Көптомдық шығармалар жинағы 12 том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Сəкен Сейфуллин
УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз-7 С 31 Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі Ақпарат жəне мұрағат комитеті «Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылды Редакция алқасы: С.Абдрахманов, Н.Асқарбекова, Р.Асылбекқызы, К.Ахмет, Г.Əбуғалиева, А.Кəкен, Т.Кəкішұлы, Т.Көпбаев Құрастырушылар: Тұрсынбек Кəкішұлы, Қазақстан Республикасы ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, профессор. Сейфуллин Сəкен: С 31 Көптомдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Қазы ғұрт» баспасы, 2013. Т. 12. – 408 бет.
ISBN 978-9965-22-434-8
Көрнекті мемлекет қайраткері, талантты жазушы, дауылпаз ақын Сəкен Сейфуллиннің көптомдық шығармалар жинағының 12-ші томына оның азаматтық болмысы, қайраткерлік қажыр-қайраты, туындыгерлік ерекшеліктері туралы əдебиет зерттеушілерінің ғылыми мақалалары мен баяндамалары топтастырылған.
УДК 821.512.122
ББК 84 Қаз-7 ISBN 978-9965-22-434-8 (Т. 12) ISBN 9965-22-000-Х © «Қазығұрт» баспасы», 2013
Мəжит СЕЙФУЛЛИН ҚЫРАН ҰШҚАН ҰЯ І Мен өзімнің төменде жарияланып отырған Сəкен жайындағы естеліктеріме кіріспес бұрын оқушыларға біздің атаана, туыстарымыз бен туып-өскен мекеніміз турасында аздап əңгіме қозғамақпын. Мен жазушы емеспін. Сөзімнің артық-кемі болса, оқушы қауымнан кешірім сұраймын. – Бұл – өмірбаяндық мəлімет қана. Оқыған жұртты қызықтырады деп емес, анықтамалық қажеті болар, керек еткен жолдастар пайдалана жүрер деген оймен осы мəліметті ұсынып отырмын. Қуандық – Қарпық Қаратоқа руынан Мырзамбет деген кісіден сегіз бала болған, бірі – Ескене. Ескенеден Байбек, одан Жаныбек туады. Міне осы Жаныбектен бес бала өрбіген: үлкені Мұстафа, екіншісі Мақажан, үшіншісі Ақмолда, төртіншісі Омар, кенжесі Оспан – біздің əкеміз Сейфулланың əкесі. Сейфулланың əкесі Оспан 23 – 24 жасында қайтыс болғанда, бесіктегі Сейфулла мен төрт жастағы анасы Шəрбан жетім қалған. Оспаннан қалған бұл екі баланы жəне олардың мал-мүлкін Мақажан қолына алады да, əкеміз Сейфулла сол Мақажанның қолында өсіп, ержетеді. Əкем 19 – 20 жасында үйленген, Алсай руы ішіндегі Тышамбай дегеннің қызы Жамалды алады. Сəкен де нағашысы жақтан, анасы Жамалдан ауысқан қасиет көбірек еді. Ты-
шамбай деген адал, еліне абыройлы, əділ, бір сөзді адам екен. Елдің аузында ол бетінен қайтпайтын, қара нардай қайыспас, жүзі суық, ызғарлы, жөн-жосық білетін, тілі орамды ер адам еді деп айтылады. Сол Тышамбайдан төрт ұл, төрт қыз тараған. Ұлдары – Асқар мен Жақай, Əбіш пен Жақия. Солардың ішінде Əбіштің көп жері Сəкенге ұқсайтын еді: мұрын бітісі, мұрты мен көзі. Əбіш көп сөйлемейтін, сөйлесе тауып сөйлейтін. Домбырашы жан еді. Біздің үйге келгенде қазақтың талай-талай ескі күйлерін шертіп беріп, ол күйлердің тарихын əңгімелеп беретін. Əбіштен тараған Рахымжан қазір Алматы облысындағы бір мектептің директоры. Əкемнің бірге туған жалғыз апасы Шəрбан қазіргі Шет ауданындағы Қаракесек руының адамы Омар дегенге ұзатылды. Омардың əкесі Тышқанбай. Тышқанбай Тарпаң баласы. Ол кісіден бала болмады, 1933 жылы дүние салды. Шешеміз Жамалға үйленісімен Сейфулла жеке отау тігіп шығады. Анамыз Жамалдан жеті бала тарадық – төртеуі ұл, үшеуі қыз. Сəкен (Садуақас) шешемнің тұңғышы, екінші Мəлік (Мəлікаждар), үшіншісі Əбен (Əбумүслім), төртіншісі Мəжит (Ғабдулмəжит). Менен кейінгілердің үшеуі де қыз – Рахима, Қалима, Сəлима. Рахима тұрмысқа шығып, барған жерінде қайтыс болды, Қалима мен Сəлима ертеректе, тұрмысқа шықпаған, жас кездерінде дүние салды. Сондықтан сол бір үш қарындасымыздан да қалған ешкім жоқ. Əбен деген менен үлкен ағам да жасында өлген. Сəкеннен бала жоқ. Мəліктен бір қыз бар – Күлзағипа, қазір Қарағанды қаласында тұрады. Менің алты балам бар: үшеуі ұл, үшеуі қыз. Олардың жасы кішілері оқуда, жасы үлкендері түрлі қызметтерде. Сəкеннен соң көп ұзамай əкеміз Сейфолла да, туысқанымыз Мəлік те қазаға ұшырады. Сəкеннің бойына ақындық өнерді бала жастан құйған мөлдір бастаудың үлкені, асылында біздің туып-өскен, кір жуып, кіндік кескен жеріміз шығар деп ойлаймын.
Біздің бабаларымыздың, аталарымыз бен əкелеріміздің қыс қыстауы, жаз жайлауы Ор, Аба, Көктің көлі деген жерлер еді. Біздің қыстау сол Абаның «Қарашілік» деген бір алабында. Ол бір Сарыарқаның самал да салқын, жазда көк шалғынды, ойлы, сулы мүйісі. Аба мен Ор тауларының арасында Жаман деген кішкене өзен, жылға бар. Көктің көлін Мұстафа, кейін оның баласы Жəкен қыстайтын еді. Қазір ол жер – совхоз. Ор мен Абада да осы күнде біздің Жаңаарқа ауданы совхоздарының малдары жайылады. Біздің бұрын жаз жайлауымыз болған Сарысу, Есен, Нұра өзендерінің бойларында не көп, көлдер көп: Жаманкөл, Ағаштыкөл, Сұлукөл болып келеді. Біздің ауылдардың жайлауының бір шеті Иманақ тауының шығыс жағындағы Қараөзек деген өлке. Сол жерге май айында аздап егін салып, күзінде сол егіннің өнімін жинап, өзінше астыққа қарық болып, көшпелі ауылдар күнелтетін. Сəкеннің туып-өскен ортасы да, мекен жайы да бұл күнде құлпыра өзгеріп, өркендеп алға басты. Ел мен жер өзінің ақын перзентін əрқашан сүйіспеншілікпен құрмет тұтады. * Бірге туған аяулы ағам Сəкенге бүкіл совет жұртшылығы құрмет көрсетіп, 1964 жылы оның жетпіс жасқа толуын барлық жерде атап өтті. Оның жетпіс жылдық мерекесі Алматыда, ақынның туған жері – Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында аса үлкен салтанат, той болып өтті. Жер-жерде, республикада, облыстар мен аудандарда, ауыл-селоларда, жеке коллективтер мен ұйымдарда өткізілген Сəкен салтанатының қорытындысындай, сол жылдың аяғында ақынның туған күніне арналған мереке Отанымыздың астанасы Москвада, колонна залындағы советтің мəдениет қайраткерлері мен əдебиетші қауымының үлкен жиынымен түйінделді.
Сол мерекелердің бəрінде Сəкеннің бір кездегі революционер жолдастары – қарт большевиктер, еліміздің белгілі жазушылары, ақынның қаламдас достары жылы сөздер сөйлеп, Сəкеннің халық алдындағы еңбегіне жоғары баға берді, Сəкен болған бірсыпыра жерлерге ескерткіш жазбалар орнатылды, оқу орындарына оның аты берілді. Елдің оған деген үлкен құрметін көргенде, оның революциялық жолы, творчестволық еңбегі туралы шығып жатқан əрбір əдеби жазбаларды оқығанда, мен іштей зор қанағат сезіміне бөленемін, Сəкен артында қалып бара жатқан біздерге қарап: «Жасымаңдар! Мен советке жақсылықтан басқа түк істегенім жоқ жəне совет үкіметінен де тек жақсылық, əділдік күтемін», – деп қайрат бере қош айтысқан еді. Оның сол күткен жақсылығы мен шынайы əділдік біздің елімізде қазір, Ленин партиясы Орталық Комитетінің дана басшылығымен, баянды да берік орнап отыр. Əкеміз Сейфулланың, анамыз Жамалдың бір кездегі көзінің ағы мен қарасындай болған жеті баласынан бұл күнде көзі тірісі жалғыз мен екенмін. Сол бір аяулы үлкен жанұя атынан, Сəкен атынан, өз атымнан мен бүгін: – Рақмет совет үкіметіне, рақмет лениндік партияға! – деген алғысымды адал көңілден айта аламын, Бір əке, бір шешеден өрбіген жеті баланың үлкені осы Садуақас еді. Садуақасты үй-іші, ел-жұрты еркелете атап, Сəкен деп кетті. Сəкеннің өмір тарихын жазу менің міндетіме кірмейді. Мұны өзінен артық ешкім жаза алмас та деп білемін. Өмірбаянын арнайы жазбағанымен де, өзінің өткен күрес жолын, революциялық мектебін, асқан белестерін сипаттаған «Тар жол, тайғақ кешу» романында ол өмір жолындағы өзінің өшпес ізін айқын да ақиқат бейнелеп кетті. Менің бұл жолғы міндетім қадірлі оқушыларыма өзім бастан-аяқ қасында болған аяулы ағам Сəкен өмірінің кейбір ғибратты, мағыналы көріністерінен, аттамалы түрде болса да, мағлұмат беру.
ІІ Сəкеннің жолы – күрес жолы. Оның сапалы өмірі ыстықсуығы, дауылы мен толасы аралас, рақаты мен мехнаты алмасқан, аласапыран тартысқа толы өмір еді. Əсіресе 191718 жылдардағы оның Ақмоладағы күрес күндері, 1919 жылы Колчактың азап вагонынан қашып шығып, Түркістандағы Совет өкіметімен жалғасуы əрбір күні хикая боларлық ұзақ əңгіме. Мен ең алдымен сол бір кезден аз-ғана сөз қозғамақпын. Əкем Сейфулла екеуміз 1917 жылдың тамызында Ақмоладағы күзгі жəрмеңкеге бардық. Сəкен онда сол қалада мұғалімдік қызметте, Бірмұхамед Айбасов, Жұмабай Нуркин үшеуі бір пəтерде тұрады екен. Бізді олар қуана қарсы алды. Əсіресе Сəкен: «Бүкіл біздің ауыл көшіп келгендей болды ғой» деп, əкесіне сəлем беріп, қайта-қайта шешеміз Жамалдың жай-күйін сұрастырып, мəз-мейрам болып қалды. Сəкен сол кездегі орыс мұғалімдерінің формасында киінген: қара сюртук, ақ жаға, ішінде сары түймелі семинариялық китель, қара шашы тып-тығыз, бөріктей дөңгелене біткен. Көздері ұялы, мөлдір, қылшылдап тұрған 23-тегі жас жігіт. Əкеміз ауылға қайтарда Сəкен екі адамға – бірі өз шешеміз Жамалға, екіншісі бəріміздің ауылдағы кіндік шешеміз Болған кемпірге көйлек-жаулық, шай, қант, конфет, мейізі бар арнайы сəлемдеме жіберді. «Бəріміздің» дейтін себебім: жасы сексенге келген, Атабай мен Сатайдың шешесі Болған бəйбіше кезінде біздің əкеміздің кіндігін кесіпті, кейін Сəкеннің де, Сəлима қарындасымның да кіндігін сол кісі кескен. Осы адамды Сəкен елден ерек жақсы көретін еді. Халықтың ауыз əдебиетін, ертегі, қиссаларын, тарихи хикаяларын жасында Сəкеннің зердесіне құйған екі адамның бірі – өз анамыз болса, екіншісі – сол Болған қария. Ол жылы мен 15-темін, Сəкен: «оқытамын, Мəжитті қалдырып кет» деп əкемнен өтініп, мені Ақмолада өз қасына алып қалды. Аз күннің ішінде мен де тік жаға көйлекті белдікпен буған, қисық табан етікті қала жігіті болдым да
шықтым. Сəкен қасында мен қалған соң басқа пəтерге шықты. Мені сондағы екі класты орыс мектебіне оқуға түсірді. Қазақ жастарынан ол мектепте Жұмабай Орманбаев оқиды екен. Сол мектепте сабақ беретін мұғалімдердің ішінде Сəкен де бар еді, тағы бір ұмытылмас жақсы адам Говузов деген орыс тілінің оқытушысы. Сол бір кезеңдегі Сəкеннің жұмысы бастан асады, күндіз-түні тыныштық жоқ: мектептегі сабағы, үйдегі жазу жұмысы (сол кезде «Бақыт жолына» деген пьеса жазып жүретін), жиналыстарға қатынасып, сөз сөйлеуі, пікірлес жолдастарымен бас қосуы – бəрі-бəрі жарыса өтіп жататын. Бір сөзбен айтқанда, сол айлардағы Сəкен Сейфуллиннің, Бəкен Серікбаевтың, Абдолла Асылбековтың жəне басқа да қазақтың еңбекшіл интеллигенттерінің сөзі де, ісі де Ақмолада совет өкіметін орнату жолындағы күрес еді. Бұларға жергілікті жерде З.Катченко сияқты орыс большевиктері қолма-қол басшылық етеді, арысы Петроградтан, берісі Омск мен Қызылжардан астыртын нұсқаулар да келіп жататын сияқты. Айтыстарының тым қызу өтетінін бірер рет көргенім де бар. 1918 жылдың қысында Сəкенді іздеп барып жиналыс болып жатқан үйге кіріп кеткенім əлі есімде. Дүйсенбаев деген шағын бойлы, шегір, сары кісі сөз сөйлеп, совет өкіметінің болашағы туралы, бостандық пен теңдіктің жайынан жапжақсы əңгіме қозғады. Сонда Төлеубай Нұралин дегеннің: «Адокат Дүйсенбаев неправильно говорит...» деп қызылөңеш бола айқайлағаны көз алдымда. Төргі жақта отырған Сəкен бір мезетте мені көріп қалып, қатты ренжіді. Есік күзетіп тұрған біреулерге ескертпе жасады. «Үйге қайт, жиналысқа бұдан былай келме!» – деді маған. Сабақтан бос кезімде Сəкеннің тамағын əзірлеп қоямын, үйді күтемін, қала шетінде тұратын неміс əйеліне жудыртуға кір апарып беріп, алып қайтамын. Жиналысқа қатыстырмағанымен үйде оңаша қалғанымызда, Сəкен өздерінің жүргізіп жүрген үлкен істерінің ұзын-ырғасын маған сездіртіп те отырады. Владимир Ильич Ленин жайында, большевиктер партиясы, Совет өкіметі туралы жақсы-жақсы əңгімелер айтады.
Ақырында, сол жылы Ақмолада Совдеп орнады. Оның председателі большевик революционер Бочек деген болды, орынбасары Серікбаев, президиум мүшелерінің құрамында Сəкен де бар. «Жұмысы енді азаяды» деп жүрсем, оным мүлде қате екен. Совдептің жұмысының көптігі, қиындығы сонша, енді бұлар талай түндерді ұйқысыз өткізетін болды. Көктем туа мен өзіміздің ауылдан қалашылап келген Ұйтыбек Жұрқабековпен бірге, Сəкеннің рұқсатымен елге қайттым. «Ауылға сəлем айту – деді Сəкен, – жас Совдеп нығайып алған соң, өзім де елге барып қайтпақшымын, ауылды əбден сағындым» – деді. Бірақ, қанша сағынғанмен, ауылға Сəкен қайта алмады. Бір күні, жазғы бір ертеңгілікте Ақмолада Совдеп құлапты, Колчактың баскесерлері жер-жерде ылаң салып жатыр екен деген суық хабар бұрқ ете қалды. Сəкеннің тұтқынға алынғанын, Колчак сойқандарынан соққы жегенін естідік. Зар күйін тартып, от басында уһлеп, жылап шешем отыр. Үй ішінде сыр бермей, өзін қайратты ұстайтын əкем ғана. Ол қасына ағайыннан Дəулетпек Мұстафа баласын жəне мені ертіп, Ақмолаға тартты. Үшеуміз алдымен Сəкеннің тұрған пəтері Мұқай дегеннің Есілдің жағасындағы қоңыр үйіне келіп кірдік. Үй иесі кемпір Сəкенді айтып, басын шайқапшайқап көп жылады, колчакшылардың Сəкенге көрсеткен айуандығын айтқанында жүрегімізге қан толғандай, төбе құйқамыз шымырлайды. Сəкендер қала шетіндегі ұзыннан созылған, темір торлы терезелері батысқа қараған бір қабатты түрмеде екен. Сыртта əрлі-берлі күзетте жүрген солдаттар мылтық кезеніп, əрқайсысы атамын деп айбар шегіп, түрме қабырғасына жақындатпайды. Тұтқындар да терезеден ауыл адамдарын көріп қалыпты. Солдат мылтығынан сескеніп, жалтақтап əрлі-берлі жөңкіле берген бізге, күзетші солдаттардың үстінен баса-көктей келіп Сəкеннің даусы жетті. – Амансыңдар ма, қашан келдіңдер, кімдер келді? – деп қалды. Біз де дауыстап, тіл қатыстық. Сəкен: – Алаңдамай берік болыңдар! – деп қайрат беріп тұр, – біздің ісімізді
қуып, əуре болмаңдар, бұл – ұрлық-қарлық емес, бірдің емес, мыңның, миллионның ісі... Сəкендердің ісін қарайтын «соғыс трибуналының комиссиясы» екен, комиссияның бір мүшесі мұсылманнан, Мəнтен молда деген екен. Əкемдер өздерінше сол молдаға «қазақы жолмен» сөз салып көрген еді. Ол: – Қолымнан келмейді, бұл жеке кісінің қылмысы емес, Руссиядағы өкімет тағдырына байланысты іс, – депті. Сонда да молдекең құрбан айты күні тұтқындар 15 минутқа сыртқа шығарылады, сонда көздесіп, тілдесіп қалуға рұқсат болады десе керек. Айт күні абақты айналасы ығы-жығы адамға толып кетті. Қолдарына, аяқтарына кісен салынған, арықтап-тұралап, жүдепжадаған, ақшыл беттерін ісік жайлай бастаған тұтқындарды далаға айдап шықты. Шынжырлары салдырлап, олар найза бойындай жерде қатар түзеп тұрды. Олар мен ел адамдарының арасында мылтық кезеніп, жалаңаш қылыштарын ұстап солдаттар мен офицерлер тұр. Танып тұрмын, Абдолла Асылбеков тым жүдеп кеткен, аяғын баса алмай, теңселе береді. Шағын денелі Бəкен Серікбаев сыр берер емес, шынардың бұтағындай қатып қалған, Сəкен екеуі тым қайратты, ызғарлы тұр. – Елге қайтыңдар, совет өкіметінің тез арада орнайтынын, мыналардың күні бітетінін халыққа хабарлаңдар, қош, есен болыңдар! Мəжит, сен шешеңе демеу бол! – деген Сəкеннің сөздері үздік-үздік естіліп тұрды. Берген тамағымызды алған көрінеді, қымызды бермепті. Ұзақ тұрғызбады, тұтқындарды мылтықпен ұрғылай айдап, бұғауларын салдырлатып, шұбырған топты ығыта қуып қайта алып кетті. Біз ауылға қайттық. Ішкеніміз у, жегеніміз желім, төсегіміз тас болғандай күндерді бастан өткердік. Шешеміз жылайжылай көруден қалды. Ақмола жақтан əр алуан дақпырт жетіп жатады: Сəкендер Қызылжарда екен, Омбыда азап вагонында екен десе біреулер, енді бір алыпқашты хабар: жол бойы атып тастапты, қашып шыққанда қайта қолға түсіп, таяқтан өліпті деседі. Жайлаудағы жарқыраған жаздың сол жылы қалай өткенін де аңғарғанымыз жоқ.
Күз болды. Ауыл тауға көшті. Сібірдің сұрапыл қысын Сəкен Колчактың тұтқынында «азап вагонында» өткізді. «Гөй-гөйдің күйін тартып, үміт күтіп, біз елде жаттық. Қыс өтті, қайтадан жаз келді. Ауыл Аққұдық деген жерде отырған. Ауыл жанында түйе көрінбес дүлей қараған бар. Сол қарағаннан тұрымтайдың балапанын ұстап əкеп, қойдың жабағысына орап, қолдан өсіруді ауыл балалары əдет етіп алғанбыз. Бір күні таңертең мен сондай бір балапанды жемдеп, шешеміз ұршық иіріп отырған, суыт жүрісті салт атты адам келіп, тура біздің үйге ат тұмсығын тіреді. Ділмағамбет Жиенбеков деген ағайын екен. Үйге кіріп, сəлемдесіп, жанжағына қаранып, шешемнің қасына барып отырды. – Жол болсын, қайдан келесің, Ділмағамбет? – Жыландыдан келемін (Самарское деген поселкені жергілікті ел солай атайды), – деді. – Не хабар ол жақтан? – Кімнен? – Менің Сəкеннен басқа сұрайтын кімім бар? – деді шешем. – Сəкеніңді қазір көрсетсем, не бересің, Жамал? – дейді Ділмағамбет күліп. Біз бəріміз оны бас салып, шын айтасың ба деп, шуылдасып қалдық. – Сəкен анау қырқаның арғы жағында арбамен келе жатыр. Əкеле жатқан Айдабол – Сүйіндік руындағы нағашысы Мұқай. Дабыра болмасын, – деп Сəкен мені алдымен жіберді, – деп отыр Ділмағамбет. Қайдағы дабыра болмасын! Желі басындағы биеге, белдеудегі атқа, тай-байталға міне-міне жөнелген жұрт Сəкенді қарсы алуға лап қойды. Ділмағамбетті жаяу қалдырып, оның қара жорғасын мініп Жамал шешем кетті. Бір ауыл емес, қанаттас отырған басқа ауыл да сол сəтте естіп қалып, тайлы-таяқтысы қалмай Сəкеннің алдынан шықты. Бүлкек-бүлкек торы ат жеккен бір арбалы келеді. Жайдақ таймен жетіп барсам, арбада екі адам. Божы ұстап отырған сары кісі – нағашымыз болуға тиіс. Екіншісі, əрине, Сəкен,
бірақ танып болмайды, қара сақалды. Жыртық шапанды, көнетоз тымақ киген біреу арбадан домалана түсіп, бізге қарсы жүрді. Бұл Сəкен еді. – Сəкенім, айым, күнім! – деген шешемнің даусы кең даланы басына көтерді. Елге келгенмен, бұл жақ əзір «Колчак үкіметінің» қарауында болатын. Сəкеннің өмірі мұнда да қылыштың жүзінде болатын. Сейфуллин дегенді іздеуші отрядтар маза берер емес. Сəкеннің үйде қонуынан гөрі далаға кетіп, не бұта арасына, не бейіт ішіне түнеуі көбейді. ...Дала күні қызарып ұясына төмендеген, жылқы түнгі өріске бет алған кешкі уақыт еді. Қанаттас отырған ауылдан біздің ауылға құнанға мінген жылқышы Əреш деген жігіт келді. Қоласы түскен құнаны ақсаңдап желіп келе жатыр, жан-жағына бұрылмай, сезік бермей сөйлеп те келеді: – Біздің ауылға үш солдат қуғыншы келді, сені іздейді, Сəкен! Қазір осы ауылға келетін ыңғайлары бар. Мен түсіп қалайын, мына құнанға мініп, бой тасала... Беттері суық, тезірек жасырын... Көздері шалса, тура саған қарай шабудан тайсалмайды, сені жылқышы екен десін, сонау жылқыға қарай бетте. Үй маңында тұрған бəріміз қатты абыржыдық. Əреш жерге түсе қалып, Сəкен құнанға лезде мінді де, сойыл сүйретіп, жылқыға қарай бет қойды. Аяңмен кетіп барады, желсе, шапса сезіліп қалатынын біледі. Ауыл арасындағы жылқыға бара жатқан жай адамның түрін көрсетеді. Сөйткенше болмай, бастарында елтірі бөріктері бар, мылтық асынып, қылыш байланған Колчактың үш баскесері əлгі Əреш келген ауылдан шығып, біздің ауылға шауып келді. Ауылға кіре сала: – Сейфулланың үйі қайсы, Сəкен Сейфуллин қайда? – деп ығырып айбар шекті. Біздің үйдің есігі түрулі тұрған. Үшеуі де шауып барып, ашық тұрған есіктен үй ішіне көз жіберісті, əрі қарады, бері қарады. Бірақ аттарынан түспеді. Заты Колчак баскесерлері үйдің ішіне кіруге, бой салып тінту жасауға, не дегенмен, қорқатын сияқты. Өздерінің уақытша əмірші екенін сезеді, халықтың жасырын күшінен тайсақтайды. Үйге
кірмегені жақсы болды, кірсе, тінту жасаса, Сəкен оқыған большевиктік бағыттағы газеттерді, листовкаларды, журналдарды, маркстік кітаптарды көріп қалулары да ықтимал еді. Олар: «Сейфуллинді тауып беріңдер, ол осында қашып келген» деп əлек салды. Біз: «Сейфуллин деген келген жоқ, ол Омскіде түрмеде болса керек»... деп жауап бердік. Қаншама сұрастырып, түк шығара алмағаннан кейін, колчакшылар болыстың ауылын сұрады. Біз оларға болыстың ауылын нұсқадық. Əлгілердің Нілді болысының ауылына қарай тартқан жолында Ит азу деген қырқаның бауырында жатқан жылқыға қарай бет қойғанын көріп, зəреміз зəр түбіне кетті. Бірақ Сəкен жылқы ішіне кірісімен, құнанды қоя беріп, жаяулап барып, бұта арасына жасырынған көрінеді. Баскесерлер солайша, Сəкенді таба алмай өтіп кетті. Сол үшеуі бірнеше күн бойы Нілді болысына қарайтын ауылдардан кетпей қойды. Бір күні болыс хабар жіберіпті: – Сəкенге айтыңдар, үшеуіне пара беріп, аттандырып салсақ қайтеді, – депті. Сəкен сондай қысылтаяң кезде де байсалды, сабырлы қалпынан ауған жоқ. – Пара беретін мен ұры-қары емеспін, – деп болысқа сəлем айтты. Елдің, қауымның тауқыметін ескерген болыс Колчак жалдаптарына Сəкен осында келіп еді дегенді айта алмаса керек. Бұл оқиға осылай аяқталды. Бірақ мұндай оқиғаның табанда қайталана беруі ықтимал еді. Сəкеннің өмірі оқтың аузында, қылыштың жүзінде болды. Сондықтан одан ары ауылда жата беруіне болмады. Жаз өтіп, күз келгенде Тарақты, Тама деген рулардың Шу бойына көшетін ауылдарына ілесіп, əкеміздің бөгеннен құйрығы түскен шолақ жиреніне мініп, Сəкен Əулиеата қаласына (қазір Жамбыл) бет қойды. Ол жақта – Совет өкіметі. Бүкіл ауыл болып, біз оны сарғая күтіп сағынған Совет өкіметіне қарай шығарып салған едік. Ағайын ішінде ізгі жақсы жандар да көп. Сонымен бірге, дəулетті ағайындар арасында пиғылы нашар адамдар да кездесуші еді. Дəулетті ағайындарға Сəкен сөз салып,
ұзақ жолға мініске жарайтын ат сұрастырды. Бірақ отарлы жылқы иелерінің ешқайсысы ат майын беруге жарамады. Колчактың қашқынына ат беруден қорыққан да болар, мал жандылық психология тағы бар. Сонымен, Сəкен əкеміздің жалғыз шолағына мініп, ауылдан жүдеу аттанды. Жирен шолақтың өзін де жол бойы, бір түнде ұрылар қағып кетіпті. Сол кеткеннен Сəкен ауылға 1920 жылдың мартында қасына төрт қызыл əскер ертіп, совет өкіметінің өкілі ретінде, салтанатпен оралды. Əлгі ат бермеген бай ағайындар бұл жолы Сəкенге бір ат сұраса, екі ат беруге əзір еді. Солардың осыншалық төменшік халін айтып, Сəкен өз-өзінен күліп отыратын еді. Ондай адамдардың түр-сиқын, мінез-құлқын өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» романында ақын сықақтап жазды. Ауылда он күн болғаннан кейін көп адаммен Сəкендер Ақмолаға кетті. Онда жас совет өкіметінің күтіп тұрған қызметі, Колчак лаңының кезінде уақытша үзілген, енді қайта жандандыруды керек етіп тұрған игі істер бар еді. ІІІ Ағалы-інілі Сəкен екеуміздің арамызда тату-тəтті, сыйлы да тəлімді талай-талай кездер өтті. Інілері ол кісіні əкедей құрмет тұтты, ойындағысын қабағынан түсініп, тіршілікте соның дегенін қалт еткізген кезіміз болған жоқ. Əрқашан оған көмекші, қосшы болуға тырыстық, оның қоғамдық өмірдегі, творчество майданындағы ізгі істеріне жəрдемдесіп тұрдық. Əсіресе мені Сəкен əрқашан көмекшілікке алатын. Осының бір мысалы ретінде, мен енді Сəкенмен бірге өткізген 1930 жылдың күзіндегі бір сапарым жайында əңгіме айтсам деймін. Сол жылдың жазында ол Қазақстан өлкелік партия комитетінің тапсырмасымен Шет ауданында болды, жолындағы Қоянды жəрмеңкесі маңында бір жеті аялдаған. Содан кейін,
қазіргі Жаңаарқа ауданындағы «Айша» деген хикаясында толық сипатын тапқан Есен деген өзеннің бойында отырған 10 – 15 үйлі өз ауылына келіп, 15 күндей дем алды. Бірақ ол қандай «дем алыс» еді десеңізші! Сол күндердің бəрінде ол өзен жағасына келіп, жаңа отырықшылана бастаған кедей ағайындардың үйлерін салысты, өз қолымен балшық құйысты, кірпіш қаласты, қара жұмыстың қандайын болса да бəрімізбен бірге жадырап, жарқылдай жүріп істеді. Ауыл адамдары жабылып кетіп, күніне бір үйдің қабырғасын тұрғызамыз. Сəкеннің жақсы көретін адамдары етікші Ахметбектің, қарт Сатайдың жəне басқалардың үйі бірінен соң бірі ірге көтерді. Тамағымыз қымыз бен айран, ортамызда – Сəкен. Дамыл кезі əңгіме-дүкен болып өтеді. Сəкен біздерге жаңалық өмірдің, жаңа еңбектің мəн-мағынасын айтады. Ол бір мен үшін естен кетпес дəурен еді. Еңбектің, əрекеттің, күрестің, шыдамдылықтың адамы еді Сəкен. Қолына алған іске құныға берілетін, асқа да, шөлге де тағаты бəрімізден күшті. Көлемі қанша шағын болғанымен жаңалық атаулының бəрін қуаныш санайтын. Жұрттың ұйымдасып, отырықшылана бастауы да, кооператив таратқан көк соқа да, сүт тартатын сепаратор машинасын да бəр-бəрін келешегі үлкен, өрісті істің қайнар көзі деп білетін. Оның «Сепаратор» деген өлеңі өзінің туған ауылында болған осынау сапарының əсерімен жазылған еді. Отызыншы жыл болғанымен, Сəкен мінемін десе машина да, самолет те табылады. Бірақ Алматыға атпен қайтқысы келді. Жер көремін, ел көремін, Бетпақдаланың, Балқаштың үстін басып, Алатауға дейін табиғат аралап барамын деген ойы болды. Тегінде атпен жол жүру, далада түнеу, даланың жаздағы ыстығын, самалын, жаңбырын, күздегі бозқырауы мен қысқы боранын, қарын өз басынан кешіру Сəкен үшін қызық бір өмір еді. Менің мектебімнің бір үлкені қырдың табиғаты ғой деп отыратын ол. Сəкеннің табиғат көркін, адамдардың қарым-қатынас, мінез, сөзін, тіршілік көрінісін қалай тамашалайтынын мен осы Арқа мен Алатау арасындағы ұзақ жолда да əбден көріп
білдім. Қазанның төртінде Есен өзені бойындағы ауылдан Алатауға бет алдық. Сəкеннің мінгені қамыс құлақ, оқтаудай жұмыр «аяңы тымақты алшы кигізген» теңбіл қаракөк, үстінде қынама бел қалың шапан, басында түлкі тымақ, аяғында саптама етік, сырты қырша, іші қалаша киінген. Менің астымда жирен бие, жетегімде азық-түлігімізді артқан шудалы қара бура бар. Ауылдан шыққанда, менің жолдан адаспаймыз ба деген сұрағыма, Сəкен: «Сұрай-сұрай Мекені де тапқан» деп жауап қайтарған... Онысы рас та болды: бір елді қонысқа келсек, екінші елді қонысқа, ауылдан ауыл қандай жолмен баруды сұрап білеміз. Жол қай жерге дейін барады, айырық жолдың қайсысына түсу керек, қай тұста құдық, бастау, бұлақ бар, осының бəрін кездескен адамнан сұрап, біліп, жазып алып отырамыз. Жолымызда кездесетін «Айдарлы», «Шеңгелді» деген құдықтар да, «Күйлі», «Қашқан теңіз», «Ит ішпестің ала көлі» деген көл-өзендер де, Балқаш жағалауындағы Бурылбайтал балық заводы да сол бір қалыптарымен көз алдымда тұрады. Əуелі жолдағы Успенскі кенінде аялдап, Сəкен жұмысшылардың тұрмысымен танысты, олармен небір қызық əңгімелер өткізді. Əңгіме өзегі Совет үкіметінің саясаты, жұмысшы табының сол кездегі рөлі туралы болды. Бірақ небір саяси тақырыптағы сөздің өзі дастанға бергісіз тартымды болып өтеді. Ақын Сəкен бұл сапарында шынайы үгітші еді. Ылғи ғана солтүстікке бұрылып тұратын компастың тілі сияқты, Сəкеннің бүйірі де жұмысшылар қауымына қарай үнемі бұрылып тұратын. Бұл мінезін ол Бурылбайталдағы балықшылармен өткізген əңгімелерінде де анық аңғартты. Тұрмысы, жұмыс жайы əлі жолға қойыла қоймаған балықшы қауыммен бірер күн ішінде бауырласып кетті. Балықты əзірлеп, тұздаудағы олардың жіберіп отырған кемшіліктерін де беттеріне айтты. Біздің жолымыз суыт сапар болған жоқ. Суыт кеткенде Алматыға 12 – 13 күн шамасында жетуге болар еді. Олай емес, бұл өзі Сəкеннің Арқадан Алатауға дейін жасаған үгіт
шеруі, ел өмірін зерттеуі, туған өлкенің табиғатын көруі еді. Бір елді қоныста 2 – 3 күндеп қалатын да кездер болды. Сəкенді сүйген жұрт қонбасына да қоймайды. Есеннен 30 – 35 шақырым жердегі Успенскіде жұмысшы, Тарақты руының қазағы Сыздық Дəулетбаевтың үйінде екі қондық, Шұбыртпалы еліндегі баяғы Ағыбай батырдың ауылында Босаға деген жерде ұзақ аялдадық. Күндіз көріп, білген əсерлерінің екшелген көріністерін кешкілікте Сəкен не үйде, не далада, өзге жұрттан оңаша отырып, өзімен-өзі болып, дəптеріне жазып қоятын еді. Алматыға дейін қалың бір дəптер Сəкеннің ұсақ əріптермен, қарындашпен жазған сөздеріне толды. Осындай əрбір əсер, көріністің алғашқы нұсқасы түскен дəптерлер К.Маркс көшесіндегі Сəкен үйінде тұрушы еді. Сəкеннің қыр киімдері: шапаны, тымағы, саптама етігі, жанындай жақсы көретін домбырасы да кабинетінде дайын тұратын. Соның бəрі кейін жоқ болды. Ауылдан шыққанда ағалы-інілі екеу ғана едік. Жолда Сəкен тобы көбейе берді. Ілескен адамдар екінші ауылға дейін, тіпті бір-екі көштік жерге дейін Сəкенді шығарып сап, кейін оралып отырады. Алматыға дейін ілескендер де табылып, жолаушы саны келе-келе сегіз адам болдық. Бізге қосылған алтаудың бірі Жақия Рахымбеков еді. Астанаға жеткеннен кейін Сəкен оны «Комвузға» оқуға түсірді. Қазір ол астана маңындағы бір колхоздың председателі. Үй жолдас сол жолаушылардың ішінде есімде көбірек сақталғандары Серік Өдешев, Ақытай Сəкенов, Баспақ Жүсіпбеков. Əсіресе осы Жүсіпбеков əңгімелерін жол-жөнекей Сəкен ықыластана тыңдайды. Бұл ел аузындағы хикаяларды, ертегі, əзіл, сықақ сөздерді көп білетін, білгенін келістіріп айта алатын ойнақы тілді, ойлы адам еді. * Жүріп келеміз. Көбіне аяң, ара-тұра бұлаң құйрық, бүлкек араласады. Бірақ бұлаң құйрық та, бүлкен желіс те, ұзақ жол
да серік емес, оған адам да, ат та шыдамайды. Ұзақ сапардың жүрісі де ұзақ, біркелкі, мимырт аяң. Бүгінгі бетіміз, қонар бағдарымыз Қызылшоқы болмақ. Онда Бақыр деген кісі бар. Сəкен де, бəріміз де ол кісіні Бəкең дейміз. Қарагерді сылай қамшылап, кейде аяңға, кейде жорғасына басып келе жатқан Тəлікке қарап Сəкен: – Сен аяңмен отыр, Тəлік! – деп күлді, – жорғалата берме, онда бізден қара үзіп кетесің, «жорға мінген жолдастан айырылады» деген қазақ. Аяңмен отырып-ақ кешке қарай Қызылшоқыны маңайлап қалармыз. – Қайда қонамыз сонда, – дедім мен де сөз араластырып. – Қайда қонушы едік, Бақырдың өз үйіне, əрине, – деді. Бəріміз де осыны мақұлдадық. Күн батуға айналғанда Қызылшоқының басы да көрінді. Біз суыт жүріспен жағалап келіп ауылдың шетіне де іліндік. Ауыл шетінде суға бара жатқан бір əйел кездесті. Мен Бақырдың үйін сұрадым. Əйел бес үйден кейінгі бір үлкен қоңыр үйді Бақырдікі деп нұсқады. Жолдағы үйлерді айналып өтіп Бақыр ағаның үйіне аттың басын тіредік. Үйден бір бала жүгіріп шығып, бізді көріп үйге қайта еніп кетті. Кешікпей Бəкеңнің өзі шығып, Сəкенді құшақтап көп қысып тұрды. Қарасам, Бəкеңнің көзінен жас тамып тұр екен. Сəкен: – Бəке, неге босайсың, аман-есен көріскен қуаныш емес пе деп Бəкеңді жұбатты. Бақыр туыс болғанмен қоныс шалғай болып сирек кездескендіктен де босап тұр. Бақыр аға Сəкенге қарап, Сəкенжан, осы жерде кідіре тұрайық, жеңгең төрге көрпе жайсын, – деді. Тəлік үшеуміздің де атымызды ашаға байлап, кейін шегініп тұрдық. Ауыл күздің амалына толық қамданғандай. Бала да, үлкен де қыс киімін сайлап киінген. Ауыл айналасында жайылған төрт түлік мал да ашқарақ, жер бетінің шөбін қалдырмай жеп қалғылары келетіндей бастарын жерден алмай жалмап жұлып барады. Сəкен мендегі дүрбіні алып жан-жаққа қарап, айналаны шолып бола бергенде Бəкең:
– Қарағым Сəкен, үйге еніңдер, – деді де, өзі алдымен есікке келіп, киіз үйдің есігін ашып бізді үйге кіргізді. Ауылдың амандығын сұрап болғаннан кейін, Бəкең Сəкенге қарап, – сені Қоянды жəрмеңкесінде көрдік деп ауыл жəрмеңкешілдері айтып келіп еді, Алматыдан шыққаныңа көп болды ма, Сəкенжан, – деді. Сəкен Алматыдан Қазақстан өлкелік партия комитетінің Шет ауданына жібергенін, онда тапсырманы орындаған соң, Қоянды жəрмеңкесін көргенін, одан елге соғып, ауылда болғанын содан енді Алматыға атпен сапарлап бара жатқанын айтты. Бəкең: – Сəкен қарағым-ау, сонау Алматыға осы атпен барам дейсің бе? Алматың сондай жақын ба? – деп таңданғандай болды. Сəкен Бəкеңе қарап күлді де, атқа жер алыс болмайды ғой. Мен Бетпақдаланы Балқаштың көлін жағалап сол жолдағы елді, жерді, суды көргім келді. Поезбен жүрсең көп ештеңе көре алмайсың. Сондықтан осы ойымды орындайын деп, атпен шыққан сапарым осы деді. – Тəлік пен Мəжит те бара ма? – деді Бəкең. Сəкен өз шешімін айтты: – Тəлік осы арадан кейін қайтады, Мəжит менімен; бірге барады. Мен ішімнен қуанып отырдым. Ұзақ жолдың бейнетіне қарамастан, Сəкенмен бірге сапар жасау мен үшін бір дəурен еді. Ұзамай осы үйге ауыл адамдары да жиналып келіп, бəрі де Сəкенмен бірі құшақтап, бірі қол ұстасып амандасып отырысты. Амандық сұрасып болған соң Бəкең Сəкенге қарап, сапарың оң болсын, осында Жақия деген інің бар, шешесі өз шешеңмен бір елдің қызы. Соны ілестіріп ала кет, оқуға ынталы бала, шаруа жағдайлары онша емес, – деді. – Бəке, айтқаныңыз орындалады, Жақия бірге жүрсін, өзі қайда, осында келсін, – деп Сəкен Өдешке қарады. Ақмадия, Өдеш тағы басқа отырғандар да Сəкеннің сөзіне риза болғандай бастарын изеп қойды. Ақмадия Сəкенге қа-
рап «ауылдың қазір берекелі бір кезі, асықпа, біраз жатып кет», – деп көп атынан тілек білдірді. Сол ауылда 4 – 5 күн болып, Бəкең тапсырған Жақияны қасымызға ертіп, Алматыға беттедік. Сəкен сол Жақияны оқытып, кейін өз үйінде үйлендірді. Қазір Жақияның Алматы маңындағы озық колхоздың председателі екенін мен жоғарыда айттым. Бұл күнде ол да енді бала өргізіп, немере сүйіп отырған қарттардың бірі болды. Ол өз өміріне риза, 21 жыл бойына үзбестен колхоз жетекшісі болып келеді, еңбегі абыройлы. – Менің тағдырымды жарқын жолға бастаған əу баста Сəкен аға ғой, – деп отырады Жақия. Жақияны Сəкен əуелі кəсіподақ мектебінде оқытты. Оны бітірген соң ол Алматының облыстық атқару комитетінде Ораз Жандосовтың қарауында қызмет істеді. Одан кейін «Комвузға» түсіп оны бітірген соң агроном болған. Кейін колхоз басшылығына жоғарылаған. Жақияның өмірі – Сəкеннің жастарға деп жасаған қамқорлығының көп мысалының бірі ғана. Сонымен біздер Қызылшоқыдан аттанып, Алматыға бет ұстап тағы да сапарға шықтық. Енді Тəліктің орнына қасымызда жас Жақия. Бұл кездегі жол онда жоқ. Біздің алған бағытымызда көптен-көп меже етеріміз Ақмола мен Піспек (Фрунзе) арасындағы қырғыздың көпесі Қали дегеннің салған жолы еді. «Қали салған қасқа жол» дейміз біз оны. Ол адастырмайды, Фрунзеге тура тартады. Қоналқаға түскен жерімізде күн ұзаққа ат соқты болған Сəкен аз уақыт дем алады, шай-пүй ішкен соң жұртпен əңгімеге беріледі, содан кейін ұмытып қаламын ба деген жайларды дəптеріне түсіруге кіріседі. Біздер жазуға кіріскен Сəкенді оңаша қалдыруға, ойын бөлмеуге тырысамыз. Жазу үстінде өте байсалды, жадыраңқы отырады, өзгедей əрекеттің бəрін тоқтатып, өз ойымен ғана болады. Сəкен өзін өзгеден бөліп ұстамайтын, далаға қонып, ертемен аттанғанымызда атын өзі ерттеп мінеді, тек елді қоныста қонғанда ғана амал жоқ (Сəкеннің атын қошеметпен ерт-
теп жатқан адамдардың қолын қағуға болмайды ғой). Ерекше жағдай да тілемейді, жолдастары не ішіп-жесе, мұның да ауқаты сол. Сəкен сол тұста көмірдей қара шашын тымақ ішіне сыйымды етіп, қысқа ғана өсірген, шет-шетін ұстарамен іріккен қою қара мұрты бар, жаудыр қара көзді, қасы мен қабағы, маңдайы сұлу да сүйкімді райымен адамды өзіне тартып тұратын, адамға ойлы көздерін төңкеріп тура қарайтын ер тұлғалы жігіт еді. Бəріміз аға санап, аға емес-ау, əке санап, сыйлап, ұйып тұратын едік. Сол сапарда Сəкен бірде қырдың астау жон, аласа төбесінің басында жазу жазып отырды. Жігіттер ойпатта от жағып кешкілік ас əзірлеп жүр. Жүсіпбеков екеуміз көліктерді отқа жіберу қамында едік. Күздің қызыл күні осы маңға, ойпаттағы шоқ-шоқ тоғайға, қоңыр қырқаларға, ойдағы бізге, төбедегі Сəкенге қызыл арай нұрын еркін төгіп, ұясына еңкейіп бара жатқан кез. – Біздің осы Сəкен де табиғаттың берген нұрлы перзенті ғой. Көрмейсің бе, табиғат сəулесінің құшағында, анасының аймалауында отырғандай бал-бұл жайнауын, – деген сондағы Жүсіпбеков сөзі əлі құлағымда. Сəкен жылқыны, соның ішінде өзінің астындағы атын азаматқа серік санап, жанындай жақсы көретін. Балқаш бойындағы Мыңарал деген жерде қамыстан басқа өсімдік жоқ. Қырдың көк шалғыны мен жоңышқасына, қияғы мен тарлауытына, көдесі мен бетегесіне үйренген біздің аттарымызға Мыңарал маңында қиын болды. Қамыстың үлпілдек собығын талшық етті. Бірақ бұдан көліктеріміздің іші бұзылды. Жері де құмайт, тастақ болғандықтан аттарымыз тосырқап, жол бойы тағалатып алуымызға тура келді. Осындай бір кезде Сəкеннің теңбіл көкке ер салып жатып, онымен кəдімгідей «тілдесіп» тұрғанын байқадым. – Гауһар көзіңді жарқырат, қабағың түспесін, – дейді ол атының маңдайын сипап, алақанымен көзін сүртіп, – Алматыға да жетеміз, сұлыға қоямын сені. Əзір сыр білдірме! Сөйтіп, төртінші қазанда Есен өзенінің жағасынан аттанған біз 4 қарашада Қаскелең жақтан Алматы көшесіне де келіп кірдік.
Енді ойласам, Сəкенмен өткізген сол бір сапар тым қызық та сағынышты екен. Ол поэзия сапары, ақындық ізденіс, елді, жерді көзбен көріп, сезіну сапары еді. Сəкеннің бұл шеруінің бүгінгі жазушы ұрпаққа айтары да мағыналы: туған еліңді, табиғатты сүйе біл, аралап көре біл, бай қазына халық ортасында,– дейді ол. ІV Ол жылдары Сəкен жанұясы Алматыда К. Маркс көшесіндегі 81 үйде, екі ғана бөлмеде тұрды. Пеш отпен жылынады, үйге кешкісін ондық керосин шамы жағылады. Пешке от жағу, үй ішінің ондық-мұндық шаруасын істеп тастау Сəкеннің əдеті еді. Қысқы кештерде ала көлеңке үйде, маздап жанып жатқан пештің алдында тізесін қыздыра отырып қасындағылармен əңгімелесу Сəкен үшін қызықты бір шақ болатын. Тіпті пеш алдында көңілінің шарты келіп, домбырасына қол созып «Сары жайлау», «Қосбасар» сияқты небір сазды күйлерді де шертіп отыратын. Сол, 1931 жылдың қысында, Сəкен үйінде, бізбен бірге өзіміздің ауылдың адамы Өдеш Биқанов тұрды. Ол палуан денелі, қайратты жігіт еді. Аз сөйлейді, көп тыңдайды. Ал көңілінің шарты келіп, сөйлей қалса, əңгімені қиыстырып, шешіліп кететін ер келбетті, ақын жанды адам еді. Сəкен осы адамды өте сыйлап, оның сөзін зер сала тыңдап отыратын еді. Биқанов екі айтып, бір айтып, біздерге оқудағы Серік деген баласын тапсырады, соған бас-көз, ақылшы болыңдар дейді. Биқановтың бұл аманатын Сəкен де орындады, Серіктің оқу бітіріп саналы азамат болуына көмектесті. Сəкеннің жазу кабинеті де, дем алып, ұйықтайтын орны да бір бөлме. Ол кезде ауыл шаруашылық институтында оқуда жүрген мен де Сəкенмен бірге бір бөлмеде жатамын. Кешкі астан соң, дастарқан басындағы əңгіме-дүкен тоқтаған кезде, сағат түнгі ондардан бастап Сəкен жазу үстеліне отырады. Анда-санда, оянып кеткенде көз қырымды тастаймын,
жазуға кіріскен Сəкен бас алмай, мойын бұрмай, өз ойымен өзі, қаламымен ғана сырласып, сағат таң алдындағы үшке, не тіпті төртке дейін жұмыс үстінде болады. Ол жылдары «Қызыл ат» поэмасын жазып жүрген кезі. Сол тұста «Қызыл сұңқарлар» пьесасын да қайта өңдеген еді. Таңертең мен тұрғанда оның ұйықтап жатқанын көремін. Кейінірек ағам Мəліктің қызы Күлзағипа да Сəкеннің қолында тұрып, Алматыда оқу оқыды. (Қазір ол Қарағандыда тұрады.) Ол үй ішінде тақ-тұқ басып, қатты жүреді. Мұнысымен кейде ол Сəкенді ойынан бөледі. Сəкен оған ренжіп те қалатын: – Сен жерді ойып кеткендей, сарт-сұрт басасың. Мынау Мəжит қыстай менімен бірге тұрып келе жатыр, бір рет сытырын естіртпейді, – дейтін. Бəрі де үйдің тарлығынан еді. Одан кейін тұрған Красин 22-дегі пəтеріміз де оңған жоқ, екі бөлмеден аспады. Сəкен жанұясын өзінің 1937 жылдың қыркүйегіне дейін тұрған, соңғы пəтері К. Маркс кешесіндегі 97 үйге көшкенде, біз сол Красиндегі үйде қалып қойдық. Біз дегенде, бұл кезде əке-шешеміз де көшіп келіп, бірге тұрған болатын. Анам Жамал 63 жасында, 1933 жылдың шығысында, 1934 жылдың кірісінде, қыс ішінде қайтыс болды. Өмірімде Сəкенді талай қайғылы, қатал шақтарда көріп жүріп, тіпті сонау бір Колчак қылышының астында, өлім аузында көргенімде де көзіне жас алғанын, көңілі босағанын көрген жан емес едім. Анасының қазасы үстінде Сəкеннің ұялы қара көздерінен моншақ-моншақ жас парлап, ұзақ жылағанын көрдім. * Анаға деген аяулы көзқарас, өз анасын артықша қадір тұту Сəкеннің азаматтық тұлғасын аша түсетін жарқын бір жағы екенін де осы тұста айта кеткім келеді. Анамыз Жамалдың жас кезіндегі тағдыры да қиын болған. Бірақ қаншама қиыншылықта, тапшылықта жүрсе де ол өз тұңғышы Сəкеннің азамат болып қалыптасуына аналық
тəрбиесін сіңірді. Келешек революционердің, ел азаматының, дарынды ақынның бойына ана тəрбиесінен ауысқан сапалар да көп. Сəкен бертін келе біздерге: мені адам еткен де, ақын еткен анам ғой, – деп мақтанышпен айтып отыратын еді. Өгей əкенің қолына келін болып түскен шешеміз жасында көп қиындық, кемшілік көреді. Талай ауыр жағдайды басынан кешіреді. Ішерге асы болмай жоқшылық, тапшылық көрген жас ана тұңғыш баласы Сəкен туып, қуанғанынан өмір азабын да ұмытады. Бар ойы, бар үміті, жұбанышы Сəкен ғана болады. Тұңғышы Сəкен ес біле бастағанда анасының ауыр азабын көреді, қаршадайынан анасының ауыр халіне көңілмен арашашы боп, жанашырлық сезімі оянады. Ананың осы ауыр халі жас Сəкеннің жүрегінде шер болып қалған. Сол өмірді еске сақтаған Сəкен кейін «Ананың хаты» деген өлеңінде, сол күндегі анасының тілегін, ойын, жүректегі қасірет мұңын ақындық тілмен кестелеген: Балам едің емшек берген, Түн ұйқымды төрт бөліп, Анаң едім жапа көрген, Сені өсіру дерт болып. Жас күніңде көп ойлаушы ем, Сені əлдилеп тербетіп, «Арманым жоқ» деп ойлаушы ем, Қалқам өссе ер жетіп... Талай жылап жүруші едім, Сенің бала кезіңде, Неге екенін білуші едің, Қалқатайым, өзің де. Алданышым қалқам едің, Сонда менің қуатым, Сен тұңғышым – марқам едің, Бар қайғымды жуатын.
Көрмеп едім жар қызығын, Бір сен едің тілегім, Бір сен едің бар қызығым Шыбын жаным, жүрегім. Бала едің сен жыламайтын, Еркелікті білмеуші ең, Жоқты бер деп сұрамайтын, Жəне орынсыз күлмеуші ең.., Осылайша ана жүрегінің тілегін, өмірінде есіне сақтаған Сəкен «Анаға жауап» деген өлеңінде оған деген өз сүйіспеншілігін дəл де, əдемі де келтірген: Əлі есімде мені талай, Аш бауырыңа басқаның. Ұмытылады, айтшы қалай, Талай тамғаң жастарың. Мені басып аш бауырыңа. Ыңыранушы ең, ырғаушы ең, Домалаушы ед жас бауырына, Қасірет мұңын жырлаушы ең. Жадымда əлі мені тербеп, Талай айтқан жырларың, Жүрегімде қатқан шер боп, Қасіретіңнің сырлары. Сонда-ақ білгем талай сырды, Сол заманның жалғанын, Қасірет көріп жас өмірді, Көңілің сөніп қалғанын. Сол уақытта-ақ əр сөзіне, Имандай-ақ нанғамын,
Маған шаққан зар сөзіңе. Мен де күйіп жанғамын. Шындап сүйген жанның сыйын, Сенен ғана алғамын, Кемшіліктің зарлы күйін Сенен естіп қалғамын. Шын сүюді сенен көріп, Сенен ғана білгенмін, Күлсең мен де саған еріп, Қуанғаннан күлгенмін. Кемшілікке ызаланып, Кейде отырып жылаушы ең, Жоқшылыққа назаланып, Көктен жауап сұраушы ең... Сенің жасың маған шер боп, Балдырым-дақ күйгенмін. Теңдік алсам, өсіп ер боп, Жүрекке ант қып түйгенмін Ананы құрметтеуді Сəкен өмір бойы есінен шығарған емес. Оқудан дем алыс кезінде ауылға келіп, бір ай жарымдай болып жүрген күндерінде, ананың аясында болып, оны ылғи құрметке бөлеудің жолында болатын. Бір жылы көп ауыл қатар-қатар «Есен» деген мекенде отырған. Менің жас кезім. Сəкен оқудан дем алысқа келген. Біздің бір бойдақ қой жоқ болып кетті. Шешем ренжіп, «мына көрші ауылдың қойларынан қарау керек еді, пілдей бір қой босқа жоғалып кеткені-ай, қарайтын кісінің жоқтығынанау», – деп еді. Сəкен маған қарап: «Сен танимысың қойды?» – деп сұрады. Мен танимын дедім. Сəкен шешеме қарап: «Мен ертең ерте түйеге мініп, мына Мəжит екеуміз барлық ауылдың қорасындағы қойлары өрмей тұрып қарап шығамыз» деді.
Ертеңінде таң атысымен тұрып, мені оятып екеуміз түйеге мінгесіп, көрші ауылдардың қорада жатқан қойларын аралап шықтық, өзі маған «қой ішін əбден қара» деп қояды. Екі ауылдан таба алмай, үшінші ауылға келдік. Тани кеттім, сол ауылдың қойында жүр екен. Тұсақты ұстап алып, Сəкен түйеге өңгерді, солайша үйге келдік. «Шешеміз Сəкенжан болмаса, бұл қой жоғалып кететін еді» – деп, қуанып қалды. Осындай ананың қабағын шыттырмауға тырысып, ол əрқашан ұсақ шаруада да оған қолғабысын тигізетін еді. Алыста жүргенде, хат жазғанда алдымен Жамалекеме деп жазатын. Бертінде, Сəкен демалысқа ауылға келіп бірнеше күндер жатып кететін. Бірде төр алдында жантайып жатып, мұртын сипап қойып, шешеме жымиып күліп қарап: «Мен кімге тарттым, Жамалеке?» – деп қалды. Жамалекем: «Сəкенжан, сен нағашыңа тартқансың» деп еді. Ойлаған жерімнен шықты дегендей болды. Сəкен шешесін аса жақсы көргендіктен бе, нағашысына тартты дегенді ұнататын. Расында нағашымыз Тышамбай, халық аса сыйлаған, шыншыл, бетті, ер, турашыл, шешен адам болған көрінеді. Түс бейнесі, дене тұлғасы да сол əкеме тартқан деп Сəкенді шешем мақтанышпен айтатын еді. Шешеммен бірге туысқан Əбіш деген інісі бертінде өлді, ол да Сəкен бейнелес еді, əсіресе мұрны, мұрты дəл келетін, домбыра тартқаны да ұқсайды. Мінезі де келісті, орынсыз сөйлемейтін жан болатын. 1933 жылы əкем, шешем, біз бəріміз Алматыға келдік. Сол 1934 жылдың басында ұзақ аурудан кейін анамыз қайтыс болды дедім. Бұл қаза бəрімізге де ауыр болды. Бірақ Сəкеннің назалануы өзгеше еді. Ұзақ уақыттар анасы оның ой санасынан, көз алдынан кетпеді. Анасының өлімін ойлап көңілі құлазып кеткен шақтарында домбыра шертіп, жұбаныш табатын. Анасының өлімі ауыр тиіп жүрген сол бір шақтарда «жұт жеті ағайынды» дегендей, кейбір солақай сындар да ақынның мазасын алып жүрді.
Қазақстанның ол кездегі белгілі əдебиет сыншыларынан Ғаббас Тоғжанов «Қызыл сұңқар» пьесасын сынап, Ілияс Қабылов «Қызыл ат» поэмасын сынап мақалалар жазды. Өз атына айтылған небір теріс сөздер кетіп жатса да, Сəкен елең қылмай, іштей ширығып жүретін. Тіпті Ғаббас «қазақта Еркебұлан деген кісі аты болмайды» дегенге дейін барғанында, Сəкеннің оған қайтарған жауабының мысқыл əжуаға толы болғаны əлі есімде. «Тоғжан деген есім тоқ адам деген екі сөзден екен. Тоқшылдықты арман етіп осылай ат қойған қазақ даланың бұланындай əм еркін, əм ерке болуды неге арман етпесін! Еркебұлан сондай тілекпен, екі сөзден құралған есім» деген болатын. * Бұл естелігімде, жоғарыда айтқанымдай, мен Сəкеннің қоғамдық қайраткер, аса көрнекті ақын-жазушы ретіндегі рөліне тоқталмадым. Себебі бұл жағы осы жинаққа кірген арысы бүкіл елімізге, берісі республикамызға аттары белгілі əдебиет қайраткерлерінің, мемлекеттік жəне қоғамдық ұйымдар өкілдерінің пікірлерінде жеткілікті сөз болып отыр. Мен болсам, оның өміріндегі, үй ішіндегі, көп алдындағы жекеленген азаматтық санасын, адамгершілігі биік əрекет көріністерін баяндауға тырыстым. Осы қатарда мен Сəкеннің адал адамдарға деген рақымшыл қасиетін айта кетпесем, ол туралы айтқанымның бəрі олқы болып шығар еді. Бұл тұста да мен оған жай мінездеме беріп, жалпы айтудан аулақпын. Сөзімді мысалмен жеке бір жарқын көрініспен түйіндесем деп ойлаймын. Сəкеннің өзі де біреуге жай, құрғақ мінездеме беруді, жалпылап сөйлеуді өмір бойы жақтырмай кеткен адам. 1934 жылы Секербек Жақыпбеков деген адам жаламен сотталып, аяқ астынан еңбек-түзеу лагеріне жіберілді. Ол заты біздің елдің қазағы болатын, сол кезде Алматы іргесіндегі бір колхозда председатель болып тұрған. Өштес-
кен бір жандардың жаласымен көз алдымызда жазықсыз жазаға тартылып кете барды. Секербектің əйел Жұқаш емшектегі баласын көтеріп, сол бір ауыр халдің кезінде, біздің үйге көбірек келетін болды, бірнеше күн болды, үнемі Секербектің жазықсыз кеткенін айтып жылай береді. Секербектің ағасы Əуеспек Құлатаев та сол кезде қала іргесіндегі Чапаев атындағы колхозда жұмыс істейтін. Ол да біздікімен жиі қатынас жасап тұрды. Сəкен бұл адамды: «Сауатсыз болғанымен, қарадай жүйріктің нағыз өзі, еңбекқұмар, көңілі кең сарайдай кісі» – деп сыртынан мақтап, «Əуке, Əуке!» деп сыйлап отыратын. Міне сол Əуеспек бір келгенінде Сəкенге мұңын шақты, біртіндеп отырып Секербекке тағылған кіналардың, бəрін жоққа шығарды. Сəкен ол кісіні байыппен тыңдап алды, сөздерін еш бөлген де жоқ. Тек əбден дəлелдеп болғаннан кейін, мұртын ширата отырып, қалжың айтты: – Əуке! – деді ол, – оқуыңыз болса, нағыз қоғамдық қорғаушы болатын түріңіз бар ғой!.. – Қарағым, Сəкенжан, – деді ол да күліп, – жасымда оқу түгілі, тіршілік етудің өзі қиын болды, енді, мына заман түзелген шақта, жас өтіп кетті, кеш қалдым. Əуеспектің Секербекті ақтап айтқан сөздерін тыңдағаннан кейін, оның өтінішін көкейге қондыра отырып, Сəкен көп ойланып отырып қалды. – Ертең бір соғып кетерсіз, Əуке! – деп жауап берді. Əукең кетісімен Сəкен əдеттегісінше жақсы киініп, қолына таяғын алып шығып кетті де Қазақстан Жоғарғы сотының мекемесіне барды. Ертең түс ауа Əукең де айтқандай-ақ атпен келіп үйге түсе қалды. Сəкен шай қойғызып, Əукеңмен шай үстінде əңгімелесіп, ұзақ отырды. Əукең кетейін деп оқталғанда ғана: – Кешегі жұмысыңыз орындалды, Əуке! – деді, – көп ұзамай Секербек ініңіз үйіңізге келеді! Əукең: «Рас па, бауырым, Сəкенжан» деп Сəкенді құшақтай алды. Қарасақ, Əукеңнің сақалынан көзінің жасы
ағып тұр екен. Қой, Əуке, – деп қойғыздық, бізге қарап: – Шырақтарым-ай, қуанған да, қорыққан да бірдей деген емес пе, – деп атына мініп алды да, ауылына қарай шаба жөнелді. Айтқандай, 15 – 20 күннің шамасында Жақыпбеков Секербек аман-есен келіп, өткен күн бір күндей болмай, жанұясы мəз-мейрам болды да қалды. Сол Əуеспектің қазір жасы сексеннің жоғары жағында. Ақадыр станциясында тұрады. Жақыпбеков Секербек бала-шағасымен Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Успенскі совхозында тұрады, пенсионер. Жұбайы Жұқаш та балаларымен жақсы өмірдің құшағында жүріп жатыр. Күні бүгінде бұл екі кісі Сəкенге дəн риза. * Бірге де, көпке де қолынан келгенше жақсылық етуді, азды-көпті өз рақымын тигізіп отыруды Сəкен көп мұраттарының бірі санайтын. Сəкен көптің арасында жиі болуды, ала-шұбар қалың топ ішінде көзге түспей, адамдарға көз салып, əр алуан мінездерін көріп, сөздерін естіп зерттеуді сүйетін. 1937 жылдың жазында Сəкен Талғардың бергі жағында киіз үй тіктіріп, сонда дем алды. Түнде киіз үйдің сыртында, алма ағаштарының аясында, ашық аспан астында ұйықтайды. Қасындағылармен, өте-мөте ел адамдарымен ұзақ əңгімелеседі. Демалыс күндері жұпыны киініп, мені ертіп Талғардың базарын аралайды, ел қатарлы асханаға кіріп, көптің арасында отырып ауқаттанады. Сондай жүрістерінде өзін жұрттың елемей, көңіл аудармағанын мақұл табатын, неғұрлым ешкім танымаса екен дейтін. Ел өмірінің əрбір көрінісіне солайша, қарапайым адамша көз жіберіп, көңіл қоюға тырысатын. Сəкенді салтанатты мерекелі жағдайда да талай көрдім. 1936 жылдың жазында Алматыда Сəкеннің творчествосының жиырма жылдығы аталып өткен үлкен тойы болды. Қазақстан үкіметі оған жеңіл машина тарту етті. Москвадан
омырауына Еңбек Қызыл Ту орденін тағып қайтқанында, Алматы 1 станциясында Сəкенді жұршылық үлкен құрметпен қарсы алды. Ілияс Қабылов, Нығмет Сырғабеков, Жанайдар Садуақасов, Хамза Жүсіпбеков сықылды азаматтар алдынан шықты. Соның бəрінде Сəкен асып-тасқан жан емес, қуанышты күндерде шамадан аспайтын, қиыншылық күндерде абыржып-саспайтын байсалды бір жан ед. Ол ардақты ақын, күрескер азамат, халқының революционер ұлы ғана емес, ағайын-туған, дос-жаран ортада тəлімді-тəрбиелі, аяулы аға да болған еді. Оның нұрлы жүзі, айтқан əңгімесі, жазған сөзі əрқашан да өшпей, көз алдымызда тұрады. V Енді Сəкенді қанаттандырған екі ұя туралы айтпақшымын. Сəкеннің бойындағы азаматтық биік қасиеттердің бəрі де оған өзі өскен ортадан, халықтың қалың еңбекші бұқарасынан ауысқан үлгі демекпін. Жас күнінде оған өнер өнегесін, ерлік пен еңбек үлгісін көрсеткен орталар, біріншіден – өзінің ауылы болса, екіншіден – Успенскі кеніндегі жұмысшы қауымның ортасы болды. Бұл екеуі қыранның балапанын қанаттандырған екі ұя сияқты еді. Бірінші ұядан оған өнер, ақындық нəр, шешен тіл ауысса, екінші ұядан оған қанаушы тапқа, оның қорғаны болған патшалық құрылысқа қарсы күрес ұғымы, революциялық мұрат ауысты. Біздің ауыл сыншыл көз, ойлы сөздің кені еді. Қазіргі Жаңаарқа ауданының Ор-Аба деген тауының бөктерінде, Қарашілік деген жерде қыстауымыз, Есеннен өтіп келіп қонатын Маржанкөл, Жаманкөл, Ағаштыкөл деген кең алапта жайлауымыз болған. Қыс қыстау, жаз жайлау əнші, күйші, айтысшыл ақын, орақ тіл шешен жандарға толы келеді. Арғысын айтпағанымның өзінде, біздің тұсымызда ауылымызда Тұрысбектің Əзімханы, Омардың Құсайыны, сияқты қиссаны, өлеңді, дастанды жаттап алып, махамына келтіріп, əндетіп орындайтын өлеңшілер болды. Сəкен бұл екеуімен
де сырлас дос еді. 1915 жылы, жазда каникулға келгенінде Əзімхан оның күндіз-түні қасынан қалмайтын серігі болды. Онда Сəкен қиылған қара қасы бар, тығыз қара шашты, ұялы мөлдір көздері дүниеге оймен қарайтын, талдырмаш бойлы ақсұр жігіт. Алтыбақан, шілдехана, үйлену тойы сияқты ойын-сауықта Сəкен Əзімханмен, Құсайынмен ылғи бірге болады, олардың кəдімгі осы заманның əртістеріндей ажарын келтіріп, бейнелеп орындайтын өлеңдерін, қисынымен келетін əңгімелерін тыңдайды. Жақсы сөзді, кербез əнді Сəкендей құмарта тыңдап, рухани лəззат алатын адамды мен оған дейін де, одан кейін де тым сирек кездестірдім. Ауылымызда Сейітбек дегеннің əйелі Тəуірбала есімді келіншек əнші-ақ еді. Бас қосыла қалған жерде Тəуірбаланың əн шырқауы өмірдің бір қызығы болатын. Тəуірбалаға əн салдырып, Сəкен оны ұйып тыңдайтын. Ойын-сауықта Тəуірбаланы құрметпен шақыртып алып, əндерін бас алмастан тыңдаудан Сəкен де, басқалар да еш жалықпайтын. Осы күнде мен екі Розаның, Бибігүлдің, басқа да сахна саңлақтарының əндерін тыңдап отырып, қара торы, нəзік бойлы, бұлбұл жан Тəуірбаланы еске түсіремін, қазіргі күнде жасаса, шіркін-ай, ол да сахнамыздың көркі болар ма еді, қайтер еді деп ойлаймын. Өзінің жасында көп əсер алған адамдарын, өнер үлгісін шашқан жандарды Сəкен кейін де ұмытпай, олардың кейбірінің бейнесін шығармаларына енгізіп те жүрді. Жоғарыда мен айтқан Əзімхан өлеңші – қасынан екі елі қалмаған серігі болды, сол Əзімханның бейнесі кейін Сəкеннің «Жер қазғандар» деген повесінде өз бояуын тауып, бас кейіпкерлерінің бірі болып сипатталған. Ауылдан алыстап кеткен шақтарында да ол жас күнінде өзіне өнерден сусын берген ұясын ұмытпай, сағынышпен еске түсіріп отыратын. Колчак үкіметінің түрмесінде отырған кездерінде шығарған өлеңдерінде де елді, оның жақсы дəстүрін, оның өнерін сағыну сарыны басым болып отырады. «Терезеде отырып – сөйлесті көңілім елменен» деген өлеңінде қаншама сағыныш, ауылды қадір тұту бар десеңіз-
ші! Сонау, жас шағындағы Кəдіштің көп өлеңін мен Сəкеннің аузынан бертінде де бірнеше естідім. Сəкеннің жүрегі жастайынан ауыл кедейлерінің жағында болды, өз басы да кедейшілік тақсыретін көп тартты. Бірақ, ол дəулетті адамдардың ішінде де адал пейіл, ізгі адамдардың болғанын көрмей қалған жоқ. Біздің көрші ауылда Аман деген дəулетті адам болды, оған кезінде тəуір мал бітті. Сұраған жаннан көлік күшін аямайтын қайырымды жан еді. Бұл адамның үй-ішімен Сəкен де жақсы қарым-қатынаста болды. Сəкен ауылды жерде, қаншама характерді, қаншама қайшылық арқалаған, түрлі-түрлі адамдарды көріп өсті. Оның бойына халықтың өнері, өлеңі сіңді. Бұл ұя Сəкеннен келекеле белгілі ақын, азамат шығаруға себепкер болды. Ауылдан басқа, ес білген кезінен бастап Сəкен жұмысшылар қауымының қанаудағы тұрмысын да, олардың есе-теңдіктен жұрдай, езгідегі хал-ақуалын да көріп, көкірегіне түйді. Успенск қалашығы біздің ауылдан жүз шақырымдай жерде. Сəкен сол Успенскіде орысша мектепте оқыды. Ағылшын капиталистерінің орыс пен қазақ кеншілеріне көрсеткен зорлық-зомбылығы, бұл шетелдік мырзалардың жергілікті орыс капиталистерімен, қазақ байларымен ауыз жаласып, жұмысшы халықты бəрінің бірлесіп қанауы Сəкеннің көз алдында өтіп жатты. Сəкен Успенск руднигінде, Ыбрай деген ұстаның үйінде тұрды. Оның баласы Нұрғали Сəкенмен қатар өсті. Осы екі балаға Ыбрай жұмысшылардың бастан кешіріп келе жатқан қайғы-азабын жыр етіп айтып беретін. Ол кезде кен қазу жұмысында ешқандай техника күші деген жоқ, барлық ауыр жұмыс қолмен атқарылады. Жұмыс уақыты таңның атқанынан күннің батқанына дейін. Осындай ауыр еңбек атқарғанда кеншінің алар еңбек ақысы өлмес ауқатқа ғана əзер жетеді. Жұмысшылар арасында бостандыққа талпыну, қанаушы қапиталистерге қарсы күресу, патшалық құрылысты жек көру талабы күшті болды. Россиядағы социал-демократ бағытындағы жасырын əдебиеттер де Успенскіге жетпей қалған жоқ, саяси бағыттағы үгітші революционерлер де кеншілер арасында жұмыс
жүргізді. Мұның бəрі Сəкеннің бойына жастай дарыған үлкен күрес мектебі, келешек революционердің қалыптасу мектебі еді. Қазақтың ауыз əдебиет үлгілерін, орыс əдебиетінің классиктерін оқып сусындаған Сəкен енді марксшіл əдебиетпен де таныса бастайды, бірте-бірте француз революциясының, Париж коммунасының, Батыс Еуропадағы революциялық қозғалыстар тарихымен танысады, олардың жетекші қаһармандардың ерлікке толы өмірін өзіне үлгі тұтынатын болған. Осылайша келіп, Сəкен 1916 жылғы көтерілісті бастан өткерді. 1905 жылғы бірінші орыс революциясының сабақтарын көңіліне тоқыды. Лениннің ұлы жолына беріліп өле-өлгенінше сол лениндік сара жолдан айнымай кетті. Меніңше, осы күнге дейін Сəкен творчествосы, оның ақындық жолы біршама зерттелінгенімен, оның революцияшыл жауынгер боп қалыптасу жолы тым аз сөз болып келгенге ұқсайды. Міне, сонда, Сəкеннің революционер-күрескер ретіндегі тұлғасы сөз болғанда, бала жасынан бастап қашан, заңсыздыққа ұшырап, мерт болғанға дейінгі бүкіл өмірінде онымен бірге болған менің көз алдымда Успенскінің кеншілері, ондағы жұмысшы табы перзенттерінің ерлігі мен еңбегі тұрады. Жоғарыда өзім айтқандай, балапан қыранға қанат бітірген екі ұяның бірі – Успенскі жұмысшыларының өмірі. Бүкіл өмірінде Сəкен Сейфуллин өзін саналы күреске баулыған жұмысшы табының ісі мен мұратына адал болды, Коммунистік партияның ісі мен жолына адал болды. VI Ендігі бір сөзді мəдениет майданындағы Сəкеннің ақын жанды қарындастары жайында айтқым келеді. Саналы өмірінің алғашқы қадамынан бастап-ақ Сəкен арысы бүкіл шығыс əйеліне, бергісі қазақ əйеліне жанашырлықпен қарады. Ол қазақ əйелінің қапастағы тағдырын ел ішінде, ауыл
өмірінде өз көзімен көрді, олардың қайғы-мұңына іштей ортақтасып өсті. Сəкен əйелдерге ақ сүтімен азамат өсірген ана, өмірдің түп төркіні, дүниенің көркі деп қарады. – Ақындық маған анамнан келген қасиет, – деп отыратын ол. Шынында, ауыз əдебиетінің ел ішіндегі небір тамаша нұсқаларын – ертегілерді, жырларды, шежіре, шешендік сөздерді Сəкен бала жасынан бастап өз анасының аузынан естіді. Сəкен əйелдердің өнеріне де ерекше баға беріп, тіпті солардың өнерінен ақындық əсер алып, үйренуші еді. Біздің ауылда Айша Нұрымқызы, Тəуірбала Меңлібек келіні деген жас əйелдер асқан əнші болды. Сəкен бұл екеуінің əндерін ақындық əсер ала, тəтті зейінмен тыңдайтын. Ауылдағы сауық-сайран, ойын-тойда бұл өнерпаз адамдарға құрмет көрсетіп, басқаларды да осыған баулитын еді. Əйелге тең праволы азамат, өнердің, ақылдың иесі деп қарау Сəкен санасында ерте оянған, 1916 жылдың жазында Сарыарқадағы Шұбыртпалы елінде кездескен Хабиба қыздың əншілігін ақындық асқақ сөздермен «Тар жол, тайғақ кешу» романында əсерлі етіп жазды. Қыз салған «Əупілдек» əнінің қайдан шыққанын, əннің қасіретті сырын баяндай келіп, əйел тағдырына байланысты жан тебірентерлік жайларды көркем сөздердің кестесіне түсірді. 1918 жылы Ақмола совдепі арқылы бостандық алып, сүйгеніне барған Хабиба əлі бар көрінеді. Сəкеннің «Бақыт жолына» деген пьесасы тұңғыш рет 1918 жылдың бірінші майында Ақмола сахнасында қойылған. Пьесаның да алға тартар негізгі бір өзегі – əйел теңдігі мəселесі. Осы пьесаның бас кейіпкерінің рөлдерінде Жаңыл Шашдəулетова мен оның күйеуі Хұсайын ойнаған еді. Сол Жаңыл да қазір тірі, Алматыда тұрады. Қазақ əйелінің сонау 1918 жылы сахнаға шығуы, бостандыққа ұмтылған кейіпкер тұлғасын бейнелеп, көп алдында көрінуінің де зор саяси тəрбиелік мəні бар-ды. Совет өкіметі орнаған соң бақытқа ұмтылған еңбекші қазақ халқының, оның əйелдерінің еркін тіршілігін көргенде,
Сəкен бұл үлкен əлеуметтік өзгерістен жаңа шығармаларына шабыт алып отырады. «Тоқыма фабрикасында» деген өлеңінде жұмысшы əйелдердің еңбегі мен шеберлігін, техниканы игеруін бейнелесе, «Вагон терезесінен» атты, Сара Есоваға арнаған өлеңінде өшпес өмірдің тұлғасын лирикалық сөзбен жырлайды. Сара Есова, Нағима Арықова, Нəзипа Құлжанова секілді қоғам өміріне белсене араласқан білімді əйелдердің жемісті істеріне Сəкен қуанатын, оларды барынша қолдайтын. Орынборда тұрғанда Қазақ АССР Халық Комиссарлары Советінің председателі Сəкен мемлекеттік үлкен жұмыстарының арасында уақыт тауып, поэзияның əйелдерден шыққан алғашқы қарлығашы Шолпан Иманбай қызына өлең жазудың шеберлігіне жететін жолдар мен тəсілдерді айтып, кеңес, ақыл беріп отыратын. Революциядан бұрынғы өмірі аянышты болған Шолпанның кейбір өлеңі шерлі, мұңлы сарынға құрылушы еді. Осыны байқаған Сəкен ақын қызға: – Поэзия дегеніміз – өмір. Қайғы-шердің өмірге келтірер зияны сияқты, поэзияны да мерт етуі ықтимал. Ақын өз мұңы мен қуанышын қағазға түсіргенде де алдында оқушысы тұруы керек. Оқушысын тым қайғыға көме берген шығармадан гөрі, бізге бүгін оған рухани серік бола алатын, көңілін көтеріп, жанын сергітетін, күрес пен еңбекке баулитын шығарма керек, – деп ақыл берді. Өзінің əдеби мақалаларында Иманбаеваны жаңа поэзиямыздың қарлығашы деп атап, оның ақындық қасиеттерінің қалыптасуына, ақындық даңқының тарауына Сəкен үлкен себепші болды. Шолпан да ақын ағасын артықша қадір тұтып, өле-өлгенше оның алдында өзін қарыздар санап өтті. Менің қолымда Сəкеннің Ғайша Шариповаға жазған бес хаты сақтаулы. Мұнда ол өз шығармаларының Ғайша аудармасымен орыс тілінде жариялануы жайынан əңгіме қозғайды. «Қымбатты, Ғайша ханым!» деп басталатын бұл хаттардың мазмұнынан да үлкен ақынның кішіпейілдігі, əдебиеттің əйел қайраткерлеріне деген мəдени ілтипаты, сыпайы көзқарасы анық көрінеді.
Сəкен Қазақстанның сол кездегі атақты жазушыларының бірі бола тұра, менмендікке салынып, өзін коллективтен, қаламдас жолдастарынан жоғары ұстаған жан емес. Ол кісі, əсіресе, əйел азаматтардың алдында сыпайы, жоғары мəдениетті еді. Оның бұл биік қасиетін Москва жазушысы Галина Серебрякова өзінің Сəкен туралы естеліктерінде шебер көрсете алған. Сəкен Сейфуллиннің 70 жасқа толу мерекесін Отанымыздың астанасы Москвада өткізген комиссияның құрамында Серебрякова да болды. Сəкен Сейфуллин əйел бақытын, оның бостандығы мен еңбектегі рөлін жоғары бағалап, мұның өзі еңбекші халықтың Совет өкіметі жылдары ішінде қолы жеткен табысы деп білді. Сəкеннің əйелдерге көзқарасы нағыз коммунистің, елінің, қоғамның мүддесін əр істе жоғары санайтын күрескер азаматтың көзқарасы еді. VII Сəкен əн мен күйді өте сүйетін еді. Əнші, домбырашы ауылға келе қалса, яки ел маңынан өтсе, оларды тыңдау, шақырып əкеліп қонақ қылу оның əдеті болатын дегенді айттық. Домбыраны Сəкен жақсы тартатын. Əкем Сейфолла да күйші еді. Шешеміз əн салатын. Ал, Мəлік бəрімізден де домбырашы еді. Əлі есімде, Мақаш деген жігіт қонаққа келді. Қасына 4 – 5 əнші, күйші жігітті ертіп алыпты. Сəкен оларды асыға күтті. Əсіресе, белгілі күйші Əбікен Хасеновтың өнері оған қатты ұнаған еді. Күйшілер біраз уақыт домбырамен кезектесіп күй тартысты да, бəрі бірін-бірі қайталамады, Сəкен қуанып: – Осындай өнері бар күйшіден айналмаспысың, күй туғызған халықтан айналмаспысың! Арқа тұрған бойы күй даласы ғой. Оны көргенде Құрманғазының да арқасы қозып, «Сарыарқаны» берген жоқ па! – деді. Сəкеннің домбыраға арнап жазған мына бір өлеңі жəне бар:
Домбырам, күйлер қоссын пернелерің Тарқатшы көкіректегі кектің шерін. Қабағын қарыс жауып тұнжырайды, Түнеріп түгі шығып, қайратты ерің. Домбырам күйлегенде шыққан сарын, Көкіректен əн салғанда шыққан жалын. Күйдіріп, бір мұздатып жан мен тəнді Əлемге біздің халдің айтшы
бəрін, – дейді. Демалысқа келгенде Сəкен үйде отырмайтын еді. Ол кезде Есіл бойы қалың жыңғылды көк тал, жағасына тұнған шие-жидек өсетін. Өзенге шомылу, көл ортасындағы аққу құсты тамашалау, бозторғай мен бұлбұл əнін тыңдау, аққу құстың қанатының сазын есту, орман аралау, аңдар тірлігін барлау, ағаш арасының жұпар иісіне қану, бұлақ басында отыру, жер, су тау, орман жайлы халық аңызына құмарту, тыңдау, жазып алу Сəкеннің мінезіне тəн қасиет еді. Табиғат туралы лирикасында, «Көкшетау» поэмасында Сəкен сол қасиетін өзі де танытады ғой. «Аққудың айрылуы» деген балладасы осыған дəлел емес пе? Немесе аққуға арнап: Келеді мұңлы дауыс құлағыма, Япырмай, бір сорлы əйел жылады ма! Сағынып əлде қымбат бір адамын – Көл қылып көздің жасын бұлады ма? Жоқ! Əне, саңқылдаған аққу екен, Тапсырсам сəлемімді айтар ма екен! Ей! Аққу! Сəлем деші жолыққанда, Сарыарқа сансыз сұлу біздің мекен.
Сəкеннің екі сөзінің бірі Көкшетау болатын еді. Ол: – Мен Көкшенің жерін ғашық жарымнан кем сүймеймін. Көкшетау елімнің үкілі бөркі, сəнді қиімі, əдемілігінің белгісі, ғажап қиялы, – деп отыратын еді. «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» деп басталатын поэманың жолдарын оқушылар жақсы білетін де болар. Өйткені: Көк торғын Көкшетауды мұнар басқан, Бастары көкке бойлап бұлттан асқан. Бір шың бар етегінде тіп-тік найза Адамзат жасағандай құйып тастан. деген жолдармен: Бурабай желді күні толқындайды, Ысқырып, дауыл соқса, бұлқынады. Жайындай найза тиген ойран болып, Соқтығып, кырға шашып жұлқынады, – деген шумақ бəріміздің есімізде емес пе? Əрине, Сəкеннің бұдан басқа да қасиеттерін айтып беруге болар еді. Оған шағын ғана естеліктің көлемі көтермей отыр. Менің айтпағым: жас буын ел өмірін Сəкенше сүйіп, əн-күйді Сəкенше тыңдап, əдемілікті Сəкен аталарынша құрметтесе екен дегім келеді. Жылдар жылжып өтер. Жас буын аталарының мұрасын əлі де оқи біле, тани түсер. Сонда олар аталарының анаға, елге, Отанға деген махаббатынан нəр алар. VIII Сəкен жалғыз менің ғана емес, барша жастарымыздың ардақты ағасы. 1923 жылы Сəкен Сейфуллин жас Қазақ Республикасы Халық Комиссарлары Советінің Председателі болып таға-
йындалды да, орасан зор қуат пен жігерді талап ететін мемлекеттік жұмысқа кірісіп кетті. Жаңаарқада жатқан маған: «Орынборға кел, рабфакқа түсіп оқы» – деген сəлемін жолдады. Естуімше, ол сол кезде «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Социалистік Қазақстан») газетінің де бас редакторы. Ағамыздың 28 жасында Қазақ Республикасының басшысы болғанын іштей мақтан тұтып мен, ауылдың саптама етік, түлкі тымақ киген қыр баласы, өз өмірімде алғаш рет Жаңаарқа даласын артқа тастап, жолға шықтым. Орынбор – ол кездегі астанамыз. Мені көргенде Сəкеннің қуанышында шек болмады. Қайта-қайта құшақтап, үй-ішін, ауыл-аймақты əсіресе анамыздың денсаулығын тəптіштеп сұраумен болды. Тіпті жаңа құрылған жас республиканың 28 жасар басшысы секілді емес, балаша жайраңдап, бізбен өте қарапайым əңгіме-дүкен құрды. Сəкен Деев алаңы № 5 үйде тұрады екен. Өзі бойдақ. Он бөлмелі үйі бар. Бірақ соның екі бөлмесі ғана өзіне тиісті де, қалғандарын студенттерге жатақхана етіп беріпті. Яғни ол онға тарта оқушымен бірге жатақханада тұрады екен. Сол топқа келіп мен де қосылдым. Сəкенде кішкене-кішкене екі бөлме бар еді. Бірі – жатақ жайы, онда бір кісілік кереует жəне киім ілгіш қана бар. Екіншісі – кішкене жазу үстелі бар, жұмыстан оралған соң қағаздарын қарайтын, кісі қабылдайтын «кабинет». Кітапхана, этажерка деген атымен жоқ. Бар қағазы – «Еңбекші қазақ» газетінің тікпелері əлгі үстел үстіне таудай болып үйіліп жатады. Тамақ ішетін ұзынша үлкен бөлме бар. Лиза дейтін бір əйел ас дайындайды. Ертеңгілік он шақты студент əлгі бөлмеге жапырласып келіп тамаққа бас қоямыз, Сəкен үнемі бізден сəл кеш тамақтанатын-ды. Ондағы ойы – біздерді қысылтпау, еркін отырғызу. Сол себепті шайдың қызылы Совнарком Председателіне жетпей де қалып жүрді. Сəкеннің пəтеріне күні-түні кісі келеді. Оның кеңседен шаршап қайтқанын біз ғана білетін едік. Бірақ жəрдем бере алмайтынбыз. Өйткені ол есік қаққан адамның барлығын
қабылдайтын еді. Түнімен отырып «Еңбекші қазақ» газетінің материалдарын қарайтын. «Тар жол, тайғақ кешуді» жазатын. Жұмыс басты оны қатты аяйтын едім. Бірақ Сəкен онымды ескермегендей, үнемі сөзді басқа тақырыпқа бұрып жіберуші еді. Сəкеннің өзі оқуға орналастырып, онымен бірге тұрғандардың ішінде Салық Айнабеков, Бозтай Батырбеков, Сəбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, тағы басқалары болды. Сəкен осылардың қай-қайсысымен болсын жиі əңгімелесіп, қолынан келген жəрдемін аяған жоқ. Бұлардың алды оқуын бітіріп кетісімен үйіне студенттердің жаңа тобын ертіп келумен болатын. Жазғы каникулда мен елге келдім де, ол 1924 жылдың шілде-тамыз айларында Көкшетауға барып, Бурабай курортында дем алды. Бірақ бұл демалу емес-ті, ол атақты «Көкшетау» поэмасын жазу үстінде болатын. Маған салған хатында Сəкен Орынборға жүру жолымда, Бурабайға соғуды жəне оқуға түскісі келетін талапты ауыл жастарын, қанша болса да, ерте жүруді тапсырды. Бір топ жігіттерді ертіп Бурабайдағы Сəкенге жетіп бардым. Сəкен əрқайсымызбен құшақтасып амандасты. Жолдастарыммен шүйіркелесіп, нендей қызметті сүйетінін, қандай оқуға түскісі келетінін сұрады. Сəкен қолымызға жолдама жазып беріп, бəрімізді Қызылжар арқылы Орынбор қаласына аттандырып жіберді. Көп ұзамай ол «Көкшетау» поэмасын бітіріп астанаға оралды. Бурабайдағы кездесуден есте қалған тағы бір жай Сəкен осы шығармасын тұңғыш рет оқу іздеп аттанған əлгі жігіттерге оқып берген-ді. Əсіресе бізді ертіп Бурабай маңына саяхат жасағаны естен кетпейді. Ол қолына таяғын ұстап, бізді балапандарынша ертіп «Анау тұрған «Оқжетпес» шыңы, анау «Жеке батыр» – дейді де, позманың жекелеген тарауларын жатқа айтады. Біздің көңіліміз ақын қиялымен қоса самғайды. Мен ертіп барған жігіттердің төртеуі əскери училищеге, екеуі милиция мектебіне түсіп, сап-сары ала болып шыға келгенде Сəкеннің қуанышы қойнына сыймады.
– Шіркін, жас осылай болар! – деп, əлгі студент-курсанттарды рабфакшылармен қоса үйіне қонаққа шақырғаны, қосылып əн шырқағаны əлі көз алдымда тұр. Сəкеннің мемлекеттік жұмыстары көп болды. Оған газет шаруасы қосылды. Москвадан жиі-жиі кісілер келетін. Жаңа құрылған жас республиканы аяқтандырып жіберу үшін ол нағыз лениндік стильмен алыптарша жұмыс істеді. Бірақ он бөлмелі үйі – «Жатақханасы» жастардан бір босаған емес. Кейде оның жамылатын көрпелері де болмай қалатын. Себебі, алған еңбек ақысын ауылдан келген жастардың оқуына, киім-кешегіне жұмсап жіберетін. – Біздің жастар білімге алғыр ғой, – дейтін ол екі сөзінің бірінде. – Оларды əлі де оқуға тарта түсу керек, ауылдан ұзатып алып шығу керек, ысылдыру қажет. Əрине, Сəкен қамқорлық жасап тəрбиелеген жастар өте көп. Оны түгел айтып шығу – арнаулы естеліктің міндеті. Мұндағы менің айтпағым, бəріміздің ортақ ағамыз, кейінгі буынның атасы – Сəкеннің жастарға деген ықыласы кіршіксіз таза, кішіпейілдігі орасан зор еді. * Мен бұл естелігімде Сəкеннің күнделікті тұрмыста, қоғамдық қызметте, жолдас-жора арасында – соның бəрінде санасы биік, мəдениетті, байсалды азамат, жаңа өмір жолындағы күрескер болған əрқилы жағынан алып, жеке мысалдармен көрсеткен болдым. Ол жайында айтқанымның бəрі – көргенім. Менің жазғандарым өмір тарих емес, ғылми талдау да емес, туған ағасы туралы көзі тірі інісінің көрген, білген естеліктері. Мұным Сəкен жайындағы үлкен арналы еңбекке қосылған бір кішкене бұлақ суындай болса, онда еңбегімнің өтелгені деп білемін.
Нұрман БАЙДІЛДАЕВ АҚЫН МЕН АҚҚУ Бұл естелікті осы Нілді заводының мектебінде Сəкенмен бір класта оқыған, қазіргі қарт Қаленов Ақмедияның, Омаров Қамажанның ақын алғашқы оқуға келгенде жатқан Көпбаев Зікірбектің інісі Тұрмағанбеттің баласы Рақымжанның аузынан, осы заводта жұмыс істеген Мергенбаев Хасеннің, Нілдідегі қарт адамдардың айтуы бойынша жазып отырмын. Сəкен Сейфуллиннің тұңғыш білім, тəрбие алған мектебі – осы күнгі Успендегі біздің мектеп. – Алдымен Нілді заводына Сəкеннің 70 шақырым жерден келуінің себебі қандай, ол кезде Сəкеннің жатқан үйі Көпбаев Зікірбек кім еді? Сондай-ақ шешен, əңгімеші, дарқан ұста Ыбыраймен қалай танысты, міне осыларды айтайын, – деп бастады сөзін Хасен қарт. Сейфолланың бұл заводта тамыры да, ағайыны да, танысы да жоқ еді. Бірақ талапты ұлы Сəкенді Нілдіден орысқырғыздар үшін ашылған бастауыш мектепте оқуды өзіне міндет етіп қойды. Сөйтіп, баласы жататын қолайлы үй іздеді. Сөз арасында айта кеткен жөн, Сейфолланың дəулеті нашар еді. Сол кезде Нілді заводын басқарып, қожалық жасаған фермердің атшысы – Көпбаев Зікірбек еді. Ол кісі аздап орыс тілін білетін, Нілді болысы мен Қызылтау болысының шекарасын, жаз жайлау қонысын, қыс қыстауын жақсы білетін. Нілді елінің болысы Мұстафа ұлы Жəкен еді. Жəкен мен Сейфолла немерелес туыс. Жəкен болысқа завод басқарушысымен бірге келіп жүрген Көпбаев Зікірбекке Сейфолла жолығып, өзінің хал-жағдайын, баласы Сəкенді қалаға жіберуге дəулет жайы жетпейтінін айтады. Бұған ақ көңіл Зікірбек оқу басталысымен баланы Нілдіге алып кел, өз үйімде жатады, – деп уəде береді. Осыдан кейін көп кешікпей Зікірбек пен Сейфолла өмір бойы дос болып кетіпті, – деп сөзін жалғастырды Хасен.
Орыс-қырғыз бастауыш мектебінде Нілді елінің болысы мен Қызылтау болысынан отызға тарта шəкірт болды. Жаз айында Сəкен сабақтан шығысымен үйге келіп, тамағын ішіп, мұғалім Роман Николаевичтен алған қалың кітабын көлдің жағасындағы көгалда отырып оқитын. Көлдің ортасында қайықпен сайрандап жүрген ағылшын балаларынан көз алмайды, кейде біреуді күткендей алысқа қадала қарап отыратын. Сəкен сүйегі тəуір жылқы көрсе-ақ болғаны, оны екі-үш рет айнала қарап, кімнің жылқысының тұқымынан, қайдан алдыңыз? – деп тəптіштеп сұрап жүргені. Аңға өте құштар болатын. Əсіресе, қыран бүркіт, жүйрік тазыға көзі тез түсетін. Ұмытпасам 1906 жылдың мамыр айының аяқ кезі еді. Сəкен ертемен мектепке оқуға кетті. Кешікпей қайтып келді. Жанында Роман Николаевич, бірге оқитын ағылшынның екі баласы бар. Маған қарап: – Рақымжан, құс аулауға мыналармен бірге «Көктің-көліне» барайық, көп қызық көреміз. Кешке дейін қайтып келеміз, олар пар ат алды, – деп асығыс Сəкен далаға шықты. Бəріміз «Көктің көліне» келдік. Атты Сəкен екеуміз доғарып жатырмыз, екі көзіміз мұғалімде. Ол көлге қарай кетіп барады. Аттың жемін алдына қойып, екі баланың соңынан біз де жүрдік. Мұғалім көлге жақындап барып, мылтығын оқтады, бір нəрсені көздей бастады. Екі бала да, біз де жерге жата қалдық. Көлдегі құстың қалыңдығында жік жоқ. Əлден уақытта мылтық дауысы гүрсілдеп көлге қарай көк түтін бірінің артынан бірі кетіп жатты. Сегіз-тоғыз рет мылтық атылды. Құстың оқ тигені ұша алмай, көлдің үстінде бір қанатымен суды сабалап, жан далбаса істеп, жағаға қарай жүзіп келеді. Екінші құс бірден көтерілді де алдымен оқ тиген серігінің үстінен екі-үш рет, одан соң көлмен қоса бізді бір рет айналып ұшты да мұңлы дауысы, үні алыстап ғайып болды. Сол кезде Сəкен көлдегі жаралы құсты алу үшін тез шешініп, күмп етіп суға түсті. Құсқа қарай жүзіп барады, мұғалім Сəкенге қарап, дауыстап бірдемелер айтып тұр. Əл-
ден уақытта Сəкен құстың суды ұрып жүрген қанатынан ұстады-ау. Көлден шығып жүгіріп келеді. – Бұл аққу, тоңып барамын, – деп киімдерін жылдам киіне бастады. Бұл менің аққуды бірінші көруім еді. Сəкеннің құсты аяғаны сонша, екі көзі жасаурап, аққуды қайта-қайта жотасынан сипай берді. Құсты арбаға мінген соң жақсылап құндақтады. Сəкенге қарасам, өңі құп-қу болып, еріндеріне шейін көгеріп кетіпті. Сөйлегенде дауысы дірілдеп, қабағын қатты түйіп, ренжіп келеді. Байқаймын, екі бала да, мен де, мұғалім де үнсіз отырмыз. Нілдіге кіші бесіннен төмен түскенде жеттік. Аққуды ауылға тірідей əкелдік. Бізге қараған төрт-бес үйдің адамдары тегіс есік алдында тұр екен. Атты Зікірбек атамның үйінің алдына тоқтаттық. Аққу қап-қара көздерін қадап, жиналған жұртқа жаутаңдағандай. «Жазықсызбын, озбырлығым жоқ еді. Жыртқыш құстар бүркіт те, лашын да, қаршыға да мені сыйлап, көл құсының патшасы, амансың ба? деп өтуші еді. Енді сендердің əмірлеріңдемін», – дегендей мойынын созып, кең дүниемен қоштасқандай жан-жағына қарайды-ай кеп аққу. Міне тап сол кезде Сəкеннің жаны аққумен бірге шығып кете жаздап тұрды. Құсқа мейірі түскен ол өзін-өзі ұстап тұра алмай, ағыл-тегіл егіліп жылап жібергені бар емес пе? – Мына аққу мал бола ма, не істеуім керек? – деп тағы да жылап жіберді. Жиналған жұрт Сəкенге қарап: «бір жерің жазым болып келген жоқсың ба? Мылтығы құрғырды атқан өзің бе?» – деп сұрап жатыр Ыбырай атам. – Жоқ, мына аққу, – деп өксігін əрең басып, көз жасын теріс қарап сүрткені бар емес пе! – Ой, балалық-ай, қорқып қалсам. Мал болғанда қандай, бірақ аққу құсты үйге де, қораға да қоюға болмайды. Ол жаман иістен сеспей қатады, – деді атам. Атам Сəкенге қарап, қазір саспа! Алдымен таза шүберек əкел, – деп бəйбішесіне жұмсады. Аққуды өзіне жақындатып, сынған жерін тауып, сынықты орнына салып, шүберекпен таңды. Сау қанатын бостау қылып байлап қойды. Сөйтті де
күрке істеуіміз керек, – деді. Есік алдында жатқан көмір жəшіктің түбін қағып тастап оны үйдің үстіне шығарды. Сөйтіп аққуға кең күрке жасады. – Құсты түнде осы күркеге қой, күндіз бір мезгіл көлге алып бар, ертең оның жейтін шөбін тауып алып келемін, – деп атам Сəкенді көңілдендірді. Əлі есімде, тап екі жеті бойы, əсіресе алғашқы үш тəулік бойы Сəкен дамыл көрген жоқ, жүдеп кетті. Бір жеті өткен соң үйдің сыртындағы көлдің суына аққуды Сəкен алып шықты. «Аққудың» тамашасын сол суға барған күні көрдік. Құс өзінің шебер жүзгіштігін, сұлулығын, денсаулығы жақсарғанын көрсетті. Екінші жеті өткен соң аққудың оқ тиіп, байланған қанатын шештік. Құс судың ортасына барып, қанатын қағып рақмет, Сəкен, саған! – дегендей үн шығарды. Құс қанатын көп қақты. Ертеңіне Сəкен сабаққа бармай, Ыбырай атам екеуі аққуды «Көктің көліне» алып барып қоя берді. Сəкен кейін айтып жүрді, аққу бірден атам екеуін, одан соң көлді айналып қоштасып əсем дауыспен үн шығарып, ұшып кетсе керек. Осы жай Успен руднигінің тұрғындарына аңыз болып тарап кетті, – деді əңгімесін аяқтаған қарт.
Таутан АРЫСТАНБЕКОВ ОМБЫ СЕМИНАРИЯСЫНДА Сейфуллиннің қызғылықты өмірінің көбі көз алдымнан өтті. 1914 – 1916 жылдары Омбыдағы оқытушылар семинариясында бірге оқыдық; жақын жолдас болдық. 1921-24 жылдары Орынборда, 1926 – 1937 жылдары Қызылорда, Алматыда бірге істедік. Бөлек жүрген уақыттарда хат арқылы байланысымыз үзілген жоқ. Жазып отырған естелігім – Омбы дəуірі ғана. Өйткені, Сəкен өмірінің бұл кезеңі өзі жазған «Тар жол, тайғақ кешу» атты мемуарлық шығармасында да жəне Сəкен туралы жазған басқа жолдастардың еңбектерінде де көбінесе ескерусіз калып келеді. Ал, Омбы дəуірі Сəкен өмірінде елеулі кезең болды. Өйткені, Сəкеннің алғашқы əдеби адымдары, саяси-əлеуметтік көзқарастары сол жылдардың өзінде-ақ қалыптаса бастаған еді. ...1914 жылы тамыз айында мен Омбыға барып, оқытушылар семинариясына емтихан тапсырып, оқуға түстім. Стипендия алатын болған соң, мектептің жатақханасына орналасайын деп, тамыздың 29 күні жатқан пəтеріммен есеп айырысып, төсек-орнымды кенеп қабыма салып, аузын буып арқалап алып, қуанышым қойныма сыймай, ентелей басып семинарияға келдім. Мектептің алды толған семинаристер формасын киген оқушылар. Солардың ішінде 3 – 4 қазақ жігіті анадай жерде, орындықта əңгімелесіп отыр. Киімдері əдемі, өңкей сары ала түймелі. Үстімдегі көнетоз қазақ киімнен қорғалап, бұлардың көзіне түспей, жатақханаға кіріп кетейін дедім де, сол жақтағы үлкен есікке қарай бұрыла бердім. Бірақ, олардың көзі мені шалып қалған екен, біреуі: – Əй, қазақ, бері кел, – деді. Кейіннен білсем бұл Сəкен екен. Жасы 19 – 20 шамасына келген, қара торы, сұлу жігіт, қасында отырғандар – Нығмет Нұрмақов, Оқас Арысланбеков (Қарқаралынікі), Тұрғанбек Байлин екен. Қастарына келдім. Əлгі мені шақырып алған жігіт Сəкен:
– Биыл бір қазақ баласы алынды деп еді, сол сенбісің, қай класқа түстің? Қай жерден келдің, өзің кішкентайсың ғой, нешедесің? – деді. – Иə, менмін... 17-ге қараймын... дайындық класқа түстім... Қостанай уезінен, – дедім. Сəкен менің үстімдегі киімімді көзімен бір шолып өткендей болды да: – Өзің сірə, кедей баласысың ғой?.. – деді. – Ие... – Бұрын мұндай үлкен қалада болып көріп пе едің? – Жоқ, – деп жауап бердім. Сол арада Сəкенге таяу отырған қызыл шырайлы жігіт, маңдайына түскен қуқылт қара шашын (кейіннен білсем ол басының жалтырын жасырып парик киеді екен) оң қолымен жоғары қарай бір қайырып тастады да, күлімсіреп: – Ендеше, Сəкен, бұл баланың тойы бар екен ғой... Мен «Аюға» бəріңді бастап алып барайын1... Сүйтіп, тойлатайық, – деп, орнынан қозғалып-қозғалып қойды да, ыржалаңдап жан-жағына қарады. Əлі есімде: нақ сол секундта, Сəкен кенеттен улы жылан шағып алғандай, орнынан ұшып тұра келді, тұла бойы тітіркеніп, бет-əлпеті сұрланып кеткен, көзін аларта, ашулы дауыспен Оқасқа қарап: – Əй, Оқас! «Аюға» барып өзіңнің бүлініп болғаныңа қарамай, енді мына баланы да бүлдіргің келді ме?! Қаланы жаңа ғана көріп отырған жасқа үйрететін өнегең бе бұл! Өй, жексұрын неме! – деді. Оқас сасып қалды, беті өрттей болып қызарып күле берді. Нығмет пен Тұрғанбек Сəкенге қарап жымиып күлімсіреді де, біреуі: – Сəкен-ау, ол Оқастың өзін де, сөзін де не қыласың? Ашуды қой, онан да Белгібайдікіне (қымызшы) барып, қымыз ішсек қайтеді? – дегенді айтты. 1 Ескерту: патша үкіметі тұсында үлкен қалаларда, «көпшілік үй» деп аталатын үйлер болған. Ол үйлерде «əйел тəнімен» сауда етіледі екен. Міне осындай «кəсіппен» Омбыда Медведева дейтш бір бай əйел айналысқан. «Аю» деп соның үйін айтады екен.
Сəкен ашуы аздап тарай бастаған жүзбен: – Міне, бұл тапқан ақыл! Барып домбыра тартып, көңіл көтерейік. Сендер күте тұрыңдар, мен мына баланы жатақхана бастығына апарып, орын əперейін, сонсоң бəріміз бірге барармыз, – деді. «Ұялған тек тұрмас» деген ғой, əлгі Оқас: – Əне көрдіңдер ме! Сəкен Белгібайдың қара қызын көрмесе отыра алмайды. Сол қара қыз... – деп тағы да қалжыңдай бастағысы келіп еді. Сəкен: – Сол қара қыздың перне басқан саусақтарынан садаға кет-ау сен! – деп қолын бір сілтеді де, мені ертіп жатақханаға қарай жүрді. Жатақханаға орналастырғаннан кейін: «ақшаң болса маған беріп қой, сенен біреу ұрлап алады, ертең дүкенге ертіп барып, киім əперейін», – деді. Сəкенге сене қалғандығым сондай, қалтамдағы бар ақшамды ұстата бердім. Мұндай қамқорлықты ата-анамнан да көрмеген тəріздімін. Далаға шығып, манағы үш жігітті ертіп алып Белгібайдікіне келдік. Амандасып отырғаннан кейін, қазақша киінген, дөңгелек жүзді қара торы қыз біздің алдымыздағы тапалша үстелге орта шара қымыз, бес кесе əкеліп қойды да, ілулі тұрған үкілі домбыраны Сəкенге ұсынып: – Домбыра шерте отырыңыз... Сіз өте жақсы тартасыз... – деді. – Жоқ... сіз отырған жерде мен домбыра тартуға жүрексінемін... Өйткені, сіз тартқанда домбыраға тіл бітеді ғой... – деп жауап қайтарды. Сəкен домбыра тартып отыр, біраздан кейін қыз бізге қарап: – Осы Мағжан дейтін жігіт сіздің мектепте оқи ма? Жаңа ғана осы үйден қымыз ішіп шықты... Өзін керемет ақын дейді ғой. Бірақ отырыс, тұрысы, мінезі біртүрлі көрінді маған... – деді. – Ие... ол... – деп келе жатты да Сəкен сөзін кілт тоқтата салып:
– Оны қоя тұрып, өзіңіз Тоқаның күйін тартып жіберіңізші... – деп қолындағы домбыраны қызға берді. Қара қыз көп өтіндірмей-ақ домбыраны шертіп-шертіп алып, күй тарта жөнелді. Шынында бұл қыз асқан домбырашы көрінеді. Бəріміз де ұйыдық та қалдық, əсіресе Сəкен. Оның екі көзі қыздың перне басқан саусақтарында... Тек, Оқас қана андасанда төмен қарап жымиып қояды. Осылайша бір-екі сағат отырып мектепке қайттық. Міне, Сəкеннің өзгеше асыл мінездерінен алғаш алған əсерім осындай еді. Омбы семинариясының курсы төрт жылдық болатын, даярлағыш класс, сонсоң 1, 2, 3 кластар. Қалалық мектепті бітіріп барғандар əдетте емтиханмен даярлағыш класқа түсетін. Ал, бірінші класқа емтихан тапсырушылар өте сирек болатын. Сəкен даярлағыш класты аттап өтіп, бірден бірінші класқа түсіпті. Бұл да оның оқуға алғыр болғандығын көрсетпей ме! Өтірікті, өсекті, жағынуды, көлгірлікті, қиянатты, əртүрлі лас қылықтарды (ішкілік, карта, т. б.) жан-тəнімен жек көретін турашыл. Сəкен оқушылар арасында аса беделді болды. Əсіресе, кемтарлықта жүрген балалардың мұң-мұқтажын аса сезгіш еді. Ол қолдан келген жəрдемін, ақылын аямайтын. Мысалы, ұмытпасам 1914 жылы Быков дейтін бір кедей орыс баласы бірінші тоқсанда үш пəннен «2» алып, педсоветте стипендиядан уақытша шығарылып тасталды. Үйінен келетін жəрдемі жоқ, енді оқуды тастауға мəжбүр болды. Осы жайды Сəкен ести сала, оқушылар арасында подписной лист (тізім) жүргізіп, əлгі балаға екінші тоқсанның аяғына дейін жететін қаржы жинап берді. Сəкеннің мұндай істерінің талайын көрдім, оның қайсысын айтып тауысарсың... Сəкен ол кезде, əрине, большевик емес. бірақ сол жас кезінің өзінде-ақ оқушыларды «орыс», «қазақ» деп жіктемейтін. Бұл ол дəуірде таңқаларлықтай мінез емес пе! Орыс шəкірттерінің ішінде оның Зверев, Головин, Антонов, Мальцев сықылды өте жақсы достары болды. Ал сол семинарияда оқитын 8 – 9 қазақ балалары тегісінен дерлік (Мағжан
Жұмабаевтан басқасы) Сəкеннің тілінде болдық, соның басшылығымен «Бірлік» ұйымының жұмысына қатынасып жүрдік. Сол кезде Омбының орта мектептерінде жүзге тарта қазақ балалары оқыды. Солардың ішінен іріктеп, таңдап алғандай-ақ, Сəкен көбінесе нашарлардың балаларымен ғана жақындасып, достасып жүретін. Атап айтқанда, орталық фельдшерлер мектебінде оқитын Шəймерден Əлжанов пен Шайбай Айманов, қалалық мектептегі (городское высше-начальное училище) Əбілқайыр Досов, орта ауыл шаруашылық мектептегі Біркей Айбасовтар сықылды оқушылар. Сөз арасында айта кетуге тура келеді, семинарияда оқитын Мағжан Жұмабаев Сəкеннің соңынан ергендерді əзілдеп, «Сəкеннің жалаң аяқ қара тобырлары» дейтін еді. Өйткені, Сəкен тобында гимназияда оқитын бай, чиновник балаларынан бірде-біреу болған жоқ. Семинариядағы оқытушылардың көбі дерлік монархистдіншілдер еді. Васильев дейтін директорымыз Сəкеннің басқан ізін бақылаумен болды. Оның артынан «тыңшы» қойғаны да анық. 1915 жылы күзді күні бір орыс баласы (атын ұмыттым, өзі поптың баласы еді, оны оқушылар «архиерей» деп мазақтайтын) Сəкенді оңаша шығарып алып: ой-бай, Сəкен, мен мүшкіл халге кездестім. Кеше директор мені кабинетіне шақырып алып: «Сен Сейфуллинмен етене достасып алудың ретін тап, содан кейін оның сөйлеген сөздерін, баратын жерлерін бақылап жүр де, маған жеткізіп тұр. Осыны орындап тұрмасаң, менен жақсылық күтпе», – деді. Ал енді мен сені сыртыңнан жақсы көруші едім, қалайша өсек тасимын, не істеуім керек?!» дейтін көрінеді. Сəкен оған: «Сен бұған саспа! Бұдан былай екеуміз дос кісіше жүрейік те, сен анда-санда директорға барып: «Сəкеннің айтатын əңгімелерінің бəрі де құрғақ қалжың, не болмаса ауылындағы ойын-той, қыз-ойнақ екен. Баратын жері – бір татар қызының үйі, соған ғашық көрінеді» – деп айт десе керек. Міне осы оқиғаны сол кезде Нығмет екеумізге өз аузынан айтып еді.
Семинария оқытушыларының ішінде Г.И.Томп дейтін (неміс) болды. Ол қол еңбегі сабағын беретін. Оны «охранканың тыңшысы» деп оқушылардың көбі жек көретін. Əсіресе, турашыл Сəкен оған тітіркене қарайтын. Оның да Сəкенмен жұлдызы қарсы болып бақты, «айтқанды тыңдамайды, өзімді мазақ қылады, мастерскойда менің тапсырмамды орындаудың орнына ылғи домбыра жасайды» деп, Сəкеннің үстінен директорға талай арыздар түсірген. Сəкенді жақсы көретін А.И. Покровский дейтін оқытушымыз бір күні Сəкенге ақыл ретінде: «Сен өлең жазып, əлеумет жұмысына қатынасады деп естимін, оның жарайды, бірақ сақ болсайшы... Анау Томп жаман адам, оның сүйеніші – қауіпті жер, онымен ерегісе беруді қой. Одан сен түгіл біз де қорқамыз. Бірақ менің бұл ақыл айтқанымды ешкімге білдіре көрме» деген екен. Сəкеннің басқан əрбір қадамын бақылаушылар директор мен Томптың өздері ғана емес, бұлардың негізгі тамыры жандармерияға барып тірелетінін ол жақсы білетін. Өзі ылғи сақтанып жүретін. Директордың күдіктене қарайтын шəкірттерінің бірі – Н. Нұрмақов еді. Сондықтан Сəкен оған үнемі сақтық ережелерін үйретіп отыратын. Табиғат тануды оқытатын А.Н.Седельников дейтін оқытушымыз Батыс Сібірдің ғалымдарының бірі болған адам еді. Өзі Омбыдағы Батыс Сібір географиялық қоғамының бастығы болып жүрді, кадет партиясының мүшесі, Бөкейхановтың досы еді. Семенов-Тяншанскийдің редакциясымен шыққан «Россия» дейтін кітаптардың XVIII томы «Киргизский край» деп аталатын. Сол кітаптың көп тақырыптары Седельниковтың еңбегі еді, 1916 жылғы қыстың бір кешінде А.Н. Седельников 8 – 9 қазақ семинаристерді жинап алып, əлгі айтылған «Қазақ өлкесін» жаздыртып алыңдар деп үгітеді. Кітаптың мазмұнын түсіндіре келе, оның ішінде Ғ. Бөкейхановтың да жазғаны бар дегенді айтты. Содан кейін Бөкейхановты мақтай жөнелді. «Ол асқан ақылды, ғалым адам, қазақ даласында ондай данышпан ұл мыңдаған жылдарда ғана біреу туады. Сендер соның етегінен
ұстаңдар! Соның айтқанын имандай тұтыңдар, сонда ғана адам боласыңдар!» – деді. Бізде үн жоқ. Сəкенге қарадық. Сонда Сəкен отырып: – Александр Никитич, кітапты алдырамыз, ол дұрыс. Ал енді «қазақ даласында ондай ұл мыңдаған жылдарда ғана барып біреу туатын болса, қазақ халқының ел қатарына қосылуына миллиондаған жылдар керек болады десеңізші... Бұл арасына мен түсіне алмай отырмын. Екінші – Ғ.Бөкейханов хан тұқымынан ғой. Ол баяғы хандықты көксейтін шығар, қазақтың ақсүйектері мен əйдіктерін ғана танитын тəрізді. Менің өз қарабасым оған табына алмаспын. Табынса мынау Оқас табынар, өйткені, бұл да «ақсүйек, төре тұқымынан шыққан», – деп сөздің аяғын əзілге араластырып жіберді. Біз ду күлдік, Седельников те езу тартып: – Əй, Сəкен-ай, əйтеуір!.. Бірақ сен қателесесің... Əлде болса да ойлан.., ойлан, – деді де орнынан тұрып жөнеле берді. Сəкеннің Седельниковпен батыл сөйлесу себебі бұл оқытушымыз момын, адамгершілігі мол, шəкірттеріне қиянат ойламайтын жəне директорды жақтырмайтын адам тəрізді еді. Қанша сенгенмен Сəкен оның ықпалына түспей-ақ кетті. Сəкен оқуға зирек, алғыр еді, естігенін я оқығанын ұмытпайтын. Бірақ оқу кітаптарына көп көңіл аудармай, оқытушының класта айтқанын бұлжытпай қағып алып, сабақ сұраса сонымен жауап беретін. Оның ынталанып оқитын пəні – «Əдебиет тарихы», «Əдебиет теориясы», «Теория словесности» еді. Мұны А.И. Покровский оқытатын. Ол сабақтан тысқары уақытта жасырын жерде Сəкенге – Белинский, Чернышевский, Добролюбов, М. Горький сияқты жазушыларды оқы деп ақыл айтады екен. Шынында да Сəкен осындай кітаптарды бір танысы арқылы «қалалық кітапханадан» алып, көп оқитын. (Бұл кітаптар семинария кітапханасынан бізге берілмейтін.) Ашық оқуға болмайтын болған соң, Сəкен күздікүні, жазғытұры күн жылыда 1 – 2 шақырым жердегі орман ішіне кетіп, я басқа бір пана тауып алып, кітап оқып отырғанын, не өлең жазып отырғанын көретінбіз.
А.И.Покровскийдің басшылығы арқасында Сəкен сол дəуірдегі əртүрлі əдебиет ағымдарына да недəуір жақсы таныс еді. Шəкірттердің бірқатары Мережковский, Зинаида Гиппиус, Бальмонт сықылды символистерді «пір тұтып» кейбіреулері – имажинистерді, футуристерді қызыға оқып, əлдебіреулері – Леонид Андреевтің пессимизміне əуестеніп жүргенде, Сəкен орыс əдебиетіндегі реалистердің жолына нық түскен болатын. Мысалы, семинарияға түскен жылы мен Арцыбашевтің «Санин», Вержбицкаяның «Бақыт кілті» дейтін романдарын қызыға оқып жүргенімді көріп, маған мұндай кітаптарға əуес болма, бұдан өнеге ала алмайсың, сен алдымен Гоголь, Пушкин, Лермонтов, Некрасовтарды оқы деп ақыл айтқанын əлі ұмытпаймын. Басқа пəндерден «орташа» баға алып жүргенмен, ол əдебиет сабағынан алдыңғы қатарда болды. Оқытушы: өздерің таңдап бір тақырып алып, соған шығарма жазыңдар, деп тапсырғанда, Сəкен 1916 жылы «Кешкі ауыл суреті», «Тау ішінде» деген тақырыптарға орысша екі шығарма (сочинение) жазды. Екеуі де «5» деген баға алды. Шығармадан «5» алу ол кезде семинарияда өте сирек болатын. Сəкеннің осы жазбаларын А.И.Покровский басқа кластардың шəкірттеріне, тіпгі басқа мектептерге де апарып оқып, үлгі есебінде көрсетіп жүрді. Семинария дəуіріндегі Сəкеннің əдебиетке көзқарасын суреттейтін тағы бір мысал мынау: 1916 жылғы қыста семинарияда əдебиет кеші өткізілмек болды. Сол кеште қазақ оқушыларынан Мағжан Жұмабаев пен Сəкен тақпақ (декламация) оқуға тағайындалды. Мағжан Мережковскийдің «Сакья-Муни» дейтін өлеңін оқымақшы. Сəкенге директордың көрсетуімен Бальмонттың бір өлеңін оқы делінді. Сəкен: «жоқ, мен Бальмонттың өлеңін оқымаймын. Рұқсат етсеңіздер Горькийдің «Сұңқар туралы жырын» оқып берейін дейді. Мұны естіген Покровский «Ойбай, мынауыңды директор ести көрмесін, ол зəуғалам естіп қалса екеумізге де жақсы болмайды», десе керек. Сонымен ол «кеште» Сəкен сахнаға шықпай қалды.
Сəкеннің бір өзгешелігі – жазған кейбір өлеңдерін ең алдымен жақын жолдастарына (Н.Нұрмақовқа, Ш.Əлжановқа т. б.) оқып солардың сынын тыңдап алушьі еді. Айтылған сынды орынды деп тапса өлеңін түзетіп қайта жазатын, сөйтіп, қайта оқитын. Бұдан кейін өзінің байланыс жасап жүрген жұмысшыларына апарып оқитын. Олардан мақтау естіп қайтса, масаттанып, бізге: «Сендерден гөрі оқымаған қара қазақ тереңірек сынайды-ау деймін. Сендер «кітап сынын» айтасыңдар, аналар нағыз тұрмыс сынын айтады» деп күлетін. Мұны əдебиет майданында алғашқы қадамдарын нық баспағандықтан өз күшіне, өзінің көңілі сене қоймағандықтан туған əдет деуге болмайды. Сəкеннің бұл əдетінің сыры тереңіректе болуы керек. Неге десеңіз, ол 1921 – 1925 жылдарда, қазақ совет əдебиетінде көшбасшы болып жүрген дəуірінің өзінде де кейбір жазбаларын Нығмет Нұрмақов, Қайып Айнабеков, Ш. Əлжавов сықылды достарына оқытып алатын-ды. 1926 жылдың бас кезінде Қостанайда жүргенде маған хат жазды. Хатында бұрынғы (Казсовнаркомға председатель кезіндегі) көп жолдастарының бəрі дерлік соңғы кезде одан (үкімет басынан түскен Сəкеннен) алыстай бастағанын айтып налиды... «Қазір қасымда Шайбай екеуің ғана қалдыңдар» деп келеді де, хаттың ақырында «Сыр сандық» деген өлеңін жазды. Осы өлеңім қалай, бұған көпшілік түсінер ме екен? – дейді. (Бұл хат кейін басқа хаттармен бірге жойылып кетті.) Міне осы айтылғандардың бəрі де Сəкен өз шығармаларына əр уақыт нағыз қымбат сынды көпшілік бұқарадан күткендігін суреттейді деп түсінемін, өйткені ол көп бұқараның бірі – əлгі аталған жолдастары, жұмысшылар емес пе? Сəкен ол кезде тек əдебиетпен ғана шұғылданып қойған жоқ, білімнің басқа тарауларына да қол созып бақты. Тарих, этнографиямен көп шұғылданып жүрді. Бартольд, Радлов, Потанин, Харузин, Аристов сықылды ғалымдардьщ еңбектерін көп оқыды. Саяси кітаптарды тауып алып оқу ол кезде өте қиын, өте қауыпты болатын. Ш. Əлжанов, Ережеп Итбаев, А. И. По-
кровский, Антон Сорокин (Омбыда болған орыс ақыны), т.б. арқылы саяси кітаптарды қолына түсірсе, «ойдан-ойға», «қырдан-қырға» тығылып оқитын. Ондай кітаптарын ол жақын жолдастарына да өне бойы көрсете бермейтін, қайтадан біреудің көзіне түсіп қала ма деп сақтанатын. Бірақ оқығанын сенетін адамдарына кейіннен баяндап беретін. Осылайша Бебельдің «Социализм жəне əйелдер», «Француз революциясы» сықылды кітаптарының мазмұнын бізге айтып бергенін білем. Алайда, жүйелі, терең, толық түрде саяси білім алуға ол кезде оның мүмкіншілігі, əрине, бола қоймаған. Ресейдегі əртүрлі саяси партиялардың программаларын да шəкірт уақытында жалпы түрде ғана болмаса, жете білді дей алмаймын. Бірақ, мықтап ұстаған жолы – патша үкіметіне, байларға, қазақ ұлтшылдарына қарсы күресу, кедей бұқараның мүддесін қорғау болды. Бұл ұстаған жолы большевиктер партиясының программасына жақын жанасатынын Сəкен 1916 жылы ғана (семинарияны бітіретін жылы) айқын, анық түсіне бастап еді. 1916 жылдың қысында ол Ш.Əлжанов арқылы большевик-жазушы Ф.Березовскиймен танысты. Онымен екі-үш рет қана кездесіп əңгімелеседі. Бұдан кейін Березовский басқа бір жерге кете ме, қалай, əйтеуір Сəкен оның ізінен айырылып қалады. Бері келген соң 1921-24 жылдарда Сəкен əңгіме ішінде «Осы күнге шейін бір өкінетін нəрсем: 1916 жылы Омбыда Березовскиймен танысуым өте қысқа мерзімді ғана болды ғой. Əйтпесе, партияға сол кезден кіріп, марксизм-ленинизм теориясымен жақсылап ертеден танысып алмаймын ба!.. – деп арман етіп отырушы еді. Осы арада ескерте кетуге тура келеді, Березовский мен Сəкен 1916 жылы Жанайдар Сəдуақасов арқылы танысыпты деу қате болады. Себебі – Жанайдар «Гимназия Чумакина» дейтін мектепке Сəкен семинарияны бітіріп кеткен жылы келіп түседі. Екінші – Жанайдардың өзі де Березовскиймен 1917-18 жылдары ғана танысады. Сəкеннің Омбы дəуіріндегі əлеуметтік əрекетін көбінесе «Бірлік» ұйымының төңірегінде етті деуге болады. Омбыдағы 100-ге тарта қазақ шəкірттерінің басын қосып, 1913 жылдың
күзінде ұйымдастырушылар Ш.Əлжанов пен Сəкен екен. Ұйым басшылығына да осы екеуі сайланыпты. Əлжанов – председатель, Сəкен – орынбасар. «Бірлік» ұйымы алғаш құрылуында тек қана «əдеби ұйым» деп құлақтандырылған көрінеді. Бұған «əлеуметтік» немесе «саяси» деген атақты жалғастыруға ол кезде, əрине, болмайды. Бірақ ұйымның негізгі мақсаты – əлеуметтік əрекеттер (оқушы жастарға қоғамшылдық тəрбие беру, ел арасында патша үкіметінің қысымына қарсы үгіт-насихат жүргізу сықылды) екенін «Бірліктің» əрбір мүшесі бірінші күннен-ақ жақсы білген. Сондықтан көп ұзамай (сол 1913 жылдың өзінде) «Бірліктің» ішінен екі жік шығады, «оңшылдар» жəне «солшылдар» топтары. «Оңшылдар» тобын Мағжан Жұмабаев (семинарист), Сейітовтар, ал «солшылдар» тобын Ш. Əлжанов пен Сəкен бастайды. Бұл екі топтың туу тарихы мынадай: Орынбордағы ұлтшылдар («Қазақ» газетіндегі) атынан М.Дулатов Мағжанға тіреп «Бірлікке» хат жазады. Хатында «Бірлік» жастарын ұлтшылдық жолына үгіттейді. Осы мəселені Мағжан «Бірліктің» жалпы жиналысына салып, Дулатовтың үндеуін қабыл алуға шақырады. Бұған Əлжанов пен Сəкен қарсы шығады, саяси жолдарын айтады. Айтыс үлкен болады, ақырында Сəкеннің ұсынысы бойынша бұл мəселе уақытша ашық түрде (кейінге) қалдырылады. Бұл ұсынысты кіргізгендегі Сəкеннің мақсаты кейіннен шəкірттерді үгіттеп, көпшілікті өз жағына аударып алу екен. Сонымен мəселе «ашық» қалғаннан кейін, Сəкен оқушыларды жеке-жеке үгіттеп, өз тобының санын бұрынғыдан да көбейтіп алады. Міне осы бағдарда Сəкеннің «Өткен күндерін» «Бірлік» атынан баспаға жіберу мəселесі қолға алынады. Бұған Мағжан қарсы шығып «Кітап Сəкеннің өз атынан жіберілсін» деп көп таласатын көрінеді. Алайда, көпшілік Сəкен мен Əлжанов жағына шығып, қолжазба Қазан баспасына жіберіліпті. Кітаптың алғы сөзін Əлжанов жазады. 1915 жылы оқуын бітіріп кеткен Əлжановтың орнына «Бірлікке» жаңадан председатель сайлау мəселесі көтерілді. Сол кезде оңшылдар мен солшылдардың екі орталығында бейтараптау
боп жүрген Мұхтар Саматов председательдікке сайланады. Кейіннен бұл да оңшылдарға қосылып кетеді. Ұлтшылдық жолына ашықтан-ашық түсіп алған оңшыл топ пен бұқарашыл топтың арасындағы күрес «Бірлік» ішінде 1917 жылдың күзінде қатты шиеленісті. Сол уақытта Ақмола жағында тұратын Сəкен бізге хат жазып, енді «Бірліктен» іргелеріңді аулақ салатын мезгіл жетті. Өз алдарыңа бөлек ұйым ашып, еңбекші жұмыскер туының астында болыңдар» деп ақыл айтумен болды. Біз 25 – 30 шəкірт «Бірліктен» үзілді-кесілді бөлініп шығып, 1917 жылдың аяқ кезінде «Демократияшыл шəкірттер советі» («Демократический совет учащихся») атты ұйым аштық. (Оқушым, өзін-өзі əйгілегені ғой бұл деп түсінбеңіз, кішкентай болса да тарихи факт деп, дұрысын жазып отырмын.) Жаңа ұйымның председательдігіне – мен, секретарлыққа – Жанайдар Сəдуақасов, президиум мүшелігіне – Əбілқайыр Досов сайланып еді. Міне, Омбы «Шəкірттерінің демократияшыл советі» ұйымын құруда да Сəкеннің сырттан берген көмегі аз емес. Сəкеннің Омбы дəуірінде жүргізген саяси-əлеуметтік жұмысы, қорытып айтқанда, Омбыдағы қазақ жұмыскерлері, кедейлері арасында, шəкірттер арасында «ұлтшылдарға» қарсы, патша үкіметінің жауыздығына қарсы үгіттеу болды. Бұл жұмысты Сəкен Омбы қаласынан 3 – 4 шақырым жерде отыратын «Қаржас» дейтін ауылға барып та жүргізе бастаған еді. Өйткені, демалыс күндері сол ауылға кетіп қалатын. Семинария педсоветінің 1914 жылы қазанда «...кешкі сағат алтыдан кейін Сейфуллиннің интернаттан шығуына тыйым салынсын» деген қаулысы, Сəкеннің «Қаржасқа» барып, мектепке кешігіп келгендігіне байланысты шығарылған еді. Бір кезде «ұлтшылдар» Сəкенді ақсатамыз деп, оның əйелге көзқарасы туралы неше түрлі сұмпайы əңгімелер туғызып баққанын бəріміз де білеміз. Шынында; ондай жексұрын мінез Сəкеннің бойында албырт жас шағында да болып көрген емес. «Сүйсе» – шын сүйді, «күйсе» – шын күйді.
Онда – көрсеқызарлық сықылды опасыз мінез болып көрген жоқ. Мұны растайтын нақтылы дəлелдерім толып жатыр. Октябрь революциясының ұлы ұраны қазақ даласына да жеткен кезде жан-жағына қарап алақтамай, іркілмей, бірден Ленин жолына түскен Сəкеннің Омбы дəуіріндегі саяси бет алысы, бірінші қадамдары, мінез-сипаттары, қысқаша айтқанда, осындай еді.
Венедикт Константинович ИВАНОВ КӨЗ АЛДЫМДА Омбының мұғалімдер семинариясында аз жыл сабақтас болсам да, Сəкен бейнесі көз алдымнан əлі күнге дейін кетпейді. Оны естен шығару тіпті мүмкін де емес. Өйткені, көз тоймайтын көрік пен келбет, сұлу тұлға, жан жадыратар мінез қалайша естен шықпақ. Қою қара мұртының астында маржандай тізілген ақ тістерінің өзі-ақ сүйкімділікті паш ете түскендей еді. Сəкен семинария залында пианино ойнап, қазақ əнінің мақамдарын салалы саусағымен теріп отырушы еді. Аузымыздың суы құрып тұрған біздер көңілденсін дей ме екен, ара-тұра би музыкасын да тартып-тартып жіберетін. Сəкеннің киім-киюінің өзі бір тамаша болатын. Ауыл мен селодан жиналған бізге оның ақ жағасы көк тужуркамен тұтас тігіліп, өмірі кірлемейтін заттан жасалғандай боп көрінетін. Тазалық, ұқыптылық, сəнділіктің не екенін Сəкенді көргенде ғана айқын түсінетінбіз. Сəкеннің үсті-басына, жүріс-тұрысына осынша сұқтана қарауыма жəне оны айрықша құрметтеуіме мынадай бір жағдайдың септігі де аз тимеген сияқты. Біздің Тюмень уезінің Гугулым селосынан Иван Петрович Мальцев деген жерлесіміз Сəкенмен бірге оқыды. Иванның жанындай жақсы көрген жолдасы атбасарлық Тұрғанбек Байлин (1917 жылы сүзектен қайтыс болды) біздің елге каникулге келгенде, екеуі Сəкенді аузынан тастамай, мақтаумен болған. Семинарияға келгеннен кейін Сəкеннің өлең жазатынын, өзінің ана тіліне орыстың ұлы ақындарын аударып жүргенін естіп, сымбатына сыры мен ісі сай жігітке зор ілтипат көрсеттім. Сəкеннің аузымыздан түспеуіне тағы да бір себеп бар. Орыс тілі мен əдебиетінен сабақ беретін Александр Иванович Покровский өте талғампаз, сөздің жүйесіне ғана емес, əр əрпіне мəн бере қарайтын ұстаз еді. Одан «5» деген ба-
ға алу қияметтің қиыны. Оған талайымыздың қолымыз жетпейтін. «Шығарма жазу сабағынан тек екі қазақ баласы ғана бестік бағаға ие болады да жүреді» деген шəкірттер күңкілін естігенім де бар. Соның біреуі – Сəкен болатын. Ал Покровскийдің əділдігіне жəне қатаңдығына біз еш уақыт шүбəланып көрген емеспіз. Тұрғанбекпен ет жақын араласып кеткендіктен де болар, мен қазақ шəкірттерінің оқу үлгеріміне де, игі ынталарына да іштей қуанатынмын. Кейіннен өзіммен бірге оқығандардың шығармаларын газет-журналдардан көргенде қуанышымда шек болмайтын. Бəріміздің де жанымыздай жақсы көретін ұстазымыз, жаратылыс тану пəнінің маманы Александр Никитич Седельников еді. Ол орыс географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімінің секретары, 1917 – 1919 жылдары председателі болған. Батыс-Сібір мен Алтайды, Қазақстанды көп зерттеген ғалым. 1903 жылы шыққан «Киргизский край» деген XVIII томның негізгі жəне күрделі тарауларын Александр Никитич жазған. 1917 жылы семинаристердің шешімі бойынша ол біздің директорымыз болып сайланып, аянбай қызмет атқарып жүргенінде 1919 жылы сүзектен қайтыс болды. Оны қадірлемейтін, құрметтемейтін бірде-бір шəкірт болған емес. Александр Иванович Покровский Москва университетін бітірген, демократиялық ой-пікірдегі жан еді. Семинаристер одан еркін ойлауды, өзінше қорытынды жасауды үйренді. Тарихшы В. В. Лабунский мен талантты суретші И. В. Волков, педагогика пəндерінің маманы Н. В. Гоголь оқыған Нежин лицейін бітірген, ептеп өлең жазатын, бірақ шəкірттерге өте қатал жəне формалист А. П. Васильев сабақ берді. Бүкіл семинаристердің əсіресе, Сəкен мен Тұрғанбектің өте жек көретін мұғалімі – қол еңбегінің маманы Генрих Иванович Томп болды. Орыс тілін шала біліп, қате түсінетін Томп жан-тəнімен орыс самодержавиесіне қызмет етуге дайын еді. Біз оның патша охранкасының тыңшысы екеніне шүбə келтірмейтінбіз.
Əртүрлі көзқарастағы ұстаздарымыз бола тұрса да, біздің семинарияда ағартушы-демократтық дəстүр күшті болды. Оны архив деректері де дəлелдейді, 1905 жылы семинария шəкірттері революциялық қозғалысқа қатысқан. Семинарияны бітірген Н.П.Смирнов 1910 – 1912 жылдары большевиктік жасырын жұмысқа араласқан. Рузаев деген коммунист ұстазымыз Колчакқа қарсы күресті. Революционер Залман Лобков басқарған саяси үйірмеде біздің семинаристерден Н.Г.Кудрин (кейіннен Қызыл Армияның саяси басқармасының ірі қызметкері болды). И.С.Молоков, Л.А.Осиев, қазір башқұрттың ауыл шаруашылық институтының профессоры болып жүрген К.Т.Маньков, атаман Семеновқа қарсы 1917 – 1919 жылдары күресуге тіленіп кеткен Мартынов біздің семинарияның түлектері еді. 1917 – 1919 жылдары семинариядағы қазақ жастары да əлеумет ісіне көп араласты. Көлбай Тоғысов бастаған «Үш жүз» партиясына бізден Таутан Арыстанбеков, Мұхаметжан Бейсенов қатынасып жүрді. Семинариядағы қазақ шəкірттері ағарту ісімен көп шұғылданып, сауатсыздықты жоятын курстар ұйымдастырып, спектакльдер қойды. Біздің семинарияда қазақтың халықтық өнеріне арналған бірнеше кеш болды, ал Омбы қаласындағы ең зəулім де кең үй – «Қоғамдық жиындар» сарайында пьеса (ұмытпасам Көлбай Тоғысовтың пьесасы болса керек) қойып, қазақ кешін өткізді. Осындай игі дəстүрі бар семинарияда Сəкен Сейфуллинмен қатар, психология профессоры, СССР педагогика ғылымдары академиясының толық мүшесі Корнилов, ботаника профессоры В.Ф.Семенов, Сібір жазушысы Е.А.Минин, медицина ғылымының докторы Г.С.Залесский, экономика ғылымының кандидаты Н.М.Добродеев сияқты талай дарындар оқып шықты. Сəкеннің өзіне қатысы жоқ біраз əңгімелерді шерткенде, мен ол оқыған семинарияның қандай дəстүрі барын, ұстаздары жəне оны бітірген шəкірттердің кім болғандығын, осындай ортадан Сəкендей ардагердің шыққандығын зор мақтанмен айтқым келіп еді.
Сəлкен БАЛАУБАЕВ БАҚЫТ ЖОЛЫНА 1917 жылдың 27 ақпанында патша тақтан құлатылғаннан кейін Спасскіде слесарь болып істейтін көзі ашық Прудев деген азаматтың ақыл беруімен бір топ жастар мəдени ағарту жұмысын жүргізуге бел байладық. «Бұл əрі өзіңді өсіретін, əрі халыққа мəдени-тəрбие беретін жұмыс» деп ұйытты ол бізді. Жастар дегенде Орынбек Беков, Аманбай Қаспақбаев, Кəрібоз Шектібаев, Ахмет Қойкеліков, Жиенқұл Омаров, Нұрмаш Байсалықов тағы басқалар бар. Мəдени-ағарту жұмысының ұйтқысы концерт пен спектакль. Бізде сол екеуінің бірі де жоқ. Дағдарып жүрдік, іздестіруде болдық. Сол жылы наурыз айында мен Ақмола қаласына келдім. Ақмоладағы Көжебай Ерденаев қалам қызметіне бейімі бар сауатты жас еді. Соған келсем, ол Сəкеннің «Бақыт жолына» пьесасының қол жазбасын оқып жүр екен. Мен Спасскідегі мəн-жайды, өзіміздің мақсат-талабымызды айтып, «Бақыт жолына» пьесасын сұрадым. Ол Сəкенсіз бере алмады. Екеуміз Шашдəулеттің Құсайынының үйіне Сəкенге бардық. Менің жайымды білген соң Сəкен талабымызға сүйсінді. «Сендердің жұмысыңа беташар болсын, қолжазбаны берейін. Патша түскен соң əуелгі атын өзгертіп, мазмұнын да жаңғыртып едім. Кейін қайта жазбақпын», – деп қолжазбасын берді. Мен көшіріп алдым. Олжалы сапардан келген соң жиналып отырып, кітапты оқып дуылдадық. Жолдастар құлшына шығып: «Мен Біржан болам», «Мен Телжан болам» деп жамырасты. Ортамызда əйел жоқ-ты. Əйелдің рөлін кім ойнайды деген сұраудың шешуі қиын еді. Заводта бір жұмысшының бойжеткен əнші қызы болатын. Бетіне шешектің ізі тым өрескел дақ салып, бетінің ажарын алған қыз еді. Аты Рымжан, бірақ шын атын ата-анасы, туысқаны ғана атайды. Сырттағы ел «Шұбар қыз» дейді. Мүслиманың рөлін ойнауға рұқсат сұрап, Рымжанның əкесіне бардық. Əкесі рұқсат етпеді.
Содан кейін Мүслиманың рөлін Кəрібозға, Жəмилəнің рөлін Ахметке беріп, репетицияға кірістік. Репетиция қорада болады. Күнде ойнаймыз, жаттығамыз, таласамыз. Ұрысамыз. Бірақ жұмыс тоқталмайды. Күн сайын ысылғанымызды көріп сүйсінеміз. Не керек ақыры ойын дайын болды. Керекті киімді əркім өзі тауып киіп келді. Жəмилəні ойнаған Ахметтің бетіне шақ кимешекті зорға таптық. Спектакль Сейіт – Ахмет Мұхаммедовтың қорасында ойналды. Бұл кісі Түркиядан қашып келіп, қазақ ішіне сіңген офицер. Мəдени-ағарту жұмысынан тəжірибесі бар адам еді. Репетиция процесінде біраз басшылығы болды. Қораның ішінде аласа үстелдің биіктігіндей етіп төсеген тақтаның үстіне алдыңғы екі керегесін алып тастап киіз үй тіктік. Қораның ішіне елден жиналған алаша, текемет, кілем, сырмақ төселген. Көрермендер сол төсеніштің үстіне отырды. Жұмысшыларды жəне Көкөзектің жатақтарын хат жазып құрметтеп шақырдық. Үй жабдығы, киім-кешек, төсекорынды олардан сұрамай, жақын ұрымтал жерлерден ғана алдық. Спектакльдің басталар сағаты жақындады. Сахнаға шығатын киімді киіп, гримді баттастыра жағынып, сақалмұрт тағынып, Мүслимаға шаш, шолпы тағып, Жəмилəға кимешек кигізіп, əбден дайын тұрмыз, уақыт өтіп барады. Шақырылғандар келмеді, тек үйінен киім, бұйым алған біраз адамдар келді. Күттік, күттік, енді ешкім келмесіне көз жетті. Келген аз кісіге ойнап бердік. Көрермендер риза болды. Өзіміз қатты жабырқадық. Ертеңіне спектакльге елді қайта шақырдық. Үйлерінен киім, бұйым ала шақырдық. Оның үстіне кешегі келген аз кісі елге көп хабар таратты. Бұл жолы шақырғандар түптүгел бала-шағасымен келді. Үйлерінен көрпелерін ала келіп астына төсеп отырғандары да болды. Біз көңілденіп, бар ықыласымызбен ойнадық. Ел көп күлді, сірə Ахметтің бəйбіше, Кəрібоздың қыз, Жиенқұлдың Нөкербек болып, Орынбектің Терлікбай болғанына күлсе керек. Күлуден басқа сүйсіну де аз болмады. Айқайлап, ұнатып, дауыстап
қошеметтесті. Халық риза болып алғыс айтып, тағы да ойын көрсетіңдер деп қолқа салып тарады. Бұл мамыр айының аяқ кезі еді. Біз спектаклімізді 1 май мерекесіне арнадық. Тұсауымыз кесілді, өзіміз ысылып қалдық. Халық тағы да ойын көрсетуімізді қолқалады. Бірақ көп халық жиналатын кең үй қайда. Осы қиындықтан неліктен көңілі түскенін өзі білсін, əйтеуір завод директоры ағылшын Вильсонның əйелі құтқарды. Ол Россияда туып, Россияда оқып, бойжеткен соң ағылшынға күйеуге шыққан орыс қызы екен. 15 күн ішінде бос қалған бір үлкен магазинді спектакль үйіне айналдырды. Ішіне арқалығы бар орындықтар орнатып 300 кісілік жай даярлатты. Кең, биік сахна жасатып, реквизит алуға 200 сом ақша берді. Енді ойнайтын үйіміз бар, «Бақыт жолына» пьесасын сахнаға тағы шығармақпыз. Бір əйелдің рөлін ойнауға Кенжеш бар. Екіншісіне қалай да Рымжанды шақырып алмақпыз. Əкесіне келдік, өзін қалдырмай спектакльге шақырып жүретінбіз, соның əсері болар, əйтеуір қызына рұқсат берді-ау. Сөйтіп, «Бақыт жолына» пьесасы енді «театр» үйінде қойылды. Ойын көңілді өтті. Спектакльде орыстар мен татарлар да болды. Төңіректегі, түстік жердегі ел шақырылмай-ақ қаптап келді. Сөйтіп, Сəкеннің «Бақыт жолына» пьесасы сахна өнерінің маманы Орынбек Беков, қоғам қайраткерлері Аманбай Қаспақбаев, Нұрмақ Байсалықов, Кəрібоз Шектібаев сияқты біркелкі жұмысшы жастар біздердің əлеуметтік жұмысқа бетімізді түзеді. Қабілет қуатымызды қозғап, ой-көзімізді ашты. Сонымен бірге Сəкеннің өзі туып-өскен топырағы бұрынғы Ақмола уезінің күншығыс-оңтүстігі – Спасскі жұмысшыларының, заводтың төңірегіндегі айнала 20 – 30 шақырым жердегі елдің сахна мəдениетіндегі меңіреу қараңғылық қамалын бұзды да, жас талапқа жол ашты.
Кəрібай КЕНЕТАЕВ ЕСТЕН КЕТПЕС ЕКІ ЖАЙ Сəкен Сейфуллинді мен 1908 жылдан бастап білетін едім. Ол кезде Сəкен Спасск заводындағы бастауыш мектепті бітіріп, білім тұнығынан одан əрі сусындау үшін Ақмолаға (қазіргі Целиноград) келіп, қалалық училищеге түсті. Ол фельдшер Ш. Ниязовтың үйінде тұрып оқыды. Ал мен бастауыш мектепте оқитынмын. Сəкенмен үнемі жолығысып, əңгіме-дүкен құрып, пікірлесіп тұратынбыз. 1912 жылы С. Сейфуллин қалалық училищенің беретін білімін тəмамдап, Омбы қаласына барып мұғалімдер семинариясына түсті. Сөйтіп төрт жылдан соң оны да ойдағыдай бітіріп Ақмола уезіне қайтып оралды. Əлеуметтік өмірге, дүниеге деген көзқарасы мүлде өзгеріп қайтқан Сəкеннің ойы толысып, жүрегі, жаны абзал адамға тəн асыл қасиеттермен молыға түскен екен. Дүниенің, болашақ өмірдің тетігі оқуда, өнерде деп білген Сəкен Ақмоладан 60 шақырым жердегі Ахмет ауылы деген жерде қазақ балалары үшін мектеп ашып, өз білгенін, өз көкейіне тоқығанын енді болашағы зор жас балдырғандарға бере бастады. Ал демалыс күндері ол қалаға келіп, біз оны қуана қарсы алып отыратынбыз. Октябрь таңының нұрлы шұғыласы Ақмола қаласына шын мəнінде 1918 жылы келіп жетті. Сол жылы мұнда Совет өкіметі орнап, Совдеп президиумының құрамына енген Сəкен халық ағарту комиссары болып тағайындалды. Сол кезде мен Совдепте əрқилы техникалық жұмыстарды атқарып жүретінмін. Алдырған жаудың, ашынған дұшпанның ашулы келетіні белгілі ғой. Биліктен айырылып, күні мүлдем қараң болуға таянғанын білген тап дұшпандары қаны қарая жанталасты. Өлім алдындағы жыртқыштың ақырғы рет тырмыса тұяқ серіпкеніндей олар ең соңғы сұмдықтарын жасауға жанталаса əзірленіп жатты.
Міне осы сияқты əрекет 1918 жылдың маусымында бұрқ ете қалды. Көтеріліс жасаған жергілікті ақ казактар Совдеп орналасқан үйді қоршап алған екен. Таңертең қызметке барсам, гүрс-гүрс атыс. Аш бөрідей жалақтаған ақ казактардың ортасында қолын дамылсыз ербеңдетіп, қол орамалын желбеңдете бұлғап жанұшыра айқайлап біреу тұр. Абайлап қарасам, Совдептің председателі Бочек, бекініп алып атысып жатқан қызыл гвардияшыларға айқайлап: «Беріліңдер!.. Омбыда, Қызылжарда, Көкшетауда – бəрінде де Совет өкіметі құлатылды. Қан төгіс қылмай беріліңдер!» деген өктем сөзін естігенімде өнебойым қалтырап кетті. Жалт бұрылып, кейін жүгіре жөнелдім. Ойым – тезірек жетіп Сəкенге хабар беру. Сəкен ол кезде Мешіт көшесінде (қазіргі Аманкелді көшесі) Мұқымбай деген өзбектің үйінде тұратын. Екі өкпемді қолыма ала бүліншілік хабарды Сəкенге бастан-аяқ жеткізіп, «енді бір жаққа бой тасалаңыз əйтпесе олар аямайды» дедім. Сондағы Сəкеннің батылдығына, жолдасын жауға тастамас адамгершілігіне қатты сүйсінгенім бар. Суық хабарды естіген сəтте ол абыржып күйректікке салынудың орнына ойлы көзін бір нүктеге қадап тұрып: «Ешқайда да қашпаймын, жолдастарымды жауға тастап, өзім жан сақтасам, сонда менің кім болғаным?» – деп жауап берді. Сол сəтте атқа салт мінген қала саудагерлері Сейт Латыпов, Шəріп Ялымов, Нұри Тойғыновтар екпіндете жетіп келіп Сəкенге қамшы жаудырды. Ал күрескер азаматтың жау қолында көрген қорлығына шек жоқ. Ақмола большевиктерінің бұлайша жау қолына оңай берілуіне кейбір жолдастардың: «алдымен Бочек кінəлі» деуі əбден орынды. Сол қиын-қыстау кезеңде құрамында 300-ге тарта жауынгерлері бар қызыл гвардияның қоршауды бұзып шығып, оңтүстікке қарай шегініп сытылып шығып кетуіне əбден болатын-ды. Сонда Сəкен сынды азаматтар мұндай қорлықты көрмеген болар еді. 1919 жылдың қаңтар айындағы үскірік боранда, қатты аязда Сəкен мен өзге он саяси тұтқын күшті күзетпен Омбыға жіберіледі. Мұнда олар Колчактың «азап вагонына»
отырғызылып, қиындық көрді. Осы вагонда Сəкен аштықтан, суықтан жəне азаптан жапа шегіп, қаза тапқан əлденеше достарымен мəңгілік қош айтысады. Біраздан кейін Сəкен жолдастарымен бірге Омбыдағы концентрациялық лагерьге жіберіледі. Мұнда да азап үстіне азап кездеседі, тұтқындардың көрмеген қиыншылығы болмайды. «Азап вагонынан» аман қалғандарының бірталайы осындай қорлықпен қаза табады. Солардың ішінде өзім білетін Бəкен Серікбаев, Ж.Нұркин, Г.Дризге сияқты тамаша азаматтар, жалынды большевиктер бар еді. С. Сейфуллин 1920 жылы Ақмолаға қайтып оралғанда Совдеп президиумының мүшелері Баттал Смағұлов, Мұқатай Игекбаев, Михаил Юдин, Б. Бекмұхамбетовтер оны салтанатпен қарсы алды. Осы топ қалаға кірген бойда түрмеге келді. Абақтыда Ялымов, Дауылбаев, Носершин, Аймағанбетов сияқты тап дұшпандары жатқан болатын. Кешегі күні аяқ-қолына кісен салып, азаптаған, қорлық көрсетіп қинаған ата жауларын көрген сəтте Юдин қайнап кетіп, ашуызаға шыдай алмай маузерін жұлып алып: «Атып тастаймын бəрін де» деп ұмтылды. Сол сəтте Сəкен тұра ұмтылып оның қолынан маузерін жұлып алды да: – Большевиктер адамды кез келген жерде өлтіре бермейді. Бұлар революциялық əділ заң бойынша жазаланады, – деді. – Сəкен-ау, бұлардың не істегенін ұмыттың ба? – деп Юдин көз жасы сорғалап жылап жіберді. Иə, егер Сəкеннен басқа біреу болса сол жерде бəлкім Юдиннің қолын қақпаған да болар ма еді, қайтер еді. Ал Сəкен ондайдың адамы емес еді ғой. Оның мінез-тұлғасы, адамгершілігі, лениндік қағидаға деген қалтқысыз көңілі, өмір жолы бүгінгі жастарға үлкен өнеге. Өзім куə болып, қайран қалған, өле-өлгенімше ұмытылмас осы екі жайды сол себепті де бүгінгі күні əдейі есіме түсіріп, айтып беріп отырмын.
Жұмабай ОРМАНБАЕВ КЕДЕЙ БАЛАЛАР МЕКТЕБІНДЕ – Əке, шешем қара жұмыс істейді. Қалада «Мыңшұқырда» (Ақмолада осылай деп аталатын, жатақ болатын) тұрамыз. Шешем мына жерде жүн жуып жүр, əкем Омбыға байдың өгізін айдап кеткен, – дедім мен, жөнімді қысқаша баяндап. – Оқитын мектеп жоқ. – Жүн жуатын жерге ертіп барсаң қайтеді, – деді бейтаныс. – Барайын, – дедім де, қармақтарымның жемін жаңғыртып, балықтарымды шыбыққа тізіп, суға салдым да, ағаға ілесе жүрдім. Жұмыс басына келгеннен кейін ол əркімге жолығып, əңгімелесті. Түскі тыныс алу кезінде айдалада ыстық су ішіп отырған қалың адам жусаған қой тəрізді. Бұл да отырды. Амандықтан кейін əңгіме қызды. – Түсте тамақтанып, тыныстап алатын баспана болмай ма екен? – Қайдағыны айтып отырсыз. Күніне алатынымыз 20 – 30 тиын, – деді көйлегін шалбарланып алған орта жастағы əйел. – Айдалаға баспана жасау былай тұрсын, қалада баспанамыз жоқ. – Күніне 14 – 16 сағат жұмыс істейсіздер, – деп бастады тосыннан келе қалған жігіт, – алатын ақыларыңыз тым аз, ең болмағанда ішетін таза су да жоқ. Іш ауруы көп, өлгендер бар деп отырсыздар. Ал мына байлықты ұқсатып, байдың дəулетін онан сайын тасытып жатқан сіздерге де тіршілік керек. Еңбекақыны көбейттіру керек. Тынығатын, тамақтанатын орын болуы шарт. Дұрыс ыдысқа құйылған қайнаған су үнемі дайын тұруы міндет. Жиналған жұрт күлісті. – «Иттің ұлығанын қасқыр естімейді. Қасқырдың ұлығанын тəңірі естімейді» деп, – деді көптен оқшауырақ тұрған таңқы мұрын, кеспелтек қара жігіт, – сонда біздің үнімізге
құлақ қоятын кім, айтып тұрғандарыңызды кім орындамақшы. – Талап ететін сіздер, орындайтын байлар, тек ынтымақтарыңыз, бірауыздылықтарыңыз берік болсын, – деді қызыл көйлекті жігіт нығарлай сөйлеп, – егер байлар бас асаулық етіп көнбесе, оларды жөнге салатын күш те өздеріңіз. – «Жақсы сөз, жарым ырыс», қолма-қол бөліп берері болмаса да, лебізі жақсы екен, – десті көп ішінен біреулер. – «Түсі игіден түңілме» деген ғой, өзі де жігітім-ақ екен, – деп жатқандар да бар. Тотыққан, жарылған қоңырқай беттер, кезерген еріндер жалаңаш-жалпы қара қайыс денелер жанданып жылуарланған тəрізді. – Үкіметке барамыз, талаптарды айтамыз, – деді сыпайы жігіт, – бірнеше адамнан өкілдер сайлай қоясыздар. Жиналыс тоқтамға келді. Бұлардың өкілдері Əміре Сатыбалдин, Нұрлан Тұраров, Бақытжан Ағыбаев, Кенже Бекмұхамбетов болды. Олар майдан жұмысынан қайтқан жігіттер болатын. Көп ұзамай-ақ білдім, маған Есіл жағасында жолыққан, мені ертіп жүн жуушыларға барған, бейнет шеккен адамдардың жанашыры болып, ақылын айтқан жігіт Сəкен Сейфуллин екен, мен аяулы ағамен алғашқыда осылай кездескен едім. Келесі күні Сəкен жүн жуатын жұмысшылардың өкілдерін ертіп, уақытша үкіметтің уездік комиссары Петровқа барды. – Жүн жууда жүрген еңбекшілердің қамқоры жоқ, – деді Сəкен күн сайынғы айтыс-тартыста өзінің əбден үйренісіп алған əріптесіне, – жұмыс істеу жағдайлары айтуға келмейтін ауыр, өз көзіммен көрдім. Мына жігіттер солардың өкілдері, жалдаушы байларды шақырт, сөйлесеміз. Үнемі алдау-арбаумен келесіңдер, еңбекшілерге ешқандай жақсылық еткен жоқсыңдар деп большевиктер қыр соңынан қалмай жүр. Мына қызыл көйлекті сынға келіп отыр. Айтқанына көніп, айдауына жүрмесем ол мені əшкерелемек, қанаушылардың қолшоқпарысың, қырылып жатқан
жұмысшыларға мойын бұрмайсыңдарды қазір-ақ айтпақ. Сөйтіп бұлар талаптарын менсіз де орындатпақ. Жоқ, бұлардың талабын өзім орындаттырам. Бір жолға түгі де кетпейді. Мүдде құрбаны, байларды көндірем. Сенімсіздіктен құтылып, үкімет беделін көтерем. Осы шешімге тірелген комиссар: – Жүн иелерін дереу шақыр, – деп əмір берді ол хатшысына. – Сүйреп əкелсін, – деп жігерленді Петров Сəкенге қарап қойып, – еңбекшілердің талабын орындатам. Кешіккен жоқ, алқынып, аптығып байлар да кірді. – Жүндеріңізді жуып жатқан адамдардың да қамқоры бар, – деді комиссар Сəкенге бір қарап. – Олар жұмысты өте ауыр жағдайда істейді екен, мұндай жағдайға төзе беретін заман өтті ғой. Мына кісілер талабын айтады, сіздер табанда орындайсыздар. Жұмысшы жігіттер Сəкенге сіз сөйлеңіз дегенді байқатты. Комиссар да бұл жолы дегеніңе көнем дегенді аңғартып большевик өкілге жалтақтай беріп отыр. Осы жағдайды таныған Сəкен сөзін ажарламай, неғұрлым кесе, батыра, ашық айтатын əдетіне басып: – Жалақыны күніне ауыр жұмыстағы жігіттерге 50 тиыннан, əйелдерге 30 тиыннан, жасөспірімдерге 20 тиыннан өсіресіздер. Сол жерде ас пісіретін, су қайнататын плита орнатасыздар. Түс кезінде жатып тынығатын, отырып тамақ ішетін сəкісі бар шатырлар тіктіресіздер, бірнеше бакпен қайнаған су қойылсын, қайнатып ішетін, жуынатын таза су да үнемі əзір тұрсын, сырқаттанып қалғандарына дəрігер апарып емдетесіздер, қазіргі талап осылар, – деді Сəкен сабырлы сөйлеп. – Егер бұл талап орындалмаса, бір адам жұмыста қалмайды, жаңадан да ешкімді барғыза алмайсыздар. Есептеп отырмыз. Осы еңбекшілердің сіздерден аласы ақысы көп. Өздеріңіз жақсы білесіздер, революцияны жасаған, патшаны тақтан жұлып тастаған еңбекші халық, сіздерден табанақы, маңдай терінің басы ашық құнын да ала біледі. Көнесіздер, көнбейсіздер, жауапты осы арада естиміз. Келісімге қол қоямыз.
Бір сағат үзілістен соң, байлар көнді. Талапты үш күнде орындаймыз деп, келісімге қол қойды. Сол өкіл жігіттер осы күннен бастап Сəкеннің жақын жолдастары болып алды. Бұларды, тағы да басқа осындайларды, Дүйсенді Сəкен кешкі мектебіне кіргізіп оқытты. Кейіннен олар Совдептің қызыл гвардиясына кірді. Казармада емес, əскери қызметке өз үйлерінен барып жүретін жергілікті жігіттер Совдеп құлағанда ақтардың қолына түспей кетті. Жүн жуатын жерге бұдан соң да Сəкен мезгіл-мезгіл барып адамдардың хал-жағдайларын біліп жүрді. Əрбір барғанда жүн жуушылар оны қуанышпен қарсы алатынды. Сəкен келген сайын бұларға хабарлар əкелетін. Ленинді, большевиктерді, болашақ советтік жаңа өмірді ол жұмысшыларға жалықпай ұғындырып жүрді. Сəкен жұмыс басына тағы бір барғанда, сол өкіл жігіттер қарсы алды да: – Алып қойған бір саба қымызымыз, бір бағланымыз бар еді, соны жеп кетесіз, – деді олар. – Тездетіп жібереміз, бөгелмейсіз, – деп жедеғабылдатты. Сəкен көнбеді, мен бөтен емеспін, өздеріңмін. Өздерің ішіп-жеңдер, маған сол қанағат. Күтіп тұрған жұмыс көп деп зорға босанып кетті. Сол 1917 жылдың қыркүйегі таянып қалды. Кедей балалары үшін мектеп ашылады дегенді естідік. Шешем мені сол мектепке кіргізбек. Көйлек-дамбалымды жуып, бір ескіден желетке тігіп беріп, мені оқуға барымен əзірлеп жүрді. Көптен бері асыға күткен мезгіл жетті. Шешем əркімнен сұрастырған екен, білетіндер, осында большевик учитель бар, мектептің қожайыны сол, кедей десе болғаны, қабылдай береді депті. Мектепке келдік. Кіреберісте жолығып қалдық. Анадағы қызыл көйлекті аға Сəкен. Шешем де оны тани кетті. – Ə, балықшы батыр, сен де жеткен екенсің ғой, – деп ол да жылышыраймен күлімдеп, мені басымнан сипады, – дұрысақ келгенің. – Осында бір болшайбек ушитіл бар дейді ғой, – деді шешем, таныс емес сөздерді бұрмалай сөйлеп, – баланы оқуға сол кісі алады екен. Бұрыннан жымиып тұрған Сəкен, ірі аппақ тістерін түгел көрсете күлді.
– Жүріңіз, – деп Сəкен бізді ертіп ішке кірді. – Іздеп жүрген болшайбегіңіз мен. Бұл балақайды оқуға алалық. 48 болыс қазақ елі қарайтын уездің орталығы Ақмоланың да өмірінде көрген қазақ мектебі осы еді. Менің де табалдырығын аттаған тұңғыш мектебім болатын бұл. Сондықтан да алғашқы мектептің əсері, жарыққа бастап өміршеңдікке баулыған тамаша ұстаздың өнегелі қылықтары өз алдына бір сала əңгіме. Мұнда оқудан сырт болған сол күндердің бірер көріністерін еске түсіре кету артықшылық емес. Қаңтардың орта шені, бір күні оқу біткен соң да класта отырыңқырап қалдым. Аспан ашық, желсіз күн шытқыл аяз. Көше қары тапталған теп-тегіс. Белді қайыс белбеумен буып, ескі тонмен жүретінмін. Мектеп қаланың Слаботка деген бөлегіне таман шеткері еді. Көп ұзағам жоқ, мектептен шыққаным сол, бұрыштан айнала берісте жалтыраған əмірқан бұлғарыдан əдемі қабы бар алтыатар мылтық жатыр. Ала сала қойныма тығып жібердім. Ілгері қарай жүріп барып тоқтадым. Сəкенді мұғалім демей, учитель дейтінбіз. Мұны учитель ағаға бергенім дұрыс деген ой келді де, бұрыла тарттым. Менен бұрын шыққан оқушы Жəркеш Байнаурызов əудем жерде ілгері кетіп бара жатқан. Менің бірнəрсе тауып алғанымды ол байқап қалған екен. – Əй, ол не, көрсет, – деп дауыстады. – Кітап, учительге табыс етем, – деп тұра жөнелдім. Жəркеш аз тұрды да жүріп кетті. Мен есік қақтым. Бөлмеге сықырлап кимелей кірдім. Учитель жалғыз екен, қолында газеті бар, маған қарсы жүрді. – Əй, немене, киіп-жарып келе жатқаның, – деді жылуармен. Мен асып-сасып, тапқанымды қойнымнан суырып алып, ұстата бердім. Сəкен мылтықты қабынан суырып алды. Көгілдір болат, адамның жүзі көрінетін, жап-жаңа. – Мынау наган ғой, қайдан алдың, – деді ол таңырқап. – Тауып алдым, ешқайда бұрылмастан сізге əкелдім, – дедім мен олжамнан көз алмай тұрып. – Адыраңдаған алаңғасардың бірі ғой түсіріп алған, – деді ол күліп. – Бұл қолға түспейтін зат. Маған керек-ақ еді сен мұны ешкімге айтушы болма!..
– Жарайды, тіпті апама да айтпайын, – дедім мен. Солай, ешкімге айтпадым да. Қараңғы суық зынданды Жатақ қылды тəніміз. Қылыштың жүзі, мылтықтың Аузында болды жанымыз, Бір шұңқыр су, түйір нан Үйреншікті ас болды. Күл, көмір, қиқым, тоң төсек, Жастығымыз тас болды. 1918 жылғы мамырдың аяқ шенінде Сібірдің басқа да қалаларындағы тəрізді, Ақмолада да Совет өкіметі құлады. Контрреволюциялық переворот кезінде Сəкен пəтерінде, жұмыс үстінде отыр еді. Хабар келді. Бочек қызыл гвардияға бұйрық берді, аттырмады. Совдеп алынды. Қашу керек делінді. Сəкен көнбеді. Жолдастарды жау қолына тастап, қашып кету, ант бұзған – барып тұрған опасыздық деді Сəкен. Ол дереу киімдерін, өзіне тəн заттарын, кітаптарын жинастырды. Керекті документтерін тығып, көп қағазды жақтырды. Төл наганын алды да оғын түгендеді. Запас оқтары да бар екен. Сол сəтте үй иесі, орта жастағы əйел: – Шырағым-ай, кетіп қалсаң етті, – деді көзінен жасы мөлтілдеп. – Жолдастармен хабарласпай қайда кетем, – деді сұрланып алған Сəкен. – Мейлі келсін. Келгенін мен өлтірем, олар сонсоң жабылар. Мені де өлтірер. Əйел еңіреп жіберді. – Олай деме, шырағым. Бала-шағам бар ғой, менің үйімде өйте көрме, – деп мөлтілдеді ана. – Солай екен ғой, жарайды... Байғұс ана, – деді ол сабырмен, – мейлі, – деді де қалтасынан наганын алып үстелге қойды. – Ойбай, келіп қалды ғой, – деді кіреберістен естілген дауыс.
– Қарсылық пайдасыз, бəрі қолға түсті, – деп тақылдады мылтықты екі солдатты алдына сала кірген адам, – сіз тұтқындалдыңыз. – Солдаттар Сəкенді ортаға ала мылтықтарын сарт ұстап тұра қалысты. Сəкеннің үстінде қызыл көйлегі, ешкімге қарамай қозғалыссыз тұр. Сəйгел тиген сиырша танаулары делеңдеп, кие-жара кірген қаланың бай саудагерлері Шəріп Ялимов пен Аймағамбет Нөсершин. – Неге кідіріп қалдыңыздар, – деп бажылдады. Бөшкеге ұқсас, мес те тапал Аймағамбетті жұрт Тəшти дейтін. Ол келеақ Сəкенді шаштан алмақ болып тырбаңдап еді, Сəкеннің асқақ басына бойы жетпеді. Көздерін сəл жұмыңқырап, астыңғы ернін жымыра тістеп тұрған Сəкен болар-болмас жымиып еді. Солдаттар да езу тартты. Шермендеген Тəшти бір қадам үстелге қарай ойысты да, үстел үстіндегі наганды қалтасына сүңгітіп жіберді. – Қара, бас имеуін, мізбағар емес, – деді тістене сөйлеп, Сəкеннің жауырынын ала қамшымен тартты-ай келіп. – Ұрып қалыңыз, Сізге менің қылғаным көп еді, – деді маңдай алдынан көз алмай тұрған Сəкен, онан сайын ажуалай жымиып. Арқасын осып түскен қамшыны ол мүлде сезбегендей, сескену, түршігу, қабақ шыту сезімін байқатпай қозғалыссыз тұра берді. Тəшти Сəкенді қайталап ұратын еді, бірақ ұра алмады. Теріс айналып кетті. – Қарсылық жасаған жоқ қой... – деп қалды солдаттың бірі. – Қарсылығын жасап болған бұл найсап, – деді Тəшти үйді тінтушілерге қолғабысын тигізе бастап. Ялимов қағаз, кітап, фотосуреттерді будыратып үстел үстіне шығарып болып, енді киімдердің қалталарын тəптіштеп қарап жатыр. Келіп Сəкеннің өн бойын қарап шықты. – Құртқан екенсің бəрін, – деді ол да Сəкенге кіжініп, – таптыртамыз, табасың, – деді тұтқынды алақанмен жақтан тартып-тартып жіберіп. Сəкенде ешқандай жасқаныш, кірпік қағу, қозғалып, рең өзгертіс болған жоқ. Алғашқыда бастап кіріп, Сəкенге тұтқындау жариялаған казак-орыс үнсіз де қозғалыссыз, барлық көріністің айғағы ғана болып тұр.
Тінтушілер тапқан-таянғанын буып-түйіп болдық дегенді аңғартты. Төртеу-бесеуі Сəкенді ортаға ала түйдек шықты. Еңбекші халық сол бір тұста өздерінің аса сүйікті аяулы азаматынан осылай айрылған еді, бірақ ол уақытша айрылыс болған-ды. 1920 жылғы сəуірдің бас шенінде Ақмоланың уездік чекасына Тəшти мен Ш. Ялимов шақырылды. Сол переворот күнгі дүрбелеңде бұлар сотқарлардың маңдай алдында жүрді. Большевиктерді дүрелеп, мүліктерін талап, тонасты. Бірақ онда бұлар көптің бірі, істеген айуандықтары есепте емес. Онан соң Колчак үкіметіне қызмет те етті бұлар, шаруалар көтерілістерін қырып-жойып басуға да қатыстары бар, мұнысынан қорқып тұрған жоқ, Колчакқа қызмет еткендер көп, көтерілісшілерді басуға қатысқандар да аз емес. Байқапақ жүр. Мұндайлардың бəр-бəрін іздестіру, зерттеу ескеріле қоймайтын тəрізді. Міне, келмеске кетті делінген Сəкен де келген. Ол уездің екі-үш бастығының бірі. Дегенін істететін алапатты адам, табанды большевик. Мына екі белогвардеец бұдан қалай құтылмақшы. Бұлар оны өз қолдарымен тұтқындады, ұрды, тонады. Бұлтаруға жол жоқ, өлген жеріміз осы десті өздері де. Бұлар қалай кешір дей алады, ол қалайша кешірмек. Чекаға келген Ялимов пен Тəштиді бір бөлмеге кіргізді. Кіре бере екеуі қалшиып тұрып қалды. Ұясынан шығып кете жаздаған көздері бажырайып, бойлары қалтырап, иектері кемсеңдеп, қолдарын қусырып, бастарын тұқыртып шұлғи берді, тілдері күрмелген, үн шығара алар емес. Жарық, кең бөлменің төрінде Сəкен отыр. Сымбатты, маңғаз тұлға, толқынды қара бұйра шаш, жарты қарыс кең маңдай, мөлдіреген үлкен көз, жебелі мұрт, қара костюм, ақ көйлек, онда көргендерінен гөрі толысқан, келбеттенген, келісті-ақ. Мұны абақты қысымын көрді, сан рет дүреленді, азап вагонында өлім аузында болды, лагерьде аштық пен сүзектің шеңгеліне түсті, қашқындық сүргінінде екі мың шақырымнан аса жер жаяу жүріп, азап атаулыны басынан кешірген деп кім айтар...
Бөлме жым-жырт. Сəлден соң Сəкен орнынан тұрды. – Амансыздар ма, – деді ол болмашы езу тартып, – отырыңыздар. – Сəкенжан, – деді де Тəшти өкіре еденге етпетінен түсті. Тілге келе алмады, Сəкеннің алдына Шəріп те тізерлеп шөге қалды, – өз қолыңмен өлтір, атпа, тіке бауызда мен есекті, не істесең де ризамын. – Мен доңызды да сойғыз, – деді Ялимов та жыламсырап. – Тұрыңыздар, – деді Сəкен түсін суытып, – мен қасапшы емеспін, сіздерді сойып, бауыздайтын. Қаруын тастап, дұшпандығынан безіп, қолға түскен жауға кек сақталмайды, өлтірілмейсіздер, жүре беріңіздер тірі. – Енді тыңдаңыздар, – деді Сəкен күле сөйлеп, олар еденнен тұрып, көз жастарын сүртіп, рақмет алғыстарын жаудырып болған соң. – Сол мылтықты қан майданға шығарда маған бір «тəңірінің» өзі көктен тастаған еді, ол ақтың да, қызылдың да наганы емес, ал сіздер оны ешқайда жіберген жоқсыздар. Осы екеулеріңіздің біреулеріңізде, соны өзіме қайтып бересіздер, басқа затымды сұрамаймын. Осымен есеп айырысамыз. Тəшти қасындағыға қарады, Шəріп оны түртіп қалды да, сен айт дегенді аңғартып, ым қақты. – Иə, Сəкенжан, наганың бар, бізде, əдейі өзіңе берейік деп сақтап жүр едік, – деді Тəшти ебетейсіз сасқалақтап, – сол қалпы, майлап, жабағыға орап қойғам, оғы да түгел, үй жақын ғой, қазір əкеле қояйын, – деді де, бортаңдап тұра-ақ жөнелді. Сəкен күліп, оның артынан біраз қарап тұрды да, ерсілі-қарсылы жүрді. Сонша болған жоқ, Тəшти де кірді. Ешқандай кіршігі жоқ жалтылдап тұрған көкшіл наганды Сəкеннің алдына қойды. Сол минутта бөлмеге Чека бастығы Логачев кірді. Сəкен оған қарап күлді. – Бар екен, міне, – деп оған үстелдегі наганды көрсетті. – Бұл оңбағандарды, тек осы үшін ғана атып тастар едім, – деді Чека бастығы ызбарланып, – жарайды, бақытты неме екенсіңдер, жүре беріңдер.
Захар КАТЧЕНКО Ақмола совдепінің тұңғыш председателі ДОС, СЕРІК Туған елінде жалынды революционер əрі атақты жазушы Сəкен Сейфуллиннің 70 жасқа толу мерекесі тойланып жатқан кезде мен 1917 – 1920 жылдары Ақмолада, Омбыда, Қарағандыда, республиканың тағы басқа жерлерінде болған революциялық оқиғаларды еске түсіріп, сол жайларды тағы да бастан өткізгендей боламын. Қазіргі Целиноград, бұрынғы Ақмолаға мен 1917 жылдың қараша айының соңына таман Омбыдан келген болатынмын. Ақмолада Кривогузов, Монин сияқты большевиктермен жолықтым. Тезірек актив жиналысын шақырып, Совет өкіметін орнату жолында көпшілік арасында қауырт жұмыс істеу қажет болды. Əлі есімде, орысы бар, қазағы бар 30 адам жиылдық. Сəкен Сейфуллинмен осы жиында таныстым. Сұңғақ бойлы, қап-қара төгілген қалың шашты, жылы жүзді, сымбатты жас жігіт – Сəкен бір көргеннен-ақ адамды өзіне тартып алады. Жиналыста 11 – 13 адамнан большевиктік комитет құрылды, онын құрамында Сəкен Сейфуллин жəне мен де бармын. Жаңа комитет «Империалистік соғыс жойылсын!», «Шаруаларға жер берілсін!», «Совет өкіметі үшін!» деген большевиктік ұрандарды еңбекшілерге түсіндірді. Митингілерде, адамдармен əңгімеде біз оларға шындық көзін аштық. Қалалық жиналыс өткізіліп, оған кедейлер, орта шаруалар, бұрынғы майданға қатысушылар шақырылды. Большевиктер өздерінің сөзінде патша жендеттерінің тас-талқанын шығарып əшкереледі. Сəкен Сейфуллин мен Бəкен Серікбасвтың байлар мен алашордашыларды түйреген мірдің оғындай өткір сөздері əлі құлағымда. Жиналғандар «Контрреволюционерлер өкіметті халық қалаулыларына тапсырсын!» деген қаулы алды.
1918 жылдың 15 – 18 ақпанында еңбекшілер депутаттары Советінің 1-ақмолалық уездік съезі болды. Съезде Сейфуллиннің ұсынысы бойынша мемлекет есебінен жаппай сауаттандыру жəне мектептер салу жөнінде қаулының ең басты пункті қабылданды. Еңбекшілер депутаттары Советінің жаңа атқару комитеті Сейфуллинді уездік бірінші халық ағарту комиссары етіп сайлады. Еңбекшілер депутаттарының Ақмола советі жаңа өкіметтің толық жеңісі жолында жан-жақты жұмыстар жүргізді. Бірақ жасырынған контрреволюционерлер тыныш таппай, астыртын əрекет жүргізіп, 1918 жылғы маусымның 2-нен 3-не қараған түнде 300-ге жуық большевиктер мен оларға жақтастарды қамауға алды. Сəкен алда, одан 20 қадамдай жерде мен келемін. Сол арада аттылы екі қазақ байы Сəкенге екі жақтан жабысып, шашынан жұлып, қайта-қайта соқтықты. Тұла бойы қанға малынған Сəкен сонда да былқ етпей, тəкаппар шалқая басып, жүріп кетті. Мені де ұрды, ақыры бір жерге апарып қамағанда, бұрын қамалған жолдастар бізді танымай қалды. Біздің осынша тартқан азабымыз байлар мен шонжарларға аз көрінсе керек, олар өздерінше сот құрып, арамыздағы ең белсенді деген 15-імізді атпақ болды. Оның ішінде Сəкен Сейфуллин мен Бəкен Серікбаев, Дризго, Авдеев, Кривогуз тағы басқалары бар. Бірақ сұмдық сот іске асырылмады. Ақмола тұрғыны, юрист Буевтің ара түсуі, ашынған дұшпандарымыздың қара пиғылын іске асыруына бөгет болды. Қамауға алынған күннің ертеңіне бізді түрмеге отырғызды. Ал біраз уақыттан соң елу алты адамды аяқ-қолын кісендеп, арбамен 500 шақырым жердегі Петропавловскіге айдады. Арба деген аты болмаса, көбіне жаяу жүреміз, он тоғызыншы жылдың қысы қатты болды. Жол-жөнекей түнейтін жерлеріміз де азынаған суық қоралар. Жолда бізді офицерлер тағы атып тастамақ болды, бірақ ат айдаушылардың қарсыласуымен аман қалдық. Петропавловскіге 18 күн дегенде зорға жеттік. Бəрімізді аңлау-саңлау азынаған екі суық вагонға əкеліп қамады. Сəкен
кейіннен ол туралы «Атаман Анненковтын ажал вагонында» деп жазды. Біз Сəкен, Бəкен Серікбаев, Дризго, Авдеев бір вагонда болдық. Көрген азабымызды тілмен айтып жеткізу қиын. Нансыз, сусыз, суық вагонда үш тəулікке дейін отырған кездеріміз болды. Жолдастарымыздың жетеуі өлді, солардың ішінде Сəкен екеуміздің аяулы досымыз – Бəкен Серікбаев та бар. «Ажал вагонында» 48 күн болып, Омбыға да жеттік. Контрреволюциялық түрмеге əкеліп қамады. Лагерьде сүзек ауруы асқындап тұрды. Көптеген саяси тұтқындар ауру мен аштықтан баудай қырылып жатты. Сəкен жəне бірнеше адамдар ауру достарымызға қайтсек қол ұшын береміз, қайтсек ажал шеңгелінен босатамыз деумен болдық. Қоймай жүріп лагерь комендантын ауруларға анда-санда дəрі-дəрмек, нан алып келу үшін сыртқа шығуға бізге рұқсат беруге көндірдік. Оған мен баратын болдым. Екі рет қалаға шықтым, ал келесі бір жолы өзіммен бірге Сəкенді де алып жүруге қарауылды көндірдім. Сөйтіп, бізге таныс жолдас Мұқан Айтбеновтікіне кіріп шығуға мүмкіндік туды. Ол бізге көмектеспекші болды. Омбының жасырын большевиктері лагерьден қоқым-соқым алып шығатын шанашылармен келісіп, бірнеше жолдастарды қамаудан құтқарды. Сəкен де солай қашып шықты. Қоқым-соқым тиелген арбаға Сəкенді өзім жасырдым. Арбакеш бірінші күзетшіден өтіп, екінші күзетшіге таянған кезде, үстіне салмақ батқан Сəкен қозғалса керек, арбадан кесек мұз түсіп қалды, осыдан ба күзетші қоқым арасына қылышын сұғып кеп қалғаны. Бақылап тұрған біз жүрегіміз жарылып кете жаздады. Сəкен өлген шығар деп едік... Сейфуллин сияқты ерекше қайратты да қажырлы адам ғана ажал шыңырауынан осыншалық қатерлі тəуекел жасап қашып шығар еді. Дала қыраны бұғаудан босап, Жетісуға аттанды. Сəкеннен соң лагерьден мен де қашып шықтым. Бұрынғы Тобольск губерниясында партизандарға қосылып, Колчакқа соққы бердік. Сейфуллин екеуміз – ол оңтүстіктен, мен солтүстіктен туған Ақмоламызға 1920 жылы оралдық. Бойымыздағы боль-
шевиктік бар күш-жігерімізді аямай жұмсап, қайнаған қалың іске ерекше шабытпен кірісіп кеттік. 1920 жылдың қыркүйегінде Сəкенді жəне басқа делегаттарды Орынбордағы Қазақ ССР-інің бірінші Құрылтай съезіне шығарып салдым. Съезде ол Қазақ республикасы үкіметінің мүшесі болып сайланды. Аяулы досым Сəкеннің туған елі қазір қандай ғажап. Қазақ даласының гүлжазира əсем көрінісі, адамдарының шат-шадыман жарқын өмірі Сəкен Сейфуллиннің асыл арманының жүзеге асқанын дəлелдейді.
Серке ҚОЖАМҚҰЛОВ ӨНЕР ЖАНАШЫРЫ Сəкенді тұңғыш рет 1920 жылы 4 қараша күні көрдім. Бұл менің Орынборда оқып жүрген кезім. Сəкен біздің барлық ойын-сауықтарымызға үнемі қатынасып жүрді. Ол маған барлық кинотеатрларға, Орынбор орыс театрына пропуска бергізген еді. Орыс театр өнерін көр, келешегіңе берер көмек, əсері болар дейтін. Сəкен менен тақпақ өлеңдер тыңдап, жөн-жосық айтатын. Орынборда жүргенде 1920 жылы «Қызыл сұңқарларды» қойдық. Кейін 1925 жылы «Қызыл сұңқарларды» Қостанайда өзім сахнаға шығардым. Орынборда «Еңлік – Кебекті» қойғанда осы Сəбит Мұқанов Көбейді, мен Еспенбетті ойнадым. Осының бəрін Сəкен көзімен керіп, көп ризашылығын білдірген еді. 1926 жылы театр ашылғанда Сəкен біздің творчестволық жұмысымызға ақыл-кеңесін беріп отырды. Сəкен адамның барлық қасиетіне көңіл бөлуші еді. Алғаш рет мойныма галстук салып бір күні театрға келгенімде, міне осылай, актер деген басқаға үлгі болып жүру керек деп, бек қуанып қалды. Қазақ театрының алғашқы актерлері: Қалибек, Құрманбек, Елубай, Күлəштардың Сəкеннен алған əсері, өнегеүлгілері аса көп. Біздің творчестволық өсуімізге Сəкен аға тигізген ықпал күшті. Ол нағыз көркемөнердің адамы болатын. Сəкен аға өнерпаз адамды бірден танып, одан барлық қамқорлығын аямайтын. Марқұм күйші Əбікен Хасеновты театрға алдырған да Сəкен. Бейімбеттің «Майдан» атты пьесасын театрда алғаш оқығанда алдымен құттықтап сөйлеген де Сəкен еді. Бейімбетті «бұл біздің Гоголіміз ғой» деп мақтағаны əлі есімде. Ол өзінің ойын бірден үзіп-кесіп бір-ақ айтатын, шын көңілмен, жанашырлықпен айтып салатын. Сондықтан да оның сөзіне ешкім ренжімейтін еді. Менің творчестволық өсуіме Бейімбет, Ілияс, Мұхтардың ықпалы зор болса, сондай жақсы ағалардың бірі Сəкен еді.
Қапан БАДЫРОВ АҚЫЛШЫ 1922 жылы мен Орынбор қаласындағы қазақтың халық ағарту институтында оқитынмын. Сəкенді алғаш осы қалада көрдім. Сол жылдары Орынбордағы ойын-сауық, мəдениет жұмысының орталығы біздің институт болатын. Мейрам күндеріне кіші-гірім пьесалар қойып, концерт беріп, қаланың Сəкен бастаған бар интеллигенттері жиналып қатысатын «Шығыс кештерін» өткізіп жүрдік. Бұл кештер Свердлов атындағы клубта өтетін. Бір жолы Жақсылықов Меңетайдың басқаруымен Кенжеғали Абдуллинның «Қажымас Қарашаш» атты пьесасын қойып, соған мен артист болып қатыстым. Бұдан түскен қаржыны «Өртең» газетінің (5 – 6 номері шығып жабылды) пайдасына бермекке ұйғардық. Концерт программасы жөнінде əртүрлі пікір боп отыратын. Осындай кездерде Сəкен аға кім қандай əн салса да, сол əннің кімнің əні екенін, оның неге арналып айтылғанын жəне басқа деректерді дəлелге келтіріп айтып беретін. Ол əрбір əннің əсемдік қасиетін, көркемділігін бағалай білуге үйрететін еді. Ол күнгі ойын-сауық, думанды кештің ұйтқысы өзіміздің Елубай Өмірзақов еді. Елубайдың өнеріне өте риза болған Сəкен: «Елден шыққан, аршылмай жатқан алтын қазына осылар ғой. Бұндайлар бір емес, мың ғой. Осылардың басын қосатын орын шіркін-ай, театр болса» – деп арман ететін-ді. 1923 жылы қысқы демалыс кезінде институт директоры студенттерге би үйрету мақсатымен бірқатар мүғалімін қызметке алды. Осыдан бір топ балалар би үйреніп, кейін үлкен кештерде топқа түсіп билеп жүргенімізді көрген Сəкен, зор мақтанышпен ризалығын білдіргені əлі есімде. «Бірыңғай өздерің билей бермей, бұған қыздарды да көбірек тартыңдар» дейтін. 1936 жылы «Қызыл сұңқарлар» пьесасын біздің театрда режиссер М.Насонов қойды. Пьесаның өте қажет сол нұсқасы күні бүгінге дейін еш жерде жоқ, табылмай келеді.
Бір жолы Сəкеннің үйіне Насоновпен бірге еріп бардым. Насонов пьесадағы əйелдер жайында айтылған ерсілеу деген орысша сөздерді аздап жеңілдетуін сұрады. Сонда Сəкен: «Бұл сөздер бүгінгі біздер айтып отырған сөздер емес, революция кезінде ақтың мас офицерлерінің айтқан сөздері, олардың ой-пікірлері солай. Бұны өзгертіп, басқа сөз салудың қажеті жоқ. Үйтіп пьесадағы кейіпкерлер характерін əлсіретуге болмайды» деп, режиссердің бұл байыптауы қате екенін көптеген мысалдармен дəлелдеп берді. Сəкен ағаның өнерге деген қамқорлығы күшті еді. Сондайақ өзі де өнер сипаты мен өзгешелігін жетік білетін еді. Осы күнге дейін əрбір жаңа рөлді ойнарда Сəкен кеңестері ойыма оралады да, ширыға түсемін.
Елубай ӨМІРЗАҚОВ ЖОМАРТ ЖҮРЕК СЕНІМІ Шалқыған біздің жақтың көлдері бар, Ағашты, биік таулы жерлері бар. Өзен, су, көлдер жайлап тау қыстайтын, Меймандос берекелі елдері бар. Думанды шалқар көлдері-ай, Еркін дала белдері-ай. Қаздай қатар мыңғырып, Тізіліп көшкен елдері-ай. А-ай, Сарыарқа, Елің алыс, Қалды шалыс, Жат жерде талай елмен болдық таныс. Сəкен ағаның қуғында жүрген кезінде шығарған əні екен. Мен бұл өлең жолдарын алғаш рет, 1923 жылы «Қызыл Қазақстан» журналынан оқып, жаттап алған едім. Оның қысқа тарихы былай басталады. Өмірге көзімді ашып, үлкен өнер жолына түсуіме себепші болып жəрдемін тигізген адам – марқұм Бейімбет Майлин. Бейімбет мені 1921 жылы Қостанайдағы милициялар даярлайтын алты айлық курсқа жіберді. Оқуды бітірісімен Енеске келіп қызмет істедім. Ал жұмыстан қолым бос кездерінде мектеп оқушылары арасында көркем үйірме ұйымдастырып ойын-сауық кештерін өткізіп жүрдім. 1923 жылдың сəуір айында Бейімбет Қостанайдан маған хат жəне жаңағы Сəкен ағаның «Сарыарқа» өлеңі бар «Қызыл Қазақстан» журналын қоса жіберген екен. Хатта Бейімбет маған Орынборда жаңадан ашылған қазақтың халық ағартушылар институтына (КИНО) түсуіме жағдай жасап қойғандығын айтып, қайткенде де соған баруымды сұрапты. Сонымен мен 1923 жылы Орынборға келіп институтқа оқуға түстім. Институтқа түсуім де, «Сарыарқа» əні де менің келешектегі өміріме үлкен өзгеріс жасаған еді.
«Сарыарқа» менің домбыраға қосып айтатын ең сүйікті əніме айналды. Сонда, əттең осындай өлең жолдарын жазған адамды көрсем-ау деп армандаушы ем. Осы əнді қазір айтсам да Сəкенмен алғашқы кездескенім, оның сұлу тұлғасы көз алдыма елестеп кетеді. Ақын ағаны тұңғыш рет сол институт қабырғасында кездестірдім: Иса Байзақов, Тайыр Жароков, Қапан Бадыров, Сейфулла Байғожин, Жүсіпбек Оспанов, Əбілқай Абдуллиндер болатын. Бір күнгі сауық кешінен кейін Сəкен ағамен жүзбе-жүз кездесіп қалдым. Сəлем беріп өзімді таныстыра бастап едім. «Қарағым, ойынконцертіңді көріп жүрмін, сені білемін ғой» дегені. Мен не айтарымды білмей аңырып тұрып қалдым. Ер жігіттің нағыз көріктісі екен, дауысы қандай десеңші! Сол сəтте «Сарыарқа» өлеңіндегі жігіт сымбаты көз алдыма елестей кетті. «Ер-палуан, əншіл-сері» сұңқар жігіт өзіңсің, өзің екенсің ғой, Сəкен аға, дегім келді. Сол 1923 жылдан бастап Сəкен ағамен достасып кеттім. Мен институтта оқып жүрген кезімде партия қатарына кіруге ячейкаға арыз берген едім. Ол кезде партия қатарындағы адамдар аз болатын. Маған куəлік беретін кісі табылмады. Сонда тағы да үлкен сенім білдіріп, достық қолын ұсынған Сəкен. Сонымен 1925 жылы Сəкен Сейфуллин, Əліби Жанкелдин, Смақұл Садуақасов, Молдағали Жолдыбаев жолдастардың куəліктерімен партия қатарына өттім. Сол жылы театрға келіп қызметке орналасқаннан кейін, көп кешікпей партия қатарын тазартудың алғашқы науқаны басталды. Алдағы болатын партия жиналысына маған куəлік берген бір адамның қатынасуы, мен туралы сөйлеуі тиіс еді. Мен тағы да Сəкен ағаның көмегіне мұқтаж болдым. Сəкеннің үйінің қасына келсем де, кіруге ұялып, терезенің алдынан үш-төрт рет өттім. Терезеден мені көріп қалған ол «Елубай үйге неге кірмейсің, жай ма?» – деді. Мен жайымды айттым. Ертеңінде ол мені жиналысқа өзі ертіп барды. Жəне жиналыс басқарушыларынан: «Алдымен Елубайды жіберіңдер, оның театрда ойыны бар ғой жəне оған бірінші куəлік берген менмін, алдымен сөзді маған беріңдер» деді.
Отырғандар Сəкен сөзін ду қолшапалақтаумен қарсы алысты. Маған көп сұрақ қойған жоқ. Бұл Сəкен ағаның мен туралы берген екінші куəлігі десе де болғандай. Біздің театрдың актерлері Сəкен ағамен оның «Қызыл сұңқарлар» пъесасын дайындау кезінде жақынырақ танысты. Спектакльді қойған Жұмат Шанин. Бірақ Сəкен көптеген репетицияларға өзі қатынасып, пьеса оқиғасы жөнінде, жекелеген кейіпкерлердің характері туралы көптеген түсініктер беріп отыратын. Жалғыз бұл ғана емес-ау, ол театрдың мəдени өмірімізде атқарар міндетін де сөз ететін. Шынайы үлкен өнер жасауға шақыратын. Бір ғажабы, оның театрға келуінің өзі үлкен бір оқиға еді. Сəкен ағаның со бір сымбатты тұрысынан, ажарынан өзіңе нұр алғандай, айтқан сөзінен көкірегіңе сана құйылғандай болатынсың. Үлкен ғибрат алушы ек, оны бек құрметтеуші ек, өйткені ол əндерді, өнер адамдарын жақсы түсінетін, сыйлайтын дархан көңілді ақын еді. Сəкен ағамен өткізген бір түн əлі есімде. Жаздың бір самалды кешінде біз терезені ашып тастап, əн шырқап ақын аға төрінде отырғанбыз. Күйші Əбікен Хасенов пен мені Сəкен қонаққа шақырған еді. Бізбен бірге менің институттағы ұстазым Молдағали Жолдыбаев та болды. Сəкен: «Молдеке, сіз театрға көп бара бермейсіз, шəкіртіңізді тыңдап көр» деп маған алдымен сүйікті «Сарыарқасын» айтқызған еді. Аяңшыл ақ боз атпен айлы түнде сылаңдатып келе жатқан жас жігіттің тау күңіренте салған махаббат əні Сəкен ағаның сұлу кескініне сүйкімді күлкі ұялататын. Өзіне ғана жарасты күлкі еді бір. Əбекең «Сарыжайлау» мен «Сылқылдақты» тартқанда, «Көкейкестіге» басқанда көңілі қатты толқып үнсіз отырып қалатын. «Күй» төресі осы-ау, осы ғой» дей беретін. Сол түні ардақты аға ұнататын талай əсем əн мен асқақ күйлер шертілген, айтылған еді. Сол түн есіме түссе «Сарыарқаны» шырқағым келеді. Дəл өзінің алдында отырғандағыдай: Жеріне біздің жақтың лайық ері. Ер-палуан, оңшыл-мерген əншіл сері.
Жасынан жүйрік мініп өскен бұлан, Жау жүрек, ер көңілді жігіттері. Сілтеуші ек құлаш тұлпардай, Жазушы ек қанат сұңқардай, Асауменен алысып, Қашағанды құтқармай, Ай-ай, Сарыарқа, Елің алыс, Қалды шалыс Жат жерде талай елмен болдық таныс. деп шырқап, Сəкеннің өз өлеңімен өз тұлғасын жасағым келеді. Ол шын мəнісінде елін, жерін, халқын сүйген, оның бақытты өмірі үшін бітіспес күрестің тар жол, тайғақ кешулерінен өткен нағыз халық перзенті еді. Абзал аға маған үлкен сеніммен қарап, бірінші болып лениндік партияның мүшесі болуыма куəлік берді. Мен ұзақ жылдар бойы сол Сəкен артқан сенімді ақтауға тырыстым.
Болат ҚАЛИЕВ ОРАЛ ДƏПТЕРІ 1923 жылдың аяқ шенінде Сəкен Оралға сайлау науқанын өткізумен бірге, əдеби творчестволық сапармен келген-ді. Бұл тұста ол өзінің атақты романы «Тар жол, тайғақ кешуді» жаза бастаған болатын. Күрделі шығармаға күрмеу боларлық материалдар, деректер іздеу мақсатымен шыққан Сəкен келген бетте бірден Жымпитыға тартты. Сəкеннің Оралға келуі оған үлкен əдеби шабыт туғызды. Ол осы сапарынан алдымен бірнеше жол-жөнекей очерктер жазды. Олары: «Орал губерниясы», «Жымпиты уезі – алашорда ойнағы», «Орал қаласы» деп аталады. «Тар жол, тайғақ кешудің» «Орал облысында», «Алаш ханның үйінде», «Батыс Қазақстан «хан» болғылары келеді», «Қаратөбе съезі», «Қаратөбе съезінен кейін Орал аймағында» жəне «Тұңғыш қазақ офицерлері» деген бөлімдері жазушының осы сапарында жинаған материалдарынан тұрады. Сəкен мемлекеттік маңызы зор жұмыстарды атқару үстінде де ақындық шабыттан кол үзіп көрген емес. Əрине, оның өлеңді белгілі толғанысқа, көңіл тасқынына, саяси оқиғаға жазатыны анық. Сəкенді өмірден алған əсер ғана шабыттандыра алатын еді. Автомобиль мініп, ауыл аралағанда оның машинасын елдегі қазақтар құмарта көреді. Ауыл адамдары автомашина ауласында тұрса да, жолда кездессе де, оған таң-тамаша қалады. «Біз келіп сыдыртып өтіп шығамыз. Кейбіреуі аңырайып қала береді. Кейбіреулері айқай салып, қолын сілтеп қалады» деп суреттейді. Ал осының бəрі Сəкенге «Автомобиль» деген ұзақ толғауын жазуға себепкер болды. Толғау 1923 жылы 14 қараша күні Орал қаласында жазылды. Сарыарқа сорлы сары бел, Үйренер ме өнерге?
Сорлы кедей, надан ел, Қатарға жылдам енер ме? Автомобиль, далаға Қаттырақ шығар шуыңды Өнерге шақыр – қалаға, Кейінгі жас буынды... Елу екі шумақтан тұратын бұл толғауында азамат ақын автомобильдің бұқара халық игілігіне тегіс асатын қазіргі кезеңді аңсап еді. Сəкеннің ұлы көсеміміз Ленинге арнаған өлеңі де Орал қаласында туды. Советтердің губерниялық V съезі өтіп жатқан кезде Лениннің денсаулығы жөнінде делегаттарға хабарлама жасау жəне оның тез айығып кетуіне тілектестік білдірілген телеграмма жіберу салтанаты Сəкеннің ұлы көсемге деген махаббатын бұрынғыдан бетер арттыра түсті. Осы толғаныс үстінде – съезд жүріп жатқан 1923 жылдың 30 қараша күні «Ленин» деген өлеңін жазды. Пролетариаттың данышпан көсемінің образын, оның қазақ халқы үшін Шолпан жұлдыздай жарқырап тұрған бейнесін жазуға жаңа ырғақ, тың поэтикалық серпін керек еді. Асыл сөздің шебері Сəкен ондай ерекшелікті де таба білді. Осындай саяси мəні зор, əдеби дəрежесі жоғары, сөз ырғағы жаңаша жазылған өлеңнің революциялық дəстүрлерге толы біздің қаламызда жазылғанын да оралдықтар мақтаныш көреді. Халқымыздың ардақты ұлы Сəкен Оралға келген сапарында мемлекеттік қыруар қызмет атқарды, өндіріп əдеби еңбектер жазды. Жазушының Орал дəптерлері бай да, қызықты да.
Ғұсман АХМЕТОВ ЖЫМПИТЫДАҒЫ КЕЗДЕСУ – Жымпитыға Сейфуллин Сəкен келе жатыр! – деген хабар ауыл-аймаққа лезде тарады. Ол кез Сəкеннің мемлекеттік қайраткер ретінде де, ақын ретінде де аты шығып тұрған кезі. Көзімізбен көріп, сəті түссе ауызба-ауыз сөйлесуді армандап жүргеніміз рас. Мен, Бұлдырты болыстық атқару комитетінің председателі едім. Қасымда бірнеше жолдастарымыз бар, белгіленген күні Жымпитыға жетіп келдік. Сəкендер Жымпитыда екен, Ғазез Каримов деген татардың үйіне түсіпті. Қасында губерниялық атқару комитетінің председателі Киселев жолдас, губерниялық партия мектебінің бір мүшесі бар. Біз Сəкенмен келесі күні уездік партия комитетінің бірінші секретары Жəку Канаровтың кабинетінде кездестік. Кіріп келсек, Сəкен мен Киселев қастарында уездік атқару комитетінің біраз қызметкерлері бар бір істі қарап, қызу айтысып жатыр екен. Істің дəл не туралы екені қатерімде қалмапты. Атыжөнімді сұрап біліп алғаннан кейін Сəкен маған қарап: – Мына істі қарамай, бұл жүрісіңіз қай жүріс? – деп сұрады. Қапелімде дөйттеу сөйлейтін адам екен, ауызша сөзге онша шешен көрінбейді. Қарсы алдымда өзіміз көрсек деген үлкен қара көзді, ақ құба өңді, сұлу мұртты, ұзын бойлы Сəкен тұрды. Мен қысылып қалдым. Сонда да: – Бұл кісі мұндай арызының бар екенін маған айтқан жоқ, – деп ақталдым. Шынында да солай еді. – Сіз немене, болыс, уезд басшыларына жолықпастан төтелеп жүргеніңіз бе? – деп Сəкен арыз иесіне сынай қарады. – Əлде оларды менсінбегенің бе? Жақсы емес. Ауылға барғансын болыстық атқару комитетімен жете сөйлес. Сəкен бұдан кейін қабағын түйіп, ойланғандай біраз үнсіз отырды. Уездік съезге делегаттар келіп үлгермеді де, съезд 22 қазан күні ашылды. Оған Сəкенді ауылдың «зорлық қылды»,
«сайлауды теріс жүргізді» сияқты арыздары-ақ босатпай қойды. Соның өзінде де ол уақыт тауып, қаланы аралады, тұрғын халықпен, делегаттармен əңгімелесіп, танысып үлгерді. Баяндаманы Сəкен қазақша жасады. Баяндама тыңдаушыларға өте ұнады. Сəкеннің сөйлемдері маржандай таза екен. Орнын тауып жұмсалған əр сөз құлаққа жағымды естіліп жатты. Сəкен ауылдағы сауатсыздықты жоюға, балаларды оқуға беруге, əйелдерді совет ісіне көптеп тартуға, кедейлерге өкімет атынан жəрдем көрсетуге, қалың малға қарсы шығуға, баспасөзді кең таратуға шақырды. Үзіліс кезінде делегаттар Сəкенді қоршап алып, қызу əңгімелесті, түсінбеген сұрақтарын сұрады. Не керек əйтеуір Сəкен сол үш күн бойы делегаттармен ойнап-күліп жүрді, жұмысты қалай істеу, қай мəселеге баса назар қою керектігінен ақыл айтты. Сол бойда 12 адамның уездік атқару комитетінің жаңа құрамы бекітілді. Председателі Мəдияр Үмбеталин сайланды. Мүшелігіне Қалиолла Ізбасов, Үмбет Жаманов (СССР халық əртісі Роза Жаманованың əкесі), Темір Бекмəмбетов, Сермұқан Бекбатыров жəне мен ендім. Съезд 24 қазанда бітті. 23 қазан күні кеште уездік атқару комитетінің жəне партия комитетінің жігіттері бірігіп, ақынның «Қызыл сұңқарлар» пьесасын орындап бердік. Еркебұлан рөлінде С. Бекбатыров ойнаған еді. Біз бұл пьесаны бұдан бұрын да талай қойып берген болатынбыз. – Еркебұлан сөзін жігерлірек естірту керек. Ол халықтың өз өкіметін қорғауға көзін жеткізеді. Революция жолында біздің қандай қиын жолдардан өткенімізді білсін олар. Тағы бір айтарым, пьесаның табиғилығына біраз қиянат жасап жүрсіңдер-ау, – деп алды да, Сəкен бай Маштайдың сөзін өзі айтып, бізді қыран-топан күлкіге батырды. Содан кейін Сəкен көп кешіккен жоқ жолдастарымен Елек уезіне жүріп кетті. Жүрерінде де көп кеңес айтты, жаңа заманның жұмысын жаңаша істеу керек деп қатты ескертті. Біз кейін Сəкен айтқан кеңеске, аманатқа мұқият көңіл қойдық. Қазір содан бері 40 жылдан астам уақыт өтсе де, Сəкен-
нің қайрат-жігері, қай мезгілде болсын ұстамдылығы, төзімділігі, алғырлығы көз алдымнан кетпейді. Сəкеннің сол сапарда көргендері, білгендері оның «Тар жол, тайғақ кешу» романында айна-қатесіз көрсетілген. Сөз жоқ, Сəкен келгенде Жымпитының тұрмысы онша емес болатын. Елді «алшордашылар» қаптап кеткен еді. Солардың бəрі Сəкеннің «Жымпиты уезі – алашорданың ойнағы» деген мақаласында да қатты сынға алынған. Аяғында «Міне, Жымпитының сыдырып қарап өткендегі жайы осы. Қазіргі халі қайғылы. Бірақ қалай болғанмен Жымпиты уезі... байып, гүлденіп, болашағы зор түкпір» деп көрегендік, сенім білдіре жазды. Сəкен Жымпитыны бүгін көрсе! Шаруашылықтарымызды аралап, еңбекте ер атанған тұрғындарымен кеңессе. «Жарайсыңдар, жігіттер! Қарыштаған екенсіңдер. Біздің де күрескен ісіміз, арманымыз осы ғой!» – деп разы болар еді-ау деген ой оралады.
Мұхтар ƏУЕЗОВ «ҚЫЗЫЛ СҰҢҚАРЛАР» (Сын) Орынборда биылғы басылған кітаптардың ішінде «Қызыл сұңқарлар» деген Сейфуллиннің бір кітабы шықты. Бұл өзі пьеса. Бірақ бұл күнге шейін пьеса жазған жазушылар кітабына орынды, орынсыз болса да не комедия (күлкі), не драма (қайғылы хал), не трагедия (қанды оқиға) дегендей аттарды қоюшы еді. Соныменен бұл кітаптың негізі, мақсұты, беті бар кітаптан айырылушы еді1. Біздің жазушы кітабын жоғарғының қайсына қосарын білмей дағдарған ба, болмаса, ананың бəрі де өзінің бірақ кітабынан табылған ба (дұрысы соңғысы болса керек), əйтеуір пьеса деген жалпақ атты бір-ақ отырғызыпты. Бұл сөздерге қарап, оқушы шүбəланып жүрмесін, «Қызыл сұңқардың» пьеса екендігінде дау жоқ. Себебі сыртына қазақшаға түсінбесең міне орысшам дегендей қылып, қазақша, орысша да «пьеса» деп қойған2. Ал, кімде болса пьесалығына сендік, қазақтың тілінде жазылған, қазақ өмірінен алынған қазақ пьесасы дейік те қарап көрейік. Бұл күнге шейін дүние жүзінде жазылған пьесалардың мақсаты, бағыты, неше түрлі болғанымен бəрінің де əдебиет жолында амалсыздан бағынатын бір заңы бар. Ол: пьесаның ішінде сөзімен, мінезімен, ісімен кім екендігі анық 1 М.Əуезовтің бұл мақаласы «Шолпан» журналының 1922 жылғы 2 – 3 сандарында жарияланды. Мақала содан қайтып ешқайда басылып көрген жоқ. Елу томдық академиялық толық басылымға Сұңқар Жұртбаевтың кирилл һарпіне көшіруі негізінде жіберіліп отыр. «...бар кітаптан айырылушы еді» – басқа кітаптардан ерекшеленіп тұрушы еді – деген мағына береді. (Əуезов М.О. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 2-том. Ғылыми түсініктер. «Қызыл сұңқарлар» 335, 339-беттер). 2 «...пьеса деп қойған» – Бұл арада араб жəне кирилл һарпінен екі рет «пьеса» деп жазылғандығын айтып отыр.
көрінетін белгілі типтер шығару1. Біреу жақсылықтың үлгісі, біреу жаманшылықтың айнасы, біреу қорқақтықтың, біреу биліктің, біреу ақмақтықтың, біреу қаттылықтың тағы осы секілді көп мінездердің үлгісі болып көрінуіне керек. Сондай мінезімен көрінген адамдар арқылы бүтін бір таптың, бір таптың ішіндегі əр мінезді болып жаратылған адамдардың жақсы жағы да жаман жағы да көрінетін болуы керек. Сондықтан пьеса жазушылар əуелі типтерінің жайын ойлайды. «Қызыл сұңқарды» əуелі осы жағынан алайық: бұнда пікірлері бір болса да мінезімен, сөзімен, анда-сандағы ісімен бірінен-бірі айырылатын жеке-жеке адам бар ма? Қазақтығын, орыстығын былай қойғанда жеке-жеке əр адамның өзіне һас болған мінездерімен көрінетін революционерлер бар ма? Бұған жауап: «Қызыл сұңқарда» бөлек типтер жоқ, жалғыз Ахметқалидан басқасы бəрі бір-ақ адам, шынында Еркебұлан, Жұмаш, Жағыппар, Лозовой, Нестеров, ауырып қалғаны болмаса Бəйділда түгелімен бірі айтқан сөзді бірі айтатын тұтас бір-ақ адам емес пе? Бəрінің мінезін жиып келсек бір Еркебұланнан табылады, Лозовойдың мінезін алсаң бəрінен табылады. Бəрінің халі бір, пікірі бір, өмірі бір болғанымен де бірі оны ойлағанда, бірі мынаны ойлайды, бірі оны қиял қылғанда бірі басқаны қиял қылатын, сөйлессе ылғи біріне бірі (бас) шұлғи бермей, дауласатын да жерлері болады. Адам шын өмірін алсақ осындайдан құралады, бір кездескен он адамның бəрі бірден бір уақытта, ой ойлап, бір уақытта бір мінез істеп, бір уақытта бір-ақ нəрсені қиял қылады деу психология заңында бірінші рет қана айтылған сөз. Ол үшін бəйге тисе – біздің Сейфуллин алады. Əйтпесе, бəрі сөйлетіп қойған граммафон секілді, бəрін Сейфуллин бір-ақ қалпына соққан жансыз адамдар. Екінші: бұл пьеса қазақ өмірін көрсете ме, қазақ пьесасы екені таныла ма? Қазақ баласы осы кітаптың ішінде бар 1 «...белгілі типтер шығару» – жиынтық бейне, кейіпкер образын даралап беру.
ма? Менің ойымша, казақ пьесасы болып саналуы мүмкін емес. Жоғарыдағы айтқан əр геройлары түгелімен бір-ақ кісі болудың үстіне, оларда қазақтықтан һеш бір белгі де жоқ. Бұлардың құр сарнаған сөзінен басқа жайшылықтағы мінезі мен ісі көрінбегендіктен, əдеті мен жайшылықтағы əлді жері, əлсіз жері сезілмегендіктен, тегінде қандай екендігін білу де мүмкін емес. Сондықтан қазақтығын былай қойып, жеке ғана бір адам болғанда да кім екенін білу киын. Олай болса, пьесаны қазақтікі деп адасудың орны жоқ. Қазақтан кірген, артқы өмірі көмескілеу, бір тип – Ахметқали болса, ол мазақ есебінде көрсетілген. Орынсыз қылжақ Сықақтың қол жаулығы болған. Бəйділданың: «шынына келгенде құдай мен құмалақ өзі екеуі бірдей! Екеуі де əншейін сорлы жұртты алдауға жасаған былшыл», – деген сөзінен жоғарғының шындығы көрінеді. Қазақ өмірін көрсетпек болған ақырғы бөлім, қазақ өміріндегі Сейфуллиннің қиялы болмаса, анық өмірі емес. Қиял турасынан не айтуға болады. Кезі келіп шалқығанда футуризмге де апаратын қиялға біз не дейік. Бірақ пьесаның ішінде қазақ бар ма деген жерде айтатынымыз – барлық пьесаның ішінде Ахметқали мен Еркебұланның шешесінен басқа қазақ жоқ. Кітапта олар да тип болып көрінбейді. Ұзын өмір1 кітаптың бір-ақ беті (нен) ғана болымсыз сезіледі? Онан соңғы бір сөз декларацияны сипаттауда. Төртінші бөлімде: «Оң жақта анау биік таулар...» сөзден бастап сол беттің аяғына шейін ойын бөлмесінің сипаты кетеді2. Түгелімен поэтической описание. Пьесаның беті3, мақсұты үшін сонша тамылжытпақ болып əйгіленуі неге керек екенін жазушының өзі білмесе, оқушы біз, білмедік. Тағы бір сөз кітаптың бас геройы Еркебұланның аты туралы: бұл қазақта кез келмейтін ат. Мұнда қойылса – мақ1 «Ұзын өмір...» – бұл сөйлемде баспахананың терілімінен кеткен селкеулік бар. Жалпы, «ұзақ өмірдің көрінісі кітаптың бір-ақ бетінде баяндалған» – деген мағына береді. 2 «...сипаты кетеді» – сипатталады деген мағына береді. 3 «Пьесаның беті...» – шығарманың тақырыбы, бағыты деген мағынада қолданылып отыр.
сұтпен қойылған болуы керек. Сондағы мақсұт не? Бұл атта мырзалық пен серілік бар. Бұла болып, болпаш болып өскен, ерке жалғыздың сипаты бар, болмаса басы ауған жағына кететін сəйдік1 сипаты бар. Бірақ бұл атты ешуақытта еңбекшілдің қамқоры, от пен судың азабында жүрген бейнетқорға жабыстыруға болмайды. Ол болмаса, бұл адамның аузынан көбігін ағызып жүрген былшылдығы – бір келістігінен, бұлаңдығынан шыққан ғана уақытша бір мінез болуы керек. Онда негіздің жоқтығы білінеді. Əйтпесе, бұл кітаптың бəрі бастан-аяқ қазақ əдебиетінің ішіндегі еркелік пен шолжыңдық шығар. Еркебұлан деген атпен жазушы соны көрсетпек шығар. Тіпті болмаса бұланның кім екенін білдірмей жұртты сандалтып қуланғанша, өзі көрген кісілерінің шын атын атағаны дұрыс емес пе. Сонда өмірге жақын болмас па еді. Кітаптың шын мақсұты мен мағынасы да ұғылмас па еді? Осы себептерге қарағанда жазушы келешекте шынын айтар деген үміттеміз. Əзірше кітапта түгел көрінетін бір адам (законченный цельный тип) жоқтықтан, жазушының адам танымайтындығынан бар кісісі тұтасып, бір-ақ кісі болып кеткендіктен, екінші: адамдардың жан сипаты көрінбейтін жарты адамдар болғандығынан, үшінші: Еркебұлан деген ат сияқты һеш бір ойсыз, ақылға симайтын, қисындылық (целесообразность) дегеннен алыс тұрған қалыптарына қарағанда, бұл кітапты өзге жақтарынан сынау орынсыз деп білемін. Кітаптың бір мақсұты – агитация десек, онда да жоғарғы шарттарды орындап отырып агитация жүргізуге болады. Болмаса мұндайларды желігіп отырған жеңіл қолмен жазып жіберген реклама дейді. Оның ішінде, мақтанып кеткенін байқамай қалатын əңгүдіктік болады. Əйтпесе, не жазушылықтың, не жан сипатының (психология) адам баласы түгел қолданған заңдарына бағынбай, ауыздығымен алысып кеткен қисынсыздықтарына жоғарғыдан басқа себеп таба алмаймыз. 1 «...сəйдік» – толық ажыратылмаған сөз, сойқан, жеке жүрген адам деген мағына береді. «Салдық» – деген сөз болуы да мүмкін.
Өмірінің қызуы мен салқыны жоқ, ойы менен қыры жоқ, ұзақ бейнет, ауыр жаза, өлім қаупі болса да, бір-ақ сөз, бір-ақ іс, бір-ақ мінез, бір-ақ қиялда тұратын он шақты адам болады деп бұл күнге шейін һеш кім жазып көрген жоқ. Мұндай жандар болмайды. Сондықтан мұнда өмір жоқ, жан жоқ. Көбінесе шынға қосып бұлдырды аламыштаған пьеса. Бұл кітаптың болашағына келгенде айтатыным(мыз) сол: қазақ əдебиетінің жұрнағы болып ішінен орын алуы неғайып. Олай болса қызыл түсті сұңқар көрінгенше бұл кітаптың ішіндегі шала көрінген геройлардың сұңқарлығы да түсініксіз бола тұрар. «Қызыл сұңқарлар» туралы енді тілейтін тілегіміз: басында да өлі аруақ, тірі достың талайына сый есебінде арналған екен, оның үстіне Орынбордағы жиын сайын жиылушыларға сый деп үлестіріледі – дейді. Баяғының қазағы біріне бірі сыйға тауыстың бір тал құйрығын бергенде қуанысып алысады екен. Тек мына сыйымыз сол құйрықтай қуантуға жарап, сондай кəдірлі болғай еді. Қоңыр
Мұхтар ƏУЕЗОВ ШЫНШЫЛ, ТƏКАППАР АҚЫН Желісі үзілмей келген жиырма жылдық ақын жолы жеңіл жол емес. Күш-қуат, ой-сезім, істегі нəр атаулының барлығын қуаныш пен күйініш, қинау мен тебірену араларында, жалындай жанып ортаға салған жылдар. Бұл жолға барлық жас қуаты, өмірлік бейнеті, жүрек қаны сарп етілген. Осы күй əсіресе Сəкен басынан мол кешті. Еңбек дүниесінің күні тумай, шөл ғасырлардың кер заманы меңдеп тұрған күндерде шығып, тарихи сын күндерде кері кетпей, өмірдің өріне тарту, əуелгі адамның өзінде-ақ «оңай жол болайын» деген жоқ-ты. Осы жиырма жыл бойын басып озып отырған ақын еңбегіне сыншы да, тарихшы да емес, жай қатардағы оқушы есебінде көз жіберіп қарасаң өзгеде жоқ екі түрлі ерекше, ірі қасиеті басымдап айқындана шығады. Мұның біріншісі: жалтағы жоқ шыншылдығы. Екіншісі – ақындық тəкаппарлығы. Жай мінез молшылығын айтпаймын, ақындық еңбегінің сипатын айтам. Ең əуелі тəкаппарлық дегенге тоқтасақ: бұл сөз қазақ құлағына тосаң тиетін, өзінің нəрлі жақсы мағынасынан айрылған сөз еді. Оның тарихи себебі де бар еді. Отар күні ошарыла басқан құлдық күні болатын. Құлдық психологиясын елге мінез етіп басқалар: хан, төре, би, болыс, чиновник-тілмаш, ескішіл-байшыл ұлтшылдар етіп еді. Жалыну мен жағыну үстінде де өз күндерін кешіп еді. Адамның шын адам мүсінін көрсететін, өз басын «өзгеден кем емеспін, теңмін» деген сенім, санаға жеткізетін, қадірлі сипат-тəкаппарлық аналар тұсында сөнген, солған еді. Ол тіпті айыпты мінез, шам сөздің мағынасында қалып еді. Октябрь революциясы, Ленин жолы бізді, міне мақтандыратын, тəкаппарландыратын күнге жеткізіп, одақтық сүбе елінің бірі етті. Пролетариат революциясының басынан басталған партия тəрбиесі бүкіл дүние еңбекшілерімен қатар Қазақстан еңбекшілеріне де:
«дүниеге өзін, қожамын деп біл», «бұқпантайлама, өркөкірек бол» деп көптен баулып келеді. Əрбір елдің елдік қасиетінің іргесі соған тірелуші еді. Міне, біздің əдебиетте қаламның буыны беки бастағаннан бері қарай осы қасиетті берік ұстанған жалғыз ақын – Сəкен. Тəкəббірлікті жақсы мағынасында танытып, əдебиетте де, ой-санаға да сіңіріп келе жатқан еңбегі айқын. Жақсы мағынасында дегенді баса айтамын. Өйткені, «Арыстанмын», «Күнмін», «Пайғамбармын», – деп қоғамнан, тарихтан қағылып қалып, далада истерикамен жалғыз өзі шабынғандікін біз жаңағы айтып отырған тəкəббірлік демейміз, истерика дейміз. Ал, Сəкеннің ақындық асуларында, əр жотадан атой бергендей, тəкаппар сөз үндері: «жабы емеспіз, тұлпармыз», «құладын емес сұңқармыз» деп бұрынғы өткен тарихқа, бүгінгі оянған табыңа, езілген еңбекшілерге дабыл ұрады. Бұл сияқты тəкаппар үнінің өскелеңдеп, үндеп келген бір тұрғысы – «Альбатрос» заманының қасарысып соққан дауылына қасқиып ап, қанатымен қар сабап, қарыса ұшқан «Альбатрос» анау. Сұңқар «тұлпардың» екінші аты. Ол СССР – тəкаппарлықпен қарысқан СССР. Сəкен өзімен, өз басымен тəкаппарлық етпейді. Табымен, Отанымен тəкаппарлық етеді. Олардың да алысқа құлаш ұрған ізімен, қиынға самғаған қанат қағысымен тəкаппарлық етеді. Соны біздей бұрыннан ылғи жасандық, бəсеңдікпен келген елдің көкейіне көбірек сіңіріп, бүгінгі бақыт, теңдік күнінде өрлендіре, өршелендіре бастыртады. Ақындық еңбегінде мұндай өнімді сарын тауып отырған ақын, əрине, өзінің тарихтағы орны мен маңызын қамтамасыз еткен ақын болмақшы. Əр ақынның осындай өзіндік пішіні, осындай барлық еңбегімен туатын тұтас, үлкен қорытындысы болса екен дегізеді. Мұндай дұрыс жолдағы революциялық тəкаппарлық пен сол ақынды шығарған орта тəкаппарлана алады. Сəкен ақындығының екінші зор қасиеті – шыншылдығы. Оның шығармаларына біткен сезімнің барлығы да айқын, ашық. Тұтас бітімді, жоталы тұлғадан туатын көрнекті бү-
тіндігі бар сезімдер. Белгілі шығармаларынан өлеңін, əңгімесін, поэмасын алсақ – барлығында да сүюі мен ашуы, ырзалығы мен наразылығы, үміті мен күдігі əрқашан барынша шын сезімнің толқыны боп білінеді. Сонысымен əсерлі де, күшті боп шыға алады. Өз ішінде тұрған көңіл күйін оқушыға жеткізіп, қондырып ұқтыра алады. Лебімен тартатын өнімділік, ұтымдылық табады. Шыны қайда, өзі қайда екенін білдірмейтін, жаза баспайтын, ішіне тығынған кедір-бұдырсыз тақ-тақ жолдың ақыны Сəкен емес. Оның шыншылдығы қозып, жанып отыратын, буы білініп тұрған барынша шын сезім, шын жүрек шыншылдығы. Сондықтан мұның жолы əр адымын санап басқан кісінің жолы емес, ылдиы бар, өрі бар – шын өмір жолы, ыстық қанды нағыз ақын жолы. Тегінде мағыналы, өрісті, көш бастар, белге шығар үлкен еңбек туса осындай қайнар көзден шығуға лайық. Біздің бүгінгі əдебиеттің əлі заманымызға сай үлкен обобщениені жеке-жеке кесек, ірі шығарма түрінде бере алмай келе жатқаны мəлім. Жиырма жылды басып өтіп, күш-қуаты шын толған кезіне, кемеліне жеткен Сəкеннен енді сондай қорытынды еңбектерді күтеміз. Соны бере алады деп сенеміз.
Нəзір ТӨРЕҚҰЛОВ «АСАУ ТҰЛПАР» Таласпа, жаным-ай, Қолыңнан келмеске. Боларсың бақадай, Көп түссең егеске. Абайдан. (Сəкен) Садуақас Сейфоллаұлының 1914 – 1922 жыл арасында жазған өлеңдері. Орынбор, 1922. Сыншы (критик) мен доктор арасында бір-ақ айырма бар. Ол айырма: ауру кісі өлетін халге келіп қалған болса, доктор қарап, шынын сөйлемей, аурудың көңілін көтеріп кетсе, ол докторды ешкім айыптамайды. Шынын сөйлеу-сөйлемеу доктордың өз еркінде, доктордың «өтірігінен» жұртқа зиян жоқ... Сыншы болса ше? Сыншы əр уақыт шынын сөйлеуге міндетті. Шынын сөйлеу – сыншының қарызы. Сыншының «өтірігі» – жұртқа зиян, жазушы мейлі «өлетін» болсын, критикасы көңіліне тіпті ауыр тиетін болсын, жазушының мінезі мейлі жаман-ақ болсын, аждаһадай «жұтам» деп тұрған болсын, иə болмаса «жат туған бұл дүниеге мен бір ғаріп» деп көзіне жас алып жалынған болсын, сыншы еш нəрсеге қарамай, өз міндетін атқаруға тиіс!.. Жазушының жазғанына сыншы – би; сыншының сынына оқушы – би. Келелік енді мақсатқа: «Асау тұлпарға». «Асау тұлпар» – Сəкеннің 1914 – 1922 жыл арасында жазған кітабының аты. 8 жыл жазған өлең-жырлары!.. Кітаптың бір шетінде «күш – білімде» деп жазып та қойылған! «Бəсе, күш – білімде» дедім де: «Сəкен бізге не білім береді екен?» – деп басынан аяғына шейін оқып шықтым. Қарасам, «Асау тұлпар» дегені шынында да «асау» екен, бірақ «асау» болғанда, «білімсіз асау» екен! Дəлел керек пе? Дəлел керек болса, мен үндемейін – Сəкеннің өзін
сөйлетейін. Не туралы? Мəселен, қатын туралы жырласын. Қатын – дүниенің шырайы, еркектің жолдасы, жаңа тұрмыс келе жатыр. Қатынды не біледі Сəкен – қарайық. Бұл – қиын мəселе. Бұл мəселеге келгенде көп азаматтар сүрінген. Революция бұл мəселені шешті. Революция заманының қазақ ақыны əйелді қалай түсінген екен? Мысал үшін 1921 жылы 15 мамырда Омбы – Қызылжар жолында вагонда отырып жазған «Маржан» деген өлеңін алайық. («Асау тұлпар», 8-бет): «Маржан, Маржан, қарағым! Күлімдейді қабағың». Сəкеннің көзі Маржанның аяғында... «Түріліпті балағың, Жалаңаш, балғын балтырың Не деген сұлу, жарқыным». Маржанның жұмыста жүргенін Сəкеннің өзі де біледі: «Маржан, Маржан, жүрегім, Қолыңда сенің күрегің. Жұмыста жүрсің білемін». Жұмыста жүргенін өзі біліп тұрса да, басында өз «қайғысы»: «Жалаңаш жұмыр білегің, Мойнымнан құшшы – тілегім» (?) Орынсыз жерде, іс қылып жүрген бір қатынға барып жабыса кету таңқаларлық. Бірақ ойлап қарағанда таңқалатын дəнеме жоқ. «Жұмыста жүргенде» оның ісі бар ма?! Сөйтсе де, Сəкен «өз қайғысын» ойлап жүргенде есіне заман түсіп кетіп, ұялғаннан өлеңін былай аяқтайды:
«Маржан, Маржан, мініскер, Сымбатты, күшті, жұмыскер, Шын сұлу, таза, біліскер, Піскен алма қойныңда, Білегіңді артшы мойныма. Маржан, көзің көмірдей, Арам бітіп семірмей, Денең күшті темірдей, Бай қызындай керілмей, Іс істе, жаным, ерінбей» (?) «Маржан» білмейді енді: білегін ақынның мойнына артсын ба, жə болмаса «бай қызындай керілмей» іс істесін бе? Менің ойымша, ең жақсысы, іс уақытында келіп «білегіңді артшы мойныма» деп қыңқылдап жүрген кісіні сол «күрекпен» басқа салып қалу керек. Болмаса, бұл өлеңде не бар? Революцияның бізге берген не көркемдік сезімі! Не ағалығы, не ақылы! Бұлардың ешбірі болмаған соң, жауабы «күрек» болады! Мысал үшін, міне, екінші өлеңі: «Марияға» («Асау тұлпар», 130-бет): «Өмірде іздегенім, Талай іздеп, көздегенім, Сен едің, жаным, сен едің, «Бақытым менің жалғыз сенде, Барлық дүние саған тең бе? – (?) Деп едім, жаным, деп едім. Ауыл бардық, жүрдік, қондық, Ойнай, киіз үйде болдық, Жаттың маған тақалып, Ақырын жұмсақ қол ұстастық. Жүрегіңе қысып бастың, Қолымды ұстап апарып». Сонан соң? Сонан соң, өзің білген баяғы мінезі. Мінез – табиғат. Өз табиғатынан шыға алмайды, байғұс! «Мен оны
құшақтадым, ол мені құшақтады, бір-бірімізді құшақтадық» дегеннен басқа «білімді» білмейді: «Құшақтадым, қыстым сені Сен де сүйіп, құштың мені»... Бұл өлең 1922-ші жылы Орынборда жазылған. 1922-ші жыл, революциясыменен өз жолында кетіп барады – Сəкен болса, өз жолында... баяғы, баяғы! Жеті жыл бұрын да ол тап осылай болған – сонан бері ол тіпті өзгермеген. Мысал үшін сабаздың 1915-ші жылда жазған «Жазғы түнде» деген өлеңін қаралық. Сабаз далада. Мұндай түнде Сəкенді тауып болмайды. Ол «уағдалы жерде»: «Дорыб шыққан жарыңды, Уағдалы жерде барыңды, Білдіресің көрініп». «Жары» жетіп келгеннен соң, тағы бəрімізге белгілі баяғы əңгімелері: «Ерінге ерін тиісіп, Бал алып тілден сүйісіп, Жандырар жарың лебімен, Төсіне қысып төсіңді. Махаббат жеңе есіңді».
(«Асау тұлпар», 9-бет) Кейде сабаз жас қыздарға да кез келіп қалады. Сонда ақынның басына келетін «пікір» не? Бұл «пікірді» білу үшін «Асау тұлпардың» 97-інші бетіндегі «Надежда, Үміт, Омила» деген өлеңін оқыңыз: «Надежда, Үміт, Омила, Аққуымсың, сəулемсің». ........................................
«Түйін салып жас балдыр, Алма ер жетіп өседі. (?) Албырап, биік саяда Уыздай болып піседі, Не шіриді, не құрт жеп, Не бір пенде үзеді» ...................................... «Сен алмасың биікте, Сен əлі жас баласың. Түскеніңді үзіліп, Білмей қалқам қаласың» (?) Бұл өлеңнің астында 1922-нші жыл тарихы тұр! Кітапта 68 өлеңнің төрттен бірі əйел, махаббатқа арналған. Бірақ байғұстың білген əйелі осы. Бөтенін білмейді, көрмейді. Бірақ трагедия мұнда емес. Білмегендігін өзі сезбейді. Міне, трагедия қайда! Арабтың «жаһилмеркеп» дегені осы болады. Сəкеннің философиясына келелік. Философиясы шолақ: Бұқара диуанасының «философиясына» бір-екі жаңа «сөздер» жалғаған. Бір-біріне бірақ жанаспай қалған. Жақсылап жанасуға шамасы келмеген. Мысал үшін «Айт күнін» оқыңыз. («Асау тұлпар», 15-бет): Бүгін айт, құрметті күн исламның, Мейрамы күллі момын
мұсылманның. .................................................... Есігі сегіз ұжмақ ашылған күн, Халықтың рахмат нұры шашылған күн, «Тəңіріне шүкірлік қылып, тілек тілеп, Сəждаға барша момын бас ұрған күн. Сəулесі түскен күні ақиқаттың, Қалдырған ізгілігі Мұхамедтің. Ортақтық, туысқандық, қайрымдылық (?) Құшағын ашқан күні махаббаттың (?)» ........................................................... «Талғамай жақсы-жаман, кəрі – жасың, Бай, кедей, бөтен, жақын
ауылдасың. Һəр момын күтетін күн келгендерді, Құрметпен алдарына жайып асын. Міне, философия! Не дейсіңдер?.... Бірінші: Сабаз исламды білмейді: Ақиқаттың қай күні түскенінен, «туысқандықтың» қай күні құшағын ашқанынан хабары жоқ. Махаббат һəм əйел туралы қанша «білімді» болса, «ислам» туралы да сонша. Екінші: өзің білмеген, нанбаған нəрсеңді жұртқа үлестіруден не пайда?! «Ермек» үшін барды-жоқты шатқаннан кімге пайда. Бұл өлең революциядан бұрын-ақ жазылған болсын, бірақ 1922-ші жыл бастырып шығаруда не мəні бар еді, біле алмадым. «Орыс ойына келгенін қылады» дегендей, Сəкен де «ойына келгенін» жазады. Бұл сөзге дəлел қылып екінші бір өлеңін де көрсетуге болады. «Кітабының» 98-ші бетінде «Азия» деген өлеңін оқыңыз. «Азиясына» біз баға берместен бұрын, тағы Сəкеннің өзі біраз сөйлеп өтсін. «Азия» Еуропаға айтады: «Мен жібердім семитімнен
Мұсаны, Ибраһим, Дəуіт пенен Исаны, Тағы талай көп пайғамбар жіберіп, Ақырында Мұхаммедті жұмсағам. Адамзаттың шыңырауға батқанын, Былғанышта үйелесіп жатқанын, Əуелден-ақ құтқарушы сен бол деп, Семитімнің ұрпағына артқанмын». Еуропа Азияның тілін алмаған соң Мен жібергем қару, садақ жарақпен, Гүн, мадияр, бұлғар, мавр, арап
бен Түрік-татар, монғолымды көргенсің, Олар сені ұшықтаған садақпен. Мынау жері тағы қызық: .................................................... Жібітуге жүрегінің тастығын, Семитімнің көп ұрпағын тағы да Жұмсадым мен Маркс қылып бастығын. Ал енді Еуропа көнбесе не болады? Ол уақытта жаман болады! Теңсінбесең паң қып ұстап өзіңді, Күшпен үйрет мынаны деп
жұмсармын, Монғолымды, қиғаш садақ көзімді. Еуропа не қылса Азияның көңілін тапқан болады: Семитімнің балалары бастады, Ер соларға, енді оларға қас болма. Бұл «өлең» 1922 жылы маусымның 10-ында Орынборда жазылған! Айтамын ғой: революция өз жолыменен кетіп барады да, Сəкен өз жолымен айдап барады. Бұрылып та қарамайды. Бұл өлеңін жазғанда сабаздың не мақсаты бар екен? Антисемитизмге қарсы жазайын деген болса ниеті жақсы, бірақ пайдасы жоқ. Өйткені қазақ арасында мұндай нəрсенің
жоқтығы бəрімізге белгілі. Еуропаны жақсы жолға бастайын деген болса, Еуропаға қазақша жазудан пайда шамалы. Шамалы «ақыннан» шамалы пайда. Бұл өлеңнің мəнісін тексерсек, «ботқадан» басқа дəнеме шықпайды. Бірінші: Азияның қазіргі заманда Еуропаға «жолбасшы» боларлығын енді естіп отырмын. Екінші: гүн, бұлғар, монғолдардың Еуропаға келгенде тегін келмей, «ақиқат» орнату үшін келгендігі де бұл уақытқа шейін, шынымды айтайын, білгенім жоқ. Бірақ мен білмегенменен, «Еуропа – Азия» да білмейді. Егер «Орынборда Сəкен деген бір қазақ ақыны осындай бір пікір «шығарыпты» делінсе, сол күні-ақ Сəкенді Орынбордан алып келіп, бір музейге кіргізіп қояр еді. Мұндай қызық кісіні музейден басқа жерге қойып та болмайды! Үшінші: революция семит(Сам) балаларының сыбағасы, «еншісі» болғанын, бүтін ұлттар солардың артынан еруге керектігін білгенім жоқ. Бұл уақытқа шейін менің білгенім – ортада принцип бар еді, марксизм білімі бар еді. Байғұс Маркстің не жазығы бар: Қазақстан топырағында семит балаларына бастық қылып қойған. Өліктің тірілуі мүмкін болғанда Мəрекең келіп Сəкенге айтатын сөздерін айтар еді. Сөздің қысқасы: мұндай білімсіздікпен өлең жазып, əуре болып жүруінің өзі ұят. Білімсіз болғанда, ұятты болу керек. Болмаса «Еуропаны» жамандау керек болса, ауылда жүрген əншейін бір қара ақынға: «Базарбай, кəне, бір Еуропаны жамандап бер», – десең, сол да шамасы келгенше жамандап берер еді. Сол да Сəкеннен өткізбесе, қалыспас еді. Бірақ не пайда?! Жамандағанда біліп жамандау керек. «Уа, Еуропа уа, Еуропа» дегенменен болмайды. Əдебиет «митинг» емес, біздің міндет: Еуропаның білімін, техникасын алып, капитализмнің бізге керекті өнерін үйреніп, Кеңес үкіметін көркейту, күшейту, «Қиғаш көзді монғолдан», оны өлең қылған қазақ ақындарынан не Азияға, не дүниеге «сауап» жоқ. Жаңа өлеңдерінен Сəкеннің өз ақылыменен жазғандары түкке
жарамайды. Мысал үшін «Иван менен Мырзабекке» деген өлеңін оқысаңыз жетеді. Бұл өлеңде Сəкен өзінің «ұлтшылнационалист» еместігін, интернационалист екендігін білдірмекші болған деп ойласа да болады. Жə, Сəкен кім болса сонымен төбелесіп кете беруге білдірген десе де болады. Екеуінің бірі: Иван мен Мырзабек не кедей табынан, не буржуазия табынан. Екеуі де кедей болғанда, оларға «найза оқталып» жүруі жарамайды. Екеуі де ақсүйек төрелерден болғанда, оларды үгіттеу артықша жұмыс. Не десең де байғұс Сəкен өзінен шығарып бір ұнамды пікірлі өлең айта алмаған. «Қазақ марсельезасы», «Жұмыскерлерге» деген өлеңдері – бəрі Сəкеннің пайдасына жүрмейді. Өйткені: Патшада əділдік жоқ еді, Ұлықтар парақор тоқ еді, Бұқара халықты кем тұтқан, Жек көрген, итімен тең тұтқан. Қоспаған санына адамдық, Айламен ұстаған надан ғып, –
(«Асау тұлпар», 62-бет) деуіменен ғана кісі революция ақыны болып кетпейді. Революционер ақын басынан аяғына шейін бір түсте, бір қалыпта болады. Бір жақтан порнография жазған, бір жақтан Азия менен Еуропаны айыра алмай, басындағы ботқасын жұртқа үлестіріп берген, бір жақтан өзінен шығарып жазуға тура келгенде «білімсіздігін» интернационализм қылып көрсеткен кісіні революционер-ақын деп айта алмаймыз. «Революционермін» деген кісіні əсіресе санасыз «ақыннан» шыққандарды қатарға алудан бұрын бес-он «електен» өткізу керек. Оның үстіне «електің» көзін күннен-күн тарайту керек болады. Біздің мұнда Сəкенді өткізіп отырған «елегіміз» – Октябрь революциясының бізге берген сезімі, бұл сезім өлшеу болуға жарайды. Енді Сəкеннің тəржімелеріне көз салайық! Тəржімелері де таңқаларлық! Бөтен жұрттың əдебиетінен бір нəрсені
тəржіме қылмақшы болғанда белгілі бір пікірге қарап, сол пікірге тура келгендерін ғана тəржіме қыла беру керек! Əйтпесе, жараған-жарамағанын тəржіме қылу болмайды. Сəкен қайтеді? Сəкеннің мұнда да белгілі бір пікірі көрінбейді. Сол пікірдің өзі түбінде жоқ білем. Болғанда өз-өзінен жарқырап шыға келер еді. Мысалы: Шайх Сағдидан («Асау тұлпар», 34-бет). Əн мен күйге түйе де (?) Шаттанар хайуан десек те. Сезбейтін оны адамды, Салпаң құлақ есек те. Сағдидың «мұндай» өлеңі барлығын енді көремін. Жарайды Ақмолада отырып Сəкеннің «оқыған» Сағдиды жазған болсын. Бірақ бұл өлеңдегі «түйеге» мен таңқаламын: «Ақмоланың түйелерін білмеймін, көргенім жоқ, басқа жердегі түйелердің əншіл, күйшіл болғанын білгенім жоқ». Егер Ақмоланың түйелері «күйшіл» болса, Сағдидың одан хабары болмаса керек, «оны сезбейтін ақынды» енді біз не дейміз? Мынау Сəкеннің Жапоннан барып алып келген өлеңі: Сүйгеніме жасырын, Түнде жалғыз барсам мен, Терезе ашып сүйісіп, Аузынан бал алсам мен. «Арсылдап, ит, сен мені Қорқытпа – деп: қабармын, Тастасам сүйек үрмессің, Көңліңді сөйтіп табармын.
(«Асау тұлпар», 35-бет) Иттің көңілін табу жолын Жапонға бармай-ақ білу мүмкін еді ғой. Түнде қызға барғанда жанына құрт салып кететін қазақтың бозбалалары да оны біледі. Сəкен мұнша алыс жерге барып жүрмесе де жарар еді. Түбінде осы өлеңді Сəкеннің өзі жазған-ау деймін. Терезе ашып сүйісіп, Аузынан бал алсам мен, – деген сөз Сəкеннің өзінен шығады. Бəрін өзім жазған болмайын деп, ұялшақтық қылып, Жапонға сілтеген деймін. Не болмаса, «хикметі» терең сөздер! Мынау Сəкеннің əлгі ұрысқан Еуропасынан «Мицкевичтен» деп алып келген малы: Жақсы көрсін десең ит, Жақсы көр итті өзің де, Ұмытпайтын бұл бір сөз, Лұқман айтқан сөзіне.
(«Асау тұлпар», 35-бет) Асыл сөздер, терең сөздер! Бірақ қазір бізге керек өмес сөздер!... Еш нəрсеге жарамаған 69 өлең хақында мұнша ұзын критиканың өте қажеті жоқ та шығар. Сонда да ұзын критика жазуға мына пікірлер себеп болды: Бірінші: Қазақ республикасы кітапқа кедей жұрт, оқуға ынтық. Мұндай уақытта қазақ оқушысының қолына мұндай кітапты ұстату үлкен қате. Мұндай кітап беру жұртты кітаптан бездіру деуге болады. Жұртты ілгері бастыратын, көтеретін, тəрбие қылатын санасы болмаса – «кітап» кітап болмайды. Екінші: əдебиет көптің малы. Аяқбай, таяқбайдың малы бола алмайды. Бұл себептен əдебиет үйіне кіретіндер əр уақыт «қатты тергеуден» өтуі тиіс. Əйтпесе, əркім өз қайғысын жаза берсе, əдебиет ермек болып кетеді. Сəкеннің «Асау тұлпары» болса оқыған кісіге ауыр пікірлер береді. Қазақ халық əдебиетінің енді аяққа тұрайын деген уақытында мұндай «кітаптың» Қазақ республикасының астанасында шығуы қайырлы емес. Неге десеңіз: Бұл кітаптың не санасы бар, Бұл кітаптың не ахлақы бар,
Бұл кітапта революцияның не рухы бар, не берген?... Сана орнына «ботқа» берген, Ахлақ орнына порнография берген, Революция рухы орнына «асаулық» берген. Кім оқысын бұл кітапты? Қазақ кедейіне беруге болмаса, Мектеп баласына жарамаса, Əйел-қыздарға көрсету ұят болса, Сəкен өзін де келеке қылған, əдебиетімізді де! 1500 жыл бұрын «жабайы» арабтың жазған «махлұқат сыбұғасы» электрик, радио заманы ақынының жазғанынан 1500 мəрте артық. Мұны Сəкен білмегенде, Орынбордың халық ағарту комиссариаты білсе керек еді. Бұл туралы комиссариат өз жауабын соңынан жазып жатар, бірақ қазірден қылынатын жұмыс мынау: Жасөспірім жігіттерімізге шын революция тəрбиесі берілуіне зиян тимесін деп жастар ұйымы бұл кітапты жастарға оқытпасқа тиіс. Кісі өзінің кім екендігін, дүниеге қалай қарау керектігін білмесе тұрмысқа жарамайды, революцияны түсінбейді. «Асау тұлпарды» оқыған кісі өзінің кім, дүниенің не екендігін білу былай тұрсын, оң аяғы менен сол аяғын білмей қалу ықтималы бар. «Кітаптың» осы «қасиеттері» критиканың ауыр болуына себеп болды.
Нəзір ТӨРЕҚҰЛОВ «БАҚЫТ ЖОЛЫНА» СЫН (Үш бөлімді пьеса) Садуақас Сейфоллаұлынікі. Бастырушы Қазақстанның мемлекеттік баспасөз баспаханасы. 1922 жыл, Орынборда. Сейфоллаұлының өлең, пьеса кітаптарымен қазақ халқын ағарту жолына Қазақстан баспасөзі бел байлап, əбден кіріссе керек. Сейфоллаұлы журнал оқушыларына мəлім. «Темірқазықтың» өткен санында да Сейфоллаұлының үлгілі, дəмді өлеңдерін жырлағамыз. Өлеңдерінің қызық жерлерін оқушыларымызға тартқамыз. Əрине, Қазақстан баспасөзінің надан қазақ елін ағартамын деген жолы – қасиетті жол. Бірақ, бұл қасиетті жолды қалай іске асыруға керек. Мінеки, гəп сонда. Қазақстан баспасөзінің жолы – баяғы жол, қалың бұқараны қалай ағартуға білмейді. Сорлы «Асау тұлпарда» нені көрсек, «Бақыт жолында» да көргенімізді растап отыр. Пьесаға келейік. Пьесада не көрсетіледі? Пьесаның қысқаша мағынасы мынау: Мүслима деген қызды əкесі Терлікбай Нөгербай деген болысқа бермекші болады. Терлікбай қызын болысқа берумен екі пайда таппақ; бірінші жұмысқа алынайын деп тұрған баласын босатпақ. (Қызыңды берсең, балаңды іспескіден шығарам деген болыстың уəдесі болады). Мүслиманың кəрі, бай Нөгербайға барғысы келмейді, Мүслиманың сүйген ғашығы Біржан деген мұғалім болады. Мүслиманы болысқа беруді үлкен ағасы Ермек те ұнатпайды. Ермек əкесіне ұрсады. Жігіттерді жиюды пайдаланып, халықты жеген би, переуодшиктерді, қалпелерді тілдейді. Олардың арсыздығын, сатылатындығын, өтірік діншілдігін бетіне басады. Рас, Ермектің халықтың надандығымен – жаман əдетпен күресуі кейбір жерлерінде балалық, топастық, томырақтығын көрсетеді. Мəселен, молдалардың алдында «мұқатам» деген кісіше Ермек бөріксіз, жалаңбас отыра-
ды. Домбыра шертеді, шылым тартады. Желіге көтеріліп, əйелдің теңдігі туралы сөздер сөйлейді. Бірақ, бұл мінездердің бəрі көзге түсе қоймайды. Пьесаның негізгі мағынасымен білінбейді. 17-ші жылы ақпан төңкерісі болады. Дуанда «халық» үкіметі құрылады. Əйелге жол ашылады. Мүслима сүйгенімен қашады. Міне пьесаның бар мағынасы осы. Театр кітаптарына қоятын өлшеуді бұл пьесаға өлшеп болмайды. Жазушының жақсы ойы, қазақ ішінде қазақ əйелінің теңсіздігін көрсету. Бұл міндетін жазушы өз шамасынша жығыла, сүріне орындаған. Қазақтың бір бұрышында болған уақиғаны жазу үшін, тек сыршылдық, өзгерісшілдік керегі жоқ. Сахнада пьеса көрушілерге не реніш қыларлықтай, не сүйенерліктей жаңа рух бермейді. Өйткені, бұл пьесада ондай «өзгеше бір əлеуметшілдік оты» жоқ. Пьесада теңдік сезімінің өзі Ермектің басында ғана. «Таң еркіне» Мүслимада алып ұшып тұрған ештеңе жоқ. Мүслиманың теңдікке өзі селқос. Бұлай болғанда, бұл уақиғаны пьеса деп жалпайтпайақ тұрмыстаналынған сурет (картина) деп қана қою керек еді. Ол уақытта қоятын өлшеу де басқа болар еді. Бірақ сұмдықтың бəрі пьесада емес, драматургтың қабаттастырған эпилог өлеңінде. Эпилогтың нағыз «маңызды, үлгілі» жері: «Қалың қиын бөгетті Кеудемен бұзу, жол ашу. Тұманнан шығу жарыққа; Бақытқа тынбай таласу, Сүю, сүю! һəм құшу!.. Махаббат шарабын ішу! Міне өмірдің дəні осы! «Тіршіліктің мəнісі!..» Міне, жазушының сиқы. Қазақ əйелін теңелту деген мəселені қалай шешеді?! Айтатын ақылы не? Сүю, сүю! һəм құшу! Міне өмірдің дəні осы! Тіршіліктің мəнісі.
Алжысаң осылай алжы! Тіршіліктің мəнісі «құшу, сүю». Өмірдің дəні де «сүю, құшу!» дегенді Сəкен жолдастан естідім. Сəкен көргенін жазғанда тыңдауға, оқуға болады. Ал енді өзінен бірдеңе жазам деп «білім» шығарам дегенде, Сəкенді «құдай» ұрады. Сəкеннің айтатыны баяғы бір Қаратау, баяғы бір мінез, баяғы бір сөз. «Мен оны құшақтадым, ол мені құшақтады» тіршіліктің мəнісі сүю, құшу! Сəкеннің өзінен шығарған психологиясының негізі осы. Тұрмыстың талқысына түспеген, келешектен күткені көп, жас оқушыларымыздың «тіршіліктің мəнісі сүю, құшу» деген «терең» сөздерімен Сəкен «ақын» жүрегін айнытып бітіреді. Сəкеннің қай «философиясы» болсын жүрегіңді айнытпай қоймайды. 1923-ші жылда, кеңес үкіметінің алтыншы жыл дəуірінде халықты бұлай ағартуға болмайды. Кеңес үкіметі бұлай ағартпақ емес. Сəкен жолдасқа айтатын ақыл, қашанда болса не істесең де, не сөйлесең де ойлауға керек, революцияға не пайдалы? Не сөйлегеніңді өзің білмей, жоқты барды сөйлеу ме, жоқ, бірдеңе деуден бұрын əуелі өзіңе біліп алу керек пе? Басында ақылы бар адам соңғы жолды қабылдаған. Біздің тұрмысмызда да соңғы жол пайдалы.
Нəзір ТӨРЕҚҰЛОВ «ТАР ЖОЛ, ТАЙҒАҚ КЕШУ» ТУРАЛЫ БІР-ЕКІ СӨЗ Осы күні орысша болсын, қазақша болсын Қазақстандағы төңкеріс қозғалысы жайынан мынау дерлік көрнекті, негізді бір еңбек жоқ. Ең болмаса келесідегі «ұлы» жұмыстың керегіне жарарлық «шикі» деректер жиналып шықса да біздің əдебиетке үлкен олжа болар еді. Сəкеннің «Тар жол, тайғақ кешу» атты кітабы (Қазақстан мемлекет баспасы. 421-бет, бағасы 3 сом 70 тиын) дүниеге келгенде, қай түрмен болса да жоғарғы айтқан жыртық жамауға жарайды екен ғой деп ойлаған едік. Өйткені жазушы Сəкен мұны жазғандағы өз міндетін былай депті: «Ұлы өзгерістің Қазақстандағы өзім көрген, өзім білген оқиғаларынан баспа жүзінде із қалдыру... (Беташар, 6 жол)... бұл кітабымның көп жерлері тарихи мағлұмат болуға жарар деп білдім (Беташардың аяғы). Француз жұртында: «Сұлу əйел қанша сұлу болса да бойындағы барынан басқаны бере алмайды» деген мақал бар. Біздің Сəкен бұл мақалдың айтқанын келтірмей ауданынан шығып кететін «сұлу əйелдердің» тұқымына қосылмайды ғой. Бірақ шынында Сəкен қылығы бүгінге дейін осылай болып келді. Біз қазақ оқушыларының алдында, жұртшылық алдында Сəкенмен шығып отырғанымыз бұл ғана емес. Сəкен жұртқа баяғыдан əйгілі таныс. Орысша болсын, өзгеше болсын кеңес, партия, баспасөз жүзінде оның ақындық «ожарлығының» жайын кезінде жұртқа жайғамыз, таныстырғамыз. Орынборда болған (1923 ж.) Қазақстандағы партия ұйымының конференциясындағы сөзінде де жолдас Яролавский «Біздің қайғы бай» (горе поэт) ақынның өлеңіне бірталай тоқтап, тұқырта тексерген еді. Сəкеннің партия жолына, бағытына баға кесілген еді. Қазақ əдебиетінде түбі айтылған еді. Осылардан кейін біз Сəкен енді ойланар-ау, бағытын түзеуге шындап кірісерау, өзінің семинариядан алған «білімімен» табандап тұрып
қалмай, аз да болса саяси сауатсыздығын жоюға ұмтыларау деп ойлаған едік. Бірақ оның ең соңғы жазған өлеңдері, əсіресе «Жан жолы» деген поэмасы жоғары үмітіміздің күлін көкке ұшырды. Сəкен – баяғы Сəкен. О күнде айтқан «төңкеріс өз бетімен кетіп барады» деген сөзіміз əлі сөз. Сəкен өзінің ту баста таңдап түскен жолында. Ол əлі Азияның – қазақтың көткеншек дарашылдық ескі жолымен əлі кетіп барады. Сəкен шала-шарпы жаурыпаласқан «сал» үлгісіндегі қараңғы «қазақшылық» жолымен əлі күресіп келе жатыр. Бұған кешіктірмей келесі мақаламызда айырықша тоқтармыз. Кəзір Сəкеннің «Тар жол, тайғақ кешуі» туралы ғана біраз сөз жазбақпыз. Бұл кітапта Сəкен өз аузынан 1916 – 1919 жылдардағы қазақ жұртшылығының басынан өткен оқиғалардан өз байқағанын жазып, қорытынды бермек. Айталық, Сəкен кітаптың тарихтығына өзі де таласпасын. Ол «көргенін, естігенін ғана» айтсын. Біз де осы өлшеумен жақындалық. Олай қылсақ та оның кітабы, жазған өнері, тапқаны, таянғаны ондай да өлшеуге келмейтін бір «зат». Бірінші – бұл «затты» əдебиеттің қай түріне қосарын (история, очерк, монография, мемуар, воспоминание, автобиография и др.), жазушы өнерінің қай саласына санарын ешкім де ажырата алмайды (Сəкен өзі де қайда қоярын білер ме екен). Мұны біздің жазушымыздың кезекті «інжуі» дейміз да. Қожанасыр қонақ шақырыпты. Қонақтарының алдына астауға су толтырып əкеп қойыпты да, қонақтармен қоса отырыпты. Қонақтар Қожаның не қылғанына түсіне алмай алақтасыпты. Мұны Қожа сезіп: «Ғажаптанбаңыздар, меймандарым. Егер бұл астаудағы судың артығын төксе, сонан соң күріш салса, май қосса, ет тураса, сарымсақ, сəбіз салса, тұз сепсе, сонда дегенбай палау болады» деген екен. «Тар жол, тайғақ кешу» туралы да осыны айтуға болады. Егер Сəкен кітабының артық кітабын төксе (тəржіма, қалды Сəкен айналсоқтап шықпайтын толып жатқан құба қыздарды, құла қыздарды, ерні қызылша қыздарды, иегі ұзынша қыздарды, бетсіз, шетсіз, ауыл қыдыруларды, қымыз ішулерді жəне сол сияқты жұртқа керексіздерін шығарып тастаса), күнбатыс
Сібірдегі төңкеріс қозғалысы тарихынан болмыстарды (пакті) қосса, сонан соң марксшіл əдіске алып отырып тап айқастарын, ұлт қатынастарын талдауға салысса, сондай төңкеріс қозғалысы тарихының бір парасы (очерк) болады. Ал мына қалыбында, үш қайнатса басы қосылмайтын былықпалардың мына түрінде «мен» деп басталып, «мен» деп бітетін бұл «затты» өзгеше түрдегі «Сəкеннама» деуге ғана келеді. Əр нəрсеге рабай керек қой. Біздің Сəкеніміз осы рабайдың өзіндегі кемтарлығынан ақсайды. Сəкен жөндіні жөнсізден, мəндіні мəнсізден, керекті керексізден дым да (абсолютно) ажырата алмайды. Оның кітабының басынан бақайына шейін жапса жапсырылмайтын өзін өзі өрескел мақтай беру (грубая самореклама). «...Арқаның жұтынған сұлулары бəрі қосылғанда кімді мас қылмас, кімді балқытпас... Бəйсейіт екеуміздің ортамыздағы қара торы қыз əн салды. Бұл орта бойлы қара торы жастау қыз» (9-бет). «...Жылқының шетінде текемет үстінде қотанды күзетіп Балабайдың қызымен екеуміз ғана ояу отырмыз. Ақырын домбыра шертіп Сəулем отыр. Шалқамнан көкке қарап, жұлдыз санап мен жатырмын (388-бет). (Сəкен-ау жұлдыз қанша екен?) «...Салаумағалайкум Сəкен! – деді...» «Кəдімгі Сейфолланың Сəкені деді»... «Шіркін, Сəкен жігіт еді ғой деді...». «Шіркін, Сəкен кетті ғой деді» (393-бет)... «...Шіркін, Сəкен Түркістанға тартты ғой деді»... «...Шіркін, Сəкен домбырашы ғой деді. Ақмолада қымызшыларды аралап қымыз ішкенде, қымыз ішіп отырып домбыраны алып, қағып-қағып жіберіп əн салушы еді!..» «Шіркін, Сəкен, тамаша еді ғой!.. деді» (441-бет). (Сəкеннің басқа да өнері бар)...» «Қара көз қыздың бетін жарыққа шығарып қойып, қадалып отырған көзіне қапияда мен де қадала қалдым... Қыздың шешесі жеңгеймен арбасып (жылан ба екен), сөйлесіп отырып, көлеңкедегі қара көзге оқ жіберіп отырдым (369 – 370бет)...»
Мінеки, біздің шіркін, Сəкен! Жігіт Сəкен! Тамаша Сəкен! Сал Сəкен. «Тар жол, тайғақ кешудің» басынан аяғына шейін осындай. Мұндайын терем деген адам шіркін, Сəкеннің мына дəу кітабын қайта қотарып шығу керек. Біздің ауылдағы Қырықбайлардың, Сырықбайлардың бəрі де үй арасындағы бозбалашылығын, қой үркіткенін, ит үргізгенін «Тар жол, тайғақ кешу» деп «тарих» қылып жаза берсе, оны мемлекет баспамыз баса берсе, біз қайдан шығар екеміз? Бүгінге шейін жер жүзінде үлгісі жоқ Сəкен бастатқан «əдебиеттің» жаңа жаныры (жанр) Қазақстанда туғаны да! Олай емес. Бізді, коммунистерді төңкеріс қозғалысының тарихында жеке адамның қара басы оншалық қызықтырмайды. Əсіресе Сəкеннің ана сықылды өмірбаянына онша өксімейміз, біздің ұлы үйретушілеріміз (учитель) Маркс, Энгіліс, Лениндердің дəстүрі (традициясы) бізді əркім өзін мақтай беруге үйретпейді. Қоғамның əлеумет саяси құрылысын қайта жасауға үйретеді. Əсіресе өзін дəріптеу, өзін мақтау сияқтыларды сүймеген, өте жек көрген, Ленин дəстүрі бізге өте ардақты. Сəкеннің кемінде 50 %-і өзін мақтаған кітабына біздің коммунистердің қалай қарайтындығымыз осымен ашылады. Жалғыз-ақ Сəкен мына кітабына ат таба алмай əурелендім (Бет ашарда) дегенше өз «өжеттігімен-ақ» «Мен жəне төңкеріс» деп қалайша атандырмады деп көңілге келеді. Екінші – Сəкен қоғам өмірінің суретін беруге талпынады. Сол дəуірдегі қазақ өмірінде елеулі орын алған «Алашорданы» недəуір айналдырмақшы болады. Ондай жұмыстарды қолға алған коммунистердің қай-қайсынан болса да соған сүйеніп білім жалпылауын (науч. марксист. обобщение) істейтін дерек беруді, болмыс (пакті) беруді талап етуге қақымыз бар. Ондай жұмысқа Сəкеннің күші келмейтін сияқты. Сəкеннің болмағанда көркем əдебиет түрінде болса да қоғам қатынасын талдауға таянарлық сурет беруге қолынан келмейді. Оның бар білгені анық саяси айтыста есепке кіре алмайтын толып жатқан бір тұтас боқтық, сөгу, была-
пыт, балағат. Міне, төңкеріс қозғалысының «тойын» Сəкен осылай қылып, жұртқа осындай «табақ» тартады. Болмаса Тынышбайұлы мен Қоңырқожаның жауында ықтап отырғанда мойнынан суды сонша сорғалатқанмен (151-б.) тап «кегіміз» табылмайды. Олардың далада қонғаны, тоңғаны не жылынғаны Сəкеннің өзінің домбыра шерткені, «кəрлен кесемен қымыз ішкені», «қызбен қадалысқаны» сиақты керексіз нəрселер ғой. Бірақ амал бар ма, «Тар жол, тайғақ кешудің» басы да, аяғы да осы. Бұл Сəкен ойларының өте əлсіздігі. Байқау, бақылау деген көрген, білгеніңді «көже» қыла бер деген емес. Ондайды қыла берсе, қымызды кім ішпейді, қызды кім құшпайды. Əрбір əліпби танитын ауылнай-ақ, болмаса бұрынғы Бұқар əмірінің сарайындағы сарай тарихшысы-ақ (История граф) талай «Тар жол, тайғақ кешуді» жазып тастайды. Үшінші – егер Сəкен көрген, білгенін дəл бұлжытпай жазатын таза хабаршы (хроникер) болса, онда оның талай білімсіздігін кешер едік қой. Сəкен ондай болмайды. Ол қазақ жұртшылығы өмірінде ұлы мəні бар нəрселерді өзінше бұзады. Өзінше бояйды. Соны оқушыға ұсынады. Мəселен, аты əйгілі қазақ Қылестаковы (Хлестаков) – Төгісұлы Көлбайға арналған кітабындағы беттердің құны қанша! Сəкенше Көлбай Сəкеннің көлінен жүзіп отырып, төңкерісшіл, социалист болып шыға келеді. Егерде Сəкеннің «Марксшіл» əдісі алашордашылар жамандағанның барлығы да ашаланбай, ажыралмай төңкерісшілдерге, социалистерге санала беретін болса, онда біз Сəкенді құттықтамаймыз! Егер Сəкеннің «қолы тисе» қазақша болсын, орысша болсын партия кеңес баспасөзінде, жұрт алдында осы мəселелер туралы аз əңгімелесек болар еді. Сөз Сəкендікі. Біз жалғыз-ақ Көлбайларға, Көлбай сияқтылар коммунистердің ішінен өзіне жақтаушы тапқандығына, Көлбайлардың Қазақстандағы коммунизмнің тұңғыш «көсемі» болып шыға келгеніне ішіміз қатты ашиды. Ұят-ақ! Бұл ұят. Бұл масқаралық! Бұл ұят. Бұл тентектік.
Сəбит МҰҚАНОВ СЫНҒА СЫН «Жазушының жазғанына сыншы би, сыншының жазғанына оқушы би» дейді «Темір қазық» журналының 1923 жылы шыққан бірінші санында Сəкен Сейфуллиннің «Асау тұлпар» атты өлеңдер жинағына жазған мақаласында Нəзір Төреқұлұлы. Оның бұл сөзіне менің де қол қойғым келеді. Жазушының шығармасын бағалау сыншының еркінде болса, оның сынын қалай бағалау оқушының еркінде. Сондықтан мен, Нəзір жолдастың сыны туралы бір-екі сөз айтып өтуді мақұл көрдім. Нəзірдің бұл сыны – қазақ совет əдебиетіндегі алғашқы сын мақалалардың бірі. Бүгінге дейін қазақ тілінде жазылған шығармаларға партия қызметкерлері назар салмағандықтан, партиялық тиісті сын жөнді болмады, сондықтан, коммунист Нəзір Төреқұлұлының сын жаза бастауы жақсы беталыс. Қазақ республикасында марксизмге буыны қатпаған жас əдебиетшілердің баспада жарияланғандарының бəрі дұрыс болып көріне беруі ықтимал. Сондықтан, əр басылған кітапқа марксизм тұрғысынан баға беріп отыру қажет болады. Бірақ, бұл секілді жауапты жұмыста Нəзіршілеу лайықсызақ. Олай дейтін себебіміз, – Нəзір «Асау тұлпарды» қолына алғаннан-ақ, о жақ, бұ жағын сығалай қарап, ішінен сөкет нəрсе табуға тырысады. «Асау тұлпардағы» жақсы шығармалардың ешқайсысын көрмейді, ол шығармалардың революциялық, советтік қазақ əдебиетіндегі алғашқы қарлығаштар екенін айтпайды. Ол, тек, бұл жинақтың қате, кемшіліктерін ғана тереді. Бізде бұл мақалада «Асау тұлпардағы» жақсы шығармаларға талдау жасамай, Нəзір Төреқұлұлының қате, кемшіліктерді қалай сынауына ғана тоқталамыз. Кемшілікті ғана іздеген оның көзіне ең алдымен мемлекеттік баспаның басып шығаратын кітаптарының сыртына қоятын маркасы түседі. Онда «күш – білімде» деп жазылған. Нəзір осыны оқиды да, «Бəсе күш білімде, дедім де, Сəкен
бізге не білім береді екен, деп басынан аяғына шейін оқып шықтым» дейді. Нəзір жолдас, «сын» ісіне бұлай қарау, цирктегі БимБомдарға ғана лайық. Олар халықты күлдіру үшін аузына келгенін айтады. Біздің Нəзір де сөйтіп, сыншылық бетіне мемлекеттік баспаның маркасын ұстай келеді де, сөзін жазушының шығармасын мысқылдаудан бастайды. Мемлекеттік баспаның таңбасы тұрмаса Нəзір «Асау тұлпарды» оқып шықпақ емес. Осы да сөз бе екен? Кітаптың өзіне емес, сыртындағы маркасына қарап оқуға бола ма екен? «Асау тұлпарды» осылай қисая оқыған Нəзірдің шығармаларға беретін бағасына келейік. «Сынның» дұрысы – əрбір коммунист, олардың ішінде Нəзір сықылды жауапты қызметкер қазақ тілінде шығып жатқан жаңа кітаптың бəрін оқып, біліп отыруға тиіс. Баспасөз – тəрбие қаруының бірі. Бұл қаруды Коммунистік партия кім көрінгеннің қолына беріп отыра алмайды. Бұны, Нəзір жолдас та білетін сияқты. Бірақ таңқалдырарлық нəрсе – ол Түркстан республикасында басшылардың бірі боп тұрған шағында, онда басылған кітаптардың ешқайсысына сын жазған емес. Кітаптарды былай қоя тұрғанда, соңғы екі-үш жылда «Ақ жол» газетінің беттерінде коммунистік идеяға жат талай мақалалар басылды. Нəзір жолдас ол кезде Түркстан Орталық Атқару Комитетінде жауапты хатшы еді. Нəзір жолдас сыншы болса сонда қайда қалған? «Асау тұлпарды» сынаумен Нəзір ескі қарыздарын үстінен түсіре алмайды. Түркстан республикасының баспасөзінен Орта Азия жастары түгел тəрбие алуға тиісті. Бірақ оның беріп отырған тəрбиесі қандай? Ондағы баспасөз орындарының көбінде Қазақстаннан сытылып барған байшыл-ұлтшылдар отыр. Нəзір олардың Совет өкіметіне қарсы жазып, баспада жариялап жүрген шығармаларын неге көрмейді? Нəзір жолдас «Асау тұлпардың» халыққа тарап кетуінен қорқады, сондағы дəлелі: «69 өлеңнің төрттен бірі əйелге де-
ген махаббат туралы жазылған. Əйелдің түрілген жалаңаш балтыры да өлеңге косылған». Шариғатта əйелдің екі қолының басынан, бетінен басқа денесі «ғаурат». Нəзірдің осы «қағиданы» əлі ұмытпағаны ма? Ескілік шырмауындағы өзбек əйелдері бетін де қымтап жауып алады. Нəзір əйелдерді əлі де солай ұстау керек дей ме? Пушкин, Лермонтов секілді орыс ақындарының əйелді сипаттауын Нəзір оқымаған ба? Қазақ ақыны Абайдың əйелді сипаттауын қайда қояды екен ол? Басқа ақындардан да бұл секілді өлеңдер аз табыла ма? Нəзір Сəкенге «əйел туралы көп жаздың, төңкеріс тақырыбына аз жаздың» десе сыйымды нəрсе ғой. Ол өйтпейді... «Жұмыста жүрген əйелге құмартасын» деп, Сəкенді күрекпен қақ бастан салып жібергісі келіп тұрады. Нəзір бұл «қиын мəселені» өзінше оңай «шешіп», Сəкеннің қасында əдепті революционер көріне калғысы келеді. Жоқ, Нəзір жолдас, болмайды ол! Əйелге деген махаббат – табиғат заңы. Махаббат байлыққа, кедейлікке, жұмыскерлікке, капиталистікке қарамайды. Нəзірдің Сəкенге: «жұмысшы əйелге қарама» деген «ақылына» қосыла алмадық. Əйел сүюді революцияның тыйғанын мен əлі естіген жоқпын. Бұндай «революция» ишандардың «революциясы» болуы мүмкін, бірақ пролетариат революциясы бола алмайды. Нəзірдің «Айт күні» деген өлең туралы сынына қосылуға болады. Бірақ, қосыла алмайтын жерім: «Сабаз исламды білмейді, – деп кейиді Нəзір Сəкенге, – «ақиқаттың қай күні түскенінен, туысқандықтың қай күні құшағын ашқанынан хабары жоқ. Махаббат һəм əйел туралы қанша білімді болса, «ислам» туралы да сонша!». Бұдан көрінетін нəрсе, Нəзірді Сəкеннің айт күнін мақтағандығы емес, ислам дінін білмегендігі ренжітеді. Сəкеннің ислам діні туралы білімі толық болса, Нəзір оған ренжу орнына қуанады. Бұлай сынаудан, сынамай тек отырған көп, жақсы. Сəкен сияқты коммунист «Айт күнін» мақтап жасөспірім азаматтарды бір адастырса, ислам дінін біліп, жеткізіп мақтай алмадың деп, Нəзір екі адастырған болып табылады.
«Азия» өлеңіне шыққан сыны да сын көтермейді. Сəкен Азияның майын ағызып мақтаса, Нəзір де сөйтіп, Еуропаға кір жуытқысы келмейді. Шынында екеуінікі де қате. Нəзір сынының ішінде оқушының езу тартып күлетін жері, Сəкеннің: «Əн мен күйге түйе де Шаттанар, хайуан десек те, Сезбейтін оны, адамды Салпаң құлақ есек те»... – деген жолдары. Нəзір Сəкенді «Ақмоланың түйелері болмаса, басқа жақтың түйелері əнші, күйші болғанын көрген жоқпын» деп сықақтайды. Жанды-жансыз табиғатты күйге елтіту Сəкен бастаған ғана жол ма? Қай елдің, қай кездің əдебиетінен кездеспейді ол? Нəзір жолдас əдебиет ісінде өзін білімсіз деп санамайды. Əдебиетте салыстыру, суреттеу бар нəрсе. Олай болса, Нəзір сыны сын емес, оның аты құр байланысу мақсаты. Сəкеннің «Жапон əдебиетінен» деген аудармасында: «Сүйгеніме жасырын Түнде жалғыз барсам мен... ... Арсылдап ит сен мені Қорқытпа........................... ... Тастасам сүйек, үрмессің...» – деген жолдар бар. Нəзір бұл өлеңге былай байланысады: «иттің көңілін табу жолын Жапонға бармай-ақ білуге мүмкін ғой. Түнде қызға барғанда жанына құрт салып кететін қазақтың бозбалалары да оны біледі ғой!». Осы да сын боп па? Бұл өлеңді мейлі жапон жазсын, мейлі Сəкен, мейлі түнде жапон жігіті итке сүйек тастап жүретін болсын, мейлі қазақ жігіті қалтасына құрт салсын, мұнан революцияға келер не пайда, не зиян бар? Нəзір «Асау тұлпар» туралы мақаласын «Темір қазық» бетіне жариялаумен қанағаттанбай, Қазан, Уфа, Ташкент
газеттерінің бетінде де жариялатты. Онымен де қанағаттанбай, Мəскеудегі орыс тіліндегі журналға да өткізді. Естіп отырмын, Бұқара һəм Қырымда да басылған дейді. Бұның аты не? Бұл сын ба, болмаса бір жолдасты бүкіл Ресей халықтарының бетіне қаратпастай етейік деп тырысқан науқан ба? Əрбір саналы кісіге соңғысы екені айқын көрініп тұр. Бірақ, одан ешнəрсе өнбейді. Сəкеннің кім екенін, Нəзірдің кім екенін қазақ еңбекшілері жақсы біледі. Октябрь төңкерісіне кімнің шын, кімнің өтірік қатынасуы да оларға мəлім. Байлар мен байшігештерге Сəкеннің ұнамайтынын білеміз. «Асау тұлпар» төрт аяғынан түгел басқан шығарма деп ешкім де айтпайды. Тұлпардың сүрінген, жығылған жерлері де бар. Бірақ, ол қазақ еңбекші табының мүддесінен туған бірінші көркем шығарма. Ендеше, оны ешбір қарсы науқан жоққа шығара алмайды.
Сəбит МҰҚАНОВ ҚАЗАҚ СОВЕТ ƏДЕБИЕТІНІҢ ТҰҢҒЫШЫ Совет халқы бүгін Сəкен Сейфуллиннің əдебиет қызметіне араласқанына жиырма жыл болғанын тойлап отыр. Өндірістерден, колхоздардан, мəдениет орындарынан, жеке адамдардан алған хаттарға, телеграммаларға қарағанда, бұл тойды барлық қазақ еңбекшілері, Қазақстандағы барлық ұсақ ұлттар еңбекшілері, көрші республикалардың еңбекшілері шын ықыласымен қуанып қарсы алғанын көреміз. Бұл неліктен? Соған жауап берейік. Бір сөзбен айтқанда, оның себебі: Сəкен Сейфуллин шын мəнінде қазақ совет əдебиетінің ағасы болып саналады. Бұл даусыз шындық. Сəкеннің қазақ совет əдебиетіне қалай аға болғанын толығырақ түрде дəлелдеуден бұрын ескере кететін бір сөз, оның революциядан бұрынғы шығармалары туралы. Өмір тарихына қарағанда, Сəкен 1913 жылдан бастап жазған. Оның алғашқы басылып шыққан еңбегі 1915 жылғы «Өткен күндер», «Өткен күндерде» басылған бірнеше өлең 1922 жылы басылатын «Асау тұлпарға» кірген. Сол өлеңдерге қарап, кейбір сыншылар Сəкенді ұлтшылдардың қатарына, асса алашордашылардың қатарына қосуға тырыспақ болады. «Қазақстанның XV жылдығы» деген жинақта «Қазақ əдебиеті» деген мақаланың авторы «Сəкен 1917 жылы төңкеріске қарсы алашордадан айырылды» дейді. Бұл сөзді біз түбірімен қате дейміз. Революциядан бұрын саяси сезімі оянған азғана қазақ оқығандарының біразы ұлтшыл болды. Россия патшасының отаршылдық уысында тұншыққан қазақ елінің тағдырына саналымын деген оқығаннан қайғырмаған адам аз. Бірақ ұлтшылдықтың ұлтшылдығы бар. Байлар базардан үйреніп қайтатын бір ұлтшылдық бар. Үйткені, əр ұлттың, «жас байына» негізгі мəселе базар. Оның мақсаты басқа ұлттың байларымен базар таласында жеңіп шығып, өз тауарын өткізу. Осыдан барып оның «өзінің туған» базарын жасау тілегі шығады. «Буржуазияны ұлтшылдыққа үйрететін бірінші
мектеп – базар» дейді Сталин. Ұлтшылдардың бір жүйесі осы буржуазияның жоқшылары. Екінші жүйедегілер ұлтшылдар бұқара тілегіне жақындар, «қазағым», «елім» деген сөзді айтқанмен олар қазақтың өзін жіктеп, бай, кедейге айырады. Отаршыл Россия патшасының қазақ елін жаншуын айтуымен бірге, қазақтың өз байларының қазақ кедейіне істейтін қиянатын көрмей отыра алмайды. Сəкен төңкерістен бұрын ұлтшылдықтың осы жүйесіне еліктеген адам. Оған дəлел – «Бірлік». Бөкейхановтың кадеттік бағытын қолдаушылар – патша үкіметінің негізіне тимей, кейбір жетіспеген жерін жамайық деушілер. «Бірліктің» бұл бұтағы, 1917 жылы алашорда ұйымына айналып кеткен. Екіншісі, патша үкіметін құлатпай жақсылық жоқ деушілер, патша құлаған күнде орыстық еңбекші бұқарасының етегінен ұстаймыз дегенді айтушылар «Бірлікте» Сəкен екінші жүйеге жатқан. Бұл жүйе 1917 жылы большевиктердің артынан ерген. Сондықтан 1917 жылғы алашорда түгіл, одан бұрынғы ұлтшылдарға Сəкенді қосақтауға болмайды. Алашордаға қосылмаған Сəкенді одан 17 жылы айырылды деу жала. Ұлтшылдыққа еліктеген күннің өзінде де Сəкеннің бұқарашылдығы басым екендігіне, кедейді сүйетіндігіне, оның ауыр халін қайғыратындығына, байдың кедейге істейтін қиянатына қарсы екеніне «Тар жол, тайғақ кешудің» бас жағы куə. 1916 жылы қазақ еліне түскен ауыртпалықты айта кеп, Сəкен былай дейді: «Ел шабуылда. Ұлықтан ынсап кеткен. Кім ақшаны көп берсе, соның баласын қалдырады. Жұрт малдан шығып кеткен. Байға білінетін емес. Кедей сыпырылып жатыр. Осындай ауыр халге түскен елдің кедейі «Жалпақ теңіздей» қозғалды. Тұңғиық қара теңізге қара дауыл соқтықты. Теңіз шайқалып күңіренді». Осы толқыған теңіздің бетін оңға бұруға Сəкеннің ниеті сол кезде кетеді. Бірақ санасы піспеген, саяси беті ашылмаған кез. Қалай бастауды білмейді. Сəкеннің саяси бетін ашқан 1917 жылғы революция. Еңбек дүниесі мен қанаушы тап бетпе-бет кеп майдандасқан күндерде, барлық ұлттың байлары мен еңбекшілері екі жік-
ке бөлініп, бірі мен бірі жауласқан күнде «ұлтшылмын» дейтіндердің бірсыпырасы көптің тілегіне қайшы кеп, қазақтың азшылығы – байларының сойылын соғып кетеді. Ұлтшылдардың бетпердесін революция ашады. Кімнің кімдік екендігі айқын көрінеді. Міне, осы кезде Сəкен де бетін бүркемей, ашық, айқын пролетариат жағына шығады. Сəкен «таза» ғана əдебиетшіл адам емес. Ол əлеуметшіл, саясатшыл адам. Октябрь революциясын ол жаудан қаламмен ғана қорғаған жоқ, найзамен де қорғады. Ол қазақ ауылында бірінші Советті құрды, бірінші партия ұясын ашты, бірінші партизан боп жазылды, Совет үкіметін қорғау жолында бірінші рет жаумен майдандасты, бірінші рет алашорда мен Колчак бандыларының айуандық азабын тартты, қалам мен найзаны жауға бірдей сілтеп, қан майданда жауды жеңісіп, еңбекші бұқараға мəңгілік бостандық əперушінің біреуі болды. Сəкенді бүгінгі күні еңбекші елдің ардақтайтын, сыйлайтын, əдебиетке істеген 20 жылдық еңбегін тойлайтын себебі сол. Ол, аты ақын ғана емес, революционер, большевик ақын. Ол еңбекші бұқараның ақыны ғана емес, Октябрь майданында жауын жеңіскен батыры. Сəкен азамат соғысында Əрбір ұлтта еңбекші жəне еңбекті қанаушы екі тап болатынын, еңбекші бұқараның кеудесіндегі зары əлсіз түрде болса да əдебиетке түспей қоймайтынын, осыдан əдебиетте бұқарашылдық тегі болатынын марксизммен таныс кісілер жақсы біледі. Торайғыровқа дейін қазақта бұқарашыл əдебиет болған жоқ дейтін сыншылар бар. Егер ол пікірге қол қойсақ, қазақта Торайғыровқа дейін еңбекші бұқара жоқ деген пікірге қол қойған болар ек. Ондай пікірге марксизмді жақсы ұғатын адам, əрине, бара алмайды. Қазақ əдебиетінде бұқарашыл бағыт Сұлтанмахмұтке дейін де болды. Ондай бағытты біз жазба əдебиет түгіл ауыз əдебиеттің өзінен де байқаймыз. Рас, Торайғыров «Кедей» деген поэмасында еңбекші бұқараның байлардан көретін қысымын бұрынғы ақындардан ашығырақ жазды. Ол қазақта кедей былай тұрсын, пролетариат табы барын айқын көрсетті. Бірақ онымен
Торайғыров пролетариат ақыны, пролетариат идеологы бола алған жоқ. Пролетариаттың, кедейдің тұрмысының ауырлығын көрсетумен ғана пролетариат ақыны бола алмайды. Пролетариат ақыны болу үшін, пролетариатқа қиын халден қайткенде құтылудың жолын көрсету керек. Ол жол пролетариат диктатурасын орнату. Қанаушы таптың үстемдігін құлатпай, үкіметті қолға алмай, пролетариат ешуақытта азат болмайды. Сұлтанмахмұт пролетариаттың ауыр халін көрсеткенмен, сол кездегі тұрмысты түбірімен өзгертуге аяқ баспаған ақын. Қазақ əдебиетінде пролетариат үстемдігін бірінші рет жырлаған, бірінші рет капитал дүниесін тамырымен қопаруға шақырған ақын Сəкен. Сəкеннің қымбаттылығы, ардақтылығы осында. Еңбекші бұқараның оны сүйетін себебі осы. Ендеше Сəкенді қазақ совет əдебиетінің ағасы дейтін себебіміз осы. Сəкен – пролетариат ақыны. Қазақтың пролетариат əдебиетінің бірінші кірпішін қалаған Сəкен. Оған ешкім таласа алмайды. Таласам дегенмен тарих таластырмайды. Сəкеннің осындай пролетариат ақыны болуының бір себебі ілгергі кезге жатады. Алашордашылдардың қазақта тап жоқ деген пікірді айтқандағы бір «дəлелі» – «қазақта капиталист жоқ, сондықтан онда жұмыскер жоқ» деген сандырақ болатын. Революциядан əлденеше жыл бұрын қазақ даласына орнаған: Риддер, Екібастұз, Ақжал, Қоңырат, Спасскі, Қарсақпай, Эмбі сықылды кəсіп орындарын, бір ұлттан жұмыскер табы құралу үшін, сол ұлттың өзінен капиталистер шығуының міндетті емес екенін олар көрсе де көрмейтін. Көргісі келмейтін. Бұл өндіріс орындарындағы қазақ жұмыскерлері революциядан бұрын таптық мақсатын орыс пролетариатындай дəрежеге қоюға жеткен жоқ. Саяси санасы өскен жоқ. Бірақ одан, қазақ жұмыскерлері құлдық қамытын өгізше сүйрей берді деуге болмайды. Талай жерде қазақ жұмыскерлері стачкалар, ереуілдер жасаған. Солардың ішінде көзге ерекше көрінетін
біреуі, 1905 жылы Успенскі заводында желтоқсанда болған ереуіл. Уақыт жағынан бұл ереуіл, Москва жұмыскерлерінің құралды көтерілісімен бір мезгілде келген. «Еуропаны шолған коммунизм сəулесі» (Маркс) қазақтың қиыр даласындағы заводқа да жарығын түсірген. Қазақ жұмыскерлері «Бүкіл жер жүзінің пролетариаты, бірігіңдер!» деген ұранға үн қосты. Міне, осындай тарихи маңызы зор оқиғаны завод мектебінде орысша оқып жүрген жас Сəкен көзімен көрген. Жұмыскердің ауыр тұрмысымен Сəкен жас кезінде танысқан. Сол ауыр тұрмыстың құрсауынан шығам деп бұлқынған жұмыскерлердің қозғалысы болашақ пролетариат ақынына қатты əсер еткен. Мұны ол өз өмірбаянында айтады. Бірақ, сол күннен бастап пролетариат бағытымен жазуға Сəкенге басшы болмаған. Өзі бастауға жасы да, білімі де жетпеген. Завод мектебінен жеткесін ол ұлтшылдардың ортасына түсіп, солардың ықпалында революцияға дейін болып, революция тұсында шыныққан большевиктерге кездесіп, саяси бетін содан кейін айқындаған. 1929 жылғы болатын Крайкомның алтыншы пленумында Голощекин: «қазақ совет əдебиеті, менімше, 25 жылдан басталды» деді. Əрине, ол кісі ол сөзді қазақ əдебиетін оқып барып айтып отырған жоқ, оған «солай» деп түсіндірушілер болған. Сын мəселесінде марксшілмін дейтін кейбіреулер ол кезде тіпті Голощекиннен əрі кетіп «қазақтың пролетариат əдебиеті əлі жоқ, ол алдағы нысана ғана» дейтін. «Пролетариат əдебиеті қазақта болған жоқ жəне келешекте де болмайды» дейтін ешбір негізсіз алашорда сынына біз бұл арада тоқтамаймыз. Жоғарыда айтылған сыншылардың қате пікірлері пролетариат əдебиетінің не екеніне түсінбегендіктен шыққан. Марксшілмін дейтін кейбір сыншылар бір кезде «завод, фабрикті жазбаған кісі пролетариат жазушысы емес» деп те жүрді. Сол сыншылар Сəкеннің 1917 – 1919 жылдары азамат соғысы туралы жазған шығармаларын «завод, фабрикті суреттеген шығарма емес» деп, пролетариат əдебиетінің үйіріне қосқысы келмеді. Қайталап айтқанда, азамат соғы-
сында пролетариаттың үстемдігін мұрат қыла жырлап, байлардың үстемдігін талқандауға шақырған жазушының пролетариат жазушысы екенін ұқпады. Пролетариат ақын, жазушыларының алдына қате міндет қойды. Мəселе алған тақырыпта еместігін, сол тақырыпты пролетариат мүддесіне сай жазуда екендігін түсінбеді. Сəкен революцияның бастапқы күндерінен-ақ пролетариат бағытымен жырлаған адам. «Асығып тез аттандық» деген өлеңінде (революцияның бас кезінде жазылған): «Тəуекел қып аттанып, Атқа қамшы бастық біз, Неше қатер жерлерден Аман-есен астық біз, Зенгер тауға кеп жетіп, Биігіне өрледік, Тұлпарларды орғытып, Көкке құлаш сермедік, Шың басына кеп шықтық, Көк аспанмен тілдескен, Биікке кеп таласып, Бұлттарменен күндескен... Кешікпей-ақ қызыл күн Шыға келді жарқырап, Тұлпарлар да шаттанып, Тұра қалды арқырап», – дейді. Ақынның мұндағы шыққан шыңы – революция. Шыққан күні Октябрь. Бірақ, бұл күнді бүркейтіндер барын ақын түсінеді де, тауға шығып тамашалап қарап тұрмай, жанындағы жігіттеріне «Аттан!» салады. «Кел, жігіттер, Болыңдар, ел, Жүйткіт, орғыт тұлпарды!» –
дейді ол. Ақынның «болыңдар ел» дегені баяғы ұлтшылдықтың сарыны деп ойлап қалатындар болуы мүмкін. Олай емес. «Залымдық пен Əділдіктің Алысқанын айтайық, Жер жүзінде Бай мен кедей Шабысқанын айтайық!» – дейді ол. Бай мен кедейдің шабысқан қызығына қарап жəне тұрмайды Сəкен. Ол шабысқан екі жақтың кедейіне болысып: «Салып ұран, Кедей құрал! Кедейден топ жасайық!» – дейді. Революцияның бастапқы күндерінде-ақ Сəкеннің бет алысы осылай. Сəкеннің сол кезде жазған «Бабаларыма» деген өлеңіне қарап біреулер оның революционер ақын екендігіне шектенеді. «Сұм заман басқа салды мұндай шақты, Қайтейін медеу қылдым жалғыз хақты, Ұрпағың өсіп-өнген рулы ел боп, Дейтін ед, бабам Тоқа аруақты!». – Міне, – дейді ақылдымсып əлгі күдіктенушілер, – «көрдің бе, революционеріңнің кімге жалбарынып отырғанын! Аруаққа, Құдайға сыйынған кісі революционер бола ма екен?!». Мұндай сыншылар адам дегеннің жан жүйесінде болатын (қиын кезеңді ұқпайтын, адамға механика көзімен қарайтындар. Бір минутте большевик бола қоймағанын, бірнеше сын, толғану елегінен өтіп барып большевик жолын
түсіне бастағанын Сəкеннің өзі де жасырмай «Тар жол, тайғақ кешуде» айтады. Сүтпен кірген діншілдік сүйектен тез арыла қою оңай жұмыс емес. Сəкеннің аруаққа сыйынуын, əрине, марксизмге піспегендігі. Бірақ марксизмді жақсы біліп болмаған кісі революционер емес деуге болмайды. Оған дəлел азамат соғысының атақты батырының біреуі Чапаев. Интернационалдың не екенін білмеген Чапаевты интернационалист емес деп кім айтады. Сəкенді революционерлікке ешкім қаға алмайды. Өйткені сол «Бабаларыманың» өзінде Сəкен: «Ел жеген жауыздарға қарсы тұрдым, Нашармен қол ұстасып бірге жүрдім, Бай, болыс, би, төренің малдарына Сатылмай əділшілік жолын құрдым!» – дейді. Ақын ру басына сыйына отыра, сол рудың ішінде кімнің сойылын соғатындығын ашық айтады. «Тар жол, тайғақ кешуді» оқыған кісіге, Сəкенді Колчак пен алашорда абақтыға салып ауыр азап көрсеткені белгілі. Егер Сəкеннің табанында бүр болмаса, пролетариаттың таптық тұғырына берік орнықпаса, ол абақтыдан қашып шыққаннан кейін «я, аруақ өзің сақта» деп жатар еді. Ауыр азап тартқаннан кейін саяси бетін түбірімен өзгерткен адамды біз тарихта аз кездестірмейміз. Мəселен, орыстың атақты жазушысы Достоевский. Өлім жазасынан, Колчактың қамауынан қашып шығып тұрған минуттің өзінде Сəкен: «Уһ, жүрейін, жүрейін, Осы арадан кетейін. Бостандық, теңдік, бақытқа, Күн-түн қатып жетейін!» – деп жігерленеді.
Қашып жүрген кезінде ол: «Үйде сапы, карабин, Белдеуде найза шашақты!..» – дейді. Революцияның бастапқы жылдарында Сəкеннің идеологиясына революционерлік практикасы жетекші болғанын байқаймыз. Абақтыға түсіп, ауыр азап шеккенде аруақ пен Құдайға сыйынған Сəкен, біраздан кейін ол ойдан алыстайды. «Жолдастар» деген өлеңінде ол: «Жалбарынып, жалынып сұрағанда Байың, патшаң, тəңірің беріп пе еді!» – дейді. Онымен қоймай: «Қайраттанар кез келді уақыттарың Өз қолыңмен жасалар бақыттарың!» – деп, бақыттың тізгіні тəңіріде емес, пролетариаттың өзінде екенін айқын ұғады. Сондықтан: «Неше мың жыл құлданған бай мен патша; Талқан қылып жояйық тақыттарын!» – деп, пролетариат диктатурасын бұрынғыдан да ашық қояды. Азамат соғысы қазақ əдебиетінде Сəкеннен басқа жазушының шығармасында жөнді көрінген жоқ. Оған себеп өзге жазушылардың азамат соғысына аз араласқандығы, аз білетіндігі болуға тиіс. Сəкеннің азамат соғысын көп жазғаны, жəне біліп жазғаны – өзі сол соғыста мылтық асынып бірге жүріп, барлық жағдайын жақсы білгендігінен. Азамат соғысын əдебиетте көрсету жөнінен Сəкен Қазақстан түгіл жалпы Совет Одағының əдебиетінде сыйлы орын алады. Ол тақырыпқа Сəкеннен көп жазған жəне Сəкеннен артық біліп жазған жазушы Одақ көлемінде де аз.
Біз жоғарыда мысалға Сəкеннің «Асау тұлпар» деген жинағындағы өлеңдерін ғана келтірдік. Оның азамат соғысының тақырыбына жазған «Асау тұлпардан» басқа екі шығармасы бар. Олар: «Қызыл сұңқарлар», «Тар жол, тайғақ кешу». Бұл екеуі де өте үлкен тарихи документ. «Тар жол, тайғақ кешу» бір жағынан, тарих, екінші жағынан саяси оқулық, үшінші жағынан оқушыны өзіне еріксіз тартып отыратын өте көркем шығарма. «Сəкеннің прозасы нашар болады» деген сөздің қателігіне «Тар жол» айқын дəлел. «Қазақ əдебиеті» газетінің Сəкеннің 20 жылдығына арналған санында «Тар жолдың» үзінділері басылды. Соларды оқыған кісі Сəкеннің прозасы да өте сұлу жазылатынын, адамды толғандыратынын, сезіміне қатты əсер ететінін көреді. «Тар жол, тайғақ кешу» сюжетті шығарма. Оның ішіндегі геройлар – күрескен екі тап. Композициясы өте шебер келген. Адамды оқығанда жалықтырмайды. «Енді не болар екен» деп, аяқтап шыққанша адам құмартады. Кей жері күлдіреді, кей жері қайғыртады. Кітапта бас герой екеу: біреуі пролетариат, біреуі буржуа. Кітапты бітіргеннен кейін пролетариатты оқушы (əрине, біздің оқушылар) сүйеді, буржуаға өшігеді. «Қызыл сұңқарлар» қазақ драматургиясының тарихында саяси тақырыпқа бірінші рет жазылған пьеса. Мұнда жазушы семья тұрмысын суреттеу дəстүрінен шығып, əлеуметтік жағына баса зер салған. Жеке адамның тілегі бұл пьесада əлеуметтік тілекке орын берген. «Тар жолдың» да, «Қызыл сұңқарлардың» да өте бір ерекше жері интернационалдық тəрбие жағы. Бұлардан бұрын жазылған «Иван менен Мырзабек» деген өлеңінде Сəкен: «Жолдасым серік, Иваным, Болса түзік иманың... Сен бауырымсың туысқан» – деп, Иванды Мырзабектен кем көрмейтіндігін айтқан. Ұлы орысшылдығын көрсетсе Иванға, ұлтшылдығын көрсетсе Мырзабекке жау екендігін жасырмаған.
«Қызыл сұңқарлар» мен «Тар жолда» бұл интернационалдық ерекше орын алады. Октябрь төңкерісінің интернационалдық маңызын ақын айқын түсінеді. «Қызыл сұңқарлардағы» Нестеров, Лозовойларды ақын Еркебұлан мен Жұмаштан кем көрмейді. «Тар жолдағы» Катченко, Ананченко, Кременской, тағы басқаларды Сəкен жанындай жақсы көреді. Сəкен ұлтшылдық емес, тапшылдық бағыт ұстайды. Барлық ұлттың еңбекшілерін бауыр көреді, барлық ұлттың буржуйларын жау көреді. Бұл бағыт Сəкеннің барлық дəуірдегі шығармаларының ешбірінде əлсіреген емес. Қысқасы, Сəкен қазақ əдебиетінде бірінші интернационалист. Оның ең қымбат жерінің біреуі осында. Сəкеннің азамат соғысы кезіндегі шығармаларына көбірек тоқтаған себебіміз, сол жылдарда да қазақтың пролетариат əдебиетінің мықты іргесі қаланғанын, қазақта пролетариат əдебиеті 25 жылдан туды деген пікірдің қателігін, Октябрьмен бірге туған қазақ пролетариат əдебиетінің ағасы Сəкен екенін дəлелдеу. Сəкен НЭП кезінде Сəкен «Азия», «Совет баласы» тағы сол сықылды бірнеше қате шығармалар жазады. Азия туралы жазған бір мақаласында Сəкен: ол кезде Еуропада зорлық күшейген еді, империалистік соғыстың артынан Еуропада күштілер əлсіздерді аңша талап жеген еді, «Азия» өлеңі сол рақымсыз қара күшке білдірген қарсылығым еді дейді. Біз, əрине, Сəкеннің сөзіне сенеміз, оның ақ ниетіне күдік жасамаймыз. Бірақ ақын тұрмыс шындығын қате түсінген уақытта оның ниеті мен қорытындысының арасында қайшылық туады. «Азияда» Сəкен Еуропаға «Сен түгел жауызсың» дегенді айтады. Азияның «əділдігін» Еуропаның «жауыздығына» қарсы қояды. Тұрмыстың шындығы осылай ма? Əрине, жоқ, Еуропаның жауызы – буржуалары. Еуропаның жұмыскер табы мен еңбекші бұқарасы Сəкен айтқандай «ақиқатқа қарсы» емес. Ақиқатты шын мағынасында орнататын құрал
пролетариат революциясы. Пролетариат революциясын тудырушы Еуропа пролетариаты, орыс пролетариаты. Шығыстан Еуропаға жібердім деген: Айса, Мұса, Шыңғыстармен Сəкен Марксты қатар қояды. Шығысты əділдіктің ордасы деп түсіндіреді. Шығыста да құлданушы, құл болушы екі тап барын айтпайды. Шығыс елінің біреуі, қазақтың ішінде екі тап бар деп жырлаған өлеңдеріне Сəкен «Азияда» қайшы келеді. «Азияның» аяғында Сəкен: «Қой бауырым, əлде болса тас болма, Бүліншілік жауыздыққа бас болма» – дегенімен өлеңінің саяси қателігі кемімейді. «Азиядағы» қателігін Сəкен сол жылы жазылған «Алтай», «Германия жұмыскеріне» деген өлеңдерінде түзейді. Еуропа елінің біреуі – Германиядағы жұмыскер тапқа Локарна шартының ауыртпалығы түскеніне Сакеннің іші ашиды. «Құтырған байлар мас болып, Пуанкаре бас болып, Именбей басты кеудеңді, Барлық əлем көріп тұр. Арам тамақ өрмекші, Қаныңды сора бермекші ......................................... Қара пəле албасты, Жиналып бəрі жалғасты. Қарусыз сорлы жұмыскер Қойныңа қолын сұғып тұр» – дейді ол. Германия жұмыскеріне туысқандық жаны ашыған Сəкен: Бауырлар-ау, тұрсайшы, Пəлені бетке ұрсайшы. Ақырып қайрат қылсайшы. Жігерің не қып жасып тұр!
........................................ Алыстан сенен көз алмай, Сенен бір сертті сөз алмай, Бұл жақта бауырың телміріп, Жүрегі қайнап ашып тұр! – деп пролетариатты майданға шақырады. Россия пролетариаты капитал тырнағынан қан майдан арқылы босанғанын көзімен көріп, ішінде бірге болған ақын, Россия жұмыскерлерінің практикасын Германия жұмыскерлеріне ұсынады. Міне, бұл – нағыз лениншіл, большевик ақынның сөзі. «Алтай» атты өлеңінде Сəкен Азия мен Еуропа елдерін тапқа бөледі де: «Төмен тап Еуропада майдан ашса, Майданға сертпен шығып туын жазса, Алтайдан жəрдем күтіп жаудан қайтпай Не өлмек, не жеңбек боп ұрандасса. Алысқан бауырларға көзді салсақ, Ерлерін Азияның жинап алсақ, Жаңғыртып жер-дүниені жау қайдалап Лек-лек боп зор майданға біз де барсақ. Жауды езіп Еуропадан өтсек аттап. Дүниені ұрандатып алсақ қаптап, Орнатып жер жүзіне тегіс теңдік, Жоқ қылсақ жуандарды жерге таптап! – деп, «Бүкіл дүние жүзінің пролетариаты, бірігіңдер!» деген ұранды мұрат қыла жырлайды. «Азиядағы» қате пікір «Алтайда» атымен сезілмейді. «Азиядағы» Сəкеннің қателігімен пайдаланып, оны аяғынан шалғысы келетін садуақасовшылардың боянған əр түрлілері, алашордашылдар Сəкенді Мағжан қатарына апарғысы келеді. Мағжан «Күн шығысты» жазса, Сəкен «Азияны» жазды, екеуінің арасында қанша айырма бар дегенді айтады.
«Азияның» саяси қате шығарма екенін жоғарыда айттық. Бірақ онымен қатар, сол жылдары Сəкен «Германия жұмыскері» мен «Алтайды» жазғанын сыңаржақ сыншылар көргісі келмейді. Төңкеріске қарсы Мағжаннан «Алтай», «Германия жұмыскеріне» сықылды өлең еш уақытта шықпайтынын, «Күншығыста» айтқан пікірді Мағжандар принцип қып қоятынын, Сəкеннің «Азиясы» оның негізгі көзқарасынан емес, мəселеге үстірт қарап, қатеден сүрінгендік екенін олар айтпайды. «Азия» мен «Совет баласына» қарап Сəкенді партия жолына қарсы көрсетуге тырысатындар, сол кездерде оның Ленин туралы, ленинизм туралы жазған шығармаларын көрмейді. Мысалға оның 1923 жылы жазған «Ленин» атты өлеңін алайық: «Ғылым, тарих қағидасы –
өзі. Бақыт, жоба, ұйым басы, – тезі... Адамзаттың бақытына, сəті, Аят, қадис уақытына – аты... Саясаттың мыс қазаны – Ленин! Бостандықтың таң азаны – Ленин!» Бұл өлеңді түгел оқып шыққан адам Сəкеннің шығармасында Ленин образы өзге образдарының қасында, басынан адам аса аламайтын асқар тау сияқты көрінеді Ленин атын айтқанда ақын Лениннің өлуіне арнаған осы жинақтағы екі өлеңінде Сəкен қабырғасы қайыса қайғыруымен бірге: «Кек, қайрат көкірекке қайнап толған, Тайдырмас үлкен аға салған жолдан.
Лениннің тігіп кеткен қызыл туын Ешбір жау құлата алмас біздің қолдан!» – дейді. Қысқасы Ленин жолында оның табаны берік. Ол шын мағынасындағы лениншіл. 1922 жылы жазылатын «Совет баласы» деген өлеңінде Сəкен НЭП-тың саяси-шаруашылық маңызын толық түсінбейді. «Мынау қу НЭП, Қойды ғой жеп, Шіркін Совдеп Келер ме еді айналып». Сəкеннің ойынша кедейдің НЭП-ты бағалауы осылай. Сəкен кедейлердің ол бағасына өз қолын да көтеріп, өз даусын да қосады. «Дейді кедей, Қайтсын демей, Тірі жемей, Қояр емес байларың» – дейді Сəкен. Сəкен НЭП байының шаруашылық ықпалы ғана бар деп ойламайды. Оның ойынша: «Бай Нардомда, Исполкомда, Мұнда, онда, Байлар тағы торлады. Байлар қуаң! Кейбір суаң, Емес жуан Еппен сені қорғады!». Сəкеннің НЭП-ті бұлай түсінуі, əрине, қате. Рас, шаруашылық ретінен егер дұрыс басқара алмаған күнде НЭП-тің
қаупі барында дау жоқ. Ленин «Кімді кім?» деген ұранды сондықтан айтқан. Бірақ НЭП саясатын дұрыс түсінген кісі, бұл жөнінде партияның беті ашық екенін, бұл шара белгілі жоспармен істелгенін көреді. Партияның НЭП саясатынан мақсаты – бір адым шегініп, бойға күш жинап, екі адым ілгері аттау. НЭП Совет елінің шаруасын өз ықпалына алып кетуге мүмкін емес, өйткені НЭП-ті жоспарлап отырған, Сəкен айтқандай байлар емес, «Наркомда, Исполкомда, онда-мұнда, байлар тағы торлады» деген Сəкеннің сөзі қате. Үкімет басына, партия жолбасшылығына байлар бізде ешуақытта отырған жоқ. НЭП Совет үкіметін басқарған жоқ, Совет үікіметі НЭП-ті басқарды. НЭП-тің тізгіні Совет үкіметінде болғандықтан, «Кімді кім?» майданында НЭП жеңілді. Совет Одағының шаруасында капиталистік бағыт күн санап əлсіреп, социалистік бағыт күшейді. Отанымыз НЭП-ті дұрыс пайдаланудың арқасында социалистік шаруаны нығайтып алды. НЭП туралы Сəкеннің қате пікірі өзге шығармаларында да біразға дейін көрініп жүрді. «Жұмсақ вагон» поэмасында саудагер өзбектің қызыл партизанды поездан құлатып кетуі осы қате пікірден шыққан. «Жұмсақ вагон» «Совет баласының» жалғасы, екеуінің пікірі бір. Екеуінде де Сəкеннің НЭП-ті ұқпауы көрініп тұрады. Сəкеннің жазушылық өмірінде бір жақсы жері, қателескенмен, тұрмыстың шындығына тез оралады, тез көреді: Біреулер Сəкен НЭП-ке қарсы бетін өзгерткен жоқ дейді. Ол, əрине, қате. Сəкеннің «Советстан» деген поэмасы 1925 жылы жазылды. Осы поэмада Сəкен кімді-кім жеңіп шыққанын айқын көреді. НЭП саясаты Совет отанын күшейтуге себеп болғанын, партия бұл саясатты өте данышпандықпен ойлап тапқанын, Совет елі жер жүзінде күшті ел болғанын ақын шалқып жырлайды. Ақын НЭП саясатының ірі табыстарын айтады: Бұрын атым тұлпар еді бəйге көк, Міне, енді поезд болды, тұлпар жоқ.
Ұзақ жолға, Тұлпар қол ма, – Мейлі жорға! – Тұлпар міну Сарыарқада жүрсең тек, – дейді ақын. – «Поезд», «Қарайғыр», «Отарба», «Экспресс» деген сықылды өлеңдер Сəкенде ертеден кездеседі. Бұл өлеңдердегі Сəкеннің поезы, бір жақтан, Совет Одағындағы ірі өнеркəсіптің символы болса, екінші жақтан, революцияның символы. 1921 жылы жазылған «Қарайғыр» деген өлеңінде ол поездың жүрісін сипаттай келіп: Алып қара бұл айғыр, Ерлер күшпен жаратқан, Патшаларды құлатып, Екпін күшке қаратқан. Дүниені орап жаңғыртып, Күңіреніп ұран таратқан. Керемет күштер жасаушы, Жалшылар енді азаттан! – дейді. Бұндағы ақынның алдына қойған мақсаты, поезды суреттеу арқылы жұмыскер таптың құдіретті күшінің қандай екенін көрсету. Əлемнің тəңірісі еңбек екенін айту. 1922 жылы жазылған «Біздің тұрмыс экспресс» деген өлеңіндегі поез тұп-тура революцияның бейнесі. Жарым артта қаларын, Маржандай жасы тамарын, Білсем де маған қарарын Поезға міндім таласып, – дейді ақын. Бұл өлеңінде Сəкен тап ісін қара басының ісінен қымбат көріп жары мен революция қатар тұрғанда, қимаса да жарын тастап, революциямен кеткенін айтады. Өлеңді Сəкен былай аяқтайды:
Зырла экспресс, ұш, зырла! Жұлдыздай ақ, құлдыра! Құйындай құтыр, бұлдырла! Аямай жүгір барыңды. Ерлер мінсе шыдасын, Қорқақтар мейлі жыласын, Шыдамаса құласын, Аямай сілте барыңды! Революцияға белін бекем буған ақынның сөзі осылай келеді. 1925 жылдарда да революцияға ерген Сəкеннің сол жолда табаны əлі де мықты екенін көреміз. Міне заулап отарбада келеміз, Кейде жүйткіп, кейде бүлік-бүлік желеміз. – Жолы құрыш, Жолы өріс, Аумай бұрыс Қарақшыға апарады сенеміз! НЭП-тің революцияға бөгет болуға əлі келмейтінін көрген Сəкен: Поезд өсті дауам қайнап құбылмақ, Əлсіз сорлы сəкі астына тығылмақ, Біреу жетпек, Біреу кетпек, Мінгендер тек, Біртін-біртін ырғытылып жығылмақ, – дейді Сəкен. Поезға тегін мінетіндер, əрине буржуа. Совет заманында олардың сəкі астына тығылатыны рас. Бірақ, тығылғанмен, біртіндеп ырғатылып жығылатынында сөз жоқ. Сəкі астына (НЭП-ті жамылып) тығылған буржуйлардың азайып келе жатқанын Сəкен көреді.
Жауыз бидің заманында жауыздар, Толған еді, арамтамақ ауыздар. Қуды бəрін Жуды нарын, Бұққандарын, Бірте-бірте, кондукторлар, қауыздар. Бұл өлеңнен аңғарылатын нəрсе: Сəкен «Совет баласы» деген өлеңінде айтқанындай, билікте (исполкомда) буржуйлар отыр демейді. Тізгін кондукторда екенін, олар революцияның (поездың) нарына жұққан кірді (капитализм тегін) жуып тазартып жатқанын айтады. Бұл арадағы кондуктор – Совет үкіметі, Советтің əкімшілігі. Жас арыстан күшейесің айына, Қылыш қайрап дүниенің байына, «Шешен мырза» «Көсем құлжа» «Енді риза» «Сасық» деген табанының майына, – деп шалқиды Сəкен. Совет елінің бұлай жас арыстан боп, дұшпанын бұқтыру себебі жалғыз ғана НЭП саясатын жүргізе білуде емес. Атпен жүрсе алты айлық жол жерің бар, Советстан сан рулы елің бар. Сан рулы, Заң құрулы, Бір-ақ тулы Бір-біріне туысқандық сенім бар – дейді Сəкен. Бұдан ұғылатын мағына: Ленин партиясы шаруаны ғана социалистік бағытпен өсіріп отырған жоқ, бүкіл адам атаулыны социалистік бағытпен есіріп, сан рулы елді бір тудың астында бірге туғандай рухпен тəрбиелеп отыр.
Совет елінде жаңа шаруамен бірге жана адам жасалып жатыр. Міне, мұның бəрінен көрінетін нəрсе, 1922 жылдары НЭП билеп кетеді деп қорыққан Сəкен, «Кімді кім?» ұранында капиталистік бағытты социалистік бағыт жеңетініне күдіктенген Сəкен, 1925 жылы ол пікірінің кате екенін, партия саясатының дұрыс екенін, НЭП саясатын партия дұрыс жүргізу арқылы Совет Одағы дүние жүзіне айбынды ел болғанын көреді. Көріп қана қоймайды, шалқып, шаттанып жырлайды. Табысты шаттанып жырлаумен бірге Сəкен «вулкан» барлығын, «сақ болудың» қажеттігін, əлі де «жол ұзақ» екенін ұмытпайды. Бірақ ақын «Маркс-Лениннің қоспақ темірден салған құрыш жолы, поезды аудармайтынына» сенеді. Айда отарба, тынбай заулап айдап бақ, Дөңгелегің зырылдасын тақ-тақ-тақ, Шанқан жарық, Шамға қарық, Болсын халық, Электр жақ, тынбай айда жол ұзақ, – дейді Сəкен. Мұндағы халық жарығына қарық болсын деген Сəкеннің шамы – бір жағынан, Лениннің елімізді электрлендіру жоспарын жырлағандық, екінші жағынан, коммунизмді электр жарығына ұқсатқандық. «Советстан» – жалпы совет поэзиясының ең биік өркешінің біреуі. Бұл поэманы мазмұн жағынан да, түр жағынан да бүкіл Одақтағы совет поэзиясының маңдай алдындағысының қатарына қосуға болады. Ақын мұнда ұлы қарқынмен ілгері зырлап бара жатқан социализм дəуірінің бейнесін мазмұнмен ғана емес, түрмен де береді. Сөздердің құралуы, дыбыс үндестігі, ырғақ, үйлес жақтары қызу қарқынға өте дəлденіп жасалған. Оқыған уақытта поэма экспрестей адамды ілгері алып ұшып отырады. Қазақ ақындарының, əсіресе жастардын көбі «Советстанға» еліктейтін себебі осы. Түрі
мен мазмұны бірдей түскен бұл сықылды сұлу поэзияны қазақ əдебиеті Сəкеннен бұрын аз көрді. «Советстан» жалпы қазақ поэзиясын бұрын шықпаған жоғарғы сатыға көтерді. Қорыта айтқанда Сəкен НЭП тұсында кері кетті деген пікір атымен қате. Кейбір кемшіліктері, қателіктерімен бірге ол партия жолынан, Ленин жолынан табанын аударған жоқ. Сəкен социалистік қайта құрылыста Пролетариат революциясының негізгі мақсаты – жеке меншікті, жеке меншіктегі байлықты жойып, қоғам меншігін, қоғам байлығын жасау. Мұндай байлықты жасау үшін өндірісте де, ауыл шаруасында да ірі өнеркəсіптің күші араласу керек. Ірі индустриясыз ірі техника жасауға болмайды, ірі техникасыз ірі социалистік шаруа жасауға болмайды. Бұл – марксизм-ленинизмнің «əліп» пен «биі». Марксизмнің осындай негізін түсініп қазақ əдебиетінде ірі индустрияны, ірі техниканы мақсат қыла бірінші рет жырлаған ақын Сəкен. Сəкеннің шығармасында аэроплан да поездан кем орын алмайды. «Аспанға ұш» деген өлеңінде (1923 жылы жазылған): «Орынбордан таңертең шықсаң ұшып, Ақмолада дем алып, түсте түсіп, Семей барып, қонаға съезде боп, Ертеңіне қайтарсың қымыз ішіп», – дейді. Аэроплан Сəкеннің ұғымында жалғыз саяхаттап ұшудың ғана құралы емес. «Керек болса бұлттарды қойша бағып, Пұшпағынан жинарсың арқан тағып, Жауын керек жерлерге жаудырарсың, Дүрсілдетіп сабаумен төмен қағып. «Самұрық» деген өлеңінде Сəкен ерте заманда адам баласының қиялы ғана ұшқанын айта кеп:
«Қазіргі шын самұрық аэроплан, Күңірентіп жер мен көкке салып ұран, Еркіндік оған мінген азаматы Большевик ер жүректі батыр ұлан, Сəн емес, аэроплан күшті көлік, Арымас өзі жүйрік, мінсе берік. Адамзат көркем тұрмыс бақытына, Сенімді жеткізетін ол бір көрік», – дейді. Бұл өлеңнен біз Сəкеннің ірі өнеркəсіпті өркендету саясатын айқын ұққанын көреміз. Алашорда сыншылары, садуақасовшылардың боянған əртүрлілері білгішсініп, ерте кезден Сəкенді сөгіп: «қазақ даласында поез бен аэроплан жоқ, Сəкен жоқты суреттейтін қиялшыл ақын» деген сандырақты айтты. Сəкен поез бен аэропланды ең алғаш қазақ əдебиетінде жырлаған кезде қазақ даласында темір жол мен аэроплан азы рас. Бірақ, алашордашылар мен садуақасовшылдар, меніңше, екі мəселені түсінбейді, түсінсе де түсінгісі келмейді. Оның біреуі – Сəкен коммунист, интернационалист ақын. Сондықтан барлық Совет Одағындағы поезд бен аэроплан оның өз мүлкі. Совет Одағындағы барлық табысқа өз табысым деп Сəкеннің қуанатынын біз «Советстан» поэмасында айқын көреміз. Екінші – большевиктің өзгелерден өзгеше бір жері болашағына мықты сенеді, пролетариаттың қолынан неше түрлі керемет табыстар туатынына күдіктенбейді. Большевик ақын Сəкен – революцияның бастапқы жылдарында-ақ, келешекте салынғалы тұрған Түрксібті, Қарағанды жолын, Ақмола – Магнитогорск жолын айқын көреді. Олардың салынатынына күдік жасамайды. Өйткені ол жолдар салынуға толық жағдай бар. Ол жағдай пролетариат диктатурасы, ұлт саясатын дұрыс жүргізетін Коммунистік партия мен Совет үкіметінің ұлы жоспары. Сəкеннің ол сенімі ақталғанын бүгінгі күні алашордашылдар мен садуақасовшылардың өздері де қате дей алмайды. Ірі индустрияның жеңістері поезд бен аэроплан Сəкеннің ақындық қиялынан еш уақытта алыстаған
емес. Оның қай дəуірде жазған шығармаларын алсақ та, бұл тақырыптардан қол үзбейтінін, ілгері өрлеп отыратынын көреміз. Индустрия туралы оның əрбір мұрат қыла жырлаған сөздері көп кешікпей практикада іске асып отырады. Мұндай алдын болжау, болжағаны келіп отыру, дəуіріне сенген большевик ақынның ғана қиялы мен қаламынан туа алады. Ауыл шаруашылығын қайта құрып, социалистік колхоз шаруасын өркендету шарасы басталған кезде, Сəкен «Комбайн мен трактор» сықылды өлең жазып, қазақ совет əдебиетіне көсемдік көрсетеді. «Социалстан» атты жинақта басылған «Даладағы жаңа күй», «Тракторшы колхозда», «Біздің колхоз», «Колхозда», «Егіс жайда» деген өлеңдер Сəкеннің колхоз құрылысын дұрыс түсінгенін көрсетеді. Бұл «Сəкен социалистік қайта құрылыс дəуірінде артта қалды» деген сөз садуақасовшылдар мен оларды қолдаушылардың Сəкен туралы кезекті сандырағы екенін дəлелдейді. Сəкен НЭП тұсында да, «социалистік қайта құрылыс дəуірінде де, кейбір кемшіліктермен қатар, негізінде партия жолынан, Ленин жолынан табанын аударған жоқ. Алашордашылармен, партия ішіндегі ұлтшылдармен күресін əлсіреткен жоқ. Алашордашылдар мен ұлтшылдар да қарап жатпады. Олар Сəкенге қарсы қатты күрес ашты. «Ақ жол» газетінің, «Шолпан», «Сана» журналдарының бетінде алашордашылардың Сəкенге шабуыл жасауы əлдеқалай болған нəрсе емес. Олар пролетариат диктатурасына қарсы, пролетариаттың саяси, шаруашылық, мəдениет істеріндегі қолданып отырған шараларына қарсы. Сəкен – пролетариат жыршысы. Сəкеннің қаламы пролетариаттың жетістігін серпе жырлаумен бірге, Алашорда сықылды тап дұшпандарына найзадай түйреледі. Сондықтан алашордашылардың Сəкен дегенде, Сəкеннің шығармасына дегенде жаны түршігетін себебі осы. Алашордашылдар Сəкенді Колчак кезінде атаман Анненковтың қанды уысына беріп те тұншықтыра алмаған. Совет өкіметі орнағасын əрине, олардың тұншықтыруға əлі келмейді. Келмегенін біз іс жүзінде көрдік.
Бірақ тап жауы айлакер, ол заманына қарай амал жасай біледі, əдіс қолдана біледі. Бертін келе алашордашылардың жолы тарылып, тауы шағылып, ауыздықталып еді, оның орнына партия ішіндегі агенттері партия тонын жамылып, «советшіл» болып, партия жолын жақтаған болып Сəкенге алашордадан кем шабуыл жасаған жоқ. Сəкеннің маңдай алды шығармасы деген «Советстанды» Смағұл Садуақасов редактор боп тұрғанда баспай да қойған. Голощекин жолбасшылығы ауыл шаруашылығы мəселесінде Ленин партиясының ұлт саясатын теріс бұрып асыра сілтесе, осы асыра сілтеудің салдары қазақтың түрі ұлттық, мазмұны социалистік мəдениетіне де тимей қойған жоқ. Ескі жолбасшылықтың кезінде қазақтың ұлт мəдениетіне, оның кадрлеріне тиісті көңіл бөлінген жоқ. Сондай елеусіз болғанның біреуі Сəкен. Голощекин жолбасшылығы Сəкенге алашордадан кем шабуыл жасамады. Бұл жөнінде көзге өте оғаш көрінгендер «Еңбекші қазақ» газетінің маңайындағы Голощекиннің оң көздері. Олардың ұстаған əдісі Сəкеннің бірыңғай қателіктерін теріп, жұрт көзіне жаман көрсетіп, жақсы жағын бүркеу болды. Революцияның жаршысы болған ақынды бағаламады, кемшілігін атаумен бірге дұрыс бағытқа жетектеуді білмеді. Сын жұмысын тұншықтыру мақсатына айналдырды. Сəкенге газет бетінен орын бермеді. Берсе сөздеріне орынсыз байланысып, артына күнəлі құйрық жалғап отырды. Бірақ большевик Сəкен оған қажыған жоқ. Алған бетінен тайған жоқ. Пролетариаттың табыстарын шалқып жырлауын бəсеңдеткен жоқ. Бұған оның соңғы жылдарда жазған «Альбатросы» мен «Социалстаны» куə. Голощекин жолбасшылығының ауыл шаруашылығында Ленин ұлт саясатын бұрмалағанын қазақ əдебиетінде ең алғаш большевикше көре білген ақын Сəкен. Бұл жөнінде кейбір жеке кемшіліктермен қатар қазақ əдебиетіндегі үлкен тарихи документ «Қызыл ат». «Қызыл атта» Сəкен асыра сілтеушілік партия жолы емес екенін айтады:
«Үкімет малды ешкімге құрт демейді, Күйзелсін еңбек қылған жұрт демейді, Советтің мақсаты істі жемісті ету, Еңбекті еңбекші елге тек істету, Колхозды, өндірісті өркендетіп, Қызықты коммуншылдық күнге жету». Партия басшылығы дұрыс жүргізілген жерде өркендеп отырған колхоздарды көрсетеді. «Қызықты талай жердің колхозды елі, Аттары ортекедей өскен телі, Гүлденген шаруасы іс жүзінде Жылтылдап малдарының майлы шелі». Асыра сілтеушілікті туғызған жағдайды да Сəкен дұрыс түсінеді. Асыра сілтеушілік жасауға себеп болған Голощекин жолбасшылығының партия саясатын теріс айналдыру болса, екінші жақтан, тап жауының сол бұрмалауды пайдалануында екенін айтады. Партия нұсқауын большевикше іске асырған күнде асыра сілтеу болмайтындығын көрсетеді. Бұл асыра сілтеушілікті партияның тез уақытта түзей алатындығына еңбекші халықты сендіреді. Еңбекші бұқараны Сəкен осы күшті ұранды орындасуға шақырады. Партияны сүйетін еңбекші көпшілік дұрыс саясат жүре бастағасын, жұмыла іске кіріседі. Көптің көмегімен асыра сілтеу салдары тез жойылады. Қазақ əдебиетінде, қазақ совет əдебиетінде Сəкеннің «Қызыл аты» сықылды елге көп тараған шығарма болған емес. Қазақстанның қай түкпірін алсақ та «Қызыл атты» оқымаған кісіні аз кездестіреміз. Көп жерде оны жаттап та алған. Бұлай болатын себебі Сəкен «Қызыл атта» еңбекші бұқараның сенген Коммунистік партияға шын жүректен жарып шыққан мұңын айтқан. Асыра сілтеу салдарын партияның тез түзей алатындығына еңбекші бұқараның сенетіндігін білдірген. Сонымен қатар еңбекші бұқараға Сəкен партияның дұрыс
жолын түсіндірген. Қысқасы, «Қызыл атта» Сəкен еңбекші бұқара мен партияның тығыз байланысты екенін, біріне бірінің сенетіндігін жырлайды. Осы сенімге бөгет болғысы келген сұмдардың дұшпандық пердесін ашады. Бұл сенім, бұл бірлік уақытша емес, мəңгілік. Сондықтан «Қызыл ат та» мəңгілік шығарма. Қорытынды Түрі ұлттық, мазмұны социалистік қазақ совет əдебиеті Октябрь революциясының жемісі, одан бұрын əдебиетімізде бұқарашылдықтың тегі ғана болмаса, социалистік əдебиет туған жоқ. Қазақтың осы Октябрьден кейін туған совет əдебиетінің бірінші кірпішін қалаушы Сəкен. Соңғы үш-төрт жылдың ішіндегі қазақ ұлт мəдениетінің табысы өте зор. Мұндай табысты ешбір қазақ тарихы білген емес. Мысалға қазақ көркемөнерінің биылғы жылы мамыр айында Москвада болған онкүндігін алсақ, аз жылдың ішінде жасалған музыка театрының Одақтағы маңдайалды театрлардың қатарына қосылып қалғанын көреміз. Партия жолбасшылығы дұрыс жүрген жерде ғана аз уақытта мұндай орасан зор табыстың болатындығын «Правда» талай рет жазды. Бұл онкүндік қазақ ұлт мəдениетін барлық Одаққа, асса жер жүзіне танытты. Бұл сықылды зор табыстың сыбағасына «мен де ортақпын» деп оңай олжа іздеушілер де аз емес. Бірақ қазақ еңбекшілері ондай табысқа жеткізуші Өлкелік партия комитетінің жаңа жолбасшылығы екенін жақсы біледі. Мəдениеттің өзге бұтағымен бірге Совет əдебиеті де, оның кадрлары да өсуге толық жағдай алды. Жəне соңғы үш-төрт жылда кейбір кемшілігімен қатар, оттай лаулап өсті де. Ерте кезде қазақта пролетариат əдебиеті болмайды деген кейбіреулер əлі де болса жетістіктерімізді бүркегісі келеді. Совет əдебиетін көрсетпеуге тырысады. Бірақ, онымен өсіп келе жатқан совет əдебиетіміздің бағасын партия жолбасшылығы кемітпейді. Егер театр өнерінде үлкен бір адым ілгері аттасақ, əдебиетте екі адым ілгері аттадық. Совет əдебиетінің кадрлары, оның ішінде Сəкен жолдас партиядан тиісті бағасын алып отыр. Оған дəлелдің біре-
уі – Сəкен жолдастың осы жиырма жылдық тойы. Бұл тойға барлық еңбекші бұқара қуанады. Өйткені, Сəкен олардың өз арасынан шыққан, өз жырын жырлаған тума ақыны. Қуанумен, ардақты ақынын құрметтеумен бірге, еңбекші бұқара Сəкеннен бақытты дəуірімізге бұдан да зор еңбек сіңіреді деп сенеді.
Ғабит МҮСІРЕПОВ ҚИСЫҚ СЫНҒА ƏДІЛ ТӨРЕ «Ақ жол» газетінің 432 санында Темірбай жолдас «Қазақ əдебиетінің тарихынан» деген мақала жазған. Мақаланы басынан оқи бастағанда əдебиет тарихының толықтыруы екен деп қалуың да талас болмағанмен, аз оқығаннан кейін, мақала алғашқы алған бетінен тайып, ойлаған ойыңа қарсы келіп, жазушының жек көретін бір адамына соқтыға жөнеледі. Ол адамы – Сəкен. Сəкеннің əдебиет тарихынан оқыған лекциясы туралы, Сəкенді өтірікші, жас буынға қате ұғындырады дейді. Мылжың дейді, соқыр дейді, арсыз, əңгі дейді. Білгенінше жамандап халық көзіне үлкен мінді кісі етіп көрсетеді. Темірбайдың өзі айтқандай, егер мен Темірбай болсам, дұрыс сөзді қисық ұққан, бадырайып тұрған «А» əрпін «Б» деп, «Т» əрпін «Е» деп шатастырып, ашық жазылған сөзге көзі жетпей, жетсе де көрмей, əдебиетті сынамай, Сəкенді сынап қай жерінен мін шығар екен деп тіміскілеп, дұрыс сөзді бұрыс деп, Сəкенге қара басының дұшпандығын білдірген, Темірбайдың өзіне-өз сөздерін қайта атар едім. Бірақ Темірбай Сəкенге дұшпан болса да, мен Темірбайға дұшпан емеспін. «Екі қатын сиыр сауып отырып, тезек үшін ұрсысып бірін-бірі: салдақы бетпақ, пəлен-түген», – деп қайдағы сұмырай сөздерді тауып айтқандары сықылды мен де бірдемелерді шатастырып, ауызға не келсе соны оттар едім. Бірақ мен қисық сөзге əділшілігімді айтам, біреудің бетіне күйе жағып ұждансыздық қылуға батылым бармайды. Темірбайдың бар ойы, Сəкенді жұртқа жаманатты көрсетіп өту, одан басқа түгі жоқ. Темірбайлардың Сəкенге көзқарасын кім де болса біледі. Əйткенмен «Дұшпанды, досыңдай сына» деген сөз өте тура, өте иманды сөз. Мұны Темірбай ойлауы керек еді. Біреуге дұшпан болдым деп, түзу ісіне баға бермей, ағын да қара, қарасын да қара деу адамшылыққа жата ма?
Темірбайдың бұл жазған сөзінде сүйенерлік дəнеме жоқ, оныкі Сəкенді қаралау. Əйтпесе əдебиетке жаны ашып отырған Темірбай жоқ. Жаны ашиды дер едік, мынау əдебиетке жаны ашыған кісінің сөзі емес, тек ұнатпайтын адамның бетін тырнау... Сəкен əдебиет тарихынан жаңылса, не қате ұғынса, Темірбай өзінше дұрыс ұғындыру керек еді. Сəкеннің мына жері қате, мұны былай ұғыну керек деп айту керек еді. Бұлай болған уақытта Сəкеннің қатесін бір көрсек, əдебиеттің шын тарихына танысып қалуымыз екінші пайда болар еді. Темірбайдың əдебиетте жұмысы жоқ, жұрт жаққа шымылдық құрып, дəлелін жарыққа шығармай, ішіндегілерге Сəкенді жамандайды. Оны көріп отырған жұрт, əділ тексеруіміз керек. Темірбай Сəкенді жамандағанда былай деп жамандайды: І – Сəкен «Қазақ əдебиетінің тарихын сөйлеу оңай, ол жаңа ғана дүниеге келген жас бала» деп айтты дейді. Сəкен олай деп отырған жоқ. Сəкен қазақ əдебиеті екіге бөлінеді, жазба һəм ауыз əдебиеті дейді. Əуелі бірнеше жүз жылдап, ауыз əдебиеті болып келді: мақал, тақпақ, ертегі һəм қара өлеңдер дейді. Жазба əдебиет соң шықты дейді. Бұған не талас бар. Таласушы тек ойы қарсылықпен таласады. Əйтпесе бұл арадан ала сала жамандауға сиятын дəнеме жоқ. II – Сəкен лекция оқығанда мылжың сөйледі дейді. Бұған қарағанда, лекция оқушы жұрттың түсінген-түсінбегеніне қарамай қысқа ғана оқуы керек деген ой аңғарылады. Мағынасыз сөйледі деуге жатпайды. Себебі жазылып отырған, естіп отырған лекцияның ішінде мағынасыз құрғақ кеңес жоқ. Мылжың мен жақсының арасын қандай кісі айырады əрине, бұл Темірбайдың сыбағасы емес, олай болса, оған кінə жоқ. III – Əдебиетке жақындауға мен сескенемін, қорқамын, мен суға кетіп қалам, менің батырлығым жетпейтін жерден Сəкеннің қорықпағаны, жүректілігі керегі жоқ жұмыс дейді.
Темеке! Жұрттың бəріне өзімдей қоян бол деуіңіз жолға келмейді ғой! Əдебиет философтардың жеке алған еншісі емес. Əдебиет халықтың тілі мен халықтың тұрмысынан алынып жазылады. Өз тұрмысында болған затқа халық Темірбай секілді қарамайды. Өз шамасынша сынайды. Ол сынау қисық емес, түзу сынау болып шығады. «Əйелді періште» деген байларша, əдебиетті қол жетпейтін көктің періштесі деу қате. Əдебиет адамның тұрмысынан алынса, өз тұрмысына адам өзі тəңірі. Олай болса, адам əдебиеттің құлы емес, əдебиет адамның құлы. Төңкерістің коммунист ұлдарында, Темірбайдікіндей жарылып кетейін деп тұрған жүрек болмайды. Олар əдебиет, мəдениет, бай, құдай бəрін балғамен, найзамен құл қылып алады. «Социализм мезгілінде өкіметті ас пісіретін əйелдер басқара алады», – деген жолдас Лениннің сөзі бар. Біз социализмге тармасып келе жатырмыз. Темірбайдың «Əдебиет оқудың түбіне жеткен ғалымдардың еншісі» дегеніне қосыла алмаймыз. Он екі фəнді тамам қылған молда білсін деп отыра алмадық. Əдебиет аз оқығанның да еншісіне тиеді. Төңкеріске қарсы байшыл философтар, тұрмыс күресінде сол оқиғаны басынан кешіріп отырған жұмыскер көп біледі. Тəжірибемен Темірбай есептеспесе де біз есептесеміз. Жазған сөздерінің түріне қарағанда, Темірбай көп тəңірінің пендесі ме деп қорқам, əйтпесе коммунист болса «Исторически материализмді» оқып шықса, əдебиет кімнің еншісі екенін біл, илан дер едім. IV – «Сəкен есі жоқ əңгі» дейді. Қазақ əдебиетінің ағасы Абайды, 1905 жылдан соң өлең жаза бастады, ол қазақ əдебиетінің ағасы емес», – деп айтты дейді. Егер Темірбай бұл араға құмарланған болса, жазылған сөздерді қайта-қайта оқып, не жазылғанына түсініп барып кіналау керек еді. Сəкен айтады: «Осы адасумен адасып отырып қазақ əдебиеті, 1900 жылдан бері шықты». 1905 жылдың жұмыскер қозғалысынан кейін, ұлт сезімі туа бастап, қазақ оқығандары тіл тузеу дегенді жарыққа
шығара бастады. Бірақ сол əдебиеттің жас уақытында, бірен-саран өлеңін қазақ тілінде жазғандар болды. Мəселен: «Абай» дейді. Бұдан Сəкеннің Абайға Темірбайдан артық баға беріп, тарихи сынай білгендігі керінеді. Сəкен Абайды 1905 жылдың бергі жағында өлең жазуға кірісті деп отырған жоқ, əдебиеттің балаң кезінде яғни 1900 жылдан бұрын жазды деп отыр. V – «Егерде мен Сəкендей соқыр болсам, орысша оқыған қазақ ақындары орысша сөз кіргізіп, қазақ тілін бұзды дер едім» деп Темірбай Сəкенді жəне түйреп өтеді. Айнала қарағанда, Темірбай əдейі біліп адасып отыр да, болмаса өзі білмей, біреудің дегеніне еріп отыр. Бұл туралы Сəкеннің сөзі: «Қазақ елі орысқа бағынып, орыс оқуын оқығандар шыға бастағаннан кейін, əдебиетшілердің əуескерлігі орысшаға ауа бастаған. Бұдан былай сөздің ішіне орысша кіргізу мақсұт болған. Орыс тілін білгенбілмегенінде жұмысы шамалы, аз-мұздап білген тілін өлеңінің ішіне кіргізіп қалуға ақындар өте ынталанған дейді. Бұл сөзден орысша оқып шыққан ақындар өлеңдеріне орысша қосты деген мағана шықпайды. Елдің надан ақындары орыс тілін қызық көріп, білмегеніне қарамай өлеңіне орысша сөз кіргізуге тырысқандары айтылады. Оған анау бірауыз өлең дəлел. Сол өлең оқыған қазақтың жазғаны ма, болмаса надан қазақтың жазғаны ма, Темірбай соған қарауы керек еді. Орыс школының бетін көрген кісі «Принимать», «Здравствуйте» деген сездерді «Прьмить», «Зьдрасти» деп өмірінде айтпайды. Сəкеннің бұл сөзін дəлелдеу үшін, Николай патшаның таққа мінерде Омбыға келгенінде Ақан серінің айтқан бір ауыз өлеңін келтіруге болады. Темірбай не деп түсінер екен (өзінің аузынан шыққандай қылып көшірем): «Бірінші» здырау, жалаю, Уасем прасентуа жестуа, Беликий князь басында тəж, ............................................... О судар грабитель, сен сабаз.
Мінекей Ақанның осы өлеңдерінен не аңғаруға болады. Жалғыз-ақ оның өлеңінің ішіне орыс тілін кіргізуге əуреленгендігін аңғаруға болады. Бұны Ақан еріксіз айтты деп Темірбай маған пəле салса, мен Темірбайға қазақтың бозбаласының «қыз ойнақта» айтатын өлеңдерінен мысал келтірсем тоқтар деймін. Əрине қазақтың қызы жігітін өлеңіне орысша кіргіз деп қыстамайтынына Темірбай сенер. Көптен көп поклон айттым скажия, «Сен тұрсаң, уағадаңда спасиба, Сөзімді ескере ала ескерсеңіз, Шеструй хорошенкей сватия». ………………………………… «Мінгенім дəйім менің сабырасынай, Кемпір мен шал ойнайды напрасынай, Ойнаса бозбала мен қыз ойнасын, Екеуі полный пошом сагласынай». Қысқасын айтқанда Темірбайдың түзу жүріп келе жатқан атты бұрып шалдырғысы келгені болмаса, орыс еліне араласқаннан кейін, қазақ өлеңіне орыстың сөздері бұзылып, жарылып, тілімтегі кіріп, қазақ əдебиетінің, сиқын бұзуы хақ. Тегінде нені болса да білген бүлдірмейді, білмеген бүлдіреді. Бір ерегіспен аузынан шығып кетсе де, Темірбай мұны мойнына өзі де алар деймін. VI – Омар туралы Сəкен мақаласының ішінде «Əсіресе сол кезде Ғалияда оқитындарға қосылған Омар Қарашұлы» деген сөз «Ғалияда оқитын Омар Қарашұлы» деп жазудан қате кеткен. Сəкен де, мен де ұлтшылдарға беретін бағамыз шамалы. Сонда да кімде-кімнің істеген ісін бағалай білеміз. Омардың (қай сан екенін білмеймін) «Қазақ» газетіне қазақ тілі туралы жазған мақаласы бар, Сəкен соған сүйеніп айтты. Қорытып айтқанда, қазақ емлесіне бір кісі көсем болып, мүлтіксіз шығарды дей алмаймын.
Мұныма «емленің» табаны əлі жерге тимей, мың кісінің сынына түсіп жүргені тарихи дəлел. Жоғарғылардың бəрін қорытып келгенде мен өзім мына пікірге келдім: Темірбайдың жұмысы əдебиетті сынауда емес, Сəкенді сынауда. Менің ойымша əдебиет Сəкен емес те, Сəкен əдебиет емес. Жалпы əдебиет туралы Сəкен пікірін жарыққа шығарғанда, қате жерлері болса, Темірбай түзеп əділ төресін беретін жөні бар емес пе еді? Егер өзінің айтқанындай қолынан келмесе, бірауыз дəлелсіз біреуді балағаттау неге керек еді? Егер «Ақ жол» басшылары Сəкенді бейпіл сөзбен мұқатам десе, ата-енесінен түк қоймай лағнаттаса, мынасынан сыпайы болар еді. Темірбайдың сынынан оқушы нені ұқты? Əрине, Темірбайдың Сəкенге дұшпандығын, аяғынан қалай шалуды аңдып жүргендігін ұқты. Бұған қарағанда Темірбай Сəкенді өз ойынша жас буынға ложное понятие берді деп кінəласа, өз қара басының өкпесін газетке жазып, дəлелсіз біреудің бетін тырнап, арына қолын сұғып, ұжданын ұмытты деп біз Темірбайды кінəлаймыз. «Еңбекші қазақ» 1924 жыл, 24 март, № 183
Ғабит МҮСІРЕПОВ ӨМІРШЕҢ ОЙ АЖАРЛЫ Тұрсынбек Кəкішев. Қадірлі Ғабе! 1974 жылы қазақ əдебиетінің ұлы жазушыларына арналған жиындар өтіп жатыр ғой. Əнеугүні Ілияс Жансүгіровтың тойын өткіздік. Содан кейін университетте Сəкеннің 80 жылдық тойы өтті. Ол, əрине, қалалық жиналыс емес, университет коллективінің Сəкенге арнаған жиыны. Сонда өзіңіз естелік айттыңыз. Сол айтқан естеліктеріңізге жұртшылық құлақтанып қалыпты. Сол жиында магнитофонымыз дұрыс жұмыс істемей, жазып ала алмадық. Енді, əрине, ол өткен дүниені қалпына қайта түсіру қиын, дегенмен де сол жиналыста сөйлеген сөздеріңізді, айтқан естелігіңізді бүгін суыртпақтап шығарып алсақ деген едім. Сонымен қатар, жалғыз Сəкен емес, сіздің творчествоңызға байланысты да біраз сауалдар туатыны сөзсіз. Осы жағдайларға байланысты сізбен дидарласып отырмыз. Сіздің Сəкен жайлы пікірлеріңізді, өз творчествоңыз туралы ойларыңызды білгіміз келеді. Əрине, Сəкеннің, Ілиястың, Бейімбеттің бір жылдың төлі болуы қазақ əдебиеті классиктерінің молдығын көрсетеді ғой. Алайда, үшеуі үш жылда туса, сөз мерекесі, əдебиет мейрамы ұзара түсер ме еді деген ой келеді. Əрине, үшеуінің бір жылда туғанын енді түзету қиын, бірақ дегенмен де біздің əдебиетіміздің танылуында, əдебиетіміздің халықаралық деңгейге шығуында осындай классиктеріміздің үлесі мол ғой. Сондықтан осы əңгімемізді классиктерімізге, оның ішінде Сəкенге байланыстырып өткізсек деп едім. Мен бірнеше сұрақтар дайындап келдім. Сіздің пікіріңізді білгім келеді. Мысалы ғой, Сəкен жөнінде қазір пікір айтқан адамдар аз емес. Сəкеннің əдебиетіміздегі орны, мəдениетіміздегі, халқымыздың тарихындағы орны жөнінде пікірлер көп айтылып, көп жазылды. Сіздің пікірлеріңіздің жазған мақалаларыңыздың, айтқан ойларыңыздың барлығы да оқушы жұртшылықтың көңілінде, кітапханасында. Солай бола тұрса да,
тағы да бір рет Сəкеннің қазақ халқының əдебиеті мен мəдениетіндегі орны қандай? Соңғы кездің көзқарасымен қалай түйіндеуге болады? Сəкеннің қазақ мəдениетіндегі, əдебиетіндегі, халқының тарихындағы орны жайында түйінді пікіріңізді анық айтып берсеңіз екен. Ғабит Мүсірепов. Сəкеннің қазақ əдебиеті мен қазақ совет мəдениетінің, жалпы халық ағарту жұмыстарының жаңа беталыс табуындағы орны ерекше ғой. Сəкен алғашқы кезде жапа-жалғыз. Жаңа əдебиет, жаңа мəдениет дегеннің бағытын жапа-жалғыз белгілеген адамымыз деуге болады. Біздің зерттеушілерде бір ескерілмей жүрген жағдайлар бар. Сəкен революция туын көтеріп шыққанда Сəкеннің қасында қаншама жазушылар бар еді, қанша қалам қайраткерлері, қанша халық ағарту жағындағы əлеумет қайраткерлері бар еді? Дəл Сəкен «Жасасын Совет» деп атқа мінгенде ондай жолдастары аз болатын. Жұртқа мəлім ғой, бүкіл қазақ интеллигенциясының ол дəуірде 90 пайызы ұлтшылдық бағытта жүретұғын. Кейін олардың бізге келіп қосылғаны жоқ емес, бар. Бірақ ол дəуірде Сəкенге жолдас болғандары жоқ. Сəкенді біз совет əдебиетінің негізін қалаушы деп айтатын болсақ, ең алдымен Сəкеннің сол майданды жалғыз басқарып, совет ұранын жалғыз көтергендігін ескеруіміз керек. Шындығына қарағанда, «Қазақ», «Ақжол», «Сарыарқа», «Абай», «Сана», «Шолпан» журналдарының айналасы лықси толып отырған бұрынғы ескі интеллигенция еді ғой. Оның барлығының да бағыты тап сол дəуірде совет құрылысының бағытымен ұштасып жатпайтұғын. Көпшілігі негізі қаланып жатқан жаңа құрылысқа қарсы болып отыратұғын. Сол кезде Сəкен, əйтеуір шамасы келгенше, жалғыз да болса қызыл туды қолдан түсірген жок. Сəкеннің өзі үлкен ақын. Əсіресе, жазғанынан гөрі өзінің жаны үлкен ақын адам болатұғын. Сөйте тұрып, сондай жалғыздығына қарамастан, Сəкен бұрылмастан, айналмастан бəріміздің өсуімізге, бүгінгі Совет əдебиеті деп саналатын үлкен əдебиеттің балаң
кезінде соның бағытын аудармай, бұлжытпай жаңа дəуірге қарай бейімдеп басқарып отырды. Сəкен жалғыз жəне сол жалғыздығына қарамай үлкен орын алған кісі. Сондықтан мен Сəкенді басқалардан ерекше бағалаймын. Қанша өссек те, ол кезде жаңа туып келе жатқан қазақ əдебиетінің кадрлары түбегейлі əзірлікпен келген, дүниетану жағынан белгілі көзқарасы қалыптасып болған жандар емес қой. Сонысына қарамай, Сəкен бізді дұрыс жолға, дұрыс бағытқа бастап кетті деп ойлаймын. Сол бағыт, сол Сəкеннің берген үлгі-өнегесі біздің совет əдебиетінің тез өркендеп кетуіне үлкен бағыт, кəдуілгі орыс халқы айтатын, путевка берді. Бізде ондай путевка дегеннің дəл мағынасы шыға бермейді. Сəкеннің жалғыз жүріп алысқан, жүріп келе жатқан революциялық дəуірдің бағытын (Мен əдебиет-мəдениет майданындағы бағытын айтамын) жалғыз өзі берік ұстап, жалғыз өзі мойнына алған, жас кадрлар жинап, болашақтың жолын, бағытын сызып кеткендей адам көремін. Т.К. Кейінгі сұрақтардың ішінде ондай сауалдарым бар еді. Алдын алып қойдыңыз. Ендігі бір мəселе: Сəкенді алғаш көргеніңізді айтып беріңізші. Алдымен Сəкеннің өзін көрдіңіз бе, əлде даңқын естідіңіз бе? Революция жолындағы ер-азаматтың іс-əрекетінің сізге жасаған əсері қандай болғанын баяндап беріңізші. Ғ.М. Мен елде 20-жылдары ауыл кеңестің хатшысы дегендей, волисполкомның мүшесі дегендей, одан басқа да əртүрлі қызмет істеп, баяғы, қолға газет түсіп қалса оқып жүретін жастардың бірі едім. Иə, 21 жылы Пресногоркеуде жоғары бастауыш училище бітірдім. Бұрын молдадан екі-үш жыл оқығаным бар. Кейіннен біздің үлкен, атақты жазушыларымыз болып кеткен Ілияс, Бейімбет, Мұхтар, Сəбиттер бұл кезде Сəкенменен қол ұстасып, жұмыс істескен болмайтұғын. Ұлтшыл интеллигенттер бір жағынан тұтас, қалың, барлық баспасөзді, газетті меңгеріп кетуіне шамасы келетін дəрежеде болса,
Сəкенмен бірге қол ұстасып аттана қоятұғын жазушылар, совет жазушылары дейміз ғой осы күні, ол кезде шыға қойған жоқ-ты. Сондықтан да Сəкеннің орны, тағы да қайталап айтамын, бөлек орын, ерекше орын, біздің мəдениетіміздін дұрыс бағыт алып кетуі жағынан қарағанда. Т.К. Сəкенді алғаш кездестіруіңіз, көруіңіз жайында. Алдымен Сəкеннің даңқын естідіңіз бе, иə болмаса өзін көрдіңіз бе? Осы жайында алғашқы əсеріңізді айтып берсеңіз. Ғ.М. Сəкен деген ақын, революцияны өз қолымен жасасқан, Ақмолада Советтің туын өз қолымен көтерген. Халық Комиссарлары Советінің председателі, халықтың аса бір қамқор адамы деген даңқ қазақ халқына кең жайылып жататын. Мен де солай алдымен даңқын естідім. Сонан соң, 1923 жылы күзде мен Орынборға оқуға келдім. Рабфакқа, Орынбордағы оқу ісіне араласу Сəкеннің екінші бір қызметі сияқты екен. Сəбит рабфакқа бір жыл бұрын келіп түскен. Сол отыз баланы анда-мұнда: ересектер мектебіне, «опытно-показательная школа» дейтін он жылдық мектепке, Рабфакқа, Қазан институтына бөліп-бөліп орналастыруда Сəкен оқу жұмысын басқаратын адамдай қатынасты. Сол отыз шақты баланың бəрі де оқуға қабылдандық. Сəбит 22-жылы Рабфакқа түскен соң, Сəкенмен жақындасып кетіпті. Сəкеннің Орынбордағы Деевская, 5 дейтін үйінің бір бөлмесінде тұрады екен Сəбит. Сəбитпен бірге қыс ортасына дейін мен де сол үйде тұрдым. Буденныйдың мұртындай қайырып тастаған мұртты, қара толқынды келген шашты, өзі аққұба, көз қиығы ерекше, денесі сом, еркек ішіндегі аса бір сымбатты адам еді. Мен Сəкеннің өлеңдерінен кейде ырғақ жағынан болсын, ой мен түр жағынан болсын кемшілік таба аламын осы кезде, бірақ Сəкеннің кісілік жаратылысында бір кемшілік жоқ деп ойлаймын. Ол шай үстінде көп əңгіме айтатын, өзі домбыра шертетін. Сəкеннің шайы деген 2 – 3 сағатқа созылады. Ол кезде арақ ішу деген жоқ қазақ арасында, темекі тарту аз. Кем болса он-
он бес кісі Сəкеннің айналасына жиналар еді. Оның үшеутөртеуі Қарсақпайдың, Қарағандының жұмыскері, 1912 жылы Лена оқиғасына қатынасқан Угар Шөнібеков сияқты, сонсын өзі оқуға түсіріп, өзі өсіріп келе жатқан бірталай жұмысшы жастар, ел жастары Сəкеннің үйінде тұратын, ал тұрмағандарының өзі де, Сəкеннің мойнындағы асыранды балаларындай көп болатұғын. Сəкеннің кескініне қарап, оның ақын екендігіне сенетін едік. Сəкен жиырма сегіз жасында Совнарком председателі болған ғой. Енді қарасак, Сəкеннен біз сегіз жас кіші екенбіз, бірақ сол кезде ол бізге таудай, ұлы адамдай көрінетін. Өйткені əрбір ісінде елдің қамы аңғарылатын. Өзі елді көп аралайтын. Əсіресе, Орал өңіріне көп барып жүрді. Орынборға жақын маңайдан оқушылар əкеліп, ел тіршіліктерінен көп əңгіме айтып жүретұғын. Сол кездегі Сəкеннің жазғанынан Орынборға қарайтын елдердің біразының тіршілігі қандай екенін көресіз. Т.К. Сəкеннің сізге тікелей тиген жəрдемі бар ма? Ғ.М. Бірінші, Сəкен мені рабфакқа түсірді. Екінші, мен 1924 жылы партияға түсемін деп арыз бергенімде, Сəкен менің рекомендаторым болды. Сəкен арқылы мен Əліби Жанкелдинмен таныстым. Бір адам болса да революцияға дейінгі стажы бар адам керек болатын ол кезде. Əлекең маған рекомендация берді. Ол кезде партияға рекомендация беруге 5 кісі керек еді. Сəкен мені сол кезде КазПИ-дің ректоры болған Баймен Алманов деген кісімен таныстырды. Ол да ескі коммунист еді. Маған рекомендация берді. Тағы бір жайды еске алуға болады. Қарақұм деген жерде 30-шы жылы аудандардың ортасындағы жер таласы болып, Əліби Жанкелдин, Сəкен, мен, тағы біраз адам сонда бардық. Сол кезде біз Аралда бір вагонда тұрдық. Əрқайсымыздың бөлек купеміз болушы еді. Сəкен бəрімізден ерте тұрып, қыдырып кетеді. Күнде таңертең Ташкентке қарай Москва пойызы өтеді. Содан га-
зет алып келетін еді Сəкен. Бір күні, мен тұрған жоқ едім əлі, купемді ашып, Сəкен менің бетіме «Литературная газетаны» «оқы» деп тастай берді. Өзі шығып кетті. Газетті жалма-жан алып қарасам, Маяковский қайтыс болған екен. Маяковскийдің өліміне Сəкен қатты қайғырды. Өзінің де Маяковскийше жазған кездері бар ғой. Ешкімге айтып жарияламаса да, Маяковскийді өзіне арқа тұтатын. Т.К. Маяковскиймен екеуі дос болыпты деген əңгіме бар ғой. Ғ.М. Маяковскиймен Сəкен көп кездескен сияқты. Сол газетте Маяковскийдің «Товарищ правительство, моя лодка разбилось о быт, к чему теперь вспоминать бед и обид» деген жолдары бар еді. Соны Сəкен қайта-қайта еске алып, жазушылар арасындағы жағдайларды көбірек айтып кетті. Содан кейін біз жүк машинамен жолсыз Қарақұмға жүріп кеттік. Т.К. Қарақұм деген қай жер сонда? Ғ.М. Бұл – Шалқар мен Ырғыздың ортасында, Жезқазғанның күнбатыс солтүстік жағында. Т.К. Ақтөбе мен Жезқазғанның екі ортасында екен ғой. Ғ.М. Иə, сол маңай. Сол жолда. Сəкен ылғи тоқтаған жерде мені қасына ертіп, даланы кезіп кетуші еді. Əсіресе, Маяковскийдің өлімі Сəкенге үлкен бір ой салған сияқты. Ол Маяковскийдің ақындығының басқаларға ұқсамайтын ерекшелігін көбірек айтатын. Сол сапардағы екі нəрсе есімде қалыпты. Біреуі – «Сəкеннің досы көп. Сəкеннің жолдасы көп дейді жұрт. Шындап қарасам, менің жолдасым да, досым да, тіпті қайда барсам да толып жатыр. Бірақ солардың ішінде бір сырласым жоқ екен», – деді. Мұңайып айтқандай болды. Т.К. «Сыр сандықты» жазған кездегі көңіл күйлерінен əлі айыға алмай жүрген тұсы ғой... Ғ.М. Иə, сол «Сыр сандық», айтпақшы, содан кейін жазылды ма екен? Т.К. Алдында жазылды. Ғ.М. Ə, солай ма?.. Əйтеуір, «Сыр сандықтың» əсерін сол далада көбірек айтып жүрді. Ол кезде мен жаңа ғана жаза
бастаған кезім еді. Сонда сырласуға, иə болмаса, ең берісі ашылып сөйлесуге болатын жастардың бірі шығар деп үміттенуі де мүмкін. Мен оны солай үміттеніп еді деп айта алмаймын. Өйткені Сəкеннің аты – Сəкен. Т.К. Сəкен сіздің «Тулаған толқында» атты шығармаңызды оқыған шығар? Ғ.М. Оқыды. Т.К. Сəкен түсінігіндегі сұлулықтың сыры қандай еді? Ғ.М. Сəкен айтатын: «Кейбіреулер қиялындағы сұлу əйел бейнесін өзі ойша жасап алады да, сонсын оны өмірде кездестіре алмай, əуре болады да жүреді. Бірақ мен білетін, мен сүйетін əйелдің беті, көзі, мұрны, бойы, аяқ-қолы менің өз ойымда ғана болуы мүмкін», – деп. «Өз ойымда жасалған» деген жоқ, «өз ойымда ғана болуы мүмкін», – деді. Кеше «Иностранная литература» журналында Петрарка туралы үлкен зерттеу шықты. Авторы есімде жоқ, поляк жазушысы болуы керек. Сол Петрарка бір бейнені өзі ойдан жасап, соған өзі ғашық болып кеткен. Петрарканың 300 – 400 өлеңі бар. Соның барлығы бір адамға, бір ғана əйелге жазылған. Тарихта мұндай аңыздар бола береді. Өзі салған суретке, өзі тастан қашаған мүсінге өзі құмартып, ғашық болып жүретін көркемөнер қайраткерлері бар ғой... Т.К. Сөзіңізді бөлгенге ғафу етерсіз. Сіздің «Кездеспей кеткен бір бейне» атты шығармаңызда, сұлулықтың символы ретінде, осы айтып отырған ойлардың дамытылған формасында... Ғ.М. Соның ұшқыны ғой. Т.К. Соны Сəкенге байланыстырған уақытта... Ғ.М. Мен шамам келгенше, «Кездеспей кеткен бір бейнеде» Ақлиманың бейнесін Сəкеннің өзі толықтырар ма еді» деген ойда болдым. Сəкен бір-ақ рет көріп қалады да, анықтап, бейнелей алмайды, бірақ Сəкен оны өз ойымен өсіріп, өңдеп, əдемілеп, нағыз ғашық болатын қыз етіп алған ғой. Мен сол тұрғыда жазып едім оны. Т.К. Сұлулықты, ажарлылықты, ақылдылықты қастерлеу жөніндегі ойларыңызды мына соңғы жазып жатқан повесіңіздегі Ұлпан бейнесімен байланыстыра кетсеңіз.
Ғ.М. Жазушы болған соң еліміздің тарихына байланысты нəрселерді қарастыра жүресің ғой. Менде шешілмей жүрген бір жұмбақ бар. Мынау жиырма екі болыс Қаракесек елінің ұраны – «Қарқабат». Қарқабат – əйел аты. Біржан Сарамен айтысқанда. «Сал Біржан салды əнге Қарқабаттап», – дейді. Біржан ұлы жүзге келіп айтысқанда, арғынның ақыны болып айтысады ғой. Ол өзі – Нұралы Керей. Мынау мен жазып отырған Есеней сол Қожағұл, кəдуілгі Біржанның атасы ғой. Өтей деген адамның жерін тартып алған. Сол Біржан Арғынның атынан айтысқа түскенде сыйынатын аруағы, шақырған ұраны – Қарқабат – əйел. Екінші, Қытай жерінде он екі болыс Абақ керей бар дейді. Сондағы Абақ деген кісі де əйел. Ал мынау орта жүзде Айбике, Нұрымбике, Күнкөке, Сүйінбике деген елдер бар, соның барлығы үлкен-үлкен руларға қойылған əйелдің аты. Сəкеннің елі Енең деп аталады. Т.К. Иə, солай... Ғ.М. «Енең деген – «əжең» деген сөз ғой. Сонда бұлар Қыз Жібек немесе Баян сұлу сияқты сұлулығымен атағы шыққан əйелдер емес, болмаса матриархаттан келе жатқан сарқыншақ емес. Кəдуілгі патриархалды феодалдық дəуірде елді билеп кеткен əйелдер. Мен алып отырған Ұлпан деген кісі біздің елден шыққан, өмірде болған адам. Зираты біздің ауылымыздан екі шақырым жерде еді. Бірақ ол менің көрген кісім емес, сондықтан анау əйелдерден желі тартып барып, бейне жасауға тиістімін ғой. Сол елге егін салдырған деген даңқы қалған, шөп шаптырған, қыстау салдырған. Есеней байдың малын бүкіл ел бағып, жалғыз соның аузына қарап, қара қазанына қарап, ши болып қалғанда, солардың 15 – 20 жылдық еңбегін бөліп беріп, елді ел қылған адам дейді Ұлпанды. Мен қазақ елінің бір ақылды əйелінің бейнесін жасамақпын. Басқа елде өзінің көрікті əйелін де, ақылды əйелін де, басқа əйелін де бейнелеп жүр ғой. Мынау Ұлпан сондай əйелдің бейнесі болар деп жаза бастаған едім. Мұнан кейін де тағы бір əйел суреттеледі, соны бейнелегенде де мен со-
нау Сəкеннің алыстағы əсерінен нəр аламын ғой деп ойлаймын. Кейде сол əйелді сипаттағанда, мінез-құлқын жазғанда, Сəкеннің «Шіркін-ай, сондай əйел болар ма еді?» – дейтұғын бір арманды өкініштері есімде қалған сияқты, ылғи көз алдымда тұрады. Т.К. Олай болса, Сəкеннің, Сіздің сұлулық жөніндегі көзқарастарыңыздың барлық жиынтығы «Кездеспей кеткен бір бейне», «Ұлпан» арқылы сыртқа шығып жатқан сияқты ғой, тегі. Ғ.М. Солай деуге де болады. Т.К. Енді Сəкеннің өзіне қарай қайтадан бір оралсақ қайтеді? Сəкен КазАПП-ты құрған уақытта соның жетекшісі, алғашқы ұйымдастырушысы болды ғой. Совнаркомнан түскеннен кейін Москвадан «Кузницаның» өкілі, РААП-тың өкілі болып келді. Сондағы алған əсеріңіз, қазақтың совет жазушыларын ұйымдастырудағы Сəкеннің іс-əрекеттері қандай болды? Ғ.М. Мұнда бір өте нəзік жағдайлар бар. Сəкен ұлтшылдық ықпалында жүрген адамдарды оңай тəрбиелеп аламын деп ойламаған кісі. Сондықтан əдебиеттегі, мəдениеттегі жаңа беталысты тезірек ұғынып, қолға алып кететін алдымен жастар болуы керек деп үміт артқан сияқты. КазАПП-ты алғаш ұйымдастырған кезде мен ол маңайда болған жоқпын. Оқып жүрген кезім. Сонда Сəбит, Асқар Тоқмағамбетов, Тайыр Жароков, баяғы Қалмақан Əбдіқадыров, Елжас Бекенов, Əбдірахман Айсарин, Əбділда Тəжібаев секілді жеті-сегіз адамды бірден жастардан жинапты. Бұл кезде Мағжанға қарсылық қатты күшейіп тұрған кез, оның да əлі бізге мойын бұра қойған кезі емес. Ол Жамбылдың кезі емес. Ол «Мен тоқсанмен біргенің» де кезі емес. Əріректе, əлі шалқақ жатқан кезі Мағжанның. Сонсын біраз əдебиетшілер «Қазақстан» баспасының айналасында болды. Ташкентте шығатын газет-журналдың айналасындағылар Каз-АПП-тың бағытына түп-түгел қарсы. КазАПП-тың бағыты түгіл жалпы қазақ əдебиетінің өсіпөркендеу жолына қарсы. «Орыс жазушылары олай қылған
екен деп, бізде былай қыла салмауымыз керек», – деп сіресіп жатқан кезі ғой. Жəне олардың өзі білім жағынан Сəкеннен артық болмаса кем емес, қалай дегенмен тең. Оларды тəрбиелеймін деп Сəкен əуре болмай, əуелі жастардан жазушы жинаған. Əрине, келе-келе бұл жастардың ішінен де кішкене теріс азулар шығып кетті. Жалпы, осы өзімізден басқаны ішке кіргізбейік дегендей бағыттар болып, солақайлық жасалды. Мысалы, КазАПП-қа Бейімбет пен Ілиясты тартпау сияқты, бұл əрине жақсылық емес қой, Бірақ Сəкен, мен білетін Сəкен, Бейімбетпенен, Ілияспенен дос еді. Оларды қатты бағалайтын адам еді. Сол кезде де солақайлық күшейіп, Сəкенге «сіз енді ақсақал болып, үйде отырыңыз» деген сынай байқалатын. Т.К. Қалғанын өзіміз жөндеп аламыз деп қой, баяғы... Ғ.М. Иə, қалғанын өзіміз істеп аламыз деп. Біраз адамды маңайларына жолатпай жүрді. Т.К. Қайыпназаровтардың тұсы ғой. Ғ.М. Қайыпназаровтардың тұсы. Баяғы Əбдірахман Байділдин болды. Солақайлық жағынан біздің Сəкен де ешкімге есесін жібере қоймайтұғын. Бірақ сол тұста «Жыл құсы» дейтін альманахты, «Əдебиет майданы» журналын шығаруда Сəкен басшы, көсем болды. Т.К. Тағы да бір топ сұрақтарым бар. Ол көбіне Сəкеннің қоғамдық, мемлекеттік қайраткерлігіне байланысты. 1923 жылы сіз Сəбеңмен екеуіңіз Сəкеннің үйінде жатқан уақыттарыңызда Мемлекет басшысы ретінде біраз айттыңыз ғой əлгінде. Жалпы халықтық тұрғыдан келген уақытта, қазақ мəдениетін, қазақ елін, шаруашылығын көтеру тұрғысынан келген уақытта өзіңіз білетін Сəкеннің арманды ойлары, жүзеге аспай қалған жоспарлары бар ма? Жоқ болмаса солардың көбін өзі біраз атқарып, дендеп тастады ма? Осы жөніндегі ойларыңыз қандай? Ғ.М. Сəкен адам ретінде, мемлекет басшысы ретінде, меніңше, ешкімге жақсылықтан басқа ешнəрсе ойламайтын. Бұл сол кездегі, менің жас кезімдегі əсерім емес, кейін де та-
лай əңгімелерде, талай істерде байқалған Сəкеннің табиғаты ғой деп ойлаймын. Сəкен «анаған қарсы болды, мынаған қарсы болды» дейді ғой. Бұның көпшілігі Сəкеннің атымен жасалған істер. Сондай қолайсыз жағдайларды, əсіресе мына жікшілдік жағындағыны, Сəкенге таңып жіберіп, Сəкен көбінесе содан күйіп жүретін. Мен оны Совнарком кезінде, «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болғанда да көріп, біліп жүрдім. Сол лауазымдарына қарамай, оқу істеріне қатты араласып отыратын адам еді. Əлгі, 1922 жылғы ашаршылық кездерінде Сəкен елдің жайына көбірек назар аударатын, əңгімесінің көпшілігі соған арналатын. Ол кезде Сəкен Қазақ автономиялық республикасының Совнарком председателі ғой. Біздің рабфакқа жаңа түскен кезіміз. Сəкеннің айтқан əңгімесіне құлақ қойып, зер салып тыңдағанымыз болмаса, анықтап сұрауға шамамыз келмейтін. Сол тұста сайлау деген де жиі болып тұратын – болыс сайлауы, ВЦИК-тің сайлауы, КазЦИК-тің сайлауы, Советтердің сайлауы... Əлгіндей əңгімелер үстінде өзінің Ленинге жолыққанын, Кремльге тоқтаусыз кіре беретінін, Ленинмен қалай сөйлесетінін көбірек айтатын еді. Менің байқауымша, ол Ленинге 3 – 4 рет кірген, 3 – 4 рет мəжілісте болған сияқты сезілетін еді. Съезд уақытында Совнарком председателінің президиумда болулары да мүмкін. Онда болмаса, съезд үстіндегі жүріс-тұрыстарда сөйлесуі, не өзінің кабинетінде Лениннің Сəкенді қабылдауы даусыз ғой деп ойлаймын. Лении жайын сұрай қою бізге ол кезде тіпті ретке келмейтін шаруа ғой. Соны біз анықтай алмай кеттік. Білсе, естігені бар, əлгі Қаскей Өтекин білер, құлағында не қалды екен, өйткені ол «Еңбекші қазақ» газетінің секретары болатын. Т.К. Əнеугүні университетте естелік айтқан уақытта Лениннің мінезін аңғартатын бір детальды: «Осылай емес пе?» – деп басын қисайтып, бір сұрақ қоятын əдетін айтып едіңіз.
Ғ.М. Ондай жайларды Сəкен көп айтатын. Өзіне бір рет Ленин «Ты же поэт» деп қалғаны бар деп айтатұғын еді. Т.К. Оны қандай жағдайда айтты екен?.. Ғ.М. Ондай əңгімелерде Лениннің айтқан негізгі, салмақты мəселелерін бізге айта қоймауы мүмкін. Бірақ сол жеке кездесу кездерінде, əсіресе салынайын деп жатқан Көкшетау жолы əңгіме болған сияқты. Кейін оны «Жер қазғандарда» жазды. Осы төңіректе бір əңгіме болғаны анық. Кең байтақ қазақ даласының қарым-қатынасы жоқ, бір облысқа бару үшін қаншама күндер кететінін айтып, теміржол салу жағын тездетуді өтінген жайы бар сияқты. Сол кезде Ленинде оны тез жасайтын ақша қайда, ты же поэт, саған ол оңай көрінеді, ал біздің қалтамыз бос отыр ғой деп айтқан сияқты. Т.К. Қаражат мəселесіне, Ленинмен кездесуіне байланысты мынадай бір жай менің есіме түсіп отыр. Архив документтеріне қарап отырғанда, қаражат өзі қашанда жетпей жатады ғой. Біздің республикамыздың жол қатынасын жақсарту мақсатында Сəкен аэроплан алу, теміржолды өркендету мəселесін қатты көтерген. Ал сонымен қатар, ең бір айрықша, ақшаны көп тілеген жəне əлеумет ыждаһатын талап еткен мəселе – оқу ағарту саласы. Сəкеннің айтатыны бар ғой: «Қазақ халқы енді бір жиырма жылдың ішінде мəдениетті елдердің қатарына қосылуы керек», – деп мүмкін, осыған қажетті қаражаттар жөнінде, осы мақсаттар деңгейінде болған əңгіме шығар. Ғ.М. Сəкеннің аэроплан сатып алу керек деген екі-үш мақаласы бар ғой. Сəкен теміржолды, экспресті, аэропланды жазғанда да біздің еліміздің, жеріміздің сонша шашылып, бытырап жатқанын еске алған. Мəдениетті елдердің қатарына тез жету үшін теміржол, аэроплан керек дейтін ойлары оның Ленинге байланысты да айтатын əңгімелерінің бір үлкен саласы болатын. Баяғыда қызыл отау керуені деген жүргізілді ғой. Оны біз қазір Əліби Жанкелдин атына байланыстырамыз. Əлекең тек сол қызыл отаудың, сол керуеннің бастығы ғана. Оны
шығарып жүрген, елге спектакль апарыңдар, оқу апарыңдар, білім апарыңдар деген идеяның көбі Сəкеннен таралған болатын. Сəкеннің керуен қайтып келгенде қатты наразылық білдіргені бар: Спектакль беріңдер деп те кісі қостық, пьеса да, əншілер де, домбырашылар да бердік, соның барлығын пайдалана алмай, əншейін өлең айтудан басқа жағын келістіре алмай келді», – деп. Мен білсем, Сəкен өзі республикалық ЧК-ның сауатсыздықты жою жөніндегі комиссиясының бастығы болатын. Т.К. Ол жөнінде жазған мақалалары өте көп. Сонсын, өзінің ағартушылық, мұғалімдік парызы да бар ғой мойнында. Ғ.М. Ол өзі 1916 жылы мұғалімдік семинарияны бітірген, енді бала оқытам дегенде қозғалысқа қатысып кеткен адам ғой. Содан соң ол қайтып бастауыш мектепке оралған кісі емес, сабақ берген кісі емес. Кейін, осы Алматының өзінде Сəкен сабақ бермей отыруына да болатын еді, бірақ сол əртіннен келе жатқан əлгі халық ағарту қызметкерлерінің парызы болуы керек, осы КазПИ-де, анда-мұнда сабақ беріп жүрді. Т.К. Осыған байланысты менде тағы да бір сұрақтар туып отыр. 1922 жылдан бастап Сəкен қазақ тілін кеңес тіліне айналдыру мəселесін көп көтерді. Ана тілі арқылы халықты өкімет ісіне жақындату, сол тіл арқылы елді өркендету, жеткізу мəселесіне Сəкеннің көзқарасы қандай еді? Ғ.М. Сəкен қазақтың тілі дегенге қатты қарайтын кісі еді. Ол елдің конституциясының бірінші пунктінде «Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі» деп жазу керек деп сөйлейтін. Ал біріміз орысшалап, біріміз қазақшалап, «шала молда дін бұзар» болып отырсақ, ел өз бетімен өзі дұрыс ойланып, өз сана-сезімімен түсінбесе, өз ісін өзі орнықты істей алмайды. Елдіктің негізгі белгісі – тілінде. Осы мағынада ол көп сөйлейтін, көп жазатын да еді. Ол кезде көптеген қазақ аудандарында кеңсе, оқу-ағарту істері – барлығы қазақ тілінде жүретін. Сəкен тілді жеке ғана сөйлесу үшін, жеке ғана қызмет атқару үшін керекті нəрсе деп ұғынбайтын. Тілдің өзі көп
салалы. Жалғыз əдебиет тілі ғана емес, мемлекеттік, яғни кəдуілгі кеңселік тіл, заң тілі, əскер тілі, сонымен бірге ауыл шаруашылық, өндірістік дүние жағындағы тілі болуы керек дейтін. Менің алғашқы басылып шыққан нəрсем – «Американ бидайығы» деген кішкентай кітапша. Білмеймін, неше бет екені есімде жоқ. Сонда «сен маманмын деп маманша да жазасың, бірақ сенің тілің жақсы екен, шаруа адамдары түсіне алады екен, олардың басын шатастырмапсың», – деп еді. Мақтаған түрі солай болушы еді ол кісінің. Демек, ол тілге, тілдің өсуіне мемлекеттік көлемде кең қараған кісі. Онысы кейде өзіне зиян болып жүрді. Кейбіреулер əдейі бұрмалады ғой. Т.К. Тоғыз мақала жазды ғой ол тіл жөнінде. Айтпақшы, осы кезде Би-ағаң қабырға газетінде жарияланған Сіздің «Тулаған толқынданы» оқитын еді ғой. Əлгі «Американ бидайығынан» туып жатқан ойлар ғой. Ғ.М. Би-ағаң деген кісі бір қызық адам еді. Жазушылардың біртүрлі болмай, əртүрлі болғаны жақсы. Екі Сəкен болса бір жерге сыймас еді, екеуі қызық та болмас еді. Би-ағаң Сəкенге мүлде ұқсамайтын. Оның мінезі – азырақ тұйықтау деуге келе ме немесе қақ-соқта жұмысы жоқтығына қарап, тұйық көреміз бе, ол өзі кəдуілгі ішінен ойланып, ішімен тексеріп жүретін адам болатын. Ол кезде мен «Еңбекші қазақта» корректор болып істейтінмін. Оқып жүріп сөйтетінбіз, ақша тауып, күнкөру керек. Сол кезде, əйтеуір, Бейімбет араламаған институт болмайтын. Бейімбет жиналыстарда президиумға да отырмайды, келгенін де ешкімге білдіртпейді. Талай жиналыстарда əншейін топтың бір шетінде отыра беретін еді. Əрбір жиналыста бірдеңе оқылмай, бірдеңе айтылмай қоймайды ғой студенттер арасында. Соны Бейімбет ертеңіне ұстап алатын сияқты еді маған. Осы Тайырды (Тайыр КазИНО дейтін институтта оқитын) содан тауып алды, білдіңіз бе? Мені рабфактан тауып алды.
Т.К. «Біздің Би-ағаң» деген естелігіңізді айтып отырсыз ба? Ғ.М. Иə, Өзінің жазғандарын да бастан-аяқ білесіңдер ғой. Əйтеуір, осы қазақтың тілі, психологиясы дегенге, боямаламай жазуға келгенде Бейімбет ерекше адам. Сонсын, қазақ жазушыларында, осы Советтік Қазақстанның туған күнінен бастап, қаламы қолынан түскенше жазып кеткен өмірі – осы бүгінгі өмір ғой. Т.К. Советтік өмірдің шежіресін жасап кетті ғой. Ғ.М. Иə, шежіресін жасаған адам.
Есмағамбет ЫСМАИЛОВ КӨШ БАСТАҒАН ЖЫРЛАР Қазақ совет əдебиетінің негізін салушының бірі, көрнекті жазушы жəне қоғам қайраткері – революционер Сəкен Сейфуллиннің есімі қалың жұртшылық арасына кең таралған. Сəкеннің «Тар жол, тайғақ кешу», «Асау тұлпар», «Қызыл сұңқарлар», «Советстан» сияқты көптеген шығармалары – əдебиеттің барлық жанрын қамтитын жəне өзінің идеялық, көркемдік касиетімен де қазақ совет əдебиетіне елеулі үлес болып қосылған күрделі еңбектер. Сəкеннің шығармаларында қазақ халқының революция дəуіріндегі ой-арманы, сезім күйлері, революциялық жеңіс, социалистік құрылыс жолындағы өмірі мен күрестері жарқын бейнеленеді. Қазақ ақындарының ішінде Октябрь социалистік революциясының жеңісін алғаш жалынды жырына қосқан революцияшыл совет ақыны Сəкен болды. Сəкен қазақ поэзиясын форма, стиль, жанр жағынан дамытуға да еңбек сіңірді. Сонымен қатар Сəкен қазақ совет драматургиясының негізін қаласты, əдебиет тарихын зерттеу саласына да елеулі атсалысты. * Сəкен Сейфуллаұлы 1894 жылы Ақмола губерниясы, Ақмола уезі Нілді болысы, 1-ауылда, Нілді заводына жақын жерде (қазіргі Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында) туып, өскен. Сəкен əдебиеттегі лақап аты. Шын аты – Садуақас. Сəкеннің əкесі Сейфулла өз еңбегімен күн көретін орта шаруалы адам болған. Өзінің өмірбаяны туралы бір жазғанында: «Əкем саятшы аң аулағыш, домбырашы, ақ жарқын жайдары адам, шешем əңгімешіл еді», – дейді. Оның үстіне Сəкеннің өскен елінде қазақтың көптеген əнші-ақындары болған. Жас баланың ең алғаш қызыға тыңдап, мол əсер алған жайлары ата-ана, ауыл аймағындағы ақын, əнші дом-
бырашылардың өлең айту, күй тарту – өнерлері. Мұның бəрі болашақ ақынның поэзияға, əн-күйге деген құмарлығын ерте сергітіп, оятады. Сəкен əуелі ауылдағы молдадан оқып, хат таниды. Бірақ, баласының өнерге талпынғыш зиректігін байқаған сыншыл əке Сəкенді орысша оқуға, қала өнерін білуге, 1905 жылы Успенский мыс заводындағы мектепке кіргізеді. Онда Сəкен бір қазақ жұмысшының үйінде жатып, заводтағы орыс, қазақ балаларымен бірге үш жыл оқиды. Одан кейін, Сəкен Ақмола қаласына келіп, əуелі Приходская школада жəне екі класты училищеде оқиды. Бұл оқыған жылдары да бос өтпейді. Бір жағынан, кітап білімін алса, екінші жағынан, өз бетімен орыс тіліндегі əдебиет кітаптарын көп оқиды. Сол кезде қазақ арасына таралған кітаптар мен газет-журналдарды да қадағалап оқып отырады. Училищенің соңғы кластарында оқып жүргенінде, Ақмола қаласына оқу іздеп келген қазақ балаларына өз бетімен орысша сабақ бере бастайды. 1913 жылы Омбы қаласындағы оқытушылар семинариясына түсіп, оны 1916 жылы бітіріп шығады. Семинарияда оқып жүрген уақытында Сəкеннің қоғамдық, əлеуметтік ой-пікірі қалыптаса бастайды. Студенттердің мəдени-ағарту жұмысын өркендету мақсатымен ұйымдастырған «Бірлік» үйірмесінің жұмысына белсене қатынасады. Келбетті сұлу, сəнді киінген кербез, əн мен күйге құмар жас жігіт Сəкен өлең жазуға, домбыра тартып, əн салуға ерте берілген. Ол өлеңді ауыл ақындарының салтымен жатқа да шығарып айтқан, жазып та шығарған. «Бірлік» үйірмесінің көмегімен Сəкеннің алғашқы өлеңдер жинағы – «Өткен күндер», 1914 жылы Қазан қаласында басылып шығады. Жинақта басылған өлеңдердің көпшілігі қаладағы шəкірт ақынның туып-өскен ауылға деген сағынышы, білім алу жолындағы талап-тілегі, жастық, махаббаттық өмірдің сезім күйлері жырланады. Ал, ақынның сол дəуірдегі ірі қоғамдық мəселелерге деген ой-пікірлері əлі айқын емес, болса да күңгірт. Егер ақын «Жазғы түнде», «Туған ел», «Кетпейтін естен ғашық жар», «Сағыну» сияқты лирикаларында табиғат
көрінісін, көңіл күйлерін шебер суреттеген ақындық талантын байқатса, «Жайлауда», «Інішегіме», «Кім басшы», «Нұра» сияқты өлеңдерінде, суретшілік те оған сай мазмұн да жинақты келіп отырмайды, пікірлері қайшы, суреттері ала-құла. Рас, осы жинақта басылған жəне 1915 – 1916 жылдары жазылып, «Асау тұлпар» жинағына кірген кейбір өлеңдерінде Сəкеннің өзі өскен қоғамдық ортаға наразылығы, əсіресе отаршылық қыспақтағы, ескі феодалдық мешеулік шырмауындағы қазақ халқының аянышты халіне жанашырлық сезімі байқалып тұрады. Ақын қазақ халқын бастайтын аға жоқ, білімге талпынған жастар жоқ, қазақ малы мен дүниесін жоқтап өзгеге ысырап қылуда, қазақтың надан байлары орысша оқытуға қарсы, жалшының еңбегін жейді, ендігі елдің бас көтерер азаматы оқыған қазақ болады, жетімді, сорлыны аяңдар деген ой-пікірлерін білдіреді. Бірақ мұның бəрі де жалпылама, үстірт жырланады. Сəкеннің 1916 жылғы көтеріліс туралы ой-пікірлері бұл өлеңнен гөрі «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында толық айтылады. Омбы Семинариясын жаңадан бітіріп, оқытушы болып шыққан Сəкен көтеріліс жасаған елдің жуан ортасында болады. Көтеріліске өз қара басы тура қатынаспағанымен, ақын қалың бұқараның империалистік соғысқа, патша үкіметіне қарсы ашынған ызалы күрес толқындарын кең суреттейді, сол халыққа жаны ашығандық сезімін айқын білдіріп отырады. Сəкеннің саяси-қоғамдық қызметінің де, ақындық, творчестволық қызметінің де жаңа дəуірі 1917 жылдан басталады. 1917 жылы ақпан революциясынан кейін Россияда саяси таптар қозғалысы ашық майданда беттесіп, айқын күреске шыққанда Сəкен бірден Коммунист партиясы бастаған социалистік революция жолын, Совдепті қолдап шықты. 1917 жылы Сəкен Ақмола қаласында Совдеп қолдаған қазақ комитетінің жұмысына белсене араласып, «Тіршілік» атты газетті шығарысады. 1918 жылы коммунистік партияның қатарына кіреді. Уақытша үкімет саясатына да, патшашылдармен ауыз жаласқан алашордашыл ұлтшылдарға да қарсы
аяусыз күрес ашады. Осындай дауылды күрес жылдарында Сəкен өзінің белгілі «Асығып тез аттандық», «Кел, жігіттер», «Жолдастар», «Далада», «Жұмыскерге» сияқты революцияшыл мазмұнға толы, жалынды сезімге бөленген өлеңдерін жазып таратады. Осы 1917 жылы жазылған Сəкеннің «Бақыт жолына» атты революциялық мазмұнды пьесасы Ақмола жастарының күшімен, ауыл сахнасына қойылады. Сəкеннің арнаулы əнімен таралған «Жолдастар» өлеңін қалың қазақ халқы, ұран (гимн) етіп айтып кеткендігі белгілі. Сөйтіп, ол революцияшыл қоғамдық қызметімен де, өзінің революцияшыл поэзиясымен де Қазақстанда совет өкіметін орнату үшін белсенді күрес ашты. Сондықтан тап жаулары Сəкен сияқты революционер-большевиктерді құртудың амалына кірісті. 1918 жылы мамырда, контрреволюцияшыл ақтардың күші басым болып, Ақмола қаласында совет өкіметі құлайды. Сəкен бір топ большевиктермен бірге тұтқынға алынады, оларды жеті айдай Ақмола қаласының түрмесінде ұстап, одан кейін қол-аяғын кісендеп, жаяу айдап, Петропавл қаласына апарады; Петропавл, Омбы қаласындағы Колчактың тұтқын үйлерінде, атаман Анненковтың азап вагонында ең ауыр азаптарды басынан кешіреді. Осы айдауда, қорлықта жүргенде, Сəкеннің көптеген революцияшыл жолдастарын жау атып, асып өлтіреді. 1919 жылы наурызда Сəкен Омбыдағы Колчактың тұтқын лагерінен қашып шығады. Сібір даласында, қазақ ауылдарында жасырынып, қашып жүріп, Сəкен өз еліне келеді. Бірақ барлық жерде де Колчак пен алашордашылар Сəкенді тінту салып, іздеп, қайтадан Колчак жендеттерінің қолына бермек болады. Сəкен өз еліне тұрақтай алмай, ол кезде совет өкіметі толық орнаған, Түркістан еліне Бетпақ дала арқылы өтіп барады. Осы айдауда, тұтқында жүргенде де Сəкен творчестволық қызметтен тоқталмайды. «Тергеген болсаң айтайын», «Адасқандарға», «Сағындым», «Шəһит болған достарыма», «Қамаудан», «Біздің жақта», «Тау ішінде», «Қашқынның ауылы», «Жас
қазақ марсельезі», «Шөлде» сияқты көптеген революцияшыл лирикалы өлеңдер жазады. Ақын: «Табиғат өзгеше боп туған едім, Белімді жастан бекем буған едім. Халықтың қорлық көрген туын ұстап, Əділдік жолын іздеп қуған едім», – деп, бірде өз өмірінің мақсатын баяндаса, бірде: «Еркіңді қу қайғыға берме, көңілім, Күйленіп бұрынғыдай керне, көңілім, Қамығып, жабырқадың неге мұндай? Талпынып, көкке құлаш серме, көңілім. Қажыма ер көңілім бəрі де өтер, Сан азап бір күнгідей болмай кетер. Қара түн басып тұрса алды-артыңды, Жарқырап ататын таң əлі-ақ жетер», – деп қамауда, қайғыда өткен көңіліне қайрат, жігер беретін өлеңдерін жазады; ақын бірде тұтқындағы революционердің темір торды талқан етіп бұзбақшы болған арыстандай қайратты ыза-кегін баяндаса, бірде өзінің туып-өскен Сарыарқасын сағынған мұң мен шерін айтады. «Ей, Сарыарқа, Елің алыс, қалды шалыс, Жат жерде талай елмен болдық таныс, – деп туған жерге деген ең ыстық жалынды сезімдерін білдіреді. Ақынның күрес жолындағы өмірі қаншалықты мағыналы, маңызды болса, оған сəйкес туған поэзиясы да маңызды, əр алуан көркемдік шеберлікпен беріледі. Сəкен елге 1920 жылдың басында қайтып келіп, Ақмола уезінде совет құрылысы жұмысына белсене қатынасады. Ол
саяси-үгіт-насихат жұмысын да, оқу-ағарту, баспасөз жұмыстарын да басқарады. Елдегі саналы кедейлерді совет құрылысына араластыруға басшылық етеді. 1920 жылы Қазақстан Автономия республикасы құрылғанда Сəкен Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің президиум мүшесі болып сайланады. 1922 жылы Қазақстан халық-ағарту комиссарының орынбасары жəне ІІІ-Советтер съезінде Қазақстан Халық Комиссарлар Советінің председателі болып тағайындалды, осы жылы Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болып сайланады. 1924 жылдан 1937 жылға дейін Қазақстандағы мəдени-ағарту мекемелерде істейді: жоғарғы дəрежелі педагогикалық оқу орындарында оқытушы, «Əдебиет майданы» журналының редакторы т. б. 1937 жылы оның творчестволық қызметі тоқталды. Сəкеннің өмір жолы, адамгершілігі тамаша, қызықты да еді. Ол сырттай қандайлық мүсінді, сұлу тұлғалы, əсем кербез болса, жан дүниесімен де кіршіксіз таза, сұлу еді. Шыншыл, турашыл Сəкен өмірде көріп сезгенін, күйінгенін де, қуанғанын да, жақсы көргенін де, жек көргенін де жасырмай, іште бүкпе ғып сақтамай, тура айтады. Туралықты, шындықты айтуға келгенде – біреудің беделі, дəрежесі бар екен де ол ешкімнен қаймықпайтын. Сол турашылдығы, өзі ұстаған пікіріне табандылығы, совет əдебиетінің идеялық жауларына қарсы күресте қайраттылығы, алғырлығы – ақын Сəкеннің бойындағы жақсы адамгершілік қасиеттер болатын. Осындай тамаша адамгершілігімен де, сан алуан қызықты, көркем шығармаларымен де Сəкен қалың жұртшылық ортасында өте қадірлі, сүйікті еді. 1922 жылы Сəкеннің «Асау тұлпары» (1915 – 1921 жылдардың арасында жазған) өлеңдер жинағы, «Бақыт жолына» (1917 жылы жазылған), «Қызыл сұңқарлар» (1920 жылы жазылған) атты пьесалары жарияланады. Бұл алғашқы жаңа құрыла бастаған қазақ совет мəдениетіндегі үлкен оқиға. Осы үш кітабы арқылы Сəкен қазақ совет əдебиетінің келешек дамуына тамаша зор үлес қосты. Буржуазияшыл ұлтшылдардың идеологиялық шабуылдарына қарсы Сəкеннің революцияшыл шығармалары тегеурінді соққы беріп отырды.
Бұл кездерде Сəкен толып жатқан қоғам жұмыстары мен саяси əлеуметтік тақырыпқа арналған мақалалар жазумен қатар, поэзиялық шығармаларын жазуды үдете түседі. «Асау тұлпардан» кейін Сəкен «Домбыра» (1924 жылы), «Экспресс» (1926) атты өлең, поэмалар жинағын жариялайды. «Көкшетау» поэмасын жазуға кіріседі. Бұл шығармаларында Сəкен өмір шындығын жан-жақты қамтыған реалистік күшімен ғана емес, ақындық, новаторлық шеберлікке жетілу жолындағы өзінің ақындық бетін айқындай түседі. 1927 жылы «Тар жол, тайғақ кешу» атты мемуарлық кітаптың басылып шығуы да Қазақстанның мəдени, қоғамдық өміріндегі аса ірі оқиға болды. Мұнан кейінгі жылдарда Сəкеннің «Еңбек шарт – жалшылар қорғаны» (поэма, 1927 ж.), «Жер қазғандар» (əңгімелер, 1928 жыл), «Тұрмыс толқынында» (өлең, поэмалар, 1928 жыл), «Көкшетау» (поэма, 1929 жыл), «Қазақ əдебиеті» (1932 жыл, əдебиет тарихы туралы еңбек), «Альбатрос» (поэма, 1933 жыл), «Қызыл ат» (поэма, 1934 жыл), «Социалистан» (поэма, өлеңдер, 1935 жыл), «Айша» (повесть, əңгімелер, 1935 жыл) т. б. еңбектері жарияланады. Бұл аталған кітаптарға кірмеген əр кезде газет, журналдарға басылып келген əңгіме, очерк, мақалалары, жеке өлеңдері, аяқталмаған повесть, романдары да бар. Мəселен, 1933 – 1936 жылдары Сəкеннің «Біздің тұрмыс», «Дауыл алдында», «Жемістер» атты повесть, романдары үзінді болып газет-журналдарда, түрлі жинақтарда басылып жүрді. Сəкеннің жинап, құрастыруымен бұрынғы ауыз əдебиетінің көптеген нұсқалары жарияланған болатын. Сəкеннің мұндайлық мол əдеби мұрасын жан-жақты зерттеп, ол жайында ғылымдық пікірлерді байсалды түрде қорытып айту алдағы күннің міндеті. Біз бұл жерде Сəкен творчествосына байланысты кейбір негізгі басты мəселелерге тоқталып кетпекпіз. * Сəкен – қазақ əдебиеті тарихында ең алғаш ақындығымен танылған, қазақ совет поэзиясын өркендетуге елеулі үлес
қосқан ақын. Сəкеннің өзі жасаған дəуірдің қоғамдық бейнесін, өршіл ой, ізгі сезім күйлерін елестеткен поэзиялық шығармалары мол. Тақырып жағынан алғанда да, жанр, көркемдік форма жақтарынан алғанда да Сəкен поэзиясы əр алуан ерекшелігімен көзге түседі. Сəкеннің поэзиясында социалистік революция дəуірінің екпінді лебі (пафосы), жалынды ұраны болып келетін саяси лирика да, адамның əр алуан сезім күйлерін беретін көңіл күйі лирикасы да; қазақ даласының таңғажайып көркем табиғатын сырлы үнмен сипаттаған суретті лирика да, еңбек адамдарының күресі мен мінез-құлқын бейнелеген сюжетті лирикалар да, социалистік құрылыс майданындағы совет адамдарының жеңісті толқынын бейнелеген реалистік романтикалық лирикалар да аз емес. Халық өмірінің алуан түрлі оқиғалары мен сырларын баяндайтын поэмалар да Сəкен поэзиясында елеулі орын алады. Сəкеннің артында қалған мол əдебиеттік мұраның ішінде революцияшыл, реалистік поэзиясы бізге өте-мөте қадірлі. Сəкеннің революцияшыл поэзиясы туған дəуір – халық тағдыры сынға түскен, революциялық күштер мен контрреволюциялық күштер арасы кескілесіп майдандасқан, кімді-кім жеңеді деген мəселе тарих сахнасына қойылған алғашқы дəуір болатын. Қазақ арасынан шыққан аздыкөпті интеллигенцияның бірқатары өзінің тағдырын, өзінің өмірлік мақсатын қалың еңбекші бұқараның тілек, мақсатымен, социалистік революция мақсатымен ұштастыра білді. Сəкен сол сияқты Əліби Жангелдин, Əділбек Майкотов, Тоқаш Бокин, Үгар Жəнібеков т. б. революционер орыс большевиктерімен бірлесе отырып, қазақ даласында революция жеңісі үшін белсене күрескендігі бізге мəлім. Ал қазақ ортасынан шыққан екінші бір топ – интеллигенция буржуазияшыл-ұлтшылдар Россиядағы контрреволюцияшыл күштермен ауыз жаласып, халық мақсатына қарсы шықты. Қазақстан жеріндегі Колчак жендеттеріне көмектесті. Революция дəуірінде өзінің жалынды жырларымен Октябрь революциясының ұранын қазақ еңбекшілері арасына Сəкен
кең насихаттай отырып, контрреволюцияшыл алашорда, колчактардың халық мақсатына жат əрекеттерін аяусыз əшкерелей білді. Сəкеннің алғашқы ақындығы мен жазушылығын жұртшылыққа бірден танытқан – «Қызыл сұңқарлар» атты (1920 жылы жазылған) пьеса мен «Асау тұлпар» атты өлеңдер жинағы. Екеуінің де тақырыбы мен идеялық, көркемдік мотиві бір – қазақ даласындағы революциялық күрестің қатал, қиын жолдары мен жеңіс салтанатын бейнелейді. «Қызыл сұңқарлар» Сəкеннің творчествосында ғана емес, қазақ совет əдебиетіндегі алғашқы революциялық драма деуге болады. Өзіне таныс, басынан кешкен оқиға болғандықтан жазушы пьесадағы кейіпкерлерді əр алуан оқиға жағдайына қарай өзіне лайықты мінезбен суреттеп көтеріңкі леппен сөйлетеді. Мəселен, Еркебұланның қайратты алғырлық жауы алдында бас имейтін тəкаппар намыскерлік сипаттары көбінесе оның оттай сезімге толы тапқыр, шешен сөздері арқылы ашылады. «Қызыл сұңқарлар» революцияның алғашқы жылдарынан бастап Қазақстандағы ойын-сауық кештерінде, театрларымызда үнемі қойылып келді жəне 25 жыл бойы біздің əдебиет жəне театр сындарымыздың ең басты тақырыбы болып жұртшылық назарын аудара білді. Қазақ халқы Октябрь революциясына қатыспады деген сандырақты соғатын ұлтшыл жазушылар, əлбетте, бұл алғашқы революцияшыл пьесаға қарсы шабуыл жасап бақты. Бірақ қалың оқушы жұртшылығы, совет ақын-жазушылары «Қызыл сұңқарлардың» идеялық, көркемдік мəнін терең ұғып, əділ бағасын айтып отырды. «Қызыл сұңқарлар» туралы жиырмасыншы жылдардың басында жазылған сындардың бірінде: «Бұл пьесаны еңбекшілер табының төңкерісі туғызған, оның геройлары – бүкіл еңбекші тап. «Қызыл сұңқарлар» қазақ əдебиеті тарихында жаңа дəуірді бастады. Пьесада оқиғалар дауылдап жанған өрттей, адамдардың барлығы соның белгілі бір денесі секілді. Бұл еңбекшілердің төңкерісін көрсетеді», – делінген. Бұл əділ сынға қосылмасқа болмайды.
Қазіргі өскен əдебиетіміздің мұнарасынан қарағанда «Қызыл сұңқарлардың» кемшіліктері де көзге түседі. Советтік революциялық поэзия, əсіресе, Сəкеннің поэзиялық шығармаларында өте айқын жəне тереңдей түседі. Сəкен революциялық идеяны бірыңғай үгіт түрінде ғана емес (үгіт ол кезде көркем əдебиеттің ең бір қажетті формасы болатын), сонымен бірге қалың бұқараның көкейіне қонымды əр алуан ақындық шеберлік арқылы береді. Жəне ол шеберлік ақынның өмір шындығын тереңдей суреттеген шығармаларының мазмұнына сəйкес жаңа леп, белгілі бір заңды, жарастықты (гармониялық) формаға айналып отырады. Сəкен революция дəуірінің шындығын нақты реалистік тұрғыдан да, көтеріңкі романтикалық тұрғыдан да жырлай білді. «Асау тұлпар», «Домбыра» – қазақ совет поэзиясының іргетасы болып қаланған, сонымен бірге 1917 – 1922 жылдар арасындағы революциялық өміріміздің бейнесін жарқын елестеткен күрделі шығармалар. Сəкен поэзиясында ескі мен жаңаның таптардың арасындағы шиеленіскен күрес оқиғалары, жаңа советтік қоғамның жеңіспен қанат жайып, ірге тебуі, қазақ еңбекшілерінің Октябрь революциясы арқасында теңдік алып, бірте-бірте советтік құрылысқа араласуы негізгі тақырып болып отырады. Ақын қандай тақырыпты алып жырласа да езілген еңбекші кедейлерге дос екендігін білдіреді, соларды құлдықтан, қорлықтан азат етуді өзінің азаматтық, ақындық борышы деп санайды. Сол еңбекші халықпен бірге зұлымдыққа, қанаушылық атаулыға қарсы кектенеді, батыл күреске шығады, сол еңбекші бұқарамен бірге бостандықты құшақ жая қарсы алып шаттанады, сол халықтың басына қиыншылық туса, солармен бірге ызаланады, бірге мұңаяды. Ақынның сырласы да, мұңдасы да – ауылдың мал баққан кедей жалшысы, күңдіктегі əйелдері, шахта мен заводтардағы «түсі суық», «тəні шойын», «бұлшық еті тоқпақтай» жұмыскерлер, ескілік, құлдық шынжырын талқандаушы өр жүректі, жігерлі жастар. Қандай тақырыпты алып жырласа да ақын өмір шындығына бейтарап қарамайды,
өзінің тура қатынасын, тебіренген жан сезімін, өршіл ой нысанасын байқатып отырады. «Асығып тез аттандық», «Тергеген болсаң айтайын», «Далада», «Кел, жігіттер» атты 1917 жылы жазған революцияшыл лирикаларында ақын қазақ даласына жан кіргізіп, жаңа күн, жаңа өмір сəулесін түсірген революциялық жеңісті жырлайды. Ақын біркелкі жырларында «Зұлымдық пен əділдіктің алысқанын, бай мен кедей арасы бітімсіз шабысқанын» жырлай келіп, өзінің серік жігіттерін кедейден топ жасауға, көкірекке толы кек пен бостандық үшін белсене күресуге, «ауыздан от шашатындай» екпінді, қанатты ұран таратуға шақырады. Бірақ ақын күреске шақырудың ұранын ғана жырлап қоймайды, социалистік революцияның қазақ даласына əкелген жаңалығын да, сол жаңалықтың жеңісі үшін басталған қалың бұқараның күресін де суреттейді: «Жел қайықта», «Біз», «Қара айғыр», «Жұмыскерге», «Маржан», «Біздің тұрмыс экспресс», «Біздің сəуле», «Бұлшық ет», «Совет баласы», «Сəрсен егінші», «Ленин», «Қызыл жұлдыз», «Самұрық», «Лезде артта қалады» жəне басқа өлеңдерінде революцияшыл таптың жеңімпаз күресі, қазақ еңбекшілерінің бостандық жолындағы талап-тілегі қамтылып жазылған. Революциялық жеңіс тақырыбына арналған поээиялық шығармаларында Сəкеннің айрықша сүйіп жəне дамытып жырлайтын нақты образдары да бар. Алдымен Сəкен поэзиясында бостандық үшін жан-тəнімен күрескен, жауының алдына бас имей, қасқайып қарсы тұрып, маузері мен қанжарын да, жалынды ақындық сөзін де жұмсаған революционер күрескерлердің образы жарқын сипатталады. Осы образ, екінші жағынан, Сəкеннің өз тұлғасын да елестетіп отырады. Қамауға, шынжырлы торға түскен шақтарында да, айдауды көріп, қашқын боп жүрген кездерінде де қажымаған қайратты, революциялық мақсаттан айнымаған ізгі арманды, еркіндікті, туып-өскен жерлерін, ардақты ана, сүйікті жарын да аңсап сағынған таза жанды, еркін көңілді махаббат сезімді, тəкаппар, шыншыл ақын образы елестеп отырады.
«Терезеден отырып, Сөйлесті көңілім елменен... Болса да алыс қызыл күн Шұғыласын шашты алтындап, Ғашығым менің бостандық. Келді алдыма жарқылдап... Отырмын тас қамауда. Дұшпаннан тəнім жеңілді, Жеңе алмас бірақ еш пенде Асау, еркін көңілді», – деп Колчактың түрмесінде отырып, бостандықты аңсаған жігерлі көңіл күйін шертетін болса, «Сағындым», «Тұлпарым», «Шейіт болған достарыма», «Тау ішінде» атты өлеңдерінде ақын сағыныш күйлеріне байланысты ішкі жай сырларын баяндайды: «Айналып толғап өсірген, Ақ сүтін беріп кешірген, Тастамайтын есінен Сағындым ғаріп анамды. Мал бағып шауып ойнаған, Үйреткен асау бойлаған, Көк-жасыл шөбі жайнаған Сағындым еркін даламды», – дейді. Тұтқындағы ер арқырап келген қанатты тұлпарды мініп, шынжыр торды талқандап, желмен жарысып кетуді арман етеді. Міне, бұл сияқты лирикаларында ақын өз басындағы сүйініш-күйініштерді суреттеу арқылы ізгі мақсатқа, революциялық күрес мақсатына мықтап берілген адам образын елестетеді. Бұл образды ақын отызыншы жылдардағы жазған: «Альбатрос», «Социалстан» поэмаларында анағұрлым тереңдетіп, үлкен түйіндеу дəрежесіне көтереді.
Осыған байланысты Сəкен поэзиясында халықтардың ұлы көсемі Ленин образы нақты жырланып отырады. Қазақ ақындарының ішінде кемеңгер Ленин бейнесін тірі кезінде жырлаған Сəкен. Рас, көп ақындар Ленинді заманның пайғамбары тұлғасында суреттеген болатын. Сəкен де Ленинді өз тұсындағы ақындық дəстүрмен жырлайды. 1923 жылы жазылған «Ленин» атты Сəкен өлеңінің тек мазмұн жағынан ғана емес, ақындық форма жағынан да көп жаңалығы бар. Мұнан кейінгі «Қайғылы хабар», «Қаралы күн», «Қызыл жұлдыз» атты Ленин қайтыс болған күндері жазған өлеңдерінде Сəкен Ленин жолының саралығын, Ленин туының беріктігін, Ленинге деген бүкіл совет халқы мен Коммунистік партияның ұлы махаббатын жырлайды. Ал 1932 жылы жазылған «Альбатрос» атты поэмасында Сəкен Ленинді Октябрь революциясы жəне социалистік құрылыс майданындағы жеңістердің ұлы дем берушісі, бас командирі, мызғымас айқын туы, адаспас жарық жұлдызы бейнесінде сипаттайды. Ақын Ленинді тарихи ұлы халықтық қозғалыстан бөліп алып, дара суреттемейді, ескі капитализм дүниесінің талқан болып, елімізде бесжылдық жоспардың іске асуы, социализмнің жеңісі – бұл Ленин идеясының, Ленин қағидасының жеңісі. Совет халқы партияның ішіндегі оңшылдық, солшылдық ағымдарға қарсы, империалистердің соғыс құмарлық əрекеттеріне де қарсы белсене күрескенде адаспайтын жарық жұлдыздай туымыз ол – Ленин деп суреттейді. Ақын сол Ленин бастаған ұлы күреске бірге атсалысып жүргендігін мақтан етеді. Барлық күрестерде штабтың ортасында план құрып тұрған бас комадир – Ленин: «Сонда-ақ Ленин Туына иман сенгеміз. Сол туға еріп, Ұлы майданға енгеміз. Партия алда, Ту нық қолда. Командир де
Сол команда Астында жау жеңгеміз». Ақын суреттеуінде революциялық ұлы күрес, социалистік құрылыс майданы бейнебір телегей-теңіздің тасқыны сияқты. Ленинді сол ұлы телегей-теңіз аспанында талмай, қажымай қанат қаққан ер құс Альбатросқа ұқсатады. Бұл да образ жасау жолындағы ақынның сəтті ізденуі болып табылады. Сəкен «Альбатрос» поэмасында Ленин образын түйіндей суреттеу арқылы советтік патриотизм идеясын кең жырлайды, империалистік буржуазияның совет отанына қарсы жаулық ниеттері, соғыс құмарлық əрекеттері поэмада батыл əшкереленді, Лениндік орталық партия комитеті бастаған совет халқы, совет армиясы – қасиетті отанымызды жан тəнімен қорғайтын тегеурінді ұлы күшті көрсетеді. Лениндік идеяны, советтік патриотизмді Маяковский дəстүрімен жырлауда бұл поэзияның маңызы қазірде де аса зор. Сəкеннің алғашқы дəуірдегі поэзиясында еңбек адамы, жұмысшы образы елеулі орын алады. Ақынның жас шағында заводтағы жұмысшы ортасында өсіп, алған ең жақсы əсерлері оның кейінгі творчествосында белгілі дəрежеде із қалдырып отырғандығы даусыз. «Жұмыскерге». «Бұлшық ет», «Тоқу фабригінде», «Қалаушылар», «Қара айғыр», «Маржан» сияқты шын мəніндегі көркем лирикалары қазақ поэзиясында алғаш жұмысшы образын, еңбек адамының образын жырлаған шығармалар болып табылады. Ақын Нілді, Спасск, Қарағанды заводтарындағы жұмыскерлерді есіне ала отырып, «тəні шойын жалаңаш», жер астынан күндізтүні тас көмір қазған «ауыр балғалы», «ауыр қайлалы», «күшті қол, жұмыр білекті» жұмысшының аянышты халіне жаны ашығандығын, енді бұл достарына бостандық таңы туып жатқандығын айтады. Ақын жұмысшының дүниені қайта жасағыш күшіне, еңбекпен адам өмірін гүлденткен ерекше қасиетіне айрықша мəн береді. Зəулім сарайларды, аспанда самолетті, суда кемені, жердегі отарба – паровозды жасаушы да, жүргізуші де алып жұмыскерлер. Күшті лириканың бірі «Бұлшық ет».
Мұнда нақты адам образы емес, ақын нағыз еңбекке шынығып піскен, дені сау, қажырлы жұмысшының сұлу мүсінді тұлғасын, «ширатылып түйілген», «тоқпақтай ойнап бұлтылдаған» бұлшық еттің жарастықты ырғағын жеткізіп бере білген. Поэзия қандай көріністі болсын образды көркем сөзбен, ішкі сезімнің қуатымен жеткізіп береді десек, поэзияға тəн сол ерекшелік осы бір кішкене суреттен табылып тұр. Жұмысшының еңбек процесіндегі қимылқозғалысын, ой-сезімін машина ырғағына, адамның дене қимылы ырғағына ыңғайлап суреттеуде Сəкеннің «Тізушілер жыры», «Тоқу фабригінде», «Қалаушылар жыры» атты көркем лирикаларының идеялық-көркемдік мəні үлкен. Бұл лирикаларында ақын «Бұлшық еттегі» ақындық шеберлігін, идеялық принципін анағұрлым дамыта түседі. Сəкен поэзиясында романтика бар дедік, ол қандай романтика? Сыншыл ойлы, алғыр сезімді ақын поэзиясына өмір шындығын көтеріңкі леппен, асқақты романтикамен, қанатты сезім күйлерімен жырлау негізгі сипат болып отырады. Дүние жүзіндегі ұлы ақындардың поэзиясына үңіле қарайтын болсақ, олардың ешбірінде де қатып қалған бір ғана үлгі жоқ; ақындықтың əр алуан үлгі-өнерлері, əр алуан творчестволық іздену тəсілдері байқалып отырады. Біз Сəкеннің алғашқы дəуірдегі поэзиясының өзінен-ақ, міне, осындай алуан түрлі ақындық творчестволық үлгісін байқаймыз. Сəкен бірде революцияның жалынды сөздің жаршысы, үгітшісі болса, бірде ауылдың сері ақыны, бұлбұл үнді əншісі болып жырлайды. Бірде күрес пен жеңістің гимнін жырласа, бірде сағынған жарын, ерке аққуын, жазғы даланы сүйіп жырлаған нəзік жанды лирик. «Асау тұлпар», «Домбыра» атты өлеңдер жинағы мен «Қызыл сұңқарлар» драмасын оқығанда революцияның дауылды тұлғасы даланы жаңғырықтырып ескі дүниені сілкіндірген, өр мен қияны баса-көктеп, арқырай құйғыта шапқан асау тұлпар бейнесінде сипатталады. Ақын сол мінген тұлпарын аспанға қарғыта ойнатып, құйқылжыта, тегеуірінді əн шырқайды. Тұлпардың дүбірінен, ескекті, құдіретті дом-
быра үнінен ұйқылы дала серпілгендей. Атар таң мен шығар күнді, дауыл мен найзағай ойнаған қияға қанат қағып қарсы алған қызыл сұңқарлар да, айдарына қызыл шоқ қадаған асау тұлпарлар да тыныш тауып бір жерде тоқтамайды, тым асығыс ерлік күреспен ілгерілей, биікке өрлей береді. Міне, осыдан келіп ақын поэзиясында революцияның жеңіс тұлғасы асқақты романтикалы бейнеге, сұңқар құс, тұлпар ат бейнесіне айналып жырланады. Осы мотивтің заңды жалғасы ретінде ақын аэроплан, жел қайықты жаңа өмірдің өршіл, жеңімпаз бейнесі етіп суреттейді («Аспанда», «Аспанға ұш», «Самұрық», сияқты өлеңдер). Мұндай романтикалы лирикаларында да ақын «Дауылмен ойнап, бұлттардан асып» қызыл Күнге қол созған, жер мен көкті күңірентіп бостандықтың ұранын таратушы, қазақ даласының аспанынан құс боп ұшып, құлашты кең жайған ерлердің тұлғасын елестетеді. Бұл мотивтердің бəрі де революциялық өмір шындығынан туған реализммен тамырласып отыратын өршіл романтика. «Асау тұлпар» мен «Домбырада» аққу құсты, экспресс поезды романтикалы мотивте жырлаудың алғашқы үлгісі бар. Алайда, бұл мотив ақынның «Советстан», «Аққудың айрылуы» атты поэмаларында кең эпикалық планда дамытылып жырланады. 1926 жылы жарияланған «Экспресс» (өлеңдер мен поэмаларының жинағы) тек Сəкен поэзиясында ғана емес, бүкіл қазақ поэзиясындағы үлкен жаңалық (новаторлық) еді. Новаторлық, яғни революциялық мазмұнды революцияшыл формамен беру жолындағы творчестволық іздену Сəкеннің «Асау тұлпар», «Домбыра» жинақтарында да бар. Орыс поэзиясын, Абайды жəне татар ақындарын да мол оқып меңгерген Сəкен өзіне дейінгі поэзиялық үлгілерге, өлеңдік формаларға қанағаттанған емес. Жоғарыдағы айтқандарымыздай, революциялық күрес толқындарын əр алуан романтикалық, лирикалық əдістермен бейнелеудің өзінде де ақынның творчестволық сонылығы байқалады. «Экспресс» жинағына кірген негізгі поэма – «Советстан». Бұл поэмадағы орталық идея – советтік патриотизм. Со-
вет халқы ескі капиализм дүниесін талқандап жеңіп, енді тоқтаусыз социализм жолымен өрлеп келеді. Осы жолдағы біздің жаңа өміріміз жүйрік поезд – экспреске ұқсайды. Ақынның бұрын баптап мінгені «бəйге көк» тұлпар болса, ендігі талмас жүйрігі экспресс – жүйрік от арба. Сол жүйрік от арбада келе жатқан ақын туған өлкенің табиғатын, тіршілігін (сұлу орманын, аққу құсын, əнші бұлбұлын, айдын көлін, егінші шаруасын, ауылдың малшысын, сағынған анасын, ойнақтаған баласын, көктемі мен күзін) зор ақындық шабытпен, лирикалы сезім толқынмен суреттей отырып, ел басынан өткен тарихи революцияшыл күрес кезеңдерін еске түсіреді. Бірақ өмір, Отан көркі сырттай жалаң суреттелмейді, сол жарастықты мекен, жерлерге деген елдің сүйіспеншілік сезімін, қасиетті мақтанын білдіреді. Кең тынысты, алып Отан тұлғасы Советстан Сəкендей ақынға тамаша сұлу да, сырлары терең қызықты да. Қимылы өмірге ұқсас ақын мінген от арба – экспресс жолдан таймай, тынбай зырлай береді. Оны басқарып жүргізетін кондуктор да жаңарған. Кеңбайтақ Советстан – сан рулы туысқандық сенімі күшті ел. Бұрын қол тимеген табиғат байлығын халық алып, керегіне жаратып жатыр. Советстан – айбынды, қуатты ел, қарсыласқан жауын – «Жеті басты жалмауыздарды да» талқандап жеңуде. Советстанның осындай жеңімпаз тұлғасын шабыттана жырлаған ақын қиялы асқақты да көтеріңкі. Сəкеннің бұл поэмасы жиырмасыншы жылдардың орта кезінде жазылған В. Маяковскийдің, Демьян Бедныйдың революцияшыл мазмұнға толы эпикалы шығармаларымен үндес келеді. Мұнда ақынның социалистік өміріміздің шындығын кең көлемде суреттеген реализмі жəне осы шындықты түйіндеп суреттеудегі ақындық шеберлігі танылады. Осы поэмасында Сəкен өзінің ақындық новаторлық ерекшелігін анықтай түсті. Мұнда Сəкен поэмасының екі түрлі ерекшелігі бар: Бірі – ақынның бейне, образ табудағы новаторлығы, советтік өмірімізді, ақын тілімен айтқанда, советстанды экспрестің екпінді шабысына ұқсатып беруі.
Алғашқы дəуірдегі поэзиясында ақын революцияшыл өмірдің дамуын желмен жарысқан асау тұлпарға, аспанға шарықтаған сұңқар құсқа, аэропланға ұқсатып жырлайтын болса, енді экспресті сол романтикалық образдардың заңды жалғасы ретінде реалистік мотивтегі экспреспен бейнелеп отыр. Бұл – ақынның творчестволық ізденуінен туған жаңалық. Екінші – Сəкен поэзия ырғағын жүйрік поездың екпін ырғағына үндестіріп бере білген. Поэзияда музыкалы үнділік, сөз бен дыбыс бірлестігінің мəні үлкен. «Советстан» поэмасындағы соңғы қайырмалар жалаң дыбыс қуалау емес, бұл ақынның айтамын деген ойын поездың шапшаң жүріс ырғағы арқылы елестетпек болған образды сөздердің ойнақылығы. Сонымен бірге бұл поэмада өлең өлшеуінің де жаңалығы берілген. Сəкен «Советстан» поэмасындағы идеялық жəне көркемдік новаторлығын бұдан кейін жазған «Тоқу фабригінде», «Даладағы жаңа күй», «Альбатрос», «Социалистан» атты өлең, поэмаларында дамытып, заңдандыра, қалыптастыра түседі. Ақынның 30-жылдардың бас кезіндегі бірқатар өлеңдері «Советстан» мен осы «Тоқу фабригінде» өлеңінің үлгісімен жазылған. Елімізді индустрияландыру, коллективтендіру, бесжылдық жоспарларды орындау арқылы социализмнің жаңа белестеріне көтерілу, совет елінің Отан қорғау қуатының нығаюы осы тұстағы ақын поэзиясының негізгі тақырыбы болып отырады. «Альбатрос» поэмасы мен «Социалистан» атты жинағына кірген өлеңінде Сəкен социалистік құрылыс майданындағы еңбек адамдарының қажырлы күрестерін, өндіріс пен колхоз даласындағы адамдардың жаңа қарымқатынасын, өзгерген сана-сезімін осы ұлы қозғалыстағы Коммунистік партияның басшылық рөлін, жұмысшы табының шешуші күш екендігін суреттейді. Социалистік құрылыс дəуірінің шындығын жырлағанда ақын бұрынғы дайын өлең формаларын ала салмайды, өмірдің жаңа екпін күйіне лайықты жаңа ақындық күй сырын, жаңа ақындық шеберлік жолын іздейді. Осы тұрғыдан алғанда «Тоқу фабригіндегі» еңбек процесін ақын дəл тауып жырлаған.
Рас, сол кездегі Сəкен поэзиясында бұрынғы Абай өлеңінің жыр, қара өлең үлгілері де елеулі орын алады. Сəкеннің «Маузер» атты шебер сюжетті, революцияшыл мазмұнды өлеңі 7 буынды шалыс ұйқаспен жазылған. Ал ең күрделі поэмалары бұрынғы 11 буынды қара өлең үлгісінде жазылады. Мұнда форманың өзгерісі шығармалық тақырыбына байланысты. Сəкеннің құрылыс, өндіріс тақырыбына жазылған жаңа формалы өлеңдері, əлбетте, біркелкі сəтті шыға да бермейді. «Социалстан» жинағына кірген өлеңдердің кейбірі, бірқатар шумақтары олақ формалистік үлгіде келіп отырады. Ақын кейде өлеңнің сыртқы əшекей, ұқсас ырғағын келтіремін деп ішкі мазмұнын əлсіретіп алады. 30-жылдардың бас кезінде поэзиямыздағы жалаң үгітшілік яғни жақсы, дұрыс идеяны көркемдік тіл тауып бере алмаушылық, өлеңдерді ұйқастырған газет тілімен жаза салушылық осы тұстағы қазақ ақындарының көпшілігіне ортақ кемшілік саналатын болса, ол кемшіліктен Сəкен де құтыла алмайды. Қайта, жалаң форма қуалаушылық, жалаң үгітпен жазушылық жөнінен жас ақындарға белгілі дəрежеде ықпал жасап отырды. Мұны нақты зерттеп, Сəкеннің поэзиядағы əлсіздігі, өзінің творчестволық мүмкіндігіне жете алмағандығы деп атап, сынап көрсетуіміз керек болады. Осындай кейбір формализмге соғатын кемшіліктері бола тұрса да Сəкен – қазақ поэзиясындағы аса ірі новатор ақын. Өлеңнің өлшеуі, ұйқасы, ырғағы жөнінде де Сəкеннің Абайдан кейінгі қазақ поэзиясына қосқан жаңалықтары аз емес. Оны «Советстан» жəне онан кейінгі жазған жаңа формалы өлеңдерінен айқын байқадық. Ол жаңалықтарды Сəкеннен кейін шыққан қазақ ақындарының көбі қолданып келеді. Қазақ поэзиясында Маяковскийдің новаторлық дəстүрі туралы сөз болғанда алдымен Сəкен поэзиясын айтпай болмайды. Маяковский жəне сондай новатор орыс ақындарының ақындық үлгісін Сəкен революцияның алғашқы жылдарында-ақ бастаған. Оған ақынның «Біздің тұрмыс экспресс», «Ендігі ақынның сандырағы» сияқты өлеңдері толық дəлел.
Сəкеннің «Советстаннан» басқа бірнеше сюжетті поэмалары бар. Ол поэмалардың ішінде «Көкшетау», «Аққудың айрылуы», «Жұмсақ вагон», «Чжан Цзо-лин», «Қызыл ат» сияқты шығармалары ақын творчествосында елеулі орын алады. Əрине, Сəкеннің ертеректе жазған лирикалары мен поэмаларында идеялық-көркемдік жағынан жетілмеген, аяқталмаған əлсіз нəрселері де жоқ емес. Ондай əлсіздіктер аталған жинақтардың əрқайсысында да кездесіп отырады. Жасаған дəуіріне, қоғамдық-əдебиеттік ортасына қарай Сəкен кейбір өлең-поэмаларында өзінің реалистік, өршілдік дəрежесіне көтеріле алмай, орынсыз қамығуға, кейде торығуға салынған кездері де болды. Мəселен, Сəкеннің: «Айт күні», «Азия», «НЭП», «Қысқы күнгі дала», «Ауыл байғұс» сияқты өлеңдері – идеялық жағынан да, көркемдік жағынан да төмен шығармалар. Ақын Еуропа империалистерінің соғысқұмар, жер шарын отарлау əрекеттерін дұрыс əшкерелесе де, оған қарсы күрес жолын айта алмайды. Тек азиялықтар болып майдан ашып Еуропаны түгел аламыз, пайғамбар, əулиелер Азиядан шыққан, əлі де бізден шығады деген («Азия») марксизмленинизм қағидасына қайшы фантазияшылдық ұранға бойұрады. Қазақстандағы мəдениет, совет құрылысы мəселелерінде кейде солақайлық немесе жікшілдік қателіктер жіберуі Сəкеннің кейбір шығармасына салқынын тигізбей қоймады. Ақын обывательдықты, мещандықты, төрешілдікті сынаймын деп отырып, кейде сол обывательдер дəрежесінде қалып қояды, фактілерге, өмір көріністеріне түйіндеу жасай алмайды. («Тұрмыс толқынында» жинағына кірген кейбір өлеңдерде). Ақынның творчествосындағы мұндай əлсіздіктерді əдебиет жұртшылығы мезгілінде əділ сынап көрсетіп, жөндеуіне көмектесіп отырды. Бірақ Сəкеннің творчестволық бетін əруақытта оның жақсы шығармалары анықтап отырды. Сəкеннің сюжетті поэмалары тақырып, көркемдік принцип, қамтылатын оқиға, тартыс желістері жағынан əр алуан, қызықты да, Сəкен поэма жазуда белгілі бір стандартқа
байланып қалмай, бүкіл совет əдебиетіне тəн ізденгіштік əдісті пайдаланады. «Советстан», «Альбатрос» поэмаларында тарихи оқиғаны революциялық заманның даму, шиеленіскен күрес кезеңдерін жинақтау, түйіндеп беру жəне оған деген өзінің лирикалы сезімін ашу арқылы суреттейді. Мұнда нақты герой, нақты сюжет орнына тұтас халық образын алады, тұтас халықтың жеңімпаз күресі арқылы сол ұлы қозғалыстың алдыңғы сапында болған тарихи ерлерді суреттейді. Бұл советтік дəуірде туған эпикалық поэзияның жаңа бір үлгісі болып табылады. Алайда, Сəкен поэма жазуда бұрынғы классикалы үлгіні, яки Пушкин, Лермонтов поэзиясында қалыптанған үлгілерді де ұмытпайды. Осы тұрғыдан алғанда Сəкеннің «Аққудың айырылуы», «Көкшетау» атты поэмалары көркем жазылған қызықты шығармалар. «Аққудың айырылуы» романтикалы бейнемен берілген ұлы махаббат туралы аңыз сияқты. Қорлық, бақытсыздық өмірден гөрі жалынды махаббат, айнымас серт, ізгі достық артық деген идеяны бейнелейді. Поэма өзінің романтикалық сюжетіне сай көркем жазылған. Сəкен поэмаларында жəне осы поэмасында да ақынның көңіл күйлері, сол өзі суреттеген оқиғаға қатынасы əрқашан күшті ақындық шабытпен беріледі. Бүкіл халық қызығып оқып, жатқа айтып кеткен аса көркем, қызықты – «Көкшетау» поэмасы. Поэмада ақын Сарыарқаның ең бір сұлу жері – Көкшетауды шебер суреттеуден бастайды. Ақын сан рет сүйікті Көкшетауын аралап көріп, ұзақ уақыттар сол сұлу мекендерде қызықты саяхат, сауықсайран күндерін өткізіп, қою қара орманды Бурабайды, күмістей мөлдір айдын шалқар көлі, сылдырап аққан ерке бұлақтары мол Көкшені, сол жерлерді мекендеген елдің аңыз-əңгімелерін, Оқжетпес, Жұмбақтас сияқты ескерткіш белгілерін, Көкшетау елінен шығып бүкіл қазақ даласына даңқы жайылған Біржан, Ақан сері, Балуан шолақ сияқты əнші-ақындарды, көтеріңкі ақындық шабытпен, тамаша көркемдік бояулармен суреттейді. Ақын поэмада еларалық ша-
быншылықты қатты əшкерелейді. Қара күш пен зорлықты ерлік пен даналық жеңгенін ардақтайды. Бұл – поэмадағы ең негізгі өзекті оқиға жəне ақын ел аузындағы совет ақынының творчестволық принципі тұрғысынан дұрыс қорытып жырлайды. Осы орталық сюжетке жалғас поэманың «Ақ бура», «Жеке батыр», «От арба» жəне басқа тараулары да бірін-бірі толықтырып отырады. Ақын поэмасында оқиғаны қызықтап əңгімелеумен қатар өмір, жер көріністерін, кейіпкерлердің ішкі жан дүниесін, онымен қатар өзінің ақындық күй сезімдерін жан-жақты кең ашып отырады. Сəкеннің «Чжан Цзо-лин» (1927 ж.) поэмасы қытай генералдарының сыртқы империалистік айтақтауымен өзара жауласқан əрекеттерін, соның ішінде Чжан Цзо-линнің зұлымдық, опасыздық қылықтарын əшкерелейді. Ақын мансапқорлықты, шенқұмарлылықты, елін, жолдасын, досын сатқан опасыздықты өлтіре əшкерелеп, адалдықты, айнымас достықты еңбекші халықтың азаттық күресін ардақтайды. Ақынның «Биыл жандарал Чан Кай-чи қытай еңбекшілерін дүние обырларына сатып кеткенінің əсерімен Чжан Цзолиннің бұл сұмдықтарын жаздым» деген кіріспе сөзінен бұл шығарманың идеялық нысанасы байқалады. Чжан Цзолиннің өз елін, достарын сатқан сұмдық қылықтары дүние жүзілік империализмнің отарлау, айдап салу əрекетімен сабақтас екенін де ақын дұрыс көрсетеді. Сəкеннің ең соңғы күрделі поэмасы 1934 жылы жазылған «Қызыл ат». Ақын бұл поэмасында Қазақстандағы мал шаруашылығын өркендету мəселесін көтереді. Қызыл ат пен ақын сырласады, екеуінің кеңесі түріндегі мысалдау əдісі арқылы Сəкен 1930 жылдардың бас кезінде болған мал шаруашығын өркендетудегі қате-кемшіктерді сынайды, оның болу себептерін ашады. Бұған, бір жағынан байқұлақтардың зиянкестік əрекеті, олардың қолшоқпары – жалған белсенділердің қылықтары себеп болса, екінші жағынан, Қазақстанның бұрынғы басшылығының қателіктері де Қазақстанда мал шаруашылығын ойсыратуға апарып соққандығы белгілі. Сəкен бұл қате-кемшіліктерді айтып қа-
на қоймайды, Лениндік Орталық партия комитетінің басшылығы, көмегі арқасында Қазақстанда колхоз құрылысының, мал шаруашылығының өркендеуге бет алған жаңа жеңімпаз қозғалысын да айқын көре біліп, суреттейді. Бүгін жүздеген қызыл ат күйленіп, көктем егісін салысуға белсене қатысқандығын ақын қуанышты сезіммен жырлайды. Сондықтан ол сұлуықты да, ақындық шабыт күйді де, Қызыл ат тұрған өмір ортасынан іздейді, Айды, жұлдызды, дерексіз қиялды жырлаушыларды сынайды. «Мөлдір көз, алтын айдар жібек жалым, Бүгілген құмырсқа бел, ерке жаным. Досыңа неге жарқын қарамайсың Көк шыбық, алма қызыл, серке саным! Құшақтап тал мойныңды аймалайын! Жаяңды сылап-сипап жаймалайын. Досыңа мұнша неге салқындадың Айтшы енді сəулетайым, айналайын!» – деп Қызыл атқа деген өзінің сүйіспеншілік сезімін айтады. Осылай бейнелеп, суреттеу арқылы ақын Қызыл ат образын жанды адам образына ұқсатады. Бұл ақын поэзиясының көркемдік күші саналады. Əрине өмір шындығын жинақтап берудегі поэманың идеялық көркемдік дəрежесі біркелкі емес, бірде ол атпен сырласа, мұңдаса отырып, шебер суреттер, сезімді қозғайтын түйінді ойлар беріп отырса, бірде жалаң натурализмге, жадағай үгітке салынады. Сондықтан да поэма шыққан кезінде əдебиет жұртшылығы ортасында «Қызыл ат» төңірегінде үлкен айтыс, пікір алысу болды. Бірқатар кемшіліктері бола тұрса да «Қызыл ат» өз тұсында партия, совет жұртшылығының үгіт-насихат ісіне көп көмегін тигізген елеулі шығарманың бірі. Сонымен бірге бұл поэма Қазақстанда колхоздастыру дəуірінің маңызды бір тарихи – əдебиеттік документі болып саналады. Сəкеннің поэзиясы туралы айтқанда оның үлкен сыршыл (лирик) ақын екендігін ұмытуға болмайды. Сəкеннің поэ-
зиясында, тұтас алғанда, сыршылдық яғни ақынның көңіл күйлерін беру ерекшеліктері айқын көзге түседі. Əсіресе оның жастық, махаббаттық сезім күйлеріне байланысты табиғат көркі, жыл мезгілдеріне байланысты сағынысу, қоштасу, айрылысу, досқа, сырласқа арналған өлеңдері шынайы, көркем лирика болып келеді. «Тау ішінде», «Қашқынның ауылы», «Біздің жақта», «Қамыққан көңіл», «Ақша қар»; «Арқа сұлуына», «Құмарым», «Ғазал», «Май айында», «Сəулем», «Жүрегімнің соққаны», «Ақсақ киік», «Сыр сандық», «Ананың хаты», «Аққу құс», «Жыл басы қарлығаш», «Жазғы далада», «Алтай», «Егіс даласы», «Біздің сəуле» сияқты толып жатқан лирикалары ақынның сезім дүниесін, табиғаттың жарастықты көрік-құбылыстарын суреттеудегі шеберліктерін танытады. Сəкеннің қай лирикасын алсаң да (ол барлық ақынға тəн сипат екені белгілі) онда өз өмірі, өзінің жан сыры кең байқалады. «Сыр сандық» ақынның жан сырларын шерткен күшті бір лирикасы. Адамның көңіл дүниесі заңғар таудың терең құзындағы жасырын кілтті сандық сияқты. «Сыр сандықты ашып қара, Ашып қара, сырласым! Сым пернені басып қара, Басып қара жырласын!» – деп сыр сандык күйлерін толғайды. Сəкеннің мұндай лирикаларын ақынмен бірге қуанып, бірге мұңайып, бірге сырласып оқисың. Ол сені əрқашан тəтті, қанатты сезімдердің құшағына бөлей біледі. Сəкен поэзиясын музыкалық үн, сюжет жағынан да, тіл шеберлігі, ақындық өнер жағынан да кең зерттеу өз алдына үлкен міндет. * Сəкеннің проза жанрында жазған еңбектері де жəне əдебиет тарихы мен сын саласында жазған еңбектері де аз емес.
Əсіресе Сəкеннің «Тар жол, тайғақ кешу» атты мемуарлық романы – Қазақстанда Октябрь революциясының жеңісі жолындағы қатал, қажырлы күрестерді кеңінен елестететін, революцияны жақтаушы күрескер достар кім, оған қарсы оқ атқан жаулар кім екендігін фактілердің, документтердің молдығымен де, жазушының нақты көркем суреттеуімен де жеткізіп баяндайтын күрделі шығарма. Сəкен оқиғалы 1916 жылғы көтеріліс кезіндегі елдің тіршілігін суреттеуден бастап, Октябрь революциясы, азамат соғысы, совет үкіметінің орнауы сияқты күрделі оқиғаларды қамтиды. Кітаптың кіріспесінде автор былай дейді: «Мақсат: 1916-17, 18 – 19 жылдардағы тарихи қозғалыстың, ұлы өзгерістің (революцияның) Қазақстандағы өзім көрген, өзім білген оқиғаларынан баспа жүзінде із қалдыру... Азынаулақ қазақтан шыққан ұлы өзгеріске қатынасқандардың ұстазы – Ресей большевик партиясы, революцияның жалпы жауларына қарсы шығысқанда күрескен дұшпанының бірі «алаш» еді... мен бұл кітаптың көп жерлері тарихи мағлұмат болуға жарар деп білемін». (1927 жыл, 3-бет). Бұл шығарманы – өз қатынасын, революционерлердік образын суреттеген үлкен Эпопея деуге де, көркем естелік (мемуарлық) шығарма деуге де, тарихи-публицистикалық еңбек деуге де болады. Сəкен кітаптың бірталай жерінде өз басынан немесе өзінің жақсы достарының басынан кешкен оқиғаларды нақты суреттесе, енді бір қатар жерінде Россия мен Қазақстандағы революцияның даму жайын, жалпы соғыстық саяси халді баяндайды. Үшінші бір жерлерінде жазушы өзінің революциялық көзқарастарын дəлелдеу үшін, тап жауларының сырын əшкерелеу үшін тарихи əдебиеттік деректер, документтер келтіреді. Бірақ кітаптың қай жерін, қай тарауын алсаң да бірінен-бірі қызықты. Нағыз көркем шығарманы оқығандай, ойланып толғанасың, əсерлі сезім құшағына бөленіп отырасың. Əсіресе Сəкен революционерлердің Ақмола түрмесіндегі, атаман Анненковтың азап вагоніндегі өмірлерін үлкен жазушылық шеберлікпен нақты суреттейді. Қол-аяғы шынжыр-
лаулы большевиктер сақылдаған сары аязда жаяу бес жүз шақырым айдалып келеді. Немесе аш-жалаңаш азап вагонында жүріп жатады. Ауыр азапта қалжыраған бұл адамдарға жаулары ешбір рақым көрсетпейді. Колчак бандалары оларды табанда атып тастайды. Жазушы өз басынан кешкен осындай ауыр халдерді суреттей отырып, қажымайды. Жеңіп келе жатқан революцияның сəулесін, тегеуірінді күшін көре біледі. Сол жеңіске берік сенімін білдіріп отырады. Омбының тұтқын лагерінен қашып шығып жердің лайсаң, елдің жүдеу, саяси халдің ауыр кезінде Дүйсенбі деген атпен жаяу-жалпы қазақ, ауылдарында жасырынып жүрген мезгілдерінің оқиғаларын суреттеуі де қызықты. Бəрінде де жүрген жер, көрген, білген адамдарының əр алуан сипаттарын жарқын елестетеді. Мұндай нақты суреттеу, идеяның айқындығы кітаптың барлық тарауынан айқын байқалады. Сондықтан Сəкеннің бұл еңбегі қазақ совет əдебиеті тарихынан тиісті орын алатын, прозалық жанрдың елеулі үлесі болып қосылған аса ірі шығарма. Рас, бұл кітап жазылғаннан бері 30 жылдай уақыт өтті. Одан бері тарих ғылымы да, көркем əдебиетіміз де өсті. Осы өскен қоғамдық ой, əдебиеттік талап тұрғысынан қарағанда Сəкеннің «Тар жол, тайғақ кешу» кітабының артық, кем жерлері де көзге түсетіні даусыз. Революция жауларын əшкерелеймін деп отырып, жазушы кейде олардың айтқан жат пікірлерін, олар жазған мақалаларды түгел келтіреді. Немесе революцияға шын мəнінде белсене араласқандығы толық анық емес, зерттеуден кейін бертінде анықталған кейбір адамдарды Сəкен кейде тым өсіріп суреттейді. Бірақ бұл сияқты кемшіліктер кітаптың жалпы маңызын ешбір кемітпейді. Сəкеннің «Банданы іздегенде», «Жемістері» сияқты əңгімелері «Тар жол, тайғақ кешудегі» революция тақырыбының жалғасы сияқты. 30-жылдар кезінде Сəкен: «Айша», «Біздің тұрмыс», «Дауыл алдында» сияқты күрделі прозалық шығармалар жаза бастады. Мұның өзі Сəкеннің 30-жылдардың орта кезінде поэзия жолдарынан прозаға ауыса бастауының кезеңін көрсетеді. Бірақ осы бет
алысының толық аяқталуына мүмкіндік болмады. Ақынның творчестволық өмірі мезгілсіз тоқталды. Сəкеннің қалдырған əдеби мұрасы өте бай. Оның қазақ əдебиеті тарихы туралы жəне бұрынғы əдебиет нұсқаларын жинауға арналған бірталай кітаптары бар. Ол еңбектерді де бас-басына оқып, маркстік əдебиет тану тұрғысынан зерттей отырып пайдалану алдағы міндетіміз. Əдеби тілімізді, əсіресе қазақ совет поэзиясын дамытуда Сəкен шығармалары маңызды орын алады. 1936 жылы совет əдебиетін өркендетудегі зор еңбегін совет үкіметі айрықша бағалап, Сəкенді «Еңбек Қызыл Ту» орденімен наградтады. Əдебиеттегі қызметінің 20 жылдығы өтуіне байланысты Қазақстанның партия, совет жəне əдебиет жұртшылығының Сəкенге «Қазақ еңбекшілерінің большевик ақыны, революция солдаты, қазақ халқының ой-арманын бейнелеген шығармаларымен жұртшылықты тапсыз қоғам орнату жолындағы күреске жұмылдыра білді» деп берген əділ бағаларының да маңызы əлі жойылған жоқ. 40 жыл ішіндегі ұлы олжамыздың бір саласы – қазақ совет əдебиетінің дамып, гүлденіп одақтық үлкен əдебиетке айналуы. Сол дамыған əдебиетіміздің алғашқы ірге тасын қалаушылардың бірі, қазақ совет поэзиясындағы ұлы новатор ақын Сəкеннің шығармалары өмір ілгерілеп, ұрпақ өскен сайын өзінің асыл қасиетін кеңінен таныта береді.
Жиенбек РСАЛДИН СƏКЕН САЗДАРЫ Қазақ əдебиетінің биік шыңдарының бірі Сəкен Сейфуллиннің кіндік қаны тамған жері – Сарыарқаның бір кездегі арналы өзендері Нұра мен Есеннің құбылаға қарай ойысатын шүйгін жері Аба тауының бауыры болса керек. Нешеме заманнан бері келе жатқан заңғар таулар мен адырлар, шатқал-шатқалдағы, сай-сайдағы шоқ-шоқ тал-терек сұлу қыздай бой түзеген ақ балтырлы сұңғақ қайың, жел тербеген үкінің ұлпасындай жас шіліктер жылға-жылғада сылдырлай ағып, сылқ-сылқ күлген мөлдір бұлақтардың сұлу көрінісі, сиқырлы əсері бала Сəкеннің ойын тербеп, болашақ ақынның қиялын қанаттандыруы сөзсіз ғой. Сондықтан да болар, жерін сағынған ақын кейінірек: Ор, Аба, Есен, Нұра жерім еді, Қуандық, Қаратоқа елім еді, – деуі, сол балалық шақтағы сұлу табиғат əсерінен, туған жерге деген сағынышынан айтылса керек. Осы екі жол өлеңдегі «Ор» деген сөз – Ақадыр ауданының күнбатыс жағындағы Ақадырдан 30 – 35 шақырым жердегі атақты Ортау. Ал Ортау Жаңаарқаның жеріне кіретін Ақтаумен барып жалғасып келеді. Ортау қыз-келіншектің төсағаш үстіне текшелеп жиған көрпе-жастығындай қатпар-қатпар гранит тастардан тұратын əдемі де миллиондаған жыл жасаған ескі тау. Шатқал-шатқалы, сай-саласы сыңсыған шоқ-шоқ талтерек, қайың мен қарағаш желмен ойнаған жас шіліктер. Осы Ортаудың «Қарашілік» деген жерінде Сəкеннің əкесі Сейфулла қыстауының таған орны күні бүгінге дейін сақталған. Керек болса Сəкен елге келгенде ел аулақта өз-өзімен болып демалып отыратын сол қыстау маңындағы кресло сияқты тас та сол қалпында тұр. Сəкеннің ақындық жолға түсуі, ойын-сауыққа, əн-күйге жастайынан құмар болуы кездейсоқ құбылыс емес. Бұл бі-
ріншіден, сұлу табиғат аясының ғажайып көріністерінің əсері болса, екіншіден, ел ішіндегі атақты əнші-күйшілердің, ақын-жыршылардың ықпал-əсері екені сөзсіз. Ең алдымен Сəкеннің əкесі Сейфулланың өзі өнерпаз адам болған. Ойымызды айғақтау үшін кезекті Сəкеннің туған інісі Мəжит ақсақалдың естелігіне берейік: «...Əкем жетім болып, жалғыздықты көп көріп өскен ғой, көп ағайындарының ішінде өз есесінен құр қалып, шетқақпайға ұшыраған кездері де аз емес шығар. Осының салдарынан ба, əлде біздің ауылмен құдандалы, оқыған Ерденбайдың, Қожамбердінің Құсайындарының ақылдары себеп болды ма, əйтеуір əкеміз үлкен ұлы Сəкенді орысша оқуға берді... Біздің ауыл ойын-сауыққа мейлінше құмар еді. Қазақ арасына жайылған ойындар мен өлең-əндердің барлығы да ойналып, айтылып жататын. Сол өлең ойынсауыққа əкем мен шешем бірдей араласатын. Кейін ержете келе сауықшыл, саятшылдығы сондай, ол домбыра да, гармонь да тартып, əнді айқайлап шырқамай жай баяу ғана айтып көбінесе күй тартатын. Ал біздің үлкен үйден өмірі бүркіт кеткен емес. Шешем еркін де, əкемізге айтқанын тыңдататын да еді. Бізді жақсы мінез-құлыққа тəрбиелеуде шешеміздің беделі мен ықпалы күшті болды. Біз бəрімізде шешемізді жақсы көруші едік. Сондықтан Сəкен оқуда, қызмет бабымен алыста жүрсе де шешемізді алдымен атап, сағынып хат жазатын...» (Е.Ысмайылов, Ақын жəне революция, Алматы, 1964 ж. 11 – 12 беттер). Анаға деген осы ыстық сағыныш Сəкеннің лирикасынан мықты орын алады. Шет жерде жүріп, бір жазған өлең хатында Сəкен анасы Жамалға: Əлі есімде мені талай, Аш бауырыңа басқаның. Ұмытылады, айтшы қалай Талай тамған жастарың... Жадымда əлі мені тербеп, Талай айтқан жырларың.
Жүрегіме қатқан шер боп, Қасіретіңнің сырлары. Шын сүюді сенен көріп, Сенен ғана білгенмін, Күлсең менде саған еріп, Куанғаннан күлгенмін... деп толғайды. Бұл аяулы, асыл анаға деген сағыныштың лирикалық толғауының үзіндісі ғана. Осы үзіндінің өзінен-ақ абзал ананың үздік қасиеті көрініп тұрған жоқ па? Өнерпаз ананың баласына айтқан жүрек тебірентер бесік жыры, сазды əні, мұңды үні құлағыңа келмей ме? Осындай зерделі өнерпаз ата-анадан туған өлеңшіл, жыршыл, сауықшыл ауылда туып-өскен Сəкен өнерге қалайша қол созбасын. Табиғатынан сұңғыла, сезімтал əсершіл жаратылған, сұлулыққа, адалдыққа ғашық боп туған Сəкеннің ақын болмауға, əнші-күйші болмауға жағдайы да, хақысы да жоқ еді. Əрине, бұл мақалада біз Сəкеннің ақындығына тоқталмаймыз, ол əдебиетшілердің, зерттеушілердің үлесі. Біздің тілге тиек етер негізгі ойымыз əнші-күйші Сəкен, сазгер Сəкен жайында. Егер біз ақын Сəкеннің өлеңдерінен, поэмаларынан азды-көпті дəйексөз (цитата) алсақ, мұның өзі сазгер Сəкеннің өнеріне оның ақындығының тікелей қатыстылығы, ақындық пен сазгерліктің іштей астасып, өзектесіп, астарласып, жататындығына байланысты. Сəкен өнерпаз сауықшыл ауылда туып, əнші-күйші атаананың бауырында өсті дедік. Шыны солай. Мұның үстіне ел ішіндегі өресі биік əнші-күйші өнерпаздар болашақ ақынға, сауықшыл сазгер, сері Сəкенге аз ықпал етпейді. Осындай өнерпаздардың бірі – Сəкен жас шағында ерекше құрмет тұтып, өнеріне бас иген өзі соған еліктеген адамдарының бірі саналатын Құлмағанбет деген кісі екен. (Бұл сірə Нілдінің тоқасы болса керек). Құлмағанбет əнші, гармоншы, əрі ақын болған. Сондай-ақ, өзінің ауылында тай-құлындай тебісіп бірге өскен Сəкеннің
жақсы көрген достарының бірі кедей жігіт Əзімхан болса керек. Əзімхан кедей болса да жоқшылықты мойындамай өмір кешкен өнерпаз еді. Ол əрі сері, əрі əзілшіл, сауықшыл өнерпаз жігіт болыпты. Əзімхан қазақтың көп қиссаларын жатқа айтқан. Бұдан басқа Сатай, Сүйіндік, Əбен (халық мұны сайқымазақтығына байланысты «жынды Əбен» атап кеткен) атты жігіттер Сəкен ел аралап сейіл құрған кезінде, саятшылдық жасаған шақтарда үнемі Сəкеннің жанынан табылған достары. Бұлар Сəкеннің «антуражындағы» палуан, сері, əнші-күйші, əзілқой достары. Сəкен ел аралап, сейіл құрғанда ешқашан жалғыз жүрмеген. Жанына əнші-күйші өнерпаздарды Əбен сияқты əзілқой, қуақы, сайқымазақ жігіттерді ертіп жүрген. Бұл, əрине баяғы сал-серілердің дəстүрі. Шындығында Сəкен елден ерек əдемі киінді, тазалығы, əдемі нəрсеге құмарлығы сұлу қыз-келіншекке көз қыры түсуі жағынан қандай да сал-серілерден асып түспесе кем түспеген. Сəкеннің жақсы көріп, ертіп жүрген адамдарының бірі Əбен деген кісі дедік. Əбекеңді өз басым көзіммен көріп, өнерін тамашалаған адамның бірімін. Əбен бері де 1960-шы жылдарда қайтыс болды. Сəкен жақсы көрген сол Əбен – тума талант, халықтың қайнаған ортасынан шыққан тамаша өнерпаз еді. Жоғары да айтқандай Əбекеңді Жаңаарқаның адамдары «Жынды Əбен» атап кеткен еді. Мұның да белгілі себебі бар. Бойы ортадан аласа, тығыршықтай толық денелі, бет-пішіні еркек адамнан гөрі əйелге келіңкірейтін бетінен қаны тамған қызыл шырайлы, көк көздеу кісі еді. Əбен эстрадалық сахнаға жаратылған, нағыз күлкілі (комик) артист болатын. Ол əлдекімнің түр-түсін, қимылын, оғаш мінезін айнытпай салуға шебер, əдемі де нəзік даусымен қыз болып сыңсып жылап, ата-анасымен қоштасу немесе толғағы жеткен əйел болып «Би-Би Фəтима пірім-ай» деп жіпке асылып зарлап «толғау», ел ішіндегі кейбір аңқау адамдарды ақылға сыймайтын əлденені айтып нандырып, алдап тақырға отырғызып кету, т.б. өнерімен елді қыран-топан күлкіге батырған Əбенді «жынды Əбен» деуі содан. Мен өз
басым «жынды Əбен» деген сөзді халықтың сүйікті əншіақынын сал-сері деп атағанындай, елдің оған берген құрметті атағы ретінде қабылдаймын. Осы Əбен сайқымазақтығының үстіне жап-жақсы əнші де болатын. Мысалы «Қараторғай» əнін (Жамал Омарова айтқан сырдың «Қараторғайы») ол орындағандай мəнерде ешкімнен естіп көрген емеспін. Əбен «Қараторғайының» вариантын басқадан есту мүмкін де емес еді. Өйткені ол «Қараторғай» əнін кеудесін (запев) қыздың даусындай нəзік үнмен сызылтып дұрыс айтып келіп, əн қайырмасына келгенде: «Салайын мен əніме Қараторғай, Қараторғай» – деген қайырмада айтылатын сөздерді əдейі айтпай «жындылығы» ұстап қайырма əуенін «еһе-еу айдай, еһе-еу айдай» деген сөзінің оғаш сөздерімен сексуалдық əуенде қалжыңқалжың араластырып жіберетін. Əнші бет-əлпетін мың құбылтып əн қайырмасын айтқанда қыран-топан күлкіге бататын. Міне, осы «жынды Əбен» Сəкеннің жақсы көретін еркелеткен адамдарының бірі еді. Ел оны жынды деп атаумен бірге «Сəкеннің сайқымазағы» деп те атаса керек. Несі бар корольдердің, патшалардың масқарапазы (шут) болған ғой. Біз жоғары да атап өткен адамдар ғана емес, Сəкен қай ауылдың да, қай елдің де əнші-күйші өнерпаздарын қастерлеп, солармен бауырласып, достасып кетеді. Мысалы тама еліндегі Сапалай, Мүсейіп деген ақын-əншілер де Сəкеннің жақын сырлас достары болған. Ал халықтың атақты əнші-композиторы, əрі батыры Иман Жүсіп те жиырмасыншы жылдарда Сəкен Қызылордада тұрған кезде Иман Жүсіпті іздеп тауып, танысып достасып кетеді. Иман Жүсіп Сəкеннің үйіне жиі келіп, қонақ болып, аунап-қунап еркін араласып кеткен. Иман Жүсіп пен Сəкен бір-бірімен шешіле
сөйлесіп, қалтқысыз сырласады. Əрине, мұндай да əн де айтылып, күй де тартылады ғой... Халықтың осындай атақты əнші-күйшілерін, өнерпаздарын Сəкен Қарқаралы, Көкшетау, Баянауыл, Атбасар, Ақмола төңірегінде де кездестіріп, солардың көбімен достасып кетеді. Оның ерекше сыйлап, əншілік өнеріне ден қойған, бас ұрған адамдарының бірі – атақты əнші-сазгер, ақын үкілі Ыбырай Сандыбайұлы еді. Бұл жайында сөзді Сəбит Мұқановқа берейік. «... 1927 жылы жазды күні С.Сейфуллин Қызылордадан Көкшетау еліне жер бөліс науқанын өткізуге барды... Бурабай тауын айнала отырған елде бұл науқанды жүргізіп жатқан Сəкенді 71 жасқа шыққан Ыбырай іздеп келді... Ыбырайдың ірі ақын, ірі əнші екенін бұрын естіген Сəкен, Оқжетпестің түбінде отырып тыңдау керек деді де ауылдан қымыз, тоқты алдырып, бір топ адам кешке қарай Оқжетпестің түбіне бардық. Сонда Оқжетпестің етегінде Ыбырайдың «Көкшетаудың биігі-ай» деп басталатын «Қарагөз» əнін шырқап жібергенде, жантайып жатқан Сəкен орнынан ұшып тұрып, Ыбырайдың алдына шөке түсіп, жатты да қалды. Аса ырғақты жəне аса биік бұл əн орындалып болғаннан кейін Сəкен: «Апырай, бұндай да биік жəне көркем дауыс болады екен-ау» – деп Ыбырайды құшақтап, сүйді. «Көкшетау» поэмасында Сəкеннің: Туса егер өнерлі боп бақтарына, Білім ап жүрсе бəрі баптарында, Біржан сал Ақан сері, Ыбырайлар Алмас ед Шаляпинді қапталына – деп жазуы осыдан кейін (С.Мұқанов. «Өсу жолдарымыз», 1960 ж. 26-бет). Сəкеннің музыка жандылығы, өнерпаздығы туралы сөзді тағы да Сəбеңе берейік: «Сəкен музыканы, əнді өте сүюші еді. Домбыраны бір сыдырғы əдемі, ықылас қоя тартатын, ондай шақта сөз сөйлеуді жек көретін. Сəкен əн айтушыларды қошеметтеп, көтермелеп, кейде өзі ыңырси қосылып кететін, мəжілісінің көбі əн, күй, думанмен өтетін.
Сəкеннің ең жақын досының бірі Əлкей Өтекин еді. Сауаты шағын, серілеу бұл көркем жігітті Сəкен əдемі əндері үшін ғана жақсы көретін. Сəкеннің кейде əн-күйге балқып кететіні де болушы еді. 1934 жылы Мəскеуде оқып жүріп Алматыға каникулға келдім. Сəкен қонаққа шақырды. Барсам белгілі күйші Хасенов Əбікен отыр екен. Бұрын көрмеген бұл кісіні, Сəкен «Арқаның атақты домбырашысы» деп таныстырды да «Сарыжайлауды» орында деп өтінді. Əдемі орындалған күйге балқып отырып Сəкенге қарасам, үлкен қара көзінде жас мөлдіреп тұр екен, менен ыңғайсызданғандай, жасын бармағымен сілкіп жіберді де «Тоқа, деген кісі жер ауып жүріп шығарған екен бұл күйді. Осы күй ойналса, Колчактан қашып жүрген таршылық күндерім есіме түседі» деді сонда. (499-бет). Бұл жерде анықтай кететін бір ақиқат шындық бар: Сəкен атын атаған Тоқа шынында да тарихта болған адам: ол Жаңаарқаның атақты күйші, композиторы – «Сайдалы сары Тоқа» атанған адам жəне ол халықтың атақты күйші композиторы Тəттімбеттің күйшілік дəстүрін мықтап ұстанған, өзін Тəттімбеттің шəкірті санаған адам жəне Сайдалы сары Тоқаның өз «Сарыжайлауы» бар. Бұл күй күні бүгін «Тоқаның Сарыжайлауы» атанып, орындалып жүрген атақты күйлерінің бірі. Ал домбырашы, күйші Сəкеннің Тəттімбет пен Тоқаның «Сарыжайлауын» айыра алмай, шатыстыруы мүмкін емес. Сəкен Тоқаның да Тəттімбеттің де «Сарыжайлауын» өзі тартқан адам... Əнші-күйші, сауықшыл-думанды ауылда туып-өскен, жоғарыда біз айтқан халықтың небір жезтаңдай күміс көмей əнші ақындарымен достасқан Сəкеннің өзі əн шығармауы мүмкін емес еді. Сəкен Арқа əндерінің стиліндегі тамаша əндердің авторы жəне ол өзінің сазгерлік өнерін ақындық өнеріндей жариялап, насихаттамағанмен, көңіл күйдің нəзік жан сезімінің, творчестволық тебіренісінің серігі ретінде көбінесе оңашада өзі ғана айтқанға ұқсайды. Бірақ халықтың ауыз əдебиетін, жырларын, қиссаларын, эпостарын, шешен-
дік сөздерін көп жинап, оны терең зерттегені сияқты Сəкен халықтың əн-күйлерінде жадына көп тоқып, оған халықтың музыкалық қазынасы ретінде қарап, қастерлеген, оны ел арасына таратуға ерінбеген суреткер. С.Сейфуллин керек болса атақты музыка этнографы Александр Викторович Затаевичтің жинаушылық ісіне көмек көрсетіп, өзі де біраз əн-күй беріп, Затаевичтің корреспонденттерінің бірі болғаны белгілі. А.В.Затаевич «Қазақ халқының 1000 əні» деп аталатын атақты этнографиялық жинағының ескертпесінде (примечание) Сəкен жайында былай деп жазады. «Сəдуақас (Сəкен) Сейфуллин «Асау тұлпар» өлеңдер жинағын, «Бақыт жолында», «Қызыл сұңқарлар» пьесаларын, сондай-ақ əңгімелерін баспадан шығарған қазақтың жас ақыны, əрі жазушы. Ол тамаша əнші, əрі күйші, Ақмола өңірі əн-күйлерінің жетік білгірі». А.Затаевич С.Сейфуллинді осылайша бағалай отырып, одан «Қазақ халқының 1000 əні» деп аталатын тарауына Сəкеннің орындауынан жазып алған «Тоқа», «Терісқақпай» күйлерін, «Шаш сипар», «Сауытбектің зары», «Күн мен ай», «Толғану» əндерін кіргізеді. Мұның өзі жазушы Сəкеннің ақын Сəкеннің сондай-ақ тамаша музыкашы Сəкен екенін айғақтаса керек. Сондай-ақ халықтың əн-күй өрісіндегі ой толғанысы, тебіренісі Сəкеннің өлендерінде де алтын арқау, өзек боп өріледі. Əр өлеңінде мен мұндалап шаң береді: Екі бет саядағы қызыл шие, Дауысы сызылған күй гармоние. Бұл Сəкеннің (Сəулем) деген өлеңіндегі жолдар. Ауылдан аулақ кетіп, қиял құшағында шалқыған ақынға сүйген қызы келеді. «Екі беті саядағы қызыл шиедей, ал дауысы ше? Дауысы сызылған күй, музыкадағы үндестік құдіреті гармония, (қызыл шие) деп əдейі алып отыр, болмаса терминнің дұрыс айтылуы – «гармония» екенін ақын жақсы біледі. Қыз үні оған музыкадағы тамаша үндестіктей (гармония) əдемі де жарастық сыңғырымен естіледі.
Маржандай тізген жырымды Айтайын болсаң тергеген, Домбырадай күйленіп, Əн тасып көкірек кернеген... Шаттанып күйлер қауласын Қосылған əрбір пернеден. Бұл Сəкеннің 1917 жылы Ақмолада жазған «Тергер болсаң айтайын» деген өлеңіндегі жолдар. Енді Сəкен ағаның «Қырда» деген өлеңін алайықшы. Осы өлеңді оқи отырып, «Осының авторы шығарған əні де болған-ау» деген ой келеді. Қайталап оқып, сол ойыңа кəміл сенесің. Əттең сол əннің бізге жетпей қалғанына қатты өкінесің: Күңіреніп қырда отырып көкірек кернеп, Əн салдым домбыра алып ырғақ тербеп Аузымнан өлеңімді қағып алып, Ызыңдап кетті жаттап асау жел кеп. Асау жел саулап жаттап кетті сарнап, Аралап Сарыарқаны кезіп шарлап, Əн салдым қырда отырып, көкірек кернеп, Кім білсе желдің тілін соған арнап. («Қырда», 1917 жыл). Ал Сəкен Шаих Сағдиден аударған өлеңінде əн-күйдің құдірет күшін əсерін түсінбейтін көкірегі соқыр пақырларды салпаң құлақ есекке, бітеу тұлыпқа теңейді. Дүниеде көркем күйлер көп, Жаны бар оны сезбей ме? Сезбейтін оны құр тұлып, Тұлыптан кісі безбей ме? Əн мен күйге түйе де, Шаттанар хайуан десек те Сезбейтін оны адамды, Салпаң құлақ есек те.
Халық ұғымында Аққу – қасиетті де киелі құс. Есі дұрыс адам аштан өлсе де ешқашан аққуды атпайды. Ал Сəкен түсінігінде аққу құс – киелі құс қана емес, ол – сұлулық тəңірісі, адалдық, пəктік символы. Ақын қандай да бір жарастық, келісім, сұлулық, əсемдік болсын, осының бəрін Аққу құс бейнесінен іздейді. Музыкадағы, əн-күйдегі үндестіктерді де (гармония, созвучие) сол аққу үнінен табады. Керек болса сымбатты да сұлу, кербез де ақылды, қылықты қыздың барлық түр-тұлғасын, ақыл мен сұлулық жарасымын сол аққумен салыстыра отырып, содан көргендей болады. Сəкен үшін дүниедегі сұлулықтың жарасымының (прекрасное) баламасы – аққу құс. Сондықтан да Сəкеннің көзі аққудың сұлулығына тоймайды. Сəкен аққу құсқа, сұлу қызға, жалпы сұлулыққа ғашық: Аққу құс ұшты Желдей өсіп күшті Əн салып келді айнала Көлді кеп құшты Керіліп ұшты Ақ төсін төсеп айнала Аққу құс кербез Биіңді көргіз Көрсет сəулем сəніңді Таяншы тез... тез... Сұлуым кел тез Құбылтып салшы əніңді. Сəкен ағаның «Аққудың айырылуы» поэмасындағы сұлулық суреттері, айна көлдің əнші құстарының құйқылжыта шырқаған ғажайып саздары көңіл мен құлақтан кетер ме? Арқада бір жер бар еді, Жібек самал саясы. Саяда бір көл бар еді Сырлы кесе аясы...
Пай шымылдық жасыл құрақ Қалың біткен ту құрақ Кейде аққулар жасырынады Шымылдыққа судырап... Бұл – айна көлдің сиқырлы көріністері. Сəкен табиғат сұлулықтарын ғана көріп қоймайды, оның сырға толы, жырға толы айна көлдің шарасынан асқан əн-күйдің үнін де естіп, естен танғандай болады. Көлдің басы ертелі кеш Мың құбылған əн еді. Екі ғашық ертегідей Көлдің көркі сəн еді. Сəкен дəл осы шақта жұбай аққуларды іздеп, айналаға тінте көз салды: Көлдің бетін көзбен аңдып Жұбай аққу көрінбей, Сəулемді іздеп жаттым қаңғып, Көл басында ерінбей... «Сарыарқа» журналы, 1994 ж. № 3
СƏКЕН ТАҒАЙЫНДАҒАН КОМИССАР Сəкен ЕРМЕКБАЙҰЛЫ, еңбек ардагері Менің əкем Ермекбай Жəкеевті Сəкен аға 17 жасында комиссар етіп тағайындаған екен. Сол құжат қазір менің қолымда. Оған Ақмола уездік уақытша атқару комитетінің төрағасы С.Сейфуллин мен хатшысы Д.Əділов қолдарын қойыпты. Осы құжаттың негізінде мен əкемнің 1917 жылғы Ақмоладағы революциялық жұмыстарға белсене араласқанын білдім. Советтендіруде үлкен еңбек сіңіргенін көрдім. Бұл құжат бойынша əкем қазіргі Жаңаарқа ауданының Шонай, Мұңлы, Қосағалы, Сарыкөл болыстарында жаңа үкіметтің құрылымдарын ұйымдастыруға арнайы жіберілген екен. Сөйтіп əкем далаға жаңа ту тігуге, жаңа тəртіп орнатуға бозбала шағында белсене қатысқан еді. Өзі 15 мың жылқы айдаған байдың баласы бола тұра мұсылманша, орысша оқып сауатын ашып, Сəкендердің соңына ергеннің əсері ме, əйтеуір жаңа заманға жар салып, жан-тəнімен қызмет етіпті. Бұл жолда көрген қиындығы да аз болмаса керек. Жаңа заманмен бірге келген қызметтердің біразын атқарыпты. Талай рет уездік, губерниялық съездерге делегат болып сайланыпты. Əкем көзі тірісінде Сəкен туралы көп əңгіме айтып отыратын. Екеуі көп кездесіпті, пікірлес болыпты. Қазір əркім əртүрлі құбылтып жүр ғой, əкемнің айтуына қарағанда, Сəкен Алаш партиясына қарсы болмаған. Қайта оның басшылары мен сыйлас, армандас болған. Бұған Сəкеннің 1927 жылы Жаңаарқада, жазғы жайлауда Жəкей атамның үйінде Əлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов жəне басқа қазақтың ығайы мен сығайларының үлкен бас қосуын ұйымдастыруы, онда жерге, конфескеге, ұлттық келешекке қатысты бірнеше күнге созылған əңгіме кеңес өткізуі дəлел бола алады. Тіпті осында өлеңдер оқылып, шешендік сөздер айтылған. Əсем əндер шырқалған. Кісілік пен имандылық жайында ұрпаққа үлгі тұтар мəселелер қозғалған. Соның ортасында менің өз əкем Ермекбай отырыпты.
Əкем 1927 жылы Қызылордадағы бір жиында партияға мүше болуға ниет білдіріпті. Оны естіген атақты Ұғар Жəнібеков ұшып тұрып: «Ей, Ермекбай, партия болам дейсің, ана əкеңнің мыңғырған мыңдарын қайтесің» депті, «Партия мыңғырған мыңдар» сөздеріне салмақ түсіре. Ол кезде революционерлік ірі адамның үні осылай естілсе керек. Содан сəл үнсіздік болады. Сəкен аға сөйлеп, сөз бағытын басқа арнаға бұрып жіберіпті. Ұғардың сөзінен кейін əкем Сəкен ағамен ақылдаса отырып, басқа жаққа кетпек болады. Шынында, мына сөзден қорқайын дейді. Қайда? «Жетісуға, Алматыға бару керек шығар» – деп ойлайды. Сонымен Сəкен аға ақыл беріп, Ораз Жандосов көмектесіп, сол жылы күзде Алматы облысының қазіргі Жамбыл ауданындағы «Дегерес» жылқы заводына көшіп барып жұмысқа орналасады. Кейін осы ауданда тағдыр оны Ахмет Қонаевпен табыстырып, екеуі ұзақ жыл бірге істеп ағалы-інілі дос болды. Біздің үйге Сəкен, Əліби, Ілияс, Ораз, Жамбыл жəне басқа да қазақтың көп зиялылары келіп қонақ болып кететін. Менің шешемнің немере інісі Жанайдар Сəдуақасовта, Ғабиден Мұстафин, Сейділ Талжанов, Кəрім Тоқтыбаевтар да жиі келетін. Осылардың бəрімен біздің қарым-қатынасымыз жақсы болатын. Əкем марқұм Сəкендікіне барса, Гүлбаһрам тəтемді тілі жеткенше мақтап келетін. Өйткені ол кісі əкеммен бірге барған қойшыларды да құдайдай сыйлайды екен. Төсегіне ақжайма төсеп, етік-шұлғаулары су болса пешке жайып, ас-суын əзілдесіп əңгімелесіп отырып береді деуші еді. Бір күні, яғни 1937 жылдың қаралы күндерінің бірінде əкем Сəкендікіне келсе, үйдің іші шашылған. Гүлбаһрам тəтей Сəкенді ұстап əкеткенін айтады. Əкем ақша салған сақтық кітапшасын осы үйде сақтайды екен, оны бір тақтайдың қуысынан алып береді. Сəкенге Гүлбаһрамнан соңғы сəлемін айтып, əкем ол үйден асыға аттанады. Содан Балтабай мал дайындау-бордақылау шаруашылығының директоры болып істейтін Ахмет Қонаевқа жасырын сəлем айтып, Алматыдан қашып Қырғызстанға кетеді. Өйткені, Сəкенге байланысты ол кісіні де ұстауы мүмкін еді.
Əкем Сəкеннің қасына жата алмады. Бірақ, оны өзі жанындай жаксы көретін Гүлбаһрам Сейфуллина мен Сəбит Мұқанов бейіттерінің ортасына жерледік. Сəкенді пайғамбардай көргендіктен менің атымды Сəкен қойыпты. Сəкен Мұражайы қорынан.
СƏКЕННІҢ ДОМБЫРАСЫ Сара СМАҒҰЛОВА Сыздық Əлиев ақсақалдың есімі Қаражал қаласының тұрғындарына жақсы таныс. Бірі оны ел арасындағы талантты домбырашы деп таныса, енді бірі он екі бала тəрбиелеп өсірген үлкен шаңырақтың бас иесі ретінде білетін. Елу жылға жуық ғұмырын Қаражал қаласында өткізген қарапайым жан осыдан екі жыл бұрын қайтыс болған еді. Жақында ақсақалдың артында қалған ұрпағы əкелерімен қайта қауышқандай болды. Қаражалдағы мəдениет үйінің əуесқой əртістері Сыздық Əлиевтің өмірін арқау еткен Сəкеннің домбырасы атты қойылымды сахнаға шығарды. Қойылымның авторы Төлеухан Ілиясұлы. Сыздекеңнің тағдыры 37-жылдардағы жазықсыз жапа шеккендердің өміріне ұқсас. Ол Сəкен Сейфуллинмен туыс болып келеді. 1927 жылы Сəкен елге келгенде Сыздық жасөспірім бала екен. Сол кезде 11 – 12-де болса керек. Ақтайлақтың бойында Сейфекең ауылы отырыпты. Сəкен келді деген хабарды естіген соң əжесі Сыздықты өзімен бірге сол ауылға ала барса керек. Ауыл арасында күйші бала атанып жүрген кезі екен, сол жылы Сəкен ағаның алдында күй тартыпты. Баланың талабына, домбыра тартысына сүйсінген ақын өз домбырасын сыйға беріп, маңдайынан иіскесе керек. Ақынның осы пейілі мен сыйға тартқан домбырасы кейін Сыздекеңе сор болып жабысады. 1927 жылы Сəкеннен сыйға домбыра алған, халық жауының оң қолы, туысы деген жаланың құрбаны болып, кетті дейтін Сыздекеңнің зайыбы Рымкүл, ақсақалдың өмірі туралы əңгімелегенде. Рымкүл Сыздыққызы – менің немере апам. Екеуміздің əкеміз бірге туысқан. 1947 жылы он жыл айдауда болып елге оралған соң, Сыздекең біздің апамызбен қосылыпты, ол кезде Рымкүл он сегіз жаста екен. Бала кезімде: – Рымкүлді Сыздық велосипедке мінгізіп алып қашқан, – деп жеңгелеріміздің əңгімелеп отыратынын сан естігеміз.
Жездеміз бен апамыз тату-тəтті қырық жылдан астам бірге өмір сүрді. он екі бала тəрбиелеп өсірді. Балалары алуан түрлі мамандық меңгерген. Бірі – мұғалім, бірі – экономист, бірі – банк қызметкері, инженер, жүргізуші. Бəрі де үйлібаранды елге сыйлы азаматтар. Он жыл өмірін айдауда өткізген Сыздекең елге денсаулығы нашарлап оралады. Айдауда жүргенде енді қайтып қолыма домбыра ұстамаспын деп ант берсе керек. Елге келген соң осы сөзінде тұрып, бұрынғыдай елге көрсетіп күй тартуды қойып кетеді. Бірақ бала кезден жанын баураған домбыраға, музыкаға деген құштарлықтан, сүйіспеншіліктен құтыла алмайды. Содан болса керек, ол балаларының бəрін де музыкаға баулыды. – Əкеміз біздің бəрімізді ес білгеннен музыкаға баулыды. Бəріміз домбыра, пианинода ойнаймыз. Үй ішінде кішігірім концерт ұйымдастырып, біз орындаған əн-күйлерді тыңдап отырғанды жақсы көретін. Бірақ елдің көзінше қолына домбыра ұстамайтын. Оңашада ғана тартып отырады. Сонда бір мұңдылау əуен үй-ішін жайлап кететін. Шешеміз ондай сəттерде бізге бұл əкелеріңнің Сібірде айдауда жүргеңде шығарған «Ағаш арасында» деген күйі деп отыратын. Əкеміз өз өмірінің нағыз жалындаған шақтарының айдауда өтуіне, денсаулығынан айырылуына Сəкендей ақыннан сыйға алған домбыраны кінəлі санайтын. Сондықтан да, ол туралы əңгіме қозғауды ұнатпайтын. Əңгіме қозғала қалса, реніш білдіріп, тоқтатып тастайтын, – дейді Сыздекеңнің Жезқазған қаласында тұратын қызы Дина Əлиева əкесі туралы. «Халық жауы» деген жаладан жездеміз 1961 жылы ақталады. Бірақ, ол отыз жыл кешігіп, 1991 жылы бірақ естиді. Ақталғанын естіген соң, бір жылдан кейін дүние салады. Жарты ғасырдан астам Сəкенге өкпелі болып, өз басына түскен тағдырға кінəлі санаған Сыздекең өмірінің соңғы минуттарында Сəкеннен домбыра алған балалық шағын есіне алыпты. – Жоқ, бұл домбыраны алмаймын, осы домбыра менің түбіме жетті, деп сөйлеп жатты, – дейді Сыздекеңнің қызы Дина əкесінің ақырғы күндері туралы есіне алғанда.
Ақиық ақын Сəкен Сейфуллин Сыздық Əлиевтің өмірінде міне, осындай із қалдырған. Жерлестері сондықтан да Сəкен Сейфуллиннің 100 жылдық мерейтойы күндерінде Сыздық Əлиевтің өмірін арқау еткен Сəкеннің домбырасы қойылымын сахнаға шығарды. Қойылым арқылы қаражалдықтар 37-жылғы өмір шындығымен бетпе-бет жүздескендей болды. «Сарыарқа» газеті, 29 қыркүйек 1994 ж.
СƏКЕН СЕЙФУЛЛИН ҚАЛАЙ ҚАЗА ТАПТЫ И.Н.МУДРОВ «Қарзақ əдебиеті» газетінің 15 ақпандағы санында (№7,1991 жыл) жарық көрген осы аттас мақалада Қарағандылық Иван Николаевич Мудровтың Сəкеннің қалай қаза тапқаны жайлы айтқандары жарияланған еді. Осыдан соң редакциямызға тағы екі адамнан хабар түскен болатын. Енді назарларыңызға сол екі кісінің айтқандарын да ұсынғанды жөн көріп отырмыз. Алматы қаласының тұрғыны, зейнеткер Бітім Қалиев: «Мен 1950 жылы Алматының тау-кен металлургиялық институтын (қазіргі политехникалық институт) бітіріп, жолдамамен Қарағандыға жіберілдім. Онда №2 шахтада аға маркшейдер дəрежесінде қызмет істедім. Менің қарауымда Б.Майлиннің баласы Мереке маркшейдер еді. Бейімбеттің зайыбы жəне тағы Едіге, Галя дейтін балалары бірге болғаны есімде. Сол кісілермен араласып жүретінмін. Сонда Бейімбет, Ілияс, Сəкендер атылмапты, Сібірде айдауда екен деген сөздер шығып қалып жүретін. 1959 жылы қиыр солтүстікті игеру туралы қаулы шықты. Соған орай мен де он айға жұмысқа баратын болып, сол жылғы қарашада Чукоткадағы "Залив Креста" деген портқа келіп түстік. Бұл өзі климаты қатал, ауа райы өте қолайсыз аймақ. Ішкі жақпен тек самолет арқылы қатынаймыз. Содан маркшейдер болып жұмысқа кірісіп кеттік. Поселкеде тамақтанатын асхана ма, əлде кафе ме бір орын бар еді. Соған түстенейін деп барғанымда бет-бейнесі қазаққа келетін адамды байқадым. Ол да мені көріп отырған болуы керек, жаныма келіп: – Осы сен қазақсың ба? – деп сұрады. Біз танысып, жөн сұрасып аздап тілдескен соң құрмет көрсетіп өз үстелдеріне шақырды. Содан соң өзі тұратын
жерін айтып «үй жаққа келсеңші, əңгімелесейік» деді (үй деп отырғаны барактары ғой). Бізді алдын-ала тиісті мекемелер ескертіп, ешкіммен араласпаңдар деп нұсқау беріп қойған болатын. Бірақ, соған қарамастан бардым. Поселкеден үш шақырымдай жерде біріне-бірі қатарласа салынған үлкен қоймалар болушы еді, соның арасында тұрады екен. Соларды басқаратын көрінеді. Қасындағы жастау бір жігітті «менің атқосшым, Базар деген қарақалпақ жігіті» деп əзілдей таныстырды. Содан көп əңгімелесіп, арақ ішіп отырдық. Ол кісі қатты қызып қалған болатын. Бір кезде анадай жерден екі-үш дəптерді алып, өлеңдер оқи бастады. Өлеңдер жақсы екен, мен: – Мынау өлендеріңіз жақсы екен, – деп едім, «Бұл өзімдікі емес, ондай қабілет қайдан келсін, Сəкен ағамыздың жазғандары ғой» дегенде шалқамнан түсе жаздадым. Өлеңдері сондай мұңды, ел-жұртқа, туған жерге сағыныш бірден байқалады. Сонымен тағы көп əңгімелесіп отырдықта ұйықтап қалдық. Таңертең тұрып, жуынып жатқанда тағы да, «Түнде Сəкен туралы мен мас болғандықтан айтқаным жоқ, бəрі де нақты шындық, Сəкеннің атылғаны жалған. Əрине мұндайды өз көзімен көрмегендер сенбеуі де мүмкін. Бірақ, сен осы айтқандарды ұмытпа, сұрағандар болса айт» деді. Командировканың мерзімі бітіп елге оралған соң, бірдіекілі сенімді адамдарға (ол кезде мұндайды ашық айту қайда) айтып едім, ешқайсысы құлағына да ілмеді. Ал, өзім Сəкен туралы баяндаған адамға қатты сендім. Ол кісінің өтірік алдауы мүмкін емес. Өзі оқыған, білімді қызметкер болған азамат екен. Ташкенттен Орта Азия университетінің тарих факультетін бітіріп, мектепке мұғалім, директор болған, тіпті 1937-де ұсталғанға дейін соңғы бірнеше жыл аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметінде істеген көрінеді. Ұмытпасам, Қарағандының Шет ауданынан болуы керек. Ол кісі маған Сəкен туралы əңгімелеп отырғанда, Бейімбет, Ілиястар жөнінде де сауал қойған едім. Сонда: «Олар да сол жақта болды, бірақ кейіннен бөліп жіберіп, араласа алмадым» деді.
– Сəкен қаза боларынан бұрынырақ көп қиялданып, кейде басы ауған жаққа жүріп кететін. Содан бір күні жоқ болып шығып, артынан тауып алды, – деген еді. Осының бəрі де И.Н.Мудровтың айтқандарына келеді. Бір шындық болуы мүмкін. Сондықтан да мен И.Н.Мудровты ертіп алып барып, сол жердегі мүрдені көру қажет деймін. Өліктің денесі сол күйі бұзылмай жатқан болуы керек, өйткені, Чукоткада жүргенде Мəскеуден арнайы комиссия келіп, молаларды қазып, тексеру жүргізіп жатты. Өліктің сол қалпы бұзылмай сақталатынын сонда ғана көрдім. Сондықтан да тек моланы қазып көру арқылы ақиқатқа көз жеткізуге болады. Бұл мыңда бір кездесетін мүмкіндікті текке жібермеген жөн». «Қазақ əдебиетіқ» редакциясы.
СƏКЕН ҚАЗАСЫ ТУРАЛЫ ТАҒЫ БІР ДЕРЕК оны «1938 жылы ақынмен бірге болдым»,– деген Сейіт ақсақал айткан еді А.ТУҒАНБАЕВ, филолог, Ақтоғай ауданы «Қазақ əдебиетінің» биылғы 15 ақпандағы 7-ші нөмірінде жарияланған "Сəкен Сейфуллин қалай қаза тапты» атты жəне «Сарыарқа» газетінің 9 сəуірдегі нөміріндегі «Ақын мүрдесі Магаданда ма?» атты мақалаларға орай Сəкеннің тағдырына байланысты өз құлағыммен естіген деректі ұсынуды ұйғардым. Бəлкім бұл да Сəкен өмірінің соңғы кезеңін анықтау жолында ізденіп жүргендерге жəрдемдесер. Мен 1986 жылдың маусым, шілде айларында Қарағанды қаласындағы №1 облыстық хирургиялық-клиникалық аурухананың урология бөліміне екі ай жатып емделдім. Аурухананың осы бөліміндегі маған көрші палатада бүйрек, бауырларына операция жасатқан ауылдық жерден келген екі-үш ақсақалдар болатын. Уақыт өткізу, көңіл сұрау мақсатымен ол кісілерге жиі соғып, ел ішінде бұрын өткен ақын, күйші, палуан, тағы басқа əйгілі адамдар туралы сөз қозғап, пікірлесетінбіз. Əдеттегідей таңертеңгі дəрігерлік бақылаудан соң қариялар палатасына соқсам, жинақы, сөз саптауы ширақ егделеу бір адам отыр екен. Өзі осы палатаға менің алдымда ғана кірген болуы тиіс. Жаңа ғана жөн сұрасып, танысып жатыр екен. Менің де аты-жөнімді сұрады. Өзін Нұра ауданының тұрғыны екенін білдіріп, емделуге келгенін, Есімінің Сейіт екенін айтты. Ертеңіне де күндегі дағдымызбен операция жасатқан қарияларға Сейіт ақсақал екеуіміз қатар еніп, көңілдерін сұрадық. Сөзден сөз туып, Сейіт ақсақал өзінің өмір жолын əңгімелеп кетті. Өзі Нұра ауданында туып, орысша бастауыш мектеп көлемінде білім алыпты. 1930-шы жылдары ауылды советтендіру жұмыстарына қатысқан. Селолық Советтің хатшысы қызметін атқарып жүріп, 1937 жылы
дүрбелеңге ілігіп, «халық жауы» ретінде ұсталған. Сталиндік репрессияның азабын өз ауданы мен Ақмола түрмесінде өткеріп, 1938 жылдың қаңтар айында Монғолияның астанасы Улан-Батор маңына түседі. Улан-Батордан біздің елге қарай тартылған темір жол құрылысында мыңдаған саяси тұтқындар жұмыс жасапты. Өзі жеті адамдық бригадаға басшылық жасайды. Жаз айында осы бригада мүшелері бір қоста тұрыпты. Топырақ қопару, оны тасып жол табанына төсеу т.б. жұмыстардың бəрі де қолмен атқарылады. Динамит қойып топырақ ату кезінде көптеген тұтқындар қаза табады. Сейіт ақсақал сөзін сабақтай отырып: «1938 жылдың жаз айында біздің қосымызға түскі үзіліс кезіңде надзиратель бір орыс пен бір қазақты айдап келіп, менің бригадама бөлінген қосымша күш екенін айтып тастап кетті. Келген екеуінің қалі өте мүшкіл, аяқтарын əрең басады. Өн бойларының бəрі көлкілдеп ісіп кеткен. Сұрастыра келе бірінің Сəкен Сейфуллин, екіншісінің сібірлік бір райкомның хатшысы екенін білдік. Қос мүшелері бар мəзірімізді ауыздарына тосып, өзімізше күтіп, аялай бастадық. Сəкен мен қасындағы серігі бір айдан кейін аяғын қаз басқандай болып жұмысқа ілікті. Біздер бригада мүшелері оларға жанашырлық жасап, жұмыстың жеңілдеу жақтарын беріп жүрдік. Ауыртпалықты екі ай бойы өзіміз көтердік. Қыркүйек айының аяғы шамасында жол құрылысы бітіп, тұтқындарды Сібірге «тұрақты мекенге» бөліп жіберді. Сəкенмен қимай қоштастық. Кейін де ұзын құлақ хабар арқылы сұрастырып жүрдім. Ол 1943 жылы барған жеріндегі зоналық складтың меңгерушісі болып жүріп қыс айында атылып өліпті деп естідім. Мен 1954 жылы елге оралдым» – деп сөзін аяқтады. Мен: «Секе, мынауыңыз үлкен жаңалық қой. Сəкенді 1938 жылы атылды деп жүрміз. Нақты деректерді біледі екенсіз, маған толық етіп айтып беріңіз. Сəкенді зерттеп жүрген ғалымдармен хабарласып іздестіру салайық», – дедім. – Қарағым, өткен өмірді еске ала беру жасы келіп, бейнет көрген адамға жеңіл деймісің. Осы əңгіменің өзінде қаншама жан күйзелісін бастан кешіргендей болдым, қинама, – деп жауап берді қария. Бəлкім, Сейіт ақсақал сол
кезде дəл қазіргідей жариялылық, өткенге батыл баға беру орнықпағандықтан ашыла қоймады ма, кім білсін? Үш-төрт күннен соң Сейіт ақсақалды Қарағандыда тұратын туыстары шығарып алып кетті. Кетерінде киімкешегін əкелген жігітті: «Жақыным КарГу-де ғалым, оқытушы болып жұмыс жасайды», – деген еді. Сейіттің сол жақын деген адамының аты мен Сəкен кетті, атылды деген жерлер жадымнан шығып, ұмытылыпты. Шамалауымша Сəкеннің барған жері Тайшық, Жаз өлкесі деген сияқты еді. Осы деректерді сол 1986 жылы газетке жазбақшы ниетінде болған едім. Бірақ ақсақалдың аты-жөні мен мекен-жайы жазылған қағаздарды жоғалтып алдым. Оны осы өткен күзде ғана бұрын оқыған кітаптарымның ішінен тауып сіздерге салып отырмын. Ақсақалдың тұратын мекен-жайы: Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Балықтыкөл совхозы, Əлиев Сейіт болатын. 1986 жылы жасым 74-те деген еді. Қазір Сейіт ақсақалдың бар-жоғынан хабарсызбын. Егер менің осы келтірген аз ғана деректерім газетке жарияланса, тірі болса Сейіт ақсақалдың өзі, өзі болмаса жақын туыстары арқылы Сəкен жөніндегі «жұмбақтың» шешілуіне септігін тигізер деген үміттемін. Мүмкін Сəкеннің қаза болған жерін, мүрдесін іздеушілерге көмегі болар. Халқымызда «жоқты іздеген табады» деген нақыл бар. Осыған орай Сейіт ақсақалдан естігендерім «жоқты табуға» септігі тиіп қалар, деген оймен жазып отырмын. Актоғай ауданы «Сарыарқа» газеті, №113. 13 маусым, 1991 жыл Жұмаш Əбішқызы МҰСАБАЕВА, дербес зейнеткер. Екінші хаттың иесі, Алматы тұрғыны Жұмаш Əбішқызы былай деп жазады: «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Хабаровск қаласындағы өлкелік ғылыми кітапханада жұмыс істеп жүргенмін.
Бір күні кешке қарай үйдің есігі қағылған соң ашып едім, көмірдей қап-қара сақал-мұртын, шашын əдемі қидырған 40-тар шамасындағы жігіт екен. Танымасам да ата салтымен төрге шақырдым. Дастархан үстіндс əңгімелесіп отырдық. Аты-жөні есімде қалмапты. Негізгі тұрған жері Алматы екенін, 58-бен айыпталып, 19 жыл айдауда болғанын айтты. Тайгада ағаш кесіпті. Сол кісі сізге өзімде сенбейтін, бірақ басымнан кешірген жайды айтайын деп мына əңгімені баяндап еді: «Бір күні жұмысқа шыққан бетім еді, бригадиріміз «анау тұрған адамга көз салып қарашы» деді. Көре салып, өз көзіме өзім сенбедім. Соны сезгендей бригадиріміз «өзіміздің Сəкен ғой» деді. Сəкенді атып тастады деп естігенбіз ғой, дегенмен барып жолығайын деп рұқсат сұрадым. Əлгі адамның жанына келіп, сəлем беріп, «кешіріңіз Сəке» дедім. Ол «мені неге Сəке дейсің мен Сəкен емеспін» дегенде не айтарымды білмей, кешірім өтініп, кері қайттым. Бригадиріме келіп, оның Сəкен емес екенін айтқанымда: «Сəкеннің дəл өзі, бригадир болып істейді, неге екенін білмеймін, аты-жөнін басқаша атайды. Барақта ылғи да баяғы тақиясын киіп жүреді» деді. Осыдан соң да біраз уақыт сыртынан көріп жүрдім, бірақ кейіннен бір жаққа ауысты ма, көрінбей кеттің деді. Ұмытылып кеткен бұл əңгіме «Қазақ əдебиетіндегі» мақаладан соң ойыма сап ете түсті. «Жел болмаса шөптің басы қимылдамайды» дегендей мұнда да бір шындық бар шығар деген ой мазалай береді. Ылайым, сəті түсіп, себепкер бола ма деген ниетпен жазып отырмын. «Қазақ əдебиеті» газеті., 1 наурыз, 1991жыл.
АҚЫН МҮРДЕСІ МАГАДАНДА МА? (Ол маусымдағы сапарда анықталады.) А.ҚАРАЖІГІТОВ, ССРО Жазушылар Одағының мүшесі Кең маңдайлы, атжақты, шашы ақ күмістей жарқыраған жылы шырайлы кісі мені есік алдында қарсы алды. Ілтипатпен төрге шақырды. Сəл жөткірініп, ентігін басып, жұмсақ орындығын жылжытып, таянып кеп отырды. Егделік меңдей бастағаны көз жанарынан айқын байқалғандай. Бет орамалын алып, көз алдын сүрткіштеп, бір танысын ұшыратқандай жүзіне сəл күлкі үйіріп, аз кідірді. Үй иесі сөз бастағанша сабыр сақтап үнсіз қалдым. Сонша жерден келген менің көкейімде не жатқанын ол қайдан білсін, бір сəтке аң-таң күй кешкен сыңайы бар. – Танымадым ғой, – деді ол үнсіздікті бұзып. – Жезқазғаннан келдім. – Жезқазғаннан? – Оның дауысы əнтек шықты. – Иə, осы жақында Жаңаарқа ауданынан да жігіттер келіп-кетіп еді, – деп «Сен неғып жүрген жансың» дегендей, бетіме сұраулы жүзбен қарады. Бұл күнде жауырыны бүкіс тартып, кəрілік емін-еркін мойныңа мінген ол белін жазып, орындығына шалқая отырды. Су тиген шыныдай, тұманытқан жанары жасаурап тұр. – Сіз, Иван Николаевич боларсыз, – дедім əлі де əр сөзімді санап сөйлеген мен. Ойым он саққа жүгіріп отыр. Бұған дейін. «Казахстанская правда», «Қазақ əдебиеті» газеттеріндегі хабарларды оқып, түрлі топшылаулар, ойлар, үміт пен күдік арпалысына түскен менің шынымды айтсам, осынша уақытқа дейін бір халықтың аяулысы жайында көрген-білгенін құпия сақтап келген кісіге сауалым да көп еді. Əсіресе, қарттық жеңген, жүйкесі тозған, көп азап шеккен кісінің тіпті ақыл-жадының қаз-қалпында болмауы мүмкін-ау деген күмəнім де жоқ емес. Осы ойда əлі де оның көнерген ажарынан назарымды ала алмай отырған маған:
– Не, күмəніңіз бар ма, Мудров екеніме? Онда құжатымды көрсетейін, паспортым мінеки – деп орнынан көтеріле берген оны əрең тоқтатып: – Кешіріңіз қария, сенем, неге сенбеймін, – деп оны орнына қайта отырғыздым. – Осы бір тұмауы түскір ентікпеме қосылып, едəуір мазалап жүр. Сексеннің сеңгірі де мен мұндалайды. Бəрінен қиыны осы ентіктіріп тастайтыны болып тұр, – деді ол сəл мұңайып. – Бəрі өткенде, жас шағыңызда сүйек кескен суық, көрген қиыншылықтың сарқыны болар, – деп əлі де бірден шешіліп сойлеп кете алмай отырған қартты қаузап қойдым. – Əй-и, оны қойшы! Өтті – кетті! Көкіректе шер боп қатқан, ешкімнің мүсіркеуі, аяугершілігі жібіте алмайтын қасіретті сүймендегенде бірдеңе өне ме!? Ол – өз жаныңды өзің қинау, бекерге азаптану! – деп тағы бір ырғалып отырды. Сөз саптауы шамалыға беріле қоятын кісі тəрізді емес, қайсар жанды аңғартты. – Иван Николаевич, сізді республикалық газеттер Сəкен Сейфуллинмен Қиыр Шығыста қамауда бірге болған деп жазып жатыр. Бұл өзі... – дей бергенімде: – Оны кім жалғанға шығарады? Кім бекер деп айта алады? Осында Жаңаарқадан келгендер де, бірнеше жөн білетін оған дейінгі соққан азаматтар да істің мəн-жайына қаныққан. Сен де «бұл өзі деп» көкейінде күмəн ұялап келген жігіт тəрізденесің. Жо-жоқ, менің көз алдымда бəрі дəл қазіргідей. Ол – сөзсіз Сəкен Сейфуллин! Түтігіп орнынан ширақ қимылдап тұрып кетті. Демалатын бөлмесіне жіті басып барып, тез қайта оралды. Сəкеннің орыс тілінде басылған шығармалар жинағын ұстай келді. Алғашқы бетін ашып: – Мына сурет сол кісі. Мұнда ол мұртымен түскен. Маған кездескен кезде мұрты жоқ еді. Орта бойлы, дөңгелек жүзді, қыран қабақ, табиғат-ана ер адамдарда кездесе бермейтін көрік, түр-тұрпатты сол қайталанбас пендесіне бар ықыласымен құя салған десе болар еді, – деп қолына орамалын алып аузын баса құмыға жөтелді де, сөзін қайта жалғап, – оны тəңір маған бекерге жолықтырған жоқ.
Қамаудағы өмір кімнің маңдайынан сипады, дейсіз. Менің Қазақстаннан екенімді естіген күні-ақ жолығысқан еді. Мен де жерлесімді көріп, шұрқыраса табысқанмын. Өте шешен сөйлейтін, мəдениетті, орыс тілін жетік білетін, көркіне білімі сай, кемеңгер азамат мені бірден баурап алып еді... Иван Николаевич бір сəт маңдайын алақанына сүйеп отырып қалды. Ойын бөлмеуге тырыстым. Кенет: – Мен бейбақ жетіқат тереңдікте мына қолмен, – деп күректей алақанын жазып, – қия тастай көмір қабатын күрс-күрс қопарып, əбден піскен болат сүйек емеспін бе. Қиыр Шығыстың суығына да, боранына да, жазықсыз қамаған түрмесіне де, шу дегенненақ нар тəуекел деп қайрат-күшімді бойыма жиып беріспеуге бекінгентінмін. Жастық жалын не сұмдықты болса да бастан кешіруге бел буған шақ еді ол. Ал, Сəкен өмірі қолына күрек ұстамаған жазушы екен. Аз күнде əл-дəрмені азайып, жүдеп, қалжырай бастады. Қолдан не келеді. Сүйекте бар қара күшті сарқа жұмсап, көмегімді көрсетіп, оның жоспарының орындалуына септік тигізген боламын. Не десең де қуатты тамағы, ең болмаса қолайлы жататын орны да жоқ. «Өлсең ит терісі, өлмесең қой терісі» деп біздің тегін күшімізді пайдаланған еріксіздік лагеріндегі əрқайсымыздың күнімізде санаулы болатын. Ол көкшіл көзін жəудірете қарады маған. Көрген азап, қиянат, шеккен қасіреті көз алдына елестеді ме, жанары жасқа толып, қатты үкілеп демін лықсыта шығарды да: – Біздің басымыздан кешкен сұмдықты итте көрмесін, – деді дауысын көтеріп. Қарт кісінің тебірене бергеніне мен де қиналып отырмын. Басу айтып, ақыл беретін жас кісі емес. Жетпіс тоғыз жас оңай ма. «Ешкімнің аяугершілігі, мүсіркеуі жібіте алмайтын қасіретті сүймендегенде бірдеңе өне ме?» дегені санамнан өшпей қойды. Содан да бекерге қазбалай бермейінші деп ойладым. Манағы бір сауалдан кейін сөз қоспай, оны ұйып тыңдап қалғанмын. – Біз алтын кенішінде жұмыс істедік. Əй тозақ еді, тозақ! – Басын шайқап, – Құдай өзі жаратқан жерінің бетін мұзғып сіреп, тоң қылып қатырып, қойнына «ал мықты болсаң ала қойшы» деп алтынын тығып, оны бас еркінен
айырылған сорлыларға қаздырып қойса, тозақ демеске бола ма?! – Қарттың үні дірілдеп шықты, «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» дейтін мақал бар біздің қазақ ағайында. Сол сөзде көп шындық бар екен. Кім қалай өледі оны тап басып айту кімнің қолынан келсін, – осы жөні, ол лагерьдің қай жерде тұрғаны, тау-тасына дейін санамнан өшкен жоқ жəне ол жерден қанатты құс болмаса, тірі жанның қашып құтыла алмайтыны, ондай бос қиялға ешкімнің бармайтыны ақиқат! Ақыры, 1940 жылдың сəуірінде марқұмның денесі табылды емес пе?! Үстінде күпəйке, шалбар, басында құлақшын, қолында қолғабы ұйықтап кеткендей тұтас қалпында жатыр екен. – Адасып кетті ме екен? – Оның себебін кім білген. Алай-түлей түтеген ақ бораны қас-қағымда құтырған Сібір емес пе ол. Бəлкім жілік майы таусылып жүруге жарамай, – Иван Николаевич бетіме жаутақтап қарап, – қалып қойып, адасып опат болды ма деп те ойлаймын, – деді. – Сіз сендіресіз. Архив құжаттары басқаша сөйлейді. – Оның біріне де сенбеймін. Мына қолыммен дене топырағын жапқан кісімін мен. Ол – Сəкен! – Қарттың дауысы қатты шығыңқырап кетті. – Ваня! Сен не, айқайлайтын болғансың ба? Дауыс көтер ме, өзіңе-өзің кəміл болсаң, болды да, – деп зайыбы сөзге араласты. – Тіпті де жүйкеңе тиеді екен. Ақиқатты жалған дегенге жаның ауырады екен, – деген ол тағы да ентігіп қалды. – Сонда ойыңыз не? – Ойым ба? Ойым – сол жерге бару. Сəкеннің мүрдесін əкеліп топырағына өз қолыммен тапсыру. – Табыла ма, таба аласыз ба? – Табамын. Табылатыны да анық. Ол жердің мəңгі тоң болып, жер асты қатып жататынын білсең керек. Ендеше оның денесі де, аяғына байлаған аты-жөні, туған жылы, жазылған тақтайша да шіріген жоқ. Сол қалпы жатуға тиіс. Оған мен күмəнданбаймын. – Сол үшін?...
– Қазір онда күн суық. Жер ақ қар, көк мұз. Тек жазда маусымның аяқ шенінде бару керек болар. Мені адамдық ізгі ниеті орындалсын десең арнайы апар. Қауіпсіздік үшін, есейген қарт кісі десең, қасыңа бір дəрігер ал. Адам саны төрт кісіден артық болмасын. Бір таксиге сиғанымыз жөн ғой. – Сіз сол ұзақ сапарды көтере аласыз ба? – Сəкеннің, қазақ халқының əруағы қолдайды мені бұл сапарда. Не теперіш болса да көтеремін. Ол – менің адамдық, азаматтық борышым. – Оған дейін өліп қалсаң қайтесің? Бүкіл елді дүркіретіп, уəде беріп жатырсың, – деп Феодосия Никитична да бір қағытып қойды. – Жоқ өлуге тиісті емеспін. Жетпіс тоғыз жыл өмір берген құдай Сəкен үшін бір жылын қиятын шығар. Қазақ атты халықтың маңдайындағы күніндей ұлы адамның рухани қуаты мені қолдайтынына сенемін, – деді күле қараған ол жайдарыланып. – Сонымен? – Сонымен маусымда Магаданга тартайық. – Ақиқат қой? – Сөз жоқ. Міне, қол! Оның күректей алақаны саусақтарымды сықырлатып жіберді. Қарағанды-Жезқазған. «Сарыарқа» газеті, №69, 9 сəуір, 1991 жыл.
«СƏКЕНДІ - АТҚАН МЕН!» дейді қауіпсіздік қызметінің подполковнигі. Сонда қазақтан тағы бір жендеттің шыққаны ма? Ғабдул-Ғазиз ЕСЕМБАЕВ Тарихтың ашылмаған парақтары өктемдік пен озбырлық саясаты қара бұлттай қаптай қонған даламыздың талай құпиясын бүгіп жатыр. Аңди білген адамға тау да, тас та сөйлейді. Ой қиялы, ерік-жігері бұғауланған аға ұрпақтың көз жасы қара жердің қабырғасын қайыстырып-ақ тұр. Сол бізге тыншу бермейді. «Жалын» журналының 1989 жылғы төртінші нөмірінде ақын Жаппар Өмірбековтың «Сурет сыры немесе №04519 іс» деген мақаласы жарық көрді. Халқымыздың қастерлі ұлдарының бірі, есіл ер Сəкен Сейфуллиннің түрмедегі суреттерін көріп, тергеуші Иванов деген сұмырайдың қорлығын оқығанда жүрегің қан жылайды. Айуанның қолы қалтырамаған екен. Сəкеннің қиналысқа толы реңінен арашалап алар бір жанның табылмағанына налыған үлкен қасіреттің, өзек өртер өкініштің табын байқау қиын емес. Қанішер Берияның қанды тырнағына ілініп, сталиндік зұлматқа ұшыраған ақынды ұстап берген де, құртқан да өзіміз дейтін əңгіменің шет жағасын бұрын естуші едік. Бірақ ол кім дегенде, «жабулы қазан жабулы күйінде» қалып, сұрақ тұйыққа тірелетін. Тоқырау жылдарында тəрбиеленген біздер үшін ондай жұмбақ дүниелерді ашу қиял сияқты болды ғой. Соңғы кездері Сəкенді «пəлен» жеряе көрдік «түген» жерде көрдік деген жоба-жорамалдар естіліп қалып жүр. «Қазақ əдебиеті» ұжымы көтерген бұл мəселе ақиқат дерекке жетсек деген үлкен азаматтық жүрек толғанысынан бастау алған іс екені даусыз. Сонау Магаданға дейін іздеп барып, қарағандылық зейнеткер И.Н.Мудров көрсеткен жерде өлгендердің мəйітін қазып жүрген жігіттерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Алаштың ардақты ұлы туралы шындыққа жақындау екі деректі ел арасынан естіп, менің
де қағазға түсіріп мақалаға арқау етуім сол іске аз да болса көмегі тие ме деген үмітпен туған ниет. Семей облысы Таскескен аудандық табиғат қорғау комитетінің төрағасы Мекен Ермұхаметовтың айтуымен мына бір əңгімені жазып алған едім. Осыдан үш-төрт жыл бұрын Аягөз қаласында Əлімхан деген ақсақал қайтыс болды. Жер-май сатып тұратын шалғы мұрт кісі еді. Сол халық жауы ретінде ұсталып, 1937 жылы Мекеннің нағашысымен бірге айдалады. Кейіннен Ермұхаметов өз туысы жайында деректер сұрап жүргенде ақсақал Сəкен туралы бір оқиғаны да айтқан екен. Темір құрсаулы вагондармен Алматыға айдалып, бұлар тас түрменің камераларының біріне қамалады. Талшықтары – қара су, сұлы. Күнде айқай, күнде тергеу. Алып кетіп жатқан тұтқындарға қайта оралу жоқ. Олардың орнын жаңа «халық жаулары» басады. Сықырлаған ауыр темір есіктер ашылып-жабылған сайын жұрт иманын үйіреді. Бірде бұларға көрші камераның есігі сарт-сұрт ашылып, түрме күзетшісінің: «Сəкен Сейфуллин на выход» деген өктем дауысы шығады. Сəлден соң: «Ал жолдастар, қош болыңдар! Бұл бəлкім менің соңғы сапарым шығар!» деген жарықшақ қоңыр дауыс естіледі де «давайлаған» күзетшілердің темір тағалы етіктері тас еденді ойып жіберердей болып сыртқа беттейді. «Біз Сəкеннің жүзін көре алмадық, бірақ дауысы құлағымызда қалды. Ол камераластарымен ғана емес, бүкіл түрмедегілермен қоштасқан сияқты болды. Сəкен осында екен ғой десіп тұтқындар қараңғы түкпірде күбірлесіп сөйлесіп жатты», – депті Əлімхан ақсақал. Əттең шіркін, мəселе ертерек қолға алынып, қозғау салынғанда талай тірі куəлармен сөйлесуге болар еді! Дегенмен бұл ақынның Алматыда атылғанын дəлелдейтін бір дерек екені айқын. Осыған сабақтас жəне бір əңгіменің бүкіл қазақ жұртын елең еткізері хақ. Өскемен қаласында тұратын зейнеткер бір ағамыз тосын жайдың бетін ашты. (Өзінің өтініші бойынша аты-жөнін көрсетпей Арынхан аға деп өзгертіп алуды жөн көрдік.) Бұл кісі 1955 – 1965 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік қауіпсіздік ко-
митеті басқарма бастығының орынбасары болған марқұм Мұса Оспановпен жақсы араласып тұрған екен. Сөзге сараң, тұйық мінезді комитет адамы еңбек демалысына шыққаннан кейін кейбір сырларын анда-санда айтып қоятын болса керек «естіген құлақта жазық жоқ, мен еш қоспасыз сол кісінің аузынан шыққан сөзді қайталап отырмын. Қаншалықты рас өтірігі барын білмеймін», – деп Арынхан ағамыз алдымен ескертіп алды. Шынында да өлген адамның артынан топырақ шашып, ғайбаттауға қақымыз жоқ. Марқұмның ұрпақтары кешірер. Дегенмен қоғам үшін, ақиқатқа көз жеткізу үшін қазір əрбір дерек қымбат. Зерттеліп, зерделеніп кəдеге жарап жатса, оның айыбы болмас. Мұсакеңді тағы біреулер білер, ой салар... Мүса Оспановтың 1937 жылы Алматыда НКВД-да жұмыс істегенін кейбір мəліметтер бойынша білдік. Артынан қызметі жоғарылап, Жамбыл облыстық мемлекеттік қауіпсіздік комитеті басқармасының бастығы болған. Мұның растығын МҚК-ның қызметкері болған тағы бір ақсақал дəлелдей түседі. Арынхан ағамызға ол сол жылдары Мемлекеттік қауіпсіздік органында қызмет еткен шені бар жалғыз қазақ болғанын сыр ғып айтқан екен. Сейфуллинді ұстауға екі еврей жігітімен бардым, – депті подполковник. Сəкен есік алдындағы орындықтың арқасына шынтақтарын тіреп отыр екен. Жүзі сынық. «Келетіндеріңді біліп едім», – деді салқын ғана. Сосын киінуге рұқсат сұрады. Ол еуропалық үлгідегі киімдерін тастап, түлкі тымақ, саптама етік киді. Бір парақ қағаз алып «Мен кінəлі емеспін» деген жалғыз ауыз сөз жазып, баласына қалдырып кетті. Кейіннен қылмысы мойнына қойылып, ату жазасына кесілгенде үкімді бір орыс жігіті екеуіміз орындадық... Оспанов осылай депті. Егер оның бұл сөзі рас болса, Шəкəрімді атқандардан несі кем? Өз жағасын өзі жыртып, өз ұртын өзі қанға толтырған сорлы қазақ-ай! Сəкен атылар кезде өзін қалай ұстапты? – деп Арынхан ақсақалдың аузын бағып елеңдеп отырмыз. – Қайдан білейін қарағым. Ол кезде мұндай əңгімені ешкім жария етпейді. Бүгін керек екенін білгенде сұрап
қалатын едім ғой. Мұса көп сөйлемейтін кісі, қыдырыстап жүрген бір жолы осылай айтып қалғаны бар. Сол үшін ол Ғабит Мүсіреповпен де араласпай кетіпті. Мүсіреповтің мұнда қандай катысы бар? Ол кісі Мұсаның туған құдасы. Екеуі өмір бойы бірінбірі көрмей өтті. Міне, жаңалық керек болса... Жоқ, Сəкенді атқднын білсе Ғабеңнің үнсіз қалуы мүмкін емес. «Бейімбет жау болса, мен де жаумын» дейтін Ғабит Мүсірепов мұны жария етпей қайтіп шыдасын деген ой келді маған. Бірақ жұмыр басты пенде емеспіз бе, қызы мен күйеу баласының бетіне шіркеу болмасын деді ме екен?... Бұл жөнінде көп жылдар Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінде қызмет істеген, республикалық дəрежедегі дербес пенсионер Естай Жүрсінов былай деді: Мұса Өскеменге Жамбыл облысындағы қызметінен төмендеп келді. Таныс болдық, əңгімелесіп жүретінбіз. Бірде оның «37-інші жылдары халық жауын» кім көп əшкереледі деп бəсекеге түсіп жататынбыз. Мен Ғабит Мүсіреповті де көрсетіп жібердім. Тағдырдың жазуы шығар, кейін екеуміз құда болып шықтық. Бірақ ешқашан араласқан емеспіз, деп айтып қалғаны бар. Жон арқам мұздап кетті. Егер рас болса, Сəкендей сұңқарды топшысынан қағып, Ғабиттей асылдың сағын сындырғысы келген неткен қараниеттілік еді бұл. Оспановтың ұрпақтары тағы да кешірсін. Осылай айтпасқа лажың жоқ. Ақсақалдар ойдан құрап, ештеңе шығармаса керек. Есекең естелігін жалғастырған сайын МКК подполковнигіне деген күдігіміз қордалана түсті... Е.Жүрсінов 1962 – 1963 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінде үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеп жүргенде, бір күні партиялық комиссияны басқаратын Орынбай Сатыбалдин деген (қайтыс болған) бұған бір арызды көрсетеді. Арыз иесі – Мұқаметжан Қаратаев екен. Мұның түрмеде көрген зорлық-зомбылықтарын айтып, басына əңгір-таяқ орнатқан Оспановтың əлі күнге жазаланбай, Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік қауіпсіздік комитеті бастығының орын-
басары болып қызмет істеп жүргенін жазады. Сол бойынша партия комитетінің бюросында Оспановтың ісі қаралып, партия қатарынан шығарылады. Сөйтіп, органнан еңбек демалысына кетіп, архив жұмысына ауысады. Ақсақалдардың сөздеріне қарағанда, М.Оспанов түрмедегі іс-əрекеттері үшін біраз қудалауға түскен сияқты. Бізге Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің архивінен осы арызды жəне бюро мəжілсінің хаттамасын тауып алуға кейбір объективті себептер бөгет болды. Болашақта оны да қарастырып, біраз жайдың бетін ашуға мүмкіндік туатын сияқты. Академик ақсақалымыз Мұқаметжан Қаратаевтың өз аузынан Мұса Оспанов туралы пікірлерін білсек, бəлкім бізге жұмбақ тағы бір құпиялар шығып қалар. Əйтеуір жіптің ұшы бір-біріне жалғасьш жатыр. Біздіңше Ғабитті көрсетіп, Қаратаевты қаралаған адамның «Сəкенді атқан мен едім» деген сөзінде жалғандық жоқ тəрізді. Мұны қазірше болжам десек те, өмірінің соңғы күндерінде Мұса Оспанов ішінде сақтаған, айтуға болмайтын дүниені көңіл толқынысымен жария етіп қалған болар, кім біледі... 1937 жылғы зұлматта НКВД қызметкерлері үштіктің үкімін қай жерде, қай сағатта орындағандары жөнінде қолхат толтырып береді екен. Өскеменде сондай бір үкімді орындаған комитет адамының құжатын нəубет жөнінде жазып жүрген зейнеткер, бұрынғы МҚК подполковнигі Совет Жанбосыновтың қолынан көрген едім. Егер құртып жіберілмесе дəл сондай құжат Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетіндегі том-том архивтердің ішінен шығып қалуы əбден мүмкін. Сондықтан қазіргі республикалық Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі азаматтар сөз болып отырған шаруаға ашық көзбен қарап, көмек көрсетсе, академик Мұқаметжан Қаратаевтан бастап НКВД түрмесін көрген ақсақалдар есте қалғандарын ортаға салса, Мұса Оспановтың шын мəнінде кім екенін, Сəкенге қай жердің топырағы бұйырғанын біліп қалуымыз ғажап емес. Онда асыл азаматтың мүрдесін іздеп Магаданға сандалмас едік, əр жердің топырағын бір шұқыламас едік-ау... «Халық кеңесі», 22 шілде, 1922 жыл.
ПОЛКОВНИКТІҢ ЫЗАСЫ МЕН ӨКІНІШІ Жаппар ӨМІРБЕК, жазушы (Бұл əңгіме осыдан он үш жыл бұрын жазылып еді, қолжазбам жоғалып кетіп, кайыра қалам тартып отырмын. Алматы қаласындағы Заводская көшесі, 16 үйде тұратын жақын ағайын болып кеткен полковник Орыншайық көргені көп, əңгімешіл кісі, демалыс күні шахмат ойнағанды жанындай жақсы көреді). – Жəпке, мен сізді бір ұтып жіберейінші, – деді жайғасып отырған соң. – Жарайды, – дедім мен. Сəнді жасалған шахмат тақтасы əзір екен, тіпті ойын пішіндері де тігулі тұр. Отыра қалып, ойынға кірісіп кеттік. Шахмат ойынынан ойыншының мінезі көрініп қалады. Біреу үнсіз ойланады. Біреу мықтымсып «жə нем кетеді, азар болса қасқа сиыр кетер», – деген сияқты сөздер айтып отырады. Орыншайық бұл жолы үндемей ойлап отырды да, қолын фигураға тигізіп алып, («əттеген-ай» деп қалып). саусақтарын салалап, ернін жымқырып, қасын керіп, бір сəт отырды да, ойын пішінін көтеріп алып, тарс еткізіп менің фигурамды жеп қойды. Өзі сол жүрісіне соншалық рақаттанғанын білдіріп: «Осыдан қалай құтылар екенсіз!» деп масаттанды осы жолы. – Бəрі дұрыс-ау, осы кіжініп, күш көрсетіп, мықтымсынатының жаман, тіпті, құшырланып кетесің, менің Əлжік ағам құсап... – Əлжігін кім еді? – деді Орыншайық өзі сияқты құмар ойыншыны білгісі келіп. Мен фамилиясын атадым да «өзі драматург» дедім. Полковник қалшылдап кетті де, жаңағы драматуртті сыртынан сыбап, боқтай бастады. – Əй неге боқтайсың?! Ол менің жерлес ағам... – Өй, өйткен ағаңды!... Ондай аға кімге керек?! Шахмат
ойыны былай қалды. Орекең əлі сабасына түсетін емес, тіпті қалш-қалш етеді. – Нендей өш-қасың бар менің ағайынымда, өшің болса өзінен алмайсың ба? Əскери адамсың, сенің қақыңды кім жейді?!. – Шынымды айтайын... Сенің ол драматургіңде қақым кетті, өшім де бар, атын естісем, төбе құйқам шымырлайды, ызасының өткені сондай... Орыншайық мəдениетті полковник, өзін байсалды ұстайтын, бірақ намысқойлығы бар, қашанда əділ адам болып көрінетін. Ал осы сəтте тым ызақор, ұстамсыз болып қалды. Қайран қалдым да, ойынның барысын қадағалаған болып, үнсіз отыра бердім. – Осы ашуыңды маған бер де, тақтаңа қарашы, ызаланып кетуіңе қарағанда, бір жазығы бар-ау менің ағайынымның, – дедім. Енді Орыншайықтың шахмат ойнауға зауқы болмай қалды. Қайта-қайта тершіген мандайына алақанын апарып, сипай берді де, үнсіз отырып қалды. Сол екі арада дастарқан басына шақырған Мəдинаның дауысы шықты. – Жəпке, – деді ол – қаншама жыл бірге өмір сүріп келе жатырмыз, менің əбес сөйлеп, біреуді сыртынан жазғырғанымды естідіңіз бе? – Жоқ естімедім, əрқашан сыпайы, сырбазсың, жаңағы сөзіңе қайран қалып отырмын... – Ендеше, – деді полковник, жайбарақаттанып, – қазір бір-бір рюмка тартып жіберейік, сонан соң сізге ызаланған себебімді айтамын. Мəдинаның ықыласты шайын асықпай отырып іштік. Байқаймын, Орыншайық əлі толқулы. Маңдайын тыжырып отырып, полковник сыр шерте бастады. – Мен ол кезде капитан едім, қалалық милицияның кадр бөлімін басқаратынмын. Жиырмасыншы съезден кейін, жаппай ақтау, 1937 жылдың қылмысты істерін қайта қарау басталды. Сəкен Сейфуллин де ақталды. Ол кісіні біз кезінде оқи алмадық қой, атын ел аузынан естиміз. Ісін алдырып, оқып, танысайын деген ой келді маған. КЕБ-ның бес жылдығына қалалық милиция бастығы Жанатбек Құсманғалиевтің атына хат жазып, өз қолымнан арарып бердім. Кешікпей №4519-
шы – Сəкен Сейфуллиннің ісі қолыма түсті. Бірінші томын Орталық Партия Комитеті сұратып алды деген сылтаумен подполковник Үсенбаев 19.03.1964 жылы жолдама жазып, он күннің ішінде қайтарылсын депті. Алдымен үш томды өзім оқып шықтым да, қалалық бастығымыз полковник Құсманғалиевке апарып бердім. Істің ыңғайына қарағанда, Сəкен Сейфуллинді ұрып-соғып, сұмдық қорлаған, суретіне қарасаңыз адам көргісіз, сондай сұлу адамның түр-сиқы қалмаған!.. Бір папканы үстелінен суырып алып, ішінен Сəкеннің түрмедегі суретін алып, менің қолыма ұстатты. Мынау Сəкен дегенге адам нанарлық емес. Менің де жаным ашып кетті. Сурет екеу – қырынан əрі қарсы алдынан түсірілген. – Көрдіңіз бе? Адам сиқы жоқ, оң жақ көзі ақшиып, шарасынан шығып кеткен. Біздің тілімізде мұны ұрып-соққанның заттық дəлелі деп атайды. Енді Жəкең екеуіміз ақылдасып, қазіргі Фрунзе ауданының ішкі істер бөлімін басқарып жүрген, бұрынғы Сəкен Сейфуллиннің тергеу жұмысын жүргізген Ивановтың үстінен қылмыстық іс қозғайық деп шештік. Бір жағы ұлттық намысымыз да бар ғой. Екеуміз бірге барып, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Мəсімхан Бейсебаевқа кіріп, Сəкеннің түрмедегі суретін апарып көрсетіп, №4519 іспен танысқанымызды баяндадық. Мəсекең бізден дəлелдеп жазылған қағаз түсісімен, кешіктірмей бюроға салмақ болды. – «Бірақ дəлелдеріңіз нақтылы болсын, Ортком немесе Мəскеу бұзып жүрсе, абыройсыз қаламыз», – деп қатты ескертті. Сонымен, Ивановты партиядан шығару мəселесімен Құсманғалиев екеуміз ғана айналыстық. Облыстық милицияны да кім басқарып отырғанын білеміз. Сондықтан ешкімге білдірмей дайындадық. Бейсебаев сөзінде тұрып, бюроға салып еді, полковник Иванов Иван Васильевичті партиядан шығару туралы бір ауыздан қаулы шықты. Енді сол қаулыны алысымен, Ивановты полковник дəрежесінен айыру туралы Мəскеуге жазу керек болды. Оны да тез істедік. Мəскеуден Ивановтың полковник дəрежесін жою əрі органнан шығару туралы Жарлық бір айға жетпей келді.
Иванов маған, əрине, ызалы, атарға оғы бар, бірақ ата алмай жүр. Бұл жолы Құсманғалиевқа емес, өзіме, кадр бөліміне шақырдым. Ол кіре бергенде, мен де мылтығымды оңтайлы жерге, үстел үстіндегі газеттің астына қойдым. Өңі сынық «батырыңның», жүні жығылған, Мəскеумен хабарласса да, түк шығара алмаса керек. – «Оружие положить на стол!!» – дедім таяна бергенде, қатал үнмен. Иванов мылтығын үстел үстіне қойды. «Отырыңыз! – дедім орындыққа нұсқап. Қолына Мəскеуден келген жарлықты бердім. Оқып шығып, түсі бұзылып кетті. «Теперь распишитесь. Сакену Сейфуллину таким образом Вы не раз диктовали. Вот Вам пришел день расплаты!» Қолы қалтырап, əрең дегенде «таныстым» деп қол қойды. Шағым жазамын деп ештеңе демеді. Енді өзім жақындап бардым да: «Эти погоны пока будут у меня в сейфе!» деп, погонын жұлып-жұлып алдым. Шіркін сол күнгі айызымның қанғанын айтпа! Құдды Сəкен үшін өзім кек алғандаймын. «Можете идти!» Иванов сүмірейіп шығып кетті... – Погонын жұлып алуға қақың бар ма еді? – Болсын-болмасын, өз қолымен жұлып алғандай болмайды ғой. «А» деген соң «Б» деу керек қой. Əңгіме мұнымен бітпеді, енді Ивановты соттауды ойладық Ол үшін заң бойынша «истец» –талапкер керек. Ойлап, ойлап Жазушылар Одағына келіп, Сəбеңмен сөйлесіп едім, ол кісі шынын айтты: «Менің куə болар бірер сөзім бар, – деп – бірақ осы əңгіме өзара болсын». «Енді кімге барайын» деп едім. Мына суретті көрген соң інісі Мəжит бір ауыз сөз жазып берер, – деді Сəбең. Мəжікең «Менің жиырма жыл солардан көрген қорлығым жетер, ағам ақталды, сол жетеді, пəлесінен аулақ», – деп ол кісі жылап жіберді. Одан əрі үгіттей алмадым. Сөйтіп дел-сал болып жүргенде, əлгі сенің «ағайының» кездесе кетсін. Ивановтың органнан қуылғанын, погонын өз қолыммен жұлғанымды айтып едім қуанып кетті. Өзімді «еркексің» – деп мақтап, құшақтасын. Сонан соң «истец» болыңыз деп едім, көне кетті. «Бірақ мен іспен танысайын» – деді.
Тап сол күні қалалық басқармаға ертіп əкеліп, №4519 істің үш томын қолына бердім. КГБ-ге жағдайды айтып хат жазуға тура келді. Сонымен, əлгі драматург ағайым Сəкеннің ісін бір айдан артық ұстады, одан артық ұстауға біздің де мүмкіндігіміз жоқ еді. Бір күні істі алуға үйіне барсам, «бұл іске біздің араласуымыздың жөні жоқ екен», – деп отыр. Жасы үлкен адамға ауыр сөз айтуға болмады. Ызамның келетіні сондай, «ағайыңның» аты аталса, зығырданым қайнап кетеді. Сөйтіп бір жарым айдай мені əуре қылды, мұндай бəтуасыз сылтаушыл адамды көрмеппін, əуелі сөйлескенде жап-жақсы еді. Абыройы бар дейсіз ғой, мен бірдеңе білсем нағыз жарға жығардың өзі болса керек... Ол Ивановтан именді, əлі де именеді, біз білмейтін жəйттерді Иванов біледі... – Істі неге ұзақ ұстадыңыз – деп сұрамадың ба? – Сұрадым, Сəкен туралы пьеса жазбақ едім деді, ол пьесасы қайда? Аттай алты жыл өтті?! Мен сол арада драматургты жақтап ештеңе айта алмадым. Күндердің күнінде бір жақсы жағдайда ағайымыздан: Орыншайық Ыдырысовты білесіз бе? – деп сұрап едім: «Білгем, сенің білгің келетіні Сəкеннің тергеушісі» туралы ғой. Ол сен екеуміздің араласатын шаруамыз емес... – деп сөзді доғарып тастады. Мен тоқтала қоймадым: – Қолыңыздағы суретті қайтесіз? «Қазақ əдебиетіне» беремін де, жариялатамын... Осы мен жазып отырған жəйтті Орыншайық Ыдырысов өзі жазғысы келіп: «Қалай жазсам екен?» – деп сұрады. Ешбір қоспасыз, қаз-қалпында жаз, – Ивановты соттата алмай, оның қашып кеткенін де ашық жаз, – дедім мен. – Жазғым-ақ келеді, мынау папкада бəрі бар ғой, – деп қатты жөтеліп, қысылып қалды ма, əлден уақытта есін жиып, – Мəдина... – деді. – Мен олай-бұлай болып кетсем, мына папканы Жəпкеңе табыс етерсің... Полковник Орыншайық Ыдырысов 1982 жылдың 5 маусымында ауыр науқастан қайтыс болды. Аманат папка менің қолыма оның жылы өткеннен кейін ғана тиді. Онда марқұм өзі жазам ба деп, жинап жүрген, таксистерді өлтіре берген
қайғылы уақиғалар толық жазылған. Ивановқа жазылған мінездеме, Облыстық Партия Комитетіне жазған қағаздар, ССРО ішкі істер министрлігіне жазылатын екінші даналары бар екен. Мен сол папканы танысуға, əрі Сəкеннің суретін жариялауға көмектесесің деп, Олжас Сүлейменовке əкеліп беріп едім. Көп ұзамай оның үстелінің суырмасынан біреулердің ұрлап кеткенін білдік. Олжас «одан басқа да қолжазбаларым жоқ болып кетті», – деп өкініш білдірді. Менің қолымда Сəкеннің түрмедегі суреті мен КГБ подполковнигі Үсенбаевтың істі мерзімі белгіленген жолдама хаты ғана қалды. Енді не істеу керек? Бұл кезде Жанатбек Құсманғалиев қызметінен өзі кеткен генерал Ивановтың жазалануына себепкер болып, Сəкеннің кегін алушы, ұлт намысын қорғаушымен полковниктің əңгімесінің шындығына көз жеткізу үшін сөйлесуіме тура келді... Ол кісі өз білгенін бүкпесіз баяндады... "Жалын" журналының бас редакторы Мұхтар Шаханов «сурет сыры» немесе №4519 іс деген мақаламды басуға келіскен соң, заң жүзінде ер намысын қорғаушы ұлтжанды полковник Орыншайық Ыдырысов пен генерал Жанатбек Құсманғалиевтың суреттерін қоса жариялауды өтіндім. Мұхтар Шаханов оған да келісті. Бұл екі азаматтың ер намысын қорғау жолындағы істері нағыз ерлікпен бірдей еді. Жалын журналының 1989 жылғы төртінші санындағы «сурет сыры» деген мақаланың қысқаша тарихы осындай еді. Жазықсыз өлгендердің аруағын сыйлап, жан салған бұл екі азамат та дүние салған. Əділдік, адам құқығын қорғау жолындағы құн жетпес еңбектерін бағалау да тірілерге ұмытылмас сабақ, өлмес өнеге... «Сақшы – На страже» газеті, №51, 18 желтоқсан 1997 ж.
СƏКЕН ЕСКЕРТКІШ! Қарпық ҚҰСАЙЫНОВ Қалам алып бұл хатты жазуға Қазақ əдебиеті» газетіндегі 7 ақпан 1995 ж. Ə.Əбдіраев мырзаның мақаласы қозғау салды. Біз Сəкен ұрпақтары ол кісінің бүкіл Қазақстан жерінде дерлік болып өткен 100 жылдық мерей тойына қуаныштымыз. Екінші жағынан той үстінде ой толқытқан, көңілге кірбің келтірген жағдайлар да болды. Соның ең бастысы – Жезқазған қаласындағы Ғарышкерлер алаңында Сəкенге орнатылған ескерткіш. Ескерткішті көрген сəтте біздер Сəкен тойына барған 3 0-дан артық ағайындары ерекше күйге түстік. Көбіміз Сəкенді көрмесек те ел аузындағы аңыз бойынша Сəкен бейнесі, оның қайталанбас сұлулығы, маңғаздығы, ер келбеті мен ерге ылайық мінез-құлқы, азаматтығы бəрі-бəрі Сəкен кейпін жүрекке ұялатқан ғой. Ішімізде Сəкенді көрген туыстары 70 – 90 арасындағы əжелеріміз, аталарымыз да бар. Ондаған адамның тынысы бір сəт кілт тоқтап аңырып қалған күйін оймен түсініп, көзге елестетіңіз. Алдымызда ауру, жендеттердің адам төзгісіз қинауынан кейін, қалжырап өз болмысынан айырылып қалған Сəкеннің сүлдері ғана тұрды. Бұл – түнде қараңғылықта алған əсеріміз. Біраз адамдар бізді құттықтап, «ескерткіш жақсы шыққан, қалай дейсіздер» – деген сауалдар қойды. «Біткен істің кемі жоқ, бітірген ердің міні жоқ» деген емес пе, «əйтеуір бір ескерткіш болды ғой», дедік. Ол жерде басқа не айтуға болады. Түндегі алғаш көргенде əсеріміз ұйқы бермей, ертесі күні жарық түсе қайта барып көрдік. Айтар сөз жоқ. Сəкен ескерткіші халық көңілінің ең төріндегі əсем, азаматқа лайық ескерткіш емес. Еекерткіш авторы Сəкенді қандай күйінде көрсеткісі келгенін түсініп көріңіз. Ə.Əбдіраев мырзаның мақаласындағы пікірді кім теріс дей алады. Ол кісі ел намысын ойлап отыр.
Оның үстіне өткен 5 айдың ішінде Сəкен ескерткішін көрген, хабарласқан адамдардың бəрінің пікірі осындай. Қандайда болмасын ескерткіш өнер жетістігі, адамның, табиғаттың əсемдігін жеткізе, халық көкейіне қондыра көрсететін шығармашылық қабілет емес пе. Ол ескерткіш сол қойылған орынды, маңын көркейтіп, əсемдендіріп, халықты тартып тұруы керек емес пе. Сəкендей абзал азаматқа қойылатын ескерткіш ерекше жауапкершілікті, талғампаздықты керек етпей ме. Ескерткіштің авторы бұл мəселелерді тіпті ойына да алмаған сықылды. Бұл жерде біз де ескерткішті алып тастап жаңадан жақсы ескерткіш қойылсын деп отырғанымыз жоқ. Қиын уақытта қаншама қаражат жұмсалып жасалған еңбектің ешбір шығармашылық, эстетикалық талапқа сай келмегендігін халыққа айту. Айтпауға болмайтын жағдай. Жұртшылыққа белгілі 100 жылдығына орай Ақмола қаласында да Сəкенге ескерткіш қойылды. Міне өнер туындысы деп осыны ұялмай айтуға болады. Бұл ескерткіште Сəкеннің Қазақстан халық комиссарлары төрағасы кезіндегі (28 жаста) бейнесі берілген. Ескерткіш авторы жас скульптор Азат Баярлиннің бұл бірінші күрделі жұмысы. Ə.Əбдіраев мырза айтып отырған, халық ойынан шыққан ескерткіш осы. Енді жалпы Сəкен тойының тағлымы туралы біраз сөз. Жезқазған облысының басшылары 1993 жылдың желтоқсан айында «1994 жыл – Сəкен жылы» деп үлкен бастама бастады. Бүкіл жыл бойы мекемелерде, жоғары оқу орындарында, мектептерде ғылыми конференциялар, кездесулер арнайы концерттік бағдарламалар өткізді. Сəкеннің 100 жылдығына арналып театр ұжымдарының Жезқазғанда фестивалі өтті. Сəкеннің əдеби мемориалдық мұражайы, Сəкен атындағы мектептерде Сəкен бұрышы жəне үйірмелер ашылды. Қаншама естеліктер, ғылыми мақалалар жарық көрді. Мұның бəрі Сəкентану ғылымын дамыта түсумен қатар Сəкенді еліне толығырақ таныстыруға қосқан үлкен үлес болды. Оның үстіне Сəкендей азамат үлгісінде халықты, əсіресе жас буынды тəрбиелеуге арналған үлкен қызмет болды.
Осы жерде республикамыздың əр жеріндегі Сəкен атындағы мектептердің ұжымдары, мұғалімдері Сəкен тойына дайындық жұмысын үлкен тəрбиелік маңызы бар шараға айналдырғанын ерекше айту қажет. Осы мектептердің бəрі Сəкен ұрпақтарын өздерінің салтанатты мəжілісіне шақырды. Барлығында Сəкен шығармалары оқылып, Сəкен əні шырқалды. Тағы бір айта кететін жағдай Жезқазғанда, Ақмолада өткен тойлар үстінде облыстар мен аудандардан келген қонақтардың Сəкеннің елі мен жеріне деген құрмет лебіздері, мұражайға тартқан ескерткіш сыйлары туралы. Сəкен тойына астанадан оқу бөлімінің меңгерушісі Ділдаш Битуованың Жаңаарқадағы Сəкен мұражайына тартқан сыйы сіріңке қорабынан аз ғана үлкен - үш бұрышты тұмарша. Оның ішінде Алматы маңындағы Дмитриевка селосының түбіндегі бұрынғы Диханбай ауылы орнында 1937 – 1938 жылдары атылған, қазақ зиялылары жатқан жерден алынған бір шөкім топырақ. Тұмаршаның үстіңгі қақпағының үш бұрышында кішкене түймедей асыл тас, ал ортасында бас саусақтың тырнағы көлеміндей жарқыраған асыл тас. Тұмаршаның мағынасы – ішінде туған жердің топырағы. Сəкен сол тонырақта жатыр, ал қақпағындағы үш асыл тас – Үш жүзден тұратын Қазақ елі, ортасындағы үлкендеу асыл тас – сол үш Жүзге, барлық қазақ еліне жарқырап, сəулесін түсіріп тұрған Сəкен. Міне, бұл – зор тəрбиелік маңызы бар, бірлікті, татулықты меңзейтін, үлкен парасатты тағылым емес пе. «Қрзақ əдебиеті», 10 қазан 1995 жыл.
СƏКЕН-АҒАНЫҢ АТЫЛҒАНЫНА 60 ЖЫЛ Қ.ҚҰСАЙЫНОВ Қазіргі барлық ақпарат құралдары айтып, жазып жүрген мəлімет бойынша Сəкен аға 1938 жылы 25 ақпанда, қаладағы (Алматы) үш əріп мекемесінің ішкі түрмесінде атылған. Оның құпия құжаттары да сақталған... Соған 1998 жылғы 25 ақпанда 60 жыл толады... Өткен күзде Сəкен ағаның ұсталғанына 60 жыл (24.09.1937ж.) толуына арнап Ақмолада ас бергенбіз. Асқа Сəкен аға мұражайының, 90 жылдай болған Əмбебап кітапханасының, Ақмола аграрлық университетінің облыстық, қалалық, аудандық əкімшіліктердің, жауапты қызметкерлері Сəкенді кезінде көрген біраз зиялы ақсақалдар қатысты. Қазанның 15 күні (Сəкен ағаның туған күні) кітапхана залына үлкен, əрі азалы, əрі салтанатты жиналыс болды. Мəжілісті облыстық мəдениет департаментінің бастығы Дүйсен ашып, жақсы баяндама жасады. Жиналыста «Сары-Арқа» журналының бас редакторы, ақын Нұрғожа Оразов, профессор Серік Негімов, ақсақал Молдахмет Досаев, Мұражай директоры – Роза Асылбекова кітапхана директоры – Əсия Сүлейменова, аграрлық университеттің ғалымдары, студенттері болды. Қорытынды сөзді Рымжан екеуіміз сөйлеп, жиналған қауымға үлкен ризашылығымызды білдірдік. Студенттер жақсы концерт берді. Жиналыс артынан дастархан жайылып, құран оқылды. Стол мол, берекелі болып, көпшілік көңілінен шықты, жыртыс таратылды. Өткізген шарамызға көңіліміз толып, қаншама адамның батасын алып, қанаттанып қайттық... Содан кейін 1998 жылы Алматығда тағы осындай, Сəкен ағаның көз жұмған күніне арнаи ас берейік деген ойда болдық Жақсылап дайындалдық. Сол үлкен жоспарды құдайға тəубе көңілдегідей орындадық. Ас Алматыдағы «Салтанат» мейрамханасында өткізілді. Асты басқарып, кеш бойы өте əдемі жүргізген Жазушылар одағының бірінші хатшысы Нұрлан Оразалин. Асқа Сəкен ағаны көрген замандастарынан — Дихан Əбілов,
Бексұлтан Мұстафин, Сағынғали Сеитов, Мəриям, Зейнешешейлер, Гүлнəр Дулатова, Жаппар Өмірбеков жұбайымен болды. Бұлардан басқа – Тұрсынбек Кəкішев жұбайымен, Əлия Бейсенова, Ербол Шаймерденов, Алтыншаш Жағанова, Сырбайдың, Қалижанның, Ғафудың, Қабдікəрімнің жұбайлары, Темірхан Медетбек, Софы Сматаев, Иран-Ғайып, Ғалым Жайлыбай, Жеңіс Қашқынов, Армиял Тасымбеков (марқұм болып кетті, нағыз ұлт азаматы еді) қатынасты. Үлкендер — Мəриям, Зейне, Гүлнəр Дулатова, Бекболат, Жаппар, Софы, Білəл Намаев, Дихан-баба, Сағынғали тебірене естеліктер айтты. Алтыншаш, Иран-Ғайып, Тұрсынбек өздерінің тың пікірлерін, ұсыныстарын білдірді. Қайрат Байбосынов екі шəкіртін əкеліп əн салды. Облыстық, қалалық əкімшіліктің кісілері сөйледі. Кеш басынан аяғына дейін бейне таспаға жазылды. Қорытынды сөзді жиналған қауымды елжіретіп көздеріне жас алдырып Рымжан айтты. Кеш сондай əдемі өтті, Нұрлан бар ықыласымен беріліп жақсы жүргізді. Кеш өткен соң ақпарат органдары – Егемен Қазақстан, Қазақ əдебиеті, Алматы ақшамы, Қазақ радиосы, Хабар (орысша, қазақша), КТК, тағы басқа екі-үш канал көлемді хабарлар, мақалалар ұйымдастырып, асты жариялап Республикаға кең таратып жіберді. Əруақ риза болды деген осы шығар!
Күлəш Садыққызы АХМЕТ СƏКЕН ЖƏНЕ АЛАШ АЗАМАТТАРЫ Бүгінгі таңда, ғылымымыз саясат үшін жазаланбайтын, өз ұлтының жоғын жоқтағаны үшін айыпталынбайтын жағдайға жеткелі ұлыларымызды бағалауда жаңаның бəрі жақсы болып, бұрынғы сарынша біреуді мақтау үшін екінші біреуін даттау, енді бірін ақтау, үшіншісін қаралау, не болмаса, «жоқты бардай, барды нардай етіп» дабыралау əлі де əдеттен қалмағанын көргенде, шіркін-ай, қанымызға сіңген «қасиет пе», əлде ұлтымыздың жазылмас жарасы ма екен деген ойға қаласың. Бұндай «қасиет», алыпқашпа сөз кеңес өкіметі құлағаннан кейінгі кезде Қазан жəне Ақпан төңкерісі төңірегіндегі қазақ зиялыларына, əсіресе Сəкен Сейфуллинге байланыстырылып айтылуда. Əрине, сол бір дауылды кезеңнің басы-қасында болғандай етіп айтылған сөзге елірмейтіндер де аз емес. Ал бірақ сондай дабыра, даурықпаның көңілге күдік туғызары да заңдылық. Сондай күдікті сəттерде істің анық-қанығына жетіп, ақ-қарасын ашып, қаншалықты əділеттігіне көз жеткізгіміз келсе, заман ағымының бірқалыпты болмайтынын сезгендей ұлыларымыздың өздерімен тұстас, заманы бір замандастарының ұлылығын, азаматтық ерекшелігін атап айтқан келелі ой-тұжырымдарына ден қоюмен қатар, дауылды, жауынды кезеңнің ізі суымай дүниеге келген туындының түпнұсқасына зер салғанымыз абзал. Қай кезде де «Біткен іске сыншы көп» екені белгілі. Сəкен Сейфуллинге, оның «Тар жол, тайғақ кешу» романына байланыстырылып айтылып жүрген сындардың ішінде осалы да, ожары да кездеседі. Ал шынтуайтқа келгенде, Сəкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романы (1927) – өмір шындығынан алыс кетпеген шығарма. Бұл «Тар жол, тайғау кешу» романы болғанда заман талабымен түзетіліп, 1936 жылы елеулі редакция жасалынған
екінші басылымы негізінде жазылған соңғы басылымдары емес, Сəкен Сейфуллиннің өз сөзімен айтқанда, «оқыған мырзалар, оқып жүрген мырза болам деушілер» жайынан бүгінгі күні мүмкіндігінше тарихи шындық деңгейін сарапқа салу барысында септігі тиер 1927 жылғы ең алғашқы басылымы санатта болуға тиіс. Яғни, ұлтымыздың тарихын жазуда, қазақ зиялыларының ақиқатын анықтауда да, өзекті мəселенің ауыр жүгін көтеріп жүрген ғалым ағаларымызға Сəкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғау кешу» романының 1927 жылғы ең алғашқы басылымының қосып-алары баршылық. Осындай тұста əр жылдарда Сəкен Сейфуллин мерейтойы қарсаңында əдеттегі машықпен мақала жазып жүргендерді былай қойғанда, ғылымы да, шығармашылығы да Сəкен Сейфуллин атымен тығыз байланысты əдебиетіміздің алқалы тобының алдыңғы легінде жүрген Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кəкішев, Рымғали Нұрғалиев сынды қаламгерлердің Сəкен Сейфуллинге, əсіресе, «Тар жол, тайғақ кешу» романына байланысты айтылып жатқан оңды-солды сындарға «ауыл көшіпті, керуен қоныпты» дегендей сыңай танытып, жымжырт жатуы бүгінгі даурықпаны тереңдете түскендей. Соның бір айғағы филология ғылымдарының докторы Мүсілім Базарбаевтың «Біз Сəкенді қалай түсінеміз?» атты мақаласы («Қазақ əдебиеті», № 26, 1 шілде, 1994 ж.). Əлде, «заман өзгерген соң» Сəкенді зерттеуші ағалар да өзгеріп кеткені ме? Олай болмаған жағдайда, кейбірі Сəкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романының соңғы басылымдарынан, ал енді бірі ұзынқұлақтан хабардар оқырманға, бүгінгі заман ағымының талап-тілегін дөп басар, ал кей тұстарда, ой саларлық жайттарды «Тар жол, тайғақ кешу» романының ең алғашқы (1927) басылымы бойынша бүгінге дейін үлкен ағалардың жарияға жар салар мүмкіндіктері болды емес пе... Қашанда үлкендердің алдына шықпау ұлттық қасиетіміз болса да, саудасы парықсыз базарға түскен «Қазанаттың»
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру