Ғабит Мүсіреповтың әңгімелері
Ғабит Мүсірепов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақ прозасының зергері Ғабит Мүсіреповтің «Ананың анасы», «Ананың арашасы» секілді ана махаббатын ұлықтаған жауһар әңгімелер жинағы.
БІРІНШІ ФОНТАН
Асанбай үйіне амалсыз қайтып еді. Мұнай бұрғышыларының екі кезегін бірге өткізіп, үшінші кезек басталғаннан кейін қайтты. Қауырт күндер өтіп, қауырт сағаттар басталған кез еді. Түнгі сағат төрт болып қалған екен, амалсыз қайтты. Тәулігіне үйіне бір соқпасына амалы жоқ. Ол үш кезекті тұтас өткізіп қайтса да келіншегі Ажар кірпік қақпай күтіп отырады. Жиналған төсек бұзылмастан тұра береді. Соның салдарынан болу керек, босанғалы төрт ай болған жас әйелдің сүті азайып барады. Төрт айлық Телғараны тамаққа көшіруге жақын жүр. Асанбай үйіне кіріп келгенде дудырап кеткен ұзын қара шаштарын аппақ шаң басып, қысқы аязда ұзақ жолда кездесер ақбас қара бура сияқты еді. Қою біткен қас-кірпіктерін, жарқабақтан құлай түскен дөңкес мұрынның екі сайын, бет-ауыздың саяң-ояңдарын түгел ұлпа шаң жауып кетіпті. Көлегейсіз жарқыраған жалғыз шам есіктен кіре берген Асанбайды ылғи осылай көрсетеді. Айлап, апталап құшағында болмайтын жұбайын осындай айбынды түрде көру жас Ажарға күнде бір жаңа қуаныш әкелгендей болады. Бар қызылы бетіне шығып, кішірек келген қара көздері қаракөк нұр төгіп, ерекше жарқырап кетеді. Оның ұйықтамай күтетіні де Асанбайдың осы бір жаңа кескіні, айбарлы кескіні сияқты. Қысқы аязда қырау басқан ақбас қара бура ызғарлы-ақ емес пе!.. Қырдың қызы осы бейнеге қызыға қарайды. Ажар атылып келіп, Асанбайдың мойнына асылды. Асанбай оны бір қолымен ғана көтеріп алды. Қыз мүсіні бұзылмаған, белі әлі жіп-жіңішке, құмырсқа бел қалпында.
Ұйқы келмесе қайтейін? деп, Ажар жұп-жұмыр қоңырқай саусақтарымен Асанбайдың шаң басқан шашын астан-кестен етті. Өзінің шөмеле шашын да шаң басып бара жатқанына қарар емес. Шаң басқан айнаны сүрткендей, Асанбай қашан өз кескініне келгенше, бет-аузының шаңын бұрқырата берді, бұрқырата берді. Енді қып-қызыл еріндер ернеуіне аппақ шаңнан қақ тұрып қалған қалың еріндерге қадалғалы келеді. Маңғыстау шаңы күрпілдеген ұлпа шаң. Ондай шаң Қызылордада да, Түркістанда да жоқ. Бұл бұрқылдаған ордалы шаң, қопарылма қордалы шаң. Екі машина бірінің ізімен бірі жүріп кетсе болғаны, атом ракетасы атылғандай бұрқыраған шаң аспанды белдеулеп әкетеді. Кең далада құйын да көп. Шиырылып тік шаншылған шаңды ұршықтай иіріп, ойды-қырды кезеді де жүреді. Ал енді жуын, шай әзір, деді Ажар. Бірақ өзі тамақ столына бұрылмастан иттің үйшігіндей ғана кішкене бөлмеде тығылып тұрған төсекті әзірлей бастады. Маңғыстау мыңғыраған қала болар кезі әлі алда. Ол кезде мыңдаған мұнай бұлағы атқылайды. Әзірше Асанбай инженердің тұрғын пәтері жұпыны ғана бір бөлме, бір үйшік, екі адам соқтығысып өтетін тар ғана бір коридор. Шөлейт далаға, шаңды далаға салынған уақытша бас паналар саңлауы көбейіп қаңсып тұр. Асанбай жуынып-таранып стол қасына жақындағанда аралары ашылып кеткен тақтай еденді сықырлата басып кәнігі бұрғышы Бейсетай қарт келді. Ол әлде ғана екінші кезек біткен соң үйіне қайтқан. Ұйқы келмей қойды, Асанжан... Ұрсып жүрмесең үшінші кезекке де барғым келіп еді... Бүгін үйде жата алар емеспін, деді Бейсекең. Неге жата алмадыңыз, Бейсеке? Түн ыстық па, әлде Әйнел апайдың төсегі ыстық па? Тарақан мен тарақаншаның сыбырласқаны дамыл берер емес... Асанбай қарқылдап күліп жіберді. Бұл барақтарда тарақан да көп, Бейсекеңмен пәтерлес Тарақанов деген шофер де тұрады... Әлдеқайдан пайда болған, қазір сатушы болып орналасқан әйелі бар. Екеуі де әдепсіздеу, екеуі де беймазалау. Бейсекең «біздің үйдің тарақаны түн бойы газет оқып шығады» деп бұрын да талай айтатын. Қазір соның екеуін де астарлап айтып тұрған сияқты. Мен бірдеме білсем, бүгін ұйықтаған адам бар қызықтан құр қалады. Ұрыспасаң болды, мен кеттім, деді де ерке шал еденді солқылдата басып есікке қарай беттеді. Қызық сағаты соққалы келе жатқанын Асанбай өзі де жақсы сезінеді. Ол сондықтан да кезек біткенді көзімен өткізіп, үйіне амалсыз оралып жүр. Кәнігі бұрғышы мұнай тамырын баса біледі, әрине, инженер Асанбай да өз есебіне күдіктенген емес. Бірақ, жүйке тамырларың ширығып тұрған кезде шың еткеннен шытынап қалатының бар емес пе, Асанбай тамаққа отыра беріп қайта тұрды да: Бейсеке, тоқтай тұрыңызшы! деді. Бейсекең столға жақындай келіп, жастықтай көмпиіп піскен күрең бауырсақтың біреуін қарамай сіңген күс-күс саусақтарымен ала беріп: пісмілда... деді. Бейсеке, сіздікі жалпы дүрлігістің буы ма, болмаса, бұрғы бірдеме айта бастады ма? Сіз жаңа ғана соңғы кезектен босап едіңіз ғой. Бұрғы айтты ма, әйтпесе өзің аңғартып жүрмісің, әйтеуір осы шыңыраудың босанар сағаты иек артпада тұр. Бұрғының салмағын ауырлата түскеніңе қарағанда менің кезегімде босанып, осы май шыңыраудың кіндік атасы боламын ба деп едім, бұйырмады. Шіркін, май бұлақ аспанға шапшып атқыласа келіп, атқыласа келіп!.. Өзіңді аспанға бірге ұшырып әкетсе де арманың болар ма еді. Ойбай, ақсақал-ау, мұнайды атқылатып алсақ, құлағымызды кесіп алады ғой! Біз атқылатпауды күзетіп жүрген жоқпыз ба?! Жоқ, атқыласа екен! Маңғыстаудан атқылаған мұнай аспанға бір шықса екен! Бұған дейінгі шыңыраулардың бәрін оп-оңай бұқтырып ала қойдыңдар, тым болмаса біреуі атқыласын да! Жұрт көріп, аузы ашылып, екі көзі аспанда, бір мәз-мәйрам болсын да! Содан соң сал келіп айғайды, бас келіп бәлекейге! Киносы да келеді шауып, жазушылары да келеді ұшып! Әншілер де құлағыңды сасытатын болады! Жоқ, Бейсеке, сіз қауіпті адам болып шықтыңыз!.. Сыр алысқан қарт бұрғышы мен жас инженер екеуі де күліп жіберді. Түсініскен адамдардың қалтқысыз күлкісі, қыл үстінде, қылыш жүзінде қылпылдап жүрген адамдардың күлкісі... Бейсекең бауырсақты әлі тістеген жоқ. Асанбайдың отыра бере шаншып алған тұзды қияры әлі шанышқының үшінде тұр. Ойын өз алдына, Асанжан, ал енді бензиннің литрі үш тиын болғанда көшеде сатылатын көгәлжім судың стаканы үш тиын болатын не жөні бар? Мұнай дегеніңіз сол жаман судан бес рет арзан болса, әрі-бері атқылатып алса деп едім... Құдайға анық, шыным осы! Асанбайдың қайтарар жауабын Бейсекеңнің бес жасар кенжесі Мұқатай бұзып кетті. Түнгі төсектен тұрған жалаңаш бойы кіріп келді де: Әке, мен әлгі қисық аяқ шалбарды кимеймін енді... .Лақтырып жібердім. Мына жері мынадай болып жыртылып кетті, деп жас бала жалаңаш құйрығын әкесіне бұрып, жыртықтың мөлшерін көрсетті. Саусақтарымен сызып көрсетін тұр. Қоңыр-қошқыл құйрыққа тік бұрыштанып бозғыл сызық түсе қалды. Әй, әлгі ант ұрған қатын жіберді-ау сені! Жаңа ғана үндемей-ақ отырып едің ғой алдымда, деп Бейсекең баласын көтеріп алып есікке қарай беттеді Сояйын ол қатынды!.. Шалбар иттің аяғы қисайып кеткені несі екен! деп сөйлеп кетіп барады. Асанбай оған мұнайдың арзандығын емес, сатылатын судың жөнсіз қымбаттығын түсіндірмек еді. Айта алған жоқ. Кейде жұрттың бәрі білер сорақылығын сөз қылуды сүймейтін де мінезі болатын, сонысын істеп кідіріп қалды.
Тамағыңды тезірек жеп, бірер сағат ұйықтап алуға уақытың болар ма екен? деді жұбайына. Бірер сағат!.. Оны кім берсін бүгін... Жарты сағаттан кейін оятып жіберетін болсаң, жатып көрейін... Оятамын ғой... Ажар көз қиығымен Асанбайдың жүзіне қарап еді, сопақшалау беті тіпті сопырайып, көз түптері үңірейіп кеткен екен. Кеше осы уақытта кеткен адам, тәулік бойы тамақ ішпеген сияқты. Бір ұртында қияр бұлтылдайды, бір ұртында колбаса мен нан. Көздері майы шылқылдап тұрған сорпада сияқты. Аш инженер, жас инженер. Гүжілімен барақты дірілдетіп газик есік алдына келді. Асанбай тез-тез қолын сүртіп орнынан тұра бастады. Кеттім білем... Телғара күшіктің оянбағанын қарашы... Тағалы аттай тарс-тұрс басып келе жатқан шофер Тарақанов кіре бере-ақ айғай салды:
Ешкім жауап қатқан жоқ. Ажар күндегі әдетінше Асанбайдың қолына торлама дорбаны ұстата берді. Ішінде термос, бүгін алынған газеттер, майлы қағазға ораған тамақ. Асанбай бұрғыланып жатқан мұнай шыңырауына жақындамай-ақ аварияның жайын таныды. Күні-түні басылмайтын шаң боранның бір бүйірі қарауытып, бұлтиып кетіпті. Шаң белдеудің ең төбесінде үлкен бір қара барқыт қалпақтың төбесі көрініп кететін сияқты. Шаң боранда сүрініп-қабынып қалпағына дейін қарадан киген алып бір адам тұрғандай. Мұнай атылып кеткен. Екі жарым километр тереңнен атылған мұнай ысқырып-осқырып, аспанға шапшып жатыр. Алыстан қара барқыт қалпақтай көрінген, атылып кеткен мұнайдың ұлпабасы будақтап шыңыраудың айналасына ыстық мұнай бүркіп тұр. Бұрғылау мастері инженер Николай Петров машинадан түсе берген Асанбайға: Мұнай атылып кетті. Раствор салмағы кем болып шықты, ие бола алмады, деді. Атылғанда, несін айтасың, келістіріп атылды ғой, жарықтық! деп әлдеқайдан сап ете түскен Бейсекең киіп кетті. Мен де келіп жеттім, мұнай да бұрқ ете түсті. Басында болмасам да қасында болдым әйтеуір... Мұнай жер астынан гуілдеп-гүжілдеп келіп, тар өңештен шыға бере ысқырып жібереді. Оттай ыстық лебімен жанды маңайлатпай тұр. Асанбай басқа әңгімеге айналмай, мұнайды бұқтырып алудың бұйрықтарын бере бастады. Атпаның биіктігі қанша дедіңдер! Тоқсан ба? Жүз бе? деп, тыншыға алмай тыпыршып тұрған Бейсекең тағы килікті. Қырық бес метр, деді Петров. О, кешке дейін жүзге жетеді! деді Бейсекең. Таң ата түгел жиналып қалған мұнайшы жұрт үлкен қуанышта, базардай гуілдесіп тұр. Асанбай езу тартса, бұрғышылардың өздері де жұмысты тоқтатып, біраз қызықтап алар еді-ау! Атылғалы келе жатқан мұнайды бұқтырып ала алмағандары есте де жоқ. Мұнайдың сарқылмас бұлағына қолдары тиген соң өзгенің бәрін ұмытқан.
Шаң Маңғыстау, май Маңғыстау болғаны осы да! деседі. Дария дегені несі екен! Теңіз демейсің бе! деп Бейсекең оларды тойтарып тастады. Қасында шалқып жатқан Каспий ауыздарыңа түспеді ме? Бұқтырып қойған бес шыңыраудың бірде-біріне көңіл толмасың бар ма? Қазан бастау, тайқы маңдайлау, тырбықтау жаралған, жеңсіз көк жолақ көйлек киген, шалбары қыржиын қисық аяқтанып кеткен, қолтығында табан құшақ портфелі бар біреу Асанбайға таянып келіп: Авария жайы жоғарыға хабарландырылды ма? деп сұрады. Е, Сілекеевпісің жеттің бе? деп Бейсекең оған да қарсы түсе қалды. Сілекеев кәсіподақтық мүшелік жарнаның түсімін тексеруге облыстан келген еді. Тексере келе көп мүшелердің салақтығын ашты. Енді соны бетке соға, салғыласып отырып аптатын жиналыс өткізе алмай жүр. Бір рет едәуір-ақ адам жиналып еді. Сілекеев өндіріс басшыларының қатысуын талап етті: ең болмаса бірінші орынбасар қатынассын! деді. Басшылар түгел бұрғылау басында болатын. Көп айлар бойында жарна төлемегендердің бірі Бейсекең де түнде ғана босап жүрген кезі еді. Үш рет шақырылса да жиналысқа о да бара алған жоқ. Сонымен он күннен бері Сілекеев жолдас бір жиналысты өткізе алмай, ызалы жүр. Бейсекең берешегін конвертке салып әйелінен беріп жіберіп еді, Сілекеев алғызбапты: Өзі әкелсін! Мен онымен сөйлесуім керек! депті. Содан бері бұл екеуінің жұлдызы қарсы. Осы жағдайда кездесе кеткен Сілекеевті Бейсекең жоғары-төмен ұзыны мен көлденеңін бір өлшеп алды да: Сенің көріп тұрғаның ғой тек қана авария? Мына жұрттың жарыла қуанып тұрғанында жұмысын да жоқ! деп бір кекетіп тастады да. Сен біздің үйге барып шалбарыңды өтектетіп алшы біздің қатынға... Екі аяғыңның арасында үш литрлік термос тұрғандай, шалбарың қисық аяқтанып кетіпті, деді. Бейсекеңнің батыра мазақтап кеткенін ұнатпай қалған Асанбай: Бейсеке, сабыр... Естияр адамдар осылай сөйлесе ме екен? деді.
Жиналысқа келуге бетің шыдамай жүріп, сен неменеге көкіп тұрсың? Аварияңа мәз болып тұрмысың? Сілекеевтің келген бетте берген сұрауы Асанбайға да, басқаларға да ұнамай қалған. Сол сұрауына сыңар иықтап қайта оралғалы келе жатқаны тіпті ұнаған жоқ. Асанбай еңсесін тік көтеріп алып: Бұрғышылардан басқаларың осы маңайдан кетіңдер! деді қатты дауыстап. Жұрт қалаға қарай тез қозғалып кетті. Жұрт соңында алты-жеті жасар үш еркек бала қалыпты... Олар шөтейлерін шығарып алып шаптырып, мұнай атқызып тұрған. Үшеуі де бұрғышы балалары. Бұлар жиналған топтың бір шетінде тұрып атылып кеткен мұнай жайын өз тұрғыларынан таласқа салып еді:
Үшеуінің әке де бұрғышы. Үшеуінің әкесі де шыңыраудың маңайында жүр. Сондықтан балалар балаларша байлам жасаған: Кім биік шаптырса, мұнайды атқызып шығарған соның әкесі болсын... Әттең, балалар таласы аяқталған жоқ. Асанбай айғай салғанда, шала сарқып олар да жүгіріп кетті... Ыстық мұнай ысқырып атқылап аспанға көтеріледі де, доғадай иіліп келіп жер бетін сарт-сұрт сабалай құлайды. Дамылы жоқ Маңғыстау желі аспанға шапшыған мұнайдың ұлпа басын жан-жаққа кезек шайқап, шыңыраудың айналасына қара жаңбыр бүркіп тұр. Қазір ақ киінген де, қоңыр киінген де іннен шыққан суырдай жылтыр қара сұр. Темір қалпақ, брезент киген адамдар шыңырауды қоршай бастады. Үш таған, төрт таған темір сирақтарына шегеленген тақтай қалқан, темір қалқандар қанаттасып келіп, ербиіп-ербиіп шыңыраудың жел жағына тоқтады. Атқылап жатқан мұнайды осы қалқандармен белден бүгіп, алдын ала қазып қойған жер қораға құя бермек сияқты. Жүз жиырма атмосфералық күшпен атқылаған ыстық мұнайды бөркіңмен басып бұқтыра алмасаң керек. Ең ауыр салмақ, бүгін поселкенің байланыс бөліміне түсіп еді. Мұнай фонтаны атылып кеткені жайында жалғыз ғана телеграмманың кетуі мұң екен, Алматы мен Москва жалғыз сымды ешкімге бермей қойды. Облыс амалсыз самолетке көшті. Бір самолет түсіп жатыр, бір самолет ұшып жатыр. Біреулер еріксіз Асанбайға жолығып ат үсті болса да анық хабарды алып жүр, енді біреулер Асанбайға жолыққандармен жолығып жүр. Шыңырау айналасына кеңінен керіп, тізіп тастаған кішкене қызыл жалаулар ешкімді өткізбейді. Фонтанды қалай тұмшалап жатқандарын ешкім көре алған жоқ. Асанбай түске тармаса бір рет Алматымен, бір рет Москвамен сөйлесіп қайтып еді, одан кейін кім шақырса да телефонғa бара алмады. Мәңгіден бері сонша тереңде, қазап қайнар ыстықта, жер қарнын кернеп жатқан газ бен мұнай сыртқа шығар бір тескіндік тапты да жас инженерді аяусыз сынға алып кетті.
Қалай, фонтан атылып кетті ме? Қуанышпен құттықтаймыз! Бұқтырып ала аласыңдар ма? Қандай жәрдем керек? деп сұрады. Бірер күндік арпалыс болар деймін. Бұқтырып аламыз ғой. Жәрдем керек болмас, деді Асанбай. Маңғыстаудың мұнай қорын енді қалай бағалап жатырсыңдар? Ұшан-теніз молшылық екені даусыз... Есеп тілімен айтқанда мына шамада...
Алматы сұраулары аз-кем басқашарақ шықты. О да әуелі Москвамен астарлас сұраулар беріп, сөз аяғында: Авария деген жай сөз болар? деген дүдәмалы бар сұраумен аяқтады. Бір шапшаңбай дүрліктіріп жатыр-ау деп ойлады Асанбай. Содан кейін мән-жайды түгел баяндады. Поселке мен шыңыраудың арасында қалалық атқару комитетінің председателі Нарғыз Жамболатова поштабайлықта жүр. Нағыз талдырмаш қана ақ-сары әйел еді, қазір о да қара сұр. Әуелі бұрғышыларға тамақ әкелген әйелдерді бастап келіп еді, содан кейін сыртқы дүниемен байланысты түгел қолына алып кетті. Құшақ-құшақ телеграммаларды алып кетеді, телефонмен айтылған тығыз бірдемелерді ауызша жеткізіп кетеді. Бұрғышыларда тығыз сұрауларға жауап қайтару түгіл, мойын бұруға уақыт жоқ. Әйелдер әкелген термостар күнге шағылысып, қызыл қоршаудың сыртында тізіліп тұр. Бұрғышылардың бүгінгі тамақтары да сол термоспен келген шай ғана, қына сары қызыл шай, қою сүт құйылған құбақан торы шай. Термостар біресе поселкеге қарай, біресе шыңырауға қарай жөңкіледі. Өзге тамақтар азаяр емес. Мұнай әлі ырық бермей атқылап жатыр. Жер астынан батпандап атылған алып күшті мысқалдап тұншықтырып жатқан мұнайшылар. Мұнай мен тер, шаң мен газ, жер ыстығы, күн ыстығы. Бір күн, бір түн арпалыс, жеңіс белгісін бере алғам жоқ. Тек термостар тез босап жатыр. Бір топ телеграмманы Нарғыз келер күні алып келді. Азербайжан, Татария, Башқұрт мұнайшылары қуаныш білдіріпті. Қазақстанға көп ұзамай мұнай бәйгесіне түсер күнді тілепті. Мұнайшылардың қатты қалжыраған, аштан бұрлыққан кезі еді, көңілдері көтеріліп қалды. Ертеңіне түс ауа шымырау төбесіне желбіреген қызыл ту көтерілді. Бұл фонтанды бұқтырып болдық, тас бекітіп бағындырып алдық жеңдік деген белгі еді. Ысқырып-осқырып атқылаған мұнай пысқырып-түшкіріп тұмшаланып қалды. Алыстан аңтарылып көз алмай күтіп жүрген жұрт аттылы, жаяулы, машиналы, түйелі шыңырауға қарай ағылып келеді. Оттан ұшқан ұшқындай ұшып, қалың топтың екі бүйірінде балалар ойнақтап келеді. Қалың қол шыңырауға жетті де бұрғышыларды жұтып жіберді: көтеріп әкетті, құшақтап алды, қоршап әкетті. Мыңдаған ауыздан жарыса шыққан қуаныш сөздері қат-қабаттасып у да шу гуілге айналып кетті. Асанбай дос құшақтардан әрең босанып, шұбаған жұрт соңында, үйіне қарай жөнелді. Бейсекең баласына шалбар ала кетуге магазинге бұрылды.
ӨМІР ЖОРЬІҒЫ
Күміс қылыштай жарқылдап, найзағайдай ағып келе жатқан атабалық Көкқасқа осылай бір жүйткитін кезең таянып қалғанын бірталайдан бері сезінген еді. Оқтаудай жұмырланып алған жарау дене көк болаттай иіліп-бүгіліп әрі күшті, әрі оңтайлы сырғиды. Көздері жалтылдап, барлық денесіне маржандай қызғылт бөрткен шығып кеткен. Әншейіндегі күн көрісте Көкқасқаның сырт бояулары су астының балдырымен реңдес күңгірт болушы еді, енді міне, құммен аршылған ескі күмістей. жарқ-жұрқ етеді. Түнгі қара көк аспанды аққан жұлдыз қалай тіліп өтсе, теңіз астының қара көк тұңғиығын Көкқасқа да солай тілгілеп жүр. Ол бүгін жарқыраған ағынға, қажымас-талмас екпінге айналған. Бүгін ол теңіз астын кең орай жүзіп, дамылсыз кезіп жүр. Күн көрістің бақай қимыл-баяу қозғалыстарын, қапы-қалтарысын аңдитын дағдылы бой тасаларын біржола ұмытқандай, оқшау орғып әдейі көзге түседі. Теңіз астындағы әлемнің бәрі көрсін дегендей, өңешті мен тістілердің бәрінен де қаймығар емес. Әшейінде бармас-баспас алыс айдындарға барып оралады. Қалың мұздың астында бейбіт өмір сүріп жатқан Азат-мая тұқымдас ана балықтарды жағаға қарай ысырып, ығыстырып жүр, асықтырып жүр, айдап жүр. Көкқасқа күнделік тіршілігінде аузын ылғи ашық ұстайтын еді. Аузына шолп етіп кіріп кеткен де, жылп етіп кіріп кеткен де өңешінен өте беретін. Оның таса-қалтарыстардан тап беретін әдетіне теңіз астының қалың ормандарында бейғам жүретін жәндік отарлары талай кездесіп, талай жем болған. Талай рет су асты одан дүркірей қашып, зар қағып қалған. Бүгін ол аузын тас бекітіп жауып алыпты. Өзінен зорлардан Көкқасқаның өзі де тасалана жүретін еді. Талай өңештерден өзі де өтіп кете жаздаған. Ол бүгін соның бәрін де ұмытқан. Тұла бойы қызғандай, отты бір күш еріксіз айдайтындай, орман отарларды тастап, ашық айдынға шығыпты, көзге түсе шығыпты. Биік аспанда еркін шарықтайтын қыранға ұсап, бұл да бір ұлы жүйткуге көшкен. Жүйткіп жүр... Теңіз қарнын семсердей тілгілеп жүрген жалғыз өзі ғана емес екенін Көкқасқа енді абайлады. Өзімен ата-тегі бір Азат-мая нәсілінің естияр еркектері түгел құтырынып, теңіз астын олар да дүрліктіріп жүр екен. Олар да жарқырап ағып, жорық әнін салып жүр. Теңіз астында найзағай көбейген, жарқылдау көбейген. Сол найзағайлар барлық ана балықтарға ұлы жорықтың бет алысын, жөнін сілтейді. Теңізге құятын өзеннің сағасын меңзейді. Үлкен жорыққа жолдан қосыла кетпек болып, жол тосып жүрген жалқау-жампоз қырт еркектер де бар екен. Енді мұндай жорыққа шығудан қалған бірен-саран сырт буын ақ бас қарттарды орталарына алып, әлі оттасып жүр. Жайын жатқан ел бар, ертеңгісін ойлай алмайтын бала-шаға бар, көп қарттың онымен жұмысы да жоқ. Ойлағандары өз қамы, өз құлқыны. Әлі өздері де әзірленбеген. Үсті-бастары әшейіндегі күңгірт қалпында. Біреуі де түлемеген. Құлқын құлдары тасалану, тап берудің әлегінде қала беріпті. Көкқасқа бұл ұятсыздардың арман дүниесін таныды да, жалт бұрылды, жорыққа аттануға шақырған жоқ. Үн шығармай теріс айналды. Ата-тегі басқа, аран ауыз керазулар да көші-қон қарбаласын аңдып, жем іздеп, жол тосып жүр. Бұл олардың қашанғы әдеттері. Өңкей керазу жембасарлар осындай қарбалас кезінде қарындарын оңай толтырып, қабырғаларын жауып қалады. Ең қатерлі жаулар да осылар. Аузына іліксең, тірідей қылғып жібереді, қабағын да шытпайды. Көкқасқа бұлардан ығысқан жоқ. Қанды ауыздар тобын қақ ортасынан найзағайдай жарып өтті. Құлқын тырбаңымен жүргендер найзағайды қалай ұстай алсын, ауыздарын ашқан бойы қала берді. Аты балық атанғанымен сүліктей жіңішке, қылыштай ұзын минога дейтін залымдар да тосқауылда жүр екен. Бұл бір үлкен пәле. Қылаңдап келіп, жымып келіп балықтың желбезегіне жабысады да, желімдесіп қалады. Қашан өзі ажырасқанша одан құтылар шара жоқ. Жабысқан бойы шектей шұбатылып ұрық шашар тұщы суларға жетеді де, жас уылдырықты қиядай сыпырады. Көкқасқа бұл пәлені де ішіне түйді. Қара ормандай қалың шалан арасында ана балықтар әлі баяу қозғалып, әлі жабайы тіршілік қамында жүр. Әлі қызынбаған, ұрық шашар ұлы жорық бары ойларына да кірмепті. Қарындары шермеңдеп уылдырықтап жарылғалы жүрсе де, әлі бейғам, қыз-қылан қылықтардың бірі жоқ. Алда тұрған жорықтың, ұлан-асыр қызықтың бар жарасымы осы месқарындар емес пе? Бар арман, бір жылғы ұрпақ осылардың қарнында ғой! Ертең тұщы суға жеткенде осы месқарындардың біреуі үшін он еркек өліп кетсе арманы не? Жоқ әйелдер жынысы әлі қызынбаған, аналықтардың әні де басталмаған, биі де басталмаған. Әлі де баяғысынша, көші-қонды еркектер біледі деп, еру жайылып жүр... Көкқасқаға әлі де жарқылдай беру керек, қыздыра беру керек екен. Жұлдыздай аққан жүйткуімен, ойнақылығымен жорық сарынын аналықтарға түгел сезіндіру керек. Тіпті болмаса ең соңғы мүлт кетпеске басады да! Ұзамай Көкқасқа сол мүлт кетпесіне басты... О, ол бір биіктен шырқаған ән еді! Ол бір жан-жүйеңді түгел тебірентер сөз еді. Ол бір су ішінде, мұз астында ертегі жіберетін от еді, ол бір өліні тірілтер сиқыр еді. Көкқасқа ағып келе жатқан бойы қызғылт маржандай бөрткен жауып кеткен қабырғасымен сүйкеніп-сүйкеніп өтіп еді, аналықтар өне бойларын өрт ала жөнелгендей ду ете түсті. Теңіз асты жарқ та жұрқ сылаң қаққан ерке биге айналып кетті. Енді оларды тоқтата алар күш те жоқ екен, барлық аналықтар лек-легімен тұқым шашар жайынға апаратын өзен сағасына қарай жөңкіліп берді, жосып кетті. Іштерінде бір түйір уылдырығы жоқ, бүйірі солық, қыпша бел қыз-қырқын да солай қарай жөнеп беріпті. Оларды ешкім шақырмаса да улы жорыққа еріп кеткілері келеді. Бұл бір үлкен қызық қой! Өзен бойын өрлеп барып тайыз жайылымдарға тұқым шашылады, уыз төгіледі. Әрбір аналық отыз мыңдай уылдырық әкетіп барады. Уызға оралған уылдырыққа жетер тамақ қайсы! Ұзаққа созылған көш-жөнекейдің өзі қандай қызық! Аналықтарды құрмет, қошаметпен ортаға алып аталықтар екі қабырғалықта жарқылдасады да жүреді. Сонша еркектің ортасында қауіп бар ма, қасірет бар ма! Әттең, бізді тастап кетеді. Көздерінен от шашқан Көкқасқалар қалың шаланға қайта қуып тастайды. Бет бақтырмайды. Ұлы қызыққа сығалап та қарай алмайсың... Жалынғысы келіп, жабысқысы келіп, қыз-қырқын Көкқасқаларға жақындайды да, олардың ызғар төккен қас-қабағынан сескеніп, қалың шаланға қарай қайта ойысады. Бұлар қызыға да білетін сияқты, бірақ дана табиғат берген ұстамдылық заңын бұзбайды да! Осындай қарбалас үстінде теңіз асты неше рет қайта бозарды. Аяғында барын киініп алған қалыңдық, күйеуге ұқсап ажарланып алған аталықтар мен аналықтар теңізге құяр өзеннің сағасына қарай түгел ойысты. Қас-қабақтары шал-бурыл тартқан қартаң аталықтар жөнелген көшке алыстан қараған бойлары қалып барады. Талай бастан өткен, талай бастап барған жорықтары. Енді міне, не болып, не қойғаны естерінде де жоқ. Елегізу түгіл, елең ету жоқ, үміт дүниесі түгел ұмытылған. Бұлар үшін бар өмір балдырлы-балқашты шаланда ғана қалған. Енжар қарап, жай қозғалған бойлары қазан қасында қалып барады. Алғашқы апатқа ұлы жорық өзеннің теңізге құяр тармақ-тармақ сағасында кездесіп еді. Аран ауыз, теріс азулар жорықты осы сағада бір тосқан екен. Көп қуып әлектенбей-ақ, баяу жосып келе жатқан месқарын аналықтарды қырып салды. Осы қырғын үстінде барлық Азат-мая тұқымының еркек кіндікті Көкқасқалары түгел күйінгендей еді. Бұларда арандай өткір тіс те жоқ, қылғымай жұтар үңірейген өңеш те жоқ. Бұлардың бар қайраты найзағайдай жарқылдаған жүйткулерінде ғана екен. Жан ұшырған Көкқасқалар жүйтки жүре етек-жеңі жиналмаған, кең жайылған жорықты әрең дегенде өзен арнасына түсіріп, ағынға қарсы жоғары алып кетті. Аналықтарды ортаға ала, еркектер екі қабырғадан қаумалап келеді. Әлі соңдарынан қалмай езеуреп келе жатқан кең өңештер енді қабырғаласа жосылған ата балықтарды жұта бастады. Бірақ көш алды өзенді өрлеп, жоғарылаған сайын бірте-бірте шегіншектеп теңізге қайта оралып кетті. Қазір он мыңдаған Азат-мая бір денедей қозғалып, су астында сүңгуір қайықтай сырғып, тұтас жосып келеді. Жемге қарақтаған, бетімен жайылайын деген бірі жоқ. Ұлы жорық бәрін өз шеңберіне алып, айдап әкетті. Көздері оттай жарқыраған Көкқасқалар көш алдын бастап келеді. Көштің екі қабырғасында да, жанында да сол Көкқасқалар. Әр тасаға жасырын құрған ұры-қарылардың ауларына ілегіп қалатындар да сол ата балықтар. Бірақ өмір жорығы ешбір бөгесінге көңіл аудартпай, айдап келеді. Тұщы суға біржола шығып алған соң жорық бет алысын біржола ұғынғандай бір балық шашау шықпай, тұтаса жосып кетті. Балық нәсілі үшін ең бай дүние су асты. Ең көркем дүние де сол. Тасыған өзеннің қатты ағысына қарсы жүйткуден, осындай ұлы тілек үстінде тұтасып кеткен қозғалыстан асар күш болады дейсің бе! Осыны сезінген жорық бетін бір түзеп алған соң ең ұшқыр поездың зырлауына салып, аға берді, аға берді. Келер күні күн көтеріле бере кәнігі Көкқасқа көп ұзамай құламаға кезігетіндерін сезінді. Кеудеден соққан су салмағы ауырлап барады екен, ағыс екпіні күшейіп, гүріл сезіле бастады. Ол әлгі әзірде ғана ұзын көштің арт жағын бір орап, баяу қозғалғандар болса тақымдап-тақымдап алған. Қазір ол көштің қарсы алдында еді. Найзағайдай ағып барып, көштің арт жағын тағы бір тықсырып қайтқанда биіктігі үш метрдей құламаға тақап қалған екен. Ауыр су биік тас бөгесіннен гүрілдеп құлап жатыр. Көкқасқа екпіндеп келіп, жоғары қарай атылып кетті. Көтеріле берген күн көзіне күміс қанжардай бір жарқ етті де, құламадан асып барып, өзенге шолп ете түсті. Құламадан әрі, жайдары аққан өзен оны жұтып жіберді. Тіпті, езу тартқан жоқ. Енді Көкқасқа өзеннің көлеңкелі қабырғасына қарай жақындап келіп, артқы көшті тосып қалды. Көкқасқа құламадан қалай атылса, олар да солай атылып өтіп, алда келе жатқан ата балықтар Көкқасқаның маңына жинала бастады. Бір сыннан аман өткендеріне мәз-мейрам. Кейбіреуі Көкқасқаның өзіне көз аларта бастапты. Күндестік қысқандар, жорыққа мастанғандар Көкқасқаны жанай өтіп, соқтығып қалуға жақын. Көкқасқа қанталаған көздерінен алтын ұшқын шашып, қыбыр етпей тұр. Ол құламадан өтіп жатқан көштің алды-артын абайлап, көзінен өткізіп тұр. Кейде, тіпті, он мыңдаған аналықтарды санап тұрғандай. Соққысы келген текешіктерге елемей қарайды. Бірақ ызғарлы тұр. Алғаш кездескен құламадан аналықтар да көп іркілмей өтті. Ағын күшейіп, ұрыққа толы мес қарындарын онды-солды толқыта берген соң құламаға жеткендерін бұлар да сезген. Бір қарғығанда құламадан асып түсе алмағандары шегініп кетіп, екпіндеп келіп, қайта атылады. Бір сәт құлама үстінде күміс қанжар лақтырысып, ойнап жүрген біреулер бардай еді. Төменнен жоғары қарай лақтырылған қанжарлар күн кезінде бір жарқ етіп қалды да, суға шаншыла түсіп жоқ болады. Ең ауыр хал желбезегіне сүліктей жіңішке, қылыштай ұзын минога деген бәле жабысқан балықтарда еді. Шылбырын шұбыртқан ат қалай шаба алмаса, бұлар да сондай, желбезегінде салақтап жүрген минога бар балықтар құламадан қарғып өте алмай төмен қарай құлай береді. Қарны салыңқы, қартаң аналықтар қайта-қайта қарғып, қайта-қайта тасқа соғылып қалғанда уылдырығы ытқып-ытқып кетеді. Жақтарына минога жабысқан көп аналық осы арпалыста, не құламадан өте алмай, не теңізге қайтпай, өлім әлегінде қала барды. Жүзуі өнімсіз, еріншек аталықтарға да минога көбірек жабысқан екен. Бұлар да сол алғашқы асудан аса алмай, әлекте қалып барады. Жорық үшін жалғыз қуаныш сол асуда минога бәлесінен айығып еді. Көкқасқаның айналасы қылаңдап келіп қосылған ана балықтарға қайтадан тола бастады. Жеткен шығармыз. Аялдайтын болармыз, дегілері келгендей, аналықтар ата балықтардың маңында сылаң қаға бастапты. Тасаға қарай кеткілері келеді. Көкқасқа тағы да жарқылдай жүзіп, көштің арт жағын бір орап қайтты. Бірен-саран болмаса, құламадан атылып түсіп жатқан балық байқалмады. Әлі күнге түлеп алуды, ажарланып алуды ойламаған қырсау еркектердің көбі құламадан өте алмай кейін қайтқан сияқты. Олар көштің арт жағында еді. Жүзген түрлері құжың-құжың, қимылдары болымсыз болатын. Қазір ондайлар анда-санда ғана бір көрінеді. Көкқасқа бұған ренжіген жоқ. Ағып келіп көштің алдын соза жөнелді. Әлгіде ғана кеудеден тіреп, қабырғадан қысқан су салмағы азайып, көш етек-жеңін жинап, оқтаудай жұмырланып алып жөнеп берді. Екі күн, екі түн тынбай жосыған жорық әр жылда келіп, ұрық шашар өзеніне бұрылғанда таң жаңа ғана белдеулеп келе жатыр еді. Алда келе жатқан Көкқасқа атылып аспанға шығып, шолп етіп қайта суға түсіп, ойнақтап кетті. Кейде орғып ортаға кіріп, әлі қатарды бұзбай келе жатқан аналықтарға: жеттік, тоқтаймыз, шаруаға кірісе беріңдер! дегісі келгендей, көш тәртібін өзі бұзып жібереді. Жалғыз ол емес, енді барлық ата балықтар атылып-оршып су бетін астан-кестең етіп жүр. Бұл бұрылғандары үлкен өзеннің бір тармағы саналатын асты құм-қайраң, суы онша терең емес, кіші өзендердің бірі еді. Ертелі-кеш қой отарлары болмаса, маңайында ел де жоқ, тұйық жатқан бір бұрыш, тыныштық өлкесі екен, жорық осы өзенге бұрылды да жайылып кетті. Бірақ жем іздеген, тыныштық іздеген бір аналық жоқ. Ағысқа қарсы тұра қалып, ұсақ тас араласқан қайран құмды қарындарымен ысырмалап, тостағандай-тостағандай шұңқыр жасай бастапты. Жолшыбай әр түрлі апатқа ұшырап, сонау суық теңізден бері қарай жосығандағы бар арман осы шұңқырларға ұрық төгу еді. Қазір мыңдаған аналықтар сол үрім-бұтақ ұяларын жасап жатыр. Құм-қайраңды қарынымен де ысырмалайды, қанаттарымен де қазғылайды. Аштық, тоқтық демалыс дегендерді түгел ұмытқан. Тырбанып жатыр, тырманып жатыр. Көкқасқа сияқты ерен аталықтар да қолма-қол жұмысқа кірісіпті. Қарны шермеңдеген қай аналықтың жұмысы өнбей жатса, дереу соның ұясын жасасып, су табанын миллиондаған шұқырға айналдырып жіберді. Шалдығып-шаршап, ашығып-арып келген балықтар өзен табанын екі күн, екі түн қазды. Біресе қазады, біресе аршиды. Ата балықтар содан кейін ғана шыдамсыздық көрсетіп аналықтарға сүйкене бастады.
Сарғыш уылдырықтар шұңқырдың түбіне аспаннан түсе қалған жұлдыздай жарқырап төгіле бастады. Бұл сәтке дейін жорық тәртібін бұзбай келген ата балықтар енді түгел естен айрылғандай. Уылдырық үстіне уыздарын төгуге асығып таласып кетті. Қыран тұқымы аспанда, адам баласы жерде жасайтын қызыл-шеке қырғын таласты балық қауымы су астында өткізіп жатыр. Барлық ата балықтар бір сәтте мас болғандай еді. Көз көруден, құлақ естуден қалғандай, қырғын төбелес он күнге созылды. Шұңқырларға төгілген уылдырық бетін қаймақтай қою ақ уыз еркек дәні жауып болғанша қырғын төбелес тоқталған жоқ. Ұрық шашудың алғашқы күндерінде бар тізгін көш бастаған, болашақ ұрпақ қамын ойлаған естияр да әлуетті Көкқасқалардың қолында еді. Бұлар төбелесе жүріп, уылдырыққа толы ұяларға кездескенде, бірін-бірі иықпен итермелеп тұрып, өз уыздарын ытқытып жіберетін. Өнер көрсететін, күшпен алатын. Күндер мен түндер өтіп, арыстан Көкқасқалар қалжыраған кезде тойдың қызығы құжың-құжың етіп, құлқын аңдығандардың қолында кетті. Олар қызу төбелеске жақындамай, шеттеп жүрген. Балуан Көкқасқалар арып-талған кезде бұлар уылдырық ұяларына жабыла тап береді. Төбелесті басқаларға беріп, қызықты бұлар көріп жүр. Әуелі алтындай жарқырап жатқан уылдырықты аузын толтыра бір асап жіберді де, қалғанының үстіне бойлары балқып бөксе жақтары бүлк-бүлк етіп, асып-саспай өз уыздарын төгеді. Тоқшылық та соларда, қызық та соларда. Бұларда төбелесейін деген, еркектік көрсетейін деген ой жоқ. Өзара құжың-құжың жымыңдасып, өзара түсінісіп, қырғын майдан үстінде де, ұрпақ қызығының үстінде де ылғи олжаға батып жүр. Бұлардың қылы қисаймаған. Өзге еркектер өлімші халіне жеткенде бұлар туралы «қырғын майдан үстінде қырттар семіреді» дегенді ғана айтуға болатын еді. Ұрық түгел шашылып болып, шұңқырлардың беті құммен, ұсақ-ұсақ тастармен бүркеліп болған кезде ата балықтардың бәрі де сең соққандай құр сүлдер еді. Айға жақын аузын ашпаған, жем жемеген, күні-түні ұрпақ үшін тыным таппаған аталықтар қазір әбден жүдеген. Әсіресе, соңғы он күн бар қуатты сығып алғандай. Бұлар той үстіндегі таластарда да көп қырылып қалды. Қапыл-құпыл уызын төгіп тұрып, тіл тартпай кеткендері де көп. Көзі соқырайып, аузы ашылып кеткен ата балықтарды толқын айдап жағаға шығарып тастап жатыр. Бірақ миллиондаған ұрпақ бесігіне бөленді. Енді төрт-бес айда қылаң-қылаң етіп жүзе жөнеледі. Бұл күндерде Көкқасқа да қатты жүдеген еді. Қазір ол өзен қабырғаларын сүзіп жем іздеп жүр. Көз оттары сөнген, жүзуі баяу. Сыртқы ажары да сынық. Аттаныс алдында солтүстік теңізінде бойында лапылдаған от қызуы бар еді. Қазір жылы өзенде жүріп, бойы қалтырап кетеді. Аузынан аз ғана жем өтсе болғаны қалғып кетеді. Аз күндер ғана осындай мең-зең халде болды да Көкқасқа есін қайта жиып алды. Бұл өзенде осынша көп қауымды асырайтын азық-түлік жоғын ол бұрын білетін, қазір де көріп жүр. Теңіздің балдырлы-балқашты шалаңына қайтпаса, ашыққан балықтар шашылған ұрықты өздері қазып алып жейді. Бұл оның талай бастан кешкен қасіреті. Іші олқы түсіп қалған аналықтар қазірдің өзінде тойына алмай жүр. Осыны сезінген Көкқасқа келер күні кешке жақын тағы да көсілтіп жүзіп кетіп еді. Бұл жолы ол жорық әніне басқан жоқ, жем іздеу сарынына салыпты. «Жем таптым!» дегендей аңғарын байқатады. Ашыққан балықтар оның бұл сазына да түсіне қалыпты. Өзен бойын өрлей жайылған Азат-мая нәсілдес балықтар оңай ойысып, Көкқасқаның соңына ере бастады. Қазіргі қауыммен ұрпақ алдындағы парыз-қарызын тағы бір рет өтеп тастаған ата балықтар Көкқасқаның нені меңзеп жүргенін оңай аңғарып еді. Олар да көштің бетін теңізге қарай бұрыса берді. Жарық айдың көгілдір сәулесі өзен бетін бұйралап қояды. Кейде теңізге қарай жосыған балықтар да жарқ етіп қалады. Бері келерде балықтар ағысқа қарсы жүзіп еді, қайтарда ағын бұларды өзі айдап әкеле жатыр. Арт жақты орап қайтқан бірен-саран аталықтар болмаса, көш ылғи төмен ағып, оңай жүйткіп барады. Көкқасқа ұзақ көшті сонау бір құламадан асырып салды да кейін оралды. Әр шұңқырда ата-анасыз қалған миллиондаған жас ұрпақты қорғап-қоршап өсіріп, өндіріп теңізге алып қайту үшін қалды. Әлдебір балықшының қармағына өзі ілігіп қалмаса, сол ұрпақты бастап өмірі бай, терең теңізге ораларын Көкқасқа қалтқысыз сезінетін сияқты.
ҚЫРАН ЖЫРЫ
Онда саған арнадым.
Онда саған да арнадым.
Кәл, кәл, кәл!..
Ауыл өмірінде күнде естілетін көп сөздің ішінде көміліп кетпесін деп, бүркітші қыранын «Кәл, кәл!» деп шақырады. Онысы басқа елдің де тілі емес, құстың да тілі емес, кәдуілгі «Кел, кел!» деген қазақ сөзі. Кәл, кәл, кәл!.. Қыран иесіне қайрылған да жоқ, қараған да жоқ. Құлаштан сермеп, қайқайып жоғары өрлеп кетті. Томағасын сыпырғанда-ақ көзі шалып қалған қоянға да түскен жоқ. Торғайдай бұлдырап жоғарылап алды да қанатын қақпай сырғып кетті. Тауға барып соғылар найзағайдай сырғып барады. Апырау, немене көрді? Түлкі ме, қарсақ па? Әлде тіпті қасқырдың өзі ме? Соңғы күндерде тыншыға алмай қойып еді, неменеге құмартты екен? Көзіне сол құмартқаны ілікті-ау, сірә!..
Торы атты тебініп-тебініп қалып бүркітші де өрге қарай салып еді, омыраудан тіреген қалың қар ұзаққа жіберген жоқ. Беті шып-шып терлеп, азғана бусанып, күнге шағылысып жатқан аппақ қарды бауырымен сызып, төрт-бес аттап омбылады да торы ат тұрып қалды. Қап, айрылып-ақ қалғаным ба! Кәл, кәл, кәл!.. Алдынғы күні Ержан аңшы үйіне екі түлкі әкеліп еді. Екеуі де алтайы қызыл, алтындай жымыңдайды екен. Сызық түсірмей сойып алған екі теріні кергішке керіп, құба жонынан бір сипап қалғанда құлпырып сала берді. Қалың қызыл алтынның бетінде азғана ақ қылаң күміс сызықтар бар. Пұшпақтары қара алтындай жалтылдайды. Төрт жасар қызы түлкінің мамықтай жұмсақ құйрығын мойынына орап ойнай бастады. Екі жасар Есентай маған түлкінің бүйрегін әпер деп, қылшылдап жүр. Қой бүйрегін, қоян бүйрегін жеп үйренген балаға керегі де сол ғана. Құттықтау айтып ауылдастары жиналып қалды.
Босаған қандана берсін, аузың майлана берсін!
Аңшының аузы жалғыз майлана ма, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер кезіне шыжымдап-созып, әрең үнемдеп отырған азғана етті ауылдастары жеп кетті. Құрт-май, шай-қант дегендердің де түбі көрініп қалды. Ауыл арақты судай сіміреді емес пе, Ержанның қалтасы да қағылып қалды. Пай, пай, сенің Сар-балағың құстың патшасы ғой! деген сайын сылқ-сылқ етіп арақ құйылмасқа не шара! Биыл сен осы бір жиырма түлкі алғыздың-ау, Ержан! десіп қояды. Жиырмаға жете қойған жоқ әлі... дейді де Ержан қолын ақмойнаққа созады. Тағы сылқ-сылқ, тағы бүлк-бүлк... Бүркітке түлкі алдырғаннан асар не қызық бар дейсің! Абай ағаңның да бір құмары осы болған ғой...
Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға.
О да бүлк-бүлк етпей ме сипағанда...
Фермаға бастық болмай аңшылық қуып кеткен осы Ержанның өзінде де Абайдан жұққан бірдеме бар... Ақмойнақ қырлы стакандарға тағы да еңкейеді. Тыстан қыран саңқылы естіледі. Пай-пай, бүркіттің бабында екен-ау!.. Құдай қосса, қызыл залымды тағы біраз ұйпалақтар! Салқын ауыз қорада тақтаймен қоршалған томарша тұғырда отырған қыран тағы саңқ етіп қалды. Күн батқан соң тәкаппар шаншылған бойы қалғып кетуші еді.. Бүгін екінші түн бүркіт ұйқыдан айрылыпты. Бұл оның бір тыншыға алмай қойған кезі. Әлде, өзі бүктеп-бүріп алған түлкінің төсін сұрай ма, әлде, алдырмай кеткен бір түлкіге ызасын шаға ма, әйтеуір қыранда тыныштық жоқ. Ұшуға сұранады, далаға сұранады, аспанға сұранады. Қанаттары тақтай қоршауды сырт-сырт тырналап, балақ-бауларын шойын тұмсығымен жұлып-жұлып қояды. Бостандық сағынышы, азаттық жыры, аспан жыры өн бойын өртеп бара жатқандай. Қыранның сырын Ержан аңғарған жоқ. Бабына келген алғыр қыран аңға шығуды сұранып отыр деп жорыды. Қонақтары тарап кеткен соң әйелі Гүлбалаға: Есетжанды төсегіне апарып жатқызшы. Өзің де жатсайшы... дегенде де қыран зары есіне келген жоқ...
Жабайы торы атын бір күн тынықтырып, Ержан бүгін тары да аңға шығып кетіп еді. Талма түс кезінде тобылғы түбінен қоян ыршып шықты. Секіріп, атқылап, қалай қарай қашарын біле алмай, азғана бөгеліп те қалды. Әйелінің бүгін бір-екі қоян әкелмесең, кешке қазандық астына от жағылмайтын шығар дегені есіне түсті. Дағдылы қолмен томағасын сыпырып алды да, Ержан бүркітін қоянға қарай сермеп қалды. Қыран қоянға қараған жоқ. Қанаттарын көре серпіп жоғарылай берді, жоғарылай берді.
Ондайға түсер ойы болса, қыран ендігі орай-орай жүйткіп, шүйілер кезі болып қалды. Жоқ, шүйілер емес. Бұлтсыз көк торғын аспанды көсілте кезіп, ойнақ салып кетті. Біресе аспанға өрлеп көрінбей кетеді де, біресе төмен қарай ағады. Ұйыған денесін, талған қанаттарын жазып жүргендей көк аспанды тілгілеп жүр. Кейде қос қанатын қомдап алып жерге қарай құлай шаншылады да ұзамай желге қарсы жалт бұрылып қайта жоғарылағанда екі қанаттың асты күн көзіне айнадай шағылысады. Кәл, кәл, кәл! Жоқ, қыран қайрылар емес. Оны үлкен тіршілік толқыны айдап әкетті. Қыран көзі құмарын шалған еді. Ол оны мана сезінген, томағасын сыпырмай тұрғанда-ақ сезінген. Оны оған шаңқан ашық, желсіз тынық күн айтып еді. Биік аспанда зу етіп қалған қанат дыбысы барын құлағы айтып еді. Қыран болсаң бір талпындырмай қоймас жүрегі айтып еді. Тұтқында болған бесті бүркіттің бойына жиналған отты қызуы айтып еді. Қыран құмарын енді Ержан да көрді. Көрді де түсіне кетті. Аңшы көзі ғана шалар биік аспанда екі қыран сайыс салып жүр екен. Үшінші бір үлкен қара алыстан орай ұшып, сайыс немен тынарын бақылап жүрген сияқты. Бір кезде бас балуанға өзі түсіп жүрген кәрі қыран енді соны көрген қызығына қанағат ететіндей қызбай-қызынбай баяу қалықтайды. Ана екеуінен төменірек қалықтайды. Сайыстың жана басталғанын алыстан-ақ таныған Сар-балақ бірден кимелеп кеткен жоқ. Екі жаққа алшақтасып кетіп, қарама-қарсы қайта ұмтылған екі қыранның арасы жақындай бергенде нақ үстерінен бір зу етіп өтті де ағып алыстап кетті. Сайыста жүрген екі қыран желдетіп зуылдап өткен үшінші қыранға амалсыз жалт етісіп қалды. Ие, күш иесі екен, тәкаппар екен. Екпіні қандай еді өзінің! Дауылдай ықтырып өтті-ау!.. Аяқтарында салбыраған бірдемесі бар... Салбырағандарының ұшында жалтыраған бірдемесі бар... Қыран құс көкте шағылысады. Оның алды ұзаққа созылатын үлкен сайыс. Болашақ ана, болашақ әкенің бар тауқыметін танып болмай, бойына дарытпайды оны. Ұсақ қулық, бос қалжақтың құсы болса, сайыса жүріп кеудеден теуіп жібереді. Бұл кезде жемсауына сақ болмаса, жабайы шәулі қалбақтап барып жерге құлап түседі. Кеудесі жарылып, жарбиып құлайды. Ұябасар ана қыран сайыс ойынын тоқтатқан жоқ. Қызынып алған екен, кеудесін желге тоса шарықтап жоғары кетті де қайта оралды. Ата қыран бір айлакер тас-қара, ол биікке көтерілмей оралыпты. Айласы ма, аспан аязынан ығысқаны ма, әйтеуір төменірек ағып келеді. Бұл жолы ана-қыран оның үстінен өтіп кетті. Таң ата етек тауларды тұншықтыра жауып алған қалын қарағайдың ішінен ұшып шыққанда бірден кездесе кеткен еркек қыран көзге қораш көрінбеген. Әуелі тым жоғары көтерілмей төменіректе ойнады. Таныса келе жоғарылай беріп, қазір талма түс шағында биік аспанда сайысып жүр. Жоғарылаған сайын аспан суына бергені рас. Еркек қыран тас-қара содан ығысса, онысы көңіл қалдыратын қылық. Әзірге ұябасар ойына ол келмеген сияқты, ұзап барып қайта оралды. Бұл жолы тас-қара да ойдағы биіктен оралыпты. Соқтығысардай, қанаттасып қалардай екпіндесіп келіп, шалқайысып кетті. Тас-қарада тәсіл көп сияқты. Орай келсе-ақ жабыса кеткелі жүр. Бірақ, тәкаппар ұябасар жақындатар емес. Қыран баласына дүние әрі кең, әрі тар. Достары да аз емес, жаулары одан да көп. Азияның аязына, Африканың ыстығына шыдар ұрпақ керек. Қарны тойса қалғып сала бермейтін ұрпақ керек. Оңай көріп сарышұнақ аулап, ін күзетпейтін ұрпақ керек. Қыран баласы осыны ойламай біледі. Қыран баласы осыны ойламай істейді. Оның аты табиғат тылсымы. Сар-балақ кешке дейін сайысқа араласқан жоқ. Анда-санда әлдеқайдан сап ете түседі де еркін жүйткіп, ағып өтіп кетеді. Бір-екі рет оңаша қалықтап жүрген кәрі бүркітке де барып оралды. Сәлем бере барғандай соқтықпай-ұрынбай бой тежеп, едәуір қатарласып ұшты. Қанат қағысында мін жоқ, неге шеттеп жүрсін., ақсақал? Өкшелес буын ойыныңа, ойыңа қараймын... Биік ұшсаң қуаныш, төмен ұшсаң өзің өкінерсің... Мен де қуанып көрген, өкініп көрген ағаңмын. Қызығып та қоямын, қынжылып та қоямын... Өзім ұшып жете алмаған биікті сендерге тілеймін. Өзің аспанда, ойың төменде жүргенше, өзін төменде, ойың аспанда жүрсің, жаным. Биік деген немене, төмен деген немене, сонда түсінерсің. Қыран мылжың болмасқа керек. Екі қыран бұл ойларын айтыспай ұғынысты. Осы кезде сайыста жүрген тас-қара мақтанам деп бір қатерге ұрынып қалды. Қор мінез көрсетіп алды. Ұябасарға бір ерлік көрсеткісі келіп төменде жүрген кәрі бүркітке қарай қадала ұшып кетті. Қуып тастамақ па, жұлып тастамақ па, әйтеуір қатал төніп барады. Қанаттарын біресе керіп жіберіп, біресе серпе қағып барып, кәрі қыранның үстінен түйілді. Жоғарыдан орай-орай айналып барып, төбесінен тік шүйіліп қалды. Бас салатын қалпы бар. Бірақ бас сала алған жоқ. Кәрлі көздерін бір түйреп қалып, қат-қабаттап өрген темір сымдай шор саусақтарын тоса берген кәрің, ұстасса-ақ айрылмастай екен. Жемсауын шалқайта ұстап, темір найзаларын тоса берді. Тырнақты да білекті екен. Шүйіліп келген сотқар қыран тайқып кетті, зу етіп соға алмай өтті. Ұябасар оны өлімге жұмсаған жоқ-ты. Осындай ұлы ойынның үстінде қан төгіс болсын деп тілеген де жоқ. Бұл ерлік сыналар, еркектік сыналар ойын. Неғұрлым мырзалық, неғұрлым кеңдік, неғұрлым шыдамдылық байқалса, аналық соған бейім, соны таңдайды. Тас-қара мінезін ұнатпай қалған ұябасар үнсіз томсарып, тау жоталарын бөктерлей, күншығысқа қарай тартып берді. «Өз бетімен жүрген шал-қыранға соқтығып несі бар еді? Соқтыққан екенсің, көрсеткен ерлігің қайсы? Тақала бергенде тайқып кеткенің бе?
***
Ұябасар ұшқыр да, ағынды құс екен. Қанаттарын еркін сермеп, ұтымды сырғып барады. Тас-қараға қанаттарын тез-тез қағуға тура келді. Күн бойы биікке бір көтеріліп алып, жақыннан оралып, екеуі де қиналмай шарпысып жүрген. Енді еркекті ұзақ ұшу сынына салғысы келгендей. Сайыстың бұ да бір түрі сияқты. Төбе шашына қырау тұрып ақ иықтанып алған ана қыран суықты да, қарсы соққан желді де елер емес. Қонақтар жерін өзі ғана білетіндей алысқа тартып барады. Тас-қара ат шаптырым жер еріп отырды да кейіндей берді. Сылан қыздың бір он жағына, бір сол жағына шығып қалбалақтай беру дүниенің азабы екен. Антұрғанның алымдысы-ай Аянына желіп ере алмайсың... Қап, бәлем, ертең көрерміз... Аспанда шарпысып жүріп қарсы бір келіп қалғаныңда шап беріп шаншыла кетпесем көр де тұр!.. Шегедей шаншылармын!.. О, сонау қалбаңдап келе жатқан ақ бас кәрі ғой... Тәңірі деген, жұрттың соны мен емес екенмін... Ұябасар бір сәт жалғыз ағып келе жатыр еді, қанаттарынан жел гуілдетіп келіп Сар-балақ қатарласты. Есенсіз бе?.. Шүкір... Енді екеуі қатар сырғып келеді. Төбе шаштарына қырау тұрып екеуі де ақ иықтанып алған. Екеуінің ұшқырлығы да теңдес екен.
Балақ бау ғой.
Жез сақинасы ғой.
Қатар ұшып келе жатқан қос қыран біріне-бірі осыны айтысқандай көздерін бір шағылыстырды да ұзай берді. Қайда барарын, қайда қонақтарын екеуі де біліп келе жатқандай, айтқызбай ұғынып келеді. Енді абайласа екеуінің қанат қағыстары да, құлаш сермеулері де, серпіндері де бірдей екен. Төрт қанаттан саулап суылдаған үндері де қосылып салған әндей үйлесе кетіпті. Суық аспанды иықтарымен тіліп, қанаттарымен сабалағанда екеуі де шімірігер емес. Шарықтау құмарын, екпіндеу құмарын тарқатар ұзақ сайыс енді басталған сияқты. Жел қызығар екпін, тасқын қызығар жүйтку бар. Күн бата екеуі тарбиған-тарбиған жуан бұтақтары бар кәрі қарағайға келіп қонды. Тау жоталарын жауып кеткен қалың қарағайды көп кезіп, таңдап келіп қонды. Қазір екеуі қарсы отыр, сақ отыр.
Мен ұяны сізбен бірге саларымды қайдан білдіңіз?.. Қызық екенсіз... Мына бір жақын тарбиысқан үш жуан бұтақтың үстіне құрықтай-құрықтай он шақты жас қарағайды айқастыра төсесек ұяның іргесі тастай берік болатын сияқты... Одан соң осы қарағайдың бас жағында жалбыр шаш қалқаны да қою көрінеді. Жаңбыр-шашын кезінде балаларға пана да керек қой... Ұямыз көзге де көп шалына бермес еді... Еңбегіңіз босқа кетіп жүрмесін... Мен сізге әлі ешнәрсе дегенім жоқ қой... Оны ертең көрерміз де... Қойыңызшы, қызық екенсіз... Кейін қалған Тасқара да жетіпті. Күндізгі есек-дәме үміті есінде екен, ұябасарға жақын қонбақ еді, ол бір иығын қозғап қалды. Әрірек отыр дегені сияқты. Сарбалақтың көздері де қара жалын атқандай бір жарқ етіп қалды. Тасқара сасқалақтап, тез орналаса алмай, қанаттарын қалбаңдатып, бұтақтан-бұтаққа көшіп, ақыры анау екеуінен биігірек барып қонды. Жоғарырақ отырып алған соң аруақтанып та кетті. Шен беріп, биік тұғырға отырғызсаң, қандай орынға болса да ұялмай-ақ отыра кететін сияқты, жараса кеттім деп ойлауы да мүмкін. Сәнді отыр, салмақты отыр... Е, мен бір жұмысқа айналып қалдым... Әйтпесе сенен қалатын емес едім! дегісі келгендей, ұябасарға қыр көрсетіп қояды. Қарағай бастарын желімен жайқап кәрі қыран да келді. Оның жастарда не жұмысы бар, оңаша қонақтап жатыр. Белдеуін шешініп, тымағын сілкіп, күйбеңдеген қарт адам сияқты, оралымы азайған ауыр дене бірнеше бұтақты сындырып барып әрең тыншықты. Енді төртеуі де тым-тырыс. Ағаш басы, қараңғы түн қырандар үшін ойын-сауық орны емес. Олардың ойын-сауығына шаңқай түс, биік те кең аспан керек. Қызынған денелер амалсыз тынышталып, қара тас болып қатып қалды.
Таң сәріден кәрі қыран жөнелді. Шор алақан қышығандай болды. Кім біледі, қоян кездесер, суыр да шығып қалған шығар... Ұшпаймыз ба? Сарбалақ иықтарын қозғап сілкініп қойды.
Ұябасар дүр сілкінді де ұша жөнелді.
Ұйыған дене жазылғанша үш қыран қатар ұшып келеді. Сұңғақ денелі ұябасар ортада. Екі жағында екі еркек қыран. Ұябасар көңілі Сарбалаққа біржола ауып болса да Тасқараны да қуып жіберген жоқ. Көк сұлуы да айналасында шұлғыма жігіттердің бола бергенін жек көрмесе керек. Көз қиығы екі қыранға да түсіп келеді. Түске тармаса қырандар таудан алыстап жазық даланың үстінде келе жатыр еді. Қауіп-қатер жасырынар еш нәрсе байқалмады. Ал енді бастаңдар дегендей, ұябасар аспанға тік қарғып кетті. Қанат асты күнге шағылысып жарқ етіп қалды. Сарбалақ пен Тасқара да жоғарылай берді. Ұябасар суық аспанға шаншыла қадалып, әлі биіктеп барады. Әуелі аз шегініп қалған Сарбалақ ұябасарды қуып жетіп, алға түсіп кетті. Жемсауында алқымынан тіреп, бөгеп жүрген иленіп-жұмарланып қалған жүн-жұрқа бар екен, оны аузынан ытқытып жіберді де жеңілденіп кетті. Көк сұлуы көпке денін ойынға қатынаспай қойды. Еркек қырандар екі жағынан орап келіп шарпысуға шақырса да елең қылар емес. Не тік қарғып жоғарылап кетеді, не сүңгіп төмен кетеді. Өздерің біраз сайыссаңдаршы... Қызынып алған еркек қырандар өзара сайысып кетті. Сарбалақ ұзақ ағып кетіп, кең орап қайтады. Тәсілқой Тасқара жақыннан орап, табан астынан тап береді. Бірақ тырнаққа тырнақ ілігер жерге келгенде тайқып кетеді. Төмен сүңгиді, бұрылып кетеді, ұябасардың тасасына қарай ұмтылады. Ойында қандай тәсіл қолдансаң да айып емес. Бірақ бар тәсілін бас сауға болса, оны қыран көп көтермейді. Сарбалақ ызалана бастады. Тасқара тағы бір жақындай беріп тайқып кеткенде, қанаттарын қиғаштай беріп, оң иығымен соғып кетті. Үстінен соқты. Иығы темірдей екен. Тасқара сол жақ қанатым үзіліп кетті ме деп қалды. Енді көтерілер шама жоқ құлай төмендеп, әлде қайда төмпе үстінде суыр жеп отырған шал-қыранның қасына келіп қонды. Бір жапырақ асатып жіберші, көкем!... Тасқараның қарасы өшкен соң ұябасар ойынға өзі түсіп кетті. Қыран құс жасырына да білмейді, сығалап сықылықтаған ұры көздерді де, күңкілі тынбас күндес көздерді де ұнатпайды. Бұл ойынға бөгесін керек емес. Бұл ұрпақ ойыны, ұрпақ күйі. Бұл ойынға аспан кеңдігі керек, жер биігі керек. Бұл ойынға қуана білер жүрек керек. Сарбалақ ызалы қабағын жадырата алмаған бойы ағып келе жатыр еді, ұябасар жақындап келіп, қылаң етіп бұрылып кетті. Қыран қабағы да жадырап сала берді. Енді екеуі кең аспанды кере орағытып, қарама-қарсы келіп, төс тақасып қалардай жақындасып, қайтадан тік көтеріліп кетіп жүр. Қатты ағынымен келгенде төске төс тақасып қалса араларында сығарланған суық ауадан басқа ешнәрсе жоқ-ты. Бірінде аналық күйі, бірінде аталық құмары, екеуі кешке дейін сайысты. Күн бата кешегі қарағайдың басына қайта келіп қонғанда біреуі әке, біреуі шеше болып қалғандарын таныды. Ұяны қалай салу, қайда салу дауы болған жоқ.
Жазғытұрғы екі сары үрпек балапан қазір қонырайған-қоңырайған құс болып қалыпты. Енді ұшар кездері жақын. Әке-шешелері осының қамында. Әуелі бұлар жұдырықтай-жұдырықтай көк-шұбар жұмыртқа еді. Бар қызуын, бар мейірімін соларға беріп, ана қыран қырық күн тапжылмай отырып басып шығарды. Үкідей сап-сары ұлпа жүн екі балапан жұмыртқадан шыққан соң ғана қалжыраған ұябасар бірінші рет ұядан ұшып, арқан бойы барып қонды. Төс сүйектері сорайып, арықтап қалған екен. Қанаттары да әрең қағылады. Сарбалақ азық-түліктен кенде қылмаса да қатты жүдепті. Үш күндік ойын сайыс емес, армандары осы екі балапан еді ғой. Ұябасар қалжырап қалғанына өкінер емес. Бүгін ол қанаттарын жазып алады. Таң сәріде суға шомылып қайтады. Жұмыртқа басып отырғанда көбінесе аузын қар мен жаңбырға тосып сусындап еді. Енді ол күндер артта қалды. Қос қоңырлары адам болып келеді. Қоян жіліктерін бітеу жұта бастады. Түлкінің төсіне таласып қалады. Өкпе тұстан тесіп жіберіп қызыл қанды сораптағанда көздері шатынап біріне-бірі ырық бермейді. Тырнақтасып та алады. Тек Сарбалақтың ызғарынан ғана ығысады. Ұя басуға отырған кезде аналық Сарбалақтың өзінен де жатсырап кеткен. Бауырындағы екі жұмыртқаны одан да қызғанатын. Қазір балапандар есейген сайын әке ызғары керектігін де мойындады, ерлі-зайыптылық сезімі де қайта оянды. Қойшының төрт қанат үйіндей көп ұяның аналық пен аталық екі шетіне қонақтайды. Ойнағылары келіп, ұшқылары келіп дамыл таппайтын ересектеніп қалған балаларын иықтарымен қағып, қанаттарымен жайқап ұяның ортасына қарай ығыстырады. Тезірек ұшса екен, дүние таныса екен... Қоянды ала алмай ызаланса екен... Аяз келіп қалғанша әке-шешелеріне еріп ұшып ананы-мынаны үйренсе екен... Ұяда күнде жеп жүрген тамақтары жүгіріп жүрген төрт аяқ екенін таныса екен. Алысар, жұлысар барын білсе екен. Ата-ана қарлы-боранды дауыл күтеді. Қара дауыл соғып тұрғанда ықтап-ығысып отырған қос қоңырды желге қарсы итеріп жіберу керек. Қанаттарын еріксіз қағатын болсын. Кеудеден тіреген қатты жел құлатпайды да қанат қаққан сайын жоғары көтеріп әкете береді. Сонда балалар қорқып шырылдар ма, қуанып саңқылдап жіберер ме!.. Ата-ана осыны күтеді, қуана күтеді. Бұл олардың алты ай күткен арманы. Алты айғы азаптың бар төлеуі осы ғана. Күзгі қара дауыл көп күттірген жоқ. Соғар кезінде соғып кетті. Аналық қанша асықса да Сарбалақ дауылдың күшейе түсуін күтті. Қалың орманның өзегі шіріген кәрілерін аударып тастап, барлық қоқысты, барлық иіс-қоңысты айдап әкететін сұрапыл дауыл арман ғой бір! Ұрпағың сондай дауылда аяқтансын да. Сарбалақ кешеден бері аналықтың өзін де шеттетіп тастап, екі балапанға дамыл бермей отыр. Ұяны айнала қуып еріксіз қанаттарын қақтырады. Еріксіз бұтаққа жармастырады. Жас тырнақтар ұяның жуан бұталарын тырналап тастады. Құламау керек. Тырнақтар қадалып үйренсін, білек бұлшық еттері ширатылып үйренсін. Қанаттары қағыла берсін, қатая берсін. Екінші күн соққан қара дауыл бәсеңдеген жоқ еді. Таң ата Сарбалақ саңқ етіп, жақын қарағайға қонақтаған қосағын шақырды.
Ұшырайық!
Әуелі ата-ана ұяны айнала ұшып өз қанаттарын жазып алды да ұяларына қона беріп, қос қоңырды желге қарсы итеріп-итеріп жіберді. Әшейіндегі нұқып қалу емес, темірдей тегеурін бар екен, балалар ұяға жабысқан жоқ. Тырнақтарын баурына қысып алып, қанаттарын тез-тез қағып, көтеріле берді. Шырылдаған да жоқ, саңқылдаған да жоқ, көздері ғана өжет түйіліп алған. Аумаған әкесінің көздеріндей, ызғарлы қара жалын шашады. Әуелі тыпырлай қағылған қанаттар енді байсалды қағыс тауып ала бастады. Дауыл ырғағын аңдай бастады. Ара-тұра қанаттарын қақпай, кеуделерін дауылға тосып қалқып-қалқып алады. Енді бір кезде ата-аналарына көз тоқтата қарап, бір қоңыр саңқ етіп қалды. Оған екінші қоңыр жауап берді. Бұл қуаныш саңқылы ғой! Түу, ұшу деген қандай жақсы еді! Неғып сонша ұшпай отырғанбыз? Дүние деген қандай кең еді! Тар ұяға қалай сыйып отырғанбыз? Дауыл деген қандай жақсы еді! Ұша алмасты ұшырып әкетеді екен-ау!. Қанша уақыт бөстегін бұлғап отыра берген мешеу едік қой. Дауыл көтеріп аспанға шығарды емес пе! Енді осылай шарықтай беретін шығармыз. Арман деген осы да, қуаныш деген осы да! Манадан балапандарының астын ала ұшып келе жатқан ата-ана енді қатарласып ұшқалы жақындап келеді. Қауіп жоғалды. Құлау қорқынышы жоқ енді. Дауылда ұшырған балапандарымен қатарласа ұшып келе жатқан ата-анада қуаныштан басқа бір сезім қалмаған сияқты.
АЙГҮЛ ҚОЙШЫНЫҢ БІР КҮНІ
СССР Жоғарғы Советінің депутаты Айгүл түбекке қайтқан отарының соңында сылпылдап келе жатқалы бүгін үшінші тәулік... Қалай есептесең олай есепте, әр тәулікте жалқау жылжыған жиырма төрт сағат уақыт бар. Ол көңіл аударары көп қала уақыты емес, көз тартары жоқ дала уақыты. Үнсіз өтіп жататын уақыт. Айгүл өмірінің жиырма жылы осы үнсіздікте өтіп келеді. Ол дала үнсіздігі, қой үнсіздігі. Астындағы атыңа ғана, қасыңдағы итіңе ғана тілдесер жауапсыз үнсіздік. Даланың меңіреу үнсіздігіне Айгүл бала жасынан үйренген. Ол етек-жеңді түре соғатын, қойын-қолтықты қуалай соғатын күздік пен көктемнің азынау желіне де көндіккен. Ат танауына көк сүңгі тұрып қалатып шаңытқан суық сары аяздарға да көндіккен. Жыбыр-жыбыр, қыбыр-қыбыр қозғалған қой момынның өнімсіз қозғалысына да көндіккен. Көндігу бар, жеңу бар. Айгүл соның бәрін жеңген адам. Ыңырсып қана ән салып келеді. Кішірек келген дөңгелек қара көздері әлденені алыстан барлағандай, ойда келе жатқаны да байқалады. Қой отарының сүйемдеп аяңдауына жиренбесті ғана көндіге алмай келеді. Қағазға төнген қалам ұшындай сүп-сүйір құлақтарын алыстан көрінген қырқаларға шаншады. Қыл шылбырмен жетелеп алған Айгүлдің өзін сүйрелеп алға қарай жұлқады. Кейде иегін Айгүлдің иығына сүйеп, еріндері жыбырлап қант сұрайды. Құлақ түптерін қасып жіберуді, әлде қай жерін сипап жіберуді өтінеді. Қант кеше біткен. Өзі қанша қалжырап келе жатса да, әйел қолы анда-санда атының мойнынан қағып-қағып қояды. Жиренбесті ұзын шылбырды соза жұлқып тағы да алға қарай ұмтылады. Бүгін таң ата Айгүл отары су жайылып кеткен Ақ тақырға келіп түсіп еді. Жазды күні бұл шаңы бұрқырап жататын машина жолына айналған тақыр. Екі жағы көкжиекке дейін кернеп кеткен қиыр-шиыр бұйра құм. Түбекке оралған отардың осы тақырға бір соқпасына амалы жоқ. Ақ тақырдың өн бойын өрлей жарып өтетін жалғыз жолды қазір Сырдария суы басып кеткен. Шегі-шетіне көз жете бермейтін ақ тақыр айнадай жалтырайды. Бүйірі салыңқы буаз қойлар бауырымен су сызып, әрең қозғалып келеді. Қиғаштап түскен күн көзіне шалынғанда қой бауырынан сорғалаған тамшылар шашақты күміс оқадай жарқ етіп қалады. Су жайылып кеткен тақырға таң ата келіп кездескенде отар ұйлыға беріп, жазыла алмай қойып еді. Мүйіздері айқаса біткен көкала серке басын бірер шайқап, сақалын сілкілеп аз ғана тұрды да алға түсіп кетті. Қазір отар жіпке тізілгендей шұбалып, жарты километрге созылып жыбыр-жыбыр жылжып келеді. Резеңке етігі біресе күрк етіп қалып, біресе күмп етіп қалып Айгүл де келеді. Бүгін күн бойы, түн бойы, ертең күн бойы осылай жылжи бермек. Жылы қашар, жайлы орынға ертең кешке ғана жетер. Оған дейін отар да, Айгүл де, шиыршық атып келе жатқан жиренбесті де шыдауға тиісті. Сол жайлы орынға жеткенше Айгүлдің әні де үзілмеуі керек. Қайнаған судай көгілдір толқынданған көктем сағымында алыстан бұлдырап жалғыз-жалғыз молалар көрінеді. Әр моланың төбесінде шаншылып отырған бір-бір қарақұс көздерін отарға қадап алыпты. Өздері қадалып мола төбесінде, көздері қадалып отарда. Олар отарды кеше де торыған, бүгін де торып отыр, ертең де ториды, өмір бойы торып келеді. Құлпырған сағым құм арасынан көне замандағы адам мекендерін көтеріп шығарады. Бір кезде ел жайлаған, егін еккен жерлерді әлде қай кезде құм басып алған. Қойшы ойына таныс аңыздар түседі. Сырдария көне заманнан бері атағы шыққан мырза су, көне заманнан бері диқаншы бесігі. Күріш те өскен, жоңышқа да өскен. Қарбыз-қауыны күзге қарай зеңбіректей гүрс етіп жарылғанда Қазалыдан Қармақшыға естіліп жатады екен... Сыр еліне қырғын, Сыр бойына қырсық әкелген алғашқы апат Сүбітай1 соқыр болған ғой. Жуа жеген, сәбіз-шалқан жеген Сыр еліне кездескенде соқыр батыр: Шөп жегені несі екені.. Адам ба бұлар, айуан ба? деген ғой. Содан соң атқұмар батыр көк дүниенің ішінен екі аяқтыны айдап шығып, төрт аяқтыны, аттарды бағыңдар деп әмір еткен дейді. Қырдың қуаң бозына үйренген сұр жорға ат батырдың ең сенімді серігі Сырдың көк жоңышқасы мен жүгерісінен, арпасы мен күрішінен басын көтермеген күйінде жарылып кеткен екен... Атқа ас болмастың адамға не керегі бар? деп соқыр батыр көк дүниеге бір түкіріпті де отатып жіберіпті. Сүбітайдың өз қолымен жұлған көктің орнына осы күнге дейін түк шықпай жалтырап жатады екен. Ашынған долы зәр сараласа керек, Сыр бойындағы сортаң сол бір от орнындай тазығырдан басталып кетіпті. Бір кезде алысқа айдап тасталған құм атжалдары осыдан кейін Сырдарияны қайта иектепті. Иесіз қалған арықтар, еркімен таси берген ұлы өзен егістік жерді тұздай берген, тұздай берген. Осы ұзын Ақ тақырдың әр жерінен кездесе беретін ескі арықтың сілемдері де Айгүлге ескі бір аңызды айтып келе жатыр еді. Сонау Сүбітай заманынан бастап әлекке ұшыраған Сыр бойы тіршілігінің күре тамырындай мырза өзенді әлі жуасытып ала алған жоқ. Сырдария кейде тентек мінезін көрсетіп, салық салып отырады. Бір-ақ түнде жағасын бұзып шығып, бір өңірді астан-кестен етіп, зар қақсатып кетеді. Сырдарияның мұндай мінезінен Айгүл әр кезде сақтанатын. Биыл да сақтанып, қозы алар түбегіне қарай ертерек ойысып еді. Бірін-бірі із басып қайталап жататын қат-қабат жиналыстардың аяқталуын күте алмай, тентек судың жөней беру қаупі бар-ды. Ол қауіп орынды екен, Сырдың суы міне Ақ тақырда кездесе кетті. Өзбектердің не арманы бар екен! деп ойлайды Айгүл. Өзбек жерінде Сырдария қатпайды да, тасымайды да. Қата қалса бізден жиырма күн бұрын еріп барлық мұз біздің алқымға келіп тіреліп қалады. Өзбектер бізге ұқсап екі жұма бойы мұз бұзып әлектенбейді. Біздің Сыр неше жерден түйіліп, неше жерден кептеліп қалады. Сыр бойына өзбектер қалай ақылды орналасқан, қазақ қалай бейғам орналасқан... Көрші елмен күндеспегенімен Айгүл өз елінің су шаруашылығына әрі атүсті, әрі олақ екенін ойлап келеді. Бір кезде Айгүлдің дауысы шығып кетті: Жалғыз Сырдария ма екен бас асау күйінде жатқан! деді ол өзіне-өзі. Дауысы кектене де кінәлай шықты. Көшпелі әдетіміз әлі басым. Ұмыта алмай келеміз. Кейде бүгінгіні ғана ойлауға үймелесіп қаламыз. Ертеңгінің бар мұңы суда ғой. Тыңдардың тыңы су емес пе! Қазақ жеріндегі жеті жарым мың өзеннің бірде-бірі қолбала болған жоқ. Ғалымдарымыз жер астында жатқан он шақты теңіз барын ашты. Білекті сыбанып жіберіп, балақты түріп жіберіп, қолға алар іс осы емес пе! Құм теңізіне үйренген көз су теңізін іздемей ме екен! Жатсына ма екен!.. Өзімен өзі дауласып келе жатқанын Айгүл енді ғана байқады. Бұл оның үлкен бір жиынында айтуға әзірлеп жүрген ойы еді. Газет-журналдарға әлденеше рет су мәселесін көтерген ғалымдарға үн қоспақ болған екен. Қазір міне етігі күркілдеп су кешіп келе жатқанда көптен кернеген ой еріксіз ақтарылып кетті. Тісі қайраулы жүр екен, әрең тоқтады. Осындай бір жай Айгүлде әр кезде болатыны бар. Әлденеге ызаланып кілт сөйлеп те жібереді. Үнсіз далада жинала берген ойлар, әсіресе өз тіршілігіне байланыса туып, өсіп-өрбіп жататын ойлар айтылуды керек ететін сияқты. Кейде тіпті ұзақ сөйлеп кетсе, Айгүл өзін бір жиналыста көретіні де бар. Көз алдына жиналыста отырған жүз таныс адамдар малшылар, күрішшілер, мақташылар, канал қазушылар келеді. Бәрі де айта түс, аянбай айт деп отырғандай болады. Ондай кезде Айгүл тоқтай алмай ұзақ сөйлейді. Көз алдына елестеген адамдардан айрылғысы келмейді. Ойлары салмақты болғанымен, сөйлеу түрі олақтау шығып жатқанына да қарамайды. Кейде ойлары ескі құдық басына үймелеген қойларына ұқсап, топырлап кететіні де бар. Қалайда қысы-жазы көбінесе жалғыз жүретін қойшыға ұзақ күнді қысқарту керек. Дала үнсіздігін, қой үнсіздігін жеңу керек. Ондайды көтеріңкі көңіл, көңілді көтерердей ой жеңеді де. Шұбап келе жатқан отардың алдыңғы жағынан сақ күзетші Көкдауылдардың бірі қаңқ етіп қалды. Шақырғандай болады. Жас қозыларды тиеп алған түйелі арба да сол дауысқа қарай ойысып барады. Тағы бір саулық жол-жөнекей, суда қозылағалы жатқаны да. Бұл міне он жетінші... Айгүл көзі алға қараса да, ойы тағы да суға оралды. Өткен жазда ғана Сырдариядан отгонға тартылған каналды қазып жатқандарға барып қайтқаны есіне түсті. Ол арадағы сайлаушылары: Автолавка айына екі-ақ рет келеді. Автоклуб одан да сирек. Артистерді, жазушыларды көретін күніміз бола ма? десіп қалған. Мұндай арыздарды Айгүлдің өзі айта бастаса тіпті ащы шығар еді. Канал қазушылар трассаның өн бойындағы бөлімшелердің бәрінде де екі жүздей адамнан құрылған. Ондай бөлімшелер бесеу. Мұндай жерге автолавка да, артистер де тым сирек келеді. Ал, жалғыз жайылған қойшы олардың бірін де көрмейді. Бірақ депутат Айгүл өз зарын айтқан жоқ. Тек көзінің жымиюымен ғана аңғартты да: Басшыларға жеткізейін, құлақ асатын болар. Келер, деді. Канал қазушылардың әсіресе салмақ сала айтқандары су жайы болып еді. Шөл далада су дегеннің қадірі қандай екенін Айгүл өзі де жақсы біледі. Тер мен шаңнан сіресіп қалған сірі көйлек киген канал қазушылар шомылу дегенді ұмытқан сияқты. Ішімдік судың өзі тапшы. Цистернамен су келе жатқанда Сарыарқадан самал соққандай сезінеді. Күн құм қайнаған ыстық еді. Сона мен бүгелектен басқаның тамағынан ас өтпейтін ыстық та. Су сендердің қолдарында емес пе, жолдастар. Жүздеген отарлар, мыңдаған қойшылар суды сендерден күтеді. Шөл даланы таспадай тіліп болса да, қысқы-жазғы жайылымға су жеткізер мезгіл болған жоқ па? Уәделерің өткен май емес пе еді, енді қашан? деп тоқтаған Айгүл. Шаңын бұрқыратып жер қазып жатқан адамдарға шомылу арман екенін Айгүлге түсіндірудің керегі жоқты. Сондықтан ол бұдан әрі қазбаламай тоқтады. Дөңгелек қара көздерін құрылыс бастығының көздеріне қадап, жауап күтті. Ол тез орнынан тұрып: Келер майда бітіреміз... Егін жинау кезінде колхозшыларды қуып әкетпесе... Енді он шақты экскаватор берілсе... деді. Осылай, кейде ермек үшін ескі аңыздарды еске алып, кейде бүгінгі мен ертеңгіні қосақтай ойлап Айгүл келеді. Күн жылып, су жылына бастаған. Туғанына бір-ақ жеті болған жас қозылар жас баладай әлсіз де аянышты маңырайды. Шаршаған бақырлар жатып демалғысы келеді. Бірақ ол демалысқа дейін екі күн, бір түн бар. Ол осы кешпе суда өтетін күн, ол осы кешпе суда өтетін түн. Тас көмірдей жалтылдаған қара қозы әлсіз ғана маңырап қалып, кешіп келе жатқан суға жата кеткісі келген ыңғайын көрсетті. Тізелерін бүге, бергенде тұмсығы суға тиді де, селк етіп қайта тұрды. Суды тәлтіректей кешіп қайта жүріп кетті. Енді он қадам жүрсе құлай кеткелі барады. Айгул қозыны көтеріп алып баладай кеудесіне қысты, құмарлана, иіскеп-иіскеп қалды. Көздерінен жасы да домалап кетті. Жас қозыны қолына алса-ақ Айгүлдің есіне екі айға толмай қаза тапқан тұла бойы тұңғышы Аманкелдісі түседі. Ол бір ауыр жылдардың ауыр күндері еді. Айгүл босанардан екі-ақ ай бұрын майданға кеткен жарынан да хабар жоқ болатын. Соғыс үстінде туған соң, атын Аманкелді қойған баласының суретін әкесіне жіберуді арман етіп еді. Айгул оны да істей алмады. Жаңа туған жас бала да, күйеуінің отары да жас босанған Айгүлге қарап қалды. Жалғыз ғана құрсақ көтерген Айгүл жас баланың жылылығын әлі ұмытқан жоқ. Жас қозыны кеудесіне қысса-ақ сол баланың жылуы келеді. Әлсіреген қозы маңыраса-ақ құлағына сол баланын үні келеді. Жас қозыдан сол баланың иісі келеді. Қозыны қолына ала бергенде Айгүл аз ғана әлсіреу де сезініп еді. Оның үстіне шыдамсыз жиренбесті иығымен соғылып кетті де қозы шолп етіп суға түсті. Айгүл өзі де аз-ақ құламай қалды. Қозы байғұс сортаңдағы ашқылтым суға тұмсығын бірер тығып алып, тырбаңдап өрен тұрды. Басын шайқап, екі құлағымен жағын шапалақтап, түшкіріп-түшкіріп қалды. Айгүл қозыны қайта көтеріп алып қызылшұбар шәлісімен көздерін, құлақтарын, тұмсығын сүртті. Аты соғылып кеткенде құлай жаздаған Айгүлдің шолақ резеңке етігіне су толып кетіпті. Екі табаны май батпаққа жабысып қалғандай, аттай алар емес. Жәке, тоқтай тұрыңыз! деді Айгүл ұзаңқырап кеткен түйелі арбаға қарап, мына қозыны да арбаға аларсыз. Айгүл су толып кеткен резеңке етігінен аяғын әрең суырып алды да, қозыны көтерген бойы арбаға қарай кетті. Су жылы екен. Кішкене аяқтың қып-қызыл саусақтары су бетіне жымыңдасып тигендей болды. Түйе жегілген күркелі арба тоқтап, түйені жетелеген Жәкең шал мұрнын сіңбіріп, жеңімен сүртті. Маңдайынан сорғалаған тер екі миығынан ағып селдір сақалының ішіне сіңе беріпті. Астына кереге жайып кеңейткен, айналасына ши ұстап қоршаулаған арбадан Айгүлге балалар дауысы естіледі. Орталарына тағы бір.қозы келіп қосылғанда кешелі-бүгінгі Туған жас төл шуласып кетті. Жиырмадан асып кетті-ау, шырағым. Кешке дейін қырыққа жетіп жүрсе қайтеміз? деді Жәкең шал бөркімен маңдайын сүртіп тұрып. Бұдан былай күн-түн демей ақтарылады ғой. Қой ғой, күн-түніне қарай ма ол. План бойынша да осылай ма еді? Кешкі қоналқада біраз қозыны соятын боламыз ба? Пышағыңызды жалаңдатпай, шыдай тұрыңыз, Жәке. Мен шыдармын-ау, қойларың шыдаса! Қойдың қашан қозыларын зотехник екеуің ғой білетін. Ол оқыған, сен болсаң депутат. Бірақ мен бірдеңе білсем қозы аз болмас. Шалдың кінәлай сөйлеуін Айгүл орынды көрді. План да, есеп те дұрыс еді, бірақ, соның орындалуына кінәрат араласқанын айтты. Жәке-ау, амалым болды ма? Біз қыстаған жерде тым болмаса бір жел-құдық су берсе, қойды сол жерде-ақ қозылататын едік қой. Ақ тақырдың суын кешіп, түбекке ойысатын неміз бар еді? Түсінем, шырағым. Биыл қары құрғыр да күрт еріп, бір-ақ күнде жоқ болды ғой. Түбекке көшпесіне амал қалды ма? Көшпесіңе емес, қашпасына деңіз, Жәке. Жел-құдықтар су тартпай құр қаңқайып қала бармады ма? Саясатына қарсы келіп қалам ба деп жұқалап жатқаным ғой әншейін... Әйтпесе осыдан артық қашу болады деймісің. Сусыз жерде отар ұстауға болмайтынын білемін ғой. Жел құдықтар күздігүні қанатын бұлғап шақырып тұрғандай еді, дәл керек кезінде су бермей қош айтысқандай қолдарын сілтеп қала берді. Мидай далада әлдебірдеменің қалқайып тұрғаны теріс те емес шығар... Бастықтар орнатқан қаңқайма ғой әйтеуір, деді шал әлдекімдерді кекеткендей үнмен. Қаңқайып тұру үшін емес, су тарту үшін. Ә, түсінем ғой. Оны жұрттың бәрі де түсінеді. Бәрі де түсінсе түсінетін шығар, бірақ бәрін де түсінеміз демес едім. Айгүл шалдың оспағын аңғармай қалып еді. Жәкен әрбір қартаң адамның байырғы әдетіне басып, ақыл айта сөйлеп кетті: : Мысалы, техниканы мен түсінемін бе! Жоқ. Жел-құдық деген немене өзі? Бір дөңгелекті бір дөңгелек айналдырып тұрады, сол емес пе? Бір дөңгелектің тістері, екінші дөңгелектің тістерінің арасынан шығып кетпесе болғаны да. Шығып кеткен екен бітті. Біздің зотехник пен ферма бастығына ұсап шартпа-шұрт болады да қалады. Осының өзін сенен басқа қойшы біле бере ме екен, сірә? Айгүл жәбірленген жоқ. Шалдың өзін сынап тұрғанын ауырламады. Шындық көрді. Көзін у-шу болып жатқан «балалар бақшасына», қозы арбаға аударып әкетті. Қолын қозыларға созды. Еметін уақыттары болды, деді шал. Жас қозылардың жып-жылы тұмсықтары Айгүлдің қолын иіскелейді. Жыбыр-жыбыр еткен жас еріндер жаланып қояды. Шыдай тұрыңдар, қошақандарым. Ертең кешке дейін ғана шыдаңдар. Әйтпесе Жәкеңнің пышағы қайраулы көрінеді. Шыдаңдар, деп Айгүл әр қозының басын бір сипады. Қарағым-ай, жас қозыларға мені жамандағаның не? деп, Жәкең шал өкпелеп қалғандай жүзін арбадан аударып, айнала қарана беріп: Ойбай, әкетті! деді шошынған дауыспен. Қолын шұбап келе жатқан отардың арт жағына қарай сілтеді. Даланың үлкен қара құсы, қанаттары суылдап-ысқырып, қара найзағайдай ағып, Айгүлдің суда қалған етіктеріне шаншыла құлап келеді екен. Әкетсін, әкетсін! деді Айгүл сақ-сақ күліп. Дала үнсіздігінде жарыла күлердей қызықтар да сирек. Айгүл мәз болып қалды. Қарақұс етікті қозы деп қалғанын суға таяна бере сезініп, қайқаң қағып қайта жоғарылап кетті. Ұялғандай, жан-жағына жалт-жұлт қаранып барады. Болмашы қызыққа Айгүл әлі күліп тұр еді, арт жақтан далақтап шауып келе жатқан салт аттыны көрді. Сасқан адамның далақтауы. Алыстан-ақ бөркін бұлғалап, екі аяғы серең-серең аса бір тығыз жұмыспен келе жатқанын аңдатады.
Шапқыншы жақындай берді. Төртінші ферманың қойшысы Берден екені де танылды. Ол бір қорқақ та сасқалақ адам. Жақындаған сайын атын өкпеге тепкілеп, қамшылай түседі. Айгүл оған ширыға қарап, «апыр-ай, құлайды-ау, құлайды-ау!» дегенше, Берден ат-матымен тоңқалаң асып құлап та түсті. Ат төрт тармақтап барып орнынан әрең тұрды. Қолтығы дірілдеп, бар денесімен теңселіп тұр. Берден өзі тақыр басынан май батпақ сорғалап тез тұра алмай қалды. Суға белшесінен батып отырған күйі: «Депутат жолдас! Депутат жолдас!» деп жатыр. Е, не болды, Берден? деді Айгүл күлімсіреп. Енді жарты сағатта жетпесең біздің отардың барлық төлі «Қасқырсайда» қалады.
Берден сөзге, сұрауға құлақ асар емес, өз сөзін айта береді. «Қасқырсай» өткізер емес. Су кернеп барады. Өткел берер емес. Соны мәлімдеуге келдім. Тағы бір-екі күн ұйықтай түссеңдер еді! деп Жәкең шал оны кекетіп тастады. Берден оған да құлақ асқан жоқ: Депутатқа мәлімдедім, болды. Ендігісін өзі білін, деді де өзін-өзі бөксесінен көтермелеп, орнынан ұрды. «Қасқырсай» дейтін бәлені Айгүл бала жасынан білетін. Ұзындығы жиырма километр келетін терең сайға кей жылдары Сырдың суы түсіп кетсе, өткел бермейтіні рас. Қыс бойы құмда бағылатын отарлар түбекке оралғанда, осы сайға соқпай өте алмайды. «Қасқырсайдан» Айгүл отары да кеше ғана өткен. Онда құрғақ жатыр еді. Ылғи жымиып келіп, қапы соқтыратын Сырдың суы ұрланып келіп басып алғаны да. Енді ол сай салығын салмай өткізбейді. Айгүл ойланып қалды. Бізден кейін тағы да көп отарлар келе жатыр. Бәрі де келіп тіреледі соған. Олардың күні өзімен, бізді апаттан құтқара гөр, депутат. Өз отарының қысылысын күйіп-пісіп тұрып айтса, басқалардың мұң-мұқтажы енжар ғана айтылды. Немене, сендерде тым болмаса мынадай арба да жоқ па? деді Жәкең шал. Арба жайын орынсыз-ақ қыстырғанына қараған жоқ. Өз қолынан жасап алған, әр жылда бірер күн керегі де болып қалатын арбасына Жәкең мардамси қарады. Алдынғы екі доңғалағы ескі соқалардан қалған темір доңғалақтар, артқы екеуі мотоциклдікі. Арба деп тұрғаныңыз мынау ма? Көрген де емеспін, естіген де емеспін, деді Берден. Кекетейін, қулық айтайын" деген жоқ, арбиған-ырбиған бірдемені жаратпай қалғанын тура айтты. Өй ақымақ! Жыл сайын барлық төлдің жанын алып қалып жүрген осы арба екенін естімеп пе ең? О не дегені екен! Жә, «Қасқырсайыңа» қайта бер. Мен де ұзамай жетермін, деді Айгүл борбайынан сорғалап әрең тұра берген Берденге қарап, Жәке, сіз иттерге ие боларсыз, менің артымнан еріп кетпесін. Отарды тоқтатпай, ілгері қарай жылжыта беріңдер. Тұсына жеткенде Әуесбек те келіп қосылар. Әуесбек екінші қойшы, бір канистр су, бір шәйнек, бір қазаншаны бөктеріп алып, ол мана ілгері кеткен. Әр қысылшаңның өз амалы бар, қойшылар кезектесіп ілгері кетіп, судан құрғаққа шығып жылы тамақ жасайды. Ат шоқырағымен жарты сағат ілгері кеткен қойшыны отар жылжып үш сағатта әрең қуып жетеді. Ол екі арада мызғып алуға да болады. Өз қозыларын қойнына тықса да, аман алып қалар еді. Колхоздың қозылары қырылғалы жатқанын саған мәлімдеуге келгенін көрдің бе мұның! Басына мініп отырып, қызыл бұрышты қыстырар ма еді құйрығының арасына! деді Жәкең шал, атын өкпеге тепкілеп ұзай берген Берденге қарап. Айгүл үндеген жоқ. Етігінің суын төгіп, жалаң аяғына суға салды да, атына мінді. Ерігіп келе жатқан жиренбесті қояндай орғып атыла жөнелді. Атының төрт тұяғынан жарыла шашыраған су күн көзіне шалынғанда Айгүл екі жағына қызылды-жасылды маржан шашып бара жатқандай көрінеді екен, Жәкең шал қызыға қарап: Ерің де, еркегің де сендей-ақ болар! деді. Содан кейін Айгүлдің артынан жөнеле берген иттерін шақырды: Кәһ, кәһ, кәһ!.. «Қасқырсайға» жеткен соң, Айгүл жұрттың екі нәрседен аңтарылып қалғанын таныды. Тасыған су, кең даланы қапталдай жалап кететін өрт, биік аспанды тілгілеген, найзағай сияқты алып күштер дала халқын арбасуға келтірмей жеңе берген, бағындырып алған. Сол ықтау әлі арылмай келеді. «От пен су тілсіз жау» деп жай айтылды дейсің бе, келісімге келмейтіндіктен айтылған ғой. Оның үстіне бір саты болса да жоғарыдан бұйрық күту тағы бір тұсау болып қосылыпты. «Қасқырсай» кемерінен келіп тола бастаған екен. Ат омырауынан асатын, бұйралана аққан су сайға тығылған қаңбақтарды ағызып әлдеқайда әкетіп барады. Сайдың арғы бетіне үш-төрт отар жиналып қалыпты. Бір-бір киіз үйді артып алған түйелер әр жерге шөктірулі жатыр. Сайдың жағасына от жағылып, шәйнектер, қазандар асылған. Еркектер оңаша шоқтарылып әлденені ермек етіп отыр. Мойындарына ашық түсті қызыл ала галстук байлаған екі жас қойшы судан атпен жүзіп өтті де, Айгүлді бергі жағада қарсы алды. Сайдың арғы бетінен: Жеткен екен, жетті ғой депутатымыз, деген дауыстар естіледі. Осыдан бір-ақ жеті бұрын не деп келісіп едік? Уәделерің қайда? деді Айгүл амандыққа келмей жатып-ақ. Дауысында әрең ұстап қалған ызғар бар еді. Қойды ұмытып, қошемет көрсеткелі келген жас қойшылар абыржып қалды. Апай-ау, ферма бастығы алдап ұрды ғой. Айтқандарының бірін орындаған жоқ. Содан кейін көзімізге көрінген жоқ,— деп жас қойшылар бар кінәны көзі жоққа аударып жатыр. Жиренбестіні омыраулата жүздіртіп Айгүл сайдың арғы бетіне шыққанда, барлық қойшылар қопарыла көтеріліп келіп қарсы алды. Бұлар да депутатқа ұзақ шұбырынды, қошемет көрсете бастап еді, Айгүл тез тойтарып тастады. Болмашыны дағдарыс көріп, болымсызды сөз қылатын мінездерге Айгүл күйіп-пісіп қалатын еді. Ол жайылымы кең көрінгенмен көбінесе жайдақы шығатын ойдың дамы емес, жинақы да шымыр ойдың адамы. Енжарлықтан туатын езбе сөздерді ол айығары жоқ күзгі ақ жаңбырдай сезінеді. Қойшылардың болмашыны, сеп қылып, алыстан ағаш жағалтайлап әкеліп бар кінәны ферма бастығына аударғысы келгендеріне Айгүл құлағын да салған жоқ. «Жә, жетер!» деп айғайлап жібергісі де келді. Бірақ көпшілік алдында көтеріле сөйлеу, зекіп қалу Айгүлдің әдетінде жоқ еді. Жә, болар іс болып, уақыт өтіп кеткен екен, амал не... Тек ендігі жылы тағы да осыған ұрынбайтын болайық, деді Айгүл аз ғана жымия сөйлеп. Е, талайды ұмыттыңдар ғой, мұны да ұмытып кетерсіңдер!
Е, неге ұмытайық!
Есте қалатындай-ақ болып тұр, десті. Онда тұрмайық, үш-төрт керегені қосақтап салы жасаңдар. Әрбір салы ең кемі жиырма қозыны көтереді. «Қасқырсайға» бір қозыны да құрмалдық етпейміз. Ірі қойлар өздері де жүзіп етеді. Кәне! Осы оңай ой қойшылардың бәрінде де бар екен, бәрі де оңай мақұлдады. Тек ерлікке, озық техникаға сүйенген ой болмағандықтан айтуға арланыпты. Төрт отардың жас қозыларын салымен өткізуге едәуір уақыт кетті. Қойшылар қозыларының араласып кетпеуіне жан салып жүр. Айғай-шулары көп, бөгесіндері көп, біріне-бірінің ақыл айтулары көп. Кейбір қойшылар қозылары түгел қырылып қалатын болса да, қалыптасқан әдеттерінен айрылғылары келмейді, жоқ жерден талас шығарады.
Тоқтатыңдар босқа даурығуды. Мен жауап берем! деді. Ызғарлы үнді оңай сезіне қалған қойшылар одан кейін зекіп қалуды күткен жоқ. «Қасқырсайдан» аман өткен отарлар түн ортасы ауа бергенде Ақ тақырдың жайылма суына келіп килігіп еді. Әрі-беріден соң отарлар араласып та кетті. Кешегі-бүгінді туған жас қозыларды кереге-сүйреткіге жегілген түйелер әкеле жатыр. Түйенің үстіне шаңырақ-күрке жасап алып қозыларды соған толтырып алғандар да бар. Бір апаттан аман өтсе де, су жайылып кеткен тақырдың әлегіне отарлар енді кездесті. Жазғытұры әрі буаз, әрі жадау қойлар тізеден су кешіп әрең жылжып келеді. Қозылап та келеді, бірен-сарандап жүруге жарамай қалып та келеді. Қойшылар да қалжырап қалған. Ән де жоқ, елең етер үн де жоқ. Тағы да дала үнсіздігі. Оған қосыла түн үнсіздігі, шаршау үнсіздігі. Тек қана әр отардың иттері сыйыса алмай, әлсін-әлі жанжалдасып, төбелесіп-төбелесіп алады. Жүріп келе жатып қалғып кеткен қойшылардың ұйқысын ашатын да сол иттердің төбелесі ғана. Сәнмен ерттелген елгезек аттарды таңдап мінгендей екі жас қойшы қай отарда қанша саулық барын, қанша қозы туғанын есепке алып жүр. Әрбір жаңа қозылаған қойдың, әрбір жүре алмай қалған қойдың қай отардікі екенін екеуі кезектесіп келіп Айгүлге мәлімдеп кетеді. Жас тақымға іліккен жарау аттарын безектетіп келе жатқанда түнгі тынық суға үймелене түсіп тұрған шым-шытыр жұлдыздар шатынап жарылып жоқ болады. Ертеңдер түбекке жеткен соң осы төрт отардың қой-қозысын біріне-бірін ауыстырмай бөліп беру жанжалы бар. Ол әрине Айгүлге бір соқпай тына алмайды. Сондықтан Айгүл өз отарына қанша асықса да, әлі кете алмай айналақтап жүр. Байқалатын ыңғайлар бар, анықталатын есептер бар. Арамқатқыр, жатқың келе ме, немене өзі! деген дауыс ащырақ шыққан соң Айгүл әдейі солай қарай бұрылып келіп еді, Берден екен. Кереге-салыны сүйреп келе жатқан дардай атан тұрып қалыпты. Берден атанды қанша жерлеп, қалай ұялтам десе де, орнынан қозғалар емес. Бақырып-ұлып, басын шайқап, жынын шаша бастапты. Демалдырыңыз! деді Айгүл жақындап келіп. Депутат шырағым, әлі кеткен жоқ екенсің ғой. Енді өз отарыңа жүре бер. Бір апаттан алып қалдың, рақмет депутатымызға. Барлық бұйрығыңды бұлжытпай орындаймыз, деді Берден.
Өз қолыңмен істеп көрсеткен соң бұйрықтың керегі не! Сен келмесең төл түгіл ірі қойдың шығыны аз болатын ба еді? Жігіттер, мұның жайын депутатымызға жеткізбесек болмас деген мен едім әуелі, аузыма құдай салған екен... Берден бұдан гөрі де шұбалта сөйлемек еді, әлденеден сүйретпеде келе жатқан қозылары шу ете тусті. Ей, не болды? Неге шулап кеттіңдер? деп Берден қозылардың қасына барды да, ойбай, су көтеріліп кетіпті... Қозылар суға кететін болды. Кетіп қала көрме, жолдас депутат! деп тағы сасқалақтап қалды. Ояңға кездесіп қалмасаң, бұл арада су көтерілмейді, Сасқалақтама! деп Айгүл аттан түсіп еді, су қайта таязданып қалғандай екен. Кереге-сүйретпе жерге жабысып қалыпты. Біресе атанын жұлмалап, біресе қозыларына жүгіріп абыржып қалған Берден: Ей, мына бөрік қайда барады? Сырдарияға қарай тартты ғой! деді. Шалдың басынан ұшып түскен бөркін су ақырын ғана жылжытып әкетіп барады екен. Беталысы шын-ақ Сырдарияға қарай. Айгүл қуанып кетті. Қойнында жүретін қол орамалын суырып алып тастап жіберіп еді, орамал тіпті тезірек жылжып кетті. Оның беталысы да Сырдария.
Айгүл атына қарғып мініп алып, қалғып тұрған қараңғы түнді жарып жібергендей ашық дауыспен: Тоқтаңдар! Тоқтатыңдар отарды! Таңертең құрғақпен қозғаласыңдар. Канал бітіпті! Канал, канал! Жайылма суды сол тартып әкетіп жатыр. Канал, канал! деп, шұбаған отардың алды-артына шауып барып, оралып әрең тоқтады. Әуелі көтеріңкі шыққан дауысы енді бір кезде дірілдеп, жылап жібергені байқалады. Қалғып-шұлғып келе жатқан қойшылардың бәрі де сергіп, үнсіз түн, гуілдеп кетті: Канал, канал!.. Сусыз дала өгей шеше ғой, ұзақ түндер түгіл, ұзақ ғасырлар бойы жыласаң да еміренер ме, былқ етер ме! Жайылған судың кейін сырылуы жаңа каналдың біткені де! Бетімен жайылған суды сораптап сорып әкетіп жатқан сол канал болат та.
Каналда да сенің еңбегің бар ғой. Сен болмағанда тағы біраз сарғайтатын еді ғой! десіп қошемет көрсете бастап еді, Айгүл оны естіген жоқ. Жиренбестінің басын алға қарай бұрып алып жөнеп берді. Ат та ұшып келеді, Айгүлдің өзі де ұшып келе жатқандай. Өзі үшін де, өзгелер үшін де әлдеқандай үлкен бір қуанышты айтып кетіп барады. Ол өлең айтып бара жатқандай. Өлеңнің сөзі емес, сазы қалады ғой есте. Айгүл жүрегінен атқылап келе жатқан да сондай бір саз еді.
АҚЛИМА
Апа! деп басталыпты жауынгер хаты. Жалын атқан ыстық леп шыққан «Апа, апатайым!» деген сөздер дүние жүзіне айғай салып тұрғандай. Апатайым-ай, сағындым ғой, дегеннен кейін тізіле қалған көп ноқаттар ыршып түсіп домалап-домалап кеткен көз жасына ұқсайды. Мүмкін, хатты алқынып отырып, асығып жазған адамның булығып келіп алқымға тірелген сағынышы ағытылып шығарға сөз таппай, түйіліп қалып, көп ноқатқа айналған шығар! Мүмкін, анасын қатты сағынған баланың он беттік хат жазса да, бар айтары осы бір ғана сағындым ғой деген қуанышты күрсініс күйі болар. Хатты алып тұрған Ақлима апайдың да жан жайлауы бір ғана сағыныш күйіне лық толы жүретін еді. Майданға кеткелі бес жыл болған жалғыз ұлы Қасымнан екі жылдан бері хабар жоқ-ты. Сондықтан ана жүрегі жел үрлесе де ызыңдап тұратын қатты бұралған домбыра шегіндей әрбір нәзік үнге қосыла кететін. Хатты оқып тұрған жаудыраған қой көзді, сұңғақ бойлы Нұрила «сағындым ғой» дегеннен кейінгі көп ноқаттарға сүрініп кеткендей аз ғана кідіріп қалғанда, ана жүрегін бүрк етіп бұзып шыққан ыстық та ірі жас тамшылары стол үстіне тырс-тырс тамып кетті. Нұриланың да жаңа ғана ашыла бастаған қызыл гүлдей үлбіреген қызыл еріндері дір қағып, биік ақ маңдайы қызара қалып еді. Үзілуге айналған үмітін қайта бір жалғап жіберу үшін келген хатты қолына алғанда, Ақлима апай «балаңнан» дегеннен басқасын байқаған да жоқ. Өз баласы Қасым туралы келген қара қағаз сандық түбінде жатса да, мәңгі үзілмес ана үміті «балаң міне тірі табылды» деп, торғайдай шырылдады. Жасқа толы көздерін көрші пәтердің террасасына жүгіріп шыға берген Нұрилаға бір жалт еткізіп қалып, Ақлима: Нұркеш-жан, бері келші, деді қолындағы хатты көрсетіп. Соғыс кезінде бір тілекті адамдар бір ғана түн бірге түнеп шықса да, бірінің қуаныш-қайғысына бірі оп-оңай ортақ болып қала береді. Осы пәтерде екі айдан бері көрші тұратын Ақлима мен Нұрила да көп сырларына ортақтасып кеткен жандар еді. Биік өкшелі ақсұр туфли киген әдемі аяқтарын террасаның аралық жақтауларынан сылаң еткізіп бір-ақ ырғытты да, Нұрила дік етіп бері түсті. Нәзік қана қызғылтқа боялған ақ жүзі қуаныш сезінгендей, еркелей күліп кеп, Ақлиманың қолындағы хатты алды. Қуаныш үстінде жылайтын болсаң, оқымаймын, деп, әуелі Ақлимаға еріксіз бір езу тартқызып алып еді, енді міне, «сағындым ғой дегенді оқығанда Нұриланың өз дауысы да қалтыраңқырап, аз ғана кідіріп қалды. Жұп-жұмыр аппақ мойнында көгілдір тартып тұрған екі күре тамырдың да лып-лып соққаны көрініп тұр. Өзегіңнен өтердей тіктеу қарайтын көздерінің жанары жасқа шыланып барады. Әр саламен ақса да әлдеқайда түйісіп қалатын өзен суындай, екі көңілдің төркіндес бір мұңы тоғысқалы келе жатқан сияқты. Дәл осы жерде екі әйелдің жүрегі де домбыраның екі шегіндей екі түрлі бұралса да бір күйге келіп, бір күйге қосылып тұр еді. Хаттың бас жағы биік өрден тар ғана арнамен, апыр-топыр тік құлап түскен тау суындай, түйдек айтылған сағыныш күйі екен. Не, ақын айта алар, не болмаса, күйші ғана жеткізе алар мөлдір таза, тұнық сыр. Бұл күйді Нұриланың өзі де дауысын шығарып оқуға шыдай алмай, көз жүгіртіп қана өтті. Одан арғы жағы ағын су жайылмасына жеткендей, кең жайылып, тыныш аққандай екен. Нұрила осы бір тұсынан бастап кетті: Апа, сені Қарағандыдан тапқаныма әрі қуандым, әрі қиналдым, депті жауынгер. Осы хатты жазар-жазбасымның өзі бір ауыр сын болды. «Ақадырдан» кездестіргім келіп, әуелгі хатымды сонда жіберіп едім, Қарағандыдан қозғалмаған екенсің... «Ақадыры» несі?— деп, Ақлиманың таңданып қалғанын Нұрила абайламады да, хатты оқи берді: Неге дейсің ғой, апа, бұл жерде. Оған кейінірек оралармын, әуелі аздап есеп берейін. Құлағы хатта болса да, екі көзі Нұриланың жүз құбылыстарын бақылап тұрған Ақлиманың әлі айқын бояуларынан айрылмаған қайратты қара көздерінде «неге?» деген сұраудың тұрғаны да рас еді. Күдікті бір ой толқып келіп көз жиектеріне соққандай, көздері кең ашылып кетті де, ақсұрлау жүзі қуаң тарта қалды. Мен бұл соғыста қырық екі мың тоғыз жүз қырық тоғыз километр жер жүрдім, апа. Кейін оралармын дегенімнің жауабы да сол қырық тоғызыншы километрде жатыр... Ұмытпасам... тап сол күні сенің де қырық тоғызға толған күнің еді. Сол күніңе арнап жазған хатым төс қалтамда келе жатқан. Бірақ ол хатты сен де алған жоқсың, өзімде де жоқ... Байғұс бала менің қырық төртке биыл толатынымды ұмытқан-ау... деп қалды Ақлима. Мұнысы күдігі ме, әлде, жасын артық айтқанды ұнатпағаны ма, ол арасын Нұрила тағы аңғарған жоқ. Оның құлағына алыстан бір таныс үн келе бастағандай, өзгеге ойы бұрыла алмайтын халде еді. Бұл онша ұзақ та жол емес, апа: өзіміздің облысты он айналғандай-ақ, депті жауынгер. Екінші, сонша жер жүрсем де Берлинге жете алғаным жоқ. Үшінші, бұған поезбен жүргенім, ауада ұшқаным, танкімен жүргенім, ілгері жүргенім, кейін жүргенім бәрі қосылады. Арман сол соңғы қырық тоғызыншы километрден аса алмағанымда ғой! дегеннен кейін жауынгердің өкінішті бір күрсінгені де естіліп тұрғандай еді. Нұрила да күрсініп қалды. Сол күрсініс Ақлиманың ойына келе қалған күдіктерін жауып та кетті. Апа, қуаныш-қайғыға бірдей берік, ер болатын едің. Енді сол қырық тоғызыншы километрге оралайын. Мен сенен тудым ғой, сен де іркілмей ере бер, деп, жауынгер бір сүйеніш айтқан жерінде, Ақлима апай бар күдігін ұмытып: Құлыным, қарғам, Қасым-жаным! деп қалды. Түн еді, апа. Үшінші түн еді. Күндізгі көп атыстан көтерілген көкала тұманның иісі әлі арылған жоқ-ты. Бұл түн менің ең соңғы көрген дүнием болғандықтан көп нәрселер әлі көз алдымда тұрады. Бұлтты тымық түнде шығыс жақ бетте ғана біраз жұлдыздар айқын жарқырап тұрды. Етектен көтерілген қорғасындай ауыр сезілген қара бұлт түнгі аласа аспанның уық қары шегінен асып, не тарамай, не шөкпей, өзеннің немістер жақ бетін қараңғылық дүниесіндей түнертіп әкетіп еді. Сол қараңғылық немістер жақтан ауды ма, жоқ па, мен оны білмеймін. Мен көрген соңғы сурет осы болатын. Кейде қара түннің қарны жарылып кеткендей «бырқ-сырқ» етіп қалады да, кейде түннің шегі салбырап түсіп келе жатқандай, қызылды-жасылды ағып жүрген оқтар көрінеді. Үшінші түн еді дедім ғой, апа. Өзеннен өту үшін үш күн, екі түн арпалысып, арғы жағаға иек арта алмай тұрғанбыз. Арғы бет от белбеу, оқ топанымен қоршаулы тұрғандай аяқ салғызбайды. Оқ бораны өзен бетін жүндей түтіп тұр. Немістердің іргесін осы арадан бір көтеріп тастасақ, әр жағында қиын-қыстау жоқ сияқтанады. Жауынгер үшін заң сол, апа: ең бері тұрған қауіппен есептесесің, оның әр жағында ылғи үміт дүниесі жатады. Әлі есімде, кең жауырынды, сом денелі, қараңғы түнде күндізгіден гөрі де ірі көрінген дивизия командирі полковник Ремизов танкистер арасына келді. Қазықтай қатып, сымдай тартылып тура қалған танкистермен салқын амандасып, баяу аяңдай өте берді. Тықыршу барлығы, жаңа бір бұйрық белгілері полковниктің қасындағы кіші офицерлердің ұршықтай үйірілген жинақы қозғалыстарынан-ақ көрініп тұр. Полковник кейін оралғанда, аяғын ширақ басып келіп қарсы алдымызға тұра қалды да: Бар мағынасында ерікті түрде, бар мағынасында ешкімге борыш ете алмайтын бір ауыз сөзім бар, жолдастық сөзім, деді. Орындаған адамдарға ерлік те, атақ та, бақ та әперем деп уәде ете алмаймын. Ол өздеріңде жеткілікті. Бірақ қалай ойлайсыңдар? Арғы бетке өтіп, бекініп аларлық уақыт болды ма, жоқ па? деп бетімізге үңілгенде, мен жүрегімнің түбіне дейін көріп тұр-ау, деп, ойлап қалдым. Содан соң біз қайтарар жауапты өзі айтты: Білемін, өтіп кетті, алдақашан өтіп кетті, кешіктік, дейсіңдер, деді. Ешбір сөздің ұшын найзадай, түбірін томардай етпей, жай салмақпен айтты. Солдаттың күнде еститін қатал әмірден гөрі осындай бір жолдастық сөзді сағынатын күндері болады. Ата-анасын, дос-жаранын сағынып жүретін жандар осындай бір сөз естігенде, сол ата-ана, дос-жаранның үнін естігендей болады. Әр жағы ұзақ әңгіме, сол жерде бес танкист өзеннен танкімен өтіп, арғы қабаққа бекінуге уәде бердік. Әлі есімде, бес танкінің командирі үнсіз ғана танкімізге келе жатырмыз. Танкіні тас бекітіп жауып алып, судың астымен өзеннің әр жағына өтпекпіз. Су астында тор да бар, ор да бар, темір тұзақ, қоршаулар да бар. Су астын тексеріп шыққан барлаушылар бұл қауіптердің барын жасырған да жоқ. Бірақ, сол қауіптердің ара-арасымен өтуге де болады. Өзенге тік түсіп, он метр жүргесін, сол жаққа бұрылып, он бес метр жүріп барып, қиғаштап қабаққа асылуымыз керек. Үнсіз ойымыз осыны есептеп келе жатыр. Көзсіз ерлік емес, көзді ерлік керек, соны ойлап келеміз. Су астындағы шытырман торды көз алдымызға әкеліп, ара-арасымен жол іздеп келеміз. Кедергісіз өтіп кетсек, танкінің ішіндегі ауа тұншықпауға жетеді де, ол екі арада танкінің іші суға да толып кете алмайды. Елеулі бір кедергіге ұшырап, не ілгері, не кейін кете алмай тұрып қалсақ, қоржын ауға түскен балықтай боламыз. Ой қайта-қайта осыны есептейді. Білекті үзердей қатты қысып қол алысып жатқанда өзен бетіне тағы бір қарасам, әлі жүн-жүн екен. Біздің әскерлер өзеннен түнде өте ме деп қауіптеніп, немістер оқ боранын әлсіретпей тұр. Үнсіз ғана темір кебежемізге кірдік. Апа, көріспесек, қош бол! дедім ішімнен. Жоқ, апа, жоқ! Атыңды аузыма алдым да қош бол дегенді айтқан жоқпын. Қоштас деген құрғыр ой неше рет келіп, қипақтап қасымнан кетпей қойса да, айтқан жоқпын. Айтқыздым деп ол кетті, айтқан жоқпын деп мен қалдым... Тап осы бір ойланып үлгірмес, көз ілеспес, қас қаққандай бір сәтте сездім жарық дүниеде қоштасарым да көп екен. Қоштасуға ешқайсыңды қия алмадым. Ешқайсыңды деймін-ау! Қарағандының үздіксіз ағылып жататын көмір таситын поездарының түтінін де қия алмадым қоштасуға. Жоғарыда ескерткен хатты да арғы беттен жібергім келіп, ала кеттім. Аяғына «денім сау, аманмын» дегенді ертеңгі күннің атымен тағы бір жазғым келді. Бүгінгі күн мен ертеңгі күннің арасында қанша ұзақ, қандай қызықты өмір жатады, апа... Үзіп-үзіп айтылса да ұзақ бір жыр естілгендей болып, өңдері бұзылып, ажары сына қалған әйелдер біріне-бірі қарай алмай қалысып еді. Қызарып кеткен мұрындардың қайсысын қыр мұрын, қайсысын қайқы мұрын деуің де қиын болып қалған екен. Маңдайдан биік қайырып, жуан еріп, желкесіне бостау жия салған қолаң сарғылт шашы Нұриланың жұмыр мойнын төмен иіп әкетіпті. Сен де бос екенсің ғой, деп Ақлима Нұриланы жұбатқан болады. Осындай баласы бар адам жылай ма екен, деп Нұрила езу тартқан болады. Көздері кездесе алмайды... Әрең дегенде даусының дірілін тоқтатып, Нұрила хаттың аяқ жағын оқып кетті: Жер бетінде зіркілдеп, құлағыңды тұндыратын ауыр танкі су астында құмыққан, тұмшаланған, тұйық үнмен ғана келеді. Біресе артқы жағы, біресе алдыңғы жағы қайқаң қағып, өзен түбінің май батпағын жұмсақ қана есіп келе жатқаны сезіледі. Өзге дүниеде үн жоқ... Бұрылма! Тура тарт! Енді солға қарай! Болды, болды! Енді тік тарт! Ал, оңға бұрыл! деп, дамылсыз қыпылық қағып, қарсы алдымда құбыланама тұр. Қасымдағы үш жолдасымның көздері де осы бір көбелек қанатының қыпылығындай ғана үмітке қадалып қалыпты. Әр метрді тұтамдап есептеп келеміз. Қауіп қасынан сүйкене өтіп, сүйемдей жерден аман қалуымыз керек. Екі минут... Екі жарым... Екі, қырық... екі, қырық бір... екі, қырық екі... қырық үш... Минут пен минуттың арасы дүниені шыр айналғандай ұзақ жол екенін сағат бетінен бірінші рет сонда көрдім. Танкінің іші көк буалдыр тартып, ішке тартқан деміңнен жылбысқы иісі келе бастады. Тізеге жақындап су да келіп қалыпты. Өңің емес, түсінде әлденеменеге малтығып, қозғалыс-қимылың өнімсіз, ділгір бір халге түскендейсің. Бір кезде танкінің ішіне кірген су кейін лықсып, кеудемізге дейін бір жайпап өтті де, қор-қор үйіріліп, астыңғы есік-тесіктерден құлай бастады. Менің алдымда бір, артымда үш танкі бар-ды. Олардың нешеуі қырға шығып, нешеуі шыға алмағанын мен осы күнге дейін білмеймін. Өз танкімнің төс-табаны түгел жерге тиген соң, айдап ілгері кеттім. Анда-санда айналам бір жарқ етіп, дүние бір елес беріп қалады. Талқандалған сым бөгеттер, істік арандар, үрпиіскен неміс солдаттары көрініп қалады. Төбемізден бұршақ жауғандай тырс-тырс етеді. От ішіне кіріп кетіппіз... Зеңбірекшім Петр Чернов манадан бері атып келеді. Бет-аузын екі білегімен кезек-кезек сүртіп тастап, тез-тез атады. Бұрышта, аузы бір дамыл таппай, рацияда Сорокин Николай отыр. Бір қаңғыған снаряд келіп, танкімізді маңдайдан бір нұқып қалды білем, ап-ауыр танкім селк ете түсті. Танкіні жүргізуші Рахымжан Сарбасов, жапырыла жөнелген неміс солдаттарын тауықтай таптап, жіңішке траншеяны бір езгілеп өткенде маған бір қарап қойды. Қысық қара көздері жылт-жылт етеді. Жаяу әскерлер өтіп пе? деп сұрадым Сорокиннен. Ол басын шайқады. Иә, өтер уақыт болған жоқ әлі, неге сұрағанымды өзім ғана білем... Өзеннен өткелі он километр жүрдік. Қырық екі мың тоғыз жүз қырық тоғыз километр, дедім ішімнен. Сенін, қырық тоғызға толған күнің тағы бір есіме түсіп, төс қалтамда келе жатқан хатты кеудеме қарай қысып қойдым. Петр Чернов бірдеме айтайын деп, басын маған қарай бұра бергенде, бүйірден келіп соққан оқ оң жақ қолын жұлып әкетті. Мен мұрнымды баса қалдым суық бір нәрсе қарып әкеткендей болды. Жаяу әскердің үлкен бір тобы өзеннен өтіп жатыр. Алды бергі қабаққа ілікті дейді, деп, Сорокин маған баяндай берді де, сіз мұрыннан айрылсаңыз керек... деп аяқтады сөзін. Мен оған Черновты нұсқадым. Черновтың ауырсынғаны енді ғана бетіне шыға бастап еді. Бұл кек кернеп, ашу шеңберінен шыққан кез еді. Танкінің бойындағы бар құдіретін бұршақтай боратқым келгенін жақсы білемін. Танкінің іші гүр етіп жана жөнелгенін де білемін. Қап, қалтамдағы хатым жанып кетеді-ау, бекер жөнелтіп жібермеген екем деп ойлағанымды да білемін. Шашым, бет-аузым, үсті-басым жана жөнелгенде мұрынды тастай беріп, басы-көзімді түгел уқалай бастағанымды да білемін. Қозғала бергенде екі аяғым орнынан табылмай, құлап түскенімді де білемін. Оның ар жағын алты ай он күннен кейін ғана түсіндім... Хатты тұра кеп тұрып оқи бастаған Нұриланың тізелері бүгіліп құлай берді де, қабырғаға сүйеніп барып әрең оңалды. Ақлимада сүйемел боларлық та жай жоқ еді. Жаралы жүректер ұйып қана, төмен тартып бара жатыр. Әлде не алқымға тығылып, жұтындырмайды да. Террасаның алдында ойнап жүрген екі бала келді. Екеуі де мектепке бүгін бірінші рет барып қайтып келе жатқан балалар еді. Қара домалақ, қазақ балалары. Бірінің басында майданнан қайтқан әкесінің тайпақ пилоткасы, біреуі жалаң бас. Мен енді немістерді қалай ұру керек екенін білемін! Әкемнен естідім, деді сұр пилоткалы бала, әуелі былай ту сыртына шығып аласың да, сонсоң былай, желкеден келіп пересің... Содан кейін қасындағы баланы «пергісі» келіп, жұдырығын сілтеп қалғанда, ана бала жалтарып кетті де, сұр пилоткалы бала өзі ұшып кетті. Қоржынындағы кітаптары да шашылып қалды. Жалаң бас бала жалма-жан сұр пилоткалы баланың кеудесіне мініп алып, аузын басып: Содан соң ол немістің аузын былай байлап алып, сүйреп әкетесің! деп, жолдасын сүйрелей бастады. Балалар ойыны Нұриланың ойын бөліп, көңілін сергітті ме, әлде, азап уын бір-ақ жұта салайын деді ме, әйтеуір хаттың аяқ жағын тез-тез оқып кетті. Ауызға ас құйылатынын, қолыма қол тиетінін көптен сезінетін едім, депті жауынгер. Бірақ, құлағым естімейді, көзім көрмейді, тілім сөйлемейді, бар денем мылқау, ойым еш нәрсені барлай алмайды. Бірінші қуанғаным екі қолымның амандығын анық сезген күні еді. Мылқау жатқан денеңнен бірдеме аман табылғанын білу үлкен қуаныш екен. Он саусақ түп-түгел екен! Бірін-бірі бүгін ғана танығандай, аймаласып, амандасып жатқан үстінде есімді жидым. Өзара амандық-саулық сұрасып болған соң сол қолым сұп-суық тырбиған қабырғаларды түгендей өтіп жүрек тұсына барды. Енді екі қол бірін-бірі сүйемелдеп бас жаққа бара жатыр. Бас жақтан тас қып таңып тастаған шүберектен басқа ешнәрсе таба алмай, мұрынды іздеп еді, өз орнында о да жоқ екен. Баяғы мұрын тұратын жерге ып-ыстық қорғасын құйып қойғандай. Екінші қуанғаным, ерінім мен тістерім түгел екен. Екі қол еріннің есебіне жете алмай жатқандай, кезек-кезек түгендейді. Қалжыңдасқысы келгендей, ақырын ғана шымшып та қояды. Сол жақ балтырым ұйығандай болады да, оң аяғымның бас бармағы дуылдап қышып жатыр. Енді қолдар әрең сырғып, солай қарай кетіп барады. Әуелі қышыған бақайымды қасып жіберейін деп, оң қолым төмен барып еді, кесілген бөрененің молтақ басындай бірдемеге кездесіп әр жағынан ешнәрсе таба алмады. Енді бір кезде манағы өзеннен өткелі қанша уақыт болғанын білгім келіп жатты. Білегімде сағатым жоқ екен... Одан соң қайда екенімді білгім келді. Әлі сол түн сияқты, көп түс көріп, қатты ұйықтап оянғандаймын. Таңдандырып жатқан, майданда болмайтын жұмсақ төсек пен тарсыл-гүрсілсіз тыныштық қана еді. Тағы бір кезде басымды қайта танып жатқан үстінде есімді жидым. Ыңғайлы бір қолдар бас жағымда зыр жүгіріп жүр. Уақыт қанша? деп сұрадым. Ешкім жауап бермеді. Күңгір дауыс құлағыма келеді, бірақ маған жауап қайтарған ешкім жоқ. Мен қайталап сұрадым. Дауысым шықпағаны енді есіме түсіп, қолымды көтердім. Сіз қиналмаңыз... Енді қатерден құтылдыңыз... Қазір Саратов қаласындасыз... Енді бір-екі айда жүгіріп кететін боласыз! деді күнгірт естілген қоңыр дауыс. Екі рет қайталап айтты. Бұл манағы өзеннен өткенен кейін алты ай он күннен кейін екен. Маған әлі манағы болып жатқан оқиға әлдеқашан баяғыға айналыпты. Мен оны кейін білдім. Апа! Міне, одан бері де жыл жарымға таянып қалды. Мен өзім өзіме келгелі де жарты жылға жақын уақыт өтіпті. Енді қазіргі қалпымды жазып көрейін... Екі аяқ жоқ, кесілген томардаймын. Көздер енді ғана айқындалып келеді. Бет-аузым қара қожыр шормақтай болу керек. Оны қолыммен сипалап қана шамалаймын. Қабырғадан шеміршек алып, қоң теріммен тыстатып, мұрын жасатып алдым. Бұрынғы қалпына келіп қалған осы мұрным көрінеді. Бұл хатты жазар-жазбасымды біле алмай қиналдым дегенім, осы жайларды жазудан қысылатыным еді. Жолдастар, достар бар еді. Түрімді көргенде ең болмаса бір шошына қалмасын дейтін жандар бар еді... Енді міне түгел жазуға тура келді. Апа, хаттың өзі көңіл көтерері аздау болып шықты білем. Бірақ қу-толағай мүгедек екен деп қалма! Екі көзім айқындалып келеді дедім ғой. Ол дүниемен арамыздағы ең үлкен серік. Екі қолым сау. Кеудем толы кеңес сияқты. Алдыма қағаз, қолыма қалам алар күнге жетсем, дүние үлесінен маған тигені мынау-ақ дейтін емеспін! Бұ да бір үлкен өмір ғой, апа! Мен бүкіл Отан соғысының тұсында бір-ақ түрлі әнге қосып, бір-ақ ауыз өлең айтып жүрдім. Ол қай ән, қандай өлең екенін осы күнге дейін білмеймін. Әнін де, сөздерін де жаттап ала алғаным жоқ. Әр ыңылдағанда жаңа бір ән, жаңа бір өлең түсті ме аузыма, оны да білмеймін. Ол түгіл, қандай уақыттарда айтқанымды да есіме түсіре алмаймын. Бірақ, ылғи бір әнге салып жүретінімді жақсы білемін. Сол әніме салсам-ақ шалқар теңіз үстінде келе жатқандай, не болмаса, тау қасында тұрғандай сезетін едім өзімді. Ашу, азап, қайғы, мұң, қорқу-қобалжу, мою дегендер есіме де келген емес. Сол әнім кеудеме қайта ұялап, өсіп келді. Көп көк қанат балапанның талпынғанын, ұшқысы келетінін сезем. Ұшар кезі жақын сияқты. Қазір, апа, курорттамын. Аяқ жасату үшін кесілген сүйектерді шынықтыруға балшыққа түсіп жатырмын. Қай күні хатың келсе, сол күні ұшамын Қарағандыға... Көріскенше асығып, құшағыңды сағынған балаң... Сапар. Сапар? Сапар деп пе? Түу, жүрегім жаңа орнына түсті ғой! дегенде Ақлима апайдың қуанып кеткендігі айқын еді. Өз баласы Қасым қаза тапты деген қағаз сандығында жатса да, мынау азапты көрген басқа біреу болып шыққаны манадан жүдеп тұрған шеше көңіліне өмірінде бірінші рет естілген қуанышындай тиді. Бірақ, Нұриланың жүзі туған шешесі танымай қалардай еді. Хаттың бар салмағы соған түскендей, құба талдай майысып, жаншылып кетті. Әлгіде ғана сылаң қағып, сымдай ширатылып тұрған сұлу тұлғалы жас денесі босап, көлең қағып күлімдеп келе жатқандай көгілдір гүл төккен күрең жібек көйлегі де уқалана қалыпты. Ақлимаға қарап қадалып қалған көздерінде наз да, таңдану да, кінәлау да тұр. Өзі бір шешесімен сырласып өскен, шешесіне жан теңемейтін жігіт екен, деді Ақлима, өзіне өзі айтқам үнмен. Мұнысында барлық шешенің мәңгіден бері келе жатқан, мәңгіге дейін кете беретін кәрі арманымен бірге жаңағы орынсыз қуанғандығынан ұялу да бар еді. Нұрила Сапар деген жігітті бір-ақ рет көріп еді. Бұдан үш жыл бұрын Алматыда оқуын бітіріп, Қарағандыға келгенде, қазіргі Ақлима тұратын бөлмеде Ұлбала деген қартаң әйел тұрады екен. Нұрила әуелі сол кісіге көрші болып еді. Бір күні, түс ортасы кезінде жиналыстан қайтып келе жатқанда қасынан жүгіріп өткен жалаңаш адамды көргенде, Нұрила шошынып қалып еді. Қарағандының түнгі аязында жалғыз трусимен кездескен адамды көргені осы. Нұрила жүгіре басып пәтеріне жеткенде, Ұлбала апайдың террасасында киініп жатқан жаңағы жігітті таныды. Ертеңіне қарсы қайырған қара шашты, қою кірпікті, еркек пішінді террасадан түсіп бара жатқан Нұриланы жас лейтенант көріп: Қарындас, өткен түні мен сізді шошытқан болсам керек. Кешіре көріңіз, деді. Осыдан басқа сөз сөйлескендері жоқ. Достық тілеп тұрған қара көздер қыз тұлғасына екі көше бойы қадалып тұрды да, көлденең көшеге бұрылған соң ғана қою кірпіктерін бір-ақ қақты. Ол жігіттің аты Сапар екенін, сол күні жүріп кеткенін, Нұрила Ұлбала апайдан кейінірек естіді. Ұлбала қайтыс болғалы үш ай өтті де, қазір ол бөлмеде көмірші әйел Ақлима тұрады. Нұриланың бар білетіні осы-ақ еді. Әлдеқайдан, алыстан келген жауынгер үні Ақлимаға да жат естілген жоқ еді. Сыры көп, мол үн ана денесіне түгел жайылып, билеп алғанша аз ғана уақыт керек еткен. Нұркеш, деді Ақлима, шешең мен деп шақырсам, кейін өз шешесі табылып қалып жүрер ме екен? Енді ұл тауып алсам, айрылғым келмейтінін түсінуің керек. Болмашы бір үміт қой, әйтпесе Қасым жанымның тірі еместігін білмейді деймісің! деді. Нұрила өзі білетін жайларды айтты. Аз көргенін ұзақ сырдай баяндады. Ақлиманың бар ұққаны сонша ерлік істеген адамның шеше сағынып жатқандығы еді. Сол сағатта Сапарды шақырған телеграмма да жөнелді. Енді, міне, Ақлима апай көрінген жұртқа балам келе жатыр деп, күтіп отыр. Кесілген томардай мүгедек емес, қанатын кере сілтеп ақ иық, мұзбалағы ұшып келе жатқандай күтеді. Өз ұлының аты Қасым екенін ұмытып кеткендей, Сапар жаным келе жатыр деп, күтеді. Қарағандыға келе жатқан әрбір самолет Ақлима апайға ұшып келе жатқан Сапардай көрінеді...
ҚАЗ ҚАЛПЫНДА
ҚАСҚЫРДЫ АТҚАН ҚАЙСЫСЫ?
Аңшылар үшеу едік. Біреуі министр, біреуі ғалым, үшіншісі мен жазушымын. Арқамызда тотыдай құлпырған қызылды-жасылды бір-бір байлам қырғауыл. Әрең көтеріп келеміз. Ылғи еркегі атасы, әкесі, баласы... Әжесіне де, шешесіне де, қызына да тигеніміз жоқ. Атпадық. Аңшылық құмары әбден тарқады. Көп аттық. Биылдыққа бір аңшы келмеген соныға кездестік те, аңшысы келіссе екі жыл жыр болатын қырғауыл аттық. Қырғауыл қырынан да қулады, шалқасынан да құлады, тәйкесінен де құлады. Шаншылып құлап келе жатқан бойы қоржынға өзі де кіріп кетті... Іленің төменгі жағында осындай бір соны қорық барын естіп құмартып келгенбіз. Шын екен. Өзеннің ортасында қалған үш арал. Екеуіне былтырдан бері адам аяғы тимеген, тұнып тұр. Қалың қара ағаш, шытырман жиде мен жыңғыл. Белуардан келетін қорық көк өлең. Үшінші арал үйір-үйір жыңғыл, шеңгел екен, аппақ құм қырқаланып жатыр. Дәл ортасында жалғыз өскен жуан тораңғы көрінеді. Таңертеңгі бір шарлауда сонша көп қырғауыл атып, енді демалуға біз сол үшінші аралға келе жатырмыз. Шын аңшы аң көп кездескен жерден алыстап кетіп демалу керек. Біз де соны істеп, қырғауыл көп екі аралдан қашықтап барамыз. Август айының аяқ шені болса да күн әлі ыстық. Су да жылы. Үшінші аралға ауысу үшін қырға шықпай-ақ су кешіп келеміз. Үшеуміз де орта бойлының о жақ бұ жағында болсақ керек, арқадағы қырғауылдың қызылды-жасылды құлпырған құйрықтары суға жүзін келеді. Аңшылық алабұртуы басылған соң, артығырақ кеткеніміз де еске түсе бастады. Алынған рұқсат бойынша үш аңшы үш-үштен тоғыз қырғауыл атпақ едік, қазір тоғыз-тоғыздан асырып жіберсек керек. Осы бір түйткіл еске түсіп үшеуіміз де үнсіз келеміз.
Асыра сілтеп жібермедік пе? Ұсталып қалсақ ұят болып жүрмес пе екен? деді, бізге бұрылып. Түнде қайтамыз ғой, ұстала қоймаспыз... деді ғалым. Мен үндемедім. Арқадағы қырғауыл салмағы ауырлай түскендей болды. Үшінші аралға келіп орналасқаннан кейін аңшылық қалпымызға қайта оралыппыз. Әркім өз атқан қырғауылын қоюырақ көлеңкеге тығып жатыр. Ғалым өз қырғауылдарын бір құмның етегін қазып жіберіп, сызды салқынға көмді. Жуан жалғыз тораңғы үй орнындай дөңгелене біткен қалың жыңғылдың дәл ортасына өскен екен, айналасына қою көлеңке түсіріп тұр. Шын аңшылар орынды-орынсыз от жағып, түтін бұрқыратпаулары керек. Біз де алдымызға термостарымызды әкеліп қойдық. Шын аңшылар мырза келеді, біз де сумка біткенді, дорба біткенді ортаға қойдық. Ақ мойнақтар, қызыл мойнақтар қылтия бастады. Шын аңшылар дабырлап сөйлеспейді, біз де ақырын ғана күбірлесіп отырмыз. Шын аңшылар үнемі сақ отырады, біз де қолымызда кесе, көзіміз айналада, құлағымыз әр дыбысқа елең етіп қалып отыр. Ойбай, елік! деп ғалым газет дастарханның үстіне бұға қалды. Мойны оқыс бұрылып, көздері «елік!» деген жағына қадалып қалыпты. Тырнақтының көзі, тістінің көзі, аңшының көзі!.. Кесесі қисайып, қарақошқыл коньяк төгіліп жатыр. Елік емес, қара құйрық! деп, министр де бұға қалды. Оның кесесі де жантая құлап, оның коньягы да төгіліп жатыр. Мен ешнәрсені көрмей-ақ бұқтым. Менің коньягім де төгіліп жатыр... Министр де жоқ, ғалым да жоқ, жазушы да жоқ, аңшылар қалыппыз... Жыңғыл шыршасының азғана селдіреген жерінен жел жағымыздағы суға жақындап келіп тоқтаған үш қара құйрық көрінеді. Екі лағын ертіп келген ана киік елең қағып, елгезек тұр. Қауіп барын сезінгендей селк етіп қалады. Екі лағында табиғи сергектік, ата жөнелуге әзір тұрғандық бар. Сонымен бірге анасына сенген балалық, балаға лайық ойнақылық бар. Екі лақтың бірі суға тізесінен ғана түсіп, суды бір ұрттады да басын көтеріп, тамсанып айналасына қарады. Тағының сақтығын, лақтың сақтығын істеп тұр. Лақ байғұс басын суға қайта еңкейте бергенде бір бүйірінен арс етіп қалып, суға атылып түскен көкжал арлан қасқырды көрдік. Ана киік қасындағы лағымен бірге жалт бұрылып, орғып-қарғып қыр асып кетті. Суда қалған лақ аз-ақ бассалмаған қасқырдан ыршып біздің аралға қарай қашып келеді. Орғып-атқылап, секіріп ыршып, ұшып келеді. Суға лақтан гөрі салмақтырақ батып, қасқыр да қалмай келеді. Біздің екі жігіт мылтықтарын қолдарына алды. Қасқырды, қасқырды! десіп, ысылдасып қалдық. Лақ қашып, қасқыр қуып келе жатқан су Іле өзенінің өзі емес, үш аралды күн шығыс жағынан орап кеткен жіңішке жармасы ғана. Терең де емес, ені де елу метрдей ғана. Байғұс лақ бір секіргенде екі метрдей кетеді де қасқыр одан шалымды емес, ауырлау малтығып келеді. Қоян көжегіндей сұрғылт лақ құм аралға қалжырап шықты. Көкжал арлан бес метрдей кейін шықса да болдырмапты. Қайрақ құмға тырнағы іліккен соң-ақ лақпен арасы жақындай берді. Тағы баласы қарауытқанға жақындамай, біздің оң жағымыздағы құм бұйраттың қырқасымен қашып келеді. Арлан қасқыр аузын араңдай ашып алған. Кеңірдек түбінен шыққан ызалы ырыл естіле бастады. Қашқан лақ, қуған қасқыр дәл біздің тұсымызға келгенде аралары үш метрдей-ақ еді. Көздері шұбартып кеткен көк тажал бар ызасымен енді бір арс етіп қалса, қорқақ лақ ұшып түскендей. Екі мылтық жалғаса гүрс етіп қалды. Мен селк ете түстім. Қорыққаннан емес екен... Лақ байғұс өз екпінімен доңғаланып барып, тұмсығынан шаншыла құмға құлап түсті. Бар қамқорлығымыз азаптамай, тез өлтіргенімізде болат та... Қасқыр жалт бұрылып, атжал құмның тасасына түсіп кетті. Жоқ болды. Аңшылар бірімізге-біріміз қарадық та үндеспей қалдық. Қасқырды, қасқырды! деп, ысылдасып қалғанымыз қайда? Термос қақпағы ашылған жоқ. Әркім үнсіз орнынан тұрып, өз бұйымдарын жинай бастады. Сол бетімізбен машинамызға қайттық. Тұнық қара көздері әлі мөлдіреп, мейірім тілеп жатқан өлі лақты ешкім алған жоқ. Содан бері сол аңшы достарыммен кездескен емеспін...
ТИМКА-ДИМКА
Мен Ұлы Отан соғысы басталған күннен бері бір ғана моншаға барып жүремін. Оның қараңғылауына да, кірлеуіне де, кейде сағаттап күттіретін кезегіне де бойым үйреніп кетіпті. Басқа моншалардан маған мұның ыстығы да ыстық сезіледі. Сүпірга бар ма? деймін ұйғыр шалына. Ол маған: бағ! дейді. Шынында «бар» да демейді, «бағ» да демейді, мен естіп-білмеген бір дауысты дыбысқа апарып соғады. Веник есть? деймін орыс шалына. Ол маған: есть! дейді. Сыпыртқы бар ма! деймін едәуір жасқа келіп қалған мосқал қазаққа. Ол үндемей ғана сыпыртқы әкеліп береді. Билет он бес тиын, сыпыртқы он тиын. Моншада осыдан басқа не бар сөз боларлық? Мен осы сөз аздыққа үйреніп кеткенім сонша, басқа моншаларға барғым келмейді. Тим... Тимоша... Ким... Симка... Дим... Димка... осының бәрі бір-ақ адамның аты. Оның шын атын ешкім білмейді. Мен өзім сұраған емеспін. Бұл тыриған арық, денсаулығы қыл үстінде, оқымаған, жұмыскер адам. Жаңағы үндемей ғана сыпыртқы әкеліп береді дегенім осы кісі. Оден! дейді ол моншаның ішкі есігін ашып, алдыңғы залда кезек күткен адамдарға. Бұл оның бір адам кірсін дегені. Назат! дейді, біреудің орнына екі адам кіріп бара жатса. Назат! Кезегіңмен кірсең, билетіңді алады, орныңды көрсетеді, сыпыртқы сұрасаң, береді.
Бұл тоя жеп көрмеген, қызыға киініп көрмеген, жасынан-ақ өнімсіз еңбектен аса алмаған сорлы адам. Өзі де «оден», көптің бірі емес, жалғыздардың бірі.
Ағай, он сом ақшаңыз бар ма! Керек еді, деді ыржиып.
Ширек ғасыр ішінде маған тіл қатқаны да осы, ширек ғасыр ішінде менің бетіме тура қарағаны да осы. Мен барымды бердім. Алды. Алғыс айтқан жоқ. Содан кейін талай рет кезекте тұрып моншаға түсіп жүрмін.. Кезек тым ұзақ болғанда кезексіз өткізер ме екен деп Тима-Димка-Симкаға талай жалтақтадым. Бірақ, оның көзі маған бір түскен емес. Кезегімен өткізеді, билетімді алады, сыпыртқы сұрасам, береді, он тиынын алады, сырт айналып кете береді. Екеуміздің арамызда әдетке айналған амандасу да жоқ, таныстық та жоқ. Аты-жөн сұрасу да жоқ. Ширек ғасыр бойында баяғы бейтаныс қалпымызда келе жатырмыз. Бір күні тағы да сол моншада өзіміздің сүбелі жазушыларымыздың бірі кездесіп қалды. Ол менің арқамды біраз сабалап берді, мен оның арқасын сабалап бердім. Ол менің арқамды ысқылап берді, мен оның арқасын қызыл-шақа қылып бердім. Енді екеуміз жайласып отырып алып қаланың жаяу өсегіне көше бергенімізде Тимканың «Назат!» деген қатты айғайы естілді. Шешінетін жерге өтіп кеткен біреуді шегіндіріп жүр. Назат! Осыған ұштасып біздің әңгімеміз де Тимкаға көшті. Менің сыбайласым Тимканың біраз қызық мінездеріне кездескен екен. Бір жолы Тимкадан сыпыртқы алғанда бір бес тиын, екі үш тиындық берген екен, Тимка бір тиынын қайырып беріпті... Мен жолдасыма өз басымнан кешкен жоғарыдағы әңгімені айттым. Кінәсыз-кінәратсыз күлісіп алдық.
Сен бұл әңгімені маған неге айтып отырсың? Әлде менің де қарыз сұрағым келіп отырғанын сезіне қалдың ба? деді. Жоқ, сен қарыз сұраушы ма едің? Отыз баспа табақ кітабың баспада жатқан жоқ па? Бес ай кешігіп шығайын деп тұр.
Екі жүз.
Бірақ, мен мына моншашыға ұсап жүз таныстықтан ажырасып кетеді екен деп қорықпа. Кітабым шыққан күні әкеліп беремін. Болды. Осыдан біраз күннен кейін мен ұзағырақ жолаушылап кеттім. Қайтып келісімен қаланың сыртында тұрдым да төрт-бес ай моншаға бара алғаным жоқ. Күзге қарай қалаға қайтқан соң моншаға келіп едім, ұйғыр шалы мен орыс шалы мені күлісіп қарсы алды. Тимошка жоқ екен.
Сұрамаңыз, қызығы бар...
Тимка осы айдың басында демалысқа шыққан... хи-хи-хи. Содан бері күнде келіп моншаға түсетін болды.., ха-ха-ха... Әдетте сіз моншаға келетін сенбі, дүйсенбі күндері таңертең келіп, түнге дейін моншадан шықпайтын болды. Ха-ха-ха...
Сізге кездесем, дейді. Сізге айтатын сөзім бар дейді... Ха-ха-ха... Бұлардың ойында Тимканың біреумен сөйлесем дегені бір таңқаларлық іс болса керек. Бүгін дүйсенбі ғой, келеді қазір... Шалдар күлкіден аузын жиғанша болған жоқ, екі аяғын кезек-кезек сүйрете басып Тимка келді. Шалдар күлкіден тез тиылып теріс айналып кетті. Тимканың менімен не сөйлесетінін сыртынан бақыламақшы. Тимка менімен бұл жолы да амандасқан жоқ. Жақындап келіп шалбарының ышқырына үш саусағын тықты да орап-бүктеп, насыбай шақшаның тығынындай нығарлап тастаған бірдемені менің алақаныма қыстыра салды. Ып-ыстық екен... Мен не арыз, не хат болар деп қалдым. Ашып қарасам, жабысып қалуға жақындаған екі бес теңгелік екен!.. Мен қызарып кеткен болуым керек. Екі бетім ду ете түсті. Тимка оныма қараған жоқ, теріс айналып жүре берді. Өй, Тим... тұра тұршы!.. Қазір... Тимка шығып кетті. Шешінген бойым моншаға түспей-ақ терлеп мен отырып қалдым. Қолымда базарға мың кіріп-шыққан екі көк бес теңгелік... Әлі жып-жылы. Ныма, ныма? деп, ұйғыр шалы қасыма келді. Што, што? деп орыс шалы жақындап келеді. Бұларға не айтарымды білмей мен отырмын. Ұзамай Тимка қайтып келді. Жүзінде қуанышты адамның жымиюы. Өй, сен, бері келші, отыршы, дедім мен, қасымнан орын беріп. Тимка отырған жоқ, келген бойы маған бірталай ұсақ ұсынды: Мынау ұсағы, ағай, елу жеті тиын... Тимкамен сөзге келу қандай қиын болса, ақшасын қайырып беру одан да қиынға түсті. Мен оған қарызға бермегенімді түсіндіргім келеді, ол басын шайқайды. Мен күштеп екі бес теңгелікті оның алақанына саламын, ол алақанын жұмбайды. Бес теңгеліктер жалп етігі еденге түсіп кетеді. Бес тиындық, он тиындық ұсақтар дөңгелеп-дөңгелеп, жан-жаққа жүгіріп кетті. Жалғыз-ақ ем қалды. Мен оның мойнынан құшақтап алдым да: Айналайын, бауырым, сен ақшаңды қайырып алмасаң, мен бұл моншаға келмейтін боламын. Сен мені жек көреді екенсің, дедім. Жалғыз айтқаным бұл ғана емес, әрине. Момын адамға, қарапайым адамға жетер-ау деген сөзімді аямаған болуым керек. Тимка ақшаны әрең алды. Мен тынышталып моншаға түстім. Сыпыртқымды балқытып алып шабынатын сереге шыға бергенде қызара бөртіп сабаланып жатқан сыбайласымды таныдым. Ол да мені көрді. Көрді де әрі қарай бұрылып отырды. Мен де оны қысталамадым. Жақындағаным жоқ. Моншаның қараңғылауы жақсы екен... Шабынатын середе бұрқыраған тұманның қоюырақ болғаны жақсы екен. Сыбайласым маған «көрінбей» середен сырғып түсіп кетті. Мен жуынып болғанша ол үйіне кетіп те қалыпты. Содан бері кешеде кездессе де танымай өте береді... Танымай өте беруге жеттік, енді оның ар жағында, таныстықтан айрылу ғана қалмаса жарар еді...
СІЛЕКЕЕВТЕРДІҢ КЕНЖЕСІ
Жас жігіт менің кабинетіме ордаңдай басып кірді.
Бұдан он минут бұрын телефон соққанда да, сөйлесу әлпетінде де бір ірілік барлығы байқалып еді, мен онысына қарамай, кел дегенмін. Қағазға толы сұрғылт папка бар салмағымен менің столыма сылқ ете түсті. Жігіттің өзі кең креслоға шалқая отыра беріп: Темекі тартатыныңыз жақсы екен... Лұқсат болар? деді менің темекіме қолын созып. Лұқсат.. Біз болсақ, «Беломор», «Бүркіт», «Прима» тартамыз ғой. «Лайка» деген ерекше бірдеме болар? Ерекше ештеңесі жоқ. Сонда да... Екі аяғы есерлік, ессіздік дейтін екі баспалдақта тұрған адам сияқты екен. Ие, жұмысыңды айта отыр. Жана айттым ғой, жарты сағаттан кейін жиналысымыз бар еді. Айта отырсам, мен сізге екі рет хат жазып едім, жауап бердіңіз... Күніне ондап, айына жүздеп келетін хаттардың көбіне жауап бере алмайтыным есіме түсіп, мен бұлтарыс жасағаным жоқ. Мүмкін... Ондай жалқаулығым жоқ емес, дедім. Жас жігіт онымды қолма-қол пайдаланып, мені ығыстыра бастады: Осыларыңыз кімге болса да ұнамайды. Қою керек қой! деді. Мен басымды изедім. Өзіңіздің бір әңгімеңізге аздап сын айтып едім, әлде соным жақпай қалды ма екен? деп, енді менің екінші жағымнан жармаса кетті. Тісі бар, тілі бар жас сияқты. Сондықтан әңгімені анықтай түскім келіп: Ие, қандай сын айтып едің? деп сұрадым. Сіздің «Сөз жоқ, соның ізі» деген әңгімеңізде екі мастың ағаш түбіне көлдетіп тұрғандарынан басқа не бар? Идея деген атымен жоқ қой. Совет адамдарын маскүнем етіп көрсетуді қалай дұрыс көрдіңіз? Мен осыларды айтып едім.
Жоқ, алғаным жоқ.
Сілекеев. Онда алуға тиіссің, фамилияң есімде қалыпты. Менің фамилиям есімде қалыпты дегеніңізге қалай сенсем екен, ә? Өзіңіз сенеді деп айтып отырсыз ба? Жігіт мысқылдай жымиып маған қарады. Өлтіре жауап берген адам сияқты. Темекісінің күлі еденде жатқан кілемге түсіп кетіп еді, оған шіміріккен жоқ, табанымен таптай салды. Менің есімде қалған бір сенің фамилияң емес, ағалы-інілі, нағашылы-жиенді үлкен бір топ адамдарым бар еді көптен білетін. Солардың бәрінің фамилиясы Сілекеев екен... Бұзау кездеу, бұқа бұғақтау, өнімсіз де болымсыздау... Талант-талабы таяздау, талап етуі шексіздеу... Солар жайында жазайын деп жүргенім бар еді... деп, мен жігіттің көзіне туралап қарап едім, аңғармады. Ол мені ығыстырардай болып ірі отырғанда ұнай бастап еді. Жастық қызуымен орынды-орынсыз соқтыға сөйлегенін ауырлаған жоқпын да. Жап-жас жігітті, танып-біліп болмай, ұр да жық, сотқар деп қалай айтарсың? Тасада тұрып тас лақтыратындарға қалай қиярсың? Сен жазушы ма едің? дедім, үзіліп қалған әңгімеге қайта оралғым келіп. Жоқ, фельетон жазамын, деп, жас жігіт папкасын алдына қарай жақындатып қойды. Кезінде аудандық газетке үзбей басып жүрді. Соларымды оқып берсеңіз деп келіп едім. Жарайды, оқиын, қалдырып кет. Бірақ, көбі шимай-шытырман қолдан жазылған қалпында еді.
Соған ақшам болыңқырамай тұрғаны... Е!.. дедім мен, дауысыма ең кемі екі-үш түрлі астар беріп. Жігіт кезі лайланып, ақша керектігін айтып тұр. Менің кезім онысына түсінбегендей қарайтын сияқты. Жігіт маңдайының терін сүртті. Еркектің ең аянышты халі дәрменсіз ыржиған кезі ғой. Оның ар жағында жаутаңдау ғана бар. Мен оған жібермей: Фельетонист екенсің ғой! деп сүйемел жасадым. Шама-шарқымша... Жігіт жүзі өңдене бастады. Бір фельетонның материалын көзіңе көрсетейін, жазасың ба? Жазам. Жүр... Мен Сілекеевті ертіп алып, жаңа моншаға кеттім. «Жаңа монша тамаша екен!» дегенді естіп, мен мана таңертең ғана жуынып қайтып едім. Монша шын-ақ жақсы, жылы да жарық екен. Моншаны ашқан күні ірі сөздер сөйленгенін монша бастығынын өзі айтқан:
Астананың ажары!
Орындалған ұлы арман! дегенге дейін барысыпты.
Бірақ біздің барлық кеңседен қуып шыға алмай жүрген қағазқұмарлық, жазуқұмарлық үйір-үйірімен осында келіп орнапты. Мен жас фельетонистка осыны көрсеткім келді. Фельетон материалдары моншаға кіре бере-ақ кездесе кетті. Екі жерде екі касса: еркектердікі, әйелдердікі. Екі жерде киім ілетін екі қоршауы еркектер үшін, әйелдер үшін. Залдың екі басында екі контролер: еркектер үшін, әйелдер үшін. Бұлар моншаға кірерінде тексереді. Есік алдында тағы екі контролер: еркектер үшін, әйелдер үшін. Бұлар шығарында тексереді. Бәрі де жусап отыр, таңертең де жусап отырған: жұмыс жоқ. "Үлкен залда үш әйел, екі еркек жуынып шығып, демалып отыр. Бізбен жетеу болдық. Мен еркектер кассасына келіп: Номерге екі билет, дедім. Жұмыс жоқтықтан талмаурап отырған кассир әйел жалқау қозғалып, екі билетті жыртып алды да қолдан номерледі. Содан кейін кіріс-шығыс кітабына тіркеді. Содан кейін маған берді. Көпшілік бөліміне екі билет, дедім. Ол билеттерді тіркемей берді. Бірақ, осы билеттер үш түрлі күлкіге ұшыратарын таңертең көремін.
Су ішейік, кассаға барып ұсақтата қойшы, дедім.
Уақтауға хақым жоқ. Ана бұрышта отырған жас жігітті көресің бе, сол ұсақтайды. Алдында жарық-жарық жалпақ стол, аяқтары серейген жас жігіт отыр. Стол үстінде қой отарындай жайласып жатқан көп ұсақ... Осы ақша ұсақтауға кезектесін істейтін үш қызметкер бар! Біз жоғарғы қабаттағы көпшілік бөліміне өте бергенде төменгі залда отырған контролер әйел бізге қолын созды. Біз билетімізді ұсындық. Ол билетіміздің үштен бірін жыртып алды да: Мына бөлегін моншашыға бересіңдер, мына бөлегін моншадан шығарда анау есік алдында отырған контролерге тапсырасыңдар, деді. Түсіндік... Мен бұл жолы моншаға түскенім жоқ, әрине. Еркектерге арналған ерекше демалыс бөлмесіне кірдім де: Қалай, фельетондық материал көре алдың ба? дедім. Артығымен! деді жігіт. Ол менен артығырақ көрген екен: мынау дегеніңіз бір сұмдық қой! деп қорытты.
Жазамын. Ал ендеше кеттік...
Біз моншадан шығуға бет алғанда есік алдындағы контролер қолын созды:
Жоғарыда тастап кеттік... дедім мен.
Әйел тынышсыздана бастады. Азырақ ұрсып алды.
Жоқ... мусор жәшігіне тастап жіберіп ем... Контроль құлақшаны маған тапсыру керек екенін нағып білмейсіздер?
Ол өз алдына, мен өз алдыма... Амал не, кешіресіз де...
Мә, саған жиырма бес сом... Осыдан фельетон шығара алсаң, қайтып сұрамаймын. Шығара алмасаң, он күннен кейін қайтып әкеліп бересің, дедім.
Содан бері он төрт ай өтті, фельетон да жоқ, жиырма бес сом болса-болмаса да жоқ... Монша тәртібі, құдайға шүкір, өзгеріп, анадан-мынадан арылып та үлгірді.
ӘМИНА
Тау төбесіндегі Егізкөлде не болып жатқаны белгісіз еді. Жер сілкінген жоқ. Аспан ашық, күн төбеде қайнап тұр. Дем алуға Егізкөлге қарай өткендердің аяғы сирегелі де көп болған жоқ. Бірен-саран машина солай қарай әлі де өтіп жатыр. Алайда жер табаны әлдеқандай бір дүмпу барын сездіргендей болады. Қарға мен сауысқан бажылдап-шарылдап тыным таппай жүр. Тау төбесінен көтеріле көшіп, етек таулардың үстінде жосып жүр. У-шу болып ойнаған жас балалармен әуреленіп жүріп, Әмина ешнәрсені абайлаған жоқ. Бір бала қатты секіріп түскеніне мәз болып күлсе, тәрбиеші ана да езу тарту керек. Бір баланың сандалына ұсақ тас түсіп кетіп, қыңқ етіп қалса, ана да ауырсынып, қабақ шыту керек. Көбелек ұстатпай кетсе оған да ұрсу керек. Балажан Әмина әр күнді осылай өткізеді. Таңы тез атады. Күні тез батады. Әрбір ертеңгі күнге балалар үшін жаңа қызықтар іздейді. Ертегілер, ойындар, Маршак, Чуковский... Балалармен, ойынмен өтер күн қырық екі баланың анасы Әминаға қызық күн болып өтеді, бірақ оңай күн болып өткен емес. Бүгін күн жексенбі, ең қызық өткізетін күн. Өзге күндерде жұмыстан қалжырап жүргендей, балалар кеше жатарда-ақ:
Әмина апай, ертең не көрсетесің? Қызық бола ма? деп у-шу болған. Жарқын жүзді, жайдары мінезді, балажан Әмина балалар үшін өз шешелерін ұмыттырғандай шеше еді. Мейірімді шеше, сергек шеше, сенімді шеше. Қай баланың аяғына қай күні қандай шөгір кіргенін білетін шеше балаларға оның жымиғаны да қуаныш, арқасынан қап-қаны да қуаныш, болмашы бірдемені айтқаны да қуаныш. Бұл әлі мектеп жасына жетпеген жас балалар үйі. Аудан орталығынан алысырақ. Егізкөлден сарқырап құлап жататын құлама судың барқынына салынған әдемі көк үй. Үйді айнала салынған жемісті бақшада сырғадай салбырап күрең шиелер өсіп тұр. Алмалар әлі көк, қыз бетіндей де қызарған жоқ. Осы бақшада қырық екі жас бала ойнап жүр. Егізкөл жақтан бірінші гуіл естілді. Тау аңғарынан еспе жел келе жатыр ма деп Әмина жан-жағына қаранып еді, қылаң еткен бір жапырақ жоқ екен. Иық тірескен түкті қоңыр таулар тағы күмп етті. Бұл жолы жаңағы гуіл қоюланып келіп жарылып кеткен сияқтанды. Терең теңіздің тас жағасын ақжал толқын соғып жібергендей бақша дір етіп қалды. Шие сырғалар мөлтілдесіп кетті. Балалар қалшиып тұра қалыпты. Үріккен қозы-лақтай үрпиісіп тұр.
Әмина апа! Біз қорқып кеттік!..
Әмина үлкен бір қатер таянғанын сезінсе де оның не екенін абайлауға мойын бұрмай балаларға қарай жүгірді. Қорықпаңдар, ештеңе емес, қорықпаңдар!.. Екі тау иығымен соқтығысып бірін-бірі орнынан қозғай алмай шіренісіп тұрып қалған сияқты. Егізкөлдің бергісі кішірек болушы еді, соның бар суы лықсып келіп, тас кемерінен бір-ақ ырғып түсті. Лақ етіп ақтарылды. Сарқырап жататын құлама суды көміп жіберді. Үйдей тастар гүрсілдетіп домалап келеді. Терең сайдың екі жақ ернеуін су кернеп, кеміріп-кеңейтіп келеді. Тау төбесінен құлап түскен құж тастар шошынып үріккен тау өгіздей жосып, ақтарылған судың алдында келе жатыр. Жойқын су кейде ондаған тауөгізді жұтып жібереді. Ұзамай ондаған тауөгіз судан шыға келіп, тағы да ілгері домалайды. Не қылып тұрсың, ей! Қашсаңшы! деген дауысқа Әмина жалт бұрылып еді, асханадағы бір еркек, екі әйел аспазшылар қашып барады екен. Бірінің қолында ожау, бірінің қолында күріш елегі, енді бірінің қолында қойдың саны. Асхана суға жақынырақ ойпаңда болатын еді, су келіп қалған екен. Адамдары қашып барады. Балаларға мойын бұрар емес. Ақ халаттары делбегейленіп лезде жоқ болды. Балапандарын соңына ертіп көлден қайтқан қазға ұсап, балаларын шұбыртып ертіп Әмина үлкен жолға қарай жөнелді. Сайды толтырып қыранға жайыла бастаған су балалар үйінің іргесіне дейін жылысып келіп қалыпты. Егізкөл жолымен ұшыртып, ағызып екі жеңіл машина келе жатыр. Әмина балаларды жолдың құламасына иіріп қойып, өзі асфальт-жолдың қырқасына шығып, қолын көтерді. Машиналар құйындай жүйткіп ете шықты. Екеуінде де шофердан басқа адам жоқ. Иелері қайда қалды екен? деп ойлады Әмина. Арт жағы анда-санда тарс етіп қалып газик келе жатыр. Әмина оған да қолын көтерді. Саналы адам болу керек, тоқтай қалды да: Мира! Бері кел! Мира! деді. Шашы желкілдеген кішкене қыз әкесіне қарай жүгірді. Әкесі қызын көтеріп алып, машинаға қайта отырғыза бергенде Әмина оған: Машинаңыз бос көрінеді, он шақты баланы ала кетіңізші! деді. Біздің үй суға кетіп жатыр! Асығыспын! Қазір осы жолмен біздің жүк машина өтеді. Номері он тоғыз қырық мен лұқсат етті де! Газик жылжып кетті. Енді машиналар топталып өте бастады. Әмина бәріне де қол көтерді. Ешкім тоқтамайды. Стол, орындықтар тиеп алған, үйіліп, төгіліп балалар мінген жүк машиналары өтіп жатыр. Женіл машиналардың көбі бос, бірақ ешкім тоқтаған жоқ, тоқтар емес, мойын бұрар емес. Үрейленіп, ұшып барады Ақи көзденіп кеткен. Су лықсып келіп, жолдың екі жағындағы құламасына жетіп қалды. Ойпаттау жерде асфальт жолын белінен басып өтіп, әрі қарай ақтарылып жатыр. Мұндай жерлерге толқын пайда болды, ағын пайда болды. Әмина балаларын дөңестеу жерге әкеліп, жолдың қырқа жиегіне шығарып қуыршақтай тізіп қойды. Өтіп бара жатқан машиналарға Әмина да қол көтерді, у-шу болып балалар да қол көтерді, ешкім тоқтамайды. Ақиланып, үрейленіп өте береді. Үш жүк машинасы құйрық тістесіп ағып келеді. Әмина екі қолын бірдей көтеріп жолдың қақ ортасына барып тұрды. Машиналар өкіріп-бақырып: Жолдан кет! дейді. Әмина қозғалар емес. Машиналар да өкіре түсті. Әмина да қатып қалды. Аралары жиырма метрдей жақындағанда Әмина жолға көлденең құлады да көзін жұмды. Алдыңғы машина өкіріп-бақырған бойы тізгінін тартқаны сезіледі. Бірақ жыланның қыр арқасындай көп өрнекті резеңке доңғалақ «Ал бастым! Ал бастым!» деп жақындай берді. Әминаның мұрнына күйген резеңкенің ыстық иісі келді. Қозғалған жоқ! Сволочь! деді шофер машинадан басын шығарып. Балалар шулап келіп, Әмина апасын құшақтап, құлап жатыр. Шофердің көзі бадырайып, есі шығып кеткен. Жә, бол, жылдам тұр! дегенде шофердің екі көзінен жас барлап кеткен екен. Сақылдап-қарқылдап жынданған адамша күледі. Балалар машинаға тиеліп, аман-есен аудан орталығына жетті...
ЖАПОН БАЛЛАДАСЫ
АРҚАНЫҢ ӘҢГІМЕСІ
Арқаңнан бұлай түйіп жібергенді білген емеспін. Басым қайқайып барып өкшеме тиді білем. Доғадай иіліп қалдым. Егер азды-көпті спортсмен болмасам, не мойным үзіліп кететін еді, не болмаса белім. Бұдан үш-төрт жыл бұрын өзім де талай баланы түйіп қалған болуым керек. Өз сыбағамды да алатынмын. Ал, мына түйіс оқып та орасан екен. Машинаға тиелген кранның тұмсығы түйіп жіберді ме екен деп едім. Егер мен емес бір мосқалдау адам болса, әсіресе, не әйел, не бір жас бала болса, мойны үзіліп, басы көшемен домалап бара жатар еді. Мүмкін, бүгін талай бастар домалаған да болу керек... Басым кілт қайқайып шалқалай бергенде түйіп жібергенді көріп қалғым келіп, арт жағымды шолып үлгірдім. Ешкім жоқ, ешнәрсе жоқ. Бұл қас қаққанша дерлік, көз ілеспес сәтте болған оқиға. Бірақ, адам ойы одан шабан емес екен, мен де біраз нәрсені аңғарып қалдым. Арт жағым нық тірескен биік тас үйлер еді. Ұшып кеткендей біреуі қалмапты. Орындары қара тақтадай. Үлкен өрттерден, қаланың опар-топарын шығаратын жер сілкіністерінен, қара күйік үй қабырғалары, сорайған тұрба, шаң басқан ағаштар, құлаған үйлердің үйіндісі сияқты апат белгілері қалушы еді ғой, бұл жолы келген апат ешнәрсе қалдырмаған, жалап кетіпті. Айналаң тып-типыл... Әшейінде биік үйлердің тасасынан көріне бермейтін жүндес таулар өркеш-өркеш болып, ап-айқын көзіме шалынды. Таулар орнында екен. Аспаннан қат-қабаттасып қалықтап мен көріп-білмеген жалпақ тақталар қулап келеді. Жүздеген үйлердің төбелері дүр етіп бірден аспанға ұшып, енді жерге қайта құлап келе жатқандай. Әлденелер аспанда әлі қалықтап жүр. Жалпақ тақталардың ара-арасында құлап келе жатқан адам денелері танылады. Олар да үй төбелерімен бірге ұшып кетіп, аспанда ажырасып, ауыр-жеңілге бөлініп, бөлек-бөлек құлай келеді. Кейбіреуінің құлашы керіліп кіреске ұқсайды. Енді біразын адамға тән дене белгілерінен танырлық. Тағы біраз адам аспанға енді көтеріліп барады. Мен бұл апатты доғадай иіліп тұрып көрдім. Басымды көтере беріп көрдім, тұра беріп көрдім, құлай беріп көрдім. Ес пен сезімнің апар-топар кезінде көрдім. Ақты қарадай, қараны ақтай сезінген кезінде көрдім. Қасыма түскен қара тас шоқтай қып-қызыл жанып жатқан кезінде көрдім. Әр жағы қараңғылық, әр жағы меңіреулік... тылсым... Биік тас үйлері иық тірескен кварталдарды мен жаңа ғана көлденең кесіп өткенмін. Қаланың тар көшелі, бір қабат үйлі шет жағына жеткенім осы. Жапон қалаларының бір қабат үйлі шет жақтары адам тұруға әрі жайлы, әрі көркем келеді. Бұл бабалардың бабасы мен әжелердің әжесінің қолы тиген үйлер. Мұндай үйлердің ауласындағы әрбір бұршақтай тасты адам қолы ойып орнатқан. Әр үйдің шағын-шағын ауласынан жапон географиясының бір алқабын көргендей боласын. Кішкене-кішкене таулар, кішкенелігіне қарамай тауға ұқсайды. Алақандай ғана көлдер көлге ұқсайды... Өзендер, көпірлер. Аласа-аласа шие ағаштары, тырбық қарағайлар, шатыр жапырақты ағаштар. Хризантема гүлдері. Түкті кілемдей көк алаң... Соғыс кезеңі қанша қыспаққа алса да жапон әйелі бұл ауласына шаң жұқтырмай, күтімді ұстайтын. Жапонның музыкасы да, әлемге таныс сурет өнері де өзінің жаратылыс табиғатынан көшіріп алғандай. Сондықтан болу керек, жапон баласы бір бұтаны сындырмайды, жапон көгалдарын адам аяғы таптамайды. Алдыңғы жағымнан жапонның мұңды бір музыкасы естіледі. Абыройсыз соғысты басынан кешірген жапон бұқарасы бұл кезде ылғи мұңды музыканы ойнайтын. Күн ыстық, музыка үні әлдекімнің ауласынан келеді. Мені тап осы секундта арқамнан түйіп жіберді. Бір қабат үйлі кварталдың не болғанын мен андай алғаным жоқ. Бұл кезде менің миым асты үстіне келіп қайнап кеткен... Ояндым ба, есімді жидым ба, қай жерде, қандай күйде есімді жидым, оны мен осы күнге дейін білмеймін. Ораулы, таңулы күйімде жата беріппін. Мен өзімше, бірер күн ессіз болған сияқтанамын. Бірақ Америка институтының адамдары, әсіресе бір соғыс докторы маған екі ай бойы ұрысып жүріпті. Не деген қырсық адам, арқасының қалай күйгенін, бомба жарылған эпицентрден қанша жерде күйгенін неге тезірек айтпайды!? Соғыс ғылымы үшін оның қандай маңызы барлығын түсінбей ме екен! Жоқ, ол жақсы түсінеді. Қасақана айтпайды. Намыстанған болады, қорланған болады!.. Елің жеңіліп, тізе бүгіп, бас иген шақта мұныкі қай қорлану екен? Елін бас иді, ақымақ жапон, императорың бас иді, күнің бас иді!.. Бұл кезде менің ойыма қорлану келген жоқ-ты. Кейін келді. Арқа күйігінің уыты бәсеңдей берген кезде келді. Мүмкін, арқа күйігінен қорлану күйігі уыттырақ болған шығар, бірақ, кейін келді. Америка докторы маған бекер ұрсыпты... Бекер ренжіпті: Мен ол кезде неден таңулы жатқанымды да білген емеспін. Айлар бойында ойымда жалғыз-ақ елес жатты. Ол әлгі арқамнан түйіп жібергенде көргендерім. Соның өзі немене? Мен оны да түсіне алған жоқпын. Кейін түсіндім... Есім кіргеннен кейін ақ халат киген доктордан неге жатқанымды сұрадым. Арқаң Жапонияның географиялық картасындай деді ол. Оң жақ жауырынына Хоккайдо аралын салыпты... Ұлы Хонсю түгелімен оң жақ жоныңда... Мықынында Симоносеки қылтасы... Саныңда Кюсю... Құдайға шүкірлік ет. Осынын бәрі сол жағында болса, оянуың қиын болатын еді... Мен мұны неше айдан кейін сұрадым, оны да білмеймін. Талай күндер әлденені сұрағым келіп, сұрауға тілім келмей жатқаны есімде. Келер бір жолы доктор менің арқамды мақтаңқырай суреттеді: Арқаң енді айта қалғандай!.. Бедерлі де бұдырлы... Фудзиама тауы да, Асахи тауы да бар. Тюгоку, Кюсю жоталары да бар. Хиросима, Нагасаки қалалары да өз орындарында... Соғыс уақытында шыққан бедерлі карталардың ішінде бұдан әдемісі аз болар... Доктор, осының бәрі неден болған өзі? Соны түсіндіріңізші! дедім. Доктордың көзілдірігі жарылып кете жаздады. Шатынап бара жатқандай көрінді. Жапон үлкен көзді ел емес. Ойлы көзді, азғана мұңды көзді ел. Маған қалжың айтып жүрген доктордың көзіне едәуір кек қорланған екен, көзілдірігін жарып жібере жаздады. Танека Урико! деп, есікке қарай тез бұрылып кетті. Осы күнге дейін айтпап па едіңіз?
Айтып көріп едім. Ұғына алмап еді.
Ие, ұғына алмағаным рас еді. Екі үлкен қаланың қақ жарты халқы қас қаққанша қырылып қалды, жоқ болып кетті деген кезде миым тағы да қайнап жүре берген. Енді аңдасам одан бері де он күн өткен екен.
Сіз енді еркекке лайық шыдаммен тыңдаңыз. Біздің екі қалаға американецтар атом бомбасын тастаған, деп бір тоқтады. Неге? Шыдаммен тыңдаңыз демедім бе? Тәжірибе жасаған көрінеді. Алғашқысы тәжірибе, екіншісі тәжірибенің дұрыс екендігін біржола анықтау... Ә? Ол туралы екі түрлі жорамал бар. Жапония жеңіліп тізе бүксе де оның аржағында біржола бұқтырып тастау болса керек... Одан соң одақтастарының өзін де ықтырып алу... Соғыс арты қашан да бірдемені бөлісу, соғыс атын әрірек апарып арқандаумен аяқталатын әдеті бар емес пе... Жұрт аузындағы жорамалдар осы. Енді дем ал. Жат... Менің шешем бар еді, қарындасым бар еді... Солармен хабарласуға болар ма екен?
«Жазғы таң» кварталында... Ол квартал қазір жоқ, күнім... Шешем орталық бақшада қызмет ететін еді... Орталық бақшаның орны ғана бар, күнім... Ал енді демал, үн шығарма... Доктор дұрыс айтыпты, үн шығармау керек екен... Қорланған ел аяншақтап, қайғы сарынын қорек етіп отыра берсе, сары ауру болудан басқа не шығады дейсің!.. Содан бері, міне жиырма жыл өтті. Мен ауруханаға он алты рет жатып шықтым. Арқамды он алты рет жаматтым. Бір елдің бедерлі географиясын арқалап жүре беру ауыр болды. Жапон географиясының бір беті ұлы Мұхит теңізі, бір беті Жапон теңізі ғой. Сол теңіздер сияқты, менің денемде де сау жер қалыпты. Содан тілдіріп алам да жаматам, тілдіріп алам да жаматам... Терісін тіліп алған жерлерде жаңа жаралар пайда болады... Қазір мен ақ қанды адаммын. Қызыл қан азая-азая сарқылып келеді. Жиырма жыл жасау үшін де аз арпалысқаным жоқ. Әлі де алысып көремін... Жасым әлі қырыққа жеткен жоқ. Кейде үйленгім келеді. Кімге үйленемін? Екі ақ қанды қосылсақ, нәсіл не болмақ? Қиқы-шойқы, шалажансар бір мүгедек туып жүрсе қайтерміз? Тегінде, доктор дұрыс айтқан болар. Еркекше шыдау керек болатын шығар...
КӨЗДІҢ ӘҢГІМЕСІ
Айконы мен сонадайдан таныдым. О да мені танып, күтіп тұр. Өзге қыздар машинаға мініп қалыпты. Жапон қызында айғай салу әдеті жоқ, Айко мені асықтырып, термос салған торламасын бұлғады. Мен өзім де асығып келе жатқамын. Бүгін біз көршілес бір поселкенің мектебін жөндесіп қайтуға баратынбыз. Қарама-қарсы келе жатқан екі трамвай ортақ аялдамасына жақындай бермегенде мен де көшені көлденең кесіп өтіп кететін едім. Трамвайлар өтісіп кеткен соң, өзіміздің мектептің бақшасына қарай тезірек басып кеттім. Айко маған осы арада торлама-дорбасын бұлғады. Мектебіміз сол бақшаның ішінде, трамвай үні естілмейтін жерде болатын. Машинаға мініп қалған қыздар шуласып өлең айта бастады. Айко термос салып алған торлама-дорбасын тез-тез бұлғап кетті. Термостың жалтыраған қақпағы күнге шағылысып күміс доңғалақ жасай бастады. Айконың ылғи сөйтетіні бар. Еркелей біледі. Күлдіре біледі. Жабырқай білмейді. Оқиға мені осы арада ұстап қалды. Жапон аспаны жарылып кеткен шығар деп едім. Тегі, ол жарылып кеткен менің құлағым-ау деймін... Аң-таң, аспанға қарадым. Аспан мен қала арасына ақ қардан жасалғандай аппақ ақ шулан, от пен қарды араластырып жасағандай от шулан бір баған орнап қалыпты. От төгіп тұр, көзің қарай алмас жарық төгіп тұр. Жоғарғы жағы ақ қалпақтанып, бұрқырап қайнап, кеңейіп барады. Төменгі жағы қаланың қай жеріне қадалғанын аңдай алмадым. Жуандығы дейсіз бе? Қалай десем екен?.. Біздің қаланың орта тұсында көрме сарайы болатын. Дөңгелектеу салынған сарай еді. Соның қаңқасы әлі құламай тұр дейді. Бағанның жуандығы маған сол сарайдай сезіледі... Сасқалақтап мектеп жаққа қарадым. Айко! Айко!.. Өз дауысым өзіме естілген жоқ. Айко да жоқ. Машина да жоқ, мектеп те жоқ екен. Бәрі де ұшып кеткендей. Қара күйік бір дала елестейді. Мектеп түгіл оның аржағы да қара күйік дала. Бүкіл дүние қара күйік дала... Бақшаның мен жақ шеткі ағаштары кесе көлденең жапырылып, жер бауырлап, бүксие берді. Әріректегі ағаштар жоқ. Жапырылған ағаштардан ыстық леп келеді. Көйлек түймелері денеме шегедей кіріп барады. Дөңгелене бергенім есімде... Аржағы қараңғылық... Сол қараңғылықта мен жиырма жыл отырмын... Жаңағы көрдім дегендерім әдеттегі түсініктердің баламасы. Оның бірде бірін көзбен көруге болмайды. Көңіліңмен көресің... Менің от, жарық, ақ қар, ақ шулан, от шулан дегендерімнің бәрі де үстіртін баламалар... Ол әлі аты жоқ бәле, ол әлі теңеуі жоқ бәле. Өзгесі былай тұрсын, елім, қырғын дегендердің өзі соған баламаға жарай алар ма екен!.. Тас балқып, темір еріп деген сөздер қай елде де болу керек. Ал, тас пен темір қас қаққанша күйіп, күл болып кеткенін неменеге теңейміз? Үлкен бір қала көзіңді ашып-жұмғанша күл болып аспанға ұшып кеткенін неменеге теңейміз? Ие, енді ол менің жұмысым емес. Мен жиырма жыл қараңғыда отырмын. Қала өңделіп, қалпына келді деседі. Бұрынғысынан көркем де бай деседі. Мендегі арман қалпына келген қаланы бір көру болар еді. Бір-ақ рет! Содан соң көзімді бір жола жұмып алар едім!.. Жұмып алып қараңғылығыма қайта көшер едім. Осы арманымнан мен әлі үміт үзгім келмейді. Үзе алмасам керек... Ауруханада алғаш есім жиналғаннан кейін доктордан сұрағаным да осы, көзімнің жайы болатын. Жеңеше-жан, шыныңызды айтыңызшы, көзім не жайда? дегенмін. Қарағым-ау оның несін сұрайсың... Көзің жайнап тұр! деді мүдірместен.
Жоқ, жоқ!.. Көрмей қалғаның рас. Ұзамай көретін боласың...
О, бет-аузыңда елеулі ешнәрсе де жоқ. Ақ мрамордай бұрынғы қалпында... Шашым ше?.. Шашыңды алдырып тастауға тура келді. Оп-оңай өсіп кететін шашты қойшы, тәңірі... Екі қол, екі аяғым қайда? Бар ма, жоқ па, оны мен білмеймін, сезінбеймін. Алдымен екі көзімді, бет-аузымды сұрастырып жатырмын. Көздерімді сипап көргім келеді. Екі қолым таңулы сияқты. Мүмкін, кесіліп те қалған болар. Аяқтарым да сондай. Қалайда екі көзден үміт үзе алмаймын. Көздерім қалпына келсе, бет-аузымды оңай-ақ ажарлап аламын ғой. Ажарланбайтын не болды дейсің. Ақ мрамордай қалпында демеді ме? Мрамор емес, аққұба болатынмын. Жапон қызының көбі аққұба ғой. Айко маған көзіңе қызығамын деуші еді. Көзіңнің қарасы мөп-мөлдір, ағы көгілдір жарқырап тұрады. Кірпіктерін қою, үш жағы азырақ қайқайып тұрады.. дейтін. Жиырма жыл бойы менің бөлмеме кірген бір адам мені, мына қыз соқыр ма деген жоқ. Соның бәріне кім үйретіп қойды дейсің. Сондықтан мен бетімді ашық ұстаймын. Дауыс шыққан жаққа ығыспай қараймын. Амандасам, езу тартам... Сіздерге де соны істеп отырмын. Егер менің көздерім ағып кеткендей, қабақтарым инемен тігіп тастағандай желімденіп тұрса, сіздер де шошынып кетпес пе едіңіздер? Оның үстіне бет-аузым ілбісін тырнағандай білем-білем болса, қасыма келер ме едіңіздер!.. Жоқ, жоқ, көздеріңіз жарқырап тұр. Жат елдің адамы ретінде айтқан сыпайылығымыз емес, мөлдір қара көзіңіздің қалай көрмейтініне таң қалғандаймыз. Жат елдің адамы ретінде іркілуді лайық көреміз, әйтпесе, осы бөлменің жарығында сіздің көзіңіздің едәуір еншісі бар дер едік... Мен қазір отыз беске шықтым. Жарық дүние мен тіршіліктен айрылған күні он бесте болатынмын. Өзім араласпаған соңғы жиырма жылды өмірге де санағым келмейді. Баяғы он бесімде жатырмын. Көзден үміт үзбейтінім де сондықтан. Осы үміт мені қартайтпай келеді. Көзім жазылған күні мектебіме барам. Баяғы жапырылып қалған ағаштар басын көтеріп, қайтадан әдемі бақша болып кетті деседі. Бұрынғы екі қабат мектептің орнына бес қабат мектеп салыныпты. Фотограф келіп суретімді түсіріп әкеткен. Оны үлкен залға іліп қойыпты. Мектепті бітіруге бір-ақ жылым қалып еді. Ең алдымен соны бітіріп алсам деймін. Токио университетінің бірінде жас балалар тамағының факультеті ашылыпты. Соған түскім келеді. Мен бір көріп қалған қара күйік дүние қайтадан көгеріп, қала қайғысын ұмытқан деседі. Қайғылы қала, қара жамылған қала жақсы емес әрине, ұмытқаны жөн. Бірақ, адамдар бекер ұмытады. Көзім жазылса, сол күнгі көргенімді жазу арманы да бар... Мен оны кезімді беріп көрдім ғой! Көңілімде бәрі сайрап тұр. Алғашқы жылдары көңілім күнде үстемелеп, анықтай түсуші еді, соңғы жылдарда кей бірдемелер күңгірттене бастады. Көзім тез жазылмаса, біраз нәрселер ұмытылуы да мүмкін... Менде айғайлап айтар дауыс жоқ. Ақырын тізбектеп қағазға түсірсем бе деп едім... Хиросима төбесінде атом бомбасы жарылғаннан кейін дүние шулап қарсылық білдіріпті. Ол кезде мен әл үстінде едім. Қарсылық қатал болды ма, қорқу, ықтау араласты ма, мен оны білмеймін. Сіздің елдер қайтты? Ә, солай болған шығар. Біздің қаланың қақ жарты халқы екі секундта қырылып қалды. Жанып, күл болып кетті. Күл болып кетпегендері қолдан өртелді. Бұл соғыстың қала емес, қатын-қалаш, бала-шаға, кемпір-шалдың бейбіт қаласы болатын. Біреуге істеген зұлымдығы да жоқ әзірлеп жатқан қауіп де жоқ, қызығары да жоқ қала еді. Менің балаң ойым әлі жетпейді, біз не жаздық, кімге жаздық? Еркек жоқтықтан көрші поселкенің мектебін жөндесуге кетіп бара жатқан қыздардың жазығы не? Жиырма екі қыз бір сәтте күл болды, тозаңға айналып кетті. Жиырма үшінші мен ғана аман қалдым. Аман қалдым деймін-ау, қай бір амандық... Бұлтсыз күні жаңбыр күткен шерменде. Айко қандай еді! Тар үйшіктерде аш-жалаңаш тұратын төрт-бес кемпірдің сүйеніші болатын. Ерке дауысымен, ақ жарқын мінезімен сүйеніш болып тұрып еді. Айко бір түйір күріш, бір уыс жуа, бір балықтың құйрығынан бір үйге жететін тамақ істей алатын... Сен айтып болғанша, ол істеп үлгіретін еді. Екі қолындағы он саусағы он қолға тұратын. Ол менің көзіме қызықса, мен оның көзіне қызығушы едім. Кейде жаңа көрген ой жәбіршіге қарғыс айтқысы келеді. Дүние желі олай соғып, бұлай соғып, бір теңбіл шаңды соның ішіп отырған шайына апарып түсірсе қандай жақсы болар еді дейді. Аржағы белгілі, о да сондай мүгедек... Туатын баласы қиқы-шойқы, жарымжан... Баласының баласы тағы сондай... Жоқ, бұл ойды мен өсірген емеспін. Мұндай ой келмеді, келмейді десем, сенбеңіздер. Талай келді, булықтыра келді. Біраз жылдар бұқтырып қойып жүрдім осы, кезде түгел өшіріліп кетті. Қай елде де бұл жамандықты жауыма да тілемеймін дейтін сөз болу керек. Ол бізде де бар. Ел жапон қонақжай, мейірімді халық. Мен ол бәлені ешкімге де тілемеймін. Әсіресе, тоқсан қабат, жүз қабат үйлердің мұндай апатқа ұшырауын тілемеймін. Сол үйлердегі құмырсқа илеуіндей ығы-жығы тұратын адамдардың үйіліп, өртеніп жатқанын тілемеймін. Дүние желі ерсілі-қарсылы соққанда өңкей бір таңбалы шаңдарды, теңбіл шаңдарды бұрқыратып жүруін тілемеймін. Сондайды жоқ ететін күштердің өсуін тілеймін. Көп адамдармен жолыға берген соң, көп қайталап айта берген соң мүмкін, менің сөздерім өзімдікі емес үйретінді, өзімдікі болса жаттанды көрінер, Оған істер амалым жоқ. Менің тіршілігім үмітімде. Үмітім өз қолымда емес. Басқалардың үміті неде, оны өздері айтар... Ай, көзім жазылса екен, көзім!..
ТАСТЫҢ ӘҢГІМЕСІ
Мен қара мрамор, қара таспын. Адам қолынан өткен соң айнадаймын. Алдымдағының бәрін көремін, түгел көремін. Адам күнге қарай алмайды. Мен қарай аламын. Адам қызыға қарайды, қуана қарайды, қорқа қарайды. Мұның бірі де дұрыс көру емес. Менде ондайдың бір да жоқ, мен анық көремін. Мен түнде ғана көре алмаймын. Мен қара мрамор, қара таспын. Көргенімді ғана айта аламын. Мен адамның қуанышын да сезінбеймін, қайғысын да сезінбеймін. Менде көргенімнен бұзылар көңіл де жоқ. Мен қалай көрсем солай ғана айта аламын. Менің куәлігімнен адам өзі қандай қорытынды жасар, оны адамның өзі білсін. Ол мейрам күні емес-ті. Бұл кезде бұл елде мейрамға ұқсар еш нәрсе жоқ-ты. Соғыс салмағынан жаншылып, жеңіліс азасын енді ғана сезіне бастаған ел езу тартуға ұялатын. Менің алдымнан ылғи жабырқау адамдар өтіп жатты. Көпшілігі балғын жастар, оқушылар, әйелдер мен кәрілер. Жемірілген өкшелер, жырым-жырым шалбар балақтары өтіп жатты. Қабақтары түюлі, үсті-бастарына қара май, көгалжім, сарғылт бояулар жұққан, шалбар тізелері бұлтиып кеткен жұмыскерлер мана, күн шықпай өткен. Соғыстан бұрын қыздар менің тұсымнан өткенде көздері бір жарқ етіп қалушы еді, қазір ол да жоқ. Балалар мойны жіңішкерген, әйелдер еңсесі түсіңкі, барлық адам кішірейіп, шөгіп кеткен. Бірен-сарандаған соғыс машиналары үн шығармай, ұрланып қана кетіп барады. Бұған дейінгі кеудем соқ, әлгі жүрістің уақыты өтіп кеткендей. Аспан бұлтсыз, күн шандай ыстық еді. Қаланың орталығын түгел орап алған орманды таулар ыстықтан балбырап, мүлгіп тұр. Менің бетіме жібек көйлектің желпігеніндей де леп келмейді. Көше бойындағы ағаш жапырақтары әлдеқандай дыбысқа тоса қойған құлаққа ұқсап тынып қалыпты. Қала төбесінен жарты километр биікте әлдене бұрқ етті де от жолақ аппақ бағана орнай қалды: жоғарғы жағы бұрқырап қайнап, бұйраланған ақ қалпақ, түбі қаланың дәл орталығына қадалыпты. Жан-жаққа мен көріп-білмеген от тасқыны, жарық тасқыны гу ете түсті. Қала отқа түскен қағаздай бүрісіп бір қалды да жоқ болды. Темір жанып күлге айналды. Тас жанып тозаңға айналды. От пен жарық сұрапылы көзіңді ашып-жұмғанша қаланы тозаңға айналдырды да үлкен бір өңеш барлық шаң-тозаңды суырып-сорып аспанға ұшырып әкетті. Қала орнында кедір-бұдыр қара күйік қалды. Мен, құлағым болса, аспанның жарылғанын естідім дер едім. Содан саңырау болып қалдым дер едім. Бірақ, мен қара таспын, еш нәрсені естігенім жоқ. Аспаннан жерге найзадай қадалған от тасқыны менің алдыма әкеліп бір топ адамды үйіп тастады. Бәрі де атылып келіп түсті. Бәрі де зеңбірек өңешінен атылғандай пәрмендеп келіп соғылып жатыр. Аяқ-қолдар үзіліп кетіпті. Бастар мылжа-мылжа... Адам басы тасқа келіп соғылмауға керек екен де... Менің бетіме шұбатылған адам шектері келіп жабысты, адам қаны шашырады. Шектер жабыса беріп күйіп кетті, қан шашырай беріп күйіп кетті. Ауа отқа айналды. Трамвай аялдамасында ығы-жығы адам. Іші-тысы толған адам, трамвай орнынан қозғала берді де лап етті. Трамвайдың темір қаңқасы бір сәтке ғана көзге ілікті де жоқ болды. Ығы-жығы болып тұрған адамдар да ғайып болды. Адам күйгенін сезінген жоқ, өлгенін сезінген жоқ. Егер жетпіс бес мың адам күйгенін сезініп, ауырсынып ыңыранғанын естісең не болар еді?! Мыңдаған жас балалардың мөлдіреген қара көздері күйіп жатқанын көрсең не болар едің?! Мыңдаған мектеп қыздарының киімдері лап етіп кетіп, жалаңаш қалған балғын дененің қуырдақтай шыжылдап қуырылып жатқанын көрсең не болар едің?! Әйтеуір мен соны көрген жоқпын. Жылан тілі жылт еткендей ғана уақыт өтті, қала жоқ болды. Лезде қала орны кедір-бұдыр қара күйік дала болып қалды. Қарсы беттегі тау бектеріне шыққан қалың орманның жапырақтары жұлқына бұйраланып алай-түлей болды да, күзді күні топталған қара торғай сияқтанып бұрқ етіп ұшып кетті. Тау бөктерінде мыңдаған піл өліктері жатқандай. Қаланы өртеп, шаң-тозаңға айналдырып ұшырып әкеткен бәлені тұра қуғандай жел аңырап кетті. Жолында жеңіл үйлер кездессе бұ да жұлып әкететін. Құйындатып, ұйытқып соғады. Қаланы талай кезген жел, қала бақшаларын талай иіскеген жел бүгін қара күйікті иіскелеп жүр. Қара күйік тым үлкен, бүкіл бір елдің басына қара жамылуға жететін. Қара күйіктің алау-жалауы басыла бергенде тіршілік қозғалысы белгі берді. Алдымен аң-таң алақтаған балалар көрінді. Аң-таң болмасқа амал жоқ. Бала түгіл үлкеннің ойына мұндай апат барлығы келген емес. Бұл дүниеге бірінші рет келген апат. Адам жасаған, адамның өзін қыру үшін жасаған апат. Балалардан кейін қара күйіктің маңайына әйелдер, шалдар келді. Айнала қаранады, қаланы іздейді. Таба алмай жүр. Таныс дүниесін тани алмай қалыпты. Таба алмассың да тани алмассың. Адам, сен оны іздеме, қара түнек қайдан қопарылып кетті, соны ізде! Зұлымдық ордасын өрте! Қара күйіктің қақ ортасында бір-ақ үйдің қаңқасы көрінеді. Айналасы тып-типыл. Бұл бес қабат, төбесі киіз үй сияқты көк күмбез, дөңгеленіп бітетін үй болатын. Өзі де дөңгеленіп салынған үй. От найзалар тура қадалмады ма, әлде дөңгелене салынған үйге соғылған от топаны екі жағынан сусып кетті ме, әйтеуір сол үйдің қаңқасы аман қалған. Қара күйікте қыбыр-қыбыр тіршілік басталды. Быт-шыт болған, қуырылып қалған адам денелерін өртеп жүр. Адам өртенген ұясының орнын тазалап жүр. Біреудің қолын, біреудің басын, енді біреудің әлде неменесін тауып алып, шөмелелеп, үйіп өртейді. Менде естір құлақ болса, ең ауыр азап осы болды дер едім. Ұзамай менің қарсы алдымда бірнеше жазулы тақтайлар пайда болды. Апат отының ыстықтығы үш жүз мың градус екен. Апат оғы қадалған жердің айналасы бір километр көлемінде жанды-жансыз түгел жоғалыпты. Одан әріректе апат күші бәсеңсіген. Тас пен темір балқып барып есін жинаған. Жан иесі бұл маңайда да түгел қырылған. Мен қара мрамор, қара таспын. Айлар өтті, жылдар өтті, мен оны санай алмаймын. Мен мәңгілік уақытты ғана білемін. Қазір баяғы қала қайта орнына түсті. Бұрынғысынан биік те көркем, көшелері кең. Қара күйіктен із қалған жоқ. Адамдар жабылды, таулар жабылды, сулар жабылды. Бақшалар тірілді. Бұл жөнінде адам еңбегін жыр қылып айтуға болар еді. Бірақ, менің айтайын дегенім ол емес, анау сұрапыл апат жайы. Темір өртенген күн, тас өртенген күн жайы. Ұмытпа демекпін. Сақтан демекпін. Апат топаны қадалған, қаланың қақ ортасында қазір биік тас ескерткіш тұр. Он қолын жоғары көтеріп, сұқ саусағымен аспанды меңзеген адам мүсіні. Сол қолын көлденең сермеп, бейбіт тіршілікті нұсқайды. Екі көзі жұмулы, енді аспаннан апат келмеуін тілеп отырғандай. Менің айтарым да осы ғана. Ол үшін не шара бар, оны адам тастан сұрамас деймін...
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру