Көптомдық шығармалар жинағы 1-том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Ұзақбай Доспанбетов
УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз 7-5 Д 64 «Мəдени мұра» бағдарламасының аясында Алматы облысы əкімінің қолдауымен жарық көрген Доспанбетов Ұ. Көп томдық шығармалар жинағы. / Ұзақбай Доспанбетов. – Алматы: «Ой-Сана» баспасы, 2011. Т.1: – 440 б. ISBN 9965-22-350-5 Жазушы Ұзақбай Доспанбетовтің көптомдық шығармалар жинағының бұл алғашқы томына əр кезде жазылған повестер мен əңгiмелерi енгiзiлiп отыр. Бұлардың тақырыбы, оқиға ортасы, көтерген мəселелерi əр алуан. «Аяз бен аптап» атты повесi болған оқиғаның негiзiнде жазылған. Ал «Көне қобыз күйi», «Оңашадағы ой» повестерi таза махаббат тақырыбына арналған. «Бақ пен сор» повесінде бүгінгі заманауи мəселелер көтеріледі. УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз 7-5 ISBN 9965-22-350-5 ISBN 9965-22-349-1 © Доспанбетов Ұ., 2011. © «Ой-Сана» баспасы., 2011 Д 64
ПОВЕСТЕР КӨНЕ ҚОБЫЗ КҮЙI Бұл əңгiме əлдекiмнен естiген емес, өз көкiрегiмнен оянған едi. Егер мен өткен күндерде көз ашып, қауырсын қалам ұстаған шежiрешiге ұқсамасам, замандас өзi кешiрсiн. * Нəсiптерiң алда, өздерiң де жас емессiңдер ме, айып етпеңдер, қарақтарым. Мен сендерге ерте кезде, өзiмнiң жiгiт шағымда кешкен бiр жайды айтқалы отырмын. Бұл сендердiң естiп-бiлiп, кiтаптан алған қыруар бiлiмдерiңнiң қасында аса болымсыз шығар, бiрақ адам жүрегi нəзiк iшек емес пе: саусақ тигiзсең күй болып күмбiрлеп, оған ауық-ауық тiл бiтiрiп, жан берiп отырмақ парыз. Жасым жеткен қаусаған шал болсам да осыған ниет еттiм. Бұл – ерте кезде патша заманында болған нəрсе. Бiздiң мекен мына Жасылкөл тауы мен соның айналасы. Жаз болса таудың дəл биiк үстiне шығып отырамыз. Ат шаптырым өрiстерi бар, кең жазық жайлау едi. Жiгiт шағым. Күш дегенiң менде бастан асатын. Табиғат өзi дене бiтiмiмдi оңбағандай етiп жаратыпты. Елдiң ең алдымен көзiне түсетiнi жауырыным болатын. Ойлаймын, мұндай жауырынға тау көтерген балуан да қызғана қарар-ау. Аяқ-қолым ағаштан құрастыра салғандай бəрi кеспелтек. Əкем ерте өлiп кеткен. Түр-түсiнен есiмде қалған бiр белгi жоқ. Шешем екеумiз сол əкем жалшылықта болған бiр байдың қоластында күнелтемiз. Қоластында дегенмен қой бағып, бие сауғызатын мен емес. Бəйтеректi тамырымен жұлатын делқұлы екендiгiм байдың көзiне түссе керек. Менi «алып кел, шауып кел» деп, жаугершiлiк жұмыстарға жұмсайтын. Айналадағы жiгiт атаулы менен жасқанып, батыр атағым ел iшiнде қатты дабырайған. Бай да менiң көңiлiмдi қалдырған емес. Əр қимылыма риза болып, тоқ көңiлмен күлiмдеп отырушы едi. Ол менi алтын жамбысындай көредi ғой деп ойлайтынмын. Ойлайтынмын да
онан сайын ширыға түсiп, бұлшық еттерiмдi ойнатушы едiм. Бұл күйiммен кейде мылқау перiге ұқсайтыным бар. Қай қазақтың баласы болмасын менi Сабанбай батыр деп бiлетiн. Сабанбай деген бiздiң арғы аталарымыздан шығып, қалмаққа қарсы жалғыз шапқан аруақты батыр екен. Маған соның күшi дарыған деп, есiмiн берiп, өз атыма кейiнiрек ие болдым. Көп жұрт қызғанышпен қараса да, менiң ат ойнақшытып, сойыл ұстағанымды тұла бойымен жақтырмайтын жалғыз шешем ғана едi. Ол – алпамсадай баласының қалың елге кеткен дабысына қарамастан өз жанына рақат таппаған кiсi, сол бай үйiнiң күңi есептi. Басқа да жалшы əйелдердiң ешқайсысынан артық болғысы келмегендей солармен бiрге отымен кiрiп, күлiмен шығады. Əке-бауыр, туған-туысқаннан ешкiм қалмаса да , сол жалғыз шешемнiң сырын ұғуға жарамаппын. Есiл-дертiм бай бiр жаққа жұмсаса, шеше көзiне түспей кету үшiн бой тасалау болатын. Арқасын аяз қысқан қасiрет иесi екенiн көрмей, тiзгiнiме оралғы, жолыма бөгет болу үшiн ғана жаралған жан деп бiлетiн едiм оны. Көздерi жарықшақ тарғыл тасқа əйнек қаптағандай соншама суық, əрi нұрсыз болатын. Əлдеқалай сол суық, нұрсыз көздерiн өзiңе қадай қалса, жолбарыс айбат шеккендей алдында жан шыдап тұруы қиын адам едi. Қайдам, қарақтарым, басым албырт болған соң өмiрiмнiң шор болып бiтер шағын болжап назалана ма, бүгiнге шейiн туған анамның көзiн тап солай елестетем. Əйтеуiр көзiне сүйел көрiнген нəрсенi ашумен жайпап жiберердей жанары қайратты едi. Байдың аты – Шалықбек. Ол жұмыс iстеп жатқан шешемнiң қасынан бiр жылы сөз айтпай өтпейтiн. Шешем болса, Шалықбек сөзiне ешқашан жiбiген емес. «Солай ғой, мырза» – дегеннен басқа ештеңе айтпай, шағын денесiнде үйдей пəле жатқандай, iштен тынып қала беретiн. Тiстенiп, қорлық сезiмiн бүркеп ұстайтын көрiнушi едi маған. Байдың үйiнде iстемейтiн жұмысы жоқ. Бие сауатын, күбi пiсетiн, от жағып, құрт қайнататын да. Тiптi өрмек тоқып, киiз басуда да даурыққан жалшы қатындар менiң шешемсiз ештеме бiтiре алмайтын. Қай iстi болмасын бабына өзi келтiретiн шебер де кiсi едi. Сөйтiп жүрiп, байдың бəйбiшесi мен тоқалына ұнаған емес. Əбден сүйек сiңiстi болып, етi өлiп кеткен болар, сөз айтса да, жұмсаса да, үнемi қағытумен болатын. Бiрақ шешем бəрiне көнiп, қарысып шыдап, сыр бiлдiрмейтiн. Қашан көрсем де қазан, жерошақ басында көкпеңбек қурай түтiнiн будақтатып, əрi оны-
мұныны қоса iстеп үлгерiп, арпалысып-ақ жүргенi. Шешемнiң осындай қорлық өмiрi ол кезде менiң жаныма батпапты да. Құдiретiм жетiп тұрып, сол жалғыз шешемдi бай үйiнiң оты мен суынан неге жұлып алмадым деген ой əлi күнге көкiрегiмдi тырнайды. Өз сақалымды өзiм талдап жұлғым келедi бұл күнде. Шалықбектiң бақ-дəулетi менiң есiмiммен бiрге өстi. Қай топ, қай аталы дəулердiң арасында болмасын, мұртын сылап, қақ төрде отыратынын көзiм көрген едi. Кеңкiлдеп күлген күлкiсi дүсiрлеген ат шабысын еске түсiрiп, отырған құндыз жағалы мырзаларға аруақты ойлататын. Естуiмше, Шалықбектiң арғы аталары көршi байлардан үнемi қысым көрумен болыпты. Əсiресе бiзбен қонысы жақын байлардың барымташылары түн iшiнде жылқыға тиiп, үйiрүйiрiмен айдап əкеткен кездерi көп деседi. Артынан қуып барған даугерлерiн, жоқшыларын күш атасын танымайдының керiн келтiрiп, оларға оң жауабын бермей, берсе қан-жоса қып сабап қайтарады екен. Жалғыз ол ғана емес, өзiмен рулас жандардың ортасында жер дауы кезiнде, мейлi ұсақ кикiлжiң, жесiр дауы сияқтылар болсын, бəрiнде де ұтылысқа ұшырап, теңдiкке қолы жетпейдi екен. Бұл тұқымның тек Шалықбектiң үлкен шаңыраққа ие болуымен ғана арқасы кеңи бастапты. Бұрынғы аталарынан Шалықбектiң пəлендей асып тұрған ештемесi болмаса да, ол өз маңына асыранды төбеттердей батыр жiгiттердi топтастыруға құмар. Оның бақ-дəулетi, айбаты осылармен болып, осылармен толатын. Əсiресе Сабанбай батыр атанған менiң найзамның ұшы, бiлегiмнiң күшi оның əркез айызын қандырып, қарқ-қарқ күлгiзiп, таққа отырғызғандай ететiн. Алғаш менiң атағымды шығарған он тоғыз жасымда сырт жақтағы бiр елдiң Шақпақ деген батырына қан құстыруым едi. Ол менiң бетiмдi қайтармақ боп, он шақты нөкермен келiптi. Сол Жасылкөл тауының етегiндегi бұлықсып жатқан Қора өзенiнiң бойында кездестiк. Ол менiң Сабанбай атымды қызғанатын болса керек, мырс-мырс етiп, жекпе-жекке өзi шақырып алды да, соққыма шыдамай ат үстiнен ұшып түсiп, аузынан қан атқақтап жатқанда, ертiп келген жiгiттерi тайсақтап жалт бұрысты да, өзеннен əрi өте бастады. Мен олармен қуа соғысуым керек едi, бiрақ Шақпақ батырды түсiруiм үлкен олжа көрiнiп, арынды бала көңiлiм су сепкендей басылып, тоқмейiлсiп қалыппын. Мiне, содан берi бұл маңда
менiң атымның тұяғы тимеген жер қалған жоқ. Қасымдағы төртбес жiгiттерiммен Шалықбектiң өз басының ғана сойыл соғары емес, оның ата-бабасының да намысын қуып, кегiн қайтарушы едiк. Əрбiр жортуылға шығар алдында Шалықбек жiгiт басы деп менi қасына шақырып алып, бұл бара жатқан бетiмiзде қай атасының қандайлық көз жасы барын саралап, хатқа түсiргендей етiп беретiн. Жəне мұндайда көңiлi босап, аруақты ата-бабаларына аумин айтып, көзiне жас та алушы едi. Қап-қара күрең жүзiнiң əрбiр түгiне дейiн дiрiлдеп, жылап тұрып қайрайтын да, көкiрегiме дерт қосып жiберетiн. Бiз атасы дұшпандардың жылқысын аларда алдымен қиқулап бүйiрден қосылып, бықпырт тигендей быт-шытын шығарып, бөлек-бөлек етемiз де, ең бiр оңтайлы шоғырды қуып əкететiнбiз. Жылқышылар сойылмен қоқаңдап, алғашқыда қарсы шабады да, менi танысымен-ақ жалт берiсiп, атын сабалап, бас сауғалай қашатын. Жаратып мiнгенiм, он кiсi мiнгессе былқ етпейтiн есiк пен төрдей ақбоз келген бурыл тұлпар ат едi. Түн iшiнде жортуылға шыққанда ақ шабаққа ұқсайды дейтiн жолдастарым. Тiзгiнiн жiберсең найзадай атылып, Сабанбайды əкеле жатқанын жау көзiне алыстан-ақ танытатын. Ел емес пе, жалт берiп қашпай, менi сойылмен қағып тосып алуға батылы жеткен түйе қомдас, тау жiгiттердiң талайы болған. Бiрақ қаншама тапжылмас тақымы берiк, қайратты болғанымен, дөп тиген бiр соққыдан қалдырмай ат бауырына түсiрiп кету машықты өнерiм болған. Ал ауыл үстiн даңғаза қып келген жоқшылардың қандайын да Шалықбек құсамен өлдi дейтiн ата-бабаларының аруағын, өсиетiн ұмыта алмайтынын айтып, жеңiстiк бермейтiн. Сөзбен ала алмаған олар күшпен де ала алмасын бiлiп, бiраз салғыласқан соң Шалықбек үйiнен қымыз емес, күйiк жұтқандай болып қараларын батыратын. Сонымен Шалықбек айналасы сөз өтiп, оқ дарымайтын қамалдай едi. Өрiсi кең, шалғыны мол даланың жұпар иiсiн еркiнше жұтқан, мерейi үстем бiр шағы болатын. Бiздiң үй Шалықбек үйiнен екi жүз қадамдай жерде ғана. Түрулi есiктен бай үйiнiң бар көрiнiсiн қарап отыруға болады. Бiр күнi кешкiсiн өз үйiмде шалқамнан түсiп, сол маңда тыным таппай безек қағып, ас-су қамдап жүрген шешемнiң қимылын қадағалап жатқанмын. Кенет бадырақ көз бай баласы үйге кiрiп келдi де, əкем шақырып жатыр дедi. Байдың бүйтiп оқыс шақыруы маған қуаныш. Жалма-жан атып тұрдым да, ештемеге сипақтап
қарайламастан үйден шыға жөнелдiм. Айналадағы кешкi көрiнiс маған тым жұпыны көрiндi. Мал өрiстен қайта қоймаған, үн-түн жоқ, жым-жырт бəрi. Шалықбек үйiнде отырған болар деп ақ ордаға тұп-тура барғанымда, артымнан ентелей қуып жеткен бала: «əкем ана төбеде отыр», – дедi. Əлденеден даладағы жерошақ басындағы шешеме көзiм түсiп едi, ол маған ашу шақыра екi қолын дiр еткiзiп, темiр көсеудi тастап жiбердi. Одан көзiмдi тез бұрып əкетiп, арт жағымда еңкiлдеген дауысқа қарасам, есiгi ашық тұрған қызыл-жасылды жасау жабдыққа толы бай үйiнiң төрiнде қалай болса солай сұлай түсiп жатқан сұлу тоқалы екен. Есiк алдында жiбек жүндi иiрiп отырған бəйбiшесiнiң де жүзi түтiгiп кетiптi. Маған оқты көзiн қадап қояды. Бай əйелдерiн сабаған екен ғой деп ойладым да, аялдамастан ары өтiп кеттiм. Шалықбек төбеде жалғыз күнбатысқа қарап, дүниеден түңiлгендей отыр екен. Менiң қасына келгенiмдi бiлсе де қозғалған жоқ, батып бара жатқан күннiң қып-қызыл боп тасыған шарасы дүниенi жалынымен шарпығандай, бай көзiн соған қадайды: – Жеттiм дегенмен, жетпегенiм көп екен. Бұл дүние сылаңдаған түлкi боп, ұстатпай келiптi маған,– дедi ол. Маған зəрмен, ашумен қарады. Қомақты қара қастары қозғалысқа икемдi болатын, қазiр де дүр сiлкiнiсiп соқтығыса жаздап барып қайтты. Көздерi аңша шаптығып, жүзi түтеп тұр. – Сенiң Сабанбай атыңды далиттым деп бос əурешiлiкпен жүрiппiн. Ит екеш иттiң де сыбағасы менiкiнен мол екен,– деп күйiне тоқтады да, жүзiн бұрып əкеттi. Күн долдана өртенiп, аппақ мама бұлттар шоққа айналып барады. Түбiне от тиген гүл қурайша бүгiлiп, дүниеде сұлқ түскен кейiп бар. – Мырза, не мұңыңыз бар, бiлегiмнiң күшiн сiзден аямайтынымды бiлесiз ғой,– дедiм. – Құр бiлектiң күшiнде не қасиет бар дейсiң, егер бiз дұшпанға кеткен намысты тап басып iс қыла алмасақ, – деп бастады да, қатулана жалғастырып əкеттi. Сөздерi ұзақ, шұбырыңқы болғанмен шын қорлық, жан жарасының аузын ашқандай тұла бойыңды түршiктiруге бар. Тыңдамай қоя алмайсың, көкiрегiңе от құйып жатқандай əсерi күштi. Əр нəрсенi қисынымен шалып отырса да, əр тұстан шаңы бiр бұрқ етiп, көзден ғайып болатын ақбөкенше алыстан орағытып, ненi тұспалдап отырғанын көпке шейiн аңғартқан жоқ. Бiрақ бiр үлкен iстiң боларын күтiп тұр едiм. Шалықбектi ашу, қорлық одан сайын булықтырып, шындап өртене бастады:
– Түбi бiрге туыс деп ұмытпақ па екенмiн? Жоқ əлде атамыз аттап өткен кəденi бiз ұмытпайық деп, есесiн қайырып, ақ адал малын айдап əкеп маған өткiзген жерi бар ма едi? Солай етiп едiк деп айта алар ма екен олар? Əдетте мұндай сөздер мен сияқты ақкөз есер батырға емес, атасы басқа елдердiң бiлiмпаз ақсақалдары арасында, дау үстiнде айтылуға тиiс едi. Бiрақ менi бүйтiп таптап, суарып жатуында бiр мəн болса керек. – Қыз екен, өзi қылмаңдапты деп ата-бабам аңғырттық жасаса да, мен ауыз ашып отыра алман. Шалықбек атым құрсын бүйтсем. Əкеден балаға ауысып, сүйектен кетпейтiн iс осымен тамам болсын деймiн. Жанға – жан, малға – мал демекпiн ол туысқанға. Алып кел ана...– деп, көзiмен менi бiр барлап алды. – Ақ патшаға лайық дидарлымыз едi деп үкi тағып, əлпештеп отырған көрiнедi. Күмiс күлкiсi қоңыраудай, ата-анасы соған мəз екен. Ол менiң теңiм болмаса, несiне жидым бұл байлық, бұл малымды? Сөз төркiнi ендi танылды. Сонау төменгi елде Қазыбек деген атақты байдың Ақдидар деген ару қызы бойжетiп отыр деп еститiнбiз. Шалықбектiң үшiншi əйелдiкке алмаққа көз тiккенi сол. Бұдан бiрер жыл бұрын сөз салып байқағанда Қазыбек бай ыршып түсiп, тулап, жiберген кiсiсiн балағаттауға дейiн барыпты. Содан берi ол жабулы қазан күйiнде қалып едi. Бiрақ Шалықбектiң көкейiндегi оты сөнбесе керек. Ел аузында бұл екi байды жауықтыратын бiр əңгiме бар. Өткен замандарда Шалықбек аталарының бiр қызы Қазыбек аталарының бiр серi жiгiтiмен ұрланып қашып кетiптi. Қызды қайырып алмақ боп, немесе қалыңмалын өсiре төлетпек боп, артынан барған өңкей майталмандарына олар бiлегi жуандығын қылып, ел тентегi қыз бен жiгiт ортамызда жоқ, олар үшiн жауап бермеймiз, мал да төлемеймiз деп, жер қылып қайтарыпты. Сонау жат жұрттың алдында көпе-көрнеу əлсiздiк етiп, жүнi жығылуын Шалықбек аталары өздерiне мiн көрiп өтсе керек. Мiне, өртенiп, кəрiне мiнген Шалықбек аталарының жығылған жүнiн қайта тiрiлтпек. Сайып келгенде түп сүйенетiнi сол ата намысы болса керек-тi. Шалықбек маған қатаң тапсырып айтты. «Қасыңа Алақ пен Жолақты ертесiң. Үшеуiң жат жұртқа дабыра қылмай бүгiн, қазiр түн жамылып жүрiп кетесiңдер. Қызды алып шыққанда, үн шығаратындай болса, күндiз баласы жол жүрмеңдер. Ел жүретiн жолдан аулақ бiр тасаға бекiнiп, түнде ғана жылжитын болыңдар. Есiңде болсын. Бұл – сыналатын кезең. Егер қызды
алып шыға алмағаның жұртқа таралып кетсе, сенiң Сабанбай атың ажуа болады». Жаныма берiк шоқпарды өзi байлап бергендей. Бiр түсiнбейтiнiм, бiз ең бiр қолсыз, əлсiз, босаң байлардың жылқысын барымталауға барарда Шалықбек қасыма төрт-бес жiгiттен кем қоспайтын. Ал мынадай бұрын сирек кездесетiн, оның да азуы алты қарыс Қазыбек байдың қызын күшпен тартып əкелесiң дей отырып, қасыңа екi-ақ жолдас ерт деуi тiптi таңқарарлық жай. «Бұл қалай» деп сұрауды намыс көрiп, үндемедiм, мырзаның өз иығыма көп күш артқысы келген ғой деп, айтқанының бəрiн ырзалықпен қабыл алдым. Күн алаулап, бұл кезде батып кеткен де, шашыраған қызыл жалқын қан сəулесi ғана қалған. Тымтырыс дүниенi көр қуысы етердей қоюланып, ауыр қараңғылық келетiн түрi бар. Мен қайтып келдiм де, тез жинала бастадым. Шешем Шалықбектiкiнен əлi келмегендiктен үй қараңғы екен. Жаугершiлiкте алатын киiм, керек-жарақтарымды түстеп көру үшiн шам жақтым. Мұздай құрсанып, сайланып бола бергенiмде есiктi жұлқа серпiп, шешем кiрiп келдi. Оның қазiр не күйде екенi маған мəлiм. Шалықбектiң менi бiр жаққа жұмсағанын сезсеақ алай-түлей болатын. Соған күйiнем, арпалысам деумен-ақ қартайып келедi. – Шалықбек сенi қайда жұмсады, айт шапшаң!– деп үйге кiре бере дiгiр қақты маған. – Қойшы, апа, қойшы!– дедiм мен, əуелгi бiр оқиғадай көрiп. – Сен бармайсың,– дедi ол бабымен ғана.– Сен бармайсың!– деп қайталай айтқанында шаңқ ете түстi. Бүгiнгi бұйрық тəсiлi бөлек едi. – Сен туғанда құдайға ақ тiлеу айтқанмын. Бiреудiң көз жасына бола тапқам жоқ сенi. Шешем менiң қайда баратынымды бiлетiн боп шықты. Мана Шалықбек шақырғандағы от басындағы көрген көрiнiстердi, өзiнiң шамырқанған ашумен көсеудi тастап жiбергенiн, төр алдында қалай болса солай сұлай түсiп еңкiлдеген тоқал, жүзi түтеген бəйбiше, бəрiн қайта еске алдым. Солардың күйiктi күңкiлi шығар деп ойладым бұған жеткiзген. Жалт қарағанымда шешем менi талап жердей болып, кiрпiк қақпастан жақындап келедi екен. Май шамның сəулесi көздерiнде жалын болып ойнайды. Əжiммен қатпарланып, қыртыс-қыртыс болған кiшкене дөңгелек жүзi аса қаһарлы. Ендi даусы булыға, қарлыға шықты: – Қайт бетiңнен, қайт райыңнан! Бармаймын де оған! Бiреудiң көз қуаныш, жалғыз құсының топшысын қимақсың! Сенi жау
қолы етiп, өзiмдей бейбақ сорлылардың көз жасын төккiзiп, мен қайтып жер басып жүрем? Жiбермеймiн сенi! Қайт, қайт бетiңнен! Шешемнiң өзiме мұнша шаптыққанын ешқашан көрген емен. Жоқ, шешем менiң бетiмдi қайтара алмайтын едi. Селт етпеуiмнен түңiлдi бiлем, керегеге барып, жүресiнен терiс қарап отыра қалды да, қолын жайып: – Ал менi, құдай, ал! Бұл қорлықты, бұл көз жасын көрсетпе маған! Бейуақта өлiм тiледiм. Ал, ал менi, құдай! – деп дауыс салып жылай бастады. Мен үйден атқып шыға жөнелдiм. Анадайда ат кiсiнеген жақта қарайған бiр шоғыр көрiндi. Жетiп барсам, Алақ пен Жолақ аттарына мiнiп сайланып, менiң боз буырылымды ұстап тұр екен. Бiз үш салт атты сусылдатып жүрiп кеттiк. Шалықбек бұл жолы қасымызда болып өзi аттандырмады. Маңайдағы жұрт тосын бiр шапқыншылықтың болатындығынан қақас болсын дегендiк сияқты. Ауылдан ұзай бере сар желiске салдық. Көңiлiмде уайым, зерiгу болса, бұл маған табылмас шипа болатын. Жаңағы шеше қылығы кеудеме ауыр тас сап жiбергендей едi. Ат басын қоя берiп ағызып-ағызып аламыз. Бiр белден соң бiр бел көтерiлiп, қара түнде ұзақ жортатынымызға айғақ болғандай көңiлдi өсiре түседi. Шешеме байланысты əлдебiр мазасыздықтан əп-сəтте құлан-таза арылып, жорықтағы нағыз жаугершiлiк қалыпқа түстiм. Өзiм қаншама оза түсуге тырыссам да Алақ пен Жолақ екi жағымнан боз бурылымның артқы шабына аттарының тұмсықтарын емiнте жанастырып қалыспай келедi. Бұлар менiмен бiрге жортуылға көп шыққан, сыр мiнез сырттан жiгiттерден едi. Шын аттары Алмағанбет, Жолмағанбет. Өзiм Сабанбай атанған соң айтуға жеңiл болсын деп, олардың да есiмiн өзгертiп алғанмын. Алақ – ашамай сүйектi, жұқа өңi жалпақтау ақшыл келген, тегеурiндi жiгiт. Өзi сөзге де бар, екпiнi бет қаратпайтын əрi аса жылпың болатын. Ал Жолақ болса – оған қарама-қарсы, қозғалысы ауыр. Бiрақ аса қайратты, кеудесi енi мен ұзыны бiрдей шойын iспеттес, тiптi менiмен де күш сынасуға дəмесi барын бұрыннан бiлетiнмiн. Екi қолы алдына симайтын, ұртына су толтырғандай томпақ, қара өңдi, сөзге жоқ, тұйық едi. Бұдан бiр-екi күн бұрын Шалықбектiң тапсыруымен Алақ Қазыбектiң жайлауына барып, Қазыбек үйiн өз көзiмен көрiп
қайтыпты. Сол ғана жөн сiлтегенсiп, анда-санда сөйлеп қояды. Жолдың көбiн бiз үнсiз өттiк. Төбемiзден ақтаңдақ ала бұлттар бiзге қарсы жосып аспанда жұлдыздар азайып барады. Аттарды суыт жүрiстен жаңылдырмай келемiз. Қалың қол қайыстырғандай ауыр түн едi бұл. Мұндайда тағы да таң атып, күн шығатынына сену де қиын, қараңғылық мақпал шудасымен дүниенi аяусыз тұмшалап тастағанға ұқсайды. Алдымыз түн, тағы да түн, мəңгi түн сияқты көрiнiп, бiз селт етiп бой жаза алмастан жұтылып бара жатқандаймыз. Жүрген сайын ашылып отыратын түтiн iспеттес көкшiл жусанды жолымыз бен төбемiздегi жұлдыздарды көрсетпей қойған ақтаңдақ ала бұлттар ғана астымызда жер, үстiмiзде аспан барына айғақ болып келедi. Жүрiс қаттылығынан, екпiнiмiзден сескенетiн болса керек, анда-санда алдымызды құйрығын артына қысқан бөрi кесiп өтедi. Бiз түнi бойы жүрдiк. Аттар да, өзiмiз де ең бiр қызу серпiнiмiзге келдiк. Ендi таңға да аз уақыт қалған. Бұл жүрiсте көп алаңдап, анда-санда сараңдау сөз қататын Алақ қана. Жолақ болса ат үстiнде үндеместен, қыбыр етпей келедi. Денесi түн iшiнде одан сайын зорайып, отқа түсiп шыққан кеспелтек үлкен қара томарға ұқсайды. – Мына ылдида ең бергi шеткi үлкен ақ үй, – дейдi Алақ алдымыздағы түн қараңғылығынан əрең айыруға болатын қара қошқыл төбенiң бөктерiн нұсқап. Сарылдаған өзен даусы келдi. – Мына суы несi?– дегенiмде, «кiшкентай өзен, бөгетi жоқ»,– деп iле жауап қайтарды. Жақын маңда жайылған жылқылар пысқырынып, жылқышы ысқырығы қабат естiлдi. Өзiмiздi үлкен сойқан күтiп тұрғанын жəне жайшылықтағыдай бiрен-саранды қағып түсiрiп, мал қуып əкету емес, даусын шығартып, есi бар, ақылы бар адам алып шығу керек екендiгiн ескерiп, ойға түйгендей едiк. Жəне бар болғаны үшеу-ақ екендiгiмiздi де iшiмiзден еске алғамыз. Бiрақ бұл жасқану емес, баяғының сауыт асынған мұз жүрек батырларынша құрсана түсу едi. Түн əлi айықпаған кез. Бiз таңға жетпей тұрып iс қылуға бел байладық. Үнсiз аңысын аңдап, ат басын iрке судан өттiк. Өзен шынында кiшкене болғанмен, жаяу адамды тобықтан соғып құлатуға бар ағысы аса қатты боп шықты. Жердi дүбiрлете ары жүргенiмiзде аздан соң-ақ Алақ нұсқаған үй де көрiндi. Жанында кiшiгiрiм лашықтар тұр. Бiрақ қыз жататын сол үлкен үй екен. Жақындап барғанымызда үлкен-үлкен тайдай екi ит бiзге қарсы өре түрегелдi. Бiреуi жақындап кеп оң жағымыздан ала
бергенде Жолақ сойылмен қақ бастан қойып жiберiп едi. Қаңқ еткен даусы қара түнде құлақ жарғандай естiлiп, көкке шаншыла құлап түсiп үнi өштi. Екiншi ит басынан қорқып, жалт берiп керi қашты да, алыстан арп-арп етiп, əрi жолдасын жоқтағандай ұли үрдi. – Бұл кiмсiңдер-ай?– деген ұйықтамаған бiреудiң қойшы ма, жылқышы ма, сергек даусы естiлдi. – Бiз ғой,– деп Жолақ əншейiндегi тоңмойындығымен қырыс жауап қайтарды. Бiз үлкен киiз үйдiң тап есiгiне келгенде Алақ пен Жолақ дырау қамшы, сойылдарын сайлап, ат үстiнде қалды да, мен жерге түстiм. Тап осы кезде қасымызға қой күзетшiсi болу керек күпiге оранған жаяу бiр адам келдi. Жаңағы дауыс осынiкi болса керек. – Жаным-ау, кiмсiңдер мезгiлсiз уақытта келген?– дедi. – Үндеме, қайт кейiн!– деп, Алақ пен Жолақ қабат қамшы үйiргенде ештемеге түсiнбей тұрып қалған ол арқасын оңдырмай осып түскенде ғана етегiне сүрiне-қабына бас сауғалай жөнелдi. – Шапқыншы-ау, мыналар, қайтер екен?!– деп жылап жiбергендей дауыс естiлдi. Мен боз бурылымның ұзын шылбырынан ұстап есiгiн аштым да, қыз дөңгелек киiз үйдiң қай бұрышында жатқанын бiлiп алу үшiн қатты дауыспен есiмiн атадым: – Ақдидар! – Iштегi жылы леп бетiме жайлы тиген едi. Сорлы қыз топ етiп торға түсерiн бiлмегендей ыршып оянып, оң жақ керегеден «а» деп бейқам дауыс берiп қалды. Мен оған дейiн бiрақ аттап бардым. – Бұл кiм өзi, бұл кiм?– десiп екi-үш əйел қоса оянысып түрегеле бастады. Еркек даусы бiлiнбейдi. Мен көрпесiн құшақтай алып, шылбыр ұшымен орай бастағанымда, ыстық денесi кеудеме оттай тиген едi. Ол суық қолдар ыршытқандай, əрi шошып, шыңғырып қалды. – Əй, бұл қайсың?– деп, бiр қартаң əйел сол иығымнан жармаса түскенде мен қақ тұмсықтан қойып жiберiп, жалп еткiздiм. Үй iшiндегi əйелдер шу ете түстi. Олар сұмдық сырын ендi түсiнсе керек. Мен аужайға қарамастан қызды екi-үш орап алып, үйден ендi шықпаққа айналғанымда, аттан салған ол «Апа!» деп қатты айқайлағаны соншалық, əрi құлағымның тап түбiнен шыққандықтан басымды ызың еткiздi. – Сұмдық-ай, бұл не, бұл не?– деген кемпiр дауысы да құлақ жарып, жанындағы басқа əйел екеуi қызды арашаламақшы болып
жармаса қолдарын жүгiртiп едi. Оларды да ұрып жатқызар едiм, ыңғайы келмей, мен есiктен шыға бердiм. Қалай болғанымен де бiз оңай еңсере бастап едiк. Көршi лашықтардан да бастары дода-дода болып, айқай-шудан оянған өңкей əйелдер шығып келедi екен. Олар да шу-шу етiсiп, бұл ауылды не өрт алып бара жатқанын бiрден түсiнбей қиқуласып қара түндi дауыс басып барады. – Уа, Мақбек, Мақбек!– деп жаңағы кемпiрмен бiрге шыққан əйел көктi күңiренте жар салды. Жылқышыны шақырғаны екен. Ол қоқаңдаған немесiн: – Уа, не боп қалды, не боп қалды!– деп сойылын сүйретiп жақындай бергенде екпiнi қатты Алақ оқтай ағып өтiп, ат бауырына түсiрiп кеткенiн көзiм шалып қалды. – Қызымызды тартып əкетiп барды, елмiсiң, жоқпысың, ойбай?!– деген кемпiрдiң айқын даусы барлық əйелдi бiзге жауып салды. Бiрақ оларды Алақ пен Жолақ қойша сабап, бықпырт тигендей еттi. Бұл кезде мен де шырқырап, қолды-аяққа тұрмай бұлқынған қызды ат жалына көлденең салып, ерге қарғып мiнгенмiн. – Ақдидар, неткен сорлы едiң, сорлы боп туып па ең, құдай!– деп зар жылаған əйелдердiң бiрi дауыс салды. – Еркектердiң жоғын бiлiп келген ғой,– деп тағы бiр жас əйел сұңқ еттi. Осы соңғы сөз бiзге оқыс тиген едi. Манадан берi сонау қоқаңдап келгенiнде Алақ ат бауырына түсiрiп кеткен жылқышы мен басын сауғалап, тап мына қысылшаң шақта үй маңында болмай шыққан қауқарсыз күзетшi шалдан басқа еркек қара көрiнбей, тек əйелдермен шарпысып жүргенiмiздi ойға алғандай болдық. Кейiн бiлдiм. Мына көршi жайлаудағы бiреулер өлген өздерiнiң атақты адамына үлкен ас берiсiп, бұл ауылды тегiс шақыртыпты. Соған осындағы азаматтар бəрi көтерiлiп, жiгiт-желеңге дейiн қалдырмай арттарынан нөкер лапылдатып, салтанатпен аттанысып кеткен екен. Соның бəрiн iшiне түйген Шалықбек асқа өзiн де шақыртқанына қарамай, бой тасалай берiптi де, Қазыбектiң көзiн ала аңдаусыз жерден шырылдатып, оңайлықпен отқа сала қоймақшы екен. Тап бүгiн бiздi мұнда оқыс жөнелтуi де, қасыңа екi-ақ жолдас ерт деп күпсiнуi де сондықтан болса керек. Əйелдердiң азан-қазан шуы құлақ тұндырған едi. Тағы бiрде: – Апыр-ау, Ақдидардың өз шешесi қайда, шешесi қайда?– дескен дауыстарды да естiп қалдым. Бiз қызды алып шыққан
үйден шашы дудырап бiр əйел атып шықты да, Алақ пен Жолақтың арасынан тайсалмай өтiп, Ақдидарды алдына өңгерiп ендi ұзай берген маған тұп-тура жүгiрiп келе жатты. Аузын түгел қапқара қан жауып кеткенi түн болса да ап-айқын көрiндi. Бұл жаңа үй iшiнде маған алғаш жармасып, одан мен тұмсығына қойып жiберiп, от басына құлатып кеткен əйел болатын. Есiн жаңа жиып үлгерсе керек. Ақдидардың өз шешесi – осы. Өзiме қарай оқша зымырауынан тайсалмай қайрат қылып бағатынын сездiм де, жақындай бергенде қамшымен арқасынан осып жiберiп, үзеңгiмдi құшақтай жығылғанында аяғыммен қағып шалқасынан түсiрдiм. Құлындағы даусы шығып шырқыраған Ақдидар құшағымда бұлқынып, көкiрегiмдi ыстық алғандай өзiмнен кенет əл кете бастап едi. Сонда да боз бұрылымды аздап бүлкiлiне бастырып, əлi де ұзай түстiм де, бiржола матап қысып ұстап алдым. Түн жамылып ұзақ жортып келген бiз тыныш ұйқыда жатқан бейқам ауылды аяғынан тiк тұрғызып, ұлардай шулатып қалдыра бердiк. Алақ пен Жолақ əйелдерге ендi тиген жоқ. Олардың өздерi де бастарынан қорқып, бiзге шаптығуын қоя бастап едi. Тек қана майталман кемпiр даусы үмiтiн жоймағандай естiледi. – Жалғызымның жалғызы едi, қарақтарым, аясаңдаршы,– дегенiн ұстамдылықпен айтты. Бұл – Қазыбектiң шешесi Күңке деген кiсi. Аса дiлмарлығымен ел арасында атағы шыққан адам. Алақ пен Жолақ аттарына қамшы басып жөнеле бергенiнде əйелдердiң бiрi айқай салып: – Жарқындарым-ау, жөндерiңдi айтып кетiңдер, қайда апарасыңдар Ақдидарды?– дедi. Сонда Жолақ атының басын тартып бұрыла қарап: – Ақдидарды бiз Шалықбек байға апарамыз. Анау өңгерiп бара жатқан Сабанбай батыр. Сендер, қатындар, көп шуламай үндерiңдi өшiрiңдер. Өңкей қатынбыз деп үрпиесiңдер ғой. Еркектерiң болса да бiз қорықпас едiк. Ақдидарды бiз жоқта əкетiптi деп көпiретiн еркектерiңдi ит қылмай келгенiмiзге онан да рақмет айтыңдар,– дедi. – Бəсе, мынау Сабанбай, Сабанбай!– десiп, Шалықбектiң де атын атасып, əйелдер тағы шулады. Алақ пен Жолақ қасыма соқтыра жеткенде, қыз даусы сыңсып, өзi қатты əлсiреп кеттi. – Құдай-ау, өлдiм-ау, өлдiм-ау, аясаңдаршы, адамсыңдар ма, босатыңдаршы. Буынып барамын!– деген сөздерi үздiгiп шықты. Шолпысы салбырап, өзi алдымда көлденең жатқандықтан ұзын
бұрымдары ат тiзесiнен аса салбырайды. Үстiндегi көйлегi ақ болғандықтан бiз заржақ əйелдерге көпке дейiн көз жаздыра алмадық. Осы кезде құлақтан өткен аса бiр қатаң дауыс естiлдi. Жалт қарағанымызда ол үй қасында жылап-сықтасқан əйелдерден бөлiнiп шығып бiзге жақындап келген Күңке кемпiр екен. Анық қайрат иесi тап қазiр осы болып шықты. Ол көкiрегiнен күй төгiлгендей ғажап бiр үнпаздықпен ақтарыла жөнелдi. Өз өмiрiнде қорлық пен зорлықты көп көрiп, көп айтқан ана қандай қысылтаяң күтпеген оқиға болмасын, əр кезде де ақын көкiрегi сай, сақ тұратын болса керек: Аруақты батыр баласы-ау, Атаңның атын ел берген Ерлiгiн оның ел көрген Қалмаққа шапқан Сабанбай, Қай дұшпан оған тең келген, – деп, ел аузына тарап кеткен атақты өлеңдi тап осы арада суырып айтып едi. Алақ пен Жолақ екi жағымнан аттарын ойнақшытып, қараң-құраң ауыл маңынан сусып ұзап барамыз. Кемпiр талмай төгiлттi: Аруақты батыр баласы, Көңiлiңе бiр сөз түйетiн, Аспандағы сұңқар құс Аққуды құшып сүйетiн. Ағайынның асылы Өзiңе жаным иетiн. Шалықбекке қор қылмай, Ақдидардай аруды Өзiңе қоспақ ниетiм. Ақ, батамды ал, балам, Мен анаңмын зарлаған. Менiң өзiме айтылған, Сабанбай басыма айтылған осындай сөздерден кейiн осынау түндi жамылып ары жүре беру маған қорқыныш сияқты көрiндi. Əрине, ол сөздердiң мағынасы еш қызықтырған жоқ менi. Темiр тордың қасиетiн бiлмейтiн, қанша тырбанса да құтыла алмасына ақылы жетпей қанаты талып, құлап түскенше тыпырлап бағатын кiшкене құстар болды. Сондай бiр ессiз бұлқыныстан
қайтпай келе жатқан қызды уыстап ұстаймын деп талғандығым ба, жоқ əлде тап қазiргi қауырт қимыл есеңгiретiп тастады ма, əйтеуiр кеудем отқа қақталып, буын-буыным сiресiп қалғандай артық бiр қимылға жоқ едiм. Əсiресе шырқыраған даусы құлағымнан өтiп, əрi əйелдердiң айқай-шуы бəрi түн даласын даңғаза етiп, басымда дұрыс ой қалмаған. Бiрақ өзiмнiң анық қайрат иесi екендiгiме бұрнағы кездегi белдi балуан дегендермен күш сынасып, барымта үстiнде сойылмен соғысқанда емес, тап қазiр көзiм жетiп келедi. Дүниеде қандай ауырлық болмасын, былқ етпей көтерiп жүре беретiн өгiздей жуан мойынды екенiмдi түсiнем. Тау көтерiлiп үстiме мiнгендей. Бiрақ мен сыр бермей соншама бейтарап салқындықтан жазбай келемiн. Бiз өзеннен өтiп, арғы беткейге көтерiлгенде саңқ еткен кемпiр даусын соңғы рет самал жеткiздi. Алдыңғы айтқандарындай зар мен тiлек емес, ыза мен күйiк кесегi едi бұл: Аруақты батыр баласын Қандықол еткен, Шалықбек, Тозаққа барып жанып кет! Осы кезде Ақдидар оң иығымнан бүре ұстап, басын көтерiп алды да, əжесi жаққа: – Əже, əже, апам, апам...– деп зар қағып айқайлады. Бiрақ таң алдының суық желi даусын керi айдап əкетiп, бiздiң маңдай алдымыздағы тау қуысына апарып жаңғырықтырды. Ақтық қуаты осылай бiр бас көтеруге ғана жарап, шалқалай бере бiлегiме қатты талықсып құлап түстi. Бар денесiмен демалуы жүрегiнiң қатты шошынғанын, оның оңайлықпен басыла қоймасын айтып тұр. * Бiз жортақтап бiраз жүргеннен соң-ақ таң сыз бере бастаған. Жолақ сойылын сайлап ұстап, басын төмен салған күйi үндемей келедi. Алақ қана анда-санда Ақдидарға тамсанып қояды. – Бүгiнгi олжамызға мырза қалай қарық болар екен?– дейдi. Бiрде Ақдидарды өзiнiң алып жүргiсi келiп: – Сабанбай, қолың талды ма, менiң алдыма өңгер,– дейдi. Оны естiген Жолақ атын ойқастата тiзгiнiн тартып, Алаққа жалт қарады. «Саған жол жоқ, кезек менiкi»,– деп, өршеленiп, сап ете түскiсi келгенге ұқсады. Мен екеуiне де өңгертпестен өзiм алып
жүре бердiм. Таң бұл кезде қарсы алдымыздан өң-түссiз бозарып атып келедi. Əбден талықсып өлiмшi болған Ақдидар қыңсылауын қоймаған. – Ағатайлар, жiберiңдершi, жалынамын!– деп ыңырсиды. – Ей, Ақдидар, Шалықбектей байдың сүйген тоқалы болады екенсiң. Одан артық не тiлейсiң құдайдан? Əке-шешең ертең сенi мал үшiн бiр сасық байға берiп жiбередi. Одан бiздiң Шалықбек мырза көш iлгерi емес не? Адамның зиялысы ғой ол,– деп Алақ жалпақтап қойды. Əзiрше Ақдидарға тiл қатпай келе жатқан Жолақ екеумiз ғана. Үлкен суларда болатын, əлдеқалай жем iздеп, шалшықты шағын суларға адасып келетiн ақ сазандар бар. Ол қармағына iлiнiп, суырып алған балықшының көпке дейiн күтпеген табысқа көзi үйрене алмайды. Мен тап осы халде едiм. Қасымдағы Алақты тiлiн салақтатып, көзiн сата берген төбеттей iшiмнен жек көрiп келемiн. Оған əлдеқалай оқты көзiмдi қадап едiм, ол жым болып жуасып, жүзiн бұрып əкеттi. Бұл Ақдидар десе Ақдидар едi. Алдымда сұлап жатқан ол таңмен бiрге көркiн ашқандай. Бiздiң тасырлатқан жүрiсiмiз əбден шайқап, былқылдаған денесiнен бiржола əл кеткен. Аппақ таң бозындай жүзiнде көкпеңбек бiр нұр, кейiс бар. Аздап шалқалау жатқан ол шарасынан шыққан көздерiн кейде маған қадайды. Оның осы қарасында қип етсем аузына түсiп кетермiн дейтiн бөрi аңдыған жаралы құстай сорлылық бар едi. Бiз тынымсыз жортып келемiз. Ақдидар менiң қолымды əбден талдырған. Бiрақ оған қарайтын мен жоқ. Құшағыма от түсiп, жалын iшiнде лапылдап келе жатқанға ұқсаймын. Белгiсiз қуат көтерiлiп едi менде. Ақдидар ендi соншама бiр нəзiк, шарасыз үнмен жылауға көштi. Көзiнен жас бiлiнер емес, жол бойы шашырап, суалып бiтсе керек. Қос бетi құлағына таман жиырылып, аузы мен мұрнының екi жанында шексiз мехнат, көр азабы бейнесiндей айықпас iз қалған. Пышақ қырындай аппақ жiңiшке иегiнде жан жоққа ұқсайды. Ауыр күйiнiшпен қабат, əлсiн-əлсiн өңiн ұялайтын суық елес байқалады. Қолымда бұралған жұмсақ босаң денесiнен де сылқ етiп жан кетiп қала ма деген қауiптi ойлауға болатын едi. Ол жылаудан айықпады. Кiмнiң қорлығы, кiмнiң зорлығы екенiн ашып айырып айта алмайтын жас балаша ол көбiне шешесiн, əжесiн, «көкем» деп əкесiн атап жылайды. Егер қыз дауыс шығарса, күндiз жол жүрмеңдер деп Шалықбектiң қатаң тапсырғаны бəрiмiздiң ойымызда. Ақдидар-
дiкi қатты дауыс болмағанымен, бұл күйiмiзбен жолдағы елдiң көзiне түссек, сұмдық iсiмiздiң бетiн ашып алуымыз мүмкiн. Ал бiреу-мiреу мұны бiзден айырып алар-ау деп сескенбеген күннiң өзiнде де жұртты шулыған ете беру дұрыс емес. Бұл кезде күн де шыққан. Бiз дереу бiр тасалау жердi тауып, күнi бойы бұғып жатуды ойластырдық. Мұның өзi Алақ пен Жолаққа аса көңiлдi, қызық көрiнгенмен менiң өз басыма төзгiсiз ауырлық едi. Шалықбек осы iске жұмсағанда ең үлкен сенiмiн өзiме артқандықтан ба, жоқ əлде мына қолдағы сорлыны жылапсықтатып қойып, күнi бойы қасында қасқырша аңдып отыруға дəтiм шыдамасын сезем бе, кiм бiлсiн, ол жағын өзiм де айыра алмаймын. Бiрақ амалсыз жағдайға көнуге тура келедi. Бiз келген жолымыздан алыс ауытқып барып, қайың өскен шағын тоғай iшiне кiрдiк. Ортасын өрт шалып кеткендей бiр кiшкене алаңқай таптық та, соған келiп аттан түстiк. Бұл бiзден де бұрын талай адам тасалаған жер екенi көрiнiп тұр. Ақдидарды босатқанымда, ол алаңқай ортасында қоянша шоқиып отырды да қалды. Бiз аттарды қайың арасындағы биiк қау шөпке қойып кеп көлеңкеге жаттық. Бұл күйiмiзбен уақытты тез өткiзетiндеймiз. Күн əп-сəтте-ақ арқан бойы көтерiлген едi. Жатысымыз жайлы болатын. Ақдидар алаңқай ортасынан тапжылар емес. Тек қана қанатына оқ тиген құстай көздерi жаутаңдап қарайды. Көбiнесе аңдитыны мен. Өзiн ажалға бiр-ақ тақаған қатты тұяқ кiмдiкi екенiн танып қалған даланың кемтар ақ қоянына ұқсайды. Андасанда өксiк буғанда селк ете түсiп, жүрегi ұша, өңiн қорқыныш жеңедi. * Ақдидарды Алақ пен Жолаққа бақтырып қойып, аздап тынығып алғым келгенмен, əлдебiр ой өзiмдi тынымсыз шымшылап, «ұйықтама, ұйықтама» дегендей əлсiн-əлсiн ыршыта бередi. Жалпы байқағаным, тап осы түннен бастап мiнезiме бiр өзгерiс енген едi. Бiресе бұрынғыдан да ойсыз меңiреу болып бара жатқанға ұқсаймын. Қолдарым əлденеден мезгiлсiз босап қалғандай алдыма сыймайды, атып тұрып айналадағының бəрiн ұйпап кеткiм келедi. Бiрақ амалсыз шыдап, тасыған қайратпен буын-буыным түгел ұйып, бауырымды жерге жабыстырып жатырмын. Алақ қызды сөзбен қажауын қойған, ендi ол да етпеттей түсiп үндеместен қозғалақтап қойып жатыр. Одан əрiде
Жолақтың балуан денесi көрiнедi. Ол өңi қап-қара боп түйiлген, қанат серiппей отырған жабайы бүркiттей тұйық. Ақдидардан көзiн алмайды. Көйлегiнiң етегi кең жайылып, Ақдидар күн сəулесiнен шаңқан тартқан аппақ бұлтқа ұқсайды. Оның жерге шөгiп отырған отырысы ерекше қызықтырып, көзбен көрiп, қолмен ұстауға болмайтын алыс дүниедей. Оның жаны жалын, денесi өрт қана емес, асқан сұлу да екендiгiне осы күн сəулесi астындағы көркi айғақ едi. Маңдайын қолымен тiзесiне басып, əлсiн-əлсiн жылағысы келедi. Бiрақ көзiнде жас, тамағында ашық үн жоқтығы мысын құртып, көкiрегiнiң қарс-қарс айрылғанын байқайсың. Шамасы келгенде үздiгiп айтатыны бəз-баяғы бiр сөз: «апам-ай, апам-ай»,– дейдi. Ол сөйтiп, шаңқиған күнде отыра бердi. Бiз түске шейiн оған бiр сөз қатпастан, өзара да үнсiз болдық. Ақдидарға қарай-қарай көзiм талды бiлем, шалқамнан түсiп аспанға қарап жаттым. Ағаштардың шашақ ұштары желкiлдеп, теңiз түбiндей көгiлдiр, тап-таза ашық тұңғиық жан тереңiнен нəзiк бiр сезiм көтерердей. Қол жетпес арман, мақсат барын айтады да, сағымы дiрiлдей толқып биiктей түседi. Басымда ақты-қаралы ойлар араласып, сұлулықтың қас көркi мен жауыздықтың алапат бейнесi алма-кезек жарқылдасқанға ұқсайды. Табиғат та, күн астындағы Күнiкей Ақдидар да, Алақ пен Жолақ та ешқайсысы үн қатпайды. Жақын маңайда құстар сайрамайды. Шегiртке шырылына шейiн бұл маңда саябырсып, əлдеқайда ағаш арасынан талып естiледi. Дүниенiң жұмбақ көркiндей бəрi де менен алыс кеткен. Көкiрегiмде жаңа ғана көз ашып, көзайым болған ояу сезiм бардай. Бiрде өзiм қағыс еститiн даналардың сөзiне құлақ түргiм келедi. Бiрiнен-бiрi басым, бiрде зорайған, бiрде баяу алуан үндер келедi. Ел дауы, жер дауы кезiнде үлкен ақ үйлерден аңқылдап шығатын жарыспа үндер. Аталы сөз иесi ақсақалдар келедi көз алдыма. Саңлақ көкiрек кəрi қобызша аңқылдатып күй төккендей. Бiрақ тап қазiргi аспан мен жер үнсiздiгiн жеңе алмай, көкiрегiмдегi ояу сезiммен жалғаса алмайды. Айналам сол тыншу күйiнде. Ең құрымаса шегiртке шырылының жақындаған үнiн естiсем деймiн. Бiрақ құлағыма ешнəрсе жетпейдi. Ауыр тыныштық езiп, жаншып барады. Атып тұрып ғажап бiр қайрат қылғым келедi. Бiрақ бұл бұрынғыдай ессiз делқұлы қайрат емес, жүрегiм өзiме де сездiрмей аңсап iздейтiн сағыныш бейнесiне ғана арналып ширыққан қайрат едi. Бiрде Ақдидарды тағы да алдыма өңгергiм келедi. Үлкен анасы
Күңкенiң артымыздан жылап, өлең төккендегi көкейiмде бiрден жатталып қалған бiрен-саран сөздерiн еске аламын. Неше түрлi қиюсыз жанасып, тоғысқан ойлар маза бермейдi. Бiрде сонау аспанда Ақдидарды да, менi де шоқығалы келе жатқан қара қарға болып Шалықбек елестейдi. Ойларымда, сезiмдерiмде өзiмдi алып жейтiн қара ниеттiлiк те бар. Дүниенiң бəрi бiр нүктеде шектелiп, арғы шешуiн өзiн тап деп қасарғандай. Бiрақ өзiме жолбасшы етерлiк көкiрегiмде бiр саңылау, ақыл сəулесi болмағандықтан неге сүйенерiмдi бiлмеймiн. Басым көңге айналып кеткендей ешнəрсенiң түбiне жетiп, ой ойлай алмағандықтан, əр елестiң шиырында бiр кетiп, шым-шытырыққа қаламын. Тал түс болған кез. Байқаймын, Алақ та маңдайына көлденең тастаған бiлектерiн төсеп, маужырап жатқан. Бiр уақытта жердүниенi дүрс еткiзе Жолақ орнынан атқи жөнелдi. Алақ екеумiз басымызды жұлып алып, соңынан қарағанымызда Ақдидар өзi отырған алаңқайдың ар жағындағы ағаш қалыңына қарай қаша жөнелген екен. Кеудесi көйлегiмен ұлпадай əсем, ақ балтырлары шөп арасынан күнге шағылысып жарқ-жұрқ етедi. Жолақ оны екi-ақ аттап қуып жеттi де, шап берiп ұстап, қалыңға құлата салды. Ақдидардың бұл қашып құтылмақ ойы емес, тек қорлық пен зорлыққа көнгiсi келмеген көңiл далбасасы болса керек. Жолақ аппақ денесiнiң əр жерiнен ыршытып ұстап, орнына əкеп отырғызды. Ақдидар анық сорлы халге ендi түстi. Маңдайын тiзесiне басып, шын қамкөңiлдiлiкпен еңiрей бастады: – Қыз болып желкiлдедiм деушi едiм. Бар күткенiм осы екенау. Апам қайда, көкем қайда? Қара түн боп кеп айырдыңдар-ау олардан. Өлiм келiп өзiмдi ғана алсайшы, еш сорлы тағдырыммен оларға да қан құстырармын ба, тумай-ақ қойсамшы. Ата-анамды жылатып, қалың елдi шулатқан жазықты басым қайтейiн? Қай тасқа соғылып өлейiн? Ақдидар түнде алғаш даусы шыққаннан берi өзiнше бiр жылау əдiсiн тапқан сияқты. Тап қазiр ол ес-түссiз шырқырай беретiн қуыршақтай Ақдидар емес, көптi көрiп, көп жасаған қартаң аналардай өзiнiң ғана емес, өзгенiң мұң-мұқтажын, қазасын сиғызатын жоқтау сарынына түскен. Толғаудай ұзақ осындай бiр күйiнiш шерiн түсiнетiн өзiмде де бiр түйсiк оянып қап едi. Менiң назарымды аударған Жолақ. Ол байлаулы айғырдай Ақдидар маңынан айналып шықпады. Ақдидардың денесiне жаңа қолы тиюi оған бiр мiскiн iс-əрекеттi ойлатса керек. Ендi ол оның шынтағынан ұстай тартып, өзiнiң дөрекi құмарлығымен
Ақдидарды қинауға салатын түрi бар. Мен шыдамадым. Орнымнан тез тұрып бардым да, Жолақтың иығынан алып, кейiн қарай жұлқып тастадым. Ол сонда маған бұрылып жаман көзiмен қарап едi. Оның осы қарасы əлдеқалай бiр əңгiмеде айтылатын тарғыл мысықты есiме түсiрдi. Бiр үй иесi тамаққа тигенi үшiн өзiнiң тарғыл мысығына қол жұмсап, əрi қатты зекiп жiберген екен. Сонда жəбiрленiп қалған мысық күнi бойы иесiнен көз алмай қадалумен болыпты да, түнде ол ұйықтап жатқанда кеңiрдегiне қонып отырыпты. Тарғыл мысықты ұруға, я зекуге болмайды деген ел аузында сөз бар. Жолақтың тап қазiргi қарасы иесiне қастық ойлаған сол тарғыл мысықтай жаулыққа толы көрiндi. Бiрақ оған назар аударып, мəн бере қалсам, оның алдында Сабанбай атым кiшiрейiп көрiнер едi де, өзiмдi намыс күйдiрiп кеткен болар едi. Сондықтан оған балуан жотамды бере Ақдидарды жөндеп отырғызып орныма жүре бердiм. Алақ та жалма-жан түрегелiп қалыпты. Ол Жолақ екеумiздiң арамызда əлдеқалай жаңсақ қимылдан бақастық туып кете ме деп жорамалдағанға ұқсайды. Егер шынында бiз тiс салысып аңдарша айқаса кетсек, үшiншi болып шығатын Алақ қайсымыздың болсын жеңiсiмiздi пайдаланып, жеңгенiмiздiң басын алып үлгеруге жалақ қаққандай. Көздерiнен жарқ етiп, тез сөнген сəуле байқадым. Мен орныма келiп қайта жатқанымда, ол да тез аяқ-қолын бауырына бүге қойды. Жолақ жуан мойнын бұрып, ауаны иiскегендей бiраз тұрды да, бұл жолы бiзден аулақ барып жатты. Iшiне қара тастай кек түйгенге ұқсайды. Тап осы сəтке дейiн дүние менi басқаша тербете бастап едi. Ашық аспандай уыз жастық көркi көкiрегiме дес берiп, бұрын болмаған бiр сезiмдер, бақыт көлденеңдеп өткен. Соның бəрi ендi бет пердедей жұлынып, жорық үстiндегi жау жүрек қатал қалпыма түстiм. Көз алдыма Шалықбек келдi. Оның жүндес қара жүзi қамығуға түсiп, менiң Сабанбай атымды кiнəраттап отырғанға ұқсайды. Мен тұғырында дүр сiлкiнген бүркiттей өз түсер аңымды анық болжап алдым. Ақдидар аппақ қозыдай момақан күйде иiлiп күнсiп отыр. Бiз үш арлан бөрi ортамыздағы жемдi қайсымыз бұрын қағып түсемiз дегендей бiр-бiрiмiздi аңдып, кешке шейiн үндеместен жаттық. Ол күнi қайтып арамызда ешқандай оқиға болған жоқ. Күн батып iңiр қараңғысы түсiсiмен Ақдидарды алып бiз тағы қозғалдық. Бұл жолы да оны өзiмнiң алдыма алдым. Өткен түндегiдей емес, бүгiн алып жүру оңайға түстi. Бұлқынған да, дауыс та шығарған
жоқ. Тек анда-санда жұмсақ үлпiлдек денесiне қолым қатты тиiп кеткенде ғана «ың» деген дыбыс шығарады. Бүгiн кешегiден өткен қара түн болды. Бiз ұзақ жортып таң алдында ғана Ақдидарды Шалықбек үйiнiң алдына əкеп түсiрдiк. Шалықбек бiздi ұйқысыз көзiмен қарсы алды. Қасында еркек атаулыдан өзiмен аталас, əрi сыбайлас бiр шал ғана бар. Қалғандары – өзiнiң бəйбiшесi, тоқалы көрiнбейдi, күң есептi кедей көршiлердiң əйелдерi. Менiң шешем де осында екен. Ақдидарды аттан түсiргенiмде, ол аю үңгiрiне келгендей бiр орында қалшиып тұрып қалды. Алдындағы қараң-құраң адамдарды жатырқай шолып, түсiнiксiз көрiнiс елiткен жас баладай, осы түнде басының қандай сұмдыққа байланбағын ашып аңғара алмаған кейiп бар. Мен ары қарап тұрмастан, атымды Алаққа тастай сала өз үйiме қарай адымдай басып жөнелдiм. Күндiз ел көзiнен тасаланып жолда бекiнгенiмiзде қыз қасындағы қисықтығы үшiн Жолақты иығынан жұлқып тастағаннан кейiнгi бiр сəтте осы Ақдидарды Шалықбекке аман жеткiзсем деген бiр арман туып едi. Сабанбай атымның шаң жұқпас сұлу мұнарасын сонда ғана анық көрермiн деп ойлағанмын. Бiрақ бүгiн түнгi жүрiстен көңлiм тағы бейжай қалды. Жоқ бұл сұлу қызды алдыма алып жүргендегi оянған жiгiтшiлiк сезiмiм ғана емес. Денем əлденеден қатты жаншылып, ұзақ ауыр дерт күшi жеңгендей, дүниедегi қорлық сырын бүгiн түнде жортқан тау мен дала өзiнiң селт етпес мылқау үнсiздiгiмен көкiрегiме ұзақ уайым етiп құйған едi. Сан рет түк таппай сандалақтап қайтсам да, өз басымнан қайта-қайта ақыл-парасат iздеп əуреге түсемiн. Бүгiн түнде алғаш рет мен өз шешемдi жорық үстiнде еске алып көрдiм. Өңi, тұтас тұла бойы түгел селкiлдеп, шел қаптап түсiн айырғысыз, анық ғазап бейнесiне ендi ғана ұқсаттым. Бұл шаққа дейiн менде жiңiшке түйсiк, адам мен адамды тiлсiз табыстырып, не алыстататын нəзiк сезгiштiктен жұрнақ та болмапты. Атадан балаға берiлiп, адамның өз басын көре бiлетiн бiр асыл қасиетiн мен өзiмнен таба алмағандаймын. Əлдекiмнiң қақпақылында кетiп жоғалттым ба екен? Ақдидарды Шалықбек үйiне түсiрiп, өз лашығыма қарай адымдай басып жөнелгенiмде қарсы алдымнан қара түн ұйтқып кеп, жерге қалай болса солай шоқайып отыра кетiп, жылап жiберердей төзбес қорлыққа ұқсас бiр күштi сезiм соққысы тиген. Жоқ, мұны жүз жерден құрастырсаң да жеңiл түсiндiргiм келмейдi. Егер бұл екi түн ат үстiнде алдыма
алып жүргендегi Ақдидарға бауыр басып қалғандығым ғана болса, басым мұнша сорға қалмас едi ғой. Мен қандай да болмасын бiр ақыл керек қылдым. Бұл өмiрден, бұл тiршiлiктен өзiмнiң алыс екенiм, оның таптырмас кiлтiн, дауасын жоғалтқаным айқын едi. Тап қазiр екi түн жортқан ұйқысыздықтан соң өз үйiме жетiп құлағалы келе жатқан шағымда басымдағы сұрапыл ойлардан бiр ажыратқаным, аңсап тiлейтiнiм ел-елдi кезiп, жер бетiнде бiр ақылгөй балшы мен бақсы тапсам, аяғына жығылып өмiрiмнiң дауасы неде екенiн сұрап бiлу едi. Бұл дүниеде көкiрегiмдi күйдiретiн дерт қана торып жүргендей, басымды, бақытымды арашалап алмаққа жан таласқан шағын сезiмiме ұқсас. Мен үйге келе құлай кеттiм. Шалықбек ордасында не болып жатқанын ойлағым келмейдi. Көзiмдi жұмысымен бiрауық ұйқыға емес, мұнар iшiнде жүзiп жүргендей, əрi көкiрегiмдегi ыстық от басылмады ма, ояу жатып-ақ сиқырлы түс елiттi. Бетiме аққу қанаты сарт-сұрт тигендей əрi жалын леп бiлiнедi. Бiрде көз алдымда аңдар шұбырады. Мекенiнен мұз көшкiн айдаған сорлы аңдар. Бiрде олар ақ жаулық тартқан əйелдерге ұқсайды. Боздап, аңырасқан зарлы дауыс көтерiлiп, дүниеде қандай мұңлық болмасын сор заманның қара туының астына жиналуға шақырғандай. Мен ұйқыдамын ба, ояумын ба, өзiме де айырғысыз. Тек өлi мен тiрiнiң арасында жатып, екi дүниенiң азабын бiрдей шеккен, көр санасы оянған жанға ұқсаймын... Көп жатқан жоқ едiм. Қазанды шақырлатып қырғандағы құлақ тiтiркенетiн жайсыз дыбыстай алыстан шарқыраған дауыс оятты менi. Басымды жұлып алғанымда мезгiл ай-жай, далада əлдеқашан күн шыққан. Уақыттың мұншама тез өтiп кеткенiне өзiмнiң де таңым бар. Киiз есiктi мытап ұстай сыртқа атып шыққанымда Шалықбек үйiнiң маңында тойға жиналғандай көп жұртты көрдiм. Ауылдың ақсақал-қарасақалдарынан бастап, жiгiт-желең, қызкелiншектерiне шейiн қаптап кетiптi. Нағыз салтанат үстi дерсiң. Қызыл-жасыл матаға бөленiп, сəндi киiнгендер көз тұндырады. Жаңағы дауыс Ақдидардiкi болып шықты. Ол қанатымен су сабалаған аққудай екi-үш жiгiт пен ұзын кимешектi кемпiрдiң көп көзiнше уысына симай жүр екен. Тұрғандардың барлық назары сонда ауса керек. Мынасына қарағанда Ақдидардың кешегi бiзге көрсеткенi қарсылық та емес едi. Топ iшiнде даусы көктi жарып, жеке-дара ұлан-асыр қимыл жасауда. Қорлық пен зорлық ортасында тəнiн қанға малып бiткiсi келген ақтық қайратына
басып дүниеге өзiнiң қазасын адақтатқысы келгендей. Бiрнешеуi бiр-ақ жабылғанмен Ақдидарға əлi келмейдi. Бəлекей кемпiрлердi ұршықша иiрiп, екi жағынан ұстаған жiгiттерге де бой бермей өзiнiң кеудесiмен босанып құтылып шықпақшы. Адам бойында бiр жасырын қайрат болады. Мынау тап соның көрiнiсiндей. Басым тұман, көңiлiм көр едi. Мынау ертеңгiлiк шуақ пен күмiсше жарқыраған Ақдидардың көрiктi асау тұлғасы ендi күн сəулесiндей бəрiн ашып айқын еттi. Көкiрегiме құйын кiрiп өз басымның орасан еркi оянды. Тау құлатып, тас домалататындай ғажайып ерiк. Оның алдында өзiм шыбықтай əлсiз, бағынбай бой тартына қалуым мүмкiн емес едi. Мытап ұстаған киiз есiктi артыма сiлке тастап, топқа қарай тура жүрдiм. Жақындап барғанымда келiсiме назарын аударғандар жарыла жол бердi. Мен ендi ғана шындап байқадым. Ақдидардың өң-түсi адам танымастай қатты бұзылып кетiптi. Кеше ауыр уайым ғана бар аппақ бетiн ендi өлiктей суықтық басқан. Тек дудыраған қою қара шашы ғана одан сайын сəнмен толқындана түсiптi. Олардан арырақта қолын алдына ербеңдете созып, əлдене айтқысы келгендей өзiне бағынышты кемпiрлердiң, əрi екi-үш жiгiттiң Ақдидармен арпалысына қарап Шалықбек тұр. Тiсi тiсiне тимей сақылдап тұрған сияқты. Ақдидардың көнбес қылығы өзiн қатты шошытса керек. Дiрiл қаққан қос жанарында iндегi суыр көзiндей емiс-емiс ақшыл сəуле ойнайды. Мен қастарына барғанда көмек күте өзiме қарағаны соншама жексұрын көрiндi. Осы кезде тап бүйiрiмнен келiп қалған шешемнiң саңқ еткен даусы маған оқыс тиген едi. Мен жалт қарағанымда, ол бiржола ширығып оқтай ашумен атылғалы тұр екен. Жұрт назары да соған ауа қалды. Шешемнiң күнге күйiп қап-қара болған қыртысқыртыс əжiмдi жүзiнен екi-үш алмастай тамшы домалап, жол сызып өтiп үлгердi. Бiрақ өзi тiптi де босаң емес: – Сұр жылан! Сен бала емес, iшiмнен шыққан сұр жылан болдың! Аямаймын сенi!– Көзiнен қат-қат тамшы тағы домалап кеттi. Мен өмiрiмде бiрiншi рет туған шешемдi осы арада ғана аядым. – Сенiң əкеңдi анау тұрған Шалықбек өлтiрген! Ұқтың ба? Қаны-қарызы соның мойнында! Соның ит тепкiсiнен өлiп, құнсыз, даусыз кеттi. Сен, ақкөз сорлы, ер болсаң соны қусаңшы! Əке аруағын да ойлайтын күн туды! Тұрған жұрт шашау шықпай тез иiрiлiп, селт етпестен қатып тұрып қалған. Тек бiр орта жастардағы ер адам ғана шешем сөзiнiң тұсында:
– Апыр-ай, мына кiсi қатты кеттi-ау,– деп жүзi шыдамағандай бұрыла берiп едi. Осы кезде қасыма шүйлiге жеткен Шалықбек те: – Мына қақпас шешең не дейдi, мына кəрi қақпас?! Қураған, қу заржақ!– деп бүркiт қанатындай қара қастары көзiнiң ортасына шүйiлiп кеп, түбiнен қопарылатын кəрi терекше бар денесiмен қалш-қалш еттi. Басыма екi тоқпақ қабат тигендей. Одан əрi мен сөз ұқпайтын едiм. Тек қана шешемнiң: – Жалғызымды қоса жұттың, сен Шалықбек! Жалғызымды жұттың!– деген соңғы айбаты ғана пышақ кескендей айқын жеттi. Мен Ақдидарды желкелеген бəлекей кемпiрлердi қаңбақша ұшырып, кешегi Жолақтың иығынан алғанымдай жiгiттердiң бiрiн бар тегеурiнмен шап берiп, артына қарай шалқаң еткiздiм. Қонжитып жiберуге дəтiм жеткен жоқ. Қолдан босап қалған Ақдидар жерге отырды да қалды. Осы кезде мен Шалықбек үйiнiң сыртында үлкен мама ағашта байлаулы түннен суып тұрған боз буырылыма қарай жүгiрдiм. Ерi алынбаған тың қалпында ойнақшып тұр екен. Мен шылбырын шеше үстiне қарғып мiнiп, үй iргесiнде шаншулы тұрған сойылды да қарыма iлiп алуды ұмытпай, топ ортасына құйғыта шауып келдiм. Тұрған көпшiлiк менiң не ой ойлағанымды болжады ма, қайдам, əйтеуiр Ақдидарға таяу тұрғандары тым-тырақай маған жол аша серпiлiп, топ iшiне сiңiсiп кеттi. – Ақдидар, кел берi. Өзiм құтқарамын!– деп қасына шауып келгенiмде айдалада жалғыз қалған ол ат үстiндегi маған көзi түсiп шошып кеттi бiлем, селт етiп қолын көкiрегiне баса қойды. Ай-шайға қарағам жоқ, жерден iлiп алдым да, өзiмiздiң жайлаудан əрi күмбездей шошақ-шошақ боп көрiнiп, адам аяғы баспайтын қия тасты биiк тау құздарына қарай шаба жөнелдiм. Көз көрiп, құлақ естiмеген бiр оқиғаның басталғанына куə болғандай қалың көпшiлiк артымнан аңтарыла қарап қалып едi. Бұл жолы Ақдидар тағдырға бiржола мойынсынған болды. Мен оны алдыма алып ұзақ шаптым да, сар желiске түстiм. Бiраздан соң аппақ-аппақ тау тастары кездесiп, одан қатты жүруге мүмкiн болмады. Боз бурылымды кей жерлерде лақша секiртiп кетiп отырғанмен, ендi қиялы жерде асықпай жай жүруге тура келдi. Ақдидар қайда апарасың деп сұраған да жоқ. Мен ендi оны бiржола бауырыма қыстым. Əбден талықсып бiткендiгi ме, жоқ əлде көзiне аң болып көрiнсем де екi түнгi жүрiсте бойы
үйренiп залалсыз екендiгiме көзi жеттi ме, əйтеуiр ол көкiрегiмдi жатсынбады. Маған бетiн басқан күйi суықтан қалтырағандай дiрiлдеумен келедi. Қыңқ етiп дыбыс шығармауы өзiмдi қатты қуантты. Қайда əкеле жатырмын, не үшiн əкеле жатырмын, өзiме де бұлдыр. Бұл iстiң арты неге соғарын да бiлмеймiн. Тiптi оны ашып айырсам деген талап та жоқ едi менде. Тек Ақдидардың от-жалындай денесiн кеудеме еркiмше қысып анық рақатты ендi көрiп келемiн. Сол жағым биiк құз, оң жағым құлама шыңырау, қараса адамның басы айналардай. Түс болып қалған. Елсiз тау болғанмен мұны да күн соншама қыздырып қия тастарда сəулесiн ойнатқандай, аңның ғана мекенi деуге адамның көзi қия алмайтын, немесе сенбейтiн табиғаттың тылсым, бейкүнə жаратылысының бұл да əсем бөлшегi сияқты. Ақдидар кенет əбден қиюы кетiп талықсыған сыңай бiлдiрдi. Мен бiр ойдым, тастақ жерге келдiм де, оны аттан түсiрдiм. Боз бурылды ағаш түбiрiне байлай Ақдидарды бiр күннен ысыған тас үстiне жайлап отырғызғым келдi. Оған өз денесiн орнықты ұстау қиынға түстi. Тасқа ендi өзiм отырып оны жас баладай алдыма алдым. Ол бiр сəтке болса да мауқын басып тыныққысы келгендей кеудеме басын сүйедi. Бұл мен тiлеп көрмеген бақытым едi. Жастық шақтың нəзiк ақ гүлi көкiрегiме өзi келiп қадалғандай. Төбемiз құз, астымыз шыңырау. Алдымыздағы дүние кеңiстiгiн тағы да осындай шашау-шашау биiк құздар кес-кестеп алысқа көз жiбертпейдi. Тек қана оның ойпаң бiр саңлауынан ғана алыста, көз ұшында құмдақ жағалы өзен жарқырап, жер-ананың таусыз жазық төсi көрiнедi. Көк шымылдықтай көлегейлеген сағым толқынының аржағынан ұзыннан-ұзақ қоңырқай мұнар шудаланып шексiздiк белгiсiне ұқсайды. Мен алдымда Ақдидар, үлкен ақ тастың үстiнде отырмын. Адам бой жазып жүре алмайтын құз, қия тау-тастар бiздi əдемi алақанына алып, əлдилеп отырғандай. Əттең Ақдидарға аздап əл кiрсе, сонау сағым толқыны жайқалған жер-ананың жазық төсiнде екеумiз қол ұстасып емiн-еркiн адасып жүрер ме едiк деп те қиялдаймын. Бұл түрiммен, ендi өзiме көк иттей көрiнсе де елге қадiрлi Шалықбектiң көзiн ойғандай болып, ел ортасында жүре алмасымды ұғамын. Ақдидар оң көзiн, бетiн төсiме басып қатты ұйқыға кеттi. Қыбыр етiп қозғалмай ұйқтады. Екi қолын бауырына қысқан. Көйлегiнiң етегi тiзесiне дейiн түрiлiп, қос ақ балтыры күнде жатыр. Ашық өңiнде, аппақ мойнында да күн
сəулесi ойнайды. Көзiнен аққан жас iздерi, қайғы азап бейнесi атымен өшiп, монтансыған ерке асыл көркi ғана қалған. Қазiргi ұйқысы қасiрет отына құлап түскендегi зардаптан емес, жастық мерейiн, сұлу тəнiн өзiме бергiсi келген пейiлiнен сияқты. Мен осынау бақытты сəтiме қалай қарауды, оны қалай қадiрлеудi ойладым. «Сүйген жар» деген сөз тап осы арада ғана аузыма оралды. Күндей көрiктi сөз. Мен қарыма сойыл iлiп, жылқы барымталауға түн жортқан шақтарымда өзiмнiң жас екенiмдi, адамның парасатты өмiрi үшiн сүйген жары болу қажеттiгiн бiрде-бiр ойламаппын. Құбылмалы күз күнiндегi бақташыдай қаршадайымнан бағып өскенiм Шалықбектiң ажары. Не iстемесем де соның жыртқыш тiстерiмен қабат езу күлкiсiн көру үшiн ғана iстеппiн. Соның көңiлiн тоғайту болыпты бар арманым. Шешем, туған шешем! Ескi дүниенiң асыл қоймасындай дер кезде ашылмапты маған. Оның жаңа əке тағдырынан не айтқанын мен тура түсiне алғаным жоқ. Туған əкең алдыңдағы бiреудiң қолынан өлдi дегеннiң не екенiн түсiну үшiн бұл басыма тағы бiр сұмдық оқиғадан өту керектей. Əзiрше ол бұлдыр елес, жат елес қана. Мен Ақдидардың арқасын, балтырын сипалап, шынтағын ұстаймын. Аппақ өңiн күннен көлегейлеп сүйгiм де келедi. Бiраздан соң ол ұйқысын ашып, басын көтердi. Менiң алдымда екi санымның үстiнде отырғанына таң қалғандай, айшықтанып айналасы дөңгелек шеңбердей кiрпиiп қалқыңқы тартқан көздерiмен менiң түр-түсiмдi бағдарлап қарайды. Əлден уақытта өзiне бiрдеңе болғандай: – Құдайым-ай!– деп алдымнан түрегелдi де, маған арқасын бере аулағырақ барып тұрды. Алдында тiп-тiк терең шыңырау. Мен соған құлап кетер ме екен деп аз қауіптенген едiм. Тағы да жылап-сықтағысы келгендей өрiмi тарқатылған толқын қара шашының астынан аппақ желке етiнiң дiр-дiр еткенiн байқадым. Ол бiр ауық жүзiн көтерiп күнге қарады. Күнмен, жермен қоштасқаны ма деп қалдым. Оны ажал айналдырғандай болуы маған сұмдық көрiнiс едi. Ендiгi не пəледен болса да, оны өзiмнiң арашалауым керек едi. – Ақдидар, саған айуандық, малғұндық етiппiн. Бiрақ өз ойыммен iстеген болсам, құдай ұрып кетсiн менi. Аңғал басымды кiм көрiнген қаңбақ еткен екен. Өзiме жаңа ғана ес кiргенге ұқсайды. Бiрақ сен қиналма, сен ендi ешкiмге де қор емессiң. Не тiлесең де орындаймын. Қаласаң үйiңе қазiр апарамын. Бiрақ өзiң аздап тынықсаң қайтедi.
Ол үндеместен селт етпей тұра бердi. Мен тағы да үн қатып, жаңа ғана оянған түп ниетiмдi бiр-ақ жеткiзiп тастағым келдi: – Бiр сөзiм, Ақдидар, оң көрсең де, терiс көрсең де өзiң бiл. Қыстайды деп ойламашы тек. Мен де сенен кем сорлы емеспiн. Менiң ендiгi өмiрiме ақ адал басшым, ақ сəулем өзiң болсаң деп едiм, Ақдидар. Күңке апамыздың өзi де ақ батасын бергiсi кеп едi-ау. Ақдидар бұл жолы да үндемедi. Жүзiн күнге тосып ұзақ тұра бердi. Бiрақ қолаң шашының астындағы аппақ желке етiнiң дiрiлдегенi басыла бастағанын байқадым. Бiр мезетте иығын қозғап қайрат жиғандай болды да: – Бiлушi ем мен сiздi. Естушi ем атыңызды. Бiрақ тап бүйтiп ел шауып, сұмдық iс қылар деп ойламап ем,– дедi. Бiрауық бар денесiмен селкiлдеп кеттi. Өзiн-өзi ұстай алмайтын халге жетiп барып қайтқандай. – Сұмдық iс қылғаным, қара бет болғаным рас, Ақдидар. Амалым не, болары болып кеттi ғой. Үгiтiлiп кетуге өзiм де дайын тұрмын, сөге бермешi. Бұдан артық маған не ауырлық болар дейсiң?– дедiм. Бiрақ ол менiң сөзiмдi тыңдамаған сияқты: – Не жаздым? Кiмнiң көзiне тiкенек болып қадалдым екен?– Тағы бiраз үндемей тұрды да: – «апам, апам өлдi ғой»,– деп еңкейе еңiреп жiбердi. Мен атып тұрып қасына бардым да, қолымды ыстық етiне тигiзiп: – Ақдидар, жылама, сен апаңды бүгiн көресiң,– дедiм. Ол талмаурап «апа, əже, көке» деп өзiне ең жақын адамдарды тiзiп шықты. Осы шақта жүзi қандай қасiретке толы едi десеңшi! Шешесiне, əжесiне, əкесiне деген көз жасын бөлек сақтаса керек. Боп-боз кiршiксiз өңiнен күнге жылтырасып, күмiс тамшылар лек-лек домалады. Сорлылық Ақдидар екеумiзде ғана емес, көр азабы бұл дүниеде-ақ құлындағы даусын шығартып, төбесiнен тиген күрзi соққысы өмiрiн күл-топырақ етiп, жерге шоқайтқан көп мұңдық бейбақты тап осы сəтте ғана көңiлiммен болжағандаймын. Ақдидардың сұп-суық көз жасы жүрегiме тамып жатқандай болғанмен, түп тереңiмде бiр сергектiк пайда болғанға ұқсайды. Өмiрдiң өз қапасы оятқан сергектiк. Бүркiт қана қонақтайтын қабырға қиядамыз. Төбемiз əлi де биiк құз. Қол жетпес аспан, алдымыз – шыңырау, аяқ тiреп тұрған жерiмiз – қолмен қопара алмас тас, аядай тасмекен. Өмiрдегi бiр қиын-қыстау кезең дейтiн емес, тiптi өз басым бұл шақтан шексiз бақыт көрiп тұрғандаймын. Содан да бұл бiр берiк қамалдың iшi
мен сыртының қайсысын қаларымды бiлмей, не бақытыңмен жол тауып кет, не қияда өлген қырандай тасқа қаныңды тамызып осы арада бiт дейтiн жүрегiмнiң үкiмiн ұғамын. Бiрақ бұл арада бiтiп, таусылғым келмейдi. Өзiм бұрын сондай жат көрген, жылы құшақтай жаңа өмiр бастасам ба деймiн. Егер Ақдидар көнсе, ауылына, əке-шешесiне апарып көрiстiрiп, Күңке кемпiрдiң өзi айтқан ақ батасын алсам ба деген ой келедi. Бiрақ ол менiң сабырым жетпейтiн күрделi, ұзаққа созылатын iс. Əрi оларға өшпестей жауыздық таңба салып кеткенiм өзiмдi қатты шошытады. Тiптi мен үшiн барлық ақ ниет, қайрат атаулының есiгi жабылып қалғанға ұқсайды. Жүрек жолым тек тау-тас, қия мекен болғандай. Бiрақ бұл бiр сəттiк ой ғана. Аппақ ұлпа көркi күн нұрына шағылысып, алдымда Ақдидар тұр. Адамның қолына түсе бермейтiн асыл қасиет, перизат көркi ойда-жоқта өзiме пенде болғандай менiң барлық ынта-ықыласым сонда едi. Ендiгi өмiрiм үшiн қандайлық дұрыс жол, ақ жол болмасын соның бойынан тапқым келедi. Бұл – менiң алғашқы сүйiспеншiлiгiм. Ақдидар тап қазiр қандай күйде болса, өмiрiмнiң жас көркi ол да сондай жүдеу, сорлы шақта едi. Бiрақ суық сорған алғашқы көктем гүлiндей тез жайқалып кетiп өзiмнiң шексiз бақытқа қалатынымнан да үмiтiм мол. Қара тасты шаққанда да от шықпай ма! Қаншама тас жүрек көрiнсем де бойымда жiгер ұшқынын тұтатып, оны өзiме жақындатпақ, баурамақ ниет əрекет еткiм келедi. Ақдидар қарсыласпады: – Апам-ай, анам-ай, менi де адам деп туып едiң ғой. Не дерсiң маған?! Тау құзында, тас қияды аң бейнелес жүрек берген кiм маған? Кiмге жолығып, кiмге еңсемдi берiп тұрмын? Бұл не сұмдық, не сұмдық бұл? Мен денесiн құшақтай бауырыма тартқандағы оң жақ иығымен кеудеме құлай иегiме ашық маңдайын өзi тигiзiп күбiрлей айтқаны бұл. Мен өмiрiмде көрмеген бақытты сəттер. Ақдидар құшағымда өз еркiмен тұрып, маған қалай күмəндана қараса да, тұспалдап неге теңегiсi келсе де, күнəлi басым бəрiне көнiп кiшiрейгiсi келедi. Мен адамның тiршiлiк үшiн неге таласатыны, бұл дүние несiмен көз тартатыны жөнiнде тап осы сəтте ғана айқын түсiнiкке ие болдым. Жастық шағымның ең бiр қызуы мол шағы едi. Өзiмнiң осыншама қасқа уақытта қаншалықты өзгергенiмдi саралай
келiп, əттең-ай жас өмiрiмдi қиқулаған түнгi жорық, барымтамен мұншалықты сарп еткенше осындай асыл көрiк үшiн күреспен өткiзсемшi. Тап алдымда жарқ етiп жарық жұлдыз туып, көз жанарымды алмас от алып түскендей бiр сəтке соқыр бейбаққа ұқсап кетемiн. Айналам тау-тас, күнге шағылысқан жұмбақ сурет. Осынау үлкен бақытыммен қиясында қонақтатқан құлама құз түстегiдей биiк көрiнедi. Ақдидар əлсiз денесiмен маған етене жабысып мұның ешбiрiн де байқамайтын сияқты. Бiр кезде өзiмiздiң келген жағымыздан тасыр-тұсыр естiлдi. Ақдидар басын жұлып алған күйi кеудеме одан сайын жабыса түсiп, жасы кепкен айқын көздерiнiң ақ-қарасы елiк лағындай жалма-жан аласұра бастағанын байқадым. Бұлардың кiм боп шығарын өз басым ойлап үлгермедiм де, төбемiзден түсердей ат дүбiрi басып кеп қалды. Сұр тастардың ар жағынан алғаш көзiме шалынғаны жүрiсi қатты қара айғырдың басын шұлғып қалғандағы үлкен шоқ кекiлi. Оның тасасынан Жолақтың басы, сом иықты балуан денесi қоса көрiндi. Астындағы қара айғырын омыраулатып-ақ келедi екен. Артында төрт-бес кiсi тағы бар. Бəрiнiң де аттарының бастары, өздерiнiң бастары қалтылдап көрiнiп, қаланып бiткен сұр түстi ирек құламадан бойлары тез өсiп шыға келiстi. Арттағы төрт-бесеудiң бiрi – Алақ. Қалғандарының iшiнде де мен танымайтын жат ешкiм болмай шықты. Бəрi де өзiмiздiң ауылдың, Шалықбектiң қол астындағы, менiң сапымдағы жiгiттер. Мырзаның анық жанкүйерлерi болып үлгерген, түнгi жорықта, барымтада бұғанасы қатып өскен үзеңгiлес достарым. Бiрақ бұл келiстерiнде жат пиғыл бардай. Əсiресе оларды Жолақтың бастап келуi менi қатты тiтiркенттi. Ол астына тың ат мiнген, кеудесi бұрынғыдан да түйедей болып зорайып, алдында көлденең жатқан сойылын бүктеген қамшыдайақ ықшам ұстаған күйде екен. Бастырмалап жұрттың алдымен жақындап келдi де, құшағымда тұрған Ақдидарды түстеп көргендей түйiлiп, сойылын сiлке шанша ұстап алды. Атының басын iрке тоқтағанда арттағылар да құйрық тiстесе қаумаласып, қоса тоқырап қалысқан. Жолақ: – Сабанбай! Қосағыңмен қоса ағар деп тiлек тiлеуге келгем жоқ! Қастықпен келдiм! Құшағыңа алған сұлуыңды тартып əкетпекпiн. Бас қорғап өлем десең қамдан!– дедi. Мен де осал пенде емес едiм. Жолақтың осылай бұйыра сөйлеуiнен менiң жыным қатты қозды. Қапыда қалмайын деп
Ақдидарды шетке ығыстырып жiберiп, атыма жармастым. Шешуге уақыт жоқтықтан бұта түбiрi шылбырмен қоса жұлынып шықты. Боз бурылдың үстiне ықшам қонып алдым да, кепкен қайың сойылымды алдыма соза ұстап, соғыса кетуге қас қаққандай уақытта дайын болдым. Бiрақ ат басын еркiн ұстайтын жер мұнда емес. Адамның ойына келмейтiн əлдеқалай тау қиясындағы қыспақ. Өзiмнiң жолдастарыммен соғысудың өкiнiшке ұқсас бiрдемесi бар көрiнгенмен Жолақтың жауыздықтан қап-қара боп өртенген жүзi, жабайы мысықтай кiшкене домалақ көздерi бəрiн əп-сəтте жуып кеттi. – А, соңғы рет соғыспағым бiр кездегi достарым өздерiң болдыңдар ма! Басымыз шыңырауға домаласын деген екенсiңдер. Ажал тiлеп келген болсаңдар қолымның қаруын аямаспын, келiңдер!– деп айбар көрсеттiм. Ақдидар анадай шетте екi-үш қабат қаланған тас сатысына шығып алып, не болғалы тұрғанын түсiнбегендей қалшиып тұрып қалыпты. Аппақ өңiнде ешқандай сезiм белгiсi қалмаған. Мен атымды тебiнiп қалғанда Жолақ тобы да сойылдарымен ауаны тiлгiлей қойқандатып менi қоршауға ала бастаған. Тағалы тұяқтар тасқа шақ-шақ тиiп, батырсынған сезiмiм бұрын-соңды болмаған жойқындықпен оянды. Алғашқы сiлтеген сойылыма төрт-бес сойыл қабат тиiп, сарт-сұрт еттi де, бiлегiмнiң сiңiрi созылып кете жаздады. Бұларды Жолақ əбден қайрап келсе керек, менiң Сабанбай екендiгiмнен жасқанар бiрi жоқ. Бəрi де тон iшiндегi жыртқыш аңға ұқсайды. Жақындап келiп сойылымен емес, арбап алғысы келгендей көздерiнiң тереңi аса суық көрiнедi. Аядай жерде көптiк қылуын қылса да, мен олармен соғыса алар ем. Менiң барлық алғашқы ынтам көзiм қарауытып құмартқаным Жолақты түсiру едi. Бiрақ ол ептiлiк жасап, менi басқалармен алдандыра берiптi де, ту сыртымнан тимекке əрекет етiптi. Ақдидардың шаж еткен даусы бəрiмiздiң көңiлiмiздi бөлдi. Мен оған жалт қарағанымда ол суға құлап бара жатқандай бар денесiмен қалтырап жерден иiле тас ала бергенiн байқадым. Ақдидар бұл сəтке дейiн əбден тағы болып кетсе керек. Ол жерден алған тасын əйелдiк қимыл-қозғалысымен Жолаққа қарай пəрменiнше лақтырды. Бiрақ əлсiз қолмен лақтырылғандықтан тас Жолақтың үзеңгiсiне, аяғының ұшына ғана жетiп тиген едi. – Ə, қаншық, солай ма? Шалықбектен бiржола безген екенсiң...– деп Жолақ дойыр қолымен сойылын сiлке көтерген күйi Ақдидарға
түтiге қарады. Оның ту сыртымнан келiп қалғанын Ақдидардың оқыс ащы даусына елең еткенде ғана байқаған болатынмын. Ендi бiр сəтте мен оның сойылының жемi болар ма ем. Жандəрмен боз бурылдың басын шұғыл бұра берiп, қатты тебiнiп қалғанымда ол бiр-ақ секiрiп, Ақдидар жаққа шығып кеттi. Ақдидар жазым бола ма деп ендi оны қорғамақшы ем. Арт жағымнан басқалар да ентелей жетiп, сойылдарын маған сəл жеткiзбей сiлтеп жатыр. Жолақ жаңа менiң ту сыртымнан келiп қалғанда оның сəл биiктеу жерде тұрғанын байқағанмын. Ендi ол тағы менi басқалардың қоршап алуын күтiп тұрыпты. Астымдағы бозбурыл əншейiндегi бауырын жазып шабатын жазық даланың жоқтығынан мынау қыспаққа келiп қамалғанымызға шамданғандай менiң еркiме көп бағынбай басын қатты шұлғып, бiр орында айналсоқтай бердi. Тап осы сəтте болар деймiн, Жолақ сойылын көкке шанша көтерiп, берi мен тұрған ойпаңға қарай атын ағыза берiп, қатты сiлтедi. Тап осыдан қас-қаққандай бiр сəт бұрын сойылыма тағы да екi-үш сойыл қабат тиiп, мен оның соққысын дарытпай тойтарып тастай алмап едiм. Тек барынша тебiнiп қалып, аттың жалына басымды қойдым. Боз бурыл орғып кетiп, Жолақ екеумiз бiр бiрiмiзге сойыл тұрмақ қолымыз жететiндей жақын қалдық. Сөйтiп оның қатқан қайыңының ұшы емес, ұстаған қолына таяу жiңiшкелеу жерi келiп, жотамнан сəл төмен тидi. «А» деген Ақдидардың даусы қабат естiлiп едi. Жалт қарағанымда Жолақтың кiмдi де болса сеспей қатыратын маған сiлтеген сойылының сонау ұшы барып, Ақдидарға қақ бастан тиген екен. Бiр дауысқа ғана шамасы келген Ақдидар аппақ ұлпа денесiмен тас үстiне мамықтай шөктi. Жел кеулей шашылған көйлегiнiң етегiнде күн сəулесi ендi аса шаттықпен ойнады. Кiршiксiз таза тəн бiрауық есiнегiсi келгендей жазыла берiп, ұмар-жұмар тас сатысынан төмен домалап түстi. Менiмен сойыл соғыстырған жiгiттердiң бəрi бұл кезде iркiлiп қалған. Жолақ та олардың аржағындағы сұр тас басқан құлама қияға атымен шоқыта шығып, атын берi бұра берiп тоқтап, қолын кеудесiне апарып тiксiнiп тұрып қалған. Батыр болып бақ қызғанған бейбақ ендiгi жерде Шалықбектiң өз қолынан алмақ жаңа мəнсабы көзiнен бұлбұл ұшқандай. Мұнысы бiр сəттiк қана көрiнiс едi. Болған жағдайды жұрттан бұрын аңғарған ол атының басын қайта бұрып ауыл жаққа бет түзедi. Кiмге болса да ажалша төне алатын менiмен бұлардың басын өлiмге байлап, ендi
қақтығыса беруiнiң еш қисыны жоқ едi. Бəрi де аттарының басын бұрып, тағалы тұяқтары тасқа шақ-шақ тиiп ұзап бара жатты. Тек Алақ қана ер үстiнде қозғалақтап тыным таппай, Ақдидардың өлi денесiне аяныш бiлдiргендей көздерiн сұқтана қадап барады. Кеше алып келе жатқанымызда өзi сұлулығына қатты сүйсiнген жанның тап қазiргi бейшара халi оқыс көрiнiп, ойсыз басына саңлау түскендей едi. Мен боз бурылымды тастай сала Ақдидарға қарай жүргенiмде қолымнан түсiп кеткен сойылыма өзiм сүрiнiп кете жаздадым. Қиядағы тас менi қақпақыл қылып ойнағысы келгендей алғашқы рет үрейiмдi ұшырды. Ақдидардың денесiн екi қолыммен көтерiп алғанымда жердегi жалпақ тасқа қаны жайылып кетiптi. Қызарып батқан күн шарасындай қою күреңденiп көлкiп жатыр. Адамнан мұнша көп қан кеткенiн мен бұрын көрген жоқ едiм. Көзi жұмылып, етi тартылған боп-боз сүйiктi жүзiнде тiршiлiкте болатын азап бейнесiнiң бiрi де жоқ. Тек мойнында, аппақ иегiнде əлдеқалай бiр нала сезiм ойнайды. Сұлқ етiп ессiз құласа да, соншама тыныш, тұнық оймен кеткендей. Тұла бойының суық тартуы көкiрегiнiң қайтып дауыс шығармайтынына айғақ едi. Екi көзiм оның жансыз денесiне қатып қадалып қалыпты. Ұзақ тұрып қаппын да, есiм ауып бара жатқандай оқыс бiр тербелiп кеткенiмде ғана ояндым. Көз алдымда өмiрiм күл болып, жүрегiмдi əлдекiм кесiп алғандай, мен Ақдидарға емес, өзiмнiң тұтас бiр дəуренiмнен, жастық шағымнан айрылғанымды ұзақ ойлап ұқтым. Бойымда қандай ырзық болмасын бəрiн қан жуып кеттi. Мен Ақдидардың денесiн күнi бойы ұстап тұрып əбден қолым талғанда ғана жерге қойдым. Сол жерден үлкен тастарды жиып денесiн жасырғым келдi... Мен сол бетiммен өз ауылыма бармай алыс жақты кезiп кеттiм. Не ой жетектегенiн өзiм де бiлмеймiн. Содан екi күн өткен соң сонау Ақдидардың əкесi Қазыбек бай қалың қол жиып кеп, бiздiң ауылды шауыпты. Шалықбек шиге оранып аман қалыпты да, Алақ пен Жолақты ұстап, аяқ-қолын кiсендеп, өздерiмен бiрге əкетiптi. Ауылда жылқы атаулыдан тiгерге тұяқ қалдырмай айдаладағы аң баспайтын тау қиясындағы мен таспен жасырып кеткен Ақдидардың денесiн тауып алып, өз елiне апарып таза арулап қойыпты дейдi. Жан-жақты барлай шабысып менi таппай сүлдерi құрып қайтса керек.
Бұл талай елдiң жағасын ұстатқан нағыз қанды оқиғаның өзi болып едi. Менiң шешем ауылдың шабылғанын өз көзiмен көрiп отырып көп кешiкпей-ақ дүниеге «оқыс» қош дептi. Бiрақ ешкiм бiлмей айдаладағы қараша үйде өлi денесi бiрнеше күн бойы көмусiз жата берiптi. Құдайды, аруақты ойласып, шешеме кебiн киiмiн кигiзiп, бейiт басына апарып қойған ауылдағы аз көршiқолаң, кедей-кепшiк қана екен. Мен сол кеткеннен мол кеттiм. Талай жердi аралап, қазақ жерiн мекендеген орыстарға дейiн бардым. Оның əл-ауқатты бiр семьясына жалға тұрып, жұмысын iстесiп егiнiн суарып жүрдiм. Сойылды тастап кетпенге де қолымды үйрете бастадым. Бiрақ тап сол кезде жаңа дүниенiң лебi жеттi де, мен содан ғана есiмдi жидым. Бұл кездегi өмiр туралы түсiнiгiм тiптi басқаша едi. Бiрақ сонау жастық шағымның өкiнiшi бiржола жойылды деп айта алмаймын. Қазiр де дiни наным құрығынан аулақ қоғам орнағанмен, мен сол күндерiме дұға айтам. Өз көкiрегiмнiң дұғасы. Жаны шоққа күйiп, жалғызының тағдырынан аза бойы қаза боп өткен ғазиз шешеме, Ақдидардай аруға айтам. Қызыл гүлiм, жастық шағыма айтам!.. 1965 жыл. ОҢАШАДАҒ Ы ОЙ Стол басындағы əңгiме менi жалықтыра бастады. Бұдан он-он бес жыл бұрынғыдай емес, қазiр көп жұрт жиылған жердегi қызу əңгiме, iшiмдiк, суық тамақ, темекi түтiнi менi қатты елiктiрмейдi. Сонда да мұндай жерден бас тартатын хал менде жоқ. Бар тiрлiк, қызық, қуаныш көзi ашылатындай болса оны осындай бас қосулардан күтiп, алаңдайтын дағды көзiмдi, санамды тұмшалап, бiтеп тастағандай басқа жаққа бұра тартқызбайды. Əлi есiмде 16-17 жасар қыз кезiмде осындай жұрт жиналған жер десе ес-түсiм қалмай бүгiн түсер қалыңдықтан əрмен əуреленiп, қушықтай кеудемдi неше бұрап, неше сықап, шар айнаның алдында iстемеген əрекетiм қалмайтын. Табиғаттың бермегенi болса тап осы арада тартып алатындай, сыртқы ажар-нышанымнан əлдебiр жаңсақтық белгiлер көрсем қол күшiммен түзеп жiберетiндей жан-тəнiммен берiлiп, өзiмдi-
өзiм күйттей беретiнмiн. Бұдан шаршамаймын да, жалықпаймын да. Егер маған бiткен шаш, қас-қабақ, тағы басқаларында сөйлер тiл болса олар менен көрген азабын зарлап айтар едi. Бiрақ олардың зарына құлақ тiгер мен жоқ. Өз шыбын жанымды осынша қинап жүргенде олардың шықпаған үн, бiтпеген тiлiне көңiл бөлiп қайтемiн. Жұрттың көзiне жарқ етiп көрiну, жiгiттердi, тiптi үйленгендерiн болса да əлдебiр жақтан ұшып кеп қонған, ендi-ендi ұшып кетер перiштедей ғажап көркiммен естен тандыру тұла бойымды шып-шып еткен ыстық қанға толтыратын асыл арманым. Ешкiмдi шын көңiлiммен сүйiп көрмеген сол бiр бүлдiршiндей кезiмде бəрiне көктен қарап, бұл жеткен межем əлi аз, бұдан да биiктеп жұрттан оқшау əлi де даралана түссем, маған сұқтанатын көз молая берсе екен деп жатсам-тұрсам жалбарына тiлейтiнмiн. Сонда кiмдi мұқатпақпын, қай бақталасымның iшiн өртемекпiн, оны ойлайтын мен емес. Өзiм туралы ой-пiкiрiмнiң қаншама шырқау жатқанын айтсам, қазiр ешкiм сенбес те едi деп ойлаймын. Сол шақтарда бiреу бəлен жерде сұлулығы сенiмен тең түсер бiр қыз бар деп əлдеқалай айта қалса, мен бəлкiм еңiреп жiберер едiм. Ал қазiр ше? Қазiр ондай тасығыш көңiлден жұрнақ та жоқ. Жасым 35-те. Оны бəрiнен жасырып, кейде жұрт ортасында жас мөлшерiн амалсыз бiлдiруге тура келгенде оны ешкiнiң сақалындай шұнтитып, күзеп айтамын. Мынауың шындыққа сай емес, кiшкене қосыңқыра деп, шаншу сөз қадайтын ешкiмнiң жоқтығына етiм əбден үйренген. Сол он екiде бiр гүлi ашылмаған балауса кезiмдегi дағдыларымды əлi де жалғастырып келемiн. Бұрынғыдай жiгер, жалын қуат болмаса да əлi де көзге түссем, бiреудiң көңiлiн аударсам деген ынта тереңiмде жасырулы жатады. Ештемеге зауқым соқпайтын салғырт көрiнсем де көңiл көтеруден кет əрi емеспiн. Ескi көз, таныс құрбыларым көп-ақ, бəрi де үйлi-баранды, мен сияқты бiрi жоқ. Осы халiме мүсiркей қарай ма, үйлерiне əлдебiр себеппен дос-жарандарын жинаса менi қалдырмайды. Əсiресе, басы бос бiреулер келетiн жерге ерекше ықыласпен шақыратындары бар. Бiрақ осындай жерлерде отыру бұрынғыдай емес, ауыр тиедi. Темекi түтiнiнен тез басым ауырады, шарапты да бұрынғыдай көтере алмаймын. Жұрттың дабырласқан сөздерiн де жақтырмаймын. Жүрегiмнiң жұмысы да нашарлаған ба, сол жақ кеуде тұсым кейде қозғалтпай тастайды, ауық-ауық шаншып қоятыны бар. Жансебiлдiкпен мұның бiрiн де елегiм келмейдi, екi қолға ермек етiп, темекiнi тастамаймын, шараптан да тартынбауға тырысамын.
Бүгiн де осы дағдылы халде едiм. Құрбым Айсараның үйiндемiз. Ұзыннан-ұзақ қойылған стол басында мен танымайтын адамдар да бар. Əсiресе, үнемi ыржиып, екi езуi құлағынан кетпейтiн қозғалысы жеңiл, ашаң денелi бiр жiгiт назарымды аудара бердi. Өзiнiң қарасы жаман. Көздерiнен қасқырға ұқсас жырындылықты аңғарамын. Оның осы назарын Айсара да байқады бiлем, маған игi тiлекпен қарағандай күлiмсiрейдi. Көздерi ұшқын шашып, «жаным, құрбым, сен өз бақытыңа бетпе-бет келiп отырсың» дегендi айтатын сияқты. Бiрақ менiң жаным түршiге бередi. Ол жiгiт қараған сайын достық ниетiнен гөрi əлдебiр пайда түсiрудi, бiрдеменi жымқырып қалуды ойлайтын ысқаяқ алакөздiгi кеудемдi тесiп бара жатады. Кəдуiлгi темiр пышақтың өзi қадалғандай шыбын жаным шығуға шақ қалған. Тек жылдар бойы күстенiп қатпарланған көнбiстiгiм ғана қалпымды бұзбауға, терiс айналмауға демеу бередi. Сəлден соң үзiлiс жарияланып, ер адамдар залдың бiр бұрышында карта ойынына үймеледi. Əйелдердiң бiразы терезе алдында тiзiлiп, қалғандары ас үйге Айсараның қасына кеттi. Стол басында қарақшыдай сопиып жалғыз қалдым. Жаңағының көзiнен ендi құтылам ғой деп едiм, жоқ ол əлi де картадан басын көтерiп қасқыр көздерiн маған қадап қояды. Картаға онша ынтасы жоқ сияқты. Орнымнан ебедейсiз түргелiп, терезе алдында өсек айтып, ақырын сыңқылдасқан əйелдердiң қасына барып едiм, олардың дағдылы тұрыстары бұзылғандай сөздерi тыйылды. Əрi жаңағы қасқыр көздi ендi осы жаққа қарағыштай бердi. Мұндай тұрысым өзiме де, өзгеге де қолапайсыз көрiнгендей, ендi ас үйге беттедiм. Айсара қасындағы екi-үш келiншек те əлденеге мəз болып, дауыстарын қатты шығармай күлiсiп жатыр екен. Менi көргенде бұлар да сап болды. Айсараның көзi менiң тап осында келiсiмдi жөнсiз көргендей жүзiне аяныш көлеңкесiн түсiрiп, залда неге отырмағанымды сұраған кейiппен қарады. Жаңағы жiгiттiң тап бiр шипасы тиердей соған жақын болғанымды қалайтыны анық, ол қасқыр көздiнiң өңменiмдi тесiп бара жатқанын қайдан бiлсiн. Мұнда да орын таппай айналсоқтап, ендi қайда сырғимын деп сəл бас қатырдым да, бəрiне қолды бiр-ақ сiлтеп, стол басына манағы өз орныма барып қайта шоқидым. Дастарқаннан əр нəрсенi бiр шұқылап алып жеген болып, карташылар жаққа қарамауға тырыстым. Сонда да киiмiмнiң сыртынан əлдебiр шанышқы
көздiң уыты өтiп бара жатқанын сеземiн. Шыдап баққаннан басқа амал жоқ. Буы бұрқырап, бiрнеше табақпен ет келдi. Жұрт стол жағалай орын-орындарына қайта жапырласты. Мен ендi ғана ел қатарлы болғандай сəл көңiлдендiм. Бұл ұзаққа созылмады. Табақтағы еттiң бiраз мұрты ойылған соң жұрт қайта түрегелiп, үй iшiнде топ-топ болып, гу-гу əңгiмеге кiрiстi. Ендi əйел, еркектiң ара жiгi ажыраған жоқ, бəрi аралас-құралас. Не ғажап екенiн қайдам, мен қасқыр көздiмен оңашалана берiппiн. Тiлi де шанышқыдай екен, айтқан əзiлдерi көңiл көтермейдi, түрпiдей. Менiң жанымды ауырту үшiн қасақана айтатын сияқты. Сөздерi – көбiне сұрау. Мен тура жауап бермеймiн. Сонда да ол өткiр көздерiн өңменiме шегендеп, өмiрбаянымнан бiраз деректердi тiзiп алды. Бетiн қатты қайтарып тастауға қайратжiгерiм де, батылым да жетпейдi. Талайды беттен қағып, артынан опық жеген күндерiм не мазаққа көнуге мəжбүр еткен. Өз бишаралығымды түсiнемiн. Содан да iштегi үмiт сорлы мынаның қасқыр көздерiнiң тасасында жақсы ниет жатқан шығар деп, солай қарай шыр айналдыра бередi. Қарайлаған сайын iштен үгiтiлемiн. Бəрiбiр терiс айналар мен емес. Мынау да осы халiмдi бiле ме, жабысып жүйкемдi кемiрiп барады. Ырсиған бет терiсi мұны кейде күле қараған адамға ұқсатпайды. Жас та болса əжiмi қалың, жаратылысы осы нағыз атжалман дерсiң. Ақыры ыздиып маған қойған бiр сауалы: – Сiз өмiрiңiзде бiр рет болса да бiреуге құлай берiлiп көрдiңiз бе? Егер мұндайлық жəйт өмiрiңiзде бiрнеше рет болса, соның ең алғашқысы туралы айтыңызшы? Тек нағыз махаббат шоғына өртенгенiңiз туралы. Сондай болды ма сiзде? Болса қалай? – Сiз не, менен махаббат туралы сұхбат алмақ па едiңiз?– деп алғаш рет кесiп айттым. Одан бiржола күдер үзiп, терiс айналғаным да осы. Ендi жабысатын болса бас-көз демей салып қалатын дөрекi сөз iздедiм. Тəйiрi, осы өмiрiмде бiр сəт болса да үмiт күткен жiгiт осы ғана ма? Бұған шаңымды ғана көрсетсем маңдайымдағы жазмыш сызуы өзгерiп кетпес. Айсара үйiнде би басталды. Қасқыр көздi менi iздей бастағанда-ақ залдан сытылып шығып, ас үйдегі Айсарадан кетуге рұқсат сұрадым. Жағдайым болмай, басымның ауырлай бастағанын сылтау еттiм. Айсара қаншама жiк-жапар болғанымен ештеме өндiре алмады.
Сыртқа шыққанда таза ауамен кеудем кеңейiп сала бердi. Бұл ақпан айы едi. Қыс – жұмсақ. Жақында жауған қар қаланың өңiн кiргiзiп, жас баладай қас-қабағын мөлдiретiп қойған. Мен жаяу қала ортасындағы паркке тарттым. Бiраз таза ауа жұтпасам тұншығып кететiн сияқтымын. Ағашы қалыңдау тұста бiр ұзын орындыққа отырып, мүлгiген тыныштықта ойға шомдым. Мұнда адам аз. Анда-санда қосақтасқан бүлдiршiндей қыз бен жiгiт өтедi. Күн ақ мамық бұлт арасынан шұғыласыз көрiнедi. Ол жарқырап шыға келсе, мынау ақ қар жидiп кетпек. Онсыз да анау қараағаштар мойылдай қалпымен сидиып тұр. Оған қар жұқпайды. Əне алба-жұлба қарға басқа ағаштан ұшып келiп, бiрiнiң бұтағына əрең жармасты. Тырнағы сəл тайқыса құлап кетер ме едi. Автобустың басқышына аяғын əрең салып, күйбежектеп елмен бiрге əрең iлiнетiн кəрi-құртандай ол да сол бұтақтан айрылмау үшiн қалбалақтап, қанат-құйрығымен жалп-жұлп етiп зорға орнықты. Оның желпуiмен жерге бiр уыс қар түстi. Қалың қараағаш пен алба-жұлба құсқа қарап отырып, жаңағы қасқыр көздi қойған сауалдың мəнiн ашқым келдi. Апырау, ол менiң өткендегiмдi бiлуге неге ынтықты? Бiреуге құлай берiлiп көрдiң бе, шынайы махаббат сенде болды ма дейдi. Тағы оның алғашқысын сұрайды. Апырау, мұны бiлудiң ол үшiн не қызығы бар екен? Əлде маңдайымда сондай бiр алабажақ жазу бар ма? Мүмкiн менiң осы түрiме қарап, сен де бiр кезде жаны таза, тəнi таза қыз болдың ба екен, алғашқы құштарлық дегеннiң қуанышы мен күйiнiшiн сондай пəк күйде сезiнiп көрдiң бе деген қитұрқы сыңайы ма? Көкiрегiме у қорғасын құйғандай iшi-бауырым талан-таражға түсiп, шөгiп барамын. Тағы бiр сəтсiздiктен соң өзiмдi-өзiм езгiлейтiн аяусыз сəттiң туғанын байқаймын. Тек мұндай халден дер кезiнде сытылып шығатын тəжiрибем ғана бiржола құрдымға кетуден сақтады. Сонда да дел-салдықтан ажырай алмаймын. Жаңағы қасқыр көздi ақсиған тiстерiн менiң жанды жарама дəл бастырып ушықтырып жiбердi. Қазiр Айсара үйiндегi оның мен қатарлас құрбыларын қызғанышпен елестетемiн. Тобынан өзiм бөле-жаралғам жоқ, қасқыр көздiнi алға салып, менi тықсырып шығарғандай өз оқшаулығымды жəбiр көрдiм. Өздерiне тең санамаған iшкi ызғар пейiлдерiн де танығанға ұқсаймын.
Апырау, менi бұл халге ұшыратқан кiм? Жапандағы жалғыз моладай дүниенiң бəрi менi тосырқап, аулақтап кетуi қалай? Теңтеңiмен, тезек қабымен жиналған жерде маған орын жоқ. Осы халiм үшiн кiмдi кiнəлайын? Анау қараағаштарды ма, жоқ алба-жұлба қарғаны ма? Жоқ, оларды кiнəлауға болмайды. Табиғат бұл қалпымен де тамаша, ауа тұнық. Қандай да қайғықасiреттен соң тек осының аясынан дамыл табасың? Бiраз өрекпiп басылғасын алыс қиялға кеттiм. Қасқыр көздiге жауап үшiн емес, өз балауса шағымды қызықтап, содан жұбаныш таппақпын ба? Жоқ, бəрiн сол алғашқы күйiп-жану, сəтсiздiктен бастап, қайта қорытпақпын ба? Сондағы жетерiм не? Оны өзiм де бiлмеймiн. Бiр ғана ажыратарым, тəттi қиял жетелей бередi. Соңына бiр түссем ештемеге мойын бұрғызбайды. * Он сегiзге жаңа iлiккен, он екiде бiр гүлi ашылмаған деген шағым. Студентпiн. Кеудемде тау қопарар ыстық жалын бар. Осы жалынмен кiмдi болсын ұрып құлатам деген сенiм басымнан асады. Əлдеқалай бiр құрбым жаңа жыл қарсаңында туған күнiне қонаққа шақыра қалды. Сыйлық алмаққа қала ортасындағы үлкен дүкеннiң баспалдағынан көтерiле бергенiмде екi таныс қыз менi көрiп бассалды. Олар қасында екi жiгiт бар таудағы «Просвещенец» демалыс үйiнде өздерi стол ұйымдастырып, жаңа жылды сонда қарсы алмаққа кетiп барады екен. Маған да жүр деп жiк-жапар болды. Ондай жерге баруға менi көндiрудiң мүлдем қиындығы жоқ. Алдын-ала шақырған құрбының туған күнi жайына қалды. Төрт кiсiлiк таксиге шофердiң көңiлiн тапқасын менi де отырғызып, «Просвещенецке» тартып кеттiк. Күн аяз. Пальтомның жағасын көтерiп, бет-аузымды тұмшалап алғанмын. Жеткенше ана екi жiгiттiң жүзiн дұрыстап аңғара да алмадым. Олар да менi байқамады. Тiптi өзара гуiлдесiп осында тығылысып отырған бесiншi адамның барын ұмытып та кеткен. Жол тайғақ, машина өрге қарай əрең жылжып келедi. Бұлардың сөздерiнен емiс-емiс ұққаным, ана екi жiгiт Ленинградтан осында киноға түсуге келген актерлер. Мына қыздар «Просвещенецте» iстейдi. Ендi əлдеқалай танысқан жiгiттерiн мынадай ғажайып түнде тау баурайындағы көңiлдi кешке жаңа жылды бiрге қарсы алуға əкетiп барады.
Ақыры жеттiк. Бiз машинаны сайда қалдырып, қар көк мұз етiп тастаған биiк баспалдақ арқылы төбедегi демалыс үйiне жетiп, ұзын коридорға ендiк. Байқаймын, жиналғандар көп. Бəрi қосақ-қосағымен жүрген өрiмдей қыздар мен жiгiттер. Кештiң бас ұйымдастырушысы осы демалыс үйiнiң дəрiгерi, маған бұрыннан таныс Марат екен. Ол iздегенге сұраған дегендей мыналардың қасында басы артық менiң келгенiме өлердей қуанды. Маған деген бар қамқорлықты өз қолына алмаққа жан ұшыра бастап едi, мен көп ырық бере қоймадым. Қыздар таранып, жiгiттер олардың пальтоларын құшақтап, безектеп жүр. Мен пальтомды Маратқа бермегем. Көздерi кiнəсiз қарайтын, жүзi айшықты мейiрбан Маратты ренжiткiм жоқ. Сонда да оның бас-көзсiз бiрден ие бола кетуiне көнгiм келмейдi. Пальтомды ең артынан iлiп, босап қалған айна алдында асықпай тарануға кiрiстiм. Сол жақ есiктiң ар жағында стол басына орналаса бастаған жұрттың үзiк-үзiк сөздерiн, орындық сықырын естiп тұрмын. Осы шуыл басылғанша тарана бермекпiн. Үстiмде ол кезде сирек кездесетiн қабылан терiсi түстес қоңырқай дақтары бар сарғыш барқыттан тiгiлген ұзын көйлек. Шашымды сол жақ иығыма түйдектеп тастап, табиғи сұлулығымның жарқылын барынша аша түсуге күш салдым. Ақыры залға кiрiп барғанымда бəрi рюмкаларын қолдарына ұстап қалған екен. Маған тегiс жалт қарасты. Қыздардың да, жiгiттердiң өзiме көзi сүрiнгенiн ұқтым. Дегенiме жеткен едiм. Кешiгiп кiргендегi мақсатым да осы болатын. Ең алдымен жұрттың назарын мықтап бiр аударып алып, тұла бойымдағы жарқылмен, сұлулықпен əрқайсысының iшiн үңги бермекпiн. Мен кiргенде сөйлеушiнiң де сөзi тиылып қалды. Жұрттың бəрiнде толқу мен абыржу пайда болғандай. Аяғыма дейiн жауып тұрған ұзын көйлек маған тосын айбат бергендей. Тап бiр орманда адам көзiне сирек ұшырайтын азулы, бiрақ сойқан сұлу аң осында кiрiп келiп, отырғандар қалай бассауғалап, қайда жалт берудiң амалын ойлап қалғанға ұқсайды. Тыныштықты менi осында əкелген манағы екi қыз бұзды. Солай жылжығанымда қасындағы екi жiгiт те атып тұрып, менiң ыңғайыма қарай төртеуi ауысып отырысты. Мен екi жiгiттiң ортасына, қыздар шет жақтан орналасты. Бiз жайғасқасын да стол басындағы жұрт бiрден қарқын алып кетпей, тост көтерушi жiгiт тамағын қырнап, үзiлiп қалған сөзiнiң жiбiн жалғай алмай əлекке түстi.
Екi-үш рюмкадан соң бəрi қалыпқа келген. Сонда да маған қараушылар көп. Қарсы жақтағы жiгiттер қастарындағы қыздарын ұмытып, ең алдымен менiмен рюмка соғыстырмаққа қолдарын соза бередi. Марат та өзiнен алшақ кеткенiмдi өкiнiш көрiп, көздерiн жарқ-жұрқ еткiзiп қарап қояды. Осынша мол ықыласты топтың ортасында менi байқамаған өзiммен бүйiр соқтығыстырып отырған екi актер жiгiт қана. Мен оларды, əсiресе, орыс пен кавказ халқының тұқымдасуынан туған (бұл болжамым кейiн дұрыс болып шықты) бiреуiн айнақатесiз бiр қарағанда-ақ жадымда сақтап қалдым. Аты – Ровель. Анасы, атасы, есiмi əр жақтан, бiрнеше ұлттың ең жақсы қасиетiнен жаратылғандай кесек сом жiгiт. Сөз мəнерiнде адамды қыртысынан аршып, түлетiп, түрлендiрiп əкететiн ерекше iлтипат, бөлек саз, ырғақ бар. Оның баурына кiре түсетiн менiң құрбым Ира iшкен шараптан емес, сол ырғақ күйiмен от боп жанғандай, бетi қызарып алыпты. Осы бақытын менiмен де бөлiспектей маған қарасында шарасынан асып-төгiлген мейiрбандылық бар. Менiң халiм он ұйықтаса түсiне кiретiн емес. Бұл кеш мен үшiн мəн-мағынасын жоғалта бастады. Ол кезде денсаулығым күштi ғой, сонда да шарапқа зауқым соқпай, не iшiпжесем де, бəрi тамағыма кептелiп тұрып қала бердi. Əрi-берiден соң аузыңда ерiп сала беретiн суық тамақ емес, құм шайнап отырғанға ұқсаймын. Iштегi лапылдаған жалынмен кiмдi болсын ұрып құлатам деген басым Ровельдiң өзiме деген бiр сəттiк нəркес ынтасын оята алмаған əлсiздiгiмдi алғаш рет түйсiндiм. Би басталды. Өзiмдi орнымнан көтерiп əкеткен Маратқа ықылассыз iлестiм. Сыр алдырмаудың қамымен бас ауруына шағындым. Қиюы кеткен түр-түсiме қарап, неге бұлайсың деп, жабыспауы үшiн айттым. Қазiр бiр ғана Ровельге үздiгiп, басқаға келгенде сiркем су көтермейдi. Ровельдiң би үстiндегi мiнсiз қимыл-қозғалысы мүлдем басымды айналдырды. Ираны құшағында толқытып, музыка ырғағымен аяқ басысы менi жар басында тұрғандай қалтыратады. Iшi-баурымды сыммен жалғастырып, бұрап əкетiп бара жатқандай шыбын жаным шығуға шақ. Қолымның, иығымның терiсiне дейiн жыбыр-жыбыр етiп, əлдебiр жəндiк жорғалап жүргенге ұқсайды. Апырау, бұл сойқан сезiмге қалай қарсы тұрмақпын? Мен бiлемiн, Ира өте жеңiлтек қыз, Ленинградтан келген мынау сұлу жiгiт оған опа бермейдi. Ал менiкi болса, мүлдем далбаса. Осыны өз санаммен қорытып,
айқын түсiнсем де оған деген ынтық көңiлiме қайыру берер шама жоқ. Алматыда да жiгiттiң небiр бағландары кездеседi. Олардың да бiразын ұната тұра бүйтiп құлай берiлген емеспiн. Қайта оларды өзiме ынтықтырып, мөлиген көздерiн көрудi, ақырында жер соқтырып, опқа жығуды үлкен бақыт санайтынмын. Мұндай ғашық болушылар қадам басқан сайын жолыға берсе екен деймiн. Сөйтiп, бiрiнiң аяғын екiншiсi құшып, шаңыма iлесе алмай қалса деймiн. Ендi өз басым көлденең көк атты бiреудiң сондай көп құрбандығының бiрiне айналғалы тұрғанымды айқын болжамасым бар ма? Амал не, бұл да маған тоқтау бола алған жоқ. Кеш ортасына қарай аздап қайрат жидым. Ленинградтық актерге қарсы бiр амал ойластыруға аңсарым ауды. Ол менi əлi де байқаған жоқ, бiр рет те биге шақырмады. Қасақана менен терiс бұрылып, құлағым берекесiз ызың-шуға толы осы халiмдi ұзарта түскiсi келген өшпендiлiгi бар ма деймiн. Стол басына қайта жиналғанда ол əдеттегiше менiмен iрге тиiстiрiп отыра кеттi. Рюмка қағыстырғасын, ол ащы ақ арақты қағып салғанда столдан шанышқымен қияр алып, аузына тоса қойдым. Өзiне бұрылып қарамай, сырт жаққа керексiз бiрдеменi лақтырып тастағандай iстедiм. Өзiм қарсы жақтағы бiреудiң əңгiмесiне елiккендей солай қарай кеудемдi ұмсына қыбырсыз қалғанмын. Ол аузымен қиярды алғасын шанышқыны столға тарс еткiзiп тастай салдым. – Кешiрiңiз,– деп мен тастаған шанышқыны ол көтерiп ала қойды. «Кешiрiңiз». Маған арнап айтқан ең алғашқы сөзi осы. Мен қияр ұсынғанда оны аузымен алған сөлекеттiгiн жуыпшайғандағысы екенiн аңғарам. Кешiрiңiз. Сiз қандай мейiрбанды жан едiңiз. Доғадай иiлiп кеп менiң көзiме қарамаққа əрекет жасады. Мен ештеменi байқамаған адамша жаңағы қарсы жақтағы əңгiме айтушыға мойнымды созып, тұла бойымды гипспен қатырып тастағандай қозғалмадым. Ровельдiң «кешiрiңiз» деген алғашқы бiр сөзi iшiме барып, бомбаша жарылғанын оның өзi байқамағаны анық. Бұл сөзде пəлендей көңiл көншiтер мағына жоқ. Бар қасиетi менiң өзiме арналып айтылуында. Ғажап көркi бар əдемi сыйлықты кеудеме басып, қайтып шығарып алмайын дегендей сол сөзден буын-буыныма жылу таралып жатты. Көз алдымда мұз айдынының тоңы жiбiп, буы атқақтай бастағанын көргендей боламын. Сөзiне жауап болмағасын ба Ровель қайта басылып
отырды. Сонда да назары менде. Өзiмнiң жеңе бастағанымды ұқтым. Ендiгi мiндет қатаң салқын қалпымды бұзбау. Ровель келесi биге менi шақырды. Оның құшағында жүрiп, екi адам бетпе-бет тұрса да бит терiсiндей жұқа қауыздың iшіндегi бiрбiрiнiң сырына көз жеткiзе алмайтынына таң қалдым. Темiр екеш темiр де iшiнен от жақсаң жылу таратып, айналаны жалынмен шарпиды. Ал адам терiсi неше пəленi қымтап ұстайды. Мейлi iшiнде от ойнап, өзегiн кемiрсiн, көзге шалынбас дiрiлмен ғана болып, сырт жанға белгi шалдырмайды. Ровель өз құшағында жүрiп, осы кеште менде оянған ынтызарлықтың қандай тегеурiндi күшке айналғанын, iшiмде ту-талақай дүние дауыл мен өртке қабат ұшырағанын мүлдем аңғармайды. Бар ойы өзiне деген аз-кем ынтамды ояту, сөзге келтiру. Бiр-екi рет өзiне тура қарап едiм, адамның қиялында ғана болатын ғажап сурет көзiме оттай басылды. Аппақ өңiне жапсырылған қап-қара қастар, көкiрегiңе үңгiп, тұла бойыңды қытықтайтын қос жанары, тек сүйiп рахаттану үшiн ғана жаратылған əдемi ерiндерi қарай берсең, iшкен сайын мiсеңнен аса түсетiн шарап қызуындай iшiме дендеп енiп, бiржола əлсiретiп əкетерiн сеземiн. Сағат он екiнi соқты. Бəрi толы бокал шампан көтерiп, жаңа жылға құтты қадам айтқанда мен осында отыруымның соңғы сəтi екенiн сездiм. Ендiгiнi көтере алмасым анық. Ровель маған құрақ ұша бастады, маған ендi керегi не едi, оны өзiм де бiлмеймiн. Əйтеуiр көптi қалаймын, көптi, бiрақ ненi? Доғаша иiлген сұрақ белгiсi тағы көлденеңдейдi. Байқаймын, Ровель менi екi рет биге шақырғанда Ираны бiр рет қана шақырды. Ира манағы көл-көсiр қуаныштан арылып қалған. Шарап емес, су iшкендей бет-жүзi тоң-торыс, босаң рең өңiне қалқып шығыпты. Жаңа жыл туғасын Маратқа бардым да, машинамен менi қалаға үйiме апарып тастауын өтiндiм. Ол қуана келiстi. Көзiнiң құртын жеген қызбен мынау залда болмаса да, машинамен қала iшiнде қыдырыстауға мүмкiндiк туғанын бiр басына жетерлiк бақыт санаған түрi бар. Ол машинасына от алдыруға кеткенде мен коридорға шығып, киiмiмдi алдым. Ровельдi ендi көре алмасымды ойлап, сол жерде көз жасым ақтарылмасы бар ма? Апырау, бұл жерден ешкiм менi қуған жоқ қой. Жұрт мына қалпымен таңға дейiн отыратыны анық. Менiкi не? Өзiм кетiп, өзiм өкiнетiнiм қалай? Жоқ, iштегi мынау толқумен бəрiбiр
ұзаққа шыдай алмаймын, залдың есiгi ашылып, бiреулер көрiнсе бетiмдi жұмсақ шəлiмен сипап тастаймын. Көз жасым қайта сорғалайды. Аздап ерiк беремiн де, есiк сықыр етсе, не бiреудiң аяқ тықыры естiлсе тағы сипаймын. Көз жасын сүрткен емес, басқа қимылға ұқсатып, iстеймiн. Су толы шелектi еңкейткендей бұл толастайтын емес. Манадан iшiмдi кернеген ынтазарлық көз жасы боп жинақталып қапты. Залдан шыға бергенiмде Ровельдiң екi жарыла алмай сасқалақтап қалған түрiн байқадым. Қалайда Ирамен жүрегiн жалғаған жiп əлдеқайда мықты сияқты. Оны үзiп кете алмасы анық. Мен сыртқы есiктi өмiрiмнiң ең бiр аяулы шағымен қоштасқандай жаптым. Тарс еткен дыбыс өзiмдi кiлт шошындырып қайтып қарасын шалдырмас үлкен бақыттан аулақ лақтырып тастаған құдiрет үнiндей құлағымды жарды. Жаңа жыл түнiндегi суық аз-кем ғана демеу болған түрi бар. Апырай, сол түнгi тау суретi əлi есiмнен кетер емес. Аспандағы жұлдыздар əрең-əрең шалынады. Белуарына дейiн ағарып, қап-қара боп тұтасқан қарағайға ұласып, төбеңнен төнiп түсер құдiреттiң өзiндей мынау алып емiс-емiс шалынатын жұлдыздардан алқа тағып, бас шайқайтын сияқты. Жұлдыздар ары-берi жосылып, көз iлестiрмейдi. Тұла бойы күңгiрт тартқан тау менiң көңiл күйiмдi күндiзгiдей танып, əлдебiр ырғақпен билегiсi келе ме? Айнала тегiс қозғалыс үстiнде сияқты. Аппақ қар түн дүниесi үшiн жарық көзi болып, сиқыр құбылыстар менiң жасқа толы көз алдымда бiрiнен соң бiрi асыр салып өтiп жатыр. Мен алдымдағы сай ернеуiне жеткенiмдi сездiм. Төменде Мараттың машинаға от алдырып жатқанын көрдiм. Баспалдақ сатыларын қар астынан əрең ажыратып, төмен түсiп келемiн. Өз өмiрiмдi өзiм қиып, мұхит тереңiне кетiп бара жатқандай көз жасымды одан сайын бұладым. Апырау, бұл қайдан шыға бередi? Тап осы сəттiң өзiнде-ақ телегей теңiз боп ақтарылып келедi. Сарқылатын уақыты болды емес пе? Мараттың қасына əрең жеттiм. Көзiмдi сипалай қазiр ғана өзiм түскен тау басына қарап едiм, бiр ғажап көрiнiс оттай басылды. Анау қалың қарағайдың арасынан шыға екi аң бiрiн-бiрi қуып келе жатыр екен. Жоқ, аң емес, бiрақ солай деп алғаш көз тастаған сəтте кiм де болса ойлап қалар едi. Тас түйiн боп таудан төмен домалаған екеудi басқаша жору мүмкiн емес. Жасты көзiмдi екi-үш сүртiп барып қана аңғардам. Пальтосының екi өңiрi далақтап Ровель, оның артынан
Ира пəрменiнше құлдилап келедi. Мынандай еңiсте тайып жығылып, мертiгемiз-ау деген екеуiнiң де ойында жоқ, ақ тозаңды бұрқыратып, аяқпен емес, кеудемен сырғанағандай шапқан атқа жеткiзгiсiз жылдамдықпен зымырайды. Мен алғашқыда олардың түрiн көрiп шошып, бiр сəт аңырап қаппын. Тек бар дүниенi артқа тастап, құйындай ұшқан Ровельдiң мынау жылдамдығы менi сiлкiп оятты. Олар жеткенше тез машинаның алдыңғы жағына жайғаса қойдым. Ровель сол ағынмен кеп, машинаның есiгiн аша жарты кеудесiмен iшке қарай лап бердi. Менi жаншып кетердей өзеуреп: – Алаукеш, сен қайда кетiп барасың? Əлi ерте ғой,– дедi. Мен үндегем жоқ. Ира да жетiп үлгiрдi. Ол Ровельдiң сыртта қалған қолын шынтағына iлiп, өзiне қарай əлсiз күшпен тарта бередi. Сыр алдырмаудың қамымен маған сырттан дауыстап: – Алаукеш, шынында да əлi ерте ғой. Жұрт тарағанда бiр-ақ қайтпайсың ба?– дейдi. Даусында өтiнгендiк бар. Бiрақ менiң қалуымды емес, осы бетiммен кете баруымды, Ровельдi өзiне қалдыруымды өтiнгендiк. Шынтағына iлген Ровельдiң қолын жiбермей өлетiндей жабысып алғанын бiр жақ қырыммен-ақ байқап тұрмын. Менiң қалатын ойым жоқ. Оны Ровельге ашық айттым. Ровель: – Ендеше мен де кеттiм,– деп машинаның артқы есiгiн ашты. – Мен де кеттiм,– деп Ира жандəрмен ұмтылды. Ровель оны алдымен кiргiзiп жiбердi. Қалаға жеткенше жарытып ештеңе айта алмадық. Алғашқыда, Ровель қарсы алдындағы маған қолын созып, бетiмдi сипағысы келдi. Қыздырынған темiрдей ыстық алақанын керi ысырып, еңкейiңкiреп отырдым. Қасындағы Ира қызғанар деп ойламай ма, Ровельдiң осы қылықтары маған бiртүрлi көрiне бастады. «Жаңа бəрi бiттi, ендi қайтып көру жоқ шығар» деген басым қазiргi халiмдi де жұбаныш ете алмаймын. Бар жетiскенiм көз жасым тыйылды. Ал iштегi алай-түлей ылаңын тоқтатқан жоқ, жан жүрегiмдi одан сайын ойрандап барады. Пальтомның жағасымен аузымды бүркей, тас түйiн болып, тарс етiп жарылып кетуден сақтанғанға ұқсаймын. Ара-тұра Ира ғана Ровельге бiрдеме деп қыңсылап қояды. Оның да жағдайы онша емес, бода-бода боп отырғанын аңғарамын. Ровельде үн жоқ. Анда-санда пальтомның сыртынан саусақтарының ұшымен ғана сипап өтедi.
Қала iшiне келгенде бiздiң мына жүрiсiмiзден түк түсiнбей, руль ұстап мелшиген Маратқа: – Мен Шевченко-Дзержинский көшелерiнiң қиылысқан жерiнде тұрамын. Соған жеткiзiп тасташы,– дедiм. Ол үндеген жоқ, солай қарай бұрылды. Үйдiң тұсына кеп, Марат тормозды басқанда мен «Сау болыңыздар» демекшi едiм, үнiм шықпай қалды. Есiктi тарс жауып, суық түннiң құшағына қарай жалт бердiм. Аяз емес, бетiмдi жалын шарпығандай, денем қатты қалтырап кеттi. «Бiттi, бiттi, ендi оны қайтып көрмеймiн» деп жаңа жұрттың думанын тастап шыққандағы алай-түлей сезiм өзiмдi тағы жұлқа тартты. Көз жасым шарасынан асар көлдей боп, iркiлiп қалса керек, тағы ақтарылды. Үйге жетiп құлау үшiн көшенi кесiп өте бергенiмде жаңағылар кеткен жақта бiр квартал төмен машинаның ысқырып барып кенеттен тоқтағанын құлағым шалды. Мынадай үнсiз түнде Мараттың машинасы екенiн айқын сезгенiм соншалық, Ровельдiң өзiмдi жоқтап, шыңғырған жан даусындай құлағымды жарды. Қиялмен ғана iздеген асыл арманым соңымнан елес боп, осы кеште əзiр айрылмай келе жатқанын түйсiнiп, қаралы жүрегiм сол сəтте қуаныштан қарс айрыла жаздады. Көк зеңгiр аспанда алмас қанатымен жарқылдаған сұңқардың бетiн осымен үш рет өзiме қайырғаным есiме түстi. Содан да қуанышқа тым ерiк бере қоймай, дүрсiлдеген жүрегiмдi саябырлатқым келедi. Артыма көп қарағыштамай, аяғымды жеделдете бастым. Тарс-тарс деген аяқ дыбысы естiлер ме екен деп үмiттендiм. О, ғажап! Шынында естiлдi. Мен неден үмiттенсем соның бəрi қара борандатып кеп, табанда орындала қалатындай ертегiде ғана болатын қасиет басыма орнағанға ұқсайды. Сол қасиет жоғалмай тұрғанда тағы бiр ең басты қажетiме жаратып үлгермек пейiлмен мынау жүгiрiп келе жатқан Ровель болып шығып, мəңгi ажырамас құшағына орауын жалбарына тiледiм. Бұл да табанда орындала кеткендей. – Алаукеш, Алаукеш, тоқта!– деген дауыс қақ желкемнен естiлдi. Сəл тəкаппарлықпен аздап жүре түспек едiм, екi аяғым ағаштай қатып, қозғалмай қалды. Өзiне бұрыла тоқтаған менi жерден көтерiп əкетiп, құшағына қысты. Сəл де қарсылық жасамадым. Бiр квартал өтiп барып, өзiме қарай машинадан шыға жүгiрген Ровельдiң қазiргi қимыл-əрекетiнен мұның басына да мендегi от боп лаулаған ынтазарлықтан бiр ұшқын түсiп, лап ете қалғанын байқаймын. Асқар таудай басалқалы адамның бұлайша сабырдан айрылуы тегiн емес.
Мұның соңынан Ира көрiнбедi, Мараттың машинасымен ары кете барды бiлем. Аяқ қолым тiрлiк нышанынан айрылып, алғаш рет жiгiт құшағының лəззатын таттым. Аязбен құрсанған жаңа жыл түнi сұрапыл жалын боп шарпып, сықырлаған қар қып-қызыл шоқтай жаман табанымды дызылдатты. Осы оңаша сəтте ол бет-аузымнан сүймеген жер қалдырмады. Сəл ес жиғасын бiр төрт қабатты үлкен үйдiң ауласына барып, бiр қарыс қар басқан орындықты тазалап жiберiп, таң атқанша сонда отырып шықтық. Қызбен сөйлесуде, оның iшi-бауырын өзiне бұрып əкетуде тамаша тəжiрибесi барын бiрден аңғардым. Бiрақ мұны құр жылтырақ сөзшеңдiкке қимадым. Əр сөзiне үлкен мағына берiп, оның тасасында мен күдiктенерлiк ештеме қалмасын деп, астарын аша сөйлейдi. – Адам қаншама жеңiл жүрiстi көрiнгенмен онда өзiне тең дос, көңiлiне күншуақ түсiрер дос iздеген көңiл қашан да болады. Мiне, сен ойлайсың мынау Ровель сонау алыстағы Ленинградтан келген актер, кеше Ирамен болып едi, бүгiн маған қарай жалт бердi. Ертең кiмге қарай тайқып кетер екен дерсiң. Жоқ, бұл жолы мен ешқайда тайқымаймын. Өзiң көкiрегiмнен қақпасаң мен сендiкпiн. Сонда да тап осы сөздерiнiң тұсында бiр қорқыныш көкiрегiме ұрлана кiрдi. Менiң алдымда ант-су iшкен сөздерiмен бұл шақтың жарқ етер бiр көрiнiстей алдамшы сəт екенiн ұқтырып тұр ма деген ой келдi. Ендi ол не айтса соның бəрiн ұғатынға ұқсаймын. Шынында бұл сонау қиырдан келген өнер адамы, ұшарын жел, қонарын сай бiледi, қайда барса да мынау кескiн-келбетiмен, сөз мəнерiмен өзiне құлша табынатындарды тауып алады. Осыған келгенде мен шынында, тағдырдың қатал соққысына ұшырағалы тұрғанымды сездiм. Сол сəтте-ақ Ровель алтын кездiктiң ұшындай жарқылдап келiп, жаныңды ауыртатын, менiң «ет пен сүйектен жаралған» кеудеммен еш бiрiкпейтiн алыс жат қасиеттей көрiне бастады. Махаббат құшағына малынған бүгiнгi жаңа жыл түнiнде аспандағы жұлдыздардан көмек сұрағандай осындай бөгде бiр күдiкпен арпалысып шықтым. Таң атқанша Ровельдiң құшағында отырып, еш суықты сезбедiм. Көп сөйлеген де жоқ. Ұлпа қарға малынған ағаштардың сидам бұтақтарын, үй қабырғаларын, айналаны тегiс қараңғылықтан арылтып, жаңа жылдың күнi де туып келе жатты. Ұзақ уақыт махаббат пен күдiк араласып, мұнартып,
жұмбақ халде көрiнген дүниеге жарық түскендей. Ендi санам айқынырақ, бəрiн жiтi көзбен аңғарсам деймiн. Ровельдiң түнде өзiмдi құшқан қасы-қабағы да айқынырақ шалына бастады. Кеше ғана анау «Просвещенецтегi» жаңа жыл дастарқаны жайылған залда аспандағы сұңқардай жарқ-жұрқ етiп, адам қолы жетпестей алыс көрiнген жанның өзiмдi құшағына қысып, бүк түсiп отыруы ғажап түстей осы халiме сенгiм келмейдi. Ұйқысыз өткен түннiң өзiмдi манауратып алдамшы бiр көрiнiспен селт еткiзгенi секiлдi. Айналаны байқастап, денемдi қимылдатып, басымды сiлкiп, санамды қаншама айқындатсам да бұл түс болмай, өңiмдегi өзiм өксiп iздеген бар қызығымдай көзiме оттай басыла бередi. Биiк үйдiң алдындағы асфальтпен ары-берi жүргендер көрiне бастады. Ендi отыра берудiң мəнi жоқ, уақытша айрылысу сəтi туды. Ровель қонақүйдегi бөлмесiнiң нөмірiн, телефонын берiп, бiздiң үйдiң де телефонын жазып алды. Түстен кейiн ұйқымыз қанғасын сол қонақүйде кездесетiн болдық. Үйге келдiм. Əке-шешем, олар да жаңа жыл кешiнен соңғы тəттi ұйқының құшағында екен... Менiң келгенiмдi дыбысымнан бiлiп, оянғанмен қайда болғанымды сұрамады. Бұрын да осылай түнделетiп жүргенiмде қайда болдың деп тəптiштеп сұрай қалса жөндеп жауап бермейтiнмiн. Бүгiн мерекеге орай мүлде есеп берiп жарытпасымды iштерi сезгесiн бе лəм демедi. Беу сол күнгi ұйқымның тəттiсiн-ай! Балбырап, саған төрт шамасында оянғанымда жақсы тыңайып қалыппын. Кешегiнiң бəрiн есiме түсiрiп, аласұра бастап едiм, шешем: – Саған жаңа бiр орыс жiгiтi телефон соқты ғой, ол кiм?– дедi. – Ол не айтты? – Не айтушы едi, сенi сұрады. – Сен не айттың? – Ұйықтап жатыр дедiм. – Ол не айтты? – Олай болса ұйқысын бұзбай-ақ қойыңыз дедi. Сəлден кейiн тағы телефон соғармын дедi. Ол екiншi рет қонырау шалғанда сен əлi ұйықтап жатқансың. Ол ұйқыңды бұзбауды тағы да өтiндi. Ол өтiнбесе де сенi оятайын деп тұрған мен жоқ. Соншама iлтипат бiлдiре сөйлегенiн айтам. – Шешемнiң көзiнде өзiнiң жеңiлтек қызына деген таңырқау бардай. Телефонмен бiлдiрген ықыласына қарап, менiң тап сол жiгiтпен жүруiме қарсы еместей. – Үшiншi рет телефон шалған жоқ па? – Жоқ əлi.
Тап мынау – Ровель. Басқа бiреу болса, менiң ұйқыма бүйтiп қабырғасы қайыспас едi ғой. Шынында солай екен, үшiншi ретiнде трубканы өзiм көтердiм. Ол жаңа жылдағы алғашқы ұйқымның қалай болғанын, көңiл-күйiмдi сұрады. Мен нақ-нақ жауап берiп жатырмын. Ақыры ол жатқан қонақүйге тарттым. Ровель мен келе ме, жоқ па дегендей қатты алаң боп отыр екен. Есiк тықылдатқанымда осы сəттi кiрпiк қақпай күткен адамның қимылымен есiк ашып, iшке қарай менi көтерiп əкеттi. Тағы да ұзаққа созылған үнсiз сүйiс. Бөлме ортасында құшақтасқан күйi қалшиып, қозғалмай қаламыз. Екi балтырым дызылдап, аяз ба, от па, əйтеуiр бiрдеме қарып бара жатқандай, тəлтiректей жаздап, өзiмдi Ровельдiң кеудесiне сүйеп, əрең тұрмын. Сəлден соң менi стол басына жайғастырып, шарап, тамақ бəрiн əзiрлеп, құрақ ұша бастады. Ровельдiң қасы-қабағы, жанары қандай көркем болса айтқан əңгiмесi, əзiл сөздерi де соншама ашық, түсiнiктi. Iшi-бауырыңа дендеп енiп, күлкiден қанат бiтiргендей өз-өзiңнен шалқи бастайсың. Мағыналы сөздiң ара-арасында өткiр əзiл тастаса ол баяндап отырған шындық күштi жарық ағыны шалғандай, ерекше сұлулықпен көз алдыңда жарқ етедi. Осы отырыста бiздi мазалаған Ровельдiң көршi бөлмедегi жолдастары ғана. Алғашқы бiреуi əлденеге кiрiп, менi көргесiн таң-тамаша болып, Ровельге күдiк көзiмен қарай бастады. Олар мұның кешегi жаңа жыл кешiн тастай жөнелген қылығына əлi дұрыс мəн берiп үлгермесе керек. Мəселенiң байыбын ендi ғана ұққандай одан кейiн кiрген тағы бiр-екеуi де маған бажырая қарасты. Сiрə, Ровельдiң тобы көп. Бiрiнен-бiрi естiп, оның бөлмесiнде ай мен күндей болып отырған менi көрмекке мұнда бас сұғып шығу үшiн ендi сылтау iздей бастады бiлем. Келесi келушiлер мүлдем жиiледi. – Ровель, сiрiңкең бар ма? Бұл қалтасын шарлап, оған сiрiңке суырып бергенше, келiп тұрған жiгiт менiң түр-түсiмдi барлап шығады. Аларын алғасын да қипақтап бiрден кете қоймай, бөлме қабырғасы мен шкафты көзiмен тiмiскiлей айналшақтап тұрғанын байқаймын. – Ровель, сенде тұз бар ма? – Ровель, пышағыңды бере тұршы? Есiк əр ашылған сайын басқа бiреуi көрiнедi. Бұлардың қылығы Ровельдi де мезi ете бастады. Əрi-берiден соң: – Бұл сендерге немене, жабдықтау бөлмесi ме?– деп, соңғы келген жiгiтке қыр көрсете есiктi тарс жапты. Маған берi
бұрылғанда жүзiнде ашуланған белгi жоқ, жайдары қалпына көлеңке түспеген күйде қарсы алдыма келiп отырды. Ендi ол достардың мазалауы тыйылды. Ровель жарқырап, өзiме одан сайын ашыла түстi. Өз басым соншама рахатқа да батып отырғам жоқ. Ровель iшi-бауырыма дендеп енген сайын бiр күдiк алып бара жатты. Не iшiп, не жесем де бəрi кеудемнен көтерiлiп, тамағыма жеткен сол күдiкке тiрелiп қалатын сияқты. Ары қарай зорлап жұтамын. Əлi де санам айқын, мен iстiң соңын ойлауды да ұмытқам жоқ. Күз түсе алыстағы оңтүстiк құрлықтарына қарай, қанат сермейтiн қайтқан құсты ұстап қалу мүмкiн емес. Темiр торға салсаң ол адам айтқысыз зорлық болады. Мынау уақытша киноға түсуге келген Ровель де көзiме сол қайтар құстай көрiнiп, қиялымда ертегiнiң аппақ шаһарындай жарқыраған Ленинград бұл бармай қоймайтын оңтүстiктiң жылы құрылығындай шалынады. Тек уақыты жетпегесiн ғана бұл көз алдымда көл-көсiр болып отырған сияқты. Жеңiл күлкi, жеңiл жүрiс үшiн ғана басымды байлап берiп отырғам жоқ қой, өмiрлiк мұрат үшiн тайталасар шағым екенiн түсiнемiн. Мен қалай да iстiң басын ашып алуды ойладым. Шарап қызуы бойыма тараған бiр сəттiк батылдығымды пайдаланып, жанымды жегiдей жеген осы күдiгiмдi ортаға салдым. – Ровель, сен менi кешiр. Бiлесiң бе? Менi қинаған бiр нəрсе бар. – Ол не, айтшы, айтшы, жаным. Мен үндей қоймап едiм, ол аяғыма жығылғандай жiк-жапар болды. – Айтшы, жаным, қинамашы менi. – Кеудемде бiр күдiк бар. Ол тiкенектей қадалып алды. Тiптi кетер емес. Сен менi өзiңе тартқан сайын ол одан сайын қадалып, жанымды қинап барады. – Қандай күдiк? Ашып айтшы, қандай күдiк? – Өзiм де анық бiлем деп айта алмаймын. Əйтеуiр бiздiң осы жарастығымыздың өмiрi ұзақ емес сияқты. Осыны естiгенде Ровель тез салбырап, менi қатты бауырына басты да қайта өз орнына оңдалып отырды. Байқасам, жүзiнде менiң күдiгiмнен абыржу жоқ, қайта əлде бiр ұнамды нəрсенi көргендей көңілi жайланған сияқты. Көздерiнде, ернiнде шаттық сезiмi ойнайды. Менi сəл салғыртып барып айтқан сөзi: – Ондай күдiктiң болуы заңды. Ата-ана өздерi шын сүйген жалғыз баласының өмiрiнен үнемi қауiптенiп отыратыны сияқты
сен де мүмкiн, өз кеудеңдi жайлаған осынау үлкен сезiмнiң тағдырына шошына қарайтын шығарсың. Мұндайда қорыққанға қос көрiнедi дегендей қауiп пен күдiк адамға өзiнен-өзi келе бередi. Осыны айтты да, бiр өткiр əзiл тастады. Қандай əзiл екенiн ұмытып қалыппын, əйтеуiр ішек-сiлемнiң қатқаны əлi есiмде. Сол күлкiмен бiрге iштегi күдiгiм де бiрауық сейiлiп кеткендей. Содан бастап бiз Ровельмен күнде кездесiп тұратын болдық. Ол киноға түсуден бос уақытын түгелдей маған арнады. Ал Ираның не күйде екенiн мүлдем бiлгем жоқ. Ровельдiң бөлмесiнде мен түнге қарай да болып жүрдiм. Осы уақытта оның тамаша адамгершiлiк қасиетiн əлдеқайда терең ұқтым. Сонау Медеуде «Просвещенец» демалыс үйiндегi жаңа жыл кешiнде оның жарқ етiп көзiмдi тартқан асыл қасиетi, алмастай көркi тегiн болмай шықты. Мен қателеспеген екем. Мен оны қалай сүйсем, ол да менi солай сүйiптi. Көздерiнен жүрегiмдi елжiреткен байсалдылық, мен шарт сынып кетер əйнектей немесе ұстауын бiлмесең бояуы оңар, əрi кетер жаратылысы аса күрделi нəзiк дүниелiктей көретiн ерекше ылтипатын, ыждаһаттылығын бiрден байқағам. Қолда тұрғанда iске жаратып қалайын деген жанталасқан обырлық, қомағайлық мүлдем жоқ. Мынадай салалы қолдары, аршын төс, арыстан кеудесi көрген олжасын тарпа бас салып, ұмар-жұмар жемтiкке айналдыру үшiн емес, қайта бұл өмiрде кең дүниеден көз сүзiп iздеген аяулы қадiрлiсiн əлпештеп, күннiң көзiнен, желдiң өтiнен қорғаштап, мəпелеу үшiн жаралғандай. Əрбiр дене мүшесiнiң анау екi көздегi сыралғы досқа лайық мейiрiмге сай ғана əрекет ететiнiн, оның өрiсiнен ешқашан аттап баспасын, айқын сезiнемiн. Ровельдiң бұл тəртiбiнiң шынайылығы, ақықтай iшкi ажары мен сияқты шəлкес мiнездi, анау-мынауды белден басып, қың демей жүре беретiн тəкаппар қызды ғана емес, тумысында қорқақ, қоян жүрек жандардың қайқайсысын болмасын иландырар едi. Сөйтiп, олардың шын сезiмге көзiн ашар едi. Өз танығаным, ол маған өз өмiрiндегi үлкен қайталанбас құбылыстай қарады. Бiр көрiп тастай салатын жай əшейiн дүниелiк емес, бүкiл өмiрiне сəуле шашар, жоғалтпай қастерлеп ұстауға лайық асыл зат деп, ең алдымен маған қауiпсiз орын сайлап, анау-мынау қаққы-соққыдан аулақ болуымды қадағалаған сыңайы бар. Қонақүйдiң оңаша бөлмесiнде ақ жаймасы ашулы төсекте жартылай жалаңаш жатқан мен мынау көрген түстей
ғажайып сезiм толқынымен оның еш сұғанақ əрекетiне қарсы тұра алмас едiм. Бiрақ ол менi зорлап көндiрмекке күш жұмсап, қол батырар емес, тек өне бойыма жүгiрген жұмсақ алақанында мен өмiр бойы сезiп, бiлмеген бiр шарапат оты бар. Ол алақанды өз қолыммен тартып, кеудеме қаттырақ батырсам деймiн. Тек артық қимылды өз бетiмше жасағым келмеген ұяңдық, əзiрге бетi бүркеулi құмарлық iштен тынып, қозғалтпады. Əзiргi əлпештеуiн де мен артық көрiп тұр деп ойлады бiлем, ол: – Мен бiлемiн, сен затың – əйелсiң. Сенiң организмiңе қайшы келетiн ешқандай əрекетке бармаймын. Егер қазiр болмайды десең мен бiрден түсiнемiн. Қыстайды деп ойлама. Бəрi өз қолыңда,– дедi. Иə, бəрi менiң қолымда едi. Мен бұған шындап сендiм. Ровель сыпсыңы көп достарының көзiнен аулақ оңаша болу үшiн «Арман» кинотеатрының сыртында бiр кемпiрдiң үйiне пəтерге шықты. Бұл екеуiмiзге де жайлырақ болды. Қыдырыстап келетiндер болмау үшiн Ровель жаңа мекен-жайын ешкiмге айтпапты да. Белi бүктелген, бетi əжiмнен айғыз-айғыз үй иесi кемпiрдiң де бiзге ешқандай зияны жоқ. Аядай тар бөлме мынау кең дүниенiң қауашақтай ғана бөлшегi болса да, мұхит айдынындай бiздi еркiн əлдиледi. Даладағы тырс еткен дыбысқа дейiн естiлетiн мылқау тыныштықта мен махаббаттың отына жандым. Бұл менiң өмiрiмдегi ең бақытты күндер едi. Басыма қиын-қыстау iс түскенде, жалғыздық тақсiретiн тартқанымда сол бiр күндердiң рухына табынғандай, тым болмаса соның лебi желпiп өтер ме екен деп тiлейтiнмiн. Ол қайталанбас шақ қиялшыл басым ойлап табатын небiр ғажайып бақыт аралынан, небiр қызық дəурен дейтiннiң бəрiнен асып түсушi едi. Белi бүктелген, бетi əжiм-əжiм орыс кемпiр перiште бейнесi де, ол шаң қондырмай ұстайтын аядай бөлме бiзге арналған жұмақ төрiндей. Оны тiлмен суреттеу қиын да, бəлкiм. Сонымен не керек, Ровельдiң жұмысында бiр айлық үзiлiс жарияланды. Бұл уақытта ол мұнда қала алмайды. Ленинградқа барып келуi керек. Жұмыс бабы солай. Менiң қатты жүдеп кеткенiмдi байқапты шешем. Əрi сабаққа қырсыздығымның да қаншалықты дəрежеге жеткенiн көрмей жүрген жоқ. Осы Ровельмен достасқан күндерде қанша лекцияға қатыспадым екен оны өзiм де бiлмеймiн. Ровель қашан да, өзiнiң
жұмысынан, менiң сабағымнан тыс уақытта ғана жолығуды ұсынатын. Оның жұмысына бөгесiн жасар мен жоқ. Ал өз сабағыма баруға құлқым болмай көбiне қолды бiр-ақ сiлтеп жүре беретiнмiн. Ровель «сенiң лекцияң бар емес пе?» деп сұраса түрлi сылтау айта саламын. Шешем осы жағынан сыр тартып көрiп едi, ерке өскендiгiмнен бе, бетiнен алдым. Сосын оның сұрағы тыйылды. Жалпы, əкем де, шешем де менiң басымда апай-топай не пəле болып жатса, оны бiлуге жандарын салған емес. Мейлi көл-көсiр көз жасымды, шектен тыс қуанышымды көрсiн, мұның мəнiсi не деп екеуi болып ортаға алып сұрағаны есiмде жоқ. Бiр үйде тұрғанмен, туыстығы жоқ, сырт бақылаушым ғана сияқты. Кейде бұлар өз бастарындағы ескiлiктi бiр мəселесi шешiлмей келе жатқан жандарға ұқсайды. Былай ерлi-зайыпты адамдардай екеуара бiр шүйiркелескенiн де көрмеймiн. Əкем жұмыстан үнемi көзi жұмылыңқырап манаурап қайтады. Киiмiн iлiп, залда мол денесiмен шалқасынан жатады да шешемнiң тамаққа шақыруын күтедi. Мен үйде бармын ба, жоқпын ба аңғармайды да. Оқитыны тек халықаралық жағдай туралы басқа əдебиеттi баланың ойыншығы санайды шамасы. Шешем де əкемнiң осы қалпына орай мiнез қалыптастырған. Сырттан кiрген өз жұбайы екенiн сезсе де, ас үйден берi шықпайды. Тек əлден уақытта ғана оған келiп, салқын үнмен «тамақ дайын болды» дейдi. Екеуi тамақ iшкенде қастарында шыдап отыру мен үшiн үлкен азап. Əкем тамақты қарпытып асап жегенде аузынан, мұрнынан шығатын неше түрлi дыбыс менi қатты жирендiредi. Əрi жүрегiнiң жұмысы да ауырлау ма, көкiрегiнен шығатын бiр сырыл да жетiп тұрады. Шешем оған сəл қырын берiп сазарған қалпын бұзбайды. Тамақ желiнiп болғанша екеуiнен лəм деген бiр сөз шықсайшы. Мұндайда үшiншi адамның желкесiнен зiл қара тас басып жерменжексен болатыны сөзсiз ғой. Сондықтан мен олардан үнемi бөлек тамақтанамын. Егер екеуi жазатайым тiл қатыса қалса, сөздерi мына құралпылас болып келедi. Əкем: – Сен Құлықбектердiң үйiмен хабарластың ба? (Құлықбек дегенi бұлардың ескi досы). Шешем: – Өзiң неге хабарласпайсың?
Əкем: – Мен ендi еркек басыммен солардың алдында басымды кiшiрейтейiн бе? Шешем: – Əйел екенмiн деп, менiң де кiшiрейе беретiн жайым жоқ. Əкем одан артық сөз жарыстыруды жөнсiз көредi де, жұмсақ диванға гүрс етiп, мемлекеттер арасындағы саясаттың ұзақ-сонар шиырына iлесiп кетедi. Құлықбекпен хабарласуға əкемнiң өзiнiң де құлқы жоқтай. Тек ендiгi мынау ұзақ үнсiздiк ортасында өзiнiң тiлi, құлағы орнында, қызмет iстеуге жарамды екенiн тексерiп алу үшiн ғана айтқаны сияқты. Кей-кейде жоғарыдағыдай сөздерiнен кейiн менiң басыма келетiн ой, бұлар жас кезiнде де бiр-бiрiн елжiрей сүйген емес. Əлдеқандай келiсiм-шартпен бас қосып, кейiн екеуiнiң де күткенi болмай шыққасын, тоң-торыс халге ұшыраған сорлылар сияқты. Бiздiң үйде қонақ сирек болады. Онда да келген кiсiлермен бұлардың пəлендей жүрекжарды сөз айтысып, көңiлдi күлiсiп, шүйiркелескенi есiмде жоқ. Кеңседегi iс адамдарынша ғана мəселе шешiсiп, тарасатынға ұқсайды. Мен осы өзiм тұрған шаңырақ астындағы даладай аңыраған суық тiрлiктен бойымды аулақ ұстауға тырысамын. Дүниеде қандай жылылық бар десе, оны тек сырт өмiрден iздеп дағдыланғанмын. Бұған əке-шешем де өз мiнез-құлықтарымен жөн сiлтеп тұрған сияқты. Егер ара-тұра шешем заты əйел, ана екенiн сездiрiп, менiң iшкi iсiме араласпақ пейiл бiлдiрсе қазiргiдей беттен алып, шаң-шаң етiп ұрсып тастайтынмын. Бұған оның да етi үйренген. Бұл дағды арамызда қазылған орды одан сайын ұлғайта түскен. Менiң жүдеп кеткенiм туралы жаңағы сөздерiнен кейiн оңашада отырып шеше сөзiне мəн бере айнадан өзiмдi-өзiм мұқият барласам, шынында бұрынғы балғын жүзiмнiң сеңi бұзылғандай сүйек-сүйегiм айқындалып қалыпты. Бұл ненiң əсерiнен деп, көп ойланып жатқам жоқ. Өмiрiмдегi өзгерiс ағайын-туғанға сырымды ашпасам да, өзiме аян ғой. Оның кескiн-сымбатыма осынша таңба саларын алдын-ала ойламаппын. Бiрақ өкiнетiн не бар? Өмiрдiң бұлай кiлт бұзылғанына дəн ризамын. Өзiмдi тынымсыз толқында жүзiп жүргендей сезiнемiн. Құшаққа симас теңiз жалдары кеудемдi ыстық ұрып, аспанға лақтырады. Күнге жарқылдаған күмiс тамшыдай мендегi сойқан сұлулық мұндайда айналаны тегiс жадырата ма? Қалайда кең дүние мендегi көрiк, мен түйсiнген бақыт шұғыласынан жарқырайтын сияқты.
Ленинградқа кетуiнiң өз басым үшiн қандайлық қияметi боларын бiрден аңғара алғам жоқ. Тiптi Ровельдiң бұл аттанысы туралы ойға дұрыс мəн де бермедiм бiлем. Ол менi бiр ғұмырға жетер қуаныш қызығымен суарып, тоқмейiлсiтiп тастағандай. Бұл аңғарусыздығымды мен ең соңғы сəтте ғана табаныма шоқ басқандай жүрегiм шар етiп жылап, сезгендей болдым. Ровельдi əуежайға шығарып сап, оның ұшаққа мiнер сəтiн тосып, ресторанда отырғанымызда мен ештеңенi сезбедiм. Тек ол баспалдақпен көтерiлiп, ақ шағала құстай əсем, алып лайнердiң бүйiрiндегi үңiрейген есiкке ене бергенде ғана жан даусым шыға жаздады. Мынандай айрылысуға алдын-ала өзiмдi əзiрлемегенiмдi сезiп, тұрған орнымда құлап қала жаздадым. «Ровель, Ровель»– деп жан дəрмен қайта шақырайын десем, маңымда топырлаған халық ашық алаңды қоршай, арандай боп аспанға шаншылған iстiктей қара темiрге айғайлап, тiл бiтiре алмаған əлсiздiгiме сақ-сақ күлетiнге ұқсайды. Шынында, темiр шарбақ, тұмсығын сыртқа бұра бастаған ақ самұрық құс менiң ендiгi талпынысымды мүлдем түкке тұрғысыз еткендей. Қазiргi халiм, басқалармен бiрге өзiмнiң де жұдырықтай жүрегi бар жан боп жаратылғанымды, мынау қатал дүние өмiр заңын ышқынған үнмен өзгерте алмасымды сезуiм, бастан ұшқан дəуiрдi көзбен ұзатып салған мынау əлсiздiгiм менi секунд сайын жермен-жексен етiп бара жатты. Апырау, бұл менiң Ровельмен ақтық қоштасуым емес қой. Бiр айлық қана үзiлiс емес пе, мұншама күрт кетуiм қалай, əлде бiр жамандықты жүрегiм сезе ме деп, бұл жағдайымның төркiнiн сəлден соң ғана сарапқа сала бастадым. Мен ес бiлгелi пəленше жыл өтiптi, соншама мерзiмнiң көзге шалынбас бiр айы ғана ғой. Иə, тап солай. Ровель алдады дейтiн емес, оның бiр айға Ленинградқа баруы керек екенiн қасындағы жолдастары да айтқан. Олардың көбi осында қалды. Сонымен қойшы,өзiмдi əрең жөнге келтiрдiм. Тек Ровель кеткеннен бастап, күн санап, сағат тiлiн бақылайтынды шығардым. Олар өтпей жүрмей бiр орында қатып қалатын сияқты. Ерте заманның қарттары кеш түссе бiр күнiм өттi-ау деп зарлайды дегендi естiгенiм бар. Мынау ауыр мұң дүниесi болып басыма төнген бiр айды солардың үлесiне берер ме едi деп қиялдаймын. Ондай атты құдiретке қолым жетпесiн сезiп, бiр орында қатып қалған уақытпен бiрге жермен-жексен бола түсемiн.
Көшеге шықсам күнге жарқырап, ақ шаңқан тартқан зəулiм үйлер, менiң қасiретiмдi сезiп аяушылықпен басын игендей үнсiз мүлгiген тал-қайың, ашық аспан – бəрi қабырсыз дүниенiң осы қалпын көкiрегiме шоқтай етiп басып, ес таппай жүрiп кетемiн. Қайда барарымды өзiм де бiлмеймiн. Ровельмен бiрге жүрген жерлердi шарлағым келедi. Бiрақ оның бəрiн жүрiп өтуге тауаным жетпейтiн сияқты. Ал аялдасам көкiрегiмдегi Ровельдi жоқсынған алапат сезiм жанымды шоққа салып шырылдата бастайды. Əлдеқалай Ровельдiң бiр əрiптесiн ұшыраттым. Оны бұрын көргенiммен пəлендей араласқанымыз жоқ едi. Ол Ровельмен тек жұмыс бабы бойынша ғана жолығатын, былай бiр-бiрiмен шаруасы жоқ адамдар сияқты болатын. Мына кездесуiнде маған көптен бергi сыралғы досындай қатты жылы ұшырап, асты-үстiме түсе бастады. Бiр жақ маңдайына түсiрген кiп-кiшкене кекiлi мен қой көздерi iлтипатқа толы. Ровельге түрi ұқсамағанмен, маған қарасында оның көп қылықтарын қайталайтын сияқты. – Алаукеш, сен Ровель кеткелi берi жүдеп кеттiң ғой. – Қайдам, жүдеген жоқ сияқтымын. – Ровель екеумiз жақын доспыз. Екеумiздiң ұлтымыз бөлек. Ол орыс мен қазақ болғанымен солай. Арамыздан қыл өтпейдi деу өз алдына, былай ет бауыр туыс сияқтымыз. – Ровельдiң барлық достары да оны сiз сияқты жақсы көре ме? – Қалай деуге болады. Əрине, оның көзiнше бəрi де жылтырайды. Бiрақ бiразында қызғаныш та жоқ емес. Кинода бiлесiң бе, актерлiк талант қана емес, адамның сыртқы пiшiнiне де көп мəн берiледi. Бұл жағынан келгенде Ровельдiң теңдесiн таба қою қиын. Кiшкене кекiлi бар қазақ жiгiтi мұнымен де шектелмей Ровельдiң мен бiлмейтiн көптеген жақсы қасиеттерiн тiзбелей бастады. Мен бұл əңгiменi сүйсiне тыңдаймын. Ровель туралы жақсы сөз менiң ендiгi халiмнiң шипасы сияқты. Тұла бойымды жылы ағын кернедi. Байқаймын, Ровель кеткелi менi қинаған айрылысу азабы емес, қатты зерiгуiм екен. Мына жiгiт соны байқады бiлем, қолтығымнан ұстап көтерiп əкетердей өз ырқына көндiре бастады. Мен қарсылықсыз ере бердiм. Жоқ, мұның ешқандай сөкеттiгi жоқ деп ойладым. Апырау, өзiм соншама өзеуреген Ровель туралы көбiрек бiле түссем оның не айыбы бар. Əрi өзiмдi қинаған азаптан құтылу үшiн де осылай iстедiм. Мүмкiн басқаша да шығар, қалайда бұл қылығымды өзiм солай түсiндiм.
Ол алғашқыда киноға шақырды. Сосын кейде бiраз уақыт сыртта отырып қалатынды шығардық. Құрық тимеген қыр асауы анау-мынаудың парқына бара бермейдi. Мен өзiмнiң Ровель алдындағы жауапкершiлiгiмдi бiр сəтке болса да ойлағам жоқ. Тiптi ондай атты жауапкершiлiктiң болатыны менiң басыма кiрiп шықпапты да. Мен тек əңгiмеге елiккен болдым. Кiшкене кекiлi бар қой көздi қазақ осы бiраз күннiң iшiнде Ровель туралы маған не айтпады десеңшi. Бiрде ол солтүстiк жақтағы қалың қар басқан орманда аюмен де арпалысыпты. Əрине, жалғыз өзi ондай қатерлi аңды ала алмаған. Достары келiп үлгергенше тек қорғанып тұрыпты. Бiле бiлгенге мұның өзi қандай ерлiк десеңшi. Ровель əрi қысты күнгi қырық градус аязда қалың мұзды өз қолымен ойып, оның астындағы терең суға да түсе бередi екен. Əсiресе, мына жiгiттiң көп айтқаны актерлiк жұмыстың қырсырлары едi. Тiптi Ровельдiң өзi бұл хақында көп шешiлмептi. Ұғуымша, Ровель тумысынан өнер үшiн жаратылған екен. Мен ендi кекiлдi жiгiттi бiртүрлi жақсы көрдiм. Əрине, Ровель үшiн. Маған ол осы бiр ғажап жанның көптеген қасиеттерiн ашып бердi ғой. Мен ендi онымен сол Ровельмен бiрге болған жерлермен жүре бастадым. Сiрə мен сияқты жеңiлтек қыз үшiн бiр ай деген аз уақыт болмаса керек. Бiрде əлгi белi бүктелген, бетi əжiм-əжiм орыс кемпiрiнiң үйiнiң тұсына келiп қалыппыз. Ешқандай кəдiк көрмей-ақ: – Бiз Ровель екеумiз, мына үйде жатқамыз,– дедiм. Кекiлдi жiгiт мен нұсқаған үйдi сыртынан барлап бiраз тұрды. Сосын, қой көздерiне барынша мейiрiм жиып: – Кiрсек қайтедi?– дедi. – Қой, ұят қой, не бар онда?– Солай десем де, Ровель екеумiзге жылы ұя болған сол аядай бөлменi сағынғанымды сездiм. Əрi кекiлдi жiгiттiң ұсынысынан мен ешқандай бөгде ойды сезгем жоқ. Оны Ровельге жанашыр дос деп түйдiм. Əйтпесе осы күндердiң iшiнде Ровель туралы соншама iлтипатты сөздердi шығын етер ме едi деймiн. Сонда да алғашқы күнi кемпiрдiң үйiне кiргемiз жоқ. Келесi кездесуiмiзде кекiлдi жiгiт менi өзi солай бастап жүрдi. Тағы да сол үйдiң тұсына келгенде жiгiт «кiрсек қайтедi» деп аса инабатты түрде қолқа салды. Мұның ар жағынан ешқандай кесепатты аңғармай, апырау, соншама неге керги беремiн, мұнда тұрған не бар деген түйсiк жеңiп шықты менi. Сөйтiп көзiме керемет жылы ұшыраған аулаға қарай бұрылдым.
Кемпiр менi байқап, қасымдағы жiгiттi Ровель деп ойлап, оған түстеп қарамаса керек, қың деместен баяғы бiз жатқан бөлменiң есiгiн ашып бердi. Ол менi арсыздықпен иемдендi, мен өлi балықтай тұяқ серiппедiм. Қайтып келген жоқпыз. Бұдан кейiн жаңағы жiгiттi де сирек көрдiм. Ол келедi де, анау-мынауды сылтау етiп тайып тұрды. Ровельдiң келетiн уақыты болды. Мен анау-мынаумен алданып жүрiп, оны пəлендей сағына да алмағам ба, əйтеуiр оған деген жүрегiмде бiр түйткiл бардай лапылдап жана қоймадым. Телеграмма келгесiн, əуежайға барып қарсы алғанымда ол менi баурына қатты қысты. Сол шақта ғана оған деген мендегi ынтызарлық сойқан күшпен қайта оянды. Бiрақ бұл ынтызарлығым əлдебiр кесепатқа ұшырғандай оған кесе көлденең тұра берген тағы бiрдеменi байқаймын. Бiрде ол кiшкене кекiлi оң жақ маңдайына қайрылған қазақ жiгiтi боп елестейдi. Оның қолында қанжар бар, сонысын көлденең қойса, Ровель менi кеудесiне қысқан сайын оның өткiр жүзi кеудеме кiрiп бара жатады. Ровельге мұңымды шығып, зар жылағым келедi. Бiрақ қалай дауыс шығарайын,мұның не десе аузымда айтар сөзiм жоқ қой. Ол қонақүйге орналасты. Кемпiрдiң үйiне екi-үш күннен соң ғана бармақшымыз. Алған нөмірi жақсы мебель қойылған тамаша бөлме екен. Кешке қарай оның құшағында жатып, шыдамымның жеткен жерi осы болса керек, ағыл-тегiл жыладым. Ровель алғашқыда өзi шошып қалды. – Саған не болды? Айтшы, Алуакеш... Бiреу жаныңа тидi ме? Не болды? Аузым икемге келмей, солқ-солқ етiп, одан сайын еңiреймiн. Ровель менi жас балаша алдына алып, əлдилеп, əбден жiк-жапар болды. Ендi кiшкене кекiлi бар қазақ жiгiтiн бауырымнан жүгiрiп өтiп, уытын қалдырған сары шаяндай көре бастадым. Тiл қатсам, сұмдық шындық аузымнан шығып кетердей екi ернiмдi бiр-бiрiне жапсырып, мұрныммен ыңылдап əн салғандай жылаймын. Маған ненiң салқыны тигенiн бiле алмай Ровельдiң де зықысы шықты бiлем, ақырында маған қатаңырақ сөйлеп, ұрса бастады. – Алаукеш, сен де осындай ма едiң? Əлде маған опасыздық жасап, сол жаныңа батып жатыр ма?– деп сап еткiздi.– Тiптi ұға алмай қойдым ғой. Бұл не жылауың? Неде болса тап осы тұста дүр сiлкiндiм. Ровель үстiме суық су құйып жiбергендей. Жылауым да қалт үзiлiп, сыр алдыруға шақ
қалып едiм. Санам айқындалып, ендi не iстеуiм керек деп, қас қаққандай сəт ойланғанымда есiме түскенi ештеме болмағандай, Ровель сөзiне мəн бермегендей жылай беруiм керек. Тамағымды күшпен қырнап, үзiлiп қалған даусымды қайта жалғап ыңылдадым. Соңғы əуенiм басқашалау естiлгенмен өкпемдегi ауаны қаттырақ сығымдап, зорайта түскiм келедi. Байқаймын, маған ес кiре бастады. Құр жылау аяқсыз кете бермейдi. Қайтсе де мұны тиянақтайтын бiр кез тауды. Сонда Ровельге бiр сөз айтуым керек. Тым болмаса осы жылау үстiнде бұл мiнезiме қандай мəн-мағана берiп сөйлеуiм керек, соны шешiп алмаққа əрекеттендiм. Ендi даусым жарықшақтана шығады. Басымды сол оймен қатты шаққаныма байланысты болса керек. Көктен əлдене кеп үн қатқандай сөздiң бiр ыңғайы аузыма оралды. – Ровель, сен менi ендi тастап кете көрмешi. Сен кеткелi менiң көрген күнiмнiң не болғанын бiлсең ғой. Бiр ай дегенiң мен үшiн бiр ай отқа жанғаннан да артық азап болды. Басымды тауға да, тасқа да ұрдым. Тiптi шыдай алмадым. Көшеде бiреу келе жатса көзiме сен болып көрiнедi. Үйде телефон шылдырласа, не есiктiң қоңырауы шыр етсе сен екен деп ес-түсiм қалмай ұмтыламын. Бiрақ бəрiнде де көңiлiм су сепкендей басыла бердi. Сенiң əзiр келмейтiнiңдi бiле тұра сағат сайын, минут сайын алаң боламын да отырамын. Тiптi сенесiң бе, кейде сағынып, сарғайған шақтарымда сен сол Ленинградқа бiржола кеткен сияқтанасың да тұрасың. Қайтып көрiсу жоқ шығар деген қауiптi ойлағанда, мен үшiн мына дүние қараң қалғандай балконнан секiрудi ойлаймын. Сондай бiр шақтарда морт кетiп, бiр сəттiк ессiздiкпен өмiрiмдi үзiп ала жаздадым. Күнi-түнi өзiмдi қылыштың жүзiнде тұрғандай сезiнемiн. Айнала күңгiрт тартып, көзiм қарауытады. Өмiрiмдегi жалғыз шамшырақ сен менi адастырып кетiп, ендi қайтып жүрер жолымды көре алмайтын соқырға айналдым ба деймiн. Мен дегенде дүниенiң де құлағы тарс бекiтiлiп қалған сияқты. Аһ ұрғандағы күрсiнiсiм, тiптi ащы айғайым ешкiмге естiлетiн емес. Тiптi елең етер бiреу табылсашы. Сенi анада ұшаққа мiнгiзгенiмде аэродром алаңын қоршаған қап-қара iстiк темiрлер менi бақытты өмiрден айырып, оған қайтып қолымды жеткiзбеу үшiн тiзiлiп тұра қалғандай жүрегiмдi шошытты. Менiң осы халiмдi ешкiм байқағысы да келмейдi. Бəрi жөн-жөнiмен кетiп барады. Тiптi, аспандағы күнге дейiн менен бетiн аулақ салған сияқты. Ровель,
жаным, менi ендi тастап кете көрмешi, тастап кете көрмешi. Егер айрылысу азабына тағы душар болсам, мен оны көтере алмаймын, бiрдемеге ұшырап кетуiм оп-оңай. Ровель, жаным! Ол менi əрең тоқтатты. Тереңiмнен суырылған осынау толғанысты сөздердi айту маған қиынға соққан жоқ. Шынында бұл сөздерiм кекiлдi қазақ жiгiтiне жолыққанға дейiнгi халiмдi анық бейнелейтiн едi. Содан болар, Ровель маған қатты сендi. Екi тiзесiне отырғызып, ыңылдап, маған бесiк жырын айтқан сияқты. Өзiме өзiм келгенге ұқсаймын. Қалайда Ровельге солай көрiнгiм келедi. Тек жаңағы айтқаным тұнығы лайланбаған көңiлiмнен шықпады-ау деген арман iшiмдегi ала күшiктей тықыршыта бередi. Қалай да Ровельден таза еместiгiмдi жасыра алмаған дəрменсiздiгiмнiң азабын шектiм бiлем. Сол азап белгiсiн танытпау үшiн ғана қиғылық сала бергiм келедi. Ақыры бұған да шек қоюға тура келдi. Мен Ровель құшағында күдiк пен үрей түнiн өткiздiм. Келiсiм бойынша ертеңiне кешкi сағат бестерде мен тағы келдiм. Бөлмеге кiрген бетте өзiм көптен күдiктенген бəлекеттiң қарсы алып тұрғанын көрдiм. Ол бəлекет Ровельдiң қасықабағында жазулы тұр едi. Менi көргенде ол əдеттегiдей маған қарай жүрмедi. Екi қолын салбыратып, тұла бойында жiгер жоқ, дүниенiң бəрiнен тұлдыр қалған адамша салы суға кетiп тұр екен. Көздерiнде бұрынғы от сəулесi жоқ, менiң бет құбылысыма «ендi қайтер екен» деп сығалай қарасында көкiрегiмдi табанда тiлiп түсер бөлек пиғыл бар. Мен осы сұмдық халiн бiрден байқасам да, өз бақытым үшiн ақырына дейiн шыдамдылықпен айқасып бақпақ болдым. Ештеме байқамағандай қасына өзiм барып, екi алақанымды кеудесiне қойдым. Осы əрекетiме жауап ретiнде ол еш ишарат бiлдiрмедi. Көзiне тура қарағанымда өкiнiш табын қоса байқадым. – Ровель, қалың қалай?– деп, сөзбен мазалай бастағанымда ғана екi бiлегiмдi қабат ұстап, менi сəл шегiндiрдi. Арамызда ашық кеңiстiк қалды. – Саған не болған?– деп, түйдек ашудың маған да келгенiн сездiм. Егер ол менi қинаған жəйттi тап басып айтар болса тарс жарылғалы тұрғанымды аңғардым. От тисе оқ-дəрiше атылатын мiнезiме ие болмасым анық. Күдiк пен қауiптiң жүйкемдi жұқартуынан шығар.
Өзi де солай болды. Ровельдiң алғашқы айтқан сөзi: – Ана кемпiрдiң үйiне мен жоқта кiмдi ертiп бардың? – Қашан? Қайдағы жiгiт? Бұлай деп саған кiм көкiп жүр? Ровель қозғалған жоқ. Тек көзқарасы қоюлай түскенге ұқсайды. – Кiм айтқанда шаруаң қанша? Онан да кiммен бардың соныңды айт. – Ровель!– Менiң ащы үнiм шықты.– Сен осындай ма едiң? Тым болмаса айтып өлтiршi, бұлай деп саған сықпыртып жүрген қай досың? – Қай досым екенiн өзiм де бiлмеймiн. Айтқан Ира, шауып алсаң? Мына есiмдi естiгенде есiмнен тана жаздадым. Ира, менiң тамаша Ирам, саған жасаған қиянатым үшiн, өзiңдi қаншама рет қинала есiме алып едiм. Ендi мынадай сұмдықты менiң алдыма тартқаның ба? Ау, мұндайлық та өнерiң барын бiлмеп едiм. Ендi менен кек алу үшiн қандай адам болып тұрсың? Сəл ес жиған болып, Ровельге: – Сол Ираның сөзiне сенiп жүрсiң бе? Сенi өзiнен тартып əкеткенiм үшiн, қаны қарайып, маған зұлымдық iстемек əрекетi ғой. Соны неге аңғармайсың? – Оған қапаланбай-ақ қой. Мен бəрiн де аңғарамын. Ира қанша зұлымдық еткiсi келсе де, сенi басқа бiр жiгiттiң қанжығасына байлап берiп, соған илiктiруге шамасы келмес, егер өзiң жақсы болсаң. – Сен қалай сөйлеп барасың? Оның айтқаны шылғи өтiрiк деп тұрмын ғой. – Гəп сонда, бұл мəселе өтiрiк болмай шықты,– дедi Ровель iркiлместен. Манаурай қарағанда жүзiнде əлi де ұстамдылық басым. – Қалай өтiрiк болмай шықты? Анық-қанығын тексердiң бе?– Iстiң ақырына тез жетейiкшi деп жалбарынғандай, үнiмнен бiр жарықшақ байқалды, даусым қарлыққанға ұқсайды. – Тексердiм. Кемпiрдiң үйiне барып едiм, ол əнеугүнi түнегендерiң үшiн ақша неге төлемей кеттiңдер деп өзiме кейiдi. Ертiп барған жiгiтiңдi мен деп ойласа керек. Оған не дейiн? Тиесiлi ақшасын бердiм. Мiне, тап осы жерде маған бiткен ашу желке жүнi күдiрейген жыртқыш аңдай ойнақтап шыға келдi. Өзiме-өзiм ие болудан бiржола кеттiм, ендi ешкiмге қайыру бермесiм анық.
– Сен менi, сондай деп ойлайды екенсiң ғой. Солай деп ойлайды екенсiң ғой. Мен бiлмеппiн. Мə, саған? Бұрқан-талқан болып ең алдымен столда тұрған минералды су құмырасын сервантқа қарай жiберiп қалдым. Салдыр-гүлдiр еткен əйнек дүние тарс жарылып, оның қайтып оңалмасын аян еткендей. Құмырадан соң стақан кеттi. Оның да бүлiгi аз болған жоқ. Қалғанын жұдырықпен қиратпақ болып, серванттың жақтауларында iлiгiп қалған əйнек сынықтарын ұшырып түсiре бастадым. Егер осы бүлiгiм үшiн Ровель менi сойып салса маған көп жеңiлдiк болар едi. Бiрақ ол өйтпедi. Тұрған орнында қалшиып қозғалмады. – Мə, саған, мə, саған! Менi кiм деп жүрсiң? Кiммен шатыстырасың. Қолымды əйнек кесiп, қан судай ақты бiлем. Əйнектi тауысып болып, серванттың ағашына ауыз салдым. Оны парша-парша етiп, тiспен кемiрiп жiберуге шамам келе қоймағасын, бөлменiң ортасына еденге отыра қалып бар даусыммен жыладым. Ровель менi алғашында жұбатпады да. Сəлден соң бөлменi тым даңғаза етiп бара жатқасын ба мен кiргелi алғаш рет қозғалып, қасыма тiзе бүктi. Құшағына қысып едi, мен бiрден көндiге қоймадым. Құлағыма сыбырлағандай байсалды үнмен: – Алаукеш, осыншама шала бүлiнетiн не бар? Мүмкiн, сен кiнəлi емес шығарсың? Жаныңды ауыртқаным үшiн кешiрiм сұраймын,– дедi. Ол тағы кеш бойы менi жұбатумен болды. Бiрақ түнге қарай оның қасында қала алмайтын сияқтымын. Ол да менi төсекке қарай тартып, пейiл бiлдiрiп тұрған жоқ. Ақыры мен көз жасымды аз-кем тиып, шығуға ыңғайланғанымда екеумiз де үнсiз болдық. Табалдырықтан аттап, есiктi тарс жапқанымда осыншама аз ғұмырда сүйiнiш пен күйiнiш толқынына батырған жалғыз адамды бiржола тастап шыққандай басым айналып, көзiм қарауытты. Тəлтiректеп, коридорда құлап қала жаздап, мас адамша қабырғаларды сипалай сыртқы есiкке əрең жеттiм. Ровель де, мен де бiр-бiрiмiзге ыстық-суығымыздың бiржола басылғанын ұққандаймыз. Əйтпесе, тап қазiргi айрылысуымызда мұншама салқынқанды болар ма едiк. Менiкi өз күнəмдi амалсыз мойындап, көз жасым мен ашуым сарқылып, ұят жеңiп шыққандағы қол-аяғымды қайда қоярға бiлмей тығырыққа қамалуым шығар. Ровельдiкi менен көңлi қалған, маған деген үлкен сезiм ендi дертке айналып, қанаты қайрылған шақтағы дəрменсiздiк, шамасы. Мүмкiн, буын-буыны икемге келмей бiр сəт сал болғаны ма?
Менi өз бақытымнан айрылуымнан гөрi, Ровельдi отқа жыққаным қинайды. Маған деген сүйiспеншiлiгiнiң оңай-оспақ нəрсе емес екенiн баяғыда-ақ ұққанмын. Ендi, мiне, жүрегiнен қара қан аққандай. Бұрынғы Ровель жоқ. Үйге келдiм. Тағы сол жылау. Əке-шешем менен ешқандай жауап ала алмады. Шолжаң өскен қызының қандай қасiрет шегiп жатқанын мен қанша өкiргенмен олар болжап бiлмек емес. Оңай-оспақ бiрдемеден бетi қайтқасын басына құрық тимеген еркелiгiне басып, қиғылық салғаны шығар деп ойлай ма, əйтеуiр, көп жұбата қоймады. Қайта шиыршық ата түс, ең ғұрмаса осы бойжеткен шағыңда саған қаталырақ болайық, өмiрдi түсiнгенiңе жақсы дегенi сияқты. Алматыдағы ең бiр көрнектi қызмет иесi, ауқатты отбасы, халықаралық жағдайға байланысты əдебиеттi ғана оқитын əкем, соның ыңғайына қарай қалыптасқан шешем де, тап осы кiмнiң де қол ұшын беруiн керек етiп, қылғырған шағымда үйреншiктi дағдыларына басып, селт етпедi. Бəрiбiр бiздiң ақылымызды тыңдап жатқан жоқсың, өз ақылойыңмен, қайрат-жiгерiңмен тiршiлiк ет деп, менi тағдыр тəлкегiне салғаны ма? Қалайда əке-шешемнiң осы бейтарап мiнездерiн бұл жолы ерекше сездiм. Айтпақшы, мен тап осылай болып жүрген күндердiң бiрiнде бiздiң үйге əлгi Құлықбек деген ескi досы зайыбымен келдi. Бiрақ араларында пəлендей шүйiркелесу болған жоқ. Залда iшмдiк пен тамақтың неше түрi самсаған стол басында тым салқын отырысты. Iшiп-жеп жарытқандары да шамалы. Тек əлдебiр мəселенiң шегiне жете алмай делсалдыққа ұшыраған күймен бəрi қызмет орындағы ресми əңгiмеге ұқсайды. Құлықбектiң зайыбы мен менiң шешем ас үйге кеткенде де жер ортаға келген екi ер адам өздерiнiң осы оңашалығынан да көңiл көтерерлiктей iлiк таппады. Сол бiр салқын ресми қалыптарынан аумады. Мен шешемнiң Құлықбектiң зайыбымен ас үйде бiраз отырып, берi шыққанда көзiнiң қызарып кеткенiн байқадым. Əлдебiр мұңын шағып, көңлi босағанға ұқсайды. Апырау, бұларды осындайда да соншама толғандырып, ал жайшылықта оқтау жұтқандай кекiрейтiп қойған не деп, аз-кем дағдардым бiлем. Қоштасарда шешем: – Келiп тұрсаңыздаршы,– дедi. Құлықбектiң зайыбы: – Ау, өздерiңiз де үйдi бiлесiздер ғой,– дедi.
Бұл сөздерiнде де пəлендей жылылық жоқ, айту, бiлдiру парыз – бер жақтарындағы ғана лебiздерi сияқты. Өздерi осындай адамдардан не қайыр деп артынан қортынды жасағаным да бар. Мен кеткеннiң ертеңiне не Ровель телефон соқпады, не өзiм бармадым. Iшiм алай-түлей, аздап басым ауырды. Осылай хабарсыз өткен бiр жұмадан соң ғана Ровель бiздiң үймен хабарласыпты. Мен жоқ едiм, шешемнен Ровель телефон шалды деп айта салуын өтiнiптi. Осы хабарды есiтiсiмен дүр сiлкiнiп едiм. Тез хабарласа қоюға телефон нөмірiн бiлмедiм. Əйтсе де мен бiлетiн Ровель болса бүйтiп, бұл хабарласуын аяқсыз қалдырмас деп, үйден шықпадым. Ойлағандай-ақ телефон шыр еттi. Ровель «татуласайық» деп менi нөмірiне шақырды. Жан ұшырып келгенiмде ол баяғысынша табалдырықтан көтерiп алды. Сөйтiп тағы қауыштық. Ол əнеукүнгi мен талқандаған сервант əйнегi үшiн қанша төлегенiн мəз-мейрам болып айтты. Осы күндерде ойлаймын, баяғы қой көздi кiшкене кекiлi бар қазақ жiгiтi оңашада ұшыраса кетсе бассалып түтiп жер едiм. Оны менен тiрi күйiнде жан баласы арашалап ала алмас едi. Бiрақ ондай атты күн кезiкпедi. Ровельмен қайта қауышуым да ұзаққа бармады. Оның қараптан-қарап рухы түсе беретiн болды. Кейде қолындағы рюмкасын, не шанышқысын жерге түсiрiп ала жаздап, көзiнiң ағы молайып, маған қарағанда тап қазiр шамасы келсе тарс жарылып жоқ болып кетуге əзiр екенiн байқаймын. Соңғы кезде маған ақыл кiре бастаса керек. Ровельдiң осы халiнiң төркiнiн танысам да, мəн бермей байсалды болуға тырыстым. Амал не, мұның көмегi болмады. Бiрде Ровель оңаша отырғанымызда арақты əдейi басыңқырап iшiп, батылданып алды да менiң алдымда ағынан жарылып еңiремесi бар ма? – Алаукеш, түсiншi менi, сенi қанша сүйсем де əлденеден жабырқап, құлази беремiн. Кеудемде жiгер жоқ, жалын жоқ, бəрiн əлдене сипап кеткендей үгiтiлiп түсуге дайын тұрамын. Менi кешiршi, кешiршi, өзiмдi-өзiм қанша зорласам да ұмыта алмай қойдым. Бəрi тамағыма тiрелiп, көз алдымда елестегендей болып, маза берер емес. Кешiршi, мынауымыздан ешнəрсе шықпайды. Басым айналып, көзiм қарауытқандай бiр сəт ессiздiктен соң күш жиып, орнымнан тұрып жүре бердiм. Ендi сирек жылайтын болғам. Бiрнеше күн хабарсыз болып, менi тағы шақырды. Ол десе менде не жан қалатын едi! Басымда қанша ой сапырылысқанмен
бəрiн ысырып, суық теңiздiң толқынын жарғандай кеудемдi күшпен, жiгермен сiрестiрiп тағы келдiм. Бұл қауышуымыз да келте болды. Ровель менi қимай бəрiн ұмытқысы келсе де, оған шамасы келмей күрт кете бердi. Мұнысына мен сұмдық долылықпен жауап беремiн. Стол үстiндегi ыдыстарын лақтырып жiберердей болып, өзiне шаптыға бiраз сөздердi айтамын да тайып тұрамын. Ақыры Ровель мен армандаған əрекетке өзi барыпты. Ол əлгi кiшкене кекiлдi қазақ жiгiтiн ұрып жығып, он бес тəулiкке қамалды. Көп ұзамай жұмысынан да аластатылып, Ленинградына кетiп тынды. Иə, шынайы махаббат отына алғаш рет күйiп-жануым туралы əңгiмемдi бiреуге айтар болсам, осымен тəмəмдауға да болар едi. Бiрақ айтар сөз тағы бар. Ол Ленинградқа бiржола кеткесiн де бiз телефонмен хабарласып тұрдық. Бiрде əлдеқандай көп адам жиналған кештен оралып, ойыма көп нəрсе түсiп, мас күйiмде телефон арқылы сөйлесуге тапсырыс бердiм. Бұл көп күттiрген жоқ. Бiр сағат өтпей-ақ екеумiз бiр-бiрiмiздiң даусымызды естiдiк. Мен жылап отырып, өзiмнiң қиын халде екенiмдi, тез келуiн өтiндiм. Ол да менi қатты сағынған үнмен келемiн деп уəде бердi. Екi күн өткесiн бiз сол орталық мейманхана нөмірiнде кездестiк. Алайда Ровель маған деген көзқарасы жөнiнде əлдененiң салқыны тиген адамға ұқсайды. Алғашқы кездесу минуттарымыз қаншама ыстық болса, арты сонша тас кесек мұзға айналды. Ол осы келiсiнде көп болған жоқ, үш күннен соң аттанып кеттi. Бiр жыл бойы тек телефонмен хабарласушы едiк. Кейiн бұл да мəн-мағынасын жоғалта бастады. Телефон арқылы əңгiме екеуiмiзге өмiрдегi жалғыз жұбаныштай көрiнiп едi. Байқасам, Ровель бұған да сүлдесоқ сияқты. Екi жылдай уақыт өткенде Ровельдi бiр көрiп қайтпаққа аңсарым ауды. Ол не күйде?! Мейлi тағдыр бiздi алшақ етсе де, онымен бiр жүздесудiң ешқандай айыбы жоқ. Мүмкiн, оның басына бөгде бiр қасiрет жабысқан шығар, менiң көмегiм керек болар. Ондай атты күнде менiң аянуым адамшылыққа жатпайды. Бұл сапарымды өзiме-өзiм осылай түсiндiрiп, Ровельдi сүйген жүрегiмнiң əлегiн есепке алмаған адамға ұқсаймын. Аттанар шақта оған телефонмен хабарласып, қарсы ал деген едiм. Ол қуана құптаған. Ұшақтан түскенiмде əуежайда жоқ болып шықты.
Əрбiр тасы тарих iзiндей тамаша қала өзiнiң көл-көсiр сұрапыл бейнесiмен көңiлiмдi алаң етiп, қапалануға мұрша бермедi. Сонда да қала тамашалауға əзiр зауқым жоқ, ең алдымен Ровельдi тауып алуым керек едi. Телефонмен де, мекен-жайы бойынша да iздедiм, Ровель ұшты-күйлi жоқ. Есiгi тарс жабылған, ешкiм дыбыс бермейдi. Көршiлер үйiнде сирек түнейтiнiн айтты. Ешбiр қонақүйде орын жоқ, түн болса вокзалда ұйықтап, күндiз оның пəтерiнiң алдында басқышта отырумен болдым. Бiр келер деп үмiттендiм. Ақыры ол келдi. Астыңғы қабаттан шашы жалбырап, қабырғаға сүйенiп бiреу көтерiлiп келе жатты. Мас екенiн бiрден сездiм. Бөгде бiреу деп ойлағам. Байқасам Ровель. Өңi адам танымастай өзгерген. Тура тұсыма келгенде де маған түстеп қарамай, қалтыраған қолымен есiктiң құлпын ашып жатты. – Ровель!– дегенiмде ғана ол жалт қарап, талып түсе жаздады. – Алаукеш, Алаукеш, бұл сенбiсiң? Менi сенен басқа кiм iздеп келушi едi, жаным, махаббатым менiң,– деп құшағына қысып жатыр. Бөлмесiне кiргенде ол жынынан айрылған бақсыдай тағы да бұзыла қалды. Маған: – Отыр!– деп бұйыра сөйлеп, қаңыраған бөлмесiнiң төрт бұрышынан көздерi тұрақ таппай, түбi кесiлiп, ендi-ендi құлағалы тұрған дiңгек ағаштай қалт-қалт ете бастады. Аядай бөлмеде темiр төсек пен жалғыз столдан басқа түк жоқ. Қолқаны қабатын жаман иiс бар. Бұрыш-бұрышта түрлi шарап пен тройной одеколонның бос шынылары бiр-бiрiнiң бүйiрiне бас сұққандай айқасып жатыр. «Апырау, аналары несi, бұл шарапты iшiп, артынан одеколонды төбесiне құятын болғаны ма?» Сол шақта қиялым жүйткiп, сонау Алматыда Ровельмен алғаш ұшырасқан Медеудегi жаңа жыл түнiн есiме алдым. Сондағы алмастың жүзiндей жарқылдап, жүрегiмдi кескiлеген Ровель бейнесiн қайта табар ма едiм деп қанша үмiттенсем де мынау көз алдымдағы қалт-құлт еткен жан анау босаған шынылардай оның босаған қалдығы ғана сияқты. Бұрынғы Ровель жоқ. Бiрақ мен ешнəрсеге мəн бермеуге тырыстым. Жер аяғы құрдымнан кеп тұрғасын қалай да мұнымен ақыр аяғына дейiн түсiнiсiп кетуiм керек қой. – Ровель, сен менi неге қарсы алмадың? Əнеукүнi телефонмен сөйлескенде солай келiсiп едiк қой?
– Оһ, Алаукеш, мен ұмытып кетiппiн. Сол өзiңмен сөйлескен күнi жолдастарыммен кетiп едiм, мiне, келiп тұрғаным қазiр. – Ровель, саған ендi арақ iшуге болмайтын шығар. Тiптi түрiң өзгерiп кетiптi ғой. – Иə, арақ iшуге болмайды,– дедi ол жұлып алғандай. Көздерi ажырайып, шалқасынан түсердей екi иығымен теңселе бастады.– Иə, арақ iшуге болмайды. Мұны жұрттың бəрi айтады. Бiрақ, сол арақты немен алмастыруға болады? Өмiрдегi қызықпен бе? Махаббатпен бе? Аһ, адал махаббат болсашы? Бiрақ оған қолым жетпей қойды ғой. Мойны сылқ етiп, басы салбырап қалды. Жүрегiм қысылды. Маңдайымнан шып-шып тер шығып, əлдене алқымымнан алғандай тынысым тарыла бастады. Шiркiн-ай, сол жерде менi бiреу қылышпен маңдайымнан қақ айырса өлiм азабы мынау қорлықтан əлдеқайда жеңiл тиер едi. Олай етер кiм бар? Сезiм соққысына қарсы тұрудан аз-кем тəжiрибе жинақтауымнан ба, жоқ Ровельдiң мынадай халi тұсында өзiмдi-өзiм ұстайын деген ниетiмнен бе, əйтеуiр жаңағы жерде мiз бақпай шыдап бердiм. Ровель маған қайтып орындық ұсынған да жоқ, жайғас деген ишарат та бiлдiрмедi. Тiкеңнен тiк тұрған күйi шаруаңды бiтiр де қайқай деген белгi сұрланған өң-түсiнде жазулы тұрғандай. Тiптi жаңағы ең алғашқы көрген сəтте құшақтап, бетiмнен сүйiп, сағынғандық белгiсiн көрсеткенiне өкiнiп тұр ма деймiн. Адамның жалпы мiнез-құлқында аз уақыттың iшiнде осыншама өзгерiс боларын мен бiлмейдi екем. Ровель алдындағы кiнəмдi, өзiмнiң де сүттен ақ, судан таза еместiгiмдi қанша сезiнiп, шыдамдылық етсем де, Ровельдiң мына қалпы менi түңiлте бастады. Шығуға ыңғайланып көрсем қайтер едi. Мүмкiн менi құшақтай алып, сəл кешiрiм сұрағандай өз қолымен аялап, аз да болса қонақжайлылық мезiретiн жасар. Ал өйтпесе ше, шығуын шығып кетiп, бұл қозғалмай тұрып қалса қайтпекпiн? Мұның бiржола айрылысу боларын сеземiн. Осы ойдан жүрегiм шошып, не əрекет етуге ақылым жетпей қатты дал болдым. Ақырында түсiнгенiм, ендi Ровель мен үшiн жоқ. Жүйкемнiң жұқарғанынан ба, ендi бəрiн шорт кесiп, батылырақ сөйлесуге аңсарым ауды. – Ровель, анау жатқан тройной одеколонның шынылары немене? Сен иiс суға шомылатын болғасың ба? – Мен оны iшемiн,– деп салды. Сөйттi де көзiнiң ағын молайтып, маған сүзе қарады. «Одеколон iшетiн адаммен мына тұрысың қалай? Неге кетпейсiң?» дегенi сияқты.
Шыдамым осыған ғана жеттi. Сумкамды ұстаған күйi: – Қош бол, Ровель!– деп шығып жүре бердiм. Ол да: – Қош бол,– деп қалды. Бұл сөздi бiртүрлi еңсесi көтерiлгендей айтты. Манадан берi құтыла алмай, мен шыққасын ғана еркiн тыныс алатынының белгiсi сияқты. Есiгiн тарс жауып, баспалдақпен түсе бастағанымда оның төсекке гүрс етiп құлаған дыбысын естiдiм. Мен өзiмнiң алғашқы махаббатымды бастан осылай кешiп, онымен осылай қоштастым. Қазiр де қолым бақытқа жетпегенiмен бiраз өмiр өткелiнен өткен шағымда сол алғашқы шынайы сүйiспеншiлiк сезiмiмдi еске алсам оған бiраз ой қосып, толғануды жөн көремiн. Бұл сезiм сонша неге лапылдап басталып, аяқсыз қалды? Жай алданыш нəрсе ғой, көңiлдiң бiр ойсыз селт етiп, қайта басылғаны ғой дейтiн емес. Қай қырынан қарасаң да бұл шынайы махаббат. Егер адамға тəн осындай атаулы қасиет бар болса, ол алғашқы сəтте Ровельге де, маған да қонғаны ақиқат, оны ешкiм жоққа шығара алмайды. Ал ол неге ғұмырсыз болды? Менiң опасыздық етуiмнен бе? Жоқ, бұған жауапты əрiректен iздегiм келедi. Менде сондай үлкен сезiмге, үлкен махаббатқа ие болуға дайындық жоқ екен. Мен оның алтын қасиетiнiң сырын бiлмедiм. Алтынды ұстай бiлмеген құм етедi дейдi халық. Сонау кекiлдi қазақ жiгiтiне ойсыз берiлген күнiмдi ғана қаралап, сол уақиғаны ғана қарғапсiлеумен тынсам менiкi бiржақтылық болар едi. Өмiр атты ұзақ жолда жалғыз кiшкене кекiлдi қазақ жiгiтi ғана кездесiп қоймас. Өшпендiлiктен, қызғаныштан қаны қарайып, əлдекiмдердi менiң жолыма тосу үшiн, батпаққа батыру үшiн үгiттеп айдап салатын менiң тамаша құрбым жалғыз Ирина ғана болмас. Ондайлар қысқа ғұмырдың қай кезеңiнде болмасын ұшыраса бередi. Бар гəп адамның өз басында. Мүмкiн Ровель актерлiк жұмысында адамдағы асыл сезiм туралы шындықты жаттап өскен болар. Оның махаббат туралы түсiнiгi сол арқылы қалыптасқан шығар. Иə, егер сонау Медеудегi жаңа жыл түнiндегi кештi, Ровельдiң сол кештегi менi тұтқан тұлғасын, қимыл-қозғалысын еске алар болсам, ол шын мəнiндегi кiршiксiз адал махаббатқа лайық адам. Егер сонда оны шынайы сезiм баурамаса, мен өз жеңiлтектiгiммен оған мұншалықты жер соқтыра алмас едiм. Ол менен жалт бергесiн өмiрдегi көп Ириналардың бiрiн құшақтап жүре берер едi. Ровель өйтпедi. Ол тым күрт кеттi. Кейiн осы Алматыда соның бiр əрiптесiн жолықтырғанымда ол əлдеқалай Ровельдiң
актерлiк творчествосында да режиссерлердiң пiкiрiнше өзiндiк мəнерi шалына қоймағанын айтты. Оның басына екi сəтсiздiк қатар тиген екен. Мейлi, солай-ақ болсын. Бəрiбiр мен өз басым алдында қаншалықты жауапты болсам, оның тағдыры алдында соншалықты жауапты екенiмдi, əрi оны түзетуге соншалықты дəрменсiз екенiмдi түсiнемiн. Мейлi, Ровель сияқты махаббат тəлкегiн көтере алмайтындай адамдар өмiрде сирек те болар. Мүмкiн өте сирек шығар. Солай болған күнде де мен қорытқан ойға қайшы келмейдi. Иə, Ровель менi шын сүйдi, мен де солай. Сөйте тұра осы сүйiспеншiлiк жүгiн көтеруге менде қуат, дəрмен жетпедi. Ол жөнiндегi жауапкершiлiк турасында кезiнде менiң басымда пiскен ой болмады. Алтын кездiкпен ойнап, оны көзiне тигiзген баладай, өз махаббатымды мен өз көкiрегiме жəне Ровельдiң көкiрегiне оқ қып аттым. Ол сезiмдi көтерiп жүре алмадым. Сол кездегi қалпыммен оны көтерiп жүре алуым мүмкiн де емес едi. Ровельден кейiн де оңаша түсiнiскен жiгiттер болды. Бiрақ олардың бiрiн де тап сол Ровельдей көре алғам жоқ. Мүмкiн олардың ешқайсысымен де тұзымның жараспауы сол Ровельге деген ықыласымның қасында бəрiнiң тым көрнексiз бола беруiнен бе деймiн. Оларды Ровельге тең көре алмай, бiраз ауыз жаласқан соң да қасақана кеудеден қағып, жөнiме жүре берушi едiм. Бұл барабара мен үшiн дағдыға айналды. Одан бас тартуға, бəрiн ақылмен шешуге iштегi бұрқан-талқан ашу кемерiн соққан асау өзендей лықсып, мүмкiндiк бермейдi. Сол бiр алғашқы жалын махаббат күйiгi жазылмас жарадай кеудеме бiтiп, сəл толқыған шақта, не шарап қызуымен аузы ашылып кететiн сияқты. Сол-ақ екен мен өзiме ие болудан қаламын. Бара-бара өз ортамда осы мiнезiм сөзге айналды. Жiгiттердiң ең бiр көнектiлерi менi айналып өтетiн болды. Жұғыспаудың амалын жасап, маған бiлдiрген жылы лебiздерi менi жұлып жеу үшiн тiсiн ақситқандай көрiнiп, жынымды келтiретiн. Сондай шақтардiң бiрiнде əлдеқандай бас қосуда кеудемдi көтерiп əкеткенде ыза дауылымен айғайлап, шу шығарғаным бар. Менiң дию мiнезiмнiң қандай шапшаңдықпен көтерiлетiнiн дер кезiнде болжай алмай қалған əлдебiр биязы жiгiттiң бiр жақ бетiнде, мойнында арлан тұяғындай боп өскен қып-қызыл тырнақтарым өзi түстес бес жолақ iз қалдырған. Бұл да маған аз даңқ əперген жоқ.
Мен бұл мiнезiмнен кейiн келе денсаулығыма байланысты күш-қажырым, жiгерiм сарқылып, басыма саңлау түскенде ғана арылдым. Анау-мынау ашу əлi де бар, бiрақ сыртқа бұлқынып шықпай көкiрегiмде қорғасын ертiндiсiндей тұнып қала бередi. Өз халiмдi əбден мойындасам керек. Бұрын басымнан құс ұшырмастай едiм, ендi өзiме деген терiс пиғыл, жеңiл-желпi қиянат атаулыны да төбемнен асыра беремiн. Жас жетiп, амалсыз дамыл табатын тұрмыс қамын ойлағасын ғана үмiт атты пəленiң жетектеуiмен Айсара үйiндегi езуi құлағынан кетпейтiн, қасқыр көздi жiгiт сияқты суқаным сүймейтiн бiреулердiң мазағына көнуге мəжбүр боламын. Иə, ол кездегi күнiм мен бүгiнгi күнiмнiң арасы жер мен көктей. Өмiрдiң думанды шағына аттап басқандай адамда жауапкершiлiк, жақсыны қадiрлеу жөнiнде түсiнiк, дайындық болғаны жөн. Бiрақ оны кiм бередi, əке-шеше ме, орта ма? Менiң қаншама күйiп-жанған жүрiсiме соншама салқын қараған əкешешемдi кiнəлауым орынды ма? Жоқ, орынсыз шығар. Себебi, əрбiр тiрi жан сияқты мен де əке-шешемдi жақсы көремiн. Қазiргi қартайған шағында бұлай деп олардың көзiн шұқығым келмейдi. Өз өскен ортамды кiнəлай алмаймын. Ол менi шалқытты да, толқытты да. Сонда да жас балауса көңiлге кiмнiң де тарапынан болсын тағы бiр көз, ынта, ұстаздық ықылас керек шығар. Егер менiң осы күнiмде, мынау тым-тырыс дүние осынау сарғайған, аш өзегiм талған шағымда менiң бақыт аңсаған көңiлiме қол ұшын берер болса мен бар даусыммен айғайлап, өмiрдегi алғашқы бақытқа дайындықсыз, мойны-басың сылқ-сылқ күйде ұшырасу дегеннiң не екенiн жыр ғып айтар едiм. Алайда дүниенiң құлағы адамға бiр кезде ғана ашылып, сол шақта оның құлақ құрышын қандырар өнер таныта алмасаң кейiн ол бiржолата тарс жабылатын сияқты. Iшiмдегi əлсiз наразылық осыны сезiп, ояна бередi. Сонда да айтарым, əлдебiр француз жазушысы, адам ұзақ уақыт бақытты бола алмайды дептi. Қазақша оның семiздiктi қой ғана көтередi деген шорт кеспе баламасы бар. Мен мұның екеуiне де қарсымын. Əңгiме адамның ол бақытқа, семiздiкке қалай, қаншалықты шыныққан күйде жетуiнде болса керек. Бұлай деп жар салуға мен жалғызбын, əрi оның өз басым үшiн қажетi қанша деген пендешiлiкке де кетемiн. Бəрiбiр кейде өз үнiмдi өзiм булықтырғым келмейдi. Бақыттың да бақыты бар.
Оның аспандағы шоқ жұлдызына жұрттың бəрi қол жеткiзiп жатыр деймiсiң? Мейлi жеткiзiп жатқандары да болсын. Мейлi олар көп болсын. Сонда да жас адамдар өмiрдегi, еңбектегi қиындықтан белi қайысса да басына қонған жақсылықтан белi қайыспайтын болса екен деймiн. Адамға ғана тəн үлкен сезiмнiң жүгiн көтеретiн болса екен деймiн. 1974 жыл.
АЯЗ БЕН АПТАП Бұл сапар күздiң бiр қытымыр, қара суықты күнiнде басталды. Аудан орталығына адам лықа толы үлкен автобуспен келдiм. Сыртқа шыға көптен көрмеген, сағынған жер жағдайын шола қарауға мұрсат бермей ызғарлы жел бетке соқты. Алматыдан шыққанда оның өз күзiне лайық киiнгенмен табиғаты бөлек мына жерде үстiмдегiнiң лыпа құрлы жоқтығын сездiм. Қалың матадан тiгiлген кепкiм ұшып кетпесiн деп, басыңқырай киiп, мойнымды iшке тығып, қымтана түссем де сумаң ызғар қоятын емес екен. Бетiмдi шарпып, тызылдатып болып, ендi мұп-мұздай қолын бүкiл денеме жүгiрте бастады. Мынау көптен көрмеген жер-ау, не өзгерiсi бар екен деп алаңдап жатпастан қаладағы күнделiктi мiнiп-түсiп жүрген аялдамаға жеткендей-ақ өзiме керек бағытқа қарай тез-тез басып жөнеле берiппiн. Жаңбыр жауып өткен бе, жер лайсаң. Бетi жылтырап, ендi ғана қата бастағаны бiлiнедi. Қарсы беттен екiлене ызғар соғып, басымды көтере алмай келемiн. Қалың күртеше ендi биттiң қабығындай да қауқарсыз болып шықты. Оны желкемнiң де жаурай бастағанынан сездiм. Басын тiк көтерiп келе жатқан, мойны ашық, сұңғақ денелi қарт қазақ милиционер тар тротуардан маған қарсы ұшырасты. Халқы аз шағын аудан орталығында жұрт бiрiн-бiрi бiле бередi. Көп жылдан кейiн қайта оралған жерде кiм де кiм ең алдымен өзiне таныс адам жүздерiн iздейдi ғой. Мына кiсiнi мен бұрын көрмеген екенмiн. Бiрақ өтiп кеткесiн суыққа елең етпей мойнын ашық, денесiн тiк ұстаған қалпы менiң жадымда қалды. Бiрақ суықпен арпалысып келе жатып, оған көп мəн бермеген сияқты едiм. Мен үшiн қазiргi бар арман осындағы мекен-жайы белгiлi туысқанның үйiне тез жету.
Кепкiмдi ғана емес, қанжардай қадалған жел өзiмдi де ұшырып кетердей. Нағыз қыс киiмдерiмдi алмағаныма ендi өкiнiп келемiн. Жаңағы қарт милиционерден кейiн де үш-төрт адам қарсы өттi. Олардың үстiнде тон, пальто, бастарында қауқиған бөрiк. Адам неге қат болса, бар жан-дүниесi соны ғана дəрiптеп, басқаға келгенде көздерi қарауытып, шелденiп, оның ар жағынан ештеменi көрмейдi ғой. Шiркiн-ай, тап қазiр бiреу қаудырлақ тон, сеңсең бөрiктi ұстата салар ма едi деп қиялданамын. Ендi аяз дегенiң басымды темiр құрсаудай қыспаққа алды. Адам осындайда ауру табушы едi. Айналаны мүлдем көруден қалдым. Бұл жақтың желi жиылып, түйiлiп кеп, тап менiң төбемнен ұрып жатқандай, тiптi бара-бара бiр қияңға көтерiп əкететiн түрi бар. Тағы екi-үш адам қарсы өттi. Сылбыр, еркiн жүрiстерiне қарағанда қалың киiнген. Тағы да жаңағы ашық мойынды, сұңғақ денелi, басында фуражкасы ғана бар қарт қазақ милиционердi елестеттiм. Оның қайтадан ойыма оралғанына, мазалағанына қынжылғам жоқ. Бiрақ оны неге соншама еске ала беремiн, бəрiнен де соған таңырқаймын. Бар болғаны сидиған бойына, жұқа киiмiне назар аудардым ғой. Жоқ, ол ғана емес деген бiр дүдамал ар жағымнан тепкiлеп тұрды. Апырау, мен осы ауылда аз ғана жыл қызмет iстеп кеткелi берi қанша уақыт өттi. Үсiк шалғандай қатып, қарысып қалған жансыз саусақтарыммен кепкiмдi тағы басыңқырап, оны да есептей қойдым. Аттай он бес жыл. Осы сапарға шығар алдында неше күн ұйқым бұзылды десеңшi? Кейбiр өткен күндерiң өз уағында қанша ауыр тигенмен кейiн қайталанбас ерекшелiгiмен көкiрегiңдi ұлытып, жоғалтқан асылыңдай уайым салатыны бар ғой. Ол бiр салт бас, сабау қамшылы кезiм. Бiрақ үйленетiн шағым жеткен. Үй жоқ, күй жоқ, белгiлi бiр сөз байласқан адамым тағы жоқ, осы құмды өлкенiң тусыраған қу даласына менiң қушықтай кеудем сай келгендей ол да жаңбыры жоқ, суы мен нуы жоқ боп құлазып жүретiн. Кейбiр өмiр қауырт басталады да, кейбiрi бiрден арын ала алмай, қай сайға құярын бiлмей, биiгi мен еңiсi жоқ, шетсiз-шексiз жазаңда адасқан судай əр жерде бiр иiрiм жасап, кешеуiлдеп, төрт тағандай бередi. Соңғысы менiң сол кездегi қара басы қалқиған қалпыма дəл теңеу боларлықтай. Əрi бас-аяғы жоқ, бүкiл ғұмырыма байланған тағдыр тасындай сол бiр сүреңсiз күндер жылдар өтсе де мыңқ етпей тұра беретiнге ұқсаған. Туу, мына құдайдың күнiн-ай! Алматыдан екi жүз шақырымдай ғана қашықтықтағы Бақанасқа емес, жер шарының жартысын
кесiп өтiп, жайнаған жаз ортасынан қақаған қыс, зəрлi боран мекенiне келiп түскемiн бе? Бұл жақта күн бiр қатуланса қатты кететiнiн бiлушi едiм. Бiрақ тап мынадай мезгiлдегi мiнезi есiмде жоқ. Тек қыс айларында ғана бет қаратпайтын аяз күндiз-түнi бiрдей бiр адым керi шегiнбей тұра беретiн. Бəрiнен де бiрақ жадымда қатты қалғаны бұл жақтың ыстығы едi. Иə, суығынан да бас айналдырар ыстығы жаман болатын. Қазiр екi шекемдi қысып бара жатқан аяз екпiнi сол ыстықтың қасында да ештеме емес шығар. Тағы да сұңғақ денелi қарт милиционер елестеп, ол тағы да менi қиялға шақырғандай. Апырау, ол мүмкiн танысым шығар. Жоқ, олай емес, таныс ештемесi жоқ. Көптен көрсем деген бұл өлкеге аяғым тигенде алғаш көрiнген адам болғасын шығар. Келiншектiң бетiн кiм ашса сол ыстық деген ғой. Iштегi дүдамал, қарсылық пiкiр тағы да оянып тепкiлей бастады. Əлi есiмде, осы аудан орталығына облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жолдамасымен экономистiк қызметке келгенiмде ми қайнар нағыз аптаптың нағыз күшiне енiп тұрған шағы екен. Айнала аппақ топырақ қана осы жақтың барлық ырысымыз деп сақ-сақ күлiп көз аштырмады. Тау баурайында, түгiн тартсаң майы шығатын көгалы мол ауылда өскен маған алғашқыда кепкен жыланның қабығындай мынау керiлген даланың кейпi мүлдем жат көрiнген. Үйлерi де жатаған, сулары сарсып, iркiлiп қалған арық жағалауларында бастары қазандай боп мүлгiген қараағаштарда да көк түс жоқ. Бəрiнiң кiрпiктерiне шаң iлiгiп, ұн тартқан диiрменшiдей қасы-көзi көрiнбейдi. Апырау, басқа жерiн қуаң дейiк, ал анау арық жиектерiне жыпырлап шөп шықса қайтер едi? Су емекси өзi кеп тұрғанда көктiң өнбейтiнi не ғажап? Əлде жердiң беткi қыртысында бiр пəлекет бар ма? Алғаш беттескенде басыма сап еткен сауал осы. Көшеде қыбырлап жүрген белдерiне дейiн жалаңаш балалар да осы жақтың күнiне лайық туғандай. Еттерi қап-қара боп күйген. Ештеменi елең қылатын емес. Университет дипломымен алғаш еңбек жолын бастаған мен өз жұмысыма риза да емес едiм. Күнi бойы көз алдымда цифрлар құжынайды, кешке қарай тағы да көше кеземiн. Күн мен ыстықтан басым ауырса да маған тоқтау жоқ, не iздейтiнiм өзiме де беймəлiм, əйтеуiр көрмеген жақ болғасын ба бiрер жұманың iшiнде бұл ауылдың мен бақыламаған ойшұқыры қалған жоқ. Қыздарға да көзiм түседi. Бiрақ олардан мандымды ешкiм жоқ, бəрi сирағына дейiн қап-қара, күтiмсiз
қос өрiмi арқасында делбең-делбең еткен ұсақ-түйек бiрдемелер. Байқаймын, бəрiнен де менiң сағымды сындыра беретiн осы. Аш қасқырдың тауды-тасты кезiп кеп, түк таппай, башайымен тұмсығын қасығанындай. Орта жастардағы, жесiр арық қара əйелдiң үйiнде пəтерде тұрамын. Бұл да менiң рухымды түсiре бердi. Түрмеде жатқан əлдекiммен хат алысатын, бос уақыттарында содан келген бiрер тарақ жазбаларды қайталап оқуды ғана жұбаныш ететiн бiреу. Бұрын оны өзi көрмептi де. Хат арқылы танысып, кейiн артынан iздеп барған екен. Ол кiсi түрмеден босанысымен осы əйелге үйленуге ант-суын iшiп уəде берiптi. Жасы кеп қалған əйел үмiтсiз өмiрден мұны да шүкiршiлiк көрген бе, содан дəме қылып жүре берiптi. Қолында он төрт жасар баласы бар. Ол да түрмедегi кiсiнiкi. Соның өтiнiшiмен мына əйел – Шөкен елiне арнайы iздеп барып, жетiм қалған баланы алып келедi. Бұл да мойнына мiнiп алған бiр шолжаң. Əкем сорлы анда жатыр ғой, пəлендей оған қосақ бола қоймаған мына əйелдiң жүйкесiне тие бермейiншi дейтiндi ойлауға жарарлық естияр болса да, бұл оны туғанынан əрмен басынады. Шөкеннiң өзi де оған аздап құрық бередi шамасы. Жаңқалтасынан ақша ұрлап əкеткенiн бiлсе: – Қарағым-ау, сенiң былай адам қатарына қосылатын уақытың жеттi емес пе? Ақша керек болса өзiм беремiн ғой. Неге сұрамайсың?– деп жалбарына сөйлейдi. «Əкеңнiң үйiнен алып келген ақшаң жоқ!» – деп, қақ бастан қойып қалып, басқа бiреулер болса жөнге салар едi. Неге сөйтпейдi деп кейде менiң де зығырданым қайнайды. Себебi, баланың еркелiгi бастан асады. Үйде айғайлап, Шөкеннiң өзiн əжуалап, мазақ еткенде мен де терiме сыймай кетемiн. – Қанат, қойсаңшы, мынауың нағыз бейбастық, басбұзарлық қой! – Əкем-ау, осыған аздап ақыл айтшы,– деп, маған жалбарынады. Менi де тыңдап жатқан ол жоқ. Қол жұмсауға, бiреудiң баласы, қалай барасың? Шөкеннiң өтiнiшiн орындап, ақыл айтқан боламын. Қанат одан сайын өршеленедi. Бiрде Шөкендi көйлек ауыстырып жатқан кезiнде бассалып жығып салды. Əйел ойбайлап жатыр. Не болды деп түпкi бөлмеден атып шыққанымда, Шөкен денесiнiң ашылып қалғанына менен ұялып, одан сайын жан даусы шығып, соқталдай немеге əлi келмей тырбаң-тырбаң еттi. Əйелдi ұялтпау үшiн есiктi қайта жаба қояйын десем мына пəле умаждап,
тiптен жанын шығаратын түрi бар. Не де болса дедiм де баланы мойнынан қатты қысып ұстап, көтерiп есiкке қарай пəрменiмше итерiп, ұшырып жiбердiм. Есiктiң керегесiн құшақтай жығылды. Ағашқа бетi де тидi-ау деймiн, тiзерлеп қайта түрегеле берiп, оны елең қылмастан Шөкенге қарап, мəз-майрам болып: – А, қатырдым-ау өзiңдi! Көйлегiң ашылып қап едi, шыжбаңдап өле жаздадың ғой,– деп үңгiрдегi жабайы адамдай сақылдап кеп күлiп берсiн. – Əй, сен не деген көргенсiз баласың? Шешесiмен осылай ойнағанды қай атаңнан көрдiң? Менiң сөзiме жауап жоқ. Шешесiн одан сайын мазақтай бердi. Көйлегiн əрең ғана оңдап киiп, жұлмаланған шашын саусақтарымен тарап, кейiн қайырып, балаға қарағанда өңiнiң күлдей боп, бозарып кеткенiн байқадым. Ендi ғана қабағына ашу жиналыпты. Ашу ғана емес, осы өмiрiне деген наразылық, өкiнiш түйдектелiп бiрақ келген. Сонда ғана керегенi құшақтап, ар жағындағы көмекейiн түгел көрсете сақылдаған түйсiксiз балаға жаным ашыды. Шешеден ерте айрылған, жалғыз əкесiнiң халi анадай, көзi бақырайған, жауырыны шодырайған осы жетiмек ендi жалғыз асыраушысы Шөкеннiң қаһарына шындап ұшырады ма деп қауiптендiм. Жаңа өзiмнiң де күш жұмсап, тiл тигiзгенiм есiмде жоқ. Шөкеннiң қабағындағы бұлайша үйiрiлген бұлт оның ендiгi өмiрiнiң бiржола тоз-тозын шығарып жiбермесе не қылсын. Бiрақ баланың да сенгенi бар екен. Шөкен тiлi күрмелiп, қатты дауыс шығарып, ештеңе айта алмады. Менен ұялғаны шығар, əңгiменiң көкесi, iстiң сойқаны мен жоқта туар, сорлы Қанат арқасына шоқпытын таңып, келген жағына жаяу сапар шегер деп едiм. Оның бiрi де болған жоқ. Шөкеннiң бар бiтiргенi оңашада маған мұңын шақты: – Бұл айнала қазақ түгел дұшпан ғой. Мен айналадағы бiреумен хат алысып тұрады деп, соның өзiн неше саққа жүгiртiп, өсек қылады. Ал мына баласын асырап отырғанымды ел көрмеген, жұрт көрмеген сұмдықтай, беттерiн жыртып күлiп жүргендер бар. Ал ендi солар мынаның бейбастығын көрсе одан əрмен шоқ-шоқ дейдi ғой. Соны мына Қанат неге ойламайды деп, жаным егiледi. Оңашада талай айттым, əй, қарағым, сен ересек баласың, бұл жұрттың өсегi деген жаман. Сен ақылды бол, менi масқара қыла берме деймiн. Бiрақ түк ұқпайды ғой, санасына ештеңе бармайды тегi.
Мен не айта алайын? – Кiшкене қаталырақ қарасаңыз, қояр,– деп құлаққағыс етемiн де ар жағына аузым бармайды. Қанаттың тағы бiр ермегi – футбол. Көшенi шаңдатып өзi қатарлас балалармен доп қуып жүредi. Мұндайда ол күнi бойы жоқ боп кетедi де үйде тыныштық орнайды. «Қайраттың», одақтық, шетелдiк, басқа да фудбол командаларының ойындарын қалт жiбермей бақылайтыны тағы бар. Бұл маңға телевизияның құрығы əлi жете қоймаған кез. Ал радиодан футбол репортажы берiлген күндер ол үшiн нағыз мереке. Өзi жақтас командалар жеңiске жетсе-ақ бақырып-шақырып, үйдiң iшiн тағы да даңғаза етiп, басына көтередi. – Қойшы, қарағым, айғайламашы, соның бiзге бес тиынға керегi жоқ,– деген Шөкеннiң сөздерi тау-тас жарылғанда қанаты зақымдалған бейшара құстардың шиқылындай ғана шығады. Футбол ойындарының нəтижесiн мұқият жазып жүретiн кiтапшалары да бар. Оған үңiлгенде де жағы сенбейдi ғой. Командаларды өзара салыстырып, тыңдамасыңа қоймай қай ойынның қайсысы үшiн қандай маңызы барын құлағыңа құйып, таптап жеткiзiп болмай тыныштық бермейдi. Шөкен де, мен де көбiне оның сыртта жүргенiн қалаймыз. Аудандық мекемеде бiрге iстейтiн, мамандығы агроном, ұзын бойлы, бұйра шаш қара жiгiтпен (бұл да нағыз сүр бойдақтардың бiрi), көп ұзамай достасып алғам. Басқа барар жер, басар тауы жоқ ол жұмыстан кейiн менiмен бiрге сол жесiр əйелдiң үйiне кеп қылқиып отыратын. Əйел оған ренжiмейдi. Қайта сол жiгiттiң көзiнше (Қанат жоқ болса, əрине) түрмеде жатқан сүйiктiсiнiң кiм екенiн, онымен қалай танысқанын айтып, көл-көсiр боп ағытыла бередi. Əрi түрмеде жатқан адам өлең, əн шығара да алады екен. Кенеземiз кепкен бiзге шай құйып отырып, ар жағымызға бiрдеңе барды-ау деген уақытта: – Кəне, сендерге Қайдаудың маған жазған өлеңiн айтып берейiншi,– дейдi. Екi тiзесiн құшақтап, ашық тұрған аулаға телмiре қарап, ыңылдай бередi. Бұл көбiне таусылмайтын ұзақ өлең, əнi де зарлы. Иi жұмсақ, əсерленгiш адамдардың кеудесiн тiтiркентiп, көзiнен жас шығаруға да бар. Ұзын бойлы, бұйра шаш агроном жiгiт, кесесiн екi қолымен қыса ұстап, күлiмсiреп тыңдайды. Əннiң де, сөзiнiң де ең бiр күрсiнiстi жерлерi оның күлiмсiреген көздерiндегi мысқылшыл сəуленi одан сайын уытты етедi. Бұл екеумiздiң арамыздағы кереғарлық тап осы тұстан
басталады бiлем. Көрер көзге айқын қылмыстары үшiн түрмеге түскен, қыр-сырынан хабары жоқ бiреумен хабарласып тұратын, бар ұшпақ мұратты содан күткен əйелдiң тiрлiгi менiң де көңiлiме олқы соққанмен ол айтқан мынау ұзақ жыр пендешiлiк ғұмыр туралы жаман сарыуайымға салады. Жырдың ұзын-ырғасы сол адамның өз өмiрi туралы. Жер бетiне пəк көңiлмен, кiршiксiз күнəсiздiкпен iңгəлəп келген жан иесi, мiне, қылмыскер, жат пейiл атанып, ата-мекен топырағын бiр иiскеуге зар болып, ел ортасынан аулақ күн кешуде. Бала кезiмде табанымды тiлген туған жердiң шөңгесi қазiр қолыма түссе, оны мойныма тұмар етiп тағар едiм дейдi. Жалғыз ол емес, тура жолдан қалай тайғанын да үзiп-жұлқып, бұлдырлатып бiлдiрiп кетiп отырады. Анық қалай екенiн сап еткiзiп ашып айтатын тұстары жоқтың қасы. Аннан бiр шалып, мыннан бiр шалып, əлдекiмдердiң азғыруы түбiне жеткенге ұқсайды. Кiм, қалай жеттi, бəрiн қолмен қойғандай айқын етуге ақындық қабiлетiнiң қарымы келмей шатқаяқтай ма, жоқ, ашып сөйлеуге ары жiбермей, iштегi зар күйiктiң өзiнше бей-берекет, бағыт-бағдарсыз атқылап шыққаны осы ма, қалайда қанша құлақ қойып тыңдасам да сол бiр беймағлұм жан қасiретiнiң түп-төркiнiн ұға алмадым. Бiрде осындай ұзақ жырдан кейiн көзiне жас алыңқырап, болдырып тоқтаған əйелдi жалғыз қалдырып, агроном жiгiт екеумiз оңаша шықтық. Сондағы оның маған алғаш тiл қатқанда айтқаны: – Əй, соқыр тауыққа бəрi бидай, бiздейлерге жай ермек қылуға таңдап жатудың қажетi қанша? Икемдемейсiң бе анда-санда мына əйелдi? Ол сенiң жiгiттiк парызың ғой. Жаңағы ұзақ толғау-хат жөнiндегi пiкiрi өзегiн жарып шығар деп ойлаған маған мына сөздерi бүйiрден пышақ сұққандай едi. Өзiмнен жиырма жастай үлкен əйелге итермелегенi емес, жаңағы төгiлген жол жиегiндегi ермендей ащы сырдың мұның көкiрегiне тигiзген бар əсерi осы ғана болғасын шығар. Мен оны тұңғыш рет iштей жек көрдiм. Не айтарға бiлмей аңырып қалған маған ол жəдiгөй ойын одан əрi жалғастырып жатыр: – Ол сенi пəтерге жiбергенде де бар көздегенi сол ғой. Ендi ғана тiлiм икемге келдi. – Əй, кетшi, сен!– Тұрған орнында жалғыз қалдырып жүрiп кеттiм. Бiрақ қалатын да ол емес, өкшелей қуып сөйлеп келедi: – Əй, өзiң сары ауыз балапан екенсiң ғой. Ананы олай деп, мынаны бұлай деп, күндегi сыбағамыздан айрыла берсек, ол не
өмiр? Қиғаш қас, күлiмкөз деп, оны тапқанша неше заман өтедi, бiлемiсiң? Бұдан бiздiң достығымыз құрдымға кеткен жоқ. Екi адамды мойын бұрғызбай, тыпыр еткiзбей мықтап қабыстыратын көзқарас, мiнез бiрлiгi емес, мүдде ортақтығы ғой. Бiр-бiрiмiзге қанша ызғармен қарасақ та жұмыстан шыққасын бəрi тарайды да, ен дүниенiң ортасында екеумiз-ақ қаламыз. Үйлi-барандылар бiздi неғылсын, олар жөн-жөнiне кетедi де бiз екеумiз бiр-бiрiмiздi қармап тауып аламыз. Агроном жiгiт – Тауап, негiзi осы аудандық, əке-шешесi Iле өзенi Балқашқа құятын, Бақанастан екi жүз елу шақырымдай төмендегi балық колхозында. Өзi осында мен сияқты бiреудiкiнде пəтер жалдап тұрады. Алғаш келгенiмдей емес, ендi ауылдың ой-шұңқырын осы екеумiз аралаймыз. Оқта-текте ауылды жанамалай ағып жатқан Iленiң суына шомыламыз. Құм-қайраңы мол жағалау бiзге көп алданыш бола алмайды, бұл жерден кетуiмiз тез. Оңашада сөзiмiз тек қыздар туралы. Бiрен-саран өзiмiзге ұшырасқандарын ай оңдырмай-ақ сөгемiз. Келiспей тұрған жерлерiн бiр қарағанда-ақ жаттап аламыз ба, жарыса айтып, бiрбiрiмiзден асыра суреттеп шығамыз. Сонда да құлазыған көңiл екеумiзде де бар. Тым құлазып, құлап бара жатсақ, осы аудан орталығындағы жалғыз асхананың буфетiнен екi-үш стакандатып, қызыл шараптан тартып жiберемiз. Ол бiраз желiктiредi де дүкеннен көкала мойынның бiрiн алып, мен тұрған жесiр əйелдiң үйiне келiп iшемiз. Көңiлшек əйел бiзбен бiрге екi-үш рюмка тартып алса, бiр көтерiлiп қалады. Оған қарап жатқан ешқайсымыз жоқ, оны оңаша тастап, көшеге тағы шығамыз. Кешке қарай бар бiтiретiнiмiз осы. Темiр етiгiнен теңгедей, темiр таяғынан тебендей қалған жаяу, жалғыз жабығып, шөлiркеген жолаушыға көз ұшынан бұлақ суының жылт ете қалатыны бар. Алдамшы сағымның жасап тұрғаны ма деп, сумаң үрей iшiн қанша кеулегенмен соншама жолдан өткен оған ендiгi қарға адым жер сөз болып па? Əне көше басынан сондай бiр елес жылт еттi. Күн сенбi едi. Соңғы кездерi күннiң ыстығы тым қажытып жiбердi ме бiлмеймiн, далаға аттап шықпастан үйде жатқанмын. Тауап жұмыс бабымен совхоздардың бiрiне іс сапарға кеткен. Ол кезде жалғыздықтың жанға қатты бататынын ескерттiм ғой. Сонда да тапжылғам жоқ.
Түс ауған шақ. Шөкен бiр жақтан үйге келдi де мазалана бастады: – Ойпыр-ау, осы Қанат көрiнбейдi. Əншейiнде жүретiн жерлерiн байқастап едiм, бəрi тып-типыл. Əлгi бiрге ойнайтын балалардың бəрi үйiнде. Қанат жоқ. Мiне таңертеңнен берi... Мен мырс еттiм. – Құлағыңыздың етiн жей бермейiн, бiраз ойнайын деген шығар. Келедi ғой, қайда барады дейсiз. – Жоқ, мынаусы тегiн емес. Бұрын үйде жоқ болса да сырттан байқап қоюшы ем. Бүгiн көзiме түспей қойды. Бəрiнен де бұрын, басқалардың балалары бар да мынау жоқ. Осы Iленiң суына ағып кетiп жүрмесiн.– Аздан соң əйел жыламсырай да бастады. Құдай-ай, бұл бiреудiң баласы деген пəле ғой. Айтты, айтпады бiрдемеге ұшырап кетсе, əне тумаған шеше, жөндеп қарамай қолдан шығарып алды деп, тағы да жалайырға жар салады. Осы бала деп, намысқа тырысып, қарға адым жер аттасақ, бiр көзiмiз сонда болып, жар құлағымыз жастыққа тимей жүргенiн қайдан бiлсiн. Жұрттың сөзi ту сыртыңнан оқпен атқанмен бiрдей. Əй, қуарған Қанат! Сорлы Қанат! Мен əйелдiң тым терең кетiп бара жатқанын ендi ұқтым. Текке аласұрғаны емес, жүрегi əлденеге сезiктенгенге ұқсады. Немқұрайды қарай беруiм терiс ендi. Əншейiнде жоқ болса қуанатын Шөкен сол сезiктен iштегi о бастан бiрге жаратылған, аналық əупiрiм жүрген дүниесi төңкерiлiп түскендей. Өмiрге қатты наразы жесiр əйелдердiң шарт кеткендегi түрi жан шошытатынын бiлушi ем. Шөкендi оған жiбермеуiм керек. – Апай, құр күйiнгеннен ештеме шықпас, сəл сабыр етiңiз, мен қарап келейiн. Iленiң жағасына барайын. Сонда жүрген балалар болса, солардан сұрайын,– деп мен орнымнан тұрдым. Шөкеннiң өзi де көп жердi шарлап кеп отыр шамасы, ол таппағанды менiң табуым да неғайбыл, жəй əйелдi тыныштандыру үшiн ғана сыртқа шықтым. Бұрын Шөкен бiлiңкiремейтiн тағы бiр дос тауып, соның үйiнде отыр ма деген де жорамалым бар. Əйтпесе, мына ыстықта қайда барады? Мiне, көше кезiп келемiн. Ең алдымен аудан орталығын кесiп өтiп, тура Iленiң жағасына тартым. Лайланып аққан өзен тым момақан күйде. Адам əкетер қаһар жоқ. Пəлен деген бiреу Iленiң суына кетiптi деген лақап бұл жақта жоқтың қасы. Мынау ми қайнар ыстықта жағада ешкiм көрiнбейдi. Қазақы жердiң белгiсi ме, үйдiң тап iргесiндегi ен-тегiн суға шомылып,
күнге қыздырынған ересектердi мүлдем көрмейсiң. Тек қара сирақ балалар ғана анда-санда жағалаудағы суды шалпылдатып жүредi. Қазiр олар да жоқ. Салқын үйден əке-шешелерi шығармай жатыр ма, жоқ, өздерiнiң де ұнжырғасы түсiп, ешқайда аттап басуға құлықтары болмағаны ма? Əкем-ау, Қанат қайда? Мен осыны iздеп шықпап па едiм? Ол кезде елегiзген көңiл менi ешнəрсеге тиянақтатпай андамұнда жұлқып əкете беретiн. Жаңа ғана өзiмнiң жесiр əйелдiң сөзiне шыдамай Қанатты iздеп шыққанымды ұмытып кетiппiн. Судың ағысына көп алаңдамай орталыққа қайта бұрылдым. Аппақ топырақты көше күн сəулесiмен шытынап жарылардай бырысып-тырысып жатыр. Қасы-қабағын шаң басқан жалаңаш бұт қараағаштар бастарына орамалдарын жамылып, шаруасын iстеп, тапжылмай отыра беретiн кəрi əйелдеге ұқсайды. Iркiлiп, көгерген арық суларына ғана көлеңкесi түсiп тұр. Алғашқыдағы осы көрiнiстерге көз ашып қарай алмайтын дəрменсiздiктен құтылғаныма бiраз болған. Қазiр аяғымды еркiн-ақ басып келемiн, бұрыш-бұрыштан Қанат көрiнiп қалатындай. Əне, көше басынан бiр елес сылаң еттi. Қанат емес, əрине. Қанатты iздегенiммен көңiл көзiнiң андығаны басқа. Сылаң еткен елес сол көңiл көзiме керегi. Мен келе жатқан бас көшеден көлденең көшеге қарай перiштедей бiр сұлу қыз бұрыла бердi. Тəңiрдiң өзi маған рахымшылық жасап, таяқ тастамдай жерге қондыра салғаны деп ойласам да артықшылығы жоқ, шамасы. Себебi мына сұлулық өзiм ауасымен тыныстаған өлкенiң табиғатымен сыйыспайтындай бөлек көрiндi. Қара жердiң қыртысын қуырып жiберетiн күн көзi қыздың аяқ-қолын күйдiрмек түгiл оған беттей алмай тайып кете берген сияқты. Тек қалалық бикештерде болатын кiршiксiз ақ тəн күмiстей жылтырап əне кетiп барады. Ол бұрылған көшеге мен де бұрылып, соңынан iлестiм. Мүмкiн қаладан келген бiреу шығар десем, арқасындағы бiлектей қос бұрым оған ұқсатпайды. Май жаққандай жылтыраған қос бұрымды өзiне көрiк ететiнi қыздың iшкi сарайындағы бiр жақсы нышанға бұрады. Соңынан сүйретiлiп келе жатқан маған бiр қарады да ары жүре бердi. Аппақ бет-жүзi де мен армандағандай екен. Шашы түстес қою қара қасы-қабағы да бiрден шалынды. Мен жүрiстi тездеттiм. Тауаптың бiр ескерткенi бар. Бұрын көрмеген қызбен ұшырассаң, оған байқап жақында, бiреудiң басыбайлым деп жүргенiне жуып кетсең-ақ қып-қызыл пəлеге қалғаның, бұл жақтың жiгiттерi намыс қорғауға келгенде өлер жерiн аңдамайды.
Бұл сөздiң мағынасы менi алаңдатпай қоймады. Аудандық мекеменiң жақында келген қызметкерi бiреудiң бақшасына түсiп ұсталыпты дегенге ұқсас өсек қазақ арасында бiр лау етсе, оны қылышпен шауып та құтыла алмайсың. Бара-бара байқадым, бұл сақтықты өзiмдi-өзiм алдау үшiн кесе көлденең тартқан екем. Бар хикмет өзiмнiң үркектiгiмде. Соқталдай боп осы көшелердi кезгенiне көп болды, баққаны қыз екен, əне бiреуiнiң артынан түстi деп тұс-тұстан менi алып жейтiндей көздер қадалып тұрғандай жүрегiмдi сескендiрдi. Жоқ, кiмнен жасқаншақтаймын осы, қалай да қызбен бiр тiлдесiп көрейiн. Таз таранғанша, той тарқайдының керi. Мен өкшелеп ендi жете бергенiмде, қыз солға қарай кiлт бұрылды. Бұл төрт-бес үй бiр-бiрiне iрге тиiстiре бiткен, ауыз толтырып айтар ортақ ауласы да жоқ үйме-жүйменiң өзi. Соның қуыс-қуысына кiрдi де кеттi. Көше ортасында тас төбемнен бiреу ұрғандай тұрып қаппын. Жаңағы сақтығым өз алдына, ендi нағыз жаман сөкет болатын нəрсе осы тұрысым екенiн уақыт өткiзiп барып ұқтым. Мұнда шифермен жабылған стандартты жаңалары демесең ескiлерi көбiне төбесi жалпақ, тоқал үйлер. Осындай жаппа үй, тек ортасына бөрене сап, төбесiн шатырша ғып көтергендi ит арқа деп мұндағылар бұрын менсiнбейдi екен. Қазiр анасы да, мынасы да қалған ғой, тек көненiң көзiндей жаңбыр мен күнге мүжiлiп, жерге белуардан батып бара жатқан осындай бұрын салынып қалғандары ғана бар. Мiне, жаңағы қыз көрген түстей болып, солардың арасына кiрдi де көзден ғайып болды. Ине өткен жерден жiп өтедi ғой дейiн десем, менiң оған жалғанып қалатындай ешқандай таныстығым жоқ. Көше ортасында əлi тұрмын. Айнала көрiнiс маған жылы ұшырай бастады. Бiр кезде көз ашып қарай алмайтын көшенiң ақ топырағы ендi соншама ыстық көрiнбесi бар ма? Көлденең көзге түспей ары жүре берсем осы үйме-жүйме лашықтарды қайта таппай қалатындай-ақ қай көшелердiң қиылысына жақын, маңында тағы қандай өзгешелiктер бар деп, соларды көкiрегiме түюге кiрiстiм. Оған көп күш жұмсаудың қажетi жоқ едi, алақандай аудан орталығы, жұрт үнемi табалдырығын тоздыратын жалғыз ғана азық-түлiк дүкенiне қатарлас салынған стандартты үш үйден кейiн ғана. Мен сол дүкенге қарай өттiм де кiрген-шыққан адамдарды кəперiме алмай жаңа ғана көрген адамша оның маңдайшасындағы
жазуларға қадалған болдым. Орысша-қазақша жазылған «Азықтүлiк дүкенi» деген сөздердiң айналасына суретшiлiк өнерден жұрдай бiреудiң салған өрнегiне назар аудардым. Ойлаймын, өзiм болсам осыны қалай жасар едiм. Бұл қас-қағымдай уақытқа ғана миыма қонақтай, пыр етiп торғайдай ұшып кетiп қайта оралып, қайта ұшып тұрған үзiк-үзiк берекесiз ойлар. Менiң бар ынтам жаңағы үйме-жүйме лапастар жақта. Кiм бiлсiн, перiштеқыздың мекен-жайы бұл емес, əлдекiмдiкiне бiр шаруасымен бас сұққандағысы болар. Сəл отырғасын көшеге қайта шығып, келген жолымен қайта қайтар. Ондай атты күн туса тiлдеспей қалмақ емеспiн. Жаңағыдай бiр қуысқа кiлт бұрылар жағдайдың да өмiрде кездесетiнiн тұсаулы аттай икемсiз басым бiрден есепке алмай қапы қалғаным үшiн де өзiмдi-өзiм бiраз жерге жеткiзе жазғырдым. Перiште-қыз қайта көрiне қалса, мен аңдамаған тағы бiр бұралаң жол тауып кетiп адасып қалардай ең құрымаса ендiгi сəтке сақадай сай тұрсам деймiн. Бiр орында тықыршуым көп. Дүкенге кiрiп, сөрелерге қарадым. Не бар, не жоғын көзiм көрмейдi. Қайта сыртқа беттеймiн де қыз суға сiңгендей жоғалған жаққа алаңдаймын. Iздеп шыққаным Қанат екенiн де ұмытпағам. Соқталдай баланың жоғалуы, үйдегi жалғызiлiк əйелдiң сырт көздiң табалауынан ба, жоқ өз басындағы улы шөптей ащы жəйттердiң iшiн күйдiре беруiнен бе, ағыл-тегiл жыларман халi тап қазiр мен жоғалтқан асылдың қасында жай əншейiн ойыншық секiлдi. Бiреудiң жоғын бiреу өлең айтып жүрiп iздейдi деген мақал басыма сап еткенмен ол жанымды ауыртар емес. Бiр жайдан оспадарсыз Қанаттың жоғалуына əзiр шошына қоюдың қажетi жоқ. Мен жесiр əйелдiң үзiлуге шақ үмiтiн бiрқалыпта ұстап тұруға сеп үшiн ғана көшеге шықтым емес пе? Күн еңкейiп барады. Бiрақ ыстық басылған жоқ. Бiр кезде əдейi төселген тас түйiршiктерi адам мен мал аяғымен, одан қалса темiр көлiкпен таптала-таптала жерге əбден сiңiп, бетiне шаңы шыға бастаған ескi көшенiң кедiр-бұдырлары күнге жылтырап, маған сығырайып қарайтындай. Уақыт жылжымай менiң мойныма зiл қара тастай мiнiп алған ба дерсiң. Мен бəрiне шыдадым. Көлеңке басы ұзарып, уақыт кешке бейiм алды. Жөн-жосықсыз жүрiс-тұрысым өткенкеткеннiң көзiне де түсе бастады. Перiште қыз кiрiп жоғалған үйлердiң сырт пошымын тағы бiр барлап, өзiмше белгi қойған болдым да үйге қайттым. Шөкен менi көзi алақандай боп қарсы алды:
– Жоқ па? – Жоқ! Сiрə, тағы бiр дос тауып, соның үйiнде отырмасын. Əйтпесе осы ыстықта қайда кетедi дейсiз? Су жағасында да ешкiм көрiнбейдi. – Құдайдың басқа салған бейнетi деген осы да,– деп Шөкен тағы да зарлай бастап едi, мен: – Қойыңыз, сiз күйiнгенмен ешнəрсе шықпайды, –деп сабыр сақтауға шақырдым. Шөкен менiң сөзiмнен сəл саябырсығанмен де iшiнiң ұлан-асар екенiн түйсiнiп отырмын. Үй iшi салқын. Күнi бойы ыстықта тұрып қалған менiң басым ауыра бастапты. Төрдегi киiз үстiне жастық алып жантайдым да тағы да қиялға көштiм. Қайбiр қиял дейсiң. Сол жаңағы перiште-қыз көз алдымда көлбеңдей бередi. Ақырын қойылған репродуктор ызыңдап тұр. Сағат жетiнi соғып едi, радио даусы өзгере кеттi, мен елең еттiм. Алматыдан берiлген футбол репортажы басталған екен. Қуанышты хабар айтатындай басымды жұлып алып, есiк жаққа қарап: – Апа!– деппiн. Осындай футбол репортажы қарсаңында Қанаттың арсалаңдап құтырып кететiнi бар. Оны жай тыңдау тағы жоқ, репортаж барысындағы əрбiр қуанышты, өкiнiштi жайлардың ешқайсысын құр жiбермей айғай сап бақырып, сонау астанада стадион алаңындағы қызуқанды жұрттың осындағы өкiлiндей-ақ үй-iшiн азан-қазан ететiн. Менiң «апа» деп, жастықтан басымды жұлып алуымда да сол Қанат жеңiлтектiгiнен жұққан бiрдеме бардай. – Апа!– деп, мен қайталап шақырғанымда, Шөкен табалдырықтың ар жағынан көрiндi.– Апа, мына футбол ойыны басталды ғой. Қанат мүмкiн бiреудiң үйiнде отырып қалып, ойын уақыты кеп қалғасын осыны тыңдап бiр-ақ шығайын деген шығар. Ойсыз жорамалдың қашан да нарқы төмен. Шөкен де соны сезiп, басын төмен салды. Сенгенi байқалмайды. Мұның бəрiн алдын-ала бiлiп жүретiн Қанат күнi бұрын үйге келiп отырмай ма? Шөкеннiң бетiндегi жазу осы. Мен оны сезсем де: – Осы ойын туралы хабар бiтсiн. Сосын жарты сағаттай күтiңiзшi. Қанат қайтсе де есiктен жайраңдап кiрiп келедi,– деймiн. Күтуден басқа шарасы жоқтығын сездiрiп, Шөкен уһiлеп қойды да терiс бұрылды. Футбол репортажын менiң де тыңдайтынымды бiлiп, басын у-шудан аулағырақ ұстау үшiн ары кеттi.
«Қайрат» Украина командаларының бiрiн қабылдап жатыр. Стадион лық толы шамасы. Жасыл алаңның ортасындағы ойыншылар қозғалысы репортердiң сөзiнен гөрi теңiздей ыңыранған көрермендер у-шуынан айқынырақ сезiледi. Мен үшiн ендi ғана өмiрдiң мəнi бардай. Перiште қызды қиялымда шарықтатамын деп естiген, бiлгенiмнiң бəрiнен бiр сүйкiмдiлiктi көре бастадым. Жасыл алаң. Алматыда оқып жүрген жылдары тамаққа деген аздаған тиын-тебеннен жырымдап, қызығына тоймаған жасыл алаң. Екi ұдайылыққа ұшырағанға ұқсаймын. Бiр жақтан сағыныш жұлқыса, екiншi жақтан жаңағы қасы-көзi қиылған туысы бөлек жан осынау жер пұшпағында өзiммен iрге тиiстiрiп қана отырғаны жүрегiме неше түрлi қозғау салады. Қап, Тауаптың жоқтығын қарашы! Ол мұндайда ойланбай-ақ ақыл табар едi. Оның кейбiр айтқан ақылы сау адамның өзiн алжастырып жiберердей көрiнгенмен, əйтеуiр жоқтан бар жақсы ғой, былай өзiммен өзiм болып, не онда жоқ не мында жоқ күйде тығырыққа қамалмауыма жақсы. Оның айтқанын бұлжытпай iстемесең де соның төңiрегiнен өз қалауыңа лайық басқа бiр саңылау, соқпақтың ұшыраса кетуi ғажап емес. «Қайрат» командасы бiр гол жiберiп алды. Бiрақ стадиондағы жұрттың рухы түскенге ұқсамайды. Бəлкiм, ойын барысы бiздiң жерлестерiмiздiң үстемдiгiн танытып, көрермендер соны қанағат тұта ма? Отыз мың көмекейден шыққан айқай кейде репортер даусын естiртпей жiбередi. Əне, əне, қайраттықтар қарсыластар қақпасын нысанаға алды. Қап, қап! Кейiн шегерiлдi. Тағы шабуыл, тағы да əне, украиндықтар қақпасына таяқ тастамдай ғана жер қалды. Қорғаушылар шебiн бiр бұзып өтсе-ақ шекесi темiрдей буцы теңбiл допты торға апарып бiр-ақ түсiрерi хақ. Қоғадай жапырылған жұрт шегi үзiлердей шуылдап барып, əлдене шорт үзiлгендей кiлт қайтып, қатты ыңыраныса демдерiн шығарды. Бұл алпысыншы жылдардың орта шенi, заманның тыныш бiр тоға кезi. Жұрттың футбол ойынына деген ол уақыттағы ықыласын атап сұрама. Алматыдағы жастарды қойып кəрiлерiнiң өздерi жүздерiнiң арса-арсасы шығып, өлердей қызықтап отыратынын талай көргенiм бар. Ал Қанат сияқты ұшқалақ, табанының бүрi жоқ, пiсуi жетпеген алаөкпелер ше? Оларды тiптен қой. Қанаттың радио тыңдап отырып-ақ мұндайда жаны шығып кете жаздайтын. Отқа түсер көбелектей ойнап, репортаждың рахатынан гөрi мехнатын
көбейтiп жiберетiн. Байқаймын, осы үйде тұрғалы футбол ойынының репортажын құлағымның құршын қандыра бiр оңаша тыныш жатып тыңдағаным осы екен. Əне, бiздiң команда жауап доп соқты. Айғай-сүреңнен репортер даусы тiптен жоғалып кеттi. Ойынның аяғына қарай қайраттықтар осы табысын қайталады. Тағы да сол. «Сорлы Көкбай қор болды-ау Осыншадан құр қалып»,– деген Абай сөздерi ойыма оралды. Менiң сорлы Көкбайым – Қанат. Мынадай өз жерлестерiмiздiң қолы сирек жететiн мəртебе Қанат үшiн көктен алтын жаңбыр жауғанмен бiрдей. Беймəлiм бiр үйде осыны тыңдап отырған шығар деген жаңағы мойны-басы былқылдаған негiзсiз жорамалым ендi алдыма кесе-көлденең тартылып, осыдан Қанат жоғалса, ол үшiн мен жауап беретiндей күдiкке ұшырадым. Апырау, Шөкендi жаңа неге бөгедiм екен? Мүмкiн ол жанына қанат байлап, жер-көктi шарлап тауып та келер ме едi. Көшеден бiр перiштенi көрiп, сонымен басы айналған мен мəңгi ондай жорамалмен жоғалған баланың бас иесiнiң аяғын тұсап нем бар десеңшi! Репортаж бiттi. Кеш түсiп, үйi-iшi алагеуiм тартты. Бiрақ шам жағылған жоқ. Жарты сағат түгiл бiр сағат өттi. Қанаттан еш тықыр бiлiнбейдi. Ауыз үйге шықсам, қу тiзесiн құшақтаған Шөкен қараңғылықпен бiрге шөгiп бара жатқандай. Əйел адам бүйтiп тiзесiн құшақтамас болар. Ал Шөкендiкi ескiлiктi салтсана, дағды ережесiне қарсы қасақана көрсетiлген мiнездей. Осы алагеуiм шақта да жүзiнiң одан сайын түтiгiп бара жатқанын байқадым. Мен перiште қыз бен жаңағы футбол репортажының əсерiнен əрең арылып, бар көңiл-күйiмдi ендi осы əйелдiң жай-күйiне бағыттағым келдi. – Апа, сiз көп қиналдыңыз. Мен тағы қарап келейiн,– дедiм. – Жоқ, қарағаннан не пайда, оған бiрдеме болды.– Шөкен жүрегi құрғырының бiр сұмдықты сезгенiн айтқысы келдi, шамасы. Тек оған қауқары жетпей сөзi ортан белiнен үзiлгендей. «Еңғұрмаса тiзеңiздi құшақтамаңызшы. Үлкен адамсыз, мынауыңыз жаман ырым емес пе?» деп ашулана сөйлеуге қанша оқталсам да кеудемнен əлдене тiреп, жiбермедi. Мен тағы көшеге беттедiм. Түнге қарай ауа салқын, жүрiсiң ширақ. Көшеде сирек жағылған шамдар тек аяқ жолыңды ғана
көрсетедi. «Бұл пəлекет шынында қайда кеттi екен, ə?» деген шымшыма сұрақ менi алғаш рет мықтап қыспаққа алды, шамасы. Қыздармен жүрген шығар дейтiндей жаста емес. Үлкен селоның қай пұшпағынан iздесем де ақыр таппайтыным белгiлi, қалай қарай жүрсем де маған бəрiбiр ғой. Сонда да буын-буыным өзi қозғалып, орталыққа қарай тарттым, онда да манағы перiште қыз жоғалған жаққа. Бiр-бiрiне ұйлыққан малдай iрге тиiстiрiле салған үйлердiң тұсына тағы да жетiп, төңiрегiнен ұзамай бiраз қыдырыстадым. Жерге жақын кiшкене терезелерiнен жарық көрiнедi. Қыбыр еткен жан сол терезелерден де, не сыртынан да байқалмайды. Есiктерiн тас қып бекiтiп алып, даладағы салқын ауаға қарай аттап басатын ешқайсысында пейiл жоқтай. Мен осы маңда бiраз уақыт өткiздiм. Ара-тұра Шөкендi қалай тыныштандырудың да амалын iздегенге ұқсаймын. Əттең, анау перiште қыз бiр жылт етсе, бəрiнiң амалы табылатын сияқты. Аспанға қараймын. Бағаналарда шамдар шақырайып жанғасын ба жұлдыздар əзер көрiнедi. Мен көп тұрдым. Iлезде қайтып барсам, Шөкен ренжитiндей. Ақыры бұл сенделiстi де шектеуге тура келдi. Үйге келсем Шөкен жоқ. Шүйкедей шашы дудырап, маңдайына түсiп, сəлден соң ғана келдi. Бiрге ойнайтын балалардың үйiн тағы да шолып шығыпты. Кешкi шайды у iшкендей боп əрең тауыстық. Шөкендi жұбатпаққа бiраз сөзiмдi шығын қылдым. Сөйлей-сөйлей шешен боласың деген. Бұрын аузыма түспейтiн қазақтың көптеген сөз орамдары тiлiме үйiрiлдi. Бiрақ олардан Шөкенге жеңiлдiк кеп жатқан жоқ. Бар айтатыны – бiреудiң баласы болғасын осылай. Өз iшiнен шыққан баласы бүйтсе қиналмайтындай-ақ. Бiр ғана жаңа сөзi Қанат осыдан аман-есен қолына түссе, əкесiнiң өз аулыңда тұратын алыс ағайындары бар көрiнедi, соларға апарып салмақ. Сөйлей-сөйлей жағым талғасын, шарасыз басым ұйқыға жаттым. Шөкен ауызғы бөлменiң ашық есiгiнен даладағы қараңғылыққа қарап, шоқиған күйiнде қалды. Қай уақытта жатқанын бiлмеймiн. Түн ортасында шаңырақты аспанға көтерген айғай-сүреңнен ояндым. Бiр жаманат хабар естiгесiн шыққан Шөкеннiң жаман даусы ма деген үрей менi жұмсақ төсектен атып тұрғызды. Есiмдi жия берiп, өз құлағыма өзiм əрең сендiм. Мынау Шөкен емес, Қанаттың даусы. Онсыз да түте-түтесi шыққан Шөкендi жұлмалап, кеңiрдегi жыртылғанша айғайлап, бөлме ортасында секiрiп жүр. Əп-сəтте үйдiң де берекесi кетiптi. Қанаттың бар екенiн көңiлге медеу тұтсам да, мынау мiнезiнен
бiрдеңенiң шалығы шалып келген жоқ па деген де ой жарыса оянды. Құлақ жарған алапат үн арасынан: –Ой, бүгiнгi «Қайраттың» ойыны-ай!– дегендi ажыраттым. Шөкендi екi-үш рет жығып сап, аунатып тұрғызса керек. Тағы да сонысын қайталар ма екен деп қауiптенiп, ол байғұс мынау секiрген сайын бөлменiң бұрыш-бұрышына қашып, басын қорғаштап жүр. Құдай бiр тiлегiн бердi, мынау аман екен, осыған жеткiзсе, сөйтемiн дегенiн ұмытпағаны, тiптi ол ниетi ендiгi бар аңсарын аударып осындай жағдайда да жүзiнен шалынып қалды. Шақырайған шам жарығы ұйқыдан жаңа көзiн ашқан менiң жанарымды ауырта тартып, əрi не нəрсенi де соншама айқындықпен көзге түрте көрсетедi. Қанаттың арық өңiндегi онсыз да бақырайған көздерi лапылдап жанып кетiптi. Сүйексаяғы шодырайған қаңқа денесi робот сияқтанып, əлдебiр қуатты күш мұның тетiгiн бұрағасын жерге тимей селкiлдеп тұр ма дерсiң. Даусы тiптi андыздап барады. Байқаймын, бұл жаңа ғана басталған айқай емес, бiраз уақыттан берi жер-дүниенi басына көшiрiп, өзiнiң ендi қайтып дамыл таба алмас қарқынына жеткенi, сөйтiп, Қанаттың қырылдай бастаған тамағын сол қарқынмен одан əрi кергiлеп, басыла қоймас дауыл əлегiне ұқсайды. – Ой, «Қайраттың» бүгiнгi ойынын көрсеңдер, құлап, талып, сендер жатқан жерлерiнде тырайып, бастарыңды көтеруге шамаларың келмей, ой бiр қуаныштан жүректерiн жарылып, ... ой ... ой, өмiрдегi көрмеген рахаттарыңды бiр-ақ күнде тауысып қойып... Ой... уй... Кəукеновтың бүгiнгi ойынын көрсеңдер... украиндықтардың екi қорғаушысы, бiр шабуылшысы алдына көлденең жатып алып дым iстей алмады ғой. Кəукенов оң аяғымен былай бiр теуiп, сосын аналардың қолтығының астынан жып берiп өтiп, тағы қарсы жолыққандардың арасынан бүйтiп əкетiп, (Қанат «оң аяғымен теуiп, бүйтiп əкетiп» деген сөздерiн тек ауызбен ғана айтпай аядай үй iшiнде киiз үстiнде қимылмен де көрсетiп жүр) қақпаға қарай соққанда бар ғой бүкiл стадион тамақтары жыртылып, бастары айналып, ой... ой... не боларын бiлмедi. Олардың қақпашысы аспанға секiрiп барып, жерге түскенде маймылға ұқсап бүйтiп, домалаң ете қалды, сонда да ұстай алған жоқ. Бiздiң команда ойынның басында да жеңiлiп бара жатқан. Сосын Кəукенов қайқайтып тұрып гол соққанда бар ғой, бiздiң ойыншылар бiрден жiгерленiп, ойдайт дегендей шабуылды өкiрттi ғой. Тұс-тұстан кеп қақпаны бүйтiп, көздеп тұрып допты соққанда бар ғой... ой... ой... Кəукенов молодец...
украиндықтардың командасын көптен берi жеңе алмай келе жатыр едi. Мына жолғы ойыны ой... ой... «Қайрат» ойыншысы Кəукеновтың ерлiк жасағанын мана репортаждан да естiгенмiн. Қашанғы даурықпасына сай келгесiн бе алғашқыда Қанаттың сөзiне дұрыстап мəн де бермеппiн. Əрi ойын бiткелi пəлен сағат өттi. Содан берi мынау көшеде айғайлап жүрген бе... Тек мына қалпымен айғайлай берсе, сорлы бала өз қызуымен өзi жанып кетер деп, қушиған екi иығынан шап берiп, қыса ұстадым да қатты сiлiктiм. Оған да қоймағасын жаңа туған бұзаудай ғана салмағы бар неменi көтере бере аяғынан қайта тiк қойдым. Даусымды мен де қатты шығарып: – Тоқтат ендi?– деп, шарт кете айғай салдым. Мұның артында тұрған Шөкенге көзiм қоса түсiп едi оның қабағына ашу, өз өмiрiне деген наразылық тағы түйдектелiп, өңiнiң күлдей боп кеткенi осы шақырайған шам жарығында сұмдық айқын едi. Ол менiң қитығыма тиген Қанатқа наразылығымды одан сайын өсiрдi. Жаңағы екпiнiмнен төмендеп қалмайын деп, көкiрегiме күш жинап, барынша қатты ұрсуға кiрiстiм. Сол қарқынмен бiраз барып, сөздерiмнiң соңғы жағын ғана майдалаңқырадым: – ... Жақсы, мысалы осы сен басқаны қойып, өз намысыңды неге ойламайсың? Сен жiгiт адам емессiң бе? Мынадай қызбалық сенi жұрттың бəрiне, бiзге ғана емес, жұрттың бəрiне жексұрын етедi ғой. Мына қалпыңмен қыздар саған қалай қарайды? Бiр жақсысы, Қанат менiмен сөз жарыстырмайтын. Шөкенге болысып, денесiне қол батырсам да оны кек тұтпайтын. Сол түнi қайта жатқанда көпке дейiн ұйқтай алмадым. Шөкеннiң де, менiң де басыма мəселенiң байыбы артынан жеттi. Жеткенде Қанаттың өзi анықтап айтқасын ғана. Əйтпесе, жұмбақтың шын шешiмiн бiз миымызды он рет шақсақ та таба алмағандай екенбiз. Қанат Шөкеннен ұрлап бiр, сұрап бiр жиған ақшасына бiреулермен селбелесiп, Алматыға, тура стадиондағы ойынның өзiне барып қайтыпты. Бұл – ауылдың мұның жасындағы балаларына бiтпеген бақыт. Əке-шешесiнен жырмалап, киноға баруға əрең ақша сұрап алатын қара домалақтар сонау өмiрi көрмеген жер шетiне, астанаға сапар шегiп, футбол ойынын көрiп қайтуды құдайдың ең бiр қалаулыларының iсi деп, оны армандамайтын да. Осы сапарынан кейiн Қанат көпке дейiн басыла алмады. Қашан көрсең де көшенiң бұрыш-бұрышында үймелеген балалар ортасында аузы ақжем-ақжем болып, сөйлеп тұрады. Келе-келе
құлағының құрты желiнген тыңдаушылар азая бастаса Қанат оларды өзi iздеп тауып алатын. Өздерiмен өздерi тұрғандардың арасына килiге кетiп, əңгiменi қасақана футболға қарай бұратын. Басқаларға өктем сөйлеп, өзiн футбол жөнiндегi бiлiктiлiгi жағынан ешкiмдi маңайлата қоймас бөлек тұлға, бəйтерек етiп көрсеткiсi келедi. Шөкеннiң бар бiтiргенi ара-тұра Қанаттан тауы шағылып шөге беру едi. Байқаймын, оқтын-оқтын бұған мұң-зарын қосып, үшбу хат жолдайтын қайдағы Қайдау атты бiреумен шүйiркелесiп, бiр шаңырақтың астында тату-тəттi өмiр сүретiнiне пəлендей аспанын тiреп тұрған сенiмi де жоқ. Тек басқа жол таппағасын қалың орманда жалғыз соқпақпен ғана қозғала беретiн адасқан жанның бағыт-бағдарындай соңы беймəлiм митың тiрлiгi бар. Шөкен бiрде маған өткен өмiрiнен де бiраз деректердi ұқтырған. Қыздай қосылған күйеуi соғыстан iш құрылысы зақымданып қайтқан бiреу екен. Оған əке-шешенiң азғыруымен қосылса керек. Бiрақ ол көп жүрмептi. Сосын бала-шағалы басқа бiреуге тұрмысқа шығады. Жас өмiрiнiң көбi соның есiгiнде өтедi. Бұл қосағына да қаза жеткесiн, оның ер жеткен балалары Шөкендi керек қылмастан жан-жаққа бытырап кетедi. Елiмтелiм боп еткен еңбегiн ешқайсысы ескермейдi. Бұдан кейiн де қосылған кiсiсi бар. Одан неғып айрылғанын Шөкен тым күңгiрт айтады. Маңдайға жазбағасын солай шығар деп, жұмбақтай түйiндейдi. Қазбалап не жұмысым бар? Тек ескiлiк қаңқасына сүрiнiп, тағдырын сындырып алғанын жадымда тұттым. Мен еңғұрмаса Қанатты осы кiсiге жуасытып, илiктiрiп беруге қанша тырыссам да iстеген əрекеттерiмнiң бəрiнен түңiле бердiм. Шығын еткен сөздерiмде қисап жоқ. Тiптi соның бəрi мұның мұрнына шыбын қонғандай да жыбырлатпаған iз-тозсыздығын көргенде Шөкенге ұсап, өзiм қан жылауға жақындаймын. Барабара қолым үйренгесiн бе, кемерiмнен асып, бiрде сабап та алдым. Жоқ, етiнен ет кесiп алсаң да Қанатқа түйсiк бiтiру мүмкiн емес едi. «Əй, сенi мына кiсi қуып шықса қайтесiн, қайда барып күн көресiң, байғұс»,– деп соңғы сөзiмдi де айтып көрдiм. Жоқ. Адамның бiр əлсiз жерiнен ұстасаң, ол сенiң небiр сойқандығыңа көнiп, жер бауырлап жатып та айтқаныңа жүредi екен. Қанаттың осы жасында мықтап бiр меңгергенi Шөкеннiң өзiнен əлсiздiгiн қапысыз танығандығы едi. Бұл қалай далақтап, Шөкеннiң қалай есiн шығарамын десе де аяқ-қолы тұсаусыз, алдында кең өрiсi бардай. Соны көрiп-бiлiп, ал ендi маған не iстейсiң деген есерлiгi сияқты.
Мiне, сол Бақанасқа арада он бес жылдай өткiзiп келiп түсiп тұрмын. Күздiң ызғарлы желi жер жағдайын, ел жағдайын есiме түсiрiп, осының бəрi көз алдымнан суырылып өтiп жатыр. Денем қатып қалды. Шапшаң жүрiсiм ғана түбi босаған сексеуiлдей бiржола құлап түспеуiме сеп. Осы далада мынау желге тағы бiраз қарсы жүрсем, оған да жететiн сияқтымын. Бас сүйегiмдi аяз шағып бара жатыр да, оның iшiндегi клеткалар бұған селт етпей, өз жұмысын одан əрi жалғастырып, қиял тiзбегiн туындатуда. Бəрiне қозғау салған жаңағы сұңғақ бойлы, мойны жалаңаш қарт милиционер. Апырау, мынау сол шығар. Жоқ, ол мүлдем басқа адам-тұғын. Сонымен Шөкеннiң үйiнде тұра бердiм. Қанат та басбұзарлығын қоймады. Шөкеннiң бiраз уақыт өткiзiп барып тапқан айласы Қанатқа шағынып, əкесi Қайдауға хат жазу едi. Одан Қанатқа: «Қарағым, адам бол, менiң жайым мынау» деген қысқаша ғана жауап келдi. Кейiнiрек баласына арнап та ұзақ өлең жазып жiбердi. Онысы аспандағы қыран, ұядағы балапан жəне жортқан көкжал, оның iнде қалған бөлтiрiгi төңiрегiнде құрылған, əрi ескiлiктi дiни мазмұндас жырлардың нұсқасына келiңкiрейдi. Бiрақ мазмұны күңгiрт, адамға əсерi жоқ, тек ұзақ уайымға толы бiр нала қисса. Мен өзiм одан жылт еткен ештеме таба алмадым. Қайдауға ақындық бұйырмаған ба, жоқ менiң қасаң миым ештеме қабылдамай ма, ол кезде мұны ажыратпаққа менде пейiл де жоқ едi. Шөкен бұл хатты неше мəрте Қанатқа оқытты да. Жыр етiп, əн ырғағымен айтып та көрдi. Бiрақ Қанатқа одан да ақыл қосылмады. Əлi де сол бес жастағы баладай үйдiң əптер-тəптерiн шығарып, жалғыз асыраушысы, əке мен шешеден əрмен қамқоршысы Шөкендi зар илетумен болды. Тек жаңағы жырдың Шөкенге əсерi күштi. Адамның iшкi қасiретiнен туғасын терең мəнi бар деп қатты сенгендiктен бе өзiн өртеп кетер шам төңiрегiнде тыпырлап қалбалақтаған көбелекке ұсап, сол жырды он мəрте, жүз мəрте мəнерлеп, қайталап айта бередi. Жүрегiн жандырған жыр лебiмен балқып, жүзiне қызыл күрең қан жүгiредi. Бiрде Қанат күнде ойнайтын достарымен бiрге бiреудiң өзi қатарлас қызын қатты жəбiрлептi. Сол қыздың шешесi келiп, Шөкендi жерден алып, жерге салды. Шөкенде де тiл-жақ бар ғой, алғашқыда тойтарыс беруi жақсы-ақ едi, тек ананың əзiрлеп əкелген құрығы ұзын екен. Шөкеннiң мойнына қыл бұраудың түскен жерi:
– Жетiм асырап, желкең шiрiп, шағылатын күнiң жетiп едi ғой, сорлы. Ендi осы жетiм жеткiзедi ғой деп, битiңдi сығып, қаныңды жалайын деп жүрсiң бе?– деген сөздер едi. – Жетiмдi жеткiзсем, құдайдан қайтсын деймiн.– Шөкен осы бағытта бiраз оқ атып көрiп едi, ана əйелдiң жаңағы сiлтесiнiң уыты күштi екен. Мұның денесiне тез тарап, əлсiретiп иықтап əкеттi. Бұлардың айқайына көршi үйдiң еркегi екеумiз кiрiсiп, тоқтаттық та екi айырып жiбердiк. Үйге келдiм де Қанатқа тағы да қатты ұрыстым. Ендi-ендi бұл тiрлiктен баз кешердей түтiгiп отырған Шөкендi де сол баяғы дəрменсiз үйреншiктi сөздерiммен уатқан болдым. Осыдан екi-үш күн өтпей-ақ Қанаттың тым болмашы қиястығынан шарт кеткен Шөкеннiң: – Менiң кiсiге қылған жақсылығым неге қайтпайды?– деп ағыл-тегiл жыламасы бар ма? Мен шыдамай Қанатты сыртқа қуып шыққасын, екеумiз оңаша қалғанда ғазиз əйел бұрын менен бүгежектеп, намыс ойлап жасырып жүрген бiраз сырларын аямай, шашудай шашты. Оның соғыстан iш құрылысы зақымданып келген алғашқы күйеуiнiң контузиясы бар екен. Сырты жылтырағасын əулие көрген қараңғы əке-шеше ондайды елең қылмастан қызын жетектетiп жiберiптi. Баламызды ақыл тоқтатқан адамға ұзаттық деп, бiразға дейiн олардың жағасы жайлау болып жүредi. Ал жалпы əйел адамға жаны қас адамдай қарайтын дөйiт мiнезi бар бұл жолдасы Шөкендi кiсi орнына көрмептi. Iштегi, сырттағы ауру асқынған сайын оның мiнезi де, күтiмi де қиындайды. Ол кезде жас қуаты бойында Шөкен бəрiне төтеп берiптi. Ал келесi бала-шағасы мол үйге келiп түскенде, азан-қазанның ортасында шарадай басы шақшадай болған нағыз зобалаңды күндер туады. Өзi құрсақ көтермеген Шөкен алғашқыда бойы үйренбей осқырынғанмен бара-бара күйеуiнiң ықпалымен бұған да көндiгедi. – Өзiмнен тумаған баланың алдына ас қойып, ол табақты аяқпен теуiп қырсықтанса, «қарағым-ау, iше қойшы, қарның ашады ғой» деп, көз жасымды сығып, көңлiм босап, жалбарынушы едiм. Мiне, сол балалар қайда, менiң жасаған жақсылығымнан көкiректерiнде бiр мейiрбандылық сезiм оянса қайтер едi? Шеше орнына шеше болып едi-ау деп, əмсе демей-ақ қояйын, оқтыноқтын неге бiр соқпайды? Адамға деген жақсылықтың ешбiрiнiң қайырымы жоқ. Тек əйтеуiр екi қолың алдыңа сыймағасын, елпелектеп, кiм көрiнгеннiң қамын жасап жүресiң.
Соңғы күйеуi жөнiнде бұл жолы да ашып-айырып ештеме айтпады. Тек кейбiр тұспалдарынан өз ойымша жорамалдағаным бұған дейiн екi босаға көрiп үлгерген (тағы ол қандай босағалар дейсiң) Шөкеннiң бұрынғы жастық көркi жоқ, бара-бара бұл күйеуi мұны менсiнбей, басқаларға көзi түсе бередi. Ақыры тайып тұрады, шамасы. Бұл соңғы күйеуiн емес, одан бұрынғысының балаларын елестеткiм келдi. Олар қайда екен? Шөкеннiң өз басын, жалын жастығын ұмытып, елiм-телiмi шығып, оларға қамқорлық жасағанына еш күмəнсiз сендiм. Сенбей қайтейiн, көзiммен көрiп отырмын ғой. Ия, сол балалар қайда екен? Кiсiдегi қарызын ұмытып, алаңсыз ғұмыр кешетiндердi табиғат басқа қоспадан соғады-ау деймiн. Əйтпесе, тап осы Шөкен тəрiздес адамдар басын бақыт неше айналдырса да олардай ноқтасыз, басы кекжиiп кете алмас едi. Шөкеннiң де ол балалардан көп күтерi жоқ, тек анда-санда бiр соғып, жылы лебiз бiлдiрiп кетсе екен дейдi. Бiрақ аналар мұндай ишара, кiшiктiкке де жарамайды. Жағалауға соққан теңiз толқынындай Шөкеннiң өксiгi өстiп толқып, буырқанып қайта бередi. Тiрлiктi өзгертер қауқар жоқ, ол одан əрi жалғасады. Бүк түсiп бiржола жатып та қала алмайды, ол тiрлiгi құрғырдың қамын жасауы керек. Менiкi де сол бiр сарынды өмiр. Əлгi перiште қызбен көп ұзамай бетпе-бет ұшырасуға тура келдi. Қасында бiразға дейiн жанамалай жүрiп, таныспаққа тiл қатып едiм, қыз оң шырайын бере қоймады. Аты-жөнiн, қызмет ететiн мекемесiн де соншама ықылассыз, мен тақылдап қоймағасын ғана айтты бiлем. Өзiмдi де таныстырып көрiп едiм, ұқты ма, ұқпады ма, бiлмеймiн, əйтеуiр тым самарқау қабылдады. Бұл өзi мен алғаш байқағаннан да сұлу екен. Тап қасында тұрып бақыласаң, көзiң тұнады. Көкiрегiңдi өртеп кетердей өткiр жанарын былай қойғанда, өңiнiң кiршiксiз ақтығы қандай десеңшi. Жетi қат жердiң астынан алынған түсi бөлек асыл тастан соғылған ба дерсiң. Қара қасы да анада менi алыстан арбағандай-ақ бар екен. Неге екенiн бiлмеймiн, екiншi рет ұшырастырып, бетпе-бет келгенiмде алғашқыдан да ғажайып көрiнуi мен үшiн бiр түрлi өкiнiшке ұқсады. Апырау, ненiң өкiнiшi, айыра алмаймын. Əйтеуiр кеудемдегi бiр кесек ет қорғасынға айналып, өз салмағымен бəрiн төмен əкетiп бара жатты. Сол екi ортада Тауап та іс сапардан оралды. Мен амандықсаулықтың орнына жаңағы қыз жайын сұрадым. Тауап мұрнын шүйiре сөйледi.
– Ой, əлгi Қабылбектiң қызы ғой. Онда қызығатын, қарағым, ештеме қалған жоқ. – Қалған жоғы қалай? – Ой, ол қыздың ана КазПИ-дi бiтiргенiне, мiне, үш жыл өттi. Осы үш жыл бойы ол дипломын ала алмай зарлап жүрдi. Неге дейсiң соның бəрiн? Ақылың болса айтшы.– Тауап маған тура өзiнен он жас кiшi iнiсiндей дiкектеп сөйледi. Бiрақ ашуланатын мен жоқ. Өстiп, там-тұмдап, ол қыздың жайын асықпай бiлмек үшiн неге де көнбек сыңайым бар. – Түк түсiнiп тұрғам жоқ. Неге диплом алмайды, мен қайдан бiлейiн? – Əй, адамдағы сұлулық дегенiң кейде оның басындағы сорға айналатынын бiлемiсiң. Сол КазПИ-дiң жастау оқытушысы, оқытушы болғанда жай оқытушысы емес, бiр мықтысы болса керек, осы Күлiмханға (перiште қыздың аты солай) сен не маған тұрмысқа шығасың, не əйтпесе саған диплом жоқ деп, шарт қойғанына талай жыл өттi. Мұның студент күнiнен-ақ бұған көзi түсiп жүрсе керек. Басқалары да жаңағы оқытушының сөзiнен шыға алмайды екен, бұл Күлiмханың мемлекеттік емтихан тапсыруға жылда барады, жылда құлап қайтады. Ал биыл диплом алып қайтты. Ал сонда не, жаңағы жырынды оқытушы мұны тегiн жiбердi ғой дейсiң бе? Бұл пəле қыз не басқа бiр мықтысының көңiлiн тапты, не жаңағы оқытушының өзiнiң көңiлiн тапты. Биыл сып еткiзiп диплом алып келе қойғаны, арғы қолыңды берi əкел, тегiн емес. Тауаптың сөздерiнде мұның бəрi əурешiлiк екенiне менiң көзiмдi жеткiзерлiк мəн жоқ едi. Тек перiште қыздың соңына түскен жансебiл жалғыз өзiм еместiгiмдi, ол тұрғысында лақап көптiгiн ескерткендей. Адамның бiр есiл-дертi ауса, одан маңдайына тас тиiп барып қана бетi қайтпаса, одан берiде ол ешбiр қайыруға көнбейтiнi хақ қой. Жұмыстан кейiн үнемi Күлiмхан өтедi-ау деген жермен жүретiндi шығардым. Тауапты да солай қарай тартқылаймын. Өмiрiме енген бiр өзгерiс те бар. Ең алғашқы келгенде бұл ауылдың көз аштырмайтын ақ топырағына, бас айналдырар аптап ыстығына, ұн тартқан диiрменшiдей жапырақтарын шаң басқан қараағаштарына, көгерiп, iркiлген шалшық суларына қарай алмайтын басым, қазiр осының бəрiнен аспанда ай мен күн шағылысқандай сұлулық iздеймiн. Бар алтынын бауырына басып, бетiне шеңгелi мен табанға батар тастарын ғана шығарып қоятын бiр көрiмге ғана реңсiздеу қазыналы жердi еске түсiргендей.
Аптап жаз өтiп, күз жақындады. Кешке қарай күн суытатын едi. Тауап екеумiз бiрде тұмсығымызды плащтың жағасына тығып, клуб маңын кезiп жүрмiз. Клубта бiр қызық кино басталайын деп жатқан. Халық əдеттегiдей аз емес, ығы-жығы. Кенет əлгi Күлiмхан жалғыз өзi тап қасымыздан өтiп барады. Мен селк еттiм бiлем. – Əй, ананың артынан бар. Мұрнынан су кеткен тоқтыға ұқсап сорлы боп кеттiң ғой. Бiр ұрынып көршi, арты неге соқса да. Мен қала тұрайын,– дедi Тауап. Тауап өйдемесе де мен қыздың соңынан жүгiрмей тұра алмас едiм. Кеш қараңғылығында тез-ақ қуып жеттiм. Ентiкпей, сабырлылықпен қатарласа бердiм. Маған жалт бұрылып, екi көзiн тiке қадады. Жанарындағы жалын қуат осындай шақта да жарқ еттi. Менi əлдекiм деп қалғанға да ұқсады. – Күлiмхан, аман ба? – Аман,– деп даусын еркiндей шығарды. – Жалғыз өзiң қайда шықтың? – Қыдыруға. – Қыдыруға? – Иə. Осыдан бұрын бiр-екi рет көшеде ұшырасып қалғанда үнемi асығыс екенiн айтып, жөндеп сөйлеспеп едi. Тап қазiргiсi маған да мықтап бiр пейiл бергiсi келгенге ұқсап, əлдебiр үмiт шырағы жылт еткендей едi. – Жалғыздық бiр құдайға жарасқан, адамға жараспаған, дейдi ғой атамыз. Екеулеп қыдыралық та одан да. Күлiмхан үндемедi. Сол бағытымен жүре бердi. Клуб маңындағы жұрт ортасынан сəл ұзаңқырай қайта қайтты. Мен қалбалақтап, оның еркiне бағынып қалыспай келемiн. Ананымынаны бiр айтып, қайткенде де қызды мырс еткiзiп күлдiрсем деймiн. Байқаймын, Күлiмханның жүрiсi тез. Ығы-жығы жұртты жарып өтiп, екiншi жағына шығып кеттi. Мүмкiн менiң сөзiмдi осылай бiраз тыңдап, қыдырыстамақ шығар. – Киноға кiресiз бе?– дедiм бiраз сөз аралатып барып. – Жоқ. «Кинода не бар, көрмей жүргенiмiз сол ма едi, басымыз бос, тiрлiгiмiз тұрлаусыз бiз үшiн бəрiнен де оңаша сырласқанға не жетсiн! Экраннан баз бiреулердiң күйiнiш-сүйiнiшiн қызықтағанша, солардың түскен талқысына өзiмiздi де салып сынаймыз ба?» Мынау, қайтсе де зерделi қыз. Мүмкiн соның бəрiн ойлап, талайдан берi аңдыған-баққаның мен едiм ғой,
кəне, ақтарылшы, нең бар, нең жоғыңды бiр шамалайын, сен де бiр ұлы кеуде, ер азаматсың ғой, арманда кетерсiң, мұрнымды көтерiп, шалқая берсем, кесiр шалар деп, бiр толғағанда тапқан шешiмi шығар деймiн. Қайта оралып, жұртты тағы да қақ жарып өттiк. Мен жатқан үйдiң иесi Шөкен қатты қорқатын, қорыққанда өсегiнен қатты қорқатын айнала қазақы жұрт қой. Бiрақ ол тап мына Күлiмханның бақайынан да келер емес. Қыздың өзiме деген мына iлтипатына жауап ретiнде сөздiң ең бiр сөлдiсiн таппаққа iш қазынамды ақтара бастап едiм, Күлiмхан кенет кiлт тоқтап, бүкiл денесiмен маған бұрылды. Көзiнiң астымен менi əлi де мұқият барлай қарап, құлаққа соншама жағымды үнмен сап еткiзгенi: – Мен сiзге айттым ғой жаңа қыдыруға шықтым деп! Бұл сөздiң астарында не барын ойға салып та үлгермедiм, оң жағымнан əлдене көзiмдi тартты. Жалт бұрылсам өзiм қатарлас бiр жiгiт бiзге соншама тақау келiп, менi бақылай қалыпты. Өзi биязы өңдi, күлiмсiреген жiгiт. Мұның мəнiсiн сұраған кейiппен Күлiмханға қарасам, ол əлi де менi көзiнiң астымен барлаған күйi «мəселенi ендi ұқтың ба?» дегендей тұр екен. Тiлiмнiң мықтап байланған жерi осы. Басқасында не қауқар бар болсын. Жаңағы күлiмсiреген жiгiт пен Күлiмхан менен бөлiнiп ары жүре бердi. Шегенделген орнымда мен қаттым. Өстiп мəңгi бақи тұра берсем де ешкiмге керегiм жоқтай. Жоқ, керегiм бар екен. Тап құлағымның түбiнен Тауаптың даусы күңгiр еттi. Жаңағы күлiмсiреген жiгiттей мұның да мысық жүрiспен жақындап келiп қалғанын аңғармаппын. – Иə, ендi не шығардың, айта бер маған бəрiн сап-сабымен. Дос көңiлiн сыйламаған оспадарсыз жүзiне қадалып, осымен нешiншi мəрте екенiн бiлмеймiн, Тауапты тағы да жек көрдiм. Ұрсыса кетуге намыс жiбермедi. Аққуыңнан айрылған қаралы халiң үшiн менен кек алмақ па едiң деп, iштегi жараны одан əрi түртпектеуден шiмiркенетiн Тауап емес. Қараңғылық түскен шақ қой, жүзiм қаншама алабұртқанмен бұл байқамаған шығар деп орнықты сөйлеуге тырыстым. – Жаңағы кiм? Кiмi бұл Күлiмханның? – Кiмi?– деп Тауап мырс еттi.– Кiмi болушы едi? Жiгiтi! – Сонда мұның қайдан кеп қалған жiгiтi? Айта салсаң, жағың айырылып кетпейтiн шығар. – Мен айтқаннан немене, майы шыға ма? Айтарымды саған баяғыда-ақ айтып ем ғой, əй, жiгiт, аспандағы күнге қол созба, текке күйiп кетесiң деп.
– Сенiң қай сөзiңе сенуге болады. Сен бұл Күлiмханды Алматыдағы бiр оқытушымен шатастырып, былай апарып, бiр қойдың. Ендi ол аспандағы жұлдыз, күн, қол созба дейсiң. – Еркiн, сен сөздiң астарын танымайсың. Тiптi анау жетi қат жер қойнауында жатқан қара тас бар ғой. Иə, ешкiмге қажетi жоқ қара тас. Егер соны қазып алуға құрал-күшiң жоқ болса, ол да сенен ана аспандағы күндей алыс емес пе? Күн деген сөз оның алыстығын бiлдiредi, қасиетiн емес. Оны-мұны шатып-бұтып жауап тапқан Тауаптың қасында кетiп барамын. Жұрт жапа-тармағай клубқа кiрiп жатыр. Осы маңда айналшықтап бiраз жүргесiн түнгi көше Тауап екеумiз үшiн тыныс кеңейткендей босап қалды. – Əй, сонда да сен бiр ауыз сөзбен хабардар етсеңшi былай. Жаңағы жiгiт кiм? Сен сырттай болса да танисың ба? – Соның құдалығына қосақ боп барсаң, айтайын. Ол осындағы Қарсақ дегеннiң екiншi баласы. Құрылысшы-инженер. Аты – Жанат. Үйленбеген. Күлiмханмен бала жасынан таныс. Өзiмiз қатарлы. Арақты шамалап қана iшедi. Үнемi күлiмсiреп жүредi. – Үнемi күлiмсiреп жүредi дейсiң бе? Жаңа бiзге де солай... Жалт қарасам, тап қасымда сығалай қарап, күлiмсiреп тұр. Сығалағаны бiр басқа былай, иман жүздi жiгiт пе деп те қалдым. – Е, ендi сен сөйтiп өз бақталасыңнан жақсылық iзде. Мен сəл бөгелдiм. Не айтарымды сараптағаным едi. – Жоқ, менiң ойым басқада. Осы жақтың адамы ғой деп, ананы, мынаны сұрап, саған құдайдай сенiп жүрген басыма менi ылғи мұрнын тескен тайлақтай басқа жаққа бұрып салатының ендi жеттi. Осы мен алғаш келгенде емес пе едi, сен «ойбай, көшеде қыз көрсең, бiрден жабыспа, бұл жақтың жiгiттерi намыс қорғауға келгенде, өлер жерiн аңдамайды» деп байбалам салғаның. Құдайға шүкiр, ондайы байқалмайды ғой. Қайта қылығы қыздай бiразының... – Жаңа өзiңнен қызды жұдырықсыз алып кеткенiн айтып тұрсың ба? – Ал соны-ақ айтайын. Тауап мырс еттi. – Ол күлiмдеп келiп күңiрентiп кететiннiң нағыз өзi. Мысалы қазiр өзiң қалай боп тұрсың? – Қалай боп тұрмын. Ешқандай да боп тұрғам жоқ. Тауап ендi бүкiл денесiмен селкiлдей күлдi. – Немене, талқанға тойған баладай күлесiң?– дедiм. Оның мiнезi тағы да қытығыма тие бастап едi. Сыр алдырмау керектiгiн
де естен шығара жаздадым.– Өзiң тiптi кереметсiң. Саған бой жеткiзу де, ой жеткiзу де қиын. – Əй, Еркiн! Мұнда ой жеткiзетiн ештеме жоқ. Жаңағы Жанат сенен ол қызды жұдырықсыз-ақ əкететiнiне сенедi. Сосын қолын ауыртып неғылсын. Əйтпесе, оның жұдырығы деген мəңгi есiңде қалатын нəрсе. Бұлардың арасында бұрын қандай оқиғалардың өткенiн бiлмейтiндiгiмнен ғой. Əйтпесе, осы арада Тауаптың өзi сыр алдырып тұр едi. Оны кейiн ұқтым. – Сiрə, жоныңды тосып көргенсiң ғой. Тауап үндемедi. Ендi қасында келе жатсам да бұдан ойыммен аулақтаңқырап, жаңағы Күлiмхан мен Жанатты елестеттiм. Тауапқа тиiсе айтқан сөздерiмдi бiр түрлi мəнсiз көрдiм. Бəрi де iштегi ызаның айдап шыққаны сияқты. Иə, бойдақтардың сөзiн де, тiрлiгiн де қойсаңшы. ...Өмiр өтiп жатты. Күз өтiп, қыс келдi. Оқуды биыл ғана бiтiрiп, үстiме жаңа лыпа iлiп үлгермеген мен студенттiк жұқа пальтомен жапырақтай қалтырадым. Əрi мұндай қысты көрмеген басым бұл суықты бүгiн-ертең басылар деп жүре бергенге ұқсаймын. Екi жастың сөз байласулары тез пiспедi ме, əйтеуiр əлгi иманжүздi жiгiт Жанат пен Күлiмханның тойы осы қақаған қыс күндерiнде өттi. Менi ешкiм елеген жоқ. Тойға Тауап шақырылды. Бекер обалы кəнi, бiрге жүр деп, Тауап қыстауын қыстады-ақ, мен өзiм тiстенiп бармадым. Жат бiреудiң бақытына көзiмдi сатардай көрiнiп, iштегi бiр намыс тапжылтпады. Сол той болған кеште мен қозғалмай жаттым. Суық тигенге ұқсап, денем тоңазыды ма, əлдене күңгiр-күңгiр еткендей жайсыз бiр күйге ұшырадым. Күлiмханның бет-жүзi қайта-қайта көз алдымда жалтылдағанмен дəп одан келер-кетер ештеме жоқтай, себебi, мұндай атты күнге өзiмдi бұдан көп бұрын даярлағамын. Күлiмханды əлгi Жанат менен алып кеткеннен кейiн де онымен екi-үш рет жолығысқамын. Бұл жолдары əккi қыз барынша ақжарқын сөйлескенмен, текке əурешiлiктi неғыласыз дегендi дəлдеп-ақ айтқан. Көңiл шiркiн сонда да ұли бергенмен, оны күшпен басып, қайта оянуына ырық бермеп-ақ едiм... Тойға Тауаптың өзi барды. Бiрақ бұл таяқ жеп қайтыпты. Екiүш күн жұмысқа да шықпай, бет-аузының жарасы жазылуын күттi. Дiнi қатты ма, хал бiлмекке барғанымда пальтосымен бетаузын бүркеп, бас көтерместен жатып алды. Менiң бiр сұрағыма да жауап берген жоқ. Жұмысқа шыққасын да екi-үш жұма менен
қашқалақтап жүрдi. Не жағдаймен таяқ жегенiн сұрай ма деп, содан қашқалақтаған, шамасы. Сұрамай-ақ қойдым. Əркiмнiң түкпiрiнде де жасырулы бiр сандықша жатады ғой. Оны күнде бiрге жүрген досқа да аша бермейсiң. Бұлдағаның сол сандықшаң болса, қозғамай-ақ қой. Кейiн қайта жолығысқанда жүнi жығылған ештемесi жоқ, сол баяғысынша əлi де iрi сөйлейдi. Əйтеуiр күндер жылжып өтiп жатты. Тауаппен күнде бiрге жүрсем де екеумiздiң екi басқа адам екенiмiз əр нəрседен шалына беретiн. Бiр ғажабы Тауап əлгi сотқар Қанатпен достасып алды. Өзiм Шөкен сияқты зəрезап болғасын ба, Қанаттың ойыны түгiл қыңқ еткен бiр даусын да көтере алмайтын шаққа жеткем. Ал Тауап Қанатты сөзге өзi шақырып, мылжаңдасқанда тайқұлындай тебiсiп, бiр төсекте жатып өскен егiзектерден аумайды. Əр кезде бiр кəдеге жарап қалар деген əзiрге басқаға мəнi мəлiмсiз əрекеттерi жиi шаң беретiн. Мынаусы да соның бiрi екенi кейiн ашылды. Бiрде мен жоқта Тауап Қанатты ертiп, киноға да барыпты. Осы үйдегi нағыз қожа кiм екенiн аңдаған ол дəл сол Қанатпен көп шүйiркелескен күнi бiздiкiнде қонып та қалды. Мен Тауап екеумiзге төсек қатар салынғанмен, бөлмеде жалғыз өзiм жатқандай-ақ қаперсiз ұйықтап тұрғам. Ертеңiнде ұйқысы қанбай ауыр тұрғандай қабағында кiрбеңi мол Шөкен оңашада маған: – Ойбай-ау, мынау Тауапта ұят жоқ екен ғой,– дедi. – Неге? – Қонақ болғасын тыныш жатпай ма?– Басқаға тiлi келмей өңi күлгiн тарта əрi бұрылды. Менiң iшiме сұмдық салқыны ендi жеттi. Оңашада Тауапты иықтан пергiлеп, қатты ұрыстым. Ол менiң жұдырығымнан бас сауғалай сылқ-сылқ күле бердi. – Адам аласы iшiнде дейдi. Сенiң алалығыңа осымен нешiншi мəрте көзiм жетiп жүр. Мен саған турасын айтайын, көңiлiм сенен қатты қалды. Тауаптың да тiл-жағы қарысып қалған жоқ, ол кəдiмгi арсыз сөздерiмен өзiн ақтап жатыр. Мен онысын тыңдағам жоқ, қасынан тайып тұрдым. Бiразға дейiн бұл досыма жоламадым. Жаңа жылдың тап қарсаңы едi. Далада қақаған аяз. Жұқа пальтода қауқар жоқ. Жұмыстан шыға аяғымды тез-тез басып, үйге жетемiн де, қайтып ешқайда шықпай жата берем... Шөкен де жұмыстан оралған. Қараңғылау ортаңғы бөлмеде шүйкедей ғана шашын оңдап, кешкi тамақтың қамына кiрiспекшi. Мен төргi бөлмеде жатқам. Шөкен мен жаққа басын сұға:
– Əлгi Қанат көзiңе түспедi ме?– дедi. – Жоқ. – Осы суықта байғұс бала қайда қаңғып жүр? Қазiр қыста ортаңғы бөлмеден от жағылады. Ал жазда шай iшетiн ауызғы бөлмеге тек аяқ киiм тасталады. Шөкеннiң пешке сексеуiл тығып, от тұтатқанын сезiп жатырмын. Суықтан келген мен үйдiң тезiрек жылынуын қалаймын. Балтамен бұталған сексеуiлдiң тек жiңiшкелерiн Шөкеннiң одан əрi тырс-тырс сындыруынан оның Қанатты ойлап, тағы да мазасызданып отырғанын ұқтым. Сырттан күңгiр-күңгiр дауыс естiлдi. Қаңқылдап күлген күлiсiнен Қанатты айырдым. Қасындағысы кiм? Шөкен де елбелектей қалды бiлем. Ортаңғы бөлменiң арғы есiгiн өзi ашты. Ауызғы үйде тарс-түрс аяқ-киiм шешiлiп жатқанына қарағанда, Қанаттың ертiп келгенi өзi тұрғылас балалардың бiрi. – Қайдан келе жатырсыңдар?– деп Шөкен сыпайы сұрады. Қанат пен оның досына бүйтiп қиыла қалу Шөкеннiң үйреншiктi мiнезi емес. Қанаттың қасындағысы күңгiрлеп жауап бердi. Əлдебiр ала құс тырнағымен көкiрегiме сап етiп жабыса кеткендей. Мынау – Тауап. Екеумiз көптен берi жолығысқанымыз жоқ. Ендi неғып кеп тұр? Қанат екеуi дабырлай берi кiрiп, сырттағы əңгiменi үзiлiссiз одан əрi жалғастыра бердi. Менi сұраған да жоқ. Қанат та, Тауап та. Екеуi жайғасып, Тауап бiраз сөйлегесiн Қанат оның сөзiн бөлдi: – Жоқ, жоқ, Тауап, сен ана, сен ана, жаңа айттың ғой. Кəукеновпен жаңағы үйден шықтық деп. Сосын ары қарай не iстедiңдер? Айтшы. – Сосын шықтық. Жаңа айттым ғой саған. Кəукеновтың жекеменшiк машинасы бар деп. Соған мiнiп алдық. Сосын əлгi екi қызды қасымызға отырғызып алдық та, əйде шуу деп тартып отырдық. Сосын анау Алматының аржағында Ұзынағаш деген село бар. Сонда менiмен оқыған бiр жiгiт бар едi. Ол екiншi курстан кейiн институттың сырттайғы бөлiмiне ауысып, ерте үйленiп алған, əрi өзi қызмет жасайды. Əйда солардың үйiнде таң атқанша би билеппiз ғой. Шөкен: – Əкем-ау, сонда əлгi сендерге ерiп барған екi қыздың əкешешесi, ештеңесi жоқ па, олар iздемей ме?– деп сұрады. Тауап əңгiмесiне мұның да құлағының құрышы қанып отырса керек. – Əке-шеше қайда, ауылдарында ғой. Бұлар – Алматыда оқитын қыздар. Қара бастары жүргендер. Оларды кiм iздесiн?
– А... а? Сұмдық-ай!– Шөкеннiң қаңқ етiп күлгенi маған ұнамады. Өзi тiптi Тауаптың сөзiне елтiп, мəз-мейрам бола бастаған секiлдi. Əнеукүнi ғана оның тəртiпсiздiгiне шағынып, өңiнiң күлгiн тартқаны есiнде жоқ. Осыдан-ақ əйелдiң намыс ойлатпас бiр əлсiздiгi қылаң бердi. Қанаттың бар есiл-дертi Кəукенов. Республикаға есiмi белгiлi футболшы мұның табынар құдыретi. Тауаптың тек сол жөнiнде сөйлегенiн қалайды. – Сен айтшы, сонда Кəукенов қыздарға не айтады? – Не айтсын, кəдiмгiдей сөздер айтады. – Қыздар былай оның сөзiнен қорықпай ма? – Əй, Қанат-ай, баласың-ау! Қаланың алаяқ қыздары Кəукеновтың сөзiнен де, есiмiнен де қорықпайды. Ең ақыры, Кəукенов футболшы ғой, бұларды аяқпен тебем десе де, ол қыздар мыңқ етпес едi. Қайта Кəукеновтың өзiнiң аяғын бұрап алсын ол қыздар. – Жо-о-о-қ! Кəукеновтың аяғын бұрау қайда? Кəукенов қақпаға доп соққандай кеп, кеп, кеп... бiр қайқатса, ол қыздарың анау жердiң түбiне ұшып барып, күл-паршасы шығар. Кəукеновтың доп тебiсiн бiлесiң ғой. Тауап Кəукеновпен бiрге жүргенiн маған да жыр қып айтқан. Ендi онысын Қанаттың əлсiздiгiне орай кəдеге асырып жатыр. Түпкi бөлмедегi менi, өзiм барып жабыспасам ешқайсысы керек қылатын еместей. Бiраз абыр-дабырдан соң Тауаптың өзi келдi. Менiң сөйлескiм жоқ едi, сөйтсем Тауаптың қолындағы көзiрi күштi екен. Ол ауруханада дəрiгер, мейірбике болып iстейтiн үш қызбен жаңа жылды бiрге қарсы алмаққа келiсiп қайтыпты. Осында келгенiме жарты жыл өттi, бiр жиын-тойда, не бiр стол басында, көңiлдi əңгiме үстiнде отырмаппын. Осы жағдайымда Тауаптың хабары менi елең еткiзбей қоймас едi. Сыр алдырмауға қанша күш салсам да тоңым жiби бастады. Тауаптың тек бiр ескерткенi – олар үшеу, қыздар бiздiң де үшеу боп келгенiмiздi қалапты. – Екеумiз сопиып барсақ ұятқа қалармыз, тағы кiмдi ертемiз, соны ойлайықшы,– дедi. Мұны көп ойлағанымыз жоқ, осында аудан орталығында iстейтiн бiз қатарлы тағы бiр бойдақ жiгiт бар едi, сонымен сөйлесiп едiк, ол пəлендей елпектемегенмен баруға келiсiмiн бердi. Дүмбiлездеу, сонда да сөзiне сендiк. Бұл неме тап ақырғы сəтте санымызды соқтырды. Қыздардың үйiне бармаққа ендi жиналып жатқанымызда жаңағы жiгiт кеп,
бара алмайтынын айтып тұр. Тығыз бiр шаруасы бар, Тауап екеумiз не болғанымызды бiлмей, жiгiтке қанша жалбарынсақ та иiкпедi. Ақыры қойшы, екi кештiң ортасында тағы бiр жiгiттi қайдан таба қоялық, екеумiз ғана кеттiк. Қыздар бiрден бiздi сынық қарсы алды. Үшiншi адамды ұйымдастыра алмағанымызды көзбен де, сөзбен де мiн ғып таға бердi. Бұлардың бiреуi ғана Тауаппен таныс, қалған екеуi осында жұмыс iстеуге сырттан келгендер. Сол сырттан келгеннiң бiреуi – дəрiгер боп iстейтiнi стол басына отыра бергенде-ақ əлi бiзбен шүйiркелесiп үлгерместен мағыналы сөз тастады: – Институтта оқып жүргенде менiң екi құрбым болды. Үшеумiз стипендиямыз таусылса, асханаға барып, үшеудiң орнына екi порция котлет жеушi едiк. Сөз астарын менен бұрын Тауап аңғарды: – Студенттiк асханада үшеуге екi котлет аздау, əрине. Ал мейманханаға барсаңыздар, оның екi котлетiне үшеулеп те тоясыңдар ғой. Қыздар сылқ-сылқ етiстi. Арақ-шарапты Тауап екеумiз мол етiп алып барғамыз. Тамақты бұлар да келiстiрiп жасап қойыпты. Тек столдың орта бөлiгiнде сыра түстес, бiрақ одан сұйықтау iшiмдiк құйылған графин тұрды. Мен оны жемiс сөгi, не шарап шығар деп ойлағам. Барымызбен базар боп жайғасқасын, қыздар да ең əуелi сол графиндегiден құйды. Мен араластырмауды ойлап: – Шарап iшпеушi едiм,– дегенiм. Тауаптың таныс қызы, осы үйдiң иесi Гүлбаршын: – Бұл шарап емес, коньягыңыздың өзi,– дедi. – Шарап iшпеймiн деп шыр етуiңiзге қарағанда, жаныңыз тəттi-ау деймiн. Кеудесi кекшиген ұзын бойлылау, өңiнде де асып бара жатқан сұлулығы жоқ, тек мiнез қатқылдығын алдына салып, бəрiн сонысымен алмақ ойы бардай жаңа алғаш сөйлеген, сырттан келген дəрiгер қыз – Шынар осы сөзiмдi менi бiр түйреп қалу үшiн пайдаланды. Тауаптың өзiме қадалған көзiнен мен де жiгерлендiм бiлем: – Қанжығаға байлап, қосақтап жүрген тағы бiр жан болмағасын, əрине, тəттi,– дедiм. Үй иесi Гүлбаршын қаз төстi, денесi толық, қызыл шырайлы қыз. Əке-шешесiнiң бiр жаққа кеткенiн пайдаланып, осы кештi ұйымдастырудың түп қазығы өзi болған. Бiршама байсалды, тек
Тауапқа қарасында бiр кекесiн бар. Үшiншi мейірбике – аласа бойлы, тығыршықтай қыз, дəрiгер құрбыларының қасында өзiн кiшiк санағысы келе ме, көбiне жүзiн төмен салып отыр. Өзi өңсiз де емес, жанарындағы аласыз тазалық оқтын-оқтын жарқ етедi. Мен осы қызға пейiл бергiм келiп едi. Жаңағы графиндегi аздап сыра қосылған спирт екен. Ауруханада iстейтiндер мұндай көлденең табыссыз жүрмейдi. Бiр ғажабы рюмкалары құнажын асығындай iрi-iрi болғанмен, оған құйылғанды түбiне дейiн iшкiзбей қыздар қайта столға қойғызбайды. – Iшiп қойыңыз немене, жаманнан жарты қасық ас қалады дегендей. – Iшiп қойыңыз, тауысып, тауысып... Ол кезде iшiмдiк жөнiндегi тəжiрибем жоқтың қасы едi. Олардың сөзiне қарсы дау айтайын десем, қыздардың өз сiлтестерiнiң де түрi жаман. Құнажын асығындай рюмканы ауызға апарып бiр-ақ төңкередi. Жəне шiмiркенбейдi де. Олардан қалыссаң, ер азаматтығың қайда? Əрi мұны айтатын орақ ауыздар да сақадай сай тұр. Гүлбаршын үн-түнсiздiгiмiздi бұзып бiр сөз айтты. – Тауап, сен əнеукүнi Жанат пен Күлiмханның тойында соншама басыңа қара жамылғаның не? Осы сұрақтан қалған екi қыздың көздерi де жарқ етiстi. Тiптi кiшiк отырған мейірбике қыз – Раушан да аққұба жүзiн төбеден шақырайған шам жарығының астында соншама əдемi құбылтып қойды. Тауап жеген тамағына шашалып, бiрден жауап бере алған жоқ. Ақыры аузы босағасын қыздардың өзiне қарсы сұрақ қойды. – Олардың тойында кiм басына қара жамылыпты? – Мына отырған сен. Гүлбаршын ендi қызарыңқы көзiн оған тура қадады. Тауап та оған бұрылып, бар назарын салды. Екеуi осылайша тоқайласқанда, жанарын алдымен тайдырып əкеткен Тауап. Шанышқыны алып, қартоп, ет аралас салатқа молырақ батырды. Аузы тағы да босамай отыр. Бiрақ үш қыздың тура жауап алу үшiн шыдамы бəрiне жететiндей. Тауап ұзақ шайнады. Шанышқыға тағы да не iлiнедi дегендей столға көзiн жүгiрттi. Пiсiрiлген жылқының етi де бар едi. Оны ауызға бiр салсаң, жұмсартып, кеңiрдегiңнен əрi жылыстатқанша едəуiр уақыт етедi. Тауап соған оқталды да, онымен де шалғай кетiп, жасырына алмасын сезiп, ақыры аузын босатты.
– Басқа қара жамылды дегендi сендер қалай түсiнесiңдер? Мен қалай жамылдым? – Е, осы той одан əрi жалғасып, Күлiмхан алды-артына қарамай Жанаттың соңынан кете берер болса, мен өлемiн дегендi айттың. – Соқ, соқ, Гүлбаршын! Ауыз өзiңдiкi! – Жалғыз мен емес, мына қыздар да естiдi ғой. Тауап қыздарға қарап едi, олар да «естiгемiз-естiгемiз» дегендей ақ көбелек гүлдерi күнмен ойнаған алмаағаштың қос бұтағындай жымыңдасты. Ал кеудесi кекшиген Шынар тап осы тұста ерекше ұстамдылықпен шалқая түстi. Тауаптың аузындағы сөзiн қаққысы келмей үндеген жоқ. Өзiм пейiл бергiм келген кiшiк қыз – Раушан да жiңiшке қабағын жоғары көтерiңкiрей жұмықтау көздерiнен Тауапқа қарай аяусыз от атқылады. Тауап үрiккен аттай осқырынып, маңына жуыта қоймап едi, Гүлбаршынның тағы бiр ноқтасы дайын екен. – Өзiң Жанаттың ағасы мен iнiсiнен не үшiн таяқ жедiң, есiңде ме? – Қалай таяқ жедiм? Олардың көкесiн мен де көрiстiрдiм емес пе? – Жарайды, сен таяқ жеген жоқсың, сонда да осы төбелес не үшiн басталды? – Маған Жанаттың ағасы келiп, бiрдеме деп ақыл айтып тыржыңдайды, мен көтере алмадым. – Жақсы-ақ, солай-ақ дейiк.– Гүлбаршын ендi əңгiменi тосын жайға қарай бұра тартуды ойластырып, алдымен екi құрбысын, сосын менi барлап алды.– Ал, ал, осы бiр қаншырдай қатқан қатыбас қыз үшiн бiреудiң бiр үйiр тұқымынан түгел таяқ жеп шықтым-ау деп зарлағаның не? Сонын мəнiн айтшы, жарқыным. Төрт көзiмiз түгелде бiз де естiп қалайық. Ендi Тауаптың көзi мықтап аларды. Осылай айтқан-айтпағаны өзiне де беймəлiм бе, жоқ, кенедей жабысқан қыздың мойын бұрғызбас дəлелдерi мұның бəрi жұрт куə болған бүкпесiз шындық екенiн жерiне жеткiзе түйсiндiрiп отыр ма, əйтеуiр басына мықтап бұғалық түстi. – Сөйтiп зарлағаның бəрiмiздiң де намысымызға тидi. Жанаттың бiр кездегi жұдырығы мұның жотасын əлi күнге шымырлатып тұр екен ғой деп ойладық. Əйтпесе бұғанасы қатқан ер-азамат мұншалықты сыр алдырғыш келмеушi едi. Байқаймыз, мына Гүлбаршын Тауапты мықтап-ақ иықтап барады. Əсiресе, дəтке қуат жалғыз досы – менен де бүркеп
келген өмiрiнiң бiр ұятты кезеңiн бүйтiп, ұзын-сонар шұбақтата жөнелуi Тауаптың қол-аяғын ғана емес, мынау төрт қабырғаны қоса сiрестiрiп тапжылтпайтындай. Бара-бара Тауаптың қапқара жүзiнен қою күрең қызыл бiлiндi. Ендiгi отырысым досты табалағандық екенiн сезiп, арашаға келдiм: – Сендер не, Тауапты сот талқысына салып, соншама жан аларман боп барасыңдар. Той-томалақ болғасын ондай дуға жiгiттiң жiгiтi түседi. Бопсаға шыдамайтындар ғана тəртiптiмiз деп, қыз боп қылымсып, тұмсығын жағасының iшiне тығып отырады. Гүлбаршынның қан түстес бетi жаңағы iшкен арақтан ба, жоқ, Тауаптың iшкi сырына қызыға түскен ықыласынан ба, тiптi бөртiп кетiптi. Тауаптан көзiн аударып, өзiмдi жанарының шалғайына iлгенде «сенi де түлен түрттi ме» деген кекесiнi сығырайды. Бұл назары мен үшiн де тегiн кеткен жоқ. – Осы жазда, сiздiң мұнда алғаш келген кезiңiз-ау деймiн, клубқа жиналған жұртты ары-берi кескiлеп, Күлiмханның қасында сiз өз қалауыңыз бойынша жүрдiңiз бе, жоқ Тауаптың тiлегiн орындадыңыз ба? Басы қатты қызды қайырып бер деп, осы Тауап жұмсаған жоқ па? Соны айтыңызшы. Менiң столдағы астан зауқым қайтып қалды. Шанышқымды столға қойдым да төмен қарап ойландым... Ендi ауыз ашарға да сақтық керек. Мына қыздар жан баласына бiлдiрмедiм деген небiр құпияңды құстың көзiндей көздерiмен бағдарлап, қартаға түсiрiп жүрiптi. Ендi қип етсең, мiне, мынау деп өзiң ойламаған тағы бiрдемеңдi алдыңа жайып салар. Үндемей құтылар жер жəне бұл емес. Құдық түбiнен су тартқандай, тамағымнан əрең сөз шығардым: – Жаз бойы, күз бойы тек Тауап екеумiздi бақылағасыздар ма? Бiздiң көзiмiзге əйтеуiр қыз-қырқын түспеушi едi. Сосын ба, бұл Бақанастың қыз-қырқынын жылан жалап кеткен бе, жоқ о баста ол жағына кенде ме едi деп ойлаушы ем. Сөйтсем бiздiң кiрген-шыққан iзiмiзге дейiн аңдып жүргендерi болыпты ғой. Сонда сендер, немене, бiздi ағаштың басына шығып алып, бақылағасыздар ма? Жүрген жүрiс, тұрған тұрысымыздың бəрiн бiлiп, жiпке тiзiп отырсыздар. Ұзын бойлы Шынар кеудесi кекшиген қалпында еш қиналыссыз бiрден жауап қайырды. – Адамның көзiн қатты жарық шалса, басқа жаққа бұрылғанда ондағы дүниенiң бəрi қарауытып кететiнiн бiлмеушi ме едiңiз?
– Жарық шалғаны несi? Менiң сөзiме үш қыздың үшеуi де мырс еттi. Өзiм пейiл бергiм келген мейірбике қыз – Раушан да мына екеуiнiң қасында қаншама иман жүздi, кiшiк көрiнгенiмен тап осы жөнiнде өз құрбыларымен берiк одақтастықта екен. Ана екеуi құныққан сырға бұ да қансам деп iштен жанып тұр. Кейiн ойлаймын, бұл қыздар бүйтiп бiздi тергемесе қайтер едi? Иə, бұл кейiнгi ой. Қазiр Шынар тағы не пəленi суыртпақтатар екен деп, соның бетiне қарадым... Ол үндей қоймағасын Гүлбаршынға бұрылдым. Гүлбаршын ана екеуiндей емес, қаз төстi, толық денесi ойнап тұр. Жемге байланған семiз байталдай тықыршуы керемет. Мұның да жанары «шынында түсiнбейсiң бе» дегендi айтып, от төгедi. Тауапқа қарап едiм, ол столдағының бəрiн шетiнен қарпытып асап жатыр. Шынысын да кезексiз бiр төңкерiп тастады. Маған қол ұшын берер емес. Менi көңiлсiздiк баурады. Жан-жағымнан салқын жел соға бастады, бiлем. Бiр қарағанға көңiлдi Гүлбаршын аяқ астынан бұзылып, дастарханын жинап алып, ал ендi кетiңдер дейтiн сияқты. Тауаптың қомағайлығы соны сезгендiктен, шамасы. Шынардың меңзегенi Күлiмхан екен. Содан бастарың айналып, көздерiң қарауытып, басқаны байқауға мұршаларың болмады ғой деген сөздiң мəнiн ащы iшiмдiктiң əсерiнен бе мен бiрден ажыратпаппын. Бiз Тауап екеумiз болып, Жанаттың бағын қызғансақ, майдандассақ, бұлар Күлiмханның бағына көз қызартып келген екен. Күлiмханның басы боста қылт еткен бiреуi жоқ едi, ендi анталай қалыпты. Ай мен күн батқанда жыпырлап шығатын жұлдыздардай-ақ. Гүлбаршын музыка қойды. Үш қызды кезекпен шақырып, ықылассыз болса да билей бастадық. Ол кезде студенттiк өмiрдiң табы, менiң жұқа пальтомнан ғана емес аяқ киiмiмнен де көрiнетiн. Жылы бəтеңкенi ескермей Алматының қысына үйренген мен сол кездегi жастардың таңсығына айналған жұп-жұқа, тұмсығы үшкiр қара туфлиiммен жүре берiппiн. Оның қызығын қазiр би үстiнде ғана көрдiм, бiлем. – Күлiмхан жақсы билеушi едi,– дедi кеудесi кекшиген Шынар. Үшеуiнiң iшiнде осыған ерекше көңiлiм суыта бастады. Бұл өзiне өзi ор қазып жүргендей көрiндi. Тауап едендi тарсылдатып, нағыз модалы биге көштi. Бəрiмiзден де көп жұтыңқыраған ол масаңдау да едi. Менен жасырған сырын қыздардың жайып салған қорлығына шыдамай
ендi-ендi шарт кетуден осындай өжет қимылымен ғана сақтанып жүрген сияқты. Мейірбике қыз Раушанмен көбiрек билеңкiреп кетсем, Тауап қалған екеуiн бiрге көтерiп əкетедi. Би əсерiмен бе Раушанның аздап сабырлы жүзiнен өзiм сағынған бiр iзгi нышанды көргiм келедi. Бұл отырыста менiң рухым тез түсе бердi. Алыстан жарқыраған жақұт тастай Күлiмхан елестедi. Өзiмнен Жанат бөлiп əкеткен кештегi «Қайда шықтыңыз» деген менiң сұрағыма «Қыдыруға» деп жауап беруiнiң өзi қандай едi. Кекесiндi десем де турасы басым жауап. Мына қыздардан ол əлдеқайда биiк көрiндi. Жердегi шөпшаламдай бұлардың бұрын көрiнбей жүргенi де содан ба деймiн. Шынар мен Гүлбаршынды құшақтап, музыка ырғағымен шырқ айналдырып жүрген Тауапқа бұл екi қыз тағы да бiрдеме дедi бiлем, Тауап: – Болды ендi, қарақтарым!– деп қатты айқайлап жiбердi. Сөйттi де қыздарды тастай берiп, столдағы толы рюмкасын қағып салды. Шынар: – Iштегi күйiктi басу үшiн бұл аз. Былай iшкен дұрыс болады,– деп, минералды суға арналған бокалға өздерi əкеп қойған графиндегi сыра аралас спирттен толтыра құйып алдына тосты. Бiраз намысы қозған Тауап оны да бiр-ақ төңкердi. Шынар онымен де тоқтаған жоқ. Раушанмен билеп жүрген менiң иығыма қолын салып, толы бокал спирттi маған да тосты. Iшiмдiк жағынан көп тəжiрибем жоқ, ол кезде мұның арты неге соғарын қайдан бiлейiн. Тауап алдындағы үзеңгiлестiк, қаруластық парызым деп ұқтым ба, екi сөзге келмей мен де түбiне дейiн қылқылдаттым. Мен ендi ғана көңiлдендiм. Көз алдымдағының бəрi нұрлы, ақ пейiлдi, бəрi де ауада қалқып жүргендей. Бұдан кейiн емiс-емiс бiлетiнiм Тауап бiр жаққа жоқ болып кеттi. – Тауап қайда?– деп сұраймын. – Бiзге тағы бiр жiгiт тауып əкелуге кеттi,– дейдi кекшиген Шынар. (Тап сол күйiңде қатып қалғыр!). Тауапсыз ол үшеуiмен тым ұзақ билеп жүргенге ұқсаймын. Өзiме өзiм ерiк берiп, би жағынан неше түрлi өнер көрсеттiм шамасы. Ендi бiр уақ қалың тұман арасынан Тауап көрiндi. Мына iшмерез үш қыздың ортасында ол соншама жылы ұшырар ма? Шегiрткеше селкiлдеп жүрiп, сен қайда болдың деп сұрауға ұмтылсам, басқа бiр құбыжық көзiме шегедей қадалып, дүр
сiлкiндiрдi. Соқталдай қыздардың ортасында секектеп Қанат билеп жүр. Қанат? Мынау қайдан келген? Бар жiгерiмдi жиып, денедегi арақ буынан босанып, санамды айқындап алмаққа күш салдым. – Сен Қанатсың ба, ей? Сен қайдан келдiң?– деймiн қалың толқынның арасында жүргендей оған қарай əрең ұмтылып. – Тауаптың алып келген үшiншi жiгiтi осы! Шынар ма, Гүлбаршын ба, қайсысының даусы екенiн аңғарғам жоқ. Сұмдық қылмыс үстiнде тұрғандай əлдекiм төбемнен суық су құйып жiбергенге ұқсайды. Мен жандəрмен қимылға көшпекпiн. Даусым да ащы шықты: – Қанат! Кет қазiр бұл жерден! Өзiнен көп үлкен қыздармен жанаса селкiлдеген Қанаттың менi мазақтап сықылықтаған күлкiсiн естимiн. – Кет деймiн мен саған! Саған мұндай жерге келуге болмайды! Қанат одан сайын сықылықтайды. Бұған аз-кем қолым үйренiп қалғасын ба өзiн бiраз жүндеп жiберсем де қуып шықпақ ойым бар. Тек мен жақындасам болды ол сып берiп қыздардың екiншi жағына шығып кетедi. Қалың қарағайдың арасында жүгiрген қарсақтай ұстатар емес. Қыздарды қорғаныш тұтып жүр. – Тауап, неге алып келесiң ананы? Иə, осымен нешiншi мəрте, бiлмеймiн, Тауапқа зығырданым тағы қайнады. Мұндай топас жаратылармысың? – Қанат! Кет деймiн саған! Қазiр мойныңды үземiн! Ана шешең де iздеп жатыр ғой қазiр. Оған қаттырақ ұмтылғанымда бiр жағыма қарай тайып барып, столды қағып кеттiм. Шыны ыдыстар салдыр-күлдiр еттi. Бұл ашуымды одан сайын күшейттi. Мен ендi Қанатқа қабыланша атылдым. Əбден шегiме жеткенiмдi ол да аңғарды-ау деймiн, есiкке қарай ұмтылды. Сонда да желкесiне қолымды тигiзiп үлгердiм. Бiрақ қатты тидi. Қанат қарасын жоғалтқан соң бəрi қалпына келер деп ойлағам. Сонда да тым өрекпiген мен оңайлықпен басылар емеспiн. Құлақты ызыңдатқан музыка ырғағымен билеп жүрiп те бүкiл дүниеден жерiгендей бiр сезiм ендi-ендi жерге алып түсерге ұқсайды. Есiме Күлiмхан да келе бередi. Əрi мынау түйенiң жарты етiндей бар қыздар оның қасында жерден, жапырақ арасынан жəндiк теретiндей болмашы, мардымсыз жандар секiлдi. Мынау би қашан аяқталар екен? Жаңа жыл туды ма, туса оны қалай қарсы
алдық, одан қанша уақыт өттi, ешқайсысы есiмде жоқ. Аяғымдағы жұқа туфли едендi тесiп кетердей əйтеуiр тарсылдай бередi. Графиндегi спирттен тағы қайталадық шамасы. Ары қарай есiмдi бiлмеймiн. * Шөкеннiң ызың-ызың еткен даусынан ояндым. Есiмдi жиып, көзiмдi ашсам, Шөкен менiң бəтiңкемдi шешiп, аяғымды темiр батареяға басып жылытып отыр. – Құдай-ай, Еркiнжан-ай, сен де осындай ма едiң? Алғаш құлағыма айқын шалынғаны осы сөздерi. Қарсы алдымдағы қазыналық үйлерде болатын үлкен батареяға бiрден мəн бермеппiн. Астымда сықыр-сықыр еткен ағаш сəкi ғана Шөкен үйiндегi бұйым еместiгi бiлiнiп, ең алдымен соған көңiлiм ауыпты. Иiлiп төмен қараймын дегенде тас еден көзiме түстi. Апырау, мен қайда отырмын. Жалма-жан жан-жағыма алақтай бастаппын. Сонда ғана желкемнен төнiп тұрған қызыл жағалы қарт милиционердi көрдiм. Шағын аудан орталығында жұрт бiрiн-бiрi тани бередi ғой. Мынау да күнде көрiп жүрген адамым. Сөйтсем, мен аудандық милиция үйiнде отыр екем. Менiң жалт қарауыммен қарт милиционердiң: – Қатты үсiк болмаса ештеме емес,– дегенi қабат шықты. Менi əлi есiн жиған жоқ деп, бұл Шөкенге айтқан сөзi. Өзiне тура қарағанымнан кейiн ғана ол менен екi-үш адым керi шегiнiп, түртүсiмдi бағдарлай бастады. Тiлiм байланып, мынадай масқара халiмдi жаңа-жаңа ажыратып жатырмын. Шөкен аяғымды батареядан ауық-ауық берi тартып, саусақтарымды шұлықтың сыртынан уқалайды. Сосын қайта жылы темiрге басады. Мен мұнда қалай түстiм? Шөкен қайдан келдi? Бəрi жұмбақ. Сұрайын десем, ұяттан қысылып өлiп барамын. Милиционердiң сөзiне Шөкен: – Үсiк жоқ сияқты əзiрге,– деп жауап бердi. Сосын маған қарады. – Еркiн, өзiңе өзiң келдiң бе былай? Жүр, ендеше аяғыңды ки. Таң атпай тұрғанда үйге жетейiк. Қазiр жер жүзi ағарғасын сенiң бұл арадан шығып келе жатқаныңды анау-мынаулар көрсе өсек қылады ғой. Кəне киiн. Ана кiсi мəтесекiлiмен апарып тастаймын дейдi. Тез бол! Қызметiңе кесiр келедi!
Менiң тапжылатын түрiм жоқ, тек қалың киiнген қарт милиционердiң еңгезердей тұлғасы қозғау салатындай. Өзiнiң бойы биiк, төбеге екi-ақ елi жетпей тұр. Əйтеуiр шам алысырақ iлiнгендiктен жарық əлсiз түскен қалың қабақты жүзi iшкi наладан одан сайын күңгiрттенiп, басына қара жамылудың бер жағында ғана ма дерсiң. Тiптi қарттық уайыммен жерге шөккiсi келiп, тек оған сүйектi бiтiмi, оқтау жұтқандай тiк денесi ырық бермейтiн сияқты. Ол жайшылықта маған аудандық мекеменiң бiлдей қызметкерi деп құрметпен қарайтынын тұрыс-тұлғасы, сөз мəнерi арқылы көрсетпектей тамағын кенеп қойып, ақырын ғана сөз бастады: – Қарағым, анау-мынау емес, оқыған адамсың, мəдениеттi адамсың. Жұртқа үлгi болатын биiк мəртебең бар жансың. Осынша iшуге бола ма? Тағы аяғыңдағы анау биттiң қабығындай бəтiңкең не? Есi бар адам осындай аязда сондай аяқкиiм кие ме? – Беу, құдай-ай, десеңшi, соны айтам,– деп, Шөкен де қоса зарлап қоя бердi. – Көп iшкен жоқ ем. Əр нəрсе араласып кетiп, көтере алмай қалыппын,– дедiм тiлiм күрмелiп. Байқаймын, есiк жақта тағы бiр жастау милиционер менi бақылап отыр. Тегiнде бiздi мотоциклмен апарып тастайтын сол болса керек. Шөкен бұлармен қалай тiл тапты, о жағы да маған қара тұман. Кеудесi бəйтеректей қарт милиционер тағы сөйледi: – Жақсы, бiз сенi тауып алдық. Сенi перiште қақты. Ал бiздiң көзiмiзге түспесең қайтер едiң? Өзiңе ұқсап қаншама адам далада жатып қап, үсiп өлдi? Құдай қақты, перiште қақты дегендердiң өзi қол-аяғын кестiрiп тынды емес пе? Бұл Бақанастың аязы кiмдi аяйды дейсiң. Маған мəселе сыры ендi ашылды. Мына кiсi менi аязда далада жатып қалған жерiмнен тауып алып келген екен. Тауап қайда? Оның саудасы бiттi-ау шамасы деп жүрегiм қысылды. Шөкен одан əрi мазасызданды. – Тез жинал. Ана кiсi мəтесекiлiмен апарып салам деп отыр. Жер жүзi ашылып қалды.– Мұны даусын қатты шығарып айтты. Тап осы сəтте құлағыма тағы бiр дауыс сап еттi. – Апа, менi де ала кетшi! – Мынау кiм?– деп, Шөкенге елеңдей қарадым. – Ойбай, ол Қанат! Қазiр сенi апарып тастағасын əкетпекпiн. Бəрiбiр мəтесекiлге сыймайды ол!– дедi Шөкен. Бiр үйлi жан топырлап милицияға бiр-ақ түскендей жаным одан əрi шошынды.
Түс көрiп отырған жоқпын ба осы? Мүмкiн, Тауап та осында шығар. Оны сұрауға ендi ғана шамам жеттi. – Тауап қайда? – Ой, Тауабың өлушi ме едi. Бiздiң үйде жатыр. Сол келгесiн iздеп шықтым ғой сендердi. Бол, жүр! Бұл мен бiлетiн Шөкен емес, сабыры мол, басқа бiреу сияқты. Осы түнде кеудесi шоққа өртенiп болып, бiздiң аман-сау екенiмiзге көзi жеткесiн ғана жан шақырған шағы екенiн кейiн ұқтым. – Апа, менi де ала кетшi!– Қанаттың даусы тап бүйiрдегi бөлмеден шығады. – Əй, сен жата тұр. Қазiр келемiн. Бəрiбiр мəтəсекiлге сыймайсың,– деп маған көзiн қысып қойды. Иə, Шөкеннiң қазiргi сабыры тiптi бөлек. – Апа, менi де ала кетшi!– Əншейiнде бас бермейтiн Қанаттың жетiмдiк даусы ендi шықты. Оған алғаш рет жаным ашыды. Қанша шу асаусығаныңмен адам өмiрiнiң əйнектей күрт сынатыны барын анау бөлмедегi Қанат өзiнiң жетiмдiк даусымен зарлап айтқандай жүрегiмдi тiлдi. – Қанатты да ала жүрейiкшi,– дедiм мен. – Жоқ, оны таң атқасын шешесi келсiн, сосын бiр-ақ жiберемiз. Оның мəселесi басқа,– деп қарт милиционер бұл iстiң екiншi жағын қатайтып қойды. Тағы сұрақ, тағы жұмбақ. Бiз шығып бара жатқанда Шөкен орамалының түйiншегiн шешiп, қарт милиционерге бес сом суырып бердi. – Бүгiн мейрам ғой. Таң атып, дүкен ашылғасын тамағыңызды жiбiте тұрарсыз. Тағы келемiн ғой. Қарт милиционердiң мынадай адамгершiлiгi үшiн мен мұны тым аз көрдiм. – Ақсақал, сiзге көп рахмет. Мен мұны өмiр бақи ұмытпаймын. Қалған сөз таңертеңгiсiн айтылар, мен де келемiн. Қарт милиционер ақырын ғана басын изеп қала бердi. Аязды далаға шықтық. Бiздi ешкiм де мотоциклмен апарып тастаған жоқ. Жаяу кеттiк. Аяқ астында қар сықыр-сықыр етедi. Жұқа бəтiңкенiң табанында ешқандай қауқар жоқ, тiптi жалаңаяқ жүрiп бара жатқанға ұқсаймын. Шөкен, мұның да аяқ киiмi жайсыз ба, жоқ əйел адамның жүрiсi осылай ма, əйтеуiр менен озыңқырап, қиқалақтай басып барады. Таң алдындағы аязды ауаны күңгiрлетiп, мəн-жайды үзiкүзiк етiп айта бастады. Мен бiр сөзiн де қақас жiбермей тыңдайын деп, ентелей, оған əрең iлесiп келемiн. Түнде қыздар қуғасын Тауап екеумiз бiрге шығыппыз да, екi айырылып кетiппiз. Қанша айтқанмен сүйегi берiктеу Тауап
Шөкеннiң үйiн тауып барыпты. Мен көшеде жатып қалыппын. Осыны ойласам, əлi күнге жаным шошиды. Сол түннен бергi өмiрдi маған мейiрбанды қарт милиционер өзiнiң жұмсақ алақанымен сыйлағандай. «Сенi перiште қақты»,– дейдi қарт милиционер. Ол – перiште өзi. Бiр перiште қанатын қатты сермеп, менен алысқа кетсе (Күлiмханды айтамын), екiншi перiште тұңғиыққа, мəңгiлiкке кетiп бара жатқан жерiмнен iлiп əкетiп, қауiпсiз жазыққа қайта шығарыпты. Тауап екеумiз қыздардан кеткесiн, Қанат əлдеқайда бiрер сағат қаңғып жүрiп, сол қыздарға қайта барыпты. Үйiне кiрiп алып, үш қыздың ортасында сайран салып, Шөкенге жасайтын еркелiгiн бұларға көрсете бастапты. Гүлбаршындар мұны да қуып шығады. Онымен кете баратын Қанат емес, терезеге сырттан қар, тас лақтырып, өз лаңын одан əрi жалғастыра бередi. Зықысы шыққан қыздар оған ештеңе iстей алмайды. Ақыры Гүлбаршын көршiлерiн оятып, сол үйдiң телефонымен милиция шақырады. Шөкен бiздi iздеп шыққанда Тауаптың сөзiнен ұғуы бойынша ең алдымен Гүлбаршындiкiне келiп, милиция жаққа осы үйден беттейдi. Ертеңiне Шөкен екеумiз барып Қанатты да босатып алдық. Қанаттың мүсəпiр халi екi-үш күнге созылды. Ай, осы уақытта Шөкен одан кегiн алды-ақ. Бiрақ бұл екi-үш-ақ күн едi. Осы жағдайдан көп ұзамай Алматыға ауысып кеттiм. Андасанда Тауаппен хат жазысып тұратын едiм. Ол бiр хатында Шөкеннiң түрмеде жатқан кiсiсi – Қайдаудың келгенiн, ауылаймақтан бiраз адам шақырылған көп-көрiм той болғанын, өзiнiң, ойдөйт, iшкiлiкке басып, бiраз билегенiн хабарлады. Мен Шөкенге алыста жатып-ақ өз iшiмнен еңғұрмаса осы шаңырағының берiк болуын тiледiм. Осыдан жарты жылдай уақыт өттi ме, өтпедi ме, бiлмеймiн, Тауаптан басқа бiр хат алдым. Қайдау Шөкендi тастап, баласын ертiп, бiржола елiне кетiп қалыпты. Сотқар Қанат жөнiнде екеуi келiсе алмаған көрiнедi дейдi Тауап. Бұл хабар мұз сүңгiдей тура кеудеме қадалды. Екi тiзесiн құшақтап, ауызғы бөлмеден аулаға қарап, мөлиген Шөкендi елестетемiн. Бұл жолы ол ешқандай жыр айтып отырған жоқ. Қайдау жазатын зар қиссаның бүкiл ұзынырғасы оған ендi ирелеңдеген сұр жыландай көрiнетiн шығар. Бiраздан соң басыма басқа да ой келдi. Апырау, мен ол Қайдау шiркiндi көргем жоқ қой, мүмкiн ол түрмеде жатып, қарiп-қасiр халде арық қара əйел Шөкенге көзi тұнғанмен, былай шыға бере
қабырғасына май бiтiп, оң-солына басқашарақ көзбен қарағасын бұл сорлыны өзiне тең көрмеген шығар. Осы жағын бiлгiм келiп, Тауапқа хат жазып едiм, ол: «ойбай жоқ, апама жездем сайдың нағыз өзi, түр-ұсқыны Шөкеннен артыққа келетiн емес, бар пəле Қанатқа байланысты»,– деп нықтап жауап бердi. Тауап жауабының тəрiзiнен тағы бiр байқағаным – Қанат əкесi келгесiн тiптен жетiссе керек. Əкесi Қайдау жасарын жасаған адам ғой, ал осы барыста Қанаттың болашағы не болар екен деп жүрегiм ауырғаны бар. Əке бiр кезде өз қателiгi үшiн жазасын өтедi, сөйте тұра өз сабағын «iштен шыққан шұбар жыланның» алдына неге кесе-көлденең тартқысы келмейдi. Ия, пендешiлiктiң түр-нұсқасы алуан түрлiау. Оны кiм санап тауысқан. Мiне, содан берi он бес жылдай уақыт өттi. Өмiрдiң бiраз аптабы мен шыбын жанды суырып əкетер қатаң аязынан өтiппiн. Мiне, тағы бiр ызғары қатты күздiң күнiнде Бақанасқа кейiн көшiп келген танысымның үйiне сол шыбын жанды шүберекке түйiп келе жатып, жаңағы ашық мойынды, сұңғақ денелi қарт милиционердi көргенiмде делебем қозып, осының бəрi сапсабымен қас-қағымның арасында көз алдымнан өттi. Сол Шөкен қазiр не күйде екен? Алдын-ала сұрарға Тауап та қазiр бұл ауылда жоқ. Ертеңдер бiраз жайғасып, демалғасын Шөкеннiң үйiн iздеп барсам, ол байғұс менi көргенде қатты жер болып ұялатын сияқты. Ұялмай, жасымай қайтсiн. Оның Қайдауды қалай тебiрене күткенiн, сырт көздiң неше табасына қыңқ демей, оның жүгенсiз ұлы Қанатты шыдамдылықпен қалай бағып-қаққанын менен артық кiм бiлетiн едi? Мейлi он бес жыл уақыт өтсе де сол еш кеткен еңбектiң қорлығы, қайырымсыз жандардың көкiректе қалдырған таңбасы өштi дейсiң бе? Менiң осы жағдайда көзiне көрiнуiм оны табалағаннан бiр былай емес-ау. Ойлаймын, əр кезде, əртүрлi жағдайда түрлi пəле-жаладан менi перiште қақты. Жалғыз менi емес, əкесiнiң соңынан түйсiксiз басымен кете барған Қанаттың да осы Шөкен перiштесi едi ғой. Ондайлық басқалардың басында да болған. Ал сол Шөкеннiң өзiне де перiште құрғырлар бiр қайырылып, мұны да бiр рет қағып, қауiпсiз жазыққа, миуасы мол алаңға шығарып салса қайтер едi? Танысымның жылы үйiнiң табалдырығын аттай бергенiмде менiң басым темiр құрсаулы аяздан емес, осы сұрақтың жауабы жоқтығынан қатып, тұла бойым əл-қуаттан айрылғанға ұқсады. 1978 жыл.
БАҚ ПЕН СОР Күздің қара суық күндері еді. Мұндайда Алматы тіптен күңгірт. Жаңбыр, не қар жауардай аспан тас бүркеніп, шығысың, не батысың қайсы, ажыратып болмастай дөңгеленген дүниенің бір томпиған, ұмытылған бөлшегіне ұқсайды. Соңғы жылдардағы ылғалдың аздығы, есесіне үнемі төбеден бұлт үйіріліп, көкжиекті қымтауы жұрттың жүйкесін тоздырып, еңсесін басатындай. Табиғаттағы алай-түлей өзгерістерді жаны сүйетін жазушы Ерік Тінəлиев айналаның осындай не əрі, не бері емес тым-тырыс қалпына наразы. Сонау шығыста, биік таулардың қыспағында, Текелі қаласының түбіндегі кішкене ауылда өткен балалық шағында күмп берсе малтығып шыға алмайтын омбы қарды, күз түссе желдетіп, нөсерлетіп, толассыз жауатын жаңбырды аңсайды. Қыста қабақтарына қырау қатқан, күзде суық жаңбыр киімдерінен өтіп, сүйектеріне жететін шаруа адамдары неткен бақытты деп, қызғана еске алары бар. Бұл жазушы жасы ұлғайған, əрі жаратылысына орай қиялшыл адам еді. Бүгін де сондай бір қиялдың соңына түсіп, бесінші қабаттағы пəтерінің терезесінен тысқа қарап еді, биік қараағаштар мен үйеңкінің ұшар бастары өзінен əлдебір қайыр күткендей əйнектің сыртынан сығалай мөлиюде екен. Бұлар да ылғал мен жел аңсаған сұраншақ көңілмен бүгіліп-жазылып, мынау адам заттылар бір қол ұшын берер ме екен деп дəмететіндей. Осы көрініс жазушының қиялшыл басына басқа бағыт берді. Бұл өмірінде қанша кітап жазды, қанша тақырыптың басына су құйды. Сөйтсе де астаудан жеріген аттай тап экология мəселесінен ғана жалтарып жүріпті. Əлде бұл өзге өлкелерден гөрі оты, суы мол Жетісуда туып-өскендіктен бе екен? Осы біржақтылығының зардабы енді көз алдында кесекөлденең керілгендей бұл əлденеден іші қуыстанып, ештемесін ажыратқысыз бұлыңғыр белгісіздікке белуарынан шөгіп бара жатты. Енді қалай? Сақылдаған сары аяз, табан астында сықырсықыр еткен қар, терезеге қатқан қырау қайда? Сол терезедегі қыраудан бұл Ерік бала кезінде сан өрнек, сан суретті ажыратып, оның сызықтарын қуалай ойша одан əрі дамытып, онсыз да қамшы салдырмас қиялын қалай жүйткітуші еді? Бірінші шебер табиғаттың өзі деген қағиданы ерте ұққаны да сондай байқауларынан, айнала көрініспен ойша өнер жарыстырғандай талпыныстарынан ғой, əрине. Жапалақтап жауар қар қандай еді? Сəл жүгіріп қайта қайтсаң өз ізіңді таппай дал болатынсың. Бала
көңілге оның өзі қандай күлдіргі? Ал қазіргі қар жоқ-жітік үйдің қабының түбіндегі құмшекердің бір уысын төбеңнен шашып жібергендей ғана бірдеме. Оның өзі қас пен көздің арасында еріп жоғалып бара жатады. Көктемгі, не жазғы жаңбыр ше? Сай-саланы қуалап, кейде оның ернеуінен аса дүрілдеп, жалғызжарым тоқты-торымды, саяқ жүргіншіні ағызып əкетер сел қандай еді? «Ойхой, жаратқан иемнің жарылқауы-ай бəрін көлкөсір еткен» дегізіп, ішкізіп-жегізбей-ақ шылқымай етпеуші ме еді. Қазір соның бірі жоқ, əншейінде жылдың жылауық мерзімі саналатын күздің өзі мынау. Терезеден телмірген қараағаш пен үйеңкінің ұшар бастарындай өзі көмек сұрайды. Кенет телефон шылдырлады. Диванда екі бүктеліп, маңдайын алақанына сүйеген жазушы денесін əрең жазып, дəліздегі аппаратқа қарай ілбіді. – Алло-оу! – Бұл жазушы Ерік Тінəлиев ағамыздың пəтері ме екен? А солай шығар... даусыңыздан таныдым. Сəлеметсіз бе? Денсаулық, үй іші бəрі дұрыс па? Сізді мазалаушы «Тəуелсіздік» газетінің редакторы ғой. Суырып салып айтардай не жаңалығыңыз бар, ағасы?! – Бізде не жаңалық болсын!? Ауа райындағы көңілсіздік бізге де əсер етпей тұра ма? Ау, айтпақшы, інішегім, мынау кеңістік не боп барады осы? Жаз жаңбырсыз, қыс қарсыз! Күздің өзінде тамшы тамбайды. Інішегім, ғаламшардағы жылылыққа орай бүгінгі таңда басқа құрылықтарда айлап, апталап құятын жаңбыр мен қардан, мұхиттың көтерілуінен талай ел қан қақсауда. Сондай молшылықтан түк бұйырмай біздің жылдан-жылға кеберситініміз қалай? Редактор сөзден мүдірді. Сірə, оның айтпағы басқа, жазушының əңгіме бағдарын салған жерден билеп əкетуі оны бір сəт ойынан жаңылдырғандай. Сəл дағдарып, қайта тілге келді: – Бізде не қауқар бар дейсіз, ағасы? «Экология» деген арнайы бөлім құрдық. Жұрт айтарын айтып жатыр. Сізге де ол бөлімнің есігі ашық. Тек бүгінгі шаруа басқа тақырыпта еді. Қазақ тілінің мəртебесін көтеру, аясын кеңейту жағын дұрыс айшықтамайсыңдар деп, жоғары жақтан төбемізден тоқпақтап жатыр. Қазір бір тілші қызды жіберсем бес-алты сауалына нақтылап-нақтылап жауап бере салуға қалайсыз? – Інішегім, əлгі газет-журналдарды жағалай ақтап, интервью беріп, аузымен орақ оруды кəсіпке айналдырған жазушылардың үйіріне мені де апарып қосақтайын деп пе ең?
– Ағасы, сіздікі жүрегіңіздің түбін шымырлатқан таза көркем əдебиеттің гөй-гөйі. Бұл гөй-гөйге біздің де құлағымыз шамалап қанық. Ал менікі қоғамдық-саяси газеттің күнделікті мұқтажынан туатын мардымсыз қолқа ғой. – Газеттің мұқтажынан туатын қолқа деп, өзіңді өзің арқандаулы атқа ұқсатып, өз мүмкіндігіңді тарының қауашағына сыйғыза сөйлейсің. Біле білсең, суалған сиырдың емшегін қақтап, қайтсем сүт шығарам деп, əлгі əдебиеттен баяғыда қол үзіп кеткен жазушысымақтардың аттарын газет бетінде далитып, жаман үйреткен өздерің емессіңдер ме? Телефонның ар жағында тағы да үнсіздік орнады. Тек редактордың ауыр тынысы білінді. Мұның бала кезінде тау аңғарынан ышқына соғатын желдің тынысындай. Жазушы осыдан-ақ редактордың жай-күйінде кісі қызығарлық ештеме жоқтығын сезіп, сөзін жұмсартқысы келіп еді. Жазушы бұл редакторды жақсы танитын. Жазушы жетпіске таяса, ал редактор енді-енді алпысқа иек сүйеудің қамында жүрген жан. Бір кезде үріккен асаудай əдебиетке де соқтыққаны бар. Бірақ аздаған мансапқа қолы жетті де аз уақыт екі тізгінді қабат ұстаудың мехнатын шекті. Келе-келе екінің бірі деп, таңдауға көшті. Ақыры, қазаққа тəн мансапқұмарлық өз дегенін жасады. Əдебиетті ұмытып, лауазым үшін күрестің қан майданына сүңгіді. Əу баста қолы жеткені ол шіркіннің алғашқы баспалдағы болса қазір республикалық газеттердің бірінің дүрдей бас редакторы. Мынадай өзінен жасы үлкен жазушылар, не басқа да танымал біреулер демесең анау-мынауға пысқырмайды да. Бастық адамдар сөзден ұтылса тағынан тайып кетердей қипалақтайды. Қазір де мынау тығырықтан шығу үшін қанша күш жұмсағанын құдай білсін, редактор қылғыныңқырап, даусын да өзгертіңкіреп, өзінше жауап тапқансыды: – Өмір болғасын ондай-ондай болмай тұра ма? – Жарайды інім, көңіліңе алма! Қойшымен сөйлессең қолындағы таяғын, қойының аяғын, саудагермен сөйлессең сауда-саттығын айтады деген. Біздікі үйде сүржамбастанған кəрі қырқылжыңның тиісерге қара таппағандағы іліп-қақпайы ғой. Өстіп, ішіміздегі бітеу жараны өзіміздің тырнап алатынымыз бар. Бүгінде шынайы көркем əдебиеттің жайы білген құлды қан жылататыны кімнің қабырғасына батып жатыр дейсің. Жə, тағы да ауа жайылмайын, тілшіңді жібер, шама-шарқыма қарай сұрақтарына жауап табуға талпынайын.
Қалайда қалам иелері баспасөз орындарына тəуелді емес пе, осылай тез шегініс жасады. Редактордың да оны құп көрген райы бар. – Солай, аға! Бізді де сəл-пəл демеп жіберіңіз. Ал онысы да, мұнысы да туралы теңіздей терең ойларыңыз мінез көрсетсе қағаз, қаламыңызға өзіңіз иесіз ғой. Ал бүгінгіңіз ауызша лебіз! Редактор өз машинасын берсе керек, жарты сағатқа толмайтын уақытта тілші қыз есіктің қоңырауын шылдырлатып тұрды. Бұл орташа ғана бойы бар, үріп ауызға салғандай əдемі, əрі тым жас неме екен. Жарық мол кең залда ұзын столдың бір бұрышында екеуі қарама-қарсы жайғасқанда жазушы ең алдымен тілшінің қарасындағы батылдықты таныды. Өзінің бастығы именетін адамға мұның бүйтіп қаршығадай қадалуы бойына шақ еместей шалынды. Көзінің астында қарамықтай меңі бар, мөлдіреген қас-кірпігінде басы артық қозғалыс жоқ, томпиған ақшыл өңінде сүйкімділік пен селт етпестік өзара жарастықпен ұялаған. Осы заманғы иіс май, опа-далап атаулыны жас мөлшеріне орай шақтап қана пайдаланғаны көрініп тұр. Қос жанары «менен мін іздеме, текке əуре боласың» дегендей анау-мынауға дес бермес тұйықтықпен арбайды. «Тұндырған тостағанға қара шайдай» деп, баяғының ақындары тап осындай жанарды атаған-ау» деп жазушы оны да көңіл түкпірінің бір пұшпағына түйіп қойды. Тілші қыз өзі сұхбаттаспақ адамның аузындағы сөздерін емес, ең алдымен мұның өзі қай топ, қай сатыдағы пенде деп, соны анықтамаққа оның бітім-болмысын қатаң сын тезінен өткізгенге ұқсайды. Қарсы алдында сүйек-саяғы адырайған, сақал-мұртсыз ұзынша арық бет өңірінде көп өмірдің айқай-ұранды іздері сайраған, көненің көзіндей ескі жазушы емес, өзінің сынынан өтпекші шəкірт бала отырғандай-ақ қырағылықпен бақылайды. Ол ғана емес, сеңі бұзылмас əдемі бет-əлпетінде үстемдік белгісі де ақ қанатты көбелекше ұшып-қонып жүр ме дерсің. Ия, бұл қалай да өзін-өзі еркін билейтін жас. Ал Ерік өзіне немере құралпылас немемен амалсыз көз сайысына түскенде тұла бойынан бір діріл жүгіргенін сезді. «Мына пəлең қандай еді, қайда əкетіп барады» деп, əлдебір күйгелектікке бой алдырғандай қол-аяғы қауқарсызданды. Мұның алпысты алқымдаған ысқаяқ бастығын сөзден жаңылдыратын Ерік мына ұстаса уыс толмас қуыршақтың қасында дəрменсіз шығарын болжағандай ондай аттының алдын алмаққа жан-дəрмен əрекет жағын ойластырды. Қалайда жазушы оттан, судан өтіп шыңдалған ғой, тез бойын жиды. Енді қыздың өзін, қара шайдай тұнған қос жанарын
нысанаға алып, оған өз қаһарын қарсы қоймақтай тесілді. Бірақ қыз да бұған əзір екен, абдыраған жоқ, тек мұның жасы үлкендігін енді ғана ескергендей көздеріндегі өзіңді ішіп-жеп бара жатқан тасырлықты сəл көлегейледі. Əлде жазушы жаңылысты ма, мұның кейде көргені мен қиялдағысын шатастырып алары бар. Қазір де солай ма? Шынында Еріктің ойлағанындай емес, бұл ақ шыныдай ет біткен, қайың мүсінді талдырмаш сұлудың бұрын өзі талай кітабын оқыған аққаптал қаламгердің түр-түсін бүйтіп мұрын түйістірердей тым жақыннан тамашалауынан қобалжыған сиқы шығар. Қалайда газет қызметкері, жұмыс бабымен жүрген жан, сосын да сыр алдырмас үшін бет-жүзіне, көзінің айналасына бар жастық қуатын жиып, тастүйін бекінгендігі атойлаған бояунақыштарды бұл қырқылжың кəрі өзінше жорамалдап, басқаша көріп отыр ма? Тек тілші кішкентай төрт бұрышты диктофонын жазушының иек астына қарай ысырыңқырап, сұрақтарын қоя бастағанда бұл соңғы жорамалының жаңсақ екенін ұқты. Мына бүлдіршіндей газет қызметкері шынында Ерекеңді қыспаққа алуға келген екен. Сұрақтарының бəрі зілді, сірə, оларды дайындауға мана телефон шалған бас редактордың өзі де қатысқаны анық. Себебі, əр сұрақтан оның сол телефон арқылы тау бөктерінен ышқына соққан желді еске салған тынысы білінетіндей. Бəрі де атап айтпаса да ұлттық тіліміздің осыншама заман аяқасты етілуі, жұтаң тартуы, пайдалану аясының тарылуы, қазақ мектептерінің мүшкіл халі, интеллигенциямыздың ана сүтімен бірге сіңген ырзыққа мұрын шүйіруі сияқтыларды жайқап, осылардың обалы мына Ерік Тінəлиев сияқты елге тұтқа, мəшһүр тұлғаларға емес пе дегенге саяды. Тілші қыз енді ғана бет пердесін біржола сыпырғандай. Жоқ, мұның ұшпа қиялға еш қатысы жоқ, өзіңді алып жердей қасқайған шындықтың өзі. Жазушының сəл мүдірген түрін ажыратып, қыз енді үлкен кісі ұқпады ма дегендей кейбір сұрақтарын басқаша сөздермен қиыстырып, қайталай көлденең тосады. Бірақ Ерекеңе одан жеңілдік келген жоқ. Сырт көзге қарапайымдау сұрақтарының мəнмағынасы тіпті тереңдей түседі. Əрқайсысының тасасынан «сіз қазақ жазушысыз, ана тілімізде жазасыз, сол арқылы танылдыңыз, сөйте тұра жетпіс жыл бойы аяқ асты етілген сол ырзықтың қамын ойлап, бір мінез көрсетпегеніңіз, жоғарыға барып, бір есікті қақпағаныңыз қалай, ұлт зиялысы неге соншама боркемік, майысқақ, жағымпаз» деген сияқты жазғырулар биік қағылған
қадалардай қатар түзеп, қаздиып, санын көбейтеді. Сол қадаларға мұның жалаңаш кеудесін көлденең салып, тəн азабының да дəмін татқызбақтай тілші қыз бастырмалатып бара жатқанға ұқсайды. Көзінің астындағы қарамықтай меңі де мұның өзімен бəсекелесіп жауап күткендей жылтырайды. Жазушы қалайда ұлтжанды пенде ғой, осындай жігерлі жастардың өсіп-жетілгеніне іштей разылығы да оянып еді. Бірақ өйтіп ауа жайылуға, қиял соңына түсуге бұл қойған сұрақтардың мойын бұрғызбастығын да қоса түйсінді. Жазушы қанша ойы онға бөлінгенмен де ол қойған сұрақтарға жауап қайтаруға күш тапты. Ал мына кішкентай неменің бəрібір тояттанған түрі жоқ. Бұл сықпыттыны кіріспе орнына қалдырып, Ерік Тінəлиевтің көмекейінің ар жағынан бөгде, соны бірдемелерді суыртпақтай өзінің келген негізгі шаруасын енді ғана жайып салмаққа ұқсады. Ерекең жүйрік қиялымен өзі өскен орта, уақытты мыналардың заманымен ойша салыстырып, содан бір қармар тал іздегендей сəл үзіліс керексінгендей еді. Бірақ мына тілші қыз оған мұрсат беретін емес. Кешкілік қалың шилі өзен жағалауында көзге əрең көрініп ұшатын бұлдырықтай жаратылысымен-ақ аты дардай жазушыны жекпе-жек сайысқа шақырғанын осы отырыста осымен екінші мəрте паш етті. «Апырау, өйтіп жекпежекке шақыратындай бұл бұлдырығың менің не теңім еді» десе де жалтаруға жол жоқ. Жазушы амалсыз өз бойына да шабыт тіледі. Бірақ тілші қызға да керегі кəнігі ой иесінің тап осындай шағы екен. Сұрақтың ең қытымырын оның осындай табанының бүрі кете бастаған, құдайдан көмек сұрағандай қайырлаған сəтіне сақтаған екен. Сонысын қойып қалды: – Сіз орыс, басқа да шетел жазушыларына, аты əлемге əйгілі классиктеріне табынасыз. Тіпті бір мақалаңызда жер тізерлеп табынатыныңызды да əйгіледіңіз. Өзіңізге дейінгілердің де сөйткенін кейінгі ұрпаққа үлгі еттіңіз. Ал сол орыс, басқа да шетел жазушыларының əрқайсысы өз ана тілдері үшін, олардың тазалығы, мəртебесі, аясының кеңеюі үшін қалай жан алып, жан беріскені хақындағы көптеген тарихи шындықтарды сіздің жақсы білетініңізге күмəніміз жоқ. Ал біздің газет оқырмандарының бір естігісі келетіні мынау: сіз сол өзіңіз пір тұтқан шетел ғұламаларына ұқсап, қазақ тілі үшін кешегі Кеңес дəуірінде найзаласқан əрекеттеріңіз хақында бірер мысал келтіре аласыз ба? Осы сұрағын айтып тауысқанда тілші қыз онсыз да жазушының иегінің астында жатқан диктофонын одан əрі тақаңқырап қойды.
Ал сол шақтағы көздерінің қарасын тіпті атама! Рингте өз қарсыласын ұрып жыққан боксшыда ғана осындай қарас болар. Тіпті мынанікі қарсыласын жыққан боксшының маңғаздығынан əлдеқайда мол дүниені сыйғызатын ынта, ықылас еді. Сəл-пəл ұшқындағандай жанарына үңілсең «сіздікі экология, қазақ тілінің мəртебесі» деп, сөз жүзіндегі қынжылыс қана, ал шетелдік ғұламалардың өз ана тілдері жолындағы жанкештілігінің оннан бірін қайталай алған жоқсыз, өз əріптестеріңізді аузымен орақ орған деп кінəлайсыз, сөйте тұра осы мəселеде олардың кебін өзіңіз киесіз» деп, сайрап бергендей əсер етеді. Жазушы енді өзін екі оттың ортасында қалғандай сезініп, «о, құдайым, бұл да бір көретін күнім екен ғой» деп, сасқалақтаған күй кешті. Сөйтсе де мұның да кеудесінде бір азулы аң оянып келе жатты. «Сен ұстаса уыс толмас, көзін дүниеге жаңа ашқан қызыл шақа балапан не білесің, білсең менің осы отырысымды білерсің, кейбір жазбаларымды парақтаған шығарсың, ал өткен өміріміздегі бүркеулі, құлпы ашылмаған құпияларға, əрине, сен із сала алған жоқсың, сен түгіл менің өзім оған баратын жолды ұмыта бастағандаймын, сөйте тұра осы дүниені өзің жаратқандай неге киіп-жарасың» деп, тілдеп тастамақтай қабағын ауырлатты. Əлденеден манағы газет редакторының «қағаз, қаламыңызға өзіңіз иесіз ғой» деген сөздері ойына оралды. «Жаратқан ием-ау, мұндай аттының бəрін мынау бұлдырықтай немеге қор қылғанша қағазға өзім неге түсірмеймін» деген сауал осы отырыста бірінші рет көкірек сүйегін ауыртып өтті. Өйтпесе өзін-өзі ешқашан ақтап ала алмастай көрінді. Ең алдымен мына баспасөз өкілінен құтылуы керек. Бірақ бұдан құтылудың да əуселесі біразға созылды. Қыз оқта-текте шаянша шағады. Тағы біраз сұрақтарды жинақтап əкеп, ауладағы қарша лақтырды да И.С.Тургеневтің орыс тілінің құдіреті хақындағы сөздерін келтірді. Неге келтіргенін атап айтпады, зерделі жазушының өз талқысына лайық сыбаға ретінде қалдырды. «Сіз қазақ тілінің құдіреті хақында осылай сөйлей алдыңыз ба» дегендегісі ғой. Жоқ, жоқ, Ерекең бұл сұраққа шынында ауызша жауап бере алмайды. Қағаз, қалам қайдасың? Уһ, əйтеуір бір кезде қыз кетті-ау. Жазушы оның бұлай келісіне назаланған жоқ, қайта ұйқысыраған самарқау қалпынан жұлқып оятқандай одан тосын, əрі өзі үшін өте бір қажет əрекет көрді. Ерекең шынында ұзақ та, ауыр ойға шомды. Апырау, бұл қазақ тілінің мəртебесі үшін жан беріп, жан алыспап па еді? Бар кінəсі тек ол туралы жұмған аузын ашпай келіпті. Жаңағы тілші қыз мұның аузындағы тығынды жұлып əкеткендей-ау, шамасы.
Бірақ бұл асықпады, сабыр сақтады, өткендегі өмірінің бір кішкентай кезеңінің бас-аяғын жинақтап, ойша салмақтады. Жазуға тұрарлық па? Əрине, тұрарлық. Тіпті бүгінгі күннің жарығын түсіріп, бажайлай қарасаң қаны тамшылаған ащы шындықтың өзі сонда жатқандай көрінді. Ерекең сынды тау мен тас жарған болат сүймендей қаламы бар тарлан ол төңіректе шер ағытса сөздің ең бір сирек қолданыстағы тың нұсқалары алтын асықша сыңғырамай ма? Бір аптадан соң «Тəуелсіздік» газетінде Ерекеңнің сұхбаты жарияланды. Газетті мұрнымен тесіп жіберердей шұқшиып оқып-ақ еді, өз көзіне өзі сенбеді. Тілші қыздың сұрақтары мен өзінің қайтарған жауаптарының оннан біріне тұрғысыз бірдеме. Жазушы соңынан ұқты, сірə, тілші қыз бен газеттің бас редакторының арасында үлкен түсініспеушілік туған, сосын да дайындалған материалдың құйрық-жалы əбден күзелген. Газеттің аты газет, мүмкін, оларға керегі де осындайлық қана шығар. Тіпті бұл ойлай-ойлай келе газет редакторына ешқандай сұхбаттың қажеті жоқ, тілші қызды тек жазушының тұнығын бір шайқап жіберіп, тосын бір тақырыпқа бет бұрғызу үшін ғана жіберіп алған ғой деген қорытындыға да жақындады. Мейлі қалай болса олай болсын, бұл шынында жаңа бір асуға қарай қанат қағардай өз бойынан бір жастық қуат тапты. Сөйтіп жаңа шығарма жазуға оқталды. Сөйтіп, еске түсірулер басталды. * 1960 жылы Ерік Тінəлиев орта мектепті күміс медальмен бітіріп, сол күзде конкурстың қаттылығына қарамай Алматыдағы жалғыз университеттің филология факультетіне оқуға түсті. Студенттік өмірдің алғашқы жылының алғашқы жартысы біршама қызықты өтті, себебі, ананы-мынаны көрді ғой, тек екінші жартысында, əсіресе, көктем туа басына мұң орнады. Бұл тоғыз балалы отбасынан еді, əке соғыстан аурушаң оралған, тоғыз баланың қамы мүжіген, əрі ашаршылықты, соғыс кезіндегі тыл өмірінің ауыртпалығын көтерген шешеде қандай қауқар бар, ауылдан келген əрбір хаттан олар ашып айтпаса да жоқшылық, жетіспеушілік аттылардың сояу тырнақтай белгілері көзге ұратын. Сол көкірек сүйегін тырналайтын. Өзінің былай да халі мəз емес, жартымсыз стипендия неге үнем болсын?! Қара нанға қарап қалған күндері қаншама?! Өлең, əңгіме жазуды
мектеп қабырғасында-ақ бастап, баспасөз бетін көріп үлгерген бұл жоғарғы оқу орнына түссем тіпті қатырам деген дəмесінің күлі көкке ұшты. Алматыдағы газет-журнал біткеннің əдебиет бөліміндегілер аш-арық отбасынан екені көзге ұрған Еріктің жазбаларын да соның өз түріне лайық жілігі татымасқа балап, жуытпайды. Бір жылдық студенттік өмірде бір жолдық дүниесі де баспасөз бетін көрмеді. Мəселенің көкесі жазғы емтихан кезінде болды. Жоқ, бұл тірлікті тағы төрт жылға созудың еш реті жоқ, Ерік университеттің сырттайғы бөліміне ауысып, еңбекке араласады. Бұл шешім бірақ күнде басын дың еткізді де оның дұрыстығы сағат сайын, күн сайын тұла бойын дертше жайлап, еркіне бағындырды. Ерік əу баста жұмысты осы Алматының өзінен іздестірді. Сол кезеңнен мынадай екі көрініс жадында қалыпты. Соғысқа дейін салынған екі қабатты ұзын ескі ғимараттың бір пұшпағындағы газет редакциясына келіп, бірден бастығына кіруге жүрегі дауаламай əдебиет бөлімінің есігін ашты. Мұндағы төрт қабырғаға арқаларын тіреп жайғасқан бесеу кабинетке адам кірді ме, жоқ басқа кірді ме деген де жоқ, төр жақта телефонмен сөйлескен сап-сары жалпақ бет, қасқабас біреудің сөздеріне жан-тəндерімен елітіп, мəре-сəре екен. Ерік те амалсыз ықылас қойды. Өйтпеске амалы да жоқ, қасқабастың даусы шыңылдап, құлағыңды тесіп жіберердей айқындықпен жетіп тұр: – Əй, сығыр, сенің сөзіңді дұрыс ұқтым ба осы, бір түрлі сеніңкіремей тұрмын. Осы сенің құрдастығың қалмайды, ия, бұл əзілдесетін шаруа емес, сонда да сен осылай айттың ба, Арқа жақта қазақша бес облыстық газет жабылды дедің бе? Ойбу, құдай-ай, əбден обал болған екен, қанша адам жұмыссыз қалды... Қасқабастың езбесінің негізгі түйіні осы ғана болғанмен бұл ұзақ сөйлесті. Телефонның ар жағындағы да мыжыма ма, мынаның сөздері сұйылып бара жатса қосалқы бірдемелерді қыстырып, отқа май құятындай. Ал кабинеттегі басқа төртеу мына сап-сары қасқабас неме көңілді əңгіме айтқандай-ақ қарқ-қарқ, жырқ-жырқ күліседі. Ерікте олардың күлкісін өздері жағалауға шығып алып, суға батқан басқа бір бейшараның тал қармаған əрекетін келемеж еткен жүгенсіздікке балаған рай бар. Бірақ Ерік зерделі жас еді. Сырт пішіндері шуақты күнгі қоғадай сəулеленіп, тым жайдары көрінгенімен күлкілерінің күлкі сияғы жоқтығы мұның ішіне бойлап-ақ енді. Кей жамандықты да адам алғашқыда сыр бермей байсалды қарсы алмай ма? Мынау
тап соның қолмен қойғандай мысалы еді. Тіпті бұл өзінің келген шаруасын айтпай-ақ теріс бұрылып жүре беруінің де жөні бар, бірақ ондайлық мына отырғандарды сыйлағандыққа жатпайды ғой, сосын да амалсыз есікке таяулау жайғасқан, бұрын өзінің бір өлең, əңгімелерін оқытқан, көзтаныс біреуіне қарап ерін жыбырлатты. – Заошныйға ауыстым дейсің бе? Жұмыс іздеп жүр екенсің ғой. А-а-а, шырағым! – деп, əлгі көзтанысы даусын əндете созды да қолындағы шылымын құшырлана сорып-сорып тауысып, күлсалғышқа тастай салмақшы еді, бірақ оған жетпей түтінге емес, күлкіге шашалып булықты да қалды. Тек сəлден соң көмекейі босап, етсіз жақ терісі жиырылып, сары тістері жалаңаштанып, ой қарқылдасын келіп. Жасаураған көздері жылтырап, шын мəнінде төрт құбыласы сай, заманы түзу, өзінің сəл-пəл мейманасы асыңқыраған адамдай-ақ артқа қайырған қап-қара шашы қушық кеудесімен қосыла желп-желп етсін. Ерік Тінəлиев осы редакцияда қызмет істейтін, ара-тұра онда-мұнда өлеңдері, жаңа кітаптарға рецензиялары жарық көретін, отыз бен қырықтың арасындағы осы кісінің осы күлкісін өмір бойы жадында тұтты. Қазақ журналистерінің көбінде өтірік күлкі, сидиған сүйек-саяқ, жартымсыз көңіл басар сырластық болатынын да осы суретке қарап есіне алатын. – Əй, қарағым-ай, – деп, Ерік өз жөнін айтқан газет қызметкері қайта тілге келді. Бұдан əрі күле берсем онсыз да қырым ет жоқ, құр сүлдері жүрген балауса немеге обал болар дегендей өзін-өзі əрең тежеген түрі бар. – Өзің газет-журналға жақын адамсың, көп оқисың, сөйте тұра заманның ау-жайын түймейтінің қалай? Сен түгіл анау (төрдегі қасқабастың оң жағында, бұрышта көзін төмен салып мөлиген егделеу адамды нұсқап) осы газетпен бірге жасасқан, баспахананың бояуы бойына бес батпан боп сіңген майталман журналистің зейнетке шығуына екі-ақ жыл қапты, осы кісі тап осы екі жылда жұмыссыз қалмас па екен деп, дұрыс зейнетке ілікпес пе екен деп, өзімізді емес, осы кісінің қамын ойлап, ішкеніміз ірің, жегеніміз желім боп жүрген жайымыз бар. Енді қайтейік, өзің құсап редакцияларды алғаш сағалап жүргенде жазғандарымызды түзеп, күзеп, іске жарататын со кісі болатын. Міне, інішек, жағдай осы. Бірақ сен біржола жерге қарап қалма. Екі қолға бір күрек табылады. Филология факультетінің қазақ тілі, əдебиеті бөлімінде оқисың, мұғалімдікке бар. Ана Оқу министрлігі тың өлкелерге мұғалімдер жіберіп жатыр екен. Немене, басың жас, өмір көріп қайтасың, сонда сұран!
Еріктің ол кездегі қозғалысы желден ұшқыр еді. Оқу министрлігін тез тапты. Кадр басқармасының бастығы сүйек жақтаулы үлкен көзілдірігін маңдайына жапсырған, тапалтақ, есесіне тым кең иықты, толық адам екен. Еріктің өтінішіне жуан қарнымен алдындағы столын қаға түрегеліңкірей жауап берді: – Жаным, айым, күнім дейін, сен мені қинамашы! Тың өлкелеріне жолдамамен мұғалімдер жіберіп жатқанымыз рас. Бірақ бəрі солардың сұрауы бойынша. Олардың сұрайтыны орыс тілі, математика, физика, шет тілі, дене шынықтыру мамандары. Ал қазақ тілі мен əдебиетін ауызға алып жатқан ешқайсысы жоқ! Министрліктегі Кадр басқармасының бастығы жас мөлшері, сыртқы пошым, мінез жағынан осының алдында ғана өзін шығарып салған газет қызметкеріне мүлдем кереғар жан еді. Сөйте тұра Ерік екеуінен бір ұқсастықты жаза баспай таныды. Бірақ ол қандай ұқсастық, соған бірден ой жеткізе алмай дағдарған. Тек теріс бұрылып, есік жаққа беттер сəтте ғана ол сауалдың жауабын тапты. Ерік оған соңғы рет назар салғанда оның екі қабағының түйіліп, көздері қоюланып, əлдебір жан жарасы ашылған сəттегідей бір тітіркеністі байқады. Ерік мұның өзіне деген аяушылық екенін ажыратты. Жаңа газет редакциясынан шығарда өзіне осылай қарай жөн сілтеген журналистің қарасынан да тап осындай аяушылықты сезіп еді. Бір жайдан Еріктің бұдан пəлендей жүні жығылған жоқ. Қалайда, бұл өмірді енді бастағалы тұрған жалынды жас жігіт, мыналардың кемтар бейшараны көргендей мүсіркеуіне не жорық? Ерік мұның мəнін кейінірек түсінді. Осылай бұл астанада Ерік аттамаған табалдырық қалмады. Тіпті өзінің мамандығына аса жанаспайтын мекемелердің де біразын сүзіп шықты. Бəрі де алыс терістіктегі мəңгілік мұздай тас бүркенген бірдеме. Ақыры Ерікке ой түсті. «Апырау, кеңсе жағалап, нем бар, əлі жаспын, университеттің бір-ақ курсын тамамдаппын, қолыма жұғып қалмас, осы қара жұмысқа неге бармаймын?» Ол кезде Алматыда завод-фабрикалармен қатар СМУ, РСУ1 дегендерің бықып жататын. Орталыққа ең таяу СМУдің кадр бөліміне кіріп барып еді кең кабинеттің қақ ортасында қолында қағаз папкасы бар, сап-сары жалбыр шашты, екі езуі екі құлағына жете жиырылған, кекселеу бір орыс тікесінен тік тұр екен. Ол көкпеңбек көздерімен Ерікті ескі танысындай-ақ 1СМУ, РСУ – строительно-монтажное управление, ремонтно-строительное управление (Ұ.Д.)
қабылдады. Ал қарама-қарсы екі кенереге арқаларын жабыстыра жайғасқан, сырт бітімдері бөшкедей бар, еріндері мен тырнақтары шиқандай қып-қызыл, олар да сары шашты екі орыс əйелі кабинетке адам кірді ме, жоқ, шошқа кірді ме, мəн берген де жоқ. Кірген-шыққанның кім екенін ет терілері арқылы-ақ сезетіндей алдарындағы қағаздарынан бас алар емес. Олардың қасында мына түрегеп тұрған орыс «мұсылман» екен: – Немене, студентпісің? Жұмыс іздеп жүрсің бе? – деп, ыржиған жүзіндегі шуақты молайтыңқырай тіптен тесіле қадалды. – Бізде жұмыс қайдан болсын? Бізде реорганизация жүріп жатыр! Ерік мұның мəнісін бірден түсінбеді, «апырау, күрек ұстауға, зембіл көтеруге мойынсұнбақ адамға «реорганизацияның» қандай қатысы бар?» Орыс түсіндіргенсіді, Ерікке бəрібір жеткен жоқ, қалада талай жерде үлкен құрылыстар жүріп жатыр, қанша «реорганизация» дегенмен сол құрылыстардың кірпіштері одан əрі қалана бермей ме, саяси науқандардың қара жұмысшыға қандай қатысы бар деген сияқты сауалдардың төңірегінде шарадай басы шақшадай болды. Қалада жиырма шақты СМУ жəне сол шамалас РСУ-лар бар, талайының табалдырығында із қалдырды, бəрінде де «реорганизация» деген сөз алдынан шықты. Завод пен фабрикаларда да солай. Кейбір үлкен ұйымдардағы кіре берісте үлкен қақпалар ашылып-жабылғанда қоңырау шылдырлайтыны бар. Сірə, кіргеншыққан адамдар мен көліктер қарауылшылардың назарынан тыс қалмауы үшін əдейі істелген. Еріктің есіне əлденеден өзі алғаш кірген СМУ-дің кадр бөлімінде өзіне түстеп те қарамаған екі орыс əйелі түсті. Міне, «реорганизация» деген сөз сондайлардың өздеріне кіріп-шыққандар жөнінде бұларға шылдыр еткен қоңырауша белгі беруі үшін ойластырылған шараның бір түріне ұқсап кетті. Күні бойғы жүгірістен, əрі қаланың у-шуынан басы кəңгіріп, жүйкесі жұқара бастаған Еріктің ешқандай күлкіге зауқы соқпас еді. Тек сол қоңырау мен «реорганизация» деген сөзден ұқсастық тапқанына оңашада жынды кісіше мырс-мырс еткені бар. Өстіп, Ерік Тінəлиевтің тумай жатып, тауы шағылғандай еді. Əлгі өзін Оқу министрлігіне сілтеген газет қызметкерінің аузынан шыққан «Екі қолға бір күрек табылады» деген мақалда қателік бар екен деп түйді. Енді не істемек керек? Ендігі тапқан ақылы ауылға кету. Бірақ онда мұны кім құшақ жайып қарсы алмақ? Жоғарырақ курста оқитын бір таныс студент бұған: «ауылға кеткеннің жөні
осы екен деп, салып ұрып кете барма, комсомолдың Орталық комитетінен жолдама əкет»,– деді. Бұл енді сонда келді. Көп қабатты ғимараттың астыңғы қабатындағы ұзын дəлізде өңі де, киім киісі де сыптай бір əдемі жігітке жолыға кетті: – Ағай, комсомолдың Орталық комитеті осы ма? – деп сұрады. Артқа қайырған шашы майша жылтыраған, қыздың қасқабағындай мінсіз қиылған қас-қабағы мен костюмі, галстугі де сол түстес жігіттің жүзі кенет алабұртып сұстана қалды. Жаңағы əдемі көрінген жүзінен көбік шашырағандай сөйледі: – Сен не айтып тұрсың? – Комсомолдың Орталық комитеті осы ма? – Бұл ЦК комсомола! – Мен енді соны сұрап тұрмын ғой. – Дұрыстап айтпайсың ба? «ЦК комсомола» деп! Осында істейтін комсомол қызметкерінің бүйтіп зірк-зірк етуін Ерік бірден іште қорыта алмады. Ерік болашақ қазақ тілі мен əдебиетінің маманы, қазақ газет-журналдарын үзбей оқиды, бəрінде де бұл мекеменің атауы солай беріледі, енді мынау келіп орысша атауымен неге атамайсың деп жазғырады. Ерік мұны бір түрлі жанына ауыр алды. Осындағы бір бастықсымақ қазақ қызының кабинетін əрең тауып кірді. Бұл 1961-жыл ғой. Ол кезде қалалық қазақ қыздарын шаш кескен бе, кеспеген бе деп, екі жарып сөйлейтін. Ал мынауың нағыз шаш кескеннің өзі екен. Қап-қара қалың шашын иығына жетер-жетпес тұста шалғымен орып түсіргендей біркелкі етіп қиыпты. Биік қабағының айналасындағы көкпеңбек дақтар, суық ақсұр өңі, тік мінезі, өктем даусы отызға таяса да өз теңін таппағанын айғақтайды. Басын да, шалқақ кеудесін де шайқаңқырап сөйлейді екен. Əр сөзі сайын қос уысқа сыймас мол шашы жылқының жалына ұқсап, екі иығын кезек-кезек қағады. Көздерінде де өзіңді атып жіберердей долылық бар. Бұл сурет те Еріктің мəңгі-бақи есінде қалды. – Сен студент болғаныңмен малограмотный жігіт екенсің! – деп бастады ол сөзін. – Біздің ЦК комсомола өзінің төменгі буындарында қызмет істеу үшін ешбір комсомол мүшесіне жолдама бермейді. Бəрі де сонау бастауыш ұйымдардан бастап көтеріледі. Ал Қазақстан Магниткасы, басқа да ударный стройкаларға путевка беру əзірге тоқтатылған. Себебі, олардың бəрінде қазір реорганизация!
- * Ауылға, өзінің туған үйіне келгенде сол өзіне жақсы таныс жағдайдың үстінен шықты. Аурушаң əке-шеше, шиеттей балашаға. Бар талғажаулары нан, кəртөшке, жалғыз сиырдың сүті. Ал аулада қыт-қыттаған он-он бес тауықтың жұмыртқасын шешесі осы ауылды жанай ағатын Қаратал өзенінің арғы бетінде ұзыннанұзақ созылған Текелі қаласының базарына апарып сатып, шайқанттарын айырады екен. Еріктің туған ауылы осы Қаратал мен аудан орталығы Қарабұлақ поселкесінің арасы отыз шақырымға жетер-жетпестей. Туған үйінде бір-ақ түнеп, таң бозында алғашқы «попуткамен» Қарабұлаққа жетті. Бірден орыс, қазақ тілдерінде шығатын аудандық газет редакциясына тартты. Маңдайының сорына тағы бір сор қосылғанын осында ұқты. Газеттің қазақ бөлімшесі жабылыпты да тек орысшасы қалыпты. Ал ондағы қазақ журналистері қайда кетті деп еді, орыс əріптестері иықтарын қиқаң еткізіп қана жауап қайырып, Еріктің өзіне көздерін көтеріп қарамады да. Ал ендеше, Алматыда бір жыл оқып, елге оралғанда туған жердің төсін аймалап, мауқын баспақтай бір жылылықтан дəмесі бар еді, байқаса өңкей бір тасқа желіндеп, мұзға бұзаулаған немелер мұнда да алдынан шыққан сияқты. Тіпті ақыл, жөн сұрайтын да пенде жоқ. Аудандық газет редакциясынан сəл ұзағанда мұның кеудесінде құр сүлдері ғана бар еді. Бірақ бұл қалайда жас қой, əлі де үзілмеген үміт бар, уақыт ұтқызбай осы Қарабұлақтан он шақырымдай ғана Талдықорғанға келді. Бұл үлкен қала, əрі бұрынғы облыс орталығы, қалалық газет бар. Тек, мұнда да газеттің қазақша бөлімшесі жабылған. Ол бөлімнің, əрі бұрынғы облыстық газеттің қызметкерлері қайда, бəрі хабарсыз. Ерікті адам екен-ау деп жатқан ешқайсысы жоқ. Бұл енді осы қаладан, Қарабұлақтан мұғалімдік орын іздестірді. Тек қайда барса да Еріктің қазақ тілі мен əдебиетінің маманы екенін естіген бойда-ақ бірдемесі жұғып кетердей бəрі теріс қарап, жота көрсетеді. Бұл енді жақын маңдағы көршілес аудандарға көз алартқандай еді. Үштөбе қаласына барып түк таппай қайтты. Талдықорған-Алматы тас жолының үстіндегі Көксу ауданының орталығы Тентек селосына келді. Аудандық халық ағарту бөліміне кіргенде кең кабинетте бір егде орыс пен қазақ əйелінің түрегеп тұрғанын, ал есік жақта үш адамның ұйлығысып, тым басыңқы отырғанын көрді.
Ерік қазақ əйеліне жақындап өз шаруасын айтып еді. Қазақ болғасын қазақша сөйледі емес пе? Қазақ əйелі аузын ашып үлгермеді егде орыс дімкəс кеудесі сырылдағандай шаптыға жөнелді: – Бізге қазақ филологтарының керегі жоқ! Əне филолог, əне филолог, əне филолог! – деп, босағадағы үшеуді сұқ саусағымен кезек-кезек нұсқады. Əлденеден ығыр болғандай ентіккен түрі қоса бар. Ерік Тінəлиев қалайда болашақ жазушы, оқығаны көп, зерделі жас қой, орыстың өзіне түйілген көздерінен «қазақ тілінің дəурені əлдеқашан өткен, содан неге кəперсізсіңдер» деген жазуды оқыды. Сыртқа шықты. Күн сəскелікке таяған. Тентек селосы жасыл жамылғысы мол, дəл түбінен ағатын Көксу өзенінің салқыны білінетіндей өте бір жанға жайлы мекен еді. Мынау жаздың жайма-шуақ шағы көркіне көрік қосып, көше бойлап, ұзыннанұзақ қатар түзеген көк теректердің жапырақтарына ұялаған сəуле көз қытықтайды. Көгілдір аспандағы тазалықтың өзі қандай? Ерік сезімнің адамы ғой, осындай тамаша табиғат əлдиіндегі адамдар неге соншама қатыбас, неге бəрінің соншама жүйкесі жұқа, табиғат-ананың еркінен тыс басқа бір дүлей күш бұлардың іштеріндегі бір бұранданы аяусыздықпен бұрап жатқаннан сау ма деген сияқты сұрауларды маңайлады. Ұзын бойлы, арық, мойны қылқиған, үстінде көптен үтік көрмегендіктен бүктесіні біліне бастаған жаздық жеңсіз сары жейде мен жіңішке қара жолақты ұзын шалбар. Аяғындағы үшкір тұмсықты туфлиі сенің мына жүрісіңмен осы жазға шыдас берер ме екем, жоқ, бермес пе екем дегендей ол да қасы-қабағы бар жанды бейнеше мойнын созып қарайды, білем. Ерік анық сенделіске енді ұшырады. Кенет жасыл жамылғылы тамаша табиғат санасына су бүріккендей мұның алдынан бір өріс ашқанға ұқсады. «Апырау, бұл қалайда аудан орталығы емес пе, аудандық газет мұнда да бар, тіпті ол жабылғанмен оның бір жұрнағы қалған шығар, қанша күйе жалап бара жатқанмен де босаған адамдардың бірін табармын, олар не тірлікпен айналысуда, соны білермін, ақыл сұрармын» деп, өзін-өзі қамшылап берді. Бұл шаққа дейін газет шығаратын арнайы мекемелер атаулыны өзінің ұмыта бастағанын, ондайдан күдер үзіп те үлгергенін Ерік таңырқай түйсінді. Үшкір тұмсықты қос туфлидің жанын шығара бұл енді солай қарай адымдады. Жолай тағы бір сүйкімді ой мұның тұла бойын қуалай жүгірді. Онысы бұл Көксудың басқалардай емес біршама қазақы
аудан екендігін еске алуы еді. Жаңа ғана аудандық халық ағарту бөліміндегі өзіне сілкіне сөйлеген орыстың сөздерін ұмытып та кеткендей. Ұмытпаса да оны ойлағысы жоқ па, бəрін бұлаңдаған елес-үміттің ырқына бағындырмақ па, əйтеуір сондай бір аралық хал мұны бұрынғыдан да жүрдек етті. Ерік текке дəмеленбеген екен. Суға батқанның қарманар талындай бір ілгекті осында тапты. Төбесі аласа үйдің екіүш бөлмесіне сығылысқан аудандық газет редакциясының қызметкерлері арасынан таныс біреу көзіне оттай басылды. Ол да мұны таныды: – Əй, əлгі өлең жазатын Ерік Тінəлиев деген бала сенбісің-ей? Сені мектепті күміс медальмен бітіріп, КазГУ-ге оқуға түсті деп естіп едік қой. Мына жүрісің не? Ə, қазір каникул екен ғой, е, қалай, хал жақсы ма? Оқу қалай? Еріктің тұлабойын жылы ағын кернеді. Тіпті жыларманға да шақ қалғандай. Енді ше...? Елге оралғалы мұның кім екенін, аздап қадірін білетін, бүйтіп қалбалақтап жөн сұрайтын адамды бірінші рет жолықтырып тұр емес пе? Əрі мынау «жабылу» деген зілзаладан аман-есен қазақ газеті екенін түйсінуі де кеудесіндегі жалпалақтап сөнуге айналған үміт шамының отын үрлеп, қайта лаулатқандай. Кабинетте қолқаны қабатын түтін исі бар. Бірақ соның өзі Ерікке жұпар аңқығандай əсер етті. Өзіне таныстан басқа үш-төртеудің де жұмыс істеген түрлері жоқ, қолдарындағы шылымдарын саусақ арасына қыстырып, шынтақтарын алдарындағы столға тіреп, состиыпсостиып отыр. Ерік бұлардан дəмеленсе, олардың мұның өзінен дəмеленген түрлері бар. Ерік пен оған көзтаныс егде журналистің шұрқырасуын бəрі қарасынан ағы мол көздерімен жіті бақылап тапжылмайды. Ерік мұны аса ұнатпаса да жаңа ғана бойын кернеген жылы ағыннан айрылғысы жоқ, бəрін жақсылыққа күштеп бұрғысы келді. Еріктің мұндағы танысы Құдыс Əлікбаев деген ескі журналист еді. Осыдан екі жыл бұрын Талдықорған мен Алматы облыстары біріккесін Талдықорғандағы жабылған бұрынғы облыстық газеттің байырғы қызметкері. Өлең жазуды он үш, он төрт жасында бастаған Ерік сегізінші, тоғызыншы сыныптарда оқып жүріп, облыстық, тіпті республикалық газеттердің бетін көріп үлгерген. Сол облыстық газеттің əдебиет, мəдениет бөлімінде істейтін Тоқтар Көшеев деген ақынға ара-тұра топ-топ өлеңдерін əкелетін. Тоқтар бəрін жаратпаса да ішіндегі бірер тəуірлерін іріктеп, өңдеп, газетке бастырған еді. Біраз мақалалары да жарияланған.
Сонда Тоқтар Көшеевпен мына Құдыс Əлікбаев та бір кабинетте отыратын. Мұнымен көзтаныстығы содан. Ерік жай-күйін айтып үлгермеді, Құдыс қолындағы шылымын алдындағы күлсалғышқа сұққылап өшірді де өзі орнынан көтерілді. Мұнысы далаға шығып əңгімелесейік деген белгі екенін сезіп, Ерік сыртқа қарай қайта табалдырық аттады. Он адымдай ұзағанда іште қалғандардың бір дабыр-дұбыры естілді. Ерік оның не дабыр-дұбыр екенін ұға қоймады. Тек бəрін бұзыпжара Құдыс Əлікбаевтың: – Əй, бұл оқудағы бала, несі бар дейсің?! – деген өктем даусы құлағына сарт етіп тиді. Мұның мəнісі не екенін іші сезсе де сезбегендей, тіпті өз құлағына өзі сенбегендей іштегі сезім атаулыны бұғалықтап, тағы да бəрін күшпен өз ырқына көндіруге əрекеттенді. Ерік əзірше Құдыс Əлікбаев пен оның қасындағыларға шаң жуытпауға барын салып баққандай. Енді қалай? «Келіншектің бетін кім ашса сол ыстық»– деген. Мұның балауса өлеңдерін қоламтадан суырғандай ыстық күйінде алғашқы оқитын сол Тоқтар Көшеев еді ғой. Бүгінде Алматыдағы газеттердің бірінде қызмет атқаратын сол ақын Тоқтар Көшеевті бұл Ерік ерекше қадір тұтады. Екі-үш мəрте жұмысына іздеп барғанда алақаны жұмсақ Қыдыр бабаны көргендей тұла бойының дірілдегені бар. Кейде ол түсіне де енетін. Мұндай күйді əдебиетпен, өнермен, не ғылыммен шұғылданған адамдар ғана жете байыптайтын шығар-ау! Ал мына Құдыс Əлікбаев сол Тоқтар Көшеевтің өзі болмаса да көзіндей адам. Талдықорған облыстық газет редакциясында Тоқтар Еріктің апарған өлеңдерін сызғылап, қызулана пікір айтқанда оған Құдыс та қосылып кететін. Кейде екеуінің пікірлері кереғар шығатын. Бірақ бəрібір жеңіс Тоқтар жағында қала беретін. Себебі, Тоқтар қалайда ақын, əрі əдебиет бөлімінде істейді, ал Құдыс өлең жазбайды, таза журналист адам. Міне, жұмыс та, ақыл да таппай сансыраған шағында құдай сол кісіні алдына көлденең тартты. Бəлкім, осы кісінің арқасында мына газетке корректор, тіпті үй сыпырушы болып та жұмысқа орналасармын деген үміт те ішінде жылт етті. Себебі, ол кезде Ерікке газет исі шыққан жердің бəрінде қасиет тұнып тұрғандай көрінетін. Аудандық газет редакциясы екі жағынан қатар-қатар биік теректер көмкерген, машина дегенің некен-саяқ, тыныш көшенің бойында еді. Құдыс сыртқа шыққасын екеуі сол көшені бойлап, биік теректердің көлеңкелі жағымен жүріп берді. Мұндай
оңашалық Еріктің жанына тіптен жақты. Ең алдымен өзі екі жылдан астам уақыт көрмеген егде журналистің түр-түсіне сыналай қарағанда əлдене жүрегін осқылап берді. Құдыс күнге күйіңкі қара торы өңінде шешек дағына ұқсас секпілдері бар онсыз да арық адам еді. Байқаса соңғы екі жылдың ішінде сол арық өңіндегі қалған-құтқан еттің өзі сылынып түскендей тіптен жүдеп кетіпті. Көздері ұзақ жабығудан соң қайта бойын жиған адамның көздеріндей жалт-жұлт етіп, енді-енді сөніп қалар керосин шамды еске салады. Сəл бойшаң денесіндегі қаракесегі де ояздаған шамасы, көнетоздау сұр костюмінің алдыңғы екі өңірі тым мол пішілген киімдей жалп-жұлп етеді. Жүрісінде де бір түрлі кібіртік бар. Ерік осы байқағандарын көңіліне ауыр алса да бəрін жастық жігермен еңсере берді. Құдыс мына жас əріптесінің жай-күйін көзінен бір өткізгеннен-ақ танып, екі-үш сұрақ қойды да сап тыйылды. Алыс көкжиекті шолғандай жүзін көтере баяу жүрісін жалғастыра берді. Ерікке керегі де осы. Адам іш құсасын төккісі келгенде тыңдар құлақтың табылғаны жарым бақыт қой. Ерік өзі ұшқан ұяның жағдайын, Алматыда өткен бір жылдық студенттік өмірін қысқаша сыпаттады да ондағы-мұндағы жұмыс іздеген хикаясын бүге-шігесіне дейін қалдырмай тізді-ау. Əсіресе, өзінің жанын ауыртқан тұстарды қазақтың небір əдемі сөздерін теріп əкеп суреттеуге жанын салды. Бұл мына ескі таныс кексе журналистке тым үлкен үміт артқанының белгісі еді. Көше тым ұзын екен, көлеңкелі теректер де таусылар емес. Тек бір тұсқа жеткенде Құдыс кілт тоқтап, көк теректерге арқасын беріп, жас əріптесіне бір түрлі қабағын кекжите қарады. Ерік те тоқтап, оған қарама-қарсы тұрды да баянын жалғастырды. Өйткені, мынау дүние не өзі, келбеті, бағдары қандай, осы жазда өзім бастан кешкендерімді қыл-қыбырына дейін тізсем мынау қалайда үлкен кісі осы сауалыма айыз қандыра жауап берер, мүмкін адасып жүрген жайым бар шығар, ақылыма ақыл қосылар деген дəмесі көпе-көрнеу еді. Мынау қаладағы тротуарға ұқсас, бірақ шөптесінді тар соқпақта екеуі бетпе-бет тұрысқанда амалсыз көздері түйісті. Енді қараса аға журналистің көздері сəлпəл өзгеріпті. Мынау алғашқыдағыдай оңай-оспаққа сөне қоятын көздер емес, ішінде кішкентай от лаулап, Еріктің көкірегінен суырылған хикаяттардың бəрі суретке айналып, қос жанарынан асығып-үсігіп өтіп жатқандай аласапыраны мол дүние. Ерік бірауық өзін кинозалда отырғандай сезінді. «Мұның бəрін маған
айтып неғыласың, мен мұны сенен он есе жақсы білемін, өзің шайнағаныңды маған қайта шайнатпақсың ба» дегендей жазғыру да аралас. Сөйте тұра көздерінде шаршағандық, əлденеден беті қайтқандық, шөліркегендік, іштегі ескі кеселдің тепкіні сияқты белгілер бір-бірін баса-көктей атойлап берді. Кенет Ерік өзінің аңғарымпаздығына таңқалды. Кексе журналист арқасын берген көктеректер тап осы тұста сəл сирейді екен. Солардың сиреген қатар аралығынан арыға көз тастап еді, екі арқан бойындай қашықтықта айналасында аздаған қара-құрасы бар, жартысы кірпіштен, жартысы тақтайдан құрастырылған əлеміш-əлеміш қабырғалы дүңгіршекті көрді. Жамауы жалбыраған, қырық жылдық ескі дермантинмен қапталған ағаш есіктен жоғарыдағы маңдайшада «Шарапхана» деген жазу бар. Ерік мəселенің мəнісін енді толық түсінді. Мынау көз алдындағы өзі пір тұтқан адамы күрт құлдырап кеткендей. Тек онымен қайта көз түйістіргенде жанарындағы өзге белгілердің бəрі өшіп, шөліркегендік, өзінен көмек сұрағандық, дəметкендік сияқтылар ғана қалыпты. Ерік осы жасында-ақ «не көрмеген бейбақпын, бұл сыннан да өтіп көрейін» дегенге бекінді. Көп бала тапқан аурушаң шешесі Текелі қаласының базарына апарып сатқан жұмыртқадан түскен ақшаның бір бөлігін «жолыңа» деп, осы Еріктің қалтасына салған еді. Ақыры, соған екі стаканға толтыртып шарап ішкізсе де кексе журналист арқандаулы аттай байланып, шарапханадан кете қоймады. Ерік өзіне жарты стакан құйғызып, дəмін ғана татқан. Енді үшінші стақанға құйғызғанда Еріктің қалтасында автобуспен өз аулына қайтуға əрең-əрең жететін елу тиын ғана қалып еді. Бұлар жаңағы көше бойлаған көк теректердің саясымен енді кері жүрді. О, ғажап! Құдыс жаңа ғана қара жаяу еді, енді атқа мінгендей жалы күдірейіп шыға келді. Қара торы өңіне қызыл жалқын бояу араласып, көздері де Ерік күткендей білімпаз, ақыл айтуға құштар, қамқор адамның ықыласын жиып, мұның көкірегінде сығымдалған мұң-наланы тінткілей, тіпті реті келсе оны тарқатып жіберердей өткір қарайды. Қушық денесіне қуат дарығандай бір түрлі арқасы қозғанға ұқсап шыға келді. Енді сөз тізгінін ол іліп əкетті. Еріктің айтары таусылмаса да айтқызбай білетін қырағылығын бал-бұл жанған жүзі мен көздері арқылы шатынатып, жас əріптесіне қайтіп ауыз аштырмады: – Шырағым, əңгімені мен мынадан бастайын. Біраз көсілдің ғой, енді маған мұрсат бер. Иə, иə, мені қалай сөйлетем деп,
ындының құрып келе жатқанын өзім де сеземін. Əңгіме басы мынау болсын! Мұқият құлақ сал! Зерделі баласың, дұрыс ұғатыныңа күмəнім жоқ. Осыдан екі жыл бұрын, Талдықорған облысы таратылып, облыс орталығы Алматыға көшті емес пе? Сен келіп жүрдің, білесің, сол облыстық газетте небір сайдың тасындай журналистер қызмет етті емес пе? Өзіңе жақсы мəлім, өзіңнің алғашқы өлеңдеріңді газетке жариялап, жолыңды ашып берген ақын Тоқтар Көшеевтің бір өзі неге тұратын еді? Сөз маржанын тізген (бұл жерде Құдыс Əлікбаев Талдықорған өңірінен шыққан бірқатар журналистердің аты-жөндерін атады) қандай еді? Пай-пай, олар жазған көркем очерктер, репортаждар, фельетондар қазақ тілінің қаймағынан қалқығандай қалай дəмді шығушы еді? Бірде обкомның бірінші хатшысының өзі жаңағы мен атағандардың ішіндегі ең жасы үлкені Сапекеңді шақырып алып, «Əй, Сапеке-ай, сіз мына қалам сілтесіңізбен Сəбит, Ғабиттің қатарында жүретін адамсыз ғой» дегені бар. Сонда Сапекең де қарап қалмай, «Дұрыс айтасыз, біз партия мен үкіметке жан сала қызмет етеміз деп, басымыздағы көп ырзықтан көз жаздық қой, əйтпесе жемдеуі мен бабы келіссе бұл ағаңнан көпкөрім жазушы шығар еді» деп салды. Жаным Ерік, ұғуға жарасаң, Сапекеңнің осы ағынан жарылуының тасасында үлкен трагедия жатыр. Сол обкомның бірінші хатшысы облыс жабылғанда өзге түгіл Сапекеңе хош айтуға жарамады. Көшеде қаңғып қалған партия сарбаздарының тілін шығарып алармын деп қорыққаны ғой сығырдың. Сонымен облыс кетті, ал біз қазақ журналистері қалдық. Орыс журналистерінің мұрты да қисайған жоқ. Бəрі аудандық, қалалық газеттерге тарап жатты. Ал біз үшін ондай барар жер, басар тау жоқ. Өрісіміздің таусылғанын алғашқы күніақ топшыладық. Бухгалтериямен есеп айырысып, аздаған көмек соманы алдық та редакцияға, бұрынғы орындарымызға қайта жиналдық. Əлдебір күнəміз бардай бір-біріміздің бетімізге қарауға жоқпыз. Кенет Сапекеңнің талағы тарс айрылды: «Əй, балалар, əкеліңдерші ана көкала мойыннан» деп, үш-төрт қызыл қағазды ортамызға лақтырды. Басқамызға да керегі сол екен, тек жалғыз Сапекеңді шығындатып қоямыз ба, қызыл қағазды біз де суырдық. Ол күнгі молқолдығымызда шек жоқ еді, ақыры «особый мəскеускийдің» жиырма шақты шишасы инкубатордан шыққан балапандардай ортамызда жыпырлады. Ішкілік көп болғанмен «зəкөске» жағы мардымсыз, оған қиналғанымыз жоқ, əкеміз арақтан өлгендей ой, өңешке құйдық-ау! Екі-үш стақаннан соң
Сапекең тағы бір өнерді бастады. Отырған орнында маңдайын екі алақанына басып, солқылдап кеп жыласын! Қазақта біреу жыласа екіншінің басу айтатыны бар ғой, ал мына жерде ондай үрдіс қарасын да шалдырмады. Əрқайсымыз өз орындарымызға шөгіп, біз де жыладық. Енді қалай, Ерік жаным, Талдықорғанға бойымыз үйреніп, пəтер алып, орналасып қалмап па едік, енді бір-ақ күнде бəрімізді күресінге лақтырды. Сен сол кісілер қазір қайда деп сұрадың, тыңда, содан екі-үш айдан соң Сапекең арақтан уланып өлді, ақын ағаң Тоқтар өзің білесің Алматыда, ал басқалары ауданауданға, ауыл-ауылға тарап, тышқан аулап кетті ме, құдай ақына хабарым жоқ. Газетке орналасты дейтіндей бұл қазіргі Алматы облысының көлемінде қазақша аудандық газет дегенің некенсаяқ. Сен біздің газетке мейлі корректор, мейлі үй сыпырушы боп орналассам ба дейсің, мен қырықтағы білдей журналист, Ұлы Отан соғысының мүгедегі, кешегі облыстық газеттің тəжірибелі қызметкері осы Көксу аудандық газетінің корректорлығына əрең ілініп едім, енді мұнда да астымыздан су шығып жатыр. Мына газет те жабылмақшы. Қазір қазақ газеттерінің тиражы аз деген желеумен əлдебір білгіш ауданаралық газет дегенді ойлап тауыпты. Жаңа өзің əңгіменің басында айттың ғой, астанада республикалық газеттердің біріне бас сұққанымда тың өлкесінде қазақша бес облыстық газеттің бір-ақ күнде жабылып жатқанын естідім деп. Тек облыстық емес, мұндай індет қазақша аудандық газеттерді де жалмап жатыр. Ал орысша газеттердің мұрты ойылған жоқ. Жаңа өзің Алматыда республикалық газеттегі өзіңе көзтаныс журналист пен Оқу министрлігінің Кадр басқармасы бастығының өзіңді сөзбен шығарып салғандағы көздерінен бір ұқсастықты аңғардым дедің. Сенің əдеби талантыңа күмəн жоқ. Иə, екеуі де сені аяушылықпен ұзатып салған, олардағы ұқсастықтың түп-тамыры сонда жатыр, сен оны тап басып байқағансың. «Балықтың тілін бақа түсінеді». Олар да, сен де, мына мен де бір қылбұрауға түскесін шығарда жанымыз бір, біздер бір-бірімізді түсінбесек бізді кім түсінеді? Ал олар саған неге аяңкөстік жасайды, сен қазақ тілі мен əдебиетінің маманысың, сені қандай тар жол, тайғақ кешулердің күтетінін олар алақандағы жазудай көріп тұр. Иə, олар жоғарғы қызметтегі адамдар ретінде бүгінгі заманның бет алысын анық зерделегендер. Мен де қара жаяу емеспін, өз білгенімді сарқайын. Сонау Арқа жақта бес облыстың есебінен Тың өлкесі құрылғаны белгілі ғой. Ол неме керек еді? Астық шарушылығына бас-көздікті күшейту
үшін дейсің бе? Ай, Ерікжан-ай, қалайда шаласың-ау əлі, «қатын көп болса қазан қайнамайды» дейді қазақ, осы қазір мені ұстатып жіберсең де турасына көшейін, оларға керегі астық емес басқа. Қазіргі таңда «өндірістік бірлестіктер» деген тіркесті сонау «Правда» мен «Известиядан» бастап, бəрі жақтары талмай насихаттап жатыр. Ұққандарға ұқтырып, ұқпағандардың бастарының жарығын ашып шүмекпен құюда. Бұл ненің белгісі? Мына өңір астық шаруашылығына, мына өңір мақта өсіруге, мына өңір малға қолайлы деп, тек қазақтың емес, өзбектің де, қырғыздың да, тəжіктің де жерлерін сондай бірлестіктерге бөліпбөліп, пышақтап турап, республикааралық шекараларды жоқ қылып жібермекші. Тығындаулы бөшкедей ішімдегіні əрең сыйдырып жүр едім, тығынды өзің алдың, енді атқылауыма шыда! Ал республикааралық шекараны жою деген не, ол деген қазақ, өзбек, қырғыз, тəжік сияқтыларды ұлт ретінде жою деген сөз. Бұл, əсіресе, кешегі ашаршылықта оңбай қырылған, соғыста сан мың боздағынан айырылған, өз ұлтының тілі мен діліне паңсына қарайтын, қазақшаны əдейі бұзып, орысшаны шүлдірлеткенін сəн көретін, мансап жолында бəрін құрбандыққа шалуға əзір белсенділері тезекше ыбырсыған біздің қазақ үшін нағыз нəубеттің өзі. Айналайын, солай! Қарашы, өз сөзімнен өзім қызып, жүгені сыпырылған асаудай кетіп барамын! Бірақ сен сəл шыдай тұр! Иə, дұрыс, құлағыңның құрышы əлі қанбай жатыр. Қандай да шағын ұлт «мен бəрінен де зормын» деп кеуде қақса ол оның соры. Қазақ өз кемшілігін өзі көре білуі шарт. «Ауруын жасырған өледі» деген нақыл неге мирас? Қазақтың ең басты жетіспеушілігі ұлтым үшін жан пида дейтіндердің аздығы. «Білемін енді өзімдей ұл тумасын» деп, баяғының Кемпірбай ақыны зарлағанда осыны көре білген-ау, шамасы. Жарайды. Ауызды құр шөппен сүрте бермейік, жақсы ұлдар болған. Қырық бесінші жылы соғыстан келіп, университетке оқуға түскенімде бір шал мұғалім оңашада Қостанай облысын Ресейдің құрамына қосқалы жатқанда Ахмет Байтұрсыновтың Мемлекеттік думада арнайы сөз сөйлеп алып қалғанын, Мұхтар Əуезовтің де Өскемен, Семей өңірлері үшін құрақ ұшып, ара түскенін тілдің майын тамыза жырлап еді. Ал ол деген Ахмет Байтұрсыновтың атын атағандардың қамауға алынып жатқан кезі. Ал қазір сол Байтұрсыновтай, осы биыл ғана арамыздан кеткен Əуезовтей адамдар тіпті таусылды ма деймін. Неге бес облыстық қазақ газеті бірден жабылғанда «шəй» дейтін біреуі табылмай тұр? Азар болса
тағымнан таярмын, бес-он жыл түрменің дəмін татармын, есесіне қазағыма қарлығаштың қанатымен су сепкендей бір серпіліс берермін деп, тəуекелге басатындар қайда? Жүзіңнің алабұртуынан байқаймын, «өзіңіз не тандырдыңыз» дейсің ғой. Тыңда ендеше, мен кішкентай адаммын, соғыс мүгедегімін, сөзім жоғарыға жетпейді, соңғы таянышым – мына аудандық газет жабылғасын бала-шағамды қайда апарып асыраймын деп басым əңкі-тəңкі, осы əңгімеге өзің əперген үш стақан шараптың күшімен ғана жарап тұрмын. Бірдеме десек қазақ оқырманы аз деп, өз бетіңе күйе жаққандай қылыққа барады. Апырау, қазақ оқырманы қалай көбейеді, жұрт жапа тармағай балаларын орысша мектептерге беріп жатыр. Əрине, ауыл-ауылдағы шаруа адамдар жаңағы «өндірістік бірлестіктер», «республикааралық шекаралар жойылады» дейтіндерді əлі естімеген де шығар, бірақ бəрібір заманның солай ауан алғанын жон терісімен сезіп отыр. Оның үстіне оқыған білгішсымақтар, мансапқорлар сондай тұздықты үсті-үстіне құйып жатса қалай сезбейді? Жалғыз заман ауаны емес, көп бəле қазақ белсенділерінде жатыр. Қазір қазағым деп аһ ұрғанда аузынан жалын ататындар жоқ, оларды қуыс кеуде, кеуек бас, жұрт көзінше «лениндік ұлт саясаты» хақында топан сөзді боратып, тая бере «бастықтар не айтадыға» көшіп, солардың ажарынан істің бет алысын аңдап, əліптің артын бағатындар тықсырды. Олардың көкейін тесетіні қара басыма не пайда, не олжа табам дегендік. Қазағым деп, соның мүддесі үшін саусақ ұшын қимылдатайыншы дейтіндерді емге таппайсың. Емге табылса жаңағы бес облыстық газет, көптеген аудандық газет жабылғанда қайда қалды? Қарағым Ерік, болашағың алда, жас баласың, жаныңа батса да мынаны ұқ, облыстық, аудандық газеттердің жабылуы, тіпті кейбір республикалық басылымдардың шет-пұшпағының қырқылуы – ол деген қазақ тілінің тамырының қиылуы! Ондай жағдайда қазақтарды балаңды орыс мектебіне оқуға бер деп, үгіттеудің қажеті жоқ, өздері-ақ сөйтеді. Сөйтіп те жатыр. Бұл деген қазақты ұлт ретінде жоюдың тіптен пəрменді шарасы. Сөйтіп, бəрі қосылып, өз дегенін жасауда. Сен қазақ белсенділеріне топырақ шашқандай сөздерімді жақтырмаған сыңайлысың. Мұны ашыңқырайын, біле білсең бұл ағаң көп нəрсені біледі. Жаңа осыдан екі ай бұрын ғана дүние салған Мұхтар Əуезовті атадым ғой. А солай ма? Ол кезде Алматыда болған соң сен де топырақ салысқан екенсің ғой. Өте дұрыс! Міне, сол Мұхтар Əуезов айдай əлемге атағы жайыла тұра өзінің
бір повесін дұрыстап жарыққа шығара алмай кетті. Жиырмасыншы жылдардың соңында бір мəрте ғана латын əрпімен басылған екен, аты «Қилы заман». Міне, мен соны кезінде Академияның Орталық кітапханасында латыншадан оқып шықтым. Қайран Мұхаң-ай, саған жан жетпейді ғой, мен əдебиетпен шұғылданған емеспін, таза журналиспін ғой, сонда да Мұхаңның өлгенін естігенде жетім қалғандай күй кештім. Таза тақыр жетім қалғандаймын! Міне, сол повесінде Əуезов 1916 жылғы əпселеңде қазақ оқығандарының, тілмаштарының бет-бейнелерін, іс-əрекеттерін жеріне жеткізе суреттейді-ау! Əлі күнге ұмытқам жоқ. Мұхаң суреттеген сол белсенділерді ойласам сидиған сабау аяқты, көйлектерінің етектері делбеңдеген жезөкшелерді көргендей боламын! Болды, жаным, болды! Мені тілімнен тарта берме! Іштегі запыран əлі сарқылған жоқ, сонда да тоқтадым, зорлық жүрмейді, зорлық жүрмейді, тоқтадым, тоқтадым! Өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр, Сырымды тоқтатайын айта бермей! Оу, о-о-оу, о-о-оу! * Сол жылдың 1-қыркүйегінде Ерік Тінəлиев Текелі қаласындағы №6 орта мектепте мұғалімдік жұмысқа кірісті. Текелі мен мұның туған аулы Қараталды осы аттас өзен бөліп тұратын. Мұның үйі мен жұмыс орнының екі арасы жаяуға бір сағаттық жол. Екі күннің бірінде кешкілік жиналыс. Не əртүрлі педагогикалықмəдени шара өткізілетін мектеп жағдайында бұл үлкен қиындық еді. Көбіне түн жамылып, бір елді мекеннен шығып, арқырап аққан тау өзенінің үстіндегі солқылдақ көпірден өтіп, екінші елді мекенге жетеді. Мектептегі алғашқы күндерде-ақ орыс мұғалімдер (бұл қалада қазақ мұғалімдер емге табылмайтын) небəрі жиырма жасар өрімдей жас жігіттің сонау Қаратал ауылынан жаяу қатынап жұмыс істемек екенін білгенде көздері шарасынан шықты. Бұл жай таңырқау емес, көздерін шарасынан шығарған болып, сəтті пайдаланып, бұл неғылған қаңғыбас, аты-заты кім, немен қоректенеді, немен тыныс алады деген сұрауларына жауап алмаққа ындыны құрығандық екені де аңғарылатын. Кейде сондай қарас жанына түрпідей тигенмен де Еріктің сыр бермеуге бекінбеске амалы жоқ еді. Жаңа оқу жылының басталуы ұстаздар қауымы мен оқушыларға мейрам күндеріндей мəре-сəрелі келеді. Үш айлық
үзілістен соң қауышудың өзі, балалардың бір сыныптан екінші сыныпқа өтіп, жаңа баспалдаққа көтерілуі, мұғалімдердегі ауыскүйіс, жаңа сабақ кестесіне бейімделу, тағысын тағылар тосын жаңалықтардай əсер етеді. Ең бастысы бəріндегі тазалық, жаңа форма, жаңа портфель, жаңа оқулық, жаңа үміт онсыз да алыпұшпа көңілге май құяды. Бұл өзі аса үлкен мектеп еді. Бір ғана бесінші сыныптың өзі «а», «б», «в», «д», «е» деп бөлініп, бес сыныптан тұратын. Ал бірінші-төртіншіні құрайтын бастауыш сыныптардың əрқайсысының саны алтауға, тіпті жетеуге жетіп жығылады. Əрқайсысында қырықтан астам сары үрпектер дəріс алатын мұншалықты сыныптардың басын біріктірген бұл онжылдық былтыр ғана осындай оқу орнының түлегі атанған Еріктің өзіне жеке патшалықтай көрінді. Елдің ең шығыс қиырындағы Жоңғар Алатауының көп сілемдерінің бір қуысына сұғына біткен, соғыс кезінде қорғасын-мырыш комбинатымен даңқы шыққан бұл Текелі қаласында жеке-дара бастауыш мектептерді қоспағанда тап осындай он үш онжылдық бар екен. Зерделі Ерік Тінəлиев алғашқы күндерде-ақ бұл жағын мықтап кəперге алды. Өзінің туған ауылы, негізінде орыстар қоныстанған Қараталда қазақ сыныптары төртіншіден əріге аспады. Ал Ерік қалғанын қазағы баршылық көрші ұжымдардың орталығында кім көрінгеннің үйінде пəтерде тұрып, өлдім-талдым дегенде əрең тамамдады. Жартысына жуығы қазақ сыныптарынан тұратын сол мектептің өзін Ерік үлкенге балайтын. Байқаса ол мынаның қасында көңілге демеу етерлік қана жартымсыз бірдеңе екен. Енді қалай? Мұнда əлдебір жиын, не мерекелік шара үстінде мектеп ауласында, не ішкі кең сарай спорт залында орыс балалары мен қыздары су жағасындағы күзгі сап-сары қамыстай жапырылады. Ерік мұндай көпшілікті тіпті Алматыдағы бір жылдық студенттік өмірінде де көрмепті. Директоры да сондайға сай неме екен, əсіресе, ауладағы жиналыста саңқылдап сөйлегенде əлгі сап-сары қамысқа ұқсағанның үстінде аппақ шар тəрізді бірдемелер бір-біріне соқтығысып, ұшып-қонып жүргендей əсер етеді. Кейде директор өз даусымен осынау көптің төбесінде айшықты сурет салып, бəрінің назарын солай қарай үздіктіріп қоятындай. Қыздардың ақ бантик, ақ фартуктері, балалардың қоңырқай түсті арнайы форма-костюмі, əрі көпшілігіндегі айқасқан қызыл гүл талшығындай галстук, жирен, қызғылтқоңырқай шаштары директор даусының əлдебір ырғаққа келетіндей тұстарында қозғалысын жиілетіп, биге басатындай.
Бұл ұжымда, əрине, ең алдымен Еріктің көзін тартқаны осы мектеп директоры Алексей Никитыч Кузьмин еді. Қырықтың мол ішіндегі, тұла бойы оқтау жұтқандай тік жаратылған, кірпіше тікірейген ақ аралас сұрғылт шашы, қас-қабағы, күлгін сия түстес көздері, арық та емес, семіз де емес бет-əлпеті қашан да қайрат-жігерге толы. Мұғалімдер бөлмесіне кіргенде, не ұзыннан-ұзақ дəліздермен жымын білдірмес, жылан жүріспен ары-бері қозғалғанда күлгін сия түстес көздерінің тінткілемейтін пұшпағы жоқ, шашылған қағаз, басқа да бір ұсақ-түйектен бастап, мұғалімдердің, не оқушылардың бүгінгі көңіл-күйіне дейін тап басып байқайтын қырағылығы ересен. Сөздері де сондай, шашау, одағай біреуі жоқ, бəрі де орын-орындарын тауып, рет-ретімен қаланып жатқан тастай сыңғырап, тым жарасымды төгіледі. Тіпті одан оқушылар ғана емес, өздері де сондай сөз десе аттай желетіні бар мұғалімдер де лəззат алатынға ұқсайды. Олардың да ынтаықыласы, бірдеме ұқсам деген талпынысы сол оқушылардікінен кем емес. Ерікті тағы бір таңқалдырғаны осындай жиналыстардың бірінен соң Алексей Никитыч терісін ауыстырған түлкідей құбылып сала берді. Жиналыстың соңы ойын-сауыққа ұласып еді. Директор іштегі өз кабинетіне жып беріп кірді де аккордеон көтеріп шықты. Ендігісінен Еріктің көзі тіпті атыздай болды. Тікесінен тік тұрған күйі аккордеонды құлаштай созып, орыстың буыныңды балқытар ескілікті əуенін сызылтқанда өзіңдегі екі аяқ сенің ырқыңнан шығып, жаратылысы бөлек жан иесіндей биге қосылғысы келеді. Оны тежеу үшін де біраз күш-қауқар керек екен. Ерік тап қазір осындай күй кешті. Задында бұл бозбала жігіт би өнерінен мүлдем мақұрым қалғандардың бірі еді. Себебі, бес жасында оң тізесі ауруға шылдығып, ел ішіндегі емшілер емдегенмен үшінші, алтыншы сыныптарда екі мəрте қайталап, біраз əлсіз боп біткен. Екі мəрте бір сыныпта екінші жылға қалып, мектепті былтыр ғана, он тоғыз жасында бітіруі содан. Сосын да бұл өзі оқыған мектепте би үйірмелерінен оқ бойы аулақ жүретін. Сөйте тұра мына қаладағы орыс мектебінің директоры ойнаған аккордеон кəдімгі көмекейінен үн аңыратқан адамша екіленіп, Еріктің сол кемшілігінің орнын толтырмаққа «кəне, кəне, кеудеңде шыбын жаның болса кел, кел» деп биге шақырғандай. Аккордеон ғана емес, көз алдындағы көрініс те тап сонымен мұншама үндес шығар ма? Мектептің ине шаншарға жер жоқ кең ауласында иін тірескен ығы-жығы балалар дала төсінде қалың өскен гүлге құйын тиген сəттегідей ой мың бұралсын келіп!
Орыс балалары мен қыздарының музыкаға мұншама əсерленгіш екенін Ерік бұл өмірінде бірінші рет көргендіктен де шығар, таңырқауына таңырқау қосылып, өз бойындағы бір жылы ағын мен жігердің ноқтасын сыпырмаққа аңсары ауды. Өмірі билеп көрмесе де сол өнердің мынау қайнаған қазанына күмп беруге шақ тұрды. Тек өзінің ендігі жерде оқушы емес, осы ұжымға мұғалім ретінде жаңа ғана табалдырық аттағанын сезінуі ғана бұл сыңайын мықтап ауыздықтады. Мектеп ауласындағы тап қазіргі қозғалыс жай емес, Еріктің ойынша бұл ұлы мерекелерде ғана ұйымдастырылатын үлкен шаралардың бір бөлшегіндей. Биге көпшілігі əйелдерден тұратын мұғалімдер де шет-пұшпақтап кірісті. Бұлар да сəнді киінген, əсіресе, еріндері шиқандай қызыл, күн, жел тимеген аппақ өңдерінде жасаңдық бар, шаштары төбелеріне соншама білгірлікпен түйілген əйел мұғалімдер мынау көріністің көркіне көрік қосты. Теңізге тасталған ағаш жаңқалары алғашқыда жағалауға таяу қалықтап, бара-бара алыс қойнауға қарай ығысады ғой. Бұлар да сөйтіп, бірте-бірте нағыз қалыңның ортасына сіңіп бара жатты. Директор аккордеонды бара-бара тіпті қызына құйқылжытты. Бойы қоса тербеліп, тұрған орнында өзі де биге басқандай бүгіліпжазылып, кірпіше тікірейген шашты басын аямай бұлғаңдатады. Былтыр ғана мектеп бітірген, бір жылдық студенттік өмірде қалтасының жұтаңдығынан көп ешнəрсені көріп үлгермеген Еріктің мұндайлыққа көзі үйренбеген екен. Сəл қиял соңында кетіп, өзі оқыған мектептің директорын елестетіп, мына директормен салыстырып еді, о ғажап, екеуінен иненің жасуындай да ұқсастық тапсашы. Екеуі екі полюстің тумаларындай бірбіріне мүлдем кереғар жандар. Бұл бітірген мектептің директоры ұлты қазақ, алпысты алқымдаған, күнге шығылысқандай аппақ кителді етженділеу кеудесінде салиқалылық тұнған, сонымен егіздің сыңарындай ескілікті сырқаттың демікпесі де білінетін. Сонда да барша дүниеге жел қақпаған жалпақ маңдай терісін керіп, сəл шалқая қарайды. Қайда қараса да бүгінгі талапқа сай емес артық-ауыс нақыштар көз алдында от боп жанғандай бетін ала қашқысы келіп тұратын түрі болушы еді. Ол директор мына директордың бұлайша жеңілтектік жасап, аккордеон ұстаған түрін көрсе онсыз да оқтын-оқтын соғып кетіп тұратын талма ауруы біржола алып ұрар ма еді? Осындай елестер, салыстырулар бұл сабақ беруге кіріскен күндерде тек директор ғана емес, өзге
мұғалімдер жөнінде де алдын кес-кестеп, алғашқы əсерлердің жүгін ауырлата түсті. Міне, орыс директор бір əуенді тауысып, енді басқасына басты. Кең ауладағы иін тірескен балалар, мұғалімдер бұған дейін мықтап репетициядан өткендей-ақ сол жаңа əуеннің ырғағына кілт көшіп, мүлде басқаша серпіліс, қимыл арқылы басқа бір өмір қарбаласын айшықтады. «Шебер, мыналар шебер, сахнадағы буынсыз бишілерден бір былай емес» деген сөздерді Ерік іштей қайталай берді. «Өзімнен өнері асқан мыналарға мен қалай дəріс оқымақпын» деген қауіп те тұла бойын мұздатқанға ұқсайды. Тек бəрінің жүзіндегі əдемі күлкі, жайма-шуақ рең ғана өздеріне қарай баурап, жылылық беріп, ешкімді жатсынбас пиғыл, райларын көл-көсір етеді. Ерік те содан жігер тапқандай. Директор осылай бірнеше əуеннің басын қайырған. Кенет тағы бір тың əуенді сыңқылдатқанда өзгелердің əсеріндей емес, мынау біршама жайсыз тигендей мұның іштегі қыл өзегін аямай тартып қалды. Соны бүкіл ауладағы қалың бишілер тобы бірден сезгендей бəрінің Ерікке жалт қарамасы бар ма? Ерік мектептің шығар есігінің алдындағы баспалдақта, аккордеон ойнаған директордан сəл аулағырақ оқшау тұрған. Баспалдақта бұлардан басқа ешкім жоқ, бəрі теңіздей толқыған көпшіліктің құшағында. Ерік өзінің оқшау ебедейсіз тұрысының сөлекеттігін енді ғана байыптап, бұдан шығар жолды жалма-жан қарастыра бастаған. «Əрі, мынау не əуен» деген сауал да алқымынан алып еді. Еріктің хал-жайын басқалардан гөрі директор жақсы ұғынған екен. Бұл да аккордеонды екпіндете ойнаған күйі Ерікке көз салғыштап еді, оның əрі-сəрі күйін танып, ондай халден тез арылту үшін «Ағажан Лəтипа» деп, аккордеонға қосылып əндетіп берді. Сонда ғана, «апырау, мынау қазақтың əні ғой» деген ой басын дың еткізді. Бұл кең ауладағы көпшіліктің өзіне қарасының мəнін енді ғана ұқты. Бəрі де бидің көкесін мына арамызға жаңа келген қазақтың өрімдей жап-жас жігіті көрсетер деген үмітпен қарайтындай. Əсіресе, тоғызыншы, оныншы кластарға аяқ басқан, бойжеткен, қырдың алқызыл гүлдеріндей пісіп, жетілген қыздардың көздері жалт-жұлт еткенде Ерік шынында кірерге жердің жарығын іздеді. Директор осы «Ағажан Лəтипа» атты ескілікті қазақ əнінің мəтінін бастан-аяқ біледі екен. Еш жерінен үзген жоқ, түгел айтып шықты. Əрине, бір көзі үнемі Ерікте болды. Мынау қалың көпшілік те солай. Өзге əндерге қарағанда мынаның
ырғағы жиі, əрі ересен бастырмалатып əкететін тұстары көп. Мектеп ауласындағы асфальтті алаңға тарс-тұрс тиген табандар, бойжеткен сұлу қыздар мен басқалардың сондай екпінді би үстіндегі əуелгі бағыттан таймаған назары бірте-бірте Ерікті алып жейтін тажалға айналып бара жатты. Арасында «мынау директор шынында ғажайып адам екен, басқалары да соған сай, бұлардың арасына адасып мен қалай тап болғанмын» деген сауал да Еріктің басын айналдырып əкетті. Ол сауалдың жауабын бұл тез тапты. Баршасының бұған ауған оттан ыстық ынта-ықыласы да сол жауаппен төркіндес. Бұл мектепке Ерік қазақ тілі пəнінің оқытушысы болып орналасқан. Енді мына қазақ əні асқақтағанда «кəне, сен қазақ екеніңді көрсетші, біз сенен осы жөнінде де тəлім алайық» деп, баршасының бұған сондай үмітпен жалт етіскені істің осындайлығынан еді. Бірақ Ерік бұл сынаққа əзір емес екен. * Еріктің бұл ортаға тап болуының да өзіндік алғышарты бар. Əрқайсысы оннан астам ірі-ірі шаруашылықтардың басын құрайтын екі-үш ауданды тінткілеп, түк таппай қайтқан Ерік осы өз туған ауылымен іргелес Текелі қаласынан жұмыс іздегенде де осы жаздағы сапарнамасының біразын қайта бастан кешкендей еді. Мұның өзі бөлек хикая. Мұнда да жұмыссыздық, мұнда да «реорганизация» деп, аузын қу шөппен сүрткендер. Тіпті қалалық жердегі жұмыссыздықтың сұрқы тіптен бөлек, жан шошытарлық белгілері болатынын да осы жолы түйсінді. Алғаш бетте «горком», «горисполком» атаулары бар екі ең шоқтықты мекемелер сығылыса орналасқан үш қабат үйдің алдында, қызылжасылды гүл шоқтары, ақ балтырлы қайыңдар, тау шыршалары безендірген əсем аулада түстері түндей түнерген, қабақтарында қорғасындай ауырлық бар, жұмыс киімді адамдардың отырғанын көрді. Бірақ олардың ол отырысына Ерік пəлендей мəн берген жоқ. Қалалық халық ағарту бөлімі де осы үйде, əрине, қазақ мектебін бітірген Ерікке орыс мектебінде сабақ беру қиындау, тек пионер жетекшісі, кітапханашы, лаборант сияқты бірдемелер табылып қалар деген үміт жетелеп əкелген. Ана жылдары аяғы ауырып жатып қалғанда көрші ұжымшардағы оқудан амалсыз қол үзіп, өз аулындағы орыс мектебіне біраз барып жүріп, аздап орысшаға тіл сындарған. Əрі орысша кітаптарды да көбірек
оқып, ол білігін жетілдіре түскен. Міне, соның пайдасын енді көрмек. Мына үйге екі-үш мəрте қатынап, қалалық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі Рыжов дегенмен əрең жүздесе алды. Бұл екі көзінің айналасына мəз-майрам күлкі табы үйірілген, сапсары бұйра шашты, тым биязы адам екен, «бізде мұғалімдер жетіспейді, Алматы облыстық халық ағарту бөлімінен қосымша мұғалімдер сұрап кеше ғана келдім, əсіресе, орыс тілі, шет тілі, математика, дене шынықтыру мамандарына зəруміз. Сіздің мамандығыңыз оларға келмейді, бізде мұғалімдік жұмысты ауырсынған соғыс, еңбек мүгедектері көп, кітапханашы, лаборант сияқты жеңіл-желпіні соларға тауып бере алмай жатырмыз» деп, бүкпесіз сөйледі. Бірақ Ерік бұл маңнан бірден кетпеді. Себебі, жұмыс іздегендер мұнда ат-көпір екен. Солар бірдеменің исін сезеді ғой деген ой матап-байлады. Өстіп айналшақтап жүріп Еріктің бір білгені бұл қалада шахтадан басқа барлық жұмысқа қабылдау тоқтатылыпты. Құрылыс объектілері жабылған, көп мекемелерде аяусыз қысқартулар өткен, олар əлі жалғасуда екен. Мəселенің ушыққаны соншалық қалалық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары ертеден қара кешке дейін тек сол жұмыс іздегендерді қабылдайды. Ілуде-шалуда біреуін болмаса ешқайсысын жарылқап жатқан ол жоқ, өтініш жаздырып алып, «сəл шыдай тұр, қазіргі заман осылай, көрерміз» деген сөздермен жұбатып, маңдайдан сыйпағансып, жуасытып қана жібереді. Мұны сол үшін ғана отырғызып қойған сыңайлы. Аулада жайғасқан, қабақтарынан қар жауғандай жұмыссыздардың сабырсуын басу үшін ғана қала басшылығының ойлап тапқан айласы, шамасы. Өткен жылдардың бірінде осы Текелі қорғасын-мырыш комбинатына қарасты шахталардың бірінде жарылыс болыпты. Сондай бір жарылыс мына жұмыссыздардың да ортасында, көкірек қуыстарында гүрс етпесін деп, сақтықты ойлағаны ғой. Ол төраға орынбасарының қабылдауынан Ерік те өтті, сондағы түйген ойы осындай. Сондай күндердің бірінде қалалық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі Рыжов Ерікті өзі іздеп тапты: – Сен, жігіт, қазақ тілін жетік білесің бе? – Апырау, мен қазақ тілі мен əдебиетінің маманымын ғой! – деп, Ерік «сынақ кітапшасын» табанда суырды. – Онда былай! Бізге қазақ тілін үйрететін мұғалім керек. Бірақ ол өзгелердей міндетті түрде оқытылатын пəн емес, оқушылардың еркі, олардың ата-аналарының келісімі бойынша
ғана факультативті сабақ ретінде жүргізіледі. Сабақ кестесіне де кірмейді, түске дейінгі, түстен кейінгі кезек аралығында немесе балалардың негізгі оқудан қолдары бос кезінде ғана өткізіледі. Əр сыныптардан қазақ тілін үйренуге тілек білдіргендердің есебінен кем дегенде он баладан тұратын топтар құрылып, бөлек сабақ кестесі жасалады. Сол бойынша жұмыс істейсің. Оқулықтар дүкендерде бар. Бұл айтуға оңай, тек сен сияқты педагогикалық тəжірибесі жоқ адам үшін ауырлық жасауы əбден заңды. Егер тəуекел десең... Ала жаздай бір қарманар тал таппай сенделген Ерікке кергу қайда? Рыжов оны №6 орта мектепке жіберді. Мына мектеп директоры Алексей Никитыч Кузьмин кірпіше тікірейген шашты басын төмен салып, көңілсіз қарсы алды. Еріктің сөздерін жауапсыз қалдырып, біраз салғыртты. Əлден уақытта ғана: – Бұл сен сияқты аузында ана сүті кеппегеннің алып кете қоятын шаруасы емес. Өзіңді де, өзгені де əурешілікке ұшыратып, артық сөз, дау-дамайға белшеңнен батуың мүмкін. Кейбір мектептерде осылай қазақ тілін енгізгенде ата-аналардың бұрқ көтеріле жаздағаны бар. Əрине, пəленбай жыл педагогикалық өтілі бар жасамыс мұғалім келсе əңгіме басқа. Ал сен сияқтыларға басқа еш жерден ештеме таппаған күнде ғана мұндайлыққа бел бууға болады, – деп, Ерікті келген ізімен кері қайтарудың əрекетін жасады. «Басқа жерден жұмыс тапсам сенің қараңды көрер ме едім» деген кекесінді сөздер Еріктің тамағына кептелді-ақ, бірақ ондайды тістің арасынан шығару қайда? Бұл біраз табандылық көрсетті. Ақыры директор: – Жарайды, мен Рыжовпен телефон арқылы емес, барып ауызба-ауыз тілдесейін, – дегенді айтты. Бір ғажабы Кузьмин қалалық ағарту бөлімінің меңгерушісінен кілт өзгеріп қайтты. Байқаса бұл əуелгідей емес, өте елгезек, ашық-жарқын адам екен. Ерікті кəдімгідей қолпаштағансып, «Ерик Тиналиевич» деп атап, ұжымға уыздай жас маманның қосылғанын мақтан еткенге ұқсатып, өзге мұғалімдерге таныстыра бастады. Оқу жылы басталғаннан кейінгі алғашқы екі аптада осы директордың тапсыруымен əрбір сынып жетекшісі өз сыныбындағы қазақ тілінен дəріс алғысы келетіндердің тізімін жасап, Ерікке берумен болды. Кей сыныптардан 10-15 бала, кейінен 2-3-тен ғана жазылыпты. Солардың басын құрап, оқу бөлімінің меңгерушісімен келісе отырып, балалардың қолдары бос кезіне ыңғайлап, сабақ кестесі жасалды. Сөйтіп, бұл Ерік орыс
балаларына қазақ тілін үйрете бастады. Тау қуысына ұзыннанұзақ созыла біткен Текелі қаласының бұл «Станция» деген өзінше атауы бар ең батыс бөлігі еді. Еріктің туған ауылы Қараталға ең жақын тұсы да осы. Бұл «Станцияда» № 6 мектептен басқа үлкен бір бастауыш мектеп жəне де мектеп-интернат бар еді. Еріктің «құзырына» олар да кіретін, бірақ олардағы еріктілер саны екіүштен ғана топ құруға жарады, сосын да мұның негізгі жұмысы осы № 6-мектепте еді. Алғашқы күндердегі дəріс беру ісі Ерікке қиынға соққан жоқ. Орыс мектебіндегі қазақ тілі пəніне арналған оқулықтағы рет бойынша жұмыс істеуге кірісті. Кірген-шыққанда «сəлеметсіздер ме», «келесі кездескенше» деген сияқтыларды қазақша айтып, бірте-бірте «тақтаға шық», «қолыңды көтеріп рұқсат ал», «орныңнан тұр», «қазақша жауап бер», «жақсы», «өте жақсы», «қанағаттанарлық», «қанағаттанарлық емес», «тыныш отыр», «сабаққа зейін сал», «кітап», «дəптер» дегендермен толықтырды. Алғашқыда мұның бəрі балаларға ұнағандай да еді. Араларында бір айтқаннан қағып алатындар да бар екен. Олар Ерікке əжептəуір жеңілдік əкелді. Бұл оқытатын балалардың жас алшақтығы да біраз бар еді. Себебі, мұндай «еріктілер» 2-8 сыныптар аралығында іріктелген. Бастауыш сыныптардағы балалар көбіне бір тоға, тіл үйренуге ынта қойғыш, олардан жоғарыдағылар, əсіресе, 8-сыныптағылар, араларында бойжетіп қалған қыздары баршылық, тілден гөрі мынау ұлты бөлек жап-жас мұғалімнің өз басын таңсық көріп, топқа жазылған сияқты. Ерік алғашқыда ештемені байқамағансыды. Жұмысқа жан-тəнімен мойынсынды-ақ. Оған директордың да көптен-көп ықпалы тиді. Біраз сабақтардың басында, ортан белінде кіріп келіп, Қазақстан жағдайында қазақ тілін үйренудің қандай маңызы барлығын балаларға тəптіштеп түсіндіріп кетеді. Бір қызығы бұл ара-арасында қазақша да сөйлейді. Бұған балалар түгілі Еріктің өзі де оқшырая қараған. Бірде осындағы мұғалімдердің ең көнесі, зейнеткерлікке шыққанымен жұмыстан қол үзбеген, неміс тілі пəнінің мұғалімі, кепкен үйеңкідей денесі бар, арық əжімді жүзінде мейірім мол Лотте Романовна: – Бұл, Кузьмин, əрине, қазақшаға судай. Қазақтардың арасында балықша шоршып ойнаған кездері болған ғой, – деп салды. Осылай деп, бəрінің төбесінен қойып қалды да «ол туралы əлі де талай нəрсе менің тілімнің ұшында» дегендей көмескі сəулелі қысыңқы көздерінен сəл-пəл ұшқын шашыратты. Бұл
мұғалімдер бөлмесіндегі əңгіме еді. Аз-кем уақыттан соң ғана «менің тілімнен шыққанды ана директордың құлағына жеткізетін, маған жұлдызы қарсы жампоздар жоқ па еді» дегендей еркек, əйелі аралас мұғалімдерді секемшіл раймен бір-бір адақтап шықты. Ерік мұнысын кəріліктің алғашқы тұяқ серпісі сияқты бірдемесіне балады. Бұдан соң сəл үнсіздік орын алып еді. Тек Лотте Романовна қайта тықыршыды: – Бұл Алексей Никитычтың ағаштан түйін түйетін де өнері бар. Əнші, биші, аккордеоншы, бильярдшы, анекдотшы, аңшы, саясатшы, тағысын тағылар... – дегенді қосты. Бұл неміс əйелінің директорға қатысты алғашқы қағытпасын жуып-шайғандағысы ма, жоқ, шындығы солай болғасын ағынан жарылғаны ма, ол жағын Ерік ажыратпады. Ал басқалар тілдерін тістеп бақты. Тек кəрі ұстаздың «саясатшы» деген сөзі тұсында ғана баршасының қас-қабақтарында бір сілкініс байқалды. Бұл сөз оң мағынасында ма, жоқ, теріс мағнасында ма? Егер теріс мағынасында болса бұл сөз майға сұққан қасықтай жылпостыққа меңзейді. Ал Еріктің өз басы Лотте Романовнаның сөзіне имандай сенді, сосын да ондағы кекесінді аңғармауға тырысты. Енді қалай, мектеп директорының басындағы біраз өнердің шетпұшпағын өзі де көріп үлгерді ғой. Тастан қашалған діңгектей тіптік, салмақты бітім-болмысы, көзге əрең шалынатын шатыраш өрнекті сұп-сұр пиджак пен көбіне басқа түсті шалбары, кірпіше тікірейген ақ аралас қысқа шашы, қас-қабағы, нық-нық аяқ басысы, қайда бұрылса да көргенінен көзақы алардай, немесе, іштегі бір қимасыңды суырып əкетердей тесілуі, оған сегіз қырлы, бір сырлы қалпын, тоқсан тарау өнерін қос, осылардың бəрі бұл адамның жаратылысын əр қырынан сырлап, бояп, Еріктің көз алдында асқан əлеуетті жанның мүсінін сомдайды. Кейде директор мектеп үйінің ұзыннан-ұзақ дəлізінде жалғыз келе жатып, не оқушылардың, мұғалімдердің ортасында əлдебір шаруамен ары-бері жүйткісе Ерік əлденеден қалың жынысты орманда құлағын жымита жылыстаған жолбарысты елестетеді. Сөйте тұра ол өз-өзінен мəз-майрам болып, күле сөйлеп, балаша елгезектенсе мүлдем басқа қырынан аунап түскендей көрінеді. Міне, ол Ерікті жұмысқа осы соңғы қырымен жұмылдырды: – Сенің жұмысыңдағы ең басты көрсеткіш қазақ тілін оқуға тілек білдірген балалардың сабаққа неғұрлым толық қатысуын қамтамасыз ету! – дегенді ол бірде Ерікке қадап айтты. – Ол үшін балалардың қызығушылығын тудыра білуің шарт. Əр
сабаққа мұқият дайындалып, əртүрлі тың əдістерді ойлап табудан жалықпа! Сен ұстаз ретінде алғаш табалдырық аттадың. Демек үйрету, əрі үйрену саған қос сыбағаша тартылды. Қолың боста тəжірибелі мұғалімдердің сабағына қатысуыңа рұқсат. Анау орыс тілінің мұғалімі Нина Николаевна, тарихшы Денис Антонович, математик Борис Устинович, дене шынықтыру мұғалімі Михаил Ефимович, неміс тілін оқытатын Отто Филиппович шетінен тіс қаққандар. Оларға мен де айтып қоярмын, солардан тəлім алсаң сен үшін мол ырзық. Ал ана Лотте Романовнаға жуыма, ол өзінөзі əбден сарыққан адам ғой, əрі сөзі көп, жасын сыйлағасын ғана арамызда ұстап жүрміз. Ал мына оқу ісінің меңгерушісін өзім де білмеймін, жаңа келген адам. Еріктің, əрине, алғашқы апталарда бар ынтасы жұмыста болды. Əр сабаққа жақсы дайындалады-ақ. Тек мұның ескермеген, əрі директордың да ескертпеген бір нəрсесі бар екен. Ол 7-8сыныптардағы қыздардың тəртібі еді. Бұл Ерік оқыған қазақ мектебінде бар пəле ер балалардан шығып жататын. Ана бала мына қызды ренжітіп қойыпты, ал мына бала ана қызды жылатып қойыпты, бірдемесін тартып алыпты деген сияқтыларға құлағы үйренгелі қашан? Қыздардың үнемі ер балаларға шағынуы да дəстүрге айналған. Ал мына орыс мектебінде бəрі керісінше, мұнда ұлдар қыздардан соққы жеп жатады. Ал ұлдардың намысқа тырысқаны ма, нағыз «джентельменге» ұқсап баққандары ма, əйтеуір ондайлыққа байланысты шағым айтуға əсте жоқ. Осы жағын айна-қатесіз ұққан қыздар одан сайын есіреді, шамасы. Бірде сабақ арасындағы үзілісте Ерік, тарихшы Денис Антонович, Лотте Романовна мұғалімдер бөлмесіндегі терезеден мектеп ауласындағы балалар ойынын қызықтап тұрған. Сонда құшаққа сыймас мол жирен шашты тайқардай бір орыс қызы көбірек көзге түсті. Кенет ол алыс-жұлыс ойын үстінде аяғын басып кеткен бір баланы көк желкеден жұдырықпен түйсін келіп. Бала етпеттей құлап, маңдайын мектептің шығар есігінің алдындағы тас баспалдаққа барып ұрды. Мұның құлауы жаман еді, екі-үш минут ес-түссіз жатып қалды. Ерік шошына қасындағы Денис Антонович пен Лотте Романовнаға бұрыла қараған. Денис Антонович əлдекімнің серпінді қимылына айызы қанғандай жалпақ бетінде көңілді күлкі ұялап, екі езуін құлағына жеткізе керді. Көздеріндегі құбылыс та біртүрлі, тұңғиықтанып жансар жылтырайды:
– Эх, Лариса Недушенко, сенің болашақ күйеуіңе ешқандай қызғанышым бола қоймас? – деді де етженді кеудесін шайқаңқырап, оң алақанымен төсін сыйпалады. Еріктің көзі тағы да ұясынан шықты. Қазақ мектебінде мұндайлық үшін ана қызды, немесе осындайлыққа барған баланы мұғалімдер бөлмесіне шақырып алып, бəрі жабылып, жер-жебіріне жетер еді. Ал мұнда мүлдем басқаша «реакция». Сойқан қызды тəртіпке шақырудың орнына мына тарих пəнінен дəріс беруші аққаптал неменің мүлдем басқа əуенмен басы айналды. Əрі бұл əнеукүні ғана директордың Ерікке ең бір тəуір ұстаздар қатарында атаған адамы ғой. Соғысқа қатысқан, омырауында «Халық ағарту ісінің үздігі» деген төсбелгісі жылтырайды. Сөйте тұра ол өстеді. Ал Лотте Романовнанікі тіпті қызық. Онсыз да қысыңқы көздерін одан əрмен сығырайтып, еріндерін жымқырып, өтірік күлкіге кенелгендей тұрды. Арық əжімді жүзінде қызғаныш атты пəленің жыбыр-жыбыр белгілері жүгіріп жүргенін зерделі Ерік анық аңғарды. Апырау, сонда бұл анау тентек қыз Лариса Недушенконың жастығын, сұлулығын, өзімен бірге оқитын баланы көк желкеден ұрып құлатқаны үшін ешқандай жаза алмайтындығын қызғана ма? Жастық пен сұлулықтың əуені өз алдына, ал жазаға келсек ол осы көріністі өз көздерімен баққан мына екі əккі ұстаздың өз қолдарында емес пе? Əлде өткендегі замана дауылдарында абайсыз жоғалтқан өз жастық шақтарының өкініштері өзектерін өртей ме? Бірақ мынау тап сондай өкініштің жүретін жері емес. Еріктің таңырқағаны соншалық əлдекімнен ақыл-кеңес күткендей арт жаққа жалт қарап еді, ортадағы ұзын столдың екі жағында, ауладағы Лариса Недушенко қылығынан қаперсіз өзге мұғалімдер əрқайсысы өз шаруаларымен мəре-сəре екен. Бұл Еріктің ішіндегі желді одан сайын гуілдеткендей. Мұндай таңырқаулар алғашқы айдағы жұмыс үстінде Ерікке жиі-жиі қайта айналып соға берді. Жаңағы Лариса Недушенко деген қызды бұл əлі білмейтін, мұның пəні жүрмейтін тоғызыншы, не оныншы сыныптың оқушысы. Бірақ сол күннен оны жадында тұтты. Себебі, өзі дəріс беретін 7-8-сыныптардағы кейбір өз сыныптастарынан жасы асыңқыраған қыздар да тап соның қылығына ұқсас əрекеттерге баратын. Былайша бұзықтау, қайраттылау көрінетін орыс балаларының осы қыздар дегенде жүні жығыңқы келетінін де алғаш рет ұқты.
- * Міне, Ерік Тінəлиев қолында сынып журналы бар сабаққа кірді. Бұл түске дейінгі жəне түстен кейінгі кезек аралығындағы уақыт еді. 8-сынып оқушыларынан құралған «еріктілер», айналасы 15-16 бала, түске дейінгі сабақтан соң өзгелер үйлеріне қайтқанда бұлар алтыншы сабақ ретінде қазақ тілін үйренуге қалып отыр. Бұл əдеттегі қырықтан астам балаларды сыйғызатын сынып бөлмесі емес, зертханалық жұмыстарға арналған шағын қуыс. Өзгесі бос болмағасын қазақ тілі көбіне осында өтеді. Ерік əдеттегідей өзін орындарынан тұрып қарсы алған балаларға: – Сəлеметсіңдер ме? – деп тіл қатты. – Сəлеметсіз бе? – деп жамыраса жауап берді балалар. Сосын өз орнына отырып балалардың сабаққа қатысу мөлшерін тексерді де бүгінгі қазақша біліп келуге тиіс сөздерді сұрай бастады. Одан соң жеке сөйлемдер. Ерік өзі көбіне қазақша сөйлеуге тырысатын. Əр сөзді нық-нық айтып, көбіне ұғуға оңай қысқа сөйлемдерді көлденең тартады: – Бүгін ауа райы жақсы! Кəне, мен не айттым? Өстіп əзірге оқулықта жоқ сөздерді қыстырып, балалардың білігін тездете арттыруды амалдайды. «Ауа райы» дегенді түсініңкіремей балалар сəл тосырқады. Əсіресе, арт жақта жастары асыңқыраған, көздерін отша жайнатып, сабақтан гөрі Еріктің бітім-болмысындағы өздері ұнатқан белгілерді жіпке тізе бақылаған төрт-бес қыз ойланған сыңай танытты. Бірақ таппады. Енді олар ақ бантикті, сары қамыстай шашты бастарын бұлғаңдатып, бір-біріне көз қиықтарын тастап, күлкіге ілік іздеген, не соны керексінген раймен қарады. Мұны байқаған Ерік «жаңағы сұрақ сендерге де қатысты» дегендей түсін суыта қарады. Сонда сол ересек қыздардың бойшаң, елгезектеу біреуі орнынан көтеріліп, иіліп барып, алдыңғы партадағы ер баланың оқулығын рұқсатсыз, дəнемесіз жұлып алды. Ер бала оқулығын бергісі келмей жармаспақ еді ана қыз оның екі қолын бір шынтағыменақ қағып жіберіп жуасытты. Бұл Еріктің қитығына тиген: – Кəне, оқулығын өзіне қайтар! – деп, солай қарай екі-үш аттап, қазақша ызғарлана сөйледі. Ана қыз көзімен бір атып қарағаны болмаса былқ еткен де жоқ, жалма-жан кітапты ақтарып, «ауа райы» дегеннің орысша баламасын іздей бастады. – Кəне, оқулығын өзіне қайтар! – дегенді Ерік əрбір сөзін ғана емес, əрбір əрпіне дейін өз орнына шегелеп дігірледі. Сонда ғана
қыз өз ісінің де текке əурешілік екенін ұғып үлгерді ме, кітапты жауып, сол кітаппен баланы бастан бір нұқып қалып: – На, подавись! – деп, алдына лақтырып тастады. Ерік енді артық сөзге барған жоқ. «Балаларға орынды-орынсыз шыжбалаңдай беру педагогикалық қағидаға қайшы» дегенді бұған дейін-ақ естіген. Сабақ жалғаса берді. Кенет жаңағы ересек қыздардың бірі қолын көтеріп рұқсат алды да: – Ерик Тиналиевич, как по-казахски «подавись»? – деп салды. Тəжірибесіздігі ғой, Ерік сəл тығырыққа қамалды. Қазақша үйрене берсін деп, «қақалып өл» дегенді айтуы керек пе, жоқ, мұндай жаман сөзді сұрағаны үшін сөгіп тастағаны жөн бе, сол жағын бірден ажыратпады. Тек бұлардың айдауына жүре берсем барабара бұдан да сорақыны сұрар деген түйсік тоқтатты. Байқайды, Ерік олардың өтінішін қанағаттандырмаса да сап-сары үрпек бас қыздардың іштеріне бір құйын кіре бастапты. Былтыр Алматыға оқуға барарда əке-шешесі бірер қой сатып, Ерікке қара костюм əперген. Ол кезде мынадай жазға бергісіз ашық күз күндерінде ақшыл киім киіп, қараны қысқа қалдыру Еріктің мүмкіндігіне сай еместігі өз алдына, тіпті ондайлық санасына да ұяламаған. Міне, қазір де мұқият үтіктелген сол қара костюмі Еріктің ашаң денесіне жақсы қонып, əрі қара галстук, ақ жейдесімен үндестік тауып, оқыған зиялы жандардың қатарына қоса салғандай. Əрі Еріктің өзі де тым арықтығы демесең бір көрімге бар жігіт еді. Кешегі шаң қапқан ауыл баласының бір-ақ күнде түлеп тұрғанындай қою қастарын керіңкірей таза ақшыл өңімен, қоңырқай тұнық жанарымен тесіле қарағанда кімкімнің де назарын бір сəтке байлап ұстайтыны анық. Əрі мына таза орыс қауымының ішінде мұның ұлты бөлектігі, əрі уыздай жас порымы анау артқы парталардағы, əлі балиғатқа толмаған, бірақ сарбалақтанып пісе бастаған егінжайдай мінездері бар қыздардың көңілдерін бұзады, шамасы. Оның солай екенін туа бітті қырағылығы басым Ерік те дəл таразылаған. Міне, қазір де сондай бірдеме ол қыздарды булықтыра бастапты. Ерік қабағын түйіп түсін суытады-ақ, бірақ аналардың іштеріндегі құйын басылар емес. Жүз жасырғансып, бастарын төмен салып, Ерікке ме, жоқ, өзара ма, бірдеме айтқансиды, тек құр пыш-пыштан өзге анық сөз нобайы құлаққа жетпейді. Көздерін көтеріп қараса тіпті керемет, онсыз да қызыл шырайлы жүздері отқа қойылған темірдей балқып бара жатады. Көздері де сондай аспаннан атылған найзағайдай өткір сəуле шашады.
Бірінің аузынан ұшқан қандай да бір құпия сөздер легімен ер балалармен де, мұғаліммен де бөліскісі келеді-ақ, бірақ енді-енді тəуекелге басарда ұят қысып, орта жолда дымдары құритындай. Тек іштей булықтырған күлкіге ерік береді. Əсіресе, жаңағы алдындағы баланың оқулығын тартып алып, мұғалім зекігесін ғана намысқа тиер сөзді қосақтап өзіне қайтарған бойшаң да жасы үлкендеу Катерина атты қыздың екі иығының бүлкілі жаман. Нағыз жалын ойнаған түр-кескін де осынікі. «Апырау, бұларды отырған орындарынан көтеріп əкетердей кернеген не күлкі» деп, Ерік миына күш түсіре таңырқаса да басқа да бір жайға назар аудармай қала алмады. Иə, оған Еріктің қыршындай жастығы да сеп. Ол осы тұрыста өзі өскен ортадағы қазақ қыздарынан гөрі орыс қыздарының əлдеқайда көрікті екендігіне де ой жеткізді. Іріктеп жатар не бар, мына Катеринаның өзіне қарашы, тұла бойындағы тасып-төгілген жігерге қоса «маған жетер қай періштең бар» деп, айшықты əсем жүзін айнала дүйім жұртқа тосса еш сөкеттігі жоқтай. Сұлу десең сұлу. Қатарындағы екі-үш қыз да ол жөнінде Катеринамен таласуға бар. Өңкей бір беттерінен қаны тамған өңді немелер. Дүкен сөрелеріндегі көздің жауын алар қуыршақтардай бұлар қандай шебердің қолынан шықты екен деп қиялдасаң ұзаққа шабатындайсың. Əсіресе, Ерік сияқты қиялшыл адамға солай. Болашақ жазушы Ерік Тінəлиев көз ашып, ес білгелі қазақтың ескі қисса-дастандарын талмай оқып, ондағы темір сауытты, көк найзалы батырлардың жүрегін тұтқан, аспандағы айдан аппақ деп əспеттелетін перизаттар сымбатына құмарын қандырған ғой. Көбісін əлі күнге жатқа да біледі. Соған орай мұның көкірегінде қалыптасқан сұлулық төңірегіндегі түсініктер болушы еді. Енді оның бəрі өз-өзінен ығыса бастапты да жаңа түсінік, жаңа елес, тіпті жаңа болмыстың өзіне орын бергендей. Бұл бір жайдан Еріктің жанына да бататындай. Мыналардың жүздерін жырға қосу үшін өткендегінің бəрін бір қолмен ысырып, мүлдем тың теңеулер іздестірген жөн-ау. Осылай ауа толқыса да Ерік өзін-өзі күшпен тізгіндеді. Катерина бастаған қыздар əлі тыныштала қоймаған. Бұлардың уыстан шығып бара жатқанын таразылаған Ерік өзінің ұстаз ретіндегі құқығын пайдаланып: – Катерина Осокина! Кəне, бері тақтаға шық! – деп бұйырды. Оған керегі де сол екен, партадан ытқып шықты да өзгелерді қақ жара тақта қасына екі-ақ аттап жетті. Адымы да үлкен екен,
жүрісіне Еріктің көзі де ілеспей қалғандай. Ерік те тап осы жерде ғой, Катерина бұраң етіп, басын шайқаңқырап, қызарған жүзін онда-мұнда жүйткітіп тап қасына кеп бой түзегенде Ерік өзіне тағы бір сынақты тілеп алғандай күй кешті. Əлдене селк еткізіп, ол кеудесіндегі бір жыбыр-жыбырға айналып, төбесіне шығып, одан төмен қарай аяғының башайына дейін жүгіріске басты. Апырау, бұл ненің соққысы деп, Ерік өзінен-өзі сұрап та үлгермеді, оның жауабы да кеудесіне оқша қадалды. Бұл мына Катяның, Катерина Осокина сұлулығының жаңа қырынан жарқ етуіне байланысты екен. Еріктің басында екі түйсік қоса-қабат атойлады. Апырау, бұл небəрі 8-сыныпта оқитын, көп болса 16-17-дегі ғана қыз емес пе, бұлайша толысып үлгеруге қалай уақыт тапқан деген сұрақ та кептелді. Отша лаулаған жүзі ғана емес, аппақ жұмыр мойны, төсіндегі қос анары, ескілікті қыш құмырадай мінсіз белі, тап сондай зергерлік бұйымындай бұлшық етті қолдары мен аяқтары мына əлі жас, жар қызығы дегенді бастан кешпеген Еріктің ішібауырын табанда бұрқан-талқан етті. Бір секөнттік қалтарыста мынаны миынан өткізіп үлгерді. Қазақтың ғашықтық хисса-жырларында сұлу қызды сыпаттау үшін оны үлде мен бүлдеге малындырып қоюшы еді, ал мынаған ондай аттының көк тиынға қажеті жоқ, қайта жалаңаштай түссең одан əрмен бас айналдыратын пəк сұлулығы аршылатыны хақ. Осыған жалғас шешесінің бір сөздерін де еске алды. Шешесі «Құдай сұлулықты орыстарға берген ғой» деп тамсанып отыратын. Оның себебін сұрағанда мынадай бір аңызды көлденең тартқан. Құдай өз елшісіне: «мына сұлулықты орыстарға, не мұсылман қазақтарға апарып беріп кел», деп тапсырады. Елші: «қайсысына берейін»– дегенде құдай «қайсысы түнде аз ұйықтап, көп жұмыс істесе соған бер»,– дейді. Елші түнделетіп орыстар мен қазақтардың арасын кезеді. Қайда барса да қазақтар қорылдап, ұйқыдан бас көтермей жатады. Ал орыстар олай емес, ояулары баршылық, əсіресе, бір кемпір түнімен көз ілмей зырылдауық ұршықпен жіп иіріп отырыпты. Елші үш рет барғанда да осындай көріністің үстінен шығып, сұлулықты орыстарға қимай кері қайтқан екен дейді. Себебі, қазақ аңыздарында құдай да, оның елшісі де қазақ жағында ғой. Тек төртінші жолы ғана амалы құрыған елші сұлулықты орыстарға сыйлаған екен дейді. Осындай қиялмен бір сəт ауа жайылудан соң Ерік қасындағы қыздан: – Бұл не қылған күлкі? Қандай сөздің қазақша баламасын білгілерің келіп еді? – деп, орысша айғайлай сұрады. Сонда ғана
Катерина жіңішке де, бірақ етті денесіндегі иірімдерді жөнге келтіріп, бой түзеді де өрт шалғандай жүзін Ерікке біржола бұрды. Бұл қызды тым жақыннан бірінші көруі ме тап осы сəтте Ерік бөгде бір ғажайыптың куəсіне айналды. Катерина көркіне көрік қосқан алтын жүзіктей асыл бұйым оның əдемі қырқылған қоңырқай сары түсті кірпіктері мен сонымен көмкерілген жанарында екен. Былай қарасаң жанары кəдімгі жанар, тек ондағы өзіңе деген ықылас Еріктей сезімтал жанның ет жүрегі түгілі қара тасты езіп жіберердей. Көз бен кірпіктің жұмысын күлкі үйірілген əдемі еріндері одан əрі дамытып əкетті. «Апырай, мына қыз қайтер екен»,– деп, Ерік енді он екіде бір гүлі ашылмаған балауса жігіт емес, көпті көрген көнеше сақтық мəселесін ойлағанға ұқсады. Мына қызды тап қасына шақырып алғанына өкінді. Ерік деген бас білмес шүу асаудай қиялы онда-мұнда жұлқынған солқылдаған жас емес пе? Осы əсерімен қабат, əнеукүні ғана тарихшы мұғалім Денис Антонович, Лотте Романовна – үшеуі мұғалімдер бөлмесінің терезесінен сыртқа, мектеп ауласына қарағанда жойқын қимылымен бұлардың тіл ұшына іліккен, əлгі құшаққа сыймас сап-сары шашты Лариса Недушенко дегеннің сын-сымбат жағынан мынаның қасында құла-төбел ғана екенін де ойлап үлгерді. Кенет арт жақтан жаңа ғана осы Катерина Осокинадан жəбір көрген ер бала қолын көтерді: – Кəне, не айтпақсың? – деп Ерік солай қарай иек қақты. Қазақ тілі сəл ығыса тұрды да Ерік орысша сұраған. Бұл маңдайын жартылай жапқан қою жирен кекілі бар, көздерінде үрей білінетіндей жыпылықтауы көп, өзі де, киімі де жүдеулеу бала екен. Көмекейіндегі сөзін де орасан күш жұмсап əрең шығарды: – Ерик Тиналиевич, бұл Катя сізден «мен сені сүйемін» дегеннің қазақшасын сұрады. – Осыны айтты да арт жақтағы қыздардың тағы біреуі көк желкемнен ұрар ма екен дегендей солай қарай бұрыла жалтақтады. Бұл Петя деген баланың Катерина Осокинадан жаңа ғана көрген сол жəбірі үшін кек қайтарғандағысы еді. Петя текке секемденген екен. Арттағы қыздар партаның астына түсіп кетердей бастарын төмен салып жіберіп, біржола жүз жасырудың қамына кіріскен. Екі иықтарының бүлк-бүлкі ғана шалынады. Қасындағы Катеринаға жалт бұрылып еді, Еріктің көздері тағы да ұясынан ұшып түсерге шақ қалды. Бұл – ауылда өскен бала, сосын да жақсы біледі, қыр басында жел соққанда қара жерге бас ұра жапырылған гүлдер болады. Өңі өрттей қызарған
Катеринаның тап қазіргі дене қозғалысы тап содан бір былай емес. Апырау, мынау тап қазір құлап түсер ме екен деп те ойлап еді, байқаса олай емес, серіппелі темірдей берік буындары оған жібермеді. Бара-бара бұл ұялғанға да ұқсамайды, қызарып, жүз жасырғансып, бұраң-бұраң еткенмен де іштегі басқа бір пиғылды өз мұғаліміне аңдатпақ талабы да танылды. Ол жағын қыз бір көзінің ұшығын Еріктің көкірегін ауырта қадап қалғанда ғана айырды. Мұнысы айна-қатесіз «біз сізді мұғалім емес, кавалер ретінде көргіміз келеді» дегендік еді. Бұған қоса қырағы Ерік Катеринаның жаңағы Петяға қараған көздерінен наразылық емес, ризашылыққа толы ұшқын шашыратқанын да ажыратты-ау. Тап осы тұста ғана Ерік өзінше дүрс сілкінгенге ұқсап, тұла бойына қайрат жиды. Бүйтіп бұларды бетімен жібере берсе табанының астындағы қара жер тайып кетердей қорқыныш аулына қарай қадам жасады. Ала жаздай басын тауға, тасқа соғып, əрең тапқан жұмысынан айырылып қалса масқараның көкесі сонда болмай ма? Тіпті ішінде пайда болған Катеринаға деген бір елгезек сезімді де қақ маңдайдан ұрғандай күшпен басып, мынау Текелі атты үлкен қаланың ең үлкен мектептерінің бірінде өтіп жатқан сабақ екенін де ескере өз жігерін өзі жаныды. Катеринаға: – Орныңа отыр! – деп бұйырды. Енді Катерина бөксесін ойнатып, қырық құбылған жүріспен төрге озды. Арт жағынан да көздің жауын аларлық сымбатты мүсіні бары аңғарылады екен сығырдың. «Құдай сұлулықты орыстарға берген ғой» деген шешесінің сөзі тағы есіне түсті. Орыстар қазақтарға қарағанда еңбекке, өмірге əлдеқайда бейім, сосын да тұрмысты, қыздарының сұлу, жігіттерінің ірі келетіні содан дегенді Ерік əзірге ойға алмаған еді. Ерік мектепте оқып жүргенде-ақ орыс тілі мен əдебиетінен сабақ бергендердің балаларға айтатын кейіс сөздері есебінен өз ішінде біраз сөздік қорын жасаған. Осындағы бір айға жетер-жетпес уақытта да ол қорды сəл толықтырған. Міне, содан ең бір өткір шанышқыдай көрінетін біразын суырып, бастарына төкпелетті-ау. Əлі дауысында ұстаздық сарын, ырғақ қалыптаспағанымен қалайда жастық жігері бар ғой, соны еселей жұмсап, оқушылардың сəл-пəл құдайын ойлатуға жарады. Сынып ішінде тыныштық орнады. Катеринаға қадалғанда оның жыны басылған ештемесі жоқ, тек қалың тоғайда кездесетін түгі жылтыр əккі аңның сəл шегініс жасағанына ұқсас, басқаларға көз
қылып қана саябырсыған түрі бар. Қос жанарынан шашыраған ұшқын бəз-баяғы қалпында. Ерік өзінің дайындап əкелген сабақ жоспарына сəйкес жұмысты жалғастыра берді. «Жо-жоқ, мына жерде сезімге берілуге болмайды, мыналардың оппаға құлатуы оп-оңай» деп, өзін-өзі іштей қайраса да өз табиғатына қарама-қарсы қылыққа барғанға ұқсас бөгде бір түйсік тағы да кесе көлденең килікті. Бұл əлгі мектеп ауласындағы үлкен жиналыстан кейін мектеп директоры Алексей Никитыч Кузьмин іштен аккордеон көтеріп шығып, баршасын биге шақырған орыс əуендерінен соң қазақтың «Ағажан Лəтипасын» құйқылжытқан күннің о жақ, бұ жағында болған оқиға. Бірақ мұның бəрі Ерік Тінəлиевтің ұстаздық қызметіндегі алғашқы аккордтар еді.
- * Жұмысқа кіріскен алғашқы айда Еріктің тағы бір тындырған шаруасы осындағы мұғалімдердің түр-түстеріне көз құмарын қандырды-ақ. Өзі оқыған қазақ мектебіндегі мұғалімдерден гөрі мыналардың əлдеқайда қылаң жүзді, əрі сүйекті, етженді келетінін, киім киістеріндегі кербездік, ара-тұра алабөтендік шалынатынын, ең бастысы тазалық деңгейі көп жоғары екенін ішке түйді. Иə, тазалық жағы түсінікті, қалайда, мал ұстап, бақша егетін ауыл мұғалімдері емес, көшелеріне көбіне асфальт төселген, олары ертелі-кеш сыпырылатын қала тұрғындары болғасын да солай ғой. Ал басқасында шынында да бір гəп бардай. Бара-бара бұл ғана емес, бұлардың сөз саптасы, ой өрісі, өзара қатынас, мінезқұлық сияқтыларында да үлкен алабөтендік барын аңғарды. Ерік, əсіресе, əнеукүні мектеп директоры атағын орыс тілі мен əдебиетінің мұғалімі Нина Николаевна, тарихшы Денис Антонович, математик Борис Устинович, дене шынықтыру мұғалімі Михаил Ефимович, неміс тілін оқытатын Отто Филиппович пен Лотте Романовнаға көбірек ықылас қойды. Бірде сабақ орны боста осылардың бастары қосыла қалды. Еріктің де қолы бос еді. Мектепте сабақ жүріп жатыр, айнала тыныштық. Уақыт сəске түске таяу болғасын да мұғалімдер бөлмесіне үлкен терезеден жарық мол түсіп тұр. Сол жарыққа қарама-қарсы жайғасқан Нина Николаевна сөйлеп отыр: – Біз биыл жазда жақсы демала алмадық. Біздің Сережамыз тоғызыншыдан оныншыға өтті ғой. Келесі жылы мектепті бітіреді. Құдай қаласа Мəскеуге, Ломоносов университетіне
жібермекпіз. Осы бастан дайындамасақ бола ма? Бір ай бойы мен оны орыс тілі мен əдебиеті, ал Тимофей физика-математика бойынша қайта оқыттық. Сосын Тимошаның өзі Алматыға оқуға кетті, ал қалған бір ай бойы мен кітап оқумен күн өткіздім. – Осыны айтты да сол кітаптардан алған əсері əлі тарқамағандай қып-қызыл шиқандай ерінді, аппақ толықша өңін, ішке кіріңкі, кірпіктері əрең шалынатын жіңішкелеу көздерін терезеден түскен жарыққа тоса шаршағандық па, жоқ, масаттанғандық па, əйтеуір, соның екеуіне де қатысты бір шыраймен мөлиді. Иығына жетержетпес етіп қырқылған, сəл қобырай бұйраланған сап-сары шашы мен аппақ жұмыр мойны да мінсіз жұптасқан. Мұндағы əйелдердің бəрінде дерлік көз тартарлық көрік бар, тіпті көркі жоқ дегендердің өздері де опа-далап, бояу арқылы сондайлықты құдайдың қолынан жұлып алғандай бет-жүздерін еркек атаулының назарын бір жұлқып қалуға жаратып қояды. Əрі өздерімен бірге біткендей жарасымды блузка, юбка, немесе көйлек, əрі туфли дегендерді қос. Алтын сырға, алқа, сақина сияқтылар сирек, бола қалса қазақ əйелдеріндегідей ірі емес, шұқшиып қарағанда ғана жылт етері бар тым ұсақ келеді. Оның да өзіндік бір жорасы бардай. Əлдеқалай ер адамның көз ұшына ілінсе оның назары ауып, жақындап кеп барласын дегендей əдейі құрылған қақпанға ұқсайды. Бірақ сонда да Еріктің пайымдауынша осындағы əйелдердің ең сұлуы Нина Николаевна. Өңінің ақтығы, өзінің бақытты өмір сүруде екенін айғақтайтындай көңілділік, əрі шеберлікпен пайдаланған косметика – бəрі қосылып, ерекше бір сүйкімділікті құрайды. Даусы да ашық, əуезді, тек ара-тұра өктемдік килігеді. Педагогиканың алғашқы дəмі таңдайына татыған Ерік «оқушылардың назарын мықтап байлап-матап ұстайтын дауыс осынікі-ау» дейді ішінен. Нина Николаевна түрегеліп ары-бері жүргенде орташа бойлы, толықтау жан екені де білінетін. Бірақ іркілдеген семіз емес. Қаз төсті кеудесі, жұмыр аяқтары əлдебір білгірлікпен құйылғандай сом жаратылысымен-ақ əйелге тəн нəзіктік, сұлулық нышандарын көл-көсір көлденең тартады. Қазір ол отырған күйде сөзді ағытуда. Жаңағы Тимофей дегені осы қалада басқа бір мектепте физикаматематикадан дəріс беретін өзінің күйеуі еді. Оны Ерік бір рет көрген де еді. Тұла бойында қырым ет жоқ, арық, ұзын бойлы, қара шашты, тотыққан қоңырқай өңді адам. Нина Николаевнаның жаңағы сөзі үстінде осындағы ағылшын тілінің мұғалімі, дүңген əйелі Адалят Сализовна асығыс ішке
табалдырық аттады да ұзын бойымен көк тіремектей қақ ортада кілт тоқтады. Нина Николаевнаға бір қырын беріп, көзінің ұшымен нысанаға ала мұқият құлақ түрді. Бұл ағылшын тілі маманының қарасында бір обырлық барын Ерік алғашқы күндерде-ақ байқаған. Онысынан аздап жайсызданған да. Енді сол қарасқа осындағы «тарланбоз» – Нина Николаевнаның «реакциясы» қалай боларын көрмекке екі əйелге де жұтына телмірді. Бұл ретте Ерік іштей «реакция» деген сөзді пайдаланды. Физик, химик мамандардың ықпалымен бе, əйтеуір, осы ортада бұл сөз ауыз-екі тілде өте жиі қайталанатын. Нина Николаевна Адалят Сализовнаның отты қарасына жауап ретінде жазғы демалысының жүдеулеу өткенінің өзінде үлкен мағына, толыққанды өмір, тұрмыс нышандары жылтырайтынын паш еткендей қас-қабағынан кірбең атаулыны сілкіп тастап, терезеге, мол жарыққа көбірек ден қойып, жүзін жайната түсті. Əсіресе, қып-қызыл шиқандай еріндері көз тартты. Аппақ бетіне қан тамғандай бояуы əрленіп, Нина Николаевна мақтан тұтар мəртебе атаулының ол да бір нақышындай сəулеленіп, белгі береді. Жас баланікіндей аппақ толықша өңі сол арқылы тіптен нұрланып, мұны там-тұмдап күлкі үйірілгендей сығырайған көздерінің қылығы үстемелегенде бұл əйелдің шын пейілін сыртқа алып шыққандай шырайына шырай қосылды. Тап осы тұста онсыз да оған көзінің ұшын қадаған Адалят Сализовна шарт кеткендей: – Оқу да оқу! Сіздің Тимофейіңіз былай да қу сүйек адам, бүйтіп оқи берсе не тамтығы қалады? Бір адамға бір диплом жетпей ме? – Осылай зікірледі де, бір орында шырқ үйірілгендей қозғалыс жасады. Енді Нина Николаевнаға екінші қырын берді. Тұла бойынан бір мінез де біліне бастағандай. Бұл ағылшын тілінің маманы нағыз құстұмсық адам еді. Қап-қара шашы ортан белінен шорт қиылған, түсі де күңгірт, үнемі лайланып жүретін көздерінде жер түбіндегіні шалатындай қырағылық бар. Кейде Ерік бұл əйелдің осы түріне қарап биік бағанаға қонған қара қарғаны елестететін. – Тимашоның қу сүйек болатыны тамаққа өте кірпияз, – деп Нина Николаевна жауап қайырып жатыр. – Менің өзімнің де кулинарлық қабілетім жаман емес. Сонда да Тимофейдің тəбеті ашылар ма екен деп, бір айға анау рестораннан арнайы аспаз да жалдадық. Бəрібір пайдасыз. Арақ ішпейді, бірақ шылымды көп шегеді. Содан ба деймін. Ал оқуға келсек маған мұғалімдіктен гөрі инженерлік қолайлы дейді, қайтейін? Бірақ оған оқу қиынға
соғып жүрген жоқ, онда да, мұнда да сол баяғы физика мен математика ғой. Пединститутты қызыл дипломмен тамамдаған адам политехті бір иығымен-ақ көтеріп əкетпей ме? Осы тұста дене шынықтыру пəнінің мұғалімі Михаил Ефимович сыр берді. Кең иықты, етженді, жасы қырыққа ендіенді толса да жалпақ жүзінде, ойсыз шақшиған көздерінің айналасында əйнекше шытынаған əжім іздері бар бұл отырған орнында бүлк-бүлк күлгенсіп: – О, құдайым-ай, физика-метематикадан дəріс беру біз үшін қол жетпес арман. Ал Тимофей Игнатьевич соны місе тұтпай заводқа инженерлікке кетпекші, – деп, қасындағы Денис Антоновичке бұрыла көз тікті. Денис Антонович алдындағы газетке шұқшиған күйі басын изеді. Тимофей Игнатьевичтің мəртебесіне екі бірдей ер адамның қызғанышы оянғанын сезген Нина Николаевна терезеден құйылған мол жарыққа жүзін одан əрмен тосты. Бұл Адалят Сализовнаның шабына шоқ басылғандай əсер етті, білем, тұрған орнында тағы да екі-үш қозғалыс жасады да Нина Николаевнадан оқты көзін айырмады. Қалайда, Ерікке солай шалынды. Ол жылдарда физика-математика пəнінің мұғалімдері қай жерде де қат. Биологтар, географтар, тарихшылар қалада да, далада да жұмыс таппай тентіресе физиктер мен математиктер бір жарым, не екі жүктемемен жұмыс істейтін. Ол жағын Ерік осы жазда өз ет-сүйегімен сезген. Осы отырыста ортадағы ұзын столдың есік жағында қарамақарсы жайғасқан екі неміс мұғалім Лотте Романовна мен Отто Филиппович əзірге үнсіз. Отто Филиппович – аласа бойлы, толық денесі дөңгеленген, басының қасқасы мол, жалпақ маңдайы мен үнемі төмен қарайтын көздерінде əмсе ой тұнған жан. Қақ-соқпен жұмысы жоқ, қысыр əңгімеге араласпайтын. Қазір де үлкен сүйек жақтаулы көзілдірігін киіп, дəптер тексеріп отыр. Лотте Романовна да тіл-жағына құлып салғандай, тек күлімсіреген арық əжімді жүзін Нина Николаевнаға бағыттап, əрі өзінің ту сыртында тікесінен тік қақшиған ағылшын тілі маманының да сөзі мен əрекетіне мұқият көңіл бөлген райы бар. Не көрді, не естіді бəрін іштей жіпке тізетіні анық. Бөлмеге оқу ісінің меңгерушісі Григорий Павлович Мосько əлдекімді сүзердей ентелей кірді де төрге озды. Қап-қара қалың кекілін оң жақ шекесіне қайырған, қошқылтым түсті мұрны бар, жалпақ бетті, жуан мойынды адам. Сол жуан мойнына əлденені
асып алғандай сəл еңкіштене басады. Басқалардай емес жейдешең, əрі галстук тақпағасын да тамағы алқа-салқа, күре тамырлары тым адырайып көрінеді. Галстук тақпауына сол күре тамырлардағы қан соғысының күштілігі де себеп сияқты. Қара қастарына көмулі сұрғылт көздері əлдекімге қадалса ұзақ бөгелетіні бар. Сосын да онысын көп көтере бермейді. Ол өз орнына жайғасып үлгерместен алдындағы үлкен ақ ватман қағазды көтере сол жаққа қарай бір сілкіп тастап қайта жайды. Сосын жұмсақ қара қарындашын алып, ватман қағазға мұрнын тигізердей бұл да шұқшиып берді. Резеңке өшіргіш пен қара қарындаш оқу жылы басталғалы бері мұның қолынан түспеген. Ақ ватман қағаздағы осы мектептегі барлық сыныптардың сабақ кестелері еді. Қазір де соның бір пұшпағынан өзгертілуге тиіс сабақ орнын тауып, резеңке өшіргішпен үйкелей бастады. Сосын оған басқа бір пəн атауын түсірді. Əлі де басын көтерместен: – Борис Устинович, қазір тоғызыншы «В»-да сіздің геометрия екен, сабағыңызға кіремін. Сабақ жоспарыңызды бері тастаңыз, – деді. Столдың орта шетінде, манадан елеусіз, ол да басын төмен салып, дəптер тексерген математик орнынан көтеріле берді. Сабақ жоспары көк тысты, қатырма мұқабалы дəптерге жазылған екен, сонысын билей басқандай сəнді жүріспен барып, оқу ісінің меңгерушісінң столына қойды. Бұл өзі əскери адамша бойын тік ұстайтын, сыптай денелі, киім киісінде де өзгелерден гөрі ерекше қонымдылық бар, зиялылығы шыныдай мөлдіреген адам еді. Оған күн көрінетіндей жұқа қыр мұрынды ашаң жүзі, сыпайы мінезі, кірпияздығы қосылып, тұла бойына бөлек сипат бергендей. Жаңа ғана физик, математик мамандар өте қат дегенге қатысты əңгіме өрбігенде Борис Устинович селт етпеген, тек енді ғана өте селдір жіңішке, бурыл түсті қасын керіңкірей маңдайына, көзінің айналасына кірбең жиып, «қызғаныштарыңа жол болсын, физик-математиктерге талап та жоғары ғой, міне, бастықтар оқу жылы басталмай жатып-ақ сабағымызға кіре бастады, кейінгісін тағы көрерсіңдер» дегенді айналасындағыларға айшықтап-ақ жеткізді. Мұны аққаптал мұғалімдер түгілі бұлардың қасында жұмыртқадан жаңа шыққан балапандай Ерік те түсінді. Григорий Павлович қасына кеп, тікесінен тік тұрған Борис Устиновичке əлі де көзін көтермеді, тіпті оның сабақ жоспарына қолын да созбады, құдай онсыз да иіңкі жаратқан жуан мойнын одан əрмен тұқыртып, сабақ кестесінің тағы бір тұсына өзгеріс енгізіп жатты. Борис Устинович сəл-пəл айналшықтап, басын сəл-пəл мазалана қозғады да оқу ісінің меңгерушісінен ешқандай
ишара болмағасын бойын əлі де тік ұстаған күйі өз орнына барып шөкті. Сол кезде ғана Адалят Сализовна иығын қиқаңдатып, биік бағанаға ұқсас денесін екі-үш жерінен сындыра, жасына лайық емес қимылдар жасап, бұл да төрге, оқу ісінің меңгерушісіне жақындады. Биік өкшелі туфлиінің еденді тырс-тырс еткізуі де оғаштау еді. – Григорий Павлович! Менің жай-күйімді ұқсаңызшы! Құдай үшін, маған бейсенбіні бос күн етіңізші! – Адалят Сализовна, буынсыз жерге пышақ ұрмаңызшы! Əзірге олай ете алмаймын, қарамайсыз ба, күнде өзгеріс, күнде өзгеріс! – деп, оқу ісінің меңгерушісі енді ғана басын көтеріп, төбесінен төніп тұрған ұзын бойлы əйелдің тамыры күдірейген жалаңаш мойнына көздері байланды. Қайсымыздың мойын тамырларымыз берік деп, өзара сайысқа да түскендей. – Күнде өзгеріс ащы ішекше созылмас, бір күні бұл да мəресіне жетеді ғой. Сабақ кестесінің тұрақты нұсқасы жасалады ғой ақырында! Сонда ескерсеңіз болды! – Сабақ кестесінің тұрақты нұсқасы деген биыл бізде болмайтын нəрсе! Қараңыз, осы биылдың өзінде бізде бақандай бес əйел декреттік демалысқа шығады. Ал жасап көр тұрақты нұсқаны! Қазан айының соңына таман, сіздер əлгі Перепелка дейсіздер ғой, менің əзірге көрмеген адамым, өзі анау-мынау емес орыс тіл-əдебиетінің маманы екен, оған бір жарым жүктеме беру көзделіп отыр, сол оралады жұмысқа! Адалят Сализовна иығынан биігірек шорт кесілген қапқара шашты басын төмен сылқ еткізіп, құс тұмсығымен енді кімді іліп əкетпекті ойлағандай қыбырсыз қатты. Сосын қайта бой түзеп, кабинеттегі бес-алты мұғалімнен оқшау, терезе алдында табанша тақтайға оң шынтағын қойып, бəрін алыстан бақылаған Ерікті іздеп тапты. Ерік тағы да жайсызданды. Бұл ағылшын тілі маманының ешқашан тұрмыс құрмаған, өткен өмірінің бəрі бұлдыр, жеңіл жүрісті əйел екендігін Еріктің құлағы шалған. Сосын да оның орыстардың тілінде «адамзаттың көркем жартысы» аталатын əйелдерге тəн тартымдылықтан ада, тым адырайған сүйек-саяғы, бет-əлпеті, күдірейген мойын тамырлары, құс тұмсығы, шорт кесілген шашы, ылғи лайланып жүретіндей көздеріндегі алып жермен қырағылық, шалт мінезі, кейде түйеден түскендей сөйлейтіндігі Еріктің тұла бойын түршіктіретін. Себебі, Ерік туып-өскен ауыл ортасында мынау тап осы қалпымен қара көрсетсе талайды шошындыратындай. Себебі, Алматыда бір жыл оқып, онда жыртылып-айырылған
небір «стилягаларға» көз құмарын қандырып үлгерген Еріктің өзіне солай. Қазір де Ерік оған алыстан-ақ үрке қарап, əрі жаңа ғана оқу ісінің меңгерушісіқа «менің жай-күйімді ұқсаңызшы» деп жалбарынуының тасасында не жатыр деп, қоса ойланғандай. Жалғызілікті əйелде не жай-күй болуы мүмкін, бейсенбі бос күн болғанда тап бұған не ұшпақ əпермек деп, бұл да енді Адалят Сализовнамен амалсыз көз түйістіргендей. Жаңа ғана өте сұлу Нина Николаевнаның өз күйеуі, баласы, əрі солардың қамына орай жазғы демалысының көңілдегідей болмағаны хақында өрбіткен қысқа əңгімесі бұл Адалят Сализовнаға қадақтай тиген. Бай да, бала да бітпеген бұған кім де кім сондайлық хақында сыр ұшығын шығарса өзіне қарсы ұйымдастырылған шабуылдай көретін. Əттең, істер шарасы жоқ, сосын да ол іштегі жарасын жеңілдетпекке Нина Николаевнаның екінші диплом үшін оқуын жалғастырған күйеуінің тым арық екендігін бетіне басқансыды. Енді оқу ісінің меңгерушісі Григорий Павловичтен өзіне бейсенбіні бос күн етуді өтінді. Екеуінен де қайыр болмағасын денесін ары-бері қозғалақтатып, өзіне қашан да кезмайыс жайлардың ұшыраса беретінін көлденең көзге паш еткендей қимылдар жасады. Ерікке қадалуы сондай атты əрекеттерінің жалғасы еді. Бірақ Ерік енді тістене күш жиып, одан көздерін ала қашты. Тағы да бірдеме айтпақтай мəзмайрам реңді Нина Николаевнаға барынша сұқтанып бақты. Міне, Еріктің осы назары Адалят Сализовнаның одан əрмен қолтығына дым бүрікті. Не істерді ойланғандай аршындай адымдап ары-бері жүре бастады. Қас қылғандай оқу ісінің меңгерушісі Григорий Павлович басын көтеріп: – Мен қателескен екем, əлгі химия пəнінің жас мұғалимасын ұмытыппын ғой, биыл бес емес, алты əйел декретке шығады, – деп салды. Бұл ағылшын тілі маманының тіптен жынын қоздырды. Іштегі онсыз да өртше лаулаған қызғанышының отына əлдекім қасақана үсті-үстіне ожаулап май құятындай. – Ол «химичкада» да ақыл жоқ екен, тұрмысқа шыққанына небəрі үш-төрт-ақ ай. Жау қуып бара ма? Қосағым қандай адам, оған бала тауып берудің қажеті бар ма, жоқ па деп, сəл-пəл іркілсе қылшығы қисая ма? – деп, зығырданы қайнай сөйледі. – Ой, Адалят Сализовна, махаббат жүрген жерде ойлануға жер тар ғой, – деп, Нина Николаевна сыңғырай күлді. – Махаббат?! Қайдағы махаббат? Жұрттың махаббат атап жүргені еркектердің, не əйелдердің нəпсіқұмарлығы! Басқа
дəнеме де емес. Егер көркем əдебиетте дəріптелгендей шынайы махаббат бар болса опасыздық, ерлі-зайыптылардың бір-бірінің көзіне шөп салуы сияқты негативті құбылыстар əлдеқашан-ақ зым-зия жоғалар еді ғой! Нина Николаевнаның екі қабағының ортасында əлдене жыбыр-жыбыр етіп, көздері дүңген əйеліне тіксіне қарағандай. Шиқандай қызыл еріндері қиюын өзгертіп, аппақ бетіндегі əдемі шұқырды да қозғап жіберді. Адалят Сализовна көркем əдебиеттегі махаббат сыпаттамаларын ауызға алып, мына Нина Николаевнаның бақшасына тас лақтырғандай əсер еткені айдан анық. Бұл орыс тілі мен əдебиетінің маманы, демек тап осы кішкентай ортада бұл мəселеде бұдан өткен білгір болмауға тиіс қой. Жоқ, қалайда Нина Николаевна мына оспадарсыз əйелдің фəлсафасына жауап қайыруы қажет, əйтпесе, тұғырынан тайып кетері сөзсіз. Тек сыр алдырмауға тырысып, сөзін тым жаймашуақтата бастады: – Махаббат деген неге болмасын? Махаббат деген ешкімнің ойдан шығарған ырзығы емес. Шын махаббат қонғанда шетсіз, шексіз мұхитта жалғыз жүзгендей көзіңе ештеме көрінбей кетеді, өзгенің бəрін ұмытасың, кеудеңде от лаулап жанғандай соны мұхит суымен баспақтай əрекетке ұмсынасың. Ерекше рахат сезімге бөленіп, ақыл-ой – бəрін тəрік етесің. Мұны нəпсіқұмарлықпен шатастыру, мен айтар едім, нағыз көрсоқырлық. Біріне бірінің ешқандай қатысы жоқ. Тек бір ғана басын ашып алатын жəйт – махаббат та адам таңдап қонады. Махаббат қону үшін сенің өзің үлкен жүректі адам болуың шарт, тұла бойыңда сол махаббаттың қонуына лайық тарамыстай тартылған қайрат, жігер, мол кеңістік болуы керек. Менің бір нəрсе есіме түскенін қарашы, қоңыраудың соғылуына қанша минут қалды? Айтып үлгерер ме екем? – Қоңырауға дейін он минут бар, Нина Николаевна! – деп газеттен бас алмаған тарихшы Денис Антонович сағатына қарап тіл қатты. – Қап, уақыт тым аз екен, айтып үлгермеспін, жарайды, кейінге қалдырайын, тағы бір сабақ орны боста есіме саларсыңдар. – Темірді қызған кезде соққан жөн, Нина Николаевна! – Бұл дене шынықтыру мұғалімі Михаил Ефимович еді. Мұның да ойсыз шақшиған көздерінде бір сəуле жүгіргендей. – Он минутқа егер сығымдап баяндасаңыз тұтас бір романның оқиғасын сыйғызуға болады, Нина Николаевна! – деп, əншейінде жұмған аузын ашпайтын неміс тілінің мұғалімі Отто Филиппович те көзілдірігін алып, басының қасқасын терезе жарығына
шағылыстыра қозғады. Оған қарама-қарсыдағы Лотте Романовна арық əжімді жүзін одан əрмен шытынатып, жел шайқаған ескі қурайдай тербеліс жасап, күле сөйледі: – Сіздің, Нина Николаевна, махаббат туралы хикаяңызға бір емес, үш бірдей еркектің ынтызары оянды ғой. Енді не жаныңыз қалды? Өзінен жасы үлкеніректердің мына сықпытты қолқасы Нина Николаевнаны тез қанаттандырды: – Менің туып-өскен жерім Хабаровск қаласы ғой. Сонда менің бір тамаша құрбым болды. Сөзге де, іске де ұшқыр, жанып тұрған от, əрі сұлу қыз еді. Мектепте бірге оқыдық, кейін сондағы институтқа да бірге түстік. Бірақ факультетіміз басқа, ол жаратылыстануды қалады. Құрбымның аты – Анисья, əке-шешеден жалғыз еді, əрі əкесі соғыстан бір аяқсыз келген, шешесі аурушаң болғасын өзі сабақтан соң онда-мұнда жұмыс істеп ақша тауып жүрді. Мен сіздерге бұл Анисьяның қандай жан екенін дұрыс ұқтыру үшін əңгімені мынадай штрихтан бастайын. Бірде институттан шығып, автобус аялдамасына беттеп едім, артымнан Анисья қуып жетті: «Ой, Нина, құрбым менің, ақыл бере гөр, мен бір ессіз күйге ұшырадым»,– деді. Шынында түрі өзгеріп кетіпті. Анисья сияқты қайратты қызды бүйтіп сансыратқан не жағдай деп, мен де шошыдым. «Иə, не болды, Анисья» деп, жік-жапар болғансимын. Бірақ Анисья бірден сыр аша алмады. Оның іштегісін сыртқа шығару үшін де біраз күш жұмсауыма тура келді. Сөйтсем мынау: Хабаровскіге Мəскеудің Кіші драмтеатрының ұжымы гастрольге келіп жатқан. Кісі дегенің қырғын, билет жоқ, мен өзім ол жолғы гастроліне бара да алғам жоқ, Тимофеймен ол кезде танысып үлгермегенмін. Ал жаңағы Анисья барыпты, қазір ұмытып та қалдым, Бернард Шоудың ба, жоқ, өзіміздің Александр Островскийдің бе бір трагедиясы бойынша қойылған спектакльге барыпты. Сонда бір жексұрын кейіпкердің іс-əрекеттері көрермендерге жаман əсер етсе керек. Жаман əсері соншалықты жұрт сол кейіпкердің ролінде ойнаған актердің өзін жек көріп, атарға оғы болмай отырыпты. Бір уақытта спектакль бітпей ме, міне, сонда шымылдық жабылып, оның бер жағында қаздай тізіліп тұра қалған актерлерге жұрт жапа-тармағай гүл шоқтарын тапсырыпты. Гүл ұсынушылардың көптігі соншалықты актерлердің əрқайсысына бес-алтаудан букет тиіпті. Тек қана жаңағы жексұрын кейіпкердің ролін сомдаған актерге ғана ештеме тимепті. Əлде бір қылығы үшін кінəлі болған
жас баладай екі қолын салбыратып ол тұра беріпті. Жұрттың соңын ала сахнаға менің құрбым Анисья да көтеріледі. Ол да жаңағы актерден қатты жиренсе керек, оның басқалардай емес, екі қолының бос екенін көре тұра одан өтіп барып, өз гүлін онсыз да құшағы толы басқа бір актерге береді. Қайта қайтқанда жаңағы актердің көзімен көзі ұшырасса керек. «О, ғажап», – дейді менің құрбым Анисья. – Оның көзімен көзім түйіскенде мен ешқашан көрмеген, сипаттауға тілім жетпейтін таңғажайып сурет көрдім. Таңғажайыбы сонда, қос жанары мынау адамдікі емес, тіл-жағы, қол-аяғы, кеудесі бар бөтен бір жан иесіндей өзінше сайрап берді. Менің сорыма қарай оның бəрі маған соншама ұғынықты шығар ма? Ол мені үлкен айыпқа тартты. Көкірегіме əлдебір жабайы құс сояу тырнақтарын батыра қона кеткендей ойламаған жерден ауыр азапқа душар болмасым бар ма? Екі аяғыма тас байланғандай есімнен танып, кəне, сахнадан түсе алсамшы. Есімнен танып, есеңгірегенім өз алдына, іш дүниемді де əлдене бүре бастады. Ине шанышқандай жүрегім де ауырды. Апырау, осы мен өмірі театр, ойын-сауық атаулының табалдырығын аттамаған түздіктер елінен емеспін ғой». Міне, осындай сөздерді үсті-үстіне жаудырып, Анисья жыларман халге жетті. «Апырау, бұл актер жігіт бар болғаны сол жағымсыз кейіпкердің ролінде ойнады емес пе, бар жазығы сол жағымсыз, сүйкімсіз немені өмірдің өзінен ойып алғандай оның мінез-құлқын, психологиясын асқан шеберлікпен жеткізгені ғой, мен неге өз гүлімді соған тапсырмадым деп, міне, үш күн болды басымды тау мен тасқа ұрып жүрмін»,– дейді менің құрбым Анисья. Осы тұсқа жеткенде Нина Николаевна өз хикаятынан өзі қызынғандай əрең сəл тыныс алып еді. Денис Антонович газеттен бас алмаған күйі: – Бұл тектес жайлар театрға байланысты көп айтылады ғой. Менің бір естігенім – өткен ғасырда Лондонның ең үлкен театрларының бірінде Шекспирдің «Оттелосы» қойылып жатқанда залдағы бір көрермен сахнада Ягоны ойнаған актерді атып түсіріпті, – деді. – Нина Николаевна! – деп, Адалят Сализовна шаңқ ете түсті. – Сіздің ол құрбыңыздың күйініші жаңа өзіңіз ырғаған махаббат мəселесіне мүлдем қатысты емес қой! – Махаббат мəселесіне қатысты екеніне енді келе жатырмын. Дұрыстап зейін қойыңыздар. Уақыт тар, жинақтап айтайын. Біздің Хабаровскіде мынадай бір оқиға елді дүр еткізді. Сондағы
облыс басшыларының бірі əйел адам еді, тұрмыс құрғанына неше жыл өтсе де бала көтермейді. Дəрігерлерге қаралады, ештеме өнбейді. Күйеуі серісымақ, көк жалқау, сутенер адам екен. Əйелі бала таппаса да одан кеткісі келмейді. Е, оған керегі осындай əйел ғой. Ақыры екеуі уағдаласып, мынадай амалға тəуекел етеді. Сутенер күйеуі он сегіз жастағы бір сұлу қызбен танысып, «мен əйелімнен жерідім, бастықсынып басына береді, бала таппайды, сенімен жұптасқым келеді» деп, баурай бастайды. Оң мен солын танымаған аңқау қыз оның өзінен жасы үлкендеу болғанмен бір көрімге бар жігіт екенін, əрі қойны-қонышының ақшаға толы екенін көріп, қақпанға түседі. Жігіт оған қаладан бір бөлмелі пəтер де əпереді. Бірақ жігіт «сенімен қосылам-қосылам» дегенмен бұрынғы əйелімен ажыраса қоймайды. Екеуі қыздың бір бөлмелі үйінде жолығысып жүреді. Ақыры қыз одан жүкті болады. Осы екі ортада бұл қыз жұмысқа да араласып үлгереді. Қай құдайдың айдауымен екенін білмеймін, жұмыс болғанда қай жұмыс дейсің ғой. Ресейдің ең үлкен қалаларының бірі Хабаровскіде бөгде пұшпақ табылмағандай бұл əлгі өзіне қосылмақшы жігіттің бастық əйелі бар емес пе, міне, сол бастық əйелдің хатшылығына тұрады ғой. Бұған ана жігіт, не оның əйелі ықпал етті ме, жоқ, тағдырдың жазуымен солай тоқайласты ма, ол жағы маған да жұмбақ. Тек бір анығы сол, көп ұзамай бұл қыз өз жігіті мен мына бастық əйелдің ерлі-зайыптылар екеніне көз жеткізеді. Ал жігіт шын пейілі ме, жоқ, алдарқатқаны ма, қызды мына жұмыстан кет деп азғырады. Аздап ақыл кіріп қалған, əрі жігіттің көмекейінде адалдықтан гөрі арамдық басым екенін танып үлгерген қыз қасарысып кетпейді. Осында жүріп қызметтес əйелдердің пышпышынан өз жігітінің нағыз сутенер екенін, онда-мұнда тиіпқашып қана жұмыс істейтінін, мына бастық əйелге оның ақшасы, байлығы үшін ғана қосылғанын анықтайды. Ақыры қыздың іші біліне бастайды, соңынан декретке шығады. Сол тұста əлгі жігіттің қамқорлығы тіпті күшейе түседі. «Сен қорықпа, менің бір акушер досым бар, ол əйелдер босанатын үйде үлкен бастық, соның тікелей қарауында боласың»,– дейді. Қыз жігіттің айтқанына көнеді. Тек бұл сонда босанып, енді есін жиғанда əлгі бастық акушер жігіт бұған «сенен өлі бала туды» деп мəлімдейді. Қыз «апырау, бала құрсағымда жатқанда ешқандай проблема болмап еді ғой, бұл қалай» деп жыламсырайды. Акушер-бастық «солай, өте өкінішті, біз шарасыз күйде қалдық»– дейді. Сосын қыз «өлі баланың денесін беріңдер, өзім апарып жерлеймін» десе
ананы-мынаны сылтауратып, ол өтінішін де аяқсыз қалдырады. Сол-ақ екен, əлгі мұнымен тұрмыс құрмақшы жігіт бұдан біржола бетін аулақ салып, бастық əйелімен тұрып жатады. Ал қыз декреттік демалысы таусылғасын бұрынғы хатшылық жұмысына қайта кіріседі. Сол сəтте-ақ ана екеудің бір жаңа туған баланы асырап алғанын естиді. Қыздың ішінде алай-түлей дауыл орнайды. Осындағы қызметтес əйелдердің пыш-пышы арқылы ана жігітке керегі ақша, ана бастық əйелдің етегіне сол ақшасы, байлығы үшін жармасып жүргенін жете ұғады. Өз денсаулығы түзік бола тұра бала асырап алуы да соның айғағы емес пе? Əрі мына қыздың өзін де ана бастық қатынның ақшасы, дүниесі үшін тастап кетіп отыр ғой. Осының бəрі қызды қалайда бір кек алуға итермелейді. Бірақ жас қыздың қолынан не келсін? Басын қанша шақса да ешбір амал-əрекет қара көрсетпейді. Сонымен екі жыл өтеді, ана екеудің асырап алған баласы екі жасқа толады. Ерлі-зайыптылар бұл баланың күтіміне əлгі акушер-достың қарамағындағы бір мейірбикені жалдаған екен. Бəрі шақырылып, баланың туған күнін тойлайды. Сосын бастық əйел күйеуін, баласын алып, Сочиге демалысқа баруға ниеттенеді. Ұшаққа билет алуға əлгі өзіне хатшы қызды жұмсайды. Бұлар қаланың сыртында екі қабаттық үлкен котеджде тұратын еді, хатшы қыз олардың қай күні ұшатынын біледі ғой, сонда да ешқандай қателік болмасын деген сақтықпен күндіз жан баласына көрінбей сол қаланың сыртындағы котеджге жақын келіп, алыстан торуылдайды. Бастық əйел арнайы машина алдырып, күйеуі, баласы – үшеуінің аттанып кеткенін көзімен көреді. Міне, қыз сол күні сол маңдағы бір тоғайда бой жасырып, түн ортасы ауа əлгі коттеджге келеді де оны өртеп жібереді. Бірақ құдай қас қылғанда бəрі басқаша шығады. Əлгі бастық əйелдің əуежайға жеткесін өз-өзінен қан қысымы көтеріліп беріпті. Сондағы медпункттегі дəрігер оның мына жағдайда ұшақпен ұшуы өте қауіпті екенін ескертеді. Сосын, бұлар амал жоқ, билеттерін өткізіп, кештетіп, əлгі коттеджге қайтып оралыпты. Ал тоғайда жасырынған хатшы қыз түнделетіп коттеджге от қойғанда бастық əйел, сутенер күйеуі жəне екі жасар бала бірге жанып кетеді. Тергеу кезінде əлгі хатшы қыздың күндіз осы коттеджді торуылдағаны анықталады, əрі басқа да жанама айғақтар табылып, ол қыз қамауға алынады. Бүкіл қаланы дүр сілкіндірген ашық сот болады. Міне, сол сотқа менің əлгі Анисья атты құрбым да қатысады. Ол соттың оқиғасын да маған талай жыр ғып айтты ғой. Талайдың жағасын ұстатқан
көп сұмдықтың беті сол соттың үстінде ашылады. Айыпталушы қыздың адвокаты керемет екен, мəселенің ұңғыл-шұңғылын түгел қазбалапты. Айта берсең бас-аяғы жоқ əңгіме, мен жеделдетіп, ұсақ-түйегінен аттап өтіп, тек ірілерінің ғана басын шалып отырмын. Айыпталушы қыз коттеджді өртегенде əлгі ақшақұмар, байлыққұмар сутенерге аздап болса да залал шектіруді көздеген ғой. Сөйтсе былай екен. Мына қыз осыдан екі жыл бұрын босанар қарсаңда əлгі сутенер оны өзінің бір бастық акушер досының қарамағына бергенін айттым емес пе? Міне, сотқа сол акушер жігіт те, сондағы мейірбикелердің бірі – кейін мына бастық əйел мен оның сутенер күйеуі өздері асырап алған баласын бағып-қағуға жалдаған əйел де шақырылады. Міне, бар құпияны осы мейірбике əйел ашады. Сөйтсе, осыдан екі жыл бұрын айыпталушы қыз өлі бала емес, жап-жақсы дені сау тірі бала тауыпты. Тек оны əлгі бастық акушер жігіттің ұйымдастыруымен облыстық деңгейдегі бастық əйел мен оның сутенер күйеуі екеуі асырап алыпты да, қызға «сен өлі бала тудың» деп, өтірік айтып, оның мойнын басқа жаққа бұрып салыпты. Бұл жағдайды мейірбике əйел өз бастығы акушер жігіттің көзін шұқып тұрып дəлелдепті. Ал бұдан да сұмдығы сол – айыпталушы қыз коттеджбен бірге өзінің ішінен шыққан туған баласын қоса жағып жібергені анықталады. Онсыз да темір тордың ар жағында отырған сорлы қыз есінен танып құлайды. Міне, сол шақта осы ашық сотқа қатынасқан менің құрбым Анисья қаһарына мінеді. Əлгі театрда өзі гүл ұсынғысы келмеген актердің көзімен көзі түйіскендегідей жойқын сезім əлегімен кетеді. Бірақ ол сезім мен мына сезімнің ортақ ештемесі жоқ. Екеуі бір-біріне кереғар. Бұл енді сотталушы қызға жаны ашып, соның кегін қайыруға аңсары ауады. Бірақ кімнен алмақ кекті, бастық əйел мен оның сутенері онсыз да күлге айналды, енді қалғаны əлгі бастық акушер жігіт қой, соның аты-жөнін, қызмет орнын мұқияттап, қойын кітапшасына түсіреді. – Нина Николаевна, бір жайды анықтай кетіңізші, – деп, дəптер тексерген математик Борис Устинович көзін көтермеген күйі тіл қатты. Сонымен ана коттедж өртеген қыздың жазасы не болды? – Е, ол қыздың жазасы не болсын?! Ол ə дегеннен-ақ қамауға алынып, тергеудің өзі алты айға созылған ғой. Бір басыңа жетерлік қайғы-қасіретің бар, жазаңның өтеуіне сол алты айың жетеді деп, босатып жіберіпті. Аздаған шартты түрде дегені бар ғой деймін. Жə, ол қыздың жыры сонымен тамам. Енді Анисьяға келейік,
қоңырау жақын, бұл жағын тым шұнтитып баяндайын. Анисья əлгі акушер жігіттің үйіне қызметшілікке тұрыпты. Ол өзі бай неме екен, сырт көзге білдірмей қызметші əйел жалдайды екен. Бірде ол өзі сияқты тағы екі адаммен өз үйінде құпия кеңес өткізіп отырғанда Анисья олар ішетін тамаққа у қосып, үшеуін бірдей жайратады. Акушер жігіт пен бір досы табанда жан тапсырыпты да үшіншісі дəрігерлердің көмегімен тірі қалады. Бірақ мүгедектікке ұшырайды. Міне, сол тірі қалған мүгедек арқылы бұлардың үлкен қылмыстық топ екені əшкереленеді. Ал сот Анисьяны тоғыз жылға кесті. Сүйген жігіті бар еді, сол қоштасарда жыламсырап, «неге бүйттің»– дегенде Анисья: «жауыздықты көре тұра аттап өте алмадым, бүйткеніме өкінбеймін, мені сүйгенің рас болса күт, ал мен қайратыма басып, түрме түгіл одан арғысына жатқызса да пəктігімді жоғалтпаймын»,– депті. Анисья екі жылдан соң босанып шықты, жігіті күтті, қазір үш балалы, сол Хабаровскіде тату-тəтті тұрып жатыр. Міне, енді мен құлағын шулатқан Анисья туралы фактілердің былай басын қосақтаңдаршы, шын махаббат, міне, осындай жандарға ғана тəн, кім көрінгеннің қоржынында жүретін арзан дүние емес. Нина Николаевна хикаяты таусылар-таусылмастан қоңырау шылдырлап, дəлізде балалардың тасыр-тұсыры білінді. Сабақтағы мұғалімдер сынып журналдарын ұстап ішке топтала енгенде орыс тіл-əдебиеті пəнінің маманы бір қызық жайдың басына су құйғанын аңғарысып, əрқайсысы өзінше қабақтарына өкініш райын жапсырғансыды. – Мынауыңыз нағыз роман жүгін арқалаған əңгіме ғой. Он минутқа сыйғыза алмаспын деп, тайсақтап едіңіз, басы бүтін, шекесі шетінемей, тіпті шекесі түгіл қылшығы қисаймай сыйып кетті. – Дене шынықтыру пəнінен дəріс беруші Михаил Ефимович орнынан көтеріліп, кең иықты, мол тұлғалы денесін жас балаша оңай қозғап, көздерінің айналасындағы қос-қос əжімдеріне көңілділік ұялата осылай сөзіне тұздық қоса сөйлегенде сабақтан шыққан мұғалімдердің өкініші одан əрмен кемерінен асты. Ал тарихшы Денис Антонович те одан қалыспай: – Сіздің, Нина Николаевна, осы қуыршақтай болмысыңызда ортаңқол бір жазушының таланты көмулі жатыр-ау! Əттең, не керек?! – деп, ол да түрегелген бойда етженді кеудесінен əлдебір құмардан шыққандық белгілерін танытқандай сілкініп қойды. Сыр бермеген тек математик Борис Устинович пен екі неміс мұғалім Отто Филиппович пен Лотте Романовна ғана. Ал оқу
ісінің меңгерушісі Григорий Павлович Мосько əлі де сынып кестесі шұбарлаған ватман қағазға кеудесін жапсыра көзінің астымен ғана Нина Николаевна мен оны қолпаштаған ер адамдарға сығалай қарап күлімсіреді. Қалайда, Еріктің осы тұрыста байқағаны əзірге осы еді. Кенет ол жаңа ғана сабақтан шығып, осы мұғалімдер бөлмесіне ентелегендердің ары-бері жүрісінен, аздаған дабыр-дұбырынан өзі үшін ең қызықты бір көріністен құр қала жаздапты. Ол Адалят Сализовнаның тұрысы еді. Ол есік жаққа таяу бұрышта, өзгелерден оқшауланып, тікесінен тік қақиған күйі Нина Николаевнаға жаман көзін қадауда еді. Нина Николаевнаның өз баянының соңында махаббат кім көрінгеннің қоржынында жүретін дүние емес, ол да қонатын адамына ғана қонады деп, əрі ол шындықты өз хикаясы арқылы жайып салуы ағылшын тілінің оқытушысына оқтай тиген. Оның солай екенін болашақ жазушы, қырағы жас Ерік Тінəлив анық пайымдады. Енді «еруліге қарулы» дегендей Адалят Сализовна да орыс тілі маманын қайтсем атып түсіремін дегендей қап-қара боп түйілген көздеріне қаһар жиып тұр екен. Сол кезде қайта қоңырау шылдырлады. – Ал кеттік! Мұғалім байғұстардың тіл-жағына тыным бар ма, енді сабаққа барамыз! – деп, Нина Николаевна да орнынан тұрып, Ерік состиған терезеге таяу қабырғадағы полкадан өзіне тиісті сынып журналын суырды. Басқалар да сол маңда үймелесіп, полкаға қолдарын созып жатты. Нина Николаевна қаз төсті кеудесін алға тосып, бөксесін ойнатып, жұмыр аяқтарымен еденді тырс-тырс еткізе шығар есікке беттегенде осындағы баршаның көшбасшысына ұқсаған. Себебі, бəрінің дерлік сабақтары бар еді. Бəрі де орыс тілі маманының соңынан қотарыла шығып бара жатты. Нина Николаевнаның хикаяты өзіне сұмдық əсер еткен Еріктің көздері бұрынғыдан да өткірленіп, мынау жасы үлкендердің əрқайсысына тəн белгілердің бəрін есепшотқа салып тізетіндей бір нүктеге байланып қалды. Отто Филиппович пен Лотте Романовна шығар есікте де бір-бірінен жұп жазбастай үйкелесе əрең өтті. Адалят Сализовна белін қиқаң еткізіп тарихшы Денис Антонович пен дене шынықтыру мұғалімі Михаил Ефимовичтің екі ортасына сығылысып, бірін шынтағымен, екіншісін жамбасымен қағып, ол да ары табалдырық аттады. Ал сыптай денелі, бəрінен де сəнді киінген математик Борис Устинович асықпай мыналардан кейін де бес-алты мұғалімді
өткізіп жіберіп, жүзін манауратып, жұрттың соңын ала ілбіген. Борис Устиновичті өкшелей оның сабағына кірмекші, оқу ісінің меңгерушісі Григорий Павлович ентелей басты. Жуан мойнын алға созып, етженді шымыр кеудесін күшпен еңкейтіп, тезтез жүргенде басы да бұлғақ-бұлғақ етеді. Адам сұлбаларын əртүрлі жанды-жансыз бейнелерге ұқсата бағалайтын дағдысы бар Ерік оқу ісінің меңгерушісінің мына түрінен Алматыдағы циркте өзі тамашалаған, жаттықтырушының ізімен əлдебір ойлы, мағыналы қимылдар жасап ерген, қорбаңдаған аюды еске түсірді. Мұнысы біреуді кемсіткендігі емес, керісінше, бұлардың бəрін өзінен жоғары қойғандағы көңіл райының бір қыры еді. Жаңа ғана Денис Антоновичтің бағалауынша болмысында ортаңқол бір жазушының таланты көмулі Нина Николаевна хикаятының мұның ішінде дауыл соқтырғаны соншалық шынында бұл кішігірім бір романды бастан-аяқ сүзіп, тез оқып шыққандай əсерде еді. Бөлмеде екі-үш мұғалім ғана қалып, тыныштық орнағанда Ерік орыс тілі пəнінің мұғалімі жаңа өз əңгімесіне арқау еткен Анисья атты қыздың тағдырын, бет-бедерін, мінезқұлқын өзінше елестетіп, қиялына «əйт, жануар, шүу» дегендей қалыпта еді. Кенет əлдене бір бүйірінен сұққылап берді. Апырау, мұны не қара басты? Еріктің өзінің де сабағы бар екен ғой. Бұл санын бір соғып, сөредегі қазақ тілі пəнінің арнайы журналын жалма-жан суырып, апыр-топыр есікке беттеді. Бөлмедегі екі-үш мұғалім жас балауса жігіттің мынадай жаңғалақтығын байқап, бір-біріне езу тарта бұрылды: – Бұл бозбалада шынында бір түсініксіз мінез-құлық бар, – десті бірі. – Мен де сондайын байқаймын. Не нəрсеге де тосырқай қарап, көктен түскен жанға ұқсайды, – деді екіншісі. – Орыс балаларына орыс тілін ұқтыру қиын. Ал қазақ тілін үйрету тіпті қиямет-қайым ғой шикі немеге. Содан сансырайтын шығар. Ерік Тінəлиевтің бұл жолы кіргені бастауыш сынып еді. Олар төртінші сабақтан кейін үйлеріне қайтады. Тек қазақ тілін үйренуші тобы ғана бесінші сабаққа қалады. Бұл жоғарғы сыныптардағыдай емес, мұнда сабақ өткізу оңай. Сонда да Ерік жаңағы Анисья атты қыздың жан-дүниесіндегі алуан түрлі ойрандарды өз басынан өткергендей жан қиналысын сезді. «Иə, бұл орыс халқы біздің қазақтан қай жағынан да көп озық халық қой» деген қызғаныш та ішін қарыды. Əрине, бұл ретте ол өзі оқыған орыс классиктерінің шығармаларын да есіне алған.
- * Осылай Ерік Тінəлиевтің алғашқы еңбек жолы жалғаса берді. Алғашында бұл тағдыр тəлкегімен өзі он екі жыл оқып, зəрезап болған оқу ордасы емес, əсте көріп-білмеген таңғажайып дүние кейпіндей көңіл көзін жан-жаққа жұлқылай тартқылады. Иə, бұл болашақ жазушының өмір тануда күрт шырқай көтерілген айлары еді. Орыс балаларына қазақ тілін үйретудің мехнатынан гөрі осылай жан-жағынан анталай топырлаған, бұл үшін сол танымдық мəні зор жағдаяттардың ала-құлалығы, əрі көптігі көңіл көзін талдырып, қажытып бара жатқандай. Бірде мектеп директоры Кузьмин: – Балалардың сабаққа қатысу деңгейі қалай? – деп сұрады Еріктен. Бұл аузын ашып та үлгермеді, директор өз сұрағына өзі жауап қайырғандай болды. – Журналды тексеріп қарадым, аса мəз емес сияқты ғой. Еріктің ағынан жарылмасқа амалы жоқ еді: – Рас айтасыз, Алексей Никитыч, кейбір балалардың сабаққа қатыспай қашып кету фактісі орын алып жүр. Оларды ешкім зорлаған жоқ, əу баста қазақ тілін үйренуге тілек білдіріп, топқа жазылған өздері ғой. – Мəселені олай қою адасқандық! Олар қазақ тілін үйренуге тілек білдірді, демек оның қызықты болатынына үміт артты. Ал сен солардың үмітін ақтауың шарт. Қайталап айтамын! Сабаққа жоспар жасағанда оның қызықты, əрі алуан түрде өтуін өте-мөте ескеруің қажет. Сен үшін əр сабаққа дайындалу, оның жоспарын жасау ең өзекті мəселе. Біздің кітапханада педагогикалық, əдістемелік газет-журналдардың тігінділері қат-қат, соларды көз майың таусылғанша оқы, əрі мерзімді баспасөзге жазылу науқаны басталды, өзіңе ең керекті одақтық, республикалық басылымдарға жазылуды тездет. Тəжірибелі мұғалімдердің сабағына қатыс дегенмін... Иə, оның дұрыс. Сосын сабақтан қашқан балалардың ата-аналарымен де жолыққан жөн. Сынып жетекшілерінен де көмек сұра. Осылай тастай қаланған сөздерді біраз төкпеледі де одан арыға уақытым жоқ дегендей кірпіше тікірейген сұрғылт шашты басын тез бұрып əкетті. Сол түстес қас-қабағының тасасындағы көздерінде «байқа, бала, біз сені алақанда аялап, еркелету үшін ұжымға қабылдағамыз жоқ» дегендей ызғар кетті. Осы тұрыста не тапсырмалар берді, солардың орындалу барысы алдағы күндерде
сөзсіз тексерілетінін де ескерткендей. Сөйтіп, бұл күннен бастап, Еріктің жұмысы тіпті көбейді. Сонау қала сыртындағы ауылдан таң бозында шығып, жұмысқа келеді де кештетіп, ал жиналыс, не басқа да бір шара өткізілген күндері түнделетіп бір-ақ қайтады. Қуықтай тар үйге кіргесін де демалуға жағдай жоқ. Кəрі əке-шеше, шиеттей бала-шаға. Əсіресе, сол кішкентай іні-қарындастарының мазалауы көп. Олар көбіне күндіз шығара алмаған есептерін көлденең тосады. Кейбір жазу жұмыстарын тексеріп беруді өтінеді. Бірер сағат сонымен уақыт өткізеді. Осы тұста бір шындық Еріктің жүрегін осқылады. Ауылда қазақ мектебі ежелден жоқ қой, бұл балалардың бəрі орысша оқитын еді. Енді қараса Ерік орыс балаларына қазақшаны үйретем деп, табан тоздырып жүрсе үйге келгесінгі тірлігі мүлде қарама-қарсы екен. Мұнда өз іні-қарындастарына орысшаны ежіктеп зықысы шығады екен. Осы бір тағдыр тəлкегінің астарында не жатыр деген сауал кей-кейде көз алдында көлденеңдейді. Қалтадан суыра қоятын дайын жауабы тағы жоқ. Кейде сарыла іздеп, ол жауаптың ізіне түскендей болады. Байқаса, бұл қаладағы үлкен орыс мектебінде еріктілерден құралған, əрқайсысы небəрі 10-15 баладан ғана тұратын топтарға қазақ тілінен дəріс беремін деп, қандай əлсіздік танытса бұған ана сүтімен сіңген сол қазақ тілінің жалпы тағдыр-талайы да сондай əлсіз, болмашы күйде екен. Тіпті жаны қыл ұшында тұрғандай. Қазақ тілінің маманы, əрі осы тілде алдағы күнде көлемді əдеби шығармалар жазбақ дəмесі бар Ерік Тінəлиевке бұл бір бүйірден біз сұққандай əсер етті. Бірде жас ұстаздың тəнінде пайда болған осы бір жанды жараға əлдекім тырнақ салғандай бір оқиға болды. Мектепте əдеби кеш өтіп жатты. Сəнді киінген орыс балалары мен қыздары Пушкин, Лермонтов, Тютчев өлеңдерін бірінен соң бірі жатқа соқты, əрі Лев Толстой, Чехов, Горький шығармаларынан үзінділер оқылды. Ара-арасында əн мен биге де кезек берілді. Кенет кең сарай спорт залының сахна іспеттеліп қоршалған төріне əлгі Лариса Недушенко деген қыз шықты. Құшаққа сыймас мол жирен шашы бар бұл тайқардай орыс қызын Ерік əлі күнге жақсы білмейтін. Ара-тұра үзілісте ғана көретін. Тек анада аулада бұл бір баланы көк желкеден ұрып құлатқанда тарихшы Денис Антоновичтің «эх, Лариса Недушенко, сенің болашақ күйеуіңе менің ешқандай қызғанышым бола қоймас» деп аһ ұрған күрсінісі көкірегінде хатталып қалыпты. Ал қазір ол сахнаға шыққанда əлдене өзгеріп сала бергендей. Құшаққа сыймас мол жирен шашы көк-жасыл
ленталармен буылып, жөнге келтіріліп, тек екі иығына ғана құлай жиылып, күлтеленіп қалған. Есесіне, қызара бөрткен жүзіндегі арай кешкі электр шамының жарығымен қуатына басып, көрген жанның бірден назарын баурап əкетті. Шашты қоя тұрыңдар, менің мынау нұр шашқандай бет-жүзіме, тұңғиық көздеріме, əр талы күмістен құйылғандай кірпіктеріме, қырлы мұрныма, əдемі иегіме қараңдар дегендей көпшілікке қыр көрсете телмірді. Үстіне кигені кəдімгі мектеп формасы емес, онсыз да бойшаң адамды одан əрмен сырықтай ететін, тұтастай етіп тігілген ұзын ақшыл көйлек. Жағасында, жең ұшында, белінде, етегінде шашылған қарамық дəні сияқты ноқаттар бар. Кенет бұл Лариса Недушенконың осы түріне қатысты не айтар екен деп, Ерік ине шаншарға жер жоқ үлкен спорт залының өнебойынан əлгі Денис Антоновичті көзімен іздестіріп еді, таппады. Сірə, ол бұрынғы өз сөзінен өзі ұялып, бой жасырғандай. Ал мынау бұлайша құлпырған қызға жұтына қараған оқушы балалар мен мұғалімдердің көздері мүлдем басқа жайдың əуенімен төңкерілуде. Ол əуеннің атауын Ерік бірден тапты. Оның атауы – қызғаныш. Иə, тап солай. Тіпті бір бұрышта, балалар ең көп ұйлығысқан ортада отырған Нина Николаевнаның көздерінен ұшып түскен бір ақ сəуле Еріктің көкірегіне келіп қонақтап, «иə, солай, солай» деп сендіргендей. Кенет мынау үлкен залда басқа бір от шашырады. От емес, найзағай! Бұл Лариса Недушенконың даусы еді. Ол Иван Сергеевич Тургеневтің орыс тілінің құдіреті туралы кішкентай толғамын оқи бастаған: «Во дни сомнений, во дни тягостных раздумий о судьбах моей родины – ты один мне поддержка и опора, о, великий, могучий, правдивый и свободный русский язык! Не будь тебя – как не впасть в отаяние при виде всего, что совершается дома? Но нельзя верить, чтобы такой язык не был дан великому народу!» Міне, осы шақта кенет Ерік Тінəлиевті сең соғып өткендей болды да артынша адам айтқысыз бір дəрменсіздік жайлады. Қол-аяғы қалтырап, ауасыз кеңістікте қалғандай. Тура əлгі ағын судан шабақ балықты қармаққа іліктіріп, көкке көтеріп қойғандай. Ұлы жазушының құдіреті, сол арқылы аспан мен жер арасындағы кеңістікті найзағайша тілгілеген орыс тілінің құдіреті, оны осылайша айшықтап құлаққа құя білген, Ерік Тінəлиев күнделікті еңбек еткен мектептегі жай оқушы қыз Лариса Недушенко даусының құдіреті – үшеуі бірігіп, бармақтың басындай ғана кішкене толғамды қара жердің кіндігін бұрап
жіберер күшке айналдырғандай. «Эх, Денис Антонович, сен көпті көрген, соғысқа қатысқан тəжірибелі адам бола тұра енді елге қарар бетің болмас» деп, Ерік өз ішіндегі бір қылқобыздың ішегін қоса ызыңдатты. Сөйте тұра өз бойындағы жаңағы дəрменсіздікті қайта түйсінді. Сол дəрменсіздік күш алып мұны ауада тыпырлатқан күйі енді құрдымға тастап жіберердей қорқынышты қоса тартты. Əлденеден жүрегі қанжылағандай. Неге олай деп, алғашқыда өзіне өзі сұрақ қойғыштай бастап еді. Қараңғыда қарманғандай бұл сұрақтың жауабын тез тапты. Бұл өзінің ана тілі – қазақ тілінің жай-күйі мынадай құдіреттер бас қосқан ортада қалай екен деп, оны тез түйсінгесін дəрменсіздік пен қорқыныштың қара батпағына ұрыныпты. Иə, орыс тілі дария болса ал қазақ тілі сол дарияда адасқан жаңқадай ғана болмашы бірдеме. Апырау, сол жаңқаға жармасып жан сақтардай Еріктің бүгінгі тірлігінің табан тірер бір ірге тасы болмағаны ма? Қаптаған орыс, ал қазақ дегенің емге табылмас мынау өндірістік қаланың бір мектебінде бұл жалғыз-жарымдап жүргесін солай көрінді ме екен? Иə, солай шығар. Қиялшыл Ерік осындай халдің үстінде де қазақ тілін Тургеневше əспеттей білген қазақ ұлыларының біразын көз алдында тізе бастады. Асан қайғы, Доспанбет, Бұқар жыраулар арғысы, Абай, Сүйінбай, Əуезов бергісі – бəрінің тірлігінен қасиет іздеп, көкірегінен алау от маздатып еді, оны əлдекім үрлеп өшіргендей тағы бір қиналысқа ұшырады. Оның мəні сол – сахнадан Лариса Недушенко кеткесін де ол жаққан от мынау кең спорт залында ине шаншарға жер жоқ, сары қамыстай жапырылған оқушы балалардың жүздеріне көшіп, тіптен етек алып кеткен екен. Бұған қоса сатырлаған қол, уілдей көтерілген дауыс Ерік көкірегінде шалықтаған кішкентай шырақты жоқ қылмай қайтсін?! Бұл ойын-сауық кешінің əсерінен Ерік біраз күн арыла алмады. Оқу жылының алғашқы тоқсаны аяқталып, қараша айының екінші жартысы туған күндер. Текелі қаласы екі таудың қыспағындағы қала ғой, қарашаның қара суығы мұнда екіленіп соғатыны бар. Əсіресе, қарсыз, жаңбырсыз күндерде оның өңменіңнен өтетін қатаңдығы мұндағы жұртқа ежелден мəлім. Ерік көнетоз жұқа плащының жағасымен, кепкісінің күнқарағымен ертелі-кеш басы-көзін тұмшалап, жұмысқа əрең келіп-кетіп жүрді. Осындай күндердің бірінде мұғалімдер ұжымы екі адаммен толықты. Оның бірі – физика-математика маманы Кузьмина Ирина Васильевна еді. Көздері əлдекімге күдікпен қарағандай қабағы тырысыңқырап
тұратын, бірақ келбетсіз емес, ашық сопақ жүзі, бойшаң денесінің толықтығы да өзіне жарасымды, сəнді жүрісті əйел екен. Ерікті алғаш көргенде оған бір қырынан қарап біраз сүзілді де қабағын сілке көтеріп, алға қарай тіке басты. Сосын қайтіп көпке дейін назар аудармады. Сөзі аз, мінезі бір тоға жан көрінді. Тек көңілкүйінің пəстігі Ерікке бірден шалынды. Мүмкін, бұл да анау дүңген əйелі Адалят Сализовна сияқты байы жоқ, от басы, ошақ қасы құлазыған біреу шығар. Тек көп ұзамай ол жорамалының күл-талқаны шықты. Бұл басқа емес, тап мына мектеп директоры Кузьмин Алексей Никитычтың зайыбы екен. Ерікті елең еткізген бір сұрақ, «апырау, оқу жылының басталғанына үш айға жуық уақыт өтті, бұған дейін бұл қайда жүрген, əлде декреттік демалыста болды ма? Жоқ, оған ұқсамайды». Қырағы Еріктің байқауынша декреттік демалыстан шыққандар, немесе, емшекте баласы барлар шеттерінен уылжыған жас келіншектер, ал мына директордың зайыбы дегенің қайтсе де қырықтың қырқасына көтерілген жан, мұның жасындағы орыс əйелдеріне бала көтеру дегенің жараспайтын-ақ нəрсе. Əлде бұл ауырып тұрды ма, оған да келіңкіремейді, өкшесімен ағаш еденді тықылдатып, тік басып жүргенде тұла бойының бұлың-бұлыңында мықты денсаулық, қайрат белгілері жылт-жылт ететінге ұқсайды. Өз жұмысының шиі шығыңқыраған Ерікке ол жағына бойлауға шама қайда, ал мұның директордың зайыбы екенін білгесін тіптен «екі елі аузыңа төрт елі қақпақ» дегендей күйге көшті. Еріктің бұған дейін-ақ бір білгені – жалпы мұндай ортада тіліңе сақ болмасаң, əсіресе, бұл сияқтыларға үлкен қатер. Бұлтсыз күнгі найзағайдай жарқжұрқ пəле туып кетуі оп-оңай. Тіпті кейбіреулер өз бастарындағы пəлені өздерінің қасында аузында ана сүті кеппегендей көрінетін Ерік сияқтылардың аңқаулығын пайдаланып, жапсыра салуы ықтимал. Мұның бар бітіргені кəрі мұғалима Лотте Романовна жаққа алаңдап, соның тістерінің арасынан шығатын əрбір дыбысты қақас жібермеуге тырысты. Не құпияны да сол ашуы мүмкін. Оның мектеп директоры Кузьмин жөніндегі қырыс сөздері жадында қалыпты. Əрі бұл неміс тілінің маманы мына Кузьмина Ирина Васильевна алғаш жұмысқа шыққан күндердеақ оның да ту сыртынан күлімсірей қарап, жүріс-тұрысынан келемеж етерлік бірдеме іздегендей сыңай танытты. Бірақ Лотте Романовна дағдылы мінезіне басып, əзірше ештемені қопсытпады, сосын да бұл мəселе Ерік үшін жабулы қазан күйінде қалды. Ал Ерікті нағыз таңырқатқан сол Кузьминамен қабаттаса ұжымды толықтырған екінші адам болып еді. Осы қарсаңда
əлгі «Перепелка» деген, Ерік əлі көрмеген орыс тілі-əдебиеті маманының құлағын шулату жиіледі. Əсіресе, əлі де төрдегі өзінің жұмыс столында ақ ватман қағаздағы сабақ кестесін резеңке өшіргішпен, қара қарындашпен кезек-кезек сүйкеуден танбаған оқу ісінің меңгерушісі Григорий Павлович Мосько ол «Перепелка» дейтінді жақтырмай атайтындай. Кенет онсыз да жарық мол мұғалімдер бөлмесінде заты бөлек шам жанғандай əлденеден Еріктің көзі қарықты. Есік айқара ашылды да ішке ұзын, ашық түсті тоқыма көйлек-сарафан киген, сұлу да ақшыл өңінде бұл ұжыммен сағынышпен қауышпақ адамның көңілді райы бар əйел кіріп келе жатты. Ол алғашында Ерікті байқаған жоқ, өзіне жақсы таныс мұғалімдерді бір-бір адақтап, бəріне көңілді жымиыспен ілтипат көрсетіп, амандықсаулық төңірегіндегі сөздерді көкірегіндегі асыл тастардай саудыратты: – Сəлеметсіз бе, Нина Николаевна, апырау, сіз қалай жасарып кеткенсіз? Тура əлгі сахнадағы қуыршақ қыздай құлпырған түріңіз бар. Ах, Денис Антонович, сіздің де өңіңіз жақсы, тек əлдекімге өкпелегендей бұйығы тұрсыз ғой. Адалят Сализовна, сізді сағынып қалыппын. Ах, Михаил Ефимович! Болашақ спорт шеберлерін сомдап жатырсыз ба? Сіздің педагогтік қабілетіңіз ерекше ғой. – Осылай басқаларды да бір-бір жайқап өтті. Ерік Тінəлиевті бұл ең соңынан байқады. Иə, бұл Надежда Борисовна Перепелкина Еріктің ұстазы еді. Ерік оқыған қазақ мектебінде қазақ балаларына орыс тілі мен əдебиеті пəнінен дəріс берген. Осыдан екі жыл бұрын Ерік тоғызыншы класты тамамдағанда бұл мұғалима ғылыми жұмысқа ауысамын деп, онысына көнбеген күйеуінен ажырасып, Алматыға көшіп кетті деп естіген. Алты айдан соң күйеуі қайта табысуды ойлады ма, ол да Надежда Борисовнаның соңынан кетті деген дақпырт тараған. Бірақ анық па, жоқ па, ол жағы Ерікке беймəлім еді. Ал Алматы кетті деген мұғалима мына Текелі қаласындағы мектепке қалай тап болды, ол да түсініксіз, Əйтеуір, бəрі Еріктің жас басы үшін тоңы ойылмаған дүние, жұмбақ. Бірақ ашып сұрап білуге мұнда дəрмен жоқ. Надежда Борисовна Перепелкина өз шəкірті Ерікті мынау қаптаған қалалық орыс мұғалімдердің ортасынан көргенде жаман ішін тартты: – Тиналиев, сен мұнда неғып жүрсің? – деп сұрады. Ерік жөнін айтып еді. Надежда Борисовнаның көгілдір көздерінің тереңінде бір от жанып, соның сəулесі бет терісінде ойнап
тұратынға ұқсайтын. Еріктің жауабын естігенде сол от тез сөніп ұстаз жүзінде қаталдық пайда бола кеткендей. Қалайда Ерікке солай көрінді. Бірақ ол назарын бұдан тез бұрып əкетті, əлі де жүздесіп үлгермеген адамдарым бар шығар дегендей қара-құраға толы кабинет ішін қайта сүзгілей бастады. Сосын бұл да өкшесін тықылдатып, төрдегі оқу ісінің меңгерушісі Моськоға жақындады. Ол Надежда Борисовнаның сəлеміне басын көтермеген күйі жауап берді. Екеуінің арасында аса көңілді емес дейтіндей күңкіл сөздер өрбіді. Əңгіме сабақ кестесінде осы Надежда Борисовнаға тиесілі сағаттардың орналасу реті жайында еді. Бұл – оқу ісінің меңгерушісі мен мұғалімдер арасында ащы ішектей созыла беретін кикілжің. Надежда Борисовна үш айдай уақыт өткізіп, жұмысқа бүгін ғана шыққан адам. Соның өзінде де наразылығын білдірмей қала алмады. Ал анау да қырыс мінездінің өзі ғой: – Жолдас, Перепелка, биыл сабақ кестесін жасау қиынның қиынына айналғанын білесіз бе? – Григорий Павлович, менің фамилиям – Перепелкина. Ал перепелка деген даладағы жабайы құстың атауы. Оны маған неге жапсырасыз? Сіздің фамилияңыз – Мосько. Егер оны мен мың құбылтсам қай қиырға апарып соғарымды сезінесіз бе? Оқу ісінің меңгерушісі басын столдан жұлып алып, шалқалай қарады. Көздері атызданып кетіпті. Онсыз да қошқылтым түсті мұрны мен жалпақ бетінде қызылала қан жүгіргендей түсі өзгеріп, тіпті оң жақ шекесіне қайырған қап-қара кекіліне дейін дүр ете қалғандай. Жуан мойнындағы күре тамыры да соншама зорая көзге ұрады. Бұл оқу ісі меңгерушісінің жаман қысылғандығының, əрі қорыққандығының белгісі еді. – Кешіріңіз, Надежда Борисовна, мен жаңа келген адаммын ғой. Осы үш айда мына жұмыстағы мұғалімдердің бəрінің атыжөндерін əлі толық біліп үлгергем жоқ. Шатастырып аламын. Ал өзіңіздің жүзіңізді бірінші рет көріп тұр емеспін бе? Бір қателікті кешіруге болатын шығар. – Бір қателікті кешірер едім, бірақ менің фамилиямды солай құбылтып сіздің құлағыңызға құйған адамдар бар сияқты. Осылай зікірледі де бойын тез түзеп, өзі жаңа ғана шүйіркелесе амандасқан адамдардың ішінен енді жау іздегендей қабағына мұз қатырып біразын шанышқылап өтті. Ерік терезе алдында оқтау жұтқандай тұр. Төбесінен əлдекім суық су құйғандай сілкінісі де бар. Бұл қалайда мектеп табалдырығын ұстаз ретінде аттады дегенмен əлі де шəкірттік сезімнен арылып үлгермеген жас қой.
Жаңа Надежда Борисовнаны алғаш көргенде сол шəкірттік сезім бұрынғы қаз-қалпында қайта іш қойнауын құйындатып əкетті. Мына ұстаз мінезіндегі күрт өзгеріс ол шəкірттік сезімнің отына тіптен май құйды ма, əйтеуір, бұл тұла бойынан бір жайсыздықты сезінді. Иə, ғылыми əдебиетте жиі айтылатындай ұстаз бен шəкірт арасында бір аралық болады, қалыпты жағдайда оны ешқайсысы аттап кетпейді. Мысалы, ұстаз шəкірттер алдында үнемі бір қырынан көрінеді, ал өз отбасы, əріптестер сияқты сықпыты бөлек өзге де орталарда мүлдем басқа қырымен жарқ береді. Ерік те Надежда Борисовнаны бұған дейін бір ғана кейіпте қабылдап үйренген ғой, кенет оның ауыз тұшымас нəрсе үшін шарт кетуінен ыңғайсызданбасқа шарасы, кəне. Əрі бұл мұғалиманың əдебиетші екенін ескер, болашақ жазушы Ерік оның орыс классиктері хақында тамылжыта сөйлеген сөздерін санасына қалай сіңіруші еді? «Онегин скучает, Печорин страдает» деген сияқты үлкен əдебиетті еңсеруде тұтқа боларлық тіркестері көкірегінде жатталған. Мейлі, ондай аттылар Белинскийдің, не басқалардың қаламынан тусын-ақ, бəрібір Надежда Борисовнаның аузымен жеткенде шоқтай жарқырап жазу өнеріне деген ынтызарлықты қозғап оятушы еді-ау! Міне, сондай адам биіктен құлап, жердегі кəкір-шүкір қоқсыққа топ еткендей сезімтал Еріктің жанын ауыртты. Əрі Надежда Борисовна өзі алғаш жүздескен, бұл ұжымға сонау алыстан келіп қосылған Мосько Григорий Павлович атты оқу ісінің меңгерушісімен əдептіліктен аттап, салған жерден омырауға ала кие сөйлегенге ұқсады. Таныспай, біліспей жатып, тарпаң мінезге басқандай. Бұл Перепелкина Надежда Борисовна тəрізді тəжірибелі мұғалиманы мына əріптестері сыртынан атыжөнін бұрмалай «Перепелка» атап, мысқылдайтынына Ерік енді ғана көз жеткізген. Сырттан келген Мосько сол басқалардың əуенімен кетіп, абайсызда от басқандай. Сөйте тұра Ерік өз ұстазын тап осы жолы іштей де ақтап ала алмады, жаңағы оқу ісінің меңгерушісімен тым əдепсіздеу тілдесуін оның жіберіп алған бір қателігіне балады. Еріктің қуанышына орай сол күнгі алғашқы сабаққа шақырған қоңырау тез шылдырлады да бəрін үдере көтеріп əкетті. Бұдан əріде басқа сөзге қарамай қауырт келетін мектеп жұмысы мұғалімдерді біржола жұтқанға ұқсайды. Артық-ауыс кикілжіңге ешқайсысының мұршасы жоқ. Надежда Борисовна арада бір аптадай өткізіп барып қана Ерікпен емін-еркін дидарласуға уақыт тапты:
– Байғұсым-ау, сен сонда осындағы орыс балаларына қазақ тілінен сабақ беріп жүрсің бе? Өзі сабақ кестесіне кірмейді, ауысым арасында ғана, не соңғы сабақтардың орнына өтеді. Факультативті түрде. Яғни əркім өз еркімен ғана оқиды. Апырау, бұл сенің қолыңнан келетін шаруа ма? Сені қандай мұқтаждық бұл жұмысқа желкелеп əкелді? – Осылай шыр-пыр болып, біраз сусылдады да енді көздерін алайда Ерікке басқа бірдеме айтпақтай тесіле қарады. Неге екені белгісіз сол алайған көздер сұлу əйелдің көркіне нұқсан келтіргендей, əрі оның іштегі бір көптен көмулі, енді сыртқа атылмақ теріс пиғылын табанда жалаңаштап тастағандай жас неменің тіптен жанын ауыртты. Себебі, ұстаз бен бір кездегі шəкірт көз түйістірген осы санаулы секундтерде Ерік ұстаз əйелдің сол алғашқыда айтпаққа оқталып, іште іріккен сөздерін де бет-жүзіндегі құбылыстардан оқып үлгеріп еді. Ол «бұл заманда қазақ тілінің не емге қажеті бар еді» деген сұраулы сөйлем. Мұны көлденең көк атты біреу емес, осынау жат ортада өзінің жалғыз туыс, жалғыз жанашырындай жылы ұшыраған кешегі ұстазының жүзінен тап басып тануы Еріктің мүлдем жігерін құм етті. Бірақ бұл жолы Надежда Борисовна алғашқы пəрменінен тез тайқып, көп ашылмады, мұның уақыты тар. Бұл беттесудің бар нəтижесі сол – əнеукүнгі кешкілік мектептің үлкен залындағы əдеби кеште Лариса Недушенко жатқа соққан Тургеневтің орыс тілінің құдіреті хақындағы шымшықтың тұмсығындай қысқа толғамынан кейінгі мұның жан дүниесіндегі орнаған күйзелісті үрлеп қайта тұтандырды. Осындай құдіреттер қасындағы қазақ тілінің мүшкіл халі төңірегіндегі сарыуайымның тұңғиығына батып ұзақ сарылды. Əлдебір сыз босағада жатып кеудесі мұздағандай күй кешті. Айнала кеңістік, туған жердің тау-тасы жатбауыр тартып, өгейсіткенге ұқсады. Ол аздай тап осы күндерде Ерік үшін тағы бір ащы шындықтың беті ашылды. Бұл өзі оқытатын 10-15 баладан тұратын топтардағы оқушылардың қазақ тілі сабағына неғұрлым толық қатысуын қамтамасыз ету үшін ара-тұра сол балалар оқитын сынып жетекшілерінен көмек сұрауға мəжбүр еді. Жақында ғана математик Борис Устиновичке ол жетекшілік ететін 7 «в» сыныбындағы топтан екі баланың үнемі қазақ тілі сабағынан қашып жүретініне шағымданған еді. Борис Устинович қабағын кіжірейтіңкіреп, Еріктің өтінішін үнсіз тыңдады да үнсіз басын изеген. Ерік онысынан біраз тоғайғандай-ақ болған. Содан екі аптадай өткенде Ерік мектепке қарай жан ұшырып келе жатты.
Бұл орта мектепке қарасты бастауыш сыныптардың біразы бұдан екі кварталдай төмендегі басқа үйде еді. Сонда сабағын өткізгесін мұндағы сабаққа үлгеру үшін жүрісін тездеткені. Мұндағы балалар əзір сабақта, ұзыннан-ұзақ созылған дəліз боп-бос, тек есік аузында швейцар əйел ғана мүлгіп отыр. Ерік сыртқы есікті ашып, тез табалдырық аттағанда осындай көріністің үстінен шықты. Тек дəлізбен жүріп барып, оңға қарай əкететін екінші бөлікке жақындағанда сондағы мұғалімдер бөлмесінен бір жайсыз дауыстар құлағына жетті. Сірə, мұғалімдер бөлмесінің есігі ашық қалса керек, сабақ уақыты ғой, ақырын сөйлейік дейтін емес, Ерік жақындағанда еркек-əйелі аралас бес-алтауы бір дау-дамайға кіріскендей тіптен шаң-шұң етісті. Тіпті жақындап қалғанда Еріктің анық құлағына жеткені «волосатая рука», «камень на шее» сияқты тіркестер еді. Бұл тіркестердің мəн-мағынасын Ерік жақсы білетін. Бұл ашық есікке енді тұмсық тығарда түрегеп тұрған математик Борис Устиновичтің арқасын көрді. Ол оң алақанымен өз желкесін қаққылап: – Вы правильно рассуждаете, Михаил Ефимович, да, в действительности это камень на шее! – деді. Борис Устиновичтің аржағында бұған қарама-қарсы қарап, Нина Николаевна тұр еді. Ол дəлізден Ерікті көргенде аппақ жүзін дір еткізіп, қабағын сілкіп белгі бергендей болып еді. Борис Устинович арт жағына жалт қарап, сап тыйылды. Жалғыз бұл емес, бөлмедегі бəрі де солай. Тек бұл дау-дамайға араласпағандай көрінген неміс тілінің екі маманы Лотте Романовна мен Отто Филипповичтің жүздерінде күлімсірегенге ұқсас бір бөлек нышандар ерсілі-қарсылы жортып жүрді. Лотте Романовнанікі тіпті айқын, «сабазым, дəл үстінен түстің» дегенді құлағына сыбырлап тұрғандай. Адамның сезгірлігі оның соры да ғой. Еріктің жүрегін əлдене шым еткізді. Бұлардың дау-дамайы осы мектепте факультативті түрде болса да өтіп жүрген қазақ тілі пəні туралы екенін бұл жазбай таныды. Тіпті танымасқа шарасы кəне, жаңа ғана зіркілдей сөйлеген Борис Устинович ту сыртынан бастырмалатып кеп қалған Ерікке жалт бұрылғанда ұрлық үстінде ұсталғандай түсі бұзылып кетті. Селдір де жіңішке бурыл түсті қастарын əлдекім талдап жұлғандай сілкілеп-сілкілеп, əрең қалпына келтірді. Күн көрінетіндей жұқа қыр мұрны да ашаң да ақ сарғыш жүзінде арыбері тайғанақтағандай бір берекесіздікке ұшырады. Тек əскери адамша тік ұстайтын сыптай денесінде ғана қайрат мол екен, сол ғана былқ етпеді. Борис Устинович енді екі бетінің шұқырына
күлкі ұялатты. Сондай күлкі көздерінде де бар, Еріктің жұмысқа жаңа киіммен келгенін көрген адамдай-ақ əлдебір қамқорлық, сүйіспеншілік ишарасымен оның бас-аяғын тегіс шолып шықты. Басқалар да солай. Тек бəрі үн-түнсіз. Ерік енді көзімен дене шынықтыру пəнінің мұғалімі Михаил Ефимовичті іздеді. Жаңа ғана бұл табалдырыққа сүрініп жығылардай осы бөлмеге енерде Борис Устинович екіленіп, соның бір сөзін қоштап, ныспысын атап еді ғой. Ол ортадағы ұзын столдың бір пұшпағында қас пен көздің арасында алдындағы бір газетке аңсары ауғандай көздерін төмен түсіре қойыпты. Əйнекше шытынаған əжім іздері бар жалпақ жүзі бұл төмен қарағанда тіптен далиып кетеді екен. Еріктің өткір көздері оның сол далиған, салбыраған жүзінен ұят қысып, бет моншағы үзілген жанның нышанын аңғарды. Енді қайтсін?! «Иə, бұлар үшін қазақ тілі мойынға байланған таспен бірдей екен ғой» деген сөздерді Ерік осыдан бірнеше күн бойы іштей қайталады. Ал «волосатая рука» атағандары кім? Сірə, халқының тоқсан тоғыз пайызы орыстардан тұратын осы өндірістік қаладағы мектептерде қазақ тілін факультативті түрде болса да енгізуге күш салған жоғарыдағы біреу. Еріктің пайымдауынша ол сорлы да бұл шешімді оңайлықпен іске асыртпаған. Осындай бірен-саран энтузиасттердің жансебілдігімен ғана Ерік өзінің теңіз бетінде адасқан жаңқаға ұқсап жүргенін пайымдады. Ерік еңбекке жаңа араласқанмен де осы жағына ой жүгіртуге жарады. Əйтсе де Надежда Борисовнаның өз шəкіртінің мына тірлігі үшін жаны ашып шыр-пыр болуы мен мына соңғы көрініс Еріктің біраз ұнжырғасын түсірді. Осыдан кейінгі бірер аптада Борис Устинович пен Михаил Ефимович Ерікпен тұп-тура көз түйстіруден жалтарып жүрді. Оларға тарихшы Денис Антонович қол ұшын бергенсіді. Əнеукүні Ерік үстінен түскен мұғалімдердің дау-дамайы, əрі Борис Устиновичтің тісін шақыр-шұқыр еткізіп аузынан шығарған сөздері тұсында сол мұғалімдер бөлмесінде осы Денис Антоновичтің де төбесі қылтиған. Тағы бір осындай сабақ орны боста Денис Антонович өзінің тарих жөніндегі білгірлігіне басып, арғы-бергіні қозғап берді. Əншейінде мінезі қырыстау, əйелдерше ұрысқақтығы да бар Денис Антоновичтің ондай жыры кезінде тұс-тұстан іліп-қақпайлар да шаң беретін. Ал мына жолы бəрі уəделескендей-ақ ауыздарына су толтырғандай жым-жырт болысты. Денис Антонович үшін бұл үлкен кеңістік еді. Үлкен
аудиторияда арнайы лекция оқығандай құлашты кеңге салды. Этнология, ұлтаралық қатынас сияқтыларды бір-бір сүйкеп өтіп, жағалата тіл мəселесіне келіп тірелді. Бөлмеде ары-бері ойқастай аузы көбіктеніп, құйқылжып, оның ең бір тұздықты жерін əдеттегідей терезе алдында шынтағын табанша тақтайға сүйеп, жалғыз состиған Ерікке жақындай ежіктеді. Алыстан даңғырасам жас жігіт мəн бермей, не естімей қала ма дегендей-ақ тіпті əдейілеп бұрылып, құлағына аузын тақап құйып жатыр: – Марксизм-ленинизм теориясы бойынша түптің түбінде жер бетінде бір ғана тіл үстемдік құрады, яғни бір ғана тіл қалады! Ол орыс тілі ме, жоқ, ағылшын, қытай, үнді, испан, неміс, француз тілдерінің бірі ме, əзірге белгісіз, əйтеуір біреуі ғана қалады. Ерік оған тағы бір жау тапқандай қарады. Бұған дейін математик Борис Устинович пен дене шынықтыру мұғалімі Михаил Ефимовичті көргенде бір бүйірінен ызғар ескендей бойы мұздаушы еді, ал мынанікі одан он есе асып түсті. Ол заманның ең ауыр күрзісі маркстік-лениндік теория, міне, сол теориямен ол басқа соққандай əсерде қалды. Кəне, оған қарсы ауыз ашып көр! Егер Ерік осы тұрыста тарихшы мұғалімнің сол білігіне қарсы титімдей бір наразылық білдірсінші, ол өзі де тарихшы директор Алексей Никитыч Кузьминнің құлағына жетіп, онсыз да жұмысынан анау-мынау шикілік байқалған Ерікті табанда тықсырар еді, немесе өзі мектептің шатырына шығып, содан құлап өлер еді. Ерік алғашқы сəтте тарихшы мұғалімге жау тапқандай жалт еткенмен соңынан өзі де жаман құлдырады. Денис Антонович осы түрін байқады ма, табаны тайғанақтағандай жас жігіттен тез ұзап, сөзінің соңын анық тіл мəселесіне қатысы жоқ өзге шұбыртпамен алмастырды. «Иə, бұлар маған, жоқ, маған емес, қазақ тіліне қарсы анық шабуылға шықты» деп түйді Ерік. Мұның бəрі жас ұстазға үлкен ауырлық əкелді. Бірақ қалайда тірі адам тіршілігін жасайды ғой, Ерік мектептегі жұмысын жалғастыра берді. Тек түнге қарай ұйқыға жатқанда ауыр ойларға, уайымқайғыға батып, дөңбекшитінді шығарды. Көрген-білгенінің бəрін қайта салмақтауға ұйқыға арналған уақыттың біразын шығын ететін еді. Сондағы тірелетін бір тас қабырғасы мынау: «Менің ата-бабамның қонысында бой көтерген мына Текелі қаласындағы № 6-орыс мектебінің ұжымы қазақ тілі пəнінің жап-жас мұғалімін ұлы көште арбаға соғылған иесіз иттей көреді». Бұл сөйлемді қойын кітапшасына де жазып қойды.
- * Ерік Тінəлиев тағы бірде осылай мұғалімдер бөлмесіне ентелей кіргенде өңкей əйел заттылардың отырғанын көрді. Ортадағы стол айналасында директордың зайыбы математик Кузьмина Ирина Васильевна, Надежда Борисовна қатар жайғасыпты да оларға қарама-қарсы Нина Николаевна аппақ маңдай терісін керіп, қарсыдағы екеудің əңгімесіне мұқият құлақ қойғандай қалыпта. Тағы үш-төрт жас мұғалима бұларды ту сырттан қоршай қоғадай жапырылып тұр екен. Ирина Васильевна мен Надежда Борисовна күбірлеп болса да бір-бірімен жарыса сөйлеуде еді. Тек Ерік табалдырық аттағанда сап тыйылысты. Бір-бірлеріне ішкі сырларын ақтарысқан əйелдер қауымының ортасына топ етуінен Ерік біртүрлі ыңғайсызданып, қайта шығып кетудің амалын таппай, қол-аяғы жіпсіз байланғандай терезе алдындағы үйреншікті өз орнына барып серейді. Байқаса, Кузьмина көзінің жасын сүртіп отыр екен. Ал Надежда Борисовна жылағаннан де əрмен, қабағы түйіліп, басын төмен салып, ауыр мұңмен шөккен. Тіпті кешегі өз шəкіртінің мұнда кіргенін де жақтырмағандай бұған желкесін беріп, мойнын салбыратып, өз басындағы қайғы-қасіреттің əлегімен əуре екенін анық аңғартады. Ерік іштей ауыр тыныс алды. Бұған бір қиыны мұндағы ұжым мүшелері мұны баласына ма, ешқайсысы жүрекжарды сырын ашпайды. Мына жолы да солай. Өз ұстазына жаны аши қарап, кеудесін кемірген қандай мұң-нала бар деп, қанша ынта-ықыласы оянғанмен олай деп, көп-көзінше де, оңашада да сұрай алмайды. Ирина Васильевнаның көзіндегі жас пен Надежда Борисовнаның жүзіндегі ауыр мұң бұл екеуінің жұмысқа үш ай кеш шығуларының себебіне тікелей байланысты екеніне еш күмəні жоқ. Еріктің мұның мəн-жайын білсем деген ынтасын осы көрініс одан əрмен қыздырды. Көп ұзамай осындай біраз мұғалім үшін тағы бір сабақ орны боста Ирина Васильевна мен Надежда Борисовна жарыса сөйлеп, өз сырларын шет-пұшпақтап ашыңқырады. Мұнда ер адамдардан да үш-төртеу бар еді. Ирина Васильевна: – Бұл дəрігерлер институтта не оқиды деп таңырқаймын. Ауруды онда-мұнда сілтегенде əртүрлі сала мамандарының пікірлерін жинақтау үшін емес, өздері түк білмегесін сол басқалардың аузына алақтап, бір ілік іздейді, шамасы, əйтеуір өз бастары үшін жауапкершіліктен қашқалақтап, қандайда да
сүттен ақ, судан таза шығудың амалын қарастырады. Себебі, бірінің екіншісіне сілтеуі таусылмайды. Алдымен осы Текеліде, сосын Талдықорғанда Вовигімді екі қолыма көлденең салып, қаншасының табалдырығын аттадым. Ауру баланы емес, өтімсіз дүниені көргендей өңкей бір қабағы тырысқан, кейпі келіспеген дəрігерсымақтар. Ашып та сөйлемейді, жауып та сөйлемейді, тек сырғыма сөзбен шығарып салады, – деп барып, ат басын əрең тежеді. Сөйтіп, Ерік бұл математика пəнінің маманы, директордың зайыбы Ирина Васильевнаның кішкентай баласы ауру екенін осы жолы ғана ұқты. Бөлмедегі мұғалімдер оның жарымжан көңіліне қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да септескені ме, əйтеуір өздері емделген өзге дəрігерлердің де білімсіздігі, ебедейсіздігі хақында үзіп-жұлқып, біраз жайды қопсытты. Надежда Борисовна ғана басын төмен салған күйі едəуір уақыт аузынан леп шығармады. Жұрттың дабыр-дұбыры сəл саябырсығанда ғана кенет ішінде қатты ашыған сырасы бар бөшкенің тығыны атылғандай бұл да атқақтай жөнелді: – Біздің мейірбанды Ирина Васильевна бұл дəрігерлер институтта не оқиды деп таңырқайды. Мен сіздерге айтайын олардың не оқитынын. «Балық басынан шіриді» деген халық даналығы текке сақталмаған. Жалпы бізде ғылым жүйесі дұрыс құрылған деу қиын. Мысалы, бір жетекші ғалымның қоластында бірнеше қызметкер, аспиранттар жұмыс істейді. Олардың ішінде жас сұлу қыздар, келіншектер жетекшінің нақсүйеріне айналады. Тіпті күндіз оның көңлін көтеріп, кешкісін үйіне барып, еденін жуатындар да бар. Ал қалғандары – жігіттер, олар шын мəнінде қабілеттілер болуы да мүмкін, міне, солар аш-жалаңаш жүріп, зертханалық жұмыстарды жүргізеді, сөйтіп, жетекшінің диссертациясын жазады. Егер жіті үңілсең олардың өзі үшін де, əлгі сұлу нақсүйерлер үшін де, жетекші үшін де жұмыс істейтінін көресің. Алатын жалақылары қайыршыға тастайтын садақаның о жақ, бұ жағында. Ал осындай жансебілдердің институтқа барып лекция оқуға қолдары тие ме? Əрине, тимейді. Олардың орнына əлгі нақсүйерлер жүреді. Олар жоғары оқу орындарында лекция оқығандарына мəз. Төбелері көкке тигендей бақытты жүздерін көрсең олардың! Тек көз алдау үшін оқта-текте қабілетті жігіттердің бірен-саранын ғана жіберіп тұрады. Міне, көпшілігі сондай сұлу нақсүйерлерден дəріс алған студенттерде не білім болсын?!
Бұған қарама-қарсы жайғасқан Нина Николаевна ойда жоқта өзінде жоқ мінез тапқандай қып-қызыл шиқандай еріндері дүрдиіп, қалыптан шығып бара жатты. Əсте қылау жуытпас аппақ өңінде де бір қозғалыс байқалып, табиғи көркіне нұқсан келтірерлік бір жаман ынта-ықылас оянғаны анық. Сығырайған көздері де Надежда Борисовнаға тесіле қарап, күлімсіреген сиқын бұзбағанмен де сайқымазақтана ойнақшып, əлдебір ашылған сыр магнитше тартып əкеткендей Нина Николаевнаның өз ішкі дүниесіндегі ырғаққа бағынбай өз əуенімен төңкерілді, шамасы. Кенет ол бет-жүзіндегі тосын құбылысты күшпен жеңіп, терезе жақта, Ерікпен қатарлас қақшиған тарихшы Денис Антоновичке қарады. Бұл да сондай қарасқа дайын екен. Енді екі көз түйісті. Тек бұл да ұзаққа созылмады. Денис Антонович еркектік қайратқа басып, өз көздеріндегі ұстамдылықпен Нина Николаевнаны да сондай ұстамдылыққа шақырды. Надежда Борисовна тарапынан ашылған сыр бұған да қаз-қалпында жеткен. Тек «кəне, Нина Николаевна, онсыз да табаны тозып, маңдайы тасқа тиіп қайтқан адамды одан əрмен жерлемейік» деп, сабырлылық аулына бағыт нұсқағандай. Міне, осы көріністердің бəрі Еріктің көкірек сүйегіне ойылып жазылғандай мəңгілік есінде қалды. Ал осы шақта ол əрі ауыр қиналысты бастан кешірді. Өз басындағы проблемалары зіл батпан бола тұра өз ұстазы Надежда Борисовнаның тағдырында үлкен жарықшақ барын пайымдады. Алматыдағы ғылым адамдарының кескін-кейпін пышақпен аршығандай жаңағы сөздері, Нина Николаевнаның оны естігендегі түрінің соншама бұлаңқұйрыққа басуы, тарихшы Денис Антоновичпен көз түйістіруі, екеуінің үнсіз ұғынысуы Еріктің саңылауы мол басына көп жайды шөміштеп тұрып құйғандай. Бұл енді ғана осыдан екі жыл бұрын Надежда Борисовнаның ғылым жолын қуып, астанаға кеткенін, сол үшін күйеуімен шарпысып, соңынан татуласып, ол күйеуінің де солай қарай тартып отырғаны туралы алып-қашпа өсекті қайта санасында жаңғыртты. Бір анығы сол – Надежда Борисовнаның мына түрі ғылым жолында бағы жанғанға мүлдем ұқсамайды. Тіпті ол Алматыда көп болмаған да сыңайлы. Отбасының қабырғасы қаусап, қайта бүтінделіп, Алматыға барғанмен де еш барқадар таппағаны анық. Ол барған бетте əлдебір сенген адамдары тонын айналдырып кигендей мұны қақ маңдайдан таспен ұрып, есіктерін тарс жапқаннан сау ма? Себебі, бұл сүйікті, əдебиетші ұстаздың мына Текелі қаласындағы №
6-мектепте бірінші жыл жұмыс істеуі емес екені де айқындалды ғой. Солай-ақ болсын, əңгіме басқада. Еріктің көкірек сүйегін ауыртқан сұрақ мынау: жарайды, Надежда Борисовна Алматыда жолы болмай кері қайтсын-ақ, бірақ одан беріде де едəуір уақыт өтті ғой, неге бұл кісінің соншама көңлі пəс, əлде Алматыдағы сəтсіздіктің жан жаралайтын жалғасы бар ма? Нина Николаевна сияқты өз өміріне дəн риза, сұлу əріптестері табалайтындай бұл кісі соншама не бүлдіріп қайтты? Тағы бір кеңірдекке кептелген сұрақ – бұл неге жұмысқа үш ай кешігіп шықты? Математик Ирина Васильевнанікі түсінікті, оның кішкентай баласы ауру екен, ал мынаған не жорық? Əлде мұның онысы мен мұнысының арасында жібі үзілмеген, тіпті шынжырдай керілген бір байланыс бар ма? Осы сияқты сұраққа тірелгенде Ерік шынында да өз басы əлде бір науқасқа ұшырағандай қиналады. Иə, болашақ жазушы Ерік Тінəлиевтің əдебиет əлемінің көп құпиясына өзінің көзін ашқан осы ұстазына деген құрметінің ерекше екендігіне бұл да бір мысал еді. Бұның сəл алдында Еріктің тағы бір аңғарғаны Ирина Васильевна мен Надежда Борисовна ұжымға қосылғаннан кейінақ Нина Николаевна үшеуі топ құрып, осындағы əйел біткеннің көсемдеріне айналғандай. Үшеуі де көрікті, сүйектері сұлу, өз істеріне шебер, бастықтарға ірі сөйлеуден де қаймықпайды, кіріп-шыққанда биік өкшелерінің еденді тырс-тырс еткізуі де бөлек, кім-кімнің де көзін тартатын өзге де қасиеттері жетерлік. Отбасылық жағдайлары да толыққанды. Егер үшеуі жұрттың көз алдында оңашаланып, əйелдік күбір-сыбырға берілсе, əсіресе, жас мұғалималар оларға қызғанышпен қарап тұрар еді. Олардың сыртында, жас деуге келмейтін, бірақ бұл үшеуіне аямай көзінің сұғын қадайтын тағы біреу бар. Ол – дүңген əйелі, ағылшын тілінің маманы Адалят Сализовна. Жаңағы Ирина Васильевна мен Надежда Борисовнаның зар төккен əңгімелерін олардың ту сыртынан мұқият тыңдағандардың бірі де сол. Бірақ өзгелер сияқты емес. Егер өзгелер ол екеуіне аяушылық білдірсе Адалят Сализовна олардың осы зар күйіне қызғанышпен қарап, көздері көмірдей қарауытып кетіпті. «Осылардың бастарындағы проблемаларды құдай маған неге бермеген» деген ыза мен налаға толы сөздер адырайған, құс тұмсықты бет-əлпетінде соқырға таяқ ұстатқандай айқын жазылған. Тіпті ол үш əйелге шап беріп тиісуге де бар, тек оған бір құйтымдай да ілгектің жоқтығы мысын құртып, екі иығын күшпен қиқаң-қиқаң еткізетіндей.
Ақыры ол ілгек табылды. Адалят Сализовна шорт кескен қара шашты басын бірер шайқап, бəйге атындай мойнын созғылап, денесін де ары-бері қозғап, тілге келді: – Надежда Борисовна, сіз ғылым адамдарының моральдық жағынан азғындағанына қапаланасыз. Мəселе соларда ма? Қазірде баршаның рухы түсіңкі екеніне неге назар аудармайсыз? Хрущевтің қалпағы көкте бұлғаңдайды, ал дүкенде ақ нан жоқ! – деп салды. Ол кезде ақ нан шынында қат еді. Үйінде ауру адамы бар, немесе, бала-шағасы көп жандар ғана арнайы дəрігерлік анықтама алып, дүкеннен сол бойынша ғана ақ нан сатып алушы еді. Жақында бір жас мұғалима шешесінің асқазаны ауру болғасын сондай анықтама үшін жүгіремін деп, жұмысқа кешігіп, директордан қатаң сөгіс естіген. Бұл жай мұғалімдер арасында біраз күңкіл сөз тудырған. Адалят Сализовна соны еске салып тұр. Мұның соңғы сөзі тұсында мұғалімдер бөлмесіне директор Кузьмин Алексей Никитыч кіріп келді. Бірақ ағылшын тілінің маманы ұзаққа шабуға оңтайланған екен, ет қызуымен тоқтай алмады: – Биылғы жыл адамның тұңғыш рет космосқа ұшқан жылы. Партия съезінде жеті жылда коммунизм орнайды деп жарияланған жыл. Оның есесіне Сталиннің басына қара бояу бөшке-бөшкесімен төңкеріліп, құйылып жатқан жыл. Осының бəрін көріп-біліп отырған мына мен, қарапайым мұғалім, кейде үйімде отырып, шай емес, у ішкендей боламын. Ал бізден гөрі зерделі ғылым адамдары қайтті екен? Олар қасиет тұтқан ғылым жетістіктері аяққа басылғанда қалай жүрегі жараланбайды? Коммунизмді жеті жылда емес, жетпіс жылда орнатсақ да жарар еді? Кеңес ғылымы барынша салтанат құрды деп, Гагариннің əдемі болмысынан бет перде жасағылары келеді. Ал шын ғылым ойыншыққа айналды. Коммунизмнің қай жылы орнайтынын саясатшылар емес, ғылым айтуы керек қой, Сталиннің еңбегіне де ғылым адамдарының баға беруі абзал. Ал бізде бəрі керісінше, сосын да ең бір қабілетті ғылым адамдарының өзегі өртеніп, азғындық жолға бастамауына не жорық? Қараңыз, осында тарихшылар барсыздар, Ресейдің бүкіл тарихында мұнда ең қуатты мемлекет осы Сталиннің тұсында құрылды ғой. Кəне, осы сөзімді жоққа шығарыңыздаршы! Мен сияқты дүңген, немесе, қазақ, өзбек, украин, белорус, грузин сияқтыларды білмеймін, ал орыс халқы ең алдымен осы Сталинге қарыздар!
Адалят Сализовна əлі де көсілетін еді, директор Кузьмин тамағын кенеп, тықыршып, бəтіңкесімен еденді оярдай қимылдар жасады. Сосын шығып кетті. Бөлмедегі мұғалімдер сілтідей тынысты. Көп ұзамай қоңырау шырылдап, балалар да, сабақтағы мұғалімдер де үзіліске шықты. Үзілістен кейінгі сабаққа мына отырғандардың бəрі де көтерілді. Ал келесі үзіліске шыққанда мұғалімдер бөлмесіндегі арнайы тақтада бүгін кешке, екінші ауысымдағы оқу аяқталғасын, сағат жетіде жиналыс болатыны туралы хабарландыру ілінгенін көрісті. Күн тəртібінде бір ғана мəселе. Ол – тəртіп мəселесі. Астына директордың қолы қойылған. Қаламұшты қағазға батыра долдана қойғаны көрініп тұр. Жиналысқа Ерік сəл ертерек келді. Мұндай бас қосулар қарсаңында мұғалімдер амалсыз иіріліп қалады да араларында əртүрлі сөз, əңгімелер өрбиді. Қала өміріндегі жаңалықтар да ортаға салынады. Ерік сондайларға құлақ тосуға құмар. Тек бүгінгі жиналыс қарсаңында мұғалімдердің бəрі де ауыздарына су толтырғандай тоң-торыс екен. «Бұл неліктен, сірə, бұлардың бір білетіні бар» деп, іштей өзіне-өзі күбірлеген Ерік баршасының жүздерінен əрқилы жазу белгілерін іздеп, əуреленді. Бірақ сыр алдыратын ешқайсысы жоқ. Кенет мұғалімдер бөлмесінің бір бұрышында əдеттегіден тыс жалғыз шоқиған Адалят Сализовнаға көзі түсті. Ол бетін басып, тым бұғыңқы отыр. Бұрынғы мінезімен сыйыспайтындай бір қылығы, сірə. Сол маңда Ерік ары-бері ойқастағасын ғана ағылшын тілі маманының көздері қызарып кеткенін көрді. Жақында ғана жылап алғаны ап-айқын. Жалғызілік əйелдің бұл сиқына Ерік жаны аши қарады. Жиналыс басталуға əлі де он бес минуттей бар. Еріктің төзімі жетер емес. Түр-түсінде одағай құбылыстар байқалмайтын, қашан да мейірбанды, үнемі күлімсіреп жүретін Лотте Романовнаға жақындап келді де басқаларға естіртпей ақырын ғана: – Ана Адалят Сализовна бірдемеден қамығып жылаған ба, түрі жаман ғой?! – деп сұрады. Сөйтсе ол дүңген əйелді манағы сөзі үшін директор түстен кейін кабинетіне шақырып, жерден алып, жерге салып ұрысқан екен. – Ұрысқанның көкесі қазір жиналыс үстінде болар! Содан қауіптенемін, – деп, сөзін қорытты Лотте Романовна. Неміс тілінің маманы, кəртамыс мұғалиманың айтқаны айдай келді. Жиналыс басталған бетте-ақ Алексей Никитыч ой төрт қабырғаны солқылдата айғайға бассын! Сөзінің кіріспе бөлігі біз партия саясатына терең үңілмейміз, күнді алақанмен
көлегейлеуге болмайтыны сияқты көзден жасыру мүмкін емес жетістіктерді көрмейміз, біздің адам тұңғыш рет ғарышқа ұшқанда капиталистік алпауыттардың инсульт ауруына ұшырай жаздағанын естімейміз, социалистік жүйенің Шығыс Еуропада қарышты қадам жасағанынан бейхабармыз, партияның соңғы съезінде кеңес азаматтарының ең таңдаулыларынан іріктелген ең таңдаулылардың бірауыздан нені мақұлдағанын ұмытамыз, біз көрсоқыр, таскереңбіз, сондай сиқымызбен мектепте болашақ коммунизм адамдарын тəрбиелеуге моральдық құқықтан айрылғанымызды ескермейміз деп, баршасын бір үйіріп соқты да осы атағандарының əрқайсысын бөлек-бөлек жіліктеуге көшті. Сол кездегі саяси газеттердің алғашқы беттерін шұбарлаған жəйттер директордың тілімен қамшыдай қайта өріліп, бояунақыштармен əспеттеліп, құлақтарға құйылып жатты. Тіпті мұндағы тыңдаушылар сол Алексей Никитычтің өзі дəрежелес, тіпті кейбірі оның өзінен де жоғары білімді, сартісті, аққаптал ұстаздар емес, күні бойы ебіл-себілі шығып қара жұмыс істейтін, газет-журналға көз қиығын тастауға да мұршасы жоқ жұмысшышаруалар отырғандай-ақ ол барған сайын екіленді. Күнделікті ақпараттарға қанықтығы өз алдына, мамандығының тарихшы екендігі, əрі осындағы ұжымның саяси сауаты үшін жауаптылығы да мұның өстіп тілдің майын тамызуына ықпал еткендей. Еріктің есіне əлденеден Абайдың «өзім де басқа шауып төске өрледім, қазаққа қара сөзге дес бермедім» – деген жолдары түсті. Қалай түспесін, директордың мына төкпесінен оның тіп-тік болмысы, тікірейген қысқа сұрғылт шашы, құлағын жымитқан жолбарыстай бет-əлпеті, күлгін сия түстес көздері тіпті сұрапыл көріністі құрайтындай. Оның уəждерінен бұл да хабардар, сонда да өмірі естіп-білмеген құпияның қақпағы ашылғандай жас жігіттің тұла бойынан діріл жүгірді. Міне, шешендік өнердің құдіреті! Ерік бірауық өзін-өзі қолға алып, бөгде жəйттарға да көңіл бөлуге күш тапқандай. Ең алғаш ескергені осының бəріне кінəлі Адалят Сализовна не күйде екен деп, көп ішінен сол дүңген əйелін іздестірді. Жиналыс мұғалімдер кабинетіне тақау үлкен бір сынып бөлмесінде өтіп жатқан. Адалят Сализовна арт жақтағы бір бұрышта өзі құралпылас жасамыс əйелдердің қоршауында жұртқа қарарға беті жоқтай қос алақанымен көлегейленіп алыпты. Əлі жылауы да басылмаған секілді, қасындағы əйелдер оны кезек-кезек жұбататынға ұқсайды. Олардан беріректе етженді кеудесі партаға əрең сыйған дене шынықтыру мұғалімі Михаил Ефимовичтің түр-
ұсқыны көзін тартты. Əжімді жүзінде көңілді күлкі үйірілгендей көрінгенімен де біртүрлі дөңқабақтанған түрі де байқалады. Əлде бір жайдан масайрап, екінші бір жайдың жетесіне жете алмай таңырқағаны ма? Қасындағы Денис Антоновичке əлсінəлсін жалтақтап, соның аузынан бір жартымды жауап күтетіндей. Қалайда Михаил Ефимович өз аузына берік. Тек іштей «балықшы балықшыны алыстан таниды» дейтіндей. Мұның ойынша, Денис Антонович те тарихшы, əрі бұл да мектеп басқарып көрген, əрі осындағы кəсіподақ ұйымының жетекшісі, демек директордың мына қатты кетісінің мəнін бір білсе осы біледі, шамасы. Айтпақшы, осы айларда Денис Антоновичке де қатысты бөгде бір жайлар бар еді. Текелі қаласының осы «Станция» аталатын бөлігінде тағы бір үлкен орта мектеп салынып жатқан. Ол «екпінді құрылыс алаңы» аталып, оның алдағы жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілетіні хақында қалалық газетте екі-үш мəрте жазылған да. Мұндағы халық саны күннен-күнге артып, бала дегенің мына № 6 мектептің аузы-мұрнынан шығып жатқан жағдайда жаңа мектептің керектігі баршаға аян. Тек сол мектептің құрылысынан гөрі оны кім басқарады деген сұрақ төңірегіндегі гу-гу əңгіме басым түсетіндей көрінетін. Міне, сол гу-гуге жаңа бағыт-бағдар берілгендей еді. Ол жаңа мектепке осы отырған Денис Антонович директорлыққа тағайындалады деген айқын сыбыс тараған. Ол аздай, жоқ, ол жаңа мектепке қалалық халық ағарту бөлімінің бастығы Рыжовтың өзі барады екен де, Денис Антонович соның орнына жоғарылатылады, шамасы, дегенді дүңк еткізгендер де табылды. Ерік үстерінен тау құласа да былқ етпес осы екі мықты мұғалімге көз тіккенде осы жайды да еске алып үлгерді. Еріктің пайымдауынша, ол сөздің жаны бар тəрізді. Дене шынықтыру пəнінің маманы өзіне жалтақтағанда оны өзіне тиесілі сыбағадай көрген пішіні бар Денис Антонович екі бетін одан əрмен жалпайтып төмен тұқырған күйі былқ етпеді. Сабақ орны боста газет оқудан бас алмайтын қалпына Еріктің көзі үйренгесін бе, қазір де оның осы түрінен оқшау ештеме көрмегенге ұқсап еді. Бақса, басқа екен. Алдында жаюлы газеті жоқ, сөйлеп тұрған директорға көзін де көтермейді. Тырсиған бетіне ызғар жиып, құлағына жеткен сөздердің бір де бірін шашау шығармай əрқайсысын бөлек-бөлек есепшотқа салып, ұстаз дəрісін тыңдаған зерек балаша көкірегіне тоқып отырған сыңайы бірден бетке ұрды. Жалпы дене шынықтыру мұғалімі Михаил Ефимович
пен тарихшы Денис Антоновичтің кеуде, иық бітімдері ұқсастау еді, тіпті мына бір партаға сыйып отырған түрлеріне қарасаң егізектерді де еске түсірердей, тек олардың хал-жағдайына қанық мына Ерік сияқтыларға ғана олардың арасында жер мен көктей айырма барлығы айқындалар еді. Дене шынықтыру пəнінің маманына бар керегі он сегіз сағаттық жүктемеге бес, не он сағатты қосып берсе жеткілікті, ешбір бастықтан одан зорғыны өтінбейді де, ал тарих маманы мұның қасында азуын айға білеген адам. Көрдің бе, ел аузындағы алып-қашпа сыпсың мұны қалалық ағарту бөлімі бастығының өзімен бақталастырып қойыпты. Оның қасында мына жай директор дегенің не? Міне, соның бəрін сезе жүріп, бұл іштей қоң жиятындай. Қазіргі сызданып отырысын, Михаил Ефимовичтің өзіне жалтақтауын пəруəйіне де ілмеуін Ерік іштей осылай бағамдады. Бір заманда директордың сөзі таусылды. Сынып бөлмесінде ұшқан шыбынның ызыңы білінетіндей тыныштық. Сірə, директордың мына сілтесіне қандай «реакция» болады деген сұрақ бəрінің тіл-жағын қарыстырып, құрсаулап тастаған. Жасаңдау мұғалімдер бастарын төмен салып, ал жасамыстары көз жанарларын ғана қозғап, бір-бірінен сыр тартпақ пейілдері ұшқындайды. Сірə, олар өзара тілсіз ұғынысып үйренген жандар. Тыныштықты кенет Адалят Сализовна бұзды: – Алексей Никитыч! – деген даусы ауаны қақ айырып, бəріне оқыс тұстан пышақ сұққандай əсер етті. Бəрі де оған жалт қарасқан. Ерік те солай. Жаңа ғана бетін қос алақанымен көлегейлеген оны жылап отырғанға сайған, сөйтсе ондай ештемесі жоқ, көзінің айналасы мүлдем құрғақ, тек аздап қызарыңқы тартқан. Сірə, мұның аузынан баршасы «еруліге қарулы» дейтіндей адуын сөздер күткен. Бөлмедегі тыныштық орнынан көтерілген дүңген əйелінің өзіне де əлде бір үлкен тəуекелге бас тіккен жанның əрекетін еске салды ма, енді ғана сүйегі адырайған тұла бойында тербеліс байқалғандай мұның да аузына тұсау салынып сəл тежелді. Бірақ көмекейдегісін енді айтпасқа амалы жоқ, шегінуге жер тар, сосын да тамағын кенеп, құс тұмсықты бет-əлпетін сəл шайқаңқырап, тілге келді: – Менің жай-күйім болмай отыр, мына жиналыстан босатсаңыз қайтеді? Естірімді естідім ғой. – Бұл жолғысы тым жұмсақ шықты. Күрзідей ауыр сөздердің əсерінен жұрнақ та жоқ, жай екеуара сырластықпен қолы байланған əйелдей бұл
арадан тез сытылғанды жөн көреді. Ерік мойнын ауырта солай бұрылып, ағылшын тілінің маманына қаршығадай қадалған, тек осы сəтте оған директордың берер жауабы емес, тарихшы Денис Антоновичтің түр-түсі елең еткізді. Апырау, ол қалай? Бұл кəсіподақ ұйымының жетекшісі, омырауында «Халық ағарту ісінің үздігі» белгісі жылтыраған байсалды адамның бет-жүзінде, отырысында ешқандай өзгеріс жоқ еді ғой. Жоқ, бар екен, Еріктің өткір көздері тарихшыдан бір өзгерісті тап басып байқады. Оның қос танауынан еріндерінің екі ұшына қарай жіңішке əжім сызықтары бұрала түсіп жатыр екен. Апырау, Ерік оны бұрын неге байқамаған? Оның тырсиған бетіне əжім атаулы өмірі ат ізін салмастай көрінуші еді ғой. Сірə, соғысқа қатысқан, өз айтуынша сол жамбасында қорғасын оқ салған ойықтың сəл суықтан, не ауа райы бұзыларда сыздайтыны бар, əрі жеңіл-желпі контузиядан да құр алақан емес бұл адамның осылай əлдекімнің қылықтары тұсында ішкі жан күйзелісіне ұшырай қалса жабыса кететін бір қонағы сол бұраң бел əжім сызықтары ма? Ерік осындай ойлармен арпалысқанда директор сəл кібіртіктеп, бұл да жұмсақ үнмен Адалят Сализовнаға рұқсат берді. Кейде адамды күтпеген жеңілдіктің өзі тосырқатып тастайды. Сірə, бұл да дүңген əйелінен оқшау мінез, қарымды жауап күтсе керек, тек оның кілт бейбіт қалпынан, өтінішінен өз көзі мен құлағына сенбеген бір күй кеудесіне жабыса кеткендей. Адалят Сализовна еденді өкшесімен тырс-тырс еткізіп, шорт кесілген қара шашты басын кекжите əрі биік бөренедей денесін екі-үш жерінен сындыра парталар аралығымен алға өтті де екінші қатардағыларды орағыта бұрылып, арт жақтағы есікке беттеді. Тіпті бұл əйел мынау жолбарыс пішінді директор өзінің ұзақ қаһарлы сөзінде мұның ныспысын атамаса да, ондағы у мен зəрдің бəрі негізінде өзіне арналғанын сезе тұра одан қағажу көргенге ұқсамай қайта осындай сəтте, бүкіл ұжымның төрт көзі түгелде оларға өз болмысын жарқ еткізіп бір көрсетуді мақсат тұтқандай. Адалят Сализовна кеткесін директор қабағын бұрынғысынан да кіржитіңкіреп, алдындағы стол бетінен қағаз, қарындаш сияқты бірдемелерді іздестіргенге ұқсап, сəл-пəл қибыжықтады. Сірə, бұл да жиналысқа ет қызуымен еш дайындықсыз келген. Енді жиналысты ары қарай қалай дамытпақ, біреулерге сөз беруі керек пе, жоқ, басқа мəселелерге көшкені жөн бе, соны тез анықтай алмай соқыр адамша столды оң алақанымен сипалай берді. Оның
осы қалпына Денис Антоновичтің мейірі қанғандай. Жаңағы қос танауынан ерін ұштарына қарай құлаған қос сызық тереңдей түсіпті. Миығынан күлгенге де ұқсайды. Бірақ директор да əккі тарлан ғой. Өз бəсекелестерінің мұндай іркілісті сыбаға көретінін естен шығарсын ба, тілге тиек етерлік жайды тез тапты: – Мен мына ағылшын тілінің маманына шүйлігіп жатырмын. Басқамыз да сау сиырдың боғы емеспіз. Өзіміздің мынадай халқы тығыз өндірістік қаладағы ең үлкен мектептің оқытушысы екенімізді, жүріс-тұрысымыз, киген киіміміз бəрі жұрттың назарында жүретінін, ал тісіміздің арасынан шыққан əрбір сөздің радио хабарынша тарайтынын, кейбірінің түскен жерінде бомбаша жарылатынын ұмытамыз. Керек жерде екі елі ауызға төрт елі қақпақ қоюға қайратымыз жете бермейді. Нақтылы мысалға көшейін. Əйелдер туалетінде Адалят Сализовна туралы былапыт сөз жазылған. Оны жазғандар ондайды кім арқылы естіп жүр? Əрине, сендер арқылы! Ұстаз басымызбен өз əріптестеріміз хақында өсек таратамыз. Алдын-ала ескертемін, кімде-кімнің аузынан жеке біреулердің жеке өмірі жайлы жаман қауесет шықса аяусыз жазаланады! Осы бағдарда тағы біраз көсілді. Бұрындары осы қала мектептерінде анау-мынау жел сөзге байланысты туған даудамайлардан екі-үш мысал келтірді. Сосын барып қана жиналыс өз мəресіне жеткенге ұқсатты. Дүңген əйелінің бір сөзіне бола бүкіл мұғалімдер қауымын қойша иіріп, осыншама уақыт жұтты деп, Денис Антонович секілді ешбір бақталас, бəсекелес иегін шошаңдата алмастай етті. Ал жиналыстың ең соңына қалдырған тағы бір көзірі бар екен: – Ерик Тиналиевич, сен қазақ тілі пəніне оқушылардың толық қатысуын қамтамасыз ете алмай жүрсің. Ертеңнен бастап, қолың боста олардың ата-аналарымен барып сөйлесуді қауза! Тіл үйренудің жас өркен үшін қаншалықты маңызы барын дұрыстап түсіндіруге тырыс! Ерік бірден орнынан көтеріліп: – Өзім де соған кіріскелі тұрмын! – деді. Сосын қазақ тілі сабағына қатысудан көбірек қашқақтаған он шақты баланың атыжөндерін де атап салды. * Ертеңіне Адалят Сализовна Ерікпен жылы ұшырай амандасты:
– Ерик Тиналиевич, сен ана Ермохиндердің үйіне барады екенсің ғой. Құдай үшін, үлкен өтінішім, мен жетекшілік ететін алтыншы «В»-дағы Яков Рубцовтың да үйіне кіре шықшы. Сол Ермохиндермен көршілес. Кейін өзім де барармын. Менің сыныбымдағылар бұл «Станцияның» əр пұшпағында тұрады, аралап шығу бір ақырет! Яков Рубцовтың ата-анасына дұрыстап жеткізші, математика мұғалімі құлағымды мүжіп болды, Яковтің алгебра, геометриядан үлгерімі нашар, əрі сабаққа қырсыз, былай ата-ана болып қолға алмаса болмайды. Немесе өздері келіп, маған жолықсын. Рубцовтың күнделігіне де солай деп жазып беріп едім, бұл жасыра ма, əйтеуір ешқайсысы қара көрсеткен жоқ. Адалят Сализовнаның бұл сөздерін Нина Николаевна да күлімсірей тыңдап тұр еді. Сəл уақыт өткізіп, жұрттың көзін ала бере ол да оңаша дидарласты: – Ерик Тиналиевич, сен кеше он шақты баланың тізімін келтірдің ғой. Менің класымдағы Деренков та сол тізімдегілердің бірі – Тимофейдің көршісі. Сол Деренковтің де үйіне кіре шықшы. Ата-анасы оны ұруын қоятын емес. Сен олардың үйінде көп омалмай-ақ, «Нина Николаевна баланы ұруды доғармасаңдар заң орнына шағынамын» деп жатыр дегенді жеткізсең болғаны. Үйлеріндегі ауа райына қара, егер реті келсе мына мақаланы оқып бер. Жас ұстазсың, бұл жайды сенің де біле жүргенің жөн, – деп, бір кішкентай газет қиындысын ұсынды. Ерік оны табанда оқып шықты. Онда бала кезінде таяқты көп жеген адамдардың миы генетикалық өзгерістерге ұшырайтыны, өзінеөзі қол жұмсайтындардың дені солардан шығатыны хақында Канада ғалымдарының тұжырымын қоштаған кеңес маманының түсініктемесі екен. Жас жігіттің тұла бойы дүр сілкінді. Нина Николаевнаға «тапсырмаңызды міндетті түрде орындаймын» деп, жүзі сұрлана уəде берді. Енді қайтсін, бұл жерде мəселенің басқа да жағы бар. Ерік осы майталман ұстаздардың қай-қайсысына да тəуелді. Себебі, бұл қазақ тілін үйрететін топтардағы балалар мен қыздар осылар жетекшілік ететін сыныптардан жиыстырылған ғой. «Сіздің сыныбыңыздағы ана оқушы, мына оқушы қазақ тілі сабағына қатыспады» деп, талайының құлағының құртын жеп жүр емес пе? Сөйте тұра, олардың бір өтінішін бұл қалай жерде қалдырсын? Иə, бұл шақта үлкен мұғалімдердің орталарындағы жалғыз жас қазақ жігітін айтқандарына көндіріп, тіпті майлы ішекше айналдырып əкетуі оп-оңай еді. Енді, міне, сондай ауыр жүктерді арқалап бұл ата-аналарға кетіп бара жатыр.
– Ей, жас жігіт! Қайдағы бір құдайдың қарғысына ұшырап, дəурені өткен тіл туралы əңгіме қозғауға сіздің қалай жүрегіңіз дауалайды?! – деп, Ермохиннің шешесі табаға қуырылған балықтай шаж ете қалды. Тарақ орнына саусақ қана жүретіндей дударланған қою сары шашты, жасына қарамай мойнында, маңдайында көк тамырлар білеуленген, сəл толықша келген, үстінде іш көйлекке ұқсаған жамылғыдан басқа дəнемесі жоқ қырықтар шамасындағы орыс əйелі осылай ащы дауыспен қарсы алды. Көздері бір кезде көкшілдеу болғанмен тұрмыс тауқыметінен бояуы оңып, ақ қалайыға ұқсап кеткендей шатынай қарайды. Ауызғы бөлмедегі пеште тырс-тырс етіп от жанып жатыр, аласа, əрі тар болғасын ба үй іші тым ыстық, тұздалған капуста, қиярдың исі мұрын жарады. Қолындағы темір ожаумен Ерікті қақ бастан ұрардай бөлме ортасында қақшиған күйі қалш-қалш етеді. Ерікке де отыр деген жоқ, бұл да оған қарсы қарап, түрегеп тұр. – Жұмыс жоқ, ақ нан жоқ! Күйеуім құрылыста крановщик еді, ол істейтін объект «законсервацияға» ұшырап, қаңырап қалды. Міне, ол төрт ай бойы табан тоздырып жұмыс іздеп жүр. Бұрын шахтада істеген, аздап силикозы бар, шахтаға қайта қабылдамайды. Үш баламыздың соңғы екеуі мектепке баруға əлі жараған жоқ, өзім соларды, əрі ана бөлмедегі ауру кемпірді бағамын. Асқазаны ауырады ол кемпірдің, соғыс кезіндегі бейнеттің, ашаршылықтың зардабы. Күйеуімнің кішкентай жəрдемақысына сол кемпірге ғана беруге ақ нан іздеймін, өзімізге күріш, тары жармасын іздеймін. Ол да оңай шаруа емес, дүкеннен дүкен қоймай ақтап шығамын! Менің Колям қазақ тілі сабағынан қашса мен ұрысқасын, сол мен жоқта осы балалар мен ауру кемпірге қарай тұру үшін қашатын шығар. Сен сөйттің деп айтуға менің қалай аузым барады? Ауыздарың барса ана жоғарыдағыларға неге айтпайсыңдар, коммунизмнің төбесі көрінді деп, радиодан жар салғанда бұ жерде жоқ, нан екеш нанның өзіне зар қып қойды! Ерік бұл сөздерді естігенде мынау Адалят Сализовна екеуі бірбірінің ауыздарына түкіріп қойған ба деп те таңырқады. Қалайда сергек ойлы жас қой, Ермохин шешесінің мына шаптығуына құлақ тосып тұрып, қалайда заман қиындығы жұрттың қабырғасына мықтап-ақ бата бастаған екен деп түйді. Ала жаздай өзінің жұмыс таппай осындай өзіне аса қол емес іске кіріскенін де естен шығарып, бар шындыққа осы əйелдің сөздері арқылы көз жеткізгендей тұрды. Тіпті осындай шақта да қиялы алып ұшып, əлгі кексе журналист Құдыс Əлікбаевтің төкпелерін де еске
түсірді . Байқаса, мына Ермохиннің шешесі, Адалят Сализовна, Құдыс Əлікбаев – үшеуінікі бір мағыналы, бір мазмұндас жыр екен. Үшеуі үш ұлттың өкілі бола тұра қолдарына темір істік ұстап, ортақ жауға қарсы шабуылға шыққандай жұлқынады. Тек бұлар дəрменсіз. Ал бұларға қарсы беттегі ортақ жау орнынан дүр етіп қозғалған тау іспеттес, бəрін басып-жаншып кетердей тым зор да сұсты, əрі ымырасыз. Қазақ тілінің қамы үшін қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да əрекет жасамақ, қызмет етпек Ерік өз жұмысындағы қиындықтың түп-төркінін басқа ұлт өкілдерінің қиямпұрыстығынан іздеуші еді, байқаса ол пиғылында қателік бар екен. Бар пəле, сол бəрін басып-жаншып қозғалып келе жатқан тау іспеттес, аяушылықты білмейтін, сенің шырқыраған жан даусыңнан бір түгі де селт етпес замана сиқында екенін пайымдайды. Ермохиннің шешесі ұзақ сөйлеп еді, əйтеуір, бір межеге жеткендей болып, сəл аялдағанда ғана Ерік батылдыққа барып, қандай қиындықтың да өтпелі екенін, ал мына Қазақстан Республикасы аумағындағы орыс балалары аздап қазақ тілін үйренсе ертеңгі күні олар үшін кəдеге асар ырзық боларын сəл түсіндіргенсінді. Бірақ Еріктің бір де бір сөзі оның құлағына да кіріп-шықпағандай. Басын төмен сылқ еткізіп, тіпті езуіне күлкі үйірілгендей тұрды. Мұнысы не, мазақ қылғаны ма, жоқ, Ерікті қысыр қиялдың соңындағы алаңғасар бозбалаға ұқсатқаны ма? Қалайда, Ермохиннің шешесі екеуара салғыласудың соңына таман сəл жұмсарды, көк тамырлары білеуленген бет-жүзіне сəл мейірбандылық ұялатып, жаңа ғана өзінің тым қатты кеткендігін жуып-шаймақ ниеттің елесіне ұқсаған бірдемесін үрлеп оятқандай. Еріктің сөздері құлағына кірмесе де ұққан адамның пішінін қиыстырып-ақ бақты. Ақыры, Ерікке бір стақан алма компотын ішкізіп, шығарып салды. Ал Еріктің көкейінде заман дұрыста жап-жақсы қоғам мүшесі болатын-ақ əйел ғой деген тұжырым кетті. Иə, мұның бəрі əзірге жастықтың қызуы еді. Уақыт кешке бейім алған. Ұясына тақаған күн батыс көкжиекті қып-қызыл жалынға бөлеп, мына қала шетіндегі жыпырлаған кішкене үйлерді де өз бояуына малындырып, өңін кіргізгісі келетіндей. Бірақ одан ешқайсысының өңі кіріп жатқан жоқ. Отызыншы жылдардың соңында осы Текелі сайында қорғасынмырыш комбинатының ашылуына орай шахтерлерге керекті үйлер асығыс салына бастап, қырқыншы жылдардың өнебойында тіптен үдеген ғой. Ондай асығыстық қайбір оң нəтиже беруші еді? Бір-
біріне іргесі тиістіріліп, əрі нақтылы бір стандарттық форма да сақталмай талғаусыз қаланған үйлердің аз уақытта тозығы жетіп, қазіргі күннің қызыл-жалқын сəулесінен аңғал-саңғалы көбірек ашылған сиқы бар. Еріктің қалайда ауылдық жерге көзі үйренген ғой. Сол ауыл екеш ауылдың өзінде үйлер бір-бірінен сəл аулағырақ орналасып, айналасында бау-бақша егуге жер қалдырылушы еді. Ал мыналарда ондай аттыдан жұрнақ та жоқ. Бір үйдің терезесі мен екінші үйдің терезесінен екі адам бір-бірімен қол созып амандаса алатындай ғана аралық қалдырылған. Əрі олпы-солпы шатырларының күтімсіздігінен ол аралық одан əрмен тарылып, көзге тым сұрқай көрінуші еді. Себебі, кезінде шифер мен ағашты үнемдеу үшін бе ол шатырлардың қыр арқалары тым жатағандау, əрі сапасыз етіп жасалған екен. Сосын да уақыт тезіне шыдамай бұрынғысынан да жайыла, тіпті кейбіреулері бір жағына қисая түскенге ұқсайтын. Қаланың осы пұшпағында жиі ұшырасатын маскүнемдердің мыжырайған кепкілерін еске салатындары да бар. Сосын да күн нұры бұларға қалай көрік қоссын. Жыпырлаған үйлердің ара-арасымен жыландай жылыстап өтетін тар көшелердің де сиқы қарын ашырады. Ірілі-ұсағы аралас тас төселген көшеге қатқан мұз да сол тастардың сиқын қайталап, олар да тым қиқы-жиқы болып біткен. Ерік тобығын тайдырып алардай қиралаңдап, аяғын əрең басып келеді. Сырттан бақылаған бəз біреулер мұны осындағы аталмыш маскүнемдердің біріне ұқсатар ма еді, кім білсін. Ерік қойын дəптерін суырып, келесі кіретін үйінің мекенжайын тағы бір пысықтап алмаққа үңіліп еді, əлдене жүрегін шым еткізді. Аңдаса, ол тағы да жаңағы Ермохин шешесінің гөйгөйіне байланысты екен. Одан кетерде ол əйелге бір ризашылығы оянғандай еді ғой, енді онысын бекершілікке балады. Бұл оның алғаш жүздескен беттегі шаптықпасында не мағына жатқанын естен шығарыпты. Ол əйел салған жерден қазақ тілін құдайдың қарғысына ұшыраған, дəурені өткен тіл деп атады емес пе, сол бір шанышқыдай тиген сөздерді табанда ұмытып, мына келесі үйге кірерде ғана еске алғаны қалай? Сəл ойланып, оның байыбына барды. Өзі бұл күнде сырттай оқитын университет бағдарламасына сəйкес анда-санда түртінектеп қоятын «Психология» пəнінің оқулығында айтылған «шартты рефлекс» дейтіннің белгі беруі екен. Бұл осы қалада қазақ тілі хақында кіммен сөйлессе де оның осы мағынада пікір, не ишара білдіретініне еті үйрене бастаған екен. Міне, келесі үйдің табалдырығын аттарда да сондайдың
тұздай көздері ажырайып, қарсы алатынын ет пен терісі арқылы сезгендегісі еді. Осылай Ерік тағы да төрт үйге кіріп шықты. Олар Ермохин шешесі сияқты сөзшең адамдар емес екен, бірі жақтырып, екіншісі жақтырмаса да жас мұғалімнің басын көп шатпады. Енді əлгі Адалят Сализовнаның өтінішін орындауы керек еді. Қаланың осы пұшпағындағы ығы-жығының қақ ортасында, əрі нөмірі белгілі, əлгі математикаға шорқақ Яков Рубцовтың үйін тауып, сыртқы табалдырығына жақындағанда бұл өзінің тұла бойынан тосын қайратты сезді. Кім-кімді де ұрып жығардай қолында күрзісі бар адамға ұқсап, аузына да бет қаратпас добалдай сөздер үйіріле кеткендей. «Кəне, енді менімен салғыласып көріңдерші» дегендей ерсіне кірді. Бұл батылдығының жөні бар екен. Яков Рубцовтың əке-шешесі жас мұғалімнің сөздерін мойындарына су құйылғандай отырып тыңдады. Яков атты баланың өзі де төргі бұрышта бір уыс боп шөгіп қалыпты. Тап қазір Ерік ауылдық жерлердегі соғыс кезінің бригадирлеріне ұқсап, төбелерінен қамшы үйірсе де ешқайсысы қың дейтін емес. Мұның да себебін Ерік жаңа сыртта келе жатып-ақ ұққан. Мұның қолына күрзі ұстатқан сол – бұл осы жолы құдайдың қарғысына ұшыраған қазақ тілінің емес, бүгінгі тіршіліктің, ғылым мен техника дəуірінің ірге тасы алгебра мен геометрияның қамымен келіп тұр емес пе? Кəне, біреуі бұған қарсы ауыз ашып көрсінші! Ерік тым шектен шығып кетпейін дегендей аз-кем ғана сөйледі де Адалят Сализовнаның сəлемін жеткізді. Сосын тайып тұрды. Қазақ тілі жөнінде де бəрі осындай момақан болсайшы деген арман ұялады көкірегінде. Қараңғылық əбден түсіп еді. Ерік қаланың осы пұшпағынан сəл ұзаңқырап, қойын кітапшасындағы тізім бойынша өз шаруасымен де тағы екі-үш табалдырықтан аттап, ең соңында ғана Нина Николаевна өтінішімен əлгі Деренков дегеннің үйін іздеді. Міне, мұнда бас сұғуын Ерік өмір бойы ұмытқан жоқ. Бұл да қазақ тілінің қамы үшін емес, қай ата-ананы да, бүкіл ұстаз қауымын да толғандырар үлкен мəселе бойынша ат басын тіреп тұр ғой. Цивилизация барынша күш алған жиырмасыншы ғасырда, мынадай қала атауы бар елді мекенде баланы ұру не деген сұмдық! Тіпті Ерік мұндай мəселемен өзі қатты сыйлайтын, орыс əдебиетінің білгірі, тамылжытып талай əңгіме шерткен сұлу əйел Нина Николаевнаның сұрауынсыз-ақ өз еркімен де жүруге бар.
Деренковтың əкесі қырықтар шамасындағы бұрынғы шахтер екен. Сол шахта жұмысын тастағаннан бері бетін жумағандай түсі қара, əрі жалпақ та етженді жүзінде əжім дегенің бірнеше жерден сойылып түскен, көздерінің онда-мұнда жүйткуі тез, қолдары алдына сыймайтын кеспелтек неме. Тар да ыстық бөлменің тап ортасында екі шынтағын екі тізесіне қойып, алғашында Еріктің тұла бойын бастан-аяқ шолумен болды, əйелі есік жақтағы пеш алдында домаланған денесімен үй төбесін тірердей қақшиып тұр. Ескі сұрғылт белдемшесінен төмен жуан да қып-қызыл қос балтыры шалынады. Бөксесі томардай, төсі шығыңқы, мол пішінді келіншек. Саз балшықтай бетіндегі көздері де ортадағы күйеуінің көздері сияқты секемшіл, шамасы. Ол да Ерік сөйлей бастағаннан-ақ оның көк желкесіне қадалып, тырс еткен дыбыс шығармады. Былай үй иелеріне ұқсап, жас мұғалімге орындық ұсыну ойларына кіріп-шығатын емес. Ерік тізе бүкпестен сол тұрған бойында сөйлей берді. Ал осы кездесудің бəріне себепкер бұлардың жалғыз баласы – арық, үшкір көзді, шашы ұйпалақтанған Гоша бөлменің төр жақ бұрышында бір уыс боп, бүрісіп қапты. Ол Ерікті өзін қорғау үшін емес, тағы бір мəрте соққыға жықтырып алу үшін келгендей көріп, үшкір көздерімен бұған оқ жаудыра, əрі үрейлене қарайтындай. Ерік өз шамасынша сол Гошаның көзінше баланы ұру оның сүйегіне таңба түсіретінін, денсаулығына, болашағына, дүниеге көзқарасына кері əсерін тигізетінін біраз баяндады. Сосын Деренков-əкенің көзімен көзі ұшырасып еді онда мүлдем бөгде бір жайдың жарқ еткенін аңғарып, денесі шымырлады. Деренков-əке басын көтере Ерікке бір жалт етті де төргі бұрыштағы баласына мойын бұрды. Сол кезде Ерік оның мойын тамырларының тым шығыңқы, əрі жуан екенін байқады. «Мынауың тоңмойын біреу» ғой деді іштей. Айтса айтқандай. Баласынан назарын бері əкетіп, Ерікке қайта бұрылғанда бұл күлімсірегенге ұқсады. Бірақ бұл күлімсірегендік емес, тісін ақситқанға көбірек келіңкірейді. Нина Николаевнаның өзін мұнда жұмсауының мəнін Ерік енді түсінді. Сірə, əйел ұстаз мұнда келе-келе табанынан таусылған ғой. Сөз өтпейтін жандарға мектеп мұғалімі мың жерден тəжірибелі болса да не істей алсын? Амалы құрығасын мына жас жігітке сен де бір бас сұқшы дегені-ау, сірə. Осы тұрыста Ерік кішкентай пəтердің іші ашық-шашық та екенін көрді. Мына ерлі-зайыптылардың екеуара жалғыз баланы сабағаннан басқаға қолдары тимейтіндей де. Бұдан Еріктің тіптен
зығырданы қайнады. Ең соңғыға қалдырған бір амалы бар, бұл соған кірісті. Əлгі Нина Николаевна берген газет қиындысын суырды да соны ежіктеп оқи бастады. Əне, бізден гөрі өркениетті Канада ғалымдары, педагог-психологтары бүлдіршін кезінде ата-анасынан көп таяқ жегендердің есейе келе өмірге өз еркімен қош айтуға дейін баратынын дəлелдепті. Ал Мəскеу мамандары бұл тұжырымды екі қолдарын көтере қуаттайды. Ерік еңғұрмаса мəселенің осы жағы мына ерлі-зайыпты Деренковтарда бір сілкініс тудырар деп үміттенген. Деренков-əке керісінше бір көңілді əңгіме тыңдағандай жырқ-жырқ күлсін келіп. Сосын тағы да бір мəрте төрдегі бұрышта одан əрмен жермен-жексен болған Гошаға ащы мысқылмен көз тікті. Еріктің шыдамы осыған ғана жетті. Газет қиындысын қайта бүктеді де қойын кітапшасына сүңгітіп, есікке беттеді. Гошаға қарауға беті жоқ. «Қуартқан құдай, мұнда несіне кірдім» деп, ауылдың шал-кемпірлерінше іштей қан жылап, жатаған үйден ұзай берді. Бұл кеткесін мына тіл-жақтары қаңтарулы, жан баласына сыр алдырмас безбүйрек əке-шешенің сорлы Гошаны қайта соққыға жығатынына мұның ешқандай күмəні қалмады. «Сенің бүйткен ұстаздық қасиетің құрысын» деп, өзін-өзі қарғап-сілеп барады. Бұдан соң бұл көшеден ғана емес, қаланың өзінен де ұзап шығып, тастай қараңғылықта Қаратал өзеніне көлденең тартылған солқылдақ көпірден өтіп, одан арыдағы басқа елді мекен – өз туған аулына қарай тартты. Бір сағаттай жол жүріп, үйіне түнгі он бірден аса жетті. Қайран, итжандылық-ай десеңші! * Осылай өмір өте берді. Жаңа жыл мейрамы келді. Балаларға арналған балмаскарадтан кейін қысқы каникулдың алғашқы күн дерінің бірінде спорт залында үлкен дастархан жайылып, мұғалімдер жаңа жылды өзінше тойлады. Əсем безендіріл ген шырша айналасы, ересектер үйірі, арақ-шарап пен тамақ толы ұзын стол мына кеңістікке мүлдем басқаша өң берген. Мұғалімдердің əрқайсысынан жиылған ақша толық жұмсалып, əрі жағдайы барлар үйлерінен əртүрлі қосымша тамақ пісіріп əкеліпті. Мұнда Адалят Сализовна сияқты үйірден ерте шыққан жəне Ерік сияқты үйірге əлі түсіп үлгермеген бірен-сараны болмаса баршасы өз қосақтарын ерте келген. Əсіресе, өз күйеулерінің үлкен тұлға екенін, немесе, табысты жерде еңбек ететінін көйітіп жүретін
əйелдер жағы көбірек тыраштаныпты. Стол үсті əртүрлі салат, суық сіңір, торт сияқты Ерік көп татып көрмеген тағам түрлеріне сықап тұрды. Бəріндегі əрқилы өрнек іздері олардың аса дəмді, əрі жұғымдылығын көрер көзге айғақтайды. Мұндағы Ерікті таң-тамаша еткен жағдай сол – əншейінде өзара тоң-торыс мұғалімдердің тап бүгінгі бір-біріне деген ықыласын, мейірім-шапағатын, жылы лебіздерін қара сөзден қаймақ сүзген зергер жазушылардың өздері суреттеп бере алмас. Қараңдаршы, езулерінде үйірілген күлкілері қандай əдемі, қаншама тұнық сыр жатыр онда! Тек сол күлкілері үшін ғана кешегі ауыл баласы Еріктің осындай ортаға тап қылған өз тағдырына мың да бір ризашылығын білдіргісі келетіндей. Енді қалай? Ерікке жақсы таныс ауыл қазақтары той жасаса салған жерден бір-бірін шаянша шағып, қағытып, сөз асырысып, даудамай, ұрыс-керіс, тіпті төбелес сияқтылардың төбесін қылтитып қоюшы еді. Ал төбесі қылтиған құбыжық бұлқынбай тұра ма? Тіпті ондайсыз күнде де бірі екіншісінің шоқтығы желкілдегенін жақтырмағансып, қабақтарынан қар жаудырып, көздерін төмен салып, ызғар танытушылар қаншама? Мына ортада ондайлықты емге таппайсың. Ал директор Алексей Никитыч Кузьмин Адалят Сализовнаны биге шақырғанда Еріктің көзі тіпті шарасынан шықты. Бұл жай би емес, вальс еді. Аккордеон ойнаушы жұрт көзіне көп шалына бермейтін, тапалтақ, ернін үнемі жымқырып жүретін егде адам, музыка пəнінің оқытушысы еді. Бұл да өз ісінің құдайы екен. Ол аккордеонды құлаштай созғанда Алексей Никитыч пен Адалят Сализовна айдын бетінде қос аққу жүзгендей сурет салып еді. Кенет аккордеоншы əуенді кілт өзгертіп, қысқа қайырымдармен бебеулеткенде ортадағы екеу шырқ үйіріліп, əлде бір самұрық құстың өздерін жерден іліп əкетпек əрекетінен қорғанғандай шапшаңдыққа басты. Бірақ осы қорғаныстың өзінде адамның көз құмарын қандырар əсемдік бар екен. Əншейінде түр-түсін өзі аса ұнатпайтын дүңген əйелін Ерік соншама сүйсіне бақылағандай. Басында сəл шарап қызуы білінген жас жігіт əсемдік əлемінің қиыр-шиырында адасқандай шарасыздық сергелдеңіне ұшырады. «Апырау, мынадай өнермен, мынадай қабілетпен қиыр түкпірдегі бір қалада бала оқытып, шаштарын ағартқанша Алматыдағы үлкен сахнаға неге көтерілмейді бұл сығырлар» деген сауалға да соқтықты. Директор мен ағылшын тілінің маманы биді шынында əр көрерменнің буын-буынын қоса қозғағандай келістіріп-ақ
нақыштап еді. Мұны Ерік бұл ортаға көктен түсе қалғандай өзі түгілі осындайлықтың қазанында қайнаған өзгелердің көздеріне жас үйірілердей күлімсіреп, сүйсінгенінен таныды. Тек вальс аяқталуға таяғанда ғана тағы бес-алтауы қос-қостанып, ортаға шықты да музыка ырғағымен жүзе жөнеліп, Алексей Никитыч пен Адалят Сализовнаның асқақтаған беделінің жалына жабысқандай əсер қалдырды. Еріктің ішке сыйғыза алмаған тағы бір сауалы – директор əнеукүні ғана өзі жер-жебіріне жеткен дүңген əйелімен мұншалықты көздің жауын алар жарастықты қалай тауып алды, тапқан күнде де оған қалай дəті шыдады дегендік еді. Сəл бас шағып, иə, бұлар жұмыс істей де, демала да біледі дегенге сайды. Арада екінші би биленіп, үшіншісіне көшерде тағы бір өзгеріс елең еткізді. Директор өз аккордеонын ала келген екен, сонысына жармасты. Ал тарихшы Денис Антонович скрипкасын қорабынан суырып жатты. Осындағы еңбек пəнінің мұғалімі, ол да көзге көрнексіздеу адам, жалма-жан бір бұрыштан гитарасын əкеле қойды. Тағы біреулер гармон, балалайка, үрлеуіш аспаптарын тауып алды. Қаздай тізіліп, музыка пəнінің маманы өз аккордеонымен бір дыбыспен ғана белгі беріп, оны кілт үзіп еді бəрі сілтідей тынды. Сосын бас аккордеоншы əлде бір сыңсыған қыздың даусындай етіп, бірдемені сызылта бастап, кенет дүрсілдете жөнелгенде, басқалары қосылып берсін. Екі аккордеон, бір гармон, скрипка, гитара, балалайка, екі үрлеуіш аспап – біреулері ботадай боздап, екіншісі сыңқ-сыңқ етіп, үшіншісі əлдекіммен дауласқандай үзік-үзік дыбыс шығарып, ортақ бір əуеннің өнебойын əрлегенде Еріктің тұла бойы шындап-ақ тебіренді. Қас пен көздің арасында жоқтан бар бола кеткен оркестр мектептің спорт залын, əсем безендірілген шырша айналасын жұмақ төріне айналдырды. Бидің көкесі енді басталды. Ұзын стол басында қадау-қадау бес-алтауы ғана қалды, басқалары биге тегіс көтерілді. Ерік те биледі. Өз ойымен өзі əуре, алған əсерден сəл есінен адасқан Еріктің билеу ойында да жоқ еді, тек оны директордың зайыбы – Кузьмина Ирина Васильевна биге шақырды: – Сен сияқты өрімдей жас та сұлу жігітке мұндайда оқтау жұтқандай серейіп, жырақ қалу жараспайды. Осындай бас қосулардың жаны, көркі бола білу парызың, – деп əзіл аралас ақыл айтқансыды. Оның ишарасынан Ерік тіпті балқып кетті. Музыка ырғағына еліте өзінен жасы əлдеқайда үлкен əйелдің
түр-түсін тым жақыннан қадағалап, бұдан да өзіне таңсық көп жайдың астарын аңдағандай. Бұл математика пəнінің маманында директордың зайыбымын деп паңсыну да, не баласының ұзақ науқастануына орай кірбең де аты-бүтін жоқ, басқаларша бұл да осынау көңілді кешке өз бет-бедеріндегі қуанышты рең арқылы үлес қосқысы келеді. Осы мезетте бишілер арасынан өз Тимофейінің иығына қол артқан Нина Николаевнаның жүзі шалынғанда Еріктің əсерленгіш жанына тағы бір оқ атылғандай еді. Спорт залында шам сөне қалса да Нина Николаевна жүзінің ақтығы жоқтатпағандай екен. Шиқандай қызыл еріндері мен дудыраған сап-сары шашының да бояуы қанық. Би үстіндегі қозғалысы да музыка ырғағының тап өзінен туындап жатқандай онымен қойындасып алған ба дерсің. Сірə, орыс жəне шетел классикасын көп оқығаннан туған білгірлік оның осындайғы қимылына да басшылыққа жүретіндей. Кенет билеп жүрген Еріктің əлденеден жүрегі шаншыды. Ирина Васильевна мен Нина Николаевнаны көзбен адақтап тауысқасын осында өзіне қадірлі үшінші адамның жоқтығын түйсінді. Енді қалай? Бүкіл мектеп ұжымының көркін құрайтын үшеудің екеуін көріп барып, соңғысын неге жоқтамасын? Оның үстіне ол өзінің ең қадірлі сүйікті ұстаздарының бірі Надежда Борисовна Перепелкина болса! Кенет манадан бергі көрген қызықтың бəрі Еріктің санасынан бу боп ұшуға айналғандай. Бұл əрі өзіне-өзі үсті-үстіне сұрақ та жаудырды. Мұндағы ерлер мен əйелдердің қайсысының басында проблема жоқ? Мысалы, анау директор Кузьмин мен оның мына зайыбының екеуара екі ұлының кішісі ауыр халде, бұлар соған қарамай өздерін соншама ашық, жарқын ұстауға қайрат тапты емес пе? Ал Надежда Борисовнаның өз күйеуімен екеуінің арасында ала мысық жүгіріп өткен екен деп, мынадай есте қаларлық тамаша кешке келмей қалуы не сəні? Əлде мұның Ерік білмейтін қосымша басқа да бір гəбі бар ма? Солай-ау! Надежда Борисовнаның мұндай көңілді кештер, ойынсауық десе ішкен асын жерге қоятынын, ондайлықтың қашан да бел ортасында жүретінін, би билеп, əн салуға келгенде аспандағы бір жұлдыз жерге құлағандай алау тудыратынын сонау мектеп қабырғасында шəкірт кезінде-ақ таныған. Осыған орай туған қапа Еріктің жүрегін одан əрі осқылады. Мұнда сондай-ақ Лотте Романовна мен əлгі айы-күні жетіп, декреттік демалысқа бет алған жас əйел мұғалімдер жоқ еді. Би ұзаққа созылып, стол басына қайта шоғарланғанда ішіпжеу үстінде қосылып əн салу басталды. Байқайды, көбісі Ерік
бұрын естімеген орыстың халық əндері. Кейбірінің əуенінен гөрі сөздері көбірек құлағына жақты. Кейбір əндердің мəтіндері орыс халқының бүкіл тарихын сыйғызатындай соншама мазмұнды шығатынына бара-бара тіпті қайран қалды. Оларды кезек-кезек орындарынан атып тұрып, өз аспаптарымен сүйемелдейтін де əлгі музыка, еңбек пəндерінің мұғалімдері, немесе, директор мен Денис Антонович еді. Бұдан кейін тағы бір мəрте биге көтеріліп, қайта жайғасқанда əйелдер жағының өтінішімен осы заманғы əндерге көшті. Бұл жолы да əннің түбін түсірісті. Еріктің бір аңдағаны əлгі математик Борис Устинович пен дене шынықтыру мұғалімі Михаил Ефимович қана анда-санда барша жұртқа естірте қысқа-қысқа əзіл тастағаны демесең көзге көп шалынбап еді. Би үстінде де шеткеріректе бір орында тұрып, кеуделерін селкілдете беруден əрі аспаған. Оның өзі де əйелдерінің нықыртуынан туған əрекет екені аңғарылған. Есесіне, стол басында екеуі қатар отырып алып, арақтың кезегін құр жібермеді. Ол алпысыншы жылдардың басында рюмка деген мына қала екеш қаланың өзінде көп тарала қоймаған. Оның орнына жарықтық қырлы стақан жүретін. Соған орталай құйылатын ащы ішімдік өңештерге жөнелтілгенде Ерік екі-үш мəрте ішін тартты. Ішін тартатыны сол – кештің бастапқы кезеңінде соншама сұлу, интеллигент көрінетін əйелдердің өздері қырлы стақанды бастарына төңкеріп, қылқ-қылқ жұтқанда өз көзіне өзі сенбеп еді. Апырау, Еріктің есебінше бұлар мынау халқының негізі сол кездің тілімен айтқанда жұмысшы табынан тұратын өндірістік қалада мəдениеттілік атаулының бірден-бір үлгісі емес пе? Сөйте тұра мынаусы несі? Тек бара-бара ар жақтарына ел қонды-ау дегенде ғана əйелдер жағы, бірен-саран еркектер де шыны түбінде мөлдіретіп «сыбаға» қалдыруға көшті. Тек математик Борис Устинович пен дене шынықтыру мұғалімі Михаил Ефимович қана алғашқы қарқындарынан танбады. Бұлардың қолдарындағы қырлы стақандар түнгі шам жарығымен шағылысып, көбірек сəуле шашатындай. Түбіндегісін сарқып ішпесе əлденеден құр қалатындай еткен ашқарақтық ол стақандарды өзге бұйымдардан гөрі «бағы жанғанға» ұқсатты. Қалайда, Еріктің көкірегіне сондай бір түйсікке ұқсас сезім ұялатты. Ол екеуінің одан өзге өнері жоқтай да көрінді. Байқаса, Ерік қатты қателесіпті. Кенет директор Алексей Никитыч Кузьмин қолындағы аккордеонның ішек-қарнын ақтара созғылағанда Еріктің құлағына жақсы таныс бір əуеннің нобайы өріле кетті. Ол қай əн екенін бұл анықтап та үлгермеді, арақ қызуы еңсере бастаған Борис Устинович оның қайырмасын айтып кеп берді:
Еду, еду қашықтан, Мен водовоз асыққан, Мөлдір су бар, достар-ей! Мөлдір су бар, достар-ей! Кому надо поскорей? Иə, бұл сол жылдарда республика көлемінде кең тараған «Су тасушы қыздың əні» еді. Бұл əннің негізгі мəтінін білетіндер тағы баршылық екен, солар көтеріп əкетті: Асыққан су тасушы, ей, водовозбын, Талайды жолға тастап басып оздым. Су емес қызға əлде шөлдегендей Жігітім, мұнша неге мойның создың? Ал Борис Устинович оның тек қайырмасына келгенде ғана даусын сыңқылдата жөнеледі. Михаил Ефимович те аздап қосылады. Ерік бұл екеуіне өмірінде тұңғыш рет риза болғандай қарады. Əн аяқталып, Борис Устинович ақшыл өңінің қызарып кеткен ұштарын орамалымен сүрте бастады да баршасына естірте үн қатты: – Қазақта жақсы бір ғана əн бар екен, оның өзінің де сөздерінің жартысы орысша. Сондай тілді үйренем, не үйретем деушілер не барқадар табады? – Борис Устинович, бұл əзіл əн ғой! – деп, шеткеріректегі Еріктің жан даусы шыққандай болып еді. Жас жігіттің бұл қыстырмасына еркек-əйелі аралас бір сыпырасы мырс-мырс етті. «Əзіл əнге келгенде қазақтың сөзі таусылып қалады екен ғой» дегендей сұрақ бəрінің қас-қабақтарында атойлады. Арақтың қызуы ма, Еріктің миын, қушық кеудесін түйдектүйдек ашу-ыза кернеді. Осы математик пəні мұғалімінің аузынан шыққан əнеукүнгі «камень на шее» деген афоризм де есіне түсіп, қалайда оған қарсы бір оқ атып қалуға аңсары ауды. Тек көпке топырақ шашқандай болармын деп сəл райынан қайтқансыды. Бірақ Борис Устиновичтің өзі батылдық қаруын қолына ұстатқандай еді. Ол тағы бір қаға берісте сəл алабұртып, столдың шетінде түрегеліп тұрған жас қазақ жігітіне қарай күлімсірей қарсы жүрді. Қияпатындағы сол көңілді күлкі Ерікті жігерлендірді. Математик мұғалімнің өзіне не үшін жақындағанын білместен ұрт мінезіне ерік берді:
– Борис Устинович, он тоғызыншы ғасырда орыс интеллигенциясы да ауыз-екі тілде француз сөздерін араластыра сөйлеуді дағдыға айналдырған. Сенбесеңіз Пушкиннің «Евгений Онегині» мен Лев Толстойдың «Война и мирін» қайталап оқыңыз. Бірақ оған қарап, орыс тілі кедей деп тұжырым жасамайсыз ғой! Ерік өзінше мынаның шабына шоқ тастадым деп ойлаған. Байқаса, Борис Устинович бұған бетпе-бет жақындап келді де мырс етіп күліп, көзін төмен салды. Жіп-жіңішке əжім сызықшалары тілгілеген ақшыл етсіз маңдайында, бетінің ұштарында «əй, баламысың дегенге» ұқсас жазу тұр еді. Еріктің бір аңдамай қалғаны қолында аккордеоны бар директор Кузьмин Алексей Никитыч ту сырттан айналып кеп қапты. Сірə, ол математик мұғалімнің қазақ тілін кемсіткенін де, оған Еріктің қалай жауап қатқанын да естіген. Сөз реті математикте еді, бірақ директор бұзып-жарып əкетті. Аккордеонды тез-тез қозғап, тағы бір таныс əуенді безілдетіп кеп берді. Еріктің тұла бойын жылы ағын кернеді. «Ағажан-Лəтипа» деп, қайырмасынан бастап, айта жөнелгенде тіпті шалқасынан түсе жаздады. Кенет осы оқу жылы басталған қыркүйек айының орта шенінде мектеп ауласындағы үлкен ойын-сауық келбеті көз алдында жаңғырды. Директор əннің қайырмасын ғана емес, негізігі мəтінін де айтты: Лəтипаның қолында гауһар жүзік, Бозбалалар қарайды көзін сүзіп. Ауылыңнан мен шалғай жүрсем-дағы Кете алмадым өзіңнен күдер үзіп. Еріктің əнге ебі жоқ еді. Амалсыз ернін жыбырлатып қосылғанға ұқсағанмен дұрыстап көтерісіп кете алмады. Бар жүк директордың өзінде қалды. Оған деген Еріктің ризашылығында шек жоқ. Екеулеп, Борис Устиновичті қақ маңдайдан ұрдықау дегендей масайрады. Əн аяқталғанда Борис теріс бұрылып кетті, Ерікке неге жақындады, не айтпақ еді, бəрін жұмбақ күйінде қалдырды. Түрінде жеңілген адамның шырайы жəне шалынбады. Бұдан кейінгі отырыста би жағы сиреп, əн жағы тіптен басымдық етті. Тағы да сол орыстың халық əндері. Ара-тұра Стень ка Разин, Иван Грозный, Пугачев, Фельдмаршал Шереметьев сияқты тарихи тұлғалардың есімдері жаңғырығады. Өзі əдебиетші, болашақ жазушы болғасын да ма, сол əн мəтіндерінде
кесек тарихи оқиғалардың аз сөзбен шебер қиыстырылуы Еріктің тұла бойына жігер беретіндей. Бұл кеш тым ұзаққа созылды. Ұзын стол үстіндегі тамақ пен ішімдіктің əлі мұрты да ойылмағандай. Бара-бара Ерік қайта сарыуайыммен сарылды. Бұған еркек-əйелі аралас орыс мұғалімдерінің бəрі де жезтаңдай əнші көрінді, əрі білетін əндері де қисапсыз. Осы тұста жас неме басқа бір саясаттың пұшпағын тістегендей елең етті. Бұлар бір-екі қазақ əнін айтқансып, Еріктің алдына кішкентай жемтік тастап, шын мəнінде орыс халқының өнерін аспандатуға барын салған жансебілдерге ұқсады. Сол кезгі баспасөз ауанынан хабардар, əрі не жайға да өткен жазда замана болмысының ішек-қарнын ақтарған кəнігі журналист Құдыс Əлікбаевтың тұрғысынан қараған Ерік Тінəлиевтың əлі қалыптаспаған іш өзегі бұдан қалай босаңдық етпесін?! * Мектептегі оқу жылында ең ұзағы саналатын үшінші тоқсанда кейбір мұғалімдердің мінез-құлқында сəл-пəл өзгерістер байқалды. Əсіресе, директор болмашы кемшілік үшін су диірменнің тасын дай гүрілдеп, мұғалімдерге тиісуді жиілетті. Декреттік демалыстан шыққан, емшекте баласы бар жас мұғалимаға төбесінен төне дігірлегенде ол жүрегін ұстай көзіне жас алып еді, ертеңіне бір оқушы бала арқылы өзінің ауырып қалғанын хабарлапты. Онсыз да бала табуына орай төрт айдан астам уақыт оқу ісінен қол үзген жас маманның бұл қылығын кейбіреулер өзара сыпсың арқылы еркелікке балады. «Тəйірі, бастық адам кімге жекірмейді?» Бірақ директордың дүлейлігі кемерінен асып бара жатты. Əлгі жаңа жыл кешінде гитарада ойнап өнер көрсеткен, түр-түсі көрнексіздеу еңбек пəнінің мұғалімін үзіліс кезінде баршаның көзінше жерден алып, жерге салды. Байғұстың бар кінəсі – еңбек пəні өтетін, мына мектеп ғимаратынан тысқарыда бөлек орналасқан үйдегі осы қала кəсіпорындарының бірінен осы директордың беделі арқасында алынған екі ескі станоктың бірі істемей қалыпты. Мұғалімнің «босалқы бөлшек табылса оны өзім де жөндеймін ғой» деп, мұрнының астынан міңгірлегенін құлағына да қыстырмады. Содан бірер аптадай өткенде химия, биология пəндерінен дəріс оқитын үш-төрт жасаңдау мұғалімдерге де қырғидай тиді. Себебі, өзі олардың сабақтарына қатысқанда оқушылардың білім деңгейінің төмен екендігін байқапты. «Сабаққа жете
дайындалмайсыңдар, ізденбейсіңдер, методикалық көмекші құралдардың бетін ашпайсыңдар, халтурщиксіңдер» деген сияқты сөздерді өзге бір дойыр ұғымдармен араластырып, салмағын арттырып, ой төбелерінде ойнатты-ау. Сəл іркілістің соң кезек Ерікке де келді. Оған да солай. Ең соңында бұған күрзінің тым ауырын көрсетіп, қоқан-лоққы жасады. «Егер қазақ тілін үйренуге өз еркімен тілек білдіргендердің сабаққа толық қатысуын қамтамасыз ете алмасаң күзде жаңа оқу жылында бұл мектепті маңайламай-ақ қой!» Ерікке бұл ескертпенің ауыр тигені соншалық, пəлендей берекелі жұмыс емес, тастасам қайтеді деген ой да басын айналдырды. Бірақ сол кездегі жер-жердегі жұмыс орындарының тапшылығы, үйдегі шиеттей бала-шаға бұны бетінен қайтарды. Директордың Ерікті қалай нықыртқанына куəлардың ішінде тарихшы Денис Антонович пен шет тілінің маманы Лотте Романовна да бар еді. Денис Антонович бұған дейін де осы үшінші тоқсан басталғалы бұрынғыдай газет оқымай үнемі басын төмен салып, аяқ ұштарынан көз алмайтын əдет тапқан. Еркек-əйелі аралас ересек мұғалімдер бірде өзара: «Денис Антоновичтің дəмесінен түк шықпадыау осы, қалалық оқу бөлімінің меңгерушісі Рыжовтың асығы алшысынан түсіп тұр-ау, шамасы» деп күңкілдесті. Ерік мұны өз құлағымен естіді. Ешкім талдап жатпаса да жас жігіт əңгіменің не турасында екенін сезе қойды. Сол баяғы осы «Станцияда» салынып жатқан үшінші аса ірі мектептің директорлығына осы екі қасқаның қайсысы тағайындалады деген сауал төңірегіндегі ырду-дырду бұл шақта өз мəресіне жетіп те қалғандай еді. Тура əлгі Америка Құрама Штаттарының Президенттігіне үміткер елдегі екі партия басшылары ұйымдастырған сайлау науқанының дүмпуіндей-ақ. Міне, түр-түсінде сондай ауыр жүк көтергендей реңкі бар Денис Антонович еріндерін жымқыра, жалпақ бетін дөңгелекке ұқсата керіп, қысыңқы көздерін Еріктің өңменінен өткізе жақындады. Сең соққандай тұрған жас мұғалім бұдан бір жан жадыратар ақылкеңес күтіп еді. Тек тарлан тарихшы-ұстаз жақындап келді де əлдененің исін иіскегендей мұрнын көтеріп, үнсіз сілейді. Сосын кілт теріс бұрылып кетті. Одан көмек күткенге ұқсас райда тұрған Ерікке керісінше «сенің жаңағы естігенің аз» деп, Еріктің жан жарасын бұл да бір тырнап өткендей-ақ. Жоқ, мұның бəрі ауыр күйзеліс үстіндегі Еріктің қате жорамалы еді. Денис Антонович оған жаны ашығандық бір лебіз тастауға жақындап, сол заманғы
ішкі жəне сыртқы саясаттың ауанын кірпік қақпай, қалт жібермей бағуға мəжбүр өз жағдайы темір ауыздықша өз аузына сарт етіп тигесін көнбістік жасап теріс бұрылып еді. Мұның бəрін Лотте Романовна дұрыс бағамдаған. Енді ол тарихшы мұғалім қаймыққан іске өзі барды. Тек жасы ұлғайған неме əр қадамым өлшеулі дей ме, Ерікке жақындаған жоқ, алыста тұрып-ақ, арық бет-жүзін оған толық бұрып, сөздерін барынша күлімсірете тіл қатты: – Бұл директор тамаққа тұзды тым ащы қып салатын боп жүр! Құдай қарғағанда Лотте Романовнаның сол қағытпасын əлдекімдер директордың құлағына тап сол күні жеткізіпті. Оны директордың кірген-шыққанда неміс тілінің маманына оқты көздерін қадауынан-ақ ұққандар бар. Ерік те одан шеткері емес. Сол-ақ екен, Кузьмин Алексей Никитычтың белсенділігі тіпті артты. Бұдан кейінгі екі-үш аптада ол қалалық партия комитеті, қалалық атқару комитеті, оқу-ағарту бөлімі орналасқан орталық жаққа кетіп жоғалатынды көбейтті. Оқу ісінің меңгерушісі Мосько Григорий Павловичтің аузынан «директор бүгін жиналыста» деген сөздер жиі естілетін болды. Ондайда мұғалімдердің арқабастары кеңіп қалатын сияқты. Кенет баршасының төбесінен ашық күнде найзағай ұрғандай бір күн туды. Директор алдағы жұма күні кешкілік кезектен тыс ашық партия жиналысының өтетінін өзі хабарлады. Мұнда партия ұйымының хатшысы бұрын көп жылдар партия-кеңес қызметінде болған, тек кейін денсаулығының жарамсыздығына орай одан қол үзген, қазір осы № 6-мектепте кітапханашы қызметін атқаратын кəрі орыс əйелі еді. Арық кеудесімен мектеп дəлізінде, ауласында ары-бері əрең қозғалатындай көрінгенімен жиналыстарда даусы саңқылдап шығатын, сол заманның тұрғысынан алғанда саяси сауаты өте жоғары жан. Жиналыс туралы хабарландыруды мектепте тарихпен қабат сурет салу пəнінен де дəріс беретін Денис Антоновичке баттитып, жуан шрифтпен жаздырыпты. Иə, бұл тарих пəні мұғалімінің өзгесімен қабат сурет салатын да өнері бар еді. Əртүрлі мейрамдарға, даталы күндерге орай қабырға газеттерін шығару да осының мойнында. Иə, Денис Антоновичтің атқарар жұмыстары көп. Бұл осында кəсіподақ ұйымының да жетекшісі ғой. Кейбір қалалық қоғамдық ұйымдарға да мүше. Директор, осы Денис Антонович, партия ұйымының хатшылығы жүктелген кітапханашы əйел – үшеуінің
ара-тұра бірігіп, қалалық жиналыстарға кететіні де үйреншікті құбылыс. Тек соңғы кезде ғана директор ары-бері жалғыз шапқылап жүр. Ақыры, ашық партия жиналысы басталды. Мұғалімдердің бəрі қатысты. Тіпті бала күтіміне орай декреттік демалысын соза түскен кейбір жас мұғалімдер де келді. Баяндамашы жұрттың күткеніндей директордың өзі. Ол сөзін алыстан орағыта бастаған. Компартияның соңғы съезі мен Орталық Комитеттің соңғы Пленумдарында көтерілген жайларды шет-пұшпағынан жұлқылап, баршасының төбесінен қаққылай бастады. Ол заманғы басшылардағы ортақ əдет – қандай да бір маңызды мəселені көтерерде сол партия саясатындағы негізгі желіні көздерінің алдына тосып, басқа дүниенің бəрін тасада қалдырып, тұмшалап тастайтын. Мынау да сөйтті. Еріктің есінде қалғаны Кузьмин ең алдымен кеңес-американ арақатынасына қара бояуды баттастыра жағып лапылдады. Солтүстік Америка мен Батыс Еуропада да біраз саяси күштердің үшінші дүниежүзілік соғыс қаупін тудырып отырғанын əлдекімдерді төбеден тоқпақтап ұрғандай дігірлеп жеткізді. Баяндаманың осы тұсында оқтау жұтқандай тіп-тік жаратылған денесі тіптен сіресіп кетеді екен. Онсыз да кірпіше тікірейген ақ аралас сұрғылт шашы жан-жаққа атылғалы тұрған темір инелерше суық сəуле шашады. Қас-қабағы да солай. Күлгін сия түстес қос жанары өзіңді жеп жіберердей зəреңді ұшыра тесіледі. Тап осы сəтте кім-кіммен де айқаса кетсе бұл оны сөзбен де, қара күшпен де алып соғардай ересен қайраттың иесі екені көрер көзге айқын. Енді қалай? Туа бітті сүйекті жаратылысы өз алдына, бұл оның үстіне партия саясатын қатқан қайың сойыл етіп ұстап тұр емес пе? Кəне, оған қарсы жақ ашып көрші, не артық қимылға баршы. Мұндайда директордікі бір бөлек, оның үстіне түйдектеліп кеп замана мысының өзі желкелерінен басып тұрғанын қалай естен шығарасың? Кейде халықаралық саясаттың осынша ушығуына Кеңес елінің осы бір оңтүстік-шығыс пұшпағында, биік таулардың қыспағында Текелі қаласындағы мына алтыншы мектеп ұжымының оқу-тəрбие жұмысын солғындатып жіберуі себеп болғандай-ақ баршасының құлағының түбінде бір жаман ызың оянатын. Жəне де ол ызың көпке дейін үзілмейтін. Ерік жан-жағына қарағыштай бақылап еді, мұғалімдердің бəрі де жүздерін көтеріп, директордың сықпыт-сиқын қаршығадай баққан қалыпта екен. Тек арт жаққа жайғасқан
Денис Антонович қана көзін төмен салған. Тіпті директордың салақұлаш баяндамасын, ондағы небір тұздығы ащы жайларды пішту демейтін тек осы сияқты ғана көрінді. Еріктің жас жанына мұның өзі де бір түрлі жайсыз тигендей. Еңбек жолын жаңа бастаған бұған алдағы өмірдің қияң-кескі шайқастарға толы сиқын құдайдың өзі жіңішкелеп жеткізгендегі түрі ме екен? Директор халықаралық саясаттың тұнығын біраз шайқап барып, нақтылы тіршілік қамына көшкендей. Сондағы ойлап тапқаны болашақ коммунизмнің материалдық-техникалық базасын жасау төңірегінде сөз өрбіту еді. Мұнда да біраз жайды қопарып барып, партияның өндірістік бірлестіктер құру жөніндегі саясатын сап еткізді. Ерік əлдекім төбесінен қара қамшы сілтегендей дүр сілкінді. Көз алдына өткен жазда өзі дидарласқан ескі журналист Құдыс Əлікбаевтың жанды бейнесі қаққан қазықша тұра қалды. Осы сəтте мына үлкен сынып ішінде директор Кузьмин Алексей Никитычтың сөзін Еріктен мұқият тыңдаған жан баласы болмаған шығар. Былтыр Құдыс Əлікбаев «республикааралық шекаралар жойылып, олардың орнына өндірістік бірлестіктер құрылады» дегенді теория жүзінде пысықтаса мына орыс директор оны нақтылы жүзеге асыруға бел шеше кірісіп кеткендей. Ерікке манадан бері құлағына сіңіргенінің бəрі у мен зəрге айналғандай. Бірер мəрте көзінің қарауытқаны да ақиқат. Қалайда Ерік солқылдаған жас қой, сол жастық қуаты ғана осыншалықты жаман сезім соққысына төтеп беруге септесті. Иə, Арқа даласы астық егуге қолайлы, неге онда астық өндіретін бірлестіктер құрмасқа? Ал оңтүстік өңірлер мақта өндірісі үшін өзі сұранып тұр. Басқа қиырлардың да өз пешенесіне жазылғандары бар. Бірауық Ерікке əлдекім осыншалық дүниежүзілік, қала берді бүкілодақтық мəселелер шешімін таппай жатқанда əлдеқашан сүйегі қурап, күні озған қазақ тілін осы мектепке əкеп тықпалаудың қажеті қанша деп, сұрақ қойып желкелеп тұрғандай əсер етті. Ақыры Ерік бұл өткелектен де өтті. Ендігі кезекте директор сөздің бұдан да нақтысын тіл ұшына ілді. Кадрларды жасарту, тың күштерді іске көбірек тарту партия саясатының тағы бір өзегіне айналғанын білдірді. Ерік бұл мəселені де жаңағы «өндірістік бірлестіктер» сияқты тап осы мектеп үшін келіп-кетері жоқ алыс даңғаза ретінде қабылдамақ еді. Кенет мұғалімдер арасында бір қыбылжыған мінез байқалды. Айналасындағы құбылысқа сауысқаннан сақ жас жігіттің құлағына «өзге жырдан мынаның əуселесі бөлек» деп, əлдекім сыбырлап кеткендей еді. Шынында солай ма? Ысқаяқ директордың бұл жайды тап осы араға əкеп
кіріктіруінде бір мəн бар ма? Бұл сауалына жуарақпанда жауап таппаған Ерік жан-жағына алақтауды көбейтті. Жаңағы қыбылжыған сыңай тез басылғандай еді. Дауыл басылғанмен оның ізі қалады ғой. Бұл енді сондай бір ізді іздеді. Мұның білуінше, мұндағы ұстаздардың басымы жасаңдау немелер. Əне, дені əйелдерден тұрғасын декреттік демалысқа бірі кетіп, бірі келіп, оқу ісінің меңгерушісі Мосько Григорий Павловичтің сабақ кестесін құрастыру жөніндегі жұмысын тіптен бастан асырып жіберді. Демек, кадрларды жасарту проблемасы тап осы ұжымның желкесіне салмақ боп түсіп тұрған жоқ. Əлде, əңгіме жоғарғы басшы кадрлар жөнінде ме? Ал оған мына мектеп ұжымының қатысы қанша? Бұлар неге қыбылжиды? Кенет бұл сұрақтың жауабы өзінен өзі табыла кетті. Арт жақта Денис Антоновичтен де бірер парта кейінірек отырған Лотте Романовнаның мəз-майрам жүзі Еріктің көзіне оттай басылды. Енді қалай? Күн астында жайқалған күзгі бітік өскен қурайдайақ кешегі ауыл баласының іштегі қыл өзегін қозғады. Бұл ортаға біраз сіңісіп, ыстығына көніп, суығына тоңып, оң мен солын танып үлгерген зерделі жасқа мына көрініс біраз жайдың бетін ашып, сайрап кеп бергендей. Лотте Романовна бүкіл науқанның өзіне қарсы бағытталып, əнеугүнгі сөздерін мына директор кек тұтып, алда жаңа оқу жылында сен сияқты кəрі мыстанға бұл ортада орын жоқ дегенді оның осылай жариялағанын сезгені анық еді. Піспеген шалалығы ғой, басқа мұғалімдер неміс тілі маманының бет-жүзінен көздерін ала қашса мына Ерік керісінше оған əлдебір жоғалтқанын тапқандай жалтақтай беріпті. Əжімдерінің əр талы шуаққа малынып, Лотте Романовна мұндай көңілділікті қайдан олжалағаны белгісіз тіпті қуаныштан жүзі жасарғандай күлімсіреп, директорға мейманасы аса қарайды. Үлкен сынып бөлмесіне лық толы мұғалімдерді əлдененің мысы шындап басты. Бəрі де бастарын салбыратып, өздерінің саусақ ұштарын тамашалай қалған. Бір заманда директор сөзін тауысты. Қара нар көтере алмас ауыр жүк желкесінен түскендей жиналыс басқарушы, партия ұйымының хатшысы, кітапханашы əйелдің қасындағы бос орындыққа барып сылқ отыра кетті. Бұдан кейінгі сөздер көпке созылған жоқ. Екі-үш мұғалім «партия саясатын қуаттаймыз» деген бағытта шолаққұйрық сөздерін айтты. Бəрі де протокол үшін хатшы мен директордың алдын-ала дайындаған адамдары екені түсінікті. Ертеңіне Лотте Романовна жас əйелше алқызыл гүлді жаңа көйлек киіп кепті. Жүзінен де кешегі көңілділік кетпеген. Əйел
мұғалімдерге əлденені сыбырлап, сықылықтап күліп жүргені де байқалды. Қалайда адамның көңілді жүзі басқаларға да жайлы тиеді ғой. Ерік оған бір түрлі жанашырлықпен қарады. Ал Лотте Романовна сабақ орны боста, үзілістерде өзінен жасы əлдеқайда кіші əйел мұғалімдерге жанасуын жиілетті. Тіпті өзі кекесінмен қарайтын, əрі өзімен бақталас іспетті ағылшын тілінің маманы Адалят Сализовнамен де ауыз жаласқандай оның да құлағына əлденелерді құйып жүрді. Көбіне шетқақпайланып, қағажу жүр ген дүңген əйелі өзіне мұндай одақтас табылғанына қуанғандай оны бұл да өзіне жақын тұтқан сыңай білдірді. Бара-бара бұл екеуі нің оңаша күбір-күбірі тіптен жиіледі. Тіпті ол екеуі неміс пен дүңген сияқты басқа ұлттың өкілдері ғой, мына орыс қауымында оларға кəдікпен қарағандар да табылғандай. Соны Лотте Романовна дер уағында сезді ме, басқаларды да оңаша сыбырмен қарық қылуға тырысты. Бірақ Адалят Сализовна да шет қалған жоқ. Бірде бұл ағылшын тілінің маманы ана кəртамыс неміс əйелінің өсекаяңының əсерімен бе бірде тағы да аузынан қағынғанға ұқсады. – Біздің қоғамда мына тектес адамдар қаптап кетті. Олар ешкімді өлтірмеген, ештемені ұрламаған, ештемені бүлдірмеген, иə кеңестік заң жүзінде солай. Бірақ соларды мұрындарынан тізіп, өлім жазасына кессе құдайдың ең бір оң ісі болар еді! – деп салды. Бұл көп құлаққа сарт етіп тиді. Дүңген əйел кімдерді тілмен түйреді, басқаларға кім білсін, дəл Ерікке беймəлім еді. Осыдан бір күн өткізіп барып Лотте Романовна да бүйректен сирақ шығарғандай еді: – Іштегі ұлан-асыр дүние қазандай қайнайды. Былай сарқып төгейін десең жұрттың зейін қоюға мұршасы жоқ! Бұдан кейінгі үнсіздік Ерікке шындап дауыл соғар қарсаңдағы өлі тыныштыққа ұқсады. Көзі мен құлағына күш түсіре жан-жағын жіті бақылауды тіптен əдетке айналдырды. Өйтпеске амалы кəне, Лотте Романовнаның жаңағыдай жүрекжарды күрсінісінен соң оны əр қырынан аңдушылар көбейді. «Ішіңізге сыймай бара жатқан ырысыңыз болса былай ақтармайсыз ба?» деп жабысқандар да табылмады. Тек көзбен адақтасты. «Пəлесінен аулақ, өзінің тарс жарылуын күтейік» деп, сабыр сақтанғанға ұқсайды. Бұл оқу жылының ең ұзақ үшінші тоқсаны ғой. Наурыз айының алғашқы жұлдыздарының бірі. Енді үш аптадан соң оқушылар көктемгі жеті күндік каникулға шығады. Көктемгі мамыражай шақ. Кенет бір хабар мұғалімдер қауымының ортасында тез тарады. Мектепке қалалық оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі
Рыжов бастаған комиссия келеді екен. Мұндай комиссияға мұндағылардың көбісінің еті үйренген. Бəрі де өз ісінің шеберлері, сасатын дəнемесі жоқ. Тек бұл хабардың бұларға алабөтен көрінген екі ерекшелігі бар еді. Басқа уақыт жетпегендей неге бұл жоспарлы тексеру ең ұзақ, ең жауапты үшінші тоқсанның ең жауапты соңғы күндерінде өткізіледі? Бұл деген оқушылардың білім деңгейі жөнінде жылдық қорытындының негізі қаланатын кезең. Мұғалімдер дəріс оқуда неге қол жеткізді, неге қол жеткізе алмады, соны қырағылықпен сараптап салмақтайтын кезең. Тап осындай сəтте мынадай комиссияның жұмыс істеуі мұғалімдердің қолын қаққандай болып шықпай ма? Мұны басқа басқа, тап қалалық оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Рыжовтың түсінетін жөні бар ғой. Бұл хабардың екінші алабөтендігі неге бұл комиссияны Рыжовтың өзі бастап келеді? Əншейінде оның орынбасары, не солардың қоластындағы методистердің бірі бастап келетін. Міне, мұның да түсініксіздеу бір қыры бар сияқты еді. Əрине, мұның бəрін Ерік өзі топшылаған жоқ, жасы үлкен бесаспаптардың сөз саптасынан ұқты. Бұл күндері мұның да бей неті молайды. Өзі оқытатын топтардағы балаларға комиссия келетінін айтып, сабаққа қатыспағандар жөнінде бөлек шара қолданылады дегендей қыр көрсетті. Əрі үй-үйді ақтап, олардың ата-аналарымен сөйлесуден де жалықпады. Сөйтіп, мұрнынан шаншылып жүріп, осындағы екі жан иесінің бет құбылыстарындағы өзгерістерді танып, ет жүрегі сыздағандай күй кешті. Олардың бірі əлгі 8сыныпта оқитын, небəрі 15-16 жастағы қалпымен Еріктің іш дүниесіне құйын кіргізген Катерина Осокина деген қыз еді. Бұл əу бастағы тəртіп бұзушылық сияқты қылықтарын доғарып, қазақ тілін меңгеруге деген ынта-ықыласын барынша ашқан. Ерікке бал-бұл жанған жүзін тосып, күлімсіреген көздерімен атқыласа да артық сөз бен қимылға хош айтқандай еді. Қазақ тілін біраз еңсеріп те əкетті. Əлде əке-шешесі, не көрші-қолаңдары қазақша біле ме, сабақ жоспарында жоқ біраз сөздерді қоса үйреніп кеп, Ерікке өзінің білгіштігін көлденең тартатын. «Ерик Тиналиевич, шалбарыңызға бор жағылды», «Ерик Тиналиевич, галстугіңіз қисайып кетті» деген сияқтылардың күніне біреуін ұшыратын. Міне, сондай алау отша тұтанған зерек те сұлу қыз осы үшінші тоқсан басталғалы күрт сынды. Кеудесіндегі темір өзекті əлдекім жұлып əкеткендей кеудесі бүгіңкі тартып, көздері қап-қара шоққа айналғандай. Бал-бұл жанған жүзі де бұрынғыдай емес, ондағы
атойлаған сезім белгісі сылынып түскендей тым сүлесоқтанды. Ерік сабақ түсіндіргенде бұған көзінің астымен тұнжырай қарап, өте тұйық отыратын. Бұл не? Əлде өз мұғаліміне деген ішкі сезімін қанша бұрқыратқанмен оған тиісті жауап болмағандағы білдірген наразылығы ма? «Иə, ақылы қысқа бойжеткен, мектепте өзіңе дəріс беретін ұстаздан қандай жауап болуы мүмкін? Алдыартыңа неге қарамайсың?» Бұл, əрине, Еріктің іште булыққан жауабы. Үнсіз жауап, ананікі де үнсіз наразылық. Ал Еріктің көз алдында күрт өзгерген екінші жан иесі – ол өзі нің кешегі ұстазы, бір кезде Пушкин мен Лермонтов өлеңдерін сабақ үстінде шемішкеше шағатын Надежда Борисовна Перепелкина еді. Мұнікі тіпті жаман, тура басына қара жамылғаннан бір былай емес. Ерікті қой, өзі қатарлас үлкен педагогтермен де ашып-жарып дидарласпайды. Əлдеқалай тіл қатысса тек ресми сауал, тек ресми жауап түрінде ғана. Мұның себебін де Ерік сұрап біле алмайды, бұған келгенде де тілі байлаулы. Қалай сұрасын, екі ортада бір арақашықтық бардай бұл өзінің кешегі білдей ұстазы ғой. Сұрағанда да ол айта, ашыла қоя ма? Қайта Еріктің өзі ыңғайсыздыққа ұшырап, жүдеп қалмасын. Міне, Ерікке бір үйлі жанның мақтанышындай тым көркем перизат – сол Катерина Осокина мен қабырғалы ұстаз, оңтайы келсе ғылымның да бір тұтқасын бұрап жіберерлік қауқары бар Надежда Борисовна Перепелкина сынды екі адамның кеуделерінде əлдене біржола өшкендей көрінді. Бұған Еріктің өзін кінəлі санағандай да сыңайы бар. Тап осы екі ортада айтса адам нанғысыз бір оқиға болды. Үзіліс кезінде бір сабақтан екінші сабаққа кіруге оқталып жан ұшырған Надежда Борисовна бір сəттік уақыт тауып, Ерікке ажырая қарады. Əншейінде қабағы салбырап, тұнжырауы көп көрінген ұстаз əйел кенет басын жұлқа көтеріп, кешегі өз шəкіртіне алабөтен назар салғандай. Келесі бір үзілісте Еріктің бұл жорамалы тіпті расталды. – Ерік, сенімен оңаша əңгімем бар, мен бүгін алтыншы сабақтан кейін боспын, сенің уақытың қалай? – деп, жақындап кеп құлағына сыбырлай сұрады. Еріктің ол дегенде не жаны қалушы еді: – Алтыншы сабақтан соң мен де боспын, Надежда Борисовна! – деп, жалма-жан жауап қайырды. Шынында мұның аса қолы бос та емес еді, кештетіп екі-үш баланың ата-анасымен сөйлесіп шығуды жоспарлап қойған. Бірақ сүйікті ұстаздың мына қолқасының
қасында ол жоспардың құны айтып ауыз жарымастай еді. Əлде бір жазуы бар қағазды оның көз алдында қақ айырып жартқандай желпініс сезімін бастан кешірді. Бұл наурыз айының басында күн əлі ұзара қоймаған. Алтыншы сабақтан соң шығып, қатар келе жатқан екеу бір-бірінің жүзін дұрыс көре де алмастай қараңғылық бар еді. Надежда Борисовнаның үйі Қаратал өзенінің бергі жағалауында. Оған дейін де бір сыпыра жер. Ал Ерік өз ұстазын жолда қалдырып, түнделетіп, өзеннен əрі өтуі керек қой. Надежда қашан да асығып-аптығып жүрсе де тек осы жолы тым жайбарақат қозғалды. Əрі бұлардың алдында, артында олар да мектептен шыққан ересек балалардың қарақұрасы көп еді. Біраз жүргесін олар аздап сейілді де есесіне қараңғылық тіптен қоюлады. Кенет бұларды басқа бір жастардың шоғыры қуып жетті. Бұлар мектеп оқушылары емес екені бірден білінді. Надежда Борисовна оларды өткізіп жібермекке сəл шеттеп еді. Ерік те солай. Кенет шоғырдың ішіндегі біреудің даусы түнгі тыныштықты қақ айырды: – Саш, а, Саш, а, слушай теперь мой анекдот. Мальчик прибегает домой, и говорит: «Мама, мама, городской вытрезвитель сожгли!». «Откуда знаешь?» «Вон папа идет по улице, и поет песню: Враги сожгли родную хату!» Кең жолда иін тіресіп, ұйлығыса қозғалған бес-алтау қарқылдасып, күлкісін аяқтап үлгермеді, екіншісі бір бүйірден қыстырылды: – Вовик, теперь очередь моя: Мальчик прибегает домой и говорит: «Папа, ты счастливый!» «Отчего так?», «Тебе не придется мне покупать новых учебников, меня оставили на второй год». Осылай бұл топ тез ұзап бара жатты. Надежда Борисовна осынау түннің өзіндей түнеріп, олардың соңынан ұзақ қарады. Бүкіл талдырмаш сұлбасы Еріктің көз алдында қараңғылықпен бірге еріп бара жатқандай да əсер етті. Тек қашанғы ашық та айқын үні жас жігітті ондай əсерден тез арылтты: – Əр орта өз проблемасын өлең-жырға, қала берді анекдотқа айналдырады. Қайтесің, халықты ішкілік дендеп барады. Алкаштардан туған балалар қайбір оңсын? Ол мыналардың сықпытынан-ақ көрінбей ме? Жарайды, уақыт оздырмайық, сенің барар жерің алыс. Сені, оңаша алып шыққандағы себебім мынау. Сен ауыл баласысың, көп нəрсені түсіне де алмай жүрсің. Тыңда! 8-сыныптағы Катерина Осокина деген қызды білесің ғой. – Білемін! – дегенде Еріктің даусы қаттырақ шығып кетті. Ал мына қараңғылық оны тіптен үстемелегендей. Оған қоса ішінде
алабұртқан бір сезім бұрқ етті. Шошынғандық па, басқасы ма, тап қазір Ерік ол жағын ашып-айырмады. – Білсең тыңда! – Тіпті өте жақсы білемін! – деп Ерік тіптен екіленді. Надежда Борисовна сəуегейлік жасап, мұның өзіне онсыз да қойғысы кеп жүрген сауалын жан түкпірінен суырып алғандай көрінді. – Бұрнағы күні менің көп жылдық ұстаздық тəжірибемде кездеспеген дерлік бір оқиға болды. Мен үйге күн барда ертерек қайтып едім, тап осы тұста менің соңымнан сол Катерина Осокинаның жүгіріп келе жатқанын байқадым. «Надежда Борисовна» – деп айғайлағанын да естідім. Сосын амал жоқ, мен жүрісімді тоқтатып күтіп алдым. Маған жетті де алқына, демін əрең алып, көзінің астымен мені атқылай бастады. Иə, мені шошытқаны сол – қарасы біртүрлі. Кəмелетке толмаған оқушы қыз өз мұғаліміне бүйтіп қарамас болар. Өзі де бір көрімге бар сүйкімді қыз ғой, енді сол сүйкімділігіне əлдекім у қосқандай менің жаныма соншама жайсыз тиді. «Не айтпақсың»,– деп қатқылдау үн қатып едім, бет-жүзі дір етіп, маған ашықтан-ашық ызғар шаша бастағандай. Ол сөйтіп едəуір уақытымды жұтты. Ақыры, «Надежда Борисовна, ана қазақ тілінен сабақ беретін Ерік Тінəліұлы сіздің шəкіртіңіз екен ғой, соның мектепті күміс медальмен бітіргені рас па?»,– деп сұрады. «Рас!» деппін мен бөгелместен. Солай десем де іш қуысымда бір суық жүгіріп өтті. Қыз сəл салғыртып барып, «Ол өзі түк түсінбейді ғой»,– деп салды. «Нені түсінбейді?» деп мен де қадалдым. Ол басын төмен салып, ұр лық жасаған кісідей көзінің астымен сүзіле қарап, енді менің өзім ді сынға алғанға ұқсады. Сəл ызаланып, мені жолдан бөгеген де не айтпақсың дегендей, шұқшидым емес пе? Байқаймын, бұл қыз мені жайдан-жай жолдан бөгемепті. Көздері қорқыныштан да, əрі басқа бір сезім тепкісінен де отша жанып барады екен. Кенет оған жаным ашып, тым қысымға алмайын деп, сабырға көштім. Бірақ одан Катеринаның жүгі жеңілдеген жоқ. Өңі сұрланып, іштегі дүниесін менің ұға қоймағаныма кейіс білдіргендей сыңайы бар. Тіпті көп жасап, бұл тіршілікте дидарласар өзімен терезесі тең адам таппаған кексе данышпанды есіме түсірді десем сен, Ерік, сенемісің? Менде де əккілік бар ғой. Мен табанда түсіндім. Бірақ оның аузына сөз салып қайтейін? Əрі ұстаздық этиканы сақтауым керек. Ендігінің бəрін оның өз еркіне бердім. Кенет өң-түсі бояуын ажыратқысыз басқа бір реңге ауысып, екі көзінен жас парлатты. Сөйтті де жалт бұрылып,
менен қаша жөнелді. Қашуы да біртүрлі жаман. Соңынан əлдекім қосауызды мылтық алып қуғандай көше бойлап, жан ұшырып тез қарасын батырды. Ерік, енді мына сөзді тыңда! Қалғанын бүйтіп сағыздай созбай-ақ қояйын, зерделі жігітсің ғой, дұрыс ұғарсың. Катерина Осокинаның бұл қылығына жерден жеті қоян тапқандай таңырқаудың қажеті жоқ. Оның саған көңілі ауған. Бойжеткен қыздың жас мұғалім жігітке ғашық болуы оқу орындарында жиі ұшырасатын құбылыс. Мынаусы басқа амал таппағасын суға батқан тал қармайды дейтіндей бір ессіз қылығы. Менен бір ақыл қосар деп дəмеленді ме, кім білсін? Жə, оған текке бас қатырмайық. Саған айтқым келгені – сен көр балалыққа салынба! Ол қызға бой алдырма! Өзіңнің мына жұмысты дұрыстап меңгере алмай жүрген жайың бар, көшеде қаңғып қаласың! Онсыз да директор Кузьмин сенің жұмысыңа риза емес. Оқу ісінің меңгерушісі Мосько да солай. Өз ауыздарынан естідім. Өзің айттың ғой, бұған дейін еш жерден жұмыс таппадым деп. Жə, көшеде жай қаңғып қалсаң бір сəрі. Темір тордың ар жағынан шықпасыңа кім кепіл? Катерина Осокинаның əке-шешесі осы қаладағы мықтылардың қатарында. Кəмелетке толмаған қызымыздың басын айналдырдың, бұздың деп, сені езіп жіберу олар үшін түкке тұрмайтын шаруа. Ал Катеринаның өзіне келсек, сен мынаны мықтап кəперіңе ал! Сен ауыл баласысың, білсең ауыл қыздарын, ондағы қазақ қыздарын білерсің. Ал Катерина орыс қызы, əрі қалалық қыз. Мұндай қыздар ауыл қыздарынан гөрі əлдеқайда ерте піседі. Түсінемісің сен мұны? Орыс тіліндегі əртүрлі əдебиет дегенің қазақ тіліндегіден он есе көп. Соны жүзіп жүріп сусындаған мұндай қыздар талай пəлені бұғанасы қатпай жатып бойына сіңірмей ме? Не ішіп, не қоям дейтін емес, ауқатты отбасында бұла өскен қыздар əсіресе, ғашықтық хикаяларының түбін түсіріп оқиды. Сондағы сүйдім-күйдімді өз бастарынан өткергесі келеді. Өзім оған дайынмын ба, жоқ па, жас мөлшерім лайық па, əрі өзімнің көңілім құлаған жан өзім деңгейлес пе деген сияқты сауалдар оларды маңайламайды. Сөйтіп күйіп кетеді. Өздері ғана күйіп қоймайды, сен сияқтыларды қоса күйдіріп, тіпті өртеп жібереді. Ұқтың ба, жаным? Бұл ойнайтын шаруа емес. Беті бүркеулі оппа секілді құлап түскеніңді сезбей қаласың. Жарайды, жаным, мен асығыспын, үйге барайын, өз басымның да неше қабат шырмауықпен шырмалып жүрген жайы бар. Надежда Борисовна қараңғылыққа сүңгіп жоғалғасын да Ерік сол орнында қаққан қазықтай ұзақ серейді. Бұл шынында өте тəжірибелі, əрі білгір ұстаз мына Еріктің кеше ғана сол Катерина
Осокина жөніндегі ойларын қолма-қол одан əрі дамытып жібергенін бірден басында пісіре алмай дал болып еді. * Міне, комиссия мүшелері Еріктің тап осындай шағында таңертеңгілік сағат 8-ге он бес минут қалғанда сау етті. Айналасы он шақты адам, дені əйелдер. Басшысы Рыжов бірінші болып табалдырық аттағанда оның мəз-майрам жүзі баршасын таңқалдырғандай. Себебі, оның мəз-майрам жүзі ғана емес, сапсары бұйра шашы, қысыңқы көздері таңғы күн жарығынан тіпті сəулеленіп, жан жадыратардай еді. Бұл осы ұжым мүшелерінің жұмыс сапасын тексеретін комиссияны емес, бір мерекемен құттықтамақшы топты бастап келгендей-ақ осынша ақжарқын көрінуі тəжірибесі аз Ерікке оқыстау тиді. Бұл тексеріс небəрі үш-ақ күнге созылды. Алғаш келген бетте Рыжов тобындағылар əрқайсысы өз мамандығына орай өзіне керек мұғалімдерді көздерімен іздеп тауып, соларға ілесіп, сынып-сыныпқа сүңгіп жоғалғанда пəлендей бас жарып, көз шығарарлық ештеме шалынбаған. Ерік мектепте шəкірт кезіндеақ мұндай тексерістерді көзімен көрген ғой. Тек мына ортада мұны елең еткізгені тексерістің алғашқы күні-ақ кексе мұғалімдердің бір-біріне қабақтарын ажырайта қарап, əлденеден сескенгендей түрлері еді. Бұл көрініс Еріктің ұзақ уақыт есінде жүрді. Екінші бір ұмыта алмағаны Рыжовтың мінезі еді. Комиссияның өзге мүшелері өздері сабағына қатысқан мұғалімдермен оңаша дидарласып, пікірлерін айтып жатса Рыжовтікі басқаша шықты. Бұл ағылшын тілі пəнінің оқытушысы Адалят Сализовнаның сабағына кірген екен. Қоңырау соғылып, үзіліске шығып, мұғалімдер бөлмесінде баршасының басы қосылған шақта Рыжов ыржиған түрін одан əрмен көл-көсір етіп, дүңген əйеліне жақындады да ашық та айқын дауыспен: – Вам далеко до учителя как мне до министра! – деп салды. Адалят Сализовна қарға тұмсықты түрімен жалт қарап, оны шоқып тастамақтай ашумен түйілді. Мұғалімдер бөлмесінде адам қарасы сонша көп болса да сыбыссыз ауыр тыныштық орнады. Əлдебір тарамыс жіппен бəрінің ауыздары ғана емес, аяққолдары да буылғандай. Тек бара-бара кейбіреулері сол тарамыс жіптің түйінді тұстарын тауып, саусақтарымен асықпай шешіп, өз тірліктерін жалғастырғанға ұқсады. Бұл сурет те Еріктің мəңгібақи есінде сақталды.
Үш күндіктің соңында кешкілік комиссия мектеп ұжымын түгел жиып, бір сағаттық əңгіме өткізді де түнделетіп, үріккен тарақанша тарап бара жатты. Сол шақта неміс тілінің маманы Лотте Романовна комиссия бастығы Рыжовқа жəне сол құрамдағы екі-үш өңі ескілеу мұғалімдерге қарап ащы əзіл айтқансыды. Мұнда орыстың ескі фразеологиялық сөз тіркестері басым еді. Сосын да Ерік оның мағынасын ұстай алмады. Тек Рыжовтың бетіндегі суық сəуледен оған ауырлау тигенін шамалады. Əрі директор Кузьмин де басын салбыратып, жақ сүйектерін қозғап, əлдекім тұнығын лайлағандай халде қалды. Лотте Романовнанікі «ақыр биыл жазда жұмыстан кетемін, маған не істейсіңдер, сығырлар, тіпті кетпесем де не істейсіңдер» дегендік екені бетжүзінде жазулы еді. Тек бұл осы ащы мысқылмен елден алабөтен ауыр таяқ жеген Адалят Сализовнаның жарасын жеңілдетпек пе, кім білсін? Келесі аптада тап осының жалғасы іспеттес екінші бір жай өзгені емес Ерікті тобықтан қақты. Рыжов қала басшылығының ұйғарымымен Текелі қаласының осы «Станция» атты бөлігінен бес шақырымдай ғана қашықтықтағы Эрнст Тельман атты ауыл тұрғындарына арнап концерт қою ісі белгіленгенін жəне бұл шараның осы № 6 мектеп ұжымына тапсырылғанын жеткізді. Мұнда да тұрған ештеме жоқ. Себебі, өткен жылдары қала орталығында көркемөнерпаздар үйірмелерінің байқауына қатысып, осы № 6 мектеп ұжымы екінші, үшінші жүлделерді иемденгенін Ерік жаңа жыл мерекесінен кейін əбден-ақ естіп білген. Бірер күн кешкілік мектептің əлгі спорт залында репетиция өткізілді. Жаңа жылдық шырша айналасындағы мереке осында жалғасын тапқандай. Репетиция үстінде директор Кузьмин Ерікке бетпе-бет келіп, саусағын көкке шошайтып, қадап тапсырды: – Біз бармақ Эрнст Тельман ауылының тұрғындары негізінен орыс, неміс десек те қазағы да баршылық. Сен қазақша өлең оқисың. Бес-алты шумақтан аспасын. Коммунистік партияны, кеңес мемлекетінің саясатын марапаттайтын өлең болсын! Ол жылдары ондай мазмұнды өлеңдер қазақ поэзиясында аяқ алып жүргісіз ғой. Мамандығы əдебиетші, болашақ жазушы Ерікке ондай өлеңді тауып, жаттап алу сіріңке шаққандай ғана іс. Тек ол неміс коммунистерінің көсемі атындағы ауылда қазақ тұрғындар баршылық дегенмен олар балаларын жаппай орысша оқытып, өздері де біржола орыстануға бет алғандар, менің қазақша
өлеңімді пəруəйіне ілер ме екен деген күдік кеудесіне ұрлана кірген. Бірақ өйтіп ауа толқуға орын жоқ, директор бұйырды, ол орындалуы шарт. Эрнст Тельман аулында бұл мектеп ұжымы концертті дүрілдетті-ай келіп. Директор Кузьмин мен тарихшы Денис Антонович бастаған шағын оркестр төбесінде жалғыз ғана шам жанған ауыл клубын көкке көтеріп əкетті. Сахнаға орыстың ұлттық киімін киіп шыққан Нина Николаевна əн салғанда көрермендер үсті-үстіне қол шапалақтап, əрі «бис-бистеп» екі-үш мəрте қайта шақырып алды. Надежда Борисовнаның да біраз əншілік өнері бар еді. Басын шырмаған шырмауықтарды өз қолымен бырт-бырт үзіп алысқа лақтырғандай бұл да бал-бұл жанған жүзін жарқырата ашып, тым көңілді шықты. Мүлдем бөлек дауыспен сызылтып, мұндайлыққа құлақтары тосаңсыған шаруа жұрттың алғысын алды. Басқалары да солай. Бар сұмдық Ерікке кезек тигенде орнады. Бұл да неше мəрте жаттығып, жете дайындалған ғой, қазақша өлеңді судыратып-ақ оқып еді. Кенет залдың шеткерірек жағында отырған біреу орнынан тұрды да барып төбедегі жалғыз шамды сөндіріп тастады. Ал, ендеше...! – Эй, имей совесть! – деген екінші біреудің гүжілдек даусы шықты да ол барып, шамды қайта жақты. Бұл, əрине, Ерікті бетке қаққандай əсер етті. Бірақ бəрібір мүдірген жоқ, өлеңді дұрыстапақ аяқтады. Ертеңіне Ерік мұғалімдердің бет-жүзін бақылап, өзінің соққы жегендей жағдайы барын пайымдады. Ешқайсысы Ерікке тура қарамайды, бұл өзі қанша шұқшиғанымен бəрі де бұдан көздерін ала қашатындай. Əсіресе, математик Борис Устиновичтің қыбы қанған түрі бар. Себебі, ол көзін қанша төмен əкеткенмен шықшытынан кекесінді күлкінің табы білінетін еді. Жаңа жылдық ойын-сауық кешінде ішімдік қызуымен осы сірі жанды қазақ жігітінің құлағына құймаққа əрекеттенген, бірақ оның реті келмеген бір усойқы тұжырымын басқаның баттитып, бұл ойлағаннан он есе шымбайына батыра паш еткенін көргенде іші неге майланбасын? Ерік өз аңғарымпаздығын асыра бағалаудан қашқақтап, оны-мұныны сылтауратып, осы сұм тілді математик мұғалімді қысыр əңгімеге тартпаққа талпынып еді, мынауың үркек аттай жалтырып, мойнын сыртқа сала берді. Əншейінде ағытылып тұрған аузы да сараң үйдің есігіндей қара құлыппен бекітулі екен. Осылай дүниенің беті теріс қараған тоң-торыстықта да бір жарықшақ, саңлау барын Ерік Адалят Сализовнаның бет
ажарынан байқады. Бұл əйел концертке қатыспаған. Есесіне, қалалық оқу бөлімінің меңгерушісі Рыжовтың əнеукүні дүйім елдің алдында бұған тастаған күрзідей ауыр сөздерінің əсерінен əлі айықпағанын байқатып, жүні жығылыңқы сыпатын айқара ашып тастағандай. Тап осы тұста зерделі Ерік анық бір түйінді ойға тірелді. Енді байыптаса бəрі мектеп директоры Алексей Никитыч Кузьминге барып тірелетін сияқты. Ол мынау дүңген əйелін өлердей жек көреді. Сабақ жүргізудегі кемшілігі үшін деуге келмейді, əрине. Бұл əйелдің басқалардай емес, аузына келгенін ірікпей, қандай ортада да лақ еткізіп төгіп салатыны бар. Мейлі ол партия, үкімет ісіне қатысты болса да солай. Бұл, əрине, мектепте саяси сабақты жұргізетін жəне оның сапасына өз басы тікелей жауапты директор үшін үлкен қатерге айналып кетуі əбден заңды. Қазір кім кімді аңдымай жүр, кім кімнің үстінен сыбыс таратпай жүр? Əсіресе, мынадай тап осы маңда тағы бір үлкен мектеп ғимаратының құрылысы аяқталып, жаңа оқу жылы қарсаңында ауыс-күйіс мəселесінің пісуі жетіп тұрған шақта. Əрине, мұндайда сыбыс, өсек-аяң атаулының салмағы тіптен артады. Демек, Ерік бір шындықтың бет пердесін ашты. Директор Алексей Никитыч Кузьмин ағылшын тілінің маманына бұл ұжымнан көзіңді жоғалт дегенді қалалық оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Рыжовтың аузымен жеткізді. Бұл мəселеде енді директордың жүгі жеңіл. Ал Ерік Тінəлиевке «əй, қарағым, былтыр қалалық оқу-ағарту бөлімі басшылығының тарапынан бір ағаттық кетті, біздің ортада қазақ тілі пəнін жүргізудің көк тиындық қажеті жоқ, солай деп мұғалімдер де, ата-аналар да құлағымыздың құртын жеуде, сен де осы ел аман, жұрт тынышта жөніңді тапсаңшы» деген райды білдіру үшін əлгі қазағы жоққа тəн ауыл клубында қазақша өлең оқисың деп əдейі тапсырған шығар. Тіпті сондағы концерт үстінде Ерік қазақша өлеңді саңқылдатқанда əлдекімнің қасақана шамды өшіруі осы қолы ұзын директордың ұйымдастыруымен болған іс емес пе? Сөйтіп, бұл пəленің осы дүңген əйелі мен Ерік жөнінде басқалардың қолымен от көсегендігі ғой. Еріктің бұлай толғауына басқа да бір объективті жағдай əсер еткен. Ол жылдарда «лениндік ұлт саясаты» төңірегінде орталық, республикалық баспасөзде етек-етек мақалалардың легі үзілмейтін. Авторлары сонау партия, мемлекет көсемдерінен бастап, атағынан ат үркетін қайраткерлер, академиктер еді. Ал
Ерік қазақ, ал мына мектеп Қазақстан территориясындағы бір нүкте. Ерікке көпе-көрнеу кет деп жатса шағын ұлт өкілдерін, олардың тілін тықсыру деген сияқты қылықтың исі мүңк етпесіне кім кепіл? Дүңген əйелі жөнінде де солай. Əрі Адалят Сализовна Ерік сияқты аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен бозөкпе емес, ол жай кетпей ащы даусымен жер-дүниені көшіріп, шаңырағыңды ортасына түсіріп кетуі ықтимал. Əттең, бұл екеуі өз еріктерімен өтініштерін жазып, табандарын жалтыратса ғой қасқыр да тоқ, қой да аман. Кенет Ерікке бұл жайды Лотте Романовна басқалардан гөрі əлдеқайда айқын сезіп жүргендей көрінді. Директор Кузьмин мұны да кадрларды жасарту жөніндегі партия саясатын қолшоқпар етіп, бір жайқап өтті емес пе? Бұл неміс əйелі шынында қартайған жан, жетпіске иек сүйеген жайы бар. Бірақ өлсем сүйегім осы мектеп табалдырығынан шықсын дегендей жұмысқа жата жабысып жүрген əлгіздігін қайда қоясың? Əрі мұның оқытқан шəкірттерінде қисап жоқ, біразы осы мектеп ұжымында да бар. Басқа мекемелерде де солай. Тіпті қала басшылығында да ұшырасады. Үйіне көмір түсіру, басқа да бір көмек керек кезде Лотте Романовнаның соларға шауып баратынын мұндағылардың біразы біледі. Егер директор Алексей Никитыч «Лотте Романовна, шаршаған шығарсыз, демалсаңызшы, жастарға орын босатсаңызшы» дегендей емеурін білдірсінші бұл кəртамыс əйел оның өзінің астындағы орынтағын қозғап жіберсін. Сосын да директордың партия саясатын қолшоқпар еткеннен басқа не амалы бар? * Ақыры, наурыз айының соңында оқу жылының ең ұзақ үшінші тоқсаны аяқталып, көктемгі сегіз күндік каникул басталды. Ол кездегі үрдіс бойынша каникул тек оқушылар үшін, ал мұғалімдер бəрібір күнде таңертең жиылып, бірер сағат жұмыста болып кетуі шарт. Сонда да бəрінің арқа-басы кеңіп қалатын уақыт. Мұғалімдер бөлмесінде топырлай үймелесіп, ой, əңгіме тиегін ағытады-ау! Директор мен оқу ісінің меңгерушісі мұнда көп бас сұға бермейді, көбіне оны-мұныны сылтауратып, орталыққа, қала басшылығы жаққа кетіп жоғалады. Мұның өзі мұғалімдердің əңгімеге деген шабыты мен ықыласын одан əрмен тұтандырады. Бірде тап осындай жағдайда олардың арасында өрбіген хикаяттар Еріктің мəңгі-бақи есінде қалды.
Тап ортада Лотте Романовна еді. Оның айналасында, əрі ұзын столдың өнебойында өзге əйелдер иін тіресе жайғасқан. Ер адамдар сəл шеткеріректе. Ал Ерікке тіпті орындық жетпей, ол сосын да терезе алдындағы өзінің дағдылы орнында, табанша тақтайға шынтағын сүйеп түрегеп тұрған. Бұл бір жайдан жас жігітке мына өзінен жасы үлкендердің баршасын назарда ұстауға қосымша мүмкіндік те бергендей. Мұнда тек директордың зайыбы Кузьмина Ирина Васильевнаның ғана төбесі көрінбейді, ол каникул кезін пайдаланып, ауру баласын бұрынғы облыс орталығы – Талдықорғандағы емханаға əкетіпті. Бұл жай мына отырыстағы еркек-əйелі аралас бір қауым елге тіптен кең өріс ашқан сыңайлы. Енді қайтсін, тап мұндай кеңішілікте күнде бүйтіп бастары қосылмайды ғой. Əдеттегідей Лотте Романовна бүгін де көңілді. Үстіне де қызыл-жасылы мол жаңа киімдерін жапсырып апты. Ең сорақысы сол – ерніне де ақсұр бояуды аямай жаққан. Жасына лайық емес екенін біле тұра əлдекімге көз қыла істегені сияқты. Бірақ одан жасарғаны шамалы, əжімі шытынаған арық жүзіне шат-шадыман райды қанша үйіп-төккенімен кəрілік сұсы кері шегінбестей. Аңғарымпаз Ерікке бұл неміс пəнінің маманы осы қылығымен өзіне өзі зорлық жасап жүргенге де ұқсайды. Еркектер үнсіз, ал əйелдер анау-мынау сөздерді сұрша құстай ауыздарынан ұшыра бастады. Бірақ бəрінің көздері Лотте Романовнада. Оның осыдан үш аптадай бұрын «іште ұланасыр дүние қазандай қайнайды, былай сарқып төгейін десең жағдай жоқ» дегені баршасының есінде. Ал енді сондай бəрінің көптен көксегені тап бүгін, тап қазір туып отырғанын бұлар іштей түйсінді-ақ. Бірақ солай деп кепкен қурайша таңқ етуге ешқайсысының жүрегі дауаламайды. Ең ұтымдысы оны Лотте Романовнаның өзі тап басып таныса ғой. Кексе мұғалималардың бірі осыдан екі жыл бұрынғы бір оқиғаны еске алды. Осы Текелінің жоғарыда Керімбек сайы атты бір бөлігінде осындай үлкен орта мектеп бар еді. Сондағы бір жас мұғалім сабақ үстіндегі тынышсыздығы үшін екі баланы сыныптан қуып шығады. Ол екеуі қол боста не істемекші, барып сол маңдағы бір трансформатордың теміріне əлдекімнің қойып кеткен шылым тұқылын аламыз дегенде ток соғып өледі. Жас мұғалім жауапқа тартылады, ал сол мектептің директоры – əйел адам орнынан алынып, əрі партиядан шығарылған. Осыны тілге тиек еткен мына кексе мұғалима сол əйел директордың өзінің
курстас құрбысы екенін, жақында оның жүйке ауруына шалдығып дəрігерге қаралғанын, əрі оған қатты жаны ашығанын айтып еді. Бұл, əрине, Еріктен басқаның бəріне белгілі жай болатын. Тағы бір екі-үш əйел осындай мектеп өмірінде болған, өздері газеттерден оқыған ұстаз бен шəкірт арақатынасы төңірегіндегі ірілі-ұсақты оқиғаларды көлденең тартты. Біреуінің айтқаны мынау: бір мектепте ата-аналар жиналысына жоғары сыныпта оқитын қыздың шешесі ғана барады екен. Кенет кезекті бір жиналыс қарсаңында шешесінің қолы тимей жиналысқа əкесінің баруына тура келеді. Мұғалима өте жас, əрі сұлу əйел екен. Мына оқушы қыздың да əкесі қартайып тұрған жоқ, бұл да дер шағында. Сөйтіп, осы əке мен мұғалима əйел арасында махаббат оты бұрқ етеді. Бұрқ еткенде керемет, жалыны айналаны түгел шарпиды. Ақыры, бұл əке өзінің заңды əйелімен ажыраспаққа ниеттенеді. Осыған көзі жеткен оқушы қыз өзіне күнделікті дəріс беретін мұғалима əйелдің үйіне барып, қараңғы кіре берісте күтіп тұрады да арматура темірмен ұрып өлтіреді. Əрі бұл оқушы қыз пəлендей ақымақ та емес екен, жалған із тастап басқа біреуді кінəлі етуге талпынады, бірақ онысы нəтижесіз, жасы он алтыға толғандықтан ұзақ мерзімге сотталады. Осындай мектеп өмірінің тұзы мен бұрышы шашалдыратын тұстары хақында тағы бірер əңгіменің басы қайрылды. Еріктің ұстазы Надежда Борисовна да қалыс қалмады. Ол өзі Алматыда болғанда естіген бір жайды өрбітті. Техникумда бір қыз бен ер бала парталас екен. Екеуі өзара жыбырши берді ме, оқытушы əлгі ер баланы орнынан көтеріп, басқа бір қыздың қасына отырғызады. Енді ол екеуінің арасында жыбыршу басталады. Соны байқаған алғашқы парталас қыздың ішін қызғаныш кернейді. Ол жатақханада екінші қыздың таңертеңгілік бетіне жағатын иіс майына у қосады, сөйтіп, осы екінші қыздың бетіне жарақат түседі, оған қоса бір көзінен айрылады. Надежда Борисовна сөзін тауысқанда шеткеріректегі Денис Антонович: – Ау, əріптестер, осы біз өзара даурыққанда аспанды қақыратамыз. Жер бетінде бізден асқан профессионалдар жоқтай еліреміз. Ал осы өз ісімізге неге сын көзімен қарамаймыз? Біз осы кімдерді тəрбиелеп шығарып жүрміз? – деп жаралы жолбарысша ыңыранды. Оның қасындағы дене шынықтыру мұғалімі Михаил Ефимович басын тіптен төмен сала селкілдетіп, мырс-мырс күлді. Ал əйелдер жағы бір-бірін ойлы жүзбен барлады. Терезе алдында
серейген Еріктің бұларға үңілгені соншалық көз еттері ауырғанға ұқсады. Лотте Романовнадан қызық күткен бұлар қызықтың көкесін өздері бөшке-бөшкесімен ақтарғандай. Кенет Ерік қиял соңына түсіп, бұл еркек-əйелі аралас мұғалімдердің бəрі жабулы қазан, егер қақпағын ашсаң небір асыл жауһарлы қазына көздің жауын алар еді, əттең осылардың қарындарын жарып, сол асыл дүниені көркем шығармаларға айналдырса ғой деп армандады. Енді Ерік көптің ішінен Нина Николаевнаны көзімен іздеп тапты. Оның осы қыста Адалят Сализовнаның «махаббат жоқ, тек еркек-əйелдердің нəпсіқұмарлығы ғана бар» деген қыңыр езулігінен кейін сарайы ашылып, сонау Хабаровск қаласындағы Анисья атты құрбысының жасаған ерлігін баяндаған ғой. Міне, сол баян қыл-қыбырына дейін əлі күнге Еріктің есінде. Қазір де бұл тамаша əдебиетші, əнші, қазбаласаң басқа да өнері табыларлық əйел кезек алар деп үміттеніп еді, байқаса ол ақша қардай өңі, шиқандай қызыл ерні бар сұлудың өнебойына бір мұң орнағандай екен. Надежда Борисовнаның өрбіткені, əрі соған қатысты Денис Антоновичтің қыстырмасы бəрін сең соғып өткендей еткен, шамасы. Кенет күш-қайрат тапқан Борис Устинович болды. Ол тарихшы Денис Антонович пен дене шынықтыру мұғалімі Михаил Ефимовичтен сəл беріректе, Мəскеуде шығатын «Математика в школе» атты журналдың кезекті санына шұқшиюда еді. Бəрібір екі құлағы мұндағы сапырылған жайларға түрік. – Мына Денис Антоновичтің аһ дегенде көкірегінен жалын атқан күрсінісі менің де ішіме от тастады. Əлдебір сұмдық менің де ойыма оралды. Біздер, ұстаздар, мектеп қабырғасында кімдерді тəрбиелеп, өмірге кімдерді аттандырып сап жүрміз деген сұраққа жиі байланамыз. Тек өзімізге қарауға əмсе мойнымыз жар бермейді. Кешіріңіздер, мен мұндай жортаққа шорқақпын, сонда да шыдамдылық жасап тыңдаңыздар, жаңағы ойыма оралғанды ортаға тастамасам бір бүйірімді өзі тесіп шығатындай мазалап барады. Борис Устиновичтің сабақ үстінде алгебра мен геометрияның формулалары мен теоремаларын түсіндіргенде əрбір сөзді ғана емес, оның əрбір буынын, тіпті əрпін өз орнына шегелейтін шеберлігі бола тұра былайғыда аса жүйрік емес екен. Өзінөзі зорлағандай күшене сөйлеп, қилы атаулар мен ұғымдарды берекесіздеу қиыстырады екен. Сонда да заты мұғалім ғой, көмекейіндегісін түгел сарқа мəреге жетті. Онысының мазмұны
мынау: Бір жетім балалар үйінде директордың, əрі оның оқутəрбие жұмысы жөніндегі орынбасарының келісімімен əлдебір алаяқтар күнде таңертең топ баланы ертіп əкетіп, оларға вокзалда қайыр сұратады екен. Түскен ақшаны олар бір адамға беруге тиіс екен. Сонда бір жетім қыз жиған ақшасын ол адамға бермегесін əлгі алаяқтар оны аямай ұрады, ол қызға жандəрмен араша түскен басқа бір ер баланы тепкілеп өлтіреді. Ал директор шындықты біле тұра жоғарыға ол бала бізден қашып кетті деп есеп береді. Ал жаңағы соққы жеген қыздың осы балалар үйінде тəрбиеленіп жүрген, өзінен екі-үш жас үлкендеу, ол да жетім апасы бар екен. Жасының үлкендігіне орай, əрине, ол сəл естиярлау. Міне, сол апасына əлгі қыз болған жайды құпиялап жеткізеді. Жетімдер үйіндегі озбырлыққа онсыз да əрең шыдап жүрген бұл апасы бір амал қарастырады. Мұнда түскі ас кезінде даяшылықты жетімдер кезектесіп атқарады екен. Міне, апасы өз кезегі келгенде директордың тамағына у қосып береді, директор сеспей қатады. Сот үстінде істің мəн-жайы толық ашылады. Тамаққа у қосқан қызға жаза шартты түрде ғана белгіленеді де, өлген директордың оқу-тəрбие жөніндегі орынбасары – əйел адам қамауға алынады. Борис Устинович түшкірініп, қалтасынан бет орамалын суырып, ауыз-мұрнын сүрткілей бастағанда Нина Николаевна сыңғырлады: – Сіздің мына жырыңыз Антон Павлович Чеховтың «Алтыншы палата» повесін еске түсіреді екен. Əрине, Чеховтікі тереңдеу, ал сіздікі де жеткізіп түзсе біраз тұңғиықты бойлап қайтуға жарап жатыр. Мұғалімдердің бəрі сұлық қалды. Бəрі де тəжірибелі ұстаздар ғана емес, аса терең білімді жандар ғой, патриоттық сезімнен де таза тақыр емес, математиктің тілінен ұшқанды бəрі де ой таразысына салып, сол кездегі КСРО атты алып елдің қандай еңіспен төмен құлдилағанын елестеткен күй кешті. Зерделі Ерік те мұны сергек пайымдады. Бірауық ол мынау ұжымды осы ұлы елдегі бүкіл оқу-тəрбие жұмысының жанды энциклопедиясына балады. Сол сəтте Лотте Романовна бəрінің көңілін бөлді. Ол мұғалімдер бөлмесіндегі дабыр-дұбырдың бұлай ауан алғанын ұнатпағандай қызыл-жасыл көйлекті арық кеудесін қузай қозғап, ақсұр бояулы жұқа еріндерін судағы шабақ балықша ойнатты. Көздеріндегі шат-шадыман көңілділіктің де ұшқыны молая түскен:
– Сіздер алыс-алыс қиырлардан тасылған жіп-ноқталармен біздің басымызды шырмағыларың келеді. Ал арамыздағы замана бұралқылары жөнінде көздеріңді шел басқандай су қараңғы соқырша ауа қармап, дəрменсіз күйде жүресіздер. Неге соған көздеріңді ашуға зауықсызсыңдар? Мен осыған кəрі басыммен қайранмын. Баршасы дүр сілкінгендей болды да сап танысты. «Апырау, Лотте Романовна, өзіңіз санамызға су бүрікпесеңіз оның бəрін біз қайдан білейік? Өзіңіз емессіз бе, аузыңызға телміретіп қойған? Ырысыңыз сонымен кетсе де ашылсаңызшы былай» деген өтініш бəрінің тамағына кептелгені айдан анық. Тек бəрі де саясатты бірінші кезекке қоятындар ғой, ешқайсысы олай деп таңқ ете қалмады. Бəрі де қағар олжаны үнсіз қарсы алмақ сыңайға көшті. Тарихшы Денис Антонович басын бұрынғыдан да төменірек салбыратты. Дене шынықтыру мұғалімі Михаил Ефимович те əдеттегі дағдысымен соған еліктегендей. Ал жаңа ғана біраз суырылған Борис Устинович қолындағы «Математика в школе» атты журналға тұмсығымен бұрынғыдан да тереңірек көміле түскен. Тек күн өтетіндей жұқа құлақтарын Лотте Романованың аузына мұқият тіккені осы қалпынан да аңғарылады. Ер адамдардан гөрі қайта əйелдер жағы ештемеден жасқанбай неміс кемпіріне жүздерін көтере күлімсірей қадалды. – Мұндай операның увертюрасы қиынға соғады. Жаңа Борис Устинович те тап осы мəселеде тапырықтап еді, бірақ жағдайдан жақсы шықты ғой. Мен де соған тырысып көрейін! – Лотте Романовнаның бүйтіп «борозда бұзуы» математик мұғалімге ұнамағандай, ол қолындағы журналдан тұмсығын жұлып алып, тез қайта сұқты. – Адамдағы қандай білік те белгілі бір жағдайлардың өзара қабысуынан, сабақтасуынан қалыптасады ғой. Менікі де сондай. Оның бəрін тере берсем бүгін күн ұзаққа тамамдалмайды. Тек оның темір өзегін ғана өріп берейін сендерге. Артық түлкібұлаңның керегі не? Менің жырламағым өзіміздің директор Алексей Никитыч Кузьмин туралы болғалы тұр. Мен былтыр да айттым ғой. Оның бойында сан өнердің жұрнағы бар. Ағаш шебері, аккордеоншы, əнші, биші, бильярдшы, анекдотшы, аңшы, мəмлегер, саясатшы. Қазақ тіліне де судай. Немісше де осы өздеріңнің қай-қайсысыңнан да білігі зорырақ. Осындағы «саясатшы» дегенді тіл ұшына іліктірсем, байқаймын, біразыңа ұнамайды, ал бір қыдыруың оның байыбына бармағандай қабақтарыңды ажырайтасыңдар. Иə, «саясатшы» дегеннің тура
да, жанама да мағынасы көп. Ал Алексей Никитыч өзінің ерекше жаратылысына орай соның қай мағнасында да бесаспап. Қазіргі жастар отызында да оңы мен солын танымаған əрі-сəрі күйде жүреді. Ал Алексей Никитыч туа бітті альпинистке ұқсап, сол жаста-ақ «саясат» атты істің биік жартасына өрмелеген екен. Оның ең басты қасиеті тура жолды таңдай білуінде екен. Тап осы тұста Лотте Романовна шынында да бороздадан шығып кеткендей еді. Сосын да ол Ерікке қызықсыздау көрінді. Сосын да жақсы есінде қалмапты. Тек мына бір тұсында елең етіп, мықтап жадына тоқи бастады. – Оның осындай-осындай тура таңдаған жолдарының бірі мынау екен. Алматыда ресторан, кафе, сырахана, қымбаттық мейманхана сияқтыларды жағалап жүріп, өзі де аздап ішкілікке салынғанға ұқсап, əртүрлі субъектілермен танысады. Əрине, ол мұндайда өзінің мəмлегер, саясатшы, анекдотшы сияқты қабілеттерін аямай-ақ жұмсайды. Сөйтіп, бұл ол субъектілерге емес, ол субъектілердің өздері бұған жабысатындай халге жеткізеді. Шын саясатшы үшін бұл жағының мəні зор ғой. Сөйтіп жүріп ол Алматыдағы үкімет басшысы орынбасарының көмекшісімен ұшырасады. Ол да бір күндізгі ресми жұмыстан соң ресторан, мейманхана сияқтыларды тіміскілеуге құштар неме екен. Бұл ретте Алексей Никитыч үлкен сақтыққа басады. Алғашқыда оның қызметінің не екенін білмеген, білсе де пəлендей мəн бермеген рай танытады. Е, тəйірі, кешкілік қызық іздеген жастарға өз «сыра достарының» қызметі не екенінің қажеті қанша, бұларға керегі «сыра достардың» ақжарқын көңілділігі, əмиянының қалыңдығы, анекдот, көрген-білген сияқтылармен қызыққа қызық қосатыны, қызойнаққа икемділігі ғой. Міне, біздің Алеша əлгі көмекшіге осы жағынан қылаңдай бастайды. Сол барда анекдоттың да ең бір тұзы ащысын, бас жарып, көз шығаратын саяси мəні зорын ортаға салады. Өзінің аңшы, ағаш шебері, аккордеоншы, əнші, биші, бильярдшы сияқты өнерлерінің бар екенінен құлаққағыс етеді. Тек мəмлегер екенін жасырады, онысын онсыз да іс жүзінде көрсетіп жүр ғой. Міне, бірде мұның қармағына жайын балықтың өзі ілінеді. Əлгі көмекші күндердің күнінде біздің Алешаны аң аулауға шақырады. Сонда бұл Алешаға əлгі үкімет басшысы орынбасарының өзімен түстаныс болудың орайы келеді. Бірақ Алеша тағы да үлкен сақтық жасайды. Мұндайлық аса биік лауазым иесінен əлдене дəметкен жанға мүлдем ұқсамайды. Мүмкін көмекші де ол жағын алдын-ала
ескертті ме, кім білсін. Əйтеуір, бұл Алеша осы жолы бар қабілетін ашып қалуға жан салады. Қашқан аңды қайырып əкеп, үкімет басшысы орынбасарының көздеп атуына қолайлы тұстан шығаруда үлкен əккілік көрсетеді. Оған əлгі ұлты қазақ орынбасар да, көмекші де мəз. Соңынан ой аккордеонды құйқылжытып, қазақ пен орыстың небір тамаша халық əндерін созады-ау! Оған көңілді саяттан кейін коньяк ішіп, шашлық жеп отырған орынбасар мен көмекші одан сайын мастанады ғой. Өзінің ағаштан түйін түйген, бəстесіп небір дөкейлермен бильярд ойнаған жайларынан да күлкілі əңгімелер төгіп, ол екеуінің шек-сілесін қатырады. Бір жолға Алексей Никитыч үшін осы да жеткілікті. Бұлар өзара аса риза көңілмен айрылысады. Бірақ Алексей Никитыч үшін ең бастысы сыр алдырмау ғой, əлгі көмекшімен бұл тонның ішкі бауындай араласа береді. Осыдан жарты жылдай өткенде бұл үлкен секіріс жасауға бел буады. Бірде көмекшіден оның бастығының кəдімгі жыл сайынғы еңбек демалысына қашан шығатынын сұрайды. «Ойбай, бұл құпия, айтуға хақым жоқ» деп, анау азар да безер болады. Бірақ Алеша асықпайды. Құдай берген мəмлегерлік қабілет қайдасың? Бірде көмекшіні сабасына түсіріп, «сен өз бастығыңның демалысқа қашан шығатынын, қай курортта демалатынын айтсаң жеткілікті, мұндай ақпарды сенен алғанымды жан баласына сездірмеймін» деп, ант-су ішеді. Əрі аузын да алған шығар. Көмекші біраз солқылдап барып жөнге келеді. Ақыры, Алеша керек ақпарын қанжығасына байлайды. Сол жолы орынбасар зайыбын ертіп, Венгриядағы былайғы жұрт көп біле бермейтін бір курортта демалмақ екен. Қызықты қараңыз, енді Алексей Никитыч өзінің Ирина Васильевнасымен бірге сол курортқа одан он күндей бұрын барып жатып алады ғой. Осы уақыттың ішінде ол курортта, əрі оның маңында қандай дүкендер бар, қандай ойын-сауық кешендері жұмыс істейді, бəрін мұрнынан тізіп, қойын кітапшасына түсіреді. Бір уақытта орынбасар келеді. Оны көргенде мұндай «күтпеген» кездесуден Алексей Никитычтың басындағы қалпағы ұшып түсе жаздайды. Айтпақшы, мұның актерлік қабілеті де бір үйлі жанды асырауға жетерлік. «Бұл менің мұнда келетінімді қайдан біліп жүр, əлгі көмекшінің қатысы жоқ па?» деген сияқты сауалдар үкімет басшысының орынбасарын маңайламайды да. Енді қалай? Мұның он күндей бұрын келіп жатуы, əрі осындағы «старожил» сияқты қарсы алуы да соған ықпал жасаған. Əрі бір кезде сан түрлі өнерімен өзін тəнті еткен таныс жігіттің мұнда ұшырасуына орынбасар да пəлендей
өкінетін емес екен. Ондай лауазымдылар алыстан шолып ойлайды ғой, анау-мынау күнде бұл пəлені өзінің көмекшісі арқылы тауып аларына, əрине, нық сенімді. Сонымен, хош, Алеша, Алексей Никитыч алғашқы қарқында-ақ оның асты-үстіне түсе бастайды. Бірер күннен кейін емдік шаралардан қол босағанда Алеша əзірше əйел мен еркектер бөлек қыдырсын деген желеумен орынбасарды өз қасында ұстайды да оның зайыбы мен Ирина Васильевнаны дүкен аралауға жібереді. Əрине, əйелдерді ең алдымен қызықтыратыны зергерлік бұйымдар сатылатын нүктелер ғой. Алеша да, Ирина да қазақтардың арасында өскен, қазақтың еркектерінің де, əйелдерінің де ең осал жерлері қайсы, ол жағына барынша жетік. Ирина Васильевна орынбасардың зайыбын сондағы Алеша екеуі алдын-ала белгілеп қойған бір зергерлік дүкенге ертіп кіреді. Ой, ондағы дүние қандай десеңші, көздің жауын алады. Орынбасардың зайыбы үлкен бір республиканың екінші, не үшінші орындағы басшысының қосағы бола тұра мынадай бұйымдарды көргенде бір сəт басы айналғандай күй кешеді. Ирина Васильевна оның дəл сол сəтін аңдып тұрып: «жеңеше (қазақтар өзінен жасы үлкен ер адамның əйелін осылай атайды), жеңеше, өтінемін мына сақинаны саусағыңызға кигізіп, өлшеп көріңізші»,– дейді. Анау оның кішкентай бір өтінішін жерге тастауға жүрексінеді. Жаңа айттым ғой, қай əуеннің де увертюрасы қиынға соғады. Лауазымды адамның зайыбы үшін ең қиыны осы шақ еді. Бірақ басы айналып, көзі қарауытқан бейшара қыл бұрауға өз мойнын өзі салғанын сезбей қалады. Добалдай алтын сақина мұның саусағында тіптен құбылып, көз жанарын тартады. Мұны Ирина Васильевна үстемелейді. «Ой, жеңеше, сізге мына сақина тіптен жарасып кетті, өзіңіз де айдай көріктісіз, бірақ мынау сізді одан əрмен сұлуландырып жіберді ғой, сенбесеңіз осы қолыңызды көтеріп айнаға қараңызшы». Əйелге ең керегі сұлулық. Сол ең керегін Венгрияның осы түкпірінен тапқандай ол қазақ əйелі қорғасындай балқып-ақ кетеді. Тап осы сəтте Ирина Васильевна екінші бір ұсынысты суыра қояды. «Жеңеше, сізге үлкен өтінішім бар, қалай десем болады, тіптен үлкен өтініш, тап осы сақина менен ескерткіш болсыншы, ақшасын мен төлей саламын». Сөйтіп, орынбасардың əйелі ернін қимылдатып үлгергенше Ирина кассаға апарып, сарт еткіздіріп, ақшасын өткізе салады. Республикадағы ең бай адамның зайыбы да қас пен көздің арасында осындай əлсіздікке бой алдырады. Увертюрадан соң оркестр құлашты тіптен кеңге салады ғой.
Ертеңіне тағы осындай қыдырыс. Тағы да еркектер мен əйелдер бөлек кетеді. Екінші күні орынбасар зайыбының екінші қолындағы аты жоқ саусағына2 дүррі гауһар тас орнатылған алтын сақина кигізіледі. Адамның тəбеті ас үстінде ашылады. Үшінші күні одан да зорғысы. Төртінші, бесінші күндері де солай. Орынбасар зайыбының мойнына алтын алқа, білегіне платина білезік, тағысын тағылар. Бір ғана кілтипан, бұл əлсіз жыныстының өкілі «апырау, менің мұндай қомағайлығыма бастық күйеуім қалай қарайды» деп қорқып жүрсе керек. Аңдаса басқаша екен. Үнемі ауыр жұмыстан қабағы қыртыстанып, сіркесі су көтермейтін қосағы соңғы күндері мүлдем жадырап, екі көзі бал-бұл жанып, жасарып кетіпті. Бұл қазақ əйелі оны өзінше жориды. «Е, еркектердің мына жұмақ ұясындай ортада ішімдікке əуестеніп, анекдот айтысып, көңіл көтеруінің нəтижесі шығар». Орынбасар зайыбының олай ойламасқа шарасы, кəне, себебі, өз қосағының тұла бойынан мына майға сұққан қасықтай орыс жігіті сыйлады дейтіндей ештемені байқамайды. Ал өз үсті-басы алтынға малынған. Бір ғана гəбі анда-санда «неше жерден соқыр болса да күйеуім мұны неге аңғармай жүр» деген сауалға тіреледі. Бір суықтық та ұрлана кіреді. Бірақ бəрібір оны алтынның буы жеңе береді. Ақыры, бірде Ирина Васильевна өз Алешасының бір базынасын бұған жақаурата жеткізеді. Ал қазақ əйелінде не жан қалсын. «Əй, пəлен жерде бір жақсы қызмет орны вакансия екен, мынау деген бармағынан бал тамған жігіт қой, дөңгелетіп-ақ əкетпесе мен басымды кесіп берейін»,– дейді. Күйеуі оған құлап түседі. Сөйтсе мұның да жұмырына жұқ барған екен. Ирина Васильевнаның кейін білгеніндей Алексей Никитыч осы жоғары лауазымды адаммен оңаша қыдырғанда бұл да уақытты текке жұмсамапты. Ол мына орынбасарды осы Венгрияда да социалистік қоғам дегенмен мұнда аздап рұқсат етілген сауналарға, сонда жас жалаңаш қыздардың қызығын көруге апарып жүріпті. Кейін ол жағын Ирина біліп, Алеша екеуінің арасында қан майдан болыпты ғой. Бірақ ол көп кейінгі оқиға. Ал əзірге бəрі басқаша. Венгриядан оралысымен Алексей Никитыч үлкен қызметке бірақ секіреді. Онда жыл жарымдай өліп-өшіп, адал еңбек етіп, сүттен ақ, судан таза деген атақты иемденеді. Сол шақта Қазастанның алтын өндірісіне қатысты бір үлкен мекемесінде шу шығады. Мемлекет дүниесіне суық қолын сұққан бір алаяқтардың ісі əшкереленеді. Кенет сол маңға бір іскер, адал адамның 2Аты жоқ саусақ – орысша: безымянный палец (Ұ.Д.)
қажеттігі туындайды. Əлгі үкімет басшысы орынбасарының осы шақта Алексей Никитычке көзі түседі. Бір сынақтан сүрінбей өткен оған үлкен сенім артады. Қараңыз, сөйтіп, мамандығы тарихшы-мұғалім Алексей Никитыч Кузьмин республикадағы ең ірі алтын өндірісіне қатысты үлкен мекеменің үлкен креслосына құйрығын апарап жапсырады. Бірақ амал не, қазақта «алтын көрсе періште жолдан таяды» деген мақал бар, тап соның кері келеді. Алешаң ол жерде үлкен пəлеге ұшырайды, тіпті жауапқа тартылады. Сөйтіп, сонау Венгрияның жұмақ ұясындай бір курортында алғашқы басқышы алтынмен қаланған баспалдақ асты-үстіне келеді. Кешіріңіздер, ол қалай асты-үстіне келді, оның ықпал-жықпылын бір білсе мына араларыңдағы Денис Антонович біледі... Бұл шақта мұғалімдер бөлмесіндегі баршасы неміс тілінің маманы Лотте Романовнаның хикаятынан айрандай ұйып қалыпты. Тіпті желкелерінен сол алтынның салмағындай бар бір бөгде дүние басып, біржола орнығып алғандай мойын омыртқаларын əрең қозғап, көздерімен шеткерідегі Денис Антоновичті іздей бастапты. Бұл тарихшы мұғалім де өзге əріптестерінің күйінде екен. Ол да зорлана ыңыранып, басын əрең көтерді де: – Лотте Романовна, мен сізге зор құрметпен қарайтын пенделердің біреуімін. Оған дауыңыз жоқ. Сосын да мен сізге бір үлкен өкпе-назымды өзімсіне қатаңырақ арнаймын. Мені араластырмаңыз! Мен ешнəрсе білмеймін! Мен ешкімнің қойнындағы алтынын өлшеп көрген емеспін! Осы сəтте терезе алдындағы табанша тақтайға шынтағын сүйеп серейген Ерік өзінің аңғарымпаздығына қайран қалды. Бұл манадан бері Лотте Романовнаға мұқият құлағын ғана тосып қоймай оның əрбір сөйлем, əрбір оқиға бұлтарыстарына орай арық бет өңіріндегі əжім талшықтарының қозғалысын, қос жанарының ұшқындарын қалт жібермей баққан еді. Енді əлі де сол кемпірдің болмысы арқылы мұның Деннис Антоновичтің сөзіне сенбегенін, басқалардың да солай екенін көз еті ауыра бастаған, қатып-сенген қалпымен анық ажыратты. – Жарайды, Денис Антонович білмесе білмей-ақ қойсын! Мен де ол жағына мақұрыммын. Тек оның сырт нобайы былай. Ол алтын өндірісіне қатысты даудың шиеленіскені сонша манадан бері мен құлағын шулатқан үкімет басшысы орынбасарының өзі орнынан түседі, тіпті əлгі əуел баста Алексей Никитыч ауыз жаласқан ол орынбасардың көмекшісі бар емес пе, ол да сотқа шақырылады. Өз басына қатер төнгесін бе ол ағынан
жарылып, бір кезде осы орынбасар мен ана орыс жігіті Алексей Кузьминнің танысуына мұрындық болғанын, пендешілік жасап, өз бастығының Венгрияда қай мезгілде демалысқа барарынан оны хабардар еткенін жариялайды. Бұл да біраз жайдың бетін ашуға, орынбасар мен Алешаны əшкерелей түсуге септеседі. Алайда, бұларда да тіл мен жақ бар ғой. Азу тістері сақылдағанда от шығарады. Сонысымен ғана аман қалып, бірақ бұлар бір-бірін көрместей болып екі айрылысады. Орынбасар сонау солтүстік жаққа төмендеу қызметке кетеді. Ал Алексей Никитыч өздерің білесіңдер, мектеп директоры. Қандай биіктен лақтырсаң да төрт аяғымен түсетін мысық сияқты емес пе бұл?! Мұғалімдер бөлмесінде жым-жырт, тіпті өлі тыныштық орнағанда Ерік терезе алдында одан əрмен кепкен ағаштай қатты. Бұған мына бастары салбыраған, желкелері жуан, сүйектері ірі немелердің бəрі де Лотте Романовна соншама əулием етіп, жіптіктей созған жайдың бəрін бұрыннан-ақ білетінге ұқсайды. Ал Денис Антонович бұл жайында батылдық жасап шешілсе неміс кемпірінікін он орап алар тұтас роман оқиғасын көлденең тастардай көрінді. Бірақ бұл да, басқалары да тап осы жолы ауыздарын тас қып буған. Иə, Ерік те аса əңгүдік емес, қазір оқу жылының аяғы, келесі оқу жылы қарсаңында кімге қандай жүктеме, қанша сағат бұйырады, бұл негізінде осы директордың еркі бойынша белгіленетінін біледі. Оны мұғалімдер өзара дуылдасқанда ішке бүкпейді-ақ. Сонда да Ерік бір нəрсеге аңтаң. Бұл отырғандар пəлендей жерде жатқан адамдар емес, шетінен майталман педагогтар, өз ісінің асқан шеберлері. Сөйте тұра отыз тістің арасынан шығатынды ақылмен өлшеп, елекпен елейтін шектен тыс мұқияттықты неге бұлар соншалықты дағдыға айналдырады? Кімнен жасқанады? Директордан ба? Егер Лотте Романовнаның əуені төңірегінде еңғұрмаса кейбіреулері таңырқаған, не сүйсінген, тағы басқа да бір лебіз білдірсе күзге салым сол Лотте Романовнамен бірге қоңыз теріп кетеміз деп қауіптене ме? Жоқ, ол мүмкін емес. Ерік осы оқу жылының өнебойында өз жұмысымен ғана шырмалмай басқа да көп шындықтарға құлақ асқан ғой. Соның бірі осы Текелі қаласының оқу жүйесінде мұғалімдердің жетіспейтіні, осы жазда Рыжовтың өзі, бір-екі медодист Алматыға барып, облыстық халық ағарту бөлімінен қосымша кадрлар сұрайтыны, əсіресе, орыс тілі, шет тілі, метематика, дене шынықтыру мамандарын талап ететіні туралы еді. Қаңғыса қазақ тілінің мамандары, жалпы қазақ
мектебінің оқытушылары қаңғыр, ал мыналарға ондай зілзаланың аулы алыс. Сөйте тұра бұлар осындай сақтыққа барады. Əділіне бассаң осы мұғалімдерден өткен сөзуарлар жоқ, олардың Адалят Сализовна сияқты ересен ашықауыздары кейде сонау мемлекет басшыларының шаңын қағады, ал өздеріне тікелей бастық – мектеп директорына келгенде екі елі ауыздарына төрт елі қақпақ қояды. «Тышқанға мысықтан азулы аң жоқ» дейтіннің кері ме? Еріктің бұларды олай құлдыратқысы жоқ. Қайта қай-қайсысын да кілтін тапсаң төбеңе хас ырзықша құйылатын асыл қазынаға балайды. Иə, болашақ жазушы, əрі осындай хикаяттарға əуес Ерік оларды өз тұрғысынан бағалайды ғой. Сонда да жаңағы неміс кемпірі сағыздай созған, Ерікті таңтамаша еткен жайларға там-тұмдап та өз көзқарастарын білдіруден ат-тондарын ала қашулары мұны біраз сансыратты. Қалайда жас, өмірлік тəжірибесі тым жұтаң жігіт ол оқиғаларға қай қырынан қарауды білмей тұр. Егер мына əккілер күбір-күбірге басып, көп қоқсықтың ішіндегі бірер алтын түйіршіктеріндей там-тұм ойды жылт еткізсе Ерік соған жармасып, арғысын өзі-ақ жорамалдап алар еді. Бірақ бұлардың тіл мен жақтарына кісен салынған. Ал Лотте Романовнаның тесік қаптай ақтарылуы осы оқу жылымен бірге өзінің аса ұзаққа созылған бүкіл ұстаздық өмір жолымен қоштасары белгілі болған соң ғой. Осыдан да Ерік əзірге өзіне барынша айқара ашыла қоймаған көп шиырлы, қым-қуыт тірліктің бір қырын танығандай. Иə, заман осылай екен. * Мектептегі оқу жылының ең соңғы, əрі ең қысқа төртінші тоқсаны Ерікке үлкен мехнат əкелді. Орыс балаларының қазақ тілін үйренуге қырсыздығы бастан асты. Математик Борис Устинович секілді мұғалімдердің жергілікті ұлт тілінің еш қажеті жоқ деген нақылы балаларға да көшкендей. Ерік те көрсоқыр емес, Борис Устинович ішкі пиғылын ашық айтса басқалары аузын буған өгіздей көрінгенімен балаларға өзі жоғалуға айналған ұлттың тілі не ұшпақ əпермек дегенді əртүрлі емеурін арқылы білдіретінін сезеді. Əрі мынау соңғы төртінші тоқсан, өзге негізгі пəндер бойынша оқу жоспары орындалмай балаларға онсыз да күш түсіп жатқанда арбаның бесінші дөңгелегіндей бірдемемен басты қатырмаса қайтеді? Əрі қазақ тілі факультативті түрде, яғни əркімнің өз еркімен оқылатын пəн, одан алған бағалары жалпы
үлгерімге кірмейді. Міне, осының бəрі жиылып кеп, Еріктің жұмысын қиындатпай қайтсін?! Күнделікті сабақ жоспарын жасағанда оны түрлендірудің неше амалын қарастырады-ақ. Бұл жағын директор мен оның орынбасары Мосько Григорий Павлович жіті бақылауды əдетке айналдырды. Балалардың сабаққа қатысуы қаншалықты, ол да екі бастықтың жəдігөй көздерінің назарында. Оған Борис Устинович сияқтылардың қаскүнемдігін қос. Сабақ жоспарын жасап, сабақ өткізіп, қалған уақытта мектеп пен ата-аналар неғұрлым көбірек тұратын қала бұрыштарының екі ортасында айқыш-ұйқыш із қалдыру жас жігіттің бейнетін тіптен үстемеледі. Ата-аналар арасында да менмендік, шовинистік пиғыл атойлады. Кейде осының бəрін сараптай келе Ерік өзін «мыңмен жалғыз алысқан» жанкештіге ұқсатады. «Абай ата, сөзіңді ұрладым ба, кешіре гөр» деп, ұлы ақынның аруағына да тəу ететіні бар. Сөйтіп мұрнынан шаншылып жүріп, өзі еңбек еткен ортаны бақылаудан да жалықпайтын. Мұның байқауынша филолог Нина Николаевна мынау көктеммен бірге гүлдей құлпырып, ал Ирина Васильевна Кузьмина мен өз ұстазы Надежда Борисовна Перепелкина күнен-күнге солып бара жатқандай. Ерік оның да себебін білмейді емес, бірінікі науқас бала күйігі, екіншісінікі отбасының дау-дамайы. Осы тоқсанда Еріктің сезімтал жанын жадыратыр бір ғана болмашы көрініс жылт етті. Ол əлгі Катерина Осокина атты қызға байланысты еді. Бірінші май мейрамы кезінде алқызыл жалаулар, кеңестік ұрандар, қызыл галстуктер, барынша сəнді киінген ересектер мен балалар қала орталығын құлпыртып-ақ жіберіп еді. Мерекенің негізінде шеруден тұратын ресми бөлігінен кейін Ерік осы Катеринаны бір топ қыздың қоршауында шатшадыман күйде көрді. Мұнда əлгі бұдан жасы үлкенірек Лариса Недушенко да бар. Бəрі де қуанышты, жақсы киінген, сұлулықпен көз тартады. Бірақ Катерина Осокина бəрінен де асып түскендей. Ерік өзі күнде көріп жүрген осы қызды олардың ортасында танымай да қалғандай. Бір күннің ішінде ол есейіп, бүгін түсер қалыңдықтан əрмен жасанып, бақытқа бөленгендей. Бойы өсіп, денесі ұлғайып, ана томардай Лариса Недушенконың өзімен иық теңестіріп алған ба дерсің. Ең бастысы əлдекім қойын-қолтығына саусақтарын жүгіртіп қытықтағандай бұл шалқалай күліп, балбұл жанған жүзімен баршасының қызғанышын оятқаны анық. Күлкісі шынында керемет, тіпті ересен, сол маңдағы жыртылып-
айрылған жұрттың мерекеге лайық ашық, жарқын жүздерін өзіне бір-бір қаратуға жарады. Ерік олардың қасынан тез өтіп кетті. Сонда да көкірегінде ерекше бір жылылық орнады. Көптен бері көзінің алды мұнарланып, өзіне ауыр мұңмен қараған қызға бұл аздап іштей аяушылық білдіруші еді. Кейде ол аяушылық жанын жегідей жеген қиналысқа ұласатын. Өткел бермес үлкен дарияның екі жағалауында тұрған ғашықтардың мехнатындай-ақ. Бірақ бұл біршама басы піскен Ерікке жеңілдеу, ал Катерина үшін, ойы шала, кəмелетке толмаған қыз үшін, əрине, мехнаттың зоры. Ал мына мейрам күнгі отша лаулаған жүзін, зергерлік бұйымдай мінсіз қашалған жұмыр мойнын, белін, аяқ-қолдарын көріп, аспанды шақылдатқандай көңілді күлкісін өз құлағымен естіп, Еріктің кенет бойы жеңілейді. Сол Катерина Осокина атты сұлу қыз жөніндегі бір ішкі дерт, ауырлық мұның тұла бойын біржола тастап шыққандай əсерде қалды... * Хош, сонымен сол оқу жылы аяқталды. Маусым айының алғашқы жұлдыздарының бірінде Ерік Алматыға, өзі сырттай оқуға көшкен университеттің екінші курсына қатысты емтихандарды тапсыруға аттанды. Ол кездің тілінде бұл жаздық сессия делінеді. Сол жаздық сессияға жол тартты. Текеліден Алматыға тура автобус қатынаушы еді. Бірақ ол жолай Талдықорғанға соғып, қосымша жолаушылар алу үшін оның автовокзалында жиырма минуттей аялдайтын. Ерікте алып-ұшқан көңілді мазасыздық бар. Енді қалай? Өзі бір жылдай студенттік өмірдің қызық-шыжығын көрген Алматыға бара жатыр ғой, онда бірге оқыған достар бар, көзін талай сүйсіндірген қаланың көрікті жерлері, алаңдары бар, солардың бəріне деген сағыныш сезімі жас жігітті алып-ұшпай қайтсін? Кенет... иə, тағы да кенет Еріктің осы алып-ұшқан сезімі су сепкендей басылды. Талдықорған автовокзалы ғимаратының сыртында əртүрлі сусындар сататын дүңгіршектер бар-тұғын. Ары-бері жосылған жолаушылар арасымен бұл солай қарай жылжыған. Ойы – тамақ жібіту. Бірақ ол дүңгіршектердің бəрінде дерлік тек қызыл шарап пен сыра ғана бар екен. Еріктің ондайға зауқы жоқ, бұған бар керегі газды су, немесе лимонад. Бұл соларды асықпай іздеп біраз уақыт ұтқызып алды.
Іздегенін енді ғана тауып, стақанды жартылай бергенде сол жақтан бір жаман дауыс құлағын жарды. Бұл жалт қарағанда автовокзалдың кісі аз сол жақ ауласында үш-төрт милиционердің қолды-аяққа тұрмаған бір қушық денелі арықтау адамды күштеп əкетіп бара жатқанын көрді. Мас адам екені бірден танылды. Ол өз аяғымен жүрмегесін екі қолынан, екі аяғынан ұстап, көлденеңдетіп, көтеріп əкетіп барады. Жаңағы айғайлаған дауыс сол мастікі екен. Ерік алғашқыда немқұрайдылау еді, кенет əлгі мас балықша тулап қайта айғайлағанда Еріктің əлдене жүрегін осқылап кеп берді. Бұл стақанын тарс еткізіп табанша тақтайға қоя салды да солай қарай жүгірді. Милиционерлердің бəрі де түйедей-түйедей орыс жігіттері еді, Еріктің ентелей жақындап келгеніне олар назар да салмады. Өз жұмыстарымен болып, мастың тырбаңдаған аяқ-қолдарына ие болудың қамында. Ерік еңкейіп барып, мас адамның бет-жүзіне қадала қарап, оның осыдан бір жыл бұрын өзімен жақсы дидарласқан Құдыс Əлікбаев екенін танығанда екі аяғы теңселіп кетті. Сұмдық-ай! Сұмдық-ай! Не істеу керек? Бірақ басына қан шапшыған Ерік не істеу керектігіне ой жеткізе алмады. Құдыстың суланған шашы маңдайын, көзін жапқан, түрі адам бағыс екен. Əрі дене тұрқы бұрынғыдан де қу сүйектенген оған Ерік екі көзін бағжита қарай берді. Мұны таныды ма, жоқ па, белгісіз, əйтеуір, ол қайта айғайлағанда даусы тіптен ащы шықты. Түйедей төрт орыс милиционердің темірдей қолдарынан құтылып кетердей бұлқына береді. Еріктің бар ойлап тапқаны: – Ей, товарищи, это он известный казахский журналист! – дей берді. – Какой он журналист, это он известный пьяница! – деді милиционерлердің бірі. Бірақ Ерік те өлермен, тағы бірдемелерді судыратып, Құдысты босатып алардай əрекет жасап еді, дəл көкірегінен жұдырық тиді. Бұған шамданғансып: – Что вы делаете?! Вы сами хулиганите! Отпустите его, я его сейчас отправлю на такси домой! – деп, батылырақ зілденді. Милиционерлер бұның сөзіне құлақ асатындай емес, Құдыстың əуселесі де оларға жетерлік еді. Ақыры Ерік кимелеп, тіпті Құдысқа қолын жүгірте бергенде көкірегінен екінші жұдырық тиді. Бұл екіншісі қаттырақ еді, Ерік шалқасынан түсе жаздады. Сол кезде арт жатқан: – Эй, молодой человек, автобус отходит! – деп, оның жүргізушісі айғайлады. Байқаса, Еріктің қызыл жағалылармен
тайталасын айнала жұрттың баршасы, тіпті өзі келе жатқан автобустың жолаушыларына дейін қызықтап қапты. Ал автобус жүргізушісі, үсті-басында қара қожалағы мол, жасамыстау орыс адамы көзін сығырайтып, Ерікті мазақтағандай қарап қапты. Бұл шақта Еріктің басында бір-біріне кереғар екі ой жұлқынды. Олар осы бетіммен Алматыға кете барайын ба, жоқ, одан чемоданымды алып, осында қалып, Құдысты босатып алудың басқа əрекеттерін жасайын ба деген ойлар еді. Бір-бірімен сыйыспайтын ымырасыз екі ой. Олар аяусыз жұлқысқанда Еріктің кішкентай басы шарт жарыла жаздады. Автобус жүргізушісі біршама басалқалы адам еді, сол Ерікке жақындап барып, жеңінен тартып, сабыр суын басатын сөздер айтып, автобусқа əкеп отырғызды. Сөйтіп, ойда жоқта осы автовокзалда көкірегінен екі жұдырық тиген Ерік Алматыға кете барды. Сырты бүтін, іші түтін десең оңайлатып жібересің. Ерік өзінің тап қазіргі халін қас дұшпанына тілемейді. Көзіне жас та іркілді. Қаладан шыға бергенде автобус жүргізушісі бері басын шығарып, Ерікке: – Əй, төрт милиционерге қарсы барып, олармен жұлқысасың, өзіңнің неше кісілік əлің бар еді? – деп, əзіл тастағансыды. Жолаушылардың бір-екеуі қырқ-қырқ күлгенсіді. Ол күлгендер қазақтар екен. Ерік олардың күлгендегі ырсиған бет терісіне қарап, жаман тыжырынды. Ол жылдарда автобус Алматыға дейінгі қашықтықты сегіз сағатта əрең қусыратын. Салонда бос орындар бар, соларға, əрі жолай түсіп қалатын жолаушылардың орнына басқа кісілер алу үшін бірнеше жерде тоқтайды. Тоқтаған жердің бəрінде əртүрлі сусындар сатылатын дүңгіршектер жеткілікті, Ерік кенезесі қанша кепкенмен олардың біріне де жуыған жоқ. Тіпті Сарыөзекте жұрттың түскі ас ішуі үшін отыз минуттай арнайы аялдайтыны бар. Ерік өзегі талып, ішегі шұрылдағанмен асханаға да бас сұқпады. Тамағынан ештеме өтпейтінін білді. Осы сегіз сағаттық ұзақ жүрісте Еріктің бар бітіргені – мынау өмір, тіршілік, замана ауаны жайлы небір усойқы ойларды басында сапырылыстыру еді. Тоғыз балалы отбасында, таршылықта, жоқшылықта өскен, бойында жыланқарағы аз, буыны біржола бекіді деуге де келмейтін жас жігітті аяйтын адам бұл шақта мүлдем жоқ еді. Сөйте тұра бұл Құдыс Əлікбаевты қатты аяды. Өткен жылғы жазда оның өзіне арнаған баянын бастан-аяқ бірнеше мəрте еске алды. Ол баянның кей тұстарын ойша талқыға салудан да жалықпады.
Осының бəрінің соңында Ерік белгілі бір нық шешімге келді. Бұл құдай оңдап, бүгін Алматыға аман-есен жетсе ертең таң бозынан тұрады да Тоқтар Көшеевті іздейді. Сабақ, оқу, лекция – бəрін қоя тұрады. Сондағы дəмесі белгілі ақын Тоқтар Көшеевке жата-жастана жалынып, жалбарынып, оған Алматыдағы беделді біреуге Талдықорғанға телефон соқтырып, Құдыс Əлікбаевты босатып алудың қамын жасамақ. Апырау, неге өйтпеске? Тоқтар Көшеевтің айы оңынан туып, астанаға орнығып, біраз кітаптар шығарып, ақындық аты танылғанымен Құдыс Əлікбаев екеуі бір өңірдің түлегі, құрдас, қаламдас, əрі етбауыр достар емес пе еді? Сол қаламдас, жерлес досы үшін бір мəрте саусақ ұшын қимылдатуға жарайтын шығар?! Не бопты? Иə, Ерік осы шешімнің құйрығынан қос қолдап ұстады. Алматыға жетіп, сол түнде өзімен бірге оқыған студенттер бөлмесінде қонып шықты да, таңертең сағат тоғыздан аса Тоқтар Көшеев қызмет ететін редакция табалдырығын аттады. Тоқтардың өзі көрінбеді, айналдыра бес стол қойылған алакөлеңкелеу кабинеттің қарсы бетіндегі екі стол басында 3540-тар шамасындағы екі адам шылым шегіп, ал оң жақ бұрышта бір егделеу адам ала қағазға шұқшия бірдемені жазу үстінде екен. Еріктің сəлеміне төрдегі екеу еріндерін əрең жыбырлатты, ал оң жақ бұрыштағы егде неме көздерін бір көтерді де қойды. Аңғарымпаздық, іштегі сезгір түйсік Еріктің бағы ма, соры ма, əйтеуір, əлдене мұнда да Еріктің жүрегін солқ еткізді. Ол солқ еткізген нəрсе төрдегі екеудің көздерінде еді. Себебі, ол көздер апайқын сөйлеп берді. «Сен ауылдан келген жігітсің, не студентсің, бізге əкелген піспеген шикі өлеңдерің, не əңгімең бар, бізге керегі ол емес, біздің басымызды жазуды қалтаңның жағдайы көтере ме» дегенді қарасынан ағы молдау көздері кəдімгідей сампылдапақ жеткізгендей еді. Шынына басса Еріктің мұғалімдік жұмыстың қарбаласымен жүріп те жазған бір-екі əңгімесі бар еді. Бірақ ол қазір өзінде емес, студенттер жатақханасындағы чемоданының түбінде қалған. Əрі осы редакция табалдырығын аттауға мəжбүр ететін екінші бір жағдайы жəне бар. Ол мүмкін болса, Тоқтар Көшеевтің көмегімен, не өз бетімен редакцияларды аралап, ши жүгіртіп, өткен жылғыдай осы саладан жұмыс іздеу еді. Бірақ тап қазір олардың бірі де Ерікті толғандырудан аулақ, бұл мүлдем басқа мəселемен келіп тұр ғой. Əлдене ет жүрегін сыздатқанмен Ерік өзінен жігер тауып:
– Ағалар, мен Талдықорған жақтан келіп едім, сонда мұғаліммін, Тоқтар аға осы газетте істейді деп естіп едім, ол кісі қазір қайда? – деп сұрады. Төрдегі екеу мырс етіп күліп, көздерін төмен салды. Ал оң жақ бұрыштағы егде адам жазуын тоқтатпағанмен мұрнымен столды тесіп жіберердей ол да тым төменшіктеп кетіпті. Ерікке бұлары тіптен ұнамаған. Ауыздарынан сөз шықпағасын Ерік сұрағын қайталады. Тағы осы үнсіздік. Іш мыстаны ішінде біреулердей тіпті бет-жүздерін бүркеп алудың қамын ойластырғанға ұқсас ұяңдық, жасқаншақтық екеуін де жайлап алған. Ерік едəуір абдырады. Бірауық Құдыс Əлікбаевтың жайын есіне алып, кері бұрылып шығып кеткенім тіптен дұрыс емес дегендей тұрған орнында күшпен шегеленді. Жылдай ауыр минуттерді өткізіп барып, ақыры төрдегі екеудің бірі тілге келдіау: – Қарағым, айыпқа бұйырма, сол Тоқтар ағаңның қайда екенін өзіміз де білмейміз. Міне, екі аптаның жүзі болды, ұшты-күйлі жоғалды! – Үйінде телефон бар ғой, хабарласпадыңыздар ма? – Е, өзің хабарлас, хабарласқыш болсаң! «Мыналар не тантып тұр» дегенді Ерік ішінен айтты. Ол кездегі мұның жағдайы түсінікті ғой, жазу жұмысымен түбегейлі айналыспақ ниеті бар уыз таланттың манадай жасы үлкен, əрі қазандықтың басында отырған адамдармен түс шайысуы мүлдем жақсылық емес. «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі, қайда барсаң да сол қараңғы көрдей белгісіздік, бұл не заман»,– деп жаман тебіренді-ақ. «Тіпті белгілі ақын Тоқтар Көшеевтің қайда екенін сұрап білудің өзі қияметке айналған ба? Ал басқасын не деп атар едік?». Осы шақта оң жақ бұрыштағы егде кісі кабинеттен шығып кетіп еді. Ерік те табандылық көрсеткендей: – Ағалар, сіздер үйіне телефон шалып көрдіңіздер ме, əйелі не дейді? Сол кезде екеудің бірі шарт ете қалды: – Əй, қарағым, сен бізді тергейтін тергеуші ме едің? Өзің шал телефонды! Əйелінің не дейтінін өз құлағыңмен естисің! Бұлардан қайыр жоқтығын сезгесін Ерік амалсыз кері бұрылды. Бұл өзі бір қабатты ескі заманғы ағаш үй-тұғын. Ең сыртқы табалдырық биіктеу, əрі көп сатылы еді. Қараса, жаңа кабинеттен шыққан егде журналист осы табалдырықта оңаша шылым шегіп тұр екен. Енді Ерік сонымен дидарласты. Бұл егде
кісі Еріктің көзіндегі жалыныш отын көріп, оңай-оспақ шаруамен жүрмегенін сезді ме, сəл жылы шырай танытты: – Қарағым, сен Тоқтар Көшеев екеуің бір жақтансыңдар ма? – Иə, иə, ағай, екеуміз де Талдықорған қаласының түбіненбіз. – Аздап жазатының бар-ау, шамасы, иə, иə, жаңылыспасам өткен жылдары осы редакцияға соғып жүрдің. Жас бала екенсің, мен сені көп салғыртпай бір нəрсеге көзіңді ашайын. Сен ана екі ағаңа өкпелемей-ақ қой, – деп, жаңағы екі журналист қалған ішкі бөлме жақты нұсқады. Бұл өзі самайын қырау шалған, ақ бəтестей арық өңі бар, əлдебір сақтықты ойлағандай көздерін қысыңқырап сөйлейтін адам екен. Ерікке аздап жанашырлықпен қарағаны соқырға таяқ ұстатқандай айқын. Бұл Ерікті əжептəуір жігерлендірді. – Сен тыңда, қазір ана екеудің де жағдайлары мəз емес, жамбастарына мұз батқандай қылпылдап отыр. Себебі, осы күзден бастап, біздің газет аптасына төрт рет емес, екі-ақ рет шықпақшы. Соған орай редакция ұжымының тең жартысы қысқартылады. Қайсымыз қаламыз, қайсымыз түз кезіп кетеміз, бір құдайға ғана аян. «Əй, ағайындар, зейнетке шығуыма аз-ақ қалды ғой, аяңдар» деп, мен екі қолыммен ғана емес, тісіммен тістеп те жармасып отырмын, бірақ қалай шешілері маған да жұмбақ. Жə, ол басқа мəселе, Тоқтар ағаңа келейік. Тек мынаған мықтап келісейік, бұл əңгімені менен естідім дегенді тісіңнің арасынан шығармайсың! – Жо-жо-жоқ, ағасы, о не дегеніңіз, сізден естідім деп ешкімге жақ ашпаймын! Ант-су ішуге де əзірмін! – деп, Ерік жік-жапар болды. – Ендеше тыңда! Қазір сонау Мəскеуден басталған бір саяси науқан жұрттың басын азан-қазан етіп жатыр емес пе? Əсіресе, кешегі ұлы көсем Сталиннің басына қара бояуды бөшкебөшкесімен құю асқынып тұр. Иə, иə, оны газеттен білесің. Тоқтар ағаң соғыстың соңғы жағына қатысып үлгерді ғой. Ал майдангерлердің ол көсемге көзқарасы қандай, иə, ол да саған таңсық емес. Жасыратыны жоқ, соңғы кездері Тоқтар ағаң арақ-шараптан көз ашпайтын халге жетті. Соның еліртуімен бе, ол осыдан екі апта бұрын, осындағы Бас пошта бар емес пе, иə, соған барып, Мəскеуге, тура Кремльге, сондағы жаңа Съездер Сарайына «мен майдангер ретінде Сталинді қаралауға қарсымын» деп, телеграмма беріп жатқан жерінен ұсталып кетті. Ал ендеше... – Сөздерінің осы тұсында егде журналист қырққырқ күлгенсіді. Көздерінде жас та білінгендей. – Содан бері ол
ағаң зым-қайым жоғалды, қайда екенін өзіміз де білмейміз. Саған салар бір ақылым, Тоқтардың үйіне, əйеліне телефон шалмай-ақ қой, аттандап жылағаннан басқа ол əйелдің бітірері жоқ. Онсыз да аш өзегі өртенген, тағы тұтатып қайтесің? Ал, айналайын, уəде құдай сөзі, бұл əңгіме осы жерде қалсын! Ағаш табалдырықтан төмен түскенде Ерік басына тағы бір тоқпақ тигенін сезді. Қайда бет алғанын өзі де білмейді, əйтеуір бір жүріске басты. «Мына қарқыныммен бір күні жынданып өлермін»,– дейді өзіне-өзі. «Бұл тағдыр қысастығына не зауал?» Құдыс Əлікбаевқа деген аяныш сезімі ішін оттай қарушы еді енді оған Тоқтар Көшеевтің күйігі қосылды. Не істеу керек? Не істей алады бұл? Мүйізі қарағайдай үйлі-баранды журналистер шарасыздық шырмауында, ал өмірден өз орнын таппай сенделген бұл жиырма бір жасар жас жігіт не тындырып жарытпақ? Осындай дел-салдықпен үш-төрт күн өткен соң ғана бұл Ерік өзіне-өзі келді. Сондағы түйген ойы: «Бұл күн санап, өліп-өшуге айналған қазақтың тілімен бірге бүкіл қазақ интеллигенциясының да табанының бұдыры кетіп барады-ау осы! Əйтпесе, дəл біздің қазаққа келіп-кетері шамалы қайдағы бір саяси фанатизмге бой алдырып, өз басын өзі жемтік ете ме? Жемтік болғысы келсе қазақтың ұлттық тілі үшін болмай ма? Мен көргенді бұлар көрмей жүр ме екен?» Иə, ашуға да, ақылға да, аянышқа да шырақ жаққандағы көзіне жарқ еткен бір сурет осы! Осындай сынық көңілмен ілініп-салынып жүріп, бұл бір айлық сессияны да өткізді. Ара-арасында басқа редакцияларды жағалап, екі-үш əңгімесін ұсынды, бірақ бір де біреуі қабылданбады. Сіркесі су көтермей отырған жұрт кірпияз да келе ме деп ойлады Ерік. Ал қызмет жайында қай-қайсысы да ауыздарын қу шөппен сүрткеннен басқа ишара білдірмеді. * Сонымен Ерік қайта елге оралды. Мұғалімдерге берілетін екі айлық демалысты үй сыртындағы бау-бақшаға, əрі кəрі əкесімен бірге таудан шөп шабуға арнады. Жаңа оқу жылында бұрынғы жұмысы өзіне қайта бұйырды. Бірақ мұғалімдердің бəрінің де бұған дегенде қабақтарының қорғасыннан əрмен ауыр тартқанын байқады. «Маған десе біржолата үзіліп түсіп қалсын» дегендей іштей қарғыс айтқансыды. Бірақ көп жаңалық алдынан шықты. Ең басты жаңалық – Текелі қаласының осы «Станция» аталатын бөлігіндегі тағы бір үлкен орта мектептің құрылысы
аяқталып, бірінші қыркүйекте оқушылар табалдырығын аттап еді. Ал оның директорлығына келгенде бұрынғы сəуегейліктің бəрінің де күл-талқаны шығыпты. Қалалық оқу-ағарту бөлімінің бастығы Рыжов та емес, мұндағы тарихшы мұғалім Денис Антонович те емес, осы Текелі қаласының сонау шығысында, тау қуысында «Рудник» аталатын тағы бір бөлігі бар-тұғын. Сонда сегізжылдық мектеп жұмыс істеуші еді. Міне, соның директоры осында шақырылыпты. Мұндай күтпеген оқыс тағайындауға осы № 6-мектеп мұғалімдерінің кейбірінің ауыл адамдарынша ерін шығарғанын байқады Ерік. Мұның білуінше бұл жаңалық, əсіресе, Денис Антоновичке ауыр тиіпті. Себебі, оның директорлықтан ғана емес, қалалық оқу-ағарту бөлімі бастығының орынтағынан да үміті бар еді ғой. Ақыры, терісіне сыймаған Денис Антонович осы «Станциядағы» сол жаңа мектепке жай мұғалімдікке сұранады. Қырсыққанда қалалық оқуағарту бөлімі оны да қанағаттандырмайды. Бұл əйтеуір болмай жүріп, қала орталығындағы басқа мектепке ауысады. Екінші жаңалық – осы жазда Надежда Борисовна өз күйеуімен екі рет ажырасып, екі рет татуласыпты. Арасында ол Алматыға да бір мəрте қатынап үлгеріпті. Мұның мəнісі не, ол жағын Ерікке ешкім түсіндірмеді де, əрі мұның өзінің де оны түсінуге зауқы соққан жоқ. Үшінші жаңалық – əлгі дене шынықтыру пəнінің мұғалімі Михаил Ефимович мектептен теріскей беттегі, Қаратал өзенінің сол жағалауындағы өңкей көп қабатты жаңа үйлері бар мөлтек ауданда тұратын, қас қылғандай əлгі Рыжов дейтін дөкей бастықтың дəл өзінің көршісі еді. Неден қиялдағанын кім білсін, сол Михаил Ефимович жазғы демалыс кезінде арақ ішіп, Рыжовтың терезесіне бөтелке лақтырып, үйінің ішін əптер-тəптер қылады, əрі өз əйелін сабайды. Бұған милиция араласып, дəл бірінші қыркүйек қарсаңында жұмыстан шығарылып, үш күннен соң қайта алынып, мұның тəртібін № 6 орта мектеп ұжымында қарау тапсырылады. Міне, мұндағы жаңа оқу жылы сол Михаил Ефимовичтің ісін қараудан басталды. Бірақ ол жиналыс тез аяқталды. Себебі, дене шынықтыру пəнінің мұғалімі жұртқа жүз көрсетуге ұялып, төмен тұқырып, сілейді де қалды. Директор, оның орынбасары Мосько, үш-төрт кексе мұғалім Михаил Ефимовичтің атына ауыр-ауыр сөздер айтып, оған қатаң сөгіс жариялаумен тынысты. Еріктің пайымдауынша, мұндайда сонау қазақ ауылдарындағы қазақ мұғалімдері көшеде қаңғып қалар еді, ал орыс мұғалімдері олай емес, себебі, олар қалада да, далада да жетіспей жатыр.
Ерік Алматыда, сессияда, əрі демалыста болған осы жаздағы ең соңғы бір жаңалық, əрине, біраз мұғалімдердің, əсіресе, жасаңдауларының əлгі жаңа мектепке ауысуы еді. Бұлар сөйткенде, тəжірибелі ұстаз, мүйізі қарағайдай белгілі адам – Денис Антонович оған неге қол жеткізе алмады, бұл да Ерік үшін жұмбақ күйінде. Осы жазда біржола жұмыспен хош айтысады делінген Лотте Романовна өз орнында. Өткен оқу жылында мектеп директоры Кузьминнің сан мəрте қаһарына ұшыраған Адалят Сализовна да солай. Неге екені белгісіз, Ерік бəрінен де сол Лотте Романовнаның биыл да өз жұмысын жалғастыратынына іштей қуанғанға ұқсады. Аз-кем тəжірибе жинақтауының ықпалы ма жаңа оқу жылы Ерікке біршама оңай басталды. Сабақты түрлендірудің, қызықты етудің неше қилы амалдарын іске қосты. Міне, сол күзде осы мектепте өткен екі жиналыс Еріктің мəңгі-бақи есінде қалды. Бұл əлгі атышулы Кариб дағдарысы орын алған 1962 жылдың күзі ғой. Орыс-қазақ газеттерінің бəрі американ империализмінің араны ашылып, Кубаны енді-енді жұтатыны жайында өңештері жыртылғанша айғайлап жатты. Ал шындығында мұның бəрі КСРО атты елдің сол кездегі жеңілтек басшысының қылығынан туған қатер екенін ол шақта көп ешкім білмейтін. Кубаны қорғаймыз деген желеумен оның жеріне кеңестіктер аса күшті стратегиялық қаруларды орналастырып, ал АҚШ үкіметі өзінің тап өкпе тұсынан қадалғалы тұрған қанжарды көріп, бүкіл соғыс күштерін тік көтеріп, Куба мен Кеңес елінің ең маңызды нысандарын бір сəтте талқандауға сақадай сайланып еді. (Ол нысандардың қатарында Ташкент қаласы да бар еді). Міне, сол жеңілтек, əрі таяз ойлы, маскүнем, жеті жылда, соңынан жиырма жылда коммунизм орнатпақшы басшының кесірінен адамзат бұған дейін бастан кешпеген аса сұрапыл соғысқа душар бола жаздап еді. Ал баспасөз мүлдем басқаша сайрайтын. Бəрі де американ империализмінің тойымсыздығына, кеңес үкіметінің ұстамды, кемеңгерлік саясатына, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының екі ортада шыр-пыр болуына саятын. Міне, Текелі қаласындағы № 6 орта мектеп ұжымының жиналысы тап осындай жағдайда өтіп жатты. Партия бастауыш ұйымының хатшысы, кітапханашы, денсаулығында дімкəстік бар, бірақ бұрынғы көп жылдық партия саласындағы қызметіне орай қалыптастырған саңқылдаған даусы керемет, арық, кəртамыс əйел баяндама жасап тұрды. Осы шақта Ерікті таңқалдырған бір
нəрсе бар. Ол осындағы мұғалімдердің баршасының жүздеріндегі байсалдылық, байыптылық еді. Кəтте екі ұлы державаның тіс салыса кетуге шақ пиғылдары Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының, басқа да əлемдік қайраткерлердің емес, тап осы Текелі қаласындағы № 6 орта мектеп ұжымының мойнына артылған ауыр жүк пе дерсің. Бұл көріністі Ерік ешқашан ұмытқан жоқ. Екінші бір осындай жай кəсіподақ жиналысында орын алды. Өткен жылғы осы ұжымның төрағасы Денис Антонович бұл мектептен кеткенмен де кəсіподақтың бір жылдық жұмысы туралы есепті баяндаманы өзі келіп жасады. Еріктің ұғуынша жоғарыдағылар солай шешкен сыңайлы. Мұнда көзге бадырайып тұрған алабөтен ештеме де жоқ еді. Тек баяндамашы салған беттен мектеп директоры Кузьминге жабайы бүркітше шүйілді. Əншейінде жиырма минуттай ғана уақыт алатын баяндама бір жарым сағатқа созылып, Кузьмин қызметінің ішек қырындысына дейін сарапталды. Ерік бұл тарихшы мұғалімнің үлкен-кіші жиналыстарда сөздерін тыңдаған, бірақ мұншалықты шешендігі барын білмепті. Жалпақ бетін шам жарығына əдейілеп тосқандай кербезденіп, көздерінің айналасына білгір, əрі əділ адамның сын-сыпатын үймелетіп, кеудесін қыбырсыз ұстап, тілдің майын тамызғанда мұның өнеріне КСРО мен АҚШ атты екі ұлы елдің арасында шыр-пыры шыққан Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының өзі қызғана қарайтындай еді. Осы бір жарым сағатта Денис Антоновичтің директорға таққан кінəсі көп-ақ. Ұстаздық тəжірибесі жартымсыз Ерік оның көбісін ұстай да алмады. Баяндамашы Кузьминнің дөрекілігін де бетіне басты. Нақтылы мысалдар келтірді. Мұның кəріне ұшыраған мұғалімдердің ныспыларын тізді. Ерік мойнын бұра қарап, Адалят Сализовнаның баяндамашы сөздерінен жайқалып отырғанын көрді. Басқа да бірен-сарандарында сондай нышан бар. Баяндаманың орта тұсында Денис Антонович бұл Кузьмин жолдас өз орынбасары Моськоның жұмысын тіптен қадағаламайды, бұл Мосько ертеден қара кешке дейін сабақ кестесін шимайлағаннан басқа түк бітірмейді деп салды. Мосько өз лауазымына лайықсыз мінез көрсетіп: – Былтыр біздің мектепте сегіз мұғалима декреттік демалысқа шықты, бесеуі декреттік демалыстан оралды, басқа да ауырғансырқағандар бар, аздаған ішкі кадрлық өзгерістер де болды,
сондай жағдайда сабақ кестесін жасау аз жұмыс па сіздіңше, Денис Антонович? – деп, отырған орнынан айғайлады. Ал баяндама аяқталғанда бірінші болып, Кузьмина Ирина Васильевна жұлқына көтерілді де: – Мынау не, кəсіподақ ұйымы төрағасының өз жұмысы туралы есепті баяндамасы ма, жоқ, директордің бір жылдық жұмысы туралы есеп пе? – деп салды. Жиналыстың екінші жартысы ұзақ дау-дамайға айналды. Тап осының үстінде жұрт күтпеген тағы бір оқиға орын алды. Мектептің кəсіподақ жиналысына қалалық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі Рыжов кіріп келіп, шеттегі бос орынға лып етіп жайғасты. Небəрі он минуттей үнсіз мөлиді де шығып кетті. Оның бүйтіп кіріп-шығуы жиналыс барысына иненің жасуындай да өзгеріс енгізген жоқ. Біршама мұғалімдер Денис Антоновичтің пікірін қолдап, мектеп жұмысындағы кемшіліктерді сынағанда Ерік іштей «иə, бұлардың ешқайсысы жерде жатқан адамдар емес, өз ісінің асқан шеберлері, сосын да ешкімнен жасқанбайды» деп, осымен нешінші мəрте екені белгісіз қортынды жасады. Осыған жалғас күндіз есінен, түнде түсінен кетпеген əлгі Құдыс Əлікбаев пен Тоқтар Көшеевті ойлады. Кенет бұл жас жігіт өзінше бір жаңалық ашқанға ұқсады. Қалайда, өз қазағын орыс, неміс сияқты халықтармен салыстырып жүретін əдеті ғой. Ашқан жаңалығының мəні сол – қазақтың облыс, тіпті республика көлемінде белгілі деген адамдары мынау бір қиыр түкпірдегі, тау қуысындағы шахтерлер қаласындағы орта мектеп мұғалімдерінің деңгейінен төмен жатқанын түйсінді. Қазақта оқу аз, білім төмен. Диплом жеткілікті, тек шынайы білім қысыр сиырдың сүтіндей саусақтарыңа ылғал болып қана жабысады. Қазақтың өз жерінде өз ұлттық тіліне ие бола алмай жүргені содан. Сол Тоқтар Көшеев, Құдыс Əлікбаев сынды қазақ зиялыларының орнында мыналар болсыншы ұлттық тіліне көз алартқанды сыра толы бөшкедей-ақ аударып тастасын. Осы жаңалығы буыны аса бекімеген Еріктің тұла бойын жаман солқылдатты. Кəсіподақ жиналысының соңына таман Денис Антонович қайта шығып сөйлеп, директор Кузьминнің қаржы ісіндегі жаңсақтықтарын да ашты. Бұл шақта əбден бет ашысып үлгерген Кузьмина Ирина Васильевна қайта атып тұрды: – Денис Антонович, осы сөздеріңіз арқылы сіз өзіңізді ақ қарға етіп көрсеткіңіз келеді, ə? Қандай оңтайлы əдіс?! Анау су
бойындағы үйді салуға ақшаны қайдан таптыңыз? Оңтүстіктен қайтқан тырналар тұмсығымен тістеп əкеп берді ме? Шынында, Денис Антонович өзгелер сияқты жаңа көп қабатты, не ескі, бір қабатты қазыналық үйлердің бірінде тұрмайтын. Қаратал өзенінің жағалауына таяу, бау-бақшалы жекеменшік оңаша үйі бар-тұғын. Бірақ бұл директор зайыбының соқтығуынан абдыраған ол жоқ: – А вы с Алексеем Никитычем золотом обжирались! – деп салды. Міне, тап осы тұста бəрінің ауыздарына құм құйылды. Директордың зайыбы да, басқалар да солай. Ерік амалсыз жұрт лық толы үлкен сынып бөлмесінің арт жағындағы Лотте Романовнаға бұрылды. Өткен көктемгі каникул кезінде осы неміс əйелінің директор Кузьминнің бұрынғы жүрістері, алтынмен басталып, алтынмен тамамдалған мансаптары хақындағы баяны қазқалпында ойына оралды. Ол жайында осы Денис Антоновичтің да білігі барын ескертіп еді-ау! Бірақ ол жолы бұл тарихшы мұғалім ат-тонын ала қашқан. Ал қазіргісі мынау. Бірақ Ерікті көбірек алаңдатқан Лотте Романовнаның түр-түсі еді. Кешегі өз баянының бүгін көп көзінше расталғаны қарт мұғалимаға үлкен бедел əкелгендей. Арық жүзіне əлдекім алқызыл бояуды шашып жібергендей кəрі кісінің мұншама сұлу көрінгеніне Ерік əжептеуір-ақ таңырқады. Жиналыс соңында директордың өзі де сөйледі. Бірақ бұл бұрынғы директор емес еді, табанда жүнжіп қалғаны білінді. Осыдан үш апта өткенде қалалық «Текелиский рабочий» газетінде Денис Антоновичтің мақаласы жарияланды. Мазмұны аталмыш кəсіподақ жиналысындағы баяндамасының ықшамдалған нұсқасы дерлік. Директордің қала орталығына қатынауы жиіледі. Бұл орнынан алынады деген де сыбыс тарады. Осы қарқында Еріктің құлағы шалғаны өткен жазғы қадрлық ауыс-күйістер кезінде Денис Антоновичтің не оған, не бұған қол жеткізе алмауы Кузьмин Алексей Никитычтың қатысуымен болған іс дегендік еді. Сол үшін кек алу мақсатында ол тарихшы мұғалім осындағы жылы орнын тастап кетіпті. Бірақ директор Кузьминді ешкім орнынан қозғамады. Тек оқу жылының соңына таман бұл да, оның орынбасары Мосько да Ерікке жаман көзбен қарады. Ұжым ішінде қазақ тілін арбаның бесінші дөңгелегіне балаған сөздер ашықтан-ашық өрбитін еді. «Ағынға қарсы жүзіп қайтесің» деушілер де көбейді. Бұдан арыға
Еріктің шыдамы жетпеді. Келесі оқу жылының қарсаңында бұл өз туған аулы жататын аудандағы басқа бір мектепке ауысты. Тағы бір-екі жыл өткенде жер-жерде қазақ газеттері қайта ашылып, оған дейін əртүрлі жазбаларымен баспасөзде көрініп үлгерген Ерікке алыстағы бір аудандық газетке жұмысқа тұрудың сəті түсті. Бұл жылдары Ерік Тінəлиев біраз өндіріп жазып еді. Соның көмегімен сəл кейін Алматыдағы үлкен редакциялардың біріне кеп орын тепті. Үйленіп те қойған. Енді қараса, ең алғашқы еңбек жолын бастаған Текелі қаласынан кеткеніне сегіз жыл толыпты. Əлдебір өкпесі бардай ма, өз туған аулына ара-тұра соққанымен онымен іргелес сол Текелідегі № 6-орта мектепке бір де бір рет бас сұқпапты. Өзіне жақсы қарады ма, жоқ па, бəрібір бұл сондағы кəнігі ұстаздарды ара-тұра сағынышпен еске алатынын да сезеді. Қалайда, олардан көп үлгі, өнеге үйренді ғой. Бұл уақыттың ішінде Құдыс Əлікбаев қайтыс болған. Ал Тоқтар Көшеев қатты науқас. Ара-тұра газеттерде өмірдің баянсыздығы хақында ащы сарыуайымға толы шумақтары жылт етеді. Ақыры бірде Ерік Текелі қаласына жолы түсіп келді-ау. № 6 орта мектепке кіру ойында жоқ, кенет автобекетте əлгі неміс тілінің маманы Лотте Романовнаны ұшыратпасы бар ма? Ерік кəтте туған шешесін көргендей қуанды. Мұның бағына орай бұл кəрі неміс əйелінің бет əлпеті бұрынғыдан да əрмен көмескіленгенімен көзі, құлағы, тілі бəрі сау, тап баяғысынша сақылдап тұр. Осы автобекеттен бір жаққа жолға шықпақ емес, əңгімелесіп шер тарқатысар кісі іздеп жүрген сыңайлы. Еріктің «Мені таныдыңыз ба» деген сауалына «Қайдан таниын, мен оқытқан балалардың шет-шегі бар ма, қайсы бірің есте қалғандайсың»,– деп жауап қайырды. Иə, бұл қария адам Ерікті өзінің əріптесі емес, шəкірті ретінде қабылдады. Ерік те ол жағын түзетіп, ежіктеп жатпады, сол № 6 орта мектептегі біраз мұғалімдердің өзі кеткеннен кейінгі хал-жағдайын білуге асықты. Сонда Еріктің бұдан ұққаны мынау: Мұның сүйікті ұстазы Надежда Борисовна Перепелкина ақыры күйеуімен біржола ат құйрығын кесісіп тыныпты. Есесіне филологиядан кандидаттық диссертация қорғапты. Бірақ өзі ауру көрінеді, небəрі сегіз сағаттық қана жүктемемен жұмыс істейді екен. Бұл толық жүктеменің жартысына да жетіңкіремейді. Ағылшын тілінің маманы, дүңген əйелі Адалят Сализовна Теміртауға кетіпті. Ал директордың орынбасары Мосько Григорий Павлович бұл Қазақстанда тұрақтамай өзі келген Ресейдің ішкі облыстарының біріне қарай
табан тайдырыпты. Тарихшы Денис Антонович соғыстан алған жарасы қайта қозып, былтыр дүниеден өтіпті. Ал дене шынықтыру пəнінің мұғалімі Михаил Ефимович араққа салынып, түрмеде жатып шығып, тек қазір біраз оңалған сыңайлы, баяғы № 6 орта мектепте жұмыс істейтін көрінеді. Математик Борис Устинович те сонда, сол бұрынғы қалпында. Ең жаманы – ерлі-зайыпты Кузьминдердің жағдайы екен. Бұлардың əлгі ауру кіші баласы өліпті де, Алексей Никитыч жас қызға үйленіп, бағыт-бағдары белгісіз бір жаққа қарасын батырыпты. Ал Ирина Васильевна қоса қабаттасқан екі күйікті көтере алмай психиатриялық ауруханаға түсіпті. Ал қараусыз қалған үлкен баласын Иринаның бір сіңлісі бауырына басыпты. Бұлардың ішінде бəрінен де жолы болған орыс тілі мен əдебиетінің маманы, ерні шиқандай қызыл, аппақ өңді сұлу əйел Нина Николаевна екен. Ол директорлыққа көтеріліп, оны төрт-бес жылдай атқарғасын Текелі қалалық халық ағарту бөлімі бастығының креслосына қонжиыпты. «Иə, сол баяғы Рыжов дейтін марғасқаның орнында»,– деді Лотте Романовна. Кəрі кісі осының бəрін тауысып, бір іркілгенде: – Сіз № 6 орта мектепке анда-санда кіріп шығатыныңызды да келтірдіңіз, демек сіз білесіз. Тап қазір сол орыс мектебінде қазақ тілі пəні оқытыла ма? – деп сұрады. «Іште пікір өлгенше айтып өлейін» – деді ме Лотте Романовна тура жауаптан жалтара бұл жолы да ұзаққа шапты: – Сіздер, қазақтар, қызық халықсыздар. Қазақ тілін онда-мұнда құр тықпалағанмен іс бітпейді. Шағын ұлт атана тұра көп жайды елеусіз қалдырасыздар. Үлкен ұлттар өз проблемасы өзімен! Ағылшын, неміс, француз, итальян сияқты, басқа да қабырғалы ұлттар көп, əрине, бір күнде олардың сапына қосыла алмассыздар, бірақ солардың сапына қосылуға, солардың дəрежесіне жетуге дұрыс бағыт ұстау керек қой. Бұл – кезек күттірмеес шаруа. Ал, ұлттық намысымызға тиді деп, мені айыпқа бұйырмаңыз, сіздердің ұстаған бағыттарыңыз дұрыс емес. Оған бір дəлел сіздерде даңғаза көп, нақтылы ұлттық патриотизм жоқтың қасы, жұт жылғы қонақасыдай тым мардымсыз. Басқа да кемшіліктер аяқ алып жүргізбейді. Қолдағы барың тиімді пайдалансаң ол бағың, керісінше шықса ол сорың. Сіздер барды баққа емес, сорға айналдырып аласыздар. Иə, бақ пен сор, бірі жоқта екіншісі оның орнын басады. Бұл кемпірмен қоштасып, жөніне кеткенде осыдан он жылға тарта уақыт бұрын осы қалада орыс мектебінде қазақ тілінен
дəріс беремін деп, «ағынға қарсы жүзген жігіт» атанған, «мыңмен жалғыз алысқан» аса бір ауыр да азапты күндері басына қайта айналып соққандай əңкі-тəңкі күй кешті. Мына немістің кейуанасы қалай сілтейді, ə?! Кенет Еріктің ойына қазақтың үлкен ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың қазақтың кең жері оның бағы да, соры да деген бағдардағы ұлағатты сөздері оралды. Қазақтың тілі жөнінде де сөйдеу артық па? Мына нəсілі бөлек, алжыған деуге де келетіндей неме тап соның төбесінен түсіп тұр емес пе? Иə, бақ пен сор! Бұл екі сөз Еріктің көпке дейін көкірегінде жаттаулы күйінде қалды. Енді, міне, одан беріде де жарты ғасырға жуық уақыт өтіп, Ерік Тінəлиев көп кітаптар шығарып, жазушы атанып, жетпістің желкелігіне жармасқанда жаңа заманның жаршысы «Тəуелсіздік» газетінің шымшықтай ғана бойы бар тілші қызы келіп, шымшыма сұрақтар қойған күннен соң осының бəрі сап-сабымен тұла бойын жайлады. Анық дұрыс қорытындыны ойлы оқырманның өзі жасасын деген ниетпен бəрін қаз-қалпында қағазға түсіруге тырысты. 2009–2011 жж
ƏҢГIМЕЛЕР ЕСТIМЕГЕН ЕЛДЕ КӨП Тамбурға шығып, вагон есiгiнiң əйнегiнен сыртқа үңiлген Шəкiр көз сүрiнерi шамалы Арқаның даласын тапжылмай ұзақ қызықтады. Мұның басқа ермегi де жоқ. Осыдан үш сағаттай бұрын iрi станция, əрi аудан орталығы саналатын елдi мекенде поезд тоқтағанда мұның купесiне баса-көктеп кiрген совхоз директорлары Шəкiрдi қақпайлап қуып шыққандай едi. Қуып шыққанда ондай «мейiрбанды» ишарат жасаған ешқайсысы жоқ (өйтуге олардың құқы кəне, купедегi бiр орын заңды түрде осынiкi ғой), тек олар көршi купелерден өз əрiптестерiн қонаққа шақырды. Аудандық мəслихаттан қайтқан, əрi қалталары қашан да қалың директорлар поезға мiнерден бұрын портфельдерiн iшiмдiктiң қызыл-жасылды неше түрлiсiмен, пiскен тауық, сервелад, балық консервiлерi, тiске жұмсақ басқа да тағамдармен сықап-ақ алыпты. Көбiне қоңды, бiразы түйенiң жарты етiндей бар директорлар екi полкаға қарама-қарсы отырысып, жайғаса бастағанда небəрi отыз жасар Шəкiрдiң онсыз да қушықтай денесi, бұлардың қасында одан сайын көрнексiзденiп, жеп-жеңiл арзан дүниедей есiкке қарай ығыстырыла бердi. Келген қонақтар ендi бiр толқыса бұл тiптi қабырғаға жаншылып кетердей. Iшу-жеу басталды. Ұзақ жолда зерiккен Шəкiрдiң де аузына сiлекей толды. Ендi қайтсiн. Əлi көп жүремiз ғой, қарыздары кетпес мойнымда, не бопты деп, бұлармен араласып кетудi ойлаған. Бiрақ бекер дəме қылған екен, сiлекейiн iшке жұтып отыра бердi. Қонақасы иелерi – осы купеге орныққан директорлар жас жiгiтке iшiмдiк ұсынбады, дəм ал да демедi. Басқалардың да бұған көзi түскен жоқ. Шиенiң суындай шетелдiк коньяк жартылап құйылған қырлы стақан бəрiн екi жағалағанда да бұған соқпай өттi. Шəкiрдiң шығып кетпесiне амалы жоқ едi. Вагон-ресторанға барып, екi шыны сырамен тамағын шайды, шөлiн басты. Өзi орналасқан вагонның тамбурына қайтып келiп, əлдекiмнен жəбiр көргендей терезеге ұзақ қадалды.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру