Сияр Шариф
Санжар Керімбай
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
«Сияр Шәріп» — религиозно-просветительская книга, посвящённая жизни и духовному наследию пророка Мухаммеда. В ней рассматриваются важные события его жизненного пути, нравственные качества и духовные наставления в контексте казахского мировоззрения и историко-культурного наследия.
Мұқаба
СИЯР ШӘРІПТЕГІ ПАЙҒАМБАРДЫҢ МЕЙІРІМДІ СИПАТЫ
Мұхамбет пайғамбардың өнегелі өмірін, ізгі жолын сипаттап, сияр кітаптар жазу дәстүрі VІІІ ғасырдан бастау алады. Бұл игі істің арнасын ашқан алғашқы туынды араб ақыны Уахидидің «Китаби ал-мағози» дастаны еді. Оның ізінше Ибн Ысқақтың «Алла елшісінің өмір жолы» («Сира ар-расул Аллаһ») деген кітабы жарық көрді. ІX ғасырда Ибн Хишам осы кітаптың мазмұндық желісін өңдеп, біраз дамытты. Аталмыш нұсқа кейіннен мұсылман әлеміне кеңінен тарап кетті. Шығыс әдебиеті пайғамбардың өмірі туралы мәйекті, мәнді дүниелерге байи түсті. Осы үрдіс дами келе үлкен әдеби-мәдени жанрға айналды. Ислам тараған аймақтардан пайғамбардың ғұмыр жолын шығармаларына арқау еткен ақындар мен жыраулар шоғыры көбейді. Барлық діни мектептерде сияр кітаптары жазылып, оқытылатын болды. Сиярмен бірге мәуліт, нағт, салауат, мадақ сияқты Мұхамбет пайғамбардың көркем мінезін танытатын, әулиелердің оған деген сағыныш сезімдерін білдіретін, Алла елшісінің кемел қасиеттерін үлгі тұтып ұлықтайтын көркем сөз өнері өркен жайды. Әсіресе түркі халықтарының Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани, Мәулана Руми, Жүніс Әміре, Физули сынды данышпан шайырлары пайғамбардың әділ, мейірбан бейнесінің халықтың жүрегінен терең орын алып, ғасырлар бойы санада сақталуына ұйытқы болды. Олардың қолжазба күйінде сақталған еңбектері көне кітапханаларда әліге дейін толып тұр. Айта кететін бір жайт: ақындар мен сүлейлер өлең-жырларын Құран аяттары мен хадистермен көмкеруді мұрат тұтты. Өз туындыларына аят пен хадисті қолдану үшін иқтибас (сілтеме), талмих (мәнін беру), тахлил (жіктеу) сынды түрлі тәсілдерге жүгінді. Сияр Шәріптің негізгі мақсаты Мұхамбет пайғамбардың өмірбаянын өрнектеу болғанымен, оның мәйегінде тәлім-тәрбие беру идеясы жатыр. Пайғамбардың өмірі ғибрат пен тағылымға толы. Құранда да «Шындығында пайғамбарда сендер үшін көркем үлгі бар. Сендер сол үлгіге ұйыңдар» деген аят бар. Яғни осы аятқа амал еткісі келген мұсылмандар «Сияр Шәріп» сияқты еңбектерді оқумен немесе тыңдаумен пайғамбардың көркем мінез-құлқын өнеге етеді. Сондықтан бұрынғы кезде «Сияр Шәріп» медреседе пән ретінде оқытылған. Бұл пән діннің мәдени-тәлімдік саласын, яғни аксиологиялық, праксеологиялық қырларын айшықтай түседі. «Сияр Шәріп» пен мәуліт дәстүрі жеке адамның ғана емес, халықтардың менталитетін сомдауға да ықпал етті. Ислам алыс аймақтарға таралғанда жергілікті мәдениетпен синтезделіп, біте қайнасып кетпесе, рухани тоқырап кету қаупі бар еді. Сол кезде «Сияр Шәріп» пен діни қисса-дастандар екі өркениетті табыстырушы алтын көпір қызметін атқарды. Сол себептен сияр шығармаларын араб тілінен парсы тіліне, одан түркі тілдеріне аудару өте қарқынды жүрді. XV ғасырда қазақ топырағында өткен Алты бармақ есімді дін ғұламасы «Сияр Шәріптің» Орта Азияға жайылған қазіргі нұсқасын жазып қалдырды. XVІІІ-XІX ғасырларда сияр үрдісі Қазақстан, Татарстан, Башқұртстан, Кавказ елдерінде кең қанат жайды. Осы елдердің бірсыпыра ақын-жазушылары аталған шығарманың негізгі сюжетіне сүйене отырып, өздері де шығармалар жазған. Мәселен, қазақ ғұламалары Шәді Жәңгірұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Дия қажы Ахметұлы сияқты ақындар дәстүр сабақтастығын қайта жаңғыртып, пайғамбардың өнегелі өмірін қазақтың құнарлы тілінде сөйлетті. Қазақ әдебиетіндегі пайғамбарға арналған дастандар өзіндік гуманистік, поэтикалық-эстетикалық сарынымен ерекшеленеді. Пайғамбар олардың сияр жырларында ақылгөй, дана, мейірбан әке кейпінде суреттелген. Сюжет желісі де бейне бір қазақ сахарасында өтіп жатқандай әсерге бөлейді. Осыған қарап, сиярдағы оқиғалардың әр түрлі мәдени қабаттарға сіңісіп кетуі үшін оның пішіні мен баяндау тәсілдерінің біршама өзгерістерге ұшырағандығын байқаймыз. Өйткені көптеген авторлар мәтінді жергілікті ерекшеліктерге сай өңдеп, өлең өнеріндегі көркемдік әдістерді қолданып, қайта жырлады. Мысалы, Шәді Жәңгірұлының төрт жүз беттен тұратын «Назым Сияр Шәриф» дастаны көшпенді қазақ жұртының рухани шөлін қандырды. 1914 жылы Ташкентте жарық көрген бұл туынды он жыл ішінде Қазан қаласында төрт-бес рет қайта басылып, қалың елге кеңінен тараған. Өкінішке орай, қазіргі кезде кейбір исламшыл топтар өздерінің шектен шыққан надан әрекеттерін ақтау үшін пайғамбар тұлғасын радикалды, агрессивті етіп көрсетуге тырысып жатыр. Олар пайғамбардың соғыстарын, жорықтарын егжей-тегжейлі сипаттап, қатал, мейірімсіз, сезімсіз әміршінің образын сомдауға жанталаса кірісті. Қала берді, «пайғамбардың сүндеті» деп сыртқы келбетіндегі нышандарға жабысып алған. Соның кесірінен пайғамбардың ұлттық мәдениетпен өріліп кеткен көркем образы насихатталмай, оның рухына ынтық болатын ежелгі қазақы сезім де солғын тартты. Бұл «Сияр Шәріпте» керісінше пайғамбардың әділдігі мен адамсүйгіштігі оның негізгі сүндеті ретінде көрініс тапқан. Орта ғасырларда жазылған пайғамбардың биографиясы, сияр нәби жанры қазіргі таңда өте құнды. Осы тұрғыдан қарағанда қолыңыздағы «Сияр Шәріп» кітабы радикалды діннің ұрығы түсіп үлгерген қазақ қоғамы үшін өте пайдалы. Бұл еңбектің ғылыми маңызы да өте жоғары. Яғни академиялық форматта сіресіп жатқан елеусіз еңбек қарапайым халыққа өз тілінде жол тартты. Бұл кітап алдағы уақытта сиярға қатысты басқа да еңбектердің қарқынды зерттелуіне түрткі болады. Бұрын зерттелмеген басқа да дереккөздер ғылыми айналымға түседі деп сенемін. Маған бұл кітаптың тағы да ұнаған бір қыры мынау: қазір қазақ қоғамына исламның салафилік бағытында жазылған діни әдебиеттер кеңінен таралуда. Осы бос жатқан рухани вакуумды толтыруда қазақы дүниетаныммен жазылған бұл «Сияр Шәріптің» рөлі ерекше. Араб тілінде жазылған «Сияр Шәріптің» қазақ тіліндегі сиярлардан көптеген айырмашылығы бар. Ең алдымен, қазақша сияр кітаптарының тілдері шұрайлы, оқиғалары көркем, қызықты болып келеді. Мұнда пайғамбар тұлғасы мейірімді, әділетті, кемеңгер болып сипатталады. Бізде ұғымдар мен логикалық образдардың барлығына да мән беріледі. Екіншіден, біздің оқырманға адаптация жасалған. Халықтың танымы есепке алынып, соған бейімделген. Менталитетімізге, ұлттық мәдениетімізге жақын болып келеді. Кітапта пайғамбардың әділетті, мейірімді, парасатты ізгі қасиеттерінің ерекше баяндалуы – өте құптарлық жайт. Бұл бір шетінен біздің ислам өркениетіне ерте бастан-ақ жалғанған мәдениетті халық екенімізді анық көрсетеді. Сондықтан мен бұл кітаптың мейлінше мол тиражбен шығуын қалар едім. Қазақтілді оқырманның рухани һәм мәдени сұранысын өтей алатындай сапалы еңбек жазылған. Мүмкін болса, елдегі барлық кітапханаларға тарату керек. Бұл кітапты бір рет оқып шыққан адам қазақтың дәстүрлі діни танымымен тез-ақ танысып шыға алады.
Әшірбек МУМИНОВ,
Тарих ғылымдарының докторы, профессор,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті
Дінтану кафедрасының меңгерушісі
ӨЛМЕЙТІН САРЫН
Есімді біліп хат танығалы әкем Әмин маған тек діни қисса-дастандар оқытатын. Әкеміз жеті атасынан сандығында кітап сақтаған сауатты әулеттен еді. Әжем Хубылниса да көзі ашық, ескіше өте сауатты кісі болды. Әкем мен әжемнің қатаң бақылауымен он жасқа жетпей-ақ, араб қарпімен жазылған діни дастандарды зулатып оқи алатын болдым. Ол кезде Қытайдың Алтай жағында кілең қазақ тығыз отырады. Әсіресе, қыстың күні күн батып, мал қораға қамалған соң, ел-жұрт қисса тыңдауға жиналатын. Барлық үй кезек-кезегімен ет асып, кітап оқитын қиссашыларды үйіне шақырады. Ас ішіліп, бата жасалған соң, үлкендер жағы шариғаттан біраз әңгіме қайырады. Соңынан кезек бізге тиеді. Діни дастандарды сағаттап жырлаймыз. Тыңдап отырған әлеумет арасында бізді қоштап, енді бірде көздерінің жасын сығып жылап отыратын. Орта мектеп бітірген соң, әкем маған: «Балам, қазір бұ дүниеде не көп – оқу көп. Ілім-білімнің әбден тасыған заманы. Дегенмен қара тастың жөні – бір бөлек, гауһар тастың жөні бір бөлек. Болмаса бәрінің түбі – бір тас. Сол сияқты оқудың бәрі – ғылым. Бірақ Мұхамбет пайғамбардан қалған рухани ілімге жетер білім жоқ. Мен білсем, осы ілім сенің екі дүниеңе азық болады. Тілімді алсаң, араб тілін оқы да, осы ілімнің соңына түс», – деп ақыл берді. Мен әкемнің тілін алып, Пекин университетінің Халықаралық қатынастар факультетінде араб тілі бөліміне оқуға түстім. Ол кезде Қытай үкіметі аз ұлттарға жеңілдік жасайтын. Үлкен қала, үлкен оқу үлкен әлемнің терезесін ашты. Мен әкемнен алған білімнің шырағымен адаспайтын айқын жол таптым деп ойлаймын. Тағдырдың айдауымен 1964 жылы Қазақ ССР-іне келдім. Ол кезде менің оқып келген араб тілім еш жерге қажет болмады. Қолайыма келген жұмыстың бәрін істедім. Тек жетпісінші жылдары ғана СССР араб елдерімен қарым-қатынасын жақсартуға тырысқанда мені үкіметтік органдар іздеп тауып алды. Сол жылдары СССР-дің мұсылмандарына тіпті қажылыққа дейін рұқсат етті. ҚазҰУ-інде филология факультетінде араб бөлімі ашылғанда ұстаздық еттім. Ескіше мәтін оқитын мамандар даярладық. Бір күні жоғары жақтан араб тілін үйрететін оқулық жазыңдар деген тапсырма келді. Батырша Сайлау, Әбсәттар Дербісәлі және мен сияқты санаулы маманның басын құрады. Сөйтіп, ең бірінші оқулықты жазуға мұрындық болдым. Онан кейін Ғылым академиясында қырық жылдан аса көне қолжазбаларды аударумен шұғылдандым. Тіпті, академиядағы қолжазба қорындағы сирек қолжазбалар бөліміне ең бірінші болып кірген мамандардың бірі мен едім. Себебі советтік қуғын кезінде ескіше мәтінді академиялық тәсілмен реттейтін бірде-бір маман қалмаған. Осының кесірінен қазақ ұлтының тарихи жады, эпикалық санасы мүлде өшіп қалуға шақ қалған. Құдай сақтап сол жетпісінші жылдары қолға алынған осы істің шарапатынан архивтерде шаң басып жатқан сан ғасырлық тарихы бар мәңгілік мұралар жарыққа қайта шықты. Қолжазба оқудың қандай эйфориясы барын көне мәтінді оқыған адам ғана біледі. Мен бейне бір орта ғасырда өмір сүрген ғұлама мен әулиенің арасына кіріп кеткендей болдым. Ол жерде мың жарым жыл бойына сөздің маржаны мен ойдың жауһарын жинауға құмар болған ілімді тұлғалардың білімдері сіресіп тұр. Оларды оқыған сайын солармен тілдесіп, сұхбат құрғандай күй кешемін. Мен уақыт машинасына мініп алып, екі әлемде қатар өмір сүрген ертегінің кейіпкері сияқты өмір сүріп жаттым. Сол кезде сан түрлі кітап ұстап, неше түрлі қолжазба оқысақ та, бала кезде бойға сіңген қиссалар маған бейне бір Темірқазық жұлдызындай жол сілтеп тұрды. Олай дейтін себебім: 1400 жылда пайғамбар туралы талай еңбек жазылған. Солардың ішінде пайғамбардың өмірі мен өнегелі істерін дәл қазақта кездесетін «Сияр Шәріптей» баяндаған нұсқасы кемде-кем. Себебі көшпелі дүниетанымда қандай бір аңыз болса да ауыздан ауызға жетіп отырады. Біреуден естіген әңгімені екінші жыршы аулына келіп тілдік, мазмұндық жағынан дамытып жырлайды. Тіпті араб тіліндегі адам есімдерінің өзі қазақы үндестік заңына сәйкес өзгеріске ұшырайды. Мысалы, төрт шадияр – Омар, Оспан, Әбубәкір, Әлидің аттары Ғұмар (Құмар), Ғұспан (Құспан), Әубәкір, Ғали (Қали) болып қазақы реңмен беріледі. Тіпті, жер-су атауларында да кішкене орын ауысып келе береді. Бірақ қисса-дастанның мазмұнына, оқиға желісіне, идеясына қиянат жасалмайды. Мұны ғылымда «Шығыстық сарындағы қиссалар» деп атайды. Яғни, араб түбегінен жеткен діни қиссаларды жергілікті жыршылар өз танымына сай бейімдеп, төл мәдениетіне сіңіріп жібереді. Тіпті бір қиссаның бірнеше нұсқасы болып келеді. Бұл қиссаның дерексіздігін білдірмейді, қайта оның көп жырланғанын, кең таралғанын, алыс аймақтарға сол елдің дүниетанымына сәйкес өзгеріп дамығанын көрсетеді. Мысалы, қазақ ішінде кең тараған «Мұхамбет пайғамбар мен киік» аңызын алайық. Көп нұсқада ол киіктің өзімен және құралайымен тілдеседі. Ал қисса Алтай қазақтары арасына жеткенде киік пен құралайдың заты аю мен қонжыққа ауысқан. Қиссашының мақсаты – тыңдаушыға барынша ұғыныңқы, көзге көрінетін нәрселермен қиссаның негізгі алтын идеясын жеткізу. Қиссалар әр халықтың дүниетанымына бейімделген сайын өміршең келеді. Сондықтан да бұл жанр әр ғасырда жаңа реңмен құлпырып шығып отырады. Енді қолдарыңыздағы «Сияр Шәріп» кітабына тоқталсам, бұл да бағзыдан жеткен, қазақ арасына кең таралған Мұхамбет пайғамбардың үлгі-өрнегін қазіргі заманның тіліне, ойлау қабілетіне лайықтап жинаған. Олай дейтін себебім: заман озып, уақыт өткен сайын қолжазбаның, жырдың кейбір сөздері түсініксіз болып күрделеніп кетіп отырады. Бұл – заңды құбылыс. Себебі, тіл тірі құбылыс болғандықтан үздіксіз түлеп отырады. Бір кездері оны жалпы жұрт оңай түсінетін болса, арада бір ғасыр өтіп, жаңа ұрпақ ауысқанда әлгі жырдың көп сөзі архаизмге айналады. Сосын рухани мұраны қайтадан көпшіліктің танымына лайықтау үшін діни сауаты бар жыршылар қайта жырлайды. Оны Шәді төренің «Назым Сиярынон» байқауға болады. Жырдың басында Шәді ақын:
Бір күні маған айтты Сейіт Ахмет,
Расулдың оқиғасы сирада бар.
Әр тілмен муснафтар жазғаны үшін,
Түркінің ауамдары білмейділар.
Кітап қып шығарсаңыз сияр тілін,
Назым етсең, оқымаққа қылмай қиын.
Ауамдар оңайлықпен түсіне алса,
Расулдың кезіндегі істің түрін,
– дейді. Оған да сол замандағы ишан-қожалар «мынау пайғамбардың сиярының тілі күрделеніп кетті, жас буын оны түсіне алмайды. Сен осыны қарапайым тілде өңдеп қайта жаз» деп айтқан. Ол сол замандағы жырдың мақамына, буын түрлеріне, өлең құрылысына лайықтап жазып шыққан.
Ақиқатын айту керек, қазақ мәдениеті – совет өкіметінің езгісінде болған ел. Өзінің дәстүрлі дүниетанымынан ажырап қалған. Сондықтан дәл бұрынғыдай классикалық қиссалар енді жырланбайды. Себебі тарихи жолмен қалыптасқан бұрынғы діни білім беретін ошақтар толық жойылған. Бірақ аса қатты өкініп қажеті жоқ. Біздің қорда жатқан қолжазба қиссалардың көптігі сондай: солардың өзін өңдеп, қазіргі қазақ тіліне бейімдеп отыру жүздеген жылдарға созыла береді. Бұл кітаптың ең басты ерекшелігі ретінде тілдік құрылымын айтар едім. Авторлар ескі мәтіндерді қорықпай бұзып, олардың өзегіндегі алтын идеясын шашау шығармай сол қалпында алып шыққан. Тіпті пайғамбар мен сахабалар арасындағы диалогтар қазақ абыздарының арасында өтіп жатқандай әсер қалдырады. Бұл ұтқыр әдіс пайғамбарды қазақ халқының ең бір жақын, ең бір жанашыр атасы етіп көрсетеді. Мен осы кітапты оқып отырып, он жасымда әбден санама сіңген, өзіме туған атамдай болып кеткен мейірімді Мұхамбетпен қайта табысқандай күй кештім. Қазіргідей дін бұзылып, ғылым ақсап тұрған алмағайып заманда «Сияр Шәріптің» дәстүрлі форматта қайта жазылуы – зор қуаныш. Енді қалыптасып келе жатқан жас ұрпақтың рухани әлемде бағыт-бағдарын анық айқындауда таптырмайтын құрал. Тіпті бұл кітап әрбір қазақтың сөресінде тұрса, артық етпес. Мен академиялық білім иесі ретінде бұл «Сияр Шәріпті» қазіргі заманның шығыс сарынындағы жаңа үлгісі деп атар едім. Меніңше, «Отбасы хрестоматиясы» командасының мүшелері қазіргі қазақ жастарын көне заманның ғұламаларымен, әулие-әнбияларымен, дана шайырларымен қайтадан тілдестіруді мақсат тұтқан сияқты. Олай болса, баршаңыздың бойыңызға «Сияр Шәріптегі» Мұхамбет пайғамбардың ақыл-парасаты дариды деп сенемін.
Мақсұт ШАФИҒИ,
шығыстанушы ғалым,
көне қолжазбалар маманы
«СИЯР ШӘРІПТІ» НЕ ҮШІН ТАҢДАДЫҚ?
«Сияр» деп Мұхамбет пайғамбардың өмірбаяны жазылған кітапты айтады. Орта ғасырда бұл кітап Бұхар, Самарқанд, Қарнақ, Түркістан сияқты медреселерде 12 пәннің бірі ретінде оқытылған. Содан білім алған ишандар мен ахундар қазақ сахарасында Мұхамбет пайғамбар жайлы көп қиссалар мен аңыздардың жайылуына түрткі болады. Жыраулар ел арасындағы жиын-тойларда міндетті түрде пайғамбардың өмірінен насихат айтуды дәстүрге айналдырған. Соның арқасында «Киік», «Қақпанға түскен киіктің хикаясы», «Қисса ан-хазірет Расулдың миғражға қонақ болғаны», «Көдек бала қиссасы», «Бозторғай», «Ыбырайым қиссасы», «Қисса Мұхаммед Расул Алланың дәрул пәниден дәрул бақиға рихлат еткен мәселесі», «Мұхамбет пайғамбар» сияқты қисса-дастандар көптеп жарық көрді. «Сияр Шәріпті» тыңдаған ел-жұрт пайғамбардың кемел қасиеттерін әртүрлі қырынан тани бастады. Мысалы, «Киік» немесе «Бозторғай» қиссасында Мұхамбет пайғамбар өзгенің өмірі үшін өзін аямайтын, тіпті жан-жануарға дейін қамқор болатын тұлға ретінде айтылады. Енді «Ыбырайым қиссасында» ол ет пен сүйектен жаралған адам ретінде көрінеді. Баласының қазасына қайғырып, егіліп жылап төсек тартып жатып қалады. Ал енді «Мұхамбет пайғамбар» дастанында жауырыны жерге тимейтін палуан, әлсіздерді жылатпайтын нағыз батыр, алып тасты аспанға ататын қара күштің иесі ретінде сипатталады. Тіпті оған Хадишаның бала күнінен ғашық болғаны, оған арнап кестелі шапан, көрпеше сыйлағаны айтылады. Есейген шағында да пайғамбар парасатты қызға ғашық бола білетін жігіттің сұлтанындай суреттеледі. Қазақы қиссада пайғамбар тек Құдайдың дидарына ғана ғашық болып, әйел, бала-шағасын тасжүрек кейіпте құрбандыққа шалып кете беретін діни фанат ретінде баяндалмайды. Бір байқағанымыз: қазақы сияр нұсқалары қисса дәстүрі сияқты уақытқа тәуелді емес. Тарихи хронология, логикалық үндестікке мән берілмейді. Қиссашы негізгі нысанаға пайғамбардың парасаты мен мейірім-шапағатшыл мінез-құлқын ғана алады. Тағы бір баса айтатын ерекшелігі: Орта Азияда таралған «Сияр Шәріптің» ішінде пайғамбардың соғыстары өте аз кездеседі. Тіпті кейінгі ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басында жырлаған Шәді төре Жәңгірұлының «Назым Сиярында» жорықта қару асынып жүрген Мұхамбет пайғамбарды көре алмайсыз. Сол кездегі сияр авторларының өзі агрессияға қатысты идеяларды туғызбаудың барлық амалдарын қарастырған. Тіпті, мәдениет өркендеді деген ХХІ ғасырда жиі айтылатын «мүшірік», «кәпір», «жиһад», «харам», «ширк» деген сөздер ол кездегі мәтінде мүлде кездеспейді десе де болады. Керісінше, біздің заманда ұмытыла бастаған мейірім-махаббаттан туындайтын барлық ізгі қасиеттерді мейлінше молынан уағыздауға тырысқан. Пайғамбардың образын қазақы дүниетанымға бейімдеу үшін тіпті оның тұтынатын заттары мен сөйлеген сөздеріне дейін көшпелі өмірдің өрнегіне түсіруге тырысқан. Мысалы, «ат ойнатып», «шоқпар ұстап», «құрықпен іліп алып итше сүйреп», «ер-тұрман», «дырау қамшы», «тақия», «шапан», «саптама етік» деген сияқты сөз тіркестерін көп байқайсыз. Пайғамбар диалог құрғанда да қазақтың би-шешендері сияқты толғатып, мақалдатып сөйлейді. Тәуелсіздік алған жылдары Мұхамбет пайғамбардың өмірі жайлы бірнеше кітап араб және түрік тілдерінен тікелей аударылды. Ол кітаптар пайғамбар өмірін барынша тарихи тұрғыда дәл беруге тырысқан. Хронология қатаң сақталады. Пайғамбардың ұлттық бет-бейнесі араби тұрғыда сипатталады. Географиялық атаулар мен адам аттары барынша араб тіліндегі нұсқасында жазылады. Пайғамбардың өсиеттері тірі диалогпен емес, орта ғасырдағы сірескен хадис форматында баяндалған. Үмбетті сақтап қалу жолындағы қарулы қақтығыстарды «қасиетті жиһад» деп ерекше шабытпен суреттейді. Егер біз қазақ сияры мен бөтен мәдениеттегі сиярды салыстырып қарар болсақ, қазақ халқына өзінің төл мәдениетіне жақыны жұғымды келеді. Ал пайғамбардың ақыл-парасаты мен қайталанбас көркем мінез-құлқы жоғарыда аталған «арабтық ерекшеліктің» тасасында қалады. Яғни, өзге мәдениетті зорлап таңуды жақтырмайтын зиялы жұрт ұлтшыл пайғамбарды қабылдамайды. Мұхамбет пайғамбар арабтың ұлттық батыры емес. Сондықтан да оның кез келген ұлт пен ұлыстың рухани әкесіндей болып көрінуі – заңды құбылыс. Осы заңдылық бұзылғанда әлемге рақмет үшін келген мейірімді Мұхамбет өзге жұрттағы үмбетінен оқшауланып, рухани көсемдік келбетінен айырылып, араб жұртына тәуелсіздік сыйлаушы саяси лидер сияқты болып қалады. Соның кесірінен орта ғасырларда Мұхамбетті мадақтаған жыр-дастандар халыққа қайта таралмайды. Мұхамбет әлемге ортақ тұлға болғандықтан, оның өмірі мен өсиеті қазақ мәдениетінің елеулі бір бөлшегін сөзсіз құрайды. Ең қызығы: әлемді пайғамбардың нұрынан тарататын орта ғасырлық «Нури Мухаммад» концепциясы қазақ топырағына терең сіңген. Мысалы, қазақ арасында кең таралған жыр нұсқаларында бұл концепция былайша өріледі:
Ғаламнан он сегіз мың әуел бұрын,
Жаратты пайғамбардың асыл нұрын.
«Әуелі мақұлықатта нұрым» деген
Хақында дәлел болды хадис мұның.
Немесе:
Әуелі нұры жаралған,
Ақыры өзі жаралған,
Үмбетінің күнәсін
Бір Тәңірден сұраған
Құдайдың досы – Мұхамбет.
* * *
Кім білер әуел-ақыр Хақтың сырын,
Нәрсе жоқ бір өзінен басқа бұрын.
Ғаламға өзін заһар қылмақ үшін,
Жаратты Мұхамбеттің әуел нұрын.
* * *
Әнбиялардың ішінде
Баршасынан абзалы
Мұхамбет екен алтыны.
Ең әуелі жаралып,
Он сегіз мың ғаламнан
Нұры бұрын балқыды, – делінеді.
Бұл концепцияның көп кездесетіні соншама: оның бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Бұл идеяның өміршең болуы да заңды. Себебі адам санасы жаралыстың түпкі бастауын тапқысы келіп іздеп тұрады. Бірақ тым құдіретті, өте тылсым Құдай тағала идеясына адам ақылы бойламайды. Ал нақты бір құдіретті бастауды көзге елестетуге мүмкіндік беретін «Нури Мухаммад» концепциясы адамның ақылына мықты тіреу болады. Бір қызығы: осы ортағасырлық бұл идея біздің замандағы әлемді нақты ғылымның негізінде бір жарықтың жарылуынан тарататын «үлкен жарылыс» теориясымен де қабыса береді. Ең өкініштісі: СССР кезінде қазақ халқы осы ғажайып дүниетанымнан айрылып қалды. Бұл қазақ ұлтына орны толмас қасірет әкелді. Алаш баласының психологиясына, этнографиясына, ұлттық дүниетанымына, тұрмысына, дін ұстану салтына оңалмастай соққы берді. Қазақ даласында ғасырлар бойы синтезделіп шыққан тұтас бір мәдени қабат «Нури Мухаммад» концепциясымен бірге ғайыпқа сіңіп жоғалды. Ал қазіргі исламды насихаттаушылар бұл идеяны мүлде пайдаланбайды. Олар «Алла барлық затты жоқтан бар етті» деген классикалық көзқарасты тым жалпылама түрде уағыздағанды жақсы көреді. Соның кесірінен пайғамбардың ұлық образы көмескілене түседі. Ол бейне бір өзі де күтпеген жерден Құдайдан уахи алып, жаңа дін үшін арпалысып өтіп кеткен батырдай баяндалады. Тағы бір біз байқаған ерекшелік: ортаазиялық сияр жазушылар пайғамбардың сыртқы киімдерін араби үлгіде сипаттауға үйір болмаған. Олар оның жомарт, міскінге қарасатын қамқор, жетімді жылатпайтын мейірімді, кешірімшіл, дұшпанға да әділ, ұлағатты ұл, адал жар, жақсы әке, сенімді жолдас, серттен таймас батыр, аң-құсты да аялай білген адами қасиеттерін насихаттауға барын салған. Мысалы:
Ол расул дүниедегі нұрлы жүзді,
Сөйлесе, өзі әдепті, шырын сөзді,
Өзі еңселі, сымбатты, ұзын бойлы,
Ат жақты, қиылған қас, қой көзді.
Расулдың көлеңкесі болмас еді,
Үстіне бүрге, шыбын қонбас еді,
Нұр еді іші-тысы бәрі жарық,
Пақыр мен міскіндерге жолдас еді.
Ол расул шырын сөзді, нұр сипатты,
Сөйлесе, бек мүләйім балдай тәтті,
Бір Алладан басқадан қорықпаған,
Өзі жомарт, ғаділетті, мархабатты.
Сабырлы, тәуекелшіл, мейірбанды,
Әр жерде қысылғанға шапағатты, –деп суреттеген.
Пайғамбардың осындай рухани сүндеті мен кемел тұлғасын толық танымағандықтан да, кейбір дінге сенушілер қазіргі кезде оның сақал, балақ, сүндет киім сияқты сыртқы атрибуттарын ғана сіңіріп алады. Ал көнеден жеткен сиярларда қазіргі кезде жай халық тұрмақ, дін ұстанатын жамағаттың өзі ұмытуға айналған және бір дәстүр бар. Ол – пайғамбарға салауат айту дәстүрі. Барлық сиярда салауат жолдаудың шарапатының маңызы тоқтаусыз айтылады. Қазіргі кездегі кейбір діншілдер тарататын «Мұхамбет деген – Құдайдың көп құлының бірі» немесе «жай елші ғана» деген түсінік мүлде жоқ. Керісінше, кез келген міскін салауатты көп айтумен пайғамбардың есімін екі дүниесіне де тірек қылады. Барлық қолжазбада қияметте пайғамбардың өзіне салауат айтқан момынға қалай жанұшыра болысатыны неше түрлі нұсқада әдемі әсермен баяндалған. Біз сондықтан да бұл кітапта көне дәстүр бойынша салауатқа арнайы бір бөлім арнадық. Бұл жолғы сиярдың ең үлкен жаңалығы – Мұхамбетті сүю, оның нұрына ғашық болу концепциясының насихатталуы. Бұл идеяға әу баста пайғамбардың «Кімде-кім мені ата-анасынан да артық жақсы көрмесе, кәміл иманның нұрына жете алмайды» деген хадисі негіз болған. Орта ғасырларда тақуалар рухани кемелдікке жеткен кезде пайғамбарға деген ғашықтық тебіреністерін арнайтын дәстүрі болған. Бұл олардың пайғамбар рухымен барынша үндескеніне айқын дәлелі саналатын. Олардың тебіренісі ынталы көңіл, шын жүректің эталоны ретінде қабылданған. Бұл эталондар шын иман іздеушіге бағдар сілтеуші рухани маяк қызметін атқарған. Мұндай дәрежеге олар Мұхамбеттің атына сансыз салауаттар айтумен көтерілетін. Дәл осы тебіреніс әлемдегі ең творчестволық туындылардың дүниеге келуіне түрткі болды. Арғы тарихты айтпағанда күні кеше ғана дүниеден өткен ақжаулықты әжелер пайғамбардың аты аталса, газет-журналдан Мекке мен Қағбаның суретін көрсе, тебіреніп жылаушы еді. Қазір мұндай рухани халді жай адам тұрмақ, діннің жолына белсеніп түскен тақуаның бойынан да көре алмайсыз. Осы тебіреністің жоғалуы да – ислам руханиятының тоқырағанына дәлел. Сол себепті бұл кітапта әулие-ғұламалардың шынайы тебіренісі үлгі ретінде үзінді етіп берілген. Егер олардың өзін бөлек жинасаң, томдаған кітаптарға айналар еді. Кітаптың ең соңғы бөлімінде британиялық дінтанушы ғалым Карен Армстронгтың пайғамбар туралы жазылған академиялық еңбегінің бір бөлімі ықшамдалып берілді. Себебі онда жалпы Батыс әлемінің Мұхамбет пайғамбарды жек көру тарихын тарқатады. Кітап авторының ойынша, ғасырлар бойына бұрмаланып жеткен деректер еуропалықтардың Мұхамбет пайғамбарды теріс тануына әкеліп соққан. Оның әсері әліге дейін жойылмаған. Соның кесірінен Еуропа елдерінің кейбір баспасөз құралдары пайғамбардың карикатурасын жасаймыз деп дауға шатылды. Кей жағдайларда ондай даудың соңы кісі өлімімен аяқталды. К. Армстронг осы проблеманы барынша жұмсарту мақсатында пайғамбар туралы «Muhammad. A bіography of the prophet» деген тұтас бір академиялық еңбек жазып шыққан. Бұл «Сияр Шәріп» бір шетінен сол еңбекті таныстыру болса, екінші жағынан, мұсылман жұртына кең тараған «еуропалықтар Мұхамбетті жек көреді» деген таяз түсінікті жоюға септеседі. Біздің пайымдауымызша, ислам өркениетіне жалғанған қазақ ұлты әлі де «Нури Мухаммад» концепциясына мұқтаж. Әсіресе, дін бұзылып, қауіп-қатер көбейген қиын кезде оның маңыздылығы арта түседі. Осындай ата-бабасынан мирасқа қалған нағыз жауһар еңбектерден көз жазып қалғандықтан да, қазіргі қазақ жастары өзіне еш қатысы жоқ жат жердегі «соғыстарға» аттанып жатыр. Біздің бұл еңбек ең болмағанда осындай қасіреттің алдын алуға аздап болсын септігін тигізеді деп сенеміз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мұсылман ғұламасы Асан ибн Сәбиттің сөзіне келеді. Ол «Мен өлеңіммен Мұхамбетті мадақтаған жоқпын. Керісінше Мұхамбеттің атымен өзімнің жазған өлеңімді ұлықтап алдым» деген. Сол сияқты біздің бұл кітап Мұхамбет пайғамбарды мадақтамайды, керісінше пайғамбардың өнегелі өмірі біздің кітапты мәңгілік мұраға айналдырады.
Құрастырушылардан
НҰРДЫҢ БАСТАУЫ
НҰРДЫҢ БАСТАУЫ
Әу баста мекенсіз, мысалсыз, барлығы мен бірлігіне ой жетпейтін Ұлық Алла: «Бисмиллаһи рахманир-рахим», – деді. Ол сөз сол заматта бір тамшы Нұрға айналды. Жарық Нұр жарқырап шыққан бойда Ұлық Аллаға құйқылжытып зікір айтып, қараңғы кеңістікке сәуле шаша бастады. Ұлық Алла ерекше махаббатпен ол Нұрға «Мұхамбет» деп есім берді. Оның есімі «Алланы өте көп ұлықтаушы» деген мағынаны білдіретін. Осылайша ең бірінші Мұхамбеттің Нұры пайда болды. Ол Нұр Құдайдың құдіретімен тауыс құстың бейнесіне енді. Ұлық Алла:
– Ей, менің аяулы Нұрым!!! Сен менің мейір-махаббатымнан жаралдың. Сондықтан да сен мәңгі бақи мейірім-шапағаттың сөнбес жарығына айналасың!!! – деді. Осыдан соң Нұрдың шұғыласынан Ақылды жаратты да:
– Ей, Ақыл, сен менің құлдарыма берген ең ұлы нығметім боласың. Менің шексіз жомарттығымның айқын дәлелі – сенсің! Себебі құлдарым дүниенің жасырын сырларын сенің нұрыңмен таниды. Сенің себебіңнен мен әлемдерге рақым нұрын жіберемін. Сенің тынысың рухани ілім болмақ. Көзіңе ұятты ұялаттым. Тіліңе ақиқатты дарыттым. Құлағыңа хикметті сіңірдім. Жүрегіңе шапағатты қондырдым. Ерік қалауыңа рақымды қосақтадым. Басыңа парасатты қойдым. Өзіңе сабырды серік еттім. Есіңде болсын: сабырсыз құлға сау ақыл нәсіп болмайды, – деді. Сосын Мұхамбеттің Нұрының бір ұшқынынан сабырды жаратты да, ақылмен қауыштырды. Сабыр да жаралған сәттен бастап ұлық Аллаға мақтау мен мадақ айтып, тілін кәлимаға келтірді. Ұлық Алла екеуіне махаббат назарын төгіп:
– Мен енді екеуіңе иман мен таухидты нәсіп етем. Құлдарым менің бірлігімді екеуің арқылы таниды. Ақылды ерден иман қашып құтылмайды, –деді.
Сол кезде Ақылдың көңілі тасып, «Алланың ең кемел жаратқан сүйіктісі мен екенмін» деп ойлады. Ұлық Алла:
– Ей, Ақыл, көңілің тасымасын. Сен бірінші жоғары жаққа назар сал, –деді. Ақыл қарап еді, төбесінде толған айдай жайнап тұрған асыл Нұрды көрді. Ол жарыққа қарап:
– Сен кімсің? – деді тамсанып. Нұр:
– Ей, Ақыл, сен – менің шұғыламсың. Ұлық Алла сені өзінің құлдарына менен нығмет етіп жаратты. Сенің мәртебең менімен ғана өседі, – деді. Ақыл:
– Сенің атың кім? – деді.
– Менің атым – Мұхамбет. Ұлық Алла мені өзінің мейірім-махаббатынан жаратты. Енді күллі әлем менің нұрымнан өсіп-өніп, жан-жаққа таралмақшы, – деді.
Сонан соң Ұлық Алла ғайыптан тағы да он екі дария жаратты. Оның біріншісі – әділет дариясы, екіншісі – ынсап дариясы, үшіншісі – бауырмалдық дариясы, төртіншісі – мейірім дариясы, бесіншісі – бекзаттық дариясы, алтыншысы – сұлулық дариясы, жетіншісі – имандылық дариясы, сегізінші – өнер дариясы, тоғызыншы – білім дариясы, оныншы – ұждан дариясы, он бірінші – ізгілік дариясы, он екінші – шапағат дариясы еді. Пайғамбардың Нұрын әр дарияға мың жылдан малындырып шомылдырды. Нұр дарияның ішінде тұрғанда әр демінде «лә илаһа иллалла» деп зікір айтып тұрды. Сөйтіп Нұрды кемел дәрежеден ең кемел сатыға тағы да көтерді. Дариядағы барлық ізгілік пен парасат Нұрға сіңіп толысты. Ол дариядан шыққан соң, Құдай тағала төрт бұтақты бәйтерек жаратып, тауысты теректің үстіне салтанатпен қондырады. Оның басына ләулік тәжін кигізді. Сол кезде Нұр Ұлық Аллаға тағзым етіп, бес рет сәждеге бас қойды. Кейін бұл ишара бес уақыт намаздың негізіне айналды. Толықсып тұрған Нұрдан тіршіліктің барлық мүшелері жеке дара бөлініп шыға бас-тады. Алдымен тауыстың денесінен 124 мың тамшы үзіліп түсті. Олар сол мезетте 124 мың пайғамбардың рухына айналып шыға келді. Түркі Ислам әдебиетінің алғашқы кезеңінен бастап, болмыс жайында ой толғайтын шығармалар пайда болды. Оның ішінде жаратылыс тәртібін Мұхамбет Пайғамбардың нұрымен түсіндіретін үрдіс шықты. Әсіресе сопылық еңбектердің ішінде «Таухид-нама», «Тариқат-нама», «Иршад-нама», «Ужуд-нама», «Жауһар-нама» сияқты шығармаларда әлемнің бастауын Пайғамбар нұрынан таратады. Сопылар бұл концепцияны Құранның аяттарына негіздеген. Мысалы Мәида сүресіндегі «шындығында сізге Алла тарапынан бір нұр мен ап-айқын кітап жіберілді» деп келетін аяттағы нұрды Әбу Саид әл-Харраз бин Тустари пайғамбардың кемел нұры ретінде түсіндіреді. Тустари Алла тағаланың Мұхамбетті өз нұрынан жаратқанын, пайғамбардың жаратылыс бастауы болғанын алға тартады. Одан кейін Мансұр Халлаж да «Китабут-Тәуасинде» «Нұри Мұхамбет» концепциясын дамытқан. Оның ойынша Алла тағала, ең әуелі Мұхамбеттің нұрын жаратқан. Ол нұрдан он сегіз мың ғаламды дүреткен. Бұл нұрды «Хақиқат-и Мұхаммедия» деп те бейнелейді. Хадистерде ғаламнан әуел бұрын жаратылған деп сипатталатын «Ақыл» және «Лаухы-Қалам» – Пайғамбардың нұрынан жаратылған.
ҚАЛАМ МЕН ЛАУХЫНЫҢ ЖАРАЛУЫ
Одан соң оң көзінен екі тамшы тамды. Одан Лаухы мен Қалам жаралды. Ұлық Алла Қаламға: «Жаз!!!» – деп бұйырды. Әуелден ақырға дейін болатын оқиғаны Лаухыдағы тағдыр тақтасына тіздірді. Оған Лаухы-Махфуз деп ат берді. Қалам айнадай жарқырап тұрған тағдыр тақтасына ең бірінші «Мұхамбет» деп жазды. Қалам жазып болып:
– Бұл кімнің есімі? – деді. Ұлық Алла:
– Әй, Қалам, әдепті бол. Бұл есімді ерекше құрметпен айтуды бұйырам!!! Мұхамбеттің Нұры болмағанда, сен де жаралмас едің. Менің сырларыма қанығып, Нұрыма шомылып, махаббатыма суарылмас едің. Оған құрмет көрсет және салауат айт, – деді. Сол кезде Қалам өзінің әдепсіздігіне ұялып, мың жыл бойы қорқыныштан дірілдеп, жаза алмай тұрып қалды. Өзіне қайта келген соң «Мұхамбеттің» қасына салауатты қосып жазды. Осыдан бастап Мұхамбет пайғамбардың аты аталса, салауат қоса жолданатын парыз шықты.
Сосын Қаламға:
– Әй, Қалам, барлық пайғамбардың үмбетінің болашақ тағдырын жаз, – деп бұйырды. Қалам жаза бастады. Ұлық Алла айтты:
– Бірінші, Адам пайғамбардың үмбетінен бастап жаз. Кімде-кім жақын бауырын сүйетін болса, оны жаннат бақшама кіргіземін. Ал егер мал үшін арын сатып, кісі баласының қанын ішетін болса, тозаққа тастаймын.
Нұхтың үмбетін жаз. Кім оның насихатын тыңдап, ар-ожданды биік ұстанса, пейіштен орын сайлаймын. Ал азғындыққа салынып, ар-иманын саудаға салса, оған тозағым дайын. Ыбырайымның үмбетін жаз. Кім оны мойындап, жомарттық пен қайырымдылыққа құмар болса, кәусар бұлағынан қанып ішеді. Дүниеқоңыздықтан жалған дін жасаса, тозақта ішкені у мен заһар болады. Мұсаның үмбетін жаз. Кімде-кім пұтқа табынбай, Алланы бір деп біліп, надандықпен күресетін болса, жұмағыма кіргіземін. Егер ілімді аяқасты таптап, зорлық-зомбылыққа үйір болса, тозаққа тамызық етемін. Ғайсаның үмбетін жаз. Кімде-кім жүрегін махаббатқа байласа, пақырлықтан қорықпаса, оны хорларым күтіп алады. Егер сатқындық пен аярлықты елге зорлап таңатын болса, жайы жаһаннамда болады, – деді. Осылайша Ұлық Алла барша пайғамбардың үмбетін жаздыра берді. 124 мың пайғамбардың үмбеті түгел жазылып болды. Ең соңғы кезек Мұхамбеттің үмбетіне келді. Қалам Ұлық Алланың әмірін күтпестен «Егер кім-кімде кім жүрегін таза ұстап, Алланың алдына кіршіксіз жүрекпен келсе, оны пейішпен қуантам. Мұхамбеттің қарабет үмбеті Алланың атын жамылып адам өлтіретін болса, дінді бетперде етіп қан төгетін болса, ар-намысты аяққа таптап дінді былғайтын болса, тамұқтың түбіне тастаймын» деп жаза бастап еді, Ұлық Алла:
– Әй, Қалам!!! – деді әмірлі дауыспен. Қалам қорқып кетті.
– Ей, Қалам!!! – деді тағы да нықтап. – Асықпа, әдепті бол!!! Бұлар – әлемдердің рақымы болатын Мұхамбеттің үмбеті!!!
Қалам өзінің әдепсіздік жасағанын түсінді. Алланың қаһарлы әмірінен қорқып кетіп, екіге жарылды. Тағы да екі мың жыл бойына зәре-құты қалмай, дірілдеп тұрды. Содан бастап, қалам екіге жарылмаса, жаза алмайтын қасиетке ие болды. Ол есін жиған соң:
– Иә, Мейірімді Ұлық Ием, не деп жазайын? – деді. Алла тағала:
– Мұхамбеттің үмбеті ең қиын кезеңде өмір сүреді. Ол кезде дін ұстаған шоқ ұстағанмен бірдей болады. Ұстаса, қолы күйеді. Тастаса, иманы кетеді. Ол заманда жерлер жақындайды. Теңіздер тартылады. Дәстүрі тәрк болады. Дүниеқоңыздық сәнге айналады. Бүкіл бұзық пен қызық жердің бетіне шығады. Дүние де бұрын-соңды болмаған әлем-жәлем, қызыл-жасыл түрге енеді. Ол кезде уақыт үш есеге қысқарады. Адамдар құлшылыққа уақыт таппай қиналады. Мұндай шырғалаңнан діннің турасын тауып, әділдік үшін күресу екінің біріне нәсіп болмайды. Бірақ сонда да олардың арасында арды күзетіп, әділдікті түзететін дидар талап құлдарым болады. Олар мені сүйеді. Мен оларды сүйем. Табанды құлдарым момындарға жұмсақ, қараниет залымдарға қатал келеді. Елдің өсек-аяңынан қорықпай, Хақтың ілімін таратуға тырыса береді. Оларға пейіштен де бөлек артықша нығметтерім бар. Ол – менің дидарым! Қияметте менің дидарымнан асқан қызық та, нығмет те болмайды, – деді. Қалам аса ілтипатпен жазып жатты. Ұлық Алла:
– Заманның қыспағынан ғапылдыққа бой алдырған Мұхамбеттің үмбеті көп болады. Оларға Мұхамбеттің шапағатшы нығметін нәсіп етемін. Себебі Мен әділетті Құдаймын. Бірақ шарты сол: олар пайғамбарына салауат айтсын. Мұхамбетті өзінің туған ана-анасынан да артық жақсы көретін дәрежеге жетсін. Кешірім сұраса, тәубесін сол мезетте Мұхамбеттің құрметіне қабыл етемін, – деді.
Сол кезде болашақ үмбетінің қиын тағдырын біліп тұрған пайғамбардың Нұры Алланың шапағат нығметін естігенде шаттанып: «Иә, мейірімді Алла, мен саған ризамын», – деп емірене тіл қатты.
ПЕРІШТЕЛЕРДІҢ ЖАРАЛУЫ
Тағы да екі тамшы Тауыстың сол көзінен тамды. Ол екеуі Ғаршы мен Күрсіге айналды. Мүбарактың оң құлағынан екі тамшы үзіліп барып, Жебірейіл мен Мәкәйіл періштеге айналып шыға келді. Сол құлағынан үзіліп түскен екі тамшыдан Ысрапыл мен Әзірейіл періштені сомдады. Самайынан аққан тамшылардан миллиондаған періштелер қалқып шықты. Бір тамшыдан миғраж түнін жаратып, оған барша қасиет пен киені дарытты. Біреуінен қанатты пырақтарды бейнелеп:
– Ақырдың соңында менің пайғамбарым Мұхамбет маған адам бейнесінде қонаққа келеді. Кім өзін осы бастан тақуа ұстаса, сол менің досымды маған қонаққа әкелуге лайықты болады. Хабибіме серік болып, менің рақымыма бөленеді, – деді. Мұны естіген барша пырақтар желдей жүйткіп, жарыса жөнелді. Олар сол сағаттан бастап Мұхамбет пайғамбар миғраж түні аспанға ұшқанға дейін оны тағатсыздана күтіп, бір-бірінен тақуалықта озуға тырысты.
Төртінші тамшыдан және бір періштені жаратып:
– Ақырдың соңында Мұхамбет миғражға көтеріледі. Менің дәргейіме жақындаған кезде періште де, пырақ та жылжи алмай, дәрменсіз халге түседі. Сол кезде осы жайнамаз ғана хабибімді маған жеткізе алады. Сен сол жайнамазды қазірден бастап тоқисың. Миғраж түні сүйікті досымның жайнамазы дайын болсын!!! – деп әмір етті. Періште жайнамаз тоқуды сол сәтте бастап кетті.
Осыдан соң Жебірейілді періштелердің патшасы етіп тағайындады. Оның нұры он сегіз мың жыл бойына Ғаршы ағланың астында тұрды. Күллі періште оның құзырына қарады. Сол кезде Жебірейіл өзін барша жаратылыстан артықпын деп ойлады. Сосын ол: Иә, Тәңірім, менен де артық, менен де үлкен жаратылған нұр бар ма? – деп сұрады. Сол кезде Алла:
– Әй, Жебірейіл, көкке қара, – деді. Қараса, төбесінде жарқыраған үлкен Нұр тұр екен. Көркем Нұрдан көзін айырып ала алмай, есеңгіреп тұрып қалды. Есін жинап, зер салып қарап еді, оның қасында төрт нұр және жанып тұр екен.
– Уа, Тәңірім, бұл қандай Нұр? – деді. Тәңірі тағала:
– Әй, Жебірейіл! Әдепті бол. Сенің өзіңді осы Нұрдың бір тамшысынан жараттым. Ол Нұр болмаса, сен де мына нығметтің ұшқынын да көрмес едің. Бұл – Мұхамбет Мұстафаның Нұры. Ол – менің хабибім. Сен оған салауат айт!!! – деп бұйырды. Жебірейіл салауат айтты. Сосын:
– Жанындағы төрт нұр кімдікі? – деп сұрады.
– Ол – Мұхамбеттің төрт серігі, төрт шадияр – Әубәкір, Омар, Оспан, Әлидің нұры, – деді.
– Иә, Тәңірім, бұл төртеуінің нұры басқалардан артық па? – деді.
Алла тағала:
– Мен төрт шадиярдың бәсін басқалардан артық еттім. Кім бұларды өзіне дос санаса, маған да дос болады. Кім бұларды дұшпан көрсе, менімен қас болады. Бұлардың достарын да дос көрген құлдарымды Мен жұмаққа кіргіземін, – деді.
Сол кезде Жебірейіл тәубесіне келіп:
– Иә, Алла, мен әдепсіз іс қылдым. Өзімді бәрінен артық санадым. Саған қарауға бетім жоқ. Осы айыбымды ақтайтын маған бір міндет жүкте. Мен Мұхамбетке алаңсыз қызмет етейін, – деп сұранды. Ұлық Алла:
– Жебірейіл, ақырдың соңында ол дүниеге барып Хақтың ілімін жаяды. Адамзаттың хикмет кеудесі – жүрек көзін ашуды үйретеді. Құранның Нұрын әлемге шашады. Оның дәрежесі қандай ұлық болса, міндеті де сондай ауыр. Миғраж түні болғанда Мұхамбетті дәргейіме қонаққа шақырам. Сен сол түні оны пырақпен бірге аршы әлемін аралатып қыдыртасың. Жеті тозақ, сегіз жаннатты көрсетесің, – деді. Осылайша Жебірейілдің көңілі жайланды.
Тауыстың тұмсығынан сегіз тамшы және тамды. Одан сегіз жұмақ жаралып, айнала нұрлана түсті. Аяғынан сіркіреген жеті тамшыдан жеті түрлі тозақ жаралды.
ЖЕРДЕГІ ТІРШІЛІКТІҢ БАСТАЛУЫ
Құстың екі бетінен сырғып түскен екі тамшыдан Ай мен Күн жаралды. Маңдайынан бір тамшы су ағып еді, ол миллиардтаған зәрреге бөлініп кетті де, қисапсыз жұлдыздарды шырақ етіп жақты. Осылайша қараңғы түнектің шымылдығы серпіле түсті. Тауыстың алқымынан төрт тамшы тағы түсті. Біреуі жер болып дөңгеледі. Екіншісі от болып лаулады. Үшіншісі су болып буырқанды. Төртіншісі жел болып дауылдатты. Езуінен екі тамшы сырғанап түсті де, күндіз бен түнді кезекке келтірді. Оң қанатынан бес тамшы тарамдалып түсіп келе жатты. Олардан әуелі Сидратүл мүнтаһаны, сосын Туба ағашын, үшінші хауыз кәусарын жаратты да, жаннатты зейнеттеді. Төртінші тамшыдан Бәйтүл Мұқаддасты, бесіншіден Адам атаның асасын жонды. Ол асатаяқ Адамнан Шиш пайғамбарға қалды. Ол кейін келе Мұса пайғамбарға нәсіп болды. Одан барша машайықтарға мирасқа қалды. Сол қанатынан бес тамшы және тамды. Олардан әуелі ұйтқыған боран соқты, екінші тамшыдан жауын-шашын сіркіреді. Үшіншісі найзағай болып жарқылдады. Төртінші тамшыдан Сүлеймен пайғамбардың жүзігі соғылды. Соңғы тамшыдан Ысрапылдың қиямет-қайымда үрлейтін айбынды сүрі сомдалды. Тауыс құйрығын желпуіш сияқты жайып жібергенде, одан сан мыңдаған қауырсындар шашырай өсіп шықты. Енді әрбір қауырсыннан мөлдіреген тамшылар шық сияқты домалап түсе бастады. Ұлық Алла бір тамшыдан түпсіз мұхит пен телегей теңіздерді жаратып, дөңгелеген жердің үстіне қотарды. Сол мезетте жердің бетін топан су басты. Екінші тамшыдан топырақты жаратып, судың үстіне тастады. Одан қарайған құрлықтар пайда болды. Су мен топырақтың салмағынан қара жер шайқатылып кетті. Ол өз кіндігінде дұрыс айнала алмай, тепе-теңдігі бұзылды. Шебер Алла үшінші тамшыдан асқар тауларды жаратты да, жерге қазық етіп жан-жағынан қақты. Қара жердің дірілі кенет кілт тоқтады. Содан бері жер шары өз кіндігінде әліге дейін мінсіз айналып тұр екен. Бір кезде Жерге тіл бітіп, Ұлық Аллаға тәспих-тәхлил айтып, оның тоқсан тоғыз есімін зікірге қосты. Ұлық Алла оған риза болып:
– Қара Жер, ықыласыңа разымын. Сен ақиреттің көлеңкесі боласың. Адамзаттың бес күн жалғандағы сынақ алаңы сенде өтеді. Адам ұрпағы пәни жалғанда еккен егінін ақиретте Менен алатын болады, – деді. Жер:
– Иә, мейірімді ием. Мен де Сенің мәңгілік назарыңда болғым келеді. Сынақ алаңынан басқа маған қандай да бір нығметің нәсіп бола ма? – деді.
– Қара Жер, қайғырма. Мен әділ Құдаймын. Бір үйімді сенің бетіңе соғамын. Құдіретімнің белгісі ретінде қара тасты жерге түсіремін. Тәубе қылып, Менен рақмет тілеген құлдарым Менің үйіме зиярат жасайтын болады, – деді.
Жердің осы тәхлил-тәсбих айтқан аузы қазіргі Меккенің орны екен. Ұлық Алла Адам ата жазықты болып жерге кетерде оған былай деді:
– Әй, Адам, Жерге барған соң Менің үйімді соғасың. Мен әлімсақта қара Жерге құрмет көрсетемін деп уәде еттім. Барлық қылған тәубеңді Қағбаға барғанда қабыл көремін. Қағбаның белгісі қасиетті қара тас болар! – деді.
Содан бастап Қағба Құдайдан рақмет тілеп, қажылыққа баратын барлық тақуа-тауазылардың киелі мекеніне айналыпты. Ұлық Алла тауды жаратып, Жерге қазық еткеннен кейін Жердің бір жағына Айды, бір жағына Күнді әкеліп орнатты. Күнді құдіретімен от қылып жақты. Ал Ай болса, оның нұрынан қарыз алып, жер бетіне әлсіз ғана сәуле шашатын болды. Сансыз жұлдыздарды кеңістікке тарыдай шашып жіберді де, самсатып жағып қойды. Тек Темірқазық жұлдызын ғана жылжымайтын етіп, ортасына қадады. Осылайша аспан әлемі жұлдыздармен зейнеттеліп, хикметке толып шыға келді. Төртінші тамшыдан бұлттар буланып шықты. Ұлық Алла құдіретімен найзағай оты мен кемпірқосақ бояуларын бұлттың арасына жасырды. Қалың бұлт жердің бетін жауып тұрды. Сол кезде бір шетінен самал желді тұрғызды. Самал жел қалың бұлтты қақ айырып, жан-жаққа будақ-будағымен айдай жөнелді. Бұлттар әлемі бір тәртіппен жылжу үшін төбесіне көк аспанды күмбез етіп кигізді. Осылайша көк аспан сәнделіп, әсем түрге бөленді. Бірақ жердің беті әлі де ұсқынсыз еді. Ұлық Алла қауырсыннан аққан бесінші тамшыдан жасыл желекті жаратып, жердің бетіне шашып жіберді. Сол мезетте жердің беті ну орманға, қалың тоғайға, жасыл жазираға айналып шыға келді. Теңізге түскен шөптер балдырға айналды. Алтыншы тамшыдан бір топ мақұлықты жаратып, алдымен суға жіберді. Олар теңіз бен мұхитта ғұмыр кешетін миллиондаған тіршілік иесіне айналып, жердің ажарын аша берді. Жетінші тамшыға жан бітіріп, топыраққа тастады. Одан сан мыңдаған жан-жануар мен есебі жоқ жәндіктер өсіп шықты. Осылайша жердің беті тынымсыз тіршіліктің қайнаған мекеніне айналды. Сегізінші тамшыны алды да, аспан астына шашты. Шашырай түскен тамшылар жер бетіне жетпестен, қисапсыз құстарға айналып, өзіне ыңғайлы мекендерге қарай ұша жөнелді.
Тоғызыншы тамшыдан Әубәкір, Омар, Оспан, Әлидің рухтары бөлініп шықты. Оныншы тамшыдан әуелден ақырға дейін дүниеге келетін барша адамның рухын жасап, оларға әр түрлі кескін-келбет, тіл жаратты. Тауыстың көкірегінен аққан бір тамшы нұрдан ілім-білім, өнер, кәсіп жаратып, барша рухтың үстіне шашты. Сондықтан да барлық адамның бойына белгілі бір ғылым мен өнерге бейім болып тұратын қасиет дарыды. Дүния тіршілігін бастаған кез келген адам ерінбей еңбек етсе, осы әуелден дарыған дарынын жарыққа шығара алады екен. Ұлық Алла:
– Уа, Менің құлдарым!!! Сендердің барлығың Мұхамбет пайғамбардың Нұрынан жаралдыңдар. Оның рухына қарап, құрмет көрсетіңдер!!! – деп бұйырды.
Барлық әруақ пайғамбардың рухына қарап, тағзым етті. Сол кезде оның басын көргендер даналықпен ел билеген сұлтандар болды. Мүбарактың жүзін көргендер қазы, би болып, әділдікке қызмет етті. Момындардың ақысын жегізбей, таразыны тең ұстады. Пайғамбардың көзіне қарағандар абыз, қары, ғұлама болып, Құранды жүрекке тоқыды. Ел сыйлаған құрметті кісілерге айналды. Мұхамбет пайғамбардың қасына көзі түскендер ақылды, білімді жандар болып, білім-ғылымның нұрын шашты. Жүзін көргендерге даналық дарып, хакімдік мәртебені иеленді. Олар сонымен бірге мың бір дерттің шипасын білетін болды. Ауру-сырқауды емдеп, халықтың алғысын алды. Пайғамбардың екі ернін көзі шалғандар патшаға уәзір болып, қызмет етті. Аузын көргендердің дүниеде істері сәтті, берекелі болып, көңілдеріне қайғы-қасірет келмеді. Көз жасын байқағандардың ажар-көркі асып, сұлу да сымбатты адам болып тіршілік кешті. Пайғамбардың құлағына назары түскендердің пешенесіне елші болып, екі елді елдестірмек міндеті жазылды. Мүбарактың алқымына назар салғандар тәхлил-тәсбих айтатын тақуалардың сапынан орын алды. Пайғамбардың екі қарына көзі түскен жандар ержүрек, батыр болып, жаудан мерейі асты. Кімде-кім оң алақанын көрсе, ұстаға айналып, он саусағынан өнер тамған зергер болды. Сол алақанын көргендер таразы ұстап, сауда ісін дөңгелетті. Екі қолына бірдей назар салғандар қолы берекелі, жомарт жандар ретінде халыққа танылды. Осылайша жерге түспей тұрып, Алланың қалауымен Мұхамбет пайғамбардың рухын тамашалап, оның қасиетті денесін көргендер дүниеде атақ-лауазым, мәртебе, кәсіптерін еншіледі. Сол кезде Аршы, Күрсі, Лаухы, Қалам, жеті қат көк, жеті қат жер, тау-тас, ағаштар, сулар, періштелер, он сегіз мың ғалам: «Мұхамбеттің Нұрын біз де жақыннан көрсек. Нұрды бізге бер», – деп Тәңіріне арыз айтты. Ұлық Алла:
– Бұл Нұр барша адамзатқа ортақ. Мейірім мен махаббатқа құмар болған барша мақұлықат бұл Нұрға жақындай түседі, – деді.
СӘЛЕМНІҢ БАСЫ
Сонан соң Ұлық Алла Нұр-Мұхамбетке:
– Әй, менің досым Мұхамбет, мен барша ғаламды сен үшін жараттым. Сен болмасаң, мына әлем жаралмас еді. Енді сенің өз Нұрыңнан нәр алған он сегіз мың ғаламды аралап көруіңе рұқсат, – деді.
Мұхамбеттің Нұры алдымен келіп төрт мұқараб періштеге сәлем берді. Олар пайғамбардың сәлемін қабыл етіп, сол арада кәләм шаһадат айтып, мұсылман болды. Нұр:
– Cендерді Ұлық Алла не мақсатта жаратқан? – деп сұрады. Олар:
– Біз барша мақлұқат пен Ұлық Алланың арасын жалғаймыз, – деді.
– Онда менің үмбетіме қайырлы болыңдар! Адасқан үмбетке тура жол нұсқаңдар! – деді. Олар:
– Егер сенің үмбетің күн сайын саған он рет салауат айтса, онда Алладан оның екі дүниеде қайырлы ғұмыр кешуін тілейміз, – деп уәде етті.
Онан кейін Аршы, Күрсі, Лаухы, Қаламға келіп сәлем етті. Олар да сәлемін қабыл етті де, ерекше ышық-мұхаббатпен «әшһаду әлла иләәһа илла-Алла, уә әшһаду әнна Мухаммаддан ғабдуһу уә расуулуһу» деп кәләм шаһадат айтып, мұсылман болды. Нұр-Мұхамбет:
– Әй, Қалам, сенің қызметің не? – деп сұрады. Қалам:
– Әлемнің әуелі мен ақырына дейін болатын оқиғаны Алланың қалауымен жазамын, – деді. Нұр:
– Әй, Тағдыр тақтасы, сенің қызметің не? – деп сұрады. Ол:
– Мен барша мақұлықтың тағдырын бекітемін. Құпия етіп сақтаймын, – деді.
– Әй, Қалам, менің үмбетімнің тағдырын жеңіл етіп жаз! – деді. Ол:
– Иә, ақырдың пайғамбары, егер саған кімде-кім күніне он салауат айтса, оның тағдырының жеңіл болуын бір Алладан тілеймін, – деді.
Сонан соң сегіз жұмақ пен жеті тозаққа келді. Оларға да пайғамбармен сәлемдесіп, шаһадат айтып, мұсылман болды. Пайғамбардың Нұры:
– Әй, жұмақ, сені не үшін жаратты? – деп сұрады. Ол:
– Ұлық Алланың «әділ» деген сипаты бар. Ол дүние сынағынан сүрінбеген құлдарын менімен сыйлайды. Дүниеде көрген қорлық, тартқан азабының өтеуін менен табады, – деді.
– Әй, тозақ, сені не үшін жаратты? – деді. Ол:
– Ұлық Алланың «жазалаушы» деген сипаты бар. Дүнияда момынның ақысын жеген, әділдікті таптаған, ар-ожданды былғаған күнәкар құлдарын маған тастап жазалайды. Мен оларды өртеймін, – деді.
Нұр осыдан соң қара жерге келіп:
– Сен кімсің? – деп сұрады.
– Мен жермін. Күллі тіршіліктің қайнаған құтты мекені менде болады, – деп мақтана жауап берді. Нұр-Мұхамбет:
– Баяны жоқ сұм жалған, пәни дүние сенде екен. Сондықтан босқа мақтанасың, – деді. Қара жер жым болды. Сосын сумен тілдесті.
– Су, сені Құдай не хикметпен жаратты? – деді.
– Мен Алланың ерекше хикметпен жаратылған нығметімін. Күллі кірлеген затты мен тазартам. Тіршіліктің бір көзін ұлық Алла маған байлаған, – деп мақтанды.
– Су, сен бекер мақтанасың. Күллі кірді тазартасың. Бірақ, өзің де лас болып ағасың. Ұлық Алла қаласа, тіршілікті топан сумен де тоқтата алады, – деп судың аптығын бір ауыз сөзбен басты.
Содан кейін отқа келді де:
– Әй, от, сені ұлық Алла не мақсатта жаратты? – деді. От:
– Мен Алла жаратқан құдіреттің бірімін. Менсіз тіршілік болмайды. Суықты қашырам. Шикіні пісірем. Темірді балқытам, – деп мақтанып сала берді. Нұр-Мұхамбет:
– Сен де босқа мақтанасың. Жануың желден, өшуің судан. Қараусыз қалсаң, тіршілікке қуаныш емес, қасірет сыйлайтын қатігездігің басым. Өз бетіңше өшуді білмейтін тілсіз жау екенсің, – деді. От сап тыйылды. Сосын желге барып тіл қатты:
– Сенің мұратың не? – деді. Жел:
– Мен бұлттарды айдаймын. Жердің көгеріп көктеуі, қуаңшылықтан құтылып, құлпырып тұруы маған байланған. Сондықтан тіршілік менімен тыныстайды, – деп мақтанды. Пайғамбар рухы:
– Міндетің жақсы екен. Тек ақылың кем екен. Кей кезде жындылықпен іс қыласың. Долданып соққанда гүлденген әлемді жермен-жексен етесің. Құбылмалы мінезің мұратыңа көлеңке түсіріп тұр, – деді. Жел де жым болды.
Осыдан соң Жер, Су, От, Жел – төртеуі Нұрға уәж айта алмай, ауыздарына құм құйылды. Төртеуі ықыласпен кәлима шаһадат айтып, сол жерде мұсылман болды. Кейін осы төртеуі тіршіліктің тынысына айналды. Ғалам жайын, жаратылыс негізін арқау еткен әдеби туындыларда Пайғамбардың жаратылу себебі «ғашықтық» деп айқындалады. Бұл ғашықтық барша болмыс атаулының сомдала түрленуіне түрткі һәм негіз. Мәулана Руми Мәснәуи атты шығармасында: «Су, жел, топырақ пен оттан бүкіл ғалам пайда болды. Бұл төртеуінің де түбі ғашықтықтан туды» дейді.
Мехмет Демиржи
НҰРДЫҢ АДАМ АТАҒА КӨШУІ
Адам атаға жан кіргізу кезінде Тәңірі тағала рухты жаратып:
– Денеге кір!!! – деп әмір етті. Рух жансыз, қараңғы балшық тәннің ішіне кіруге қорқып тұрды әрі жансыз дененің иісі де жағымсыз еді. Ұлық Алла Мұхамбеттің Нұрын жансыз дененің маңдайына қойып еді, суық тән тартымды боп шыға келді. Сосын барша періштеге құйқылжытып, жеті сазбен зікір айтуды бұйырды. Адамды қоршай қаптаған қисапсыз періштелер сазды әуендермен зікір айта бастады. Саздың ырғағына елтіген Рух Мұхамбеттің Нұрына қарай тартыла түсті. Бір сәтке өзін ұмытып, мастық халге түсті. Сол кезде Жебірейіл періште оны балшық тәнге жайғастырып үлгереді.
Тәнге жайғасып болған соң, Адам ата пейіште тіршілік кешіп жүрді. Бір күні ол пейіш қақпасының маңдайшасындағы бір жазуды көреді. Онда «Лә иллаһа илла Алла, Мұхаммед расул Алла» деп жазылған екен. Адам ата Құдайдан:
– Уа, Алла, сенің ұлық есіміңмен қатар тұрған кімнің есімі? – деп сұрайды. Алла тағала:
– Әй, Адам, ол – сенің ақырдың соңында шығатын ұрпағың. Ең соңғы пайғамбар. Менің сүйікті досым. Есімі – Мұхамбет. Мен оны барша әлемге шапағат етуші рақмет етіп жіберемін, – деді.
– Оның менен қандай артықшылығы бар?
– Адам, әдепті бол. Егер ол болмаса, Мен мына аспанды, жерді, Аршы мен Күрсіні, барлық мақлұқатты, тіпті сені де жаратпас едім. Барлық әлем сол пайғамбардың шарапатынан тұр. Оған көп салауат айт, – деді. Адам таңғалып тұрып қалды. Барша періштелер мен хорлар қызмет етіп жүргендіктен, өзін асыл сезінуші еді. Оның ішінен «сонда бұл менен артық болғаны ма? Егер мен күнәға ұрынсам, ұрпағым маған қалайша шапағат қылады?» деген күмәнді ой кеудесін торлады. Сол сәтте Ұлық Алла:
– Әй, Адам, бұл Мұхамбет – менің хабибім. Ол он сегіз мың ғаламға шапағат етеді. Оның ішінде сен де барсың. Оның ұлылығын осыған қарап-ақ тани бер. Ақырдың соңында шығатын ұрпағың болса да, ол саған шапағат етеді. Оған берілетін көркем мінез-құлық бірде-бір адам баласына нәсіп болмайды. Мұхамбет әділдіктің де, әдептің де, иманның да айнасы болады. Мұхамбеттің әдебіне, мінез-құлқына еліктеп, әділдіктен таймаған адам ұрпағы марқұм болған аталарына шапағат етеді. Оларды еске алып, Құран оқытып, дұға жолдайды, – деді де, Жебірейілге:
– Адамның кеудесіндегі күпір ойды ойып алып, көміп таста. Күмән иманды жояды, – деді. Жебірейіл күмәнді ойды Адамның көңілінен сылып алды да, пейішке көмді. Одан бидай өсіп шықты. Кейін келе Адам ата мен Хауа ананың пейіштен қуылуына осы дақыл ақыры себеп болды.
Адам ата жұмақта жүргенде қаз-қатар тізілген үлкен күрсілерді көреді. Олардың ішінде бір күрсі айрықша үлкен екен. Төңірегінде тағы да төрт үлкен күрсі тұр. Айналасын мыңдаған күрсі және қоршапты. Адам ата:
– Иә, Алла, тақ менде ғана деп ойласам, мында өте көп екен әрі менің Хаджар әл асуад тағымнан үлкен ғой. Бұл кімнің орны? – деп сұрады.
Ұлық Алла:
– Бұл – менің досым Мұхамбет пен төрт шадиярдың, барша жүз жиырма төрт мың пайғамбардың сұхбаттасып отыратын мекені, – деп жауап берді.
– Мұнда тек пайғамбарлар ғана отырады ма? – деп сұрады.
– Әділдіктен танбаған, қара қылды қақ жарған, шадиярларды дос тұтқан, бөтеннің айыбын жапқан, Хақ жамалына ғашық болған барлық құлдарым пайғамбарлар сұхбатына қатыса алады, – деді. Адам ата:
– Мұхамбеттің күрсісіне отырып көрсем бола ма? – деп сұрады. Алла тағала рұқсат етті. Адам ата күрсіге шығып отырады.
Адам ата пейіште жүргенде барлық періштелер оған телміре қарап, рақатқа батып отырушы еді. Адам ата Аллаға:
– Иә, Алла, неге барша періште маған телміре қараудан жалықпайды? Бұл не хикмет? – деп сұрады. Ұлық Алла:
– Сенің беліңде Мұхамбеттің Нұры бар. Кейінгі ұрпағыңа сен арқылы беріледі. Олар сол Нұрдан ләззат алады, – деді.
– Оны мен де көрсем бола ма? – деді. Ұлық Алла белдегі Нұрды Адамның бас бармағына көшіріп берді. Сол кезде Адамның бас бармағы сәуле шашып шыға келді. Артынша төрт саусағы да жұлдыздай жылтырап жанды. Адам ата:
– Иә, Алла, не себепті бес саусақ бірдей нұрланды? – деп сұрады.
– Ол – Мұхамбеттің серігі, барша үмбетінің достары төрт шадиярдың нұры. Олар – ақырдың соңында Мұхамбетке серік болатын Әубәкір, Омар, Оспан, Әли. Төрт шадияр Мұхамбеттің дініне тірек болады, – деді.
Адам ата содан бастап оң қолын белден жоғары ұстайтын болды.
Адам жаннатта жалғыз жүрмесін деп, Алла тағала оған жұп жаратады. Ол ұйқыдан оянған кезде ақ жаулық жамылған әдемі келіншекті көрді.
– Иә, Алла, бұл кім? – деп сұрады. Ұлық Алла:
– Бұл – Хауа. Сенің жан-жарың, өмірлік серігің болады. Бар, жаулығын ашып, жүзін көр!!! Жарыңмен таныс!!! – деп бұйырды.
Адам ата адал жарына тақап барып, ақ желекті ашып, оның ай дидарына көз салды. Сол кезде екі беті иба мен ұяттан нарттай боп қызарып тұрған Хауа ана оң қолын оң тізесіне қойып, еріне бірінші рет иіліп сәлем етті. Адам ата ессіз ғашық болып, Хауаның қолынан ұстаған сәтте Ұлық Алла:
– Әй, Адам, әуелі қалыңдығыңның қалыңмалын төле, – деді.
– Иә, Алла, мен оның қалыңмалын қалай төлеймін? Мендегі бар мүлік – өзіңдікі. Тіпті үстімдегі киімді де сен бердің, – деді. Сонда Тәңірі тағала:
– Ақырдың соңында шығатын сүйікті пайғамбарың, өзіңнің ұрпағың Мұхамбет пайғамбарға салауат айт, – деді де, салауат айтудың үлгісін Адам атаға өзі үйретті. Адам ата Мұхамбет пайғамбарға он рет салауат айтты. Содан бастап үйленгенде қызға қалыңмал беру дәстүрі сүндет болыпты.
Жебірейіл періште Адам ата Хауа ананың некесін қиып, екеуі үйленді.
НҰРДЫҢ ШИШ ПАЙҒАМБАРҒА КӨШУІ
Кейін Адам ата мен Хауа ана жұмақтан қуылып жерге түскен кезде де екеуі екі жақта жүріп, жылаудан көз жастары құрғамады. Тілдері Құдайдан кешірім тілеуден босамады. Адам ата қайғыдан басын көтере алмады. Бір күні Алладан:
– Әй, Адам, көтер басыңды!!! – деген әуез келді. Адам жоғары қарап еді, бір заманда өзі мекендеген пейіштің маңдайшасынан «Лә иләһа илла Алла, Мұхамбет расул Алла» деген жазуды көрді.
Сонда Адамның Хауа ананы алған кезде Мұхамбетке он рет салауат айтқаны есіне түсіп, егіліп жылады.
– Иә, Алла, мені ақырдың пайғамбары Мұхамбеттің құрметіне күнәмді кеш, – деді.
Алла тағала:
– Кештім. Мұхамбеттің шарапатынан бүкіл ұрпағыңның күнәсін кешіріп, пейішке қайта кіргіземін. Дидарымды көрсетемін. Шарты: ұрпағың Хақтың жолына бекем болсын, Мұхамбетке салауатты көп айтсын, – деді.
Осыдан бастап егер пенде күнә жасап қойса, қашан ол Мұхамбетке салауат айтпа-йынша, оның күнәсі мағрифат етілмейтін болды. Адам ата дүниеден өтерінде Шишті шақырып, Алланың осы сөзін ұлына өсиет етті. Ол:
– Әй, Шиш, бұл өсиетті жадыңа тоқып, ұрпағыма жеткіз. Бұл жаһанға жан беріп, тіршілікке мән беріп тұрған – бір ғана Мұхамбеттің рухы. Барша ғалам тағдыры соның рухына ғана байланған. Бұл дүниені ақырға дейін рақметпен ұстап тұрудың жалғыз ғана жолы бар. Ол жол – Мұхамбеттің әділдік жолына адал болып қалу. Сондықтан да оның Нұрын көздің қарашығындай сақта! – деді. Сосын ұлына жұмақта көрген өзінің естеліктерін айта бастады:
– Мен жұмақты аралап жүріп, Мұхамбеттің есімі жазылмаған бірде-бір зат көрмедім. Оның аты әрбір ғимаратта, әрбір бөлмеде, әрбір жемісте, әрбір гүлде жазылып тұрды. Тіпті Аршы мен Күрсіде, Лаух пен Қаламда да оның құрметті есімі жазылған, – деді. Шиш:
– Әке, сен екеуіңнің қайсысың артықсыңдар? Сен абзалсың ба, ол абзал ма? – деп сұрады. Адам оның сұрағына жауап бермей, үнсіз қалды. Шиш әлгі сауалын үш рет қойды. Сол кезде барып Адам:
– Әй, Шиш. Маған Алла тағала былай деді: «Әлемдегі барлық нәрсені сен үшін жараттым. Бірақ сенің өзің Мұхамбеттің құрметіне жаратылдың. Егер Мұхамбет болмағанда, сен де топырақтан адамға айналып, Алланың халифасы деген ұлық мәртебеге жетпес едің». Ертең қияметте барлық пайғамбарлар алдыңғы сапта үмбетімен бірге тұрады. Мен сол кезде Мұхамбеттен екі саты кейін тұрамын.
– Әке, неге екінші болып сіз тұрмайсыз?
– Себебі екінші сапта оның зайыбы Хадиша тұрады.
– Оның зайыбының да дәрежесі сенен ұлық па?
– Иә, Хадиша Ібілістің азғыруына ешқашан ермеген. Керісінше, ол сайтанмен күресте еріне сүйеу болған. Ал менің зайыбым әзәзілдің азғыруын дер кезінде ақылымен айыра алмады. Оның тіліне еріп, мені де қара басты. Алланың тыйым салған бидайын жеп қойдық. Екіншіден, өзің де жақсы білесің, адамның жүрегінде бір сайтан және бір періште болады. Мұхамбеттің жүрегінде қос періште қатар отырды. Яғни оның сайтаны одан жеңілді. Иман келтіріп, мұсылман болды. Мұхамбетке серік болып, періштенің қызметін атқарды. Ал менің сайтаным өле-өлгенше менімен қастасып өтті. Жұмақта жүргенде бір әсем дауыс еститінмін. Сосын Алладан:
– Иә, Тәңірім, бұл қандай дауыс? – деп сұрадым.
– Бұл – Мұхамбет Нұрының зікірінің дауысы, – деді. Мен ол Нұрдың дауысын естігенде барша денем балқып, бір ләззатты күй кешетінмін. Сол Нұрға барғым келді. Барайын десем, бес жүз жылдық қашықтықта екен. Жете алмадым. Жұмақтан қуылған соң, өзекті өртеген өкініштің бірі сол дауысты естімейтіндігім болды. Жұмақта жүргенімде, Нұрдың миск сияқты жұпар иісін сезетінмін. Ол жаныңды рақатқа бөлейтін. Барша періштелер оны құмарлана жұтатын. Жерге түскен соң, сол Нұрдың иісін сағынып, қырық жыл ұйықтамадым. Өкініштен запыран жұттым. Көңілден кетпеген арманның бірі – осы! – деді.
Адам ата бастаған барлық пайғамбарларға көшіп отырған бұл нұр ақырында шынайы иесі Әзіреті Мұхамбет Пайғамбардан тұрақ тапқан. Осылайша нұр түсінігін Ибн Араби мен Абдулкәрім әл-Жилли сияқты сопылар әрі қарай дамытты және Халлаждың «Хақиқат-Мұхаммедия» мен «Ақл-әууәл» тұжырымымен қабыстырды. Нұрдан он сегіз мың ғаламды жарату желісі махаббаттан бастау алды. Бұл иләһи махаббат сопылық әдебиеттің алтын арқауына айналды. Түркі әдебиетінде Қожа Ахмет Ясауи, Мәулана, Жүніс Әміре, Қажы Бекташ Уәли, Мехмед Языжыұлы, Ибраһим Хаққы сияқты сопы шайырлар «Мұхамбеттің нұры» ұғымын жан-жақты жырға қосып дәріптеді.
НҰРДЫҢ НҰХ ПАЙҒАМБАРҒА КӨШУІ
Шиш пайғамбар Мұхамбеттің Нұрына адал болады. Ол Нұр Шиштің белінен Ануш пайғамбарға ауысты. Ануштан Кинанға мирас болды. Кинан өлген соң, оның ұлы Мақайылға нәсіп болды. Мақайылдың дәм тұзы таусылғанда Нұр оның ұлы Бардқа қонды. Нұр осылайша бес атаны басып өтіп, Ыдырыс пайғамбарға жетті. Нұр оның маңдайында шолпан жұлдызындай жарқырап тұратын. Ол пейішке кіріп-шықпастан сол жақта мәңгі бақи қалып қойған соң, Жебірейіл періште Нұрды оның баласы Ақнухтың беліне қондырады. Одан Шарық атты баласына ауысты. Шарық та бақиға аттанған соң, Нұр Ламақтың денесіне дарыды. Одан кейін Нұр мың жыл бойына Нұх пайғамбардың белінде жатты. Оның нышаны Нұхтың жүзінде таң алдындағы таза шықтың тамшысындай мөлдіреп тұратын. Нұхтың Сам, Хам, Жаппас есімді үш ұлы болды. Нұх қайтыс боларында Самды шақырып алып: «Пайғамбарлардың тәжі, екі дүниенің сардары Мұхамбеттің Нұрына ие бол! Әдеп пен тақуалықта табанды бол!» – деді. Сонда Сам:
– Мұхамбет деген кім? – деп сұрады.
– Ол – ақырдың соңында шығатын пайғамбар.
– Оның дәрежесі сізден де ұлық па?
– Ей, ұлым, егер ол болмағанда, біз топан судан аман қалмас едік. Мен кеме салып жатқанда, қанша жерден Алланың атымен бастасам да, құрастырған ағаштарым құлап қала берді. Соның мәнісін Жаббар Хақтан сұрадым. Ол айтты:
– Ей, Нұх, ақырдың пайғамбары Мұхамбетке салауат айт. Сонда ісің оңға басады.
Сонан соң кеменің әрбір тақтайына барша пайғамбарлардың есімдерін ерінбей жаздым. Бірақ бәрінің сиясы оңып кете берді. Жебірейіл періште келіп: «Сен ең бірінші Мұхамбеттің есімін жаз. Сонда басқалардың есімдері өшпейді», – деді. Мен солай еттім. Сосын барып, ісім оңалды. Кеме біткен соң, төрт бөрене артылып қалды. Мұның себебін Жебірейілден сұрап едім, ол: «Әй, Шейх-ул әнбия, төрт тақтай – Мұхамбеттің достарының үлесі. Олар – Әубәкір, Омар, Оспан, Әли. Қалған төртеуіне солардың есімдерін жаз», – деді. Мен солай еттім. Соның арқасында кеме мінсіз құралып шықты.
– Әке, ең ұзақ жасаған пайғамбар сіз екенсіз. Ұлық Алла сізге мың жыл ғұмыр жазды. Сізде арман бар ма?
– Ұлым, арманның көкесі мына менде, – деп көкірегін нұқыды.
– Ол не арман?
– Мұхамбеттің үмбеті болсам деген арман еді. Мың жыл ғұмырымды үмбеттіктің бір күніне айырбастар едім.
– Әке, адамзатты топан судан құтқару – сіздің маңдайыңызға жазылған бақыт. Осының өзі ұлық дәреже емес пе?
– Балам, сен әлі шикісің. Мен азғантай адамды азғын топтан ғана айырып алдым. Ал Мұхамбет мәңгілікке созылатын рухани ілімнің шырағын жағып, адамзатты қараңғылықтан құтқарады. Менің шапағатым жан-жануар мен ауылдағы аз ғана ағайынға тиді. Ал Мұхамбет он сегіз мың ғаламға рақмет етеді, – деді. Баласы Мұхамбет пайғамбардың дәрежесін естігенде сілейіп отырып қалды.
Нұх ұлына Нұрды аманаттап, оған ел ішіндегі Шәуіл деген кісінің ең тақуа, ең әдепті бір қызын айттырып алып берді. Ол қыз бір ұл туып, оған Ирпақшат деп ат қойды. Ирпақшат – «нұр таратушы шырақ» деген мағынаны білдіреді екен. Сам бес жүз жыл өмір сүріп, пәниден бақиға аттанады. Ол да әкесінің дәстүрімен ұлына Нұрды өсиет етіп, оған Маржан атты қызды алып береді. Одан Һуд пайғамбар дүниеге келеді. Нұр Һудтың беліне келіп түскен соң, бір күні ол далада мал жайып жүргенде құлағына Алладан әуез келді. Ғайыптан естілген құдіретті дауыс: «Әй, Һуд! Біз сенің бойыңа Мұхамбеттің Нұрын дарыттық. Енді саған таза жүріп, тақуалықпен өмір сүру уәжіп болады. Денеңдегі Нұрға қылаудай көлеңке түспейтін болсын!!!» – деп бұйырды. Ол Алланың әміріне толық мойынұсынды. Һуд дүние салғанша Нұр оның бетінде толған айдай әдемі сәуле шашып тұратын. Нұр Һудтан Салихқа ауысқанда оның жамалында найзағайдай от шашып, дұшпандарын ықтырып тұрды. Нұр жеті атаны басып өтіп, Ыбырайымның әкесі Азардың беліне көшеді.
НҰРДЫҢ ЫБЫРАЙЫМ ПАЙҒАМБАРҒА КӨШУІ
Бір күні ұлық Алла Жебірейіл періштеге:
– Досым, Мұхамбеттің дүниеге келетін уақыты жақындап келеді. Бүгін таң сәріде ұйықтамай отырған момын пендемнің үстіне Мұхамбеттің Нұрын шаш, – деді. Жебірейіл ұйықтамай отырған тақуаны таба алмады.
– Тек бір дінсіз адам пұт жонып отыр, – деді. Алла оны жерге қайта жіберді. Бұл жолы да таба алмай нәтижесіз оралды.
– Дүниені шарладым. Әлгі дінсізден басқа ояу отырған бір адамды көрмедім. Бәрі ұйқыда, – деді.
– Олай болса, соның үстіне шаш, – деді. Пұт жонып ояу отырған Ыбырайымның әкесі Азар еді. Азардан Ыбырайым пайғамбар туады. Ыбырайым есімі «Рақымның атасы» дегенді білдіреді. Ал «Рақым» кім дегенге келсек, ол – Мұхамбет пайғамбар. Хазіреті Ыбырайым Мұхамбет пайғамбардың жиырма бесінші атасы болып келеді. Ыбырайымға қонған соң, Нұр тағы да ерекше сипатпен нышан берді. Адамдар оның жүзіне тура қарай алмайтын. Себебі іштегі Нұрдың сәулесі оның екі бетінен шуақ болып төгілетін.
Ыбырайым пайғамбар Намрұт патшаның уәзірі Хазардың қызына үйленеді. Оның Бибісара атты қызы болады. Бибісара көпке дейін құрсақ көтермей жүреді. Жасы тоқсанға келгенде Бибісара балалы болудан үміті үзіліп, үйінде жүрген Бибіажар атты қызметшісін Ыбырайымға екінші әйел етіп алып береді. Ажар көп ұзамай жүкті болады. Бұл оқиға Бибісара анамыздың көңіліне келеді. Бірақ ол сол күні түс көреді. Түсінде алып шынар ағашын егіп жатыр екен. Ағаш тез өсіп, бәйтерекке айналып, бұтақтары аспан астын жауып қалады. Ояна салысымен көрген түсін Ыбырайымға жорытады. Ыбырайым:
– Ұзамай ұлды боласың. Ысырайыл қауымының күллі пайғамбары сенен тарайды, – деді. Сара анамыз мына жаңалықты естігенде қуаныштан көзінің жасын тыя алмады. Бірақ бұл хабар Ажар анамыздың көңіліне дық салды. Ол өзін күйеуінің алдында қор сезініп, бір уыс боп жатып қалды. Ыбырайымның отбасының берекесі кетті. Осы кезде Жебірейіл періште келіп:
– Ей, Ажар, басыңды көтер. Раббыңның саған сақтаған сыйы бар. Сүйінші!!! Екі жаһанның жан-нұры, бүтін пайғамбардың тәжі, екі дүниенің сардары, он сегіз мың ғаламның рақметі, Алланың хабибісі әзіреті Мұхамбет пайғамбардың Нұры сенің жатырыңда жатқан бөбектің денесіне ауысады. Ұлық Алланың бұдан асқан нығметі болмайды, – деп сүйінші сұрады. Бибіажар анамыз мына сөзді естігенде өз құлағына өзі сенбей, есеңгіреп отырып қалды. Екі көзінен парлап аққан жас күні бойына тоқтамады. Көп кешікпей дүниеге Смағұл есімді ұл келді. Нұр Смағұлдың екі қасының ортасына барып жайғасты. Ыбырайым Нұрдың ұлына қонғанын көрген соң, оған былай деп өсиет айтты:
– Әй, ұлым, барша аталарымыздың бізге қалдырған өнегелі өрнегі бар. Мұхамбеттің шарапатты Нұрын аялап ұста. Тек әдепті әйелмен ғана отау құр. Себебі әдепсіз әйелден Нұр қашады. Ұлық Алла Мұхамбеттің Нұрына сені лайықты деп тауыпты. Енді бұл бақытың баянды болғай! – деді. Баласы:
– Әке, бір сұрағым бар. Мұхамбеттің сенен қандай артықшылығы бар? – деді. Ыбырайым:
– Әй, ұлым. Менің көкірегімде бір арман бар. Мен түсімде жаннатты көрдім. Оның көлемі жер мен көктің ауқымындай екен. Мен Жебірейілден: «Бұл кімге арналған орын?» – деп сұрадым. Ол: «Сенің әулетіңнен шыққан Мұхамбет Мұстафа мен оның үмбетіне арналған орын», – деп жауап берді. Мен ол жұмақтың бау-бақшасындағы жемістерге назар салдым. Барлық ағаштың діңгегіне «Лә иләһә иллалла» деп жазылған екен. Бұтағында «Мұхамбет Расул Алла» деген жазуды көрдім. Ал ағаштың жемістерінде әр түрлі салауаттар жазылған екен. Мен Жебірейілден: «Мұхамбеттің үмбетінің қандай артықшылығы бар?» – деп сұрадым. Ол: «Оның үмбеті – барлық үмбеттен қайырлы. Бейішке бұлардан бұрын ешкім кірмейді. Ақирет күнінде барлық адам баласы қорқыныш пен қатерде тұрған кезде оның үмбетінің көңілінде ешқандай қауіп болмайды. Ғарасат майданында барлық пайғамбардың үмбеті лыпасыз тіріледі. Оларды періштелер мақшарға жаяу айдайды. Ал Мұхамбет үмбеті жібектен тон киіп, салтанатқа бөленеді. Жұмақтың арғымақ аттарын тақымына басады. Қолдарына «Лә иләһә иллалла» деген жазуы бар байрақтар ұстайды», – деді. Пайғамбардың нұрлы жүзін көру, оның үмбетінің бірі болу маған арман болды. Сондықтан сен аманатқа қиянат қылма, – деді.
– Әке, өсиетіңді ұқтым. Кеңесіңді кеудеме тоқыдым, – деді.
НҰРДЫҢ СМАҒҰЛ ПАЙҒАМБАРҒА КӨШУІ
Смағұл ер жеткен соң, Ғамара атты қызға үйленеді. Бірде Ыбырайым пайғамбар келінін сынау үшін ұлының үйіне диуананың киімін киіп, қонаққа келеді. Келіні қонақты көріп, қабақ шытады. Оған суып қалған шай береді. Дастарқаны, ыдыс-аяғы кір екен. Отыратын көрпені де ауыстырып салмайды. Шай үстінде Ыбырайым:
– Қызым, тұрмысың қалай? – деп сұрады. Атасын танымаған келіні отбасындағы ұсақ-түйек ұрыстарды айта бастады. Ерінің айыбын ашып, оны жамандады. Ыбырайым кетіп бара жатып:
– Еріңе сәлем айт, үйінің есігін ауыстырсын, – деді. Әкесінің сәлемін естігенде Смағұл: «Әкемнің көңілінен шықпаған екенсің», – деп отыра кетеді. Смағұл бағын екінші рет сынамақ боп, Хәлә атты қызға үйленеді. Ыбырайым келінін сынау үшін тағы да диуана кейпінде қонаққа келеді. Хәлә құманға жылы су құйып, зыр жүгіріп, қызмет қылады. Алдына барын тосады. Астына қалың көрпе төсейді. Жүгі жинаулы, ыдыс-аяғы мұнтаздай таза. Келіннің де қабағы ашық, көңілі жарқын екен. Шай үстінде пайғамбар:
– Тұрмысың қалай, қызым? – деді. Келіні: «Шүкір ата, жақсымыз», – деп, ерінің жақсысын асырып, жаманын жасыруға тырысты. Оның иба-ізетіне сүйсінген атасы: «Еріңе айт, үйінің есігін жақсы сақтасын!» – деп, сәлем айтты. Бұл сәлемді естігенде Смағұл қуанып:
– Әкемнің көңілінен шығыпсың! Атаңа жаққаның – Аллаға да жаққаның. Енді, Құдай қаласа, Мұхамбет пайғамбардың Нұры сенің жатырыңдағы нәрестеге нәсіп болады, – деп риза болды. Хәлә Қайдар есімді ұл туады. Ол ұл өте парасатты, ақылды, кеудесі хикметке толы нағыз батыр болды. Нұр оның білегінде сәуле шашып тұрады екен. Оған қызыққан жын-перінің қыздары естерінен танып, ғашық болатын. Ол аңға шыққанда ұшқан құс, жүгірген аң алдына келіп, өздері құлайтын да: «Әй, Қайдар, сенің бойыңда асыл Нұр бар. Саған тек қана адал ас жеу керек. Біз сенің қорегің болсақ, арманымыз болмас еді», – деп өздерін құрбандыққа шалатын. Смағұл киелі дәстүр бойынша Нұрды баласына аманаттап, дүниеден өтеді. Қайдар да ер жеткен соң, өзіне жұп болатын әдепті қалыңдық іздейді. Ол бастапқыда өзімен рулас тайпаның бір қызына үйленеді. Алайда Нұр ұрпағына ауыспай білегінде жарқырап жүре берді. Оның сырын ұқпай Қайдар дал болады. Көңілін күмән торлады. Бір күні Меккеге құрбандық шалу үшін сапарға аттанды. Сол сапарда рахмани түс көреді. Түсінде Жебірейіл періште келіп:
– Әй, Қайдар, сен Нұрдың кейінгі ұрпаққа көшуіне кедергі келтіріп тұрсың. Себебі қалыңдықты өз жұртыңнан алдың. Егер олай ететін болсаң, Хақтың ілімі сенің жұртыңда ғана шектеліп қалмақ. Ұлық Алла күллі адам ұрпағына рақмет қылатын ең мақтаулы пайғамбарын жібермекші. Енді сен ескі тәртіпті бұзасың. Сол үшін де қалыңдықты алыстан, бөтен жұрттан айттырып алуға міндеттісің. Алланың қалауы солай. Сонда ғана Мұхамбеттің Нұры күллі жаһанды шарпиды, – деді. Осыдан соң Қайдардың көңілін торлаған барлық күдік пен күмән сейіліп сала берді. Ол енді бұрын қыз алысып, қыз беріспеген алыс жұрттан қалыңдық айттырды. Ағайын, ел, туысы оның бұл қылығын түсінбей өсектеді. Кейбір надандары: «Қайдарды қара басты. Бөтен жұрттан қыз алды. Дәстүрді тәрк етті. Қанды бұзды», – деп әңгіме таратты. Бірақ Қайдар қайсарланып алған бетінен қайтпады. Ол арабтың жүркем тайпасының бір әдепті қызымен көңіл қосып, шаңырақ көтерді. Бұл некеден Құрайыш тайпасы тарады. Осы сәттен бастап күрмеліп тұрған түйін шешіліп сала берді. Бұдан соң Нұр тоқтаусыз көшіп отырды.
НҰРДЫҢ ӘБДІМҮТӘЛІПКЕ КӨШУІ
Арада 25 ата өткенде Мұхамбеттің Нұры Әбдімүтәліпке келіп дарыды. Алланың назарына ілігіп, Нұрды тасыған барлық адам ақылды да дана тұлғалар болды. Оның он бір ұлы болды. Олардың бірінің есімі Әбділда еді. Нұр Әбділдаға ауысты. Әбдімүтәліп пұт-парасқа шоқынбайтын. Адал сауда жасайтын. Рахмани түсті жиі көретін. Алла оған аян жолдап, суалып қалған зәмзәм бұлағының көзін аштырды. Ол осылайша Меккедегі беделді кісілердің біріне айналды. Ол бір күні қалғып кетіп, бір ғажап түс көреді. «Бұл не түс болды екен?» деп, оны жору үшін сәуегейге барады.
– Ей, сәуегей. Мен кеше түнде түс көрдім, түсімде ғажап іс көрдім. Түсімде беліме байланған алтын шынжыр төрт тарапқа қарай созылып, тартыла бастады. Ол шынжырға таңғалып қарап тұр едім, алтын шынжыр ерекше сұлу бәйтерекке айналды. Қисапсыз бұтағынан өңімде көрмеген жұпар иісті жемістер өсіп шықты. Әрбір жемістен жарқыраған аппақ сәуле төгіліп, айналаны жарыққа толтырды. Оның жарығының қасында көктегі күннің өзі көмескі тартты. Бәйтеректен тараған Нұр сәт сайын ұлғайып, алыс тараптарды да шарпи жөнелді. Аспан астындағы күллі мақұлықат түгел бас иіп, оған тағзым етті. Кенет бір топ адам келді де, ол ағаштың бұтақтарына жармаса бастады және бір топ адам келді де, бәйтеректің діңгегін шапқысы келді. Осы кезде көркем жүзді бір кісі ғайыптан пайда болып, ағашты шапқысы келген тобырға кедергі келтірді. Мен көркем пішінді кісіден: «Бұл Нұрдан мен де алсам бола ма?» – деп сұрадым. Ол: «Кім ар мен иманға бекем болып, әділеттен таймаса, Нұрдың берекеті оған нәсіп болады», – деді. Бір кезде ғайыптан тағы да екі адам пайда бола кетті. Олар менімен амандасты. Мен олардан: «Сіздер кімсіздер?» – деп сұрадым. Олардың бірі: «Менің есімім – Нұх», екіншісі: «Менің атым – Ыбырайым Халилолла», – деді. Сосын олар маған: «Ей, Әбдімүтәліп, бұл ағаш – шарапатты Нұрдың шынары. Ол Нұр сенің ата-бабаларыңнан ұрпақтан ұрпаққа өте келіп, саған жетті. Енді ақырдың пайғамбары, асыл Нұрдың иесі дүниеге келеді. Әрі қарай бұл Нұрдың шарапаты оның діні мен ілімінің аясында жалғасады», – деді. Сосын мен оянып кеттім. Түсімді жорыту үшін саған келдім, – деді. Сонда сәуегей:
– Бұл көрген түсің рахмани болса, сенің ұрпағыңнан пайғамбар шыққалы тұр. Ол барша адамзатқа ортақ пайғамбар болады. Оның діні мен ілімі қияметке дейін жойылмайды. Нұхтың ишарасы былай: Хақ пайғамбардың іліміне қысастық қылғандар Нұхтың қауымы сияқты опат болады. Ыбырайымды көргенің: оның үмбеті Ыбырайым Халилолланың қауымында болып, оның шарапатынан бұ дүниенің де, ақиреттің де игілігіне ие болады. Жеміске қол созғандар – иман іздеген момындар. Бұтақты шаппақ болғандар – кеудесі тар күншілдер. Ал дарақты қорып жүргендер – жүрек көзі ашылған нағыз ілім иелері. Олар қияметке дейін Хақтың ілімін залымдардан қорғап, қисайғанды түзеумен әуре болады.
Мына хабардан соң Әбдімүтәліптің жүрегі шаттыққа толды. Ол:
– Егер бұл түс рас болса, он бір ұлымның бірін Алла жолына құрбандыққа шаламын, – деп қуаныштан айтып салды. Сәуегей:
– «Айтылған сөз – атылған оқ. Қайта айналып адырнаға салынбас» деген. Құрбандыққа ұлдарыңның бірін даярла. Түсің рахмани, – деді. Әбдімүтәліп сасып қалды. Бірақ қай ұлын құрбандыққа шаларын білмей, дал болды. Үйіне келіп, балаларына болған жайды баяндады. Ұлдары:
– Әке, сен өзің не деп ұйғарсаң, біз сол шешімге ризамыз. Тіпті Алла жолында бәрімізді құрбандыққа шалсаң да, қарсы емеспіз, – деді. Әбдімүтәліп балаларының жанқиярлығын көріп, көңілі босады. Он бір ұлын ертіп, Қағбаға келді де, жеребе тастады. Шек Әбділдаға түсті. Әбдімүтәліп оны ерекше жақсы көретін. Бірақ Аллаға ант беріп, нәзір атағандықтан, сертін орындауды жөн санады. Баласын құрбандыққа шалуға бел буды. Бұл хабарды естіген Әбділданың шешесі қарсы болды. Басқа ақсақалдар да мұны ести сала, сол заматта келіп жетті. Олар да құрбандыққа қарсы болып, табандап тұрып алды.
– Әй, Әбдімүтәліп. Сен сорақы салт бастама. Егер ұлыңды құрбандыққа шалатын болсаң, бұл дәстүрге айналып кетуі мүмкін. Райыңнан қайт. Одан да басқа жолын табуға тырыс, – деді.
Сол дәуірде Хижаз өлкесінде Шажам деген данышпан бар еді. Әбдімүтәліп содан ақыл сұрады. Ол:
– Сендерде бір адамның құны қанша? – деді. Әбдімүтәліп:
– Бір адамның құны – он түйе, – деді.
– Олай болса, он түйені бір жаққа, Әбділданы екінші жаққа қойып, жеребе таста. Жеребе түйелер жаққа түссе, құрбандыққа малды шал. Егер Әбділдаға түссе, онда тағы он түйені ортаға қойып, тағы жеребе таста. Жеребе түйелерге түскенше тоқтатпа, – деді. Әбдімүтәліп солай істеді. Түйе саны жүзге жеткенде жеребе түйелер ақысына түсті. Осылайша Әбділданың құны жүз түйеге теңелді. Әбділда құрбандықтан аман қалады. Кейін пайғамбарымыз өзі туралы:
– Мен екі бірдей құрбандыққа шалына жаздаған адамның перзентімін. Оның бірі Смағұл болса, бірі Әбділда еді, – дейтін.
ПІЛ ОҚИҒАСЫ
Әбдімүтәліптің кезінде Қабаштың Абраха атты патшасы Йеменді басып алып, Меккеге әскер төгеді. Олар Меккені қоршап алып, далада жайылып жүрген түйелерді айдап әкетеді. Малынан айрылған құрайыштар абдырап қатты сасады. Соғысуға күш жоқ. Сол кезде Әбдімүтәліп елшілікке келіп, Абрахадан түйелерін қайтарып беруді сұрайды. Абраха:
– Не тілекпен келдің? Бұйымтайыңды айт, – дейді. Ол:
– Түйелерімді қайтарып берсең, жетіп жатыр, – дейді. Абраха:
– Бары сол ма? Малдан басқа ештеңе керек емес пе? Сендер Құдайдың үйіне иелік етуші едіңдер ғой. Енді бастарыңа күн туғанда Құдайдың үйін тастап қашқандарың қалай? Қағбаның амандығын тілеудің орнына сырты түкті, іші боқты түйе үшін бас тігіп келіп тұрсың, – деп мазақтады.
– Мен тек түйенің иесімін. Қағбаның иесі – Тәңірім. Ұлық Алла өзінің үйін өзі қорғайды. Онда менің ісім жоқ, – деді.
– Жарайды, малыңды алсаң, ал. Бірақ айтпады деме. Қазір Қағбаны қиратам. Іргетасына дейін тегістеймін. Оның орнына егін егем. Көрейік сосын Алла деген құдайыңның әуселесін. Осылай жасамасам, Абраха атым өшсін! – деп ант-су ішті. Әбдімүтәліп малдарын айдап, тауға қарай шығып кетті. Құрайыштар таудың төбесінен оқиғаның немен бітерін бақылап тұрды. Абраханың соғысқа салатын арнайы жойқын пілдері бар еді. Соғысты солар бастады. Осы кезде бір періште келді де, пілдердің құлағына:
– Сендер Алланың үйін бұзуға бара жатсыңдар. Райларыңнан қайтыңдар, – деп сыбырлады. Пілдер Қағбаның тура алдына жеткенде жаппай тізе бүгіп, сәждеге бас қойды. Сарбаздар қанша сабаса да, олар жатқан жерінен қозғалмады. Кенет алып пілдер атып тұрды да, өкіре шыңғырып, кейін қарай қаша жөнелді. Артта тұрған қалың әскерді ауыр пілдер таптап өтіп, бет-бетімен бытырап кетті. Осы кезде көкжиектен қара бұлттай қаптаған құстар легі көрінді. Олар көктің жүзін лезде жауып кетті. Тұмсықтарымен тістеген тасты аспаннан ата бастады. Тастың тиген жері денені күйдіріп тіліп өтеді. Қару асынған қалың қол көзді ашып-жұмғанша қырылып қалды. Адамның қаны өзен болып ақты. Өліктер тау-тау боп үйілді. Артынша нөсер жаңбыр жауып, арқыраған сел ақты. Жойқын сел мәйіттерді ағызып, қанның ізін шайып кетті. Көп ұзамай Қағбаның айналасы түк болмағандай жайнап шыға келді. Ал Абраха еліне қарай тырқырай қашты. Зәулім сарайына жете бергенде тас төбесінен бір құс төне берді. Оның тұмсығындағы таста Абраханың есімі жазылып тұр екен. Сол таспен атқан кезде отты тас көк желкеден тесіп өтті. Абраха «Апа!» деп айғайлауға шамасы келмей, өкіріп барып құлады. Залым патша табалдырығына жете бергенде топырақ қауып, о дүниеге аттанды. Осылайша бұл оқиға елдің есінде «Піл оқиғасы» деген атпен қалды. Құранда осыған орай «Піл» сүресі түскен.
НҰРДЫҢ ӘБДІЛДАҒА КӨШУІ
Сол заманда киелі кітап түскен қауымның діни ғұламалары пайғамбардың әкесі Әбділданың дүниеге келуін болжап күтіп жүрді. Олардың қолында сәуегейлік кітаптары бар еді. Сол кітаптың бірінде пайғамбар Нұрының нышандары анық жазылған-тын. Шахид болып, залымдардың қолынан қаза тапқан Жақия пайғамбардың көйлегі қызыл қанға малынған еді. Ол қанды қанша жуса да, кетпейтін. Ақырзаман пайғамбары туылардың алдында көйлектегі қанның ізі өзінен өзі өшіп жоқ болды. Бұл анық белгі еді. Сәуегейлер пайғамбар әкесінің үйленгелі жүргенін осыған қарап бірден болжады. Олар Әбділдаға өздерінен бір қызды қалыңдыққа айттырып беруге разы еді. Осылайша пайғамбардың Нұрын өздеріне көшіріп алғысы келді. Олар бұл істі дұрыс ниетпен істеді. Пайғамбардың Нұры үшін талас қызып жатты. Нұрдан дәмелі жұрт араға адам салып, құдалық ниеті барын үсті-үстіне білдіріп жатты. Бірақ әкесі ұлы жиырма бес жасқа толғанша, қалыңдық іздемейтінін ескертті. Әбділданың бойындағы Нұрды ұрлап алуды жын-перілер де армандайтын. Олар небір сұлу, ару қыздарымен Әбділданы арбап, тұзақ құрады. Жол бойында керілген кербездер көркем сөздермен оны еліктіретін. Оның жолын тосып, сиқырымен азғыратын. Бірақ Ұлық Алла Әбділданы барлық жамандықтан қағып отырды. Тіпті Әбділданы пұтқа табынудан да сақтады. Бір күні Әбділда пұтханаға кіргісі келгенде беліндегі Нұр оған бөгет жасайды. Ол әкесіне келіп:
– Пұтханаға барсам болды, белімнен бір Нұр пайда болып, кіруіме кедергі жасайды. Ылғи төбемде тұрады. Құлағыма бір әуез келіп: «Әзіреті Мұхамбеттің қасиетті Нұры саған аманат етілген. Оны таза ұста», – деп сыбырлады. Қураған ағаштың саясында отырсам да, ағаш ғайыптан көгеріп, маған көлеңке береді. Лас жерге қадам бассам, топырақ қозғалып, маған таза жол ашады. Бұлаққа барсам, мөлдір су ағады. Әке, бұл не хикмет? – деді. Әбдімүтәліп:
– Әй, балам. Ақырдың пайғамбары сенің перзентің болады. Сенің көрген-білгеніңнің бәрі соны меңзейді. Мен де сен сияқты белгілерді байқағанмын. Бұл пайғамбарлардың мырзасы біздің ұрпақтан шығатынын аңғартып тұр, – деді.
Бір күні залымдар Әбділданы өлтіруді ойға алады. Олар жетпіс адам болып келіп, Әбділданы қоршап алады. Сол кезде Уақып ибн Манап деген кісі келе жатып кездейсоқ залымдардың үстінен түседі. Ол Әбділдаға болысып, қалың қолға жалғыз өзі тура шабады. Сол кезде көктен салт атты періштелер жасағы қабаттаса енеді. Олар жендеттердің бәрін қырып салады да, ізінше көзден ғайып болады. Уақып Әбділданы үйіне алып келеді. Ас-ауқатын беріп, жақсылап тынықтырады. Оның үйінде Әмина есімді бой жетіп қалған қызы бар еді. Оның сыпайы әдебі мен сынық мінезі Әбділданың жүрегіне шоқ болып түсті. Осылайша Әбділда Әминаға ғашық болып қалады. Үйіне оралған соң, Әминаны айттырып, Уақып ибн Манапқа кісі жібереді. Әбдімүтәліп қалың малына жүз түйені қиналмай береді. Осылайша екі жас отау құрып, шаңырақ көтереді. Асыл пайғамбардың құтты Нұры Әминаның құрсағына аман-есен барып жайғасты. Аманат діттеген жеріне ақыры жетті. Сол заманда Шам патшасының Фатима деген сұлу қызы болатын. Ол кітапта баяндалған құпия сәуегейліктен хабардар еді. Әбділдаға тұрмысқа шығу үшін Меккеге жол тартып, үнемі Әбділданың жолына шатыр тігіп жататын. Оны байлықпен, сұлулықпен арбаса да, өзіне қарата алмады. Ол Әминамен некесін қиған күні әдеттегідей Фатиманың шатырының жанынан өтіп бара жатады. Бірақ бұл жолы Фатима алдынан шықпады. Әбділда түсінбей, шатырға қараса, Фатима қара жамылып жылап отыр екен.
– Фатима, сен неге қайғырып отырсың? – деді. Фатима:
– Әй, Әбділда, мен бұл жерге қасиетті Нұр үшін келдім. Ең ардақты пайғамбардың анасы атанбақ үшін алыс сапардың азабын арқаладым. Амал нешік, ондай бақыт маған нәсіп болмады. Осының өкініші өзегімді өртеп барады. Ендігі жерде саған тілерім: Хақ тағалам сенің перзентіңді қараниет залымдардың зарарынан сақтасын, – деп, көкірегі өкініштен қақ айрыла жаздап әзер дегенде жауап берді. Сосын шатырын жинастырып, еліне қайтуға айналды.
НҰРДЫҢ ӘМИНАҒА КӨШУІ
Әбділда мен Әмина жұма күні некелескен еді. Сол түні періштелер олардың некелерін тойлап, қуаныштан шаттанып жатты. Жебірейіл періште Қағбаның үстіне бір жасыл ту тігіп:
– Нұр Әминаға өтті. Пайғамбардың абзалы Мұхамбет дүниеге келетін сәт жақындады! – деп сүйінші сұрады. Бұл күн Ібіліс үшін қаралы күн болды. Оның қатты күйінгені сонша: бүкіл денесі өртеніп, қарайып кетті. Іштарлықтың отына шыдай алмай, теңізде қырық күн қайғыдан қан жұтып жатып алды. Есін әрең жинаған соң, Меккенің жанындағы Әбу Құбайыс деген таудың етегіне келіп, жан дауысымен айқай салып, барлық ұрпағын қасына шақырды. Ол:
– Ей, менің перзенттерім! Басымызға қаралы күн туды. Пайғамбардың дүниеге келетін сәті жақындады. Ол дүниеге келген соң, барлық пұттарды қиратады. Ал мен бұл адам ұрпағының ақылын матап, ақымақ қылу үшін неше мың жыл еңбек еттім?! Енді еңбегім еш кеткелі тұр. Мына пайғамбар соның бәрін жоймақ. Ол әлемге әділдік пен адалдықтың үлгісін шашады. Зұлымдықты құртпақ. Әлсіздерді демейді. Жесірлерді жебейді. Надандықты кетіріп, ілімнің нұрын шашады. Адамдар ақыл мен рухтың нұрына жалғанады. Ол адам мен Алланың арасына алтын көпір салады. Бұдан кейін адамдар ас-ауқат ішерде, бір жұмыс бастарда пұттардың атымен емес, Алланың атымен бастайды. Оның үмбеті зікір, таспиқ, салауатты көп айтуға бейім болады. Білмесеңдер, айтайын: кәлиманың әр сөзі – менің денеме шаншылған үшкір найза. Енді біз бұрынғыдай адамды емін-еркін азғыра алмаймыз, – деді. Сол кезде Ібілістің ұрпақтарының бірі:
– Әке, неге сонша қайғырдыңыз? Осыған дейін де талай пайғамбар келді ғой. Олар да елін тура жолға бастады. Тіпті Тәңірімен тілдесіп, кітап алғандары да болды. Бірақ олардың да қауымын қараңғы түнекке апарып қамадық. Бұл жолы да солай болмай ма? Соңғы пайғамбардың қауымын азғыру соншалықты қиын ба? – деді. Ібіліс:
– Әй, мен сендерге айттым ғой. Бұл басқа пайғамбарлардан ерекше. Себебі бұларға Құран кітабы түспекші. Оның мұғжизасы мынада. Кітаптың бірде-бір әрпі қияметке дейін өзгермейді. Бұған дейінгі қауымның кітаптарын оп-оңай өзгертіп келдік. Енді ол мүмкін емес. Себебі Құранды Алла құдіретімен өзгеріссіз сақтайды. Қолдарында Құран тұрғанда, оларды пұтқа табындыра алмайсың, – деді. Сонда ұрпақтарының бірі:
– Егер олардың ілімдері өсетін болса, біз де соған сәйкес арбаудың амалдарын арттырамыз. Ендігі заманда оларды тек қана абырой мен атақ жарыстыратын мәнсіз тіршілікке байлауға тырысайық. Құран жаттаған көзі ашық ғалымдарын атаққұмарлыққа қызықтырайық. Тақуаларын құрметті болуға құмар қылайық. Байлары той жасап, мал шашып жарыссын. Би, шешендерін қызыл сөзге үйір етейік. Хакімдері шын сөзден емес, әдемі сөзден ләззат алсын. Біз ендігі жерде, керісінше олардың қарым-қабілеті мен дарындарын аша түсейік. Сол кезде олар өздеріне тамсанып, атақтарына малданып, өзінің жеке басына табынатын болады, – деді. Мұны естігенде Ібілістің көңілінде үміт оты оянды.
– Әй, жарайсың, сабазым! Ендігі заманда оларды пұттарға шоқындырып қажеті жоқ. Ең дұрысы, өздерінен пұт жасау керек. Сол кезде Құдаймен ісі болмайды және мұның ең рахаты мынада: олар өздерінің пұтқа айналып кеткенін ешқашан да сезбейді.
– Ал егер олар өздерінің пұтқа айналып бара жатқанын біліп қойса ше? – деп сұрады көп сайтанның біреуі.
– Оның да амалын табамыз. Оларды пұт-парастармен соғыстырып қоямыз. Олар жүрген жерінде Аллаға серік қосатын адасушыларды іздеумен әуре болады, – деді.
Күллі сайтан осы тәсілге бекіді. Мұхамбет пайғамбар да кейін сахабаларымен отырған бір жиында «менің үмбетім болашақта пұттарға шоқынбайды. Есесіне, өзін өзгеден артық санайтын мұсылмандар іштей өздері пұтқа айналады» деп ескертті. Әбділда мен Әминаның бірінші некелескен түнінде-ақ он сегіз мың ғалам бір-бірінен сүйінші сұрап, шаттыққа кенелді. Құстар шықылықтап, сулар күркіреп, тау-тас жаңғырып, ағаштар тербелді. Аң біткен өз тілінде қуанышты хабарды қуана таратып жатты. Жұлдыздар жымыңдап, ай толысып, жарқырады. Самал жел батыстан шығысқа, түстіктен желдікке соғып, Нұрдың Әминаға көшкенін хабарлады. Сол түн аяқталып, таң атқанда әлемде қанша пұт болса, соның бәрі жерге құлап, қирады. Жеті қат жердің астындағы Ібілістің тағы опырылып сынды. Тоғыз ай бойы оның қолы кісенделіп, аузы буылды. Әлемдегі патшалардың барлығы төсегінен төңкеріліп жерге құлады. Мұхамбет дүниеге келердің қарсаңында Меккеде бірнеше жыл қуаңшылық болды. Тырс еткен тамшы тамбады. Ағаштар қурап, шөптер шықпай жатып, күйіп кететін. Қуаңшылықтың аяғы ашаршылыққа ұласып, ел күйзеліске түскен еді. Ұлық Алла Мұхамбеттің құрметіне Меккеге қалың бұлт жіберді. Бірнеше күн қатарынан нөсерлетіп, кенезесі кепкен жетім жердің құнарын қандырды. Бұлақтар мен жылғалардан қайтадан су ақты. Айнала көгорай шалғын белге айналды. Бұл жылды «Сәнәт ул-фатх», яғни «жақсылық жылы» деп атады. Әмина анамыз пайғамбарға жүкті болған кезде ешқандай ауырлық сезбеді. Аяғы ауыр болса да, ауру-сырқау жоламады. Далаға шықса, төбесінен бір бұлт саясын түсіріп еріп жүрді. Жерік болған кезде түсінде Жебірейіл періште келіп, жаннаттың кәусарын ішкізді, жемісін жегізді. Сөйтіп жерігін басты. Бір күні түнде түс көреді. Түсінде бір нұрлы жүзді, көркем кісі келіп, аян берді.
– Әй, Әмина, сен кімге жүкті болғаныңды білесің бе? – деп сұрады.
– Жоқ, білмеймін, – деді Әмина.
– Ендеше біліп ал. Сен күллі әлемнің жарығы Мұхамбетке жүкті болдың. Лас жерді баспа. Дәретсіз жүрме. Тек адалдан ас іш, – деді. Бұл Жебірейіл періште еді. Әмина осылайша үнемі түс көріп жүрді. Кей кездері Жебірейіл өңінде де келіп ескертіп кететін. Әмина пайғамбарды босанар кезде тағы да түсіне енді. «Перзентіңе Мұхамбет деп ат бер», – деп қайта-қайта айтты. Жебірейіл періште пайғамбардың атасы Әбдімүтәліптің түсіне еніп: «Немереңнің атын Мұхамбет деп қой», – деді. Ол кезде пайғамбардың әкесі Әбділда сауда жасап, алыс аймақтарға керуен жүргізетін. Бір күні ол Мәдинаға қарай сапар шеккенде, жолда сырқаттанып қалады. Мәдинаға жеткенде кеселі асқынып, тұра алмай жатып қалады. Баласының халін естіп, Әбдімүтәліп үлкен ұлы Харисті артынан аттандырады. Ол Мәдина қаласына келсе, Әбділда о дүниелік болып кетіпті. Жора-жолдастары оның денесін «Дәрун нәбға» деген мазарға жерлепті. Бұл кезде Әбділданың жасы жиырма бесте еді. Ал пайғамбар анасының құрсағында жатыр еді. Дүниеге келмей тұрып, әкесінен жетім қалды.
МҰХАМБЕТ ПАЙҒАМБАРДЫҢ ДҮНИЕГЕ КЕЛУІ
Күйеуінің мезгілсіз қазасы Әмина анамызға ауыр соққы боп тиді. Босанар уақыты таяған сайын қобалжып, мазасы қашты. Сондай мазасыз күндердің бірінде оның иығына бір ақ кептер ұшып келіп қонады. Әмина бұған таңғалды. Үрікпей отырған көгершіннің басынан сипап еді, көңілдегі қобалжуы жоқ болды. Жүрегі тынышталып, уайымсыз халге түсті. Бір күні таңдайы кеуіп, қатты шөлдеп еді, бір періште ғайыптан ұшып келді. Ол балдай тәтті бір кесе шәрбат ұсынды. Әмина шәрбатты ішкенде жаны жадырап, мейірі қанды. Сол кезде үйдің іші нұрға толып, шам жаққандай жарқырап сала берді. Толғақ туғызатын тоғыз ай, он күн де келіп жетті. Әне-міне дегенше дүния есігін ең соңғы пайғамбар ашуы тиіс. «Жесір әйелдің бала босануы қалай болар екен?» деген сұрақ Әминаның жұртын мазалап жүр еді. Жеңіл толғақ белгі беріп бастаған сәтте: «Бізді сізге Ұлық Алла қызмет қыл деп жіберді», – деп, үйге бірнеше хор қызы келіп кірді. Олар босанатын әйелдің бүкіл керек-жарағын пейіштен ала келіпті. Нәрестені шомылдыратын алтын легені мен күміс құманы да дайын. Олар Әминаны ортаға алып, оп-оңай босандырып алды. Сәби дүние есігін ашқан сәтте үйінің іші нұрға толып, айналаға шұғыласын шаша бастады. Хорлардың ең ажарлысы жаңа туған сәбидің кіндігін кесіп, Әминаның бауырына салды. Қараса, сәбиінің еріндері жыбырлап, сөйлеп жатты. Бұл кезде Мұхамбет «үмбетім, үмбетім, үмбетім» деп туа сала үмбетінің қамын ойлап жылады. Ұлық Алла оның құлағына «рақметім, рақметім, рақметім» деп әуез келтірді. Сәби сол кезде барып жұбанды. Сәбидің денесінен жаннаттың жұпар иісі есіп тұрды. Періштелер жатырда жатқанда оны сүндеттеп қойыпты. Пайғамбар дүниеге келген күні Алла тағала миға сыймас мұғжизалар көрсетті. Бір күн бойына әлемдегі патшалардың жақтары қарысып, тілдері байланды. Олар нөкерлеріне әмір бере алмай, сандырақтап кетті. Парсы патшасы Қысыраудың әлемде жоқ алып күмбезді сарайы бар еді. Оны өз құдіретінің бір тірегі санайтын. Мемлекеттік ең маңызды пәрмендер сол сарайдан жарлық етілетін. Пайғамбар туғанда сол ғимараттың іргетасы шытынап, қабырғасы құлады. Қысыраудың есі шығып, қорқып кетті. Барлық жұлдызшы-балгерлерін шақырып, мұның себебін сұрады. Құмалақшылар бал ашып еді: өздері қара терге түсті. Құмалақтар белгі бермей жатып алды. Жұлдызшылар аспанға қарап еді: жұлдыздар бір-бірімен жарысып, Аллаға тәкбір, пайғамбарға салауат айтып тұр екен. Ешкім еш нәрсе айта алмады. Тек бір-біріне «Ақырдың пайғамбары туылды. Бүгін сиқыр атаулы тоқтады. Бұл соның нышаны шығар» деп сыбырласты. Дымы құрыған Қысырау сасқаннан «көріпкелдер көсемі» атанып кеткен Сатыққа адам жібереді. Ол сиқырдың күшімен үш жүз жыл ғұмыр кешкен әккі бәле еді. Мұхамбет туылған күні оның тынысы тарыла берді. Келген хабаршыға: «Ақиреттің пайғамбары есік ашты. Бұл аласапыран көріністер – соның белгісі», – деуге зорға тілі келді де, артынша жантәсілім етті. Сол түні ғасырлар бойы жанып тұрған зәрдүштердің оттары лап етіп сөніп қалды. Отты өшірген ышқына жарысқан желдер еді. Олар «пайғамбар туылды» дегенді ести сала, Меккеге қарай асығып бара жатты. Зәрдүштің абыздары отты қайта жағуға қанша тырысса да, қуаныштан ұйытқи соққан жел оған мүмкіндік бермеді. Бұған дейін Сауа дариясының суы тартылып, түбінде ғана сыздықтап ағып жататын. «Мұхамбет дүниеге келді» деген сүйінші оның да құлағына жетті. Ол пайғамбарды көрем деген ышықпен арындап аққан кезде бітеліп қалған бүкіл бұлақтың көздерін еріксіз ашып жіберді. Буырқанып аққаны сонша: арнасынан асып, Меккенің іргесіне жетті. Періштелер келіп: «Сауа, жетер, сабыр қыл», – демегенде, бүкіл қаланы алып кетер еді. Меккенің айналасына бұрын-соңды өспеген, сан-санақсыз түрлі гүлдер мен шөптер қаулай шықты. Олар «Мүбарак пайғамбардың табаны бізді бір кеп басар ма екен?» деп жапырағын тосып жататын. Ұлы өзгерістен бейхабар Мекке жұрты «Ойпырмай, бұл не керемет? Мың жылдан бері шықпаған өсімдіктер пайда болыпты» деп таңғалысып жатты. Әлемдегі асқар таулар басындағы қалың қарын сілкіп «Біз де бір Мұхамбеттің нұр дидарын көрер ме екенбіз?» деп, Мекке жаққа көз тігіп тықыршып тұрды.
Жеті қат көктегі сегіз пейіш те «Иеміз келді» деп қуанып, есіктерін ашты. Бүкіл әлемдегі жан-жануар, ұшқан құс – жалпы жәндік атаулы: «Мұхамбеттің туылғанын естідің бе?» – деп бір-бірінен сүйінші сұрап жатты. Ал періштелер өздерінің Мұхамбеттің Нұрынан жаралғанын білуші еді. Оның Нұры тәнге түсіп, пәни есігін ашқанда олар «Мұндай сәт тіршілік тарихында бір-ақ рет болады» деп, бірі қалмай көктен Меккеге қарай құлдилай құйылып жатты. Олардың қалың лек болып ағылғаны сондай: Мұхамбетті ұзақ көріп тұра алмады. Кейінгі лек алдыңғы лекті ығыстырып, еріксіз ағызып әкетіп жатты. «Мұхамбет келді» деген хабарды естігенде, қуаныштан қара жердің жүрегі дүрсілдеп соғып сала берді. Жүрек лүпілінің күштілігі сондай: өз кіндігінде мінсіз айналып тұрған жер-ана ауып кетуге шақ қалды. Мұхамбеттің туған сәтін көрем деп күндіз бен түн таласты. Бұл сахар уақыты еді. Түн кезегін күндізге бермей тұрып алды. Ал күн болса: «Кезегімді бер», – деп түнмен тіресті. Осылай екеуі тартысып жатқанда, күн мен түннің қақ ортасында пайғамбар дүниеге келді. Оның шыр еткен дауысын естіген кезде қасарысып тұрған қараңғылық: «Енді арманым жоқ», – деді де, жылжып жүре берді. Сахарда бұлбұлдар салауат айтып, зікір әуендерін құйқылжыта шырқады. Бұған дейін Ібіліс көкте періштелер сұхбатын тыңшылық қылып тыңдайтын. Пайғамбар туылғанда қанша жерден тырысса да, көкке самғай алмай, дымы құрып құлай берді. Әзірейіл бастаған періштелер жын-періні қуалап жүріп сабады. Бақсы-құшнаштардың долбар болжамы далбасалап кетті. Пұттар жаппай қирап жатты. Қағбадағы құрайыштың пұттары да өздігінен жерге құлап, күлпаршасы шықты. Олар пұттарды бірнеше рет қайта тұрғызды. Сынған жерлерін жөндеді. Сол кезде оларға тіл бітіп:
– Дүниеге Алланың хабибісі келді. Оған он сегіз мың ғалам сәжде етіп жатыр. Біз де солармен біргеміз. Тік тұруға еркіміз жоқ, – деп былдырлады.
Ұлық Алла барлық періштелеріне:
– Куә болыңдар!!! Мұхамбетке рақмет қақпасының кілтін тапсырамын. Ақиретке дейін бұл күн оның үмбеті үшін берекелі һәм мереке болсын, – деді.
Мұхамбет туылған соң Ұлық Алла оған көрімдік ретінде Әминаның көкірек көзін ашты. Анасы ғайып әлемінің сырларын көріп тұрды. Кенет аспаннан бұлттардың бейнесінде періштелер келіп анасына:
– Әй, Әмина, ұлыңды бізге қос. Қағбаға барып, Тәңіріне тәуап қылсын. Әлемнің төрт бұрышын аралатайық. Әлем де оны көруге ынтық, – деді. Әмина келісті. Пайғамбар бұлтқа отырып дүниені кезіп кетті. Жердегі барлық орман-тоғай, тас, су, аң-құс оған жамырай сәлем беріп, өздеріне Алладан рақмет етуін тілеп жатты. Көзді ашып-жұмғанша періштелер дүнияны шарлатып шықты. Шақалақты Әминаға қайта әкеліп тапсырды. Артынша иман жүзді үш адам есіктен кіріп келді. Бірінің қолында күміс құман, екіншісінде зүбәржаттан жасалған леген бар. Үшіншісі пейіштің ағашынан жасалған бесік ала келіпті. Мұхамбетті легенге отырғызып, пейіштің кәусарымен жуындырды. Судың хош иісі бүкіл Меккені жайлап кетті. Пайғамбарды жібек жаялықпен құндақтап, бесікке бөлеп тербетті. Құлағына бірдеме деп сыбырлады. Сосын Расул да оған ишарамен жауап қайтарды. Бұл Раузан періште еді. Ол пайғамбарға:
– Ей, Мұхамбет, бұ дүния сені неше мың жыл сағынышпен күткенін білесің бе? Бүгіннен бастап ақыл иелеріне рақмет қақпасы ашылды, – деді сыбырлап. Оған Мұхамбет:
– Мен де осы күнге зарығып жеттім. Менің үмбетім, Құдай қаласа, енді үмітсіз болмайды, – деп жауап берген еді. Сосын Әминаға:
– Үш күнге дейін үйге ешкімді кіргізбе. Періштелер кезекпен оған тәуап етеді. Бұл – ақырдың пайғамбары, – деді.
Олар кеткен соң, Әмина Аллаға шүкірлік айтып жылап тұрды. Немерелі болған Әбдімүтәліп те қуанышы қойнына сыймай, жүгіріп Қағбаға келді де:
– Иә, Алла, немереме ұзақ ғұмыр бере гөр, – деп тіледі. Сол кезде Қағба оған иіліп:
– Иә, Расулдың атасы! Дүниеге Мұхамбет келді. Құтты болсын! – деді. Қағба сөйлегенде Әбдімүтәліп тілі күрмеліп, талып қала жаздады. «Өңім бе, әлде түсім бе» деп үрей мен үміттің ортасында үйіне қайтты. Жолда бір яхудиді кездестірді. Ол Әбдімүтәліптен:
– Бүгін түнде Меккеде бір бала туылды ма? – деп сұрады. Әбдімүтәліп оған:
– Иә, келінім жаңа ғана маған немере сыйлады, – деді. Яхуди:
– Онда сен пайғамбардың атасы болуың әбден мүмкін. Аспанда қызыл жұлдыз пайда болды. Мен білсем, бұл – пайғамбардың нышаны, – деді де, сәуегейлік долбар айтып кетіп қалды. Қиялы сан-саққа жүгірген Әбдімүтәліп көңілі босап, «бұл қалай болды» деп, үйіне көз салды. Үйдің төбесінде бір ақ бұлт қалықтап тұр. Бұлтты алып самұрық құс тегеурінімен басып, қозғалтпады. Әбдімүтәліп мұны көріп қайран қалды. Немересінің тегін емес екенін шындап сезді.
Туғанына үш күн болғанда Мұхамбет анасы Әминаны жазбай танитын. Әкесін іздеп айналасына назар салды. Көптен бері мінілмей әбден шаң басқан ер-тоқым мен үзеңгі-жүгенге көзі түсті. Соған қарап-ақ, әкеден жетім қалғанын түйсікпен түсінді. Көкірегі қарс айрылып, аһ деп күрсінді. Ол күрсінген сәтте Ғаршы да бір рет селк етіп сілкінді. Сол кезде Ұлық Алла:
– Әй, Мұхамбет, сен менің хабибімсің. Қам жеме, мен сені жетімдіктен өсіріп жеткіземін. Кеудеңді ашып, жүрегіңнен хикметтің бұлағын ағызамын. Мұқатқан дұшпаныңа үстем етемін, – деді. Сол кезде сәбидің жаны жай тауып, тәтті ұйқыға батып кетті.
Нәрестенің туғанына төртінші күн дегенде атасы немересін құшақтап иіскеді. Оған «Мұхамбет» деп ат қойды. Сол кезде үйге қонақ келді. Әбдімүтәліп оны бірден таныды. Ол жолда кездескен яхуди еді. Қонақ:
– Әбдімүтәліп, немерең құтты болсын! – деді. Ол сәбидің түріне қарап пайғамбарлық нышандарды анық байқады. Арқасындағы елшілік мөрді көрген соң, ізетпен иіліп, құрмет көрсетті. Нәрестеге тағзым еткен яхудидің қылығы Меккеге тарап кетті. Құрайыштың шынжыр балақ, шұбар төс шонжарлары «ендігі жетпегені осы еді. Баладан Құдай жасап, мына яхудиді албасты басқан екен» деп мазақ қылды. Сонда яхуди:
– Тәуратта бұл баланың барлық пайғамбарлық нышаны анық жазылған. Көріңдер де тұрыңдар. Бұл бала қырыққа келгенде қамал алады. Оның атақ-даңқы бүкіл патшалардан асып түседі. Ал есімі қияметке дейін батыс-шығыс, желдік-түстікте тоқтаусыз ұлықталып тұрады. Оның беделінен құрайыш тайпасы адамзат тарихында қалады. Араб жұрты бұрын-соңды көрмеген өзгерісті бастан кешеді. Сол кезде мені еске аласыңдар, – деді. Сөйтті де, өзі отанына көшіп кетті.
Пайғамбар дүниеге келген күні Әбулақаптың күңі одан сүйінші сұрайды. Әбулақап сәбидің туғанына шын қуанып, оған азаттық сыйлайды.
Сосын:
– Үйдегі шұбатты алып, Әминаға апар. Күш-қуаты сарқылып, әлсіреп жатқан болар. Шұбат ішіп, әл жинасын. Ана сүтіне құнар бітсін, – дейді. Кейін Әбулақап Мұхамбеттің даңқы шығып, Мекке жұрты оған ықыласты болғанда өзінің күншілдігін жеңе алмады. Қара басып онымен тіреседі. Қатыны екеуі оны өсектеуден аузы босамады. Ақыры екеуі де қарғысқа ұшырап тынды. Құранда оларды қор болған кейіпте сипаттаған сүре түсті. Бірақ мейірімді Ұлық Алла сонда да оларға тозақта екі түрлі жақсылық нәсіп етіпті. Біріншісі: дүйсенбінің түнінде оларды азаптау толық тоқтайды. Екіншісі: сол күні шаһадат бармағын сорса, одан салқын су шығады екен. Бұл оның Мұхамбет туған кезде жасаған екі түрлі жақсылығының қайырымы еді. Әділетті Жаббар Хақ оның ақысын жемеді.
ПАЙҒАМБАРДЫҢ ЖҮРЕГІН ЖАРУ ОҚИҒАСЫ
Құрайыштардың дәстүрі бойынша бала босанған әйелдер Меккеден Тайыпқа келіп, уақытша бөпе асырап алатын. Күнкөріс үшін оларды емізетін. Сол жылы Тайыптан тағы да әйелдер келді. Әбдімүтәліп оларға:
– Менің немеремді кім алады? – деді. Тайыптық әйелдер жетім баланы алғысы келмеді. Тек Халима есімді әйелдің ғана Мұхамбетке мейірімі ауды. Халима оны бауырына салып Тайыпқа қайтты. Бірақ оның түйесі көтерем еді. Мұхамбетті алып жолға шыққаннан бастап аруана түлей бастады. Еңсесін көтеріп, жүрісін жылдамдатты. Жарты күнде керуеннің алдына шықты. Тайыпқа жеткенде інгеннің желіні сүтке толды. Сол күннен бастап Халиманың отбасы қымыран-шұбатқа қарық болды. Қанша сауса да, сарқылмады. Ол артылған шұбатты саудаға шығарды. Тайыптың халқы бал татыған Халиманың ғана шұбатын таласа сатып алатын болды. Мұхамбетті емізгелі оның отбасына береке кіріп, дәулеті артты.
Халимадан бөлек бір топ періште Мұхамбеттің қызметінде болды. Сәби жалаңаштанып қалса, ғайыптан жабылатын. Денесіне зәр тисе, періштелер сол заматта жуып тазартатын. Мұхамбет бітімі бөлек бала болды. Бір айда отырды. Екі айда еңбектеді. Үш айда тұруға талпынды. Төрт айда тәй-тәй басты. Бес айда нық жүрді. Алты айда жүгірді. Жеті айда тілі шықты. Сегіз айда сөйледі. Аузынан шыққан ең бірінші сөз «біссімілда» болды. Тоғыз айда ат жалын тартып мінді. Он айында тау-тасқа терең ақылмен назар салды. Он бір айында Аллаға зікір айтты. Бір жасында Халима анасының қолғанатына айналды. Пайғамбар үш жасқа толғанда Құранда «Әләм нашырақ садрак» сүресінде сипатталған айрықша оқиға болды. Халиманың өзінен туған ересек екі баласы бар еді. Олар күнде өріске шығып, мал бағатын. Бір күні бала пайғамбар сүт анасына келіп:
– Мен де бұлармен бірге өріске барсам бола ма? – деді. Екі ағасы да қиыла өтініп тұрып алды. Бәрі жалынып қоймаған соң, Халима амалсыз келісті. Ересек ұлдарына:
– Мұхамбетті көзден таса қылмаңдар. Байқап ойнаңдар, – деп ескертті. Өріске шыққан соң балалар малды жайып жіберіп, қуаласпақ ойнап жүрді. Кенет аппақ киінген екі адам көктен сап етіп түсе қалды. Бірінің қолында ақ күмістен құманы бар, бірінде зүбәржаттан легені бар еді. Олар аузы ашылып, қарап тұрған Мұхамбетті білегінен ұстап алды. Оны шалқасынан жатқызды да, кеудесін ауыртпай жарды. Жұдырықтай жүрегін білдірмей суырып алды. Баланың жүрегі дүрсілдеп соғып тұрды. Тірі жүректі легендегі мөлдір сумен жуды. Сыртын шайып болған соң жүректі жарды да, ішінен түймедей қара қанды алды. Су құйып тұрған қасындағы серігіне қарап: «Мынау ғой сайтанның үлесі», – деп сылып алды да, аулаққа лақтырып жіберді. Сосын жүректің барлық қабат-қуысын айрықша ықыласпен шайып тазартты. Олар:
– Әй, Мұхамбет. Бұл – шайтанның уәсуәстары. Біз оны алып тастадық. Енді малғұн саған ешқашан зиян келтіре алмайды, – деді де, саф жүректі орнына қайта салды. Кеудесін тігіп, көйлегін кигізді. Сосын заттарын жинады да, көзден ғайып болды.
Мына сұмдықты көріп тұрған ағалары үйіне қарай қаша жөнелді. Келе сала анасына:
– Мұхамбет өліп қалды, – деді дірілдеп. Анасы шошып кетіп:
– Өлгені қалай?! Кім өлтірді?!
– Біз танымайтын бөтен кісілер келді де, жүрегін жұлып алды.
– Ол қазір қайда? – деп Халима жан ұшыра шыңғырып жіберді. Бәрі өріске қарай сүріне-қабына жүгіре жөнелді. Келсе, Мұхамбет түрі бозарып жалғыз отыр. Халима келе сала баланың көйлегін көтеріп, кеудесін тексерді. Жүрек тұсында расымен де жаңа түскен тыртықтың ізі бар.
– Саған не болды? Еш жерің ауырмай ма? – деді шешесі.
– Жоқ. Еш жерім ауырмайды.
– Жүрегіңе не болды?
– Бір кісілер келді де, жүрегімді мөлдір сумен жуып берді. Бойым жеңілдеп, көңілім шаттанып тұр. Бірақ қорқып кеттім, – деді. Халима баланың амандығына шүкір етті. Ол ғайыптың ісін түсінбейтін әйел еді. «Баланы аман-сауында өз анасына тапсырып, міндетімнен құтылайын» деп ойлады.
Егер пайғамбардың өзі де күнә жасайтын болса, бұқара халық оның «ақиқат» деп әкелген уахиларына сенбей, керісінше, күмәнмен қарар еді. «Хужурат» сүресінің 6-шы аятында: «Егер сендерге бір пасық қандай да бір хабар жеткізсе оның сөзін тексеріңдер» делінген. Егер пайғамбар да күнә жасайтын болса сөзсіз ол да көп пасықтың бірі болар еді. Шарт бойынша пасықтың куәсі қабыл етілмейді. Олай болса олардың хақ дін жайындағы кепілдігі мен қиямет күніндегі куәліктері қалайша қабыл болмақ?! Сол үшін де, пайғамбардың сенімді тұлғасы момындарға өзгермейтін өрнек болуы үшін оларды Құдайдың өзі тәрбиелеп, күнәдан сақтап тұрады.
Фахраддин Рази
ӘБУТӘЛІПТІҢ ПАЙҒАМБАРДЫ АСЫРАП АЛУЫ
Ертесіне Халима Мұхамбетті ертіп, Меккеге аттанып кетті. Жолда бір жерге аялдап, түзге шықты. Қайтып келсе, Мұхамбет тағы да жоқ. Әрі іздеп, бері іздеп таппады. «Біреудің баласын жоғалттым» деп зар иледі. Ақыры күдер үзіп, Меккеге жетіп жығылды. Атасы Әбдімүтәліпке болған жайды баяндады. Атасы мен Әмина мұны естігенде талып қала жаздады. «Немеремді табуға көмектесіңдер!» – деп бүкіл ауыл-аймаққа жар салды. Жанашыр жақындары жан-жаққа ат шаптырды. Өзі Қағбаны жеті рет айналып, тәуап етті де:
– Әй, күллі ғаламның Құдайы! Мен немеремді жоғалтып алдым. Қағба Шәріптің құдіреті үшін ұлымды табуға көмектес, – деді. Сол кезде құлағына «Әй, Әбдімүтәліп, Тахма жазирасына бар» деген әуез естілді. Бұл Құдайдың құдіретімен сөйлеп тұрған Қағба еді. Әбдімүтәліп дереу атқа мініп, Тахмаға аттанады. Келсе, Мұхамбет бір ағаштың саясында қаннен-қаперсіз ұйықтап жатыр. Оны ұрлаған періштелер екен. Себебі олар көкірегі жарылып, жүрегі жуылған рақметті пайғамбарды көру үшін оны бөлек алып кеткен еді. Олар лек-легімен келіп, жүрегінен шұғыла шашып тұрған Мұхамбеттің нұр дидарына ғажаптана қарап тұр екен.
Әбдімүтәліп немересін алып, Меккеге келеді. Әмина баласын көргенде көзінің жасын тыя алмады. Әбдімүтәліп немересінің құрметіне той жасады. Халимаға көп сыйлықтар беріп, алғыс айтып, еліне қайтарды. Мұхамбет жетіге толғанда анасы Әмина өмірден озды. Пайғамбар тұл жетім қалады. Сегіз жасқа толғанда атасы Әбдімүтәліп әбден қартайып шөгіп қалды. Дәм-тұзы таусылар сәттің тақағанын сезді. Ол ет жақын туыстарын жинады. Немересін алдына алып:
– Әй, ұлдарым, Алланың әмірі екі болмайды. «Өзекті жанға бір өлім». Шыбын жанды иесіне қайтарар уақыт келді. Сендерге айтар ақырғы аманатым бар. Ол: көзімнің нұр шырағы – Мұхамбетім! Оны тәрбиелеп, мәпелеп өсіруді біреуіңе тапсырғым келеді, – деді.
Мұны естіген Әбулақап:
– Немереңізді маған тапсырыңыз. Мен тәрбиелеп өсірейін, – деді. Мүтәліп:
– Әттең, саған тапсыруға болар еді. Бірақ сенің іштарлығың бар. Іштарлық құштарлықты жояды. Ділің қатты. Мейірімің аз. Мұхамбет сенің панаңда жетімдік көре ме деп қорқамын, – деді. Әбулақап үнсіз қалды. Сол кезде Хамза:
– Онда маған тапсырыңыз, – деді. Мүтәліп:
– Әй, Хамза, сенде мін жоқ. Жалғыз айыбың үйде емес, түзде көп жүресің. Бала тәрбиесін білмейсің. «Батыр аңғал келеді» деген. Мұхамбеттің мұқтаждығын дөп басып біле алмайсың. Сондықтан оны саған аманаттай алмаймын, – деді. Хамзадан соң кезек Ғаббасқа келді:
– Әке, тілегімді лайық көрсеңіз, Мұхамбетті мен тәрбиелейін, – деді. Әкесі:
– Ей, Ғаббасым, сенің мінезің жақсы. Ниетіңе ризамын. Бірақ бір түйткіл бар. Өзіңнің бала-шағаң көп қой. Мұхамбетім көптің ішінде көңілге жарымас. Сен де оның қадіріне жете алмассың, – деді. Кезек Әбутәліпке келді. Ол:
– Әке, қаласаңыз, Мұхамбет менің қамқорлығымда болсын, – деді. Әбдімүтәліп те оны іштей қош көріп тұр еді. Енді қуанып:
– Сенің жүрегің кең. Жаның жайсаң. Адам алалау – саған жат қасиет. Көзімнің қарашығын саған тапсырам. Қарны аш болса да, көңілі аш болмасын. Мейірім мен махаббатқа барынша қандырып өсір. Бұл бала, мен білсем, біздің шаңырақтың ғана емес, күллі ғаламның шаттығы болғалы тұр, – деді. Әбутәліп қатты қуанды. Бір шетінен ауыр аманаттың жүгін сезініп, қатты қобалжыды.
Әбдімүтәліп көп ұзамай пәниден бақиға аттанды. Сегіз жасар Мұхамбет Әбутәліптің үйіне ауысты.
ХАҚ ПАЙҒАМБАР СИПАТЫНЫҢ АЙҚЫН БОЛУЫ
Адам атадан басталған пайғамбарлар тізбегі ең соңғы Мұхамбет пайғамбарға дейін үзілмей жалғасып жатты. Алланың барлық елшісі өмірден озарында ұрпағына келесі пайғамбардың белгілерін айтып кететін. Олардың сандығында «Сухуф әнбия» деген қолжазба сақталған. Ол қолжазбада пайғамбардың барлық белгілері анық жазылған екен. Себебі салихтардың ұрпағын үнемі бір сұрақ мазалайтын. Яғни пайғамбар келетін уақытта елдің ішінде жалған нәбилер көбейіп, адамдарды адастырып, талай былықты бастаушы еді. Сондықтан олар жай ғана «менен соң пәленше келеді» деп қана қоя салмай, өзінен кейінгі ізбасардың пайғамбарлық нышандарын суреттеп кететін. Ақырдың пайғамбары шығарда да Араб түбегінде жалған пайғамбарлар қамыстай қаулаған. Хақ нәбиді жалғаншыдан қапысыз айырып алу оңайға соқпайтын. Кітап ұстаған әділетті тақуалар ғана олардың белгілерін жазбай танитын. Мұхамбет пайғамбардың қаптаған сипаттары алдын ала белгілі болған. Кітап иелері Мұхамбет пайғамбарды көбіне мынадай нышандарына қарап айырған: 1. Ол адамзат тарихындағы ең сенімді адам болады. Оған қарыз берген және онымен сауда жасаған адам ешқашанда қиянатқа ұрынбайды. Ақысы желінбейді. 2. Өзіне нәсіп болған барлық нығметке шексіз шүкіршілік етеді. Ешқашан шағымданбайды. 3. Үмбетінің ақиреттегі жайын ойлап, көп жылайды. Көп дұға жасайды. Үмбетінің келешегіне алаңдап тұратын. 4. Тілі үнемі Алланың зікірінде болады. Зікірден ғапыл қалуы мүмкін емес. 5. Уайым мен қайғы басып, әбден дертті болған жүректердің шипасын жақсы біледі. Онымен бір рет сұхбаттасқан пенденің өзі бұлттан шыққан күн көзіндей жарқырап шыға келеді. 6. Адамзаттың қараңғылықтан тартатын зардабын ойлап, үнемі қамығып, ұзақ қайғы шегеді. 7. Алланың рақметінен үмітін бір сәтке де үзбейді. Қандай қайғылы жағдайға тап болса да, үміттің сәулесін көңілден жоғалтпайды. 8. Түбінде өзі зор бақытқа жететінін сезіп тұрады. Оның көңіл күйі жора-жолдастарына да сезіліп, жігер береді. 9. Атағы жер жарып, пайғамбар атанып тұрса да, өзін басқадан биік қоймайды. Өзін басқа пайғамбарлардан ұлық етіп көрсетуге тырыспайды. 10. Ардан аттамайды. Намысын таптатпайды. Ұят екі бетінен төгіліп тұрады. 11. Сырға өте берік болады. Серттескен, сөйлескен кісілерін ешқашан ұятқа қалдырмайды. Сырын дұшпанға алдырмайды. 12. Уәдеге берік болады. Берген уәдесін міндетті түрде орындайды. 13. Бай-бағландармен қалай сыйласса, қара халықпен де дәл солай дос болады. Үнемі жетім-жесірдің қамын жейді. 14. Кеудесі толған хикмет болады. Қысқа сөйлейді. Сөзінің мағынасы терең болады. Әрбір сөзінде даналықтың лебі есіп тұрады. 15. Жүрегі толған мейірім мен шапағат. Өте кешірімшіл болады. 16. Алланың әмірін орындауға асығып тұрады. Жеке басының шаруасын бірінші бітіруге тырыспайды. 17. Кеңпейіл жомарт. Қытымыр есепке құлқы жоқ. 18. Қонақжай болады. Қонаққа бар жақсысын тосатын дарқан мінез болады. 19. Басына тоқсан түрлі бәле жауса да, Алладан күдерін үзбейді. 20. Құлшылықты ерекше сағынышпен жасайды. Намазға ешқашан құлықсыз келіп тұрмайды. 21. Кез келген істе Алланың ризалығын қалап тұрады. 22. Ол Алланы сүйеді. Алласы оны сүйеді. 23. Құмарлыққа құлып салып, өзін бар рақаттан тежеп ұстайды. 24. Ағайын-туысына ренжімейді. Олар көңіліне қанша дық салса да, кешіруге бейім тұрады. 25. Басына төнген қайғы-қасіретті жасырып ұстайды. Өз уайым-қайғысын өзгенің жанына жұқтырмайды. 26. Адал астың өзін өлшеп жейтін хас тақуа болады. Оразаны өте жиі ұстайды. 27. Өзі Алланың сүйіктісі бола тұра, көңілі Алланың қаһарынан қорқып тұрады. 28. Алла тағаланың мейірім-шапағатынан үмітін үзбейді. 29. Түнді тағатпен өткізеді. Таңдарды кірпік қақпай ұйқысыз қарсы алады. 30. Жаман істен сақтанып, алдын алып тұратын ақылды болады. 31. Дүниеге қызықпайды. Әңгіме айтқанда дүние сөзіне беріліп кіріп кетпейді. 32. Алтынды көсіп ұстайтын жағдайға жетсе де, қарапайым тұрмысынан айнымайды. 33. Жақсылықты шын ниетімен жасайды. 34. Халық оны жақсы көреді. Жұртқа үнемі сүйеніш һәм таяныш болып жүреді. 35. Зейіні мен дарыны замандастарынан оқ бойы озық болады. 36. Сараңдықтың емшісі болады. Сараң саудагердің өзі де оның қасында жомарт болып өмір сүргісі келеді. 37. Мағынасыз тіршілік кешпейді. Өмірінің әрбір сәтін мәнді етіп сүруге дайын тұрады. 38. Тақуалардың тақуасы болады. 39. Қанша жерден қайғылы іске кез келсе де, ашуға салынбайды. Ашу мен ызының ырқында кетпейді. 40. Ортақ іс бастағанда түскен олжа мен пайданы әділетті бөледі. Өзіне молынан жырып алып қалу деген болмайды. 41. Мәміле жасауда бейбіт жағын ұстанатын.
42. Ержүрек батыр болады. Жаудан қорқып саспайды.
43. Жер қайысқан беделі мен абыройы болса да, үлкенге де, кішіге де ізетпен сөйлеуден жаңылмайды. 44. Барға қанағат, жоққа сабыр етуші болады. 45. Соғыста тұтқынға түскендерге рақымды болады. Оларды қинап, қорлауға жол бермейді. 46. Қай сәтте көрсең де, жүзі жайдары болады. Көрген кісінің жүрегі тынышталады. 47. Жазу-сызуды білмейді. Әріп танып, кітап оқымайды. Бірақ ілім мен білімде одан асқан ғұлама болмайды. 48. Жұпыны тіршілік кешеді. Сыртқа өте қарапайым көрінеді. Бірақ дәрмені өте мықты болады. Тәуекел еткенде тегеурінді іс қылады. 49. Кез келген сәтте табиғатқа қарап ой толғайды. Тау мен тасқа, Ай мен Күнге қарап, Жаратқанның құдірет іздерін көріп таңғалып, қасындағы серігінің де ойына от жағып отырады. 50. Дұшпандарына сұсты көрінеді. Мысы басып тұрады. 51. Қарқылдап күлмейді. Сыпайы күлкісі кісіге қуаныш сыйлайды. 52. Аз ұйықтайды. Көп ой толғайды. Мағынасыз ойға ешқашан шырмалмайды. 53. Дастарқанда отырғанда тәбеті өте көркем. Қонағының да тәбеті ашылып, асқа ықыласты болып отырады. 54. Шырын сөйлейді. Сөйлегенде құлақтың құрышы қанып отырады. Көркем мінез-құлықты. 55. Ашкөздіктен ада. Аса қанағатшыл. 56. Бойынан сараңдық пен қызғаныштың ізі мүлде білінбейді. 57. Айлакерлік қылмайды. Өсекші мінез мүлде жат. 58. Жылаңқы сөзді айтпайды. Біреудің үстінен арыз айтпайды. Біреуді айыптап сөйлемейді. 59. Дүние ісіне асықпайды. Бірінші рухани мәселені алдыңғы орынға қояды. 60. Дөрекі сөйлемейді. Әдепсіз іс қылмайды. Кісіге салмақ салмайды. 61. Пасық сөздер айтпайды. 62. Кесапаттық мінезден аулақ. 63. Бөтен туралы жаман ойды кеудесіне кіргізбейді. 64. Қулыққа баспайды. 65. Садақа жасауға асығып тұрады. Сирияның кейбір христиан арабтары Інжілдегі бір сөйлемді бейне бір христиандар Мұхамбеттің туылуын күтіп жүргендей етіп аударған. Ғайса Інжіл кітабында өзінен соң ізбасарларына бір Жұбатушы (Comforter, Утешитель, Параклета) жіберетіні жайында айтады. Ол Жұбатушы жұртқа жетіп, Ғайса үйреткен ілімді елдің есіне салып, оның мағынасын ұғынуға жәрдемдеседі делінген. Інжілдің сириялық тағы бір жинағында «Параклет» сөзін «Мунаххема» деп аударған. Бұл расында да «Мухаммад» деген сөзге қатты ұқсайды. Енді бір христиан арабтары «Параклет» сөзін «периклитос» деп оқыған. Бұл сөзді арабтың «ахмад» деген сөзіне теңеп аударуға болады. Араб тілінде «Ахмад» пен «Мухаммад» деген сөздің екеуі де «ХМД» деген бір ғана етістіктен шығады. Екеуі де «мақтаулы» дегенді білдіреді. Мұхамбет шамасы бұл аударма жайында хабардар болса керек-ті. Себебі, Құранда Ғайсаның өзінен соң халыққа өзінің де пайғамбарлығын растайтын «Ахмад» атты және бір пайғамбардың келетіні туралы аят бар.
Карен Армстронг
БАҚИРАНЫҢ БОЛЖАУЫ
Арада бірнеше жыл сырғып өтті. Мұхамбет кәмелет жасына жетті. Ол кезде Әбутәліп Шам шаһарына керуен жүргізіп сауда қылатын. Бір сапарында Мұхамбетті өзімен бірге ертіп кетті. Мекке мен Шамның ортасындағы керуен жолда Бақира деген діндар шатыр тігіп жататын. Ол Інжілдің құпия сырларына қанық еді. Соңғы пайғамбардың белгілерін білетін. Енді оның дүниеге шығатын уақытын болжап отырған. Жол бойына үй салып, оны күтіп жатқанына жиырма жылдан асып кетті. Ол күн сайын жолдан өткендерге назар салып, бақылап отыратын. Бірде Меккеден келе жатқан керуенді көрді. Бір шөкім ақ бұлт оларға саясын түсіріп, қалмай ілесіп келеді. Ол мұны пайғамбарлықтың нышаны деп түйді. Шаршаған керуенбасы түйелерді шалдырып, сол жерге аялдады. Қазан асылып, сусын ішіп бәрі әлденіп жатты. Бақираның баққаны аспандағы ақ бұлт болды. Бұлт қураған ағаштың төбесіне барып, ақ мақтадай ұлпаланып тұрды. Таяп келіп еді, талдың түбінде бір бала отыр. Екі бетінен шуақ шашып, иман нұры төгіліп тұр. Ол ішінен «Дәу де болса, Хақ пайғамбар осы болар» деді.
Бақира үйіне келді де:
– Дастарқанға түгел жиналдыңдар ма? – деді. Олар:
– Қосқа қарай тұрсын деп бір баланы ғана қалдырып кеттік, – деді.
– Оны да шақырыңдар.
Бала үйге кіріп еді, Бақира оған ізетпен тағзым етті. Маңдайынан сүйіп, бәрінен жоғары отырғызды. Барынша сыйлап бақты. Қонағасы біткен соң, жолаушылар керуенге қайта бастады. Бақира:
– Бұл баланың жақыны қайсың? – деп сұрады.
– Мен, – деді Әбутәліп.
– Саған айтар құпия сырым бар. Ана інің тегін бала емес. Оның пайғамбарлық сипаты мен оқыған кітаппен дәл келеді. Бір бұйымтайым бар. Баланың арқасын ашып көрсет, – деп өтінді. Әбутәліп баланың көйлегін көтеріп жауырынын көрсетті. Оның арқасындағы пайғамбарлық мөрдің нұры алакөлеңке бөлменің ішін жарыққа толтырып жіберді. Бақира көзіне жас алып, мөрге маңдайын тигізіп сүйді.
– Мен бұл күнді жиырма жыл күттім. Енді өлсем, арманым жоқ, – деді кемсеңдеп. Әбутәліпке қарап:
– Әй, Әбутәліп, Ғайса пайғамбар бізді Ахметтің нұрымен сүйіншілеп кеткен. Бұл бала – оның нақ өзі. Бұл аймақта пайғамбарды күтіп жүрген мен сияқты адам өте көп. Бірақ олардың ішінде бұл баланың бағымен таласатын надандары да аз емес. Әлемге әділдіктің орнығуын қаламайтын безбүйректер қай жерден болса да табылады. Ондайлар баланы таныса, аман-сау қоймайды. Тілімді алсаң, Шамға барма, үйіңе қайт, – деді.
Әбутәліп оның сөздерін толық түсінбесе де, Мұхамбетке қауіп барын сезді. Ол сол күні Шамға бармай, керуенді Басраға қарай бұрды. Бір қызығы: бұл сапар жоспарсыз болса да, саудасы күтпеген жерден дөңгеледі. Базардың қызығында жүріп, Әбутәліп Мұхамбеттен көз жазып қалды. Мұхамбет те қайнаған базардың қызығын аралап, бір темір ұстасының шеберханасына келді. Жалпақ төсте қамыр сияқты иленіп жатқан қызыл темірді қызықтап қарап тұрды. Ұста:
– Ей, балақай, әрі тұр. От ұшады. Денеңе тисе, күйіп қаласың, – деді. Айтып ауыз жиғанша оттың бір ұшқыны баланың денесіне барып қадалды. Бірақ темірдің шоғы көйлегін жандырмай, бейне бір суға түскендей пыс етті де, бірден өшіп қалды. Ұста елең ете қалды. Ол саймандарын тастай салды да:
– Әй, сен бала кімсің, қайдансың? – деді.
– Мен Меккеден келдім. Нәсілім араб. Руым құрайыш. Хашимдер әулетінен боламын.
– Әкеңнің аты кім?
– Әкем – Әбділда, атам – Әбдімүтәліп.
– Ей, бала. Тегің мен ойлаған болжаммен дәл келеді екен. Есімің кім?
– Атым Мұхамбет, – деді. Мұны естігенде яхуди ұстасының түрі өзгеріп сала берді. Ол жалма-жан дауыстап:
– Әй, бауырлар! Бері қараңдар! Мен білсем, осындағы діншілдер айтып қоймай жүрген болашақ пайғамбар осы болар. Келешекте күллі әлемге осы баланың ілімі тарайды, – деді. Базардың ішінде қараниет күншілдер өріп жүрген. Олар да топқа келіп құлақ түріп, бәрін тыңдап тұрды. «Біздің ұрпақтан неге осындай ұлық пайғамбар шықпады?» деген қызғаныштың қызыл иті іштерін тырнап жатты. Олар ыңғайы келсе, сол жерде Мұхамбетті турап тастауға дайын еді.
Бұл кезде Хамза, Ғаббас, Әубәкірлер Мұхамбетті іздеп жүр еді. Олар жиналған тобырдың үстінен түсті. Қараса, қолында қанжары бар екі-үш еркек баланы қоршап келеді. Хамза қылышын суырған бойда топты бұзып-жарып кірді де, Мұхамбетті жұлып алды. Залымдар дереу теріс айналып, топқа сіңіп жоғалды. Әбутәліпке бұл оқиға сабақ болды. Бұдан кейін ол Мұхамбетті алыс сапарға алып шықпайтын болды. Арада тағы біраз жыл өтті. Мұхамбеттің жасы жиырма беске жетті. Бойы өсіп, сымдай тартылған сымбатты жігіт болды. Ақыл-парасаты толысып, адалдықпен аты шықты. Оның жомарттығын мойындамаған адам қалмады. Сенімді, аманатқа адал әрі жүрегі жұмсақ болғандықтан, ел оны «Мұхамбет әл-Әмин» деп атап кетті. Бұл кезде Әбутәліп қартайып, мал-дүниесі кеміп қалған еді. Себебі Меккеде дүрілдеген сауда ісі бұрынғы «мурууа» деп аталатын киелі дәстүрдің тамырына балта шапқан. Оның орнын «бай байға, сай сайға құяды» деген надан түсінік басты. Жағдайы нашар жақынға қарайласатын саналы салт адыра қалды. Меккенің байлары өздерін құдай сезінетін жағдайға жетті. Сондықтан да шаруасы кері кеткен Әбутәліпке бірде-бір туысы қол ұшын созбады. Осының кесірінен Әбутәліп Мұхамбетті уақытында үйлендіре алмады. Осы уайым оның жанын жегідей жеді. Мұны байқаған Мұхамбет:
– Көке, соңғы кезде қатты шөгіп кеттіңіз. Не болды? – деді.
– Сені атаңнан аманатқа алғанда «қанаттыға қақтырмаймын, тұмсықтыға шоқтырмаймын, үйлендіріп, өз алдына бөлек отау етіп шығарамын» деген уәдем болған. Қысқа жіп күрмеуге келмеді. «Жомарттың қолын жоқтық байлайды» деген. Әттең тонның келтесі болып тұрған жоқ па, қарағым-ау?!
– Менің қалың малыма бола сонша қиналғаныңыз қалай? Мен сізге байдың қызын әпер деп салмақ салған жоқпын ғой.
– Мұхамбет, мен сені жақсы білемін. Сен кісіге салмақ салмайсың. Бірақ жар таңдауда жаза басуға болмайды. Бабаларымыз «Қатын мен қазанның қымбатын ал» деген. Қалың малы арзан деп қараның қызына қызықпа. Жасаулы деп, малды деп байдың да қызына көз тастама. Дұрысы: ары мен ұяты бар, ақылды қызды көргенде қанша қымбат болса да, алаңдамай айттыру керек, – деді. Мұхамбет түсінгендей ишара білдіріп:
– Ұқтым, көке, бірақ өзіңізді де қинай бермеңіз. Үйленіп, үй саламын деген адамға Алла өзі көмектесемін деген уәдесі бар. Құдай қаласа, маған да бір қалыңдық табылар, – деді.
Мұхамбет жас кезінде «Әмин» деген атпен танылған. Мағынасы «сенімді адам» дегенді білдіреді. Расында да онымен іс қылғандар Мұхамбетке шүбәсіз сенетін. Ол бойшаң келген сымбатты жігіт болып ержеткен. Шашы бұйра болған. Қалың сақал қойған. Ол туралы естелік қалдырған тарихшылардың бәрі де оның көзге ұрып тұратын бір белгісін айрықша атап көрсеткен. Ол – Мұхамбеттің мейірім төгіліп тұратын ерекше жайдары жүзі. Ол өте батыл, шынайы адам болған. Бір істі қолға алса ынты-шынтысымен кірісетін. Өзі жайлы айтылып жатқан күбір-сыбыр әңгімеге мән беріп қарамайтын. Ол тіпті етегі тікенге ілінсе де артына бұрылмай кете беретін. Пайғамбарлық қонған соң дұшпандары оны соңынан өсектегенді ұнататын. Себебі, ол өсекшінің түрін көру үшін артына бұрылмайтын. Кісімен сөйлескенде төніп тұрмайды. Жүзін жартылай ғана бұрып, не болмаса кісімен жүре сөйлеспейтін. Серігімен бетпе-бет тұрып қана сөйлескенді ұнататын. Сәлемдескенде қолын жылдам тартып алмайтын. Құшырлана қысып, сәл тұратын.
Карен Армстронг
ХАДИШАНЫҢ ТҮСІ
Сол заманда Меккеде ақылына көркі сай, көп сөйлеп созбайтын, әдептен озбайтын Хадиша есімді жесір әйел болды. Байлығына мастанған Меккенің талай сардары оны тоқалдыққа алғысы келетін. Парасатты Хадиша дүниеқоңыз еркек көрсе, жиырылып қалатын. Олардың сұқтана қарайтын ашқарақ көздерінен барынша қашық жүретін. Бір күні ол түс көреді, түсінде ғажап іс көреді. Аспандағы ай келіп, құшағына кірді де, тұла бойын нұрға бөлеп, екі жеңінен сәуле шашып шығып кетті. Сол сәтте бүтін әлем нұрға шомылды. Хадиша түсін жақсы ырымға балады. Оның Уарақа деген немере ағасы бар еді. Ол Құдайды бір деп білетін христиан еді. Тәурат пен Інжілді жатқа соғатын. Хадиша түсін жорытты. Уарақа:
– Ей, Хадиша. Мен қателеспесем, сен ақырдың пайғамбарына адал жар боласың. Жаңа діннің таралуы саған да байланысты болады. Ол дін қияметке дейін күллі адамзатқа шырақ жағады, – деді. Хадиша болашақ күйеуін көрмесе де, оған ғашық болды. Енді сөз салып келушілердің бетін бірден қайтаратын болды.
Хадиша да ірі қалаларға керуен жүргізіп, сауда жасайтын. Бір жылы Шамға баратын бір керуен әзірледі. Оған жолбасшы болатын адал адам іздеді. Мұны естіп Мұхамбеттің Әтикә есімді әпкесі Хадишаға келеді.
– Менің бір інім бар. Ел-жұрт оны онсыз да «әл-Әмин» деп атап кеткен. Қаласаң, керуенді соған сеніп тапсыр, – деді. Хадиша:
– Ініңді маған ертіп кел. Қылығы ұнаса, шарт жасасам, – деді.
Ертесіне әпкесі інісін ертіп Хадишаға келеді. Мұхамбет есіктен кіріп келгенде, Хадиша орнынан қалай тұрғанын білмей қалды. Еріксіз иіліп, оған тағзым етті. Жүрегі толқып, қол-аяғы дірілдеп, өзін әзер билеп тұрды. Қызметшілері оның оғаш қылығын көріп таңғалды. Мұхамбет сөйлегенде Хадишаның тілі күрмеліп, ойы шашырай берді. Ол не айтса да, басын изеп келісе берді. Шарт бойынша Мұхамбет керуенбасы болып бекітілді. Мұхамбет шығып кеткен соң, ол әпкесіне бұрылып:
– Еңбегіне қанша сұрайсың? – деді. Әтикә:
– Мұхамбет әлі бойдақ. Қалыңдыққа қаражат керек. Сауда сәтті болса, бір қыздың қалыңмалын өтейтін мал бер, – деді. Хадиша:
– Керуенім аман келсе, Мұхамбетке қалаған қалыңдығын өзім алып берейін. Қалыңмалын мен төлейін, – деді. Әтикә көңілденіп, үйіне қайтты.
Хадиша өзінің Майсара есімді қызметшісін оңаша шығарып алды да:
– Ертең керуенмен бірге сен де сапарға аттанасың. Қасынан бір елі қалма. Қызметіне әзір тұр. Қандай да бір ерекше құбылыс байқасаң, маған бәрін баянда. Айтқанымды адал орындасаң, сені де үйлендіріп, бөлек отау етіп шығарамын, – деді.
Ертесіне Шамға қарай керуен жол тартты. Майсараның екі көзі Мұхамбетте болды. Жаздың шыжыған аптабы керуенді қатты қинады. Түйелер шөлдеп, адамдар ыстыққа шыдай алмай қаталай бастады. Сол кезде ғайыптан бір ақ бұлт пайда болып, керуенге көлеңке бола қалды. Олар ми қайнаған ыстықтан құтылды. Жолай бір керуен сарайға аялдады. Мұхамбет бір ағаштың саясына тізе бүгіп еді, ағаштың бұтақтары жайқалып, бейне бір шаттанып тұрғандай көрінді. Жемістері де уылжып пісе бастады. Керуендегілер мұны «Мұхамбеттің мұғжизасы» деп ойламады. Олар оны жай ғана құдірет деп таңғалды. Майсара ғана мұны Мұхамбетке берілген айрықша қасиет деп ойлап келе жатты. Шамға жеткен соң, сауда сәтті басталды. Бұлардың апарған бұйымдарын Шамның бай-бағландары таласа-тармаса сатып алды. Бірнеше күннен кейін керуен Меккеге қайта шықты. Орта жолда Хадишаның бір түйесі аяғы ақсап, көш соңында қала берді. Серіктері білетін ем-домының бәрін жасап бақты. Олардан қайран болмады. Ең соңында Мұхамбет нардың аяғын адамша аялап сипады. Қажаған жарасын таңды. Ол сол сәтте желе жортып қатарға қайта қосылды. Орта жолда мол пайдамен келе жатқан ауқатты керуенді қарақшылар тосып жатты. Сауда керуені ұрыларды алыстан жазбай таныды. Денелерін үрей билеп, бәрі қорқыныштан қалшылдап кетті. Кенет құмды дауыл басталды. Мұхамбет керуенді тоқтатпай айдай берді. Қарақшылар табан астында адасып, бір сайдың ішінде өз-өздеріне қылыш сермесіп, найзаласып қырылды да қалды. Ал керуен аман-есен Меккенің жолына түсті. Қалаға бір күндік жол қалғанда олар сахарада жайнап тұрған жасыл жазираға жетіп, малдарын шөгерді. Майсара Хадишаға сауданың сәттілігін, керуеннің амандығын білдіріп қуантпақ үшін Мұхамбетті Меккеге алдын ала жөнелтті. Жолда өзі көрген кереметтің бәрін хатқа жазып, Мұхамбеттің дорбасына салды. Оған керуенді бастап келе жатқан ең жүйрік нарды мінгізді.
Сол кезде осы сапар Мұхамбетке серік болған Әбужәһіл Майсараға:
– Әй, Майсара. Мұхамбет бұрын жалғыз өзі жол жүріп көрмеген. Түнде адасуы әбден мүмкін. Оған мына атан түйені берме. Оның түйесі айшылық алыс жолдардан Меккені қапысыз дәл табатын қасиетті нардың нағыз өзі еді. Одан айрылсақ, бүкіл керуен басынан айрылады. Одан басқа кез келген түйені мінгіз, – деді. Майсара:
– Бұл – Хадишаның тапсырмасы, – деді. Әбужәһіл амалсыз іштен тынды. Оның өзегін өртеп бара жатқан сәтті саудадан түскен қисапсыз мал-мүлік еді. Мұхамбеттің жеке басының амандығы оны түк те қызықтырған жоқ. Ішінен «Мұхамбет адасып өлсе де, қымбат түйе керуенді қайта айналып тапса жақсы болар еді» деп уайымдап тұрды.
Әбужәһілдің оған өлім тілейтіндей де себебі бар. Өзі Мұхамбетпен тетелес өсті. Әкесі Хишам шылқыған бай болды. Оның үйінде иттің басына іркіт төгіліп жататын. Байлықтың буымен басқаларды адам құрлы көрмейтін. Көшеде тетелес балаларды қан қақсататын. Әлсіздерге тіптен күн жоқ. Бір күні өзінен кіші бір балаға зорлық қылып жатты. Мұны көрген Мұхамбет дереу араша түсті. Сол кезде Әбужәһіл:
– Әй, жетім, жағаласпай әрі тұр, – деп оны итеріп жібереді. Осылайша екеуінің арасында ерегіс басталады. Бой бермей жатқан Әбужәһілді оң жамбасқа алды да, атып ұрды. Гүрс етіп құлағанда демі үзіліп кете жаздады. Қайтадан Мұхамбетке беттеуге бата алмады. Әп-сәпте жыннан айрылған бақсыдай сүмірейді де қалды. Содан бастап көше балалары Мұхамбетті арқа тұтып, емін-еркін жүретін болды. Бірақ бұл жеңіліс Әбужәһілдің көңіліне кетпес дық салды. Кейін олар ержеткен соң, Мұхамбет Әбужәһілге талай рет жақсылық жасады. Ол балалық шақта болған барлық сотқарлық төбелесті тез ұмытып кетті. Ал Әбужәһілдің бойы өссе де, ойы өспеді. Сондықтан да оған кісіні кешіру, дос болу деген қасиет сол күйі жұқпады. Кісіні кешірмейтін осы ит мінезі өзінің басын ақыры жұтып тынды. Атақты «Бадр шайқасында» Әбужәһіл абыройсыз өлім құшты. Денесі жерленбей құдыққа тасталды.
Мұхамбет жолға шықты. Ол керуенге жауапты болғандықтан, көптен бері басқалар сияқты бел шешіп демалмаған еді. Содан қатты шаршап, жолай көзі ілініп кетті. Оны өмір бақи ізінде аңдып жүрген Ібіліс түйенің бұйдасынан тартты да, жарға қарай жетектей жөнелді. Атан түйе жар басынан құлауға шақ қалғанда Жебірейіл де көктен түсіп үлгерді. Ол Ібілістің қақ басынан отты шынжырмен осып жіберді. Малғұнның екі көзінен от жарқ етті де, жар басынан жалп етіп өзі құлады. Жебірейіл түйені көтерген күйі қалықтап барып, оны Хадишаның ауласына қалдырып кетті. Хадиша далада тұрған түйесін танып таңғалды. Үстінде Мұхамбет қаннен-қаперсіз ұйықтап жатыр. Түйенің келген ізі байқалмады. Түйенің қомындағы дорбадан хатты білдірмей алды. Оны ашып оқыған сайын еркінен тыс оған деген ынтық сезім жүрегінде бүр жарды. Алпыс екі тамырында адал махаббаттың ыстық қаны қайнап жатты. Мұхамбеттің Құдай назары түскен айрықша адам екенін Хадиша жазбай таныды. Бұрынғы көрген түсі есіне түсті. Құдайдан тілек тілеп, «Иә, Аллам, бар екенің рас болса, Мұхамбетті маған адал жар ете гөр. Оның жолында құрбан болсам, арманым жоқ. Оның ілімі жеңіске жеткенше, мен де оған таяныш болып, өлгенше қиындығына төзер едім» деп жалбарынды. Сол кезде Мұхамбет ұйқыдан оянып кетті. Хадишаға қарап еді, оның жүзі ғашықтықтан бал-бұл жайнап тұр екен. Мұхамбет те оның асау тайдай дүрсілдеп соққан жүрегінің дыбысын естіп тұрды. Оның жүрегінде Хадишаға деген іңкәр сезім оянды. Ол сапардың сәтті болғанын ерекше ілтипатпен айтып жеткізді. Түйені тапсырып, үйіне жаяу қайтты. Батыста «Мұхамбет керуен жөнелтіп, дүкен ұстайтын бай Хадишаға тек бақай есеппен ғана үйленді» деген қате пікір орнығып қалған. Шындығында бәрі керісінше болды. Хадиша біреудің алдауына түсіп қалатын таяз әйел болмаған. Тарихшы Ибн Ысқақтың дерегі бойынша Хадиша өте ақылды, тәуекелшіл һәм мейірімді әйел болған. Мұхамбет алғаш рет уахи алып, өзін пайғамбар етіп жариялағанда дұшпандарының табасына түседі. Осындай ең ауыр, ең қилы кезеңде Хадиша еріне қолдау көрсетіп, ерен еңбек сіңірген.
Карен Армстронг
РАСУЛДЫҢ ХАДИШАҒА ҮЙЛЕНУІ
Кешке дастарқан басында Әтикә әпкесі одан:
– Сауда қалай болды? Сапарың сәтті болды ма? – деп сұрады.
– Иә, тіпті мен ойлағаннан да асып түсті. Бұйымдар базар нарқынан қымбатқа өтті. Бәрі дән риза.
– Хадиша маған «Сауда сәтті болса, ініңнің қалыңмалын өзім төлеймін. Таңдаған қызын айтсын» деген. Көңілің сүйген кімің бар?
– Менің көңілім сол Хадишаның өзін қалап тұр. Оның әдепті қылығы мен ибалы мінезін сүйіп қалдым. Егер ол қарсы болмаса, қуана-қуана оған үйленер едім.
– Хадишаның жесірлігі болмаса, әділдігі мен әдептілігі бүкіл Араб аймағына жайылған. Сыр-сымбаты – өз алдына бөлек әңгіме. Меккеде саған одан асқан саған лайықты жар табылмас.
– Меккенің мен деген шонжарлары одан дәмелі. Олармен салыстырғанда менің дәулетім жоқ. Ол мені өзіне қаншалықты тең көреді?
– Ендеше мен Хадишаның тамырын басып көрейін, – деді де, әпкесі ертесіне Хадишаның үйіне қарай беттеді.
Мұхамбет кеткен соң, Хадиша үшін бұл дүниенің қызығы қалмады. Оған әлемдегі бүкіл сұлулық атаулы Мұхамбеттің тұла бойынан тарап жатқандай көрінді. Бұрындары ықыласпен атқарған жұмысына құлықсыз болып, селсоқ жатып қалды. Тамаққа тәбеті болмады. Таңды ұйқысыз атырды. Хадишаның ақыл-парасатымен, шешендігімен аты шыққан Нәписа есімді туысы бартын. Ол сыр сақтауды білетін сенімді адам еді. Ол Хадишаның дертті болғанын байқады. Сосын оның мінезіндегі өзгерістің сырын сұрады. Хадиша:
– Мен Мұхамбетті көргелі дүниені басқа қырынан танығандай болдым. Әлемнің пердесі түріліп, бақыттың қайнар бұлақтары ашылғандай болды. Мен сол үшін де оған ғашықпын, – деді.
– Оны сен ғана емес, Меккенің бүкіл жұрты жақсы көреді.
– Егер Құдай бағымды ашатын болса, мен оған адал жар болғым келеді. Әттең, ол менен кіші. Маған көңілі ауар ма екен? – деп сырын ашты.
– Мен Мұхамбеттің тамырын басып көрейін, – деді де, Нәписа Әбутәліптің үйіне қарай беттеді. Жолда ол Әтикәға жолықты. Олар сәлемдесіп, жаңалық сұрасып еді, әңгіме ортақ болып шықты. Мұхамбет пен Хадишаның жүрегі мен тілегінің бір жерден шығуы екеуін де қайран қалдырды.
Құдалық басталды. Сол кездің салтына сай барлық ырым-жоралғы жасалды. Мұхамбет Хадишаны өзі барып ұзатып әкелуі тиіс. Бірақ оның қалыңдыққа киіп баратын салтанатты шапаны болмады. Меккенің шынжыр балақ, шұбар төс бай-бағландары мына жаңалықты естіп қайран қалды. Олар «Хадишаны қара басыпты. Түйесі тұрмақ, тышқақ лағы да жоқ сіңірі шыққан кедейге несіне тиеді? Онымен салыстырғанда біз кім едік?! Аспандағы ай едік. Әсілі, «Әйелде ақыл болмайды» дегені рас болса керек. Ақылы болса, өзінен жасы кіші жетім жігітке тиер ме еді? Ана Мұхамбетің де біз ойлағандай емес, өте қу екен. Дәулетті жесір әйелдің жүрегін жаулап алыпты. Тез баюдың тетігін тапқан боп тұр ғой, бұл сабазың» деп қызғаншақтықтан ауыздарына не келсе, соны оттады.
Тойдың қарсаңында Әубәкір Сыдық дайындық жайын сұрады.
– Иә, досым, мен Хадишаны алғалы жатырмын. Енді оны абыроймен әкелуім керек, – деді.
Досының емеурінін ернінен танитын Әубәкір мәселенің мән-жайын бірден түсінді. Ескі шапанымен тойға баруға қысылып отырғанын сезді. Әубәкір шылқыған бай еді. Ол базарға барды да, шапан тігетін шеберлерге ең қымбат киімдер тіктірді. Хадишаға арнайы қымбат тарту-таралғы әзірлетті. Досының қарсылығына қарамай, оның бар сән-салтанатын артығымен толтырды. Қыз ұзату тойында дүйім жұрт Мұхамбеттің мәрттігі мен мырзалығына таңғалды. Дұшпандары оны мұқата алмай мысы құрыды. Қайын жұртта мерейі үстем болды. Әубәкірдің өзі күйеу жолдас боп қасында жүрді. Той үш күн, үш түнге созылды. Хадиша шын бақытты еді. Той үстінде бұрынғы көрген түсін, жалбарынған дұғаларын есіне алып, бағын ашып, бақытын толтырған бір Жаратушыға сансыз шүкіршілік айтты. Көңіліндегі барлық қайғы-мұңның табы шайылып жоқ болды. Өзінің таңдауының туралығына иненің жасауындай да күмән келтірмеді. Ол нағыз ердің еріне, жігіттің сұлтанына, азаматтың сырттанына шыққанына сенімді еді. Бақыттан басы айналып, барлық қызметшілеріне азаттық берді. Мол дастарқан, ерекше сый-сияпатпен өткен тойдың салтанаты көпке дейін ел аузында жүрді. Қонақтар тарқаған соң, жас жұбайлар оңаша қалды. Сол кезде Ұлық Алла Жебірейіл періштеге бұйырып:
– Әй, Жебірейіл, менің хабибім бүгін үйленді. Қуанышына ортақтас. Сен ғайыптан бар да, некелерін қи. Періштелер мен ғилмандар Мұхамбетке салауат жолдасын. Неке суларына кәусардың бұлағынан су апарып, білдіртпей құйып кетіңдер, – деді. Жебірейіл Ұлық Алланың бұйрығын бұлжытпай орындады.
Бұдан соң Мұхамбет пен Хадишаның саудасы да, дәулеті де, әулеті де еселеп арта берді. Шаңырағы шаттыққа толды. Олар жұма сайын жетім-жесірлер мен ғаріп-ғасірлерді тойдырып, садақа таратуды әдетке айналдырды. Екеуі жиырма жылдан аса бақытты ғұмыр кешті. Осынша уақыттың ішінде Мұхамбет Хадишаға дауысын көтеріп көрмепті. Хадишаның құрсағына құт дарыды. Мұхамбетке төрт қыз, үш ұл сыйлады. Тұңғышы Қасым болды. Соған орай ел оны «Әбілқасым» деп атады. Бұл «Қасымның әкесі» дегенді білдіретін. Онан соң Ұрқия, Зейнеп, Гүлсім, Бәтима деген қыздары мен Әбділда, Тахир деген ұлдары дүниеге келді. Ұлдарының бәрі жастай шетінеді. Ол кезде араб қоғамында ұлы жоқ еркектің абыройы болмайтын. Ал қыз баласын адам санатына мүлде қоспайтын. Кейбір хас надандар әйелі қыз туса, соған қорланып сәбиін тірідей көметін. Ұлдарынан айрылған соң, Мұхамбетті дұшпандары «артында ізбасары жоқ қу бас» деп кемсітетін. Кейін де, оған пайғамбарлық қонып, даңқы шыққан кезде табалаушы дұшпандарының бірі «пайғамбар болғаныңды қайтейін, артыңда атыңды ұлықтайтын ұрпақ жоқ, жүрген бір қу бассың» деп айтып салады. Бұл сөз оның жүрегіне қанжардай қадалады. Үйіне келгесін үнсіз отырып жылайды. Осыншама Ұлық Құдайдың өзіне бір ұлды қимағанына қамығып жатып қалады. Сол кезде Ұлық Алладан әуез келеді:
– Әй, Мұхамбет, «қу бас» дегенге қорланба. Сенде ұрпақ болмайды. Сенде үмбет болады. Мен саған өмірі сарқылмайтын рухани ілімнің қайнар бұлағын нәсіп етемін. Ол бұлақтан сусындаған жанның бәрі сенің үмбетің саналады. Олар қиямет-қайымға шейін сені дұғасынан тастамайды. Әлемнің төрткүл бұрышынан жолданатын салауаттар бір сәтке де тоқтамайды. Сені ата-анасынан да артық жақсы көрмегендер кәусар бұлағынан қанып іше алмайды. Қу бас деп кемсіткендердің тұқымы тұздай құриды, – деп жұбатты. Осыған орай, Құрандағы «Кәусар» сүресі түскен екен. Расымен де, Мұхамбетпен қастасқан залымдардың өзінен де, тұқымынан да ешқандай белгі қалмады.
«Мұхамбет 25 жасында 40 жасар жесір әйелге дәулеті үшін үйленді» деген пікір де қисынға келмейді. Себебі, Хадиша екі ұл, төрт қыздың анасы атанған. Орта ғасырда қырықтан асқан әйелдің алты баланы дүниеге әкелуі неғайбыл. Соған қарағанда Хадишаның жасы пайғамбардан аса үлкен болмаған. Олардың арасында шынайы махаббат болған деп білеміз. Себебі, пайғамбар Хадишаның көзі тірісінде үстінен әйел алған емес. Қала берді Мұхамбет марқұм болған әйелін өлгенше ерекше махаббатпен еске алып отырған. Бұл қылығын оның кейінгі әйелдері онша ұната да бермеген. Тіпті Айшаның өзі Хадиша туралы жағымсыздау пікір айтып қалғаны үшін бір рет пайғамбардан қатаң ескерту алған. Мұхамбет ешқашан байлыққа қызықпаған. Керісінше ол дәулетті кезінде кедей-кепшікке садақа таратқанды жақсы көретін. Ол Хадиша екеуі өте қарапайым тұрмыс кешті.
Карен Армстронг
ҚАҒБАНЫ ҚАЙТА САЛУЫ
Мұхамбет отыз беске толғанда мынандай оқиға болды. Құрайыштар Қағбаның тозған қабырғасын қайта жөндеуді ойға алды. Қай рудың қай дуалды бұзатыны жеребе арқылы анықталды. Жұмыс жүріп жатқанда ғайыптан бір айдаһар келіп түсті. Жұрт қорқып кетіп, қашуға айналды. Мұхамбет қана былқ етпестен тұра берді. Сол кезде көктен бір самұрық құс құлдилап келді де, айдаһарды желкесінен бүріп алып, ұшып кетті. Шошынған жұрт мұның мәнісін Мұхамбеттен сұрады. Ол:
– Мен білсем, бұл – Ұлы бірлікке байланған қайырлы тірліктің нышаны. Айдаһар – біздің басымызды жұтуға айналған алауыздықтың белгісі. Ал оның арамыздан аласталуы ынтымақты күндердің жақын қалғанын меңзейді, – деді.
Жұмыс қайта жалғасты. Осы арада хикметті тағы да бір оқиға болды. Мінезі момындар Қағбаның кірпіштерін қиынсынбай таси берді. Жүрегінде қыңырлық дерті бар кейбіреулер кірпіштерді бұза алмай, қара терге түсті. Оларға ақжүрек адамдар жәрдемге келді. Қабырға қайтадан қаланар кезде саз балшық илеу басталды. Қайнаған жұмысқа Мұхамбет те бел шеше кірісті. Ол балшыққа түспек болып балағын тізеге дейін түре беріп еді, бір тегеурінді қол білегінен қысып ұстай қалды. Бұл келген Жебірейіл періште еді. «Ей, Мұхамбет, балағыңды түсір. Тәңірі саған жалаңаш жүруге тыйым салды. Балтырың да ашылмайтын болсын!» – деді ол нық дауыспен. Мұхамбет балағын дереу түсірді. Хажарул асуад, яғни қара тасты орнына қоятын жерге жетті. Әдетте бұл тасты Меккенің ең беделді тайпа көсемдері ғана қол тигізіп ұстайтын. Бұл жолы тасқа келгенде талас басталды. Әркім өзінің ата-бабасын ұлықтап даурыға бастады. Дау өршіп, дұшпандыққа қарай бет алды. Сол кезде Уәлид есімді құрайыш:
– Кімде-кім бірінші болып, «Баб Бәдишаба» қақпасынан өтсе, сол шешімін айтсын. Соған тоқтайық, – деді. Барлығы осы сөзді қабыл көрді. Қақпадан Мұхамбет бірінші болып кірді. Елдің бәрі:
– Мұхамбеттен асқан әділетті жан жоқ. Шешімін сол айтсын! – десті. Сол кезде Мұхамбет шапанын шешіп, жерге жайды. Үстіне тасты әкеліп қойды да:
– Әр рудан бір-бір адамнан шықсын. Шапанның шетінен ұстап көтерсін. Сонда бәрі де көтерген болып саналады, – деді.
Бұл шешім бәріне ұнады. Бәрі шапанынан ұстап, тасты Қағбаға кіргізді. Тасты орнына қоятын кезде:
– Әй, Мұхамбет, бұл даудың үкімін өзің шештің. Енді тасты да орнына өзің қой. Біз соған қошпыз, – десті.
Хажарды Мұхамбет көтеріп алып, құтты орнына қондырды. Бәйтулланың дуалдары түгел қаланып бітті. Мұхамбетті зерттеген ғалымдар «оның жазудан хабары болды ма, жоқ па» деген мәселеде біраз тартысқан. Бір тарапы «ол жазу-сызуды білген. Білмесе, сауда ісін қалай жүргізеді» деп уәж айтады. Екінші тарап оның арнайы оқу оқығаны туралы деректің жоқтығын көлденең тартады. Керек десеңіз Ислам күшейген соң да Мұхамбет хатты өзі жазбайтын. Хатты көбіне Әлиге немесе сауатты хатшыға жаздыратын. Мұсылмандар үшін пайғамбардың жазу-сызу білмегені өте маңызды. Бұл оның хақ пайғамбарлығына айқын дәлел. Мысалы, христиандар да Ғайсаның хақтығын дәлелдеу үшін оны ер адамға жұғыспаған пәк анадан пәк қалпында туды деп айтады. Бұл да символдық жағынан соған жақын. Қарапайым адам Құдайдың сөзін өзі жазбауы керек.
Карен Армстронг
АЛҒАШҚЫ УАХИ
Бұл кезде Меккедегі бай мен кедейдің арасы әбден ажырап біткен еді. Зияраттың есебінен әбден байыған құрайыштың байлары мастанып бітті. Жетім-жесірді жебеуді ұмытқалы қай заман?! Ал Қағбаның іші пұттарға толып кетті. Қолдан жасалған құдайлар қаптаған сайын руаралық алауыздық асқына берді. Ақсақал-абыздарда абырой қалмады. Бай-манаптарға ғана жалпылдап, жағымпазданатын мал кеуде надандар қаптады. Сахарада жаяу-жалпы ел аралау өте қауіпті еді. Жол торыған ұры-қары сұрауы жоқ мүсәпірді өлтіре салатын. Ел ішінде жын-перімен тілдесетін сиқыршылар көбейді. Оларды «кахин» деп атайтын. Олардың тағы бір белгісі аяқ астынан ақын болып кететін. Ондай ақындар сөз сатумен айналысатын. Қай бай ақысыз тойдырса, соның құдайы мен ата-бабасын сағаттар бойына мақтап жыр оқитын. Мұхамбет оларды жек көретін. Ол осындай кезде елден жырақтап, Хира тауындағы үңгірге барып, ораза ұстап, ойланып-толғанып отыратын. Түндерді тағатпен өткізіп, елінің надандықтың балшығынан тезірек шығуын Құдайдан тілейтін. Бұл кезде оның жасы қамал алатын қырыққа келген еді. Бір күні ол үңгірде отырғанда көзі ілініп кетті. Сол кезде оны біреу: «Әй, Мұхамбет, тұр!» – деп оятты. Қараса, бейтаныс біреу төніп тұр. Ол үңгірден сыртқа қарай жүрді. Мұхамбет ізіне ілесті. Кенет күтпеген оқиға болды. Әлгі адам қолдарын қағып жіберіп еді, қанат пайда болып, көкке көтерілді. Жайған қанатының екі ұшы Сафа мен Маруа тауын жалғап тұрды. Оның бір қауырсыны жерге түссе, бүкіл Меккені жауып қалатындай үлкен екен. Көкте күн тұтылды. Мұхамбет шошып кетіп:
– Әй, жынсың ба, перісің бе?! – деп айғай салды. Ол:
– Мен Жебірейіл періштемін. Сөзімді тыңда. Ұлық Алла сені адамдар мен жындарға пайғамбар етті. Мен Алланың уахиін әкелдім, – деді де, жұмақтың жібегіне жазылған бір хатты шығарып, Мұхамбетке берді. Пайғамбар әріп танымайтын. Жазу-сызу білмейтін. Абдырап тұрып қалды. Жебірейіл:
– Оқы, – деді.
– Мен оқи алмаймын. Хат танымаймын, – деді. Жебірейіл Мұхамбетті қапсыра құшақтап алды да:
– Оқы! – деп қатқылдау бұйырды. Дем жетпей тұншығып бара жатқан Мұхамбет:
– Мен оқи алмаймын, – деді. Үшінші ретте Жебірейіл бұрынғыдан да қаттырақ қысқаны сонша: Мұхамбеттің қабырғалары сынып, демі үзілуге шақ қалды.
– Оқы дейім саған! – деді. Мұхамбет жібектен ешқандай жазу көрмеді.
– Мен оқи алмаймын, – деді тұншығып. Сол кезде Жебірейіл оның көңіл көзін жауып тұрған пердені жыртып жіберді. Мұхамбеттің жүрек көзі ашылды. Меккедегі бүкіл тау-тастың, әрбір шөптің, ұшқан құстың рухтар әлемінде өзгеше өрнекпен, ғажайып үйлесімде тіршілік кешіп жатқанын анық көрді. Керісінше, Меккедегі халықтың ит-тіршілігі мән-мағынадан жұрдай болған құрт-құмырсқаның илеуіндей елестеп кетті. Жебірейіл:
– Сені ұйыған қаннан жаратып, тамшыдан өсіріп тәрбиелеген Алланың атымен оқы! – деп бұйырды. Әрі қарай Мұхамбеттің өзі еркінен тыс әдемі ұйқаспен өрілген өнегелі сөздерді тасқын судай төгіп-төгіп жіберді. Бұл келген бірінші уахи еді. Әлемге Құран түсті!!! Кейін бұл аяттар Құранда «Иқра» деген сүренің атымен сақталып қалды. Құранның алғашқы аяттары оқылып болған соң, Жебірейіл көзден ғайып болды.
Оқиғаның күтпеген жерден болғаны сонша: пайғамбар өңі мен түсін айыра алмай қалды. «Мені жын қағып кетті, перілер менен кахин жасағысы келеді» деп үрейі ұшты. Үйіне жеткенше асықты. Келді де, Хадишаға:
– Тоңып барамын. Үстіме тонымды жап, – деп төсекке құлай кетті. Хадиша айтқанын екі етпеді. Ерінің сұсы қашқан түрін көріп:
– Мұхамбет, саған не болды? Кімнен қорықтың? – деді.
– Мені жын-пері қуалап жүрген сияқты. Менен кахин жасағысы келеді. Менің кахиндерді қалай жек көретінімді жақсы білесің ғой. Тауда мені ұстап алып, еріксіз маған өлең оқытты. Бірақ, өзін «Жебірейіл періштемін» деп айтты, – деді.
Хадиша саспады:
– Әй, Мұхамбет, ол – не де болса, Жебірейілдің өзі. Себебі, сен әділетті адамсың. Ағайын-туысқа мейірімдісің. Жақындардың арасын жалғауға ынтықсың. Кедей-кепшікке қайырымдысың. Мұқтажға жәрдемге асығып тұрасың. Сенің жомарттығың садақа беруден тыйылған емес. Елдің жүрегінен жоғалған барлық ізгі қасиетті қайта тірілткің келеді. Сондықтан Ұлық Алла сендей адал құлын жын-перінің талауына тастап, әділетсіз іс қылмас. Мен білсем, сен жын соққан кахин емессің. Сен уахи алған хақ пайғамбарсың, – деп, ерінің жігерін жанып, сенімін нығайтты.
Мұхамбет істің байыбына бармай, кесіп ештеңе айтпайтын. Бұл жолы да ләм-мим демей, сабыр сақтап, әліптің артын бақты. Көп кешікпей уахи екінші мәрте келді. Мұхамбеттің періштелермен бетпе-бет келуі жиіледі. Сондай бір күні Хадиша көңілдегі күмәннан толық айығу үшін мынадай амал ойлап тапты. Ол:
– Мұхамбет, егер тағы да Жебірейіл келсе, маған дереу білдір. Мен орамалымды шешіп, шашымды шығарамын. Жын болса, шашқа жабысады. Періште болса, ұялып қашуы керек, – деді.
Бір күні періште уахи алып тағы келді. Оны көргенде Мұхамбет сақтық қылып бүркене түсті. Ол пайғамбарға тақап келіп:
– Ей, оранған пенде, орныңнан тұр да, міндетіңе кіріс, – деді. Сол сәтте Хадиша күйеуінің қобалжулы түрінен уахи келгенін ұқты. Ол орамалын шешті де, шашын жая бастады. Періште сол замат ғайып болды. Хадиша күйеуіне:
– Әлі тұр ма? – деп сұрады.
– Жоқ, кетіп қалды.
– Ендеше, сүйінші! Сен Алланың назары түскен пайғамбарысың. Енді күмәнді жой, – деді де, «әшһаду әлла иллаһа илла Алла, уә әшһаду әннә Мухаммадан ғабдуһу уа расулуһу» деп кәлима шәһадат айтып, Хадиша ең бірінші мұсылман болды.
Осыдан соң Хадиша Мұхамбетті ертіп, немере ағасы Уарақаның үйіне барды. Оған болған жайдың бәрін бастан-аяқ баяндады. Уарақа пұт-парасқа табынбаған, христиан дінін берік ұстаған тақуа кісі еді. Ол Ғайсаның бүкіл өсиеттерін жатқа соғатын. Ол Мұхамбеттің басынан өткен оқиғаның бәрін мұқият тыңдап болған соң:
– Мен білсем, сен хақ пайғамбарсың. Пайғамбарлығың құтты болсын! Оның дәрежесі қандай ұлық болса, ендігі арқалайтын жүгі де сондай ауыр болмақ. Хадиша, сен тұңғыш мұсылмансың! Құтты болсын бақытың! Бұл бақытты енді қолдан берме. Мұның жолында мал түгіл, жаның пида болса да, белді бекем бууың керек. Себебі оның діні төрткүл дүниеге түгел тарайды, – деді.
Пайғамбардың сенімі күшейіп, күмәні сейілді.
Ұлы Жаратушының адамзатқа нәсіп еткен ең ұлы нығметтерінің бірі рисалат. Яғни, Ұлық Алла пайғамбарлар жіберу арқылы өзінің құпия қойнауынан бастау алатын ақылдың сарқылмас кеніне қызықтырып жетектеу. Хикмет іліміне құмар болған пенденің жүрек көзін пайғамбарлар арқылы ашу. Егер осындай ауыр аманат пен рухани міндетті арқалаған пайғамбардың өз бойынан қыңырлық пен надандықтың нышаны көрінетін болса, Ұлық Алла, әлбетте оларды ауыр азаппен жазалар еді. Сондықтан, пайғамбардың ондай күнәлі іске шатылуы ақылға сыйымсыз. Бұған дәлел ретінде Фахраддин Рази «Ахзаб» сүресінің 32-ші аятын пайдаланған. Аталмыш аятта «пайғамбарлардың жұбайларының да дәрежесі басқа қарапайым жұрттың әйелдерінен жоғары болмақ. Егер олар күнәға бой алдырса азап пен жаза да оларға екі есе ауырлықпен жетеді» делінген. Егер олардың жұбайының өзіне ауыр талаптар қойылатын болса, пайғамбарға жүктелген міндеттің одан он есе жоғары әрі қатаң болатыны түсінікті. Сондықтан да, пайғамбардың қарапайым пенде сияқты күнәға ұрынуы мүмкін емес.
Фахраддин Рази
АЛҒАШҚЫ МҰСЫЛМАНДАР
Екінші Әли мұсылман болды. Ол кезде ол Мұхамбеттің үйінде бірге тұратын. Әбутәліптің әбден кедейленіп, күнделікті ас-ауқаты мұң болған кез. Мұхамбет оған салмақ салмас үшін Әлиді сұрап алды. Әбутәліптің өзіне өлгенше қарасып тұрды. Қолдан келген жәрдемін аямады. Үшінші пайғамбардың өкіл баласы Харистің ұлы Зайд мұсылман болды. Хадиша Мұхамбетке тұрмысқа шыққанда өзінің бір қызметшісін күйеуіне жәрдемші болсын деп сыйлайды. Қызметші ұстауға пайғамбардың ары жібермейтін. Себебі, ол біреуге салмақ салғанды жек көретін. Жыртылған аяқ киімін де өзі жамап, үзілген түймесін өзі қадап кете беретін. Ол Зайдқа үйіне келген күні азаттық сыйлап, баласындай етіп асырап алды. Оның есімінің өзі «азат адам» дегенді білдіреді. Пайғамбар өзінің отбасында исламның алғашқы құлшылықтарын жасырын жасап жүрді. Әбутәліп бұл өзгерісті біліп қойды. Ол Мұхамбетті шақырып:
– Әй, ұлым, сені жаңадан дін ойлап тапты деп жұрт өсектеп жүр ғой. Бұл не әңгіме? – деді. Расул:
– Ата, бұл ешқандай да жаңа дін емес. Бұл – бабамыз Ыбырайымның діні. Ол табынған Ұлық Алла мені де пайғамбар етіп таңдады. Сіздің де Исламды қабыл алғаныңызды қош көремін, – деді. Әбутәліп:
– Балам, сен ешқашан жалған айтпайсың. Мен сенен дәлел сұрамаймын. Бірақ қазір сенің дініңді ашық насихаттай алмаймын. Менің заманым басқа. Қатарым бөлек. Өмір бойы араласқан жерлестерім мені «Ата-бабасының дінінен безді» деп өсек қылады. Бірақ жан-тәніммен саған болысам. Мен тірі тұрғанда, бұл Меккеде саған ешкім қастық қыла алмас. Алған бетіңнен қайтпа. Алла саған жар болсын! – деп батасын берді. Оның жүрекжарды тілегі пайғамбарға жігер сыйлады.
Төртінші Әубәкір Сыдық мұсылман болды. Ол осыдан жиырма жыл бұрын бір түс көреді, түсінде жақсы іс көреді. Көк аспанда бір ай пайда болып, ол Қағбаның ішіне кіреді. Толған ай сол жерде мыңдаған бөлшекке бөлініп, Меккедегі әрбір үйдің ішіне кіріп, шырақ жақты. Ең бірінші шуақ Әубәкірдің шаңырағына барып шашылды. Ең қызығы: айдың бөлшектері Меккемен шектелмеді. Олар тоқтаусыз көбейіп, шартарапқа тарыдай шашырап жатты. Ол таңертең тұра сала, балгерге түсін жорытады. Ол:
– «Түс – түлкінің боғы» деген. Мәнісі жоқ көп түстің бірі ғой, – деп қысқа қайырды. Бірақ бұл түс Сыдықтың ойынан кетпей қойды.
Бірде ол керуен жасақтап, Шамға сапар шегеді. Жолда жиырма жылдан аса Мұхамбетті күтіп жатқан баяғы Бақираға кездеседі. Оны оңаша шығарып, көрген түсін айтады. Бақира:
– Сенің атың кім? – деді.
– Әубәкір. Руым Құрайыш, – деді.
– Ә, сен өтірік сөйлеуді білмейтін әйгілі Сыдық екенсің ғой. Түсіңді былайша жоримын. Дегенмен, анығын бір Жаратушы өзі біледі. Ұзамай Меккеден ең ұлық пайғамбар шығады. Ол әлемге Рахманның нұрын шашады. Оған түскен киелі кітап қана қияметке дейін сақталады. Мен қате айтпасам, сен оның ең сенімді серігі боласың. «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер» деген – осы. Басыңа бақ қонып, екі дүниенің абыройы мен дәулеті қатарынан дарыған Құдайдың сүйген құлы екенсің. Ұзағынан болсын дейміз! – деді. Мұны естігенде Әубәкірдің жүрегі езіліп сала берді. Пайғамбар келетін уақытты күтіп алуға іштей ширығып дайын жүрді.
Бірде «Пайғамбар шықты» деген хабарды ести сала, ежелгі досы Мұхамбеттің үйіне қарай асықты. Келген бойда:
– Уа, Мұхамбет, ел-жұрт сені пайғамбар деп шулап жүр. Мен саған сенем. Дегенмен, қазір Хиджазда өзін «пайғамбармын» деп айтатын жалғаншылар көбейіп кетті. Мен хақ пайғамбарды тапқым келеді. Маған бір кереметіңді көрсетші, – деді. Сол кезде Жебірейіл келді де, Әубәкірдің көрген түсі мен түс жорыту оқиғасын Расулдың көңіліне сала қойды. Пайғамбар бейне бір көріп отырғандай Әубәкір мен Бақираның әңгімесін айна қатесіз айтып берді. Сосын Құранның алғашқы сүрелерінен қирағаттап үзінді оқыды. Құранның құдіретті әуезі мен мағынасы Сыдықтың санасындағы бүкіл күмән мен күдікті тас-талқан қылды. Көңілінің кірі шайылып, жаны жігерленді. Ол бір сәтке тұңғиық ойға батып, үнсіз отырып қалды. Жүрегіне ғайыптан бір сенім ұялады.
– Алла бір, пайғамбар хақ, Құран шын, – деп иман келтіріп, мұсылман болды.
Бесінші Оспан мұсылман болды. Оның Сағди деген әпкесі бар еді. Ол балгерлікпен айналысатын. Бір күні Оспан оның үйіне барды. Дастарқан басында отырғанда әпкесі:
– Әй, Оспан, мен саған бір жақсы хабар айтайын. Ұзамай үйленесің. Пайғамбардың қызын аласың. Құмалақтар солай сөйлеп тұр, – деді. Оспан абдырап қалды. Себебі бұл кезде арабтан пайғамбар шықпаған. Олар «Пайғамбарлар яхуди жұртынан ғана шығады» деп ойлайтын. Оған «пайғамбар» деген сөздің өзі қызық естілді. Ол:
– Қандай пайғамбарды айтып отырсың? Арабтан нәби шықпаған. Ал мені бөтен жұрттан қыз алады дегенің тіпті ақылға сыйымсыз, – деді. Әпкесі:
– Меккеден пайғамбардың шыққаны туралы хабар біраздан бері елге тарап жатыр. Меніңше, ол жалғаншы емес. Ол – бұған дейін де адалдығымен аты шыққан Мұхамбет. Мен оны жалғаншы деуге аузым бармайды, – деді.
Оспан ол жерден көңілі алабұртып шықты. Ол бірден Әубәкірдің үйіне жол тартты. Себебі шыншылдығымен танылған Мекке сардарының бірі сол еді.
– Мен Мұхамбет туралы тосын жаңалық естідім. Сенің не білгенің бар? – деді. Әубәкір:
– Мен оны кеше көрдім. Ол өзі Құран деп атаған уахи кітабынан үзінді оқыды. Айтсам, сенбейсің, оның сөзін кахиндердің сандырағымен салыстыруға да келмейді. Саптаған сөзінің сойы бөлек. Ойы тым терең. Аяттарын естігенде, жүрегіңді шымырлатады. Бүкіл жұлын-жүйкеңмен, жан-жүрегіңмен Жаратушы бір құдіреттің бізге жолдаған аманатын ұққандай боласың. Өз басым Мұхамбетті әрі қарай тексеруге арым жетпеді. Ол – шынымен де, хақ пайғамбар. Қағбаның иесі болған Ұлық Алла біздей қарабет құлдарын ұмытпапты. Арабтан пайғамбар шықты. Енді осы шындықтың шырағын сөндіріп алмай, Мұхамбетке тірек болар күнді ойлайық, – деді. Оспан тап бұлай әсерленген адамды бұрын-соңды көрмеген еді. Тіпті яхуди мен христиандардың тақуалары да тап осылай тебіренбейтін. Ол іштей «Әубәкірді осыншама толқытып жіберген нендей күш?» деп ойлады. Оспан:
– Мені де дереу Мұхамбетке жеткіз. Сені осындай күйге түсірген Құранның құдіретін мен де тыңдап көрейін, – деді.
Олар Расулдың үйіне келді. Оспан оған қоятын сұрақтарын іштей дайындап келе жатты. Бірақ пайғамбарды көрген соң сұрағының бәрін ұмытып қалды. Құран аяттарын тыңдаған кезде Әубәкірден бетер әсерге бөленді. Бейне бір кеудесіне жарық нұр құйылып жатқандай күйге енді. Көңілде зәредей де күмән қалмады. Іштей «мен енді мұсылманмын» деп күбірлеп отырды. Одан кейін Сәдуақас, Әбдірахман, Зубайр, Ғаббастың ұлы Омар сияқты Меккенің ірі жігіттері Мұхамбеттің үйінен шықпайтын болды. Мұхамбетті Алладан келген уахиды қайталап қана отыра беретін жансыз телефон сияқты елестету де қате. Себебі, кей кездері пайғамбар кейбір аятты түсінбей ойланып отырып қалатын. Олардың мағынасына терең үңіліп, орнымен қолдануға күш салатын. Уахи алу сәті оңай болмаған. Пайғамбар өзі де «уахи түскенде жұлын-жүйкем жұлынып кете жаздайды» деп еске алған. Кейде періште адам бейнесінде онымен анық сөйлескен. Енді бірде ол «уахи келгенде бейне бір қоңырау соққандай дыбыс шығады. Бұл ең қиыны. Аяттың мағынасын ойымда жинап болғанша дыбыс та естілмей басылып қалатын» деген. Әрбір аятты өз орнымен қолдану үшін пайғамбар үнсіз отырып, жүрегін асықпай тыңдайтын. Құран аяттарын асығыс қолдануға Құдайдың өзі оған ұлықсат етпеген. Яғни, Алланың әуезі аспаннан жаңғырып тұрмайтын. Не болмаса нақты тараптан дыбыс естілмейтін. Уахи мен Алланың қалауын ұзақ уақыт үнсіз отырып, жүректі тыңдаумен ғана дұрыс ұғынуға болатын.
Карен Армстронг
ТЕКЕТІРЕСТІҢ БАСЫ
Мұхамбет ағайын-туысқанмен араны жалғап жатқан алтын көпірдей еді. Ет-жақын туыстарын ойлап, уайымдап жүретін. Уахи алған соң, ол «Жақын бауырларым Хақтың іліміне жалғанып надандықтан тезірек құтылса екен» деп армандады. Бір күні уахи келді:
– Әй, Мұхамбет. Әбдімүтәліптің әулетін жинап, оларға исламды үйрет, – деді.
Ол бүкіл туысқандарын жинады. Оларға Алла қалаған жаңа діннің мәні мен мағынасын түсіндірді. Дастарқан басында Әбулақап та отырған. Ол сол кезде дәулетті байлардың қатарында саналатын. Кедейленген туыстармен аралас-құраласты қош көрмейтін. Мұхамбеттің ғаріп-міскіндерге тегін тамақ тарататын салтын жиі сынайтын. Оның есіл-дерті Меккедегі ықпалды байлардың бірі болу еді. Сондықтан Мұхамбеттің жалпы бірлік пен ортақ адамшылық туралы үгіт-насихатын жақтырмай отырып тыңдады. Мұхамбет сөйлеп болғанша, қабағы бір ашылмады. Сәті келсе, оның әңгімесін үзіп жіберіп, Меккедегі қазіргі байлардың нендей нығметтерге бөленіп жатқаны туралы айтқысы кеп, зорға шыдап отырды. Бір кезде ол ақыры сөз алды:
– Ей, Мұхамбет, айтып отырған әңгімең дұрыс, әрине. Бірақ осы күні көшеге шығудан қалдық. Жұрттың бәрі бізді көрсе, «Ана сиқыршы – Мұхамбеттің туысқаны» деп сөз саптайтын болыпты. Сыртымыздан саусақ шошайтып сөйлейтіндердің де қарасы көбейіп барады. Сен бала абыройды төгіп болдың ғой. Сені «Ата-баба жолын бұрмалап, өзін пайғамбар санайды» деп айыптап жатыр. Шырағым, Мұхамбет, расында да арабтан қашан пайғамбар шығып еді? Пайғамбарлықты сол яхудилерге-ақ берсейші. Солардың да «бізден пайғамбар шыққан» деп мақтанғанда, бізден озғаны шамалы. Ештеңені өзгертпей-ақ, осы Қағбамызға ие болып «Кімсің? Құрайыш» болып отыра берсек жетпей ме? Қасиетті Қағбаның зияратынан түсетін зор байлық бәрімізге жетеді, – деді.
Мұхамбет іші қан жылап тұрса да, әдеп сақтап, оның сөзін бөлмеді. Өзінікі дұрыс болса да, ешқашан өзеуреп сөйлемейтін. Жасы үлкенмен жағаласып ақыл айту оған тән емес еді. Ол жай ғана жымиды да:
– Ағалар, тағы да қайталап айтамын. Менде ерік жоқ. Бәрі де – Құрайышқа Қағбаны нәсіп еткен жомарт Алланың қалауы, – деді. Әбулақап:
– Мұхамбет, өзіңді ерекше көрсетуге тырыспа. Біз де есек тағалап жүрген жоқпыз. «Қайтсек, сол Қағбаның қасиетін бойымызға сіңіріп, Меккенің абыройын асырамыз» деп жүрміз. Құрайыштың қамын жалғыз өзің жемей-ақ қой, – деді.
– Әрине, Алла нені қаласа, сол болады, – деді Мұхамбет.
– Болса, болсын. Бұдан былай бізді жинап ақыл айтқаныңды доғар. Түсінбеймін, осы саған не жетпейді? Жетімнен өсіп жетілдің. Талай байдың арманы болған ақылды әйелге үйлендің. Құдайға шүкір, бала-шағаң бар. Саудаң жүріп тұр. Ішкенің алдында, ішпегенің артында. «Осыған шүкір» деп неге жайыңа жүрмейсің? Айтшы, қане, неден кемсің? – деді ағасы.
– Аға, дұрыс айтасыз. Дүниеден кенде емеспін. Хадиша мен осыншама бала-шағаны нәсіп еткен Ұлық Аллаға сансыз мадақтар болсын! Бірақ, Меккенің халқы надандыққа әбден батты. Бізге мейірім-шапағат жетіспейді. Мен осыны ойлап қынжылам.
– Інім, айналайын, күлкімді келтірме. Кедей-кепшікке тегін тамақ таратып жүргеніңе неше жыл болды? Кәне, солардан тапқан мейірім-шапағатың? Қиялдай бермей, түс қара жерге. Тіршілік мында болып жатыр. Сен бізді жаһаннаммен қорқытпа. Ол жаққа барып келген ешкім жоқ. Көзің соқыр болмаса, сол сен айтып отырған мейірім-шапағат Меккеде толып тұр.
– Сіз оны қайдан көріп тұрсыз? Мықтылардың әлсізді қамырдай илеуі ме әлде өзіңіз сияқты адам баласын құл қылып ақысын жеу ме?
– Ей, Мұхамбет, осындай «Адам баласы тең. Бәрін сүйіңдер» деген сияқты уағыздарды ана әһлі кітаптар көп айтушы еді. Саған да жұғыпты ғой солардың ауруы. Сен бізге үлгі қылып отырған кітап иелерінің біреуінде Қағба сияқты құтты мекен жоқ. Құдайлары мен пайғамбары артық болса, соларға бір Қағба салып бермей ме? Қара сен, жыл сайын біздің Қағбаға менмін деген елдердің бай-шонжарлары арнайы келіп құрбан шалады. Солардың арқасында құрайыштың ұлдары тамақты жатып ішеді. Құмның ішінде отырса да, шылқып өмір сүреді. Алланың мейірім-махаббаты деген – осы. Елді адастырмай, тыныш тіршілігіңді қыл, – деді ағасы.
– Әрине, ағасы, іні ретінде сізге ілтипат көрсетіп, тыныш қана жүргім келеді. Бірақ «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» деген. Он сегіз мың ғаламның падишасы не қаласа, соны жасай береді. Бізден ақыл сұрамайды. Оған менің әмірім жүрмейді, – деді.
Осыдан соң отырғандар үнсіз тарасты.
Мұхамбет өз жұртына уахи әкелгенде Араб түбегі өркениетті әлемнен алшақ жатқан. Оның саяси һәм әлеуметтік құрылымы әбден күйреп, біржола құлаудың аз-ақ алдында тұрған. Христиан діні қоғамдық қауіпсіздік пен бейбітшілікті белгілі бір дәрежеде күштеп болса да ендіріп қойған Рим империясында дүниеге келді. Сондықтан да Ғайса мен Павелдер «қоғамдық құрылым мен саяси тәртіпті қайтсек ретке келтіреміз» деп басын ауыртқан жоқ. Ол кезде дін таратқыш Павелдың да империяның шеңберінен шығып, бөтен елде жалғыз жүріп уағыз айтуы неғайбыл еді. Ал, Араб түбегінде жалғыз-жарым жаяу жүрген қорғансызды өлтіре салу үйреншікті іс болатын. ІV ғасырдың басында христиан діні Рим империясының ресми діні болып болып бекіді. Алайда жаңадан құрылған ресми христиан шіркеуі әбден сіңісті болған саяси жүйені түбірінен қайтадан өзгертуге құлықты болмады. Олар бұрынғы Рим заңдарын дінмен бейімдеп сол күйінде ала салды. Осылайша саясат тақырыбы бөлек сфера болып шыға келді. Осыны ескерсек Мұхамбет пайғамбар Ғайса сияқты дайын мемлекетте дүниеге келген жоқ. Ол Араб түбегі «қанға қан» деген тұрпайы түсініктен шыға алмай жатқан VІІ ғасырда туылды. Ол кезде Арабиядағы ежелгі құндылықтар құрдымға кетіп, орнына жаңадан ешқандай тәртіп орнамаған болатын.
Карен Армстронг
ӘБУТӘЛІПТІҢ ҚОЛДАУЫ
Мұхамбеттің жақтастары көбейе бастады. Бұрын оны жеңіл қабылдаған Меккенің бай-шонжарлары ақырындап санасатын болды. Себебі мұсылман болғандар ойға жүйрік, сөзге шешен болып шыға келетін. Діни айтыс-тартыста Құран аяттарын жатқа соғып, қарсыластарын жер қылатын. Олармен айтысқанда менмін деген кахиндер мен ақындардың аузына құм құйылатын. Бұл бетімен кете берсе, өздерінің Мұхамбеттің ықпалына түсетіндерін толық түсінді. Олар ұшқыннан от өршімей тұрғанда оны дереу өшіріп тастауды қолға алды. Сөйтті де, атасы Әбутәліпке барып арыз қылды:
– Әй, Әбутәліп, сен аталарың Қағбаның кілтін ұстаған текті тайпадан едің. Әкең Әбдімүтәліп зәмзәмнің көзін ашып еді. Өзің ата-баба дініне адал болған абыз ақсақалсың. Бірақ мына Мұхамбетің абыройды төгіп болды. Көз көріп, құлақ естімеген уағыздар айтады. Біздің қасиетті Лат, Узза, Манат сияқты ұлық құдайларды қуыршаққа балайды. Бізді бір жүрген ақымақ деп ойлайды. Біз де оның Алласын мойындаймыз. Сөз жоқ, Ол да – Ұлық Құдайлардың бірі. Қайдағы жоқ Ібілістің мысалдарын айтып, қайырсыз деп байлардың шымбайына тиеді. Өзі де күшті бір сиқыр үйренсе керек, оған барған адамның басы айналып, атасының жолынан бас тартып шыға келеді. Үйіне барып бірнеше рет ескерттік те. «Әй, кәпірлер, сенің дінің саған, менің дінім маған» деп өлең оқып кетті. Жердің үстімен барып едік, масқара болып жердің астымен қайттық. Енді ол бала бір тыңдаса, сені ғана тыңдайды. Ұрыстың соңы сойылға ұласпай тұрғанда, алдыңнан өтуді жөн көрдік, – деп қатқылдау ескертті.
– Мұхамбет менің қолымда өскен. Қазір жасы қырықтан асты. Оның қырық жыл ғұмыры менің көз алдымда өтті. Ол – өмірінде қылдай қиянат қылмаған адам. Берісі Меккеде, әрісі Шамда әділдік пен адалдықта оның алдына түскен жан жоқ. Міне, қазір жасым жетпіске тақады. Меккенің өмірі менің көз алдымда адам танымастай өзгерді. Ата-баба діні дейсіңдер, қане, сол баяғы атадан балаға мирас болған мурууа дәстүрі? Естеріңде ме, біз бала күнімізде тайпада бір жетім не бір жесір панасыз қалмайтын. Қазір сендер бөтенді айтпағанда, екі атадан қосылатын туысыңды жастықтай жаншып, тулақтай илейсіңдер. Бала кезімде Қағбаның ішінде санаулы ғана пұт тұратын. Қазір солардың саны нешеге жетті, білесіңдер ме? Мұншама көп құдай қайдан балалап көбейіп жатыр? Құдайлар көбейген сайын елдің де ынтымағы ыдырап, бірлігі кетті. Енді, міне, іріген сүттей болып отырсыңдар.
– Әбутәліп, дәстүріңді қайдам, бірақ біз құдайымызға адалмыз, – деп біреуі сөзін бөлді.
– Сен өйтіп сөзді бөлме. Мен де жақсы білемін, бұ күнде сендердің құдайларың – алтын мен күміс. Менің Мұхамбетім ешқандай да жаңа дін ойлап тапқан жоқ. Керісінше, әлсізге жақтасатын, бәрін өзімен тең көретін мурууа дәстүрін жаңғыртып жатыр. Сондықтан мен оның жағындамын. Оған жала жаппаңдар. Мен тірі тұрғанда, Мұхамбеттің басынан бір тал шаш түспейді, – деп, Мұхамбет үшін неге болса да, дайын екенін ұқтырды. Келгендер қарсы уәж айта алмады. Себебі Әбутәліп олардың дертін дөп басты. Өткір тілмен шиқандарын жарды. Келгендер тілдерін тістеген күйі шығып кетті.
Бұдан соң Мұхамбеттің ізіне ергендерді қудалау қарқын алды. Пайғамбардың өзін де, реті келсе, мұқатып қалатын. Кеудесі тар күншілдер кахиндер мен арсыз ақындарға ақша төлеп, Мұхамбет жайлы неше түрлі құйтырқы өлеңдер шығартып, ел арасына таратып жіберді. Қазіргі кезде Құранның «ұрының қолын кес» деген сияқты ауыр үкімдері біз үшін ақылға сыйымсыз болып көрінеді. Біз ылғи «Мұхамбет не себепті қатал үкімді доғарып, кешірім жасауды баса уағыздамады» деп сұраймыз. Бұл арада біз мынадай фактыны ескеруіміз керек. Мәриям ұлы Ғайса Мұхамбет пайғамбар сияқты ешқашан да мемлекет басшысы болған емес. Ғайса ешқашан да қоғамдық тәртіпті күшейтетін жүйеге басын қатырған жоқ. Бұл міндеттерді Римнің мемлекеттік аппарат жүйесі жасайтын. Егер Ғайса да қоғамдық қарым-қатынастарды реттейтін заңдарды шығарумен айналысқанда, амалсыз Мұхамбет сияқты қатал үкімдер шығаруға мәжбүр болар еді. Ежелгі қоғамның бәрінде бұ күндері біздер үшін сұмдық боп саналатын ауыр жазаларды Құдайдың құтты күні қолдана беретін. Алысқа бармай-ақ Ұлыбританияның өзін алып қарайық. Англияда күні кешегі дейін ұрыларды ұсақ-түйек қылмысы үшін жәй ғана жазалап қоймайтын. Оларды сол үшін өлім жазасына кесетін. Не болмаса өмірі оралмайтын колонияға жер аударып, ауыр жұмыстарға құл сияқты жегетін.
Карен Армстронг
ҚЫСЫМНЫҢ КҮШЕЮІ
Жоқтаушысы жоқ, әлсіз момындарды оңашада ұстап алып сабау белең алды. Солардың бірі Біләл еді. Ол Ұмая деген байдың құлы болатын. Бір күні иесі оның Мұхамбеттің үйіне барып, Құран үйреніп жүргенін біліп қойды. Оны аптап ыстықта қол-аяғын байлап әбден қорлады. Көкірегіне үлкен тас бастырып қинады. Әубәкір осы азаптың үстінен түседі. Ол Біләлді тани кетті. Келді де, араша түсті. Ұмая:
– Егер жаның ашыса, сатып ал, – деді. Әубәкір:
– Сатсаң, сатып аламын. Құны қанша? – деді.
– Он мың ділдә, – деп Ұмая ойына келген соманы ойланбай оттай салды. Әубәкір сұраған пұлын сол жерде суырып берді. Ұмая құлды мұншалықты тез сатылады деп күтпеген еді. Ақшаны алып жатып:
– Әй, Әубәкір, бұрын ақылды адам едің. Сен де Мұхамбеттің уағызын тыңдап алжиын депсің. Есі дұрыс адам мынау сияқты бейшараға сонша ақша төлер ме? Бір тиын берсең де, қуана-қуана сатар едім. Талай пұлдан қағылдың, – деді.
– Ақшадан қағылған мен емес, сен. Керек болса, Біләлдің басы үшін бар дүниемді тігер едім.
– Мына қара маймылдың қай жеріне қызықтың?
– Оның құны терісінің түсінде емес, таза жүрегінде. Мен оның жүрегіндегі қазынаны сатып алдым.
Ұмая күліп жіберді де:
– Қайдағы жүрек, қайдағы қазынаны айтып тұрсың? Бұл сұрауы жоқ құл ғана, – деді. Әубәкір:
– Біләлдің жүрегіндегі қазынаны қияметте көресің. Жүрегі соқыр надандарға ондай қазыналар бұ дүниеде көрінбейді, – деді де, кетіп қалды. Біләл сол күні азат мұсылманға айналды.
Мұсылмандар Мәдинаға барған соң мешіт салды. Біләл бірінші рет азан шақырды. Оның дауысының жуандығы сондай: көктегі «Сидратүл мүнтаһаға» дейін жететін. Пайғамбар миғражға ұшқанда, Біләлдің азан шақырған дауысын естиді. Ол азан айтқанда періштелердің бәрі ынтығып тыңдап тұрушы еді.
ХАБАШ ПАТШАСЫНЫҢ ПАНА БОЛУЫ
Меккедегі қысым күн санап күшейе берді. Паналайтын ірі туысы жоқтарға күн көрсетпеді. Пайғамбар оларды Хабаш еліне жіберуге мәжбүр болды. Османды басшы етіп, он бес адам жолға шығады. Артынан Жапар бастаған бір жүз үш адам және көшті. Олар Хабаштың патшасы Нәжаждан пана сұрады. Олардың артынан бір топ қарулы қуғыншы іздеп келді. Олар Хабаш патшасына көп тарту-таралғы беріп, мұсылмандарды Меккеге қайтаруды сұрайды. Хабаштың патшасы мұсылмандардан:
– Не үшін қаштыңдар? – деп сұрады.
– Біз Мұхамбет атты жаңа пайғамбардың үмбетіміз. Біз адам өлтіріп келген қашқын емеспіз. Мойнымызда қарыз да жоқ, борыш та жоқ. Бір Алланы ұлықтағанымыз үшін күн көрсетпеді. Мұхамбет сені дос көріп, бізге сенен пана сұрай жіберді.
– Мұхамбетке кітап түскен бе?
– Иә, түскен. Құран деп аталады.
– Құранда Ғайса туралы айтылған ба?
– Айтылған. Біз Ғайсаны да, оның анасы Мәриямды да жақсы білеміз, – деп, Жапар «Мәриям» сүресін оқи жөнелді. Құранның құдіретті әуезі патшаның алпыс екі тамырын иітті. Ол тебіреніп:
– Інжілде Ғайса өзінен соң әлемдерді жұбатушы ұлық пайғамбардың келетінін айтқан. Егер менің жүрегім алдамаса, Мұхамбет – сол жұбатушының нақ өзі. Біз – оның рухани бауырымыз. Мен бауырымды діні бөлек бөтенге тұтқын етіп бере алмаймын, – деді. Қуғыншылар бос қайтты.
Кейін Мұхамбеттің даңқы жер жарған кезде Хабаш патшасының талай қызметшісі оны іздеп барды. Бір көруге ынтық болды. Әділетті Мұхамбет те олардың бұрынғы жақсылығын ұмытқан жоқ. Хабаштан қонақтар келген сайын пайғамбар оларды төбесіне көтеріп, төріне отырғызатын. Бұл достық мәңгіге қалды.
Ал Жапар бастаған мұсылмандар Мәдинада пайғамбармен қайта табысты.
ЖЫН ПАТШАСЫНЫҢ ПАЙҒАМБАРДЫ МОЙЫНДАУЫ
Бұл кезде Хақ жолында күресуге бел байлаған мұсылманның саны отыз тоғызға зорға толды. Әубәкір мен пайғамбар Қағбаға келіп құлшылық жасап жүрді. Бұл кеудесі тар күншілдерге ұнамады. Әбужәһіл мысқылдап:
– Әй, Мұхамбет, сиқырың қалай боп жатыр? – деп мұқата сұрады. Пайғамбар үндемеді. Әбужәһіл:
– Исламның хақтығын мына Лат, Узза, Манаттардан сұрайық, – деді. Сол кезде пұттың ішіне бір жын кіріп кетіп:
– Мұхамбет жәдігөйді өлтіріңдер. Ол елді адастырып бітті, – деді. Пұттарға көзсіз табынатын құрайыштар еліріп шыға келді. Көздері қанталап, пайғамбардың жағасына жармаса кетті. Кейбірі кебісін шешіп, бас-көз жоқ сабай берді. Мұхамбет пен Әубәкір оларға қарсыласқан жоқ. Надандар екеуін төпелеп тастады. Оларды пайғамбардың ағасы Ғаббас арашалап алып шықты. Ол болмағанда, өлтіріп тастауы мүмкін еді.
Әубәкір есін жиғанда анасы басын сүйеп отыр екен. Ол тұра сала, пайғамбардың үйіне жүгірді. Оның амандығын көріп, жүрегі орнына түсті. Пайғамбарды ертіп үйіне келді. Сыдықтың үйіне келсе, тілеулестері түгел күтіп отыр екен. Олар да пайғамбардың амандығын көріп қуанысты. Олар дастарқан басында отырғанда, есік ашылып, бөтен адам келеді. Ол Расулдың қолын сүйіп, тағзым етті. Расул:
– Сен кімсің? – деп сұрады. Ол:
– Мен жын нәсілімін, – деді.
– Мұнда неғып жүрсің?
– Пайғамбарлық қонғалы сені сырттай бақылап жүрмін. Құранды тыңдадым. Сенікі хақ дін. Бүгін Қағбада пұттарды сөйлетіп, бәріңді арандатқан кәпір жынның бірі еді. Жаңа ғана көп жынның көзінше мен оның басын шаптым. Бұдан былай саған жындар зиян қылмайды.
– Атың кім?
– Есімім – Самаж. Жындардың патшасы менмін. Сенің дәрежеңді естіп, түріңді бір көруге ынтықпын. Бізге де пайғамбарлық ет, – деп өтінді.
– Менің дәрежемді қайдан білдің?
– Мұса кәлимолла Тұр тауында Тәңірімен тілдескенде сөздерін мен де естіп тұрдым. Сонда Жаратушы иеміз оған сені таныстырды. Сенің бүкіл сипаттарыңды оның көңіліне құйды. Сол кезде Ұлық Алланың «Бүтін пайғамбар менің ризалығымды тілейді, ал мен Мұхамбеттің ризалығын тілеймін» деген бір-ақ ауыз сөзі құлағымда әлі жаңғырып тұр. «Бұл Алланың өзі хабибім деп атаған нендей ұлық пайғамбар?» деп бір көруге ынтық болдым, – деді. Пайғамбардың сахабалары мұны естігенде Расулдың ұлық дәрежесін танығанның үстіне тани берді. Пайғамбар:
– Ендеше сенің атың бүгіннен бастап Абдолла болсын, – деді. Абдолла:
– Енді Қағбаға емін-еркін барып, насихатыңды айта бер. Қаласаң, бір пұттың ішіне кіріп, сенің сөзіңнің ақ екеніне куәлік берейін, – деді.
– Ниетіңе рақмет! Мені онсыз да сиқыршы деп атайды. Мен ондай қулықпен дін жаятын адам емеспін. Мен Ұлық Алла мен оның түсірген Құран кітабының құдіретіне ғана арқа сүйеген хақ пайғамбармын. Есіңде болсын: бұл әлемде ең ұлық мұғжиза, ең ұлы керемет, ол – Құран! – деді.
Абдолла басын изеп, Расул сөзін мақұлдады.
ХАМЗАНЫҢ НАДАНДАРДЫ САБАУЫ
Қағбадағы төбелес бүкіл Меккеге тарады. Батыр туған Хамза бұл сұмдықты аңшылықтан келген соң бір-ақ естіді. Тұла бойын ашу-ыза кернеп:
– Әбулақап не қарап жүр? – деді әйеліне.
– Ол көрмеген, естімеген адам болып отыр.
– Ал Ғаббас қайда болды?
– Мұхамбетке араша түскен – сол ғана. Бірақ шамасы жетпеді. Ол болмағанда, Мұхамбетті өлтіріп тастар еді.
Хамза бұдан артық тыңдап тұра алмады. Атына мінді де, тебініп жүріп кетті. Әйелі алдын бөгеп:
– Отағасы, асыңды ішіп, асықпай шықсаң болмас па еді? – деп еді:
– Ей, қатын, қайдағы ас?! Алтын асықтай інімді өңшең қорқау жабылып талап жатқанда, алатаудай ағасы үйінде ас ішіп отыра ма?! Сен мені сондай намыссыз ез деп бе едің? Одан да сол асқа қақалып өл десейші. Кет былай жолдан! – деді де, Қағбаға тартты. Әбужәһіл Хамзаны көргенде екі тізесі дірілдеп кетті. Бірақ қасындағы нөкерлеріне сеніп, сыр бермей тұрды. Хамза келген беттен ақырып:
– Мұхамбетке қол көтергендерің бері шығыңдар! Сендер немене, сұрауы жоқ деп басынғыларың келе ме?! Жалғызға жабылған шибөрілер, мен сендерді тура осы жерде біртіндеп тураймын қазір. Керек болса, пұттарыңмен қосып талқандаймын! – деді де, сегіз өрме бұзау тіс қамшысын қонышынан суырып алды. Сол кезде Әбужәһілдің бір жағымпазы:
– Оны сабаған біз емес. Қағбадағы қасиетті құдайлардың өзі айтты, – деп ақталды. Хамза қамшысын қатты қысып:
– Қане, қайсы құдай оны айтқан?! Менің бетіме айтсын! – деді. Жағымпаз жүгіріп барып, Қағбаның есігін ашты. Тобыр жамырап ішке кірді.
– Міне, мынау! – деді жағымпаз пұтты нұсқап. Хамза:
– Сен бе Мұхамбетті өлтір деген? Қане, сөйле. Інімнің не жазығы бар? – деді. Тобыр демін ішіне тартып, пұт кешегідей сөйлейді деп күтіп тұрды. Пұт бұл жолы сөйлемеді. Хамза ашуланып, меңіреу кейіпте сілейіп тұрған пұтқа қарап: «Ей, сайрасайшы, тіліңді жұтып қойдың ба?!» – деді де, қамшымен оның басынан тартып жіберді. Балшықтан жасалған қуыршақ қақ айрылып құлап түсті. Кесектің шашылған сынығынан бөлменің іші шаң боп кетті. Тобыр шошып кетті. Хамза:
– Өңкей қорқау, сендер Құдайға да жала жабасыңдар. Мұхамбеттің Құраны сендерді «екіжүзді мұнапық» деп айтып еді. Сол рас айтады, – деді де, қасында тұрған жағымпаздың арқасынан осып-осып жіберді. Жиналғандар жан-жаққа бытырай қашты. Кезек Әбужәһілге келгенде, ол қолына таяқ алып қорғана бастады. Хамза:
– Сен ғой бәленің бәрін бастаған. Мына жүргендер сенің малайларың емес пе? «Ит иесіне тартады» деген. Өзің сияқты кілең қорқауды жинап алып айдап саласың, – деді де, қақ маңдайдан салып жіберді. Қою қара қан бұрқ етті де, бетін жуып кетті.
Бұл кезде Мұхамбетке Хамзаның Қағбаға қарай кеткенін хабарлаған еді. Батыр ағасының дүлей күшін жақсы білетін пайғамбар Әубәкірді ертіп, тұра жүгірді. Келсе, қамшы тиіп құлаған талай адам ыңырсып, бұратылып жатыр. Мұхамбет келген бойда Хамзаның қамшысына жармасты. Ағасына:
– Аға, менің дінім қара күшпен жайылмайды. Бұған кінәлі, керек десең, пұттар да емес. Бәріне кінәлі – надандықтың кірі. Жүректің көзі ашылмай, надандықтың шырмауынан ешкім шыға алмайды. Менің Құраным – жүректің көзін ашатын құдіретті кітап. Ислам діні көркем мінезбен ғана гүлденеді. Зорлық зорлықты ғана туғызады, – деп оны тоқтатты.
Зерең пайғамбардың осы айтқаны айнымай дәл келді. Осыдан соң дұшпандар Хамзамен ерекше өштесті. Ухуд соғысында олар найзагер жауынгерді арнайы жалдап алып барды. Ол Хамзаны аңдып жүріп, ақыры найзамен шаншып өлтірді. «Аңдыған жау алмай қоймайды» деген тәмсіл осыдан қалыпты.
ОМАРДЫҢ МҰСЫЛМАН БОЛУЫ
Меккеде жүрегі жаудан қайтпаған екі батыр бар еді. Бірі – Хамза, екіншісі – Хаттаптың ұлы Омар. Бұл кезде Мекке қоғамы екіге жарылып тұрған. Хамзаның оқиғасынан соң залымдар енді Мұхамбетті оңай мұқата алмайтындарын түсінді. Тіпті онымен ойнау қауіпті болды. Енді олар Хамзамен күші тең келетін жаужүрек батыр іздеді. Олар Омарды айдап салудың бүкіл айла-шарғысын ойластыра бастады. Оған Мұхамбетті жамандап, жаппаған жаласы қалмады. Олар Омардың әлсіз жерін білетін. Дүниеге қызықпайтын батыр ата-баба дініне келгенде сұмдық адал еді. Батырға тән әділдігі және бар. Көңілі түскен адамға астындағы атын түсіп беретін жомарт еді. Бірақ қанша дегенмен жәһилет дәуірінің надандығы оған тән болатын. Әбужәһілдің бір тыңшысы Омарға барып:
– Әй, Омар, жалғыз қарындасыңның қайда барып жүргенін білесің бе? – деді.
– Жоқ. Қайда барып жүр екен?
– Ол ана Мұхамбеттің сиқырына басы айналды. Қағбадағы құдайларға тіл тигізіп, Манат, Узза, Латты жерден алып, жерге салады. Басқа-басқа, сендей асыл жанның ақылды қарындасы осындай абыройсыз іс қылады деп кім ойлаған? Күйеу балаң да сау емес. Ана жалған пайғамбар жастардың санасын улап бітті. Енді оған ана есерсоқ Хамза қосылып алды. Бүйтіп кете берсе, Қағбадағы құдайлардың қарғысынан көз ашпайтын шығармыз, – деді.
Омардың бір жақсы қасиеті бар еді. Өзі көзбен көрмеген нәрсеге сенбейтін. Қарындасын тексермекке бел буып, соның үйіне келді. Тыстан тақап келгенде қарындасы күбірлеп бір кітап оқып отырды. Омар ішінен «Аһ, Мұхамбеттің сиқырын үйреніп жатыр» деп ойлады. Дыбысты естіп қарындасы қағаздарды тығып үлгерді. Омардың күдігі күшейе түсті. Ішінен «Діндері дұрыс болса, неге жасырады?» деп ойлады. Бойын ашу қысты. Үйге кірген беттен:
– Сендер, екеуің, Мұхамбеттің сиқырын үйреніп жүрсіңдер ме? – деді күйеу баласы екеуіне. Олар:
– Аға, Мұхамбет сиқыршы емес. Ол – хақ пайғамбар. Оның ілімі –Алланың уахиы, – деді.
– Қайдағы уахи? Қайдағы пайғамбар? Арабтан пайғамбар шықпаған. Бізде тек қасиетті Қағба ғана бар.
– Сол Қағбаның иесі Ұлық Алла Мұхамбетті өзі таңдады.
– Неге Алла ғана таңдайды? Лат, Манат, Уззаның назары неғып түспепті оған?
– Олар Құдай емес. Құрайыштар оларды қолдан жасады.
– Тарт тіліңді! Миың уахимен әбден уланған екен. Енді, міне, сенің де тіліңнен у таматын болыпты. Бұдан былай Мұхамбеттің үйіне аттап бассаң, бақайыңды сындырам! Лат, Манат, Уззаға тіл тигізсең, аузыңды қан жалаған иттей қылам! – дегенше болған жоқ, қарындасы:
– Сол Лат, Манат, Уззаң ғой бізді осындай надандыққа батырған, – деді. Омар шыдап тұра алмады. Күректей қолымен қарындасын салып жіберіп еді, ол қалпақтай ұшып түсті. Мұрнынан қан сау ете қалды. Пердені ұстап құлағанда тығылған Құран парақтары шашылып кетті. Омар алдына келіп түскен Құранның бір парағын алды да, оқи бастады. Ол әріп танитын сауатты болатын. Аяттың өлеңмен өрілген ұйқастары оның назарын бірден аударды. Тағы да бір парақты еріксіз қолына алып, жалғасын оқып кеткенін өзі де байқамай қалды. Аяттар қатайған жүрегін жұмсартып, қатқан көңілін илей түсті. Шыдай алмай, тағы бір парақты алды. Оқыған сайын тас төбесінен бейне бір күмістен жаңбыр жауғандай күй кешті. Парақ бітіп қалды. Құлап жатқан қарындасына қарамастан, Омар күйеу баласына бұрылып:
– Жалғасы қайда? – деді жұмсарған үнмен. Ол:
– Бізде жоқ, пайғамбарда, – деді.
– Кеттік Мұхамбеттің үйіне.
Олар Мұхамбеттің үйіне келді. Пайғамбар:
– Оу, Омаржан, қайдан жүрсің? Менде ісің бар ма еді? – деді қош көңілмен қарсы алып жатып. Омар пайғамбардың алдына Құран парақтарын тастап:
– Мынаның жалғасы бар ма? – деді. Пайғамбар:
– Бар, – деді.
– Құмарым қанбай қалды, дауыстап өзің оқышы, – деп өтінді. Пайғамбар тамағын кенеді де, қоңыр дауыспен, әдемі мақамға салып, Құран сүрелерін оқи бастады. Құранның әрбір сөзі құлақтан кіріп, бойды алды. Жүрегінің түбінен басталған бауырмалдық сезім бүкіл қан тамырында жылымықтай болып ағып бара жатты. Біраздан соң Омар еңкілдеп жылады. Көзінің жасын сүртіп отырып, өзінің мұсылман болғанын мойындады.
Осыдан соң Омар өмір бақи қарындасына өзін қарыздар сезініп, оның көңіліне қылдай да дық салмайтын болыпты. Қайда барса да, қарындасын еркелетіп, «Мұхамбеттен бұрын мені мұсылман қылған осы еді» деп мақтанып отырады екен. Ертесіне «Омар исламды қабылдапты» деген хабар ел ішінде дүңк ете қалды. Әбужәһіл мұны естігенде орнынан тұра алмай қалды. Сағының сынғанын түсінді. Енді Мұхамбетке айдап салар қаныпезер де қалмады.
«Енді бірікпесек, болмайды. Мұхамбет тым күшейіп алды» деп күбірледі ол. «Ең ұлы мұғжиза – Құран!» деген шындыққа жанасады. Араб тілін білмейтін адамның өзі Құранды тыңдағанда жан дүниесі тебіреніп кетеді. Құранды мәнерлеп оқу Жебірейілден алғаш уахи алған сәттегі Мұхамбеттің кешкен күйін аздап болсын сезінуге жол ашады. 1400 жылдан бері бұл кітап әлемге миллиондаған тиражбен тарады. Құранның тілі де, құрылымы да сол күйі өзгермеді. Әліге дейін Құранды арабша оқығанда бейне бір Алланың өзі саған сөйлеп тұрғандай, сен де Оны тыңдап отырғандай ерекше әсерге бөленесің. Исламның Христиан дінінен бір артық жері осы. Ғайса әкелген Інжілдің түпнұсқасы жоқ. Оның латын және грек тіліндегі аудармалары ғана сақталған. Құран тілінің құдіреттілігі сонша Ислам өркениетімен шарпысқан барлық елдің мемлекеттік тілі жоғалып кетуге аз-ақ қалды. Көнеден өркениетті ел саналатын Парсы империясының да жазуы мен тілі түбегейлі өзгеріп кетті.
Карен Армстронг
ҚИЛЫ КЕЗЕҢ
Әбужәһіл жан-жаққа жасырын шапқыншы жіберіп, топ болып бірігуді бастап кетті. Әбдімүтәліптің кіндігінен тараған әулетпен және Мұхамбеттің ізіне ергендермен сауда жасауға тыйым салынды. Әбулақап жақтастары болғандықтан, ол бұл тізімге кірген жоқ. Меккедегі ең ықпалды тайпа көсемдері бірауыздан бірікті. Олар «Мұсылмандармен сөйлеспейміз, оларға қыз бермейміз, қыз алмаймыз. Керуендері тоналса, жәрдемге әскер шығармаймыз. Сауда-саттық, алыс-беріс болмайды. Қарызға ақша сұраса, он есе өсіммен қайтартамыз» деп уағдаласты. Қырық адам қол қойып, бұл келісімшартты кәдімгі күші бар құжаттай етіп, қорапқа салды да, Қағбаның қабырғасына ілді. Бұл қысым мұсылмандарға ауыр соққы боп тиді. Олар тез кедейленіп, ішіп-жемнен тарықты. Жуандар жіңішкеріп, жіңішкелер үзілді. Байлардың өзі тақырға отырды. Жасы жетпіске тақаған, әлсіз Әбутәліп те осы кезде өмірден озды. Дұшпандары «Әбутәліп исламға кірмепті. Алласы оны тозаққа тастаған шығар» деп келеке етіп күлісті. Бірақ пайғамбар өзінің Құдайының қаншалықты әділетті, қаншалықты рахман Құдай екенін жақсы білетін. Оның жүрегінде «Атам қинауда жатыр-ау» деген ауыр уайым болған емес.
Атасының ақыр халін бір Алладан
Тіледі: «Жарылқа!» – деп дұға етіп.
Досының тілегі үшін Алла оның,
Ғажап емес жақсы қылса ақыр халін.
Бекерге «иншалла» тастамағай,
Расулға қанша қылған қызметтерін.
Қаншама жыл өзіне пана болған, аялы алақанын аямаған, жетімдігін сездірмеген, ең қиын кезде мұны түтіп жеуге дайын тұрған Меккенің шынжыр балақ, шұбар төстерінің талауына тастамай, өзін қолдап шыққан, дін үшін қыспаққа түсіп, тамақтан тарылса да, Мұхамбетке: «Бұл қалай болды?» – деп бірде-бір рет қабақ шытпаған асыл текті көкесі өмірден өткен кезде саялы бәйтерегі құлағандай болды. Құдайдың сынағы мұнымен бітпеді. Құлдарына жіберген елшісін тек қуанышпен емес, қайғымен де сынайтын Жаратушы тағы бір қасіреттің төбесін көрсетті. Жан жары Хадиша дәл осы кезде дертті болды. Оны сол кезде Мұхамбеттің тәуіпке қаратпақ түгіл, ыстық сорпа да беретін мұршасы жоқ еді. Мұндай ауыр хал пайғамбардың үйінде ғана емес, қараңғы тірліктен қашып, Құранның жарық нұрына ұмтылған барлық мұсылманның басына тең түскен еді. Меккедегі бай-шонжарлардың ығынан шыға алмаған талай туысы Мұхамбеттің бұрынғы жақсылығын ұмытқан жоқ. Олар түн ортасында жасырын жолдармен пайғамбардың ізіне ергендерге ас-ауқат әкеліп тастайтын. Сондай адал адамдардың бірі Хадишаның Әкім есімді жақын бауыры еді. Ол бір күні әпкесі мен жездесінің үйіне жарты қап ұн әкеле жатып, жолда Әбужәһілге ұсталып қалады. Пайғамбардың бітіспес дұшпаны оған: «Қабыңды ал да, қайт үйіңе», – деді. Пайғамбардың қайнысы кері қайтпай, ерегісіп тұрып алды. Сол кезде өтіп бара жатқан бейтаныс бір кісі: «Әпкесін қарап отырып аштан өлтіруі керек пе сонда?» – деп Әкімге болыса кетті. Ерегістен төбелес шығып, сол жерде Әбужәһіл тағы да таяқ жеп тынды. Қатал қыспақ екі жылға созылды. Бірақ олар қасиетті айларда басқалармен бірге Қағбаға барып құлшылық ете беретін. Меккенің еліріп алған надан жұрты оны келеке етіп, мұсылмандардың жүріс-тұрыстарын, жасаған дұға-тілектерін мазақтайтын. Құран аяттарын қылжаққа қосып, бұралқы сөздермен өлең шығаратын. Сондай өлеңші өсекшілердің біреуі өзінің жақын жеңгесі, Әбулақаптың әйелі болатын. Ол өзін кәдімгідей ақын сезінетін. Ауыл арасындағы жиын-тойда өзі шығарған өлеңдерін оқитын. Көрші-қолаңы өлеңдерін мақтаса, соған желпініп, масаттанып кетуші еді. Ол «Мұхамбет те өз жанынан өлең шығарады» деп, қайнысын бақталас санайтын. Парықсыз жеңгесі пайғамбарлық қонған қайнысын қорлағаны соншама: оның жолына шошқа тікен тастап кететін. Пайғамбар бұл қорлыққа төзгенімен, Ұлық Алла төзбеді. Әбулақап пен зымиян әйелінің ақысына қарғыс жолданған арнайы уахи келді. Ол қарғыс Құранда «Тәббат ияда» деп басталатын сүремен сақталып қалды. Кейіннен осы қарғыс ақыры Әбулақаптың желкесін қиды. Темірдей денсаулығы сыр беріп, жазылмайтын алапес ауруына ұшырады. Туралап келген ажал оны тырп еткізбеді. Ұрпақтары оны «Жұқпалы дертке шалдықты» деп дүрлікті. «Бізге де ауруы жұғады» деп әкелерінің мәйітін құмның ішіне апарып тастады. Денесі көмусіз қалып, ит-құсқа жем болды. Көп ұзамай ауруы меңдеп, әбден қажыған Хадиша да дүние салды. Ол ерінің қасында жүріп арып-ашып, тауқымет тартқанына ешқашан шағымданған емес. Қанша қиналса да, бір рет те қабақ шытпады. Бірақ көңілінде бір ғана арман кетті. Ол Мұхамбеттің Меккедегі жеңісін тойлай алмады. Пайғамбар оның көңіліндегі жараны жазбай таныды. Демі үзілер шақта сүйікті зайыбының ыстық алақанын сипалап отырып:
– Құдай қосқан қосағым, балаларымның анасы, дінімнің тірегі, қанша жерден Алланың қалауы десем де, мен сені ажалға қимаймын. Ұлық Алла маған жеңіс сыйламай қоймайды. Сол күні сенің жанымда болғаныңды қалап едім. Амал нешік?! «Жазмыштан озмыш жоқ». Жайыңның жаннатта болары күмәнсіз. Ұлық Алла сені ерекше құрметпен қарсы алады. Қайсар рухың ол жақта Хауа ана, Бибісара, Бибіажар, Бибіәсия және Бибімәриәм сияқты сүйегі асыл, жаны пәк, рухы биік бекзат аналардың қатарынан орын алады, – деп жұбатты. Хадиша:
– Мұхамбет, мен оның бәрін сенен талай естігем. Солай боларына күмәнім жоқ. Бірақ, ол жақта сен жоқсың. Мен сені бәрібір сағынам... Мен сені күтем... – деп дауысы әлсірей берді. Пайғамбар өзін қанша тежесе де, ащы өксік тамағына тығылды. Көзінің жасына ерік берді. Таңғы шықтай мөлдіреген көз жасы Хадишаның бетіне тамып жатты. Пайғамбардың көз жасына өзінің көз жасы қосылып, екі бетін жуып кетті. Жиырма жыл отасып, жанына жігер болған жан жарын өлімге қимай, егіліп жылай берді. Хадиша оның қолынан қысып: «Қош!» – деді де, кәлима айтып жүріп кетті. Мұхамбеттің жүрегінің бір тамыры үзіліп түскендей болды. Аспан әлемінде періштелер жаппай аза тұтып, пайғамбардың қайғысына ортақтасты.
Мұхамбет әйеліне өте жайлы ер болған. Айшаға әкесі Әубәкірден де гөрі Мұхамбет әлдеқайда қайырымды болды. Ол өзі қалай қарапайым тұрса, әйелдерінен де сондай қанағатшыл тұрмысты талап етті. Айшадан жеткен деректерге қарағанда Мұхамбет үй тірлігінде әйеліне көмектесетін. Ол пайғамбар болса да өзінің ұсақ-түйек керек-жарағын өзі жасап алғанды ұнататын. Көйлегінің жыртығын өзі жамап, түймесін өзі қадап, аяқ киімін де өзі тігіп ала салатын. Қорадағы малға да өзі қарайтын. Ол қасындағы серіктерінің бәрін әйелдерге жұмсақ болуға үйретіп бақты. Сондай ұлық пайғамбардың үйдің ұсақ-түйегін арланбай-ақ өзі жасап жүре беруі жора-жолдастарын таңғалдыратын.
Карен Армстронг
ҚЫСЫМ ҚҰЖАТЫ КҮШІН ЖОЙДЫ
Екі жыл бойына Меккенің шонжарлары «Мұхамбеттің сағы сынады» деп күтті. Олар басында «Қу тамақ не істетпейді? Көріңдер де тұрыңдар. Қарны ашқан соң, діндерін тәрк етіп шыға келеді. Бізде бар құлқын Мұхамбетте жоқ деп кім айтты? Ораза, намазды тоқтықта ұстап жүр» деп сенімді жүрген. Керісінше, екі жыл бойына момындардың сірескен қалпы сыр бермей отыруы Меккедегі талай адамның құрметін оятты. Мұхамбеттің қайсар рухы мен сынбайтын сабыры ақыры жеңді. Әбужәһіл қысымнан пайда болмағанын түйсікпен сезді. Осы тұста надандар бір нәрсені ескермеген еді. Олар мұсылмандарды тамақтан қысып, нәпсілерін қинағанымен, рухтарын өлтіре алмады. Керісінше, олардың рухы қилы кезеңде әбден шыңдалып, қайтпас қайратқа айналды. Хишам, Бұхтар, Мұтхам бастаған топ кезекті қажылық кезінде «Хашим әулетіне жасалған қысымды тоқтатайық» деп бастама көтерді. Бұған Әбужәһіл бірден қарсы болды. Тағы да өнбейтін дау басталды. Надандар:
– Серттен таю – зор күнә. Біз құдайлардың атымен ант еткенбіз. Анттасқан құжат біздің емес, құдайлардың назарында, – деді. Қарсы тарап:
– Біз оларды өкпеге қисақ та, өлімге қия алмаймыз. Ит те болса, туысымыз. Екі жыл онсыз да қателіктерінің азабын әбден тартты. Сол да жетер. Енді өздері де тәубеге келген шығар. Хатты өшіріп, құжаттың күшін жояйық, – деп шуласты. Әбужәһіл бұрынғы надандығына тағы басты:
– Ол құжатты жою біздің ықтиярымызда емес. Құдайлардың талқысына салайық. Құдайлардың ашу-ызасын туғызған Мұхамбеттің діні. Лат, Манат, Узза келіссе, қағазды өртейміз, – деді.
Тобыр жамырап, Қағбаға кірді. Сол кезде Ұлық Алла бір құртты жұмсады. Оған: «Қағазды жеп қой!» – деп бұйырды. Қораптағы хатты ашып қарады. Ішінен шұрқ-тесік бір жапырақ қағаз шықты. Онда бір ғана сөйлем әзер оқылады. Дауыстап оқып еді, «Лә иләһә Иллалла Мұхаммад Расулалла» деген кәлима естілді. Оны естігенде осыған дейін бейтарап жүрген талай құрайыштың жүрегіне сенімнің ұрығы себілді. Олар ішінен «Әй, сол Мұхамбет хақ пайғамбар болса, болар» деп, ескі имандары шайқатылып, әрі-сәрі күйге түсті. Залымдар ішінен «Мұхамбет тағы да сиқыр жасап қойыпты. Ештеңе етпейді, біздің құдайлар оның сиқырын ақыры сындырады» деп ойлады. Осымен мұсылмандарға жасалған қысым ақыры тоқтады. Сахабалар кеңінен тыныстап, ілімдерін нық сеніммен тарататын күшке ие болды.
ПАЙҒАМБАРДЫҢ АЙДЫ ЖАРУ МҰҒЖИЗАСЫ
Бұл кезде пайғамбар ердің жасы елуге шыққан. Мұқатқан жауына мерейі толық үстем болмаса да, абыройы асқақтап тұрған. Әбужәһіл өзімен пиғылдас кілең пасықтармен Мұхамбетті арандатудың жаңа жолын іздеп жатты. Бір күні ол:
– Мұхамбет тұзаққа түспеді. Әзірше біздің Манат, Лат, Уззалар үнсіз. «Құдайлар не дейді?» деп, қарап отыра беруге тағы болмайды. Оның сиқырының күші жетпейтін бір айла таптым. Мен білсем, ол керемет көрсете алмайды, – деді де, жоспарын айтты. Бәрі оның ойын қош көрді. Пасықтар түгел жиналып:
– Ей, Мұхамбет, ақындықта мықты екенсің. Сиқырлы өлеңдеріңмен бейсауат жұртты арбап болдың. Бізді ақымақ қылғаның жетер. Құдайға шүкір, біз де біраз игі жақсылармен сұхбаттас болғанбыз. Әһлі кітаптардың талай уағызын тыңдағанбыз. Шын пайғамбарға Алласы мұғжиза берсе керек-ті. Мына яһудидің барлық пайғамбарында мұғжиза болған. Мұса теңізді жарған, Сүлеймен жындарға сарай салдырған, Ғайса өлікті тірілткен, Дәуіт таумен тілдескен. Сенде оның бірі жоқ. Он жыл болды құр Құраныңды оқып жүрсің. Елдің берекесін алып біттің. Екіге жарылған жұрт әбден титықтап болды. Сенің кесіріңнен аталас туыстар аралас-құраластан қалды. Не де болса, бір жағына шығайық. Айды жарып, хақ пайғамбар екеніңді көрсет. Қолыңан келсе, мойындаймыз, келмесе, бізге ренжіме. Істің аяғы насырға шабуы мүмкін. Не дейсің? – деді.
Пайғамбар не айтарын білмей, үнсіз отырып қалды. Себебі Тәңір тағала оған «Мен саған ең ұлық мұғжизаны бердім. Ол – Құран» деген еді. Сол кезде Жебірейіл періште келді де: «Мұхамбет, еш алаң болма, шарттарына келіс», – деді. Расул:
– Мен дайынмын. Қайда, қашан? – деп қысқа қайырды.
Ертесіне Құбайыс тауының етегіне он мың адам жиналды. Аспандағы Ай тап сол түні шар табақтай толысып тұрды. Айнала сүттей жарық еді. Әбужәһіл:
– Мұхамбет ортаға шықсын! – деп айқайлады. Алланың елшісі топтан жарылып шықты да, таудың төбесіне қарай көтерілді. Төмендегі тобыр:
– Ал, көрсет кереметіңді! – деп мұқата бұйырды.
Пайғамбар күбірлеп бір дұға оқыды. Кенет Ай орнынан қозғалып, бейне бір бұларды мыжып тастайтындай төбеден төніп келді. Жаңа ғана қара аспанда әдемі сәуле шашып тұрған көркем Айдың бұжыр-бұжыр, алабажақ бетін жақыннан көргенде пасықтардың жүрегі тоқтап қалуға шақ қалды. Олар «Бізді басып қала ма» деп үрейі ұшты. «Керемет көрсет» деп қыстағандарына өлердей өкінді. Сол кезде Расул: «Иә, біссімілда!» – деп оң қолымен ишара етіп, Айдың ортасынан бір-ақ ұрды. Сол сол-ақ екен, Ай дәл ортасынан қақ айрылып құлап түсті. Ай қақырап жарылғанда оның бетіндегі қиыршық құмдар мен ұсақ тастар жаңбыр сияқты төбеден жауып кетті. Бұ сұмдықты көргенде, жұрттың жағы қарысып, тілі сөйлеуге келмей қалды. Көбі: «Осы жерден тірі шықсақ жарар еді!» – деп зәресі ұшты. Топтың шетінде тұрғандар үйіне қарай безе жөнелді. Қалғаны Ай жарылған сәтте кейін қарай лықсып, бірін бірі таптап, құлағандарын мыжып, жөңкіле көшті. Мұғжиза мұнымен бітпеді. Айдың сынығы бүрісіп бір уыс болып қалды. Сөйтті де, екі жартысы да жарыса келіп, пайғамбардың қойнына кіріп жоқ болды. Даладағы жарық сонымен лап етіп сөнді. Көзге түртсе көргісіз, тас қараңғы түнек орнады. Пасықтар: «Иә, Лат, иә, Манат, өзің жар бола гөр!» – деп құдайларына жалбарынып жамырап кетті. Көбі не сөйлеп, не қойғандарын білмей сандырақтап қалды. Кейбірі тілінің келгенінше кәлима-шаһадатты шатып-бұтып айтып жатты. Қараңғыда қара тобыр бірін бірі таптап жатқанда, жоғалып кеткен Айдың екі сынығы пайғамбардың екі жеңінен жарқ етіп қайта шықты. Түнек серпіліп, айнала қайтадан жарық болды. Ай орнына қайта барып қонғанда, Меккенің үсті сүттей жарық болып шыға келді. Таудағы тобыр тым-тырақай қашып, үйлеріне барып тығылды. Үш күн бойына үрейден арыла алмады. Көшеге ешкім шықпады. Сауда уақытша тоқтады. Ал Құбайыстың басында пайғамбардың санаулы серіктері ғана қалды. Олардың иманы одан сайын беки түсті. Надандар есін жиған соң: «Ойпырмай, не деген күшті сиқыршы еді! Мұхамбет зәремізді алды-ау! Құрысын, бұдан кейін «керемет көрсет» деп айтпайық!» – деп бұрынғы әндерін қайта басты.
ЖҮРЕКТІҢ СОҚЫР БОЛУЫ
Залымдар сөзінде тұрмады. Ай екіге жарылса да, ештеңе өзгермеді. Қырсық-қыңырлар Мұхамбетті сол күйі мойындаған жоқ. Теке-тірес, кекетіп-мұқату, аяқтан шалу, қорлау, өлең шығарып, өсек тарату жалғасып жатты. Миға сыймас мұғжиза көрсетсе де, адамдар ақиқатты мойындамады. Бұл Құзайпа есімді жігітті қатты ойға қалдырды. Ол пайғамбарға келіп:
– Иә, Расул Алла, мен осы бір нәрсеге қайран қалам. Сізден сұрасам бола ма? – деді. Пайғамбар:
– Иә, Құзайпа айта бер, құлағым сенде, – деді.
– Сіз неше жылдан бері елді жақсылыққа үгіттеп, дінге шақырып келесіз. Бір Құранның өзі біздерге қаншама өзгеріс әкелді? Шаңырағы қирап, оты өшуге айналған талай адамға бақыт сыйладыңыз. Сіздің ілімге бас иіп, одан жақсылық таппаған жан қалмады. Кеше аспандағы Айды жарып, Ұлық Алланың қандай құдірет иесі екенін тағы бір паш еттіңіз. Бірақ сонда да ештеңе өзгермеді. Олар баяғыша пұттарына бас ұрып, надандықта әлі жүр. Құлағы бар, көзі бар адам ақиқатты айыратын кезі болған жоқ па? Бірақ неге олар селт етпейді?
– Мен саған Құраннан бір аят айтайын. Ұлық Алла: «Ғапылдарға қараңдар, олар жердің бетін кезіп, талай жерді аралайды. Бірақ одан ақылы ғибрат алмайды. Басында екі құлағы бар. Бірақ онымен ақиқатты естімейді. Маңдайында көзі бар. Бірақ онымен жаралыс сырларын көрмейді. Шындығында олардың көзі соқыр емес. Кеудесіндегі жүрек көзі соқыр», – деген. Сондықтан адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, жүректегі мінсіз ақылдың сәулесімен ғана көреді. Сен айтып отырған біздің бауырлардың жүрек көздері соқыр. Олар – жүрегіндегі рухани мерездің азабын тартушы бақытсыз жандар. Менің міндетім – оларды сөгу емес, қолымнан келгенше көкірек көздерін ашу!
– Жүректің көзі неден соқыр болады?
– Ол былай: Ұлық Алла адамға ақыл деген жауһар берген. Ол жауһардың өзіне тән сипаты бар. Жаралыстан ғибрат алып, терең ойлануға дағдыланса, адам ақылы нұрланып шарықтай береді. Бірақ ақылдың да жауы бар. Адамның жүрегіне сәт сайын оспадар ойлар қаулаған қамыстай толассыз кіріп жатады. Міне, осы кезде мықты мұсылман жүректегі күзетін күшейтуге міндетті. Ойды сүзгіден өткізбестен, көңіліне сіңіріп, тілімен айта беретін болса, ол ақылдың айнасына қара дақ болып жабысады. Ал егер ойға сақ болып, тілін бос сөзден тыятын болса, көңіліне нұрлы сәуле құйылады. Сәулелі ойға үйір болып, күзетті күшейтетін болса, жүрегі ағарып, ақылы нұрланады. Жүрегі ағарған, іші нұрға толған адамға қияметке дейін зиян-зақымет болмайды. Ол қылдай қиянаттан бойын аулақ ұстайды. Қылп еткен күнәнің ізін сезіп тұратын зерек болады.
– Жүректі күзетпесе, не болады?
– Егер күзетпей күпір ойды ішке өткізіп, тілден шығаратын әдеттен тыйылмаса, жүректің ішін қара тот басады. Ол қап-қара күлдің күйесі сияқты түрге енеді. Пасық ойлар ішке әбден толған кезде жүректің көзі бітеледі. Оған Хақтың сәулесі түспейді. Сәуле түспеген соң, жүрек бұзылып, ақыл айнасы өшеді. Соқыр жүрек төңкерілген құмырадай болып, ішіндегі бар асылынан айрылады.
– Сонда жүректен не кетеді? Асыл деп нені айтып тұрсыз?
– Мейірім, махаббат, ынсап, әділет, кешірім, ар-ұят, ождан-намыс – жүректің қазынасы. Адамның жүрегі арам ойлармен құрттап тесілетін болса, осы қазыналар шашылып төгіледі. Ондай адамның құлағына құйған сөзің далаға кетеді. Олар арсыз істі арланбай жасайды. Жақсылық пен жамандықтың парқын білмейді.
– Сіз бір сөзіңізде «Жүрек – дененің патшасы, тәнді сол басқарады» дегенсіз. Бұл қалай болғаны?
– Наданның дене мүшесін, жүріс-тұрысын, мінез-құлқын енді жүректің қалауы емес, құлқынның әмірі басқарады. Ол – өле-өлгенше құлқынға ләззат сыйлар рахат пен құмарлықтың құлы. Сондықтан титтей қателік жіберсеңдер, дереу тәубе етіп, кешірім тілеуді үйреніңдер! Егер ұсақ күнәға мән бермей, енжар қалыпта жүре берсең, сол күнә тотқа айналып, жүректің көзін көр қылады. Көкірек көзін соқыр қылған қараңғылық пердесін Ұлық Алла маған «раан» деген атпен Құранда паш етті.
Мұны естігенде Құзайпаның түрі бұзылып, жүрегі су ете қалды. Ол ішінен «менің де жүрегімнің көзі соқыр емес пе екен?» деп бір сәтке уайымдап кетті. Ол:
– Кірлеген жүректің көзі немен тазарады? Оның бітелген көзін күнәдан аршудың жолы бар ма? – деді.
– Қарайған жүрек көздің жасымен ғана тазарады. Сондықтан бұ дүниеде көбірек жылаңдар, азырақ күліңдер. Мүмкін болса, жетімнің басынан көп сипаңдар. Жетімнің көңілін менен артық білетін ешқайсың жоқ. Естеріңде болсын, көңілі соқыр надандар қияметте де көр қалпында тіріледі, – деді.
БЕС ӨСЕКШІНІҢ ХӘЛЕК БОЛУЫ
Меккеде пайғамбармен өлердей өштескен бес өлеңші болды. Олардың Алланың елшісімен жауласатын жөні бар еді. Себебі олар құрметті ақын атанып, той-думанның сәні болатын. Құран түскелі олардың өлеңдері бұрынғыдай мақталмайтын болды. Одан бөлек пайғамбарға «Ана шайырларға жоламаңдар. Олар ауызбен айтқандарын өздері істемей, сай салада сайрандап жүреді» деген аят түсті. Осыдан соң кектенген өлеңшілер пайғамбарды «жәдігөй сиқыршы» деп өлең шығарып, тынымсыз таратуға көшті. Олардың ащы тілінен тамған улы сөздер пайғамбардың жүрегіне инедей қадалатын. Сабырлы мінезінің арқасында ғана пайғамбар өсек өлеңдерге әзер шыдайтын. Кейде көңіліне ауыр алып, күрсініп отырып қалатын. Бірде Жебірейіл келіп:
– Әй, Мұхамбет. Сен шынымен де сабырлы екенсің. Сенің басыңдағы халді көріп, менің өзім шыдай алмадым. Ана өлеңшілерге тықыр тақады. Өсек таратып, елді саған қарай айдап салғаны үшін Алла өзінің кек алушы деген сипатымен олардың желкесін қияды.
– Жебірейіл, олар – өсекші болса да, өзімнің жерлестерім. Жүре берсе, болмас па? Мен сабыр етіп төзуге дайынмын. Обал ғой.
– Олай болмайды. Ұлық Алла барлық пендесіне қалау еркін берген. Бұ дүниеде әркім өзі қалаған жолмен жүре алады. Дінде зорлық жоқ. Бірақ адал адамның арын төгіп, жала жауып, елді арандатып, оған айдап салуға қақылары жоқ. Сондықтан Ұлық Алла саған: «Мұхамбетке жала жауып, арандатушы бес өлеңшіні жазала!» – деп маған бұйырды. Олардың күні аз қалды, – деп ескертті. Мейірімді Мұхамбет сонда да оларды жамандыққа қимай етбауыры езіліп тұрды. Бірақ Алланың әмірі екі болмады.
Жебірейіл сол түні Асуад есімді өсекшінің көзіне қарғыс таңбасын салды. Екінші Ас деген ақынның табанынан белгі соқты. Үшінші Әбжарыстың маңдайына бармақ басты. Сосын Харистің қарыны мен Уәлидтің жіліншігіне ен салды. Ертесіне Ас екі ұлымен түйе іздеп жүр еді, табанына тікен кірді. Тікенді алмақ болып әрекет етіп еді, ала алмады. Табанындағы бір түрлі таңбаны көріп көңілі секем алып қалды. Кешке қарай табаны іріңдеп, жараға айналды. Ақыры ажалы сол жарадан болды. Екінші Асуад жұртты жинап алып, пайғамбар туралы қылжақ өлеңдерін аспапқа қосып жырлап отырған. Кенет көзіне бір шыбын келіп тышып кетті. Ол мән бермеді. Түнге қарай көзі құрттап, екі көзі су қараңғы соқыр болды. Көздегі ірің миға шапты. Дертіне шипа таппай, төрт күнде топырақ қапты. Үшінші Әбжарыс атына мініп тойға бара жатты. Орта жолда мінген аты ақсаңдап қалды. Тексермек болып, атының тұяғын қарап жатқанда бір құс тура төбесінен ұшып өтті. Аты үркіп кетіп, иесін теуіп жібереді. Темірдей тұяқ қақ маңдайдан келіп тиді. Той жайына қалды. Есін жинап, өлігін сүйретіп үйіне келді. Таңға жетпей үзілді. Төртінші Харис сахарада қатты шөлдеп келе жатып бір құдыққа тоқтады. Шыдамай борсыған суды ішіп қойды. Судың ішіндегі быжынаған ұсақ құртты байқамады. Сәлден соң қарны гүмпиіп ісе бастады. Орта жолда түйесінен ауып, құлап түсті. Қарны жарылып өлді. Денесін қарға-құзғын шоқып тастады. Бесіншісі Уәлид келе жатса, көшеде біраз жұрт жиылып, Мұхамбетті өсектеп, қарқ-қарқ күліп тұр екен. Бұл да пайғамбар туралы шығарған соңғы өлеңдерін паш етпекке асықты. Кенет аяғы шалынып құлап, жіліншегін тасқа соғып алды. Сонда да ақсаңдап барып өсекші топқа қосылды. Оспадарсыз өлеңдерін оқып, елді таңғалдырып үйіне қайтты. Азанда аяғын баса алмады. Іштен шіріген сүйегі жеті күнде жанын қармап тынды.
МИҒРАЖ ОҚИҒАСЫ
Әбутәліп дүние салған соң, Хашим тайпасының көсемі болып Әбулақап тағайындалды. Оның басшы болуы Мұхамбет үшін қауіпті еді. Себебі ол Әбдімүтәліп әулетіне жасалған қысым кезінде қара тізімге ілінбей кеткен. Мұхамбеттің арқа сүйер қорғаны жоқтығын жаулары тиімді пайдаланды. Пайғамбарды қорлау, мазақ қылу жиілейді. Ол намаз оқып тұрғанда үстіне әр түрлі заттар лақтыратын. Енді бір есалаң оның қазанында қайнап жатқан тамаққа түйенің жуылмаған қарынын тастап кетті. Үйлерінен шыққан қоқыстарын соның ауласына келіп үйіп кететін. Пайғамбардың қыздары әкесінің момындығын көріп, қорланып жылаушы еді. Әкелері: «Жыламаңдар, қыздарым, Ұлық Алла маған жеңіс сыйлайды», – деп жұбататын. Оның қиналғанын көрген Әбулақап: «Исламды тәрк етсең, бәрі қалпына келеді. Мен тұрғанда саған ешкім тиіспейді», – деді. Қайсар пайғамбар иілмеді. Енді ол өзіне тірек болар тұлғаны Тайып қаласынан табуды ойлады. Бірақ Лат құдайының пұтханасы Тайыпта орналасқан. Қала жұрты Латқа тіл тигізген адамды аямайтын. Өзі Меккеден бір Алланың мейірімін насихаттағаны үшін қуылып келіп тұрса да, Тайыпта Құранның аяттарын ашып оқыды. Өзін пайғамбармын деп батыл жариялады. Қаланың надан жұрты оны мазақтап, ит қосып қуады. Пайғамбар сол жердегі жүзім егілген бауға тығылып жан сақтайды. Шаршап отырып, талықсып кетеді. Кенет көзін ашса, бір кісі дауыстап оятып жатыр. Ол пайғамбарға бір тостақ жүзім алып келіп тұр екен. Пайғамбар:
– Сен кімсің? – деп сұрады.
– Мен Аддаспын, – деді ол.
– Қай жерден боласың?
– Кенғаннанмын.
– Жүсіп пайғамбардың елінен екенсің ғой.
– Сіз Жүсіп пайғамбарды білуші ме едіңіз?
– Әлбетте, білем. Ол да – мен сияқты пайғамбар.
– Бұл Тайыпта Жүсіпті танитын адам аз. Көбі надан.
– Жүсіп – Алланың ұлық пайғамбарларының біреуі. Мен Тәңірдің адамзатқа жіберген елшілерінің ең соңғысымын. Менен соң Ұлық Алла елші жіберуді тоқтатады.
Мұхамбет пайғамбардың шын сөзі баланың жүрегін жібітті. Келген жігіт:
– Мен сізге сенем. Пайғамбарлығыңызға иман келтірдім. Мені өзіңізбен ала кетсеңіз, жақсы болушы еді. Мен де сізден даналық пен әдеп ғылымын үйренгім келеді, – деді пайғамбардың көркем мінезіне қызығып.
– Інім, әзірше осында қала тұр. Әлі ерте. Менің басыма қауіп төніп тұр. Ата-анаңа жауапты болар жайым жоқ. Көп ұзамай Алла маған жеңіс береді. Менің даңқымды барлық тараптан еститін боласың. Сол кезде маған кел. Саған көкірек көзін ашатын хикмет ілімін үйретемін, – деді. Жас жігіт:
– Онда мен сізді қауіпсіз аймаққа дейін шығарып салайын, – деп біраз жер сапарлас болды. Пайғамбар оның батылдығына риза боп қалды. Жігіттің де кеудесінде хикмет ілімін үйренсем деген құштарлық оянды.
Пайғамбар түн ортасында Әумехан есімді жақын туысының үйіне арып-ашып зорға жетті. Тайыпта көрген қорлықтың ізі мүбарактың көңілінде дық болып кетпей тұрған. Ол інісінің үйінде қамығып жатып ұйықтап кетті. Бірақ оның көзі ұйықтағанымен, көңілі ояу тұратын. Ұлық Алла сүйікті пайғамбарының қорланып қамыққанын көріп-біліп тұрды. Ұлық Алла «Менің хабибім бүгін қатты ренжулі. Көңіліне дық түсті. Мен оны мұндай халде көргім келмейді. Өзіме қонаққа шақырып, көңілін бірлейін» деді де:
– Әй, Жебірейіл, жаннатқа барып, барлық періштелерді салтанатқа әзірле! Бүгін менің пайғамбарым Мұхамбет осында келіп, мейман болады. Пайғамбардың Нұрынан жаралған Ғаршы-Күрсі, Лаухы-Қалам құрметін көрсетіп, қызмет етсін. Мұса, Ғайса, Нұх, Ыбырайым пайғамбарлардың рухтары шадыман болып, Рақымның Нұрын қарсы алсын. Көрісіп, емін-еркін сырлассын. Күллі ғалам шаттанып, пайғамбардың нұрлы келбетіне көз тойдырсын. Өзің жетпіс мың періштені ертіп, пейіштен бір пырақты асыл тастармен әбзелдеп, досыма жөнел! Хақтың елшісін пыраққа мінгізіп, жеті қат көкті, жұмақ пен тозақты аралатып көрсет! – деп әмір етті.
Жебірейіл Алланың бұйрығын орындап, сәруардың нұрынан жаралған он сегіз мың ғаламды шарлап, сүйінші сұрады. Құрметті қонақпен қауышуға дайындықты бастауды міндеттеді. Жетпіс мың періштені ертіп, Мұхамбет пайғамбармен көріспекке келді де:
– Иә, Мұхамбет! – деп оны оятты. Пайғамбар орнынан тұрып:
– Армысың, Жебірейіл досым! – деп сәлем берді.
– Уа, Алланың сүйікті досы Мұхамбет, саған Алланың игілігі мен сәлемі болсын! Үмбетіңді уайымдап, түнде ұйықтамадың. Күндіз отырмадың. Аш екенмін деп ас ішпедің, түн екен деп түс көрмедің. Шаршауды білмедің. Қайғырдың. Қам жедің. Сонда да қайратың қайтпады. Қорықпадың. Құбылмадың. Жігерің мұқалмады. Хақ дінді жаю үшін қаншама азапты бастан кештің? Бүгін сені Алла өз құзырына қонақ етуді қалады. Сенің пәк Нұрыңнан үлес алған он сегіз мың ғалам жүзіңді бір көруге ынтық боп, асыға күтіп отыр. Менімен бірге жүр, – деді. Пайғамбар Аллаға шүкіршілік айтып, жан-жүрегімен елжірей тебіренді. Жаннаттан әкелген жібек киімдерді киді. Періштелермен бірге үздіксіз кәлима айтып, Алланы пәктеп, Қағбаны тәуап қылды. Жебірейіл пайғамбардың кеудесін ауыртпай тіліп, жүрегін алды. Мәкәйіл періште оның жүрегін алтын ыдысқа салып, мағрифаттың суымен жуды. Басқалары қолдарын қусырып, тәжім етіп, Алла елшісінің құзырына құлдық ұрып тұрды. Жебірейіл мүбарактың алдына пырақты көлденең тартты. Қос періште қос қолтығынан демеп, оны алтын ерге отырғызды. Нұр пырақтың ерні қызыл гауһардан, иегі нұрдан, сүйегі сом алтыннан, тұяғы жауһардан, тізгіні зүбәржаттан, жүгені ақықтан, маңдайы ақ жақұттан екен. Жұпардай иісі, майдай жүрісі бар екен. Алланың хабибісін көргенде құйрық-жалы райханнан таралып, қызыл күрең реңі құлпыра түсті. Пырақ Мұхамбетті көзді ашып-жұмғанша көкке алып ұшты. Сапар бастала бергенде ту сыртынан беймәлім дауыс естілді.
– Ей, Мұхамбет, кейін қайт. Жолдан адастың. Онан да мында кел, атыңның басын кері бұр, – деді. Пайғамбар дауыс шыққан жаққа қарамады. Есіл-дерті Алланың дидарымен қауышу болған пайғамбар оны елемей өте шықты. Сәлден соң әлгі дауыс тағы да:
– Ей, Мұхамбет, мына жаққа үңілші, күллі әлемнің қызығы мен рақаты осында жатыр. Алып кет. Ол рақатқа сен ғана лайықсың, – деді. Пайғамбар ол сөзді құлағына да ілмеді. Бейтаныс дауыс енді оң жағынан естілді.
– Ей, Мұхамбет, патшалықты қалайсың ба? Міне, тақ, міне, бақ. Ал да, әлемді биле. Тек мына сапарды мезгілінде тоқтата сал, – деп гауһардан жасалған алып тақты алдына көлденең тосты. Пайғамбар тақты айналып өте берді. Енді дауыс үдей бастады. Ол енді:
– Мұхамбет, сені алдыңнан ажал тосып тұр. Бұл – сенің түсің ғана. Ақылға кел. Үйіңе қайт. Әйтпесе, басың бәлеге шатылады, – деп шыңғыра айғайлады. Пайғамбар міз бақпаған күйі әуелеп ұша берді. Үміті үзілген әлгі дауыс кенет бір пәсте құдіреттің күшімен жаншылып кеткендей кілт үзілді.
Жолай пырақтың алдынан неше түрлі зәулім сарай, мыңғырған мал кездесті. Астың асылы мен тонның қамқасы да, бірінен соң бірі көздің жауын ала бастады. Алуан түрлі дәмді тағамдардың иісі бұрқырап тұрды. Қарны қатты ашып тұрса да, пайғамбар оларға назар салмады. Осылайша сан алуан дүнияуи нығметтер барлық тараптан қол бұлғап, өзіне шақырумен болды. Біраздан кейін алдарынан бір сұлу әйел күлімдей жолықты. Жанарымен арбап, сиқырлы күлкісімен баурап алғысы келді. Ол пайғамбарға қол бұлғап шақырды. Бірақ пайғамбар әйелге көзінің қырын да салмай өтіп кетті. Қыз да пырақтың артында жылап қала берді. Аздан соң Жебірейіл періште пайғамбарға:
– Ей, Мұхамбет, аттың басын бұрмағаның дұрыс болды. Әлгінде арбаған Ібілістің дауысы еді. Ол сені бала-шағамен, қала берді өліммен қорқытып, сапарыңнан қалдыруды ойлады. Дүние нығметтерімен қызықтырып, Алланың дидарынан мақұрым еткісі келді. Сен оларға назар салмадың. Ең соңында әйел болып алдады. Оны елемедің. Егер осылардың біреуіне титтей де болсын көңіл бөлгеніңде, сапарың осымен тоқтар еді. Үмбетің қыз-қырқынға, байлық пен билікке көңілі ауып, Алланы ұмытар еді. Сен Алланың нағыз хабибісі екенсің. Осы ерлігіңнің шарапатынан үмбетіңнен Алланың дидарына ғашық болатын нағыз ерлер қияметке дейін шығып отырады, – деді.
Пырақ заулаған қалпы пайғамбарды Құдыс қаласындағы әл-Ақса мешітіне әкелді. Мешіт алдында қисапсыз періштелер пайғамбарды күтіп тұр екен. Оны салтанатпен қарсы алды. Пайғамбар мешіттің ішіне кірсе, іші құжынаған халық екен. Жебірейіл:
– Бұлар – сізден бұрын өмір кешкен жүз жиырма төрт мың пайғамбар. Олар Алланың қалауымен шірімеген тәндеріне қайта кірді. Олар саған сәлем беріп, құшақтасып қауышуға жиналды, – деді.
Пайғамбарымыз қолын төсіне қойып, басын иіп, олармен амандасты. Барлық пайғамбар:
– Мұхамбет, сапарың оң болсын! Миғраж құтты болсын! Бұл – саған ғана нәсіп болған нығмет. Біз саған қызығып тұрмыз, – деді.
Мұхамбет пайғамбар бәрімен құшақтасып көрісті. Бір-бірінің мейір шуағына қанған соң, екі бас намаз оқуға ыңғайланды. Жиналған жамағат:
– Иә, Алланың сүйіктісі, бізге имам болыңыз. Алға өтіңіз, – деді. Мұхамбет пайғамбар:
– «Әке тұрып, ұл сөйлегеннен без» деген. Алдымда атам тұрғанда менің сап бастағаным әдепсіз болар. Имамдыққа бәріміздің атамыз Адам Сапиолла шықсын, – деп сынықтық танытты. Адам ата:
– Мен пейіште жүргенде тыйым салынған бидайдың дәнегін жеп, Ұлық Алланың алдында ұятты болдым. Соның өкініші әліге дейін өзекті өртеп тұрады. Имамдық маған қол емес, – деп кері шегінді. Пайғамбарымыз Нұхқа бұрылып:
– Адамзаттың екінші атасы Сізсіз. Топан судан кейінгі тіршілікті сіз жалғастырдыңыз. Онда имамдыққа сіз шығыңыз! – деді. Нұх та кейін шегініп:
– Мен сабырым сарқылып, өз жұртыма қарғыс айттым. Соның кесірінен елде алапат апат болды. Сол сабырсыздығыма әлі кезге дейін ұялам. Бұл жерде имамдыққа шығуға лайықты емеспін, – деді. Пайғамбар Ыбырайымға бұрылып:
– Сіз де – Алланың сүйген құлысыз. Есіміңізді еркелетіп «Халиолла» деп атаушы едік. Онда сіз шығыңыз, – деді. Ол:
–Мен де өз заманымда Ажар әйелімді аяғы ауыр кезінде айдалаға апарып тастаған едім. Сол қаттылығым үшін осы кезге дейін қысыламын, – деп ол да михрабқа жақындамады. Кезек Жүніс пайғамбарға келді. Ол:
– Мен Мұсыл шаһарында еліме апат келгенде кемеге мініп, бас сауғалап кетіп қалдым. Сол үшін мені Ұлық Алла жазалап, балықтың қарынына тықты. Имамдыққа лайықты емеспін, – деп тартыншақтады. Пайғамбар оның қасында тұрған Жүсіпке бұрылған еді, ол:
– Мен әкеме ат үстінде сәлем беріп, әдепсіздік көрсеттім. Сол үшін Алла мені жазалады. Денем жеті күнде шіріп кетті. Бүгін бәрі қабірдегі тәндеріне қосылғанда, менің өз денем табылмады. Сіздің шарапатыңыздан ғана Ұлық Алла мейір-шапағат етіп, менің денемді жаңадан сомдады, – деп айыбын есіне алды. Пайғамбар:
– Әй, Мұса, Ұлық Алламен тікелей тілдескен өзіңсің. Сол үшін елің еркелетіп «Кәлимолла» деп атады. Намазды сен бер, – деді. Мұса:
– Мен Ұлық Алланың дидарын елге көрсетем деп оңбай қателікке ұрынғам. Сол қылығым есіме түссе, әліге дейін қызарып кетем. Әй, Мұхамбет, сенің дәрежең бәрімізден ұлық. Намазды сен бер. Біз саған ұйып, намаздың ләззатын алайық, – деді. Олардың арасында Дәуіт пайғамбар да тұрған еді. Ол жезтаңдай әнші болатын. Құйқылжытып Забур жырларын айтқанда тау-тас егіліп жылайтын. Аққан су, құтырған жел тоқтап қалатын. Ұшқан құс, жүгірген аңның бәрі елітіп тыңдап тұрушы еді. Сондықтан да Дәуіт азан шақырып, тәкбір айтты. Жүз жиырма төрт мың пайғамбар сапқа тұрып, Мұхамбет пайғамбарға ұйып намаз бастады. Бұған дейін бірде-бір пайғамбар құлшылықтан тап осылай ләззат алмаған екен. Барлығы балқып, Ұлық Алланың мейірім-шапағатына бөленді. Рақымды Құдай бұл намазды бірден қабыл етті. Мұхамбет пайғамбар намаздан соң Ұлық Алладан үмбетінің жарқын болашағын тіледі. Құлшылық біткен соң, Жебірейіл періште:
– Әй, Мұхамбет, Алла сенің сынық мінезіңе риза болды. Әлбетте, Жаббар Хақ сенің дәрежеңді бәрінен артық етті. Егер көңілің өсіп, өзгелерді елемей, имамдыққа бірден сұранып шыққаныңда, сапарың осы намазбен тамам болар еді. Өзге пайғамбарлар да сенің бағыңмен таласпады. «Ердің өзімен талассаң да, бағымен таласпа» деген. Ұлық Алла сол мінездері үшін олардың да намазын қабыл етті. Бұл – Алланың жақсы көретін қасиеттерінің бірі, – деді.
Намаздан соң жиналған жамағат та, періштелер де Мұхамбетті қимай мекендеріне тарасты. Нағыз миғраж сапары енді басталды. Жебірейіл мен пайғамбар пыраққа келді. Оның қасында қазандай қара тас жатыр екен. Пайғамбар оны басып, пыраққа мінді. Осы сәтте қара тас пайғамбардың оң табанына жабысып, бірге көтерілді. Пайғамбар түсінбей төменге қарады. Қара тас:
– Әлем жаралғалы сізге басқыш ретінде қызметке жарау үшін мыңдаған жыл бойы тапжылмай күтіп жаттым. Бұл міндетті маған Алла әуелде жүктеген еді. Міндетімді адал атқардым. Енді мен де мекеніме қайтамын, – деді. Жебірейіл періште тасқа оқты көзін қадап:
– Әй, қара тас, әдепті бол! Пайғамбардың шылауына жармаспа. Алладан саған қайтуға әлі рұқсат жоқ. Қияметке дейін осында боласың. Қал! – деп бұйырды. Құдайдың құдіретімен сол сәтте қара тас бос ауада қатып қалды. Бұл тас әлі күнге дейін әл-Ақса мешітінің жанында қалықтап тұр екен деседі.
Пырақ пайғамбарды мінгізіп алып, көкке жүйтки жөнелді. Сол мезетте жеті қат көкке қарай інжу-маржанмен безендірілген ғажайып бір жол пайда болды. Жолдың екі жағынан қойылған шам-шырақтар самаладай сәуле шашты. Жолдың оң жағында сексен мың періште, сол жағында сексен мың періште Аллаға мадақ, пайғамбарға салауат айтып ілесіп келе жатты. Бір кезде пайғамбар астындағы пырақтың мұңды кейіпте жылап келе жатқанын байқады. Ол пырақтың жалынан сипап:
– Әй, пырақ, сен неге жылап келесің? – деді. Алланың құдіретімен пыраққа тіл бітіп:
– Алланың сүйіктісі Мұхамбет, сендей асыл ерді алып ұшу бақытының маған нәсіп болғанына қуаныштан жылаймын. Бірақ бұл рақат сезім де бір сәтте өте шығар-ау деп қайғыдан жүрегім сыздап келеді. Мақшар таңында да сені үмбетіңнің алдында алып жүрсем деген арманым бар еді. Сол арманым орындалар ма екен деп уайымдап келемін, – деді. Пайғамбар:
– Алла тілегімді берсе, мақшарда сені таңдадым. Еш алаң болма, – деді. Пырақ:
– Мақшар таңында пырақ аттар өте көп болады. Барлық пайғамбарлар мен әулиелердің, салиқ, тақуа құлдардың бәріне пырақ ат беріледі. Сол кезде ең бірінші пырақ міну құрметі сізге бұйырады. Пырақ атаулының нашары жоқ. Бірінен бірі асып түсетін сұлу да сымбатты болады. Менен сұлу пырақтар болуы әбден мүмкін. Сол кезде сіздің назарыңызға ілінбей қаламын ба деп қорқамын, – деп мұңын шақты. Пайғамбар:
– Әй, пырақ, маған деген ықыласың бір сәтке де кемімесін. Мен сені ықыласыңа қарап танимын. Шарты сол болсын, – деді. Пырақ басын изеді де, көңілі мейірленіп сала берді. Ол шабысына шабыс қосып, көз ілеспес жылдамдықпен ұша жөнелді.
Олар жеті қат көк пен жеті қат жерді жалғап тұрған ғажайып сатыға келді. Сатының бір жағы алтыннан, бір жағы күмістен екен. Тіреуіш қазықтары меруерттен жасалыпты. Сатымен періштелер жерден көкке, көктен жерге тынымсыз ағылуда. Өлген адамдардың рухтарын періштелер осы жерге жетектеп әкеп жинап жатыр. Оларды осы сатымен барзақ әлеміне әкетеді екен. Оларды жердегі жай адамдар көре алмайды. Жебірейіл пайғамбарға:
– Бұл – жеті қат көкке көтерілетін есік. Жер мен көктің шекарасы – осы мекен, – деді. Пайғамбар таңғажайып сатыны, оның күміс қақпаларын тамашалап тұрды. Бір кезде бір топ періштенің белгісіз рухтарды шынжырмен байлап, қамшымен айдап көкке қарай қинап алып бара жатқанын көрді. Олардың басы салбыраңқы, жүздері солғын екен.
– Бұлар кімдер? – деп сұрады пайғамбар. Жебірейіл:
– Бұлар – әлімсақ уәдесін ұмытқан рухтар. Алланың алдында қарар беті жоқ, бастары салбырап бара жатыр. Іштерін өкініш пен ұяттың оты өртейді. Жерде істеген күнәсіне көкте жауап береді. Періштелер оны таразы-мизамға тартуға алып бара жатыр. Олар: «Тағы да қайта туылсақ бола ма? Біз енді туылсақ, өмірде момын болар едік», – деп жалынып жатыр, – деді. Пайғамбар осы сәтте:
– Иә, Алла, менің үмбетімді де осындай ғапыл, күнәкар құлдардың қатарынан қылма, – деп жалбарынды. Жебірейіл бірінші боп аспан әлемінің қақпасын ашты. Пайғамбар «біссімілда» деп бірінші қат көктің босағасын аттады.
МҰХАМБЕТ ПАЙҒАМБАРДЫҢ БІРІНШІ ҚАТҚА КӨТЕРІЛУІ
Мұхамбет пайғамбар бұл көкке көтерілгені сол еді, жанынан бірнеше пырақ аттарды жетектеп, қолдарына тон-жамылғы алып, кетіп бара жатқан періштелерді көрді. Бұл пайғамбардың жанарын еріксіз бұрды. Ол:
– Әй, Жебірейіл, бұлар қайда бара жатыр? – деп сұрады. Жебірейіл:
– Алланың сүйікті достары келеді. Соларды қарсы алуға бара жатыр, – деді. Пайғамбар қақпа жанында қызығып қарап тұрды. Періштелер бір топ адамды күтіп алып, оларға жібектен тон кигізді. Пырақ ат мінгізді. Барынша құрмет көрсетіп жатты. Пайғамбар Жебірейілге:
– Бұл сыйлы адамдар кімдер? – деді.
– Дүниеде ата-анасын сыйлаған, солардың батасын алғандар. Кім ата-анасын құрметтесе, Алла оларға да осылай сый көрсетеді, – деді ол. Пайғамбар олар үшін қатты қуанды.
– Ата-анасын сыйлағанға мен де ізет көрсетемін, – деп, олармен сәлемдесті. Олар да пайғамбармен мейірлене көрісті.
Бірінші қат көктің өне бойы қызыл жақұтпен безендірілген, етегі қызыл алтынмен әшекейленіпті. Оның бір ұшы көк тіресе, екінші ұшы жердің шыңырау түбіне жетеді. Мүбарак оның ортасынан бір дарияны көрді. Дарияның тереңдігінің өзі екі жүз жылдық жол екен. Суы көгілдір реңге боялып, көркімен көз тартады. Жердегі аспанның түсі осы дарияның әсерінен көк түске боялып тұр екен. Жер жүзіндегі барлық асыл нұр осы дарияға жиналыпты. Пайғамбар дарияның жағасына келіп, оның сұлулығына тамсанып қарап қалды. Жебірейіл:
– Бұл – рақым дариясы. Кім дарияға шомылса, оған сегіз жаннаттың есігі түгел ашылады, – деді. Мұхамбет пайғамбар дарияға қолын малып жуды да, алақанын жайып:
– Иә, Алла, үмбетім рақым дариясына шомылсын, – деп дұға жасады. Жебірейіл:
– Үмбетің ғұсылсыз жер баспаса, міндетті түрде рақым дариясына шомылады, – деді. Осыдан бастап үмбетіне ғұсылмен жүруді міндеттеген екен.
Пайғамбар дариядан өткен соң, үлкен бір қазынаны көрді. Ол алыстан жарқырап, айналасына шұғыла шашып тұрды.
– Бұл не? – деді пайғамбар. Жебірейіл:
– Бұл – су иесі Сүлеймен патшаның қазынасы, – деді.
Қазынаға қараса, оның әр сарайына жетпіс мың құлып салыныпты. Әр құлыпты жетпіс мың періште күзетіп тұр. Қазынаның ұшы-қиыры жоқ. Жебірейіл:
– Ей, Алланың досы, сенің құрметіңе қазынаның барлық есігі ашылады, қарап көр, – деді. Сарайдың ішіне үңіліп еді, онда ақыл-парасат, әдеп, көркем мінез-құлық, кешірім, мейірім-шапағат бар екен. Пайғамбар:
– Сүлейменнің қазынасы деген алтын-күміс деп ойлаушы едім. Бұл қалай болғаны? – деді. Жебірейіл:
– Рас айтасың. Оның қазынасы қисапсыз алтын, күміс, дүр-гауһарға толы болды. Сүлеймен дүниеден өткен соң, оның қазынасын Ұлық Алла бергі дүниеге алдырды. Бірақ алтын-күміс бұл жақта бағалы зат емес. Хақ тағала барлық асыл тасты құдіретімен даналық пен хикметке айналдырды. Егер Сүлейменнің қазынасы тас күйінде қалғанда, жердегі адамзат пен жын-пері оларға таласып, соңы жоқ соғыстан көз ашпас еді. Сүлейменнің қазынасынан түсіп қалған азын-аулақ алтын-күмістің өзі талай соғысқа себепші болады. Жалғанда дүниеде даналыққа көп адам құштар болмайды. Сондықтан олар осында сақтаулы, – деді.
– Сонда қалай, даналық хикметі ешкімге бұйырмай, осында жата бере ме? – деді пайғамбар.
– Жоқ. Жер бетінде даналық іздеген адамның ақысы желінбейді. Оған жауапты періштелер жердегі пенденің жүрегін бақылап отырады. Егер бір пенденің жүрегі дүниеге құштарлықтан ада болса, соның кеудесіне даналықтың дәнін егеді. Оның хикмет кеудесі рухани қазынамен байыған үстіне байып отырады, – деді. Пайғамбар:
– Иә, Тәңірім, үмбетім даналықты қаласа, кеудесін Сүлейменнің қазынасымен толтырғайсың, – деп дұға тіледі. Ел аузында кеудесі ақыл-парасатқа толы адамды «Сүлейменнің қазынасына жолыққан екен» деп айтып жататыны осыдан екен деседі.
Пайғамбар одан өтіп, аспандай берді. Орта жолда бір қара тасты көрді. Тастан бір көк өгіз атып шықты. Ол шыққан бойда кері айналып, қара тасқа қайта кірмекші болды. Бірақ кіре алмады. Мүйізі тасқа соғылғанда одан шарт етіп алапат от шықты. Өгіз одан сайын өршеленіп, тасты сүзгілей берді. Болмаған соң, өгіз өкіре түсті. Оның дауысынан күн күркіреп, зілзала басталды. Аспан асты мұң-шер, қайғы басқандай қорқынышты күйге енді. Пайғамбар шошып кетіп:
– Бұл не өгіз? – деп сұрады. Жебірейіл:
– Қара тас – адамның мысалы. Көк өгіз – олардың сөйлеген сөзі. Пенде өтірік айтып, өсек таратса, жүйесіз сөз осы көк өгіз сияқты иесін қайта айналып сүзеді. Керек десең, бір сөздің кесірінен соғыс оты тұтанады. Зілзала соны меңзеді. Қандай сөз сөйлесең де, бәрінің есебі бар. Дүниеде, ақиретте шерменде қылады, – деді. Пайғамбар:
– Менің үмбетім ғайбат айтып, ақиретте өкірген өгіздің кейпін кимесін, – деп күбірлеп бетін сипады. Әрі қарай жүріп еді, алдынан бір кісі жолықты. Оның қолында екі кесе бар екен. Бір кеседе сүт, екіншіге шарап құйылыпты. Пайғамбар сүтті алып ішті. Шарапқа назар да салмады. Мүбарактың әрбір іс-қимылын бақылап келе жатқан Жебірейіл:
– Дұрыс таңдау жасадың, Мұхамбет. Сүт – жаннаттың шәрбаты. Сүт ішіп, оны қастерлеу бұдан былай үмбетіңе сүндет болсын. Сүттің дәмі жұмақтың кәусарымен тең болады, – деді.
Бір кезде пайғамбар отын жинап жүрген қарт адамды кездестірді. Ол зор мехнат тартып, арқасына отын артады. Жиған шөпшегін көтере алмай зорығады. Сонда да «бұл жиғаным әлі аз» деп, отынға көзі тоймай, қу бұтақты тере береді. Жаңа бұтақты көрген сайын арқасындағы отынын ұмытады. Соның кесірінен жүгі ауырлап, жалп етіп құлайды. Пайғамбардың оған жаны ашып, жүгіріп барып көмектесті. Мүбарактың жанашырлығына риза кейіппен қарап тұрған Жебірейіл:
– Ех, Мұхамбет, бұл сенің дүниеқоңыз үмбетің ғой. Ол бейшара тірісінде дүние-мүлікке тоймаған. Қала берді, жиған дүниесінің ішінде ғаріп-міскіннің көз жасы бар. Жүгін ауырлатып тұрған нақақ көздің жасы. Жиғандарын бауырларымен бөліспеді. Өз рақатына да қимады. Өлгенше мал көбейтіп, ешкімге зекет бермеді. Енді мәңгі бақи осылай отын жинап, қор болады. Онысы өзіне опа бермейді. Отыншы – соның мысалы, – деді өкінішпен. Пайғамбар сонда да жаны ашып, оған мейлінше болысты. Бірақ отыншы сонда да тойымсыздығын тыя алмады. Отын жинап, тәлтіректеп кете берді. Тіпті пайғамбармен ісі де болмады.
Расул мен періште әрі қарай жүргенде құдық қазып жатқан адамды көрді. Ол құдығын машақатпен қазып болғаннан кейін маңдай терін сүртіп, оған қауға тастады. Бірақ құдықтан бір тамшы да су шықпады. Әлгі пенде қайта-қайта тастады. Ақыры болмағасын, шөлдегеннен ерні кезеріп, қайтадан құдық қаза бастады. Пайғамбар оны аяп кетіп, жанына барды. Қолындағы қауғасын алып құдыққа тастайын деп оқталды да, кенет тоқтай қалды. Құдықтың іші тола су екен. Пайғамбар таңғалып:
– Ей, Жебірейіл, бұл не хикмет? Құдық суға толы, ал мына бейшара шөлден қаталап, бір тамшы су ала алмай зорығып тұр, – деді. Жебірейіл басын шайқап:
– Бұл құдықшы – бақытсыз жан. Қауғасын қанша салса да, өзі қазған құдықтан бір тамшы су іше алмай, мәңгі бақи қор болады. Ол адам дүниеде талай жанға жақсылық жасаған бай болған. Бірақ жақсылығын міндет етіп, елден мақтау тілеп, өзгеден сый-құрмет дәметіп жүретін. Соның кесірінен игілігінің қайырын мәңгі дүниеде көре алмай сорлап отыр, – деді. Пайғамбар оған жаны ашыған күйі қасынан өте берді.
Бір уақытта пайғамбар бір бейбақтың екінші бір кісіге жабысып, соңынан қалмай жүргенін көрді. Ол қайда барса да: «Ақымды бер», – деп, қасынан бір елі ажырамайды.
– Ей, бұл адам саған не істеді? – деп сұрады.
– Бұл кісіде менің алынбаған ақым бар, – деді.
– Қандай ақы?
– Бұл менің көршім еді. Алла оған байлық берді. Ауласынан үнемі ауқатты адамдар арылмайтын. Ал мен өте кедей, пақыр болдым. Күнде оның есігінен сығалап телміріп тұратынмын. Ол маған көзінің қиығын да салмайтын. Бала-шағам аш жатты. Бір татым нанға зар болдым. Алла дәулетті бір басына үйіп-төгіп бергенде ішіне кедей-кепшіктің де несібесін берген еді. Бұл байлығын қажетсіз жерге шашты. Қияметте екеуміз қатар келіп, Алла берген сол көршілік ақымды сұрап жүрмін, – деді.
Пайғамбар бұрынғы байға қараса, мүсәпір күйге түсіпті. Көршісіне қарауға беті шыдамай, жүзі қарайып кетіпті. Пайғамбардың алдында жер шұқыды.
Алла елшісі:
– «Көрші ақысы – Тәңір ақысы». Көршісіне қарайласпаған, халін сұрамаған адам менің үмбетімнен емес, – деді де, жүре берді.
Бір кезде қайнап жатқан екі қазанды көрді. Оның бірінде адал ет, екіншісінде ірің сасыған арам ет балбырап пісіп тұрды. Қазанды қалқалаған аш жұрт сасыған етке ұмтылып, таласып-тармасумен болды. Пайғамбар бұған таңғалып:
– Адал ас тұрғанда, мыналар неге арамға ауыз салды? – деп сұрады. Жебірейіл:
– Олар тірісінде өздерін арамнан тыймаған нас кісілер еді. Бұл дүниеде арам ас жесе, о дүниеде де лас ауқатты қорек қылады. Жеп отырғаны ет емес. Көздеріне солай елестейді. Әсілінде, бұлар тозақтың тағамдары: құсық, сасық және ірің. Осыны ішкеннен кейін мың өліп, мың тіріледі. Бұ дүниеде адалдан басқаны татып алмағандар жаннаттың ауқатын жейді, – деді. Пайғамбар:
– Менің үмбетім астың адалын жейді. «Біссімілдасыз» аузына дәм алмайды, – деді де, сапарын жалғастыра берді.
Бір уақытта жібек қаптар арқалаған бір топ періштені көрді. Олар Мұхамбет пайғамбарға келіп, сәлем берді. Жебірейіл:
– Бұл періштелер – жердегі адамның тілегін Аллаға жеткізуші. Адамның тілек-талаптарын қаптарына толтырып, Алланың дәргейіне жеткізеді, – деді. Пайғамбар:
– Қандай тілекті жеткізеді?– деп сұрады.
– Ақ дастарқан басында айтылған тілекті, мазардың қасындағы айтылған ниетті, ауыр сапар мен сахардағы намаздың дұғаларын дорбаға салады. Алланың алдына барғанда осы дорбалар ашылады. Ұлық Алла оларды жауапсыз қалдырмайды, – деді.
– Кімнің тілегі Алланың алдында мүлтіксіз қабыл?
– Адал ас жеген ақсақалдың, көп бала тапқан кейуананың, ниеті түзу жігіттің, ерін күткен адал жардың тілегі лезде қабыл болады, – деді де, – Иә, Алланың сүйікті досы, Тәңірден уахи келді. Миғраж түні үмбетің үшін ерекше түн болсын. Бұл күні үмбетің қандай тілек тілейді, соны Құдай кері қайтармайды. Мына періштенің бәрі жерге түсіп, дорбаларын тілекке толтырады, – деді. Осыдан бастап мұсылман үмбетінде миғраж түні ерекше мәнге ие болыпты. Бұл хабарды естігенде пайғамбардың жүрегін қуаныш кернеп, екінші қат көктің босағасын аттады.
МҰХАМБЕТ ПАЙҒАМБАРДЫҢ ЕКІНШІ ҚАТҚА КӨТЕРІЛУІ
Пайғамбар «біссімілда» деп екінші қатқа шыққанда Аллаға мақтау айтып отырған қисапсыз періштені көрді. Олардың ұзын сонар қарасына көз жеткізе алмай таңғалып тұрды. Жебірейіл:
– Бұлар – әуелден қияметке дейін Алланы отырған күйі тапжылмай мадақтайтын періштелер. Бұлардың саны бір Құдайға ғана мәлім, – деді. Пайғамбар:
– Еее, бұлардың санына көз жетпесе, сырына сөз жетпесе, сауаптары мен дәрежесі ұлық шығар, – деп қызықты.
– Қателесесің, Мұхамбет, – деді Жебірейіл, – бұлардың дәрежесі жер бетінде Алланы ықыласпен еске алған бір пенденің бәсінен төмен болады. Бұлардың арманы – Құдайдың сүйген құлдарымен бірге отырып зікір айту. Соны Құдайдан тілеп күтіп отыр, – деді.
Бір кезде тікесінен тұрып, Алланы еске алып, шуылдасып ұйысып тұрған періштелерді көрді. Жебірейіл:
– Бұлар – әуелден ақырға дейін тізе бүкпей зікір айтатын періштелер, – деді. Пайғамбар «Тізе бүкпесе, бұлардың дәрежесі ұлық болды ғой» деп ойлады. Жебірейіл:
– Олардың дәрежесі сапарда жүрсе де, Алланы тілінен тастамаған үмбетіңнің беделінен кем болады, – деді.
Пайғамбар одан өтіп, әрі жүріп еді, самғап жүріп Алланы мадақтайтын періштелер легін көрді. Жебірейіл:
– Бұлар – әуелден ақырға дейін қалқып жүріп Құдайды еске алатын періштелер, – деді. Пайғамбар:
– Қияметке дейін еш жерге қонбастан Алланы пәктейтін болса, дәрежесі бәрінен ұлық шығар? – деді. Жебірейіл:
– Бұлардың дәрежесі төсек тартып жатса да, бір Құдайды жад етуден танбайтын табанды пенденің бәсінен төмен болады, – деді. Пайғамбар қолын жайып дұға етті де:
– Иә, Алла, менің үмбетімнің тілі Алланы еске алудан босамасын, – деп бетін сипады. Сапар жалғаса берді. Бұлар келе жатып бір ер адам мен хас сұлу әйелді көрді. Жебірейіл:
– Бұл – Адам ата мен Хауа ана, – деп сыбырлады. Адам ата тақтың үстінде отыр екен. Алдында нөпір адам. Оның оң жағында бір есік, сол жағында бір есік тұрды. Адам атаның оң қолын алғандар оң есікке, сол қолын қысқандар сол жақтағы есікке кіріп жатты. Адам оң қолын ұсынғанда қуанып, сол қолын қысқандарға налып отыр екен. Жебірейіл:
– Әзірейіл пенденің жанын алса, Адам атаның алдынан өткізеді. Оң жақта тұрған есікке момындар, сол жақтағы есікке залымдар кіреді. Оң есіктен момындардың жаннаттағы жайы көрінеді. Адам ата жаннатқа барғанға шаттанып, қуанады. Ал сол жақтағы – тамұқтың есігі. Безбүйрек перзентінің тамұққа түскенін көріп, қайғырып, налиды, – деді. Пайғамбар Хауа анаға қарады. Ол ерінің сол жағында тұр екен. Басына ақ жаулық тартыпты. Өте келбетті һәм көрікті, инабатты келіншек екен. Хауа ана оң аяғының табанын болмашы ғана көтеріп еді, жарық нұрдың шұғыласы он сегіз мың ғаламды нұрға көміп жіберді. Бұлбұлдар тамылжыта ән салып, мейірім-шуақ әлемді құшағына орап алды. Бір кезде сол табанын сәл ғана жылжытып еді, астынан ыстық жалын ұрды. Әлгінде ғана орнаған жайма шуақ бақытты әлем көз алдында балқып жанып кетті. Мұхамбет пайғамбар мұның мәнісін біле алмай тұрып қалды. Жебірейіл:
– Хауа ананың оң жақ табанынан шыққан нұр – жаннаттың мейір шуағы, сол жақ табанынан атқылаған жалын – тозақтың оты. «Тозақ та, жұмақ та ананың аяғының астында» деген – осы. Егер әйел баласы иба-әдепке берік болып, арын таза сақтаса, айналасын пейішке айналдырады. Ал егер бұзылып, ар мен намыстан жұрдай болса, үрім-бұтағын тозаққа отын қылады, – деді. Пайғамбар пырақтан түсіп, алдымен Хауа анаға, артынан барып Адам атаға сәлем берді. Хауа ана Мұхамбеттің маңдайынан сүйді. Адам ата маңдайынан иіскеді. Пайғамбар олардың жанында отырып армансыз сұхбаттасты. Хауа ана пайғамбарға жұмақтың кәусарын берді. Барша адамзат баласы үшін дұға тілеп, Алладан шапағат сұрады.
Пайғамбар Адам атаның батасын алып, рұқсат сұрап, жолға шықты. Олардан ұзаған соң, Жебірейіл періште:
– Әй, Мұхамбет, сен нағыз Алланың хабибісі екенсің. Үлгілі іс қылдың. Алла сенің екі қылығыңа дән риза. Біріншісі, аттан түсіп сәлем бердің. Жүсіп пайғамбар әкесіне ат үстінде сәлем беріп, денесі жеті күнде шіріп кетті. Артында тұяқ қалмады. Сен кішіпейілдік танытқандықтан, денеңді қабірде нұрға бөлейді. Тәкаппарлық – Алланың ең жек көретін дерті. Бұдан кейін үмбетіңе сәлем беру – парыз, сәлем алу қарыз болсын! Сәлем – жүректің есігі, жақсылықтың бесігі. Құдайға жаққан екінші қылығың: алдымен анаңа сәлем бердің. Хауа анаға екінші боп сәлем бергеніңде миғраж осы жерден тоқтайтын еді. Әкеңе бір рет сәлем берсең, анаңа екі рет сәлем бер. Әкеңе бір мәрте жақсылық етсең, анаңа екі қайтара жақсылық жаса. Жұмақ та, тозақ та анаңның аяғының астында. Үмбетіңе айт. Жұмақты іздесе, үш қыз тапқан ананы қадірлесін, – деді. Пайғамбар:
– Үш қыз таппаса ше? – деп сұрады.
– Екі қыз тапқан ананы қадірлесін.
– Сонан кейін?
– Бір қыз тапқан ананы әлпештесін.
– Қыз тумаған ана болса ше?
– Онда ұл тапқан ананы сыйласын.
– Баласы жоқ әйелдердің жайы не болады?
– Алла пейіштің шарапатын ерін сыйлаған әйелдің табанының астына жасырады.
– Ерге тимеген қыздардың қадірі қаншалықты қымбат?
– Олардың иманы мен әдебі таразыға түседі. Көркем мінезі мен әдемі иба қылығы оларды басқалармен теңестіреді.
– Үмбетіме «анаңды, әйеліңді, қызыңды құрметте, сыйла» деп айтайын. Ал ер-азаматтың құрметі қаншалықты болмақ? – деп сұрады.
– Ер-азаматты сыйламаған Құдайға қарсы келгенмен бірдей. Ұлық Құдай Адам атаны жер бетіне орынбасар етіп жаратқан. Ол – отбасының иесі. Таразы-мизамда да сұрақ алдымен ерден басталады, – деді періште.
Пайғамбар қолын жайып:
– Иә, Жасаған ием! Менің еркек кіндік үмбетімді пасық, жасық, намыссыз, қайратсыз, жігерсіз, жеңілтек, қорқақ болудан сақта! Олар ер-азамат атануға лайық болсын, – деп дұға жасады.
Пайғамбар пыраққа мініп ілгері жүрді. Жолда бір топ қауымды көрді. Олар егін салып жүр екен. Егін салса, дақылдары демде көктеп көгереді, артынша сарғайып піседі. Оны орып алады. Тағы егін салады. Ол да тез пісіп, жайқалады. Бірақ әр егіні піскен кезде қайғырып, мұңаяды. Пайғамбар мұны көріп, аңтарылып тұрып қалды. Жебірейіл:
– Бұлар – Тәңірге қылығы жаққан құлдар. Олардың егіні қай кезде де бітік шығады. Жұмаққа кіремін десе де, есік ашық. Бірақ бұлар артында қалған ұрпағы үшін егін егіп, соны орып жатыр. Бұлардың егіні – ұрпағының несібесі. Құдайдың қалауымен ұрпағының ризығына айналады. Соның шарапатынан артында қалған ұрпағының бірі бай, бірі бағлан болып өмір сүреді. Бірақ кейбір көңілі соқыр ұрпағы келген дәулетті «өзім таптым, өзім жидым» деп ойлайды. Соны көргенде ата-бабасы қатты қынжылып, қайғырады, – деді. Пайғамбар пырақтан түсіп, диқаншы қауыммен амандасты. Олар да пайғамбарды құрметтеп, қарсы алды.
Диқаншылардан соң, пайғамбарға бір топ адам кезікті. Олар мүбаракты көріп, алдынан жүгіріп шықты. Пайғамбар сәлем беріп еді, олар қолдарын ербеңдетіп ымдады. Бәрі қаумалай келіп, мұң-мұқтажын жеткізбек болды. Бірақ қанша сөйлейін десе де, дыбыстары шықпады. Тілдері икемге келмеді. Жақтары қарысып, қатып қапты. Пайғамбар не істерін білмей әлек болды. Жебірейіл:
– Бұлар – мылқаулар қауымы. Пәниде аузы өсек, ғайбаттан босамаған бақытсыз жандар. Ерлі-зайыптының ортасына түсіп, өсекпен біреудің шаңырағын шайқалтқан, екі достың ортасына от салып, жақсыларды бір-біріне дұшпан қылған залымдар. Олар ақиретте осылай мылқау боп тіріледі. Аллаға, пайғамбарға мұң-мұқтажын жеткізе алмай қиналады. Жапа шегеді. О дүниеде ешкім олардың дауысын естімейді, – деді. Пайғамбар ол қауымнан теріс бұрылып кетіп қалды.
Одан әрі өткенде тағы бір топ адамды көрді. Пайғамбар сәлем беріп еді, олар жауап қатпады. «Естімей қалған шығар» деп, Расул екінші мәрте сәлем берді. Олар үндемеді. Пайғамбар қасына барып еді, құлақтары шеміршектеніп бітеліп қалыпты. Еш нәрсені естімейді. Жебірейіл:
– Бұлар – саңыраулар. Пәниде өсек-аяңға құмар болған. Құлағымен зікір, азан, кәлима сияқты хикметті сөздерді сіңірмеді. Өсек аңдып, соны жинап-терумен әуре болды. Өлген соң, құлақпен жиған барлық өсек пен ғайбат шеміршекке айналып, санасының саңылауын бітеп тастады. Бұлардың ауыр жазасы шапағаттың дауысын естімейді, – деді. Пайғамбар олардан да теріс айналды.
Бір кезде соқырларды көрді. Қолдарымен қармалап, теңселіп, тентіреп жүр екен. Сүрініп, қабынып, әбден қор болыпты. Пайғамбар жаны ашып, оларға жақын барып, сәлемдесіп қолын созып еді, соқырлар оны көрмеді. Кім келгенін білмеді. Мүбарак бір соқырға жақындап, қолына жеміс ұстатып, көмектесті. Жебірейіл:
– Бұлар – Алланың берген көз айнасын қор қылғандар. Көбі – сұлу көрсе, ашкөздікпен сұқтанған арсыз еркектер. Құдай оларға қаһарланып, көздерін соқыр қылды. Бұ дүниеде құмарлана қараған арсыз суреттері шелге айналып, көздерін көр қылды. Енді олар қияметте соқыр болып тіріледі. Мақшарда періште мен шайтанды айыра алмай қор болады, – деді. Пайғамбар олардан да теріс айналып кетіп қалды.
Пырақпен жүйткіп отырып, енді бір жерге келгенде қолдары жоқ, иығынан шолақ бір топ мүгедекті көрді. Олар шөп арасында жатқан жемістерді аяқтарымен теріп, жегісі келеді. Тапқандарын ауыздарына сала алмай қиналып жүр. Пайғамбарды көргенде де жете алмай, теңселіп құлап, жатқан орнында тырбаңдап, аунай берді. Пайғамбар пырақтан қарғып түсіп, олардың тұруына көмектесіп жатты. Жебірейіл:
– Олар – пәниде ұрлықты кәсіп кеткен қарақшылар. Қолдары сұғанақ болды. Елді тонап қан қақсатқан қарабеттер. Халықтың несібесін жеке құлқындарына жұмсаған жексұрындар. Құдіретті Құдай олардың екі қолын кесіп тастап, шолақ етті. Енді бұлар мәңгі бақи тамақтарын аяқтарымен теріп жеп, осылай азап шегеді, – деді. Пайғамбар олардан да теріс айналып кетіп қалды.
Пайғамбар әрі жүргеннен кейін тағы бір топты көрді. Олардың қол-аяқтары шидей, мойындары қылдай жіңішке. Бастары асқабақтай үлкен. Құлақтары қалқандай болса, башпайлары талқандай. Қарындары қабақтай, бұлғақтары табақтай, бұттары жарғақтай, бөкселері сырғақтай екен. Пайғамбар мұндай адамды өмірінде көрмеген еді. Есеңгіреп тұрып қалды. Сол кезде Жебірейіл періште:
– Бұлар – пәниде біреудің наным-сенімін мазақ қылған адамдар. Біреудің діни сеніміне тиісіп, кекетіп, мұқатқанды Ұлық Алла жек көреді. Тәңір оларды о дүниеде осы қалыпқа енгізіп, өздерін көпшілік алдында мазақ етеді, – деді. Пайғамбар олардан да теріс айналды.
Мүбарак әрі өткен соң лаулаған үлкен отты көрді. Оған бір-бір қашырды жетектеген адамдар отын тасып жүр екен. Әр отын әкеліп салған сайын зар қақсап жылайды. Пайғамбар:
– Бұлар неге от жағып жатыр? – деп сұрады. Жебірейіл:
– Бұл – Намұрттың Ыбырайымды өртеу үшін жаққан оты. Ұлық Алла ол отты көкке көтеріп, осы жерге жағып қойды. Анау жүрген топ – Намұрт патша мен әскері. Олар қияметке дейін отын тасып, алауды өшірмей жандырып тұрады. Қияметте өздері сонымен азапталады. Сол есіне түскенде зар илейді, – деді. Пайғамбар:
– Құдай сақтасын! – деп теріс айнала беріп еді, періште:
– Әй, Мұхамбет, үмбетіңе айта бар. Дүниеде жазықсыз жанға жапа көрсеткендер қияметте Намұрттың тобырына қосылады, – деді. Пайғамбар шошып кетіп:
– Иә, Жаратқан! Бұл оттан менің үмбетімді сақта, – деп дұға етті.
Жебірейіл екеуі оттан алыстап жоғары көтеріле берді. Үшінші қаттың қақпасына жетті.
МҰХАМБЕТ ПАЙҒАМБАРДЫҢ ҮШІНШІ ҚАТҚА КӨТЕРІЛУІ
Пайғамбар «біссімілда» деп қақпадан кірді. Ол жерде пайғамбарды Ысмайыл есімді алып періште күтіп алды. Ол періште қораз бейнесінде жаралыпты. Ұлық Алланы мақтап-мадақтап, зікір айтып тұр. Жебірейіл періште:
– Бұл періштенің есімі – Ысмайыл. Ол сахар мезгілі жақындағанда жерге түсіп:
– Ей, момындар, тұрыңдар,
Зікір айтқын сахарда.
Хаққа құлдық қылыңдар,
Нұр таратып жаһанға, – деп шақырады. Оның дауысын естіп, жер бетіндегі барлық қораздар қосыла шақырып, жұртты оята бастайды. Түн тарап, күн шығады. Періштелер жерге түсіп, ризық шашады. Тіршілік ұйқыдан оянады. Әуелден ақырға дейін осылай шақырып, мезгілді реттеп тұрады, – деді. Пайғамбар:
– Бұл періштенің беймезгіл уақытта шақыратын кезі бола ма? – деп сұрады. Жебірейіл:
– Әлбетте. Бұл тек қиямет-қайымда ғана беймезгіл шақырады. Ол – жамандықтың бастауы. Сол кезде күн мен түн соғысып, қиямет басталады, – деді. Пайғамбар:
– Иә, Алла! Қияметті алыс ет. Үмбетімнің болашағын жарқын ет, – деп дұға тіледі.
Үшінші қатта пайғамбар жеміс терген бір адамдарға жолықты. Олардың кейбірі ағаштың жерге түскен жемістерін теріп, ал енді бірі бұтақтарын сілкіп жатыр екен. Пайғамбар:
– Бұлар кімдер? – деп сұрады. Жебірейіл:
– Бұлар – құлшылығы жоқ, бірақ Хақтың жолына садақа берген жомарт жандар. Садақасының шарапатынан Алла оларға жемістен жеуге рұқсат берді. Егер құлшылық қылғанда, ағашты сілкімей-ақ, өзі түскенді теріп жер еді, – деді. Пайғамбар одан өте беріп еді, түйе үстіне мінген бір адамды көрді. Қолында ұзын, инедей жұқа таяғы бар екен. Сонымен тау-тасты шұқып, бір нәрсе іздеп жүреді. Әлсін-әлсін бір құс келіп, оның басынан шұқып өтеді екен. Пайғамбар Жебірейілден:
– Бұл кім? Не қылған пенде? – деп сұрайды. Жебірейіл періште:
– Бұл адам пәни дүниеде нанның қиқымын бейберекет шашып жеген. Ысырап, обал дегенді білмеген. Ысырапшылығы үшін Алла тағала ол адамға мақшар алаңында жер бетінде өзі түсірген нанның қиқымын түйенің үстінде тұрып тергізеді, – деді.
– Ал құс не үшін оның басын қайта-қайта шұқып кетеді?
– Ол нанның қиқымын таптап жүре беретін надан болды. Нанның обалы қара құсқа айналып, төбесінен осылай шұқып кетеді, – деді. Пайғамбар осыдан соң үмбетіне нан қиқымын шашпау туралы өсиет айтыпты.
Бір кезде мүбарактың алдынан екі адам шықты. Біреуі бағалы киім киген, кеудесін керіп, аяғын талтитып, екі қолын артына ұстап, мұрнымен аспанды сүзіп келе жатты. Екіншісі жұпыны киім киген, тізесін бүгіп, оң қолын кеудесіне қойып, тағзым етіп тұрды. Пайғамбар екінші адаммен сәлемдесті. Ол да иіліп, екі қолын ұсынды. Мұхамбет пайғамбар біріншісіне назар да салмады. Жебірейіл:
– Ей, Алланың сүйіктісі Мұхамбет, бірінші адамға неге зер салмадың? – деді.
– Мен кішіпейіл адамды жақсы көремін. Кім кішіпейіл болса, ол – менің туысқаным. Ал өркөкірек, тәкаппар адам менің үмбетімнен емес, – деді. Жебірейіл:
– Иә, Расулалла, расымен біріншісі адам бейнесіндегі Ібіліс болатын. Екіншісі періште еді, – деді.
Олардан өткен соң, пайғамбар қатар өскен екі ағашты көрді. Бірінің жапырағы жайқалып тұр. Саясында бір топ адам ағаштың жемісін жеп, рақаттанып сұхбат құрып отыр екен. Екінші ағаш қурап кетіпті. Жеміс те, жапырақ та жоқ екен. Оның да айналасында жүздерін мұң басқан бір топ адам отыр. Олар жемісті ағаштың саясында отырған кісілерге қызығып та, қызғанып та қарап отыр. Пайғамбар:
– Бұлар кімдер? – деді. Жебірейіл:
– Жеміс ағашының саясында отырғандар – өнегелі ұрпақ өсіргендер. Тәрбиелі ұрпағының игі істері бәйтерек болып жайқалып, ата-бабаларына сая болып тұр. Қураған ағаштың түбінде ұрпағын бетімен жіберген тоңмойындар отыр. Ұрпағы қиянатқа үйір болған. Соның кесірінен ата-бабасы сая таппай, қиналып тұр. Ұрпағының жемісін жей алмай, өзгелерге қызығып қарауда. Кез келген адам өнегелі өмір сүрсе, ана дүниеде ата-анасы осылайша рақат табады, – деді. Пайғамбар:
– Ұрпағына жақсы тәрбие беру менің үмбетіме сүндет болсын! – деп тілек тіледі де, жүріп кетті. Жолда бір топ періште кездесті. Олардың саны қырық екен. Олар әсем дауысымен Алланы мақтап-пәктеп, ұлықтап тұрды. Пайғамбар періштелердің әсем үнмен құйқылжыта салған зікірін ұзақ тыңдап, бақылады. Олардың үні адамның денесін еріксіз балқытып, алпыс екі тамырыңды иіп жіберердей әсерлі екен. Пайғамбардың ет жүрегі елжіреп сала берді. Бір кезде кейбір періштенің зікірін тоқтатып, қынжылып тұрғанын көзі шалды. Мәнісін түсінбей, абдырып қалды. Пайғамбардың мұңды жүзін аңғарған Жебірейіл:
– Жердегі бейбіт тіршілік қырық періштенің зікірінің шарапатынан тұр. Бір адам өтірік айтып, алдап, арам әрекетке барса, бір періште қынжылып зікірін тоқтатып тұрады. Сол кезде алаяқтың үйінде тыныштық бұзылып, берекесі кетеді. Егер он періште Алланың мадақтауын доғаратын болса, сол елде соғыс өрті тұтанады. Барлық періште бір мезетте кілт тоқтаса, он сегіз мың ғалам бір сәтте шаң-тозаңға айналады, – деді. Мұны естігенде пайғамбардың ұнжырғасы түсіп кетті. Ол:
– Адамнан көңілі қалған періште не істейді сосын? – деді. Жебірейіл:
– Бір адам жақсылық жасаса, періште сол сәтте жадырап сала береді. Зікірін сол заматта қайта жалғап, Алланы пәктей жөнеледі. Үмбетің өзгеге қуаныш сыйлаған сайын қиямет алыстай түседі, – деді. Пайғамбар жадырап сала берді. Ол:
– Құдай қаласа, үмбетім қияметті болдырмауға жанын салар, – деді. Жебірейіл оны қостап:
– Нағыз үмбетің – тыныштықтың кепілі, – деді.
Пайғамбар мен Жебірейіл аспанның терең қойнауына сүңгіп, жоғары өрлей берді. Бір кезде оларға Мұса пайғамбар жолықты. Екі пайғамбар құшақтасып көрісті. Мұса:
– Миғражың құтты болсын, Мұхамбет! Алла үмбетіңе рақым нұрын төге берсін! Қияметке дейін сені бір көріп, әңгіме-дүкен құрсам деп армандаушы едім. Алла тілегіме жеткізді! – деді қуанып. Қос пайғамбар сұхбаттың шырынды ләззатынан шыға алмай, ұзақ уақыт отырып қалды. Бір кезде Ұлық Алла Жебірейілге:
– Ей, Жебірейіл, досымды жылдам жеткіз, – деді. Мұхамбет пен Жебірейіл Мұсадан жөнелуге рұқсат сұрап, сапарын жалғастырды. Пырақ аспанға өрлей ұмтылып, төртінші қатқа жетіп барды.
МҰХАМБЕТ ПАЙҒАМБАРДЫҢ ТӨРТІНШІ ҚАТҚА КӨТЕРІЛУІ
«Біссімілда» деп бұл қатқа да аяқ басты. Төртінші қатта да пайғамбарды қисапсыз періштелер қарсы алды. Жебірейіл:
– Мұнда жер бетіндегі ауа райы орналасқан. Оларды Алланың қалауымен Ысрапыл періште реттеп тұр, – деді. Ол жерде денесінің жартысы оттан, жартысы қардан жаралған періштені көрді. Жебірейіл:
– Мұның есімі – Рағыт. Ол найзағай ойнатып, жай түсіреді. Бұлттарды ерсілі-қарсылы айдайды. Қай жұрт тасаттық берсе, сол жерге жаңбыр жаудырады. Сараң елге қуаңшылық жібереді. Ондай ел жұтқа жиі ұшырайды, – деді. Рағыт пайғамбарды көргенде құшақ жая:
– Сізбен дидарласу – бізге үлкен бақыт, – деп құрмет көрсетті. Ол пайғамбарға төртінші қатта орналасқан маусым мезгілдерін көрсетті. Жел, жаңбыр, боран, дауыл тұрғызатын періштелердің қызметімен таныстырды. Бұл аспан қатында үлкен бір дария ағып жатты. Рағыт:
– Бұл – өмір суы. Ысрапыл сүр үрлегенде, бұл дарияның суы көкке көтеріледі. Ол нөсерге айналып жерге жауады. Ат тұяғындай жерден жетпіс мың адам тіріледі, – деді. Пайғамбар:
– Жерде адам денесі жерленбеген бос орын бар ма? – деп сұрады. Рағыт:
– Әлемді билеген Ескендір патша әскеріне: «Мен өлген соң, денемді адам аяғы тимеген жаңа мекенге жерлеңдер!» – деп әмір етті. Әскері жер тарапты іздеп, ондай жер таппады. Бәрі ақылдаса келе: «Қап тауының шыңына жерлейік, оған пері бармаса, адамның табаны жеткен жоқ», – деп, Қап тауына шықты. Тоң мұзды жарып, Ескендірді жерледі. Бірақ Ескендір тар лақатқа жайғасқан соң, қасында жатқан бес жүз Ескендірді көріпті. Тіпті мұхиттың түбінде де бос орын жоқ. Нұхтан бұрын да, одан кейін де теңізде опат болғандардың денелері су астында қабат-қабат боп жатыр, – деді. Пайғамбар Тәңір тағаланың құдіретіне таң қалып жүріп кетті.
Төртінші көкте Мұхамбет пайғамбарға Дәуіт, Сүлеймен, Ғайса пайғамбарлар келіп сәлем берді:
– Ей, ақырдың пайғамбары, біз қияметке дейін сенімен бір сұхбаттасуға зар едік, – деп қуанысты. Олар ұзақ сұхбат құрды. Дәуіт пен Сүлеймен өз дәуірі жайлы айтып берді. Сүлеймен әл-Ақса мешітін жындарға қалай тұрғызғанын баяндады. Мұхамбет пайғамбар оларды сүйсініп тыңдады. Олар да Мұхамбеттің мінез-құлқына ғашық болып, тамсанып қалды. Жебірейіл:
– Ей, Мұхамбет, барлық пайғамбар өмірде елші болғаннан гөрі, сенің үмбетің болуды аңсаған. Солардың ішінде Ғайсаның ғана тілегі қабыл болды. Ол төртінші көкте ғұмыр кешеді. Мерзімі келгенде көктен түсіп, елге тура жол нұсқайды. Сенің үмбетіңнен болады, – деді. Ғайса сол сәтте кәлима шаһадат айтты. Мұхамбет оны құшақтап, екеуі төс қағыстырды. Жебірейілмен Мұхамбет пайғамбар сапарын жалғай берді.
Пайғамбар жолдың екі жағында самсап тұрған шамдарға тамсана қарап келе жатып, бір ғажайып періштелерді көзі шалды. Әр періштенің жетпіс мың басы, әр басында жетпіс мың аузы, әр аузында жетпіс мың тілі бар екен. Пайғамбар періштенің жаратылысына таңғалып, таңдай қақты. Жебірейіл:
– Бұлар – жақсылықтың періштелері. Жер жаралғалы Алланы пәктеп, ұлықтап тұр, – деді. Пайғамбар періштелерімен сәлемдесті. Олар құйқылжыта шырқап тұрған зікір әуенін тоқтатпастан пайғамбармен сәлемдесті. Періштелер:
– Ей, Алланың хабибісі, сенің нұрлы дидарыңды көру бізге арман еді. Біздің тілек Алла алдында қашанда қабыл. Не тілейсің? – деді. Пайғамбар:
– Үмбетім бірінің қамын бірі ойласын. Бір жүрек, бір тілекте болсын, –деді. Періштелер жамырап:
– Біз тіледік, Алла қабыл етті. Сенің нағыз үмбетің ғана өзгенің қамын жейтін салих болады. Оларды сол қасиетінен танисың, – деді. Пайғамбар бұл жауапқа риза болды. Жақсылық періштелерімен қоштасып, ілгері жылжи түсті. Алдынан тағы да бір топ періште көрінді. Олардың да саны жетпіс мың екен. Әрбірінің мың басы, әр басында мың көз орналасыпты. Жебірейіл:
– Бұлар – есепшілер. Әуелден ақырға дейін жауатын жаңбырдың санын біледі, – деді де, – қияметке дейін түсетін жаңбыр тамшысын есептеңдер, –деді. Олар кірпік қаққанша санап берді. Жебірейіл:
– Ал енді, жер бетіндегі құмның санын айтыңдар, – деді. Періштелер оны да сол заматта санап шықты. Жебірейіл енді мұхиттың тамшысын сұрады. Оның санын да лезде айтты. Пайғамбар олардың жүйріктігіне таңғалып:
– Бұлардың есептей алмайтын заты бола ма? – деді. Жебірейіл:
– Иә, бар, – деп жауап берді, – бұлар науқастың көңілін сұраған ақжүректің, кедейге қарасқан ауқатты кісінің, жаназаға қатысқан мұсылманның, отау құрған екі жастың қуанышын бөліскен момынның, жетімнің басынан сипаған, жесірдің жоғына қарасқан адал адамның әр басқан қадамына жазылған сауаптың санын біле алмай, арманда кетеді. Қайырлы істің сауабы Жаратқанға ғана мәлім, – деді.
Жетпіс мың періште тағы көрінді. Олардың да әрқайсысының жетпіс мың басы бар екен. Бір басында жетпіс мың құлақ, әр құлағында жетпіс мың есту түйсігі бар екен. Жебірейіл:
– Бұл – ақпарат періштелері. Бұлар қыбыр еткен қоңыздың, қанат қаққан көбелектің сусылын естіп отырады, – деді. Пайғамбар:
– Бұлардың естімейтін заты бар ма? – деді. Жебірейіл:
– Әлбетте, бар. Олар адамның өсек-ғайбаттарын ести алмайды. Құдайдың құдіретімен өсек-аяң бұларға жетпейді. Егер жетсе, өсектің салмағы құлақтарына зіл болып батады. Құлағы ауырған соң, өсекшіні қарғайды. Бұлардың қарғысы зая кетпейді, – деді. Пайғамбар Алланың шексіз мейіріміне риза болып сапарын жалғады.
Пырақпен зулап отырып, бір үлкен ұйыққа келді. Сасық иіс мүңк етіп қолқаны қапты. Пайғамбар:
– Бұл не қылған сасық иіс? – деді. Жебірейіл:
– Бұл – нәжістің иісі. Мұнда сараңның пірі Қарынбай өмір сүреді, – деді. Пайғамбар Мұса кәлимолланың інісі Қарынбай туралы білуші еді. Құжынаған шыбын-шіркейдің арасында нәжіске батып бір мес қарын отыр екен. Үстінің бәрі сатпақ-сатпақ. Астындағы нәжісті шыбын-шіркейден қорғап әлек. Қарнының үлкендігі сонша: орнынан тұра алмайды. Еңбектеп қана жылжиды. Екі жағына аунап түсіп қана орын ауыстырады. Пайғамбар жиіркеніп кері шегінбек болып еді, Жебірейіл:
– Ей, Мұхамбет, сен сасық иістен қашасың. Бұл – дүние-мүліктің иісі. Пәни жалғанда мал-мүлік, зәулім сарай, алтын-күміс тәтті, қымбат болып көрінгенімен, бақида нәжістен айырмасы болмайды. Ар-иманды малға сатқандар қияметте Қарынбайдың қауымында тіріледі, – деді. Пайғамбар шошып кетіп:
– Ей, Алла! Үмбетімді дүниеқоңыз болудан сақтағайсың, – деп дұға жасап ілгері аттады. Бұл кезде олар бесінші қатқа келген еді.
МҰХАМБЕТ ПАЙҒАМБАРДЫҢ БЕСІНШІ ҚАТҚА КӨТЕРІЛУІ
Пайғамбар бесінші қаттың қақпасын «біссімілда» деп ашты. Бұл жер көздің жауын алардай өте әдемі екен. Көз тояр емес. Суреттеп айтуға теңеу жоқ. Ғажайып раушан нұры төгіліп тұр. Жақұт сынды асыл тастармен безендірілген екен. Тәңірі тағала бұл аспанды күміспен өрнектепті. Жер бетіндегі күллі сұлулық, әдемілік, сымбаттылық, әсемдік, таңғажайып, тамашалық, мөлдірлік, тұнықтық, сүйіспеншілік, махаббат – бәрі-бәрі осы жерде орналасыпты. Жебірейіл:
– Бұл қабатты «сұлулық мекені» деп атайды. Әлемдегі сұлулық осы жерде жасалады, – деді. Бұл көктің періштесі Садрайыл екен. Ол пайғамбарға сәлем берді. Ол сұлулық әлемін таныстырды. Сұлулық пайғамбарды еріксіз мас қылды. Садрайыл періште:
– Ей, Алланың сүйікті досы, дүниеге келетін әр сәбиге түр-реңді осы көктен жібереміз. Қаласаң, үмбетіңе сұлулықты аямай төгейік. Бірінен бірі асқан келбетті болсын, – деді. Пайғамбар сұлулыққа бір сәт қарап тұрды да:
– Сырт сұлулығы адамға опа бермес. Үмбетімнің ішкі дүниесі көрікті болғанын қалаймын, – деді. Садрайыл:
– Ей, Мұхамбет, сен – Алланың мақтауына тұрарлық жансың. Дұрыс таңдау жасадың. Үмбетіңнің жан сарайы таза болса, біз оның өзін де, ұрпағын да сұлулардың қатарынан етеміз. Олар қияметте де көркем бейнеде тіріледі, – деді.
Бұл көкте Жүсіп, Жақып, Жүніс пайғамбарлар мекендейді. Жүсіп шашы бұйра, ұзын бойлы, ақ құба жүзді, үлкен көзді, ат жақты, қою қасты, толық білекті, мығым сүйекті адам екен. Күлкісінен нұр, еріндерінен сәуле шығып тұр. Олар Мұхамбетпен сұхбаттасып отырып қалды. Кетерінде Жүсіп пайғамбар:
– Ей, Мұхамбет, үмбетіңе өсиетім бар. Өзін өзгеден артық санамасын. Сұлумын деп паңданбасын. Мен Кенғанда жүргенде сұлулығыма қарап, көңілім өсетін. Бәсіме баға жетпес деп ойлаушы едім. Бірақ Мысырда менің құным бір бақырға татымады. Сол кезде тәубе еттім, – деді. Мұхамбет пайғамбар олармен қоштасып, жоғары қарай өрлей берді.
Бір кезде сәждеде жатқан бір топ періштені көрді. Жебірейіл:
– Үмбетіңнің ішінде әділ ел билеген басшылар болады. Бірақ олар уақытында құлшылық ете алмайды. Мүмкіндігі болмайды. Құлшылығы жоқ сауап құмға сіңген судай жоғалады. Бұл періштелер әділетті басшылардың сауабы жоғалмасын деп күні-түні олар үшін құлшылық етеді. Тілеуін тілейді, – деді. Пайғамбар көңілденіп қалды. Жебірейіл:
– Бірақ, Мұхамбет, бұл періштелердің ұнатпайтын бір қасиеті бар. Ол – мақтаншақтық. Басшылар қайырлы ісіне мақтанатын болса, періштелер одан безініп, дұға-тілегін тоқтатады, – деді. Пайғамбар:
– Ей, Алла! Үмбетімді мақтаншақ болудан сақта,– деп дұға тіледі.
Бесінші қатта жүріп пайғамбар Құран Кәрімді көрді. Оны күзетіп алты жүз мың басы, әр басында алты жүз мың аузы, әр аузында алты жүз мың тілі бар бір періште тұрды. Ол:
– Уа, Алланың сүйікті пайғамбары, сені көру бізге арман еді. Алла бүгін сәтін салып, бізге қуаныш сыйлады, – деді де, пайғамбармен көрісті. Жебірейіл:
– Бұл – Құранды жатқа оқитын қари періште. Аты – Зәликал. Құран сүрелерін қирағаттап, миллион түрлі мақамға салғанда жанды-жансыз мақұлықтың тұла бойы балқып кетеді, – деді. Пайғамбар Құран тыңдағысы келді. Зәликал алты жүз алпыс алты түрлі қирағатқа салып, Құранды оқи жөнелді. Әуеннің әсем болғаны сонша: пайғамбар есінен танып қалды. Есін жиған соң:
– Маған қирағат үйретші, – деп қолқа салды. Ол:
– Қирағаттың бірнешеуін ғана үйретемін. Егер бәрін үмбетіңе жеткізсең, Құранның әуеніне жер шыдап тұра алмайды. Тау мен тас балқиды. Аспанның тіреуіштері иіліп жерге құлайды. Мұхиттар толқып, топан су басады. Дариялар кемерінен асып елге апат әкеледі. Адамзат Құранның барлық мақамын пейіште ғана тыңдай алады, – деді де, пайғамбарға шектеулі ғана қирағатты таңдап үйретті. Расул оған риза болып, қош айтысып жүріп кетті.
Мұхамбет пен Жебірейілдің алдынан үлкен бір дария шықты. Оны Нұр дариясы деп атайды екен. Ол бесінші қат көктен жерге қарай құлап ағып жатыр. Бір ғажабы: ол дарияның бір тамшысы жерге түспейді. Дарияның суы тұнық әрі нұрлы. Жерге қарай қарыс бойы таяп келеді де, қайтадан көтеріліп, кері кетеді. Пайғамбар бұл құбылысқа да таңырқап тұрды. Жебірейіл:
– Бұл – Алланың мейір-шапағат дариясы. Мұны адам баласы көре алмайды. Мұны көру тек саған ғана нәсіп болған. Жер бетінде ниеті бұзық пасықтар көп болғандықтан, нұр дариясының тамшысы жерге тамбайды. Егер нұр дариясының тамшысы жерге түссе, жерде жұмақ орнар еді, – деді. Пайғамбар:
– Уа, Рақымды Алла! Менің үмбетімнің иманын кәміл ет. Пасық адам болудан сақта, – деп тілек тіледі.
Дариядан әрі өткенде аспан астын тілгілеп, айналасын шұғылаға бөлеп жатқан сәулені көрді. Пайғамбар:
– Жебірейіл досым, мына сәуле қайдан шығып жатыр? – деді. Періште:
– Бұл – бесінші қатта сақталып тұрған Сүлеймен пайғамбардың жүзігі. Сәуле содан шығып жатыр. Ол ғарыштағы жұлдызға шағылысқанда жұлдыз аққандай күй қалдырады. Үмбетің бұл кезде тілек тілесе, дұғасы қабыл болады, – деді. Пайғамбар оны көргісі келді. Жебірейіл:
– Ей, Мұхамбет, Сүлейменнің жүзігі өте алыста. Аспанда жарқыраған жұлдыз сияқты. Арамызда мың күншілік жол жатыр. Нұр пырақ та оған жете алмас, – деді. Пайғамбар қатты қызығып қалды. Ұлық Алла жүзікке:
– Менің сүйікті пайғамбарым сені көргісі келеді. Жылдам жет! – деп әмір етті. Көзді ашып-жұмғанша жүзік ұшып келіп, пайғамбардың алақанына қонды. Сақинаның түрі өте айбарлы екен. Айналасын шұғылаға толтырып жіберді. Жебірейіл:
– Ей, Мұхамбет, Сүлеймен бұл жүзікпен күллі жын-періні билеп төстеді, – деді. Расулалла:
– Сүлейменнің жүзігін білемін. Мұндай жүзік менің үмбетімде болғанда, жын-пері қашық жүрер еді, – деді. Жебірейіл:
– Ей, Мұхамбет, үмбетің құлшылыққа бекем, тақуа болса, онда бұл жүзіктің күш-қуаты оларға да дариды. Жын-пері олардан қорқатын болады. Ұлық Құдай мұғжизаны саған дейінгі пайғамбарлардың заттарына жасыратын. Мұса асатаяғымен, Сүлеймен жүзігімен, Дәуіт көрігімен залымдарды қашыртып, жын-періні илеген еді. Алла ендігі мұғжизаны сенің үмбетіңнің бойына жасырады. Олар керемет пен мұғжизаны өз бойынан ғана іздесін. Рухтың күшімен-ақ талай кереметті көрсетеді, – деді. Пайғамбар бұл сүйінші хабарды үмбетіне тезірек жеткізгенше асық болды.
МҰХАМБЕТ ПАЙҒАМБАРДЫҢ АЛТЫНШЫ ҚАТҚА КӨТЕРІЛУІ
«Біссімілда» деп пайғамбар алтыншы қаттың босағасын аттады. Алла бұл қатты алтынмен зейнеттепті. Тіл жеткісіз әдемі, көз жеткісіз ғаламат, ой жеткісіз тамаша. Бұл қатта да қаптаған періште пайғамбарды қуана қарсы алды. Жебірейіл:
– Адамзаттың несібе-ризығы осыдан таралады. Оған Мәкәйіл періште жауапты, – деді.
Пайғамбар бұл қатта төрт қыры бар, төрт жүзі бар ерекше періштені көрді. Оның бір жүзінде адамның, екіншісінде аң-құстың, үшіншісінде балықтың, төртіншісінде жәндіктің бейнесі бар екен. Жебірейіл:
– Бұл періштенің есімі – Ризайыл. Тәңірден жердегі тіршіліктің нәпақасын тілейді. Дұғасының шарапатынан төрт түрлі мақұлықтың ризықтары жетіп отырады, – деді. Пайғамбар онымен сәлемдесіп, жүздесті.
Бұл қатта жүргенде пайғамбар өртеніп кеткен сұрықсыз бақты көрді. Ішінде бір періште отыр. Оның аузынан, мұрнынан, құлағынан, көзінен – барлық дене мүшесінен от-жалын шашып тұрды. Қасына жақындау мүмкін емес. Оттың ыстығы өте жоғары. Пайғамбар онымен тілдескісі келді. Жебірейіл:
– Ей, Мұхамбет, «Ықылас» сүресін үш мәрте оқы, сонда от денеңе дарымайды, – деді. Пайғамбар «Ықылас» сүресін оқып еді, лаулаған от Құдайдың құдіретімен салқын самал болып есті. Жебірейіл:
– Бұл – тозаққа жауапты Мәлік деген періште, – деді. Пайғамбар оның жаратылысына таңданып тұрып:
Алла сені қандай заттан жаратты? – деп сұрады.
– Алла мені өзінің қаһар отынан жаратты.
– Сенің түсің өте суық, қаһарлы, қабағың қатулы екен. Неліктен?
– Күн сайын тозаққа адамдар тобымен келіп түседі. Олардың шыңғырған дауысын естігенде жаным қиналады. Соған налимын, – деді.
– Жайма-шуақ отыратын кезің бола ма?
– Менің шырайым бейсенбі, жұма күндері ашылады. Сол күні тозақтар жабылып, жаннат есіктері ашылады. Сол кезде ғана қуанып, көңілді отырамын.
– Бұл жерде не істеп отырсың?
– Тамұқ отын қыздырып отырмын.
– Тозақ қай кезде пайда болды?
– Ібілістің бойына тәкаппарлық ұя салғаннан бастап тозақтың оты маздап жана бастады. Кімнің кеудесінде тәкаппарлық тамыр жайса, сол адам тозақтың отыны болады.
– Тозақ отының сөнетін кезі бола ма?
– Адамдар тәкаппарлықтан құтылуға тырысса, тозақтың да оты өшіп, жалыны бәсеңдейді. Ал біреумен бақталас болып, күншілдік дертіне шалдықса, тозақ оты лаулап жанады.
– Тозақтың әсілі не?
– Қайғы – тозақтың тоңы, ашу-ыза – тозақтың оты, ауру-дерт – тозақтың азабы, имансыздық – тозақтың жолы, күнә – тозақтың тамыздығы, арсыздық – тозақтың көлігі, маскүнемдік – тозақтың кілті, соғыс – тозақтың ошағы, ғайбат – тозақтың тілі, қиянат – тозақтың қақпасы, опасыздық – тозақтың жалыны, зина – тозақтың серігі, шайтан – тозақтың туысы, тәкаппарлық – тозақтың тұғыры, берекесіздік – тозақтың тұрағы, қайырымсыздық – тозақтың арқауы, күншілдік – тозақтың торы, ұрлық – тозақтың терезесі, парақорлық – тозақтың босағасы, жауыздық – тозақтың табалдырығы, арамзалық – тозақтың көпірі, күпірлік – тозақтың көзі, өсек – тозақтың құлағы, қарғыс – тозақтың аузы, жамандық – тозақтың аяғы, надандық – тозақтың қолы. Ең қауіптісі – осы надандық. Надандық жайлағанда тозақтың барлық сипаты тіріле бастайды, – деді де, Мәлік періште сөзін жалғап: – Үмбетіңе айт! Бір-біріне мейірімді болсын. Бұл – жаннаттың жолы. Қабақ шытпай, бір-біріне қуаныш сыйласын! Қуаныш – жаннаттың нұры. Шаттық адамның ғұмырын ұзартса, ашу-ыза ажарын алады. Бағын тайдырады, бақытын қашырады. Берекеттің жолын тоқсан тоғыз күн буып тұрады. Мезгілсіз қаза мен емі жоқ ауру ашудан жабысады. Қуанған адам жаннатқа, ызалы адам тозаққа жақындай береді, – деді. Пайғамбар қолын жайып:
– Иә, Алла! Үмбетімді үнемі қуандырып күлдір. Қайғы мен ашудан аулақ қыл. Жаннатқа жақындат, тозақтан алыстат, – деп дұға етті де:
– Ей, Мәлік, тозақтың түндігін түрші, ішін бір көрейін, – деді. Періште түндігін түрді. Пайғамбар үлкен бір аждаһаны көрді. Мәлік:
– Бұл – тозақтың аждаһасы. Оның төрт аяғы бар. Бір аяғы мен екінші аяғының арасы – отыз мың жылдық жол. Аждаһаның отыз мың басы бар. Әр аузында отыз мыңнан тісі, отыз мың айыр тілі бар. Оны отыз мың шынжырмен байладық. Аждаһа қияметке дейін байлаулы тұрады. Оны отыз мың забани күзетеді. Қиямет күні Ұлық Алла аждаһаны бір мезетке босатады. Ол Әжуз, Мәжузбен қоса барлық күнәкарды жұтып қояды. Сосын тозаққа әкеп құсады. Ей, Мұхамбет, үмбетің мына аждаһаның аузына түспесін, – деп сөзін аяқтады. Пайғамбар да үмбетіне дұға тілеп, тозақты араламақ болды. Тозақтан жалын атып тұрды. Мәлік періште:
– Ей, Мұхамбет, «Ықылас» сүресін үш қайтара оқы. Тозақ сені күйдірмейді. Үмбетіңе де осыны аманат ет. «Ықылас» сүресін көп оқысын, – деді.
Пайғамбар «Ықылас» сүресін үш рет оқыды. Тозақ мүбарактың тәніне еш зиян етпеді. Ол тозақты аралай бастады. Үлкен бір отты дарияны көрді. Суы бұрқ-сарқ етіп қайнап жатыр екен. Дарияның ішінде отты жыландар жүзіп жүр. Мәлік:
– Бұл – Алланың қаһарынан жаралған қаһар дариясы. Мұның сыры бір Аллаға аян. Менің білетінім: от дарияның бір тамшысынан Алла Күнді жаратты. Сол Күннің нұры бүкіл әлемге әуелден ақырға дейін шуақ шашып, Жер-ананы жылытып тұрады. Егер дарияның бір тамшысын жүзге бөліп, оның бір бөлігін жерге тастаса, жер жүзі жанып кетер еді, – деді.
Пайғамбар басын шайқап Алланың құдіретіне таңғалды. Бір кезде құлындай шыңғырған дауыс естілді. Дауыс шыққан жаққа қараса, дарияның ортасында аяғы көктен салбыраған екі мақұлық тұр. Мәлік періште:
– Бұлар – Әбілет пен Тәбілет. Алла әуелде жер бетіне бұл екеуін жіберген. Олар Алланың тыйымын ұмытып, некесіз қосылды. Одан тексіз Ібіліс туды. Бұл екеуі Алланың қаһарына ұшырады. Қияметке дейін осылай салбырап тұрады. Мақшарда адам баласы бұл екеуін көрмей, жұмаққа да, тозаққа да кірмейді, – деді. Дарияның бетінде жүзіп жүрген алып айдаһарлар оларды тістеп, шайнап жатыр. Шайнаған сайын олардың жаны көзіне көрініп, қиналады. Бір кезде дарияның ішінен беймәлім құстар ұшып шығып, екеуінің табандарын шұқыды. Әбілет пен Тәбілет жанын қоярға жер таппай тыпырши берді. Ұзақ қарап тұруға пайғамбардың дәті шыдамады. Олардың шыңғырған дауысын естіп денесі түршігіп кетті. Мәлік періште:
– Бұлар қиналғаннан шыңғырып жатқан жоқ, Мұхамбет. Бұлардың өзегін өртегені – өкініш. Бұлар бізді көргенде өкініші өзекке түсіп шыңғырады. Олар да бір кезде бізбен қатар жүріп еді. Қияметте адам баласы жаны қиналғаннан емес, өзге адамдардың жұмаққа бара жатқанын көріп өкініштен өкіреді. Адамға азаптан да гөрі, ар-иманның өкініші ауыр тиеді, –деді. Пайғамбар екеуінің қиын жайын көріп, көзіне жас алды да:
– Менің үмбетім де қияметте осылай азаптала ма? – деп сұрады. Мәлік періште:
– Әлбетте. Тамұқтың дариясына түспеу үшін үмбетің зинадан тыйылсын. Кім зинадан тыйылмаса, мақшарда Әбілет пен Тәбілеттің қауымынан болады. Бұдан да ауыр азап тартады, – деді. Пайғамбар:
– Иә, Алла, үмбетімді бұл дарияға тастама, – деді. Пайғамбар дариядан өтіп еді, алдынан жарты денелі адамдар шықты. Ерлердің сол жағы, әйелдердің оң жақ бөлігі жоқ. Бір аяқпен секектеп жүр. Оларды көк түсті періштелер оттан өрілген қамшымен сабап қуалап жүр. Жалғыз аяқпен тұра алмай, шоқтың үстіне құлап жатыр. Құлаған сайын денесі шоққа шыжғырылып, шыңғыра береді. Пайғамбар Мәлік періштеге:
– Бұлар – сүйіп қосылған ерлі-зайыптылар. Алла оларға бақыт сыйлап, бала берді. Бірақ бұлар адал некені талақ етіп, бейкүнә сәбиді жетім қылды. Бір-бірінің көзіне шөп салды. Зина жасады, ажырасты. Пәниде бірінің қадірін бірі білмесе, о дүниеде сүйенетін сүйеніш таппай, жарты дене кейпінде тіріледі. Барша адамның алдында абыройы ашылып, масқараға қалады. Сабап жүрген көк түсті періштелер – қараусыз қалған сәбилерінің көз жасы. Алла оларды періштеге айналдырып, өздерін сабатып қойды, – деді. Пайғамбар дұға етіп:
– Иә, Алла! Менің үмбетімді ажырасудан, зинадан, талақ етушілерден сақта, – деп тіледі. Пайғамбар одан әрі өтіп еді, бір қауым елді көрді. Ол жерде қарты бар, жасы бар, әйелі мен ері бар – барлығы араласып жүр екен. Олардың желкелерін тесіп қойыпты. Сол тесіктен бір шыбын ұшып шығып, лезде үлкейіп жылан болды. Жылан айдаһарға айналып, адамның өзіне атылды. Адам оны көріп қашпақ болады. Аждаһа тырнағымен іліп алып, оларды шайнап тастайды. Адамдар шыңғырып, бақырып жатты. Пайғамбар Мәліктен:
– Бұлар неге аждаһаға таланып жатыр? – деді.
– Кәрісі – Құдайға, жасы – әке-шешесіне тілі тигендер. Ерін күтпеген әйелдер, адал жарды ұрып қорлаған еркектер. Құдай олардың желкесін ойып, одан айдаһар шығарды. Пәнидегі кесір сөздері аждаһаға айналып, өздерін жұлмалап жейді, – деді. Пайғамбар:
– Ей, Ұлық Алла, менің үмбетімнің жүрегіне сұлулық пен сабыр бер. Тілдерінен шәрбат шығар. Олар жұмсақ сөйлессін, – деді. Пайғамбар ілгері жүріп еді, сұрықсыз бір топ адамды көрді. Ауыздарында бір тіс жоқ, құлақтары жырық, мұрындары пұшық, көздері қысық, қол-аяғы шидей жіңішке, бірақ қарындары қампиған. Өз бетінше жүре алмайды. Тырнақтары сояудай, жезтырнақтың кейпіне енген. Шаштары да алба-жұлба. Пайғамбар шошып кетті.
– Бұлар кімдер? – деп сұрады. Мәлік:
– Бұлар – өмірде ата-анасын ренжітіп, Құдайдың рақымынан құр қалғандар. Кім қартайған ата-анасын бақпай, қараусыз қалдырса, қияметте ұсқынсыз бейнеде тіріледі, – деді. Пайғамбар:
– Ата-анасын бақпаған сұрықсыздар менің үмбетімнен болмасын! – деп дұға қылды.
Бір кезде бір топ қыз-келіншекті көрді. Олардың үстінде лыпа жоқ екен. Олар пайғамбарды көргенде ұяттан өртеніп, бірінің артына бірі тығылып, әуреттерін қолдарымен жауып әуре. Пайғамбар:
– Мына әйелдер неге жалаңаш? – деп сұрады. Жебірейіл:
– Иә, Расулалла, бұлар – жезөкшелер. О дүниеде күллі адам баласы олардың бетіне түкіреді. Олар ұяттан өртенеді. Әке-шешелерін, аға-інілерін, туған-туыстарын көргенде кірерге есік, тығыларға тесік таппай, жер болады. Ұяттың азабы оларды мәңгі бақи азаптайды, – деді. Пайғамбар оларға тоқталмай өтіп кетті.
Пайғамбар тозақта басын қорғалап қашып жүрген бір топ адамды көрді. Періштелер оларды шоқпармен сабап жүр. Жебірейіл:
– Бұлар – малынан зекет бермеген қайырсыз байлар, – деді. Енді бір үйлер отқа оранып, жанып жатты. Жанған үйдің айналасына темір тікендер төселген. Ішіндегі адамдар күйіп шыңғырады. Шыдамай сыртқа шықса, тікенді басып қайта қашады. Жебірейіл:
– Бұлар – ел-жұртты мазақтап, әжуалаған сайқымазақтар, – деді.
Енді біреулер жүк арқалап алыпты. Ауыр жүктен мыжылып, ентігіп еңбектейді. Жебірейіл:
– Аманатқа қиянат қылып, бөтеннің заты мен мүлкін рұқсатсыз иеленгендер осындай күй кешеді, – деді. Тағы да бір топқа кезікті. Періштелер олардың тілдерін оттан жасалған қысқашпен қысып жатыр.
– Әкім-қараларды өтірік мақтап, жағынғандардың жазасы – осы, – деді Жебірейіл. Пайғамбар:
– Алла сақтасын! – деп жүре берді. Бір кезде өз еттерін жеп отырған жыртқыш қауымды көрді. Жебірейіл:
– Бұлар – өмір бойы жақсы адамның сыртынан ғайбат айтқандар, – деді. Бір пенделер қан мен ірің ішіп отыр.
– Арақ, шарапқа құмар болғандар енді шөлдерін осылай қандырады, – деді Жебірейіл. Тілдері желкесінен шыққан доңыз бейнесіндегі адамдар жүрді.
– Бұлар – сотта жалған куә болғандар. Тірісінде ағайын-туыс, дос-жақындарының сойылын соғып, сотта жалған куәлік берген. Ақшаға сатылып, жазықсыз кісілерді соттауға жәрдем берген жауыздар, – деді періште. Тағы бір адамдарға қараса, аяқтарына бұғау салыныпты.
– Бұлар – парақорлар. Билігін жеке мақсатына пайдаланып, пара алудан қолы босамаған, – деді періште. Біреулер от пышақпен бауыздалып, азап шегіп жатыр.
– Бұлар – нақақтан қан төккен қанішерлер, – деді періште. Пайғамбар тозақты одан әрі аралауға дәті шыдамады. Жүрегі ауырып:
– Иә, Алла! Үмбетімді бұлай қорлама! – деп, сәждеге бас қойды. Ұзақ жатып тамұқтағы адамдардың кешірілуін тіледі. Бір уақытта кейін қайтуға ыңғайланып еді, Мәлік періште:
– Иә, Алланың елшісі, сен бір тозақтың кішкене бөлігін аралап, сұмдығын көрдің. Әлі алты тозақ бар, – деді. Пайғамбар:
– Алла ол тозақты маған да, үмбетіме де көрсетпесін, – деді де, Мәлікпен қош айтысты.
Пайғамбар одан әрі жүріп еді, алдынан жасыл түсті періште шығып сәлем берді. Пайғамбар бірінші рет айрықша сұлу періштені көрді. Жебірейіл:
– Ей, досым, бұл – сегіз жаннаттың күзетшісі Раузан періште, – деп таныстырды. Раузан:
– Уа, Алланың сүйікті хабибі, сені көру бізге арман еді. Сегіз жаннаттың төбесіне «Лә иллаһа илла Алла, Мұхаммад расул Алла» деген жазуды көргеннен-ақ, жаннат сенің нұрыңнан жаралғанын білгеннен-ақ, есіл-дертіміз – сенсің. Құдай сәтін салып бүгін дидарластық, – деді. Пайғамбар:
– Жұмаққа кіріп көрсем бола ма? – деп сұрады.
– Болады, – деді де, Раузан періште жол бастады. Пейіштің хош иісі жан дүниесін баурап алды. Нұры ішке жетелей жөнелді. Пайғамбар «біссімілда» деп жаннатқа кіргенде, оның табалдырығы мен босағасы дірілдеп тұрды. Пайғамбар түсінбей тұрып қалды. Раузан:
– Ей, Алланың сүйікті досы, жұмақтың босағасы да, табалдырығы да сені көріп, езіліп жылап тұр. Сарғайған сағынышын, солыққан мауқын басып жатыр, – деді. Пайғамбар да көзіне жас алып, жаннаттың босағасын сипады да:
– Иә, Алла! Осы табалдырық пен босағадан менің үмбетімнің көптеп кіруіне бір өзің жар бола гөр! Менің көрген жұмағымды олар да көріп, осы жерден жай тапсын, – деді. Сосын Раузанға:
– Бұл табалдырық пен босаға менен басқа да адамды сағына ма? – деп сұрады. Раузан:
– Әлбетте, әрбір демінде Алланы есінен шығармаған хас тақуаларды бір көруге ынтық. Олар келгенде де осылай бір күрсініп, бір жылап, сағынышын баса алмай тұрады, – деді. Пайғамбар: «Жаннат сағынатын үмбетім көп болсын!» – деп тіледі де, пейішке кірді. Жаннатта оны сан мыңдаған періштелер мен ғилмандар, хорлар қарсы алып шашу шашты. Әсем әуезбен зікір, салауат айтты. Пайғамбарға жұмақтың жемістерін ұсынып, құрмет көрсетті. Пайғамбар олардың құрметіне риза болды.
– Cегіз жаннаттың аттары қалай? – деп сұрады. Раузан періште:
– Біріншісі – Дәрсәлім, екіншісі – Дәрінқарар, үшіншісі – Дәріннақар, төртіншісі – Нағым, бесіншісі – Пердауыс, алтыншысы – Манат, жетіншісі –Ғабдил, сегізіншісі – Ағна, – деп айтып берді.
Жұмақ көрген көздің жауын алады, көңілді тойғызады, сезімді семіртеді, қиялға қанат бітіретін тамаша екен. Бір кезде ол төрт түрлі, төрт түсті әдемі бұлақты көрді. Оның сыңғыр қаққан сұлу дауысы құлаққа әзер шалынады. Бойға ерекше ләззат сыйлайтындай екен. Раузан періште:
– Бұл – жаннаттың бұлақтары. Бірінші бұлақ – сүт бұлақ, екіншісі – бал бұлақ, үшінші бұлақ – тұнық бұлақ, төртінші бұлақ – шәрбат бұлақ, – деп таныстырды. Төрт бұлақтың жағасында әсем құрақ өсіп, жанға жайлы самалмен есіп тұрды. Құрақ арасында өскен жемістер балбырап пісіп тұр. Раузан періште жеміс ағаштарынан бір жемісті алып берді. Пайғамбар оны алып тұрып:
– Ей, Раузан, бұл жемісті менің де үмбетім жейді ме? – деп сұрады. Раузан:
– Әлбетте, үмбетің жүрегін таза ұстаса, күнәдан ада болса, жұмақтың жемісін жей алады, – деді. Пайғамбар жемісті жеп, ілгері жүріп келе жатқанда алдынан Ыдырыс пайғамбар кездесті. Екеуі құшақтасып көрісті. Ыдырыс:
– Уа, Мұхамбет, сені көруге бір зармын, – деді. Мұхамбет:
– Жұмақтағы жайыңыз қалай? – деп сұрады.
– Ақылым мен айлам періштеден асып түсіп, жұмаққа кірдім. Жемісін жедім, суын іштім. Хор да, ғилман да менің алдымда қызметте жүгіріп жүр. Періштелермен бірге Алланы мадақтап зікір айтам. Пейіште мәңгі жүрсем де, «Пайғамбар болғанша, Мұхамбеттің ақжүрек үмбетінің бірі болсам еді» деген арман бір сәт көңілден кеткен емес. Үмбетің қандай бақытты еді! – деді. Пайғамбар:
– Үмбетімнің айрықша мәртебесін қайдан білдің? – деп сұрады.
– Жаннатта ерекше сән-салтанатпен салынған зәулім сарайлар, керемет бақшалар бар. Оған кірейін десем, пейіштің бөлмелері: «Саған рұқсат жоқ. Бізге тек Мұхамбеттің үмбеті ғана кіреді. Ұлық Алла біздерді соларға арнап салдырған», – дейді. Бұл сарайлардың ішін көру арман болды, – деді. Бұл сөзді естігенде пайғамбардың кеудесін шаттық кернеді.
Раузан періште Мұхамбетке пейіштің екінші қабатындағы ғажайып бір өзенді көрсетті. Оның саусақтай бес саласы бар екен. Бес саласының суы бір-біріне ұқсамайтын түспен жерге қарай ағып тұр. Пайғамбар:
– Бұл неге жерге қарай ағып жатыр? – деп сұрады. Раузан періште:
– Бұл дарияның нұры бес уақыт намазын шын ықыласпен оқыған момындардың жүрегіне нұр болып құйылады. Жұмақтың суымен жүрегінің тотын шайып, көңілін кірден тазартады, – деді. Пайғамбар енді үшінші жаннаттың есігін ашты. Ол да тіл жетпейтін ғажап екен. Онда екі өзен жерге қарай ағып тұр. Раузан періште:
– Бұл – Алланың рақым нұры. Оның нұры ораза ұстап, малынан зекет берген жомарттың кеудесіне барып құйылады, – деді.
Пайғамбар жұмақтың төртінші қаты Нағымға көтеріледі. Мұнда төрт дарияны көрді. Дарияның шеті, шегі жоқ. Олардан су мен сүт, бал және шәрбат ағып жатты. Мүбарак:
– Бұл дариялардың бастауы қайда? – деп сұрады. Раузан періште:
– «Біссімілда» десең, дарияның бастауына лезде барасың, – деді. Пайғамбар көзін жұмып, «Біссімілда» деп еді, сол сәтте бір күмбезге келіп жетті. Күмбездің төбесі алтынмен апталған, күміспен күптелген екен.
– «Біссімілда» десеңіз, есігі өзі ашылады, – деді періште.
Пайғамбар «Біссімілда» деп ішке кірді. Кірсе, төрде «Біссімілда» деп жазылыпты. Төрт дария содан бастау алып тұр екен. Пайғамбар таңғалып:
– Төрт дария да осы сөзден бастау алып жатыр екен. Мұнда не сыр бар? – деді. Раузан періште:
– Үмбетің «Біссімілда» деп көп айтса, Ұлық Алла төртінші жаннаттағы дарияны соның еншісіне береді, – деді.
Жұмақты аралап жүріп пайғамбар әсем үйді көрді. Оның төбесі аршыға тиіп тұр екен. Үйдің іші-сырты қызыл жақұтпен қапталыпты. Оның жетпіс мың бұрышы, әр бұрышында жетпіс мың алаңы бар. Үйдің алдынан төрт бұлақ ағып жатты. Бірінде сүт, бірінде бал, бірінде кәусар, бірінде зәмзәм суы ағып тұрды. Үйдің айналасында запыран, сүмбіл, лалагүл, райхан сияқты асыл өсімдіктер жайқалып, хош иістер шығарып тұр екен. Пайғамбар ерекше көз тартқан үйге кіріп көргісі келді. Жебірейіл періштеден:
– Бұл кімнің үйі? – деп сұрады.
– Алланың досы Мұхамбетке сыйлаған үйі, – деді періште. Пайғамбар қуанып кетіп, үйдің есігіне жақындай берді де, кілт тоқтап қалып:
– Менің үмбетім де осындай үйге кіре ме? – деп сұрады.
– Жоқ, бұл тек саған арналған, – деді Жебірейіл.
– Үмбетім кірмейтін болса, мен де кірмеймін, – деді пайғамбар. Сол кезде Алладан:
– Ей, досым, бұл үйді сен үшін жараттым. Егер үмбетің үйлерінде маған көп мақтау-пәктеу айтса, сенімен бірге бұл үйге бәрін кіргіземін, – деген әуез естілді. Пайғамбар қолын жайып:
– Иә, Алла! Үмбетімнің ішінде сенің дидарыңа ғашық болып, сенің есімдеріңді үйлерінде пәктейтін ақжүректер көп болсын, – деп дұға жасады.
Осылайша пайғамбар сегіз жаннатты аралап, сансыз жеміс ағаштарын көрді. Жемістері пісіп, хош иістері мұрынды жарады. Жаннаттың ұшы-қиырсыз үлкендігін бір Алладан басқа жан баласы білмек емес. Әлгі жеміс ағаштарының айналасында мөп-мөлдір бұлақтар сыңғырлап ағып жатыр. Айналасы гүлдермен безендіріп қойғандай әдемі. Саялы бақ, сайран сарай, алтын тақталы жол, жемісі мол керімсал керемет дүние. Пайғамбар «Менің үмбетім өмір сүретін дүнияда дәл осындай жаннатты мекен бар ма екен» деп ойлады. Пайғамбардың әрбір ойын күзетіп тұрған Жебірейіл:
– Ей, Мұхамбет, жердің жүзін Алла тағала жеті тозақ пен сегіз жаннаттың ұсақ тамшыларын араластырып жасаған. Анау асқар таулар, нулы ормандар, мөлдір сулар, жасыл құрақтар, айна көлдер, алуан гүлдер, ағарған таңдар, жазиралы далалар, алтын дәнді астықтар, көгілдір көктің бәрі – жаннат мұғжизасының белгісі. Ал сасыған, борсыған, іріген, шіріген, құлаған, қу медиен шөлдер, құлан жортпас далалар, ми қайнатар саясыз жерлер, мұзды мұхиттар, тіршілік тынысы жоқ құздар – тозақ мұғжизасының нышаны. Сенің үмбетіңнің арасындағы тақуа ғалымдары жақсы біледі. Толық сезінеді, – деді. Ол Раузан періштемен қоштасып, жаннаттың бақшасынан шықты да, сапарын жалғастырды. Бұл кезде пайғамбарымыз жетінші көкке де жеткен еді.
ПАЙҒАМБАРДЫҢ ЖЕТІНШІ ҚАТҚА КӨТЕРІЛУІ
Алдынан жетінші қат аспан қақпасы ашылды. Бұл аспанның астына жеті қабат көк пен жеті қабат жер бір-ақ сыйып кеткендей екен. Бұл бос кеңістікті көріп, пайғамбарымыз ойланып қалып еді, Жебірейіл періште:
– Бұл – Қасым деген алып періштенің орны. Ол Құдайдың әмірімен жеті қат аспан, жеті қат жерді түгел меңгеріп тұрған. Ол періште әдепсіздік жасап қойды. Оның ойына тәкаппарлық кіріп «Пайғамбардың денесі менің жанымда тозаңдай ғана екен» деп ойлады. Сол үшін Алла оны орнынан қуып жіберді. Енді ол сенің дидарыңды көру бақытынан айрылды. Енді қалған ғұмыры құсада өтеді, – деді. Пайғамбарымыз Қасым періштеге жаны ашып кетті. Ол қолын жайып:
– Иә, Жасаған, Қасым періштенің ағаттығын кеше гөр. Оны орнына қайтар. Дидарласайын, – деп жалбарынды. Сол кезде Жебірейіл:
– Ұлық Алла сенің құрметіңе ол періштенің күнәсін кешірді, – деп хабарлауы мұң екен, алып періште қасына шаттанған халде жетіп келді. Ол пайғамбардан кешірім сұрады. Пайғамбарымыз да оның құшақтап:
– Ұлық Алла кешірімді жақсы көреді, – деді. Қасым періште пайғамбардың жанына келгенде өзінің шыбындай ғана тұрқын көрді. Пайғамбардың рухы аспан асты, жер үстін түгел орап шарпып тұрды. Астамшылық ойлағаны үшін ұяттан өліп кете жаздады.
Сапар жалғаса берді. Бір кезде бір топ адамды көрді. Олардың үстіне нұр сәулесі түсіп тұр екен. Жүздері жайдары, алдарына үлкен дастарқан жайылыпты. Дастарқанда пайғамбарымыз бұрын-соңды көрмеген ас-тағамның түр-түрі толып тұр. Бір топ періште оларға қызмет көрсетіп ұшып жүр. Пайғамбар:
– Бұлар кімдер? – деді. Жебірейіл:
– Бұлар – жомарт жандар. Алла олардың кең пейіліне риза болып, оларға Өзінің де жомарттығын паш етіп жатыр. Пейілі кеңге Хақ тағала да мол дастарқан жаяды, – деді. Пайғамбар олармен құшақтасып амандасты. Бірге отырып дәм татты. Пайғамбар:
– Ей, Жасаған, жомарт құлдарыңды үмбетіме көбірек жібергейсің, – деп асқа бата жасады. Бір кезде алыстан мұнартып тұрған айшықты көрді. Жақындап келсе, үлкен мешіт екен. Жебірейіл:
– Бұл – аспан мешіті. Бәйтүл Мағмур деп аталады. Алла тағала әлемді жаратқанда осы мешітті қоса жаратты. Жер бетіндегі Бәйтүл Мұқаддас осы үлгіде салынған. Бұл жерде қисапсыз періште Аллаға мадақ айтып, құлшылық етеді. Сауабын сенің үмбетіңе бағыштайды, – деді.
Мешіттің бір қақпасы алтыннан, бір қақпасы күмістен салынған. Зікірге жиналған періштелер алтын қақпадан кірсе, қайтарда күміс қақпадан шығады. Мешіттің бір қабырғасы алтыннан, бір қабырғасы күмістен, бір қабырғасы гауһардан, бір қабырғасы жақұттан жасалыпты. Пайғамбарымыз мешіттің ішіне кірді. Зулкайл атты періште имам екен. Ол пайғамбарға сәлемдесіп:
– Уа, Алланың елшісі, біз сенімен бір дидарласуды аңсап жүр едік. Бүгін Құдай сәтін салды, – деді шаттанып. Пайғамбар намаз оқығысы келді. Ол Зулкайлға:
– Имам болыңыз, – деп ізет көрсетті. Періште:
– Уа, Мұхамбет! Сенің алдыңда біздің имам болғанымыз жарамас, біз саған ұйиық, сен намаз бер. Сенің дәрежең бізден ұлық. Біз сіздің Нұрыңыздан жаралғанбыз. Имамдыққа сіз лайықсыз, – деді. Пайғамбар ізетпен михрабқа келіп тұрды. Зулкайл әсем дауысымен құйқылжыта азан шақырды. Сол кезде мешіттің іші періштелерге тола бастады. Періштелер көбейген сайын мешіттің көлемі де үлкейіп, кеңейіп кете берді.
Пайғамбар мешіттен ұзаған кезде тағы бір адамдарды көрді. Олардың алдында дастарқан жаюлы екен. Бір жағында жақсы, дәмді тамақтар тұрды. Екінші жағында сасық, шіріген тағамдар тұрды. Олар адал асқа қол созбай, тек шіріген асты жеп отыр. Беттері ұяттан қызарып кеткен екен. Пайғамбар:
– Бұлар кімдер? – деп сұрады. Жебірейіл:
– Бұлар – өздерінің отауында адал жары болса да, бөтеннің әйеліне көзін сатқандар. Адал жарының намысын таптағаны үшін о дүниеде адал асты жей алмай қор болады. Олардың мәңгілік азығы – шіріген тағамдар, – деді. Пайғамбар адал жайылған астын ауыз тиіп:
– Жарына адал болу – менің сүндетім. Соған бекем болған үмбетімнің ақиретте де жейтін асы адалдан болсын, – деді.
Бір уақытта пайғамбардың алдынан бір есек кездесті. Оның маңдайы ісіп, бет-аузынан қан сорғалап тұр екен. Құйрық жүндері жұлынып, алба-жұлба кейіпте бір жаққа кетіп бара жатты. Пайғамбар:
– Мына есекті кім сабаған? Құйрығы қайда? – деп сұрады. Жебірейіл:
– Құдай тағала мал-мүлікті есектің кейпінде жаратқан. Дүниеқоңыздар есекті ұстаймыз деп үнемі соңынан қалмай қуалайды. Есек оларға жеткізбейді. Олар хайуанға жете алмай, құйрық жүндерін жұлып, жамбасын қанатып тастаған, – деді.
– Ал есектің үсті-басы неге қан жоса?
– Мал-мүлік ақжүрек момындарға үйір болады. Олар қайда барса да, ізінен қалмай еріп жүреді. Ақжүрек адамдар мал-мүліктің алдамшы екенін жақсы біледі. Оны жанына жуытпайды. Есек оларды қуып жеткен сайын момындар оны басынан сабалап, қасынан қуып жібереді, – деді.
Пайғамбар одан өткенде бас-аяғы жоқ ұзын сонар керуенге тап болды. Тізбектелген қисапсыз түйелердің үстіне жүк артылған. Пайғамбар:
– Уа, Жебірейіл, бұл қандай керуен? – деп сұрады. Періште:
– Бұл керуен мен жаралғалы бар. Содан бері тоқтаусыз ағылып жатыр. Әлі соңы көрінетін емес. Сыры бір Аллаға ғана мәлім, – деді. Пайғамбар керуенді көргісі келді. Түйелерге тек жұмыртқа артылыпты. Пайғамбар Алланың құдіретімен Жебірейіл екеуі бір жұмыртқаның ішіне кіріп кетті. Қараса, жұмыртқа дегені өзінше бір әлем екен. Олар сол әлемді шарлап келіп, күмбезі үлкен бір мешітке бас сұқты. Онда бір қарт ғалым жас балаға:
– Ақырдың кезінде Мұхамбет есімді соңғы пайғамбар дүниеге келеді, – деп, болашақты болжап отыр екен. Пайғамбар мына көрініске қайран қалды. Жебірейіл періште:
– Алланың жаратқан әлемі сансыз. Оның есебі бір Аллаға ғана аян. Бұл хикметтерді жүрек көзі ашылған даналар ғана түсінеді, – деді. Пайғамбар да Алланың шексіз құдіретіне таңғалды. Осылайша олар тағы бірнеше жұмыртқаға кірсе, әрқайсысында бөлек-бөлек әлем, сан түрлі халық бар екен. Пайғамбар мен Жебірейіл керуеннен өтіп, сапарын әрі қарай жалғастырды. Осы жерде пайғамбар үшін тағы бір қызықты оқиға болды. Кенеттен пайғамбардың құлағына баспалдақтан түсіп келе жатқан адам жүрісінің дыбысы естілді. Алланың елшісі:
– Бұл не дыбыс? – деп сұрады. Жебірейіл:
– Бұл Біләл сахабаң ғой. Ол мұсылмандарды намазға ояту үшін азан шақыруға кетіп бара жатыр, – деді. Пайғамбар таңғалып тұрып қалды. Себебі ол кезде әлі намазға азан шақырып ояту салтқа енбеген еді. Біләлдің азан шақыруы мұсылмандар Мәдинаға барған соң ғана сүндетке енген еді.
Жебірейіл:
– Ей, Мұхамбет, азан айту болашақта үмбетіңе парыз болады. Азанның дауысы жеті қат жерге, жеті қат көкке жетеді. Оның дауысын естіген періштелер қуанады, жын-сайтан қайғырады, қорқады. Бұл – Алла үшін ең жағымды дауыс. Азанның дауысы қияметті қашық етеді. Үмбетің азан айтуды тоқтатқанда қиямет-қайым орнайды, – деді.
ПАЙҒАМБАРДЫҢ СИДРАТҮЛ МҮНТАҺАҒА КӨТЕРІЛУІ
Жетінші қат көктен өткен соң, пайғамбар Сидратүл мүнтаһаға келді. Бұл – Жебірейіл періштенің тұрағы. Жетінші қат аспаннан жоғары тұратын Алла тағала ерекше хикметпен жаратқан жері екен. Бұл аспанның шекарасы болып есептеледі. Мұнда да періштелер Аллаға мадақ айтып тұр. Олардың бір тобы Тәурат, Забур, Інжіл мен Құранды жазып жатыр. Жебірейіл мен пайғамбар бір бұлақтың жағасына тоқтады.
– Алланың хабибі, мына бұлақтың суынан дәм тат, – деп, Жебірейіл періште кесе толы су ұсынды. Пайғамбар дәмін татып көрді де, оның ғажайып дәмінен талып қалды. Сәлден соң есін жинап:
– Бұл ненің суы? – деп сұрады.
– Кәусар бұлағының суы – осы, – деді.
– Менің үмбетім де осы судан іше ме?
– Жоқ, Алланың хабибі, бұл – Тәңірдің сізге арнаған сыйы. Тек сізге ғана тиесілі, – деді.
– Егер менің үмбетім кәусар бұлағынан ішпейтін болса, мен де бас тартамын, – деп, бұлақ суын ішпей қойды. Сол сәтте Ұлық Алладан әуез келіп:
– Ей, қимас достым, үмбетің бұл кәусардан дәм татуы үшін менің бір шартым бар. Үмбетің Рамазан айында ораза ұстасын. Ауыз ашатын суын алдын ала дайын қылсын. Менің періштелерім осы кәусар бұлағынан су алып, олардың ауызашарға дайындаған суына тамызып шығады. Сонда олар да бұл кәусардан дәм татады, – деді. Содан бастап мұсылмандар оразада ауыз ашатын суды алдын ала арнайы дайындап қоятын болыпты.
Бас мұқараб періште Жебірейіл Сидратүл мүнтаһадан әрі ұшпай тоқтап қалды. Пайғамбар оның қолынан ұстап:
–Әй, досым, неге тоқтадың? Жүр кеттік, – деді. Періште:
– Ей, Мұхамбет, Алла тағала маған дәл осы жерге дейін ұшуға рұқсат берген. Әрі қарай барсам, қанаттарым күйеді. Мен сені осы жерде күтіп, жер бетіне қайта апарамын. Алланың дидарын көру – тек саған ғана жазылған Ұлы Бақыт, – деп Сидратүл мүнтаһада қалды.
Мұхамбет пайғамбар аң-таң болып тұрып қалып еді, алдынан Мәкәйіл періште шықты:
– Ей, Мұхамбет, саған әрі қарай мен серік боламын. Бұл – менің маңдайыма жазылған бақыт. Әуел әлем жаралғанда біз, төрт періште, саған көрсетілетін құрметті бөліп алған едік. Енді менің кезегім келді, – деді де, пайғамбарға жол бастады. Пайғамбар Мәкәйіл періште екеуі жоғары қарай көтеріліп келе жатқанда, жолда Құран әріптері сияқты әдемі суретте ағып жатқан жеті дарияны көрді. Олардың түр-түсі, бір-біріне ұқсамайтын өзгеше екен. Пайғамбар:
– Иә, Мәкәйіл, мына жеті дария ненің хикметі? – деп сұрады.
– Бірінші дария – тіршілік дариясы. Адам баласы дүниеге келген соң, тіршілік қамын жасайды. Тірі қалып, аман-сау жүрудің жолдарын меңгереді. Екінші дария – білім дариясы. Тіршілікке жалғанып, қолы аузына жеткен үмбетің оқу оқып, сауат ашпаса, қараңғылықтан шыға алмас. Білім болмаса, ит тіршілікке байланып, надандықта қалып қояды. Сондықтан хат танып, білім жинау үмбетіңе парыз болмақ. Үшінші дария – ақыл дариясы. «Ақыл – білімнің сауыты» деген. Екі дүниені қатар барлайтын ақыл нұры болмаса, құр білімнен пайда жоқ. Ақылсыз білім, Хақты тануға жол бермей, пендені тәкаппарлық дертіне ұрындырады. Сондықтан үмбетіңе жаралыстан ғибрат алып, үнемі ойланып, ақыл айнасын нұрландыру міндет болмақ. Төртіншісі – мейірім-шапағат дариясы. Ақылды үмбетіңе бұл дарияның хикметі дарымаса, суық ақылға бой алдырады. Ондай адамның көңілі қатайып, мейірім-шапағатқа кедей болады. Сондықтан мейірім-шапағатсыз, махаббатсыз ақыл тұл. Бесінші дария – бейнет дариясы. Бұл дарияның хикметі қонғанда адам күш-қайратын адамзаттың игілігіне жұмсайды. Жинаған білімі мен мол тәжірибесін кейінгі ұрпаққа үйретеді. Осы жолда тер төгеді, еңбек етіп, халыққа қызмет етуден ләззат алады. Тақуалықта табанды болады. Алтыншы дария – зейнет дариясы. «Бейнет түбі – зейнет» деген. Бұл дарияның шарапаты тигенде ол үмбетің еліне құрметті болар. Жас кезде төккен ащы терінің тәтті жемісін жейді. Халқы ондай адамды төбесіне көтеріп сыйлайды. Жетіншісі – имандылық дариясы. Иман дариясы дарыған үмбетіңнің жүрек көзі ашылады. Бұл кезде олардың кеудесінде жалғыз-ақ арман қалады. Ол – Алланың дидарымен қауышу. Бұлар құлшылық қылғанда бейне бір ұлық Алланы көріп тұрғандай сезімде болады. Риядан толық айығып, көңілінде ақирет күнінің қаупі дүнияның уайымынан басым болады, – деді. Сонда Пайғамбар:
– Мен үмбетіме иман үйретіп жүрмін. Ал мына жерде иман дариясы ең соңғы қабатта ағып жатыр. Бұл қалай? – деді. Сонда Мәкәйіл:
– Жоқ, иман дариясы соңында емес, керісінше, ең жоғарғы сатыға қойылған. Осы жеті дариядан түгел өткен үмбетіңе кәміл адам дәрежесі нәсіп болмақ, – деді. Осы кезде пайғамбардың көңілі жайланып:
– Иә, Алла! Менің үмбетіме кәміл адам дәрежесі нәсіп болғай! – деп дұға қылды да, жеті дариядан шалқып өтті. Бір кезде Мәкәйіл періште:
– Досым Мұхамбет, мен енді әрі қарай ұша алмаймын. Қанатым күйеді. Менің міндетім – сені осы жеті өзеннен өткізу. Әрі жүрсем, Аллаға қарсы келген боламын. Қайтарда сені осы жерде күтіп, жеті өзеннен қайта алып өтемін, – деп пайғамбармен қош айтысты.
Пайғамбар пырақпен одан әрі көтеріліп еді, бір үлкен періштені көрді. Ол періштенің басы жеті көктен асып, ғарышқа тиіп, ал аяғы жеті қат жер астындағы қақтасқа тиіп тұр. Оны жай адамдар көре алмайды. Оны Алланың қалауымен тек пайғамбар ғана көрді. Ол періштенің аты Ысрапыл екен. Оны Сақибус-сур, яғни сүр үрлеуші періште деп атайды екен. Оның көз жанары жиегінде күннің көлемінен жүз есе үлкен бір тамшы жас тұрды. Егер бұл жас жер жүзіне тамып түссе, бүкіл жер-жаһанды түгел су басады екен. Нұх заманындағы топан су осы Ысрапылдың көзіндегі бір тамшы жасынан пайда болыпты. Ол он сегіз мың ғаламдағы от, су, жел, топыраққа жауапты. Ол Алланың әмірімен күллі табиғат, әр алуан құбылыстарды бақылап отыр.
– Әй, Ысрапыл, қияметтің періштесі. Сенің сүріңмен қияметте барша адам қайта тіріледі. Менің үмбетім де тіріліп, Алланың құзырына барады. Сенен тілерім: менің үмбетім қияметте қиналмай тұрсын, менің ақ туымды оңай тапсын. Өзің жол көрсет, – деді пайғамбар. Ысрапыл:
– Бір шартым бар. Егер үмбетің күніне жүз рет «Лә иллаһа илла Алланы» айтса, онда мен оларды қияметте оңай тірілтіп, сенің ақ туыңды адаспай табуына жол сілтейін, – деді. Сосын Ысрапыл періште пайғамбарға жол көрсетіп, жоғары қарай өрледі. Ол да бір мекенсіз жерге келгенде:
– Иә, Алланың сүйікті досы. Мен әрі қарай ұша алмаймын. Қанатым күйеді. Енді сені Мәләкул Мәуіт жеткізеді, – деді. Мәләкул Мәуіт өлім періштесі Әзірейіл еді.
Пайғамбарымыз пырақпен самғап отырып жоғары көтерілгенде, Ысрапылдан да өте үлкен періштені көрді. Әзірейіл қолындағы қағазға қарап тұр екен. Оның алдында алып бәйтерек өсіп тұр. Әр жапырағында тірі адамдардың есімдері жазылған. Әзірейіл алдындағы табаққа түскен жапырақты екі жағындағы періштелерге табыс етуде. Оң жақтағы періштеге оң қолымен алған жапырақты, сол жақтағы періштеге сол қолымен алған жапырақты беріп отыр. Әзірейіл пайғамбарды көріп, иіліп сәлем берді. Пайғамбар жапырақта не сыр бар екенін сұрады. Әзірейіл:
– Иә, пайғамбар. Бұл бәйтеректің жапырағы үзілсе, жердегі бір пендеге ажалдың жеткені. Егер ол ізгі адам болса, оң жақтағы періште жанын алады. Егер зұлым болса, онда сол жақтағы періште жанын алады, – деді. Пайғамбар қайғырып, Әзірейілге:
– Менің үмбетімнің жанын қинамай ал, – деп өтінді. Ол:
– Ұлық Алла маған «Мұхамбеттің үмбетінің жанын қинамай ал» деп күніне жетпіс рет ескертеді. Бірақ бір шартым бар. Үмбетің Мұхамбеттің атына сансыз салауаттар жолдауды сүндетіне енгізсін. Егер солай жасаса, сен қайғырма, жандарын ауыртпай аламын, – деді. Пайғамбар жадырап сала берді. Әзірейіл періште де пайғамбарға жол бастап жоғары өрледі. Бір жерге келгенде ол да:
– Ей, Алланың хабибі, бұдан әрі бара алмаймын. Менің рухани болмысым Алла дәргейіне мұндай жақын баруға жаралмаған. Осы арадан қайтам. Әрі қарай ұшсам, Алланың нұры қанатымды күйдіреді, – деді.
Пайғамбар пыраққа мініп жалғыз ұшты. Аршыдан өтіп, үлкен дарияға тап болды. Сол жерге келгенде пырақ:
– Ей, Мұхамбет, мына дариядан мен түгіл, бірде-бір періште өте алмайды. Дарияның шеті мен шегі жоқ. Ұшқан мақұлық дарияның ортасына да жете алмайды. Сондықтан мен әрі қарай алып ұша алмаймын. Сені осы жерде тосамын, – деді. Мұхамбет пырақты қоя беріп, дарияның жағасына келгенде ғайыптан жайнамаз пайда бола кетті. Ол адамша тіл қатып:
– Ей, Мұхамбет, менің үстіме мін. Мен сені дариядан өткізіп, Алланың дәргейіне жеткіземін, – деді. Пайғамбар жайнамазға мініп, екі бас намаз оқыды. Жайнамаз ұша жөнелді. Көзді ашып-жұмғанша оны дарияның арғы бетіне жеткізді. «Намаз – мұсылманның миғражы» деген нақыл сөз осыдан қалса керек-ті. Жайнамаз бен пырақтың ұшу қарқыны аспан мен көктің парқындай екен. Жайнамаздың жанында нұр-пырақтың шабысы жаяу жүргендей сезілді. Пайғамбар жайнамазды тастамай, миғраждан үмбетіне ала келді. Содан бастап жайнамаз киелі бұйымға айналыпты.
ПАЙҒАМБАРДЫҢ ҒАРШЫ АҒЛАҒА КӨТЕРІЛУІ
Пайғамбар Ғаршы ағлаға келсе, шет-шегі көрінбейтін үлкен бір перде тұр екен. Жайнамаз одан өтіп барып кілт тоқтады. Пайғамбар жайнамаздан түсіп, тоқсан тоғыз қадам басты. Әр қадам басқан сайын Алланың бір есімін айтып, ұлықтап отырды. Осыдан бастап Алланың 99 есімі дүния адамдарына мәлім болды. Бір жерге келгенде Ұлық Алладан махаббат пен мейірімге толы достық пейілдегі дауыс естілді:
– Ей, менің хабибім, сүйікті досым, қош келдің!!!
Пайғамбар дауысты естігенде жүрегі езіліп, жанарына жас толды. Қолын жүрегіне қойып, басын иді:
– Ассалаумалейкум, Тәңірі тағалам, Жасаған ием!!! – деді жүрегі қуаныштан жарыла жаздап.
– Уағалейкумсалам!!! – деді рахмани әуез. Сосын:
– Әй, досым, маған қандай сыйлық әкелдің? – деп тағы да үн қатты. Пайғамбар:
– Иә, Алла!!! Дүниеден ұлықтығыңа лайық ештеңе таппадым. Өзімнің жан жүрегімді алып келдім, – деді. Алла тағала:
– Менің де күткен сыйым – осы. Таза жүрек, кіршіксіз көңіл, кең пейіл – Мен үшін ең үлкен сый, – деді де: – Тағы не әкелдің?– деп сұрады.
– Қарабет үмбетімнің күнәларын ала келдім. Оларға мейірім-шапағат ет. Күнәларын бетіне баспа. Менің үмбетім заманның ең қиын кезінде ақиқат алаңында сыналады. Оларға залымдармен күресу қиынға соғады, – деді.
– Мақұл, дегенің болсын! Олардың күнәсін шапағат суымен жуып кетіремін. Заманның қиындығына орай үмбетіңе сан түрлі жеңілдіктер жеткеремін. Басқа қандай тілегің бар? – деді.
– Олардың бәрін жаннатқа кіргізсең деймін.
– Кіргізем. Тек оларға қояр шарттарым бар.
– Жаратушы ием, шарттарыңды айт. Қарабет үмбетіме өсиет етіп қалдырайын.
– Біріншіден, үмбетің Менің бірлігіме шүбә келтірмесін. Екінші, ата-анасын сыйласын. Олардың Менен кейінгі жаратушысы – солар. Үшінші, өлгенше надандықпен күресіп өтсін. Ілім іздеп, ғылым игеру ендігі заманда үмбетіңе парыз болады. Төртінші, әділдіктің туын жықпасын. Күллі адамзаттың теңдігі үшін күрессін. Бесінші, ұрпағына рухани тәлім-тәрбие беруді міндет деп санасын. Адамзаттың азғындауына жол бермесін. Алтыншы, елі мен жұртының бейбіт өмірі мен берекелі тіршілігінің тұтқасы болсын. Елдің ынтымағын ойламаған ізбасарың Мені бір деп тани алмайды. Жетінші, бөтеннің айыбын ашуға емес, жабуға бейім болсын. Ақысына ақиретте Мен де оның айыбын жабамын. Сегізінші, жазықтыны жазалауға емес, кешіруге асық болсын. Себебі Мен жазалауды емес, кешіргенді сүйетін мейірімді Алламын. Тоғызыншы, бөгде жұрттың сенім-нанымын кекетіп-мұқатпасын. Кемсітуге ұшыраған халық надандықпен Исламды сөгетін болады. Оныншы, үмбетің сенің көркем мінез-құлқыңды үлгі қылсын. Сондықтан да Мен сені ерекше көркем мінезді етіп жараттым. Он бірінші, үмбетің басына қандай сынақ түссе де, Менен үмітсіз болмасын. Менің дәргейімнен Ібіліс ғана үмітсіз кеткен, – деді. Жаратушының шарттарын Пайғамбар қабыл алды. Қуанғаннан Ұлық Аллаға мақтау айтты. Ұлық Алла:
– Менің сүйікті досыма құрмет көрсетіңдер!!! – деп әмір еткені сол еді, ғайыптан үлкен сарай, сансыз періштелер пайда болды. Ұлық Алла:
– Әй, Мұхамбет, сарайға кір, қонақ бол!!! – деді. Пайғамбар сарайға кірді. Періштелер оған алтын табаққа салып дүр-гауһардан шашу шашып, құрмет көрсетті. Пайғамбар бұл сияпатқа таң-тамаша болды. Себебі мұндай құрметті алғаш көрген еді. Ұлық Алла:
– Сенің келгеніңе барша періште қуанып жатыр. Менің сүйікті қонағым барлық сияпатқа лайық, – деді. Пайғамбар:
– Менен өзге де сыйлы қонақ бола ма? – деп сұрады. Ұлық Алла:
– Жүрегін таза ұстаған салихтар, қылдай қиянаты жоқ момындар – қияметте менің құрметті қонақтарым, – деді.
Сарайдың ішінде шет-шегі жоқ ақ дастарқан жайылыпты. Пайғамбар дастарқан басына жайғасты. Күллі періште қызмет етуді мәртебе санап, тікесінен тік тұрды.
Ұлық Алла періштелерге:
– Менің сүйікті пайғамбарымның шынтағы мамыққа тисін, – деді. Періштелер Мұхамбеттің оң бүйіріне жастық әкеліп қойыпты. Содан бастап мұсылман қауымында қонаққа жастық ұсынатын дәстүр пайда болыпты.
Алла тағала пайғамбарға:
– Достым, не қалайсың? Бүгін сұрағаныңның бәрін беремін. Мен сені екі дүниенің нығметіне қатар бөлеймін. Мына дастарқандағы ас-ауқат жаннаттың ең асыл тағамдарынан саған арнайы дайындалып жасалған. Дастарқаннан дәм ал, – деді. Пайғамбар:
– Менің үмбетім де осы дастарқаннан үлес ала ма? – деп сұрады.
– Жоқ, тек саған ғана. Мен бұл тағамдарды сенің бір өзің үшін ғана әзірлеттім.
– Олай болса, үмбетіме бұйырмайтын ас-ауқаттан тойып ішуге менің ар-ұятым жібермейді, – деп, дәмге қол созбай отырып алды.
– Онда мына дастарқанды саған сыйлыққа берем. Ішіне ырыс, дәулет, берекені жасырдым. Үмбетіңе айт. Егер дастарқанын таза ұстап, адал асқа ғана жаятын болса, күллі ырысты сол дастарқаннан табады, – деді Алла.
Пайғамбар дастарқанды өзімен берге миғраждан ала келіпті. Үмбетіне «шаңыраққа береке кірсін десеңдер, дастарқанға арам ас жолатпаңдар, аяқасты етпеңдер» деп өсиет қалдырыпты.
Миғраждан қайтар сәтінде Ұлық Алла періштелеріне:
– Мұхамбеттің иығына зүмірет таспен безендірілген шапан жабыңдар. Басына сәлде ораңдар. Сәлде ер үмбетінің қорғаны болсын, – деді. Періштелер пайғамбарға салтанатымен зерлі шапан жапты, басына сәлде орады. Сол кезде пайғамбар:
– Сәлде ердің қорғаны болса, әйелдің қорғаны не болмақ? – деп сұрады. Ұлық Алла:
– Әйел затты үмбетіңе орамал беремін. Орамал олардың әрі көркі, әрі қорғаны, әрі иба-әдебі болады, – деді.
Пайғамбар миғраж сапарынан мұсылман үмбетіне тоғыз түрлі қасиетті зат ала келіпті. Олар Құран, жастық, дастарқан, шапан, сәлде, орамал, жайнамаз, сәлемдесу үлгісі, намаз екен. Мұны «пайғамбардың базарлығы» деп атайды. Ел арасында Құранды құрметтеу, дастарқанды баспау, киім-кешекті, бас киімді, орамалды аяқасты етпеу, жастықты, жайнамазды қадірлеу сияқты ырымдар осыған орай шығыпты. Алламен сұхбаттасып, махаббаттың мейіріміне қанғаннан соң, жайнамазбен Сидратүл мүнтаһаға келеді. Ол жерде пырақ күтіп тұр екен. Оған мініп жетінші қат көкке келеді. Жолда Жебірейіл періште қайтадан серік болып қосылады. Жетінші қаттан төмен қарай сатылай түсіп отырып, жерге оралады. Келсе, әлі түн мезгілі екен. Інісі ұйықтап жатыр. Пайғамбар:
– Әй, Жебірейіл, біз қанша күн сапар шектік? – деп сұрады. Періште:
– Иә, Расул, миғраждан келемін дегенше, көбелек қанат қағып үлгермеді. Алланың уақытына пенденің сағат өлшемі жүрмейді. Жердегі мың жыл Аршы ағлада көзді ашып-жұмғанша зыр етіп өтеді, – деді. Пайғамбар Алланың әлі таусылмайтын тылсым сырларына тәнті болды.
Мұхамбет пайғамбар Жебірейілмен, пырақпен қоштасып жерде қалды. Олар көз ұшында аққан жұлдыздай боп зулап кете берді. Төсегіне қайтып келсе, жайы суымапты.
ДҰШПАНДАРДЫҢ МИҒРАЖДЫ СЫНАУЫ
Пайғамбар миғраждан келген соң, Қағбаның жанында жұрттың бәрін жинап, көрген-білген оқиғасын айтты. Дұшпандары мына әңгімені естігенде есі кете қуанды. «Мұхамбеттің есі ауысқан, есалаң екені енді анық болды. Бұдан кейін айтқанын екі етпейтін ана Әубәкірі де пайғамбарсымағын тәуіпке қарататын шығар» деп шуласты. Олар Әубәкірді ортаға алып:
– Әй, Әубәкір, Құдыс пен Меккенің арасы қанша күндік жол? – деді.
– Түйемен жүрсе, бір айшылық.
– Солай ма? Сенің ана Мұхамбетің жалаң аяқ, жалаң бас бір түнде Құдысқа жетіпті. Онымен қоймай жеті қат көкті кесіп өтіп, Алланың өзімен дидарласып, қонақта болыпты. Бұған не дейсің? Осы сау адамның сөзі ме?
– Өзі солай деді ме?
– Иә. Айтпағанды айтты деп, көрмегенді көрді деп жала жабатын бізді жәһіл деп пе едің? Жұрттың бәрін Қағбаға жинап алып, жария түрде өзі айтып отыр.
– А-а-а, пайғамбар айтса, рас айтады. Менің жүрегімде қылдай да күмән жоқ. Ол бір түнде емес, бір мезетте барса да, әбден мүмкін. Оның Алласы сондай күшті!
– Бір Меккеге бір жынды аз еді, енді екеу болдыңдар. «Қотыр атқа соқыр ат» жарасып қалды.
– Кім қотыр, кім соқыр, оны уақыт көрсетеді. Ал сендерге біздің «жындылықты» түсіну әлі ерте. Құдай көкіректеріңді ашсын! Бәріңе сондай ұлық дәреже тілеймін, – деді Сыдық.
– Біз мұны адам деп айтып тұрсақ, сөйлеп тұрған сөзінің түрін қара. Керек еді бізге сол сиқыршының дәрежесі, – деді де, дабырласып қайтып кетті.
Олар енді Мұхамбетті ортаға алды. Оған:
– Елді уахимен жынды қылғаның аз еді. Жаңадан ойлап тапқан миғраж ертегің құтты болсын! – деп кекетті. Пайғамбар:
– Бауырлар, мен ол жақта сендерді өте қиын халде көрдім. Меніңше, бұл – Алланың бұйрығы емес, алдын ала ескерткені. Райларыңнан қайтыңдар! Әділдік пен мейірім-махаббатқа оралайық. Бәріміз бауырмыз. Осы жасқа дейін менің бір рет өтірік айтқанымды естідіңдер ме? Осыған дейін мен біреуіңді алдап па едім?! Миғражға барғаным рас, – деді. Надандар пайғамбардың жылы жүрекпен айтқан сөзіне жібіп қалды.
– Жарайды, барсаң, барған шығарсың. Құдайлар не істемейді?
– «Құдайлар» емес, «бір Құдай» деп сөйлеңдер! Ендігі Жаратушы құдіретті бір деп танитын уақыттарың болды. Көп құдай деп қасарыса беру бәрімізді алауыз қылады. Бірлікпен тірлік қылайық, бауырлар!
– Жарайды, біз уағыз тыңдауға келген жоқпыз. Нақты сұрағымыз бар.
– Сұраңдар.
– Біздің арамызда Құдыста болған саудагерлер баршылық. Әл-Ақсаны олар да көрген. Сен енді мықты болсаң, әл-Ақсаның сыртқы түр келбетін, айналасында не бар, не жоғын айна-қатесіз баяндап бер. Сыннан сүрінбесең, Аллаңды мойындайық, – деді. Олар расында да пайғамбарды жіңішке жерден ұстады. Себебі пайғамбар түнде барғандықтан, әл-Ақсаның айналасын көрген жоқ. Қырсыққанда залымдар әл-Ақсаның ішін емес, сыртын сұрап отыр. Бір сәт үнсіздік орнады. Үнсіздік созылған сайын олар бір-біріне қарап жымиып, «ұсталды» дегендей ишара жасасып, бір желпініп қалды. Кенет Жебірейіл қарсы алдына келіп қонды. Жүрегі соқыр надандар оны байқамады. Періште ғайыптан бір терезе ашты. Ол жерден әл-Ақсаның сыртындағы әрбір ою-өрнегі мен маңайындағы өсіп тұрған ағаш, гүлдерге дейін анық көрініп тұрды. Пайғамбар терезеге қарап отырып, шетінен суреттеп кете берді. Жебірейіл әл-Ақсаның ең соңғы түйір тасы сипатталып болғанша тапжылмай отыра берді. Келгендер айтарға уәж таба алмай жер боп отырып қалды. Біреуі тұрып:
– Сен де талай керуенге ерген адамсың. Жас кезіңде Құдысқа барған шығарсың. Тіптен болмаса, сонда болған бір мүридіңнен сұрап алған шығарсың, – деді өзеуреп.
– Тағы не сұрайсыңдар?
– Бұлтартпас тағы бір дәлел келтір.
– Жолда құмды дауылға ұшыраған бір керуенді көрдім. Бір түйесі зорығып өлді. Оның жүгін басқаларға бөліп, теңдеп жатқан. Сол керуен бүгін түс ауа осында жетеді. Тексеріп көріңдер, – деді. Мұсылманы да, басқасы да түс ауа керуеннің жолын шыдамсыздана күтіп тұрды. Ақыры олардың төбесі көрінді. Пайғамбардың айтқаны дәл келді. Дұшпандары «бұл сиқыршыға дауа жоқ екен» деп үйлеріне тарап кетті. Екі тарапқа да қосылмай, әліптің артын бағын жүрген талай жұрттың жүрегіне тағы да ақиқаттың ұрығы аздап болсын шашылды.
УАҚЫТ ІШІНДЕГІ УАҚЫТ
Пайғамбар миғраж сапарын баяндап отырып:
– Миғражға ұшып бара жатқанда құмыраны шапанымның шеті іліп кетті. Ол құлап бара жатты. Мен ішімнен «Қап, сүт төгілетін болды-ау. Аққа обал болды» деп уайымдап кеттім. Содан соң күллі ғаламды аралап, шарлап шыққан соң, Алланың дәргейінде қонақта болдым. Сапарым тамам болған соң, Жебірейіл мені пыраққа мінгізіп, үйіме әкеп тастады. Үйге кірсем, кетерде құлатқан құмырам әлі құлап болмапты. Дереу шап беріп ұстай қалдым да, түзетіп нықтап қойдым, – деді. Серіктері миғраж оқиғасын тамсана тыңдап, арман-қиялдарына ерік беріп отырды. Олардың арасында жазу-сызуды білмейтін қараңғылау бір құмырашы бар еді. Ол өмір бақи Меккеде базардан басқа жерді көрмеген. Сұхбат бітіп, пайғамбардың үйінен тарасқан соң, жолда келе жатып қасындағы көршісіне:
– Мұхамбеттің уағызы керемет. Өзі де ғажап адам. Қолы ашық жомарт. Әсіресе, Құраннан аят оқығанда тұла бойым шымырлап кетеді. Бірақ бүгін қатты әсерленіп кетті-ау деймін, ана құмыраның қисайып, сонша уақыт ауада ілініп тұруы сәл ертегі сияқты. Сол құмыра сынды десе де, сенеміз ғой, – деді. Көршісі:
– Әй, бауырым, пайғамбардың сөзіне күмән қылма. Күмән иманнан айырады. Мұхамбеттің өтірік айтқанын қашан көрдің?
– Жоқ, сен мені дұрыс түсінбедің. Мен күмән қылып не болмаса өтірік айтты дегем жоқ. Аздап әсерленіп кетті деп жатырмын.
– Пайғамбар артық әсерге бөленбейді. Ол ақиқатты айнытпай айтады.
– Неге бөленбейді? Өзі де «Мен де сендер сияқты адаммын. Алланың құлымын» деп жиі айтып отырады ғой, – деп дес бермеді. Үйіне кірсе, әйелі қамыр жайып, ас әзірлеп отыр екен. Ол ерін көрді де:
– Үйде су бітіп қалыпты. Бұлақтан бір шелек су әкеп берші, – деп суға жұмсады. Ол ыдысын алды да, тысқа шығып кетті. Беті ашық бұлақтан екі шелек су алды. Кенет аяғы тайып кетіп, балшыққа барып жығылды. Сырғып барып, суға күмп ете қалды. Су ішінде бір мезет қана арпалысып, денесін түзеп алды да, басын шығарды. Қараса, бұлақ емес, арнасы кең дарияның жағасында арпалысып жатыр. Қарманып, тырбанып жағаға шықты. Қараса, үстінде киімі жоқ. Жынысы әйелге өзгеріп кетіпті. Әуретті жерлерін жауып әуре болды. Шелегі де, ауыл-аймағы да көзден ғайып болған. Ол түк түсінбей, үрпиіп тұрды. Сәлден соң өзеннің жағасымен бір атты кісі кетіп бара жатты. Айғайлап, оны өзіне шақырып алды. Оған болған жайдың бәрін баяндап әлек. Аттылы ішінен «Мына әйелді жын соғып кеткен екен. Еркекпін дегені несі» деп ойлады да, сұлу әйелді артына мінгестіріп алып кетті. Жолда кездескен тегін олжаны өзіне қатын етіп алды. Олар он жыл отасып, әйел бес баланың анасы атанды. Сол үйдің отымен кіріп, күлімен шықты. Бір күні тапа-тал түсте тамақ дайындап жатып, өзенге суға кетті. Келді де, шелегін толтырып алды. Қозғала бергенде аяғы тайып кетті де, өзенге жалп ете қалды. Ол суға жүзе алмайтын. Бақыруға шамасы келмей, өзенге бір сәтке батып кетті. Жанталасып судың бетіне қалқып шығып еді, түн ортасында бұлақтың ішінде шалпылдап жатыр екен. Екі қолын тіреді де, бұлақтан оп-оңай атып шықты. Қараса, баяғы бұлағы. Шелегі қозғалмаған. Бетіндегі суы дірілдеп әлі толқып тұр екен. Жынысы еркек. Таңғалып тұрып қалды. Есін жинап, шелегін алды да, үйіне қарай асықты. Арсың-күрсің кіріп келді. Әйелі:
– Судың бәрін төге-мөге үйге жүгіргенің қалай? Біреу қуды ма? – деді. Ол:
– Әй, қатын, менің кеткеніме неше жыл болды? – деді.
– Есің дұрыс па сенің? Қайдағы жыл?
– Сен мен кеткенде қайда болдың?
– Қайда болғаны несі? Үйде отырмын.
– Мен он жыл басқа елде біреуге қатын болдым.
– Қатының не? Мен ғой бұл үйде қатын. Саған бірдеңе көрінді ме? – деді әйелі.
Сол кезде барып оның ойына пайғамбардың миғраж сапарына күмән келтіргені сап ете қалды. Алланың хикметі екенін түйсікпен ұқты. Тәубе етіп, шүкірлік қылды.
ҮҢГІР ОҚИҒАСЫ
Мұхамбетті өлтіруден басқа амал қалмады. Бірақ оның бір қаупі бар. Ежелгі дәстүр бойынша «қанға қан» деген салт бар еді. Өлтіргеннің өзі өлуі мүмкін. Әбутәліп қайтқаннан кейін оның әулетіне Әбулақап жауапты болды. Ол Әбужәһілдің мүдделесі еді. Сондықтан залымдар пайғамбарды өлтірудің нақты жоспарын құрды. Олар:
– Әр рудан бір-бір адам шығарайық. Ана сиқыршыны жабылып өлтірейік. Егер қырық адам пышақ ұрса, құныкері біз болмаймыз. Сұраушысы болса, құнын халықтан өндіріп алсын, – деді.
Осылайша қырық рудан бір-бір адамнан шығып, түнде пайғамбардың үйіне келді. Жебірейіл періште олардың күбір-сыбырын Мұхамбеттің құлағына естіртіп қойды. Пайғамбар бейне бір оларды бір бөлмеде тыңдап отырғандай естіп отырды. Ол «Ясин» сүресін оқып, далаға дем салды. Әп-сәтте ауланы қалың тұман басып қалды. Үйден кімнің шығып, кімнің кіргенін адам біліп болмады. Пайғамбар шықты да, жолда өзін күтіп тұрған Әубәкір екеуі Хира тауына қарай желе жөнелді. Кәуірлер Мәдинаға баратын жолға да торуыл қойды. Алда-жалда қашып шықса, осы жерде тұтамыз деп ойлады. Расында да ала таңмен арпалысып Әубәкір түйесімен желіп келе жатты. Ол пайғамбарды ала дорбаға салып, түйенің бір шетіне теңдеп алған. Қарулы жасақ оны оп-оңай қоршап алды.
– Ей, Әубәкір, қайда тарттың? Жүрісің суыт қой, – деді.
– Мәдинаға.
– Не үшін елден бездің әлде қашып бара жатсың ба?
– Ерлердің бір ісі қашумен бітеді.
– Қасыңнан бір елі ажырамайтын пайғамбарың қайда? Бізге Мұхамбет керек. Сенде ісіміз жоқ. Маған десең, жер ауып кет, – деді.
Әубәкір өмірінде өтірік айтып көрмеген еді. Ол тек қана шын сөйлейтін болғандықтан, ел оны «Сыдық», яғни «шыншыл» деп атайтын. Әубәкір:
– Пайғамбар мына ала қанардың ішінде отыр, – деп шынын айтты. Жасауылдар «Біздің жігіттер ендігі Мұхамбетті үйінде пышақтап өлтірген де шығар» деп сеніп тұрған. Олар:
– Мұхамбет қасыңда болса, қанарға салып емес, төбеңе отырғызып қашарсың. Сенің мына қанарыңның ішінде адам тұншығып өлер. Жолыңнан қалма, Мұхамбет артыңнан көп кешікпей жетіп қалар, – деп қарқ-қарқ күлді де, Әубәкірді босатып жіберді.
Бұл оқиға пайғамбардың есінде мәңгі сақталып қалды. «Мына өтірік айтуды білмейтін Әубәкірім мені сәл болмағанда дұшпандарыма ұстап бере жаздаған. Тек шын сөйле дегенде, осылай да сөйлей ме екен? Әй, бір зәремді ұшырдың-ау сол жолы» деп есіне алып, сахабаларын күлдіріп отырушы еді. Меккедегі қалың тұман таң ата тарады. Залымдар пайғамбардың үйін қоршап келе берді. Сол кезде есік ашылды да, үйден Әзіреті Әлидің бір өзі шықты. Дұшпандар Мұхамбеттің тұманда қоршаудан шығып кеткенін білді. Олар із кесетін атақты аңшыны алдына салып, шапшаң ізге түсті. Із кесуші қараңғыда қарсақтың ізінен жаңылмайтын нағыз әккінің өзі еді. Пайғамбар бұл кезде Хира тауына жетіп үлгерген еді. Олар бір үңгірдің ішіне кіріп тығылды. Әне-міне дегенше қуғыншылар да келіп жетті. Олардың дабырлаған дауыстары іштегі екеуге анық естіліп тұрды. Бір қарағанда пайғамбардың соңғы сағаты соққандай еді. Қуғыншылар ізге дәл түскендіктен, қанжарларын қыннан суырып, пайғамбарды ұстаған бойда боршалап тастауға тас түйін дайын келе жатты. Қашқан із үңгірдің аузына келіп тірелді. Із кесуші:
– Олар осында отыр. Енді барар жер, басар тауы жоқ. Осымен менің ісім бітті, – деп кері шегінді.
Залымдар он-ақ қадам жерде тұрды. Енді бар болғаны еңкейіп қараса, жетіп жатыр. Үңгір тар болғандықтан, қуыстағы екеудің тобықтары еңкейіп қараған адамның өзіне көрініп тұрды. Пайғамбарды сүйреп шығармаққа бекінген бір қаныпезер үңгірдің тап аузына тақап келгенде бір керемет және болды. Ғайыптан бір өрмекшінің торы тоқылып, үңгірдің аузын жауып қалды. Тордың тығыз тоқылғаны сондай: оның арасынан адам тұрмақ, шыбын да ұшып өте алмас еді. Жаңа ғана тоқылған өрмек деп ешкім айта алмас, сірә! Өрмекті әбден шаң басқан. Үш-төрт күн бұрын торға түсіп, жем болған жәндіктердің қураған өліктері торда ілініп толып тұр. Одан бөлек, тордың бер жағында адам аяғын баспаса, өте алмайтын тар қуыста бір көгершін жұмыртқа басып жатыр. Оның да ұясы күннен әбден сарғайып, тозып кеткен. Көгершіннің қанатының астынан сары ауыз балапанның тұмсығы көрінді. Ұлық Алла Мұхамбеттің нұрынан он сегіз мың ғаламды жаратқан соң, бір көгершін мен өрмекшіні жер бетіне жіберіп жатып:
– Әй, көгершін! Менің хабибім Мұхамбет ақырдың соңында дүниеге келеді. Ол дұшпандарынан қашып, Хира тауының үңгіріне бой тасалайды. Сол кезде сен үңгірдің аузына ұя саласың. Ал сен, өрмекші, сол сағатта өрмек тоқисың! Екеуіңе соған дейін жетерлік ғұмыр жазамын, – деп әмір еткен. Өрмекші мен көгершін озалдан бері пайғамбардың келуін күтіп жатқан. Екі жәндік міндетін мінсіз атқарып жатты.
Қаныпезер оларды көріп кілт тоқтады. Ол:
– Ей, есалаң, сен бізді қайда алып келдің? Мынау атам заманғы үңгір ғой. Бұған адам баласы аяқ баспағалы қай заман?! – деді із кесушіге.
– Үңгір ескі болғанымен, із жаңа ғой. Басқан ізі суымаған екеудің табаны таң ата осы үңгірге келіп тірелген. Шыққан із жоқ. Енді саған не керек?
– Онда неге құстың ұясын таптап кетпеген? Мен қазір үңгірге кірер болсам, мына ұяны таптап қана кіре аламын. Олар не ұшып өтті ме?
– Амалын тауып аттап кеткен шығар?!
– Солай болсын делік. Өрмекшінің торына не айтасың? Жаңа тоқылғанға ұқсамайды. Шаң басып қалыпты. Егер олар бүгін кірген болса, мына торды үзген болар еді.
– Көп сөзді қайтесің? Еңбектеп бар да, еңкейіп қарасайшы. Тар үңгірдің түбі көрініп тұр ғой. Екеуін желкесінен сүйреп шық та, боршалай бер. Қаласаң, отқа тірідей пісіріп же, – деді із кесуші селт етпестен. Іштегі екеу бұл сөздің бәрін анық естіп отырды. Әубәкір демін іштен тартып, пайғамбарды қапсыра құшақтап, ескерткіштей қатты да қалды.
Расында да, үңгірдің аузына еңбектеп келіп, еңкейіп қараса, жетіп жатыр еді. Бірақ олай істеуге надандардың кібірлігі жібермеді. Себебі олар он жыл бойына мұсылмандардың еңкейіп сәждеге баратын намаздарын ең абыройсыз құлшылық деп санайтын. Өздерін тірі құдай сезінетін меккеліктер үшін бұ дүниеде кісінің көзінше еңкейіп-тоңқайғаннан артық қорлық жоқ еді. Қаныпезер ішінен «Қазір еңкейсем, мыналар мені кейін сәжде жасап мұсылман болды деп мазақ қылады-ау. Тіпті мен туралы өлең шығарып, елге таратып жіберуі де мүмкін. Сосын кімнің аузына қақпақ боласың» деп сақтық қылып тұрды. Ол артына қарап:
– Әй, қайсың барсың үңгірге еңкейіп үңілетін? – деді.
Кісі баласының алдында иілуді өліммен тең көретін кілең кібір оқтау жұтып алғандай қақайып тұрып алды. «Сен кір, жоқ, сен кір» деп бір-бірін итерді. Бірақ ешкім еңкейгісі келмеді. Жалған намысқа шырмалған тобыр жол бастап келген аңшының өзін сөге бастады.
– Сені жалдаған біз ақымақ. Өрмекші торлап тастаған, ескі үңгірге несіне ертіп келдің? – деді. Олар бәрі жабылып аңшыны мазақтай бастады. Ол үңгірде екеудің отырғанын анық білсе де, аналардың мазағына шамданып үңгірге кірмей үндемей тұра берді.
– Біз білетін айлакер Мұхамбет болса, бұл жерге тығылмас. Оны осыншама ақымақ деп ойлаудың өзі – ақымақтық, – деді де, дабырласып кері шегінді. Олар үш күн, үш түн бойы Хира тауын тынымсыз сүзді. Із кесуші: «Мықты болсаңдар, өздерің тауып алыңдар», – деді де, Меккеге қайтып кетті.
ПАЙҒАМБАР МЕН ЖЫЛАННЫҢ СЕРТТЕСУІ
Пайғамбар мен Әубәкір үңгірде үш күн отырды. Ең сенімді серігі пайғамбарға жылан-шаян зиян-зақымет қылмасын деп үстіндегі киімін парша-парша жыртты да, тесіктерді бітеді. Бір қуысты бітеуге киім жетпеді. Оған жалаңаш аяғын сұғып бітеді. Таң ата іннің түбінен бір жылан Сыдықтың аяғын шағып алды. Әубәкірдің екі ерні көгеріп, өлуге айналды. Оны көрген пайғамбар жылан шаққан жерді дереу пышақпен тілді де, уытын сорып, жерге түкіре берді.
Сол кезде шаққан жыланның басы да көрінді. Пайғамбар:
– Ей, жылан, сен Әубәкірді неге шақтың? Оның кім екенін білесің бе? – деді. Жылан:
– Иә, Алланың хабибі, амалымның жоғынан шақтым. Мен осы үңгірдің иесі едім. Сені күтіп жатқаныма неше мың жыл болды, білесің бе? – деді.
– Менің келетінімді сен қайдан білдің?
– Мына үңгірдің аузындағы өрмекші мен көгершін жер жаралып, су аққалы осында тапжылмай жатыр. Бұлар не өлмейді, не ұшпайды, не балаламайды. Мен олардың жайын сұрадым. Сенің келетініңді солар айтты. Мені жаратқан Ұлық Алланың сүйікті хабибін көру – мен үшін зор бақыт.
– Ықыласыңа рақмет! Не тілегің бар?
– Екі түрлі датым бар. Бірі – сенімен дидарласып, тілдесіп қалу. Екіншісі, Алла сені дүниеге рақмет ету үшін жіберген. Сол рақметіңнен менің ұрпағым да үлес алсын. Үмбетіңе айт. Ұрпағымды бей-берекет өлтірмесін.
– Дегенің болсын! Үмбетіме «Жыланды басына ақ құйып шығарып салыңдар» деп өсиет қалдырамын. Достығымыздың белгісі ағарған айран болсын, – деді. Содан бастап мұсылмандар үйге кірген жыланның басына ақ құйып шығарып салатын болыпты.
Ал Әубәкір пайғамбардың емінен соң тез оңалып, аяққа тұрып кетті.
ПАЙҒАМБАРДЫҢ МӘДИНАҒА КЕЛУІ
620 жылы Меккеге қажылық жасау үшін Мәдина қаласынан алты адам келеді. Олар сол жолы пайғамбармен жүздеседі. Құран аяттарын тыңдаған соң, оның ешқандай да ақын емес, Хақ пайғамбар екенін мойындайды. Соңғы он жылда Мәдинада тұратын яхудилер арасында «Ақырдың пайғамбары келеді» деген сыбыс қатты тарап жатқан. Олар Расулдың шығатын мезгілі мен түр-сипатына дейін сипаттап отыратын. Қажылар пайғамбардың сөзі мен ісін салыстырып әбден тексереді. «Не де болса, бұл яхудилер айтып жүрген пайғамбар – осы» деп бір тоқтамға келді. Бір жағынан, олар сауатты яхудилерге қызыға қарайтын еді. Олардың тақуалығы мен шешендігіне қызығып, тамсанатын. Пайғамбардың атын естігенде, олар оны Мәдинаға көшіріп алғысы келді. Екінші жағынан, «Егер мұны яхудилер біліп қойса, пайғамбарды өздеріне көшіріп алып, бұрынғыдан да күшейіп кетуі мүмкін» деп ойлады. Үшінші жағынан, Мәдинадағы арабтар мен яхуди тайпасының арасы ушығып, кейістің соңы сойылға ұласып кетудің аз-ақ алдында тұрған. Олар Хақ пайғамбар осы шиеленісті бейбіт жолмен шешеді деп үміттенді. Сөйтті де, Расулдан Мәдина қаласында өздерімен бірге тұруды өтінді. Өзі мен ізіне ерген серіктеріне баспана беріп, азық-түлікпен бөлісетіндерін айтты. Пайғамбар: «Егер бір Алланы мойындайтын болсаңдар, барамын», – деп шарт қойды. Олар келісті. Сол жерде өздері кәлима-шаһадат айтып мұсылман болды. Екі арада Ақаба келісімі орнады. Бұл кезде Меккедегі кәуірлер мұсылмандарға күн бермей, қыспақты күн санап тарылтып жатқан. Пайғамбар енді серіктерін біртіндеп, жасырын жолмен Мәдинаға қарай көшіре берді. Ең соңында өзі Әубәкірмен қашып шығады. Хирадағы үңгірде қатерлі қауіптен құтылған соң, екеуі «Мәдина қайдасың» деп жүріп кетті. Бұл кезде Мәдинадағы мұсылмандар үш күннен бері пайғамбарды сағынышпен күтіп отырды. Расулдың қарасы көрінген сәтте олар жүгіріп лап қойды. Бәрі сағыныш әнін айтып, той тойлады. Бұл күннің ауып, түс мезгілі болған уақыт еді. Барлығы бір жерге жиналып, жұма намазын оқыды. Ендігі мәселе пайғамбардың үйін салу еді. Осы кезде олар: «Пайғамбар біздің үйге тоқтайды, менімен көрші болады», – деп таласа кетті. Сол кезде пайғамбар түйесінің бұйдасын шешіп: «Бауырлар, осы бастан бөлініске жол бермейік. Әр істе әділдік болсын. Мен мына түйені босатып, өз бетінше жіберем. Ол қай жерге барып шөксе, сол жерге шатыр тігем. Келісесіңдер ме?» – деді. Осы ұсынысты бәрі қош көрді. Нарды босатып кеп жіберді. Ол желе жортып Мәдинаның көшелерін аралай бастады. Жұрт пайғамбармен көрші боламыз деп түйенің алдына шөп қойды, жем тастады. Кейбіреуі түйені көс-көс деп шақырып, шелекпен су ұсынды. Тіпті қақпасының алдына түрлі түсті шүберек байлап, оны қызықтырғысы келгенімен, нар түйе оларға мойын бұрмады. Желіп отырып қаланың шетінде тұратын Әнес есімді он жасар баланың үйінің жанына тоқтады. Келісім бойынша дау болмады. Тура сол жерге бірінші қазық қағылды. Пайғамбарға баспана салу ісі басталды. Бірі ағашын, бірі кірпішін, енді бірі қамысын әкеліп, әп-сәтте бір үйдің төбесін көтеріп тастады. Жанынан жұрт жиналып, уағыз тыңдап, ілім үйренетін қосымша бөлме салынды. Ол бөлме кейін келе мешітке айналды. Ал меккелік шонжарлар «Мұхамбет Мәдинадан бір-ақ шығыпты» дегенді естігенде жан-жақтан жамырай шуласып, табалап жатты. Олар:
– Кетсе, сауап бопты. Алды-артына бір уыс топырақ.
– Лат, Манат, Уззалар ғой оны Меккеден қуып шыққан. Құдайлармен жақсы болса, Меккеде біз сияқты, үрлеп ішіп, шайқап төгіп, шалқып өмір сүрер еді.
– Маңдайының соры бар адам, қолында мөрі бармен ұстасады деген. Соры болмаса Меккенің мөр ұстаған мықтыларымен ұстасар ма еді?
– Өзінің туған бауырларының құшағына сыймаған адам айдаладағы бөтеннің қолтығына қайдан сыйсын? Ертең-ақ иттей болып өздері келеді.
– Мәдинада әһлі кітаптар тұрады. Олар сиқырды сындыруды жақсы біледі. Бұл жақтан құтылғанмен, ол жақта мықтап тұтылады.
– Сонда мұның діні осылай құтты мекеннен қотарыла көшуді қош көре ме екен? Бүйткен дініңе болайын, – деп, пайғамбарды жарыса сөгіп жатты.
Мұхамбет өзге діннен хабардар болса да Исламды басқамен шатыстырмай өз соқпағымен алып жүрді. Бір құдайлық сананы жүздеген пайғамбар еврей қауымында ғасырлар бойы шыңдап шығарды. Ғайса мен Павел христиан дінін уағыздағанда оларға синагогада бірқұдайлық түсінікке жеткен көзі ашық еврейлер ілесті. Рим империясында өркениеттің біршама талаптары орындалып қойғандықтан христиан діні ол жерде тез тамыр жайды. Ал Мұхамбетте ондай болған жоқ. Ол адамды бір ғана Тәңірге ынтық қылатын монотеистік Ислам дінін уағыздаған кезде, табан тіреп, үлгі алатын бір де бір дәстүрі жоқ еді. Ол бәрін тақыр жерден жалғыз өзі бастады. Қуыршақ құдайларын қызғыштай қорып отырған надан қауымды VІІ ғасырда бір ғана Тәңірге шоқынуға шақыру ешкімнің де ойына келмес еді. Кез келген жаңалықты жау деп қабылдайтын жабайы тайпаның арасында отырып, олардың құдайларын сынға алу – өте-мөте қауіпті іс! Қылп еткен қате қадам мойныңды қырқып түседі. Мұхамбет осы іске тәуекел еткен нағыз батыр!
Карен Армстронг
МӘДИНАДАҒЫ ОҚИҒАЛАР
МӘДИНА ШАҺАРЫНЫҢ САЛЫНУЫ
Ертеде дүниенің төрт бұрышына билік жүргізген Мәлік деген патша болыпты. Әлемде одан өткен бай, құдіретті ешкім болмапты. Бір күні патша араб жазирасында аң аулап жүріп, Меккеге келеді. Қараса, қажылық мезгілі екен. Жұрт оны патша екен деп елемейді. Ол уәзірінен:
– Бұлар неге маған тағзым етпейді? – деп сұрайды. Уәзірі:
– Ей, падишам, бұлар – табиғатынан надан, тәкаппар халық. Ыбырайымның Қағбасынан артық ешкімді мойындамайды. Оны көңілге алмаңыз, – дейді. Патша:
– Олай болса, мен бір түмен әскер жіберіп, Қағбасын қиратамын. Нан піскен кеудесін табанға басып, ат құйрығына байлаймын, – депті.
Сауын айтып, әскер шақыратын күні ол емі жоқ дертке шалдығады. Ауруы түсініксіз еді. Он екі мүшесі сау, бірақ еңсесі езіліп тұратын. Аш құрсақ отырса да, тәбеті келмейтін. Дел-сал күй кешіп, ұйқысыз таңдарды атырды. Бұл оның жүйкесін жұқартып, жынды қылуға айналды. Ол өңірдегі мықты тәуіпті түгел жинады. Солардың ішінде Мәрсәт есімді бір тәуіп:
– Тақсыр, көбіне төркіні беймәлім ауру теріс ниеттен болады. Бұзық бір мақсатты ойға алып па едіңіз? – деді.
– Меккедегі Бәйтулланы қиратқым келген.
– Тақсыр, Меккемен біздің арада жаулық жоқ. Ол жаққа неге шүйліктіңіз?
– Ол жаққа шұбырған жұрт неге мен тұрған қалаға қажылық жасамайды?
– Қағбада Құдайдың тасы бар. Мекке – жердің кіндігі. Жаулық ниетіңізден қайтыңыз. Аллаға қарсы шыққан пенденің ешқайсысы аман қалмаған. Алламен соғысам деп, Намұрт абыройсыз ажал құшты. Онымен теңесемін деп, пейіш салған Шәддәт та опат болды. Қолыңыздан келсе, Аллаға жақ болыңыз. Ауру жіберген Алла шипасын да жібереді.
– Қағбаны көрдім. Қабырғасы тозып кетіпті. Жөндеп берсем, қалай қарайсың?
– Онда Сіз Құдайдың досына айналасыз. Тіптен болмағанда Құдайдың достарының досы боласыз.
Патша Қағбаны жаңартуға бел байлайды. Ниеті түзеліп еді, еңсесін езген қаралық та жоқ болды. Кеудесі кеңіп, рухы шаттанып шыға келді. Қағбаның қабырғасын құлатып, қайта тұрғызды. Үндістанда өсетін берік ағаштан есік жасатып әкелді. Зергерлерге ол есіктің құлпы мен кілтін соқтырып, оны құрайыш тайпасының ұлықтарына тапсырды. Алтын зерлі матаны Қағбаның үстіне жапты.
Бәрі біткен соң патша Мәрсәтті шақырып:
– Қалай ойлайсың, Мәрсәт, Құдай маған қош па? – деді марқайып.
– Әлбетте, қош! – деді.
– Бұл қаланың тағы қандай киесі бар?
– Кітап иелерінің айтысынша, түбінде сол қаладан ақырдың пайғамбары шығады. Оны «Он сегіз мың ғаламның нұры» деп те атайды. Оның сипаттары діни кітаптарда былай деп сипатталады: ол – момындарды қуантушы, залымдарға ескертуші, ақжүрек адамдардың көңілінде шырақ жағушы, әділет сүйгіштерге шапағатшы, тас жүректерді жібітуші, надандықты жоюшы, ақылдың кені, ақиқаттың айнасы, Алланың хабибісі, пайғамбарлардың сардары, екі дүниенің тәжі! Бүкіл пайғамбар оған үмбет болуды армандап, Аллаға арыз қылған, – деді. Мұны естігенде Мәлік:
– Мен оны көре аламын ба? – деді пайғамбардың кемел сипатына ынтық болып.
– Жоқ, өкінішке орай, сіз оны көре алмайсыз. Болжам бойынша, ол үш жүз жылдан соң дүниеге келеді. Бірақ ең қызығы пайғамбар бұл қалада дүние салмайды.
– Сонда қай қалада дүние салады?
– Ол жағы анық емес. Кітаптарда ол туралы айтылмайды.
Сол кезде Мәліктің жүрегінде «Тірі болсам, Құдай хабибісінің мәңгілік тыныстайтын құтты мекенін өзім салам» деген арман шоқ болып жанды. Ол Меккеден еліне қайтты. Бес күннен соң қу медиен сахарада аялдады. Оң ниетіне Ұлық Алла оған рахмани түс сыйлады. Түсінде өзі аялдаған жерде көгорай шалғын жазира орнапты. Суы ең тәтті құдықтар осы жерден қазылыпты. Бұл маңайда өспейтін жеміс ағаштары жайқалып тұр. Өзі болса қалың құрма ағашының саясында көркем келбетті бір кісімен сұхбаттасып отыр. Оның не жайлы айтып отырғанын толық түсінбейді. Бірақ бір кітаптан әдемі әуезбен үзінді оқыса, жүрегі жұмсарып, көңілі одан сайын қалай түседі. Оның сөзін тыңдаған сайын бұның жүрегінің түбіндегі бітеліп қалған даналық бұлағының көзі ашылып, бұрқырап ағып жатқандай сезілді. Сол сәтте оянып кетті. Оқиға түсінде емес, өңінде болғандай әсер етті. Шатырынан шықты да, құм медиенге қарап тұрып, ішінен «Осы жерге ақырдың пайғамбары үшін қала саламын. Ол осы жерде мәңгілік тыныстау керек» деді.
Сол күні, сол сағатта қала салуға жарлық берді. Уәзірлері:
– Хан ием, шынымен айтып тұрсыз ба? – деді.
– Иә, тура осы жерде пайғамбардың қаласын саламыз, – деді. Хан жарлығы екі болмады. Ең бірінші құдық қазу жұмысы басталды. Ең тәжірибелі деген құдық қазушылар жұмысқа тартылды. Құдықтың қабырғасы құлап, судың көзі бітелмес үшін жан-жағын Синай тауынан алдырған берік тастармен шегендеді. Ең құнарлы топырақ Ніл дариясының қара балшығы еді. Арнайы керуен жіберіп, мыңдаған түйелерге теңдетіп, қап-қап қара балшық жеткізді. Әрбір көшеттің түбі үй орнындай болып қазылды. Қара балшықпен көмілген бұл шұңқырларға құрма ағашы егілді. Құрманың ең асыл тұқымын Иран бағынан алдырды. Мәуренахрдан жүзімнің көшеттері тасылды. Тигр мен Ефраттың жағасынан ең дәмді інжірдің ағаштарын тамырымен қопарып, солдырмай әкеп отырғызды. Әлемдегі ең дәмді, ең жұпар жемістер мен хош иісті гүлдерді құм далаға жайқалтып еге берді. Тоқсан түрлі тәһлил-тәсбих айтып, Алланы мадақтайтын құстардың неше түрі жаңа қалаға ұшып келіп, сахарда сайрай бастады. Өлік сияқты безеріп жатқан сахарадан тіршіліктің самалы есті.
Мәлік мұнымен де тынбады. Қала тоғыз жолдың торабы болу үшін айналасына керуен сарайлар соқтырды. Қала құлпыра түсті. Бірақ патшаның қазынасы кеми берді. Бір күні қазынашы келіп:
– Уа, хан ием, сандықтың түбінде бір мысқал да алтын қалмады. Алтын кесе мен күміс қасықтарға дейін жұмсадық. Көрші елдің патшалары сізді «Құмға қала салды» деп келеке етіп жүр. Сіз тақыр кедейге айналдыңыз, – деді.
– Мен тақыр кедейге айналғаным жоқ. Бұл пақырлықты өзім сатып алдым. Ең соңғы өсиетімді айтайын, – деді де, хатшысын шақырды. Оған саусағындағы ең соңғы жүзігін суырып берді де:
– Мынау – еңбекақың. Мен Мұхамбет пайғамбарға хат жазып қалдырам. Соның пайғамбарға жетуіне сен кепіл бол. Хат жоғалмасын! – деді. Хатшы келісті. Ол өсиетін жаздырды. Хат біткен соң, өзінің мөрін соғып, бармағын басты. Ұзамай өзі де дүние салды. Тақыр кедей болғандықтан, басына зәулім мазар салынбады.
Арада жүздеген жылдар өтіп, пайғамбар Мәдинаға қоныс аударды. Сол кезде оған Аюп әл-Әнсари деген адам Мәліктің хатын әкеп тапсырды. Өзі баяғы хатшының жиырма бірінші ұрпағы екен. Пайғамбар хатты ашып оқыды. Хатта былай жазылыпты: «Ей, ақырдың пайғамбары, мейірімді Мұхамбет! Саған сәлем жолдап отырған Мәлік деген Құдайдың қарабет құлы. Менің бұл хатым саған аман-есен жете ме, жетпей ме, ол жағы бір Аллаға аян. Егер жетіп жатса, менің ақыма бір дұға жасап қоярсың. Мен сенің атыңды кітаптан біліп, затыңа ғашық болдым. Мына қаланы саған арнап салдырдым. Кітап иелері «Құдайдың қалауына қарсы келуге болмайды» деп айтады, сонда да Аллаға арызым бар. Неге мені сенің заманыңда туғызбады? Мен бүкіл патшалығымды сенімен өткізетін бір сәттік сұхбатқа айырбастар едім. Қисапсыз әскермен дұшпанымды мұқатқанша, өзіңе тірек, дұшпаныңа айбар болып жүргенім мың есе артық еді. Ондай бақытты тағдыр мен сияқты қарабеттің пешенесіне жазылмапты. Естуімше, бүкіл пайғамбар саған үмбет болуды армандапты. Ендеше мендей қарабетті үмбетіңнің сапына қос. Мұсылманның санатына ал. Дұғаңнан тастама. Менен қалған мына қала саған қайырлы болғай! Құрмадан қалауыңша же. Жүзімнің нәрімен шөліңді қандыр. Саясында сұхбат құр. Құдықтан малыңды суғар. Бізде жақсы сөз бар: «Өзің бола алсаң, бол! Бола алмасаң, болған ердің атын ертте» деген. Сендей ер, сендей батыр, сендей дана, сендей әділ бола алмадық. Қолымнан келгені осы болды. Бар малымды сарп қылып, қала салдым. Кішкентай деп қомсынба, шағын деп шағымданба. Мал-дәулетім бітпегенде, өзіңе ғана емес, әрбір үмбетіңе бір-бір қаладан салдырар едім. Қаланы қабыл алғайсың. Әлі де шаһардың кем-кетігі болса, кешіргейсің. Ақиретте кеудемнен кері итермей «үмбетім» деп шапағатшы болсаң, сол маған жетеді. Одан артық сенен ақы сұрамаймын».
Пайғамбар хатты оқып болып, еңкілдеп жылады. Достарына қарап:
– Үмбет болсаң, осындай үмбет бол! Не деген ықылас! Не деген достық! Не деген жомарттық! – деп тоқтаусыз тамсанып, көзінің жасын тыя алмады. Мұсылмандар жабылып, Мәліктің қабірін қанша іздесе де таппады. Оның рухына арнайы Құран оқып, ас беріп, дұға етті.
ҰСТЫННЫҢ КӨЗ ЖАСЫ
Мұхамбет пайғамбар Мәдинаға келді. Оны қарсы алған ансарлар пайғамбарға үй салып берудің қамына кірісті. Алдымен шаңыраққа ұстын тіреп, қабырғасын көтерді. Пайғамбар насихат айтқанда, сол ұстынға сүйеніп отыратын. Кейіннен ансарлар мінбер жасап беріп, пайғамбар соған шығып, уағыз жүргізе бастады. Сол кезде ұстыннан адамның өксіп жылағаны сияқты дыбыстар шығып, тұла бойынан жас тамшылай бастады. Мұны көрген сахабалар таңғалып:
– Иә, Алланың Расулы! Бұл не керемет? Мына қураған қу ағаш адам сияқты егіліп жылап тұр ғой. Бұл не керемет? – деп сұрады. Мұхамбет пайғамбар ұстынға қарап:
– Ей, ұстын. Сен неге жылап тұрсың? – деп сұрады. Сонда ұстын:
– Уа, екі жаһанның жан нұры, пайғамбарлардың тәжі, екі дүниенің сардары! Сіз бұрын маған сүйеніп отырып, Құранның ішіндегі інжу-маржан ілімді халыққа шашушы едіңіз. Сол кезде өне бойым балқып, нұрыңыз жанымды шалқытатын еді. Хақтың сәулесі тұла бойымды елжіретіп, көңілімді тербететін еді. Ал қазір мені тастап, мінберге шығып кеттіңіз. Мен пақырға назар салмай қойдыңыз. Сізге деген ышық-мұхаббаттан күл болып өртенетін түрім бар. Сіз үшін жаным пида болсын. Күні-түні сіз қасыма қайта келсе екен деп тілеймін, – деп сырын ақтарды. Пайғамбар:
– Иә, ұстын. Саған Ұлық Алла шаттық пен қуанышты нәсіп еткен екен. Сенің мына сөзің қатқан көңілдерді жібітіп, өлген жүректерді тірілтеді. Тәңірім сенің тілегіңді қабыл етті. Алдыңда екі жол бар. Біріншісі: пәни дүниеде жасыл желек жамылған бәйтерек болып тұрасың. Сенің жемісіңнен дәм тату үшін жер-жаһаннан адамдар ағылып келетін болады. Ал екіншісі: жаннатта өсіп, менің үмбетіме сая боласың. Жемістеріңе қанша жесең де, тоймайтын тәтті дәм бітеді. Қане, осы жолдың біреуін таңда, – деді. Пайғамбардың лебізінен жаны елжіреп, рухани мастық халіне енген ұстын:
– Пәни дүниенің игілігі баянды бақ болып жарытпас. Ақиретте сенің үмбетіңді саяма алып, жемістерімнен дәм татырайын. Мен үшін бұдан асқан бақыт жоқ, – деп шаттана дауыстады. Содан кейін пайғамбар оны адамдай арулап, жерге көмген екен.
ӘЗІРЕТІ ОМАРДЫҢ ЕСКІ ӘДЕТІ
Әзіреті Омар хат танитын сауатты еді. Ол қағаз-қалам шұқылап, жазу-сызуға, оқу-тоқуға құмар болатын. Бірде пайғамбар шатырынан шығып еді, көлеңкеде жұлым-жұлымы шыққан, сарғайған парақтарды оқып отырған Омарға көзі түсті. Ол:
– Әй, Омарым, не оқып отырсың? – деді.
– Иә, Расул Алла, Тәурат қой.
– Омаржан-ау, ана тіліңде Құдай саған Құран түсірді, қолдан қолға өтіп, әбден өзгеріске ұшыраған сол кітапқа қайдан ғана құмар болдың?
– Иә, Расул Алла, мұнда да жақсы ғибратты хикаялар жазылыпты. Көбі сіздің айтатын уағыздарға қатты ұқсайды. Мұсаның да басынан кешкен оқиғасы қызық екен, – деді.
– Әй, Омарым-ай, ендігі Құранға тереңдейтін уақытың болды ғой. Сол айтып отырған Мұсаң тап қазір тіріліп келсе, маған үмбет болып, сабақ алар еді, – деді.
ЖАРАЛЫСТАН ҒИБРАТ АЛУ
Мәдинаның жұрты пайғамбарға жиі келіп, сан түрлі сұрақтар қоятын. Бір күні бір момын күн бата ауласында демалып отырған пайғамбарға келді де:
– Иә, Расул, сізде сұрағым бар, – деді.
– Сұрай ғой, құлағым сенде, – деді пайғамбар.
– Біздің Құран кітап «Адам – Алланың орынбасары, жердегі халифі» дейді. Мен де солай десем, мына надан бауырларым «Қайдағы орынбасар?! Адам тек құдайларға құл болады» деп дес бермейді. Құраннан аят айтсам, «Кітабың қате» дейді. Осыған не уәж айтсам болады? – деді.
– Мен саған бір мысал айтайын. Айналаңа қарашы. Не көріп тұрсың? Тау, тас, ағаш, аспан. Осының бәрі сенің игілігің үшін жаралған десем, сенесің бе? Қарапайым ғана түсіндірейін, аспанға жұлдыздарға қарап, бір сәт ойланып көрші. Шебер Алла адамның игілігі үшін миллиардтаған жұлдызды ғарышта самсатып жағып қойды. Осы сан-санақсыз жұлдыздар мінсіз тәртіппен аспанды шыр айналып, бізге жол сілтеп жүр. Ана Темірқазыққа қара, – деп желдік тұста қозғалмай тұрған Темірқазық жұлдызын нұсқады. Қонағы жұлдызға назар салды.
– Бүтін жұлдыз аспанды шыр айналғанда Темірқазық тапжылмай тұра береді. Теңіздегі кемелер, құмдағы керуендер қараңғыда жұлдызға қарап жол табады. Олар болмаса, түнде сапар шегу мүмкін болмас еді. Кемелер адасып, жарға соғылып, опат болар еді. Алланың адамға берген бір нығметі – осы. Осыншама жұлдыз адамзаттың игілігі үшін ғана жанып тұр. Болмаса, жан-жануарға, бақа-шаянға, жердің үсті емес, астында жүрген құрт-құмырсқаға жұлдыз әлеміндегі темірдей тәртіптің не керегі бар? Қандай түйе не болмаса өгіз Темірқазыққа қарап, бағытын айқындаушы еді? – деді. Сахаба әсерленіп аузы ашылып отырып қалды. Пайғамбар мұнымен тоқтамады. Ол енді Ай жаққа ишара жасап:
– Кезегімен келіп кетіп, аспанда ауысып тұрған Күн мен Айдан ғибрат ал. Күннің ішінде жанып жатқан от бар. Айда от жоқ, құр тас. Ай өзінің сәулесін күннен қарызға алып, түнде бізге соның шуағын төгеді. Егер толған Ай түнде де Күн сияқты от шашатын болса, бәріміз ыстықтан қаталап өлер едік. Түнде тынығып тыңаймас едік. Айдың шамалап қана түсірген нәзік нұры айналаны әдемі жарыққа бөлейді. Ай болмаса, түндегі тіршілік тас түнекке оранып, қорқынышты күйге енер еді. Уақытты да туған ай мен толған айға қарап санаймыз. Аспанда ай жаңарып, толып-семіп тұрмаса, Шағбан, Режеп, Рамазан сияқты айлардың қашан кіріп, қашан шыққанын білмес едік. Сондықтан аспандағы Ай адамзат үшін ғана аспанда Алланың әмірімен ілініп тұр. Адамнан басқа тіршілік иесіне уақыт өлшеп, айды аптаға, аптаны күнге, күнді сағатқа шағып не керегі бар? – деді. Қонағы ескерткіш сияқты қатып қалды. Жыланға арбалған торғайдай болып, пайғамбардың аузына кіріп кете жаздап тыңдап отырды.
– Бұл жерде және бір ғибрат бар. Ол ғибрат – Алланың пендесіне деген әділдігі мен мейірім шапағаты. Күн де, Ай да, жұлдыз да күллі адам ұрпағына тең дәрежеде қызмет етеді. Олар адамды «Мынау кәпір, мынау мұсылман» деп бөлмейді. Бәріне бірдей жылу мен шуақ шашып, Алланың әділдігін паш етіп тұр, – деп бір тоқтады. Қонағы мынадай шырынды әңгімені естігенде аузының сілекейі ағып, сілейіп отырып қалды. Пайғамбар алдында кесе толы шұбат бар еді. Ол шұбатты алды да, әңгімесін қайта жалғады:
– Мына кеседегі шұбатқа қара. Бұл сусын – адамның бойындағы мың бір дертке дауа. Шұбаттағы шипалық қасиет әу баста қара жердің құнарында жатыр еді. Оны тікен шөптер тамырымен сорып, бойына жинады. Бірақ ащы жантақты мал ғана жей алады. Түйенің тілін тікен теспейді. Ол тікенекті шайнап, қарынға тастайды. Бозінгеннің асқазаны тікенекті шәрбат сусынға айналдырып, желінге жинайды. Сол желіндегі қымыранды оп-оңай сауып, біз қазір шұбат ішіп отырмыз. Шебер Алла сүт пен шұбатты малдың қаны мен жынының ортасынан құдіретімен айырып шығарады. Жомарт Алла осы нығметтің бәрін адам үшін жаратты. Өзің ойлап қара, егер сол жантақты адам жесе не болар еді не болмаса құнарлы топырақты біз жей алар ма едік? Сондықтан терең ойланып, пікір ететін пенделер үшін ағарған айран-сүттің өзінде Алланың хикметтері толып тұр, – деді. Қонағы мынадай шырынды әңгімені ерекше ықыласпен тыңдап отырды. «Тыңдаушы ықыласты болса, сөйлеуші шешен болады» дегендей, пайғамбар да шешіліп, шешен сөйлеп кетті:
– Енді мына нанға жағып жеп отырған әселге назар сал. Түбі қайда еді? Дастарқанға қайдан келді? Кім бұлайша оны ерекше тәтті, айрықша шипалы етіп жасаған? Ойланып қарасақ, бұл бал бізге бармақтай араның асқазаны арқылы келді. Ұлық Алла оларға: «Тау мен талды аралап, құтты жерге ұя сал. Сосын күллі өсімдіктің гүлінен тозаң жина!» – деп әмір етті. Олар әмірге бағынып, ұйымдасып, тәртіппен іс қылады. Гүл мен шөптің нәрін алып, шаршамай еңбек етеді. Ұясына батпандап бал жинайды. Олардың адам көзіне көрінбейтін жіңішке қарындарынан алуан түсті бал шығады. Араның балы – шипалы дәрі. Адамның бойындағы тоқсан түрлі кеселді жояды. Қалай ойлайсың, сол гүлдерді біз де жесек, біздің асқазанымыз олардың тозаңынан шипалы балды өз бетінше айырып алар ма еді? Аурумыздан айығар ма едік? – деп қонағына қарады. Ол: «Жоқ», – деп басын шайқады.
– Дұрыс айтасың. Бал арасы болмаса, әрі тәтті, әрі нәрлі дәрі-дәрмекті ешқашан да қолға түсіре алмас едік. Ұсақ жәндіктер Ұлық Алланың рахман сипатын әйгілеп, далада ұшып жүр. Олар жиған балын бергенде «Мынау кәпір, мынау мұсылман» деп адамды алаламайды. Жиған асын бәріне тең ұсынады. Терең ақылмен ойланатын пенде болса, араның ұясы балға ғана емес, Алланың хикметіне де толып тұр. Бұдан да қызығы: бал арасы шағатын болса, оның уы да – адамға ем. Алланың құдіретіне қара. Шебер Құдай құйтақандай жәндіктің инедей тіліне бал, құйрығына у жасырған. Бірақ екеуі де – адамға шипа. Осы нығметтің бәрін жомарт Алла арыстан не болмаса жолбарыс сияқты аңдар үшін жаратқан жоқ. Сені мен менің игілігім үшін жаратты, – деді. Сахаба әңгімеге елітіп, басын изей берді. Пайғабар ғибратты әңгіменің желісін жалғай жөнелді:
– Құдай Құранда «Ей, адам ұрпағы! Ішкен-жеген тамағыңа назар сал!» деп жиі ескертеді. Адам баласы мал сияқты бір ғана өсімдікпен қоректенбейді. Біз күн сайын неше түрлі жеміс пен жидек жейміз. Ет жеп, сүт ішеміз. Түр-түсі, дәмі мен құрамы әр түрлі болып көрінгенімен, бәрінің түбі – топырақ пен су. Жеп отырған қолыңдағы құрмаға қара. Құрма ағашы бүкіл нәрін тамыры арқылы су мен топырақтан тартады. Гүлдеп піскен кезде қуатты һәм тәтті тағамға айналады. Керуендермен келіп, базарда сатылып жатқан кез келген тағам топырақ пен судан шығады. Қара жерден өсіп өнеді. Нанның түбіне назар сал. Түбі бидай. Топырақ пен судан нәр алып, дәмді нанға айналады. Қалдық боп жерге қайта сіңеді. Одан шабдалының тамырымен ағып келіп, басқа жеміске өзгереді. Шабдалыдан жалықсаң, шебер Алла оның қалдығын топыраққа сіңіріп, қызыл моншақ анарға айналдырып, алдыңа тағы тосады. Анардан жалықсаң, інжірден дәм тат. Інжірге көңілің соқпаса, жүзімнің рақатын көр. Жүзім таусылса, зәйтүн шығады. Жеміс-жидекке зауқың соқпаса, малдың етін же. Мал да жерден шыққан шөпті жеп, ет байлап, құйрық семіртеді. Осылайша адамзаттың ас-ауқаты жыл он екі ай түрі мен түсін, дәмі мен құрамын ауыстырып, жаңартып, адамды жалықтырмай тіршілікке жалғап отырады. Есіңде болсын: осыншама түрленіп, алуан түрлі дәммен қызыл тілді үйіріп, сілекейді шұбыртып тұрған бүкіл жеміс пен жидек, су мен сусын, ас пен ауқат, азық-түлік, дәнді дақыл түптің түбінде қара топырақтан тоқтаусыз шығып жатыр. Біз не жесек те, не ішсек те, топырақ жейміз. Бірақ адам ұрпағы Оның халифасы болғандықтан, Раббымыз оларды әр түрлі жеміс-жидекке өзгертіп, кереметпен білдіртпей тұр. Топырақ пен судан түзіліп, таңдайымызға тамып тұрған барлық дәмді ас пен ауқат – адамға ғана нәсіп болған нығмет. Адамнан басқа бірде-бір мақұлық бұлардың рақатын көрмейді. Адамнан бөлек кез келген жануар не айуан тамақтың бір ғана түрін жеп ғұмыр кешеді. Өзің ойлап қара, ит сияқты өмір бақи жуынды жеп күнелте алар ма едік? Қой сияқты тек қана шөп жесек, күніміз не болар еді? Түйе сияқты жантақ шайнасақ ше? Адамдар ғана бірін бірі қонаққа шақырып, бар дәмдісін көңілі сүйген кісінің алдына тарта алады, – деді. Сол кезде сахабасы:
– Иә, Алланың елшісі, сіз мені жарты сағатта дана қылдыңыз, – деді шын риза болып. Пайғамбар:
– Енді саған менен бір сұрақ болсын, – деді.
– Ләббай, тақсыр.
– Енді осыншама нығметті тегін пайдаланған адам ұрпағы бұ дүниеде не істеуі керек? Жомарт Алла осыншама әлемді бір ғана адамға бағындырып, игілігі үшін бар жақсыны жасағанда, ақысына бізден не тілейді?
– Иә, Расул Алла, жауабын сіз жақсы білесіз. Өзіңіз айтыңыз, – деді қонағы.
– Ұлық Алла бар дәмдіні, бүкіл нығметті аузымызға тосып, ғарыштағы қисапсыз жұлдыздан бастап жердегі құжынаған араға дейін бүкіл жәндікті бізге бағындырып бергенде, бізден тілейтіні – әділдік пен мейірім-шапағат! Біз осыншама ағыл-тегіл тегін нығметті пайдаланған соң, қиянат атаулыны жойып, күллі адамның теңдігі мен әділдігі үшін күндіз-түні еңбек етуіміз керек. Сонда ғана құт қонып, береке дарыған байтақ елде бақытты ғұмыр кешуге болады, – деді.
– Иә, Алланың елшісі, сізге тағы бір сұрағым бар.
– Кәне, қоя ғой.
– Сізді тыңдағанда жүрегім нұрға толып, ақылым қарыштап өседі. Мен де сіз сияқты дәл осылай ой толғап, ақыл өсіргім келеді. Бірақ үйіме барсам болды, миым шырмалып, ойым сол заматта шабан тартады. Оның сыры неде?
– Себебі жүректе ақылға ой тамызып отыратын бір періште болады. Оның қасында көңілге күмән себуші бір сайтан періштемен жағаласып және тұр. Сен періштенің ойынан қуат аламын дегенше, сайтан малғұн күпір ойларды кеудеге бүркіп үлгереді. Яғни екеуі қатар келіп, жүректі тырсылдатып, тырналап, мазасын қашырып, жанталасып, айқасып жатады. Сондай кезде кеудеңе хикметті пікір келсе, бұл Алланың пазылы деп білгейсің. Сосын дереу Аллаға таспиқ-тәһлил айтып, мәнді ойдың жүрекке сіңіп, көңілге тоқылуына жол аш. Ал егер күпір ой көңілге кірсе, дереу Алладан пана тіле. Әдетте сайтан сендерді кедейлікпен қорқытады. Ондай кезде кәлиманы көп қайталап, зікірге тілді үйір қылыңдар. Сол кезде сайтанның шабуылы тез тоқтайды. Алланың есімі айтылмаса, жүрекке сүлік сияқты жабысып тұрған сайтан опасыз ойларды түйдек-түйдегімен лықсытып ағыза береді. Опасыз ойдың ілгегіне бір рет ілінсең, қайта босанып, ақылды азат қылу қиын болады, – деді. Сахабаның жүрегі тітіркеніп кетті.
– Иә, Расул Алла, сіз жаңа жүректе бір періште, бір сайтан отыр дедіңіз.
– Иә.
– Мені мынадай сұрақ мазалайды. Сол сайтан сіздің де жүрегіңізде жайғасқан ба? – деді.
– Әлбетте, бар. Бірақ Ұлық Алла маған жәрдем етті. Мендегі сайтанның мойнын үзіп, мұсылман қылды. Ол маған қайырлы істі ғана айтып тұратын болды. Мені мазаламайды.
– Ал біз ше?
– Сендерге Ұлық Алла өзінің тоқсан тоғыз есімін Құранда паш етті. Алланың есімдерімен дұға жасап, тілек тілеу – мұсылманның ғана маңдайына жазылған Ұлы Бақыт! Алланың есімдері көп айтылса, сайтанның сағы сынады. Әрбір ықыласпен айтылған кәлима – сайтанның денесіне шаншылған үшкір найза. Осылайша таза жүрек пен нұрлы ойды сайтанның ырқына бермес үшін тағат қылып, ораза ұстап, намаз оқып, өмір алаңын рухани күреспен өткізесіңдер. Неғұрлым тағатың мықты болса, соғұрлым Тәңірдің алдында абыройлы құлсың. Егер ыждағат етіп, жүректі жауға бермесең, Алланың ақиқат нұрын табасың. Ол кезде Ұлық Алланың барлық нығметі сендерді өзі іздеп табады. Атақ та, абырой да, байлық та, мансап та ақжүрек момынды өзі іздеп келуі тиіс. Ал егер көңіл кірге толып, жүректі тот басып, ақиқаттың шырағын сөндіріп алсаң, бүкіл нығмет сенен алыстайды. Тіпті келмеске кетеді. Сондықтан күпір ой мен күмәнді пікірден сақтанып, жаралыстан ғибрат алуға дағдыланып алыңдар. Ақылмен жасаған құлшылықтың бір сағаты алпыс жыл күндіз ораза, түнде тоқтаусыз намаз оқығанға тең болады, – деп әңгімесін аяқтады.
Әлемдік дін тудырған барлық пайғамбар көнеде өмір сүргендіктен олардың қарапайым тіршіліктегі іс-әрекеті мен жүріс-тұрысы сақталмаған. Ізінен ерушілер олардың даналық афоризмдерін ғана сақтап қалуға тырысқан. Мұхамбет күні кеше тарихта болған тұлға. Әсіресе 40-тан кейінгі іс-әрекеті мен қарапайым тұрмыстағы мінез-құлқы түгелдей жазылып қалған. Бұл жазба байлық Исламда «пайғамбар сүндеті» деген жаңа ғылым тудырды. Мұхамбетке еліктеген мұсылман үшін пайғамбардың үлгісі саф күйінде сақталған. Христиан жұртында «пайғамбар сүндеті» деген түсінік жоқ. Себебі, Ғайса туралы ең бірінші деректі Павел Ғайса өмірден озған соң 20 жылдан кейін ғана барып жазды. Павелді Ғайсаның дүнияуи тіршілігі мүлде қызықтырмаған. Ол пайғамбардың мейлінше рухани жағына көңіл бөліп, қайта тірілуіне қатысты ойларын жазып қалдырды. Одан кейін бұл істі Марк есімді христиан 40 жылдан соң қолға алды. Матфей, Лука және Иоанндар Ғайса туралы дерек жазып бастағанда 80-100 жыл өтіп кеткен еді.
Карен Армстронг
ПАЙҒАМБАРДЫҢ СЫНҒАН ТІСІ
Ухуд шайқасында Мұхамбет пайғамбардың тісі сынады. Ұрыс біткен соң, бір сахабасы сынған тісті тауып алады. Пайғамбардың тісін аяқасты қылуға дәті жібермей, оны үйінің бір бұрышына көмеді. Тіс көмілген жерден аппақ күріш өсіп шығады. Сахаба пайғамбарды шақырады. Пайғамбар келіп, «Ясин» сүресін оқып, дұға жасайды. Ол сахабаға:
– Алла менің тісімнен күріш өсіріп шығарды. Оған «Ясиннің» қуатын бердім. Оны аяқасты етпеңдер, – деп өсиет айтады.
Содан бері халық күрішті қастерлепті. Пайғамбардың дұғасынан соң, күріш тойымды әрі берекелі асқа айналыпты деседі.
МҰХАМБЕТ ПАЙҒАМБАР МЕН КЕМПІР
Бірде Мұхамбет пайғамбар серіктерімен келе жатып, Мәдинада ұршық иіріп отырған бір кемпірге кез болады. Амандасып, сұрасқан соң кемпірді әңгімеге тартады:
– Апа, сіз Құдайдың барына сенесіз бе?
– Сенем.
– Оған не дәлел?
– Дәлел – мына ұршық. Мен қолыммен тиіспесем, ол өздігінен дөңгелемейді. Олай болса, мына ай, күн, аспан, жер, жұлдыздарды біреу дөңгелетіп отыр. Әйтпесе қалайша олар өздігінен қозғалып тұр?
– Дәлеліңіз күшті екен. Енді Құдай жалғыз, көп құдай жоқ дегенге не айтасыз?
– Құдай бар болса, ол міндетті түрде біреу ғана болуы тиіс. Себебі мына үйдің өзіне екі қатын сыймайды. Анасы алай тартады, мынасы былай тартады. Үйде тәртіп болмайды. Тәртіп болмаған соң береке-бірлік те болмайды. Ал мына дүние еш қиындықсыз әдемі тәртіппен алмасып тұр. Соған қарағанда Жаратушы Иеміз де жалғыз-ау деп білдім, – деді кемпір.
Пайғамбар оның жауабына дән риза болыпты.
ҚҰРМАНЫҢ ХИКАЯСЫ
Бірде Мұхамбет пайғамбар серіктерімен келе жатқанда жолда азықтары таусылып, қарындары ашады. Жебірейіл періште оларға пейіштен інжу, меруерт, дүрлермен өрнектелген алтын табаққа салынған құрма жемісін әкеледі. Пайғамбар «Бісcіміллә» деп, табаққа қол салып, құрмадан дәм татады. Серіктері де жапырлай қозғалып, құрма жеуге кіріседі. Табақтағы құрма азайғанда, ортадағы бір құрма ерекше көрінеді. Бір кереметі: ол құрма қолға түспей дөңгелей береді. Сахабалар бұған таң қалады. Бұл құрманы ешқайсысы жей алмайды. Сол кезде пайғамбарымыз құрманы қолына алып қарайды да, «Бұл не ғажап» деп ойланып қалады. Сол кезде Жебірейіл періште де жетіпті.
– Уа, Алланың елшісі! Бұл құрмада үлкен бір құпия бар. Ол сізге де, серіктеріңізге де бұйырмайды. Сізге Тәңірім сәлем жолдады. Төрт жүз жыл заман өткен соң, сіздің бір үмбетіңіз дүниеге келеді. Оның есімі Ахмет болады. Ол үмбетіңіз сіздің рухани жолыңызды жалғастырады. Бұл құрма – сол баланың несібесі, – дейді. Серіктері мына әңгімені естігенде таңғалады. Сол кезде Мұхамбет пайғамбар:
– Иә, Жебірейіл, ол заманға дейін бұл құрма қалай жетеді? – деп сұрайды. Жебірейіл періште:
– Бұл құрманы Ахмет атты балаға жеткіз деп бір серігіңізге тапсырыңыз, – дейді. Сонда Пайғамбар:
– Уа, бауырлар! Мына аманат құрманы менің 400 жылдан кейін дүниеге келетін ардақты үмбетіме кім табыстайды? Кім тәуекелге бел байлайды? – дейді.
Ешкім үндемейді.
– Бұл құрманы жеткізген адам екі дүниеде бақытты болады. Ол бақыт кімге бұйырғалы тұр екен? – деп сұрайды.
Серіктері «Төрт жүз жылға дейін өміріміз жетпей қалады-ау» деп күмәнданып тұрғанда, пайғамбар сөзін қайта жалғайды:
– Егер кімде-кім бұл аманатты менің үмбетіме жеткізер болса, ол адам пейіште Ұлық Алланың жамалын көреді, – дейді. Сол кезде ортаға Арыстан бап шығып:
– Уа, Алланың елшісі! Аманат құрманы жеткізуді маған тапсырыңыз. Құдай қолдаса, аманатыңызды жеткізермін, – дейді.
– Бәрекелді!
– Бәрекелді!
– Жарайсың, Арыстан сахаба!
– Дегеніңе жет!
– Алла жар болсын!
– Алла жар болсын! – деп шуласады. Барлық сахаба қуанысып қалады. Мұхамбет пайғамбар:
– Уа, менің құрметті серігім! Тәуекелге бел байлағаныңа ризамын. Алла жолыңды оңғарсын, мақсатыңа жет! – деп батасын береді. Арыстан бап:
– Уа, Алланың елшісі, менің сізге айтар датым бар! – дейді.
– Датың болса, айт!
– Бұл құрманы жеткізу үшін маған ұзақ ғұмыр керек. Тәңірден менің өмір жасымды ұзартуын сұрап, дұға етіңіз, – дейді. Пайғамбар:
– Иә, Алла, Арыстанның ғұмыр жасын ұзақ қыл! Оны рақымың мен игілігіңе бөлей көр! – деп дұға жасайды. Сол кезде Жебірейіл періште:
– Уа, Алланың елшісі! Сүйінші! Сүйінші! Алла сенің бұл тілегіңді қабыл етті. Арыстанға Алла ұзақ ғұмыр берді, – дейді.
Мұхамбет пайғамбар құрманы алып:
– Аузыңды аш, Арыстаным! Мына құрманы тіліңнің астында сақтағайсың. Таң сәріден тұрып, менің Ахмет атты үмбетімді іздеп сапар шегесің. Арып-ашып, жердің жүзін шарлайсың. Бармаған жерің, баспаған тауың қалмайды. Ақыры бір мекенге келіп жетерсің. Түркілер мекендеген Сайрам шаһарына кез боларсың. Осы шаһарда үлкен бір медресе болар. Аманаттың иесі – осы медресенің шәкірті. Оның медресеге кірген ізі болса да, шыққан ізі болмайды. Аманатты өзі келіп, сенен сұрап алады. Оған Құдай сондай артықша қасиет береді, – дейді. Арыстан бап:
– Иә, Расул! Бұл аманатты аман-есен барып тапсырып, міндетімді абыроймен орындармын, – дейді.
Арыстан бап ұзақ жыл сапар шегіп, Сайрам шаһарына ақыры жетіп жығылады. Ұзақ жолдан қажыған ол демалмақ болып, ілім ордасының маңында ағып жатқан Сайрам суының жағасында сәл аялдайды. Сол кезде медреседен жас бала шығып, бұған қарай аяңдайды. Әлгі бала Арыстан бапқа жете бере сәлемдеседі.
– Ассалаумағалейкум, Арыстан бап! Жоғың болса, кешікпей тезірек тап! – дейді. Арыстан бап та іздеген адамының осы екенін білу үшін:
– Балам, есімің кім? – деп сұрайды.
– Атымды қайтесіз? Аманатымды беріңіз, ата.
– Балам, атың Ахмет екен. Ішің толған хикмет екен. Аманатыңды ал, аузыңды аш! – дегенде, төрт жүз жыл бойы сақтаған құрма ұшып барып, шәкірттің аузына кіріпті. Бала Ахмет құрманы жұтып жібереді. Сонда Арыстан бап:
– Аманатыңды осынша жыл сақтағанда, еңбегімді елемегенің қалай? Маған сүйегі ғана қалыпты, – дейді.
– Ата, онда жұрт, алдымен сізге түнесін, бізде жатып тілесін, – дейді.
Құл Қожа Ахмет Ясауиге аманат құрманы жеткізген Арыстан бап халық аузында оның ұстазы ретінде айтылады. Ел арасында «Арыстан бапқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген сөз осыдан қалыпты.
ҒАБДІЛДӘНІҢ КІТАП ИЕЛЕРІН МОЙЫНДАТУЫ
Мұсылмандар Мәдинаға көшіп келгесін бұған дейін кітап түсіп, дін оқыған әһлі кітап иелерімен жиі айтысып қалатын. Олар Мұхамбетті мойындамай, бұрынғы пайғамбарларды ұлық етіп көрсеткенде ешкімге дес бермейтін. Пайғамбардың серіктері ол кезде тәжірибесіз болғандықтан, мойындата алмайтын. Пайғамбар Ғаббас ағасынан туған Ғәбділдә атты інісін қасынан тастамай жүріп, оған талай ілімнің сырын ашқан еді. «Хақтың іліміне шешен болсын» деп пайғамбар бала кезінде оның аузына түкірген екен. Содан бастап ол кез-келген шаршы топқа шалқып кіретін ділмәр шешен болыпты. Бір күні сахабалар қарсыластарымен тағы да кездесіп қалады. Кітап иелерінің біреуі Мұхамбеттің дәрежесін төменшіктеп көрсететін әңгіменің шетін тағы шығарды. Білімі шектеулі момындар сасып қалды. Бұл жолы пайғамбардың дәрежесін қорғауға Ғәбділдә қатысты. Бір мәдиналық тұрып:
– Кімнің дәрежесі ұлық? Мұхамбеттің бе әлде Адам атаның ба? – деп сұрады. Ғәбділдә:
– Ұлық Алла Адам атаның түр-тұрпатын қара балшықтан мүсіндеді. Ал Мұхамбеттің болмысы жан мен ділден жаралды. Адам ата қара жерге жазықты болып түсті. Ал Мұхамбет миғражға құрметті қонақ мәртебесінде көтерілді. Адам ата сайтанға алданып қалды. Ал Мұхамбет сайтанға бірде-бір рет дес бермеді. Керек десең, сайтаны құл боп пайғамбарға қызмет етті. Ұлық Алла Адам пайғамбардың тәнін қырық мың жыл илеп, тән-тұрпатын уақытқа тәуелді етті. Ал Мұхамбеттің рухы уақыттың ішіндегі уақытта жаралды. Оның тылсым сырлары миғражда байқалды. Пайғамбар Алланың дәргейіне барғанда бірде-бір періште қанатын қаға алмайтын кеңістіктен жалғыз өзі жайнамазбен ұшып өтті. Адам ата періштелердің ғана құбыласы болды. Әлімсақта оған періштелер ғана сәжде етті. Ал Мұхамбет – он сегіз мың ғаламның құбыласы. Оған Құдай жаратқан күллі жаралыс түгел бас иген. Адам ата ерік қалауын тиімді пайдалана алмады. Ол шектен шығып, бидай дақылын жеп қойды. Ал Мұхамбет ерік қалауын асыл рухын шыңдауға қолданды. Оның кемел рухы пайғамбардың тәнін Алланың дәргейіне дейін жеткізді. Адам ата жұбайының тілін алып, жазықты болды. Ал Мүбарактың зайыбы болған Хадиша жеңгеміз ең қиын кезде ерін қолдап, оны шүбәсіз пайғамбар деп танып, Исламға тірек болды. Адам ата күллі адам ұрпағының әкесі атанды. Ал Мұхамбеттің нұрынан он сегіз мың ғалам жаралды. Адам атаның ілімі балшық тәнді ғана тәрбиелей алды. Ал Мұхамбетке берілген ілім денені де, рухты да шыңдап, шексіз рухани дамуға жол ашты. Ұлық Алла Адам атаны балшықтан илегенде пейіштің кәусарымен иледі. Ал Мұхамбеттің жүрегін өзінің рақым суымен қандырды. Адам ата өзіне берілген іліммен жер мен көктің есімдерін ғана танып білді. Ал Мұхамбетке Құранның ділі мен сыры ашылды, – деді.
Ғәбділдә әрбір сөзін шегеліп, қисынды дәлелдермен шешен сөйлеген сайын сахабалар жігерлене түсті. Бұған дейін тап бұлай терең ілімге сүйеніп, салыстырып сөйлеген мұсылманды көрмеген қарсыласы кібіртіктеп қалды.
Ғәбділдә көмекейі бүлкілдеп әңгімесін жалғай берді:
– Мұхамбеттің үмбетіне берілген нығметтің өзі – бір төбе. Ұлық Алла Адам атаның күнәсін екі жүз жылдан кейін кешірді. Мұхамбет пайғамбар миғражға барғанда Алладан өзі үшін емес, үмбеті үшін шапағат тіледі. Ұлық Алла оның шексіз мейіріміне риза болғандықтан, Мұхамбеттің үмбеті тәубе етсе, күнәсі қас қағымда кешірілетін болды. Адам ата жалғыз күнәсінің кесірінен ұжмақтан қуылды. Ал Мұхамбеттің үмбеті қанша жерден қарабет атанса да, пайғамбарының атына он рет махаббатпен салауат айтса, рақымшылыққа ілініп, пейішке кіре алатын болды. Ұлық Алла бидайды жегені үшін Адам атаны пейіштен жалаңаш қуды. Мұхамбеттің құрметіне оның үмбетін көрден киіммен тұрғызады, мақшар алаңына киіндіріп апарады. Әуретін ешкімге көрсетпейді. Адам атаның күнәсі әлемге әйгілі болды. Мұхамбеттің үмбетінің күнәсін Ұлық Алла өзінің Саттар деген сипатымен қияметке дейін жауып тұрады. Жасаған қатесі мен қылмысын өзі мен Алласы ғана біледі. Бұрын Адам ата Меккеге барып жыламаса, тәубесі қабыл болмайтын. Мұхамбеттің үмбеті үйінде отырып шынайы өкінсе, тәубесі сол заматта, сол жерде қабыл болады, – деп бір тоқтады.
Әһлі кітаптың алдыңғы арыны басылып, сәл ығып қалды. Дегенмен уәж айтты. Ол:
– Сөз жоқ, шешен екенсің, бауырым! «Өтіріктің өзіне емес, қисынына сен» деген. Қисынды қатырдың. Бірақ бір ғана Адам пайғамбармен салыстырып, ештеңе де өндіре алмайсың. Мұхамбетің жазу-сызуды білмейді. Ілімнің шырағын қалай жағады? Білімнің дариясы деп Ыдырыс пайғамбарды айтады, – деді. Ғәбділдә мүдірмеді. Ол түйдек-түйдегімен тағы да төгіп-төгіп тастады.
– Дұрыс айтасың. Білімнің атасы – Ыдырыс! Жазу-сызу өнері содан басталған. Бірақ Мұхамбет әлем жаралғанда Қаламмен де, Лаухымен де бетпе-бет келіп сөйлескен. Ұлық Алла хабибісінің жүрегіне ладуни ілімнің дәнін еккен. Ол жазу-сызу білмесе де, Құранның сырын ашып, нұрын шашты. Шебер Алла оған жүректегі хикмет бұлағының көзін ашуды үйретті. Ыдырыс пайғамбар ақылды айласымен періштені сан соқтырып, ұжмақтың төртінші қатына дейін ғана жетті. Ал Мұхамбет миғраж сапарында жеті қат көкті кесіп өтіп, Ғаршы ағладан асып өтіп, Алланың алдында қонақта болды. Ыдырыс пейішке көңілі ауып, жұмақта қалып қойды. Ал мүбарак сегіз пейішті аралап шықса да, оның біреуіне де ынтығып назар салмады. Таласым жоқ, Ыдырысқа қияметке дейін өлмейтін ғұмыр жазды. Ол – өлімді бастан кешпеген хақ пайғамбар. Бірақ Мұхамбетке Раббысы өмірі өлмейтін рухани ілім берді. Қазір сен маған: «Ыдырыстың сүндеті – мынау, кітабы – анау» деп бір дерек қолыма ұстата аласың ба? – деп қарсы сұрақ қойды. Мұндай ақылды сұрақты күтпеген қарсыласы сасып қалды. Не айтарын білмей, мелшиіп отырды да, бір уақытта:
– Жарайды, мұны да қош делік. «Адами сәни» атанған Нұхтың дәрежесінен не хабарың бар сенің? Ол адамды ғана емес, жан-жануар, аң мен мақұлық, жыбырлаған күллі жәндікті топан судан құтқарып, тіршілікті жалғаған. Оны кітаптарда «Жан-жануардың да пайғамбары» деп айтады. Нұхтың осы ерлігі болмағанда, сендер де болмас едіңдер. Мұхамбетің де туылмас еді, – деді.
Ғәбділдә сасқан жоқ. Қыран құстай саңқылдап, екпіндей түсті.
– Дұрыс айтасың. Сөзіңнің қатасы жоқ. Нұх – Адам атадан кейінгі екінші адам. Құранда Нұхтың қиссасы кеңінен баяналған. Нұх кемесімен аз ағайын мен жан-жануарды ғана құтқарды. Ал Мұхамбет Құранның нұрымен бүкіл ықыласты үмбетін тозақтан құтқарады. Нұхтың сабыры сарқылып, топан суды Алласынан тілеп алған. Ал Мұхамбет, керісінше, жаулары тісін ұрып сындырса да, оларға рақым тіледі. Жеңіске жеткенде өзіне қылыш сермеген барлық жауларына рақымшылық жасады. Нұхтың кемесі тек санаулы адамға пана болды. Мұхамбеттің ілім кемесі бүкіл үмбетіне пана болады. Сондықтан да біз ең әуелі «ағузу биллә» деп Алладан пана сұрап, сосын барып сөз бастаймыз. Нұхқа кеме берілді. Пайғамбарға пырақ берілді. Нұх теңізде ғана жүзді. Пайғамбар миғражда самғады. Нұх жан-жануар, жәндіктерге пайғамбарлық етсе, Мұхамбет пайғамбарларға пайғамбар болды. Нұхтың шарапаты топаннан кейінгі жердегі тіршілікке ғана тиді. Ал Мұхамбетті он сегіз мың ғаламға рақмет қылып түсірді. Ертең мақшарда Ұлық Алла пайғамбарлардың өзін сұраққа алып, куәлік сұрайды. Сонда Нұхтың үмбеті топан суға батып кеткендіктен, оның елшілік міндетін адал атқарғаны жөнінде куәлік беретін жан табылмайды. Нұх қатты қиналады. Сол кезде Мұхамбеттің үмбеттері келіп «Біз Нұхтың адал елші болғанын Құраннан оқып білдік» деп куәлік береді, – деді. Ғәбділдәнің жауабының өтімді шыққаны сондай: қарсыласы тұқырып қалды. Бірақ кеудедегі кібірлік «жеңілдім» деуге жібермеді.
– Ал енді Мұхамбеттің өзі бабам деп жиі айтатын Ыбырайымға не айтасың? Кітаптарда оны «шейх ул-әнбия» деп айтады. Қос пайғамбардың әкесі атанған. Алла оны «Халилім, досым» деп атаған. Ол Намұрттың жаққан отына күймеді. Дүниені ақылмен тану содан басталды, – деді.
Ғәбділдә сасқан жоқ. Салмақты сөздерін саптай жөнелді.
– Сөзіңде қылдай қате жоқ. Дегенмен алып қосарым бар. Ұлық Алла Ыбырайымды досым деп, «Халиулла» деп еркелетті. Ал Мұхамбетті «Сүйіктім», «Хабибім» деп құрметтеді. Ыбырайым не істесе де, Алланың ризалығын тіледі. Ал Ұлық Алла Мұхамбеттің ризалығын тілейді. Ыбырайым ізіне ерген тақуаларға ғана имамдық етті. Мұхамбет миғраж түні әл-Ақсада 124 мың пайғамбар мен күллі періштеге имам болды. Ыбырайымды отқа тастағанда, Жебірейіл «Қаласаң, мына отты өшіріп тастайын» деп, қасына келген. Ал миғражда Мұхамбеттің жанында жүргенде «Қанатым күйеді» деп оған ілесе алмады. Ұлық Алла Ыбырайыммен періште арқылы ғана тілдесті. Мұхамбетпен миғраж түні тікелей сөйлесті. Ыбырайым Тәңірінен «Қияметте мені өкініште қалдырма» деп дұға қылған. Ал Мұхамбет тілемей-ақ, Раббысы оған «Сені өкініште қалдырмаймын» деп уәде еткен. Ыбырайым халқына Аллаға зікір айтып, Оны мақтап-мадақтаудың жолын үйреткен. Ал Ұлық Алла Мұхамбетті мақтап, періштелеріне және үмбетіне салауат айтуды үйретті. Қане, сендердің қайсысың Ыбырайымға салауат айтып жүрген? – деді Ғәбділдә нық сеніммен. Қарсыласы уәж айта алмады. Қанша тырысса да, Ыбырайымға бірде-бір салауат айтылмайтыны рас еді. Ғәбділдә сөзін әрі жалғап, бастырмалата жөнелді:
– Ыбырайым отқа түскенде «хасби рабби жәл-алла» деп зікір айтты. «Маған жәрдем етуге бір Алланың өзі жетерлік» деді. Ал Мұхамбет тезге түсіп шыңдалғанда Алланың өзі «Әй, хабибім, сенің жәрдемшің Менмін» деп жұбатты. Құранда Ыбырайым «Мен әлбетте өзімнің Раббыма барамын» деген. Ұлық Алла Мұхамбетке «Мен сені өзім шақырамын» деп ілтипат көрсетті. Ыбырайым Қағбаны соғып, жұртты қажылыққа шақырды. Ал Мұхамбет жүректің көзімен Алланы тануға шақырды. Ыбырайым бас көзімен қарап, Ай мен жұлдызға қарап тамсанатын. Алланың құдіретін содан көріп, пікір ететін. Ал Мұхамбет жүрек көзімен жеті қат аспаннан бастап Ғаршы ағлаға дейін көріп тамсана алады. Ыбырайым өзін мойындап, ізіне ергендердің ғана қамын жеді. Ал Мұхамбет ізіне ергеннің де, ермегеннің де келешегін ойлап, түнімен тағат таппай дұғада отырады. Ыбырайым залымдардан зәрезап болғанда «Иә, Алла, мына залымдарды мерт ет» деп дұға тілеген. Мұхамбет майданда тісі сынса да, жауына жарылқау тіледі. Таспен ұрғанды аспен ұрды. Ыбырайымға Алланы мақтап-пәктеуді періштелер үйретті. Мұхамбетке Алланың өзі үйретті. Ыбырайым ұлын құрбандыққа шаларда Ұлық Алла оны бір ғана қошқармен құтқарып алды. Ал Әбдімүтәліп пайғамбардың әкесін құрбандықтан арашалап аларда оның құны 100 түйе болды. Намұрт Ыбырайымды отқа жаққанда, Ұлық Алла: «Ей, от, Ыбырайымға салқын бол, зияның тимесін!» – деп әмір етті. Сондықтан от әрі салқын, әрі зиянсыз болды. Ал Мұхамбеттің ықыласты үмбетіне қыл көпірден өтерде, Ұлық Алла: «Ей, тозақ, оларға салқын бол, ұшқының тимесін!» – деп әмір етеді. Тіпті тамұқтың өзі: «Ей, Мұхамбеттің үмбеті, қыл көпірден тезірек өт. Сенің нұрың мені күйдіріп барады», – деп жалын атып жалынады. Тіпті Мұхамбеттің әулие үмбеті өткен кезде тозақтың оты құдды бір майы таусылған шырақтай әлсіреп барып сөнеді, – деді.
Бұл уәж қарсыласына айтылса да, одан керісінше жиналған жұрттың білімі толысып, бәрінің де пайғамбарға деген ышық-мұхаббаты арта түсті. Қарсыласы жеңілгенін білдірмей, Жүсіп пайғамбар туралы әңгіменің шетін шығарды:
– Пайғамбарыңды қалай мақтасаң да, Жүсіптей асылдың сұлулығына тең келмейтіні – көрініп тұрған шындық. Ол бір ғана мұғжизамен Мысырдың тағына қонған. Елді сегіз жыл бойы аштықтан аман сақтаған, – деді. Оның уәжі ұтымды шыққандай көрінді. Жұрт Ғәбділдәнің аузына қарап, сілтідей тына қалды. Діннің ділмар шешені атанған Ғәбділдә іркілмеді. Ол:
– Тағы да сөзіңнің қатасы жоқ. Құранда да Жүсіптің түс жоритын мұғжизасы мен ерекше көркем сымбаты туралы толық баяндалған. Бірақ, бауырым, сен білмейтін мынадай хикметтер бар. Жүсіп Мысырдың тағына отырып, патшалық етті. Ал Мұхамбет пайғамбарлар тағында отырады. Патшаның тағына отыру пайғамбар үшін қашан мақтаныш болып еді? – деп бір сұрақпен қарсыласын бір түйреп өтті де, ойын сабақтап кете берді:
Тіпті Жүсіптің өзі патшалықты мақтаныш көрмеген. Жүсіптің түрін көрген сарайдағы әйелдер ғашықтықтан дегбірі кетіп, саусақтарын кесіп алған. Олардың нәпсілері қозып, көңілдерін бұзық ойлар шырмаған. Ал Мұхамбетке кемелдік келбеті нәсіп болды. Оның жүзін көрген Меккедегі талай зинақор сол күні нәпсіге құлып салып, оңалып шыға келетін, – деген кезде қарсыласының жүрегі «Рас!» дегендей бүлк ете қалды. Себебі, шынымен де, Мұхамбет Мәдинаға келгенге дейін бұл шаһарда жаман жүріспен аты шыққан талай ер де, әйел де болған. Солардың барлығы пайғамбардың сұхбатында бір рет болған соң, жаман жүрістен толық тыйылып кетті. Қарсыласы «Осы сөзің рас» деп басын изеуге шамасы келмесе де, жүрегі құптап соғып тұрды. Ғәбділдә сөзін әрі жалғай берді:
– Аштық кезінде Жүсіп халықтың қарнын тойғызды. Ол кезде Мысыр халқының асқазаны бір тостақ көжеге зар еді. Біздің заманда қуарған көңіл бір тостақ көжеге емес, мейірім-шапағатқа зәру. Сенің Тәуратыңда да «Құдайға керегі – құлдың құлқыны емес, жұмсарған көңілі» деген. Рас қой?! – деді. Қарсыласы басын изеді.
– Мұхамбет мың жылдан бері мейірім-махаббатқа шөлдеп, қатып қалған талай көңілдің мейірін қандырды. Жүсіп патша болса да, арланбай ел аралайтын. Аш жұрт оның түріне қарап, аштықтың зардабын сезбейтін. Ал Мұхамбетке үмбет болған ақжүрек пенделер қияметтің айбатын сезбейді. Жүсіп өте бауырмал еді. Ол артынан іздеп келген туған інісінің қоржынына білдірмей алтын тостақ салып қойды. Ондағысы інісін қайта көргісі келген еді. Ал Мұхамбет үмбетінің жүрегіне білдірмей асыл иман дәулетін салды. Осы иман дәулетінің себебінен қияметте олармен қайта қауышады және ол қияметте әрбір үмбетінің атын ұмытпайды, түрін шатыстырмайды. Анасы баласын қалай таныса, иман дарыған үмбетін қапысыз солай таниды. Жүсіптің мұғжизасы түс жору еді. Ал Мұхамбетке Раббысы Құранды берді. Жүсіптің сол мұғжизасы өзінен басқа ешкімге дарымады. Ал Құранның мұғжизасы қияметке дейін созылады және оның кереметі жүрек көзі ашылған кез келген үмбетіне дари береді. Жүсіптің мұғжизасы зынданнан қара басын ғана аман алып шықты. Мұхамбеттің Құраны тұтас қауымды қараңғылықтан жарық нұрға шығарды. Жүсіп аттың үстінде отырып атасына сәлем берді. Сол үшін тәні шіріп, ұрпағы жалғаспады. Ал Мұхамбет атасы тұрмақ, алты жасар балаға да аттан түсіп сәлем береді. Құдай оған сол үшін де ұрпақ емес, мәңгілік үмбетті сыйға тартты, – деді.
Бұл жолы да қарсыласы дау айта алмады. Себебі Мұхамбет жорықтан Мәдинаға оралған сайын күллі бала-шаға оған сәлем береміз деп жүгіріп алдынан шығатын. Сол кезде пайғамбар аттан түсіп, олармен үлкендерше сәлемдесіп, беттерінен сүйетін. Жетім балаларды алдына отырғызып, шаһарға салтанатпен алып кіретін. Оны өзі де талай рет көріп, куә болған. Іштей қайран қалып, сүйсініп тұрушы еді. Қарсыласы іштей бүгіліп тұрса да, қанға сіңген кібірлік пен қыңырлық оңайшылықпен иілтпеді. Бұл жолы да ақылына емес, нәпсісіне жеңдіріп:
– Мұса Тұр тауында Тәңірімен тілдескен. Оған да кітап түскен. Перғауынның сиқырын сындырып, өзін теңізге тұншықтырған. Мұғжизамен Қызыл теңізді жарған. Мұхамбетті Мұсамен шендестіру ақылға сыймас, – деді. Қара сөзден түйін түйген Ғәбділдә:
– Мұса кәлимолда – Құранда аты аталған ұлық пайғамбарлардың біреуі. Оның бірде-бір кереметіне күмән қылмаймыз. Оның перғауынды теңізге қарық қылуы – расында да, теңдесі жоқ ерлік. Дегенмен, бауырым, сенің назарыңнан тыс қалған Құдайдың сырлары жетеді. Мен айтайын, сен тыңда. Мұса кәлимолда өзін құдай санаған тәкаппар перғауынды теңізге қарық қылып, көзін жойды. Ал Мұхамбет кез келген пендені «Мен құдаймын» дегізетін тәкәппарлық дертінен айықтырды. Ол өзі осындай ұлық пайғамбар болып тұрса да, бізге «Алладан өзге Тәңір жоқ, Мұхамбет – оның елшісі және құлы» деп үйретіп келеді. Сондықтан оның үмбетінен перғауын шықпайды. Мұсаның асасы перғауынның сарайындағы сиқыр атаулыны түбірімен талқандады. Ал Мұхамбеттің Құраны жер бетіндегі сиқыр біткенді сындырды. Мұса Алламен тілдескенде екеуінің арасын жетпіс мың перде бөліп тұрды. Мұхамбет Алламен садақтың екі басындай қашықтықта дидарласып тілдесті. Ұлық Алла Мұсаның бір қолын қолтығына салғанда алақанын шырақ етіп жағатын. Бірақ оның сәуле шашқан қолынан қауымына келіп-кеткен пайда болмады. Ал пайғамбардың Құраны момындардың жүрегінде ілім болып жанып тұрады. Оның нұры кез келген талапты ердің көңілінде тез тұтанып кете береді. Мұса тек бәну Ысрайылға пайғамбар болды. Ал Мұхамбет бүкіл әлемге пайғамбар болды. Оған дәлел – өз сөздерің. Тәуратта «Тәңірдің таңдауы бізге түсті. Мұса біздің қауымды құлдықтан құтқарып, ертіп жүрді» деп өздерің айтасыңдар. Қашан сендер біз сияқты пайғамбарлық нығметті ортақ деп санадыңдар? Ал біздің Мүбарак Құранның шырағын әлем халқына арнады, – деді. Қарсыласы осы кезде тілін тістеді. Себебі ол үнемі «Біздің Мұса. Біз – Құдайдың таңдаулы халқымыз, басқа жұрттан пайғамбар шықпаған» деп көп айтатын. Өз сөзі өзіне жау болды. Ғәбділдә тау басынан ақтарылып аққан асау өзендей арындап кете берді:
– Мұса Алланы көруге өзі сұранып барды. Бірақ сол күйі көре алмады. Өзі ұятқа қалды. Ал Мұхамбетті Раббысы өзіне қонаққа шақырып, дидарын көрсетті. Мұса Тұр тауына барғанда Құдай оған: «Аяқкиіміңді шеш, киелі жерді байқап бас!» – деп бұйырды. Ал Мұхамбет миғражға шыққанда Аршы ағланың өзі: «Сенің табаныңды сағындық, аяғыңды шешпе», – деп жалынды. Мұсаға Алла күш беру үшін 30 күн оңаша баптады. Бірақ отыз күн кемдік қылды. Он күн және қосып қырық күнге толтырды. Ал Мұхамбетке күн сайын сахар уақытында рухани күш беріп, дәрежесін тоқтаусыз өсіре берді. Мұса ынтызар мақамында 40 күн ұйықтамай ораза ұстап, тік тұрып мінәжат қылса да, Алланың дидарын көре алмады. Ал Мұхамбет төсегінде жатқанда Жебірейіл оны пырақпен миғражға алып кетті. Мұса Тұр тауында Алла сипатының бір ұшқынын көріп, есінен танып құлады. Ал Мұхамбет Алламен сұхбат қылды. Нендей ұлық дәрежелі орынға барса да, есінен танбады. Құранда Мұсаға «лән тарани», «сен Мені көруге әзір емессің» деген. Ал Мұхамбетке «әлам тара иллә раббик», «Раббыңа назар салғың келе ме?» деді. Керек десең, «Ей, Мұхамбет, Алланың дидарын көргісі келетін топтан ажырама» деп жол көрсетті. Мұхамбеттің өзі тұрмақ, үмбеті де жүрек көзін ашып, Алланың жамалын көре алады. Мұса қырық күн оңаша кеткенде, сонша жыл тәрбие қылған елі бұзауға табынып, имандарын сатып кетті. Ал Мұхамбетті үмбеті ол жоқ болса да, Алланың бірлігінен жаңылмайды. Мұсаның жұртына көктен ас-ауқат жауды. Ол бір күндік тамақ еді. Ал Мұхамбеттің үмбетіне рухани ілімнің сарқылмас бұлағы ашылды және ол ілім көңілі таза үмбетінің жүрегінен бұлақша ағып әлемге тарала береді, – деді.
Қарсыластың аузына құм құйылды. Ғәбділдәнің айтқан ақиқаттары оның жүрегіндегі қыңырлық дертін емдеп кетті. Қарсыласуға дәрмен қалмады. «Дінді сатпау керек» деген жалған намысқа жабысып зорға отырған. Ғаббас бір қызып алса тоқтауы қиын ақтабандай сорғалатып кете берді:
– Айтпасаң да, біліп отырмын. Дәуіт пен Сүлейменнің кереметін көлденең тартқың келіп тұр ғой. Бірден айтайын: олардың екеуі де – Құдайдың сүйікті пайғамбарлары. Жомарт Алла оларды мұғжизадан кенде қылмаған. Дегенмен ол екеуі де «Мұхамбетке үмбет болсам» деп армандап кетті. Себебі Дәуітке жер бетіндегі халифалық дәрежесі берілді. Ал Алла Мұхамбетті өзіне халифа етіп ұлықтады. Дәуіт темірді қамыр сияқты илейтін. Мұхамбет тастан да қатты жүректерді жылы лебізімен-ақ былқылдатып илеп жіберетін. Сенбесең, өзің қара, қазірдің өзінде осы қалада темірді қамырша илейтін ұсталар толып жатыр. Жүрегі қатайған залымның жүрегін жұмсарта алатын бір ғұламаң бар ма? – деді. Қарсыласы басын шайқауға ғана әлі жетті. Мұхамбет бұрындары адамдарды малша бауыздап кете беретін талай жауызды уағыз айтып, бір күнде момын қылып шығаратын. Олар содан соң шыбын өлтіруге қорқатын. Ғәбділдә тоқтамады:
– Дәуіт қаруын өзі соққан қас батыр еді. Оның айбарлы дауысынан алпыс шақырым жердегі жауының жүрегі тіксінетін. Мұхамбеттің өзін айтпағанда, Біләл сахабасының шақырған азаны миғражда естілген. Оның дауысынан сайтандар тітіркенетін. Ұлық Алла Дәуітке зәбүр жырларын берді. Бірақ Дәуіттің жырларын өздеріңнен басқа ешкім айтпайды. Ал пайғамбардың қалдырған ілімі барлық ұлт пен ұлысқа жұғысты болады. Қияметке дейін кемелдене береді. Дәуіттің ұлы Сүлейменге жындар мойынұсынды. Ал Мұхамбетке періштелер бас иді. Сүлеймен желге мініп, әлемді аралайтын. Пайғамбар пыраққа мініп, аршыны шарлап шықты. Сүлеймен бір күнде бір айлық жол жүрсе, Мұхамбет қас қағымда жеті қат көкті жарып өтті. Сүлеймен жүзігін бұраса, жер бетіндегі тіршілік түгел бағынатын. Пайғамбар Құран оқығанда, он сегіз мың ғалам тырп етпей тыңдайды. Сүлейменнің дауысын естігенде жындар қорқатын. Ал пайғамбардың үмбеті «Аят-үл күрсіні» оқығанда жын-шайтанның бәрі қалшылдайды, – деді. Әһлі кітап айтарға сөз таппай, басы салбырап отырып қалды. Үнсіздікті бір христиан бұзды. Ол Ғәбділдәнің іліміне қайран қалды. Мұхамбетті дәл бұлай ұлықтаған бір мұсылманды көрген емес еді әрі аты аталған пайғамбарлар оған да ортақ еді. Ол қыңырланбай, таза білсем деген ниетпен:
– Иә, Ғәбділдә, біздің Ғайса пайғамбар туралы не айтасың? Оның да дәрежесі ұлық қой. Оны анасының жатырына періштелер қондырып кеткен. Оны естуімше сендер де солай деп танисыңдар? – деді. Ғәбділдә:
– Бауырым, Ғайса да – ұлық пайғамбар. Құранда оның анасының аты бар. Пәктен туған заты бар. Артында қалған хаты бар. Бірақ Ғайса төртінші қатта қалып қойды. Мұхамбет пайғамбар миғраж сапарында онымен кездесіп, тілдескен. Сосын Ғаршыдан әрі асып, тылсымға сіңіп алыстаған. Ғайса өлген адамды тірілтетін. Бірақ одан дініне пайда болмады. Себебі тірі тәннің ішінде рухани өліп қалған ет жүрегіне рухани нәр бере алмады. Ал Мұхамбет өлген өлікті емес, тірі адамның өлген жүрегін тірілтті. Ғайса кереметімен судың бетінде батпай жүрді. Ал Мұхамбет рухтың күшімен көкте қалықтады. Хақ тағала Ғайсаға ғажайып дастарқан түсірді. Ол бір балықпен мың міскінді тойдырды. Ал Мұхамбетке рақмет дастарқанын нәсіп етті. Оның берекесі мен мерекесі мәңгілік таусылмайды. Рақмет дастарқаны қияметке дейін рухани ілімді талап еткен барлық үмбетіне жайылып тұрады. Ол дастарқаннан дәм татқан үмбеті көңіліндегі мың бір дертке шипа табады, – деді. Христиан жігіті Ғәбділдәнің жауабына риза болды. Ғәбділдә ілімнің күшімен әһлі кітаптарға тойтарыс берген ең бірінші сахаба еді. Ол дауысын жұмсартып, достық пейілмен:
– Бауырлар, алауыз болу адамға абырой әпермейді. «Қыңырды қырсық жағалайды» деген. Жүректерің Мұхамбетті Хақ пайғамбар деп мойындап тұр. Бірақ жанға жабысқан қыңыр мінез ақиқатқа мойын бұрғызбайды. «Ауру емес, жын емес, мінезді қалай жазамыз?» деген – осы! Соңғы сөзім былай: «Бірлік бар жерде тірлік бар». Сендер бізге жау емессіңдер. Құдай Құранда бізге «Сайтан сендерге дұшпан, араларыңа дұшпандық дәнін егеді. Сондықтан жауды жаулыққа ұстаңдар!» деген. Жайшылықта «Біздің жұрттан 124 мың пайғамбар шыққан» деп мақтанғанда аттылыға жол, ауыздыға сөз бермейсіңдер. Осыншама пайғамбардан ілім алғанда бір ғана Мұхамбеттің ұлық дәрежесін, көркем мінез-құлқын, қара қылды қақ жарған әділдігін көре алмадыңдар. Ал бізге бұған дейін бірде-бір пайғамбар келмеген. Бірақ жалғыз Мұхамбеттің себебінен 124 мың пайғамбардың сансыз кереметін, еткен еңбегін, жазған хатын, айтқан өсиетін, қалдырған сүндетін толық танып, оларға түгел иман келтірдік. Қылыш қынға тоқтайды, су шымға тоқтайды, сөз шынға тоқтайды. Шын сөз айтылды. Енді ер болсаңдар, хақ сөзге тоқтаңдар! – деп тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтты.
Әһлі кітап орнынан тұрды да, Ғәбділдәні құшақтап, бауырына басып:
– Ғәбділдә бауырым, маған ренжіме, әсіресе, соңғы сөзің сүйектен өтті. Рас айтасың, біз Мұхамбеттің кемел келбетін, ұлық дәрежесін, көркем мінез-құлқын көрсек те, көрмеген болып әділдіктен тайдық. «Ауру батпандап кіреді, мысқалдап шығады» деген. Қанға сіңген кібірлік бірден кете қоймайды. Рақмет саған! Қазірден бастап мен мұсылман боламын, – деп мойындады. Сосын нәпсісін ақылға жеңдіріп, жұрттың көзінше «әшһәду әллә илләһә иллә-алла, уә әшһаду әннә – Мухаммадан ғабдуһу уә расуулуһу» деп дауыстап кәлима-шаһадат айтты.
Оның шынайы тәубесі Ғәбділданың жүрегін елжіретіп, көзінен жас парлатты. Ол сол арада әсем әуенмен Құраннан аят оқи жөнелді: «Біз Раббымыздың Өзіне де, уахиына да шүбәсіз сенеміз және оның Ыбырайымға, Ысмайылға, Ысқаққа, Жақыпқа, Мұсаға, Ғайсаға және басқа пайғамбарларына енген барлық кітаптарға иман келтірдік. Біз бірде-бір пайғамбардың арасын айырмаймыз», – деді.
Жамағат сонымен құшақтасып, бауыр болып, достық пейілмен тарасты. «Пайғамбарды күнәдан пәк, мүлде күнә жасамайтын адам етіп сипаттау қаншалықты ақылға қонымды» деген сұраққа орта ғасырдың өзінде-ақ дін ғұламалары жауап беруге тырысқан. Осыған орай Исламда «исмәтул-әнбия» ұғымы пайда болды. Яғни, «пайғамбар міндетті түрде күнәдан пәк болуы тиіс. Оның бойында жәй пендеге тән жағымсыз мінез-құлық болмауы керек. Себебі, ол күллі адамзатқа ортақ, ең көркем эталон» деген ойды нақты аяттармен нықтап бекіткен. Орта ғасырда өмір сүрген Фахраддин Рази есімді ғұлама «исмәтул-әнбия» ұғымын Құран аяттарына негіздей отырып, бұл концепцияны қалыптаған.
ПАЙҒАМБАРДЫҢ СЫНЫҚТЫҒЫ
Ғаббас әһлі кітапты біліммен жеңген соң, пайғамбардың беделі Мәдинада қарыштап өсті. Исламның күшпен емес, көркем мінезбен, терең біліммен, өзгенің дінін сыйлаумен және қара қылды қақ жарған әділдікпен таралатын қайырлы дін екені анық болды. Бірақ, сонда да пайғамбардың сынықтығын сынағысы келетін әһлі кітаптар әлі де бар еді. Сондайлардың бір шоғыры бір жиында Мұхамбет пайғамбарға былай деп сұрақтар қойды:
– Иә, Мұхамбет, күллі адам ұрпағының түп атасы біреу. Ол – Адам пайғамбар. Одан бері 124 мың пайғамбар жер жүзіне тарады. Бізге бүгін бұрынғы өткен пайғамбарлар баянын айтып берсең, – деп қолқа салады. Алланың елшісі:
– Бауырлар, «Бала әкесінен бір батпан кем туады» деген. Атамыз Адам пайғамбар бәрімізден артық! Оның тәні ең бірінші балшықтан мүсінделіп, пейіштің есігін бірінші болып ашты. Менменсіген Ібілістің кеудесін басып, тәкаппарлығын әлімсақта әшкере қылды. Алланың рух деген нығметінен балшық тәнге үрленіп, ең бірінші ауыр сынақты бастан кешті. Хауа анамызбен жұбын жазбай, адал махаббаттың ең бірінші үлгісін көрсетті. Адам атаның себебінен Құдайдың ықыласты құлдары мен пасық құлдарының арасы ажырады. Сондықтан Адам атаны құрметтеу бізге уәжіп болады, – деді. Отырғандардың екінші біреуі:
– Ыдырыс туралы не айтасыз? Оның дәрежесін не деп білесіз? – деді.
– Ыдырыс – ең бірінші әліппені түзеген пайғамбар. Дыбысты теріге түсіріп таңбалаған терең ілім иесі. Жазу-сызу содан басталды. Ол болмағанда ғалымдардың хаттары тасқа түсіп сақталмас еді. Біз Алланың сүйікті достарына көктен түскен рисаланы оқымас едік. Ол – періштелерден айласын асырған, Әзірейілдің құрығына ілінбей кеткен жалғыз пайғамбар, – деді.
– Екінші Адам атанған Нұхтың Тәңірісі алдындағы дәрежесі қандай болмақ?
– Оның жүрегі ой мен қиялға бай еді. Пайғамбарлар ішінде ең ұзақ ғұмыр сүру соның маңдайына жазылды. Ол надандыққа әбден батқан ел-жұртын қаншама жыл сүйреді? Ар мен намыс, ұят пен ибаны, мейірім мен қайырымды халыққа жеткізем деп жаны жай таппады. Төбесі көк тіреген алып бәйтеректен алып кеме тұрғызу Нұх сияқты батырдың ғана қолынан келетін еді. Жануарлар мен адамдарға пайғамбарлық етіп, топаннан аман алып қалды. Ол болмағанда, біз осы күнге жетпес едік, – деді.
– Ал атаңыз Ыбырайымды сахарда туған шолпандай ұлық пайғамбар деп айтады. Өзіңді Ыбырайымға қаншалықты тең көресің?
– Ыбырайымнан асқан дарқан жоқ. Қонақ күту, жомарттық содан басталды. Көңілі түскен кісіге астындағы жалғыз атын сойып беретін нағыз мәрттің өзі еді. Жалғыз отырып ас ішпеді. Құшақтасып көрісу содан қалды. Оған қос пайғамбардың әкесі атану бақыты бұйырды. Үш періштенің зікіріне ғашық болып, бар малын сарп қылған. Өз қаржысына қасиетті Қағбаны салған Алланың сүйген досы еді. Алла оны бекерден бекерге Халиолла деп атаған жоқ. Ол – Хақтың жолында жалғыз ұлын құрбанға шалмақ болған ең тәуекелі мықты ұлық пайғамбар.
– Құрбандыққа өзін шалған Ысмағұл да әкесінен асып түспесе, кем түспейтін. Оның дәрежесі қандай?
– Ысмағұл – мың жылда бір туатын ер. Анадан туа сала зәмзәмнің көзін ашты. Оның шарапатынан зәмзәм тоқтаусыз ағып тұр. Оның рақатын қазір біз көріп отырмыз. Ол Алланың жолында шыбын жанын пида етті. Жас та болса, бас болатын дана еді. Жомарттықта әкесінен асып түсті. Ыбырайым оны құрбанға шаларда: «Әй, ұлым, көрдің бе, менен өткен жомарт жоқ. Жалғыз ұлымды Алла үшін құрбан қылдым» дегенде, ұлы: «Әке, сен жалғыз ұлыңды құрбан етсең, мен жалғыз жанымды құрбан етіп жатырмын. Қайсымыз жомарт екенбіз?» деп, Ыбырайымды сөзден тосқан.
– Ыбырайымның екінші ұлы Ысқақтың дәрежесі қандай?
– Ысқақ пайғамбарлар көшін бастаған. Анасы Сара тоқсанға келсе де, пұшпағы қанамаған бақытсыз әйел еді. Ысқақ анасының үміті үзілуге шақ қалғанда көзінің қуанышы болған бақытты жан еді. Алланың дидарына ғашық болу содан басталған. «Жаратқанның жамалын қайтсем де көремін» деп ұйқысын «бауыздаған». Кеш жатса да, сахар уақытын қаза кетірмей, бұлбұлдарға қосылып, құйқылжыған әуенмен Аллаға зікір айтқан. Оны «бәну Исрайылдың ұлық атасы» дейді.
– Раббымыз өзінің сұлулық тамшысынан Жүсіптей асыл ерге айрықша ажар берген. Қырық мың жыл иленіп, пейіште мүсінделсе де, Адам атаның өзіне ондай сыр мен сымбат дарымаған. Оның дәрежесін қалай баяндайсың?
– Жүсіп – Құдайдың ерекше жаратқан қайырымды құлы. Құдықта қырық жыл жатса да, қабағын шытпаған асыл ер. Туған ағалары қастық қылса да, жүрегіне кек сақтамаған нағыз жомарт. Бауырымен үш күн араздасқан адамға иман нұры дарымайды. Қастандық қылған тоғыз ағасын кешіріп, панасына алған. Адал жарға сенімді күйеу болған жігіттің нағыз сұлтаны еді. Зинадан қашып, өзін өзі зынданға тастаған. Құдайға осы қылығы жаққандықтан, Раббысы оған түстің мұғжизасын берген. Түс жоритын сол кереметі бүкіл жұртына қайырлы болды. Сегіз жылға созылған алапат аштықтың алдын алды. Перғауынның тағына отырып, әділдікпен ел басқарды. Зылиханың махаббатын Алланың ғашықтығына ұластырған ұлық пайғамбарлардың бірі еді.
– Су иесі Сүлеймен адам мен аңды былай қойғанда, бұлт пен желді бағындырып, ерттеп мінген. Оның дәрежесі қандай?
– Сүлеймендей Құдайға сүйікті болған пайғамбар аз. Алланың оны жақсы көргені сондай: мақұлық атаулымен тілдестіріп, даналығын шексіз шыңдатты. Сүлеймен содан сөзге ұста, ойға ұшқыр болды. Жын-періні тізе бүктіріп, әл-Ақсаны салдыртты. Өзі өлсе де, таяғына сүйеніп қырық жыл тұрды. Оның сұсты келбетінен қорыққан жын-пері өлі-тірісін біле алмады. Құрт келіп аса таяғын кеміріп құлатпағанда жындар әліге дейін әл-Ақсаны салып жүре беретін еді. Жердегі жануарды менсінбегесін, Алла оған пейіштен тұлпар түсірді. Әлемнің билігін бір жүзікке сыйғызған Сүлеймендей дана бар ма екен?
– Мұсыл шаһарына келген пайғамбар Жүністің қандай ерлігі әнбиялар ішінде асқақ?
– Ол сияқты ауыр сынаққа төзген ешкім жоқ. Қырық күн қылуетте жалғыз жатып тағат қылған талай тақуалар өткен. Бірақ ол сияқты қырық күнді тар қапаста өткізген ешкім жоқ. Кемедегі жұрт қол-аяғын байлап теңізге лақтырғанда балыққа барып жұтылды. Жайынның қарнында қырық күн қамалса да, зікірін тілден тастамады. Абыройының асқақ болғаны соншама: күллі балық жабылып, жалаңаш денесін жасырған. Соның себебінен Залуқа атты балықтың ұрпағына береке дарыды. Теңізде жүзген жалғыз пайғамбар сол еді.
– Ұстаның пірі атанған Дәуіттің дәрежесі қаншалықты ұлық еді?
– Ер Дәуіттей жүрек жұтқан батыр пайғамбар аз. Ол он үш жасында Жалұттай жауыздан қасиетті Қағбаны азат қылды. Ақырғанда дауысы алпыс шақырым жердегі жаудың жүрегін ұшырды. Отыз ұлының орнына Раббысы оған Сүлеймендей бекзаданы нәсіп етті. Нанын адалдан жеймін деп Алладан кәсіп сұраған. Патшалық тағын тастап, адал еңбекпен күн кешті. Темірді балшықтай иледі. Ел-жұртын жыланның шабуылынан құтқарды. Алғаш болып сауыт-сайман соқты. Ұсталардың пірі болды. Оған Забурдың жырларын түсірді. Ән салғанда әсем дауысын ұшқан құс пен жүгірген аң тоқтап тұрып тыңдаушы еді.
– Алланың кәлимолдасы Мұса пайғамбар жайлы не айтасыз?
– Өкініп тәубе етуде Мұсадай ықыласты пайғамбар болмаған. Алла оны перғауындай жауыздың сақалының астында сақтады. Перғауынмен айқасқанда қолына аса таяқ ұстатты. Күшін жаудан басым етті. Теңізді жарып, перғауынды суға тұншықтырды. Халқын құлдықтан елдікке бастады. Тұр тауында Алламен жақын келіп сырласты. Жұртына Тәуратты әкелді. Көктен тағам түсірді. Қырық күн тұрып тағат қылып, Алланың разылыған алды. Шешендікте одан өткен пайғамбар жоқ.
– Жақия пайғамбардың қандай ерекшелігі бар?
– Ол да – ұлық пайғамбар. Ол сияқты жүрегіне сақ болған ешкім жоқ. Қылдай қиянаттан қашық жүрді. Жолда жатқан құрт-құмырсқаға зияным тимесін деп әр қадамын аңдап басты. Құдай үшін көз жасын тауысып жылаған ол сияқты адам жоқ. Көзінің жасынан шөліркеген шыбын сусындаған. Періштелер әр тамшысын пейіштің жібегіне орап, құрметпен ұстаған.
– Иә, Мұхамбет, сөзіңнің жаны бар. Мүдірмей әр пайғамбардың қасиетін айтып бердің. Енді Ғайса жайлы не айтасың?
– Адамды сүюде Ғайсадан асқан ешкім жоқ. Бір бетін ұрса, екінші бетін тосатын шынайы махаббаттың иесі. Бибімәриям анамыздың пәктігінен жаралған пәк пайғамбар. Өлікті тірілткен, соқырды жазған, мың бір дерттің шипасын білген. Теңізден жаяу өткен. Бауырмалдықта, кең пейілдікте одан өткен адам жоқ, – деді. Жиналғандар:
– Ғайсаның да ерекшелігін жеткіздің. Енді өзіңнің дәреже, деңгейің қандай? – деді.
– Е, бауырлар, мен бұл ұлық пайғамбарлардың жанында кішікпін. Егер олар тірі болса, мен олардың атын ерттеп, асын әзірлеп, қызметін қылар едім. Себебі олар қандай да құрметке лайық. Бұ дүниенің қызығы кісілікте емес, кішілікте, – деді. Сол кезде пайғамбарды сынап, әрбір сөзін аңдып отырған жұрттың бәрі осындай ұлық дәрежелі пайғамбардың топырақ сипат сынықтығына қайран қалысты. Осыдан бастап ел оны «қалилуль мәнни», яғни өзін мейлінше кішік қылып көрсететін сипатымен танитын болыпты.
Алдыңғы пайғамбарлармен салыстырғанда Мұхамбет әлемге жаңаша үмітпен көз тігетін көзғарасты ғана алып келген жоқ. Ол адамзат тарихының қисық тұсын жөндейтін миссияны да арқалай келді. Осылайша әр бір адамның жеке потенциалын толық жүзеге асыру арқылы әділетті қоғам құруға болатынын дәлелдеп шықты. Үмбеттің саяси жеңісін мұсылмандар Алланың тікелей жәрдемі деп түсінеді. Қоғамда әділетсіздік тамыр жайғанда мұсылмандар саяси белсенді болып шыға келеді.
Карен Арсмтронг
ЫБЫРАЙЫМНЫҢ ДҮНИЕДЕН ӨТУІ
Мұхамбет пайғамбардың Мәриям есімді әйелінен туған ұлы Ыбырайым әкесінің көз қуанышы болып өсіп келе жатады. Әкесі оған әрдайым мейірленіп, «Қарашығым, құлыным» деп еркелетіп, көшеде ертіп жүретін. Жастай шетінеген Әбділда, Қасым мен Тахирдің қайғысын Ыбырайым жойғандай болды. Жеті жасқа толғанда «Құранға сауатын аш» деп, Оспанның қолына берді. Ыбырайым топтағы балалардың алды болды. Оның бала тілін қызықтап, пайғамбар көңілденіп қалатын. Алайда Алланың қалауы басқа еді. Ол хабибіне бұған дейін бірде-бір пайғамбарға нәсіп болмаған ең көп, ең берекелі үмбетті нәсіп етпек. Мұндай үмбеттің иесіне еркек кіндігінен ұрпақ тарату жазылмаған. Себебі ұрпақ қалдыру кез келген адамның бақыты еді. Ал үмбет қалдыру – ғалам бойынша бір ғана адамға тиесілі нығмет. Бір күні Әзірейіл періште пайғамбардың үйіне келді. Пайғамбар оның суыт келісінен секем алып, сескеніп қалады. Себебі Әзірейіл бостан-бос келмейтін.
– Әзірейіл, төрлет. Шаруаңды айт, – деді бір қайғының ізін сезіп. Әзірейіл:
– Саған Алланың сәлемі бар. Екі қылыш бір қынға сыймайды, пайғамбарлар дүние-мүлік жимайды. Ұлық Алла «Ұрпақ емес, үмбет қалдыруға дайындалсын» деді. Сол іспен келдім, – деді. Мұны естігенде пайғамбардың екі көзінен екі тамшы жас үзіліп түсті. Орамалмен бетін басып, егіліп жылады.
– Иә, Әзірейіл. Алланың әмірі екі болмайды, жаным сауға. Тек мені қияметте үмбетіме шапағат етуден айырмасын. Үмбетім үшін барлық қазынам, бүкіл байлығым садаға, – деп үнсіз жылады. Жүмілә періште қосыла егілді. Пайғамбардың осындай ауыр сынаққа төзгіштігіне барлығы да қайран қалысты. Кешке Ыбырайым үйіне келді. Бірақ дастарқан басы күндегідей жайма-шуақ болмады. Зерек туған Ыбырайым бір нәрсе болғанын сезді.
– Көке, неге көңілсіз отырсыз? – деді баласы.
– Балам, саған бір сұрақ қояйын. Ұлық Алла саған «Мұхамбетке ұрпақ боласың ба, үмбет боласың ба? Біреуін ғана таңда» десе, қайсысын таңдар едің? – деді. Ұлы ойланбастан:
– Әрине, үмбеттікті таңдар едім. Пайғамбарға ұл болу оңай, үмбет болу қиын, – деді.
– Ұлым, сен дұрыс таңдау жасадың, – деді. Зерек бала әкесінің нені меңзегенін бірден ұқты. Көп ұзамай, Ыбырайым ауырып, ақыры шетінеді. Пайғамбар ұлының көз жанары сөнгенше, қасында басын сүйеп отырды.
– Сен менің нағыз үмбетімсің, – деп қинала күбірледі. Бала үзілген соң, пайғамбар да қайғырып бірнеше күн жатып қалды. Бүкіл Мәдина жұрты қара жамылды. Көңіл айтып келушілердің алдыңғы легі келіп бастады.
Пайғамбар:
– Айналайын, құлыным-ай, сен менің көзімнің нұры, көңілімнің қуанышы ең. Шекер тілім, сөйлер сөзім ең. Жүзіме күлкі ұялатқан тәтті қылығым ең. Енді міне, ботасы өлген боз маядай тұлыбыңа келіп ыңырандым. Көз алдында құралайынан айрылған шарасыз киіктің кебін құштым. Жансыз денеңді иіскеп маңырадым. Жапырағын жел сыпырған, тамырымды аптап күн қуырған жапандағы жалғыз бәйтерекке айналдым. Қанатынан қайрылған сұңқар болдым, қайратынан сарқылған тұлпар болдым. Қайғыңның мұнша ауыр боларын кім білген?! Таңда мақшар күнінде «бабалап» алдымнан шығарсың. Сол кезде армансыз бір мауқымды басармын, – деп тебіреніп отырды. Келушілер:
– Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ. Болған іске болаттай берік болыңыз. Ыбырайымжанның ендігі мекені жұмақ болсын, мінгені пырақ болсын, маңайы маздаған шырақ болсын. Ұзақ сапары ұлағатты болсын! «Жақсы адамның өлген күні болмайды, туылған күні болады» деген. Жаны пейіште шалқысын, – деп көңіл айтты. Сол кезде пайғамбар көкірегі қарс айрылып:
– «Өлімнің үлкен кішісі болмайды» деген осы екен ғой. Уа, дариға-ай! – деп күрсінді.
Мұхамбет пайғамбардың ең сенімді төрт серігі баланы арулады. Ыбырайымның сүйегін Әубәкір Сыдық ұстап, Омар жуды. Оспан құманмен су құйды. Әзіреті Әлі үздіксіз иман айтып тұрды. Көктен қисапсыз періштелер түсіп, жас баланың жаназасын шығарды. Олар Ыбырайымды жібек тонмен орап, жұмаққа алып кетті. Осы қызметі үшін пайғамбар оларға риза болып:
– Сендер менің үмбетімнің досы болыңдар! Қияметте оларға шапағат етіп, сауаптарыңмен бөлісіңдер! – деп батасын берді.
Егер күнә жасау пайғамбарлардан бастау алған жол болғанда, әділетті Алла оларға да көппен бірге тозақты уәде етуі керек. Олар да малғұн атанып, тозаққа түсер еді. Бірақ момындар үшін олай ойлаудың өзі ақылға сыймайды. Ұлық Алла пайғамбарларға құлшылық етіп, күнәға ұрынбай, тәулік бойы тура жолда жүруді міндеттеген. Егер олар тағат қылмай, көңілі бұзықтыққа жол беретін болса, Құрандағы «Өздерің жасамайтын істі елге таңу сендерге үлкен қылмыс болады!» деген бұйрыққа тұтылар еді.
Фахраддин Рази
ПАЙҒАМБАРДЫҢ ЖЕҢІСІ
Мұхамбет пайғамбар Мәдинаға орныққан соң Меккеге жеңіспен оралатын күнді күтті. Қастасқан дұшпандары оған ешқашан тыныштық бермеді. Ол он жыл ішінде бітіспес дұшпандарымен сауыт-сайман асынып, үш рет ірі майданда кездесуге мәжбүр болды. Олар тарихта «Бадыр шайқасы», «Ухуд шайқасы», «Ор шайқасы» деген атпен сақталып қалды. Осы айқастардың бәрінде ұлық Алла хабибісін жәрдемсіз қалдырмады. Барлық майданда мұсылмандар жауларына үстем болды. Залымдар соңғы рет он мың қол жинап, Мәдинаны келіп қоршайды. Пайғамбар қалың ор қазып, олардан қорғанады. Жаудың қарасы бұлардан үш есе басым еді. Бірақ Құдай құдіретін сол жолы тағы бір рет әшкере түрде көрсетті. Шаһарда көзді аштырмайтын құмды дауыл басталды. Үш күн бойы сұрапыл соққан жынды жел жаудың шатырын ұшырып, қазан-ошақтарын төңкеріп тастады. Ұрысқа мінетін жылқылар жан-жаққа жұлқи қашып, әбден берекесі кетеді. Періштелер олардың көңіліне «Мұхамбет – хақ пайғамбар. Оған Құдайы жақтасып жатыр. Өздерің құр босқа хәлек боласыңдар. Тез үйлеріңе қайтыңдар» деп үрей салып жатты. Жаудың жігері мұқалып, қайраты қайтып, өзара алауыз болған құрау-құрау тайпалық одақтар отандарына бытырай тарасып кетті. Осы шығынсыз жеңістен соң пайғамбар уақытты көпке созбады. Ол дереу қол жинап, құты қашқан жаудың ізіне түсті. Он мың әскермен Мекке түбіне келіп қосын тігіп жатты. Мекке жұрты осыдан он жыл бұрын елден көшкен жетпіс шақты мұсылманды танымай қалды. Ертесіне қаланы жер қайысқан қалың қол қоршап алды. Тауға шығып, олардың әрекетін бақылаған меккеліктер үмбеттің тәртібін көріп қайран қалады. Намазда он мың адам жалғыз пайғамбарға айрандай ұйып тұра қалады. Бұлардағы сияқты бас-басына би болып, лағып жүрген бір адам көрінбейді. Бірін көр де, бәрін көр, бәрін көр де, бірін көр. Пайғамбардың айтқаны сол заматта бұлжымай орындалады. 23 жыл бойына пайғамбардың тірсегін шайнап, қанын ішкен пасықтар біттік деп ойлады. «Мұхамбетті қайтсем де өлтірем» деп, пайғамбарға семсер сілтегендер жандарынан түңілді. «Мұхамбет бізді өлсе де кешірмейді» деп жылап-еңіреп, қараңғы тамдарға барып тығылды. Бірақ оқиға мүлде басқаша өрбіді. Ол Қағбаның қасына қызыл шатыр тікті де, пұшайман болған бұрынғы дұшпандарын қабылдай бастады. Хақ пайғамбар «қанға қан» деген ескі ережені сол күні келмеске жіберді. Ол қатесіне өкініп, кешірім сұраған адамды кешіру дегеннің қандай болатынын өзі үлгі болып көрсетті. Басқаларды айтпағанда барлық майданда қарулы қолды бастап келген Халид ибн Уәлидтің өзі рақымшылыққа ілінді. Дәл осы айлакер қолбасшының кесірінен пайғамбардың ең сенімді серіктері майданда қаза тапқан еді. Халид ішінен «Басқаны кешсе де, мені кешірмейтін шығар» деп үміті үзіліп тұрған. Алайда пайғамбар оған да кешірім берген кезде Халидтің тас болып қатып қалған жүрегі қамырдай жұмсарып сала берді. Екі көзінен жас парлады. Ол өмірінде бірінше рет мейірім, кешірім деген ұғымдардың не екенін тұла бойымен, жан жүрегімен, жұлын-жүйкесімен сезініп, есеңгіреп отырып қалды. Оған сол жерде мұсылман болғаннан басқа жол қалмады. Міндетті түрде өлімге кесіледі-ау деген қара тізімде Әбу Суфиянның әйелі Хинд те бар еді. Арнайы найзагер жалдап, пайғамбардың батыр туған ағасы Хамзаны тапсырыспен өлтірткен осы – Хинд. Онымен де қоймай, батырдың денесін паршалатып, қорлатқан да сол болатын. Меккеліктер ұзақ сонар сапқа тұрып, пайғамбарға кезегімен келіп, тәубе етіп, мұсылман боп жатқанда олардың арасынан қанішер әйелді жазбай таныды. Пайғамбар оны тоқтатып, сұрақтар қойды. Хинд өткен ісіне өкініп, кешірім сұрады. Шаһадат айтып мұсылман болды. Сосын пайғамбарға қарап: «Мұхамбет, енді мені қудалай алмайсың. Мен енді мұсылман болдым», – деді. Пайғамбар жұмсақ дауыспен: «Әлбетте, Хинд, мен сені кешірдім. Бүгіннен бастап бейбіт өмір сүруіңе тілектеспін. Сен боссың», – деді. Хинд ұялғаннан кірерге тесік таппай жер шұқып қалды. Пайғамбармен соңына дейін тірескендердің бірі баяғы Әбу Жәһілдің бел баласы Икрим болатын. Әбу Жәһілдің өзі бір майданда жер жастанған. Икрим әкемнің кегін алам деп соңына дейін соғысып еді. Оның ағайын-туысы Мұхамбетке жиналып келіп:«Баланың шыбын жанын қи», – деп кешірім сұрап жалынды. Пайғамбар: «Жарайды, оған қалаға кірсін деп айт. Бірақ менің билігімді мойындайтын болсын!» – деп шарт қойды. Икрим басы салбырап пайғамбардың алдына келді. Исламды мойындады. Пайғамбар оны бауырына басып, өте жылы сөйлесті. Сосын оның көзінше қасында тұрған серіктеріне: «Бұдан былай мына баланың әкесіне қатысты ескі әңгімені қозғамаңдар!» – деп ескертті. Одан бөлек:«Мен кешірім берген адамдардың бірде-біреуіне ала көзбен қараушы болмаңдар!» – деп әмір етті. Сосын жүздеген жылдар бойына Мекке жұртының алауыз болуына себеп болған қаптаған пұттардың көзін жойды. Қағбада Алланың қасиетті қара тасынан басқа ештеңе де қалмады. Мәдинада он жыл бойы пайғамбарға пана болып, Исламның ең әлсіз кезінде тірек болған мәдиналықтар «Пайғамбар жеңіске жетті. Меккені қайтадан алды. Ол енді Мәдинаға қайтпай, туған қаласында ағайын-туысымен қалатын шығар» деп уайымдап тұрған. Бірақ пайғамбар бұл жолы да әділдіктен таймады. Ол Меккенің ең бірінші сардары атанып, атқаны тиіп, айтқаны өтіп тұрса да, Мәдинаға қайтып келді. Меккеде туып, Мәдинада дүниеден озды. Мұхамбет туралы дерек көп болғандықтан оның қарапайым адами сипаттары да көбірек хатқа түсіп сақталған. Онымен салыстырғанда Ғайсаның болмысы бұлыңғыр. Христиан теологиясында «Ғайса кім» деген сұрақ әліге дейін айтыс-тартыс туғызады. Ал, Мұхамбет қауіп пен қатерді бастан кешкен, бірнеше рет өлім аузынан қалған қарапайым адам. Отбасында қамқор әке болған. Ғайсаның түр-тұрпаты мен жүріс-тұрысына қатысты тырс еткен дерек таба алмайсыз. Мысалы Ғайсаның қалай күлгені, қалай жүріп тұрғаны, қалай ас ішкені, қалай ұйықтағаны туралы дым да дерек жоқ. Ал, Мұхамбеттің көршілерімен қалай тұрғаны, қандай мейірімді әке болғаны, достары қаза тапқанда еңіреп жылағаны, әйелдерімен келісе алмай ыңғайсыз жағдайға қалғаны, әйелі ұл тапқанда шаттанып айналасына көрсетіп мақтанғаны жайлы жақсы білеміз.
Карен Армстронг
ЕҢ КЕДЕЙ ЖІГІТ
Расулдың жүрегі мейірім-шапағатқа толып тұрушы еді. Ол айыпты болған кісіні жазалауды емес, кешіруді қалап тұратын. Бір күні қаладағы тұрғындар болмашы қылмыс жасап, тұтылып қалған бір жас жігітті дедектетіп пайғамбарға алып келді. Елдің бәрі демін ішіне тартып, пайғамбар қандай жаза қолданар екен деп күтіп тұрды. Мүбарак істің мән-жайына қаныққан соң:
– Сен бала, садақа тарат. Күнәң сонымен жоқ болсын, – деді. Ол:
– Уа, Расул Алла, менде біреуге беретін дым жоқ. Мүлкім болса, ұрлыққа барып нем бар? – деді. Пайғамбар.
– Онда көршілерге бір тостақ құрма тарат, – деді.
– Менде ол да жоқ. Мен сіңірі шыққан кедеймін, – деді жігіт.
Сол кезде мешітке бір араб кіріп келді де, пайғамбарға: «Иә, Алланың елшісі, сізге биылғы құрмадан ауыз тисін деп бір себет құрма ала келдім», – деді. Пайғамбар жігітке қарап күлді де:
– Әне, Құдай тілеуіңді берді. Мынаны саған сыйға тартам. Алып бар да, кедей-кепшіктерге садақа етіп таратып жібер, – деді де, құрма толы себетті оған қарай ысырды. Ол:
– Иә, Расул Алла, мен осы Мәдинада өзімнен өткен кедейді әлі кездестірмеппін, – деді.
– Жарайды, жігітім. «Мұсылман айтса, сен» деген. Мен саған сендім. Ендеше сен былай ет: мына құрманың бәрін бір өзің тойғанша же. Сол садақа болсын, – деді. Жігіттің қуаныштан жүрегі жарылуға шақ қалды. Ол тура сол жерде тәтті құрманы жарылғанша жеді. Пайғамбардың осы жақсылығын өлгенше ұмытпады. Ұрлығын қойды. Кәсіп меңгеріп, мал тапты. Елге зекет, садақа беруді үйренді.
ӘУБӘКІРДІҢ ПАЙҒАМБАРДЫ САТЫП АЛУЫ
Бір күні пайғамбар жұма намазына бара жатқан еді, көшеде мұңайып отырған бүлдіршінді көрді.
– Әй, балақай, сені кім ренжітті? – деп сұрады. Бала:
– Балалардың бәрі тай-құлындарына, тайлақтарына мініп, шауып ойнап жүр. Ал менде мінетін тайқар да жоқ. Соны ойлап, қамығып тұрмын, – деді. Пайғамбар:
– Ендеше, менің арқама мін. Мен саған ат болайын, – деді. Бүлдіршін қуанып кетті. Пайғамбардың арқасына мініп алып, шүу деп ойнай жөнелді.
Пайғамбар жұма намазға кешіккен сайын сахабалары алаңдай бастады. Әубәкір мазасызданып, оны іздеп шығады. Жолда кішкене баланы арқасына мінгізіп ойнатып жүрген пайғамбарды көреді. Жүгіріп келіп:
– Уа, Расул, сізді жамағат күтіп қалды. Бірге барсақ деп едім, – деді жұқалатып. Пайғамбар:
– Әй, Сыдық, мен енді мына балақайдың атымын. Менің қожайыным – осы. Ол рұқсат етсе ғана бара аламын, – деді. Әубәкір тұспал сөзді бірден түсінді. Балаға:
– Әй, балақай, мына атыңды маған сатасың ба? – деді. Бала:
– Сатамын, –деді.
– Ақысына не қалайсың?
– Екі дорба құрма бер, – деді бала. Әубәкір жүгіріп барып, базардан екі дорба құрма сатып әкеліп берді де, пайғамбарды сатып алды.
Былай шыққан соң пайғамбар:
– Әй, Сыдық, егер сен жаңа сатып алмағанда, мен баланың басыбайлы мүлкі болып қалатын едім, – деді. Әубәкір:
– Иә, Расул, бала қанша сұраса да, мен сені сатып алатын едім, – деді. Екеуі жұма намазына қатысып, сыртқа шыққанда болған оқиғаны серіктеріне айтып берді. Серіктерінің ішінде Сәдуақас деген жомарт бар еді. Жұрт оны Сәдуақас сақи деп атайтын. Ол сол бойда үйіне барды да, үйіндегі жалғыз атын балаға сыйлайды. Оны естіп Әли Садуақас жаяу қалмасын деп оған өзінің дүлдүлін берген екен.
Барлық пайғамбардың мойнына тағы да мынадай ауыр аманат жүктелген. Ол – халықты үнемі жақсылыққа үндеп, арсыз істен тыйып, надандыққа жібермеу. (әмір мағруф пен нахи ғанил мункар) Егер олар ел-жұртын жақсылыққа шақырып, өздері де күнәға ұрынатын болса, момындарға пайғамбарды сынап, керек болса, сөгу уәжіп болады. Алайда, пайғамбарды сөгіп, оның өзін арсыздықтан тыйып, оған ақыл айту момындар тарапынан әдепсіз іс болмақ. Олай болса пайғамбардың арсыз іске шатылып, жүріс-тұрысынан жағымсыз мінездің көрінуі мүмкін емес.
Фахраддин Рази
ПАЙҒАМБАРДЫҢ КИІКТІ ҚҰТҚАРУЫ
Пайғамбар заманында бір аңшы тұзақ құрып, аң аулап, кәсіп етеді екен. Бір күні оның қақпанына бір киік түседі. Оның егіз құралайы бар екен. Аңшы қуанып кетіп, олжасын дереу бауыздамақшы болады. Сол кезде киікке адамша тіл бітіп:
– Әй, адамзат, мені бауыздамай тұра тұр. Артымда егіз құралайым қалды. Оларға қорек іздеп жүріп сенің тұзағыңа түстім. Мен өлсем, олар аш қалмақ. Барып, емізіп келейін. Содан кейін не істесең де, өзің біл, – деді. Аңшыға киіктің көз жасы еш әсер етпеді. Ол:
– Тапқан екенсің ақымақты! Сені босатқан сәтте зып беріп қашып кетпексің ғой. Жоқ, болмайды! – деп, пышағын қынынан суыра берді. Киік көзінің жасын төгіп:
– Ендеше, бірге еріп жүр. Өзің куә боласың, – деді. Аңшы:
– Жоқ, бұл да – алдаудың бір түрі. Сәті түскенде құйрығыңды да ұстатпай тайып тұрмақсың ғой. Онан да тезірек сойып тастағаным абзал, – деді. Қанжар киіктің алқымына барды. Киік көз жасын көл қылып:
– Құралайларым мені келеді деп көз жанары мөлейіп жатыр. Мен өлсем, олар да зарығып өлмек. Ең болмағанда, оларға хабар берейін. Өз күндерін өздері көрсін. Мені іздемесін, – деді. Аңшы киіктің өтінішін тағы да елеген жоқ. Киік өлімге амалсыз мойынсұнды. Аңшы пышағын алқымына қатты тақап, енді тартып жібермек болғанда:
– Әй, тоқта! – деген дыбыс шықты. Аңшы артына бұрылып қараса, Мұхамбет пайғамбар екен.
Бұл кезде Расул Хира тауында құлшылық етіп, үйіне қайтып бара жатқан еді. Ол киіктің жапан далада зар жылаған дауысын естіп, шапшаң жеткен беті болатын.
Аңшы:
– Саған не керек? – деді. Пайғамбар жұмсақ сөйлеп:
– Киік төлін емізіп келсін. Оған дейін мен кепіл бола тұрайын. Қашып кетсе, құнын менен өндірерсің. Қаласаң, түйе болмаса бие берейін. Жанымды алсаң да, ықтиярмын. Тек бір сәтке тез барып келсін, – деп киіктің арқасынан сипады. Аңшы Мұхамбетті сырттай сиқыршы деп ойлайтын. Оған іштей жаулық ұстап жүрген еді. Ол Мұхамбеттің олжаға түскеніне қуанды.
– Жақсы, жіберейін. Тек бір шартым бар. Күн батамын дегенше, киік қайтып келсін. Болмаса, сені басыбайлы құлым етемін. Жаның менікі, – деді. Пайғамбар келісті. Киікті босатып, құралайларына жіберді.
Киік лезде көзден ғайып болды. Келді де, екі құралайын емізе бастағаны сол-ақ екен, олар:
– Анашым, үстіңнен бір жаннаттың жұпар иіс аңқып тұр. Біз білсек, бұл – ақырдың пайғамбары Мұхамбеттің иісі. Оны қайдан көрдің? – деді. Анасы бәрін айтып берді. Олар:
– Әй, анашым, Алланың сүйікті пайғамбары Мұхамбетті қалайша кәуірдің қолына қидың?! Оның жолында құрбан болғаның абзал еді ғой. Ол кепілде тұрғанда біз қалайша тойып емеміз?! Тезірек барып оны босатайық. Пайғамбар құрбан болғанша, біз өзіміз жантәсілім етейік, – деді.
Сөйтіп үшеуі желіп отырып, қас қарая аңшыға жетті. Киіктің құралайлары:
– Әй, адамзат, анамызбен бірге біз де келдік. Бізді де бірге олжа ет. Анамыз өлсе, біздің қылтанақ теріп жер қауқарымыз жоқ. Аштан өлгенше, саған ауқат болайық. Бірақ пайғамбарды жылдам босат, – деді.
Аңшы киіктің еліктерін көріп, жүрегінде мейірімнің дәні бүршік жарды. Өзінің қатыгездігіне ұялып:
– Иә, Мұхамбет, сені жұрт «Мейірімді, әлемнің шапағатшысы» деуші еді. Расымен де киік үшін өз жаныңды қимақ болдың. Қамқор мінезіңе тәнтімін. Сені қиын халге салғаным үшін кешірім сұраймын. Мына киік пен оның қос құралайына азаттық бердім. Бұдан былай сенімен дос болғым келеді, – деді.
Егер пайғамбардың өзі қандай да бір пасықтық жасайтын болса, оның бұл ісі үмбетіне үлгі-өрнек болар еді. Онда пасықтықтың қоғамға ашық таралуына қарсылық танытпауымыз керек болады. Бірақ ондай амал – түбірімен қате. Қала берді, үмбетіне әр бір істе үлгі болуы тиіс пайғамбардың күнәкар ісінен де өрнек алмасақ, тағы болмайды. Себебі Құдай Құранда «пайғамбардан үлгі алыңдар!» деп бұйырды. Бірақ «Ұлық Алла құлдарының пайғамбардан пасықтық үйреніп, ұрпағына соны мирас етуін қалайды» деп ойлаудың өзі миға сыймас еді.
Фахраддин Рази
ПАЙҒАМБАРДЫҢ ІБІЛІСПЕН ӘҢГІМЕСІ
Бір күні Мұхамбет пайғамбар достарымен сұхбаттасып отырғанда тыстан:
– Иә, Алланың елшісі, маған ішке кіруге рұқсат ет! – деген бір жағымсыздау дауыс естілді. Пайғамбар қасындағыларға қарап:
– Кім келіп тұрғанын білесіңдер ме? – деді.
– Жоқ, – деді сахабалары.
– Бұл – малғұн Ібіліс. Маған сырларын ашуға келді, – деді. Мұны естігенде әзіреті Омар:
– Иә, Расулалла, рұқсат етіңіз. Оны шауып өлтірейін, – деп қылышына жармасты.
– Әй, Омар, тоқта. Ұлық Алла оған қияметке дейін ғұмыр берген. Алланың жазмышын өзгерту пендесіне қол емес. Шын мұсылман өмір сынағында сайтанды күресіп жеңуі тиіс. Сөз жоқ, сайтан – бізге дұшпан. Біз оны дұшпандыққа ұстаймыз. Бірақ ол болмаса, шын момынның мықтылығы дүниеде анықталмайды, – деді. Сосын есікке жаққа бұрылып:
– Кір! – деді өктем дауыспен.
Ұлықсат алған соң Ібіліс ішке кірді. Түрі мыжырайған шалға ұқсаған. Көздері алақ-жұлақ еткен, басы пілдің басы сияқты, шашы жалбыраған сирек-cирек, еріндері салбыраған, теке сақал сипатындағы шайтан босағадан аттады. Пайғамбар:
– Неге келдің? Шаруаңды айт, – деді. Ібіліс:
– Мен Алланың есімі ұлықталатын жерге келе алмаймын. Оның әрбір есімі айтылғанда басыма шоқпар тигендей есеңгіреймін. Ал кәлиманы үздіксіз қайталағанда тұла бойыма найза шаншылғандай жаным көзіме көрінеді. Осы отырған халімде сендердің Аллаға деген ықыластарың менің жүрегімді сығып тұр. Зорға тыныс аламын. Алланың қалауымен ғана амалсыз осы жерге келдім. Бүгін менде ерік жоқ. Қандай сұрағың болса да, өз сырларымды өзім ашуға мәжбүрмін, – деді. Пайғамбар Алланың бұл нығметіне іштей шүкіршілік етті де, сұрағын бастап кетті:
– Иә, малғұн, бұ дүниеде кімді жек көресің? – деді.
– Иә, Мұхамбет, сенен артық жек көретін адамым жоқ! Мен саған дейін де мұншалықты сорлы кейіпке түсіп көрмеппін. Құран түскелі ит қорлықты бастан кештім. Кәлима келгелі соққы мен тепкіден көз ашпадым. Адам ұрпағына арнап қазған терең орларым бір жылда көмілді де қалды. Құрандағы дұғалар ең мықты сиқырымды сындырды, – деп жалын ата күрсінді.
– Тағы кімді жек көресің?
– Әділдікпен ел билеген патшаларды, іліміне амал қылған ғұламаларды, Алла жолына мал жұмсаған жомарттарды, сахар тұрып, Хаққа жылаған тақуаларды жек көремін.
– Кіммен өш боласың?
– Несібесін адалдан табатын, үнемі Құдайға шүкіршілік ететін адамға өш боламын.
– Аңдыған дұшпаның кім?
– Арамды ауызға салмайтын жүрегі таза момындар, Тәңірі үшін тауазы болып, мінезін кібірліктен тазартқан жандар, Хақтың жолында дос болғандар, ел-жұртына өнеге, насихат айтқан қариялар, ықылас пен ізгілікті мұрат еткен ақжүректер.
– Шынайы құлшылық сені қандай күйге түсіреді?
– Безгек дертіне ұшырап, тұла бойым тітіркенеді. Момынның көзінен жас аққанда мен бейне мұхит суына тұншыққандай күй кешемін.
– Аптап ыстықта ораза ұстап, ауыз бекітсе ше?
– Қол-аяғым байланып, ауыз ашқанша тар қапасқа қамалам.
– Құран оқығанда қандай жағдайда боласың?
– Тұз суда қалай ерісе, қорғасын отта қалай балқыса, мен де сондай күйге түсемін.
– Таза пейілмен садақа берсе ше?
– Риясыз садақа мені қылышпен екіге бөліп тастайды.
– Неге олай?
– Себебі садақа берген адамның мал-мүлкіне береке дариды. Алла Тағала оның риясыз садақасын жаһаннамға өткізбейтін биік дуал етіп тұрғызады. Ол пенде қаптаған бәле-жаладан аулақ болады. Мизамда таразысы ауыр басады.
– Уа, малғұн, сүйікті достарың кім?
– Өсімқорлар.
– Жанашыр жақының кім?
– Зинақор мен өтірікші.
– Сенің құлдарың кім?
– Айықпайтын маскүнемдер.
– Құрметті қонағың кім?
– Ұры-қары.
– Сырласың кім?
– Сиқыршылар.
– Кімдер саған шабыт сыйлайды?
– Талақ айтып, ақ некесін бұзатындар.
– Сүйіктің кім?
– Құлқынның құлы болып, тағаттан мақұрым қалғандар.
– Қазынашың кім?
– Зекетсіздер.
– Кімдер саған бақыт сыйлайды?
– Ақылы маталған надандар.
– Тәніңді кім паршалайды?
– Тәуба қылып тура жолға бет бұрғандар.
– Бауырыңды не өртейді?
– Тәңірі үшін кешірімшіл адамдар.
– Жүзің неден қараяды?
– Жасырын берілген садақадан.
– Не нәрсе сені буындырады?
– Саған салауат жолдаса, буына бастаймын.
– Жолыңды кімдер байлайды?
– Жомарттар.
– Құрған тұзағың неден құриды?
– Ғалымдардың сұхбатынан.
– Әубәкір Сыдық туралы не айтасың?
– Ол надандық дәуірінде маған мойынұсынбаған еді. Исламға кіргеннен кейін иманның шырағына айналды.
– Омар туралы ше?
– Оны көрген жерде жан ұшырып қашамын.
– Ал Оспан ше?
– Одан қатты ұяламын.
– Әли жайлы не дейсің?
– Күні-түні Әли менен, мен Әлиден аулақ жүрсем екен деп тілеймін.
– Сенің де Раббыңнан сұрап алған нығметтерің бар ма?
– Мен Алланың дәргейінен қуылар кезде он түрлі нығметті сұрадым. Біріншісі: адам баласының арамнан жиған малына ортақпын. Екінші: «Біссімілләсіз» ішкен асқа араласам. Кімде-кім арам іске ниет қылса, оның атын қамшылаймын. Адамға көрінбеймін. Қияметке дейін өлмеймін. Жүректен жай сұрадым. Адамның қанында ағып жүремін. Ғұсылсыздың көмейіне ұя саламын. Қалауымша көбейе аламын. Дүниеге үстемдікті мен жүргіземін. Алла сұрағанымды түгел берді, – деді.
Пайғамбар:
– Ей, Ібіліс, біраз сырың ашылды. Осы сұхбат – талай тақуаның сабақ алуына себеп. Олар сені діңкелетуді шебер меңгереді. Бақытты ғұмыр кешеді, – деді. Шайтан миығынан күліп:
– Иә, Мұхамбет, мен де қарап қалмаспын. Қияметке дейін адам ұрпағын азғырамын деген сертім бар. Үмбетің тұрмақ, арғы атаң Адам пайғамбарды пейіштен шығарғанмын. Сенің үмбетің түспей қоймайтын бір қақпан бар. Мен оларды Алланың разылығына емес, адамдардың мақтауына үйір қыламын. Кез келген амалына рияны араластырамын. Рия олардың амалдарын іріген сүттей ыдыратады. Бұл риядан құтылса, Алланың ықыласты құлдары ғана құтылады, – деді.
– Ықыласты құлдар кімдер?
– Кез келген құлшылығын оңашада өтейтін момындар. Ондайлардың оң қолы зекет бергенде, сол қолы зекеттен бейхабар болады. Олар Құдайдың дидарына ғашық болады. Сахар тұрып зарлағанда көзінің жасы бетін жуады. Күн сайын ала таңды «Иллалламен» қарсы алады. Олар мақтау сөз естісе, денесін балталап жатқандай азап күй кешеді, – деді. Пайғамбар малғұнның сырларына біраз қанық болған соң, одан тезірек құтылмаққа асықты.
– Менің сұрағым бітті. Енді жолыңнан қалма, кете бер, – деді. Сайтан зып беріп жөнелді. Ол көзден ғайып болған соң, пайғамбар қасындағы серіктеріне бұрылып:
– Ана малғұнның не деп кеткенін естідіңдер ғой. Ешқашан шынайы құлшылыққа жетпей, азғырудан аман қаламын деп күтпеңдер. Кез келген салих амалыңа рия араласса, бәрі бекер болады. Дүниенің мысалына қараңдар. Диқандар ала жаздай белін жазбай еңбек етеді. Күзде қырман-қырман астық жинайды. Қамбаға сақтайтын күні бір шырпыдан от шығып, қырман өртенетін болса, бір жылғы еңбек зая кетеді. Адам ғұмыры да солай. Алпыс жыл құлшылық қылады. Өмірінің соңында көңілін мастық пен мақтан билейтін болса, бәрі күйді деген сөз. Рия мен мақтан – бүкіл жақсылықтың соры. Сондықтан ықылас – құлшылықтың ішіндегі құлшылық! Рухты шыңдағанда ықыласқа жетпей, пейішке де жол ашылмайды, – деді.
Құранда Ұлық Алланың малғұн Ібілісті дәргейінен қуатын жері бірнеше рет баяндалған. Сол кезде малғұн Аллаға қарап «Енді бір де бір құлыңды тыныш қоймаймын. Мен олардың жолдарын тосып, төрт тарапынан қатар азғырамын. Бәрін де күнәға батырамын. Бірақ ықыласты құлдарыңа менің әмірім жүрмейді»,- деген. Малғұнның бұл сөзі пайғамбарларға ишара екендігі анық. Тереңіне ой жіберіп қарасақ, Ібілістің өзі Құранда Алланың ықыласты құлдарына әсер ете алмайтынын ашық мойындап тұр. Біз бұл жерде пайғамбарларды «Алланың ең ықыласты құлдары» деп танысақ, қате кетпейміз. Ал енді күнә жасаған пенделер күмәнсіз Ібілістің ықпалына түскен адам болып саналады. Шынайы ықыластың себебінен Ібіліске бой бермеген пайғамбарлар күмәнсіз тура жолда тұрған ең сенімді үлгі бола алады.
Фахраддин Рази
АРШЫДАҒЫ ЖАСЫЛ ҚҰС
Бірде пайғамбарымыз сахабалармен отырғанда миғражда көрген жасыл құс туралы айтып қалады. Серіктерінің бірі:
– Иә, Расул Алла, сіз жасыл құс туралы жиі айтасыз. Бізге соның баянын толық айтсаңыз, – деп өтінді. Пайғамбар:
– Иә, миғражда жүргенімде көрген жасыл құс қой. Оның қос қанаты күмістей аппақ, қауырсындары бір-біріне ұқсамайтын дүр-гаухар, маржан-меруертпен нақышталып сәнделіпті. Бір ғана денесінде он мың басы бар екен. Әр басында он мың ауыз сөйлеп тұр. Әр аузында жалтылдап тұрған он мың қызыл тілін көрдім. Әр тілі бір-біріне ұқсамайтын он мың тілде, шатаспай, әдемі әуезбен зікір айтып тұрды. Ол зікір айтқан сайын аспанға қарыштап ұша берді. Бір кезде Ғаршының астына барып қонды. Мен Жебірейілден:
– Бұл мен бұрын-соңды көрмеген қандай құс? – деп сұрадым. Періште:
– Бұл мұсылманның аузынан шыққан кәлима ғой. Кім шын ниетімен, ышық-мұхаббатпен кәлима айтса, кәлимасы жасыл құсқа айналып, Алланың дәргейіне келеді, – деді.
Мен құстың әрі қарайғы қимылын бақыладым. Құс Аршыға келген соң, Алладан иесінің күнәларын кешуді сұрап, жалбарынды. Бір кезде Раузан періште келіп жасыл құсқа:
– Жаннатқа кір! – деп бұйырды. Ол:
– Ұлық Алланы есіне алып, кәлима айтқан иемнің күнәсі кешірілмейінше, мен де пейішке кірмеймін, – деді. Раузан:
– Егер сен иеңнің таңдайынан кәміл күйде шыққан болсаң, Ұлық Алла оның күнәсін кешеді. Жаннатына кіргізеді. Ал сен жұмаққа қазір кір, – деді. Құс:
– Қашан ием жаннатқа кіргенше, соған көзім жеткенінше, мен осы жерде оған кешірім тілеп тұра беремін, – деді. Сол кезде құстың он мың тілі жетпіс мың тілге айналып шыға келді және зікір айтатын жетпіс мың мақам пайда болды. Раузан:
– Ұлық Алла саған риза болды. Ақырдың сағаты соққанша иеңе кешірім тілеп, Аршыда отыруыңа рұқсат етті, – деді. Құс көңілі жадырап, сұңқылдай жөнелді. Жебірейіл:
– Әй, Мұхамбет, үмбетіңе айт, шын жүрегімен қанша рет кәлима айтса, ол сонша рет жасыл құсқа айналып, көкте иесіне шапағат тілейді. Қиямет-қайымда сират көпірінен қанатымен алып өтеді. Таразы Мизамға жеткенде сауабын кәлимамен толтырады. Иесі пейішке кіргеніне көзі жеткенше қасынан бір елі қалмай жүреді, – деді.
Уағыз біткен соң серіктері көмейлерінен жасыл құс ұшырамыз деп ынты-шынтысымен кәлима айтуға әдеттеніп кетті.
АЛТЫН ТАБАҚ
Бірде Тәңірі тағала Жебірейілді шақырып алды да, оған:
– Пейіштен бір алтын табақ аласың. Сосын жұмақтың балы мен халуасын табаққа толтырып сал. Оны Мұхамбет досымның дастарқанына апарып қой. Содан кейін пайғамбар мен оның төрт шадиярынан: «Дүниеде алтыннан артық, балдан тәтті, қылдан жіңішке не бар?» – деп сұра. Кімнің жауабы шырынды болса, соған бал мен халуаны алтын табақпен қосып сыйға тарт. Мейірі қанғанша жесін, – деп тапсырма берді.
Жебірейіл табақты асқа толтырып, дереу жерге жетті. Сол түні пайғамбар үйінде төрт шадиярымен сұхбат құрып отырған. Жебірейіл сәлемдесіп болып:
– Алла тағала мына табақ толы бал мен халуаны сіздерге беріп жіберді. Бірақ одан дәм татпас бұрын «Дүниеде алтыннан артық, қылдан жіңішке, балдан тәтті не нәрсе?» деген үш сұраққа жауап берулеріңіз керек, – деді.
Ең алдымен сөз кезегін Әубәкір алды. Ол мүдірместен:
– Күн нұры – тары, ілім нұры – тау деп білуші едік. Сондықтан рухани ілімді алтыннан қымбат деп білемін. Ал зәмзәм суының дәмі балдан тәтті деп санаймын. Намазда тұрғанда дүние қамын ойлап қоймайын деп көңілім қылдан да жіңішке болып тұрады, – деді. Жебірейіл:
– Бәрекелді, Әубәкір! Ендігі сөз Омарда, – деп, табақты Омарға қарай жылжытты. Омар:
– Алтыннан қымбат иман бар. Ал пайғамбармен ішкен қатықсыз қара көжем балдан тәтті. Адал мен арамды айырған кезде жүрегімді жалғыз қылдан нәзік етіп ұстаймын, – деді. Жебірейіл оның жауабына риза болды.
– Оспан, сен дейсің? – деді. Ол да іркілместен:
– Құранның аяттары алтыннан артық. Пайғамбардың лебізі балдан тәтті. Қияметті ойлағанда, көңілім қылдан да бетер жіңішке болып тұрады, – деді.
– Жарайсың, Оспан, жарадың! Жауабың көңілге майдай жақты, – деді Жебірейіл. Әзіреті Әлиге бұрылып:
– Ал, Әли шері. Сенің де пікіріңді естиік, – деді. Сонда Әли:
– Жылы сөз бен көркем ой – алтыннан да көркем. Асан мен Үсенді алдыма алып отырып ішкен көжем балдан да тәтті. Өлімді ойлағанда ділімді жіптен де бетер жіңішке етіп ұстаймын, – деді. Жебірейіл оның да жауабынан жадырап сала берді.
– Енді Алланың хабибісі не дер екен? – деп періште пайғамбарға қарады. Пайғамбар:
– Дүниені толтырған барша алтыннан Алланың дидары қымбат. Төрт досыммен бірге жеген қара наным мен үшін балдан тәтті. Үмбетіме Алладан рақым тілегенде көңілім қылдан да жіңішке, – деді. Бәтима қонақтарға шай құйып отырған. Жебірейіл оған бұрылып:
– Енді пайғамбардың перзенті сөйлесін, – деп, алтын табақты оның алдына қарай ысырды. Сонда Бәтима:
– Әкемнің насихаты маған алтыннан артық. Ерім ішкен көженің сарқыты мен үшін балдан тәтті. Ерім риза болды ма деп ойлағанда көңілім қылдан да жіңішке, – деді. Сонда Жебірейіл періште:
– Бәрекелді, бәріңіз де ақиқатты ғана айттыңыздар. Даналықтарыңа дән ризамын. Мына алтын табақтағы бал мен халуадан барлығыңыз да дәм татыңыздар. Кімде-кім дәл сіздер сияқты терең ойлап, риясыз амал қылса, Ұлық Алла оны дәл осылай сыйласын, – деді.
Тәңірі тағала Құран Кәрімде жауапкершілік жүктеген құлдарын екі топқа бөлген. Біріншісі – «хизбуш-шайтан» шайтанның тобы. Яғни әділдікті қоғамнан жойып, қиянатқа қорықпай бара алатын арам адамдар тобы. Екіншісі, «хизбу-Алла». Яғни Аллаға мойынұсынған ақжүрек момындар тобы. Шүбәсіз, шайтанның тобына кіргендер Ібілістің әмірі мен қалауын қарсылықсыз орындағандар болып саналады. Егер пайғамбарлар да күнәлі іске үйір болып, қиянат жасайтын болса, оларды да «шайтанның тобынан» деп атауға болушы еді. Бұл да мүмкін емес!
Фахраддин Рази
ЖҮРЕКТЕРДІҢ ШИПАСЫ
Уақыт озған сайын пайғамбардың «жүректердің шипасы» деген сипаты анық байқала берді. Қатігез қоғамда көңілдері қайғы мен мұңға толған талай міскіннің жанын жегідей жеген сан түрлі рухани сырқатына шипа таппай, мүбаракты алыстан іздеп келетін. Олар онымен бір рет көріскен соң-ақ жандары жадырап шыға келетін. Пайғамбардың сұхбатынан шыққан соң өздерін әлемдегі ең бақытты адам сезінетін. Бір күні кеудесін қуаныш кернеген бір момын расулға келіп:
– Иә, Алланың елшісі, сізді бірнеше күн көрмесек, бізді қайғы басады. Ертеңгі күнімізді ойласақ, көңілді үрей билейді. Шын шаттанып, сіз сияқты тебіреніп өмір сүре алмаймыз. Жүрекке сіз салған сағыныш та тезінен әлсіреп, құлшылық та құлықсыз күйге түседі. Сізге келсек, бәрі де қайтадан бәз-баяғы қалпына түседі. Жаныңызда отырсақ, бейне бір бұлттың үстінде қалқып жүргендей бақытты күй кешеміз. Бұ дүниеде көңілді мұңға алдырмай, сіз сияқты шат болып ғұмыр кешетін рухани күш-қуат таба аламыз ба? – деп сұрады. Пайғамбар:
– Әрине. Ұлық Алланың мені бұ дүниеге рақмет етіп жіберген бір себебі де – сол. Мейірімді Жаратушы Иеміз маған жүректегі рухани мерезді жойып, көңілге шаттықтың шуағын себуді өзі үйреткен. Құран Кәрімде де: «Ғапылдың жүрегінде дерт бар» деген. Егер ол енжарлық пен ғапылдықтан арылмаса, жүректегі сырқаты асқынған үстіне асқына береді. Жүректің ішін кеулеп кеткен арсыз сезімдер семіре түседі. Сондықтан Ұлық Алла: «Құранда ақылды құлдарыма жүректі емдейтін шипа бар» деп ескертті.
– Иә, Расул Алла, ол шипа туралы бізге баяндасаңыз. Оны кеудеге тоқып, амал еткіміз келеді.
– Бұ дүниенің қызығына жүрегі байланбайтын пенде ілуде біреу болады. Ондайлар жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады. Пенде пақыр бұл пәниге келген соң дүниенің бір ләззатты рақатына міндетті түрде шырмалады. Біреуге сұлу әйел арман болады. Енді біреу зәулім сарайда тұрғысы келеді. Тағы бірі мыңғырған мал айдап, соған масайрайды. Кейбіреулер мақтанға мас болып, өлгенше қолпашты қалап тұрады. Ғапыл адам баяны жоқ құмар-қызықтарға балға батқан шыбындай бата береді. Осынша қаптаған халықтың арасынан бір өжет кісі шығып, Хақтың жолына тәуекел етсе, ол адамға ең бірінші көңілін қызық пен құмардан қору ләзім болмақ. Біліңдер, адамның ет жүрегі қаптаған бөлмелерге бөлінген. Оның әрбір ұясында баяны жоқ құмарлықтың бір ләззаты бұғып жатыр. Біреуіне тереңдеп түсіп кетсең, босануың күш болады. Ұйыққа сорғандай тартып әкетеді. Тіпті оның қызығы бүкіл өміріңді ұрлап, қор етуі мүмкін. Бір қызық екінші арманды оятып, жетектеп кете береді. Дүниеге деген құштарлық іштарлық туғызбай қоймайды. Сол құжынаған көп бөлменің арасында хикмет ілімі де жасырылған. Хикмет ілімі адамды Алланың жамалына ынтық қылады. Қайсар жанның иесі пақырлықтан қорықпай, мейірім-махаббат бөлмесінің құлпын ашамын деп талап қылса, Ұлық Алла оның басқа армандарын жүзеге Өзі асырады. Ынталы жүрек, шын көңілдің ішкі сарайына жомарт Алла даналықтың дарағын егеді. Ілімнің дарағы жүректе бүр жарып, шешек атады. Жүректегі хикмет бұлағы ашылады.
– Хикмет бұлағы ашылған адамның халі қандай болмақ?
– Ол кезде Хақтың кәләмі мұсылманның тіліне қасиет болып дариды. Аузы дуалы мұсылманның жай сөзінің өзі ғаріп жанның сырқатына шипа болады. Тілі шын сөзге шешен келеді. Ойдың тереңінен толғағанда шынның жүзін тұмшалаған шымылдықтар түріледі. Іштегі кірлер қашады. Санаңа сәуле құйылады. Адамды адастырған қате пікірлер көңілден көшеді. Уайым мен қайғы бір сәтте ғайып болады. Дүние кірінен тазарған шіркін көңіл шабыттанып шыға келеді. Қырымға қыранша қарап, шиыршық атып толғанады, – деді пайғамбар. Сосын айналасындағы тыңдаушыларға бір назар салып өтіп, әңгімесін әрі жалғады:
– Адамның жүрек көзі ашылған соң қоғамдағы рухани дерттің ең түпкі себебін де солар ғана қатесіз көреді. Жан жүректі сыздауықтай солқылдатып тұрған қайғы мен шердің қайнар бұлағын қапысыз дәл табады. Аурудың төркінін таныған соң оның дауасын да біледі. Қоғамның сауығып, адамның қатарға қосылуы солардың ерен еңбегімен іске асады. Ұлық Алла да ондай құлдарын ерекше жақсы көреді. Дәм-тұзы таусылғанда Тәңірі тағала олардың жандарын қинамай алады. Оларды тыныш мекенге алып кетеді, – деді.
– Адамның асылы солар десек бола ма?
– Иә, адамның асылы – шын сөйлейтін шешендер мен ақжүрек момындар.
– Иә, Расул Алла, біз шын сөйлейтін шешендердің жүрек көзі ашылған адам екенін ұқтық. Ал ақжүрек дегенді қалай түсінеміз? – деп қолқалады.
– Жүрегін қызық пен рақаттан қоритын адамның көңілінде күнәнің ізі қалмайды. Себебі олар сахарда тұрып шын жылайды. Өкініштің көз жасы күнәсінің кірін шаяды. Көңілдері сергек болады. Оларға бұ дүниенің қайғысы емес, қияметтің қорқынышы үстем болады. Қиянатты ойласа, тұла бойы тітіркенеді. Біреумен бақталас болуды ойына алмайды. Өнері өзінен асқан адам көрсе, одан озуға тырыспайды. Керісінше, оның атын қамшылайды. Басқаның өсіп-өніп, тезірек гүлденуін жан жүрегімен Тәңірден тілеп тұрады. Олар жолдасының ту сыртынан пышақ ұрмайды. Ту сыртынан қайырлы дұғалар қылады. «Мынау менен озатын болды. Енді менің беделім түседі. Абыройым азаяды. Озбай тұрғанда тезірек тірсегін қияйын» деп озбырлыққа салынып, қиянатқа бармайды. Ондай опасыз ойлар оны жетектей алмайды. Кеудесіне кек сақтамайды. Кімнен жәбір көрсе де, кешірім жағын ұстануға бейім тұрады. Тағы бір белгісі: дөрекі сөйлемейді. Сөз саптағанда өте сыпайы болады. Бірақ әрбір сөзі қорғасындай салмақты болады. Ең артық қасиеті және айқын көрінетін сипаты нәпсілері қызғаныш дертінен ада болады.
– Иә, Расул Алла, неге қызғанышқа айрықша мән бердіңіз?
– Себебі от отынды қалай жалмаса, қызғаныш пен күншілдік адамшылықты тура солай жалмайды. Сондықтан күншілдік – ең қауіпті дерт. Өткір ұстара шашты қалай тықырлап қырнаса, күншілдік те діннің қасиетін тура солай қырқып жоқ қылады.
– Мұның бәрі жүректе бола ма?
– Иә, жүректе болады. Денелеріңде жұдырықтай ғана ет бар. Ол – осы жүрек! Ет жүрек аурудан аман болса, бүкіл дене сырқаттан сау болады. Егер жүректі кесел жайласа, тұтас тәннен тыныштық кетеді. Ең жаманы – жүректегі ауру, яғни кесір мінез денеге шығатын жара сияқты жұқпалы келеді. Надан ортамен көп аралассаң, мәнсіз сөзге үйір болсаң, көп күлсең, жүректегі ауру асқынады. Ал жан жүрегі сырқаттан сау адамдар айналасына шуақ шашып, мұң шалған жаралы көңілді емдеп кетеді. Сондықтан мен үмбетімнің ақжүрек болғанын тілеймін, – деп сөзін аяқтады пайғамбар.
Барлық ғұлама пайғамбарлардың періштеден үстем екендігін дәлелдермен айтқан. Періште күнә жасай алмайды. Себебі періштені күнәға сүйреп батыратын нәпсі сезімі оларда атымен жоқ. Егер пайғамбар да арам іске араласып, көңілін кірмен былғаса қалайша періштеден дәрежесі жоғары болмақ?! Ұлық Алла Құранда: «Ей, Ыбырайым, Мен сені құлдарыма басшы етемін!» – деп бұйырған. Бұқара халық Тәңірі тағала таңдаған көсемнен үлгі алады. Егер Ыбырайым да жұрт сияқты күнә жасайтын болса, ізіндегі үмбеті оған еліктеп, одан сөзсіз үлгі алар еді. Яғни Ыбырайымның күнәкар ізімен де жүру уәжіп болады. Алайда, Ұлық Алла «құлдарына ондай қате жолды үлгі етеді» деп ойлаудың өзі түбегейлі қате!
Фахраддин Рази
ҚҰРАННЫҢ ҮШ ТАРАПҚА ТАРАЛУЫ
Мұхамбет пайғамбар көзі тірісінде хатшысын алдырып, Құранды үш қайтара көшіртіп, қолжазбаның үш данасын дайындап қояды. Ең бірінші қолжазбаны нәсілі араб, өзінің жақын жерлесі келіп сұрайды. Пайғамбар бір данасын соған береді. Ол кітапты алып тұрып көзіне сүртті де, Расулға тағзым етті. Біраз уақыттан соң екінші қолжазбаны парсы жұртынан келген бір мұсылман бауыры сұрайды. Пайғамбар оған да бір данасын сыйлайды. Ол Құранды төбесіне қойып тұрып тағзым етті. Үшінші қолжазбаға Мәуренахыр топырағынан шыққан бір түркі нәсілді мұсылман келіп қолқа салады. Пайғамбар оған соңғы кітапты сыйға тартады. Ол Құранды құшақтап, қойнына салып қастерлейді. Бұған куә болған меккелік мұсылмандар:
– Иә, Алланың елшісі! Бұл үшеу үш түрлі ишара қылды. Оның сырын не деп білдіңіз? – дейді. Сонда пайғамбар:
– Араб нәсілі – өзімнің жақын туысым. Ұлық Алла мені осы жерден шығарды. Ілімді осы топырақтан бастап жайдым. Құран да араб тілінде түсті. Оның Құранды алып, көзіне сүртуінің мәнісі – осы. Бауырларым Құранның хатына берік болады. Сүндетімнің басқа тараптарға тарауына септеседі. Ал Құранды төбесіне қойған парсы бауырым да бұл кітаптың қадіріне жетеді. Еліне апарып ілім таратады. Соның себебінен бұл елден Құранның рухани сырларына жүйрік әулие, шайырлар көп шығады. Құранның астарлы мағынасын көркем сөзбен жеткізетін шешен болады. Ал түркі нәсілді бауырым Құранды қойнына салып, құшақтап кетті. Демек Құранның қасиеті осы халықтың ділінде, жүрегінде сақталады. Түркі жұртында әулие, шайқы, ишан, пірлер көп тарайтын болады. Діннің ең шырынды жемісі осы жұртқа молынан нәсіп болады, – депті.
ПАЙҒАМБАР ШАПАҒАТЫ
Ұлық пайғамбар Ұлық Алланың мойнына жүктеген ауыр міндетін абыроймен атқарып шықты. Құран толық түсіп бітті. Адамдардың ақылы матаудан толық азат болды. Енді Алла досының ақырға аттанатын күні де тақап келе жатты. Соңғы кездері үмбетін шапағат мәселесі жиі мазалайтын. Олар: «Иә, Алланың елшісі, егер ақ жолдан айнымасақ, сізге салауатты көп жолдасақ, бізге шынымен де шапағат етесіз бе?» – деп көп сұрайтын. Бір күні пайғамбар оларға өзінің шапағатшы дәрежесі туралы былай деп сыр шертті:
– Ертең қиямет болғанда Ысрапыл періште сүр үрлейді. Сол кезде адам атаулы топырақтан тіріліп, қабірінен қайтадан шығады. Олар қабір аузында тапжылмастан елу мың жыл тағы тұрады. Содан кейін періштелер оларды жалаңаяқ, жалаңбас мақшар алаңына қарай айдайды. Ол күні қатал сұраққа ілінбеген пенде қалмайды.
Олар ең бірінші: «Жан жүрегің таза ма?» – деп сұрайды. Одан кейін пенденің тағаты таразыға тартылады. «Көңілдегі кірді қашыру үшін және жан сарайыңды нұрландыру үшін құлшылыққа қаншалықты бекем болдың?» деген тексеріс басталады. Ішкен-жеген ризығының адалдығы мен арамдығы да сол жерде безбенделеді. Мақшар алаңына жетпей жатып, жаһаннамның мыңжылдық қашықтықтан ұрған ыстық жалыны жүздерін шарпып тұрады. Барлығы «Құдай-ай, сақтай гөр!» деп теріс бұрылып, жүректері торғайдай тыпыршып, қорқыныштан қалшылдайды. Қайда қашарын білмей, қатты сасады. Кірерге тесік, шығарға есік таппайды. Тілдері байланып, кеудені үрей билейді. Сол кезде шұбырған халық Адам атаның алдына барып:
– Уа, алғашқы атамыз Адам! Өзіңнен тараған ұрпақ едік. Қияметтің қиын сынағынан өте алмай, қиналып тұрмыз. Өзің шапағат қыл бізге, Аллаға арыз қыл, бізге кешірім етсін, – деп зар илейді. Адам ата да бұл сынаққа шара таппай:
– Пейіште жүргенімде жұбайым Хауа екеуіміз Ібілістің алдауына түсіп қалып, бидайды жеп қойып едік. Содан бері менің де Құдайға қарайтын бетім жоқ. Екінші «Адам сәни» атанған Нұхқа барайық, – дейді. Олар көздерінің жасын бұлап отырып Нұхқа келеді. Нұх оларға:
– Менің өзім пәни жалғанда топан судан әзер дегенде аман қалдым. Сол кезде ауыл-аймаққа зорға дегенде шапағат етіп, жан-жануарды алып шықтым. Дұрысы, Алла жолында жалғыз ұлын құрбандыққа берген Ыбырайымға барайық, – дейді. Барлығы шұбырып Ыбырайымның алдына келеді. Сонда Ыбырайым:
– Мен Мұса сияқты Алламен тікелей тілдескен емеспін. Оған кітап түскен, дәрежесі менен жоғары. Сондықтан Мұсаға барайық, – дейді.
Мұса кәлимолда:
– Аллаға дидарыңды көрсет деп орынсыз өтініш қылып, ұятты болғам. Содан бері өкініштің оты өзегімді өртеп келеді. Жүріңдер, одан да бәріміз жиылып, Алланың хабибі, екі жаһанның сардары, пайғамбарлардың тәжі Мұхамбетке барайық. Хақ Расулінен шапағат тілейік, – дейді. Мұса бастаған бұл топ маған келіп:
– Уа, Мұхамбет, үмбетіңе тезірек шапағат ет. Олардың тозаққа кететін түрі бар. Өзіңнен қайран болмаса, бізде ондай бедел жоқ, – дейді. Сол кезде мен қарабет үмбетімнің халін көріп зар еңіреймін. Сендерге болыспай тұра алмаймын. Басымдағы алтын тәжді алып тастап, Аршы астында зар еңіреп:
– Уа, Ұлық, мейірімді, құлсүйгіш Алла! Үмбетімді бұл азаптан Өзің құтқар! – деп жалбарынамын. Сол кезде Тәңірі тағалам маған:
– Ей, хабибім, ей, адал досым! Басыңды көтер, еңсеңді тікте. Дәргейіме барлық күнәкар үмбетіңді алып келгейсің. Құлдарымның барлығының күнәларын сенің құрметіңе кешірем. Оларға деген ілтипатымды көрсетіп, рақым етейін. Жаннатыма кіргізіп, сый көрсетейін, – деген. Сол кезде ғана мен басымды көтеріп, Аллаға сансыз шүкіршілік айтам. Мұса екеуміз күллі үмбетті пейішке бастаймыз. Сол кезде барлық ғалам жұпар иісі аңқып, ғажайып күйге енеді, – деп сөзін аяқтады пайғамбар. Мұхамбет пайғамбардың шапағатшы мәртебесін терең таныған соң ғана үмбеті ақиреттің үрейінен арылып, кеуделері қуанышқа кенелді.
ТӨРТ ШАДИЯРДЫҢ ТҮС КӨРУІ
Ұлық Алла пайғамбарға ең үлкен жеңісін сыйлады. Ол өзімен 23 жыл бойына тірескен дұшпандарын толық мойындатты. Қағбадағы ғана емес, сана-сезімдегі пұттар да қоса қирады. Талай момынның жүрек көзі көретін болды. Жүректе бітеліп қалған мейірім-махаббаттың бұлағы қайтадан ашылды. Құран толық түсіп бітті. Алланың өзі «Осымен дінімді кәміл еттім» деді. Әділетті қоғам орнады. Жетімдер мен жесірлер бай-манаптармен бір дәрежеде Алланы еске алып, бір сапта құлшылық қылатын қуанышты күнге ақыры жетті. Байлар өздерін құдай санайтын тәкаппарлықтан тыйылды. Оның орнына сынықтық мінез бен топырақ сипатты болуға тырысатын шын тақуалықтың дәстүрі қалыптасты. Ел-жұрт надандықтан қашып, жаппай сауатты болуға біржолата бет бұрды. Пайғамбардың жасы алпыс үшке тақады. Денсаулығы да сыр берді. Мүбарак жиырма үш жыл аттан түспей, бел шешіп демалмай, шаршадым деместен, Ұлық Алланың мойнына жүктеген міндетін абыроймен атқарып шықты. Бір күні үйіне Жебірейіл келді. Пайғамбар оның не үшін келгенін айтпай-ақ ұқты. Себебі Құран еніп болған, уахи енді келмейтін. Екеуі амандасып болған соң, пайғамбар:
– Досым, Жебірейіл, «Сүт сұрай келсең, шелегіңді жасырма» деген. Келген шаруаңды айт, – деді. Періште:
– Иә, Расул, Жаратқан Жаббар Иеңнің өзіңе арнайы жолдаған сәлемін ала келдім. Бұ дүниеде Құранның нұрын, ілімнің шырағын жағып болдың. Ендігі қалған ғұмырыңды Алланың алдына өткізуге қалайсың? – деп ойын әдемі астармен жеткізді. Пайғамбар періштенің тұспалын бірден түсінді.
– Жебірейіл, өлім – Алланың құлдарын Жаратушы иесіне жалғайтын алтын көпір. Ол көпірден өтуді кім қаламайды?
– Иә, Мұхамбет, сөзіңнің қатасы жоқ. Айтқаның – шындық. Бірақ Алланың өзі айтты: «Егер хабибім қаласа, үмбетімен осы дүниеде мәңгі бола алады. Оған қияметке дейін ғұмыр жазамын», – деді.
– Жоқ, Жебірейіл, өз сөзіме өзім қарсы шыға алмаймын. Мен үмбетіме «Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхамбет – оның құлы және елшісі» деп кәлима үйреттім. Өзімнің Хақ елші екенімді дәлелдедім. Енді Аллаға да мәңгі құл болып қалатынымды да өліміммен үлгі етіп көрсетемін. Алланың низамы барлық құлға тең жүреді. Әділдік деген сол болар.
– Өзің жақсы білесің, Ұлық Алла әлемді екі түрлі тәртіппен басқарады. Бірі – әдеті, екіншісі – құдіреті. Әдетіне салса, сен міндетті түрде өлесің, құдіретіне салса, мәңгі өмір сүресің.
– Тумақ барда өлмек бар. Келмек барда кетпек бар. Өлім – бабамыз Адам атадан жалғасып келе жатқан өрнек. «Тумақ, өлмек – тағдырдың шын қазасы» болып мәңгіге қалсын. Егер мен өлмейтін болсам, менің тірі қалуым да сүндет болады. Онда менен кейінгі патшалар мен бай-бағландар мәңгілік өлмеймін деп менің үлгіме жабысуы әбден мүмкін. Сондықтан жан беруге ризамын. Бірақ Алланың ұсынысын қабыл алмау менің тарапымнан әдепсіздік болады. Оның орнына үмбетім үшін жеңілдік сұраймын. Олар қиын кезде өмір сүреді. Олардың жан берер сәтін де жеңіл қылсын. Тілдерін кәлимаға келтіруге көмектессін.
– Жарайды, тілегің қабыл болады. Бірақ бір шарты бар. Үмбетің кәлима айтқанда саған салауатты қосып айтсын, – деді де, Жебірейіл көзден ғайып болды.
Бұл сахар мезгілінде болған оқиға еді. Жебірейіл кете сала, бірінші болып Әубәкір Сыдық жетіп келді. Ол:
– Иә, Расулым, мен бүгін бір түс көрдім, түсімде сұмдық іс көрдім. Алып бәйтерегім қопарылып құлады. Тамырынан алтынменен күптесем де, тұрмас болды. Тұғырымнан жібек баулы сұңқарым көкке ұшты. Қайта айналып қонбас болды. Бұл ненің нышаны? – деді. Пайғамбар:
– Әй, Сыдығым, бәйтерегің құласа, арқасүйер тірегіңнен айрыларсың. Сұңқарың тұғырдан ұшса, жиырма жыл жолдас болған серігіңнен айрыларсың, – деді. Әубәкір мұны естігенде жүрегін ыстық қан басып кеткендей болды. Бір сәтке екі көзі бұлдырап, екі құлағы естімей қалды. Ол есін жиямын дегенше, Омар жетіп келіп:
– Иә, Расул, түнде түс көрдім, түсімде сұмдық іс көрдім. Беркініп садақ асынып, біртіндеп жауды қашырып, қалың кәуірмен жалғыз өзім ұрысқа кіріппін. Бұған дейін сыр бермеген садағым шірене тартқанда жағынан сынып, адырнасы үзіліп түсті. Қозыжауырын жебе толы қорамсағым күл парша болып шашылды. Оянып кетсем, қара терге малшынып жатыр екем. Жүгіріп сізге келдім. Бұл түс нені меңзеді екен? – деді шошынып. Пайғамбар:
– Сыр бермеген садағың адырнасынан үзілсе, айрылмас досың, қайырылмас сапарға аттанғалы тұр екен, – деді. Мұны естігенде Омар денесіне таяқ тиген жыландай сылқ етіп, отыра кетті. Осы сәтте сырттан Оспан да келіп жатты. Ол да алқынып:
– Иә, тақсыр, мен бір түс көрдім, түсімде сұмдық іс көрдім. Түсімде Құран көшіріп отыр екем. Дәуітімде толған сия. Қауырсын қаламды қанша малсам да, қағазға қәріп түспеді. Кенет қатты жел тұрды да, ақ парақтарды ұшырып әкетті. Түсімнен шошып ояндым. Жорып беріңіз.
– Оспаным, енді уахи алмаймыз. Құран түсіп бітті. Ендігі үмбетке жетекші мен болмаймын, Құран болады, – деді. Оспанның жүрегі зырқ ете қалды. Буындарынан әл кетіп, тұрған жеріне сылқ етіп отыра салды. Сол кезде Әзіреті Әлі келді:
– Иә, Расул, түс көрдім, түсімде жаман іс көрдім. Қан майданда толарсақтан қан кешіп жүр екем. Шығыршығы торғай көз, жағасы алтын, жеңі жез, ақ сауытым көбесінен сөгілді. Сақинасы майдан даласында шашылып қалды. Ұрысқа сауытсыз енді кірмек болғанымда құрыш болат зұлпықарым алтын балдағынан морт сынды. Жолбарыстай дүлдүлім тізесінен бүгілді. Абырой болғанда түсім екен, Шынымды айтсам, шошып тұрмын, не деп жорисыз? – деді. Пайғамбар:
– Әлиім, ақ сауытың көбесінен сөгілсе, дүлдүлің тізесінен бүгілсе, бұдан былай жорыққа менсіз аттанасың, – деді. Мұны естігенде Әлидің басына шоқпар тигендей теңселіп кетті.
Жорылған түстер үмбеттің арасына тез таралды. Пайғамбармен қоштасу рәсімі басталды. Біз көбіне «христиан діні – махаббат діні, Ислам діні – әлеуметтік теңдіктің діні» дегенді жиі естиміз. Христандарда адамның рухани дәрежесі көршісін не болмаса бауырын қаншалықты жақсы көретінімен өлшенеді. Ал, Исламда әділдікпен өлшенеді. Яғни, практикалық тұрғыда Ислам қолайлы. Мұхамбет пайғамбар өзінің үмбетін әлеуметтік теңдікке негіздеп құрған. Барлық адамға ортақ міндет жүктеледі. (Намазда бай мен кедей бір сапта тұра береді). Діни элита не болмаса әулилердің иерархиясы деген атымен жоқ. Ауқатты кісілер садақа, зекет берумен бай мен кедейдің ара-жігін ажыратпай ұстап отырады. Құлға азаттық сыйлау ерлік іс болып саналады. Үмбеттің ішіндегі кез келген адам бәрімен де теңдей дәрежеде сөйлесе алады. Мысалы, махаббат принципін заңға зорлап ендіру мүмкін емес. Яғни, біреуге өзіңді күштеп жақсы көргізе алмайсың не болмаса «мені сүймеді» деп ешкімді де сотқа бере алмайсыз. Ал, әділдік барлық Атазаңның іргетасы. Яғни, әділдікті бұзған адам заң алдында жауап береді. Құранның арқасында мұсылман жұрты әлемге ортақ «барлық адам баласы тең» деген алтын қағиданы игеріп алды.
Карен Армстронг
ҮКӘШАНЫҢ ПАЙҒАМБАР МӨРІН СҮЮІ
Пайғамбар жиналған серіктерімен қоштасып жатып:
– Қарыздың да парызы бар. Бұ дүниенің қарызы – о дүниенің арызы. Ақиретке үстімнен ешқайсың арыз айтып келмес үшін пәнидегі қарыздарымды қайтарайын. Кімнің менде қандай алашағы бар, келіп сұрасын, – деді. Олар бірауыздан:
– Уа, Алланың Расулі, сізде ешқандай ақымыз жоқ. Керісінше, біз сізге қарыздармыз, – деп жамырай шуласты. Сонда Үкәша есімді серігі алға шығып:
– Расулым, есіңізде болса, Тәбүк шайқасында екеуміз үзеңгі қағыстырып қатар кеп қалдық. Сіз қапылыста атыңызды қамшылаймын деп, байқаусызда мені жон арқамнан осып жібердіңіз. Әрине, сіздің қамшыңыз маған балдай жағады. Бірақ оның ақысын сұрамайын десем, ақиретке сіздің мойныңызға қарыз болып кете ме деп қорқамын, – деді. Пайғамбар:
– Иә, Үкәша, мен саған шүбәсіз сенем. Қамшым тисе, тиген шығар, есімде қалмапты. Ақыңды дәл қазір қайтар. Қарсы емеспін. Сен, Біләл, бар да, үйден тезірек қамшымды алып кел, – деді. Біләл пайғамбардың үйіне келіп, Бәтимаға:
– «Мүбарак қамшысын сұратып жатыр», – деді. Бәтима:
– Қамшы әкеме не үшін керек болды? – деді. Біләл болған жайды жеткізді. Бәтима жылап жіберіп:
– Әкемнің нұрлы тәніне ащы қамшы тимесін. Асан мен Үсен, құлыншақтарым, аталарыңның жолында құрбан болыңдар! Үкәшаға айтыңдар, ақысын әкемнен емес, сендерден алсын! Жон арқаларыңды өздерің барып тосыңдар! – деді. Біләл Асан мен Үсенді ертіп келіп, Үкәшаға Бәтиманың сөзін жеткізді. Үкәша:
– Мен мұсылманмын. Пайғамбардың өзі «біреу үшін біреу жауап бермейді. Ақиретте әркім өзіне жауап береді» деп үйреткен жоқ па? Сондықтан ақымды тек Расулдан аламын, – деді. Ел жақ аша алмай отырып қалды. Сол кезде Әубәкір келіп:
– Иә, Үкәша досым, пайғамбардың тәніне таяқ тисе, менің жүрегіме қанжар қадалады. Пайғамбарды да, бізді де өйтіп қинама. Одан да ақысына маған жүз дүре соқ. Тіпті қамшымен ұрып өлтірсең де, ризамын! – деп жалынды. Үкәша басын шайқады. Сонда Омар тұрып:
– Әй, Үкәша, қорық Құдайдан, қайт райыңнан! Пайғамбардың орнына мені құрбан ет. Бір қамшының өтеуіне екі жүз қамшы ұр, – деді. Үкәша келіспеді. Енді Оспан ортаға шығып:
– Уа, Үкәша, пайғамбарда ала алмай жүрген өшің, көңілде кеткен кегің болса, менен келіп ал! Қамшымен қолыңның қары талғанша сабасаң да, қыңқ демеске уәде беремін. Ертең естіген ел «Мұсылмандар пайғамбарына қол көтеріпті» деп өсек қылады. Кәне, саба мені, – деп көйлегін шешіп, жон арқасын тоса берді. Үкәша қозғалмады. Бір кезде ортаға Әли атып шығып:
– Жан бабамның қандай жазығы бар еді?! Ойлағаны тек үмбеттің қамы еді. Сені құл болып жүрген жеріңнен сатып алып, серіктерінің сапына қосқандағы көрсеткен құрметің осы ма?! Неліктен осыншама қатігез едің?! Саған тиген бір қамшының орнына маған бес мың дүре соқ. Өзіңе екі дүниеде де разы болайын, – деді көзінен жасы бұршақтап. Сонда пайғамбар:
– Уа, бауырлар, сендердің пәк пейілдеріңе жүрегім шат болды. Бірақ бұл жаза сендердің емес, менің еншіме тиесілі. Дүние ісі ақиретке кетпейді. Егер сендерді сабатып қойып, қарап тұрсам, онда менің әділдігім қайсы? Ертең дұшпандар «бұлардың пайғамбары жалған. Өзінің қарызын бөтеннің мойнына жүктейді» деп өсек қылады. Артымыздан сөз ереді. Сабыр етіңдер, – деді.
Сөйтті де, жейдесін көтеріп, арқасын тосып тұра қалды. Жер мен көк, Ғаршы мен Күрсі, Лаухы мен Қалам, сегіз Жаннат сол заматта үрейден шайқатылып, барлық періштелер қалшылдап кетті. Мүбарактың жауырынында Алланың салған мөрі бар еді. Ол мөрде «Лә иләһә иллалла Мұхаммад Расулалла» деген өрнекті жазу бар. Үкәша сол мөрге көзін сүртті де, сүйіп алды. Сосын еңкілдеп жылады. Пайғамбардың аяғын құшып жата кетті де:
– Иә, Расул, артық кетсем күнәмді кешіңіз. Жаныңызға қайғы салдым, жүрегіңізді өртедім. Қасыңызда қанша жылдан бері тубегі болып жүруші едім. Бірақ, көкірегімде бір өшпейтін тілегім болды. Арманым арқаңыздағы мөрді бір сүйіп қалу еді. Аллаға шүкір, бүгін ол тілегіме де жеттім, – деді. Пайғамбар Үкәшаның батылдығына риза болып, оның маңдайынан сүйіп:
– Үкәша, басыңа қонған бағың құтты болсын! Құдай қаласа, таңда мақшар күнінде үлкен сәулетпен пейішке кірушілердің сабын бастайсың. Сенің өсіп-өнген әулетің маған тегіс үмбет болады. Сен Ұлық Алланың арқама салған мөрін өпкен жалғыз адамсың! Кімде-кім ұжмақтың жүзін көремін десе, Үкәшаның жүзіне қарасын, – деді.
Сахабалар да Үкәшаның ниетіне риза болып, оның жүзіне зер салды. Құшақтап бауырына қысты.
ПАЙҒАМБАРДЫҢ ҚОШТАСУЫ
Мұхамбет пайғамбар өзінің қайтпас сапарға аттанатынын жұртқа естірткен соң, сахабалары оны қимай күңіренді. Тіпті «пайғамбар дүниеден өтеді» деген ойды миларына сыйғыза алмады. Барлығы пайғамбарға жақын келіп:
– Адамзатта өзіңнен асқан асыл зат болған емес. Біздей жетім қалған бейшараларға өзің көңіл айтсаңшы, ей, Алланың хабибісі. Сен ғой Ұлық Алладай досыңа бара жатырсың. Біздерді кімге дос қыласың?
– Әділет, қайрат, жүректі бірдей ұстаған кемел басшының қасынан табылыңдар, – деді.
– Егер тар заманға тап келіп, ондай басшыдан көз жазып қалсақ, тура жолға кім бастайды?
– Ондай кезде ақылың мен адал еңбегіңе сен. Тар жол, тайғақ кешуде сендерді екі жақтап алып шығатын одан артық жолдастарың болмас, – деді. Содан кейін жиналып қалған дүйім жұртқа қарап:
– Қимас бауырлар, мен кетті деп қайғырмаңдар. Қияметке дейін қараңғы көңілге шырақ жағатын Құрандарың қолыңда. Ұлық Алла құдіретті тоқсан тоғыз есімін сендерге паш етті. Нұрлы ақылды надандықтың шырмауынан босатып алуды үйреттім. Менің ақырда шығатын барлық бауырларыма сәлем дегейсіңдер, – деді. Сол кезде ел-жұрты таңғалып:
– Иә, Расул Алла, сенің бауырың біз едік қой. Ақырда шығатын үмбетің қалайша бауырың болады? – деді. Сол кезде пайғамбар:
– Сендерге мені тану қиынға түспеді. Құран көз алдарыңда уахи болды. Жебірейілмен жүздестіңдер. Мені көзбен көріп, қасымда жүріп тәрбие алдыңдар. Көңілдеріңде күмән-күдік қалмады. Ақырдағы үмбетім менің сөздерімді тек қағаздан оқып иман келтіреді. Мені көрмесе де, маған арқа сүйейді. Өсиеттерімді өнеге тұтады. Құранды өз ақылдарымен түсінуге тырысады. Олардың ішінде маған сансыз салауат айтатын шын мықтылары кездеседі. Ондайлардың біреуі елу еркекке тең болады, – деді. Осы кезде бір сахаба шыдай алмай:
– Олар өз заманының елу азаматына тати ма?
– Жоқ. Мына тұрған елуіңе татиды.
– Олар соншалықты бізден несімен ұлық?
– Ақырдың кезінде дін ұстау шоқ ұстаумен тең болады. Ұстаса, қолы күйеді, тастаса, иманы кетеді. Бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген жайлар болады. Ол кезде арақ-шарап ашық сатылады. Бір еркекке елу әйел тең келеді. Есірген ел есті азаматын танудан қалады. Түзу жолға бұрғанды түпсіз жауға санайды. Байлықты мұрат тұтады. Жоқтықты ұят санайды. Дінді бұрмалау тезек тергеннен де оңай болады. Осындай алмағайып заманда да ардан аттамай, өзгені даттамай, жүрегін жаудан қоритын нағыз батырлар сирек те болса шығады. Сол кезде ол заманның тіршілігі сол батырлардың дұғасының шарапатынан тұрады, – деді.
Cөйтті де үмбетіне ең соңғы өтінішін айтып бастағанда әр сөзіне ерекше екпін салып, нық дауыспен нақтылап сөйледі.
– Ей, елім, ей жұртым! Естеріңде болсын, әйелдің ақысын жемеңдер. Әйел затына қиянат қылуда Құдайдан қорқыңдар. Мен сендерден осыны өтініп сұраймын. Ер-азаматтар, сендер әйелді Тәңірдің аманаты ретінде жар етіп алдыңдар. Олардың ар-намысы сендерге Алланың әмірімен адал болды. Сол үшін де келіншектеріңді аялап, мәпелеп ұстау – сендерге міндет. Әйелде сенің, сенің әйелде хақың бар. Әйел затының ерінің алдындағы ең үлкен парызы – төсегін адал ұстауы. Уа, әйел үмбеттерім, бөтен еркекті үйлеріңе отағасының ұлықсатынсыз кіргізбеңдер. Олай болмаған жағдайда арларың төгіліп, намыстарың тапталады. Уа, ер-азаматтар, әйел алдында сендердің де ауыр міндеттерің бар. Сендер адал жолмен мал тауып, дастарқанды таза ұстаңдар. Ерінбей еңбек етіп, әйел, бала-шағаны ішіп–жемнен тарықтырмаңдар. Соңғы айтарым, мұсылман - мұсылманның бауыры. Сендер мұсылманды көргенде бөтендік не болмаса айырмашылық іздемеңдер. Керісінше, бір-біріңнен ұқсастық іздеңдер. Біреуге қиянат қылып, малын зорлықпен тартып алудан аулақ болыңдар. Қиянатпен тапқан мал мұсылманға ешқашан адал болмайды. Менің бұл өсиетім алыс аймақтағы барлық бауырларға түгел жететін болсын – деп сөзін аяқтады.
Мұхамбет өмір бақи қарапайым тұрмыс кешті. Халиф болғанда да сол қалпынан айнымады. Ас та төк шылқыған өмірді жек көретін. Кей кезде оның үйінде жеуге тамақ табылмайтын. Бір ғана шапанды қанағат тұтқан. Сахабалары оны салтанатты киініп жүруге талай рет үгіттеп, ақыры көндіре алмады. Кедейлер киетін киімді ғана үстіне ілетін. Сыйлық алса сол жерде мұқтаж жандарға таратып жіберетін. Ол да Ғайса сияқты «кедейлер пейішке бұрын кіреді» деп жиі айтатын. Дұшпандарына өте сұсты көрінгенмен үмбетінің ішінде өте қайырымды болатын. Ол өзін басқалардан ерекшелеп, бөлектеп тұратын барлық жылтырақ атақ пен даңқтан түбегейлі бас тартты. Өзін ұлықтап, көтермелеп сөйлейтін сөздерді жек көретін. Ол көбіне мешітте кедейлермен сұхбат құрып отыратын. Бүлдіршін балалар оны ерекше жақсы көретін. Үйріліп қасынан шықпайтын. Жорықтан қайтқан кезде бала-шаға шұбырып оның алдынан шығатын. Сосын қалаға қарай салтанатты түрде шеру тартып бірге келетін.
Карен Армстронг
СОҢҒЫ КҮН
Ұлық Алла Әзірейілге:
– Мұхамбетке барып, ғазиз жанды қайтаратын уақыт жетті дегейсің, – деп тапсырма берді. Әзірейіл жалғыз барып, пайғамбардың жанын сұрауға жүрегі дауаламады. Жанына Мәкәйіл мен Ысрапыл періштелерді ертіп алды. Үшеуі Мұхамбеттің шаңырағына келді. Бірақ, үйге кіруге жүрексініп тұрды. Бұл күні пайғамбар сахардан соң толық жуынып-шайынып, үстіне миск септі. Сақал-мұртын бастырып, тырнақтарын алды. Үстіне таза киімдерін киіп, тісін мисуакпен тазалап отырған.
Бәтима сырттағы періштелерді көреді. Ол жүгіріп келіп:
– Әке, есік алдынан бейтаныс үш адамды көрдім. Олар кіреберісте кібіртіктеп, табалдырықтан аттай алмай тұр. Әкесі:
– Қызым, мен білсем, бұлар – періштелер. Алланың аманатын алуға келген. Айт, үйге кірсін, – деді. Қызы:
– Иә, әке, Алланың ісіне шара жоқ. Құдай ерікті бізге берсе, сізді өлімге қимас едік. Бірақ әлемнің бастауы да – өзіңіз, ақыры да – өзіңіз. Сондықтан біз сізді бастауға кетті деп білеміз. Атамыз Әбутәліп, анамыз Хадишамен көрісіп, олармен де мауқыңызды басарсыз. Олардың да сізді сарғая, сағынып отырғанына күмәнім жоқ. Ұлық Алланың сізге шапағатшы міндетті жүктегені тағы бар. Бұ дүниеде Тәңірдің қалауымен Ислам дінін толықтап, Құранды мәңгілікке шырақ етіп жақтыңыз. Ендігі үмбетіңіз сіздің жаққан шырақпен ардың жолын адаспай табады деп білемін. Сонда да, «Өзекті жанға бір өлім» деген. Бұл пәниден озып жатсақ, о жақта сізде қайдан табамыз? – деді. Пайғамбар:
– Ақ жолдан айнымай ар сақтаған, мансаптың тағы үшін мақтанға салынбаған, басының бағы үшін нәпсіге билетпеген, дінімді былғамаған, сүндетімді қорламаған үмбетім пейішке кіреді. Мен пейіштің кәусарының басында боламын. Шөлдеп жеткен үмбетіме алақаныммен су әперіп, мерейін қандырамын, – деді.
– Әке, сізді ол жерден таппасам ше?
– Онда Сират көпіріне барғайсың. Мен сол кезде үмбетіме шапағат етіп, қылкөпірді кеңітіп тұрамын. Залымдарға ол жол қылдан жіңішке, қылыштан өткір болады. Аяғы тайса, тозақтың түбіне бір-ақ түседі. Алла қалап, шапағат етер болсам, ол жол момындарға дүниядан да кең болып ашылады. Сол кезде менің атыма салауатты көп айтқан үмбетімді өзім іздеп тауып, жетектеп алып өтемін.
– Әке, ол жерден таппай қалсам, басқа қайдан іздеймін?
– Таразы-мизамның жанында тұрамын. Ол жерде бұ дүниеде жасаған амалдардың салмағы таразыға тартылады. Есіңде болсын: көп адам сол жерде бармағын шайнайды. Мәңгілік өкінішке қалады. Талай үмбетім бұ дүниеде жасаған жақсы амалдарының құрт жеп, шірігенін көреді.
– Құрт жеп қойғаны қалай?
– Қызым, есіңде болсын: амал ниеттен басталады. Ниет мақтаншақтыққа, арзан атақ жинамаққа, құрметті болуға байланатын болса, сауабын рияның құрты жейді. Бұ дүниеде таудай болып көрінген жақсылығы рияның кесірінен таразы басын баса алмайды. Ол жерде мал табу үшін білім жиғандардың емес, ілім табу, игеру үшін мал шашқандардың күні туады. Ниеті түзу болса да, қолының қысқалығынан құдық қаза алмаған, көпір сала алмаған ақжүрек момындардың таразы басын мен басам. Мизамда өкініштен көкірегі қарс айрылатын үмбетімнің ең көбі мақтанға бой алдырған бай-бағландар болады.
– Әке, сізді тағы қай жерден табуға болады?
– Жаһаннамның қақпасының алдында күзетіп тұрамын. Қызым, сен білмейсің. Заманақыр тақағанда менің үмбетіме дін ұстау шоқ ұстаумен бірдей болады. Ол кезде жансыз зат сөйлейді, жансыз зат билейді. Қарап тұрған жігітке қыз асылады. Айшылық алыс жердегі былықты үйінде отырып көре береді. Содан көңілі тез кірленеді. Құрамалы-қорғанды үйлері болады. Сонша тығыз отырса да, айттың өзінде көрші көршіге бас сұқпайды. Әйелі ерге теңеледі. Мініп жүрген есегінің түнде екі көзі жанып тұрады, ішіндегі сандығы жағы талмай қақсап тұрады. Құранды теріс тәпсірлейтін тобыр болады. Есті азамат дін десе, тұра қашады. Кітаптың көптігінен момындар шатысуға бейім болады. Кәсібі кесірін тигізеді. Күндіз өгіз сияқты жұмыс істейді, түнде өлік сияқты ұйықтайды. Ол кәсіпті істемесе, аштан өледі. Істесе, жүрегін тот басады. Сол кезде ниеті түзу, заманның тарлығынан тағатқа әлсіз үмбетім болады. Олар желіп өткен өмірінен мән таба алмай өкінеді. Ақиретте олардың жалғыз байлығы осы өкініші болады. Мен де сол кезде пәниде шын өкінген момынға шапағатты молынан қыламын.
Әкесі жетер жеріне жеткізіп үгіт-насихат қылса да, бір сүйек, бір бауырдан жаралған жан әкесін қимай қызы жылай берді. Пайғамбар:
– Қызым, болды, жылама, ана кісілерді кіргіз, – деді. Бәтима сыртқа шықса, бүкіл үмбеті жиналып, жылап тұр екен. Үш періштені үйге шақырды. Пайғамбар:
– Иә, бауырлар, қош келдіңдер! Досым Жебірейіл қайда? – деп сұрады.
– Иә, Расул, ол келе алмады. Жебірейіл досың жеті қат көктегі барлық періштелермен қосылып, сені аза тұтып жатыр, – деді. Пайғамбар:
– Алғаш уахи әкелген өзі еді. Миғражда бірге серік болып еді. Енді ақтық сәтімде де жанымда болсын, – деді.
Сол кезде Тәңірінің әмірімен Жебірейіл періште қинала-қинала келді. Досы екеуі құшақтасып, біраз үнсіз жылап тұрды. Пайғамбар:
– Достарым, сендерге айтар соңғы базынам бар. Ақырдың уақыты тақаған сайын үмбетімнің жағдайы ауырлай береді. Сендер де оларға болысыңдар! Қысылғанда дем беріп, шапағат етіңдер! – деді. Олар:
– Ей, Мұхамбет! Ұлық Алланың өзі сенің ризалығыңды тілегенде, біз қалайша тілемейміз? Біз сені қалай жақсы көрсек, ізіңді жалғастырушы үмбетіңді дәл солай жақсы көреміз. Алладан изн болса, үмбетіңді желеп-жебеп жүреміз. Бірақ шарты бар. Ең әлсіз деген үмбетіңнің өзі сенің атыңа ең кемі он салауат жолдауды әдетке айналдырсын. Дұғасынан тастамасын, – деді.
Осыдан соң, мүбарак пайғамбар Құранда өзі айтқан «бәріміз Алладан келдік, Аллаға қарай қайтамыз» деген аятты оқыды да, ғазиз жанын Аллаға тапсырды. Тарихи тұлға ретінде қарасаң да Мұхамбет таңғажайып адам. Жазу-сызу білмейтін 40 жасар жігіт ағасының 23 жылда әлемдік діннің негізін салуы ақылға сыймайтын құбылыс. Мұхамбетке дейін еврейлер монотеистік дінді ұстанатын. Бірақ олардың көп құдайға шоқынатын надандығы тым ұзаққа созылған еді. Мұса пайғамбар жұртын Мысырдың құлдығынан құтқарып, екінші Исайя пайғамбарға дейін жалғайтын аралықта 700 жылдан аса уақыт өткен. Жүздеген пайғамбардың осынша жылда жасаған реформасын Мұхамбет Араб түбегінде 23 жылда жалғыз өзі жасап шықты.
Карен Армстронг
КӨДЕК БАЛА ҚИССАСЫ
Сол заманда еврей жұрты қоныс тепкен бір көне шаһарда Тәуратқа өте сауатты бір яһуди тақуасы өмір сүріп жатты. Ол жетіге келген бір ұлына ата-баба жолымен жазу-сызу үйретіп бастайды. Ұлы қаріп таныған соң, әкесі оған күніге кешке Тәуратты дауыстатып оқытатын. Баласы бір күні кітап оқып отырып, «Сол кезде Раббыңның ең ұлы Рақметі дүниеге келеді. Оның есімі – Мұхамбет» деген сөйлемді көріп кілт тоқтайды. Ол:
– Көке, Алланың хабибісі, Мұхамбет деген кім? – деп сұрады. Әкесі:
– Балам, оған мән берме. Әрі қарай оқи бер, – деді.
– Көке, оны мына жерде әбден мақтапты. Дәрежесі Бәну Исраилдың барлық пайғамбарынан ұлық болады деп жазып қойыпты, – деді. Әкесі:
– Кәне, кітапты маған берші, – деп қолына алды да:
– Өй, бұл – бір жүрген сиқыршы, жалған пайғамбар. Арабтан пайғамбар шықпаған соң, өзін «пайғамбармын» деп атайды. Кітапты көшірген адам қателесіп кеткен шығар, – деді. Сөйтті де, қаламмен Мұхамбет деген жазуды үстінен баттастырып бояп, есімін оқылмайтын етіп қойды.
– «Аты өшкірдің аты өшсін», – деді де:
– Әрі қарай оқи бер, балам, – деді. Ұлы көкесінің сөзіне сеніп, әрі қарай дұғаларын жаттай берді. Қызық ертеңіне болды. Ол кітапты ашып еді, Мұхамбет деген жазу екі жерде және жазылып тұр екен. Кешегі қара бояуы өшіп кетіпті. Ол:
– Көке, мына Мұхамбет деген жазу тағы шықты, – деді. Әкесі жалма-жан жетіп келді. Кітапты парақтап қарады да:
– Әй, сиқыршым-ай, шаршаттың-ау бізді, – деді де, қаламын алып, оның есімін қап-қара етіп тағы да бояп тастады. Ұлының «Көке, егер біздің кітабымыз да, Құдайымыз да Хақ болса, сиқыршының аты оған қалайша жазылып қалады?» деген ақылды сұрағына әкесі дым жауап айта алмады. Тек далбасалап:
– Ақырдың сиқыршысы да сұмдық айлакер болады, – деді.
– Сонда ол бізді жаратқан Құдайдан да асқан айлакер ме? – деді ұлы. Әкесі сөзден жеңілді. Тағы да сұрақтан мүдірді.
– Сен, бала, сөзді көбейтпей, кітабыңды оқы. Кейін өскенде түсінесің, – деді. Баланың таза жүрегі әкесінің өтірік жауабына илана алмай дүбәра күйде қалды. Ертесіне бала әдеттегідей Тәуратын тағы да қолына алды. «Кешегі Мұхамбеттің есімі не болды екен?» деп сол бетті ашып еді, оның аты парақтың жарты бетіне жазылып қалыпты. Әрбір сөйлем соған салауат айтып басталыпты. Ол бұл кереметке таңғалды. Әкесі ұлының түрінен секем алып:
– Не, ана жәдігөй тағы шығып па? – деді. Ұлы басын изеді. Әкесі ашуланып, жүзі қылпып тұрған үшкір ұстараны алды да, Мұхамбеттің аты жазылған жердің бәрін қырнап-қыршып өшіріп шықты.
– Ал, енді оқи бер, – деді ұлына. Әкесінің мына әрекеті баласына әділетсіз болып көрінді. Бұл жолы ол артық сұрақ қоюға батылы бармады. Тәуратты әрі қарай оқи берді.
Түнде «Мұхамбеттің есімі енді қай жерден шығады екен?» деп ойлап жатып, көзі ілініп кетті. Таңертең ұйқыдан тұра сала, кітаптың бетін аша бастады. Кешегі қырналған жердің бәрінде сап-сары болып жылтырап «Мұхамбет» деген жазу көрінеді. Есімі саф алтынмен жазылыпты. Бала оның есімін сипалап отырып:
– «Не де болса, бұл – Хақ пайғамбар», – деп күбірледі. Сол кезде әкесі кіріп келді де:
– Жалғаншының аты осымен өзі де өшкен шығар? – деп, Тәуратты парақтай бастады. Көзіне сары алтынмен жазылған Мұхамбеттің есімі оттай болып басылды. Әкесі жынданып кетуге шақ қалды. Кітаптың парша-паршасын шығарып, отқа лақтырғысы келді. Бірақ өздерінің қасиетті кітабын өртеуге бата алмады. Ұлына қарап:
– Бүгіннен бастап басқа кітап оқисың. Мына Тәуратқа сиқыршының шалығы тиіпті, – деді де, Тәуратты сандығына салып тастады. «Мұхамбет» деген көркем есім баланың көңіліне мейірім сәулесін құйып тұрғандай болды. Ол түнде әкесі ұйықтап жатқанда сандықтан кітапты ұрлап алды. Ішінен «Алланың хабибісі, Мұхамбеттің сипаттары» деген бөлімді тауып алды. Май шамның жарығымен оны толық оқып шықты. Онда пайғамбардың сипатын былай деп баяндапты:
– Мұхамбеттің тектілігі Шиштен артық.
– Ілімі Ыдырыстан артық.
– Күрескерлігі Нұхтан артық.
– Қонақжайлығы Ыбырайымнан артық.
– Өзін құрбандыққа пида етуі Смағұлдан артық.
– Шешендігі Мұсадан артық.
– Жаудан қайтпас қайсарлығы Дәуіттен артық.
– Даналығы Ұлықпаннан артық.
– Бауырмалдығы Жүсіптен артық.
– Зікірі Зәкариядан артық.
– Сабыры мен төзімі Аюптан артық.
– Патшалығы Сүлейменнен артық.
– Қорлық мен мазаққа төзуі Жақиядан артық.
– Жомарттығы Атымдайдан артық.
– Әділдігі Наушаруаннан артық.
– Пақырлығы Ғайсадан артық.
– Тазалығы Жақыптан артық. Көркем мінез-құлықта ол барлық пайғамбардан абзал. Күллі пайғамбар Раббысының ризалығын тілесе, Раббысы Мұхамбеттің ризалығын тілейді. Он сегіз мың ғалам оның нұрынан жаралған. Ол ақырдың соңында әлемге Рақмет аманатын арқалап келеді. Мейірімді Раббысы оны жетімдіктен өсіріп, тәрбиелеп пайғамбарлыққа жеткізеді. Ол жазу-сызуды білмейді. Раббысы оның кеудесін жарып, өзінің құдіретімен оның жүрегін ілімнің сарқылмас бұлағына айналдырады. Оның ілімінен бір рет қанып ішкен адам екі дүниеде бақытты болады. Бүтін пайғамбар Мұхамбетке үмбет болуды армандап шерменде кеткен» деп жазылыпты.
Пайғамбардың сипаттарын оқығанда баланың жүрегінде «Мұхамбетке үмбет болсам» деген арман бүр жарды. Бұдан әрі кітапта Мұхамбеттің мінез-құлқы мен пайғамбарлық сипаты бүге-шігесіне дейін баяндалыпты. Ол Рақмет пайғамбарын көргісі келетін дертке жазылмастай болып шалдықты. Әкесі ұлының дәріске деген құлшынысының төмендеп кеткенін бірден аңғарды. Ұлы:
– Көке, Мұхамбет деген пайғамбар біздің заманда шығады екен. Солай ма? – деді. Әкесі:
– Балам, пайғамбар деме, сиқыршы де. Сол жәдігөй қазір шықты-ау деймін. Мына Мекке жақтан келетін саудагерлер сондай бір әңгіменің шетін шығарып жүр. Бір жетім жігіт өзін пайғамбармын деп жариялапты. Өзі жазу-сызуды білмейді дейді. Бірақ дін таратып елді жарылқағаны шамалы. Өзінің бірге туған туыстарымен сыйыспайтын көрінеді. Бірақ әлемді жарылқағысы келеді. Жалпы, арабтан пайғамбар қайдан шықсын? Бәрі бізден шыққан. Мына елдің, діннің бұзылып бара жатқаны сондай жалғаншылардың кесірінен болады, – деді.
– Көке, егер ол оқуды білмесе, жазу-сызу білмесе, қалайша пайғамбар болады? – деп әдейі сұрады.
– Соны мен де айтқалы отырмын. «Ілімді кімнен үйрендің?» дегендерге «Алла менің кеудемді жарған. Жүрегімде ілімнің қайнар бұлағы бар» деп айтатын көрінеді. Өтірікші деген – сол, әне, балам, – деді.
– Көке, мен сол Мұхамбетті өз көзіммен көргім келеді. Тәуратта оның аты-тегі жазылмаған.
– Сиқыршының аты жазыла береді ғой.
– Онда неге сипаттары Тәуратта түгел жазылған?
Әкесі баласының кітапты тығылып оқып қойғанын білді. Сол үшін оны жазалап, үш күн оңаша қамап тастады. Үш күннен соң бала амалын тауып қашып шықты. Меккеге қарай жол тартқан керуенге жалданып, ілесіп кете барды. Шынашақтай баланың көрмеген қорлығы, тартпаған тауқыметі қалмады. Қайыршы да болды, малай да болды, құлдыққа да сатылды. Бірақ «Мұхамбетті бір рет көрсем» деген арманы алға қарай сүйрей берді. Ол 632 жылы сұрай-сұрай ақыры Мәдина шаһарына жетеді. Ол кезде оның жасы он жетіге шыққан еді. Келсе, қаланың қарақұрым халқы зират басына қарай табыт көтеріп бара жатыр екен. Ол: «Мұхамбет пайғамбар осы қалада тұра ма?» – деп сұрады. Жылап тұрған кісілер үнсіз ғана басын изеп, қаралы көштің басына қарай иегін нұсқады. Ол сол жаққа қарай жүгіре басып жөнелді. Қабірдің басына жеткенде пайғамбар сипатты бір кісіні көрді де: «Иә, Расул Алла», – деп барып оның қолын сүйді. Ол кісі басын шайқап: «Мен емеспін», – деп кері шегінді. Бұл Әубәкір болатын. Бала оның жанында тұрған Омарды құшақтады. Ол да басын шайқап кері бұрылды. Бала енді пайғамбар деп Оспанға қарай ұмтылды. Ол да «мен пайғамбар емеспін» дегенді ұқтырды. Ең соңында табыттың басын ұстап тұрған ірі денелі кісіге тақап келіп: «Мұхамбет пайғамбар сіз шығарсыз?» – деді. Ол да жылап тұрып, табытты көрсетті. Сосын зор үнмен:
– Інім, пайғамбар үш күн болды. Дүниеден көшті. Оның рухын Ұлық Алласы өзіне қайтарып алды. Үш күн бұрын келгеніңде онымен дидарласып, тілдесуің мүмкін еді, – деді. Бала өзегін өртеген өкініштен сылқ етіп жерге отыра кетті. Оған пайғамбардың қабіріне бір уыс топырақ салу ғана нәсіп болды. Ол Мәдинада қалып, Құран жаттап, пайғамбар қалдырған кәусар бұлағының ілімінен армансыз қанып ішті.
Құран түскенге дейін Мекке халқы қырық құрау тайпадан тұратын. Олар өзара жауласып, іріген сүттей ыдырап бара жатқан. Кек алу дәстүрінен ажырамаған қараңғы тайпалардың өркениетке жалғануы мүмкін емес еді. Кек алудың кесірінен бір өлім екінші өлімді туғызып, оның соңы соңы жоқ соғысқа ұласып кететін. Мұхамбет бас-аяғы 23 жылдың ішінде оларды бір үмбетке біріктіріп, әлемдік өркениеттің жолына салып жіберді. Пайғамбар дүние салған соң да кейбір қараңғы тайпалар бұрынғы тұрпайы тұрмысына оралып жатты. Бірақ, бастары Құранмен құралған қуатты мұсылман үмбеті барлық надандықты басып өтіп, өркениетті әлемнің табалдырығын аттап үлгерді. Арада бір ғасыр өтер өтпесте Мұхамбеттің әкелген жаңа ілімі Гималай тауынан бастап, Гибралтар бұғазына дейін жайылып жатты.
Карен Армстронг
САЛАУАТ
САЛАУАТ
Салауат айту дәстүрі – исламдағы ең ұлық, ең мәртебелі амалдардың бірі. Бұл діни дәстүрдің шығуына себеп болған – Құран Кәрімдегі «Шындығында Алла мен періштелер пайғамбарға салауат айтады. Әй, момындар! Оған салауат айтып, ықыласпен сәлем жолдаңдар» деген Алланың әмірі. Осы аят түскеннен кейін Мұхамбет пайғамбарға салауат айту мұсылмандар арасында әрі сенім, әрі дәстүр ретінде қалыптасты. Тіпті кейбір мазхабтың ғұламалары салауатты парыз деңгейіне дейін көтерген. Бұл бір жағынан Мұхамбет пайғамбардың басқа нәбилерге қарағанда дәрежесінің жоғары екендігін көрсетеді. Көне қиссаларда барлық пайғамбар бейне бір оған үмбет болуды армандап, салауат айтып жүреді. Сондай бір аңыздарда олардың осы армандары былайша суреттелген: Сүлеймен пайғамбар Алладан патшалық бергенше, Мұхамбеттің қонақтарына есікті ашып-жауып тұратын қызметшісі болсам деп армандайды. Ескендір Зұлқарнайын оның үйіне түскен қонақтың атын байлап, жем-шөбін беріп жүрсем деп аңсап өтіпті. Ер Дәуіт оның меймандарын әсем ән мен тәтті күйге бөлеп, құмарын қандырсам деп қиялдапты. Қызыр ата Алла хабибісінің дастарқанында шай құйып, кесесін ұзатып отыруға зар болыпты. Ал Ыбырайым халиолда Мұхамбеттей дүрді көрмедім деп еңірегенде етегі жасқа толған екен. Мұса кәлимолда оның сұхбатында бір рет уағыз тыңдасам деумен ішқұса боп өтіпті. Ғайса пайғамбар Мұхамбет артымнан келіп қалатын шығар деп Мекке жаққа қараумен көзі талыпты. Нұх пайғамбар Нұр-Ахметтің көркем мінезін суреттеуге менің мың жыл ғұмырым жетпейді деп күрсінген екен. Жүсіп пайғамбар Мысырдың тағында отырғанша, Мұстафаның атқосшысы болсам деп Аллаға назын айтыпты. Жақып пайғамбар оның қонақтарына ет асып, қымызын сапыратын аспаз болсам депті. Ыдырыс пайғамбар пейіштің мәңгілік өмірін Мұхамбетпен өткізетін бір күндік сұхбатқа қуана-қуана айырбастар едім деп жұмақта жылайды екен. Алланың «Пайғамбарға салауат айтыңдар!» деген әмірі келген кезде бірнеше сахаба пайғамбарға келіп: «Иә, Алланың елшісі. Бізге салауат айтуды үйрет», – деп өтініпті. Олар салауаттың үлгісін пайғамбардан үйренген. Пайғамбарға құрмет көрсетіп, салауатты өте мол айтқан адамның жүрегінде пайғамбарға деген ғашықтық сезімі орнайды. Яғни салауат айтумен мұсылманның ішкі жан дүниесі нұрланып, оның рухы пайғамбар рухымен тілдеседі деп сенген.
САЛАУАТ ШӘРІП
Ел арасында айтылатын бір қиссада пайғамбар ақтық сапарға кетерінде үмбетімен қоштасады. Олар:
– Иә, Алланың елшісі, біз сенсіз қалай өмір кешеміз? Өмірге жан бітірген сенің рухың еді ғой, – деп егіле жылапты. Пайғамбар:
– Онда үш күннен кейін рухым қабір басына келеді. Сол кезде жүздесейік, – дейді. Ел-жұрт одан сайын егіле жылапты.
– Онда жеті күн дегенде тағы да бір қабір басына келемін, сол кезде жүздесейік, – дейді. Үмбеті оған да қанағат етпепті.
– Онда қырық күннен соң және бір келейін, – дейді. Жұрты оған да көндіге алмай қинала беріпті.
– Онда бір жыл толғанда айналып соғайын, – дейді. Ел-жұрты:
– Иә, ардақты пайғамбар, біз сенімен үнемі бірге болғымыз келеді, – дейді. Сонда пайғамбар:
– Кім мені есіне алып, маған салауат айтуды әдет қылса, мен соның жанынан табыламын. Рухымен тілдесемін, – дейді. Үмбеті амалсыз көніпті.
Пайғамбар ақтық сапарға аттанған соң, ел-жұрт оны үшінде, жетісінде, қырқында, жылында қабіріне зиярат етіп, пайғамбарға жиі салауат жолдауды әдетке айналдырған екен.
Бірде Мұса пайғамбар Алла тағаладан:
– Иә, Алла. Саған ең жақын құлдарың кімдер? – деп сұрады. Сонда ұлық Алла Мұсаға:
– Ей, Мұса. Мені мақтап-пәктеп, үнемі еске алатын адамдар – менің ең жақын құлдарым. Егер менің көркем есімдерімді ұлықтайтын құлдарым болмаса, көктен бір тамшы да жаумас еді. Жерден де бір көк қылтиып шықпас еді. Ал Менің өзіңе күре тамырыңнан да жақын болуымды қалайсың ба? – деді. Мұса шаттанып:
– Әрине, – деді. Сонда Тәңірі:
– Олай болса, ақырдың пайғамбары, Менің хабибім Мұхамбетке өте көп салауат айт, – деді.
Мұса пайғамбар елімен перғауыннан қашып келе жатып, Қызыл теңізге келіп тірелді. Мұса Құдайға жалбарынып, көмек сұрады. Алла Мұсаға:
– Асаңмен теңізді ұр! – деді. Мұса теңізді ұрып еді, ештеңе болмады. Мұса он рет ұрды, бірақ теңіз баз баяғы қалпында толқып тұра берді. Сонда Алла тағала:
– Мұхамбет пайғамбар мен оның отбасына он мәрте салауат айт. Сол кезде теңіз екіге жарылады, – деді. Мұса жан-ділімен Мұхамбет пайғамбар мен оның әулетіне салауат айтты. Содан кейін асасымен теңізді ұрып еді, Қызыл теңіз қақ айрылып, жол берді. Содан бері Мұса пайғамбар Мұхамбетке үнемі салауат айтуды әдетке айналдырған екен.
Мысырда пайғамбардың туған күнін тойлайтын бір кісі болыпты. Оның көршісі яһуди болған екен. Бір күні әйелі оған:
– Мына мұсылман көршіміз бүгін мал сойып, садақа беріп, той тойлап жатыр. Не үшін екенін білмедің бе? – дейді. Күйеуі иығын қиқаң еткізеді. Үйде әйелдің қайнысы бірге тұратын еді. Ол:
– Бұл айда мұсылманның пайғамбары Мұхамбет дүниеге келген. Соны тойлап жатыр, – деді. Әйелі:
– Қандай керемет! Арнайы қой сойып, жұрттың бәрін шақырып жатыр. Дініне, руы мен жасына қарамай, бәрін бір дастарқан басына жинайды. Бұлардың пайғамбары да ұлық болып тұр ғой, шамасы, – деді.
Сол күні әйел түс көреді. Түсінде ғажап іс көреді. Көркем жүзді адам көршісінің үйіне кіріп бара жатыр. Оған сыртқы тұрпаты мен ішкі сымбаты әбден келіскен төрт серігі ілесіпті. Олардың соңынан жүздері бал-бұл жайнаған қонақтар шұбырып келе берді. Үй иесі бәріне құшақ жайып, қарсы алып, бәйек болып жүр екен. Әйел алғашқы кірген нұр жүзді, иман жүректі кісіні тағы бір рет көргісі келеді. Ол көршісінің үйіне жақын келіп, қонақтардың бірінен:
– Төрде отырған кісі кім? – деп сұрайды. Қонақ:
– Бұл кісі – Мұхамбет атты пайғамбар. Оның жанында отырғандар – төрт шадияр. Біз серіктері боламыз, – дейді.
– Мұнда неғып жүрсіздер?
– Көршіңіз кеше пайғамбардың туған күнін тойлады. Оны есіне алып, көп салауат айтты. Пайғамбар оған риза болып, алғыс айтуға келді. Шаңырағын көріп, қуанышына ортақтасайын деді. Біз ол кісіге ілесе келдік.
– Мен пайғамбармен тілдессем бола ма? Бір сұрағым бар еді.
– Әрине, – деді қонақ.
Әйел үйге кіріп, әдеппен сәлем етті. Пайғамбар оның сәлемін алып жатып:
–Үй іші, бала-шағаңа Алла амандық берсін! – деді. Әйел:
– Сізді өте қарапайым кісі деуші еді. Рас екен. Мен мұсылман болмасам да, маған не үшін құрмет көрсетіп, амандық тіледіңіз? – деді.
– Алланың алдында барлық адам қалай тең болса, менің де алдымда барлығы бірдей. Алла адамның түріне қарамайды, жүрегіне қарайды.
Мұны естігенде әйелдің көңілі жайланып сала берді:
– Сіз расымен де мінезі жұмсақ, жаны жайсаң пайғамбар екенсіз. Мен де мәуліт тойласам бола ма? –деді.
– Кім біздің қуанышты бөліссе, біз де оның бақытын бөлісуге асықпыз, – деді. Әйел қуанып:
– Онда ертең біздің үйде болыңыз, – деп жатып оянып кетеді. Таң ата көрген түсін күйеуіне айтып береді. Екеуі мал союға бекінеді. Шелпек пісіріп, мәуліт тойлауға кіріседі. Оған мұсылман көршілерін түгел шақырады. Мәуліт жырлары айтылып, пайғамбарға молынан салауат жолданады. Құран оқып, пайғамбарға дұға жасайды. Сол түні әлгі әйел тағы да түс көреді. Түсінде пайғамбар оның үйіне келіп, мәулітке қатысқан екен. Көп ұзамай оның да отбасы берекесі артып, ризық-несібесі еселеп өскен екен.
Бейсенбі күні екінті мен ақшамның арасында Алла тағала періштелерге:
– Барыңдар. Жер жүзін түгел шарлаңдар. Кімде-кім ықыласпен салауат айтып отырса, есімдерін түгел жазып әкеліңдер, – деп әмір береді. Жүмлә періште жиналып, жерге қарай самғайды. Үй-үйді аралап жүріп, Аллаға мадақ, пайғамбарға салауат айтып отырған пенделерді түгел тізіп, хатқа түсіреді. Тізімді алып, Алланың дәргейіне жетеді. Сонда Тәңірі тағала:
– Бұл құлдарымның барлық күнәларын кешіріп, жұмағыма кіргіземін. Тәубелерін қабыл етемін. Дәулеті мен сәулетін арттырып, екі дүниеде олжалы қыламын, – дейді екен.
Бірде Мұхамбет пайғамбар серіктерімен сұхбаттасып отырып былай дейді:
– Ібіліс Адамның ұлықтығын мойындамай, тәкаппарлық қылды. Сол ниеті үшін қарғыс қамытын киіп, жаннаттан қуылды. Сол дұшпан Сафидан бері ізімізден бағып, толассыз азғырып келеді. Алайда әзәзіл де бетіне күйе жағылып, күнәлі болмай тұрғанда, жеті қат жерде, жеті қат көкте тынбай ғибадат еткен. Қазір де Тәңірге деген тағатын орындайды, – деді. Сонда бір серігі таңғалып:
– Иә, Расулалла. Ібіліс те адам сияқты күнде Құдайға құлшылық ете ме? – деп сұрады.
– Әлбетте. Бірақ шайтан құлшылықты әдетке айналдырған. Оған ықыласпен отырып, зікір-салауат айту ғана нәсіп болмаған, – деді пайғамбар.
– Ал шын жүректен зікір-салауат айту кімдерге бұйырған?
– Зікір-салауат – Ұлық Алланың тек ең тақуа құлдарына берген нығметі. Әсіресе ала таңмен аралас айтылған салауат пен дұғаның қадірі бәрінен қымбат. Үздіксіз айтылған салауат жүректің кірін кетіріп, ізгілікке құштар етеді. Көңіл айнасын кір шалмас үшін үнемі зікір мен салауат айтып жүріңдер, – деген екен.
Ақиретте бір пенденің амалдары таразыға тартылады. Оның күнәлары таудай, ал сауабы тарыдай екен. Періштелер оны тамұққа алып бара жатқанда, Мұхамбет пайғамбар олардың жолын кес-кестеп:
– Тоқтаңдар. Сендердің алып бара жатқан адамдарың – менің үмбетім. Оны дәл қазір жіберіңдер, – деп шаужайына жармасады. Сонда періштелер іркіліп:
– Иә, Алланың хабибі Мұхамбет. Бұл пенде күнә мен қылмысқа белшесінен батқан. Адал-арамның бәсін білмеді. Сондықтан мұның ендігі мекені – жаһаннам ғана, – дейді. Пайғамбар оған көнбей:
– Ендеше таразыға тағы да бір тартып көрейік, – дейді. Періштелер не істерін білмей дағдарып қалған кезде Жаббар Хақ:
– Хабибім не айтса, соны істеңдер. Құлымды тағы бір рет безбенге салыңдар! – деп бұйырады. Періштелер ол пенденің амалдарын қайтадан өлшеп:
– Иә, Алланың елшісі. Қараңызшы, күнәлары таразының тасын аударып тұр, – дейді. Пайғамбар сол кезде таразының екінші табағына бүктелген қағазды қояды. Сол-ақ екен, сауаптары көбейіп, күнәсі құрт жегендей азайып кетеді. Мұны көрген періштелер аң-таң қалады. Әлгі адам пайғамбардың аяғына жығылып:
– Иә, пайғамбар. Мен өмірімді кәсіптің соңында жүріп, құр өткіздім. Жан баласына титтей жақсылық жасамап едім. Сол ниетім мизамда алдымнан шықты. Бірақ сіз шапағат етіп, мені құтқарып алдыңыз. Әлгі қағаздағы жазу не еді? – деп сұрайды. Пайғамбар:
– Есіңде ме, бірде салауат айтып отырған бір ізгі жанның қасынан өтіп бара жатып, сен де ерніңді жыбырлатып, салауат айтқансың. Сол кезде қатайған жүрегің жұмсарып, көңіліңе Хақтың сәулесі түсті. Айтқан салауатыңды мен жазып алып, қағазға сақтап қойдым. Саған сол көмектесті, – дейді.
Бір күні Мұхамбет пайғамбардың үйіне Жебірейіл, Мәкәйіл, Ысрапыл мен Әзірейіл періштелер келді. Пайғамбар олармен сұхбат құрып отырды. Періштелердің қайтар уақыты жақындады. Олар:
– Иә, Алланың хабибі. Бізге айтар не тілегің, қандай қолқаң бар? – деп сұрады. Пайғамбар:
– Менің үмбетімнен басқа ешқандай тілегім, қалауым жоқ. Сендер олар үшін қандай игілік істей аласыңдар? – деп сұрады. Сонда Жебірейіл:
– Үмбетің саған күніне он рет салауат айтса, қиямет күнінде мен оның қолынан жетектеп, сират көпірінен құстай ұшырып өткізер едім, – деді. Мәкәйіл:
– Мен ол пендеге кәусар бұлағынан қанғанша су ішкізер едім, – деді. Ысрапыл болса:
– Иә, мүбәрәк. Мен ол құлдың күнәларын кешір деп, сәждеге басымды қоямын. Ұлық Алла қашан оны кешірмейінше, сәждеден басымды көтермес едім, – деді. Әзірейіл де:
– Мен пайғамбарлардың жанын қалай құрметпен, жеңіл алатын болсам, ол адамның да жанын солай аламын. Ол ақтық сәтінде ажалдың ауыртпашылығын мүлдем сезінбейтін болады, – деді. Пайғамбар разы болып:
– Бұл не деген Алланың мейірімі! Не деген ұлы нығмет! Оған жер мен көктің бағасы жетпес! – деп, шүкіршілік етіпті.
Бір кісі пайғамбардың қасында жүрген серігіне жала жапты. Оның мініп жүрген түйесін даулап:
– Бұл адам менің түйемді ұрлап алды. Астындағы нар мая менікі. Сенбесеңіз, куәларым да бар, – деп алдын ала дайындап алған екі досын көрсетеді. Мұны көрген жұртшылық даурығысып дағдарып қалды. Ал жалғаншы күш алып, түйені әділетсіз тартып алады. Енді әлгі момынның қылмысы үшін қолы кесілетін еді. Ол дұға қылып:
– Иә, Раббым. Сен барлық нәрсені көріп, біліп тұрсың. Нақақ жаладан менің басымды азат ете гөр. Әр түнде оқыған салауат шәріптің құрметіне мына бәледен мені құтқар. Тек өзіңнен жәрдем тілеймін, – деп, шын жүрекпен Құдайға жалбарынады. Сол кезде Алланың құдіретімен түйеге тіл бітіп:
– Иә, Алланың елшісі. Мына жалғаншы өтірік айтып, мені шын иемнен айырмақшы. Оған сенбеңіз. Мені өз иеме қайтарыңыз, – деп сөйлей бастайды. Жиылған кісілердің барлығы тіл мен жақтан айырылғандай күй кешеді. Ақыры әділдік орнап, түйе қайтарылады. Пайғамбар оған келіп:
– Бәрекелді! Құдай сенің тілегіңді берді. Бұл дәрежеге қалай жеттің? – деп сұрайды. Ол:
– Иә, пайғамбар. Мен әр түні саған он салауат айтпай, ұйқыға бас қоймайтын едім. Басым бәлеге шатылғанда да айтқан салауатымның құрметіне Алладан жәрдем тіледім. Мейірімді Алла менің жүзімді қара шығармай, дұғамды қабыл етті, – деп, ағынан жарылады. Мұхамбет пайғамбар:
– Сен неткен бақытты үмбетсің! Салауатты үздіксіз айтып жүре бер. Алла сені дүниеде мына апаттан сақтап еді, енді ақиретте де тамұқтан құтқарады, – деп өсиет етеді.
Шынайы мұсылмандардың күн сайын қисапсыз салауат айтып, Алланың рақымына, пайғамбардың шапағатына ұмтылатыны содан екен.
Бір күні бір әйел Хасан Басриға келіп:
– Уа, ұстаз. Менің көзімнің ағы мен қарасындай жалғыз қызым бар еді. Перзентім жақында дертке ұшырап, дүние салды. Оның о дүниедегі халін ойлап, мазасызданып жүрмін. Қызымды түсімде көріп, не жағдайда жатқанын білгім келеді. Маған көмектесіңіз, – деп қолқа салады. Хасан Басри оған:
– Салауат шәріпті өте көп оқып, Құдайдан тіле. Сонда қызыңды түсіңде көрерсің, – дейді. Әйел күн сайын пайғамбарға салауат айтып жүріп, шын жүректен Аллаға: «Қызымды түсімде көрейін», – деп жалбарынады. Ақыры бір күні ол қызын түсінде көреді. Қызының жейдесі отқа оранған, мойнына жалыннан шынжыр салынған, аяғы тұсауланған. Шешесіне: «Мені бұл азаптан құтқара гөр!» – деп жалынады. Әйел ұйқысынан ояна салып, Хасан Басриға барып, түсін айтады. Көзінен қанды жас төгіледі. Оның аянышты халіне жаны ашып, әулие де еңіреп жылайды. Ол шарасыз қалыпта үйіне қайтып кетеді. Біраз күн өткеннен кейін Хасан Басри бір түс көреді. Түсіне әлгі әйелдің қызы енді. Ол басына нұрдан тәж киген. Тәжі жарқ-жұрқ етіп, батыс пен шығыстың арасын шұғылаға толтырып тұр екен. Қыз:
– Ұстаз. Мені таныдыңыз ба? – деп сұрайды. Хасан Басри:
– Жоқ, танымадым, – дейді. Сонда қыз:
– Мен сіз салауат үйреткен әйелдің қызымын, – деді. Сонда әулие таңғалып:
– Анаң сені тамұқта көрдім деп қайғырып жүр еді. Саған бұл мәртебе қалай нәсіп болды? – деп сұрайды. Қыз:
– Біз жатқан қорымға бір адам келді. Ол Мұхамбет пайғамбарға арнап сан мәрте салауат айтты. Сауабын қорымда жатқан жүмлә аруақтарға бағыштады. Оның айтқан салауатының берекетінен азап шегіп жатқан барша рухтарға Құдай рақым етіп, күнәмізді кешірді. Салтанатты сарайға кіргізіп, нұрдан тәж кигізді. Менің тілегім адамдар тірісінде шамасы келгенше, салауатты көп айтып жүрсе, бұдан да ұлық дәрежеге қол жеткізер еді, – дейді. Содан бастап Хасан Басри салауаттың пайдасын ел арасына насихаттауды парыз еткен екен.
* * * Мүбәрәк пайғамбарымыз дүниеден өткен соң, мұсылман елінде бір момын ғұмыр кешіпті. Ол кісі пайғамбарға салауат айтуға ықылассыз екен. Бірақ шаруасына өте пысық болыпты. Сол кісі бір күні түс көреді. Түсінде екі әлемнің мырзасы Мұхамбет пайғамбарды көреді. Ол таңғалып, пайғамбарға тамсана қарап тұр екен. Алайда пайғамбар оған көңіл бөліп, ілтипат танытпай отыра береді. Пайғамбардың салқын қарап отырғанына қайран қалған әлгі кісі тілі күрмеліп:
– Иә, Алланың елшісі, сіз маған ренжіп қалдыңыз ба? – дейді.
– Жоқ! – деп жауап береді пайғамбар.
– Олай болса, менімен неге сөйлесіп, сұхбат құрмайсыз? – дейді әлгі момын таңырқап.
Мен сені танымаймын ғой, – дейді Алланың елшісі.
– Сіз қалайша мені танымайсыз? Мен сіздің дініңізді ұстанған көп үмбетіңіздің бірімін ғой. Ғалымдар уағыз айтқанда Мұхамбет пайғамбар өз үмбетінің кез келгенін ана өз сәбиін қалай жазбай таныса, ол да солай таниды деп айтушы еді ғой. Бұл қалай? – дейді.
– Дұрыс! Бірақ мен сенен көркем мінез-құлық көре алмадым. Мен үмбетіме құрғақ құлшылық ғана қалдырмап едім. Мен сендерге мінез-құлықты болуды, көршілеріңмен достық қатынаста болуды, әр істе әділетті болуды үйреткен едім. Сен мұның бірде-біреуін әдетке айналдырмадың. Маған ешқашан ықыласпен салауат айтқан емессің. Ертең қияметте мен шынайы үмбетімнің әрбіреуін қаншалықты мені жақсы көріп, маған жолдаған салауатына сәйкес танып білемін және соған лайық шапағат етемін, – дейді пайғамбар. Осы жерде момын ұйқысынан оянып кетеді.
Ол төсегінен ауыр тұрады. Алайда осындай ғажайып ғибратты түс көрсеткен Аллаға шексіз шүкірлік етті. Содан бастап пайғамбардың көркем мінез-құлқын игеру үшін ыждаһат қылып, ынтамен салауат айтуды әдетке айналдырады. Содан біраздан соң пайғамбарды түсінде тағы көреді. Бұл жолы пайғамбар жылы шыраймен қарап: «Мен сені танып отырмын. «Мұхамбеттің үмметі» деген атқа лайық болдың. Ертең ақиретте саған шапағат қыламын», – деп тіл қатты.
Бір күні бір әулие кісі құлшылық-тағатын орындап болғаннан кейін Мұхамбет пайғамбарға салауат айтуды ұмытып кетеді. Сол күні ол түс көреді. Түсінде пайғамбарды көреді. Мүбәрәк оған кейісті кейіпте қарап тұрып:
– Сен құлшылығыңа қатты көңіл бөліп, аса бір ыждағатпен орындадың. Бірақ дұғадан соң маған салауат айтуды ұмыттың. Сол үшін саған ренжіп тұрмын, – деді. Әлгі кісі қатты ұялып, пайғамбардың жүзіне тура қарай алмады. Ол:
– Уа, Алланың Расулі. Менен бір қателік өтті. Құдайға көңіл беріп, оған шын ықыласпен құлшылық еткенім сонша: саған салауат айтуды ұмытып кеттім. Мені кешіріңіз, – деді. Пайғамбар:
– Сен менің салауаттың игілігі туралы насихатымды естіген жоқсың ба? Маған салауат айтпасаң, рухың кемел болып шыңдалмайды. Мені ата-анаңнан да артық көрмесең, иманың толық болмайды. Сондықтан жадыңа жақсылап түйіп ал. Алланың рухани қазынасы шексіз. Тек оның кілті – маған жолданған салауат. Кім бұл қазынадан үлес алғысы келсе, үзбей салауат айтып жүрсін, – депті. Ұйқысынан тұрғаннан кейін әлгі кісі содан кейін ышық-махаббатпен салауат айтатын жағдайға жетіпті.
Атақты әулие Әбділқадыр Жайлани бір күні шәкірттерімен сұхбат құрып отырады. Ол шәкірттеріне:
– Сендерге екі дүниеде де пайдалы, бастарыңа бақыт, жүректеріңе қуаныш сыйлайтын бір қайырлы іс туралы айтайын ба? – деді. Барлығы да:
– Иә, ұстаз. Айтыңыз. Ол не екен? – деп ынтыға сұрасты. Сонда Жайлани:
– Бір күні сахар мезгілінде Құдайды өте көп еске алып, оған мақтау-мадақ айттым. Алла тағала жүрегіме бір сәуле түсірді. Ғайыптан «Пайғамбарға да өте көп салауат шәріп айт» деген әуез келді. Содан бері Мұхамбет пайғамбарға салауат айтуды үзбей келемін. Өйткені ақ нәбиге айтылған сәлем бір сәт те бөгелместен оған жетеді. Салауатты ықыласпен көп айтқан адам ең үлкен рухани мәртебе иеленеді, мақсат-мұратына қол жеткізеді. Құдай тағала оның қолын құр қайтармай, қалау-тілегін орындайды. Кімде-кім бір сұхбатта отырып, салауат оқып, оның мәнін түсіндірсе, Алла тағала ол сол мәжілісте отырғандардың барлығының күнәсін кешіреді. Егер салауат оқып отырғанда, ақтық демі үзілсе, төрт жағынан төрт рақмет періштесі қоршап алады. Оның бірі пендені шайтанның өлім сәтінде азғыруынан сақтайды. Екіншісі оның көкірегіне кәлиманы салып, иманмен кетуіне жол ашады. Үшіншісі шөл қысып, таңдайы кепкен оған кәусар суын тамызып, мейірін қандырады. Төртіншісі оған алтын табаққа толы жұмақ жемістерін ұсынады. Жаннаттағы орнын көрсетіп қуантып, сүйінші сұрайды. Ол адам қабіріне де шат, бақытты күйде кіреді. Қабірінен қырық рақым қақпасы ашылып, алтын әбзелді қырық пырақ шығады. Қиямет күнінде де ол сират көпірінен көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Мұхамбет пайғамбардың үмбетіне әзірлеген сарайларға жайғасады, – деді.
Бір кісі қарызға белшесінен батады. Кімнен барып көмек сұраса да, қолы бос қайтады. Ол бір күні Мұхамбет пайғамбардың қабіріне келіп, «Иә, Раббым, маған жәрдем бер» деп жалбарынып жатып, ұйықтап кетеді. Түсінде пайғамбарды көріп, оған басындағы ауыр жағдайды айтып береді. Сонда пайғамбар:
– Орныңнан тұр да, қаланың ортасындағы зәулім үйге бар. Үйде бір бай тұрады. Үй иесінен қарызыңды өтеу үшін ақша сұра. Сенің сұраған үш жүз ділдәңді береді. Ол кісі әр түнде маған он салауат айтпай тұрып ұйықтамайтын еді, кеше бұл әдетінен жаңылды. Осыны еске салсаң, ол саған сұраған ақшаңды береді, – дейді. Ұйқысынан оянған адам бастапқыда көрген түсінің әсерінен айыға алмай, біраз тұрып қалады. Содан кейін әлгі байдың үйін іздеп жүріп, тауып алады. Қақпаны қағып, ішке енеді. Қараса, қожайын үйілген таудай сабанды сабаумен ұрып, дән жинап отыр екен. Оны көрген деп ақырдың көкірегінде «мұндай сараң адам маған сонша ақшаны бере алар ма, әлде қателесіп келдім бе» деген күдік ұялайды. Сонда да алдынан өтейін деп, оған келеді де, пайғамбардың сәлемін жеткізеді. Сол-ақ екен, әлгі байдың жүзінен шұғыла тарап, нұрланып сала береді. Шат көңілмен:
– Пайғамбар не деді? – деп тағы сұрайды. Кедей алдыңғы айтқанын қаз-қалпында қайталайды. Осылайша ол үш қайтара сұрады. Қайталап сұрай бергеннен кейін міскін мүлдем күдер үзіп:
– Сен менімен ойнап тұрсың ба?! – деп ашуланып, есікке қарай беттейді. Бірақ бай оның алдын кес-кестеп:
– Мен сенің аузыңнан мүбәрәк пайғамбардың сәлемін естіп, жүрегімдегі сағынышым басылды, оған деген ізет-құрметім одан сайын күшейді. Сондықтан құштарлығым артып, үш рет қайталап сұрадым. Әбден тыңдап, көңілімнің шөлі қанды. Сен пайғамбардың сәлемін үш рет жеткізгенің үшін мен саған үш жүз емес, тоғыз жүз ділдә беремін. Қалғанын игілігіңе жарат, – деп, оның қоржынына атаған ақшасын салып берді. Осыдан кейін әлгі кедей де пайғамбарға күніне он салауат айтпай ұйықтамайтын болыпты.
Жебірейіл періште бір күні пайғамбарға келіп:
– Иә, Мұхамбет. Періштелер сенің қай үмбетіңді дос санайтынын, тіпті кімдер үшін Құдайдан күні-түні жарылқау тілейтінін айтайын ба? – деді. Пайғамбар:
– Иә, бауырым, Жебірейіл. Олар қандай бақытты үмбет екен? – деп елеңдеп, құлақ түрді. Сонда Жебірейіл:
– Саған ықыласпен салауат айтқан бір үмбетіңді жетпіс мың періште өздеріне жақын дос тұтады. Қастарынан бір елі ажырамай, ұшып жүреді. Ол үшін Алладан рақым тілеп, күні-түні сәждеде «күнәларын кешір» деп жалбарынады. Тәңірі тағала да періштелердің тілектерін босқа жібермей, ол пендеге ұжмақтың төрінен орын сайлайды. Сондықтан үмбетіңе айт. Саған салауатты жалықпай, ұдайы жолдап жүрсін. Салауат – барлық ізгіліктің, барша игіліктің бастауы, – деген екен.
Әбілдә есімді бір момын былай деген екен:
– Бір күні ұйықтап жатып, түс көрдім. Сүйікті пайғамбарымыз өзіне сәлем берген бір адамның қолын алып, оған жылы шыраймен күлімсіреді. Мен қатты таңғалдым. Өйткені әлгі кісіні барлығымыз да жек көретінбіз. Оны «Бұл адам – сөзсіз күнәкар. Алланың алдында жасаған қылмысы үшін жаза шегетіні анық» дейтінбіз. Себебі ол елдің билеушісінің айнымас адал серігі еді. Әміршінің бұйрығын орындау үшін қандай қатігездіктен болса да тайынбайтын. Жарлының жалғыз қойын тартып алып, кедей-міскінді қан қақсататын. Жетім-жесірдің де көз жасына талай қалған. Сондықтан шыдай алмай кетіп: «Иә, Расулалла, бұл адамға неліктен ілтипат көрсеттіңіз? Ол жазықсыз елге жәбір көрсеткен пенде еді ғой. Сіздің көрсеткен жолыңызды тәрк еткен кісі еді ғой, әлде оның біз білмейтін жақсы істері болды ма?» – деп сұрадым. Сол кезде пайғамбар маған бұрылып: «Әрине, айтқаныңның бәрі дұрыс. Оның халыққа тізесі батқан жан болғанынан менің де хабарым бар. Алайда бұл адамның Құдай сүйер жақсы істері де жетерлік еді. Ол түннің үлкен бөлігін жылаумен, маған салауат жолдаумен өткізетін. Мың рет салауат айтпай, төсекке бас қоймайтын. Өлер сәті жақындаған кезде қылған күнәсіне өкініп, тәубе қылғаны соншалық: оның есебін көктегі періштелер жазып үлгере алмай, жаңылысты. Шын жүректен тәубе қылғаны үшін Алла оны кешірді, әр түні салауат айтқаны үшін мен оған шапағат қылдым», – дейді.
Пайғамбар салауаттың пайдалары туралы былай деген:
– Кім маған бір салауат айтса, Алла тағала оның он күнәсін жоқ қылады. Он сауап жазып, он дәреже береді. Он құлды азат қылғандай жақсылықты еншісіне береді, – деген.
– Маған бір рет салауат айтқан жанға Алла тағала он есе рақмет береді. Он рет айтқан адамға жүз есе рақым қылады. Жүз рет салауат айтқан кісінің екі көзіне нұр беріп, «Бұл адамға жаһаннам оты арам» деп жазып қояды. Қиямет күні оның мәртебесі Алла жолында шәйіт болғандармен қатар тұрады.
– Жер жүзінде самғап ұшып жүріп, тек салауат айтқан жандарды ғана жазып жүретін періштелер бар. Олар үмбетімнің айтқан салауаттарын маған жеткізіп, қуантады. Тек солар ғана шынайы үмбет болып саналады.
– Кім маған бір күнде жүз рет салауат айтса, Алла тағала оның дүниедегі отыз мұқтаждығын, ақиреттегі жетпіс мұқтаждығын өтеп, рухын рақым нұрына бөлейді.
– Қиямет күні маған ең жақын үмбетім – үздіксіз салауат айтатын жандар.
– Кімде-кім маған ертелі-кеш салауат оқыса, періштелер ол адамның күнәсін кеш деп, күні-түні Аллаға жалбарынады.
Салауат шәріп жинақталған көптеген кітаптар бар. Олардың ішіндегі ең танымалы «Дәлаил-и Шәриф» деп аталады. Бұл салауат кітап бұрын әрбір мұсылманның үйінде Құраннан кейінгі екінші кітап саналатын болған. Бұл кітапты жазып қалдырған Сүлеймен деген кісі. Ол пайғамбар нәсілінен тараған ғалым кісі болыпты. Салауаттарды кітап етіп жинақтауына мына бір оқиға себеп болған: Бір күні ол түс көреді. Түсінде әйелін таппай іздеп жүр екен. Ақыры әйелі келеді. Сүлеймен одан:
– Сен қайда кетіп қалдың? Мен сені таппай жүрмін, – деп сұрайды. Әйелі:
– Мен Мәдина қаласына барып, пайғамбардың мешітінде болдым, – деді. Сүлеймен:
– Бұл дәрежеге қалай жеттің? – дейді. Ол:
– Пайғамбарымызға арналған бір салауат шәріп бар. Мен оны күн сайын оқимын. Бірақ оның қандай салауат екенін айтуға рұқсат жоқ. Өзің еңбектеніп тауып ал, – дейді. Ол оянып кетеді. Содан кейін бүкіл кітапханаларды кезіп, бүкіл ғұламалардың алдынан дәріс алып, мыңдаған салауаттарды оқып үйренді. Барлық жаттаған салауаттарын хатқа түсіріп, кітап етіп жинақтады. Ақыры мақсатына жетіп, сырлы салауатты да тауып алды. Ұлық мәртебе иеленгісі келетін және пайғамбарға өте көп сәлем жолдап, оның шапағатына ие болуды қалайтын жандар Сүлейменнің бұл кітабын қолдан-қолға түсірмей оқуды әдетке айналдырған екен.
Мұхамбет пайғамбар Мәдинадан Меккеге қайтып келген кезде қызы Бәтимаға салауат айтуды үйретті. Ол үйінде отырып, тек салауат айтумен шұғылданды. Бір күні пайғамбардың серіктерінің бірі Бәтимадан:
– Иә, Бәтима. Сен Меккеге келгелі бері үйден шықпай, пайғамбарға салауат айтып отырасың. Оның қандай қасиеттері, артықшылықтары бар? – деп сұрады. Бәтима күлімсіреп:
– Егер күніне толассыз салауат айтуды жаныңызға серік етсеңіз, онда дүниедегі бүкіл ағаштар қалам, барлық теңіздің суы сия болса да, оның хикметін жазып тауыса алмайды, – деді. Сахаба бұл сөзді естігеннен кейін пайғамбарға келіп:
– Иә, Алланың хабибі. Бәтима маған осылай деді. Бірақ мұны ойлауға менің ақылым жетпеді, – деп, болған жайды баяндап берді. Сонда Мұхамбет пайғамбар:
– Бәтима не айтса да, рас айтады. Салауаттың екі дүниеде де пайдасы мол, – деді. Содан бастап пайғамбардың барлық серіктері бұл нығметтен қапы қалмай, салауат айтуға шын жүректен кіріскен екен.
Бір күні бір шайхы ілім тарату мақсатымен бір қалаға сапар шекті. Ол шөлдеп келе жатып, ауылдың шетіндегі құдықты көзі шалды. Құдықтың басына келіп, шөлін қандырғысы келді. Бірақ оның жанында қауға болмай шықты. Қанша іздесе де, шелек таба алмай, шарасыз күйге түсті. Сол кезде бір қыз келді де, шайхыға әдеппен сәлем беріп:
– Сіз кімсіз? Қайдан келе жатырсыз? – деп сұрады. Шайхы:
– Мен медреседе шәкірттерге дәріс беретін ұстазбын. Шам шаһарына сапар шегіп бара жатыр едім. Жолай қатты шөлдеген соң, осы құдыққа бұрылдым. Бірақ су тартатын қауға шелек таппай тұрмын, – деді. Қыз сонда құдыққа үңіліп, үрлей бастады. Кенеттен құдықтың суы тасып, сыртына дейін төгілді. Шайхы да бұл судан ішіп, шөлін қандырды. Ол қыз көрсеткен кереметке қайран қалып:
– Қарағым, саған Құдай тағала үлкен дәреже берген екен. Қандай ізгі ниетіңнен бұл кереметке қол жеткіздің? – деп сұрады. Сонда қыз:
– Мен күн сайын Мұхамбет пайғамбарға салауат айтатын едім және бұл әдетімді ешқашан үзген емеспін. Соның себебінен Алла маған осындай күш-қуатты нәсіп етті, – деген екен.
Мұхамбет пайғамбардың Ғаббас есімді сахабасы бірде Қағбаны тауап етуге келеді. Осында ол қызық жағдайға тап болады. Қағбаға қажылық парызын өтеуге келген бір кісі әр қадам басқан сайын пайғамбарға салауат айтып жүреді. Бұған қайран қалған Ғаббас:
– Ей, бауырым. Сенің Қағбаны зиярат етіп жүріп, салауат айтуыңның сыры неде? – деп сұрайды. Әлгі кісі оған қарап:
– Сіз кімсіз? – дейді.
– Мен Ғаббас деген Құдайдың құлымын, – дейді. Ол Ғаббасты танығаннан кейін жүзі жылып:
– Сіз пайғамбардың сенімді серігі болып, онымен бірге тауқымет тартқан тақуа жансыз. Сондықтан басқа адаммен бөліспеген сырымды сізге ақтаруды жөн деп таптым, – деп, басынан кешкен оқиғаны баяндайды.
– Бірде әкеммен бірге қажылық жасау үшін жолға шығып едім. Содан бір жерге келгенде әкем қатты ауырып, жүре алмай қалды. Дерті барған сайын асқына берді. Мен өз бетіммен ем-дом жасаған едім, бірақ бұл әрекетімнен ештеңе шықпады. Әкем сырқатынан айықпай, түн ішінде көз жұмды. Мен таң атқанша оның басын күзетіп, жалғыз отырдым. Жан тапсырған сәтте оның денесі суып, түрі бұзылып, қарайып кетті. Оның жүзін бөзбен жаптым да, «Біз барлығымыз Алланың иелігіндеміз. Уақыты келгенде барлығымыз да Оның құзырына қайтамыз» деген аятты оқыдым. Сөйтіп қамығып жатып, ұйықтап кетіппін. Бір кезде оянып кеттім. Қасыма бір кісі келіпті. Ол жүзінен шұғыла тараған өте көрікті жан екен. Мұнтаздай әдемі киінген, үстінен жұпар иіс аңқып тұрды. Асықпай аяңдап келіп, әкемнің кебінін көтеріп, оның жүзін алақанымен сипады. Сол кезде бір ғажайып оқиға болды. Жаңа ғана қарайып, адам көргісіз кейіпке түскен әкемнің бет-әлпеті нұрланып сала берді. Мен қатты таңғалып, одан: «Сіз кім боласыз?» – деп сұрадым. Ол маған қарап: «Мені танымадың ба? Мен Мұхамбет пайғамбармын. Сенің әкең көзі тірісінде күнә-қылмысты көп істеген адам еді. Тек оның бір ғана Құдай сүйер қылығы болды. Ол маған өте көп салауат айтатын. Енді сол амалының арқасында Алла тағала оған жәрдем берді. Салауатының себебінен мен оған шапағат еттім», – деді. Міне, осылайша әкемнің барлық күнәлары кешіріліп, ақиретке ақ жүзді абыройлы күйде аттанды. Содан бастап мен де салауатты өте көп айтатын халге жеттім. Әр басқан қадамымда пайғамбарға сәлем жолдауымның сыры – осы, – деді.
Қазақта бұрын жас баланы молдаға оқытуға беретін дәстүр болған. Молда оған қара танытып, мұсылманша сауатын ашады. Дәріске келген кезде және үйлеріне қайтар кезде шәкірттер мынадай жырларды жатқа оқып, Алланы зікір етіп, пайғамбарға салауат айтады екен.
Зікір айтамыз ол Хаққа,
Мұсылмандарың жұмаққа.
Кәпірлерің тозаққа.
Алғашқы бала сабаққа,
Соңғы бала шыбыққа.
Ғайыр бат та, ғайыр бат.
Молдамызға ғұмыр бат.
Әкемізге бақ-дәулет,
Шешемізге рақмет бат.
Нұр Мұхамбетке салауат,
Азан уақыты болып тұр,
Ассалаумағалейкум, молдеке!
Үйге қайтуға ұлықсат.
Пайғамбарға салауат
Он сегіз мың ғаламға сәруар болған Мұхамбет
Отыз үш мың асхабқа сардар болған Мұхамбет.
Жоқшылық пен індетке қанағатшыл Мұхамбет,
Күнә тартқан үмбетке шапағатшыл Мұхамбет.
Кірпік ілмей талықты, сабыр табар Мұхамбет,
Жетім, міскін, ғаріпті жарылқаған Мұхамбет.
Үлес берген пендеге сара жолдан Мұхамбет,
Азап кешкен әммеге пана болған Мұхамбет.
Әбужаһил залымға төзім қылған Мұхамбет,
Жалақордың Хақ жолға өзін бұрған Мұхамбет.
Жалғаншының қайғысын ұмыттырған Мұхамбет,
Зікір айтып Рухын шынықтырған Мұхамбет.
Малғұн, лағин, шайтанға соғыс қылған Мұхамбет,
Шариғатқа үмбетін тоғыстырған Мұхамбет.
Тариқатқа жолбасшы, жаны ышқынған Мұхамбет,
Ақиқатты баршаға табыстырған Мұхамбет.
Жамандыққа жақсылық бағыштаған Мұхамбет,
Тауфық тілеп, залыммен алыспаған Мұхамбет.
Сәждеге ұрып маңдайын, тағат қылған Мұхамбет,
Қабыл болып дұғасы таң аттырған Мұхамбет.
Залымдардың бәлесін харап қылған Мұхамбет,
Бір Алланың Дидарын талап қылған Мұхамбет.
Бес уақыт намазда имам болған Мұхамбет,
Миғражда көргені дидар болған Мұхамбет.
Ғаршы, Күрсі базарын иеленген Мұхамбет,
Сегіз бейіш төріне кие берген Мұхамбет.
Міскін Ахмет құлына мұра қылған Мұхамбет,
Жетімдерге жүрегін шыра қылған Мұхамбет.
Қожа Ахмет Ясауи
* * *
Бұғабай, Айтқұл, Абдолла,
Әлжеке, Байғұл хазірет –
Шариғат шамын жандырған,
Кәламға көңіл қандырған.
Жамағат жинап алқалап,
Салауат айтқан «Аллалап!»
Зікірмен зарлап түн қатып,
Нәпсісін шапқан балталап.
Шайтанды сеспен қашырған,
Көкірек көзі ашылған.
Опасыз-пәни – сұм жалған,
Солардай өткен асылдан!
Ислам бойынша Алла мен пайғамбарды сүю иләһи әмір. Сондықтан да мұсылмандардың әлеуметтік низамы мен дүниетанымы Аллаға және оның пайғамбарына деген махаббаттың негізінде қалыптасты. Осылайша әдебиет, сопылық, өнер, философия мен басқа да салалар Алла мен пайғамбарға шынайы сүйіспеншіліктің негізінде сомдалып шықты. Бұл сарын әсіресе әдеби туындыларда айқын көрінеді. Жыр-толғауларда Аллаға мадақпен бірге пайғамбарға да салауат қоса айтылады.
Мехмет Демиржи
Әлхамдулилла – салауат
Алланың берер сауабы.
Бұл сөздерде айтылған
Төрт имамның жауабы.
Азырақ баян етейін
Абдолла, Әбді ғалымнан,
Дін үшін жанған шамымнан,
Айтқаны – зікір-салауат.
Қашсын деп шайтан маңымнан.
Ислам діннің жолынан
Аумай тұрған табаны,
Уалилердің істеген
Болып тұр мақсат-амалы.
Ғалымдыққа толығып
Сәжде еткен тағат-намазға
Көп екен мүрит-жараны,
Шәк келтірмей Құранға
Ғалымдар айтса – наналы...
Сөз қалдырып хазірет,
Ахундар үшін ажарлап.
Қалада тұрған жай салып
Хазіреті ишаннан
Шариғаттың жолында,
Расулы имам мүждәһәт
Солардан қалған орында,
Кәләми-Құран қолында
Шариғат айтқан тыңлатып,
Азаннан тұрған ыңлатып,
Тағлым, таспих, салауат,
Зікір айтқан түн қатып.
Қорқыныш-қауіп қалпында
Бас болған көптің алдында.
Сәттіғұл Жанғабылұлы
Мұхамбеттің естіген соң әр жайда атын,
Тәрк етпей айтыңыздар салауатын.
Жан рухын Мұхамбеттің таныт Алла,
Қабірімде мезгілінде сұралатын.
Құранның тәпсірінен аударылды,
Назым боп, түркі тілге бұл хикаят.
Осынша мехнат тартқан Пайғамбарға
Айтыңыз рухына арнап бір салауат.
Расулға салауат айтсаң жұма күні,
Бірдей-дүр, шарапатқа күндіз-түні.
Ықыласпен 80 мәрте әркім айтса,
Кешірмек 80 жылдық күнәңізді.
Жұма күн жүз мәрте айтсаң ниет етіп,
Өкініп, кеткен күнге бекерге өтіп.
Істеген екі жүз жыл күнәңізді
Кешіргей Жаратқаның ғафу етіп.
Ер-әйел, есін білген бала, қатын,
Есітсең Мұхамбеттің әр жайда атын,
Айтуға тілге жеңіл, қасиеті артық,
Айтыңыз шын ықыласпен салауатын.
Балмағамбет Балқыбайұлы
Аллаға мақтау мен мадақ
Пайғамбарға салауат.
Салауатын ұмытпа,
Үміт қылсаң шапағат,
Ғұмырды босқа өткіздік,
Істей алмай ғибадат.
Мың күнәні еске алып,
Жылайық хаққа бір ғадат.
Ла-илаһа ил-Алла!
Балмағамбет Балқыбайұлы
Мұратқа жетер соңында
Жүрген жан Хақтың жолында.
Құбылаға қараған,
Жүзінен иман тараған.
Зікірін айтып зарланып,
Салауат, таспих санаған.
«Ауырлық артад – деген бар –
Құлына Құдай қалаған».
Сапарың болсын саламат,
Әлпештеп сүйген, садағам –
Атаның кетіп алдынан,
Мақшардан орын қараған...
Түмен Балтабасұлы
Ағузы менен бісміллә,
Кәләмнің алдын бастаған.
Әлхамдулиллә салауат,
Мұсылман адам аузынан
Дұрыс емес тастаған.
Алатаңмен аралас
Зікір айтып зарлаған
Бір Алланың досы адам.
Исламның бес парыз
Әмірі Хақтың нұсқаған.
Көңілім білсе, көз танып,
Айтайын сөзді нұсқаған.
Дүниядан өтті ойласам,
Дүнияның жүзін билеген,
Зұлқарнайын Ескендір,
Сүлеймендей патшадан.
Алланың досы Мұхамбет,
Алпыс үштен ол да аспаған.
Ыбырай ақұн Құлбайұлы
Бір түні Мұхамбетке,
Тәңірден пырақ келді:
«Сені алып ұшам көкке.
Отыр, – деп, – маған енді».
Саллаллаһу ғалә Мұхаммад,
Саллалаһу ғаләйһи уә сәлләм.
Маңайды тегіс бөлеп,
Нұрлы саз шұғылалы.
Жебірейіл періште кеп,
Бетке алды құбыланы.
Саллаллаһу ғалә Мұхаммад,
Саллалаһу ғаләйһи уә сәлләм.
Мың жылдық жолды басып,
Бір сәтте жүріп өтті.
Кеудеге қонды ұласып,
Хақ нұры құдіретті.
Саллаллаһу ғалә Мұхаммад,
Саллалаһу ғаләйһи уә сәлләм.
Мұхамбет мәңгілік деп,
Жүніс көп сәлем жолдар.
Жүрекке мәнді үміт кеп,
Өзіңді Тәңір қолдар.
Саллаллаһу ғалә Мұхаммад,
Саллалаһу ғаләйһи уә сәлләм.
Жүніс Әміре Мұхамбет Араб түбегіндегі хаостың ортасында отырып, Мәдинада өте қуатты үмбеттің басын құрап шығарды. Тіпті оның пайғамбарлық миссиясын мойындамайтын ұсақ тайпалар да Мұхамбетке келіп қосылды. Басы зорға құралған үмбет ыдырап кетпес үшін қалайда күшті болуы керек еді. Бірақ соның өзінде Мұхамбет саяси жағынан қуатты одақ құруға емес, әділдік салтанат құрған салауатты қоғам құруға ғана ұмтылды.
Карен Армстронг
Иә, Алла, жан аманат ғаріп құлға,
Салауат мен айтамын пайғамбарға.
Алладан мен мүсәпір рақым тілеп,
Бір бәйіт шығарайын барша жанға.
Жарандар, көп зар әйла құдіретке,
Шапағат деп зар жыла Мұхамбетке,
Тәңірім қазы болып сұраққа алса,
Ете гөр шапағаттан біз үмбетке.
Сөйлеп берсе қызыл тіл,
Салауат айтып тоқталық.
Тоқтамасаң бұл жерге,
Ақындар өлең табады.
Әр уақытта ерлердің
Көңілі болар талапты.
Әр уақытта серікпіз,
Біздерді Алла жаратты.
Қызмет қылдым азырақ,
Тербетіп тұрып әруақты.
Қолыңа алып оқырсыз
Дайындаған бұл хатты.
Пайғамбарға айт салауат,
Табасың сонда сауапты.
Әуелінде Мұхамбет,
Он сегіз мың ғаламға,
Жалғыз адам – сол дәулет.
Дін мұсылман жамағат,
Сол дәулетке қанағат.
Үмбетіне мейірбан,
Қылғай жақсы шапағат.
Майлықожа Сұлтанқожаұлы
МҰХАМБЕТ ПАЙҒАМБАР ТУРАЛЫ ТЕБІРЕНІСТЕР
МҰХАМБЕТ ПАЙҒАМБАР ТУРАЛЫ ТЕБІРЕНІСТЕР
Әдетте, шынайы мұсылманның Мұхамбет пайғамбарға арнаған иләһи тебіренісі оның рухани дәрежесінің кемелдене түскендігінің өлшемі ретінде қабылданады. Таза жүректің түбінен шымырлап шыққан шынайы тебіреністер – пайғамбарды шын сүюдің айқын көрсеткіші. Әулие машайықтардың пайғамбарға тебіреніп жыр арнауына Алла елшісінің өсиеттері себеп болған. Пайғамбар бір сұхбатында: «Кімде-кім мені ата-анасынан артық жақсы көрмесе, ол адам кәміл иман дәрежесіне көтеріле алмайды», – деген. Осы хадисті арқау еткен табанды тақуалар кемел дәрежеге жеткенде пайғамбардың рухына мақтау-мадақтар арнайтын дәстүр енгізген. Бұл – бір жағынан, олардың пайғамбар тұлғасын терең танығанына дәлел. Екіншіден, шынайы махаббаттың үлгісін елге шашады. Олардың тебіренісін оқығанда момынның жан жүрегі елжіреп, тұла бойы махаббатқа толады. Пәни жалғанның мәнсіз проблемасына шатылған ғаріп жандар ондай кезде бір сәтке болса да көңілдегі қайғысынан арылып, пайғамбар рухына жақындап барғандай күй кешеді. Қай заманда болмасын, әсіредіншілдер бұқара халықты соңынан ілестіріп, жақтастарын көбейтуге құмар болған. Осы құмарлық қоғамда тартыс пен таласты қоздырып отырады. Діни топтар бірін бірі «адасқан топ» деп айыптай бастайды. Ондай кезде ел іші бүлініп, бұқара халық қай тарапқа қосыларын білмей дал болады. Рухани тоқырау күшейгенде адамдар жан құмарын қандыра алмай қиналады. Өзара бақталас болған діни топтардың жансыз уағыздары халыққа әсер етпей, адыра қалады. Себебі олар пайғамбарға ғашықтық ғазалдар арнамайды. Өйткені ғашықтық сезімді тудыратын пайғамбар рухы ешқашан да саясиланған құбылмалы көңіл-күймен үндеспейді. Осындай алмағайып сәтте жүрек көзі ашылып, рухы кемелденген нағыз әулие-ғұламалар тұла бойыңды шымырлататын, кез келген жарым көңілдің жарасын емдейтін, кеудені иләһи шабытқа толтыратын тебіреністерін жариялайды. Ғашықтық ғазалдар жария болып, елдің көңіліне орныққанда ақиқат ілімнің қай тарапта екені анықтала бастайды. Осы тебіреністер тұманды заманның тұмшасында қалған қара халыққа бейне бір жағада тұрған маяктай жол көрсетеді. Осылайша ғұламалар ел-жұртты көмескі тартқан пайғамбардың рухымен қайта табыстырады. Қарасын көбейтумен ғана әуре болатын қараниет діншілдердің тебіренуші әулиені аяусыз қуғындап, елден бездіруге бейім тұратыны да сондықтан. Біздің заманда да бұл ғазалдардың маңыздылығы бір мысқалға да кеміген жоқ. Себебі қазір де кейбір діни топтар адамның жанын жаулаумен, миын улаумен айналысады. Діни топтардың таласына тап болған адамдар «Кімдікі дұрыс? Қай жол қайырлы? Ақиқатын қалай айырам?» деген сұрақтармен басы қатады. Осындай кезде шынайы ғазалдардың дәмін татқан ізденуші жан кез келген діни жамағаттың рухани деңгейін өлшей алатын хал табады. Себебі оның көкірегінде «Егер бұл дін ақиқат болса, не себепті менің пайғамбар рухына тартылысымды туғызбайды?» деген таразы тұрады. Пайғамбар рухына ғашықтықтан туған ғазалдар лакмус қағазының қызметін атқарады. Яғни Тәңірдің елшісін сүйе алмаған жалғаншылар Алланың разылығы туралы толғағанды жақсы көреді. Елдің бәрін құрғақ құлшылыққа байлап, олардың назарын тікелей ақиретке аударуға тырысады. Олар мейлінше пайғамбар рухын айналып өткісі келетін төте жол іздеп жанталасады. Жалғаншылар үшін пайғамбар тұлғасы қалың тарихтың қойнау түкпірінде қалып қойған көп көсемнің біріндей қабылданады. Міне, осындай кезде тебіреніс жырлары екіжүзді жалғаншының бетпердесін аямай сыпырады. Олардың махаббаттқа толы тебіреністері бізге күні бүгінге дейін бейне бір «Ей, ғапыл, Алланың елшісін сүйген жоқсың, қалайша Алланың сүйген құлына айналмақсың?» деп сөйлеп тұрғандай әсер қалдырады. Жалпы, дінге бет бұрған кез келген адам өзіне қаратып: «Егер мен бүкіл өмірімді дінге арнасам, тап осылай тебірене алар ма едім?» деген сұрақты қою керек. Яғни пайғамбарға ғашық болу, оның кемел рухын сүю рухани кемелдіктің, діннің ең биік мұратының эталоны болып қала бермек.
ІХ ғасырда Иракта өмір сүрген дін ғұламасы, атақты сопы Мансұр Халлаждың тебіреністері:
– Ол ғайып нұрынан парлап жанған шырақ еді. Жарқырап, сәуле шашып, ғаламды нұрға бөледі. Барлық шамдалдардың шұғыласы оған жетпейді. Оны жаратып, тәрбиелеген Рахман, Рахим, Сұбхан еді. Нұрын шамдалға ілтипатпен ілді де: «Баршасына сен сұлтансың», – деді. Мұхамбет айлардың ішінде жарқыраған бір ай еді. Сырлардың қазынасына айналып, барлық ғаріп пендені өзіне ынтықтырды. Бұл қазынадан сыбаға аламын деп, тақуалар мен момындардың жүректері өртенді. Әулиелер мен асықтардың кеуделеріне оны көрмесе жазылмайтын дерт енді.
Хақ оған бүкіл ізгі ниет пен қайратты жинағандығы үшін «Үмми» деді. Хабибіне барлық ұлық нығметтерді сыйлады. Құзырында ерігені үшін, барлық жамандықтан жерігені үшін «досым» деді. Пайғамбарына мейірім мен мархаматтың самалын желпіді. Рақым мен шапағаттың мөлдір бұлағына шомылдырды. Жүрек көзін ашып, он сегіз мың ғаламның сырына малындырды. Көкірегін ашқан сайын қазыналардың кілті ашыла берді. Парыз бен уәжіпті, адал мен арамды барлық үмбетіне үйретті. Малғұнның «адамды азғырамын» деген арман-мақсатын күйретті. Ол қазбауыр бұлттардың арасында шалқыды. Мекке мен Мәдинаның арасында күн болып шуағын төкті. Пақырлар мен міскіндер оны көрген бетте қорғасындай балқыды. Біз еркімізді билеп, тағат тауып тұра алмадық. Ғашықтық отына өртеніп, күл болып жандық. Жүрегімізге күннің әрбір шапағы найзадай болып қадалды. Оның нұр шырағы ұлылық пен тектілік бастауынан үлес алды. Тілі тек қана ақиқатты сөйледі. Ізгі амалдары мен игілікті істері үмбетіне сүндет болып қалды. Раббысының дәргейіне миғражға шықты, үмбеті үшін сәждеге бас қойып жалбарынды. Оның бүкіл болмысын ешбір адам толық танып біле алмайды. Шыншылдығы мен аманатқа беріктігі жағынан ешкім де оған ілесе алмайды. Әубәкір Сыдық оның адалдығына тәнті болып, дос болды. Пайғамбардың осы серігіне де көңілі қош болды. Талай білімпаздар мен әулиелер Алланың хабибін көркем тілмен сипаттайық деп талпынды. Бірақ теңіздей телегей ілім қайнарының алдында тамшыдай білімдері сарқылды. Мен де оның алдында әлсіздігім үшін медет тілеймін, пайғамбарымыздың шапағатынан үміт етіп, қуарған қызғалдақтай болып жүдеймін. Ол жер мен көктің көркемдігі мен сұлулығын түгел жинаған жауһар еді, ғалам жаралмай тұрғанда Алланы мақтап-пәктеген бір нұрлы гауһар еді. Мұхамбеттің нұры осы жауһардан бүршік жарды. Мінсіз еді, мұнтаздай, кіршіксіз еді. Барлық нұрдың жарқылы осы нұрдан сәулет алды. Жайқалған раушан гүлдер, сайраған бұлбұлдар мүбәрәк тамшысынан дәулет алды. Жомарттық пен ізгілікте онымен ешкім тайталаса алмайтын еді. Сабыр мен тағатта тізе бүкпейтін, дұғада білегі талмайтын еді. Болмысы жоқтан бар еді, есімі Қалам жаралмай тұрып жазылып еді. Барлық үмбеттің игілігі мен сәлеміне лайық еді. Оған сәлем жолдамау азғындық пен айып еді. Оның ниеті мен қайраты басқалардың ниеті мен қуаттарынан үстем еді. Барлық азап пен бейнет бір өзінің басына түскен еді. Бірақ Алланың хабибі, Хақтың Расулы ешбір қайғыға мойымады. Таухид нұрын дүниенің жүзіне көркем насихатпен таратудан тайынбады. Ол сияқты мейірімді, шапағатты, ариф, рақымды, ынсапты кісіні ешқайдан таппаспын. Көңілімнің көкжиегінде сағым болды, басқа қонған бағым болды. Бұл ынтық сезімнің дәмін мен бейбақ қайта татпаспын. Әлемнің нұр жүзді мырзасы еді, көздегені жалғыз Хақтың ырзасы еді. Есімі Ахмет, тұла бойы тұнып тұрған рақмет, әмірі берік, жанына ізгілік серік еді. Қандай саф таза, қандай мөлдір, қандай сұңғыла көреген, қолы жоққа жомарт береген еді. Ұлылығын айтса, тіл жетпестей, керемет қасиеттердің барлығы одан асып ешкімге кетпестей болды. Ол өлмейді, ол мәңгілік тірі! Әлемнің бір ұшы соған байланған, берекесі мен ырысы оған жалғанған. Жауһары пәк, сөздері хақ, істері ақ еді. Көздің нұры тек соның ишарасымен көреді. Көңілдегі құпия сырларды тек ол ғана біледі. Оның тілін бұлбұлдай сайратқан Хақтың өзі еді. Құран оның сөздерінің асыл екендігін дәлелдеді. Шырынды лебізімен жаралы, мұңды жанды емдеді. Дерт пен мұқтаждыққа, азап пен қайғыға толған көкіректен иләһи әуездер шығарды. Миғражда Алла тағаланы мақтап-пәктеді. Ақтық сәтіне дейін ойынан үмбеті кетпеді. Ақылдың шегінен асты, Тәңірі оның жүрегінің көзін ашты. Бұлттар мен тұманды аршып, Бәйтүл-Харамды көрсетті. Меккедегі пұттардың бәрін парша-парша етті. Нағыз ержүрек қаһарман сол еді. Жер жүзіндегі барлық жаратылысқа елші болды. Оның әмірі көкке самғап, ай мен жұлдыздарға қонды. Үстінде мамық бұлттар қалықтады, жанында найзағайлар жарқылдады. Селдетіп нөсер жаудырса, жер бетін миуа мен жеміске, жасыл желекті өріске толтырды. Өзен мен көл, теңіздер оны көруге асығып, тоқтаусыз толқыды. Әуелден ақырға дейінгі барлық ілімдер оның теңізінің тамшысындай ғана еді, күллі хикметтер оның дариясының бір толқынындай еді. Замана оның заманының бір сағаты еді. Хақтың жолын танытты. Ақиқаттың сипатын айқындады. Шындық пен қарапайымдылық оның мінезіне шұғыла берді. Алланың алдында мәртебесі жоғары, пайғамбарлардың арасында дәрежесі бағалы еді. Алла оған телегей-теңіз даналық берді. Жүректердің ішінде оның жүрегін таңдап, даралық берді. Хақ оған таусылып бітпейтін мұғжиза тарту етті. Құранды алғаш оқыды, аяттарды діліне тоқыды. Адал мен арамның арасын айырды. Діні батыстан шығысқа дейінгі барлық аймаққа жайылды. Абырой-атағы барған сайын өсе берді. Жалғаншы мен залымдардың оттары нұрға төтеп бере алмай, өше берді. Оның үгіт-насихатынан қашып, қайда барасың, ей қараңғы? Бас сауғалағанша, сырқатыңа шипа тауып, емдетпейсің бе жараңды? Мансұр пақыр, сен де сырыңды ашып айт, дос-жаранды қапа қылма! Мұхамбеттей ізгі жанды тіл жеткенше мақта, әл кеткенше мадақта. Шапағатын шын тілеп тұр, үмбетім десе, шүкіршілік қыл. Басып өткен іздерін іздеп тап та, көзіңе сүрт. Хақ нәбидің ғибратын барлық жерде насихат қылып айтып жүр!
ХІ ғасырда өмір сүрген түркі ғұламасы Жүсіп Баласағұнның тебіреністері:
Рақымды Ием пайғамбарын жіберді, Кісі ізгісі, ел сарасы жігерлі. Түнек түнде шамы болды халықтың, Саған, жұртқа нұрын шашты жарықтың. Ол – Алланың жаршысы, ерім еді, білгейсің! Сен содан соң тура жолға кіргейсің! Ата-анасын қиып мұнда келді ол, Үмбетіне тілек тілеп, берді жол! Күндіз жемей, көр, түнімен жатпады, Сені қолдап, қолдамады басқаны. Қара, Алладан күндіз демей, түн демей, Сені өтінді, өзге жайлы үндемей. Сені тілеп бейнет шекті күні-түн, Риза болсын, мақта, ақта үмітін! Үмбеті үшін күллі қайғы-бейнеті, Үзілмесін деп рақат пен зейнеті. Мейірбан боп атадан да анадан, Хақтан дәйім тілеп, сені қалаған. Елге деген рақымы ол Құдайдың, Қылығы қош, құлқы түзу, шырайлы. Жібек мінез, ақылды, аппақ пейілді, Жаны жомарт, қолы ашық, мейірлі. Қара жерде, жасыл көкте әзиз-ді, Оған құрмет берді Тәңір жаны ізгі. Бастаулардың басы еді, ол оңдысы, Болды кейін пайғамбардың соңғысы. Пейіл бұрдым енді оның жолына, Сүйдім сөзін, сендім ділі оңына. Иә, Тәңірім, көңілімді күзеткін, Қияметте пайғамбармен бір еткін! Қияметте көрсет толық жүзіңді, Қолымды ұстап, Раббым, өткіз өзімді!
ХІІ ғасырда өмір сүрген Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауидің тебіреністері:
Ұшырадым ышықтың дұғасына, Мұхамбет, Жеттім аңсар шыңына – ырасына, Мұхамбет. Үмбет болған жарандар тынбай айтар мадақты, Ей, пәк Алла, қыл мені рәсуа, Мұхамбет. Сал көңілге ышық пен махаббатты ылайым, Саған ғана жылайын ғашықтықтан, Мұхамбет. Көрсет маған, мәжнүн ғып екі дүние шырайын, Диуана қыл көз жасын жасып сыққан, Мұхамбет. Өлтір, өрте! Жаманат – қаншама ұрсын қабағат, Қиямет күн жазаға ат! Аңсарымсың, Мұхамбет. Нығмет татпай, жомартым, Кешкенің – өрт, жасың – от, Тұрмын сенің қайғыңның тілеп бәрін, Мұхамбет. «Үмбетім!» – деп басып от, шектің қайғы-қасірет, Шығарасың кеудеден жүрек қанын, Мұхамбет. Шаһтың шаһы, сұрадың үмбетіңнің күнәсін, Қиямет күн болғанда панамызсың, Мұхамбет. Іздеп, баз кеш бәрінен, берсе ырзалық Расул, Жүрегіңнен Жан-Алла бал ағызсын, Мұхамбет. Бар тілегім, Мінсіз Жар, Зарық-тобам, Жаратқан: Қам-қайғысын зар атқан дарыт маған, Мұхамбет. Айналайын, хош Кәрім, Жаратушы Жаббарым, Дарияңнан бір тамшы татқыз маған, Мұхамбет. Жолды аш, Рахман-Рахим, Ғаффар уа Саттарым, Адастырмай жолыңды тапқыз маған, Мұхамбет. Әлмисақтан бір тамшы шарап маған несібе, Татсам содан енер ед мадаққа жан, Мұхамбет. Қара жүзім төсеп ем Пірмұғанның жолына, Мейірім қылды, қолыма нұрды да алдым, Мұхамбет. Жаратушы Мінсіз Жар, жеткіз мені мұратқа, Арзумын мен кірпігің, қасыңа да, Мұхамбет. Пердеңді ашып мен пақыр жаққа қара, жылатпа, Ғашық құлмын әрбір тал шашыңа да, Мұхамбет. Міскін Ясауи назары – Хазіреттің мазары, Топырақты сен басқан әзір еткін, Мұхамбет. Батыста «Исламды өзге дінге төзімсіз» деп айыптайды. Шындығында үмбеттің өзге дінмен жауласуына Исламның еш қатысы жоқ. Сауатты адам жанжалдың неден шыққанын жақсы біледі. Христиандар теологиялық тартыстың кесірінен екіге жарылған. Бұл жерде ондай дұшпандық жоқ. Пайғамбар бақилық болған соң да мұсылмандар еврейлер мен христиандарды Исламды қабылдауға мәжбүрлеген емес. Олар діндерін ұстанып, мәдениетін насихаттап жатты. Мұсылмандар өзге дінмен көрші отырып өмір сүруден ешқашан қашпады. Бірнеше ғасыр бойына Ислам империясы христиандар мен еврейлер үшін қайырымды қожайынның міндетін атқарып келді.
Карен Армстронг
ҮМБЕТ ТУРАЛЫ
«Әл кәззабу лә уммәти!», – деді Расул жұпар леп, Жалғаншылар қауымын үмбет демес Мұхамбет. Тура жүрген құлдарын Хақтың іздеп дидарын, Шын жолдағы ұлдарын үмбетім дер Мұхамбет. Әркім жүріп үмбетше Расул ісін үлгі етсе, Шапағат күн шын жетсе, мақұрым қоймас Мұхамбет. Тәңірі-Тағала міндетін, Расул Алла сүннетін Инанбаған үмбетін үмбет демес Мұхамбет. Үмбетпін деп сөйлесең, бұйрыққа бас имесең, Үмітсізсің онда сен, хал сұрамас Мұхамбет. Халың мүшкіл тап сонда, жан шырағын жақшы онда, Рәсуа болар мақшарда, демесе үмбет Мұхамбет. Үмбет дейді Мұхамбет, ақырыңды ойлас, Құл Ахмет,
Болғанда ертең қиямет, мақұрым қоймас Мұхамбет.
Кімдер үшін келді Расул?
Құдай – Нұры, Алла досы, ол – Мұстафа,
Кімдер үшін келді Расул? Білдіңіз бе?
Хақ мақтауы, Көк жаттауы, ол – Мұстафа,
Кімдер үшін келді Расул? Білдіңіз бе?
Қан ағызды көзінен ол кімдер үшін?
Барды талақ, өзін кәуап қылды ел үшін,
Үмбет болсаң үлгеріп же бұл жемісін,
Кімдер үшін келді Расул? Білдіңіз бе?
Көрмедің бе, жылай-жылай көзі іскенін,
Жұлынды үзген зіл салмаққа төзіскенін?
Сонда жөн боп көріне ме өз істерің?
Кімдер үшін келді Расул? Білдіңіз бе?
Ей, достарым, үмбет қайда білер мұны,
Табар шексіз нығмет, пайда жігерліні?
Соны ұққанның қияметте күлер күні,
Кімдер үшін келді Расул? Білдіңіз бе?
Расул қадірін ойладың ба тереңірек?
Сүндетіне бойладың ба әдебі көп?
Расул үшін көрдің бе бір зар еңіреп?
Кімдер үшін келді Расул? Білдіңіз бе?
Құл Қожа Ахмет, қылды сені жат күш қапа,
Қылғай опа үмбеттерім жаққыш жапа, –
Үмбеттерге осылай деді хақ Мұстафа,
Кімдер үшін келді Расул? Білдіңіз бе?
ХІІ ғасырда өмір сүрген Хәкім ата Сүлеймен Бақырғанидың тебіреністері:
Мұхамбет пайғамбар дүниеге келген еді. Қаншама жылдар тура жолды аңсап жылаған, Тәңірден тілек қылып сұраған момындардың көз жасын тыю үшін. Түнек басқан қараңғы көңілдерді Алланың хақтығына иландырып, иман қазынасын жию үшін. Ол туғанда көк пенен жер, тау менен тас, өзен, көл мен теңіз, мұхит шалқар шексіз шаттанды. Жария етпей, қапастарға басылып жатқан, ішкі түнек түкпіріне жасырып жатқан сағынышты сезімдерін Расуліне бәрі тынбай ақтарды. Бір Алланы пәктеп, ұлық есімдерін тынбай айтып, мақтауына жаны балқып, мамыражай сәтке енді. Асыл Мұхамбет қаңсырап, құлазып қалған медиенге сән-салтанатымен ғажайып тарту ап келді. Шөліркеген шөлдердің бетін гүлзар бақ көмкерді. Меңіреу медиен даланың жазығымен жүк артылған сәулетті керуендер жөңкілді. Мұхамбетпен жүздесіп, шерін ақтару әуелден ақырға дейінгі адам баласының, тіпті үш жүз он үш мүрсәл елшілер сарасының арманы болды. Ол үйреткен тәухид кәлимасы Тәңірі бірлігінің айғағы болды. Хақтан келген жолаушы кеудесінде қиял мен үміті барларды қалауымен қауыштырды. Оның діліне түйген мақсатының қанатын кесуге тырысқан дұшпандар жанталасып, жау ышқынды. Есімін құрметпен тілге алған пендеге періштелер алтын табақпен дүрлер шашты. «Айтпа» деп жалынған Ібіліс пен қараниет малғұндардың құты қашты. Ей, бұл сөзді тыңдаған жан, назар салғын біз жаққа. Басыңдағы иман тәжін берік ұстап құлатпа. Үмбеті үшін азаптарды арқалап, пайғамбар да төзген талай сынаққа. Сондықтан да сен де оның күткен үмітін шын ақта. Хақ Расулі Мұхамбет дарияның түбіне сүңгіп, інжу-маржан терді. Миғражға шығып, таңғажайып сырларды көрді. Жебірейілмен бірге сегіз пейіш пен жеті тамұқты аралады. Опасыз мына жалғанның арызы мен тілегіне бір сәт көңіл бөліп қарамады. Сәждеге басын қойып, «үмбетім, үмбетім» деп зар еңіреді. Пиғылы мен ниетінен-ақ үмбетіне деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығы көрінеді. Бір Аллаға жалбарынып, момындарды жетекке алып, жұмақ бағына жетеледі. Ей, достарым, ол бізді тілеп алмаса, жан жүрегіміз мейірімге сусап кетер еді. Шапағатынан үміт еткендер дәйім пайғамбардың салауатын үзбей айтса, тілінің қуаты артады. Өмірінде қайғы-қасіреттен арылып, ақиретте де сауапқа батады. Әдет қылсаң, иманыңның қуатын күшейтіп, шырағын жандырады. Жан дүниеңді түнектен арылтып, шапақтап атқан таң қылады. Хақ құлының медет еткен сүйеніші сол болар. Кім бұл нығметтен бетін бұрса, күйеге батып, қор болар. Сондықтан да сауат айтпағанды нағыз кедей, сорлы, бейбақ, бейшара деп бағалайық, дұрысы. Ондай жанның кеудесінен шаттық кетіп, сарқылады ырысы. Құл Сүлеймен болсаң егер пайғамбардың жолындағы үмбеті. Жан-тәніңмен шын беріліп, берік тұтқын сүндетін. Ой жүгіртсең, неткен ұлық, қандай ғажап, Тәңіріңнің саған берген нығметі. Салауатты көп қайталап, ақ нәбидің шапағатын шын өтініп сұрағын. Тариқаттың жолдарынан табан аудармай, тағатыңмен сан түрлі азапқа шыдағын. Осылайша өзіңнен кейінгі жарандарға тарту еткін мейірім мен ізгіліктің бұлағын.
ҒАЗАЛ-ХИКМЕТТЕР
Мақтаулы нұр киесі, Шапағаттың иесі, Самғап ұшты ол Хаққа, Тілі балқып мадаққа. Шапағатты Мұстафа Сүндет мұны оқыған,
Құстай көкте шалқыған, Ғашық назарын сағынған, Бір Аллаға табынған. Діл жүрегі ынталы, Тамылжытып шырқады Махаббатты Мұстафа. Он сегіз мың ғаламға Нұры толған Мұстафа, Бақ орнатып адамға Ұлық болған Мұстафа. Әнбиялар ұлысы, Расул еді Мұстафа. Барша жанның ырысы, Асыл еді Мұстафа. Мұхамбеттің нұрынан Адамды Алла жаратқан, Себеп қылып сырынан Ұрпағын сосын таратқан Хақ Мұхамбет Мұстафа. Қара басқа не келер, Не келерін Хақ білер. Шапағатын шын тілер Хақ Мұхамбет Мұстафа. Тоқсан тоғыз мың сыр дескен, Тәңірімен тілдескен, Пақырлықпен күн кешкен Хақ Мұхамбет Мұстафа. Жеті Құран берілген, Ай екіге бөлінген, Пәктеген шын көңілмен, Хақ Мұхамбет Мұстафа. Меккеде дінмен баураған, Хақтан көңілі аумаған Тапқан мәңгі мекенін Мәдинада Раузадан Хақ Мұхамбет Мұстафа. Нұры әлемге жайылған, Мақтанышым Мұхамбет. Үмбетіне мейірбан, Бақ та ырысым Мұхамбет. Салтанаты барша Хақ, Қылмады жанға қиянат, Айға қарап қылды шақ, Мақтанышым Мұхамбет. Үшбу жаһан сырлары, Баршасы оны жырлады, Күллі көсем ұлдары, Мақтанышым Мұхамбет. Салауатты ет тамам, Айтса шіркін бар ауам, Тамұқтан қалар едің аман, Мақтанышым Мұхамбет. Қасы «нундай» сүзілген, Тісі дүрдей тізілген, Тілі балдай езілген, Шырын сөзді Мұхамбет.
«Құл һуалла һу» зікірі,
Күндіз-түні пікірі,
Сарқылмаған шүкірі, Мақтанышым Мұхамбет. Құл Сүлеймен иланды,
Пәк сақтағын иманды, Хақ үшін берсең жаныңды, Шапағат қылар Мұхамбет. Сейітсің, сен, Мұхамбет, Құзырыңа құлдар келді. Сейітсің, сен, Мұхамбет, Тәңірдің рақымы енді. Сейітсің, сен, Мұхамбет, Дерттілердің тәуібі. Сейітсің, сен, Мұхамбет, Барша үмбеттің бауыры. Сейітсің, сен, Мұхамбет, Шапағатшы мақшарда. Сейітсің, сен, Мұхамбет, Шұғыла шашқан аспанға. Сейітсің, сен, Мұхамбет, Айтты Сүлеймен мұңдарын. Сейітсің, сен, Мұхамбет, Шапағаттан құр қылмағын.
ХІІ ғасырда өмір сүрген түркі ғұламасы Ахмет Иүгінекидің тебіреністері:
– Мұхамбет пайғамбардың барша жаратылыстан игілігі мен шуағының артықтығын айтайын. Көңілімнің гүл бақшасын тәтті лебізіммен тербетіп, Хақ самалымен жайқайын. Ақиқат пен махаббаттың дариясында сүңгіп, кейде толқынды құлаштап жүземін. Арым мен жаным тапқан кіршіксіз кемел сөздерін лағыл, маржан, меруерттей тіземін. Ардақты елші жер мен көктің арасында жаратылған барлық жанның абзалы болды. Асылдығы сондай: ізгілердің ішінде оған бақыт пен құт қонды. Нұрлы жүзді, шырын сөзді, сұлу көркі тіршілікке сән берді. Мейірі мен пейілі жүздеген шерменденің, мыңдаған ғаріптердің көкірегіне нәр берді. Оның атын еске алған кезде ынтызар көңілім еріксіз мақтайды. Оны мадақтамай, әсте, таңым атып, күнім батпайды. Ышықпен сен де көп ауызға алсаң, бал мен шекердің дәмін татарсың. Жүрегіңдегі даналықтың кенішіне жол тауып, мол қызыққа батарсың. Қияметте көріп қалсам, ол Жебеушіме қол беріп, ізінен қалмайтын едім. Бас ұрып, ынтық жанның тілегін айтып, зарлайтын едім. Мақшарда сүйеу болып, үмбетім десе, көкіректегі арманың орындалады. Хақ жүктеген бұл дүниедегі парыз-міндетім оңымнан келіп, жолым болады.
Пайғамбардың төрт серігі болған төрт досым және бар еді. Төртеуі де қысылтаяң қиын сәтте жәрдем берер жар еді. Оның бірі Әубәкір-ді, «Шыншыл» болып аталған. Жалғандықты жек көріп, шындыққа құмар болғаны үшін пайғамбардан бата алған. Екіншісі – Омар Парық, ашқан екен ақ пен қараның арасын. Көрмеді ешкім ондай батыл, хас момынның сарасын. Үшіншісі – Әзіреті Оспан, тақуа, таза, екі нұрды иеленген. Құранды алғаш хатқа жазып, дін жолына кие берген. Төртіншісі – Әлі арыстан, Ислам үшін қылыш сермеген. Жомарттық пен мейірімділікте тасқын судай өрлеген. Егер осы төрт шадиярға кімде-кімнің болса күмәні, періштелер лағнет айтып, оны Құдай ұрады. Бар момынның қарғысына қалары анық ол жанның. Сондықтан да Ібілістің жол торып, иманыңды ұрлайтын қақпанынан қорғанғын. Иә, Құдайым, мен шынымен қатесі көп құлың едім. Бірақ тәубе қылғанға Өзіңнің кешірімің бар екенін біліп едім. Тәубе қылып, шын ниетпен өксіп жылаймын. Екі дүниеде өмірімді шұғылаға толтыр деп сұраймын. Пайғамбарым Мұхамбеттен шапағатшы бол деп өтіндім. Қабірге денем қойылғанша, дін Исламның қағидасын насихат етсем деп бекіндім. Пайғамбардың сүндеті мен сөздерін жолыма шырақ еттім. Үмбетіне аманат етіп қалдырған істерін жаныма тұрақ еттім. Өмірімде әрдайым хадистердің қайнарынан алайын үлгі-өрнекті. Адасқанға жөн көрсетер лебіздері неткен ұлы, көрнекті! Әттең, егер оның жолын берік ұстасақ, арбау мен алдауға түспейтін едік. Беліміз бүгілгенше, аяғымыз сүрінгенше, оның өсиетін ынты-шынтымызбен істер едік. Хақ Расулы білімді Қытайда болса да іздеп оқып, үйрен деді. Жақсылыққа жан-тәніңмен құштар болып, жамандықтан жирен деді. Білімменен ашар адам барлық бақыт пен қазынаны. Ғалымдардың аты хатқа мәңгі өшпестей болып жазылады. Ғұлама адамның білімі алтын теңгедей жарқырайды. Надан кісінің көңілі қара бақырдай қалтырайды. Білімдінің біреуі білімсіздің мыңын жеңеді. Жүрек көзі ашылып, ілім нұрына толған жандар дүниенің құпиясын игереді. Өнер менен білім – Хақтың саған сыйлаған ұлы нығметі. Оны меңгеріп, ел-халқыңның игілігі үшін жұмсау – барша момынның міндеті. Пайғамбарым бір насихат айтып: «Адамды қызыл тілінен шыққан сөз отқа жандырады. Ғайбатының кесірінен талай кісі апатқа душар болып, өкініштен қан жылады», – деді. Ақымақтың тілі оның ең басты жауына айналады. Нақақтан біреуге жала жауып, өсек таратқан адам бар абыройынан айрылады. Шын сөзің балға, өтірік сөзің жуаға ұқсайды. Өтіріктің өрісі тар, ешқашан өрге баспайды. Шын сөзің дерттіге шипа, өтірік сөзің кесел ғой. Жалғанға жаны үйір болғандардың бәрі делқұлы мен есер ғой. Хақ елшісі дүниені егін егілген кең бір алқап егістікке теңгерді. Әр момынның дүниеде адал еңбек етіп, тер төгуін жөн көрді. Дүние деген – ұзын тізбек керуендер ат шалдырар кең сарай. Өтіп кетті тұрақ таппай, патша, бағлан, серілер мен қанша кедей, қанша бай? Даналардың, данышпанның, ақындар мен шайырлардың бола алмады мекені. Бұл дүние сені менен бізді тастап, сағым болып кетеді. Тәнің тұтас, жан кеудеңнен шықпай қазір тұрғанда, мойынсұнған жөн Хақ әміріне, пайғамбардың өнегесіне көңіл бұрғанда. Мұхамбет пайғамбар: «Тәңірім тәкаппардың құтын қашырады, кішіпейілдің абыройын асырады. Олардың менмендігі өздері үшін сор болады. Бұл күнде момындарды басып жеңгенмен, ақиретте қор болады», – деп айтты. Сол үшін өзіңді ұлы санамағын, нәпсіңді асқар тауға баламағын. Хақ Расулінің қарапайым мінезін үлгі етіп жүр. Тақуа, тауазылықты өміріңнің бір серігі етіп біл. Тәкаппарлық тонын киіп, көңілі жарым жандардың тілегін құлатпа, ешқашанда таршылық көрген кісілерді жылатпа. Жат ниетті, жаман пиғылды, менмен адамдардың өзінен пайғамбарды Алла сақтаған. Мінезінің ұлылығы мен кішіпейілділігі, рақымдылығын момын мұсылмандар Құраннан оқып жаттаған. Құдайдың шексіз мейірімі мен ізгілігінің бақшасына адам баласын бастаған. Тәспі тартып, Алланы еске алып, екі көзін інжу шықтармен жастаған. Құран аяттарын тыңдағанда тұла бойы балқитын еді. Расулдың нұрлы дидарын көрген адамның жүрегінің қарасы кетіп, жан сарайы шалқитын еді. Жаратушының сансыз сый-құрметіне ырза болды. Тарыққан мен жабыққанға жомарт, мырза болды. Содан бері жомарттықты ізгі жандар дәріптеген. Мәрт кісілер ырзық-несібесін бөліседі халықпенен. Жүмлә жұрт тегіс мақтап жомарттың даңқын асырады. Егер де болмашы ғана айыбы білінсе, оны дереу жасырады. Расул құсап, сен де жомарт болсаң, онда жаныңа ешқандай жаман сөз жуымайды. Ал қолы тар сараңның жүрегі ешқашанда жақсы сөзге жылымайды. Сараң кісі қолы қалтырап, арамнан мал жинайды. Оны өзіне де, өзгеге де қимайды. Ақыры зекетсіз жиған малының барлығы бір жұттан қалмай құрдымға кетеді. Зекетсіздің малы, сүндетсізге бұйырып, шықберместің аты да, заты да өшеді. Сондықтан Құдайдан үмітің болса, жомарттықтан қол үзбегін. Кең пейіл мен мүлтіксіз ниетке жетелейтін жолды іздегін. Расулдың айтқан сөзін тағылым қылып ой түйемін. Өйткені осы қағидаларда кілті жасырынған бар киенің. Оның өмірі мен істерін үлгі еткен жандарды Алла қолдайды. Бақытты адам үздіксіз Алланың елшісіне сәлем, салауат жолдайды.
ХІІІ ғасырда өмір сүрген түркі нәсілді шайыр, атақты сопы Мәулана Румидің тебіреністері:
– Расулымды әспеттейін тілімнің қуаты мен шын шабыты жеткенше. Көңілімнің бұлты ашылып, өнегелі насихаты қатқан сеңді сөккенше. Адамзаттың бақыты үшін надандықтың пердесін серпіп түрді. Мұхамбет Мұстафа мінсіз нұрымен дүниеге келгенде жер жүзінде Хақтың торғын шуағы есіп, желпіп тұрды.
Оның көңілінде Жаратушының жамалынан басқа қалау болмаған. Бір Аллаға пәк махаббатымен үздіксіз тәхлил-тәспих арнаған. Оның киелі есімін Тәурат, Зәбүр, Інжілде сүйіншіледі. Барлық нәби құштар болып: «Рақымның иесі Мұхамбетті көру бақыты маған да бұйырсын!» – деп тіледі. Күллі пайғамбардың жүрегіне қуаныш пен шаттық шапағы орнады. Барлығы Мұхамбетке ынтықтығын жасырмай, салауат пен сәлемдерін жолдады. Уа, пайғамбарлардың Сұлтаны! Күнге өшіккен жарғанаттай жалақордан өзіңді тығып жасырма. Лебізіңді тау суындай толғай бергін, шоқтай өшіп басылма. Өйткені сен иләһи уахидың шырағын жандырдың. Жоғалып кеткен иман қазынасының көзін ашып, бар қылдың. Сенің шұғылаң болмаса, күндіздің өзі түнге айналар. Меңіреу тылсымнан ақыл адасып, көз байланар. Мен мына жер басып, тіршілік етіп жүрген шағымда саған түскен Құранның құлымын. Аят, сүре оқып, өзіңе мың сан тәу еттім, мүбәрәк ұлығым. Әзиз пайғамбарымның басып өткен жолының бір түйір тозаңымын. Тәубе қылып, жүрегіме сәуле құймасам, Хақ алдында жазалымын. Ақылымды, ілімімді Мұстафаның жолына құрбан еттім. Аллаға сүйеніп, Хақтың мойныма жүктеген парызы мен міндетін жылдам еттім. Түн ішінде айналаны көрдей қараңғылық басқанда ай туады. Жұлдыздар да жымыңдап, қуанып тұңғиыққа құшағын ашады. Сен де әзіретім, орныңнан тұрып, тербет мынау жер бетін. Тау мен тасты, ой мен қырды, орман мен шөлді тірілтеді сенің нұрлы келбетің. Тымық түнде балауыз шамындай жан-жағына сәуле шашады. Отқа ынтызар барлық жәндік оған үйіріліп өртенгенде, қаскөй, қараниеттілер одан үркіп қашады. Пәруана болған көбелектей алауды мен де айналдым. Алысқа ұзап ұшып кете алмай, жалыныңнан басыма ноқта түсіп байландым. Еркіндікте сайрандап қалған едім, бұл күйге қалай түскеніме қайранмын. Ей, Мұхамбет Мұстафа! Бұл өмір теңізінде жолбасшы бол! Шыңырауға шырмалып, айсыз түнде адасқан бейбақтарға сен басшы бол! Өйткені сен екінші Нұхсың. Алла тағала бізге нәсіп еткен бақыттың тәжісің, береке-құтысың. Нұх пайғамбар тасқын судың топанынан құтқару үшін қауымы мен бар мақұлықты алып кемесіне мінгізді. Қаншама айлар таудай-таудай толқындармен тайталасып, кемесін жүргізді. Құдайдың жәрдемінен үміт үзбегендіктен, топан суына батпапты. Ақырында құрғақ құрлыққа әкеліп, кемесін тоқтатты. Сен де күнә топанына батқан жұртқа пайғамбар болып келіп, жол табу үшін көрсеттің зор көмек. Әрбір жолда, әсіресе теңіз жолында, ақылға ие бір құлабыз керек. Қайтадан орныңнан тұр да, сапардан қажыған керуенге назарыңды сал. Үсті-үстіне азғырып, күнә мен қылмысқа әкетіп бара жатқан Ібілістен үмбетіңді құтқарып ал. Біз бір Кербала шөлінде сағым қуалаған мүсәпірдің кебін кидік. Бір жұтым суға зар болып, тән төзгісіз аптап ыстыққа қуырылып күйдік. Ақсөңке бұтаға жасыл желек сыйлаған замананың Қызыры сен едің. Жөнінен жаңылған ғаріптерге қажет тағы да көмегің. Мөлдір бастауды бізге сен ғана тауып бере аласың. Қымбатынан айрылып, сарнаған халықтың шер-шемен болып қатқан жарасын да жазасың. Өлген жүректі сен ғана тірілтесің, сөнген тілекке сен ғана нәр жүгіртесің. Ғайса пайғамбарға қураған қу сүйектерге өмір беретін қасиет қонған. Өлікке жан берген Ғайса пайғамбардың мұғжизасы саған да нәсіп болған. Бүгін тағы арызым мен өтінішімді өзіңе арнап жазбақпын. Пенделердің көкірегіне Хақтың шырағын маздатқын. Сен бұл жұртшылықтың алдында аспандағы күн сияқтысың, шапағыңмен жылынды адам. Халқыңнан қол үзіп, бұрышқа шегініп, енді жөн ғой тығылмаған. Ей, пайғамбар, тура жол Қап тауына ұқсайды, сен елді сол тауға самұрықтай бастап барасың. Мамықтай бұлттарды жайқап, екпінің көк аспанды шайқардай асқақ, дарасың. Айдай толысып, аспанның төрінде самаладай жарқырадың. Жыпырлаған жұлдыздай қаумалаған қауымыңа, мейірімге мұқтаж үмбетіңе жанашырлықты мінезіңнен сарқымағын. Толған ай тымық түнде көктің шыңына қарай жүреді. Кейбір иттер айдың сән-салтанатын қызғанып, оған қарсы үреді. Ол ай иттердің үргенінен именіп, жүруін тоқтатпас бірақ. Себебі киеге құрмет пен қастерлеу сезімі олардың санасынан жырақ. Надандар толған айдай көркің менен көктегі салтанатыңа дәл осы көпек иттер сияқты үрген еді. Бұл саналарына саңылау түспеген төбеттердің дауыстарына назар салып, үндемегін. Оларға өкпелеп, сені асыға тосқан шын дерттіні тастап кетпе, ей, сырқаттардың емшісі! Көз алдында ғайып болсаң, бақыттан мақрұм қалар бар кісі. Саңырауға ашуланып, соқырды тастап кетпегін. Сен соқырға жәрдем беріп, қол ұшын созған адам Алладан жүздеген сауап пен сый алады деп едің. Кім соқырдың қырық қадам жүруіне жәрдем берсе, күнәлары кешіріліп, сый мен құрметке қауышады деген сен емес пе едің? Олай болса, мына пәни жалғандағы жанарлары суалған зағип соқырларға шипа тауып, емдегін. Бұл – сен сияқты сұңғыла жол көрсетуші қолбасшының міндеті. Сен алып келіп, ел-жұртқа жайған асыл діннің діңгегі. Өзіңді ақырзаман адамдары сүйеніш тұтып, медет сұрайды. Егер сен қол ұшын бермесең, олардың тауаны шағылып, тауы құлайды. Ей, үмбеттердің көсемі, бос қиялдың батпағына батқандарды жолға шығарып, білімнің қазынасына қауыштыр. Олардың алдамшы армандарының тұрағын хикметке толы рухани іліммен ауыстыр. Саған тұзақ құруды ойлағандардың жолына мен кедергі болып тұрармын. Әл-дәрменім таусылып, күш-қайратым бітіп бара жатса, Хақтан көмек сұрармын. Олардың көрдей соқырлығынан шарасыз пенделерді құтқарармын. Айтқаныма көнбеген надандардың бастарына жұт салармын. Шекер деп заһарды жұтқандардың көкірегін жарармын. Сенің шапағыңмен жарқырай жанған ақылымнан кеңес алармын. Күпіршілік күллі адамзаттың жүзін қарайтып, түнекке көмді. Сол кезде әзіреті Мұхамбеттің нұры жәрдемге келді. Өлімсіздік дауылпазы қағылды, мәңгіге дейін өмір сүретін ақиқат шамы жағылды. Жердің жүзі рухани байлыққа кенелді, жасыл түске бөленді. Адамдарға үстем болып келген надандық пердесін құртты. Көк аспан қуаныштан жеңі мен жағасын жыртты. Ай жаңарып, екіге жарылды, тап-таза болған рух пәк сәбиге айналып, құндаққа таңылды. Дүниені хош иіс жайлады, адамзат кеудесіне иман толтырып, беліне бақыттың кемерін байлады. Көңіл жеті көктің ишарасын көрсеткен құрал болды. Оған жер мен аспанның сырлы келбеті мөлдіреп тұнар болды. Ахметтің көңілінің сипаты жеті кітапқа жүк боп артылды. Оны айқындап түсіндіруге ғалымдардың жүрегі дауаламай, ғұламалар тартынды. Тілегенге бұл дүниеде де, о дүниеде де Мұхамбет Мұстафаның шапағаты жетер еді. Бұл дүниеде адамдарды дінге әкеледі. О дүниеде ізінен ергендерді жаннатқа жетеледі. Бұл дүниеде Алланың дәргейіне басын қойып: «Сен оларға жолыңды көрсет», – дейді. О дүниеде: «Сен оларға жамалыңды көрсет», – дейді. Оның демімен екі дүниенің де қақпасы ашылып, үмбеттеріне әзір болды. Тілеген дұғасы бір сәтте-ақ қабыл болды. Оған ұқсайтын шапағат иесі бұл дүниеге келмеген. Ондай ұлы кісіні әуелден ақырға дейінгі адам ұрпағы көрмеген. Ілімі мен өнері өнеге болып қалған пайғамбарды көрсең, бұл ілім мен өнер сенен басқа ешкімде жоқ деп тамсанасың. Ей, пайғамбар, жүрекке басылған мөрлерді алып, құрсаулы қамалды сен ашасың. Оның жаны мен шарапатты әулетіне және дәулетіне жүз мың рет салауат айтамыз. Пайғамбардың әулеті мен нәсілі, сәулеті мен асылы – көңіліміз мен жүрегіміздің бір бөлшегі. Уа, пайғамбар, саған жолдаған сәлеміміздің бағасын періштелер өлшеді. Сенің арқаңда пенде біткен бейнет пен азаптан арылды. Көркем мінезіңді серік етіп, кәміл адам боп танылды. Бір момын нәпсісін тыйса, жоқ болып еріп кетеді. Пайғамбардың сипаты денесіне дарып, нәпсінің азғындығы сөніп кетеді. Пақырлық – оның мақтанышы. Барын құрбан еткендердің ғана тоғысады баққа ырысы. Оны мақтап, мадақтауға жетпес тіл мен лұғатым. Дүниенің қалауынан құтылғандар ғана менің күйімді ұғатын. Мен ғана емес, жансыз зат та Мұхамбетті сағынып тұрады. Мұңын айтып, сырын айтып, Жаратушыға шағынып тұрады. Мәдинада шаңырағына тіреп қойған ұстын одан айрылғанда зар илеп көп жылады. Көз жасының себебінен ақиретте жаннаттан табар тұрағын. Уа, Мұхамбет Мұстафа, сен ләдун ілімін меңгердің. Хақтың ғылым дариясынан мол сыбаға, үлес алып, мына ғаламға өң бердің. Інжілде сені пайғамбарлардың серті деп, кие мен ілім байлығының кенті деп атады. Әзіреті пайғамбарым, сенің ілімің қияметке дейін жалғасатынына сенем. Алла тағала аятында «Сен өлсең де, бұл дін мен иман өлмейді» деген. Сенің кітабың мен мұғжизаңды мен қорғармын. Құранның мән-мағынасын бұзуға, оған бөгде ой қосуға тырысқан залымның жолына күш-қайратым жеткенше кедергі болармын. Сенің сөзіңді сөккендердің ізіне түсіп, оларды азапқа душар етермін. Сенің қағидаң мен насихатыңды демім біткенше ұрпаққа үлгі қылып кетермін. Сенің мысқалдай сөзіңнің бағасын күн сайын үстеймін. Сенің атыңды алтынмен аптап, күміспен күптеймін. Ей, ең кемел жетекшім – Мұхамбет пайғамбар!
XІІІ-XІV ғасырларда өмір сүрген түркі нәсілді шайыр Жүніс Әміренің тебіреністері:
Жаным құрбан болсын сенің нұрыңа, Аты көркем, өзі көркем Мұхамбет. Шапағат қыл біздей кемтар құлыңа Аты көркем, өзі көркем Мұхамбет. Жапа шегіп, көп қиналған момындар, Ақиретте Алла арманын орындар. Иә, Мұстафа, саған айтар зарым бар Аты көркем, өзі көркем Мұхамбет. Миғраж самғап Алла алдында мейман болған,
Тәңірдің құдіретіне қайран қалған. Тілепті үмбетін тек пайғамбаржан, Аты көркем, өзі көркем Мұхамбет. Ол сүйікті, көктер оның досы еді, Кім сүйсе оны, күнәлары өшеді. Ғаламды пәк самал желпіп, еседі.
Аты көркем, өзі көркем Мұхамбет. Ғашық Жүніс онсыз сіз не қыларсыз? Пайғамбарды мақтағын шәк, күмәнсіз. Сенбегендер кетеді екен имансыз. Аты көркем, өзі көркем Мұхамбет.
Мұхамбет, жаным сені сағынды
Іздеп-іздеп тапсам сенің ізіңді, Ізіңнің шаңына сүртсем жүзімді,
Көрмесем сені, үмітім менің үзілді,
Иә, Мұхамбет, жаным сені сағынды. Сені іздеп сапарға шықсам, Шөлдерді кезіп, шықтарды жұтсам, Дидарыңды бір сәт көңілімде тұтсам, Иә, Мұхамбет, жаным сені сағынды. Кеудемде еш табы жоқ айланың, Қалауымды Хақ жолына байладым. Төрт шадияржелпіпышық байрағын, Иә, Мұхамбет, жаным сені сағынды. Әзіреті Әли саңлағым да осында, Асан, Үсен қиыспас олар досым да. Мақшарда жүздессең, қолын өп, тосылма, Иә, Мұхамбет, жаным сені сағынды. Арапат тауында менің тұрағым, Қабыл болар мекені сол дұғаның. Мәдинаға жетейін деп жыладым, Иә, Мұхамбет, жаным сені сағынды. Жүніс зарлап мадақ етті тілімен, Төгілер шырын шын көңілдің гүлінен. Дәрмен тілеп, дәргейіңе жүгінем Иә, Мұхамбет, жаным сені сағынды. Ақиқатында өркениет тудырудың ең негізгі бір шарты бар. Ол – бірлік! Барлық тайпа бір ғана мәңгілік құндылыққа бас ұрғанда ғана бірлік пайда болады. Бірақ оның жүзеге асуы өте қиын. Көпқұдайлық әманда өзара қырқысты тудырған. Психологиядағы бытыраңқылық сананы жойған шын мықтылар ғана өркениетке жол ашқан. Ежелгі империяның бәріне тән бір заңдылық бар. Ол заңдылық – әлемнің бір ғана ортақ ережеге бағынып, бір ғана тәртіппен жүретінін байқау және оны мойындау. Ғаршыдан бастап жердегі кез келген қимыл-қозғалыстың жалғыз ғана Құдіреттің әмірімен жүзеге асатынын түсінген тұлғалар міндетті түрде әлемге өзгеріс сыйлаған.
Карен Армстронг
ТӘҢІРІМ НҰРДАН ЖАРАТҚАН
Тәңірім нұрдан жаратқан Затын Мұхамбеттің. Рақмет қып сосын таратқан Атын Мұхамбеттің. Мұхамбет – бір асыл ер Әлемге нұр берген. Жетпіс мың нәби, расулдер Ғажайып сыр көрген Жолында Мұхамбеттің. Әзіреті Әли арсылан, Оңында Мұхамбеттің. Асан, Үсен – қос ұлан Солында Мұхамбеттің. Жүніс Әміре ғашық құл, Міскін, кемтар, жасық құл. Сүндетін ашып бір Орындаңдар Мұхамбеттің.
Менің Мұхамбетім
Жебірейілім, сәлем жеткіз доcқа сен,
Менің Мұхамбетім, нұрдан Ахметім. Ғаршы-Күрсі, Лаух-Қаламға баста сен,
Менің Мұхамбетім, нұрдан Ахметім. Ғаршымды сәндеп, келтірдім шырайын, Құлдардың халінен бір хабар сұрайын. Ол келсін, керемет сұхбатты құрайын, Менің Мұхамбетім, нұрдан Ахметім. Ғаршының үстінде жайраң қағайын, Мойнына алқасын айдан тағайын. Мейірбанды одан басқа қайдан табайын? Менің Мұхамбетім, нұрдан Ахметім. Жүніс дәруіш деген бір атақ ап, Салауат айтып, тілеймін шапағат. Мәуліме оятқам ізгі махаббат,
Менің Мұхамбетім, нұрдан Ахметім.
Хақ Мұхамбет туылған түні
Күллі ғалам нұрына қарық болды Хақ Мұхамбет туылған түні. Мұнапықтар тірлігі тәрік болды Хақ Мұхамбет туылған түні. Келді ғашық, жер беті нұрға оранды, Тұңғиықтар әрленді суқараңғы, Құрғап қалған бар арна суға қанды Хақ Мұхамбет туылған түні. Жас ананың жүзінен күн көрінді, Шығармады бөбектер мүлдем үнді. Сансыраған сан кәуір дінге кірді Хақ Мұхамбет туылған түні. Үрлер келді, Ғаршыдан құйды ізгі леп, Құндаққа орап, көйлегін кигізді көк, Расулге жүздерін тигізді кеп Хақ Мұхамбет туылған түні. Көктен жерге қисапсыз шашылды нұр, «Жетілер» мен «қырықтар» қосылды бір. Бұзғын діндар тілдері кесілді кіл Хақ Мұхамбет туылған түні. Шашсын Жүніс, бауырлар, сөзбен үлгі, Дәруіштер шаттансын жаз көңілді. Тау да, тас та – барлығы сәжде қылды Хақ Мұхамбет туылған түні.
XІІІ-XІV ғасырларда Тұран топырағында өмір сүрген түркі нәсілді ғұлама Насыраддин Рабғузидің тебіреністері:
– Ей, Мұхамбет, пайғамбарлар падишасы! Қанша қайталап оқысам да, жадыма берік тоқысам да, сендей дәрежесі ұлық нәбидің қиссасына тоймаймын. Ақыры өзіңді және өнегелі ісіңді хатқа түсірейін деп қаламымды қолға алдым.
Екі жаһанның сардары келіп, дін шариғаттың мәртебесін биік қылды. Алланың әмірін орындап, Хаққа ғашық болып, оның жолын сүйіп тұрды. Күпірлік пен зұлматтың тауын қара жерге көмген, үмбеті үшін ата-анасы мен перзенттерін құрбандыққа берген. Қияметте барлық момынға шапағат сұрайын деп, күнәкар үмбетім отқа кетпесін деп, Тәңірге жалбарынып тілек қылайын деп, пәни дүниенің барлық қиындығына төзді. Алланың ақ жолына шақырамын деп, құлан жортпас қу медиен даланы жаяу кезді. Тайыптың надан халқынан сөгіс естіп, адам айтқысыз азапты бастан кешті. Мәжбүрлікпен Меккені тастап, көркем шаһар Мәдинаға көшті. Ғайса пайғамбар өз қауымының бәлесі мен азабына төзе алмай, көкке самғады. Мұхамбет пайғамбар қандай бейнет көрсе де, үмбеті үшін бар күшін сабырға жалғады. Ыдырыс пен Ыбырайымдар Мұхамбеттің ұлық мәртебесіне қызықты. Сүлеймен де оның мүбәрәк жамалын көру үшін садақаға берер еді қолындағы асыл жүзікті. Расул жерге түскеннен кейін мехнатпен машақаттарға көндікті. Езілгендердің қамын жеп, азғындардан оларға алып берді теңдікті. Жиырма үш жыл еңбектеніп, күні-түні көз шырымын алмады. Ібіліс малғұнның жолын кесіп, қақпан-тұзағын қиратып, күресуден танбады. Күнәкәр үмбетінің «Күнәсін кеш!» деп Құдайға жалынып, дұға қылды. Мыңдаған жыл мешеу жатқан меңіреу даланың төскейін бұлақ қылды. Алланың хабибі әке мен анадан ажырап, аңырап қалған жетім-жесірдің маңдайынан сипап, баршасын желеп-жебеді. Миғражға шыққанда жетімдердің ақысын Алла қорғайтындығын көреді. Сондықтан «Жетімнің ақысын жемеңіз!» деп үмбетіне үлгілі сөзін қалдырды. Кәусар сипат көздерімен тас боп қатқан кеуделерде сөніп қалған шырағданды жандырды. Оның тілі зікір, тәспі, сәнәдан бір сағат ғапыл қалмайтын. Ұйықтап жатып та, көкірек көзімен жер менен көктің арасын барлайтын. Тылсым дүниенің ілімін меңгеріп, рухани ғылымды мирас етіп тапсырды. Сарқылмайтын сан түрлі мұғжизаларын көрсетіп, Алланың құдіретін паш қылды. Дүниеден өткеннен кейін үмбетіне Әубәкірдей шыншыл асылды бас қылды. Қиямет күнінде шапағат қаруын бойға асынады. Ізінен ерген жамағаттың қателі істерін «Ғафу ет!» деп Тәңірдің дәргейіне бас ұрады. Қызылды-жасылды дүниенің қызықтарынан баз кешіп, жалған байлықты тәрк етті. Дүниеде егін еккен момындардың ақиретінің абат болуы үшін бел шешпей, тер төкті. Осы еңбегі үшін миғраж түнінде Бәйтүл Мұқаддасқа келіп аялдап, Жебірейілмен бірге жеті қат көкті кесіп өтті. Нәпсі мен шайтанның азғыруына бір сәт көңіл бермей, олардың айласын тесіп өтті. Қарызын өтей алармыз ба, қанша жанымызды қинасақ біз. Оның аманатына адал бола алмаспыз ерте бастан ес түзеп, етек жимасақ біз.
XV ғасырда Ирак топырағында дүниеге келген, түркі нәсілді шайыр Физулидің тебіреністері:
– Ей, көзім, көңілімдегі жалынды өшіру үшін су шашпа. Жан дүниемді жаулап алған сағыныш сезімін баспа. Дүниенің суын жиып төңкеріп төксең де, бұл қайғым басылмайды. Хабибімнің кемел көркін аңсап, тіл мен жағым талғанша жырлаймын. Хақ Расулының асыл қасиеттерін тілдің шырыны жеткенше толғармын. Ойдағы лағыл мен маржанды тілдің қуатына жалғармын.
Пәк есімің Мұхамбет еді. Аллам саған «хабибім» деді. Мүбәрәк жүздеріңнен мейірім мен шапағаттың нұры төгілген, ниетің мен пиғылыңнан үмбетіңе деген махаббаттың бейнесі көрінген. Раузаңа басымды қойып, зар еңіресем, дертімнен айығар ма екенмін?! Айырылудың мұң мен зарын өмір бойы тартып өтермін. Нұр дидарыңды көру үшін топырақ болып табаныңда жатар едім. Қалауымды берсе, жапа шегіп, шөлдер кезіп, сағымдарға батар едім. Бір Аллаға сенің тілегіңді көңілімнен кетірме деп күні-түні жалбарынамын. Қызыл гүлдің ашылған сәтін көремін деген бұлбұлдай болып таңды таңға ұрамын. Көбелектей пәруана болып, жанған шамның отына да түсермін. Тау мен тастың басына шығып, сенің елесіңді әрбір жерден көруге ынтықпын. Қайтсем де сені іздеп табуға, ішімдегі сырларымды ақтарып бағуға тырысамын. Бірақ бұл қалауымның мына дүниеде орындалмасын жүрегім сезеді. Айырылған сәттің ащы запыраны жан дүниемді езеді. Мекке менен Мәдинаның арасында табанымды тас тіліп, жанарымда жас тұнып, ақ нәбиімнің сұлбасын көрсем деген үмітім бар. Жылғадан жылап аққан бұлақтай болып, басымды тастан тасқа ұрып егілемін. Кенезесі кепкен қу медиенді жыр нөсеріммен жайнату үшін көк жүзінен тамшы болып төгілемін. Менің дертті мадақ жырымды оқығандар басымдағы ащы күйімді аңғарсын. Ілтипат пен құрметтің, махаббаттың мәңгілік шерін тартқанымды біліп, жырларыма таңғалсын. Әзіретім екі жаһанның иесі, барша жаратылыстың киесі еді. Тілі бір сәтке де ғапыл қалмай, Ұлық Тәңірге зікір айтып, пәктеп, тынбай мадақтайтын. Тәсбих, тәхлил, тәхмид айтып, бір Алланы толассыз мақтайтын. Тағат-ғибадатсыз, сабыр мен мінәжатсыз таңы атпайтын. Шықтай болған пәк нұры әлемді раушан жарығымен жарқыратты. Он сегіз мың ғалам дүниеге Ахмет келді деп сүйінші сұрап, қуаныш пен шаттықтан балқып жатты. Нәбилердің құрметтісі адамзаттың дариясын өмір суына толтырды. Алланың әмірі мен бұйрығын барша жұртқа білдіріп, мағрифатты жол қылды. Азғын нәпсінің қақпанынан құтқарып, кемелдіктің шыңына жетеледі. Ол бұл дүниеге келмесе, қанша бейбақ баянсыз сағымның соңынан қуып, сандалып кетер еді. Алтынға бергісіз рухымыз қара бақырдан да қадірсіз болып қалар еді. Өкініштен өзегіміз өртеніп, бауырымыз күйереді. Оны жіберген Аллаға мың тәубе етіп, сан рет шүкіршілік етейік. Кімде-кім хабибінің бұл жолына еріп, үмбет болуға құштарланса, ол адамға баянды бақыттың қақпасы ашылады. Оның жәрдемінен дәрмен табу үшін барша жаратылыс салауат айтып, бас ұрады. Хақтың берген мұғжизасы тас болып қатқан көңілдерді ерітіп, түнекке батқан өмірлерді тірілтті. Расулын себеп қылып, Құранды жерге түсірді. Сен Құранды әдемі әуезбен оқығанда Ғаршы мен Күрсі, Лаухы мен Қалам, жер менен көк еміренді. Бізге де осы әуеннен бір үлес берсең екен деп тілек қылып тебіренді. Әр сөзі қанша жанның көкірегіндегі иманның бәйтерегін жайқалтты. Әр сөзінен қуат алып, қанша кісі Тәңірінің шуағын сезінді. Әр тамшыдан мың көктемнің рақмет самалы жердің бетін шарпыды. Жауһарынан тараған толқындары теңіздер мен көлдерде шалқыды. Иә, Хабибулла, сен миғраж түнінде барлық кереметтен мұғжизаңды асырдың. Адал бауырың Жебірейіл келіп, саған Хақтың сырын жеткізді. Надандықтың кірлі бояуын мархаматтың мөлдір ағынымен тазарттың. Сен көзін ашқан қайнарлардан толассыз сулар төгіледі. Ол судан жолаушылар мейірін қандырып ішіп, бәрі саған сүйсінеді. Ғапылдық ұйқысында қалғандар бұл жайды еш аңдамайды. Өйткені олар жақсы менен жаманның бәсін біліп талғамайды. Шапағаттың қазынасы жауһар затына лайық болды. Хақ тағала ләулік тәжін кигізді. Оның құрметіне он сегіз мың ғаламға жан берді. Әнбия мен расулдардың өзі саған құрмет көрсетіп, есіміңді әркез еске алады. Он сегіз мың ғаламның сұлтаны сенсің. Алланың әмірін халыққа сен жария етіп тараттың. Ол әмірдің бағасына ешбір қымбат байлықтың құны тең келмейді. Ей, әлемнің жаратылысына себеп болған ұлық жан! Періштелердің өзі Әзіреті Адамдағы сенің нұрыңа сәжде етті. Сенің нұрың барлық нәбилер мен расулдарға аманат болып өтті. Сәдеп дүрінен болған сипатың «Ясин» еді. Миуалы бақтардың гүлі болған затың «Та-Ха» еді. Көркем мінезің тұнып тұрған Құранның мәйегі еді. Халайықты әдеп пен ибаның, сенім мен иманның тұнығына бастадың. Сынаққа сабыр етіп, қандай захмет, бейнет төнсе де, қорқып қашпадың. Ібіліс малғұнның тұзағын сөгіп, үмітін үздің. Кейінгі үмбетің өрнек-өнеге алатын өмір түздің. Достарыңа жаныңды пида ететіндей мәрт едің. Тұңғиыққа батқан жұртты күн көзіне шығаруға серт бердің. Тағат қылуға, Хақ дидарын талап қылуға үндедің. Миллетіңнің халін ойлап, бір сәтке де езу тартып күлмедің. Үмбетің үшін жанын құрбан еткен сендей абзал адам бұл дүниені кезсем табылар ма екен? Сенің жолыңмен жүрген адамда қайғы-қасірет қалар ма? Сенің сүндетіңді берік тұтқан жан азап отына жанар ма? Ал сені сағынып жылаған пақырлардың көз жасы толас табар ма? Біз, бейшара үмбеттер, наламен көз жасымызды төгіп, сенің мақамыңда еруді қалаймыз. Үмбетіңе шапағат ет, ей, асыл пайғамбар! Біздерді ақиреттің күнінде панаңа ал. Сен көтерген жасыл тудың саясында жиналсақ, жаралы жанымыздың шипасы табылады. Қияметте қамқор болсаң, көкіректе қиял-арманым қалмайды. Физулидің бұл сырына қанық болған, шырағым. Рухы шат болсын деп біз міскінге дұға қыл.
XVІІ ғасырда қазақ топырағында өмір сүрген қазақ шайыры Сопы Аллаярдың тебіреністері:
Рақметі ғаламның, жетекшісі хақ діннің, Айтып сансыз салауат, тілге есімін жад қылдым. Құрайыштан таңдады Құдай діннің басшысын, Үмбеті үшін өмірдің татқан барлық ащысын. Жаралмас ед гауһар-пәк – атасы боп зәузаттың, Дәлелі сол: Расул тәжін киді ләуліктің. Патшалардың патшасы, діннің шамын жаққан жан! Жебірейіл уахиді жеткізді оған Жаббардан. Хақ тағала есімін атады оның «Мұхамбет», Мақамдарды Ол жеткен пенде айта алмас тұтам деп. Көлеңкесі жоқ еді, жасады Алла бар сыйын! Дәрежесін арттырып, көрсетті оған Аршы үйін. Қадам басса, хош иіс бұрқырады әтір боп, Шаңқан бұлттар басына төңкерілді шатыр боп. Екі дүние қауымы жамалына ғашық-ты, Пәк дәреже Иесіне қабы-қаусайн нәсіп-ті. Барлық діннен жоғары Ислам тұр сағада, Осы сөзге куә-дүр – Хазірет Уәжіп-Тағала. Сипаттарын Расулдың сөз жетпейді жаттаса, Өтер одан қай мадақ Хақтың өзі мақтаса?! Жеткей оған үздіксіз рақметі Құдайдың, Асхабтарын, отбасын жарылқа деп сұраймын!
ХІХ-ХХ ғасырларда өмір сүрген қазақ ақыны Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының тебіренісі:
Болғанда сөзің – хикмет, ділің – иман, Болғанда жүзің – рахмат, нұрың – рахман, Дауа қыл бұл жалғанда, һәм махшарда,
Өзіңсің дауасы жоқ – дертке дарман! Баршадан ізгі бақыт – ұлы биік,
Жаратқан Ұлық Алла сені сүйіп.
Шырағын дүние-ақырет жақ ішіме,
Жын-шайтан, нәпсі кірі кетсін күйіп. Тәж ләулік, болғаныңда, ғұмырың – таж, Келбетіңмен аласың хорлардан баж, Мен – жалаңаш: қына тоның жап үстіме, Болар дүр күллі патша саған мұқтаж!
Ей, көңіл, білсең шөл дүр жұртқа бағдар, Болғанда нәби мұрсал, һәм пайғамбар, Құлағың екі бірдей, тұт сөзіне, Мұхамбет дүр, ол – сәруар, Аллаһу әкбар!
Ықыласпен көңілімді қойдым Хаққа, Жүзімді төседім ғой топыраққа!
Сахарда дауыс келді құлағыма:
– Иә, пендем көңіліңді сал, – деп, –Хаққа!
Көңілімді естіген соң, Хаққа қойдым, Мұхамбет сипатыңа қашан тойдым.
Сол дауыста бір сөз бар: «Дүниеден без!»
Соны естіп қызыл-жасыл бәрін жойдым. «Сәллиалла, уа, ғалейкисалам!» деп,
Ертелі-кеш мен айтсам салауат көп.
Махаббаттың нұрына жансам лаулап, Ғашықтық дариясында болсам мен деп. Иләһи ғашықтарға сәруар болған,
Пейіштен ол ғаршыға барып қонған. Көрсетші үмбетіңе көркем жүзің,
Мұнтаздай жамалыңа барша тұрған.
ҚАЗАҚ ЖЫРЛАРЫНДАҒЫ МҰХАМБЕТ ПАЙҒАМБАРДЫҢ БЕЙНЕСІ
ҚАЗАҚ ЖЫРЛАРЫНДАҒЫ МҰХАМБЕТ ПАЙҒАМБАРДЫҢ БЕЙНЕСІ
Қазақ әдебиетінде Мұхамбет пайғамбардың тұлғасын жырға арқау еткен шайырлардың тарихы тым әріден басталады. Ең алдымен ХІ ғасырда өмір сүрген Қожа Ахмет Ясауи «Диуани хикмет» кітабында пайғамбарға салауат айта отырып, оның отбасы, үрім-бұтағы мен серіктері жайлы тәлімді мәліметтер береді. Әзірет Сұлтанның хикмет дәстүрінің негізінде ой толғаған қазақ жыраулары әсіресе ХІХ ғасырдың орта тұсынан бастап осы үрдіске қайтадан жан берді. Осы кезеңде Қазан, Ташкент, Уфа баспаларында бірнеше мәрте жарық көрген «Мұхамбет пайғамбар», «Қисса ан-хазірет Расулдың миғражға қонақ болғаны», Мұхамбет Расул Алланың дәрул пәниден дәрул бақиға рихлат еткен мәселесі», «Қақпанға түскен киіктің хикаясы», «Көдек бала» т.б. қиссалар бір жағынан қазақ халқының діни танымын күшейтіп, сауатын арттырса, екінші жағынан Патшалық Ресейден қаптап келіп жатқан христиан миссионерлеріне тосқауыл болды. Олар Мұхамбет пайғамбардың дана, ізгі, қайырымды, жанашыр сипаттарын толғауларына қосып, қазақ арасына насихаттауға үлес қосты. Сонымен қоса Шәді Жәңгірұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Жарылқасын Сырманұлы, Майлық ожа Сұлтанқожаұлы сияқты атақты жыраулар өз туындыларында әлемнің жаралу онтологиясын «Нури-Мухаммад» идеясынан таратады. Яғни он сегіз мың ғалам бір ғана Мұхамбет пайғамбардың нұрынан жаралды деген концепцияны жырлаған. Тереңінен зерделесек, олардың дүниетанымы ортағасырлық «Мұхаммедия» атты көне кітаптан бастау алғандығы байқалады. Бұдан бөлек «Нұрнама», «Қара Дәуіт», «Сияр Шәріп» кітаптарындағы сюжет желісін де аңғаруға болады. Өкінішке орай, атеистік қоғамда күллі қазаққа Алла елшісінің мейірімді бейнесін табыстырған осы рухани мұралар жойылып кетті. Тіпті Дия қажы Ахметұлы, Файзолла қари Сатыбалдыұлы сынды ақын-жыраулар сияр үлгісіндегі діни жыр-толғаулары үшін азап көріп, түрмеге де жабылған. Таршылық қапаста қиналып жатса да, олар пайғамбардың шапағатынан үміттерін үзбеген. Пайғамбардың рухына үздіксіз салауат айтып, мінәжат етіп, көрген қиындық пен тартқан азаптарының өтеуі болатындығына күмәнсіз иланған. ХХ ғасырдың ортасына дейін Мұхамбет пайғамбарды жырлау, оның ғибратты ғұмырын сипаттау сарыны жалғасып келген. Мәселен, Сәттіғұл Жанғабылұлы, Ақтан Керейұлы, Ыбырайым ахун Құлбайұлы Мұхамбет пайғамбардың «дін – насихат» қағидасына сай ел-жұртты Алланың бірлігін тануға, нәбидің ақ жолымен жүруге шақырды. Олардың өлеңмен айтқан діни дастандары елге кеңінен таралды. Төменде солардың ең шұрайлы жырларынан үзінді берілген.
Сан берген, сана берген, санат берген,
Инсан деп саналыға ол ат берген,
Жаратып барша әлемді жалғыз нұрдан
Жауһари нұр сәулесін тарат деген.
әл-Фараби
* * *
Әнбиялардың ішінде
Баршасынан абзалы
Мұхамбет екен алтыны.
Ең әуелі жаралып,
Он сегіз мың ғаламнан
Нұры бұрын балқыды.
Сәттіғұл Жанғабылұлы Пайғамбар сүйіспеншілігінің Түрік-Ислам әдебиетінде терең орын алуының себебі жаратылыстың пайғамбардың болмысынан таралуы жайындағы түсініктен туындайды. Мәселен, «Ләулака ләулак ләма халакту’л- әфлақ», яғни «Сен болмасаң мен мына әлемді жаратпас едім» деген құдси хадис әлемнің жаратылыс себебі Мұхамбет пайғамбар екендігін көрсетеді. Бұл сөз сонымен қатар Ислам космологиясында да маңызды орынға ие.
Мехмет Демиржи
Егесі күллі әлемнің Ол – пәк Самат,
Құранда бір атыңды депті Ахат.
Біссімілдә, есімің ұлық теңдесі жоқ
Жазылмай қалам ұшы айырылды шарт,
Жаратып құдіретіңмен екі жаһан,
Келтірдің бұл пәниге неше бір зат.
Ақиқат патша да өзің, қожа да өзің,
Тең бірдей қарауыңда мақұлықат.
Білдіріп барлығыңды көрсеттің жол,
Інжіл мен Зәбүр, Құран, ол бір Тәурат.
Қолына Мұстапаның беріп Құран,
Әшкере мұсылмандық еткен абат.
Асыл рух жаратылып жаннан бұрын,
Досымен аршы үстінде айтысты аят.
Өзегін өртендіріп, кетіп ұлы,
Көрген жоқ үмбеті үшін не машақат?
Ол ерге қанша айтқанмен көп болмайды,
Әр күнде әруағына мың салауат.
Шегебай Бектасұлы
* * *
Әуелі жалғыз аққұс жан жаратқан,
Екінші адам Сәпи топырақтан.
Үшінші құдіретіңмен таңғажайып
Жаратты деп айтады сайтанды оттан.
Көрсетіп құдіретіңмен бұл жаһанға
Келіпті он бір нәрсе Жаббар Хақтан.
Тағылым, ғибраталған төрт түрлі ел,
Інжіл мен Зәбүр, Құран, ол Таураттан.
Бесінші Кәлимолда алған аса,
Жазылған Хақтан сана әр парақтан.
Алтыншы Сүлейменге беріп жүзік,
Әлемді он сегіз мың ол қаратқан.
Шегебай Бектасұлы
* * *
Бәйтүл мақсұт атты нұр жаратты.
Қосақтап жасыл түсті құс жаратты.
Кеңдігі бұ дүниедей он мың шаһар
Баршасын құдіретімен Хақ жаратты.
Жарылқасын Сырманұлы
* * *
Мұхамбет атты мұрсалың,
Жас қалды ата-анадан.
Жәбір-жапа көп көрді,
Ете гөр раһлат панадан.
Тілегін тілеп үмбеттің
Бір сағат ғапыл болмады
Зікір-тәспі санадан.
Недей көрген мехнаты
Нышана болып қалыпты
Бұрынғы өткен данадан.
Шораяқтың Омары
* * *
Әліп, Ләм, Айнмен тұрар – «Әлхам» басы,
«Алланың» бұл үш әріп ишарасы.
Мүйімнің Бимен тұрса «Біссімілдәсы»:
Расул мен періштенің нышанасы.
«Мүйімнің – деген сөзі, – ортасы ақ»,
Жүрегі пайғамбардың, шын асыл зат.
«Құйрығы имек» болса, қияметте
Мұхамбет үмбетіне болады жақ.
Шет болмасаң пайғамбар сүндетіне,
Шын сүйген айналарсың үмбетіне.
Жарасаң ел-халықтың қызметіне,
Құдайдың бөленгенің құрметіне!
Абыл Тілеуұлы
* * *
Айтарым Құдайдан соң Мұхамбетім,
Мұхамбет жеті жаста қалды жетім.
Өзіне өз пендесін қимай тұрған
Пенденің қарасайшы үкіметін.
Дүниеде адамзатты ғалам етті,
Суретін Мұхамбеттің нұрдан етті.
Зар жылап, үмбетім деп дұға қылып,
Күнәсін үмбетінің тілеп өтті.
Қазақтың термелері
* * *
Әзіреті Мұхамбет
Ақырын Хақтан сұраған.
Мұхамбет бізден не көрді
«Үмбетім» деп қайғырған?
Тілегін бізге аударып
Аяулы жаннан айрылған.
Құбыланың оңында,
Жасыл туы қолында
Көзінен қанды жас ағып
Мүбәрәк саған қайырылған.
Қашаған Күржіманұлы
* * *
Мұхамбет әзиз пайғамбар
Жеті қат көктен әрі өтіп
Аршы ағлаға барғанда,
Аллаға арыз қылғанда,
Әзәзіл шайтан асылып,
Құртар жері оңай боп,
Алдында жылап тұрғанда,
Рақым етіп босатпай
Ән хазірет мойнын бұрсайшы!
Бұл дүние – екі жол,
Бірі оңда, бірі – сол,
Бірін тұтсаң, бірі жоқ,
Дүние қысқа, ақырет ол,
Майлықожа Сұлтанқожаұлы
* * *
Рәббіл әуел айында
Дүйсенбінің түнінде
Әбілдә деген момыннан,
Әмина деген зайыптан
Шарапатты жаһанға
Мұхамбет атты ұл келді,
Аспан мен жер жарылып
Жаһанға сол күн жел келді,
Жер мен көк бәрі сәжде ғып
Кәлима айтып дінге енді,
Тау, тастары жапырылып
Барлығы тағзым қылды енді,
Жан-жануар бүгіліп
Ағаштар басын иді енді,
Жер менен аспан жадырап
Сол күні көктем – жыл келді,
Дін ашылды әзіреттен
Дәуірге өзі мінді енді,
Ғаршы аспаннан Жебірейіл,
Ысрапыл мен Мәкәйіл,
Әзіреті Әзірейіл –
Қызметкер қауым бұл болды,
Барша жәми мақұлық
Бір Құдайға құл болды,
Бір Аллаға өлмек жоқ,
Басқаға өлмек шын болды,
Майлықожа Сұлтанқожаұлы
* * *
Тіліме жат алайын Хақтың атын,
Жөнделмес Алла демей айтқан гәпің,
Алла десең, артынан зұлжалал деп,
Айтыңыз пайғамбардың салауатын.
«Үмбетім, үмбетім!» деп жан тапсырған
Кім болар екі әлемде мұнан жақын?!
Ата-ана, баласынан көрді тәуір,
Тіледі өлгенінше үмбет нәпін.
Майлықожа Сұлтанқожаұлы
* * *
Ай нұрынан жаралған,
Сақтап өзін арамнан.
Дін мұсылман халқына
Жол көрсеткен адалдан.
Хақтың досы Мұстафа
Олар да өткен дүниеден.
Базар жырау Оңдасұлы
* * *
Құдайым он сегіз мың ғалам қылған,
Бұл сөзден ғибрат ал, ей, мұсылман.
Хауа ана-Адам ата жұптасқан соң,
Келеді өсіп-өніп осынша жан.
Құдайым он сегіз мың жан жаратқан,
Адамды топырақтан, шайтанды оттан.
Суретін пайғамбардың нұрдан жасап,
Шығарды артық қылып адамзаттан.
Мұхамбет пайғамбардың сарасы еді,
Нұрына періштелер талас еді.
Сүйіндік Тілегенұлы
* * *
Уа, Раббым, ортағы жоқ патша өзің,
Әуелден бізге дәлелайтқан сөзің.
Әләсту бироббикум дегеннен-ақ,
Бізді момын-мұсылман көрдің өзің.
Жараттың әһлі таухид сансыз шүкір,
Пендең көп бізден басқа қылсаң пікір.
Пайғамбар және берген өз хабибің,
Үйреніп содан саған айттық зікір.
Орнатты Мұхамбеттің нұрын және,
Шамдалға рух кіріп, етті пана.
Алла атын екі мың жыл зікір етті,
Не деп талас қылмақшы бұған дана.
Сол түрмен мың бір атын етті зікір,
Үмбетсіз сахибына сансыз шүкір.
Қаһар деген атына жеткен кезде
Қаупінен қатты терлеп, қылды пікір.
Шамдалдан нұр тамшылап шықты тысқа,
Қысылған терден тұрпат болды нұсқа.
Әнбиелер әруағы содан бітті,
Кітаптан көрінгені біз байғұсқа.
Мұхамбеттің рухынан болды бәрі,
Негізі біздің нәби – сөздің нәрі.
Нұрыңнан қанша жақсы пайда болды,
Не халмен қуанбаймыз үмбеттері?
Әріп Тәңірбергенұлы
* * *
Жаратқан Мұхамбеттің нұрын Құдай,
Ғаламнан он сегіз мың бұрын Құдай.
Таңдаулысын өзінің досы қылып,
Мұндай артық сүйер ме құлын Құдай?
Әуелі пайғамбардың нұрын қылған,
Ғаламнан он сегіз мың бұрын қылған.
Нұрынан екі тамшы сәуле алып,
Олардан Ай мен Күнді жарық қылған.
Шал ақын
* * *
Меккеде туған жері, шаһар іші,
Жарқ етті өзгеше боп өңі-түсі.
Анасына көрінді сәулесімен,
Шам, Шәріп, Басра менен іші-тысы.
Керек қылып ойға алмай ата-анасын,
Сәждеге туысымен қойды басын:
«Азат қыл үмбетімді отыңнан!» – деп,
Жіберді мөлт-мөлт төгіп көзден жасын.
Нұры пәк дүрс еткенде жерге түсіп,
Жер қозғалып орнынан тайды көшіп.
Қуанғаны, қорыққаны – бәрі ішінде,
Кете жаздап оңалды аспанға ұшып.
* * *
Кім білер әуел-ақыр Хақтың сырын,
Нәрсе жоқ бір өзінен басқа бұрын.
Ғаламға өзін мәлім етпек үшін
Жаратты Мұхамбеттің асыл нұрын.
«Әуелі мақлұқатта нұрым» деген
Хақында дәлел болды хадис мұның.
Осылай жаратыпты әуел нұрды,
Жаратқан тәннен бұрын ақыл-ойды.
Ерітіп жасыл гауһар сонда ағызып,
Ғаршыны жаратпаққа жарлық қылды.
Аспан, жер, Ғаршы, Күрсі, Лаухы, Қалам,
Сыдыра мен жаннат, тозақ –бәрі тамам.
Сол нұрдың бөлшегінен пайда болды
Жаралған он сегіз мың күллі ғалам.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы
* * *
Әуелі нұры жаралған,
Ақыры өзі жаралған.
Қазылған қара жолдайын
Шариғаты таралған.
Жалғыз ұлын құрбан ғып,
Үмбетінің күнәсін
Бір Алладан сұраған.
Құдайдың досы – Мұхамбет.
Бектұрғанұлы Қаражан қажы
* * *
Пайғамбар әуел-ақыр үмбет деді,
Үмбетінің екі дүние қамын жеді.
Лахадтың аузын жауып, бекіткенше
Үмбетім, үмбетім деп айтып еді.
Баласынан кем болмайды барлық үмбет,
Үмбеті тәрк етпесе, қосты сүндет
Сүндетін орындаушы үмбетіне
Мақшарда шапағат жасау оған міндет.
Балмағамбет Балқыбайұлы
* * *
Бәрінің көңілінде зікір, сана
Бөтен жоқ үйіндегі Хақ тағала.
Мекке мен Мұхарамның құрметіне
Ғашықтығы Мұхамбет Расулалла.
Салауат күндіз-түні айтқан сөзі,
Бәйтоллаға мұнтазар екі көзі.
Зікір, тәхлил, таспихте тіл мен қолы
Қызарып балқып тұрды нұрлы жүзі.
Қажы Өсербай жылады мұны көріп,
Мұрнына пайғамбардың иісі кіріп.
Қорғасындай балқыды тұла бойы
Қуанып келгеніне шүкір қылып.
Өсербай Қуанышұлы
* * *
Құдіретіңе, иә, Алла,
Мен жылаймын зарланып.
Он сегіз мың ғаламның
Падишасы сен едің.
Өз нұрыңнан жаратқан
Жалғыз достың мен едім.
Дәргейіңе зарланып,
Мен жылаймын, иә, Алла.
Миғраждың түнінде
Бір тілекті тіледім.
Сөзімді қабыл қылсаң Сен,
Көп үмбеттің күнәсін
Енді маған берсең Сен!
Нарманбет Орманбетұлы
* * *
Ғаламға Абдолла ұлы келіп еді,
Не тар жол татаусыз боп көніп еді.
Іңгәлап анасынан туған заман
Жаһанға жаннат нұрын төгіп еді.
Дүнияға Нұр Мұхамбет келген кеште
Жиылып сайтан біткен зеңіп еді.
Әзәзіл бұрынғыдай күн қайда деп,
Қарына Қап тауының шөгіп еді.
Шораяқтың Омары
* * *
Бісмілдә деп жаздым хат,
Бір Аллаға мінәжат!
Құлдарына қапалы
Болар ма деп шапағат,
Шапағат ет, Сәллалла!
Жад еткенім пір Мұхамбет,
Мұхамбетке біз үмбет.
Тілегіміз саламат,
Сол тілекті қабыл ет,
Шапағат ет, Сәллалла!
Хақты жадқа алғандар
Жүз жиырма төрт мың пайғамбар!
Алланың болып жәрдемі
Мақпұзда тірі қалғандар
Рухтарыңмен қорғаңдар,
Шапағат ет, Сәллалла!
Жад еттім кәміл пірлерді,
Мұстажап кәміл ерлерді.
Аллажан рақым еткейсің
Күнәкәр ғаріп біздерді,
Шапағат ет, Сәллалла!
Бақса Қағба көрінген,
Басса жерлер түрілген,
Құл Қожахмет Ясауи
Ләдун ғылымы берілген,
Шапағат ет, Сәллалла!
Қайғылы көзден шығар жас,
Не көрмейді ғазиз бас?
Жәрдем бергей жар болып,
Бабай түкті шашты Әзиз
Қырда Қызыр, ойда Ілияс!
Шапағат ет, Сәллалла!
Әміріңнен сөнер жанған өрт,
Сақтасаң, кетер қайғы-дерт.
Залымды, Тәңірім, өзің тап
Дұшпандық ойлап, қылған серт,
Шапағат ет, Сәллалла!!
Рахмат дарияң мол еді,
Аққа зауал жоқ еді.
Кілт, бұғауда зарығып
Азамат ерлер жүдеді,
Шапағат ет, Сәллалла!
Бере гөр, Раббым, тілекті,
Шаттандыр мұңлы жүректі.
Қара су, қара көжеңмен
Дәм қылып бердің қоректі,
Шапағат ет, Сәллалла!
Жаратқан жаппар құдірет
Сәмиғолла Мұхамбет!
Қапаста жатқан ерлердің
Ақ тілегін қабыл ет,
Шапағат ет, Сәллалла!
Үш қайтара айтып дат,
Өз атыма қылдым жад.
Бұл өзіңе жазған хат
Шапағат, Алла, шапағат!!!
Шапағат ет, Сәллалла!
Файзолла Сатыбалдыұлы
* * *
Ей, Алла, осы әлемді Сен жараттың,
Халықты неше түрлі тең жараттың.
«Пендеме тар-тапшылық болмасын» деп,
Осынша дүниені кең жараттың.
Ей, Алла, Мұхамбетпен дос емес пе ең?
Ол күнде мұндай емес бос емес пе ең?
Жалынса кім қысылып, жәрдем қылғыш
Сондағы күшті Құдай сен емес пе ең?
Күшті еді Мұхамбетпен байланысың,
Оңайлап жіберуші ең қайдағы ісін.
Арада Жебірейіл аттай шапса,
Жіберер дұшпанына қай намысын?!
Жебірейіл жеткізіп сәлеміңді,
Досыңа жібермеп пе ең кәләміңді?
Көп күттік ынтымақтық алайық деп,
Сол үшін жаратпап па ең әлеміңді?
Досыңыз кәләміңді оқып-парлап,
Қалдырған кейін бізге әдейі арнап.
«Пейішке үмбетімсіз кірмеймін, – деп,
«Үмбетім! Үмбетім!» деп кеткен зарлап.
Зарлаған сол үмбеті мен емес пе?
Сенгеніпайғамбардың Сен емес пе?
Пендесі біраз азып жолдан шықса,
Түзейтін құдіретпен Сен емес пе?!
Таңжарық Жолдыұлы
* * *
Алла тағала Мұхамбеттің нұрын қылған,
Ғаламнан он сегіз мың бұрын қылған.
Өзінің сүйіп қылған жалғыз досы
Мекке мен Мәдинадан орын алған.
Жарандар, осы іске болғын шадыман
Мұхамбет үмбетіне шаһри рамазан.
Кәрбоз Қаңтарұлы
* * *
Нәсібі көлдей шалқыған,
Асылы нұрдан балқыған
Алланың досы Мұхамбет.
Кезекті зауал келген күн
Айрылған о да халқынан.
Он сегіз мың ғаламның
Өкінген бәрі артынан.
Кім айрылып қалған жоқ
Жалғыз бенен жалқыдан?
Адамзаттың баласы
Асыл болып жаралған
Ақ күміс пен алтыннан.
Қыран бүркіт секілді
Көкірегі көкке талпынған,
Аспанға шығып қалқыған.
«Алла бір» деген тағатын,
Тағатты құлға нанасың.
Мақшар күнгі сапарға
Саламат болып барасың.
Біліп айтса ғалымдар
Құранның аят-парасын.
Жетпіс мың жылдық жол дейді,
Жебірейіл жазса қанатын,
Жер менен көктің арасын.
Кәримолда Шәріпте
Осылай айтқан шамасын.
Алладан соңғы Мұхамбет
Он сегіз мың ғаламнан
Үмбетіне өзінің
Аямай төккен панасын.
«Досысың, – деп, – Алланың»
Кідірткен жоқ-ты қазасын.
Жаралғаннан бері қарай
Нешелер заман өтіпті,
Тарихтан байқап қараса.
Атамыз Адам-Сафи мен
Қырық сегіз ата болыпты
Мұхамбеттің арасы.
Әуелде де Мұхамбет,
Ақырда да Мұхамбет –
Адамның артық данасы.
Әзіреті Ғайса соңынан
Мұхамбеттің келуі
Алты жүз жылдың шамасы.
Кезі екен діннің азайған,
Көбейіп жұрттың қарасы.
Хақ Расулым келгесін,
Пайғамбарлық енгесін
Табылды жолдың тазасы.
Әбужәһіл бас болып,
Кәуірлердің көп болды
Бұған да жанжал-таласы.
Бірді мыңға тай қылған
Жасаған Алла панасы.
Расулы нәбиге
Қырық жасына келгенде
Пайғамбарлық бекінді.
Кәләм Шәріп берілді.
«Ислам жолға үнде» деп,
Бұйрық еткен делінді.
Алланың бұйрық-әмірін
Қауымына хабарлап
«Жасаған Алла бір, – деді,
Хақ пайғамбар мен, – деді,
Құранның сөзі шын» – деді.
Расулнәби сөзіне
Иланып халқы сенбеді.
Әубәкір Сыдық әуелі
Пайғамбарға иланып:
«Құранның сөзі шын», – деді.
«Лә-иләһә-Иллалла
Мұхаммәдун РасулАлла,
Мұсылмандық дін», – деді.
«Құдайға құлмын мен», – деді.
Омар, Оспан, Ғали мен
Бұлар да көңіл бірледі,
Кәлима айтты тілдері,
Ислам болды діндері.
Расулы Мұхамбет
«Төрт шадияр сен», – деді.
Төрт шадияр, Хақ нәби
Бесеуі аузын бірледі.
Сосын-ақ жұртты кем-кемнен
Ислам жолға үндеді.
Сахаба, шайхы көбейіп
Күннен күнге дүрледі,
Кәуірге теңдік бермеді.
Арыстан туған ер Ғали
Қарсыласқан дұшпанға
Зұлпыхарын сермеді.
Медина, Мекке, Шам шәрі
Жақсыларым барылып,
Кәуірлер қалмай арылып.
Қураған ағаш гүлдеді,
Қисықты түзеп жөндеді.
Шарғымен тәртіп түзетпек
Білінді қаулы сөздері.
Медресе, мешіт салдырып
Пайғамбар туын байлады,
Жарқырады айлары,
Шариғат, мәзһәб, төрт имам
Силсаласын сайлады.
...Араб, парсы, түрікпен
Мұсылман атақ-ұранын
Жиырма үш жылда тамамдап
Әзіреті Сәллолла,
Мұсылман басын құрадың.
Алпыс үш жасқа келгенде
Болынды асыл мұратың.
Төрт шадияр жараның
Патша болып орныңа
Мұсылман халқын сұрадың.
Мирас болып қалынған
КәләмШәріп Құраның.
Тамамдайын бұл сөзді
Рухыңа етіп дұғаны...
* * *
Жасаған Алла бір еді,
Әмбенің жайын біледі,
Раушан жарық көрсеткен
Аспанда ай мен күн еді.
Жүмлә ғалам, мақұлық
Құдіретіменен жүреді.
Абзалы артық жаралған
Мұхамбеттің нұры еді.
Атамыз Адам әуелде
Мың жыл тұрып дүниеде
Біздерді Хақтан тіледі.
Дұшпандық еткен адамға
Әзәзіл-малғұн сұм еді.
Абылды Қабыл өлтіріп,
Мұсылман-кәпір айрылып
Содан бері келеді.
Ислам жолын жүргізген,
Ақ-Кәләмді білгізген
Әзіреті Сәллолла
Пайғамбардың соңы еді.
Ғалымдар сөзі шын болса,
Мұхамбеттің үмбеті
Тамұқта мәңгі қалмайды.
Хақ Расулы Мұхамбет
Үмбеттерін қамдайды.
«Жаһаннамның отында
Қалды ма, – деп, – үмбетім?» –
Өзі барып барлайды.
Сегіз ұжмақ жаннаттан
Әркімге орын сайлайды.
Нұрдай көзі жағылған
Пырақтар тұр мінусіз
Сол бұлақтан су ішіп,
Құрмаменен бағылған.
Әдемі сұлу һүрлер жүр
Күлләдан асыл жамылған.
Гауһар, лағыл тағынған.
Ағаштар тұр мәуелеп,
Жапырақтары жалтырап,
Жемістері малынған.
Сегіз ұжмақ –жаннаттан
Не керегің табылған.
Мұсылманның баласы,
Бір Құдайдың бұйрығын
Шығара көрме жадыңнан.
Наданмын деп қорынба,
Жол сұра, көрсең, ғалымнан.
Өлген күні пайда жоқ
Басыңда болған бағыңнан,
Жинап баққан малыңнан.
Жан шығар жерде сақтағай
Аңдыған шайтан-залымнан.
Пәниден барған бақиға
Алдынан орын сайлаулы
Анық жомарт-сақиға.
Еркесі дейді Алланың
Жасына үлкен-сағира.
Мақшар күні жол ашық
Хақ сипатты ғалымға.
Жасаған Алла, күшің көп.
Жасаған Алла, панасың,
Өзіңнен басқа кім білсін
Әркімнің ақ пен қарасын?
Патша қылдың әлемге
Атамыз Адам баласын.
Досы еттің өзіңе
Мұхамбеттей данасын.
Сүлейменге билеттің
Аспан мен жердің арасын.
Ыбырайым Халиоллаға
Арапа таудың басынан
Бәйтолләні салдырдың.
Ысмағұлдай жалғызды
Құрбандыққа шалдырдың.
Көк қошқар түсіп аспаннан
Оны да аман қалдырдың.
Жарылқауға күшің бар,
Ғажайып әрбір ісің бар.
Біз – күнәһәр пендеңбіз,
Болмасаң, Алла, өзің жар...
* * *
«Ағузы» мен «Біссімілдә» –
Әрбір сөздің бастауы.
«Әлхамділда» салауат –
Мұсылман пенде аузынан
Дұрыс емес тастауы.
Ала таңмен аралас
Зікір айтып зарлаған
Бір Құдайдың достары.
Алланың досы кім десең,
Бұрынғы өткен пайғамбар.
Олардың жолын құп тұтқан
Ғұлама деп айтқандар,
Ғашық болып Аллаға
Дүнияны қойғандар.
Ізгілікке қосылмас,
Тұғыры жолдан тайғандар.
* * *
Біссімілдә деп бастайын,
Мәдет тілеп Алладан.
Қабыл Хаққа болса да,
Мінәжат-дұға пендеден.
Әзірет Хаққа айтамын,
Сансыз да қамда санадан.
Салауат торын жіберген,
Артық туған пайғамбар.
Хақ Расулы Мұхамбет,
Абзал туған анадан.
Әулеті, жұрты, асқапқа
Қайыр, дұға қылайық.
Жиылған көп халайық.
Сейітжан Бекшентайұлы
* * *
Әуел баста жазайын Құдай атын,
Есім, затын тағы да һәм сипатын.
Андан соңыра тағы да жазамын мен
Мұхамбет пайғамбардың салтанатын.
Көріңдер құдіретін Хақ Қадірді,
Құдіретімен жаратты көк пен жерді.
Бір жүз жиырма төрт мың пайғамбардан
Артық қылды Мұхамбет пайғамбарды.
Ол ғазиз пайғамбардың шәріп атын
Естігенде айтыңыз салауатын.
Қиямет күн болғанда баршамызға
Хақ Кәрім нәсіп етсін шапағатын.
Сүндетін пайғамбардың тұтыңыздар,
Шапағаттан үмітті етіңіздер.
«Аллаһуммә, сәлалла Мұхамбет
Уә әләйһиссалам» деп айтыңыздар.
Жүсіп Нұрымұлы
* * *
Пайғамбар медет қылар жалбарынсам,
Хәлім нешік, сыйынбай ғапыл қалсам.
Жәрдем, көмек біздерге шабыт берер,
Сонан кейін қолыма қалам алсам.
Құдайға сиынамын әуел бастап,
Білгенімді қалдырмай бірін тастап.
Жәрдем, көмек қылыңдар мен пақырға,
Пайғамбар шадияр мен жамиғ асхаб.
Жәрдем қыл, шадияр мен жамиғ асхаб,
Қожа Ахмет мың машайық жүрген бастап.
Әбілқасымнан бір өлең аудармаққа
Қағаз алдым, қолыма қалам ұстап.
Жүсіпбек Шайхысламұлы
* * *
Мұхамбеттің ақтығы
Әлемге мәшһүр білінді.
Күндерде бір күн Мұхамбет
Он екі жасқа ілінді.
Жатсаң-тұрсаң, жақсылар,
Бір Алла болсын тіліңде.
Рақым қылып сыйлап жүр
Жетім менен жесірді.
Бұларға қорлық іс қылсаң,
Басыңа салар кесірді.
Ақырға нұсқа болсын деп,
Мұхамбеттей гауһарды
Жетім қылып өсірді.
* * *
Мұхамбет үшін жаратты
Он сегіз мың ғаламды,
Әр ісімнен көрсін деп
Лаухыменен Қаламды.
Адам ата, Хауа ана
Досы үшін бұлар жаралды.
Күллі кәуір, мұсылман
Сол кісіден таралды.
Түсінсін деп, әуелден,
Түсірді Құран Кәләмді.
Нұрын төгіп досына,
Білдірді арам-адалды.
Сол досыңыз басынан
Көрген жәбір жасынан,
Қапалық бастан өткізіп,
Жетім қылып Құдірет,
Машақат жастан көп көрді.
Ержеткен соң Мұхамбет
Кәуірлердің басынан
Бақ-дәулетін көшірді.
Келген түні дүниеге
Шайтан қашып тұра алмай,
Балға, төсін ұра алмай,
Кәуірдің отын өшірді.
Ержетті ақыр тарығып,
Шариғатын жары қып,
Дариядай толқып басылды.
Сайыпқыран не ерлер
Нағып шауып жасырды
Әуелі араб дінге еніп,
Хаққа мойын ұсынды.
Жиһанда барша кәуірлер
Есітіп жаман шошынды.
Алмай, құры қайтпады,
Қай жерге қылса қосынды.
Сол сияқты досты да
Ажалға ақыр тосылды.
Мұхамбетке ақыры
Жетімдікті шарт қылды.
* * *
Шапағат қылсын пайғамбар,
Сол кісіге үмбетпіз,
Бір Құдайдың құлымыз.
Құдаймен болар күніміз.
Таразыға тартылар
Күнәміздің көп-азы,
Айналар оңға ісіміз,
Айдаса сират көпірге,
Шапағат етіп пайғамбар,
Болмасын тоқтау жолымыз.
Ғибрат етіп жақсылар,
Жаннатқа әбден кірген соң,
Тұтылсын оң қолымыз.
Шапағат етсе пайғамбар,
Жаннатқа неғып кірмейміз.
Зар жылаймын, Жаратқан,
Ақиретке барғанда
Қандай болар күніміз?
Айналайын, Құдай-ау,
Саламат болсын иманым,
Ақиретте, Құдай-ау,
Хақ Расулы нәбидің
Көрсеткейсің дидарын!
Әбдірасіл Ахметов
* * *
Әуелі пайғамбардың нұрын етті,
Он сегіз мың ғаламнан бұрын етті.
Алла Тағала өзіне досы етіп,
Онан соң оған берді көп үмбетті.
Баршадан артық қылып досым деген,
Дос болған үмбетінің қамын жеген.
Сипаты рақмет шашқан ғаламға-дүр,
Басына ләулік ләммә тәжін киген.
Жүсіпбек Шайхысламұлы
* * *
Мұхамбетке біз үмбет,
Досым деген шадияр.
Бізден соңғы үмбеттер
Әмірін Хақтың ұнатқан,
Қиналып бәрі жыласқан,
Дін үшін ғиззат қылысқан.
Пайғамбары Құданың,
Қолдай гөр барша қостыны.
Сенен жәрдем сұрадым,
Ете гөр көп керемет,
Бізге де бір дәрмен ет.
Әзиз жан, тән де аманат,
Айырылар жер қабағат.
Кәміл пірлер, сақтай гөр,
Қиямет күннен саламат.
Майлықожа Сұлтанқожаұлы
* * *
Мұхамбет – Хақ Расулы егін екті,
Көзден жас, маңдайынан терін төкті.
Егіні – дін ислам, бітік шығып,
Талабы Ібілістің кері кетті.
Зарлаған күні-түні «үмбетім» деп,
Расулдың бергенінің шегі жоқ-ты.
Қалған жан исламның тұтып сұлқын,
Барғанда ақиретке кемі жоқ-ты.
Ахун қыз, тағы қандай сауалың бар,
«Аурудың сұрап алған емі жоқ-ты».
Нұрынан пайғамбардың ғалам жарап,
Дүниенің бас-аяғы – Расулы Хақ.
Абзалсың дін исламды таза тұтсаң,
Дәлелі мұсылманның – «Кәләм-шаһадат».
Алланың дидарына жолығарсың,
Зікір, пікір, шүкірді қылсаң талап.
Үйреткен үмбетіне амалы – осы,
Ой жібер ар жағына етіп тағат.
Белгілі дін тұтқанға харам, халал,
Болады қараңғы ойға ақыл панар.
Түбіне ғылым-теңіз сүңгісеңіз,
Өшпейтін жүрегіңнен шырақ жанар.
«Әлләзина әману, зикран касиран...»,
Бұл сауал осы аяттан мағына табар.
Әлиф, мим, ре болар сөздің ырасы,
«Әмір» болып келінер мағынасы.
«Құдайсыз қурай сынбас» деген сөзге
Қазақтың келтірді иман кәрі-жасы.
Әрки зат жаралды Алла әмірімен,
Бұл сөзге кімнің, кәне, бар таласы?
* * *
Әулие Бекет пірімнің
Оғыландыда ошағы –
Жалыны шалқып шақырған.
Дін исламның жолында
Баспаған қадам ғапылдан.
Мүриті қойдай маңырап,
Соңынан еріп қапылған.
Зікірмен зарлап ерте-кеш,
Аллаға жылап аһ ұрған.
Дәріс айтқан ұстазы
Үргеніште Бақыржан.
Ұстанған үлгі жолы бар
Құл Қожа Ахмет тақсырдан.
Алласы қалап әуелде
Уәлилерге бас қылған.
Миғражда нұрын көргесін,
Хақ Расулы паш қылған.
Арыстан баптай досына
Аманат-құрма тапсырған.
Солардың үлгі жолымен
Бекетім шықты дін түзеп,
Көкірек көзін аштырған.
Ақтан Керейұлы
* * *
Әуелі де Мұхамбет,
Ақыры да Мұхамбет,
Он сегіз мың ғаламның
Мақтанышы Мұхамбет.
Үмбетіне зар жылап,
Жарылқа деп көп тілеп,
Үмбеті үшін әкесін,
Тілемеді шешесін,
Құдайдан жарлық келгенде,
Құрбан етіп баласын,
Он сегіз мың әлемді
Оның үшін жаратқан,
Пайғамбарымыз Мұхамбет
О да өткен дүниеден.
«Бозжігіт» дастаны
* * *
Нұрмұхамбет – Сәруәр –
Екі әлемнің шырағы.
Қызметінде – Фәруәр
Жетімің зарлап жылады.
Қадишаның аты үшін
Жәрдем үміт қылады.
Бәтима пірім аты үшін
Еңіреп медет сұрады.
Жаратқан ием болмаса,
Жер-жаһан қайтып тұрады?
Расул Алла, жәрдем бер,
Біз де – сенің үмбетің.
Тас басында қол жайып,
Тұр зарланып бір жетім.
Жақсылықтың көрсетші
Үмбетім десең, бір шетін.
Жетімдерді есіркеу
Емес пе еді міндетің?
Таңжарық Жолдыұлы
* * *
Әуелі пайғамбардың нұрын айтты,
Он сегіз мың ғаламнан бұрын айтты.
Баршадан артық қылып, «досым» деген,
Дос болған соң, көп үмбет қамын жеген.
Шәді Жәңгірұлы
БАТЫС ӘЛЕМІ МҰХАМБЕТ ПАЙҒАМБАРДЫ НЕ ҮШІН ЖЕК КӨРЕДІ?
БАТЫС ӘЛЕМІ МҰХАМБЕТ ПАЙҒАМБАРДЫ НЕ ҮШІН ЖЕК КӨРЕДІ?
850 жылы Перфектус есімді монах Кордованың базарына барады. Кордова ол кезде Испаниядағы мұсылман елінің астанасы болатын. Христианға базардағы еріккен араб саудагерлері тиісе бастайды. Олар:
– Ең мықты пайғамбар кім? Мұхамбет пе? Ғайса ма? – деп сұрайды. Перфектус мұның арандату екенін бірден сезеді. Себебі Мұхамбетке тіл тигізген адам шариғат бойынша өлім жазасына дейін жазаланатын. Сондықтан ол барынша сақтықпен бейтарап жауап береді. Арабтар түртпектеуін қоймаған соң, ол шыдай алмай:
– Сендердің Мұхамбеттерің жәдігөй, әйелқұмар. Керек десең, тажалдың нақ өзі, – дейді. Перфектус сол сәтте зынданнан бір-ақ шығады.
Бұл оқиға Кордовада бейбіт өмір кешіп жатқан христиандар мен мұсылмандардың арасына жік салды. Ондағы христиандар арабтарды жақсы көретін. Сырттан келген монахтың оқиғасы оларды әбігерге салды. Себебі мұндай оқиға бұрын-соңды болмаған. Перфектус зынданға қамалғасын, онан сайын қырсықты. Ақталуға еш әрекет жасамады. Бірақ қазы оқиғаны әділ байыптап, оның пайғамбарды әдейі тілдемегенін, базардағы арабтардың қасақана арандатқанын ескеріп, монахты босатып жіберді. Алайда бірнеше күн өткен соң ол қазының алдына тағы келді. Бұл жолы Мұхамбетке қасақана тіл тигізген. Қазы сонда да монахты өлімге қимады. Одан көпшілік алдында кешірім сұрауды өтінді. Бірақ бұл жолы санасын жалған сезім билеген монах жақ ашпады. Қырсыққан күйі тұра берді. Қазы амалсыздан қыңыр монахты шариғат жолымен жазалап, өлімге кесті. Ол кезде Ислам халифатында бөтен жұрттың пікір еркіндігіне шектеу қойылмайтын. Бірақ олар пайғамбарға қасақана тіл тигізіп, оны қорламайтын. Перфектустің өлімінен соң испан христиандарының көңілі орнына түскен еді. Алайда тағы бір сыбыс ел арасында бұрқ ете қалды. Монахтың мүрдесін түнде біреулер қазып алып, кескілеп кетіпті. Сөйтсе, Перфектус Еуропадағы христиандар арасында діни жапа шеккен қайраткер ретінде танылып үлгеріпті. Перфектустің кескіленген денесін христиан фанаттары тәбәрікке айналдырып, оны «әулие» деп, рухына сыйына да бастайды. Ел ішінде «дін үшін азап шеккен дене» туралы аңыздар пайда болды. Христиан дініне берік екенін дәлелдегісі келген фанаттар Мұхамбетті балағаттауды ерлікке балайды. Сөйтіп Перфектус сияқты өзін құрбан еткісі келетіндердің қарасы көбейе берді. Көп ұзамай қазының алдына Исхак есімді екінші бір монах келеді. Ол да қасақана Мұхамбетті ашық қорлап, тілдейді. Қазы оны ішіп алған мас немесе ақыл-есі кем біреу ме деп ойлайды. Есін жиғызу үшін жағынан бір-екі рет шапалақпен тартып жіберді. Бірақ Исхак одан сайын құтыра түсті. Сорақы қылығы үшін оны жазалаудан басқа амалы қалмайды. ІХ ғасырда Испаниядағы мұсылмандар өздеріне өте сенімді әрі мықты болатын. Оларға христиан фанатын өлім жазасына кесу ешқандай да абырой әкелмейтін. Надан монахтардан «әулие» культін жасау тіптен қажет емес еді. Сондықтан қазы Перфектусты не Исхакты өлім жазасына кесуге құлықты болмады. Бірақ ол заманда мұндай сорақылықты заңмен жазаламау әсте мүмкін емес еді. Исхактың өлімінен соң араға бірнеше күн салып, оның шіркеуінен тағы алты монах келеді. Олар да Мұхамбетке тіл тигізіп, артынша өлім құшады. Осылайша жаз айының өзінде елуге жуық христиан фанаты өлімге кесілді. Оларды Кордованың епископы, мозарабтар, тіпті кейбір христиан бауырлары да ұрысып, тыймақ болды. Бірақ надандыққа шырмалған қараңғы тобыр тоқтамады. Себебі оларды Испаниядан сырт жатқан кейбір шіркеулер қолдап, жігерлендіріп жатқан. Евлогий, Пабло Альваро есімді священниктер фанаттарды «Құдайдың әскері», «Дін үшін жанын беретін жауынгерлер» деп ұлықтады. Ғайсаның сөзіндей көрінген бұл теңеулер шиеленісті одан сайын күшейтіп жіберді. Исламды қаралау арқылы өзін дін жолында азап тартушы сияқты сезіну тек монахтар арасында емес, барлық христиан бұқарасында белең ала бастады. Мұсылман билігі қанша жерден өздерін озбыр етіп көрсетпеуге тырысқанымен, жанкешті жындыларды өлтіре-өлтіре шынымен де әлсізге тізесін батыратын, діни төзімсіз, езуші тирандар сияқты көрініп қалды. Мұндай тенденцияның пайда болуына арабтың дамыған мәдениеті әсер етті. Христиандар ол кезде рухани тоқырауды бастан кешіп жатқан. Мәдениеті өркендеген арабтардың алдында еуропалықтар өздерін төмен санап, беймаза халге түсті. Өздерінің мәдениеті өркениеттің тамырынан үзілгендей әрі мұсылман әлемінің көлеңкесінде қалғандай қор сезінді. Мәдени тамырын жоғалту да қатерлі ауру сияқты. Ондай кезде түңілген діндар адам дін үшін өзін автоматты түрде өлімге байлай салуы мүмкін. Мұндай психологиялық комплекс мұсылмандар арасында қазір жиі кездеседі. Расын айтқанда, өзін өзі жару, өлтіру дін үшін жапа шегудің белгісі емес. Мешеу қалған мәдениет өкілінің өзге гүлденген өркениет алдында өзін өзі жұбатудан туатын әрекеті. Мәселен, сол кезде Кордовадағы испандықтар араб мәдениетімен қоян-қолтық өмір сүрді. Кейбір еуропалықтар карьера жасау үшін есімін арабша қоятын. Арабша сауатты сөйлеу мәртебе саналды. Көбі арабша киінетін. Осындай мәдени өзгерістер діндар христиандардың жанын жегідей жеді. Төл мәдениеті мен діндерінің артта қалуы жүйкелерін жұқартты. Христиан діні ислам сияқты мәдени жемісін бермеді. Мұсылман мәдениетін тұтынайын десе, ата-бабасынан келе жатқан христиан сенімін жоғалтып алатындай сезінді. Сондықтан дін үшін жанын қию соңғы тұяқ серпер амалдай көрінді. Қазіргі кейбір радикалды мұсылман жамағатының өшпенділігі мен ашу-ызасын көргенде, Кордовада дін үшін «азап шеккен» христиандар еріксіз еске түседі. Себебі Батыстың мәдениеті мен техникалық дамуы да қазіргі кезде дәстүрлі мұсылман құндылықтарына қатер төндіріп келеді. Сондықтан Кордовадағы Перфектус пен Исхактің «азап шегу» амалы мәдени мешеуліктен басталған еді. «Христиандар арабтардың прозасы мен өлеңдерін жақсы көреді. Олар араб ойшылдары мен философтарының еңбегін сынау үшін емес, арабша таза сөйлеу үшін ғана оқиды. Қасиетті жазбаның латын тіліндегі түсіндірмелерін оқып немесе пайғамбар мен апостолдардың Евангелиясын жаттайтын жастар қалмады. Әттең... Барлық талантты христиандар араб кітаптарын таңдана оқып, жанталаса жаттап жатыр», –дейді Пабло Альваро. Ол осылай күйініп отырғанда Перфектустің жайын естиді. Ол ай-шай жоқ Перфектусті екінші Ғайсаға теңеп жібереді. Альвароның Евлогий деген замандасы болды. Ол да священник еді. Исламның гүлденіп, христиандықтың тоқырауы оны да қатты күйзелтетін. Ол Памплон қаласына барып, латынша діни мәтіндер мен римдік Вергилий мен Ювеналдың классикалық трактаттарын ақтарып ізденеді. Мұсылман мәдениетінің ықпалын азайту үшін латын Ренессансын қарсы қойып та көрді. Бірақ христиан жастары оған қызықпады. Ол осылай торығып отырғанда Перфектус пен Исхактың өлімі жанына жігер сыйлағандай әсер етті. Ол да Кордоваға барып, Мұхамбет пайғамбардың өзін және отбасын балағаттайды. Ислам билігі Евлогийді де өлім жазасына қимайды. Оған шартты түрде болса да Исламға бағынуды және пайғамбар мен оның отбасына қатысты теріс пікір білдірмеуді өтінеді. Тіпті христиан жастарының арасында ағартушылық жұмысын ашық жүргізе беруіне де рұқсат береді. Тек алдындағы «ақымақтар мен есуастардың» мағынасыз «ерлігін» қайталамауды ескертті. Бірақ діні үшін өлуді аңсаған Евлогий өзін барынша қинап, кескілеп өлтіруді сұрап алады. Оның өлімінен соң «азап шегушілер» легі тоқтағандай болады. Испанияда қайтадан мамыражай заман орнайды. Еврейлер де, христиандар да, арабтар да тату-тәтті тіршілігін жалғастыра береді. «Азап шегушілердің» ақымақтығы көрген түстей ұмытыла бастап еді. Бірақ ол Испанияда ұмытылғанмен, аңызға айналып, елдің өзге аймағына жайылады. Өңі әбден айналып кеткен сол сорақы оқиғалар кейін келе Батыс жұртының мұсылмандар туралы теріс ойлауына түрткі болды. ХХІ ғасырда жиһад жасап, шаһид болып жүрген мұсылманның бейнесі еуропалық санаға жат. Мұны қазіргі Еуропа надандық пен топастық деп түсінеді. Онан қалды діни төзімсіздік деп сынайды. Ендеше Батыстың өзіндік діни «төзімді» қасиетін тарихтан тарқатып көрсек... 1242 жылы таққа отырған Франция королі ІХ Людовик еврейлерді қуғындай бастады. «Ғайсаның жағымсыз бейнесін сомдады» деп Тәуратты айыптады. Оның бірін қалдырмай өртеді. Өзгелерге төзімділік танытпақ түгіл, олармен сөйлесіп, пікірлесу Людовиктің ойына кіріп те шықпайды. «Еврейлермен сөйлесудің тек бір ғана жолы бар. Ол – өлім. Қылыштың ұшын еврейдің қарнына мейлінше тыға түссең, соғұрлым сұхбат қыза түседі» деді. Ең алғаш инквизиция ұйымдастырған Людовик еді. Ол Тәуратты ғана емес, жүздеген еврейді тірідей өртеп жіберген. Людовик еврейді ғана емес, мұсылманды да жек көрді. Екі рет крес жорығын жасап, жазықсыз мұсылмандарды қырып жіберді. Оның ойынша әлемде тек христиандар ғана өмір сүруі керек болған. Бір ғана Людовиктің тарихтағы осы қылмысы мәдениетті еуропалықтардың толеранттылығына түскен қара таңба болды. Сондықтан төзімділік туралы айтқанда әркім өзінің өткен тарихын бір қарап шыққаны абзал. Діни диалогқа келер болсақ, Батыс ешқашан исламды түсінуге ниет білдірмеген. Оның да өзіндік сан қатпарлы тарихы бар. Даудың басы тағы сол әл-Андалус деп аталатын Испаниядағы Кордоваға барып тіреледі. Ислам империялық күшке айналып, әлемдік аренаға шыққан кезде Еуропа өзара қырықпышақ соғысып жатқан. Исламның есіктен еңкеймей кіргенін көргенде өз өркениетінің қауқарсыз халде екенін бірден түсінді. Әрекет жасамаса, мұсылман өркениетіне жұтылып кететінін түсініп, бойларын үрей биледі. Кез келген адам өркениетке ілесе алмайтынын сезгенде кордовалық монахтар сияқты амалсыздан радикалды әрекетке көшеді. «Бұл – көре алмаушылық, іштарлықтан туындайтын психологиялық әрекет» дейді ғалымдар. Тоқыраудың тағы бір көрінісі эсхатологиялық түсінік аяқ астынан тіріліп шыға келеді. Яғни өркендеп келе жатқан жаңа мәдениеттің кейбір тұстарын «ақырзаманның белгісі» деп санайды. Оларды өздерінің «хақ діндерін» жоюға келе жатқан тажал деп қабылдайды. Мысалы, Евлогий мен Альваро исламның келуін тажалға теңеді. Жаңа Завет бойынша ақырзаман алдында тажал шығады. Себебі Апостол Павелдің фессалондықтарға айтқан екінші жолдауында: «Ғайса әлемде «үлкен дінсіздік» орнамайынша, қайтып келмейді. Тажал Иерусалим ғибадатханасында өз билігін құрып, көптеген христианды жалған іліммен қызықтырады» деген. Әулие Иоанның еңбегінде 666 деген мистикалық белгісі бар үлкен мақұлық туралы жазылған. Ол түпсіз тұңғиықтан шығып, Иерусалимдегі Зейтүн тауына тақ орнатып, әлемді билейтіні жайлы айтылған. Евлогий мен Альваро осы болжамға ислам діні толық сәйкес келеді деп имандай сенді. Мысалы, мұсылмандар Иерусалимді 638 жылы жаулап алды. Зейтүн тауына екі әдемі мешіт тұрғызды. Былай қарасаң, әлемде мұсылманнан мықты әскер жоқ. Христиандардың бір шоғыры исламды қабылдаған. Мұхамбеттің өмірімен шала-пұла танысқан Евлогий мен Альваро оның испан жыл санауы бойынша 666 жылы қайтыс болғанын біледі. Испан күнтізбесі ол заманда қазіргі жыл санауынан 38 жылға озық болатын. Ол кезде Мұхамбеттің жалған биографиясы христиан әлемінің қақ жүрегінде орналасқан Памплон қаласының қасындағы Лейрс монастырында VІІІ ғасырдың аяғында жасалып қойған болатын. Монахтар өзара «Құдай қалайша жалған діннің жайылуына мүмкіндік берді әлде өз балаларын тастап кетті ме?» деген сұрақты өте көп талқылайтын. Жылдан жылға дамып жатқан исламның жетістіктері кез-келген христиан өкілінің жігерін құм қылатын. Олар қарсылық ретінде Мұхамбеттің алаяқ, жәдігөй бейнесін қолдан жасады. «Әлемді алдау үшін туған. Өзін пайғамбармын деген. Дінді желеу етіп, көп әйел алған. Басқаларды да солай істеуге үгіттеген. Дінді қарумен таратқан» деген сыңайда өсектер таратады. «Ислам – жалған ілім, ол – христиан дінінің сәтсіз шыққан формасы» деген идеяны дәлелдеуге тырысты. Кейін өзара талқыланатын жалған жорамалдың бір ұшқыны Еуропадағы қалың христианның ортасына барып түсті. Енді Мұхамбеттің жағымсыз образы исламофобияның басты двигателіне айналды. Тіпті ертегіге мыстан кемпірмен бірге Мұхамбеттің де образын қосып қойды. Бұл жалған айқайдың жаңғырығы әлі күнге дейін басылмаған. Мәселен, «Мұхамбет әлемді жаулап алу үшін дін жасады» деген түсінік – Батыс адамы үшін қалыпты қағида. Олардың көпшілігі әлі күнге шейін исламды «жауыз», «қарудың күшімен ғана тұратын дін» деп есептейді. Әйтсе де, Еуропа жұртының барлығын солай ойлайды деуден аулақпыз. Кейбір ғалымдар ислам мен оның пайғамбарының өмірін объективті зерттеп, Мұхамбет туралы жалған фактілерді мүмкіндігінше теріске шығарып келеді. Оған кейін тоқталамыз. Әзірге орта ғасырдағы антимұсылмандық көңіл-күйдің қалыптасу тарихын әрі қарай тарқатайық. ІХ ғасырдың аяғында Еуропа аяғынан тік тұрып, мұсылман шекарасын әрі ығыстыра бастайды. 1061 жылы нормандықтар Оңтүстік Италия мен Сицилияда мұсылмандарға қарсы жорық жасап, 1091 жылы бұл өңірдің барлығын жаулап алады. Солтүстік Испанияда христиандық мемлекеттер әл-Андалусқа қарсы соғыс жүргізіп, 1085 жылы Толедоны басып алады. Исламға қарсы сәтті жорықтардан кейін 1095 жылы Рим папасы Урбан ІІ Иерусалимдегі «Ғайсаның табытын» азат ету үшін Еуропаның барлық рыцарьларын І крес жорығын жасауға шақырды. Кресшілер қапыда жатқан мұсылман әлемінің бір бүйірінен тиіп, 1099 жылы Иерусалимді жаулап алады. Сөйтіп Таяу Шығыста алғашқы Батыс колониясы пайда болады. Кресшілердің бұл жаңа жетістігі ислам әлеміне қарсы жаппай соғыс формасына ұласып кетеді. Бастапқыда Еуропада ешкімнің мұсылман діні мен оның пайғамбарына деген аса жеккөрушілік сезімі болмаған. Себебі 2-3 ғасыр бұрынғы Кордовадағы «азап шегуші» монахтардың ұсақ ұрандары шалғайда жатқан еуропалықтардың қанын қыздырмады. Алғашқы кресшілер де жорыққа сондай бір өшпенділіктен аттанған жоқ. Олар бұл жорықта абырой мен сауап жинаймыз деп ойлады. Рыцарьлар мұсылманды қыруды емес, тек Папалық Еуропаның шекарасын кеңейтуді парызы санаған. Оның үстіне І крес жорығы да тек Иерусалимге бағытталды. Олардың кейбірінің ислам туралы түсінігі таяз болса, көбі одан мүлде бейхабар болды. Сол кездегі алғашқы христиан сарбаздарының ой-өрісі «Ролланд туралы жырда» анық байқалады. Бұл жыр І крес жорығы кезінде ежелгі француз тілінде жазылған. Бір қызығы: жырда Ұлы Карл мен Ролландтың жаулары – мұсылмандарды пұтқа табынушылар ретінде сипаттайды. Олар үштік «құдайға» – Аполлон, Тервагента және Мұхамбетке сиынады дейді. Байқасаңыз, Мұхамбет те христиан сеніміндегідей үштік «құдай» түрінде бейнеленеді. Жырда христиандардың мұсылман жауынгерлеріне деген көзқарасы өте жақсы сипатталған. Мұсылмандарды ержүрек, мықты жауынгер ретінде суреттейді. Соған қарап, І крес жорығы кезінде еуропалықтардың мұсылмандарға деген жеккөрушілік сезімі мүлде болмаған және оларды өздерімен деңгейлес санаған деген пікірге келеміз. Кресшілер Кіші Азияда түркілермен алғаш кездесіп, соғысқанда да олардың ерліктеріне тәнті болған. Сол заманда жазылған бір құжатта «Қолына қалам ұстай алатын адам болса, ол міндетті түрде түркінің ерлігін, қайтпас рухын, жауынгерлік өнерін сипаттайды. Олар үшкір жебесімен франктардың зәресін ұшырды. Бірақ Құдай бізді олардың әскерінен басым қылсын. Оларда мынадай қанатты сөз бар: «Франктар мен түркілердің тегі бір және олар өмірге рыцарь болып туылады». Бұл – ақиқат, оны ешкім жоққа шығара алмайды. Егер олар христиан діні үшін соғысса және Үштіктен тұратын құдайды ақиқат деп таныса, онда түркіден артық мықты жауынгер таппас едіңіз. Бірақ Құдайдың қолдауымен бүгін біз оларды талқандадық» дейді. 1097 жылғы Дорилее соғысында да ерлікті аңсайтын франк рыцарьлары түркі әскерімен кездескенде, өздеріне тең қарсылас тапқанына риза болып, бір-біріне жауынгерлік құрмет білдірген. Алайда арада екі жыл өткесін, яғни Иерусалимді жаулап алғаннан кейін, кресшілер арасында мұсылманға деген өшпенділік өршіді. Басып алған жеріндегі бейбіт мұсылмандарды бала, қатын демей аяусыз қырып салады. Тіпті оларды «қоқыс» деп атайтын. Енді кресшілер арасындағы өшпенділіктің себебін тарқата кетейік. І крес жорығы басталғанда еуропалық рыцарьлардың мұсылман туралы түсінігі тар еді. Олар Иерусалимді басып алды. Қалаға кіргенде де тілі басқа арабты терең түсінбеді. Рыцарьлардан кейін шығысқа қарай шіркеу монахтары ағылды. Олардың да ислам туралы түсінігі шамалы еді. Испанияда Мұхамбет туралы сорақы ертегімен сауатын ашқан олар жол-жөнекей барлық рыцарьларға мұсылмандар туралы теріс түсінік бере бастайды. 1100 жылға дейін еуропалықтар Мұхамбетті соншалықты жек көрмейтін. Арада жиырма жыл өткенде кезкелген Батыс адамы оны алаяқ, жәдігөй деп білді. Яғни сол кезде пайда болған Шарлеман (Ұлы Карл), Король Артур, Роббин Гуд туралы жақсы кейіпкерлермен бірге және бір жағынан оларға антитеза ретінде «Махаунде туралы миф» те халықтың санасына сіңе берді. Мәселен, Р.У.Саудерн «Орта ғасырдағы батыстың исламға көзқарасы» деген монографиясында былай деп жазған: «Орта ғасырда жалған түсінік таралғанда олардың рас-өтірігін ешкім байыптап жатпайтын. Сондықтан олар халықтық фольклорға оңай еніп кететін. Халықтық поэзия ішінде Мұхамбет пен мұсылмандардың жағымсыз бейнесі де аз ғана өзгешеліктерге ұшырап, ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырған. Алайда сүйкімді әдеби кейіпкерлер сияқты олар да соңғы зерттеулер нәтижесінде жаңа таныммен және басқа түсініктермен толығып, суреттелуі керек қой. Бірақ Мұхамбет пен үмбетінің образы сол баяғы таз қалпында қалды. Ешкім оның шынайы жағымды бейнесін сомдап шығуға тырысқан жоқ». Мүмкін, шынымен де батыста Мұхамбеттің ойдан шығарылған бейнесі Ұлы Ескендір немесе Наполеон сияқты тарихи қайраткер ретінде қабылданбаған шығар. Бірақ Руштидің «Сайтанның сүресі» романында баяндалатын Мұхамбеттің әдеби бейнесі сол батыстың әлі күнге дейін жібімеген ескі көңі екені анық. Ал тарихтағы Мұхамбеттің жеткен жетістіктері батыс аңызында жәдігөйліктің арқасында келген деп тәпсірленді. Ол аңқау арабтарды ізіне ертіп, Таяу Шығыс пен Африкадағы христиан шіркеулерін қирату үшін сиқырмен жалған «кереметтер» көрсеткен болып шығады. Мысалы, осындай бір аңызда қорқынышты ақ өгіз оттай жанған екі мүйізінің арасына Құранды қыстырып Мұхамбетке әкеліп береді-мыс. Ортағасырлық екінші бір аңызда Мұхамбет құлағының ішіне бұршақ салып, көгершіндерге соны шоқып жеуді үйретіп қояды екен. Бейсауат адам көгершінді көріп, бейне бір хақ пайғамбарға Алладан уахи жеткізіп тұрған қасиетті рух деп сенеді екен-мыс. Ал Мұхамбеттің бастан кешкен тылсым рухани қасиеттерін қояншық ауруы деп түсіндірген. Еуропада ол кезде қояншықпен ауырған адамды жын билеп алған деп айыптап, өлтіріп тастайтын. Ол аз болса, Мұхамбетті мақтанқұмар етіп көрсетеді. Ол мақтансүйгіш болғандықтан, үмбетіне өзін ұлықтап, дәріптеуді үйретіпті-мыс. Сахабалары оның жөнсіздігін ашық сынай алмайды екен. Сынаса, қуғынға ұшырайды-мыс. Надан христиандар осылайша қандай жағымсыз мінез-құлық болса, Мұхамбетке оңай тели салатын. Ал Мұхамбеттің шын мәніндегі қайталанбас ғажайып тұлғасы мен мінез-құлқы Еуропа еліне сол күйі жетпей кетті. Осылайша исламның асқақ рухын терістеумен жанына жұбаныш тауып, үрейін басып отыратын. Тіпті сол кездері исламды христиандықтың бір тармағы ретінде көрсеткісі келгендер де болған. Мысалы, тағы бір аңызда шіркеуден қуылған Сергей есімді еретик Аравияда Мұхамбетті кездестіріп, оған христиандықтың өзі бұрмалаған теріс нұсқасын үйретіпті-мыс. Сондықтан да ислам христиан дінінің бұзылған формасы болып саналады. Ал мұсылмандықтың бұлайша өрлеуі тек қылыштың күшімен ғана іске асуда. Оның түбінің шикілігінің бір дәлелі – мұсылман әлемінде діни тақырыпта еркін пікір айтуға қатаң тыйым салынған-мыс. Егер олардың ішінен ақылды адам шықса, жалған діндері ұзақ тұрмас та еді. Бұл аңыздың соңында Мұхамбеттің жалған дін әкелгені үшін Құдай алдында жазаланып жатқаны баяндалады. Христиандардың мұндай аңыздар ойлап табуының өзіндік себебі бар. Олар өздері исламды қылышпен келген дін деп айыптап жатқанда, мына жақта өздері крес жорығын ұйымдастырып жатты. Діндерін мұндай агрессия арқылы тарату кейбір христиандардың ар-ұятын мазаласа керек. Себебі зорлықпен дін тарату Ғайсаның «Оң бетіңді ұрса, сол бетіңді тос» деген өсиетіне қайшы келетін. Екіншіден, шіркеу оларды үйленбейтін тақуалыққа үйрете алмай жатқанда Мұхамбеттің көп әйел алғаны туралы әңгімелер әйел рақаты мен отбасылық өмірді аңсайтын кез келген шіркеу қызметкерінің ішкі қыжылын қайнатты. Шындап келгенде, сенім мәселесін ашық талқылауға христиандар тыйым салған. «Қасиетті» инквизиция тәуелсіз пікір айтатын ақылды адамдардың бәрін қудалап бітті. Тіпті католиктер мен протестанттардың өзара қан-қасап қырғыны түсініксіз діни доктринаның кесірінен шыққан. Керісінше, ислам мен иудаизм Ғайсаны Құдайға теңейтін немесе оны баласы деп түсінетін христиан концепциясын дінбұзарлық немесе пұтқа табынушылық деп қараған емес. Яғни мұсылмандар ешқашан «Сендер Ғайсадан Құдай жасадыңдар» деп христиандарды отқа жаққан жоқ. Христиандардың әртүрлі діни қауымдарға мұсылмандар сияқты баспана беруі былай тұрсын, олармен қоңсы отыруға да көнбейтіні белгілі болды. Еуропада ол кезде бөтен дін тек иудаизм ғана еді. І крес жорығы кезінде рыцарьлар Рейн алқабында отырған еврей қауымын аяусыз қырып кеткен. Осылайша антисемитизм еуропалықтардың жазылмайтын дертіне айналды. Христиан монахтары тек Мұхамбет туралы ғана жалған миф ойлап тапқан жоқ. Олар еврейлер туралы да сұмдық қауесеттер таратудың шебері болды. Мысалы, «Еврейлерде басқаның баласын өлтіріп, олардың қанын ұнға қосып, нан пісіретін діни рәсім бар. Біздің киелі рухымызға тіл тигізіп, қорлайды. Кез келген еврей – христиан дінінің жауы. Түпкі мақсаты – христиан әлемін құрту» деген сияқты қауесет кең тарады. Өзге діннен қорқып, үрейленіп өмір сүру сол кездегі христиан монахтарының рухани мешеулігін аңғартады. Исламда антисемитизмге қарсы миф болмаған. Мұсылмандардың жұмсақтығы өздерімен бірге иудаизмнің де өмір сүруіне мүмкіндік берді. Испания, Оңтүстік Италия, Сицилиядағы жеңістен кейін христиан әлемінің шекарасы кеңейді. Енді сол өңірді мекендейтін он мыңдаған мұсылманның тағдыры шіркеуге тәуелді болып қалды. Өз жерінде еврейлердің жүруі көзіне күйік болып көрінетін шіркеуге енді мұсылмандар келіп қосылды. Оның ендігі мақсаты жауланған жердегі мұсылмандарды қалайда құрту болды. 1179-1215 жылдар аралығында Лютерандық шіркеу соборы мұсылман мен еврейді ортақ жау деп танитын заңнамалар шығарды. Барлық христианның мұсылман немесе евреймен араласуына қатаң тыйым салынды. Мұсылман және евреймен бірге жұмыс жасауға, олардың балаларын қарауға, оқытуға, олармен сауда жасауға, тіпті бірге отырып тамақ ішіп, сөйлесуге рұқсат етілмеді. Осы тыйымды бұзған христианды шіркеуден аластап, дүние-мүлкін тәркіледі. 1227 жылы ІХ Папа Григорий осыған қосымша тыйымдар енгізді. Мұсылман мен еврейді көшеде арнайы киім киюге міндеттеді. Христиан мерекелері кезінде олардың көшеге шығуына және мемлекеттік қызметте істеуіне тыйым салды. Тіпті мешітте азан айтуына немесе дауыстап намаз оқуына рұқсат бермеді. 1305 жылы билікке келген V Папа Климент «Исламның христиан топы-рағында өмір сүруі Құдайды қорлағанмен бірдей» деген пәтуа шығарды. Бұл кезде христиан жауынгерлері жазықсыз мұсылмандарды қудалауға белсене кіріскен еді. Мәселен, 1301 жылы Франция королі Карл Анжуйский Сицилия мен Оңтүстік Италиядағы мұсылмандарды қырып салады. Соңғы әрі санаулы мұсылмандар тығылып отырған Лузера қоймасының есігін бұзып кіріп, барлығын бауыздап өлтіреді. Король қылышын қанға малып тұрып, ол жерді «Жиіркеніші әрі қарғыс атқыр Апули індеті... Өз батпағында былғанып жатқан бақа-шаян... Чуманың ұясы...» деп сипаттаған [9]. 1492 жылы Фердинанд пен Изабелла Гренаданы жаулап алғанда исламның Еуропадағы соңғы тірегі құлайды. Сол кезде бүкіл Еуропадағы шіркеулерде қоңырау соғылып, христиандардың «кәпірді» жеңген жеңісі тойланған. Бірақ Испанияда Сицилия мен Оңтүстік Италиядағыдай мұсылмандарды түгел қырып жібермейді, оларға қоныс аударуға немесе христиан дінін таңдауға мүмкіндік берген. Көпшілігі Еуропадан көшуді таңдады. Көші-қон көлігі жоқтары амалсыздан христиан дініне өтті. Бірақ сонда да оларды үш жүз жыл бойы испан инквизациясы қудалаумен болды. Христиандықты қабылдағанмен де, христиан әлеміне сол күйі сіңісе алмады. Оларды бейне бір жасырын жүрген жансыздай қабылдады. Былайша айтқанда, Испаниядағы бір кездегі ислам мәдениетінің үрейі көзден кетсе де, көңілден кетпей тұрып алды. Бір қызығы: батыстың исламға көзқарасы шизофрениялық реңде белең алып отырды. Мәселен, Қасиетті Рим империясының императоры ІІ Фридрих исламофилиямен ауырған. Яғни исламды қорлаудан өлшеусіз ләззат алатын. Ауруының асқынғаны сонша: жатса-тұрса мұсылмандарды бауыздауды армандайтын. Уақытының көбін Сицилия мен Оңтүстік Италияда өткізіп, ондағы қорғансыз мұсылмандарды қуып жүріп өлтірді. Христиандардың бірі Сицилия мен Таяу Шығыстағы мұсылмандарды қырып жатқан кезде, екіншілері Испаниядағы мұсылман ғалымдарының еңбегін аударып жатты. Христиан, еврей, мозарабоқымыстылары Батысқа ислам әлемінің ағартушылық ілімін әкеліп, ортағасырлық Еуропаны қараңғылықтан құтқарамыз деп жанталасты. Ол кезде мұсылман философтары Ибн Сина мен Ибн Рушд ақыл-ойдың шамшырағы ретінде саналып, мозарабтар арасында идеалға айналған. Себебі ол екеуін мұсылман деуден гөрі еркін ойлаушы философ деп тануға тырысқан. Мұны Дантенің «Құдіретті комедиясынан» да байқауға болады. Ибн Сина мен Ибн Рушд (Еуропада Авиценна мен Аберроез ретінде танымал) құдайсыз Евклид, Птолемей, Сократ, Платон, Аристотельмен бірге тозақтың табалдырығында тұрғандай сипатталады. Айтпақшы, Дантенің өзі де исламофобиямен ауырған. Өзінің «Құдіретті комедиясында» Мұхамбеттің схизматиктермен (жікке бөлушілер) бірге тозақтың сегізінші қабатында жатқанын жырлайды. Оның өкініш тартып, қатты жазадан қайғырып жүргенін жазады:
Қақ айырылған қарыны біреу жүрді бөгетте
Астына дейін ауыздан тілініпті себеп не?
Үңіреймес дәл бұлай түбі түскен шелек те.
Қос тізенің арасында салбырап ішек бір буда,
Өтер жерде жеген ас қарын дейтін құрғырға.
Жексұрын жұмыр қалтада мазасыз жүрек ырғуда.
Данте Мұхамбетті пайғамбар деп танымаған. Оны христиан тармағынан бөлініп шыққан дін бұзар деп есептеген. Жырдағы Мұхамбет туралы жазылған көріністердің өзі сол кездегі христиан қоғамының жан дүниесіндегі исламға деген жеккөрінішті, қорқыныш пен өшпенділікті байқатады. Дегенмен Батыста объективтілікке қарай ұмтылғандар да болды. Бір таңқаларлығы: еврей мен мұсылман христиан санасында өркениеттің ортақ жауы ретінде сомдалып жатқанда, Питер Альфонса (ол да исламды жек көрген) Батыста Мұхамбет образына қатысты жағымды пікір айтқан адам болды. Ол 1106 жылы христиан дінін қабылдап, Англияға қоныс аударған еврей болатын. І Генрихтің дәрігері болып үлгерген ол «Ақиқат дінді» қабылдамау – әркімнің өз еркі. Әрине, «ақиқат дінді» ұстанбаған адамның «қате» исламға мойынұсынуы – мүмкін нәрсе» деген пікірде болды. 1120 жылдары исламға деген өшпенділік шарықтау шегіне жеткен тұста молмсбэрилік Уильям исламды пұтқа табынушы жалған діннен айыра білген бірінші еуропалық болды. Ол: «Сарациндер де, түріктер де Бір Жаратушыға құлшылық етеді және Мұхамбетті Құдай деп емес, өздерінің пайғамбары санайды» деп жазды. Бұл сол заман үшін үлкен жаңалық еді. Бірақ қалың қоғам мұсылманның иудейлер, христиандар сияқты бір Құдайға сиынатынына күмәнмен қарады. Өйткені осы кезге дейін олар Алланы Рим пантеонындағы Юпитер сияқты көп құдайдың бірі деп келген. Екінші біреулері христиандар Ғайсаны құдай дейтіні сияқты мұхамбетшілер де өз пайғамбарын Құдайдай көреді деп санайтын. 1150 жылға дейін Псевдо-Трупиннің «Шарлемания (Карл патша) тарихы» деген эпостық жырын қарасақ, онда рыцарьлар мен пұтқа табынушы сарациндердің соғысы баяндалады. Шығарма тарихтан гөрі әдеби қиялға жақын болғандықтан, одан ешқандай да тұшымды факті ала алмаймыз. Бірақ автордың танымын байқауға болады. Жырда автор сарациндерді Аполлон, Тервагант және Мұхамбет сияқты «құдайларға» қатар табынатын етіп суреттейді. Одан басқа осы ерлік эпосында Ролланд пен мұсылман батыры Ферракут екеуінің пікірталасы жазылған. Ролланд сарациндерді пұтқа табынушы деп сынағанда, Ферракут мұсылмандардың бір Құдайға сиынатынын айтып ақталған. Бұл жерден біз Еуропа жұртының исламды енді-енді түсініп келе жатқанын аңғарамыз. Себебі жоғарыдағы молмсбэрилік Уильямнің пікірі мен Псевдо-Трупиннің шығармасының жарық көрген уақыты бір кезеңге келіп тоғысады. Сонымен қатар осы уақыт шамасында жазылған фрайзингтік Оттоның жылнамасы да исламды пұтқа табынушы деген мифті жоққа шығарады. Жылнамада: «Барлық сарациннің бір Құдайға сиынатыны, Көне Өсиет пен сүндеттеу рәсімін мойындайтыны белгілі болды. Олар тіпті Ғайса мен апостолдарды да алаламайды. Тек бізден бір ерекшелігі: олар ешқашан тозақ отынан құтқарылмайды. Өйткені Ғайсаны Құдай және Құдайдың баласы деп мойындаудың орнына азғырушы Мұхамбетті жоғары Жаратушының ұлық пайғамбары ретінде құрметтейді» деп жазылған. Демек ХІІ ғасырдың ортасына қарай еуропалықтар исламға сәл де болса объективті қарай бастаған. Бірақ мұның өзі өшпенділік туғызған өтірік мифтерді түбегейлі жоюға қауқарсыз еді. Себебі кейбір адамдар кей ұғымдарға барынша әділетті қарауға тырысқанымен, санадағы бұрынғы өшпенділік мифтің қалдығы оған жол бермеді. Көпшіліктің танымында Мұхамбет өтірікші, схизматик болып қала берді. Тек Отто ғана оның дінін саналы түрде бағалай алды. ХІІ ғасырда исламға объективті назар салғандардың бірі клунилық аббат-гуманист, әулие Петр болды. 1141 жылы ол Испаниядағы бенедиктік монастырьларды аралап шығады да, арабша аздап білетін христиандарды жинайды. Оларға мұсылман ғалымдарымен бірлесіп исламдық қолжазбаларды аударуға тапсырма береді. Оған басшы етіп кеттондық ағылшын Робертті басшы етіп тағайындайды. Арада екі жыл өткенде Роберт аударманың сәтті аяқталғанын хабарлайды. Сөйтіп, Құранның латын тіліндегі алғашқы аудармасы, мұсылман аңыз-әпсаналары, мұсылмандық әлем тарихы және «әл-Киндидің апологиясы» деп аталатын еңбектер аударылды. Осылайша Әулие Петр батыс адамдарының исламды объективті қарап, оны тануына жағдай жасайды. Бірақ бұл жұмыстың да нәтижесі аз болды. Өйткені осы кезде Таяу Шығыста кресшілердің алғашқы үлкен жеңілісі туралы хабар бүкіл Еуропада гу-гу тарап жатқан. Мұндай кезде шіркеу қарап қалсын ба? Клерволық аббат Бернардтың арандатуымен ел ішінде антиисламның жаңа толқыны белең алады. Петрдің екі жыл бойы жасаған жанқиярлық жұмысы мұндай кезде ешкімді қызықтыра алмады. Оның аударған латынша Құранын отқа лақтырмаса да, ешкім оны оқуға аса құлықты болмады. Тіпті әулие Петрдің өзіне де антимұсылмандық көңілкүй кері әсер етті. Ол мұсылмандарға арнап трактат жазып, «Мен сендерге қылышпен емес, сәлеммен келемін. Күшпен емес, ақылмен келемін. Өшпенділікпен емес, махаббатпен келемін... Мен сендерді сүйемін. Сүйгендіктен хат жазып, сәлем жолдаймын. Сендерді тура жолға шақырамын. Тозақ отынан құтқаруға қол созамын» дейді. Қысқа қайырғанда әулие Петр өзінің трактатын «Сайтан салған мұсылман сектасына сәлемдеме» деп атай салуы керек еді. Өйткені клуналық аббаттың латын тіліндегі мәтінін оқи алатын кезкелген мұсылман одан осындай ниетті байқайды. Тіпті жақсы қырынан көрінген бұл аббаттың өзі де Еуропаның исламға қатысты шизофрениялық менталитетімен күресіп жүріп, өз бойындағы синдромдарын байқамаған. 1147 жылы француз королі VІІ Людовик ІІ крес жорығын бастап бара жатқанда, әулие Петр оған «Мұса мен Иисус Навин қанша аморейлер мен ханандықтарды қалай өлтірсе, сен де сонша мұсылманды қырады деп сенемін» деп хат жолдаған. ХІІІ ғасырдың басында екінші бір христиан тақуасы осы крес жорықтарын пайдаланып, мұсылман қауымын өз көзімен көргісі келеді. Бұл христиандағы пақырлықты уағыздап, алғаш аскеттік орденді қалаған Франциск Ассизкий еді. Ол V крес жорығында Ніл өзенінің сағасындағы христиан лагеріне жетіп алады. Ол жерден мұсылмандардың қосына келіп, сұлтан әл-Кәмілге өзін қабылдауын сұрайды. Франциск сұлтанмен үш күн отырып сұхбат құрады. Оған евангелия ілімін бастан-аяқ түсіндіріп, әл-Кәміл сұлтаннан христиан дініне кіруін өтінеді. Мұсылман лагерінде оның ұзақ болуына қарағанда монах Мұхамбет пайғамбардың жеке басына қатысты сөз қозғамаған сияқты. Екіншіден, үстіне алба-жұлба киім киіп, пақырлықты уағыздауы да мұсылмандарға жақсы әсер қалдырған. Онымен қоштасар кезінде сұлтан әл-Кәміл: «Маған дұға ет! Құдай мені өзіне лайықты тура жолға салуды нәсіп етсін», – дейді. Франциск христиан лагеріне зор сый-құрметпен және қауіп-қатерсіз оралады. Бұған дейін Франциск осы сапарының алдында өзінің бес шәкіртін Испания мен Солтүстік Африкадағы мұсылмандар арасына христиан дінін уағыздау үшін жіберген. Бұл миссионерлік топ Кордова қаласына барады да, арада үш ғасыр өтіп кеткен Евлогий мен Альвароның «жәбіршілік» идеясын қайта тірілтеді. Өздерін дін жолында азап шегетін әулие етіп сезінген бес францискандық алдымен мешіттегі жұма намазына кіріп келіп, оны бұзбақшы болады. Бірақ оларды мешіттен қуып шығады. Олар енді әмірдің сарайына барып, Мұхамбеттің жеке басына қатысты балағаттар айта бастайды. Олардың қатты бақырып боқтағаны сонша: жұма намазына жиналған жамағат айғай-ұйғай естілген әмірдің үйіне қарай жүгіреді. Әмір бұлардың дін құрбаны ретінде өлгісі келетін далбаса пиғылын сезеді. Бірақ ешқайсысына өлім жазасын кеспейді. Барлығын матап, зынданға тастайды. Жергілікті христиан-мозарабтардың біразы жиналып әмірге келіп, әбден өзеуреп, еліріп алған францискандықтарды өлтіруді өтінеді. Себебі олар осы оқиғадан бір-екі күн бұрын тату-тәтті өмір жүріп жатқан жергілікті христиан-мозарабтарға келіп, өздеріне қосылуды сұраған. Қосылмаған жағдайда олардың үйлерін өртеп, бала-шағасымен қоса өлтіреміз деп қорқытқан еді. Сондықтан олар мүмкін болса францискандықтардан тезірек құтылуды сұрайды. Билік өкілдері монахтарды Солтүстік Мароккодағы Сеута қаласына жер аударады. Сеута қаласының әмірі оларға қалада емін-еркін жүруге және діни құлшылықтарын өз сенімінде орындауына рұқсат береді. Алайда монахтар еркіндікке шыққан күні-ақ мешітке келіп, бесін намазын оқып жатқан көпшіліктің көзінше Еуропадан үйреніп келген Мұхамбет туралы жалған мифтерін бықсыта жөнеледі. Бұндай оқиғаны бұрын-соңды естіп-көрмеген марокколық мұсылмандар аңтарылып тұрып қалады. Рақымшылық жасаймын деп бармақ тістеген Сеута әмірі монахтарды қайтадан қамап, амалсыз өлім жазасына кеседі. Испанияға келген францискандық миссионерлердің ешқайсысының о бастан христиан дінін уағыздауға құлқы болмаған. Тіпті бірде-бір мұсылманға уағыз жүргізген деректері кездеспейді. Өйткені олардың жүрегі махаббаттан гөрі өшпенділікке толы болатын. Бар мақсаты осы христиан дінінің жолында азап шегіп өлу еді. Әулие Франциск өз шәкіртерінің өлімін естігенде:«Енді мен анық білемін. Дін үшін құрбан болған менің бес бауырым бар!» – деп, қуаныштан айқайлап жіберген екен. Соған қарағанда мұндай есуастық кейінгі францискандықтарға тән болған. 1227 жылы Сеута қаласында тағы бір топ францискандық миссионер өлім жазасына кесіледі. Олар үйлеріне «Дінсіздерден азап шегіп өлу» деп хат жазды. Оны өздерінің өмірлік мұраты екенін айтады. Францискандардың енді бір тобы крес жорығына ілесіп Иерусалимге жол тартып, сол жақта өздерін дін үшін азап тартушы етіп көрсетуге тырысты. Акрлық епископ Джеймс олардың бұл іс-әрекетін сынап былай деген: «Мұсылмандар жақсы ниетпен франциск жамағатының христиандық сенімі мен евангелия ілімі туралы уағыздарын мұқият тыңдайды. Егер олар Мұхамбетті жәдігөй, өтірікші деп қаралап, балағаттай бастаса, мұсылмандар оларды сабап-сабап, қаладан қуып шығады. Егер Құдай қараспағанда оларды өлтіріп тастар ме еді». ХІІІ ғасырдың соңында доминикандық ғалым Риколдо де Монте Кроче мұсылман елдеріне саяхаттап жүріп, олардың тақуалығына таңғалады. Ол:«Мұсылмандар діндарлығымен христиандарды ұялтады» деп жазған. Бірақ еліне оралған соң «Dіsputatіo contra soracenos et Alchoranum» (Сарацин мен Құранға қарсы пікір) жазу кезінде ислам туралы бұрынғы жалған мифтерді қайталай салады. Яғни исламның батыстық образы христиандардың психологиясына қатты сіңгені соншама: мұсылманмен, тіпті ол жақсы болсын, болмасын, кез келген қарым-қатынастың теріс тәпсірленгені байқалады. Дегенмен ара-тұра исламның жақсы қырларын көрсетуге ұмтылған бірқатар зерттеулер де болды. Олар ислам мен оның пайғамбарының құбыжық емес екенін қанша рет дәлелдесе де, бәрібір бұрынғы қате түсінік сірескен күйі қалды. Енді тағы бір қызықты жағдай: исламды заман ақыр құбылысы деп болжаған Кордова фанаттарының пікірі крес жорығы кезінде де жан-жақты насихаттала түскен. 1191 жылы Иерусалимге ІІІ крес жорығын жасар алдында арыстан жүректі Ричард Мессинада (Сицилия) белгілі итальян мистигі, көріпкел Иоахим Флорскиймен кездеседі. Ол Ричардқа Салахаддинді жеңіп, Иерусалимді азат ететінін болжап береді. Алайда оның болжамы тура келмеді. Ричард Салахаддинді жеңе алмады. Иерусалим мұсылмандардың қолында қала берді. Бірақ бізге ең қызығы – сол Иоахимнің басқа бір болжамы. Ол кордовалықтардың ақырзаман туралы мифіне және оның таяп қалғанына сенген. «Исламның пайда болуы – тажалдың қолындағы басты құрал» деп те санаған. Бірақ ол осы сеніміне «Тажал дәл қазір Римде отыр. Оның пешенесіне Папа болу жазылған» деген тіркесті қосқан. Еуропалықтар да өздерінің қоғамына және билікке барынша сынай қараған. Сондықтан кейбіреулері Иоахим сияқты өзінің ішкі жауларын исламмен байланыстырып немесе соған теңеуге тырысқан. Мәселен, реформаторлар Папа билігін дінсіз, адасқан деп исламмен салыстыра сынайды. XІV ғасырда ағылшын реформаторы Джон Уиклифтің кейінгі еңбегінде сол кездегі Батыс шіркеуінің кертартпалығымен, тәкаппарлық, ашкөздік, күш көрсету сияқты бейшаралықтары исламға да тән деп жазылған. Ол батыс шіркеуі жайлы «Біз – батыс мұхамбетшілеріміз. Қазір аз болсақ та, болашақта бүкіл әлем бізбен санасады деп ойлаймыз және біздің қол астымызды дірілдеп өмір сүреді» деп мысқылдаған. Әзірге шіркеу Інжілде көрсетілген ақиқатқа оралып, дүниеқоңыздығын қоймайынша, исламдық рух батыста да, шығыста да дамып зорая береді. Бұл ислам мен оның пайғамбарын өзінің дұшпанына теңеудің ежелден келе жатқан нәзік трансмутациясы болатын. Уиклифтің қолында ислам туралы нақты мәлімет болған жоқ. Ол Құранның тек сапасыз аудармасын ғана оқыған. Оны оқып шығып, Мұхамбетті Рим шіркеуіне ұқсатады. Мұхамбет те шіркеу Папалары сияқты Інжілден өз көңіліне жаққан аяттарды алған да, қалғанын тастай салған деп тұжырымдайды. Батыстағы діни ордендер сияқты Мұхамбет те дінге жаңалықтар енгізген деп санады. Сөйтіп мұсылмандарға қосымша құлшылық міндеттерін жүктей отырып, дін тақырыбындағы кезкелген ашық дискуссияға тыйым салды деп сынаған. Бұл теріс түсінік Лютер мен басқа да протестантық реформаторларға жұққан. Лютер Еуропаға Осман түріктерінің басып кіру қауіпінен қорыққаны сонша: оны өмірінің соңында кордовалық «азапшылардың» үрейлі сезімі мазалай бастайды. Себебі ол да христиан әлемін ислам тұтасымен жұтып қояды деп уайымдаған. Ол 1542 жылы Рикольдо де Монте Кроченің итальян тіліндегі «Dіsputatіon» жазбасына өзіндік аударма жасайды. Оның алғы сөзінде Лютер бұл кітапты осыдан бірнеше жыл бұрын оқығанын, бірақ жұрттың соншалықты сеніп жүрген далбаса өтірігін миына сыйдыра алмағанын жазады. Ол содан кейін Құранды оқып шыққысы келгенін, алайда оның латын тіліндегі аудармасын таппағанын да айтады. Бұл Р.Саудерн айтқандай, сол кездегі Құран аудармасының жеткіліксіз болуы немесе сапасыз аударылуы XVІ ғасырда ислам туралы мағлұматтың қаншалықты деңгейде болғанын көрсетеді. Құранның бір данасы Лютердің де қолына ақыры түскен. Ол Құранды оқып шығып, Рикольдоның пікірімен келіскен. Содан кейін Лютерді «Мұхамбет пен мұсылмандар тажалдың өзі емес пе?» деген сауал толғандырады. Сосын ол тажалдың миссиясына ислам лайық емес, тым қарабайыр дін екен деп пайымдады. Оның ойынша, христиан дінінің басты жауы – Папа мен католик шіркеуі. Бірақ Еуропа өзінің ішкі жауларымен арпалысып жатқанда, оны мұсылмандар басып алуы мүмкін, сондықтан да ислам бәрібір қауіпті деген тұжырымға келеді. Осыған ұқсас идеяларды швейцариялық У.Цвингли мен басқа да реформаторлар алға тартқан. Олар Римді тажалдың басы, ал мұсылмандарды оның денесіне теңеген. Сол кезде протестанттар арасында исламды сыртқы емес, ішкі дұшпан деп сипаттайтын тенденция белең алды. Яғни өз ішінде болып жатқан кезкелген проблеманы исламға тели салатын. Норман Дэниел «Арабтар және ортағасырлық Еуропа» деген зерттеуінде: «Ислам енді еуропалықтар үшін әлеуетті сыртқы жау бейнесінен айрылды» деп түсіндіреді. Яғни көптеген тексерусіз қабылданатын қате көзқарастар сияқты бұл идея да сарапталмай санаға сіңе берді. Яғни өз іштеріндегі әділетсіздікті, шынайы ілімнің бұзылуын, дінбасыларының сорақы әрекеттерін – барлығын исламмен байланыстырып сынады. Сонда бір жағынан олардың сөздері халыққа өтімді болып шықты. Мұның мысалы ретінде Даниэл католиктер мен протестанттардың өздерінің христиандық қарсыластарының барлығын исламға теңегенін айтады. Еш кінәсі жоқ мұсылман әлемінің айдаладағы христиандардың былық-шылығының бәріне айыпты болып таңылуы қазіргі батыстық түсінікке де қатты әсер еткен. Даниэл осы ойын «Ислам Батыс үшін бәрібір абсолютті (сөзсіз) дұшпанның символы ретінде қалды» деп түйіндейді. XVІІ ғасырда католик миссионері М.Лефевр мұсылмандар арасынан «Мұхамбет өздерінің күнәсін жоюға көмектеседі» деп сенетін мұхамбетшіл протестанттарды көргенін айтады. Ал енді XVІІІ ғасырда протестанттық саяхаткер-жазушы Л.Раувольф мұсылмандарды «мұхамбетшіл католиктер» деп есептеген. Ол өз жазбасында: «Олар игі істер жасау, рақымшылық ету, құлшылық, ораза, тіпті тұтқындарын құнын төлеу сияқты сауапты істердің барлығын тек Құдайға ұнау немесе соның разылығы үшін істейді» деп сипаттаған. Орта ғасырда христиандар исламды христиандықтың бүлінген нұсқасы деп түсініп, Мұхамбетті бейне бір дінбұзар, оңбаған етіп көрсету үшін жалған мифтер ойлап тапқан еді. Кейінде, христиандықтың өзара іші қырқыстары кезінде де исламға бұрынғы христиандық көзқараспен назар салды. Қайта өрлеу дәуірінде исламды объективті түсінуге тырысқан жаңа ойшылдар да болды. XV ғасырда сеговиялық Хуан мен Николай Кузанскийлар ислам қолжазбаларын алғаш аударып бастаған баяғы әулие Петрдің жолын жалғастыруға талпынды. 1453 жылы түріктер Византияны жаулап алып, Еуропаның кіндігіне қарай жақындағанда сеговиялық Хуан исламмен күресетін жаңа әдіс табу қажеттігін көтереді. Ол:«Исламды енді соғыспен немесе миссионерлік жолмен жеңу мүмкін емес», – дейді. Сондықтан өзі Саламанкадағы мұсылман имамдарымен бірлесіп, Құранның жаңа аудармасын жасауға кіріседі. Тіпті мұсылман мен христиан арасында ғылыми сұхбат құру үшін халықаралық конференция ұйымдастыру туралы идеяны да ортаға тастайды. Бірақ Хуан 1458 жылы өзінің бастамасын аяқтай алмай қайтыс болып кетеді. Енді оның жұмысын досы Николай Кузанский қолға алады. 1460 жылы ол «Crіbratіo Alchoran» («Құранды електен өткізу») деген еңбегін жазады. Бұл еңбек сеговиялық Хуан айтпақшы, христиан діндарларының исламды құр қаралай бергенінен гөрі, Құран мәтіндеріне жасалған жүйелі тарихи-филологиялық зерттеу болды. Қайта өрлеу дәуірінде арабистика ғылымының негізі қаланды. Олар космополиттік және энциклопедиялық әдіс бойынша мұсылман әлемін барынша шынайы бағалауға және кресшілердің теріс көзқарастарын сындыруға тырысты. Бірақ Батыстың санасына дендеп енген ескі ұғымдарды толық талқандауға әлжуаз ғылымның дәрмені жетпеді. 1697 жылы ағартушылық дәуірінің басында ислам жайлы екі зерттеу жарық көреді. Бұл екеуі де кезінде оқырманға қатты ықпал еткен. Бірінші еңбек Бартелми д’Эрблоның «Bіblіotheque orіentale» («Шығыс кітапханасы») деп аталды. Ол ХІХ ғасырдың басына дейін Батыста ислам мен шығыстың ұңғыл-шұңғылын таныстыратын маңызды еңбекке айналған. Оны тіпті «Ислам туралы бірінші энциклопедия» деп те атайды. Д’Эрбло исламға қатысты христиандық долбар көзқарастар мен қалыптарды бұзып-жару үшін араб, түрік, парсы тілдеріндегі деректерді шынайы пайдаланады. Мәселен, ол әлемнің жаратылуы туралы мифтің шығыста тараған жаңа нұсқасын келтірген. Д’Эрблоның осы қырынан келген көзқарасын өте жақсы әрі объективті деп бағалауға болады. Бірақ еңбектің «Мұхамбет» деген тақырыптағы тарауында ежелден таныс ескі сарынмен қайта қауышамыз: «Бұл танымал алаяқ Мұхамбет дінбұзарлықтың негізін қалап, жалғанды дін деп түсіндірді. Ойдан кітап жазды әрі артына біз мұсылманшылық деп атап жүрген мұхамбетшілікті қалдырады. Құранды тәпсірлеушілер және басқа да мұсылмандық немесе мұхамбетшілік атақ-даңққа ие ғалымдар бұл жалған пайғамбарға барлық мақтаулар мен мадақтар айтқан. Ал кейбір еретиктер оны Иисус Христосқа теңеп, оны Құдайлық дәрежемен тең қояды...» Дегенмен Д’Эрбло діннің дұрыс атауы жөнінде жақсы мәлімет қалдырады. Ол осыдан кейін жүрген жерінде оны мұхамбетшілік немесе мұсылмандық деп атай бастайды. Себебі христиандар оған дейін ислам мен Мұхамбет пайғамбарды өздерінің бұрмаланған бейнесі ретінде танып келген. Сол жылы ағылшын шығыстанушысы Хэмфри Придо «Мұхамбет: алаяқтың шынайы табиғаты» деген елеулі еңбегін жариялайды. Тақырыбының өзі-ақ оның ежелгі ортағасырлық теріс ұғымға түсіп қалғанын көрсетеді (ол Рикольдо де Монте Крочені өзінің басты дереккөзі ретінде атайды). Ол мұсылман дінін сол заманда қолда бар мүмкіндіктің бәрін пайдаланып, жан-жақты зерттегенін, оны жете тануға қол жеткізгенін жариялайды. Х.Придо исламды христиандыққа жай ұқсатып қана қоймай, барлық діндерді домалатып ілестіре алатын топастықтың көрнекі мысалы ретінде «дәлелдейді». Егер христиандық өзінің тұғырына мықтап орнықпаса, топастыққа (мұсылмандыққа) жұтылып кетеді деп есептейді. Жалпы алғанда, ағартушылық дәуірдің басы христиандардағы бұрынғы «Ислам мәдениетіне жұтылып кетеміз» деген таяз түсінік «Ислам надандығына жұтылып кетеміз» деген идеямен алмасты. Придо өзінің елеулі деп санайтын еңбегінде әрі қарай Мұхамбетке қатысты: «Жас кезінде ол ар-ұяттан жұрдай әрі тәрбиесіз болған. Әрқашан ұрлық-қарлық, тонау және қан төгуден ләззат алатын. Себебі араб халқының дәстүріне сай барлығы қолдарына қарау алып жүретін. Мүмкін болса, бір-бірін тонап, өлтіріп кететін. Мұхамбетті басты екі құмарлығы биледі: бірі атаққұмарлық, екіншісі әйелқұмарлық. Оның империя құруы бірінші құмарлығын дәлелдейді. Ал көп әйел алуы оның әйелқұмарлығын көрсетеді. Сондықтан, әрине, оның осы екі құмарлығының өзі исламның тамырын көрсетеді. Оның Құранының сирек тараулары соғыс пен қантөгісті қолдамайды. Қазіргідей әйелдерді еркін пайдалануға да рұқсат бермеген немесе олармен болашақта да рақаттануға уәде бермейді». Алайда XVІІІ ғасырда адамдар исламды шынайы түсінуге барынша ұмтылды. 1708 жылы Саймон Окли «Сарацин тарихы» деген еңбегінің бірінші томын шығарды. Д’Эрбло мен Придоның кітаптарынан сусындаған оқырмандар мына еңбекті оқығанда кәдімгідей қынжылды. Себебі Окли исламды соғысқұмар дін ретінде емес, керісінше VІІ ғасырдағы жиһадты мұсылмандық көзқарас тұрғысынан барынша дұрыс түсіндіруге тырысқан. 1734 жылы Джордж Сейл Құранның ағылшын тіліндегі жақсы аудармасын жариялады. Бұл нұсқа әліге дейін Құранның дәлме-дәл аудармасы саналады. 1751 жылы Франсуа Вольтер «Халықтардың рухы мен әдет-ғұрпы туралы тәжірибесі» деген кітап шығарды. Онда ол Мұхамбеттің Батыстағы көмескіленген бейнесін аршып, оны терең саяси ойшыл және саналы дінді қалаған қайраткер етіп көрсетеді. Сонымен бірге, Вольтер мұсылман қоғамын христиандыққа қарағанда кеңпейілділікпен, толеранттылық қатынаспен ерекшеленетінін жазады. Дат шығыстанушысы, майталман арабист Иоганн Якоб Рейск Мұхамбеттің өмірі мен исламның пайда болуынан әлдебір шынайы рухани бастауды, құдайлық ізді байқайды. Бірақ өзінің бұл әрекетімен әріптестерінің қатаң шабулына ұшырап, меселі қайтып қалады. XVІІІ ғасырда Ағартушылық дәуірдің рухымен Мұхамбетті парасатты, пайымды заң шығарушы ретінде көрсететін мифтер жасалады. Граф Анри де Буленвилье «Мұхамбеттің өмірі» деп аталатын еңбегін 1730 жылы Парижде, 1731 жылы Лондонда басып шығарады. Онда ол пайғамбарды «Саналы дәуірдің алғашқы хабаршысы» ретінде бейнелейді. Буленвилье «Мұхамбет әлімнің әміршісі болу үшін өзінің дінін жасады» деген ортағасырлық көзқараспен келісетінін білдіреді. Алайда христиандыққа қарағанда Исламда шынайылық басым. Себебі, христиандықта шіркеу барлық әрекетті құдайлық әмірмен байланыстырды. Біздің исламнан үлгі ететініміз де – осы. Мұхамбет – Александр Македонский, Юлий Цезарь тәрізді ұлы жаужүрек батыр деп мәлімдейді. Бұл кезекті қиялдың жемісі болатын. Буленвилье еңбегінде Мұхамбетті барынша деистетіп көрсетпеуге тырысқан. Сондықтан да кей тұстарында қиялына ерік берген. Алайда мұның өзін пайғамбарды жақсы қырынан көрсетуге талпынған деуге болады. XVІІІ ғасырдың соңында Эдвард Гиббон «Рим империясының құлауы мен қирау тарихы» деген еңбегінің он бесінші тарауында исламда монотеизмнің асқақ екенін дәріптейді және мұсылмандықтың батыл қадамдарын әлемдік өркениеттің тарихында құрметті орынға лайық деп бағалайды. Алайда ежелгі теріс түсініктердің батыстық санаға өте терең сіңгені сонша: исламды зерттеп, оны дәріптеп отырған жоғарыдағы авторлар да өздерінің объективті пікірлеріне табанды бола алмаған. Мәселен, еуропалық теріс ұғымдарды бұзып өтіп, ислам мен жиһадтың мәнін жақсы қырынан түсіндіруге тырысқан Саймон Окли Мұхамбетке келгенде: «Ол ел-жұртқа сыртын ғана керемет етіп көрсететін өте қу әрі айлакер адам болған. Бірақ шындығында оның жандүниесін атаққұмарлық пен әйелқұмарлық билеп алған», – деп соғып жібереді. Құранды ағылшын тіліне дәлме-дәл, жақсы аударды деп мақтап отырған Джордж Сейл өзкітабының кіріспесінде: «Бұл – сөзсіз исламның ойдан шығарылған жалған дін екенінің бірден-бір айқын дәлелі, оның қарудың күшімен таралғаны» деп жазады. Енді Вольтер болса, «Әдет-ғұрып» эссесінде исламға дұрыс баға бере отырып, Мұхамбетке мынадай сипаттама жазады: «Мұхамбеттің өзін өзі пайғамбармын деп жариялағанын білетін адамдардың өзі оны ұлы адам деп санаған. Қалғандары тіпті оны пайғамбар тұтады». 1741 жылы «Мұхамбет және фанатизм» деген драмасында Вольтер Мұхамбетті жәдігөй, сиқыршы етіп көрсету үшін бұрынғы теріс танымдарды қолданады. Мұхамбетті қулықтың арқасында халықты дініне кіргізіп, езіп-жаншитын жүрегі жоқ жуан етіп суреттейді. Кейбір ежелгі аңыздар Мұхамбетті жеткілікті дәрежеде жағымсыз етіп көрсете алмаған деген оймен бірнешеуін өзі ойынан оп-оңай шығара салған. Тіпті Гиббонның өзі «Ислам діні әлемдік өркениет қалыптастырды» деп бағалай отырып, Мұхамбеттің тұлғасына келгенде көз жұма салған. Ол Мұхамбеттің арабтарды ізіне ілестіру үшін оларды олжа мен секске қызықтырғанын айрықша ықыласпен дәлелдемек болады. Құранды Құдайдан түскен мұғжиза деп есептейтін мұсылманның сенімі жөнінде Гиббон астамшылықпен былай деген: «Алладан келген уахи деген аргумент – не болса соған таңғалатын, құлағы әдемі әуезден ғана рақат алатын, таяз ақылы көзсіз сенімге бой ұрғандықтан, нағыз генийлердің шынайы туындыларын жалғаннан айыра алмайтын надан арабтарға Мұхамбеттің сөзі қатты әсер еткен. Ал Құранның аудармасын оқыған еуропалық не тілдік үйлесімді, не сөз байлығын бағалай алмайды. Бір-бірімен байланыспайтын жалған сөздерді, бұйрықтарды, бірде көкте, бір жерде қалықтап жүретін, не әсері, не мәнері жоқ тақпақтарды тітіркене отырып оқиды». Бұлай ірі сөйлеу Батыстың өзіне өте сенімді бола бастағанын көрсетеді. Олар енді исламнан қауіптенбейді. Керісінше, шірене отырып сынап-міней береді. Егер біз Құранды түсінбесек, демек, оның ішінде іліп алар ештеме де жоқ деп шалқаяды. 1841 жылы Томас Каралейль өзінің Мұхамбет туралы «Батыр пайғамбар» деген лекциясында Құран туралы пайымды пікір айтпады. Бірақ Мұхамбетті ортағасырлық мифтерден ажыратып алуға барынша тырысып бақты. Бұл – Мұхамбетті діни қайраткер ретінде бағалаған алғашқы қадамның бірі. Бірақ «Құран – қызықсыз шығарма: мәтіндері шұбалаңқы, дөрекі, бытыраңқы, оқушыны шатысуға әкелетін шексіз қайталаулар. Қысқа қайырғанда, мағынасы толық ашылмаған шикі дүние. Оқуға төзімің зорға жететін далбаса кітап» деп есептеді. 1798 жылы Наполеон Египет институтының көптеген шығыстанушыларын кемеге тиеп алып, Мысырға келеді. Ол ислам әлемін жаулап алу үшін және Үндістандағы Британ үстемдігіне қыр көрсету мақсатында мұсылман жұртына жаңаша жоспар құрады. Мысырға жеткен соң ол ғалымдарын ел ішін аралап, ақпарат жинауға жұмсайды. Офицерлерге ғалымдар не айтса, соны мүлтіксіз орындау туралы қатаң тапсырма береді. Олар Александрия тұрғындарымен кездесіп, беттері бүлк етпестен өздерін «Біз – нағыз мұсылмандармыз» деп таныстырады. Бұл жорыққа әбден дайындалып келген Наполеон Каирдегі әл-Азхар мешітінен алпыс шейхты өзінің штабына шақыртып, оларды қонақ қылады. Өзінің Вольтерден оқып-білген «Мұхамбеті» туралы шейхтармен сұхбаттасып, білмеген жерін сұрап, пайғамбарды мақтап сөйлейді. Әрине, олар Наполеонның мұсылмандығына құлай сенген жоқ. Бірақ француз қолбасшысының ислам туралы білгісі келген талабы шейхтардың көңілін аздап болсын жібітті. Абыройлы шейхтармен дастарқан басында сұхбаттасуы да халық арасындағы өшпенділіктің азаюына ықпал етеді. Әйтсе де Наполеонның әскери экспедициясы сәтсіз аяқталды. Ол британ және түрік біріккен әскерінен жеңіліс тауып, Еуропаға қайтып кетті. ХІХ ғасырда Еуропа мықтыларында өзге ел-жұртты шексіз билеп-төстеп кете беретін басқыншылық көңіл күй үстем болды. «Жабайы» Азия мен Африканы құтқару тек солардың маңдайына жазылғандай көрінді. Француздар мен британдықтар құлдырап құрып бара жатқан Осман империясына ашкөздене қарап отырған. Мәселен, француздық христиан апологеті (жазушы) Франсуа Рене Шатобрианнан кресшілер идеалының қайта жаңғырғанын аңғарамыз. Шатобриан Наполеонның экспедициясына тәнті болған. Оған француз қолбасшысы бейне бір зиярат етуші кресшідей көрінді. Ол кресшілердің шығысқа христиандықты таратқысы келгенін дәлелдеп: «Христиан діні басқа діндерге қарағанда «еркіндік туғызады». Сондықтан кресшілер шығыс жаққа еркіндік әкелгенде өркениеттің жауы және қоғамды надандық пен құлдыққа сүйреуші исламмен қақтығысқан» деп соққан. Француз революциясы кезінде ислам тағы да жағымсыз тараптың жексұрын кейіпкеріне айналды. Орта ғасыр дәуірінде иерархияға бейім кейбір ислам сыншылары Мұхамбетті «Төменгі таптың өкілдері – құлдар мен әйелдерге көп бостандық беріп жіберген» деп айыптаған. Бұл стереотип қазіргі демократиялы қоғамда келмеске кетті. Бұл исламды толық түсініп, дұрыс бағалағанынан емес, бұл идея олардың қолайына жаққан соң ғана үнсіз кетті. Батыс исламды шетке ығыстырып, барлық жетістікке өзіміз бұрын жеттік дегенді жақсы көреді. «Парижден Иерусалимге және Иерусалимнен Парижге (1810–1811)» деген бестселлерінде Шатобриан өзінің крес жорығы туралы қиялын Палестинадағы жағдаймен бейнелейді. Ол:«Арабтар қолбасшысыз әскер, заң-ережесіз азаматтар, әкесіз отбасы кейпін еске салады. Олардан өркениетті адамнан алғашқы қауымдық қоғамға қайтып келген тобырдың мысалын көресіз». Өздерін басқара алмайтындықтан, Батыс елдерінен ислам қоғамын қадағалап отыруды өтінеді. «Құранда ешқандай өркениеттің негізі жоқ. Мінезді түзеудің де ғылымы жазылмаған». Христиандыққа қарағанда Ислам тирандарды жек көруді үйретпейді. Еркіндікке деген сүйіспеншілікке үндемейді» деп жазады. Француздың көрнекті филологі Эрнест Ренан жаңа нәсілшілдік және империалистік мифтерді ғылыми жолмен негіздеуге кіріседі. Ол «Еврей мен араб тілдері әбден тоқырап тозған. Арийлік тамырынан ажырап, оңалмастай бүлінген» деп «дәлелдеген». Оларды жетілмей қалған мешеу тілдің мысалы үшін оқуға болады. Олармен өзіміздің лингвистік жүйемізді дамытамыз деген – құр әурешілік. «Семиттік нәсіл өзінің жадағайлығымен бізге мешеу болып көрінеді. Салыстырып айтар болсақ, бұл нәсіл үндіеуропалық адамдар үшін бояусыз қарындашпен шимайлай салған қиыр-шиыр бір нәрсе сияқты. Алуандық пен шалқыған шабыттан ада. Әбден дамып, гүлденген өмірдің сән-салтанаты жетіспей тұрады. Семиттік халықтардың дүрілдеген дәурені ежелгі заманда өтіп кеткен. Бейне бір бақытты балалық шақтан соң кемеліне келмеген күйі тоқтап қалған ортан қол пенде сияқты» деп жазған. Қарап отырсақ, арабтар мен еврейлер қайтадан орта ғасырдағыдай бір образдың кейіпкеріне айналған. Әрине, бұл жаңа нәсілшілдік Еуропадағы еврейлер үшін қырғын апат алып келді. Гитлер еуропалық-арийлік топырақта өзге нәсілдің жүруіне үзілді-кесілді қарсы болды. Еврейлерді қуғындап, елден бездіріп жіберді. Бұл ежелгі христиандық стереотиптерге шырмалған бірінші кресшілердің Рейн бойында бейбіт отырған еврей жұртын күйрете шапқан ала қырғынды қайталағанмен бірдей болды. ХІХ ғасырда Еуропада мұсылмандар өмір сүрген жоқ. Есесіне британдықтар мен француздықтар олардың жерін тартып алуға көшті. 1830 жылы француздар Алжирді, 1839 жылы британдықтар Аденді отарлады. Тунис (1881 ж.), Египет (1882 ж.), Судан (1898 ж.), Ливия мен Марокко (1912 ж.) үшін өзара соғысып, ақыры бөлісіп алды. 1920 жылы араб халықтарына Түрік империясын қиратып, тәуелсіздік алып береміз деген уәдесіне қарамастан, Таяу Шығысты да территориялар мен протектораттарға бөліп тастады. Бүгінде мұсылман әлемі батыс империализмі мен христиандық миссионерлік қызметті ертедегі крес жорығымен байланыстырады. Мұның да өзіндік негізі бар. 1917 жылы генерал Эменби Иерусалимге келгенде «Осымен крес жорығы аяқталды!» деп жариялаған. Ал француздар Дамаск қаласына басып кіргенде, қолбасшысы Салахаддиннің қабірінің жанында жеңіс маршын ұйымдастырып: «Салахаддин, біз қайтып келдік!» – деп айқайлаған. Ізгілікті насихаттаушы христиан миссионерлері отарлау саясатын қолдаған. Мысалы, жергілікті христиандарға Ливанда протектор басқаруын тапсырған. Империя басшылары христиандар әкімшілік басқару ісінде жаңа ағартушылық пен прогресс әкеледі деп сенген. Алайда олар елдегі мұсылман ғұламаларын қуғындауға белсене кіріседі. Оның арты көтеріліске әкеп соқты. Мәселен, Алжирде отаршылдық жүйені орнатуға көп уақыт керек болды. Бұрқ ете қалған көтерілісті басу үшін қаншама жазалаушы жорықтар жолға қойылды? Француз тарихшысы М.Бодрикур сол кездегі жағдайды былай суреттейді: «Біздің сарбаздар экспедициядан оралғанда өз істерінен өздері ұялды... Олар орман-тоғайды отап, ағаштарды өртеп жіберген. Қарттар, әйел, бала-шаға шыбындай қырылды. Бейшара әйелдердің сақина, білезік сияқты әшекей бұйымдары солдаттардың дүниеқоңыздығын қоздырды. Алжирлік әйелдердің білезігі ерекше әдіспен жасалатын. Яғни білезікті қыз баланың жас күнінде аяғы мен қолына тағып қояды. Ол шешілмейді. Өмір бақи алынбайды. Француз солдаттары әшекейлерді алу үшін олардың қолы мен аяқтарын шауып тастайтын». Отаршылдар бойында исламға деген табиғи жеккөрініш есіп тұрды. Египетте Лорд Кромер Египет либералы Мұхамбет Абдоның кейбір дәстүрлі ислам идеалдарын назардан қайта өткізу туралы әрекеттерін айыптайды. «Ислам өзіне реформа жасай алмайды. Арабтар қоғамын тірілтуге қауқарсыз» дейді. Ол «Қазіргі Египет», «Шығыс тұрғыны» деп аталатын екі томдық әйгілі ең-бектерінде исламды оңалмайтын инфантелизм құбылысына балайды. Сэр Альфред Лайэль бірде маған: «Шығыстың ойлау жүйесі нақтылық пен дәлдікті жек көреді. Кез келген ағылшын-үнділік осы нұсқауды жадында ұстасын», – деді. Факті анық болмаған соң, өзінен өзі дәйексіз затқа айналып жоқ болып кетеді. Шындығында шығыстың ойлау жүйесі осылай қалыптасып кеткен. Еуропалық адам анық пайымдайды. Фактілерді айтқанда екіұштылыққа ұрынбайды. Арнайы оқымаса да, логикасы тастай берік. Табиғатынан скептик. Кез келген заттың ақиқатына жету үшін дәлел сұрайды. Оның машықтанған зердесі мінсіз механизм сияқты жұмыс істейді. Екінші жағынан, шығыс тұрғынының ақылына өздерінің көшелері сияқты симметрия жетіспейді. Оның пайымы өте төмен. Ертедегі арабтар диалектика ғылымында жетістікке жеткенімен, ұрпақтары логикалық қабілеттен айырылған. Олар көзге көрініп тұрған қарапайым нәрседен қорытынды шығаруға қабілетсіз». Обалы не керек, бірнеше Батыс ғалымдары араб пен мұсылман қоғамының объективті болмысын жасауға барынша талпынды. Бірақ отарлаған күшті елдің асып-тасқан мерейі көп адамның исламды дұрыс тануына жол бермеді. Олар исламды байыппен зерттеудің қажеті жоқ деп қысқа қайыра салатын. Исламға деген осындай әділетсіз көзқарас оның басқа әлемнен оқшауланып қалуына ықпал еткені күмәнсіз. Бүгінде антибатыстық ұстаным мұсылмандар арасында да күшейіп келеді. Ол енді оқиғаның жаңаша белең алуы болып саналады. Батыста Мұхамбетті атам заманнан бері жау деп танитын. Яғни пайғамбарды жек көрудің ұзақ сонар осындай тарихы бар. Ал мұсылмандар осыдан 20 жыл бұрын батыс туралы толыққанды ештеңе де білмейтін. Мен бұдан да басқа да еңбектерімде жазғанымдай, крес жорығы Еуропа тарихында шешуші рөл атқарды. Батыстық танымды қалыптастырудың алғышартын жасады. Крес жорығы Таяу Шығыстағы мұсылман өміріне қатты әсер еткенімен, тұтас ислам әлемін сілкіндіре алмады. Крес жорықтары шекараның маңайындағы шағын эпизод сияқты көрінеді. Мысалы, сол жорықтар Ислам империясының орталық ауданы саналатын Ирак пен Иранға шыбын шаққан құрлы әсер етпеді. Мұсылман жұртында Батысты жау бейнесінде көретін көзқарастың қалыптаспауының бір себебі осында жатыр. Христиан әлемі туралы сөз болғанда мұсылмандар қазіргі Батысты емес, Византия империясын елестетін. Ал Еуропа ол кезде оларға жабайы, пұтқатабынушылар мекендейтін шөлейт, өркениеттен жырақ қалған жабайы жер сияқты көрінген. Алайда Еуропа еңсесін көтеріп, ақыры дамыды. Өз қазанында өзі қайнап жатқан мұсылман әлемі айналадағы өзгерістерді дер кезінде байқамады. Наполеонның Египетке жорығы Таяу Шығыстағы көптеген ойшылдың көзін ашты. Өзіне сенімді француз солдатының емін-еркін жүріп-тұруы оларға қатты әсер қалдырды. Мұсылмандар әрқашан өзге мәдениеттің идеяларына үн қосатын. Сондықтан да олар батыстың заманауи, радикалды идеяларына ұмтылды. ХХ ғасырдың басында ислам әлеміндегі озық ойлы интеллектуалдың барлығы либералдар және батысшылдар болды. Олар Батыс имперализмін жек көре отырып, Еуропадағы либералдар бізді қолдайды және лорд Кромер сияқты адамдарға қарсы шығады деп ойлады. Оларды Батыстың өмір салты тәнті еткені сонша: Батыс исламға да ортақ көптеген идеалдарды ұқыпты сақтап қалғандай көрінді. Алайда соңғы елу жылда Батыс өзіне деген осындай достық пейілді жоғалтып алды. Батыс мәдениетінің сүйегіне дейін сіңген Мұхамбетті жек көретін, мұсылманды жақтырмайтын және олардың ғұрыптарын мазақ ететін жағымсыз мінез-құлқы мұсылманның төзімін тауысып, ықыласына су септі. Мұсылман елдерінің пікірінше, отаршылдық тоқтаған соң да Батыстың көне көзқарасы қарым-қатынасқа салқынын тигізіп тұрды. Сириялық жазушы Рана Каббан «Христиан әлеміне хатында»: «Батыстың да ар-ожданы ала-құла боп өзгере береді. Олар АҚШ барлау қызметі қолдап отырған ауғандық моджахедтерге жылы шырай танытады. Никарагуада да солай болған. Бірақ «қырғи қабақ соғысына» араласпай, өзінің саяси мүддесін ғана көздеген мұсылман сарбаздарына көңіл бөлмейді. Мен бұрын да жазғанымдай оккупацияға ұшыраған территорияда күн сайын 600 палестиндік өлім құшып, 30 000 мыңнан астамы жарақат алады. 20 000 палестиндік жауынгер Израиль түрмелерінде сотсыз тұтқында отыр. Алайда осындай Израиль елі – Батыстың көзқарасында бәрібір демократиялық мемлекет. Бейне бір Батыс өркениетінің шығыстағы күзетшісіндей көрінеді. Мұндай екіжүзділікке қарап не айтуға болады?! Исламның радикалданып кетуіне Батыс та белгілі бір дәрежеде жауапты. Бүгінде көптеген мұсылман Батысты құдайсыз, әділетсіз және үмітсіз деп таниды. Кейбір Батыс ғалымдары, мысалы, Максим Родинсон, Рой Моттахеде, Никки Р.Кедди, Жиль Кепель исламның мұндай көңіл күйінің себебін анықтауға тырысып жатыр. Дегенмен олардың мұсылман әлеміндегі қазіргі кризисті объективті, шынайы түрде зерттеулері Батыстағы үркердей ғана топтың санасындағы тоңды жібітеді. Ал көбінің санасында сол баяғы жеккөрініш ұрығы шемен боп қатып қалған. Олар болып жатқан оқиғаның түбіне үңіліп әуре болмайды. Ал исламдағы жаңа радикалды ұстаным тұтасымен Батысты жеккөруден пайда болған жоқ. Бұлай дейтінім: радикалды мұсылмандар Батыста емес, бірінші кезекте өз үйлерінде жаңа тәртіп орнатумен әуре болды. Мәдениетіне кейін келіп қосылған қисық дәстүрлерді жоюды мақсат етті. Ал діни экстремизмнің себептерін анық айту мүмкін емес. Олар әр түрлі континентте – қалада да, ауылда да бүр жара береді. Бұған тек психологиялық қырынан келу керек. Егер естеріңізде болса, даудың басы Кордовадағы «дін үшін азап шегуші» фанаттардың әрекетінен басталған-тын. Оларға не әсер етіп еді? Исламның жетістігі мен гүлденген мәдениетін көргенде олар өздерінің өркениетті тамырынан үзіліп қалғандай жарымжан психологиялық хал кешіп еді ғой. Бұл да сол сияқты. Яғни мұсылманның өмір салтын Батыстың мәдениеті жаулап алды. Тіпті үйлеріндегі отыратын орындық пен жиһаздан, тамақ ішетін ыдыс-аяқтан өзінің мәдени символдарын көре алмағандықтан, бойын үмітсіздік билеп, өзге мәдениетке жұтылып бара жатқандай сезінеді. Меніңше, исламдағы экстремизмнің шығу себебін осы тараптан іздеу керек. Дінді қабылдағанда көп адам өзінің мәдени тамырына жалғанып, төл дүниетанымын қайтадан тірілткісі келеді. Алайда әлемнің әр түкпірінде исламның жергілікті мекенге ғана тән таңғажайып түрлері өмір сүріп жатыр. Оған жергілікті жағдай мен дінге еш қатысы жоқ әдет-ғұрыптар қатты әсер етеді. Майкл Джилсенен «Исламды тану және Таяу Шығыстағы дін мен қоғам»деген еңбегінде әр өңірдегі халықтың діні ислам болғанымен, мәдениеті мен қоғамы әр аймақта әртүрлі екендігін айтады. «Ислам» немесе «фундаментализм» сияқты терминдермен отаршылдықтан босаған Таяу Шығыстағы халықтың ахуалын сипаттап беру мүмкін емес. Бұл құбылыс бұқаралық ақпарат құралдары тарататын ақпараттан әлдеқайда күрделі. Біз үнемі исламға деген қанға сіңген өшпенділігімізді білдіру үшін жаңа стереотиптер ойлап табамыз. 1970 жылдары бізге ислам мұнайы көп ысырапшыл бай шейхтардың бейнесінде елестесе, 1980 жылы Салман Рушдиді өлім жазасына кескен Аятолладан соң ислам бейне бір творчестволық еркіндікке тыйым салушы догма діндей көрінді. Бұл образдарын бірде-бірі шым-шытырық мұсылман әлемінің шынайы өмірінен хабар бере алмайтыны анық. Бірақ бәрібір адамдар ислам туралы бұрыс ақпараттармен кесіп-пішіп сөйлей беретін. Мысалы, Рана Каббани Фэй Уэлдон мен Конор Круз О’Брайеннің айтқан екі түрлі сорақы сындарын мысалға келтіреді. Ағылшын жазушысы Уэлдон Салман Рушдидің дауына байланысты «Қасиетті сиыр» деген еңбегінде: «Құран адам ақылына арналмаған. Бұл саналы әрі қауіпсіз қоғамның іргетасы болатын поэма емес. Ол адамның ақылын бақылау үшін қару мен күш ұсынады. Мұндай өзіндік цензураны ақылсыз болсаң, оп-оңай жасауға да болады ғой және олай жасау өте қорқынышты... Мағынасы шектеулі, қала берді «Құдай» деген сөзге қатысты таным басталғанда одан сайын шектеле түсетін мәтіндерді көремін» дейді. Бұл пікір біздің Құран мен исламды зерттеудегі шынайы тәжірибемізбен сәйкес келмейді. Бірақ сонда да болса әрі қарай тыңдап көрейік. Ирландық ғалым, жазушы әрі саясаткер Конар Круз О’Брайен ежелгі аңыздарды қайта дамыта отырып, адасқан ислам мәдениетіне құрмет білдіруді екіжүзділік деп айыптайды: «Мұсылман қоғамы өте жиіркенішті... Оның жиіркенішті болып көріну себебі ол табиғатынан жиіркенішті... Егер Батыс адамы ислам қоғамына тәнті болып, бірақ Батыс құндылықтарын ұстанатын болса, онда ол екіжүзді немесе надан» дейді. Ол: «Араб қоғамы ұзақ уақыттан бері науқас адамның күйін кешуде. Өткен ғасырда араб ойшылы Жамал әл-Ауғани былай деп жазған еді: «Әрбір мұсылман науқас және оның бірден-бір емі – Құран». Өкінішке орай, сол емін қолданған сайын оның ауруы керісінше асқынып барады» деп сынаған. Алайда барлық сыншы исламға ортағасырдағы надан кресшінің назарымен қарамайды. ХХ ғасырда көптеген ғалымдар исламтанудағы батыстың көзқарасын кеңейтуге барын салды. Атап айтқанда Луи Массиньон, Х.А.Р. Гибб, Анри Корбэн, Аннемари Шиммель, Маршалл Ходжсон, Уилфред Кентуэлл Смит. Олар өз дәуіріндегі ислам туралы теріс ұғымдарды талқандаған әулие Петр мен сеговиялық Хуан сияқты академиялық ғылымның әдісімен батыстағы пайымсыз пікірлерді талқандады. Дін ілімі ғасырлар бойына ел-жұрттың бірін бірі терең тануына септесіп келді. Адамдардың өздері діни идеалдарды барлық кезеңде лайықты деңгейде насихаттай алмаған шығар. Дегенмен де олар өзіміздің жүріс-тұрысымыз бен адами әдебімізді салыстырып өлшеуге арналған әділдік, жомарттық, жанқиярлық, өзгенің қайғысын бөлісу деген сияқты рухани идеяларды бізге жеткізіп отырды. Исламды байыпты зерттеу кезінде мұсылмандардың рухани принциптермен өмір сүруіне 1400 жыл бойы Құран идеалдарының ықпал еткендігін көреміз. Канадалық зерттеуші Уилфрид Кентуэлл Смит: «Егер ислам тіршілікке мағына беретіндей мықты болса әрі шығармашылық шабыт берсе, әділдігінен айнымаса, онда мұсылмандық мәдениет те өркендей алады» деген. Батыс қоғамының исламға байланысты проблемаларының кейбірі Мұхамбетті өркениеттің жауы және хақ діннің дұшпаны деп қарауынан туындайды. Бәлкім біз ендігі заманда Мұхамбетті жау деп санамай, оны барлық халыққа өркениет пен бейбітшілік әкелген мықты рухани көсем деп қана тануға талпынуымыз керек шығар...
Карен Армстронг
ТҮЙІНСӨЗ
Құрметті оқырман, міне, «Сияр Шәріп» кітабын соңына дейін оқып шықтыңыз. Сіз бұл кітапта мыңжылдық тарихы бар «Нури Мухаммад» концепциясын дербес дамытқан қазақы сияр түрімен таныстыңыз. Одан бөлек осы мәңгілік идея арқылы ислам өркениеті мен мәдениетіне жалғанған көшпенді халықтың рухани қазынасымен де сусындадыңыз. Құран Кәрім арқылы бұйырылған пайғамбарға салауат айту дәстүрі де жадыңызда қайта жаңғырды. Жүрек көзі ашылған әулие-ғұламалардың ғашықтық ғазалдарын оқып, олардың тебіреністерін де жан жүрегіңізбен сезініп көрдіңіз. Бұлармен де шектелмей, Батыс әлемінде Мұхамбет пайғамбарға қатысты қалыптасқан шиеленістің де шежіресін шолып шықтыңыз. Әлбетте, кітапта баяндалған «Нұр-Мұхамбет» қиссасымен, діни дастандармен, салауаттармен, қызықты тарихи фактілермен таныс болып, таным көкжиегін кеңіту – өз алдына бір ғанибет! Десек те, кітапты жазудағы ең басты мақсат ол емес. Ең басты мұрат – әулие-машайықтардың пайғамбарға ғашықтық ғазалдары арқылы сіз бен біздің тұла бойымыздан, жан жүрегімізден, қан тамырларымыздан жоғалып, біржола семіп, құруға айналған иләһи сүйіспеншілік пен адами махаббаттың шынайы сезімдерін ояту. Құдайға шүкір, ХХІ ғасырда орта ғасырдағыдай материалдық жұтаңдық жоқ. Қалай десеңіз де, біздің қазіргі тұрмысымыз ғылыми жетістіктің арқасында әлдеқайда жақсарған. Бізді қазір «тұтынушы қоғамның құрбандары» деп те атайды. Қазіргі адамның жаны да, жүйкесі де құрғақ уағызға емес, осындай шынайы тебіреніс пен ышық-махаббаттың самалына зәру. Тұла бойды балқытып, жан жүректі езіп, іші-бауырыңды су қылатын иләһи сезімдер – бұл кезде дамыған елдер мен дамушы мемлекеттерге де жетіспейтін ортақ мұқтаждық. Оның айқын көрінісі – дамыған Батыс әлеміндегі пайғамбар карикатурасына қатысты жағымсыз даулардың өршуі. Мұсылманның Мұхамбет пайғамбарға қатысты менталитетін терең танымағанның кесірінен, Еуропаның кейбір газет-журналдары пайғамбардың бейнесін әжуалап саламыз деп басы бәлеге қалды. Ондай даудың кейбіреуі кісі өліміне әкеліп соқты. Мұсылман мәдениеті мен өркениетінің алтын шынжыры әулие-сопылардың тебіренісімен өрілген. «Сияр Шәріпті» оқып отырғанда «Біз бұларды бұрын неге білмегенбіз?» деген сұрақ міндетті түрде туады. Есіңізге сала кетейік, бұл жырлар, қиссалар, салауаттар, тебіреністер бар-жоғы осыдан 80-90 жыл бұрын ғана қазақ сахарасында кеңінен тарап жатқан. Тарихшы Ж. Шалғынбайдың зерттеуінше 1807-1893 жылдар арасында қазақ тілінде 854 кітап басылған. Олар Қазан, Ташкент, Омбы, Орынбор баспаларынан ұзын саны 2 миллион 251 840 тиражбен басылып шыққан. Кітаптардың 90 пайызы діни қиссалар еді. Санкт-Петербург қаласында 1865 жылы кітап, баспа ісін бақылайтын басқарма құрылады. Осыдан бастап, Мұхамбет пайғамбардың аты аталатын кітаптардың бәріне цензура қойылады. Патшалық Ресей Алаш баласының тарихи жады мен діни танымын түбегейлі санадан өшіру үшін ең бірінші кирилл алфавитін енгізуді қолға алады. А.Е. Алекторов, И.Н. Ильминский сияқты миссионерлер осы іске белсене кіріскен. Басты мақсат – қара халықтың араб қарпінде жазылған қиссаларды жаппай оқуына жол бермеу. 1898 жылы Қазан қаласындағы баспаханаларға 2259 қолжазба келіп түседі. Цензура басшылары солардың тек 563-іне ғана рұқсат берген. Қалғаны «исламдық мазмұны бар» деген сылтаумен басылмай қалған. Жарық көрмей жатып қалған қолжазбалардың ішінде «Ән-хазірет Расулдың миғражда қонақ болғаны», «Жұмжұма», «Мұхамбет-Ханафия», «Наушаруан», «Зарқұм» сияқты қиссалар бар. Себебі аталмыш қиссаларда Мұхамбет пайғамбардың образы өте биік дәрежеде ұлықталған. Онымен қоймай, жекелеген медреселердегі діни әдебиеттерге ревизия жүреді. Мысалы, 1895 жылы Ғабдулла Исабеков деген ишанның оқу ордасына тексеру келіп, оның бірнеше кітабын тәркілейді. Олардың ішінде «Сияр Шәріп», «Мұхаммедия», «Мұхамбеттің отбасы», «Нағт ун-нәби Мұхамбет» сияқты кітаптар болған. Бірақ бұл қорлықтың бәрі большевиктер жасаған зобалаңмен салыстырғанда түк те емес. 1925 жылы Совет өкіметі күшейген соң қисса кітаптарын тартып алумен ғана шектелмеген. Советтің адал қызметшілері діни қисса-дастандарды үйіп қойып өртегені былай тұрсын, діни сауаты бар адамдарды жаппай атып тастады. Коммунистер қолдан ұйымдастырған алапат аштықтан миллиондаған қазақ қырылып қалды. Сол миллиондардың ішінде шырынды қиссаларды жатқа соғатын мыңдаған қиссашылар өліп кетті. 1930 жылдан бастап діни мейрамдарды тойлауға толық тыйым салынды. Белгілі ғалым Назира Нұртазинаның зерттеуінше большевиктер мұсылманша адам аттарын өзгертуге жаппай кіріседі. Олар әсіресе Ахмет, Мұхамбет, Мұхамбетжан, Хасен, Құсайын, Омар, Оспан, Ибраһим, Ысқақ, Әубәкір, Мұса, Мұстафа Сүлеймен деген т.б. есімдерге қатты шүйлікті. Бұлардан бөлек соңғы буыны «дін», «молда» деп аяқталатын Қайролла, Ғарифолла, Шарафаддин, Нәжімеддин, Нұрмолда, Баймолда сияқты адам аттары қарауылға бірінші ілікті. Большевиктер пайғамбар есімдерін Мұқан, Мұқаш деп, Бекмұхамбет, Нұрмұхамбет есімдерін Бекен, Нүркен деп өзгертті. Қала берді, Әмина, Халима, Хадиша, Бәтима, Айша, Зейнеп сияқты қыз бала есімдері де қойылмайтын болды. Олардың орнына Карл, Мэлс, Лениншіл, Советхан, Кеңес, Октябрь, Съезд, Клара, Роза, Индира, Зоя сияқты тағы басқа большевиктік адам аттары қойылды. «Көк тұман алдындағы келер заман» деп Абай болжаған қилы кезеңде талай жыраулар мен шайырлар әулие-машайықтардың тебіренісінен медет тілеп, зар илеген. Олардың тебіреністері қараңғы көңілге сәуле құйып, құм болған жігерді жанушы еді. Мысалы, сыр сүлейі Шегебай Бектасұлы осы шарасыз күйді былайша жеткізеді:
Көрінер жарық жер жоқ, қараңғы түн,
Болар ма ататын таң, шығатын күн?!
Дейтұғын: «Ислам қайда?» – ер азайып,
Бақ айнып, аумасып тұр перімен жын.
Әулие, тебіренесің енді қашан?
Жылдан жыл жіңішкеріп барады дін.
Бермесең Өзің қуат, патша Құдай,
Кімге айтып дегенмен дат, жетеді үн?
Жоғарыда тарихтан таныс болған қилы кезеңдер қазақ ұлтының мың жарым жыл қалыптасқан өзіндік эстетикалық-филантропиялық діни танымын шайып кетті. Әдетте, таудың етегіндегі қарағай, арша, шыршаларды тамырымен қопаруға рұқсат берілмейді. Себебі олар тамырымен екі мың жылда әрең түзіліп бітетін құнарлы қабатты ұстап тұрады. Тамырлар жоғалғанда құнарлы қабат сумен шайылып келмеске кетеді. Сол сияқты қоғамда қалыптасатын мәдени қабат та ғасырлар тоғысында сомдалады. 1917 жылғы Ресейден басталған революция қазақ даласындағы мәдени қабаттарды қопарып, астаң-кестеңін шығарып жіберді. Біз оның зардабын әлі тартып жатырмыз. Өркениет тамырынан ажыраған қазіргі қазақ қоғамы рухани азудың аз-ақ алдында тұр. Бабалардан қалған діни тәжірибе қолдан кеткен соң, дінге бет бұрған кейінгі толқын әсіредіншілдікке оп-оңай бой алдырды. Осы бетімен кете беретін болса қазақтың қазіргі діні филантропиялық қасиетінен ада болуы мүмкін. Оған дәлел – қазақ жастарының алыс аймақтағы мағынасыз соғыстарға «жиһад» ұранымен аттануы. Әлі де ес жиып, еңсе көтеруге мүмкіндік бар. Ол үшін білімді жастар рухани қазынаны бауырына бүгіп жатқан мәдени қабаттардың қойнауына сүңгуі керек. Тарихтың қатпарында қалып қойған тебіреністер мен шынайы иләһи шабытты қайта табу – негізгі міндет. Біздің бұл жолғы шығарған кітабымыз да – осындай рухани ізденістен туған еңбектің бір үлгісі ғана. Әрі қарай мұны жалғастыру, дамыту рухани ізденуші сауатты жастардың еншісінде. Осы кітапты құрастыру барысында ісіміздің алға басуына тілектес болып, оның жарыққа шығуына атсалысқан Нүптеке Нұрман Батталғазыұлына, Әшімхан Дәулет Дидахметұлына, Тайғарин Сұлтан Қадырбекұлына, Алтыбаев Ақылғазы Қайырғазыұлына, Тастанбек Cержан Оңалбекұлына, Моминов Муроджон Махамаджанұлына, Баспаев Айтбай Оразбайұлына, Мырзабай Сейілбек Саттарұлына, Жанбай Нұрбол Жайлауұлына, Бегімбеков Айдын Қуатжанұлына, Иісов Руслан Шыңғысұлына, Суатай Серік Сағындықұлына, Тұрғамбай Бахтияр Абзалиденұлына, Тастанов Амангелді Мейрамбекұлына, Мықтыбаева Гүлнар Сейітқызына, Қызылбай Марат Сабырұлына, Арғынбек Қыдырбеков Қабылбекұлына, Қуаныш Наурызов Тұяқұлына, Әбикова Гүлшат Мәсалимқызына, Меңдуалиева Арайлым Сымбатқызына алғысымыз шексіз. Осы кітаптың жарық көруіне демеушілік жасап, жәрдемін аямаған Абзал Құспан мырзаға шын жүректен рақметімізді айтамыз.
ТҮСІНДІРМЕ СӨЗДЕР
Адам Сәни — «Екінші Адам»: Нұх пайғамбардың сипаты Ақаба келісімі — Мұхамбет пайғамбардың Мәдина қаласында өзге дін өкілдерімен жасасқан шарты
Алланың пазылы — Алланың кеңшілігі, мейірімі Анқазірет, Әнқазірет — Мұхамбет пайғамбардың дәрежесінің жоғарылығын білдіретін құрметті есім. Қазақ халқының арасына тараған көптеген жырларда, хикаяларда, шежірелік деректерде жиі ұшырасады Ансар — «Жәрдемші», «көмекші». Мәдина қаласындағы пайғамбардың жақтаушы серіктері
Арзу — Талап, өтініш
Ариф — Құдайды таныған жан, әулие
Асы, ғасы — «Күнәлі»
Ахұн — Әуелі рухани ілім игеріп, содан кейін өлең-жыр шығарумен айналысқан өнер иелері. Негізінен ха-лыққа Құдайдың Хақ жолын насихаттаған Әләм нашырақ садрак — «Біз сенің кеудеңді ашпадық па?» мағынасындағы Құранның Шарх сүресінің 1-аяты Әлімсақ — «Әл Мисақ»: Әуелден ақырға дейінгі барлық адам рухтары Аллаға «Әрине, Сен біздің Раббымызсың» деп ант беретін орын Әліп, мим, ре — Араб әріптері. Қосып оқылғанда «әмір» деген мағы-наны білдіреді
Әмме — Барлығы, күллісі
Әнбия — Пайғамбарлар
Әсілі — Түп-төркіні, негізі
Әһлі кітап — Кітап иелері, яғни кітап түскен қауымды білдіреді
Баб — «Есік» деген мәнде. Рухани ілімнің есігі болып саналатын әулиелерді халық осылай атаған.
Барзақ — О дүниеде адамның рухтары уақытша орналасатын мекен
Бәден — «Тән», «дене»
Бәйтулла — Алланың үйі, яғни Мекке қаласындағы Қағба
Ғазал — Түркі халықтарының соңғы екі жолы ұйқасып келетін лирикалық өлең жанры
Ғапыл — Алланың жүктеген міндеттерін ұмытқан, оны еске алмайтын адам Ғарасат — Мақшарда адамдардың Алланың алдында есеп беруі үшін жиылатын орын, үлкен алаң Ғаршы ағла, Аршы — Ең үлкен ұлық әлем. Ислам дінінде Ғаршы әлемі жеті қат көктен кейін басталады деген түсінік бар
Ғибрат — Тәлім, үлгі-өнеге алу мәнінде қолданылады
Ғұсыл — Толық бой дәрет алу
Дәргей — Алланың құзыры
Жад — Еске алу
Жәйз — Рұқсат етілген істер
Жәһилет — Надандық
Жәһіл — «Надан», «сауатсыз»
Забани — Тозақтағы періштелердің есімі
Захмет — Қиындық, машақат Зәбүр жырлары — Дәуіт пайғамбарға түскен Зәбүр кітабындағы жырлар мен Аллаға мадақ сөздер
Зәрдүш — Зороастризм дінін ұстанатындар
Зәузат — Үрім-бұтағы, ұрпағы
Зікір — Алланы еске алу
Изн — «Рұқсат»
Кәләм шаһадат — Алланың бірлігіне, Мұхамбет пайғамбардың оның елшісі екендігіне тілмен айтып куәлік беру
Кәміл — «Кемел», «толысқан» деген мағынада
Кәуір — «Дінді тәрк етіп, қиянатқа қорықпай баратын залымдар
Күрсі — Алла тағаланың Мұхамбет пайғамбардың нұрынан жаратқан ең алғашқы болмыстарының бірі. «Үлкен орындық», «тақ» мәнін де білдіреді. Көбінесе «Ғаршы» сөзімен жұптасып келеді.
Кібірлік — «Тәкаппарлық», «менмендік»
Қабы-қаусайн — Мұхамбет пайғамбар миғражға шыққанда Алламен арасындағы садақтың екі басындай қашықтық
Қақтас — Жаңбыр суының қағынан түзілген тас
Қары — Құранды жатқа білетін кісі
Қирағат — Құранды әсем әуезбен, көркем мақаммен нақышына келтіріп оқу
Құлабыз — «Жетекші», «жолбасшы»
Құрсан — «Қуаныш», «сүйініш»
Қылует — Сопылардың дүние тіршілігінен аулақтап, тек Аллаға құлшылық ету үшін оңаша жерге кетуі
Лағын — Шайтанның «қарғысқа ұшыраған» деген мәндегі сипаты
Ладуни — Алланың құлдарына нәсіп ететін рухани ілімі
Лақат — Қабірдің бүйірінен арнайы қазылып, мәйіт жатқы-зылатын орын
Мағрифат — Алланы тану, білу
Мархамат — «Мейірім», «рақым»
Махшар — Адамдардың, күллі мақұлықтың екінші рет тіріліп, есеп беру үшін Құдай алдына баратын жері Машайық — «Шайқылар», яғни әулие-ғұламалар, Ислам дінін тарату жолында жан аянбай еңбек еткен кісілер
Мәддұға — Арыз, өтініш, қажеттілік Мәзһәб, мазхаб — «Жол», «бағыт». Ислам дінінде амалда төрт мазхаб бар: Ханафи, Мәлики, Шафи, Ханбали мазхабтары Мәриям сүресі — Құрандағы 19-сүренің аты. Ғайса пайғамбардың анасы Мәриямның есімімен байланысты қойылған Мәуліт жыры — Мұхамбет пайғамбардың туған күні тойланғанда айтылатын, пайғамбардың өмір жолын өнеге ететін жырлар Миғраж — Мұхамбет пайғамбардың Алла тағаланың шақы-руымен киелі әлемге жасаған сапары
Миск — Жұпар иіс
Мисуак — Тісті тазалауға арналған ағаш құрал
Михраб — Намаз оқығанда имамның тұратын орны
Мұғжиза — Пайғамбарларға тән болған қасиеттер
Мұқараб — «Аллаға жақын» деген мәнде айтылады Мұнапық — «Екіжүзді». Сырт көзге діндар адам болып көрініп, күнә, қылмыс жасайтын жандар Мұсыл — Жүніс пайғамбар өмір сүрген қаланың аты. Ирак мемлекетінің солтүстігінде орналасқан
Мүбәрәк — «Берекелі», «қадірлі», «құрметті»
Мүрид — Шәкірттер, дін ілімін оқып-үйренуші жандар
Муәзин — Азан шақыратын адам, азаншы
Мурууа — «Ердің қасиеттері», «абырой», «намыс» деген мәнде қолданылады. Ел қамын жеген ер, батырлар институты дегенді білдіреді.
Мілләт, миллет — «Ұлт», «қауым»
Мінәжат — Аллаға жалбарыну, оған мұңын шағу, адамның өз басындағы шарасыз хәлін дұғамен білдіруі
Міскін — Бейшара, шарасыз, кемтар жан
Нағт — Мұхамбет пайғамбарды мақтау, мадақтау
Нәби — Пайғамбар
Нәзір — «Садақа», «көмек», «жәрдем» мәнінде қолданылады
Низам — «Заң», «қағида», «ереже»
Нун — Араб әліпбиіндегі жиырма бесінші әріп
Нығмет — Құдайдың пендеге берер жақсылығы, сыйы
Озалдан — «Әуелден», «бастапқыдан бері» деген мағынада
Пәруана — Көбелек. Астарлы мағынада Құдайға ғашық жан
Пырақ — Мұхамбет пайғамбарды миғражға алып шыққан қанатты тұлпар
Пірмұған — Сопылық қағидада ілім талап етушілердің ұстазы, жетекшісі
Рауза — Мұхамбет пайғамбардың қабірі
Рахмани — Құдайдан келетін қайырлы аян, түс, белгілер
Реушен — Жарық нұр
Рисала — «Жіберу», «жөнелту» ұғымын білдіреді. Сонымен қатар орта ғасырларда араб тілінде жазылған ғылыми еңбектер рисала (трактат) деп аталған.
Рихлат — Көшу, қоныс аудару
Салауат — Мұхамбет пайғамбарға Алланың игілігі мен сәлемін тілеу
Салих — Таза, иманды құл
Сақи — «Жомарт», «қолы ашық», «береген».
Саттар — «Жасырушы», «мінін жабушы» деген мәндегі Алла тағаланың ұлық сипаттарының бірі
Сахаба — Мұхамбет пайғамбардың серіктері Сахар — Таң атудан аз ғана бұрынғы сәт, таң сәрі. Осы кезде қылған дұға мен құлшылық қабыл болады деп саналады.
Сәдеп дүр — Теңіз түбіндегі асыл тас Сәжде — Араб тілінде «мойынсұну», «бағыну», «маңдайын жерге тигізу» деген мағыналарды береді Сәруар — Парсыша «жолбасшы», «көсем» мәнінде. Көбінесе пайғамбарларға қатысты жыр-дастандарда айтылады Сидратүл мүнтаһа — Жеті қат көктен де жоғары Ғаршының оң жағында орналасқан миуалы ағаш. Мұхамбет пайғамбардың миғраж сапарында айтылады Силсала — «Тізбек», «шынжыр». Сопылықта адамның рухани ілім ұстазына жалғастығын білдіру үшін қол-данылатын ұғым Сират көпірі — Жәннатқа кіру үшін, тозақтың үстінен құрылған көпір. Діни дүниетанымда ол көпір момындарға дүниедей кең, ал күнәһарларға қылдан жіңішке болады. Сүндет — Мұхамбет пайғамбардың жасап кеткен істері, үлгі-өнегесі мен ғибратты амалдары
Тағат — «Сабыр», «шыдам», «төзім»
Тақуа — Құдайдан қорқатын, Оның әмір-бұйрықтарын шын жүрегімен орындайтын адам Таразы-мизам — Қияметте адам баласының сауабы мен күнәсін есептеу үшін құрылатын таразы
Тауазы — Кішіпейіл, қарапайым кісінің сипаты
Тауфиқ — Рухани күш, тура жолға оралу тілегі
Таухид — Құдайды бір деп тану
Тәбүк шайқасы — Мұхамбет пайғамбардың өміріндегі ең соңғы шайқас
Тәмсіл — Үлгі-өнегелік мағынасы зор әңгімелер
Тәпсір — Құранның аяттарын түсіндіру, ұғындыру, мәнін ашу
Тәсбих — «Құрметтеу». Қажылыққа барған кісілер Қағбаны жеті рет айналып тәуап етеді
Тәубе — Мұса пайғамбарға түскен кітап
Тәхлил — Құдайдың бірлігін ұлықтау
Тәхмид — Құдайды мақтау, мадақтау
Туба — Жұмақтағы ағаштың есімі
Уахи — Алла Тағаланың елшілеріне жіберетін хабары Уәжіп — Орындалуы парыз секілді талап етілмеген, бірақ нақты дәлелдермен айқындалған іс-әрекеттер мен міндеттер. Мысалы, құрбандық шалу, айт намаздары, т.б.
Уәсуәс — Шайтанның адамды азғыруы
Ұстын — «Діңгек», «тіреуіш» ұғымында
Үмбет — Мұхамбет пайғамбардың сүндетін, қағидаларын бұлжытпай ұстанатын жандар, яғни мұсылмандар
Хабиб — Арабшадан аударғанда «сүйікті» деген мағынаны береді Хаджар әл асуад — Қағбаның бір қабырғасында орналасқан, сопақша пішінді қара тас
Халиф — Ислам әлемінде өткен әміршілерге берілген мәртебе
Халифа — «Орынбасар» деген мәнде қолданылады
Харап — «Жойылу», «құру»
Хасби Рабби жәл-Алла — Ыбырайым пайғамбардың өзіне жәрдем беру үшін келген Жебірейіл періштеге «Маған бір Алла жете-ді» деп айтқан сөзі
Хәләк — «Құрып біту», «жойылу»
Хикмет — «Даналық», «білім»
Шадияр — Пайғамбардың төрт серігі Әубәкір Сыдық, Әзіреті Оспан, Әзіреті Омар, Әзіреті Әлі. Олар әр мұсыл-манның достары болып саналады
Шарғы — Шариғаттың қазақ ұғымындағы қолданысы
Шахид — Алла жолында жан берген кісілер
Шаһадат — «Куәлік беру», яғни «Алладан басқа тәңір жоқ. Мұхамбет оның елшісі» деп, өзінің мұсылман екендігіне куәлік беру Шейх-ул әнбия — Пайғамбарлардың ұлығы Мұхамбет пайғамбарға берілген құрметті есім Ысрапылдың сүрі — «Керней» деген сөз. Діни түсінік бойынша ақыр-заман боларда Ысрапыл періште сүр үрлеп, тірші-ліктің тоқтағандығын білдіреді
Ышық-мұхаббат — Аллаға деген сүйіспеншілік, ынтызарлық
Эсхатология — Ақырзаман туралы дін ғылымы саласы
Ясин — Құранның отыз алтыншы сүресі
Яхуди — Мұса пайғамбардың қауымы
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру