Мазмұнға өту
Home

Біздің алар шебіміз

Сүйеген Салманов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Біздің алар шебіміз

Сүйеген Салманов — «Біздің алар шебіміз» (Көркем әңгіме). АЛҒЫ СӨЗ

АЛҒЫ СӨЗ

Еңбек Қызыл Ту орденді «Манғышлакнефтегазразведканың» комплексті экспедициясында көптен бері бұрғышы мастер болып істеп келемін. Біздің бригада қазыналы түбектегі Жетібай, Қарамандыбас, Тасболат, Қансу сияқты мұнай-газ кен орындарын ашып, геологиялық барлау жұмыстарын жаңа алаңдарда да жемісті жүргізіп келеді. Соңғы жылдары біз құрылыста кең қолданылып жүрген бригадалық мердігерлік әдісті геологиялық барлауда іске асырып, бұрғылау тиімділігін арттырдық, аз шығынмен көп проходка жасауда елеулі табыстарға жеттік.

Құрылыстағы мердігерлік әдісті геологиялық барлау бұрғылауында тұңғыш рет қолдану үшін көптеген дайындық жұмыстары жүргізілді, бұрғышылардың өздері де, инженер-техник қызметкерлер мен экономистер де осы іске тегіс ат салысты. Соның нәтижесінде бригада мен экспедиция арасында екі жақты келісім шартқа қол қойылды. Бұл бригаданың да, экспедиция әкімшілігінің де жауапкершілігін арттырды.

Бригада көрсетілген жұмыс көлемін кесімді мерзім ішінде сапалы аяқтап шығуға міндеттенсе, экспедиция шартқа отырған бригаданы тиісті геологиялық-техникалық нарядпен бірге қажетті жабдықтармен, материалдармен толық қамтамасыз етуді өз міндетіне алды. Екі жақтың да көздегені жаңа мұнай алаңдарын іздестіріп, бұрғылауды экономикалық жағынан тиімділікпен жүргізу болды.

Алғашқы Бейнеу — 2 скважинасы жана әдіс бойынша бұрғыланды. Оның берген жемісі, жаңа жұмыс істеудің тәжірибесі бригадалық мердігерлік әдісті тек бір бригадада ғана емес, басқа коллективтерде де ойдағыдай қолдануға болатынын дәлелдеді. Геологиялық барлаудағы мердігерлік әдістің нәтижесін Қазақстан компартиясының Орталық Комитеті мақұлдап, оны Қазақ ССР Геология министрлігінің басқа да бригадаларында кеңінен қолдануды ұсынды. Қазір осы әдіспен республика бойынша 26 бұрғылау бригадасы жұмыс істейді.

БАЙЛЫҚ БАСТАУЫ

Бұдан жиырма жыл бұрын, 1957 жылы Маңғышлақтың ойы мен қырынан геологтар мұнай, газ, басқа да қазба байлықтарының табылуы ықтимал аудандарда геологиялық іздестіру мақсатымен барлау, терең бұрғылау жұмыстарын бастаған болатын. Бозашы түбінде, одан кейін Жетібай мен Өзенде геологиялық барлау кең өріс алды. Ол кезде негізгі база — Гурьевтен 800 километрге дейін қашықтап кеткен бұрғылау алаңдарына материал, құрал-жабдықтарды тасып жеткізу оңай емес еді, әсіресе бұрғышы кадрлары жетіспеді. 1958 жылдың жазында Қызанда, 1900 жылы Жетібайда алғашқы скважиналар бұрғыланды, кейін бұлар Социалистік Еңбек Ері С. Рысқалиевтың бригадасына тапсырылды. Өзім 1901 жылы Совет Армиясы қатарынан оралған кезден бастан барлаушылар жұмысына араластым. Маңғыстауда туып өскеніммен тәрбиені Ембі мұнай кәсіпшілігіндегі Қаратонда алдым. Доссордағы қолөнер училищесін бітіріп, мұнай айдау станциясының насосында моторист болдым.

Осы шақта Маңғыстауда геологиялық-барлау жұмысы кең өріс алды. Мен бірден алыстағы барлау алаңдарының бірі Жетібайда жаңадан құрылып жатқан бригадаға көмекші бұрғышы болып бардым. Мастеріміз инженер Петровпен бірге Жетібайдағы белгілі № 6 скважинаны бұрғыладым. 1961 жылдың 5 июлі күні таңғы төртте 2600 метрге дейін труба түсіріліп, мұнай беретін қабаттарды сынау жүргізіліп жатқан кезде күтпеген жерден күркіреу басталды. Колонкадағы бұрғылау ерітіндісі лықылдап, кері шапшып лезде-ақ бұрғылау алаңын қарақошқыл түтін, ыстық мұнай басып кетті. Мұнай сел болып ақты. Задвижкалары бар арматураны колонканың аузына кіргізгенмен фонтанды ауыздықтау оңай болмады, табиғат дүлейімен үш күн, үш түн арпалыстық. Ақырында, ол адамның ырқына бағынып, жуасыды. Осы сәт менің есімнен ешқашанда кетер емес. Өйткені бұл менің барлаушылар семьясына бірінші қосылған жылым, барлаушылық өмірімнің басталған шағы болды.

Жетібайдан кейін Өзенде бастапқыда газ, кейін мұнай фонтандары атқылады. 1964 жылы Өзенде, 1967 жылы Жетібайда мұнай өндіру басталды. Маңғыстауда алғашқы он жылдың ішінде 100 миллион тонна мұнай өндірілді. Бұрын ұшқан құс, жүгірген аң сирек кездесетін, суы жоқтықтан мал өрісіне де кәдеге аспай бос жатқан жерлерде Жетібай, Ералиев, Сай-Өтес, Бейнеу сияқты сәнді жұмысшы поселкелері, анадайдан көз тартқан Жаңаөзен, Шевченко қалалары пайда болды. Барлаушылар тапқан қисапсыз байлықты игеру бүкілхалықтық іске айналды. Партияның шақыруымен еліміздің түкпір-түкпірінен келген патриоттар сәулетті үйлер мен өндірістік объектілерді тұрғызды. Шевченко, Жетібай, Жаңаөзен су және мұнай, газ құбырларын салды, электр линиясын тартты. Мұнай теңіз арқылы танкерлермен, темір жолмен тасымалдана бастады. Олар жеткіліксіз болғанда Куйбышевке дейін жер астымен диаметрі бір метр, ұзындығы бір жарым мың километр болат магистраль төселді. Бұл осыншалық қашықтыққа тұңғыш рет төселген ыстық құбыр болатын. Мұнай әрбір 100 километрден кейін ысытылып отырылды. Өйткені Маңғыстау мұнайы — 30 градус жылылықта тоңази бастайтын қоймалжың парафинді мұнай.

Партияның XXIII, XXIV съездерінде Маңғыстаудың мұнайлы ауданын өндірістік жағынан игеруді тездету міндеті қойылса, КПСС XXV съезінің тарихи шешімдерінде Маңғышлақ территориялық-өндірістік комплексті дамыту онан әрі жалғастырылсын деп көрсетілді. Біздер, барлаушылар, бұдан 120 жыл бұрын осы Маңғыстауда айдауда болған украин халқының ұлы ақыны Тарас Григорьевич Шевченко айтқандай, «ит байласа тұрғысыз» жердің ырыс өлкесіне айналуына бастаушы болғанымызды мақтан тұтамыз.

Барлаушылардың ел байлығын молайтуға қосқан ерен үлесін үкімет пен партия жоғары бағалады. Маңғышлақ геология барлаушылары Маңғыстау түбегінде ірі мұнай көздерін тапқаны және барлап ашқаны үшін СССР Жоғарғы Советі Президиумының Указымен «Манғышлақнефтегазразведкасы» 1966 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталды. Бір топ ғалымдар, барлаушылар Лениндік сыйлықтың лауреаты атағын алды. Атақты бұрғышы мастер Салық Рысқалиевқа, Төреғали Қабдіровке Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Маған да үлкен сенім көрсетілді. Сол жылы мен СССР Жоғарғы Советінің депутаты болып сайландым.

Бұл құрметті барлаушылар да, істің тағдыры тікелей шешімін тапқан барлау алаңдарында бұрғылау жүргізіп жатқан өзім де бір сәтке ұмытқанымыз жоқ. Жетібай, Өзеннен кейін барлаушылар Теңге, Қарамандыбас, Асар, Тасболат, Шығыс Жетібай мұнай-газ алаңдарын өндірістік пайдалануға берді. Барлаушылар Қорғанбай, Оңтүстік Үстіртте Бірінжік, Ақсексеуіл, Темірбаба, Тамды, Қызылсу алаңдарында барлау жүргізді.

Барлаушылар геологиялық барлау жұмыстарын 1973 жылдан бастап, облыстың батыс жағына, Бейнеу, Бозашы бағытына қарай аударды. Өйткені Маңғыстауда геологиялық барлау алғаш басталғанда бірінші болып қолға алынған Бозашы бағытында мұнай белгілері бар, бірақ қажымай-талмай іздестіруді керек ететін құрылымдар қалып қойған болатын. Жетібай мен Өзенде атылған мұнай газ фонтандары бұрғылау бригадаларын тездетіп ол жақтан осы өңірге көшіруге себепші болған-ды.

Енді, міне, сөйткен Бозашыға, одан әрі «өлі қолтық» Бейнеу, Сарықамыс жағына мұнара сүйретер кездер туды.

Жетпісінші жылдардың басында Мақат-Ақтау темір жолының бойындағы Каменный разъезі маңында Құлсары бұрғылау конторының адамдары Арыстан алаңынан мұнай фонтанын атқызған болатын. Кезінде құлақты елең еткізген бұл фонтан Маңғыстау барлаушыларының да назарын аударды. Базарбай Қосмағамбетовтың бригадасы «Аманжол» алаңын, одан кейін біздің бригада Бейнеу, кейін «Жарақұдық» алаңдарын бұрғылай бастады.

1974 жылғы январьда Санақ Таянов басқарған бригада мұнайлы құрылымды табу мақсатында № 12 Крелиусты тайыз скважинаны бұрғылап жатқанда 303 метр тереңдіктен тұңғыш рет мұнай фонтаны атқылады. Ол бір тәулікте 150 тонна сұйық қара алтын берді. Бұл жалпы мұнай геологиясында сирек кездесетін, тайыздан табылған мұнай болды. Жетібайда 2500, Өзенде 1400 метрден кездескен мұнайлы юра қабаты Қаражанбаста 300 метрден ұшырасып отыр. Осының бәрі мұнайлы қатпарлардың жер астында бір деңгейде жатпайтындығын, оның кей жерде өте тереңде, кейде жер бетіне таяу жататынын дәлелдейді. Бекі-Басқұдық, Қарасаз дөңдерінде май болып қатқан қара топырақ осындай геологиялық өзгерістер арқылы жер үстіне шығып қалған мұнайлы қатпар еді.

Жер үстіне жақын жатқан мұнайдың өндірілуі де онша қиынға және қымбатқа түспейді, бірақ мұндай май сіңген топырақ асфальт төсеуге ғана жарайды. Оның физикалық, химиялық құрамы атмосфераға жақындаған сайын өзгеріп, өзінің мұнайлық сапасын жоғалта бастайды.

Халық шаруашылығы үшін мұнайдың маңызын айтып жеткізу қиын. Сондықтан оны құрлықтан да, теңіздің түбінен де, шөлейтті өңірден де іздейді, өндіреді.

Сол байлық іздеушілердің қатарында біздің бригада Бейнеу төңірегіндегі Бейнеу-Қарақұдық, Тышқанды алаңдарын бұрғылап, барлау жұмыстарын ойдағыдай жүргізіп келеді.

ҚГТСС XXV съезінің шешімдерінде геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігі мен сапасын арттырып, скважинаны құру уақытын 25—30 процентке дейін қысқарту міндеті қойылды.

Бұл міндетті орындау үшін әр бригадада барлық мүмкіншілік бар. Бұған бригада қолда бар негізгі өндірістік жабдықтарды, қорды яғни бұрғылау құралдарын толық қуатында, қаржы және материалдық ресурстарды тиімді пайдалану есебінен, шығынды аз жұмсау арқылы, химиялық реагент, бұрғылау ерітіндісін үнемдеп жұмсау арқылы жетіп келеді. Бұл жалпы бұрғылау жұмыстарының тиімділігін көтеруге көмектесетін комплексті шаралардың бірі. Оның үстіне үнемділік пен ұқыптылық, тиімділік пен сапа күресі әрбір құрылысшының, бұрғышының күнделікті қажеттілігіне айналғанда бұрғылау жұмысын тұтас сала, экспедиция бойынша ғана емес, әрбір бригада, өндірістік учаске бойынша тиімді жүргізуге болатыны айқындалды. Теңіз тамшыдан құралады дегендей, егер геологиялық барлау, бұрғылау жұмыстарын бір бригада тиімділікпен жүргізіп, сол жолда жақсы тәжірибелер жинақтаса, оның әдісін басқа бригадалар меңгеріп, тіпті министрлік бойынша жақсы техникалық-экономикалық көрсеткіштерге ие болары сөзсіз.

Осы тұрғыдан алғанда істі шаруашылық есеппен жүргізіп, ойдағыдай нәтижеге жетіп жүрген коллективтер біздің елімізде аз емес. Мысалы, Москвадағы «Зеленогорскстрой» тресінің Социалистік Еңбек Ері Николай Анатольевич Злобиннің құрылыс жұмыстарын бригадалық-мердігерлік әдіспен жүргізу тәжірибесі қазір бүкіл Одаққа тарады. Злобин әдісі өндірістік құрылыстар салуда да ойдағыдай нәтиже берді. Оның әдісін қолданып, жақсы нәтижеге жетіп жүрген коллективтер біздің республикада, облыстарда баршылық. Мәселе басқада, злобиндік мердігерлік әдісті құрылыста емес, бұрғылауда, оның ішінде орталықтан шалғайда іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатқан геологиялық барлау бригадасы жағдайында жүзеге асыру, әрине, оңай емес еді.

Бірде вахта алмасып, аймақтық инженерлік-технологиялық қызмет экспедициясының конторына барып, бөлімдерін аралап жүргенде кәсіподақ комитетінің председателі М. Төлеуғалиев мені өз кабинетіне ертіп келіп, бір кітапшаны көрсетті. Бұл 1975 жыл болатын. Ол бригадалық-мердігерлік әдісті өндірістік құрылыс алаңында пайдаланудың тәжірибесін жазған, Н. А. Злобинмен жарысқа түскен Мурманск құрылысшысы В. П. Сериковтың кітапшасы екен.

— Мұқият оқып шыққан соң пікіріңді айтарсың, жігіттеріңмен ақылдас, біздің жағдайымызда да пайдалануға жарайтын сияқты,— деді ол.

Мен кітапшаны зер сала оқып шықтым. Оларда да, бізде де негізгі жұмысты атқаратын бригада, жұмыс көлемін анықтайтын, оның аяқталу мерзімін белгілейтін әкімшілік, құрылыс басқармасы, бізде «Манғышлақнефтегазразведка» комплексті экспедициясы. Экспедиция болашақ қазылатын скважинаның тереңдігіне, жер қыртысының геологиялық құрылымына сай скважинаны қазып шығуға кететін уақытты, қаржыны, жұмсалатын материалды, басқа да ресурстарды белгілейді. Егер бұрғылау мерзімі геологиялық-техникалық нарядта көрсетілгеннен асып кетсе, бұрғылау шығыны өсіп кетеді, проходканың өзіндік құны қымбаттайды, экспедицияның өнім бермейтін шығындары көбейеді, немесе бригада скважинаны бұрғылауды дер кезінде аяқтаса, онда экспедиция шығынға ұшырамайды, ал егер бұрғылау жұмысы мерзімінен бұрын аяқталса, ол экспедицияға қосымша пайда келтіреді, әрі бұрғылауда бір қалыптылық орнайды. Жаңа әдістің бір ерекшелігі мынада: тапсырманы беруші де, тапсырманы орындаушы да өзара шарт жасасады, бригадаға пәлендей жұмысты пәлендей уақытта, қаржыны түгелдей жұмсап аяқтап шығасың, сол үшін қажет материалды, жабдықты аласың, оны біз өзіміз жеткізіп береміз, ал сол материалдарды, уақытты, ресурстарды шаруашылық есеппен, ұқыппен, тиімділікпен жұмсап, тапсырманы сапалы етіп орындайсың, скважина бұрғылауды мерзімінен бұрын, жақсы деген бағамен аяқтап тапсырасың, үнемделген қаржы, материал ресурстары көлемінде материалдық ынталандыру сыйлықтарын аласыңдар,— дейді.

Міне, бригада мен әкімшілік арасында жасалатын болашақ шарт осыларды ескеруі керек.

— Егер экспедиция өз тарапынан біздің барлық материалымызды барлау алаңына жеткізіп беруді өз міндетіне алатын болса, біздер бұрғылауды геологиялық-техникалық нарядқа сай неге орындап шыға алмаймыз,— деді мастердің көмекшісі Герасименко.

— Әңгіме тек қазуда емес, өзіне де, экспедицияға да пайда келтіретіндей тұрғыдан бұрғылау керек. Іс тек қазуда емес, жұмысты тек білгірлікпен атқару қажет деп отырған жоқ па мына кітапшада,— деді бұрғышы Айтжан Жақашев.

— Онда әрбір текше метр ерітінді, әрбір қашау, әрбір тақтай, шеге қатал есепке алынады, басқа бұрғылау алаңына көшкенде жұртта сынық темір, қисық бұрау, темір арқан қалмайды, бәрі де есепке алынады, біз не жұмсасақ та оның құны қазылған әрбір метр проходканың өзіндік құнына барып қосылады. Шаруашылық есеппен бұрғылау дегеніміз міне осы. Егер осы талапты орындай алатын болсақ қана экспедициямен мердігерлік шартқа қол қоюға болады,— дедім мен.

Міне, осыдан кейін бригада мүшелерінің жиналысында құрылыстағы мердігерлік әдісті геологиялық бұрғылау жұмыстарында да қолдануға болады, оны бірінші болып бастауға бригада мүшелері дайын деген шешім алынды.

Көп кешікпей бұл мәселе барлаушылар кәсіподақ комитетінде, партия комитетінде, техникалық-экономикалық Советте, экспедиция әкімшілігінде жан-жақты талқыланды. Экспедиция басшылары бұрғылау жұмыстарын мердігерлік әдіспен жүргізуге бел байлап отырған бригаданың инициативасын қолдап, бригада мен әкімшілік арасындағы мердігерлік шарттың жобасын жасау бас экономист Ш. Нұрғазинге тапсырылды. Ол инженерлермен бірлесе жұмыс істеп, жауапты тапсырманы ойдағыдай орындап шықты. Көп кешікпей екі жақ та геологиялық бұрғылауда бірінші бастама болған мердігерлік шартқа қол қойды. Оның бірінші пункті бұрғылау бригадасы жобалы тереңдігі 3500 метрлік Бейнеу алаңындағы № 2 скважинаны 6 ай 7 күнде, 521 станоктік айлық шапшаңдықпен, тиісті геологиялық-техникалық нарядқа сай қазып шығады, бұрғылау үстінде скважинаны, бірінші объектіні сынап, материалдық және еңбек ресурстарын тиімді жұмсау арқылы көрсетілген мерзімде пайдалануға тапсырады.

Екінші пунктте бригада материалды, запас бөлшектерді, инструментті ұқыпты жұмсайды, бұрғылау құралдарын, еңбек қорғау және қауіпсіздік техникасы ережелерін сақтайды, сол арқылы бұрғышылардың еңбек белсенділігін арттыру мақсатында вахта арасында ең көп.

проходка үшін, әр қашауға проходка беру, көмекші бұрғылаушыларға көтеру-түсіру операциясын жоғары дәрежеде орындау жолында жарыс ұйымдастырылады деп жазылды.

Үшінші пунктте өндірістік қамту базасы әкімшілік атынан бұрғылау жұмыстарының нормада көрсетілген мерзіміне қарап, бригаданы материалмен, техникамен жабдықтап, тиісті жөндеу жұмыстарын жүргізеді, делінді.

Төртінші пунктте әкімшілік атынан тиісті бұрғылау технологиясына басшылық етіледі, жұмыстың сапасына бақылау жасалады, жаңа техника өндіріске енгізіледі, ай сайын бригадаға оның жасаған шығындары, техникалық-экономикалық көрсеткіштері, жоспар мен міндеттемеге сай айлық және жыл басынан бергі проходкасы туралы анықтама беріліп отырылады, деп көрсетілген.

СҮЙІНІШТІ КӨРСЕТКІШТЕР

1975 жылдың 29 октябрі болатын. Көптен толғанып, шынтуайтына келгенде міндетке алып, нәтижесінің қандай болатынына көз жеткізе алмай тұрған шақта жасалған шарт ақыры біздің қолымызға тиді. Бұл Бейнеудегі тереңдігі 3,5 мың метр № 2 барлау скважинасын қазып, бірінші объектісін тапсырудың шарты еді. Онда осы тереңдікті 201 тәулікте қазуға, бір станокпен айына 521 метр тереңдік бұрғылауға, басқа да көрсеткіштерді геологиялық-техникалық нарядқа сай сапалы етіп тапсыруға сөз бердік.

Шарт бойынша бригадада көрсетілген тереңдікті бұрғылап шығу үшін материалдық, техникалық және еңбек ресурстарының шығынын прогресті техникалық негізде құрылған пормамен, тұтас жұмыс көлемінің есепті құнын ескеріп жүргізуге тиісті болды. Документте қазылатын болашақ скважинаның есепті құны, бұрғылауға қажетті негізгі материалдың — жанар-жағармайдың, басқа да аспаптардың нақтылай және ақшалай құны көрсетілген. Бригада геологиялық-техникалық нарядты, нормативтік картаны, шаруашылық есеп қағаздарын алды.

Экспедиция әкімшілігі бұрғылау жүріп жатқан кезде бұрғылау барысына инженерлік-технологиялық басшылық жасауға, бұрғылау жұмыстарының сапасын қадағалауға, бригада мүшелерінің жұмыс орындарын нарядта көрсетілген жоба бойынша жабдықтауға, графикте көрсетілген уақытта бригаданы материалмен, басқа да техникалық құралдармен қамтамасыз етіп тұруға, жөндеу жұмыстарын мезгілінде орындап отыруға міндеттенді.

Экспедиция сондай-ақ бұрғылау жұмыстарының барысын оперативті біліп отыру үшін ай сайын бригада келісімді мерзім ішінде нақты шығынды, бригаданың басқа да техникалық-экономикалық көрсеткіштерін жіберіп отыратын болды. Экспедиция бригада мүшелерінің еңбекақыларын прогрестік әдіспен есептеп, нақты атқарылған жұмыс көлемі бойынша айына екі рет төлейтін болды және скважина нормада көрсетілген мерзімде аяқталса бригада мүшелеріне еңбекақы қорының 20 проценті есебінен үстеме төленеді. Сондай-ақ бұрғылау шапшаңдығы әрбір процент өскен сайын бригада мүшелері еңбекақының екі проценті көлемінде тағы да қосымша еңбекақы алады.

Сонымен бірге бригада скважинаны көрсетілген мерзімде, сапалы етіп бұрғылап шықса, өндірістік шығынды шартта көрсетілгеннен азайтып, оның бұрғылау сапасына «өте жақсы» деген баға берілсе ынталандыру қорынан 40 процент, «жақсы» деп бағаланса 30 процент, «қанағаттанарлық» деп бағаланса 10 процент көлемінде қосымша ақы төленеді. Сондай-ақ экспедиция қазылған скважина бойынша үнемделген материалдық-техникалық ресурстар есебінен сыйлық беруге де міндеттенді.

Даладағы мұнара. Алыста болса да өмірмен бірге тыныстап, халық шаруашылық маңызы бар үлкен істі атқарып жүргендіктен барлаушылар өздерін қашан да алғы шептеміз деп сезінеді. Олар іздегенін бір айда не бір жылда таба ма, әлде онан да көп пе, әйтеуір геологтар оған шаршамайды, сейсмикалық зерттеулердің соңынан пәлендей ауданның терең қабаттарында мұнай және газ болуы керек десе болғаны, сол жерге мұнара орнатады, мыңдаған метр тереңге бұрғы бойлатып, сол маңды зерттеп шығады. Қазу үстінде бригада тура мұнайлы қабаттың үстінен түсіп, мұнай не газ фонтанын аттыруы немесе ештеме де кездестірмеуі мүмкін.

Бұрғылау айтуға ғана жеңіл. Барлаушылар алдына қойылған міндеттің түріне, бұрғылау қондырғыларының типіне қарай скважиналарды бұрғылау әртүрлі мерзімге созылады. Геологиялық құрылымы бейтаныс алаңдарда 3-4 мың метрлік скважиналарды қазу аз дегенде жарты жылға созылады.

Бірақ озат коллективтер арасында бұрғылау құралдары мен техникасын толық қуатында пайдаланып, бұрғылау үстінде жаңа техника мен озық технологияны өндіріске енгізу, ішкі мүмкіндіктер мен резервтерді іске қосу нәтижесінде бұрғылау шапшаңдығын арттыруға жетісіп жүргендер аз емес. Бұрғылау шапшаңдығының артуы — скважинаны қазуды мерзімінен бұрын аяқтаудың кепілі.

Біздер Бейнеудегі № 2 скважинаны бұрғылауға 1975 жылы 31 октябрьде кірістік. 3500 метр тереңдікті бұрғылаудың алғашқы метрлерін қазу онша қиынға түскен жоқ. Алғашқы мыңыншы метрге дейін бұрғылау үдемелі қарқынмен жүргізілді. Жасалған шарт бойынша бригадаға ай сайын атқарылатын жұмыс көлемі көрсетілген наряд-тапсырма беріліп отырды. Онда кезекті мерзім ішінде бұрғылауға тиісті тереңдік үшін жұмсалатын негізгі материалдар, аспаптар, запас бөлшектер, қажетті транспорт, басқа да арнаулы техника белгіленді, наряд-тапсырмада сондай-ақ бұрғылау кезінде жүзеге асырылатын скважина жақтауларын бекіту, өнімді қабаттарды сынау, басқа да жұмыстар көрсетілді. Экспедиция бригадаға ай сайын шаруашылық есеп қағазын жіберіп отырды. Онда бригаданың еткен айдағы проходкасы және скважина қазу басталғаннан бергі кездегі бұрғыланған жалпы тереңдік, оны қазып шығуға жұмсалған нақты материалдық-техникалық шығындар, ұқыптылық пен үнемшілдік ережесінің орындалу барысы жазылып тұратын болды.

Бригада мүшелері бұрғылау жұмыстарының әрбір операциясына өте жауапкершілікпен қарап, оны геологиялық-техникалық нарядта көрсетілген ережелерге сай жүргізіп отырды. Забой 3407 метрге жеткенде қашау өнімді қабаттың күмбезін ашты. Бұрғылауды онан әрі жүргізе берудің қажеті болмай қалды. Жоспар бойынша 3407 метрге дейінгі тереңдікке жету үшін бригада 192 тәулік жұмыс істеу керек еді. Бұл тереңдікке біздер 175 күн дегенде жеттік. Бұрғылаудың орташа станок-айлық коммерциялық шапшаңдығы нормативтегі 521-дің орнына 591 метрге теңелді. 3407 метр тереңдікті бұрғылау 20 күн бұрын аяқталды. Бұрғылау ешқандай кідіріссіз, сәтті өтті, барлық проходканың 40 проценті үдемелі әдіспен қазылды. Комиссия қазуы аяқталған скважинаға «жақсы» деген баға берді.

Біздің бригада мердігерлік әдіспен тұңғыш рет еңбек ету бригада мүшелерін көп нәрсеге үйретті. Өйткені мердігерлік әдістің геологиялық барлауда не беретінін білуге асығушылар да, одан күні бұрын түңілушілер де болды.

Кемшілік те болмай қалған жоқ. Бригада календарьлық уақыттың 28,9 процентін көтеру-түсіру операцияларына, скважина жақтауларын кеңейтуге, басқа да қосалқы жұмыстарға жұмсады.

Скважинаны кәсіптік-геофизикалық жұмыстарға әзірлеу ұзақ жүргізілді. 175 жұмыс сағаты тек осыған кетті, бұл бригаданың өз кемшілігі. Бұрғылау ерітінділерін тек бұрғылау үстінде жасауға, ол үшін арнаулы уақыт жұмсамауға болатын еді.

Қауіпсіздік техникасының сақталмауынан инспекция бұрғылауды 43 сағатқа тоқтатып қойды. Жұмысшы қолы жетіспеуінен, вахтаның мезгілінде келмеуінен 151 сағат зая кетті.

Бригада қолда бар мүмкіншіліктер мен резервтерді жеткілікті пайдаланып, бұрғылағанда табыс бұдан да жоғары болатын еді.

Үнемшілдік пен ұқыптылық — көптен де, аздан да үнемдей білу — бригада алдына қойылған басты міндеттердің бірі болды. Бригада мүшелері бұл бағытта қыруар жұмыс істеді. Бейнеу-2 скважинасын қазу барысында бригада 2,7 тонна дизель отынын, 33 қашау, 14,1 тонна химиялық реагент, 22 Тонна цемент, 460 метр болат арқан, барлығы 7,1 мың сом қаржы үнемдеді. Бірақ бригада дизель моторына пайдаланылатын авиация майын нормадан артық жұмсады, жүк тасымалында транспорт шығындарын көбейтіп жіберді. Көптеген материалды бригада 20 километр жердегі Бейнеу станциясынан емес, 450—500 километрдегі Жетібай мен Ералиевтен тасымалдады, осының бәрі, екінші жағынан, едәуір зиян шектірді.

Бұрғылау тиімділігін арттырудың тағы бір резерві — қолда бар техника мен қашауларды дұрыс пайдалана білуде. Өйткені бір қашаудың құны 48 сомнан 245 сомға дейін барады. Бейнеу-2 скважинасы бойынша бригада 4 мың сом тұратын 33 қашау үнемдеді. Алайда К-ТШ, ТШ типті қашаулар норма бойынша әрқайсысы 25 метр орнына 9,5 метрден артық тереңдікті бұрғылай алмады.

Мердігерлік әдісті барлаушылардың бәрі бірдей бірден меңгеріп кете алған жоқ, тікелей өзіне қатысты болмаса, оған жете мән бермей қараушылар да болды.

Сонымен мердігерлік әдіспен алғаш бұрғыланған Бейнеу-2 скважина пайдалануға берілді. Скважинаның барлық жағынан да техникалық-экономикалық көрсеткіштерге сай бұрғыланғаны анықталды. Механикалық шапшаңдық жоба бойынша сағатына 2,09 метр болса, біздер оны 2,45 метрге жеткіздік. Механикалық шапшаңдықтың өсуі станоктың коммерциялық айлық шапшаңдығын ұлғайтты.

Әрине, геологиялық барлауда бұрғылауды үдемелі шапшаң қарқынмен жүргізу мүмкін емес. Өйткені жаңа алаңның тереңдік құрылымын зерттеп отыру үшін оның әрбір горизонт, қатпар тұсынан бұрғылауды тоқтатып, оның топырақ жыныстарынан керн алып отыру керек. Бұл сол тереңдікке дейін түсірілген бұрғылау трубаларын бір-бірлеп көтеріп, ағытып жинауды, қашау орнына қашаулы колонка орнатып керн алуды, бұрғылау аспаптарын сол тереңдікке қайта түсіруді қажет етеді. Бұрғылау материалы болып есептелетін керннің болашақ скважиналар үшін, геологтар үшін пайдасы зор. Сондықтан керн алуға, бұрғылау аспаптарын көтеріп, түсіруге арнаулы уақыт бөлінген. Бригада Бейнеу-2 скважинасын қазу кезінде жалпы проходканың 60 процентін керн алу арқылы өтуді қамтамасыз етуді жоспарлаған болса, бригада оны 63,7 процент етіп асыра орындады. Бұл геологиялық қажеттіліктен туған тапсырма болатын. Бригада керн алу мақсатымен бұрғылаудағы кідірістерді көп бергеніне қарамастан, шапшаңдықты арттыру арқылы керн алуға жіберген уақыттың орнын толтырды. Жалпы бұрғылау да ойдағыдай аяқталды, стволдың бастапқы салынғаннан қисықтығы 1—2 градустан асқан жоқ.

Бұрғылауға берілген барлық уақыттың 83 проценті өнімді пайдаланылды. Экспедиция әкімшілігі «Бейнеу-2» скважинасын бұрғылауға норма бойынша көзделген уақытты қысқартқанымыз үшін 6,700 сом, материалдық ресурстарды үнемдеп, 7 мың сом пайда келтіргеніміз үшін 2 мың сом ынталандыру қорынан сыйлық беруге шешім қабылдады.

Мердігерлік әдіспен істеудің тағы бір ұтымды жағы жалпы айлық еңбекақының өсуі болды. Бұрын жаңа әдіске көшпегенге дейін бригаданың бір мүшесі айына 329 сом көлемінде жалақы алған болса, қазір ол 388 сомға немесе 22,4 процентке өсті.

Бригаданың материалдық-техникалық жабдықталуында басқа бригадалармен салыстырғанда ешқандай артықшылығы болған жоқ. Бұрғылау трубалары, жыныс қопаратын аспаптар, забой двигательдері, станоктың типі мен жабдықталуы экспедицияның осы сияқты тереңдікті бұрғылап, жұмыс істеп жатқан басқа бригадалардың жағдайымен бірдей. Бір айырмашылығы, экспедиция өзі қол қойған шартқа байланысты бригаданың кезегі келгенде жеткізіп беруге тиісті жабдықтарын темір жол арқылы Бейнеудегі жөнелту базасына апарып тұрды, бригада оларды сол жерден бұрғылау алаңына тасымалдап алды.

Бүкіл бұрғылау процесі түгелдей геологиялық-техникалық нарядта көрсетілген параметрдің талаптарына сай жүргізілді. Бұрғылау барысында іркілу, авария сияқты кездейсоқ сәтсіздіктер болған жоқ. Әрине, барлық іс сағат механизміндей жүріп жатты деу артық айтқандық болар еді. Еңбек ұйымдастырудағы, жабдықтаудағы кемшіліктердің болғаны жоғарыда айтылды. Қандай жағдайға ұшырасақ та бригада мүшелерінің еңбекке деген ынта-жігері, ұйымшылдығы бірде бәсеңдеген жоқ. Қайта бұрғылау кезінде жұмыс операцияларын өзара біріктіру немесе ұштастыру көп уақытты үнемдеуге мүмкіншілік берді.

Мердігерлік әдістің қалай жүзеге асқаны бұрғылау документтерінде, вахта журналында жазылды. Сондықтан қай вахтаның қай операция кезінде қаншалықты жұмыс атқарғанын, өзара социалистік жарыс шарттарының қалай орындалып жатқанын, бұрғылау шапшаңдығын арттыруға кімнің қалай көмектескенін журналдағы жазулардан айқын көруге болады. Сонымен бірге жаңа әдісті болашақта басшылыққа алуымызға, басқа бригадалардың да одан үйренуіне жәрдемдесетін құнды тәжірибе жинақтадық. Кейін бұл солай болып шықты да.

Алғашқы скважинаның сәтті қазылуы, бұрғылаудың техникалық-экономикалық көрсеткіштерінің жақсаруы, ең алдымен мердігерлік шартта көрсетілген талаптарды екі жақтың да орындауы осы тәжірибені онан әрі жалғастыра беруге негіз қалады.

Тоғызыншы бесжылдықтың тапсырмасын бригада 4 жылда орындап шықты. Сол үшін бригада жетекшісі мен және бұрғышы О. Сәуірбаев екеуіміз үшінші дәрежелі Еңбек Даңқы орденімен наградталдық.

Құрылыстағы мердігерлік әдісті геологиялық бұрғылауда бірінші қолданып, ойдағыдай жетістікке ие болуымыз республика үкіметі тарапынан жоғары бағаланды. Біздің бригада Қазақ ССР-інің Құрмет кітабына жазылды.

Біздің бригаданың сәтті тәжірибесі экспедицияның басқа бригадаларына да қозғау салды. Адайбай Ғиянатов басқарған бригада оныншы бесжылдықта бұрғылау жұмыстарын мердігерлік әдіспен бастады, кейін оған тағы үш бригада қосылды.

Бригада Бейнеу-2-нің қорытындысы бойынша республиканың геолог-барлаушыларына скважина құрылысының мерзімін қысқартайық, әр бригада мердігерлік шарт жасасын деген бастама көтерді. Оны Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті қолдады, республиканың барлық геологиялық-барлау және мұнай бұрғышылары арасында кеңінен таратуды ұсынды. Республика бойынша, жоғарыда көрсетілгендей, осы әдіспен қазір 26 бұрғылау бригадасы жұмыс істеуде, оның тоғызы біздің экспедицияда.

Бригадалық мердігерлік әдісті одан әрі жалғастырдық. 3100 метрлік скважинаны 159 жұмыс күнінде аяқтауға міндеттенген едік. Бригада мүшелері алғашқы скважинаны қазуда жіберілген кемшіліктерді болдырмауға ұмтылды. Соның нәтижесінде бұрғылауды 141 күнде аяқтап, 226 мың сом мемлекет қаржысын үнемдедік. Мұның үстіне 12 мың сомның материалын үнемдеп, бұрғылау шапшаңдығын нормадағы 530 метр орнына 669 метр станок-айлыққа жеткіздік. Осындай тез әрі сапалы аяқталған скважинаға комиссия бұл жолы «өте жақсы» деген баға берді.

Скважинаны межелі мерзімінен бұрын аяқтағаны, бұрғылау шапшаңдығын арттырғаны және материалдарды үнемдегені үшін бригада мүшелері 23 мың сом сыйлық алды.

Бұдан кейін көп кешікпей Қарақұдық-17 скважинасын бұрғылауға кірісіп кеттік. Оның жобалы тереңдігі 4100 метр болып белгіленді, 1976 жылы 30 сентябрьде басталған бұрғылау үстіміздегі жылдың 6 июлінде аяқталды. Бұрғылау 3600 метрден тоқтады. Бұл скважинаны да мерзімінен бұрын бітірдік. Қазір бригада Тышқанды алаңында жобалы тереңдігі 4000 метрлік № 3 скважинаны бұрғылап жатыр. Бұл жаңа скважина бойынша июльде 1000 метр тереңдік бұрғыланды.

Экспедиция коллективі де осы уақытта барланған алаңдар бойынша мұнай қорын арттырудың екі жылдық жоспарын орындап шықты. Бұл уақыт ішінде Маңғыстау барлаушыларының 1975 жылы Қаражанбас, Солтүстік Бозашы мұнай кен орындарын ашуы одақтық маңызы бар оқиғаларының бірі болды. Қаражанбас алаңы бойынша мұнай қорына өндірістік баға берілді, Солтүстік Бозашы алаңдары бойынша жоғары горизонттардың мүмкіндігіне баға беру жұмыстары жүргізілді. 1976 жылы 60 мың метр орнына 64198 метр тереңдік зерттелді, 26 мың метр көлемінде құрылым іздестіру жұмыстары атқарылды. Осы уақыт ішінде 39 скважинаның орнына 40 скважинаның құрылысы аяқталды, 109 объекті сынаудан өтті. Бұрғылаудың нормативті шапшаңдығы жөніндегі жоспары да 108 процент орындалды. Осындай жұмыстың нәтижесінде экспедиция коллективі барланған мұнай қорын өткен 1976 жылғымен салыстырғанда биыл 38 процентке арттырып, оны 46 миллион тоннаға жеткізді.

Біздің бригада тоғызыншы бесжылдықтың тапсырмасын төрт жылда орындап, 19850 метрдің орнына 25679 метр проходка берді, бұрғылаудың басқа да техникалық-экономикалық көрсеткіштері асыра орындалды. Бригада сметада көрсетілген міндеттеменің үстіне 300 мың сомның бұрғылау материалдарын үнемдеуге уағдаласқан болса, ол 789 мың сом болып орындалды. Бригада коллективі Ұлы Октябрьдің 60 жылдығына дейін екі жарым жылдың жоспарын орындауға міндеттеме алған еді. Бұл 10 июльге абыроймен орындалып отыр. Жыл аяғына дейін екі жарым жылдық жоспар артығымен орындалады деген сенім зор.

ҮНЕМШІЛДІК ЖОЛЫНДА

КПСС XXV съезінде геологиялық-барлау жұмысында скважина уақытын бесжылдық ішінде 25—30 процент қысқарту қажеттігі аталып көрсетілді. Скважинаның құрылысын қысқарту дегеніміз бұрғылау циклін тездету, бұрғылау шапшаңдығын арттыру, ол үшін қолда бар қондырғыны, техника мен жабдықтарды жобалы уақытына жеткізе меңгеру, ішкі резервтер мен мүмкіншіліктерді іске қосу, календарьлық уақытты өнімді пайдаланып, бұрғылау технологиясын жетілдіре беру қажет екені түсінікті. Бұлардың ішіндегі біздер үшін ең маңыздысы — бұрғылау уақытын барынша тиімді пайдалану көрсеткіші. Өйткені қазіргі кезеңде барлығы да уақытқа бағындырылған. Аз уақыт жұмсай отырып, аз шығынмен көп жұмыс атқару өмір талабына айналды. Мысалы, бұрғылауда бұрғыны айналдырып, жыныс қопаруды таза механикалық бұрғылау дейді, ол календарьлық уақыттың жартысына да жетпейді, уақыттың көбі бұрғылау ерітіндісін әзірлеуге, аспапты көтеру-түсіру операцияларына, тереңдік интервалдарын геофизикалық әдіспен зерттеуге, қосалқы жұмыстарды атқаруға кетеді. Сондықтан бұрғылау үшін пайдаланылған уақытты өнімді ету мақсатымен біздер сметада көрсетілген жұмыс процестерін өзара ұштастыруға ұмтыламыз. Мәселен, қазу аяқталған скважинаға колонка түсіру кезінде вахтаның жұмыстан бос мүшелері насостарды тексеріп, насостың дизельді приводтарын жөндеумен айналысады. Бұл оған бөлінген мерзімді қысқартады. Бұрғылау жүріп жатқанда ерітінді, химиялық реагент пайдаланыла береді, трубобур, қашаудың сапасы тексеріледі, ерітінді жүретін жол тазартылады.

Жұмыстың тез әрі қауіпсіз атқарылуын қамтамасыз ету үшін біздер көтеру-түсіру операциялары кезінде 37,5 метрлік бұрғылау свечаларын жоғарыдан екі сатыда тұрып, екі кісінің беріп тұруын ұйымдастырдық. Соның нәтижесінде осы операция бойынша норманың қашан да асыра орындалуына қол жетті.

Бригада жұмыс істейтін «Уралмаш-ЗД» қондырғысының бұрғылау трубасын ашып, жабатын ПҚР-У7 пневматикалық тұтқышпен, АҚБ-ЗМ автоматикалық бұрғылау кілтімен, жетекші трубаны орнатуды жеңілдететін қондырғымен, түсіру-көтеру операциясы кезінде скважина забойына тиісті ерітіндіні құйып тұратын автоматпен, дизель айналысын бұрғыш пульті арқылы реттеп тұратын регулятормен, жұмыстың өнімді әрі қауіпсіз атқарылуын қамтамасыз ететін басқа да механизмдермен жарақтанған.

Біздер бәрі де проходкаға бағындырылған комплексті нормамен жұмыс істейміз. Ондағы мақсат 1 метр проходканы бұрғылау үшін қанша материал, қаржы, адам еңбегі жұмсалды, оны қайткенде және қандай жолмен азайтуға болатынын анықтау. Міне, сондықтан да бригада мүшелерінің барлық ынта-жігері, назары әр қашаудан барынша көп проходка алуға, бұрғылаудағы механикалық шапшаңдықты арттыруға бағытталады. Міне, сонда бұрғылаудың үдемелі әдісі іске асырылып, әрбір метрге шаққандағы бұрғылау шығыны барған сайын азая түседі. Мұның өзі, сайып келгенде, бұрғышылардың материалдық ынталылығын өсіруге, әрбір метрге жұмсалған технологиялық шығындардың азаюына, материал мен уақыттың үнемделуіне тура жол ашады. Оның үстіне әрбір вахтаның өз сменасы кезінде қазылған тереңдіктің әр метріне қанша материал, қаржы жұмсалғанын есептеп отыруына, бұрғышыға күндік табысының қанша болатынын күн ілгері біліп отыруына, оны ұлғайта түсудің резервтерін қарастыруына көмектеседі.

Бригадалық мердігерлік әдіспен жұмыс істеуді, барлық материалдық-техникалық және еңбек ресурстары шығынын техникалық жағынан негізделген прогрестік нормалар бойынша жүргізуді өз міндетіне алған бригада мүшелері өздеріне берілген материалды, аспапты, запас бөлшектерді сақтауға, пайдалануға үлкен жауапкершілікпен қарайтын болды. Былайша айтқанда, ұқыптылық пен үнемшілдік технологиясы қалыптасты. Мысалы, көтеру-түсіру операциясы кезінде, скважина забойы әлі тереңдей қоймаған уақытта үш двигательді бірден қоспай-ақ бір немесе екі двигательмен де лебедканы айналдыра беруге болатыны анықталды. Соның нәтижесінде бір дизельдің текке айналуы тоқтатылды, жанар-жағармайдың шығыны азайды, отынның жұмсалуына бақылау күшейді, автоцистерналар мен әкелінген май ыдыстарға толық құйылып алынатын болды, май жүретін құбырлар күтімге алынды.

Бұрғылау ерітіндісінің сапасына назар аударылды, забойдан шыққан жыныс үгінділерін ерітіндіге қосу химиялық реагентті, көптеген саз балшықты үнемдеді, бұрғылау насостарының тез істен шығатын бөлшектерін үнемдеп, турбобурларды, қашауларды өнімді пайдаланатын болдық.

Материалдық-техникалық ресурстарды тиімді пайдалану жолында бригада мүшелерінің өздері белсенділік көрсете бастады. Өйткені жұмыстың сапалы атқарылып, жанар және жағар май, қашау, запас бөлшектер, басқа да материалдар үнемделгенде олардың нақты құнының 40 проценті өздеріне тиетінін жақсы біледі. Бригада 1976 жылы 64 қашау, 17 тонна жанар және жағар май, 15 комплексті запас бөлшектерді үнемдегені үшін барлаушылардың үлесіне 6 мың сом және бөлінді.

Бригадалық мердігерлік әдіспен жұмыс істеуде материалдық-техникалық жабдықтармен үздіксіз қамтамасыз етудің, еңбекті мінсіз, ақаусыз ұйымдастырудың ерекше мәні бар. Өйткені шарт бойынша жеткізілуге тиісті материал немесе запас бөлшектер мезгілінде әкелінбесе, жұмысшылардың іскерлік қабілеті сол бойда төмендейді, осыдан туған іркілістер жұмыстың берекесін алады. Шынын айту керек, бригаданы запас бөлшектермен, материалмен қамтамасыз ету, жөндеу жұмыстарын дер кезінде орындау шартта көрсетілгендей дәлме-дәл атқарылады деуге болмайды.

Әрбір смена басталар алдында бригада мүшелерінің шағын бас қосуын өткіземіз. Онда скважина забойының жайы, вахта уақытында бригада алдында тұрған міндеттер, нақты қазылуға тиісті тереңдік, бұрғылау жұмыстарының технологиясы мен қауіпсіздік техникасын сақтау қажеттігі әңгіме болады. Вахта жұмысқа әдеттегіден 10—15 минут бұрын келіп, бұрғылау жабдықтары мен насос-двигатель шаруашылықтарын қарап шығады, жұмыс орнын қабылдап алады. Бұл әр тәулік сайын 30—40 минут жұмыс уақытын басқа жұмыстар үшін пайдалануға көмектесуде.

Бригада Қарақұдық — 17-інің соңғы забойларында, әсіресе керндік жыныстары әдеттегі қашауларға әл бермегенде алмас қашауларды қолданды. Бұл тереңдіктерде кәдімгі қашаулар 20—30 метрге ғана әлі келгенде, алмас қашаулар 500—600 метрді ойдағыдай бұрғылап ұсынды. Бұл бұрғылау шығындарын әр вахта сайын оперативті түрде есептеп, біліп отыруға көмектесті. Соның нәтижесінде бұрғышылардың нормасы 14 процентке арттырылды. Айтжан Жақашев жастардың ұстазы, өзінің еңбексүйгіштігімен, мол тәжірибесімен басқаларға үлгі көрсетуде.

Немесе бұрғышы Халипа Ильмұханбетовты алайық. Ол да экспедицияда 1962 жылдан бері еңбек етіп келеді. Нормасын үнемі 117—130 процент аралығында орындайды, алмас қашауларымен бұрғылаудың технологиясын одан жетік меңгерген адам жоқ бізде. Бұл, әсіресе Қарақұдық алаңындағы бұрғылау күндерінде айқын көрінді. Қоғамдық жұмысқа белсене қатысады, бригададағы қауіпсіздік техникасының инспекторы, тоғызыншы бесжылдықтың екпіндісі, 1976 жылғы жарыстың жеңімпазы.

Коммунист Қалиев Бірдән. Бұрғылау ісіне 1972 жылдан бері араласып келеді. Комплексті экспедицияға ол Маңғыстаудан мұнай-газ кен орындарын іздестіру басталғанда алдымен келген болатын. Жетібай, Өзен, Тасболат кен орындарын ашып, пайдалануға берген майталмандардың бірі — Қалиев Бірдәннің үлгісі бойынша бригада бұрғылау жүріп жатқанда бұрғылау трубаларының бойымен қабат сынағышты түсіріп, горизонт қабаттарының өнімділігін анықтауды, секциялық забой двигательдерімен жұмыс істеуді меңгерді. Бригадалық мердігерлік әдіспен жұмыс істеу барысында Б. Қалиев бұрғылау кезінде орынсыз кідірістерді болдырмау мақсатымен материалдардың, аспаптар мен запас бөлшектердің сақтық қорын жасауды ұсынды. Бұрғылау жұмыстарында бірде-бір кідіріске ұшырамасақ, бұған да біздің Бәкеңнің қосқан үлкен үлесі бар деп білеміз. Ол аудандық партия комитетінің мүшесі.

Оразбек Сәуірбаевтың барлаушылар қатарында еңбек етіп келе жатқанына он бес жылға таяп қалды. Алтыншы разрядты маман бұрғышы, бірнеше жаңашылдық ұсыныстың авторы. Тоғызыншы бесжылдықтың қорытындысы бойынша III дәрежелі Еңбек Даңқы орденімен наградталған. Өткен жылы оның вахтасы 1322 метр орнына 1876 метр тереңдікті бұрғылады. Бригадалық мердігерлік әдісті енгізуде бұрғылау және дизель тораптарының жөндеу аралық қызмет нормаларын қалыпқа келтіруге ат салысты. Бұрғылау ерітінділеріндегі металл, қоқыс қоспаларын ұстап қалуға көмектесетін рационализаторлық ұсыныс енгізді.

Бригаданың машинисі Петрас Мацкевичус бізде 1967 жылдан бері істейді. Қазір ол аға механик қызметіне жоғарылатылды. Еңбек, семья бақытын Маңғыстаудан тапқан еңбекқор жан. Петрас бұрғылау қондырғысы мен насосқа қуат беретін жабдықтарды жөндеуді көтеру-түсіру операциялары, цементтің қатуын күту және геофизикалық сынау жұмыстары кезінде қатар атқарады. Бұл уақытты 6-7,5 процентке дейін қысқартуға жағдай жасады. Өндіріс мәдениетін, пайдалану технологиясын жақсарту есебінен дизельдердің жөндеу аралық қызмет мерзімі 5000 сағаттан 7200 мотор-сағатқа ұзартылды. П. Мацкевичус бұрғылау жабдықтарының жұмысын жетілдіре беруге көмектесетін 4 жаңалық ұсынысты өндіріске енгізді. Соның нәтижесінде 2,5 мың сом қаржы үнемделді. Евгений Герасименко 1972 жылы Саратовтағы мұнай техникумын бітіріп келіп бригадаға қосылды. Коммунист, бригададағы партия тобының жетекшісі. Біраз жылдан бері сменадағы бұрғылау мастері болып істеп келеді.

Біздің бригадада Батырша және Еділ Сатқанов дейтін ағайынды екі жігіт бар: Батырша комсомол ұйымының жетекшісі. Ал Александр Виденконың ұлты украин, Құбатаев Гаджип — дағыстандық, екеуі де бригада ұйымдасқаннан бері еңбек етіп келеді. Байқап отырсыздар, көп ұлтты Отанымыз тәрізді, бригада құрамы да интернационалды: қазақ, орыс, украин, дағыстандық, литван.

Біздің коллектив коммунистік еңбек бригадасы атағын 1973 жылы жеңіп алған, содан бері біздер міндеттемелерімізді жыл сайын коммунистік еңбек коллективіне лайықты абыроймен орындап, коммунизм құрылысшысының моральдық кодексіне сай еңбек етіп, тұрмыс құрып келеміз, деп сеніммен айта аламыз. Коллективтің ұйымшылдығы мен бірлігін нығайтуға, тәжірибесін молайтуға партия, комсомол және кәсіподақ ұйымдары елеулі үлес қосып келеді. Өзім экспедиция партия комитетінің мүшесімін.

Партия ұйымы бригада мүшелерінен еңбекке саналы түрде, өз ісіне жауапты қарауды талап етеді, кемшілікке төзбеуге тәрбиелейді. Сондықтан да коллективте творчестволық жағдай: бәрі біреуі үшін, біреуі барлығы үшін деген жолдастық, ынтымақ, достық коллектившілдік жағдай берік орын алған. Бригада мүшелерінің творчестволық ізденістеріне даңғыл жол ашылып, рационализаторлық ұсыныстардың өндіріске енгізіліп, мемлекет қаржыларының үнемделуі де бригаданың жаңа әдіспен жұмыс істеуге деген құлшынысын одан әрі қанаттандыра түсті. П. Мацкевичустың, О. Сәуірбаевтың, Б. Қалиевтың, Е. Гераснменконың ұсыныстарына экспедицияның мамандары, инженер-техник қызметкерлері дер кезінде тиісті көңіл бөліп, жетпеген жерлерін өздері жетілдіріп, іске асырды.

Бұрғылау жұмысында артық не кем ештеме болмауы керек. Әсіресе іске немқұрайлы қарау, салдыр-салақтық бұрғылауды орны толмас өкінішке апарып соқтыруы мүмкін. Бір қуанышты жері, бізде мұндай ахуал, «бұл менің шаруам емес» деп қараушылықты ешкімнің бойынан кездестіре алмайсың. Бәрі де ортақ іске жұмыла кірісіп, бригаданың беделін көтере беруге ұмтылады. Соңғы бес жыл ішінде бригада мүшелері арасында бірде-бір қоғамдық және еңбек тәртібін бұзушылық фактілерінің ұшырамауына алдымен идеялық тәрбиенің, техникалық оқудың жемісі деп қарау керек.

Бір-екі сөз бригададағы коммунистік еңбек мектебінің оқуы туралы. Бұған бригаданың 35 мүшесі қатысады. Өзім насихатшымын. Сабақ айына екі рет, мұнара жанындағы вагон қызыл отауда өтеді. Онда оқу жоспары, бригаданың өткен айдағы, және жыл басынан бергі техникалық-экономикалық көрсеткіштері, озат тәжірибе плакаттары, әрбір вахтаның социалистік міндеттемесі, газет-журналдардың тігінділері қойылған. Вагонда сонымен бірге, бригаданың жарыста жеңіп алған тулары, вымпелдері, грамоталары ілінген. Оқу программасына сай оқулықтар, кітаптар, кәсіподақ кітапшалары және радиоқабылдағыш, тоңазытқыш, радиостанция бар.

Коммунистік еңбек мектебінде біздер әрбір жұмысшының бастауыш экономикалық білімі болуына жетудеміз. Сондай-ақ мемлекеттік жоспар, адамдардың творчестволық ынта-жігері, өнімнің өзіндік құны, еңбек өнімділігін арттырудың жолдары, өндірістің ішкі резервтері мен мүмкіндіктері, пайда мен үнем, коллективтік шарт, материалдық және моральдық ынталандыру жүйелері, бұрғылаудағы шаруашылық есеп және оны онан әрі дамыту секілді тағы басқа мәселелерді тыңдаушыларға түсінікті тілмен, бригаданың нақты экономикалық-техникалық көрсеткіштері, жарысушы бригаданың табыстары арқылы түсіндіру оқудың сапасын жақсартып, мазмұнын тереңдете түсуде.

«Өндірісте жаңа техниканы қолдану — еңбек өнімділігін арттыру резерві» деген сабақта терең забойларда әдеттегі маркалы үш тісті қашаудың орнына қаттылығы өте жоғары «Славути» және алмас қашауларын қолданудың, қабат сынағыштарды бұрғылау трубаларымен бірге забойға түсірудің, колонкалық снарядты пайдаланудың артықшылықтары туралы сөз болды. Сабақ үстінде біздер әрбір қашаудың жаңа техниканың еңбек өнімділігін арттыруда алатын орнын, оны ұқыптылықпен ұзақ пайдалануға ұмтылушылық жалпы бригада бойынша шығынды азайта түсетінін әрбір тыңдаушыға түсіндіруге тырыстық. Мұның үстіне әрбір тыңдаушыға оқу программасына сәйкес нақты тапсырмалар беріп, экономикалық категорияларды қаншалықты жете меңгергенін байқап отырамыз. Бұған қосымша календарьлық уақыт дегеніміз не және оған нелер кіретінін, әрбір бұрғылау жабдығының, аспаптың, техниканың мүмкіндіктері, технологиялық материалдардың шығыны, сменалық тапсырмалардың әр вахта бойынша орындалуы сияқты мағлұматтарды әр тыңдаушының өзі біліп қана қоймай, сонымен бірге еңбек өнімділігін онан әрі арттыратын, өнімнің өзіндік құнын кемітетін, материалдық шығындарды азайтатын пікір-ұсыныстарын сабақ өтіп жатқан кезде ортаға салуына мүмкіншілік туғызып отырамыз. Коммунистік еңбек мектебінің сабақтарында бұрғышы А. Жақашев орта юра қабатын «190-К» қашаудың орнына «СЗГ-190» миллиметрлік қашаумен бұрғылау, О. Сәуірбаев пен Б. Қалиев жалақының бригада мүшелерінің атқарған жұмысына қарай төленетіні туралы, механик Манкевичустың көтеру-түсіру операциясы кезінде бір немесе екі дизельмен ғана жұмыс істеу арқылы жанар-жағар майды үнемдеу сияқты ұсыныстары жөнінде қызу пікір алысылды.

Қорыта айтқанда, бригада ұдайы ізденіс үстінде. Оның өзі де өзгелерден үйреніп, тиімділік пен сапа бесжылдығында бригадалық мердігерлік әдісті геологиялық барлауда бірінші болып қолданып, жаңа бастамаға жол салған жауапкершілігін де сезінеді. Әрине, біздің бригада қазір жалғыз емес, злобиншіл геолог бұрғышы бригадалардың саны жылдан-жылға өсуде. Олардың да жаңа әдіспен жұмыс істеуде жинақтаған өз тәжірибелері, өз жолдары бар.

Бұлардың тәжірибелері бригадалық мердігерлік әдісті тек жеке бригадалардың дәрежесінде ғана емес, оны тұтас экспедиция көлемінде жүзеге асыру тиімді екенін күн өткен сайын дәлелдей түсуде. Өйткені қазуы аяқталғаннан кейін скважинаның бірінші объектісін сынау, геофизикалық жұмыстар, мұнараны ажыратып, басқа алаңға, басқа орынға монтаждау көп уақыт алатыны белгілі. Бұл бұрғылау арасында бос күндерді көбейтіп жібереді. Сондықтан барлау, сынау, монтаждау, бұрғылау жұмыстарының комплексті жүзеге асуы бригадалық мердігерлік әдісті барынша тиімді қолдануға мүмкіндік береді.

Біздің бригаданың мердігерлік әдіспен жұмыс істеу тәжірибесі сондай-ақ үстіміздегі жылы Ералиев поселкесінде өткен республикалық озат тәжірибе мектебінің кезекті сабағында жан-жақты әңгіме болды. Оны Қазақ ССР Геология министрлігі, «Қазнефтегазразведка» басқармасы және «Манғышлақнефтегазразведка» комплексті экспедициясы бірлесіп ұйымдастырды. Озат тәжірибе мектебінде бригадалық мердігерлік әдісті мұнай-газ барлау қызметінде қолдануды ұйымдастыру мәселесі талқыланды. Оған Қазақстанның батыс облыстарындағы геологиялық-барлау ұйымдарынан тоқсанға жуық адам қатысты. Бұрғышы мастерлер, мамандар, өндіріс командирлері өзара пікір-тәжірибе алмасты.

Осы семинар-кеңеске бізбен социалистік жарысқа түскен Гурьевтегі Прикаспий мұнай барлау экспедициясының бұрғышы мастері В. Скунцев те келген болатын. Ол Волга-Урал өзендері аралығында Манаш алаңындағы жобалы тереңдігі 4100 метрлік скважинаны нормативті мерзімнен 30 күн бұрын аяқтауға міндеттеме алған болатын. Бұрғылаудың қазіргі барысы бригаданың көздеген межеге сай еңбек етіп келе жатқанын көрсетеді. В. Скунцев өткен жылы біздің бригадаға келіп, мердігерлік әдісті қалай жүзеге асырып жатқанымызды өз көзімен көрді, көптеген тәжірибе үйреніп қайтты. Соңғы кездесуде ол бригаданың әр мүшесінің мердігерлік әдіспен жұмыс істеуде өз міндеттеріне аса жауапкершілікпен қарай бастағанын, белсенділігінің артқанын, вахтада кісі жетпей қалғанда бірінің қызметін екінші бұрғышы атқара алатынын, қосымша мамандықтар меңгеру әдеттегі іске айналғанын, сондай-ақ бригада мүшелерінің мұнара құрастыруда да ойдағыдай табысқа жеткенін, бұрғылауды комплексті түрде жүргізе бастағанын баяндады.

«Жүк көтерсең ауыр деме» дейді жұрт. Мердігерлік әдіске көшуге табан тіреген екенсің, оны ақырына дейін орындап шық. Міне, біздің өмір заңымыз осы.

Бригадалық мердігерлік әдіс уақыт сынынан мүдірмей өтті. Ол әр коллективке және әр бұрғышыға өз ісіне мемлекеттік тұрғыдан қарауды үйретеді. Өйткені мердігерлік әдіспен істеген коллективте адамдар өз ісіне творчестволықпен қарауға үйренеді.

Сонымен бригадалық мердігерлік әдісті тек геологиялық барлауда ғана емес, халық шаруашылығының басқа да саласында, оның ішінде мұнай скважиналарын пайдаланатын кәсіпорындарда, автотранспортта ойдағыдай қолдануға болатынын бұл саладағы алғашқы тәжірибелер көрсетуде.

Партияның XXV съезі тиімділік пен сапаны оныншы бесжылдықтың басты ұраны етіп алға қойды. Біздің бригада да партия ұранын іске асыру жолында қажырлы еңбек етуде. Осы шағын кітапша арқылы бригадалық мердігерлік әдістің біздің жағдайымызда қаншалықты жүзеге асқанын, оның экономикалық тиімділігін көрсетуге тырыстық.

Сөзімнің соңында тиімділікке бастайтын, аз шығынмен көп жұмыс атқаруға көмектесетін, өмір сынынан еткен бригадалық мердігерлік әдісті қолданушылар қатары көбейе берсін дегім келеді.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙