Өлеңдер, поэмалар. 4-кітап
Ғафу Қайырбеков
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Поэзия әлеміне өзіндік үн қосқан ақын Ғафу Қайырбеков өзінен кейінгі жастарға сүйіспеншілікпен қарады. Тың туралы жазған дастандары үшін марапатталды. Шығармаларындағы негізгі ерекшелік – ұрандату мен айқайдан алыс болды. Ол дәстүр жалғастығының үзілмегенін қалады.
«ҚАНАТТЫ ЖЫЛДАР» КІТАБЫНАН. 1973 ЖЫЛ
ЖАҚСЫ ЕКЕН СЕНІҢ
С. Омаровқа
Жақсы екен сенің Отаның,
Келісті өлке, кең көңіл.
Ұмытпайды екен Сейтжанын,
Ұмытса да ұлы кейде бір.
Әлі тұр сонау көк қақпа —
Волисполком мекені.
Белгілі ғой айт-айтпа
Туған жер, шіркін, не екені.
Әлде бір ыстық сезіммен
Қараймын ұзақ мен-дағы
Үнсіз де үлкен көзіңмен
Қараушы едің сен-дағы:
Қаңылтыр шілтер — көп әйнек
Шағылар күнге екінді.
— Үйге кір, жиен кел, әй! — деп
Шақырған өзің секілді.
Атбасар десе, ол жерден
Шыққандар еске түспей ме?
Аға едің ардақ көз көрген
Секілді жақын іш жейде.
Кешуін болса маған бер,
Еркелей қалдым жайша бір.
Дегендей саған туған жер:
«Келіп те кетіп қойса бір!»
* * *
СОҚТЫ БОРАН
Соқты боран,
«Соқты» деген жай сөз ол.
Көз алдында көрінбейді созған қол.
Аппақ болып шыға келер әп-сәтте
Қара асфальттан қасқитып-ақ салған жол.
Әп-әдемі-ақ шығып еді жаңа күн,
Жарқыратып оттай қызыл шанағын.
Соқты боран.
Содыр сойқан қолымен
Жапты барып жақсы күннің жанарын.
Бұлт дегенің
Бұған салсаң — сөз емес,
Түн бе дерсің,
Түннің тағы өзі емес.
Жан-жағына дөп-дөңгелек мұз қатқан
Көзің дағы әшейіндегі көз емес.
Мықты болсаң,
Дәл осындай шақта бір
Кетпек болып,
Жолаушылап, атқа мін.
Ал біз кеттік
Ортасымен достардың!
Ойламай да,
Ойлап тағы бас қамын.
Машиналар
Керуендей тізілген,
Зымырайды бір-бірінің ізімен.
Бара жатыр адам, боран алысып
Атбасардың алыс жота, түзімен.
Неге шықтық?
Күтті бізді енді не!?
Тағдырымызды сынағымыз келді ме?
Уақытымызды сынағымыз келді ме?
Күшімізді сынағымыз келді ме?
Болса болар!
«Көрдік, - дедік, -шыдап бір».
Алдағы әр он шақырымда трактор.
Әлсін-әлсін дауыс естіліп ауамен
Целиноград халімізді сұрап тұр.
Адам — боран,
Боран-адам алысқан.
Ақтүнекте екі бірдей арыстан
Минут сайын тұмсықтары түйісіп,
Көкке шапшып, қары талып қарысқан.
Секілді бір болды ғажап,
Сол күні!
Шеке шертіп ішкі қанның толқыны.
«Ойпырым!» деп отырдық біз тым-тырыс.
Басылмады табиғаттың жойқыны.
-Ештеме емес, сабырыңа ерік бер,
Таңсық емес бізге мұндай желіктер,
Mінe осылай туады егін жаздағы,
Mінe осылай туар бізде ерліктер! —
Дейді маған құрдас басшы сөзі әзіл,
(Менің күлкім келіп тұрған жоқ әзір!)
Мұздан сауыт киіп алған машина
Гүрілдемей, ыңырсиды сәл әзер.
—Ақындар да дәл осылай бұрқанса,
Тым күштірек шығар еді жыр сонша! —
Дейді тағы ол, мен басымды изеймін,
Есілдертім, — қалды алда жол қанша!»
Алты сағат ақырып соққан манадан,
Тартты боран қолын біздің жағадан.
Өз ыстығын алып шығып жолшыбай,
Шығарып сап тұрды туыс бар адам.
О, Атбасар, жібергің-ақ келмеді-ау,
Тілінді алып боран да жол бермеді-ау,
Осыншама көңіліңді көрген соң
Болмас енді бізде де өкпе, сенде дау!
Целиноград ұқсап сүйгіш анаға,
Қарауменен көзі талды далаға.
Ақ боранда ылғи қара «волгамен»
Жүйткіп кіріп келе жаттық қалаға!
ҚОСТАНАЙҒА СӘЛЕМ
Қостанай, айналайын ауаңнан мен,
Жаныма әсер етпес баламнан кем.
Сол үшін сонша жерден ұшып келіп,
Татамын дос ұсынған тағам-дәмнен.
Жолы алыс Алматы мен екі араның,
Екеуі екі шеті сахараның.
Сағынам сағат сайын өзіңді мен,
Қалайша ол мезгілде жете аламын?
Білмейді жақын жүрген қадіріңді
Мен болсам сарқып біттім сабырымды.
Алысқа шашыраған, арман бар ма,
Сағынсаң сен де осылай әр ұлыңды!
Жарықтық жатыр екен Тобыл тасып,
Толқыны баяғыдай көбік шашып.
Сүйеді Қостанайдың қос бүйірін
Баладай ерке тотай тиіп, қашьп.
Қиналдым бір әлсіздік жасап алып,
Көзіме еріксізден жас оралып.
Сан жылдар еске түсті-ау самсап бәрі,
О, шіркін, кісі едік қой осы аралық!
Жә, жетер, назы ғой бұл бір перзенттің,
Жанымды сені көріп бір тебіренттім.
Алыста сағынатын жан болмаса,
Деген бар «ел де жетім, жер де жетім».
БІР УЫС ДӘН
Тұра қап егін шетінде
Қолыма алдым бір сабақ,
Ып-ыстық сәуле бетінде
Толысқан екен күн санап.
Уысқа салып уқалап,
Ұшырдым үрлеп қауызын.
Оқуға бетін бір парақ
Алтын дән атты аңыздың.
Мөлдіреп сары моншақтай
Қолымда қалып от табы,
Алақан сайын босатпай,
Сырғанап болып тоқтады.
Үңіліп, көзімді ала алмай,
Ынтыға тұрдым иіскеп,
Сағынтып соққан самалдай
Тарайды тәтті иіс кеп.
Бейнеттен туған ақ перзент
Зейнеттің аты осы ма ед?!
Алтын дән бойын тұр кернеп
Адамнан жұққан қасиет.
Табиғат әмір істемек,
Сипат пен сипат алмасып.
Өтеміз солай біз, демек,
Туған жерменен жалғасып.
Өтеміз, солай, күні-түні
Өсудің заңын алға ұстап,
Төгілсе, қайта өнетін
Бір уыс сонау дәнге ұқсап.
АСПАН АСТЫ АҚ ТОЛҚЫН
Теңіз де теңіз сары ала
Жел құшағы жетпеген
Теңіз құсы шағала
Ол да кесіп өтпеген.
Аспан асты-ақ толқын
Ал қимылда, ел-дана!
Соны төкпей сақтайтын,
Жинайтын да сен ғана!
Сенің ғана бірлігің,
Іскерлігің бір сенің,
Сенің ғана тірлігің,
Жерге біткен мұнша егін!
Қашанда өзің ұлы істі
Басқарар да, туғызар.
Кең жаралған ырысты
Кең маңдай ғана сиғызар.
Сенің еңбек – бағында
Ай-қарауыл, Күн — күзет!
Керек болған шағында
Түнді дағы күндіз ет!
Күз — күрес те, жаз - майдан,
Миллиард қолда бір тұрсын.
Жеңіс келіп мәз-мәйрам
Ғажап бақыт күн тусын!
КӨКШЕ ТАҢЫ
Таң ата көрдің бе сен Көкшетауды,
Дейтіндей бұлтсыз аспан жұпар жауды,
Хош иіс жан-жағыңды қоршап алып,
Секілді ақ шымылдық қыздың аулы.
Көтеріп самал саусақ сәл билетіп,
Сәбидей құшағында әлдилетіп,
Көлденең көк бесікке бөлеп салып,
Көрмеген рахатқа жаныңды ертіп.
Жарықтық әкетеді-ау есінді алып,
Таулардың көкше мұнар көшін бағып,
Солармен қалқып қатар ұшқандайсың
Құс болып, адам деген есім қалып.
Бәрі — көк, жерің де — көк, көгің де көк
Орманың, көлің де - көк, шөбің де көк.
Теп-тегіс көк дүниенің ортасында
Сенің де көк болмасқа жөнің де жоқ.
Ақ таңның аясында Көкшені кер,
Арудың алпысы айдын, сексені көл.
Аспанның жерге түскен балалары
Секілді, сәл тұрады-ау сескеніп ол.
Ал сонда алтын табақ күн дөңгелеп,
Көргендей нақ туысын көл еркелеп.
Сағынып, шопылдасып сүйіскендей
Сүйкімді құлағыңа бір үн келед.
Басында Көкшетаудың күн тыныстап,
«Демалып жатайыншы бір дұрыстап!»
Дегендей көк кемерге көп бөгеліп,
Тұрады ұзақ балқып, тым-тырыс қап.
Көк бұлттан жарастырып бөркін киіп,
Денесі Көкшетауға еркін тиіп,
Есіл күн ерке қыздай тұрар бір сәт
Ернінің ұшыменен ептеп сүйіп. —
Содан соң есін жиып рахаттан,
«Ал, жолым, енді көктен жыраққа аттан!-
Дегендей қызыл күйме, күрең атпен
Күн сері жез қоңырау сыңғырлатқан.
Ал, Көкше, жаңғырыққан көк сарайдай,
Тұрады сол дыбыстан босай алмай.
Айналып шыға алмайсың құшағынан
Сен-дағы бақыт тапқан босағандай.
Таң ата Көкшетаудың сәнін көр сен,
Сары ала самсай біткен дәнін көр сен.
Кетесің тау Көкшеге тәрік қылып
Қызықтың өзге керген бәрін де сен.
Тау Көкше, тамаша едің не деген сен,
Осы күй, осы түрмен кеудеме енсең,
Көтеріп, Көкшетаудай жақсы өлкемді
Арман жоқ жер бетімен дөңгеленсем!
САРЫАРҚА
Сарыарқа жерге қойған елдің аты,
Бір сөзде ата қазақ махаббаты,
Болжаған болашағын сан ғасырға
Даланың данышпаны — дана қарты.
Сап-сары, сары алтынмен туысқандай
Малынып маржан дәнге тұрыс қандай!
Жетеді көк жиекке көзін талып,
Арада егіннен бос қуыс қалмай!
Теп-тегіс жер алтынмен қапталғандай,
Сан ғасыр бұзылмастан сақталғандай,
Комбайн бір шетінен тіліп алып,
Жүйткиді олжасына мақтанғандай.
Шашау жоқ шебер қолмен қиған шауып.
Ер анау ел ырысын жиған шашпай,
Бұл жерде молшылықтың оты маздап,
Адамнан адам бақыт қызғанбастай.
Отанның сары қазаны бұрқ-бұрқ қайнап,
Орнаған осы араға ошақ сайлап,
Бас қосқан барлық ұлттың өкілдері
Сыйласқан бірін-бірі «Ағатайлап».
Бәрінің олжасы ортақ, алары бір,
Еститін қуанышты хабары бір
Атқан таң, шыққан күнге, туған айға
Артатын мақсаты мен арманы бір.
Дәл солай ұлы астықты ұлы халық
Ұласып жатыр қолмен жиып алып.
Көк Нұра, Тобыл, Торғай, Есіл, Ертіс
Ойнайды күн нұрымен күліп ағып.
Жарасқан күміс толқын алтын қырға,
Баптанып байтақ дала балқып нұрға
Қақ жарып қара өзендей ағады асфальт
Шақырып жолаушыны шарқ ұруға.
Мыңдаған шақырымдар қалады артта,
Қайрылып мұрша бермей қарамаққа,
Қол бұлғап алтын сабақ бидайымен
Шығарып Жетісуға салады Арқа!
Жетесің бауырыңа, туысыңа
Керемет тыныс қосып тынысыңа,
Сонан соң түсінде де шаттанасың,
Толассыз туған жердің ырысына!
КӨКТЕМ САЗЫ
Алатау, тағы саған қарап қалдым,
Бармысың барқыт мінез, қарақтарым.
Көктемнің періштесі, көк еркесі
Аққудың сағындым ғой қанаттарын.
Сорғалап содан сұлу ән келетін,
Ән келіп, жан шіркінге әл беретін.
Суықтан аман қалған нәзік талдай
Еркелеп, есіл шабыт тербелетін.
Сол кезде бар сүйегім балқып менің,
Ойламай бұл дүниенің артық-кемін,
Бақ-дәулет баяғыдан дос секілді,
Патшадай пәрменімен шалқып көңілім.
Шаншылып аспан, жердің арасымен
Жастықтың қолға түспес ауасымен
Дем алып, дертке дауа табушы ем мен
Адамның әсем туған баласымен.
О, көктем, әулиемсің неткен менің
Жасымнан аяладың көп тербедің,
Жанымды қырықта да қоймай тыныш,
Атылған нажағайдай от бергенің.
Дариға, табиғатта сен болмасаң,
Қырылар ақын біткен әлде қашан,
Дүние ақынымен әсем шығар,
Оларсыз қалар дейсің онда не сән?!
Тұрмасаң жылында бір жайнап келіп,
Туымды тас төбеме байлап беріп,
Тұрмыстың ұйқы-тұйқы дауылында
Қаңғып-ақ кетер едім қаңбақ болып.
Дәурен ғой аяқ жерде, бас көктегі,
Сен барда адам түгіл тас көктеді,
Жаныңды кісі қылған, бала қылған
Жаса, сен, туған жердің жас көктемі.
АЛМАТЫ ТАҢЫ
Таң азанда таласып арай-күнмен,
Алматының үстінен қараймын мен.
Бауыры шаң-шаң бұлттар тауға көшіп,
Көрінеді көшелер талай жүрген.
Тазарады астана таң құшақтап,
Әсемдігін елендей мәңгі сақтап,
Атылады аспанға ақ фонтандар,
Жуынады жапырақтар тер бұршақтап.
Дымқыл асфальт төсінен бу шығарып,
Жағалауда арықтар шым-шым ағып,
Сопаң етіп бұрыштан бір машина
Су дөңгелек сырғиды сусыл қағып.
Оянады қос аққу сол дыбыстан,
Көкті жайлап түсінде самғап ұшқан,
Басын сілкіп, өңіне өкінгендей,
Тауы қайтып, талықсып сан дауыстан.
«Қайырлы таң!» деген сез саңқ ете қап,
Үлкен алаң алады бойын жинап,
Бас поштаның сағаты алтыны ұрып,
Радиодан ағады күй құлдилап.
Ал содан соң Алматы дүріл қағып,
Терезеңнен сан дыбыс кіріп алып,
Тіршіліктің асығыс асау қолы
Төсегіңнен тұрғызар жұлып алып.
Сонда мен де балконнан ішке беттеп,
Тастап алып шампаннан кішкене ептеп,
Алтын тамшы мұздаған қанды қозғап,
Ақынға да азырақ күш керек! — деп.
Отырамын қиялдың күймесіне,
Жаңа естіген жаңғыртып күйді есіме,
Жақсы астана көңілге қайта орнайды,
Қоймайтұғын бір жайсаң сүймесіңе.
АЛМАТЫ КЕШІ
Бас айналған еңбектің қарқынынан,
Білек қызып, кеуде ысып, алқынып жан,
Зырылдаған тірліктің доңғалағы
Адам күшін бойына тартып жылдам.
Қалмаймын деп қарқыннан әсте мен де,
Күннің езі кеп тұрып тас төбеңде,
Жұмысшыдай қалжырап, дем сағынып,
Алыс кетпей, құлайды Қаскелеңге.
Бірте-бірте баяулап сойқан қарқын
Үйді-үйіне аяндап тарқар халқың.
Биік-биік крандар көкке қарап,
Ыстық бетон төменде тартар салқын.
Сағынса да үй ішін сабыр сақтай,
Сан дүкеннен дәм жинап дамыл таппай,
Автобустан төгілген адам бейне
Ақдорбадан шашылған бауырсақтай.
Сәлден кейін жабылып ымырт жетіп,
Әр терезе көз ашар жылт-жылт етіп.
Қуаныштың әр үйден үні естілер,
От басының қазаны бүлк-бүлк етіп.
Сонда тағы қараймын мен биіктен,
Алтын теңіз Алматы көз сүрінткен.
Сол теңізге қарғымақ болып тұрған
Айнымайды Көктөбе жез киіктен.
Теледидар — қос айдар мұнарасы
Сол оттардың секілді бір ағасы.
Көрінеді көк жасыл сәуле болып
Үлестірген әр үйге сыбағасы.
Айқай, шіркін, Алматы түнде қандай!
Көз құмары қарайсың мүлде қанбай.
Өз ажарын астана отты сезбен
Жұлдыздардан асырып жырлағандай.
Күндіз мұнда жұмсаған мыңдар күшін.
Күндер өзі игеріп жылдар ісін
Алатаудың қойнында жақсы астана.
Мәңгі осылай жарқырап тұрмақ үшін!
* * *
Алматыда «Ауыл1» бар
Көктөбенің басында.
Ағайын бар, бауыр бар
Кеп жұлдыздың қасында.
Түнде көрсең сағыныш
Сап-сары ала от жаққандай,
Күндіз көрсең ағылыс,
Адам су боп аққандай.
Төбеде аспан анық көк,
Төңірегің мақпалдай,
Ауылына барып кеп,
Мәз болып жұрт жатқандай.
Шаңқан аппақ отаулар
Шаңқай түсте жайнаған;
Қарағай бас қарт таулар
Кісідей ат байлаған.
Мұны тапқан расында,
Жомарт еді ой қандай,
Алматының басына
Сурет іліп қойғандай!
Керемет қой жолдағы
Жүр! — деп дабыл ұрғандай.
Елегізимін мен-дағы,
Атым сыртта тұрғандай.
Не бір рақат ой кешіп,
Жұмбақ сырға батасың,
Алды-артыңмен сөйлесіп,
Шалқып келе жатасың...
КҮЗГІ МОНШАҚТАР
(этюдтер)
Өліп, қурап құлаған жапырақтың
Денесінде ойнайды жарқырап күн.
Ең соңғы рет аймалап нұр тіршілік,
Жөнелтпекші астына топырақтың.
Дәл осындай, о ғажап, адам-дағы,
Таусылғанда дүниеден тағам-дәмі.
Өз перзенті болған соң, бұл табиғат
Бөліп-жарып қарамас оған-дағы!
* * *
Туу қате, туған соң өлу дұрыс,
Бір қате мен бір дұрыс күнде ұрыс.
Ешбір қате жасамау — біздің мақсат,
Күнде осымен өтеді барлық жұмыс.
Көп қатеден тұратын тірлік кәдік,
Шегінеміз қатерді біліп қалып,
Ол бәрі бір айналып табары хақ,
Сүрінгендей жап-жақсы жүріп барып.
Ең үлкені қатенің өліп кету,
Одан бергі қатеге еш жоқ кешу,
«Анау сөйтті, е, бәсе, сөйтер болар!»
Пенделердің кәсібі «Шоқ-шоқ!» десу.
Кешірімсіз, дүние кең болар ма?!
Кең деп айту білгенге жөн болар ма?
Кешірер деп дүниеге келіп қалып,
Ылғи қате жасаған пенде оңар ма?
* * *
Жолдастар, тарылтпайық кең дүниені,
Бер дейсің бұдан артық енді нені?
Ел тыныш, құт-береке, ырыс қолда,
Кешегі алыс бақыт келді бері.
«Күндерде бұдан жаман тойға барған»
Дегенге жетті мезгіл ойланар жан.
Алқынған қуаныш қуып қайран жүрек.
Қайтесің, дем алсын да, ол-дағы адам!
Әмәнда көп бар жерде біз де бармыз,
Несіне несібені қызғанамыз.
Ұзақ жыл зорға соққан бақытты үйді
Бақпасақ сыйламасақ, бұзып алармыз.
* * *
Күзгі орманның көрдің бе тыныштығын,
Түннің жайған күн ерітіп күміс шығын,
Аман тұрған жапырақтар шүкір айтып,
Аз кезінде сақтаған туыстығын?!
Тыңдап қалсаң олар да жылайтындай,
Құдіретінен бір тілек сұрайтындай,
Ал орманға қарасаң, тіл қатпайды
Артистері тараған театрдай.
Ақырындап жылжисың әсте тынбай,
Аяғыңмен тыныштықты басатындай,
Алтын қойма секілді сары жапырақ,
Сол алтынды қозғасаң, шашатындай.
Сыры жұмбақ күзгі орман, расында,
Ойға батып қайтасың, барасың да,
Тұрғандайсың орманда, өзің-дағы
Жаңару мен тозудың арасында.
* * *
Көйлегіңді тастағалы
Тұрсың ба сен, ақ қайың?
Жаңа дәурен бастағалы
Тұрсың ба сен, ақ қайың?
Күзді желге басынды иіп,
Күрсінбе сен, ақ қайың,
Түсінде әсем шашың жиып,
Жүрсің бе сен, ақ қайың?
Үндемейсің, е, досым-ай,
Мұң оралтып маған да...
Дәурені өтсе, дәл осылай
Үндемей ме адам да?
* * *
Жердің бәрі күп-күрең
Күз бе мынау?
Сары шашақ, түк кілем,
Үзбелі бау.
Күн ыстығы басылып,
Суыған нан
Секілденіп, жас иісі
Мұрын жарған.
Көңілде бір тоқшылық
Орын теуіп,
Бәрін орған көпшілік,
Бәрін сеуіп.
О, жарықтық, күз деген
Осы екен-ау!
Қалың жұрттың іздеген
Досы екен-ау!
Дүниедегі ең ыстық
Еңбек болса,
Күзде соны бөлістік
Ел боп сонша!
Күзді өз басым жамандап,
Көрген емен,
Жас жапырақ, самал бақ
Өлгенімен.
Күзде еңбекке ылайық,
Кенелгенбіз,
Күзге көрік сыйлайық
Өлеңнен біз.
* * *
Ойлап тұрсаң келтірер күлкіңді жұрт,
Жүргендері белгісіз кім-кімді ұғып.
Баптайтынын қайтерсің кейде әдейі
Ақ жабулап жабыны сүйкімді ғып.
Күнде жарыс қайда бар жүйрік озған?
Бапшыл байғұс күй тілеп, ғұмыр тозған.
Оны әлдилеп, құндауға уақыт жоқ,
Жабы жақсы өңмендеп тізгін созған.
Соны оздырып, мақтанып отырған жөн,
Күпсіп күлкі жарасып антұрғанмен.
Оның жабы екені есінде жоқ,
Оқа зерлеп жан-жағын толтырғанмен.
Сипай қамшы, сып-сидаң сыпайылық,
«Амал қайсы қойған соң құдай ұлық?» —
Ақталғаны осылай бәрінің де,
Білмегенсіп әшейін біле тұрып.
Батуашыл бәрі әзір қор қылмаққа,
Әуре болма сөз арнап зор мұратқа,
Балаң қолы жетер деп айту қиын
Атаң қолы баптаған арғымаққа.
Ұсақшылдық көп кәсіп етек алып,
Қара толқын ішінде кете барып,
Қайран өнер қызығын көрсете алмай,
Жарар еді жүрмесең текке қалып.
* * *
—Сен орманның ішінде бір бәйтерек,
Сен болмасаң, шынында, біз қайтер ек?!
—Қойшы, бауырым, қайтесің көзіме айтып,
Әшейінде өзгеге сөз қылмай түк.
—Өзгеге де соны айтам, нанбыт құдай,
Жаға созып, таласып алдық талай.
—Түк бітіріп тұрғам жоқ, тек мақтама,
Ол сөзіңе мәз болар ақымақ қана.
Ең болмаса ақымақ болмайын да...
—Рас болды-ау анау сөз сен жайында...
Ол қандай сөз?
—Әшейін айтысқан кеп
«Берері жоқ таусылған данышпан? — деп.
—Соныңа көш!
Бауырым, бұл кәсіптен
(Бірді бірге айтақтап күн кешірткен)
Етік майлап отыру көп артық қой!
Кетті анау сөз айтпай төніп барып,
Жалт бұрылып, бір тасты теуіп қалып.
Ал орманда өз қалпын бұзбай терек:
«Біз қайтер ек, дегендей, — біз қайтер ек?..
* * *
Алғашқы түтін — жылылық иісі,
Ауылдан шығып, аспанға беттеп,
Осы ғой дерлік күздің бір ісі,
Ағайын жатыр қыс қамын реттеп.
Тартады дала, саябыр маңай,
Кешегі қауырт қимылдан қайтып,
Қусырар ептеп ноябрь солай,
Үкімін қыстың жып-жылдам айтып.
Дүркіреп бір жыл өтпекші тағы
Құлақта қалып жаңғырық үні.
Жақсылық жағы, өкініш табы
Есінде сайрап, бал ғұмыр күні..
–Шай қойшы, жеңгем, суық бұлт мынау
Сыртыңды қарып шыдатар емес.
Ішіміз маздап, жылытып алау,
Жастық шақ жайлы шертейік кеңес.
Шәугімге аздап ет тастап жібер,
Бүлкілдей берсін тәп-тәтті, шіркін.
Не болып кетті жап-жақсы жігер,
Тиылып әсем әп-сәтте-ақ күлкің.
Алтайы ішік айқара тастап,
Айтшы бір әзіл, жеңеше-ау, маған!
Кеп-кеше ғана ару ең асқақ
Киіктен балғын денесі аумаған!
Өзің бір сүйген түйдей жас қыздың
Айтқызып арман, ағызып жасты.
Алысқа кетпей, ырысқа біздің
Ағаға келгені қандай-ақ жақсы!
Іштегі дертті бір-бірлеп жойып,
Анда-санда бір үрлеп қойып,
Кетесің қараған көзге бір тойып,
Кетесің асқан етке бір тойып.
* * *
Құндамауға құнығып алған кісі,
Жақсы деген ұғыммен болмайды ісі.
Өзін-өзі күйттеген күйбеңшіл жан,
Алар ақы, ас тамақ бар қайғысы,
Өзі байсып, барсынып жүргенімен
Оның өмірін адамның аяйды іші.
Естімейтін, көрмейтін қабілетпен
Қаруланып, ол бәрін жарып өткен.
Жан қинамай зеріккен сау денеге
Қабат-қабат май біткен қалың етпен.
Бүгінгіге тайсалмай билік айтар
Баяғыда бір жиған мәліметпен.
* * *
«Ол да керек!» — дейді екен бір философ,
Мақұлдаған жансынып, мысқыл қосып,
Қай әрекет болса да, бәрі дұрыс
Ешкім ренжіп жатпайтын, ешкім шошып.
«Осыныкі дұрыс-ау» — деймін кейде,
Құбылысқа, шаттанбай, кейімей де,
Жанын салқын ұстайтын мұздатқышта,
Құпиясын ашардай кейін елге.
Ұзақ жасау әдісін тапты ма әлде,
Ол да бір кез тіресіп бақты ма әлде,
Өмір-тұрмыс қаруын сындырған соң,
Қолын жайып, көкке мұң шақты ма әлде?!
Содан жаны мұқалып, қайтты ма ақыл,
Көрінгеннің бәрі де болып мақұл?
«Ол да керек, ондай да болады» — деп,
Арамызда қалдырды тосын нақыл.
* * *
Мақтаймын деп, кей-кейде даттап алған,
Біздің жұмыс қиын-ау көп қамалдан!
Ұстара ғой қайран сөз, сәл қылт етсе
Дұшпан түгіл, алады дос жағаңнан.
Ол да үкімі күрделі тіршіліктің,
«Құбылыстың сырларын мінсіз ұқтым»
Десең-дағы күнде бір жұмбақ сайлап,
Көбейеді жалғанның тылсымы тым.
Бәлкім, осы шығар-ау өмір деген,
Күресінің шет-шегі көрінбеген.
Бейқам күнді жанын көп аңсағанмен,
Іссіздіктен жерің жоқ жерінбеген.
* * *
«Ол да керек!» — дейді екен бір философ,
Мақұлдаған жансынып, мысқыл қосып,
Қай әрекет болса да, бәрі дұрыс
Ешкім ренжіп жатпайтын, ешкім шошып.
«Осыныкі дұрыс-ау» — деймін кейде,
Құбылысқа, шаттанбай, кейімей де,
Жанын салқын ұстайтын мұздатқышта,
Құпиясын ашардай кейін елге.
Ұзақ жасау әдісін тапты ма әлде,
Ол да бір кез тіресіп бақты ма әлде,
Өмір-тұрмыс қаруын сындырған соң,
Қолын жайып, көкке мұң шақты ма әлде?!
Содан жаны мұқалып, қайтты ма ақыл,
Көрінгеннің бәрі де болып мақұл?
«Ол да керек, ондай да болады» — деп,
Арамызда қалдырды тосын нақыл.
* * *
...Көп ойларға тартады күз жетелеп,
Ой ырқына көнбейді сөз еркелеп.
Назды ырғақ, сазды әуен, ой жайлауға
Келіп тұрған кездер-ай өзі ентелеп.
Жастық еркін не десе жарасар, — деп
Шықты қазір үлкенге таласар дерт.
Жартасты ұрған толқындай тауы қайтып,
Ол да тынар «Қой жаным, қоя сал!» деп.
Бәрі солай, таңы жоқ, дүниенің,
Бәрі кезек, сүйінер, күйінерің.
Уақыт қолы сындырса оп-оңай-ақ
Ертең сорлы болмағы бүгінгі ерің.
* * *
Қазақ өлең жазбаған жас шағында,
Айналам деп бақ дәулет бас бағуға.
Бала шәкірт, сөзіме сен нанбасаң,
Тарихына болады көз салуға.
Бұқар, Мұрат, Шортанбай, Шал Марабай,
Омар, Нұржан, Әубәкір, Заңғар Абай,
Дүниенің ойларын жинап әуел,
Ғибрат - нақыл қозғаған содан былай.
Жаңа шықты шешендер таңдай қатып,
Ит көйлегін тоздырып болмай жатып.
Көпке жарар сөз айту оңай емес.
Көп құбылыс көкейге қонбай жатып.
Нені көрдің, соншама өңмендейтін?
Нені білдің соншама мен-мендейтін?
Өз басыңа қасиет бітпеген жан
Қасиет айтып, қасіреттен кімді емдейтін
* * *
Толған сайын, о ғажап, жас кемелге,
«Әуселеңді, ағайын бас дегенге!
Көңіл көнбей көп уақыт тулағанмен,
Тартқылайды табиғат тас тереңге.
Ойын-сауық, думан-той жалаулы күн,
Алтын жүген, күміс ер, аяулы күн,
Сері жүрек, сүйгіш жан, құмар сезім,
Арман екен саған да қарау бүгін!
«Неге керек жігітке жай денсаулық,
Болмаған соң бойында бір асаулық!»
Деп жаныңнан су жаңа заң шығарып,
Бір кісідей қиқуға біз де салдық.
Не қамалды жүруші ек бұзып, шіркін,
Деп қоятын үлкендер «Бұзық шіркін!»
Сен көрмеген өмірде бір қыз болып,
Енді өтеді қасыңнан қызық шіркін.
Енді ғана қимылың болып әнтек,
Еркелігің ұғылмай босқа кетпек.
Ұлғайғанда өсекшіл, жұрт кінәмшіл,
Кеше салар кеңпейіл жоқ қой еркек.
Сұлу көрсе бір кезде көзі ойнаған,
Аңшылықты алдымен өзі ойлаған.
Серілері қартайса болар сопы,
Адымыңды аштырмай «қой-қойлаған».
Қызық екен, дүние, тағаты жоқ,
Қызықтығы сап-салқын, рақаты жоқ.
Бүгініне мәз болған адамдайсың
Ертең ішер қолында ауқаты жоқ.
Дүние жұмбақ, аңғармас пенде түгін,
Қайран жастық, білінбес кем-кетігің.
Қолда қалған жастықтан жалғыз қазық
Сол қазыққа ілініп мен де тұрмын.
* * *
Қараңғы тас қабағын түйіп аспан,
Күндізге сондай түспен түн ұласқан.
Жұп-жұмсақ ақ алақан қар түседі
Сұлудай үнсіз ғана сыбырласқан.
Асқар тау тағы қалғып жан әлдилеп,
Жатқандай ұйқыда да жаһан билеп,
Жалғыз-ақ анадайда жол бойында
Бұзады тыныштықты адам сөйлеп.
— Ол кімдер? — Ә, баяғы ғашықтар да,
— Дейді оған батыр терек, жасық тал да.
Соларға-ақ әмірлігін жүргізе алмай,
Қалады қайсар көңілі жасып тау да.
Айнала жарық дүние сөніп әбден,
Қариядай қайрат қайтып қалып әлден,
Дүние түн күштіге бас иеді,
Ол қайтсын ерегісін палуанмен.
Тек қана махаббатшыл жастар анау,
Ойда жоқ тыным іздеу, баспаналау,
Оларға айналаның бәрі жарық,
Жандары жан-жағына шашқан алау.
О, шіркін, кеуде толса махаббатпен,
Байлықпен, ісің болмай атақ-даңқпен.
Күнде ерлік жасап жүрер шақтарың-ай,
Жүрегің ыңқ демей-ақ дәл салмақпен
* * *
Қазіргі сұлу тұлға, көркем ұрпақ,
Көзіңе сүйсінемін ерке бұлтақ.
Ал бізге ерік бермей өмір дауыл
Өтті ғой басымыздан ерте бұрқап.
Әлжуаз тұлғамызда бар әлсіздік,
Әсері талғажаулық, тағамсыздық.
Сүйекке сіңіп кеткен сонау ызғар
Азырақ күн бұлттанса шығады ызғып,
Азырақ мұң басады сонда бойды,
Ойналмай балалықтың қалған ойыны,
Жалғанбай еркеліктің аяқ жағы,
Еріксіз шақырады қайдағы ойды.
Көз жұмып, көңілінде қайта көріп,
«Кел, күнім, сағындым» — деп айта беріп,
Ілезде оянасың, басың шайқап,
Шын келмей есіл жастық, жорта келіп.
Бұл күнде аға атанып, жолға басшы,
Бір кезде өмір дәмі болған ащы.
Дембелше тапал бойлы осы ұрпақтың
Тұрғаны алдарында қандай жақсы.
Жақсы деп, жақсы қарап қолдағыға,
Көз салып оң жағыңа, сол жағыңа,
Бұл күнгі аман ұрпақ, әсем толқын,
Солардың жанын ұқсаң болғаны да!
* * *
Есік пенен төр — егіз,
Жүрсек тағы бөлмелеп,
Бірте-бірте келеміз
Біз де төрге өрмелеп.
Жастары үлкен жұрт өзге,
Орналасса екен, — деп,
Отырушы ек бір кезде
Босағаны мекендеп.
Қайда да артық ер бағы,
Білетін жұрт бас сынай,
Жақсы екенсің сен-дағы
Сыпайы еткен жастық-ай!
Жылда жылжып бір орын
Өзгелерге табыстап,
Біз барамыз көз көрім,
Босағадан алыстап.
Дей алмайсың, бас тартам,
Деп тұрған соң: «Сіз, «Сіз», Сіз».
Өмір деген дастарқан,
Ортасында біз жүрміз.
Жаспен терді аларсың,
Жас жинаған бұйым ғой.
Жаспен алған сол терді
Баспен ұстау қиын ғой!
* * *
Жүрмейді еркелесіп бізбен өмір,
Кей кезде күңгірт тартар күздей көңіл,
Үнемі жақсылықты аңсағанмен,
Болмайды басқан сайын із де жеңіл.
Бұл өлең айнасы ғой жан дегеннің,
Ылғи да бақыт құшып, дәндеген кім?
Бәрі де құбылыстың адамға тән,
Орны жоқ әсіре қызыл сәндегеннің.
Ақынның айтары әділ ой болғасын,
Тұрмыстың тандап жүрсің қай балғасын.
Әркімнің ауызының дәмін іздеп
Еш ақын білесің ғой жыр жазбасын.
Несі бар күзді жазса май айында,
Ой салып көктем сүйгіш ағайынға!
Әр мезгіл әр көңілдің күйті басқа,
Ен салып жырға тұмар тағайын ба?
Не жетсін жаның еріп шын айтқанға,
Қарамас дұрыс пікір кім айтқанға.
Өзінің қорасынан шықпай жатып
Кім сенер жеті жұртқа сын айтқанға?
Сондықтан жақсы досым, шам шығарма
Көңілден күзде тамған тамшыларға.
Қан сонар қанша айтқанмен болар дұрыс
Қамшы ұстап ой аулаған аңшыларға.
ГҮЛ ІШІНДЕГІ ХАТТАР
(поэма)
Профессор Кәмила Досқызы Өтегеноваға
І
Сәске түс. Июльдің бір балбыраған
Күні еді, ыстық, сәуле жамыраған.
Қаз-қатар ақ теректің саясымен
Ағылған Алматыда қалың адам.
Кім келді, кім кетті! деп білу қиын,
Секілді сарқылмайтын ұлы жиын.
Сан сапар сапырылған тұрмыс толқын,
Толтырған есік пен төр — Тірлік үйін.
Бәрі сау, көрінеді, бәрі де аман,
Бәрінің көзі жоқтай дамылдаған,
Еш кісі үйде отырып қалмағандай,
Еш адам секілденер ауырмаған.
Еш шығын болмағандай, толық бәрі,
Жөнелген бас изесіп жолыққаны,
Қаратпас алды-артыңа бір жылдамдық,
Секілді жойқын жүріс жорықтағы.
Ғажап қой үлкен қала қозғалысы,
Өмірдің білінбейтін көзге ағысы!
Үлгіріп, бірдеме істеп тындырғандай
Тек мынау жылдамдықтан озған кісі.
Болмайды уақыттан озбайынша,
Тірлікті тірлікпенен созбайынша.
Көп қой ондай қал ада еңбеккерлер,
Көретін көңіл тоқтап, көз қайырылса,
Солардың бірі менің — жырым бүгін,
Мезгілдің түріп тастап шымылдығын,
Жымиып маған қарап тұр ол қазір,
«Білер деп сырымды кім, шынымды кім?»
Сәске түс... Аурухана... зәулім... жарық,
Жарыққа зар болғандар болсын қарық.
Дегендей, сәуле толы кең бөлмелер
Адамның қабағы мен қасын бағып.
Шап-шағын бір кабинет, оңаша, аулақ,
Әйнектен жомарт күннің нұры саулап,
Түсіп тұр жұқа перде арасымен,
Сәл ғана жел үрлесе қиыс аунап.
Ал, міне, кірді иесі кабинеттің,
Жап-жаңа күшін жеңіп ауыр дерттің.
Қажыған жанарымен жайлап қана,
Бір шолды үйдегінің бәрін де еркін.
Содан соң ақ желеңін шешіп іліп,
Шаршаған саусақтарын кесілдіріп,
Аса бір ұқыппенен жуды-дағы,
Отырды диванға кеп, көзін жұмып.
...Сергіді профессор сәл дем алып,
Әлі де екі беті бал-бұл жанып.
Мойылдай қара көзі сұлу екен,
Түбінен от шыққандай жалынданып.
Сол отта тоқсан сезім тоғысқандай,
Ала алмай бірін-бірі соғысқандай.
Қаталдық мейрімділік, ақылдылық, —
Сен санап мүмкін емес тауысқандай.
Сәл ғана қара шашқа қылау түскен,
Алысып ажал деген мылқау күшпен.
Қайраттың қалың біткен арқасында
Бойына бола алмаған жылдар үстем.
Қимылын құрыш дене басқарғандай,
Шыл-шымыр, жұмыр алмас тас жарғандай,
Жүрегі тәуекелшіл, сенімі нық,
Жан тату әлдеқашан дос болғандай.
Қарады ол жан-жағына, көңіл хош бір,
Алдында терезенің тұрды қос гүл.
Ерекше өмірдегі қуанышы —
Қашаннан жан секілді гүлмен дос бұл.
Жайнайды күн нұрымен екі шоқтай,
Алқызыл райхандар өрт құшақтай,
Немесе арманымен өтіп кетіп,
Аяғы гүлге айналған жастық шақтай.
«Япыр-ау, жоқ еді ғой таңертеңнен,
Бұларды бүгін біреу тағы әкелген!
Айналдым, алда, менің достарым-ай,
Бір бақыт маған-дағы әл әперген!»
Деді ол іштен, қуанып бар көңілден,
Сөйлескендей әлде адам, әлде гүлмен.
Қолға алғанда екі хат түсті сырғып,
Құшағында гүлдермен бірге жүрген.
БІРІНШІ ХАТ
«Көңіл-ай! Көніл деген жан ба едің, сен,
Адамзат жаралғаннан бар ма едің, сен?
Сен әлде жүрек ісі — сезім бе едің,
Дәт, қуат, шабыт, рух, әл ме едің, сен?
Әйтеуір, көңіл сұрап көрінгеннен,
Жатамыз, алғаш сәлем берілгеннен.
Адамды ұстап тұрған алтын тірек,
Сол деген арылмаймын сенімнен мен.
Сенім де — сол көңілдің бір шыбығы,
Көңілмен байланысты тіршілігі,
Көңілдің күндіз, түндей екі беті —
Адамның я күлуі, күрсінуі.
Біреудің біреу кетсе жығып туын,
Біреудің біреу алар жұлып мұңын,
Қырсық та, қайырым да — адам ісі,
Әмірі өмір деген бір мықтының.
Ал, өмір тәтті жақсы, жаманға да,
Жан бермей, алысамыз соған бола.
Өзінен жаманмын деп, кісі безбес
Ойлайды керекпін деп қоғамға о да.
Осылай өмір заңы, тірлік қамы,
Жүректің тоқтамайтын жүйткіп қаны.
Қос қолдап айрылмасқа тіресеміз,
Сырғанақ өмір деген бір тұтқаны.
Сол өмір деп қалғанда «Енді кетем»
«Мен саған болысамын, елдік етем»,
Дейтіндей жан бар ма деп жаутаңдайсың,
Тарылып дүние деген кең бір мекен.
Мысалы, сау денеңді дерт мен деді,
Шыбықтай балғын едің көктемдегі,
Бар еді өңкей сәби армандарың,
Жүректе әлдилеген көптен бері.
Бар еді аппақ адал мақсаттарың,
Қызықтың қақпасының ашпақ бәрін,
Ай нұрын, күн сәулесін, дүние шуын,
Кетуге ыңғайланса тастап тәнің.
Азғырып, ажал десе: «Кел, тыныс тап!
Жаның да ол дүниеде еркін ұшпақ!»
Соңғы рет сонда әлемге бір қарасаң,
Ақырғы үміт арқан шетін ұстап.
Ал сонда, ақ киімді бір періштең,
Сағынып, сақтаушыңдай күткен іштен,
Ілінсе жанарыңның ұшына кеп,
Үңілсе күлімсіреп, төніп үстен.
Үміттің маңдайынан Сенім сипап,
Талықсып рахатпен сен ұйықтап,
Оянсаң белгісіз бір мерзімнен соң,
Манағы тас құшақтан серіліп қап.
Бойыңнан бөлінгендей бір ғаламат,
Жатқандай жаңа туып күнге қарап,
Жыбырлап әлсіз қанат кірпіктерің,
Өңіңе тіршіліктің нұры тарап.
Қайтадан сенім қолы сені әлдилеп,
Секіріп, алақайлап, көңіл билеп,
Шаттық пен Разылық араласып,
Өзіңмен өзің сөйлеп сәл күбірлеп.
Әлі де қайда екенің білмей бірақ,
Әйтеуір ақ босаға, үйден, жырақ,
Сезесің жатқаныңды, сезесің де,
Кетесің тағы ұйқыға жай қалжырап.
Келесі оянғанда кемел тірлік,
Санаға сәуле беріп «Жеңіп тындық!»
Деген бір салтанатты хабар айтар,
Есте жоқ болған айқас, өткен сұмдық.
Тек қана ақ қанатты сол періштең,
Тағы да күлімсіреп төнген үстен.
«Профессор...» дегенін әзер шығып,
Сарқып айтып жатасын өңгені іштен.
Тіл жетпейтін ризалық орнап саған,
«Ақырғы рет мені де қорғапты адам,
Шіркін, адам, бауырым, жан туысым,
Қайтіп саған алғысты арнап бағам?
Қайтіп саған жеткізем сол алғысты,
Жеткізетін кім бермек маған күшті.
Сен бересің, оны да сен бересің.
Адам күшін жаратқан қоғам күші!
Ризамын мен саған, туған Отан,
Алғысымды алдымен саған айтам.
Қымбаттатып қойған сен тірлігімді,
Сенсің маған шыққан күн, ағарған таң!»
Деп жатасың сайрап сен ұзақ іштен,
Профессор жымиып тұрады үстен,
Тұрады үстен жарқырап ажары оның,
Адам тілі жетпейтін қуанышпен.
«Шіркін, дәрігер қорғаушым, арашашым,
Нендей күшті теңеуге жарасасың.
Сен әйелсің, профессор, анасың, сен,
Мен де анамын, төгілген қара шашым.
Мен де анамын төгілген мейірімім,
Бар күшімен ризамын пейілімнің,
Бар көңілімен ризамын балаларымның,
Бар тілегімен ризамын жан-жарымның!
Сенсің менің әулием, жарықтығым,
Сен сыйладың әлемнің жарық күнін.
Сенің үлкен жүрегін аман болсын,
Ақ тілегім, айтарым анық бүгін!
Сенің жолың бақытқа сайраған жол,
Жан екенмін жарықтан сыбағам мол.
Абыройлы елімнің профессоры,
Жақсы қызы қазақтың сен аман бол!
Көңіл-ай! Көңіл деген жан ба едің сен!
Екі туған көзімде бар ма едің сен?
Ал бар болсаң, білін сен қорғаушыма,
Сүйінген де, сүйенген дәрменім сен.
Шіркін, біздің ақындар, қайдасыңдар?!
Мынау ерлік күшіне жалғасыңдар!
Менің отты сезімім, жан-күйімді
Сендер ғана жеткізіп айтасыңдар!
Қараңдаршы жүзіме сәл шыдап бір,
Қуаныштан көз жасым тамшылап тұр,
Өтінемін, дәрігердің өр еңбегін
Жазыңдаршы, бауырлар, жақсылап бір?
Ал әзірге, Апатай, қолың бер сен,
Ақ қағазға тым еркін ойымды өрсем,
Осы менің қолымнан бар келгені,
Анда-санда бір оқып көңіл бөлсең!
Мен барайын мақтанып перзентіме,
Бақытымның бесігін тербетуге.
Осынау күшті жүрекпен, махаббатпен
Маздап жанып жүріңіз жер бетінде!»
ЕКІНШІ ХАТ
«Бес айдан соң бірінші рет
Жаздым өлең Сізге арнап,
Күнім қайта күлімсіреп,
Қайта шықты қызғалдақ.
Ол қызғалдақ көңілім еді,
Қурауына аз қалған.
Ол қызғалдақ өмірім еді,
Қирауына аз қалған.
Қалай ғана тебіренбейін,
Жүрегімді қолға ұстап,
Басымды ием жерге дейін,
Доктор сізді алғыстап,
Профессор ризамын мен,
Жақсы өмірге Сіз барсыз!
Тағы жайнап жаным күлген,
Қасіретсіз, ызғарсыз!
Неткен жомарт жүрегіңіз.
Неткен нұрлы қолыңыз.
Қорғаушым ба ең, кім едіңіз,
Мұнша жарық жолыңыз?!
Қансыраған көкірегімді,
Қайғы бұлтын жамылып,
Сұп-сұр болған өрт реңімді,
Реніштен шағылып.
Ысып-қайнап алған миды,
Бас сүйекті балқытып.
Қажып-шаршап қалған күйді,
Запыран жұтып, зар тұтып.
Есіл өлең, ақындықты,
Қаламынан безінген,
Серілікті, сақилықты,
Қайта келмес сезінген.
Бәрін бәрін, жан апатай,
Бердің қайтып өзіме.
Аман қалған жан қалқатай,
Жарқ етті ғой көзіме!
Махаббатты көп жырлап ем,
Тиді ғой бір сауабы.
Үмітімді солдырмап ем,
Тез келді ғой жауабы.
Ананы да мен едім ғой
Ел аузында ән еткен.
Өзім де бір пенде едім ғой
Жақсылықты дәметкен!
Не айтайын мен, рахмет, апа,
Жақсы қызы қазақтың,
Енді өленді жазам қайта,
Ауыр ойдан азатпын!»
«Қайтсын-ай!» — деді балқып профессор,
Бір ана, айтыпты ғой бір әке сыр.
Қос тағдыр сөйлеп кетті кезегімен,
Сөйлеткен өмір деген мұрат есіл!»
Есімде, әйел еді алдыңғы адам,
Отызға жаңа кіріп жалындаған,
Адал жар, аппақ сәби баласы бар,
Оларды сағаты жоқ сағынбаған.
Жаутандап, жар сығалап, көп әйнектен,
Кісіден сәлем айтып өткен-кеткен...
Төменде, аула ішінде балапаны,
Секіріп ойнаушы еді дөңгелекпен.
Ойында ол сәбидің қауіп қайдан,
Жүгірген шарлап жүрек, жалықпай жан.
Тек қана әкесіне танданады,
Мамасын бір жат үйге салып қойған.
Оларды көруші едім күн санап мен,
Аналық жүрек жібіп, жұмсап-ақ мен,
Қайтадан бекінуші ем өзіме ұрсып,
Күні ертең кездесетін сын сағатпен.
Мыңдаған операция кешіп қолдан,
Десем де үйреншікті кәсіп болған.
Тұсында әр тағдырдың бір тебіреніп,
Қазақша өкпе, шіркін, өшіп болған.
Оларды ешкімге айтып мұнданбайсың,
Дәрігердің салты солай — сыр жаймайсың.
Ал егер әр адамың аман қалса,
Өзің де аман қалып тұрғандайсың.
Ол әйел естіп едім жас ғалым деп,
Еңбегін енді жаза бастады деп,
Еңбектің ең үлкені семьясы ғой,
Асатын алда талай асқары көп.
Жан сырын жазған екен жасы егіліп,
Осылай өсер сенім, өсер үміт,
Жетеді маған соның мерейі де
Тірліктің сапарында жүрсе күліп.
Ал мынау еді жалын бір жас ақын,
Тіпті өзі баламмен де құрдас ақын.
«Айтшы апа, жарым аман қала ма?» — деп,
Жаныма күнде келіп сырласатын.
Жылайтын бір мезетте ол еңіреп,
«Ол өлсе, мен де бірге өлемін» — деп,
Ешқандай ерсілігі болмас оның,
Ақынның сезімі әсте тереңірек.
Не керек сүйдім оны өз баламдай,
Алаңсыз ақ сенімін қозғап алмай,
Қалайша ақтап шығам үмітін деп,
Көп жүрдім жарынан да көз жаза алмай.
Міне, енді хат жазыпты маған бүгін,
Бақытын айтып түгел, амандығын.
Солардың шаттығының шұғыласы,
Алдымда мынау күліп тұрған гүлім!
Гүлдер-ай! Ылғи шаршап шыққанда мен,
Алысып ауыр дертті жыққанда мен,
Бұрқырап хош иісің, қарсы аласың,
Талпынып талған қолым тұтқанда әрең.
Содан соң қайта қуат кернеп мені,
Рахат-ау, көңіл бесік тербетпегі!
Адамның адамменен мархабаты,
Адамға адам бақыт бермек тегі!
Осылай өсе берсін адам гүлдеп,
Қадірін тіршіліктің содан білмек.
Адам боп бас изейді мына гүлдер,
Жарқырап, сәлемдесіп аманмын деп!
Жарайды мен атқарған осы міндет,
Тілеймін абыройға толсын күн деп,
Түбінде бір дем алып, арманым жоқ,
Айтса алсам амандықтың досымын! - деп»
Жинақтап, осыны айтып, ойын жылдам,
Профессор тұрды жайлап орынынан,
Қашанғы жауынгердей қадам басты
Қажымас өмір күрес жорығынан.
ТЫҢҒА САПАР
Поэма
Қазақстанда тың игерудің
жиырма жылдығына
Білемін, жүгім ауыр бүгін менің,
Уақыт, енді өзіңсің - жүгінгенім,
Көңлімде кеше ғана секілді еді
Желбіреп жалаң көйлек жүгіргенім.
Дала да сәби еді кеше ғана-ақ,
Үстінен тоқтамайтын күн сырғанап,
Ол дағы ауыр тартып есейіпті
Төсіне қала орнатып неше қабат.
Қала не, — мақтанбаса биігімен,
Самсатпай заводтарды үйірімен.
Олар да тік көтеріп тұр аман-сау
Соншама алыптарды иығымен.
Уақыт, мен солайша жүгінді арттым,
Сол жүкпен жыр жолында зырыл қақтым,
Салмағы бәрінен де асып түсті
Екі жыл егіз туған миллиардтың.
Миллиард әкетеді ойды алысқа,
Жүйрік боп шыдасаң да қай жарысқа,
Нар болып, жарасаң да қай сапарға,
Әлеумет, мына жолдың орны басқа.
Жүрек те бұрынғыдай емес батыл,
«Әлі де қабырғаңмен кеңес, батыр»,
Күңкілдеп қояды өстіп ішкі сарай,—
Алдында қайрат сынар белес жатыр.
Тәуекел, тарс буынып тарттым тағы,
Ақынның оң сапарда жоқ бұлтаңы,
Мандайын күнге беріп тұр әнекей
Өлеңнің өзім мінген ақ тұлпары.
Жосылып туған жердің жолын кулап,
Жинайын қанжығама шумақ-шумақ,
Лақтырған қашағанға бұғалықтай
Шыңылдап шиыршық атып түссін зулап.
Ысқыртам асау жырды, алдыма сап,
Жөңкіліп жөнелгендей қалың жасақ,
Мөңіреген адырнаның ауызынан
Ауаға ұшып жатсын алтын масақ.
Ғажайып зымыраудың қысымынан
Үстегі болат сауыт ысып жылдам,
Қақырап ол да жолда түсіп-қалса,
Іштегі өрт тысқа шықса тылсым буған.
Сонда мен ракетадай отқа айналып,
Үн-түнсіз қап-қараңғы көкті жарып,
Ғарышқа балқып жүзіп бара жатсам
Алтын тау миллиардты бетіме алып.
Миллиард— көк пен жерді жалғастырған,
Секілді алып биік алмас қырман,
Баурында сол қырманның бауырым кез боп.
Сан ұлттың сабаздарын жолдас қылған.
Қарсы алса, «Қайран ақын, жеттің бе деп,
Сен неге бізбен болмай, кеттің бөлек? —
Ол сөзге аз қысылып, қызарандап,
Десем мен: «Жетуге де екпін керек!»
Қарасам үсті-басым ызғыған шаң,
«Күткелі сізді қашан, сізді қашан!..»
Деген мәз қалың дауыс арасында
Болды ғой бір азырақ мызғып алсам.
Бірінші бөлім
МИЛЛИАРДҚА БАРАТЫН ЖОЛДА
* * *
Басталды соғыс,
Болмаған әсте зор майдан,
Жинамай шөбін,
Желкілдеп шыққан орман дән,
Шалғы-орақтарын
Шалғынға көміп жөнелді
Мен ермін деген
Ауылда тірі қалмай жан.
Ең соңғы ағам
Атына қамшы басарда,
Еліне қарап,
Ең соңғы қырдан асарда,
Еңкейіп қалып,
Бетімнен менің сүйіп ед,
Есімнен менің
Кетпейді сол сәт қашанда.
«Дәмдесу жазсын! —
Жатқызып жерге жау ұрсақ,
Қамықпа, баурым,
Болады ертең ауыл шат!» —
Деді де маған.
Ең соңғы шаңы бұрқ етті...
Көзімде моншақ —
Қолымда жалғыз бауырсақ.
* * *
Қаһарлы күндер..,
Қаршадай мені қасына ап,
Қартайған әжем
Бір үйлі жанды асырап,
Масағын теріп
Қиырда қалған егіннің,
Тамызушы еді
Таңдайға нәрін тамшылап.
Қаһарлы жылдар...
Қатпаған буын —күн жетім,
Атқарып енді
Азамат жігіт міндетін,
Жұмысқа тұрдым,
Ауданның там-тұм азығын
Ай-айға бөліп,
Талонмен беру — қызметім.
О, достар, сондай
Жалғанда болмас ауыр шақ!
Телміріп қарап,
Ашқарақ көздің жауын сап,
Атымды менің
Құрғатпай айтқан минуттар...
Бұлдырлап алдан
Баяғы жалғыз бауырсақ...
* * *
Жеңістің жазы...
«Жеңдік қой!» деген қуаныш,
Көңілге медеу,
Ал бірақ жылап тұрады іш.
Жалаңаш өзек,
Асқазан күйіп әлі де,
Бауырсақ бұлдыр
Армандай болып бір алыс.
Студент күндер.
Жарықтық сол бір қара нан,
Тірлікке тіреу,
Жомарттық жолға жараған.
Бір үзіп алып,
Бір жұтым сумен айдасаң,
Оянып жүрек,
Тамырға қаның тараған.
Сол жүрек кәзір
Жырлауға оны тапты өлең,
Қадірлі сезім,
Қасиетті махаббатпенен.
Бір үзім нан мен
Бір ғана сонау бауырсақ
Дастанға кірді
«Ұмытпау» деген атпенен.
* * *
Қираған, өшкен,
Өртенген, күйген қалалар,
Минадан, доптан
Дал-далы шыққан далалар.
«Жараны жазу» —
Деген бір сөзге сыйып-ақ
Кетті ғой жылдар,
Ерлікке толы-сан айлар.
Сондай-ақ сойқан
Арпалыс соққан от дәуір,
Бейбіт күн шыққан
Бақытты құшқан шақта бір.
«Ұлы Отан соғысы»
Деген сөздерге
Сыйып-ақ қазір
Алаңсыз тұрған жоқ па бір?!
Қашанда халық
Тарихи жайды кешкенде,
Тағдырға сәйкес,
Тарихи сұрақ шешкенде
Талай жыл өтіп,
Бір сөзге оның сиярын
Тап сонда болжап,
Біле де бермес еш пенде.
* * *
Осындай кезең,
Дамуда болар толғақты,
Қуатты милар
Данышпан ойлар болжапты.
Fасырлар бойы
Осынау ұлы сұрақты
Соғыстан өзге
Шешетін құрал болмапты.
Ленин сонда
Тарихи жолға ел бастап:
«Қоғамда мынау
Болмайды қанау, болмас тап,
Сарайын бақыт
Соғады бейбіт жылдармен,
Адамдық аты
Шығады биік сонда асқақ!» —
Дегенде жайнап,
Болашақ ойнап көзінде,
Құлшынып бастап,
Жөнелген ғажап кезінде.
Үлгірмей кетті,
Қапысыз бірақ нұсқады ол,
Партияға арнап,
Өсиет айтқан сөзінде.
Бесжылдықтар...
Аттанды Ленин жолымен,
Қаһарман халық
Құрылыстар салып қолымен,
Адамның жайсаң
Жаңа бір түрін туғызып,
Парасат, ақыл
Биіктеп кеткен ойымен.
Дүрілдеп солай
Азат ел сайран салғанда
Жалғыз-ақ еркін,
Жалғыз-ақ қожа жалғанда,
Ең биік жолмен
Алысқа қонбай барғанда,
Теріскей Мұхит
Мәңгілік мұзын жарғанда —
Тоқтату үшін
Мынау бір ғажап маршты,
Тоқтату үшін
Жеңбей де қоймас жарысты,
Империализм —
Ең күшті жыртқыш-фашизм
Деген бір жауыз
Жағаға келіп жабысты...
* * *
Содан соң бәрі
Айтылды сөздің басында,
Жеңімпаз Отан
Жаңа бір келді асуға...
Қураған шөлдер,
Тандайы кепкен далалар
Жарымай жатты
Жат болып аққан мол суға.
Каналдар қаздық
Ұзыны ай мен күнге тең,
Ормандар ектік
Таратып шашын қырға кең.
Бозбала күнім,
Осынау алып істердің
Куәсі ем мен де,
Қуатын қосқан құрдасы ем.
Партия дейміз,
Партия — ақылды адамдар
Уақыт, қоғам
Өсірген баптап замандар,
Олардың басы
Көтерген ауыр салмақты —
Міндетін күннің,
Мақсатын жылдың қойған дәл.
Партия сан жыл
Ағасы болып солардың,
Отырған ақыл,
Ойларын жұмсап ол әр күн.
Ол кешкен жүкті
Оңай деп тарих айта алмас,
Басында сол бар
Біз өткен даңқты жолдардың...
Қашанда біздер
Ең соңғы жеңісті айтарда,
Боламыз мәжбүр
Тарихты қозғап қайтарға,
Өйткені ол біздің
Ғажайып өсу жолымыз
Симайтын жырсыз
Қатарлап қойған қай санға.
Елу жыл асқан
Өмірі дастан еліммен
Келгем жоқ бірге
Өткізіп жылдар тегін мен,
Куәсі болдым
Талайда асу-кезеңнің
Екі адым алға,
Бір адым кейін шегінген.
Өмірім зырлап
Өтті ғой деп те өкінбен,
Осынша қарқын
Уақыт берген екпінмен,
Өйткені әмән
Жекелеп қумай бақытты
Қалаулы күнге
Халқыммен бірге жеттім мен.
Қалаулы күнге
Жеттім мен бірге халқыммен,
Қуаныш, бақыт,
Кей-кейде үрей қаупыммен,
Айнымай қалам
Сондықтан елдің өзінен
Шапшыған шабыт,
Шабуыл сүйгіш қалпымен.
Советтік Отан
Қашанда қамқор зор аңам,
Туымен тудым,
Туына күнде оранам.
Жырыммен солай
Алып бір шығып серуенге
Тағы да шалқып,
Дастанға қайтып оралам.
Желбіреп биік
Партия тіккен ту алда,
Басталған солай
Шабуыл, шөлге, қуаңға,
Жақсы түс көріп
Жатыр ед Қазақстаным,
Келесі кезең,
Ғажайып кезең туарда...
* * *
Жерім менің — Ұлы жері Қазақтың!
Сен тұрғанда шағын ойдан азатпын.
Сен мәңгісің. Тек мен сенің жүзінді
Ғасыр көмген шаң-тозаңнан тазарттым.
Сан шабуыл жасалғанын білем мен,
Сенің атың өшу үшін әлемнен.
Әлсін-әлсін қару,— сайғақ көтеріп
Келген жаулар қасіретті сәлеммен.
Сен атынды бермеу үшін таластың,
Болмағанда қанды селден толас күн.
Сен өзгеге қызықты деп айтпайды
Мен де тарих көне бетін көп аштым.
Үлкенсін сен. «Үлкендердің жауы үлкен».
«Неге мұның бөліспеген бәрін тең?»
Деп, тарихқа ашуланған талайлар —
Қоқиланып — «Мен үйтем де, мен бүйтем!»
Шыңғыс, Бати қаһарынан кім басым,
Қайран болған көріп дала тұлғасын.
Жер бетінен олар дағы жоқ болды
Халық қолы қақ мандайдан ұрғасын.
«Қазақ жері — қазақтікі қашаннан,
Әр есімі тау мен тасқа қашалған.
Сулары да ән айтады қазақша
Асқар шыңнан, қыр, жотадан бас алған»
Ұлы шындық. Сол шындықты жоғалтпай
Келген тарих — тот баспаған болаттай.
Сол шындықтың мұнарасын көп көздеп
Тентек бастар тек жүрмеген оқ атпай.
Жерім менің — соның бәрін білесің,
Көкрегінде жазулы тұр мың есім.
Жатты бірақ әлі жұмбақ қалпында
Болашақтан алар сенің үлесің...
* * *
Сан қалалар сойқан апат қиратқан,
Сан далалар сау денесін күл жапқан,
Сан сабаздың қаусап қалған орнына
Жан толтырып жаңа туған ұрпақтан.
Көз көрмеген машиналар шығарып,
Дым сезбеген шөлейттерді суарып,
Сан өзеннен теңіз жасап болғанша,
Сан теңізден жаңбыр жасап, бу алып.
Сан құм, саздан, мұнай, фонтан атқанша,
Сан қиырға биік оттар жаққанша,
Спутниктер көктің жүзін шимайлап,
Гагариндер ғарыштан тіл қатқанша.
Қанша жылдар керек болды, е, досым,
Заман біздің ұмытқан жоқ уәдесін.
Бұдан артық Отаныңа не дерсің,
Бұдан артық уақытыңа не дерсің?!
«Бұдан артық енді кезек созбаймыз.
Ал даланы көтереміз қозғаймыз!..»
Деді сонда партиясы Лениннің —
Қайдасыңдар, балғын жігіт, уыздай қыз!?
Қайдасыңдар коммунистер, комсомол,
Сендерменен салынды ерлік қанша жол.
Ал даланың үлкен жолы созылды,
Сол жолменен бас қимылға барша қол!»
... Ия, ұлы жер жатыр еді қозғалмай,
Кеудесінде айтылмаған сөз бардай,
Оған ұлы сөз берудің кезегін
Уақыт өзі бізге дейін созғандай.
Ал манағы күткен кезең басталды!
«Тың» деген сөз жаңғыртты жер, аспаңды,
«Тың анасы — Қазақстан» — бар әлем
Радионың құлағына бас салды.
«Бұл қай өлке
«Бұл қандай ел?» — көп сұрақ.
Талай білгіш айтып жатты топшылап.
—Ол дала бір жалаң жатқан ақ тақыр,
Жазға жетпей боз жусаны бос қурап.
—Қай халықтың мекені еді?
—Білмейміз.
Жер болған соң бізге бәрібір,— дейміз.
—Жоқ, ол жерде қазақ деген халық бар,
Ғасырларды жасап келген пәлен жүз.
—Аз — дейді ғой саны өзінің?
—Ол қалай,
Ие болмақ сонша жерге оп-оңай?
—Баяғыдан қайда жүрген жансыңдар,
Сол даладан басталғанда жол талай?
—Біз білеміз,
Ел еді бір көшпелі,
Жел аударған құм сияқты еспелі.
Соның өзі романтика еді ғой
Ұмтылмайтын сәби күндей естегі.
—Бұзды дегей!
Құрыды бір сұлулық!
—Ескеретін
Жандар қайда мұны ұғып?
—Обал болмақ,
Қалсын қорғап оны! — деп,
Жатты талай жат пиғылдар жұлынып.
«Тың» деген сөз тың естілді құлаққа,
Таң да болды жақын, жат та жырақта,
«Тың» деген сөз — ол далада бұрын-соң
Түк жоқ еді деген емес, бірақ та.
«Тың» деген сөз — сызу емес тарихты,
Жоқ деу емес — бар боп тұрған халықты.
Қайта соған халық қосып, күш қосып,
Жайнату ол—дала деген алыпты!
Отан үлкен - оған қуат, әл керек,
Астық керек, таусылмайтын нан керек.
Ол астықты еркін егіп тастауға
Кең кеуделі дала керек, жон керек.
Ал далаға өсу керек ғажап бір,
Сол өсуге жаны дайын қазақ тұр.
Ертең соның ұлттық атын аңыз ғып
Барлық әлем айтуына аз-ақ тұр.
Осыны ұғып жеткенінше талайлар
Өткені рас сан уақыт, сан айлар.
Ұлы аттаныс шұғыл бастап жөнеліп,
Болмады кез ондайларға қарайлар.
Жаулар сондай қуыс іздеп тапқанға,
Мәз боп шулап, өрт тұтатып жатқанда,
Құйылды кеп адамдардың тасқыны –
Жаңа орынға жаңа қазық қаққандар.
Ия, тынды оңай ұққан жоқ ешкім,
Қиындығын бұл керемет зор істің.
Талайлардың қатесін де дұрысын,
Уақыт, өзің жақсы ұғуға болыстың!.
Екінші бөлім
МИЛЛИАРД ДАЛАСЫ
Жаз еді жайсаң...
Июльдің аяқ кезі еді.
Керемет ұзақ
Келді бір сапар кезегі
Ап-ашық күндер
Көк егін бойын көтеріп,
Аспанның өзі
Астықтың исін сезеді
«Торғайдан шығып,
Қостанай келіп есен-сау,
Асфальтті қуып,
Алдымды орап
Көкшетау,
Құлдилап төмен,
Келесі кезек Ақмола,
Ал одан әрі
Қарағанды ұзап кетпес-ау!
Каналды бойлап,
Павлодар шалқып қайтадан,
Ертістен өтіп,
Арғыда беттен айтсам ән,
Семейге келіп,
Серуен сәтін қызықтап,
Аягөз беттеп,
Жетісу ассам ал содан!»
Маршрут осы –
Өлеңге жайлап түсірген,
Машина-көлік,
Қобалжып қоям ішімнен.
Қасымда Бақыт,
Қасымда серік ұлым бар,
Мынау бір жолдың
Қиынын ол да түсінген.
Арманым —
Арқа
Бойымен сан күн зыр қақсам,
Атақты Тыңның
Кескінін көріп бір қайтсам.
Самолетпен де,
Поездармен де жол шектім,
Көзің де тоқтап
Үлгірмес олар тым шапшаң.
Ал солай тарттым.
Қазықты қақтым
Торғайдан,
Ризық дәмім,
Шашылды наным шалғайдан,
Жалықпай бізге
Болды да тұрды күн серік,
Біресе арттан,
Біресе қарап маңдайдан.
Белгілі бұрын
Қостанай бес жүз шақырым.
Соған кеп біттік
Сөткелік жолдың ақырын.
Не көрдім сонда?
Көкпеңбек егін — бар дала.
Жанарым талып
Қарадым саған жарты күн.
Қасымда балам
Қояды басын бір шайқап,
—Егін бе бәрі?
—Егін ғой —
Деймін —
бұл байтақ.
Көр енді көзбен
«Тың» деген сөздің не екенін.
Ауызбен оны
Екінің бірі күнде айтад!
Деймін де оған
Кетемін өзім сан ойға,
Осынау жолмен
Аптада жетіп Торғайға.
Боз,
көде,
жусан,
Өлеңнен өзге көрмеуші ем,—
Ал мына сурет
Келеді миға қонбай да.
Қонбаса, қайтсын,
Кесілген егін көкпеңбек,
Сөйлейді дала —
Өзгеріп солай кеткем — деп,
Қиырда қалып,
Өңкей бір аппақ қалалар,
Шақырар бізді —
Егінді кешіп кел-кел — деп.
Отау боп кеше
Бөлінген менің
Торғайым,
Ол жайлы дастан
Басқа бір жолы толғайын.
Ал мынау тұста
Атақты
Аманкелді бар
Соған бір сәлем
Сырттай да болса жолдайын.
Аманкелді десем —
Бұрынғы
Аманкелді емес,
Жап-жас бұл жігіт
Атағы одан кем де емес,
Егін боп толқып
Шайқалды оның қолымен
Кешегі батыр
Дүбірлете жортқан дөң-белес.
Кеудеде жайнап
Жұлдыздың алтын белгісі,
Секілді өзі
Даланың жүйке, нервісі,
Жолаушым, сенің
Көргенде көзің тоятын
Жаңа бір Торғай,
Жаңа күн Аманкелдісі.
Еңкебай қарттың
Еңсегей туған баласы,
Жаурыны жалпақ
Жарасар соған даласы, —
Сілтей бер, солай,
Сілтеуіңе жететін
Сенікі бүгін
Есіл мен Торғай арасы!
Ал анау қырда
Атақты қала Қостанай,
Қос элеватор
Секілді бейне қос сарай,
Қанатын жайған
Тобылдан тартқан тас көпір
Өткізер жеңіл
Жамырап келсең, жасқамай
Сары алтын күзде
Үстімен соның түйдектеп,
Миллион пудтар
Қозғалып маңғаз күнде өтпек,
Қостанай сабаз, —
Тыңның ең үлкен ордасы,
Отырар ма едім
Оңаша сені суреттеп!
Ал қазір сапар,
Сапарда болмас аялдау.
Сыбағаң бөлек,
Айтылмас әсте саған дау.
Аман бол енді!
Алдымда төрт жүз шақырым,
Арқаның тәжі —
Күтіп тұр бізді Көкшетау!
Пай, пай, пай, шіркін,
Жарықтық Арақарағай,
Саяңа бізді
Қарық қып дана анадай,
Өсіріп ең ғой,
Тоқтамай саған болар ма,
Ал, түстік, балам,
Дастарханыңа тағам жай!
Қостанай наны!
Қанымда жүрген бөлшегің,
Қадірінді айтып
Тауысам ба екем мен сенің!
Сонау бір күнде
Хош иіс аппақ бөлкенді
Баурыма қысып,
Иегімді артып жеуші едім.
Қақ жарып тілсем
Бармақтай тесіктеріңнен
Жерімнің даусын
Жаңылмай есіткенмін мен.
Саусақтың ұшы
Кетті ғой тағы шымырлап,
Қайран бір қолды
Сағынта кешіккенімнен!
... — Тағы да егін...
Егіннен егін... көп егін,
Көз болжап әсте
Көріп те болмас келемін.
Облыс, аудан,
Сан совхоздың есімін
Қағылған баған,
Жазудан ғана көремін.
Айтпақшы мынау
Қараған совхоз астырттан,
Кешегі жаз да
Қалаған тауды астықтан,
Дейтіндей бәсе:
«Құлашы мұның мұнша кең!»
Осында біздің
Демеев батыр Жансұлтан.
Ойпыр-ай, кілең
Батырлар туған алқаптар,
Кешегі дала
Арқасы жауыр, ақ қаптал!
Қолымен алтын
Уыстап шашқан серілер,
Жолына күміс
Тастаған төсеп жомарттар!
«Жансұлтан, бауырым,
Ғафуды бұл жол ғафу ет!
Әрине, әзір
Бір шәугім шай мен бір асым ет.
Көңілдің алтын
Жібіндей бейне шумақтап,
Осынау қырдан
Лақтырдым саған «Рахмет!»
Ол рас, бір төл,
Бір жылы туған құрдас ек,
Асығыс жолға
Бола алмай қалды бұл да сеп.
Балаңмен бірге
Батырлық құрып күн сайын,
Жемісін еңбек
Жап-жалпақ мынау қырға сеп!»
Зырлайды асфальт
Даланы жасыл қақ жарып,
Спидометр
Жүздеген цифр аударып,
Жеткізбейді егін,
Алдырмай демін көліктің
Біз содан бері
Қаншама сағат зауладық.
Танданады ұлым:
—Адам ба мұны істеген?
—Әрине,—деймін
—Не болып кеткен күш! — деген.
Ол адамдарды
Қай жерден көрсе болады,
Егіннен басқа
Көзіңе түк те түспеген?
—Көресің бәрін,
Бар жерден жақсы танисың,
Сіңірген олар
Бойына мынау дән исін.
Көрінген жолда
Жағалай аппақ қалалар,
Бәрінде соның
Замандас, құрдас, танысың.
Дән өсу үшін
Жан өсу керек, біл, балам,
Әр жанның мұнда
Өмірі тарих, бір ғалам.
Сен туған жылы
Басталған Тыңның дастанын
Өзіңдей сәби
Іңгәлап жатып тындаған.
Олардың қыста
Шатырда туған талайы,
Вагонда, қыстау,
Тақырда туған талайы.
Күздегі жаңбыр
Құрғатпай жуып жөргегін,
Әреңдеп оны
Кептірген көктем, май айы.
Осынау байтақ
Далада қазір сан ұлт бар,
Тарихи іске
Тағдырын қосқан халықтар.
Алғашқы кезде
Жатырқап елді, даланы
Талай да табан
Тайып та берген жәйіт бар.
Уақыт етіп,
Жыл кеткен сайын орнығып,
Заманның өзі
Нұсқаған айқын жолды ұғып.
Жылдардың жомарт
Жемісін қолмен құшақтап.
Саналы тәртіп
Сабаға қайтып толды жұрт.
Сондағы туған
Өзіңмен құрдас ұландар,
Даланың бүгін
Үстінде ұшқан қырандар,
Даланың бүгін
Төсінде тозаң көтеріп,
Алады астық,
Аузыңда ант пен ұран бар.
Кінә жоқ саған
Оқисың қиыр шалғайда,
Жүруің мүмкін
Дәл бұған назар салмай да,
Әдейі алып
Шықтым мен бүгін сапарға,
Ұқсын да жаның,
Қанықсын көзің сондайға.
Қарайсың, әне,
Қара бір көзің таңырқап,
Талтүсте мынау
Тандайың кеуіп шаңырқап,
Аңызақ, аяз
Жылдарда бекіп қанаты
Өскелең тыңнан
Өсті бір солай жаңа ұрпақ.
Олардан қазір
Сұрасаң қайда тудың? - деп, -
Береді жауап:
— Тың еліміз. Тыңмын — деп,-
Әнекей ғажап,
Көрмесең сенбес танданып,
Мінекей саған
Тындағы тың ұлт, тың халық!
«Тың» деген солай,
Тек ғана болмай молшылық,
Толғақты талай
Мәселе басы мол шығып, —
Мұншама ғажап
Даланың болашағына
Жатқан бұл кезі
Жағалай тарау жол шығып.
Алдымен «Достық»
Дегенді мықтап тудырды ол,
Түсінбес, күдік
Көңілдің кірін жудырды ол.
Дәл осы тұстан
Дақ салам деген аямай
Жалалы жау мен
Дұшпанның сағын сындырды ол.
Қазақтың жері —
Достықтың алып бесігі,
Достықтың аты —
Бар туған сәби есімі,
Қолдары емес,
Қандары бірге қосылған
Ағайын бәрі
Ашулы жатқан есігі!
Осыны ұқ, балам,
«Тың» деген кезде тыңдап қап,
Даланда мынау
Қалалар өссе, ну қаптап.
Қайраткер, іскер
Ұрпақтар өссе өзіндей
Шығатын елдің
Үмітін асқақ күнде ақтап.
«Тың» деген солай,
Біз үшін алып бір дәуір,
Дәуірде ірі
Тұлғалар тумақ кіл тәуір.
Орнына ұсақ
Күншілдік, ғайбат, өсектің
Келетін болмақ
Парасат,
ақыл, мол сабыр...
Тындайды балам,
Зырлайды асфальт қара көк,
Ыстыққа сая
Соқты бір самал жаңа кеп.
Көкшенің шыңы
Көк жасыл қамқа жамылып
Дегендей болды:
«Жолаушы, маған соға кет!»
...Түн еді барқыт,
Түбінде жаттық Көкшенің,
Далада қонып,
Көкшеде қонып көрсе кім.
Рахатын өзі
Айтпай-ақ сезер дүниенің
Түс көрем жатып
Жастанып жатып көк шөбін.
... Сары алтын дала.
Сарыарқа теңіз — көл-көсір,
Өсірсең егін
Осындай байтақ жерге өсір!
Маржанға толы
Сыңғырлап күміс сабақтар
Айтады әсем
Айдарын бұлғап желге сыр.
Құйылған халық
Мыңдаған дізбек составтан,
Студент, әскер
Арқаға қарай көш тартқан.
Даланы басты
Машина тұтас бұлттай боп,
Комбайн қаптап
Атандай мойнын көкке асқан.
СССР - қалмай
Жорыққа шыққан секілді,
Ашылды майдан,
Азамат халық жең түрді,
Алдыңғы жақта
Айтулы қамал-миллиард,
Жағалай жалау,
Қадаған тудан жел тұрды.
Ал, кәне, солай
Басталды байтақ бір жорық,
Жарқырап жан-жақ
Түні — күн, күні — түн болып.
Жиырма төрт сағат
Қас қағымға да тұрмастан.
Апталар өзін
Санатуға да мұң болып.
Даланың мұндай
Үздіксіз сөйлеп кеткенін,
Көз жұмды талай
Көрмеген әсте көкте күн.
Көз жұмған кезде,
Көл-көсір жауын сарқырап,
Жиғызбай әлек
Адамның қолдан еккенін.
Қарамай соған,
Қаһарман халық қайтпастан,
Тозаңын беттің
Кірпіктің шаңын қақпастан,
Қаптатты-ай келіп
Тұс-тұстан алтын тауларды
Байлыққа, бақыт
Барлыққа байтақ қақпа ашқан.
Бауырлас халық
Ерлері түгел қауышқан,
Жиналып келіп,
Қиырдан не бір алыстан
Мереке-жеңіс
Туларын көкке көтерген,
Оянып кеттім:
«Миллиард!» деген дауыстан.
Бұл кезде Көкше
Иыққа күнді қондырып,
Болашақ барып,
Қайтқандай ол да жол жүріп.
Жайдары ғана
Жақсылап қарап тұр екен
Жолаушы бізге
Жатқан бір атын шалдырып.
Баламды қайдам,
Тәуір-ақ тыныс алыппын,
Бүгінгі түспен
Ертеңге бір-ақ барыппын.
Естуім анық —
Осы бір тұста совхозы
Ертеңгі батыр Кенжетай Рамазановтың.
Көкшені Біржан
Әнменен басқа көтерген,
Ыбрай ақын
Өлеңнен жайдай от өрген,
Ал одан біраз
Араға жылдар салып кеп
Қадірлі Мәлік
Батырлық атын әперген.
Көкше едің ғой, сен
Шіркін де сабаз Көкшем-ай!
Өлке едің ғой, сен
Аруға жомарт, ерге бай,
Ердің де атын,
Елдің де атын шығарар
Бүгінгі үміт
Өзінде жатыр Кенжетай!
Содан соң тағы...
Тағы да жалпақ көк егін,
Мен енді заулап
Ақмола беттен келемін.
— «Ой, ты, дорога длинная,
Земля целинная»,— деп
Жазықта шырқап
Ұлым да созады өлеңін.
Мен болсам әлгі
Ғажап бір түсті сарқа алмай,
Жол бойы созып
Шұбатып келем арқандай.
Бұлғайды қолын
Трактордың үстінен
Дауыстап бізге
Далада туған Дарқанбай.
Ағады асфальт
Доңғалақ тисе аңырап,
Тездіктен мынау
Кетердей кәзір жанып-ақ.
Ғаламат шәһар
Ғажайып шапшаң салынған
Бұлдырлап көзде
Қалады Целиноград.
Бақытты қала!
Өскенің Тыңның арқасы,
Айдары биік
Арқаның нағыз ортасы,
Салындың үлкен
Достықтың шебер қолымен,
Сондықтан сенің
Үйіңнің берік әр тасы.
Болды ғой онда
Игілік бәрі сен тілер,
Басында жүрді
Өнерін салып ел түгел.
Қозғаман небір
Ойлардын түзу-қисығын...
Тарих өзі
Орнына бәрін келтірер.
Михаил Довжик –
Алғашқы тыңда ардагер,
Сен білмес мұнда
Қалған бір жазық бар ма жер,
Қайда екен кәзір
Сен қаққан қазық сондағы,
Айнымай сан жыл,
Мызғымай тыңда қалған ер.
Есімде бәрі
Балаң бір жап-жас жігіт ең,
Тұл бойың толы
Арман ең, әсем үміт ең,
Айқайлап тыңға
Алаңкөз келген талайдың,
Тақиясын құмға
Толтырып бердің жығып сен.
Сен адам едің
Туысың жақсы жайсаң жан,
Әуелден саған
Мына тың мықты ой салған.
Еңбекпен өстің,
Адамдық атың және өсті,
Қиындық шақтан
Көзің жоқ әсте тайсалған.
Сен әсем жаздың
Тыңныңда өмірбаянын,
Шындығын биік,
Аяулы сырын, аянын,
Сен алғашқы
Ақыны тыңның шығарсың, —
Қосылып саған,
Қолымды жырға қоямын.
Қадірлі Миша,
Лайықсың дара дастанға,
Ерсі емес жазу
Атынды биік аспанға,
Жасырман сырды
Әлі де сендей көп керек,
Ғажайып жандар
Ғажайып Қазақстанға!
Маңдайға біздің
Шежіресі болу жазылған,
Жерім жоқ қалған
Сезіммен жұртты мәз қылған...
...Тағы да егін...
Жарықтық егін зымыратып
Каналға келдік
Кеп-кеше ғана қазылған.
«Қарағанды — Ертіс».
Ғажап-ау бұл да байқасаң!
Төгілді мұнда
Адамның тері қанша сан!
Қайнады мұнда
Күні-түн тынбай қанша еңбек.
Аспанның жүзін
Көмді ғой дейсің қанша шаң!
Осының бәрі
Отанның күшті бейнесі,
Тыныштық түнде
Тынбастан құлаш сермесі!
Осының бәрі —
Ғажайып сенің адымың
Алыпша басқан
Алып бір байтақ жерде осы!
Шексіз бір Тынды
Көтеріп ерлік істесең,
Сүйеніп бақтың
Осындай алып күшке, сен.
Бір-бірін қолдап
Дәлелдеп жатқан биіктер
Соларды көріп
Аласа болма, әсте, сен!
Қашанда, досым,
Далада кешкен ой тәтті,
Кетесің кезіп,
Аралап миың байтақты.
Қайран да жердің
Қасиетіне не жетсін,
Бесігіңді де
Анаңнан бұрын шайқапты.
Павлодар, Семей,
Аягөз, Талдықорғаннан,
Нелер де асу
Өзеннен, судан жолдардан,
Айтып та жатсаң,
Жазып та жатсаң таусылмас
Көңілде, көзде
Тамаша әсер мол қалған.
Солардың мықты
Анасы сонау — Ұлы егін
Арқадан тартып,
Жетісу созған жиегін.
Солардың барлық
Иесі — Қазақстаным,
Қазақтың ұлы —
Өзім де соған иемін.
Оқушым созып
Кеттің ғой деме, сен маған,
Жолымды менің
Өмірдің өзі жалғаған.
Сенемін саған
Жолымды қысқарт демессің,
Тың сөзім, жырым,
Тыңға деп сақтап арнаған.
Жиырма жыл бүгін,
Дәуренім шалқып озғалы,
Қазақтың жері
Атағын биік созғалы
Бір соның ақын
Куәсі болсам дәл бүгін
Сонікі асыл
Мендегі жыр мен сөз бәрі!
... Таң еді мынау.
Алматы туға бөленген.
Азаннан тұрып,
Алаңға беттеп келем мен.
Елу бес жасар
Октябрь кірген шақта бір.
Сөйлеуім керек
Сол жерден тұрып өлеңмен.
Келемін жүріп
Кеудеге жұмбақ күш біткен,
Адамдай алдан
Аса бір тығыз іс күткен.
Сөйлеуім керек
Ал қызыл тулар үстінен,
Сөйлеуім керек
Ақындық, комунистікпен.
Ойымда қайнап
Басымнан кешкен күн елес,
Көзімде ойнап
Талайдан тосқан бір белес.
Сөйлеуім керек,
Бұл кезге дейін айтқаным
Секілді маған
Қасында мұның түк емес.
Тулайды жүрек
Басылмай әлек кеудемде,
Мұндайда басқа
Керемет сөздер келген бе?
Тебініп келіп,
Шегініп кеткен секілді
Шабыттың аты
Келтірмей қамшы сермеуге.
... Басталды парад.
Алаңның төсі солқылдап,
Мұхиттай жиі
Жағаны соғып, толқындап.
Саңқылдап ұран,
Ауаны тіліп «Уралар»
Ыдырап содан
Көшеді биік бұлт тулап.
Шымырлап, қайнап,
Шымырлап, қайнап, сәл тынып.
Тасып бір алаң
Кетеді қайта шарқ ұрып.
Жатқандай бейне
Салмағы түпте парадтың
Секілді бәрі
Жол ашқан соған қалт тұрып.
—«Әне!» — де,
—«Әне!» — десті бір —
Алаң сол шақта,
Шынында сәл-сәл
Трибунадан оң жақта
Келеді екен
Ғажайып үлкен нан жүзіп,
Қайысады алаң,
Шыдамай мынау салмаққа.
О, ғажап, сонда
Халықтың көрдім шаттығын,
Осы ғой менің
Сөйлейтін сөзім тап бүгін.
Көргендей болып
Алғаш бір жердің бақытын
Қиырдан сонау
Тесіле қарап қапты күн.
Кеудемнен сонда,
Ағыл да тегіл сөз кетті.
Миымда шапшаң
Тақырып басын өзгертті.
«Миллиард» — деген
Сағыныш сөзден басталды ол.
(Басталды дағы
дастанды мынау тездетті!)
* * *
Азат күш, ақ ниетке бөленсе адам,
Туады құдірет пен өнер содан!
Сен соның айғағысың — Алтын астық,
Миллиард Далабай ұлы сәлем саған!
«Миллиард. Қазақстан. Жетпіс екі»
Рапорт ат шаптырым екі шеті.
Ашық ел аспанында жүзді жайнап
Секілді жарқ-жұрқ етіп ердің серті.
Не деген қуаныш еді, досым, мынау!
Қуаныш—теңіз болып жосылдың-ау!
Тау болып тақиянды көкке тіреп
Алаңға, дала, келіп қосылдың-ау!
Туған жер, саған деген жыр басымен,
Мен сенің мәртебенді тудай сүйем!
Бүгінгі салтанатты сағатыңның
Білемін өлеңіме симасын мен!
Алайда жырламай қап, жолдан шықпан,
Қолтықтап, өзің барсың қолдан тұтқан.
Ерекше шығу керек менің даусым
Қазақстан ақыны болғандықтан.
Миллиард! Жалғыз сөз бе екен айтуға
оңай?
Миллиард! Жалғыз — астықпа
тартуға бай?
Миллиард! Жалғыз ерлердің еңбегі ме,
Сарқылған тер, күн менен сарқылған ай?
Миллиард! Жалғыз далама кесілген кең,
Миллиард! Жалғыз бақыт па несібеңмен.
Миллиард! Жалғыз достық па, күш
біріккен,
Миллиард! Ғажап дән бе еді өсіп-өнген.
Жоқ, миллиардта осының бәрі де бар.
Ойлан, оның мағнасын әріден ал!
Миллиард — азат қазақтың тарихы ол
Көріп тұрған бір кезде көре алмағандар!
Миллиард — шыққан биігі сол халықтың,
Оны жырлап жеткізер толғанып кім?
Миллиард — Қазақстанның өз есімі
Аты да сол абройдың, мол бақыттың!
Елу жылда жан сенбес жылдамдықпен
Бұлай дамып, шырқауды кім бар күткен.
Мақтанамын — бар ерлік, бар ғажайып
Миллиард — деген бір сөзге сиғандықпен.
Жүзге мәлім, болармын мыңға мәлім,
Миллионның көріп пе ем тыңдағанын!?
Бар сандардың әкесі — миллиардты
Жырлағаным — тарихты жырлағаным.
Сол миллиардтың анасы — Қазақстан,
Сен құс елсің — ұшқанда ғажап ұшқан.
Неге бүгін сені айтып мақтанбасқа
Сені көріп тұрғанда көз алыстан?!
Тағатым жоқ жүрекпен сені сүймес,
Сағатым жоқ сенімен бірге жүрмес.
Россия, кең байтақ саған тартқан
Ініңмін мен, тарихтан тиген үлес.
«Неге кеңсің!» — деп енді айтпас ешкім,
Ол сұрақты мен бүгін жақсы-ақ шештім.
Рахмет, туған халықтар, сендерге де
Достас өстім, бауырлас, бастас өстім!
Бәрімізді бақытқа бірдей баптап,
Көп жұлдыздың тірлігін күндей сақтап,
Лениннің арманын іске қосқан
Партия атын сүйеміз жырдай жаттап.
Біз елу жыл жасадық ұлы одақпен,
Айнымастан гербіміз балға орақпен.
Ғасырларға тартамыз қол ұстасып
СССР — деп Ленин қойған атпен.
БАЛЛАДАЛАР
ЖАЛҒЫЗ ҚОЛ
Отырды ол таңертеңгі сәуле астында,
Ойымен өткен күнге жалғасты да,
Шыға алмай шым-шытырық оқиғадан,
Сан рет санап бәрін адасты да.
Алдында жатқан қалың қол жазбасын
Итеріп әрегірек, көз жазғасын.
Тұтатып сөніп қалған трубкасын,
Шалқайып, креслоға қойды басын.
... Еліне атақ-даңқы кеткен асып,
Бір кезде аласапыран кекке басып,
Жорықтың жойқын жолын бастан кешіп,
Өлімнен жеңіп шыққан көп таласып.
Айналған ертегі-аңыз, өлең-жырға,
Тасыған абыройы нелеп жылға,
Ер еді ол анда-санда бір жарқ етіп,
Туатын тұтас тұлға біздің қырда.
Ал кәзір қырау жапқан тәкаббар бас,
Қалпына қайта басып қарап қалмас,
Иілмей, иілу білмей сорлатып тұр,
Күндердей жарқылдаған жарақты алмас.
Кім біліп, кім ұғады іштегі өртін,
Майданның ортасына түскен еркін.
Жайылып арғымағы далада жүр,
Кісінеп күнде келіп түске енетін.
Қалғиды қара наган қабырғада,
Симаған қан сайыста кабургада,
Алдында жатыр анау қызыл дәптер
Бастаған тағы жазып «жорықнама».
Бөлмеде қалықтайды түтін ұшып,
Саңылаудан самиянға ұмтылысып,
Солардай өткен күндер бұлдырайды
Қиялдың алаңына бір шығысып.
... Телефон шылдыр етті.
—Алло! — Бұл кім?
—Полковник,
сіз бе осы тындап тұрған?
—Мүмкін.
—Өзің кімсің?
—Жауынгер Досов есіңізде ме?
—Кәзір барам, міне шықтым...
Аржақта трубка тез салынды да,
Үн тұрды шырылдаған әлі мұнда.
Полковник бір мезетте қалды қатып
Қалшиып сол отырған қалыбында.
Кеңейіп үлкен көзі одан әрман,
Түйіліп қалын қабақ о да қалған.
Миының архивінен бірдеме іздеп
Қалпы бар тез таба алмай қапа болған.
Көптен соң қоңыр жүзі күреңітіп,
Қадалды екі көзі енді тіп-тік,
Орнынан атып тұрып, ерсіл-қарсыл
Еденде жүріп кетті басып дік-дік.
Есіне қаулап келіп қайта бәрі,
Баяғы майдан төрін қайталады.
Зырылдап кинодағы лентадай боп
Самсады оқиғаның сан тарауы.
«Япырау, сол болды ма жаңағы адам,
Қалайша аман қалған, аман қалған?!»—
Деді де, өзіне өзі сөйлеп кетті:
— «Ендеше бұл оқиға былай болған».
* * *
Қанды ұрыс. Қар мен түтін араласқан,
Теңселіп қазалы жер, қаралы аспан,
Мұз шеңгел, қызыл соқта қым-қуытта
Тоймастан ажал жебір аран ашқан.
Айқас бұл ең керемет. Москва үшін,
Баспалап жау төгеді басты күшін.
Зіл-зәлә, жан көрмеген, бір алапат
Жан-жақтың оқ бітеген бос қуысын.
Сау қалмақ деген үміт жоқ адамда,
Ондырмай оқ бораны борағанда.
Бауырлар, отандастар баудай түсіп,
Толады қолқа, жүрек қара қанға.
Дәл бұл жер кешегі аман село еді бір,
Қалмады бүгін бүтін жалғыз тұлдыр,
Жұлмалап темір ауыз, бір жалмауыз
Құрдымға жоқ болғандай қаңғыр-күңгір.
Қазылып тамырымен қалың орман,
Шіліктей жел жапырған халы қалған.
Баяғы базарлы өмір тойы быт-шыт,
Жас үміт жатыр отқа жанып арман.
Осылай аза салып, аймақ жылап,
Тас бітіп құр жарғақ боп қалған құлак,
Орыстың алтын айдар шіркеулері
Күңреніп жоқ болады жардан құлап.
Осынша зіл-заланың ортасында,
Малынып қызыл нөсер қан тасқынға,
Алты күн арпалысты батальон
Ажалдың ойнақтаған оты астында.
Ақбоз ат ыс-түтіннен қарауытқан,
Жаралы, ыңырсыған жан ауыртқан.
Аттайды адамдардың арасымен,
Күн шықты күреңітіп жаңа бұлттан.
Бір жерде батыр біреу жан ұшырып,
Қолының шапшып көкке қаны шығып.
Жақындап келді де оған тани кетіп,
Атынан ырғып түсті Момышұлы.
Маңайда жаралыны жинап жатқан
Шақырып санитарды жылдамдатқан,
Қаудырлап шолақ тоны ол келгенше,
Көк шыбық алды кесіп бір бұтақтан.
Қақ жарып ортасынан жасап істік,
Жетіп кеп жаралыға құстай ұшып,
Ілініп сіңірінен салақтаған
Оң қолды қылышпенен шапты қыршып.
Санитар көзі шықты шарасынан
Қарауға шыдай алмай дәл осыған.
Тамырды шыбықпенен қысып байлап,
Ауаны өткізбестен арасынан,
Шинельдің жыртып алып өңірінен
От жағып, көңірсітіп көмірімен
Жараның ауызына шыжылдатып
Басты да, санитардың көлігіне
Жіберді көлденең сап,
«қош аман!» — деп,
— Кетіпті мен келгенше сонша қан көп
Білмеймін қалар тірі, қалмасын да,
Тапсырдым ендігісін мен саған,— деп.
Солдаттың әкесіндей, ағасындай,
Жалғанда жалғыз медеу, жан
ашырдай,—
Жол тауып қапылыста талай шыққан
Бәукеңнің тірлігінің бәрі осындай.
Содан соң қанды майдан қайта кешіп,
Тағдырын батальон шебер шешіп,
Командир кете барды от ішімен
Талай күн жау қамалын оқпен тесіп.
* * *
— Ассалаумағалайкүм, батыр ағам,
Жүзіңнен, айналайын, жарқыраған,
Соңдағы інің мынау, өзің бір кез
Ажалдың құшағынан тартып алған.
Шашым ақ, мұртым бурыл мен де
шалмын,
Деп едім тірлік болса, жолығысармын! —
Салмағын содан соңғы жылдарымның
Мінекей мынау жалғыз қолға салдым!
— О, пәлі, жігітім-ай! Жігітім-ай!
Жібердің көңілімді жібітіп-ай!
Жарқыным, аман қапсың, құтты болсын,
Көзіндей батальон, бір құтындай, —
Деп Бәукең қалды мәз боп, сүйіп құшып,
Бір сәтке жүйесімен босай түсіп,
Бір кезде қатуланып:
Встать! — деді.
Жалғыз қол сонда орнынан тұрды ұшып.
Сарт етті!
Қолы неткен шапшаң еді!
Сол қолмен жауын талай атқан еді!
Ол бірақ баяғыдай наган емес,
Сарт еткен күміс сағақ шампан еді!
ҰСТА
Шәмші ақсақалға
Алтайдың асылдарын соққан ұста,
Алмаған екі көзін оттан ұста,
Төс темір, қара көрік, батпан балға —
Аузымен қызыл жалын қапқан ұста.
Сағынып Алматыда соның бәрін,
Мен көрдім қалың ойға шомылғанын.
– Соңынан жалғыз ұлдың еріп келіп,
Қор қылдым жұмсай алмай қолдың әлін.
Деп кәрің мұңаяды жұмсақ қана,
Көзінен келінінің бір сақтана.
Қарайды немереге және бізге
Кінәсіз кінәліге ұқсап қана.
Ойландым, қарап алып ұстаға бір,
Еткендей біреу қыран құсқа жәбір,
Сыпырмай балақ бауын, бап тілетпей,
Дегендей «аспан кәрме, ұшпа қазір!»
Айрылған шабытынан кәрі ақындай,
Өксігін іштен ғана алатындай,
Балғаның не темірдің даусы шықса
Кебісін кие сыртқа шабатындай.
Мандайдың кеуіп қалған моншақтары,
Бүріскен сом білегі, шаршап қары,
Құрыстап жауырыны қушық тартқан,
Қисайған қимыл көрмей саусақтары.
Бұл дағы ел аузында киелі өнер,
Іс емес кім көрінген иеленер,
Өңінде екі қолын әзер ұстап
Ер Дәуіт түсіне оның жиі де енер.
Мұңайған,
ойға батқан мені көріп,
Кетті шал бір мезетте көңілденіп:
-Азырақ домбыра алып, дауыс көтер
Алайық арқа жазып, жеңілденіп!
Ән тулап, кеудемізден күй толқынып,
Жібердің үйдің ішін бір толтырып,
Мәз болып мына жақта біз жатқанда
Кетіпті орынынан шал тез тұрып.
Оралды жебесіне күлкі үйріліп,
-Бұл дағы мезіреті — бір сый-мүлік,
Ең соңғы соққан алмас пышағым ед,
Жалынға бір суарып, бір күйдіріп.
Ұстаның бар байлығы соққан ісі,
Тозбайтын көңілінің мақтанышы,
Көзімдей көріп жүр — деп, — саған
тарттым,
Ұсынбас мұндай сыйды жатқа кісі!
Ішінен суырып ап мүйіз қаптың
Жүзіне ақ алмастың сәуле ұстаттым.
Сол сәуле тайғанамай тұрып қалды
Көңлінің шұғласындай мынау қарттың.
ӨМІР БҰЙРЫҒЫ
Москва. Аэропорт. Вокзал іші
Қысты құн ығы-жығы толған кісі.
Ұшпайды тұман тұтқан самолеттер,
Болады кейде сондай жол қайғысы.
Қисайған, ұйықтаған, тұрған, жүрген,
Дамылсыз радиоға құлақ түрген.
Сағаттың тілін баққан сарғаюмен,
Сарыққан сабырларын шыдап мүлдем.
Кезектен сұрақ сұрап шығады әркім,
Бас шайқап, жауап таппай жұбанатын.
Шеттегі бір орында кемпір отыр
Ең соңғы сапары ма мынау, бәлкім!
Ақ кемпір жерге жаңа жауған қардай,
Үлбіреп өз-өзімен алданғандай,
Әр талы күміс шаштың шашау шықпай
Жиналған ширақ пысық қолмен қандай!
Кәрі көз әлі жұмсақ сәуле шашқан,
Ауысқан көктен аққа бейне аспан,
Әлі де ұзын кірпік имек қаспен
Қағысып бірге қанат хабарласқан.
Қос сызық кең мандайын керген әсем,
Қозғалып қояды әнтек кейде бәсең,
Мәрмәрден қиғандай-ақ түзу мұрын,
Күліп түр еріндері ләм деместен.
Сұлулық аналықпен қосып басын
Көріктің көзге басқан қос нұсқасын.
Бекзаттық, ақ тәрбие, биік үлгі
Бір кезде тандандырған өз тұстасын.
Зер салмай маңайдағы қалың шуға,
Жатты да, іздеместен танысын да,
Өзге бір дүниені ойына әкеп
Отыр ол оңашада қауышуға.
Ол — оның тым әрірек жастығы емес,
Бақытқа,
махаббатқа мас күні емес,
Берірек өмір-тірлік мағынасын
Ұққан шақ,
берді ме екен дос-күн елес?
Өйткені үстіндегі тозған киім,
Бір кезде қатарынан озған бұйым,
Бір кезде рахатқа,
Салтанатқа
Қысқа өмір қызығына жазған жиын.
Тойларда,
мерекеде мерей тасқан,
Жайтаңдап көздің жауын ала қашқан,
Кезінде киім еді-ау бәрі мұның
Жұтынтып жан-жағына жұпар шашқан.
Келеді қазір киіп сапарына,
Жайнаған жақсы күннің батарына
Сенбейді ол,
рас көңілі күңгірт тартар
Кей-кейде қарап қойып қатарына.
Сенбейді ол,
сол сенбеудің күшіменен.
Өмірде көп жасамақ кісі деген,—
Сенеді бір сиқырлы қағидаға
Өзінің азбай тұрған түсіменен.
...Қолғабын қасына әне қойды шешіп,
Олардың саусақ басы ойық, тесік,
Онысы мұның әсте жырында жоқ,
Тақталап, мәпелейді жайып, есіп.
Қарады етігіне көз асырып,
Қалыпты біреуінің аузы ашылып,
Жалма-жан екіншінің тасасына
Қойды оны еппен ғана сәл жасырып.
Қос шәлі іштен, тыстан салып алған,
Сыртқысы тұтас алдын жауып алған,
Қәзірде алақандай тесіктері
Бір кезде көз тұрмайтын шәлі болған.
Сыпырып алды да оны жайды келіп,
Еңкейіп,
жата қалып,
құлаш керіп,
Жапқылап алақанмен жыртықтарын
Отырды ойға батып,
ұзақ төніп.
Мөп-мөлдір сүйкімді бір жымиыспен,
Баяғы еске алды ма күнін үстем,
Иыққа жайлап әкеп қайта жапты
Қан ойнап ақ жүзіне сүйініштен.
Қарады қара доха ішігіне,
Қырқылған,
жарғақтанған түс-түгіне,
Қаз-қатар мүсіркеу мен қасиеттеу
Сезімі тағы ойнады бет-жүзіне.
Сипалап редикулін содан кейін
Отырды,
енді шаршап қалған зейін
Тіледі демалысты, шыдатпады
Қайран жас кәрілікке салған бейім.
Бір сәтке қайта сергіп,
ойланды да,
Қарады кескініне айна алды да,
Түп-түзу қисаймаған саусағымен
Бетін ол жұмсақ қана айналды да.
Тіреліп маңдайына тұрып қалды,
Көсілген қарап сонау сызықтарды.
«Өмірдің бұйрығы...»
деп күбір етіп,
Аржағын айтпай кенет,
үзіп қалды.
Көптен соң самолетке қозғалды жұрт
Орнына абыр-сабыр сөз қалдырып.
Кемпірдің қасындағы бір топ адам
Барады ауыз жаққа аздап жылжып.
Қиялмен кешіп сапар рахатты,
Алмасып бір ойдан соң бір ой тәтті,
Қарт дене қалжыраған болса керек,
Бұйығып байғұс кемпір ұйықтап жатты.
Осынау көріністі, байқаған сен,
Батасың қалың ойға қайтадан сен,
Әуелде мықты күштен жаратылған
Рухтың тозбайтынын айтады әсем.
ӨЛЕҢДЕР
ТОРҒАЙ ТОЛҚЫНЫ
Сүйікті Торғай,
Сүтіндей болған анамның,
Осынау жаста
Арнадым өлең саған мың.
Ең үлкен менің
Дастаным жазған — өзіңсің,
Атыңды жырдан
Тастамай жүрген балаңмын.
Солардың бәрін
Томдарға кейін жинаймын,
Жинап бір әкеп
Өзіңе ғана сыйлаймын.
Жылдардың қиын,
Жылдардың жақсы — куәсі
Тастауға оның
Қиқымын дағы қимаймын.
Қырық бес жылдай
Тамырда соққан қаным бар,
Сол қанда сенің
Тірлігің менен нәрің бар.
Ажырап сенен
Алыста жүрген бір толқын
Өзіңе тартқан
Өзіндей қуат,
әлім бар.
Бұрқырап сендей
Аспанға кейде шапшимын,
Шабақтай алтын
Сәулесін күннің қақшимын,
Әрине, менде
Қасиеті де бар шығар
Бір кезде сенің
Жағаңа тіккен жақсы үйдің.
Толқыны Торғай,
Өзгеше сенің даңқың бар,
Суыңнан ішкен
Ақындар менен батырлар,
Тартам деп саған
Салды ғой талай қиғылық,
Басыңнан өтті
Тарихи талай толқындар.
Сондықтан сенің
Толқының десе — көп мән бар,
Өмірдің өзі
Толқынға ұқсап аққан дәл,
Заманның күші,
Жаңаның ісі — бәрі де
Толқын боп тулап
Жағадан тыныс тапқандар.
Толқысаң Торғай,
Төсіңнен туған сол толқын,
Өмірдің мынау
Ағысы болмақ көк жойқын.
Даланың мынау
Бақыты болмақ тасыған,
Қаланың мынау
Келбеті болмақ ақ жарқын.
Толқының сенің —
Қырларда туғаң ақ қырман
Миллиард пұдты
Балуан қолмен лақтырған,
Толқының сенің
Мыңғырған төскей — төрт түлік
Жұлдызды шопан
Ерлерге баптап бақтырған.
Толқының сенің —
Өлеңнің, күйдің шумағы,
Дәуірдің үні,
Өмірдін, шаттық думаны,
Маржаның сенің —
Республика таққан ордендер,
Жарқырап тұрған
Алқызыл біздің тудағы.
Мен солай ұғам,
Ұғымда қандай олқым бар?!
Жаныма менің
Жарасқан сен - деп шалқулар!
Өлеңнің атын,
Кітаптың атын өзің — деп
Қоюға менің
Сондықтан бүгін хақым бар.
СҮЙІНШІ ЖЫРЫ
Рахмет саған, Партия,
Әділім менің, қамқорым,
Тағы бір қалды жарқырап
Қуаныштан жан төрім.
Орденді Торғай атанып,
Туған жер жатыр той жасап,
Ғажаптың мынау аты анық,
Толғанып терең ойласақ!
Кеп-кеше туған жаңа өлке,
Керемет күшпен тасқындап,
Ағыл да тегіл береке,
Кәрі де жайнап, жас қунап.
Қайраттың зорын көрсетті-ау,
«Мен саған сендім!» дегенде.
Тұрғызып дәннен маржан тау,
Қозысы сыймай көгенге.
Қаласы шапшаң салынып,
Қадамы алыс аршындап,
Адамы жеңіс сағынып,
Кірісіп еді ал шындап!
«Жассың ғой әлі» дегізбей,
Қатарға кірді қапталдап.
Бұрқырап тасып теніздей
Қарғыды көкке от қайрат!
Лениннің өзі хат жазған
Азамат соғыс күні есте.
Торғайың сонда топта озған
Азаттық үшін күресте.
Мінекей бүгін көр, елім,
Заманы келіп колдауға,
Қадады Ленин орденін
Жап-жалпақ біткен омырауға.
«Сүйінші!» — деймін, туған жер,
Даланың төсін жаңғыртып,
Ағылсын бүгін думан жыр,
Ағайын қалма әнді іркіп!
Абырой, бақыт қиын ба
Орнайын десе, орнайын!
Жалауың жайнап қиырда
Жарқыра менің, Торғайым!
Қазақша болдың көзайым,
Жап-жаңа өлке, жас ұлан.
Құттықтап, қолым созамын
Ақ торғын аспан астынан!
БАТЫР БАҚЫТЫ
Сан батырлар cap садағын мөңіреткен,
Азаттықты талмай іздеп жер-көктен,
Күнге қақтап күнде найза саптаған,
Тұлпарларын ақ сабын ғып терлеткен.
Бәрі де оның өз орнында керемет,
Аңыз етіп айтады әлі ел елеп,
Бірақ солардың сирек даңқын жинауға
Бұл далаға жаңа батыр керек ед.
Дәл осы бір зәру тұста тарыққан,
Рұқсат алып тағдыр менен тарихтан
Аманкелді сабаз шықты жарқ етіп,
Батырларды кеп туғызған халықтан.
Ол жаралды ыза менен намыстан,
Қатты езгіден ел иығын жанышқан,
Ең ақырғы күшін жинап халықтың
Қанды айқасқа белін буған арыстан.
Бар азамат, жинап жең мен жағаны,
Ат жалына жаңа қонған баланы —
Арттан ертіп, аттан салып, ұрандап
Төбесіне тік көтерді даланы.
Қара дауыл, ала боран, отты сел,
Көк жаңбырдай қаптай жауған оқ нөсер,
Ортасында найзағайдай жарқылдап
Айқыш-ұйқыш ашты майдан есіл ер.
Жау сұрапыл, от бүріккен зеңбірек,
Не бір сабаз жерді құшты ер жүрек,
Сұрапылдан басы айналды даланың,
Түтін сасып тұрып алды төңірек.
Қуат кеміп, талықсыған шақта бұл,
Келіп жетті бостандықшыл Октябрь,
Келіп жетті кемеңгер дос - Ленин,
Деген шақта «болысар күш жоқ па бір?!»
Ескі дүние қабырғасын қаусатып,
Келді бір күш тұрған кезде әл сарқып.
Сол жеңімпаз әскеріне Лениннің
Қосты көкең сарбаздарын самсатып.
Бұдан артық ер бақыты болар ма,
Содан қайтып тартты батыл ел алға,
Сан ғасырлар сағындырған бостандық
Тосты бетін сахараға, самалға.
Дәл кезінде көтерілген ер халық,
Ауылына Октябрьді келді алып,
Қырағы көз шалып қалып қиырдан
Көрді Ленин, тұрды көсем толғанып.
Ол естіді Аманкелді есімін,
Тербеп тұрып революция бесігін.
Телеграмма берген көсем Торғайға
Тамаша ғой тарихтағы осы күн! —
Кеттік алға Ленин сүйеп қолтықтан,
Есте мәңгі атқан жайнап сол бір таң!
Сол тандағы Аманкелді бақыты –
Біздің бақыт дейтініміз сондықтан!
АМАНКЕЛДІ КӨШЕСІНДЕГІ ОЙ
Мынау көктем — таудан түскен ақ бұлақ,
Мынау көктем - жаңа оянған жапырақ,
Осы таңда көшесімен өзінің
Менің көкем келеді әлі шапқылап.
Таусылмайтын ұлы жорық, неткен жол,
Әрбір жылда созады оған көктем қол,
Баяғыдай дүрсілдетіп даланы
Таңға қарап, күнге қарап жүйткиді ол.
Аманкелді деген жалғыз есіммен
Көз алдыңа дала келер көсілген,
Сол даланы мол жайлаған ел келер
Салтанатты салқар-салқар көшімен.
Қара нөсер, қаптай шапқан қол келер,
Қара шаңы аспан қапқан жол келер,
Найзалары бұлттан шашақ тағынған
Арыстан жал, жолбарыс көз ер келер.
Ал содан соң алқызыл ту желбіреп,
«Ақ бостандық, азат күнім келді», — деп,
«Бар қазақтың бақыты мен елдігін
Ленинге тапсырамын енді», — деп.
Өзім соның бір батыры болам деп,
Тас қамалға талай найза соғам деп,
Семсер тағып, былғарыдан киініп,
Тұрар көзге ер Военком ағаң кеп.
Аманкелді — атының өзі жап-жарық,
Аман келген азаттыққа елді алып,
Аманкелді көшесінде тұр бүгін
Баяғыдай басын қосып мол халық.
Ол ұрандап өтер бүгін тағы алдан,
Даңқын сынап даласына таралған,
Ол халықты бастау үшін туған да,
Ол халықты жинау үшін жаралған.
Бұл қасиет — сирек жандар үлесі,
Соны да өсем баяндайтын күн осы.
Зор тарихта жатыр мәңгі жарқырап
Дейтін бір жол: «Аманкелді күресі».
АЛАҢНАН СӨЙЛЕП ТҰРМЫН МЕН
Астанам туға бөленген,
Аспаным шұғыла жамылған,
Алаңға беттеп келем мен
Октябрь күнін сағынған.
Ең ұлы мейрам жердегі,
Мерекелердің басы сен,
Маржаны жырдың мендегі,
Ал, кәне, судай тасы, сен.
Ал, кәне, таудай шық биік
Абыройым, даңқым — Октябрь,
Республика тік тұрып
Қарсы алған сені шақта бір!
Қуаныш, мерей, молшылық
Ардақты ән мен айтқан серт,
Алаңға бүгін тұр шығып,
Алқызыл тулар тартқан шеп.
Күмбір де күмбір үн мынау
Салтанат, жеңіс даусындай,
Қанатын қағып мың жалау
Ағады алға таусылмай.
Ол жалау — елдің жүрегі
Дүрсілдеп соққан мәңгілік,
Ол жалау — елдің тілегі
Ағысы тұрған жаңғырып.
Жақсы күн, саған көп сәлем,
Бақыттың ашқан қақпасын,
Қадірлі мейрам жоқ сенен
Сыпырған қырсық ноқтасын.
Елу бес жылдай елім өш
Жеңіліс қаупін білмеген,
Октябрь аты бөлінбес
Еркіндік атты күнменен.
Еркіндік емей немене,
Еркелеп доспен, құрбыммен,
Құттықтау жолдап ел-елге
Алаңнан сөйлеп тұрмын мен.
Мұншалық биік мәртебе,
Аузыма асыл сөз берген,
Шыққаным шырқап зор төбе,
Тағдырым әсем көз керген.
Қалайша саған, Октябрь,
Алғысымды айтпай қалам мен.
Өзіңмен жүрер сапта бір,
Өзіңнен туған балаң — мен.
Төгіл де шырқал, ән-өлең,
Төбеде жайлап күн тұрсын,
Қосылып Ленин данамен
Парадтың көркі құлпырсын!
Жайна да жаса, болашақ,
Бақытқа шомып жер қалсын!
Қаз-қатар қырға қала сап,
Егіндер басы ырғалсын!
Миллиардтардың отаны —
Бүгінгі Қазақстаным.
Өсірді-ау иық, жотаны
Биікке самғап ұшқаның!
Даусым да бүгін ап-айқын
Жүрегім дабыл ұрғанда,
«Ақыным бар», — деп атайтын
Республикам тұрғанда.
Қадірлі достар, бауырлар,
Қадірлі қала, ауылдар,
Қадірлі тулар, жалаулар,
Қадірлі туыс, қауымдар!
Құтты да болсын мереке,
Мереке сөзін айтам мен,
Жасайды бірге береке
Сүйікті біздің Отанмен!
ЕCІЛ ЖАҒАСЫНДА
Апрель. Жатыр Есіл жаңа оянып,
Қыс бойы ұйықтаған қарға оранып.
Дабырлап қырдан келген қысқа өзендер
Мазасын күн-күн сайын барады алып.
«Қой енді,
қозғалмасқа болмады деп,
Ұйқыда еш береке қалмады деп,
Толғанып, мұз кеудесін сықырлатып,
Лықсиды байқамаққа арнаны кеп».
«Кетем-ау осы биыл тағы да асып,
Қалыпты қар да мені қалың басып,
Жазыққа балығымды шашып алып,
Тағы да ел жинар ма екен жабырласып!»
Деп Есіл ұйқысырап бейне адамдай,
Алдағы өз тағдырын ойлағандай.
Бусанып жағадағы жалбыр талдар
Жас көктем самалымен ойнағандай.
Бүйректей одан арғы құба дөңдер,
Күн түсіп, қары кеткен сида белдер,
Тас, шыны, темір-терсек,
сүйек-саяқ
Барымен жарқырайды — мұнда кел деп.
Қызық-ау табиғаттың мына шағы!
Қолына тимей қыстай алашағы,
Енді-енді байимын деп тұрған жандай,
Кеңпейіл кедейлігі жарасады.
Күні ертең кеуде керіп заңғар айдын,
Есілге түсер нұры толған айдың,
Үміттің көзіменен ол қарайды,
Сенімнің көзіменен мен қараймын.
* * *
Әмірғалиға
Әйдә, жолдас секретарь,
Қырға шығып қайтайық!
Отырайық қаз-қатар,
Өткен-кеткенді айтайық!
Әй, заман-ай, десеңші!
Кеше ғана екеуміз
Студент ек бірге енші,
Қызбай жүрген шекеміз.
Тойға барушы едік-ау
Бір костюмді кезектеп.
Жаяу қалушы едік-ау
Бес тиынсыз безектеп.
Белі мықты тұлпардай
Сөткесінде бір шалып,
Мұртымыз да мұқалмай,
Мұздай темір құрсанып.
Не боламыз деу де жоқ,
Қарызымыз өтелген.
Әйтеуір бір кеуде көп,
Әйтеуір жел көтерген.
Енді алдында жатыр күн
Ел басқарып, ту алған,
Енді мен де ақынмын
Еліме атым шығарған.
Ол мәселе бір басқа...
Кел мауықты басалық,
Саған келдім жол алып,
Көңілге бір ой алып,
Көзіме бір жас алып.
Не шаруасы бар екен? —
Деме маған байқамай,
Бір көруге зар екен —
Десе қайттың, қалқам-ай!
Тіршілік бір шу асау
Қалай бұрса, көнесің.
Мәңгі-бақи аман-сау
Болатындай көресің.
Тұра тұрсын бастықтық,
Баяғыны айтайық,
Анау кеткен жастықты
Қуып барып қайтайық!
* * *
«Терісаққанның бойында
Аманкелді батыр бар», —
Деген хабар ойымда,
Соған сапар тартылды ал!
Әр уақытта әрқалай
Жер мінезін білмесең,
Жол құмары тарқамай,
Кешігесің кейде сен.
Онсыз да алыс дос-ауыл,
Қабат-қабат кезеңдер.
Болыпты енді тосқауыл
Өткел бермес өзендер.
Есіл бәрін солардың
Жиналысқа шақырған
Секілденіп, жолдардың
Суға басын батырған.
«Қанша талаптансақ та,
Болмай отыр еш амал.
Қалды батыр алшақта —
Арасында неше арал.
Беріп қана үлгірдік
Рациямен тек хабар.
Болса да жол бір күндік,
Оның өзі-ақ кеп қалар!» —
Дейді аудандық басшылар,
Олар сөзін қимадым,
Қиындығы рас шығар
Жаңа қоныс Қиманың.
Қарамастан соларға
Берген былтыр көп астық.
Сыйламасқа болар ма,
Жасап мінез оғаштық!
Отырғанда мүдіріп
Оңаша өзім ойыммен,
Кіріп келді бір жігіт
Еңгезердей бойымен.
—Бәрекелді, е, бәсе,
Келді міне батырың! —
Деп гүрілдеп бар кеңсе,
Жаңғырығып жатыр үн.
Өздері де мен түгіл
Сағынысып қалғандай.
Жамырасып кетті бір:
«Жағдай қалай?», «Хал қандай?».
Ортақ шаруа, ортақ қам,
Сөздері де тым ыстық.
Жандарына жол тапқан
Аяулы бір туыстық.
Жолдар, сайлар, қыраттар,
Жалпақ дала, сұр аспан, —
Жауаптар мен сұрақтар
Одан әрі ұласқан.
Шаруасындай бір үйдің
Ақылдасқан, ойласқан,
Мен де тыңдап ұйимын
Дәптерімді жаймастан.
Мен де осынау қауымның
Мүшесіндей боп кеттім.
О, ғажайып, дәуір, күн —
Кереметі мектептің!
Күнде сабақ бересің
Мен білмеген тараудан.
Жалықтырмай келесің
Қадіріңе қараудан!
Сының әділ, бағаң дәл
Айтқан адал жүректен.
Бірін-бірі адамдар
Ұлы да еткен, ірі еткен!
Бәрі жақсы болғасын
Бір жақсыны ардақтау, —
Қиын болмас — жоғалсын
Баяғыдай құр мақтау!
Қандай жақсы бас қосу,
Іс ақылын кеңесу!
Көтерілмей босқа шу,
«Бәрекелді», «ие» — десу!
Өмір әнін жырласқан
Айналасың бұл көптен,
«Бірлік» атты бір дастан
Бас көтеріп жүректен.
— Жолдас ақын, іздеген
Сауалың бер батырға,
Сауғаңды айт көздеген
Сен де босқа отырма! —
Деп күледі секретарь,
— Сізді ұмытып кетіппіз.
Айта берсек, кеш батар
Әңгімеге жетікпіз.
— Менде сауал жоқ, — дедім...
Кенет бәрі аңырды.
— Көргім келді тек менің
Осы отырған бәрінді.
Барлық сөзді тыңдадым,
Талай сырға қанықтым,
Аманкелді жырлады
Өзіндей боп тарихтың.
Жаңа өлкенің батыры,
Жаңа тарих - басы бұл.
Мен кездестім ақыры
Тыңдағандай асыл жыр!
Бәрі солай әрқашан,
Бар батырдың жаны бір.
Не істедің? — деп сұрасам
Айтпас еді бәрібір.
Байқатпастан мен қазір
Тез бітірдім шаруамды.
Енді айтпасақ тек әзіл,
Айтылмаған не қалды?
Сәтін салып, жол берсе,
Ақыл өзі үлгіртер.
Ақындарға көп нәрсе
Керек емес, жігіттер!
Бәрі де мәз, ойланып,
Енді ұғып жеткендей,
Жұмыс жөні оңдалып,
Жан жадырап кеткендей.
Шылым жаққа қол барып,
Таяу-таяу отырып,
Қозғалақтап, қомданып,
Орталарын толтырып.
Терезені кең ашып,
Бірде келіп, бір қайтып,
Әзілдері жарасып,
Қыстан қалған сүрді айтып.
Айқой, адам жарықтық,
Жайнайсың-ау шақта бір!
Жан-жағыңды қарқ қып
Сайран салып тәп-тәуір!
(Бала жастан танығам,
Талай сондай болған күн).
Сүйем, кейде сағынам
Мәжілісін ауданның.
КИІК ДАЛАСЫНДА
* * *
О, дала, құмды дала, ақ шаң дала,
Ойнақтап сәби күнім шапқан дала,
Көсілген көп ғасырдың үстіменен
Жүгірген жүйрік дала, шапшаң дала.
Барасың қайда, қайда жүйткіп тынбай?
Дамылсыз дауыл қуған көк бұлтындай,
Немесе кеме жыққан асау толқын
Дүниенің ең бір алып мұхитындай.
Немесе ақ жұлдыздай аққан дала,
Байқаған ол ағысты аспан ғана,
«Мүлгіген мүкіс құлақ меңіреу», — деп,
Талайлар саған жала жапқан дала.
Олардың миы мешеу қозғалмаған,
Аузыңда ақыл жұмсар сөз қалмаған,
Аяқпен құр жыбырлап жүргенге мәз
Тобасыз не демейді тозғанда адам?
Ағасың, аққанда да зырлап ақ сен,
Көрінбес көзге шапшаң бір қанатпен.
Ағасың, ағысынды күн біледі,
Ай бағып, өткір жанар, нұр қабақпен.
Жүйткисің, жүйткуінді тау аңғарған,
Сілкінсең шатынап барып, әрең қалған
Біледі дариялар, өзен-көлдер
Арнасын саған қарап сан аударған.
Ұшқан құс, жүгірген аң бәрі таныс,
Мәңгіге тыйылмасын кәрі шабыс —
Дейді де олар дағы жүгіреді,
Ұлы бір қозғалыстан болмас қалыс.
Дәл солай жер зырлайды күнді айналып
Тұңғиық кеңістікті тынбай жарып.
Талайлар талай ғасыр келді адасып
Үлкен жер айналарын білмей қалып.
Ағасың әмбе солай, тұлпар дала,
Жүйткуге, жүгіруге іңкәр дала,
Мен дағы ағысыңды келем сезіп,
Шыққанда жазығыңа бір сәл ғана.
Әнекей, ақты киік өзің болып,
Қарадым мөлдір жасқа көзім толып,
Аспаннан сорғалады қыран дағы
Қиядан қылаң берген қызыл керіп.
Жан-жағым зымыраулар, сорғалаулар,
Деместен арғымағым жолдан аунар,
Қосылып қайран жүрек кете барды,
Қасиетті туыстықты содан аңғар!
Содан соң, ақын, киік, қыран болып,
Бастадың тағы да сен ұлан жорық,
Жалғайды күн мен сенің екі араңды
Тіршілік үзілмейтін бір ән болып.
Зымырайды қос киік
Ақ көбікке боянып,
Қасуа жолмен қасқиып,
Біз келеміз таянып. ***
Біз келеміз қарауға,
Келбетіне жан құштар,
Жел жинайды танауға
Зәресі жоқ байғұстар.
Тимейміз деп айтуға
Тілді ұғатын олар жоқ.
Мына беттен қайтуға
Бізде дағы амал жоқ.
Болмасын бұл асылық,
Ғажап сурет — қараңыз
Ұлытауға асығып,
Киік жегіп барамыз...
Ой да киік, қыр киік,
Сағым ойнап, сел жүзіп.
Ағады ылғи жылмиып,
Мүйізімен жел сүзіп.
Аңшы жігіт ынтықты,
Сәт екен-деп әдемі!
Шығар кез де мылтықты
Алмағанбыз әдейі.
Бауырларын жазып ап,
Жортуын-ай бүлкілдеп.
Келеді аңшы азырақ,
Арт жағымда күңкілдеп.
— Айқой, аға,
шақ төздім,
Айтыңызшы, өзіңіз.
Киік баққан совхоздың
Директоры ма едіңіз?
Алған беттің бәрі жөн,
Ұлытаудың алабы,
Алдағы бір сары жон
Қозғалғандай болады.
— Қараңдаршы, жігіттер,
Бара ма анау жер жүріп?
— Оның бәрі — киіктер,—
Деді маған ел күліп.
Шаң бұрқ етті сол шақта,
Салды дейсің асырды!
Ылғи сары моншақтай
Қырдан төмен шашылды,
Ағып барып оқ бойы,
Қаны қайнап тасқанда,
Өзін-өзі доптай ғып
Лақтырады аспанға.
Көзіме түк сенбедім,
Әрі жағамды ұстадым,
Менің тұңғыш көргенім
Киіктердің ұшқанын!
Сонау аппақ сағымға
Жете беріп, басылып,
Ырғып кеткен шағында
Тұрды көкке асылып.
Шіркін, осы суретті,
Алса шапшаң түсіріп!
Қарар едің тірліктің
Мағынасын түсініп! ***
Бейбіт дала, еркін жел,
Киіктердің мекені,
Көзіңе әсем келтірер
Тыныштықтың не екенін.
Мезгіліңнің қандайын,
Мейіріміңнің нендейін!
Рахат көрік — дап-дайын,
Көңіл жұмсақ, кең пейіл.
Көсіледі қыр мынау
Қойны толы еркелік.
Дене таза, жүрек сау,
Жан құлшынып, белсеніп.
Құйылады нұр саулап,
Жаңғырығып сарайың.
Ой-қиялың бір самғап,
Билеп биік талайын.
Айнымайтын анадан
Құшақтайсың даланы.
Ең алғашқы дін аман
Күніңді еске салады.
Еш зілі жоқ ойында,
Сөйлейді аңшы-дос кісім:
— Біздің таудың бойында
Киіктер бар тас мүсін.
Келіп кейде соларға
Әлгі нағыз киіктер,
Тартпақ болып қоғамдап,
Танауынан иіскеп.
Жағдай сезіп басқа бір
Үндемейтін туыстан,
«Қой, мынау бір тас бауыр!»
– Десіп көңіл суысқан!
Мәз болады жігіттер,
– Соқ, байғұсым, соқ, соқ! — деп
– Салқын тастан үміткер
Киігінде ес жоқ, — деп.
– Бәлкім рас шығар, — деп,
Қостаймын да ойланам.
Не көп, жұмбақ сырлар көп
Тағдыр қатал ойнаған.
«Қайтсе де ұқсас осы — деп,
— Не туысы, досы» — деп,
Өзіміз де тірлікте
Сол секілді біреуді
Қоймаймыз ба биікке?!
Адал дала, сәби дала киіктей,
Біз ылдидан бірте-бірте биіктей,
Ұлытауға жоғарылап келеміз
Жол бойында еш қиынға килікпей.
«Сары кеңгір»,
«Қара кеңгір» - бал сулар,
Мұңлы тарих, мұнаралы мол сырлар,
Құлан атқан, құнға батқан есер күн,
Алаш бұзған Алашахан, Жошылар.
Бәрін айтып жатпадым мен тәптіштеп,
Жақтайтұғын жағдайы жоқ жақсы іс деп,
Сен халықтың өнерін тік көтеріп,
Тұрсың асқақ биік-көкке басқыш боп.
Батыр дала, барың сенің зор бақыт,
Кең кеудеңнен кербез сарай орнатып,
Жаңа ұрпағың жатыр оны жаңғыртып,
Тереңдегі қазынада қол батып.
Алтын, жез де, ақ күміс те өзінде,
Барлық шындық шешен айтқан сөзінде,
Әсемдігің әдемі өскен бөбек пен
Шапқылаған құралайдың көзінде.
Халық тату, ел бірліктің даласы,
Азат еңбек, еркіндіктің даласы,—
Зымырайсың, болашаққа ағасың
Сен жүйріктің, ор киіктің, даласы!
ҚАРСАҚПАЙҒА ҚАРАП
Кеудемде асыл сезім, аяулы ағын,
Күнді ертіп, қыр басында жаяуладым.
Күн маған саусағымен нұсқап қалды
Қара — деп Қарсақпайдың оянғанын.
Сөйтті де бар сәулесін төмен шашты,
Боп кетті алтын теңіз аяқ асты.
Ішінен сол теңіздің бойлап шығып
Бір кеме арқыраған үнге басты.
Басты да, тік көтерді тіршілікті,
Даланы иығынан бір сілікті,
Қашаннан қимыл қосқан бұл алыптар
Мінезі бір-біріне түсінікті.
Екі дос — дала, завод — қас қағымда
Жөнелді үлкен ісін бастады да,
Көк түтін жерден ұшқан бұлттай болып
Шаншылды Қарсақпайдың аспанына.
Жалтылдап сол түтіннің арасынан
Сары ала ұшқындардан жол ашылған.
Белгісіз — әлде мыстың тозаңы ма,
Әлде күн сәулесі ме мол шашылған?
Ал завод екі дөңді ерттеп мініп,
Жайғасқан, ешбір дауыл кетпес жұлып,
Шошайған дулығасы қас батырдай
Сескеніп, ештемеден етпес күдік.
Бұл жерде баяғыдан бар боп өзі
Жарасқан даласына бар мінезі.
Өзі аттас туыстардан мүлде бөлек
Тұрпаты, сөйлер сөзі, берер жезі.
Бас жақта кәрі орманы, қос тоғаны,
Секілді киіз қалпақ, тостағаны,
От шайнап, жалын қауып,
бір жұтқанда
Қос тоған әжептеуір бос қалады.
Бер жақта үйір-шүйір үйлерімен,
Өзге де күндік тұрмыс күйбеңімен
Бозарып Қарсақпайдың, қаласы тұр,
Қуалап сайдың бойын түйдегімен.
Жұмыр тас,
тақыр кеуде,
шолақ бөксе,
Шықпайтын өздігінен шыбық ексе,
Жан-жақта қысыр дөңдер жатыр мүлгіп,
Көз ашып, қарсақ, түлкі қыбыр етсе.
Ал завод анда-санда азынап бір
Дегендей дабылыма аз құлақ тұр,
Жез-дастан хикаясын содан шыққан
Даланың магнитофоны жазып ап тұр.
ҚАНЫШ ҮЙІНДЕ
—Ассалаумағалайкүм!
—Әлей, достар!
Жамырап қайдан жүрсің,
кілең қошқар?
Қанекен жымиғандай болды бізге,
Сағынып бағзы күнін әзіл қостар.
Ашылып кең маңдайы одан сайын,
Сұрасып саулық жайын, өлең жайын,
Көзінің шуағымен шомылдырып,
Дегендей еріндері: «Айналайын!»
Мол жеткен жан-жағына жақсылығы,
Болмаған мейірімде тапшылығы,
Кісі ғой — рахаттың сарайындай,
Есігі әрқашан да ашылулы.
Кеткен соң сәлемші жұрт, қонақ толып
Қозғалып орынынан тұрмақ болып,
Секілді қам жасамақ ойында бар,
Жап-жаңа Жезқазғанды жырлап болып.
Уа, көңіл, қиял жүйрік жұмсап қана,
Әкелдің оны бізге бір сәт қана,
Алдымда ақ мәрмәрдан мүсіні тұр
Жымиып баяғыдай жұмсақ қана.
Тұғыры кіл асыл тас өзі тапқан,
Қойнында туған жердің тұнып жатқан.
Көтерген ел асылын жер асылы,
Не мықты мынау биік махаббаттан!
ЖЕЗДІҢ СҮТІ
Шомбал шойын ожаулар,
Сұп-сұйық оттар кілкілдеп.
Қарамай беттеп, көз аунар,
Қайтеді мынау шіркін! — деп.
Маңдайды лебі күйдіріп,
Кірпікті қарып, қайқайтып,
Тұруға бір сәт кідіріп,
Шыдамың мүлдем қалмай түк.
Ілгері-кейін жылжисың
Ойында енді өз қамың.
Танауың сезіп жез исін,
Ерінің татып жез дәмін.
Қара мұрт қазақ алысқан
Жолбарыстай жалынмен.
Жебеге мысы жабысқан,
Қарайды бізге сабырмен.
Қолында ойнап от-шыбық
Секілді алтын айдаһар,
Ұшады шоқтар осқырып,
Орын да таппай жайғасар.
Қонады кигіз қалпаққа
Шыжылдап барып, жоқ болып,
Аулақта тұрсың жалтақтап
Көрер де көзін төрт болып.
«Ал, ал!» — деген айқайдан
Жалт қарасаң оң жаққа,
Керемет қазан шалқайған
Қайнап бір тұнар сол шақта.
Бәрі де тосып қалып сәт
Алмайды көзін шүмектен,
Алдына аппақ жалын сап,
Саф таза мысың дір еткен!
Ағады сонсоң қимылсыз,
Айнымай сүттен кескіні,
Қараған адам бәрі үнсіз,
Қалт етпейді ешбірі.
Жалынды күштен тас иіп,
Сүт ағызған не ғажап,
Күледі тісі қасқиып
Манағы мұртты ер қазақ!
— Жарайсың, шебер, антұрған!
Деп, ризалық білдіріп,
Қасымызда шал тұрған,
Барды оған жүгіріп.
Қең қазанда кен бұрқап,
Жездің сүті мол тасып,
Екі кенші — екі ұрпақ
Тұрды құшақ айқасып.
ШАҚПАҚ ТАС
Инженер, дос сыйлаған
Жез аралас шақпақ тас.
Серіктейсің сен маған
Жанымнан от жоқтатпас.
Жалғыз түйір қалпыңмен
Болдың неткен аяулы-ақ!
Туған жердің салты мен
Қасиетін баяндап.
Жалт-жұлт етіп қарайсың
Талай сурет көзге әкеп!
Сыбырлайсың талай сыр
Көңілімді қозғар — көп.
Қара қазан Қарсақпай,
Жезқазғанның көлемін —
Сенің осы кішкентай
Кескініңнен көремін.
Абзал достар еңбегі,
Әзілі мен күлкісі,
Өздері өскен жердегі
Жарқын жолы, түр-түсі, —
Бәрі кезге түсетін
Асыл сәуле шыныдай,
Туған жердің бір шөкім
Сүп-сүйкімді сынығы-ай!
Инженер дос сыйлаған
Жез бунақты шақпақ тас,
Серіктейсің сен маған
Серілерді жоқтатпас!
ҚОЙШЫ АУЫЛ
1
Секілді жүзі қара мыс,
Секілді көзі қара шоқ,
Қайыңдай қатқан тарамыс,
Маңдайы бейне шапашот.
Амандасса кісіге
Қолыңды дереу тұтып ап,
Алақанының ішінде
Саусақтарың сықырлап.
Жас шығарар көзіңнен.
Кездестік біз шопанмен.
Ауылы қаздай тізілген
Қоралы қой, қотанмен.
Күні кеше указ боп,
Берген Ленин орденін,
Көңілі бүгін күн-жаз боп,
Алған батыр бір демін.
Қуанышқа кез келіп,
Той үстінен дәл шығып,
Амандыққа сөз беріп,
Бөрік шешіп, қамшы іліп.
Қауқылдасып жатырмыз. —
Құтты болсын, құтты... деп,
Жан-жағымыз алтын күз,
Ашық аспан көкпеңбек.
—Кеше түсте келемін
Қойды суға құлатып,
Транзистор өлеңін
Бір тоқтатып, бір айтып.
Кенет «соңғы хабар» — деп,
Диктор үні самғарда,
Атымды айтып қалар деп,
Ойлап тұрған мен бар ма?
Жәй құлағым салып ем,
Оқылды указ... саспастан.
«Уа, ғажайып, мынау мен, —
Жоқ, мен емес, басқа Оспан».
«Жоқ мен өзім. Жоқ, жоқ, қой!»
Қойшы жоқ па сен аттас?
Мекен-жайы Қарсақпай,
Ауыл аты «Қанаттас» —
Қой өзім-ақ шығармын —
Деп қамшыны басайын,
Қуаныштың бұлағын
Ауылға ала қашайын.
Шыным осы, оллаһи,
Көңіл ұшып аспандап,
Омырауға ал да, құй
Екі көзден жас парлап!
Келсем, түгел ауыл мәз,
Көкірегінде күй дауыл,
—Рас па осы?
—Рас, рас, —
Бәрекелді! — дейді ауыл.
Не қуаныш үстінде
Мұнша толқып кетпеп ем,
Аттан ұшып түстім де,
Аунай бердім шөпке мен!
Деп, сарайы ашылып,
Аңқылдайды шопан ер,
Оны қостап, асырып
Саңқылдайды жота-бел...
Ер еңбегін білсе егер,
Сондай білсін, байқасын,
Қуантуға бір шебер
Күніңе алғыс айтасың!
2
Жас бағланды былқытып,
Ыстықтайды жер ошақ.
Отыр күйді бұлқынтып
Домбырашы Ираншах.
Сері көзін лақтырып
Босағада балдызға,
Қарайды сұм қалт тұрып
Даладағы жалғызға.
«Қойшы жігіт...» — дегендей,
Қойшы ауылдың еркесі.
Қалтырайды төмендей
Қолындағы кесесі.
Осындайда, шіркін-ай,
Күй — бір тылсым - ән — арбау
Қалар қайтып бұлқынбай
Кеудеңдегі жанар тау!
3
Аттанарда қол былғап,
Ер анасы — қария, —
Бұл бір қара шаңырақ, —
Көп әулетке — кәрі ұя.
Қарғам, қолыңа іле кет,
Демегейсің ескі ырым,
Бұл бір ізгі тілек ед —
Тусын алдан қос күнің!
Жақсылықпен жолдас боп
Жүр екенсің — айрылма!
Дүние серік болмас көп,
Қадірсізге қайрылма.
Қыр түлкісі қызыл жон,
Тобылғы сап жез қамшы,
Ұсынған соң алу жөн,
Айту қиын сөз қарсы.
- Дүние қызыл түлкі ғой,
Берді деме мен неге,
Қанжығаның мүлкі ғой,
Шығармағай кеудеңе.
Өйту үшін қамшыңды
Қолындағы нық ұста,
Алмастырма намысыңды
Жатыңа да туысқа!
«Нақ даланың өзіндей
Жанардың нұр шарасы.
Даналықтың көзіндей
Қайран ерлер анасы!»
Мәңгі туыс кісімдей
Бар жанымен елжіреп,
Қалды қырдың үстінде,
Ғажайып бір мүсіндей
Ақ жаулығы желбіреп.
4
Қоштасады Жезді өлке
Сияпатпен, сыйлаумен,
Жібергендей бізді ерте
Өкінішпен, қимаумен.
Жұпар сайда гүл сөйлеп,
Самал қостап, жаңғыртып:
«Келіп-кетіп жүрсей, — деп,
Көңіл атын шалдыртып».
Бауырмал дос бал бұлақ
Айтар таза сүт — тілек:
«Маңдай шашың салбырап,
Тағы да бір жұтшы!» — деп.
Аппақ саусақ ұшында
«Қош» — деген сөз үзіліп,
Ат жалының тұсына
Көз қадайды қыз - Үміт.
«Оралуға тез қайтып
Ал, жол болсын, жүріп бер!»
Деп еркектік сөз айтып,
Қоштасады жігіттер.
Алтын айдар Қарсақпай
Ала бұлттан басы озған,
Қояр емес аңсатпай
Қара мұрттар жез қазған.
Аспанында көк түтін,
Қазанында мыс қайнап,
Көңілдері бүп-бүтін,
Өмірлері тұр сайрап
ОДЕССА ӘСЕРЛЕРІНЕН
1
Одесса. Әсем театр.
Оңтүстіктің гүлдері.
Мен көрмеген ғажап бір
Жер бетінде жүргелі.
Қызыл алтын, сары алтын —
Тұрған көрік уылжып,
Адам естен танатын
Бұл не деген сұлулық!
Тәңіріден рұқсат кеп,
Талай заман өтініп,
Кетуіне бір сәтке
Кіріп қана отырып.
Арманда боп шыққандай,
Үй екен бұл керемет,
Меруерт, маржан тұтқандай
Алтынменен шегелеп!
Мен сол үйдің төрінен
Ел атынан сөйледім.
«Туыс қазақ жерінен
Құтты болсын той!» — дедім.
Украина қол соқты
Дос қадірі білінген,
Люстралар моншақты
Хрустальдар тілімен:
«Бәрекелді!» дегенде
Асыл жандар мекені,
Жетпей қалды төбем де,
Аспаныңа екі елі!
2
Жетпіс сегіз мемлекет,
Үш жүз портпен ұштасқан,
Одесса тұр көкпеңбек —
Асты теңіз, үсті аспан.
Мынау жердің бетінде
Өзі ғана бардай-ақ,
Қалмағандай көркіне
Қолындағы барды аяп.
Планета сияқты
Өз алдына бұл да бір.
Жақын менен жырақтың
Басын қосқан мың дәуір.
Ұлы ақын, ұлы әншілер,
Суретшілер, күйшілер,
Сәулетшілер, сәншілер,
Жел қанатты бишілер.
Сан халық пен сан ұлттар,
Жаңғырыққан сан тілдер,
Сан кемелер, заводтар,
Асқан батыр, айтулы ер,
Ескерткіштер, тарихтар,
Ескі, жаңа ұрпақтар,
Замандар туған қалыптар,
Дәстүрлер, том-том кітаптар.
Осының бәрі бар десе,
Көрмей де көзің сене ме? —
Осыдан кейін Одесса –
Планета емей немене?!
3
Ең шеткі бір аудандар
Біз жүрген жақ аралап.
Жаңбыр да мықтап жауған дәл
Сағынған жерді сабалап.
Болмады, сірә, толасы,
Армансыз жермен жүздік-ау,
Аяғы құтты жолаушы,
Басы да су-су — біз мынау!
—«Ағайын басы ал, жиыл,
Ортаға жақсы кел, қонақ!
Украина дәл биыл
Егінді қаптап берер-ақ!»
Деген бір көңіл тасыған
Елге де біздер еруміз,
Жолымыз өлең шашылған,
Әдемі жорық, шеруміз.
Халықтың көңілі даладай
Қарсы алған, жолға бастаған,
Қайда да барсаң қарамай
Оюлап жазып тастаған!
Арулар шеккен кестесін
Орамал-сурет жағалай,
Ақындар, шіркін, не істесін
Қызығып соған қарамай?!
Алып бір нандар жүзеді
Ауада ырыс-кемедей,
Қимай да саусақ үзеді,
Тамылжып тұрған өнердей!
Ғажайып осы дәстүр-ау —
Қарсы алған бізді тұз бен нан!
Ағайын мынау, дос мынау
Құшаққа қысып бізді алған!
4
Ананьев қаласы.
Тарихи бұл да ескі жұрт.
Біз келгенде әрі асып,
Батысқа қарай көшті бұлт.
Көкпеңбек қою бағына
Төгілді күннің шұғыласы.
Сол күндей болып тағы да
Құйылды елдің ықласы.
Отырдық кешті өткізіп,
Оқылып жырлар әп-сәтте.
Көзден де көшті көп қызық
Талантқа толы концертте.
Бір кезде көзімді үйірген
Қос бала көрдім ерекше.
Қазақша бірі киінген,
Енді бірі өзбекше!
«О, ғажап-ай!» — дедім мен,
Дауысым шығып кетті әнтек,
Айырды мүлде еркімнен
Билеген мынау қос тентек!
Білсем, кейін кез кеп мен
Ол да бір әсем хал екен.
Қазақ пенен өзбектен
Осында екі үй бар екен!
Одессаның ең арғы
Түкпірінде, қиырда,
Жүреді деп бұларды
Кім ойлаған, шынында?
Ертеңіне келіп тұр
Қызметтен босанып,
Көздеріне жас алып,
Қолдарына ас алып!
Қайран қандас, туыстық!
Құшақтастық, сүйістік.
Көздері де сүйкімді,
Сөздері де тым ыстық!
Кешегі қанды соғыста
Украина жер үшін,
Мылтық кезеп, оқ ұштап
Көрсеткендер ер ісін.
Сол бір ауыр күндерде
Жараланған қансырап,
Дем берген де ем берген,
Ақ дәмімен асырап.
Болған екен қос ару,
Қосылыпты жарым деп.
Енді олардан босану
Мүмкін емес, әрине,
Босанудың мәні не?
Адал еңбек, ақ көңіл
Қайда болса сыйымды.
Жайсаң өлке, жақсы өңір
Жатырқайды кіміңді?
Жатыр міне соларда
Жақсы достық бейнесі,
Небір қиыр далада
Жеткен өткір сәулесі!
Рахмет, бауырлар,
Солай жақсы кездескен,
Кетпейтіндей болдыңдар
Кескініңмен мәңгі естен!
5
Балта — город приличный,
Балта — город и что надо.
Багрицкий
—Бұл арада бір заман
Билеп тұрған түріктер,
«Балта» сөзі солардан
Қалған, — дейді жігіттер.
Мен жәй ғана жымидым,
Жүрегімде от ойнап.
Мағынасын бұл күйдің
Басшы жолдас ұқпай қап,
—Деді:— мұным ерсі ме,
Жерім бар ма бүлдірген?
—Балта — деген менше де
Балта ғой, — деп, күлдім мен.
Басталды да жақындық
Алғаш солай бір сөзден,
Шабыт күйін шақырдық
Ұшып ұшқын нұр көзден.
Бұл қаланың шынында
Бар мінезі балтадай,
Шап-шағын да, шымыр да
Бастан кешкен жол талай.
Бұлттай әскер қаптатып
Алған мұны Суворов,
Күнге найза қақтатып,
Өткен солай бір жорық.
Молдаваның алғашқы
Астанасы екен бұл.
Сол маңайға жолбасшы
Отағасы мекен бұл!
Болған мұнда Толстой,
Багрицкий көп тұрған,
Екеуі де алып қой
Сөзден күмбез соқтырған.
Талай тарих жолының
Балта — ашулы есігі.
Космонавт Шониннің-
Осында тұр бесігі.
Дәстүрлері тамаша,
Салттары да бір бөлек.
Әлдилейді балаша,
Жан-жағыңды нұр бөлеп!
Бір өзі бір ғасырдай
Жыл жарысып, күн жетпес.
Ескі жердің осындай
Қасиеті бар тіл жетпес.
Салтанаты үзілмей
Құшаққа ыстық тартып ап,
Айбалтаның жүзіндей
Халқы да тұр жарқырап...
6
«Партизандар,
Батыр жандар,
Қату, қатал жолдары,
Қарауытып
Тұрар күтіп,
Савранның орманы!»
Деген әннің сөздерін көп
Жаттаушы едік бала күн.
Ойлап па едім көз көрер деп,
Таңырқана қарадым.
Қалың бұйра қарағайлар
Бізге мойын бұрғандай,
Қатал күндер, қиын айлар
Содан қарап тұрғандай.
Шолақ тондар, мұзды мұрттар,
Табандатқан байпақтар,
Шабуылдар, қым-қуыттар,
Итжұлыстар, «айтақтар».
Домбыққан бет, үсік аяқ,
Шақпақ тас пен от ошақ.
Қалған саны азғантай-ақ,
Жақындаған жау-жасақ, —
Бәрі-бәрі көзге елестеп,
Қаһармандар сондағы,
Сыбдырлайды желмен ескек
Савранның орманы...
7
Долинск селосы бұл,
Оралады ойға әлі
Жасап кеткен денесін күл
Қанды соғыс ойраны.
Қазір жайнап тұрған мекен
Сол күн бәрі есінде.
Ескерткіш бар алабөтен
Селоның нақ төсінде.
Ғажап ұзын тас тақтада
Жыпырлаған есімдер.
Сонау жылдар қан соқтада
Не көрмеген есіл жер!
Бір селода сегіз жүз жан
Көбі аспаған қырықтан,
Адам қанын теңіз қылған
Жан шошиды сұмдықтан.
— Түк қалмаған, түк қоймаған
Ана менен атадан.
Сонда мұны жұт жайлаған
«Қанды ойпат» деп атаған.
Қайта келіп аман ұрпақ
«Жасыл ойпат» жасаған.
Бұл солардан өскен бұтақ
Секілді бір жас, орман! —
Дейді бізге украин шал
Аппақ шашы желбіреп,
Қарағандай болды бір сәл
Мұңлы көздер мөлдіреп.
Еш адам жоқ ұмытылған
Туған, өскен жерінен.
«Айналайын рухыңнан,
Қайран халық!» — дедім мен.
8
Нина Замригаға
Украина ән мен жыры
Мерекесін мен көрдім.
Елдің гүлі, жердің гүлі
Жиналып бір келген күн.
Неткен әсем әнші халық
Даусы нұрмен жуылған.
Би билесе жан шығарып,
Жүрегіңді суырған.
Жағалай от адамдары
Жалын бойлап, өрт кешкен
Жоқ қой мұндай ән арманы
Жер айналып, көк көшкен.
Жеті жұмақ ішінде мен
Жерге түспей ұшамын.
Сезгендеймін түсімде мен
Періштелер құшағын.
Сан қырғынды көрсе дағы
Жайнап қайта жетілген,
Сынбайтұғын аруағы,
Жау ызасын келтірген.
Бұл не деген халық десем,
Өсіп, қаулап, жөнелген,
Өшпейтұғын жарық та әсем
Туған екен өнерден.
Жас сұлу қыз жас қайынға
Сүйеніп, ән шырқаған.
Ол сұлу қыз — Украина
Қол былғайды қырқадан.
АЛМАТЫҒА КЕЛІП-КЕТІП ТҰРЫНДАР
(Ән)
Алматыда жазылмаған жырым бар,
Алматыда айтылмаған сырым бар,
Мен қазақпын, маған туыс дегендер
Алматыға келіп-кетіп тұрындар.
Жан астанам, жасағандай табынам,
Әміріңе әкімдей-ақ бағынам,
Жаңа ғана шыға салып сапарға
О, ғажайып, Алматымды сағынам!
Алматыда шаңырағым, үйім бар,
Сәбиім бар, күнде шертер күйім бар,
Басқаларың баспананы табарсың,
Алматыны ақындарға қиындар.
Алматыда айтылмаған сырым бар,
Жан достарым, соны айтқызбай ұғыңдар,
Мен жігітпін, маған туыс дегендер
Алматыға келіп-кетіп тұрындар!
ҰЯДАН ҰШҚАНДАР
(Естелік)
Есімде — отырғаны алты ақынның.
(Жарыққа жаңа шыққан жан тату күн).
Ортаңғы бөлмесінде ағаш үйдің,
Ең шеткі көшесінде Алматының,
Есімде отырғаны алты ақынның.
Кез еді Алатауға күн асылған,
Бесеуміз, ортамызда бір асыл жан
Көрсетті ол құдіретін сонда бізге
Жарқырап жан-жағына жыр шашылған,
Отырды ортамызда бір асыл жан.
Ол адам - Қасым еді Рахымжанның,
Қадірін аңсап келіп ірі ақын жанның
Тоғысқан тұс-тұс жақтан сағаты еді
Күні ертең қалам тербеп шығатындардың,
Аманжол Қасымы еді Рахымжанның.
Қақтырып домбырасын безек-безек,
Қыран кез қарап еді кезек-кезек,
Біз тұрдық жанарының айнасында
Солдат та сапқа тұрған қатар түзеп,
Қарады ол жүзімізге кезек-кезек.
«Бауырлар,— деді бір кез барлап алып,
Биікке жөнеліңдер самғап ағып,
Сол жолда ұмытпаса кім ұясын,
Сол жанның қасиетті болмағы анық»,-
Деді ол, бізді терең барлап алып.
Өнерпаз өнегесін үйретті асыл...
Өтіпті содан бері ширек ғасыр!
Уақыт ұтқыр шапшаң қолыменен
Ортаға бізді әкелді сүйреп кәзір,
Өтіпті содан бері ширек ғасыр.
Бесеуміз аман жүйткіп бес тараптан,
Келеміз жел соқтырып қос қанаттан.
Келеміз айнымастан Қаскең айтқан,
Сонау бір қасиетті серт пен анттан,
Келеміз жел тұрғызып қос қанаттан.
Үшеудің қанатында биыл, былтыр
Жағылды елу деген қызыл цифр.
Ерікке екеуді де қояр емес
Сан еді мұның өзі неткен сиқыр!
Жағылып елу деген қызыл цифр.
Самғай бер қанаттасым, армандасым,
Қызылға қырғи көңіл алданбасын.
Елуге келмесе де аға болып
Мәңгілік өз орнында қалған Қасым,
Біздермен жасай берсін жалғап жасын!
* * *
Жаннаға
Бала едің жетідегі мен көргенде,
Аунаған ақ бұлақтай көлден көлге.
Жырымды тындаушы едің аң-таң қалып,
Алдыңда ақын ағаң тебренгенде.
Мен онда бейтаныс жан, бір ағайын,
Деп келген ұстазыма сыналайын.
О, шіркін, отырушы ед ақын Қасым—
Қолға ұстап киіктің қос құралайын.
Ол кезде албырттық пен күш көп менде,
Шабытым келгендей-ақ құс көктемде,
Қарадың тамашалап, бұ несі? — деп,
Қарт әжең басыма әкеп тұз сепкенде.
Ешкім де ол күйінді елемеді,
Сен тұрдың сорлатты — деп неге мені?
Сор емес, қайта маған бақыт тілеп,
Әжеңнің көз тимесін дегені еді.
Ол күндер жырлап кетсем ұзақ дастан,
Дәл бүгін қояр едім сөз алмастан,
Есіме ағам түсті, қайран Қасым
Өсірген ақ жолыңнан көз алмастан.
Көп еді оның саған махаббаты,
Сүйсінген жүрегіне жақын, жаты,
Ризамын сеніменен мына тойда
Аталып жатыр бірге ақын аты.
ГҮЛНӘР
Алматының,Дзержинский атындағы
тоқыма фирмасының озат бригадирі,
қалалық Совет депутаты
Гулнәр Жапабаеваға
Тұрмыс артқан серіліп қалың жүктен
Жазайын деп жақсы өлең жаным күткен.
Ер іздедім еңбегін ел білетін,
Аты әйгілі бір үлкен фабриктен.
Алғашында сені атап, Гүлаш,- деді,
Гүл деген сөз қозғады, рас, мені.
Гүлге құмар ақынның есіл жаны
Жас күніңнің есігін бір аш,— деді.
Көкірегімде бір толқын шапшып ойнап
Мен келемін көсілген цехты бойлап:
Қызыл-жасыл дүние, қызық дәурен,
Тағы шықтың алдымнан оттай жайнап.
Сол қызықтың ішінен сен көріндің
Патшасындай алаулап өзге гүлдің.
Өз көзіме мен қалдым өзім сенбей,
Соны біліп, жымиып сен де күлдің.
Айналайын ақ сәуле, қарындасым,
Сенің ағаң — өзімнің жан жолдасым,
Кеше ғана бал құрақ бала едің сен,
Желмен ойнап желбірей жүрген шашың!
Бүгін алдан шығар деп кім ойлаған
Салиқалы, салмақты бір ойлы адам?
Пәлен кісі басқарып, шырқ үйіріп,
Саусағыңның ұшында күн ойнаған.
Дирижердай меңгеріп кәрі-жасын
Тұрған саған қай жүрек табынбасын?
Қалай жаным таңырқап, аңырмасын,
Елден асқан ер бар,- деп ерте тұрып
Іздегенім боп шықса — қарындасым?!
Шіркін өмір, әзілдес досымдайсың,
Қашанда сен қызықсың, осындайсың,
Кереметті алыстан көп іздетіп,
Ылғи өстіп жақыннан қосылғайсың.
Кеп жазуға көңіл бос, менде дәт жоқ,
Жақсы еңбегің жаралсын рахат боп,
Өмір — бәйге ұзын жол, ұзақ жарыс,
Сен тарта бер озат боп, депутат боп.
Халқын жақсы, көтерген күнің жомарт,
Жолың ашық, адаспай дүзулеп тарт,
Қайратыңа ақылың болсын серік,
Басқа келген бағалап бақытты бақ.
АҒА ШЕБЕР
Ғабиден Мұстафинге
Қазақы өлең жазар келді ретім,
Қадірін, қасиетін ел білетін,
Тойында жақсы ағаның лебіз айтсам,
Қалмасын сеземін мен сөзім жетім.
Жаздың деп сен тағы да ода, мақтау,
Кейбіреу пікір айтар домалақтау.
Қашанда қиянаттың бірі емес пе
Тіл батып, бардың өзін бар деп айтпау?
Қазақта әзірінше Ғабиден бір,
Ғабиден шыға бермес әр үйден бір,
Айқайлап сен танытып жатпастан-ақ,
Өзіне керек ұлын таниды өмір.
Жерінде сол таныған кездесіп-ақ
Болды ғой сәлем берсек сөзбен шуақ,
Еңбегін алдыменен өзі білген
Алмайды абыройды бізден сұрап.
Біреуге ағыл-тегіл жыр біткенмен,
Ақыл мен мінез бітпес құр күткенмен.
Жан көп қой сыңар бақыт, сидаң аяқ,
Атаққа бір жамбастап жылжып келген.
Қол жазбай өмір-тарих дәптерінен,
Сарылған сабырлы еңбек сәттерімен,
Қайласын мың тәсілмен меңгеретін
Айнымас Қарағанды шахтерінен.
Мен көрдім көркем сөздің бір ұстасын,
Табиғат мықтап соққан түп нұсқасын.
Темірдің суын ішкен жандай берік,
Ұстаған ұсақ шудан тыныш басын.
Тез шауып, тентек бастық күн көрмеген,
Толқындай үнсіз ағып, ілгерлеген,
Немесе Абайша айтсақ, ол бір кісі
«Жасынан түсін билеп, сыр бермеген».
Баяғы ата-баба сандығындай,
Атанға жүретұғын шандып ұдай.
Өзі ашса ашылатын, өзі ашпаса —
Бермеген басқа кілтті мәңгі құдай.
Елінің сол сырларын ептеп ашып,
Жіберген кітап етіп көпке шашып.
Маржандай қабылдаған халық оны
Жанына қорек етіп, жүрекке басып.
Жатпаймын тізім жасап, ол мынау — деп,
Тынған жоқ қалам сарқып болдым-ау —
деп,
Сондықтан болашақтың бір кітабы
Жарамас кірмей қалса қол байлау боп.
Жетпісте азбайды екен қайран нарлар,
Алтын жіп арманына арман жалғар.
Ақылдың қапшығында азық бітіп,
Алпыста-ақ суға қарап қалғандар бар.
Тілейміз, тілек деген ерге серік,
Жетпісте, кел кәнекей, белдеселік —
Деп тұрған бұл Ғабекең, жүзге келсін
Алдында асқар таудай елге сеніп.
ЖЕҢІМПАЗ ӨМІР ЗАҢЫМЕН
«Мен — Совет Одағының азаматы!»
— Заманның бізге берген ғажап аты,
Сол атпен, сол есіммен келеміз біз
Аймалап көктем лебі, жаз қанаты.
Сол атпен, бақыт құшқан сол есіммен
Жарқырап тарихтың сан белесінен.
Жеңіспен жедел асып біз өткенбіз,
Кетпейтін ел есінен, жер есінен.
Сол жолда адаспайтын алтын қазық
Ленин берген өмір заңын жазып.
Ол заңда — жеңістердің қайнар көзі
Адамның рухына болған азық.
Ол азық — азаттықтың жемістері,
Елдегі еркін еңбек, ер істері,
Бүгінгі миллиардтың — өз анасы,
Достықтың бірге алысқан жеңістері.
Сондықтан заңның әрпін бұлжытпастан,
Жаттаған бала жастан, жігіт жастан,
Жарқырап көз алдымда күнмен қатар
Тұрады ол — халық жазған ғажап
дастан!
АҒА АТЫМЕН
Тахауи Ахтановқа
Уақыт-ай,
ойыншы екенсің, Тақанды ұтқан,
Кеп-кеше екпінімен атан жыққан,
Шыңғыртып дізеге сап асауларды
Шыдатпай үзіп бырт-бырт,
арқан құртқан.
Аузына «аһ» дегенде жалын құсқан,
Ақ шабыт жүрек кернеп, жанын қысқан,
Ақ берен көзін көкке сүйеп қойып,
Аққуды таңдап алған қалың құстан.
Ағаны әлі де жас сақтамақшы ем,
Мәпелеп бала құстай баптамақшы ем,
Не дейін, уақыт, саған, Тақанды да
Елуге алып кепсін қақпалап сен!
Бауырлас жиырма бес жыл жұп
жазбастан,
Иментіп, аға тұтып, мін қазбастан,
Еркелеп, ескен желдей гуілдесіп,
Жігіт ек түзу, қисық жолдар басқан.
Қапыда келіп қаппыз бір талай жер,
Жүргенде кеудемізден тарқамай жел,
Асаудай көнбесе де басын шайқап,
Тақаңа жасынды айт деп қолқалайды ел!
Келбеті жап-жас күйі тұрған маздап,
Болмай ма сабыр етсе, шіркін, аздап,
Тұрғанын көрмеймісің ақ көңілдің
«Елу» деп айта жаздап, айта жаздап.
«Қой» деуге қолым қысқа, дәрменім жоқ,
Елуден сақтайтұғын дәрім-емім жоқ,
Қашанда өзі мықты біздің Тақаң,
Елуге көніп тұрған әлі көңілің жоқ.
Еменнің ерте болмас бір сыңары,
Ерлердің қашанда алда бір сынағы,
Ақ білек, бір қара көз жетектесе
Еріп-ақ кетейін деп тұрсың әлі!
Жасай бер, ақ көңілім, дарқан ағам,
Елуде жүздің жүгін арқалаған.
Жүзінде мыңның жүгін арқалауға
Халық тұр қарсы алдында қолқалаған.
ШАҢЫРАҚ
1
Күндер-ай,
су ма едің сен жылға-жылға,
Айдаған бізді тастай қырдан-қырға,
О, ғажап, сол екпінмен білмей қаппын
Толғанын шаңырағым жиырма жылға.
Кеше еді барды-жоқты жан ұқпастан,
Жас қайрат су шығарған жарып тастан.
Жалына ақбоз аттың жалау қадап,
Армандай ақ жарымды алып қашқан.
Жоқ еді жалғыз есік баспанам да,
Өйтпесем ыстық албырт жас болам ба?!
Дүниенің ортасында тұрып қалдық
Бар байлық — жер өзімде, аспан онда.
Күлеміз бетімізге қараймыз да,
«Кәзір жаз, не істейміз?» -
деп сары аязда,
Қол сілтеп болашаққа жүріп кеттік
Дедік те «біз секілді адам аз ба?»
Қарсы алды тағдыр бізді жоқсың демей,
Тұрған кез жау қызықпай, дос күндемей,
Алғашқы үйді тапқан жарым еді
Мен енді бір бейнеттен боспын демей.
Жоқ бізді сағат бөліп, күн айырған,
Бата алып бастаған соң «құдайыңнан»
Бұл күнгі маған біткен жалғыз дәулет
Жиналған бір қасық пен бір айырдан.
Болысар ағайын жоқ мүлік беріп,
Оқығам бар малымды «қырып» келіп,
Бір пальто ол да қалған жатағымда,
Затым жоқ әуре болар жиып-теріп.
Қос дәптер өлеңім бар, ол да бірақ,
Жазылған жырлар еді жарыма арнап,
Күн бұрын оны өзіне беріп қойғам —
Жүргенде жоғалтам деп, дүние шарлап.
Дәурен-ай, айта берсең кеп қой тарих,
Көргем жоқ кісі күндеп, кек қайтарып,
«Тіршілік уақытша бір жайлау ғой
Мейман боп тату-тәтті кеп қайталық!»
«Ер маған, ерші Бәдеш, қол ұстасып! —
Дедім мен, — кетпес арман алыс қашып.
Тар өмір соқпағында таяныш бол,
Сүйейтін кетсем тайып, шалыс басып».
Сол үшін, алғыс жарым, сенген үшін,
Соңымнан үміт ұстап, ерген үшін,
Сенің сол ерлігіңе, заттығыңа
Кетеді тебіреніп кей-кейде ішім.
Жиырма жыл — енді қолда әдіс бар ма,
Қайтарып қашқан аттай сені ұстарға.
Қайталап жолымызды өтсе болды
Қолдағы аман жүрген екі-үш қарға.
Бақыт бар, есендік бар, бар абырой,
Бұл күнге тәуба қылсақ болады ғой,
Алдымда ақ тілеулі жолым жатыр,
Сол жолда талай досым соғады ғой.
Дос демек, дос жинадым — бар дәулетім,
Жаюлы ақ дастархан, ақ ниетім,
Қазақтың талай қасқа-жайсандарын
Жіберген дәм татырып болды ретім.
Шығардым үй болған соң үйдің атын,
Дегесін біздің Ғафу, біздің ақын.
Жарым да қолымды ұстап қалған емес,
Жарқылдап жәрмеңкені қыздыратын.
Жиырма жыл, айналайын шаңырағым,
Сенсің ғой адам атым, аруағым,
Бір ғана уығынды сықырлатсам
Кеш мені, достық үшін жалынамын!
Жиырма жыл — әсем тірлік жинағысын,
Жыр жазбай, үндемеуге қимады ішім.
Сақтадың аман-есен баллар үшін,
Қазақша жазылатын жырлар үшін!
2
Бәдешке
Қайырлы таң! Көзіңді аш, кірпігің жаз,
Ақтолқынға шомылған, ей, сұлу қаз!
Табиғатқа, тағдырға ризалықпен
Тағы маған еркелеп айтшы бір наз!
Айдын-тірлік алдында толқып жатқан,
Жағаға ұрып, жартасты солқылдатқан,
Айналайын, сен сиқыр айна едің ғой
Қап-қараңғы көңілімді жарқылдатқан.
Адам өмірі боран ғой алай-түлей,
Сол өмірді мен кештім болмай үрей,
Өйткені ылғи қасымда өзің тұрып
Түк қылған жоқ кездескен талай дүлей.
Жан-жақынсың, сен маған жарсың,
доссың,
Бар игілік сен болып басын қоссын.
Бір уығы келеді босамай-ақ
Сен екеуміз бірігіп тіккен қостың.
Мас боп талай, жас болып тулағанда,
Сыймағанда асау жан кең ғаламға,
Сабыр атты бағанға сүйеніп қап
Сан кісілік жасадың сен маған да.
Енді міне бірқатар жасқа келіп,
Арылғанда кеудемнен басқа желік,
Өзің тұрсың қасымда аман-есен
Азаматтай жасап бір асқан ерлік.
Құтты болсын туған күн, жан-жарым-ау,
Ашық аспан, жайнаған жан-жағың тау,
Қартаймайтын қару бар — ол махаббат,
Махаббатты сақтайық біз есен-сау!
САН ҰРПАҚТЫҢ ЖҮРЕГІ СОҒАР СЕН ДЕП
Көздің жасы көңілге сөз әкелмей
Жан қиналған шағы бұл! Аза теңдей,
Азынайды жүректе бір қара жел —
Жақын бар ма дүниеде өз әкендей!?
Сол әкеңді «Жоқ!» —деді тағдыр бүгін,
Тапа-тал түс есіңнен тандырды күн.
Жетімдіктің кірпікке бұлты тұнып,
Көрем деген ап-ащы жаңбырды кім?
Әке бар деп тайрақтап, мұнды шақпай,
Елуге де келіп ек құлыншақтай.
Бір-ақ күнде қартайып қала бердік,
Ұстараның жайдағы бірін таппай.
Сәбең жоқ — деп айтушы ек жиналыста,
Кеткен-ау деп жол тартып, бір алысқа,
«Мәңгі Сәбең жоқ» деген сөзден кәзір
Құлақ тұнып барады мына тұста!
Не қайран бар! Қайрансыз сәт қой мынау,
Көкірекке қадалған қара жалау,
Жалғыз ауыз сөз айтып жәрдем берсей,
Жасың үлкен, жақсы ақыл, ағажан-ау!
Көзім күйіп барады жастан менің,
Тағдыр шіркін, жаралған тастан ба едің,
Қайран Сәбе, суымай жатыр әлі
Табаныңмен кеп-кеше басқан жерің!
Жалғыз өзің қозғалған даладай боп,
Бір көшені толтырған қарағай боп,
Жапырылып алдыңа барушы едік
Жазғытұрғы жайқалған қоғадай боп.
Сонда мәз ғып, күн шықпай күлдіруші ең,
Мыңды біреу жасаушы ең, бірді мың сен,
Шапағатың жарқырап мандайыңнан
Аңсап барған көңілді тындырушы ең.
Сәбеңе айтам деуші едік жесек таяқ,
Тұрмасаң да қолға алып, кесек таяп.
«О, тәйірі алсын,
о, несі-ай!» — деуші едің сен
Бар шаруаны бітіре салып жай-ақ!
Қалай тосын, әкежан, жығылдың сен!
Неге айтпадың еліңе, біліп жүрсең?
Қазақтағы «жазушы» деген жалғыз
Өзі едің ғой жаңа бір ұғымның сен.
Бүгін айтып тауыспан, жылап тұрып,
Қадірінді кім жатар сұрап біліп,
Бәріне де білгізіп өттің ғой сен,
Жер бетінде жүргеннін құлақ түріп.
Әкесі өлсе, атына жармасатын
Мен емеспін баққұмар, жәрмес ақын.
Сіз бір дәуір. Дәуірдің жанталасып
Ешкім тартып ешқашан алмас атын.
Сәбит атың— қазақтың даласында,
Сәбит атың - қазақтың баласында,
Ол екеуі өмірде бар тұрғанда —
Жайнап,Сәбе, жасайсың сан ғасырға!
Әрқашанда хақың бар соған сенбек,
Осал жұлдыз емессің оңай сөнбек!
Томдарынды қолтықтап бара жатқан
Сан ұрпақтың жүрегі соғар сен деп.
АСЫЛ АҒА, ЕР ҰСТАЗ
Мәлікке
Кішіпейілдік,
ақжарқындық, жомарттық,
Жақсылықшыл қасиетімен жолы артық,
Атынды да жұмсақ үнмен атайтын,
Көз қимайтын бір сабазды жоғалттық.
Ол мәңгіге ұстаздыққа жаралған
Адам еді, шұғыласы таралған.
Шәкірттерге қиын болды-ау он есе,
Оның таза бұлағынан нәр алған!
Білім бе еді оның жалғыз бергені?
Жинап бойға бар қасиетті жердегі,
Соны бізге үлестірген серінің
Көп еді ғой қадірі де, еңбегі!
Батырлықты ақылменен билеген,
Ерсінбеген, еш зияны тимеген,
Өмір-тұрмыс тайғағында талайдың
Тұра ұмтылып, өрге жүгін сүйреген.
Болысқыштық бойға біткен көркі еді,
Басқа қонған бақытты ұстау — серті еді.
Отты туған адамдарды сақтаушы еді,
Ол өзі де үнсіз жанған өрт еді.
Қасымызда жүруші еді үндемей,
Деуші еді бір:
«Амансың ба, ей, кедей?» —
Сүйтетін де жымиятын жарқырап,
Шындығында еш адамды кем демей.
Жақсылықтың елшісіндей еді өзі
Шым жібектен өрілгендей мінезі.
Оны еске алып сағынатын болдық-ау
Көк жиектен көрінгенде күн көзі!
Сөз нөсерін қасірет қосып төк мейлі,
Ажал ісін ғайбатта да сөк мейлі,
Кірпігіңнен құлап түскен осы сәт
Бір тамшының уытына жетпейді.
Сабыр, достар! Сабыр еткен азбайды.
Сұм жазуын тағдыр екі жазбайды.
Мәлік аты бар шәкірттің жанында
Өлмес, сөнбес жалын болып маздайды.
САИННЫҢ БЕС ЖҰЛДЫЗЫ
(Ж. Саинның алпыс жылдығына)
1
«Жаз жайнатып, күн күлдіріп,
Біз лагерьге барамыз,
Асыл жібек гүл устінде
Аунап ойнақ саламыз».
Жұмағали Саин “Лагерь жыры”
Біз осы әнді шырқадық — сәби күннен,
Өріп тастап даланың бәрін гүлмен,
Аппақ сағым ішінде асыр салған
Балалықты сол әннен танимын мен.
Әсем дәурен еді-ау ол сыңғыр қаққан,
Бар балаға бақытты жыр жырлатқан,
Ол Саинның жұлдызы — жақсы өлеңі,
Галстукпен кеудеге бірге таққан.
2
«Сен барасың аяғыңды нық басып,
Құрыш болат партияның соңында,
Алғы күнге арманындай жұптасып
Айнымасын Ленин туы қолында».
Жұмағали Саин «Комсомол маршы»
Комсомолдар! Өттің сен, қанша жолдар,
Одан бері ақты жыл, самсап ондар,
Барлық ерлік тарихтың зор кітабын
Бас тараудан әманда бастағандар.
Комсомолдар! Жас қайрат, өзіңе арнап,
Аузымыздан ұшты өлең көкке самғап,
Және Саин жұлдызы — жақсы жыры
Болашақты бізбенен кетті жалғап.
3
«Айтшы маған, айналайын ақылдым,
Үнсіз ғана мені қайда шақырдың,
Қара мөлдір тереңіне көзіңнің
Бірте-бірте батып бара жатырмын».
Жұмағали Саин
Бал махаббат! Жастықтың әулиесі,
Сенен мықты тірліктің, бар ма иесі,
Кеуіп, қурап кетер ед әлдеқашан
Сен болмасаң адамның жан-жүйесі.
Сен сезімнің лаулатып отын жағып,
Адам рухын аспанға қойдың тағып,
Қасиет беріп жүрекке, миға көрік,
Тұңғиықтан шығасың биікке алып.
Сонда сені жырлайды маздап ақын,
Өлеңменен өсіріп өз қанатын.
Солай Саин Тамаша айтып әнін,
Махаббаттың, туына жазған атын.
4
«Айдар, Айдар, ақ Айдар,
Жағаң шекер, шуың бал,
Өткіздім сенде көп айлар,
Қалдырдым сенде көп ойлар»
Жұмағали Саин «Жорық жырлары»
Ол соғысты - сәбиді қорғамақ боп,
Ол соғысты — жастықты қолдамақ боп,
Ол соғысты — махаббат жауынгері,
Әділет, шындық ісіне қолқанат боп.
Ол соғысты — аянбай соғысты ақын,
Өлеңіне өлмеске болысты ақын,
Қабырғасы қаусады, қансырады,
Айқай салды «Айдар» —
деп сол тұста ақын.
Келді Айдар, көп айлар, көп ойлармен,
Ол келмесе, сұм ажал, қарайлар ма ең?
Украина анасы қолын төсеп
Алып шықты ақынды ақ Айдармен!
5
Солай Саин өмірге келді қайтып,
Келді қайтып, еліне сәлем айтып.
Жазды бастап «Азамат» деген дастан
Кеудедегі жараға қайғырмай түк.
Бесінші жыр — ол оның ақ тірлігі,
Адалдығы, азамат тапқырлығы,
Жасқа деген жақсылық, жанға құмар,
Бар шындықты қасқайып айтқырлығы.
Жыр көгіне көзімді салған сайын,
Бір бес жұлдыз көрініп маған дәйім
Сырғанайды сыңғырлап үн қатады
Деп: Саии, Саин, Саин, Саин, Саин!
«АБАЙ КҮНІ»
Ардақ Семей, қабыл ал керуенді!
Бір алтын көш қақпаңа келіп енді.
Ол — Абайдың мұрагер ұрпақтары —
Кең пейлінді сағынған, кең кеуденді.
Болғанменен сан күмбез сарайлары
Күнмен күлген шағылып сары айдары,
Сол сарайға құдіретті үн беретін
Өзгелердің болмаған Абайлары!
Шыңғыс пенен аспанды жалғастырған
Бұл бәйтерек тек сенде алғаш туған.
Мынау - сонын жайнаған жапырақтары
Ажары бар айнымас жап-жас нудан.
Жылда осылай жаз болса жамырап кеп,
Бәйтеректі басады жапырақ көп,
Көңілінді, туған жер, кеңірек жай,
Нөсерінді аямай қаттырақ төк!
Біз өсейік дүркіреп күнге қарай,
Басымызды мың шұғыла сүйген арай.
Сонда ғана бәйтерек бәйтерек боп,
Сонда ғана туысар бізбен Абай!
«Абай күні» — сапардың аты бүгін,
Жыр мен әннің тиеген алтын жүгін.
Жаңа кірді қақпаңнан жас керуен
Жайдағыдай деп жүр ме «Ау,
кім мұның?!»
Суы шәрбәт Ертістің,жағасы бай
Бар адамға байырғы нағашыдай,
Болғанымен Абайдың жыры биік,
Күні биік болған жоқ дәл осылай!
Сен білесің, Семейім, соның бәрін,
Сол аңсаған міне тұр қолында күн!
Көтер соны шырқатып, көрсет жұртқа
Салтың әсем халықсың, жолың мәлім.
«Абай күні» — қазақтың жыр мейрамы,
Бұдан былай келетін жылда айналып.
Жылда осылай тасымақ өлеңімен
Сахараның төсіне сыймай халық!
Аппақ таңның жамылып арай нұрын,
Көк даланың тағынып талай гүлін.
Ал сәт сапар, халайық, ал келіндер,
Біз Семейден бастадық Абай күнін.
КӨКТЕМГІ КӨҢІЛ ӘУЕНДЕРІ
* * *
Оралмайтын дүниенің — аңсау бәрі,
Жанжақ түгел, дене жас, жан саудағы.
Арман-түлкі жыл сайын қайта түлеп,
Қарашаның қарына қанша аунады?!
Соны қуып бағам деп сонарлатып,
Қанша адастық сабылып, борандатып,
Өзің сөйтіп жүргенде, өзгелердің
Шаршағаны тағы да саған батып.
Сол түлкіні оп-оңай ұстағандар
Бұл жалғанда көрінер күшті адамдар.
Қақпан құрып алғанға мәз болады,
Атпен қуып, ауада ұшпағаңдар.
Жетпесең де, қуғанның өзі қандай,
Сол шабыста рахаттың көзі бардай,
Жеті мүшең құрыстан жазылар ма
Тақыр жерде таңынды созып алмай.
Соны білсем түспейді бағам менің,
Мен де бірдей әккілік бағар ма едім,
Соңғысына соқтырмай келе жатқан
Жақсы күнім, өкпем жоқ саған менің.
* * *
«Дұрыс емес сенікі!» — десең досқа,
Кететіндей өмірден есен босқа.
Адалдықты айтуға ауыз ұялшак,
Бүгінде жоқ ағайын, кеше қаста.
Бірге жетсең, біреуі жеткізбейтін
Қашағаны дүниенің, неше басқа.
* * *
Бәріміз де бір туған кісідейміз,
Бәріміз де бір үйдің ішіндейміз.
Татулыққа тартылғап ас тағамды
Ақақаулап алаңсыз ішіп-жейміз.
Бірге шығып жүреміз жолға тағы,
Басымызға жаудырып мол батаны,
Соның бәрі — тірліктің тартқан сыйы,
Соған кейде біреулер қол қатады.
«Өз үйінде өтірік айтқан оңбас»
Бәрінен де жаныма сол батады.
* * *
Талай жылдар дос болдым талайлармен,
Кей мінезге ақ көңіл қарайғанмен,
Соның бәрін кешпек боп зорланамын,
Әр күндермен кеңесіп, әр айлармен.
Уақыт шебер, әлі өзі-ақ түзетер деп,
Анық достың қадірі тез өтер деп,
Кеше айныған көңілі, жақсы жұртты
Бүгін тауып, қайтадан күзетер деп.
Ант ұстаймын, асығыс «кет» демеуге,
Соның бәрін кек тұтып, өкпелеуге,
Бірді тастап, бірімен дос болуға,
Өмір шіркін соншама көп пе менде?
* * *
Мен де сүйем баламды,
Мандайынан сипаймын,
Шаужайынан алам ба
Шауып жүрген бір тайдың.
Сонда да мен тым ерсі
Еркелеуін қолдаман.
Өмірдегі бір енші
Тағдыр берген ол маған.
Оны ысырап етуге,
Таусылмайтын дәулет жоқ.
Тәуекелге бекуге
Қаптап тұрған әулет жоқ.
Жинап сабыр дәтімді
Барымды сап баптауға,
Әке деген атымды
Жан ұшырам сақтауға.
* * *
Сырласудың несі айып,
Қосылмайды кім бұған,
Алтын жағаң қисайып,
Сынбай тұрып дулығаң?!
Сырласпадық көптен біз,
Келмей соған әліміз.
Қасаң тартып кеткенбіз
Қайыс болып жанымыз.
Өтіп жатыр күн талай
Шумағымен не түрлі
Жанымызды қымтамай
Суық ұрған секілді.
Сырласу бір адамның
Ең шабытты кезі ғой.
Одан туған адалдық —
Ақ тірліктің көзі ғой.
Жақсы, досым, кел бермен,
Кел қасыма, кел айық!
Жанымызды бір нұрмен
Жуып-шайып алайық!
* * *
Келе жатыр жас көктем,
Күн аспанда биіктеп,
Аман-есен қысты еткен
Етек-жеңін жиып көк.
Бәрі жайнап, жасарып
Келе жатыр бусанып,
Өзіміздің «Басарық»
Кір-кір мұздан босанып.
Асығады ылдиға
Алыс қалған кеп-кеше.
Асқар таудан құлдилап,
Асау толқын жеткенше...
* * *
Келді қыстың тұсы да,
Қош айтысып, қол былғар.
Қарағайдың ұшында
Құлауға тұр соңғы қар.
Тентек-ау, қыс, қош айтып,
Қалпыменен сәл тұрған,
Маған саусақ шошайтып,
Мәз болады антұрған!
Түсінбестен аң-таңмын,
Көңілімде сұрау көп.
Самайымды сипаймын:
«Не деп күлді мынау?» — деп.
Айналайын, жас ақын,
Кезің мынау тасатын,
Жан-жағыңа уыстап,
Жаһут, маржан шашатын.
Көзіңнен от шашырап,
Көк жиектен асатын,
Сусыныңа қар сұрап,
Жалыныңды басатын.
Ауызыңмен мұз шайнап,
Тістің бағын ашатын,
Үш төгіліп, үш қайнап,
Сонда да cay күш, қайрат
Күн-күн сайын қосатын.
«Алдағылар бар ғой деп,
Бәрі де өңкей нар ғой» — деп,
Жүре берме, үстіңе
Киіп алып тар көйлек.
«Махаббатым мынау — деп,
— Уылжып-ақ тұр-ау» — деп,
Жалаң қызық күйттеме,
Алда сенен сұрау көп.
Қайратыңды бейімде,
Шабытқа мін тұлпар! — деп,
Біз айтайық, кейінде
Келе жатқан жұрт бар — деп.
* * *
Жарым, жайнап қырға шық,
Жалықтырды баспана.
Дауысыңды сына шын,
Өлеңіңді тастама!
Жүгірші бір, ғұмырың
Самғағандай жол алып,
Баяғыдай бұрымың
Көк шалғында жоғалып.
Кеудеңде күн ұялап,
Самал сені жетелеп,
Тау беткейді қиялап,
Құралайдай жеке кет!
Алда жасыл гүл бақшаң,
Құмарыңды бас аунап.
Мен тұрайын қумастан,
Екі көзім жасаурап!
Сол қиырдан қол былғап,
Білек күнге асылсын!
Әлдеқайдан сыңғырлап
Күміс күлкің шашылсын!
Жаның жиі шарқ ұрып
Көнеруді жолатпа!
Жылда солай көктемде
Жіберейік шақырып,
Жастықты бір қонаққа!
* * *
«Бала деген сәні үйдің» —
Қол қоямын, бағынам.
Іңгәләған сәбидің
Даусын кейде сағынам.
Көп дыбысты қаланың
Қиындығы сол кейде,
Жас дауысы баланың
Құлағыңа келмейді.
Бойындағы бар жұпар
Неден алған десеңші,
Осыншама жан іңкәр
Heгe болған десеңші!!
Қойған жанды сиқырлап,
Неткен ғажап мына күш.
Көкірегіңнен тыпырлап
Жерге түскен қуаныш.—
Қолда тұрған жымыңдап
Осынау бір сәбидің
Көктемменен бір жұмбақ
Туыстығын танимын...
* * *
Үйдің іші оған бір
Жалпақ әлем секілді.
Таңертеңнен тынбай жүр
Жұмыс не түрлі.
Әр минуты әрекет,
Санап жүрген ол да жоқ.
Бітіп жатыр бәрі ептеп,
Бітіргені олжа боп.
Туындайды сан жұмыс,
Суынбайды қол босап.
Жамырайды барлық іс
Үй ішінде ол болса-ақ.
Шыр көбелек айналған
Тұрмыс деген - үй екен.
Күн ұзаққа ойналған
Өмір атты күй екен.
Шағынбастан ешкімге
Ауыр-ау деп бұл бәрі,
Ылғи қамқор кескінде
Қасыңа кеп тұрғаны.
Тек ішіңнен толғана
Солай болу тиіс — деп,
Үйің барын ойға ала,
Қоясың ғой жай ғана
Самайынан иіскеп!
* * *
Аты да тоқтар болар күн
Арқырап жүрген жігіттің,
Жарқырап күлсем мен әр күн
Арқасы болар тірліктің.
Жүргенде қазір аралап,
Туған жер жомарт бай төсін,
Жанымды менің жаралап
Жасыта беріп қайтесің.
Шығуға жақсы тілектен,
Ауырды тартар жар керек,
Кешірімді жүрекпен
Кешірімді жан керек.
Өйтпесең өліп кетермін,
Өлген соң бәрі жат болар.
Кешкеннің бәрі бекер күн,
Бекер де өткен сәт болар.
Сондықтан кезің сау берер
Көңіліңді мынау көл-көсір,
Жамандықты жау көрер,
Жақсылықпенен көңіл өсір.
Жалқауланып барамыз,
Оқымаймыз, білмейміз,
Тап-таза ғой жағамыз,
Жанымызбен кірлейміз.
«Мен былай деп едім», — ден
Жатқа айтпасаң жырынды,
«Ол былай деп еді», — деп
Айтатын жан құрыды.
Бет-бетіне көш айдап,
Өз кезінде ірі боп.
«Татымы жоқ, қойшы, әй!» -деп,
Сөз талғауға бірі жоқ.
Менде де бар бес кітап,
Онда да бар он кітап,
Бәрі кітап жазғасын
Кім кімді оқып оңдыртпақ?
Оқушыдан жазушы
Көп боп кеткен заманда,
Тоқ бәйгеден озушы
Жүйрік келер әмәнда!
* * *
Үнсіз үй де, мен де үнсіз
Жайлап өлең жазамын.
Неге шабыт өнімсіз
Өзімді-өзім қазамын?
Қаулап тұрған қасымда
Қауымым жоқ, жұртым жоқ.
Өз-өзімнен тасуға
Құлпымды ашар кілтім жоқ.
Қайран шабыт бусанып,
Қызып, терлеп алушы ем,
Отым шапшаң тұтанып,
Сонда алаңсыз жанушы ем.
Жазушы едім мен ылғи
Балалардың шуымен.
Домбыраның үнімен,
Бал шараптың буымен.
Содан ба еді жырымда
Дауыс басым болатын.
Өлең қаны шымырлап
Тамыры нық соғатын.
Жағдайым сай, қолайлы-ақ
Тыныш тұрмыс сәнімен.
Он толғанып, он ойлап,
Құр отырмын әлі мен...
* * *
Маржандай сөз жамбысын айға
айтушы ем,
Әлдилеп тіл ұшында ойнатушы ем,
Тәңірінің өзі жаққан шырағындай
Қараңғы жұрт көңілін жайнатушы ем.
Еркіндеп ен алқаға түсе қалып,
Жанымның дүр сілкініп шанын қағып,
Жетектеп талай көзді жөнелуші ем
Сағынған туысындай баурап алып.
Дейтін жұрт: «Ал осыған жүгінейік,
Ерейік, ентіккенше жүгірейік!»
Ер баққан, ер баптаған мәжілісте
Жоқ болсам, тұрған орным үңірейіп.
Сұлу қыз, көркем жігіт іздеп мені,
Қыс пен жаз өтуші ед күз, көктемі.
Көруші ед дәуренінің елшісіндей
Сән көркін көктен түскен түзеткелі.
Не себеп осыншама бал көңілге?
Сан шырақ мендей маздап жанды өмірде.
Болған соң жаным жомарт,
жолым жарық
Орным сай ойын-тойдың бар жерінде.
Ешкімнің көргенім жоқ олжасын жеп,
Таныдым бар жақсыны жолдасым деп,
Көтердім жүрегімді баспалдақ қып
Адамның басы төмен болмасын деп.
Сан талай жақсылықта аталды атым,
Тым биік болмаса да атақ-даңқым.
Сенемін өмірімді етер ұзақ
Көл-көсір жұртқа шашқан махаббатым!
* * *
Көктем басы көрініп,
март туғанда,
Оранғанда Алатау ақ тұманға,
Дайындала бастаймын өз-өзімнен
Көзім салып ілулі ер-тұрманға.
Көк даламен көсілтіп бір шабуға,
Шаршамастан араға күн салуға,
Туғaн жерді аралап ақ жұлдыздай,
Әлсін-әлсін шомылып нұр сағымға.
Сонда менің бойымнан жұпар есіп,
Шалқасынан ашылса қыруар есік,
Атпен кіріп, амандық айтып шықсам
Кез болды — деп қонатын қырға көшіп
ЖЕР ТӨБЕСІ - «КӨКИЫҚ»
Білмеймін — бармысың сен басқа жақта,
Білмеймін — таныспысың көп қазаққа,
Басынд іздеп барып шыққан сайын
Баяғы жолығамын жастық шаққа.
Арманға ә деп сапар шеккен кезде,
Аулымнан әрең ұзап кеткен кезде,
Жол жүріп бес жүз шақырым қарт Торғайдан
Қостанай қолтығына жеткен кезде;
Алдымнан көрінгенсің мұнарланып,
Қарағам қайта-қайта құмарланып,
Көкпеңбек баспалдақтай көзге түстің
Аспанның аржағына шығар барып.
Арттағы қалған шолып жол көлемін
—Қиялым арпалысты сонда менің,
Осындай бір биікті көру үшін —
Соншалық жол керек деп ойлап едім.
Сол ойым жасымдағы қалмайды әлі,
Өмірдің бастан өтті сан майданы,
Шаншылған түсімде де сені көрсем
Кетеді еске түсіп қай-қайдағы.
Талып кеп жердің түпсіз қиырынан
Асып ем сонда сенің иығыңнан,
Қостанай жарқ-жұрқ етті қаланғандай
Аспанның аппақ-аппақ қиығынан.
Қала боп көрінді ол өp көкірек,
Қамалдай қойған асып, көкке тіреп,
Даланың жуас момын қошақаны –
Қарадым жан селк етіп, бой тітіреп.
«Тарт!» — деп, сен болдың маған үн қатқандай,
Күш бергіш сиқырың бар жұмбақ қандай!
Алдымнан сан асуға апаратын
Сан тарау жолдар түсіп, зыр қаққандай.
Жөнелдім, ұстап соның бір ұшынан
Дәметіп адастырмас дұрысынан,
Байқасам — бақыт басы — жол екен ғой,
Тағдырың әзірлеген тумысыңнан.
Отыз жыл содан бері — жыр баптаған
Адаммын қалам, сия құрғатпаған.
Сонау бір жол басында жоның тосып,
Қайырлы сол тұрысың қымбат маған.
Ол, сірә, мүмкін емес естен қалмақ,
Дүние төсегінен кетсем де аунап.
Әркімнің көңілінде бір тауы бар,—
Басына бақытты сәт шықпақ заулап.
Көзімнен сен ешқашан қымтамас түн,
Сен үшін, биік үшін мың таластым,
Айдары туған жердің — Көкиығым,
Сондықтан атыңды атап, кітап аштым.
ТӨРТ ШОҚ
Төрт тұстан,
Төрт өлкенің төскейінен
Жайқалып алуан түрлі
өскен гүлден
Төрт байлам — төре сыйлық-жыр ұсындым,
Борыш деп талай жылдар
есте жүрген,
Оқушым, ойы бірге, жолы бірге
Қабыл ал, жайма шуақ
дос көңілмен!
ЖАЗДЫҢ ЖАЛПАҚ ЖАЗЫҒЫНДА ЯКИ АҚБОЗ АТТЫҢ ЖАЛЫНДА
Ақбоз атым, келші бермен,
Келші, жүйрік мерейім,
Жез тұяғың жер сімірген,
Бүтін бе екен, көрейін!
Ерің қайда алтындаған
Аш беліңе салайын.
Күміс жүген жарқылдаған
Күлдір-күлдір тағайын!
Жал, құйрығын, сүзілдіріп,
Кекіліңді тарайын.
Көз қуанып, жүзім күліп,
Жаным жайнап қарайын.
Ал, содан соң, алыс шалғай
Аспан астын шолайын.
Үзеңгіні толғай-толғай
Арқаңа ырғып қонайын.
Маңдайыңды жазға беріп,
Тіл қатайын, «Шүу!» — дейін.
Маң далаға маздап еріп,
Ақ самалдай гулейін.
Сонда мені сағынған жыр
Бос кеудемді толтырсын.
Бұлтсыз аспан төгіп жаңбыр,
Жан жайлауым құлпырсын.
Мынау жазда, бұл көктемде
Бақыт мені шақырсын.
Алғашқы шаң бұрқ еткенде
Алғашқы өлең атылсын!
* * *
Гүл Райхан — көктем қызы,
Әлі де аман тұрсың ба сен?
Көре салып кетпен үзіп,
Қызарма сен, қысылма сен!
Көп кешіккен жазғытұрым
— Жазығың деп кінәламан,
Күрең кескін, жасыл бұрым-
Жас қызығым, сен қал аман!
Достарыңмен тойладың ба,
Сыңғыр-сыңғыр қағып, қайран!
Көк бұлтқа бойладың ба,
Көңіл жасап, салып сайран?
Ақ толқындай аққан аттың
Тұяғында болар қауып.
Кірлейді ғой ақ қанатың
Дауылды шаң кетсе жауып.
Өзіңе өзің қас тілеме,
Қаш жолымнан, қаш аулаққа.
Әлі де ақын жассың деме,
Азғырма, көз жасауратпа!
Қош, Райхан, ақ боз аттың
Қағып кетпей үзеңгісі,
Әулиесі махаббаттың
Соңғы көктем күзетшісі.
* * *
Көкше талдың ұшында
Ән ілініп қалғандай
Отыр шырқап осында,
Бір бала құс бал таңдай.
—Шілде жақын, май еткен,
Нәзік көмей бүлкілдеп,
Әлі күнге әндеткен
Бұл не қылған бұлбұл деп,
Аттың басын бұрдым мен.
—Тоғай тынып тыңдаған,
«Мынау тәтті сөз» дескен.
Оңай олжа бұл маған
Оқыс сәтте кездескен.
Аттың белін суытып,
Құлап түсіп шалғынға,
Өз тілімнен су жұтып,
Таңдай қағып қалдым да;
Жығыла кеп тыңдадым
Шомып сиқыр елеске,
Келтірген соң бір бабын
Ән бақытты емес пе?
Рахат тоғай, сырнай құс
Тарқатқандай бүгін шер.
Өнер деген бір байғұс
Өлтірер де тірілтер.
* * *
—Келе жатсың, жаным, қайдан
Қарақат көз қарындасым?
—Шығып едім сұлу Майдан,
Көктем аулын сағынғасын.
—Болды қызық онда қандай?
—Тарқады да қанша құмар,
Болды бәрі, болмағандай,
Жаңа тойды жан сағынар.
Ақ боз атың аппақ көбік
Алыс па еді, аға, жолың?
—Жастық шақты қайтпақ көріп,
Бар жұмысым, барар жөнім.
«Аға» деген сөзді, қалқам.
Сенен артық айтпас ешкім.
Сері көңіл, сезім дарқан
Сағынышпен сапар кештім.
—Сәл бұрыстау біздің ауыл,
Мен шақырсам барар ма едің?
—Шақырғанда қайран бауыр
Қақым бар ма қалар менің?
Алдыма отыр, қалқатайым,
Ақ көйлегің желбір қағып.
Көк аспанды көрген сайын
Ақша бұлтты еске салып.
Ол ауылға таныс та едім,
Сен үшін де бір соғайын.
Жақын да едің, алыс та едің,
Жастық деген жақсы ағайын.
* * *
Амансың ба, құралай,
Ақын жаны сапарлас.
Шаба бермей туралай,
Кел, менімен қатарлас!
Қайран дала еркесі,
Қабырғаңды құрғат сәл!
Жоқ ешкімнің сенде өші,
Жанарыңды тура сал.
Кел екеуміз жарысып
Ақ сағымды керейік.
Сағыныштың бәрі ыстық
Дала бетін өбейік.
Оның кеңдік қадірін
Сен білесің, мен білем.
Таршылықтың бәрі — мұң,
Мұңға қалай көндігем?
Қыстан жаным қысылып
Шыққан бетім, жас киік,
Қалсын кеудем құлшынып,
Қасқая тарт, қасқиып!
Тазалықтың өлкесі
Тағы мені жу, сағым!
Сақарамның кең төсі
Самалыңа сусадым.
Жау көздерге жолықпа
Атып оғын тауысар,
Жануарым, қорықпа,
Ақын атпас, жарысар.
* * *
Қоғалы көл Қорғалжын,
Айнасына бұлт түскен.
Жағасына қонған күн,
Жамырап жұлдыз су ішкен.
Жәрмеңкесі құстардың
Күн шілдеде қызған шақ.
Мекені емес іштардың
Қызығыңды қызғаншақ.
Бәрі әлінше сауықшыл,
Мұндағы адал жұрт қандай.
Татулықтан тауып сыр
Тірлік балын жұтқандай.
Құс патшасы — қос аққу
Қасымда тұр таранып.
«Сеніп болмас — адам қу», —
Дегендей-ақ қаранып.
Сақсынады-ау, сабаздар,
Ұят мені қысқандай.
Бейне аппақ қағаздар
Көл бетімен ұшқандай.
— Ақ сұраудың белгісі
Секілденген мойыны.
Келді нені білгісі,
Шыны ма әлде ойыны?
«Өзін мұның кім білсін,
Аты жақсы екен!»— деп,
Кетті әрі қарай жүзісіп,
Көл кескінін көркемдеп.
Құйт тыңдама, құйт тыңда,
Аққуларым, аман бол,
Ақынмын — деп айттым да,
Кештім тағы ұзақ жол!
* * *
Ақ тоғайда бір терек бар,
Бар емес-ау, болған ол.
Қалған одан көп бөбек бар,
Өткен жазда солған ол.
Бәлкім, жүз бе, жүз елу ме,
Жер бетінде тұрғаны.
Жоқ шамасы түзелуге
Қатал тағдыр құрбаны.
Алуан-алуан талшығында
Басылмаған құс әні,
Әзер жеткен қаусыруға
Он адамның құшағы.
Бүкіл орман қабылдаған
Таңда берген батасын,
Сәлемінен жаңылмаған
Сыйлап кәрі атасын.
Темір өзек тегі мықты,
Терең тамыр сол қыран,
Талма-тал түс шегініпті
Өмір сапар жолынан.
Дәл былтырғы қуаң жазда
Жай түсіпті басына,
Қалған әрең құлай жаздап,
Кірмей жердің астына.
Қап-қара боп қаңқасы тұр,
Кеткен күйіп өзегі.
Сынған өмір арбасын бұл
Сүйегімен сезеді.
Қуыс дене ішін бойлап
Жел азынап еседі.
— Жатқан да жоқ ешкім ойлап
Ер дәуірін кешегі.
Жамыраған жас теректер
Аң-таң қалып қарасқан.
Есіркемес ертерек деп
Ескі досы кәрі аспан.
Ескі анасы — әз арманы
Жер де айтпады обал деп,
«Биіктердің ажалдары
Биіктерден болар», — деп
Жел ғана тек сыбырлайды,
«Кірмейді енді ол санға.
Бәрібір сол ғұмыр зайғы
Не керемет болсаң да!»
Өмір тыныш сабасында,
Жан-жақ толы жас үміт,
Аслан мен жер арасында
Ол тұр әлі асылып.
Бір күн дауыл кетпек қуып,
Енді оған да көнген ол.
Дауыл менен от боп туып,
От, дауылдан өлген ол.
* * *
Ақ тоғайда қара шал
Жүз он бесте сау отыр.
Бір бүйірде одан сәл
Тосып ажал — жау отыр.
Оған қарап аларып,
Көзінде ойнап көк нөсер,
«Әкең ауыз...» деп алып,
Тіршілікпен сөйлесер.
Қайыс қапты сүйектей
Саусақтарын ұстадым.
Көп тоқтауға үйретпей
Сездім тез-тез қысқанын.
— Тамшы тамбай тұр биыл,
Бұлт жөңкіліп әрі-бері,
Бізге әкелген тұтқиыл
Жақсылығың бар ма еді?
—Бар, — дедім мен қайсарға
Жауап беріп қайсарша —
Төк ендеше тайсалма,
Ауызыңа құдай салса!
—Бір сағаттың ішінде
Бір бұлт шығар ойнақтап —
Дәл осы ауыл үстінде
Жөнеледі сел қаптап.
Бірақ оны тоспаймын –
Дедім бағып шал көзін,
Сосын қорқа бастадым
Өз сезімнен енді өзім.
—Балалар, мені киіндір,
Бір қарайын аспанды.
Ер жігітке қиын бір
Егес сәті басталды.
Қаратөбе, Ергешке
Төсек салдыр кілеммен,
—Егер сөзің келмесе,
Езуіңді тілем мен!
«Әкең ауыз...» — мәтелін
Маған қарап жолдады.
Осы шығар қапы өлім,
Енді ақын сорлады, —
Деп маңдайдан тер шып-шып,
Дереу атқа қондым мен.
Екі көзге жас лықсып,
Көктің жүзін шолдым мен.
Мен сұрландым содан соң,
Көк сұрланды содан соң.
Қаратөбе басына
Бұлт торланды содан соң.
Зымырап кеп әлгі бұлт
Дауыл қуып дедектеп,
Ойнап оттар қым-қуыт,
Құя салды шелектеп.
Тынды нөсер енді сәл,
Жел сөйлесіп егінмен.
—Құдаймысың? — деді шал,
—Мүмкін болар! — дедім мен.
* * *
«Келемін тау ішінде өлеңдетіп,
Аймақты күңірентіп, елеңдетіп.
Астымда ақ боз атым — сұлу сағым.
Қайшылап қос құлағын ербеңдетіп.
Ақ боз ат - менің тұлпарым,
Шалқыған көңіл — сұңқарым...
Ай, сүмбіл шаш,
Қара көзім, тәтті сөзің;
Келгейсің сағынғанда жалғыз өзің».
Сәкен.
«Ортаудың ортасы ашық алаң — деймін,
Жаз болса жалаң аяқ барам — деймін,
Дүниеде дүкен - базар құн жетпейді
Ақ көйлек, балалық шақ, саған деймін.
Келемін сағыныштан боз ат мініп,
Құрбыға қиядағы көз лақтырып,
Самалда көтеріліп, сау желемін
Алыстан қайтатындай қыз айттырып.
Ақ боз ат кісінейді тауды оятып,
Тұяғы салқын жұмсақ сазға батып.
Жануар сағына ма жас үйірін,
Келген соң жал семірер жазға қайтып?
Ортауда бұлт балалап күнмен көшкен,
Ақ жаулық, келіншектей серуендескен.
Жарасып, көздің оты көп кездесіп,
Күн қайда күлкі шашып «сәулем» дескен!» —
Осы әнге мен қарадым мойын бұрып,
Жаяулап, атымды отқа жайып жүріп.
Жарқ етті күн көзінде бір ақ тұлпар,
Жарқ етті күн көзінде қайың құрық.
Айтусыз ажарындай сол алқаптың
Көкжиек — қалың жылқы көзбен таптым.
Жылқышы құрығына сағым ілген...
«Антұрған, әнші екен!» — деп қарап қаппын.
АЛАТАУ АЯСЫНАН
* * *
Салқын самал санаторий
Алатаудың баурында,
Толы екен бір қызға сол үй
Жастық шақтың аулында.
Жамилаға, Дариғаға,
Ғалияға,Халимаға
Өлең жазып, дем алып жүр
Қалижандай қайран аға!
Жүргеннен соң еркелетіп
Жан-жағында аққу, қаз.
Бурыл мұрты бүлк-бүлк етіп,
Жымияды сол сабаз.
Қыдырады ұзақтауда
Басып жанның өртін ол,
«Барлығыңды құшақтауға
Қолым жетпес», — дейтін ол.
Сонда қыздар кіл ақ толқын
Оны қоршап ойнайды.
Сонда маздап жанады ақын,
Нұрлы аспанға бойлайды.
«Кім жүреді таймай жолдан,
Жетсе күшің — сілтей бер.
Жастық шаққа мейман болған
Мұндай кісі жоқ!» — дейді ел.
Төңірегін риза қылып
Салды рахат сайранды ол.
Қиқым тірлік, қыруар жігіт,
Сен кешпеген қайран жол!
Көрген тәтті бір түсіңнен
Айнымайтын арман-ай!
Найзағайлы бұлт үстінен
Жүріп өткен жандар-ай!
* * *
Неге асықтың нөсер жауын тыйылмай,
Сол бір минут қалады деп бұйырмай.
Ол болмаса, келмес пе еді тағы сәт,
Неге асықтың етек, жеңің жиылмай?
Келе жаттың көйлек киіп жаңбырдан,
Жандай суыт хабар алған тағдырдан.
Сулы арқанда ауыр тартып бұрымың
Қисық соқпақ қыпша белің талдырған.
«Жетем!» «Жетем!» деген сөзің естілмей.
Іште қалды, сыртқа шығып ескірмей.
Салқын желде алаулаған екі бет
Көк астында қайталанбас кескіндей.
Келдің... болды... қалды айқасып қос құшақ.
Жел де демін алып тұрды осы шақ.
Әлгі минут өте шықты, сезбедің,
Бұлт қойнынан үзілген бір от құсап.
Сол еді ғой жүрегіңді жүгірткен
Отырғызбай оттай ыстық үмітпен.
Жас ғұмырдың жалғыз ғана минутын
Кешіп қана кету үшін туып па ең?
Ол болмаса көрген күннің бәрі тұл.
Неткен тылсым, оқылмайтын әріп бұл?
Жаңағы бір тәтті минут сыйындай
Бұрымында көк жапырақ әлі тұр...
* * *
Өмір тәтті, тәтті екенін білдің бе?
Айтары сол аспанда ай мен күннің де.
Жырлары сол күміс көмей бұлбұлдың,
Сырлары сол сыбырлайтын гүлдің де.
Өмір тәтті — оны ұққансың езің де,
Бас ауырып, жан қысылған кезінде.
Өмір тәтті, тәтті екені айтылған
Аппақ көңіл ақындардың сөзінде.
Өмір тәтті өмір деген міне, сен.
Өмір сапар — сапар шексең, жүр есен.
Өмір нәзік өмір кірпік ұшында
Сол кірпіктің жабылмауын тіле, сен!
* * *
Сермелмей семсер көңіл тотығатын,
Кісінің көзін жасқа толтыратын,
Төрт бұрыш аурухана бөлмесінде
Бесінші бұрыш болып отыр ақын.
Сонда да тәтті қиял ойға қанбай,
Қызықтың дариясына бойлағандай,
Алаңсыз сәби жаны күледі оның
Бес бұрыш жұлдыз жасап ойнағандай.
Алады ол не бір тәтті күнді есіне,
Еркі жоқ күймесіне, сүймесіне.
Ойнайды ол жұлдыздармен құрбысындай,
Жұлдыздар сөнбейтінін білгесін бе?
* * *
Сейтжан аға,
Мін шанаға,
Қартаюға күн санама, қайтесің?
Сүй, ғашық бол,
Күйге асық бол,
Тосып тұрса
Күн кірпігін, ай төсін!
Қой жасымай,
Бір насыбай
Атып ал да,
Дәл осылай көңілден!
Нағашым-ау,
Нақ осынау
Екпініңмен
Ағасың-ау өмірден!
—Ол не сығыр,
Күміс сыңғыр?
—Даусы ғой ол
Зая ғұмыр —
Аппақ шана
Салдыр-гүлдір
Аяқ жағы
Сыңғыр-сыңғыр,
Күмбір-күмбір...
Күн бір, күн бір,
бір... бір... бір...
* * *
Тоқсан жаста кейуана
Емен таяқ қолында,
Тоғыз жаста бір қыз бала
Томпаңдайды соңында.
Көрші еді олар — бар жақындық,
Бар таныстық — сол еді.
Тәтті жеміс — жан татулық,
Бөлісіп жеп келеді.
Талай жаздың таңдары атқан
Таңдай жуған өлеңмен.
Қолтықтасып келе жатқан
Қос өмірді көрем мен.
Алатаудан күн сырғанап
Сол қораға енеді.
Терезеден күліп қарап,
Күміс сәуле себеді.
«Әже» деген нәзік дауыс
Тәтті тірлік үніндей,
Тез оянып, қалмай қалыс
Шығар қария кідірмей.
Күні бойы өмір жорық
Басталады, бітпейді.
«Қызық көп-ау, аздау соғып
Уақыт шіркін жетпейді!» —
Деп ішінен өкінер қарт,
Сәби білмес онысын.
«Тұра тұрса осынау сәт
Аударғанша қонысын!»
Бар арманы сол еді оның —
Өмір оған көрші ғой.
Біле тұрып бәрін соның
Көп ісіміз ерсі ғой.
Жасы шалғай екі адамның
Жанын қосқан не дейсің?
Құбылыс көп, соның мәнін
ЬІлғи ұғып, сенбейсің.
Көзің көрген көп қызықтың
Болжамайсын алды-артын.
Тірлік деген нәзік жіптің
Мықтылығы сол, бәлкім.
* * *
Кезімде етек жауып, есім кірген
Бар еді біздің үйде әсем кілем.
Құлпырып тұрушы еді төр алдында
Көзімнің жауын алып көрсем кілең.
Төменде текеметте ойнаушы едім,
Ол кезде аласа ғой ойлау шегім,
Шалқалап жатып алып, сол кілемнің
Өрнегін түгендеуден тоймаушы едім.
Қиялмен оқушы едім жазудай-ақ,
Әндетіп әуенімдей, сазымдай-ақ.
«Қойсаңшы, о не сұмдық?» — дейтін әжем
Тесілген күн ұзаққа кезімді аяп.
Біз көшіп дала бардық, қала бардық,
Қалдырмай сол кілемді ала бардық.
Сол кештей жылдар етті байқатпастан,
Жоғалып, көп туысты таба алмадық.
...Бір күні кенже інімнің үйінде едім.
Дәм іштім, өлең айттым, дүрілдедім.
О, ғажап, сонау кілем кесіндісі
Көзіме түсе кетті, бүгін менің!
Қалғаны бір-ақ құлаш он құлаштан,
Керемет кілем еді терге ұласқан.
Бұрышта жатыр енді бүктетіліп,
Сол еді көркемдікке көзімді ашқан!
Дүниеге сонда барып аң-таң қалдым.
Көзі еді-ау айналайын ата-анамның!
Бір ашсам, оқып бетін тауыспайтын
Кітаптай, қолтыққа ұстап кете бардым...
* * *
Алатау, тандырасың кісіні естен,
Әлдилеп биігіңнен түсірместен.
Секілді қаңтарулы арғымақтар
Шыңдарың көкке қарап кісінескен.
Соларды күнде мініп, ғарышқа асып,
Көп жүрдім, қаңғыр-күңгір бұлтты басып.
Қасымда Ай сөйлесіп қатар жүзді,
Жұлдыздар шауып ерді шұрқырасып.
Күн менен жөн сұрады: «Атың кім?» - деп
Оны да жол серікке шақырдым кеп.
Ойнаса от найзағай, жер шулады:
«Ішінде анау бұлттың ақын жүр!» — деп.
Тірелген қарағайлар шыңға басы,
Жаныңның, жұпар иіс, шын дауасы.
Соларға уақыт тауып еркелеген
Тәкаппар тәңірінің бір баласы.
Мен болдым дүниеден бойым биік,
Жүрек сау, миым таза, ойым биік.
Қырандай қанат кердім атырабыңа,
Көзіме түсті менің талай киік.
Жаралған жәннәт мекен рахаттан,
Қоясың жан қорқытып бір апаттан,
Ол-дағы қадірінді білгізгенің
Пәндеге жақсылықтан бұра тартқан.
Бейхабар тіршіліктің күйбеңінен,
Қоздатып ән көмейден, күй көңілден.
Күндерді ұмыта алман ылғи биік
Шындармен қолтықтасып бірге жүрген!
Сен маған арғымақ қып шыңыңды ерттеп,
Бересің еркелетіп, шын құрметтеп.
Арқамнан қағасың сен, тез жұбатып.
«Азырақ бұлт үстімен жүріп өт!» — деп.
КӨКШЕТАУ ЕСТЕЛІКТЕРІНЕН
* * *
Қол сілтеп қол тигізбес көп сылтауға,
Ем іздеп жан-тәндегі дерт сырқауға,
Қашаннан ақын жүрек аяушысы
Мен кеттім,
кеттім содан Көкшетауға.
Мен кеттім,
қалды достар қағып таңдай,
«Жұмаққа кеттім!» деген сөз айтқандай.
Әр кімді тұсаулаған тұрмыс кісен,
Көп әуре,
кілтін соның жоғалтқандай.
Табылса, азат басын тойлағандай,
Бір жетпей Көкшетауға қоймағандай,
Бас, шайқап,
қолын бұлғап қалды бәрі,
Мен кеттім,
«кеттім» деген ойға қанбай.
* * *
Басайын,
жарар ма екен бір айғайға,
Айтатын сол ән қайда, дұғам қайда?
Кел, жарым, Көкшетауға кірмес бұрын
Шырқайық, сәлем беріп «Бурабайға».
«Арқаның кербез сұлу
Көкшетауы
Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын!»...
Ал самға,
ақиықтай балақ баулым,
Ал шырқа,
аялдама ал, аяулым!
Дегенде,
зулаған ән көкіректен
Шыңындай Көкшетаудың көкке жеткен
Шаншылып,
бұлтты шайқап тұрып қалды
Жалаудай шың басына іліп кеткен.
Оянды көк қаршыға,
сергек құсы,
Атақты Көкшетаудың күзетшісі —
Ашылды алып қақпа, жаннат сарай —
Сұлуы, жер біткеннің ізеттісі...
* * *
Шомылып, құс төсекке иық батып,
Түсінде рақат дәмін сүйіп, татып,
Жаңғырып, басқа адам боп оянғанша
Көкшетау тастайды екен ұйықтатып.
Содан соң іш те сурет, тыс та сурет,
Таңдатқан көзін, бірін ұстасын деп,
Қос өрнек — құдай салған, адам салған
Табиғат таңдағаның ұстасын, — деп.
* * *
Төлеуіт —қызыл тиын, сәби бір аң,
Қарағай жаралғандай қабығынан,
Аяндап «ә» деп көлге беттерінде
Көрімдік шығар сұрап дәл алдыңнан.
Табиғат жаратарда жаңылысқан
Қыз ба әлде жүрек — жанып
алып ұшқан,
Кішкентай өткір қара көздерінде
Үрей мен үміт оты шағылысқан.
Үрейі — «жолығам ба ант атқанға?»
Үміті — «тәуекелсіз нәр тапқан ба?» —
Отырған ермек тоқып бөпе қыздай
Орнығып алақанға
дән шаққанда.
* * *
«Сен бе едің, көл әулие, көптен айтқан,
Көк бура қызғаныштан беті қайтқан,
Сен үшін белін шешпей қырқысам, — деп
Батырлар жан-жағында тас боп
қатқан?!»
Жүрегін қозғағандай мынау сұрақ,
Бурабай үн қатпады, жыламсырап.
Көнілсіз көздің жасын салады еске
Қайықтың ескегінен су тамшылап.
* * *
«Шешінген судан тайынбас» —
Бауырым, серме, әйт де, бар!
Ұятқа рахат айырбас
Болатын кейде сәт те бар.
Еркеле көлге, жасқанба,
Пенделігің біл, сен де.
Шашылсын күлкің аспанға.
Төменде жүзіп жүрсең де.
Көңіліңнен көшпес сірә, шаң,
Денеңді көлмен буламай.
Бурабай жөнін сұрасаң,
Осынысымен Бурабай.
* * *
Біресе Ару —
Бұрымын желге кептірген,
Біресе ауру —
Айнымас кәрі кемпірден,
Біресе тісін
Ақситқан ашулы арыстан,
Біресе кеме —
Қойнауға жаңа кеп кірген.
Әңгіме оның
Қай жағынан кеп қарауда.
Әңгіме оны
Көңіліңде қалай санауда,
Сондықтан болар,
Сұрақтан басқа түк те жоқ,
Көкшетау — кітап,
«Жұмбақтас» деген тарауда.
* * *
Ай баяғы ғашықтығын қоймайды,
Бурабайға көп қараудан тоймайды.
Күндіз біреу алады деп ойлайды,
Алмағанын көріп, мәз боп тойлайды.
Күн баяғы ғашықтығын қоймайды,
Ол да солай үңілуден тоймайды.
Түнде біреу алмағанын көрген соң
Күндіз күліп, қытықтасып ойнайды.
Осы кезде күндіз-түні
ояу көп,
Сондықтан да әсіре көп, бояу көп.
Ай қылығын, күн мінезін көрген соң
Мен ойлаймын — шын махаббат
сол-ау, деп.
* * *
Көл қалындық болғанда,
Көкше — күйеу,
Алтын тіреу — «Оқжетпес» — асыл сүйеу
Осы аңызбен таласпақ болды-дағы
Оқжетпестің басына шықты біреу.
Шықты-дағы, есіріп,
айғай салды,
Ол айқайын өзіне тау қайтарды.
Ешкім оған төменнен үн қатпады,
Елемеді еш адам бұл «қайсарды».
Көрді халық тағы бір надан кейпін,
«Бар бақыты дүниенің маған —
дейтін.
Тарих өзі жасаған биіктерді
Тасқа шығып, оп-оңай
алам» — дейтін.
* * *
Түседі еске жақсы ұялар,
Жақсы ұяда сәулет бар.
Тауларда да семья бар,
Тауларда да әулет бар.
Көкшетаудың үш қызы бар,
Батыр ұл бар ұйықтаған.
Көл — бәйбіше, ас-тұзы бар,
Ақ сабасын жықпаған.
Қызыл піспек — қарағайлар
Жел білегі толғаған.
Ауылым жайлы алуан ойлар
Түсіреді сол маған.
Көл бетінде үйректер —
Үш балапан, бір ана.
Халық тимей, үйреткен
Оны да асыл мұраға.
Еш қаяусыз жан-тәні
Адам мен құс арасын
Татулықтың арқаны
Жалғап тұр деп қаласың.
Балапандар жосиды,
Көл толқынын жастанып.
Түсінде ана шошиды
Мылтық даусын еске алып.
* * *
Шомылған арулардың қалпы қандай!
Тастағы адам түгіл балқығандай,
Жағалай жансыз мәрмәр мүсіндерді
Жиып ап суға біреу лақтырғандай.
Жан бітіп сол сәтінде кеткендей-ақ,
Бара сап көк толқынды тепкенде аяқ.
Шымырлап қара шаштың батқан жері,
Тұншығар әккі ғашық өпкендей-ақ.
Содан соң бақытты айқай,
күлкі сақ-сақ,
Шақырар көлден көзін қырға тастап,
Па, шіркін, біз де солай мәз болар ек
Сап күміс су астынан олжа тапсақ!
* * *
Қаптаған көл бетінде көкшіл қайық,
Құлашын екеу-екеу ескен жайып.
Сан сағат сүйгеніңе қадалсаң да
Етпейді ерсі көріп,
ешкім де айып.
Қайықпен көлді бір сәт шайқап алып,
Аспанға ән лақтырып, қайта қағып,
Жарқылдап су үстінде жансаң маздап,
Бурабай саған алғыс айтары анық.
Самалда сайрауық боп өскен ақын
Ондайға шыдай қоймас әсте дәтім,
Жарыммен жағалауға қайық толы
Ән тиеп қайтып жүрдім кешке жақын.
* * *
Аспанның келерінде бұлты көшіп,
Кетеді қарағайлар дүркіресіп,
Қасыңнан мың салт атты өткендей боп
Қаласын аң-таң болып құр сіресіп.
Әп-сәтте ғайып болып әлгі дүбір
Ғажайып үн еседі күмбір-күмбір.
Еріксіз есің жимай тыңдайсың сен
Керемет оркестрдей саған бұл бір.
Пендені табиғаттың сынары көп,
Тойымсыз басылмайды құмары деп.
Сондай-ақ аңсар ауып тұрдым кейде
Көкшеден бір домбыра сұрағым кеп.
* * *
Жұп-жұмсақ сәулесінде жарық айдың,
Гүл-құшақ орманында Бурабайдың.
Кеудеден әдемі әуен, үн шығарып
Бақытын көтеріп ек «Сәулем-айдың».
Бауырлар екеу-екеуі қолтықтасып,
Бұлақтай бұлан қағып, шалқып, тасып,
Аспанға өрмеледік Ай жолымен,
Жұлдыздың соқпақтарын толқып басып.
Дедің Сен:
«бісміллә» — жұлдызды аяп,
Жолында тұрған гүлді жұлғызбай-ақ,
Осынау «діндәрлігің» майдалығың —
Бар еді бет ашпаған бір қыздай-ақ.
* * *
Шотаға
Ғайыптың періштесі үні дарып,
Тау Көкше тербеледі мың ырғалып.
Артистей әндетеді қарағайлар
Таң атса бір-бір тасқа мініп алып.
Бұл жерде ылғи сурет тас дегенің,
Табиғат қоя салып басқа өнерін,
Таспенен айналысқан секілденер,
Жүз бунақ төгіп өрнек,
қосқан өрім.
Әр тұлға ғасыр сөзін айтып кеп тұр.
Әр нұсқа тіршілікке тартып кеп тұр.
Бұл жерде туған перзент, не мүсінші,
Болмауы мүмкін емес архитектор.
* * *
«Келші қайтып айналып,
Ден сұрасып, жай бағып,
Қасиетімді өзіме айт!» —
Дедің маған, Майбалық!
Саған көзім тимегей,
Асылың көп айтуға,
Барар жолда үндемей,
Әндетуші ек қайтуда.
Одан артық әсем жыр
Шипа жайлы, ем жайлы,
Шын сөзіме сенсең бір,
Ешқашан да болмайды.
* * *
Жырлаған күміс көмей нелер ақын,
Шырқатқан,
асқақтатқан бедел, атын,
Көкшетау көктен гөрі жасыл мекен,
Көкшетау көктен гөрі жерге жақын.
Сондықтан бар жаныммен құшып, сүйіп,
Құсындай әлсін-әлсін ұшып биік,
Алаңсыз ата-анамдай еркеледім,
Көп тұрдым қоштаса алмай көзім қиып.
Сар жайлау,
Сарыарқаның жер төресі,
Мінетін серуенге ел кемесі,
Бөленіп махаббаттың бесігіне,
Уақыттың білінбейтін ерте-кеші.
Тау Көкше, тілім үнсіз,
жаным сайрап,
Жүздім мен көк ауанда жүзім жайнап,
Күніне қиялымды қырық жаныған
Көліңнен айналайын күміс қайрақ.
Балқытып сүйегімді,
қайта соғып,
Бердің сен нық шегелеп, тартып, жонып,
Адамды жөндейтұғын шеберлігің,
Барамын бақыт сәтте маған қонып.
Әрине,
Ақан емен,
Сәкен емен,
Жалынан Көкшетаудың жетелеген,
Солардың көзден түскен тамшысындай
Бір аунап, топырағында еркелегем.
Көріндің өз үйімдей,
музейімдей,
Сүйкімді бір ақылдай,
бір зейіндей,
Миымның ортасында бейнең қалды
Өшпейтін тірлік атты күн сейілмей!
ОҢТҮСТІК АСПАНЫНЫҢ ЖҰЛДЫЗДАРЫ
Қараймын тағы,
Оңтүстік, сенің көгіңе,
Махаббат, құрмет,
Шапағат толып көңілге.
Қараймын тағы,
Көзімнің нұры көбейіп,
Сәбидей жайнап
Жап-жаңа келген өмірге.
Жақсы еді қандай
Жанарда жұмсақ түнгі аспан,
Төсінде жұлдыз
Үндемей ғана ымдасқан.
«Ақбозат» анау
Жайылып жүрген алаңсыз,
«Жетіұры» мынау
Аңдыған көзін жұмбастан.
Ал, сонау берік
Қағылған «Темірқазық» қой!
Ар жағы жайлау
Көсілген жасыл жазық қой.
Ай асып қонған
Мынау бір күміс жолменен
Қайтайық, қалқам,
Екеуміз бірге жазып бой!
Бала ғой көңіл,
Алдана берсін десейші!
Азғана сәтке
Еркіне көніп, ерсейші!
Туған жер осы
Кісіні сәби жасайтын
Өнеріңді маған
Уақытша бір күн берсейші!
* * *
Атың сенің — Салтанат,
Гүл шашылған жолыңнан.
Бақыт саған жалт қарап
Ерген екен соңыңнан.
Сен қағыпсың қос қанат
Аспанына өмірдің
Сен, шынында, Салтанат,
Салтанаттай көріндің!
Аққу көйлек кигенің,
Ар көркіңе жорамал.
Сыйға тартты сүйгенің
Ақша бұлттан орамал.
Кілең аппақ шапағат
Нұр көңілде жүздің сен!
Болдың ортақ,Салтанат,
Мақтанымыз біздің сен!
Жанарыңнан от ұшып,
Саусағыңнан күй ақты.
Көзімізге ып-ыстық
Қызығымыз сияқты.
Бала едің бір бәріміз
Қылығыңа сүйсінер.
Ақ жұмыртқа, сары уыз, —
Қадіріңді білсін ер.
Досым еді ата-анаң
Татулыққа бал жеген.
Ер көгерер батадан,
Жар көгерер жарменен.
Тербеле бер, қос қайың,
Көп жапырақ тілейік.
Мол саяңа жаз сайын,
Келіп-кетіп жүрейік!
* * *
Шымкент шәһар, дос шәһар,
Тағы сенен табылдым.
Қара терек, бозша тал,
Көлеңкеңді сағындым!
Сол көлеңке, сол сая
Жемісіңді сағындым.
Құшақтасып, қол жая
Көрісуді сағындым.
Ең қиынды еңсерген
Ерлеріңді сағындым.
Қайықтары теңселген
Көлдеріңді сағындым.
Сол көліңнен әрірек
Қазықұртты сағындым.
Жан жүрекке дәрі деп
Жақсы жұртты сағындым.
Бізді аман-сау қосқан күн
Осы уағын сағындым.
Бәрінен де достардың
Көз шуағын сағындым!
* * *
Археолог бұл жақта
Бауырсақтай шашылған.
Айтады екен сыр жатқа
Сонау көне ғасырдан.
Геологтар бір кезгі
Керуендей жосылған.
Қорғасыннан мың көзді
Ашады екен тосыннан.
Гидрогеолог дегендер
Су тіміскіп сабылған.
Талай Арыс, Бөгендер
Жер астынан табылған.
Құм теңізге бір заман
Батқан қала-кемелер,
Кітап ашып, жырлаған
Әл Фараби кемеңгер.
Жер бетіне қайтадан
Заводтар боп тірілген.
Турбалардан қаптаған
Күнде көзін сүрінген.
Бұл даланың әр таңы
Керемет іс бастаған.
Замананың арқаны
Ескі менен жаңаны
Жалғап байлап тастаған.
* * *
Оңтүстіктің арығы —
Кәрілердің кәрісі.
Баяғы бір сарыны
Баяғы бір ағысы.
Бұл еңбекшіл болғалы
Нелер ғасыр, не заман!
Ол — диханның жолдары
Қолын кетпен қажаған.
Жер астында бір арық,
Жер үстінде бір арық.
Егіз тамыр даланы
Жатыр мәңгі суарып.
Ол асықпай сөйлейді,
Емес мәңгі жалығар.
Сен тыңдамай қой, мейлі,
Өзге құлақ табылар.
Ыстық, аптап дегеннің
Ол кешті ғой талайын.
Құм қуырып жеген күн
Деді ме оны аяйын?
Бір-ақ ұрттап, сөлін ап,
Кеткен талай цементтеп.
Қайта туған, өліп ап,
Мен жасасам керек! — деп.
Өйткені, ол тірлікті
Суаруға туған ғой.
Тіршіліктен кім мықты, —
Оның өзі судан ғой.
Оңтүстіктің арығы
Кәрілердің кәрісі.
Жақсылықтың жарығы —
Жарқылдаған ағысы...
* * *
Оңтүстікте көп сөздің
Ең жақсысы — «көлеңке».
Көлеңкесіз жоқ кезім –
Қайран елге мен ерке.
— «Саям-ау», — деп ана айтар,
«Панам-ау», — деп әке айтар,
«Көлеңкем», — деп жар айтар, —
Тірлігіңді молайтар.
Сол көлеңке ішінде
Жаңғақ шағып жатырмын.
Бір ғажайып мүсінге
Тандай қағып жатырмын.
Ол мүсінім — сен, өмір,
Серік маған, өлеңге.
Сен болмасаң, сірә, бұл
Сан қызықты көрем бе?!
Саған талай жол түстік,
Айналайын, Оңтүстік,
Күнің қандай ып-ыстық,
Көңлің сондай ып-ыстық!
* * *
Әсетке
Шымкентім, өзге емессің, өзімдейсің,
әл жетіп, айтылмаған сезімдейсің.
көп қарап ажарыңа тоймайтұғын
сен маған қимас достың көзіндейсің.
жалғанға жан емеспін қарайлаған,
сен жайлы әрі ойланам, бері ойланам.
бір өлке бір жақсы дос сыйлап берсе —
ол өлке ыстық болмас қалай маған?
мен саған талай танды атырдым кеп,
атынды алыста да шақырдым көп.
ойлай бер, он айналып соқсам саған,
«осында досы бар-ау ақынның!» — деп.
ақынға дос болудың өзі-ақ дастан,
мен жүрмін тілім жетіп жаза алмастан,
ал бірақ жаным жеткен жақсылықтан
ешқашан мен адасып, жаза баспан.
тағы да аз уақытқа кеттім келіп,
ақынды еркелеген еркің жеңіп,
ашылып қашан келсем, жатшы, сабаз,
досымның алақаны секілденіп.
ҚОЛЫҢДЫ БЕР, ҚОСТАНАЙ
Қайда жүрсем сені есімнен тастамай,
Өтіп кетті жақсы жыл мен жас талай.
Менің атым сағыныш боп өзгерді
Сағынышқа қолыңды бер, Қостанай!
Жалғыз жұғым ауаңды бер, Қостанай,
Жанға шипа, дауаңды бер,Қостанай.
Жар исіндей жұпарыңмен ес тандыр
Жалаңаяқ даламды бер, Қостанай!
Жалғыз үзім наныңды бер, Қостанай,
Жалғыз тамшы нәріңді бер, Қостанай,
Жалғыз менің өзімді бер, Қостанай,
Жалғыз менің жарымды бер, Қостанай!
Жалғыз сөзде жасағанның өзі бар,
Жаратылыс, дара туыс көзі бар,
Жалғыз... жалғыз. Жалғызыңның бәрін бер,
Көптігіңді, молдығыңды өзің ал!
* * *
Мінекей, қаншама рет келдім саған,
Бір ғажап құбылысқа таңдай қағам —
Алғашқы түн бойына көз ілмеймін,
Қаншама кірпігімді жұмып бағам!
Жүрегім аттай тулап ұйықтатпайды
Еске сап пәлен бекті, түген байды —
Ол менің ойнап өскен тентектерім,—
Бірі ояу, бірі мәңгі оянбайды.
Солардың жүректері шақырғыштап,
Баяғы балалықтың атын ұстап,
Жүр дей ме шаршап қалған жүрегіме?-
Әйтеуір, дамыл көрмес текке ұрғыштап.
Күйімді ұғындыршы мынау жұмбақ,
Ерніңмен тым болмаса жайлап ымдап.
Жаңадан жүрек салып бересің бе
Алғашта үйренбейтін ойнап, тулап?!
* * *
Ажарын қандай жақсы еді,
Тамаша-ақ екен жыл биыл!
Аяған екен жаз сені,
Қос айдар өлке, көк қиыр!
Жел дауысын шығарған
Желкілдеп өскен бел шалғын.
Келіп те кетті, о, арман,
Ақ ауыз атқа ер салғым!
Ай тұяқпенен жер түтіп
Алатын қайда тамаша-ай!
Жазықтар мені елтітіп.
Ерегістіруін қарашы-ай!
Ал анау байтақ жасыл қыр,
Көз жетпес жиек шалқайса,
Торғайлар ұшып үркіп жүр
Егінді самал шайқаса.
Жүрегің жылып қарайсың
Келе де жатқан ырысқа,
Тіл менен көзден аяйсың
Аяған үшін ұрыспа.
Туған жер, сенің даңқың ғой
Сәбидей көкке бой салған!
Қаулайды солай әр түрлі ой,
Дәмелі болып мол саннан.
Өтті ғой кеше бір жаңбыр,
Сол жаңбыр, сірә, жасасын.
Аспанда тұрсын күн даңғыл,
Күн тұрса болды - тасасың!
* * *
Атақты партизан Жүсіп Нәметовке
—Қасым-ау, асыл досым-ау,
Сенбісің келген осынау?! —
Әзің де аман жүрмісің
Қартайған бүркіт, құсым-ау?
Екі батыр солайша
Танкілердей түйісті.
Олайша да, былайша
Ұзақ-ұзақ сүйісті.
Сықырлады сүйектер,
Тар қолтықтар сөгілді.
Кемсендеді иектер,
Көзден тамшы көрінді.
—Қарт досымды сақтаған
Қостанайым-ай!
—Сан жыл іздеп таппаған...
Дос болайын-ай!
Қалжындасып, күлісіп,
Хәл-жайды ашып білісіп,
Қалды мәз боп қос батыр
Аз күн бірге жүрісіп.
Жақсы ғұрпы-ай, достардың
Қосып кетер ел басын.
Сатырлаған күлкімен
Қостанайдың аспанын
Жаңғыртады ер Қасым.
* * *
Өмір-ай, бар ма сенен өткір ағын?
Қақ жарып туған жердің топырағын
Жарыққа шығасың да, іле-шала
Кетесің қайта сүңгіп, бітіп дәмің.
Сол ағын құлағында шуылы қап,
Туған жер, ұзатасық ұзақ жылап,
Ашылып қара мақпал топырағың
Қайтадан сол қуысқа жатар құлап.
Құларда алып түсер көздің жасын,
Сол жасқа оранады бір қимасың.
Ауырып аман жүрек кері қайтар,
Білген соң тірлік заңы бұлжымасын.
Бойдағы кір мен кінә, пендешілік
Бәрі де жоқ болады жерге сіңіп,
Қалады адамшылық жер бетінде
Есімін ескіртпейтін елге шығып.
Өткен жыл жүрдік достай қолтықтасып
Көңілде татулықты, ырысты ашып.
Амалсыз енді ернім күбірлейді
«Кетті» — деп жердің үстін дұрыс басып.
* * *
Көгілдір тау, Көкиық
Көзге дара — кемесің.
Топырақты көп үйіп
Жасаған бір төбесің.
Жау — қарауыл заманнан
Қалған белгі ер елден.
Сені осынау даламнан
Жиі-жиі көрем мен.
«Көкиықтан» қарасаң
Қостанайдың тұрысы-ай!
Ол да бақыт — ойлансаң —
Ағасына іні сай.
Төбесінен Тобылдың
Төніп тұрған Қостанай,
Әкесіндей көп ұлдың
Сеніп тұрған Қостанай!
Жақсы баурым, кеше гөр,
Көки берме сен де аса,
Айбарынды көтерер
«Көкиығың» болмаса!
—Қайда жүрсің, Камшат қыз,
Қазаныңнан дәм татқыз!
—Камшат қолы тимейді,
Күнде келіп жүр мейлі.
Жолатпайды директор,
Үндемейді аудан да.
—Бұл не жағдай ерек бір,
Көктен тілші жауған ба?!
Бөгет болып науқанға
Әбігер ғып әр таңда,
Ал, бауырым, кері қайт
Билет болса қалтаңда! —
Тағы сол бір директор,
Құйындатқан бір газик.
Қалды қырда бөлек бір
Біздің достар көз жазып.
Туған жердің маржаны
Жаутандайды аңсап күн.
Қара қырдың ар жағы...
Қара көзі Камшаттың!
АЛТЫН БЕСІК —ТУҒАН ЖЕР
(ән)
Амансың ба, Аманның қарағайы,
Амансың ба, ақ терек, бала қайың?
Амансың ба, Жеті көл — жеті бота,
Тостағандай көзіңнен айналайын!
Алтын бесік — туған жер,
Айна сұлу - Жеті көл,
Сағынғанда келмесем
Сәбиіңді кеше көр!
Амансың ба, Аманның қарағайы,
Жан қарындас, бауырым, жан ағайын.
Бала перзент қарызың қанымдағы
Атынды атап, өзіңе ән арнайын.
Қабыл ал сен — туған жер,
Сол әнімді мендей көр,
Сағынғанда шырқасын
Самал желге айтып бер.
Амансың ба, Арқаның cap даласы,
Асау Тобыл соғылған жарға басы.
Амансың ба, аққулар — күй қанаты,
Амансың ба бұлбұлдар - ән бабасы.
Ән сәлемім қабыл ал,
Бұл аз болса — тағы да ал,
Туған жердің төсінде
Әнмен қанат қағыңдар!
АҒА ДЕГЕН ЖАЛҒЫЗ СӨЗ
Қайнекейге ескерткіш
Жолығыстық біз екінші көктеммен,
Екінші жаз басымыздан өткерген.
Екінші күз алтын қанат, жез айдар.
— Ағаң қайда айтшы маған,— деп келген.
Сол сұраққа жауап болар, дариға,
Жалғыз сөзді қайдан табар екем мен?
Сен барасың күн-күн санап аршылып,
Ақырғы рет басқан ізден шаң шығып.
Қол жетпеске, көз жетпеске жөнелдің
Баяғы бір жақсы атындай шаншылып.
Жұлдыз ғана солай шапшаң ағатын
Бұл аспанда енді жоғын жасырып.
Мен екі рет барып қайттым сені іздеп,
Жолаушыдай сағым қуған теңіз — деп,
Ен далада бой корсетті бір күмбез
Үмітіңді үмітсізге жеңгіз — деп.
Оған емес, ағайынға сендім мен
Есіркеген сені туған елміз — деп.
Сондағыдай қатты шықпас дауысым,
Оятқандай дала төсін, тау ішін,
Үш қайтара атынды атап шақырдым.
Келіп еді тағы да бір қауышқым.
Бос орында бозша торғай сайрады,
Босқа жылап, өзімді өзім тауыстым.
Болса менің құдіреттей билігім,
Сыйлар едім тіршіліктің бір күнін.
Есту үшін ел қуантқан күлкіңді
Көру үшін шабысыңды, дүлдүлім!
Аға — деген жалғыз сөздің ішінде
Шырқ айналды боз арғымақ тірлігім...
БАЛАММЕН СЫРЛАСУ
Ғафураға
Сен туыпсың бақыт, дәулет барында,
Жақсы атымның заулап тұрған бабында.
Көкірегімде әке деген сезімнің
Әбден пісіп, қаулап тұрған шағында.
Содан ба екен сен дегенде дәтім жоқ,
Сен қаламсың, сенсіз жазар хатым жоқ.
Сен жоқ жерде — өзім жоқтай көремін,
Жоқ болуға әзір менің хақым жоқ.
Балапансың дәл өзімнен аумаған,
Бар мінезің, отынменен лаулаған.
Екі-ақ әріп қосып алып атыма
Әрі қарай әсем жүйткіп заулаған.
Әлі сәби қарамастан жасыңа
Өзімдей боп жолдас жидың қасыңа.
Әріп танып алғанында «Папа» деп
Жазып қойдың дәптеріңнің басына.
Сонда менің ескенімді айтсайшы,
Сонда менің бөскенімді айтсайшы.
Бақыт деген теңіз болса шұғыла
Соны менің кешкенімді айтсайшы!
Ашуланып, буырқанған кезімде
Жалғыз шыбын жан көрінбей көзіме,
Сонда менің бір тоқтайтын адамым —
Ғафура деп ант еткенмін өзіңе.
Сен де соны жақсы біліп алғансың,
Ұрыспайсың, тәттілікпен алдайсың,
«Папам менің, менің жақсы папам!» — деп
Өлеңдетіп жүруіңнен танбайсың.
Мен де сәби елігетін елеске,
Ер еді деп алғанымен ел еске,
Сонда мені есіркейтін сен барсың —
Сенің осы асырағаның емес пе!
Бар байлығым сенікі ғой бойымда,
Жыр жазамын тойып ішіп тойында,
Кейде сенсіз жалғызсырап қалам деп,
Кешір мені, жібермесем ойынға.
Ойын сенің серігің ғой, балашым,
Бір серпіліп, мың секіріп қаласың.
Жүз пәтерлі зәулім үйдің қорасын
Сен сағатта бағындырып аласың.
Сен келмей мен төсегіме жатпаймын,
Әкеліктің ақ көңілін баптаймын.
Ғафураға керек болып қалар — деп
Әр қалтама тиын-тебен сақтаймын.
Мақтап кетті әкең сені — көңілі ер,
Өзгелерге, бәлкім, ерсі көрінер,
Әдетім ғой бір шалқысам қоймайтын.
Әдетім ғой түпке дейін төгілер.
«Ну, папа!» — деп қиғаш қарап қалдың ба?
Кешір, қалқам, нашарлығын шалдың да,
Саған дауыл түк қылмайды, балапан,
Таудай болып әкең жүрсе алдында!
Ал, кәнекей, құтты болсын мерекең!
Құй шарапты, бар еді ғой берекең,
Шырағыңдай ұзақ-ұзақ сөнбейтін
Қолына ұстап жүре берсін сені әкең!
САҒЫНАМЫН ДОСТАРДЫ
(ән)
Жетім байғұс — жеке гүл,
Қол батырмас қос терек,
Болмаған соң екі өмір,
Бір өмірге дос керек.
Сағынамын достарды
Сағынғандай күн көзін,
Сағынғандай аспанды
Оның мөлдір күмбезін.
Сағынамын достарды
Сағынғандай көктемді,
Сәукелелі жас талды,
Сағым көшкен бөктерді.
Сағынамын достарды
Көл сағынған бұлақтай,
Сағынамын достарды
Жел сағынған құрақтай.
Сағынамын достарды
Татулық пен бірліктей,
Сағынамын достарды
Мәңгі тәтті тірліктей.
Жетім байғұс — жеке гүл,
Қол батырмас қос терек,
Болмаған соң екі өмір,
Бір өмірге дос керек.
ҚОСТАНАЙМЕН СӨЙЛЕСУ
Мен бір талың жайқалған даландағы,
Қайда жүрсе, сен үшін алаң жаны.
Қойым көп деп мақтанбай, ойым көп, — деп
Сен туралы тебіреніп қалам-дағы.
Алан жаным, болады жаным алаң,
Жүрек атты семсерді жанып алам.
Қолда барға шүкірлік деген рас,
Жалынамын, қолдай жүр, жаным анам!
Отаны едің орнықты сан сабаздың,
Жан түкпірін сен үшін қанша қаздым!
Ақсақалым, әулетім, қабыл ал сен,
Таңнан тұрып өзіңе сәлем жаздым.
Алыстағы бір уыс топырағым — деп,
Ата болып, ақ тілеп отырамын — деп,
Тілсіз айтқан бұйрығын маған жетер
Керек болған күнінде шақырамын, — деп.
Бәрінен де сен күшті ана - батыр,
Саған айтар мұң менен нала жатыр,
Шашы ағарып, шаршауға жолдас болып,
Ғафуың да қартайып бара жатыр.
Кешір мені, кеш, Тобыл, Қостанайым,
Батқан жоқ көктен күнім, бастан айым,
Қайдасыңдар, келіңдер, қайран достар,
Қайдасыңдар кең пейіл жақсы, ағайын!
Адам сәби — туған жер құшағында,
Тайрандадым ботаға ұқсадым да,
Кешір мені, қаз омырау қарындастар,
Көңіл босап, сағынған бұл шағымда!
Дедім-дағы: «еңіреп бас салайын!
Дедім-дағы: қой болмас — ұстанайын!»-
Сол арпалыс жандағы не — дейсің сен?-
Сүйемін ғой, мен сені, Қостанайым!
ОРАЛАЙЫҚ, АҚБОЗ AТ
Оралайық, Ақбоз ат,
Олжамыз аз демейік.
Дем ал сен де, бел босат,
Қоржын басын көрейік!
Жазғы дала жомарт қой –
Болмас онда сөз десу.
Кештік бастан талай той,
Той дегенің — кездесу.
Кездестік біз гүлменен,
Бұлбұлменен, қызбенен.
Киікпенен гулеген,
Аққуменен іздеген.
Жаңбыр тілеп шөлдеген
Қариясымен елдің де.
Көк тоғайда көлбеген
Көне терек көрдің де.
Жылқышымен, әншімен,
Көрдің шапқыш құлынды,
Көктен түскен тамшымен
Көзін жуған сұлуды.
Жеңгемен де, ағамен,
Нағашымен, жиенмен
Айтысыппыз көп олең,
Салтымызбен үйренген.
Бәрі — соның туған жер,
Бәрі — соның елдік қой.
Сау күнінде зырлай бер,
Баяғы бір кеңдік қой —
Кендікпенен жеңдік қой.
САМҒА, ҚАЗАҚСТАНЫМ!
Туған халқым, байғазы бұл да саған,
Шаңырақ — шаттық болғанда,
гүл — босағаң,
Толғау,
арнау — қазақтың өз өлеңі
Домбыра мен қобыздай бір жасаған.
Жаңсақ пікір — ескі деп,
одан қашу,
Арман, тілек, сыр ашу,
жан алмасу,
Мұнда адамның сыйласқан кісілері —
Бәрі бар — құшақтасу,
араласу.
ТОЛҒАУЛАР
ЖЫЛАШАР
Отанның дүрс-дүрс соққан жүрегінен —
Москва,
мәңгі тірек Кремльден,
Куранттар сыңғырының арасынан
Жылдардың сан кіргенін білемін мен.
Ол жылдар жатыр менің қанымда ойнап,
Ағады өмірімді қалың бойлап.
Күмбездей жарқыраған күндері оның
Бақыттың қуаныштың бәріне айғақ.
Ал міне келе жатыр жыл жаңасы,
Оранып жалаулар мен туға басы!
Есімі — мың тоғыз жүз жетпіс алты —
Сықасқан миллион состав сыбағасы.
Бастаушы бесжылдықтың бел тұңғышы,
Сезіліп анадайдан серпін күші,
Сеніммен келеді аттап, әр адымын,
Секілді алған еркін ел тынысы.
Оң сапар!
Маңдайында он саны бар!
Сен оны сергек танып, болсаң ұғар, —
Елу жыл бесжылдықтар туғанына
Толатын тойдың ұлы қарсаңы бар.
Ғажайып келбетіне кескін бұрсаң —
Көзіңе тағы әнекей түсті бір сан!—
Жиырма бес!
Партияның съезі — ол,
Осынау бес жылдықты іске қосқан.
Жол болсын,
мың тоғыз жүз жетпіс алты,
Жалғассын жеңістердің жақсы салты!
Қарсы алды қанатыңнан сүйіп сенің
Қаһарман,
қайратты Отан,
Совет халқы!
КҮН СӨЙЛЕП ТҰР
(Миллиард -1976)
Жолдастар!
Атты міне, таң ғажайып!
Алтын зер шұғыласын тауға жайып.
Сөйлеп тұр күннің өзі бізге қарап
Асықпай ал, тыңдайық,
ал, қарайық!
«Көсілген көк астында Қазақстан,
Сағатың даңқың тағы ғажап ұшқан.
Ояндым кірпігімді желпіп өткен
«Миллиард!» «Миллиард!»
деген зор дауыстан.
Тағы да сен екенсің сермеп алыс,
Таратқан жер бетіне зор қуаныш.
«Бөліскен менің мәңгі қызметімді
Кім бұл?— деп қызып еді қайран намыс.
Тоқтадым,
көзім тоймай кереметке,
Талпынған алтын таулар бәрі көкке.
Жаңғырды жалғыз сенің атыңды айтып,
Құйылып жатты нұрлар жан-жүрекке!
Мен — күнмін,
мен ешкімді мақтамағам,
Мен оны өз бойыма дақ санағам —
Мен едім Көктің ұлы, жер күйеуі —
Табынған тәңірі де,
хақ та маған.
«Ал сен кеп Жер баласы — Қазақстан,
Серіктей абройды қоса алысқан.
Қасыма астығыңды тіреп қойып,
Қалайша жетіп келдің осы алыстан?
Не деген қайсар едің, ер балуаным,
Естіп пе ең Күнге жақын Нан барғанын,
Естіп пе ең аспан асты бидай аңқып,
Күннің де құдіретке таң қалғанын!
Кештім мен мінезіңді артық кеткен,
Күшіңе ризамын шалқып жеткен.
Бар бейбіт,
бар береке қызметіңмен
Күнді де,
уақытты да бақытты еткен!»
Осылай сөйледі күн сол алыстан,
Туған жер,
саған қарап, Қазақстан.
Құшақтап миллиардты үшінші рет
Күнменен күліп барып қол алысқан.
Осынау ұмытпаспыз сәтіңді біз,
Алдыңа алып келді даңқыңды күз.
Құттықтап мың қайтара құшақтаймыз
Шабыттан жаратылған халқыңды біз!
Күнді де әлгі жомарт құттықта сен,
Сыйлаған ашық ауа,
уақытты әсем.
Жинаған жақсы ырысы толқын тасып
Болсын деп тілеген ол мұхитқа тең!
Құттықта барлық бауыр халықты сен,
Құттықта Отан деген алыпты сен.
Құттықта жаны жомарт партияны
Алсын деп аянбаған даңқты сен!
Ардақты анам менің, Қазақстан!
Бақыттың аспанында самғап ұшқан.
Бүгінгі шырқауыңды болжамаған
Сан ғасыр бас қатырып сан данышпан.
Кеудемді қуаныштың селі бұзып,
Құлшынып құлыншақтай желіні үзіп,
Шашылып,
мың бөлек боп кеткендеймін,
Мақтаныш толқынына еріп, жүзіп.
Бұл — шабыт сан жазушы,
сан ақынға
Егерде отың болса қанатында
Өлеңнен ту жасайтын рет біздің
Ел бүгін Ер атанған сағатында!
ҚОЗҒАЛДЫ МИЛЛИАРД АЛАҢМЕН
Жолдастар!
Құтты мына сәт
Қуаныш толған қойынға,
Жалауда жайнап болашақ
Ұлы октябрь тойында,
Сенімен, досым, қара, әне
Жарыңмен, сәби балаңмен
Адымдап бірге барады
Қозғалып Миллиард алаңмен!
Миллиард елдің өз аты,
Миллиард бізбен замандас,
Еңбектің, істің озаты,
Қолыңды соз да, амандас!
Қанатын қақты құс-алаң
Ал қызыл алып тулармен,
Ұрандар әнге ұқсаған,
Дүрілдеп дүрмек думанмен,
Келеді әне шат халық,
Керемет бақыт, жеңіспен.
Алдыңғы қатар аттанып,
Артынша лек-лек келіскен.
Құйылып мынау ел-толқын
Қуаныш атты мұхитқа,
Екпінмен есіп бір жойқын
Шығыпты қайнап жұрт сыртқа.
Шалқымай қайтсын ел бүгін
Мерейі үстем шақта бұл,
Көрсетті ғажап ерлігін
Елу тоғызыншы Октябрь!
Миллиард және жүз сексен
Миллион деген сан мынау,
Ырысын елдің сол шешкен,
Тарихи самғау — бұл самғау!
Туған жер — Қазақстаным,
Октябрь күнгі сәлемің
Дабысы осы ұшқан күн,
Аспанында әлемнің!
Не деген мынау бақытты
Павлодар туған трактор,
Келеді сүйреп уақытты,
Маңдайында Миллиард тұр!
Дүрілде, жаңғыр, зор алаң,
Салтанатпенен сап өткіз,
Өркенде, ер жет, жаңадан
Қаһарман ұл мен өжет қыз!
Мінекей жайнап басты алға,
Жетпіс алтыншы жылғы батырлар
Есімін жазып аспанға
Салюттар көкте шатырлар.
Астықтың исі аңқыған
Ардагерлерменен таныстық,
Маңдайлар жіпсіп балқыған
Қойнында қос-қос нан ыстық!
Сары алтын масақ желбіреп
Келеді күнмен нұр қосып,
Бойынан маржан мөлдіреп
Келеді дала, қыр көшіп.
Ғаламат алып Республика
Сығылып сыймай алаңға,
Қаптайды шығып бу сыртқа,
Еседі лебі саған да,
Қуаныш атты көгершін
Сартылдап ұшып кеудеден,
Астана қала төбесін
Қалықтап қанат сермеген!
Күмбір де күмбір күй мен ән,
Күмістер жолға шашылған,
Ақындар асқақ жырлаған.
Арқаға сәби асылған,
Трибуна мынау — мың саусақ
Дамылсыз тұрған қозғалып,
Жан-жағын биік ту қоршап,
Ауаны ұран, сөз жарып.
Пай-пай ғажап салтанат,
Шайқалып мынау дүбірмен,
Қолтыққа байлап қос қанат,
Алаңнан сөйлеп тұрмын мен.
Ақынға бұдан, сірә да.
Бақыт та артық бола ма!
Миллиард туған бұл дала
Айтады алғыс қоғамға,
Айтады алғыс Лениннің
Партиясына данышпан.
Бақытын ашқан жерімнің,
Асырған атын ғарыштан!
Сәлем де сәлем — мың сәлем,
Москва, ардақ Кремльге!
Әперген аброй мұнша кең
Советтің байтақ ұлы еліне!
Октябрь қанат қағады
Жарысып бүгінгі адаммен,
Қуаныш жүрек жарады,
Жаңғырып көңіл жаңа әнмен.
Жазылып тарих тарауы
Басында қызыл жалаумен,
Миллиард өтіп барады
Алматыдағы алаңмен.
РЕСПУБЛИКА КОММУНИСТЕРІНЕ
(Жаңа жылды құттықтау)
Жолдастар!
Сендер десе, тебіренем мен,
Бар Шабыт, кеудемдегі бар өлеңмен,
Аяулы Республика абройын
Көтерген азаматтық ар, беделмен.
Қанша жыл қақаған қыс, сары аязда,
Кешіккен қиын көктем, құрғақ жазда,
Қайысып қаһармандық еңбек етіп,
Сеніммен сенің төккен терің аз ба!
Ғажайып сенің жолың аңызға бай,
Өзіңді жалаң сөзбен уағыздамай,
Қарайсың миллиардтың ішінен сен
Айтқанда тілге жеңіл, ауызға оңай!
Екі сөз: «Бір қап», деген,
«Миллиард» — деген
Арасын ойлап көрем, толғап көрем,
Ақылға сыймайтұғын алапат жол,
Мұндайлық қай тарихта болмақ көлем!
Мұндайлық қай тарихта Қазақстан
Даңқтың аспанында қашан ұшқан?!
Осынау жатты-ау күнің жарқырайтын
Кешегі от-жалында қасарысқан
Жоқ еді жол саған да, жол маған да,
Кешегі Ұлы жеңіс болмағанда,
Дәл бұлай дән туар деп кім ойлаған
Бөккен жер қасиетті сонда қанға!
Иә, біздің ғажап тарих сыймас жырға,
Айтпасаң жайып тастап бір ғасырға.
Сондықтан оны шапшаң дәнмен жаздық,
Қазақтың даласына, жазық қырға!
Өлеңнің аппақ-аппақ шумағындай.
Далаға қала орнатып нулары бай.
Өркендеп, өз ішінде өсіп, бойлап,
Он рет Қазақстан туғанындай.
Бұл тұлға мынау тұрпат,мұндай кескін —
Көркіне таңдай қақпай тұрмайды ешкім!
Халықтың от-жігерін шебер баққан
Партия, қайраты бұл коммунистің
Жаңа жыл туар сәтті тұста мына,
Тағы зор кірісерде іс қамына,
Жолдаймын жолдас тілек сәлемімді
Республика коммунистер штабына!
Тұрғам жоқ бос дәріптеп, төгіп өлең,
Жаралғам коммунистер тегінен мен.
Жетсе де Қазақстан қай биікке,
Қашанда сол биіктен сені көрем.
Ол менің коммунистік мақтанышым,
Ақындық ақ шабытым, аппақ ісім,
Мен емес, мақтанады туған дала
Ұлдарды елім дейтін тапқан үшін.
Жазушы ерлік күннің зор дастанын
Нұсқаушы болашақтың алда асқарын,
Жаңа жыл құтты болсын, коммунизм
Жолында күресі бір, жолдастар
СӘЛЕМ САҒАН, ЖАС ҚАЙРАТ!
Мен саған бүгін сөз арнап,
Келді бір кезек тіл қатқым.
Жылдардың сыры қозғалмақ,
Қозғалмақ сыры ұрпақтың.
1
... Біз он беске жеткенде,
Аспанның жартысы өрт еді.
Жер қайғыға бөккенде,
Бақыттың сынды желкені.
Жас пенен шаңнан ауырлап,
Майысқан мойыл кірпіктер.
Шүйілген жерге сауылдап
Қап-қара қанат бүркіттер.
Ол бүркіт — ажал өзі еді,
Аспаннан төмен төгілген.
Өртеніп содан өзегі
Көбесі жердің сөгілген.
Жарқылдап сонда жас қайрат
Өмірдің сөйлеп атынан.
Көзбе-көз отқа бел байлап,
Ажалға қарсы атылған.
Кошевой, Зоя, Әлия —
Кетпейді менің есімнен.
Асыл ғой біздің Ел-ұя,
Соларды баптап өсірген.
Өмірдің қыраны еді олар,
Жастықтың бір әні еді олар.
Намыстың ұраны еді олар,
Жеңістің құралы еді олар.
Даңқтың аппақ құстары
Ғажап ед қаптап ұшқаны,
Ғажап ед аттаныстары –
Отанның мақтаныштары!
2
Одан соң жатты бір ұрпақ
Далаға тігіп қостарын.
Ұйтқыды боран, қар бұрқап.
Ақ қырау басып қастарын.
Егесті дала ежелден
Етегін еркін жимаған.
Мұз найзасын кезенген,
Мұң азасын сыйлаған.
Ақ мылтық-боран ішінде
Ал қызыл оттар самсаған.
Жан түсінбес күшіне,
Жан-жағы түгел жамсаған.
Қан көрінбес төгілген
Тән көрінбес бөлінген,
Сипап, бәрін тегістеп,
Кетер қырсық қолымен.
Сол дүлейдің алдынан
Тағы шықтың, жас қайрат!
Қару ұстап жалыннан
Қапылысқа бас байлап.
Қақтың қазық қос қолдап,
Ол — өмірдің қазығы еді.
Туды қырман аспандап,
Ол — дәуірдің азығы еді!
Қала туды ақ шынар,
Бала туды жақсылар,
Жұмыр жерде дәл сендей
Егін еккен жоқ шығар,
Өмір еккен жоқ шығар,
Жастық еккен жоқ шығар,
Достық еккен жоқ шығар!
3
Заманның құрлысына,— деп,
Ғасырдың ұлы ісі — мына,— деп.
Тағы бір ұрпақ самғады,
Жорыққа сонау БАМ-дағы.
Орман да орман — қара орман
Орман да орман — көк орман,
Көз ашырмас бораннан
Жан болмайтын оралған —
Тайга деген анаңнан,
Байкал деген бабаңнан,
Бір ғаламат жол шықты —
Шығысқа қарай шұбалған.
Аспанменен тірескен
Ағаштары тік өскен,
«Ит тұмсығы өтпеген»,
Мұртын ешкім кертпеген,
Түгін ешкім жыртпаған,
Шетіне ешкім шықпаған,
Ай үстінен қарасаң
Ал қара көк жасылдай,
Бір ғажайып орасан
Планетаның шашындай —
Сол жынысың тайга еді,
Байтақ Отан бай жері.
Сәлем саған, жас қайрат,
Бастаған соған шабуыл.
Орманды қиып, тас шайнап,
Дарияны кесіп тағы бір,
Адамның миы жасаған
Ғаламат машиналармен,
Тауларды қылғып асаған
Айдаһар тектес арамен,
Толағай тектес білекпен
Рельсті басқа көтерген,
Матросов, Сұлтан жүрекпен
Алапаттың аузына
Лақтырылған төтеннен.
Сенсің ғажап қаһарман
Ел мақтаны — комсомол!
Даңқыңды биік апарған
Жазылды дастан қанша мол!
Даланың төсін қаптатып
Нөсердей жауған қой анау!
Жағалай қазық, ноқта түп,
Көгенге толған көк жазық
Алтай менен Атырау!
Бәрінде сенсің жүлдегер
Жарқылдап, жайнап жүрген ер,
Мақтанам саған, замандас,
Толқын да толқын жас ұрпақ!
Ерлікпен күнде амандас,
Бақытқа қадам бас, ұрпақ!
Жеңімпаз қоғамға ұқсайтын
Әмәнда дамитын да — сен,
Қайратты нағыз жұмсайтын
Заманды танитын да сен —
Ең ғажайып қаһарман —
Адамзат тарихында да — сен!
Сәлем саған, жас қайрат!
ЖЕҢІСТІҢ ФИЛОСОФИЯСЫ
Майданда қайтыс болған жалғыз ағам —
Әбдікәрім Қайырбекұлы Сәрсембаевқа
1
Есімде — бес өріп сөз — соғыс атты,
Ұмытпан ес аманда со бір шақты.
Барым мен бақытымды бала күнгі
Жұлып ап,
жалғыз сәтте қан қақсатты.
Жібек жал құлыншақ ем шапқылаған,
Көсіліп көз алдымда жатты далам.
Ақ аспан «а» дегенше қап-қара боп,
Тал түсте нажағайын атты маған.
Мен жаттым мерт боп дала омырауында
Үзіліп түсті жерге қоңырауым да,
Естілді анам даусы тым алыстан
Өрт шалған бір ойпаттың қойнауында.
Үйірім,
қайда менің жолдастарым?
Мен неге сендерменен жалғаспадым?—
Қос сұрақ қос шырақта қалды қатып,
Білмедім қан басқанын,
шақ басқанын.
Барғанда дауыл айдап жар басына,
Болмады тұяқ тірегі қалмасыма,
Ат болып шыға келдім жас құлыншақ
Жегілген ауыр тұрмыс арбасына.
2
Есімде бес әріп сөз — жеңіс деген.
У бар ма сол сөз үшін мен ішпеген.
Қан бар ма сол сөз үшін тегіспеген! —
Жас бар ма сол сөз үшін төгіспеген!
Айқайы қуаныштың кеуде жарып,
Қалып ек сол айқайдан естен танып,
Үстінде туған жердің аунай бердік.
Жараны жапырақпен жауып, таңып.
Аңқыған темір исі, түтін дәмі,—
Тоғысты нанның исі, сүттің дәмі.
Тоғысты көктем исі, жаздың лебі
Адамның «жеңіс» деген шықты да әні.
Адамның «жеңіс» деген күйі дарып
Күн нұрын бізге текті жиып алып,
Боз қырда шапқылады аман ұрпақ
Әкенің пилоткасын киіп алып.
Әсем жыл шыға келді арада аттап.
Оралды басымызға махаббат, бақ.
Әр үйде туып жатты сәби өмір —
Есімі «Жеңіс» деген бала қаптап.
3
Отыз жыл қанды майдан жол баспадық,
Отыз жыл ортақ бақыт қолға ұстадық,
Жеңістің дәл өзіндей құдіретті
«Жеңістер» отыр кәзір ел басқарып.
Ойласаң, бойласаң бір пәлсапаға,
Айналар деген осы сан сапаға,
Жеңістің ұрпақтары кетеді әлі
Қажымай қанша буын, қанша атаға.
Жеткенше ақ жолына ағалықтың,
Қаншама қайғыны ұқтым, наланы ұқтым,
Бас жағын жастық шақтың бейнет жұтып,
Көйлегі отқа кетті балалықтың.
Жасырман жараланғыш мінезімді,
Жоғалтқам жалғыз аға — бір кезімді,
Балама: «сен, ағама ұқсайсың!» - деп,
Мәз қылам, жұбатамын және өзімді.
Қой, көңіл! Ұшшы биік қайта самғап.
Жеңістің үлесі бар менен алмақ.
Сол еді аман еткен, ақын еткен
Жүрсін — деп, атымды атап өлең арнап.
АҚЫН СОЛДАТТАР
Арғы араб, фарсы мен Рим, грек,
Шыңғыс, Батый, Темірден берегірек
Наполеон жүргізген соғыстардан
Көздің жасын тауысқан жер еңіреп.
Бірақ соның бәрінен асқан айқас
Біткеніне отыз жыл, ақ самай шаш
Ортамызда ағалар отыр бүгін
Көз көргенін жеткізіп ауыз айтпас.
Тек орденге сірескен омыраулар,
Секілді бір ыс басқан қоңыраулар,
Күмбірлейді, үздіксіз күмбірлейді
Дегендей боп «ерліктің жолын аңғар!»
Қаншалықты болғанын бұл сұрапыл
Айта алмайсын қиял мен жұмсап ақыл,
Еш тарихтан таппайсың еш соғысты
Мылтық ұстап аттанған мұншама ақын!
«Бүкіл елдің бұлбұлы қатынасқан
Өрт болды деп жазып ед қайсы дастан?»
Жоқ, жазбаған, жас ұрпақ, содан-ақ біл.
Ғажап майдан жоқтығын бұдан асқан.
Отыр әне, көзі мен қолы жоқтар,
Қабырғасыз қайсарлар, қос балдақтар,
Алпыс асқан, алпысқа аяқ басқан
Сондағы жас, бүгінгі қарт солдаттар.
Иә, бұл жеңіс қымбаттың қымбатындай
Өлең ғана мәңгілік жырлайтындай,
Жер бетінің алтынын жинасаң да
Жалғыз әрпін жазуға тұрмайтындай.
Бір сұрақ бар, жас ұрпақ, ойлап бақшы!
Кәзір бізде жыл жақсы, күндер жақсы,
Ақын елдің ерлігін шықты жазып,
Ақындардың ерлігін кім жазбақшы!
О, бауырлар, солдаттар, ардагерлер!
Аман-есен апаттан қалған ерлер.
Жаралы құстар, бұлбұлдар, жақсы
ақындар,
Шанды жолдар, қанды окоп, қайқаң белдер.
Біз сендерді көтеріп қолға бүгін,
Ордендердің жаңғыртып қоңырау үнін,
Төбемізге шырқатып лақтырамыз,
Көтергендер соғыстың тонна жүгін.
Қуаныштың тауларын қозға бүгін,
Жеңіп алған бақытың, өз дәуірің.
Отыз рет «жеңіс» деп, айқай салып
Отыз рет қолыңды соз, бауырым
ТОҒЫЗБҰЛАҚ АҢЫЗЫ
Социалистік Еңбек Ері,
КПСС XXV съезінің делегаты
Жолсейіт Молдасановқа
«Қашаннан таудың көркі бұлағымен,
Қашаннан үйдің көркі шырағымен.
Қашаннан әйел көркі — дәм-тұзымен
Қашаннан ердің көркі ұранымен.»
Осылай Тоғызбұлақ аңыз бастап
Жөнелді көріскенде әуел баста-ақ.
Қазақтың бұлағы да айтқыр шешен
Кезінде елдің жомарт, көңілі асқақ.
—Көсілер аса жүйрік тер шыққанда,
Жазылар жаралы жан шер шыққанда.
Ашылар жер бақыты аспандай боп
Қасиетті топырағында ер шыққанда.
Жер едім Тоғызбұлақ жарыса аққан
Мекені ата-баба әлмисақтан,
Батырлар басыма кеп ат суарып,
Жорықтан оралғанда тыныс тапқан.
—Па, шіркін,
жердің де бір дұрысы екен,
Басы құт, аяқ жағы ырыс екен.
Ел тату — сүттей ұйып, балдай балқып,
Жағалай құшақтасқан туыс екен!
Сөзінің сөйлегенде жалғаны жоқ
Жау келсе ат ерттемей қалғаны жоқ.
Осындай отау тігер мекені үшін
Қан төккен батырлардың арманы жоқ! —
Десіпті ескі күннің ерлері асыл,
Жаз болса еркін жайлау — кеудем жасыл.
Төрт түлік түгел есіп, төрімде ойнап,
Алатау қойнауында салған асыр.
Кегеннің келісті бір белесімін,
Жеті құт жердің сұлтан, төресімін.
Айтсам да жетіп жатыр бір аңызға
Бүгінгі менен туған ер есімін.
Жолсейіт туған бала Молдасаннан
Баққанға бітер деген мал қашаннан.
Жатпастан тағдыр таңдап, көп ойланып,
Қайратын қара бейнет қойға салған.
Еңбектің қол таңдамас қолайлысын,
Жұмсауға жанға жайлы оңай күшін
Бір іске көңіл сүйген кіріскенде,
Жалтақтап жан-жағыңа қараймысың?
Қой қаптап Жолсейіттің таяғынан,
Келеді керуен жыл баяғыдан.
Жөңкілген қисабы жоқ ақ толқындай
Алатау басы менен аяғынан.
Бала еді көпті сүйген, көпке көнген,
Өргізген ақ қошақан көк көгеннен.
Сол кәсіп өскенде де өрге басып,
Жақсы ырым жалғасқанда кете берген.
Жаралған адал еңбек құрсағынан,
Көзі бар күн сарылған, түн сарылған.
«Деместен анау сөйтті, мынау бүйтті» —
Алтындай айрылмаған бір сабырдан.
Қызыл от, аппақ уыз, қара қостан,
Жан еді ол қайтсе де бір қайыр тосқан.
Жүрегі үйренбеген әдеттеніп,
Дәметіп әзір құрмет, дайын достан.
Жақсыға бірақ үйір, жақын жаны,
Жарасқан үйде күйі, шатырда әні.
О, қайран қасиетіңе не жетеді
Еңбектің қарапайым батырлары!
Жетіспес жапа-жалғыз елге шебер
Батырға жары сай боп келмесе егер.
«Ұлдар» деп атын қойған көпке балап
Бір серік тағдыр аяп бермесе егер.
Отырса он бір перзент анасы боп,
Болмасқа оның батыр шамасы жоқ.
Өрбіген өнерлі ұрпақ өрге шауып,
Солардың келеді өсіп панасы боп.
Жұлдыздар қос кеудеде жарқылдаған,
Бақытта бұлақ болар сарқылмаған.
Жолсейіт қос съезге делегат боп,
Дауысы трибунада саңқылдаған.
Естіген елдің бәрі көңілі өсіп,
Мақтанар сол қызықты көрдім десіп.
Мақтанар тау жаңғырып, бұлақ тулап
Жеткізер жер түбіне жел гулесіп.
Кегеннің алтын айдар абройы —
Жол бермес Жолсейттің қалың қойы.
Жазбас па сондай ерді жарқылдатып
Жарқ еткен найзағайдай ақын ойы.
— Деп маған бір қарады Тоғызбұлақ.
Тұрғанда аңызына салып құлақ.
Жөнелді сол мезетте бір ақ толқын
Кеудемнің биігінен ағып құлап.
Қойындай Жолсейіттің ызғындаған,
Ұстатты қалың шабыт тізгін маған.
Қамшы ма ат сауырын қыздырмаған,
Аңшы ма қан сонарда із қумаған.
Жырлармын ерлігіңе қол артып мен,
Әзірге тауыспастан көп айтып мен.
Алғашқы сәлемімдей осы өлеңді
Қабыл ал, Жолсейітім, жомарттықпен.
СЫРДАРИЯМЕН СЫРЛАСУ
Ассалаумағалайкум, Сыр данышпан,
Тағы да тарттың мені ту алыстан,
Шарт етіп шаңқай түсте сені тапты
Кеудемнен сағыныш толқын зулап ұшқан.
Мен сенің балаң едім сан жырлаған,
Саянда ашық даусым саңғырлаған.
Шабыттың шаңырағы деп сені атады
Өлеңді сыйлағанда тағдыр маған.
Келемін содан сені құдірет-айлап
Басыңа жалын жырдан жалау байлап.
Шаңдатып той төбенде, шамырқантып
Шапқанда шаршы топта алақайлап.
Қуанып құла толқынды аспанға атып,
Тебіреніп, терең көзден жас парлатып,
Ашқанда құшағыңды,
«нәсілің» деп,
Кетуші ем судай сіңіп, тастай батып.
Содан соң бер жағынды, ар жағынды
Құлаштап, сүзуші едім маржаныңды.
Көзінен сол маржанның көруші едім.
Тереңде жатқан сенің аруағыңды.
Ол — аруақ сен тудырған өңшең алып,
Ақындар тірі түгіл,
өлсе жарық.
Тянь-Шаньнің тәкаппары саған тартқан,
Көрмеген өлшеп тасып, өлшеп ағып.
Жасаған данышпан жыр, дана күймен
Сонау бір Досбол шешен, Балабиден
Басталған асыл жырдың керуені
Армансыз қазынасын саған үйген.
Қос Жүсіп, Балқыбазар, Бұдабайдан
Әубәкір және қалмас бұл айғайдан,
Омары Шораяқтың шайқалғанда
Дейтіндей келіп қалды құдай қайдан.
Аспанға ақиықтай қатар ұшқан
Шақырып бір-бірінің аты алыстан,
Шебердей өрнек тоқып, тізелесіп
Өлеңмен қысы-жазы хат алысқан.
Ғұлама бір көтеріп алса басын
Аспанмен алғыр ойы тайталасып,
Еңкейіп әсте жерге қарамаған,
Қабылдап Әл Фараби ақ батасын.
Демекші Әл Фараби бұл да сенің
Бір балаң — сен онымен сырлас едің.
Қыпшақтың қызыл қоржын жолаушысы
Жеткізген қасиетіңді Мысырға сенің.
Жеткізген қадіріңді әлемге сенің,
Әлеммен сол арқылы сәлемдес едің.
Сіңірген еңбегің көп ғылымға сенің,
Еңбегің таусылмайды ғұмырға сенің.
ҚОС ИНСТИТУТ
АБАЙДЫҢ ҚазПИ-і
Қарт ҚазПИ, мен айналдым есіміңнен
Сонау бір алыс қалған ескі күннен,
Мынау бір кешіп тұрған сәтке дейін
Еркелеп еніп келем есігіңнен.
Сен менің екі үйімнің біріндейсің,
Уақытта кешегі емес, бүгіндейсің.
Алдыңнан абайсызда өте шықсам —
Ей, бала, бері қарай бұрыл, — дейсің.
Жалма-жан өз-өзімнен қысылам да,
Басып кеп аяғымның ұшынан да,
Басымнан сол қолыммен бөркімді алып
«Кеш» деймін, оң қолымды ұсынам да.
Сонда сен Қажым болып, Мәлік болып,
Қуанып, сәлемімді алып болып,
«Ойпыр-ай, сен де есейіп қалыпсың!» — деп
Тұрасың мән-жайыма қанып болып.
Сол кезде жез қоңырау саңғыр етіп,
Қалғанда еніп ішке, бәрі кетіп,
Біле алмай кірерімді, кірмесімді
Жүрем мен бері де өтіп, әрі де өтіп.
Тұрамын аңтарылып есікке кеп,
Боласың сонда мені есіркемек,
«Бүгінше үйіңе бар, дем ала ғой,
Сабаққа ертең бірақ кешікпе», — деп.
Күлімдеп қарайсың сен ұзатып сап,
О, қиял, о, тәтті арман,
о, жастық шақ,
Осылай қимастықпен жібермейсің
Қаншама қартаюға біз асықсақ.
Алдыңа тағы келдім қарт ҚазПИ-ім,
Мен бе екем саған жырдан
тартпас сыйын?
Баяғы жақсы оқушы — стипендиат,
Баяғы жарқыраған жап-жас күйім!
Баяғы аппақ ару, қолаң шашты,
Жас ақын тағы бүгін алып қашты!
Ол — менің Саған деген махаббатым
Бұлақтай қайнап шыққан жарып тасты!
ҚАЗАҚТЫҢ МAЛ-ДӘРІГЕРЛІК ИНСТИТУТЫ
Сенде менің сан құрдасым оқыған,
Талай інім, қарындасым оқыған —
Сенің қазір жалыныңды көремін
Бүкіл қазақ ауылдастың отынан.
Жаңа маман жан-жағыма қарасам,
Бәрі туыс, жаңа тұрмыс, жаңа сән.
Ауыл менен азаматтықты қосуға
Сенің еткен еңбегің бар орасан!
Сенің төрт жыл қысың менен жазың бар,
Құлағында жаңғырыққан сазың бар,
Жүрегінде «ұстаз» деген сөзің бар,
Кеудесінде «зоовет» деген жазу бар.
Сенің орның, сенің бейнең тым ыстық,
Жатыр сенде ажырамас туыстық,
Жатыр сенде ескірмейтін бір дәстүр —
Ол кісілік, ол адамдық, дұрыстық.
Қадір білу, сыйластық, пен жомарттық,
Жақсы көру, жан аяспау, қол артып —
Қасиет те қалмас еді біздерде
Алсаң оны оп-оңай-ақ жоғалтып.
Сол дәстүрді созады деп сенем мен,
Сол баяғы аброймен, беделмен,
Азаматтардың бүтін тұрған жері — деп
Саған келсем, зор сезіммен келем мен.
Сәтті күні әрбір апта, әр айдың
Көшесімен жүре қалсам Абайдың
Қақпасына осынау бір сары үйдің
Жақсы үмітпен жалтақ-жалтақ қараймын.
АРНАУЛАР
ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВ
«Тоқсан тоғыз жыл жасап Жамбыл
өткен», —
Әлем соған таң қалып әңгіме еткен.
Тоқсан жылдай аулына белгілі боп,
Тоғыз жылда дүниені дүбірлеткен.
Тоғыз жылдай тынбастан бақыт тасты,
Шашты Жамбыл маржанды, анық тасты,
Ағайынның бәрі де аң-таң қалып,
Көзін жұмып, аңқитып аузын ашты.
«Не құдірет Жамбылды бұлай еткен
Кеше жүрген көшеде көк есекпен?»
Деген сұрақ жаңбырша жауды келіп,
Араласып аңызбен, қауесетпен.
Оны әзірге тыңдамай Жамбыл бірақ,
Домбырасын қаттырақ алды бұрап,
Омырауын самалға төсеп тастап,
Ақты дейсің бейне бір мәңгі бұлақ.
Ақын кетті ал содан тоқтау білмей,
Тоздырған жыл топшысын топқа кірмей,
Көтерді оны заманның мықты қолы
Көтерді оны құдірет Октябрьдей.
Сол кеткеннен әлемді шықты айналып,
Оның жыры ауаны оқтай жарып,
Адамдардың сүңгіді кеудесіне
Сатырлатып алақан соқты-ай халық.
Сонда Жамбыл манағы сұраққа бір,
Келді оралып:
«Ал жұртым, біраз сабыр!
Сен сұрасаң айтайын — жай Жамбылды
Асыл Жамбыл жасаған Ұлы Октябрь!
Нанбайсың ба? Нанбасаң — айып көрмен,
Айдың аты Октябрь — халық білген,
Сол айды да көтеріп, Ленин өзі
Жаңа заман есімін алып берген.
Мен немене, бір Жамбыл оған, тегі!
«Аз шыдай тұр, мен саған соғам! — деді.
Мен соқпасам, бәрі бір біз жасаған
Соғар саған ғажайып қоғам!» — деді.
Келді айтқаны, ұзамай ұшырастым,
Шыңдарынан Алатау ұшып астым,
Шырқ үйіріп әкетті ақыныңды
Бақыт деген бір палуан күші басым!
Жауабым сол. Советтің халқына аға,
Рахмет Лениндік партияға,
Өле-өлгенше жырлаймын соның ісін.
Қайта қонып қасиетті қарт ұяма.
Өсиетім сол, сырым сол — білгейсіңдер,
Көкке жетер көтерсе жыр — дейсіндер,
Ақындарды қадірлеп ұстайтұғын
Заман заңын ұмытпай жүргейсіңдер!»
Ол жауапты естіген жамағат көп,
Не бір сөздің сарайын аралап кеп,
Мен ойланам осы күн — сонда берген
Сол Жамбылдың жауабы жауап-ақ! — деп.
САПАРҒАЛИ БЕГАЛИН
Сапеке!
Сапарғали, атың Сапар,
Жылдарды бастан кештің сексен қатар.
Өзіндей болсын мықты бір жолаушы,
Тірліктің аспай-саспай дәмін татар.
Халқымның әрі атайы, әрі ағайы,
Тұрмыстың әрі кедей, әрі байы,
Бойынан бұтақ өрбіп,
жапырақ шашқан
Семейдің сексен бунақ қарағайы.
Жыр жазып жатыр қазақ атыңа арнап,
Өмірдің алдын болжап, артын барлап,
Бақытты балықтай-ақ аулап өстің
Ертіске түскен жайнап алтын қармақ.
Болады кемшілігің, олқың қалай,
Жүзінде ойнап отыр толқын арай.
Серкелік, еркелікпен жетіп келдің
Сексенге селкілдемей, солқылдамай.
Әлді әкем, күшті жолдас, мықты досым,
Талай топ, шаңырағымнан шықты қосын,
Солардың нар басындай, ақсақалым,
Сексенің дәл бүгінгі құтты болсын!
Сен — аспан, алдың — сәуле, артық ашық,
Иықтан кемпірқосақ жатсын асып,
Ғабең мен Ғабекендей інілерің
Тойыңда табақ тартсын шапқыласып.
Көп жаса, байсал ақыл, балуаным,
Өз жаным, өз жүрегім, өзім қаным —
Сексеннің сексеуілдей шоғы — деп біл
Азырақ өлең жазып, қызынғаным!
ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ
Қуаныш жан толқытпай жай шыға ма,
Жұлдыз бар мақташыда, қойшыда да,
Ойпыр-ай, сен алғаның бақыт болды-ау
Қазақтың қадірлі ұлы, ойшыл аға!
«Шүйінші, шүйінші! — деп тоқталмай-ақ
Сол күні жүгірумен көп талды аяқ.
Мен-дағы омырауьмды сипай берем
Жап-жаңа өзіме әкеп таққандай-ақ!
Халықтың сонда көрдім бір тасқанын,
Көңілдің аршып алды жұрт аспанын.
Ішінен көп жұлдыздың көзі талып,
Сағынып бір жұлдызды көп тосқанын.
Тағылар талай жұлдыз өнер етсе,
Болмайық отты қуған көбелекше!
Қазақтың талантының тарихында
Бауырлар, бұл жұлдыздың жөні ерекше!
Зор еңбек, ақ махаббат елге деген,
(Ел үшін еңіреп тумас ер ме деген)
Адамдық, азаматтық, кісіліктің
Жолында жанын қимас мен бе деген!
Бір ағаң шықты туы биік ойнап,
Кеудеде қанағаттың күйі қайнап,
Жүректе рахмет оты жанып, лаулап —
Өзіндей әділеттің жұлдыз жайнап.
Тұр әне жарасымы, орны бөлек,
Жөнім бар бір кемісім толды-ау демек.
Еліңді сүю үшін жүрек керек,
Жұлдызды тағу үшін омырау керек!
ӘЛКЕЙ МAPҒҰЛAН
...Даланы шарлаған, тау барған,
Қырлардың қыртысын аударған.
Қираған құмыраға жұққан шаңдардан
Өлген қалалар сырын аңғарған
Археолог — Әлкей Марғұлан.
Қос күмбез, төрт құлақ тамдардан,
Сусыз бос қалған аңғардан,
Құлағы тас болған шалдардан
Шым-шымдап шындықты зорға алған
Тарихшы — Әлкей Марғұлан.
Таңбалы жартастың жарынан
Қынаның бояуы қарыған,
Орхон жазуын таныған
Асқан зеректік дарыған
Филолог — Әлкей Марғұлан.
Салтанат, салқар көш сабылған,
Салт-сана, сәукеле салынған,
Сан ғасыр күй тартқан, салып ән
Хабардар қазақтың заңынан —
Этнограф — Әлкей Марғұлан.
Жолынан жұмбақ, тылсым табылған
Ашпа, шешпе, — деп, олар жалынған,
Белгісіз мекендер — ат, айдар тағынған,
Радлов, Потанин таныған
Географ — Әлкей Марғұлан!
Жаңаға жақын жоқ әм бұдан,
Сөз айтса, жұртты естен тандырған.
Кеңес-сұхбаттың бағын жандырған
Шежіре - шешен Марғұлан.
Дауысын тарих шаңы қарыған,
Сонау әлем шарлаған шағынан,
Жылдардың жүйткіп жалынан,
Жетпіске киіктей қарғыған
Марқасқа маңғаз — Марғұлан.
Маңдайдың көлеңке жүрмес маңынан,
Оқымыс екенін ел айтпай таныған,
Қазақтың қалың қауымынан
Құттықтау сәлемін қабыл ал,
Академик — Әлкей Марғұлан!
МАРИЯМ ХАКІМЖАНОВА
Сатайдағы кеш
Басы жоқ, аяғы жоқ бір ән қозғап,
Басылды кешке қарай боран боздап.
Мұз қатқан маңдайына машиналар
Көз жазып бір-бірінен қала жаздап.
Табысқан өкірісіп бауырлардай
Сатайға келіп жетті салып айғай.
Шұнақ күн шашыраған шашағы жоқ
Томпайып өгіз қарын сары майдай.
Жалт етіп көрінді де, қош айтысты,
Ауылды алагеуім қоршай түсті.
Біз кірдік ел шетіне сықыр-сықыр
Салтанат бұдан артық болсай күшті!
Жүгірді ел ана жақтан, мына жақтан
Малдарын кешке жақын жайлап жатқан,
Қаптады қара шапан қалың кемпір
Тастай сап шайларын да қайнап жатқан.
«Мариям! Мариям да Мариям — деп,
Келгені Мариямның бір мейрам — деп,
Жыласып, құшақтасып азан-қазан
Бір шетте тұрып қалдық біз қайран боп.
Жаңғырған: «мынау-анау, анау-мынау!»
Ғажап-ай, Ұмытпапсың, таныдың-ау!» —
Қалбаңдап «құрдасжан!» — деп, сүйіп
жатыр
Сақалға қатқан біреу қалың қырау!
Клубтың алды болды опыр-топыр,
Агроном, комбайншы, әкім, шопыр,—
Самсаған сауыншы әйел, күзетші шал
Толастап басылмайды қалың нөпір.
Клубта кірмеген соң әзір адам,
Зал екен қырау басқан, азынаған,
Күмп бердік қара толқын секілденіп,
Сол бетпен бала күліп, шал жылаған.
Болар ма көздері өткір бәрі мұндай,
Қадалған прожектор жарығындай,
Ескі көз жаңа көзбен шағылысты
Жұлдыздың аспандағы қалыңындай.
Жап-жаңа бетті қарып, ызғар құсқан
Қазандай қайнады үй будан ұшқан.
Жұтқандай сағыныштың бал шарабын
Бүкіл зал мас боп отыр қуаныштан.
Сөйледі дейсің сонда Мариям ақын
Жайып сап жалпақ жұртқа жан қанатын.
Жүгірген жалаңаяқ желмен ойнап,
Тізбектеп жердің атын, көлдің атын.
Түгендеп құрбыларын, құрдастарын
Қаз-қатар қара орманда ән қосқанын,
Сол кезде екі-үш кемпір, бір-екі шал
Қояды жеңмен сүртіп көз жастарын.
Сөз бітіп, өлеңге де кезек келді,
Тыңдадық бұлбұл көмей перзенттерді.
Әкелген облыс пен аудан жақтан
Әншілер көмей қозғап, өзек керді.
Содан соң соғылды қол сол қанаттан
Қос кемпір көтерілді шәлі тартқан,
Шапанды, шәліні де атып ұрып
Лақтырды дейсің әнді шаңырақтан.
Баяғы «Үкілім-ай», «Бөріктім-ай»,
«Айдарлым», «Ерке бала», «Көріктім-ай»,
Қосылып ән салатын екеу — екеу,
Қайдасың, қайран құрбым, зеріктім-ай!»
Содан соң тағы-тағы, тағы-тағы,
Мынау жұрт әннің селін ағытады.
Барады зал теңіз боп, толқын өріп,
Орман боп, жеміс төгіп әр бұтағы!
Далаға төгілді жұрт бір заманда,
Болмайтын ән-күй шашу жинағанға,
Халық-сел мынау залға қайдан сыйсын,
Әр адам өзіне өзі сыймағанда!
Би кетті, енді сыртта саңқылдап ән,
От-сәуле өкшелерден жарқылдаған,
О, ғажап, солардың да ішінде жүр
Кебіс пен байпақты етік сартылдаған.
«Ойпыр-ой, кім көріпті ел мұңдайын,
Тамызған таңдайынан әннің майын
Өнердің пайғамбары — халық екен ғой,
Осы бір тасқыныңнан айналайын!»
Деп апам, үзеңгіге аяқ салды,
Қия алмай қызғыш жаны бауырларды.
Жетпіске толған күні жетіқат көк
Жаңғыртып, әні бітпей ауыл қалды...
ӘБУ СӘРСЕНБАЕВ
Әбекең мен көргенде қырық жаста,
Ол кезде екі кездің нұры басқа.
Па, шіркін, қылшылдаған семсер еді
Дәті жоқ қынабынан сурылмасқа.
Жүзінде шабыт толқын шымырлап қайнап,
Ұшатын жырдың оғы зуылдап, бойлап.
Қап-қара бұйра шаштың шиыршықтарында
Тұратын күн сәулесі тығылмақ ойнап.
Ол кезде он сегізде менің жасым,
Шағым ғой ақылымнан жыным басым.
Жетімдік боранынан жаурап келіп,
Ағаның қолтығында жылынғасын;
Әр қарай кете бердім өлеңдетіп,
Жыр жаздым, биіктетіп, төмендетіп.
Сол күнгі ағалардың арқасында
Көргем жоқ қорқып, үркіп, зәрем кетіп.
Сол шығар бітпей жүрген еркелігім,
Өлем деп ойламастан ертең, бүгін.
Ашулы дарияларға қойып кетем
Деместен дауылды күн, желкенді күн.
Әбділда, Қасым, Тайыр, Әбу маған
От берген жауынға өшпес жалындаған.
«Жасқанбай жазу керек өлеңді!» — деп,
Жассынбай қатарына қабылдаған.
Есіме сол жақсылық түскен кезде
Іркіліп келер жасым іштен көзге.
Деген бір ел нақылын еске аламын
«Қашанда қайыры бар істен безбе!»
Әйтпесе жер түбі ғой жетпіс деген,
Сылынған тұла бойдан ет-күш деген.
Жетпіске қиярмысың ақындарды
Бір кезде ауызымен от тістеген?!
Айтылды жазғандары, жиған нәрі,
Қойнына жетпіс жастың сыйған бәрі.
Тек қана табақ па екен, сабақ қой ол —
Қартайған ағалардың мейрамдары.
Рахмет, халық келді сүйіп, самсап,
Ақынын жаны сағынып, жүрегі аңсап.
Мен-дағы шіреніп тұрып бір қысайын
Әбеке, қайда әлгі мүйіз саусақ!
ХАМИТ ЕPҒАЛИЕВ
Жиырма бес жыл аға-іні боп келеміз,
Жыр мұхитта қатар жүзіп кемеміз.
Біз ақынбыз, біз өзіміз шашумыз,
Жай шашуды, аз әкелді демеңіз.
Бірге таттық талай жылдың тұз-дәмін,
Бірге шаптық шоқтығында құздардың.
Қос-қос жолдан өруші едік өлеңді
Хош иісті бұрымындай қыздардың.
Сарт дегізіп екі жолдың сен басын,
Жалт дегізіп мен айтушы ем жалғасын.
Ал содан соң «шу» деп алып кетуші ек
Айдап алға ақындықтың арбасын.
Одан сайын жақын едік, тату ек,
Одан сайын Хамит едік, Ғафу ек.
Аяп бізді,
қатар тірлік сыйлаған
Табиғаттың рахымына рахмет!
Бір адамға сендей дарын дарытсын,
Сағат сайын самаладай жарықсың.
«Айналайын» деген сөзді зор айтып,
«Ойнолойын!» дегеніңмен Хамитсің!
Сөз баласын өз баландай аяйсың,
Жадау болса жаның жүдеп қарайсың.
Өзің жақсы айта білген соң ба екен
Өзгенің де жақсы айтқанын қалайсың!
Шіркін біздер қатар лаулап жанушы ек,
Жанған соң да от қадірін танушы ек.
Әлсін-әлсін соғылысып бұлттардай,
Әлсін-әлсін сағынысып қалушы ек.
Оның бәрін еске алуға жол жырақ,
Көңіл біздің көктемдегі бал-бұлақ.
Омырауыңмен кең даланы құшақтап
Аңырата бер, аппақ жалды Арғымақ!
ШЕБЕР
Қол өнер шебері Сәлимаға
Он саусағы, ой қиялы жарысқан,
Маңдайында талай өнер табысқан.
Сен қазақтың бір талантты қызысың
Жақсы есімің жаңғырыққан алыстан.
Туған жердің өзен-көлін,
тау-тасын,
Еділ, Жайық, Жетісуын, Арқасын
Жанарыңмен жайлап қана үйіріп,
Саусағыңның ұшыменен тартасың.
Тартасың да, сиқыр бояу түсімен
Ақ кигіздің бір өткенде үстімен
Шығар жайнап алақаның астынан
Туған өлке өрнегіңнің күшімен.
«Зергер», «ұста», «шебер»
деген сөздердің
Мұндай ісін, мұнша күшін сезген кім?
Жаңа ғана қарапайым жан едің,
Енді бір сәт құдіреттей өзгердің.
Өзгердің де нұр тамшылап қолыңнан
Қанат алып ақ шабыттың жолынан
Дүниені әшекейлеп жөнелдің
Айнытпастан жаратылыс формынан.
Әлем неткен әдемі еді осынша,
Өнерпаздың жан-жүрегі қосылса!
Тірлік неткен әсем еді дәл мұндай
Күліп тұрған бір аяулы досыңша!
Сенің ерлік өнеріңе нәзік тым
Шын сүйсініп, ақын жанмен қызықтым.
Жалт-жұлт етіп жанарымды арбаған,
От көзіндей бір керемет жүзіктің.
Сеніменен сүйкімді екен жер беті,
Көкрегіңнен күнде шыққан келбеті.
Сен жасай бер, жалғыз болма бірақ та
Туған жердің жақсы туған перзенті!
СӘКЕН ӘНІ
Сейфолла Оспановты еске алу
«Келемін тау ішінде өлеңдетіп,
Аймақты тебірентіп, елеңдетіп»,—
Осы әнге шырқаушы еді бір азамат,
Қалушы ед қайран көңіл көкке жетіп!
Ұлытау, Ортау, Ақтау, Қарқаралы,
Арқаның шалқушы еді шартарабы.
Аулыңның есуші еді ақ самалы,
Арудың елестейтін ақ тамағы.
Айтатын: «ағам салған ән еді-ау!» — деп,
Көңілдің көк жайлауы - сән еді-ау! — деп
Тіршілік — бір ақбоз ат ойнақтаған,
Ойлама күнде астымда бар еді-ау! — деп.
«Қалайық шауып, желіп, қанаттанып,
Мәз болмай ұйықтағанға, тамақтанып» —
Деуші еді, арғымақтай жігіт еді,
Кетер деп кім ойлаған о да аттанып!
Еседі Сәкен әні ер күшіңдей,
Асылдың арғысы мен бергісіндей.
Алдағы ардақтаған арманыңдай,
Арттағы сағыныштың белгісінде
КӨК ДӘПТЕР
Көк дәптер ақын қолы
шимайлаған
Арқандай әр қазыққа
жыр байлаған,
Үзілген түрлі ағаштан
Жапырақтай
Кітаптың сүйегіне сыймайды
әмән.
Бұл жолы рет тауып,
қоя бердім
Күйімен шала-шарпы бір
қайнаған,
Ақын да бір сәби ғой, кеш,
оқушым,
Өлеңнің сәулесімен
күнде
ойнаған.
МАХАМБЕТ
Қара қазақ, баласын хан ұлымен теңгердім...
...Көз алдымда сондағы
Кескіндері ерлердің.
Осы сөзбен таң қалдырдың сен мені,
Қайран басың тастағанда кеудені,
Өзгелерден туысың да кем бе еді,
Өзгелерден арманың да кем бе еді?!
Бәрі-бәрі түсінікті
Ерлердің
Не үшін туып, не үшін жасап өлмегі.
КҮЙШІ
Шәміл деген бір бала.
Келді-дағы килікті.
Кездескені сол ғана,
Кеудемізге күй бітті.
Әуре болдық орында
Отыра алмай,ойнақтап,
Домбырашы ол емес,
Өзіміз — деп ойлап қап.
Таланты екен жасынан,
Күйші бопты сұрапыл,
Домбырасының басынан
От жарқылдап тұратын.
ӘНШІ
Құстай ғана денесі бар,
Гүлдей ғана ерні бар,
Құдіреттен дәмесі бар,
Пайғамбардан көңілі бар.
«Қыз болған соң сүйтеді ғой» —
Деп, асықпа, досым-ау!
Бір басына жетеді ғой
Бәрімізді асырау.
Күнде таңда көмейінен
Бал төгіліп «байғұстың» —
Бөліседі мерейімен
Әлдекімнің қайғысын.
Әулие еместер әулиемін — дер,
Шын әулие үндемес.
Қанаты асыл қайран өнер,
Еркелетер, күндемес.
ДОС
Е Ш.-ге
Жақсының жер бетінде бәрі бітпей,
Тозбайтын бір асылсың мәңгіліктей.
Жаныңның жарқылынан айналайын,
Тартатын өлең сөзді магниттей.
Сен менің мәңгі сыйлап өтерімсің,
Кең жайлау ата қоныс мекенімсің.
Аспаннан жалғыз тамшы жаңбыр күткен
Жайнаған жапандағы жеке гүлсің.
Артамын бір өзіңе әмән сенім,
Қандырар шөлдегеннің арман шөлін.
Ат-тұрман әшекейлі асыл жабдық
Жолыңды құптай берсін заман сенің!
БАҚЫТ
(Диплом қорғағанда)
Бақытым, саған рахмет,
Кешір, балам, сен мені.
Әпердің маған екі рет
Абройды көк пен жердегі!
Мен болмасам кім келер,
Алматыдан, алыстан,
Бала деумен күн көрер
Әке деген данышпан.
Тұқымға біткен өлең-жыр
Саған да дарып түсті ғой,
Ойымда жоқ бұл бір сыр
Құдірет деген күшті ғой.
«Мынау да ақын!» — деді жұрт
Содан да зәрем ұшты ғой.
Баласың-ау жасырақ
Салыстырсам құрбыңмен,
Көзімнен жасым шашырап,
Сабыр таппай тұрдым мен.
«Ғафуович» дегенде —
Не боларым білмедім.
Қалмады менің зердемде
Жылағаным, күлгенім.
О, бұл күннің өлшемі
Бақыты менен беделін.
Тоқсанға жасым келсе де
Толтырып айтпай өлермін.
* * *
Бәрін жасар жөнімен
Тағдыр қолы епті ғой,
Менің әкем менімен
Мақтана алмай кетті ғой.
Есесіне мен соның
Бақытымды еске алам,
Балалығымды ең соңғы,
Еркелігімді кеш, балам!
Бір тілегімді бер менің,
Мен соңыңнан ерейін,
Әке қызығын көрмедім,
Бала қызығын көрейін!
* * *
Алтай-Алтай, ауылым менің,
Ағайыным, азба, сен!
Мәңгі жасыл балғын жерің
Қыста көркем, жазда әсем.
Мен атынды ашық атап,
Көп айтармын сен бар, — деп.
Бауыры — жұмақ, төсі — рахат
Басы бүтін ел бар, — деп.
Сен де айтарсың қазақта бір
«Ұл бар еді біздің» — деп,
Ақын екен әжептәуір,
Жігіт екен қызу, — деп.
ЭКСПРОМТТАРДАН
Пенсияға шығармаңдар ақынды,
Кім айтады ескірді деп алтынды.
Алтындығын сақтау үшін адамның
Жұмсау керек барлық қайрат, ақылды.
* * *
Әйел сені әлдилеп,
Ер тұтынсын, мақтасын.
Бірақ сені ол билеп,
Ез қылудан сақтасын.
* * *
Амандыққа ерінген,
Сәлем жолын қайтеді ол?
Адамдықтан жерінген
Әсіре қызыл әсте қор.
* * *
«Мынау бейбіт өмірде
Ерлік істеу мүмкін бе?»
— Дейтіндердің, тегінде,
Сөзін естіп, сілкінбе!
Жайнап аппақ көңілмен,
Жаның нұрға бөленіп,
Жақсы досқа көрінген
Сәлем берсең — сол ерлік.
* * *
Жігіттің домаласа өрге тасы.
Озады самолеттен машинасы.
* * *
Xамит:
Мен де бала, көңілі нала,
Көңілім көкті аймала,
Мен — жоғары, ез — төменде —
Қып-қызыл құм айнала.
Ғафу:
Я, қызыл құм — қызыл қайыс, тулақ бір,
О, жасаған, аспаныңнан су лақтыр!» —
Деп, көз жасы тырс-тырс тамып сол құмға,
Бұлт үстінде бір пайғамбар жылап тұр.
* * *
Аурухана шапанын
Киіп қапсың, досым-ай!
Хәл-жайыңа қапамын,
Құн болды ғой осылай!
Сөгілген бе, немене,
Неге жыртық жең түбің?
Егілгенмен ене ме,
Жасымды ұстап мен тұрмын.
Жел ыңғайға бағынбай,
Сол жыртықта саулаған.
Жаралы бір жанындай
Жаман батты сол маған.
Қазір дәулет, күй басқа,
Қымбат емес бұйымың, —
Көңіл болсын — ақ шуақ.
Киіндірсе болмас па,
Арулардың киімін
Саудағыдан жақсырақ!
СЫРЛАСУ
Уа, тағдыр,
таңнан тұрып бердім сәлем,
Бір сенің қарауыңда бүкіл әлем.
Солардың адал туған біреуі едім
Демейтін мынау түген, мынау пәлен.
Көлемін қарабастың байлығымен,
Көргем жоқ шатастырып айды күнмен.
Ақ көйлек адам едім, сол көйлекті
Кірлесе минут сайын шайдым нұрмен.
Өмірге өкпем болмас әсте менің,
Орны жоқ өкпелейтін ештеменің.
Қазақтың ақыны боп атым шықты,
Ши борбай, қара сирақ өскен едім.
Және де өкпем болмас уақытыма,
Көрген жоқ тұсау салып бақытыма.
Арғы атам патша болып көрмесе де
Міндім мен абройдың тақытына.
Қожамын өзіме өзім сенемін мен,
Сол сенім біткен күні өлемін мен.
Биікке жүрегімді лақтырамын
Тасқынды тау суындай өлеңіммен.
Тағдырым, жамандыққа қима мені,
Боса да жолдас болдық,
сыйла мені,
Өмірде таңдап тапқан шеберлігім —
Жаныма жақсы кісі жинау еді.
Байқасаң ақын да бір, теңіз де бір,
Ересен екеуінде егіз көңіл.
Кеудеден екеуі де маржан атқан
Деместен неміз өсіп, неміз кемір.
Жарайды, рахмет, сол сыбаға,
Жарайды, бұдан артық мол сұрама, —
Дегенсің, біз екеуміз келіскенбіз
Өмірге мен аттанып жол шығарда.
Сенбесем бұл тірлікке, құным қанша,
Сенемін екі көзім жұмылғанша.
Білемін босағамнан дос кетпесін
Жалғанда дастарханым жиылғанша.
Байлықты сақтамаймын іртіп-шіртіп,
Достарға үлестірем жыртып-жыртып.
Дүниені өз басымнан қойман биік,
Жүретін езім тауып, өзім құртып.
Мен бүгін қырық тоғыз жасқа шықтым,
Сол жаста тау басыппын, тас басыппын.
Сонау бір сәби күнде досшыл екем,
Сол күнім әлі күнге досқа асықпын.
Жинаймын достарымды сол күнде мен,
Басында дастарханның балқып денем.
Сен берген несібені бөлісемін,
Тынар деп ойламастан арты немен.
Жетеді көңіл тасып арнасына,
Алтынды үлестірем жан басына.
Сол кезде өз-өзімнен биіктеймін,
Бақыт кеп отырғандай дәл қасыма.
Білемін, ұқсатпайсың басқаға сен,
Жасаған шеберсің ғой бастан әсем.
Пенделер тастап кетсе оқасы жоқ,
Ал өзің тәңірсің ғой,- тастама, сен.
Өтемес ақын саған несиесін,
Сонда да есіркейсің, сен сүйесің.
Өзгелер құдаймын — десе құртасың да,
Ақындар құдаймын — десе кешіресің.
Қуат бер шабытымды тыңайтуға,
Саулық бер, қарызыма шыдай тұр да.
Лұқсат бер достарыма, өзіме де,
Тәубамды тәуекел деп бір айтуға!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру