгінгі күнге дейін заман талабына сай, бірін асыра мақтап, көкке көтерсек, екінші бірін таптай тұншықтырып, әдебиетімізден аластауға тырыстық. Осы қылықтарымыз ағымызды танып, ақиқатымызды анықтаған күнде, яғни қазіргі уақытта бетімізге салық боп тигені жасырын емес. «Қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихын әңгімелей бастағанда бір-біріне қарама-қарсы қоятын екі ағымнан құтыла алмай келеміз және бәрін де саясатқа телиміз. Оның үстіне әдебиет тарихын хронологиялық дәуірлеуден шыға алмай келеміз. Сондықтан XVІІІ, XІX ғасырдың бірінші, екінші жартысы деген жалпыламаларды анда-санда «ағартушылық-демократтық әдебиет» пен «зар заман» деп бір жіліктесек, XX ғасырда «буржуазияшыл ұлтшылдар» мен «совет ақын-жазушылары» дегенді қалай айтып, осылайша жіктеудің аясынан шыға алмай келеміз» [1], – деп орынды сын айтады бүгінгі күн талабы. Шынында да, XІX ғасырдың аяғы мен XX ғасыр басындағы әдебиет ағымдарын әр ғалым әртүрлі құбылтып келеді. Олардың көбі сол кездің идеология сүрлеуімен жүрді. Мәселен, Кенжебаев қазақ халқының революциядан бұрынғы ақын-жазушыларын ағартушы, ағартушы-демократ ақын-жазушылар, демократтық-төңкерісшіл халық жырлары деп үшке бөледі [123.29]. Кейінгі ғалымдар ағым-бағыттардың аттарын өзгертіп, санын көбейткенімен, Б. Кенжебаевтың анықтамасынан аса алысқа кеткен жок, Ә.Қоңыратбаев осы кезеңнің әдеби бағыттарын: «...бірі ескі сюжеттерге негізделген романтизм, екіншісі – ағартушылық-демократтық бағыттағы сыншыл реализм. Осы екі ағымға 1916 жылғы көтеріліске орай туған халық поэзиясын үшінші бір арна ретінде қосыңыз» [124.202], – деп жіктесе, С. Ордалиев: «XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетін екі әдеби бағытқа бөлуіміз керек. Бірінші

– ағартушы бағыттағы ақын-жазушылар, екіншісі – ағартушы-демократтық бағыттағы ақын-жазушылары, оның қатарына Ахмет, Шәкәрім, Міржақып, Мағжан (әрине, революцияға дейінгі еңбектерін ақтау кажет), Сұлтанмахмұт, Спандияр, С. Дөнентаев, Ә. Тәңір-бергенұлы... т.б. еңбектерін» [125], – жатқызады. Әр ғалым әдеби бағыттарды өзінше көрсетіп, ақын-жазушыларды шартты түрде бөліп, жіктеп жүргенімен, бір ақынның шығармасында әр бағыт-ағымдардың элементтері кездесетін кұбылыстар да аз емес. Ә.Тәңірбергенұлы мұрасына үңілсек, ағартушы-демократтық бағыттағы ақындар тобына жатқызылып жүр. Ал жоғарыда Ә.Қоңыратбаев көрсеткен «ескі сюжеттерге негізделген романтизм» бағыты да Ә. Тәңірбергенұлы шығармашылығын айналып өте алмайды. Ақынның шығыстық сюжетке құрылған романтикалық қисса-дастандарын ескерсек, Әріп шығармашылығын ағартушы-демократтық ағымның шеңберінде ғана қарастыру ақын мұрасына тарлық ететіні сөзсіз.

Бүгінде, терісіміз оңға баланып жатқан шақта, төл әдебиетімізді қайта қарап, жаңаша бағалау үстіне бағалай түсу ғасырға жуық уақыт құрсауда болып келген әдебиетіміздің жаңа қырларын тани беруге септігін тигізбесе, артық болмайды. Кезінде аяулы Ахаңдар «Масаның» ызыңы, «Қазағының көгіне күн болған» Сұлтанмахмұт сәулесі, Міржақыптың «Оян қазақ» деп аттандаған дауысы қайран қазақ санасына енді жеткен күнде, ұғым-түсінігіміз толық жүз сексен градусқа өзгерген шақта, XІX ғасырдың аяғы мен XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің алтын дәуірін тұлғалы есімдермен толықтырып, жаңалай түсуіміз қажет. Осы арада, екі ғасыр тоғысында дүниеге келген әдебиеттің кейінгі рухани өмірге ықпалын жасаған Абай есімімен тығыз байланыста екендігін естен шығармауымыз керек. Аталмыш кезең әдебиетінің ірі өкілдері – А. Байтұрсынұлы бастаған бес арыстың арқандалып, ұлы Абайдың ақындық дәстүрін ұстанған өнегелі мектеп – Абай шәкірттерінің тұсалуы, ғасыр тоғысындағы қазақ әдебиетінің ордасын ойсыратып тастады. Ұлтшылдарды жою толқынының алғашқы легі Ахмет, Мағжан, Міржақып, Шәкәрім, Жүсіпбектерді жалмады. Ал солардың ішінде әупірімдеп, аман қалған Әуезов тұлғасы социалистік идеологиямен қаруланған қоғам арасында көзге шыққан сүйелдей даралана берді. «Әуезов Абайдың әдеби ортасы, әсіресе әдеби мектебі жайлы алғашқы ой-пікірін 1922 жылдары жария етті» [126.261], – деп жазды абайтанушы М. Мырзахметов. Әуелден Әуезов іргетасын қалаған, кезінде кеңестік дәуір талабының талқысына ұшыраған Абай мектебі – бүгінгі күнде абайтану әлемінің ішіндегі ұлы ақын ұстаз бен ақын шәкірт арасының құдіреттілігін танытар ең өнегелі де, өрісті дүниелерге толы, ғылыми зерттелу жағынан кенже қалып келе жатқан, арналы салаларының бірі. Сөзімізді тұжырымдай келгенде, Абай дәстүрін өзіндік өрнегімен жалғай білген Әріп Тәңірбергенұлы сынды ақын туған заман тынысының әдеби-мәдени дамуға әсері, осы кезеңдегі қоғам бетбұрысына атсалысқан ұлы тұлғалар есімдері, олардың өмір келбетін айқындаған еңбектері біз сөз етіп отырған екі ғасыр өткеліндегі замана құбылысымен айқындала баяндалды. Ал негізгі тақырыптық таным, жанрлық ерекшеліктер, поэтикалық пафос пен көркемдік қуат сияқты ақын тұлғасын айқындар мәселелер Ә.Тәңірбергенұлының шығармашылық мұрасында сөз болып, еңбектің өне бойында өріліп отырады. Ақын өмірбаяны – оның мұрасының мәнді бөлігі. Мәселен, М.Әуезов Абай өмірбаянын толық жазып, ақын жайындағы монографиялық еңбегін 1925 жылы Петерборда-ақ аяқтаған болатын. Ал сол «Абайдың ғылыми өмірбаянын бір емес, әлдеқанша қайта қарап, төрт рет жаңғыртып тыңнан жазуы арқылы мүлде жаңа, соны деректермен толықтырып, сапасын арттырып отыруға көп күш салғанын» [127.67] ескерсек, жалпы ақын-жазушының өмірін жете зерттемей, олардың әдеби мұрасына бірден үңілудің бос әурешілдігі М. Әуезовтің: «...ақындардың өмір тарихын білсек, соның әрқайсысы өмір сүрген заманының тірі пішінді белгісін тауып алғандай боламыз» [127.8], – деген тұжырымы қуаттай түседі. Бұл орайда А.Еспенбетовтың: «...қаламгер өмірбаяны оның шығармаларының жазылу тарихы мен философиялық-дүниетанымдық көзқарасындағы эволюцияны айқындауда жетекші қызмет атқаратындығын ешкім де жоққа шығара алмаса керек» [128.17], – деген пікірі ақын өмірбаянының қаншалықты салмақты да, маңызды орын алатындығын таныта түседі. Кезінде Әуезов қатты ескерткен Абайға дейінгі ақындар өмірбаянының жазылмауы былай тұрсын, қоғам қыспағы Мұхтардың өзінің өмірбаянын ашық жазуға тарлық қылғанын ескерсек, XІX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында өмір кешкен Әріп Тәңірбергенұлы өмірбаянының ғылыми тұрғыда қалыптаспауына себеп іздеудің қажеті жоқ. Заманның ақын мұрасын зерттеуге тигізген кесір-кедергілеріне қарамастан Әріп өмірбаянын жазуға, әр кезеңде толықтыруға М.Әуезов, Б.Кенжебаев, Т.Қасенұлы, Қ.Мұхамедханұлы, Ө.Есназаров, М.Бейсенбаев т.б. ғалымдар мен зерттеушілер өз үлестерін қосты. Ә. Тәңірбергенұлы өмірбаянын жазуда темірқазық етіп ұстанар дүниелеріміз, алдымен, ақынның шығармалары, сондай-ақ, Қ.Мұхамедханұлының 1950 жылы М. Әуезовтің жетекшілігімен жазған «Абайдың әдебиет мектебі» атты кандидаттық диссертациясы, Ө. Есназаровтың 1962 жылы жазған «XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті тарихын зерттеудің кейбір мәселелері» деген кандидаттық диссертациясы; ҚРFА ОҒКҚ, Әдебиет және Өнер институты (ӘӨИ) қолжазбалар қорының материалдары, Алматы, Семей архивтеріндегі дереккөздері, «Түркістан уалаятының газеті», «Дала уалаятының газеті», «Қазақ тілі» газеттері мен «Айқап», «Абай» журналдары, сондай-ақ жиырмасыншы жылдардан бергі мерзімді баспасөз беттеріндегі ақын өміріне қатысты материалдар. Аталмыш дүниелерді бүгінгі күнде уақтылы-уақтылы шығып тұрған ғылыми-зерттеу еңбектермен салғастыра тексеру – ақын өмірбаянын ғылыми фактілермен толықтырып, тыңнан жаңалық қосары сөзсіз. Әріп (азан шақырып қойған аты Мұхамедғаріп) Тәңірбергенұлы 1856 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Үш биік ауылына қарасты Еңірекей елді мекенінде дүниеге келген. Руы – Сыбан ішінде Жанкөбек. Әріптің арғы аталарын ауызға аларлықтай әрқайсысы тарихи тұлғалар. Жанкөбектің бір баласы – Нар дауысты Нарынбай XVІІ ғасырдың аяғында қазіргі Ташкент Жеті қақпа аталып тұрған кезде, бір қақпасына бек болған адам. Әрдайым Әріппен сөз қағыстырып жүретін Көкбай ақынның:

Көкше атам Тобықтының бел баласы,
Бөтен деген білместің бос таласы.
Нарынбайды Ташкенттік сарт дейді ғой

Сол сияқты қазақтың құр жаласы [75.126], – деген қағытпасынан-ақ Нарынбайдың сол аймақта болғандығын байқауға болады. Нарынбайдың екінші әйелінен – Құттыбай. Ел арасындағы сұңғыла шешендігіне байланысты халық қастерлеп «Қу дауысты Құттыбай» атаған Үмбетей жырау Абылай ханға Бөгенбай батырдың өлімін естірте келгенде:

Аруағыңа болысқан,
Әділ билік қылысқан.
Қашпаған қандай ұрыстан
Керейде батыр Жәнібек,

Қаз дауысты Қазыбек,
Қу дауысты Құттыбай,
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай-

Абылай сенің тұсыңда
Сол бесеуі болыпты-ай!
Кейі батыр, кейі би,
Тәңірім берген сондай сый,

Ұмыттың ба соны Абылай [20.77-78], – деп қазақтың бес асылының бірі ретінде Құттыбай биді ауызға алуы кездейсоқтық емес. Қазыбек би қартайған шақта орнын басқан Құттыбай – 1760 жылдары Абылай хан атынан Бежінге (Пекинге) елші боп барған дипломат. Қазақ-қалмақ шабысы уақытында Қабанбайдың жорық ақылшысы болған. Атақты Дулат ақын:

Қаз дауысты Құттыбай
Қазақ туын көтерді.
Даналықпен айырды,

Келер менен кетерді [129.32], – деп Құттыбайды мақтанышпен жырға қосқан ғой. Құттыбайдың баласы – Байғара би. Сыбанның атақты он жеті ақыны осы Байғара биден бастау алады. Осы арада арнайы тоқтала кеткеніміз жөн, Сыбаннан тараған он жеті, Жанкөбектің он жетісі немесе бергі Байғарадан келе жатқан он жеті ақын деп, әр кезеңнен бастама жасап жүргенімізді екерсек, әйгілі он жетінің қай ақыннан өрбіп, кімге дейінгі аралықта үзілмей жалғасқанын дәл айтуға келгенде көпшілік зерттеушілеріміз дәрменсіздік танытатыны – бүгінгі күннің ащы шындығы. Атақты он жетіні ауызға алғанда Ақтайлақ, Сабырбай, Түбек сияқтыларды атап, арғы жағын осыларға сүйей сырғытып өте шығатынымыз тағы бар. Ал осы ақындарды санамалап көрсеткен зерттеушілеріміздің пікірлері бір-бірінен алшақ жатыр. Мәселен, Б.Ысқақов былай дейді: «Қалихан Алтынбаев ақынның мәліметіне қарағанда Аякөзде тұратын Шөкімұлы Ғаббастың айтуынша «Біржан-Сара айтысында» мақтанышпен аталатын он жеті ақын түгелімен Найманның Жанкөбек руындағы Байғара, Ақтайлақ әулетінен тараған. Бәрі де шетінен шешен, ақпа-төкпе ақындар болған. Олар мыналар: Байғараұлы Ақтайлақ, Ақтайлақұлы Алшынбай, Өзбек, Сабырбай, Өмірбек, Түбек (Ақтайлақтың бауырына салған баласы екен), Сәметұлы Нұрлыбай, Орынбай, Уәйіс, Бытыхан, Артықұлы Кәдірбек, Байсаұлы Көкен, Өтепұлы Дәрібек, Түсіпұлы Әйтімбет, Тілеуімбет, Әлсейітұлы Шәке, Райұлы Байтұяқ» [130.143]. Бұл арада, Б. Ысқақов айтқандай, «Біржан-Сара айтысында» он жеті ақын түгелдей аталмайды. Жалпы Сыбаннан тараған ақындардың ішінен Сара аузымен аталатындары Дулат, Сабырбай, Түбек, Ақтайлақ қана.

Семей өңірінің әдеби-тарихи тынысын танытар құнды деректердің бірі – Ә. Сәдуақасұлының «Тарихыңды танып біл» еңбегінде автор он жеті ақынды мүлде басқаша тізімдейді: «Әріп, Дулат, Ақтайлақ, Сабырбай, Қуаңдық, Түбек, Омар, Сәдір, Байбала, Толымхан, Ақылтай, Шалбай, Рухия, Нұрлыбай, Ғаббас, Бәдіхан және бәрінің атасы Ақтамберді жырау» [131.133]. Он жеті ақынды атап берер құнды дерек – «Бідіхан мен Айсары, Көкенбаланың айтысы». Айтыста Ақтайлақ, Түбек, Сабырбай, Көшкінбай, Сұртай, Жылтыр, Жанұзақ, Өзбек, Өмірбек, Шәріп, Жандос, Кәдір, Тұғыл, Әжібек, Дәрібек, Бідіхан, Шәке деген ақындардың есімдері аталады [104.61]. Осы айтыстағы Бідіхан аузымен айтылған:

Сабырбай, Көшкінбай мен (дұрысы Кеншінбай)
Сұртай, Жылтыр,

Жанұзақ жыр шыңына ұшқан түлеп, – деген жолдарға Қ.Алтынбаев тоқтала келе: «Бідіхан мен қыздардың айтысында келтірілетін ақындардың жалпы саны 17 емес, 21 адам. (ескерту автор бұл арада Бідіхан аузымен айтылатын «Сәмидің (дұрысы Сәмет – Б.Е.) төрт баласы бірдей ақын» деген жолды да негізге алып отыр). Олардың ішіндегі: Кеншімбай, Сұртай, Жылтыр, Жанұзақ дегендер Байғараны былай қойғанда, тіпті Сыбанға үш қайнаса сорпасы қосылмайтындар...«Біржан-Сара айтысында» Сара саңлақ:

Қажының осынау сөзі болды себеп,
Қолтықтан көтере гөр аруақ демеп.

Дулат, Сабыр, Кеншімбай, Сұртай, Жылтыр, Жанұзақ, – қолда дедім ақын Түбек, – деп сиынатыны осы ақындар. Демек, «Біржан-Сара айтысының» осынау шумағын академияға тапсырушылардың біреуі Бідіханның аузына сала салған» [116], – деп аты аталған ақындардың шыққан тегін таратып береді. К.Оразалин де «Бідіхан мен Айсары, Көкенбала айтысының жолдарына өте ұқсас, бірақ ішіндегі кісі аттары сәйкеспейтін «Бідіхан мен Күміс қыздың айтысқаны» деп екі шумақ өлең келтіреді. Бұл шумақтарда Түбек, Сабырбай, Өмірбек, Сәметтің төрт баласы және Бідіхан сияқты бізге таныс есімдермен қоса Өтеулі, Тілеміс, Нұрбике, Бұғылы сияқтылардың аттары аталады [132.222-223]. Бұл шумақтар шала жаттаған біреулерден жеткен жоғарыдағы айтыстың нұсқасына келеді.

Байқасаңыз, Ақтайлақ, Сабырбай, Түбек сияқтылар болмаса он жеті ақынды әр зерттеуші әр қилы атайды. Осы арада заңды сұрақ туындайды. Он жеті ақын қай кезде болған, яғни кімнен бастау алып, қай ақынға дейін үзілмей жеткен? Бұған төмендегі тарихи тармақтар жауап бере алады. Әйгілі Әсет ақын Әріппен айтысында:

Байғара он жеті ақын сеннен шықты, Тау мен тасты мақтауға Әріп мықты [75.126], – деп Байғарадан бастау алған он жеті ақынның Әріпке дейін өмір сүргендігін хабардар етеді. Сондай-ақ Ақтайлақ бидің:

Ел ағадан азады, тон жағадан,
Аңғал бөрі жортады тау сағадан.
Ақтайлақ би бастатқан он жеті ақын,

Не деп үміт қыласың, мұндар-ау, Байғарадан [133,21], – деген екен сөзбен тосылтпақшы болған қарсыласына. Бұл жолдар «он жетінің Ақтайлақтың өз тұсында болғандығын айқын аңғартып тұр. Міне, осы тарихи тармақтарға сүйенсек, ала-құла болып айтылып жүрген он жеті ақынның кімдер екендігін анықтау бір мәмлеге келіп қалады. Ә. Сәдуақасұлы топтастырған ақындарының тарихи тұрғыдан алғанда қайшылығы мол, сәтсіз берілгендігі, ал Б. Ысқақов топтамасының шындыққа жанасымдылығы үңіле қараған адамға бірден байқалады. Осы құбылыстар туралы біз арнайы мақаламызда тоқталған болатынбыз [қараңыз: 134]. Он жеті ақынның ең дұрыс топтамасын Қ. Алтынбаев атап көрсетеді. Автордың тізімі жоғарыда сөз болған Б. Ысқақовтың пікірінен аса алшақ кетпейді. Қ. Алтын-баевтың пікіріне сүйенсек, он жеті ақын: «Ақтайлақ Байғараұлы, Сабырбай Ақтайлақұлы, Түбек Байқошқарұлы, Нұрлыбай Сәметұлы, Орынбай Сәметұлы, Ташқан Сәметұлы, Сәметұлы Уәйіс, Әділбай Сәметұлы, Тілеуімбет Түсіпұлы, Әйтімбет Түсіпұлы, Шәке Әлсейітұлы, Рай Байсадұлы, Кәдірбек Артықұлы, Өмірбек Өтепұлы, Дайырбек Байсалұлы, Байтұяқ Өтепұлы, Көкен Байсалұлы. Осы арада оқырмандардың есіне мынаны сала кетейік: жоғарыдағы тізімде келтірілгендердің ішінде Түбек ақын мен Әлсейітұлы Шәке Байғараға жатпайды. Екеуі де Байғараның ұлы атасы Нарынбайдан тарайды. Бірақ ел аузында 17 ақынның қатарында саналады [115], – деп пікірін бекіте тұжырымдайды Қ. Алтынбаев. Осы мақаласында Ақтайлақ, Сабырбай, Түбек мұраларына, Нұрлыбай Сәметұлының ел аузында қалған бір-екі ауыз өлеңдеріне тоқталған автор: «17 ақынның басқаларының осы секілді бірлі-жарым шумақтарын ғана қолға түсірдік. Бұған қарап оларда мұра жоқ деуге келмес» [115], – деп болашақ буынға аманат арта сөйлейді.

Қандай да болмасын ақынды не жазушыны, ең алдымен, артына қалдырған өлмес мұрасына қарап бағалайды. Біз «Дүт» атаған ұрпақ, «Байғарадан бастау алған он жеті ақын» деп қанша әуелете асқақтатқанымызбен, Байғара, Ақтайлақ, Сабырбай, Түбек сияқтылардың бірді-екілі асыл сөз, өлең өрімдері болмаса, қалғандарының ақындық атын шығарарлықтай артында мұрасы қалмағандығы ащы да болса шындық. Байғарадан шыққан әйгілі он жетінің есімдері әр жерде әртүрлі болып ауысып жүруінің де негізгі себебі осыда. Біз ескі шежірені сүзіп, неше жерден он жеті ақынның есімдерін тізіп бергенмен, олардың ақындық қуатын танытып, атын қорғап қалар мұрасын таппасақ, онсыз да әрқалай аталып жүрген он жеті ақынның тізімі келер ұрпақ алдында ізім-ғайым жоғалады. Демек, жаратқанның шапағаты шарпып, сөз құдіретін Байғарадай ұрпақтың он жетісіне бірдей шашқан әулиелі өнер тарландарының асыл сөздерін жинақтап, жарыққа шығару ісі – ұлы бабалар алдындағы үлкен парызымыз. Осы әулиелі әулеттен шыққан, он жеті ақын ішіндегі бүгінгі күнге ең көп мұрасы жеткен асыл сөздің атасы – Ақтайлақ би. Ақтайлақ би жайында алғашқы ғылыми пікірді М. Әуезов Көкбай ақынның аузынан жазып алып, 1925 жылғы «Таң» журналына жариялайды [135]. Кейіннен ұлы атаның ұрпақтары аузынан өлең сөздері жиналып, 1991 жылы С. Қорабаев пен Е.Жұмағұловтың құрастыруымен «Ақтайлақ би» кітабы жарық көрді. Ақтайлақұлы Сабырбай 12 жасында әйгілі Жанақ ақынды сүріндірген аруақты ақын. Сонау Нарынбайдан бастау алған киелі ата Байғарадан Ақтайлақпен бірге Байсал тарайды. Найман шежіресін тарата келіп Бердібек Сүлеймен би:

Байсалұлы Әліден – Тәңірберген,
Оның ұлы Әріпті Найман білген.
Тұсында Әріп ақын атаныпты.
Ақындық Байғарадан үзілмеген.

Жел сөзге мұнан ешкім аса алмаған,
Нәсілі нағыздың үлгі көрген [136.58], – дейді.

Көсемдігі мен шешендігі тең ұлы ата ұрпағынан шыққан Әріптің нағашы жұрты да осал ұрпақтың тұқымы емес-ті. Ақынның шешесі Жаңғақ шешендігімен көзге түскен сөзге ұста адам болған. Ол – «Абай жолы» романында кеңінен сөз болатын Тобықтының Көкше атасынан шыққан Қаратай шешеннің інісінің қызы. Жеті атадан бері сөз билігі түспеген ұлы ата қанымен, бойында шешендіктің оты бар ана сүтімен дарыған өлең кепиеті мен сөз қасиеті жас Әріптің ақындық жолға түспесіне еш мүмкіндік қалдырмады. Әріп жастайынан алғыр, зерек, сөзге өтімді болады. Ел аузынан қалған мына бір әңгімеге көңіл бөлсек, жоғарыда тоқталған он жеті ақынның бірі - Нұрлыбай Сәметұлы кішкентай Әріпке төмендегідей өлең арнаған екен:

Кіп-кішкентай баласың, атың Әріп,
Орыстардың келдің ғой нанын алып.
Көзіңнің шырпысынан танып тұрмын,

Атағың әлі-ақ шығар жерді жарып [115], – дейді. Осы шумақтың шығу тарихына тоқтала келе Қ.Алтынбаев былай дейді: «Әріптің әкесі Нұрлыбай екеуі жандарында кішкентай Әріп бар жолаушылап келе жатып Ащысу өзеніне көпір салып жүрген орыстарға кезігеді. Олардың шатырын көрген Әріп арбадан карғып түсіп, орыстармен шалдыр-бұлдыр сөйлесіп, бір бөлке нан алып келеді. Нұрлыбай әлгі шумақты сонда айтқан» [115], – дейді.

Әріп ауыл молдасынан ескіше сауатын ашқан соң, 11-12 жасында Семей қаласындағы миссионерлік мектепте оқиды. Бұл жайында ақын мұрасын алғашқы жинаушылардың бірі – Т.Қасенұлы былай дейді: «Ол кезде патша үкіметі миссионерлік мақсатымен әр болыстан бір-екі баланы орысша оқытуға міндеттейтін. «Орыс шоқындыру үшін оқытады» деп түсінетін қазақтың тісті-тырнақтылары өз балаларының орнына оңай қоржын Тәнекенің (Тәңірбергенді ел солай атаған) баласы Әріпті жібереді. Әріп он бір жасынан он жеті жасына дейін оқып, орыс мектебін бітіреді» [25]. Бұл пікірді Ө. Есназаров та қостай келе: «Осыған орай белгілі халық ақыны Т. Көбдіковтің Әріпке шығарған әзіл өлеңінде:

Он бірден он екіге шығар жасың Сатылды отыз қойға сенің басың, – деп қалжыңдайтыны да содан» [42], – дейді. Әріп орысша оқып жүрген кезінде Семейдегі медресе оқушыларымен танысып, бір мезгіл мұсылманша білімін шыңдай түседі. Тумысынан оқуға зерек Әріп орыс, араб, парсы, қытай тілдерін еркін меңгереді. Бұл құбылысты ақынның «Тоқтағанда» өлеңіндегі:

Ғылымға жас күнімнен еттім талап,
Талпынып төрт лұғаттан тағлым алып [75.110], – дегенінен анық байқаймыз.

Ақынның бұдан ары қарайғы өмір жолы Қазақстанның мемлекеттік Орталық мұрағат деректерінде ұшырасады. Мұрағатта Әріптің Семей қаласындағы Уездік училищеде оқығаны жайында толық деректер бар. Мұрағат қойнауында «Дело штатного смотрителя Семипалатинских училищ на 1878 год, на 626 листах» [137] деген құжат сақталған. Осы құжаттың «Экзаменационный лист по арифметике для ІІІ-класса на 1877-78 уч.год, экзамен производился 16 июня» деген мәліметінде орыс, қазағы бар 24 оқушының тізімі берілген [137.286]. Ал құжаттың «Ведомость об успехах, поведении учеников уездного училище ІІ класса» деген мәліметте, «Тәңірбергенов Әріп 23 жаста, оқуға түскен уақыты 1876 жыл» [137.529] деген көрсеткіштер кездеседі. Дәл осы құжатты келтірген Қ. Мұхамедханұлы: «Әріптің училищеге түскен уақыты – 1877 жыл, 21 жасында» [75.13], – деп ауытқулар жасайды. Архив қағаздарында сақталған Әріптің 2-класта алған бағалары төмендегідей: қабілеті – 4, ынтасы – 4, тәртібі – 5, босатқан сабағының саны – 119, орыс тілі – 4, арифметика – 3, геометрия – 4, тарих – 4, жағырапия – 4, көркем жазу – 4, сызу – 4, татар тілі – 4. Ал үшінші кластағы ақырғы емтихан бағалары барлық пәннен «өте жақсы» делінген [137.288]. Осы деректерден, біріншіден, Әріптің қай жылдары училищеде оқығанын білсек, екіншіден, үлгерім бағасының қандай деңгейде жоғарылағанын анықтай аламыз. Соңдай-ақ мұрағат деректерінде Әріппен бір училищеде оқыған бізге есімдері таныс Ә. Молдабаев, Б.Жанаев, А. Жексенаев тағы да басқалардың аттары кездеседі. Келтірілген деректер Әріптің 1876, 1877, 1878 жылдары 22 жасынан бастап, М. Бейсенбаев айтқандай, штаттық училищеде емес [138], уездік училищеде оқығанын анықтап отыр. Дәл осы училищеде бізге есімдері белгілі Ысқақ Солтабаев Әріптен бір жыл төмен оқыса [138], Көкбай Жанатайұлының одан екі жыл кейін 1878 жылы он жеті жасында түседі [61.40]. Көкбайдың оқуға түсуі жайына тоқтала келе Мұхамедханұлы: «Көкбайдың орысша оқуға Семейге келуіне үлкен себеп боған Әріп еді... Әріп Көкбайдан екі-үш жыл бұрын Семей қаласындағы үш кластық орыс училищесіне түсіп, оқып жүрген. Жазғы демалыс айларында Әріп нағашыларының ауылында болып, Көкбаймен әңгіме-дүкен құрып, талай-талай сыр шертіскен. Қаланың тұрмыс-салтын, орысша оқудың қажеттігін Әріптен естіп-біліп, әбден қанған Көкбай орыс мектебіне түсіп, оқуға бел байлайды» [61.40-41], – деп Әріптің ықпалын ерекше атап керсетеді. Нағашылы-жиенді Әріп пен Көкбайдың сөз қағыстары негізінен осы кезде көп болған. Тобықты, Найман елі балаларының орыс оқуына түсуіне әсер еткен де Абай еді. 1875 жылы Қоңыр-Көкше елінің болысы сайланып, үш жыл қызмет еткен Абайдың осы жылдарда қала өміріне де беделі жүре бастағанын ескерсек, қазақ балаларын орысша оқуға тартқандығын аңғарамыз. Көкбайдың Әріпке:

Семейге Абай келсе күнде думан
Ән салып босамаймыз айғай-шудан.
Бас қосу, бақталасу, мәжіліс құру ,

Секілді бірі ғылымның жолын қуған [75.15], – деп Абай ықпалын Әріптің алдына тарта сөйлейтіні де содан. Әріптің Абайды алғаш танып, ұстаз тұтқан шағы да осы Семей училищесінде жүргеннен басталады.

Жоғарыдағы архив құжаттарында Әріппен бірге оқыды делінген, Абайдың көмегімен оқуға түскен Әнияр Молдабаев жайында баласы Сапарғали: «Әкем Әнияр Семейде интернатта оқып, бес кластық қалалық училищені бітіріпті», – деп жазады өзінің естелігінде. М. Бейсенбаев естелікке сүйене отырып: «Әріп пен Әнияр оқыған бұл мектеп бес жылдық оқу орны болған деген қорытынды шығарамыз. Сонда бұл шәкірттер 1879, 1880 жылдары төртінші, бесінші кластарда оқып, училищені аяқтаған болады. Соңғы екі класты бітірмей тастап кетуі мүмкін емес» [138], – дейді. Алайда Көкбай Жанатайұлының өміріне тоқталған Б. Абылқасымовтың пікіріне жүгінсек: «Қайсібір деректерге қарағанда мұнда Әріп Тәңірбергенұлымен бір класта оқыған (ескерту: Көкбай Әріптен екі жыл төмен оқыған – Б.Е.). Мұғалімдерін әжуа етіп өлең жазғандары үшін екеуі мектептен шығарылған деген дерек бар» [66.285], – деп Көкбай мұрасын жинаушы С. Қарамендиннің пікіріне тоқталады. Осы бір кұбылыс Әріппен айтысқан Қуанышбай ақынның сөзінде де кездеседі:

Бұл Әріп оқимын деп шайнап еді.
Семейді неше жылдай жайлап еді.
Бұзықтық осы антұрған мінезінен
Көтіне дүре соғып айдап еді.

Ежелден бұзық болып туып еді.
Пәлеге жас күнінен жуық еді.
Жәй жүрмей көрінгенге соқтыққан соң,

Школ түгіл Семейден қуып еді [75.128], – деп тиіседі айтысында. Мұрағат деректері көрсеткендей, «өте жақсыға» оқыған Әріптің оқу үлгеріміне байланысты оқудан шығып қалуы мүмкін емес. Демек, тумысынан зерек, ортасынан озық орысша сауатты қазақ баласының сол уақыттағы орыс оқу жүйесінің ішкі мақсатын айнытпай танып, оқытушылармен қырғи-қабақ болуы әбден мүмкін.

Қалай десек те, Әріптің соңғы екі жылды оқығаны туралы дәлді деректерді кездестіре алмағанымызға қарағанда, Қуанышбайдың қағытпасында шындықтың бір ұшығы жатыр. Сонымен Қ.Мұхамед-ханұлының: «Семей қалалық училищесін 1880-81 жылдары аяқтады» [75.14], – деген пікірі әлі де дәлді деректерді қажетсінеді. Ал осы уақытқа дейін Әріп өміріне қатысты «Әріп 1875-1876 жылдарда қызмет бабымен Қытайдағы Шәуешек қаласында орыс патшалығының консульствосында тілмаш болды» [18.6] немесе «орыс школасын бітіріп шыққан соң (1871 жылы) әуелі, өз елінде бірнеше жыл мұғалім болып істейді» [123.177], – деген пікірлердің Әріп оқыған уақытпен сәйкеспейтіндігін мұрағат деректері айғақтап отыр. Ә. Тәңірбергенұлының 1882 жылдан бастап қызметке тұрғанына мұрағат құжаттары тағы дәлел бола алады. Қазақстан мемлекеттік Орталық мұрағатында Әріптің үстінен қозғалған қылмысты іс турасында құжат сақталған. Омбы генерал-губернаторы кеңесінін ісқағаздары ішінде «Дело по телеграмме киргиза Арифа Танирбергенова, о неправильном аристовании его» (1883 жылы 16 наурызда басталып, 1884 жылы 4 желтоқсанда аяқталған, 21 тарақ қағаз) [60] деген құжатта Әріптің 1883 жылы 16 наурызда Омбы генерал-губернаторына жолдаған шағым-хаты бар. Хаттың қазақша аудармасы былайша болып келеді: «Мен, Сергиополь сайлауында Троицкий мырза өзінің касына ерткен Верный уезінің қырғызы Есікбай Сарбасовты көрсеткен едім. Яғни бұл жөнінде Лисовский мен Чистопольскийге хабарлағанмын. Сол үшін мені қамауға алды. Сіздің ұлы мәртебеңізден заңды қорғаныш сұраймын. Қырғыз Әріп Тәңірбергенұлы». Ал Омбы генерал-губернаторының талабы бойынша 1883 жылғы 24 наурызда жазылған Сергиополь уезінің бастығы, ротмистр Троицкийдің телеграммасы Әріп хатына қарсы жазылған: «Тілмаш Тәңірбергенұлы мен ауырып жатқан уақытта, жасырын түрде болыстарды аралап, халықтан ақша алғаны үшін сотқа тартылған Есім Бөкеевтің пайдасына менің атымнан приговор жасағаны үшін қамауға алынды. Бар болыстардан түсіндірме алып, оның халық арасындағы әрекетін қашан анықтағанша қамаудан босамайды. Оның өзін жігіттер арқылы бүкіл тау-тастан іздеп, күшпен ұстап әкелдік. Ал Есім Бөкеевпен бірге жасаған заңсыздықтарының алдын алып тексеруді қажет деп табамын», – дейді. Осыдан кейін Әріп басындағы қауіп ұлғая түседі. Өзінің ақтығын дәлелдеу үшін Әріп болған істің мән-жайын айтып генерал-губернаторға 1883 жылдың 28 наурызында екінші рет хат жолдайды: «Троицкий мырза менің жіберген телеграммамды түсіндіруде Сіздің жоғарғы мәртебеңізге дұрыс мәлімет бермеген. Шындығында іс былай болған еді. Сергиополь сайлауында Серікбайды және басқаларды өткізу үшін Троицкийдің адамы Верный болысының қазағы Есікбай Сарбасов пара алды. Халық бұған наразылық білдірді. Бұл кезде Есікбай Верныйға кетуге даярланып жатқан. Осы сайлауға тілмаш болып қатысуым себепті, өзімді кінәдан аулақ ұстау мақсатында мен Есікбайдың бұл ісін Сергиополь судьясына хабарлап, оған тінту жасауды сұрадым. Және полковник Лисовскийге де айттым. Есікбайдың тінтусіз қашып кеткенін білген соң және Троицкийдің тарапынан сөзім қолдау таппағаннан кейін, енді мен тілмаш болып қызмет істемеймін деп, апамның ауылына кетіп қалдым. Болған іс осылай. Жолда мені Троицкийдің кісілері ұстап алды да, Лепсіге әкеп қамады. Егер осыны тексертсеңіз дәл мен айтқандай болып шығады. Қырғыз Әріп Тәңірбергенұлы», – деген арызы болған істің байыбына көзімізді жеткізеді. Осылайша орыс ұлықтарымен алысқан кезде, олармен ауыз жаласып, елді іріткен Есікбай сияқты шала шабармандардың азғындық әрекеттері ақын жүрегіне қатты батады. Ұзақ уақыт әлекке салған жалған жаланың ақиқаты ашылғаны да осы құжаттардан табылып отыр. Әріптің: «Мен, Әріп Тәңірбергенов 1883 жылы 24 сәуірдегі қолхатты Сергиополь уездінің начальнигіне беремін. Себебі ол генерал-губернатордың кеңсесінен 30 наурызда жолдаған №1142 санды қатынас қағаз арқылы мені қамаудан босатты», – делінген. Дегенмен Тройцкий маңына шоғырланған ел жуандарының қудалауы мұнымен толастамайды. Мұны Әріптің генерал-губернаторға түрмеден босағаннан кейін жазған кезекті бір арызынан анық байқаймыз. Арыз негізінен жоғарыдағы болған істі толығырақ, екжей-тегжейлі баяндаудан тұрады. Хаттың қысқаша мазмұнына ғана тоқталайық: Әріп 1882 жылдың 29 қазанында Сергиополъ уезінің бастығы ротмистр Троицкийдің шақыртуымен соның тілмашы болып қызметке тұрғандығы, жоғарыда тоқталған сайлауға қатысып Троицкий, Есікбайлардың қылығына наразы болуы, сол үшін де қызметтен бас тартуы, олардың қылмысын дер кезінде Сергиополь уездік судьясына және полковник Лисовскийге хабарлауы, Лисовскийдің «Сарбасовты тұтқында» деген талабына Троицкийдің құлақ аспауы, Қарақол жеріне кетіп бара жатқан Әріпті Троицкийдің адамдары жазықсыз ұстап, 35 күнге Лепсі түрмесіне қамауы, сондай-ақ Троицкийдің жасырын түрде өз уезінің қазақтарын үгіттеп, Әріп атынан өтірік арыз жазғызуы, Сарбасов ісінің аяқсыз қалуы сияқты мәселелер айтылады. Хаттың соңында Әріп: «Істің әділ шешілуі үшін Троицкийді осы қызметінен босатыңыз. 20 қыркүйек 1883 жыл, тұрған жерім Еңірекей болысы», – деп ұлықтарға талап қоя арызданады. Әріптің осы мазмұндас кезекті бір хаты да сақталған.

Міне осы мұрағат деректері ақынның 1882 жылдың 29 қазанынан бастап 1884 жылдың қарашасына дейін Сергиополь уезінде тілмаштық қызметте болғанын, сондай-ақ бір айға жуық уақыт жазықсыз Лепсі түрмесінде отырғанын және жалпы 1884 жылдары Еңірекей болысында тұрғанын айғақтай алады. Ал осы арыздың ішкі сыры ақынның алғашқы қызметінің өзі нендей қиыншылықтармен басталғанына куә. Жасынан тағылымы мол ортадан тәрбие алған Әріп алғаш рет шынайы өмірдің ащы дәмін татып, тағдыр талқысымен бетпе-бет кездеседі. Ел ішіндегі жалақорлық пен алауыздық жас жігіттің енді шарықтап келе жатқан ақындық сезіміне қоғам тірлігінің қойыртпағын араластырып жібергендей. Әрине, бұл қағажу қиын да күрделі Әріп тағдырының өмірден көрген көп соққысы мен жапасының басы ғана еді... Әріп 1884 жылдардың аяғында Шәуешек қаласындағы орыс консульствосының тілмашы болып орналасады. Құрбанғали Халидұғлының «Тауарих хәмсә шәрқый» (бес тарих) кітабында осы жайында былай делінеді: «Шәуешекке алғаш тілмаш болып келген Ибрагим деген қазақ баласы Балкашинмен бірге жүрген, кейіннен Қарабай елінен (ескерту: Байғара болуы керек – Б.Е.). Әріп деген тілмаш болды. Ал Федоров консул кезінде Семейдегі Бура елінен Айтмұхамед Булатов тілмаштық етіп, Шинтеміров уақытында Алматыдан Шабалин деген орыс келді» [142.147], – дейді. Осыдан Әріптің Ресей консулы Балкашиннің қол астында қызмет еткенін көреміз. Ал Балкашиннің консулдық қызметке келуінің уақытын осы Халидұғлының еңбегінен кездестіреміз: «1881 жылы Ресей мен Петерборда келісім жасалып, Құлжа шаһары Қытайға берілді... 1882 жылы 4 сентябрде консул Балкашин келіп түсті» [139.145]. Енді мына бір дерекке назар аударайық. Сол кездегі баспасөз беттерінде: «26-го ноября, 1887 года скончался Чугучакский консул Николай Николаевич Балкашин. 1858 году окончил Московский кадетский корпус. 1875 году Чиновник особых поручении зап.сиб. 1882 году назначен консулом в Чугучаке. 29 ноября похоронен в Жаркенте» [140], – деп жазды. Осы деректерге қарағанда 1882-1887 жылдар аралығында Балкашин консул болып, ол қызметте болған уақытта Әріп оның тілмашы болғандығын байқаймыз. Әріптің осы тұстағы өміріне қатысты құнды құжаттардың бірін М. Бейсенбаев келтіреді: «Шәуешек қаласындағы орыс консулдығының архивінен кездескен дерек туралы: «Российско-императорское консульство в Чугучак 1884 г. 22 ноября, №410 деген қатынас табылды» [138], – деп Балкашиннің Омбы дала губернаторының кеңсе меңгерушісіне арнап жазған хатын келтіреді. Хаттың қазақша мазмұнына үңілсек былай: «Таяуда Семейден маған тілмаштық қызметке ұйғарылып жіберілген Еңірекей болысының қырғызы Әріп Тәңірбергенұлы келіп орналасты. Әріпті Бақтыдан көрген генерал Фриде маған былай деді: «Әріп Лепсі уезінің начальнигі Троицкийде қызмет етті, сонда пара алғаны үшін қамалды»: Ал оған керісінше Әріп: «Троицкий мені жазықсыз қамауға алды. Сайлау кезінде қазақтардан пара алған Троицкийдің қызметшісі Есікбай Сарыбасовтың қылмысын айтқаным үшін қудалады, бұл туралы Лепсі уезінің бұрынғы начальнигі Лисовский анық біледі. Қамаудан генерал- губернатордың бұйрығымен босандым» деп түсіндірді. Бұл сияқты кляузникті қызметке алмай-ақ қайтадан қуып жіберейін десем, Шәуешектен қайтару қаржысы және оның орнына қоятын адам табылмай қиындық келтіріп тұр. Сол себепті Зубковты да ұзақ ұстадым. Мен сізге осы тілегім арқылы қиылып сұрайтыным: «Әріп Тәңірбергенұлын Троицкийдің кінәлауы дұрыс емес деп, генерал-губернатордың тұтқыннан босатқаны рас па, соған анықтама жіберіңіз. Мен Семей әкімшілігі арқылы Әріпті жалдап алғанда, оның кім екенін білмеуші едім. Бұл туралы генерал Фриде сіздерге де жеткізіп, Әріпті консульствоға алғызған мен деп ойласаңыздар немесе Зубковты өзіне қызметке алған Троицкийге қарсы қою үшін істелген менің ісім деп ойласаңыздар, мұның өзі шындыққа жанаспайтынын алдын ала ескертіп, өзімнің адал екенімді айтып, сіздерді сақтандырамын. Шәуешек консулы Балкашин», – дейді. Арызқойдың аз сөзінен-ақ Әріпке деген орыс шенеуніктерінің қандай күдікті көзқараста болғанын аңғару қиын емес. Хаттың сыры аңғартып тұрғандай ауыз жаласа қарекеттенген орыс ұлықтарының Әріпке соншалықты шошына, тіксіне, қырбайлана қарайтындай жөні де бар. Әріп – сол кездегі Ресейдің жоғарғы шенді ұлықтарының көпшілігімен теңесердей терең білімді, заманына сай саяси көзқарасы қалыптасқан озық ойлы қазақтың бірі еді.

Аталмыш хаттан, біріншіден, Әріптің 1884 жылдан Балкашиннің шақыруымен Шәуешекте тілмаштық қызметте болғанына көзімізді жеткізе түссек, екіншіден, Әріпті тікелей қарамағына алған Балкашин және Фриде сияқты орыс ұлықтарының күдікті көзқарасы сонау қиырдағы Шәуешекте де ақынға тыным бермегенін байқауға болады. Орысша таза сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу, қазақ елінің жайы мен патша үкіметінің саясатын арыдан аңғарар Әріпті бұратана халықты бағындыруға бар ықылас-пейілін жұмсаған Балкашиннің еш жақтырмағаны белгілі. Балкашиннің кім, қандай адам болғанына көңіл жүгіртсек, төмендегідей деректерді ұшыратамыз. Тарихшы Х. Әбішевтің сөзіне құлақ салсақ: «Алғашқы міндет Н. Балкашинге Ақмола, Семей, Жетісу болыстарын аралап, шұрайлы жерлерді зерттеп, қоныстандыру жүйесін жасау тапсырылады. Ол 1878-80 жылдары осы болыстарды аралап келген соң жазған қағазында: «Қазақтардың малы және тұрмысымен есептесудің керегі жоқ. Әскери күшпен ығыстырып, жерді тартып алу керек т.б.», – деп ашық жазғаны Омбы облыстық архивінде 20 беттік көлемде сақтаулы тұр. Мұса Шорманов өлерінен аз-ақ күн бұрын Омбыда патша әкімдеріні алдында қазақ көшпелілерінің тірлігі негізінен жеріне байланысты, егер жері тарылып, қонысы қысқарса, мал шаруашылығы күйреп, халық тағдырына зиян болатынын айтып, мінәжат еткенде, Мұса Шормановты тілдеп, қатты ренжітіп, керек болса, «Баянауылыңды тартып алуға орыс империясының 50 солдаты жетеді», – деп көргенсіздік көрсеткен осы Балкашин еді. Бұл мәліметтер Омбы архивінің 3-фондысында «Отчет чиновника особых поручений Н. Балкашина» деген іс-қағазында бар» [141], – деп мұрағат деректерін келтіре отырып, Балкашиннің қанқұйлы әрекетін дәлелдеп береді. Қ. Халидұғлы өз еңбегінде Балкашинге берген мінездемеде: «Балкашин патшалыққа еңбегі адал, саясаттан тарих және өзге ғылымдардан хабардар, дипломат адам еді» [139.147-148], – дегенінен нағыз орыс үкіметінің саясатын қолдайтын чиновник екенін екшелеп алу қиын емес. Ал автордың Балкашин қазақтарға сүйеніш болып, қазақ, тіпті мұсылман қауымының ризалығын алды деген сияқты пікірлері автордың Балкашинмен бірге бірнеше жыл қызметтес және сыйлас болған жеке басылық көзқарасынан туса керек-ті. Автор тілге тиек ететін Чи-амбудың (сол кезде Шәуешектегі Қытай елінің консулы) ұрлық үшін 40 қазақты ату жазасына бұйырып, оны Балкашиннің арашалап қалуы, қазақтарға жаны ашыған қамқорлығынан емес, оның себеп-сыры әріде, қытай мен орыс арасындағы саясатта жатыр еді. Шекара бөлінгенде қақ жарылған қазақ ауылдарының қай патшалықка қараймын десе де өз еркі бар екенін, ал қазақты жерімен қоса мейілінше мол қарпып қалу қытайдың да, орыстың да негізгі мақсаты болатын. Осы оқиғалар Қ. Жұмаділовтың «Тағдыр» атты тарихи романында аса тартымды суреттелген [142]. Демек, Балкашинннің қазаққа деген «қамқорлығының» түп-төркіні қандай саясатқа тірелетінін байқау қиын емес. Қ. Халидұғлының өзі: «Балкашинмен шығыса алмай көптеген начальниктер ауысып тұрды» [139.158], – дегенін Шоқанның сүйікті досы Г. Потаниннің естелігі нақтылай түседі: «Н. Балкашин служил чиновником особых поручений при генерал-губернаторе, был консулом в Чугучаке... к простому народу Балкашин относился с некоторой годливостью и очень был заражен дворенским чванством. Словом, это был типичный шовинист. Киргизы были для него ордой, с которой нечего было церемониться. Земли, которые они занимают, для государства выгоднее отдать русским крестьяном, а киргизы пусть убираются куда хотят» [143.35]. Ашық түрде қазақты құрту жолындағы Балкашиннің Әріп сияқты халқына бүйрегі бұрған бұратана ұлт өкіліне қандайлық қырғи-қабақтық танытып, үстемдік жасап баққанын жоғарыдағы фактілер айғақтайды. Шекарада жүріп екі жыртқыш арасында тоз-тозы шығып бара жатқан халқының қайғылы хәлі Әріп жүрегіне қатты батады. Аттағанның астында, ұстағанның уысында жүрген қазақтың бар соры да, кінәсі де надандығы мен қараңғылығында, жалқаулығы мен алауыздығында екенін түсінгенмен, ақын шарасыз еді. Осы шарасыздық Әріпті шекарада көп ұстап тұра алмайды. Әріп Шәуешектен кеткен соң, 1887 жылдан Қапалда болып, одан Пішпек жағында қырғыз елін аралайды. Бірақ ақынның бұл жақтағы сапары жайлы нақты архивтік деректері кездеспеді. Сол кездегі өлең мұраларға үңілсек, Құсайын ақынның:

Белгілі бес Байысқа Әріп едің,
Төрт бұрышын төңіректің шалып едің.
Алматы, Қытай, Тәшкен түгел барып

Сен қашан бүйірің шығып жарып едің? [48] – деген қағытпасынан Әріптің оңтүстік аймақтарда болғанын аңғарамыз.

Әріптің Алматыда қызметте болғандығын куәландыратын атақты Жамбыл ақынның естелігін назарларыңызға ұсынайық: «Онда той-жиыннан қаламыз ба, шақырсын- шақырмасын барамыз да тұрамыз ғой. Сонда менің отыз-отыз бес жасымдағы кезім шығар деймін. (Ескерту: Қ. Мұхамедханұлы Жамбылдың жасын «қырық бес, қырық алты шамасындағы» деп түзеткен [75.49]. Ал негізінде Әріптің Алматы маңындағы болған жылдармен салыстырсақ, Жамбыл ақын қырық екі, қырық үш жастағы кезі – Б.Е.)... Осы Ұзынағашта (Алматының маңы) үлкен той болады дегенге мен де бардым... Алматыдан да жігіттер келіпті... «Мына үйде екен», – дегенде солай жатқан үйге бардым. Беделді-беделді жігіттер екен, жастары да өзім құралпы болар деймін өздерінің... Жұрт қолқа салған соң, аздап өлең айттым. Ондайда жұрттың сөзге пара бермей, дуылдап күле беретіні қандай. Бірақ, сол отырғандардың ішінде бір қызыл шырайлы сары жігіт менің сөзімді ден қоя тыңдап отырған тәрізденді... Аң -даң басылған соң, жігіттер өлеңді аңыз қылысты. Біреулері Біржан мен Сараның айтысын сөз қылысты. Бірер аузын жатқа да айтты. «Осы өлеңді шығарған Әріп ақын мынау болады», – деп таныстырды Сейіт деген жігіт маған сонда. Әлгі қызыл шырайлы жігіт Әріп екен. Алматыда қызмет істейді екен өзі. Сөз әлпетіне қарағанда, «бұл да бір кесек ақын -ау» деген ойға келдім. Таныса жүрейік деген соң, сол тойда өзім мініп жүрген жақсы ерімді бердім оған. Бұдан кейін де әлденеше жолығып жүрдік. Өзі көбінесе, өлеңін жазып айтатын ақын екен»... (Жамбылдың аузынан жазып алған секретарь Орманов Ғали, Жамбыл колхозы 8/1941 жыл) [72] делінген ҚРҒА-ның қолжазбалар қорында сақталған құнды деректе. Әріптің мына бір өлең шумағына үңілсек, Жамбыл ақын естелігін қуаттай түседі. Жамбылдың сыйлаған ер тоқымына қарап. Әріп:

Ойпырмай, сен қай ерсің?
Жамбыл берген сары ерсің.
Тобықты, Көкше екі елсің,
Мінгесерге бір ерсің.

Бұған билік айтқан қу билер Тәңір алдында не дерсің? [18.149] – деп, құнды сыйды өлеңіне де қосқан екен.

Әріп өмірінің бұл кезеңі жайында Т. Хасенұлы: «Шәуешектегі қызметінен босанып, Алматыға келіп, почта айдаушының бастығы болып қызметке кіріседі. Садыр-Матайдың ішіндегі Қаптағай руынан шыққан ақын Сара мен Біржанды Әріп осы Алматыда тұрған кезінде жазып, баспаға жіберді» [25], – деп, Әріптің Алматыда қызмет істегенін бекіте түседі. Ақынның ары қарайғы өмір жолына көз жіберсек, Әріп 1889 жылдары «ат айналып қазығын табар» дегендей туған жері Еңірекейге оралады. Қазақстан мемлекеттік Орталық мұрағаттағы «Прошение киргиза Энрекейской волости Семипалатинского уезда Уралбай Байтокина об оставлении за ними урочища Кызыл-Тума» [144], – деген ісқағазындағы осы қорықты Оралбайға қалдыру туралы қол қойған ел адамдарының ішінде «би Әріп Тәңірбергенұлы» деп қол қояды. Құжаттың аяғында «1889 жыл, 10 желтоқсан» деп уақыты жазылған. Нақтыласақ, Әріп 1889 жылдың аяғында өз елінде болып, Еңірекей болысында елдің әлеуметтік істеріне араласқан. Бұл жайында Ө. Есназаров: «Әріп 1888-1889 жылдары Жетісудан ел жағына қайтады. Семей уезіне қарасты жерлерде әртүрлі қызметтер істейді» [42], – деп мұрағат деректеріне жақын пікір айтады. Ақын мұрасын зерттеушілер Әріптің бала оқытып, мұғалімдік қызмет атқарғанын әр жылдарға теліп жүр. Мәселен Б. Кенже-баевтың: «Әріп орыс мектебін бітіріп шыққан соң, әуелі өз елінде бірнеше жыл мұғалім болып істейді, онан соң үш-төрт жыл Шәуешекте орыс консулының тілмашы болып тұрады» [39.194], – деген пікірін Ө. Есназаров та қостайды [16.6]. Бірақ бұл пікірлердің негізсіз екендігін Әріп өміріне қатысты жоғарыдағы мұрағат деректері айғақтап отыр. Анығында, Әріп осы 1889-90 жылдары еліне келген кезден бастап ұстаздық қызметпен айналысқан. Қ. Мұхамедханұлының: «Осы жылдар (1890 жылдар) балаларды тәрбиелеу мәселесіне ерекше көңіл бөліп, ағайындарының балаларын өз үйіне жинап, орысша сабақ оқытады. Орыс әдебиетінің үлгілерімен, Пушкин, Лермонтов сияқты ақындармен таныстырады» [75.19], – деген пікірі шындықтан алыс емес. Әріптің «Лермонтов көкіректі көзді туған», «Орыстың мұссанифі – Пушкин дана» сияқты өлеңдері осындай оқу-ағарту ісіне араласып, жас ұрпақты тәрбиелеу негізінде туған. Өзінің сүйікті шәкірті Шұғбан балаға арнаған өлеңдері де ұстаздық тағылымнан туған туындылар. Әріптің ұстаздық етіп, бала оқытқаны туралы өз оқушысы Төлеусейіт Нұркенов кезінде мынандай естелік қалдырған: «Әбең балаларды оқыт деп халыққа жария салған. Мені алты ай оқытты: қыста үш ай, жазда үш ай. Арнаулы мектеп салуға ауыл әкімдері көнген жоқ. Алғашқыда он бала болды. Бізді түрлі суретпен, одан кейін әріп таңбаларымен таныстырып оқытты. Суреттерге қарап отырып, оның атауларын айттырып, жеке сөзден орысша сөйлем құратып үйрететін» [145], – деп Әріптің сабақ оқыту тәсілінің жаңашылдығы мен тиімділігін тілге тиек етеді. Әріптің ақындық өнеріне бас иіп, өзіне ұстаз тұтқан халық ақыны Шәкір Әбенұлының Әріп өлгенде айтқан жоқтауында:

Ақы алмай бала жинап, сабақ беріп, Халқына қасиетінен сәуле шашқан [75.179], – деген өлең жолдары да Әріптің ұстаздық қасиетінен хабардар етеді. Сондай-ақ «Ә.Тәңірбергенұлы 1890 жылдары Еңірекей, Кандығатай болыстарында тілмаштық қызмет атқара жүріп, халық ағарту жұмысына да қатты көңіл бөлген. Семейдегі почта бастығы Березинмен байланыс жасай отырып, 1909-1910 жылы оқу маусымында Меңгезей деген жерден мектеп ашады. Сабақ екі тілде қазақша, орысша жүреді. Кейін бұл мектеп Жыланды деген жерге ауысады. Осы мектеп 1917 жылы қазан төңкерісінен кейін ғана қызметін тоқтатты» [21.8], – деген пікірлерден Әріптің жас ұрпақты тәрбиелеу жолында оқу-ағарту ісіне қаншалықты еңбек етіп, үлес қосқанын білу қиын емес. Ақынның мол мұраларын көп жылдар бойы тірнектеп жинап, көзінің қарашығындай сақтаушылардың бірі – Ғабдылахмет Шәкерұлы Әріпке арнап жазған өлеңінде:

Бір күні Меңгезейден мектеп ашты,
Болса да қаражатқа қолы тапшы.
Жетіліп өнер тауып кетпесе де

Көп адам дер кезінде сауат ашты [146], – деп, жырға қосады ұлы ақынның ұлағатты ісін. Демек, Әріптің ұстаздық жолы Қазан төңкерісіне дейін жалғасып келгені ғой.

Ұстаздық қызметпен қатар Әріптің елдегі әлеуметтік істерге де араласқаны белгілі. Ел ішіндегі жуандардың қара халыққа озбырлығы, әрине, ақын көңілін жиіркендіріп, ашу-жігерін қамшылай түседі. Әріптің сол кездегі Қабділдә, Бейсеке, Тұрғали, Тәуірбек сияқты болыс-би, ел жуандарына қарата айтқан сыншыл өлеңдері олардың өңменінен өтті. Шырылдаған шындықты тұншықтыру үшін би-болыстар не түрлі айла-шарғыға барды. Соның бірі «Әріп кісі өлтірді» деген жалғандыққа барып, ақынға ауыр күнәні арта салу еді. Бұл жала сол кездегі баспасөз беттерінің де назарына ілікті 1896 жылғы «Дала уалаятының газетінде» төмендегідей бұйрық жарияланған: «Приказы по Семиреченской народный судья №10 аула Акчаулинской волости, Лепсинского уезда Бийсеке Рысаков, на время производства следствия по обвинению его в ложном доносе на киргиз Энрекейской волости Арипа Танирбергенова и Джаксылыка Кауменова по делу убийства киргиза Чалабаева, устраняется от занимаемой должности» [147]. Ауыл биі Бейсеке Әріпті кісі өлтірді деп жала жапқаны үшін қызметінен босатылып, жауапқа тартылып отыр. Баспасөз беттері бұл бұйрыққа да үндемей қалмады. Іле-шала «Біреудің үстінен қазақтардың өтірік арыз беруі турасынан» [148] деген атпен екі тілде мақала жарияланды. Мақалада Бейсеке сияқты жемқор, арамзалардың жалақорлық істерін қатты сөгіп, ашына сынға алады. Осы жалаға байланысты Қ. Мұхамедханұлы: «Әрине, егер Әріп заң-законнан хабары жоқ, қараңғы оқымаған надан қазақтың бірі болса, жазықсыз-ақ айдалып кеткен болар еді. Айдалып кетпесе де, Бейсеке сияқты зұлым билердің кісі өлтірді деп қасақана қастандықпен жапқан жаласы Әріпті көп әуре-сарсаңға салып, бір уақыт көңілін күйзелтсе де, оның турашыл, шыншыл, сыншыл мінезін өзгерте алмайды» [75.32], – дейді.

Ақынның сол кездегі туындылары да өз ортасының тынысын танытарлық, шынайы өмірдің бедерін берер шығармалар еді. Адалдық пен арамдық аралығына сына қағып, елін езген опасыз билік басындағыларды ақын орақ тілмен осып түсіреді. Ақиқатты ту еткен ақын жырлары маңайындағы зұлымдық атаулыны өзіне өшіктіре түседі. Ел билеу қызметінде жүрген Әріп озбыр жалақорлардың шырғалаңынан әсте құтылмайды. Қастасқан жуандар Әріп артынан шырақ алып түседі. Қазақстан мемлекеттік Орталық мұрағатының беттерінде кездескен тағы бір құжатқа көз тоқтатсақ, ақын үстінен қозғалған кезекті бір қылмыстық іске куә боламыз. Іс 1911 жылдың 16 наурызында басталып, 1912 жылдың 19 қарашасында аяқталған, 54 парақ қағаздан тұрады [149]. Қозғалған істің себебі, Еңірекей болысы 8 ауыл старшинасы М. Айтмұхамбетов 3 ауыл старшинасы Әріпке төмендегідей айып тағады да, Семей уезінің начальнигіне арыз жолдайды: «Ә. Тәңірбергенұлы өзінің кандидаты Қ. Мұхамед-қалиевтан жоғарғы начальниктерге ықпал жасап, старшина етіп тағайындаймын деп 20 сом пара алды. Сондай-ақ Әріп 1909 жылы ақпанда өз қолымен крестьянский начальникке рапорт жазып, болыстың мөрін ұрлап басып жіберіп, «мені крестьян начальнигі арқылы жеті тәулікке түрмеге қаматты. Мен жазаны өтегеннен кейін Әріп тағы да өзіне шақырып алып, сені старшындық қызметте қалдырамын деп 25 сом беруімді талап етті», – деп шағымданады. Осыдан кейін Әріп екі адамнан 20 және 25 сом пара алғаны үшін 372,377 статьялар бойынша жауапқа тартылып, тергеу жүргізіледі. Ал осы іске байланысты болыс Өзбеханов: «Әріп менің бұйрығым бойынша рапорт жазды, мөрді мен өзім бастым. Сол бойынша Айтмұхамбетов 7 тәулікке қамалды. Әріптің кінәсі жоқ», – деп, Әріптің ақтығын айғақтайтын пікір айтады. Тергеу орындары арызқойдың жалаң жаласына иланбай, Әріптің қылмысын мойындатар фактілердің жоқтығын ескеріп, істі тоқтатып, Әріптің ешқайда кетпеуі туралы заңның күшін жояды да, ақиқат жеңіп, ақын ары бұл жолы да жалған жаладан аман қалады. Осы 54 парақтық мұрағат материалы Әріп өміріне қатысты біршама дереккөздерін анықтап отыр. Құжатта Ә. Тәңірбергенұлының Еңірекей болысының 3-ауыл старшыны болып 1904 жылдың қыркүйегінен 1910 жылға дейін істегені белгілі болып отыр. 1904 жылы Әріп 48 жаста деп жас мөлшері келтіріліп, 1 қыркүйек 1907 жылы 50 жаста, бір жылда 150 сом еңбекақы алады, ал 1911 жылы 55 жаста, екі әйелі бар, тірі балаларының саны он деген көрсеткіштер кездеседі. Осы деректерде келтірілген Әріптің жеке отбасылық жайына тоқталар болсақ, Әріптің жас шағында алған бірінші әйелінен Шайық, Файзырахман, Бибіхадиша, Айғанша деген ұл-қыздары болған. Екінші әйелі – Өтепбай дегеннің Мөнти деген қызынан Ақматай, Шайхымансұр, Нұрахмет, Әбілмансұр, Күнғайша, Қанипа, Бибікен, Бүбина деген балалары болады. Әріптің ер балалары «Ақтайлақ би» кітабындағы шежіреде де таратылады [133.73]. Әріп балалары әке жолын, ата-баба жолын ұстанып, ақындык өнерге мықтап бет қоймағанға ұқсайды. Өмір бойы нағашылы-жиенді болып, төс қағыстырып, сөз жарыстырып өткен Көкбай ақын бірде Әріпке:

Әреке, басың алтын, бөксең мырыш,
Тумапты сенен жақсы бала дұрыс.
Қатын алып не керек, бейқайрат боп

Балаларың өңшең бір нәкүріс [150.44], – деген екен ат ұстауға жарап қалған балаларының бір ынжықтық мінезіне көңілі толмағанда. Әріптің кедейлігі мен балаларының осалдығын сөз қылған тағы бір ақын:

Қош сау бол, әріптесім ақын Әріп,
Адамсың қарап тұрсам нағыз харіп.
Малың жоқ, дәулетің аз, балаң нашар,

Қартайсаң күн көресің кайда барып?, – дегенде Әріп бөгел-
местен:
Ол рас – кеудемдегі жүрген жарам,
Малым жоқ, дәулетім аз, баста панам.

Артыма үлгі аларлық сөз қалдырсам

Баласы Арғын-Найман – менің балам [131.140], – деп артында сөз құдіретін жалғайтын ұрпағының жоқтығын ұғына мойындап та, ұтырлы жауап та бере білген екен. Ақындар сөздеріндегі Әріп балаларының нашарлығын тілге тиек етуі, балаларының адамдық қасиеті жағынан жөнсіздігі емес, Әріптей әкеге жете туып, сөз құдіретін ұстанған ұрпақтың жоқтығын айтқандары болса керек. Өйткені әке жолын ұстанып, азулы ақын болмағанымен, Әріптің Ақматай деген ұлы қазақтың қара сөзіне жүйрік, ақындықты қасиет тұтқан адам болған. Ескі көздердің айтуынша, әкеден қалған екі сандық қағаз-кітаптарын көзінің қарашығындай сақтаған да, ескішілдік, ұлтшылдықпен «ұлы күрес» басталған шақта, ақын мұраларын ескі бейітке жасырып, аруақтарға аманат етіп, артынан көз жазып, аһ ұрып қалған да осы Ақматай ақсақал екен. Ақын мұрасының бізге жетуіне Ақматай Әріпұлының еңбегі зор. Бүгінде, түлегіне жуығы жарыққа шығып үлгерген қолжазбалар қорларындағы Әріптің шығармаларының көпшілігі осы кісіден алынған...

Әріптің өмір жолына оралсақ, ел ішіндегі бақталастық өрши түспесе, басылмайды. Осы тұста күйзелген ақын көңілін сергіте ұранын айқайлай айтып қазақ даласына қазан төңкерісі де келіп жетті. Көптеген қазақтың зиялыларындай ұлы дүбір алпыстан асқан ақын шабытын шарықтатып, қаламына қайрат бітіреді. Теңдікті тебірене жырлаған ақын жаңа үкіметке үлкен сеніммен қарап, қазақтың көзі ашық қайраткері ретінде атқа мініп, елдің әлеуметтік ісіне белсене араласады. Бұл жайында Семей қаласының мұрағатында сақталған деректер көп мәлімет бере алады. «Список в Семипалатинскую Уездную Земскую Управу присяжных заседателей» деген құжатта болыстық атқару комитеті төрағасының хатшысы Ә. Тәңірбергенұлының есімі және қойған қолы кездеседі. Ал, «Список присяжных заседателей по Семипалатинскому уезду Энрекейской волости» деген 1918-1919 жылдардағы құжаттарда: «Тәңірбергенұлы Әріп, 62 жаста, діні – магометан, білімі – орташа, мекен-жайы – Еңірекей болысы» [151], – деп, орыс тілінде анық жазылған. Аталмыш құжаттарда Еңірекей болысы атқару комитетінің төрағасы Ш. Нұртуғановтың және оның хатшысы қызметіндегі Ә.Тәңірбергенұлының қолдары қойылған. Яғни 1918-1919 жылдары Ә.Тәңірбергенұлы Еңірекей елінде хатшылық қызмет атқарған болып шығады. Теңдік деп, азаттық деп кәрілігіне қарамай, бар қажыр-қайратын жаңа үкімет жолына бағыштаған қарт ақынның жолына ел ішіндегі пендешіл пиғылдағылар кесе-көлденең тұрып бағады. Мұрағат қойнауынан табылған тағы бір құжатқа көз тоқтатайық: «Господину председателю уездного совета киргизы ниже подписавшиеся Энрекейской волости разных ауылов Заявление.

Волостной писарь Арип Танирбергенов поступает с бедняками как при буржуазной правительстве, делая разные злоупотребления и высасывает с нас последние капли крови. Поэтому мы бедняки покорнейше просим Вас освободить от Танирбергенова и не допустить ездить на нашей шее, если не уволите его от этого места и не назначите другого, то мы умрем под его игом. Кроме того он взяточник и известно это, даже всем гражданам города Алаша. В случае увольнения его, то мы просим быть это не через волостного управителя, а при одним из вас. Если будете допрашивать, то мы уполномочим из своей среды двух человек, которые отвечает за нас, т.е. Чурчут Кульчибеков, Асылхан Какашев. 1918, 15 апреля» [152.14],

– деп, астына қолы қойылған-қойылмағаны бар топырлатып тоқсан төрт адамның тізімін берген бұл өтініш Әріпті әзірейілдей көрсетіп тұр. Әрине, бұл халықтың зары емес, елдің атынан шағым ұйымдастырушы Әріпке қарсы жандардың әрекеті.

Болыстық атқару комитеті Әріптің үстінен түскен осы өтінішті қарастыра келе: «По тщательным расследованием в содержании самой жалобы никаких фактов не оказалось. К тому же Танирбергенов человек хорошего поведения, несущий доверие не только среди населений нашей волости, но и других волостях, жалобы поданы в следствии партийной вражды» [152.10], – дей келіп, төмендегідей үкім шығарады: «И поэтому заседание депутатов на Волостном съезде постановило: оставить безпоследствия и движения жалобу на Танирбергенова, как не имеющую никаких данных основательных фактов, к тому просят совет обратить большое внимание на это поставновление аульных депутатов. В том и подписываем аульные депутаты» [152.10], – деп, ауыл депутат-тарының аты-жөндері жазылып, қолдары қойылған. Осылардың ішінде Әріптің бас шәкірті Шұғыбан Қауметовтің де аты-жөні, қолы бар. Бір-біріне қарама-қарсы жазылған екі құжаттағы ескеретін бір жайт, Әріпті ақтап қол қойған депутаттардың ішіндегі Шүршіт Құлшыбеков, Қали Мыштықбаев, Құлмұхамед Ибраимов, Бақылай Кабижов, Құрманғали Ноғайбаевтардың есімдерін жоғарыдағы жалған жала ұйымдастырушылар арыздың соңындағы 94 адамның ішіне де енгізіп жіберген. Сондай-ақ Әріп ақтығын қолдаған Шүршіт Құлшыбеков сынды ауыл депутатын Әріпке таңылған айыптың куәгерлігіне сырттай қосып жіберуі, ол өтініштің қасақана біреулердің қолынан ұйымдастырылғанын айқын дәлелдей алады.

Әріптің патша заманында елдің әлеуметтік істеріне араласқанын ескерсек, бұл уақытта таптық тартыстың енді-енді ушығып, «байлардың сарқыншақтарымен» күрестің ұлғая бастаған кезі еді. Қазақ даласында ертеден келе жатқан партияшылдық, рушылдық тартыс енді таптық күреске айналып, билікке таласу әрекеттері одан сайын өрши түседі. Аталмыш мұрағаттағы «Семипалатинский Областной Исполнительный Комитет Совета Р.С.К.К. и.к. Депутатов» деп басталатын құжатта Еңірекей болысынан Н. Жақсылықов және С. Сарғызовтың атынан арыз жазылған. Арыздың жалпы мазмұны мынандай: «Еңірекей болысында өткен болыстық сайлауда өңкей байлар мен ауқаттылар Е. Қауменов, А. Сабанов, Р. Жарқымбаев, Ә. Тәңірбергенұлы, С. Өзбеханов, Т. Дәулетбаев және Ш. Нұртуғанов бастатқан 50 шақты адам бізге, яғни кедейлерге өз адамдарымызды сайлауға жол бермей, барлық сайлауды өз қолдарына алып, өз адамдарын болыстық кеңеске мүше қылып сайлады. Болыстық кеңестің басшысы етіп, патша заманында 40 жыл болыс, би болған бай Кенжебай Көбековты сайлады. Ол өзінің орнын ескі заманның байы, бірнеше жыл болыстың хатшысы болған Ә. Тәңірбергенұлына ұсынды», – деп өмірінде артық мал жимаған Әріпті ескі заманның ауқаттыларының қатарына қосып қояды. Дегенмен, мұндай сайлаудың талайын басынан өткерген, арыз-шағымдардың да не түрлісін көрген Әріп арыздың бөгде біреудің қасақана жазғандығын дәлелдеп, жоғарыға хат жолдайды. Хатты қазақшаласақ: «Н. Жақсылықов сайлау кезінде Семей қаласында болғандықтан, ол бұл туралы жазуы мүмкін емес. Жақсылықов пен Сарғызовтың атынан жазылған бұл қағазда Сарғызовтың қолы қазақша қойылған, ал орысша таза сауатты Сарғызов бұл арызға орысша қол қояр еді, тіпті арызды өзі-ақ жазар еді. Осыдан – бұл хаттың Жақсылықов пен Сарғызовтың қолынан шыққан емес, бөтен біреулердің жалған жаласы екенін білу қиын емес» [152.15], – делінген. Иә, араға от салып, біреудің атынан өтірік арыз жолдаушы жандардың қылмысы бұл жолы да бұлтақсыз әшкереленіп отыр. Бұны басқа емес, Әріптің өзі айғақтайды. Осы арызда кездесетін бай Кенжебай Көбековке арнаған өлеңінде Кенжебайдың 1921 жылдардың аяғында жетім-жесірді зар жылатқан зорлығын жесір әйелдердің атынан Әріп өлеңге қосып, озбыр байдың әрекетін бетіне басқанына карағанда, жоғарыдағы арыз жолдарында Әріпті Кенжебайдың сыбайласы етіп көрсетуі тіпті қисынға келмейді.

Дегенмен ауыл арасындағы арандатушылық, жалақорлық әрекеттер Әріпке бір уақыт та маза таптырмады. «Әлдебір ел ішінің Көшер Назаров дегеннің істері Советке қарсы, ал ол Ә. Тәңір-бергенұлымен достықта» [152.19], – деген арандық айғайлар соның айғағы. Шексіз, толассыз арыз- шағымдар – Әріптің әділдігіне, турашылдығына наразы, бақталас адамдардың істеген әрекеттерінің көрінісі. Мұрағат қойнауынан табылған құнды деректердің бірі – Ә. Тәңірбергенұлының жоғарғыға жолдаған кезекті бір биресми хаты. Сондай-ақ хаттың Әріп қолымен жазылған қазақшасы (араб әрпімен) және екінші біреудің қолымен аударылған орысшасы сақталған. Біршама түсінікті, әрі қазақшасына қарағанда оқуға болатындай күйде сақталғандықтан, осы хаттың орысша аудармасын сол күйінде келтірейік:

«Многоуважаемый Ахмеджан и Чайтмухамед!

Сообщаю Вам, что Председатель нашего Волостного К-та Нуртуганов не стал исполнять свои обязанности и совсем не занимается и не ходит в правление. Члены комитета стали заниматься своими делами. В настоящее время кроме меня в комитете занимающих и выполняющих работ нет никого. Один из членов К-та Джанкебаев стал заниматься своими преждними занятиями, смущает населения и распространяет партийную вражду. Мне тяжело работать, как 62-летнему старику справляться с такими дикими народами, которые не понимают что такое правда. Я работаю по совести и за честь «Алаша» и получаю 900 рублей в год окладов во время такого дороговизного до сие время в счеть жалования получил ни копейки. Население сильно смущено, усиливается партийная вражда, не стали слушатся нас и других честных. Служить и жить среди такого населения невозможно. Было приказано Вам представить список к 9-му сею октября, но этого сделать не возможно, потому, что ни один из старшин не ходит в К-т, рассыльные все разъехались. Прошу если найдете уважительным, дать мне отставку. Я не имею возможности служить здесь. Опасаюсь оставаться здесь. Прибывшие сюда Асержанов и Тогузбаев знают настоящее наше положение, можете спросить их. 7 сентября, 1918 г. А. Танирбергенов» [152.34]. Біріншіден, бұл хат бір-бірін қорқауша талаған елдің сиқын көріп, көңілі күйзелген ақын жүрегінен шыққан жан айғайы. Хат жеке адамның жағдайынан гөрі, ел ішінің тынысын танытар әлеуметтік мәнге ие. Екіншіден, Әріптің қоғамдағы жай-күйін мейлінше айқын танытып тұр. Ақынның шындық деген шырылы ел ішінің шырғалаңына түсіп отыр. Ұстазы Абайды сабап, Шәкәрімді тауға қуған көп, Әріптің де басына әңгір-таяқ ойнатуда. Әріптің хат жолдап отырған адамдарына келсек, бізге таныс есім Ахмеджан. Ахмеджан Қозбағаров – Алаш өкіметінің ірі өкілдерінің бірі. 1917 жылы Орынборда өткен Жалпы қазақ съезіне Семей облысынан депутат болып сайланғандардың ішінде А. Қозбағаров та болған [қараңыз: 153.407]. Ал мына деректерге тоқталсақ былай дейді: «Семейде, Верныйда т.б. кейбір қалаларда 1918 жылғы көктемде ұлттық-демократиялық Алаш қозғалысының кейбір өкілдері жергілікті советтермен қысқа мерзімдік ымыраға (компромиске) қол жеткізіп, ресми (советтік) басқару органдарында мүше болып сайланды. Мәселен, осындай келісімге келудің нәтижесінде жергілікті Алаш ұйымының жетекшілерінің бірі, Алашорданың мүшесі Халел Ғаббасов Семей обылыстық советі атқару комитетінің мүшелігіне өтсе, уездік земствоның төрағасы Ахмеджан Қозбағаров... сайланды» [154.165]. Осы пікірлерден Ахмеджанның Алаш партиясының мүшелігінде болғандығын, сондай-ақ 1918 жылдары Семей уездік земствоның төрағасы қызметін атқарғанын байқаймыз. Ал Ахмеджанның жұбайы Тұрар ханым Қозбағарова 1915 жылы ұлы Абайдың туғанына 70 жыл толуына арналған әдеби кеште (ұйымдастырушысы Н. Құлжанова) «Біржан-Сарадағы» Сараның рөлін ойнаған. Осы кеш туралы жазған сол кездегі «Айқап» журналы: «Біржан рөлін алған Жүсіпбек Аймауытов та, Сараның рөлін алған Тұрар Ханым Қозбағарова да рөлдерін ойлағаннан артық шығарды. Әсіресе Тұрар ханымның сөзінің анықтығы, дауысының мінсіздігі жұрттың ықыласын өзіне магниттей тартты» [155], – деп жазды. Осы деректер Қозбағаровтар отбасының қазақ ішінде көзі ашық, көкірегі ояу, елін мәдениетке тартар саналы адамдар екендігінен хабардар етеді. Халқын өрге сүйрер ел азаматы Ахмеджан Қозбағаров пен Әріп Тәңірбергенұлы арасындағы таныстықты ғана емес, ақынның биресми хаты екі тұлғаның мақсат-тілектері бір адамдар екенінен хабардар етеді.

Бұл хат Әріптің соңғы хаты емес еді. Әріп жоғарыға хат жолдап, ел ішіндегі басқару жұмыстарының тоқтап тұрғанын жаңғырта жазады: «Прежний управитель был киргиз С. Чонкебаев, а кандидат его был Р. Убин. Они не желают взять должности. В виду этого не исполняются многие дела, кибиточные и земские сборы приостановлены, потому что управление волости не установлено» [152,49], – деп, ел басшыларының шалағай ісіне қатты күйінеді. 1918 жылы Еңірекей елінің басшысыз қалып, халықтық сергелдең жай-күйі Әріптің қолына еріксіз қалам алғызып отырғанын мұрағат қойнауында жиі кездестіруге болады [156.3-6]. Әріптің 1918 жылдың аяғында кәрілігіне сырқатының қосылғанын анықтайтын дереккөздері де кездеседі. Еңірекей болысының басшысы Ш. Нұртуғановтың 1918 жылдың 2 қарашасындағы жоғарыға мәлімдеген кезекті есебінде: «Списки о пересчете кибиток по Энрекейской волости, донашу, что я председатель лично задержал экстренным предписанием, секретарь Танирбергенов болен» [157], – дейді. Осы уақыттан былай қарай. Әріптің денсаулығының нашарлығына байланысты қызметтен босатуын өтінген өтініш-қағаздарын мұрағат беттерінен жиі кездестірдік [156.3-6]. Әріптің өзінің өтініші бойынша Еңірекей болысы атқару комитетінің хатшылық қызметінен босатылады. Мұрағаттағы бұйрықта: «...обязанность волостного писаря с 31 января с/г занимает граждании №7 аула Энрекейской волости С. Саргызов бывший ветеринар-фельдшер» [156.17], – делінген. Сонымен архив деректері айғақтағандай, Әріп Тәңірбергенұлы кеңестік кезеңде бір жылдан аса уақыт хатшылық қызмет атқарғанын нақтылай аламыз. Жаңа өкіметтің атын жамылғаны болмаса, елдегі кеңес әкімдерінің де бұрынғы би-болыстардан айырмасы шамалы болып тұрды. Қызметтен кетсе де, қаламының карымы қайтпаған қарт ақын ел әкімдерін өлеңмен өлтіре сынға алады. Басқа амалы құрылған кеңес басшылары енді «Әріп – кезінде патшаға қызмет еткен чиновник, байдың сарқыншағы» деген пәле-жаланы үйіп-төгеді. Тағы да жыпырлаған жала, ақ адамды кінәлаған арыз. Әріптің ісі тергеледі. Әріпке жабылған жала сол кездегі баспасөз беттерінің бірін де ушықтырып үлгереді. «Еңбек» деген псевдонимді біреу: «Біз тергеу жұмыстары туралы октябрь айының ішінде Еңірекей еліне бардық. Қолымызда сол елдің оннан аса жұмысы бар еді. Бұл жұмыстар Әріп Тәңірберген баласының үстінен берілген арыз һәм оларға Әріптің қарсы жазған арыздары, – дей келіп, – тегін қалам түртпейтін, ар-ұятты күтпейтін Әріп, ол еңбек істеді, бұлдайды. Ол нашардың қорғаны да емес, істеп жүргені басшылық, көсемдік те емес, біреуден зорлық-зомбылық көріп, онысын шаққан да емес. Түзулік жолында үкіметтің құлағы емес. Ежелден жеп үйреніп қалған ескі әдеті. Сонымен біреуді алдап, біреуді арбап, біреуді қорқытып талап, аузына салған Әріп. Оның үстіне Әріп жасқа толмаған күйеуге қызын беріп, сотқа тартылып отыр. Міне жұрт, мынау ақсақалдан үлгі алыңдар» [158], – деп жазады. Бұл – қызыл империяның етек-жеңін жиып, «ірі байлардан» тазарған соң, енді «сарқыныштарына» ауыз салған жиырмасыншы жылдардың басындағы жан ұшыра айқайлаған көрсоқыр жандайшаптардың жаласы еді. Байларды жаппай жой, ескіліктің көзін құрт! – деген ұрандарға жамырай қосылған шала сауаттылардың, шолақ белсенділердің жаласы еді. Жоғарыдан жасалған идеяның осындай ауыл «иттерінің абалауымен» іске асып жатқан байшылдық, ескішілдікпен күрестің ұлтшылдарды жою науқанына қалай айналып кеткенін қайран қазақ байқамай да қалды. Тәңірбергенұлының соңғы жылдардағы өміріне байланысты Есназаров: «Дұшпандардың өтірік шағымы бойынша 1922 жылы Әріп тергеуге алынады. М. Дулатов бастаған ұлтшылдар оны соттамақ болып, бірақ Семей губерниялық атқару комитетінің төрағасы Әбілқайыр Досовтың тікелей араласуымен мәселе шындығына шешіледі де, Әріп ақталады» [16.101-102], – деп жазады. Кезінде, кеңестік таныммен айтылған осы пікірдегі екі адам есімдеріне байланысты жайлардың бетін ашып алайық. Әбілқайыр Досовтың Семей қалалық мұрағатында сақталған жеке құжатына үңілсек: «1919 жылдан РКП/б/-ның мүшесі, 1922 жылы, 13 қыркүйекте Ә. Бөкейханов, Егоров, Лекеров т.б. қатысуымен өткен Семей губерниясы атқару комитетінің мәжілісінде Ә. Досов Семей губерниясы атқару комитетінің төрағасы болып сайланады» [159]. Шынында да қысылтаяң шақта Досов Әріпке қол ұшын берген адам. Арызқой байлардың парақорлығын ашына айтып жазған «Байлар туралы» деген арыз-өлеңінде:

Досовқа жазар едім Семейде жоқ,
Жақын ұлық өзіңсің көңілге тоқ [18.58] немесе:
Осыным арыз дей көр, өлең деме,
Шын тексер түбін ойлап селеңдеме.

Аз кешіксең Досовка тағы жазам Кешігіп, жер кепкенше келем деме [18.60], – деген жолдар Әріптің Досовпен таныс-білістігін айқындай түседі. Екінші бірі – Міржақып Дулатұлына байланысты айтылған пікір. 1921 жылы Семей обылыстық сотында судья болып істегенмен, 1922 жылы Әріпті жауапқа тартпақ түгілі, М. Дулатұлы өзі тұтқынға алынып Семей түрмесіне түскенін ескерсек [160.12], кезінде айтылған бұл пікір қисынсыз.

Өмір бойы жалғандықпен жағаласып, ақиқатты арқаланған ақын өмірінің соңғы сәтіне дейін бұқаралық істерге араласып, елінің ертеңіне елеңдеп бақты. Е. Алиннің мына бір естелігіне назар аударайық: «Менің есімде қалған бір уақиға 1924 жылы январь айында Еңірекей, Қызылмола, Қандығатай болыстарын біріктіріп, Лунчарский атына бір болыс құрдық... Жиналыста мен жиналған адамдарға газеттерге жазылу керек деген сөз айттым. Сол жиналыста отырған халық ақыны Әріп Тәңірбергенұлы және мал дәрігері Өтепов Толымхан екеуі сөз алып сөйледі. Олар да менің сөзімді құптап газет оқу керектігін айтты. Сол жиналыста отырған бірсыпыра адамдардың аттарын атап, сол жерде қолма-қол екі ақсақал газетке жазылушыларды ұйымдастырды» [161]. Өмірінің соңғы сәтінде де:

Орныма егін ексең мен кетейін,
Кіжінген дұшпандарым тісін қайрап.

Жақынға керегім де бар да шығар
Өкінер көмгеннен соң әбден жайлап.

... Келмейді алжып жатып өлең жазғым, Жасыққа көрсетейін сөзден қайрақ [75.121], – деп жалынды жырымен дұшпандарын жасытқан кесек ойлы өр ақын жүрегі:

Өмір шіркін көңілге
Таусылмастай көп еді.
Қызықтырып дүние-
Әлі өлмейсің деп еді.

Мінеки, көрге апарды [75.121], – деп 1924 жылы маусымның 14 жұлдызында соғуын тоқтатты. Ақын сүйегі Еңірекейдің Жыланды қыстауындағы Қарабұлақ деген жерде жерленген.

Ә.Тәңірбергенұлы өмірі жөніндегі қолда бар деректерді пайдалана отырып, ақынның ғылыми өмірбаяны соқпағын кеңейте түскендей болдық. Олай дейтініміз, М. Әуезовтың жылдар бойы сарыла зерттеуінің нәтижесінде Абай өмірбаянының төрт рет дүркін-дүркін толықтырылып отыруынан-ақ, ақын өмірбаяны жасаудың бір күндік не бір жылдық қарекет емес екенін аңғару қиынға соқпайды. Осы құбылысқа орыс биографтары: «Построение научной биографии едва ли может быть под силу одному исследователю, даже если он посвятит этой работе всю свою жизнь. Несколько поколений исследователей накапливает необходимые материалы, осознает их, проверяет и дополняет, вырабатывает общие методологические принципы. Научная биография может явиться только обобщением многолетних предварительных разысканий» [162.83], – деп баға берген болатын. Ендеше, ақынның өмірін ғылыми негізде қарастыруға тырысқан біздің сүрлеу жолымыз, жылдар бойында әлі де беймәлім қырлары ашылып, толықтырыла, түптеле түсетін Ә. Тәңірбергенұлының арналы ғылыми өмірбаянына айналуына өз үлесін қосатынына сенімдіміз.

АБАЙДЫҢ ІЗІН БАСҚАН ДАНЫШПАНЫМ...

Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын
Қазақтың келістірер қай баласы?

Өмір-табиғаттың мөлдір тамшысына айналған өлең қуатын танытар мұнан артық анықтама табылмас. Бұл – Абайдай ұлының көркем әдебиет, сөз құдіретіне берген тұрлауы тұжырымы, талғампаз талабының тамаша көрінісі.

Сылдырап өңкей келісім Тас бұлақтың суындай, – бүлкілдеп жатқан өлең өресінің тырсылдап соққан тамырын тап басқан ақын жүрегінің танымы.

Абай – Өлең, Өлең – Абай! Екеуі қара қазақ баласына ажырамас бірлікте танылатын құбылыс. Абайды атамай өлең әлеміне аяқ басу Абайсыздық болады.

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.

Міне, ақын қарекетінің айқын мақсаты.
Сөз айттым «Әзірет Әлі, айдаһарсыз»,
Мұнда жоқ «алтын иек сарала қыз».
Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,

Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз
Әсіре қызыл емес деп, жиренбеңіз
Түбі терең сөз артық, бір байқарсыз.

Әсіре қызыл жылтырақтан гөрі жаңа жауған ақ қарға бусана тамған қан тамшысы қандай шынайы болса, сондайлық шымырлы шындық қана нағыз поэзия.

Абайдың қасынан табылған Шәкәрім,
Әріп, Көкбай сынды жас ақындар,

Өлеңі бар өнерлі інім сізге, Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге, – деген ұстаз ескертуін ақындық жолды табар шырағына айналдырды. Қ. Жұмалиев: «Абай өз халқының мәдениетін, әдебиетін толық меңгеріп, жақсысын бағалап, кемістігін сынға алды. Бұхардан бастап, Көкбай, Әріп, Ақылбай, Мағауия ақындарға шейін Абай сынынан өтпегендері жоқ» [164.156-157], – дейді. Соның ішінде: Болмайсың бәрің Абай, жаһил аңғал,

Құтыра соған тоқтар қулық жанжал.
Абайдан басқаң сөзді не қыласың

Сол дана бұл заманда биік заңғар [108], – деп Абай құдіретіне табынып өткен Әріп Тәңірбергенұлы Б. Кенжебаев сөзімен айтсақ: «...өзінің жазушылық сапарын насихат, арнау, жырлар мен ғажайып ертек, аңыз сюжетіне бұрынғы шығыс әдебиеті стилінде қисса, дастан жазудан бастады. Сонан, Абайдың сыны, кеңесімен, бірте-бірте Абай шығармаларының, орыс халқы әдебиетінің әсерімен демократтық, реалистік бағыт, әдіске келді, сыншыл реализм дәрежесіне жетті» [123.187].

М. Әуезов атап көрсеткен Абай шығармаларының қорын құрайтын негізгі үш арна Әріп мұрасын да айналып өтпейді. Халықтың бай ауыз әдебиетінен нәр алмаған ақын кемде-кем. Ауыз әдебиетінің үлгілерін барынша меңгерген Әріп айтыс саласын өңдендіре өзгертіп, «Біржан-Сара», «Тәуке-Ұрқия» айтыстарын өңдеп, жазба туындыға айналдырды. Ауыз әдебиетінің бір түрі – жұмбақтарды жаңа өмірдің талғамына сай жаңғырта жазды. Әріптің ақындық бастауы шығыс әдебиетімен тығыз байланысты. Шығыс тіліне жетік ақын келе-келе шығыстың әдебиетіне бой ұрып, «Зияда-Шаһмұрат», «Қожа Ғафан», «Нұрғазарұн», «Баһрам», «Тәһір» сияқты көлемді қиссалар жазды. Абай сыны Әріптің бетін батысқа бұрды. Ақын Абай арқылы Пушкин, Лермонтов шығармаларымен танысып, орыс әдебиетін меңгере бастады. Пушкиннің «Евгений Онегинін» қазақшалауға үлес қосқан Әріп, Лермонтовтың «Ақын өліміне» деген өлеңіне аударма жасады. М. Әуезов: «Әріп жазған өлеңдердің көп мазмұны – ғылым туралы, еңбек туралы, әсіресе елді зорлаушы жуан-содырлар туралы жазылған сыншыл, сатиралық шығармалардан құралады. Осындай мұралардың бәрінде де Әріп Абайға аса жақын келіп, ақынның реалистік дәстүріне үнемі иық сүйеп отыратындығын сездіреді» [2.117], – деген. «Қалың елім, қазағым» деп қабырғасы қайысқан, «соқтықпалы, соқпақсыз» қоғамда «мыңмен жалғыз алысып», елінің «бас-басына би болып» сиқы кеткен алауыздығына ашынған Абай бойындағы әлеумет күйігі Әріпке де жұғады.

Сорлы елім көріп жүрсің еңбекті
Ел кезіп, өсек айтып, ізденіп дау.
Істейтін бар кәсібің ұрлық-зорлық.

Кісі жоқ алдын ойлар бір дені сау [75.87], – деген жолдар Абайдың өз қоғамына кезеген ащы шындығының шымырлы жалғасындай. Ел үстінен күн көрген би-болыстарды улы тілмен тергеген Абай әжуасы Әріпте:

Байлар жүр мансап іздеп құр далақтап,
Көрінбей малы көзге жүр жалақтап.
Би мен болыс көрінсе қошемет қып

Қойын сойып ет тартар қос табақтап, – деген әсерлі әрекетке толы өлең жолдарымен өрілген.

Қартайдық, кайрат қайтты, ұлғайды арман,
Шошимын кейінгі жас балалардан, – деп алаңдаған Абайды да, кейіннен:
Адамзат гүл сияқты аңғарамын,
Несіне кәріліктің шамданамын.

Не ғылым, не өнерден хабары жоқ, Кейінгі жас жігітке таң қаламын, – деген Әріпті де келер буынның тағдыры қатты толғандырады. «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деген парықты парасатқа толы ұстаз өсиетін Әріптің:

Балалар жат та, тұр да білуді ойла,
Үнем түгел тұрмайды мұндай тойда.
Жігіттіктің қадірін ғылыммен біл,

Салқылық, салақтықты былай қой да, – деген салмақты да, салиқалы ғибраты жаңғырта жалғастырып жатыр. Әріп мұрасының қай саласын алмайық Абаймен үндесіп, ұштасып, жалғастық табуда.

Адам өміріне толғанбаған ойшыл, өлең арнамаған ақын кемде-кем. Ұлы Абай:

Өмірдің алды – қызық, арты – суық, Алды – ойын, арт жағы мұңға жуық, – деген сипаттағы өмір философиясын танытар даналыққа толы ой тұжырымдары Әріп өлеңдерінің қомақты саласына айналған. Ақынның «Өлім туралы», «Дүние туралы», «Дәл ертең өзгереді бүгінгі күй», «Ғапылдың тірлігі бір күн мейрам» сияқты топтамасының негізгі түйіні де:

Өмірдің болғанымен басы қызық,
Баяны жоқ жалған ғой арты бұзық, – деп Абай танымымен ұштасып жатыр.

Абай мен Әріп арасындағы тағылымдық тамырластықтың табиғатын орыстың ұлы сыншысы Белинскийдің мына бір пікірі айқындай алады: «Ұлы ақынның басқа ақындарға ықпал етуі оның поэзиясына басқа ақындар поэзиясында баттиып тұратындығында емес, олардың өз бойындағы күштерді қоздыратынында: күн нұры жерге жарық түсіргенде оған өз күшін бермей, жердің өз бойындағы күшті қоздыратыны сияқты» [128.66-67]. Ә. Тәңірбергенұлының шығармалары әлі күнге белгілі бір хронологиялық жүйеге түспей келеді. Тек Қ. Мұхамедханұлы өз еңбегінде Әріп өлеңдерінің шығу уақытын мөлшермен болса да межелеуге тырысқан. Ақын өлеңдерінің бізге халық аузынан жеткендігін ескерсек, мына өлең пәленбайыншы жылы шыққан деп нақты айту қиын. Әр өлеңнің жазылу тарихына, ішкі мән-мағынасына қарап қана, шамамен қай жылдары шыққанын білуге болады. Бізге жеткен ақынның алғашқы өлеңдерінің бірі – он жеті жасында шығарған «Жеңгелерге» деген өлеңі. Бұл өлең шығу тарихы жағынан да, жарияланып, зерттелу жағынан да толық түсінік беруді қажет      етеді.      Ақынның      «Ұмытпаңыздар мені»      жинағында      да, Мұхамедханұлының «Абайдың ақын Шәкірттері» кітабында да өлеңнің толық емес, ел аузынан жеткен жұрнағы ғана басылған. Өлеңнің толық нұсқасы Әсет ақынға телініп, «Әсеттің белгісіз өлеңдері» деген топтамамен, қытай елінен Асқар Игенұлының мақаласында жарияланды [165]. Өлеңнің толық нұсқасы Әсет ақынға Әріптен ауысқандығын      байқау      қиын      емес.      Әріптің      өлеңіне Мұхамедханұлы мынандай түсінік береді: «Әріптің он жеті жасында әкесі Тәңірберген біреумен құда болып, Әріпті қайнына жібереді. Әріп қайнына барған соң, жеңгелері жеңгетай сұрапты. Әріп таңертең аларсыздар деп, ертеңінде жеңгелеріне осы өлеңді айтады. Естіген адамдар Әріптің бұл өлеңі бұдан гөрі молырақ болса керек»

[75.66], – дейді. Әсеттікі делінген өлеңнің де түсінігі осыған жақын: «Әсет жас кезінде айттырып қойған қалыңдығына қалыңдық ойнап ұрын барған жолы, қыз жеңгелері қызды Әсетке жолықтырып жеңгетайлық жолдарын сұрапты. Онсыз да елден естігені келіп, ішқұса болып отырған Әсет шырқап әнге басады. Көңілінен шықпаған қалыңдығына өкпелі ақын сол ауылдан қайырылмастай болып аттанып кетеді» [165]. Әсеттікі делінген өлеңнің толық нұсқасы 41 жол, толық емес өлеңнен 31 жол артық.

Толық өлең:
Сөйлейін сөйле десең жеңгелерім,
Сіздерге тиісті емес сөйлемегім.
Тайлағың жүк артпаған інген бопты

Кешегі алған арам теңгелерің, – деп басталатын өлең Әріп өлеңінің толық түрі. Салыстырып қараған адамға егіз өлеңнің шығу тарихы да, поэтикалық желісі де бір. Өлеңді Әріптікі дейтініміз, Әріп бұл өлеңді 17 жасында жазғанда Әсет – әлі қалыңдық ойнайтын жасқа жетпеген бала. Кейін Әсет өлеңді өз жағдайына пайдалануы мүмкін, бірақ ол өлеңге өзгеріс әкелді деуге болмайды. Оны өлеңнің бір ақын ойынан шыққан біртұтастығынан-ақ байқауға болады. «Жеңгелерге» өлеңінде негізгі нысанаға ілініп отырған – Әріптің қалыңдығы. Адал жар іздеп келген адал көңіл ақын жүрегі қыздық қасиетін көлденең көк аттыға ұстатып жіберген ұстамсыз қалыңдықтың қарабет қалпын қалтықсыз таниды:

Етегі көйлегіңнің жыртылыпты, Аман деп жүріпсіңдер кеуделерін, – деп өз ойын ұтымды тұспалмен жеткізген ақын енді, жеңгелері мың теңгелік жорғаға, бұйдасыз асау наушаға балап, үрлеп-үкілеп отырған сайқал сұлуды жабулы түйеге, құл-қотан мінген биеге теңеп салады.

Бақшаңызды шошқа аралап жүр деуші еді, Сол бір сөз келіп түсті енді есіме, – деген ел іші сөзінің бекер еместігін беттеріне басады. Жастайынан аузы дуалы ұрпақтың баласы, ел еркесі, өз ортасының өр кеуде серісі қалыңдық табасына қатты көңілі қалып:

Иығы салыңқы боп көрініп еді,
Басқаннан шошып едім санын сылтып.
Көзге атқан құралайды мергендей-ақ,

Бір мерген атқан екен түзу мылтық, – дейді. Қалыңдықтың сезікті қимылы қырағы мінез, сері көңіл жас Әріптің көзінен таса қалмайды. Ащы әжуа, өткір ой оспа тілмен түйдектеліп келіп діттеген жерін тіліп түсті. Осындай сұқпа мінез, сүңгі сөзділігін ерекше бағалағандықтан болса керек, ұлы Абай Әріпті «Сыбанның сары шегір қыраны» деп атаған ғой.

Аталмыш өлеңнің Әріп ақындікі екендігіне бұлтартпас дәлелдердің бірі - Ә. Тәңірбергенұлының туып-өскен өлкесінде халық аузында сақталып, бүгінгі күнде Ғылым академиясы Әдебиет және Өнер институтының қолжазбалар қорында сақталған құнды мұраның бірі – «Бұл оқиға Сыбан Әріп ақынның оқиғасы» деп аталатын көлемді тарихи дастан [166]. Авторы белгісіз аталмыш оқиғалы дастан Әріптің «Жеңгелерге» өлеңінің шығу тарихын суреттеуге құрылған. Сөзіміз жүйелі болу үшін, дастанның сюжеттік желісіне тоқталайық. Автор алдымен:

Тұлпарға жарасады күміс ноқта,
Әріп көзге түседі әрбір топта.
Өзі оқыған орысша, өзі ақын.
Сыбан болып құрметтейді сол уақта.

Оязға писарь болып былғақтады, Әріпке қатарынан қыз жақпады, – деп Әріптің тегін адам емес екендігінен хабардар етіп, оның ел аралап, Мәмбетей елінің сұлуы – Қаракөзді айттырғаны шығармада мейілінше шебер жеткізілген. Бірнеше жылдан соң қалыңдығын алуға келген күйеудің, оны күтіп, той қарбаласымен көмкерілген ауылдың тынысы дастанда айрықша сұлу сурет тапқан. Негізгі оқиғаның астары күйеу мен қалыңдықтың қосылған түнінен басталады. Бұл көрініс дастанда былай баяндалады:

Түлкіні ілген қырандай ақ төсекте,
Әріп мырза ғашығын құшаққа алды.
Күйеуге қыз ұятты болған екен,
Біреуге берген екен бойда барды.

Көңілі Қаракөзден қалғаннан соң,
Төсектен бір тебеді ғашық жарды.
Жүрегі мұз жегендей кетті суып,

Қыз антұрған сақтамай ұят-арды. Арғы оқиға қалыңдыққа қатты өкпелі өр кеуде жігіттің тосын оқиғаға үркіп қалған жеңгелерге айтқан өлеңімен жалғасады. Дастандағы келтірген өлеңде кей сөздердің өзгергені болмаса, жалпы желісі «Жеңгелерге» өлеңі. Тек дастандағы өлеңді автор бірнеше жерде қайырмасымен қайырып отырады. Сондай-ақ дастанда Әріпке Қаракөз қалыңдық өлеңмен жауап қайырады. Яғни автор өз шығармасында айтыс үлгісін қолданған. Әріп пен Қаракөз арасындағы айтысты автор өз сөзімен сабақтап, оқиға желісін жымдап отырады. Жоғарыда сөз болған Әріп өлеңінің тарихын айқындай түсетіндіктен, күйеу мен қалыңдық арасындағы сөз қағысына үңіліп көрейік:

Каракөз сонда айтады жылап тұрып,
Көл қылып көзінің жасын бұлап тұрып.
Қу кәмшат адыра қалған не қылам деп,

Жіберді алыс жерге лақтырып, – деп өз қылығынан түңіліп қарабет болған қызға сөз береді автор:

Қаракөз: Күйеуім не деп отыр қасымдағы,
Түбіме екі жеңгем жетіп тындың,

Жаулықты маған      салғыз      басыңдағы,      – деп жеңгесінің кесірінен күнәға батқан Қаракөз, қатал тағдырдың тақымына мойынсұнып былай дейді:

Тоғайда балта сапқа тал табылар,
Талапты ер жігітке мал табылар,
Жас жігіт маңдайыма жазылмаса,
Маған да қатыны өлген шал табылар. Қайырмасы:

Ай-хай алғарай көк,
Дұшпан болдың бір жүріп,
Ноғай кетті бүлдіріп
Сізге ұятты мен болдым,

Сағыңызды сындырып, – деп ауыр күнәсін мойындайды қалыңдық. Әріп оған қарсы:

Қаракөз, сенің сырың болды мәлім,
Бір жылғы жұтқа кеткен менің малым.
Өзіңе өзің ие болсаң етті
Деген бар қалған көңіл шыққан жаным.

Қайырмасы:
Ай-хай алғарай көк,
Сақтадыңыз қонақты,
Қонақ, бізді тонапты.

Тонағаны емес пе Орнында түк қалмапты, – деп тұқырта түскенмен, енді қалыңдық өмір заңын Әріптің алдына қоя сөйлеп, ақталуға тырысады:

Әй, мырза, қарамысың, төремісің,
Сөзіме менің айтқан көнемісің.
Бар еді-ау бұрыннан-ақ жалғыз тесік

Ей, Әріп, оны менен көремісің, – деп соқтыға сөйлейді. Қанша кінәлі дегенмен аталы сөзге арсыз ғана таласады. Қаракөздің мына бір ойлы да, оңтайлы сөзі намысқа шауып тұрған Әріпті сабасына түсіреді.

Өзім таза жүрмін деп,
Аузыңнан берші ант қылып, – деп тоқтайды Қаракөз қалыңдық.
Әріп те:
Ант ішіп аузым бармас у жалауға,

Жапсырдың бір жамауды бір жамауға.
Сөз тапқанға қолқа жоқ, деген еді

Жеңгелер жөні келмес қудалауға, – деп түйіндейді сөзін. Сонымен ел аузында сақталып, бізге жеткен оқиғалы сюжетке құрылған көркем шығарма – тек қана Ә. Тәңірбергенұлы жинақтарында жұрнағы ғана қалған «Жеңгелерге» өлеңінің Әсетке телінген толық нұсқасы Әріптің төл туындысы екендігін нақтылап қана қоймай, Әріп ақынның сөз қасиетін қадірлей білетін, бойында ақындық қасиеті бар Қаракөз қалыңдықпен сөз қағысын жеткізген кұнды мұра. Ал Әріптің «Жеңгелерге» деген арнау өлеңі – оның ақындық қуатын танытар тырнақалдысы ғана емес, ақын ойының ұшқырлығы мен шырлы сөз, шақпа тілділігін мойындатар сәтті туындыларының бірі. Жасынан мұсылман әлеміне жақын жүріп, араб-парсы тілдерін еркін меңгерген Әріп Абай өлеңдеріне форма жағынан еліктеп, 1880 жылдары «Әліп-би» өлеңін жазады. Абай араб әрпінің әрбіріне өлең жолынан арнаса, Әріп әр әріпке бір шумақтан қайырып, өзіндік дамыту жасаған. Шығыс әріптерін өлең қылу Абайдан бұрынғы шығыс әдебиетінде де кездеседі. Бұл жайында Қ. Жұмалиев: «Шағатай поэзиясы, әсіресе ғазалдарында әріпті суреттеу құралы етіп бір нәрсені әріппен бейнелеу әріден келе жатқан әдіс. Абайдың «сиынған» ақындарының қайсысынан болсын мұны табуға болатын» [164.176], – десе, Абайдың «Әліп-би» өлеңін түрік ғалымдары Анадолыдағы халық ауыз әдебиетімен байланыстыра келіп: «Әсіресе, түрік халық ауыз әдебиетінде әліп әрпі үшін ерекше орын берілген. Әліп - алфавиттің алғашқы әрпі, жіңішке, көркем, келісімді бір түрі бар. Және де «Алла» сөзінің алғашқы әрпі. Түркияда жақсы көретін бұл әріптің атын қыз балаға есім етіп береді... Әліпбидің атын танытқан өлеңдер жаңадан оқып келе жатқан балаларға үйретілді» [167], – деген пікірлер бүкіл шығыс поэзиясына тән құбылыстың қазақ топырағында да өзінше өрнек тауып, Абай, одан Әріп өлеңдеріне арқау болып, жаңғыра жалғасып жатқанын байқатады. Формалық жағынан өзіндік кеңейту, қосуы болғанымен, Әріп өлеңінің ішкі мазмұны, тіпті жүйелік желісі Абай өлеңінен алшақ кетпеген. Екі өлеңнің де негізгі идеясы – Анадолыдағы халық жыраулары сияқты «сүйіктісін Әліп әрпіне ұқсатып, сұлулығы жағынан бұл әріпті дәріптеу» [167]. Ары қарайғы даму сатылары былайша. Әліп әрпінен кейінгі б, т, с, ж, х әріптерінде сүйіктісінің сұлулығын сөз етеді. Бұл Әріпте:

Ха, сіздің бар бейнеңіз хор секілді,
Иран шаш, райхан қас нұр секілді.

Келесі хи, д, з, р, зи, сын, шын топтамасында сүйіктіге деген ақын жүрегіндегі махаббат дерті айқын көрініс береді. Абайдың ғашық жүрегі махаббат уына күйсе, Әріп:

Зи, заман болар ма екен құшар сізді, Жаһанда жан болар ма өзің жүзді, – деп ғашықтық дертіне ұшырайды. Келесі әріптерді топтасыруда да Әріп Абай өлшемінен шықпаған. Сат, зат, тай, зый, ғайын, ф әріптерінде: «Сат, сабырым қалмайды көргеннен соң» деген ақын сабырсыздығы, қаф, кәф, ләм, мәм, нон, уау, һи әріптеріне келгенде қасіретті қайғыға айналады. Абай өлеңінде ғашығына хат жолдаған лирикалық қаһарман «һи, һеш пайдаң тимесе, өлді ойлаңыз» деп ғашықтық күйігінің шарықтауына жетсе, Әріп те осы арада:

Һи, һәйбат төкті нұрың қайғы құсып,
Мас болдым жамалыңа шарап ішіп.
Не десең пәрменіңде өлейін деп
Зар жұтып, жүрмін жылап сізді тосып, – дейді.

Махаббат қайғысы қасіретке дейін жеткізеді.

Осылайша, Абайдың жасаған белгілі бір өлшемін сақтап, мағыналық жағынан да алшақтамаған Әріп ғашықтық сезімін беруде Мансұр, Балқис сияқты әйгілілерді, Күләндәм, Қытмыр, Жүсіп сияқты махаббат символдарын өлеңге қосып, шығарма мазмұнын кеңейте түседі. Сонымен қатар Әріп:

Қасың – мәт, ернің – әмзе, сәкін – көзің, Үтірдей бармағыңыз, шарбат сөзің, – деген Абай «Әліп-биінің» шеңберіндегі теңеу, баламалармен шектеліп қалмай:

Танымай, тұлпар едім, мәстек деме
Күдірге жүгіруші күн-түн талмай.

...Жем болдым қара құсқа сұңқар едім, Елде көп қаракер мен дөкір домбай, – деген қазақ ауыз әдебиетінен келген символдық баламаларға да қалам батырады. Осындай өзіндік ой-өрнектерге барған Әріп туындысын Абайдың жас шағында жазған өлеңінен формалық жағы кең деп қарағанымызбен, Әріптің «Әліп- би» өлеңі Абай өлеңінің аясынан алыс кетпеген, өзектес туынды деп бағалағанымыз жөн.

Әріптің бізге белгілі жас шағында жазған ақындық қуатын танытар шығармалары осы тұрғыда. Жоғарыда сөз еткеніміздей, ақын өлеңдерін ғылыми түрде хронологиялық жүйеге түсірудің мүмкін еместігін ескере отырып, өлеңдерді хронологиялық жағынан емес, тақырыптық ерекшеліктері тұрғысынан топтап қарастыруды тиімді деп санадық. Әрине, бұл тәсіл ақын творчествосының эволюциялық даму жолын айқындауға біраз қиыншылықтар әкелгенімен, Әріп өлеңдерінің тақырыптық аясын жүйелі түрде танып-білуімізге үлкен септігін тигізеді. Б. Кенжебаев Әріп өлеңдерін жазылу мезгілі жағынан XІX ғасырдың аяғы, XX ғасырдың бас кезі, революциядан кейінгі деп үш кезеңге бөліп, ақын өлеңдерінің тақырыптық аясын да осы үш кезеңге топтайды: алғашқы кезеңде – айтыс өлеңдер, қисса-дастандар, екінші кезеңде – нақты қазақ өміріне қатысты ұсақ өлеңдер, үшінші кезеңде Совет өкіметі, Ленин туралы [39.215-219], – деп жіктеді. Ө. Есназаров ақын өлеңдеріне төмендегідей тақырыптық топтама жасайды: 1. Замана жайын, билер мен болыстарды, байлар мен дін өкілдерін сынайтын өлеңдері.

ЗАМАНА ЖЫРШЫСЫ

Әрбір адамды ақын етіп қалыптастыратын – заманы, өзі өмір сүрген ортасы. Сондықтан да ақын өз қоғамының айнасы іспетті. Артына сөз қалдырған ақын да, қаламын қырық үйірген жазушы да, ең алдымен, өзі өмір сүрген ортасының тірлігін, бет-бейнесін өзіндік бояу-өрнектермен, тек өзіне ғана тән оқшау, жалқы талғам-түсінігімен сомдап, мейлінше шынайы бейнелеп беруге күш салады. Ә. Тәңірбергенұлы өлеңдерінің сүбелі саласы да осы бір замана бедерін берер, ондағы адамдар мінезін айқындар әлеуметтік тақырыпқа арналған. Қ. Мұхамедханұлының: «Ақынның әлеуметтік тақырыбына арнап жазған өлеңдері көп болған. Отаршыл орыс патшасының озбырлық саясатын, оның қазақ елін билеп-төстеуші зұлым, парақор әкімдерінің зорлық-зомбылығын әшкерелеп жазған өлеңдерінің көбі бізге жеткен жоқ [75.31], – деген пікірін ескере отырып, ақынның қолымызда бар өлеңдерін бүгінгі күн талабына сай әдеби талдаулардан өткізіп, ақын көзқарасының бағыт-бағдарына баға беріп байқайық. Бірден айта кету керек, ақынның бұл тақырыптағы өлеңдері Абай дәстүрін берік ұстанған, соның ықпалында жазылған сыншыл да, шыншылдыққа толы демократтық көзқарасын айқын аңғартар туындыларынан саналады. Ә.Тәңірбергенұлының реалистік бағыттағы өлеңдерінің негізгі күші – өз қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті айқын сезінген ақынның соларды жалтармай әшкерелеп беруінде. Ақын қоғам кемшілігін, ең алдымен, жеке адам бойындағы жағымсыз қасиеттерден деп табады. Ол қоғамдағы мін атаулыны өз ортасы, күндегі көріп жүрген өз ауылының адамдарынан көре білді. Әріптің осы тақырыптағы арнау өлеңдері қысқа қайырылып келгенімен, нысанаға алғанын жеріне жеткізе әшкерелеп беруімен құнды. «Қабділдәға» деген өлеңінде бәтуасыз бидің бүткіл болмысын:

Қабанды ескі ауру сандыратқан,
Жылатып сан момынды зар жылатқан,
Ұлық бол ел шетіне біреу келсе

Сар жезін знак қып салбыратқан, – деген төрт-ақ ауыз сөзбен сомдап береді. Өлеңнің ішкі бітіміне үңілсек, алдыңғы үш жолды сомдап, шумақтың шырайын келтіріп тұрған «Сар жезін знак қып салбыратқан» деген төртінші жол. Бөгде жұрт – орыс ұлығының алдында жылмың қағып жағынған қазақ даласындағы жағымпаз билердің қасиетсіз қарекеті осы тіркеске толығымен сыйып, бұл жолдар детальдық түйін тауып тұр. Абай заманының «арқаға ұлық қағып, шелтірейген орысы шекпен жапса мәз болған» болыс-билердің берекесіз, беделсіз, бейшара кейпі Әріптің «Қалыбек биге», «Билерге», «Тұрғали болысқа», «Жақияұлына», «Жетінші ауылдағы қазы бисің» тағы басқа қысқа қайырылатын арнау өлеңдерінде жаңғыра сыннан өтіп, қоғамының қораш тұстары әшкерелене түседі. Ақынның арнау өлеңдерін тағы бір қырынан танытатын туыңды-ларының бірі – «Найман Серікбай қажыға» өлеңі. Алдыңғы тарауда сөз болған «Біржан-Сара айтысына» Сара айтты ғып кірістірген мына бір жолдарда Әріп:

Ел аспас Серікбайдың жарлығынан,
Құт болды бас қадірі барлығынан.
Мақтанған Ыбырайың дәнеме емес,

Бүлінді бар Тобықты паңдығынан, – деп Абаймен салмақ-тастыра салыстырып, елінің игі-жақсысы ретінде жоғары бағалаған Серікбай қажыны Әріп өмірінде жақсы білген. Арнау өлеңінде:

Ассалаумағалейкум, Секең қажы,
Қазақтың сізге бірдей көп пен азы.
Ел қонған ескі қора құтікей деп

Тілеймін тілегіңді қысы-жазы, – деп қажыға деген көңілі түзу ақын Серікбайдың ел арасындағы беделін таныта сөйлейді:

Ассалаумағалейкум, Секең құтып,
Талайды алып едің сөзбен ұтып.
Ыстықта ехрамнан көйлек киіп,

Айландың Қағбаны қадір тұтып, – деп сөзге шешен Серікбайдың қажылық дәрежесіне де бас иген Әріп кенеттен:

Болсаң да сыртың қажы, ішің арам,
Дұрыс деп тіпті айтпайды білген адам.
Пара десе асайсың балдай көріп

Жалғыз-ақ ұнатпаймын соның жаман, – деп ендешіл мінезін бетіне басады. Шындық қысқанда арқасы қозып, аруақтана қалатын ақын, жеме-жемге келгенде қажымен білістік-сыйластықты ысырып тастап, турашыл бірбеткейлікке көшеді. Басқа алдында өзін үстем ұстау үшін өз елінің игі-жақсысының шашбауын көтеріп, жақсы жағынан көрсету – айтысқа тән құбылыс. Ал өлең тылсымы – шындықты бетке айтар сыншыл поэзияның бағыты мүлде басқаша. Міне, Әріп өлеңдері нысанаға алған адамының қайсысы болсын, мейлі, жақсысын бағалап, жаман мінезі болса тайсалмай бетіне басар өткірлігімен, тұспалсыз турашылдығымен құнды. Әріптің арнау өлеңдерінің бірі – «Базаралыға» деген туындысы. «Абай жолы» эпопеясынан жақсы таныс Жігітектің жау түсіргіш батыры Базаралыны сол елдің он жеті адамымен қосып Құнанбайдың Сібірге айдатқаны белгілі. Бұл оқиға «Біржан-Сара айтысында» да сөз болады. Міне, осы Базаралы айдаудан оралған шақта Әріп амандасуға барып, осы өлеңді сол кезде шығарған. Осы кездесуді М. Әуезов көркем шығармасында жан бітіре, сөйлете суреттеп береді: «Тобықтымен үнемі бақ бәсекелесі болып жүретін көрші Сыбан бар. Оның ішінде Жанкөбек, Салпы дейтін рулары Тобықтының Олжай, Ырғызбайындай аталы асқақ жер», – деп Әріптің ата, ру салмағынан ықшам түсінік беріп кетеді де, ары қарай: «Содан шыққан Әріптің Тобықты ішіндегі Құнанбай тұқымымен алыстан арбасарлық өштігі, бәсекесі болады. Жас шағында қалада орысша оқыған, бұл кезде ел мырзасы болып, ән түзейтін, өлең жазатын сылқым, серілеу жігіттің өзі осы». Аз аннотациядан-ақ Әріптің кім екендігі туралы толық мағлұмат алып қаламыз. Өлең табиғатына көркем туындыдағы оқиғамен орайластыра тоқталар болсақ, алдымен, Базаралының шырқа дегеніне Әріп батырды әу деп көтеріп әкетеді. Жасынан шепті бұзған ердің айналып аққудай көлін тапқанына шын тілектес ақын, тақымынан тұлпар кетпес Базаралыдай ұлдың өр тұлғасын шыңдай түсіп:

Ақиық қыран едің бұлғын ілген,
Талай құрбың сағынды ойнап-күлген, – деп астарлы баламға басады.
Тірі сынап секілді жұрт қозғалды,

Кім опа көрер дейсің жақынынан, – деп елдің үрейін алып, Жігітектің он жетісін бірдей Құнанбайдың Сібірге айдатқанын тұспалдап келіп ақын, өлең аяғын Базаралыдай ерге ауыр тиетін шымшыма сөзбен түйеді:

Бермедің жегеніңді иесіне,
Қой бердің сан жуанның түйесіне.
Жасында үйірсек деп естуші едім,
Шауыпсың өш айғырдың биесіне.

Нұрғаныммен арадағы оқиғаны мұнан өткір, өтімді жеткізуге болмас сірә. Масайрата мақтап алған Базаралыны әрі тұспал, әрі туралап ұрды. Бұл Әріптің қанында бар кесектік. Осы бір құбылысты тағы Әуезовтен тыңдап байқайық: «Үй ішінде бұл сөзді түсінбеген жан жоқ. Нұрғанымды білетін, Құнанбайға өші-кегі бардың бәрі де, дәл осы арада бүркіті түлкі алғандай мәз болысып, жымың қағысты».

Базаралының зекіп, қыр көрсеткені, тақыс ақынның жынын шақырғандай қайта құтыра түсті:

Арғы атаң би Кеңгірбай, әкең Қаумен,
Себеп боп елді таптың денің саумен.
Жеті қойлық бестімен орай болдың.

Алысқан сеңгір едің-ау талай таумен, – деп барып бірақ тоқтады. М. Әуезов: «Шынында, Әріптің бастауы мен аяқтауында екі түрлі сыр болды. Әуелде Оразбай бетімен Базаралыны көтеріп, шыңдап: «Бара соқтық!», «Кегіңді ал!», «Іркілмей соқ!» дегендей, өшіктіріп қайрап алған. Кейін өлең үстінде Базаралыдан кеудеге соққандай қаққы көріп қалған жерде тақыс ақын қолма-қол құбылды. Өзінің де іргелі ел, жуан ата баласы екенін сездіре, сыздана сөйлейді. «Бір кезде сеңгір болсаң да, бүгіндегі сенің құның жеті қойлық бестімен тең екенін жасырмаймын. Мен саған жағынушы емеспін, қытығыма тиіп кетсең, қауып алатын аузым да бар» дегендей бір қыр да көрсетті» [170.45], – дейді. Өлеңнің туу табиғатын көркем шығармадағы ру арасындағы тартысқа пайдаланып, шебер жымдастырған жазушы эпизодтарынан Әріптің бетке айтар турашыл, бірбеткей мінезі анық байқалады.

Осындай дос, сыйлас адамдарына тура сөйлеп, бойындағы мінін бетіне айтар Әріптің турашыл, шыншылдығы – Абайдан жұқтырған ілкі қасиеттерінің бірі. Олай дейтініміз, «Сөзімді тасыр ұқпас, талапты ұғар» деген Абай сөз ұқпайтын ақпақұлаққа қайран сөзін қор етпеген. Реті келсе күйдіріп те, күлдіріп те, улы тілмен шенеп те, ширықтыра сынап та отырған адамдарының көбі – Абайдың дәмдес, сыйлас, тіпті дос -жаран, туыстары. Бұл құбылысты Абайдың ащы сынға құрылған «Болыс болдым мінеки», «Уағалейкумассалам, болыс, мал-жан аман ба?», «Біреуден біреу артылса», «Дүтбайға» деген туындыларынан айқын байқаймыз. Осындағы бірер өлеңнің тарихына шола тоқталсақ: «Уағалейкумассалам, болыс, мал-жан аман ба?» деген өлеңді өзінің құрбысы Күлембайға айтқан... «Болыс болдым, мінеки» деген өлеңін де жаңағы Күлембайға: 1888 жылы Бақанас деген өзендегі чербешнай съезіндегі түрін көріп айтқан» [74.178], – дейді М. Әуезов. Осы түсініктер жоғарыдағы Әріптің Серікбай қажыға, Базаралыға айтқан ащы сын, ауыр қағытпаларының сырын аша түсетіндей.

Әділдікті ту етіп ұстанған Әріп өзінің артынан ерген Омар ақынға, «мені мақта» деп, артынан, «тайсалмай жаманда» деп бетке сөйлете баулуы [171], – Әріптің ақ сөйлеп, тура айтар мінезін аша түсетін құбылыс. Өз ортасының бойындағы мінін ғана көріп қоймай, ел ішіндегі ардақтылардың адамдық қасиеттеріне сүйініп, ықыласпен жырлаған да Әріп. Ақынның сондай арнауының бірі – «Қожан Балтабек қажының ұлына» деген арнауы. Жинақта «Қожан Балтабек Қожаның ұлына» деп қате берілген [18.112]. Бұл арнау Балтабек қажының ұлы Қондықазаққа қарата айтылған.

Ардақты жақсы адамның баласы едің,
Жігіттің өзің тұстас сарасы едің.
Ортақшыл қажы марқұм көпшіл еді

Асылдың қалған сынық парасы едің [172.34], – деген жолдардағы ақынның қажы марқұм деп абыройын көтере, атын ардақтап отырған адамы – Балтабек қажы Байсұлтанұлы (1860-1921). Мына бір деректерге сүйенсек, Балтабек – Семіз Найман, Қожан деген атаның баласы. Жасынан жетім қалғанмен, ауыл молдасынан хат таныған зерек бала 16 жасынан Қожан елінің билігіне араласып, кейін келе оның атақ-даңқы Семіз Найман елінен асып, Жетісу, Арқаға жайылады [172.29]. Жоғарыдағы Әріп өлеңінің жолдары да қажының осы беделін танытып тұр. «Балтабек Байсұлтанұлы XX ғасыр бас кезіндегі қилы-қилы тарихи оқиғалардың куәгері ғана емес, қаһарманы да болған кесек тұлға» [172.29]. Кезінде бала оқытқан, мұсылмандықты берік ұстанып, қажылыққа барған Балтабек қажы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысы бар адам ретінде тұтқынға алынып, ақ патша тақтан түскенше Лепсі түрмесінде қамауда болады. Кеңес өкіметі келген шақта бостандық алғанымен, халқының азаттығын аңсаған ел азаматы ауыл арасындағы арандатушылардың арыз-жаласының кесірінен 1921 жылы Лепсі түрмесінде кеңестердің қолынан сотсыз, тергеусіз атылып кетеді. Дәл осы жылдарда ауыл арасындағы партия таласы, елдегі арыз жаланың ушыққан шағы Әріпті де әуре-сарсаңға салып, кеңес өкіметінің жауы ретінде тергегені белгілі. Бір заманда, бір өлкеде өмір кешіп, ойлаған мақсат-мұраттары, арман-тілектері бір, өзімен тағдырлас тұлғаны жырға қосқан Әріптің:

Айнымас қас тұлпардан туған құлын,
Айырар мағыналы сөздің сырын.
Тұрғызып моласына сыйын қылған,

Мақтап жүр тусаң ту деп сондай ұлың [172.34], – деп абыройлы әкеге жете туған ұлға деген ерекше ықыласы, зор үміті бар.

Әріптің      адам      бойындағы      асыл      қасиеттерді сомдайтын туындыларына «Шәкіжан өлгенде», «Жақсылық өлгенде» сияқты жоқтау жырлары жатады. Мәселен, ақын «Шәкіжан өлгенде» деген өлеңіңде өмірден өткен Шәкіжан молданың бейнесін:

Ұядан жалқы туған ақ сұңқарым,
Үш жүзге бас тұрғыздың кереметпен, немесе,
Ғарышқа басы жеткен бәйтерегім,
Қалыбы хақтың досы шын зерегім, – асқақтата сомдап келіп:

ЗаҺарың сезбегенге мал баққандай,
Талай сырың бар еді шам жаққандай.
Құлдық, тақсыр дегізіп қоюшы едің,

Не көкіп келетінді жын қаққандай, – дейді. Бұл жолдардан Шәкіжанның адам ерік-жігерінен жоғары емшілік, тылсым оқудың тілін білетін ерекше қасиеті ашыла түседі. «Жақсылық өлгенде» деген өлеңінде де ақын Жақсылық қажының ел арасындағы беделін:

Халыққа паналаған қорған едің
Адал боп елім деген өнерпазым.
Тиянақ дос, дұшпанға тығын едің,

Жетпістің екеуінде болдың жазым, – деп халық қамқорының кесек бітімін бере келіп:

Өткен соң, ішім жалын, сыртым түтін,
Адал боп қайран ағам туған бүтін.
Айтып-айтпай немене кейінгіге

Сыбанның арты өзіңсің есіл құтым, – деп елдің маңдайына біткен асыл тұлғаны аза тұтады. Ақынның бүгінгі күнге дейін еш жерде жарияланбай келген жоқтауы – «Санабай қажы». Бұл өлеңді Әріптің көзін көрген ақынның мұраларын жинаушы, аякөздік қария, жоғарыдағы Шәкіжан молданың немересі – Ғабділахмет Шәкерұлынан 1998 жылы Ғылым академиясы Әдебиет және Өнер институтының аға ғылыми қызметкері, ғалым Серікқазы Қорабай жазып алып ҚРҒА ӘӨИ-дың қолжазбалар қорына тапсырған.

Аталмыш өлеңнің көлеміне қарап болса керек, Ғ. Шәкерұлы өлеңді поэма қатарына жатқызады [63]. Алайда бұл поэма емес, біздің қолымызға тигені 155 жолдық ұзақ жоқтау өлең. Ақын бұл өлеңде ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан қазақы дәстүрдің жоқтауынша сөзді арыдан алады. Алдымен Санабай қажының ата-бабасының қадір-қасиетін таныта сөйлейді:

Атын айқын білетін
Бес Байыстың баласы
Үзілмеген дегдарым
Хан Нарынбай бабасы.

Онан соңғы атасы
Қу дауысты Құттыбай
Орта жүздің данасы, – деп ұлы атадан бастап толғаған ақын, ары қарай:
Арғын, Найман бұлбұлы

Кенжеғұл шешен ағасы.
Атасы Сейтен мырза өткен
Қай жерінде шаласы.
Жеті ұл тауып жетілген,

Бәйбіше Бұлғын анасы.
Итемгендей қазақ жоқ

Жанкөбектің сарасы, – деп Жанкөбектің жақсыларын атап келіп, солардан туған Санабайды:

Дерт шығарып қозғайын
Уақиғасын асылдың.
...Тайыңда атқа қосылдың
Басы бір ғазиз күтімді

Бекзада нардай бітімді.
Құрбыңнан өнер асырдың.
Әділ боп аймақ биледің.
Жоқ-жітікті жүдетпей,

Өгіздей өрге сүйредің.
Біреуін күнге күйгізбей

Көлеңкеңе жасырдың, – деп қажының қасиетін сомдаған ақын жүрегі шын жылаулы:

Халқыма шығып жылайын,
Дос көтермес көңілді
Қазақтың айтқан мұрасы.
Лажым жоқ қазаға

Ажалдың һәй-һәй жарасы, – деп аза тұтады. Өлеңде ақын Ағанастай атаның асылдығын, Мағзұм Шәкіжандай дінбасының қасиетін, Өзбеқан, Жұмақандардың ел ішіндегі беделін де ауызға алмай кетпейді. Өйткені халықтың қамқоры, панасы болған осындай тұлғалардан айырылуы елдің қасиеттілігінен, ұйтқысынан, бірлігі мен берекесінен айырылуымен бара-бар. Мұны ақын:

Орынды топтың бірі жоқ,
Алатаудай асқар жұрт
Айдалаға теңелді.
Балық қалай күн көрер

Қарасу жоқ қайранды.
Балапаннан құт болған
Ақ сұңқар торға байланды.
Тайлаққа тастап нар жүгін

Ел жүдеуге айналды, – деп елдің өткенін, елдіктің кеткенін қамыға жырға қосады.

Осы жоқтау өлеңдерден байқағанымыздай, елінің панасы бола білген Жақсылық, Шәкіжан, Санабай сияқты ардақтыларын Әріп өмірінде қатты бағалап, олар бақилық сапарға аттанғанда шын көңілімен қайғыланып, жүрек шерін жоқтау жырлармен ағытқан. Ел ішінде халқының бағына біткен мұндай тұлғалар әсте аз. Ақынның алысар да, шабысар да тобы – қоғамның құртына айналған құлқын-құмарлар жағы сіресіп-ақ тұр. Осындай жуан-содырлардың бейнесін беретін «Қомағай-мешкей тамақ, арсыз ұйқы» деп басталатын өлеңінде қарапайым халықты қанын ағыза қанаған ел билеушілерінің қылығына ақынның зығырданы қайнайды.

Сүйреме тұс-тұсыңа бір жетімді,
Ел бүлінсе ашасың өз көтіңді.
Мынаған дұшпан түгіл досың күлер.

Айтасың ағайынға не бетіңді, – деп ел ішінің қатерлі кеселінен жаны түршігеді. «Байқап бас талтақтамай қорқ құдайдан» деген үрейлі ескертуін елемеген елдің сиқынан көңілі қалған ақын:

Жатырсың біреуіңді бірің қаттап,
Құрандай арам сөзді алдың жаттап.
Өлмес қамын ел де ойлар өкпелеме,

Басыңнан кінә аударып, бір алса аттап. Көпшілікті өзіне қарсы қойып алған төбе топтың азғындық ісінен жирене түңіледі. Осыған ұқсас өлеңінің бірі «Келісті жақсы кетті кеңестегі» деген туындысында елірме, ел бүлдіргіштердің онсыз да надандық қапасында қалған қоғамды жегідей жеген айуандығына күйінеді. Әріпті күйдіріп те, күйзелтіп те отырған адам бойына құрт аурудай дендеген, қоғамның кеселіне айналып, ауа жайылып, қараңғы елге қасірет әкелген – надандық індеті.

Надандықтың дерті шықпай өкпесінен,
Ізі адам, ісі хайуан өкшесінен.
Ұрлық-қарлық кеселі басқан жұртпыз
Сулы шидем секілді бөксесінен.

Тозған елдің сиқы сондайлық қораш, соншалық үрейлі. Күннен-күн заманы адамымен қоса азып барады.

Қас сұңқар ұшып еді, қалды қарға,

Арты су душар болдық алды жарға, – дейді шарасыз ақын. Сұңқары кетіп, билеуші боп қасиетсіз, өлексемен күнелтетін қара қарға қалған елдің болашағы бар ма? Астарлы бейне, әсерлі теңеу әрекетсіз қоғамның мүсәпір сиқын әшкерелеп-ақ тұр. Ел тірлігін беруде ақын:

Автомобиль секілді қайран елім Әншейін қара майсыз болдың арба, – деген жаңаша теңеулерді де қолдануға тырысқан. Дегенмен бұл теңеулер өлең құрамында аса солғын, әсерсіз. Ақынның осы ой астарларына үңілсек, заманға деген ақын көңілі кірбің, сенімсіз, ашулы. «Ескі жын, езбе мылжың, құтырма қырт» жайлаған қоғамынан жүдеген ақын: Қыдырлы құт түнеген жақсы бітті,

Орнына ала құйын бақсы бітті.
Көлемді шалқып жатқан көл суалып
Қақсымақ ит жаламас тапшы бітті.

Өз заманына түңілген ақынның ашулы ойы. Ақын бүгінін өткенімен теңестіреді, кешегі айрандай ұйып отырған елдің бүтіндігін аңсайды. Жай ғана аңсау емес, бүгінгіден жирену бар. Кешегі қыдыр қонған ел жақсының орнына шайтан мінез бақсыны елестетер ел басылары келді. Көрікті оймен көмкерілген шалқыған көл, ит екеш ит те жаламас қақсымақ шалшыққа айналды. Бейнелі баламада ақынның заманына деген жиіркенішімен қоса, ел трагедиясына қапалы жүректің қайғысы бедерленген. Бұл арада өткенге табыну емес, өткеннен өнеге алу көзделген. Сондықтан да ақын ата-бабаның бойына сіңген қасиеттерін кейінгіге үлгі ете сөйлейді:

Алтынның тапқан кезде біл қадірін, Бабаңның бұрынғы өткен қыл сабырын. Өткенге қайырылмай өзеуреп, пенделік пасықтықтан аса алмай жүрген ұрпаққа ақынның айтары да қатты:

Аруағын атасының жатқа сатқан,
Оны да ойламайды-ау құдай атқан.
Өзінің кім екенін байқаған жоқ.
Ол кімді уатады жылап жатқан.

Өткенін, ата аруағын ардақтай білмеген, өзінің де, өзгенің де бағын ашып жарытпас. Өз заманының бейнесін, ел тірлігі мен халқының мінез-құлқын аз сөзбен бір араға шоғырландырып, мейлінше сомдай жазған ақын шығармасы – «Албырап өскен жігіттік» деп басталатын өлеңі. Әр өлеңінде қозғаған ел өмірінің проблемалары жинақталып, ширығып кеп осы іргелі туындыда орын тепкен. Халық ауыз әдебиетінен алынған сегіз буынды өлең өлшемімен кезекті ұйқасқа құрылған өлеңнің айтар ойы заман бедерін сомдап- ақ тұр. «Албырап өскен жігіттік, кәрілік жетіп улады» деп бастайды сөзін. Ақынның айтайын дегені осы жігіттікті аңсау ма? Жоқ. Шынтуайты кәріліктің уына селт етер ақын жүрегі емес.

Қамшы түсті тұлпардан,
Ителгі туды сұңқардан.

Нағыз қайғы, нағыз у - осы. Елдіктен кеткен халқының күллі болмыс-бітімін сыйғызып тұрған «қамшы түсті тұлпардан» тіркесі ұлттық калоритпен көмкерілген кіріптарсыз деталь. Қара қазақ баласына өз ырқынан айырылған елінің сипатын берер сөз бұл. Өткені сұңқар болса, бүгінде ол ителгіге айналып ұсақталған. Астарлы балама заман құбылысын ұтымды беріп тұр. Зар заманның сарынына сала зарланған ақын:

Тарихи жолың жойылды.
Тасыр ойы таусылып,
Селсаласы қойылды.
Адал жолдан айнымас,

Зат болар бала тумады.
Өзі болған жаман қыз,
Төркінін танып білмеді.
Әкең пәлен деген сөз,

Көкейіне кірмеді, – деп толғады. Қоғамның ең бір жаралы тұстарына үңілген қам көңіл ақынды ұрпақ тағдыры қатты толғандырады. Жетіліп келе жатқан жас буынның қылығынан шошынады:

Еңсегей бойлы есіл жас,
Еліртіп нәпсі биледі.
Арамдықтың жолынан,
Сескеніп жаны күймеді, – дейді ақын.

«Еріншек, жалқау надан жұртты» пасық молда азғындауда. Шулаған елді ақылға шақыратын «Ақылды білгіш не сынды, есекпен бірге ойнады». Заманы азған елдің ақылдысы да қалмаған, ақылды, білгіш деп жүргендері есекпен ойнар ақымақтық, топастық халге жеткен.

Қияр құрлы дәмі жоқ, Қайран бақтың алмасы, – деп томырылады ақын ақырында. Бұл – азған елдің бейнелі баламасы, түйінделген ақын ойы. Дәмсіз, нәрсіз, тым құрыса қышқыл қияр құрлы дәмі қалмаған, шырыны суалған алма астарында қоғамның өлмелі, шірінді кейпі бейнеленген.

Ақын тек қана нысанаға алғанын жеріне жеткізе сынап-мінеуден, ел сиқына әжуамен сыздана күлуден аулақ. Жоғарыда тоқталған «Қомағай -мешкей тамақ, арсыз ұйқы» өлеңінде шын жанашырлық танытқан ақынның ел басқарушыға:

Жарамас сен пасық боп жол тапқаның, Аяғыңа түспесін өз қақпаның, – деген ескертпесі, екінші бір өлеңінде тікелей ақыл-кеңеске айналады:

Ел ұстауға береке, бірлік керек, Адалдық аз жылатпау кетті бөлек, – дейді. Елдің ыңыр-шағы шығып үзілер хәлге жетуінің басты кінәсі, осы алты бақан алауыз, бірліксіздігінде. Ел берекесін кетіріп, бірлігін қашырған би-болыстан әбден көңілі суыған ақын:

Қалған ел суын ішер сорпасымен,
Қазы, қарта демей-ақ қолқасымен.
Пәлендей бүтін тапқан жақыны жоқ

Күнелтер ел береке ортасымен, – деп елді түйтеп, ығыр қылған төбе топтан бойын аулақ салып, қара суды қанағат еткен қара халықпен жүрегі бір соғады. Кезінде ақынның осындай ойларын «кедейді мақтаған, байды даттаған таптық көзқарасы» деп таныдық. Әрине, ақын дәрменсіз қара халық жағында, әділдік, ақиқат жағында. Дегенмен ел басқарушының бәрі ақынға жау емес. Оның алысар жауы

– би-болыстардың зорлықшыл, қаніпезер, қасиетсіз тобы. Сондықтан да ақын өз ортасынан:

Сыбандық кісі болса о да бағым,
Төренің тұқымдай тұтты сағым.
Құлыны құт боп туып ел билесе

Тірілді өліп қалған арғымағым, – деп туған елінің тізгінін ұстар өнегелі азаматты арман тұтады, қармана іздейді.

Әріптің надандық нәубеті жайлаған ел сиқын мейлінше шенеп-сынайтын туындыларының ең өзектісі – «Еңбек туралы» өлеңі. Қ.Мұхамедханұлы: «...бұл өлеңі нағыз сыншыл реалистік өлең»

[75.27], – деп баға берген туындыда:
Сорлы елім көріп жүрсің еңбекті жау,
Ел кезіп, өсек айтып, ізденіп дау.
Істейтін бар кәсібің ұрлық-зорлық

Кісі жоқ алдын ойлар бір дені сау, – деп надан елдің бойындағы келеңсіздікті тізіп береді. Осындай сиқы қашқан елдің беткеұстар ауқаттылары «Мансап іздеп далақтаған, малға тоймай жалақтаған, би мен болыс алдында жалпылдап, қос табақтап ет тартып», бейшаралық танытуда. «Қара жаһил қасқыр түсті» зорлықшыл топтың бар қолынан келері:

Алдау, арбау қанына сіңген батпан,
Бар мақсұтың нашарды зар жылатқан.
Жалға жүрген жарлының еңбегін жеп
Адал астай асайсың құдай атқан.

Құдай атқан! Қара қазаққа мұнан ауыр сөз жоқ. Елді қан қақсатқан билеуші топтың шектен шыққан айуандығын алмастырар сөз бұл. Бүкіл өлеңнің басты кейіпкері де осы – құдай атқан. Парақор би мен болыс та, зорлықшыл бай да, Алланы аузынан тастамай құдайсыздыққа барушы мүләйім молда да – құдай атқан. Міне, ел берекесіздігінің басы осылар. Ел ішіне кірсеңіз:

Күн ұзын ел қыдырып сүмең қағып,
Өтірік пен өсекке судай ағып.
Екі табақ ет жесең еліресің
Жерден алтын тапқандай масаттанып.

Бұдан артық надан елдің берекесіз тірлігін дәл беру мүмкін емес. Ел ішін кернеген өсек, қай жерден сорпа-су тиер екен деп сұғанақ иттей сүмең қаққан сұрықсыз бейнелер. Қазаққа ғана тән қонақжайлылықтың тым асқынып, шектен шығып, бос сабылысқа ұласқанын берер дәл сурет. Соншалықты құнын жоғалтқан ел азаматының бар мақсат-мүддесі – екі табақ ет жеу. «Асқа арыңды сатпа» деген аталы сөздің адыра қап, ердің құны екі табақ етке айналған бейшара қоғамның тірлігі түгелімен осы өлең ішіне сығыла сыйып кеткендей. Әріп поэзиясының өміршеңдігін танытар осы бір тұстар біздің қазіргі қоғамымызды бейнелеп-ақ тұр. Нені болса да басына түскенде бір-ақ көретін тәуекелшіл елдің, нарықтың тосын ауыртпалығына төтеп бере алмай, босбелбеулікке салынған бүгінгі керенау тірлігін Әріптің бір ғасыр бұрын жазған өлең жолдары бейнелейді:

Өз обалың өзіңе тоқталмасаң,
Ет, қымызға боп жүрсің бәрің масаң.
Аузыңды ұстап, саныңды бір қағарсың
Тыйылып бұл әдеттен басылмасаң.

Қайта асқынбаса, басылмай келе жатқан індеттің салдарынан сақтандырған ақын ескертпесі дәл бүгінгі, мына біздің заманымызға қарата айтылғандай. Бүгінгінің және болашақтың алдында өз құнын жоймаған ақынның бұл іспетті туындылары қоғам тынысын танытар өміршеңдігін сақтап қала берері сөзсіз. Әріп заманында надандық дерттің ең бір асқынған түрі – ұлға бұғау, қызға тұсау болған жас қызды малға сату. Халқымыздың тарихына көз салсақ, нәрестені туғаннан атастырып, бесік құда атанып жататын ата-баба салты заман өзгере келе асқына бұзылып, бетін басқа жаққа бұрды. Екі жақтың келісімімен және қыз бен жігіттің ойларымен санаса іске асатын қазақтың байырғы салт үлгісі өткен ғасырда әзірейілге айналған әлеуметтік ортаның қаншеңгел бұғауына бара-бар болды. Уақыт өткен сайын ушығып, шегіне жеткен бұл құбылысқа XX ғасыр басындағы көзі ашық зиялы қауым бас көтеріп, дабыл қақты. Қазақ елі үшін сол кездің ең өзекті мәселесіне үңіле білген баспасөз беттері де, қоғамның көзі ашық қауымының бір бөлігін құрайтын ақын атаулысы да осы бір қоғам теңсіздігін жабыла жырлады. Қазақтың алғашқы роман жанры да әйел теңсіздігіне арнаулы көп нәрсені аңғартады. Әріптің «Қалың мал туралы» өлеңі – осындай уақыт сұранысынан туған шығарма. Қ.Мұхамедханұлы: «...қазақ қыздары бас бостандығы үшін күресу керек деген идея «Қалың мал турлы» өлеңнің негізгі сарыны болып келеді» [75.28], – деген болса, осы өлең жайында, Ө. Есназаров «Ә.Тәңірбергенұлы шығармаларындағы ескі әдет-ғұрыпты сынау және махаббат- достық тақырыбы» [43] деген мақаласында өлеңнің текстологиясына үңіліп, шығармаға кеңінен тоқталады.

Өлеңдегі негізгі ой – теңсіздік. Ақын баламасындағы жылқы мен сиыр, қашар мен есектің күшпен қосақталуы астарлы бейнеде қоғамдағы теңсіздікті ашып тұр. Ақын кінәні қоғамнан емес, ең алдымен, тікелей қызының көз жасына қалған ата-анадан табады:

Әкең құрсын жас қызын малға сатқан,
Шешең құрсын өтірік жылап жатқан.

Ақиқатын аршысақ ақын сөзі діттеген жерін тауып тұр. Бауыр еті баласын малға айырбастаған әкенің әкелігі құрысын! Ал ана ше? Ақын шешеге де ашулы. Бар билік әкеде болғанымен, дүниедегі ең асылы – жас қызын алпыстағы шалдың қойнына салып беріп, шарасыздық танытып, өтірік жылап қана қала беретін шешенің салқын қандылығына ақын ашынады. Қоғамдық теңсіздіктің басы, міне, осылар – әке мен шешенің өзі. Сондықтан да ақын бұларға мейлінше қатал, мейлінше кешірімсіз. Осы бір теңсіздіктен теперіш көріп, сүйгеніне қосыла алмаған ақынның өзі: Осыған армандының біреуі өзім,

Тағы өзімдей өзгені көрген көзім.
Адамды адам тұсап малға сатқан

Қиянатқа қапа боп жазған сөзім, – деп ашына ағынан жарылады.

Ө.Есназаровтың жоғарыда аталған мақаласында Әріптің «Сараға» деген ұзақ толғауы да кеңінен сөз болады. Айта кетуіміз керек, ақынның махаббат тақырыбына жазған өлеңдерінен бізге жеткені осы «Сараға», «Байтоқаның қызына» деген арнауы, «Әліп-би» өлеңдері ғана. «Байтоқаның қызына» арнауында аты аталатын Байтоқа бидің есімі «Біржан-Сара айтысында» да кездеседі... «Сараға» толғауының авторын анықтау барысында алдыңғы тарауымызда бірер ауыз түсінік берген болатынбыз. Аталмыш туынды ақынның көркемдік қуаты жағынан сәтті шыққан өлеңдерінің бірінен саналады. Сондықтан да өлеңнің жалпы мазмұнына емес, ақынның көркемдік ой тастамын танытар сөз қуатына көңіл бөлуді қаладық. Жалпы өлеңде шығыстық сарын болғанмен, ғашықтықтың дертіне ұшыраған ақын көңілі еш боямасыз, шынайы, Сараның бейнесін сомдауда да шығыстық тәсілге тән әсіре қызыл жылтырақтан, жансыз теңеуден бойын аулақ ұстауға тырысады. Сүйген ғашғының жауабын күткен ақын көңілі алақұйын:

Бұл сөзге сәулем не деп айтар екен,
Дүние бір бейнесіз сайтан екен.

Күн түскен күзгі шөптің мисалындай
Махаббат базарынан қайтар екен.

Егер сүйгені сөзін қабыл алмаса, онда ақын жүрегі жаралы. Сайқалдана қалған дүниеде махаббат базары тарқап, ал ақын сезімі күн түскен күзгі шөптей сарғайып, қурайды. Қапысыз қабысқан ажарлы астар. Егер сүйгені ақын махаббатын құп алса, одан асқан бақыт жоқ:

Көңілің ауса маған сонша жаннан
Ай мен күн сырнай тартып, жұлдыз билеп,
Той қылса көкте мәлік қуанғаннан.

Ақын қуанышының, бақытты сәтінің шексіздігін көрсетер сұлу сурет. Шексіздіктің символы – аспан әлеміне жан бітті. Періште-Мәліктің ұлан асыр тойында ай мен күн сырнай тартып, жұлдыздар билеуде. Ғашықтық сезімнің соншалықты ұлылығын ұқтырар кестелі көріністер.

Қамыс бармақ майысып іс тіккенде
Бойына ине балқып өте алмаған.

Керек десеңіз, екі-ақ жол сүйген сұлуының барлық бітім-болмысын танытып тұр. Қамыс бармақ – әдемі, нәзік сурет майыса қимылға көшкенде көз алдыңызға сұңғақ бойлы, бұраң бел қас сұлудың өзі келеді. Мұндай сұлулықтың алдында жансыз темірдің өзі – ине балқып, қыз нұрына мас болады. Әсерлі әрекет. Енді бірде ақын сүйгенін табиғат тұңғиығынан табады:

Жұпар жел мас боламын самалыңа,
Туып ең нұр безеніп заманыңа.
Сағымдай жазғытұры толқын ұрып
Қарасам көз алмасар жамалыңа.

Көз жауыңды алып, сезіміңді қияға жетелейтін тылсым көрініс. Бір сөзбен айтқанда, қолы жетпеген ғашығына деген ақын махаббатының айқын бейнесі іңкәр көңілден шыққан көрік ой, сырлы суретпен әсерлі көмкерілген... Төңкеріс дауылы надандық жайлаған қараңғы қазақ жерінің берекесін қашырып, онсыз да арасы алшақтай бастаған ел ішін тапқа бөліп, дүрбелеңін ала келді. «Салт-дәстүрі қалыптасқан қазақ поэзиясының байырғы өкілдері жаңа заман ұрандарына сын көзімен қараса, теңдік, бостандық жалауын өз жалауым деп ұққан жалшы, кедейлерден шыққан ақындар тобы төңкерісті өз төңкерісім деп қарсы алды» [173.69-70]. Әріп кейінгі топқа қосылды. Ақынның «Париж коммунасы», «Езілді нашар күшті таяғында», «Сыр», «Мұсаға» сияқты өлеңдерінде:

Езілген еңбекшіл ел бұл әлемде, Нұрынан большевиктің бақыт тапты, – деген сияқты болашаққа үлкен сенім бар. Өйткені ақын патшаның тақтан құлауымен бірге отаршылдық та қоса күйреп, қазақ елі бостандыққа жол ашты деп түсінді. Жалпы қоғамда төңкеріс болған соң мида бір-ақ ой, ауызда бір-ақ ауыз сөз жүрді, ол – жасасын революция, тап теңдігі, бостандық.

Десек те, төңкеріс дауылымен келген жоғары пафосты ақжарқын сарын, заман шындығына мойын бұра бастады. Төңкерістен кейінгі жылдары қазақ даласы біресе ақ, біресе қызыл орыстың астында қалды, екі-үш жылға созылған жұттың арты ашаршылықка әкеліп тіреді. Есеңгіреген елдің әдебиеті дағдарысқа ұшырады. Бұл туралы: «жекелеген ақындар заманының күрделі кескінін өздерінің өлең-жырларында байқата алғанымен, жалпы қазақ әдебиеті бұл жылдарда өрісін кеңге жая алған жоқ» [173.24], – деген пікірлер шындықтың бетін ашып тұр. Кеше ғана бостандық жалауын желбіреткен жаңа өкіметтің ендігі тынысын жазбай таныған Ә. Тәңірбергенұлы сияқты қаламгерлер «қазақ халқының бостандыққа ұмтылуын идеялық қайшылықпен суреттеген ақындар қатарынан» [173.79] орын алды. Әріптің кеңес өкметінің шынайы бейнесін берер шығармаларына біз осы күнге дейін «ішкі жаугершілікті әшкерелейтін» деп өңін теріс айналдырып баға бергеніміз де кешегімен кетті. Анығында, ақын елдегі болып жатқан құбылысты сол қалпында бере білді. Сондай өлеңдерінің бір топтамасы – 1921 жылдары жазылған «Әйелдер арызы». Кеңес өкіметінің заңына көңілі толмаған, тіпті ашынған төрт әйелдің арызы ретінде жазылған бұл өлең – нақты поэзиялық суреттен гөрі, оқиғалы баяндауға құрылған, көркемдік қуаты солғын шығарма. Кеңес дәуіріндегі елді аштық қысып тұрған шақта, өзегі талған жетім-жесірді зар жылатып, сүзбе-майын тартып алып, әлімжеттік көрсеткен болыс пен оның шабарманының бейнесі жесір әйелдердің мұң-зары арқылы мейлінше қарапайым, әшекей-әсерсіз жасалғанына қарағанда, ақын алдымен, әсерлі поэзиядан гөрі, өлеңді жалпыға түсінікті жалпақ тілмен арыз-шағым ретінде жазса керек. Шығарманың құндылығы сонда – кеңес өкіметі билік басындағыларының патша заманындағы зорлықшыл топтан еш айырмасыз екендігі бүкпесіз, ашық айтылады.

«Совнарсуд» көзін салсын жылағанға,
Бермеп ем тартып алды, сұрағанда.
«Заңның жолы осы» деп ақырады.

Енді қайда барамыз, құдауанда, – деп зарлайды тұрымтайдан зорлық көріп, лашынға мұңын шаққан бозторғай – жетім-жесірлер. «Теңдік» деп ұрандап атын өзгерткенмен, қоғамның дертін жоя алмаған ұраншыл өкіметтің бет-пердесін ашып, саяси келбетін дәл көрсетеді. Кеңеске тіл тигізген Әріптің «саяси беті теріс» мұндай өлеңдері сөз жоқ, кезінде «қырағы көз» зерттеушілеріміздің сынынан аман қалмады: «Әріптің ...«Әйелдер арызы» деген өлеңінде төрт әйелдің арызы ретінде Совет өкіметін мейлінше жамандайды. Өлеңге сенсек: жергілікті советтер де, милиция, сот орындары да ауылды талап жатыр. Бұл бізге таныс пікір. Совет өкіметі құрылған жылдары советке тілегі жат адамдар оның ісіндегі көлеңке жағын ғана көріп, түймедейін түйедей етіп көрсетпек болған. Әріптің «Әйелдер арызы» – осындай сандырақтың бір ұшығы» [35], – деп сын айтты С. Мұқа-нов. Кеңестік өкіметтің шынайы келбетін сол қалпында көрсете білген ақын шағармалары кешегі саяси құрсау, сыңаржақ пікірлердің үкімімен теріс насихатталып келгені бұл күнде жағалық емес. Шындықты бетке айтар бірбеткейлігі қарт ақынды Кеңес өкіметі тұсында да көп әуреге салғаны ақынның өмір жолынан жақсы таныс. 1922 жылдары жазылған «Байлар туралы» деген арыз-хат түріндегі өлеңінде «ел тынышын кетіріп, қазақшылықты қайта бастап, партия қуған» кеңес заманының атқамінерлерін ащы сынға алады. Әрқайсысының атын атап, түстеп берген ақын, сопылық құрып, мал жиған Сұрбасты:

Иттің көті тырқ етсе, бата бергіш Партияның басы сол «терең ойлы», – деп әжуалайды. Ауылдасына айтылған ауыр сөз. Күн көру үшін емес, тоғышар құлқынның қамымен тырқ еткенге алақанын ашып, батасын сатқан сұмпайы сопыны сойып салар тіркес. Ақынның осындай ауыр сыны, ащы әжуасы өзіне қарсы жалған жала, арыздармен екі есе болып жұмсалады. Ақын бұл туралы:

Қылыпты Николаймен мені жолдас,
Арызбен жамандапты ішке қонбас.
Николай Петерборда, мен Сыбанда

Ақымақшылық іс көп қой айтып болмас, – дегенінен арызқойлар адымы аңғарылып-ақ тұр.

Әріптің төңкерістен кейінгі жазылған әлеуметтік тақырыптағы туындыларының бірі – «Бір тергеушіге» деп аталатын өлеңі. Бұл өлең – түбін тексеріп, кеңінен түсінік беруді қажет ететін кесек туынды. «Ұмытпаңыздар мені» жинағында «Білгішсінген наданға» деп, ал К. Мұхамедханұлы еңбегінде «Бір тергеушіге» деген атпен жарияланған өлеңге берілген анықтаманың жалпы мазмұны: «Әріпке пәле-жала жабылып, соны тексеруге тергеуші келіп, арызқой атқамінерлердің сөзін сөйлейді, өрескелдік танытады. Күйінген ақын осы өлеңді соған жазған» [75.61-62]. Дәл осы өлеңге қатысты Ғылым академиясы Әдебиет және Өнер институтының қолжазбалар қорында сақталған «Әріп ақынның Мержақыпқа айтқан бір сөзі» [174] деген екінші бір дерекке үңілсек: «1918 жылы Мержақып, Әлихан төрелер Совет өкіметінен қашып жүріп, Қызыладыр болысындағы Мұсағали Дулатов деген указной молланың үйіне тығылып жатқан. Әлихан Бөкейханұлы – Дулаттың жиені. Бір күні ел-елден басты адамдарды шақыртып алып, болыс басы «ханның қаражатына» деп 100 қойдан салық салыпты. Сонда сол жиылыстың ішінде отырған Қазанбай деген кедей ақсақал отырып: – Төреге ерген ерін арқалар-деген мақал бар еді, Төренің жолы сар жолды, оған кім еріп оңды? – деп сөз бастап келе жатса, Мержақып орыннан атып тұрып, ұрсып ала жөнеліпті. Сонда Әріп ақын түрегеліп есік жаққа таман шығып кетуге ыңғайланғанда, Мержақып: – Әріп мырза, отырыңыз. Сізді ақын деседі. Ең болмаса екі ауыз өлең жәрдем беріңіз депті. Сонда Әріп:

Қуандым атыңды естіп шақырғанда,
Таң қалдым тантық сөйлеп ақырғанда
Итсің, қусың, залымсың деп бастадың
Ақын деп жақынсынып отырғанда.

Сыртыңнан естуші едік көз көрмеген
Мінезің тұрпайы екен өзгермеген.
Мынауың құдайшылыққа жат дейтұғын
Неғылып бір адамға кез келмеген.

Хан жайлап қазақ қалған қу тақырда
Өсиет айтпасаң қой, тіпті ақырма,
Аузыңмен орақ орсаң дәмі қайда

Азабыңды арқалатпа көп пақырға, – депті де есікті тарс жауып шығып кетіпті.

Тобықты елінің аузынан жазып алған – Садық Қасиманов» [174]. Ел аузынан алынған тарихи дерек өлеңнің шығу табиғатына біршама жақын. Жалпы жинақтағы өлеңмен салыстырсақ, өлең тармақтары орын алмасып, кей сөздер синонимдік ауысым тапқанымен жоғарыдағы өлең жолдары «Бір тергеушіге» өлеңінің ел аузындағы жұрнағы екені байқалады. Демек, бұл дерек бойынша өлең Алаш өкіметі кезінде М. Дулатұлына арналады. Осы арада бұл өлеңге қатысты тағы бір жайттардың бетін ашып алайық. М. Дулатұлы «Алаш партиясына қосылмаған ақынға» деп Көкбай Жанатайұлына арнап өлең жазады. Оған Көкбайдың жауабы, артынан Міржақыптың қайта қайырғаны бар. Осы өлеңге С. Қарамендиннің берген анықтамасының жалпы мазмұны былай: «1918 жылы Алаш партиясын ел ішінде насихаттаушы М. Дулатұлы Көкбай еліне болып, Көкбайдың үстінен ел байлары берген шағым-арызға сеніп, Көкбайға өлең-хат жазады. Оған Көкбай қарсы жауап жібереді» [160.336]. Көкбай мен Міржақып арасындағы осы өлеңге 40 жылдары пікір білдірген Қ. Мұхамедханұлы: «Медресесін жаңа заманның мұғаліміне беріп, жаңа заманды, совет заманын қуана қарсы алған Көкбайды Алаш Орданың басшыларының бірі Міржақып сөгіп, өлең жазып шатыстырмақ болды.., осы ретпен Міржақып Әріпке де соқтығады. Әріп те өлтіре сыбағасын береді» [33], – дейді. Сол заманның ығым айтылғанмен, бұл пікірден Әріптің Міржақыпқа өлең жазғанын, ал ол жай өлең емес, ауыр сын арқалаған туынды екенін анық байқаймыз. Әрине, зерттеушінің бұл пікірі кейінгі еңбектерінде сөз болмайды. Сондай-ақ Семей қаласындағы Абай мемлекеттік қорық-мұражайының қолжазбалар қорында Қ. Мұхамедханұлының жинауымен Ә.Тәңірбергенұлының теріліп, түптелген шығармалары сақталған [175]. Осындағы өлеңдері кейіннен Мұхамедханұлының «Абайдың ақын шәкірттері» (ІІІ-кітап) еңбегіне енді. Құрастырушы алғашқы қолжазбадағы «Міржақыпқа» деген өлеңнің атын кейінгі еңбегінде «Бір тергеушіге» деп өзгертіп жариялайды. Ол заңды да. Енді ғана ақтаңдақ беті ашылып, заманымыздың ұлы тұлғасы ретінде жаңа танылып келе жатқан М. Дулатұлы есімін қоңырайтуы мүмкін деген оймен мұндай құбылыстарды сөз етпеуін түсінуге болады. Туындының кімге арналғанын анықтауда, өлеңнің өз табиғатына үңілсек, Қ. Мұхамедханұлы кейіннен айтқандай, Әріп өлеңді «өзінің үстінен түскен арызды тексеруші, тергеушіге қарата» емес, қайта қолжазбалар қорындағы дерекке жақын, елді жинап, жиналыс ашқан насихатшыға арнағанға келіңкірейді:

Болмайды насихатшы неге жұмсақ,
Майда тіл әсер қылмақ түбін қусақ.

...Даналық дағуа етіп келдің бір зат,
Тілменен түзеткелі әрбір сұңғат.

...Қудай-ау, не жазық бар біз пақырда,
Өсиет айтпасаң қой, тіпті ақырма,

...Тына ма сынық көңіл ақырғанда,
Қуандық сөз айтам деп шақырғанда.
Итсің, қусың, залымсың деп бастадың,
Құмар боп лебізіңе отырғанда.

Тізбектелген тармақтардан Әріпті тергеп -тексеруге келген адам емес, даналық-өсиет, елге насихат сөз айтып, жиналыс ашуға келген адамның сұлбасын көреміз. Екіншіден, өлең мазмұнына үңілсек, Әріп арызқойлардың жалған жаласын тергеушінің емес, тек дөрекі, қатты сөздер айтушының бейнесін береді:

Кей надан өзін санар данамын деп,
Ақырсам тілімді тез ала ма деп.
Естіген елдің көңілі әбден қалды,
Я қатын, я мұқаннас бала ма деп.

Өрескел әрекетті надандыққа балайды.
Міржақыпқа арналған Көкбайдың сөзін еске алыңыз
Әлінше жамандап-ақ жазған екен,

Өлеңмен сау жерімді қазған екен.

Осыған оқыған деп ат қойыпты,

Заманды бақа сорып азған екен, – дегенде, Міржақып өз қателігін мойындап:

Көке аға, осы күнде мен жаспын ғой,

Жай күйіңді біле алмай адастым ғой.

Көп жылдар мешеу қалған халық үшін

Алаш деп, бәлшебек деп таластым ғой, – дегенін ескерсек, Міржақып пен Көкбай арасындағы өлең хатты Көкбаймен өмір бойы сырлас-дос Әріп жақсы білген. Әріп өлеңіндегі:

Сыртыңнан естуші едім көз көрмеген,

Мінезің бір түрлі екен өзгермеген, – деген жолдар Міржақып пен Көкбай арасындағы қақтығыс хаттардан хабардар ететіндей. Сондай-ақ Әріптің «Біреуді көп көзінше қылсаң тақпақ» дегені өлең жазатын, ақын адамға айтылар сөздер. Демек, өлең табиғаты да өлеңнің Міржақыпқа арналғанын қуаттай түседі. Алаш өкіметінің түпкі мақсатын жете түсіне бермеген көптеген қазақ ақындары сияқты кеңестің бостандық деген буына әлі де сенімі мол, кедейдің мүддесін жақаушы ретінде Әріптің саяси көзқарасы М. Дулатұлы сынды Алаш азаматтарының көзқарасымен әр кезде қабыса бермегендігін ашық айтуымыз керек. Кейбіреулер, неше жыл жазықсыз қараланып, бүгінде қайта ортамызға оралған ұлы есім – М.Дулатұлын бұл өлеңге кірістіруді мансұқ көрмей, аталмыш туындыны Міржақыпқа ауыр санауы да мүмкін. Өлең табиғатына мән берсек, ақын нысанаға алған адамының жағымсыз бейнесін жасаудан гөрі, надандықтың бір қыры - қатты сөз, дөрекі мінезді сөз етіп, сөз арнаған адамын сол мінездерден ада болуын қалайтындығы байқалады. Лебізіне құмар боп, құдайдай сенген адамынан мұндай дөрекі сөз күтпеген ақынның:

Сенген малым сен болсаң, бәрекелді,

Қор болып неге керек қызыл өңеш, – деп қайырылмастан болып көңіл қалуы да шынайы нәрсе. Сөз аяғында:

Жаман түгіл жақсыдан айырылған жоқ,

Надандықтың шықпағынан жанған өрті, – деп жақсы деген адамының оқыс мінезін надандық деп сөгуі де қартайған ақынға тән құбылыс. Сөзімізді түйіндесек, өлеңнің ішкі сыры айтып тұрғандай «Білгішсінген наданға» немесе «Бір тергеушіге» деген тақырыптардың табиғатынан алыс туындыны –Міржақыптың кейбір жеке басының оғаш мінезіне көңілі қалған Әріптің соған жазғаны деп тануымыз керек. Осы өлеңге байланысты болса керек, кезінде: «1922 жылы Әріпті М. Дулатұлы бастаған ұлтшылдар соттамақ болады» [16.101-102], – деген саяси таптық пікірлер де айтылды. Бұл пікірдің қисынсыз екендігі жоғарыда сөз болған.

Әріп Тәңірбергенұлы Ресейде басталған революциялық қоғалыстың әр қимылын жіті бақылап, ел ішіндегі дүрбелеңнің саяси астарын аңғара білді. Төңкерістен кейінгі өлеңдерінің көбі көркемдік айшықтан гөрі, бүкіл халықты елеңдеткен қозғалыстың саяси қимылын көрсететін баянды оқиғаға құрылған шығармалар еді. Мәселен, «Париж коммунасы» деген франсуз коммунасының 50 жылдығына байланысты жазылған өлеңде Ресейдегі төңкерістің саяси қимылына мейлінше қанық ақын Врангель, Юденич, Дутов, Махно, Краснов, Керенский, Колчак, Мамонтов сияқты орыс қозғалыс лидерлерінің қимыл-әрекет, саяси жолын таптық тұрғыдан баяндайды. «С. Торайғыров, С. Дөнентаев, Б. Майлин, І. Жансүгіров, Күлеев, Ә. Тәңірбергеновтер бүкіл Россияны, оның шет аймақтарындағы халықтарын ойландырып, толғандырған саяси оқиғаларға кезінде үн қосып, өздерінің көзқарастарын білдіріп отырды» [176], – деген пікірлер Әріп лирикасының саяси астарын танытады.

Күні кеше ғана әдебиетіміздің ең бір салалы тақырыбына айналған Ленин бейнесі еді. Кеңес одағы ыдырағанға дейін Ленинсіз әдебиетте де, мәдениетте де, қоғамның қай саласында болсын сөз бастау екіталай болатын. Бұл тақырыпқа арнап өлең жазбаған, қалам тартпаған ақын, не жазушы кемде-кем. Бүгін бұл тақырыптың тоқырағаны белгілі. Дегенмен көзқарас жаңарды деп, ақын-жазушыларымыздың кезінде жазған бұл тақырыптағы шығармаларына үрке қарап, көлегейлей берсек, тарихи мұраларымызға қиянат еткеніміз. Сондықтан да осы тақырыпқа өлең арнаған Әріп шығармаларын тұмшалап немесе айналсоқтай қарағаннан гөрі, оларға жаңаша көзқарас тұрғысынан өз бағасын беруіміз керек-ақ.

Кезінде, байшылдық пен ұлтшылдыққа қарсы қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған шақта, Абай мектебі сияқты үлкен шаңырақ шайқалып, Әріп сияқты шәкірттердің ақындық мұрасы мұрындықталған кезде, Ә. Тәңірбергенұлының ақындық атын сақтап қалуға негізгі тірек болған оның осы Ленин туралы туындылары еді. Ақын шығармаларының ішінде ең алғаш боп баспасөз беттеріне жарияланып, сол кезде қоғам сұранымына байланысты ауқымды зерттеліп, жеріне жете талдаған да осы туындылар [қараңыз: 177].

Жаңа келген жас өкіметке қалтықсыз сеніп, оны орнатушы – Ленин ісін алдымен қолдаған, жырға қосқан Әріп, төңкерістің саяси бетін, ондағы Ленин орнын жырлаудан бастап («Ленин көсем»), көсемнің жеке басылық өмірін, әке-ағасының жайын, тағдырын баян етеді. («Жұмыскердің көсемі»). Ақынның бұл өлеңдерінде әсем сурет, поэзиялық ой-өрнектер жоққа тән, көркемдік қуаты солғын, құрғақ баяндау басым, жалаң ұранға жуық қарабайыр. Тек «Ленин өлгенде» деген оқиғалы сюжетке құрылған өлеңнің поэзиялық деңгейі алдағы өлеңдеріне қарағанда анағұрлым жоғары. Лениннің өлімін естіген қазақ ауылының сол кездегі шынайы көңіл күйі еш боямасыз сол қалпында сәтті жеткізілген. Мал баққан шалдың Ленин өлімін ауылға естіртіп келген қайғылы халі арқылы, кезінде бүкіл ел аһ ұрған Ленин қазасының қаншалықты бүкілхалықтық болғанын аңғартады. Бостандық ұранын естігенмен, әлі де Ленин есімін біле бермейтін қазақ ауылының қарапайым халқы «Сонша жылайтындай Елен дегенің кім деген? таңданысы – шығарманың натуралдылығын көрсете түсер шұрайлы кескін. Ленинге арнаған әр өлеңнің соңында кеңес өкіметіне деген мүлтіксіз сенімі, жарқын болашаққа деген зор үміті айқын еді ақынның. Алайда 50-жылдардың «Абай мектебінің бар-жоғы, өзгені былай қойғанда, өзінің ағайын-туысы, балаларына ұстаз болуының өзі екіталай деген қисынсыздық» [178.129] орын алған әдеби орта Әріптің бұл тақырыптағы өлеңдеріне де сенімсіздікпен қарады. С. Мұқановтың: «...алпыс сегіз жыл жасап, сол жастағы шығармаларын түгелге жақын діншілдік пен ескі сарынға арнаған Әріп Советтік Қазақстанда төрт жыл жасағанда, жаңа ауылдың өміріне бір ауыз өлең неге арнамаған? Осындай кертартпа ақынның аузынан өлер алдында ғана Ленин туралы екі өлең қалай шыққан?» [35], – деген пікірі тіпті тұрпайы, буынсыз жерге пышақ ұру екенін ашып айтуымыз керек.

Қазан төңкерісінің думпуі жетіп, бір емес, бірнеше халықты тұтастай қараңғылықта ұстаған ақ патша құлап, әр ұлт сияқты қазақ та бой жазып, теңдік пен азаттыққа ұмтылды. Әріп сынды халық ақындарының да басты ұраны осы бостандық еді. Алайда маңдайға таңбаланған тағдыр сызығы бізге тез арада бостандықты жазбады. Ақынның сенген бостандығы айналып келгенде теңдігі жоқ бостандыққа айналды. «Бостандық үшін деп жасалған Қазан төңкерісі Кеңес өкіметін құрғанмен, халыққа қажет демократиялық жол ашылмай, қайта бірыңғай өткемдік етек алды. Енді әртүрлі бағыттағы поэзияның өрісі тарылып, төңкеріске ілеспеген поэзия жолдан ығыстырылып, тек бірбеткей кеңес өкіметін қолдаған поэзияға ғана жол ашылды» [173.70]. Дегенмен бұл қысастықты көруге ақын ғұмыры жетпеді. Жаңа ғана бүршік жарған жас өкіметтің уысына жасырған қанды шеңгелін аңғармаған күйі, «халқымның болашаққа, теңдікке қолы енді жетті» деген үмітін үзбей өмірден өтті.

АҒАРТУШЫ АҚЫН

Ә. Тәңірбергенұлы шығармаларындағы ғылым-білім, тәлім-тәрбие мәселесі ақын мұрасының ең көрнекті де, көлемді жақтарының бірінен саналады. Алдағы тарауымызда ақынның ұстаздық қызмет атқарғаны жайында айтқан болатынбыз. Сол деректерден Әріптің жас ұрпақты тәрбиелеу жолында оқу-ағарту ісіне қаншалықты үлес қосқанын білу қиын емес. Әріптің ұстаздық қызметі оның ақындық өнерімен тығыз байланысты. Әріп ұстаз болып, бала оқытқан кезде әр оқушысын зерделей бағып, әр шәкіртінің психологиясын терең тануға тырысқан. Мәселен, оқуға ынталы, талапты шәкірті Шұғыбанды Әріп өз тәрбиесіне алып, оқытқан тәрбиелеген. Сабақ уақытында үйіне барып келуге кеткен шәкіртінің біраз кешігіп, «оқуды ет пен шаға айырбастағанына» ұстазы шынайы алаңдаушылық білдіріп, «Шұғыбанға» деген өлеңіңде:

Ғылым білсең ашылар кеуде көзің,
Кешіктірген елеме Күйсіз сөзін.

Мен айтым да құтылдым қарызымнан,
Әттеген-ай деп жүрме бірақ өзің, – деп шәкірт санасына ой

салады. Ақын қалайда ғылым-білімнің қасиетін жастарға ұқтыруға тырысады:
Күннен де деген сөз бар ғылым жарық,
Жас күнде қалған жақсы білім алып.
...Талаптан жас күніңде, ғылым ізде,

Елірме еріншектік тілге нанып, – деп талапты жасты жат қылықтардан қызғыштай қорғайды.

«Ағартушылық саласындағы Абайдың Ыбырайдан айырмасы, Ыбырайдың ақындығы оның ұстаздық қарекетіне қызмет етсе, Абай бойына жиған білімді, ғылым мағлұматтарын өзіндік ақындық өнеріне пайдаланады да, ағартушылық міндетін өз поэзиясының інжу-маржаны арқылы атқарады» [179.91], – деген пікірлер Әріптің осы саладағы мұрасына тікелей айтылғандай. Өйткені Әріп осы ақындық дарын мен ұстаздық қарекетті тең пайдалануға тырысқан. Осы жағынан алғанда Әріп – ғылым-білімнің қасиетін сөз жүзінде уағыздаушы ғана емес, соны іс жүзінде адам бойына сіңіруші. Әріптің ғылым, білім жайындағы өлеңдері Абайдың тағылымдық тақырыбынан бастау алғанын аңғартады. «Ғылым туралы», «Балаларыма», «Шәкірттерге айтқаны» өлеңдері Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр» сияқты өлеңдерімен тақырыптас қана емес, іштей мазмұндас, мағыналас екендігі дәлелдеуді қажет етпейді. Әрине, Абай өлеңдерімен тең дәрежеде деп айтуға келмес, бірақ Әріп – Абайдың тағылымдық поэзиясын жаңғырта жалғастырушы. Ақын сабақ берген уақытында кей шәкірттерінің балалық теріс қылықтарына табан астында өлеңмен тойтарыс беріп, ұялта ой салып отырған. Оған ақынның «Лермонтов көкіректі, көзді туған», «Орыстың мұссанифы Пушкин дана» өлеңдерінің шығу тарихы куә [қараңыз: 75.34-35]. Тәрбиелік тұрғыда жазылған әсерлі туындыларында ақын бала қылығын түзетудегі салмақты ескертуімен қатар, оның орыс классиктері жайынан аса білімдарлығы байқалады. Әріп ұстаздық қарекеті мен ақындық өнерін қатар дамытып, өзінен кейінгі ақын шәкірттеріне де осы қасиеттерді үйретіп отырған. «Бір күні Әріп үйіне келген Шұғыбан, Нұғыман атты өзінің ақын шәкірттерімен сөйлесіп отырғанда, бажасы Кәкен кіріп кеп, керосин сұрапты. Сонда үш ақынның Кәкенге айтқаны.

Әріп:      Кәке, әнекей тұр ыдысыңыз,
Шұғыбан: Оңай бітім болды ғой жұмысыңыз.
Нұғыман: Ыдысыңды кәресінге толтырып ап,

Үйге қарай бөгелмей жылысыңыз» [180], – депті. «Абай жолы» эпопеясынан жақсы таныс мұндай «төрттік жырды төрт ақын болып, іліп-қағып айтатын бір дәстүрдің» [170.4] Абай айналасындағы кең өрісін ескерсек, бұл құбылысты сол ортадан шыкқан Әріп те өзінен кейінгі ақын шәкірттерінің арасында жалғастыра дамытқанын байқау қиын емес. Ақын мұрасын бізге жеткізушілердің бірі – Сіләмшайық Имамұсаұлының айтуынан жеткен тағы бір дерекке тоқталсақ, Нұрлыбайұлы Рақымжан, Орынбайұлы Қаумет және Әріп ақын үшеуі қайтыс болған Дөненбай дегеннің ауылына құран оқимыз деп келе жатқанда Қаумет тұрып:

Өтіп барамыз Дөненбай қорасынан, Сонда Рақымжан іліп әкетіп:
Айрылмайық бұрынғының жорасынан
(бауырымдап шабайық дегені), – дегенде, Әріп әлгі екеуіне:
Елжіреп іші-бауырың бара жатса,

Көзіңнің мен байқармын сорасынан, – деп тоқтатыпты.

Міне, Әріптің осындай ұстаздық ұлағатына, ақындық тағылымына қанып өскен Шұғыбан сияқты шәкірттері қазақтың саналы азаматтарының бірі болады. Шұғыбан – Ә. Тәңірбергенұлының мұрасын бізге жеткізушілердің бірі. К. Мұхамедханұлы бұл жайында былай дейді: «Мен Әріп ақынның шығармаларын жинап, зерттеу мәселесімен 1939 жылдан шұғылдана бастадым. Сол кезде Шұғыбанмен таныстым. Әріп ақынның шығармаларын ең көп білетін адамның бірі де Шұғыбан еді. Ақынның көптеген өлең-жырларын Шұғыбаннан алдым. Ол екі жыл бойы Әріп өлеңдерін үзбей жіберіп тұрды» [75.35], – дегенінен-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Ә.Тәңірбергенұлының өлеңмен жұмбақтар жазуы оның тәрбиелік мақсаттарымен тікелей байланысып жатыр. Оқу-біліммен ұштасып жатқан қалам, сиясауыт сияқты құбылыстарды ақын жұмбақ етеді:

Тіл қатты, демі қара, сөзі жұмсақ,
Бояудан шербет ішер кейде сусап.
Балтамен бір нақысын шауып болмас,

Екі дүние бітпекші мұны жұмсап, – деп өлеңмен береді. Адамның ойлау әрекетін, іздену аясын кеңінен түсер ауыз әдебиетінің тамаша үлгісін жасауда Әріптің ақындық өнерінің тағы бір қыры ашыла түсті. М. Әуезовтің: «қазақ ақындарының жұмбақты жақсы бағалауы арқасында біздің көп жұмбағымыз өлең болып айтылады» [83.204], – деген осы құбылысты аңғартқандай. Ақынның «Ұмытпаңыздар мені» жинағына енген тоғызқұмалақты жұмбақтайтын өлеңінің желісі жалпы қазаққа тән ұлттық суретпен көмкерілген. Жұмбақтың негізгі ерекшелігі сонда, ақын тоғызқұмалақ ойынының ойналу ережесін мазмұнды оқиғамен береді. Мәселен:

Бір патшаның жұртында екі бай бар,
Екеуі де ен қонысты бірге жайлар.
Тоғыздан екеуінде он сегіз ұл,

Талассыз тату өмір сүрген байлар, – дей келіп, енді он сегіз ұлдың бас-басынан тоғыз бала туып, араздасады. Ендігі жерде:

Екі бай екі жақтан ор қылады,
Өткен сайын біреуі жығылады.
Бай-кедей қанша ауыл көп шабылып
Ақырында біреуін бірі алады.

Қазақ ауылының тұрмыс табиғатын танытар оқиғалы жұмбақтың мазмұнын кез келген адам ұққанмен, тоғызқұмалақ ойынының ережесін, әдіс-тәсілін білмегенге жауабын табу екіталай. Бұл – жұмбақ құрудағы ақын шеберлігі. Әріптің өлеңмен жұмбақ құрастырар ақындық өнері өз заманында кеңге жайылғанға ұқсайды. Ғ. Шөкімұлының жинаған Әріп өлеңдерінің ішінде ақынның тағы бір жұмбағын кездестірдік. Жұмбаққа берген түсінікте Ғ. Шөкімұлы: «Әріптің бұл жұмбағы, Қоянды жәрмеңкесінде болып бас қосып бір үйде қарта ойнап отырғанда, Абай Әріпке «картаны жұмбақтап өлеңге қосшы» дегенде айтқаны» [108], – дейді. Ақынның бұл жұмбақ өлеңі еш жерде жарияланбағандықтан, жұмбақты толық келтірейік:

Жусаған бір аралда бір топ киік,
Басарға аяғы жоқ жерге тиіп,
Бәрінің қатар тұрса бойы биік.
Түрлері сол киіктің екі басқа,

Шөп пен су шығыны жоқ ішер асқа.
Соғады бірін-бірі аямастан
Ойын қып өз еркінше араласа.
Қисабы отыз алты санға барар,

Адамзат ілу-ілу таңдап алар.
Ішінде қырық төрт мүйізі бар,
Жарымын сан мүйізін қанға малар.
Кей адам оның өзін жаратпайды

Ішінде жалғыз көзді бір теке бар,
Бетіне еш адамды қаратпайды.
Бұл өзі ойландырар зейінді ерді
Әркімге мұны таппақ қиын еді.

Көңілге олай-бұлай салыстыршы
Адамша он екісі киінеді [108].

Жұмбақ өлеңде жансыз қартаға жан бітіп, киіктерге айналады. Қарта ойынын білген адамның өзі әрқилы киіктер дүниесінен қарапайым қартаны көруі қиын. Дегенмен ақын қарта ерекшелігін алақанға жайғандай анық көрсетіп тұр. Әрі қарапайым, әрі тылсым жұмбақ. Байқап отырсақ, ауыз әдебиетінен келген бұл түрді өзінің ақындық өнеріне Әріп шебер пайдалана білген. Ұстазы Абайдың өлеңмен «қыс-жаз, күн-түн, тақ-жұп, жақсылық-жамандықты», «Темірді», «Білмекке құмарлықты» жұмбақ қылуын ескерсек, ұстазы ұстанған ақындық өнердің осы бір түрін Әріп-шәкірттің қалтықсыз қағып ап, шебер жалғастыра білгенін көрмеу мүмкін емес. Бізге жеткен осы жұмбақтарының өзі Әріптің ұтқыр ұғымға құрылған жұмбақ бітімін сәтті үйлесіре білуіндегі ерекше ақындық қасиетін таныта түседі. Әріп ұстаз ретінде де, ақын ретінде де алдында отырған шәкірттерін ғана тәрбиелеп қоймай, бүкіл заманының жастарын ғылым-білімге шақыра үн қатты.

Ғылымға жас күнімен еттім талип, Талпынып төрт лұғаттан тағлым алып, – деп өзі айтқандай батысы мен шығысын еркін меңгерген Әріп дін жолын халыққа насихаттауда жалаңдыққа ұрынбай, бір алла жолы арқылы адам бойына қасиет отын, оның ішінде ғылым-білімді әсерлі де, әрлі жолмен дарытуға көңіл қояды:

Тірлікте таза жолды білмек керек,
Зікір ғып адал жолда өлмек керек.
Ғылымды танысын деп адам қылды

Дүниеге себеп үшін келмек керек. Міне, ақын көрсеткен өмір сүрудің себебі де, мәнісі де осында. Ғылымды тану – ол адам болу, яғни таза жүріп, адал өлу деген сөз. Өнер-білім – Әріп заманының ең өзекті мәселесі. Сондықтан да «Абай шығармаларында басты тақырып болып жырланған ағартушылық идеяны Әріп ақын ұлы ұстазының дәстүрін өз шығармаларында, заман ағымына сай дамыта түсті» [75.29].

Ақынның «Ғылым туралы» өлеңі – ұстаздық идеясының шыңы. Өнер-білімнің пайдасы жалпы қазақ түсінігіне сай әсерлі балама, әрлі бояумен көмкерілген. «Толқыны тауға ұқсаған заман» бедері «ғылым-кемесіз» тым үрейлі. «Ғылым-кемені» надандықтың «жел қайығына» айырбастағандарға ақын көңілі кірбің:

Шалағай жанның қосы жыртық қайық, Бір күні жел, сеніп болмас, бір күн айық, – деп сақтандырады. Астарлы баламға құрылған өлеңдегі бейнелі ой А. Байтұрсынұлының «Қазақ қалпы» өлеңімен идеялық жағынан да, мазмұны жағынан да үндестік тауып жатыр деуге болады. А. Байтұрсынұлы:

Қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ,
Теңізде жүрміз қалқып кешпесі жоқ.
Жел соқса, құйын соқса жылжи беру,
Болғандай табан тіреу еш нәрсе жоқ, – десе, Әріп те:

Астың теңіз, үстің жел дос емессің, Қарбайып      әлек      болма      қанат      жайып,      –      дейді. Қазақ қоғамының тірлігі екі ақында бір суретпен берілген. Пенделіктің шеңберінде шырмалып қалмай, адамдық қасиетін берік қалыптастырған ақынды ел ертеңі, болашақ жайы қатты толғандырады. Аурушаң қоғамның ең үлкен жарасы – жас ұрпақтың тағдыры қамкөңіл ақын назарынан бір сәт қалыс қалған емес. «Шәкірттеріме» деген қысқа қайырылатын өлеңіңде жастарға қарата:

Жігіттіктің қадірін ғылыммен біл,
Салқылық, салақтықты былай қой да, – деген ғибрат сөздері

Абайдың «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңінің заңды жалғасындай. «Балаларыма» арнауы да осы идеялас:

Шырағым, жас күніңде ғылымға бас, Рас жаным ашиды, айтпаймын қас, – деген ақын надандық құшағында қалып, «тәтті жеп, тайға мініп, алаңсыз арбаңдаған» алаөкпелерге назалы. Абай «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген өкініштің қарымтасын балаларын оқыту арқылы қайтаруды көздесе, Әріп те балаларына:

Ертерек ғалым ізден балаларым, Оқыр ем алжысам да не қылайын, – деп кәрілік шарасыз-дығын ғылым қуар ұрпаққа деген үмітімен басады.

Ал өнер-білімнің қасиетін қадірлемей, талапсыз, надан қалпында қалып, өтірік пен өсекке, жалқаулық пен құр мақтанға бой ұрған жігерсіз жастардың сиқы ақынды шошындырады:

Өнерсіз ендігі жас пәлен дерге,
Жігері көтерілмей тартар жерге.
Өң бергіш өсек пенен өтірікке

Қайтерсің, бірі талпып ұшпайды өрге, – дейді күйген ақын. Ғылым мен білімге, сол арқылы озық мәдениетке жетудің алдындағы бірінші тосқауыл, әрине, надандық. Сондықтан да ақын ғылым-білім ұранын көтере отырып, надандыққа бітіспес күрес жариялайды:

Көңілім сендерді ойлап сары уайым,
Ескермей кеткенім жоқ ғылым жайын.
Өз басым мағлұматсыз болғаным жоқ,
Надан болып қалдыңдар, не қылайын.

Қара бастың қамынан гөрі, болашақ жайын ойлаған ақын «іші оттай жанып, намыстанып» надан жастың кейіпінен қатты түңіледі. «Қара жаһил болғаннан өлім артық» деген үкім – шектен шыққан қараңғылықтан соншалық мезі болған ақын ашуы. Осындай заманның кейпіне шарасыз ол:

Қалдырма надандықтың құшағында, Ғылымнан нәсіп айла, ей құдайым, – деп тәңірге табынғаннан басқа амал таппайды. Жастардың жігерсіздігі мен жүгенсіздігі ақынды талай сүріндіреді де, күйіндіреді. Бірақ ақынның болашаққа деген зор үмітін заманның бұл дерті де өшіре алмайды. Әріп «Замандасқа» деген өлеңінде: «Ей, достым, ғапыл жатпа, басты көтер», – деп адам рухын көтерер жігерлі ой тастаса, «Жақияұлына» деген арнауында кейінгі жасқа сенім артып:

Ел болсаң, кейінгі жас, жұрт сенік Мен қызықты көпірден кеттім әрі, – деп келешек елдің тізгінін жастарға табыс етіп, үлкен жауапкершіліктің жүгін арта сөйлейді.

Жоғарыда аталған өлең сөздерінен байқағанымыздай, ақын бұл туындыларында әсем сурет, әсерлі балама сияқты поэзиялық айшықтарды көп қолданбайды, тіпті жоқ десе де болғандай. Яғни ақындықты ақылдылық басып жатыр. Ақын көзқарасы әсерлі суретке емес, дидактикалық өсиет-уағызға құрылғандықтан, өлеңнің поэзиялық айшықтары солғын. Осы арада мына бір пікірді есте ұстағанымыз жөн: «Поэзияның өзге тектерінен гөрі өсиет өлеңнің, дидактикалық поэзияның табиғатында өзіндік бір ерекшелік бар еді. Дидактикалық поэзия – творчестволық бояу шектеліп, таза ақыл, өсиет тілі алға шығатын, өлеңнің көркемдігінен гөрі сөзшеңдігі мен ақылгөйлігі оның ерекшелігі ретінде көрінетін поэзиялық түр» [181.34]. Демек, ақынның мақсаты заманның өрісіне лайық әдеби үлгіні қару етіп, надан елдің санасына қайткен күнде де ғылымның пайдасын сіңіру болатын. Ұйқыдағы халықтың құлағына айғайлап айтқан сөзі көп жағдайда адам сезімін шарпыған, әсерлі поэзиядан ауытқып, суық ақыл мен нақты насихатқа құрылған салмақты ойдың поэзиясына айналуы заңды құбылыс. Ақынның барлық өлеңі айшықты суреттен жұрдай деуге келмес. Осы мәндес өлеңдерде ауыз әдебиетінің көріктеулері жиі ұшырасады. Ақын елдегі надандықты сынаумен ғана шектелмейді. Халық арасынан шығып келе жатқан ғылым-білімге құштар ойлы жастарға үмітпен қарайды. «Жұматайұлына» деген арнауында көп кадрға ішінен шыққан ақ сұңқар жастың талабына сүйінген ақынның ыстық ілтипаты бар:

Білімнің электрдің жарығындай,
Сырт білмес, өзім білем арығымды-ай.
Жартысы сіздің білім бізге тисе
Әлемге шашар едім бәрін ұдай.

Өлеңде ақын ойы бейнелі балама, әдемі теңеумен сәтті сурет тауып, өлең ажары біршама ашылған. Ғылымға жақын жүрген зерделі жастың бейнесін ақын:

Сөзің бар ауылдаған қыран құстай,
Ұяда тоят алдың түлеп ұшпай, – деп көріктендіреді.
Мысалы, сіз арғымақ, мен бір мәстек,
Бәйгеге сізбен шығып жарыспаймын, – деп жас Уалиханның

білімділігіне бас иеді. Ойлы жасқа сауал қоя сөйлеп:
Абайдың айтқанынан не білесің

Түбі жоқ дариядай інжу жұтқан, – деп Абай сөзінің қасиетіне мойын бұрады. Оқыған жастың бейнесін беруде ақын баламасы дамып, ажарлана түседі. «Сұңқарсың алтындаған тұғырдағы» деген сияқты ауыз әдебиетіне тән көріктеулер өлең бойында афоризмге ұласып жатыр:

Сөз қымбат қиыстырып таппағанға, Мал қымбат көңілімен бақпағанға.

Ақыл-өсиетке толы өлеңде қуатты ой мен суретті сөз нақыштары ұлттық ұғымға тән көркем сипат құрайды:

Шалдықпас тұлпар да бар апталарға, Бола ма қарға сұңқар мақтағанға. Тұғырға бүркіт қылып қондырғанмен

Қарақұс түлкі ала ма баптағанға.
Өнері жүйрік аттың іште кетер,
Шіркіннің жерін таусып шаппағанда.

Атбегілік, құсбегілік қасиеті бар қара қазаққа ғана сыйымды ұлттық астардың ар жағындағы ғылым-білім мен надандықтың ара жігін айнытпай танимыз. Білімі кемел оқыған жасқа:

Алға бас аянбастан әлде болса, Алданып дүние қууға болма алаң, – деп қарт ақын ойлы жасқа ағалық ақылын, аталық батасын береді.

Осылайша, халқын қараңғылықтан алып шығам деп қарманған ақын қуатты сөзі мен ұстаздық күш-жігерін қатар жұмсаған. Ә.Тәңірбергенұлының қасиетті есімін келешек ұрпағы қатты қадірдеп, әсіресе ақынның алдын көрген Сапарғали, Омар, Боранбай сынды халық ақындары ұстаз ретінде жоғары бағалап, Абайдан кейінгі ұлы ретінде таныды. С. Әлімбетов: «Жастайынан тәңірідей құрметтеп оқығаным Абай болды, онан соң мені Әріп ақындыққа баулып тәрбиеледі» [53.267], – десе, Шәкір Әбенұлы:

Жарқ етіп шолпандай боп туып едің, Ішінен қараңғы елдің тұман басқан, – деп ақынның ағартушылық қарекеті мен өсиет өлеңін ерекше бағалаған.

АҚЫН ДҮНИЕТАНЫМЫ

Ә.Тәңірбергенұлының келесі бір тақырыптық топтамасы – дүниетанымдық мәні бар, философиялық тұрғыдағы өлеңдері. Ақынның бұл тақырыптағы өлеңдері кешегі күн көмбесінен қаралып, тұрпайы талданып келгенін ескерсек, бүгінгі күн талабына сай ақын дүниетанымын жаңаша көзқарас елегінен өткізгеніміз жөн. «Абай мектебіне» саяси шабуыл басталған 50 жылдары Ә. Тәңір-бергенұлының мұрасы қараланып, әсіресе оның дүниетанымдық мәндегі өлеңдері қатты сынға ұшырады. «Құдай деген сөзден құдай сақтасын» деген қоғамның салқыны Алла сөзін ауызға алған ақын өлеңдеріне ызғарын шашпауы мүмкін емес еді. «Әріп шығармаларындағы негізгі сарын ескішілдік, діншілдік» [35], – деген С.Мұқановтың пікірінен сол кездегі ғылыми зерттеулер алшақ кетпеді. Әріп шығармашылығына ғылыми тұрғыда тоқталған Ө.Есназаровтың пікірі де заман талабынан шыға алған жоқ: «Четвертую группу стихов поэта составляет так называемый дидактический цикл», – деп осы топтамаға мынандай сын айтады: «...однако, в отдельных стихах этого цикла (Алланың хаһимлігі өз затынан – величие Аллаха в самом существе, өмір туралы – о смерти) поэт признает бога. Он возносит бога как сотворителя мира, заступника правды, как силу, карающую ложь и насилие, не допуская при этом и мысли о том, что лживым является само представление о боге и его деяниях. В этом сказалось ограниченность поэта, не сумевшего подняться до уровня материалистического понимания мира, оставшегося в узких рамках социальной среды своей эпохи» [168], – деп ақынның философиялық терең ойларын, кеңестік материализм теориясы тұрғысынан таныған сол кездің біржақты көзқарасы ақыл-ой таяздығына, білімінің шектеулігіне апарып тіреді.

Ал ақиқатына келсек, Әріптің аталған топтамасының құндылығы – ақын ойының тереңдігін, философиялық көзқарасының кеңдігін танытар даналығында. Жалпы адам өмірі, дүние тылсымы, Алланың хақтығы жайындағы ақынның бізге жеткен өлеңдері біршама. «Өлім туралы», «Нәпсіге», «Дүние туралы», «Ғапылдың тірлігі», «Иман туралы», «Кәрілікке» сияқты өлеңдерімен қоса, ақынның 140 жылдығына байланысты жарық көрген «Ұрпақпен үндесу» жинағындағы «Дәл ертең өзгереді бүгінгі күй», «Тәуба», «Ғапылдық қараңғы жол адаспаңдар» сияқты дүниелік темаға арналған өлеңдері оның философиялық танымын кеңейте түседі. Дегенмен жаңа жинақтағы бұл өлеңдердің бұған дейін еш жерде шықпай келіп, енді ешқандай түсініктерсіз Ә. Тәңірбергенұлы туындысы болып жариялануына күдікпен қараған пікірлер де жоқ емес [қараңыз: 64]. Алайда кешегі заман талабын ескерсек, Әріптің бұл сынды өлең -сөздерінің енді ғана жарыққа шығып, жариялануы заңды құбылыс. Ал бұл өлеңдердің нақты Әріп қаламынан шыққанын туынды табиғатының өзі-ақ танытары сөзсіз. Ақын өлеңдеріне тоқталған кезде бұған көзіміз анық жетеді. Табиғи дарынының арқасында араб, парсы, орыс, қытай тілдерін еркін меңгерген ақын «Ғылымға жас күнімнен еттім талап, талпынып төрт ұлғаттан тағлым алып», – дейді. Әріптің шәкірттері оның мұсылман дінін шексіз меңгергенін тілге тиек етіп:

Жатқа айтып, қара сөздей сөйлеуші еді, Құранның отыз пара мағынасын, – деп бағаласа, бұл жайында Қ. Мұхамедханов: «араб, парсы тілдерін жетік білген Әріп бұрынғы мұсылман ғұламаларының ислам діні туралы жазғандарын көп оқып, мұсылманша діннің қағидаларын өте жақсы білген. Ол құранды зерттеп, оқып жаттаған» [75.24], – дейді. Айтылған пікірлерді айқындай түсу үшін ақынның дінге, Аллаға деген көзқарасына, оның өлеңдеріне үңіліп байқайық. «Өлім туралы» деген өлеңінде:

Биғадат бір Аллага хәмді сәна,
Жол табар мағрипатпен асыл дана.
Құданың не құдіретін айтып болар
Аспанды һақ үстінде қадір сана, – деп Алланың барлығына шек келтірмейді.

Астында тіреуі жоқ, үсте байлау Хақиқат білген жанға соны да ойлау. Ақын болмыстың құдіретін, тылсым дүниенің тұтқасын Аллаға ұстатады. Әріп Алланы жалғыз атамайды:

Аятпен Алла аңдатқан,
Халиспен нәби барлатқан.

Алла нәбиімен, яғни қасындағы пайғамбарларымен. Абай сөзіне аялдасақ:

Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді, Оларға кез-кезімен нәби келді, – дейді. Екі ақын да Алла мен адам арасын жалғаушы нәбилерді ауызға алып отыр. Ғылым академиясы Әдебиет және Өнер институты қолжазбалар қорынан кездескен «Сыбан Әріп молланың өлеңі. Ислам жолындағы Алланың елшісін мадақтап жазған өлеңі» [182] деген туындыда да ақын Алланың құдіретімен жерге түскен «Нәсілі адам болса да, асылы нұр» елшісін сөз етеді. Алла мен адам арасын жалғаушы – пайғамбардың құдірет-қасиетін ақын:

Күн балқыр көрсе жүзін шалқасында,
Перделеп бір ақ бұлт жүруші еді
Өткізбей күн ыстығын һәм басына.
Алланың өз нұрынан болған пайда

...Қу ағаш қолы тисе миуа берген

...Қадамы көк шығарар тисе тасқа, – деп баяндайды.
Ақын:
Алланы бір дегені бар жазығы

Сол пақыр да жақпапты адамзатқа, – деп жер бетіндегі пенделік пиғылдардың Алла жолын – ақ жолды насихаттаушы пайғамбар ісіне де қастық қылғанынан хабардар етеді.

Әріп өз өлеңдерінде Алланы жалпы жұртқа танытуда, тылсым құдіретінің қасиеттерін беруде жатық тілмен, ұғынықты баяндаумен сөйлейді. Ел психологиясына терең бойлаған ақын Алла сөзін қоғам ішіндегі надандық, қараңғылық, зұлымдық сияқты жамандық атаулыға қарсы қару ретінде пайдаланады. Алла адамдық пен адалдықтың символына айналады ақын өлеңдерінде. «Тәуба» деген өлеңінде «Аллаға жарасымды жалынғанын, немесе, жалынған Тіршілікте жарасымды» десе, енді бірде:

Алладан қорыққаның үлкен пайда,
Қатерден құтыласың жауап беріп.

...Жігіттер, қор болмайсың қияметке, Берілсе шын көңілің жалғыз хаққа, – деп Алла құдіретін таныта сөйлейді. «Ғапылдық қараңғы жол адаспаңдар» өлеңінде де осы ойын жалғай түсіп:

Көпшілік тексеріңдер артық-кемін,
Ішкен су Алланікі, жеген жемің.
Берген мал ақыреттің жарағы үшін

Берді деп жүрме жаным бізге тегін, – деп пенделіктің пердесін аша сөйлейді. Демек, Аллаға жалбарыну, Алладан қорқудың түпкі мақсаты – пенделік жолға түсіп, адасқандарды жөнге салу. Құранда фатиха сүресі, 7- ші аятындағы «О біз саған ғана құлшылық етеміз және сенен ғана көмек сұраймыз. Біздерді ашу-қаһарыңа ұшырағандар мен адасқандардың жолына емес, игілік көрсеткен пенделердің тура жолына бастай гөр», – деген жолдар жоғарыдағы Әріп сөзінің сырын аша түскендей. Өлеңде:

Алладан тірі күнде қорыққандар,
Бетінен нұры жайнап күлімдеген,
Ақыретті дүние үшін ұмытқандар,

Түбінде таразының дірілдеген, – деген философиялық толғам айтады. Адамды теңестіріп, ақ-қарасын айқындайтын ақырет, яғни Алланың алды. Алла алдында көңілі ақ, жүрегі таза адамның нұры жайдары, ақ пендешіл, дүниеқұмарлыққа салынғандар Алла, ақырет алдында байғұс күйге түседі. Ал бұл үрей – кеш қалғанның жан қорқынышы. Сондықган да Абай сөзімен айтсақ, «дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаңа болса – ол құдайдың жолы емес» [183.205].

Әріп те өлеңінде «Тастаңдар арамдықты Аллаға бас» дейді. Пендедік қарекетке, Алла атын, адамдық арын тосқауыл етеді. Осы жерде ақын Алласы адамның өз бойындағы ары, ұяты, иманына келіп саяды. Ақынның дүние туралы өлеңдері – мазмұндық жағынан бір-біріне өте жақын, өмір өтпелілігі мен өлімнің хақтығы жайынан хабардар ететін терең философиялық астары бар шығармалар. Әріп өлеңдерінде дүние түсінігі екі мағынада көрініс береді. Бірінші дүние – жалпы болмыс, кең ұғымдағы құбылыс. Мысалы:

Астында тіреуі жоқ, үсте байлау,
Хакиқат білген жанға соны да ойлау,

Екінші дүние қоршаған ортадағы күндегі тірлікпен сипатталады: Дүние мейманхана біраз дүрмек,

Білдіртпей жарбаңдатып алдап жүрмек.

Жалпы болмыс, дүние тылсымына үңіліп, өмір философиясына қалам қозғамаған жазушы, сөз арнамаған ақын, толғанбаған ойшыл жоқ. Әр заман өз бедерімен ерекше. Десек те, арасын ғасырлар бөліп жатқан ұлы сөз зергерлерінің дүние тылсымы жайындағы түсініктерінің, сондағы сөз, ой орамдарының орайласа, бір араға тоғысып жатуына таң қалмасқа болмайды. Әріл дүниенің көшпелілігін, тұрақсыздығын «Дүние туралы» деген бірінші өлеңінде:

«Дүние – көптен қалған бір үлкен тең, Тонау, торлау, тоқтауы жоқ толқыған сең, – десе, енді бірде «Бейне теңіз секілді дүние майдан» деп теңізге теңейді. «Ғылым туралы» деген өлеңіңде дүние теңізге баланады. Бұл кездейсоқ сөз қолданыстары емес. Ұстазы Абай: «Өмір, дүние дегенің – ағып жатқан су екен», – деп толғанады. Тереңірек үңілсек, сонау дүние ойшылы Фалес «дүниенің негізі – су» десе, орта ғасыр ақыны Рудаки:

Дүние деген бейне бұлақ, иіріледі, айналады, Жаралған әлем зырлап, дөңгелейді, шайқалады [184.13], – деп жырлайды. Байқағанымыздай, су – баяғыдан, дүниенің енші баламасы. Өйткені су – қозғалыстың, өзгерістің, тұрақсыздықтың символы. Ақын осы тұрақсыздықты өз өлеңінде:

Күн біреу, ай жартайып ауысады,
Тоқталық ой жетпеске пәлен демей.
Тұрлаулы баяны жоқ еш нәрсенің

Жанар жоқ жарқыраған мәңгі сөнбей, – дейді. Осы жолдардағы ақын ойына үңілсек, өмір тоқтаусыздығы – Алланың ісі, оны танып-білуге адам ойы жетпейді. Демек, «Алла тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. Өлшеулі бірлән өлшеусізді білуге болмайды» [183.189], – дейді бұл тұрғыда данышпан Абай.

Ақын өлеңдерінде өткінші дүние, қысқа ғұмыр келеңсіз суреттеледі. Дүниенің мәңгі еместігі «Дүние туралы» деген өлеңінде:

Дүние – қонып-көшпек фани сарай, Бақи деп босқа алдандық мұнда талай, – десе, «Дәл ертең өзгереді бүгінгі күй» өлеңінде:

Дүние – көпке арналған бір қонақ үй,
Әркімге тартып жатыр әртүрлі сый.

Астары қалың, әсерлі сурет. Дегенмен ақын фанилік өмірдің алдамшы, опасыз бетін ашуда нақтылық бояуын қоюлата түседі. «Дүние туралы» деген екінші өлеңінде:

Дүние – долы қатын шоқпыт дамбал,
Алданып қыз деп бұған жүрміз аңғал.

Бұған орайлас кескіндер «Нәпсіге» деген өлеңінде тіпті жандана түсіп:

Бұл фани жалған дүниеден,
Қай заман өтер жанжалсыз.
Қыз екен деп қызықпа
Жаныңдай көрген дүниең –

Көйлекшең қатын, дамбалсыз.

Ой-санасын дүниенің қызығы, нәпсіқұмарлық билеп, жылтырақ, жалған, өткінші өмір жарқылына мас болған пенденің басынан қос қолдап тұрып ұрғандай ғып айтқан ауыр, астары мол, ащы сөз. Бұдан сорақы, бұдан ұсқынсыз балама табылмас. Әріптің дүние туралы өлеңдерінің басты идеясы да осы – жалған дүние, алдамшы өмір, ғұмыр қысқалығы. Өмір мен өлім құпиялары – әр заман ойшылдарына маза таптырмай келе жатқан тылсым құбылыс. Ата заман данышпаны Қорқыт әлімнен құтылар шара іздесе, Асан баба бақилық өмір кешетін «Жер ұйықты» таңдаумең қайғы шеккен. Атақты Омар Хаям:

Жас та өтер, бірте-бірте кәрі де өтер, Баянсыз бұл жалғанның бәрі бекер [184.39], – деп өмір тұрақсыздығына налыса, Абай:

Дүние – үлкен көл
Заман – соққан жел.
Алдыңғы толқын ағалар,
Кейінгі толқын інілер.

Кезекпенен өлінер Баяғыдай көрінер, – деп өмір қағидасын дөп басқан. Әріптің де осы тізбектелген ұлылық ойлардан алшақ кетпегенін байқауға болады.

Дүние – қонып- көшпек фани сарай,
Бақи деп босқа алдандық мұнда талай.
Тірі өлер, жаңа тозар, жас қартаяр
Ойлашы, қайта келмек осы қалай.

Ақын әр өлеңінде өмір заңдылығын мойындап отырады.
«Ғапылдың тірлігі» өлеңінде:

Ғапылдың тірлігі бір күн мейрам, Өлместей өнер көріп салар сайран, – деген ақын бір күнгі тірліктің тәттілігін тілге тиек етеді.

Сыбызғы- сырнай қызық әлі- ақ кетер,
Білдірмей жүргенінде ажал жетер.
Бақи санап жүргенің бәрі фани,
Өкініш сонда қалар, өмір өтер.

Әріпке өкініштісі өмірдің қысқалығы емес, бостан-бос уақытын пенделік қарекетке жұмсағандарға, дүниеқоңыз тірлікке салынғандарға тыжырынады. Содан да ақын пенделік тірлік пен адамдық қасиеттің жігін ажырата сөйлейді. «Тіршілігі зиян болып, түк өндірмеген» бос кеуделерге айтары:

Қақтықпай қайрат барда өнер үйрен, Бүкжеңдеп көрінгенге басыңды имей. Дүние туралы өлең-дерінің негізгі айтар ойы да, ақтық сөзі де:

Тірлікте таза жолды білмек керек,
Зікір ғып адал жолда өлмек керек
Ғылымды танысын деп адам қылды
Дүниеге себеп үшін келмек керек.

Міне – адамның өмірге келгендегі ұстанар қағидасы, өмір сүрудің негізгі мақсаты. Осы тұрғыдан алғанда ақынның дүниетанымдық өлеңдері оның тағылымдық идеясына қызмет етуде. Өмір өтпелілігін әр өлеңінде ауызға алған ақынның айтар ойы, қалдырар өсиеті біреу:

Ананың тілі ортақ, ата қамқор,
Тәлім ал дүниеден солар көшпей.
Қазақтың қазынасы – мақал-мәтел
Ақыл сөзді білмеген қалар өспей.

...Тілің бай, көкірегің ояу болса Өтерсің дүниеден бейнет кешпей, – дейді «Дәл ертең өзгереді бүгінгі күй» өлеңінде. Алдымен ата-ана аясынан бастау алып, ел ішінің өнерін меңгеріп, рухани дүниеңді байытсаң, өмірдің мәні сонда. Өйткені дүние мәңгілік емес, ал мәңгілікке қалатын:

Тек қана Абай сөзі жарқырайды.

Су шәйіп, жел тисе де маздап өшпей, – деп ұлы ұстаз қасиетін ауызға алады. Әріп қай кезде де Абайды, оның асыл сөзін өзіне темірқазық етіп ұстанған. Өмірінің соңғы сәтінде де Абай сөзінің даналығына таңданып:

Жас өлімге тақалды,
Қарасам аппақ сақалды
Атадан алтау туса да
Бір жалғыздық бар деген,

Естуші едік мақалды, – деп толғанады. Кезінде, Абайдың қоршаған ортасынан омырыла жеріп, қатты күйініп айтқаны:

Атадан алтау,
Анадан төртеу,
Жалғыздық көрер жерім жоқ.
Ағайын бек көп,

Айтайын ептеп,
Сөзімді ұғар елім жоқ.
Моласындай бақсының

Жалғыз қалдым тап шыным, – деп торыққан ұлы ұстаз сөзін, Абай қайғысының түйнекті тұсын Әріп ақын демі үзілер шақта аузына тегін алмаса керек-ті.

Жалпы дүниелік темаға арналған өлеңдерінде ақын адамның жас ерекшеліктеріне аса зор мән берген:

Албырап өскен жігіттік,
Кәрілік жетіп улады, – деген ол «Кәрілікке» деген өлеңінде:
Жетелеп жетпіс алды, алпыс айдап,
Бекітіп қол-аяқты жіпсіз байлап, – деп жас шалағайлығына

шарасыздық танытады. Сондай-ақ:
Бәйшешек гүл дегенмен гүлдің бәрі,
Мезгілі өткеннен соң тартар сары.
Мәуесі жігіттіктің қуарған соң

Құр мұңды үйде отырған мен бір кәрі, – деп мойынсұнады.
Бұл құбылыс Шәкәрім өлеңдерінде де анық байқалады:
Қайратың қалың күнінде
Жас көңілге жарық бар,

Кәріде кемдік анық бар.
...Жастықтан қызық іс болмас,

Кәріде ақыл, күш болмас [185.29], – деп кәріліктен жиренеді. Әріп жастықты зарлы дауысты бұлбұлға баласа, кәрілікті жапалақ етіп символдайды.

Абай дүниетанымына тоқтала келе, ғалым Т. Жұртбай өлім құбылысы жайында былай дейді: «Абай – өлімді өлшеген тұлға. Өлімге соншама суық қарап, әр адамның қазасын таразылап, өлшеп отырған. Абай өзінің жан қуаты мен тән қуатының сарқылғанын дәл есептеп білген» [186]. Өлімнің Алла пәрменімен өлшеулі болатынын Әріп ақын да өз өлеңінде:

Өлімнің жанды затқа болмағы хақ,
Өмірге өлшеулі дем арналған шақ, – десе, енді бірде:
Қамданып күні бұрын жүрген жақсы,
Болжаусыз, демге қонақ ажал келмек, – деп өлімнен үрікпей

сөйлейді. Бұл – ақын кесектігі. Ұлы данышпан Монтень: «Өлімнің өзі – өмірден құтқаратын бостандық, сондықтан оған құшақ жая ұмтылу керек», – десе, Үнді философиясы Будда да: «Адамның тірі жүруі шындық емес, өлуі шындық», – деп өлімді ақиқат санаған.

Омар Хаям:
Өлімді неден қорқып жатсынамын?

Білемін о дүниенің жақсырағын [184.45], – дегені Абайдың «Өлмек үшін туғансың ойла, шырақ» деген қуатты ойымен тұжырымдалса, бұл жай ғана ұқсастық емес, өмір философиясын жете меңгерген әр заман данышпандарының ой ортақтастығы, таным тамырластығы. Сондықтан да Әріп те пенде атаулыға:

Өлмей тұрып өлік боп,
Өзіңді топырақ етпейсің, – дейді. Бұл айыбында данышпан-

дықтың бір ұшығы жатыр. «Өлмей тұрып өлуді» қытай даналығы да құптайды: «Шын дана өзінің ішкі тұжырымын санамен бекіткен кезде, бұдан хабары жоқ адамға олар тірі өлік боп көрінеді», – дейді Әріп:

Жаннан үміт үзген соң,
Өлімді достай сүйерсіз, – деп өлім құбылысын құбыжық көрмейді, қайта:
Өлімнен бұрын өлмей қамын ойла,

Сандалып аз өмірді босқа жойма, – деген оптимистік ой қорытады. Ақын өткен өміріне еш өкініш білдірмейді. Оның қайғысы басқада:

Адамзат гүл сияқты, аңғарамын,
Несіне кәріліктің шамданамын.
Не ғылым, не өнерден хабары жоқ

Кейінгі жас жігітке таң қаламын, – деген ақынды кейінгі ұрпақ тағдыры толғандырады.

Ақын өткінші дүние құбылыстарын жырлай келе, өмірдің мәні адамдық қасиетте деп түйеді. Адамзат қысқа өмірінде пенделік қарекеттен аса алмай, нәпісінің құлына айналады. «Нәпсіге» деген өлеңінде жалған өмірдің жылтырақ нәпсісі «Желілеп бие байлатып, төрт түлігін теңдетер» де, «асқар таудай мұнарлатып, асқақтатқан» да болады. Әйтсе де:

Жан көзің біткен соқырсың
Мысалы көпір үстінде,
Суға аққалы отырсың.
..Дүниенің қамы үшін,

Өртенесің, қайнайсың.
Басыңа ажал келген соң,

Бір-ақ күнгі ойбайсың. Міне – нәпсінің құлына айналғанның көрер тозағы. «Ғапылдық қараңғы жол адаспаңдар» өлеңінде осы ойын жалғайды:

Нәпсінің қаңбағы боп ұша берме,
Жаһаннам жер астында сақталасың.

Нәпсі – Алла жолын ұстанар адалдық пен адамдық қасиеттің жауы. Сондықтан да қу нәпсіні құртуға оған қарсы күш керек. Ақынның бұған қарсы пайдаланған күші – адам бойындағы иманы. Абай он екінші, он үшінші қара сөзінде иманға толық түсінік берген. Абайдың иман туралы ойлары Әріпті айналып өткен жоқ. Ақын «Иман туралы» деген өлеңінде:

Ей, ғапыл, иман деген шынға нанбақ,
Шындықты нысап тұтып, көңілге алмақ.
Жүректі адалдыққа анық байлап

Тартынып арамдықтан таза қалмақ, – дейді. Абай шын иманды сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек десе, Әріп:

Осындай шын ниеттен қылсаң зікір,
Жүрекке тұтпақ керек шындық пікір,
Жолынан әділеттің айнымасаң

Иман деп соны айтады сансыз шүкір, – деп иманды бар жақсылық қасиеттердің жиынтығы етіп көрсетеді. Т. Жұртбай: «Иман – адамгершіліктің, танымның, білімнің, тұрақтылықтың, рух жақындығының нысаналы нысанасы ... Өйткені иманың өзгерсе – дінің, дінің өзгерсе дүниетанымың өзгереді. Таныммен қоса сенім де, сенімге орай дәстүр де, дәстүрге сай тәрбие де өзгереді» [187], – дейді. Әріп Тәңірбергенұлы дүниетанымы терең. Өткінші дүниенің мәнін аша келе, ондағы адам орнын ерекше нысанаға алады. Өмір сүрудің негізгі факторы адамның рухани дүниесінде, адамдық қасиетінде екенін ақын осы өлеңдерінде ашып көрсетеді. Оның дүниетанымдық өлеңдерінің негізгі түпкілікті ойы адам тәрбиесінде жатыр. Ақынның дүниетанымдық поэзиясы тек өмір-дүние жайындағы философиялық ой-толғау ғана емес, заманын, заманға сай адамын ізгілік жолға жетелер тағылымы мол дүние. Сондықтан да дүние тынысын терең ойшылдықпен пайымдаған, замана құбылысына қырағылықпен қараған Әріп Тәңірбергенұлы – ақындық арнадан асқан данышпандық әлемге жақын тұлға.

АЙТЫСТАРЫ МЕН СӨЗ ҚАҒЫСТАРЫ

Әріп Тәңірбергенұлының ақындық қуат, ой тереңдігінің, сөз салымының, бір сөзбен айтқанда, суырыпсалмалық өнерінің бірден-бір куәсі – оның айтыстары мен сөз қағыстары. Ақын мұрасының тағы бір қырын қамтитын бұл сала Әріп ақындығының аламан тынысын таныта түседі. Айтыс өнеріне әдейілеп бет бұрмағанымен, Әріптің айтыс-қағыстары – тақырыптық тұрғыдан тың бағыт алған, өзіндік соны нақышы бар ерекше дүние. Әріп – негізінен жазба ақын. Әйтсе де, табан астында суырыпсалма өнерге тым шебер, айтыс табиғатына бейім. Сондықтан да оның айтыстары жазылып та, реті келген жерде тосыннан суырыпсалма күйде де туып отырған. Әріптің алғашқы айтыс-өлеңдерін Көкбай естелігінен кездестіреміз. Ол заңды да. Ақын айтыстарының бізге жеткен ең көлемді де, көрнектісі – өзінің нағашы туысы, әрі сыйлас досы Көкбаймен болған айтыстары. Көкбай: «Әріп екеуміз құрбы болатынбыз. Кездескен жерде әрқашан бірер ауыз өлеңмен жанасып қалатынбыз» [74.161], – деген сөзіне қарағанда, бүгінгі ұрпақ екі ақын арасындағы асыл сөз жарыстарының бір үзімін ғана ұстап қалғанға ұқсайды, Әріп айтыстарына ғылыми түрде тоқталған Ө.Есназаров: «Әріп поэзиясының басқа жырларымен бірге осы айтыс жанрына да шын құмарта қараған, белсене араласып отырған. Бірақ Ә.Тәңірбергенұлының айтыс өлеңдерінің көбі сақталмаған. Әзірге қолда бары Көкбай, Қаумет, Қуанышбай тәрізді ақындармен айтысы, Әсет, Сәдір, Бейсеке сияқты ақындармен сәлемдесу үстінде туған қалжың өлеңдері ғана бар. Бұл аталғандардың ішінде кейбіреуі толық емес» [18.15], – деген қынжылыс білдіреді. Сондықтан да біз ақын айтыстарының осыншалық жұтаңдық жайын ескере отырып, қолда бар деректер мен кей тарихи мұраларды кірістіріп, ақынның айтыс-қағыстарын кеңінен сөз қылуға тырысамыз.

Жоғарыда атап өткеніміздей, ақынның ең көп саналатын айтыстары Көкбай ақынмен болған. Олардың алғашқы айтыстары екеуі де Семей қаласында орысша оқуда жүргенде басталған. Айтыс табиғатына келсек, екі ақын арасында ешқандай зіл, ауыр сөздер жоқ, керісінше, айтыс негізінен әзіл-қалжың, шымшыма, қисынды қағытпадан аспайды. Жалпы, Әріп пен Көкбай айтыстарының өз еңбегіне енгендеріне Қ. Мұхамедханұлы барынша толық түсініктеме жасап, әдеби тұрғыда талдаулар берген. Сондықтан да біз зерттеушілер қозғамаған кейбір жайларға тоқталып, Әріптің айтыс өнеріндегі ақындық қуатын айқындай түсейік. «Бұрынғы халық ақындарының айтысынан сонағұрлым жоғары, қисынды, көркем болып келеді» [33], дегенмен, Әріп пен Көкбай айтыстары да алғашқы кездерде «өз руын, болмаса руының адамын көтермелеумен болды» [25]. Көкбаймен алғашқы айтыстарының бірінде Көкбай Найман еліне соқтығып, сол елден Семейде оқып жүрген Сымайыл, Шәкет және Әріптің өзіне соқтыға сөйлейді. Әріп оған жауабында:

Бұл жерде Найманды айтып жамандауға, Сымайылдай алдырар жаман дауға, – дей келіп, надандық Найман ғана емес, Тобықтыны да жайлаған қасірет екенін тілге тиек етеді. Көкбайдың:

Енді бірі оқып жүр Шәкет жынды,
Үйінде Айтқазының ол не қылды?
Әйтеуір құрбылықтың жөні осы деп

Жас баладай шымылдыққа сиіп тынды, – деп сөккен сөзіне
Әріп:
Шәкеттің шымылдыққа сарығаны,
Айтқазыға бір қыдыр дарығаны.

Белағаштың болысы мәстек жеккен

Бұдан былай ауы атқа жарығаны, – дейді. Байқасаңыз, Әріп Сымайылдың надандығын мойындағанымен, Шәкетті қорғап, тіпті көтере сөйлейді. Өмірінде Әріп пен Шәкет таныс-біліс, сыйлас адамдар болған. Кейіннен Шәкет құдай жолын ұстанып, Меккеге барған, қажы атанған адам. Қ. Мұхамедханұлының «Абайдың ақын шәкірттері» кітабындағы (ІІІ-кітап) «Жаналинға» деген өлеңі – Әріп пен Шәкеттің аралас-құраластығын қуаттайтын шығарма. Осы өлеңнің шығу тарихына тоқтала келіп Қ. Мұхамедханұлы: «Шәкет Әріппен құрдас. Екеуі қатты қалжыңдасатын болған» [75.113], – дейді. Өлеңнің шығу тарихы да осы құбылысты көрсете алады [қараңыз: 75.112]. Осы арада Шәкет қажының өмірінің соңғы жылдарына көңіл қойсақ, Шәкәрім қажы тағдырымен түйісіп жатыр. Шәкәрім Құдайбердіұлының өліміне куәгер болған, сол кездің қатарындағы милиционері М. Түңілікбаевтың айтуынша: «Кеңес үкіметінің қасақана қысымына қарсы болған Шәкет қажы 1930 жылы елін бастап көтеріліске шығу ниетімен Шәкәрінен бата сұрай келеді. Дегенмен саяси салқынның ызғарын терең түсінген Шәкәрім бұл қантөгіске қарсы болады» [188]. Шәкет қажы өмірінің соңғы сәттеріне куә болған тағы бір милиционердің естелігіне құлақ қойсақ: «30 жылдары Абыралы- Сарытау жерінде 200-250-дей халық жазықсыз қырылды. Сол қырғын кезінде ерекше бір адамның тағдыры әлі есімнен кетер емес. Екі милиция алпыстың ар жақ бер жағындағы бір қарт адамды милиция бастығы Есбай Бекқожинге алып келді. Алып келген екі милиция қызметкерлерінің қартты жақсылап тұрып соққандары айтпай-ақ белгілі болып тұр. Бетіндегі қамшының осып өткен жерінен қан тамшылайды...Қартты алып келген екі милицияның бірі: «Мына шал, мені Бекқожинге алып барыңдар, мені сол атсын деп сұраған соң тілегін орындап өзіңе алып келдік», – деп әлгі қартқа қарады. Қарт әлгі сөзден кейін еңсесін тез көтеріп: «Қарағым, Есбай, менің атым Сыбан Шәкет қажы. Тобықты мен Сыбан іргелес, бір құдықтан су ішіп, бір төбені бөліп жайланған ел еді. Мені Семейдің орыстары атсын, Семейдің түрмесіне жібер, сенен сұрарым осы ғана», – дейді. Есбай айдап әкелген екі милицияға мына кісіні ұрмай -соқпай Семей түрмесіне апарыңдар деп қағаз жазып берді. Одан кейін ол қарт туралы еш хабар білмедім» [189]. Естелік сөзі кезінде Әріп пен Көкбайдың айтысында сөз болған Шәкет қажы өмірінің соңы қаншалықты қасіретке айналғанынан хабардар етеді. Әріппен сыйлас, дос болған адамның туған халқы үшін басын оққа байлап, құрбан болған Шәкеттей өр тұлғаның тағдырын таныта түседі бұл естеліктер.

Әріппен айтысында Көкбай көбіне ата қуып, рушылдыққа салмақ сала сөйлейді. Тобықтының белдісі Айтқазының шашбауын көтере мақтап, Сыбанның жуандары Өзбеқан, Жұмақан, Серікбай қажыларға тиісе сөйлейді. Қақтығыстың аяғында Көкбай Абайды алға тартып, Әріптің алдында бағын асырады. Өз руының ұранын шақыра, ата қуа айтысқан екі ақынға бір кездерде Абай да төрелік айтқан. Бұл айтыс турасында Көкбай естелігінде толық бар [қараңыз: 61.134-145]. Айтыста:

Найманшам, адырайма кеуіп-пісіп, Ежелден Арғын аға, Найман кішік, – деп ата аруағын шақыра сөйлеген Көкбайға Әріп:

Арғынға Көкше сенен Қызай жақын Ата қумай түзей бер өз бетіңді, – немесе, Тіпті Тобықты Арғын емес, Көкше тұрсын,

Ата қуып қайтесің өзің жүрсің, – деп ата жолын ұстана сөйлеген қарсыласына адамдық биіктен қарайды. Екі ақынның айтысына берілген мына бір пікір де шындықтан шалғай жатқан жоқ: «Көкбай ақынның сөздерінде... шыққан руы мен ата тегін мақтан ету де, ру, ата атынан сөйлеп жол алу да бар. Әріп бұл жерде руға да, атаға да табынбайды, әділетке, адамгершілікке сүйенеді» [75.174-175]. Десек те, кезінде айтылған бұл пікір тым біржақты. Әріп мүлде ата атынан сөйлемейді деуге болмайды. Екі ақын да өз руының шашбауын көтерер айтыстарының бірі – «Сыбанның Торғай шалы қаны сұйық» деп басталады. Сыбанның Торғай деген мықтысын қырына ала сөйлеген Көкбайға берген жауабында Әріп:

Ағамды не демейді көрмеген ел,
Бағына бағы теңдес келмеген ел.
Қайта тірі Торғайды қойып жүр ғой

Қадірін Құнанбайдың білмеген ел, – деп жақсысының қадірін білмеген елінің нашарлығын Көкбай алдына көлденең тартып, ұтымды жауап қайырған екен. «Жақсының жақсылығын айт» дегендей, Торғайды қорғап, Құнанбайды қолдап сөйлеген Әріп сөздері кеңестік кезеңде бұрмаланып, «Әріп...Торғай мен Құнанбайды үлкен кекесінмен өлтіре соғып отыр» [16.204], – деген көпе-көрнеу қиянатқа да ұрынып жатты.

Қай айтыс болмасын, сөз жарысы, өлең өнерінің сынасуы болғандықтан, бір ақын жеңіп, екіншісі ұтылуы – заңды нәрсе. Кей тұстарда бұл құбылыс айқын көрінбегенмен, бірінің сөзден мұқалғанын айтыс табиғаты-ақ анықтап береді. Осы құбылысты бізге толық жетпеген «Көкбай, Әріп, Боранбай» айтысынан анық көруге болады. Айтыстың шығу тарихына Қ. Мұхамедханов өз еңбегінде тоқталғандықтан [75.174], біз бірден айтыстың ішкі табиғатына көшейік. Көкбайдың:

Тобықты ежелден-ақ аты шулы,
Анасы жерігенде ішкен уды.
У құдықтан жерігі қанғаннан соң

Тұқымы тентек болып содан туды, – деген сөздерін дөп басып, қапысын тапқан Әріп:

Шешеңді затты болсаң неге сөктің,
Орны жәннәт деуші еді ұлы көптің.
Жерігі удан қанған долы еді деп

Кемпірдің абыройын жерге төктің. Қапылыста айтылған сөзден қарсыласының осал тұсына шүйліккен Әріп жараны қансырата қажай түскендей:

Сенің атаң Арғынның келімсегі,
Өзі бай ешкімге жоқ берімсегі.
Өлген, кәрі шешесін жамандайды
Секілді бейне өзінің келіншегі. Мұнымен де толастамайды:

Балаға ата-ананы сөкпек обал,
Не айтар ең тіріліп кеп, десе «жоғал»,
Нағыз Арғын шешемен ойнамайды

Белгісі келімсектің қандай доғал. Көкбайдың уға жерік шешені тілге тиек еткен осы бір сөзіне сұқпалай тиіскен Әріп, әр айтыста тілге тиек етіп келе жатқан Тобықтының Арғынға кірме, келімсектігіне апарып тірейді. Қарсыластың ұрымтал тұсын тапқан Әріптің қарымтасы ұғымды еді. Осы бір Әріптің Көкбайды сан қақтырған оңтайлы тұсы жазушы Т. Қызыровтың көркем шығармасына да әсерлі арқау болған [қараңыз: 190.77-84].

Айтыста осылардан кейін сөз алған – жас Боранбай. Тобықтының тұлымын көтере сөйлеген ол Найманның атасыздығын айтқан Абай сөзін Әріп есіне салып өтеді. Дегенмен аталарын ардақтаған Көкбайдан мұқалмаған Әріпті Боранбайдың да сүріндіруі екіталай еді. Боранбайға Әріп:

Торғауыт олжа Мұңал, атаң Қалмақ,
Қай тексің Тобықты боп намыс алмақ.
Мажуси маңғұл еді төртінші атаң
Санасы бар жігітке бұл да салмақ.

Қарсыласының ата тегін терең білген Әріп алдында Боранбайдың да шикілігі ашылып қалады. Аңдамай сөйлеген жас ақынды сипай соққан Әріп:

Сандалмай Қобадағы жеріңе бар,
Қымбатшылық емеспін қалмаққа зар.
Тойған жерден ит кетпес дегендейін

Сабауға бұрынғыдай заман да тар, – деп сөзін тамамдайды. Әрине, Көкбаймен өмір бойы сөз жарыстырып өткен Әріп үнемі қарсыласынан биік түсіп отырды деуге келмейді. Осы арада мына бір қария мен немере арасындағы болған естелік-әңгімеге құлақ түрейік: «– Ата, біздің Әріп ақын Көкбай ақынды жеңді ғой, рас па? – Жоға, адам қысқа өмірінде бір терінің ішінде үш арып, үш семіреді дейді. Соған қарағанда қапелімде тіліңді буатын айтыстың аты айтыс емес пе, ...сыпыра жеңді дегенді өз басым естіген жоқпын. Тобықты ішіне бара қалсаңдар Әріптің де жеңілгенін естисіңдер. Сол елдің қарттарымен сөйлескенде, Көкбай қыдырып Ащысу бойындағы Әріптің ауылына барады. Сол кезде ат ұстауға жарап қалған Әріптің балаларына Көкбай ақынның көңілі толмаса керек.

Әреке, басың алтын, бөксең мырыш,
Тумапты сенен жақсы бала дұрыс.
Қатын алып не керек бейқайрат боп

Балаларың өңшең бір нәкүріс, – деп жеңіпті. Әріп үндемей мойындаған көрінеді айтуларынша... Бірақ айтыста сөздің көбі дау үшін айтылады дедім ғой, не құранды сөз болады. Өйтпесе, Әріп балаларын өздерің көріп жүрсіңдер атағы алысқа шықпаса да, қатардан қалғанын көргенім жоқ» [153.44], – деп сөзін аяқтайды. Сөзбен сүріндіріп, қарсыласын жеңу – ол айтыстың бір ғана қыры. Ақын айтыстарында ел ішінің тынысын танытар әлеуметтік мәселелер қозғалып, айтыс желісі тағылымдық мәнге ие болып келетін тұстары да аз емес. Ақын жинағына да, Қ. Мұхамедханұлы еңбегіне де (Абайдың ақын шәкірттері) енбей қалған төмендегі сөз қағыстарына тоқталып кетейік. Ел жуандарының қылығын бетіне баса сөйлеген екі ақын сөз жарысына көз салсақ: «Белгібайдан соң Көкшенің жуаны – Қаракүшік Балтай. Өз деңгейінде байлыққа да, билікке де ие болған. Архат съезінде Абай алдында Көкбаймен айтысқан Әріп ақын:

Тоқа менен Нұртай,
Шіркіндердің қырты-ай
Осы екеуін би қойған

Қайран ғана жұрт-ай! – дейтін Нұртай мен Тоқа осы Қаракүшік Балтайдың атқамінерлері. Көкбайдың соған орай:

Нұртай менен Тоқа жүр қарым алып-ақ,
Енді топқа келмеске қарғанып-ақ.
Торғай топтан қалмайды тоқсандағы

Тозаққа туған екен қарғанып-ақ, – депті. Торғай – Сыбанның белгілі ру басы, Әріптің туысы» [191]. Ел арасындағы билеуші топтың әділетсіз әрекетін әшкерелеуде екі ақын арасындағы айтыс заңдылығы сақталмай, көбіне бірі екіншісінің сөзін іліп әкетіп, қостап, қолдаған да. Мырза Мамай еліндегі Бөгей балалары (Абыз, Мыңға, Қоқан, Олжабай) шетінен барымташы болып, елінен қашып, Зайсан, Тарбағатай елінде бой тасалап Мұрын Шерубай, Тана деген байлардың ауылында төртеуі сопы, молда, балгер болып, ең кішісі – Олжабайды өздеріне атқосшы етіп жүреді. Сол елге серілік құрып барған Әріп пен Көкбай солардың ауылына келеді. Амандаса отырған Әріп:

Қоқан – сопы болғанда, Абыз – мырза,
Олжабай шыға алмастай шыққан шыңға.
Сәруәри кадинаттан пайда болған
Қайран сәлде қор болды-ау пұшық сұмға, – дегенде, Көкбай

тұрып:
Әріп, сен не қыласың Мыңғаны айтып,
Шыдайды сөздеріне Абыз қайтіп.
Қоқанға сәлде ораған ұнамай тұр

Қайтесің Олжабайды көп мұңайтып, – деген ащы мысқыл-ды Әріп қайта іліп әкетіп:

Қашпасын олай болса ауылынан,
Шыңғыстың қорқып жүр ме дауылынан.
Өздері сотқар, бұзық адамдар ғой

Алыпты әділ жаза бауырынан [192.532], – дейді. Әріп пен Көкбайдың сөздері құлақтарына тиген жапа шеккен елдің болыстары әлгілердің қылмысын мойындарына қойып, шығынан төлеткен екен. Демек, екі ақын арасындағы сөз қағыстарының өзі заман ағымына икемделе, ел ішіндегі әлеуметтік жайларға өз әсерін тигізіп отырған.

Ажал алдында жатып, аузынан өлеңін тастамайтын ерекше қасиет – қазақтың ғана маңдайына жазылған ғажаптық. Ақтық демі үзілер шақта өлеңмен өткен ақындар аз емес. Бір ғана Әсет пен Кемпірбайдың қоштасуы неге тұрады. Өмір бойы төс қағыстырып, сөз жарыстырып өткен Әріп пен Көкбайдың соңғы кездесуінде қоштасу айтысы куә. Бұл айтыстың толығырақ нұсқасы «Сөз тапқанға қолқа жоқ» жинағында жарияланған. Өмірден аттанар сәтінде көңілін сұрай келген Көкбай құрбысына:

Хәлімді біле келген, Көкбаймысың?
Артымнан өліп қалсам, жоқтаймысың.
Сөзіңді сенің айтқан кешпей кетсем
Өлген соң сүйегімді соттаймысың?

Өлмейтін ұзақ өмір сен-ақ жаса
Өлсең де қияметке соқпаймысың.
Мен кеттім дүниені саған тастап,

Осымен артты қысып тоқтаймысың, – дейді соңғы демі таусылар шақта да әзілі бір сәт толастамаған Әріп ақын. Көкбай:

Бақыл бол, қолыңды әкел енді, жиен,
Ақыреттік сапарыңда жеңдің, жиен.
Қарағым, жадыраушы ем көргенімде

Мұң айтар кісім де жоқ қалдым иен, – деп бақұлдасады.
Ақырет алдында жатқан Әріптің:
Келерсің сен де бір күн әмір етсе

Уақытша қалып тұрсың бүгін, Көке, – деген ақтық сөзінен кейін Көкбай да көп кешікпейді. Ұлылар жаны араға жыл салмай бақилық өмірде қайта қауышады.

Ақын қуатының ақтық күші арнасынан асып, көңіл шерінің ағытылар тұсы да өмірінің соңғы сәті. Әдебиет және Өнер институты қолжазбалар қорындағы «Әріп ақынның ақырғы сөзі» [193] деген дерекке көз салсақ: «Найман Әріп ақын қайтыс боларынан үш күн бұрын ағайын-туыстарымен қоштасыпты. Ең соңында алыстағы досы Жәкей ат сабылтып келіп, кешу сұрағанда:

Келдің бе, Жәкей досым құстай сайрап,
Басымда ажал отыр тісін қайрап.
Сұраған төрт арысқа түгел сәлем

Бәріңде қалдың міне көзің жайнап, – депті». Осы іспетті қоштасу өлеңдері ақын жинағында, Қ. Мұхамедханұлы еңбегінде де бар.

Әріп ақынның бізге жеткен көлемді де, көркем айтыстарының бірі – Тобықты елінің ақыны Қуанышбаймен айтысы. Қуанышбай – «Тобықты руынан шыққан Абай заманындағы айтыс ақыны. Қуанышбай ақынның шығармашылық мұралары толық сақталып жетпеуі себепті әдеби дарынына толымды баға беру қиын. Алайда алқалы бір жиында Найман елі ақынымен (Әріпті айтып отырса керек – Б.Е.) айтысқа түскенінен жазылып қалған өлең жолдарына сүйенсек, рулық салт-сананы көбірек ардақ тұтатыны белгілі болып отырады» [73.17], – дейді зерттеушілер. Тегінде, «Біржан мен Сара айыспаған, айтысты шығарушы тек Әріп» дейтіндердің арқа сүйейтін негізгі дерегі де осы. Өйткені Әріп пен Қуанышбай арасындағы айтыс тақырыбы да тікелей «Біржан-Сараға» қатысты. Б. Кенжебаевтың дерегінше: «Әріп пен Қуанышбай бір-бірімен хат арқылы айтысқан» [39.209]. Айтыстың «Біржан-Сараға» байланысты жақтары еңбегіміздің алдыңғы тарауында сөз болғандықтан, айтыс табиғатына бірден көшейік. Қуанышбай Әріптің оқудан қуылғанын тілге тиек етіп, Тобықтының тоқымын көтере мақтауға көшеді. Құнанбайдың байлығын, Абайдың ел ішіндегі зор білімі мен атақ дәрежесін асыра сөйлейді.

Соларға тіл тигіздің сайтан доңыз, Жарайды бақсы болып алсаң қобыз, – деп сөгеді Әріпті. Ата қуған Қуанышбай сияқты Тобықты ақындарына Әріптің оңтайлы жауабы біреу:

Далаға жанған оттай бос шалқымай,
Әуелі Арғын болшы анық туып.
Анық Арғын болмайсың жалғастырсаң,

Құл-құтан сүйегіңді алмастырсаң, – деп қарсыласының шаталығын айта келіп, Тобықты елінің адамсыздық әрекетін: Құрысын қастық қылған дәулет масың,

Ит елсің сыйламайтын кісі басын.

Сол сияқты Абайды Нұрғазы ұрды Болған соң жын-перуана кәрі-жасың, – деп Абайға таяқ жұмсаған елдің қасиетсіздігін әшкерелеп береді. Сондай-ақ «Біржан-Сарада» Абайға айтылған сөздерді мойнына алып:

Абайды ұнасады мақтағанға,
Болат қой екі жүзді сақтағанға.
Алтынға дым тисе де қараймайды,

Жұдырық хан артынан боқтағанға, – деп Абай ұлылығына бас иеді. Сөз аяғында:
Ойнама Қуанышбай меніменен,
Сөз білсең сөйлеу керек жөніменен.
Бәрің Абай болмайсың көп бұралқы ит

Ит әуре бола ма екен сеніменен, – деп салмақты сөзбен қарсыласының мысын баса тоқтайды. Бір сөзбен айтқанда, «Әріп пен Қуанышбай айтысы» – «Біржан- Сара айтысына» Әріптің тікелей қатысын аңғартатын құнды тарихи дүние.

Ақынның әдеби мұрасынан хабардар ететін сөз қағыстарының бірі – әйгілі Әсет ақынмен қағысуы. Бізге жеткені бір- бір ауыз сөзбен қайырылған бұл мұра бұдан гөрі молырақ болуға тиіс. Әсет:

Байғара он жеті ақын сенен шықты,
Тау мен тасты мақтауға Әріп мықты.
Өлтірдің «Баһрамда» жеті ханым

Дарынды ақын демеймін сені тіпті, – деген жолдарға сүйеніп, Қ. Мұхамедханов Әріптің «Баһрам» дастанын жазғанын айтады. Осы қағысуда Әріптің Әсетті түйреген тұсы:

Әкең Найманбай базарда шақша сатқан, Харакеті жоқ па екен онан өзге, – деген жері. Әсеттің осы бір осал тұсы – әкесінен келе жатқан кедейлігін, онымен айтысқан Кәрібай, Ырысжан сынды ақындар да қапы жібермеген. Ақынның осындай екі-үш ауыз өлең қағыстары Бейсеке, Сәдір сияқты ақындармен болған. Әріппен айтысқан Сәдір ақын Сыбанның Ергөбек тармағынан тарайды, Әріптің аталас туысы. Өзбеқан мен Жұмақан деген ауқатты ағайындардың араздығына Әріп себепке дегенді естіп, Сәдір ақын:

Ассалаумағалейкум, Әріп сайтан,
Әріпті аз жамандап барып қайтам,
Өзбеқан, Жұмақанның арасына

От жақтың әр уақытта анық сайтан, – деп соқтыға келеді.
Әріптің де қарымтасы салмақты еді:
Уағалейкумассалам, Сәдір сайтан,
Несие емес, қолма-қол әзір сайтан

Қыздырма қызыл тілмен қыз өлтірген

Сен қашан танушы едің қадір сайтан, – дегендегі «Қыздырма қызыл тілмен қыз өлтірген» деген бір ауыз сөздің тарихы тереңде жатыр. Осы арада Қ. Мұхамедханұлының осы жолдарға берген түсініктемесіне көңіл бөлейік. Зерттеуші пікірінің жалпы мазмұны былай болып келеді: « Сәдірдің бір ағайыны Мәмбетжан деген байдың сұлу да ақылды Мәке деген қызын Сабырбай ақын өзінің Жақып деген мінезсіз де, сүйкімсіз ұлына айттырады. Жақып бір кездескенде Сәдірді көзге ілмей, қатты тілдеп кетеді. Сәдір:

Баласы Сабырбайдың қара Жақып, Жақсыдан жаман болып туған тантық, – дей келіп, оның Мәкедей сұлуға тең келмейтінін:

Қарағым, айналайын, қайран Мәке,
Құрбыңнан артық едің дара, жеке.
Түр де жоқ, ақыл да жоқ, мінез де жоқ,

Кез болды ау, маңдайына қара теке, – деп басталатын ұзақ өлеңі елге жайылады» [50]. Жақып осылай масқара болса да, қыздан күдерін үзбейді. Қызды көндірмек болып, арсыздығына басып тағы бір оғаш мінез көрсетеді. Бір күні түнде қыздың жатқан үйіне ұрланып кірген Жақып, Мәкенің маңына жолай алмаған соң, «әйтеуір бір белгісі болсын» деген жаман оймен Мәкенін аяқ киімін ұрлап кетеді. Ол аяқ киім Мәкенікі емес, қыздың шешесінің мәсісі болып шығады. Жақыптың осы дөрекі қылығын әшкерелеп, сайқымазақ еткен Сәдір:

Жақыптың сырты толық денесін-ай,
Өзінше ойлап тапқан егесін-ай.
Мәсісін енесінің ұрлап кетіп

Шіркіннің енесімен егесуі-ай, – дейді. Өлең елге тарап, жалғыз Жақып емес, Сабырбай, Мәмбетжан ауылдары ел алдында масқара болады. Бұл уақиға әсіресе Мәке қызға айықпас қайғы-қасірет әкеледі... Құдандалы екі ауыл сергелдең болады. Ақырында қызды Жақыпқа қосып, ұзатуға бел байласады. Жақыптың тірі құтылмасына көзі жеткен ер мінезді, қайсар қыз желбауға асылып өледі» [50]. Ал Ғылым академиясы кітапханасының қолжазбалар қорындағы Қапаш Ысқақов берген түсінік сәл басқаша: «Сәдір өз елінің Өзбеқан деген байының бойжеткені қойшысымен ойнайтын өсегі бар деп елең шығарыпты-мыс. Осыны естіген қыз ызаға шыдамай өліп кетіпті» [194], – деген түсінік тым жадағай айтылған, Қ. Мұхамедханұлының дерегімен салыстырғанда жұпыны тартып жатыр. Айтыстағы Әріптің Сәдірге:

Қу тіліңді тимайсың кетпеген соң,
Іздегенің бір тиын шеттеген соң.
Семейді сол себепті жүрсің қимай

Мұнда да қол қайыры көп деген соң, – дегені жоғарыдағы оқиғадан кейін ел жуандары ауылға сиғызбай елінен безіп, қалада өнерімен күн көріп жүрген Сәдірдің жайын аңғартады. Жинақтарда жоқ Әріп сөз қағыстарының бірі Құсайын ақынмен болған. Әріп ақынның «Ұмытпаңыздар мені» жинағына осы Құсайын ақынның, жаңағы Сәдір ақынның өлеңдері абайсызда Әріптікі делініп еніп кеткендігін алғашқы тарауларда сөз еткен болатынбыз. Құсайын, Егізбаевтың айтуынша: «Бүкіл Мұрын еліне аса ықпалды би, асқан шешен, суырыпсалма ақын бұл кісіні бүкіл бірнеше болыс Мұрын, тіпті Қаракерей бас қосқан жиында сөзден сүріндірген бір пенде болды деп айтпайды» [48], – деп аса жоғары бағалайды. Екеуінің сөз қағысына көңіл қойсақ, Құсайынмен араз болып жүрген аталас туысы Мұқыш болыс бірде Әріптің үйіне Құсайынды ерте барады. Мұқыш – Әріптің таныс-сыйлас адамы, ал Құсайынды естігені болмаса көруі алғаш. Құсайын денелі, зор кісі де, Мұқыш аласа бойлы шағын адам болған. Әріп осыны тілге тиек ете, Мұқышқа қарап:

Еліңде ұзын да бар, қысқа да бар,
Талай өрнек салатын ұста да бар.
Осындай қолың жеткен заманыңда

Досыңды дұшпаныңнан нұсқалап ал, – дейді екеуінің араздығын әдейі сездіріп. Сөз астарын түсінген Құсайын іркілместен:

Сен мені танымасаң жай танырсың,
Жегеннің ішін бұзған май тарысың.
Ағайынды кісіге өсек айтқан

Адамның әбужаһил сайтанысың, – деп жауап қайтара келіп, ары қарай:
Сенбісің аты шыққан Әріп қыран,
Байысқа ақындықпен болдың ұран.
Төстен қашқан түлкіні көзі көрмей

Ауылда итке түскен ата мұраң [48], – деп өз туысына залалын тигізген Әріп аталарының бір қылығын еске салса керек. Аталарының келеңсіз ісі Әріптің тілін осылайша байлаған екен. Жұрнағы ғана сақталып жеткен осындай сөз қағыстары әр жерде әртүрлі болып айтылып жүр. Қ. Егізбаев келтірген Құсайын мен Әріптің екінші бір сөз қағысындағы Құсайынның:

Белгілі бес Байысқа Әріп едің,
Төрт бұрышын төңіректің шалып едің.
Алматы, Қытай, Тәшкен түгел барып

Сен қашан бүйірің шығып жарып едің, – деген жауабы Ғ.Шөкімұлының «Әріп пен Омардың айтысы» [қараңыз: 108] деген айтыс нұсқасында, сондай-ақ «Омардың Әріпті мақтауы мен жамандауы» [қараңыз: 171] деген өлеңде Омар ақынның сөзі болып айтылады.

Енді Әріп пен Омар ақын арасындағы айтыстың ақиқатын ашу үшін мына жайларға тоқталып өтейік. Ақынның «Ұмытпаңыздар мені» жинағындағы «Әріп пен Қаумет айтысы» жаңағы Семей қаласының Абай мемлекеттік қорық-мұражайы қолжазбалар қорында сақталған. Ғ. Шөкімұлының нұсқасында біраз өзгерістермен «Әріп пен Омардың айтысы» [қараңыз: 108] ретінде жазылған. Ал Ғылым академиясы Әдебиет және Өнер институты қолжазбалар қорында бұл айтыстың жеңіл-желпі өзгерген нұсқасы «Әріптің Изембайға айтқаны» [қараңыз: 195] деген тақырыппен сақтаулы. Үш нұсқадағы Әріп сөзінде көп өзгеріс жоқ, тек екі нұсқадағы Әріптің «Изеке-ау, қайда кетті Күнікейің» дегендегі Изеке (Изембай – Б.Е.) «Әріппен Қаумет айтысында» «Қаумет-ау» деп ауысқан. Сондай-ақ «Әріп пен Қаумет» нұсқасында жоқ:

Қозғалмай отырмысың хан тағыңда, Таңсықтан жесір алдың бұл шағыңда. Қанға тойған төбеттей аз ұлығып

Ханшаң жайнап тұл қалды оң жағында, – деген Әріп сөзі кездеседі. Керісінше, Қауметпен айтысында айтылатын кей шумақтар Омармен айтысында жоқ. Қысқасы, екі нұсқа бірін-бірі толықтыра алады. Әріп қарсыласының сөздері «Әріп пен Омар» нұсқасында біршама толық. Төмендегі жолдар «Әріп пен Қаумет» нұсқасының жарым-жалғасындай.

Әреке, ол күнде болдың көсем
Сөйтсе де ат-көлігің емес есен.
Несіне көрмегендей мақтанасың
Не іспен келді сайтан Кәукен шешен.

Әуелі сенің атаң қатын алған Қатыннан жерің бар ма қапы қалған, – деген жолдар айтыс сырын ұғындыра түседі. Аталас туыс болса да, ішкі атадан бөлінетін Әріп пен Омар енді өз ауылының атынан сөйлейді. Омардың мына бір сөздері осы құбылысты байқатады:

Әреке-ау, ойда бар ма Арыстанбек,
Ақшаны көп табасың алыстан кеп.
Аузында Олжайыңның бір тісі бар ма
Кәрілігі Нұрқазақтан қалысқан жоқ.

Туыпты Олжай асыл шеңбер тістен
Құрманбек билік айтар кеуде күшпен.
Қасына Қонғазағын ертіп алып

Ел қыдырып сандалып, бала пішкен. Бұл «Әріп пен Қаумет» нұсқасында жоқ. Екі айтысты салыстырып қараған адамға «Әріп пен Омар» нұсқасы кейінгісінің толыққан түрі екені бірден байқалады. Ал «Әріп пен Омар айтысындағы» Омардың Әріпке айтқан мына бір сөздері «Омардың Әріпті мақтауы мен жамандауындағы» қайырымдарын қайталайды:

Күйіңді қыйсындатып тапқан жанға
Бір күнде қыдыр болып дарып едің.
Қисайып, қырын қарап кетсең егер,
Қалың өрт қаулақ жерге салып едің.

Салса ауырлап алды деп жеңіл жүрмес
Аяғыңды аңдап басқан нарым едің.
Келсе бай, боп кетті деп кедей болмас
Жаралған бір қилы боп жаным едің.

Болғанда сыртың – дүлдүл, ішің – бұлбұл, Ұқсаған бейне алтынға сырым едің.., – деген сияқты Әріп тұлғасын сомдап көрсетер шумақтар жолма-жол сәйкестік тауып жатқанына қарағанда, аталған нұсқалар: «Әріп пен Қаумет», «Әріп пен Омар», «Әріптің Изембайға айтқаны», «Омардың Әріпті мақтауы мен жамандауы» – бірін-бірі толықтырар тұтас дүниелер. Осының ішінде Әріп қайсысымен айтысты дегенге келетін болсақ, «Ұмытпаңыздар мені» жинағында берілгендей, Қауметпен емес, Ғ. Шөкімұлының: «Омар мен Әріп Омар ақынның жақын туысы Изембай бір жас тоқал алып, күзде айырылысып кетеді. Содан айтыс шыққан» [108], – деген анықтамасына саяды. Дәлірек айтсақ, айтыс табиғаты көрсетіп тұрғандай, Әріп сөзін Изембай, Омарларға жалпы қарата айтып, Әріпке іштеріндегі ақын Омар Уәтәйұлы жауап қайырған. Осы айтыстағы Әріп сөзі «Әріптің Изембайға айтқаны» болып қолжазбалар қорына түскен. Сондай-ақ ел аузында сақталаған айтыс келе-келе жеке адамдарды өңдеуіне, түрлендіруіне түсіп, «Омардың Әріпті мақтауы мен жамандауы» деген сияқты өңге айналуы да мүмкін. Ал, негізінен, бұл – «Омар мен Әріптің айтысы». Әлі де зерттеуін таппай ел аузында жүрген Ә. Тәңірбергенұлының асыл мұрасы – айтыстары мен сөз қағыстарының қолымызда бар бөлігінің өзі оның ақындық, айтыскерлік, суырыпсалмалық қасиеттерін таныта алады. Әрине, өз тұсындағы арқалы айтыстар деңгейінен орын алмағанымен, Әріптің айтыстары тақырыптық жағынан тың, идеялық жағынан жаңа бір белдеуден көріне білді. Айтыс табиғатын терең меңгергендіктен, «Біржан-Сара», «Тәуке-Ұрқия» көріктендіре көмкеріп жазған Әріп өз айтыстарында заман биігінен қарап, жалпы адами-тағылымдық тақырыптарды көтеруге тырысты. Осы тұрғыдан алғанда Әріп айтыстары тек, ақын мұрасының жанрлық қырын көрсетумен шектелмей, оның әлеуметтік көзқарасын танытар жаңашылдығымен дараланады деп бағалағанымыз абзал.

ШЫҒЫСТЫҚ ҮЛГІДЕГІ ҚИССА-ДАСТАНДАРЫ

XІX ғасырдың аяғы XX ғасырдың басындағы қазақ әдеби өмірінің өркен жайған тұсы шығыстық дәстүр-нәзирәгөйлік қисса-дастандардың өмірге келуімен тығыз байланысты. Дәл осы кезеңде қазақ ақындарының шығыстық арнаға жаппай бет бұруы заңды да еді.

X ғасырдың басына дейін қазақтың зиялы қауымының бірлі-жарымы болмаса, Еуропа өнері мен әдеби-мәдени өміріне жалпы жұрт еркін қол соза алмады, есесіне ертеден-ақ шығыс мәдениеті мен тарихын жетік білді. Ендігі жерде қазақтың төл әдебиетінің үлгілері ертеден келе жатқан шығыстық қисса-дастан, ертегі-аңыздарын нысана етіп, жаңа бір жыр үлгісімен толыса түсті. Орта Азия халықтарының ежелгі мұралары қазақ топырағында назира нақышпен қайта түлеп, жаңғыра жаңарып, тіпті тың, қазаққа ғана тән төл туындыларға айналды. Шығыстық тамырдан тарамдалған қисса-дастандардың тағдыры кеңестік дәуір тұсында тақымдалып, «ескішілдік сарын» деген айдар алғаны белгілі. Осы құбылысқа Ә. Қоңыратбаев: «Қисса, шайырлық әдебиетіне арналған зерттеулер ойдағыдай емес. Біреу үріксе, біреу мазмұндайды. Өзі философиялық құбылыс болса, оған эмпиризм жетімсіз. Қиссалар шайырлық әдебиеттің үлкен мүлкі болса, оған жетігерлік ой бөлген жөн. Онсыз қазақтың жазба әдебиетінің тарихы түгелденбейді» [196.244], – деп кеңестік кезеңнің өзінде ашық жанашырлық білдірсе, М. Бөжеев: «Осы кезге дейін зерттеушілер назарына түспеген әдеби мұраның бір саласы қисса-хикаяттар деуге болады. Кезінде көптеген қиссалар жазған талай авторлардың еңбегі күні бүгінге дейін жеткілікті зерттелген жоқ» [197], – деген байбаламы сонау елуінші жылдардан-ақ басталған еді. Ал бүгінгі күн талабынан қараған ғалымдарымыздың: «Революцияға дейінгі әдеби кітаптарымыздың дені төл әдебиет пен шығыс классикасы болғандығын жасырмауымыз керек. Осыны байқаған нигилистер шығыстан тек кертартпалық тарайды деп қазақтың рухани байлығын жүдетті, қараңғы қауымға себепші болды деген ғылыми негізі жоқ жалған түсінікті қалыптастырды. Сол көзқарастан әлі арыла алмай келеміз» [198.29], – деген Т. Кәкішұлы пікірі сол кездегі ызғардың сызы әлі де қалғанын сездіріп-ақ тұр. Ғасыр тоғысында өмір кешкен М. Көпейұлы, М. Қалтайұлы, Шәді, Мәделі сияқты осындай көркем дүниенің авторлары қараланып, «ескішіл ақындар» болып, бертін келе бұл атаулар «кітаби» немесе «қиссашыл ақын» деген жасанды атаулар алды. Осыған байланысты айтылған шығыстанушы ғалым Ө. Күмісбаевтың: «Мұндай терминдерді айта салу салт болып кеткен тәрізді. Тегі «кітаби ақын», «қиссашыл ақын» деген оңай туған жасанды терминдерден бас тартып, әрбір ақын-жазушылардың шығармасында, оның идеялық-көркемдік қасиеттеріне лайық баға беріп талдаған жөн болады [199.59], – деген орынды пікірі көркем дүниенің терминдік құрсауды көтермейтіндігін аңғартады. Ағартушылық, демократтық бағыттағы шығармалары баса айтылып, шығыстық сүрлеумен келген қисса-дастандарына айрықша көңіл бөлінбей келе жатқан ақындардың бірі – Ә. Тәңірбергенұлы. Бұның бірнеше себептері бар: біріншіден, шығыстық иісі бар туындыларға үрке қараған сол кездің әдеби талабы Әріптің сыншыл-реалистік бағыттағы шығармалары тұрғанда, оның романтикалық қиссаларын қопсытуды жөн көрмеді. Екіншіден, тек қана терминдік жіктеу-жіліктеуге құрылған әдеби таным бойынша ағартушы-демократтық бағытты ұстанған Ә. Тәңірбергенұлы мұрасында қиссашыл ақындық элементтерінің болуы сыйымсыз еді. Үшінші бір себеп, Әріптің ақындық тұлғасын оның алғашқы уақыттарда жазған қисса-дастандары емес, ақындық өнері кемелденген шақтағы сыншыл, демократтық бағыттағы өмір шындығын берер шығармалары танытады. Міне, осындай жайлар ақын мұрасының салалы бір тармағы – қисса-дастандарының жиналып зерттелуіне, халыққа таралуына белгілі бір мөлшерде кесір-кедергісін тигізгені анық. Шығыс дәстүрін қазақ әдебиетіне әкеліп, онын жанрлық, тақырыптық аясын байыта түскен ақындарға тоқталған М. Әуезов: «Шығыстың классикалық әдебиетімен байланысын, ескі кітаби сюжеттерге жазған Ораз молда, Мұса молда, Майлықожа, Мәделі, Шәді төре, Жүсіпбек қожа, Мақыш Қалтаев, Кашафиддин, Әріп және басқа ақындар болған» [200.34], – деп Тәңірбергенұлын сол кезде қиссашыл ақындар тобынан табуы жай құбылыс емес. Дегенмен, қисса-дастандар жазған ақындар тобында көбіне аты аталумен шектелген Әріптің шығыстық туындылары ақын мұрасының ішіндегі зерттелуі жағынан кенже қалған салаларының бірі. Әріптің шығыстық дәстүрде жазған қисса-дастандарына зер салған алғашқы зерттеушілердің бірі – Б. Кенжебаев ақынның «Зияда-Шаһмұрат», «Қожа Ғафан», «Тәһір», «Нұрғазарұн» дастандарын атайды [39.200]. Ал ақын мұрасын ғылыми тұрғыда зерттеген Ө. Есназаров «Баһрам», «Алты бармақ» деген қиссалар қосады [қараңыз: 16.107]. Қ. Мұхамедханұлы, Б. Кенжебаев пікіріне «Баһрам» қиссасын қосады [қараңыз: 75.20-21]. Зерттеуші қауымға, ең алдымен танымал болған ақынның «Зияда-Шаһмұрат» дастаны. Дастанды Әріп өз атынан емес, Жақып Бижігітұлы деген бүркеншік атпен жариялайды. 1890 жылы Қазан қаласында «Қисса Зияда-Шаһмұрат» деген атпен басылған дастанның соңында Әріптің баспа басшысына жолдаған мынандай жолдар бар:

Тайпалған төрт аяғы жорғадайын,
Әуелден келістірген затпын жәйін.
Бижігіт дер әткейім, Якуп атым,

Сіздерге мағұлым етіп жазған хатым, – деп, өзінен хабардар еткен ақын енді қиссаның жазылған уақыты туралы:

Қолыма ұстанғаным қалам болды,
Көңілім бұл дүнияға алаң болды.
Мың сегіз жүз сексен төртінші жыл

Әпрелде он бесінші тәмәм болды [201.48], – дегенінен қиссаның 1884 жылы жазылып біткенін байқауға болады. «Зияда-Шаһмұрат» дастаны кейінгі библиографиялық көрсеткіштердің дерегінше, Қазан қаласында 1890, 1892, 1893, 1909, 1912 жылдары дүркін-дүркін алты рет басылып шыққан [қараңыз: 202]. Аталмыш дастан кеңес дәуірінің тұсында, одан бертін «Қисса-дастандар», «Батырлық дастандар» жинақтарында біршама толықтау түрде, ал А.Қыраубаеваның «Ғасырлар мұрасы» еңбегінде қысқартылып жарияланды.

«Зияда-Шаһмұрат» дастанының Әріп Тәңірбергенұлының төл туындысы, яғни, Жақып Бижігітұлы Әріп псевдонимі екендігін төмендегі деректер дәлелдей алады. Тұрағұл Абайұлы «Әкем Абай туралы» деген естелігінде: «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген өлеңді Шәкәрім қажының жас күнінде кәрілікті жамандап, алпыстан аспай өлейік, кәрі ит жат деп, былшылдап шат деп айтады деп, бозбалашылықты мақтап, «шіліктен шымылдық құрып, томашадан жастық қып» деген өлеңі болған. Көкбай молданың «Әзірет Әлі айдаһар алысыпты» деген өлеңі болған, Әріп деген Сыбан, өлең жазғыш жігіт «Зияда» деген өлең жазған, қызды мақтамақшы болып суреттегенде көзі гауһар, иегі алтын деп осы сықылды асыл тастарды түсіне қарамай сұлудың бетіне жапсыра берген. Сол үшеуіне ой салып, құбыла көрсетпекші болып жазып еді. Ол өлеңге Әріп кектеніп, Біржан мен Сара деген қыз айтысыпты деп өлең жазып, біздің ақсақалды жамандайды, Біржанның Арғын емес, Керей екенін білмепті» [203.44-45]. Бір жағы Абайдың сынымен ұштасып, екінші жағы «Біржан-Сара айтысын біртұтас көркем дүние етіп жазуына Әріптің осы «Зияда -Шаһмұрат» дастанының бірден-бір себепкер болғандығын кезінде М. Әуезов, Т. Қасенұлы, Б. Кенжебаев, Қ. Мұхамедханұлы, Ө. Есназаров сынды ғалымдар тоқталғанын алғашқы тарауда сөз қылған болатынбыз. Әріптің шығыстық сарында тағы қандай қисса-дастандар жазғандығын осы «Зияда-Шаһмұрат» қиссасының аяғындағы:

Үш қисса жіберіп ем мұнан бұрын,
«Қожа Ғафан», «Таһир» мен «Нұрғазарұн»
Абзықай, қата болса, ғайып етпе
Ғашықтың масниф еттім өлең-жырын, [201.48], – деген

жолдардан 1890 жылға дейін Әріптің Қазан қаласына ғашықтық тақырыпта үш қисса жібергені анықталады. Библиографиялық көрсеткішке үңілсе, «Қисса-и Хожа Ғаффан уә һәм Сағидуақас» дастаны Қ. Мұхамедханов көрсеткендей 1876, 1880 жылдары екі рет емес, 1875,1880,1891, 1893 жылдары төрт рет басылған. Қиссаның 1880 жылғы басылымына тоқтала келе Ө. Есназаров: «Бұған да Әріп өз аты-жөнін ашық жазбаған, қиссаның соңында (41-бет) Зиялынұр деп қол қойған... Болатов Ахметжан қарт пен Шөкімұлы Ғаббастың (Әріп мұрасын жинаушылар Б.Е.) айтуынша бұл да Әріптің өзі қойған жасырын аты. Ахметжан ақсақал осы «Зияданың» да, «Қожа Ғафанның» да қолжазбасымен басылып шыққан нұсқаларын бірнеше рет оқығанын айтады» [16.118], – дейді. Әріптің баласы Ақматай да: «Әкемнің...«Қожа Ғафан», «Зияда» деген қиссалары да кітап болып басылған» [16.328], – дегенді айтады. Байқағанымыздай, Әріп ақын баспаға ұсынған шығармаларының бірде-бірін өз атымен жарияламай, жасырын, бүркеншік аттармен береді. Ақын мұрасын тауып, жинап, зерттеуге тосқауыл болатын басты кедергілердің бірі де, міне – осы. А. Қыраубаева: «Қожа Ғафан уа Садуақас», бұл тақырыпты бірнеше ақын жазған: Әріп, Ақылбек, Байжұма Тәуекелұлы» [204.45-46], – дегенімен жоғарыда біз көрсеткен Қазан қаласынан шыққан қиссаның төрт басылымы да кейбір аздаған түзетулері болмаса, Зиялынұр қолынан туған бір туынды, яғни Әріптің «Қожа Ғафаны».

Алдыңғы тарауымызда сөз еткендей, Әріптің бұл дастанының Қазанда басылуы сол кездегі баспасөз беттерін бей-жай қалдырмады. «Түркістан уалаяты газетінің» 1876 жылғы 29-санында «Қисса-и Қожа Ғаффан уәһәм Сағидуақас» деген кітап қазақ тілінде басылып шыққан екен» деген атпен сын мақала басылады. Бүгінде қазақ кітаптары турасында алғашқы сын ретіңде бағаланып жүрген осы мақалада: «Бұл кітапты Мұхамеджан Мұфтахалдин баласы өз ақшасына бастырған екен», – дей келіп, қиссаның тіліне байланысты: «Қазақ тілінде басылып шыққан болса да тілінің көбі ноғайша. Кейбір жерінің сөзіне түсініп болмайды. «Тал» деп жазатұғын жерде «дал» деп, «молда» дегеннің орнына «молла» деп, «депті» дегенге «тепті» деп жазылған. Тегі казақ тілінде жазылғаны рас, көшіргенде бір ноғайдың қолына түсіп, со ноғай бұзып ноғайша қылып жазып шығарған деп ойлаймыз. Ноғай болғанда да Қазан ноғайының тіліне ұқсамайды. Тобыл ноғайының тіліне келіңкірейді», – деп қисса тілінің шұбарлылығын автордан емес, бастырушы, не көшірушінің әрекетінен деп табады. Мақалада келтірген бірер мысалға тоқталсақ: «Ол Ғафанның әлһоры бар һәр не қылса бинт канкром қылалар-күлеше малы көзіне көрінбейді, перзенті үшін аллаға қылалар зар ...» өзіңіз оқып көріңіз, қазақша жазылған деп айтып болмайды, сөзі де бір-біріне жабыспай тұр... сөзінің бәрі осы қалыпты, қазақ тілін бұзып басып шығарыпты» [22], – дейді мақалада.

«Қожа Ғафан» қиссасының тіліне кеңес дәуірі кезінде түркітанушы ғалым С. Малов тоқтала келе: «Язык этих книжек и книг (бұл арада автор «Қожа Ғафанмен» қатар «Мақұлат-и Қырғыз» қиссасын айтып отыр – Б.Е.) был полон арабских и персидских слов, был полон татаризмов, т.е. элементов среднеазиатского тюркского, до-узбекского языка» [205.100], – деп қисса тілінің ала-құлалығын баса айтады. Дегенмен Мұхамеджан Мұфтахалдинұлы бастырған 1876 жылғы басылым мен 1880 жылы Фатихулла Бекбауұғлы (Катиев) бастырған басылымды салыстырғанда, соңғысы едәуір түзеліп, қазақи қалыпқа келіп қалған. Қисса тілінің ерекшелігіне тоқталған зерттеуші Б. Әбілқасымов: «Екінші басылымда газет сынаған жерлер біраз түзетілген сияқты. Бұл басылымның тілі біркелкі таза деуге болады. Тілі жатық, қарапайым халықтың сөйлеу тілімен жазылған, лексикасында көзге ұрып тұрған араб-парсы немесе татар сөздері жоқ. Ал орфографиясында түркі әдеби тілі әсері толықтай сақталған» [206.24], – деп негізгі тілдік қолданыс тамырының қазақи төл туындыларымызға тән екендігін атап көрсетеді.

«Қожа Ғафан» қиссасының жалпы фабулалық оқиғасын баян етсек, дәулеті асқан бай бір перзентке зар болып, Аллаға жалбарынып, «бар байлығымды алсаң да бір бала бере көр» деумен болады. Алдымен дәулеті азайып, әйелі жүкті болады. Әйелінің айы-күні толып, босанар шақта әбден қайыршыланған Ғафан бай бала сүйер қуанышында той жасарлық күйі жоғынан қатты ұялып, елден безіп, қаңғып кетеді. Кезінде жалбарынған зары Алланың құлағына шалынып, әйелі ай десе аузы, күн десе көзі бар елден ерекше ғажайып сұлу ұл туады, атын Ғарып қояды. Ғарыптың сұлулығына таңдай қақпаған пенде болмайды. Баланың көркін бір көруге құмар болған ел енді оны ақы беріп көретін болады. Ортайған дәулеті толып, Ғарыптың шешесі байып, сәнді сарай тұрғызады. Ғарыптың елден асқан сұлулығын естіген сол елдің Қожа Ғария деген ханы баланы көріп, оған қатты қызығады да, оны шешесінің рұқсатымен асырауға алады. Атын Саһра деп ауыстырады. Хан Саһраны 72 ұлттың тілін үйретіп, ерекше білімді етіп тәрбиелейді. Саһраның аты елге жайылып, оны кезінде қаңғып кеткен туған әкесі естіп, екеуі бірін-бірі табады. Дастанның негізгі берер идеясы – байлық пен жоқшылық, адамдардың бір -біріне деген махабатты, адамгершілік қасиеттер басты нысанаға алынған. Дастан халыққа ұғынықты қарапайым тілмен жазылғанымен, көркем шығарма тұрғысынан келгенде қарабайырлық танытып жататыны жасырын емес. Құрғақ баяндау негізгі орын алып, шығарманың көркемдік бітімі, образды суреттілігі солғын тартып тұрады. Дастанға тоқатала келе Ө. Есназаров: «Қожа Ғафан» тақырыбы жағынан «Зияда-Шаһмұратпен» ұқсас болғанмен, көркемдігі жағынан да, идеялық құндылығы жағынан да одан төмен тұрған шығарма» [16.24], – деп баға берген болатын. Дастанның осы бір кеміс жақтарын ескере отырып, біз мына бір жайды айта кеткіміз келеді. «Қожа Ғафан» 1875 жылы жарық көрсе, оның жазылуы бұдан да ертерек, яғни Әріптің 17-18 жас шамасында жазған шығармасы. Ауыл арасында қағытпа өлеңмен енді қанаттанып келе жатқан жас ақынның бұл тырнақалды көлемді туындысында жоғарыда аталған кемшіліктердің болуы заңды да. Аталған кемшіліктері бола тұрғанмен, «Қожа Ғафан» туындысы өз заманының сұранымына, халықтың қабылдауына орай жазылған сәтті туынды екендігін дастанның Қазан каласында дүркін -дүркін төрт рет басылып шыққанынан-ақ байқауға болады. Олай болса, «Қожа Ғафан» Әріптің тек алғашқы көлемді шығармасы ғана емес, оның қазақ қиссаларының озық үлгілерінің қатарында саналатын «Зияда-Шаһмұрат», «Баһрам» сияқты көркем туындылар жасаудағы алғашқы қадамы, шығыстан келген нәзирәгөйлік дәстүрге салған тұңғы сүрлеу-соқпағы еді. Енді «Зияда-Шаһмұрат» дастанының соңында аталған қиссаның бірі – «Тәһір» қиссасына келсек, Қ. Мұхамедханұлының айтуынша, «1878 жылдан бастап бес рет басылған» [75.21]. Басқа дерек жоқ. Библиографиялық көрсеткіште «Қисса Таһир» деген атпен 1877, 1878, 1891 жылдары басылған дастан көрсетілген. Осы дастанға үңілсек, 43 беттік бұл дастан Латифолла Ғалиоллаұлы деген татардың атынан жарияланған. Дастанның аяғында автор өзі туралы:

Атым Латифолла, атамыз
Ралиолла Анамыздың есімі дүр Мафтухолла.
Бабам затын сұрасаңыз Қазан жері

Өскен жерім сұраңыз Петопабл [207.43], – дейді. «Тәһір» дастаны осы беймәлім автор – Л. Ралиоллаұлының қолтумасы ма, әлде Әріптің жіберілген қиссасының баспаға берушінің өз атынан жариялауы ма, ол жағы беймәлім. Дәлді деректер мен нақты фактілерді жинақтап алмай бұл дастанның ақиқатын анықтау асығыстық болады.

Ал Әріптің Қазан баспасына жібердім деген «Нұрғазарұн» атты дастаны онда басылмағанға ұқсайды. «Нұрғазарұн» дастаны жайында мына бір деректерге құлақ қойсақ, А. Мұса деген ұлы: «Шыңжан өлкесіндегі қазақ зиялыларының шығармашылық табысы тұрғысында да бір-екі ауыз сөз айта кеткен жөн. 1982 жылы басталған қазақ қиссаларын бастырып шығару ісінің кең құлаш жайғаны соншалық, өрдегі әріптестеріміз қазіргі күнге дейін осы сала бойынша 6 томдық жинақ шығарыпты. Онда бізге белгілі-белгісіз «Шеризат», «Нұғыман-Нағим», «Бахтияр», «Ғалым-Сәлім», «Дастархан», «Шәкір-Шәкірат», «Нұрғазарұн» т.б.» [208] көптеген қиссаларды атайды. Осындағы аталған «Нұрғазарұн» Әріптің дастаны болуы ықтимал. Әріп дастанының Шыңжан өлкесінде сақталуы заңды құбылыс. Өйткені Шәуешекте қызметте болған Әріптің сол шақтарда жазған шығармалары сол өлкенің халқына кеңінен тарап, мол сақталғанын қазіргі күнде Әріп, Әсеттер мұраларының Қытай өңірінен табылып жатқандықтары дәлелдей алады.

«Нұрғазарұн» дастаны әзірге қолымызға түспегендіктен, әрі бұл дастан туралы нақты мәліметтердің жоқтығынан аталмыш дастан жайындағы сөзді кейінге қалдыра тұрамыз. Әріптің шығыстық үрдіспен жазылған тағы бір дастаны – «Баһрам». Әріппен сөз қағысында Әсет ақын:

Байғара он жеті ақын сеннен шықт
Тау мен тасты мақтауға Әріп мықты.
Өлтірдің Баһрамда жеті ханым

Дарынды ақын демеймін Әріп тіпті, – дейді. «Қисса-и Бәһрам» Қазанда 1908, 1912 жылдары екі рет жарық көрген. Кейіннен бұл дастан «Батырлық дастандар» атты жинақта жарияланды [қараңыз: 23.124-194]. Тек 3300 жолдан тұратын жырдың кейінгі басылымда 330 жолдайы кем басылған. Бірақ дастанның сюжеттік тұтастығына бәлендей нұқсан келмеген. «Баһрам» дастанының авторы жайында осы жинақтың алғы сөзіндегі: «...жырлаушы туралы мәлімет зерттеуін күтіп тұрған мәселе» [23.224], – дегенінен-ақ дастанның әлі күнге Әріпке телінбей келе жатқанын байқауға болады.

«Баһрамның» Әріптің қолынан туған шығарма екендігін дәлелдеу үшін жоғардағы Әсеттің «Өлтірдің Баһрамда жеті ханым» деген жолдардың ішкі сырына үңілейік. Дастанның басында Әріп:

Өтіпті бізден бұрын жеті ғашық,
Бәрі де нәсіп ойлап душарласқан...
Һәр түрлі адамзатта болған қиындарлық,

Болған ғой ғашықтарда қанша тірлік [23. 224], – деп бұған дейін өмірден өткен жеті ғашықты атап өтеді. Олар: Жүсіп-Зылиқа, Ләйлі-Мәжүн, Ғабділмәлік-Сақыпжамал, төртінші ғашықтар – Әріптің өзінің «Зияда-Шаһмұрат» дастанының басты кейіпкерлері Зияда мен Хорлы, бесінші – Ғайын Жамал мен Пәридің екі қызы, алтыншы – Құсайын Ғазы- Шаһарбану, жетіншісі – аталмыш дастан оқиғасының өзегі болғалы отырған Баһрам мен Күләндәм. Әсеттің тілге тиек ететіні осылар.

«Баһрам» дастанының Әріптікі екендігін дәлелдейтін екінші бір дәлел, «Зияда-Шаһмұрат» дастанындағы «Зияданың анасының ғазалын» Әріп ақын «Баһрамдағы» «Ер Баһрамның анасының зарлағанында» пайдаланады. Нақтырақ айтсақ, «Тоғыз ай сені көтеріп» деп басталатын сексен жолдық ғазалдағы Зияда есімі Баһрамменен ауысқаны болмаса, жыр қос туындыда да дәлме-дәл сол күйінде қолданылған. Сондай-ақ патшалардың бір перзентке зар болып, Алладан бала тілеуі сияқты «Алса да неше қатын бала көрмей» деп басталып, «Тарқады қайғылы шер, сары уайым» деп аяқталған сегіз жол өлең шумақтары да автор екі дастанында қатар келтіреді. Демек, Әріп оқиғалық тұрғыдан ұқсас келетін дастандарында тек ортақ суретті ғана емес, ортақ өлең жолдарын да пайдаланған. Олай болса, «Зияда-Шаһмұрат» дастанымен басқа да ортақ, ұқсас жақтары жетерлік «Баһрам» туындысын Ә.Тәңірбергенұлы шығармасына жатқызуға толық хақылымыз. Міне, осындай сараптауларды жасай отырып, ақынның шығыстық дәстүрмен жазылған қисса-дастандарының зеттелу тұрғысынан келгенде Әріп шығармасы ретінде буыны бекіп, басы ашылған және қазақ қиссаларының арасында көркемдік қуаты мен идеялық құрылымы жағынан озықтарының қатарынан саналатын «Зияда-Шаһмұрат» және «Баһрам» дастандарына кеңінен тоқталып, жан-жақты қарастыруды жөн көрдік. Ө. Күмісбаев «Зияда-Шаһмұрат», «Баһрам» дастандарын ҚР ҒА кітапханасының қолжазбалар қорында сақталған 200-ден аса қиссалардың қазақ ішіне кең танымал, ең көрнектілерінің қатарына жатқызады [209.10]. Бүгінде шығыстық қиса-дастандарды жіктеуде ғалымдар әрқилы жүйелеу жолдарын қолданып келеді. Бірі тақырыптық жағынан топтастырса, екіншілері шығарманың шығу тамырына, қалыптасу үрдісіне қарай жіктейді. Мәселен, Ө.Күмісбаев: «Дидактикалық-лирикалық қисса-дастандар, діни бағыттағы дастандар, қиял-ғажайып, фантастикалық шығармалар, батырлықты, ерлікті жырлайтын дастандар» [210.290], – деп жіктесе, А.Қыраубаева: «Мың бір түн», «Тотынама» желілері, «Шаһнама» желілері және Орта азиялық желілерге жазылған қисса-дастандар» [204.41], – деп қарастырады. Ал Б. Әзібаева романтикалық дастандарды өз ішінде: «...на восточные сюжеты, на региональные фольклорные сюжеты, созданные по следам некогда имевших место реальных событий» [2П.П9], – дей келіп, «Зияда-Шаһмұрат» дастанын алғашқы шығыстық сюжетке жатқызады. Ү.Субханбердина: «Зияда-Шаһмұрат» қиссасы «Сейфүдмәлік» пен «Баһрам» дастандары сюжетінің ізімен жырланған» [23.6], – деп аталмыш дастанды Шаһнаме нұсқасынан келген батырлық жырлардың қатарына қосады. Осы жерде ескеретін бір жай, «Зияда-Шаһмұрат» дастанында қиял-ғажайып элементтер де, батырлық әрекеттер де бар, ал бұған қарап дастанды қиялдан туған шығармаға немесе батырлық дастандар қатарына жатқыза салуға болмайды. Қияли элементтер де, батырлық, ерлік әрекеттер де жырдың негізгі тақырыбы – ғашықтық, махаббат идеясын ашуға жұмсалып, соған баспалдақ ретінде қызмет етуде. Дастанның негізгі желісі махаббат, достық мәселесіне құрылған. Сондықтан да «Зияда-Шаһмұрат» ғашықтық жырлардың қатарына жатады. Шығармада екі үлкен оқиға өрбиді. Бағдат патшасы Мұхтардың жалғыз ұлы Зияда мен Мысыр елінің патшасы Заданың қос сұлуының бірі Хорлы бір-бірін түсінде көріп ғашық болады. Махаббаттың қиын да, қиямет жолына төтеп беріп, ақырында қосылуы алғашқы оқиға болса, екінші оқиғаның өзегі – қос сұлудың ағасы Шаһмұрат пен пері қызы Ләзәтібал арасындағы ғашықтық сезімдердің суреттелуі. Дастандағы Зияданың досы Космалияның қос сұлудың бірі Ғайынға ғашық болып, қосылуы, Шаһмұраттың Мысыр патшалығын, ал Зияданың өз еліне қайтып Бағдат патшалығын билеп, бақытты өмір кешуімен аяқталатын оқиғалар кейінгі кеңес кезеңінде шыққан басылымдарда жоқ [қараңыз: 212.237-283; 23.270-318]. Яғни Қазан баспасында 2774 жолдан тұратын «Зияда-Шаһмұрат» дастанының «Қисса-дастандар», «Батырлық дастандар» жинақтарында 780 жолы кем басылған. Дастан Зияда мен Шаһмұраттың бір-бірін іздеп табуымен аяқталады. Дастандағы негізгі жарқын бейнелер – Зияда мен Шаһмұрат. Осы екеуінің қимыл-әрекеттері көп суреттелгендіктен болар, Әріп шығармасын әдеттегі «Гүлшат-Шеризат», «Таһир-Зухра», «Жүсіп-Зылиқа» сияқты ғашықтық жұптардың атымен емес, шығармадағы негізгі әрекет иелері Зияда мен Шаһмұрат атымен атайды. Шығарманың оқиға желісіне келсек, Зада патша мен оның ұлы Шаһмұрат, қыздары Хорлы мен Ғайыннан оқырманын хабардар еткен автор, келесі оқиғаның өзегі Мұхтар патша жайымен таныстырады. Сән-салтанаты мен ақыл-әділеті елден асқан патшаның жалғыз қайғысы:

Алса да неше қатын бала көрмей, Мекеде үш мың түйе нияз берген. Еліне әділдікпен қылды жарлық Пендеге жаман емес қолда барлық. Иесіз өлсем тағым қалады деп, Құдайдан бала тілеп қылды зарлық.

Алладан бақ пен тақты қатар алған патшаның бір перзентке зар болуы – қазақ ауыз әдебиетінің эпос, лиро- эпостық жырларында кеңінен тараған құбылыс. Басқадан іздемей-ақ, өзімізге жақын таныс әйгілі Алпамыс жырындағы Байбөрінің:

Алмадың, құдай, жанымды
Бір баланың жоғынан
Ағайын жейді малымды
...Перзентке зар ғып қойғанша

Жаратпасаң не етеді?
Байбөрі осылай деп жүрді жылап
Құдайдан күні-түні бала сұрап, – деген қайғысына құлақ қойыңыз.

Дастан тек авторлық баяндауға құрылмай, «Зияданың Хорлыны жоқтап айтқан ғазалы», «Мұхтар патшаның ұлы үшін зарлағаны», «Хорлының Зияданы жоқтаған ғазалы» т.с.с. дастандағы кейіпкерлердің күйініш-сүйініш, сезім-сырларын беру арқылы образдық тұлғаларды сомдай түсер жеке өлеңдермен де өрілген. Бұл құбылысты А. Қыраубаева: «Әріп ақын бұрынғы шығыстық жазба әдебиет дәстүрін тағлым еткенін айқын аңғартып, «Зияда-Шаһмұратта» жеке өлеңдерін ғазал деп көрсетіп отырады» [213.80], – дейді. Десек те, бұл шығыс әдебиетінен келген формалық ұқсастықтың ішкі мәні, мәселен, ата-ананың алыс сапарға аттанар жалғызымен қимай қоштасуы, Зияданың елімен қоштасуы сияқты элементтер бізге «Қобыландыдай» батырлық жырлардан елес береді. Негізгі дастан идеясы – ғашықтық, Зияда да, Шаһмұрат та алдағы биік арман – махаббат асуына жету жолында белді бекем буады. Автор ғашықтық сезімді тым әсерлі, аса пәк етіп асқақтата көрсету мақсатымен, қарапайым, табиғи өмірден алыс, бөлек әлемге аяқ басады. Дастандағы ғашықтар Зияда мен Хорлы, Шаһмұрат пен пері қызы Ләзәтібал бір-бірін түсінде көріп ғашық болады.

Зияда Мұхтар ханның жалғыз ұлы,
Түсінде Хорлыменен сұхбаттасқан
Оянса туған айдай ғашығы жоқ,

«Дариға бұл қалай» деп жаман сасқан. Бұл уақытта Хорлының да түсіне ғашығы кіреді:

Түсінде көрген Зиядажан
Шыбықтай белі бұралған
Суретін түсте көрген соң,

Қалмады тағат, тұра алман. Осындай тосыннан туған әсерлі сезімдер толқыны бара-бара ышқынған ынтыққа, махаббат қайғысына ұласады. Хорлыға ғашық Зияда:

Қайғы түсті басыма
Түсімде көрген суретке,
...Қайғы-қасірет сарғайтты
Нұр сипатты түсімді.

...Сабыр айла қыла алман
Күйдірер дертің ішімді.
...Ғашықтық маған жеткен қасіретті о
Түсімде бір қыз салды ішіме шоқ, – деп құсаланады.

Хорлының қайғысы да осал емес:
Түсіме кіріп сөйлескен,
Ах, дариға Зибажан!
Көрмеймін бе сені мен

Өлемін ғой сенсіз мен, – деп ғашықтық дертіне душар болады. Шаһмұрат пен Ләзәтібалдың да махаббат қайғысы осылайша тым ауыр. Ғашықтық сезім қайғылы дертке айналады. Дастанда адам қайғысы тек ғашықтық шеңберде ғана емес, жалпы образдардың ішкі сезімін, эмоциялық келбетін ашар негізгі құрал ретінде көрініс береді. Зияда ғашығын іздеу сапарына аттанарда «екі көзінен қан аралас жас аққан» қайғылы әкесін «төрт кісі сүйреп жүреді». Әкелік қимастық әрекет тастүйін томырылып, шөгіп кетсе, жалғыз ұлынан тірідей айырылып қалып бара жатқан ананың қасіреті өзінше әсерлі:

Құлыным, кетемісің тірі тастап,
Салыпты мұндай іске құдай бастап.
Зар жылап ханым шықты ордасынан

Басының шашын жайып жалаңаштап. Осылайша қайғыға батқан ана:
Түсінде көрген бір қызға
Жаз құлыным, жалғызым,
Тағаты кеткен жасынан.

Пері болса келді екен,
Қай шаһардың атынан!
...Себепкер болып түсінде

Баламды бір қыз қоймаған, – дейді. Байқасаңыз, сағым боп ұлының жүрегін жаралаған бейтаныс сұлуға ана назасы дастанда шынайы көрініс тапқан. Дастанда ғашықтық-махаббат сезімдерімен қоса, адал достық, адамгершілік қасиеттер ерекше дәріптеледі. Қиын-қыстау шақта Зияданың қасынан табылған серігі Космалия – адал достықтың символы. Не көрсе де патшазадамен бірге. Зәңгілердің зынданы да, ашулы теңіздің айбыны да екеуін ажырата алмайды. Ақырында, Космалия Хорлының сіңілісі Ғайынды алып мұратына жетеді. Адал достықтың, адамгершілік пен ізгілік мұраттардың жиынтығы Шаһмұрат бейнесінде де шоғырланған. Хорлы-қарындасының ғашықтық құсасын көрген бауырмал Шаһмұрат Зияданы іздеп қияметі мол ұзақ сапарға шығады. Осы сапарында Ләзәтібалға ғашық болып, онымен қосылады. Қарындасқа берген сертіне берік Шаһмұрат жеке басының қуанышын ғана күйттемей, Зияданы іздеу сапарын ары қарай жалғастырады. Жер түбіндегі ғашығы Хорлыны көп бейнетпен іздеп тапқаны – Зияданың, біріншіден, ғашықтық сезімінің күш-қуаты болса, екіншіден, Шаһмұрат пен Космалияның шын пейіл достық көмегі, адамдық қасиеттерінің арқасы. Дастанда кейіпкерлердің батырлық, ерлік әрекеттері әсерлі, көркем суретке құрылмаған. Автор ғашықтық жолының қиындығын көрсету мақсатында ғана Зияда мен Космалия ерліктерін жадағай, құрғақ баяндайды. Зәңгілермен соғысында екеуі жеті мың құлын қуып тастағанмен, отыз мыңға төтеп бере алмай қолға түседі.

Шығарды Зәңгі сонда отыз мың құл
Бәрінің тастан шоқпар, қаруы мол
Ұмтылса тайпап кетер жүрген жерін,
Наркескен екі жүзді оң мен солын

Соғыстан патшаның басы-көзі істі. Зияданың батырлық қимылы досымен сексен құлаш тереңдіктегі зынданда жатқанында байқалады. Кісендерді талқап ғып, зындан ішінде өлген адам болып жатып, жоғарыға шығып айласын асырған ол, ата-бабасының аруағын шақыра жауына ұмтылады. Ашуға мінген Зияда он бес мың Зәңгіні қойдай қырады. Зияданың алдын тек Зәңгілер ғана тосқауылдамайды, мылқау табиғат – қаһарлы теңіз, теңіздегі дәу жайын кедергі болады. Космалияның күштілігін көрсетер эпизод – теңіз толқыны Қап тауындай төңкерілген сұрапылда кемеден суға құлаған Космалия теңіздегі тоғыз құлаш жайынды атша мініп, жағаға шығады. Осы арада, қайталап айтамыз, Зияда мен Космалияның осы бір ерлік эпизодтары оларды батырлық образдар ете алмайды, автор бұл ерлік әрекеттерді шығарма тартысын арттырып, ғашықтық сезімді асқақтата түсу үшін, образдарды жан-жақты аша түсу үшін қолданған. Дастандағы махаббат әсерін, ғашықтық сезімдерді беру әсіре сурет, гиперболалық қимылдармен көмкерілген. Қаһармандарының ерекшеліктерін таныту үшін автор қарсы күштерді тым әсірелеп суреттейді. Сондай-ақ аста-төк молшылықтың, кеңдіктің көрінісі Шаһмұраттың тойында:

Тоғыз мың сойғызыпты тойға малды, Той қылып Шаһмұрат келгеннен соң, – десе, сол тойда пақырлар мен мүсәпірлерге берген садақаның көптігі сонша «Базарға жеті жүз пұт гауһар үйген», – деп әсіреленеді. Адам қарекетінен алыс осынша ұлағайтылған сандық құбылыстар дастандағы қиялдан туған таңғажайып оқиғалармен ұштасып жатыр. Теңіз мақұлығы – жайын-балықтың ұлғайтылғаны сонша, Шаһмұраттың он жеті мың бес жүз нөкерін тоқсан екі кемесімен қоса жұтып қояды. Осындай зор мақұлыққа Космалия ер атша мініп, ауыздықтап алады:

Кемерін беліндегі шешіп алып,
Мойнына ол жайынның бекем салды.

...Жайынның жуасымас несі қалды
Бұйдалап желкесінен басып тұрып,
Танауын наркескенмен тесіп алды.

...Қамшымен борбайына салып қалып, Малытты Космалия шетке таман, – деген қимылдар қиял-ғажайып ертегілерден бір кем емес. Қиялдан туған қаһармандардың бір тобы – перілер патшалығы. Автор оқиғаның шешіміне келгенде осы перілердің көзді ашып-жұмғанша жер-жаһанды аралап келетін әсіре әрекеттерін пайдаланады. Бұл, әрине, оқиға тартысының шынайлық желісін босаңсытып жіберген. Осындай шындықтан тысқары оқиғалардың болмыс-бітімі де шығыстық дәстүр жалғастығын танытар табиғи бояудан тым алыс әсіре-қызыл сурет-көріністерге толы. Дастан қаһармандарының тұратын мекені ерекше. Ай мен күнге баланған Хорлы мен Ғайынның сарайлары:

Мың сарай салдырыпты безендірген,
Ішіне тоты құспен түзендірген
Қақпасы тоғыз есік зүбаржаттан,
Жүз кісі қарауылшы кезендірген

Шарбағын жасатыпты мрамордан. Зияда сабыла іздеп, зарыға жеткен Иранбақтың бұлағынан шәрбәт пен кәусар сылдырайды, бақ ішіндегі Ескендірден қалған сарайға кірсек, қақпасы лағыл, інжу, гауһар болса, ақ перденің астында алтын тақ, сарай кірпіштері қызыл-жақұт, терезесі де лағыл, қақпақтары гауһардан. Ертегідегідей ғажайып сарай адамдарының сұлулығын сомдауда да ақын осы әсіре-әшекейден алшақ кетпейді:

Ақ маңдай, қас зүбаржат, көзі гауһар,
Назы көз, қиғаш қара қабағы бар, немесе:
Ханшаның отыз тісті меруерттен,
Мүшесі, кеудесі алтын зүбаржаттан, енді бірде:

Зүбаржат кірпіктері, лағыл маңдай.

Байқасаңыз, Әріп бір ғана зүбаржат сөзін қисынды-қисынсыз бірнеше жерде қолданады. Хорлы мен Ғайынның тек асыл тастардан қашалған бейнесі әдемі суреттен гөрі, қызылды-жасылды сөзбен әспеттелген жансыз мүсінге бара-бар. Бұл құбылысты А. Қыраубаева: «Зияда-Шаһмұратта «Әріп ақын: «ақ маңдай, қол-зүбаржат, көзі-гауһар» дейді. Портреттеудегі мұңдай тәсіл көне ескерткіштерде де дәл осы сипатта қолданылады: «көздері – жұлдыз, көзі – күн, алыны (мойыны) – көк айдын» делінеді XІV ғасырда жазылған «Рабғузи қиссалары» кітабында» [213.79], – деп көне түркі дүниесінің жазба ескерткіштерімен сабақтастырады.

Інжуден отыз тісті, ерні лағыл, Ақ тамақ, алтын иек мойындарды, – сияқты дастанда мол орын алған суреттеу тәсілінің әсерсіздігін Абай «Мұнда жоқ алтын иек, сарала қыз» деп бір-ақ ауыз сөзбен тұжырған ғой. Сұлулықты әсіре сөзбен көрсетуге тырысқан Әріптің өлең табиғатына асқан қырағылықпен қарайтын Абай талғамы тұрғысынан сынға ұшырауы ақынның кейінгі жыр сапарында үлкен сабақ болады. Көптеген зерттеушілер Абайдың осы сынын алға тартып, дастанның көркемдік қуатын тым жұпыны санап жүр. Жоғарыдағы мысалдарға қарап, шығарманың көріктеу құралдары тек шығыстық айшықтармен көмкерілген деген ұғым тумауы керек. Дастанда ауыз әдебиетінің әсерімен келген әдемі сөз өрнектерінің де өз орны бар. Мысалы: Шыбықтай белі бұралған немесе ұжмақта сайрап тотыдай деген жансыз теңеулермен ғана шектелмей, автор:

Хорлының нәзік белі қылдай болды, Бармағы нәзік тартқан сымдай болды, – деген әсерлі теңеулерді қолданады. Сондай-ақ:

Көрсетсе мысал үшін бір тал шашын,
Жиһанды жарық қылар раушаны, немесе:
Ғаламат-ай мен күн деп ойлайды екен

Көрінсе қос ханша пенделерге, – деген қатардағы суреттеу құралдарын қолданып қана қоймай:

Мен – ақ сұңқар, ол – аққу,
Көп көлдерден көрінсе,

Көлденеңнен ілем деп, – деген әдемі баламаларға да барады. Бір күнде Бағдатттың сұлтаны едім,

Дүлдүлде атым шыққан тұлпар едім.
Жолықтым қалың торға құтылмастай,

Ақ торан тоят алған сұңқар едім, – деген ұлттық дәстүрге тән баламалар, нәрлі нақыш, табиғи суреттілігімен құнды. Әйтсе де, ақын шеберлігін танытар мұндай сөз кестелері дастанда аз, некен-саяқ кездесіп, шығыстық көркемдеудің көлеңкесінде қалып қойып отырады. «Зияда-Шаһмұрат» дастанының осындай кемістіктері, бола тұра, оның негізгі құндылығы сол кезеңдегі қоғамға, ортаға берер көтеріңкі идеясында екендігін естен шығармауымыз керек. Жоғары пафоспен, қияли биіктен жырланған мұндай романтикалық жырлар қарабайыр өмірдегі халықты елітіп, арман- мұраттарын ұштай түсті. Сондығымен құнды. Осы тұрғыда: «кейбір ертегілік сарындары мен көркемдік кемшіліктері бола тұрса да, бұл шығарма – адам тағдырын, адамның күш-қуаты мен махаббат бостандығын жырлауы жағынан маңызы бар шығарма» [44.150], – деп бағалайды дастанға үңілген зерттеушілер. «Зияда-Шаһмұрат» дастанының қаһармандарын автор таза махаббаттың, адал достықтың, адамгершілік пен ізгіліктің символы дәрежесінде көтере білді. Оқиға желісі шығыстан келгенімен, Әріптің төлтума туындысы болып табылатын бұл дастан ақын тұлғасының шығыстық үрдісін танытарлықтай дәрежедегі шығарма ретінде бағалануы тиіс. Ә. Тәңірбергенұлының «Зияда-Шаһмұрат» дастанымен әдебиет-тегі алатын орны жағынан үзеңгілес, тақырыбы жағынан ұқсас туындысы – «Баһрам» дастаны. Тегінде Баһрам бейнесі әр заманда өмір кешкен бірнеше ақындардың жырларына арқау болған. Бұл жайында Ө. Күмісбаев: «после Фирдауси и Низами, Амир Хосрова к образу Баһрама, который широко распространен на Ближнем и Среднем Востоке обратился великий узбекский поэт Навой. Биография сасанидского шаха Варахрана (421-438) остановила на себе внимание крупных гуманистов Востока начиная с «Книга Царей» и вплоть до «Семи планет» Навои и «Баһрам ва Гуландам» Саикалия (XVІІІ в.) можно проследить эволюцию образа Баһрама» [214.184], – дей келіп, әр автор туындысындағы Баһрам образының жалпы ұқсастықтары мен өзіндік ерекшеліктерін салыстырмалы түрде қарастырады. Әр ақынның өзіндік өзгешеліктеріне тоқтала келіп, Қ. Шаңғытбаев: «Ақиқатына келсек «Жеті арудың» бас кейіпкері Баһрам-Гур – Фирдауси жырлаған шаһтың бірі. Алайда бұл шаһтың бейнесін Низами өзгеше пішінде сипаттап, оны ерлігі де, ізгілігі де зор абзал тұлға етіп суреттеген» [215.7], – дейді. Низами дастанының соңында Баһрамның із-түссіз жоғалуын құпия етіп қалдырса, Амир Хосров өз туындысында Низами түйініне жақын келіп, құланның соңынан қуған қаһарманды құдыққа құлатады. Науаи өз жырында Баһрам образын жасауда бөлекше соқпақ салады. Шарап, аңшылық, әсем ән – міне Баһрамның негізгі тірлік-қарекетінің көрінісі, жанын улап алған үш құмарлық. Шалқыған сауық-сайранға масайрап, мөлшерсіз рақатқа бөленген Науаи қаһарманы Баһрам мен оның нөкерлері ми-батпаққа жұтылып кетеді [қараңыз: 216]. Баһрам бейнесін XVІІІ ғасырда жырлаған өзбек ақыны Сайқали жырының ерекшелігін айта келіп, Ө. Күмісбаев: «В дастане Сайкалия «Баһрам ва Гуландам» Баһрам справедливый, верный, беспощадный к врагу, безогранично преданный другу... Не подрожал Навои, Сайкали создал своеобразное художестенное произведение, некоторыми элементами близкое народному творчеству» [214.184-185-186], – деп баға берді. Нәзирәгөйлік жолмен ғасырлар бойы жалғасын тапқан Баһрам жыры қазақ топырағына да өзіндік ерекшеліктерімен, тың сүрлеуін сала келді. Көне түркі жазбаларынан келе жатқан Баһрам-Гурдың қаһармандық бейнесі қазақтың төл ауыз әдебиеті үлгілерімен өріле сомдалып, Қобыланды, Алпамыс тұлғаларына ұқсас Баһрам батыр образы жасалды. Әріптің бұл дастаны, негізінен, Сайқали жырының ізімен жырланған. Десек те, Әріп дастаны – өзбек ақынын қайталамайтын мүлде бөлек туынды. «Тегінде, белгілі сюжет негізінде шығарма жазған ақындардың қайсысы да түпнұсқаны іздеп, не түпнұсқадан ауытқымауды қадағалап жатпаған. Оның себебі: олар шығарманы аудару емес, соның негізінде өз туындыларын жасауды көздеген» [199.59], – деген пікірлер Әріп дастанының бітіміне сай айтылғандай. Баһрамның пері қызы Күләндамға ғашық болуы, теңіз, керуен сияқты азабы көп сапарлар «Сейфүлмәлік», «Зияда-Шаһмұрат» оқиға желісіне ұқсас болып келеді. Алайда сыртқы мазмұны ұқсас болып келгенмен, Баһрам дастанының негізгі идеясы – батырлықты, ерлікті жырлау. Баһрам – батырлық образ. Сондықтан да Ө. Күмісбаев «Баһрам» дастанын «батырлық, ерлікті, ақ пен қараның күресін жырлайтын романтикалық сарындағы қисса-дастандар» тобына жатқызады [199.51]. «Баһрам» дастанының жалпы оқиға желісі «Зияда-Шаһмұратқа» жақын. Үрім шаһарының Кіші деген ханы елге садақа үлестіріп, Алладан бала тілейді. Жоғарыда тоқталдық, бала тілеген Кіші ханның зары, Баһраммен қоштасқан анасының зары сияқты ғазалдар «Зияда-Шаһмұраттан» алынған. Сондай-ақ дәулетті адамның бір перзентке зар болуы – Әріптің «Қожа Ғафан» қиссасының да негізгі желісі. Салғастырмалы түрде қараған адамға Әріп дастандарының тақырыптық жағынан болсын, сюжеттік желісі жағынан болсын бір-бірімен ұқсастық тауып жатқанын байқау қиын емес. Батырлық бейне – Баһрамның өсу жолы ерекше. Бес жасынан зейінді Баһрам дүниедегі білім-ғылымды меңгерген ерен ақыл-ойдың иесі болып өседі.

Ғақайд, мәнтәф, сәлім, тафсир оқып, Мүддәрис болды Баһрам бара-бара, – деген жолдар «Қожа Ғафандағы» Саһраның білімділігімен ұқсастық тауып жатыр. Өзіне киік болып жолыққан Күләндәмді іздеу сапарында нелер қиын тосқауылдың алды – Баһрамға кездескен ұзындығы мың құлаш айдаһар. Баһрамның күштілігі алып айдаһарды қамшымен бір-ақ тартып, екі бөліп тастау сияқты жай адам қабілетінен тыс әсіре күшпен бейнеленген. Адам аяғы баспаған жындар мекеніне келіп, бір өзінде мың кісінің күші бар жындар ханы Сапар палуан сияқты дүлеймен алысады. Басы өгіздей диюді де өлтіреді. Міне осындай ертегілік бейнелермен алысқан батыр «Зияда-Шаһмұрат» дастанынан таныс ұзындығы мың құлаш теңіз мақұлығы – жайынмен арпалысып, көзін жояды. Осылайша, барған сайын Баһрамның ерлік әрекеттері айқындала түседі. Ерлік сипатын берер кезекті оқиғаның бірі – Күләндәмға талас қылған диюлар патшасы Зақыппен жекпе-жегі. Автор жаудың бейнесін:

Өзінің тоқсан қарыс құлағы бар Терісі мың түлкінің тымағы бар, – деп әсірелейді. Мұндай жаумен тек Баһрамдай ер ғана күш таластыра алады. Екі алыптың жекпе-жегі дастанда былай суреттеледі:

Қызыл қан ат бауырынан сел боп ақты
Дұшпандар торды жиып шақырыпты,
Ер Баһрам күн сықылды күркірейді
Дию қашып әр жерде дүркірейді.

Алысты қырық күндей екі палуан,
Көрген жан айбатынан тітірейді.

...Жер үстінде бір-бірінің салмағы бар,
Қара тас сулар шығып болды талқан.

Ұлғайта айтылған суреттер күштілікті, мықтылықты әсерлі етіп тұр. Байқасаңыз, «Зияда-Шаһмұрат» дастанында үстірт баяндалып, екінші орынға қойылған батырлық, ерлік әрекеттерге Әріп бұл шығармасында ерекше мән беріп, Баһрамның батырлық бейнесін жасауға күш салған. Дастанда Баһрамның ерлік істерімен қатар оның адамгершілік, ізгілік қасиеттері ашылып отырады. Сапармен достық серт байласқан Баһрам оның елін сарсаңға салып, ай мен күндей жарын алып келген дию Дақазыпты өлтіріп, құсаға батқан қалыңдықты қапастан құтқарады. Зор жайыннан кеме керуенін аман сақтап, адам жегіш кәпірдің тұзағына түсіп арқандалған мың мұсылман баласын босатады. Қасарысқан жауына қаншалықты қатал батыр, жаны жайдары жақын жандарға келгенде ет жүрегі езілген қайырымды. Соншалық қиындықпен қолы жеткен сұлуы – Күләндәмді, кезінде Күләндәм сұлуға ғашық боп, суретіне табынып, өмірін өткізген шалға қиып тастап кетпек те болады. Ғашығын іздеп шыққан сапарда өзіне оң батасын берген жаңағы шалға қайтар жолда жолыққан Баһрам:

Аманбысың, бағұс шал,
Баяғы кеткен балаңмын,
Сөзіме ұғып құлақ сал,

Шалым-ау, сен алып қал, – деп шалға шынайы ниет білдіреді. Бұл арада автор Баһрамның шалды мүсіркеу ниетін немесе серілік бітімін көрсетіп тұрған жоқ, керісінше, адам жүрегін түсінер, бәрінен де махаббат сезімін биік қоятын батырдың ерекше адамдық қасиетін ашып тұр. Зияда қасында айнымас серігі Космалия болса, Баһрамның қысылған шақта арқа сүйейтіні – алдымен Алла. «Хақ тағала жол берсе, Күләндәмді көрейін» деп сыйынған батырға жолында жолыққан шал да «Аларсың құдай қосса Күләндәмді, Жаратқан бір құдайдан рахметі мол», – деп батасын береді. Басына қиямет-қайым туған шақта Баһрамды бір Алласы қорғап, қолдап, тіпті аруақтандыра жігер қосып, жебеп отырады.

Диюмен жеме-жемге келгенде:
Сақтады жаппар құдай Баһрам жасты,
Ер Баһрам я алла деп қаһарланды.

Өзін үйіре көтерген Зақып диюдің құрсауына түскенде де: Сыйынды ер Баһрам алласына

Құдайым Баһрамға қуат беріп,

Зарланған қабыл қылды көз жасына, – дейді автор. Алла – әрдайым батырдың жебеушісі. Автор Алла, хақ ұғымдары арқылы дастанда өзінің дінге көзқарасын да айқын танытады. Бұл арада Әріп – мұсылман дінін уағыздаушы. Дастанның басты кейіпкері, Алласын аузынан тастамайтын Баһрам мұсылман баласы, ал оның қарсылас жаулары кәпірлер ретінде бейнеленген. Баһрам өзі соғысқан жындардың патшасы Сапар және оның інісі Жамасты жеңіп, өлтірмек болады да, егер дінге кіріп, намаз оқып, иман білсе олардың өлімін кешетінін айтып, уәде береді. Бұған разы болған жындар:

Құдайға құл, Мұхамедке үммәт болып
Оқыды қаза қылмай бес намазды.

Ал Сапар жын Баһраммен дос болып, оның келесі жорықтарында қолдан келген көмегін аямайды. Әріп бұл арада мұсылман дінін құрғақ уағыздаудан аулақ, шығармада мұсылман діні адамдық қасиеттерге жетелер терең тәрбиелік тұрғыдан танылады. Екі жастың тойын суреттеген ақын:

Той болды дүние малы шашылғандай, Есігі оразаның ашылғандай, – деп, күллі мұсылман қауымға ортақ қасиетті оразаны ауызға алады. Баһрам мен Күләндәмнің тойында «Меккеден имам келіп, құтпа оқып» мұсылмандық дәстүрге сай қос ғашықтың некесін қияды.

Дастанның көркемдік қасиеттеріне келсек «Баһрам» дастаны ауыз әдебиетінің элементтерін бойына сіңірген. Батырлар жырындағыдай Баһрам тұлпары айрықша:

Тұлпардан дүниедегі аң құтылмас
...Ер Баһрам мінгені тұлпар ол маңмаңгер.
Жөнелді тұлпарменен жалғыз қуып,
Әр жерде қастық қылды кәпір сұмдық.

Ер Баһрам ол тұлпармен салды қысмыл,
Мәсли үш күн-түн жүрді жарты жылдық.

Жырдағы тұлпар сипаты аз да болса қазақтың батырлық дастандарындағы ер серігі Тайбурыл, Байшұбарлардың образдарымен ұқсастық тауып жатыр. Дастанда қазақи салт-дәстүр элементтері де кездеседі. Жапанда жолыққан шалдың батасын алмай Баһрам бел буған сапарына аттап баспайды. Өйткені қара қазақ ұғымында жасы үлкеннің батасынан аттау немесе теріс батаға ұрыну қасіретке, бақытсыздыққа бастайды. Сондай-ақ дастанда жеңгетайлық жолмен қалыңдыққа сөз салу, түс жору сияқты қазақтың салт-санасына, ұғым-түсінігіне сай құбылыстар да кездеседі.

Дастанның көркемдік тілі «Зияда-Шаһмұрат» дастанына өте ұқсас. Торғындай үлбіреген ақ тамағы, немесе, Ақ беті ай мен күндей, көзі жұлдыз, сияқты қыз сипатын берер әдемі теңеулер мен

Ей, жалғызым, жалғызым,
Бауырыма салған елігім,
Қарап тұрған шырағым,

Қайнардан аққан бұлағым, – сияқты дәстүрлі баламалар шығыстық сарындағы суреттеулер мен әсіре ұлғайтулардың қасында өте аз қолданылған. Бұл – сол кезде нәзирәгөйлік дәстүрмен жазылған дастандардың бәріне дерлік тән құбылыс. Әріп «Зияда-Шаһмұрат», «Баһрам» дастандарында пароход, фонарь, мрамор, миллион, кафтан, пуд сияқты орыс сөздерін де қолданған. Ойымызды түйіндей айтсақ, сонау Фирдауси заманынан әр дәуірде өзінше өрнек қалдырып келе жатқан Баһрам тұлғасы Әріп арқылы қазақ даласына еніп, қазақи дәстүр элементтерімен молынан толығып, өзіндік бітім-болмысы бар туынды ретінде құнды шығармаға айналды. Жалпы Әріптің шығыстық тақырыпта жазған дастандарын сөз еткенде мына бір жайларды мықтап есте ұстағанымыз жөн. Біріншіден, бұл дастандарды дүниеге әкелген уақыты – Әріптің ақындық жолға енді бет бұрған жасаң шағы, яғни ақындық өнерге шығар баспалдағының алғашқылары деуге болады. Екіншіден, ақындық жолды шығыстық-нәзирәгөйлік жолдан бастаған Әріп әлі нақты ақындық шеберлікті айқын сезінердей Абай алдын көріп, тағылымын танып үлгермеген еді. Сондықтан да ақынның шығыстық үлгідегі қисса-дастандарын оның ақындық қуаты толысқан кезеңдегі шырлы өмірдің сырын ашар реалистік шығармаларымен таразылаудың еш қажеті жоқ. Бірақ Ә. Тәңірбергенұлы қаламынан туған «Зияда-Шаһмұрат», «Баһрам» қазақ қисса-дастандарының ең көрнектілерінің қатарынан орын алатынын естен шығармауымыз керек. Әріптің бұл шығармаларына кезінде Ә. Қоңыратбаев, Күмісбаев, А. Қыраубаева, Б. Әзібаева, Ү. Субханбердина сынды шығыстанушы ғалымдар арнайы тоқталып, өз еңбектерінің зерттеу объектісіне арқау еткен. Осы дастандарды бүгінгі күні жаңғырта жариялап жүрген Ү. Субханбердинаның: «...осы нұсқалардың озығын саралап зерттеу, сын көзімен сұрыптай отырып, бүгінгі заман тілегіне жарайтындарын жиі жариялап отыру – алдымызда тұрған игілікті істердің бірі» [23.8], – деген пікірі Әріп туындыларының шығыстық дәстүрмен келген қазақ қиссаларының ішіндегі тақырыптық табиғаты жағынан болсын, оқиға суреттеу жағынан болсын алдымен ауызға алынар айтулыларының қатарынан орын алатынын даралап, ғасырлар бойы халықтың бай қазынасын танытар өміршеңдік қасиетін айқындай түседі.

ҚОРЫТЫНДЫ

Әріп Тәңірбергенұлы сынды ақын мұрасына жаңаша талап тұрғысынан, тың талғам таразысына сала қарап, оның ақындық тұлғасын мейілінше шынайы мүсіндеп, бүге-шүге бұлтақсыз әділ сомдауға тырыстық.

Олай дейтініміз, күні кеше ғана көрпе астынан күбірлеген күңкіл кезең талақ етіліп, кеудені кере шыққан айғайлы шындықтың сәулесі қоңырайып көрінген Тәңірбергенов тұлғасына нұр құйып, көркейтіп, кемелдендіре түсті, жарқырата, жаңарта түсті.

Ә. Тәңірбергенұлы – қазақ әдебиеті бетінде ешкімге ұқсамайтын оқшау, өзіне ғана тән өрнек қалдырған күрделі тұлға.

Ең алдымен, Әріп – Абай поэзиясының қайнарынан қанып ішкен, тағылымын бойына дарыта білген талантты шәкірт. Оның нағыз биіктен, ақындық асудан көрінуіне Абайдың әсері шексіз. Ақындық сүрлеуі шығыстық үлгіде басталған Әріпті жетелеп әкеп шынайы өмірдің өзегінен аттатқан да – Абай, әлеумет әлемімен бетпе-бет ұшырастырып, қоғамның қожыр қойыртпағын көзіне шұқып көрсетіп берген де – Абай. Сөйтіп, алаңсыз асқақ сезімге берілген сараусыз ақынды баптап, заманының заңғарынан қарар нағыз демократ, сыншыл ақын болып қалыптасуына бірден-бір себепкер болған да – Абай! З. Қабдоловтың: «Алдымен, Абай – ақын. Бұл аз, ақындардың ақыны!» [217.19], – деген қағидасының бір ұшығы осында жатқан жоқ па?

Әріп – ақындық биікке қармана жүріп көтерілген ақын емес. Байғарадай атадан бергі қанға бөккен қасиет пен бойдағы дарын бұл асуға ақынды еш күштеусіз әуелете қондырды.

Жас ақын шығыс әдебиеті, нәзирәгөйлік поэзияны еркін меңгеріп, көлемді қисса-дастандарға қалам батырды. Кезінде, Қазан баспасында дабыл-дабыл жаңғыра шыққан ақын дастандарының ішіндегі «Зияда-Шаһмұрат», «Баһрам» туындылары қазақ топырағында түлеген шығыс үлгілерінің ең таңдаулылары қатарында орын алатынын атап айтуымыз қажет.

Ә. Тәңірбергенұлы – қазақтың төл өнері, өлең жарысы – айтысты өмірінің өзегіне айналдырған ақын. Әріптің Көкбай, Қуанышбай, Боранбаймен айтыстары – қазақ айтысының ордалы ортасынан орын алмағанымен, айтыс табиғатына өзіндік бір тың бояу, жаңа жарқыл қосқан ерекше дүниелер. Өз айтыстарында Әріп тек шебер айтыскерлік тұрғыдан ғана емес, адамдық-парасат биігінен қараған ақын ретінде көріне білді. Айтыс табиғатының тылсымын түбегейлі таныған Әріп «Біржан-Сара», «Тәуке-Ұрқия» сияқты қатардағы айтыстардың тамырына қан жүгіртіп, таңдай қағар озық туындыларды қашай білді. Ә. Тәңірбергенұлы ақындығының шырқау биігі «халық мұратына, мұңына жуық шыншыл шығармалар жазуымен» [218.205] көрінеді. Реалистік бағытты берік ұстанған ұлы Абай көшіне ілескен Әріп, ұстазының өнер биігінен көрінбегенімен, заман келбетін, өз ортасының тірлігін бүркемелемей, өткір де шынайы беруде Абай идеяларын өз шығармаларына темірқазық ете білді. Ұлтының ұстазы дәрежесіне көтерілген Абайдың рухани жолын, адамгершілік тағылымдарын жалғастырушы. Қ. Мұхамедханұлының: «Абай өлгеннен соңғы жиырма жыл өмірінде Әріп ұлы ұстазының әдебиеттегі дәстүрін таза сақтап, өзі де басқа ақындарға ұстаз болу дәрежесіне жеткен» [75.64], – деуі – Әріп мұрасына ерекше мән беріп, қалтқысыз танудан туған түйін.

Абайдай асылдың алдын көріп, ұлағатын ұққан бірегей ақын шәкірті деңгейіне көтерілген Әріп өзінен кейінгі өрелі ұрпақтың:

Туыпты Абайдан соң Әріп асыл,
Жаратып құдай артық ғазиз басын.
Сынасын сөзінен-ақ милы қазақ,

Қандайлық десе білем дәрәжасын [75.180-181], – деп бағалар ұлысына айналды.

Алайда Ә. Тәңірбергенұлы поэзиясын бірыңғай жұмыр жарасымдылық тауып жатқан табыстардан тұрады деу әбестік. Ақынның көркемдік қуаты қоңырайып тұрған, поэзиялық шыңдалу жағынан піспеген туындылары да бар. Әсіресе, ақыл-білім, өсиет-өнеге тұрғысындағы өлеңдерінің поэзиялық қуатынан гөрі, ақынның үгіт-насихат, өнеге үйретудегі баяндаулары басым. Әсерлі поэзияның орнын өнегелік идеялардың жиынтығын көтерген қарабайыр өсиет өлеңдер алмастырған. Қоғамның саяси келбеті ақын бойындағы асқақ сезімді аяқтан шалып, ақыл-өсиет арқалаған тағылымдық өлеңге мойын бұрғызды. Сөйтіп, өлең қасиеті өмір құбылысына икемделіп ақындықты ақылдылық басып кетіп жатты.

Кез келген ақын мұрасын оның азаматтық, адамдық болмысынан ажырата қарау мүмкін емес. Ә. Тәңірбергенұлы – замана бедерін өлеңімен өрнектеген ақын ғана емес, ел ісіне бел шеше араласқан қоғам қайраткері. Араздықпен алауыздықты қараңғы елдің бойына бөктірген Ресейдің сайқал саясатын ақ патша қызметінде жүрген қырағы ақын айнытпай таниды. Ел тағдырын ойлаған ақын мен орыс ұлықтарының басы сыймады. Аласапыран заман Әріп басына жалған жала жаудырып, оның соңы қуғын-сүргін қамауға әкеліп соқты. Жерінде жүріп ақиқатын арашалай алмаған ақын көкірегіне қалтақтап, қарманған елінің мәдениетсіздігі мен надандығы өксік боп тығылды. Оның ел ертеңіне араша түскен шырыл дауысы сол кездегі қазақ аспанында үркердей жарқыраған Ә.Бөкейханұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, С.Торайғырұлы, Ш.Құдайбердіұлы М.Жұмабайұлы, сынды халқының тағдырына айналған ұлы тұлғалардың жан айғайына ұласа, жаңғырып жатты.

Орыс өктемдігінің білімі мен мәдениеттілігінде екенін ерте түсінген ақын, елінің ертеңін сөз қаруымен қорғап қалудың аздық ететініне көзі жетеді. Сол себепті, Әріп ағартушылық, демократтық идеялардың жалаң ұраншысы ғана емес, өз еліне мектеп ашып, халық ағарту ісіне өзіндік үлес қосқан азамат ретінде қалыптасты. Ол – қоғамның саяси бедерін дәл түсініп, мейлінше анық таныта білген сыншыл да шыншыл, суреткер, халқының тағдырына алаңдар ел азаматы.

Ә. Тәңірбергенұлы қалдырған мол мұраның үшінші мың жылдықтың босағасын аттап отырған осынау кейінгі ұрпақ алдына жалғыз жинақ боп жетуі – қынжыларлық іс. Әлі күнге баспа бетін көрмей, ауыл ақсақалдарының аузында үзік-жұлық жырымдалып жүрген, одан қалса, шаң басып, сандықтарда көмілген ақынның ірілі-ұсақты өлең, айтыс-қағыстарын айтпағанның өзінде, Қазанда жарық керген «Қожа Ғафан», «Таһир», «Баһрам» қиссаларының Әріп еншісіне берілмей келуі өкінішті-ақ. Ал бүгінде Әріп туындысына телініп жүрген «Ағыбай батыр», «Мұхамед Пайғамбарымыздың рухы», «Ер Шәкер», сияқты әзірше көбінің бізге аты ғана белгілі көлемді дастандар қыруар ізденіс пен түбегейлі зерттеуді қажетсінетін күрделі жүмыстардың әлі алда екенін байқатады.

Етек-жеңімізді жиып, егеменді ел болдық деген күннің өзінде, Ә. Тәңірбергенұлы сынды Абай шәкіртінің мерейтойлары ауыл арасынан аспай жатыр. Ақынның туғанына 140 жыл толуына байланысты Аякөз қаласында жарық көрген «Ұрпақпен үндесу» жинағын көңілімізге медеу тұтқанмен, ешқандай ғылыми талқылаудан өтпей, ел аузында сақталған екі-үш туындының басын құраған пышақ қырындай жинақтың шығуы, ақын тұлғасын танытудан гөрі, дау-дамай, айтыс-тартысқа әкелгені жасырын емес.

Жаңа ғасыр табалдырығын басып отырып Әріп Тәңірбергенұлы мұрасы турасында айтар сөзіміздің түйіні: ақынның жарыққа шыққан өлеңдер жинағына текстологиялық зерттеулер жасап, түрлі басылымдарда, ел аузында жүрген мұраларын мұқият жинап, ғылыми зерттеу елегінен өткізіп, осылардың бәрін тоғыстыра ақынның толықтырылған жинағын шығару ісін кешіктірмей іске асырсақ, ұлы Абайдың бірегей шәкірті – Әріп ақынның мұрасы үлкен сеніммен аяқ басқан осынау үшінші мыңжылдықта марқая түсері сөзсіз.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙