TELEGEI

Home

Баубек Бұлқышев туралы мақала-естеліктер

Баубек Бұлқышев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Баубек Бұлқышев туралы мақала-естеліктер

Жазу үшін көп білім керегін түсінген қаламгер қаһарман халықты, жастық дәуренді жыр етті. Ақынның жауға қарсы қарумен бірге жұмсаған қаламы да еш кетпеді. Саналы, азат өмірді аңсаған әр азаматқа рух берді. Өлеңдерімен өмірді жырға қосты. Отанға деген кіршіксіз махаббатын қаламына арқау ете отырып...

МҰҚАН ИМАНЖАНОВ

БАУБЕК БҰЛҚЫШЕВ

(Қысқаша өмірбаяны) Әдебиетте жарқ етіп көрініп, тез сенген, жастай кеткен Баубек Бұлқышевтың шағын өмірі әрі аянышты, әрі қызықты. Жаңа сілтеп келе жатқан қаламы еске түссе өкініш келеді, дауылды өмірі, ерлік ісі еске түссе бойыңды мақтаныш билейді. Оның өмірі — нағыз совет жасының өмірін елестетеді. Ол 1916 жылы Ұлытаудың баурында (Қарағанды облысы ) туды. Алғашқыда ауыл мектебінен оқып сауатын ашты. Бұдан былайғы оқуына жақын туысы Сейтжан Смаилов деген мұғалім көп ықпал жасайды. Бұл кісі Ұлы Отан соғысы жылдарында, Ұлытау поселкесінде оқытушы болып жүріп қайтыс болды. Баубек жастайынан алғыр, өжет болып есті. Қалада оқып, білім алуға ұмтылады. Жоғарыда айтылған ағасының көмегімен 1932 жылы Қарсақпай заводындағы фабрика-завод училищесіне келіп оқуға түседі. Нақ осы жылы әкесі мен шешесі қайтыс болады. ФЗУ-ды бітіргеннен кейін Баубек 1933—1934 жылдары «Ұлытау» совхозында түрлі шағын қызметте болды. Осы уақыттан бастап ол көркем әдебиетті құмарта оқуғa кірісті. Түрлі әзіл өлеңдер жазып жүреді. Бірақ бұл кәсібін құнттамайды, жазғандарын сақтамай ескерусіз қалдыра береді. 1935 жылы августың орта кезінде Баубек оқу іздеп Алматыға келеді. Институтқа түсерлік тиісті білімі болмағандықтан техникумдардың бірін қалауға тиіс болады. Өзімен бірге келген ересек жолдастары оған есеп - экономика техникумына түсуіне кеңес береді, осы кеңес бойынша техникумның даярлық курсына түседі. Ол алғашқы жылы сабақты жақсы оқиды. Сонымен катар, көркем әдебиетті, әсіресе орыс тіліндегі әдебиетті оқумен айрықша шұғылданады. Өлең жазуды да шыңдап қолға алады. Түні бойы кітапқа үңіліп, көрер таңды көзімен атқызып жүрген күндері де аз болмайтын. Әдебиетпен шындап айналысқан Баубек техникумның екінші курсында есеп қызметкері болу мамандығынан мүлде суып, оған селқос қарайтын болады. Уақытының көбін әдебиетке арнап, соның қызығына түседі. Қызға арнап өлеңдер шығарады. «Балалалық шақ» деген поэма, «Ауылдан Алматыға» деген ұзақ әңгіме жазады. Бірақ бұл екі еңбегінен, «нашар нәрселер» деп, артынша өзі тез жерінеді. Ешкімге көрсетпей, тығып тастайды. Қазір бұл екі еңбегі қолда жоқ. Өзінің жыртып тастауы да ғажап емес. Баубек бұл жылдары әлеуметтік тақырыпқа да өлеңдер жазып жүрді. Бұл жазғандарын «Лениншіл жас» газеті, «Қазақ әдебиеті» (қазіргі «Әдебиет және искусство») журналы сияқты баспасөз орындарына ұсынып кергені де бар. Бірақ басылып шыққаны болған жоқ. «Осы техникумды қоямын-ау деймін. Бір редакцияға өлең апарсам, соңындағы адресімді көріп, бетіме тесіле қарайды. Бухгалтер мен ақындық бір жерге ауыл-үй қонбайды ғой дегендей болады бұл қарасы», — дейтін әрі әзілдеп, әрі ренжіп. Рас, оның бұл кездердегі жазғандарының көпшілігі шын мәнінде өлеңдік дәрежеге көтеріле алмаған, жаңа талаптың алғашқы аңғал адымы еді. 1938 жылы техникумның екінші курсын бітіріп, жазғы каникулда елге бармастан қазақтың мемлекеттік баспасында іс басқарушы болып уақытша қызмет істейді. Осында жүріп «Айсұлу» атты ұзақ поэмасын бітіреді. Бұл поэманы кейбір жеке ақындар ұнатады. Сол кездегі баспаның директоры ақын Ә. Сәрсенбаевтың ұсынуымен Баубек Қазақстан Жазушылар ұйымының жанынан ашылған жас ақын жазушылардың екі айлық курсына алынады. Бұл курсқа алынған соң, ол техникумнан арыз беріп босанады. Курсты сол жылы 30 ноябрь күні бітіріп, Жазушылар ұйымының жолдамасымен «Лениншіл жас» газетіне барып, әдеби қызметкер болып орналасады. Мұнда біраз істегеннен кейін «Октябрь балалары» (қазіргі «Қазақстан пионері») газетіне балалар творчествосы бөлімінің меңгерушісі болып жоғарылатылады. Осы жылдары ол бірнеше өлең, әңгіме, әдеби мақалалар жазады, орыс ақындарынан аудармалар жасайды. Бүл еңбектерінің бір қатары «Октябрь балалары», «Лениншіл жас» газеттерінде, «Пионер» журналында басылып шығады. «Октябрь балаларында» 1940 жылдың февралына дейін істеп, сол айдын 28-і күні армияға алынып, Москваға кетті. Онда саперлар даярлайтын училищеде оқиды. 1938-1940 жылдар жазушының болашақ кен өрісіне іргетас болып қаланды. Жазушылыққа мол негіз салды. Бұл жылдардың көбін ол Алматының кітапханасында том оқумен өткізді. А. Пушкин, М. Лермонтов, Л. Толстой, А. Чехов, М. Горький, Байрон, Шиллер, Гете, Шекспир сияқты ақын-жазушылардың шығармаларын терең зерттеп оқуды күнделікті әдетіне айналдырды. Философия, тарих сияқты әлеуметтік басқа ғылым саласымен шындап танысуы да осы кезден басталады. «Жазу үшін білу керек екен, көп білу керек екен. Мен осыны мықтап ұғынған сияқтымын» дегенді ол жиі айтатын болды. Баубек қанатты ой иесі, арманшыл жас еді. Ол шат өмірді, жастық дәуренді, қажырлы күресті, қаһарман халықты, жүрекке нұр құйған заманды жыр етуге асықты. Ұлы іс ұлы жырды керек ететінін жақсы сезінді. Ал ұлы жырды бір ғана талант пен елді сүйген жүрек қана емес, арнасы мол білім тудыратынын ұқты. Сондықтан да ол: «Жазуға асықпау керек, білуге асығу керек», — деп білді. Көлем жағынан шағын, маңыз жағынан үлкен бұл еңбектің авторы политруктың орынбасары Баубек Бұлқышев еді. Баубектің осы еңбегі оның соғыс жылдарындағы творчествосының бастамасы болды. Отандас құрбылары оны бірден таныды. Майданнан, тылдан, Совет Одағының барлық түпкірінен оған хат жауды. Бұл хаттарында олар: «Сен біздің бәріміздің жүрегіміздегі сөзді айттың», — деп сүйсінді. Жау Кавказға төнді. Отанымыздың оңтүстік аудандарында қиян кескі ұрыс басталды. Жас ұлан, жауынгер жазушы «Тыңда, Кавказ» деп саңқылдады. Отан соғысынын тарихындағы ең сұрапыл және шешуші 1942 жылда Баубектің үні осылай шықты. «Комсомольская правда» мен республикалық «Социалистік Қазақстан» газеті беттерінде оның еңбектері үзбей басылып турды. Ол екі тілде: орыс, қазақ тілінде жазды. «Мен өмір сүргім келеді», «Заман біздікі», «Шығыс ұлына хат», «Ескі карта туралы ойлар» сияқты еңбектерін газет бетінен оқушы жұртшылық құмарта оқыды. Баубектің жазғандарын совет жастарының сүйіп оқығанын оның өз хаттарынан - ақ айқын көруге болады. «Өмір мен өлім туралы» әңгімесінің газетте жариялануына байланысты бір хатында былай деп жазады. «Комсомольская правда» арқылы патриоттардан статья жөнінде кеп хат алдым. Әсіресе украин мен белорустың қыздары кеп жазады. ...Мен бұл кішкентай статьямен жастардың жүрегіне қобыз ойнатсам керек...» «Мен өмір сүргім келеді» деген әңгімесі жарияланғаннан кейін жазған бір хатында: «Мені хат деген басып кетті. «Өмір сүргім келеді» туралы Совет Одағының бұрыш-бұрышынан 200-ден аса хат алдым», — дейді. Бұл хаттардың көбі сақталмаған. Қолда қазір не бары бірнеше - ақ хат бар. Орыс әдебиетінің ізгі дәстүрінен үйреніп, жана қанат қағып келе жатқан дарынды жас кемеліне келе алмай кетті. Казак совет әдебиеті үшін тың арна — жалынды публицистикадан бастап, күрделі прозаға, романға бет қойып келе жатқанда 1944 жылы март айында Ново-Юльевка селосында Отанының азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы күресте қаза болды. «Алматылықтар» деген соғыс тақырыбына жазылған үлкен романы аяқталмай қалды. Соғыстың сұрапыл өрті ішінде жауға қарсы ұрыста жүріп, окоптарда білте шамның жарығымен, кейде айдың сәулесімен жазып та Баубек әдебиет майданында едәуір еңбек етіп кетті. Оның 1943 жылы Алматыда «Заман біздікі» деген әңгімелер жинағы шықты. Осы жылдың басында таңдаулы өлеңдері мен әңгімелерінің жинағы басылды. Жауға қарсы қаруымен бірге қаламын да жұмсаған Баубек советтік отаншылдықтың тамаша үлгісін көрсетті. Оны совет мектебі, комсомолы тәрбиелеп өсірді. Лениншіл жастар одағы оны даңқты партиямыздың қатарына қосты. Саналы, азат өмірдің құшағына бөлеген, өшпес бақытқа бөлеген советтік Отанын ол жанындай сүйді. Оның болашағы жолында азаматша қызмет етіп, азаматша күресті, азамат өлімімен қаза тапты. «Н. Островский өз өмірін жаман өткен жоқ деген. Сонда ол он жеті рет атакаға қатысқан, азамат соғысының мықты күресшісі болған. Күреске сіңген еңбектерін қорыта келіп өмірін тек өтпеген деп шешпей ме. Міне, өмір — күресте. Мен де солай ойлаймын... асылы, алысып өлген адамның өлімі — өмір», — дейді патриот жауынгер жазушы. Ақтық минутына дейін еліне, Ленин партиясының ұлы ісіне шексіз беріліп, мүлтіксіз қызметпен совет армиясында қатардағы жауынгерден аға лейтенантқа дейін өскен, коммунист жазушы Баубек Бұлқышевтың қысқаша өмір жолы, міне, осындай.

1949 жыл.

МҰҚАШ БИМАҒАМБЕТОВ

БІЗДІҢ БАУБЕК

- Мұқа, өз замандасыңыз Баубек туралы не айта аласыз? — дегеніме жалт қараған қарт ойланып отырып қалды. Өзінен-өзі іштей күбірлеп, анда-санда «иә, Баубек туралы ғой» деп маңдайын сипағыштап қойып отыр. Шашын, қас-қабағын күміс қырау шалған кісінің маңдайынан шып-шып тер де шықты. Көзі сәл жасаурап, екі иығын қомдай қозғалып, бір нәрсеге тықыршыған сыңай байқатады.

- Ол менің бауырым ғой, бауырым. Осы жерде оның аты аталу мені қазір бұдан жарты ғасыр бұрын ұмыт болып кеткен балалық шағыма қайта оралтты. Әркім өзінің қатарымен ғой. Қазір әр жерде қалған кетік тістей сирей бастаған тұстастарым бар. Бірінің күні кешегі сұрапыл соғыста, кейбірінің ағынды өмір бұрылыстарында кезден ғайып болғанын да білемін. Расында Баубектің қатары, тұстасы, құрдасы, көз көргендері дейтін біздер азайып барамыз, — ол тағы бірсыпыра үнсіз қалды. Әр сөзін санап, толғанып сөйлейтін кісі екен. Тіпті асығар емес. Тұнық әр кез сабыр сақтап тұратын қоңыр көзін маған қадап алған:

- Біздің Баубек жібектей созылған салмақты мінезді, барынша ақ жарқын жан еді, — деп әңгімелеп кетті ол одан әрі. — Әке-шешесі де қалтқысыз, басқаға дегенде құрақ ұшып тұратын ақ көңіл кісілер болатын. Бұлқыш сөзшең, орып сөйлейтін, ауызының желі бар сөзуар адам еді. Бұлқыштың сол мінезінен бе, әлде барын дастарқанына төгіп, базарлай білетін Бәтима жеңгейдің кең қолды сақылығынан ба, әйтеуір ол үйге кісі үйір еді. Шаруашылығының жұпыны кедейлігіне қарамастан, Баубектің үйі әр кез сондай берекелі, көңірсіп тұрумен де қонақжайлы болатын.

Баубектің әкесі сөзуар болса, шешесі Бәтима да әзіл - кеш, ойын-сауықта көңілді отыруды ұнататын ашық жанды кісі болды. Ол кезде сирек болса да болып тұратын ойын-тойдың гүлі еді. Шырқап салған әні әлі құлағымнан кетпейді. Бәтима жеңгей ән шырқағанда, таңдайын қақпайтын, тамсанбайтын кісі болмайтын. Сондай әке-шеше Баубегің де кең пейілді, өнер құмар, сүйкімді азамат етіп есіруге тырысатын-ды. Мен Баубекпен катар өстім. Бір жылда туған, қазір көздері тірі, ағайынды Жәкі, Сәрсен Жұмановтар, Өтеубай Сақанов — бәріміздің бала шағымыз осы Сарлық бойында өтті. Баубектің туған жері де осы жер, — терезеден көріне қоятындай Мұқаш қария мойнын толған әйнекке көз тастады, — осынау тұста төрт-бес шақырымдай-ақ жерде қолдан құйған шикі кесектен қаланған Баубектің сәбилік шағы мен балалық дәуірі өткен Бұлқыш үйінің қазір орны, тек сұлбасы ғана қалды. О, дариға десеңші, сол ескі қора-жайдың тұсынан әлдеқалай ете қалсам қарқылдап мәз болып күліп отыратын Бұлқан мен жайлау жанды Бәтима жеңешемнің сыңғырлаған үні құлағыма келеді. Бәтиманың шырқап салған әні... Баубекті айтсаңшы... «Болатын баланың бесіктен иығы шығып жатады» дейді ғой халық. Сол рас екен. Осы күндері ойлап отырсам, 11-12 жасқа дейін балалық шағы бірге еткен Баубек сонау сәби кезінен-ақ басқамыздан ерекше екен. Ол жасынан елгезек болатын. Үлкеннің сөзін екі етпейтін тілалғыш еді. Сол мінезі оны ауылымызға сүйкімді көрсететін. Үлкеннің алдын кесіп өтпейтін, үлкеннің бетіне ажырайып қарамайтын сол мінезі үшін бүкіл ауылымыз тілалғыш бала деп құрметтейтін. Ол өте сезімтал, зейінді, алғыр еді. Алғаш мектеп есігін де бірге аштық. Тұңғыш мектебіміз Қорғантас деген жерде болатын. Менің білуімше, осы мектеп — Ұлытау өңірінде Совет өкіметі орнаған кезде ғана ашылған, біздің дарқан даламыз үшін зор оқиға болған мектеп еді. Сондықтан болар, бүл күнде тек орны ғана қалған Қорғантас мектебі біздің хат танып, білім алуымыз үшін әлемнің алып дарбазасындай болып елестейді әлі маған. Біздің оқытушымыз кезінде Ұлытау өңірі, тіпті Сарыарқа даласы үшін үлкен білімдар саналған Сейітжан Смайылов, аса мейірімді кісі еді. Өзінің келбетіне қарай ақылдылығы, қамқорлығы, пейілі де басқадан биік тұратын. Біздің сәби жанымызға алғаш ізгілік нышанымен білім шуағын дарытқан да сол қадірмен аға еді. Бір тоға орыс тілі, төте оқу тәрізді, жазу-сызу пәндерін терең меңгерген ол үнемі білгенін балаларға үйретуден жалыққан емес. Өзі Октябрь революциясы алдында ғана Троицк қаласындағы медресені бітіріпті. Қайсыбір өркен болмасын білгір диқан қолынан ғана өз бабын табады емес пе, кезінде біз де солай өмірге көз ашып, білім алған едік. Сейітжан ағаның мейірбан қоңыр даусы, Бибігүл жеңгеміздің бауырмал мінезі бізге кеп ықпал етсе керек. Секең де, Бибігүл де сол кездегі ауыл баласы ішінен басқамыздан гөрі Баубекті тым ыстық көретін. «Мұның басы алтын ғой. Баубектің ашуына тимеңдер, егер бұл ашуланса, самай шашына караңдар, тікірейіп кетеді. Намысқой жанның, қуатты, ақылды кісінің белгісі бар», — дейтін. Онсыз да орынсыз сөйлеп, үндемейтін Баубектің ақ жарқын мінезін көп көретін мен зәуінде болмаса ашуланғанын көрген емеспін. Ол сирек қозғалатын жанартаудай тұлғалы азамат еді сәби жасынан. Баубек екеуіміз алғашқы оқуды сол Сейітжан ағаның үйінде жатып, Қорғантас мектебінде бастадық. Тумысынан алғыр Баубек шу дегеннен-ақ ез құрбыларынан зерек екенін танытты. Оқуды үздік оқыды. Қай пән болмасын ол қиналмай-ақ тез игеретін. Ал әдебиет, тарих, география пәндері Баубек үшін оп-оңай көрінетін. Бір естігенін ұмытпайтын, бір көргенінен жаңылмайтын ол бұл пәндерді лезде жаттап алушы еді. Баубек әр сабақты дайындаған кезде көн ойланып, көп толғанушы еді. Бейсеубет жүру, ойынға салыну оған жат болатын. Сол үшін де ұстаздар Баубекті жақсы көруші еді. Ол нәзік жанды болып өсті. Әлі есімнен кетпейді. Жаз айы, шілденің орта кезі. Ауыл балалары осы Сарлық өзенін жағалап келе жатқанбыз. Ойын баласы кезіміз ғой. Елен етіп, алға қарай ұмтыла түскен Баубек:

- Тыңдаңдар, дәу де болса қоянның жылаған даусы, — деді қара көзінен от шашып. Сөйткенше болмай, қоянның жан даусын бәріміз де естідік. Әлгі дыбыс шыққан жаққа жүгіріп келсек, бір ителгі өзен жағасында қоянды домалатып, жүнін додалап жатыр екен. Бізден үріккен ол далбақтап ұша жөнелді. Қанша айтқанмен тырнақты пәле емес пе, қоян байғұсты едәуір жаралап тастапты. Бәрімізден бұрын қоянға қолы тиген Баубек:

- Міне, жыртқыштық. Өй, мұнын не жазығы бар. Әлі жеткен әлсізді осылай қорлай бере ме екен, — деп сөйлей жүріп, денесінен жосадай болып, қаны аққан қоянды аялап жүр. Қанын жуып, тазартып болып: — Ал, бар, бұдан былай сақ жүр. «Бері жоқ деме бөрік астында» деген осы, — деді де қоянды босатып жіберді. Кирелеңдей басып кетіп бара жатқан қоянның артынан ойлы пішінде қарап тұрған бейнесі әлі кез алдымда.

- Бұл — адал аң. Бізге бұйырған шығар, бауыздап алайық — деген басқамызға:

- Жоқ, әне, көзіне қараңдаршы, жылап тұр. Жыртқыштан босатып алып, енді оған пышақ жұмсау тағылық болар. Ол да өзіміздей жан иесі, тимейік, еркін даласына барсын, — деген еді.

Осы оқиғаны ауылға айтып келгенімізде жасы сол кезде сексеннен асқан бір қарияның:

- Бұлқыштың баласы адам болады екен. Сәби күнінен жүрегінде жылылық, мейірім орнаған адам. өскенде де күндей шуақты болады. Қорлық көргенге қол ұшын бергенге не жетсін, — дегені әлі есімде.

Тағы бірде кешқұрым ауыл сыртында келе жатып аяғымның астында жатқан жыланнан қатты шошынғаным бар. Қасымда Баубек болатын. Менің секіріп түскен жеріме келген Баубек:

- Әй, мына жауыз қара торғайды жұтып жатыр, бірақ тамағынан әрі өтпей кептеліп қапты, қақалып жатыр өзі, — деп қолындағы таяғымен жыланды басқа түртіп еді, айбат шеккен жылан құйрығымен жер сабалады. Өзі де білектей, шұп-шұбар екен. Көзі ұясынан шығып, құйрығын баурына жинап, атылардай болып жатыр.

- Мұқаш, — деді Баубек, — әкем жазықсыз жанға жәбір берме деп күніне мың айтатын еді. Ал, мынаны қайтеміз? Момын торғай бұған не істей қойды дейсің. Онымен қоймай қарашы, құйрығымен жер сабалап, бізге де айбат шегуін, көзін тесірейтуін, — деп үлкен адамша тебіренгені әлі есімде.

Біздің Баубек өз қатарының қарулысы да еді. Бір ауылдың құрбылас балаларын Өтеубай Сақанов шетінен қирата жығатын. Мұндай ойын кезінде Баубек өзіне біткен сабырлықпен үнемі қалыс қалып тұратын. Сондай ойынның бірінде бәрімізді жығып, шоқтығы көтерілген Өтеубай:

- Мына Ұлытау төңірегінде мына дәдеңді жығатын ешкім жоқ! — деп бөспесі бар емес пе! Бұрын сөйлей қоймайтын Баубек:

- Әй, Өтеубай, бекерге мақтанып не керек! — деді.

- Немене, күресейін деп пе ең? — деп Өтеубай да оған жалт қарады.

- Күрессем ше?

- Күрессең, қабырғаң бырт-бырт сынады да қалады, — деп Өтеубай саусақтарын тарбитты.

- Қойсаң деймін...

- Қоймаймын.

Екеуі аяқ астынан ерегесіп қалды. Күрес басталып кетті.

Өтеубай жылдам қимылдайтын, шапшаң еді. Ол шу дегеннен-ақ Баубекті үйіре жөнелді. Құшақтап, белін қайыстырып бұрап алды. Бірақ оған Баубек беріле қоймады. Топшысын қаттырақ сермеп, бұлқынып, тезірек қимылдаған бойда Өтеубайды жерден көтеріп-ақ алғаны.

- Ал, Өтеубай, лақтырамын, — деді де алып соқты. — Құр босқа мақтанып, даурығасың. Айқайдан көтерілген жаңғырықтай бекерге өзеуреп не керек, — деді де аяңдап жөніне кете берді.

Баубектің нелер ерке мінезі де болатын. Жеңгелері қатты сыйлайтын. Жеңгелердің уытты сөзін көп тыңдап өсті ол. Бірде сол көп жеңгенің бірі:

- Қоңыр тентек,— деп дауыстап, Баубекті шақырып алды да, — тоңа қоймассың, сонау шіліктің арасында осы ауылдың бір топ бұзауы жүр, барып қуып келе ғой, — деді. Көзінен ұшқын жалт еткен Баубек сәл тұрды да:

- Жарайды, — деп жүгіре жөнелді. Бірге тұра жүгірген біздерді қайтарып жіберді жолдан. Бірақ көп кешікпей бұзауларды қуып келді де, әлгі жеңгесіне:

- Дана жеңгей, әне, бұзауларың келді, байлап ал, — деп дыбыс берді. Расында бұл жеңгеміздің түскеніне кеп болмаған еді. Үлбіреген күйі. Артынша әлгі жеңгейдің үйінен қақалып-шашалып шыққанын көрдік. Ал Баубек үйдің төбесінде, пештің аузында отыр. Оны шыға сала байқаған әлгі жеңгей:

- Қалқам-ау, оның не, үйді түтін алып кетті ғой, — дегенде:

- Тентек адам не істемейді, — деп бұрылып жүре берді. Ол сондай намысқой болатын. Кейін жеңгелері «мырза жігіт» атап кетті.

Келесі жылы Баубектің үйі Қарсақпайға көшті.

Мұнда бізді оқуға әкеліп жүрген сол кезде ел ағасы атанған Болысбек Хасенов деген адам. Ол да Сейітжан сияқты оқыған кісі еді. Ақ құба жүзді, көкшіл көзді кісі болатын. Ол да: — Бәріңнен Баубек озады. Ол оқуды жақсы көреді. Оқу — өмір көзі. Ал, көзі бар — тірлік иесі, халыққа пайда келтіреді, — деп отыратын ақылды жан еді. Арада екі-үш жыл өткен соң Қарсақпайға мен де келдім. Бүл Баубектің ФЗУ мектебінде оқып жүрген кезі еді. Анадайдан мені көре сала ол тұра жүгірді. Екеуіміз құшақтаса кеттік. Қатты сағынып қалыппыз. Ол да, мен де кезек-кезек сүйісіп жатырмыз. Сол Баубек қазір де көз алдымда. Жас кезін адам ұмыта ма? Оның сондағы әрбір қимылы жадымда қалыпты. Есіме алсам іші-бауырым елжіреп, сағыныш жайлайды жанымды. ФЗУ мектебінде осы төңіректің барлық жас балалары оқыды десем қате болмас. Айрықша есімде қалғандары қазір академик Ө. Байқоңыров, пенсиядағы шахтер Ә. Тоқтыбаев, тағы басқа бірлі-жарым әлі кезі тірі ел жігіттері. Кеше Ұлы Отан соғысы кезіндегі оның жалынды жырлары мен әңгіме, очерктері ешбір айны қатесіз оның жалындаған жүрегін танытады. Оның сол жазғандарынан бала Баубекті, құрдасымды, сұрапыл күндерде Отаны үшін ез жанын пида еткен патриот өткір жанды Баубегімді көремін. Шіркін, біздің Баубек ізгі жанды ер азамат еді ғой.

Декабрь 1972 ж.
Жазып алған А. Қаражігітов.

ҒАБДОЛЛА БАЙТЫШҚАНОВ

САБАҚҚА СОНДАЙ АЛҒЫР ЕДІ

Бұлқышев Баубекпен 1932 жылдан 1934 жылдың июль айына дейін Қарсақпайда ФЗУ мектебінде бірге оқыдым. ФЗУ-ді бітіргеннен кейін ол Ұлытауға жұмысқа кетті де, мен Жезқазған руднигінде кызмет істедім. Екеуміз үзбей хат арқылы байланыс жасап тұрдық. Ойымыз — бірге Алматыға оқуға бару болды. Осы келісім бойынша 1935 жылы июль айында Қарсақпайда кездесіп, ағай Абдрахман Тоқтыбаев, апай Шәуен Тоқтыбаева төртеуміз оқуға аттандық. Алматыға келген соң, бір айдай Алматы тау-кен металлургия институтында бір бөлме алып, бірге тұрдық. Баубек туралы есте қалған жағдайлар: ФЗУ-да оқып жүргенде пікірлес, жақсы жолдас болдық. Сабаққа бірге дайындалып, тату-тәтті дос болдық. Ол сабаққа өте алғыр еді. Әсіресе есеп сабағына жүйрік-тін. Мысалы: бірде есеп мұғалімі өте қиын есеп бергенде, он екі амалмен шығатын есепті ол бірінші болып шығарғанда, оны бәрімізге өнеге боларлық осы деп мақтағаны әлі есімде. Алматыға барғаннан кейін бір техникумға бірге орналастық. Онда Баубек 1938 жылға дейін, яғни 2 курсті бітіргенше бірге оқыдық.

Баубек ақ көңіл, жайдары, жолдасқа адал, жақсы жігіт болатын.
Май 1977 ж.

ӘБДІРАХМАН ТОҚТЫБАЕВ

Республикалық дәрежедегі
дербес пенсионер.

ЖАНЫП ТҰРҒАН ОТ ЕДІ

Мен Қарсақпай мыс заводында ашылған ФЗУ мектебіне алғаш 1930 жылы түсіп, 1932 жылы бітірдім. Содан кейін сол ФЗУ-да оқытушылар қатарында қалдым. Біздің жұмыс тәртібіміз былай болды: шахтада істейтін оқушыларға нұсқаушы (инструктор по горному делу) болып, 6 ай рудникте жұмыс басқарып, екінші жарты жылда — мектепте сабақ бердім (физика, математика). Осы кезде конторщиктер группасында оқитын ұлытаулық балаға назарым түсті. Баубек өте пысық, жанып тұрған от еді. Сабаққа өте алғыр, елгезек, аға деп іші - бауырыңнан өтетін. Қоғам жұмысына өте белсенді. Қабырға газетін шығаруға көп көмектесетін. Арагідік өлең де жазатыны бар. Өте тіл алғыш еді. Керек болған кезде мұғалімдерді үйінен шақырып келетін. 1935 жылы комбинат мені Алматыға тау-кен институтына жібермек болды. Мен өзіммен бірге інім, қарындасымды ала кетпекші болдым. Олар ФЗУ-ды бітірген. Осыны естіп, Баубек те өзін ала кетуімді сұрады. Мен келістім. Баубек асқан бауырмал еді. Мынадай бір оқиға әлі есімде: Баубек жетімдік жағдайын айтып, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Председателі Қазақбаевқа жәрдем сұрап арыз беріпті. Сонда өзімен қоса Ғабдоллаға да арыз бергізген. Сонымен екеуі 150 сомнан жәрдем алған. Міне, мұнан да оның бауырмалдығы көрініп тур ғой. «Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі!» дегендей Баубек шын мағынасында Ұлытаудың түлегі еді. Мұқан Иманжановпен жақын сияқты еді. ФЗУ қабырғасында жүргенде Мұқан аудандық «Қызыл кенші» газетіне өлең жазып тұратын. Мысалы, сол кезде нан карточкасы жойылғанда «Нан көбейді, алақай »деген өлеңі әлі есімде. Баубек пен Ғабдолла Алматыға келер жолда жәшік толы кітаптарды көтеріп жүрулеріне тура келді. Сондағы Баубектің шығарған сықақ өлеңі әлі есімде:

Арқада кітабымыз толған жәшік,
Келсін де сенбегендер көрсін ашып.
Оқуға шын тілекпен аттандық біз,
Қол созып ілгеріге аяқ басып.

Болсақ та әрі жетім, әрі нашар,
Қараймыз алдымызға көзді ашып.
Ықыласпен оқымақпыз алғы күнде,
Жүрсек те шаршап, шалғып, қарын ашып.

Айта кететін тағы бір жай. Алматыға жеткенше, көп қиындықтарға кездестік. Ол кезде темір жол билетін алу қандай қиын! Мен командировка қағазым бойынша екі-ақ билет алдым. Қалған екеуіне жалпы ширетпеде тұруға тура келді. Жолда Арыс станциясында 2-3 күн отырдық. Ақыры билет ала алмаған соң, Баубек пен Ғабдолла бізді вагонға кіргізді де, өздері шықпай қалып қойды (жататын орындары ең жоғарғы полка). Сөйтіп, итшілеп Алматыға жеттік. Сонда Баубектің жол үстінде бір де мұңайып, ренжігенін көрмедім. Алматыға жеткесін үшеуі де техникумға түсті. Содан кейін маған келіп-кетіп жүрді. Сабақты өте жақсы оқыды. Күндіз оқу оқып, кешке вагон тиейтін жағдай оқушылардың қайсысының болса да бастарынан өткен.

Март 1977 жыл.

ДӘРУІШ ӘЗЕРБАЕВ

БІЗДІ ЛЕНИН КОМСОМОЛЫ ТӘРБИЕЛЕДІ

Мен өзім осы күнгі Қызылорда облысында туып өстім. Біздің ауылдың адамдары Қарсақпайда, Байқоңырда тұратын ағайындарына жиі барып тұратын. 1929 жылдың жазында солардың бірі Қарсақпай мыс заводы жанында қазақ жастарынан маман жүмысшылар дайындайтын мектеп ашылады екен, оны ұйымдастырушы Қаныш Сәтпаев, сонда өзі де сабақ береді екен деген хабар жеткізді. Жосалының бір топ қазақ жастары лезде - ақ бас қосып Жезқазғанға аттандық. Біріміз жаяу, біріміз атпен бірнеше күн жол жүріп жеткенде, болашақта оқитын орнымыз бізді қабылдауға дайын екен. Сөйтіп, осында үш жыл оқып 1932 жылы оның металлургия бөлімшесін бітірген соң, Қарсақпай мыс заводында қалыпшы (формовщик) болып жұмыс істей бастадым. Бүл кезде мен завод комсомол комитетінің мүшесі және металлургия цехының бастауыш комсомол ұйымының секретары болатынмын. Осындай коғамдық міндеттерімді атқарып жүрген шақта да ФЗУ-дан қол үзген жоқпын, әсіресе 1932—1933 оқу жылдарында жас шәкірттерді оқуға тарту ісіне белсенділікпен қатыстым. Міне, осы оқу жылында мен Баубек Бұлқышевпен алғаш рет кездесіп, таныстым. Сол шақта оны Ленин комсомолы қатарына қабылдағанымыз әлі есімде. Баубекті комсомол комитетіне арнайы шақырып, алдын ала әңгімелестік. Ауылдан қалаға келгеніне кеп болмаса да ол өте тәртіпті, оқуға, қоғам жұмысына ынталы еді. Талапты оқушыларды әдебиет үйірмесіне тарту ісімен шұғылданып жүрді. Мен оны мектеп өнерпаздары үйірмесінде де және олардың концерттерінде де жиі көретін едім. 1933-1934 жылдары Жосалы темір жол станциясында орналасқан Қарсақпай мыс балқыту заводының автотресі комсомол ұйымы комитеті секретарының міндетін атқарып жүргенде де, Қарсақпайдағы тау - металлургия техникумында оқыған кезімде де 1935 жылдың январь айына дейін Баубекпен талай рет кездесіп, оның мамандығын жақсы игеріп келе жатқанын, қоғамдық жұмысқа жан-тәнімен, араласатындығын біліп, қуанып жүрдім. Баубекпен 1938 жылы Риддерден Қызыл Армияға шақырылып, жолда Алматыда бірер күн тоқтағанда соңғы рет кездестім. Көп сөйлесе алмадық. Уақыт болған жоқ, оның астанадағы есеп - кредит техникумында оқимын дегені ғана есімде қалды. Ұлы Отан соғысы жылдары әскери ұшқыш болатынмын. 1942-1943 жылдары «Комсомольская правда» газетінде жарияланған мақалалардың астына авторы «Баубек Бұлқышев. Политрук орынбасары» деген жазулар көзіме оттай басылды. Соларды қайта-қайта оқимын да ФЗУ-да оқыған талапты қазақ баласының Ұлы Отан соғысы кезінде тек қарумен ғана емес, семсердей өткір сөздерімен жауға өлтіре соққы беріп жүргенін қарулас достарым алдында мақтаныш ететінмін. Баубектің отты мақалаларының жаумен шайқасып жүрген біздерге, совет жастарына көп күш-қуат, рухани көмек бергенін сеніммен айта аламын. Ленин комсомолының тәрбиесінен өткен түлектер, біздер Отанымыздың сенімді қорғаушылары екенімізді терең сезіндік. Жауды Совет жерінен қуып, жеңіске жетеміз, сөйтіп бейбіт өмірді паш етеміз деген патриоттық сезім бойымызды терең билеген болатын.

Февраль 1978 ж.

ҚАТИРА АҚАНОВА

дербес пенсионер

БАУБЕК БАУЫРМАЛ ЕДІ

Қарағанды облысы, бұрынғы Қарсақпай ауданы, 9 - ауылда туып өстім. Ауылдық мектептің 4 класын бітірдім. 1932 жылдың бас кезінде Байқоңыр поселкесінде қызмет ететін Ақанов Мұса деген жігітке тұрмысқа шықтым. Ол кезде елде қазақшылықтың күшті кезі емес пе?! Жалғыз жігітке қыз бермейміз деген неше тосқауылдардан өтіп, сол жылдың жаз айында Қарағандыға келіп орналастық. Жолдасым Қарағандының Шет ауданының жігіті екен. Ол радио комитетке, мен жаңадан құрылған қазақ драма театрына орналастым. 1934 жылы Мұса Алматыға оқуға кетті, оның артынша мен де Алматыға келдім. Мен қазақ драма театрының жанынан ашылған 3 жылдық театр студиясына оқуға түстім. 4 класс біліммен қандай оқуға түсесің. Алматыға келу жағдайым осылай. Осы мамандықпен драма театрында және Орал облыстық театрында біраз кызмет істедім. 1941 жылы жолдасым Отан соғысына кетіп, содан кайта оралған жоқ. 1942 жылдан бастап мамандықты басқа салаға өзгертуге тура келді. Алматы ет комбинатына жұмысқа орналастым. 1951 жылдан бастап туған жерге қайта оралдым. Жезқазған ет комбинатында цех мастері болып жұмыс істедім. 2 жыл болды дербес пенсияғa шықтым. Қазіргі кәсібім — немере бағу. Ардақ, Дана деген екі немерем бар. Баубекпен ауылымыз катар болғанмен онша араластығымыз болған жоқ. Әкеміздің Бабыр аулы, Бабыр балалары деп барып келіп, араласып жүретіні есімде. Баубек пен Мұқан 1935 жылы Алматыға келгенде, бірінші біздің үйге түскен еді. Туған жер, ата-анамды, іні -ағаларымды сағынып жүрген кезім еді. Артымнан ешкім хабарласпай жүргенде, бұлар маған туған інімдей болды. Шынында да туғаннан кем болған жоқ. Мұқанның әкесі Иманжан менің әкем Батырбекпен жасты еді. Бұл кісі мені өз қызындай көретін. Баубек жолдасқа адал, бауырмал, жүрегі толған жалын, ел намысын ойлайтын азамат еді. Ол әрбір жазған мақалаларына «Ұлытау ұлы» деп қол қоятын еді. Және де Бабырдың немересімін деп жүретін. Үлкен жазушы болсам, атақты адамдарға ұқсасам деп күлдіріп отырушы еді. Ал Мұқан екеуінің достығында шек жоқ, тамаша еді. «Бірінші мақсатым — Мұқанды үйлендіру, роман жазу, жазушы болу қиын емес. Мұнда Мұқанға қыз табу, үйлендіру қиын болды ғой», — деп күлдіретін. Екеуі менің жолдасымды жезде деп кеп ойнайтын. «Қатираға қалай үйлендің, қалың найманның ішінен қалай алып шықтың? Бізге айтшы, сендер туралы роман жазуға болады», — деп әурелейтін еді. Баубекпен, Мұқанмен бірге түскен суретіміз үйде жоқ екен. Хатты жолдасым соғысқа кеткенше алып тұрдық, ол хаттар да сақталмаған. Баубектің бір хатында былай деп күлдіргені есімде: «Мұса, Қатира, хаттың қағазы кір болса кешіріңдер, тазалап отырып жаздым». Мұса Баубектің хаттарын бірнеше мақалаларымен қосып жинап жүруші еді, өзі кеткеннен кейін ол да сақталмапты. Мақаласында шекараның шетіне сақшы қойып жазып жүрген Мәрлені — менің балам. Сол кезде ол 2 жаста еді. Сол балам қазір қолымда, осында. Балалар дәрігері болып жұмыс істейді. Баубек пен Мұқан жөнінде есте қалғаны осылар.

Июнь 1971 ж.

ӘБУ СӘРСЕНБАЕВ

ӨМІРГЕ ҚҰШТАР ӨР ТҰЛҒА

...Баубек, шын мағынасында әлі толысып та үлгермеген балауса Баубек. Құрбылары оны «қыз жігіт» деп әзілдейтін-ді. Бірақ та Баубек бойында қыз нәзіктігі де, сылбыр ұяңдық та емес, мәдениетті жасқа лайық табиғи биязылық, табиғи әдептілік болатын. Бет пішінінде де үлпілдек сұлулық емес, жігерлі жігіт сүйкімділігі барды. Рас, ол табиғи әдептіліктен аспай, әрқашан күліп қана тұратын. Дарақы жандардай ерсі қарқылдамай, биязы ғана күлімдейтін. Күлген сәтте, жаңылмасам, оң бетінде оймақтай шұқыр пайда болатын. Бәріміз де қызыға қарайтынбыз. Баубек қыз балаша қызарып, бетіндегі шұқырды алақанымен жаба қоятын. Еттілеу еріндері арасынан кіршіксіз ірі тістерін түгел көрсетіп, дауыстап күлетін сәттерін өте сирек кездестіретінбіз. Бет бояуы қоңырқай болғандықтан ба, оның маржан тісінде наурыздың ақша қарындай ерекше бір шаңқандық бар еді. Күлкі әуені де күміс сыбдырына ұқсасты. 1939 жылдың жаз айлары болса керек. Сындарлы келген жас жігіт кабинетке кірді де, есік алдында бөгеліп қалды. «Иә, інішек, бері кел. Қандай шаруа?». Жігіт биязы ғана жымиып, қолындағы қағазын ұсынды... «Баубек Бұлқыш ұлынан... Мені іс басқарушылық кызметіне алсаңыз екен...» Арызын орысша, өте сауатты жазыпты. Жолдары да түп-түзу, әріптері де маржандай тізілген, әдемі - ақ. Бұл жұмысты басқаратын адамды өткен аптада орнынан босатқанбыз. Қызметкер керек екені де рас. Дегенмен де ойланып қалдым. Қазақтың сауатты жастары бұл жұмысқа үйір болмайтын. Олар редакторлық, не корректорлықты қалайтын. Ал мынау іс басқарамын дейді. Әлде қазақша оқымады ма екен? «Қарағым, қазақша сауаттымысың?» Жігіт тағы да жымиды... «Шүкір, оқып жазарлығым бар..» Арызын кері ысырдым. «Мүмкін, кіші редакторлық не корректорлыққа деп кайта жазарсың? Мынау бір берекесіздеу жұмыс...» Жігіт басын шайқады. «Жоқ, аға, маған әзірге осы да жетеді. Аналар қолымнан келмес, үлкен тәжірибе керек шығар». Қарсылық етпедім. Апталар, айлар өте берді. Балғын жігіт өзінің ұқыптылығын аңғартты. Оның бойында жас шамасына тәк жеңілдік жоқ тәрізді. Үнемі бір үлкен ой, үлкен толғаныс үстінде жүретіндей. Томаға кездерінің мойыл қарашықтарын бір нүктеге қадаған күйі үнсіз ойға шомған сәттерін де жиі байқаймын. Мазасыз жұмыстан қолы босаса болғаны журнал, кітап беттеріне үңіледі. Көз алмай, көп оқиды. Біздің кітапханамыз бай болатын. Сондағы ең жақсы кітаптарды әрқашан іс жүргізушінің алдынан көремін... Оқулықтарды тез шығару шараларына байланысты әр күн ертеңгі сағат сегізден баспаханаларды аралап, баспаға он екі - бірлер шамасында оралатынбыз. Баубекті тағы да сол өз орнында кездестірдім. Стол шетінде бір стакан қаймақ, алдына әлденеңдей қалың том. Бұл оның байырғы әдеті. Өзгелер бірі тамақтанып, бірі бильярдтың шарларын ерсілі -қарсылы қуалап, шуылдаған сәтте Баубек стакан толы қаймағын алдына қойып, томдармен ғана сырласатын-ды. Бүгін де сол. Алдында қалың кітап. Бір сәт кітапқа үңіледі де, енді бірде алдындағы қағазға әлденені жазады да, қайтадан сызады. Содан кейін зейінді қарашықтарын ұзын кірпіктерімен жаба түсіп, жоғары қарайды. Тағы да кітапқа үңіледі, тағы да жазады, тағы да сызады. Тағы да бұрышқа қарайды. Әйтеуір бір қинала ойланған, қинала ізденген адамның құбылысы. Кабинет кілтін Баубекке беріп кететінмін. Ойын бұзбау үшін біраз бөгеліп қалдым да, жақын келіп кітап бетіне кез қиығын жібердім. Шиллердің «Қарақшыларынан» Амалия жырын аударып отырған тәрізді: «Балғын, әсем періштедей мейірбан», — деп жазыпты да, талай сөздерін үстінен өзгертіпті. Жұрт дуылдасып, түскі тыныстан орала бастаған. Демек, Баубекке енді маза жоқ. Сондықтан да ойын бөлуге тура келді. «Қарағым, немене, аударып отырмысың?» Баубек, бейне бір қылмыс жасап алған адамдай селк етіп, қағаздарын жинастырып, орнынан көтеріле берді. «Жоқ, аға, маған ұлы неміс бой бере ме?» Кабинетке ілестіре кірдім. «Кәне, отыр. Оқышы, мен тыңдайын. Анау бір күні Гетеден бір нәрсе аударып отырған тәрізді едің, бүгін Шиллермен сырласыпсың...» Баубек маған қойын дәптерін ұсынды. «Рас, аға, аударма емес, көшірме... Мен ұлы адамдардың ғажап пікірлерін, кейіпкерлерінің өзіме эсер еткен диалогтарын көшіре жүремін. Олардан көркемдік ойлау жүйелерін, сезім өлшемдерін, романтикалық пафостарды, психологиялық құбылыстарды үйренуге тырысамын...» Дәптерді ашып кердім. Ұлы адамдардың әрқайсысынан да мағыналы ойлар, көркем сурет үлгілері көшіріліпті. Бірі орысша, бірі қазақша жазылған. Кейде қысқа - қысқа афоризмдер де кездеседі. Біраз қарастырғаннан кейін дәптерін өзіне қайтардым. «Жігітсің, інім, мынауың бір өзгелерге де үлгі екен. Бірақ, қазақ әдебиетін оқымайсың - ау деймін, ә?» Жігіт ренжіп қалды. «Неге, аға, туған әдебиетімізді оқымасақ қазақтығымыз қанша?.. Олардан алған үлгілер езге дәптерде... Рас, біздің әдебиетіміз әлі кенже ғой. Санаулы адамдардың, ғана шығармаларынан болмаса, ой сұлулығы, сезім мөлдірлігі, романтикалық биік пафостар көп кездесе де бермейді. Бірқатары тым қарапайым. Тіпті ауызекі әңгімелер дәрежесінде ғана...» Біз жалпы әдебиет, әсіресе қазақ әдебиеті төңірегінде ұзақ сөйлестік. Менің алдымда қазір қарапайым іс жүргізуші ғана емес, тіпті әдебиеттің қатардағы оқырманы ғана емес, әдебиетіміздің бүгінгісі мен келешегі төңірегінде қатты толғанатын, мазасыз ойланатын үлкен парасат иесі отырғандай. Баубек өзінің қоңыр даусымен іркілмей, еркін сөйлейді. Барды жоққа шығарып, солақайлық та аңғартпайды. Әр сөзінен көп оқығандығы байқалады. Оның ойлау жүйелерінде ерекше бір сұлулық, сезімінде мөлдірлік, армандарында биіктік бар. Бір сәт әдебиетіміздің сол тұстағы ірі қаламгерлерінің туындылары төңірегінде сөз қозғалса, енді бір сәт қазақ әдебиетіне өзінің көктем самалындай жаңа тынысымен келген Саттар марқұмның тым ерте қазаланғандығына қатты қайғыратындығын айтады. Баубек асықпай баппен сөйлейді. Мен ұйып тыңдаймын, қызығып тыңдаймын. Әлден кейін Баубек сағатына қарады да, орнынан көтерілуге ыңғайланды. «Түу, сіздің көп уақытыңызды алдым – ау...» Иығына қолымды қойып, қайтадан отырғыздым. «Асықпа... Ал өзің не жазып жүрсін?» Баубек әлденеге ыңғайсыздана бастады «Жоқ, аға, мен әдебиеттің оқырманымын ғана....» Әрине, сенгенім жоқ. Арада бірер ай өтпей машина бюросында көлемді қолжазбаны кездестірдім. Сыртына авторы қойылмаған. Он бір буынмен жазылған үлкен дастан. Жаңылмасам «Қаратау ұлы» деп аталған. Түп нұсқада Баубектің өз қолы, маржандай тізілген өз әріптері. Көтеріп әкеліп алдына қойдым. «Әй, інім, мені алдаған екенсің ғой. Жазбайтының қайда?» Баубек қысылып қалды. «Аға, кешіріңіз бұл әзірге үйрену ғана. Шәкірттік әуесқойлық қана». Ең болмаса бірер бөлімін оқыр деп үміттенген едім, жоқ, Баубек қолжазбаны стол тартпасына тықты. «Аға, ұялтпаңызшы мені... Өтінемін... Уақыт өткізуіңізге тұрмайды...» Қинамадым. Тағы бірде машина бюросындағылар шатастырып, Баубектің бір қысқа әңгімесін менің қолжазбама қосып әкелген екен. Шақырып алып қолына бердім. «Енді әңгіме жазатын болған екенсің. Құттықтаймын, інім... Оқышы, тыңдайық...» Баубек тағы да күреңіте түсіп, басын шайқады «Жоқ, ағасы... Алдымен өзім оқып көрейін... Ұятым рұқсат етсе ғана мазалармын». Бүл күні уақытым да жоқ еді, қиылып қыстамадым... Сөйтіп, Баубектің жазып жүретіндігіне көзім жетті. Мен енді оған кеңсенің техникалық қызметкері емес басқаша қарадым. Әдебиет аспанынан жар к етер жұлдыздардың бірі санадым. Бірақ балғын жазушы өзі шалағай тапқан шәкірттік еңбектерін ешкімге көрсеткен жоқ. Сол жылдың күзінде Баубек іс жүргізушілік жұмысынан босату туралы арыз берді. Қарсылық етпедім. Шынында да, бұл болашақ жазушыға қолайлы орын емес еді. ...Соғыс кезінін қатаң тағдыры бізді енді кайтып дидарластырмады. Тек хат арқылы ғана хабарласамыз. «Комсомольская правдадан» көркем публицистикалары мен әңгімелерін оқыған сайын төбеміз көкке жетеді, мақтаныш етеміз. «Әбеке - ау, мынау бала ғажап қой, керемет қой... Буған дейін қалай елеусіз келген... Соғыс кезі ойын қанаттандырып, қаламын өткірлеп жіберіпті ғой...» — дейді Ысқақ Дүйсенбаев. Редакторымның пікірін құптай тұрып, Баубектің әуелден де алғыр жеткіншек екендігін айтамын. Білетін жайларымды баяндаймын. «Айналайын-ай, болайын деп тұрған жан екен. Әдебиет аспанында тағы да бір жұлдыз туады деңіз, Әбеке!» Құптаймын да күрсінемін. «Сәке, сол жұлдызды мезгілсіз өшіріп аламыз ба деп қорқамын. Ол қазір саперлер ротасының командирі. Ал сапер дегендер үнемі оқ астында. Шабуылға жол ашатын да солар. Оқ астында жүріп кәпір салатын да солар...» Ысқақ қынжыла ойланып қалады. «Иә, қайтпек керек, қандай амал бар?» - Мен ұсыныс енгіземін. «Амал бар, Сәке, газетке алдыралық. Қазір біздің майданда...» Редактордың жүзіне қуаныш күлкісі оралған. «Түу, Әбеке, сіз қызықсыз, оны маған неге айтпағансыз? Баяғыдан бері шақыртатын...» Баубектің хатын көрсетемін. «Қазір ғана алдым... Біздің. майданға таяуда келіпті. Газет жұмысына шықсам деген ойы бар көрінеді...» Ысқақ құлақшынын төбесіне лақтыра тастап, тұра жүгіреді. «Онда болды. Қазір бас редактормен сөйлесем де телеграмма жібергіземін. Шегінуге қақым жоқ». Бүл Ысқақтың дәуірлеп тұрған кезі. Бас редактордың мақтаулы орынбасарларының бірі. Оның үстіне партия комитетінің секретары. Мен үлкен сеніммен хат жазуға кірісемін. Баубек хатын қайтадан оқимын: «Елден кеткелі қазақ газеті, қазақ журналы дегенді керген емен. Тіпті қазақтарды да өте сирек кездестіремін. Ана тілін ұмытып та барамын... Әдебиетімізде қандай жаңалық болды? Кімдер не жазды? Өзіңіз не жаздыңыз? Мен білетін жазушылар қайда?» Осы сұрақтардың бәріне жауап қарастырамын. Хатым ұзап барады. Ұзамағанда ше? Үш жарым жылдың есебін беріп отырсын. Оның үстіне редакцияға шақырту туралы қуанышың қосылса! Тек қуаныш қана емес-ау, қасіретің аз ба бөлісер?! Иә, шексіз ғой тіпті қасірет. Бұл жылдары біз отты ақындарымыз Абдолла Жұмағалиевті, Әли Есмамбетовті, Ихлас Адамбековті, тәжірибелі журналистеріміз Омарбек Пұсырмановты, Сабыржан Үкеновті, Бахтияр Меңдіғазинді жоғалттық. Қандай тамаша жігіттер еді. Баубек бұлардың бәрін де білетін, бәрін де қадыр тұтатын. Бәрімізді де сағынғандығын айтыпты. Сұрақтарының бәріне түгел жауап беруім керек. Жазып отырмын. Жазып отырмын... Бөлме есігі сықырлай ашылды. Ысқақ кіріп келеді екен. Ұрты салбырап кеткен. Жанарында манағы үміт жарқылы жоқ. Түнерген күйі үнсіз отырып қалды да, тек біраздан кейін ғана тіл қатты. «Болмады, Әбеке. Түсінбейді, түсінгісі келмейді!» Екеуміз де түнеріп ұзақ отырдық. Біз әлі де үмітті едік. Тағы да іздестірмек болдық. Алдымен редакцияға шақырталық деген тоқтамға келгенбіз. Мен хатымды да осылай аяқтағанмын. Көп ұзамай Баубектің жауабын алдым. Шақыртқанымызды мақұл көріпті. «Тездете көріңдер, ең болмаса дидарласып қайтайын. Қатты сағындым... «Менің «Ком. правданың» 12 декабрьдегі номерінде басылған «Көнетоз карта үстіндегі ойлар» деген мақаламды кездестірмедіңіз бе, «Жауыздық және махаббат» деген еңбегімнен үзінді еді. «Өмір мен өлім туралы», «Өмір сүргім келеді» деген мақалаларым да өзімде сақталмапты. Тігінділерден кездестірсеңіз жібере көріңіз... Сағынған інің Баубек. 10. І.44 ж. » Бұл менің Баубектен алған ең ақырғы хатым. Ысқақ екеуміздің арманымыз да орындалмады. Баубектен де хабар үзілді. Осы жолы іздеп бармақшы едім. Бірақ тағдыр қоспады...

1966 ж.

ТӨЛЕНДІ ОҢҒАРБАЕВ

республикалық дәрежедегі дербес пенсионер

ЕСІМДЕГІЛЕР

Мен «Лениншіл жас» газетінде мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып 1938 жылдан 1939 жылдың көктеміне дейін қызмет істегенмін. Сол кезде Баубекті де көретінмін. Ол «Лениншіл жаста» және «Октябрь балалары» газетінде істейтін. Суық күз, қыс кезінде басына қоқайма қоңыр бөрік киіп жүретін. Жайдары, көпшіл, кішіпейіл талапты жігіт болатын. Көркем шығарма жазуға құштар еді. Бірде маған өзінің бір поэма (ұмытпасам, «Айсұлу») жазып жүргенін айтқан-ды. Бірақ оның кейін не болғанын білмеймін. Өйткені мен 1939 жылы көктемде Жамбылға кетіп қалғанмын. Сонда оның талабы үлкен екенін аңғарған едім. Мен «Лениншіл жаста» істеп жүргенімде Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитеті мен Жазушылар Одағы таңдаулы көркем шығармаларға бәйге жариялаған-ды. Оған арналған повесть, поэмалар «Лениншіл жас» редакциясына түсетін. Мен оларды тіркеп, комиссия (жюри) мүшелеріне оқып беретінмін. Таңдалып, газетке басуға ұсынылғандарын редакцияға әкеп, осындағы жолдастарға көрсететінмін. Баубек гүлі ашылмай, жас кетті. Оның майданнан жазған мақалаларын «Комсомольская правдадан» оқып, қаламының өткірлігіне таңданып жүрдік. Ол туралы деректі повесть не киносценарий жазу — игілікті іс, оның өзі жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге көмектесетін болады.

Октябрь 1974 ж.

БӘТКЕН САҒЫНДЫКОВ

запастағы подполковник

ТОЛҒАНЫП ҚАЙТА ТАБЫСТЫМ

Баубек Бұлқышевпен алғаш рет 1939 жылдың январында, «Октябрь балалары» газетінің редакциясында кездесіп, таныстым. Жасының, қызметінің үлкендігіне қарамай, сол кезде жасым 17-ге де толмаған мені Баубек өзінің тең құрбысындай көріп, өте бір жылы шыраймен, үлкен мейіріммен қарсы алды. Астанаға жаңадан келгем, таныстарым, жолдастарым жоқ әрі елді сағынып, көңілім жабырқап жүрген маған Баубектің ашық мінезі, жарқын көңілі салған жерден-ақ ұнап, өзіне еріксіз тартып, баурап әкетті. Мен Баубекпен «Октябрь балалары» газетінің редакциясында 1939 жылдың январынан 1940 жылдың мартына, яғни Баубек әскерге шақырылғанға дейін бірге қызмет істедім. Ол балалар творчествосы бөлімінің меңгерушісі, мен әуелі әдеби қызметкер, кейіннен мектеп және пионер бөлімінің, ал Баубек әскерге кеткен соң балалар творчествосы бөлімінің меңгерушісі, 1941 жылдың январынан июліне дейін — редакцияның жауапты секретары болдым. Баубектің өзі туралы айтқандарынан есімде қалғандары мыналар: әке-шешесі ерте өлген. Өзімен бірге туысқан аға-іні, апа-қарындасым бар дегенін естігем жоқ. «Қу жетіммін» дегенді жиі айтушы еді. 1952 жылы Жезқазғанда кызмет істегенде, Ұлытауға командировкаға барып: туысқандары бар ма? — деп іздестіргенде, бір немере ағайын ғана таптым. Ол Баубек жөнінен мардымды ештеме білмейді екен, аты-жөні есімде жоқ. Баубек Қарсақпайда ФЗУ мектебін бітіріп, мыс заводында жұмыс істедім деуші еді. Баубектің өлеңдері, әңгімелері мен очерктері, фельетондары 1939-1940 жылдары «Октябрь балалары» газетіне көп басылды. Газеттің сол жылдардағы тігінділерін зер салып қараса Баубектің көптеген шығармаларын табуға болар еді. Есте болатын бір жағдай — Баубек жазғандарының басым көпшілігін өз атынан емес, бүркеме атпен жариялайтын. Солардың менің есімде қалғандары: «Ұлытау ұлы», «Б. Б.» «Қ. Сейітжанов» дегендер. Мұның алғашқы екеуі түсінікті, ал неге «Қ. Сейітжанов» деп жазғанын білмеймін. Мүмкін үлкен аталарының бірінде Сейітжан деген адамның болуы? 1939 жылы екеуміз бірігіп жазған «Қорқынышты түс» деген фельетонға ол: «Сен Шыңғысов болсаң, менің Ұлытау ұлы болғаным келіспес деп «Қ. Сейітжанов» деп қол қойып еді. Сол жылдары марқұм Мұқан Иманжанов казак радио комитетінің балалар редакциясын басқарған болатын. Ол балаларға арналған әдеби-музыкалық монтаждардың текстін жазуды көбінесе Баубекке тапсыратын. Баубек бұл текстерді жазғанда, оған басқа ақындардың өлеңдерімен қоса, өзінін де көптеген өлендерін енгізетін. Баубек творчествосын тексеріп жүрген жолдастардың осы жағдайды ескеріп, қазақ радио комитетінін 1938 — 1940 жылдардағы архивін бір сүзіп өткені жөн. Баубек редакцияда кызмет істеген жылдарында «Айсұлу» поэмасын жазумен шұғылданды. Бірақ онысын редакция қызметкерлерінің талқысына салған жоқ. Асылында, Баубек сол кездегі кейбір жас ақындар сияқты мақтаншақ, өркөкірек, даурықпа ақын емес еді... Баубектің шығармаларынан есімде қалғандары екеу-ақ екен: біреуі — «Октябрь балалары» газетіне басылған «Ұялғаным - ай» деген шағын әңгімесі де, екіншісі — Махамбетке арнап, оған еліктеп жазған өлеңдер циклі. Бұларды газеттен, не радио комитеттің архивінен табуға болады. Баубектің көбірек араласып, жақын қарым-қатынаста болған адамдары Мұқан, Есенби Омаров (соғыстан кейін өлді), Хасен Сейілханов (соғыста қаза тапты), Мұхамедияр Ақтанов (соғыстан кейін өлді). Бұлардың бәрі де семьялы адамдар еді. Сондықтан Баубек үйлерінде болып, қонақ болып жүретін. Оның хаттарында көбірек кездесетін адамдардан білетінім: Әли Есмамбетов — ақын, «Октябрь балалары» газетінің редакторы, Есенби Омаров — редакциясының қызметкері, Асқар дегені не Лекеров, не Тоқмағамбетов болу керек. Екеуі де пионер газетінің белсенді авторлары болатын (әсіресе А. Тоқмағамбетов). Соғыс басталғанда ол кісі «Социалистік Қазақстанның» редакциясында істеген еді. Сақыш — дегені Құсайынова болу керек, драматург Шахмет Құсайыновтың қарындасы, «Октябрь балаларында» әдеби қызметкер болып істеді. 1941 жылы Әли Есмамбетовке тұрмысқа шықты, кейінде баладан қайтыс болды. Хасен Сейілханов — жас жазушы, «Пионер» журналының жауапты секретары, майданда қаза тапты. Жүсібі — Алтайбаев болу керек, Ақтановты — Мұхамедияр Ақтанов шығар, ол редакцияда істеген, соғыс жылдарында, соғыстан кейін «С. Қ.»-ның Көкшетау облысындағы меншікті тілшісі болды, елуінші жылдары өлді. Мәулен Нұрбаев (Сырбаев емес) — редакцияның қызметкері, жас ақын, мен шамалас. Баянауыл ауданында туып өскен. Оның елі тірісін білмеймін. Меніңше, Дихан Әбіловтың туысы болу керек. Енді Баубекпен бірге қызмет істегендердің қазір кезі тірілері мыналар: Бәкібай Бейісов, «О. Б. - ның» жауапты секретары, редактордың орынбасары болды, қазір Казак ССР Мемлекет қауіпсіздігі комитетінде істейді, полковник; Хайдар Баймухамбетов — редакцияның физкультура - спорт бөлімінің меңгерушісі, қазір «Социалистік Қазақстанда» меншікті тілшілер бөлімін басқарады; Күнтөре Байзақов — әдеби қызметкер, қазір «Қайнар» баспасында қызмет істеп жүр; Петр Яковлевич Редько — фотограф (үйінде телефоны бар). Баубекті көбіне суретке сол түсірген. Архиві сақталса, суреттер табылуы мүмкін. Сонан соң, тірі болса, біздермен көбірек араласып, қарым-қатынас жасаған адамның бірі ақын Қабікен Мұқышев еді. Бұдан 2-3 жыл бұрын кездесіп едім, Қапшағай жақта тұрамын деген. Дәл адресін Жазушылар одағындағы жолдастар білетін болуы керек...

Октябрь 1974 ж.

ҒАЗИЗ ӘБІШЕВ

БАУБЕК МӘҢГІ ЕСІМДЕ

Баубекпен алғаш рет 30-жылдардын басында Қарсақпай мыс заводы жанындағы ФЗУ мектебінде оқып жүргенде таныстым. Жастайымнан аудандық газеттің ауылдық тілшісі ретінде көрініп жүргендіктен ФЗУ-ды бітірген соң, көп ұзамай Алматыға келдім де сол кездегі Қазақ журналистика институтына оқуға түстім. Арада екі жылдан аса уақыт өткен соң Алматыға қарсақпайлық жастармен бірге Баубек Бұлқышев та келді. Менің осында тұратынымды, осында оқып жүретінімді бұрыннан білетіндіктен, іздеп жүріп, тауып алды. Қандай оқу opнына түсу жөнінде ақыл-кеңес сұрағаны әлі есімде. Сол кезде оқу іздеп жерлесім Мұқан Иманжанов та Алматыда жүрген еді. Ойланып-толғанып республикалық мемлекеттік банк жанындағы есеп - кредит техникумының дайындау курсында оқитын болды. Баубек пен Мұқан алғашқы кезде жерлесі Қатира Аканованың үйінде тұрды. Жұбайы менімен бірге Қазақ журналистика институтында оқитын Мұса Ақанов деген азамат болатын. Ұлы Отан соғысында қаза болды. Жақын туысым қайтыс болып, анамды Алматыға көшіріп әкелгенге дейін Баубекпен бірер жыл пәтерде бірге тұрдық. Міне, осы уақыт ішінде Баубекпен шынайы дос, жолдас болдық. Сол кезде халқымыздың тұрмысы енді-енді жақсарып келе жатса да, алыстағы ауылдардан оқу іздеп келген біздердің әл-ауқатымыз онша болмайтын. Бірақ қандай қиыншылық болмасын біздер мойыған емеспіз. Оқудан бос уақытымыздың көпшілігін осы күнгі А. С. Пушкин атындағы кітапханада өткізетінбіз. 1936 жылы автономиялық республикамыз тең праволы Одақтас Социалистік республика болып қайта құрылғанда өткен бүкіл халықтық мерекеге шексіз қуанышпен қатысып жүрдік. Мұның бәрі сана -сезіміміздің, ой - ұжданымыздың өсіп, нығая түсуіне зор әсер етті. Міне, сол жылдардың өзінде қыздарға арналған ғашықтық өлеңдер, жора-жолдастарын сынай мінеген әзіл шумақтар жазып жүрген Баубек, енді әлеуметтік тақырыптарға бет бұра бастады. Прозалық шығарма жазумен әуестенуді Баубектің 1937 жылы техникумның бірінші курсын бітіріп, жазғы каникул кезінде туған аулына бара жатып, поезд үстінде жазған «Ауылдан Алматыға» деген әңгімеден бастады деп білемін. Бұл әңгімесінде Баубек әдебиет пен көркемөнердің, мәдениеттің, бақытты өмірдің орталығына айналып келе жатқан Қазақстан астанасы Алматыны суреттей келіп, астанадағы совет жастарының оқушылық шағын көрсетті. Алматыдағы педагогика институтының студенткасы Ұрқия мен Тау-кен институтының студенті Жәлелдің өмірін арқау етіп, бүкіл казак совет студенттерінің оқу ізденуін, жалпы өмірін көркем суреттеді. Сөйтіп, жастардың ойын тереңнен толғап, келешегін алдына жайды. Бүл әңгімені ол Алматыдан Қарсақпай ауданындағы туып-өскен аулына барғанда, сондағы жастарға оқып берген-ді. Көп ұзамай-ақ Баубекпен ауылдас Жылқайдар мен Күлзифа және басқа толып жатқан ауыл жастары орта мектепті бітірісімен-ақ Алматыға оқуға келгені есімде. Бұдан басқа Баубек «Айсұлу» атты ұзақ поэма, бірқатар өлең, «Шығыс сұлуы», «Асқар тау саясында» деген, тағы басқа қызықты әңгімелер жазғаны маған мәлім. «Асқар тау саясында» деген әңгімесі өзі туралы еді. Мұнда оқытып, тәрбиелеп өсірген, бақытқа жеткізіп, ой-өрісін кеңейткен совет өкіметін асқар тауға теңеді, — Менің саям осы совет өкіметі, — деп жаңа өмірді паш етті. Баубектің ақындық, жазушылық саласындағы құлашы жаңа жайылып келе жатқан сәтте Қызыл Армия қатарына шақырылды. Сол жылдың март айының алтысынан бастап, данқты бірінші москвалық пролетарлық мотоатқыштар дивизиясының женіл инженерлік батальонында қатардағы жауынгер -сапер ретінде әскери міндетімізді (осы жылдың күзінде мені Калуга қаласындағы әскери бөлімге ауыстырған) бірге өтедік. Қызыл Армия қатарына шақырылуымыз, Отан алдындағы қасиетті борышымызды қалай өтегеніміз туралы Баубек Мұқан Иманжановқа жазған хаттарында және аяқталмай қалған «Алматылықтар» атты романында өте дұрыс баяндаған. Осы жерде айта кетейін, Баубек шығармасының қолжазбасында басты кейіпкерін Ғазиз Ғазизов деп атайды. Осыған орай оның соңғы екі «Өшпес өмір» және «Адамзатқа хат» жинақтарын шығарушылар мен туралы (Ғазиз Әбішев) жазған екен деген жалған топшылаудан Абыз Абызов деп өзгерткен. Шынына келсек, Ғазиз Ғазизов жинақы әдеби кейіпкер. Ұлы Отан соғысы басталған күні Баубек Нарофоминск қаласына жуық Алабина деп аталатын әскери жазғы лагерьде, ал мен Калуга қаласында едік. Арада бір жыл өткеннен кейін бір-бірімізді іздеп тауып, хат алысып тұрдық. Баубек хаттарында біздің әскерлер ұрыспен батыстан шығысқа қарай шегініп келе жатқан жолда Белоруссияның қалың орманы бір олай, бір бұлай теңселіп Қызыл Армияға мұңын шағып тұрғанын, Вязьма, Доргобук, Смоленск қалаларының күл-талқаны шығып, қирағанын көргенде ызалы кек жүрегін кернегенін, Москва түбіндегі ұрысқа қатынасып, Смоленск жерін, Украинаны зұлым жаудан азат етуге қатынасқанын гитлершілердің бұғауынан босатылған бауырлармен құшақтасып талай рет керіскені туралы жазып тұрған еді. 1941 жылдың күзінде және 1942 жылдың қысында Днепр жағасында және Нарофоминск қаласында болған шайқастар кезінде Баубекпен бір сапта болыппын, кейін біздің бөлімге қосылған қаруластарымнан біліп, қатты өкінгенім бар. Қатардағы жауынгерден аға лейтенант дәрежесіне дейін өсті. Ол бүкіл Совет Одағына аты жайылған, жастар сүйіп оқитын жауынгер журналист болды. Баубекті Қызыл Армияның жауынгерлері мен офицерлері де ерекше сүйсіне оқыды, мақтаныш етті.

Баубек досқа мейрімді, дұшпанға рақымсыз болды. Өз Отанын сүйе білді. Баубек өмірін босқа өткізген жоқ. Күн сайын алды - артына көз жіберіп, өмірден бір адым да артта қалғысы келмеді, ол үнемі алға өрледі. Білім іздеді. Қоғамға пайдалы кісі болуды көздеді. Қоғамның болашағы үшін күресті. Өмір үшін, Отаны үшін күресіп өтуді мақсат тұтты. Баубек шығармаларының негізгі бір арқауы ұлттар достығы мен советтік патриотизм болды. Ол Отанын, туған елін, социалистік құрылыста бірге өсіп, еңбектес болған досын мақтаныш ете білді. Баубектің жалынды сөзі мен Отан соғысында көрсеткен ерлігі біздің жүрегімізде мәңгі сақталып қалды. — Баубек, сен үшін жаудан кекті мол аламыз, — деп берген сертімізді орындадық. Жау жеңілді, 1945 жылы 9 Май күні, Берлиндегі рейхстаг төбесіне жеңіс туы тігілді. Ұлы Отан соғысы кезінде қазақ халқының Баубек, Мәншүк, Әлия сынды жүз мыңдаған ұлдары мен қыздарының асқан ерліктері халқымыздың батыр, жауынгер халық екенін көрсетті, тамаша бүгінгісі, жарқыраған болашағы бар халық екенін танытты.

Октябрь 1957 ж.

АСҚАР ТОҚМАҒАМБЕТОВ

ЕГЕР СОҒЫСТАН АМАН ҚАЙТСА...

Отан соғысынын отты жылдарында біз Алматыда, Калинин көшесіндегі 5-үйде тұратынбыз. Бұл үйде Мұхтар Әуезов, Әбділда Тәжібаев та турды. Соғыста не жаналық болып жатқанын бірімізден – біріміз біліп отырамыз.

Бір күні Мұхаң маған телефон соғып:

- Асқар, сен оқыдың ба? — деді. — «Комсомольская правдада» Баубек Бұлқышевтың «Мен өмір сүргім келеді» деген мақаласы шығыпты. Меніңше, өте жақсы жазылыпты. Ол өзі сөйлемепті, жүрегін сөйлетіпті.

Оның өзі бір өте талантты жігіт екен. Шіркін, соғыстан аман қайтса, жазушы болайын деп тұрған дарын екен. Сөз саптауы, ой ерісі өте терең жатыр. Шамасы, мына шіркін орыс тілінде жазған болуы керек, пафосы кен екен. Маған қатты ұнады, көзіме жас алдым. Көңілімді босатты. Соны оқып көрші, өзі қайда істейтін жігіт еді. Мен ол кезде (1942 жылы) «С. Қ.» газетінде істейтін едім. Сол күні газетті тауып алып, Баубек Бұлқышевтың хатын түгел оқыдық. Ол осы Алматыда, жастар газетінде істейтін еді. Баубек жуас қана, жұпыны жүретін, кішіпейіл жігіт еді. Оны біз бала көріп, көзге де ілмейтін едік. Мына Отан соғысының отты күндерінде жазған хатын көріп, қатты көңіл бөліп отырмыз. Ол кезде соғысты айтса, қабырғасы қайыспайтын адам жоқ. Біреудің жалғызы, біреудің жары, біреудің әкесі, болмаса ағасы кетпеген үйді көрмейсің. Менің өз үйімнен үлкен ағам Пірназар, онан кіші Парманқұл, оған тетелес Әлішер, өзімнің туған балам Төребек соғысқа кеткен. Соларды үй ішіміз болып сарыла күтетін едік. Бірақ ішқұстамыз ішімізде болатын. Мына Баубектің хатын оқығанда бұғып жатқан қайғымыз қайта көтерілді. Бір күні редакцияға хат келді. Қақаған қара суық болатын. «Социалистік Қазақстан» газеті онда Гоголь көшесінің бойында бір қабат үйде туратын. Пешке от жағылмай, жағылса қағаздың қиқымы ғана жағылып, ол лап ете түсіп, сөніп қалатын да, үй суық болатын. Сонда да оттың иісі шыққан қаңылтыр пешке табынып, көбіне тұрып жүріп сөйлесетін едік. Газеттің бөлім бастықтары жиылып алып әңгіме соғатын еді. Сондағы әңгімеміз майданға кеткен жігіттердің ерлігі мен қаза болуы жайында болатын. Әсіресе сол күні хат көбірек келді. Соның ішінде менің атыма жазылған хаттар да бар. Хатты ашып оқысақ, Мұқан Иманжанов екеумізге Баубек Бұлқышевтың жазған хаты болып шықты. Хаттың аттың жалы, түйенің қомында, асығыс жазылғаны, қаламның ұшы емес, мылтықтың ұшымен жазылғаны білініп тұр. «Асқар аға, Мұқан! Хаттарыңды алдым. Рақмет. Қазір мен Татарияда Қызыл Армияның саяси қызметкерлерін дайындайтын курста оқимын. Бітіруіме екі-үш ай бар. Бүгін көп хат алдым. Бірақ бәрін оқуға мұрса болмай қалды. Шамасы менің «Комсомол правдасына» шыққан мақалама үн қосу болуы керек. Асеке, майдан жаққа барып тұратындарың жақсы нәрсе екен. Әсіресе орыс жазушылары көп келеді. Бүгін Ахмет Елшібековтен хат алдым. Жазатын жақсы материалдар көп, әттең уақыт жоқ. Редакциядағы жігіттерге менен сәлем айтарсыздар Баубек». Осы хатты оқып болысымен Мұқан Иманжановқа телефон соқтым. Баубектен хат алғанымды айттым. Ол сол кезде осы газетте жұмыс істейтін еді, жүгіріп келді. Қатты жүргеннен бе, өзінін өкпесінде науқасы бар Мұқан жөтеліп қалды. Арылған саусағымен хатты дірілдей ұстап, көңіл күйі жүдеу Мұқан мұңайған баладай, көзі жасаурап, көп отырды. Сөйтіп отырғанда тағы бір хат келді. Конвертке азар сыйған хатты екеуміз ашып оқыдық. Ол хаттың бас тақырыбы «Ерлікпен қаза тапқан екі азамат» деп жазылғаны әлі есімде. Мақала майданнан жазылыпты. Екі жігіттің ерлігі туралы айта келіп, олар өздері жас болса да, жауға берілмей, ерлікпен қаза болғанын суреттепті. Суық түнде, сұрапыл шайқасқа төтеп беріп, «Отан үшін, ата-анам үшін!» деп, олар жауға берілмепті. Ақырында бұл екеуі таң алдында оққа ұшыпты. Сонан кейін бүл ер жігіттердің аты-жөні айтылыпты. Біреуі Ерназаров Елтай ақсақалдың баласы, біреуі менің балам Төребек Тоқмағамбетов болып шықты. Онан арғыны білмеймін. Найзағай соққандай. құлап қалыппын. Көптен кейін көзімді ашсам, газеттің жігіттері сүйеп отыр. Жүрегім күйіп бара жатқандай, миыма қан құйылғандай лоқси бердім. Келген хаттың қайда қалғаны, кім жазғаны да ойымда жоқ. Баубектің хаты да сол жерде қалып қойыпты. Мүмкін Мұқан Иманжанов алып кеткен шығар. Баубек туралы мен ауырып жатып ойламасқа тырыстым. Ойласам соғыста қаза болған ағам, інілерім, балам ойыма түседі. Бірақ Баубек маған көбірек келетін, жазғандарын көбірек көрсететін, ақыл-кеңес көбірек сұрайтын жігіт еді. Өзі пионер газетінде істеп жүріп, қолы сәл босады дегенше маған жетіп келетін. Тойған қозыдай толықша келген томпақ, ажарлы ақ көңіл баланы көргенде мейірімім түсе қалатын. Сол кездің езінде орыс әдебиетін кеп оқып, ізденіп жүретінін мен байқайтын едім. Кейде Пушкин, Лермонтов өлеңдерін де көзін жұмып алып жатка соғып жіберетін еді. Мен Мұқан Иманжановпен жақын дос едім. Ол Мұқанға жолдас. Ол Мұқанға көп келіп, сонда маған жолықпай кетпейтін. Жазғандарын оқитын.

- Ей, Тауұлы жолдас, сен Қарсақпайдың Ұлытауына еліктеп өзіңді «Тауұлы» қойып алдың. Тау болсаң жақсы ғой, тау болмай, шоқалақ болып қалмасаң... — дейтін әзілдеп.

Мұқан көп сөйлемейтін, ылғи күліп отыратын жылы жүзді жігіт еді.

- Шоқалақ болсам, сол маған жетіп жатыр. Шоң болуды саған бергенбіз, — деп Мұқан да күлетін. Екеуі сондай әзілі жарасқан дос еді. Соғыс шіркін екеуін бірінен - бірін айырды. Мұқан ауырып қалып қойды.

- Қап, денім сау болса, әскерде Баубекпен бірге болып, қанды соғыста бірге жүрмеймін бе, — деп қайғыратын еді. Міне, сондай Баубекті еске алғанда Мұқанды да еске аламын. Егер тірі болса, үлкен жазушы болатын еді.

Бір күндері окопта жатып-ақ көптің көкейіне қонатын жалынды сөз тапқан Баубектің қаза болғанын да естідік. Қатты қайғырдық. Ол сол аз өмірінің ішінде бүкіл Советтер Одағына жайылды. Оның ішінде Эренбург сияқты үлкен қалам қайраткерлерінің қаламына ілінді. Олар Баубекті мақтан етіп, мақалалар жазды. Сөйтіп, біздің Баубек Бұлқышев қыршын өмірін Отаны үшін қиды. Бірақ өзі өлсе де, аты қалды. Жалынды сөзімен, жарқын бейнесімен көз алдымызда тұр.

Октябрь 1974 ж.

БАУБЕКТІҢ МАЙДАНДАС ДОСТАРЫНЫҢ ECTEЛІКТЕРІ

Баубек бір батальонда Қызыл Армия қатарына өз еркімен кірген, СССР-де баспана тапқан бірқатар шет ел коммунистерінің, революционерлерінің жас буындарымен бірге Отан алдындағы борышын өтеді. Солармен жүзбе-жүз кездесіп, бір сапта жорыққа шығып, ойын - сауық кештерінде, саяси сабақтарда, лекцияларда бірге болып, дос-жаран болады. Солардың бірі әлі де көзі тірі Москвада тұратын Болгар Коммунистік партиясының көсемдері Дмитрий Благоев пен Георгий Дмитровтың шәкірті Георгий Михаиловтың баласы Кремень Найдов-Железов болатын. Баубектің ізімен жүрген шақта оның адресін тауып, «Баубекті білесіз бе, ол туралы есіңізде не қалды, жазып жіберуіңізді сұраймыз» деген хатыма: «Білгенде қандай, мен бұл қазақ халқының өжет ұлымен егіз туған бауырым Огнянмен І - москвалық пролетарлық мотоатқыштар дивизиясында екінші Отаным — СССР алдындағы қасиетті борышымды өтегенмін. Бір жарым жылға таяу уақыт бірге әскери міндетімізді атқарған шақта күнбе-күн кездесіп, араласып жүрдік. Соғыс басталған алғашқы күндерде Баубек Бұлқышев жедел ұйымдастырылған арнаулы саперлар ротасына жіберілген еді. Бұдан кейінгі оның жауынгерлік жолы, жағдайы жөнінде ештеңе білмеймін», — деп жауап қайтарған болатын. 1977 жылы май айында Москваға барғанымда, кейбір жәйттерді қосымша анықтап алуды кездеп Кременьге телефон соққанымда: «Бүгін - ертең кездесе алмаспыз. Өзіміз фашистермен шайқасқан жерде жау оғынан қаза болған бауырымның бейітінің басына орнатылған ескерткішті ашуға арналған салтанатты жиынға бармақшымын», — деді. «Сізге еріп баруға бола ма?» — дегенімде: «Неге болмайды, ертең ерте Үлкен театрдың алдына келіңіз», — деп айтқаны әлі есімде. Міне, біз Киевке баратын даңғыл шоссенің 67 километрінде автобустан түсіп, өлі де болса іздері жойыла қоймаған окоптардан, траншеялардан аттап, жазық аланда қызыл матамен жабылған биік тұғырға жеттік. Соған қатар орнатылған мінбеге Москва облыстық партия комитетінің секретары Е. И. Сизенко, Болгар Халық Республикасының СССР-дағы төтенше өкілі Д. Жулев, даңқты дивизияның бұрынғы командирі, отставкадағы генерал-майор П. Ф. Толстиков, Кремень Найдов - Железов және басқа дивизия ардагерлері көтерілді. Митингіде сөйлегендер Совет халқының Ұлы Отан соғысындағы Жеңісі, оның басқа елдердің халықтарымен жауынгерлік бауырластығы, Огнян, Кремень Найдов-Железовтар мен олардың қарулас достарының өшпес ерліктері туралы жүректі тебіренткен толғаныспен айтты. Тұғырды жапқан ал қызыл мата жәйімен желбіреп жерге түскен шақтан Огнянның скульпторлық бейнесін көріп, тұғырда жазылған мына сөздерді оқыдық:

«Болгар халқының ұлы, Совет армиясының сержанты
Огнян
Найдов-Железов
1921-1941»

Салтанатты митинг аяқталған соң Кремень аға мені Баубекпен бірге 22-жеңіл инженерлік батальонда әскери кызмет атқарған, бұрынғы гвардия сержанты, сапер, соғыстан сол қолы жоқ, мүгедек болса да Москва метросын салуда көзге түскен атақты құрылысшы, Социалистік Еңбек Ері Николай Алексеевич Феноменовпен, Баубектің қарулас жолдастарымен таныстырды. Бұлардың қайсысы болса да сол кезде және кейінгі уақытта болған кездесулерде, маған жазған хаттарында Баубек Бұлқышев шынайы совет патриоты, интернационалист ретінде естерінде мәңгі қалғаны, қалатыны жөнінде әңгімелеген еді. Рубен Ибаррури 1940-1941 жылдары І - москвалық пролетарлық мотоатқыштар дивизиясының 175-аткыштар полкінің пулемет взводының командирі және полк комсомол комитетінің мүшесі болатын. Баубек онымен алғаш рет 1940 жылы күзде болған дивизиялық комсомол конференциясында танысып, сонда екеуі округтік комсомол конференциясына делегат болып сайланып, Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін кездесіп, араласып жүріпті. «Рубен біздің жеңіл инженерлік батальонда Қызыл әскер жерлестеріне келіп-кетіп жүргенде, Баубекті іздестіріп, тауып алып, қасына ертіп жүретін еді», — дейді Кремень Найдов - Железов, Николай Феноменов, т. б. сол дивизияның ардагерлері. Баубектің Москвада тұратын қарулас жолдастары, сірә, менің адресімді хабарлап, Баубек туралы не білетіні жөнінде маған хабарласуды өтінген болуы керек, Иванов облысының Вычуг ауданында туратын 22-жеціл инженерлік батальоны бөлімінің бұрынғы командирі, Ұлы Отан соғысының ардагері Сергей Васильевич Морозовтың хатын келтіргенім жөн: «Мен Отан алдындағы борышымды 1939 жылы І - москвалық пролетарлық, мотоатқыштар дивизиясындағы кіші командирлер даярлайтын курстан бастадым. 1940 жылдың май айында халықаралық жағдайға байланысты болуы керек, оқу мерзімі қысқартылды да, бізге командир атағы берілді. Мен бөлімше командирі болып 22-жеңіл инженерлік батальонына жіберілдім... ...Сол 1940 жылдың жазында біздің батальон Литваның Ионива қаласының аймағында аэродром жасауға катысты. Біз теректер өскен шағын көгалды орманға орналасқан едік. Күн батар алдындағы ағаш түбінде малдасын құрып, теңселіп, жәйімен күбірлеп отырған солдат менің назарымды ерекше аударды. Маған бұл солдат намаз оқығандай болып көрінді.

- Мына солдат не айтып отыр? — деп сұрадым. Чичьянц:

- Ол қазақша өлең айтып отыр. Бұл жас қазақ ақыны, болашақ Жамбыл ғой, — деді. Шынын айтсам, қарулас досымның бұл сөздерінің сырын сол мезетте жете түсіне қоймадым.

- Ол не туралы жырлап отыр?

- Жүр, оған жақындап барып, тыңдайық, — деді Чичьянц мені қолымнан ұстап, аяғын ептеп басып, солдатқа қарай жүрді.

- Жаңа өлең шығарып отыр екен. Ол қазақтың шексіз кең даласы мен алақандай Литваның орманын, қаулап ескен биязы ақ мақта мен сирек бой көтерген жас теректерді салыстырып, адамдар қай жерде болса да бірдей еңбек етеді, ал күн болса өзінін жылуын бәріне бірдей жеткізбейді... — деді де түшкіріп жіберді. Солдат бізге жалт қарады да үнсіз қалды. Михаил мені онымен таныстырып: — «Баубек» деді де, онымен қазақша сөйлесіп кетті. Михаил Чичьянц қазақ, өзбек жерінде есіп, Қызыл Армия қатарына Ташкент қаласынан шақырылған адамгершілігі мол, қайратты, өжет жігіт болатын...

Баубекпен осылай алғаш рет кездесіп, таныстым. Кейіннен достасып кеттік. Дивизиямыз Москваға қайтып оралған шақта, 1940 жылдың күзінде бізге Қызыл Армия қатарына шақырылған қырғыз және қазақ жастарының жаңа бір тобы келіп қосылды. Мен сол сәтте бөлімше командирі едім. Маған әскерге жаңадан шақырылған жастарды алдын ала сапқа тұрып жүруді, армиялық уставты үйрету жүктелген болатын. Бұлардың басым көпшілігі орыс тілін білмесе, ең қиыны мен де оларды түсінбейтін едім. Маған көмекші ретінде батальон басшылары Баубек Бұлқышевты тағайындады. Ол мен берген командаларым мен бұйрықтарымды жедел аударып, көрсеткен тәсілдерді, жаттығуларды езі де орындап, солардың қалай орындалатынын, неге қажет екенін ана тілінде жап-жақсы түсіндіретін еді. Жас солдаттар оны зор зейін қойып тыңдап, берілген тапсырмаларды өте мұқият орындайтын болды. Қызыл Армияға жаңадан шақырылған жастар сынақ кезінде сапта жүру дайындығын «жақсы», ал устав қағидаларын игеруді «көңіл толарлық» деген бағаларға тапсырды, сөйтіп олар жас жауынгер курсын толық және талапқа сай бітірді. Бұл — Баубек екеуміздің қолымыз жеткен жеңісіміз еді. Әсіресе өте жақын араласқан осы бір жиырма күн ішінде Баубек бауырмашыл, өзінен жасы үлкенмен де, кішімен де сөйлесе, пікірлесе алатын, адамгершілігі мол, беделді, сонымен бірге сыпайы және бәрін де білуге ұмтылған азамат ретінде менің есімде мәңгі қалды. Ол неге екенін білмеймін, өзі туралы әңгіме етуден қашқақтап, маған кептеген сұрақтар қойып, жауап беруді өтінетін еді. Содан бері көп жыл етті. Баубек туралы есімде сақталғаны, міне, осылар. Ал, егер іздеп таба қалсаңыздар, мұнда айтылғандарды Михаил Чичьянц әлдеқайда тереңдетіп, көптеген маған белгісіз жәйттерді баяндап берген болар еді. Ол туралы бірер мәлімет: Қызыл Армия қатарына шақырылғанға дейін Ташкенттегі байланыс техникумын бітіріп, сол қаланың темір жол вокзалында техник болған. 1939 жылы армияға шақырылған соң, біздің 22-жеңіл инженерлік батальонда қызыл әскер, кейін офицер атағын алған соң, екінші дара барлаушылар батальонында байланыс бастығы, соғыс кезінде соңғы батальон таратылғанда бірінші мотоатқыштар дивизиясының 35 - артиллерия полкінің бірінші дивизионының байланыс бастығы болып жүріп жараланып, тылдағы госпитальге жіберілген еді. Содан кейінгі оның өмір жолы маған белгісіз...»

(С. В. Морозовтың 1977 жылғы 9 ноябрьдегі
1978 жылғы 4 марттағы хаттарынан )

АХМЕТ ЕЛШІБЕКОВ

ЖАЛЫНДЫ ПАТРИОТ

Москва түбіндегі ұрыстан соң, неміс - фашист әскерлерінің тұмсығы тасқа тиіп, аптығы басылып, Смоленскіге шегінгеніне біраз уақыт болған. Батыс майдан әскерлері соның ішінде біздің 10-армия да қорғанысқа көшкен. Сухиничиден батысқа қарай 20-35 шақырымдай жерде біздің дивизиялардың алдыңғы шебі өтетін. 20-35 шақырым дейтін себебім — біздің армияның екі жақ қанаты берірек (10-15 шақырымдай), ал маңдай алды әрірек, Киров (бұрынғы Песочный) қаласы мен оның оңтүстігіндегі Фаянс заводының арғы жағында 5-7 шақырымдай жерде болатын. Басқаша айтсақ, біздің армия бүкіл Совет Германия майданын кеулей ілгерірек барып тоқтаған, сөйтіп екі жақ канаты да жаумен жапсарлас болатын. Тек айтарға ғана қорғаныста дегенмен, екі жақта да тыным жоқ, күн сайын дерлік үлкенді-кішілі барлау ұрыстары болып тұратын. Біздің армиялардың 1943 жылғы июнь шабуылына шейін жағдай осылай еді. 1942 жылы июль айының аяқ шенінде, әлгі Киров қаласының шығысында Дубров орманының ішінде тұрған кезіміз. Мен саяси бөлімнің насихат және баспа жөніндегі аға инспекторы болатынмын. Оның үстіне орыс емес жауынгерлер арасында жүргізілетін жұмыстар да менің мойнымда болатын. Солтүстік жағымызда екі шақырымдай жерде Рындино дейтін деревняда полевая почта орналасқан болатын. Бір ұйғыр солдат (Қырғызстаннанмын дейтін өзі) біздің саяси бөлімге почта, газет-журнал тасып жүретін. Жайшылықта велосипедінен түспей, баяулап келіп, әрбір 3-4 шалаштың орта шеніндегі үстел сымақ үстіне почтаны тастай беріп, төмен қарай ағып өте шыққанын көріп қаламыз. Почта келгенін сонан білеміз. Бұ жолы саяси бөлімнің бөлімше бастығы, батальон аға комиссары Н. С. Деза (бұрын Тамбов облысының үгіт-насихат жөнінен секретары болған), кадр бөлімшесінің бастығы, батальон комиссары Жолкин, мен, тағы бір-екі әскери қызметкерлер сөйлесіп отырғанымызда әлгі почтальон көрінді. Анадайдан велосипедінен түсіп, жаяулап келіп, честь беріп, тұра қалды.

- Сізді бір қызыл әскер КПП-де күтіп тұр, — деп, оның аты-жөнін айтты.

Онымен бірге КПП-ге келсем, шынында да әлгі айтқан қызыл әскер күтіп тұр екен (күн кешкіріп қалған соң, сақшылар жібермепті). Үстінде жуылып оңған, тап - таза гимнастерка, шалбар, басында да сондай оңған, тап-таза пилотка, күн қақты болып тотыққан сұңғақтау қара жігіт (тегінде қара торы болса керек), жылтырата тазартқан солдат етігін сарт еткізіп, шаншыла тұрып честь берді. Мен де честь беріп:

- Есен-аман жүрсің бе, Баубек! — дедім. Аман - есендік мезіретін жүре орындап, шалашқа қарай алып жүрдім. Жаңа мен кеткенде отырған жолдастардың саны көбейіңкіреп қалған екен. Кешке таман армия басқармасының басқа бөлімдерінде істейтін командирлер біздің саяси белімнің шалаштарына жиналатын.

Бізде гитар тартатын, ән салатын, би билейтін дарынды адамдар (Анатолий Гусев, Александр Беляев, т. б.) бар еді де, көбінесе соларды тамашалауға жиналатын. Радиоқабылдағыш арқылы фашистердің не деп, не қойып жатқанын тыңдап отыратын, немісшеге жетік адамдарымыз да бар еді. Айтуға боларлығы айтылатын. Оларға Баубекті таныстырдым. «Комсомольская правдада» Баубектің бір-екі публицистикасы жарияланып қалған кез еді бұл. Бұл командирлердің көбі оған қанық еді, сондықтан әрқайсысы оның армияда қашаннан бері қызмет ететінін, соғыстан бұрын не істегенін сұрасып, біраз әңгіме құрдық. Баубек онша шешілмей, қысқа да орынды жауап қайырып отырды, болайын деп тұрған жігіт екен десті кейін олар. Баубек біздің армияға тіке бағынатын саперлер батальонында екен. Қорғаныста тұрған ірі әскер құрамасына мұндай арнаулы әскер бөлімі өте қажет-ақ. Баубек батальонның клуб жұмысын да басқара жүреді екен... Әңгімеміздің үстінде оның публицистикасы жағын қозғағаным есімде. «Комсомольская правда» онан жазған мақаласы болса тағы жіберіп тұруын сұраған екен. Әзірше жаза қойған мақаласы жоғын, бірақ жазғалы жүргенін айтты. Сонда отырып бір өлеңін оқыды маған. Отаншылдық лебі күшті, соғысты суреттеген. «Шығыстың ұлдары қайтпас, қайсар жауынгер жігіттер екен, Алатау, Сарыарқаны арка тұтатынын сипаттаған елең екен. Жақсы өлең, жауынгерлерге қайрат беретін, ерлік қимылға бастайтын өлең екен. Ана Алатау, Сарыарқа дегенің ол біздің арка сүйейтін халқымыз ғой, ол қонымды...» — дедім. Баубек үн-түн жоқ, маған тіке қарап отырып қалды... «Тым сезімтал жігіт - ау өзі, жаңағы Алатау мен Сарыарқаны ежіктегенім көңіліне келіп қалды ма екен?» — деген секем алдым. Жоқ, екі көзі менде болғанымен ойы әлдеқайда сияқты, ту сыртымдағы бір қиянға самғағандай... Кейін оның жинағындағы «Жүріп келе жатырмын» дейтін өлеңі маған жылы ұшырайды. Бұдан отыз жыл бұрын естіген сол өлеңде Алатау да, Арқа да бар. Солармен бірге:

Ел намысын жыртатын
Қайратты қайтпас ер керек.
Арқа сүйер ер үшін
Жағасы бүтін ел керек...

деген жолдар жаңадан қосылған ба деймін.

Күн батуға айналды. Баубекті шлагбаумнан сыртқа шығарып салдым. Өз әскер бөлімінің жатаған автобусы жауынның астында әлі күтіп тұр екен. Келіп тұр деп, қош айтыстым. Баубек қиылып, сәл тұрды да қолымды құшырлана қатты қысты. Арада біраз күндер өтті. Алдыңғы шептегі дивизияларға барып тұратын жұмыстарымыз болып қалатын. Бір жолы сол сапардан қайтып оралғанымда, Баубек тағы бір келген екен, бірақ мені кездестіре алмай кетіпті. Бірде алдыңғы шепке бара жатып, Баубектердің саперлік взводының үстінен шықтым. Баубектің менің беталысымнан қиысырақ жақта жүргенін естіп, бір жапырақ қағаз жазып беріп жібердім. Кідіруге болмайтын еді. Сол сапарымнан армия басқармасына қайта оралғаннан кейін, біраз уақыт өткенде, Баубек екінші рет келді. Қоңыр күз, жаңбыр жауып тұрған-ды. Баубек плащ-палатка жамылып алған. Бұрынғыдай емес, енді ақ жарқын, көңілі көтеріңкі көрінді. Туз сөмкесінен бір қағаздарды ақтарып, тағы өлеңін алды. Анадағы өлеңіндей емес, Махамбет толғауының сарыны бар. «О, ерлер - ау, ерлер - ау, Еділге бүгін жау шапты...» деп бастапты. Ер азамат, жауынгерлерге, дүйім елге ұран салған бұл өлеңі қатты тебірентті мені. Сталинградта сұрапыл ұрыстар дүние жүзін жаңғырықтырып жатқан кез ғой, елім деп еңіреген, жалынды патриот Баубек тұрсын, кімнің зығырданын қайнатпады?! Жаңа талаптың бойын астамшылық билеп кетер деп қаймықпай-ақ: «Күшті өлең екен. К. Симоновтың «Өлтір немісті!» дейтін өлеңімен таласатын өлең екен», — деп мақтадым. Бүл өлеңі өзіне де ұнайтынын оның ажарынан аңғардым. Өткен жолы сөз болған мақала жөнінде тағы да әңгіме бастадым. Жазып жүрмін деген мақаласын «Комсомольская правдаға» жөнелткенін айтты. 1940 жылдан бұрын да, онан бері де азды - көпті өлең жазған екен. Мұны осы екінші жолыққанымда білдім. Өлеңдерінің бірлі - жарымы басылыпты («Лениншіл жаста» болса керек). Өлеңдерін жинақ етіп шығаруға әлі аздау сияқты көрінді. Бірақ өте керек-ақ өлеңдер. Ішімнен ойлап қоямын: «Осы екі-үш мақаласымен соғыс туралы өлеңдерін қоса бір кітапша етсе қайтер еді. Жоқ, оған «Қазақстан» баспасы көнбес, қара сөздер мен өлеңді өзінің көзі тірісінде араластырмас. Сонда мақалаларын бір кітапша етсе де болмай ма? Ал мақаласы әзірше үшеу ғана. Тағы жазатын ойы бар ма екен?»

- Бір мақаланы ойлап жүрмін, — деді Баубек.

- Ондай болса, жаз, бірақ онша көп ойланба. Әзірше осы үш мақаланы «Қазақстан» баспасына жөнелт. Өзің жібергенді ыңғайсыз көрсең, жинастырып маған бер, мен жіберейін. Бір жағынан Орталық партия Комитетіне (Қазақстанның) де хат жазайын, — дедім.

- Жазып қайтесіз. Онша қажеті бар ма, — деді қарапайым жігіт.

- Саған қажет болмағанымен, мынадай жаумен жанталасып жатқанда үйдегі, түздегі жұртты жауға қарсы жұмылдыру үшін қажет қой...

- ...Жарайды, олай дейтін болсаңыз. Жинастырып көрейін, — деді Баубек, біраз ойланып отырып.

Кейінгі жолыққандағы әңгімеміздің мазмұны тағы осы болды. Мен бір жағынан лектор едім. Алдыңғы шепке барғанда еліміздің, дұшпанның жайы туралы лекция оқи жүретінбіз. Баубек көбінесе осы лекциялардың мазмұны жайында көп сұрайтын, өзі аз сөйлейтін. ...Қар түскен, қыс қайратына міне бастаған кез. Фомичи деген селода тұрғанымызда Баубектен хат келді. Мензелинскіден (Татарстандағы) жазыпты. Саяси қызметкерлер даярлайтын әскери курс болатын, сонда оқып жатырмын депті. Оқуға жүрерде маған соғудың орайы болмапты. Біз ақылдасқан мәселе (мақалалар) жайында тағы хат жазармын депті. Мен оған реніш білдіре хат жаздым. Мақалаларын әлі жөнелтпегені үшін жазғырдым. Тура Орталық Комитетке, секретариатының атына жөнелт деп жаздым. Екінші хатында мақалаларын жинастырып, ретке келтіріп жатқанын айтыпты. Мен тағы да ренжи жаздым, мақалаларын осынша кешіктіріп жүргеніне. Сабағынан бұрыла алмай жүр ме екен деп те ойладым. Үшінші хатында мақалаларын Қазақстандағы жолдастары реттейтін болғанын жазыпты. «Бәрекелді, жақсы болған екен», — деп, жауап хат жаздым. Одан кейінгі төртінші, соңғы хатында мақалалар жайында жазбапты. «Оқу аяқталып қалды, жуық арада майданға, политрук болып баратын шығармын», — депті.

Мен жауап қайырдым.
Бұдан кейін Баубектен хат келмеді...
Октябрь 1971 ж.

ҚАНАҒАТ АҒЫБАЕВ

БАУБЕК ОСЫЛАЙША ҚАЗА БОЛДЫ

Мен 1924 жылы Семей облысы, Жарма ауданы, осы Егіндібұлақ селосында туып өстім. Қазір де осы жерде тұрып жатырмыз. Қызыл әскер қатарына 1942 жылы сентябрь айында Жарма аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылдым. Әскер қатарына алынғаннан кейін 1943 жылдың май айына дейін 9-атқыштар бригадасында Саратов облысында болдым. 5 ай осы жердегі батальон штабында писерлық қызмет атқардым. Май айында бізді Пугачев қаласынан майданға аттандырды. Майдан шебіне жақын қалғанда 394-атқыштар дивизиясының 810-полкына қосты. Осы полкта мен 1945 жылдың октябріне дейін бөлімше командирі болып қызмет атқардым. Орел - Курск операциясы кезінде 4-Украина майданының кұрамында Харьков маңайында бірінші рет соғысқа қатыстым. Осы полк құрамында Украинаның Кривой Рог қаласы, Одесса облысы арқылы Тернополь қаласының маңында қорғаныста болып, 1944 жылы август айында Яссы-Кишинев группировкасына қатыстым. Менде награда өте аз. 1944 жылы апрель айында Днестр үшін және 1944 жылы сентябрь айында Яссы - Кишинев операциясы үшін «За отвагу» медалі, «За победу над Германией» медальдары бар.

Мен Баубекті 1943 жылы көрдім.

Мен бір шаруамен кетіп бара жатыр едім, алдымнан қазаққа ұқсас бір аға лейтенант кездесті. Мен ол кісіге әскер тәртібімен сәлемдесіп өтіп кеттім. Барған жұмысымды бітіріп қайтып келе жатқанда әлгі кісі тағы кездесті. Ол мені тоқтатып: «Қазақсың ба?» — деп сұрады, мен: «Қазақпын», — деп жауап бердім, ол менің қай жерлік екенімді сұрады. Мен толық жауап бергеннен кейін ол осы полктың саперлер взводының командирі екенін айтты және уақытым болса, келіп тұруымды сұрап орналасқан жерін көрсетті. Мен сол кеште - ақ бардым. Екеуміз 2 сағаттай әңгімелестік. Баубек өзінін жалғыз екенін, бір жақын ағасы соғыста қаза тапқанын, жора-жолдастарынан хат алып тұратынын айтты. Содан кейін Баубек «Социалистік Қазақстан» газетін алатынын айтып, маған «оқы, Қазақстан жаңалығымен таныс» деп бірнеше номерін берді. Міне, осыдан бастап Баубекпен бірге туысқандай болып кеттім. Бос уақыт болса Баубек екеуміз ылғи бірге болатынбыз. Баубек маған неміс картасынан жасалған екі қалың дәптерді көрсетіп, өзінің газеттерге мақала, өлең жазуымен бірге «Алтын сағат» және «Капитан Водопригора» деген әңгіме жазып жүргенін айтатын. Біздің әскер Кривой Рог қаласын алуға дайындалып жатқанда, жау минасын тазартып жүріп, қапылыста мина жарылып Қаратаев, Каплевский, Баубек үшеуі мерт болады. Баубектің мерт болғанын естіп, Махровтың көмегімен майдан даласынан алып шығып, Днепропетровск облысы, Софиев ауданы, Ново-Юльевка селосына ез қолымнан жерледім, қасында Қаратаев, Каплевскийлер бар. Баубектің басына «Баубек Бұлқышев» деп, туған жылы мен мерт болған жылы, күнін тақтайға ойып жаздым. Менің қолымнан келгені осы ғана болды. Баубек кішіпейіл, бауырмал еді. Баубекті осындай азаматтығы үшін солдаттар қатты сыйлайтын. Және штаб офицерлеріне өте беделді еді. Баубек жас кетті. Сол соғыстың қиын-қыстау уақытында өте мәдениетті, таза жүретін және осыны өз қарамағындағы солдаттардан талап ететін. Сологубов маған Баубектің қағаздарын тапсырғаны туралы Рахметолла Ыдырысовқа айтқан едім, бірақ оның мазмұнын мен оқығам жоқ, себебі оған менде уақыт болмады. Ол қағаздардан жараланып, госпитальға түскен соң көз жазып қалдым. Соғыс аяқталғаннан кейін Баубектің полкінен Махровтан басқаны кездестірмедім. Махров мені 17 жылдан кейін іздеп тапты, қазір катысып тұрамыз.

Октябрь 1972 жыл.

MҰҚАН ИМАНЖАНОВ

ҚОШ БОЛ, ДОСЫМ!

(Майданда қаза тапқан талантты жас жазушы, жан досым Баубек Бұлқышевтың өліміне)

Бұл өмірдің қызығы махаббатпен,
Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен.
Арттағыға сөзің мен ісің қалса,
Өлсең де өлмегенге боласың тең.

(Абай) Ардақты дос, менің алдымда сенің армияда еткізген соңғы төрт жыл өмірін ішінде жазған хаттарың жатыр. Мен осы хаттарды бүгін кайта оқып, терең ойға шомып отырмын. Мына бір топ хат бейбіт күнде жазылыпты. Мына біреуі — дәл соғыс басталар күнгі жазған хатын. Ал соғыс күндеріндегі жолдаған хаттарың өз алдына бір буда болып ол тұр... Осы хаттардың әрқайсысында өзекті өмір жатыр. Әр хат — әр уақыттағы жан күйіңді алдыма жайып салып, жас адамның үлкен ойын, досқа, елге деген отты махаббатын, жауына деген өшпенділігін көз алдыма елестетеді. Міне, мен оқи - оқи келіп, дәл ұрысқа кірерден бұрын жазған бір хатыңа жеттім. «...Достым, есіңде бар ма, Корчагин соғыста жараланып, ауруханаға келіп түскенде партбилетінің арасынан «Егер өле қалсам ағама білдір» деген адрес жазылған бір кішкене қағаз шығады ғой. Міне, сондай қағазды жазуға бізге де кезек келді. Аты-жөнімізді жазып, ез бойымызда сақтау үшін әрқайсымызға кішкентай медальон берілді. Бұл минут өмірі естен шықпас - ау! Осы кезде «Өлім, Өмір» деп жарыса ұшқан екі сөзді айтсаңшы! Мен айналамдағы жолдастарыма қарадым. Бәрі де үнсіз тына қалған. Бәрінің де жүзінен байсалды пішін, терең ой аңғарылады. Ия, достарым ойға кеткен. «Кімді жазу керек?» Біреудің әкесі ауылда, ағасы қалада деген сияқты, ен алдымен жаманат хабарды кімге естірту керек? Бұл, шынында, ойланатын минут. Жігіттер жазуға кірісті. Біреулері туған жерінің, ата - анасының адресін, екіншілері ағасының немесе сүйген жарының адресін жазып жатыр. Қысқасы, әркім ең сүйікті, ең жақын адамын жазуда. Әлден уақыттан кейін мен де жазуға кірістім. (Сол қағазды әлі сақтап жүрмін, жоғалтпай саған көрсетермін - ау!) Мен кімді жазды дейсің ғой? Ең жақын, ең досым деп жазған кісім сен б|ілмейтін біреу болды. Егер өліп кетсем сол жазған адамыма ете ауыр тиеді - ау деп те ойладым. Дегенмен, менің өлімімді басқа біреу естігенше, әуелі сол ең жақын адамым естісін дедім. Ол адам — адал досым еді, сен едің...» Қайран дос, қайғылы қазаң үстінде жүрегіңнің қанымен жазған осы хатыңды бір емес, бірнеше оқыған болармын. Оқыған сайын асыл хаттың әрбір сөзінен өмірдің самал желі есіп, өлмес достықты мезгеп тұрғандай болады. Адам жан күйер жақынын сағынғанда, ең алдымен, оның тәтті қылықтарын, қызық мінездерін еске түсіреді. Содан кейін оның бейнесі елес береді. Мен дәл осы сәтте толқынды ойға батып, толғанып отырмын. Көз жұмулы, көңіл ояу. Алдымда сен тұрсың. Балдай тәтті балалық шақ, білім берген мектеп, бір жүріп, бір тұрып өткізген қимас күндер, келешек туралы тәтті қиялды бөліскен жастық кездер кештей тізіліп өтіп жатты. Мен әлденеге асыққандай, ойымды алға оздыра түсем. Ой озып, бүгінгі күнге жақындаған сайын сенін тұлғаң толысып, зорая береді... Сабақталған ой жалғаса - жалғаса келіп соғысқа жетті. Одан сенің ең ақырғы минутына тірелді. Өлер алдындағы қанды шайқас көз алдымнан бұлаң берді. Жауға сұстанған бойың қабағыңнан кәр төгіп, қасқая алға ұмтылдың сен. Сенің жайдары жүзіңді ыза мен кек торлаған минутты мен, міне, тұнғыш көріп тұрмын. Күлімсіреп тұрған өткір қара көзің от шашып, жайнай түскен. «Менің өмір сүргім келеді. Бірақ неміспен бірге өмір сүре алмаймын. Немісі бар дүние тар мен үшін... Бір жердің үстінде неміспен бірге жасай алмаймын мен. Сондықтан да, өлтіруім керек немісті... Мен Шығыс адамымын. Батысқа кетіп барамын. Меңің елім: «Шығыс ұлы, жолың болсын! Шығысқа жеңіспен қайт! Мен сені Алатаудың аясында қарсы алармын», — деп тұр дегендей боласың. Осы үн төбеңде ту болып желбіреп, алға бастап бара жатқандай. Жолдастарың да сенен қалыспай, немістердің басына заманақыр орнатуда. Сендер дұшпанның бір бекінісін алып, екінші бекінісіне төндіңдер. Олардың бората жаудыраған оғы сендерді бөгей алған жоқ... Амал нешік, дәл осы минутта қаңғырған бір ажал оқ дәл сенің жүрегіңнің тұсынан қадалды. Сен тәлтіректеп барып кеудеңді басып отыра кеттің. Ақтық сағатың соқты. Аузыңнан «қош» деген бір ғана сөз ұшты. Дәл осы сәтте осы бір ғана сөзге сыйды бар ойың! Жоқ, бұл әшейін елес қой. Мүмкін, ауыр жаралансаң да, жас жүрегің соғуын көпке дейін тоқтатқысы келмеген болар. Өмірді сүйген жан едің, өліммен қанша алыстың екен, жас азамат! Көкіректен аққан қан көзіңді мұнартып, талықсытса да, өлімге дес бермей біраз жаттың - ау, бауырым! Осы аз ғана минутта жарылған бомба, атылған оқ астында анаңдай сүйген Арқаңды жүйрік қиялыңмен неше шолып шықтың екен! Еліңнің сұлу Жаннасы, сүйікті құрбы-құрдасың, төл елің жүрегіңді жүз бұрап, жаныңды қандай толғандырды екен! Есіл ер, егілдің - ау сонда сен!.. Әлде төс қалтаңдағы комсомол билетің мен Жаннаңның суретін қолыңа алып жау алдында асқан тәкаппарлықпен кеудеңді көкке көтерген бойын:

- Риза бол, ел-жұртым, риза бол, жаным Жанна, ақтық минутыма дейін азаматтық арыма кір шалдырмай, қайтпас сапарға кетіп барамын! — дедің бе екен көз жанарыңа ұлан байтақ Отаныңды сыйғызып.

Я, өлер алдында сен осыны айттың! Осы сөзбен жұмдың сен. Сенің отты жүрегің маған осылай деп тур. Қапаланбай, алаңсыз аттан дүниеден, бауырым! Ел алдында азаматтық, борышыңды ақтадым деп біл. Сен ерлерше күресіп, нағыз ерлерше қаза таптың. Азамат ақынша ойлап, кейінге ойыңнан мұра қалдырдың. Рас, сен енді жоқсың. Сенін аттай тулаған асау жүрегің соғуын мәңгі токтатты. Бірақ сен ойлаған ой, сендегі өзекті махаббат өлген жоқ. Есіңде ме, «Ерлердің өлімінде де өмір бар» деген жоқ па едің өзін? Сондай ердің бірісің сен! Өмірде өлмейтін адам жоқ. Адамның алып анасы — қара жер перзентін құшағына бір алады. Адам көп дегенде жүз жасап сол анасының құшағына енеді. Адамға көп жасау ғана мұрат емес, оның үстіне, көп білу, кейінгіге көп енбек қалдыру мұрат. Адам бір ғасыр да өмір сүрмей дүниеден аттанады. Ал, оның ақыл-ой, еңбегінің тарихы мәңгі жасайды. Адам болып дүниеге келіп, адам болып дүниеден кету үшін ол, міне, осыны өз алдына мақсат етіп қояды. Сен нағыз Адамша дүниеден қайтқан жансың. Шағын өміріңде дүниеге «Заман біздікі» деп тұнық ойынның бетін қасиетті, мағналы сөзбен аштың да, өз жүрегіңнің, бүгінгі жастар жүрегінің төрешісі бола білдің. Сол үшін құрбыларың сенің аз еңбегіңді көптей көріп, қолдарынан тастамай оқиды. Оқыған сайын олар атынды құрметпен ауызға алып, біздің заманымыздың, жастықтың жаршысы деп сені мақтаныш етеді. «Біз күресте тудық, сол күреспен өлеміз де. Осының бәрі сендер үшін, кейінгі ұрпақ!» — деген сөзін құрбыларыңның, іні-қарындастарыңның жүрегінде. Олар бұл сөзіңді ешқашан да ұмытпақшы емес! Ұмытылмайсың сен! Естисің бе, Шығыс ұлы, сен олармен бірге өмір сүрудесің. Ендеше, қыршынымнан қиылдым деп егіле көрме! Біз кеше Жаннаға сеңін қазаңды естірттік. Ауыр қаза жас аруға қатты батты. Ол алғашқыда көз жасына булығып, есі кеткен адамдай, сазарып отырып қалды. Бірақ ол ақылды еді ғой, сол ақылдылығын істеді. Көзден аққан жасын кенет сүртіп тастап, орнынан ұшып тұрды да:

- Жоқ, досқа деген махаббатты кез жасымен жуу — бишаралық. Біздің заман — бос егілудің заманы емес, күрес заманы. Адал досым арман еткен жеңіске, келешекке арналады бар ой, бар күш-қуатым. Ауыр қазаға жауабым осы болар менің! — деп өзі жұмыс істейтін заводқа жөнелді. Естимісің, Шығыс ұлы, жанын сүйген Жаннан осылай деді! Өзінше ойлап, өзінше ерлік іс етті.

Дәстүр, игі дәстүр есіме түседі менің! Халық үшін, Советтік Отан үшін кызмет ету — осы ғой біздің дәстүр. Осындай ұлы қасиетке баулып, білім беріп есірген совет мектебі қандай ыстық саған! Дәстүр! Халқымыздың көне заманнан келе жатқан шынайы дәстүрі совет елі тұсында жаңа арнаға құйылып, жаңа арнамен шалқып аққан еді. Осы арнадан өзіңе өзекті ой, ерен күш алып «екен едің сен. Абайдан ақыл мен ақындықты, Шоқаннан білім мен сүйіспеншілікті, Махамбеттен батырлық пен қайсарлықты үйрендің сен. Пушкин мен Толстой, Чехов пен Горький ше! Олардың тартқан сыйын қайдан ұмытарсың! Ұлы ойдан улы арман, улы арманнан ұлы іс туған заманда жасаған ұрпаққа кәрі тарих кез тастап, жіті қарағанда сен де атаусыз қалмайсың. Осыған қуан, бауырым! Міне, сендегі ой, сендегі қасиеттерді Жаннан алды. Бұл сенің де ұрпақ үшін кызмет еткеніңді көрсетеді. Абай мен Пушкинді, Белинский мен Шоқанды, Некрасов пен Махамбетті, Горький мен Маяковскийді сүйген халық солардың ұшқыны сияқты жарқ етіп, өше қалған сен сияқты асылын да ұмытпайды. Сен азат жерді, өзіңнің Сарыаркаңды, бүкіл совет жерін қорғап жүріп мерт болдың. Саған топырақ туысқан. Украина жерінен бұйырды. Бұл жерде сен сияқты талай өндір бауырларың қаза тапты. Қазір сол жер, сендер қорғаған, жаудан кеп азап шеккен, қасіретті жер гүл-гүл жайнап, қайта кектеді. Әзің сүйіп жыр еткен Украина аруының апа - сіңлілері сенің жас қабырыңа сүйіспеншіліктің белгісі — қызыл гүл екті. Бүл — саған, сенің жолдастарыңа деген халық махаббаты. Сен украин қызын жеке бастың сүйіспеншілігін ауыр күнде Отанға деген ұлы махаббатқа ұштастыра білдің деп мадақтап ең, бүгін сенің құрбыларың сені де Жаннаға деген махаббатын өмірдің асқар шыңына көтеріп, ел махаббатына ұштастырды деп мадақтайды. Ұлы арманның иесі, артына із қалдыруға ұмтылған, ерте жанып, мезгілсіз сөнген, сүйікті Шығыс ұлы, топырағың торқа болсын! Қош, бауырым!

Тауұлы
«Соц. Қазақстан» 1944. 21 май

MҰҚАН ИМАНЖАНОВ

ДОС ҚАЙҒЫСЫ

(Қазақ қызының күнделік дәптерінен)

ӘҢГІМЕ

І

Не деп жазсам екен бүгінді? Аузыма сөз түспейді. Ойлансам болды, өне бойым дірілдеп, көзіме жас толады... Жоқ жазуым керек. Дос үшін қайғырған жүректің суреті ақ қағазға түссін. Тым уайымшыл болғаным ба? Атамаңыз. Басқа құрбыларым сияқты мен де қуаныш кешкен жанмын. Бірақ ойсыз қуаныштан аулақпын. Қуансам, шын қуанып, қайғырсам, шым қайғырамын. Шын қайғыра білмеген жүрек — шын қуана да білмейді деп түсінетін адаммын мен. Әңгіме дос қайғысы жөнінде болғандықтан дәптеріме бүгінгі жазатын сөздерім де күндегіден өзгеше болмақ. Егер бұл жазғаным әлдеқалай бір құрбымның қолына түсе қалса, үстірт қарамас, жан сырын ұғар, достықты бағалар деп сенемін. Ойға түсіріп көрейінші әуелі. Түнгі сағат 12-де институттан кайтып, үйге келгеннен басталды бүл қайғы. Үйге кіре су ете түсті жүрегім. Мен сабаққа кетерде ғана жайраңдап тұрған Шолпан апайдың шашын жайып, егіліп отырғанын көргенде не болғанымды білмедім. Аза бойым қаза болып:

- Не болып қалды? — деп келіп құшақтай алдым. Тіл қатпады ол. Сәл селт етті де, өксігін баса алмай, жағын таянған күйі үнсіз отыра берді. Көзім стол үстінде жатқан бір жапырақ қағазға түсті. «...Қаза тапты» деген екі сез баян етті бар сырды. Жақсы ағаның қазасы қатты батты жаныма. Ыстық жас бұршақтап ыршып кетті көзімнен. Әйтсе де, шыдауым керек. Жан жарынан айрылған қаралы жұбайды жұбатудың орнына қоса егілсем, не болғаны! Бірақ, өз жүрегін қоса тулап, егіліп тұрғанда сөзуарлық қайда! Жан күйер жақынына жылама деп ділмәрсу оңай болып па! Не демекпін, не деп жұбатпақпын? Оған қымбат Хасен маған да қымбат еді, бірге туған бауырымдай еді, Тәрбиесінде өсіп едім мен. Сол аяулы ағадан айрылыппыз!

Екі көзім Шолпан апайда. Тіл қатып, тоқтау айтқым келді. Әттен дүние, сөз түспейді аузыма! Бар тапқаным:

- Жыламашы, егілмеші! — дей беремін.

Уақыт жылжып өтіп жатыр. Жеті түнде, оңаша үйде күңіреніп біз отырмыз. Қашан атады тан?.. Міне, ол мөлт-мөлт тамған көз жасын сүртті де маған бұрылды.

- Жаным, Жанна! Шынымен-ақ аңырап қалғаным ба? — деді көз жасын парлатып.

Жүрегімді солқ еткізді Жанна деген жалғыз сез. Жанат демей, Жанна деді - ау ол мені. Жайшылықта айтпайтын бұл есім аузына қайдан түсті екен? Әлде Баубегім сүйіп қойған ат жүрегіне жақын сезілді ме қазір?.. Қайран Баубек!.. Менің ауыр ойға шомғанымды аңғарды ма, әлде жүрегін қарс айырған қайғыны сыртқа шығармақ болды ма?

- Шынымен-ақ аңырап қалғаным ба? — дегенді тағы айтты. Бұл сөзді неге айта беретіні маған аян. Зілдей ауыр қайғы бар жүрегін қайғыдан да ауыр ой басқан. Достық қарыз туралы ойланып көргендеріңіз бар ма? Ойлап көрген кісі мұның жайын жақсы біледі.

Дос өлді. Енді ол жоқ. Ендеше достықтың да өлгені ғой. Жоқ, жоқ, достық өлмейді! Қалайша?! Бұл әншейін қимағандықтан айтылған сөз емес пе? Егер олай болмаса, сол достықты әрдайым айқын бейнелеп отыратын өмірде бір белгі болса керек қой. Ол қандай белгі?..

Оның жасқа толған қара көзі маған осы ойды аңғартады.

- Жаным Жанна, — деді ол кенет сергіп кеткендей болып, — Баубек марқұмның елім туралы жазған бір өлеңі болушы еді ғой, қалай басталатын еді?

Мен оның қай өлеңді ойлап отырғанын біле қойдым да, айтып бердім:
Не қайғы дүниеде: өлім қайғы —
Сүйген жар кейін қалса, жас жұбайы,
Қайткенде ғазиз жаның егіледі,

Жас жүрек шыдамайды, шыдамайды!
Шолпан апай өлеңді тыңдап болды да:

- Жас жүрек шыдамайды, шыдамайды! — деп күбірледі. Мен де осы жолды ішімнен бір қайталап шықтым да, көңілім бұзылып, теріс айналдым. Дәл сол кезде, Баубектің қабырғада ілулі тұрған суретіне көзім түсті.

- Жас жүрек шыдамайды, шыдамайды! — дегенді қазір айтып тұрған сияқтанды ол. Екінші жаққа бұрылып едім, қарсы алдымнан Хасеннің суреті де:

- Жас жүрек шыдамайды, шыдамайды! — деп тұрғандай болды.

Қайран достар, аяулы ағалар! Сендермен асыр салып бірге өткізген тәтті күндер ұмытылар ма?! Қайғы дегенді кім білген ол кезде! Міне, сондай асыл достын екеуі де жоқ енді. Бірақ достық қалмай ма? Толғантады, егілтеді, тебірентеді бұл сұрақ. Ауыр оймен біз отырмыз. Таң да енді жуық болар. Шолпан апай бұрынғысынан да мазасыздана бастады. Маған:

- Жаным Жанна! Ұйықта, демал! — дейді. Мен ұйқым келмейтіндігін айтсам да, «жат» деп болмайды. Оған таңды жалғыз күзеттіріп, ұйықтамақпын ба мен? Қайдағы ұйқы!

- Өзің жатшы, біраз тынысташы! — деймін мен. Ол басын шайқайды.

- Сәулешім, жата бер, мен де қазір жатамын!

Адамды ауыр ой басқанда, кейде жалғыз отыруды жарататынын мен жақсы білемін. Мүмкін, дәл осы минутта жанында ешкім болмағанын ұнататын шығар Әлде маған демалсын дей ме екен?

- Жатшы, жаным! — деді тағы да. Мен оның жүзінен де, дірілдеген даусынан да, қиылып сұраған жалынышты пішінінен де жалғыз отырғысы келетінін аңғардым. Көңілін қимай, амалсыз өз бөлмеме келіп, төсегіме қисайдым.

Ол орнынан тұрып, ерсілі-қарсылы жүре бастады. Мен көзімді алмай телміре қараудамын оған. Аздан кейін, сандықты ашты да, кеп хаттар алып, оқуға кірісті. Бұл хаттар бір кездегі өмірді көз алдына тағы әкелді. Әсіресе бір хатқа көп тесілді де, көкірегіне басып:

- Хасенім, Хасенім, ақтық жазған хатың мынау. «Көруге асығамын өзіңді», — дейсің. Мен де көруге асықпадым ба?.. Қайтып шыдармын енді? — деді күбірлеп. Өне бойым дірілдеп көзім қарауытқандай болып кетті.

Ол, міне, екінші бір сандықты ашып, ішінен әлденелерді іздей бастады. Көп заттың арасынан қолына кішкентай бір көйлек ілінді. Оның солғын жүзіне аздаған бір қуанышты шырай пайда болған тәрізді. Көйлекті қайта-қайта иіскеп, көз жасын төгіп - төгіп жіберді. Шыдап жату қайда, мен де келдім қасына.

- Көрдің бе, Жанна жан, кішкентай Досболымның көйлегін. Тым болмаса, бұл да тірі болмады, жоқтатпас еді ғой Хасенді. — Кенет, көйлекті иіскеді де: — Қандай әдемі! Иісі қандай жақсы! — деді.

Онысы рас, бір хош иіс менің де мұрнымды жарып тұр.

Таң да атты - ау, әйтеуір! Жаман хабар жата ма, дос - жарлар жиылады қазір. Мен оған дейін Шолпан апайдың сабақ беретін мектебіне барып, оның бүгін келе алмайтынын айтып шығуым керек. Я, отырмайын. Жүгіріп мектепке кеттім. Тез оралдым. Келсем, ол кісі жоқ. Зәрем ұшып кетті. Суық хабарды естіген көршілер де көздеріне жас алып, қамығысып тұр.

- Байғұс, жақсы көруші еді ерін, кім біледі? — дейді бір шешейлер.

«Кім біледі» деген сөз мені қатты қобалжытады. Достық қарыздың жауабы осы «кім біледі» болғаны ма?.. Мүмкін емес!...

Қайда кетті Шолпан?..

Уһ, шаршап кеттім ғой! Бүгінге осы да жетер. Жалғасын кешке отырып жазармын...

Қайда кетті Шолпан?

Осылай бастасам ба екен күнделікті дәптеріме бүгінгі жазатын сөзді? Жоқ, достық мәңгі өлмейді деп бастауым керек. Жұртқа қайдам, өзіме осы ұнайды. Достық мәңгі өлмейді! Достық мәңгі өлмейді! Осы сөзді қайта-қайта жаза бергім келеді. Жүрегімді кернеп тұрған да осы сез... Жә, оқиғадан озбайын. Сонымен, қалада өзім білетін жерден бармағаным жоқ. Ешкім білмейді. Салым суға кетіп, үйге кайттым. Келсем, үйдің іші толған адам. Таныстардың бәрі жиылған. Көрші әйелдер бірі шай қойып, екіншісі ет асып, табанынан тік тұрып, қызмет етіп жүр. Манағыдай емес, үй ішіне өң кіріп қалған сияқты. Келген бетте көзім Шолпан апайға түсті. Қайда барды екен деген ой қонақтар кеткенше есімнен кетпеді. Қонақтар тарасымен:

- Қайда болдың, қайда болдың? — деп кұшақтай алдым.

- Жаным Жанна, Жаннатым! Осындамын! Ұзап қайда кетуші едім!

Ол көзіне жасын ірікті де, менің шашымды сипады. Дәл осы минуттағы оның пішіні баласын уатқан ана сияқты болып көрінді маған. Мен қатты құшақтап алып сүйе бастадым оны. Ол да мені құшағына тартты. Жанды жеген қайғыны осылай іштей баяндап едәуір уақыт үнсіз тындық екеуміз де. Міне, ол құшағын жазды да:

- Сен маған жана қайда болдың дедің бе, Жаннат? Айтайын қайда болғанымды, — деді. Содан кейін аз кідірді де: — Жаннат, біз бұрын екеу болсақ, енді төртеу боламыз! Естіп отырсын ба, біз енді төртеу боламыз! — дегені ғой.

Өне бойым мұздап қоя берді.

- Не деп кеттің, ұқпай қалдым!

- Төртеу боламыз.

Бүл не ғажап, ұқпаймын! Ақылынан адасқан ба, байғұс?
Ол мені кішкентай балаша тағы да шашымнан сипап, аз отырды да:

- Сен ана дегеннің не екенін білесің бе, Жаннат? — деді көз қиығымен сүзіле қарап.

Бүл сұрақ тағы да орынсыз көрінді маған. Таңданған пішінмен:

- Оның несін сұрадың? Білемін! — дедім.

- Бекер айтасың, Жаннат, білмейсің! Сен әлі жассың, ана болып көрген жоқсың. Аналық сезім қандай болатыны саған тұман. Ал, мен білемін. Досболымды туған күннен бастап маған аналық сезім пайда болған. Естіп отырмысың, аналық сезімді сонда ғана білгенмін мен!...

Не айтпақшы ол маған? Бұл қай сөзуарлық?

- Мана, — деді ол қалын ойдан серпілгендей болып, — кішкентай Досболымның көйлегін көргенде әжем марқұмның өлер алдындағы бір сөзі есіме түсті, Жаннат! «Құдая тоба, арманым жоқ, езім өлсем, артымда балаларым қалды. Бәленшенің ұрпағы деп жүрсе, кемпір-шалдың атаусыз қалмағаны». Бұл сөздің мағынасына мен ол кезде жетпеген едім. Енді ойласам, қазақтың қарапайым кемпірінің осы бір сөзінде көп ой жатқан сияқты, Әттең, сен аналық сезімді білсең - ау, Жаннат! Сонда жақсы түсінер едің мені... Мен жармын, мен анамын, Жанна! Ауыр қайғы үстінде жалғыздыққа төзу қиын анаға. Жұбаныш, ермек керек оған... Мен бүгін балалар үйінде болдым, Жанна! Талай тамаша сәбилерді көрдім, қайнаған өмір көрдім балалар үйінен. Солардың ішінен апа деп етегіме оралған екі бөбекті тәрбиеме алатын болдым. Естіп отырмысың, Жаннат, ертең оларды үйге әкелеміз. Бала — өмірдің көркі, қызығы. Ол жүрген жерде қасіретке орын жоқ. Жар қайғысы салған жан жарасын осылайша емдеуге кіріспекпін.

Ол ойлы пішінмен едәуір уақыт үнсіз отырды да, кенет сәл жадырап:

- Біз енді төртеу боламыз, қос перзент — Баубек, Хасен өмірінің жалғасы. — Олар маған бала, саған іні болады, Жанна! — деді.

- Қуанттың ғой, қуанттың ғой, апатай! Дәптерім қайда жазып қояйыншы, «достық мәңгі өлмейді» деп бастайын...

1945 ж.

ЖОЛДАС ТАУҰЛЫ!

Кешіре гөр, сенің кім екеніңді білмеймін. Бірақ танымайды екен деме, езіңді көрсем тарпа бас салар едім. Ал соңғы атың «Тауұлы» маған кім еді бұл? деген сұрақ қояды. Өйткені бүл атақ мен Алматыдан кеткеннен кейін пайда болған. Әсіресе Баубектің қазалануымен байланысты кездестірдім мен «Тауұлын». Тауып қойылған атақ. Менің алдымда «С. Қ» -ның 122-саны жатыр. Қай күні шыққаны белгісіз. Алматыдағы баспа мамандары әскерге жөнелтілетін газет болғандықтан, сақтыққа салынып, күнін жөнді түсірмеген болу керек. Мәселе онда емес. «Достық қарызында». Кешір, қате жаздым. «Дос қарызы» екен. Мен мұны қазір ғана оқып шықтым. Тек оқығаным жоқ, жан жүйем елжіреп оқыдым. Көзімнен ыршып кетті ыстық жас. Демек, сен жан сарайыма ене білдің. Мүмкін мұның ішіндегі адамдар сенің қандай досын болса, менің де сондай жақындарымның атымен байланысты шығар. Баубекті де, Хасенді де мен жақсы білемін. Асыл адамдар еді. Баубек бір жаз менің қарамағымда істеді. Карл Маркс көшесіндегі 20-үйде мен оның тұңғыш дастанын тыңдадым. Оқып болғаннан кейін оның қара көзі жаутаңдап, маған қадалды. «Кәне, аға, не айтасың?» деген сұрақ бар еді ол көзде. «Дастаныңды аяқта, қарағым. Оқиғасы әлі өріс ала қоймағанымен өлеңдік мәні терең жатыр», — дедім мен. Баубек күліп жіберді. (Кешір, сыймай қалды. Екінші қағазға жазу керек).

...Мүмкін ол менен мұндай жауап күтпеген - ақ шығар...

Мен майданға келгенде Баубекпен хат арқылы хабарласып тұрдым. «Бауырым» деп жазар еді ол үнемі. Біздің редакцияға келу туралы кеңесті. Мен бастықтарға айттым. «Өзің бастық болмаған соң өміріңнің ішін ұрайын», — дер еді Күзенбай деген атамыз. Сол айтқандай алдыру қолдан келмеді. Сөйтіп жүргенде қазаланып кетті. Келешегі бар еді. Сақтау керек еді. Қынжылдым. Ажалына өзім себепші болғандаймын. Қайран жас, ақырғы минутында не деді екен. Білер ме едім! Осымен сенің Баубек жөніндегі екі әңгімеңді оқыдым. Ұнады маған. Адамның, солдаттың қатаң жүрегін тербеп, аяныш сезімін оятады. Кекке шақырады. Осы алған стилің өте ұнамды. Сенің бұл әңгімелерің Баубек еңбегінің жалғасы тәрізді. Шығыс ұлының орнын Тауұлы жоқтатпас. Сенен атыңа лайықты асқар нәрсе күтемін, бауырым. Ендігі әңгіме қалыңдықтар туралы. Әрине сенің алып отырғаның идеал боларлық әйелдер. Қарындастардың бәрінің махаббаты осы тәрізді таза болғай да. Тілек те сол, бірақ, дос қарызы ерге шықпауда емес. Әрине, білетін достың қалыңдығы ерге шықса, оның досына ауыр - ақ,. Мен өзім де қызғанар едім, өлік үшін. Алайда оларға бала асыратып, өмір, тіршілік заңына кедергі жасауға қосылмас та едім мен. Мүмкін қате шығар пікірім. Сен романтикалы әйелдер іздейсің. Дұрыс - ақ. Дегенмен, Некрасовтың айтқан шындығы шындық. Ұмытпайтын тек ана. Қасіретін қалдырмай көрге көтеріп жететін ана ғана. Бұл тек анаға тән қасиет. Кешір, інім, кеп жаздым. Мұның бәрі сүйсініп оқығандықтың белгісі. Топшың бірсыпыра қатая келген тәрізді, енді шарықтап, қияға көтерілуіңді тілеймін.

Қош, Әбу
Дала почтасы, 22107 А
3 август 1945 ж.

ҚАПАН CATЫБАЛДИН

АЯУЛЫ ДОС

Менің қолымда Ұлы Отан соғысынын майданында қаза тапқан жас ақын Баубек Бұлқышевтың «Заман біздікі» атты әрі тұңғыш, әрі соңғы жинағы отыр. Жинақ екі бөлімнен құрылған. Алғашқы бөлімге ақынның өлеңдері, соңғы бөлімге желдіртіп жазған қара сөздері кіpген. Өлеңдерінде Баубек әдебиетке жаңа ғана араласқан жас ақын болса, қара сөздерінде белі бекіп, бұғанасы қатқан кәдімгі қабырғалы жазушы. Құлын-тайдай шұрқырасып бірге өскен қатар құрбымның осы бір көлемі не бары үш баспа табақтай шап - шағын жинағы маған сондай ыстық, сондай қымбат. Баубек анығында ренжу, торығу, ашулану дегенді білмейтін, жолдас-жорасына жұғымды, тула бойында жастық, күші толқындай бұрқыраған албырт мінезді, қайратты жігіт еді, ол ылғи қабағынан күлкі кешпей, жарқын жүретін. Өмірдегі есі-дерті бір ғана өлең болатын. Жақсы өлең, қызықты поэма жазуды арман етіп, күндіз-түні толғану үстінде болатын. Біз оған сенетінбіз, көп үміт күтетінбіз. Біздің сол үмітімізді Баубек ақыры ақтап шықты. Жазушылық өнеріне деген ыстық, құмарлықты армияға ала кеткен Баубек Ұлы Отан соғысынын отты жылдарында жарқ етіп бой көрсетті. Ол езінің албырт жастығына, аяулы арманына қол жұмсаған қаныпезер жауды қаруымен де, қаламымен де түйреді. Баубектің от пен оқтың ортасында, окопта ай жарығымен жазған солдат сырына толы жалынды публицистикасын сол жылдарда біз «Комсомольская правдадан» жиі-жиі оқып отырдық. Бірақ Баубектің бұл жазғандарына біз риза болсақ та, оның өзі риза болған емес. Маған ен соңғы жазған хатында төрт жылғы өмірі окопта өтіп келе жатқан Баубек кең-байтақ бейбітшіліктің құшағында, қатар-құрбыларының ортасында отырып, өзі болған соғыс туралы құлашты поэма жазуды арман етеді. Көк жасыл жазғы Алматыны аңсайды. Алайда, Баубек Ұлы Отан соғысы туралы поэмасын қаламымен емес, жүрегінің қанымен жазды. Ағыбаев Қанағат дейтін солдат маған Баубектің қаза тапқанын хабарлап жазған хатында: «Аға лейтенант Баубек Бұлқышев Украина жерінде, Днепропетровск облысының Софиев ауданында, Ново - Юльевка селосының маңында жау тылына барлауға бара жатып, қасындағы екі жолдасымен бірге мина тиіп елді. Баубекті өз қолымнан сол селоға жерлеп, қабырының басына аты-жөнін толық жазып кеттім, Баубектің жазған сызғандары менде қалды», — дейді. Одан кейін маған Қанағаттан хат-хабар болмай кетті. (Ұлы Отан соғысынан аман-есен қайтқан болса «Қазақ әдебиетінің» осы номерін оқысымен Қанағат хабар берер деймін). Баубек біздің әдебиеттің қыршын кеткен боздағы. Оны ертерек шыққан шағын жинағын жаңғыртып, толықтырып, қайта шығаруға күш салсақ, біз Баубектің алдында бір үлкен борыштан құтылған боламыз.

Таңдамалы шығармалары.
ІV том. Алматы. 1976 ж.

XAЛЫҚТЫҢ ҚАҺАРМАН ҰЛЫ

(пікірлер, лебіздер)

ЮРИЙ ЖУКОВ. ВАЛЕНТИНА САКОВА

«Жизнь солдата» жинағында (1946. Москва)
жарияланған Баубектің екі публицистикалық
мақаласына жазған кіріспе сөзі.
...1943 жылы жол түскен сәтінде Бұлқышев редакцияға соқты.

Қаншама әңгіме, сыр шертістік десеңізші!

- Біздің адамдарымыз сияқты адамдармен жеңіп шықпау мүмкін емес, — деді ол сөз арасында. — Ұрысқа берілген сәтте өзімді ұмытып кетемін де бұйрықты қазақ тілінде беріп қалатын кезім болады. Жауынгерлер соны бұлжытпай орындайды. Ал, ұрыс аяқталған кезде: «Жолдас, аға лейтенант, бұйрығыңызды орысша айтсаңызшы, біз сіздің тіліңізді білмейміз», — дейді. Мінекей, тілімді білмесе де, ойымды жүрегімен ұғады. Өйткені біздің бәріміздің де ой - мақсатымыз біртұтас...

ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ

ЕКІ АУЫЗ СӨЗ

Майдандағы жазушы жастарымыздың бірі Баубек Бұлқышев жолдас өзін жұртқа Отан соғысының үстінде таныстырды. Соғыстан бұрын ол әрнеге де тайынбай соқтығатын талабы бар да қаламы ұшталмаған болатын. Ізденгіш ойға сұрау салып, жас қаламның тез ұшталып кетуіне әсер еткен Ұлы Отан соғысы сияқты үлкен көріктің дем алысы. Соғыс алдындағы соңғы жылдарда Баубектің өлеңдері көбінесе «Октябрь балалары» газетінде басылып тұрғандықтан «үлкендердің» назарын тарта қоймаған еді. Ал, мына әр құралдың өткірлігін, әр күштің әзірлігін аяусыз сынар кезеңде жас талант жақсы сілтеп кетті. Ойлы жастың құнарлы сөзі бүкіл совет елінің құлағына жайлы тиді, жиырма бес жыл бірге, бір бағытта өсіп-өнген көп ұлтты елдің айнымас достығының үніндей естілді. Баубек заман біздікі дейді. Баубек майдандағы қазақ жастарының атынан сөйлейді. Шынында, мұның екеуі де үлкен жауаптылықпен айтылатын сөздер. Ісіне де, күшіне де еркін сенетін совет жасы бұл жауаптылықтан тайынған жоқ. Өйткені Баубектің осы кітапшада басылып отырған мақалаларының қайсысын алсақ та, өте бір елеулі, ерекше бір мағналы мәселелерді қозғайды. Оны қозғай алған жастың заман біздікі деуге де, жалпы жастар атынан сөйлеуге де әбден қақысы бар. Баубектің бір-екі мақаласын қазақшаға мен аудардым, ұнатып аудардым. Ойланып айтылатын үлкен ойларды оқушы жүрегіне дәл жеткізетін әдемі тілмен бере білу — жазушының ерекше бір қасиеті. Баубекте осы қасиет бар. Еліре сөйлеген көпірме сөз емес, жас жүрегін жүз бұрап шыққан ойына орай әдемі тілі бар. «Өмір сүргім келеді», «Өмір мен өлім туралы» деген мақалалары үлкен шеберлікпен жазылған. Совет журналист -жазушыларының алдыңғы қатардағыларының - ақ айта алатын нәрселері. Баубек дүниелік мәдениетпен, әр ағымды философиямен жақсы таныс жазушыға ұқсайды. Баубек қазір Отан солдаты, майданда жүр. Қолында мылтығы, қалтасында қаламы. Елімізді қорлап, жерімізді ластап жүрген неміс фашистеріне екеуі де тас шоқпардай тиеді. Қаламын Отан соғысының тілегіне бағындырып, Баубек қазір көркем очерк жазып жүр. Жеңіс күні жақындап келеді. Майданнан ширап қайтқан жазушы жастардың құлашын кең жайып, қанатын еркін серпер күндері де жақын. Осы тілек, осы үмітпен тағы бір жақсы, тағы бір жас жазушымыздың бетін ашқымыз келеді.

СЕЙДІЛДА ТӨЛЕШОВ

ЗАМАН БІЗДІКІ

Баубек Бұлқышевтың бүл жинағында оның жиырма екі өлең, алты қара сөзі (әскери очерктері, публицистикалық мақалалары) бар. Баубек бұл жинағын көре алмай кетті. Оның арманы өмір сүру, туған елінің адал ұлы болу, еңбек ету, оның жемісін көру еді. Осындай тәтті қиялдың құшағында жүргенде, ұлы Отанымызды қорғау жорықтарында ерлік істер көрсетіп жүргенде жау оғынан қаза тапты. Ол мүлде аз өмір сүрді. Ол үнемі өмір сүру, еңбек ету жайын айтушы еді. Өмір берген заманын қызыға жырлайтын еді. «Менің жастығым адам баласының қызметіне берілді» деп соғыста жүрген күндерінің әрбір минуты мен сағатын халық бақыты жолына жұмсаған еді. Міне, өз еліне, адам баласының бақытына жас өмірін берген Баубектің мына жинағы оның дәл езі сияқты жас лебімен, өмір сүру тілегімен, кең алған демімен, қайрат-жігерімен келген еңбек. Баубек былай деп әбден дұрыс болжап жазған екен: «Жақын арада мен бір жас ақынның соғыста өлгенін көрдім. Ол соғыста батырларша алысты да, батырларша өлді. Өлер алдында есіне Байрон түсіп кетті де, жазу дәптерін баспаға тапсыруға бізге берді. Дүниемен қоштасар кезеңде өлеңдерінің өмір сүруін ойлады, соны үміт етті: оның өлгеннен кейін де өмір сүргісі келді. Ол өмірі — жұрт оқитын өлеңдері», — деп еді. Осы жинақтағы өлеңдері мен қара сөздерінен Баубектің әлгі айтқан үмітінің үзілмес ұзын арқауын көресің.

Ер жеткенде есейіп,
Ер болмасқа немене!
Ерке өсіп, білімді,
Кен болмасқа немене!

Өткір алмас болатқа,
Тең болмасқа немене!
Сары алтындай салмақты,
Сірә, саспас сабырлы.

Кен болмасқа немене! — деп жазған жас Баубектің жігер-қайраты алмас болатқа тең еді, батыр соққан семсердей берік, сары алтындай салмақты еді. «Білімнің кені болмасқа немене!» деп арман еткен ақынның қажымас күші, кіршіксіз таза ниеті, ұлы идеясы — ғылым мен білім еді, ұлы істің күресі еді. Ақын идеясы жөнінде В. Г. Белинский өте бағалы пікір айтқан. Ақын қуатының қайнар бұлағы оның құмарлық күшінде. «Ақын тамаша, сүйкімді жанға ғашық болғандай, идеяға ғашық болады, соған жан-тәнімен құмартады». Нағыз ақында болатын осы күш, құмарлық, қуат, идеяға ғашықтық Баубек өлеңдерінің, әсіресе қара сөздерінің үзілмес желісі болып, айқын сезіліп тұрады. Баубек өмірге, еңбек етуге, білімге, Отанның адал ұлы болуға ғашық еді. Баубек өмір дегенді, адамның өмірдегі тіршілігі дегенді терең ұққан. Ол өзінің «Өмір мен өлім туралы» деген әңгімесінде былай деп жазып еді: «Біздің шығыс елдері адам дүниеге келген қонақ, біраз қонақтадың, енді аттануың керек» деседі. Бірақ адам дүниеге тек қана келіп, әншейін ғана аттана бермейді: ол артына ой қалдырады, мұра қалдырады. Ол өмірге адам болып келіп, адам күйінде кайтады». Осындай асқар идеяға ғашық болған ақын Баубек өзіне серт еткен осы мұрат мақсатына,берік - бекем болып, өмір сүрген аз ғана жылының ішінде артына күрделі еңбек қалдырды: өмірге адам болып келіп, адам күйінде қайтты. Баубек өмірдің ең биік шыңына өрмеледі. Сол биік шыңға қанат қақтыратын, ойын өрлететін жан серігі де бар еді. Мұны Баубек «Ғашығым» деген өлеңінде тамаша жырлады. Оның ғашық болғаны — сөздің патшасы, cөз сарасы — өлең еді. Дүниеге әнмен есік ашу еді.

Жас бала тәтті жырдың дәмін татқан,
Туған ұл Октябрьдей таңда атқан,
Арнаса ұстазына жаңа жырын,
Біржанша күйді толғап, түптеп тартқан, — дейтін.

Ақын Баубек Бұлқышев қалам қызметінде енді көріне бастағанда Ұлы Отан соғысына аттанды. Өлеңдерінің бірсыпырасын, қара сөздерінің бәрін дерлік майданда, өмір мен өлім тартысында жүріп жазды. Қуанған, шаттанған, қайғырған кездері де болды. Баубек осы қайғы — трагедия мәселесін кеп ақын, жазушыдан өзгеше түсініп, тіпті дұрыс шеше білген. «Үлкен бір қайғым да бар, — деп жазды Баубек, — болашақтағы тексерушілер біздің арпалыста жүргенімізде қайғыра да, жылай да, қуана да, күле де, кектене де білгенімізді ұғынса болғаны». Баубектің қайғысы — қимас жастық шағы еді. Бұл мәселеде ол үнемі өршіл, үмітшіл болатын. Ол өзі айтқандай, қайғыра да, шаттанып, қуана да білген, қайғыны ақынның үнемі өршіл ниеті, шаттығы жеңіп, ақынды рухтандырып, алысқа әкетіп отырды. Міне, жас азаматтың өмірге деген көзқарасы осындай. «Жастық шақ маған бір-ақ рет берілмеп пе еді», — деп оны мейлінше қадірлейтін, «Жастық шағымыздың іші - тысы бірдей болсын, сол ай емес пе, құрбыларым?» — деп дем беретін. «Сол жастық шағымды дүниенің басқа қандай қызығына болса да айырбастамаспын», — дейтін, тамаша өмірімізді мақтан ететін. «Мен шығыс адамымын. Менің елім жақтан шығатын алтын күн мені ұзақ күн бойы жылытады, ол қашан да қасымда», — деп сол жарқын күннің — азат өмірінің ыстық лебін: өз елінің басына ешбір заманда қайғы-қасірет түсірмейтін шамшырағындай, рақатындай көреді. «Өмір» деген. өлеңінде Баубек өліммен жекпе-жек күреседі, қайғыны, өлімді өмір нұрына жеңдіреді:

Кел, кәне, өлім, кел бері
Алысайық жекпе-жек!
Кім деп тұрсың сен мені
Сені де жеңем басқадай,

Айқассаң егер маған кеп
Көрерсің де айтарсың:
«Дүниеде өлім жоқ,
Түбіме жетті өмір» деп...

Қара сөздерінің тақырыбы: өмір сүру, елінің адал ұлы болу, достықты жырлау, соның барлық ұлылығын ашу болатын. «Жауыздық пен махаббат», «Өмір мен өлім», «Өмір сүргім келеді», «Заман, жастар, біздікі», «Шығыс ұлына хат», «Тыңда, Кавказ» сияқты өткір әңгімелерінде ақынның нағыз патриоттық көзқарасы, совет жасының жігері мен қайраты, намысы, өмірді сүйе білген кіршіксіз таза ниеті терең оймен көркем суреттелген. Баубектің бірсыпыра өлеңдері, әңгімелері әлі толық жиналған жоқ. Оның достарымен жазысқан тамаша хаттары да көп. Соларын толық жинау керек. Жас ақын, жазушыларымызға көп-көп үлгі болатын, тереңге тартатын, өмірді сүюге шақыратын, «Заман біздікі, құрбылар!» дейтін жалынды үні бар ақын еді ол. Баубек көркем әдебиетпен қоғамдық өмірді, мүддені тығыз байланыстыра білген, адам қызметін жоғары бағалаған ақын. Оның жастарымызға үлгі болатыны да осынысында.

«Социалистік Қазақстан»,
1949 ж. 17 июль

ҚҰРМАНБАЙ ТОЛЫБАЕВ

АЙБЫНДЫ АСЫЛ МҰРА

Жылтырлау ақ қағаз мұқабалы осы бір кішкентай кітапша менің қолыма осыдан жиырма сегіз жыл бұрын түсіп еді. Бұл 1948 жылдың соңғы айы, қақаған қыс болатын. Сол жылы Құлжа қаласында шыға бастаған «Одақ» журналында істейтінмін. Қайтсем жақсы, ұтқыр, тапқыр жаза алар екенмін деген ой қинайтын да, жазу әдісін талмай үйренуге жетелейтін. «Ақша тапсам — кітап қана сатып алар едім» деген Горькийдің сөзі көкейіме бұлжымастай ұялаған. Тапқан ақшама алдымен кітап аламын. Күндіз-түні кітаптан бас алмаймын. Қазақ, ұйғыр, өзбек, татар тілдеріндегі кітаптарды жинап, солардан жазу әдісін үйренуге құлшына күш саламын. Арнаулы журналистік мамандығы жоқ жас адамның одан басқа шарасы бар ма?! Осындай талпыныс үстінде өзіңді баурап алған кітаптардың әсері еш уақытта көкейіңнен кетпейді екен. Ленин комсомолының 30 жылдығына орай шыққан «Заман біздікі» деп аталатын Баубек Бұлқышевтың кітапшасы еді бұл. Өлеңдер мен мақалалары енген осы жинақты үйге келе салысымен оқуға кірістім. Ә дегеннен қызыққаным — тілінің балдай тәтті шұрайлылығы, ойдың терең мағыналылығы мені ғажайып бір сырлы дүниеге жетеледі де кетті. Шәкірт кезімнен әдетім — сабағыма толық әзірленіп үлгермесем, немесе, бір кітаптың қызығына түсіп кетсем, көз ілмей, ұйқы көрмей түн қатып шыққан қалпыммен мектепке жүре беретінмін. Бір тәулікке ұйқысыз жүріп, шыдай алатын едім. Келе-келе бүл әдетке айналып кеткен. Кейде жолдастарыма барып, қона – жастана жүргенде, кейбір үйлерден:

- Шамды сөндіріңдер, майы құриды! — деп, кейіп айтқан сөздерді еститінмін. Бірақ біздің үйден ондай кейіс естілмейтін. Үн заводында істейтін Кенже ағам қолдан көшірілген дастандар мен қиссаларды төсегінде оқып жатып,ұйықтап қалатын. Үй төбесінде салбырап тұрған шамның дәл астына қойылған дөңгелек үстелге сүйеніп, кітапқа қадалып мен отырамын. Сонда тек мейірімді әжей ғана анда-санда басын көтеріп алып:

- Әлі отырсың ба? Ұйықтап, тынықсаңшы!... — дейтін аналық қамқорлықпен.

- Әже, жата беріңіз, мен әлі сабағымды оқып бітіргем жоқ...

Әй, балам - ай, сарыла бермесеңші... — дейді әжем аяп. Сонан соң мені ырқына сеспен көндіргісі келгендей, даусын көтере түседі. — Қадалып қалатының не осы?!

Одан әрі ешқандай дау болмайды. Мен үндемеймін. Әжем де мазаламайды. Бүгін де мына кітапты шыр айналдырып отырып таңды атырдым. Түнімен ұйықтамағанымды байқаған әжем таңырқағандай бон тұрып қалды:

- Осы сенің оқуың қашан бітеді?..

- Тәжи - ау, оны әурелеп қайтесің — дейді орнынан тұрып жатып қырдан келген нағашым. Ол кісі менің ұйқысыз түндерімді көп көрген. — Әйтеуір, бір жақсысы — кірәсін жақпайсыңдар. Мынау електір шамдарың түгесілмейді...

- Шамы құрсын, өзі шаршайды ғой. Енді.осы қалпымен жұмысқа кетеді. Он жыл оқыды. Ол аз ба?...

Қоңырқай жүзінде таңданыс табы бар қара кемпірге нағашы ағам күле қарайды:

- «Оқу инемен құдық қазғандай» дейді. Бұл да инемен қазып жүр да.

Үндемеймін. Кітапты қайталап оқып, аяқтап қалғам. Ерекше әсер еткен тұсының астын сызып қойғанмын. Алаулы жалыны, философиялық терең мағыналы ойы баурап алған. Сол жерлерді қайта-қайта оқимын. Сонда өзімді шөл сахарада қаталай сусап келе жатып, суы тастай салқын, мейіріңді қандыратын мөлдір бұлаққа тап болған жолаушыдай сезінгем. Өйткені көкейдегіні дөп басатын мұндай кітап қолымызға өте сирек түсетін. Нағашымның мына сөзі маған бір ой салды. Ол кісіні үлкен-кіші сыйлайтын. Алпамсадай тұлғасы, байыпты сөзі, байсалды мінезі өзіне тартып тұратын. Ақылдылығынан ба, алғырлығынан ба, ауыл ағасы тұтып, жұрт қадірлейтін.

- Мырза екем, — дедім ол кісінің ойын тартпақ боп. — Сіз өлімнен қорқасыз ба?

- Қарағым - ау, өлімнен қорықпайтын кісі болмайды.

- Болады екен...

- Қой әрі, батырға да жан керек.

- Міне, тыңдаңызшы: «Біз соғыста туғанбыз, соғыста өлеміз де. Күреспен тудық, сол күреспен өлеміз. Осының бәрі сендер үшін, жас ұрпақ!» Көрдіңіз бе, өлімнен қорықпайды. Не үшін өлетінін де біліп отыр.

- Ұрпағы үшін торғай да жанын отқа салады. Ал мынауың елін жаудан қорғаған нағыз батырдың сөзі.

- Бұл кісі батыр ма, жоқ па, онысын білмеймін.

- Асыл сөз қамалды да бұзады. Мынау да сол...

- Бұл Гитлерге қарсы соғысқан жауынгердің сөзі.

- Ендеше ердің сөзі екен. Тыныш жатқам Совет еліне бүйідей тиген қанқұйлы жауды өз жерінен қуып шығып, қанішер Гитлердің көзім құртқан ерлерді өлімнен қорқады деуге ешкімнің де аузы бармайды. Елім деп еңіреп туған ерлердің ісі бұл!

- Тағы да тыңдаңыз: «Адам ұлы адамша өмір сүрсін, адам дүниесі шын мағынасында адам дүниесі болсын? Біз осы үшін күресеміз, осының жолында өмірімізді аямаймыз да! Өмір үшін күресте біз өлім дегеннен сескенуден жеркенеміз!»

- Иә, әлем халқы сол үшін, адамзат дүниесі үшін күрескен совет адамдарына бас иіп, құрмет тұтады.

- Өй, өзің Мырзекеңмен айтысып отырсың ғой, — деп күледі Кенже ағам киініп жатып. — Түнімен дайындалып па ең?..

- Кенжебай, тоқтай түр... — деді Мырзабай нағашым сөзін бөліп. — Талас емес, мәнді іс болып отыр. Ал, мынауың бар ғой, ойға қонатын дәмді сөз екен. Әрі қарай оқышы?..

«Адам бір-ақ рет туады, бір-ақ рет өледі».

- Елі үшін айқаста ездік жасаған қорқақтың өлімін халық екі рет өлгенге жориды. Иә, тағы?..

- Тыңдаңыз: «Өлім әр түрлі болады: біреу суықтан өледі, біреу қыз үшін қырқысып өледі, енді біреулер аурудан өледі. Мұндай өлімдерді естігенде құр ғана қынжыласың да қоясың. Ал, естігенде үлкен құрметпен бас иетін өлім де бар! Ол — майданда ерлерше өлу!»

- Иә, халық батырына бас иеді. Мынау да қас батырдың сөзі. Өйткені оның жүрегі жалынды. Сол жалынның лебі мына сөз!

Нағашым ойға шомып отырып қалды. Дөң қабағы жыбырлап, жанары әлдеқайда қадалады.

- Мырзеке, — дедім қажай түскім кеп. Байыппен аз сөйлейтін бүл кісі ойын түйіндеп айтатын." Көп жағдайда сол айтқаны ауыл арасында шарт боп қалатын. — Өмір дегеннің не екенін түсіндіріңізші?..

- Тіршілікті біздің қазақ өмір дейді. Адам тіршілігінде қызық көреді, ойнап-күледі, жар сүйеді, бала сүйеді, тіпті небір қайғы-қасірет те шегеді... Өмір дегенің — сол... Өлген соң бәрі де қалады.

- Жоқ бұлай шектеуге болмайды. Мынаны тыңдаңыз: «Өмір деген не? Жаңа туған адам дүниенің есігін қағып, бірінші баспалдаққа шығады. Оның алдында бұралаңы көп ұзақ жол — өмір жолы. Адам бір жоғары көтеріліп, бір төмен түседі, тағы да жоғары көтеріледі. Осы бұралаң жолмен ол тез қозғалып, асыға ұмтылып, алға басады. Ол ширақ, ол шат. Ол осы жолының бір жерге жетіп, таусыларын да біледі. Бірақ одан да қорықпайды. Оған қымбат — сол бұралаңы көп ұзақ жол. Мәңгілік өмір — бір кешке бір көш жалғасып, ұрпақ ауысып, ел жаңарып отыратын сол ұзақ жолда».

- Білімпаз ғұламаның сөзі. Біз іргедегіні ғана көретін қара қазақпыз ғой... — деді нағашым әлденеге мойынсал болғандай. — Міне сендердің үйренетін, көкейлеріңе тоқитын сөздерін осы...

Содан бері талай жыл етті. Содан бері осы бір кішкентай кітапша қойнымда жүр, қолымнан түскен емес. «Жастың жаны бір» дегендей, еліммен арпалысқан жас адамның өмірге шексіз құштарлығы, мөлдір махаббаты, өз Отанына, туған еліне деген сарқылмас сүйіспеншілігі менің де жас жүрегімді тербетумен болып еді, дүниеге ұғымымның өрісін де кеңейте түсіп еді. Міне, менің қолымда — сол жылдары алуан-алуан ұлағатты сөздер көшіріліп, неше қилы әсерлер жазылған блокнотым. Ақтарып қарасам, соның бір жерінде: «Мен өз Отанымдағы өзімдей жастарды көрмесем де оларды өзімнің нағыз жолдастарым деп санадым. Себебі менің жүрегімнің өмірі, адал ниетім олардың тасқындаған жалынды жігерімен үндесіп, қабысып жатты», — деп жазыппын. Менің жүрегіме таң шапағындай сәуле құйып, ойымды оятқан, сезімімді түбірімен тербеген алау жалын — о баста Бұлқышевтың айбынды үні арқылы өршіген сияқты.

Содан бері талай кітап оқылды.

Бірақ «Заман біздікін» асыл мұрадай сақтап келем. «Келіннің бетін кім ашса — сол ыстық» дегендей, осы бір кішкене ғана кітапша мен үшін де ете ыстық. Бұл кітапшаға талай қимас достарым мен жолдастарым сауға салып, қолқалаған, аттай қалаған. Бірақ мен бұл кітапшаны ешкімге де ия алған емеспін. Өйткені халық алдындағы борышымды, өз адамгершілігімді, адамдығымды таразылауыма Баубек маған осы кітаптағы адал да қайсар сөздері арқылы ағалық жол нұсқап, әділ төреші болып тұрғандай. Кітапты анда-санда бір оқып қоюды езімнің парызым сияқты сезінем ылғи.

Октябрь 1976 ж.

ӘНУАР ӘЛІМЖАНОВ

ҚАШАН ДА КЕРЕК КІТАП

«Ер басына күн туса, етікпенен су кешер» депті халық. Бұл қиын-қыстау күн туса, халықтың қандап қиыншылықты болса да жеңуге жан аямайтындығын көрсетеді. Өткен соғыста да осылай болды. Батыс Европаны алдымен жалмап алған фашистер араны ашылып, Совет еліне тұтқиылдан тап берді. Фашистер адамзат қоғамының мыңдаған жылдық ерен ескерткіштерін жойып, ежелгі кітаптарды отқа өртеді. Сөйтіп өздерін мәдениеттің нағыз қас жауы екенін танытты. Сонымен бірге олар тұтас елдер мен халықтарды құртып, жер. бетінен жойып жіберуді мақсат етті. Фашистер зұлымдық лагерлерінде азаптап өлтірген адамдарға сан жетпейді. Жүздеген мың аналар мен миллиондаған балаларды газ камераларына қамап, тұншықтырып өлтірді... Сол опат болған миллиондар ішінде танылып үлгермеген қаншама Шопендер мен Шаляпиндер, Эйнштейн мен Королевтар кетті десеңші! Фашизм бізді жеңе алған жоқ, жеңуге тиісті де емес еді. Өйткені ол адамның адамгершілік рухына қас болды. Ол жақсыдан жақсыға ұмтылған адамзат қиялының қанатын қырқып тастауға тырысты. Ол әділеттің жауы, ақылдың дұшпаны еді. Сондықтан да ол адамзатқа жендет болып, желкесіне қылыш төндірді. Сол себептен де фашизмге қарсы шайқаста адамның қаһарман күрескер, қалтқысыз өмір зергері ретіндегі барлық қажыр, қайрат, талант қуаты жанар таудай атылған жойқын күшке айналды. Сол жойқын күштің бір саласы табиғат бойына талант ұшқынын Дарытқан жыршы, ақын, ғалым, жазушы, конструктор, журналист және әскери қолбасшылардың сөзі мен ісі болды. Мұның мыңдаған мысалдарын атауға болады. Сол кеп мысалдың бірі — Баубек Бұлқышев. Қазақстан топырағында туған бүл жас жігіт ежет солдат қана емес, сонымен бірге ерен ақын, арманшыл азамат екенін де айқын танытты. Ол өмірді сүйді, адамзат мәдениетінің өркеш-өркеш өрелі биіктерін жанындай жақсы көріп, құрметтеді. Ол тек қана өлең жазып қойған жоқ. Жаумен жан беріп, жан алыса айқаскан ұрыс толастап, саябыр тартқан азғантай тыныштық, сәттерде ол жаралы жер, оқ қиған орманға елжірей кез салды. Дәні үгітіліп, жерге төгіліп жатқан егінге емірене қарады. Көктегі жұлдызға көз салып, жақсы көрген кітаптарының бетіне үңілді. Сөйтіп ол осы көргендерін өзгелерге айту үшін, өз замандастарының зердесіне жеткізу үшін ашық түндерде ай жарығын, қараңғы түндерде жертөледе қалтылдаған май шамның көмескі сәулесін сағалап, «Комсомольская правдаға» хаттар жазды. Сол хаттарды мен тұңғыш рет студент кезімде оқыдым. Онда да кездейсоқ кездестім. Оқуды тамамдап қалған кезім еді. Екі түрлі диплом жұмысын жаздым. Біріншісі, «XVІІІ ғасырдың отызыншы жылдарындағы орыс журналистикасындағы қазақ тақырыбы», екіншісі — «XІX ғасыр орыс әдебиетіндегі казак, тақырыбы» деп аталды. Бірақ сол екі жұмыстың екеуі де кафедрада қабылданбай қалды. Ғылыми жетекші жоқ деген сылтау желеу болды. Ол кезде, елуінші жылдардың бас жағында, өз тарихына өгейлік көрсету рәсімі басым болатын.

- Нені жазбақсың? Ол кезде орыс тарихнамасында «қазақ» деген сөз де болған жоқ қой, — десті маған. Содан соң «Комсомольская правда» газетінің беттеріндегі «Әдеп тәрбиесінің проблемалары» деген тақырыпта жаңа диплом жұмысын жазуға кеңес берілді.

1954 жыл кіріп, көктем туған кез болатын. Тың игеру ісінін дүбірі жер жара естіліп жатты. «Комсомольская правда» беттерінде жастар тақырыбына арналған айтыстар өтуде еді. Міне, осы кезде мен «Алма-Атинская правда газетінің редакторы А. Першиннен үшінші диплом жұмысын жазуға екі аптаға рұқсат алып, Пушкин атындағы кітапханаға келдім. Ұзақ күндер бас көтерместен газетке үңілдім. Міне, сол күндердің бірінде қолыма «Комсомолканың» соғыс кезіндегі бір тігіндісі түсті. Өзіме қажеті болмаса да, қарап шығайын деп ойлап, сарғайған беттерді самарқау парақтап отырып, Баубек "Бұлқышевпен кездестім. Оның бір хатын оқып тауысқаннан кейін, екінші хатын іздей бастадым... Содан соң оның өзі туралы деректер іздестірдім. Сымбат пен сұлулық, достық пен махаббаттың, мәңгілік жыры іспеттес бұл хаттар менің жан жүйемді тебірентті. Фашизмге деген өшпенділікке толы бұл ғажайып хаттардың сол кездегі сұрапыл соғыс күндері мен түндерін бастарынан кешкен адамдарға еткен әсер күші қаншалық, болды десеңізші?! Баубектің майданнан жолданған хат түрінде жазылған бүл публицистикасы поэзиямен пара-пар. Өйткені ол шынайы көркем, шын мәніндегі талантты дүниелер. Өзегі өмірдің езімен алынып, мәңгілік махаббатқа негізделген бұл публицистика тек қана поэзия емес, оның үстіне бүкіл болмысымен барынша философиялық шығарма. Бұл хаттардан біз жас, жалынды Баубектің нақ өзін көріп тұрғандай. боламыз. Ағылшынның ақын суретшісі Блейкті «Бір сәттен — мәңгілікті көруге, бір қиыршық құмнан — дүниенің кеңдігін тануға, бір уыс топырақтан — шексіздікті ұғуға, гүлдің жалғыз қауашағынан аспан әлемін аңғаруға» қабілеті жететін адамдар болмағы жайында айтқан пікірі нақ біздің Баубекке арналған сияқты боп көрінеді.

- Біз Баубектің мақаласы шыққан «Комсомолканы» іздеп жүретінбіз. Кездесе қалса, таласа оқып, бірімізден бірімізге беретінбіз. Содан соң мақаланы қиып алып, жертөле қабырғасына іліп қоятынбыз. Өйткені әскерде: «Оқы да, жолдасыңа бер» деген тәртіп бар, — дейді майдангер жазушы Сәуірбек Бақбергенов.

Баубектің таланты тұңғыш рет окопта қанат қақты. «Комсомолка» оның хаттарын асыға күтіп отырды.

Бір, екі, үш хат... Бір кезде жауынгер хаты тоқтап қалды.

Тоқтағаны, басталған хат аяқталмай қалды. Шырқалған ән шорт үзілді, махаббат мұңға айналды. Арманшыл азамат фашистердің оғына ұшты. Оның бойындағы талант бар қуатын танытып үлгермеді. Бірақ ол қаруластарының есінде, солдаттардың жүрегінде, оқырмандардың көкейінде қалды. Мәңгі жас, үнемі солдат күйінде, Жақсылық пен Әділдіктің қажымас қамқоры есебінде қалды. ...Мен Баубек хаттарын бірінші рет оқып, оған арнап. мақала жазғаннан бері жыл артынан жылдар өтті. Енді, міне, қомақты кітап оқырман қолына тиді. Толықтырылып, қайта жинастырылған Баубектің өз кітабы, Баубектің өзі туралы кітап!... Егер біз алғы буындар туралы естеліктер жинап, олар жайындағы шындықты қалпына келтірген, сөйтіп, оны мәңгілік мура етіп, ұрпақтар қолына өткізуге тырысқан адамдар зор құрметке бөленуі тиіс дейтін болсақ, Сейілхан Асқаров сол құрметке лайық азамат. Ол документтер мен замандастарының естеліктері бойынша бізге Мәншүк пен Әлия сияқты қаһарман қыздарымыздың бейнесін жасап берді. Енді, міне, жас Баубекті жалындата жанымызға жеткізіп отыр. Асқаровтың қажымас еңбеккер, талантты зерттеуші екенін мойындауға тиістіміз. Бұл ғажайып бейнелердің «соғыстың жалауы боп жалтылдаған жас комбаттар» (Ю. Друнина) сияқты, жарқылдап жанымызда жүргеніне қуаныштымыз. Қазір, адамдар жүрегі күпті болып тұрған шақта, халықтардың бейбітшілік жолындағы жойқын күресі жүріп жатқан кезде бірде Таяу Шығыстан, бірде Оңтүстік Атлантикадан зеңбірек күркірі кезек естіліп жатқан жағдайда, бүкіл планетаға ядролық ақыр заман қаупі төніп тұрған казіргі кезеңде бізге және барша адамдарға мұндай кітаптар аса қажет. Мұндай кітаптар сенің де, менің де балаларыма керек. Өйткені оларға Мәншүк пен Әлия сияқты, Баубек ерлігі де өмірдің тағылымды сабағы.

Февраль 1984 ж.

ТҰРСЬІНБЕК КӘКІШЕВ

ДАУЫЛДЫ ЖЫЛДАР ДАБЫЛЫ

1942 жылдың 1 майы күні «Комсомольская правда» газетінде «Майдандағы қазақ жасының дәптерінен» деген түсіндірмемен «Өмір мен өлім туралы» Баубек Бұлқышевтың ыза мен кек тұтқан отты толғауы атой салып еді совет публицистикасында. Одан әрі Баубек сөзі, Баубек ойы нәрлі де құнарлы шығармаларға жалғасып, Одақ оқушыларына таралып жатты. Әр жаңа туындысы салиқалы ой, салмақты пікірге, жалынды да отты сезімге толы болды. Адамзаттың қас жауы — неміс фашистеріне деген ашу-ызадан өрбіген отты сезімдерді Баубек бәрімізге ортақ орыс тілінде білдіріп жатты. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ әдебиетінің дамуын сөз еткенде Қасым Аманжолов пен Баубек Бұлқышевтың есімдерін ауызға алдымен аламыз. Екеуінің өнер өлкесі екі салада болғанымен рухтары, өмірді сезіну, ой түю жайлары бар. Бірі өлеңмен, бірі ойлы да отты қара сөзбен замана тынысынан нәр алып, кезеңдік шындықты әсем жырлай білді. Бұл — ой, идея ортақтығы деген жалпы қисынмен ғана емес, ішкі рухани тынысымен тамырласып жатқан керемет бір көркемдік құбылыс. Баубектің әскери очерктері мен публицистикасының бар лейтмотиві Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» атты атақты поэмасының бас кейіпкері

Абдолла Жұмағалиевтің монологымен іштей сабақтасып:
Күллі әлемнің ашу - кегі
Орна менің кеудеме кеп!
Жау жолына атам сені

Бомба бол да жарыл жүрек! — деп атой салады.

Баубектің жалынды шығармаларын оқып отырғанда жан-жүйеңді түршіктірген ыза-кек, жауға өшпенділік, досқа бауырмалдық сезімді тудырып, әрқашан лирикалы жылылықпен қабаттаса суреттеліп, айбынды қимылға бастағандай болады. Өлім мен өмір белдескен шақта Отанды сүю сезімінің еселене түсетіндігін Баубек «Мен өмір сүргім келеді!» атты публицистикасында жақсы айтты. Сүйе білген жүрек жек көре де біледі. Ол досына адал, жауына қатал. Сондықтан майдандағы әскери қаламның сиясы жүректің қаны болды да, елге жеткен жалынды сөз рухани күш берді. Баубектің «бізбен бір сапта жауға деген шеті қиыры жоқ кек жүрді» деген сезімі шынайы. Өзінің және өзімен бірге қан майданда жүрген құрбыларының отаншылдық сезімін жырлаған уақытта Баубек өзінің кіндік қаны тамған Ұлытауды, жалпақ дүниенің жартысындай жайылып жатқан қазақ даласын, жаңа дәуір орнатқан совет елін ажырамас тұтастықта сезіне білді. «Харьков маңында соғысып жүрген қазақ жігіттері құтқарылған украин жерін құшып сүйгенін газеттен оқығаным бар. Біз бұл хабарды бір украин жігітімен бірге отырып оқыдық. Онымен құшақтасып тұрып, сүйістік, жыластық та. Біз ат жалын тартып мінген адамбыз, біз жауынгерміз. Жау қанша қорлық көрсетсе де бізді жылата алмас еді. Бірақ, бұл жерде жыладық», — деп хабарлайды өмір мен өлім белдескен окоптан Баубек. Оларды туыстырған патриотизм. Совет заманы тәрбиелеген жандардың адал сыры бұл. Олар үшін кең байтақ Отан біреу, ол — Советтер елі. Сондықтан Баубек «Шығыс ұлына хат» жазады да, «Тыңда, Кавказ!» деп сыр шертеді. Неміс фашистері өртеп, тып-типыл қылып кеткен орыс селосы, ойрандалған украин хуторлары, қаһарлы қарт Кавказдың ауылдары мен деревнялары Баубекке өзінің Сарыарқасындай ыстық, жақын. Снаряд жайратқан қара орман, бомба ойған қара жер, фашист оғына душар болған тіпті қара қарға да Баубекті терең ойға батырады. Отаншылдық сезімді ардақтап, халықтар достығын әсем әндей жырлай білген Баубектің өміршең мұрасының бір мәнді саласы — келешек, бақытты болашақ туралы жарқын да алымды ойлары, арманды үміті. Өзінің өнерімен, балауса өлең - жырымен, әсіресе Ұлы Отам соғысы жылдарында неміс фашистеріне деген өшпес ыза-кекте қайралған, жастық жалынға, Ұлы Отанына деген аяулы сезімге толы шығармаларымен жарқырап көрінген, сөйтіп қазақ әдебиетінің өркендеуіне өзінің үлесін қосқан Баубек Бұлқышев әдебиет тарихынан, халықтың ұлы майдан тарихынан мәңгі орын алды.

Март 1975 ж

ҚАМАЛ СМАИЛОВ

БАУБЕКТІҢ САБАҚТАРЫ

Менің Баубек туралы естелігім онша мол емес — ол жөнінде ойлар көп. Ол Ұлытау баурайынан Қарсақпайға, Қарсақпайдан Алматыға аттанған кезде мен 3—4 жастарда ғана болатынмын. Бір жазда ауылға келіп, Баубектің көп ойыншық әкеліп бергені есімде бар. Содан кейінгі естелік, әрине, соғыс жылдарына байланысты. Менің әкемнің атына «Аға!» деп басталатын әскери үшбұрыш хаттар мен аяғында «ВЦ» деген белгісі бар ашық хаттар үздіксіз біздің алыс ауылға келіп тұратынын жақсы білем. Сонда мен оған жауап хаттар да жазған екенмін. Оны кейін Баубектің Мұқанға жазған хаттарынан білдім. Ол бір хатында Мұқанға: «Бауырым, сенің мақалаларын «СҚ-ға» жиі жарияланып тұрады деп маған ауылдан Сейітжанның кішкене баласы жазады. Мен оған өте қуаныштымын», — деп жазыпты. Екінші бір хатта да осылай деген. Сонда мен 2—3 кластарда оқитынмын, демек сонда «Социалистік Қазақстанды» да қарайтын болғаным ғой (ол аса есімде жоқ), ал «Октябрь балалары» газетін үзбей жаздырып, қызыға оқитыным есімде! Енді бір хатында (4 сентябрь 1941 жыл) «Сейітжан ағайдан хат алдым. «Сендерден басқа тілек былай қалды», — дейді. Аяймын». Сол Сейітжан — менің әкем, ауылдың мұғалімі. Баубекке де сабақ берген. Баубектің әкесі Бұлқыш Байқоңыров (Байқоңыр мен Смаил бірге туған) пен анасы Бәтима көзі ашық, жазу-сызудан хабары бар, көңілі ояу адамдар болған. «Жас Баубекті, — деп жазады журналист Валерий Могильницкий «Жұлдыз» журналында жарияланған (№ 3, 1983 жыл) «Баубек Бұлқышев атындағы көше» деген корреспонденциясында, — ауыл мұғалімі Сейітжан Смаилов қанатына алып, қамқорлығына бөледі. Сейітжан мұғалім сондай жаны жомарт, құшағы кең, қайырымы мол азамат еді. Жалғыз Баубек емес, талай жас өркендер Сейітжан Смаиловтың көмегі арқасында білім алып, өмірден орын тауып, ел. қатарына қосылған». Өзінің туған әкесі туралы жылы сөз есту кімге болса да қуаныш. «Октябрь балалары» газетінде шыққан бір әңгімесінде Баубек Өтебай деген құрдас бала туралы әзілдей жазады. Өтебай деген кісі сол ауылда, Сарлықта болған Сахан Барбосынов деген кезінде Амангелдіге қару соққан тамаша ұстаның баласы еді. Өзі де кейін» ұста болып, адал еңбек етті. Сондай-ақ, Баубек Мұқаш деген құрдасын, досын қатты кұрметтейтін, соғыс кезінде хат жазып туратын. Ауыл мектебінде бірге оқыған достарынан қазір сол Ұлытау Жезқазған аймағында Тұрсын Ысқақов, Қарабай Тұрсынбаев деген кісілер бар. Олар Баубектің бала кезінде өте зерек, сезімтал, білімге құмар, жомарт жанды болғанын сүйсіне айтып отырады. Қазіргі белгілі де беделді публицист Юрий Жуковтің соғыс кезінде «Комсомольская правдаға» жалынды мақалаларын жазған жас Баубекті есіне сақтап қалғаны, есінен шығармағаны біз үшін үлкен қуаныш та мақтаныш болды ғой. Әлі есімде, жетпісінші жылдардың басында «Қазақ - фильмге» белгілі журналист -зерттеуші Сейілхан Асқаров Баубек туралы деректі фильмнің сценарийін алып келген. Сол фильмді жасайтын режиссер Юрий Пискунов әуелі Баубектің туған, балалық шағын өткізген жері — Ұлытау, Қарсақпай аймағына, қазіргі Амангелді совхозының (бұрынғы «Бірлік» колхозы, Сарлық, Қорғантас ауылдары) жеріне барып Баубектің бала кезінен білетін Мұқаш Бимағанбетов секілді қарттармен, басқа да ауыл адамдарымен кездесіп, сөйлесіп қайтты. Олардың естеліктерін фильм үшін жазып алды. Ұлытау баурайынан оралған соң, олар Баубектің жалынды публицист болып елімізге, әлемге танылған жері — Москваға бет алды. Баубектің жалынды мақалалары жарияланған кезде «Комсомольская правда» газетінің майдан бөлімінің меңгерушісі болған Юрий Жуковке бармақ, сауал салмақ болды. Ол бір ғажап интервью болды. Кейін сол әңгіме «Ленинская смена» газетінде толық жарияланды. Баубек Бұлқышевтың айналдырған алты жылдың ішінде орысша білмейтін ауыл баласының қатарынан бүкіл совет жастарының газеті «Комсомолкаға» орыс тілінде терең ойлы, отты сезімді, сергек сөздермен жан тебірентер публицистикалық, мақалалар жазуы, жалындап еліміздің көгіне дабыл қаға шығуы — ғажайып самғау, ғаламат талант шырқауы. Қазақ халқының атын танытты, халқымыздың рухани бейнесін білдірді - ау! Соғыс басталардың алдында алыс қазақ, аулында өсіп, Қарсақпайдың ФЗУ мектебін ғана бітіріп, содан Алматыға келген, осы астанада айналдырған алты жыл ғана тұрған, оқыған, қызмет еткен, сөйтіп әскерге шақырылып, Армияға кеткен. Сосын майданға аттанып, үш жылдан астам қан кешіп жеңіске бір жылдан сәл ғана асар мерзім қалғанда қаза тапқан. Болашаққа көзді көп салатын, көңілін көп жүгіртетін. Үнемі болашақ туралы ойлайтын еді! «Адам дүниеге жай ғана келіп, жай ғана аттана бермейді, ол артында ой қалдырады, ойдан мұра қалдырады. Ол өмірге адам болып келіп, адам күйінде қайтады», — деп жазды Баубек. Оның өмір ұраны, кредосы осы еді ғой. Артымда бір алақандай кітапшам қалса екен деп армандаған Баубектің артында тамаша публицистикалық мақалалары, өлеңдері мен поэмалары, әңгімелері мен аяқталмаған романы қалды. Бағалы дүние, рухани салмағы мол дүние қалдырып кетті Баубек! Ол ақын да, жазушы да, композитор да болуды арман еткен. «Мен өзімшіл екем» дейді ол. «Мен жаспын, мен өмір сүргім келеді. Ең қызықты өмір әлі де алдымда екенін жақсы білемін», ал Гетенің «біздің тәңірден алған ең үлкен сыйымыз — өмір» дегенін еске алады, алға тартады да сол бір неміс солдатының, фрицтің өлерде қиналғанын көріп, не үшін өлмек екенін сұрапты. Ол диалектикалық деңгейде сөйлейді. Неміс фашистеріне қарсы бүкіл адал адамзат атынан сөйлейді. Иә, Баубек — қазақ халқының перзенті, Қазақстанның ұлы. Әр мақаласында ол арқасын өзінің қадірлі де қуатты Қазақстанына тіреп, сүйеп отырады. Сол соғыс кезінде жауға атылған он оқтың тоғызын қорғасыннан құйып (Ащысай мен Текелінің рудасынан алған Шымкент қорғасыны), мысымен қаптаған (Жезқазған мен Қоңырат рудасынан Балқаш балқытқан мыс) туған Қазақстанның жазушы орынды мақтан етеді. «Менің көз алдыма: «Қарағым ұлым, тағдырым сенің қолыңда», — деп тұрған ізгі ана — қазақ әйелінің бейнесі келеді. Бұл маған Отан өміріне төнген қауіпті аңғартады. «Ұлым, туған еліңді сақтап қал!» — дегендей болады». Одан әрі жалғайды ойын: «Жаман солдат болуға біз,- дің правомыз жоқ. Біз ерліктің екі бірдей мектебінен тәлім алдық. Біз Шығыстың Қобыланды, Тарғын сияқты батырларынан ерлікті бір үйренсек, бауырлас орыс халқының қолбасшылары Суворов, Кутузовтардан екі үйрендік. Біз Исатай мен Махамбеттің, Амангелді мен Абайдың халқының балаларымыз». Осылай екі деңгей, екі сезім Баубек толғауларында қатар өріліп, қатар өрбіп отырады. «Екеуміз де (орыс досы туралы айтады) оқты қойын-қонышымызға толтырып алған екенбіз. Екі қапшықты ортаға қойып ол маған: «Шымкенттің, Жезқазғанның дорбасын ашып қойдым», — деп күлімсірейді... Шымкент, Жезқазғанның гигант қабырғасына арқамды сүйеп отырғандай болдым», — деп жазады Баубек «Жауыздық пен махаббатта». «Пай-пай, Алматы - ай! Сенің кешкі бір ауаң тіпті есімнен кетпейді. Әсіресе көк жасылға бөленген шілдедегі кешіңе тіл жете ме? Тамаша қиялға батырады. Поэзия қаласысың сен! Жүрегімді мың бұрап, ойлы, әсерлі, әсем қиялға бөленген ғажап қала, сен туралы, сенін батыр ұлдарың туралы жазбақпын», — деп уәде береді Баубек. Сонда «Алматы — қалам менің» деген романын бастап та кетеді. Бұл — сол кездегі (қазір де) Алматы туралы алғаш роман болатын. Баубекті тек қазақ публицист жазушы деп санамау керек. Оның жалынды мақала хаттарының бүкіл еліміздің жастары тарапынан қолдау - қостау табуы, жүздеген хаттардың келуі Баубектің ойы мен сезімі — барлық жастар көкейінен шықты деген сөз". Соғыс кезіндегі Константин Симоновтың, Илья Эренбургтің, Борис Полевойдың публицистикасының сапында, санатында Баубектің де аталуы орынды, заңды. Оның ең тамаша публицистикалық толғаулары «Өмір мен өлім туралы», «Өмір сүргім келеді», «Заман біздікі», «Шығыс ұлына хат», «Тыңда, Кавказ», «Жауыздық пен махаббат» 1942—1943 жылы жазылып, сол жылдары жарияланды ғой. Ең шабытты шағы болған сол жылдар Баубек үшін. Біз зер салар жәйт — Баубектің публицистикасы қызыл сөз, жалпылама ұран емес, нақты мысалдар, дәйекті деректерге тиянақтай ой түйеді, сезім серпітеді. Оның мақаласынан бүгінге үлгі болар нақтылықты, ой тереңдігін, идея беріктігін, сезім кіршіксіздігін көреміз, ұғамыз! Баубектің тағы бір сабағы — қолдан келгенде елдің биігіне, көгіне шығандап шырқау. Егер ол өз ауылымызда, өз арамызда қалса, соншама елге танылар ма еді. Бүкіл ел алдына шығу үшін сол деңгейде сөйлердей орыс тілін сол дәрежеде білу керек! Тіл ғана білу емес сол биікке көтерер де көтерілер ой керек! Сол ой Баубекте болған! Мол болған! Оған дейін дәл осындай Одақтың даңқ көгіне қазақ аты ұлы Жамбылдың жырларымен шырқаған болатын. Халық өзінің асыл ұлдары, талантты перзенттері арқылы әлемге танылады деген. Баубек туған халқын танытқан тамаша перзенттерінің бірі болды. Мұқан Иманжановпен екеуінің достығы тек бір ауылда туып, бір класта оқып (бір ауылда туып, бір класта оқыған балалар көп қой), бірге өскендіктен ғана дос емес еді. Ол болашаққа арманның бірлігінен, өмірге ұмтылыстың ұқсастығынан, ой-пікірдің, дүниеге көзқарастың түйіскенінен туған, шыныққан нағыз достық болатын. Екеуінің бір-біріне жазған хаттарындағы жай сентиментализм емес, шынайы елжіреген жүректің сезімі шып-шып шығып тұрған жоқ па?! Баубектің бір трагедиялы өлеңі бар. Ғажап! Ғаламат! Оны сол өлкеден шыққан Мұқанның інісі СССР Медицина ғылымы академиясының толық мүшесі Төрегелді Шарманов екеуміз отырып оқығанда қатты тебіренгеніміз бар, сол екі абзал ағаларымыздың ғажап өмірін жалындаған талантына, адам қызығар достығына қайран қалып: «Шіркін, солардай болар ма еді!» — деп қызығатын едік. Ол өлеңде былай делінген:

«...Майданда сөйтіп бір күн мен өлермін,
Қоштасып жер бетінен жөнелермін.
Бір өлген соң қайғы жоқ, уайым жоқ,
Қандай болар, о, сонда жайың сенің?

Рөлін өзі атқарар нашар жүрек,
Тереңіне батарсың дүниенің,
Ұлытау құлағаннан кейін соқпас,
Тірегі туып-өскен біздің жердің,

- Сөз де түспей ауызға, — дей берерсің,

«О, өлім, жауыз өлім, жауыз өлім!»
Қиын зат жан шығуы жас адамнан,
Ауыр боп өзімді-өзім көтере алман.
Соңғы рет кен дүние, шын достарым

Біртіндеп өтіп жатыр көз алдымнан.
Оһ, сонда көрісе алмай кеттім - ау деп
Бір-ақ сөз тілден кетпес деген «Мұқан...»
«Жанымның орны бос тұр, ол енді жоқ, —

Егіліп дерсің! — Алған сұм қара жер».
Сонда бір жақын досың түрегеліп
Жырыңды «Адам» деген оқып берер.

Баубек пен Мұқанның туған жерлері қатар жатыр. Баубек туған Сарлық пен Мұқан туған Қызылүйдің арасында Қосшоқы тұр, сол Қосшоқыдан Кенембай тоғанына дейін созылған қырлар сілемі бар. Жазық даланың ортасында көгілдір Ұлытаудың қос інісі секілді сол екі қоңыр шоқыны көргенде, осы кен жазық даланың екі тамаша ұлын, мақтаныш перзентін көргендей сезім ұялайды. Кен даланың төсінде, еркін жел құшағында, көгілдір аспан астында туған, Ұлытау баурайында өскен екі азамат ауылдың ұлы болып туып, халқының ұлдары бола білді. Ұлытау саясында туып, Алатау аясында тамаша жазушы азаматтар болып қалыптасты, қазақ әдебиеті ғана емес, 40—50 жылдардан совет әдебиетінің белгілі өкілдері қатарына қосылды. Баубек публицистикасының бүгінгі журналистер үшін сабақ үлгі болар қасиет сыпаттары бар. Ең алдымен, өз ауылың — өз аймағында шектеліп қалмай, айтар ойың, сол ойды жеткізер ширақ сезім мен сөзін болса, жасқанбай, тұйықталмай бүкіл елдің, әлемнің алдына шығып, одақ масштабында сөйле деген сабақ, Баубекке дейін осылай одақтық трибунадан даусы, сөзі бір емес, бірнеше рет естілген қазақ ұлы Жамбыл ғана болатын. Оның таңдаулы публицистикалық толғауларының «Комсомольская правданың» бетінде жариялануы тамаша! Бүгінгі Әнуар Әлімжанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Олжас Сулейменов сияқты қазақ, публицистерінің одақтық дүние жүзілік аренада көрінуі, сөйлеуі Баубек ұмтылған, армандаған іс. Баубектің өмірі мен творчествосы жас журналистер үшін ерекше мектеп, ғажайып үлгі. Сондай жалынды, сондай шабытты, сондай білімді, сондай өнімді журналист болу — әрқайсысының арманына айналуы керек. Осы орайда Қазақстан Журналистер одағы мен Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің жас журналистерге беріп отыратын Баубек Бұлқышев атындағы арнайы сыйлық тағайындауы тамаша іс. Сонау Ұлытау орта мектебінде Баубек атындағы пионер дружинасы, Сарлықта көше, Жезқазған қаласында арнайы көше болуы өте ұнамды. Енді Баубек Бұлқышев атындағы көшені оның өзі сүйген, қадірлеген, қазақ жазушылары арасында Алматы туралы алғаш роман жазған қаладан да көрерміз деген оқырмандар тілегіне ден қойған дұрыс-ау. Баубекке ескерткіш те орнатса деген С. Аскаров идеясы да бір кезде іске асар. Баубек елге аман-сау оралғанда, 29 жасар жігіт сусап келіп білім кәусарына бас қойғанда, (ол өздігінен оқып дағдыланған!) құлшынып келіп әдебиетке бел шешіп кіріскенде (оның ойланып, басталмаған, басталып аяқталмаған шығармалары қаншама еді!), ол нендей ғажап туындылар әкелетін еді, қандай ғажап жазушы (ол өлең мен поэма да, роман мен әңгіме де, толғау мен публицистикалық мақала да жазды ғой!) болатын еді деген өзек өртейтін өкінішті сұрақты жұрт көп қояды. Әсіресе жастар соны көп айтады. Әрине, ол ғұлама білім иесі болатыны сөзсіз еді. Сол кезде ол көп білетін. Мақалаларында кездесетін ұлы есімдер естігеннен емес, оқығаннан болатын. Әрине, ол шабыты кемелденген жазушы бола түсетін еді. Ол әдебиеттің өзі игере бастаған бар жанрында жазар еді! Ол, әрине өзі тең біліп, тең меңгеріп алған ана тілі мен орыс тілінде катар жазар еді! Әрине, ол Олесь Гончар мен Юрий Бондарев, Шыңғыс Айтматов пен Василь Быков секілді соғыстың философиялық, моральдық, психологиялық аспектілерін терең ашып жазар еді ғой! Әрдайым өз заманының, өз уақытының тынысын, тамыр соғысын жіті сезіп отыратын Баубек соғыстан кейінгі бейбіт өмірден жаңа «Алматылықтары» мен «Алтын сағатын» табар еді! Оған сөз жоқ. Өткенге өкіну өнімсіз шаруа. Осындай ұл болып туып, құйрықты жұлдыздай жарқ еткеннің өзі мақтаныш, жұбаныш!

1983 жыл.

СӨЗ СОҢЫ

Ұлы Отан соғысының аса бір қиын-қыстау кезеңінде, атап айтқанда, 1942 жылы еліміздің жауынгерлері мен еңбекшілерінің әсіресе бұлардың ізбасарлары — өскелең жас буындарының өн бойында опасыз жауға ызбарлы ашу кек сезімін лаулатып, онымен аяусыз күресуге ұмтылдырған қазақ жазушылары мен журналистерінің шығармалары арасында қалың бұқараның назарын ерекше аударған Баубек Бұлқышевтың «Комсомольская правда» және «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жариялаған публицистикалық мақалалары болды. Бұл жәйт қазір баршамызға аян. Талапты жас қаламгердің «Комсомольская правда» газетінің 1942—1943 жылғы сандарында жарық көрген терең ойлы туындылары кезінде Мұхтар Омарханұлы Әуезовті де толғантып, жүрегіне жылы ұялаған екен. Бұл жөнінде асыл ағамыз Асқар Тоқмағамбетов былай дейді: «Отан соғысының отты жылдарында біз Алматыда Калинин көшесіндегі бесінші үйде тұратынбыз. Мұнда Мұхтар Әуезов, Әбділда Тәжібаев та тұрды. Соғыста не жаналық болып жатқанын бірімізден біріміз біліп отырамыз.

Бір күні Мұхаң маған телефон соғып:

- Асқар, сен оқыдың ба? — деді. — «Комсомольская правдада» Баубек Бұлқышевтың «Мен өмір сүргім келеді » деген мақаласы шығыпты. Меніңше, өте жақсы жазылыпты. Ол өзі сөйлемепті, жүрегін сөйлетіпті.

Оның өзі бір ете талантты жігіт екен. Шіркін, соғыстан аман қайтса, жазушы болайын деп тұрған дарын екен. Сөз саптауы, ой өрісі ете терең жатыр... Маған қатты ұнады. Көзіме жас алдым, көңілімді босатты». Баубек Бұлқышев туған еліне соғыстан қайтып оралмады, 1944 жылы февраль айының 3 күні Украинаны жаудан азат ету үшін қиян-кескі бір шайқас кезінде ерлікпен қаза тапты. Оқырмандарға ұсынылып отырған жаңа жинақта марқұмның барлық, дерлік шығармаларына, хаттарына жеке-жеке анықтамалар берілгендіктен біз мұнда соларды қайталап жатпай, ең алдымен оның бұрын-соңды жарық көрген жинақтары туралы айта кетуді жөн көреміз. Оның ең алғашқы «Заман біздікі» деген кітабы 1943 жылдың февралінде «Неміс оккупанттарына өлім келсін! Қызыл әскер кітапханасы» деген айдармен жарық көрді. Оны құрастырған және редакциялаған Ғабит Мүсірепов болатын. Бұған Баубектің «Өмір мен өлім туралы», «Мен өмір сүргім келеді», «Заман, жастар, біздікі», «Шығыс ұлына хат», «Тыңда, Кавказ» атты публицистикалық мақалалары енген. (Көлемі 1,2 баспа табақ, тиражы 10 мың дана). Алғашқы жинағымен аттас екінші кітабы 1948 жылы жарық керді. Қазақтың біріккен мемлекет баспасы шығарған, көлемі 3 баспа табақ, тиражы 10 мың дана. Онда құрастырған М. Иманжанов, қара сөздерін орысшадан аударған Ғ. Мүсірепов, редакторы Ғ. Мүсірепов деп көрсетілген. Бүл кітапша екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде Баубектің әр кезде жазған 22 өлеңі, екінші бөлімге жоғарыда аталған прозалық шығармаларымен қатар жаңадан «Жауыздық пен махаббат» атты публицистикалық очеркі жарияланған. Баубек шығармаларының үшінші жинағы «Өшпес өмір» деп аталыпты. Оны 1965 жылы «Жазушы» баспасы жарыққа шығарған. Құрастырған Дихан Әбілев, редакторы М. Сүндетов, көлемі 5,91 баспа табақ, тиражы 12 мың дана. Мұнда автордың тек прозалық шығармалары жарияланған. Жоғарыда аталған публицистикалық мақала очерктеріне қоса, алғаш рет «Алматы — қалам менің» атты аяқталмай қалған романы басылған. Ғабит ағамыз осы жинақтағы «Екі ауыз сез» атты шағын кіріспесінде былай деп жазды: «Соғыс алдындағы соңғы жылдарда Баубектің өлеңдері көбінесе «Октябрь балалары» журналында (газетінде С.А.) басылып жүргендіктен үлкендердің назарын тарта қоймаған еді. Әр құралдың өткірлігін, әр күштің шама-шарқын аяусыз сынар кезеңде жас талант серпіле сілтеп кетті. Ойлы жастың құнарлы сөзі бүкіл Совет елінің құлағына 25 жыл бірге бір бағытта өсіп-өнген кеп ұлтты айнымас достығының үніндей естілді. Баубек: «Заман біздікі», — дейді. Баубек майдандағы казак, жастарының атынан сөйлейді. Тереңірек ойлансаңыз, мұның екеуі де үлкен жауаптылықпен айтылатын сөздер. Ісіне де, күшіне де еркін сенетін жас жазушы бұл жауаптылықтан тайынған жоқ. Заман жастардікі екені даусыз ғой. Бірақ, қандай жастардікі? Желбуаз; даурықпа жастардікі емес, Баубек сияқты өнімді еңбек иесі деп танырлық өнерлі де, өнегелі жастардікі. Баубектің осы кітапшада басылып отырған мақалаларының қайсысын алсақ та, өте бір елеулі, ерекше бір мағыналы мәселелерді қозғайды. Оны қозғай алған жастың заман біздікі деуге де, жалпы жастар атынан сөйлеуге де әбден қақысы бар...» Баубек шығармаларының төртінші жинағы «Адамзатқа хат» деген атпен «Жалын» баспасынан 1977 жылы жарық көрді. Оны құрастырғандар филология ғылымдарының кандидаттары Рахметолла Ыдырысов пен Рәзия Рүстембекова Иманжанова, редакторы Д. Исабеков, көлемі 11 баспа табақ, тиражы 35 мың дана. Мұнда жоғарыда аталған 1948 жылы шыққан жинаққа енген өлеңдер және прозалық шығармалары, кезінде «Лениншіл жас», «Октябрь балалары», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жарияланған 11 өлеңі, бес мақала - очеркі, екі аударма өлеңі, «Айсұлу» поэмасынан үзінді басылған. Міне, Баубек шығармаларының жоғарыда аталған жинақтары бірден-бірге кітап жүзін көрмеген туындыларымен толықтырылып, көлемі мен тиражы өсе түскен. Рас, басты мәселе аталған жинақтардың көлемінде, тиражында емес, солардың мазмұны мен шығарылу сапасында ғой. Бұл тарапта біз ең алдымен солардың дер кезінде жарық көруі, Баубек Бұлқышевтың соңында қалған творчестволық мұрасын жас буындарға жеткізуде, бұларды советтік патриотизм, интернационализм рухында тәрбиелеуде қосылған келелі үлес болғанын ерекше атап өткіміз келеді. 1943 жылы шыққан алғашқы жинақтың барлық тиражы майданға, жаумен жағаласқан жауынгерлерге жіберілгендіктен, тылдағы оқырмандардың, әдебиетшілер мен журналистердің көзіне ілінбей қалды. Міне, сондықтан да болар, тек 1948 жылы екінші жинағы дүниеге келген соң ғана республикамыздың мерзімді баспасөздерінде өмірден ерте кеткен жас таланттың творчестволық, еңбектеріне алғашқы терең саралаулар жасалған мазмұнды рецензиялар жариялана бастады. Осыған орай Баубек Бұлқышев 1940 жылдың Қызыл Армия қатарына шақырылғанға дейін онымен жақын араласқан сол кездегі туындыларының қалайша жазылып, жарыққа шыққанын, творчестволық өсіп-өркендеуінің тікелей куәсі болған республикамыздың белгілі әдеби сыншысы, байырғы журналисі Сейділда Төлешов «Социалистік Қазақстан» газетінің 1949 жылдың 19 июліндегі санында Баубектің жинағына ең бірінші рецензия жариялады. Сонан кейбір үзінділер келтіре кеткеніміз жөн: «Баубек бұл жинағын көре алмай кетті. Оның арманы өмір сүру, туған елінің адал ұлы болу, еңбек ету, оның жемісін көру еді. Осындай тәтті қиялдың құшағында жүргенде, Ұлы Отанымызды жаудан қорғау жорықтарында ерлік істер көрсетіп жүргенде жау оғынан қаза тапты. Ол мүлде аз өмір сүрді. Ол үнемі өмір сүру, еңбек ету жайын айтушы еді. Өмір берген заманын қызыға жырлайтын еді... В. Г. Белинский: «Ақын тамаша, сүйкімді жанға ғашық болғандай идеяға ғашық болады, соған жан-тәнімен құмартады», — деген. Нағыз ақындарда болатын осы күш, құмарлық, қуат, идеяға ғашықтық Баубек өлеңдерінің, әсіресе қара сөздерінің үзілмес желісі болып айқын сезіліп тұрады... «Жауыздық пен махаббат», «Өмір мен өлім туралы», «Өмір сүргім келеді», «Заман, жастар, біздікі», «Шығыс ұлына хат», «Тыңда, Кавказ» сияқты өткір шығармаларында ақынның нағыз патриоттық көзқарасы, совет жасының жігері мен қайраты, намысы, өмірді сүйе білген кіршіксіз таза ниеті терең оймен көркей суреттелген...» Енді, қазақтың Журналистер одағы құрылған шақта қаламгерлеріміздің съезі қарсаңында «Казахстанская правда» газетінің 1959 жылғы 4 марттағы санында жарияланған, сол кезде әдебиетімізде жаңа ғана көріне бастаған, қазір белгілі жазушымыз Әнуар Әлімжановтың Баубектің өмірін және творчестволық жолын жете де дұрыс бағалауға ұтымды бағыт берген «Жизнь принадлежит нам!» атты мақаласына тоқталайық: «...Баубектің шығармалары тартымдылығын, идеялық және көркемдік күшін жойған жоқ. Оның өлеңдері мен очерктері тамаша қазақ совет журналисі Саттар Ерубаевтың шығармалары сияқты жалынды, темперамент терең ұшқырлық, құштарлық пен жастыққа, өткір ой-пікірге толы. Саттар Ерубаев қайтыс болған соң, екі жылдан кейін қазақ журналистикасына келген Баубек Бұлқышев оның журналистік қызметіндегі ең жақсы жақтарын бойына сіңіріп, шеберлігін өзіне үлгі етті. Ол Саттар сияқты жаңа өмір үшін белсенді күрескер, өткір публицист балды. Саттар да, Баубек те реалист журналистер...» 50-жылдардыц екінші жартысынан бастап 80-жыл- дарға дейін бұлардан басқа да, кейбір кемшіліктеріне қарамастан, Баубек Бұлқышевтың өмір жолы мен творчествосын тереңірек түсінуге, үлгі етуге, сондай-ақ жарық көрген жинақтарының мазмұнын, өрісін тани біле түсуге мүмкіндік берген, оқырмандардың қалың бұқарасының, әдебиетшілер мен тарихшылардың назарын ерекше аударған бірқатар рецензия, мақала, зерттеулер жарық көрді. Солардың әсерінен республикамыздың жоғарғы оқу орындарын бітірген жүзден аса түлектері талантты ағасының өмір жолы, творчествосы туралы дипломдық жұмыстар жазды, қорғады. Кейіннен солардың бір тобы ізденіс жемістерін кандидаттық, докторлық ғылыми - зерттеу еңбектеріне өзек етті. Осы арада Баубек шығармаларының алғашқы жинақтары шетелдерде тұратын қазақ жастарына да жетіп, бұлардың да ойында, жүрегінде туған еліне деген патриоттық сезім тудырғанын айта кеткен жөн. Бұл жөнінде Баубектің екінші жинағы басылып шыққан уақытта Қытай Халық Республикасының Шыңжан аймағында тұрған, ал қазір СССР Жазушылар одағының мүшесі Құрманбай Толыбаевтың бізге 1976 жылы жазып берген естелігінен бірер сез: «Жылтырлау ақ қағаз мұқабалы осы бір кішкентай кітапша менің қолыма осыдан 28 жыл бұрын түсіп еді. Бұл 1948 жылдың соңғы айы, қақаған қыс болатын. Сол жылы Құлжа қаласында шыға бастаған «Одақ» журналында істейтінмін... Бұл Ленин Комсомолының 30 жылдық мерекесі қарсаңында шыққан Баубек Бұлқышевтың кітапшасы еді. Өлеңдері мен мақалалары енген осы жинақты үйге келе салысымен оқуға кірістім. Ә дегеннен қызыққаным — тілінің балдай тәтті шұрайлылығы. Ой тереңдігі маған түпсіз мұхиттай боп көрінді. Тамсана берем... Тілдің шырыны, ойдың терең мағыналылығы мені ғажайып бір сырлы дүниеге жетеледі де кетті...» Баубек Бұлқышевтың Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталған соң қолымызға тиіп, оқыған осы екінші жинағы бәрімізді де толғандырды. Себебі мұнда бірсыпыра жинақталып, жарияланған өлеңдері қиян-кескі ауыр күндерде оның жүрегінен туып, бүкіл совет халқына жеткен жалынды сөздері баяғыдан қалыптасқан совет патриотының ар-ұжданы екенін түсінуге мүмкіншілік берді. Өкінішке орай, осының бәрі қазақ оқырмандарының ғана үлесіне тиді. Таң қаларлық жайт—мақтанышымыз Баубектің бүгінгі күнге дейін бүкіл совет халқына ортақ орыс тілінде бірде-бір жинағы жарық көрмегені қынжылтады. Бір-екі де болса туындысы астанамыз Москвада 1946 жылы шыққан бір жинақта бүкіл совет оқырмандары қауымына ұсынылды.Бірақ, бұл тиражы ете аз дүние болды да, көпшіліктің қолына тимей қалды. Баубек шығармаларының жаңа жинағын құрастыру барысында, бұдан бұрынғы жинақтарда ішінара қателіктер, олқылықтар жіберілгенін байқадық. Мәселен, осыған дейінгі жинақтарда Баубек Бұлқышевтың өмірбаяны, осыған байланысты шынайы творчествосы туралы анықтама берілмеген. Сондай - ақ, енді ғана белгілі болғандай ата-анасынан ерте айрылып жетім қалса да, совет өкіметінің қамқорлығына бөленгендігін, таптық, күресте өсіп-жетілгендігін, таптық күрестің не екенін жақсы білгендігін айқын көрсеткен кейбір өлең прозалық жолдары сызылып қалған. Қайсыбір журналист ақын-жазушы болмасын, өздерінің мақаласын, өлеңін, тағы басқа көркем шығармаларын өмір сүрген күніне, айына, жылына, сол сәттегі тарихи оқиғаға, болмысқа сай жазатыны, ал шығармалары солардың өмір жолының, творчествосының айнасы екенін еске алсақ, Б. Бұлқышевтың ұсынылып отырған осы жинағына дейін жарық, көрген шығармаларының басым көпшілігінің қай жерде жазылып, жарық көргені туралы ауытқушылықтар бар. Осы еңбекті жарыққа шығаруда бұрынғы кеткен кейбір олқылықтардың орнын толтыруға тырыстық. Әлбетте, жаңа жинақта да кемшіліктер, олқылықтар болуы мүмкін. Құрастырушы да, «Жалын» баспасы да оқырмандар қауымынан, сол жөнінде өз пікірлерін, ұсыныстарын білдіруді өтінеді. Осыған орай, Отан үшін опат болған асыл ағамыз Баубек Бұлқышевтың хаттарынан ең жақын жора-жолдастарының естеліктерінен белгілі болғандай «Алматыдан ауылға», «Алтын сағат» атты және басқа бірқатар өте бағалы еңбектері бүгінгі күнге дейін табылмай жатқандығын ескерте отырып, соларды іздестіре жүруге шақырамыз. Баубек Бұлқышевтың жаңа жинағы «Жалын» баспасы қызметкерлерінің ойластыра, ұйымдастыра білуінің және Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің нақты көмегі нәтижесінде дүниеге келіп отырғанын айту парыз.

Сейілхан Асқаров,
СССР Журналистер одағы
сыйлығының лауреаты

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙