Қарасай, Қази. Нұрпейіс Байғанин нұсқасы
Нұрпейіс Байғанин
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Нұрпейіс Байғанин - «Қарасай, Қази. Нұрпейіс Байғанин нұсқасы» шығармасы.
«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН
БАТЫРЛЫҚ ЭПОС
ҚАРАСАЙ, ҚАЗИ
(Нұрпейіс Байғанин нұсқасы) Қалмақтың ханы Қабартиын мен Нұрадынның әкесі бөле болды екен. Нұрадыннан хан Мұса туады. Мұсаның бәйбішесінен Мамай, Орақ туады, тоқалынан 30 ұл туады, Мамайдан бала болмайды, Орақтан Қарасай мен Қази туады. Қабартиынның балалары Палуан сұлтан, Батыр хан дегендер болады. Палуан сұлтан мен Батыр хан Орақ пен Мамайдың тусындағы хандар еді. Бір күні Мамай ауырады, ауырып жатып ел қайғысын ойлады. Көп ұзамай осы ауруынан жазылады. Жазылған соң, елінің биі мен бегін, уәзірін шақырып алып, Мамай өсиет айтады.
– Жиылып келген елдерім,
Ел ішінде ерлерім,
Билер менен бектерім,
Палуан сұлтан, Батыр хан
Ішінде жүрген кек еді.
Ойлағаны көп еді.
Бір күні көзім жұмылса,
Сендерге қысым береді.
“Еділ, Шаған суларды,
10. Қалың жыныс, нуларды
Қонысқып алсам”, – дер еді.
Көзім тірі шағында
Сендерге ақыл салайын,
Мақұл көрсең барлығың,
Хан қалмақты алдайын
Кезі келсе, дұшпанның
Қанын ұрттап, жалмайын.
Еділ, Сақмар суларым,
Жыныс ағаш, нуларым, 20. Елек пен Қобда, Ойылым
Қалмаққа кетіп қалмасын.
Мұным қалай, Сыпыра?
Сізге ақыл салайын.
Сыпыра:
– Халықтың қамын ойламай,
Ғаділ сұлтан бола ма,
Пайдасын айтпай халықтың,
Хан адамдар оңа ма?
Ханым, айтқан бұл сөзің
Келеді тура жобаға. 30. Ғаділ ханым – Мамай – сен
Халықтың қамын ойлаған.
Сөйледі сонда Мамай хан:
– Алты жолдас ал, – деді, –
Палуан сұлтан, Батыр хан –
Падишаға бар, – деді. –
Іште болсын кек деген,
“Дос болам”, – деп, амалмен
Өзіңе тартып ал, – деді. –
Арғы жағым бөле еді,
40. Өмірлік тату болуға.
Ал, жеті елші барыңдар,
Менің айтқан сөзімді
Ойыңа тоқып алыңдар.
Алыс емес, қалмақтың
Жақын екен арасы.
Бес күн сапар жол шегіп,
Сыпыра келді қалмаққа.
Екі ханды дос қылып
Сыпыра дана ақылгөй, 50. Абыройды өзі алмаққа.
Сыпыра қартың жырлайды,
Жырламай қарт, тұрмайды,
Көңлі дана қарт еді,
Айтса, жырға ыңғайлы.
– Халықта дана хан едің,
Қайыспас қара нар едің,
Асырмас биік тау едің,
Сыртқа зәрді шығармай,
Бізбенен іштен жау едің.
60. Мамайменен екеуің
Халықты тату бағуға.
Ішке пікір сақтамай,
Адал досты болыңдар.
Жамандықтан, хандарым,
Бір – біріңді қорыңдар.
Палуан сұлтан, Батыр хан –
Ақыл, ойлы артық жан,
Ел бастығы, ер еді,
Әрі батыр, әрі паң. 70. – Ей, Сыпыра, Сыпыра!
Сөзіңді байқап, аңдаймын.
Айлалы Мамай сөзіне
Өлгенімше нанбаймын.
Мамайдың менен кем емес
Жиған әскер, құралы.
“Дос болам”, – деп ханыңыз
Қандай шартқа тұрады?
Шын дос болса менімен,
Байлау болсын ортада 80. Мұсылманның Құраны.
Осы сертке тұралық
Әскермен келсін хан Мамай.
Әскерменен, сәнменен
Біз де алдынан шығалық.
Адал ниет көңілмен
Шын достықта тұралық.
Екі патша сап түзеп,
Әңгіме дүкен құралық
Палуан сұлтан ханменен 90. Қатты уәде байлады.
Уәде етіп ханменен,
Елге қайтып Сыпыра,
Берік сөзін сайлайды.
Хан Мамайға келеді,
Көргенінің баршасын
Баячдап айтып береді.
– Е, хан Мамай, хан Мамай!
Палуан сұлтан батырдың
Бір сөзінің мерті бар.
100. Ханның айтқан сөзінде
Жанған оттай өрті бар.
“Құран алып, құшақтасып,
Анттасу”, – деген серті бар.
Сол сертке көнесің,
Құранмен ант бересің.
Сонда Мамай ойлайды,
Ойламасқа болмайды.
– Қараға ант берген жан
Әуелден де оңбайды. 110. Ақылгөйім, жолдастар,
Ой ойлайтын жер болды.
Халқым, ойға салайық.
Құранмен ант бермесек,
Палуан сұлтан сенбейді.
Палуан сұлтан залымға
Дәлелмен ант берейін.
Бір болат біз аламын,
Жеңіме тығып барамын
Анттасар уақытта 120. Жең ішіне біз тығып,
“Біз алдасақ, бізді ұрсын!
Сіз алдасаң, сізді ұрсын!”
Құранмен бізді қағамын.
“Бізді ұрсын!” – деп, Құранмен
Көкірекке ұрайын.
Бүктеме семсер, ақ алмас
Жең ішіне тығайын.
Құшақтасқан шағында
Жүрегінен жарайын. 130. Бір қатары сөйлейді
– Не десең де, хан Мамай,
Сөзіңді қабыл аламыз.
Халық бастаған хан едің,
Білімге артық данамыз.
Билік Мамай өзіңде,
Ақылмен ойлап қараңыз!
– Өлтіруге сол ханды
Көкірегім ынтызар.
Бұрын өлсем залымнан,
140. Ноғай, Қазақ халқымнан
Қарсы оған кім шығар?
Қаста жолдас, нөкермен
Салтанатпен келеді.
Уәдесі ханменен
Ортадағы көл еді.
Қалың ағаш? жыныс
Бір жағы құба бел еді,
Уәде еткен жеріне
Екі жасақ келеді. 150. Палуан сұлтан, Батыр хан
Көрнекті оба басына
Еш нәрседен қаперсіз
Қарусыз барып шығады.
“Досым Мамай қайдасың?
Кел, бері”, – деп тұрады.
Дулыға, бөрік басында,
Хан Мамай шығады
Көрген адам таң қалып,
Қызыққа қарап тұрады. 160. Бірін-бірі “досым” деп,
Екеуі құщақ жаяды.
Жең ішінде ақ алмас,
Көк сауытын көтеріп,
Қалмақты Мамай жарады.
Құлаған соң Батыр хан,
Соғысқа бастар басшы жоқ,
Жылап-сықтап қалмақтар,
Шарасыз қайтып барады.
Өлтірген соң патшаны, 170. Мамайдың көңлі өсіпті,
Жең ішінде болат біз
Жадынан шығып кетіпті.
Ордасына келеді,
Жиылған халық көп еді.
Жең ішінде болат біз
Жеңін шешкен шағында
Шынтағына кіреді.
Аққан қанды сорғалап
Елемеді хан Мамай. 180. Ақырыңда сол бізден
Ажалдың болған себебі.
Аурудың беті жаман болған соң өлеріне көзі жеткен Мамай елімен арыздасып былай дейді:
“Қайран жұртым сен едің,
Халыққа басшы мен едім.
Қанаттыға қақтырмай,
Тұмсықтыға шұқытпай,
Қорғап бақсам деп едім.
Қараға ант бергенім:
Сенің қамың жеп едім.
Ат жалын тартып мінген соң
190. Халқымның ары үшін,
Бермеске жауға намысын
Тұлпар мініп, ту алдым,
Тас кесетін ақ алмас
Талай қанға суардым,
Арқарлықтың алты жау,
Айқай салып, мұны алдым.
Қазақ, Ноғай елі үшін
Қысқарттым жаудың өрісін.
Шапса қолы жетпеген, 200. Басына қонған бағы артық.
Қайрат, күші тағы артық,
Құрал – сайман, сәні артық
Қалмақтың басы Қараман,
Қан жаудырып, мұны алдым.
Туып-өскен жер үшін,
Қазақ, Ноғай елі үшін.
Жауды көрсе, қайтпаған.
Үш қырлы найза саптаған.
Ертістің ханы – ер Шабан 210. Еңіретіп мұны алдым.
Құралмен іздеп барғанмын,
Он төрт күн ойран салғанмын,
Он бес күнде алғанмын.
Жау табылса, қуандым.
Үрімнің басы – Ертіс хан,
Үн салдырып мұны алдым.
Сансыз халық елі бар,
Жан бармайтын жері бар,
Мұсылманмен қашаннан 220. Атасының кегі бар,
Біздің байтақ халықты,
“Шабамын”, – дейтін сөзі бар,
Хабарына қанған соң,
Бұйырдым би мен бегіме,
Есепсіз ауыр қол болып,
Есебі жоқ мол болып,
Аттандым Қытай еліне.
Алдырмайтын жау екен,
Жері де биік тау екен, 230. Қытайдың ханын қан етіп,
Қырғын салып, мұны алдым.
Қыс болмайтын жері бар,
Берік жатқан елі бар,
Алдырмайтын, алысса,
Талай мықты ері бар,
Еліне жау келмеген,
Жауласқан жауы жеңбеген,
Екі талай жер болса,
Қайтпай, қылыш сермеген, 240. Бұрын-соңды еш жаудан
Қорлық-зорлық көрмеген,
Қызылбаста Қырым хан,
Қырғын салып, мұны алдым.
Шүршіттің басы – Шүмен хан,
Түн жаудырып, мұны алдым.
Сен ырза болсаң, мен ырза,
Жауға айдасам, тіл алдың,
Қырқарлықтың қырық жұрты,
Қырғын салып мұны алдым. 250. Халқымыз айтқан өсиет:
Ынтымақпенен жүріңдер,
Азаматым, қорған бол
Байтақ халық еліңе.
Ынтымақты болсаңдар,
Кіре алмас дұшпан шегіңе.
Мен өлген соң, бұл дұшпан
Ескі кекті еске алар.
Палуан сұлтан батырдың
Төгілген қаны жоқталар. 260. Орақтан қалған қос жетім
Жетіспеген жас еді,
Қабартиын тұқымы
Жеті атадан қас еді”, –
Деп қоштасып халқымен,
Дүниеден Мамай өтеді.
Орақ, Мамай өткен соң,
“Хансыз халық оңбас”, – деп.
Сыпырадай кәрі бар,
Кешегі өткен Мамайдың 270. Есіз қалған тағы бар,
Нұрадын ердің нәсілі –
Қарасай менен Қазидың
Атасының даңы бар.
Алған жауы көп еді.
Ауызға толы сөз еді,
Қарасай мен Қазижан
Кешегі Орақ, Мамайдың
Артында қалған көзі еді.
Кешегі өткен хан Мамай, 280. Қази атты баланы
“Менің балам”, – дер еді.
“Өскен соң Қази бар болып,
Мен мінген таққа мінсін”, – деп
Талай айтқан сөзі еді.
Қараүлек сонда сөйлейді:
– Жиылған халқым – сен, – дейді, –
Өтінем сізге мен, – дейді. –
Қара ағаштай қайран жұрт,
Бір тілегім бер, – дейді. –
290. Жеті мен тоғыз жасында
Қарасай менен Қазиым
Жетіспеген жас, – дейді. –
Хан болып, елді баға алмас,
Ел шетіне жау келсе,
Қасқайып қарсы бара алмас.
Халықтың Сыпыра қорғаны,
Жібекпен жағын торлады.
Халық алдыңда толғады.
Толғамасқа болмады. 300. Елінің қамын ойлады.
– Алтын Орда, Сарайдан
Елге басшы қарт едім,
Сөз бастаған талайдан.
Қарасай, Қази – қос жетім,
Аталыдан хан болса,
Халық жетер мақсатқа
Жиылып келген мақсатқа,
Жиылып келген көп халқым,
Қараүлек тілін алсаңыз,
310. Қарасай менен Қазижан
Кәміл жасқа келгенше,
Шаруа еді мал баққан,
Мінезі елге бек жаққан,
Қапияда сөз тапқан,
“Бұзаубақтың баласы –
Шынтемірдей мырзаның
Ойлаймын бар, – деп, – санасы”.
Хандықты соған берейік,
Қара боп, соңына ерейік! 320. Сыпыраның бұл сөзін
Халқы мақұл көреді.
Есіз тұрған алтын тақ
Шынтемірге береді.
Халыққа басшы ғаділ хан,
Екі кісі айтысса,
Береді тура төрені.
Палуан сұлтан өлген соң, қалмақтың ханы Палуан сұлтанның баласы – Жаседіл бір күні азаматтарын жияды да, солармен ақылдасады. “Мамай атамды алдап, өлтіргенін білесіңдер. Атаның кегін алуды мақұл көрсеңдер, “Қарасай, Қази болса, атадан жас, ақылдан, бос қалды. Бұзаубақтың Шынтемірі қазақ халқына хан болған секілді. Оның бізге қарсы келуге ерлік, серілігі жоқ. Оның халқын шауып, Еділ, Шаған, Сақмар жерін алып, атамыздың кегін алалық”, – деді. Халқы бұл мәслихатты мақұл көрді. Сөйтіп, араға елші жібереді. Елшілер Шынтемір ханға келіп мәнісін айтады. Шынтемір хан: “Бір айдың ішінде көнсек те, көнбесек те, жауабын береміз”, – деп, уәде байласады. Бұлар кеткен соң Шынтемір хан халқын жиып, былай дейді:
“Атаңа нәлет Жаседіл –
Айтулы мықты ер, – дейді. –
Палуан сұлтан батырдың
330. Қанын жоқтап жүр, – дейді. –
Мақұл көрсен, халқым,
“Жол шығар деп, – ойлаймын, –
Күшті жаудың алдына
Қарсыласып бармаған”.
Бұл қоныстан көшелік,
Шалғысы жетпес қалмақтың
Кең қонысқа жетелік”.
Хан айтқан соң, халық көнеді,
Билікті ханға береді 340. Есебі жоқ көп халық
Қоныстан көшкен жер еді.
Қараүлек: “Жаудан тайған жоқ еді, жеті атадан дұшпан көзін салған жоқ еді, қалмақ кегін алған жоқ еді. Қарасай, Қазидың жас уақтында Орақ, Мамайдан қалған орда қалмаққа мирас болатын болса, жау мені шапсын”, – деп, көшпей қалады. Мамай өзінің тірі шағында Қарасай мен Қазиға күміс пен алтыннан сақа құйдырып беріп еді. Екі бала асық ойнап жүріп босқын елді көреді. Қази төсектің үстінде ұйықтап қалады. Сонда Қарасай анасы Қараүлекке толғайды:
– Қараүлек анам – сен дейді. –
Қарасай жетім – мен, – дейді.
Сөгіле көшті ел, – дейді,
Неге көшті көп халық,
Хабарын айтып бер, – дейді.
Сонда Қараүлек сөйлейді.
– Орақ, Мамай барында
Халқымның ары кетпеген, 350. Ел намысын кетпеген,
Дұшпанның қолы жетпеген
Екеуінің барында
Жау халқымнан шеттеген.
Қалмақтың ханы – Жаседіл
Атасының төгілген
Қара қанын кектеген.
“Орақ пенен Мамайдың
Қос жетімін өлтіріп,
Қанын ұрттап, қанам”, – деп, 360. Ханыңа хабар салыпты.
Хан болып тұрған Шынтемір,
Бойында жоқ ерлігі,
Жасқанып жаудан қалыпты.
Орақтан туған Қарасай,
Енді болды тамаша-ай.
Алтын Орда – бұл шаһар –
Мамай, Орақ қаласы-ай.
Тоғызға келдің, жетімім.
Жастық қылар болар ма 370. Текті атаның баласы-ай?
Атадан бала туса, игі,
Атаның жолын қуса, игі,
Атаның жолын қумаса,
Атаға тартып тумаса,
Жасық туған жаманның
Барынан да жоғы игі.
Атаға тартсаң, Қарасай,
Алтын сарай ішінде
380. Қабан құлақ қара ат бар.
Мамайдан қалған көк сауыт,
Тас кесетін ақ алмас,
Орақтан қалған садақ бар.
Жетесіз, жаман болмасаң,
Қабан құлақ қара атқа,
Қарасай жетім, мін, – деді. –
Бадана көзді көк сауыт
Мамайдан қалған ки, – деді. –
Сан жетпейтін қол болсын, 390. Есепсіз қалмақ мол болсын.
Қайтпай, шіркін, ти, – деді. –
Жалаңаштан да, жауға шап,
Ажалдан бұрын өлмейсің.
Ал, немерем – Қарасай,
Кім шыдайды, шырағым,
Сен долдансаң, ашуға!?
“Жалғызбын, – деп, – жаспын”, – деп,
Дұшпаныңа бас ұрма
Келбетіңе қарасам, 400. Атаға тартқан секілді.
Сонда Қарасай сөйлейді:
– Қараүлектей анайым,
Жұмсадың, тіліңді алайын.
Батаңды бер, қарт шеше,
Қасыма жолдас ертпей,
Жападан жалғыз көп жауға
Өзім-ақ қимыл салайын.
Қашып кеткен халқыма,
Ана, хабар бермейін.
410. Атамнан қалған көк болат
Сансыз жауға сермейін.
Батыр батыр бола ма,
“Жалғызбын”, – деп, торықса,
Жауды санап, қорықса.
Жауды көрсе, қайтпайтын
Тұқым едім қарыспа.
Құралды халық ағайын
Қорыққаннан қалмақтан,
Кетті босып алысқа 420. Байтақ халық елімнің
Өзім-ақ арын арлайын.
Қайырлы болса сапарым,
Қалмақтың ханы – Жаседіл
Қара қанын төгемін.
Аттанар жауға болды жер,
Қарасайдай балаңды
Осы жолда сынап көр.
Қараүлектей қарт анам,
Ықыласпен батаң бер. 430. Сонда қолын жаяды,
Батасын беріп қарады,
– Ирандар болсын жолдасың!
Әулиелер қолдасын!
Ескі аруақ торласын!
Мамай ханның бағы кеп,
Басыңа, балам, орнасын!
Шешесі бата берген жер,
Қарыспа туған Қарасай
Атадан қалған сауытты
440. “Кебінім”, – деп киген жер,
Тас кесетін алмасты
“Сайғағым”, – деп ілген жер,
Атадан қалған қара атты
Жауға тұңғыш мінген жер.
Көк садағын асынып,
Жауға жалғыз жүрген жер.
Қарасай жауға аттанды.
Көтеріліп көңлі,
Көкірегі желденіп, 450. Қарасай батыр шаттанды.
Қаруларын басқарып,
Жаседілдің жауына
Жападан жалғыз қасқарды.
Ұйықтап жатқан ер Қази
Ұйқыдан шошып тұрады.
Орақтан қалған жас жетім –
Қараүлектің шырағы
“Қарасай қайда кетті?” – деп
Шешесінен сұрады. 460. Сонда Қараүлек сөйлейді:
– Шынтемірдей ханыңның
Айла-ақылы кем екен.
“Қалмақ келді”, – деген сөз –
Босқа айтылған кеп екен
Бейбітшілік болған соң,
Босып кеткен халқыңа
Хабар бере кетіпті.
Сонда Қази сөйлейді:
– Алдама, анам, сен, – дейді, –
470. Жаседіл берген қысымнан
Босқан халық-ел, – дейді. –
Өп-өтірік алдайсын,
Жаселді сынды жауыңды
Қарасайға арнайсың.
“Екі жасы кіші”, – деп,
Мені неге қорлайсын?
Қарасайға не жаздым,
Қатарына алмастай.
Серік қылып қасына, 480. Екеу болып жауға бармастай?
Ерлерді жауға шаптырған
Намыс пенен ар шығар.
Қысқа ма, өмір ұзақ па?
Болжалды күнім бар шығар.
Жеті жасар күнімде
Жетімдікпен зарлатқан
Әмірден болған кәр шығар.
Қарасай – қорғау, мен – сүйеу,
Жалғыз кеткен батырға, 490. Барып, жәрдем беремін.
Сонда Қараүлек сөйлейді:
– Қазиым, тыңда сырымды.
Тек екеуің болмаса,
Сүйеу болар балам жоқ.
Қабыртқаң, балам, қатпаған,
Омыртқаң, балам, өспеген,
Былбырап тұрған қауынсың.
Сонда Қази сөйлейді:
– Қараүлек – елдің? анайым,
500. Сізге тілек салайын,
Қарасай жауға кеткен соң,
Үйде не қып қалайын?
Қарасай – қанат, мен – құйрық,
Жәрдем бере барайын.
Қару-қапшық жетімге,
Тауып бер, ана, тұлпар ат.
Қараүлек сонда сөйлейді:
– Пірлерден бөтен панаң жоқ.
Қолыңа құрық ал, – деді, – 510. Беліңе жүген шал, – деді, –
Елсізде жатыр көп жылқың,
Көп жылқыңа бар, – деді.
Сыншы болсаң, білерсің.
Қарағанын бетіңе,
Тай да болса, мінерсің.
Белге жүген шалады,
Жылқы аралап қарады
Үсті қотыр лықыған
Қызыл шолақ көк құнан 520. Оқыранып, Қазиға
Ұсынып мойнын барады.
Борбайында қоңы жоқ,
Мойнында жалы жоқ,
Жал-құйрығы тағы жоқ,
Қызылды жаяу қуады,
Аттан сағы сынады.
Шешесіне келді де
– Ат тауып бер, – деп жылады.
– Сансыз жылқы мол, – дейді. –
530. Сапарың болсын оң, – дейді, –
Тағы да бар сен, – дейді, –
Қайта келсе алдыңнан,
Тәуекел ет те, міне бер,
Бұйырған атың – сол, – дейді.
Жылқыға тағы келеді.
Қызыл құнан Қазиды
Келген бойда көреді,
Оқыранып, желеді,
Ұсынып мойнын береді, 540. Басына жүген салғанда,
Басының кірді ажары.
“Құл-құтан мазамды алар, – деп.
Жылқышы мініп шабар”, – деп,
Қотыр болып жүр екен,
“Қази іздеп табар”, – деп.
Сән-сайманды салған соң,
Тұлпардың көңілі шат болды,
Сағынып жүрген жануар,
Мінер иесі тап болды. 550. Айыл-тұрман салған соң,
Таутекедей ат болды
“Сен – шарыққа шыққан бүркітсің,
Қанатың қайтпас сұңқарсың,
Жем тастаса, қайрылма.
Сен – қарағайға қарсы біткен бұтақсың,
Балталаса да айрылма.
Сен – қайсар қара болатсың,
Тасқа шапса, жасып, майрылма”.
Белестен белес, бел асып, 560. Емен садақ, сай кез оқ,
Беліне алмас жарасып,
Қырқа-қырқа жерлерден
Қарауыл Қази қарасып,
Қарауыл салған ағаның
Артынан жетті жанасып.
Бес жүз шатырмен, есепсіз қолмен тау жарған көк бұлақта жатқан қалмақты көріп, Қарасайдың Қазиға айтқаны:
– Бауырым Қази – сен, – дейді, –
Алдыңда қорған мен, – дейді, –
Есіз тастап қалаңды,
Еңіретіп анаңды,
570. Артымнан келген нең? – дейді.
Сонда Қази сөйлейді:
– Қарасай, сөзіңді алмаймын,
Сөзіңе құлақ салмаймын.
Жеделмен атқа мінген соң,
Талабымнан танбаймын.
Қорлық бердің, Қарасай,
Зәбіріңді арлаймын.
Жауға қарсы бармастай
Қази сенен кем бе еді?
580. Берсең де, батыр, бер, деді. –
Бермесең де, бер, – деді. –
Жақсы атыңды қимасаң,
Қай мықтымыз барайық.
Сынасайық, кел, – деді,
– Бауырым едің, қарағым.
Қайтпасын сенің талабың
Қарағым, етпе балалық,
Екеуміз бірге баралық,
Жаседілдің ханына
590. Тізе қосып шабалық.
Ей, ерке туған Қазиым,
Енді болмас амалым,
Қарашоқының басында
Қарауылда қаламын.
Қиындық саған іс болса,
Мен де артыңнан барамын.
Қызыл атты жаратып,
Аспанға басын қаратып.
Қамшыға бұтын таратып 600. Тұяқтан шыққан тозаңын
Жауға қардай боратып,
Белестен белес, бел асты,
Мінген аты, сән-сайман
Бір-біріне жарасты.
Қарауылшы қалмақтар
Қазиды көріп алыстан,
Ақылынан адасты.
Азаматын шақырып,
Хан әңгіме құрады. 610. Сыншыларын жияды.
Олар келіп, алдынан
Қазиды сынап тұрады.
Мінген аты терлеген,
Алдыңда тұрған ерлерді
Бір кісідей көрмеген.
Сыншылары сынады.
Сынап, көңлі тынады.
Бұл – атаның баласы,
Қази екен шамасы. 620. Қарасай мен Қазиға
Кімнің болар шарасы?
Қайтпас ердің өзі екен,
Баба түкті нәсілі,
Шын батырдың тегі екен.
Егер айла қылмасақ,
Көрсетер бізге көрімді,
Әлек етер елімді,
Сыншылардың бастығы
Отаман деген ер еді, 630. Асқан сыншы, айлакер,
Амалға озған кен еді.
Жаседілге келеді.
Келе жылай береді.
Көзінен аққан ыстық жас
Қойныңа төгеді.
– Ей, Жаседіл – ханымсың.
Халықтағы барымсың
Арымас, биік тауымсың.
Құламас биік жарымсың.
Келбеті асқан ер көрдім,
Жау сағынған шер көрдім,
Айла-ақылын кең көрдім,
Қабағынан қар жауған,
640. Мұртынан мұз тамған,
Қанды Орақтың баласы, –
Қази атты ер көрдім.
Айла, ақыл табалық,
Алдап, арбап қаралық.
Ақылы көп ер екен.
Қазида артық даналық.
Шамамыз келсе, жағалық.
Алдамасақ егер де,
Құртатын шығар шараны. 650. Айла-амал қылыңдар,
Болаттан жебе құрыңдар
“Қази ер, саған сенем, – деп. –
Не айтсаң да, көнем”, – деп,
Қол қусырып тұрыңдар.
Болат жебе үстіне
Жібек кілем салыңдар.
Үстіне мақпал жайыңдар.
Есікте тұрсын қос батыр,
Алмас семсер қолға алып, 660. Төрде тұрсын төрт батыр.
Сыртынан басқын шатырдың.
Даярланып барша жау,
Қамсыз болып тұрады.
Қази ердің алдынан
Отаман сыншы шығады.
– Аталы Қази сен едің,
Жеті атадан ер едің,
Ернің қанды бөрі едің.
Орақ пенен Мамайдың
670. Артында қалған көзі едің.
Жаудан қайтпас ер болсаң,
Сескенбес Қази сен болсаң,
Алтын шатыр ішінде
Жаседілдей ханым бар.
Кілең батыр сайланған
Бағып тұрған бағы бар.
Батыр болсаң сен, – деді, –
Жаседілдей патшаның
Дидар жүзін көр, – деді. 680. Қол қусырып сәлем бер.
Егер ханға бармасаң,
Ер емессің, сасқаның,
Шатырына кірмесең,
Қорыққанан қашқаның.
Мұнан Қази саспады,
Қази халық бастады
Астындағы тұлпарын
Берік қаңтарып тастады.
Қарыспа туған Қази ер 690. Жалаң қылыш қолға алды,
Ашуланып, долданды.
Қабағын түйіп, сұрланып,
Жаседілдің шатырына
Шапшаң басып жолданды.
Самсап тұрған көп жауға
Қайрылмай кетіп барады.
Есіктен еніп, өрледі,
Ханға сәлем бермеді,
Құрып қойған жебені 700. Қу қамыстай көрмеді
Жолға құрған көк болат,
Басқаныңда, қырады.
Отыра қалған шағында,
Жебе тіреп қолтықтан,
Өтірік емес, шын, рас
Жебелердің сынғаны.
Даярланған батырлар
Қалтырасып, дірілдеп,
Тырп етуге әлі жоқ, 710. Бәрі жылап, шулады.
Жаседіл хан сөйледі:
– Қазимысын сен? – деді, –
Жаседілмін – мен, – деді.
Ханға сәлем бермеген,
Төрге қарап өрлеген,
Қази, сенің нең? – деді.
Сонда Қази ақырды,
Ақырып сөйлеп, жапырды,
– Қалмақтың басы – Жаседіл,
720. Кесе келдім басыңды,
Шаба келдім еліңді,
Сындыра келдім беліңді,
Көрсете келдім көріңді.
Бейпіл жатқан халқыма
Саласың неге көзіңді?
Тақта отырған қалмаққа
Сыбанып жетіп барады
Сескенген ерден Жаседіл:
– Сынау үшін қол жидым
730. Ашу тұтпа, сабыр ет,
Орақ пен Мамай шырағы.
Түп несептен бөле едің,
Орақтан туған сен едің,
Палуан сұлтан баласы –
Жаседіл хан мен едім.
“Орақтың екі баласын,
Жүздесіп, көрсем”, – деп едім.
Қази ер, саған сенемін,
Не десең де, көнемін. 740. “Досың болсам”, – деп едім.
Айыбыма, ер Қази,
Тұлпарымды таңдап мін, – деді. –
Ақ кіреуке қамқадан
Киімді таңдап ки, – деді. –
Оң қолының басы алтын,
Қиғаш қара қасы – алтын,
Сары алтынмен қаптаған,
Сұлуымның шашы алтын,
Аруымды сүй, – деді. – 750. Қазижан, ақыл саламын,
Халқыңның көңлін табамын.
Шын достыққа той етіп,
Қызмет етіп, жағамын.
– Осы айтқаның шын болса,
Мұныңды бөтен демейін.
Қарасай ағам – туысым.
Ақылдасып көрейін.
“Мақұл”, – десе Қарасай,
Бұл тілегің берейін. 760. Өтірік айтсаң егер де,
Көңліме кір болар.
Сан қалың қалмағың
Кеңшілікке мұң болар.
Кейін қалған ағасы –
Қарасайға келіпті,
Уәдесін, көргенін
Түгел айтып беріпті
Қалмақпенен Қази ер
Уәдеге сеніпті. 770. Қайырмады Қарасай,
Қазидың айтқан сөзіне
Қуанышпен көніпті
Екеуі Жаседіл ханға қонаққа барады. Жаседіл қонақ етіп, құшақтасып, дос болады.
Қарасай, Қази, Жаседіл
Бір біріне сеністі,
“Ақыреттік доспыз”, – деп,
Дос шартына көністі.
Жаседіл хан жадырап,
Жар салды жалпы халқына.
“Ту көтеріп, той етем
780. Шын достықтың шартына.
Жасыңыз бен кәріңіз,
Әйел, еркек – бәріңіз,
Салтанатпен келіңіз.
Қызығымды көріңіз!”
Қарасай менен Қази ер
Дос болып қайтты еліне.
Хабар берді: “Келсін”, – деп,
Еліндегі еріне,
Шынтемірдей ханы мен 790. Халықтың би мен бегіне.
Қуанышқа халық толады.
Ел қуанбай, не қылсын,
Ойлаған мақсат болады.
Босып кеткен көп халық
Қонысына қайта қонады.
Сол кезде Жаседіл ханнан мынадай хабар келеді.
– Қарасай, Қази – жан досым,
Шын достыққа нан, досым!
Даярландым мен тойға,
Халқыңа хабар сал, досым.
800. Құрметін, сыйын көп қалмақ
Алдыңыздан сайласын.
Кемпір, шалдар және де
Көпті көрген дана да
Келмей тойға қалмасын!
Хабарды естіп Шынтемір,
Елін жиып алады,
Халыққа ақыл салады.
“Алпысқа жасым келгенше
Бір балаға кем едім. 810. Осы тойға барған соң,
Ұлдыны да көремін,
Қыздыны да көремін,
Іштегі шерім қозғалып,
Қорланып, топта шөгемін.
“Соның үшін жиынға,
Мақұл көрсең, Қарасай,
Бармай – ақ қойсам”, – деп едім
Хан бармайды, қалады.
Халықты бастап Қарасай 820. Қалмаққа кетіп барады.
Жаседіл патша халқын
Қасына жиып алады
– Қонақты келген бағыңдар,
Көптің бабын табыңдар.
Біреуің кейін тұрмай-ақ,
Етіңдер қызмет құлдай-ақ.
Қарасай менен Қазидың
Халқыменен жау болдық,
Боларын мұндай білмей-ақ.
830. Алтын жамбы аттырып,
Ат бәйгісін шаптырып,
Теңселтіп балуан тұрғызып,
Назарын көптің бұрғызып,
Сапырып беріп шарабын,
Тік тұрып қалмақ, бас иді.
Келген қонақтар жеті күн жатып, еліне қайтпақ болады. Жаседіл хан тарту-таралғы сыйлық беріп, разы етеді. Аттанар алдында Қарасай тұрып: “Ұлсызға, қызсызға қызық жоқ”, – деп, елімнің ханы – Шынтемір бұл жиынға келмей қалып еді. Шын көңліңізбен сол кісіге батаңызды беріңіз, ала барайын”, – деді. Жаседіл хан қолын жайып: «Бір ұлды, бір қызды болсын»! – деп бата берді. Жаседіл бастаған қалмақтың құрметіне ырза болып, екі батыр еліне келеді. Шынтемірдің тоқалы”, – деді. Ақханым сол кезде 42 жаста екен. Ұзамай, Ақханым жерік болады:
Күндердің күні өткенде
Ақханым жерік болады.
Ақханымның жерігі
Қара тастан қанады
840. Тоғыз ай, он күн көтеріп,
Егіз бала табады. “Жаседіл ғаділ патша еді, осы перзент соның батасынан болып еді, бұ да ер жеткенде, сондай ғаділ болар”, – деп, ұлының атын Еділ қойған екен. Еділ жеті жасқа келгенше халық тыныш, ел бейбіт болды. Қарасай, Қази біреуі 16-ға, біреуі 14-ке келді. Қалмақ пен Қазақ, Ноғайдың арасы жіксіз, жақсы тату болды. Еділ жеті жасқа келген соң, Шынтемір ауырды. Қарасай мен Қазидың аулы Шынтемірдің аулына сәске түстік жер еді. Ауру мендетіп, жеңе бастады. Ауырып жатып Шынтемір былай деп толғады:
“Жалғыз еді балам, – деп. –
Жетімнің күні қаран, – деп. –
Қалай болар заман? – деп. –
Әуелден жазу осылай.
Нешік болар шарам?” – деп, –
Ауырып жатып толғайды.
Толғамасқа болмайды.
“Өлерде көрген Еділді
850. Қарасай мен Қазиға
Тапсырам”, – деп ойлайды.
Қайғысын ойлап жалғыздың,
Ажары кетіп, түнерді,
Жанынан үзді күдерді.
Қос тұлпармен хабаршы
Қарасай ерге жіберді
Шынтемір жатқан ордаға
Сәске түсте келіпті.
Қол қусырып, есіктен 860. Иіліп сәлем беріпті.
Бұларды көрген Шынтемір
Көтеріп басын сөйлейді:
– Қарасай, Қази – сен – деді, –
Шынтемір ханың – мен, – деді, –
“Көңілге келген бір сөзді
Айтып кетсем”, – деп едім.
Ой-өрісі кеңеймей,
Артымда жас қалып Еділім
Мойын ұсынып қарсы алам
870. Жаратқан Алла әмірін.
“Санаулы күнің бітед”, – деп,
Қағып тұр ажал дабылын.
Ерлер киген көк сауыт
Берік болмас жағасыз,
Астыңа мінген шын тұлпар
Тасқа шаппас тағасыз.
Орақтан туған ұл болсаң,
Жетім қалған Еділді
Қапталыңа аласыз 880. Жалғыз қалған Еділжан
Сүйеусіз де панасыз.
Сонда Қарасай сөйлейді:
– Қамқорым, ханым сен едің,
Қарасай, Қази мен едім,
Тірі болса, Еділді
Қазимен қатар көрермін.
Өлсек, шұқыр бір болар,
Шықсақ, басы төбенің.
Қарасай, Қази, Еділ боп,
890. Тізе қосып, жабармыз
Ашылған жерін көбенің.
Ел шетіне жау келсе,
Ер басына дау келсе,
Сағасын қанға малармыз
Сегіз қырлы жебенің, –
Деп, Қарасай көтеріп
Ақ алмасын, ант берді.
Тізе бүккен Қази мен
Еділді жатқан хан көрді. 900. Батасын беріп балаларға,
Шынтемір хан жан берді.
Шынтемір хан өткен соң.
Шын дүниеге кеткен соң,
Сыпыра – дана кәріңіз
Елге көңіл бұрады.
Би менен бекті жияды.
Елге басшы хан іздеп,
Әңгіме дүкен құрады.
“Халыққа қорған батыр да 910. Елдің қамын ойлаған.
Баба түкті шашты Әзіз,
Ер Нұрадын нәсілі,
Ежелден жаумен ойнаған.
Қарсы келер жан болса,
Қасарған беті таймаған.
Халықтың халық болғаны –
Бұл тұқымның себебі
Орақ, Мамай өлерде
Қарасай, Қази жас қалды. 920. Жас болса да, жалындап,
Самсаған қолды басқарды.
Өлерінде хан Мамай:
“Қази мінсін тағыма,
Әділ болар, – деп еді, –
Қалың елдің бағына”.
Соны естіген Сыпыра
Алыстан сөзбен орады.
– Атадан қалған алтын тақ,
930. Мақұл көрсең әлеумет,
Қазиға мирас болады.
Жиылған көп мақұлдап,
Сыпыра қартты қостады.
Халықты ертіп дана қарт,
Ордаға қарай бастады.
Тобын жазбай келеді.
Игі жақсы, бектердің
Келгенін Қараүлек көреді.
Мамайдан қалған орданы 940. Көк майсаға тігеді.
Жиылып келген халқына
Ту биені сояды,
Жал-жаяны кертіп,
Астаумен тартып, қояды
Сабаны пісіп жігіттер,
Сапырып қымыз, құяды.
Қараүлек сынды дана ана
Жиылып келген халқына
Тік тұрып қызмет қылады. 950. Сөздің реті келгенде,
«Бұйымтайың бар ма?» – деп
Қараүлек ана сұрады.
Сыпыра сонда толғады.
Тереңнен сөзді қозғады.
Кәріліктен түскен қос жағын
Жібекпен таңып торлады.
Сөзге шешен сұр таңдай
Сүрінер сірә болмады.
– Әйел де болсаң, Қараүлек,
960. Ер атанған сен едің.
Ақылменен ана боп,
Он сан елге тел едің.
Тегіңе ерлік орнаған,
Қарауыл таумен тең едің.
Ежелден сұлтан Нұрадың
Халықтың көздеп мұрадын,
Орақ, Мамай батырлар
Шеккенде сапар, жыладың.
Көз нұрың, қолда ермегің – 970. Қарасай, Қази шырағың.
Көп тілегін, қалауын
Сізге баян қыламын.
Қази сынды ұланың
Ханға лайық тұлғасы,
“Хан болар”, – деп сынадым.
Өлеріңде Мамай хан
Тапсырған сөзі көп еді
«Тірі болса Қазиым,
Таққа отырар», – деп еді. 980. Сол Қази толды 14-ке
Дүние салды Шынтемір.
Билік берсең халыққа,
“Хан қойсақ”, – деген бар көңіл.
Айбыңды ана – Қараүлек
Қарасайды шақырады,
Жан еді туған ақылды
– Қарасай, Қази – шырағым,
Бір хабар шалды құлағым.
Ізгі жанды ерлердің
990. Өсірер Алла мұрадын.
Хан болып өткен өлгенше
Мамай, Сұлтан, Нұрадын
Хан қоймақ сен, Қазижан,
Елдің қалпын сынадым.
Қарасай, Қази – бөбегім,
Қос қыраным, түлегім,
Қызығыңды сендердің
Көріп өлсем”, – деп едім.
Көрдім, шүкір Құдайға 1000. Балаға ана шыдай ма?
Екі сөйлеу ерлерге,
Ойлаңдаршы, ұнай ма?
Кешегі өлген Шынтемір
Тапсырған еді Еділді.
Дос болып ең, анттасып.
Бұзбаңдар, жаным, әмірді.
Қызықпаңдар хандыққа,
Бермеңдер жасқа зәбірді.
Атасынан қалған алтын тақ – 1010. Мирас жетім Еділге.
Жоғары көтер достықты
Болғандай үлгі өмірге.
Екі сөйлеу – ерге өлім,
Алыңдар тоқып көңілге.
Ерлікпен өткен жеті атаң,
Айрылмаңдар сол жолдан.
Ел қорғау ерге жеңіл ме?
Хан болсын Еділ достарың
Ойлаңдар, жаным, дос қамын. 1020. Көпті көрген көне едім,
Сендерге ақыл қосқаным.
Билер мен бекті, Қарасай,
Хан ордасына бастағын
Ағаңның тілін қайырмай,
Қазижан, сен қостағын, –
Деп, қарт ана тоқтады.
Қостады мұны топтағы.
Шынтемір ханның ордасына
Топ та келіп, тоқтады. 1030. Халықты ханым қарсы алды,
Хан ордасын күн шалды.
Еділді таққа мінгізіп,
Басына тәж кигізіп,
“Хан! – деп елге жар салды.
Жеті жасар Еділ хан
Жұртты аузына қаратты.
Жасы жастық қылмайды,
Туса бала талапты.
Он сан елді тең ұстап, 1040. Алдынан бәрін таратты.
Қарасай, Қази – қол басы,
Сайлады әскер жарақты.
Ерлеріне сайма – сай
Сансыз тұлпар жаратты.
Қарасай, Қази, Еділ хан –
Үшеуі қатар ер жетті.
Жау шыдамас бетіне,
Арыстандай келбетті,
Әділдік, ерлік жолыңда 1050. Тасын қырға өрлетті.
Он сан елі орнығып
Тыныштықта гүлдепті.
Ең байлықта еркін ел
Дауды, жауды білмепті.
Күндерден күн өткенде,
Көтерілер күн жеткенде
Қарасай сынды ағасына
Еділ хан келіп сөйледі:
– Бізден бұрын өткен хан,
1060. Ерлігі артық өктем хан
Жау жағасын сөккен хан,
Дұшпанның қанын төккен хан,
Мұрадына жеткен хан.
“Жау!” дегенде, аттанған,
Жау табылса, шаттанған,
“Қалмақ”, – десе, қасарған,
Мінген аты бапталған.
Үш қырлы жебе, көк найза
Қарағайға сапталған. 1070. Астана халқын басқарған.
Талай жауды жылатқан,
Жігер менен қайратын
Есіткен жан ұнатқан.
Ерлігіме сын болар,
Хандығыма мін болар,
Көңліме кір болар,
Атаның жолын қумасам,
Тас кесетін ақ алмас
Беліме құрсап бумасам, 1080. Ала көбең жаулар көп,
Бастап барып халқымды,
Дұшпанымды қырмасам,
Кектескен жаудың кегі үшін,
Керегесін отын қып,
Қызын қатын қылмасам.
Көншір емес көңлім,
Соғысар маған жау тап, – деп,
Қасарып Еділ болмады.
Қарасай сонда толғады: 1090. – Әміріңді екі қылмайын,
Сөзіңді жақсы тыңдайын.
Осы айтқаның шын болса,
Қарайын жаудың ыңғайын.
Ағада болар ағалық,
Жастықта болар шалалық.
Жай жатқанда жау іздеп,
Шырағым, етпе балалық
Алда – жалда болмасаң,
Тілімді айтқан алмасаң, 1100. Қараүлекке баралық.
Қараүлек анам жау табар,
Содан сұрап қаралық,
Қарттан ақыл алалық.
Халыққа басшы ханымсың.
Не айтсаң да, көнеміз,
Айтқаныңа сенеміз,
Сізге тізгін береміз.
Қараүлек тұрған ордаға
Екі батыр жүреді. 1110. Талма тал түс кезінде
Ақылды ана біледі.
“Жолдарың болсын жаным”, – деп,
Миығынан күледі.
Ордаға келіп кіреді.
Желіккенін ерлердің,
Сонда Еділ сөйледі:
– Жас күнімде хан қойдың,
Соңымнан ерді ел, – деді. –
Ойыма түсті бір қиял,
1120. Өзіңіз ақыл бер, – деді. –
Ой мәнісін айтайын,
Жақсы тыңдап көр, – деді. –
Жан жолдасым – Қарасай,
Көпті көрген көнеге
Бұйымымды айтып бер, – деді.
Сонда Қарасай сөйледі:
– Жеті жаста Еділің
Халыққа ғаділ хан болды.
Ойлағаны ар болды.
1130. Сескенер емес батыл ер.
“Бұрынғы өткен хандардың
Мен де жолын қуам, – деп. –
Беліме алмас буам, – деп, –
Ел көңлінен шығам, – деп, –
Жау табылса, қырам”, – деп,
Еділің тыным бермеді,
Айтқаныма көнбеді.
“Жауласуға жас жетті,
Жау іздеуім жөн”, – деді. – 1140. Тегі Сұлтан Нұра хан,
Орақ, Мамай заманнан
Кекті дұшпан бар ма еді?
Қараүлек сонда сөйледі:
– Еділ ханым – шырағым,
Келген бойда-ақ сынадым.
Орақ, Мамай барында
Көздеген елдің мұрадын.
Балалықпен шешеңе:
“Жау тауып бер”, – деп сұрадың. 1150. Ауыр тиді анаңа
Күтпеген жерден сұрағың.
Қазақ Қазақ болғалы,
Талай хандар орнады,
Қызылбас, Қалмақ жауласып,
Тыныштық елге болмады.
Шауып, шаншып қазақты,
Талай дұшпан қорлады.
Сенен бұрын бәрі өтті,
Талай батыр, хан өтті. 1160. Атандың елге “Әділ хан”.
Төреңді кім кемітті?
Жау іздеп, жаным, жауықпа,
Дүрліктіріп ел-жұртты.
Жауың келсе өзі іздеп,
Көрінер сонда кім мықты?
Тілімді алсаң, Еділжан,
Ел ұйтқысын бұзбай-ақ,
Сақтайтын тыныш күн жетті.
Сонда Еділ сөйледі: 1170. – Болғаным жабы ұнай ма?
Ел намысын жоқтамай,
Жатуға ер ұл шыдай ма?
Соқтықпай жауға, тынбаймын,
Тапсырып ақырын Құдайға.
Өткен хандар жауласқан
Менен артық Құдай ма?
Қарасай, Қази – екі ағам
Ақырып кірсе майданға,
Қашпай жауы, шыдай ма? 1180. Қауырсыны қатқан соң,
Бүркіт құс жатпас ұяда.
Белгілі берен ер жігіт
Көк сауытқа сыя ма?
Қас жаманның белгісі:
Ел үшін жанын қия ма?
Халықтың намыс-ары үшін
Елден жаным садаға.
Қараүлек сонда сөйледі:
– Олай болса, шырағым,
1190. Осы айтқаның шын болса,
Құлыным, өссін мұрадың.
Ұзақ өмір, ұзын жас,
Қарағым, саған сұрадым.
Іздесеңдер ел кегін,
Құтты болсын талабың!
Шын жау болса керегің
Адырмайтын ауыр қол –
Ата жауды табамын.
“Қайта оралып келер!” – деп, 1200. Қуанып, көңлім күтеді
Орақ, Мамай заманын.
Жау сағынсаң, Еділжан,
Қуандырдың өзімді.
Құлағың салып, тыңдай бер
Ауыздан шыққан сөзімді.
Кешегі Мамай барында
Қара қыпшақ Қобланды
Осы ордаға келгенде,
Маған сәлем бергенде, 1210. Мамайменен екеуі
Билік айтып, кеңесті,
Ерлік айтып, егесті.
Сонда Қобылан не десті?
– Он екіге келгенде,
Туырлықтай ту алдым
«Жау!» – деп айтса, қуандым.
Мен қалмақтың елінен
Таңдап Құртқа қыз алдым.
Барсакелмес шөлді алдым. 1220. Алдырмайтын ханды алдым.
Кеңдік күнге зар қылып,
Тарылттым сонда заманды.
Көбікті деген көп қалмақ,
Есепсіз саны жоқ қалмақ,
Тағы шаптым Қазаңды.
Өзім Қобылан болғалы
Талайға бердім ажалды”.
Қара қыпшақ ер Қобылан
Осылайша деп еді. 1230. Алты айшылық жері бар,
Үш айшылық шөлі бар.
Сондай асу кезеңде
Қызылбастың елі бар.
Іздегенің жау болса,
Керегің менен табылар.
Сол жауға барсаң, не қылар?
Жау іздеуің шын болса,
Халыққа хабар салыңдар.
Жеделді туған ерлердің 1240. Бәрін жиып алыңдар.
Пайдасы тиер әр жерде,
Ақыл табар тар жерде
Сыпырадай кәріні
Қалдырмай, барыңдар.
Қалмасын елде бихабар.
Жай бұлтындай жайнаған,
Сансыз жаудан таймаған.
Жауды көзі көргенде,
Жігері оттай қайнаған, 1250. Қолындағы ақ қылыш
Қанға, жасып, тоймаған,
Ата тегі – алып күш,
Ежелден ерлік орнаған,
Талай жерді шарлаған,
Соғысар жауын таңдаған,
Айдаһардың лебіне
Қолын салып, барлаған.
Барған жауын тындырған,
Шойыннан шоқпар құйдырған, 1260. Қанша дұшпан келсе де,
Бір қауызға сыйдырған.
Ахмет сынды батырды
Қасыңа ал, Еділжан.
Қарасай, соған жылдам жет,
Сол ағаңда қайрат көп,
Ерлігі мықты, құдірет.
Алшынның ұлы – Алау бар,
Оған да, ерлер, хабар сал.
Көн садақты Көрбет бар, 1270. Жау сескенер келбет бар
Оны да шақыр, Еділжан,
Осы күннен қасыңа ал.
Мінген аты қасқа азбан,
Ертеңнен шапса, кешке озған,
Ылдидан шапса, төске озған,
Қоңыраулы найза қолында,
Қоңыр салқын төске алған
Қарулы батыр Қартқожақ,
Сол батырды-ай қоссаңыз, 1280. Жауға жетер шамаңыз,
Қиғаштың қызыл тауында,
Қызылбастың жауында
Жыртыла қалмас жағаңыз
Жаңбыршының баласы –
Ағыс батыр және бар.
Алдынан жау қайтпайтын
Жолдастыққа Ағысты ал, –
Деп Қараүлек анаңыз,
Ерлерге кісі шаптырды. 1290. Ерлердің естіп хабарын,
Сыпыра қартың сап құрды.
Іріктеп алып жүз кісі,
Жолды бастап тартты өзі.
Айтулы батыр Ахмет –
Алдырмас жауға асыл тек,
Нөкер алып жүз кісі,
Киініп сауыт,ол келед.
Арлы туған Алау ер,
Ақылы терең, балуан ер, 1300. Хан хабарын алған оң,
Бойынан күш, ақты сел.
Нөкері бар жүз кісі,
Батырмен туған бәрі тел,
Сайланып, самсап келеді
Қайысқандай қара жер.
Алысқан жауы маталған,
Соғысқан жауы оталған,
Ызғары күшті ер еді,
Көрбетті содан атанған. 1310. Ізденіп келіп талай ер,
Көрбеттіден бата алған.
Хабарды естіп Көрбетті,
Жадырап жаны, желікті,
Көптен бері жау көрмей,
Үйде отырып ерікті.
Қарына қару іледі.
Бесін уақыты болғанда,
Қараүлектің үйіне
Бұлар да жетіп келеді. 1320. Қатулы батыр Қартқожақ
Жүз кісіден қол алып,
О да келді бір жақтан.
Күйіне түскен бедеулер
Ор текедей орытқан.
Жау құмар батыр ежелден
Сарқып ойын, қорытқан.
Баратын жаудың жері алыс,
Көрмеген жанға жол шалыс,
Сексен кісі серімен 1330. Келіп жетті ер Ағыс.
Көрікті ерлер жиылды,
Көруге бірге қиынды.
Дабысын естіп ерлердің,
Жан – жақтан әскер құйылды.
Жиналып халық болған соң,
Сыпыра қартың сөйледі:
– Қараүлек атты ана едің.
Көпті көрген дана едің.
Болашақты болжап көр,
1340. Айтқаныңыз келетін
Әдетіңіз бар еді.
Қараүлек сонда толғады.
Сөйлер сөзге жорға-ды:
– Егеліп тұрған ерлерім,
Сыртынан қоршап аласың,
Іздеген жауды табасың,
Қойға тиген бөрідей
Ойран-топыр саласың.
Жан таласқан жауыңның 1350. Құртасыңдар шарасын.
Анық жете білмедім,
Аяулы ердің біреуі
Жау қолында қаласың.
Батырлар киіп сауытын,
Садақтарын асынды.
Қоржындарын бөктеріп,
Айбалта ерге асылды.
Қараүлекпен қоштасып
Аттанғанда батырлар, 1360. Іздемеді еш адам
Қази сынды жас ұлды.
Қазиды көріп Қараүлек,
“Қалдың, – деп, – неге?” – сұрады.
– Батаңды жеке алам, – деп,
Қасқайып Қази тұрады.
Қазиын сүйіп Қараүлек,
Батасын сонда береді:
– Ал, қолымды жаяйын.
Сенен немді аяйын? 1370. Қырық шілтен, Ғайып Ерен,
Қолдасын сені Құдайым.
Қайрылмай кетті Қарасай,
Сол болар маған уайым.
Жараланар майданда,
Жәрдем ет соған, сұраймын.
Жолың болсын, құлыным.
Сендер аман келгенше,
Не көрсем де, шыдайын, –
Деп, Қараүлек түюлі 1380. Бір зат ерге ұсынды
Не екеніне түсінбей,
Қази сонда қысылды.
Қамқор болған қарт ана
Қайыра тағы сөйледі:
– Қырық болаттың қылауымен
Уыттаған дәрі еді.
Ала кет, жаным, майданға.
Жөнелді Еділ ту ұстап,
Реттеп қолды, дұрыстап.
1390. Жаз күнінде, күн ыстық.
Күндіз-түні дамылсыз,
Қонбай жүрді, тыныстап
Алты айшылық жер еді,
Арада үш ай шөл еді.
Ерігіп ерлер жарысты.
Күйіндегі кіл бедеу
Ауыздықпен қарысты,
Басыменен алысты.
Астындағы тұлпардың 1400. Табанынан жер соқты,
Маңдайынан күн соқты.
Енді шөлейт жер келді,
Адам да, ат та шөлдейді,
Шөлдеуменен меңдейді.
Жалды аттардан жал кетті,
Батырлардан әл кетті.
Әуе айналған аңызақ
Кептіріп аңқа, шөлдетті.
Еділ хан сонда сасады, 1410. Бетінен өңі қашады.
Батыр мен бегін жиып,
Ақылға ақыл қосады,
Қолдың жайын баяндап,
Көптен көмек тосады.
Ахмет батыр тіл қатпай,
Қамшы басып тұлпарға,
Қарауыл жаққа жөнелді,
Атына жедел мінеді.
Қарауыл шоқы басынан 1420. Қияға көзді салады.
Жарқырап жатқан бір көлді
Алыстан көзі шалады.
Көлге қарап шабады.
Қақтығып батыр барады.
Ат суарып алады.
Өзі суға қанады.
«Тәтті көл» деген көл екен,
Қуанып, көңлі тынады.
Аспанға атып шапшыған 1430. Таудан аққан бұлағы.
Басы – бұлақ, аяғы –
Айдын көл, жасыл құрағы,
Бір жағына көз салса,
Адыр биік тау екен,
Қалың орман арасы,
Белден шабын, бау екен.
Бір жағына көз салса,
Жоңышқалы көк шалғын,
Кілең тілкем сай екен. 1440. Ат отына жай екен.
Күннің көзі көрінбес
Таласа шыққан ағаштан.
Шортаны қара бақандай,
Бақасы шөккен атандай,
Жапырақтың жалпағы
Ерлер киген шапандай.
Айналасы сол көлдің,
Ат шаптырса, жеткісіз.
Суы тәтті шекерден, 1450. Ішкен жан қиып кеткісіз.
Қалмақтың ханы – қожасы
Алма бағын ектірген.
“Ел қонбаған нулы көл,
Ақ сары бас қулы көл,
Елсіздегі еркін көл,
Шалқып жатқан шалқар көл, –
Ахмет батыр, – көрдім”, – деп, –
Хан алдына барады.
Аңсаған қол шілдеде 1460. Көлге қарай шабады.
Шырадай ашылып көздері,
Шөлдеген ерлер қанады.
Бойы ширап, ес жиып,
Қияға көзді салады.
Жеңсік болған жемістен
Жеп, мейірі қанады.
Жеті күн жатып батырлар,
Жиды тегіс бойларын.
Аттанар жауға күн жақын, 1470. Ортаға салды ойларын.
Ұшынып кетіп сөзден сөз,
Өз ара сонда керісті.
Бірімен бірі егесіп,
Басылар, сірә, болмады,
Найзаларын тіресіп,
“Қой!” – дегенге қоймады.
Сонда Ағыс сөйледі:
– Осыларың жөн бе еді?
Бұздыңдар бүгін бірлікті, 1480. Бет алған ісің өнбеді.
Ер ынтасы бытырап,
Біріне бірі көнбеді.
“Атым – Қазақ?” – дегенде
Ерлер неге кірледі?
Бұл – масқара, не сұмдық?!
Хан әмірімен жүрмеді.
Сонда Еділ хан бұйырды.
Самсаған қол жиылды.
– Соғысыңдар жекпе-жек,
1490. Сынаңдар, күшті, қиынды.
Біріңді бірің аяма.
Аясаң, соғыс бола ма?
Күш сынасып бағыңдар.
Алысқа тентек тоя ма?
Мұны естіген Сыпыра қарт
Орнынан ұшып тұрады.
Көптен тілек сұрады
– Татулықпен сына күшіңді, –
Деп жалынып, жылады. – 1500. Тау басында қара тас
Жатыр, әне, қарашы.
Жауласпаңдар өзді-өзің,
Болайын мен арашы.
Ашуды тастап, батырлар,
Соны атып қарашы.
Онша да, мұнша қамал жоқ
Алмаған адам баласы.
Кезекпен бәрің атыңдар,
Қалмасын тасқа жаласы. 1510. Содан анық көрінер
Батыр мен батыр арасы.
Батырлардың баршасы
Қарт сөзіне көнеді.
Садақтарын асынып,
Тауға қарай жөнеді.
Қазандай қара тас жатыр
Тау басында, көреді.
“Батырлардың ішінде
Ахмет үлкен”, – дер еді. 1520. Үлкенге кезек береді.
Садағын Ақаң кезеді.
Көздеп тартып қалады.
Өтпеді тасқа садағы.
Алау алды кезекті.
Үші өткір жебесін
Сарыжаға керіпті.
Толғап тартып қалады.
Зуылдап оғы барады,
Қара тасқа қадалып, 1530. Төрт елідей жарады.
Көн садақты батыр Көрбетті
Алаңғасыр ер еді.
Кезек соған келеді.
Садағын қолға алады.
Толғап тартып қалады.
Қара тасты бұл-дағы
Қарыс сүйем жарады.
Қартқожақ батыр желденді,
Желігіп, жетіп келді енді, 1540. Қара тасты көрді енді.
“Талқандайын тасты”, – деп,
Толғап тартып қалады,
Атқан оғы оның да
Төрт қарыстай барады
Бармағын тістеп Қартқожақ,
Жан-жағына қарады.
Ақырып Ағыс келеді.
Құлаштан садақ кереді,
Жебесі зырлап кетеді, 1550. Қара тасқа жетеді,
Бес қарыстай барады,
Майрылып оғы қалады.
Қатуланып Қазбан сұр,
Асығып кезек сұрап тұр,
Кезегін енді алады,
Садағын тартып қалады,
Қара тасты шатынатып
Жеті қарыс барады,
Майрылып оғы қалады. 1560. Орақтан туған Қарасай
Енді кезек алады.
Қасқайып жетіп барады,
Садағын тартып қалады,
Зуылдаған сұр жебе
Қара тасты жарады.
Тастан өтіп болат оқ,
Қара жерді қабады.
Қайратына батырдың
Хан Еділ таң қалады. 1570. Білдірмейд бірақ Еділ хан,
Білдіруге арланды.
“Өзімнен артып кетер”, – деп,
Қызғанып сонда, шамданды:
– Байқадың ба, батырлар,
Аталы ердің атысын?
Қара тасты қақ жарып,
Қарасай тапты қапысын.
Қатардан қалғым келмейді,
Келіп тұр менің қатысқым? 1580. “Қарасай сынды ерменен
Күш сынассам”, – деп едім.
Садағын Еділ қолға алды,
Әлденеге долданды.
Талабын жастың бір Алла
Сағатында оңғарды.
Атқан оғы Еділдің
Қара тастан өтіпті,
Таудың талай шоқысын
Төңкеріп-ақ кетіпті. 1590. Атқан оғын оздырып,
Еділдің көңлі өседі.
Қайратына мастанып,
Хан Еділ желдей еседі
“Арық аттар жалданды.
Жүдеген ерлер әлденді.
Рақатта жан, хош кеуіл,
Баршаңа да әл берді.
Ерлік сынап, егесіп,
Көл басында шаттандық. 1600. Қол бастаған Ахмет,
Атақты басшым сен едің.
Қиғаштың биік тауынан
Қарауыл, батыр, қарап кел.
Жау шамасын болжап көр,
Аумағы қанша ел екен?”
Хан әмірін қайтармай,
Мойнаққа тоқым салыпты,
Ерді ерттеп алыпты.
Бес қаруын асынып, 1610. Мінгені атқа анық-ты.
Шарықтады, шалқыды,
Астындағы боз мойнақ
Соққан желдей аңқыды.
Қара терге боялып,
Аттың бойы балқыды.
Ор қояндай ырғытып,
Сайлау жерден қарғытып,
Көбелеп тау желеді.
Өтуіне жол қиын 1620. Көлденеңнен кез келді.
Тауды төмен ағады,
Жағалап кетіп барады.
Өтетуғын бір кезең
Ақаң батыр табады.
Сол кезеңнен асады.
Атқа қамшы басады.
Жігер қайнап, тасады.
Өтейін десе, өте алмай,
Төтеден өтіп кете алмай, 1630. Ақыл-ойға батады.
Қалың қолдан Қарасай
Ахметке ереді.
Асудың талай қиынын
Қияда ерлер көреді.
Асырмайтын бұл тауды
Қиялап басып, өрлейді.
Қара атқа да күш түсіп,
Жануар содан терлейді
Жан ұшырып жайсаңдар, 1640. Өрмелеп тауға шығады.
Тауға шығу қиын-ды
Қос өкпені сығады.
Ақырды кенет айдаһар.
Сескеніп бұлар, бұғады.
Жата қалып тұлпарлар,
Елеңдеді құлағы.
Қарасы таудай айдаһар
Леппен тартып барады.
Қатулы батыр Қарасай – 1650. Халықтың сенген қарағы.
– Кесерткеден қорыққан,
Ойласам, маған сын екен,
Ерлігіме мін екен.
Маңдайыма тап болған
Айдаһардың күні екен.
Мұны мен “жау” демейін,
Кесірткеге теңейін.
Тас кесетін алмаспен
Ортасынан бөлейін.
1660. Сыпырып алып қабығын,
Құс таңдай қылып өрейін.
Құйрығымен тау соғып,
Лебімен тартып барады.
Ат аяғы тоқтамай,
Жақындап батыр қалады.
Әулиеге ат айтып,
Буынын бекем қатайтып,
Орақтан қалған семсермен
Оралта келіп салады. 1670. Айбат шеккен айдаһар
Бүктетіліп қалады,
Аға батыр Ахмет
Қарасай сынды балаға
Қадала сонда қарады.
Жаусыраған батырлар
Қараобаның басынан
Қарауыл қарап тұрады,
Қаланы болжап қарады.
Он екі қатар қақпалы, 1680. Бекінген бекем ел екен.
Бұрын-соңды жаулардың
Еш бармаған жері екен.
Шаһардың сырты айнала
Он жеті қатар ор екен.
Айналасы болаттан
Жағалай құрған тор екен.
Мұны көріп Қарасай,
Дулығасы көк болат,
Басына киді бөрікті. 1690. Жауға жалғыз шабуға
Өзіне батыр сеніпті.
Гүрзіні қолға алады.
Қорғанға жақын барады
Гүрзіменен салады.
Айбалтамен шабады,
Талқан қылад қаланы,
Мұны көрген қалмақтар,
Барабанын қағады.
Сан жетпейтін қалың қол 1700. Батырды қамап алады.
Қас жауымен қасқарып
Қарсыласып барады.
Қабан құлақ қарамен
Қашқан жауын орады,
Құрыды қалмақ амалы,
Еркін шауып, еліріп,
Еріңнің жүрді талабы.
Қу томардай құлатып,
Талайдың басын қағады. 1710. Қарсы келген жауларды
Қарсысынан шабады.
Жылға – жылға жерлерден
Жылжып қан да ағады.
Тебінгіден тесе атты,
Үзенгіден кесе атты.
Қабаттасып келгенін
Қабатынан қоса атты.
Талайларын құлатты,
Батырларын сұлатты, 1720. Алмасы өткір қияқты,
Арыстандай сияқты
Жалғыз жүріп Қарасай
Осындай салды бүлікті.
Қарауыл хан еңіреп
Қарасайдың алдында
Қол қусырып тұрыпты,
Аяғына бас ұрыпты.
Қаһарлы туған Қарасай
1730. Мойнына арқан салады,
Жетектеп ханды алады.
Екі көзі қызарып,
Ұшқын атып жанады.
Хан Еділдің алдына
Сүйретіп алып барады.
– Елдің басы – ер Еділ,
Әміріңмен барғанмын.
Мекені берік жау екен,
Көрген шақта таңдандым.
1740. Айтқан сөзі анамның
Өтірік емес, жөн екен.
Қауіп-қатер көп екен.
Беріктегі ел екен.
Бұрын-соңды бұл елге
Жау бармаған жер екен.
Сол қалаға бардым мен,
Ойран-бүлік салдым мен.
Қарауыл ханның қол астын
Түгел шауып алдым мен. 1750. Қалмақтың ханы мінекей,
Қолыңа әкеп бердім мен.
Сонда Еділ сөйледі:
“Ханын айдап келдім”, – деп,
Өтірік айтпа сен маған.
Қолыңа оңай түспейді
Қалмақтың ханы ол, – деді. –
Бұл сөзіңе нанбаймын,
Сөзіңе құлақ салмаймын”.
Қарасайға сөз бермей 1760. Қази атып тұрады:
“Садаға кет, ант ұрған,
Баба түкті бабамнан!
Хан қойған соң, құтырып,
Алдың ба енді жағамнан.
Ала алмай жүрген бар ма өшің
Жауынды жеңген ағамнан?
Боққа шыққан сүйрік ең,
Жаңылдың ба тобаңнан?
Шақырды ашу хан Еділ, 1770. Болды сонда көп дабыр.
Ерлердің сезіп арасын,
Сөйледі Сыпыра – қарт бұлбұл:
– Жеті ханды өткергем
Сендерден бұрын, балалар!
Данышпан хандар қашан да
Ер ерлігін бағалар,
Ер де елді сағалар.
Өзді өздерің керіссең,
Дұшпаның білген табалар.
1780. Ала ауыз болсаң, Еділ хан,
Аузыңдағы жоғалар.
Жанжалды қойып, жауға шап.
Дұшпаның білген табалар.
Қарт сөзі екі болмады.
Мақұлдап, көп те қоллады.
Суыт жүріп батырлар,
Қызылбасты шаппаққа
Тәуекелдеп бет алды.
Жау тұсына келеді, 1790. Шамалап ерлер көреді,
Әр батырды бас қылып,
Жүз кісіден бөледі.
Тұс – тұстан жауға тимекке
Бекініп ерлер жөнеді.
Алшынның ұлы – Алауы
Тастады іліп жалауын,
Жүз батырын жүздіріп,
Бұзды жаудың қамалын.
Айсаның ұлы Ахмет, 1800. Айбыны, күшті құдірет,
Бір бүйірден ол тиді
Жауар күндей күркіреп,
Қамалды бұзып, кетті өтіп,
Сілкініп дүние, дүрілдеп.
Тигеннен жауды еңіретті
Көн садақты Көрбетті,
Тас қорғанды талқандап,
Тар кезеңнен ол да өтті.
Қатулы батыр Қартқожақ 1810. Азу тісін қайрады,
Ақ көбік шашып тұлпары,
Ор қояндай ойнады,
Жүрген жері жосадай,
Көпіршіп қан, қайнады,
Найзаға тізіп өлігін,
Тірісін қойдай айдады.
Қызылбасты қыруға
Құмартты сондай, тоймады.
Жаңбыршының ұлы Ағыс-ты, 1820. Бір тұстан салды соғысты,
Тасыған дария сеңіндей
Өлік пен қан тоғысты.
Тоғыз жасар Қазбансұр,
Жау еді жастың тілегі,
Жау ішінде жайнаңдап,
Сыбанулы білегі,
Қанша қалмақ қамасын,
Айнымады жүрегі,
Жаудың күнін салдырды. 1830. Қарасай мен ер Қази:
“Бабам!” – деп ұран салып жүр,
Тізгін қосып екеуі,
Семсерін қанға малып жүр,
Талайдың басын қағып жүр.
Қаланы алып болғанда,
Қарауытқан түн болды.
Батырлар бәрі бас қосып,
Сапарлары оң болды.
Тыныс ала бергенде, 1840. Тыңнан келді бір хабар:
“Жау алды, – деп, – бар жолды”.
Қарасай естіп, ақырды,
Аруағын шақырды,
Қараға басты тақымды.
“Қайдасың?” – деп, Қазиды
Қатулана шақырды.
Қарасай мен Қази ер
Ақырып жауға тиеді.
Қаннан бұлақ ағызып, 1850. Өліктен оба үйеді.
Қара жүрек Қызылбас
Жерден кебін киеді.
Ердің ерлік істерін
Жырлауды жаным сүйеді.
Жау қырылып болады,
Жол да еркін қалады.
Әскерлерін түгендеп
Батырдың бәрі санады.
Жүз нөкер мен Еділ хан 1860. Жоқ болып топта шығады.
“Аламыз, – деп, – ер құнын”,
Ерлер қайта аттанды.
Кектенсе, көрмес ер тыным,
Егеліп, тегіс саптанды.
“Қара да емес, хан құны”, –
Деп, батырлар оқтанды.
Ашу, намыс кек кернеп,
Көздерінен от жанды.
Жан талас майдан басталды. 1870. Домалап доптай бас қалды.
Қарасай Қази – екі өрен
Батырларды басқарды. Жердің көгі жабысып,
Боялып қанға тас қалды.
Тұманнан күнді көрмеді,
Семсерін кезек сермеді.
Құлаштап салып найзаны,
Бұқтырып жауды, өрледі.
Осылай тасып жүргенде,
1880. Жараланды Қарасай,
Қызумен өзі білмеді.
Сорғалап аққан ыстық қан
Құртып барад сүлдені
Аққан қаннан әлсіреп,
Қарасай аттан құлады.
Қабан құлақ қарасы
Қасынан кетпей тұрады.
Тұрпарды көріп Қази ер,
Атының басын бұрады. 1890. “Қарасай жазым болды-ау!” – деп,
Жүрегі ердің ұрады.
Екпіндеп Қази келеді,
Ағасын жатқан көреді.
Жатқанына арланып,
Түйдектеп сөйлей береді:
– Ініден төмен болар ма
Алдында өскен ағасы?
Ер жігітке бата ма
Жаудың салған жарасы?
1900. Қарасай саған не болды?
Қанды-ау Қызылбас табасы!
Ашуланып Қарасай,
Қайраты тасып қызады,
Қанын тартып ішіне,
Суытып түсін, бұзады.
– Не болды бүгін маған? – деп, –
Тілі тиді Қазидың,
Өңменен өтті жаман, – деп. –
Бірге туған Қазидан
1910. Қалайша кейін қалам? – деп,
Шамырқанып, шамданып,
Қарасай батыр арланып,
Пірлерден жәрдем сұрады.
Сауытының сыртына
Түгі тұтам шығады.
Есін жинап алады.
Енді ұмытты батырың
Денедегі жараны.
Айбаттанып ақырып, 1920. Жан-жағына қарады.
Қанталаған қара көз
Қазиды шолып қарады.
Темір тікен секілді
Бетінің түгін көреді.
Түйіліпті қабағы,
Кейігенін біледі.
Жараны таңып жалма-жан,
Қабан құлаққа мінеді.
Айбаттанып ақырып, 1930. Қайта жауға кіреді.
Бұрынғыдан артықша
Бойына қуат барады.
Кеуде ашуға толады.
Келген жерден талайын
Қарасай ерің жояды.
Еш нәрсені білмеді.
Үш қырлы өткір жебемен
Кез келгенін түйреді.
Бір кезде майдан басылды, 1940. Қара түнек ашылды,
Самсаған қол, сарбаздар
Біріне – бірі қосылды.
Қызылбас жерін шарлады,
Жабыла іздеп жамырады
Еділ сынды жас ұлды.
Қайтпайтын беті, қасқарған
Қази сондай ер еді.
Тастан салған зынданның
Есігін бұзып кіреді. 1950. Қапаста жатқан қаріптің
Босатып бәрін жіберді.
Көзіне түспей Еділ хан,
Түтігіп батыр, жүдеді.
Алыстан талып зарлы үн
Құлағыңа келеді.
«Елім-жұртым, ерлерім
Хабарсыз қалды алыста.
Ен жауда қалып, ерлерім,
Кім салар құлақ дабысқа? 1960. Қарасай, Қази – қаһарман,
Кеттіңдер ме шынымен
Бір бұрылмай намысқа»?
Сонда Қази тыңдады.
Зарлы үн ерді шыңдады.
Үн шыққан жаққа жөнелді,
Дәт тұтып батыр тұрмады.
Жапырып жауын келеді,
Самсаған қолды көреді,
Арбада Еділ жегулі. 1970. Мойнында қамыт тұр еді.
Арбаны тізіп, тіркеген.
Құрыммен бетін бүркеген.
Денеден кеткен торы еті,
Тірі адамның суреті,
Еділді Қази біледі.
Сонда батыр долданды,
Тас шоқпарын қолға алды.
Құлдарды ұрып, жапырды,
Жүрегін жара ақырды. 1980. Еділ ханды босатып,
Қызылбас көзін батырды.
Ханын ертіп Қази ер,
Ерлерге келіп қосылды.
Елдің жоғын тауып кеп,
Қуандырып қосынды.
Қызылбас елін талқандап,
Тентектерін тұтқынға ап,
Алдына салып жылқысын,
Тыйды жауды күлкісін. 1990. Қызылбас сынды дұшпанның
Сындырды азу бар тісін.
Кекті жаудан кек алып,
Батырлар елге жол шекті
Қазиналы көп олжа
Ер көңілін желдентті.
Жырлаған еркін шаттық үн
Ен даланы күңірентті.
Ежелгі жауын жаншып,
Еліне бәрі бет алды. 2000. Естеріне ел түсіп,
Ер жүрегі от жанды.
Тау мен тасты тербетіп
Қосылып бәрі ән салды.
Қашаннан сақ Қарасай
Тоқтай қалды кенеттен.
Алыстан сонда естілді
Қоңырау даусы күңіренткен.
Дыбысқа қарай бой ұрып,
Ізімен Қази шабады. 2010. Көзді ашып-жұмғанша
Қасына жетіп барады.
Қоршаған әскер төрт жағын
Көк күймені көзі шалады.
Ағып өтіп жанынан,
Алдынан қарсы орады
– Кім болад?” – деп, бұрылып,
Күймені Қази сұрады.
Сонда тұрып бас уәзір
Батырға жауап береді:
2020. – Ханымыздың еркесі,
Екі анаға тел еді.
Күлсе, күміс төгілген,
“Күнсұлу” атын дер еді.
Тең құрбыға сөйлесе,
Бикештің сөзі өр еді.
Екі көзі шамшырақ.
Қараған жігіт қадала
Көзінен жүзін көреді.
Тізілген тісі ақ маржан, 2030. Ақ патса басқан мөр еді
Білгің келсе, ей, мырза,
Ерке бикеш зерігіп,
Серуендеп келеді.
Сонда Қази сөйлейді:
– Көрсем, – деймін, – хан қызын,
Күннен сұлу ақ жүзін.
Ұнатсам, өзім аламын.
Ұнатпасам, бикешті
Ат көтіне саламын,
2040. Еліме алып барамын.
Менің атым – ер Қази,
Орақтан туған баламын.
Ұрпағымын
Қаһарман қазақ боламын.
Қыз нөкері қызарып,
Серпіле берді күймеден.
Күймеге келіп ер Қази,
Ашулы үнмен сөйлеген:
– Басыңды көтер, керік қыз.
2050. Көруге сені келдік біз.
Тербетіп тұрар уақыт жоқ,
Мініңіз атқа, келіп сіз!
Дегеніме көнбесең,
Көнгеніңді білесің.
Сыйлағанды білмесең,
Жер басып, тірі жүрмессің!
Күймеден түсіп хан қызы,
Батырға басын иеді.
Шыдай алмай қорлыққа, 2060. Жалындап іші, күйеді.
Батырдың айтқан әр сөзі
Жанына оқ боп тиеді.
Бикеш қолын қусырып,
Сонда сөйлей жөнелді:
– Қазақтың батыр ұлы да
Мұндай долы болар ма? Заманы бірге құрбыға
Сөзбен жара салар ма?
Төреле өзің, батырым.
2070. Мұны да “мін” деп ойласаң,
Сөзіңе көңлім толар ма?
Қарсы тұрар халім жоқ,
Дегеніңе көнемін.
Қорғап алар жарым жоқ,
Жетегіңе еремін.
Болғанда мен хан қызы,
Сен – батыры қазақтың.
Лайықта да, алып жүр,
Ерікті саған беремін. 2080. Қази ер сөзден жеңіліп,
Не дерін сонда білмеді.
– Күймеңе мін, Күнсұлу!
Қосынға қарай жүр, – деді
“Хан қызына мін болар
Жайдақ атқа салғаным.
Ерлігіме мін болар
Күнсұлуды алғаным”, –
Деп ойлаған Қази ер
Қосынға алып келеді.
2090. Қосындағы көп қолы
Тұтқын қызды көреді.
Тарту қылып олжасын,
Еділ ханға береді.
Салтанатын өзгертпей,
Күнсұлу сынды сұлуды
Елге алып жөнеді.
Алысқан жауын адақтап,
Қарасай, Қази – ерлердің
Еліне қайтқан жері еді.
Ел айтқан ертектің
Бір саласын жыр етіп
2092. Қарт жырауың береді.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру