TELEGEI

Home

Жанна

Қасым Аманжолов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Жанна

Қасым Аманжолов өлеңдерінен оның ақындық қуаты бірден байқалады. Қазақ поэзиясына соны леп әкелген ақынның суреткерлік біліктілігі ешкімге ұқсамайды. Қан майданды көзімен көрген ақын шығармалары өр рухты бейнелейді. Қоғам шындығын нәзік лиризммен ұштастыруының өзі өзгеше.

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ. 1973 жыл. «Менің алғашқы кітабым» сериясынан

КӨКТЕ ЗЫРЛАП БАРАДЫ

Көкте зырлап барады
Алтын жұлдыз.
Жерде тұрып қарады
Әлия қыз,

Алтын жұлдыз алысқа
Кетті ағып,
Кетті ағып, жас қызға
Бір ой салып.

Алтын жұлдыз зымырап
Кетті алыс.
Кетті алыс мылтық ап
Бір жап-жас қыз...

Майдан кешті мылтық ап
Әлия қыз,—
Өр төсінде жарқырап Алтын жұлдыз.

ТУҒАН ЖЕР

Шықшы тауға, қарашы кең далаға,
Мәз боласың, ұқсайсың жас балаға.
Ол шеті мен бұл шетіне жүгірсең,
Шаршайсың ба, құмарың бір қана ма?

Уа, дариға - алтын бесік туған жер,
Қадырыңды келсем білмей, кеше гөр!
Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,
Ақын болмай, тасың болсам мен егер.

Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің!
Нендей күйге жүрегімді бөледің?
Сенде тудым, сенде өстім мен, сенде өлсем,—
Арманым жоқ бұл дүниеде, – дер едім;

Мен де өзіңдей байтақ едім, кең едім;
Қызығыңды көріп еркін келемін,
Сен де аямай бердің маған барыңды,
Мен де аямай барым саған беремін.

Болдым ғашық, туған дала, мен саған,
Алыс жүрсем, арманым — сен, аңсаған;
Жақын жүрсем, мен — төрінде рахаттың,
Өз Советім —өзім туған босағам!

МЕКТЕП — КЕМЕ, БІЛІМ – ТЕҢІЗ

Мектеп — кеме,
Білім — теңіз!
Барар жерге
Тез жетеміз!

Адаспаймыз
Ұлы жолда,
Лениннің
Туы қолда!

Капитандар—
Мұғалімдер,
Жас моряктар—
Жас сәбилер,

Құтты болсын сапарларың,
Мықты болсын қатарларың!
Туысқандар,
Ту ұстаңдар,

Тұрып сапта,
Тәртіп сақта!
Тербеліңдер толқындарда,
Кеме берік, қорқу бар ма!

Көк теңізден көлбей өтіп,
Қойнауы алтын жерге жетіп,
Ақтарыңдар өмір кенін,
Қазынасын берекенің!

Қызыл тулы елің үшін,
Қызғалдақты жерің үшін,
Қызық дәурен өмір үшін
Қызсын сенің жігер күшің!

Мектеп — кеме,
Білім — теңіз,
Тынбай алға
Жүзудеміз,

Біз жетпейтін қиыр да жоқ,
Біз алмайтын қиын да жоқ!
Өнер-білім теңізінде,
Біз мықтымыз

Жер жүзінде,
Адаспаймыз ұлы жолда,
Лениннің
Туы қолда!

КӨКТЕМ

Сансыз көкек сұңқылдап,
Көктем келді ертелеп;
Нәзік үнмен сыңқылдап,
Бұйра бұлақ еркелеп.

Асау өзен арқырап,
Асқар таудан дүркіреп,
Айдын жатыр жарқырап,
Алды дала бір түлеп.

Көкте бұлттар күркіреп,
Жерге төкті өрмегін;
Жауды жаңбыр сіркіреп,
Мейірленіп жерге күн.

Естіп аспан дауысын
Асыққаңдай гүл шығып;
Аңдып бүлттар ауысын,
Колхозды ауыл құлшынып.

Алақанын тұр жайып
Жас ағашта жапырақ.
Балғын өмір ғажайып
Жас дауыспен жамырап.

Еңбек ата жүр елде.
Егін жайда ту ұстап.
Қара бұйра кілемге
Алтын шашып уыстап,

Темір тепшіп, ер терлеп,
Трактор сүйреп даланы,
Бүгінгіден ертеңге
Алып кетіп барады...

Көктем күйін бастады
Өз өнерін асыра;
Қысты қуып тастады
Асқар таудың басына.

Артқа тастап алтыны,
Жанна жетті жетіге.
Жазды бастап «А», «Б»-ны,
Бірді қосып екіге.

Нажағайдай жалт беріп,
Жарқылдайды жанары,
Санасына тап келіп
Әрбір ойдың хабары.

Саусағымен сырғытып,
Қайырады кекілін;
Жанна біздің жүр күтіп
Келер күнін жетінің.

Талпынады асығып
Жетіге тез жетпекке,
«Жақсы сумка асынып,
Барамын, – деп, – мектепке».

«Қай мектепке барады,
Кім болғысы келеді?»
Сәл түйіліп қабағы,
Соны ойлай береді.

— Артист болам, ән салам,

Апа, папа, кел!—дейді,

— Өзім шығып қарсы алам

Билетсіз-ақ ен! — дейді.
Дәрігер болам, дәрімді
Көп-көп етіп қойдырам,
Апа, мама, бәріңді

Аспиринге тойдырам.
Аралаймын көп қала,
Ұшқыш болам мен! — дейді
Бәрі болам, тек қана

Ақын болғым келмейді...
Кім болсаң да ер жетші,
Шықшы өмір төріне,
Қызығыңды көрсетші,

Ата-анаңа, еліңе.

АЛМАТЫМ

Келдім сені сағынып,
Алтын ұям — Алматым,
Кең көшеңде басар нық
Мен бір ақын солдатың.

От пен темір сайысқан
Келдім майдан төрінен;
Жер құшам деп көр құшқан
Жауды жеңіп келдім мен.

Сағынышын солдаттың
Сен сұрама, мен айтпан:
Кетті шығып бір ұшқын
Кеудемдегі шыңайттан.

Күлкі жасы аралас,
Ақын да бір жас бала;
Тербет өзің, мауқың бас,
Алтын бесік — астана.

Жүрмін жортып, қызықтап,
Көше қоймай баспаған.
Сыбырлайды жапырақ,
Жалт қарайды тас маған,

Неткен сұлу өмір ең!
Қарай берем үңіліп.
Ғажайып бір мейірмен
Келешегің тұр күліп.

ҚЫЗҒАЛДАҚ

Өртенген үй орнында
Өскен жалғыз қызғалдақ,
Кез боп қалдың жолымда,
Аялдаттың азырақ.

Өртенген үй жұртында
Қып-қызыл боп желбіреп,
Қалай өстің сен мұнда?
Нендей сыр бар, нендей кеп

Қансың ба әлде тамған бір
Күнәсіз жас жүректен?...
Сен екенсің жас өмір
Ескі жұртты күзеткен.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙