TELEGEI

Home

Бас тармақ

Рымғали Нұрғали

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Бас тармақ

Бас тармақ

АЛАШТЫҢ БАС ШЫҒАРМАСЫ

Алаш қайраткерлері ішінде коммунистік террордан тірі қалған жалғыз қазақ Мұхтар Әуезов еді. Ол ұлы толқынның рухани аманатын көркем әдебиетте толық қалдырған бірден-бір қаламгер. Бұл идея ең алдымен оның басты шығармасы «Абай жолы» романында жүзеге асты. Қазақ әдебиетінің тарихындағы дала тағдырын мұхит тектес тереңдікпен толғаған “Абай жолы” роман-эпопеясының авторы Мұхтар Әуезовтің көпке дейін, дәлірек айтқанда, қырықтың үстіне шыққанша, ұлы ақынның өмірі, туған-өскен ортасы туралы шығарма жазу жоспары болмағанын ескерткені бар. Абай өлеңдерін бастыру, ғұмырбаянын жасау, зерттеу еңбектер жариялауды романға барар жол деп санамаған екен. Сондықтан үлкен шығарма идеясы әбден піскен кезде, қажетті уақытты өткізіп алғанына бармақты шайнаған. Дегенмен, ескі жұртта әлі де көп естелік бар-ды. Абай заманының сан-салалы сырларын, дәуірдің қат-қабат тартыстарын, дәлді оқиғалар, аңыз-әңгімелерді даланың жезтаңдай, ескі көз, құйма құлақ адамдары кейде саф таза күйінде, кейде мың құбылтып жеткізген болатын. Абайдың мінезіне қанықтырған қасындағы жары - Әйгерім, ұлы – Тұрағұл, інісі – Шәкәрім, шәкірттері – Көкбай; Қатпа, Баймағамбеттер. Көп нәрсенің түбіне, түкпірлі табанына үңілу керек болған. Ел аузы Қамқа мен Қодар нәпсі үшін қылмысқа барған деседі. Абай үш әйел алған кісі: Ділда, Әйгерім, Еркежан. Дәрмен деген ақын болмаған. Жазушылық мақсатқа орай автор өмірлік дәлді деректерді қажет жерінде өзгерткен, керекті орайда жаңа кейіпкерлер, оқиғалар ойлап тапқан. Романда қаламгердің бұрынғы шығармаларындағы әуен-сарындар жалғасып, тереңдеп, байып, жаңа сападағы көркем ойлар, кемел бейнелер туған, қазақ тілінің адам психологиясын, әлеуметтік қайшылықтарды ашып берудегі орасан зор байлығы көрініп, жанрдың ең жоғары талаптарына жауап беретін мол мүмкіндіктері ашылған. М.Әуезов тұрмысы, моральдық институттарының өмірлік материалдары негізінде қатал реализм, сұлулық, әсемдік талаптарына дөп келетін тарихи роман тудыру арқылы қазақ әдебиетінің деңгейін биік әлемдік дәрежеге көтеріп, жаңа эстетикалық игіліктер дарытып, қаламгерлік ерлік жасады. Төрт томды эпопеялық көлемді роман қазақ қоғамының жарты ғасырлық әлеуметтік, тұрмыстық, отбасылық, ғұмырын мейлінше дәл, айқын, адал бейнелейді. Оқиғалар жыл маусымдарының төрт мезгіліне бірдей, тәуліктің әртүрлі сәттерінде, күн демей, түн демей, толассыз өтіп жатады. Аталар буыны Құнанбайлар өмірінің соңғы кезеңі, орта буын Абайлар өмірі түгелдей дерлік, жаңа буын Әзімбайлар өмірінің тал түсі, жас төл Рахымдар өмірінің басы – бірімен-бірі жалғас, үзілмейтін тіршілік көшінің керуені іспеттес, бірін-бірі қуалай жосыған дария толқындары секілді сабақтас, жалғас қалпында көрініс табады. Бұл бір мәңгілік толас

таппас жақсылық пен жамандық, махаббат пен ғадауат, әділет пен зұлымдық шайқасы ретінде бейнеленеді. Романдағы негізгі соқталы оқиға, бас майдан өтетін орта – тобықты рулары мекендеген Шыңғыстау аймағы. Көршілес елдер Қаракесек, Уақ, Керей, Матай авторлық баяндау барысында, кейбір тартыс, дау-дамай кезінде ғана айтылып отырады. Шыңғыстаудың айналасы, іші-сырты, Хан, Орда, Машан, Доғалаң, Семейтау секілді әйгілі биіктер, Шаған, Ащысу, Қарауыл, Бақанас, Ертіс өзендері, белгілі күзеу, көктеу, жайлау, қыстаулар, толып жатқан адыр, шоқы, бел, асу, төбе, құдық, бастау-бұлақ, көл, ши, қорық, зират, қорым, шатқал, сай, аңғар, тоғай, үңгір, сүрлеу-соқпақ, жолдар алақанға салғандай ап-айқын көркем суретке айналған. Жазушы бір рулы ел жайлаған ортаны бейнелеу арқылы қазақ тұрмысын, тұтас алғанда көшпелілер мәдениетін түгел көрсетіп беретін биік деңгейге көтеріледі. Көші-қонның бүге-шігесіне дейін анықтап, шаруашылық орайына байланысты, мал жаю талабына сәйкес жер отын тиімді пайдалану үшін шаруа қазақтар қолданған кәсіби әрекеттердің әлеуметтік тамырлары ашылады, теңсіздік, зорлық-зомбылық, тіршілік үшін күрес сарындары сабақтас жүреді, осы арнадағы адамдар тағдыры бар. Бір рулы жайлағанмен, жалпы көлемі отырықшы шағын мемлекет сыйып кететін аймақтың негізгі қатынас-құралы – ат. Шығарма кейіпкерлерін көп ретте ат үстінен көреміз. Ат пен адам бір тұлға іспеттес. Жалғыз жолаушы сирек. Қатал далада топтасып жүрмесе болмайды. Көшпелі елдің перзенті көбіне ат үстінде. Аттың жасы, түсі, жүрісі, ер-тұрманы, мінезмашығы, аяңдау, желу, жорту, жорғалау, шабу – осының бәрін автор әр ситуацияға орай дөп басып, баяндап отырады. Көшпелі өмірдің көбесі сөгіліп, қазақ елі патша өкіметінің отарлық табанына түскеннен кейін, бекіністер, қалалар салынып, ендігі биліктің түп қазығы сол шаһарларда қағылған. Сондықтан қырда басталған дау-шар, бітімсіз күрес, лап еткен өрт түптің түбінде ұлық кеңсесіне тұмсық тірейді. Соңғы шешім сол жерде. Сол себептен романдағы бірқыдыру оқиға Қарқаралы, Семей, Алматы қалаларында өтеді. Әсіресе, Абайдың бала кезінде оқыған, кейін білім қуған, әділет іздеген, достар тапқан күндерінің куәсі – Семей. Жазушы негізінен өмірдің табиғи ағымын, уақыттың ілгері жылжу құбылысын көрсетеді. Абайдың он үш жасынан бастап дүние салғанына дейінгі қырық алты жылда оны қоршаған ортада өткен басты оқиғалар тізбекті сабақтастықта, бірінен-бірі туып, өрістеп, тарамданып, асқынып, шорт сынып, тағы бастау алып, шығындап, қатарласа дамып, лаулап барып өшіп, қайта жанып, құбылып, өзгеріп, осы арнада ондаған, жүздеген, мыңдаған адамдар тағдыры шешіліп жатады: жас шынар гүл шашады, кәрі бәйтерек құлайды. Кейіпкерлердің қазіргі өміріне тікелей қатысы жоқ, бұрын өткен біренсаран оқиғалар ғана еске түсіру арқылы белгілі болады. Жарты ғасыр уақытты қамтитын кең тынысты, сан арналы ұлы шығарманың барлық тарау, бөлімдерінде көшпелі қазақ тұрмысына етене

көрініс, сурет, тартыстармен астарлас жалпы адам баласына тән қайшылық күрес, қасиеттер мол қамтылып, кең көлемде терең де сенімді бейнеленген. Роман бірінші бетінен бастап соңғы жолына дейін сұсты өмірдің қатал шындығына суарылған. Әдемі, таза шаһарда үлкен ұстаздардан білім алып жатқан он үш жасар шәкірттің оқуын еріксіз үзіп, қырдағы күрес майданына салмақшы әке әрекеті зорлық емей немене? Ауылға деген сағыныш тағы бар. Қодар-Қамқа трагедиясының үстінен шыққан соң, екі ұдай көңілдегі Абайдың мұрттай ұшуы тән жарасы ғана емес, жан жарасы болып бейнеленеді. Жас жүректі отқа қарығандай болған осы қанды өлімнен кейін бала көңіл айнала қоршаған ортаға, үлкендер әрекетіне шошынған көзбен қарап, бірте-бірте суық та қатал шындықтарды сезіп қана қоймай, олардың әлеуметтік, философиялық астарлы мәндерін ұға бастайды. Содан барып, әуелгі үнсіз қарсылық, ішкі наразылық ұлғая келіп, саналы күрес жолына қарай беттетеді. Абайдың азамат, қайраткер ретіндегі өсіп-толығуы ақындық дарынының түйін тастап, бүршік атып, гүл шашып, жапырақ жаюымен қатар – егіз отырады. Көне жыр, ескі әңгіме, аталы сөзді жадында тұтып, көңілге тоқып; Шығыс, Батыс әдебиеттері теңіздеріне құлаш ұрып барып, поэзияның ұлы айдынына шыққан Абай талантының небір тылсым сырларын, шығармашылық психологиясын терең бейнелеген Әуезов өнегесі - әлемдік прозадағы жаңа бір дәстүрлерге мұрындық болғанын, оны өз тәжірибелерінде пайдаланғанын көптеген қаламгерлер айтқан болатын. Кейіпкерлерін бір жақсылық, бір жаманшылықта сынау - Әуезов поэтикасындағы ерекше шебер қолданылатын өнімді көркемдік тәсілдердің бірі екенін, әсіресе, Абай характерін сомдау принципінен көреміз. Қараңыз: жылы сөз айтып, маңдайдан бір иіскемейтін қатал әке, мейір-шафқат төгіп, елжіреп, еміреніп отырған әже мен ана, жаттан бетер жауығып кеткен туған аға, қоң етін кесіп берсе, қыңқ етпейтін туған іні, ата дәстүрімен қосылып балаларына ана болып отырған құшағы суық әйелі. Бұл бір шаңырақ астындағы кереғар жәйттер. Ал енді бұдан сыртқа шығып көріңіз. Кеше ғана тізе қосып, ел тізгінін қатар ұстаған Құнанбай мен Бөжей бүгін Ырғызбай мен Жігітекті соғыстырып, кісі өліміне дейін барып отыр. Бұл екі қошқардың басы бір қазанға сыймағаннан туған, бақастық, күншілдік кикілжің емес, алыс түкпірлі ниетті тіршіліктің қаны, өз нәсілі үшін қоныс кеңейту, жер алу мақсатынан шыққан арпалыс. Шындап келгенде, бұл ауыз бірліктің жоқтығынан өршитін таза қазақы рулық қақтығыс емес, жалпы адам баласының мәні бар, әулет пен әулетті, ұрпақ пен ұрпақты, халық пен халықты, ел мен елді, мемлекет пен мемлекетті соғыстыратын мәңгілік майдан. Сол үшін шекара күзетіледі, қару-жарақ жасалады, елшілік жүреді, ұйымдар құрылады. Мұхтар Әуезовтің қаламынан туған ру басылары, билер, мансап ұстаған адамдар кескін-келбеттерімен, мінез қалыптарымен, сөйлеген сөздерімен арғы-бергі замандардағы небір іргелі елдердің басшыларынан патшалардан, корольдерден, хандардан, дипломаттардан асып түспесе, кем соқпайды. Аспан, зәулім, биіктік, шыңырау тереңдік. Іштерінде алтын

ертоқымды арғымақ жатса да титтей сыр бермейтін беріктікке бір ауыз әділ сөзге тоқтайтын мәрттікті, қажет жерінде руымен у ішетін ынтымақты қосыңыз. Қас-қабақ, ым-жым, емеурін, жүріс-тұрыс, киім киіс, сөз саптау, билік-айту, ел басқару – мұның бәрінде мыңжылдық көшпелі мәдениет қалыптастырған тапжылмайтын, әбден орныққан берік салт-дәстүр бар. Дүниежүзінде болып жатқан ұлы әлеуметтік өзгерістер, отаршылық атты алапат қозғалыстар, Батыс пен Шығыстың мәңгілік шарпысуы, темір құрсанған болат тұяқ капитализмнің қанды шеңгелі сияқты ғаламат дүмпулер көшпелілер әлемін де іріте бастаған. Бұрынғы игілік, кәсіп амалдары, тіршілік қалпы, адамгершілік мұраттары енді басқа арнаға түсіп, өзгере бастаған. Жаңа өріс, соны нысана, өзгеше байлық тумақ. Мұны көшпелілердің ескі қауымы түсінбейді, келешекпен туыса табысатын жаңа төл енді келе жатыр. Мұхтар Әуезов осындай планеталық мән-мағынаға ие, қауымдар, мәдениеттер ауысуы тұсындағы сан-алуан отбасылық, әулеттік, ру-тайпалық, халықтық қақтығыс, шайқас, тартыстар үстінде адамдық мінез қалыптарымен ашылатын ондаған әдебиетіне исі түркілік, шынайы қазақылық исі аңқыған әрі тың, әрі ғажап көркем қаһармандары бар тұтас сұлулық әлемін алып келді. Бұл жұлдызды аспанның қақ төрінде темірқазықтай болып, бойына халқының ғасырларда сұрыпталып екшелеген барлық асыл қасиеттерін жиған, әрі ақын, әрі дана, әрі қайраткер, әрі ойшыл Абай тұлғасы тұр. Абай бейнесін жасауда ақын өмірінің белгілі оқиғалары кеңінен суреттеледі, оның шығармаларындағы әуез-сарындар, мотивтер, идеялар пайдаланылады. Бірақ жеке өлеңдерге иллюстрация, жалаңаш еліктеу, қайта баяндап беру дегеніңіз атымен жоқ, Абай сөздері, диалогтағы, монологтағы лебіздер түп-түгел ақын лексикасын, синтаксисті ескере отырып, тыңнан жасалған, Мұхтар тудырған. Ұлы ақын, ұлы күрескер шытырман, қат-қабат ғұмыры диалектикалық қайшылықта реалистік шыншылдықпен ашылады. Бір жағынан бұл қазақтың жаңа жазба әдебиетінің классигі, өмірдегі іздері халық санасында сайрап жатқан нақты, тарихи тұлға болса, екінші жағынан бұл ұлы жазушы қиялында балқып туған зор талант, мәні бар, мың сан қыры жарқыраған, образдық, символдық қуаты күшті, дүниежүзі өнеріндегі биік, көркем, ұмытылмас әдеби бейнелердің бірі. Адамдар рухының мың сан өзара шарпысуын кең көлемді, терең психологиялық талдау арқылы ашып берген күрделі романдағы ең үлкен сезім ағыстарының бірі – сан-салалы махаббаты алуан түрлі құлпырған көрік бояуымен, сол кезеңдегі әуез-сарынымен, бұлқына жосыған күй-толқынымен бейнеленген, Көлденең көк аттыға елеусіз ғана көрінетін туған жердің тау-тасы, өзен-көлі, аймақ-даласы жазушының шабытты қаламында қайтадан жаратылғандай болып, құлпырып, жайнап, небір ғажап қалыпта көрінеді, қыс, көктем, жаз, күз – бәрі бар. Нөсерлетіп, жаңбыр жауады, ат құлағын көрсетпей боран соғады. Абайдың аналарына (Зере, Ұлжан), бауырларына (Оспан, Шәке, Кәкітай), достарына (Ербол, Базаралы, Дәркембай), балаларына (Әбіш, Мағауия) деген ыстық ықылас, қымбат пейілін биік адамгершілік

тұрғысынан өмірдің сан қилы кезеңіне лайық қалыпта суреттеген жазушының ерекше ден қойып, зор шабытпен, ақындық ғаламат қуатпен бейнелеген психологиялық сезімі – ғашықтық сырлар, махаббат әуездері. Бұл күй, бұл қалып ең алдымен Абай басына тән. Табиғатынан ерекше сезімтал, рухы таза, бала күнінен халық әдебиетінен сусындап, жадында тұтып, шығыс поэзиясынан ғашық жырларын оқып, тәрбие алған жас бозбаланың сұлулыққа, пәктікке, әсемдікке құлауы – Тоғжанмен тұңғыш танысуымен дөп келеді. Бұл бір ақынға, асқақ тұлғаға жарасып келіскен романтикалық, ғажайып махаббат. Екі жағы да өртеніп, жанып, лаулап тұр. Сол күйлерді жазушы бірде Абай, бірде Тоғжан толғау, монологтары, тебіренісі, лебіздері арқылы жас ғұмырдың салтанат жыры етіп төгілтеді. Астарлар, тоғысулар, ұласулар Ләйлі-Мәжнүн, Қозы-Баян, Татьяна-Онегин болып жалғасады. Түптеп келгенде, Тоғжан тазалығы, сұлулығы, пәктігі Абайдың әсемдік мұратының биік нысанасы секілденіп кетеді, ол қанша ұсынса қолы жетпес алып тұғыр мәңгі тарқамас ұлы сағыныш, орны толмас арман секілді. Бұл күйлердің жалғасы, жаңа замандағы соны көрінісі болып Әмір-Үмітей, ӘбішМағыш, Дәрмен-Мәкен махаббат хиқаялары, сол сапардағы трагедиялық халдер, романтикалық серпіндер ішкі толқынды әлемді жайып салған, биік адамгершілік тұғырлардан шырқалған қымбат, асыл, жалынды ән болып төгіліп, мол сарынды симфониядай бойыңды балқытып, жан-жүйеңді елжіретеді. Бұл арнада батыр, бағылан Базаралы мен нұр жүзді, науша Нұрғаным ара-қатынасы, сыйластық, сүйіспеншілігі оқшау әсер етіп, естен кетпей, ойда қалып қояды. Шығармадағы диалектикалық қайшылық, тартыс, күрес сан-салалы, тарам-тарам, жүлге-жүлге. Әуелде зорлықпен оқудан қол үзген Абай темір ноқта кигендей болып, сүйгенінен айрылып, атастыру жөнімен үйленіп, опық жейді. Бірте-бірте өз әкесінің жуандығынан басталған әділетсіздік толқыны оны басқа жағаға, қорланғандар, қорғансыздар тобына қарай ығыстырады. Дұшпан жаттан да, жақынан да шығады. Бір әкенің екі баласы Абай бір қиырға, Тәкежан екінші қиырға тартады. Күндестік отын бықсытып жүрген Күнке, Мәніке, Қаражан, Ділдалар анау. Олардың жалғасы болып жауыздықтың жас жолбарысы Әзімбай өсіп келе жатыр. Бір жағынан жамандық қауласа, екінші жағынан жақсылық көктей бастайды. Исі Ырғызбай дұшпаны есепті Дәркембай, Базарлы бірте-бірте жақындай түсіп, ақыры Абай қасынан табылады. Өз бауырында жаралған қанаттары қандай: Әбіш, Мағауия, Дәрмен, Көкбай өле-өлгенше-ақ, адал пейілімен, таза достығынан айнымаған Ерболды айтсаңшы. Көшпелі мәдениетке тән этнографиялық, тұрмыс-салттық, сенімнанымдық, хұқықтық, әскери-саяси, адамгершілік-моральдық көріністердің барлық белгілерін толық та кең, терең де дәл қамтыған шығармада ерекше ықшамдылық, лаконизм бар. Қазақ елінің ежелгі дәстүрі, арғы замандарда басталған, тіпті шариғаттың өзі де мұртын бұза алмаған белгілі адамға ас беру, жылы өткенше өліктің артын күту, азалы үй тігіп, ат тұлдап, қаралы көш жүргізу, дауыс айтып, көрісу дәстүрі Бөжей өлімі тұсында кеңінен бейнеленеді. Екінші қайтара мұндай ситуацияға оралу жоқ.

Әншілік, серілік, аңшылық, саятшылық, құсбегілік өнерлерінің үлкенүлкен бір-бір тарауларда арнайы түрде суреттелуінен осындай көркемдік шарттарын, қаламгерлік қатал позицияны аңғарамыз. Сол секілді мезгілді уақыты жеткен соң, өзіне тиесілі көркемдік-эстетикалық міндетін атқарғаннан кейін қосалқы персонаждар ұлы оқиға арнасынан түсіп қалып, олардың орнын жаңа, басқа мақсат үшін көрсетілетін кейіпкерлер басып, соны ситуация, тың әрекет бел ала бастайды. Өмірдің небір тамаша нұрлы жақтары - әже мен ананың перзентке деген шексіз махаббаты (Зере, Ұлжан – Абай), аға мен іні арасындағы қаяусыз адалдық (Абай-Оспан) , өле-өлгенше сызат түспеген тамаша достық (Абай-Ербол), мәңгілік махаббат (Абай-Тоғжан), азамат басын сыйлап жасалған қарымтасыз жақсылық (Абай-Салтанат), ерегеспен кек алу (Тәкежан малын қуып әкету, Оразбай аулын шабу), жігіттіктің ләззаты түндері (Абай-Қуандық), серілік рахаты (салбурын аңшылық), ақындық шабыттың тәтті сәттері (өлең туған мезгілдер), биік әнмен қауышқан бақыт (Біржанның келуі, Әйгерімнің Татьяна әнін салуы), туған жердің ыстық құшағы (жайлау суреттері) секілді сан-алуан кез-кезеңдер романда айрықша бейнелі, кең тынысты, өрнекті, ырғақты бай тілмен, дәстүрлі прозаның реалистік әдістерімен, зор шабытпен суреттеледі. Іштей өзін-өзі ғажап, екіұдай болып арпалысып, ой ұшығына жете алмай, қате қадам басып, бармақ шайнап, от басынан опық жеп, ортасына сыймай, шідер үзіп кетіп, басты тауға, тасқа соғып, ұрт қимылға барып, содан таяқ жеп, қылмысты атанып, жазықсыз жаза шегіп, көп уақыттан кейін туған жерге оралып, саналы әрекетке көшкен Базаралының іші-сыртын жазушы тамашалай отырып, іш тартуын жасырмай, ашық пейілмен жарқырата көрсетеді. Бұл тұлға жазушы қаламынан ертеректе туған ірі қимыл иелері Бақтығұл, Ұзақтардың рухани туысы, дәлірек айтса, әлем әдебиетіндегі күрескерлер қатарына еркін аттап барып, тең қосылған, үздік қаһарман. Әуезовтің үлкен суреткерлік шеберлігінің терең ашылып көрінетін айқын тұсы – адам кескіндерін бейнелейтін шақ. Кейіпкер алғаш әрекет сахнасына шыққан бетте автор оның келбетінің есте қаларлық сипатбелгілерін суреттеп береді. Адамның жалпы тұрпаты, бойы, дене бітімі, қимыл-қозғалысы, әсіресе, бас бітімі, бет пішіні, көзі, мұрны, ерні, тісі атамалап көрсетілмей, бір-бірімен байланыста, әрекет, қимыл үстінде, жанды – тірі қалыпта, сан алуан көңіл-күйімен толқыған, тебіренген, ренжіген, қуанған, жеккөрген сәтінде бой көрсетеді. Жазушының қырағы көзі әр түрлі нәсілді, сан алуан әулетті діл көріп, анық танып қапысыз танытады. Суретші қалам бір-біріне ұқсамайтын ондаған адамның реалистік портретін жасайды, олар тұтас көрмелерді толтыруға жетіп жатыр. Әуезов құдіретімен жаратылған әйелдер бейнелері бірінен-бірі өткендей сұлу, нұрлы, әсем: Тоғжан, Қуандық, Салтанат, Әйгерім, Үмітей, Керімбала, Нұрғаным, Мағыш, Мәкен. Атпал азаматтар, батыр жігіттер қандай: Базаралы, Балағыз, Оспан, Дәрмен, Әбіш, қыртысты билер, қат-қабат жуандар: Бөжей, Оразбай, Әзімбай.

Осынау қалың шоғырдың бір тұғырында – Құнанбай, бір тұғырында – Абай. Екеуінің де үй-ішінде, көпшілік ортасында, далада, шұрай топ алдында, отырған, жүрген, ат үстінде, ойға батқан, ашуға мінген шақтардағы, әр кездердегі шешім қабылдап, билік айтқандағы кескін-келбеті барша бояуымен көз алдыңызға келеді. Бірі – қаттылықтың, зорлықзомбылықтың, екіншісі адамгершіліктің, әділет-мархаббатың бейнесіндей. Жазушы кейіпкер келбетін сомдау үшін авторлық баяндау, персонаждың өткен күндерін еске түсіру, өзіндік сөздік сипаттама, басқалардың берген бағасы, психологиялық саралау, ой ағымы, диалог, монолог, полилог секілді көркемдік құралдарды мейлінше еркін қолданады. Қаһарман оңаша күйде, екеуара, топ ортасында, мәжіліс үстінде, әрекеткүрес басында, қолма-қол шайқаста, бір қуаныш, бір қайғыда, барлық болмысымен толық ашылып, оқырман назарына түседі. Әрбір кейіпкердің мойнына жүктелген көркемдік мақсат, идеялық салмақ бар. Романның басынан аяғына дейін көрініп, характерлік даралығымен толық ашылатын ұлы қаһармандар бір төбе болса, жеке оқиғаларға, эпизодтарға ғана қатысатын кейіпкерлер де бар. Өмір сахнасына бір буын келіп, өсіп, жетіліп, күресіп, шайқасып, жақсылы-жаманды тіршілік кешіп, мерзімді уақыт өткен соң, ажал тырнағына ілінеді. Көшті келесі ұрпақ жалғастырады. Тағы да қуаныш, тағы да қайғы. Тағы да талас, тағы да күрес. Сол мәңгілік майданның әлеуметтік психологиялық-философиялық роман беттеріне түскен ақиқаты, шындығы оқырманды эстетикалық ләззатқа бөлеп, сан тарау тебіреністе ойға жетелейді. Әуелде алғашқы екі кітап “Абай”, үшінші кітап – “Абай аға”, кейін төрт кітап “Абай жолы” аталуында мегзеулік мән бар. Жеке тарау аттарының символдық мағынасын алғаш көрсеткен Ғабит Мүсірепов болатын. Шығарманы орыс тіліне аудару кезінде тарау аттарын өзгерту ұсынысына автордың мүлде келіспейіндей үлкен негіз бар еді. Бір қарағанда, орасан зор көлемді болып көрінетін шығармаға жітірек назар салсаңыз, ықшамдылық, келісім, гармония заңдылықтарына ерекше мән берілгеніне көз жеткізесіз. Бірінші кітапты жеті тарау (Қайтқанда, Қат-қабатта, Жолда, Шытырманда, Бел-белесте, Өрде, Қияда), екінші кітапта жеті тарау (Тайғақта, Жайлауда, Еңісте, Оқапта, Асуда, Тарауда, Биікте), бір эпилог, үшінші кітапта алты тарау (Абай аға, Кек жолында, Қарашығын, Өкініште, Қақтығыста, Қоршауда), төртінші кітапта алты тарау (Түн-түнекте, Құзқияда, Қапада, Қастықта, Шайқаста, Жұтта), бір эпилог – эпопеяда барлығы жиырма тараушаға бөлінген. Олар және жеке көрініс, ситуациялардан тұрады. Әрбір тараудың аты бөлімде өтетін басты оқиғаның, психологиялық қалпын дәл береді. Жинақтай келгенде, Абай өмірінің, жеке адам тағдырының бір шақтағы болмыс-бітімін анықтайтын образдық-символдық мәні күшті бейнелі сөз. Екі тарау аты, екі эпилогтан өзге жиырма төрт тарау аты түгелдей бір-бірімен ұйқасып, сабақтасып, жалғасып тұр. Нұрлы,

бақытты, сәулелі сәттерден көрі, қайғылы, драмалы, трагедиялы күйлер көп. Мыңмен жалғыз алысқан данышпан, ақын ғұмырының мұңлы-зарлы шежіресі іспетті. Бірінші кітаптың соңында бейнеленетін шыңға шыққан жалғыз балғын шынар төртінші кітаптың аяғында зәулім болып өсіп барып, ақыры құлайды. Бұл символ. Айта берсе, романда мұндай жинақтаушылық мәнге ие болып кететін образ бейнелер көп, осы қатарда теңіз кейпіне айналатын дала, ондағы болашаққа тартқан кеме, тарих белестері іспеттес боп көрінетін таулар тізбегін де қосу керек. Әлем әдебиеті қазынасына ерекше қымбат көркемдік-эстетикалық игілік болып қосылған “Абай жолы” эпопеясының шығармашылық тарихында, жазушының ұстаханалық баянында бірнеше оқшау белгілі қасиет-сапа бар. Қаламгердің болашақ, роман қаһармандары, олардың ұрпақ-нәсілдері ортасында туып, алаңсыз сәбилік, бақытты балалық, бозбалалық, күндерін солар кешкен қат-қабат әлеуметтік-психологиялық, тұрмыстықэтнографиялық табиғи-экологиялық қоршауда, қаймағы бұзылмаған көшпелілер мәдениеті құшағында өткізуі бір олжа болса, екінші сәттілік Құнанбай - Әуез, Абай – Омархан әулеті өзара қыз беріп, қыз алысқан, нағашылы-жиендік орайда туысып, ортақ қуаныш, ортақ қайғы бөліскен, сүйек-шатысты, жүз жылдық күйеулік, мыңжылдық құдалық рәсімін берік ұстанған жақын, бауыр адамдар екендігінде жатыр. Кезінде М.Әуезовтің өзі ескерткендей, бір ру, бір бұтақ болып, біте қайнасып кеткен. Мұның үстіне жазушы көптомдық шығарма тудыруға бел байлаған соң, өзі бейнелейтін дәуірдің басты кісілері, басты оқиғалары туралы тарихи құжаттарды, сол кезеңді көрген, білген адамдардың жадында қалған, ескі сөздерді арнайы теріп, жинап, екшеп пайдаланған. Осыларға қоса әлемдік реалистік проза үлгілері, классикалық тарихи романдар тағылымы, қазақ қарасөзінің өз мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылып, терең зерттеліп, автордың эстетикалық мұраттарына бағындырылып, батыл шешіммен, соны шеберлікпен қаламгерлікпен нақты тәжірибеде ғажайып жемістерін берді. Сөйтіп, М.Әуезов өнер адамы мен халық тағдырын тұтас бірлікте көрсететін зор реалистік шығарма жазудың жаңа көркемдік мектебін ашты. Негізінен, өмірде өткен адамдардың басында болған оқиғалардың жалпы сорабын сақтай отырып, жазушы көркемдік логика, эстетикалық мұратты, реалистік шығарма жасау талап-шарттарын бірінші орынға қойған. Өз атымен, өзінің тіршіліктері нақты, дәмді әрекеттерімен бейнеленген кейіпкерлердің өзін сомдауда жазушы қиялға, авторлық фантазияға мол орын береді. Тыңнан, ойдан шығарылған оқиғалар, ситуациялар, бейнелер толып жатыр. Бұл ретте Әуезов шеберлігі шомбал шұбар тасты ойып, қашап, жан бітіріп, көркем тұлға, жауһар туынды жасайтын тынымсыз еңбекқор мүсіншінің азапты да рахат әрекеттерін еске түсіреді. Бір адамның, бір шаңырақтың, бір тайпаның, бір халықтың іштей жарылуы, осы іргеден туып, өрістейтін неше түрлі психологиялық хәлдер: түңілу мен үміт, қайратсыздық пен батырлық, надандық пен мәдениет,

жақсылық пен жамандық, алауыздық пен бірлік дейсіз бе, әйтеуір қарамақарсы полюстер, контраст бояулардың шарпысуын, ұстасулар, қақтығысулар кернеуін бейнелеудің хас шебері Мұхтар Әуезов түптеп келгенде, ең биік тұғыр - өмір мен өлімнің соңғы айқасының сан алуан түрлерін жан-жақты суреттейді. Жазушы алғашқы шығармаларында-ақ өмір мен өлімді қатар-егіз алып, екеуін де тең күйде бейнеледі. Жиырмасыншы жылдардағы жас Әуезов әңгіме, повестерінің көбі адамдардың ерікті-еріксіз ажалдарымен, өліммен аяқталады. Бұл енді тарих сахнасынан кетіп бара жатқан кешегі көшпелі өркениеттің мерт болуы деген идеямен сабақтас көркем ой. Осы сарынның тереңдеген тасқыны “Абай жолы” эпопеясының басынан аяғынан дейін ыңыранып ағып жатыр: Қодар мен Қамқаның зорлықпен жасалған қанды өлімі, намыстан күйіп кеткен Бөжейдің кекті өлімі, ауыр сырқаттан көктей қиылған Әбіштің аянышты өлімі, асарын асап, жасарын жасап, ұрпағын өсіріп болған Зеренің разы өлімі, қатігез, тас жүрек ру басыларының құрбандығына шалынған титтей Кәмшәттің ащы өлімі, кезінде қылышынан қан тамған Құнанбайдың шымылдық артындағы сопылық, мінажат өлімі, ең ақырында халқының ары мен ұяты, жаны мен сыры, өлеңі мен үні болған дана Абайдың трагедиялық өлімі бар. Ұлы жазушының бас шығармасында бейнеленген негізгі тартыс-әділет пен зорлық, тұтастық пен алауыздық, білім мен надандық, махаббат пен ғадауат майданында түптің түбінде жарқын өмірдің, нұр сәуленің, берекебірліктің жеңетінін мадақтаған, өзі құлай сүйіп, сол жолға барлық қайратжігерін, өр талантын, сапалы ғұмырын арнаған – қазақ халқының өрісті келешегі мәңгілік деген асқақ арманды үміттің оты маздап жанып тұр.

ҒАБИТ АЙТҚАН ӘҢГІМЕЛЕР

СЕЙІЛГЕ ҚАЛАЙСЫҢ?

Адамдар түрлі жолдармен жақындасады. Бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша Жазушылар Одағы кезінде үйлерін кеңейткен үлкендердің пәтеріне жастарды кіргізіп жүрді. Сондай бір ретпен жетпісінші жылдардың басында Мұқан Төлебаев көшесіне мен де қоныс тептім. Қаланың дәл жүрегі, іргесінде парк, ырғап-жырғап, қол-аяғымызды көсілттік. Бір күні Ғабит Мүсіреповпен жолығып қалып, сәлем бердім. Салқын ғана алғандай болды. Екі рет, үш рет, төрт рет кездестім. Сол қалып. Тағы кездестім. Осы жолы ғана тоқта дегендей ишара жасады. –Сен осы қайда істейсің? Академиктердің бірінен емессің бе? – деді. –Аузыңызға май, Ғабе, академик болуға жазсын. –Очень скромно, молодой человек, очень скромно. Где вы работаете? –Университетте. Қазір докторантурада жүрмін. –Е, е қолың бос болған соң көшеде жүреді екенсің ғой.

–Қолбостықтан емес, Ғабе. Осы көшеде тұрғандықтан, дүкенге баратын, кітапханаға баратын, аялдамаға баратын жолдың бәрі осы жерден өтеді, – дедім. –Солай де, молодой человек. Одақтағы соңғы бөлістерде бірдеңе тиген ғой, шамасы. Қысқасы, он бір-он екі жылдай бір көшенің бойында тұрып, әуелі кездейсоқ жолығып қалып, бірер ауыз тіл қатысып, кейінірек ұзақ-ұзақ сейілде жүріп, әз ағаның аузынан сан алуан әңгіме естідік. Олардың кейбірі кезінде қағазға түсті, кейбірі жадымызда қалды. Кейде телефон шалып: –Молодой человек, сейілге қалайсың? – деген аға дауысы әлі құлақта тұр.

ЕЖОВ ПА, КАГАНОВИЧ ПЕ?

–Бұрынғы қазақтың қол бастаған батыры, сөз ұстаған биі қан майданда мерт болса болған шығар, ал абақты, түрме деген азапты орындары патша заманынан кейін басталған құқайлар ғой. Әріректе. Сейтек, бертінде Мәди темір тордың аржағында торықса, төңкеріске дейін Алаш басшылары Ахмет, Міржақыптар да ол жердің азабын тартып көрген. Сәкен шеккен қиянаттар белгілі. Жезмұрт, Сталинді айтам, бас-аяғы он шақты жылдың ішінде қазақ зиялыларын торғайдай тоздырып жіберді. Алдымен Алашордаға Ленин берген кешірімді естен шығарып, баспа, оқу орындарында, мәдениет мекемелерінде халық үшін шын беріліп еңбек етіп, оқулықтар жазып, көркем шығарма тудырып жүрген зор білімді, айрықша талантты қайраткерлерді көгенге тізгендей етіп, жиырмасыншы жылдардың аяғында түрмеге тықты, олар Солтүстік мұзды мұхит маңында қорлық көрді, Ақтеңіз – Балтық каналын қазу жұмыстарында мерт болды. Сол алғашқы қамаудан Жүсіпбек, Міржақып қайтпай қалды. Тірі келген Ахмет, Мағжан, Халел бірер жылдан соң отыз жетінің қақпанына қайта түсті. Әлихан, Әлімхан түгел кетті. Бұлардың ескі қоңырауы бар – ұлтшылдық қозғалыс көсемдері, Совет өкіметін қолдамаған деген желеу ұмытылмайды. Ал енді қып-қызыл коммунист Сәкеннің жау, шпион екендігіне сеніп көр. Күні кеше қасында болған, бірге жүріп, тұрған Бейімбеттің дұшпандығына қандай дәлел бар? Ашынып, күйіп кеткен соң “Бейімбет жау болса, мен де жаумын” демей не дейсің? Ол сөз әлі мойынға бұғалық түспеген кезде айтылған. Ондай әрекетке бармақ түгіл қарақан басыңды қалай аман алып қалу мұң боп кеткен. Қадап айтайын: Мүсірепов біреудің обалына қалды дегенді естідің бе? Естіген жоқсың. Қанша архив ақтарсаң да еш жерден мені күйдірердей бір жапырақ қағаз таппайсың. Әуелі қызметтен кетірді, одан кейін партиядан шығарды. Енді ұстап әкететін шығар деп, жылы киім, жол-жабдық, азық дайындатып қойдым. Үй-ішімен, ағайын-туыс, дос-жармен қоштасқандай райдамын. Ананы әкетіпті, мынаны әкетіпті, деген хабар дүңк-дүңк етеді. Ең жаман нәрсе – үрей. Одан да жаман нәрсе – тосу. Есік тырс ете түссе – саған келе

жатқан әзірейілдей көрінеді. Ішіп-жеуден қаласың, ойын-күлкі жоқ, ұйқы болмайды. Қараптан қарап отырып берекең кетеді, дүниенің қиюы қашады, жынданып кете жаздайсың. Уақыт өтпейді, күн батпай қояды, түнде кірпігің ілінбейді. Белгісіздік зілбатпан болып салбырап, үстіңнен баса береді, баса береді. Қашанғы жаншыласың, күндердің бір күнінда далаға шығасың. Көшден көше аралап, сенделіп жүру басталады. Қарсы кездесіп қалған адамды танымайсың, біреулер сәлем береді, оны елемейсің. Артыңнан атыңды айтып, айқайлап, бірдеңелерді сұрай ма, күле ме, шақыра ма – оны бәрібір, естімейсің де, тоқтамайсың. Көбінесе ой дейтін ой да жоқ, көп елес, сағым ішінде жүресің. Ұсталып кеткендермен сөйлесесің бе, солардың шыңғырған дауысы құлағыңа келе ме, өзіңді желкелеп әкетіп бара жата ма… Сол көп жүріс, сенделіс, ақыры келіп есіңді жиғызады. Бірте-бірте жүйелі ойлар туғандай болады. Күні бойы сенделіп, ақыры әбден шаршап оралсам, біздің үйдің қақпасына ілінген екі болашақ депутаттың суреттері жартылай жыртылып салбырап тұр екен. Ежов па, Каганович пе, ұмыттым. Жүрегім зу ете қалды. Халықтың екі қалаулысының суретін жыртқан – Мүсірепов. Оның жаулығын осы әрекеті-ақ дәлелдейді. Ату жазасына бұйрылсын!. Біреу осылай деп айқайлап тұрған секілді. Жан-жағыма қардым, ешкім жоқ. Расында да менен көрсе қайтем? Жыртпағанымды қалай дәлелдеймін. Аулада Николай деген тентек бала бар еді, соны тауып алдым да, суретті көрсетіп: –Сен бе жыртқан? – дедім. –Жоқ! –Ақша берсем, табасың ба жыртқан кісіні? –Табам. –Жоқ, таппай-ақ қой. Мә ақша. Енді жыртқызба. –Бұл көп ақша ғой. –Көп болса да ал. Тек жыртқызба. –Құп болады, командир. Сайлау өткенше суреттер күзетіледі, – деп Николай ақшаны жып еткізіп қалтасына салып алды. Ол алдаған жоқ, екі болашақ депутаттар суреттерін күнде жаңалап, желімдеп, іліп тұрды. Мен болсам, бірте-бірте үрейден, белгісіздіктен құтыла бастадым, оның артынан соғыс басталып кетті.

1992.

ВИСТ... ПАС… МИЗЕР…

–Кеше көрген кісің бүгін жоқ. Бүгін көрген кісің ертең жоқ. Жанжағыңнан оқ жауып жатқан секілді. Баудай түсіріп, қырып жатыр. Жеркөктің бәрінен қан жауып тұрғандай. Газет атаулының бетінен өлім сорғалап тұр. Радиодан ажал төгіледі. Бәрінің айтатыны бір-ақ сөз: халық жауы, фашист, шпион, қыру, жою. Кеше ғана бүкіл ел болып, төбеге көтерген, ардақтап аспанға шығарған азаматтардың қол-аяғын шынжырлап, абақтыға тықты. Дүние-мүлкін қаттап, тартып алып, бала-шаға, үрім-бұтағын торғайдай тоздырып қаңғыртып жіберді, жер аударды, түрмеге салды.

Тыныштық кезде адамның үш ұйықтаса ойына келмейтін сұмдық жағдайдарды көрдік. Екі туып, бір қалған ағайындар бірінің көзін бірі шоқыды. Ұстазын соттатып жіберген шәкірт аға төсегінде масайрады. Жас жалмауыз ұлы ақынның түбіне жетіп, оның бала-шағасын ақ қар, көк мұзда далаға айдап шығып, қалған-құтқан қол жазбасын дәретхана қағазы орнына пайдаланды. Әр шөптің басын шалып жүрген бір дүмбілез ақын бар еді, кісінің көзіне тура қарамай, үнемі төменшіктеп жүретінінен-ақ сезіктенуші едім, сол мұндар қанды-қырғын науқан кезінде құтырып шыға келді, талайдың түбіне жетті, тіпті маған ауыз сала бастады. Сөйтіп қайтсем орға түсірсем деп, далбасалап, тіміскілеп жүріп, өзі айдалып кетті сорлы. Сол мұндар көп азап шегіп, көп жылдар бойы ит қорлық көріп, азыптозып қайтып келді. Азаматтығымды аяғаным жоқ, пәтер алуына, жазғансызған дүниелерінің басылуына көмек бердім, бірақ әлі де өзін суқаным сүймейді, көргім келмейді, сөйлескім келмейді, қарсы кездессе бұрылып кетемін. Өңің түгіл, түсіңде көрсең жүрегің жарылып кететін зұлымдықтарға дүние толып кеткендей болды. Бірақ адам итжанды деген рас. Тіліңді тістеп, көрсең де көрмегендей, естісең де естімегендей, білсең де білмегендей адам кейпінен басқа бір үндемес, сезбес, ұқпас мақұлық кейпіне ауысқандай болып, мәңгүрттеніп кетеді екен адам. Бір күн, бір ай, бір жыл емес, ұзақ уақыттар, тұтас замандарға созылғандай әбілет, албасты, жын басқандай болып, мелшиіп меңіреуге айналасың. Ешкімге сәлем бермейсің, сәлем алмайсың, сыр бөліспейсің, жұрт көзіне түсіп ешкіммен қыдырмайсың, топ ішіне кірмейсің. Мен білген азаптың бір түрі осы – үнсіздік қасіреті. Тұтас ұрпақтың буынына түскен жұлын құрт осы кесепаттан қиылды, көптеген көгенкөз ешкімге сенбейтін, не құдайға, не үкіметке пейілі жоқ, рухани сорлыға айналды. Қанша оңашаланғанмен, ешкіммен араласпаймын дегенмен, жазушылар ортасы, ағайын-туыс, жекжат-қайынжұрт, сапар – еріксіз адамдармен қатынасқа түсіреді. Әсіресе, Абай атаң айтқандай, қазақтың өзге жұрттан тілі ұзын. Дастарқан басында ет жеп, шай ішіп, оп-оңай тұрып кету жоқ, бір күндік жұмысқа бергісіз ұзақ отырыс басталады. Уақ-түйек, өсек-аяң айтылады, әр түрлі сыбыс сөз болады, кісі сыртынан әңгіме қозғалады. Біреу мақталады, біреу датталады. Біреуді мүсіркейсің. Біреуді жек көресің. Ылғи аңдыған көз. Ылғи елеңдеген құлақ. Ертеңіне айтқаның түгіл айтпағаның қалаға, далаға тарайды. Кейде ет қызуымен, шыдай алмай, кейде әділет үшін күйіп кетіп, шындықты айтып тастайтын кездер болады. Әйтпесе жала, ғайбатпен күйіп кеткендер туралы бірдеңе айттың дегенше, құрыдым дей бер. Өсек-аяң болып тараған сөздердің құйрығын ұстау оңай емес шығар, ал енді арнаулы мекемелер жасырын қызмет ететін, сол үшін ақы-пұл, атақабырой, шен-шекпен алатын, қасыңда жүретін, сенімен үнемі араласу мүмкіндігі бар пенделерден аяқты қалай тартасың? Жасырын, жымысқы қызметте бар-жоғын ол саған сездіре ме? Бұл өзі жақыннан жау іздеткен, өзіңе-өзің сенбеген күйге түсіретін ыбылыс зындан.

Қанша тырбанғанмен ол шұңқырдан шығу мүмкін емес. Еріксіз біреулермен араласасың. Еріксіз қонаққа барасың, барғаннан соң, өзің де шақырасың. Қалай аузын буған өгіздей болы үндемей отырасың? Мен шашымды алдыратын, кейде моншаға бірге баратын Исаак Абрамович дейтін жебірей бар еді, соған бір жолы қалжыңдап қонақта сөйлемей отырудың әдісі бар ма дедім. Бармау керек деді. Бұл жарамайтын әдіс. Тамақты тез ішіп, кетіп қалу керек деді. Бұл да жарамайтын әдіс. Ақыры тапты, жебірей емес пе? Карта ойнап үйрену керек болды. Ұзақ ойналатын переферанс деген бұрынғы ақсүйектердің, қолы бос мырзалардың ойыны бар екен. Әлгі жебірей сол ойынды маған үйретсін. Бұрын қолыма карта ұстап көрмеген басым әңкі-тәңкі. Ақыры үйрендім. Қонаққа барсақ, карта суыра бастаймыз. Басқа сөз жоқ, ала қағаз, қарындаш, бес-он тиын ақша. «Вист, пас, мизер» деп шұлғимыз да отырамыз. Сөз, өсек, әңгіме, даудамай – бәрі адыра қалады. Вист-пас, мизер. Өзім іштей менің соңыма салынған жансыз сенсің-ау деп қауіптенетін біреу бар еді, құдай ұрғанда, әлгі де преферансты үйреніп алып, төртінші қол ретінде домаланып отыра қалатын болды. Мұхтар болса ежелден ұстаздықпен, жазушылықпен қатар шұғылғанған кісі, оның үстіне әйелі орыс, көп қазақы қатынасқа түсе қойған жоқ, университетте лекциясы, академияда ғылымы бар – қолы да тимейді. Сәбит күндіз-түні бұрқыратып жазатын тынымсыз жазушы; мен болсам, ұзақ жылдар өкімет қызметін істемей, үйде отырдым, және шабыт, күй, жағдай келмесе, күнде жазуға жоқпын. Аңшылық, биллиард дегенмен әуес болдымның түкпі сыры серілік көңілден туса, карта деген уақыт жейтін кесепат заман дертінен, мезгіл азабынан жабысқан пәле деп біл. “Вист, пас, мизер”.

КҮЛКІ ҚҰДІРЕТІ

Қазақ театры тарихында Серке Қожамқұловтың алатын орны зор. Ол құдіретті күлкінің иесі еді. Біз оны бүгін ғана көріп, енді бағалап, жаңа танып жатқанымыз жоқ. Замандастары кезінде Серке жайлы, оның актерлік өнері туралы, совет мәдениетінің айдынындағы орны хақында не деп еді? Бірнеше пікір: Мұхтар Әуезов, 1927 жыл: «Қарашешеннің мінезін көрушіге өте айқын сұлу бояумен ұғымды қылып, түрлендіріп көрсеткен бірінші қатардағы еңбек Серкенікі сияқты. Бұл әншейіндегі қозғалысы жоқ, отырысы көп, салмағы ауыр, сылбыр, еріншек, кең қолтық балпаң қазақты сахнада жан бітіріп, тірілтіп, жылпың қылып жібере алады». Ғаббас Тоғжанов, Ілияс Жансүгіров, 1933 жыл: «Серке – арамза, атқамінер, бір ұрты май, бір ұрты қан, қу құйрық ханның уәзірі, бидің тоқпағы, жуанның тарпаңы – осы сықылды кейіпкерлердің рольдерін ойнаса, жақсы шығады». Шаяхмет Құсайынов, 1949 жыл: «Серәлі – халықтан шыққан өнерпаз. Оның өнер майданындағы қызметі мен өмір желісін шола қарасақ, халықтық

сипатты шын бейнелеу жолында актердің туған халқының басынан өткізген тарихи оқиғаларға тікелей араласып, халықпен бірге өсіп, біте қайнағанын көреміз». Ғабит Мүсірепов, 1982 жыл: «Сері-ағаң сахнаға шыға бергенде-ақ көрермен жұртшылық ду көтеріле алақан соға бастайды. Қуана соғады. Адамды қуанта алсаң, күлдіре алсаң, жігерлендіре алсаң, сүйіндіре алсаң – нағыз артист пен нағыз жазушының нағыз бақыт сезінер кезі осы. Серіағаңның соңғы елу жыл өмірі осыған қолы жеткен үзігі жоқ бақытты кезеңі». Европа мен Азияның ортасын бөліп жатқан арқалық іспетті Орал тауларының оңтүстік сілемдерінен бастау алып шығатын сан-тарау тұма, бұлақ, қайнарлардың бірі батысқа қарай тартып, аяғын кеңге салып, кейін дария сулы ақ Жайық атанса, екінші бір жылға Шығысқа беттейді де, арнасын толтырып алып, Үй өзені болып кетеді. Сол ағысы баяу, кей тұстарда айдын көлдерге теңдес, терең қарасулары тұнжырап жататын, шоқшоқ ақ қайыңдары, төбе-төбе қызыл қарағайлары үйірлеген жылқыдай көз тартатын сыпайы өлкенің бір пұшпағын жұмысқа көнбіс, еңбекке икем жандар мекен еткен. Ескі территориялық бөлініс бойынша бұл атырап Қостанай облысы, Шұбар болысына қараған. Әуелде Қарабалық, кейін Комсомол ауданы атанған жерлердің Қараадыр деген мекенінде бір атадан тараған, өсіп-өніп, көбейіп алпыс үйге жеткен Оңғар әулетіндегі Қожамқұл шаңырағында 1896 жылы жазға салым, мал төлдеп, кемпір-шал аққа, бала-шаға уызға жарыған, ерте туған қозылар жотада секіріп ойнай бастаған, құрт-құмырсқа тіріліп, қызыл-жасыл қанатты көбелек ұшып, аспанға бу көтерілген май айында бір перзент дүниеге келді. Ұл туды. Атын Серәлі қойды. Бір күні алты-жеті жастағы қозы қуып жүрген Серәлі шешесі Айкүнге жылап келіп, «Балалар мені текесің, серкесің деп мазақтайды, енді мені Серке атамаңдар», - деп мұңын шағады. Сонда анасы: «Баламысың деген, кеше ғана Үйдің өзенінен қалың қой қамалып тұрғанда, ай мүйізді көк серке бастап жөнелді емес пе? Өзің көрдің, құлыным. Кейін топ алдында жүретін жігіттің Серкесі болсаң, арман бар ма?» - дегенін әйгілі актер естелік ретінде өз балаларына айтып отырады екен. Революциядан бұрын Омбыдағы, Орынбордағы, Уфадағы, Қазандағы, Москвадағы, Петербордағы әртүрлі мектептерде білім алған қазақ интеллигенттерінің алғашқы өкілдерінің бір тобы таза орыс тілінде тәрбие көрсе, екінші тобы татар тілінде тағлым алды. Хат танымаса да, білімге құштарлығы зор Серкенің «Уәзипа» медіресесіне түсуіне жездесі Жүсіп Темірбеков жәрдем етеді. 1905 жылғы революциядан кейін медіреселерде мұсылман догматтарымен қоса, әртүрлі пән негіздері де оқытылатын болған. Қазан қаласында 1907 жылы татардың «Саяр» атты тұңғыш тұрақты театр труппасы құрылған. Олар ел аралап жүріп, «Заңғар шал», «Ғалиябану» секілді әртүрлі тұрмыс-салт суреттері мен ән-би сахналары қатар жүретін қойылымдар көрсеткен. Бұлардың ең алдымен татар-башқұрт жастарына, олармен медіресе-мектептерде бірге оқитын қазақ жігіттеріне де әсері аз болмаған.

Троицкідегі «Уәзипа» медіресесінде арнаулы драмалық үйірме жұмыс істеп, әртүрлі сауық кештерін ұйымдастырады. «Құланның қасуына – мылтықтың басуы, іздегенге - сұраған» дегендей, Серке осы тамашаның бел ортасында. Тақпақ айтады. Шағын рольдер ойнайды. Серке Қожамқұлов тағдырында, оның азаматтық позицияларының, таптық көзқарастарының қалыптасуына Әліби Жанкелдин сарбаздарының қатарында болған 1919 жылдың жасаған ықпалы орасан зор. Әлеуметтік мәселеге партиялық, таптық тұрғыдан баға беру, сөз бен істің бірлігі, ғайбат, өсек, күншілдіктен аулақ жүру, идеяға, социализм ісіне берілгендік, қажыр, қайрат, еңбек сүйгіштік, мақсат жолынан таймау – жас кезінен қалыптасқан бұл сенім сипаттарынан, мінез ерекшеліктерінен Серке Қожамқұлов өмір бойы бір елі де ажыраған жоқ. Қазақтың советтік жастарының алғашқы буынының оқу іздеп мәдениетке талпынып, шарқ ұрған кезде ат басын тіреген алғашқы шаһарларының бірі – Орынбор. Жарыққа ұмтылған, талап, үміт жағасына қарай желкен көтерген иелер көкқауырсын осы қаладан тоят тапты. Білім дариясына шөлден бас қойды да, сусынын қандырар-қандырмастан қайтадан атқа мініп, жаңа өмір үшін күрес майданына аттанды. Сол толқынның ішінде Татар халық ағарту институтының студенті Серке де бар. Бір айтқан сөзді қолма-қол қағып алып, ертеңіне сол қалпында саңқылдатып, жайнатып айтып шығатын қазақтың бұл бозбаласы татар профессоры Фатих Каримовтың көзіне түседі. Білімпаз зиялы қабілетті жігітті орыс, татар театрларына өзі ертіп апарады, өнер тарихы туралы кітаптар оқытады. Бұрын «Уәзипа» медіресесінде, Әліби Жанкелдиннің «Қызыл керуен» тобында ойын көрсетіп дағдылана бастаған Серке енді Бейімбет өлеңдерін жұрт алдында оқып ысылып, «Жебір болыс», «Бетім-ау, құдағи» секілді шағын скетч, күлдіргі ойындарда роль ойнай бастайды. Сондай кештердің бірінде оған Сәкен Сейфуллин тіл қатады: - Өй, сенің атыңның өзі қызық екен. Серке дейсің, а? Көне грек театрын сен секілді серкелер, теке-бұқалар жасағанын білемісің? Қалжыңдаймын. Жалпы театр деген Европа елінде наным-сенім, аңыз-тарих, мифтен туған ғой. Қазақтың ұлт театрын осы сен секілді жігіттер жасайды, ертең-ақ. Сонда халқымыздың бар байлығы, ән мен жыры, тұрмыс-салты сахнаға шығады, - деген. Арада бір-екі-ақ жыл өтті. Қазақстан Халық Комиссариатының арнайы шақыруымен 1925 жылы қазан айында Серке Қожамқұлов Қызылорда қаласынан бірақ шықты. Содан бастап, 1979 жылдың желтоқсанына дейін, қашан дүниеден көшкенше оның барлық тіршілік тынысы, қуаныш рахаты, күллі болмысы қазақтың тұңғыш ұлттық театрымен кіндіктес болды. Алпыс жыл ғұмыры сахнада, көрерменнің көз алдында өткен хас шебердің творчестволық жолынан нендей ғибрат алуға болады, тағлым сабақтары қандай деген заңды сауалдардың жауабын тауып айту бір кісінің қолынан келе қоятын оп-оңай шаруа емес, бұл ең алдымен театр, өнер зерттеушілерінің алдында тұрған үлкен міндет, қала берді, қатарлас, үзеңгілес еңбек еткен актерлер әулеті шұғылданатын іс.

Өмір рахаты, тіршілік қызығына алданып, театрдан қол үзіп кеткен небір қабілетті адамдар болғанын қазақ қауымы жақсы біледі, әсіресе, үйкүйсіз, мардымсыз жалақымен, көшіп-қонып, ел аралап ойын көрсетіп жүрген алғашқы кезеңде арнаулы білімі бар, сауаты жоғары Серке сынды жігіттің қандай қызметке кетем десе де мүмкіндігі бар еді. Ауыздарымен құс тістеп, қолдарымен жұлдыз қаққан, жүзіктің көзінен өткен таланттар шоғыры ортасына түскенде де Серке қысылып, қымтырылмады. Өз орнынан, өз биігінен табылды. Қазақтың халықтық өнеріндегі, тұрмыс-салт, күнделікті болмысындағы, фольклоры мен әдебиетіндегі тәжірибелер мен дәстүрлерді, рәсімдер мен жораларды қорыта отырып, ұлттық режиссураның алғашқы іргетасын қалаған зор дарын Жұмат, күміс көмей, жез таңдай, әншілік құдіреті Әміре, қарасөздің пайғамбары Қалыбек, телегей-теңіз ақындық иесі Иса, қанжардай жарқыраған қимылқозғалыстың пірі Елубай, ақындық, серіліктің, жастық-жалынның алдына жан салмас актері Құрманбек тобына күлкі құдайы боп Серке қосылды. Кейде қазақ театры алғашқы кезде 20-30 жылдарда қара дүрсіл, натурализм, провинциализм шырмауындағы театр болды деген әбес, нигилистік пікірлер айтылып қалады. Рас, дәл бүгінгідей қойылым жинақылығы, ырғақ тұтастығы, декорация, музыкалық көркемдеу, ансамбльдік сипат, бір сөзбен, режиссерлік тұтас шешім жетпесе жетпеген шығар-ау, ал бірақ ұлттық характерлер даралығын көрсету, дәуір кескінін таныту, қазақ тілінің әуездік, мақамдық ырғақтық, дыбыстық табиғатын ашу, халықтық шыншылдыққа келгенде дау айту қиын шығар. Кейбіреулер бірді-екілі, шикілі-пісілі қойылымның жетекшісі болса, режиссермін деп төсін қағып, жұлқынып шыға келеді ғой. Ал Серке Қожамқұлов 1926 жылы 13 қаңтар күні жексенбіде, Қызылордадағы Маркс пен Энгельс көшелерінің қиылысында орналасқан кинотеатрда алғаш рет Қазақтың ұлттық театрының шымылдығы ашылған күні «Еңлік-Кебек» трагедиясының билер сценасын өзі әзірлеп қойғанын, режиссер болғандығын елеусіз факт ретінде ғана сөз арасында айтар еді. Ол ол ма, 20-30 жылдар арасында театр сахнасына бір басы 20 спектакль қойғанын да ешқашан көлденең тартқан емес. Мұның себебі неде? Елеусіз жүріп іс тындырған адамның қарапайымдылығы ма? Әлде өз еңбегін өзі ескермеу ме? Қашанда Серке Қожамқұлов өзінің табиғи дарынының қадыр-қасиетін, күш-қуатын, мүмкіндік-болашағын терең ұғып, қастерлеп, бағалап, шыңдап, өрістете білген. Киелі өнер – актерлік талантының жолына барлық азаматтық қажырқайратын тұтас жұмсаған. Актерлік – оның ұзақ өмірінің жарқыраған Темірқазық жұлдызындай. Режиссерлік үшін арнаулы оқу, өнердің сансаласынан жүйелі білім қажет бола бастаған, талап күшейген тұста, бұрынғы әрекеттерінен қиналыссыз тиылып, жас та талантты інілері Құрманбек, Қанабек, Шәкендерге жол берді. Әсіресе, Москвадан оқып білім алып, арнайы театр режиссері деген диплом алған Асқар Тоқпанов, Әзірбайжан Мәмбетовтер театрға келген кезде Серкенің бұрын режиссерлік еткенін біреу біліп, біреу білмейтін.

Өнер табиғатында бәйге жарыс, бәсеке сипаттары бары ешкімнен жасырын сыр емес. Көп алдына шығып, қауым талқысына түскен соң озған, алға шыққан жақсы. Сөреге жетсе, көмбе басында үкі тақса деп аңсайды. Кешегінің сал-серісі, ақын-шешені ат мініп, шапан кисе, бүгінгі өнерпаз да даңқ тұғырына көтерілгісі келеді. Осының бәрін біле тұра Серке Қожамқұлов елу жасын, алпыс жасын атамаған. Той жаса, жиналыс өткіз, атақ бер деген талап-тілекпен ешбір есікті ашып, ешбір қызметкердің мазасын алмаған. Ол тұстар ақындардың, жазушылардың, актерлердің мүшел тойларын гуілдетіп өткізетін кез. Алғаш рет Серке Қожамқұловтың айтулы тойы – жасы Құрманбек Жандарбековтың тікелей ұсынысымен, партия, совет, мәдениет ұйымдарының ықыласымен, қолдауымен өткізілген болатын. Біреулер ат арылтып, тон тоздырып, өмір-бақи іздеп-сұрап таба алмайтын атақ-абырой, даңқ-мерей Серке Қожамқұловтың ұзақ жылғы еңбегінен кейін, зор таланттың халқына берген өнерпаздық жемісіне орай бірінен кейін бірі заңды түрде, тоғыз-тоғызымен, үйір-үйірімен келіп жатты: «Қазақ ССР-ның халық артисі, СССР және Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты, КПСС ХХІІ съезінің делегаты, үш Ленин ордені, Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендері, барлық өмірдің, тынымсыз әрекеттердің, өнердегі жемістердің қорытындысындай болып, 1976 жылы Семейде, Абай, Мұхтар аулында гастрольде жүргенде Серке Қожамқұловқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді деген қуанышты хабар жетті. Әртүрлі пьесаларда ауыл адамдарының, қоңыр төбел қарабайырлардың, жарлы-жақыбай, кедей-кепшіктің бейнелерін ойнай жүріп әбден дағдыланған Серкенің жаттанды ізге түсіп, өзін-өзі қайталап кетпей, үнемі ізденіс, толғану, өсу, өрлеу үстінде екенін Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты» трагедиясындағы Қоңқай образын сомдап шығарып беруі тамаша дәлелдеген болатын. Бұл образ актердің ұлттық репертуардағы ізденістерге классикалық драматургия сонары тәжірибесінен кейін қайта бір оралуы тұсындағы ғажап өнерпаздық олжасы еді. Қорланғандар мен тапталғандар, пұшаймандар мен сорлылар – кешегі қазақ ауылындағы осы әлеуметтік топтың от басы, ошақ қасындағы отырыстұрысын, төрде көсілген төрелер маңындағы пұшайман жүз, қоңыр қабағын, қора-қопсы төңірегінде бала-шаға, кемпір-шалға қожаңдап, жуандар алдында құрдай жорғалаған мінезін, жүрек сыры, ішкі әлемін бес саусақтай білетін актер әлеуметтік кескіні айқын, психологиялық құбылыстары сенімді халық өкілі – Қоңқайдың бір жағынан күлкі – деп ішек-сілеңді қатыратын жарқын, ашық бояулы юморлық сипаты бар, екінші жағынан көзіңе жас келтірер трагедиялық сарынды зор реалистік қуатқа толы калссикалық сахналық образын жасады. Көптеген іргелі елдердің кейінгі ұрпағына алтынмен апталған, күміспен күптелген ғажайып сарайлар, мәрмәр тастан қашалып салынған керемет ғимараттар, отырықшылықтың құдіретінен туған тамаша қалалар

жетсе, көшпелі жұрттардың дәулеті құмға сіңген судай жұтылып жоғалған. Мың жылдар бұрын хас шеберлердің қолынан шыққан мәдениет ошақтарын жүдетпей, қастерлеп, қадірлеп, аялап ұстап отырған орыс, Еуропа, Орта Азия халықтарының киелі дәстүрлерін көзбен көрген шақтарында, Мәскеу, СанктПетербург, Самарқанд, Бұқараны аралаған кездерінде іштей түйген сырларын, халық тарихына деген өнерпаздық көзқарастарын, өз суреткерлік позициясын актер Серке Қожамқұлов бірнеше сахналық бейнені сомдау үстінде шығармашылық жаңашылдықпен іске асырды. Бұл сөз ең алдымен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясындағы Қарабай образына қатысты айтылуы керек. Қазақтың етек-жеңі мол даласында сан ғасырлар отар-отар қой, табынтабын сиыр, үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе айдаған небір мыңғырған байлар өтті. Сол дәулеттен оның өз басы не рахат көрді, жұртына қандай шарапаты тиді, тарихта не белгі-із қалдырды деген драматургтың нысаналы ойына актер тарапынан жаңа әуез, жаңа идея, жаңа тұжырым қосылып, сараңдық, қаттылықтың ұлттық ерекшелігі ғана емес, адамбаласылық сипаты ашылды. Әлеуметтік мән, философиялық тереңдік жан-жақты реалистік актерлік ойын үстінде көрінді де, психологиялық сарап көрерменді дән риза етті. Содан кейін көп ұлтты театр қызықшылары бір ауыздан Серкенің Қарабайын, Бальзактың Гобсегімен, Мольердің Сараңымен салыстыра бастады, тіпті заңды түрде қатар қоятын да болды. Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясының 1922, 1943, 1956 жылғы үш нұсқасынан текстерін салыстырып қарағанда өзгеріске түспеген, ең алғашқы қалпын сақтаған билер диалогтары, билік сценасы ғана екендігін көреміз. Қазақ өнерінің ғасырлар бойы қарыштап дамып, образдық-стильдік жүйесі, лексикалық байлығы, ырғақ-интонация қалыбы әбден кемеліне келген бір саласы – билер сөзі, шешендік. Синтез бен анализ, даралық пен жалпылық, фактілерді тізе отырып қорытынды шығару, дерексіз жәйттерден нақтылыққа көшу, шежіре, аңыз, тарихи мысал, аналогияны пайдалану, куәні келтіру, дәстүрге сүйену, беделді арқа тұту – осылар тектес сан алуан жалпы юриспруденция, риторикада бар тәсіл-амалдардың үстіне қазақ шешендері, қазақ билері қорқыту, шошыту, салмақ тастау, сескендіру, үміттендіру, дүдамал қалдыру, алаңдату, есін алу, емеурін білдіру, ишарат ету тақылеттес психологиялық әсердің мың-сан түрлерін ғажап шеберлікпен қолданған. Билік айтарға келгенде қазақ дәугері қай мезгілде жетті, қасында кімдер бар, киген киімі, мінген аты, ер-тұрманы қандай түсте – мұның бәрінің өз мағынасы, өз салмағы бар. «Еңлік-Кебек» трагедиясының алғашқы нұсқасы жазылар тұста азулы даугерлердің соңғы ұрпақтарының көзі тірі кезі, арғы замандағы ардақты аталар мен билердің жүріс-тұрысы, мінез қалыбы, сөз мақамының ұмытылмаған шағы: небір тоқсан толғау, көкейкесті сөздердің бір қылшығы да құрымай ел-жұрттың аузында жүрген мезгілі; сондықтан да халықтың даналық қазанынан жас Мұхтар өз керегін қарпып алған. Сом алтындай жарқыраған сөз жауһарларын кейін қырнап, жонудың қажеті де болмай қалған.

Трагедия авторы кешкен өнерпаздық хәлге ұқсас творчестволық процесс Еспембет би образын сахнаға шығарған Серке Қожамқұлов басынан да өткен. Өмірден өзі көрген, етене жақсы білетін орта өкілінің жүрістұрысын, қимыл-қозғалысын, іс-әрекетін зерттеумен актер арнайы айналысқан жоқ. Бұл оған айрықша таныс нәрсе. Күні кеше тергеуші боп істеген кезде қылмыскер мінез-құлқының сан алуан құбылысын көрген; адам тағдыры безбенге түсіп, екінің бірін таңдайтын, тіпті жаныңдай көретін жақынының өзін қылмысы болса, өлімге бұйыратын, қылыш жүзін табанмен басатын қатерлі сәттерді бастан кешкен. Айыпкер-айыптаушы арасындағы психологиялық тартыстардың сан алуанын жас жүрекпен сезіліп білген сот қызметкері болған Серке үшін Кебек – Еспембет арасындағы көп күйлер, әуез, сарындар айқын еді. Сөйте тұра актер қиналды. Ой азабына түсті. Тебіреніс тұңғиығына батты. Ақырында қазақ сахнасының қара тастан ойып алғандай скульптуралық бір мүсінін дүниеге келтірді. Серке Қожамқұлов жасаған Еспембет тұлғасын күні бүгінге дейін әдебиетшілер, театр сыншылары қисық-қыңыр, бойлауық бидің бейнесі деп жүр. Осы дұрыс па? Актердің сол ролін сахнадан көрген адамдар әлі де бар. Бір сәт еске түсірейік. Қисық, қыңыр, бойлауық Еспембет. Солай ма? Солай ғана ма? Найман биінің бойында бұл сипаттар бар. Адам ретіндегі ерекшеліктері. Сонда біз әлеуметтік психологияны неге ұмытамыз? Сахналық образға жан-жақты қараған кезде Еспембеттің ең алдымен әлеуметтік тип екенін, қоғамдық тұлға екенін көресің. Қазақ ескілігіндегі кеселді түйіндер, зіл қара пәлекеттің шоғырындай, әлеуметтік қайшылықтардың көк шодыр безіндей көзге түсетін бұл адам – идеяның, позицияның, сенімнің құлы ретінде сомдалады. Серке бейнелеген Еспембет образының жалпылық, адамбасылық сипаттары ерекше. Реакция, фашизм, нәсілшілдік, империализм, қанаушылық, жер бетінен өшпей тұрғанда Еспембетшілдік те өлмек емес. Ұлы актер қара дүлей күш, тас жүрек, қаныпезерді сомдау арқылы сені шошыта, түршіктіре отырып, гуманизм, адамгершілік идеясын айтады. Махаббат, еркіндік үшін күреске шақырады. Елжіреген ет жүректі, толқыған сезімді қатыгездікке, өлімге, қиянатқа қарсы қояды. Серке сомдаған Еспембет образының осындай рухани сабағы, гуманистік тағлымы бар. Қазақ театрының ұйытқысы болған алғашқы алып топ өкілдерінің тағдыры әртүрлі: Әміре, Жұмат, Иса табиғат берген өнерлерін түгел ашып беріп үлгермей ерте опат болды; Құрманбек, Қанабек, Күләш, Манарбек опера өнерінің негізін салды; Қалыбек, Елубайлар дегеніне жетіп көз жұмды. Алпыс жыл театрда еңбек еткен Серке Құжамқұлов қазақ актерлерінің барлық буынымен сахнада қатар ойнады. Бір кезде Жұматты – Мәт аға, Қалыбекті – Қалеки. Елубайды – Еллеки деп, кейін БикендіБикман, Сабираны – Сапсұби, Шаханды – Шаханский, Тұңғышбайды – Тұңғышбаевский деп еркелете қалжыңдар еді. 1979 жылдың 25 желтоқсан күні Серке Қожамқұлов «Ана – Жер ана» қойылымында Ақсақал ролін ойнады. Ол оның 84-тің үстіндегі шағы еді.

Алты күннен кейін 31 желтоқсанда таңға жақын қазақ күлкісінің құдіретті иесі – Серке Қожамқұлов көз жұмды. КПСС-тің ХХҮІІ съезі совет өнерінің алдына биік мақсаттар, келелі міндеттер жүктеді. Ұлттық және интернационалдық сипаттардың телағыс дамуының айдынына көтерілген қазақ совет театрының социалистік реализм принциптерін берік ұстанып биікке өрлеуіне тағы бір кепілдік – ұлы актер Серке Қожамқұлов дәстүріне беріктігі. Оның ілгері өрістетуі деп білеміз. Сахнада 200-ден астам, экранда 20-дан астам роль ойнаған, ұлттық, классикалық репертуарда бірдей жорға шыққан Серке өнерпаздығы – аса зор тағлымды өнерпаздық, реалист актердің тынымсыз жолы. Зор шеберлік мектебі.

1987.

ҚАЗАҚ ТЕАТРЫНЫҢ НАР ҚОБЫЗЫ

Қалыбек. Пері Қалыбек. Қаллеки. Қалыбек Қуанышбаев. Осының бәрі бір адамның әр кездегі ныспысы. Қарқаралы атырабының қазақтары арғы замандағы асыл бабалары Қаз дауысты Қазыбектің (қазір қысқартып айтып жүргеніміздей Қазыбек би емес. Арыстан жүректі Ричард, Ұлы Петр, Қаһарлы Иван деген секілді Қаз дауысты Қазыбек) есімі кетіп қалады деп ескі нанымға сеніп, балаларына Қазыбек есімін қоймаса да, ол ортада Әшімбек, Төлеубек, Алшынбек, Үйсінбек, Жүсіпбектер толып жатыр. Сол дағдымен азан шақырып қойған аты Қалыбек деген бала ес білгеннен бастап, айтылған сөзді ғана емес, бір естіген дыбысты, бір көрген қимылды қағып алып, айнытпай салып беретін болған. Ол үшін ұшқан құс, жүгірген аң, отырған адам бәрі бір. Барлығын да сала берген. Қыз ба, ұл ма, жігіт пе, қалыңдық па, кемпір ме, шал ма, ит пе, қасқыр ма, ұлыған боран ба, соққан жел ме – бәрін де салады, бәрін де дәл келтіреді, бір өзі келтіреді. Бұл әуелі ермек секілді үй-ішін, бала, бозбала ортасын күлдіруге жараса, кейін ауыл-аймақ, атырапқа әйгілі болып, әлдекімдерді күлкі қылып, мазақ ететін қаруға айналады. Бұл сүңгіге алдымен елге сүйкімсіз, халыққа қарабет, зорлықшыл, жуандар ілінеді. Осындай өнері үшін “Пері Қалыбек” атанған жас жігіт ел арасындағы күлкі мектебін жасаған Шаншар қуларының дәстүрін жаңа арнаға бұрады. Қимыл-қозғалыспен, түр-түс кейпімен жексұрындарды айнытпай салып, көпшіліктің алдына осындай жаңа өнерімен танылады. Ол даңқы Қарқаралы, Семей, Омбы атырабына жайылады. Өзі де өмірдің талай тас босаға, тар кезеңінен өтеді. Қара жұмыс істейді, атшы болады, он алтыншы жылы тыл жұмысына алынып, қиырдағы Минскі маңынан бір-ақ шығады. Одан кейінгі дәуірлерде талай істерді бастан өткеріп барып, 1926 жылы қазақ театры

ашылғанда өкіметтің арнаулы қаулысымен Қызылордаға келеді. Торғай жағынан Елубай, Серке, оңтүстіктен Құрманбек, Жетісудан Қанабек келген. Әміре мен Иса өзінің ескі достары. Театрдың тұңғыш режиссері, құрдасы Жұмат Шанин Қалыбекті – Қаллеки, Елубайды-Еллеки атандырған. Еллеки аты көп сіңе қоймаған. Ал Қаллеки – Қалыбек Қуанышбаевтың сахнадағы төл атындай болып кеткен еді. Табиғи туа бітті дарыны арқасында өмір сахнасынан театр сахнасына дайын келген Қаллеки тұңғыш театрдың діңгектерінің біріне айналды. Ол үздіксіз өсті, тез өсті. 1927 жылы жазған мақаласында Мұхтар Әуезов Қаллеки талантының зор екенін бірден көріп, оның болашағын болжап берді. Ғабит Мүсірепов сахнадағы Қаллекиді нағыз Абайдың өзі деп таныды. Зерттеушілер Ғ.Тоғжанов, І.Жансүгіров (отызыншы жылдар), О.Олидор, М.Майшекин (40-50 жылдар), Қ.Қуандықов, Б.Құндақбаев (60-70 жылдар), Т.Жұртбаев, Ә.Сығаев (80-90 жылдар) арнаулы еңбектер жазып, оның өнерпаздық жолын көрсетіп, ойнаған рольдерін талдады. Мүсінші Вучетич “Менің әкем егер тірі болса, Сіздей болсын деп тілер едім” деді. Біз ұлы актердің өзіміз көрген екі сахналық бейнесіне ғана тоқталғымыз келеді. Көркемдік дәстүрдің даму, жалғасу қозғалысы өте күрделі. Бір автордан тікелей үйрену, сол жасаған үлгі қалыптарды, өрнектерді ашық қабылдау айқын көрініп тұрса, терең тамырлар арқылы алыстан жеткен сарындастықты тап басып айту қиынға соғуы мүмкін. Саналуан жолдармен байланысып, кешегінің сабағы бүгінге жалғасып жататынының бір мысалы ретінде. Мағжан-Қасым-Қуандық-Мұқағали арнасын алса да жеткілікті. “Дариға” деген жалғыз ауыз сөздің осы ақындар поэтикасындағы қызметі көп нәрсені аңғартса керек. Қазақтың психологиялық, реалистік прозасы мен эпикалық, философиялық драматургиясындағы Мұхтар Әуезов ашқан көркемдік жүйелердің кейінгі жалғастығы деген мәселенің толық жауабы әлі айтылған жоқ. Бір-ақ мысал. “Қарагөз”, “Ақан сері - Ақтоқты” трагедиялары. Жазылу уақыттарында жиырма шақты жыл айырма бар. Екеуіндегі сал-серілер өмірі, кейіпкерлердің жалпы типажы, тартыс табиғаты, әрекеттер мен жағдайлар ұқсас. Ақан серінің ой-толғаныстары арқылы өмір, махаббат, адам сияқты мәңгілік құндылықтар туралы ой-толғаныстары берілетін трагедияның көркемдік деңгейі аса жоғары. Науан хазірет – қазақ әдебиетінде бұрын болмаған бейне. Рас, орыс отаршылығына қарсы бел шешіп күрескен, сол үшін қуғын көрген әйгілі дін қайраткері, тарихи Науан хазіретпен жазушы қиялынан туған жағымсыз кейіпкер Науан хазіретті ажыратып қарауымыз керек. Бұл шындықты тарихи Құнанбай мен кейіпкер Құнанбай туралы да айтуға болады. Ғ.Мүсірепов пьесасында қаһармандар көп емес. Негізгі тартыс 7-8 адамның арасында өтеді десе де болар. Күрестің әбден ушыққан тұсы. Науан хазірет үкімімен, шариғат жолына сүйеніп, Жалмұқан Ақтоқтыны әбден масқаралап, қорлап, талақ етеді. Бұл алғашқы соққы. Одан да сорақысы

артында жатыр. Ақтоқтыны мал қосақтағандай, итке жемтік тастағандай қылып, зорлықпен Балуанға береді. Бата беруші – Науан хазірет. Балуан рөлінде – Қаллеки. Бір ауыз сөзі жоқ, бір-ақ жерде көрінетін үнсіз кейіпкер. Балуан – мылқау. Әйел жоқ, бала жоқ, тұлдыр жалғыз. Тағдыр қарғысын алғандай соқа басы. Оны басқалар алып күштің иесі, жартылай адам, жартылай мал деп қабылдайды. Өтіп жатқан қайғылы хәлді Балуан-Қаллеки көзімен көріп, жүрегімен сезініп, қан жылап, бір ысып, бір суып, өңі мың құбылып, бірдеңе айтқандай болып ыңыранып, дөңбекшіп, қобалжып отырады. Ойыңа келгенді істе, қорла, тапта, қолыңнан алар ешкім жоқ деген харам пиғылмен Ақтоқтыны аяғының астына тастай салғанда, Балуан-Қаллеки әуелде оқыстан абдырап, мән-жайға түсінбей барып, есін тез жиып алып, жүзі жылып, бойы балқып, аталық махаббат нұрымен жадырап, Ақтоқтыны алдына алып, бәле-жала, қасірет-қайғыдан тез арылтып, тазартып, ағартып жібергісі келгендей, емірене тебіреніп, өзінше бірдеңе айтқан болып, былдырлап, әлдилей бастайды. Есіл аруды тозақтың отына тастадық, енді күл болып жанып кетеді, жалмауыздың аузына бердік, қабырғасын күтірлетіп шайнап тастайды деп масаттана бастаған қасқыр топ мына әрекетті көріп, бір сәт аң-таң. Қолма-қол естерін жиып алып, қайта құтырып Ақтоқты мен Мәрзияны ағашқа байлап өлтірмекке бет алғанда, Балуан-Қаллеки бомбыдай жарылады. Бойындағы барлық ашу-ызасы, кек-намысы, күш қайраты қайнап, тамыр атаулы білеуленіп көрініп, көзі шатынап, ерні дірілдеп, бір ағашты түп-тамырымен жұлып алып, аюдай ақырып, қиянатқа, зорлыққа қарсы, дұшпандарының зәре құтын ұшырып, алпамсадай денесімен жас жігітше дөңгеленіп, тұра ұмтылады. Осылайша әлем әдебиетінде бар ғажайып сарын - ЭсмеральдоКвазимодо сарыны қазақ топырағында сарабдал суреткер мен дара актер пайымдауында өзінің тамаша жалғасын, ұлттық топырақтағы үйлесімін тапты. Қазақ сахна өнерінің табиғи дамуына отыз жетінің қырғыны орасан зор кесепат келтірді. Атылып кеткен боздақтар Жүсіпбек, Жұмат, Ілияс, Сәкен, Бейімбет шығармаларын айтпағанда, репертуардан “Еңлік-Кебек”, “Бәйбішетоқал”, “Қарагөз”, “Хан Кене”, “Айман-Шолпан”, “Түнгі сарын” алынып тасталды. Он бес-жиырма жылдай қазақ сахнасын тартыссыздық теориясына сүйеніп жазылған, жадағай, жұтаң пьесалар, орташа авторлардың ортаң қолды аударма туындылары басты. “Қозы-Көрпеш – Баян сұлу”, “Ақан сері - Ақтоқтының” да сахналық ғұмыры ұзаққа бармады. 1953 жылы Сталин өлді. Сол кездегі Совет Одағының барлық атырабында, өмірдің барлық саласында өзгеріс басталған. Сең бұзылған. Жылымық келген. Абақтылардан мыңдаған адам босатылды. Қамаудағы кітаптар жарыққа шықты. Дәл осы кезде Мұхтар Әуезов өзінің тырнақалды трагедиясы “ЕңлікКебектің” үшінші, соңғы нұсқасын жасап бітірді. Пьесаны академиялық драма театры сахнасына шығарды. Ресейдің халық артисі, Украина өнеріне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақстанның халық артисі деген биік мәртебе, атақтары бар, ұлттық өнеріміздің дамуына, биік өреге көтерілуіне көп

қызмет еткен дарынды өнерпаз жасы ұлғайғанда ата-бабаларының елі – Израильге көшкен болатын, кейін сонда дүние салса керек. Еврейдің сол әрекетін кешіре алмаған арнаулы мекемелер жарнамалардан, афишалардан, театр тарихына арналған еңбектерден Моисей Исаакович Гольдблат есімін күні кешеге дейін сыздырып отырды. Шынын айту керек, біз көрген “Еңлік-Кебектің” көптеген қойылымдарының ішіндегі ең үздігі, классикалық нұсқасы - осы М.И.Гольдблат варианты. Тағы бір шындық бар. М.И.Гольдблат былай деп жазды: “Ол (Қалыбек Қуанышбаев) халықтың эпосын, тұрмыс-салтын жақсы біледі, көркемдік талғамы да күшті. Ол кеңесші-режиссер ретінде спектакльді даярлауда елеулі үлес қосты”. Европа, орыс, украин театры тәжірибесін жақсы білетін, сахнаның үздік маманы, майталман режиссер мен халық этнографиясын, психологиясын, тілді, ділді бес саусақтай ажыратып, бақайшағына дейін тап басатын кәрі құлақ, ескі көз, әрі өзі ұлттық жаңа өнерді жасаушы дара тұлғаның шығармашылық ынтымағынан туған бұл қойылымның ерекше болып шығуының тағы бір үлкен себебі бар-ды. Бірен-саран, кейін театр репертуарына берік еніп кете алмаған ортақол дүниелермен қазақ театрының шымылдығы ашылды дейтіндермен келісе алмаймыз. Әр түрлі пьесалардың бұрынырақ қойылғаны рас, бірақ ақиқатына келгенде, қазақ ұлттық театрының пердесін ашқан “Еңлік-Кебек” күні бүгінге дейін сахна төріндегі алтын жамбы. Сол шығарманы ойнаудан өздерінің өнерпаздық жолын 1926 жылы бастаған алып топ – Қалыбек, Елубай, Серке көп жылдар махаббатынан еріксіз айрылған жандай, шығармашылық күйзелісте жүрген еді. Колхоз, совхоз, шахта, майдан – сол төңіректегі қуыршақ адамдар, өтірік тартыс, жалған мадақ жалықтырған. Сөйтіп жүргенде, 1957 жылы “Еңлік-Кебек” сахнаға қайта шықты. Бұл қазақ театр өнері жаңа кезеңнің басталуы еді. Театр труппасының басым көпшілігі табиғи қабілеттері бар, бірақ арнаулы білім алмаған адамдардан тұрса, енді әрі дарынды, әрі білімді жаңа толқын келді. Ыдырыс Ноғайбаев Есен батырдың эпикалық ғажайып бейнесін жасады. Кебекті сомдаған Нұрмұқан Жантөрин кейін тұтастай кино өнеріне беріліп, әр ұлттың миллиондаған көрермендерінің сүйіктісіне айналған ұлы актер болды. Дәл осы кезеңде театрға қазақ жаңа режиссурасының болашақ атасы Әзірбайжан Мәмбетов келді. Үш ұлы би – Нысан абыз, Кеңгірбай, Еспембет бейнелерін үш ұлы актер Қаллеки, Елубай, Серке ойнады. Қазақ әдебиетіндегі көптеген драмалық, прозалық шығармаларда тарихи тұлғалардың, хандардың, батырлардың, шешендердің, билердің әр түрлі қырынан алынған, түрлі жағдайларда көрінетін сан-алуан бейнелер бар. Автор тарапынан олардың сырт келбеті, түр-түсі, киім-киісі, жүріс-тұрысы суреттеледі, ой-толғаулары, мінез қалпы, психологиялық тебіреністері беріледі. Бұл ретте Есенберлин, Сматаев, Кекілбаев, Мағауин, Жұмаділов романдарын, Ахтанов, Бекхожин драмаларын айтуға болады. Сөйтсе де Әуезов шыңы тіпті бөлек.

Характер ашудағы даралығы, лексикалық-синтаксистік байлығы, ырғақ-екпін табиғилығы, көркемдік кестесіндегі фольклоризм мен драматизмнің жымдаса бірігуі, әсіресе сахна өнері талаптарына дөп келетін қорғасындай ауырлық, алдаспандай өткірлік, мірдің оғындай дәлдік, аспандай биіктік, теңіздей тереңдік - әсіресе Әуезов драматургиясының тіліне тән құбылыс, жинақтап, түйіп айтқанда, бұл “Еңлік-Кебек” трагедиясының айрықша қасиет сапасы. Басқа суреткерлер әзір шыға алмаған көркемдіктің Хан тәңірі. Қазақтың бұрынғы тұрмысын, мінез қалыбын, жүріс-тұрысын, сөз саптауын бүге-шігесіне дейін білетін, әр түрлі әлеуметтік топтар психологиясының ішек-қарынын ақтара алатын, театр негізін салған дарындар өздерінің табиғи қабілетіне, ықылас-ниетіне, ішкі зауықшабытына, тіпті қимыл-қозғалыс, сөйлеу машық, үн өзгешеліктеріне орай әуел бастан-ақ оң жамбастарына келетін қаһармандарын “Еңлік-Кебектен” болсын, “Арқалық батырдан” болсын, “Қозы Көрпеш-Баянсұлудан” болсын таңдап тауып алып, сахналық өлмес бейнелер жасаған. Сол тұлғаның бірі – Нысан абыз – Қаллеки. 1957 жылы бұл бейнені сахнаға шығарғанда Қаллеки пайғамбар жасынан асқан, алпыс төртте. Өмірдің биігіне шыққан. Сол кездегі артист атаулының мыңнан бірінің басына қонбайтын атақ-абыройы, мерей-даңқы бар. Өнер жолында өткен елу жылдық тәжірибе бар. Тақпақ айтты, пьеса, әңгіме жазды. Ауылдың жылпос жігіті, орыс пен қазаққа жалтақтаған болыс, сырын бермес хан, қаһарымен дұшпанын айдынырған батыр, қарасөзді судай сапырған шешен, от пен оқтың ортасында жүрген генерал, дүйім атыраптың билігін қолға ұстаған дуан басы, халықтың данышпан ойшылы, ұлы ақыны – осы тектес сан-алуан, сан тағдырлы кейіпкерлерді сахнада мүсіндегенмен, өз жолына орай, жеткен биігіне лайық, еліне айтар өсиетіндей боларлық тұлғаны іштей аңсайтын. Коммунизмді мадақтайтын, күнделікті тіршіліктің ұсақ-түйек ұстасуын көрсететін қазіргі шығармаларда ойнауды сирете бастаған. Осындай күйде жүрген Қаллеки үшін “Еңлік-Кебектің” сахнаға қайта дайындалуы, тіпті кеңесші-режиссер ретінде кірісуі оны шабыттың биік деңгейіне көтеріп, қанатын қайта қомдатып, Нысан абыз арқылы қазақ театрындағы ұлы сахналық тұлға жасау мүмкіндігі туды. Нысан абыз – Қаллеки – маңдайы жырта қарыс, жау қабақ, ер мұрынды, майлығы келіскен құйма құлақ, шықшытты келген атжақты. Екі иығына екі кісі мінгендей, кең кеуделі, жаурынды, атпал азамат қияпатындағы сақал-мұртына ақ кірген егде адам. Бірде мұң, бірде қайғы, бірде ой, бірде қайрат сәулесі толқыған көз жанарына қараңыз. Қобыз шалып, содан шыққан дыбыспен өзі арбалып, басқаны дуалап отырған бақсы да емес, басқадан жиғаны бар, өз қосқаны бар шұбыра төгілетін сөз тиегін, ағытып отырған жыршы, термеші де емес, ел мен ел, тайпа мен тайпа арасындағы жер дауы, жесір дауына билік айтып, содан пайда табатын би де емес, бір дүйім жұрттың, бір атыраптың екі тізгін, бір шылбырын қолына ұстаған билік иесі де емес, Қаллеки сомдауындағы Нысан абыз ел қайғысымен қайғырып, ел шерімен тебіренген, ел болашағы үшін үміт-

тілеген, дұға-батасын жас буынға арнаған, соған сенген, қыл бұрау түскен шақта шайқастан басын алып қашып, не жеке басының, не бір топтың мұңын мұңдап кетуден аулақ, халқы үшін қаймықпай отқа түсетін тұлға. Қаллекидің бетқұбылыс (мимика) байлығы, пластикалық қабілеті, дауыс құнары, бейне жасаудағы авторлық мәтінде жоқ, өзі ойлап тапқан нәрселерді оқыстан, күтпеген жерден қолданып, көрерменді таңқалдыратын тамаша қасиеті Нысан абыздың әйгілі монологындағы “Бәріңнің де нәрің жоқ, елім қайтіп күн көрер?” деген сөздерді айтқан кезінде жарқ ете түседі. Осы тұста Қаллеки көзі қанталағандай қызара түсіп, қабағы қатуланып, жүзі сұрланып, танауы қусырылып, еңсесін биіктей көтеріп алып, залда отырған көрушіні салалы, балуан саусақтары дірілдеген оң қолымен қоралай өтіп, жас пен кәріні, бар мен бағыланды, еркек пен әйелді, студент пен хатшыны – баршасын қотанға қой айдап кіргізгендей, ишара жасап, бір жерге жинағандай болып барып: “Бәріңнің де нәрің жоқ, елім қайтіп күн көрер” деп күрсінгенде, әркім осы сөз өзіне айтылғандай, бір түрлі қысылып, кірерге тесік таба алмайтын қиын халге түсер еді. Нысан абызды өздерінше сахналаған тамаша өнерпаздар Қапан Бадыров, Шақан Мусин, тіпті Нұрмұқан Жантөриннің өзі бұл детальды ұстап қала алған жоқ. Біреуі дәл осы жерде қобызға мұң шаққандай, біреуі ахылап, күрсінгендей күйге түсіп, біреуі сахнада теңселіп жүріп кеткен-ді. Қаллеки “Еңлік-Кебек” трагедия-симфониясының нар қобызына айналды. Ол өлім жайлы ғана емес, өмір жайлы, елінің буын-буын ұрпағына кететін аманат, өсиет күйін шертті. Болашаққа сәлем жолдады. Мың жылдар бойы еңсесін тау биіктетіп, тазалығын көл шайқап, кеңдігін дала сыйлаған, ырғағын жел түзеткен ана тіліміздің қоңыр күңгір үнімен, бар дыбысы айқын, екпіні тұлпардың шабысындай ғажайып әуезбен толғаған. Өкінішке орай, сол әуен, сол ырғақ, сол екпін есіңе түскенде көзіңе жас келеді: сөздің басын айтып, аяғын жұтып қоятын, бір сөйлемнің ырғағын дұрыс айта алмайтын, быдық, кекеш, маңқа, сақаулар қазақ сөзін жерге таптап жатқандай көрінеді. Қаллекидің сөз саптау, сөйлеу, толғау, дауыс ырғағының көп үлгісін кеше Шәкен Айманов, Нұрмұқан Жантөрин, бүгінгі көзі тірі өнерпаздардан Досқан Жолжақсынов қана ұстап қала алды. Қазіргі қазақ театрында ұлы өнерпаз Қаллеки дәстүрі жарқырап қайта жанса, киелі өнеріміз тәуелсіздік жалауы астында алға басқан еліміздің шын мағынасындағы жан досы, рухани байлығы, сыр бөлісер, ақыл қосар асыл қайнарына айналар еді.

2004.

ЖАНКЕШТІ

ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіне тән айрықша құбылыстың бірі талантты жазушыларымыз алғашқы шығармаларымен-ақ тез танылып кетті:

Мағжан, Жүсіпбек, Сәкен, Бейімбет, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Саттар, Әбділда, Мұқаметжан, Қасым отызға жетпей күллі қазаққа мәшһүр болды, Әбдіжәміл, Тахауи, Сафуан, Зейнолла қырыққа дейін, Қалихан, Сайын отызында прозашы ретінде мойындалды. Ілияс Есенберлиннің әдеби тағдыры бұралаң еді. Көптеген қазақ жазушылары филологиялық, журналистік білім алып, баспасөзде және жеке шығармашылықта қатар қалам тартатын. Әке-шешеден ерте айырылып, жетімдік тауқыметін кешіп, балалар үйінде тәрбиеленіп, тау-кен институтын бітіріп, инженер болған маман қатты жараланып, соғыстан ерте оралған. Орталық партия комитетінде, филармонияда, шахтада істеген. 1951-53 жылдары сотталып, түрмеге қамалған. Бір жазушы естелігінде Есенберлиннің сотталғанын кекесінмен, табалағандай сыңайда сөз етті. Жасырын ештеңе де жоқ, филармония директоры қызметінде жүргенде қаржыны орынсыз жұмсағаны үшін деген айыппен сотталған. Бұл - әрине сылтау. Сол кезде Қазақстанда тағы репрессия бас көтеріп: Е.Бекмаханов, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Қ.Мұхаметханов, Б.Сүлейменов сотталған; М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Б.Кенжебаев жұмыстан шығарылып қудаланған. Есенберлиннің сотталуын да осы науқанның кесепаты деп түсіну керек. Түрмеден қайтып келген соң барар жер, басар тау таба алмай, қиналып, түңілген, бала-шағасының шәйсуына бес-он тиын таба алмай, жоқшылық көрген кездері де болған, кейін киностудияда, баспада, Жазушылар Одағында қызмет етті. Поэзия саласындағы «Сұлтан», «Айша», «Адамгершілік туралы жыр», «Біржан сал трагедиясы», «Большевик туралы поэма» сияқты шығармалары әдебиетте жаңа сөз айта алған жоқ. Прозадағы «Өзен жағасында», «Толқиды Есіл», «Адам туралы ән» секілді ізденістерді де қатардағы шығармалардың бірі еді. Пьеса да, сценарий де жазған. Бәрібір көптің бірі болып қала берді. Жиналыс, пленум, құрылтайда біреу сыналса, Есенберлин сыналатын. Сөйтіп жүріп жер орта жасқа келген. Елуден аса бере нағыз Есенберлин басталды. Роман артынан роман. Бірін-бірі қайталамайды. Жаңа сюжет, жаңа композиция, жаңа идея. Бәрі жаңа. Оқырман ықыласы көл-көсір. Бірақ жазушылар тарапынан мойындалу оңайға түскен жоқ. Алдымен Сәбиттен басқасы саусақпен санардай ғана күрделі шығарма жазып, классик атанған ағалары жандарына жақындатпады, бірді-екілі туындымен даңқтары шыққан құрдастары, соғысқа барып келген тағдырластары қолдау былай тұрсын, күндестікпен уланып, аяғынан шалып, зиян келтіріп, мүлде дұшпан болып кетті; тек кейінгі буын, өзінен бір мүшел, екі мүшел кішілерден жақсылық көрді, олар шығармаларға материал жинауға көмектесті, қолжазбаларын редакциялауға қатысты, талқылауларда қолдады, кітаптарын насихаттады, әділ бағасын берді. Сырттай жұпыны, шашы ерте ағарған, жүріс-тұрысы сылбыр, мінбеге шықса, ел-жұртты аузына қарататын шешен де емес, мойылдай қап-қара екі көзі ерекше есте қалады. Өмірдің көп өткелегінде алла берген асыл қуат, зор рухты жоғалтпай, елудің белінде қайратына мінген Ілияс кезекті шығармасын жазу үстінде жан алып, жан берді. Оны жариялау үшін аянбай

күресті. Өзіне дұшпандық жасағандарды да аяған жоқ, қажет болса, олардың жолына кесе көлденең жатып алды. Жақсылық істегендердің еңбегін еселеп қайтарды. Әсіресе жас қаламгерлерді демеді, үй алуға көмектесті, кітабын шығарды, қызметке орналастырды. Достыққа адалдығының мысалы ретінде Қапан Сатыбалдиннің 4 томдығын бастыруы, Әзілхан Нұршайықов романының орысша аудармасына көмектесуін айтуға болады. Ілияс адамдарды екі топқа бөліп қарайтын, олар – қазаққа қызмет ететіндер және қазаққа қызмет етпейтіндер. Бөлудің басқа түрін қабылдаған жоқ. Сөйтіп, елуден асқан кезден бастап, он бес жылдай уақыт ішінде қауырт та өнімді еңбек еткен Ілияс Есенберлин қазақ әдебиетінің тарихындағы талантты романдар шоғырының авторы болып қалды. Өз қолында үлкен билік болған күндердің өзінде (Баспа директоры, Жазушылар Одағының екінші хатшысы) Ілияс романдарының бірде-біреуі айтыс-талқысыз, дау-дамайсыз, кедергі-бөгетсіз, тиым-тоқтаусыз шығып көрген емес. Сары тіс ағалары, үзеңгілес қатарластары, бота тірсек інілерінің жазылмаған кітаптарының жоспары мақталып, бүгін біткен қолжазба, ертең шығып жатқанда, мұның жаңа дүниесі ең алдымен Жазушылар Одағының әртүрлі пиғылдағы, сан алуан талғам иелерінің ортасына салынып, орындыорынсыз пікір айтылып, әрі тарт, бері тарт тәжікеден кейін қайтадан Баспасөз комитеті, Орталық партия комитеті, Қауіпсіздік комитеті дегендердің қысымына түсіп, одан Мәскеу шешімін күтіп, ақырында жасырын сарапшылар айтқан талаптарды орындап болғаннан кейін ғана басылуға мүмкіндік алатын. Алғашқы талқы, тартыс додасына қатыса алмай қалған коммунистік мұраттар мен кеңестік идеология талаптарына өздерін адал қызметші санайтын кейбір ғалымдар (олардың ішінде академиктер мен профессорлар бар), белгілі қаламгерлер (олардың ішінде лауреаттар мен халық жазушылары бар), Ілиястың жаңа романындағы ұлтшылдық, қазақ тарихын мадақтау, эротизм, тың игеруге қарсылық, алаш қозғалысын дәріптеу секілді жат идеялар бар екенін айтып, шығарманы бастырған мекемені айыптап, кітапқа тиым салып, жинап алып жойып жіберу қажет деген талап қойған кездер аз емес. Мұндай айыптау мен қаралаудың ашық баспасөз бетіне шыққан күндері де бар. Бір шығарма тұсында ғана емес, барлық жаңа шығармасын бастыру үшін жазушы көрген қиындық оларды орысшаға аудару, жариялау кезінде тағы қайталанатын. Адам көтеруі қиын мұндай рухани дерттен оқырман махаббаты ғана емдеуші еді. Әр нәрсенің шегі бар. Талант қайраты қожырамаған, бірнеше романдар циклін ойластырып қойған қаламгердің жүрегіне жетімдіктен, соғыстан, түрмеден, әр шығармасын жазу, бастырту, аударту кезіндегі қиындықтан түскен жан жарасы оны алпыс сегіз жасында дүниеден оқыстан алып кетті. Халқымыздың рухани дәулетіне эстетикалық жаңа байлық, мол қазына қосып, елінің махаббатына бөленіп, көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналып, туындылары тұғырға көтерілген қазақ әдебиетіндегі ардақты есімдердің бірі – Ілияс Есенберлин екендігі қазір көпшілікке аян шындық.

Халық өмірінің, ел тарихының құнарлы кенін қопарған тегеурінді дарынның биік нысананы мұрат тұтып, қажырлы еңбек, шабытты әрекет арқылы дүниеге келтірген аса бай көркемдік игілігі жұртшылықтың жүрегінен шықты. "Алмас қылыш" романы – Ілияс Есенберлиннің әйгілі "Көшпенділер" тарихи трилогиясының бір бөлімі. ХІV-ХV ғасырдағы оқиғалар, әлеуметтік қақтығыстар, жаугершілік, қазақ хандығының құрылуы суреттеледі. Бұл шығарманы тұңғыш рет 1971 жылы "Жазушы" баспасы басып шығарды. Халық өмірінің терең шындығын дәлді деректер, шежіре, аңыз, эпос материалдарына, белгілі қайраткерлер, батырлар, билер өміріне сүйене отырып, көркем бейнелер арқылы ашқан күрделі туындыны қалың оқырман жақсы қабылдады. Роман туралы баспасөзде көптеген пікірлер айтылды, ондаған рецензиялар, мақалалар жазылды. Екінші рет "Алмас қылыш" романы "Көшпенділер" трилогиясының бірінші кітабы ретінде "Жазушы" баспасынан 1976 жылы алпыс мың дана болып басылып шықты. "Алмас қылыш" романы "Заговоренный меч" деген атпен Москваның "Молодая гвардия" баспасы жүз мың дана етіп, 1974 жылы жариялады. Аударған жазушы Морис Симашко, алғы сөзін жазған академик Әлкей Марғұлан. Екінші рет "Алмас қылыш" романы "Кочевники" деген атпен "Советский писатель" баспасынан жүз мың дана болып 1978 жылы орыс тілінде жарияланған тарихи трилогияның бірінші кітабы ретінде "Алмас қылыш" романы Москвада үшінші рет басылды. Алғы сөзін жазушы Әнуар Әлімжанов, соңғы сөзін академик Әлкей Марғұлан жазған. "Жанталас" романы – "Көшпенділер" тарихи трилогиясының екінші бөлімі. Негізінен ХVІІІ ғ. Қазақстандағы әлеуметтік-қоғамдық тартыстар, халық басынан өткен сан алуан оқиғалар бейнеленеді. Абылай хан, Бұқар жырау тектес тарихи қайраткерлер образы жасалған. Роман тұңғыш рет 1974 жылы "Жазушы" баспасынан шықты. Роман орыс тілінде тұңғыш рет "Простор" журналының 1973 жылғы 7, 8, 10 сандарында "Отчаяние" деген атпен басылды. Аударған жазушы Морис Симашко. Москваның "Известия" баспасы "Дружба народов" кітапханасы сериясымен "Жанталас" романын 1974 жылы шығарды. "Жанталас" романы тарихи трилогияның бір бөлімі ретінде "Кочевники" деген атпен басылған кітаптың құрамында 1978 жылы "Советский писатель", 1983 жылы "Художественная литература" баспасынан шықты. "Алмас қылыш", "Жанталас" романдары "Көшпенділер" трилогиясының құрамында 1983 жылы Польшаның "Чительник" баспасынан поляк тілінде басылды. "Көшпенділер" трилогиясы Венгрияның «Европа»! баспасынан шықты. "Қаһар романы" – "Көшпенділер" трилогиясының үшінші кітабы болғанмен, циклдің ішінде бірінші болып жазылған шығарма. Тұңғыш рет "Жазушы" баспасы 1969 жылы басып шығарды. Орыс тілінде алғаш

"Простор" журналының 1970 жылғы бесінші, алтыншы сандарында "Хан Кене" деген атпен жарияланды. Аударған жазушы Морис Симашко. Москваның "Советский писатель" баспасы 1971 жылы "Хан Кене" деген атпен жариялады. "Көшпенділер" трилогиясының үшінші кітабы ретінде "Советский писатель" баспасынан 1978 жылы, "Художественная литература" баспасынан 1983 жылы шықты. "Көшпенділер" трилогиясының құрамында 1983 жылы Польшаның "Шительник" баспасынан поляк тілінде шықты. Венгрияның "Европа" баспасы 1986 жылы шығарды. "Қаһар" романы туралы жазылған қазақ әдебиетшілері Ә. Марғұлан, Ә. Әлімжанов, Р. Бердібаев, Х. Әдібаев, М. Қаратаев, Ш. Елеукенов, орыс сыншылары Н. Ровенский, П. Косенко белгілі әдебиетшілер Г. Ломидзе, В. Оскоцкий т.б. мақалаларында бұл шығарма тарихи романтиканың үздік табысы, реализм әдебиетінің шоқтығы биік туындысы ретінде бағаланады. Расында "Қаһар" романы әдебиет тарихында құбылыс болған, қалың оқырмандардың махаббатына бөленген, ел тағдырын шыншылдықпен бейнелеген халықтық көркем шығарма. Көптеген архив материалдарын, әр түрлі деректерді, ғылыми зерттеулерді, жинақтап, көркемдік тұрғыдан екшеген трилогияның "Алтын Орда" аталуы тегін емес. Шығармадағы оқиғалар Ертіс, Еділ бойларында, қазақ даласында, Орта Азияда, Қырым мен Кавказда, Русь жерлерінде өтеді. Жазушы қырғын соғыстардың, опатты өлімдердің негізгі әлеуметтік-таптық себептерін ашады; тарихи тұлғалардың, хандардың, билердің, батырлардың сенімді тұлғаларын жасайды, елмен ел, халықпен халық арасындағы достық тамырларын бейнелейді; азаттық, еркіндік үшін болған күресті суреттейді. Романның бірінші кітабы алғаш рет 1979 жылы "Жұлдыз" журналының 8-9 сандарында басылды. 1982 жылы "Жазушы" баспасынан жеке кітап болып шықты. Ұлан-асыр кең территорияда білектің күші, найзаның ұшы, қылыштың жүзімен құрылған зор империя – Алтын Орданың қоғамдық-әлеуметтік құрылысы, этникалық-елдік тұрмыс-тіршілігі, сан алуан күрестер, билік үшін шайқастар суреттелген. Әр түрлі тарихи жағдайларды, өмірде болған тұлғаларды бейнелегенде жазушы реализм принциптерін берік ұстанып, диалектикалық қайшылықтарды ашады; өмірлік материал мен қаламгерлік қиял, шындық пен фантазия тізгінін тең ұстайды. Алтын Орда мемлекетінің негізгі қайшылықтары, оның құлау себептері, халық тағдыры мен жеке адам тағдыры сан-сан оқиға, сала-сала сюжет арқылы ашылады. Трилогияда аңыздар, мысалдар, тәмсілдер (притча), эпос сарындары кең де шебер қолданылған. Романның екінші кітабы алғаш "Жұлдыз" журналының 1983 жылғы 4-5, 7-8, ал үшінші кітабы "Жұлдыз" журналының 1983 жылғы 4-5 сандарында жарияланды. Екі кітап бірге қосылып тұңғыш рет 1983 жылы "Жазушы" баспасында шықты. "Алтын Орда" тарихи трилогиясымен орыс оқырмандарын алғаш толық таныстырған "Простор" журналы ("Простор", 1982, 8; 1983, 2,3; 1984, 1, 2, 3). 1985 жылы Москвадағы "Советский писатель" баспасы "Алтын Орда" трилогиясын В. Мироглов аудармасымен басып шығарды.

Бес поэма, төрт пьеса, үш киносценарий, он алты роман жазған қаламгердің берекелі таланты қазақ халқы өмірінің ғасырлар панорамасын көрсетіп берді. Көп ғасырлық тарих, ұлттық интеллигенцияның қалыптасу кезеңіндегі трагедиялар, колхоздастыру дәуірінің шындығы, Ұлы Отан соғысына қазақтардың қатысы, тың игеру жылдарының хикаясы, Маңғыстау майданы, геологтар, мүсіншілер, артистер, жазушылар тағдыры – Ілияс Есенберлиннің романдар сериясындағы өзекті тақырыптар осылар. Қазақ әдебитінде бір тақырыпқа арналған шығармалар шоғырын, үйірлі туындылар жасау дәстүрін қалыптастырған Мұхтар Әуезов сабақтарын терең игеріп, жемісті арнаны кеңейткен, өз тарапынан жаңа үлгілер тудырған қаламгердің тарихи прозадағы күрделі көркемдік-эстетикалық олжаларын айрықша бағалау шарт. Ұлттық тарихымыздың терең қойнауларында қалған көп оқиғалардың елесі, өзгерген, бұрмаланған деректер, әр түрлі тілдерде жазылған, сан алуан қолға түспейтін сирек кітаптарда, архив қазыналарында, оқылуы қиын қолжазбаларда, әр жерде жүйесіз шашылып жатқан материалдарды тауып, оқып, қорытып шығу үшін кеткен уақыт, жұмсалған қайрат, жасалған еңбектің өзі бір адамның ұзақ ғұмырына жетіп артылар шаруа. Жазушының алты романнан тұратын "Көшпенділер" және "Алтын Орда" трилогиялары – қазақ халқының жеті жүз жылдық өмірін тарихилық принцип тұрғысынан шындықпен, көркем, сенімді әрі терең бейнелеген қазақ әдебиетінің көрнекті шығармаларының қатарына жатады. Оқиғалық жағынан біріне-бірі жалғас, сабақтас, идеялық-көркемдік нысанасы әуездес, сарындас, құрылым-түзіліс кескіні ұялас болып келетін бұл романдар циклының тұтастығын айта отрып, олардың қазақ әдебиетіне енгізген эстетикалық жаңалықтарын көрсету қажет. Ең алдымен, осы екі трилогиядан қоғамға, тарихи дамуға, әлеуметтік жағдайға деген жазушының әлеуметтік, партиялық, халықтық айқын көзқарасын, ғылыми объективті позициясын көреміз. Бұл шығармаларда уақыт пен кеңістік мейлінше мол әрі орасан кең ауқымда бейнеленеді: бір атырап, бір тайпа, бір жүз тіршілігі емес, қазақ халқының тағдыры көптеген басқа елдермен қарым-қатынас контексінде, дүниежүзілік дамудың арнасымен терең сабақтастықта алынады. Құжаттар мен тарихи деректерді сұрыптауда озық әдебиеттер дәстүрін негізге ала отыратын жазушы ежелгі аңыздарды ауызекі әңгімелерді, халықтық мифологияны көркем шығармада пайдалану барысында көп жаңалықтар, соны өрістер ашты. Сөйтіп, тарихи романның жаңа бір ұлттық, жанрлық – роман-шежіре үлгісін тудырды деп айтуға әбден болады. Халқымыздың басынан кешкен қилы жол, тайғақ кешу, тас босаға, тар өткелдердің трагедиялық оқиғалары, ел қамын жеген, ойшыл даналар, жұртын сүйген, жүректі батырлар образдары, әр дәуірде әлеуметтік күрес сахнасына шыққан хандардың, айыркөмей, жезтаңдай билердің, қилы-қилы таптар өкілдерінің бейнелері, халықтық бірлік, елдік ұйытқы, отансүйгіштік, патриотизм сарындары – осылардың бәрі жанды түрде тұтаса келіп, Ілияс Есенберлин тарихи романдарының идеялық-эстетикалық сапасын,

поэтикалық-жанрлық қасиеттерін құрап, олардың әдебиетіміздің төріндегі орнын белгілесе керек. Кезінде Мұхтар Әуезов қазақ интеллигенциясының алғашқы буынының Қазан төңкерісіне келу жолын көрсететін роман жоспарлаған, бірақ оны жазбай, "Өскен өркенге" отырған. Бел ортасында жүрген өмірдің қаһарлы жүзін қайта көру, бастан кешкен күндер ауыртпалығын қайта тарту шошытты ма, кім білсін, ұрпақ үшін шертер сырларын ұлы жазушы о дүниеге алып кетті. Дәл осы объектіге Ілияс Есенберлин барар деп ешкім ойламаған: "Қатерлі өткел" романы туды. Одан кейін "Ғашықтар" жазылды. Қазақ әдебиетінде оқиға болған, суреткер белсенділігінің, жазушы батылдығының куәсі, халықтық принципті берік ұстанып жазған "Қаһар" романы Ілияс Есенберлин есімін оқырман махаббатына бөлеп, әдеби сын назарын оның шығармашылығына күрт аударды. Қазан төңкерісі және қазақ интеллигенциясы деген проблема аракідік сөз етілгенмен, үлкен шығарманың өзегі болған емес-ті. Белгілі жәйттерді қайта айтатын нәрсе емес, қиын психологиялық шығармаларды, санадағы эволюцияны, ауыр трагедияны, тарихи оптимизмді бейнелейтін туынды қажет. Суреткерлік позиция, авторлық мұрат айқын болмаса, қаңғыртып жіберетін, соқыр сүрлеуге түсіретін қиын объектінің Ілияс Есенберлин оңтайлы бір қырынан келген. Әлеуметтік әр түрлі топтарды қамтитын көп салалы, тоқсан тоғыз тараулы роман емес, кейіпкерлері аз, тартысы жинақы, өткір идеялы шығарма жасау мақсаты алға қойылған. Басқа адасса бір сәрі, шіріген жұмыртқа – садақа деп лақтырып жүре береді тарих, ал халықтың ары, жаны – суреткер адасса – трагедия. Қоғам дамуының жаңа тенденцияларымен, жаңа сарындармен бауырласа алмаған жазушы қашанда қайғылы халге ұшырамақ. "Қатерлі өткел" романының алғашқы беттерінде үш ақынмен танысамыз. Үш ақын – үш әлем. Романист Ақан өмірін суреттеуге көп орын бермеген. "Терезе алдында тұрған аққұба, ашық жүзді, қошқар тұмсықты, үлкен қоңыр, қой көзді, кең кеуделі, ұзын бойлы адамның жасы отыз бестер шамасында" деген штрихтың өзінде ызғар, сыз бар. Ол қандай іс тындырған, өткенінде не жатыр – бұл жағы бимәлім: Ал жүрегінің түбінен құмығып шыққан, көзінен қанды жасын ағызған сыр-зарына бақсақ, екіұдай, қайғыға бөккен жанды көресің. Ол қазақ халқының қуанышты, шат-шадыман, еркін күндері өткен, келешекте құрып кету, жер бетінен жойылу тосып тұр деп есептейді. Ұлттар достығы деген көптің азды, күштінің әлсізді алдап түсіруі үшін ойлап шығарылған жалған ұран деп санайды. Ақын сенімінде әр түрлі жұрттардың басын біріктірген одақ әсте ұзақ ғұмыр сүре алмаса керек. Екінің бірі – не азшылық жұтылады, не империя қаусайды. Саналы күрес жолына енді ғана түскен жас ақын Бүркіттің шеттігіне жеткізе, бар ниетпен беріле айтқан ұстазының осынау сөздеріне қарсы қояр дерегі, бөгеу болар дәлелі жоқ. Әлеуметтік орта дайындамаса, кез келген

адам революция мәнін бірден түсініп, күрескерлер санына қосылып кете алмасы хақ. Тірлік тартысын аяқтаған, тұз-дәмі таусылған Ақан ақынның балконнан құлап өлуі кездейсоқ нәрсе, үрей салдары емес. Бұл финалды жазушы оқырманға оқыс әсер ету үшін, сюжетті ширықтыру мақсатымен алмағаны да түсінікті. "Қатерлі өткел" романы арқылы Ілияс Есенберлин ұлттық интеллигенция басынан өткізген шытырман күйлерді, ауыр сапар, қиын жолды бейнелеп берді. Бұл шығарма бүгінгі қазақ әдебиетінің туған халқымыз жайлы небір ауыр шындықтарды тарихи дәлдікпен, көркем кестемен суреттей алатын марқайған мінезін танытады. Неғұрлым түр ықшамдылығына ұмтылу көркемдік талаптарынан туған шарт екендігіне Ілияс Есенберлиннің "Ғашықтар" романын оқу үстінде тағы да көз жеткізуге болады. Негізгі, арналы тартысқа қатыспайтын қосалқы персонаждарды есептегеннің өзінде кейіпкер саны он шақты адам. Материалды шағындап алу арқылы жазушы әрекет сферасын әдейі тарылтқан. Кең аумаққа шашылып, жайылғаннан гөрі, тар шеңберде терең бойлауды мақсұт тұтқан. "Ғашықтар" романының аты көп-көп сырдың кілті секілді. Расында да, бұл ғашықтық туралы, ғашықтар жайлы роман. Оқиғаның, әрекеттің жазушы тарапынан емес, негізгі қаһарман – Жантас атынан баяндалуы шығармаға қолайлы стильдік рең, өзгеше әуез берген. Жас көңіл – аңқылдақ, сезгіш. Жас көңіл бетке жылтырап, тілге бал жағып мақтап алып, бұрыла беріп, жұдырық түйетін пәлені білмейді. Жақыннан жау іздеп, көлеңкеден қорқып, аузындағысын әлдекім тартып әкетердей сескенгіш кейіппен екі қарап, бір шоқитын сауысқан мінез әзір бітпеген бойына. Ешкіні апа, текені жезде деп жүріп шыққан төбесіне басқалар қызығатындай сыңай танытты деп шошып, беталды қуыстанып, адал жандардың іргесін қаза бастайтын сұмдықпен былғанбас жас көңіл. Табиғаттың асыл сыйы -– қабілет ұшқынын өлтіріп алмай, мезгілімен мәпелеп, тәрбиелеп өсіре бастаған жас өнерпаздың өнер жолындағы алғашқы қадамы көп рақат, көп азапқа толы – тамаша өмір-ау. Күлсе, ағынан жарылатын, қуанса, төбесі көкке жеткенше мәз болатын жастық мінезі дарақылық емес, дарқандық. Бақай есеп, жебір құрт жыбырлақтан аулақ, қиял ауылында күніне сан рет көкпар тартқан заман ғой ол. Осындай бір көкірегі толық, ойлы жігіт – Жантас аз уақыт ішінде бастан кешкен күйлерін сыр етіп шертеді. Не көрді, не ұқты, не сезді, не түйді -–бәрін қалтықсыз көңілмен алдыңа жаяды. Жәй әуесқой емес, Жантас - өмірлік мақсатын өнерде ғана деп білетін мүсінші. Ленинград институтын бітірген. Оның көп қылығынан, білім дәрежесі, интеллект шамасы, эрудициясынан қазақтың бүгіггі жасының мінез қырларын сипаттайтын қасиеттер аңғарылып тұрады. Қарындасы Базаргүлдің ұзатылу тойы үстінде Жантас көп жәйттен хабар береді. Айналасына үнемі бақылағыш көзбен қарайтын мүсінші еш

нәрсені қалт жібермейді. Тез, шұғыл, оғаш кетсе де, бәріне бағасы даяр. Мамандық машығынан шығып жатқан, шындыққа үнемі апара алмайтын соқпақтарға да түсіп кетеді. Сырт кескіннен, сүйек бітімнен ылғи мағына іздеп, ішкі сарайды сонымен астастыруға болмайтындығын өзі де білсе керек. Салған жерден "Ғашықтар" романы оқыс ситуациямен оқырман ықыласын баурап алады. Сұлу қыздың соңынан жиырма бестегі жігіт еріп жүре берсе, несі ерсі? Бұл өмірде кездеспейтін яки моральға қисық келетін қылық па? Арғы тарихқа бақсақ, Татьяна Онегинге хат жазған, Еңлік Кебекті оятқан. Бүгін, көп дәстүр өзгерген заманда, қыз үйіне келіп, жігіт қонып қалса қайтеді екен? Сенімсіз қолдан жасалған оқиға деп ешкім де жазушыны кінәлай алмайды. Гәп мұндай жағдайдың құр оқиға, құр фабула күйінде алынуында емес, ситуацияға лайық, сенімді психологиялық сәттердің бейнеленуінде, осыдан туатын адам мінезіндегі құбылыстарды, кейінгі өзгерістерді аңғартуда. Пішін арқылы, дене бітімінің ерекшеліктерімен әсемдік сырларын танытатын мүсінші Жантас Ұлбосын сұлулығына бірден ынтық болған. Нәпсі тілегі емес, жас жүрек тебіренісінен ұшқындаған сезім. Бұған тез тұтанып, лап еткен суреткер шабыты қосылған. Ұлбосынның жалаңаш денесінен Жантас үлкен шығармашылық ойға әр, құштар боп жүрген идеясына өрнек табады. Ерекше жағдайды басынан кешкен, ләззаты түнде рақат тапқан жастардың ойға қалуы, сезімді саралауы артынан. Ауыр, аянышты тағдыры бар Ұлбосын өмірі мынау. Әлпештеген ұяда ерке, тентек өскен қыз рухани жетілуден бұрын, сезім қызықтарын ертерек тартқан. Ойлы, салмақты мінез қалыбы емес, әсіреқызыл әуесқой көзбен дүниеге енді аяқ басқан шағында оның лүп-лүп соққан жүрегі тізгінді қатқыл ұстаған екінің бірінің билігінде кете барғаны анық. Ләззат рақаты неғұрлым тәтті болса, өкініш зары удай ащы. Жас профессор, атақты хирург, жасырын жалғасулар, ыстық кештер – мұның егжей-тегжейін жазушы тәптіштеп жатпайды. Емеуріннен, сөз ұшығынан көп сыр белгілі. Жалын сезімнен бітсе де, дүниеге келуі қылмыс саналған іштегі бала Ұлбосын қайғысына айналған. Жазымыш-ай, біреулер өмір бақи перзент көруге зар, біреулер бойындағыдан қайтсе де құтылмақ! Жантас құшағындағы Ұлбосын сырын оп-оңай біліп алған жоқ. Мыстаудағы бірінші маман, профессор, хирург Шерубай Ұлбосынның алғашқы қуанышы, зор қайғысының себепшісі екен-ау. Алматыдағы атақдаңқты, мәртебелі-мансапты тәрк етіп, Ұлбосын соңынан қиыр шеттегі жас қала – Мыстауға тартып кеткен. Әуелде неге қосылмаған?Әуелде жас қызды неге аямаған?Әуелде сезімін тежесе нетті? Көш белден асқан соң, атқа мінгені қалай? Алуан сұрақ тудырған түйін шешімі шығармаға деген оқырман пейілін арттырады. Кей кітаптарды оқи бастағанда, батпаққа түскендей кездерің болады. Бірер бетінен соң жалығып, қоясың. Психологизм жоқ, әсем өрнек жоқ, ой толғам жоқ. Фотоаппаратпен түсіргендей, әр нәрседен жасалған

монтаж, суреткер тенденциясы, белгілі концепция жоқтығынан әсер ете алмайды. Тегінде оқырман кейіпкермен бәсекелес отырмақ. "Сен кімсің?", "Мен кіммін?" деген тәжіке бар екі ортада. Шығарманың эстетикалық ықпалы, әлеуметтік қуаты оқырманның интеллектуалдық өресімен функциялық байланыста көрінеді. Қазақ әдебиетіндегі үздік тип – Абай бейнесінің ерекшелігі ол қашанда сенен биік. Сені тазартатындай, кеудеңе нұр құятындай бір сиқыры бар. Қасына тұра қалсаң, әлсіздігіңді, қораштығыңды сезініп, қысыласың. Абайға баруың - әсемдікке баруың, даналыққа баруың. Ал көрбілте нәрсені көңірсітіп отырған жаннан қашпағанда, қайтесің. "Ғашықтар" романындағы Жантас – кейінгі төлдің дүниеге көзқарасы, махаббатқа, сұлулыққа қарым-қатынасын білдіре алатын жігіт. Онымен сырласу іш пыстырмайды. Өнер жарысына көзді жұмып, белді буып күмп берген ақкөз емес, қабілет, білім тізгінін қатар ұстаған мүсінші шығармашылық мақсатын жасырмайды. Өмірге шығарма қалай келеді, әуелгі ниет, іздену азаптары, шабыт рақаты – осылардың куәсі болғандаймыз. Жазушы жас мүсіншінің суреткерлік талпыныстары мен сезім бұрқақтарын екі бөліп алмай, қатар өрбіткен. Бірін-бірі байытқан, табыса келіп, үлкен арнаға айналған, қатар аққан қос бұлақ. Жантас, Ұлбосын арасында ыстық сүйісті түндер ғана емес, ауыр психологиялық күйлер бар. Аз уақыт лаулап жанған сексеуіл отындай сезім. Жантасқа көп сыр ашқан, әйел рухын түсіндірген сәттер Ұлбосын үшін соңғы серпіліс, ақырғы ән секілді. Екінші қырда – профессор, хирург Шерубай тұр. Бір басына жеткілікті қайғысы бар. Әйелі мен баласы машина қақтығысында опат болады. Ал анау кезде, әйелін, баласын тастап Ұлбосынға үйленуге күші жетпеген. Қызметіне, мансабына зиян тиер деп, жұрт көзіне құным түсер деп қорыққан, аяншақ жүрек махаббатты, рақатты, боранды тірліктен тыныш, тоқ, бұйығы тірлікті артық санап, тынған шығар. Бұл орайдағы шырғалаңдарға жазушы тоқтамайды. Егер тиянақтаса, мұның өзі үлкен бір роман, еркек трагедиясы ғой. Тебіренген жүрек сезім дариясын толқытса, тау толқындар пендені қайда лақтырмайды? Мұндай шақта сенің мансабың, байлығың, жасың – бірде-бірі сөз емес. Шерубай Ұлбосын соңынан Мыстауға келген. Тіршіліктің ендігі мәні бір кезде өзі бақытсыз еткен Ұлбосынға қосылу секілді, бірақ оған қарайтын қыз жоқ. Жағдайды Жантас бұрынғыдан да асқындырып жіберген. Дәрігерге қаралып қайтқан Ұлбосын сұмдық байламға бекініп келгенін ешкім де сезбейді. Бейдауа, жазылмас дерт – ракқа шалдыққанын анық білген соң, түбі азаппен бұралып өлерін ұққан сорлы қыз сұмдық жолды таңдайды. Маңайындағыларды да, өзін де қинағысы келмей, дәрі ішіп өледі. Трагедиялық финалға, қайғылы халге қан жылаған қос жүрек бар. Бірі – Жантас, екіншісі – Шерубай. Сырт көз, басқа жандар жап-жас сұлудың өмірден бұлай кетуін айыптауы мүмкін. Жазушы тоқ етер бір ауыз жауап беру жағында емес. Ол Ұлбосынды осындай халге жеткізген, масқара қадамға итеріп әкелген

жағдайларды айыптап, жел сезімге толы, басы қатты жүрекке ие бол деген адамгершілік идея айтады. Классикалық әдебиетте суреткер тағдырына ерекше әсер етер, рухани тірлігінде бедерлі із қалдырар қасиетті күш бейнесінде әйел образын алу - өнімді, көп тармақты дәстүр.. Эмиль Золяның "Творчество", Ромен Ролланның "Жан Кристоф", Джек Лондонның "Мартин Иден" романдарында, Эрнест Хемингуэйдің "Килиманджаро қары" әңгімесінде осы сарынның сан алуан ырғақ тапқан әуезі бар. Мүсінші Жантас әлі үлкен тартыстардың қиын додасына түспесе де, махаббат, сүйіспеншілік жолында көп тебіреніп, осы арнадан жанына мол нәр алып, рухани марқайып, кемелдене бастаған. Өнердегі әсемдікті табу, тану, бағалау мен өмірдегі ізденістер астасып кеткен. "Алтын құс" романында І. Есенберлин бұрынғы шығармаларындағы форманы пайдаланған: сюжет ой ағымымен берілген. Бұл орайда бірнеше жайтты ескеру қажет. Жазушы өз суқаны сүймейтін, әшкере етпек персонаждың атынан әңгіме шертуі мүмкін. Жағымды ыңғайда алынған кейіпкер аузымен айтылған оқиғаның өзін автордың субъективті қара басындағы күйлерімен, оның жеке тірлігіндегі халдерімен шатастыру әбестік болар еді. Бір әрекеттен екінші әрекет туып, оқиға желісі тізбектеліп отыратын сюжет қазақ әдебиетінде талай шығарма тудырған. Ал, қазіргі прозада кең таралып, бел ала бастаған арна - сюжетті ой ағым арқылы өрбіту біздің топырағымызда әлі сіңісіп кетпеген тәсіл. Кейіпкер өміріндегі ұсақ-түйекті, майда-шүйдені жіпке тізе бермей, іріктеп, сұрыптап алуға мүмкіндік туады. Үйірім оқиғалар арасында себептік байланыстың қатаң талаптарын, кейде ескермеуге болады. Бұл композицияның қалыптасқан, канонға айналған схемаларын бұзуға, материалды қажетке қарай пайдалануға еркіндік бермек. Қазіргі мен өткенді аралас бейнелеу, эпизодтардың біршама аяқталған даралық сипаты шығарманың тұтастық шеңберін әлсіретеді. Осындай форма мүмкіндіктері мен кемшіліктері "Алтын құс" романынан қатар көрінеді. Задында жас ұлғайған сайын адам екі түрлі күйге түсуі ықтимал. Біреулер көргенінен, татқанынан ой-түйіп, байлам жасап, кемелденіп, байып, марқайып, рухани кәмелетке ие болса, біреулер тұрмыс соққысынан ашынып, арып-тозып, тоналып, тірі өлікке айналмақ. Біріншілер – құт, екіншілер – сор. Біріншілер өзі құлаған жерде опық жеп, бармақ шайнаған тұста басқалар аман қалса дейді, екіншілер өзі жүдеген кезеңде басқалар аштан бұралса, өзі сүрінген асуда екіншілер омақасса екен дейді. Біріншілер үміті – болашақ, кейінгі ұрпақ, екіншілері қамы - өз пешенесі; бүгінгі дүние ғана. Екі пиғыл, екі мораль. Елуді еңсерген атақты кенші ауруханада жатыр. Кешу айтысқандай, қауыммен сырласқандай халі бар. Созылып келген ажал тырнағынан аман қалып, өмір жүзіне қайта қарау, өз ішіне үңілу, өткен-кеткенді еске алу – төсекте шалқасынан тырп етпей, апталап сарылған адамға бұл да – бір

ғанибет. Еріккеннен яки мылжыңдықтан шығатын езбе сөз болады. Өлі мен тірі арасында жатқан кенші сырында бұлардың көлеңкесі де жоқ. Қазақ романының психологиялық шытырмандар тереңіне түптеп бойламағандығынан шығар, сүйіспеншілік бейнеленгенде көбіне жастар арасындағы қызу-жалынды сезім суреттеледі. Мұнда да белгілі күйлер, романтикалық әуендегі ырғақтар бар. Тіршіліктің темір қақпанына түскен шақтағы махаббат, жас шамалары алшақ жандар арасындағы жұмбақ, бір шаңырақта тұрып, басқа құшақтан ләззат табу секілді құбылыстар жазушылар сарабына сирек ілінеді. Алғаш оқи бастағанда "Алтын құс" романының бірінші көрінісінен тіксініп қаласың. Қазақ прозасындағы портрет жасауда көз, мұрын, шаш төңірегіндегі бояуларды ғана қамтитын дағды бұзылып, сұлу тән жалаңаштана бастайды. Натуралистік детальдар-ау деген күдік кішкенеден кейін сейіліп, көңіл орнығады. Оқыс жағдай оқырман ықыласын бірден тартып алған. Бірақ, жазушы барлық түйінді қолма-қол шешіп тастамақ емес. Кенші қиялы өткенді кезіп, саналы өмірі басталған сонау отызыншы жылдар аяғындағы Мысқазған қаласына бізді де алып келеді. Сабыр Шәкіровтың Атбасардан екендігі, кәрі әке-шешесі, шахтада кен қопарушы боп істейтіні аян болады. Мұның бәрі өз аузымен сөз арасында айтылған. Ай астында оңаша кездескен екі жас Сабыр, Ақбаянның ләззатты сәті ұзаққа созылмай үзіледі. Көрсеқызар қыз көңілі сұлу, сұсты, үлкен мансабы бар жігітке бірден ауғанын жасыра алмайды. Сабыр қызғаныш, намыстан өртенсе де, қылар қайраны, жасар амалы жоқ. Соғыс басталып, көп боздақтың бірі болып, қызыл вагон ішінде кете барады. Ақбаян қоштасуға келмеген. Етін жас тілген, жүрегінен қан аққан Сабыр майданға кірген бойда дұшпанды оп-оңай қырып-жойып жібермейді. Құр сықақтаумен, карикатурамен адам характері көрінбейді. Дұшпан ортасын өмір шындығынан алшақ сипатта бейнелеу, ішкі дүниеге үңілу орнына, жадағай жәйттерді адақтап кету көркемдік шарттарына нұқсан келтіріп, шығарманы жайдақ үгітшілік, жалаң ділмар-су өзегіне түсіріп жібереді. Осы қауіпті ескерген "Алтын құстың" авторы тұтқын солдат пен бай әйел арасындағы қарым-қатынасты суреттеу үстінде достық-дұшпандық, патриоттық-фашизм шарпысуын көрсетпек болған. Ұзын сонар оқиғалар ой ағымы арқылы берілген. Жүрек ауруының салдарынан төсекке құлаған егде кенші – Сабыр өзі басынан кешкен, бел ортасында болған хикаяларға қайта үңіліп байлам жасайды. Сонда үнемі бір бүйрегінде алтын жамбыдай боп жатқан асыл бар, ол – Ақбаян. Шығармадағы әр түрлі жүлгелер басын қосып, тұтастырып тұрған – Сабырдың ойынан кетпейтін арман. Жүзіктің көзінен өткендей хас сұлу Сабыр жүрегінен өшпейді. Қияметтің қыл көпірінен өтіп, тозақ отынан тірі қайтқан Сабыр Қарағанды ауруханасында Ақбаянның өзімен емес, хатымен кездеседі. Жылуы, сезімі аз, суық хат.

Әңгімелердің көбін Сабыр кенші өзімен-өзі күбірлеп, сырласқандай болып шертсе, біразын ауруханадағы күтуші дәрігер Бәтимаға айтады. Сондықтан ситуациялар бірде Сабырдың өз пайымдауында, бірде Бәтиманың сезім-күйіне орайлас қалыпта келеді. Еңбек торы, әйгілі кенші, кемеліне келген егде адам Сабырдың Ақбаянға деген сүйіспеншілік сезімінің ұзақ жылдар сөнбеуін жазушы сенімді бейнелейді. Жазушы көп талқыдан өткен, ыстық-суықтың бәрін көрген, байсалды, байыпты адам хикаясын шерткен. Халқының кешегі тарихына, бүгінгі болмысына, ертеңгі келешегіне ет жүрегі өртенген, тілдің, мәдениеттің тағдырына азаматтық тұрғыдан қарайтын Сабыр Шәкіров жақсы сыйласыңа айналып кетеді. Үлкен азаматтық борышты ұмытқан, тәуір тұрмыс, тоқ тірлікке мәз болған, сөмке сүйреткен оқымысты санатындағыларды шенеуге әбден хақы бар оның, Сабыр Шәкіровтың ауруханадан шығатынына, әлі де көп тірлік кешетініне сенімің кәміл. Мұндай адамдар ажал тырнағына опоңай түспеуі керек. Бұрын "Айқас", "Алтын құс" шығармаларында геологтар, шахтерлер өмірін бейнелеген жазушы "Маңқыстау майданы" романында мұнайшылар тағдырын қолға алған. Жалпы Есенберлиннің тарихи туындылары болсын, бүгінгі өмірді көрсететін шығармалары болсын, бәріне тән ортақ қасиеттің бірі - әлеуметтік, социологиялық күрделі проблеманы қозғауы; тартыс кесектігі, осыдан келіп туатын мінездер даралығы; бұған қызықты, тартымды сюжет түзілісін қосу керек. Бұл ерекшеліктер "Маңқыстау майданында" да бар. Қазіргі Қазақстанның техникалық интеллигенциясы, маман жұмысшы кадрлары, әлемдік мәні бар, мұнай ордасының ашылуы, игерілуі жөнінде көп сырлар шертіледі. Ағайынды Халел, Жәлел Бестібаевтар тағдыры арқылы үлкен өндірістің тынысы, ондағы әр түрлі адамдар, өзгенің еңбегі есесімен атаққа ие болып жүрген Ерден сабырлы, сырбаз Жандос бейнелері көрсетіледі.Заманында кәмпескеге ілінген, жер аударылған жандардың ұрпағы Алан-Алешка салған ылаң, Жәлелдің мерт болуы – бұл сюжеттерде детективтік сипат басым. Автор Маңқыстау түбегінің өткен тарихын, зерттелу, игерілу мәселесін, табиғат жағдайын жақсы біледі. Бірақ көркемдік шарттары ұмытылып, таза информациялық материалдар орынсыз тықпалана бастаған кезде, тұтқырлық, қарадүрсіндік пайда болады: стиль тазалығын сақтамағандықтан, кейбір фактілер шығармаға кірікпей, жамау-жасқау секілденіп, бөлектеніп тұр. Шеберлікпен қолданса, көркемдікке қызмет етсе, деректердің, фактілердің айрықша мәнге ие болатындығын осы автордың өз шығармашылығынан, "Аманат" романынан аңғарасың. Шығарма арқауы – археолог ғалымдар өмірі. Орталық кейіпкер, көпті көрген, білімді, қажырлы, ойшыл ғалым Күнтуар Құдайбергенов монологтарында тарихи фактілер, ғылыми тұжырымдар жарасымды беріліп отырады. Жазушы оқиғаға,

кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынасқа орынсыз араласпайды: сюжеттің табиғи дамуына ерік берген. Ғылыми ізденістер психологиясы, зерттеудің зейнеті мен бейнеті жанды образдар арқылы суреттелген. Маңдайдан тер ағызған еңбек емес, қулық-сұмдық, айла-шарғы, пысықтық, екіжүзділік арқылы ғылыми атақ алып, әр түрлі мансапқа жеткен Ерғазы Аюпов, Пейілжан Сұрықбаев характерлерін ашуда жазушы сатиралық көркемдік тәсілдерді қолданған. Жастары алшақ, ғылымға әр кезде келген бұл екеуінің тіршілік тәсілі, өмір сүру айласы ұқсас: көп нәрсені айырбасқа, саудаға құрады. Әншейінде ауыз жаласып жүріп, академияға сайлау кезінде өзара атарға оқ таппай, қасдұшпан боп шыға келеді қос сабаз. Тұтас алғанда, "Аманат" романы ғалымдар ортасының көп сырларын ашатын, мещандықты, эгоизмді, алаяқтықты сынайтын, бір күндік атақ, құбылмалы мансап үшін емес, зор халықтық тілектер, биік мақсаттар жолында талант-қайратын, білім-қуатын жұмсаған оқымысты бейнесін жасаған, шыншыл шығарма деп тұжырымдауға әбден болады. Әдетте, жазушы Ілияс Есенберлин есімі аталғанда, ең алдымен, оның алты романнан тұратын тарихи шығармалар циклы еске түседі. Сол туындыларына қарап, қаламгер өнерпаздығына баға беріледі. Асылында, осы бір өнімді, берекелі талант иесі қазіргі өмір шындығын көрсетуге, қайшылықтармен күрес үстінде қалыптасқан, кейіпкерлердің тұлғасын бейнелеуге оннан астам роман арнаған екен. Бұл шығармалар топтап айтқан кезде мынадай тақырыптарды қамтиды: ұлт зиялыларының қиындыққа толы жолдары, инженерлер өмірінің қат-қабат тартысты шындығы, Ұлы Отан соғысының оқиғалары, тың игеру барысындағы республикамыздағы экономикалық, демографиялық өзгерістер әсерінен туған психологиялық жаңа құбылыстар, Маңқыстау байлығын ашу үстіндегі күрес, мемлекет қайраткерлерінің, ғалымдардың, өнер адамдарының тағдыры. Оқиға өтетін ортаны автор кейде Алматы, Тың өлкесі, Жезқазған, Маңқыстау деп дәл көрсетіп отырса, кейде мекен-жай, қала аттарына өзі ойдан шығарған, бірақ нақты географиялық ортаны еске түсіретін ат беретін кездері де бар. Оқиғаның болған уақытын, өткен жерін дәлді көрсетіп жазған автордың соңғы шығармаларының бірі – "Махаббат мейрамы" романы. Романда жетпісінші жылдардағы Алматы қаласы көрсетіледі; белгілі көшелер, алаңдар, бульварлар суреттеледі; көзге таныс шаһардың кескінін жазушы ықшам бояулармен салады. Негізгі кейіпкерлері – алпыстан енді асқан белгілі ақын Асығат, оның әйелі Қырмызы, ұлы Еркебұлан. Урбанизацияның демографиялық әсері қазақ отбасынан да анық көріне бастағаны ешкімнен жасырын емес, қала жағдайында бір баланың, асса екі баланың бетіне қарап, барлық үміттерін соларға ғана артып отырған шаңырақтар аз ба? Жалғыз-жарым өскендіктен беттерінен қағылмаған, не ішем, не жеймін, не кием дегенді білмеген ерке-шолжаң, өзімшіл болып қалыптасқан мұндай ерке-тотайлар бейнесі әдебиетіміздің әр түрлі жанрларында (әсіресе драматургия) талай рет көрінген. Мұндай персонаждардың қалыптасқан пішіні бар: ана тілін шала-шарпы біледі,

рухани байлықтан гөрі киім-кешек жағын көбірек құнттайды, белгілі мамандық кәсібі жоқ, әр шөптің басын бір шалған, не қызметтен, не үйішінен пәтуә таппай, әке-шеше мойнында отырған масыл. Жазушы І. Есенберлин мұндай схемамен кетіп қалмай, қала жағдайында жақсы білім алған, үйде үлгілі тәрбие көрген, ойлы, сезімді жас жігіттің бейнесін көз алдымызға алып келеді. Әкесінің белгілі ақын екендігін, үй-ішінде жалғыз бала болып өсіп, еш нәрседен тарлық көрмеуі, кейін Москваның сәулет өнері институтын бітіруі Еркебұланды теріс жолға түсіретін факторлар ретінде емес, қайта оның жан-жақты дамыған, қазіргі заман деңгейіндегі талаптарға толық жауап беретін зиялы, білімпаз, ізденгіш сәулетші қатарына көтерілуіне жәрдемші жағдайлар болғандығын жазушы анық ұқтырады. Шығарманың барлық тартыс арналары, композициялық бөлімдерін тұтастырып ұстап тұрған орталық қаһарман, басты кейіпкер қала перзенті – Еркебұлан басындағы шырғалаң, оның тәрбиесіндегі, өскен ортасындағы кемшіліктерден емес, қайта рухани тазалық, дүниетанымындағы асқақ мұраттарды таптап басып кете алмаған адамгершілік пәктігінен туғанын көреміз. Ардақты әке, ана жалғыз ұлдарын сұлулық, көркемдік үлгісімен тәрбиелеп, әділет, шындық, махаббат идеалдарына адал болу, сол жолда күресу керек деп үйреткен. Сондай ортада өсіп шыққан тәрбиелі, кітаби ұғымдағы Еркебұланның сұсты келбетті өмірдің ащы шындығымен бетпе-бет келгенде, тайғанақ тартып, таяқ жеуі заңды болатын. Жазушы бұл романда өмірде сирек кездесетін, әсіре детективтік сипаты бар оқиғалар жүйесін аса ширатып алған деуіміз керек. Тіпті кей тұстарда жасандылық элементтері де көрініп қалады. Асығат пен Қырмызының бауырларына қыз салуы, одан айырылып қалып, дұшпандары тастап кеткен сәбиді өсіруі, кейін бұлар ер жетіп, бір-біріне ғашық қыз бен жігіт – Жұлдыз бен Еркебұлан болып шығуы – оқырманды жетектеп отыратын, қызықты, шытырманды оқиғалар. Бұларға Қаражан секілді бұзықтың сергелдеңдері, төбелес сценалары, өлім сияқты көріністер қосылады. Өзіне қарамай, ақынға шыққан Қырмызының баласын ұрлап әкетіп, оны мәңгі бақытсыз еттім деп ойлаған Қаражан Жұлдызға соңғы рет сотталып бара жатқанында Алматыда, туған әкең мен шешең бар деген жылдар бойы жасырып келген ішіндегі сырын айтып кеткен. Махаббат қуанышында жүрген Еркебұлан сүйген қызы Жұлдызды үйіне әкелген сәттен бастап трагедиялық оқиғалар өрбиді. Асығат пен Қырмызының көп жағдайы Жұлдыз үшін Қаражан айтқан әке-шешесінің белгілерімен бірдей болып шығады, ендеше Еркебұлан – туған ағасы! Мұндай масқара жағдайға түсем деп үш ұйықтаса түсіне кірмеген сезімді, ұятты қыз оқуын тастап, Алматыдан мүлде қашып, Сібірдің бір қаласына тартады. Жігітіне жалғыз ауыз сөз де айтпайды. Бұдан кейін махаббат дертіне шалдыққан жас жігіттің азаптары басталады. Ұйқысыз түндер, шер тарқатам деп ішкен арақ-шарап, ақыры оны психатриялық емханаға түсіреді.

Романдағы сюжет еске түсіру арқылы, бірде ағымдағы оқиғаларды суреттеу арқылы, негізінен, Еркебұлан басындағы халдердің фонындағы жәйттерді көрсетеді. Талант пен дарынсыздық тартысын жазушы Еркебұланмен қатар өскен, қатар оқыған, қатар қызмет істей бастаған екінші бір сәулетші Қайназар қылықтары арқылы ашады. Арамдық, қулық-сұмдық сабақтарын алыстан емес, өз әкесі Серәліден алып отыратын Қайназардың есіл-дерті мансап сатысымен жоғары өрлеу, бұл жолдағы кедергі атаулыны ол аямайды, кім болса, ол болсын, құрту керек. Сол кедергінің үлкені - сәулетшілік табиғи дарыны күшті, қиялы жүйрік Еркебұлан. Сондықтан мынадай екіталай уақытта, махаббат дертіне мең-зең болып жүрген Еркебұланды мүлде ішкізіп жіберуге бел буған. Ата-анасының әбден азапты кейіптерін көрген Еркебұланның ішімдіктен күрт тиылуы сенімді бейнеленген. Енді есін жия бастағанда, бұзықтар ортасына түсіп, таяқ жеп жатқан Қайназарды арашалаймын деп жүріп, еріксіз төбелескен, қорғану үстінде, өзін өлтіруге ұмтылған қарулы тентекті мерт қылған Еркебұлан абақтыға қамалады. Бұл тұста Қайназар тағы опасыздық жасап, өзінің кім екенін анық ашып береді. Роман Жұлдыздың анық кімнің баласы екенін біліп, Алматыға қайтуымен, Еркебұланның қорғаныс үстінде жасаған әрекеті үшін жазаланбай, ақталуымен, сөйтіп екі ғашықтың табысуымен аяқталады. Әділінде, шығармада махаббат мейрамы емес, шын махаббатқа келер жолдағы қиыншылықтарды жеңу, азаптар мен талқыларды өту суреттеледі. Алматы қаласының сәулетті, шаһардың болашақ өсу өрістері жөніндегі жазушының көкейіндегі ойлары, ізгілікті армандары сәулетшілер аузымен айтылатын диалог, монологтарда айқын ашылады. Сюжет құруда трагедиялық қателік, адасу принциптерін қолданып, көркемдік барлау жасаған жазушы ізденісі негізінен сәтті шыққанын айту керек. Өнер интеллигенциясының тағдырына І. Есенберлин бірнеше роман арнады. "Қатерлі өткелде" заман зорлығына қарсы шыққан ақын трагедиясы көрсетіледі. "Ғашықтарда" өмірдегі және өнердегі сұлулықты бірдей құшқан суретші ізденістері бейнеленеді. Ал автордың көзі тірісінде "Жұлдыз" журналына, "Жазушы" баспасына қолжазбасын тапсырып, бірақ жарияланғанын көре алмай кеткен шығармасы – "Аққу құстар қуанышы" романы. Бұл шығарманың да негізгі тақырыптық объектісі өнер адамдарының ортасы, оның ішінде әншілер, композиторлар, актерлер әлемі. Қазақ прозасында шын мағынасындағы қалалық романдар сирек, шығармаларымыздың басым көпшілігіндегі оқиғалар ауылда, шырқағанда аудан орталығында өтеді. І. Есенберлиннің бүгінгі тұрмысымыздағы бейнелейтін соңғы романдарының бір ерекшелігі бұлардағы әрекет қалада, дәлірек айтқанда, Алматыда өтеді. Соғыстан кейінгі Алматы көрінісі, қаланың сол тұстағы архитектуралық бітімі, табиғат жағдайлары романның алғашқы тарауларында дәл қалпында, нақты, сенімді суреттер арқылы беріледі. Романның оқиға жүйесінде деректі, белгілі өмірлік ситуациялар мен жағдайлар жатқанын көру қиынға соқпайды.

Тегінде Ілияс Есенберлин бір тақырыпқа шығарма жазар алдында арнаулы дайындық жасаған, объектіні жан-жақты зерттеп алып барып қалам тартқан қаламгер екендігін оның негізгі романдарының шығармашылық тарихы айқын байқатады. Кезінде филармония директоры қызметінде болған, көптеген ән текстерін жазған, қызмет бабында артистермен, композиторлармен, әншілермен қоян-қолтық араласып, олардың өнерпаздық сырына қанған, тұрмыстағы қиындықтарын көзімен көрген автордың қыруар роман тудырып, ысылған шағында, өзі дәл де терең білетін адамдардың тіршілігіне шығарма арнауы заңды әрі орынды әрекет еді. Романда кейіпкерлер саны онша көп емес, негізгі әрекетке қатынасатындар: композитор Ержан, әншілер – Алмагүл, Бірлән, Сырым, Ханшайым. Шығармада бірнеше сюжеттік буын қатар өріледі. Олар бірінбірі толықтырып, кейде тереңдетіп отырады; әр түрлі сарын-әуездер, түптеп келгенде, негізгі ырғаққа бағынады. Негізгі кейіпкерлерді оқырманға алғаш таныстырғанда автор оларға психологиялық мінездеме береді. Орнымен, сәтімен қолданылған бұл жазушылық тәсіл романның композициясын ширата түскен. Басты кейіпкердің бірі – композитор Ержан Есентаев жақсы шығармаларымен танылып, енді атағы шыға бастаған тұста өмірдің жаңа сынына түседі. Нұрғазы, Ерғазы есімді егіз ұлын бағып, мұның тілеуін тілеп өмір сүріп отырған момын әйелі Жәмиладан суынған композитор жас сұлу, әнші Алмагүлге ғашық болады. Жазушы бұл ситуацияда қазақтың дәстүрін ұстанған, шаңырақтың есендігі, босағаның бүтіндігі үшін, бала-шағаның қамы жолында жастығын, жар қызығын, тіпті өзін түгелдей құрбандыққа беретін байсалды, шыдамды, көнтерлі аналардың бейнесін еске түсіретін, ашуды ақылға, сезімді сабырға жеңдірген қазіргі қазақ әйелінің ұстамды бейнесін жасайды. Ерінің басқа әйелмен курортқа кетіп бара жатқанын көре тұра, арадағы қызылкөздер түртпектеп, сөз жүргізгеніне, әр түрлі мекемелерге барып арыз айту жөнінде емеурін білдіргеніне қарамастан, былқ етпеген Жәмиланы сезімсіз, қытықсыз, намыссыз адам деп айтуға аузымыз бармайды. Естілігіне, мінез байлығына разы боласың. Адалынан беріліп, күйеуі жолында өзін құрбан еткен әйелдің опасыздық көрген кездегі трагедиялық жағдайы бейнеленеді. Тұңғиық көздері тұнжырап, қайғысын сыртқа білдірмей, егіз ұлды тәрбиелеп өсіруге қалған ғұмырын арнағандай ішкі серті бар. Жас әнші, сұлу келіншек ғашық болып қосылған талантты композитор талай уақытқа дейін жарсыз қалған әйел, әкесіз қалған баланың панасыз халін, жетім күйін, жүдеген көңілін ойдан мүлде шығарып, ләззат рахатына бөленеді; осындай көтеріңкі көңілмен жүргенде, қуаныш, махаббат, жастық туралы әндердің бірінің артынан бірі туып жатуы заңды еді. Арада жылдар өтеді. Алмагүлден бала көрмеген Ержан Жәмиладан туған ұлдарын сағынады. Жастай тастап кеткен әкеге егіз ұл тез суынған, өкпе емес, ашу, ыза секілді қабақ танытады. Тек өзін, атақ-даңқын күйттеген тәкаппар әнші Алмагүл кемшіліктері бұрынғыдан да асқынған; өнерпаздық дағдарыста жүрген, жаны күйзелген композитор күйеуіне қол ұшын беріп, тығырықтан

құтқарар жан бұл емес. Талғамы шамалы топтың көңілінен шығатын желкілдеген, ырғақ билеген, эстрадалық аз күндік ғұмыры бар әндер айтып, қол шапалақтау естігеніне мәз. Әйелінің репертуарына ғана арналған жеңілжелпі ән шығарудан аса алмай қалған композитор Ержан қиналады, жаңа өрістерді таба алмай азапқа түседі. Мұндай қиналыстар екінші бір кейіпкер – опера әншісі Бірлән басында да бар. Бірақ оның тағдыры жылы ұя, сүйген жарын тастап, жаңа рахат таппақ болып адасқан Ержан тағдырынан күрделірек, дәлірек айтқанда, аянышты , қайғылы. Жазушы Бірлән арқылы тұрмыстың небір соққылыларын көрсе де мойымаған, қандай қиын жағдай болса да, өнерді бірінші қатарға қойып, табиғат берген асыл сый – талант, қабілет, дарын атты қасиетті аяқ асты етпей, халық игілігіне жаратуға күш салған, қажырлы, табанды адамның, үлкен жүректі, зор сезімді әйелдің бейнесін жасау талабын іске асырған. Бала күннен бірге өсіп, біте қайнаған, жастай қосылған алғашқы күйеуі қоңыр төбел адам болғанмен, келе-келе Бірләнді өнерге қимай әр түрлі спектакльдерде жұптасып ойнайтын еркек актерлерге дәлелсіз теліп, ақыры жан-дүниесін қызғаныштың қызыл оты өртеп, адамгершіліктен кетеді де, айқай-шу, дау-жанжал шығаруды бастаған, оның аяғы ұрыс-керіске, тіпті ұрып-соғуға, күнәсіз жәбірлеуге ұласқан. Осындай азапта жүрген Бірләннің сұлу жігіт, талантты әнші атағы енді көтеріле бастаған жас пері Сырыммен танысу, жақындасу, табысу сәттерін жазушы психологиялық тұрғыдан сенімді бейнелейді. Бұл қатынастар бойдақ Сырым үшін еш нәрсеге міндеттемейтін, өз жайлауын табу жолындағы бір қоналқы бекет секілді ғана, ал Бірлән үшін сынған ерді жамайтын, жаралы жүректі емдейтін, бұзылған ұяны бүтіндейтін – үйленуге апаратын жол секілді. Автор дарындылық пен дарынсыздық шарпысуын, Моцарт пен Сальери сарынын: таланттың жүдеу, азу себептерін, өнердің көркею шарттарын нақты тағдырлар, жеке адамдардың бейнелері арқылы көрсетпек болған. Осы реттен келгенде, талай өнерпаздарды мезгілсіз құртқан, тіпті олардың түбіне жетер кесірдің бірі - ішімдікке салыну кесапатын жазушы Сырым кейпі арқылы ашады. Табиғат сұлу мүсін, әдемі көрік, әуезді әсем дауыс берген Сырым өз бойындағы талантын таза сақтап, күте білетін адам емес, әр түрлі нәрсеге еліктеген, басқалардың ықпалына оңай түсетін, жеңіл мінезді жігіт. Сүйіспеншілік сезімге де жауапты қарамайды, әйелдермен қалай оңай танысып, табысса, солай оңай ажырасады. Ол үшін қайғырып та жатқан жоқ. Сабырлы, ақылды әнші қыз Ханшайым Сырымға күйеуге шыққан күннен бастап азапты дерт – ішкілікпен күреседі. Шығарманың бұл жәйттерді бейнелейтін тұстарында автордың этикалық, адамгершілік мұраттары айқын көрінеді; жарына шын берілген әйелдің қандай ауыр қорлыққа , мазаққа шыдайтыны суреттеледі, түбінде зілді сырқатты жылы жүрек, аялы алақан жеңетінін уағыздайды. Тұрмыс соққысынан, отбасы талқысынан, ішкілік кесапатынан арылып, қайтадан түлеп, жаңғырып, өрлеп өскен үш өнерпаз – композитор Ержан, опера әншілері Бірлан мен Сырымның үлкен дарынының күшімен

көрерменді тебіренткен "Арман" операсының тууын, дайындалуын, сахнада қойылуын жазушы шабытпен жазады. Өмірлік шындық пен көркемдік шындықтың қабысуы тиянақты бейнеленеді. Қазақ зиялылары, Алаш ардагерлерінің тағдыры, Дінмұхамед Қонаев және оның төңірегі туралы жазылған «Мұхиттан өткен қайық» романы қаламгердің көзі тірісінде басылмай, кейінгі жылдары ғана шықты. 1982 жылы қаңтар айының ішінде Мәскеу түбіндегі Малеевка деген жердегі Жазушылардың шығармашылық үйінде әдебиетші Сейіт Қасқабасов екеуміз бір жағынан демалып, шаңғы теуіп, екінші жағынан түртінектеп бірдеңе жазған болып жатыр едік. Бір күні асханада кешкі тамақ үстінде: - Жаман қазақтар, халдарың қалай? – деп бір жүзі таныс адам біздің столға келді. Енді таныдық – башқұрттың әйгілі ақыны – Мұстай Кәрім. Қолма-қол жауап та айтылып қалды. - Шүкір, жаман башқұрт аға, - дедім. Мұстай күліп жіберді. - Менің жаман қазақ деуімнің себебі бар. Ал сен неге башқұртты жаман дейсің? - Барымтаға қарымта жасағанымыз ғой. - Ә, солай ма? Мен Мәскеуден өте қатты ренжіп қайттым, - деп түсін суыта бастады. – Сендерге айтпасам болмас, ішіме сиятын емес. Мен қазақтарды, Қазақстанды ерекше сүйемін. Түрік әлемінде кеңдікті, молдықты, бұрынғыны сақтап қалған алтын бесік деп қадірлеймін. Көптеген ақын достарым бар: Сырбай, Жұбан. Алматыда талай рет болдым. Хош. Осы күндерде мен қазақтардан бұрын күтпеген бір мінез көріп шошыдым. Лениндік сыйлықтар комитетінде мен мүшемін. Соның соңғы талқылауына грузин Нодар Думбадзе мен қазақ Ілияс Есенберлин романдары түсті. Екеуін де оқыдым. Нодардікі – бүгінгі заманды айтқан жұқалтаяң шығарма, Ілиястікі – мыңжылдық халық тарихын толғаған туынды. Нодарды жақтап Грузиядан бір вагон қолдау келді; Ілиясты қаралап Қазақстаннан бір вагон балағат келді. Ең соңында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеологиялық хатшысы қол қойған "Есенберлин шығармаларында халықтар достығына, советтік идеяға қарсы сарындар бар" деген хат бәрін құртты. Лениндік сыйлықты алып тұрған жерінен Ілияс Есенберлинді қазақтар жабылып құлатты. Бәрін бастап жүрген көзі тірі классиктерің кім екенін айтпай-ақ қояйын. Өздерің де білесіңдер. Менің осыған ішім күйіп кетті. Жігіттер, қазақ жаман дегенім сол үшін еді. Қайтып алдым ол сөзді. Бірақ айтыңдаршы, Ілияс қазаққа не қиянат жасап еді? Башқұрт ақыны Мұстай Кәрімнің сол сәттегі жан ашуына медет боларлық сөз таба алмай, Сейіт екеуміз жерге қарадық. Кейін дастарқан басында, сейілде жүргенде ауыр сұрақтың жауабын беруге тырысқан едік. Ілияс Есенберлин - әдебиетке соғыстан кейін келген буынның өкілі. Оның алғашқы 15-20 жыл ішінде, шығармашылық сапардың бастапқы кезінде жазған поэмалары, сценарийлері, драмалары, прозалық туындылары орта қол дүниелер болатын. Ол қатарлас қаламгерлер бірді-екілі шығармамен санатқа кіріп, тіпті кейбіреулері атақ-даңққа ие болып, кеуде тұстан орын

алса, жиналыстарда, пленумдарда, съездерде, баспасөзде біреу сыналса, Ілияс сыналатын, "кім жаман – Ілияс жаман", "кім халтурщик – Ілияс халтурщик" дегенді қатардағы қалам иесінен бастап, Орталық Комитеттің хатшысына дейін айтатын. Сөйтіп ешкім көзге ілмей жүрген, можантопай жазушының "Айқас" деген роман жазып, оған аяқ астынан Мемлекеттік сыйлық алуы әуелде кездейсоқтық көрінді. Жоқ, кездейсоқтық емес екен. Қазіргі заман және тарихи тақырыпты тең , қатар арнада терең бейнелеген романдар түйдегі туа бастады. Зәру, күрделі проблемаларды толғаған қазақ әдебиетінде бұрын көтерілмеген реалистік, қуатты шығармалар оқырмандар арасында Ілияс есімін кең жайып жіберді. Ал "Қаһар" секілді роман халық санасында патриоттық төңкеріс жасады. Жалған схоластикалық талаптар мен догматтық мақсаттардың шылауында кетіп, жеке сөз бен сөйлем сұлулығы үшін бар қабілетін тауысып, бір жазғанын мың жазатын әурешілікке түспей адам тағдыры мен халық тарихын биік нысана еткен Ілияс романдары ондаған тілдерге (орыс, ағылшын, испан, неміс, қытай, француз, араб т.б.) аударылып, өзге жұрттардың да ықылас-махаббатына бөленді. Бұл жазушының өзін, тілектес достарын, ең бастысы, қалың оқырман қауымды қуантқанымен, кеше ғана қаламгер қауымның босағасында жүргендей автордың әдебиет төріне шығып кеткендей болғанын дырдай жазушылар көтере алмады. Жасыратын не бар, өзгелерді айтпағанда, аға жазушылардың өзі "Қаһар" сияқты қуатты шығарманы мойындамады, тіпті қарсы шықты. Бірақ күн санап Ілияс феномені жалғаса берді. Роман артынан – роман. Даңқ үстіне – даңқ. Өсек-аяң да ат-көпір: "Қайын атасы Хамза Жүсіпбековтен, алаш орда өкілдерінен қалған көп мұра бар екен, соны пайдаланатын көрінеді". "Әдеби негрлер – пәленшеке-түгеншеке жазып береді екен". Осының бәрі - өтірік, бәрі – ғайбат, бәрі – жала! Мен Ілияс Есенберлиннің он томдық шығармалар жинағын баспаға әзірлеу үстінде оның қаламгерлік лабораториясымен толық танысуға мүмкіндік алдым. Жазушы барлық шығармаларын өзі, қолымен жазып шыққан. Оны айтасыз, романдарының сөзбе-сөз (подстрочник) аудармасын түгелге жуық ерінбей-жалықпай, өзі жасаған. Олардың да қолжазбалары сақтаулы. Ілияс Есенберлин бір көргенде сөзге шорқақ, момын, жуастау болғанмен мінезі берік, алған бетінен қайтпайтын, мақсат жолынан айнымайтын, ең бастысы ұлты үшін жанын шүберекке түйген, қалам қайратымен қазақ халқының бостандығы үшін арпалысқан, арыстан жүректі суреткер еді. Мұстай Кәріммен қазір кездессем де, Ілияс Есенберлин туралы бұрын айтылған жауапты тағы қайталар едім деп ойлаймын.

КЕҢДІК ПЕН ТЕРЕҢДІК

Қазақ халқының азаттық соғысының әйгілі қаһармандарының бірі – Олжабай батырдың жетінші ұрпағы Әлкей Хақанұлы Марғұлан - елімізге жүздеген тамаша талантты перзенттерді берген қасиетті топырақта жаратылып, бала күнінде ертегі, аңыз, өлең, жыр, шешендік-ата сөздің шалқар теңізінде жүзіп өскен, ауылда мұсылманша хат танып, алаш зиялылары ықпалында болып, губерния орталығы Семей қаласында оқығаннан кейін, Ленинградта екі бірдей мамандық бойынша алған жанжақты білімін тарих, археология, этнография, әдебиеттану, өнертану салаларында кеңінен қолданып биік парасат, орасан зор қабілет, ұзақ жылдар бойғы табанды ізденіс еңбектің арқасында жойқын ғылыми нәтижелерге жеткен кең құлашты, терең ойлы энциклопедист ғалым. Оқымыстының барлық күш-қуатын ғұн, сақ, үйсін, қыпшақ, оғыз дәуірлерінің тарихына, көшпелілер мәдениетіне, археологиясына, көне аңыз, мифтерге, түркологияға, ескі қалалар құрылысына, архитектураға арнап, кеңес заманына қатысты мүлде қалам тартпауы орыс отаршылдығына, коммунистік тоталитаризмге іштей қарсылық, ата-бабаларының бір кезде жасаған ұлы мемлекетіне, олардың заттық-рухани салада тудырған ғажайып өркениетіне деген мауқы басылмаған мәңгілік махаббатынан туған қайсар да қастерлі құштарлық болатын. Компартияның қылышынан қан тамған қаһарлы заманда қоғамтанушылар, тарихшылар, философтар, экономистер, заңгерлер, қызыл танау саясат, шаш ал десе, бас алған науқанды, әдебиетшіжазушылар билік алдында бас шұлғып, өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етіп, тарих, өмірді бояп көрсететін топан туындыларды, өтірік кітаптарды қойдай қоздатып жатқан алдамшы дәуірде бекерге былғанбай, есіл еңбекті айдалаға жібермей, ғасыр тұңғиығына саналы түрде сүңгіп кетіп, ұлт алдындағы азаматтық парызын адал абыроймен ақтап кеткен академик Әлкей Хақанұлы Марғұлан аруағына ұрпақтары бас иеді. Әлкей Марғұлан дарынының ерекше бір белгісі зерттеу нысанасына қатысты бұрын айтылған, жазылған мәліметтерді мейлінше толық қамту, олардың хронологиясын сақтай отырып, тарихи тұрғыдан бағалап, келіспейтін, даулы пікірлерге өз тұжырымын ұсыну. Бұрынғы авторлардың аты-жөні, кей тұста олардың ғұмырнамалық деректері, қайда, кім болып істегені, еңбектің қашан, нендей басылымда жарияланғаны дәлді көрсетіледі. Кітап, журнал, газет беттеріндегі фактылар ғана емес, түрлі ресми қағаздар, қызмет бабындағы есептер, құжаттар, естеліктер, хаттар, суреттер, альбомдар, әртүрлі қолжазбалар, көптеген мәтіндер, нұсқалар, ауызша айтылған әңгімелер – осылардың барлығы алынған мың сан ақпараттың ешқайсысын ескерусіз, жерде тастамай, ілтипат, құрметпен көрсете отырып, жаңа ғылыми ойлар қорытылады. Қазақ эпосының ғажайып туындысы – “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырына байланысты орыс оқымыстыларының 150-200 жылдың ішінде

жазылған еңбектерін Марғұлан тәптіштей баяндай отырып, фольклоршы, жинаушы, аудармашыларды даралай атап, әрқайсысының жұмысына лайықты баға берді. А.И.Левшин, Г.Н.Потанин, И.Белянцин, профессор Саблуков, Н.И.Пантусов, Г.К.Ганс, П.Золотов, Н.М.Карамзин, Е.С.Старков, Е.А.Александров, В.Федоров, С.Б.Броневский жазбалары, деректері, анықтамалары мен қоса Шоқан, Радлов, Жанақ, Мәшһүр Жүсіп, Шөже, Н.И.Ильминский нұсқалары, қолжазбалары сақталып жатқан кітапхана, архив қорларын нақты көрсетіп, жетпіс жеті темір қақпаның аржағында жатқан байлықтардың кілтін қолға ұстатады. Басқаны былай қойғанда, Марғұлан сөз арасында – ақ қызықты шындықтың бетін ашып кетеді. Әйгілі жырды кімдер толғағанын, алғаш қағазға қалай түскенін көрсету үстінде Бейбіт Дауылбаев (1834, 20 қыркүйек) секілді қазақ оқығандары еңбектері айтылып, олардың қысқаша өмірбаянына тоқталады. Қазір көп дау-дамайдың отына май құйып, қира-кезік қысыр әңгіме тудырған Сегіз серіге байланысты академик Марғұлан дәлді деректер айтады. Туған жылын 1808, өлген жылын 1854 деп, сүйегі ашамайлы Керей екені, қыстауы Маманай орманының іші, 12 жасында ауылдағы мектепке барғанын, Омбыдағы Азия мектебін 1828 жылы бітіргенін анықтайды. “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” жырын Ахмет Жантөринге тарту еткендігі, ол қолжазбаның В.В.Григорьевке ауысып, одан Н.И.Ильминскийдің қолына түскендігі, сол нұсқаның Қазанда 1878, 1879, 1890, 1894, 1896, 1905, 1909 жылдары жарияланғанын тәптіштейді. Орыс зерттеушілері ғашықтық жырының оқиға жүйесіне, жалпы сипаттарына, Аягөз маңындағы ескерткішке назар салса, арғы-бері қазақ ғалымдары эпостың көркемдік мазмұнына, тұлғалар сипатына, әртүрлі нұсқалар арасындағы өзгешліктерге көңіл бөлсе, академик Ә.Марғұлан “Қозы Көрпеш – Баян сұлудың” көне варианттарынан ғұн, сақ, үйсін, қаңлы дәуірлеріндегі шындықтарды табады. Әсіресе жырдағы Ертіс, Ай, Таңсық, Аягөз, Жорға, Жауыр тауы, Шұбарайғыр, Мейізек, Темірші, Тоқырауын, Жамшы, Қазанғап, Қарқаралы, Баянауыл, Шідерті, Өлеңті, Есіл, Нұра, Домбыралы, Моншақты, Түмен, Балталы секілді жер-су, өзен-көл, тау-тас атаулары арқылы ескі замандағы, тіпті біздің дәуірімізден бұрынғы кездердегі көне түркі тайпаларының қыстауы, көктеуі, жайлауы, күзеуі, көшу жолдары қаншалықты ұзақ болғандығы туралы ой айтылады. Жетісудан басталып, Арқаны асып, тайга, мұз теңізіне дейін баратын ұлы сапар жолы көрсетіледі. Екінші жағынан халық аңызында ғашықтарға арналған ескерткіш деп танылатын кесенеге байланысты зерттеушілердің көптеген мәлімет, жазба, фото, суреттерін саралай келіп, ғимараттың өзін зерттеп, Қазақстан, Түркменстан атырабында сақталған осы типтес құрылыстармен салыстырып, бітімін, үлгісін, жасалған материалдарын анықтап, олардың “дың”, “діңгек” аталатынын және бұлардың бәрі де исламға дейінгі дәуірде туған сәулет өнері туындысы екендігі дәлелденеді. Бұл - жырды орта ғасырларда, ноғайлы дәуірінде, тіпті бергі заманда туды дейтін әртүрлі болжамдардың қате екендігін көрсететін фактілердің бірі.

Алыс дәуірлердің өнердегі сәулесі эпоста, архитектурада ғана емес, ХҮІІІ ғасырда Алтай тауынан табылған алтыннан құйылған бейнеде (б.д.д. ІІІ ғасыр) көрініс тапқанын Ә.Марғұлан сенімді дәлелдейді, дәстүрлі сабақтастықты анықтау үшін “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жыры, алтын табақтағы “Шоқ терек” түбіндегі көрініс, Пазырық қорғанынан табылған қарқара алынып, олардың мазмұндық ұқсастығы, бір төркіндестігі ашылады. Түркі халықтарының ұлы мұрасы “Қорқыт кітабының” ХҮІІІ ғасырда араб қарпымен қағазға түсірілген Дрезден (Германия), Ватикан (Италия) қолжазба нұсқалары басылып, басқа тілдерге аударылғаннан кейін фольклоршы, этнограф, филолог, дінтанушы көптеген ғалымдардың зерттеу нысанасына айналып, шығыстану ғылымының арналы да терең бір саласы – қорқыттану қалыптасты. Ол туралы қазақ ғалымдары Ш.Уәлиханов, М.Көпеев, М.Әуезов, Ә.Қоңыратбаев, арнайы кандидаттық диссертация жазған Ш.Ибраев бұл орайда өз тұжырымдарын айтса, Әлкей Марғұлан Қорқыт тақырыбын жан-жақты қарастырып, көптеген проблемаларды терең зерттеп, ғылыми мәні зор еңбектер шоғырын тудырды. Мәселенің қойылуы, зерттеудің тарихнамасы, қай еңбек қайда, қашан шықты, оларда көтерілген жәйттер, жаңа пікірлер, кемшіліктер – бұлардың баршасын Ә.Марғұлан өте тиянақты, жіпке тізгендей етіп, ешнәрсені қалдырмай көрсетіп отырады. Сол библиографиялық сілтемелердің өзінен кейінгі зерттеушілерге жаңа қайнар көздер, мәліметтер айқындалып, ізденіс бағыттарының соны тараптары ашылады. Қорқыт тақырыбындағы зерттеушілер ішінен Истахри (Х ғ.), Рашидеддин, Абылғазы, Ә.Навои, Ш.Уәлиханов, В.В.Вельяминов-Зернов, В.В.Бартольд, А.А.Диваев, В.В.Радлов, Г.Н.Потанин, А.Н.Самойлович, А.Ю.Якубовский, Фуат Копрюлу, Мухарем Ерган, Батгоз, Ш.А.Джамшидов, А.Рахманов секілді шетел, орыс, түрік, азербайжан, түрікпен, қазақ ғалымдарының еңбектеріне сілтеме жасалады, фактілер ескеріледі, оларда айтылған кейбір пікірлер тереңдетіледі, жаңа тұжырымдар ұсынылады, соны байламдар жасалып, өрісті қорытындылар шығарылады. Қазақ ғалымы Ә.Марғұлан қорқыттанудың жаңа нысандарын ашты, олар атап, жинақтап айтқанда мыналар: - Қорқыт туралы қазақтың қария сөздері; - Қазақ арасында Қорқыт аңызын дәстүр етіп сақтаушылар; - Қорқыт бұрынғы ғалымдар мен ақындар есінде; - “Қорқыт кітабының” қазақ аңыздарындағы елесі; - Қазақ аңыздарындағы Қорқыттың болмысы және оның жүрген жерлері; - Қорқыттың өліммен күресі; - Қазақтың халық музкасындағы Қорқыт дәстүрі. “Қорқыт кітабының” алғаш қағазға түсуі түркі тайпаларының Кавказға көшіп барғанынан кейін болғандығы әбден дәлелденген шындық. Бірақ осы ғажайып шығарманың әуелде Сыр бойында оғыз-қыпшақ рулары арасында туғандығын, көптеген сарын мотивтердің, қоңырат, үйсін, қаңлы, қарлық секілді ел, Байбөрі, Жүгінек, Алып Бамсы (Алпамыс), Домрул (Домбауыл),

Барша (Гүлбаршын) сияқты адам, Арқу (Арқа), Алатағ (Алатау), Алты ағаш, Қазылық (Қарқаралы), Қаратау, Қараспан тәрізді жер аттарының қайталануын дәйек ете отырып, академик Ә.Марғұлан көне жырдың әуелгі жаратылған ортасын ғылыми тұрғыдан толық сенімді етіп дәлелдеп береді. Бұл ойларды орнықтыру үшін “Қорқыт кітабымен” қазақ эпосының үлгілері, жырлар, ертегілер, аңыздар, “Оғыз нама”, Орхон ескерткіштерінің мәтіндері, түрікмен фольклорының материалдары түбегейлі салыстырылады, ортақ бейнелер, ортақ сарындар, ортақ сюжеттер жинақталып көрсетіледі. “Төбекөз”, “Жалғыз көзді дәу”, әулие үңгірлерге байланысты ондаған мысалдар, тәңірлік сенімнің нышандары келтіріледі. Оғыз-қыпшақ тайпалары жасаған қала мәдениеті, исламға дейінгі сәулет өнерінің ерекшеліктері, “дың”, “үй тас” салу дәстүрі Қорқыт жырының алғаш Сыр бойында туғандығының бір үлкен дәлелі ретінде кеңінен сөз болып, ұзақ уақыт бойы сақталып келген Қорқыт мазарының тұңғыш рет 1862 жылы түсірілген фотосы “Түркістан альбомында” сақтаулы екен. Күмбез туралы А.Грен, В.Л.Мейер, П.И.Лерх, И.В.Аничков, И.А.Костанье, П.С.Спиридонов жазыпты. Әубәкір Диваев Қорқыт мазарына екі рет (1896, 1898) барып, қазақ қариясы Оспан Қасымовтан жазып алған аңыздардың маңызы ерекше қымбат. Қазақстандағы жер атаулары: Сыр, Қорқыт көл, Өгізтау, Баршын көл, Ұлытау, Кішітау, Ортау, Құтты қия, Қазығұрт, Борсық құмы, Талас, Шу, Маңғыстау, Жайық, Артық, Бозоқ, Жамшы, Көкше теңіз (Балқаш), Бекежелі, ел атаулары: ақ қойлы, қара қойлы, көктен, ошақты, адай, кете, кердерілердің Қорқытқа тікелей қатысы барлығы, мұның үстіне “Қорқыт кітабының” тілдік қорындағы көптеген сөздердің, мақал-мәтелдердің қазіргі қазақ тілінде өзгеріссіз қолданылатыны ондаған мысалдармен сенімді түрде ашылады. Кейбір ғалымдардың Сыр бойында исламға дейінгі дәуірде оғыз-қыпшақ тайпалары ортасында туған әдеби-ғылыми құндылықтарды жан-жаққа тартып, бүгінгі әртүрлі халықтарға теліп, тек қазақтарға жолатпайтын астамшыл тұжырымның түбірінен қателігін академик Ә.Марғұлан көрсетіп беріп, асыл байлықтың түп арнасы қазіргі қазақтардың ата-бабалары екендігін тарихи, әдеби, ономастикалық, археологиялық қайнар көздер, кітаптар, қолжазбалар, ауызша жеткен миф-аңыздар, эпос шығармалары, тұрмыс-салт, діни наным-сенімдер нышандары, көптеген шынайы оқымыстылардың жазған-сызғандары, тарихи құжаттар арқылы жаңа пайымдама жасап, ұлтымыздың рухани тарихының көпғасырлық шежіресін, даму, қалыптасу жолын тиянақтайды. Көлемі жөнінен дүниежүзілік фольклордағы ең үлкен шығарма, шалқып жатқан теңіз тектес мазмұны бар ұлы эпос – “Манасты” зерттеудегі Марғұлан ізденістері бірнеше арналы салалардан құралады. Ғалым әбден қалыптасқан ғылыми ұстанымы бойынша манастануға арналған барлық зерттеушілердің еңбектерін атап, олардың ішінде көптеген Батыс ғалымдары, орыс оқымыстылары, татар, башқұрт, қырғыз білімпаздарын көрсетеді.

Жомықшылардан мәтіндерді жазып алу, олардың сапалық деңгейі, жырдың алғаш шыққан уақытына байланысты пікірлерге көзқарасты топтап, жинақтап барып, өзінің толымды тұжырымдарын ұсынады. Марғұлан “Манас” жыры Алтын Орда дәуірінде, қалмақ шапқыншылығы кезінде туған деген байламдардың терістігін дәлелдеп көрсетеді. Ол уақыттар шындығы эпостың көне заманда туған нұсқасына кейінгі жомықшылар қосқан жапсырма, қосымшалар екендігін жақсы айқындаған. Қазақстан тарихы, оның ескі қалалары, Шоқанның бес томдық академиялық шығармалар жинағын шығару мақсатымен толып жатқан архивтердің мың сан қойнауында шаң жұтып, бел ауыртып, көз талдырып, жылдар бойы талмай еңбек еткен Марғұлан қазақ, түркі фольклорына тығыз байланысы бар, қолжазбалар, кітаптардың бұрын ғылымға белгісіз болып келген құжаттардың жұмбақ аралдарын ашып, оларды ғылыми айналымға енгізіп, алғаш рет сол әдебиеттерді, әртүрлі әліпбимен түсірілген, көне жазуларды ажыратып оқып, оларға жинақтаушылық, мәтіндік сипаттамалар берді. Осы бағыттағы үлкен олжаның бірі – ғылыми ортада жоғалып кетті, енді мүлде өлдіге саналған Шоқан қағазға түсірген “Манас” жырының вариантын Марғұланның тауып, кітап етіп бастырып, сол нұсқаға негіздеп сараптама талдау жазуы еді. Алдымен Шоқанның фольклор жинау, жазып алу, бағалау ізденістерін, қырғызға бару сапарлары туралы кеңінен баяндап алып, “Манас” эпосын айтушылармен қашан, қалай кездескенін толық баяндайды. Ұлы жырдың тұңғыш қағазға түскен нұсқасының қағазы, оның сапасы, жазуды кім жазғаны, Шоқан қолымен түскен өзгерістер, белгілер, қазақша, орысша берілген түсініктемелер, салыстырулар, анықтамалар-осылардың баршасы кеңінен сарапталады. Тұтас текстологиялық анализ бар. Осыдан кейін “Манастың” Радлов және басқалар жазып алған, жомықшылардың бірнеше буыны айтқан нұсқаларындағы сюжеттерді, композицияны, бейнелер жүйесін, тарихи оқиғаларды, ономастикалық атауларды, наным-сенімдер, тұрмыс-салт көріністерін кеңінен салыстыру жасау арқылы Шоқан нұсқасының ең көне, ең таза формадағы вариант екендігі дәлелденеді. Жырдағы ғұн-сақ-үйсін дәуірлеріндегі аңыздарды, мифтерді, дүниетанымды, көне қырғыз өмір салттарын, батырлықтың қалыптасуын, ас беру, ұлы көштер суретін, өмірмен қоштасу, аманат, өсиет айту, өлік жөнелту көріністерін академик Марғұлан ғылымда әбден мойындалған ұлы туындылар “Қорқыт кітабы”, “Оғызнама”, Орхон-Енисей ескерткіштері, қазақ фольклорындағы әуен, сарындармен, идея, ойлармен сабақтас қарап, олардағы егіз, ұқсас ағыстар, көркемдік жүйелерді ашып, төркіндес бейнелердің тұтас тобын ажыратып, түркілік фольклор, әдебиеттегі мыңжылдықтар бойы үзілмей, жалғасып отырған дәстүрлер сілемі бар деген өнімді, кұнарлы ой қорытады. Тұтастай алғанда, әдебиеттану, фольклортануда деректер, мәтіндердің шалқар дариясына мол энциклопедиялық біліммен терең теориялық саралау

жасап, кең арналы мектеп қалыптастырған академик Әлкей Марғұланның ғылыми тағылымының нысанасы биік, өресі кең, болашағы зор.

2004.

ҚЫЗЫЛ КҮРЕҢ ДОМБЫРА

Жағадағы адамдар үрпиісіп, түгел шулап қоя берді. - Қайда кеттің? - Сөйтуге бола ма екен? - Масқара емес пе? - Ал енді не істейміз? Мән-жайды түсінбей тұрғанымды біреуі сезсе керек: - Ой, анау шалың жоқ. Суға түскенін көргенбіз. Батып кеткеннен сау ма өзі? Құтқарушыларға хабарлаймыз ба? Осы кезде қуанған дауыс шықты. - Ура, жүзіп келеді, Ақсақал жарады. Шаршаған адам емес қой мынау. Пәлі, ананы қара, әндетіп келеді. Қауіп ойлайтын түрі жоқ қой, бәтір-ау. Ол судан шықты. Жұрт шулап, тағы ұрса бастады. - Аяғыңыз тартып кетсе, өлдіңіз ғой. - Сіздің жасыңызда суға осынша көп түсуге болмайды. Қара теңіз ойыншық емес, жұтып жіберсе, қайтесіз? Ол күліп тұр. Осы сәтте Әбділда Тәжібаев құдды жойқын толқындардың төсін жарып, мұхиттан өтіп келген тарлан теңізші секілді еді.

Үздік шығармалар беріп, әлемдік даңққа бөленген, көп салалы мол сырлы, алуан әуезді қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің алдыңғы қатарында ауызға алынып, құрмет етілетін қаламгерлердің бірі - Әбділда Тәжібаев. Ол поэзия, драматургия, әдебиеттану жанрларында ұзақ жылдар өнімді, сапалы еңбек еткен терең тамырлы, құнарлы талант. Әдебиетке жастай келіп, өнердің де, өмірдің де ыстық-суығын көріп, қиындықтарға төзген, ауыртпалықтарды жеңген қайратты адам. Жаңа қазақ әдебиетінің туу, даму кезеңдеріндегі сан алуан құбылыстарды, жеңістерді, жеңілістерді, биіктеулерді, эволюцияны, түлеу-жаңғыруды Әбліданың шығармашылығынан айқын көруге болады. Өнердегі тұңғыш қадамды Тайыр, Қажым, Есмағанбет, Жұмағали сынды арқалы дарындармен бір мезгілде аттаған Әбділданы қазіргі ұрпақ ескінің көзі, жақсының сарқыты, мықтылардың жалғасы деп біледі. Сыр бойында, Қызылорда шаһарында туған, әкеден ерте айрылған Әбділда тағдырындағы ерекше адам – анасы Айманкүл. Араб, парсы тілдерінен хабардар, көзі ашық, шығыстың ежелгі мәдениеті дәстүрінде

тәрбиеленген ақын Айманкүлдің қабілетті, дарынды ұлы Әбділданы жастайынан поэзияға, сұлулық, әсемдікке, өнерге баулуы - әдебиет тарихында сирек кездесетін қызықты құбылыстардың бірі. Абзалында ақыннан ақын, ғалымнан ғалым, қайраткерден қайраткер туа бермейді ғой. Сөйтіп, Әбділда ана көкірегінен мейірім сүті мен поэзия сүтін қатар емген. Қызылордадағы интернат, Алматыдағы КазПИ, Москвадағы әдебиет институты – ақынды өсірген, білім берген шаңырақтар. Бұған Жазушылар одағының төрағасы, «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты деген әлеумет қызметтерін қосса, ақын тұлғасының азаматтық қырлары көрінеді. Суреткер шығармашылығын жанрлық жағынан бірнеше сала, күрделі арналарға бөліп, жіктеп қарауға болар еді; олар: поэзия, драматургия, ғылыми-сын еңбектер, проза. Оның шығармашылығын жүйелі тексеру, ғылыми тұрғыдан зерттеу отызыншы жылдардың аяғында басталған. Алғашқы еңбек – Мұхтар Әуезовтің «Әбділда Тәжібаев» атты мақаласы. Отыздағы жігіттің тырнақ алды шығармаларына көңіл бөліп, зейін салған көреген оқымысты жас дарынның суреткерлік ерекшеліктерін айқындап көрсетіп берді. Расында да сол кездің өзінде сыршылдық, озық үлгілерден өнеге алу ақын туындыларының басты тенденциясы болатын. Алғашқы өлеңдер заман туғызған, бұрын сахара өмірінде болмаған жаңа тілектерге, сарындарға, мақсаттарға арналған. Колхоздастыру, әлеуметтік тартыс, күні өткендерді сынау, өзгерістерді мадақтау дәуірге тән тақырыптар еді. Әбділда өлеңдерінде формалық ізденістер, жаңа барлаулар байқалады. Тақырып жөнінен, түр кестесінен Сәкен Сейфуллиннен қабылдаған қалыптар да көзге түседі. «Сорлайды екенбіз» (1929) атты өлеңнен үгіт-насихат сарыны есіп тұр. Бейімбет үлгісіне жақындық бар. Әбділда шығармашылығында үлкен арна – жаңалық болып ата-мекенді – Сырдарияны жырлау сарыны туды. Ол бұл өзенді үлкен символға айналдырады. Рейнді жырлаған Гейнені, Днепрді жырлаған Шевченконы өзіне пір тұтады.

Сырда туған
Сырдың ұлы
Жаңа Гейне мен болам, -

деген жолдарда ақын рухының мақтанышы бар. Соғыстың қаһарлы, жаралы жылдарында азаматтық лириканың соны үлгілері туды. Ақын шығармашылығында биік кезең, қазақ лирикасы үшін оқиға болған «Аралдар» атты әйгілі жинақ еді. Мұнда Әбділда поэзиясындағы ырғақтар, бояулар, әуездер жарқырап жаңғырып көрінді. Ой мен сезім, лирика мен философия тоғысты. Дәл осы жинақтың көптеген қазақ ақындарына, әсіресе жастар поэзиясына ерекше ықпал-әсері болғандығын мойындау керек. Дәстүрлі қазақ өлеңіндегі ішкі ырғақтар, дыбыстық әуезділік, терме кестелерін байыта отырып, Европа лирикасының жақсы үлгілерін нысана

ету, қас қағым сәттегі сезім мен мәңгілік шындықты астастыра жырлау, дәуірдің қырағы көзі, заманның лүпілді жүрегі бола білу – осы алуандас сапалар «Көне қоңырау», «Құрдастар» секілді бүгінгі поэзиямыздың қымбат, асыл шығармаларының алтын өзегі. Ақын поэма жанрында өндіріп көп шығарма жазды: оларда халық өмірінің түрлі кезеңдері, сан алуан адам тағдырлары, алыс ғасырлар, революциялар, жаңа құрылыс, жаңа заман ырғақтары жырланады. Бұл шығармалардың тақырыптық географиясы әр алуан. Автор үнемі үлкен өнер талаптарын ескеріп, өзекті проблемалар көтерген. Форма сонылығына, жаңа түрлерге мән берген. Дәл ажыратып айтар болсақ, поэмалар ықшам, оларда тармақты оқиғалар сирек, негізінен бір арна, бір жүйе, бір фабула тиянақталады. Мұнан Еуропа әдебиетіндегі баллада үлгісінің ықпалын танисың. Лирикалық қаһарман толғаныстарына көп орын беріліп, олар ақын тебіреністерімен астасып жатады. Классикалық поэма мен ұлттық үлгітолғаудың тоғысуынан туған жаңа эстетикалық игілік бар. Әсіресе халықтық аңызды сүйек етіп жазған поэмаларда фольклор айшықтары, оралымды өрнектер қайталанады, суреткерлік мақсатқа орай құбылып өзгереді:

Ердің аты өрмен тең,
Ездің аты жермен тең,
Еңіреп туған ер болса,
Ен жайлаулы елмен тең.

Бұл жерде анық фольклор поэтикасының үлгісі бар. Халықтық поэзия дәстүріндегі поэмалар қатарында «Оркестр», «Күй атасы», «Абыл», «Мерген», «Толағай» аталуға тиіс. Тақырып таңдау, бояуды еркін қолдану, сөз арқылы күй ырғағын беру, образ сомдаудан Ілияс Жансүгіров дәстүрінің жанды жалғасуын, баюын көреміз. Оқиғалы поэмалар «Құлғара», «Батрақтарда» үгіттік идея айтылса, «Комсомол сөйлейді», «Қазақстан – алтын сандық», «Мен кешеден келдім бүгінге» поэмалары публицистикалық сипаттарымен дараланады. Бұларда шығарма арқауы – лирикалық кейіпкердің ойы, сезімі, толғанысы. Осылардың ішіндегі ең күрделісі философиялық үлгідегі «Портреттер» заманның көкей кесті сырлары, адамның қат-қабат тағдыры, уақыт алдындағы жауапкершілік жайындағы шығарма. Ақын ұрпақтар тұтастығын, буындар аманатын толғайды. Поэмадағы әкенің балаға беретін сағаты символдық мәнге ие, жинақтаушылық күші бар көркем деталь. Драматургияда қырық жыл еңбек еткен Ә.Тәжібаевтың тұңғыш пьесасы – М.Әуезовпен бірігіп жазған, азамат соғысының аласапыран кезеңдерінен сыр шертетін, кезінде республикалық бәйге алған «Ақ қайың». Драматург эпос материалына сүйеніп, тарихи тұлғаларға арнап, замандастар жайын толғап, көптеген сахналық туындылар жасады. Ұзақ шығармашылық сапарда дүниеге келген пьесалардың ішінде «Жалғыз ағаш орман емес», «Майра», «Көңілдестер», «Қыз бен солдат», «Сағынамын күн сайын» пьесалары ұлттық репертуарда берік орнықты. Ақынның драматургияға

әкелген олжасы, жаңалығы «Майрада» ерекше айқын көрінеді. Өнер адамдарын драмаға арқау ету - әдебиетіміздегі бай дәстүрлердің бірі. Тарихы анық емес, көп дүние қағаз бетіне түспеген елдің өткенін бейнелеу шығармашылық мақсаттарды былай қойғанда, толып жатқан қосалқы қиындықтар келтіреді. Үлкен адамдардың соңынан бөз бен бірге сөз де ерген. Абайды сабап, Біржанды байлап тастаған тентек топ әрекетін де түсіндіру керек. Осы арадан өмірлік материал мен көркемдік қиял диалектикасы, проблемасы туады. Драмадағы Майра әншілік, сұлулығымен бірге жаңа ой, жаңа идеяның адамы тұлғасында сомдалған. Әдебиеттің бір жанрымен түбегейлі айналысып, көш-жөнекей басқа салаға соғып кетіп жүретін, ат үсті пікірлер айтатын қаламгерлер толып жатыр. Той мақала, рецензия, баяндама жазбаған ақын, прозашы, драмашы жоқ та шығар, ал шығармашылығы танылған шақта, кемеліне келіп, кер торысына мінген кезде әдебиет танудың, сынның ыстық-суығына шыдап, ауыртпалықты мойындап, білек сыбанып кірісетін жазушылар тіпті де аз. Осы қатарда Әбділда Тәжібаевты бөліп, даралап айтқан жөн. Ол қазақ поэзиясының, драматургиясының көшелі суреткері болумен бірге, әдебиет тануда да төрден орын алады. Көптеген мақалалар, зерттеу еңбектер, естеліктерді былай қойғанда, «Өмір және поэзия», «Өмір және драматургия» (алғашқы аты «Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы») монографиялары оның ойшыл ғалым, нәзік сыншы, кең құлашты әдебиетші екендігін тапжылтпай дәлелдеген, ұлттық өнердің екі бірдей күрделі жанрлары туралы жүйелі, іргелі пікірлер айтқан, эстетикалық-философиялық қуаты мол көлемді еңбектер.

ІІІ

Алматыдағы тыныш, тұйық орамдардың бірі – Интернационал көшесіндегі екі этажды үйде Әбділда Тәжібаев тұрады. Оның жазу бөлмесінде ерекше жиһаз, қымбат дүние жоқ: қолжазба, кітап, мүсін, сурет, телефон. Осы үйге әсіресе жас төл, жаңа толқын жиі келеді. Кеше Төлеужан, Мұқағали, Төлегендер келіпті, бүгін Мұхтарлар... Маған осы үйдегі қызыл күрең, оймақтай сұлу домбыра ұнайды. Бейуақытта үй иесі өзгеден бөлектеніп, оқшау қалыпта тәтті мұңға беріліп, перне басар еді. Ол осы сәтте ешкімге де ұқсамай, ең алдымен ақын Әбділда Тәжібаев болып отырар еді.

1979.

КЕҢ ТЫНЫСТЫ АҚЫН

Қазақ әдебиетіне Абай, Мұхтар сынды екі алтын діңгек, қос алыпты берген Шыңғыстау атырабының қарттары күні бүгінге дейін жеңіл әзіл, ерке мақтаннан құр емес:

–Бар десек те болмайды өзі. Енші беріп, машина мінгізіп жіберейік дейміз. Қалаға кетсе, шабыт құсын ұшырып алатындай көреді, білем. “Жүрекадырдан” шықпайды ғой бұл Шәкір ақының. Осында жатып-ақ кітап жаза береді. Сол ақын Шәкір Әбенов 1900 жылы қазіргі Семей облысы, Абай ауданына қарасты Құндызды деген жерде туған. Арабша ерте хат таныған. Семейдегі приходская школада 3 жыл оқыған. “Борсықтар” деген өлеңі 1916 жылы “Айқап” журналында басылған. Колхоз құру, ауылды советтендіру істеріне белсенді араласқан Шәкір Әбенов Ұлы Отан соғысына өзі сұранып барып, Брянскі майданынан жаралы болып елге оралады. Қайтадан колхозда, совхозда істейді, шығармашылық жұмыспен айналысады. Ақын қаламынан туған “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Кейпін батыр”, “Таң шебер – Жапал”, “Ортақ арал” поэмалары әр жылдары басылып шықты. Ескі шежіре, халық әдебиетінің білгірі Шәкір Әбенов Жанақ, Түбек, Дулат, Байкөкше секілді ақындардың мұрасын тұңғыш рет қағазға түсіріп, бүгінгі ұрпаққа жеткізген. Музыка мамандары Шәкір Әбеновтің айтуымен көптеген ән мен күйлерді нотаға жазды. Ақын көп жылғы жемісті еңбегінің зейнетін көрді. Шәкір Әбеновті қалың жұртшылыққа ақын ретінде танытқан күрделі шығарма – “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” поэмасы. Бұл туынды тұңғыш рет 1937 жылы жарияланған болатын. Халық санасына әбден сіңген, небір жүйрік жыршылар, дүлдүл ақындар жырлаған ғашықтықтың ғажайып тарихына Шәкір Әбенов қаймықпай барып, тамаша поэма тудырды. Ол тұста Сәкен, Ілияс, Иса, Қасым, Тайыр сынды сұңқарлар, Жамбыл, Нұрпейіс, Нартай, Төлеу секілді не бір ақиықтардың көзі тірі кезі. Ұлттық әдебиетте орын тепкен қызық құбылысты көреміз. Поэмадағы қаһармандардың негізгілері – жырдың көптеген нұсқаларында кездесетін дәстүрлі кейіпкерлер. Сюжеттің жалпы ағысында ерекше бұра тартар, тыңнан салған арналар жоқ. Сөйте тұра, шығарманың ішкі түзілісі, көркемдік бітімі сонылығымен, дара құнарымен әсер етеді. Шәкір Әбеновтің табиғи ақындық дарынын фольклор дәстүрі, жазба әдебиетінің үлгісі, классикалық мұралардың тәлімі ұштап, өрбітіп өсіргендігін көру қиын емес. Мұның үстіне өлең мәдениетіндегі Абай мектебінің сарынын ә дегеннен аңғаруға болады. Тілдің лексикалық байлығы, сөз байламының кестесі, ұйқас ырғақ шеберлігі – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» поэмасының негізгі қасиеті. Оқиғаларды баяндауда эпостық дәстүрден гөрі, жазба әдебиеті сабақтарын ерекше ескеретіндікті көреміз. Қодар, Қарабай портреттерін жасау кезінде жарасымды әсірелеу қолданылады. Қазақ дастанында Еңлік – Кебек, Қалқаман –Мамырдан кейін диалогты кең пайдалану дәстүрі қалыптаса бастады. Осы бегілерді Шәкір Әбенов поэмаларынан да табуға болады. Халық жырында келте, қысқа қайырылатын жәйттерді ақын тереңдетіп, байытып, әуезге әуез, сарынға сарын қосып,

ұлғайтып, жаңа бояулармен құлпыртып, жаңғыртып жіберген, Қозының Баянды іздеп келе жатқандағы хикаялары, жолбарыс соғып алуы, қалмақ шалмен кездесуі, қойшылық әңгімелері, балуанға түсуі – тың дүниелер. Жалпы Шәкір Әбенов поэмасында фольклор мен жазба әдебиеті дәстүрінің жақсы тоғысуын көруге болады. Ақындық таланты эпикалық жанрда жарқырап ашылған тарланның көптеген өлеңдерінде лирикалық, сатиралық, юморлық пафостың мол екендігін көреміз, эпиграмма, қағытпа, арнау өлеңдері бір төбе. Ақындық дәстүрдің жалғастығын сөз еткенде Шәкір Әбенов поэзиясында Абай ықпалы әр түрлі деңгейде аңғарылатынын айту керек. Тақырыптық тұрғыдан Абай, Ақылбай, Мағауия, Әсет поэмаларындағы объектімен “Кейпін батыр” поэмасындағы өмірлік материал әуендес, сарындас. Шығарма арқауы – қылышынан қан тамған Ақсақ Темір заманындағы бір оқиға. Бас кейіпкер Кейпіннің шыққан тегі, ауыр тағдыры, тіршіліктегі шырғалаңдары романтикалық сюжетке лайық дүниелер. Кездейсоқ ұшырасып, оқыстан табысқан Гүлнармен арадағы сүйіспеншілік шебер бейнеленеді. Қазақ әдебиетіндегі өзге елдер тұрмысын бейнелейтін интернационалдық сипаты айқын шығармалардың ішінде «Кейпін батыр» поэмасы өз ерекшелігімен, айқын идеясымен, шеберлік кестесімен дараланып тұрмақ. Кең тынысты, мол оқиғалы, көп кейіпкерлері “Таң шебер – Жапал” поэмасында да көркем сурет, ақындық олжалар бар. Фольклорлық тарихи, шежіре-аңыз сюжеттеріне жазған ақын поэмаларының әлеуметтік тынысы кең, эстетикалық мақсаты айқын, тарихты көне күндерді жақсы білетін ақынның, биік көркемдікті нысана еткен қаламгердің қолтаңбасы көрініп тұрады. Ақын Шәкір Әбенов соңғы кездескенімізде: –Жаңа кітаптың атын “Шыңғыстау” қойдым. Кір жуып, кіндік кескен жерім. Бауырында сексен жыл ғұмыр кештім. Ылғи қарыздар адам секілді болам да тұрам, – деді. Рас, ақын қашанда туған жеріне қарыздар.

1980.

ДЕГЕЛЕҢГЕ БІТКЕН ШЫНАР

Сапарғалидың ата қонысы – Шоқан мадақтаған, қобыз тартып, ән салған, үлкен эпикалық дастандар тудырған, айтыс ақыны Жанақ жүйрік жырына қосқан Арқаның киелі мекендерінің бірі – Дегелең таулары. Арғы замандарды айтпағанда, бертінде, әсіресе, ХІХ ғасырдың аяғына қарай бұл атырап Семей мен Қарқаралының арасын жалғастыратын жандарал қара жолының бойында болғандықтан, қырдағы әрі шығыстық, әрі батыстық деуге келетін мәдени ошақтардың бірі еді. Шежірелік арнадан тартқанда, Сапарғалидың түп бабасы – Қаздауысты Қазыбектің бір Бошаннан өрбіген қандас туысы, өмір-бақи онымен үзеңгілес жүрген, ай, жұлдызға көз тігіп,

болашақты айтатын атақты Жүгіней көріпкел. Ескі көз қариялардың аңызына қарағанда, жарықтықтың мәйіті де ағасы Қазыбектің мәйітімен қатар Түркістанда жатса керек. Сапарғалидың бабасы Бегалы кезінде Ташкентте, Бұқарда ұзақ жылдар оқып, шариғат жолымен қоса, Шығыс фәлсафасын, сан алуан ғылымдар жосығын терең үйренген ғұлама, діндер қари болғандықтан, елге оралған соң қыстауы Сарыобада медіресе салдырып, молда болып, бала оқытқан, сонымен күн кешкен. Сол буынның ішінен кейін Сүлеймен қажы /Мемлекет қайраткері Мұқаметқали Тәтімовтің аталары/, Алдаберген болыс /Шәкәрімнің нағашысы/, Ысқақ /Сапарғалидың әкесі/ секілді ислам негіздерін, Шығыс әдебиеті мен мәдениеті тағылымдарын жас төл, жаңа ұрпаққа сіңіре білген көзі қарақты адамдар шыққан. Дегелең бауырындағы кісілікті шаңырақтарда құран, шариғат, хадистермен бірге араб, парсы, шағатай, түрік, татар тілдеріндегі сан-алуан кітаптар оқылған. Бертінде бұған орыс әдебиеті қосылды. Қазақ сахарасында алғаш скрипка тартқан да – осы Дегелең ауылы. Ең бастысы, туыстық, құдандалық ретімен іргелес жатқан Шыңғыстаумен Дегелең мидай араласып, әбден бауырласып кеткен елдер екені өз алдына, бұл орталар данышпан Абай тағылымын тең, ортақ етіп өскені ақиқат. Бағзы қазақ қауымындағы жақсы дәстүр бойынша, атасы Бегалы басқа немерелері секілді Сапарғалидың да бес жасында кәлимаға тілін келтіріп, арабша сауатын ашып, өзі оқытқан. Осы алты-жеті жылға созылған сабақ обал мен сауап, күнә мен қылмыс, махаббат пен ғадауат, жұмақ пен тозақ секілді мәңгілік сұрақтарға имандай ұйытып жауап беріп, Сапарғалидың мінез-құлқын, кісілік келбетін, жүріс-тұрысын исламның адамгершілік мұраттары негізінде қалыптастырып, кейін таулар құлап, дариялар арнасынан ауып, тұтас қауымдар күйреп жатса да, құбылып, өзгермейтін рухани әлемнің алтын өзегін жасап берген. Жаңа заман, құбылған дүние ағысы Сапарғалидың басын тауға, тасқа соқты: Семейге келді, орыс мектебінде оқыды, белгілі қазақ зиялылары Нұрғали мен Нәзипа Құлжановтардың аттарын айдап, кейін туған балаларындай болып кетті, үш жүз елу жігітке басшы болып он алтыншы жылы Петербург түбінен бір шықты, Мұстафа Шоқай басшылығымен Думадан арнайы шешім алдырып азаматтарды аурудан, өлімнен құтқарды; елге оралып, Дегелеңде болыс, Қарқаралыда сот, Алматыда Түрксіб басқармасында қызметкер, газетте журналист, Ғылым академиясында зерттеуші болып істеді, отыз жылдай зейнеткер болды. Бұл – Сапарғали Бегалин өмірінің көпке белгілі деректері. Таяуда табылған құжат – Алаш қозғалысына жақындастығы, Мұстафа Шоқаймен араласқаны, Әлихан Бөкейхановтың туысы Смаханмен достығы, ең бастысы, ұлтшылдығы, совет құрылысына қарсылығы үшін қазақтың елім деп еңіреген, ұлт жолында сан етін кесіп беруге әзір ерлерінің басына қара күн туғанда Сапарғали Бегалинді де Сталиннің жендеттері 1929 жылы Семей түрмесіне тыққан. Замандастары ұмытпаған шығар, тұғырдан түспеген кезін айтпағанда, сексеннің жуан ішіне кірген шақтың өзінде Сапарғали Бегалин көшеде,

мекемеде, редакцияда, басқа да ресми жиналыста қатары, тіпті кейбір жас буын өкілдері секілді олпы-солпы жүруді, қалай болса, солай үстіне ілінгенді сүйрей беруді білмеді. Ол үнемі жыл маусымына сәйкес келетін әрі әдемі, әрі ықшам, өзіне құйып қойғандай, сәнді киінер еді. Бұл ретте басқада жоқ әрі өте қымбат моданы қуатын Ғабит секілді емес, тазалық, ұнамдылық, қолайлылық талабы бар. Жағасы жоқ жеңсізді жылдар бойы иығынан тастамайтын Ғабиден мінезінен де аулақ. Сапекеңнің көйлегінің жағасын кір шалмайды, шалбарының қыры түспейді, пиджагі мыжылмайды, туфлиінің өкшесі қисаймайды, мойнында – қашанда галстук, басында – көктем мен күзде шляпа, қыста – сусар бөрік, жасы тоқсанға қарай беттегенде ғана таяқ ұстады. Ол кісі үйде мыжырайған шарқай сүйретпей, жеңіл, жұмсақ туфли киеді; тізесі қаптанған ескі шалбар, жеңі қырқылған шапан, тыртиған спортшы формасына жолаған жоқ. Жазу столында ресми жиналыста отырғандай мұздай киініп алатын. Шашылған, бұрқыраған, аткөпір қағаз жоқ, кітаптар, қолжазбасы, қаламы, қарындашы, өшіргіші, көзілдірігі, бәкісі, қайшысы, гантелі – бәрі тап-тұйнақтай, әрқайсысы өз орнында. Әрідегі үлкендермен қалай араласты, оны біз білмейміз, ал кейінгінің алыптары Мұхтар, Қалыбек, Сәбит, Кенен, Ғабит, Ғабиден, Әлкей, Жүсіпбек, Бауыржан, Бейсенбайлармен, тіпті бертінге дейін Қарағандыда тұрған Алаш көсемдерінің бірі Әлімхан Ермековпен Сапарғали Бегалин қандай қарымқатынаста болғандығынан хабардармыз. Құлақпен естіп, көзбен көрген жәйттар, өзіміз ішінде болған оқиғалар бар. Мұхтар Әуезов мұхит тектес дарын, телегей-теңіз білім иесі, атақдаңқы жер жарған, әлемге мәшһүр жазушы, ғалым бола тұра Сапарғали Бегалинді өзінен екі-ақ жас үлкендігі үшін ғана зият тұтып, төрге шығарып, құрмет көрсетті дейсіз бе? Бір еркек кіндікке зар болып жүріп ақыры Фатимадай қасиетті анадан ұл көргенде /Мұрат Әуезовті айтып отырмыз/ оның атын өзгеге емес, дәл Сапарғалиға қойғызу себебі неде? Астына ат мінгізіп, қолына ту ұстатып Абайдың 100 жылдық тойын төбеге шауып шығып, бастап беру рәсімін Мұхтар Әуезрв неге Сапарғали Бегалинге тапсырды екен? Мұхтардың апталап, айлап Шыңғыстауды аралағанда қасына ерткен сенімді серігі кім? Тағы да – Сапарғали. Сері де бар, бағылан да бар, ғұлама да бар – соның бәрінен Мұхтарға Сапарғалиды жақын еткен қай қасиеті? Сәбит Мұқанов сүйсінгеннен Сапарғалиға өлең арнады. Бауыржан Момышұлы аға тұтты. Өзге ортада басқаны елей қоймайтын Ғабит пен Ғабиден қазақтың ауыз екі әңгімесінің үздік шебері Сапарғали отырған жерде байқап басып, көбіне салт, бұрынғы тұрмыс, ел арасындағы хикая, шежіре, аңыз, жүйрік ат, тұйғын құс туралы ағаның ұзақ-сонар сөзіне жалықпай құлақ қоятын. Сапағарли кейде мұртынан бір күліп қойып, тісі ақсиып қалып, ыңыранбай, қақалмай-шашалмай, жорға секілді тайпалып, ашық үн, әдемі әуезбен, қазақы әңгіменің майын тамызып отырар еді. Алып-қашпасы, дарақы-даңғыры, өтірігі жоқ, қарағай домбырадан төгілген күй іспеттес қоңыр сарын есер еді. Мүмкін, Мұхтар Әуезов те осы орайға құлаған шығар. Жиырманың ішінде бірінші дүниежүзілік соғыстың майданында болып, адам

қанының судай аққанын көріп шошынған, отыздың ішінде жазықсыз елдің тападай тал түсте тоналып, зорлап жасалған тәркілеу кеселінен аштан бұралып қырылғанын көріп, не істерін білмей жүрегі қарайған, қырықтың ішінде ұлтының маңдайына біткен асылдарын атып-асып құртқан зұлымдықты көріп, дүниенің бәрінен түңілген, елудің ішінде туған Дегелеңі атом полигонына айналғанын көріп көзінен қанды жас аққан – Сапарғали Бегалин тіршіліктегі жалғыз медетті қалам қайратынан тапқан. Онда да тап тартысы, науқандық мәселелер емес, саясаттан аулақ, балалар әлемі, табиғат аясы – шығармаларының негізгі өзегіне айналған. Саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған тар заманда, Мағжан айтпақшы, қызыл тілі кісендеулі жүріп, әр түрлі туынды берді. Сапарғали Бегалин – қазақ жазушыларының бүгінгі буынының ішінде жасы сексенге келіп, халқының ортасында той тойлаған бірінші қаламгер еді. Бұл шежіре адамның өмірі қандай қызық болса, шығармалары да сондай қызық. Сапарғали – әдебиетіміздің поэзия, проза жанрларында тартымды, толымды шығармалар берген көрнекті суреткер, көп жылдар шаршамай шапқан жүйрік. «Қазақ бозбалаларына» деген тырнақалды өлеңі 1914 жылы “Айқап” журналында басылған. С.Бегалиннің қазіргі оқушы қолына тиген соңғы көлемді еңбегі – “Замана белестері” атты күрделі роман. Осы 65 жылдық ұзақ сапарда суреткер қаламынан жиырманың үстінде поэма, оннан астам повесть, жүздеген әңгіме, тоғыз шағын пьеса, бір роман, көптеген естеліктер, зерттеулер, мақалалар туды. Сапарғалидың өлеңдерін зер салып, көңіл қойып оқыған адам оның сазды лирик, сыншыл ақын екеніне анық көз жеткізеді. Ақынның “Жаз лебі”, “Көктем бұлты”, “Нөсер артынан”, “Сарыжайлау” секілді өлеңдері – сұлу бейнеленген пейзаж үлгілері. “Кавказ аңыздары”, “Бұқара – Самарқанд сапары” циклдарында тосын образ, әдемі деталь, есте қалар бейнелер мол. Абайға, Мұхтарға, Қалыбекке, Қасымға арналған өлеңдерге жүректің тереңінен шымырлап шыққан сыр, таза сезім жан бітірген. Адамдар ерлігін, батырлығын мадақтайтын “Алтай аңызы” /Төлеген Тоқтаров туралы/, “Қанатты қазақ” /Нүркен Әбдіров туралы/ поэмалары – соғыс шындығын сәтті бейнелеген көркем шығармалар. Ақын Сапарғали – әсіресе, поэма жанрында кең көсіліп, ұзаққа, алысқа сілтеген қаламгер. Бұл саладағы оның көп еңбегі сөз арасында, ат үсті айтылғанымен, терең талданып, өзіне лайық бағасын алмағандығын өкінішпен ескерте кетудің артығы жоқ деп білеміз. Халық аңызының ізімен жазылған әдемі поэма – “Абақ арманы”. Абай, Ілияс құдіреттерімен жасалған тұлпарлар сапына тағы бір сәйгүлік қосылғандай әсер аласың. Қазақтың кең даласындағы тау-тас, өзен-көл аттарына байланысты аңыз-әңгімелерде мол поэзия жатыр. Естігенімізбен ескермейтініміз, мән бермей, байыптамай жүргеніміз, асыл сөзді қадірлей алмай келгеніміз

жасырын сыр емес қой. Әйтпесе ел аңызнан “Батыр Баяндай”, «Көкшетаудай» ғажап жыр тудырған дәстүр сайрап жатыр емес пе? Дәлірек айтқанда, Сапарғали Бегалиннің өткен өмірге арнаған, дерегі, ізі бар материалға сүйеніп жазған дастандарының ішіндегі ең шоқтығы биігі – дау жоқ, тау атына қатысты аңыздан туған “Баян жүрек” поэмасы. Бұл шығармада дара бейнелер, эпикалық серпін, кең құлаш, қызықты оқиғалар бар. Қазақ жігіті Сайқым мен қалмақ қызы Баян арасындағы махаббат, екі елдің ерегістен ығыр болып, ер-азамат арқасында достықпен табысуы сәтті көрсетіледі. Шебер әсірелеу, әуелету жарасып тұр. “Айдос”, “Ұр, тоқпақ” дастандарынан фольклордың жақсы әсері, өрнек-бедері, бояу нақышы байқалады. Өмірден көп нәрсені көзімен көріп, бастан кешіріп келген талантты адам жазған туындыны оқығанда, тіршіліктің бұрын өзің аңғармаған, сезбеген жаңа қырларын танып, марқайғандай, кенелгендей боласың. Әсересе, қазақтың көшпелі, бұрынғы тұрмыс-әрекетін жіті білетін С.Бегалиннің әңгіме, повестерінде мал баққан адамның психологиясы, аңшылардың жан дүниесі сенімділікпен, реалистік шыншылдықпен бейнеленеді. Бұл жанрдағы шығармаларда ұлттық өміріміздің енді қайталанбайтын, тарих қойнауына кеткен, суреткер қаламы тірілткен есте қалар, жанды картиналары бар. Қазір бір ауыздан балалар әдебиетінің үлгілі туындысы саналатын, кезінде одақтық сыйлық алған әйгілі Сәтжан повесіндегі қазға түскен ителгінің қимыл-қозғалысы, динамикасы, өмір мен өлім тайталасы бір оқыған адамның есінен кетер ме? «Көксегеннің көргендері» повесінде Алтай өңірінің сұлу табиғаты, өзгеше, дара сипаты жақсы берілген. Қақпанмен аң аулау, мылтық ату, мергендердің сан-алуан сырларына қанық болу бар мұнда. Қазақ прозасындағы новелла, оқыс, қызық оқиғалы сәтті шығармаларды атағанда, С.Бегалиннің “Мұстафа қарттың әңгімесі”, “Тайатқан тауынан табылыпты”, “Алданған жолбарыс” хикаялары бел ортада тұрмақ. Әсіресе, ертерек уақыттарда Балқаштың аспан зәулім қамысын мекен еткен шұбар ала, аң перісі – жолбарыс аулаудың тәсілдерін, ер-азаматтың тапқырлығын, жүректілігін бейнелейтін әңгімелерді кім болса да қызықпай оқи алмаса керек. Халқымыздың жылқы жайын білуі, жүйрік атқа махаббаты «Сұрапылда», «Керкиік», «Колхоз бәйгесі» әңгімелерінде әсерлі көрсетіледі. Қазақ әдебиетінің проза жанрында С.Бегалин туындылары бір сала іспетті. Әсіресе, ол балалар әдебиетін дамытуға зор үлес қосып, “Бүгінгі Ыбырай”, “Қазақтың Маршагы” атануы тегіннен-тегін емес. Есімдері әлемге аян Том Сойер, Гаврош, Тимур секілді қызық мінезді, қайратты балалардың қатарына С.Бегалин өз кейіпкерлері Сәтжан, Көксеген, Уәш, Ердендерді қосты. Қазір олар орыс, татар, грузин, поляк, корей, бір сөзбен жетпіс жеті жұрттың балаларының сырлас досына, ет жақын бауырына айналды. С.Бегалин прозасының объектісі – қақаған аяз, дүлей боран, шыжыған ыстық, небір аптапта дала төсін жайлаған кесек тұрпатты ірі мінезді

жылқышылар, қойшылар, аңшылар. Бұлардың дені өмірдің өріне шыққан егделер мен саналы тірлікке енді қалам аттаған жасөспірім, жеткіншектер – ауыл адамдары. Қаламгелердің жетпісті еңсеріп, сексенге аяқ басқанда Қазан революциясының алғашқы күндеріндегі қазақ ауылындағы, қаладағы әлеуметтік-психологиялық өзгерістерді көрсететін документті, деректі негізі бар “Замана белестері” атты мемуарлық роман жазып шығуын суреткерлік үлкен қайрат деп білеміз. Бұл шығарманың басты кейіпкерлері – белгілі революционер Мұқаметқали Тәтімов, қазақ әйелінен шыққан алғашқы оқымысты, көзі ашық жандардың бірі – Нәзипа Құлжанова, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов, тағы басқа аты, есімі мәшһүр адамдар. С.Бегалиннің бұл романын типологиялық тұрғыда Сәкен Сейфуллиннің “Тар жол, тайғақ кешу”, Сәбит Мұқановтың “Өмір мектебі”, Ғабиден Мұстафиннің “Көз көрген” сияқты айтулы шығармаларымен заңды түрде қатар қоюға болады. Республикамыздың атақты композиторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди, Садық Кәрімбаев, Сыдық Мұхамежанов, Қапан Мусин, Еркеғали Рахмадиев Сапарғали Бегалиннің текстіне ән жазған. Сапарғали Бегалин жиырмасыншы-қырқыншы жылдарда ел ішінде кеңес, сот, газет қызметтерінде жүріп, кейін Жазушылар одағында, Ғылым академиясында істеген кездерінде республиканың кең атырабын көп аралап, ескі көз, кәрі құлақ майталмандармен табақтас, дәмдес, сырлас болған. Осы сапарында ол естіп, іріктеп, екшеп қағазға түсірген дүниелер – мол қазына. Халық ақындары Иса, Шашубай, Төлеу, Доскей, Қуат шығармаларын сұрыптап бастырып, олардың тұңғыш өмір-баянын жазған – Сапарғали Бегалин. Тәттімбет, Әміре, Естай, Майра, Қажымұқан, Қалыбек тұлғасын кейінгі ұрпаққа танытуда мол еңбек сіңірген де – Сапарғали Бегалин. Ұлт ойындары жөнінде жинаған материалдары да қымбат. Дегенмен, С.Бегалиннің зерттеуші, оқымысты, фольклорист ретінегі ең жемісті, ең бағалы туындысы – Жамбылдың ата тегі, өмірі деген іргелі зерттеуі деп білеміз. Жамбылдың көзі тірісінде өзінен, онымен өкшелес қарттардың аузынан жазылып алынған бұл еңбекте ұлы ақынның өскен ортасы, ата-бабасы, алған тағылымы, мінез-құлық ерекшеліктері туралы аса қызық деректер бар. Мұның үстіне революциядан бұрынғы Жетісу атырабының аңыз-әңгімелері, жүйрік аты, қыран құсы, сал-серісі, ақынжырауы, домбырашы-күйшісі жөніндегі фактілер де өте бағалы, дәл. С.Бегалиннің там-тұмдап жарық көрген зерттеуінің кейбір үзінділері кейбіреулер кейде сілтеме беріп, кейде сілтеме бермей пайдаланып та жүр. Осы маңызды әрі әдеби, әрі этнографиялық тарихи мәні зор жұмыстарды толық күйінде жариялау оқырманды қатты қуантар еді. Халқымыздың асыл перзенті – Шоқан өмірі бүгінде көптеген көркем шығармаларға арқау болып отыр. Сәбит Мұқановтың, Сергей Марковтың, Сәуірбек Бақбергеновтің ұлы ғалым өмірін бейнелейтін роман, повестерінің қатарында Сапарғали Бегалиннің «Шоқан асулары» дилогиясы өзінің деректі негізімен, ықшамдылығымен, тартымды оқиғаларымен ерекшеленеді. Бұл

кітап – тамаша адамдар өмірін фактілік негізден ауытқымай дәл бейнелейтін қазақ әдебиетіндегі сәтті туындылардың бірі. Сексен жылдығын тойлауға елге барғанда радиациядан уланған бұлақтан су ішіп қойған Сапарғали Бегалин жазылмас дертке ұшырап, мерт болды. Жүзге жетер деп жүрген қайратты жан тоқсанға екі-үш жыл қалғанда дүние салды. Маңайына өлім сепкен аждаһа полигон кесепаты Сапарғали Бегалинді өлтіргенмен, оның шығармалары халқымен бірге жасамақ.

1995.

ҰСТАЗДЫҚ ҒАЛЫМДЫҚПЕН ҰШТАСҚАНДА

Қазақтың аса көрнекті әдебиетші ғалымы, сыншы, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Кенжебаев 1904 жылдың қазан айында қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Бөген ауданы, Бөген өзені бойында дүниеге келген. Жастайынан шешесінен айрылып, әкесі жалшылықта жүрген жас өрен жоқшылықтың азабын көп тартқан. Жиырмасыншы жылдардың басында Ташкенттегі панасыз балалардың интернатына Ғани Мұратбаевтың қамқорлығы арқасында түскен. Ол туралы өзінің жазған «Байкенженің бала күндері» (Жұлдыз, 1966, №12) атты өміртарихын әңгімелеген шығармасында кеңінен баяндалған. 1922 жылдан бастап Ташкентте шығып тұрған «Жас қайрат» газетіне тілші болады. Москвадағы Шығыс еңбекшілері коммунистік университетін (1925), М.Горький атындағы Әдебиет институтының 2 курсын бітірген Бейсенбай Кенжебаевты «Жас қайрат» газеті мен «Лениншіл жас» журналының редакторының орынбасарлығына тағайындайды. 1928 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне ауысады. 1929 жылы Павлодар округінде шыға бастаған «Кеңес туы» (кейінірек «Колхоз» деп аталған) газеттің тұңғыш редакторы. Алғаш Кереку өңірінде қажетті баспа жабдықтарын Қазан қаласынан алдырып, баспахана ұйымдастырған да осы Б.Кенжебаев. 1930 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің шақыруымен «Социалистік Қазақстан» редакциясына қызметке келген. Қазақ Радио Комитетінің алғаш рет ұйымдастырған «Радио газетінің» тұңғыш редакторы да Б.Кенжебаев. 1932 жылы жаңадан ұйымдастырылған «Оңтүстік Қазақстан» газетіне редакторлыққа жіберіледі. 1934 жылы қайтадан «Социалистік Қазақстан» газеті редакторының орынбасары болып тағайындалады. СССР Жоғарғы Советі Ведомствосында (Москва, 1935-1941 ж) аудармашы, Қазақ Мемелекеттік Біріккен баспасында бас редактор (19411944ж). 1942 жылы Бейсенбай Кенжебаев Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін тамамдап, сонда оқытушы болып қалдырылады. 1944 жылдан бастап қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, 1945-1950 жылдары Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтында әдебиет секторын басқарған. 1946 жылы «Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ақындығы» тақырыбында кандидаттық, 1959 жылы «ХХ ғасыр басындағы қазақтың демократ жазушылары» кітабы бойынша докторлық диссертация

қорғаған. Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі (1961-1975), профессоры (1975-1987) болды. Ол Қазақстан Республикасында ғалымпедагог кадрларын даярлауда да айтарлықтай еңбек етіп ондаған ғылым докторлары мен ғылым кандидаттарын даярлады. Олардың ішінде академиктер З.Ахметов, Р.Бердібай, Р.Нұрғали, ғылым докторлары Х.Сүйіншәлиев, Т.Кәкішев, Н.Төреқұлов, Т.Қожакеев, М.Жолдасбеков, К.Сыздықов, С.Садырбаев, С.Ордалиев, Н.Келімбетов, А.Еспенбетов, А.Қыраубаева, Қ.Ергөбек, Ш.Ыбраев, филология ғылымдарының кандидаттары М.Мағауин, Қ.Сыдыиқов, К.Сейдаханов, Е.Өтебаев, З.Тұрарбеков, М.Қожықов, Қ.Қамбаров, М.Шындалиева т.б. бар. Б.Кенжебаев

шәкірт ғалымдарды тәрбиеледі, монографиялар, оқулықтар, оқу құралдарын жазды. «Қазақ совет әдебиетінің тарихынан конспект» (1947), «Қазақ баспасөзінің тарихынан» (1950), «Қазақ баспасөзі тарихынан мәліметтер» (1956), «Қазақ совет баспасөзінің тарихынан» (1962), «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» оқулығы (1966), Х.Сүйіншәлиев, М.Жолдасбеков, М.Мағауин, Қ.Сыдиықовтармен бірге құрастырған «Ертедегі қазақ әдебиетінің хрестоматиясы» (1967), «Қазақ өлеңдерінің құрылысы» (1955), С.Торайғыров, М.Сералин, С.Шарипов шығармашылығы, Біржан мен Сара айтысына арналған еңбектері басылды. «ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының демократ жазушылары» (1958), «Шындық және шеберлік» (1966), «Әдебиет белестері» (1986) секілді іргелі кітаптары жарияланды. Б.Кенжебаев әдебиеттану ғылымына, баспасөз, оқу-ағарту саласына сіңірген еңбегі үшін 1964 жылы Ленин орденімен марапатталды. Көзі тірісінде-ақ ғылыми жаңа мектеп қалыптастырған әдебиетші ретінде мойындалған ғалым, Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры, жиырма жылдан астам кафедра басқарған ғылым кандидаттары мен ғылым докторларын даярлаған ұстаз Бейсенбай Кенжебаевтың қазақ әдебиеті тарихындағы орны ерекше. Оның тырнақалды “Абай” атты көлемді әрі терең мақаласы “Еңбекші қазақ” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газетінің 1925 жылғы 28, 29 тамыз күндеріндегі сандарында жарияланды. Абайды қазақ халқының ұлы ақыны деп дәлелдеген жас қаламгердің өткір де сенімді, ықшам да жинақы сөз саптауы, салмақты да сарабдал ой-тұжырымдары сол тұстағы біраз әдебиетшілерден үлгі алған білімді, ойшыл сыншының алғашқы талпынысы жемісті арнадан, көзді бұлақтан нәр алғандығын көрсетті. Мақала Мағжан Жұмабаев әсерімен жазылған екен. Осының алдында ғана небәрі төрт-бес жыл бұрын Ташкенттің жетім, панасыз, тентек балаларының тобында жүрген Бейсенбайды сол кездегі Түркістан комсомолының жарық жұлдызы Ғани Мұратбаев өзі тауып алып, жетектеп әкеп балалар үйіне енгізіп оқытып, артынан Мәскеудегі Күншығыс еңбекшілері коммунистік университетіне түсірген. 1922-1925 жылдары үлкен шаһарда терең саяси, тарихи, филологиялық жан-жақты білім алған жігерлі жас Қазақстанға оралғаннан кейін, жаңа қалыптаса бастаған баспасөзде бел шешіп, білек сыбанып, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов сынды алыптармен бір тұста, қоян-

қолтық қызмет етті. Әдебиеттің сан алуан мәселелеріне М.Әуезов, І.Жансүгіров, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов шығармаларын талдауға арналған көптеген мақала, рецензия, шолу жазды. Г.Моппасан, Я.Гашек, К.Федин, Э.Хемингуэй, Лу синь, А.Сорокин әңгімелерінен, Ф.Гладков, Ф.Панферов, Б.Полевой, Е.Мальцевтардың роман-повестерін аударды. Қиын кездердің өзінде М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов туралы естелік жазып қалдырды. Бейсенбай Кенжебаев өнерпаздығының ең жемісті кезеңдері, оның ғалымдық пен ұстаздықты ұштастырған шақтары Қазақ мемлекеттік университетінде және Қазақ ССР Ғылым академиясында істеген уақыттарынан, қырқыншы жылдардың ортасынан басталады. Іскер оқымысты университетте кафедра басқарса, академияда сектор меңгереді. Отыз жетінің қанды қылышынан Мәскеуде қызметте жүріп қалған Бейсенбай Кенжебаев қырқыншы жылдардың аяғы, елуінші жылдардың басында қатты қудаланды, жұмыстан шығарылды. Ол туралы неше түрлі жала жапқан мақалалар басылды. Саяси бұлт айығып, азды-кемді еркіндік туғаннан кейін ғалым-ұстаз өзінің басты еңбектерін жариялады. Ғалымның күрделі, іргелі, ең көлемді еңбегі “Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары” (1958) монографиясында тұңғыш рет архивтердің бұрын белгісіз болып келген қорларынан, кітапханалардың сирек газет-журнал, кітаптарды сақтайтын бөлімдерінен, жеке адамдардың қолдарында жинақталған қазыналардан алынған орасан бай материалдар, қолжазбалар, әдеби-тарихи деректер, сан алуан шығармалар озық методология тұрғысынан екшеліп, әдебиеттанудың үздік жетістіктері, дәстүрлі үлгісі негізінде талданған болатын. Зерттеудің басты ұтымдылығы қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы қоғамдық жағдайы мен әдебиеті диалектикалық бірлікте, тарихи байланыста, ажырамас тұтастықта алынуында жатыр. Революциядан бұрын қазақша жазылған, жарияланған аса көп материалдарды зерттеуші әр жерден талмай іздеп тауып, көз майын тауысып, түгел оқып ой сарабынан өткізіп, қорытып, жүйелеп, оның ішінде, әсіресе, көркем әдебиетке қатыстыларын білгірлікпен саралап, арна-арнаға бөліп берді. Күні бүгінге дейін бұл кітап – баспасөз тарихына байланысты ең тиянақты, әдебиетші, журналистер ғана емес, тарихшылар, философтар, педагогтар, экономистер түгел жүгінетін беделді, абыройлы еңбек. Демократиялық-ағартушылық бағыттағы ақын-жазушылардың дүниетанымындағы ортақтық, әдеби-тәсілдерінің ұқсастығы, шығармаларындағы идеяларының сарындастығы, көркемдік құралдардағы арналастық, жалпы сабақтастық, жалғастық проблемаларын ашу арқылы ғалым ең алдымен әдеби дамуды, әдеби қозғалысты нақты әрі жинақы, тарихи тұрғыдан көрсетіп шықты. Демократтық бағыттағы көрнекті қаламгерлер – М.Сералин, С.Торайғыров, Ә.Тәңірбергенов, С.Дөнентаев, С.Көбеевтің өмірі, білім алған ортасы, шығармаларының жазылу тарихы, олардың басылуы, зерттелуі, идеялық-көркемдік ерекшеліктері – осылар секілді сан алуан мәселелерге зерттеуші көбінесе тыңнан, бірінші болып жауап берді, ғылыми, әдеби байламдар жасады. Ғалымның мұндай қорытынды ойларын, пікірлерін ХХ

ғасыр басындағы әдебиетті зерттеген кейінгі әдебиетшілер өз еңбектеріне сүйеніш, тірек етті, ілгері жалғастырды, орынды пайдаланды. Аз ғұмырында халқының рухани байлығына орасан зор эстетикалық игілік қосқан Сұлтанмахмұт Торайғыров мұрасын зерттеу, жариялау, бағалау, насихаттауда Бейсенбай Кенжебаев көп еңбек етіп, мол қажыр, қыруар қайрат жұмсап, ақын шығармаларының әдебиет тарихындағы қастерлі орнын айқындап берді. Ол кекті, мұңды, ойшыл ақын Сұлтанмахмұт мұрасын дәйекті түрде қорғап шықты; ақын туралы диссертация, кітап жазды; университетте арнаулы курс оқыды, жаңа өлеңдерін тапты; шығармалар жинағын бастырды. Сұлтанмахмұттанудың негізін салушы Бейсенбай Кенжебаев екенін қазірде әдебиетшілер қауымы түгел мойындайды. Осы монография негізіне жазылып, жаңа тараулармен толықтырылған “ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті” кітабы 1966 жылдан студент-филологтардың бірнеше буынының қолынан түспеген оқулыққа айналды; әлденеше рет қайта басылып, уақыт сынынан өтті. Профессор Б.Кенжебаевтың әр кезеңде, әр тұста әр түрлі басылымдардың бетінде, ғылыми кеңестерде, айтыс – диспуттарда ой-пікір, тезис-шолу, пікір ұсыныс, мақала, рецензия түрінде айтып келген тұжырымдары: қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу, оны қай уақыттан бастау керек, ежелгі әдебиет нұсқалары дегенде қандай шығармаларды білеміз дейтін пікірлері, ғылыми концепциясы, сарқынды, жинақы ойлары сәтті түрде тұтастырылып, “Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері” (“Ғылым” баспасы, Алматы, 1973) деген кітапта берілді. Бұл тұжырымға Бейсенбай Кенжебаев бірер жылда, яки аяқ астынан келген жоқ, ұзақ жылдар көне әдебиеттер үлгісін зерттеу арқылы, бауырлас халықтар тәжірибесіне сүйеніп, мың ойланып, жүз толғанып барып, халық тарихы мен әдебиет тарихы терең байланыста екендігіне әбден көзі жеткен соң ғана барған еді. Алғаш 1941 жылы жарияланған “Қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселелері туралы” атты еңбегінде жасаған Б.Кенжебаев саралауы өзінің ғылыми дәлдігін көрсетті. Көне ескерткіштер “Дивани луғат-ат түрік”, “Қиссасул әнбия”, “Кодекс Куманикус”, “Мұхаббатнама” секілді шығармалар туралы ғалым жеке-жеке арнаулы мақалалар жазып, олардың қазақ әдебиетіне қатысты арналарын терең ашып көрсетті, тарихи тамырластықты лингвистикалық-әдеби мысалдар арқылы дәлелдеді; бірқыдыру теориялық ойлар “Қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу” деген мақалада айтылды. Ғалымның негізгі концепциясы, басты тұжырымдары оның шәкірттері жазған еңбектерде дамытыла түсті, жаңа фактілер арқылы айқындалды, соны пікірлермен толықты. Бұл ретте қазақ әдебиетінің қалыптасу жолдарын зерттеген, көне түрік әдеби ескерткіштері мен қазақ әдебиет байланысын анықтаған, Алтын Орда дәуірі әдебиетін тексерген, ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы ақын-жыраулар поэзиясын қарастырған еңбектер, диссертациялар “Ежелгі әдебиет нұсқалары” оқулық-хрестоматия (1967) тұтаса келіп, қазақ әдебиеттану ғылымында Бейсенбай Кенжебаев қалыптастырған нақтытарихи зерттеу мектебінің орныққанын жаңа ғылыми бағыттың өріс алғандығын көрсетіп берді. Сол жылдардың бір көрінісіндей болып

“Күлтегін ескерткішінің” көшірмесі 2001 жылы Астана қаласына келіп орнады. Қалың оқырман қолына Бейсенбай Кенжебаевтың “Жылдар жемісі” (1984) атты кітабы тиді. Қазақтың ең қарт әдебиетшісі жаңа буын, жас ұрпақпен жүздесіп отырғандай. Халқының жан-жүйесі, абырой-намысы, мақтаныш мерейі, асыл сөзі, әдебиеті туралы сыр айтпақ, ой толғамақ, тебіренбек. Осы орайда Бауыржан Момышұлының “Қазақ әдебиеті тарихын зерттеуге бар ғұмырын арнап келе жатқан ол – нағыз қаһарман” деген сөзі еске түседі. Ғалымдықты ұстаздықпен ұштастырып, бар ғұмырын туған әдебиетіне арнаған ағаға берілген орынды баға.

ТАЛАНТ ҚЫРЛАРЫ

Кезінде байыбына барған жоқпыз, қазір ойлап көрсек, елуінші жылдардың аяғы, алпысыншы жылдардың басында Қазақ университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында республиканың ең білікті оқымыстыәдебиетшілері шоғырланған екен ғой: Мұхтар Әуезов, Мәлік Ғабдуллин, Есмағамбет Ысмайлов, Бейсенбай Кенжебаев, Темірғали Нұртазин. Әрқайсысы бір-бір мектеп, бір-бір арна. Алдағы күндерде олар туралы, олардың өнерпаздық даралығы, ұстаздық шеберлігі, ғалымдық келбеті, азаматтық тұлғасы туралы жеке-жеке еңбек жазуларына еш күман жоқ. Сол шоғырдың жуан ортасында филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі жазушы, сыншы, аудармашы Темірғали Нұртазин тұр.

Анкетадан алынған деректер: Қорған қаласында туған: орысша тоғыз класс бітірген; алғашқы колхоз бастықтарының бірі; партия қызметкерлері; Ленинградтағы журналистика институтын тамамдаған; Қазақ драма театрының директоры; облыстық газет редакторы; репрессияға ұшыраған; КазПИ, КазГУ-де доцент, профессор.

ІІІ

Т.Нұртазиннің ғалымдық, зерттеушілік, өнерпаздық тағдырында Ленинград қаласының, ондағы филология мектебінің берген білім – дерегі, нұсқаулық негізі, шешуші ықпал-әсері әрқашанда аңғарылып тұрады. Жүрістұрысынан, тұрмыс-салтынан бастап, еңбек ету дағдысынан адамдармен қарым-қатынасындағы мәдениеттілігінен дәстүрлі орыс университеттерінің кәнігі профессорларының мінез үлгісі, қалып сипаты көрінеді. Текстен, архивтен, кітаптан шыққан сопы-педант оқымысты емес, өмірдің суық сынағынан өткен, өзі шоқ басқан, талант қанаты отқа

шарпылған, арқасына ер батқан адамның сөзіне еріксіз сенер едің. Әрқашан әдебиетті, өнерді өмірдің көрінісі деп қарау, әлемдік мәдениет тарихының мысалдарымен астастыра көрсету, мол деректерді сұрыптай, жинақтай отыра ғылыми қорытындылар шығару – Темірғали Нұртазинге тән ерекшеліктер болатын. Қазақ өмірін, фольклорды, әдебиетті жан-жақты да жете білу, орыс тілін ерте меңгеру, арнаулы дайындықтың түбегейлілігі Темірғали Нұртазиннің өнерпаздық тағдырына, әсіресе оның аудармашылық өнеріне зор ықпал жасаған фактор. Тұңғыш ұлттық эпопея – «Абай жолы» романының алғашқы кітаптарын орыс тіліне аударуда ол Л.Соболев, А.Никольскаямен бірігіп тарихи іс бітірді. Жүктің ауыры Нұртазиннің мойына түсті. Әуезовтің майы сорғалаған, ұлттық бояуы қанық бейнелер жүйесін, этнографиялық, тұрмыс-салт көріністерін, төгіліп тұрған жанды суреттерді дәл жеткізу үшін қос тілді тең, қатар білу үстіне, өзің жазушы, өзің суреткер болуың қажет еді. Нұртазин осы биіктен табылды.

Әдебиетіміздің ең көрнекті өкілдерінің бірі – Сәбит Мұқанов шығармаларын зерттеу ісінде Нұртазин көп іс тындырды. 1951 жылы алғашқы монографиясы орыс тілінде жарияланды. Кітап орынсыз датталды. Сол зерттеу тереңдетіліп, өңдетіліп, 1958 жылы қазақ тілінде қайта басылды. Білікті ғалым бұл кітабында Мұқанов шығармаларын талдай отырып, қазақ әдебиетінің туу, қалыптасу және өрлеу дәуірлері жайлы терең пікірлер, соны ойлар айтты. Ғылыми дәлдік, фактілердің молдығы, эстетикалық талғампаздық – айтылмыш монографияның негізгі қасиеттері. Көп талғам, шиырлы ізденістерден кейін туған қазақ әдебиетінің проблемалық қыруар мәселелерін қозғайтын «Жазушы және өмір» зерттеуі – іргелі еңбек. Сыншы Нұртазин әдебиеттің көкейкесті мәселелеріне арнап көптеген еңбек берді. Қазақ әдебиетінің арғы-бергі өкілдерін тануда орны айрықша. Зерттеушінің Шортанбай, Ыбырай Алтынсарин, Сұлтанмахмұт Торайғыров жайлы жазған мақалаларында терең ойлар бар. Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов туралы еңбектер соны қырымен, жаңа пайымдауларымен қымбат. Жамбыл Жабаев, Жұмағали Саин, Қалижан Бекхожин, Сырбай Мәуленовтар поэзияның төңірегінде ғалым айтқан толғамдар терең де дәлді. Әр кезеңде, әр белде туған зерттеулер, мақалалар «Шеберлік туралы ойлар» кітабында жинақталған. Рас, Майлин шығармалары талай сын пікірлердің, ғылыми зерттеулердің нысаны болды. Жазушының мол мұрасы түгел алып, тұтастай қарастырған тұңғыш кітап Нұртазин монографиясы. Сыншы өзінен бұрынғы зерттеушілер еңбектеріне көз жұмып, өте шықпайды, Олардың қисынды, қисынсыз пікірлерін екшеп, жаңа байлам жасады. Бейімбеттің ғұмырына қатысты көптеген жаңа материалдар тауып, соны деректер жинаған. Шыққан орта, алған білім, көрген тәрбиенің жазушы талантын қалыптастыруда

атқарар қызметі ерекше екені аян. Ғалымның Майлиннің жастық шағын, оқуға берілген кездерін шұқшия зерттеуі табысты болды. Бұрын Майлиннің білім деңгейі, эрудиция мөлшері деген мәселелердің беті күңгірт еді. Уфадағы «Ғалия» медресесі қандай оқу орны, онда кімдер оқыды деген сұраулардың жауабы да мәз емес-ті. Айтылмыш монографияда көптеген мәселе шешілді. Зерттеуші Майлиннің түрлі жекебас құжаттары, еңбек кітапшасы арқылы оның қанша жыл оқығандығын айқындайды. Қазақша материалдармен бірге орыс, татар, башқұрт тілдеріндегі мәліметтерді кең пайдаланып, «Ғалия» медресесінің кезіндегі үздік оқу орны болғандығын дәлелдейді.

Ұзақ жылдар публицистика, проза саласында ізденіп «Жаңа саты», «Ауыл тынысы», «Адам бекерге жасамайды», «Мұрат» кітаптарын берген Т.Нұртазиннің бұл саладағы ең үлкен арнаулы дүниесі – белгілі мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов туралы жазған көлемді деректі романы. Автор көп уақыт Алматы, Бішкек, Ташкент, Мәскеу архивтерінде сарылып жүйеленбеген, әр жерде ашылып жатқан сан-салалы құжаттарды, тарихи деректі материалдарды қопара қарап, көз майын тауысты: том-том дүниелерді ақыл-ой таразысынан өткізе келе, тұтас қор жинады; ксерокопия, фотокопияны былай қойғанда, өз қолымен көшіріп шыққан қағаздар бір атанға жүк болардай. Бұлардың ішінде жалғыз Рысқұлов тағдыры емес, революция, азамат соғысы, коллективтендіру, Турксибке байланысты, көптеген қоғам қайраткерлеріне қатысты қызықты, тарихи материалдар бар. Бір адам емес, тұтас ұжым тындырар іс жасалған. Большевиктік террор, ғылым, өнер, әдебиетке қаншама кесір-кесепат келтіргенін қайта құру кезеңінде, бүгінгі күндері жарыққа шығып, жария болып жатқан фактілер, деректер тағы да айқара ашып берді. Өмір жолында, тірлік күресінде Т.Нұртазин көрген қиындық, шеккен азап аз болған жоқ, талап тұлпарына енді қонып, қылшылдап тұрған шағында, жала жабылып, қуғынға түсті, абақтыға қамалды. Тіпті еркіндікке шығып, ағарған, пәле-жаладан құтылғаннан кейін де кесапат бұлты оның басынан оңай айыққан жоқ. Орасан күш жұмсап, көп уақыт жіберіп тындырған еңбегі Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романы аудармасының басылмай қалуын қиянат демей, не дейсің. Төрт том аударма қолжазба күйінде жатыр. «Жазушы» баспасына жетпісінші жылдардың басында апарып, заңды түрде тіркетіп қойған Тұрар Рысқұлов туралы жазылған деректі роман қолжазбасының жоғалып кету себебі неде? Бұл қылмысқа парапар іске кім жауап бермек. Егер жазушының үйінде сақталып қалған қолжазба негізінде роман мәтінін қалпына келтіргенімізде не болатын еді? Үлкен зерттеуші, белгілі жазушының ұзақ жылдар жасаған еңбегі әлдекімнің қоржынында кете барар ма еді, қайтер еді. Басқасын былай қойғанда, сол «бақытсыз» қолжазбаның тағдыры әлі шешілген жоқ. Кітап

болып шыға ма, шықпай ма, оқырман қолына тие ме, тимей ме, - мұны
«Жазушы» баспасы тезірек айтса, әділет болмақ.

Ұмытпасам, 1977 жылдың жазғытұрымғы аласапыран, көксоқта күндерінің бірінде Темірғали Нұртазиннің үйіне көңілін сұрай бардым. Ірі бітімді, етжеңді, зор адам арса-арса болып жүдеп қалыпты. Тек үлкен ойлы көзіндегі жарқыл мен ерніндегі кекесіңді күлкі ғана өзгермеген. Бейдауа дертпен ұзақ күресіп шаршағанмен, өмір-тіршілікке, адам-пендеге өшпенділіктің көлеңкесі де жоқ, сабырлы күйде қайран жарық дүниемен қимай қоштасып жатқан сыңай бар. Қалжың-күлкі араластыра отырып, айтқан әңгімелерін тұйықтаған, көзі жасаурап, дауысы дірілдеңкіреп барып, сыр секілді, бақылдасу, қоштасу сипатындағы сарынға ойысқан еді. - Арман еткен, ойға алған, мақсат тұтқан шаруалардың оннан бірін де істей алмадық, шырағым. Сүйекке біткен жалқау керенаулығымыз, ұқсатымсыздығымыз бар, көлденеңнен келген кесепат репрессия, абақты, қуғын бар, әйтеуір жетер жерге жетпедік. Ірі істерге жас кезде бару керегін ұқпаппыз. Тұрар тақырыбына кеш, тіпті кеш кірісіппін. Алпыстан асқаннан кейін архивтерді ақтару, кітапханада жүру, үйден алыстап, басқа шаһарларға бару оңай емес екен, содан асқазанды бүлдіріп алдым ғой. Шіркін, жас ғұмыр, қайратты күндер қайтып келсе, есіл уақытты уақ-түйекке, күйбеңтіршілікке жібермей көрер едім-ау. Қайтерсің, өтер өмір өтті – кетті. Мың ойланып, жүз толғанғанда, сенерің – жастар. Өзің жетпегенге солар жетсін, өзің істемегенді солар істесін деген арманмен өлгің келеді, - деп барып тоқтаған. Содан бері он жылдан астам уақыт өтті. Әз ағаның соңғы сөздері әсте естен шықпайтын шығар-ау. 1987.

ТҮНГІ ҚОНАҚТАР

Үшеуміз. Үлкеніміз - Амантай Сатаев. Драматург – жазушы. Ұзын шашын шалқасынан қайырған, кісіге күлімсіреп қарайтын, екі иығына екі кісі мінгендей деп мақтайтын дәудің өзі, шойындай ауыр қолдарымен бір салып қалса, кез келген адамды шөке түсірер еді. Мінезі жұмсақ, ешкімге әлім жеттік жасамайды, ой қуатын да, бой қуатын да бүгіп қалып, кімді де болсын еркелетіп отырады. Адамды кемсітпейді, кекетпейді, қорламайды. Ортаншымыз – Рамазан Тоқтаров. Романист – прозашы. Бұл да иықты, мойны жоқ десе де болады. Қап-қара шаштары бұйра-бұйра болып, кейде иығына дейін төгіліп жүреді. Аяқ астынан шар етіп күліп жібергенінде, тосын адам шошып та қалуы ықтимал. Әсіресе біреудің кемшілігін, білместігін көргенде үндемей қалу, кешіре салу деген жоқ. Не бетіне айтып салады, өзі жоқ болса, сыртынан сөз етуден де қашпайды. Олқылық атаулыға шегі қатқанша, санын шапалақтап, айқайлап тұрып күліп, өзінің де, өзгенің

де айызын қандырады. Оған ілесіп, қалай мәз-мейрам болып отырғаныңды сезбей қаласың. Алматыдағы опера және балет театрының қарсысындағы әйгілі қонақүйдің үшінші қабатындағы үйреншікті жерімізде ұзақ отырып қалталарымызды түгел қағып бітіріп, одан кейін таныс сатушыға қарызға батып, буфет жабылатын болған соң, бір-бірімізді қимай, олай-бұлай айналсоқтап жүріп, үйді-үйімізге де қайтпай, таусылмайтын әңгіменің қызығы да аяқталмай, бойдағы қызу да басылмай тұрған бір сәтте Амантай: - Әй, шалдар, маған бір идея келді, - деді. - Қандай идея? - дедік екеуміз бірдей. - Айтқаныма көнсеңдер... - Көнейік. - Иә, көнейік. - Ендеше мен сендерді бір жерге қонаққа апарам. Қайда барамыз, оны сұрамайсыңдар. Уәде ме? - Түн ортасында қайдағы қонақ? - Келіншектердің біреуінің үйіне апарсаң, жақсы болар еді. - Ал, кеттік. Жүріп келеміз. Көлік тоқтайтын түрі жоқ. Оған төлейтін тиынымыз да жоқ. Күләш Байсейітова көшесімен төмен түсіп, консерваторияға таяғанда, солға бұрылып, тартып келеміз. Көп жүрген де жоқпыз. Кімнің үйі, қайда барамыз - әлі белгісіз. Сырттағы жұрт Актерлер үйі деп атайтын ғимаратқа келіп, жоғары қабатқа көтерілдік. Амантай қоңырауды шырылдатып тұрып басты. Бірталайға дейін жауап болмады. Тағы зарлатып басты. Ар жақтан жақтырмай келе жатқан адамның дыбысы білінді. Шаңқ ете түскен әйел дауысы естілді: - Бұл кім екен? Кім? Кто там? Вам кого? Так поздно... Кінәлі адамдай дауысын жұмсартқан Амантай: - Бұл біз ғой, біз, жеңгей. Мен – Амантай Сатаев. Ауыр есік сықырлап ашылып, аржағындағы әйел жүзіндегі әбігер мен үрейін тез басып, бойын оп-оңай жинап, өзгерген қалыппен: - Қорқып қалдық қой. Осыншама кештетіп... Мезгілсіз уақытта... Тым болмаса телефон соға салмадыңдар ма? – дегенде ғана Шахмет Хұсайынов пен Бикен Римованың үйіне келгенімізді біліп, әрі қысылған, әрі ұялған кейіппен Амантайға жақтырмай қарадық. Ештеңеге сасатын түрі жоқ сары дәуіміз ыржиған болады. Дәлізде туфлилерімізді тастап, сырт киімдерімізді шешіп үлгергенімізше, бөлмелердің шамдары жарқ-жұрқ етіп жана бастады. Үстіне жеңілдеу шапан, қолында таяғы бар Шахмет ағамыз аузын ашып, көзі күлімсіреп, бізге қарай аяқ басты. Түрі жүдеулеу екен. - Оу, серілерім-ай, серілерім. Сен, Бикен, қызық екенсің. Маған отыз жыл қатын болғанда, сонша жыл актриса бола жүріп, әлі күнге дейін серілік табиғатын түсінбепсің-ау. Телефон соғу, күні бұрын хабар беру-ол анау Тәжібай баласы секілді шал-шауқандардың әрекеті емес пе? Сал-серілер қашан хабар беріп, ауыл-ауылға барушы еді? Оу, Бикен, баяғы серілерді

айтпай-ақ қой, бүгінгі заманның серісі хабар беруші ме еді – деп өзі жазған көп пьесалардың бірінен монолог оқығандай мәз болған, қуанған күйде Шахаң бірімізден соң бірімізді құшақтап, шопылдатып бетімізден, тіпті шүршитіп ернімізден сүйіп, біздің келуімізді асыға, сағына күтіп отырғандай болды да қалды. Дереу залға қарай шақырды. Алғаш сәттегі қысылыпқымтырылған күйіміз, ұялғандай болған қалпымыз мынадай сөздерден кейін қолма-қол айығып, бойымыз жазылып, өзімізді еркін сезіне бастадық. Сонда да болса, Рамазан ұшқырлығына басып: - Шаха, Бикен жеңгей, мезгілсіз уақытта келген берекесіз жүрісімізге кешірім сұраймыз. Тіпті мұнда келетінімізді білген жоқпыз. Мынау Амантай зорлап әкелді ғой болмай, - дей бастағанда, Шахаң саусағын шошайтып: - Әй, Рамазан, мен сенің этикетке жүйрік екеніңді жақсы білем. Французша оқығаныңды әрқашан көрсетіп жүресің. Зейін Шашкин романын сынағанда да сол білімпаздығың қысты ғой, ә. Келгендеріңе қуанып қалдым. Кешірім-мешірім деген сөздерді қалтаңа салып қой, - деп сылқ-сылқ күлді, бір түйреп өтті. Әуелде абдырап қалған Бикен жеңгей енді құстай ұшып, бәйек қағып, жүгіріп жүр. Стол үсті әп-сәтте түрлі дәмге, арақ-шарапқа толып кетті. Есік ашқандағы халат емес, үстінде сыйлы қонақтарды қарсы алғанда, салтанатты кештерде киілетін тығыздау, қызыл қоңыр матадан тігілген келісті көйлек, аяғында шәркей емес, қасықтай қоңыр күрең туфли, құлақта – сырға, саусақта – сақина, білекте – білезік, қырықтың ішіндегі сүйікті бәйбіше жайнап тұрған қалпымен отағасына мейірлі жүзбен бұрылып: - Ал... – деп көзін сүзіп қарай берді. Шахаң төрде өзі отыр. Жеңілдеу шапанын тастап, үстіне торкөзді пиджак киіп алыпты. Люстра сәулесі түскен кең де қасқа маңдайы жарқырап көрінеді. Жас кезінде сұлулардың есін тандырған әдемі келбеті алпыстың жуан ішіне кіргенде де тектілік сипатын сақтап қалған. Паң, асқақ, сабырлы. - Иә, Бикен, сен не ұғып отырсың қәзір? – деп әйеліне сұрақ тастап қарады. - Не ұғайын, қонақтар келіп, соларды күтейін деп отырмын. - Одан басқа? - Амантай болмаса, мына екеуі бұрын есік ашпаған. - Одан басқа? - Еркелегендері жақсы. - Одан басқа? - Сіз де көңілденіп қалдыңыз. - Бір драматург, бір актер болашақ пьесаның көрінісін дайындап жатқандайсыздар – деді Амантай. Сөз бөлгенді жақтырмаған Шахаң: - Әй сен қоя тұр, - деді де әр қарай кетті. - Шындыққа енді жақындайын дедің. Бір-ақ дәл ақиқатты айта алмадың. Ақиқат мынау – мен тірі екенмін. Мен әлі өлмеппін. Мені де іздейтін, іздеген кезде күн-түн демейтін, қолайлы-қолайсыз демейтін жігіттер бар екен, қалған екен олар. Шәкен кеткеннен кейін бұл есікті бейсауат ешкім ашпаушы еді. Серілік өмір сол Шәкенмен бірге өлген

шығар, мен де өлген шығармын деп ойлаушы едім. Мен өлмеппін әлі, бәйбіше. Мынау Алматыда, миллион тұрғыны бар алып шаһарда Шахметтің үйі бар деп, қыстың көзі қырауға, ұйқы басқан ыбылыс түн қараңғылығына қарамай, осында тартып бір кеткен серілерім-ай, менің. Шәкеннің көздері мені де тірілттіңдер, ой, ерлерім, серілерім. Қане, тартыңдар, серілік үшін, - деп, толғанып барып, біздерге алдыртып қойды. Алғаш көрген кездегі Шахаңның қуқыл жүзіне қан жүгіріп, шын қуанған адамның шырайы анық көрінді. Шалқып сөйледі: - Шекспир айтқандай, өмір деген итің анда-санда осылай бір серпіп тастап отырмасаң, түрме ғой. «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деп Мағжан да зарлаған. Сегіз сағат кеңсе қызметі, одан кейін бірдеңе жазам деп тесіліп тағы отырасың, бір күндік жұмыспен тепе-тең, бірін-бірі өтірік мақтайтын қазекемнің қонағы тағы бар, қу тіршілік қамы, қатын-бала шаруасы, тас қамал қала қыспағы – жынданып кетуге болады ғой. Көлденең көздер жазушылар, суретшілер, артистер ішіп кетеді, көп әйел алады дейді, біздің шын жағдайымызды білмегендіктен айтады ғой. Ел үшін, жер үшін толғанасың, басқа адамның қайғысы – сенің қайғың. Жазу-сызудың азабы, хатқа түсіру миһнаты - өлшеусіз. Сонда құтқарар жол – серілік. Сендер қырыққа келген жоқсыңдар. Нағыз жазатын, нағыз беретін кездерің осы. Сері Шахмет бір кезде шал болам, таяққа сүйеніп, көтерем өгіз құсап осылай отырам деп ойлады дейсің бе? Бәрі бір қалыпта, мәңгі жап-жасыл боп тұрады деп ойлаған. - Шаха, інілеріңіз келіп, шабытты отырсың ғой. Қайдағы кәрілік сізге. Кеше Сапекеңді көрдім, сізден он жас үлкен, тіп-тік, шаштары қап-қара. Әлжаппар құрдасыңыз домаланып репетициядан шықпайды. Кейде Азиктің өзін тыңдамай, режиссер да болып кетеді. Шахаң күліп жіберді: - Әлжаппар пьесасын жазып алсын. Оған қайдағы режиссерлік. Сен де Тәжібайбаласы екеуің орынды-орынсыз мақтай бересің. Оданда режиссер болам десе, мына Амантайдың қолынан келіп қалар еді. Ұмытпасам, осы сенен басқа Мәскеудің архив институтын бітірген қазақ бар ма? – деді. Жылы үйге кіріп, дәмді тамақ жеп, коньяк ішкен Амантайдың бетінің ұштары қызарып, өзі көңілденіп, алқам-салқам, кең пейілмен, езуінен күлкі жиылмай отырған: - Кім білсін оны, - дей салды. Басқа біреу болса, кеудесін соғып «мен ғана» деп шыға келер еді. – Маған қайдағы режиссерлік, Шаха. Қазіргі жігіттер бәрі өзімізден басталады деп жүр ғой, - дегенде Шахаң: - Оттапты оларың. Жұматты қайда тығып қояды екен? Өзі драматург, өзі музыкант, өзі режиссер. Нота сауатын білген алғашқы аз қазақтың бірі. Драма, опера театрларының негізін қалағанын дұшпаны жоққа шығара алмас. Қазақ фольклорын, тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын ерекше жақсы білгендігінің үстіне өз бетімен оқып, ізденіп театр, сахна мәдениетін игеріп алып, алғашқы өнерпаздарымыз – Қаллеки, Серке, Елубай, Құрманбек, Күләштарға ұстаз бола білді. Зобалаң заманның қара пышағына ілінбегенде, талай тамаша туындылар беретін еді. «Қыз Жібек», «Ер Тарғындарды» Брусиловский

иемденіп жүр ғой. Рас, ол Ленинград консерваториясын бітірген, қабілетті музыкант, дарынды композитор. Ал, әрбір оқиғаға орай, кейіпкер мінезіне сәйкес халық әндерін оған тауып берген адамдар көп, солардың ішіндегі ең біріншісі – Жұмат Шанин, - деп барып маған қарады. - Ойбай-ау, сен ол кісі туралы кітап жазғаныңды ұмытып, мен не айтып отырмын. Дүкен аралауға аяқ жүрмейді, өздерің бермейсіңдер. Ақын да, жазушы да, зерттеуші де Тәжібайбаласына кітаптарын сыйлайды да жатады. Әбекең көңілі түссе, көлкөсір мақтауды да аямайды ғой. Содан дәмететін шығарсыңдар. Сенің кітабыңды Тәжібайбаласынан оқыдым. Кітабымды әрі қарай әңгіме етуді ыңғайсыз көріп, Шахаңның сөзін бөліп жібердім. - Қазақ театры режиссурасын көп жылдар басқа ұлт өкілдері ұстады емес пе? Соколовский, Гольдблат, Мадиевский, - дегенімде Шахаң басын изеп: - Иә, иә. Солай, солай, - деп барып: - Әрине, тұңғыш режиссерлік жоғары білім алған Асқар Тоқпановтың еңбегі ерекше аталу керек. Мұхтардың, Қаллекидің тікелей көмегімен «Абай» трагедиясын сәтті сахналады. Одан кейін көп уақытын сахналық өнерден гөрі ақылгөйлікке жіберіп алды. Бізге: - Алыңдар, жеңдер, ішіңдер, - деп қана, көбіне күйеуінің жадырағанына қуанып, аса көп әңгімеге килікпей отырған Бикен жеңгей осы тұста бір тіл қатты. - Шаха, сізбен дауласуға бола ма? Асқар ағам Алматы ғана емес, бірнеше облыстық театрларда істеді. Рас па? Табиғи қабылеті болғанмен, театр, сахна эстетикасы дегендерден бейхабар талайлардың көзін ашты. Қаншама мәдениетті актерларды дайындады. Бір шоғыр режиссер және бар, - деп біздерге жағалай көз тастап, бұл байламды қабылдадық па, қабылдамадық па, соны байқап болып, Бикен жеңгей әрі қарай кетті. - Бұрынғы орыс, жебірей режиссерларын көрдік қой. Спектакль техникасын тамаша білгенмен, ұлттық рухтан мүлде мақұрым болатын. Құдайға тәуба, Әзірбайжанымыз сахна заңдарын білуде олардан асып түспесе, кем емес. Қазақтың баласы ғой, тілі де сынып келеді. Ал анау Бәйтен, Есмұқан, Жақыптар екі жағына бірдей жүйріктер, - деп тоқтады. Алдымен разы болған Шахаң: - Браво, Бикентай, браво, - деді. Біз де бір ауыздан: - Дұрыс айтасыз, - дедік. Әңгіменің толастағандай сәтінде Рамазан алдымен шаңқ етіп күліп алып, содан кейін Шахаңа бағжиыңқырап қарап: - Аға, мына сұраққа жауап беріңізші. Негізінен есеп-қисапты жақсы білетін мұрынды елдің өкілдері көп айналысатын жанрды қайдан тауып алдыңыз? Шахмат ойыны секілді бәрі есепте. Кейіпкер есепте, оқиға есепте, көлем есепте. Бір пьеса жазу оңай емес, сіз қаншасын жаздыңыз? Ғұмырыңызды осыған арнағанға өкінбейсіз бе? – деп салды.

- Қаламгердің тағдыры қызық қой. Ән мен күйдің, сал мен серінің ортасында туып өстік. Өзім де ән салдым, күй шерттім. Сері болдым. Сол өнерге театр жақын екен. Шындап келгенде алғашқы қазақ театры – фольклорлық театр ғой. Жиырма бесте жазылған «Шабуыл» пьесасынан кейін драматургия ағысы тартты да кетті ғой мені. «Орақ», «Шолпан», «Марабай», «Алдар көсе», «Есірткен ерке», «Біздің Ғаниды» жаздық. Олар сахнада қойылды. Үш жылдай Мәскеудің театр институтында оқыдым. Облыстық театрларда істедім. Алғашқы қазақ киноларының қатарындағы «Шабандоз қыз», «Біз осында тұрамыз», «Асау Ертіс жағасынданың» сценарийлерін мен жазғанымды білесіңдер ғой. Шамасы, жанрдың өзі сұлу әйел секілді ме дедім, қолына бір түссең жібермей қояды, - деп күлді Шахаң. - Сонда роман Рамазан үшін, зерттеу Рымғали үшін сондай болғаны ғой, - деді Амантай. - Мүмкін, - деді Шахаң бір жымиып. - Әйтпесе немене мен өлең жаза алмайды дейсің бе? Қасымдай болмағанмен, басқа көп өлеңшіден кем түспес едім. Мұхтар мен Ғабитке жету қайда, қарасөзде өзгелермен жарысуға болар еді. Драматургтың бақыты да, соры да сахнада. Өлең, қарасөз өз алдына жеке өмір сүре береді. Ал пьеса сахнаға қойылмаса, ол өлі дүние деу керек. Драматург мәтінін режиссер бір қидалайды, актер бір мыжғылайды, тиісті орындар тағы кескілейді, сөйтіп пьесаның қашан спектакльге, қойылымға айналғанша көрмейтін құқайы жоқ. Одан кейін Львов, Қуандықов, Құндақбаев секілді білгіштер тағы үкім айтады. Ал жастар қу болып алған. Кім туралы жазуды біледі. Әй, Рымғали, сен драматургия туралы жазған кітабыңды маған бердің бе? Берген жоқсың. Тәжібайбаласының үйінен «Трагедия табиғаты» деген еңбегіңді алып оқыдым. Әбділда, Әлжаппар, Шахмет түгіл, Ғабитке де пысқырып қарамайсың. Мұхтар, Мұхтар, Мұхтар... Дұрыс - Әуезов ұлы жазушы, ұлы драматург. Ал оның алды, қатарласы, жалғасы бар емес пе? Жақсысы қайсы, жаманы қайсы – ашып айт. Одан ешкім өліп кетпейді. Сәл қысылып барып: - Шаха, бәріңізді де жазып жатырмын, - дедім. Шахаң тіпті қатты кетті: - Атақ алу үшін, диссертация үшін жазатындарыңды білем. Рамазан тағы теріс атқыды: - Қазіргі сыншылар, зерттеушілер тауықсоқыр ғой, көз алдындағы бүгінгіні көре алмайды. Қанша кітап жаздым. Бір ауыз жылы сөз естіп көргем жоқ. Ушығып бара жатқан таласты Амантай сейілтіп жіберді: - Шахаң екеуміз бақыттырақ екенбіз. Пьесамыз қойылса, залға адам толады. Жұрт қол шапалақтайды. Ал мына Рамазан кірпіш кітаптарын кім оқып, кім не деп жатқанын білмейді. Шахаң қайта бір сергіп: - Амантай, сен олай деме. Рамазанның көп қалам ұстағандардан алған тағылымы, тәрбиесі бөлектеу ғой.

Осы уақытқа дейінгі қазақ жазушыларының ішінде бұл француз классиктерін түп нұсқасынан оқитын бірден бір жазушы екені рас. Телегейтеңіз француз әдебиетіндегі тәжірибелерді бізге әкеп орайымен қолданса, көзін тапса, түптің түбінде бұл дудар бас прозамызға үлкен олжа салады деп сенем. Амантай, сен жиырмадан аса берген бозбала кезіңде Құрманғазы туралы киносценарий жазып бәрімізді қуанттың. Сол шабысыңмен кете бергенде, талай белден асатын едің. Архивке көміліп қаза бересің, қаза бересің. Ол жағын Әлкей ағаңа түгелдей беріп қойсаңшы. Бізге архившы Амантай емес, драматург, сценарист Амантай керек, - дегенде жуан сары інісі бұл сөздерді мойындағандай болып, тіпті қызарып, сипалақтап қалды. - Дұрыс, Шаха, дұрыс. Өзім де соны сезіп жүрмін. Бірақ тарих қойнауына кіре бастасаң, бір деректен бір дерек қызық, қымбат көрінеді. - Тарих жазатын зерттеуші табыла жатар. Сахналық әдебиет жасайтын драматург керек бізге, - деп Шахаң бір тоқтады. Ішке ел қонып, көңіліміз жайланған тұста Бикен жеңгей: - Қалған әңгімені кабинетке барып айтыңыздар. – Бұйырса, ас та пісіп қалар, - деді. - Бәйбіше дұрыс айтады. Ал тұралық. – Шахаң кабинетке бастап кірді. Стол үсті көп қағаз, қолжазба, кітап. - Ал жайғасыңдар, - деді де, Шахаң тағы сөзін жалғады. - Кейбір қаламгерлер тез жазып тастайды. Мәселен, Ғабит әйгілі пьесаларын бір айға жеткізбей бітірдім деп жүр ғой. Менікі басқаша. Алдымен баратын тақырып туралы ізденем. Көп топырақ қазам. Өзгелердің жазғанын, түрлі дерек көздерін қараймын. Амангелді, Ғани туралы жазарда архивтерде де отырдым. Үкілі Ыбырай үшін көп ел араладым. Қазір есілдертім Әл-Фарабида, шетелдерде, Түркияда, Арабияда көп материал бар дейді, олар қолға түспейді. Қолға түссе де, тіс батпайды. Ал қазақша, орысша, өзбекше дүниелерді түгел қарастырдым. Өзбекте Хайруллаев деген мықты ғалым бар екен. Көп нәрсе жазыпты. Ал Ақжан Машанов пен Ағын Қасымжанов одан да ілгері кеткен. Әл-Фарабидың өз еңбектерін оқыдым, зерттеулерді қарастырдым. Бірақ мұның бәрі өлі материал. Мен тарихи пьеса жазуым керек. Тартыс. Бейне. Идея. Осылар керек. Сахналық туынды жасауым қажет. Елдің тарихи санасын көтеретін пьеса берсем деймін. Ақыры құдай айдап келіп қалдыңдар енді мен сендерге ұйқы да бермеймін, келіндерге де қайтармайын. Бикеннің көтерген қазаны оттан түскенше, пьеса тыңдайсыңдар, - деп Шахаң шынымен-ақ жаңа жазылып жатқан шығармасын өзінің қарлығыңқы дауысымен оқи бастады. 1972 жылы Кеңсайда Шахмет Хұсайыновтың денесін Жер-ана қойнына беріп тұрған қаралы күнде үш інісі Амантай, Рамазан және мен содан бір жыл бұрынғы қаңтардың таң атқанша ұйқысыз өткен түнін мұңайып еске алдық. Әз ағаның бой жазуы, біздермен бақұлдасуы сияқты сәт екен ғой.

2004.

ОРТА ТАРМАҚ

ЕНШІ

«Қазақта езуінен енші берген» деген бір жақсы сөз бар. Енші – отау болғанда атаанаңнан алған мал-мүлік, дүние-пұл ғана емес, маңдайыңнан сипаған жылы алақан, бәйгеге түскенде қиқу салған демеу, тарыққанда аузыңа тамызылған бір жұтым су. Соны жасаған адамдарды көзің жұмылғанша ұмытпай, құрмет тұт, балам!

(Әке өсиетінен)

КҮТПЕГЕН ӘРЕКЕТ

- 1 -

Мүсілім Базарбаев М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына екінші қайтара директор болып қызметке тағайындалғанын естігенде, мың аса қуана қойған жоқпын. Кездескенде сұлу-сыпайы амандасқанымыз болмаса, арамызда қарым-қатынас аз. Бір мекемеде қызметтес болған емеспіз. Ол өз қатарының ішінде ерте атқа мінген, Мәскеуде қоғамдық ғылымдар академиясын бітіріп, сол жақта кандидаттық дәреже алған, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде істеген, Әдебиет және өнер институты директоры, одан кейін мәдениет министрі. Осындай мансаптарға тым ерте жеткен. Біз болсақ қатардағы көгенкөздің біріміз. Екінші жағынан, менің ұстазым Бейсенбай Кенжебаевты, ғылыми кеңесшім Мұқамеджан Қаратаевты ұнатпайтыны белгілі. Мұның үстіне мені қолдамайтын кейбіреулермен жақын араластығы тағы бар. Осыларды еске түсіріп, Мүсілім Базарбаевтың директор болып қайта келуіне іштей қарсылық жасағаным бар-ды. Бір күні сол ұнатпаған адамым мені қабылдауға шақырды. Директордың кең, биік, қоңыр салқын кабинеті. Қаршығадай жыпжинақы Мүсілім отыр. Шашы аппақ күмістей болып кеткен екен. Өңі жылы. Амандық-саулықтан кейін неге шақырғанын айтты. Директор сейфін ашса, көп қағаздың, құжаттардың арасында менің докторлық диссертациямның қолжазбасы бар екен. Оқып шығыпты. Ұнатыпты. Содан соң сөз сырын айтты. –Біз де қуғынды көргенбіз. Авторефератты таратып, ертең қорғағалы тұрғанымда Ғылыми Кеңес мүшелері өзгертіліп, маған қарсы адамдар қосылды. Егер қорғауға барғанымда масқара етіп, қор етіп, қара шарларын тастап құлатып жіберетін еді. Сондықтан өтініш жазып, өз еркіммен

қорғаудан бас тарттым. Араға уақыт салып, Мәскеуге барып қорғадым ғой. Бәрібір артымнан арызды қарша боратты ғой ағайындар. Әйтеуір құдай сақтап жанымыз аман қалды, – деп күлді. Суық күлді. Кішкенеден кейін сөзін қайта жалғап: –Сенің жұмысыңның түбіне де арыз жеткенін білем. Жалпы арыз дегенің дыбысы естілмейтін мылтық қой. Оның талай зардабын көрдік. Бірақ шыдамасқа болмайды. Қай иттің аузын жабасың, – деді. Біраз үндемей отырдық. Мүсілім тағы сөз сабақтады. –Бізге жаңа қолжазба тапсырғаныңа да екі жыл болыпты. Неге талқыланбаған? Кеңес қарамай ма? Бұлай созуға болмайды ғой. Осы жерге келгенде мен басымды көтеріп алып, Мүсілімнің көзіне қарадым. Адал көздер екен. –Оны осы академияның мықтыларынан сұрамайсыз ба? Мені болсын деп жүрген кісіні көргем жоқ. Бес жыл Алматы-Мәскеу арасында сандалдым. ВАК-қа әне шақыру, міне шақыру, әне бекідің, міне бекідің деген дақпырт, ақырында “ұлтшыл, алашордашыл әдебиетті мадақтаған, саяси қатесі бар” деген айыптаумен бекітпеу. Ол соққыдан оңалу оңай ма? Тағы үш кітап жаздым. Шығару қиындығы өз алдына. Жаңа диссертация қолжазбасының осында жатқанына екі жыл. Қорғамаған адам өлмес, қолжазбаны қайтарып беріңізші, – дедім. Мүсілім күреңітіп кетті. –Жоқ, олай болмайды. Келесі Ғылыми Кеңес талқысына салдырам, – деді. Айтқан уәде бойынша М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Ғылыми Кеңесінің мәжілісіне мен де келдім. Ол кезде институт қабырғасының бүтін кезі. Ақсақал, қарасақалдар түгел отыр. М.Қаратаев, Ә.Тәжібаев, Ә.Шәріпов, Е.Лизунова, Л.Әуезова, З.Ахметов, М.Дүйсенов, Б.Наурызбаев, Ә.Нарымбетов, М.Дүйсенов, Р.Бердібаев, О.Нұрмағамбетова, М.Атымов, Т.Әбдірахманова, М.Хасенов, Е.Ғабдиров, С.Сейітов, Б.Құндақбаев т.б. Бұл жолы институт директоры Мүсілім Базарбаев қатты кетті. –Нұрғалиев деген менің екі туып, бір қалғаным емес, елдесім де, жерлесім де емес, қызметтес те болған емеспін. Қажет десеңіз оның ғылыми жетекшілері Кенжебаев, Қаратаевтармен көп нәрседе пікірлеріміз шалғай. Осы жігіт ұзақ жылдар неге зорлық көруге тиіс? Жақсы жазылған докторлық диссертациясын саяси айып тағып, арыз жазу арқылы құлатқан қазақтар, өзіміздің әдебиетшілер, оны Мәскеуден көрудің қажеті жоқ. Өткенге – салауат. Осы жігіт әрі қарай еңбектеніп, қазақша екі, орысша бір монография шығарған, жаңа еңбек жазған. Қолжазбасын бізге тапсырғанына тағы да екі жыл өткен. Неге қарамайсыңдар? Неге талқыламайсыңдар? Қырғыздан не өзбектен біреу келсе, ләббай тақсыр деп шыға келесіңдер, өз адамдарымызға неге дұрыс қарамайсыңдар? Ақсақалдарды айтпай-ақ қояйын, ал осы Нұрғалиевтен кейін қорғап, докторлық диплом алғандар, біздің еңбегіміз мұныкінен артық еді деп айта аласыңдар ма? Айта алмайсыңдар, – деген кезде отырғандар қандарын ішіне тартып, сазарып отырып қалды.

–Талқылансын, – деді бірінші болып Мұқаметжан.

–Қарайық, – деді Әбділда.

–Қолдаймыз, – деді Әди.

–Надо обсуждать, – деді Евгения.

Сыртқа шығып бара жатқан Мырзабек Дүйсенов құлағыма сыбырлады:

–Мүсекеңнің тілін қалай тапқансың? Енді жолың болады, – деді.

Мырзабек біледі екен, айтқаны келді. Кешікпей талқылау болды,
қорғадым. Үш айдан кейін докторлық диплом алдым.

- 2 -

Бірталай жылдар өтті. Мүсілім Базарбаев директорлықты тапсырып, бөлім меңгерушісі болды. Еңбегімнің аяғындағы кісенін шешіп, шынжырын түсірген ағалық, достық, азаматтық әрекетіне қатты разы болып, кейін араласа бастадық. Бір рет Гүлбаршын жеңгеміз бар, аға досы Әлжаппар Әбішев бар дастарханымнан дәм татты. Бірақ етене сырлас, көңілдес-жақын болып кеткен жоқпыз. Арамызда бір-бірімізге деген сабырлы құрмет қалыптасты. 1988 жылы әдеби-сын трилогиям Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанда “Лениншіл жас” газетіне қолдау мақала жазды. Қолын қойып берген түпнұсқасы менде сақтаулы. Бір кезде университетте алдымызда оқыған Ауған соғысына қатысқан, қиын тағдырлы жігіт Сұлтанхан Ақұлұлы Мүсілімнің бөлімінде істеді. Әдебиет және өнер институтының бағдарламалары және жоспарлы сапарларымен Қазақстан, Ресей архивтері, кітапханаларынан Әлихан Бөкейханның шығармаларын жинап әкеліп, сол тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Алаш серкесінің еңбектерін бастыру мүмкіндігін іздеп Сұлтанхан Қазақ энциклопедиясының бас редакторының есігін ашты. Мен материалдарды сол уақыттағы Баспасөз Комитетінің төрағасы Алтынбек Сәрсенбаевқа оқып шығуға бердім. Әлиханның тарихи, экономикалық, әдеби, геосаясаттық еңбектерінің бүгінгі күнгі маңызын бірден түсінген жас басшы мәселені қолма қол шешіп, кітап шығаруға арнайы қаражат бөлдірді. Әлихан Бөкейханның бұл таңдамалы еңбектерін іріктеу, дайындау, редакциялау үшін энциклопедиялық принциптерді қолдандық. Көптеген суреттер, схемалар, құжаттар, библиографиялық көрсеткіштер берілді. Кітаптың баспалық безендіруіне ерекше көңіл аударылды. Тараулар, бөлімдер композициясы ойластырылды. Осы әрекеттердің үстінде жас әдебиетші Сұлтанхан мен доктор Базарбаев қатар жүрді. Екеуі бірігіп жазған кіріспе мақалаға менің атымды қосуды ұсынды. Әлихан Бөкейхан еңбектерімен толық танысқаннан кейін мен өз тарапымнан зерттеу жаздым. Оны оқып шыққан Мүсілім: –Көп еңбек етіпсің. Сенің зерттеуіңді біздің мақалаға қосып жіберу обал болады. Біздікі – алғысөз, сенікі – соңғысөз. Мен ешқашан өзім жазбаған нәрсеге қол қойған адам емеспін, – деді.

- 3 -

1988 жылы Оқу министрлігі Қазақ әдебиетінің ІІ класқа арналған оқулығына конкурс жариялады. Хасен Әдібаев, Мүсілім Базарбаев, Зейнолла Қабдолов және мен бір топ болып жоспар жасап, ақылдаса отырып, бірбіріміздің қолжазбаларымызды оқып, еңбекті әдістемелік әрі стильдік ортақ жүйеге түсіріп, ұжымдық оқулық жасадық. Мүсілім ертеден оқулықтарға автор болған, төселген әдістемеші. Сондықтан ол кісіге “Жамбыл”, “Соғыс кезеңі мен онан кейінгі жылдардағы әдебиет”, “Сәбит Мұқанов” бөлімдерін жазу қиынға түскен жоқ. Оқулықтың жаңа басылымы шығар алдында бас қосып, кейбір өзгерістер енгізіп, қосымша кіргізу әдетіміз бар еді. Кітаптың үшінші басылымын талқылап отырғанбыз. Бір кезде Мүсілім бәріміздің бетімізге қарап алды да, күлімсіреп барып сөз бастады: –Кезінде мен Шәкәрім, Мағжан үшін таяқ жеген адаммын ғой. Солардың есесін қайтару үшін көбірек әрекет еткім келеді. Реке інім, Мағжан туралы сенің жазғаның оқулыққа екі рет басылды. Мен ешқашан өтірік айтпайтынымды бәрің де білесіңдер. Менің жазғаным сенікінен артық болғандықтан емес, Мағжан туралы менің сөзім де оқушыларға жетсін. Сол тарауыңды маған қишы. Мағжан туралы мен жазған тарау келесі басылымға кірсінші, – деді. Келістік. Осы әңгімеден кейін Мүсілім Базарбаев көп ұзамай дүниеден өтті.

1997.

МИНИСТРДІҢ ШЕШІМІ

Телефондағы Әділ деген жігіт өзін жоғары білім министрі Тұрғанбек Катаевтың көмекшісі екендігін айтып, мені қабылдауға шақыратынын хабарлады. Сақал-мұртты басып, барымды киіп, бақанымды таянып дегендей күйде уәделі уақытында жеттім. Дәл айтылған уақытта кіргізді. Министрді бұрын сыртынан көргеніммен, қол беріп амандасқан, бір-екі ауыз сөзбен тілдескен кісім емес. Ол кезде теледидардан лауазымды қызметкерлердің көрінуі сирек, жүрген-тұрғандарының бәрі есепте, сондықтан сауысқандай сақ, аяқтарын аңдып басады, екі елі ауызда – бір елі қақпақ; қазіргілер ғой жарнама десе ішкен астарын жерге қояды, ауыздарынан сөздері түсіп тұрса да, экранға жүгіреді, құлаш-құлаш сұхбат беруге әуес. Министр орнынан тұрып келіп, кабинетінің орта тұсында қол беріп амандасып, ұзынша столдың басына барып, қасына мені жайғастырды. Ол маған, мен оған сынай көз тастап, бір-бірімізді барлағандай болып өте сақ күйде отырмыз. Артық салмағы жоқ, қағылез, ширақ кісі сабырлы

күйде сенімді сөйлеп, әңгімені алыстан орағытып бастап, үй-ішімді, әкешешемді сұрап барып, өзіне жақын тарта бастады. Қысқа, нақты жауап бере отырып, ішімнен «осы кісі мені неге арнайы шақырды? Неге әр шөптің басын бір шалады?» деп ойлаймын. Балаларымның қазақша оқитыны сөз болғанда, № 12 мектептің жалпы жағдайы, білім беру сапасы, түлектерінің болашағы туралы бірталай сөз айтылып, түбінде Алматыда осы тектес мектептерді көбейту – ұлт мүддесін шешетіндігі туралы ойларымыз тоғысып кетті. Осыдан кейінгі әңгімеде министр таяуда Нарынқол, Кеген жағын аралағанын, сонда 16-жылғы Албан көтерілісіне байланысты жерлерді көргенін, ел аузындағы аңыз сөздерді естігенін, содан кейін М.Әуезов «Қилы заманын» қайталап оқығанын, екеуі бірін-бірі толықтыра түсетінін айта келіп, бетіме қарады да: - Сенің «Қазақ әдебиетінде» ертеректе шыққан мақалаңды оқып разы болғанмын, - деді. Одан бері 15 жылдан астам уақыт өткен. Сол кездегі партия қызметкері түгіл, әдебиетшілер де ұмыта бастағандай болып, өздерін Әуезовтің бірден-бір ақтаушысы, бірден-бір шәкірті деп жариялап жүрген уақытта, жоғары білім министрінің мына сөзі мені таңқалдырды. Әуелі сенбегендей раймен бетіне жалт қарап, содан кейін барып: - Көп қиындықты сол мақала бастап берді ғой, - дедім. - Қандай қиындық? - Жазушылар Одағынан жұмыстан кеттім. - Ол қиындық емес қой. - Кандидаттық диссертация кейінгіге шегерілді. - Ол да қиындық емес. - Әрине қазір өзім де оларды қиындық санамаймын. Ал лапылдап тұрған жас кезде, ол – қиындық. Шауып келе жатқан ат үшін ол мәреге таянғанда тұяғына тиген оймақтай тас та қиындық. - Соңғы сөзіңе қосылуға болады, - деді министр қабағын түйіп. Бір-екі рет телефон шылдырлады. Оны алған жоқ. Хатшы қыз шәй әкеліп кетті. Әңгіме тағы жалғанды. Іштей ойлап отырмын: «Осы кісі маған не айтпақ? Әдебиеттен хабары мол екен. Әлде өткен өмірі жайлы естелікмемуар үлігісіндегі бір нәрсе жазды ма екен? Бауыржан, Әди, Қасым, Тоқтағалы сияқты деректі шығарма тудырды ма? Соны қарап, тігісін жатқызып бер дер ме екен? Мені таңдау себебі не? Тоқ етерін бір-ақ айтпай ма?» Сөз сорабы жоғары оқу орындарының басшылығы, көп жерде әлсіз адамдардың отырғандығы, бірталай кадрлардың егде тартып кеткеніне ойысқаннан соң «осы кісі мені біржаққа қызметке ұсынғалы отыр ма деп» қауіптенуім шынға айнала бастады. - Докторлығыңның жағдайы не болды? – деді. Ол кезде мен үшін ең ауыр, ең жаман сұрақ осы. Жараның аузын қасығандай. Аяқпен шоқ басқандай. - Бекіді ме?

- Бекіген жоқ. - Не себептен? - Орнымызды басады, тіпті алдымызға түсіп кетеді деп есептеген қызыл көз, қызғаншақ, арызқор ағалардан сұраңыз оны. - Кімдер олар? - Бір мүшел үлкен ағалар. - Екі мүшел үлкен ағаларың ше? - Олардың қамқорлығын, тілеулестігін өкшелерін басқан інілерінің жауыздығы жеңді. Қаттырақ, ауырырақ айтып жібергенімді енді сездім, министрдің танауы қусырылып, өңі қуқыл тартып бара жатты. - Сол екі мүшел ағаларыңның жақсылығын мен жалғастырайын, - деп шақырдым сені, інім, - дегенде аңтарылып қалдым. – Сені Семей педагогика институтына ректорлыққа ұсынғалы отырмын. Түсімнің өзгеріп кеткенін аңғарып, қуанды деп ойлаған болу керек, сөзін тездетіп жалғастырып жатыр: - Ректор деген үлкен мансап. Көңілің өседі. Әлі жассың. Қайта қорғайсың. Дұшпандарыңның қышуы қанған болар, - деп сөз аяқталғандай райға ауысқанда, мен тулап кеттім. - Бұл мүлде ретсіз ұсыныс. Мен бір күн не декан, не кафедра басқарған адам емеспін. Осы жасыма дейін білгенім кітап оқу, жазу, ұстаздық. Мансап десе түнде ұйқысынан шошып оянатын, талай өткір, пысық, ширақ, жақсы мамандар бар. Солардың ішінен іздеу керек ректорды. Менің қол-аяғымды байлап апарсаңыз да, ондай қызметке отырмаймын. Өйткені педагогтік, ғылыми, қызметтік тұрғыдан қақым жоқ. Ең бастысы құқым жоқ, дайындығым жоқ. Министр кекесінмен күлді: - Ондай қызметке қолқа салып, ағайынды жүгіртіп, айла-шарғы жасап, түлкідей бұлаңдап, бөденедей жорғалап, асты-үстіңе түсіп, өмір-бақи қызметіңде болам деп ант-су ішетіндер әрең жетіп жүргенде, сен Сібірге жер аударылатындай азар да безер болдың ғой. Ұсынысты қайтып алам, - деді. Соншалықты еркелетіп тең сөйлесіп отырған үлкен ағаны ренжітіп алғандай күй кештім. Ол сәл ойланып отырды да: - Пәтер жағдайың қалай? – деді. Жауап бердім. Тағы да аз-кем үнсіздіктен соң: - Мен сенің пәтеріңді алам. Оның есесіне министрлік салып жатқан үйден төрт бөлмелі үй берем, - деді. Бұл неғылған жерде жатқан батпанқұйрық деген сыңайда бетіне қарап едім, ол: - Екі мүшел үлкен ағаларыңның тағы бір жақсылығын көр. Жаңа пәтерде жаңа игіліктер келсін, - деді де сөзді доғарды. Министр Тұрғанбек Катаевпен болған осы әңгімеден кейін мен 1981 жылы төрт бөлмелі жаңа үй алдым. Расында іші құтты болды: бала-шағам өсті, кітаптарым шықты, доктор, профессор, декан, Қазақ

энциклопедиясының Бас редакторы, Ұлттық Ғылым академиясының мүшесі болдым. Мемлекеттік сыйлық алдым. 2004.

МЕНІҢ ПРОФЕССОРЫМ

Баспасөз министрлігінің мәселе шешетін ең жоғарғы органы – коллегия мәжілісі. Сол бас қосуға барлық баспа директорлары, бас редакторлары, баспахана директорлары, кейде жетекші мамандар шақырылады. Кітап шығару ісінің бүге-шігесін білетін, шаруашылық мәселелерін бақайшығына дейін шағатын кәнігі редакторлар, баспагерлер, инженерлер, экономистер көсіліп сөйлеп кеткенде, бір төбенің шаңын бір төбеге қосады. Дайындалған мәтіндердің сапасы, көркемдік, ғылыми деңгейі туралы сөздерді ұғып, біліп отырғаныңмен, өндірістік мәселелер, баспахана жағдайлары, қағаз, бояу, желім, қатырма, олардың түрлері айтылып жатқанда, кейде түсініп, кейде түсінбейсің. Баспагерлік мамандықтың арнаулы оқуларын бітірген, осы салада ұзақ жылдар істеген Маляр, Шостак, Римель, Белиловский дегендер сайрағанда, оларға ілесер бір-екі-ақ қазақ бар. Біреуі - Әнуарбек Тілеулесов, газет-журнал баспасының директоры, Мәскеуде баспагерлік институтын бітірген маман, екіншісі – «Қайнар» баспасының директоры Хайдолла Тілемісов, журналист. Екеуі де қарасаң көз тоятын нартүйедей жігіттер. Осындай мәжілістерде саңырау кісіге ұқсап отырмау үшін мамандардың кеңесімен арнаулы әдебиеттерді алдырып қарауға тура келді. Баспахана техникасы, кітап шығару технологиясы, өндіріс экономикасы – мұның бәрі ұшы-қиыры жоқ мол дүние екен. Бірін біле бастасақ, екіншісі, үшіншісі шығады. Таусылмайды. Негізінен мемлекет екі тізгін, бір шылбырды өзі ұстап, қажетті қаржыны пышақ үстінен бөліп беріп, нені, қашан, қанша шығаруды жоспарлап, қадағалап отырса да, баспалар ісіне нарық ызғарының лебі жете бастағандығы шаруашылық есеп, өнімнің өтуі, қызметкерлер санын ықшамдау сияқты талаптардан байқала бастаған кезеңнің сырын баспа директорлары ішінен алғаш ұққан адам – Хайдолла Тілемісов екінші қатардағы, аса сұранысы жоқ ауыл шаруашылығына арналған кітаптарды бастыру ісінің өзін дөңгелетіп әкетті. Қазақстан ғана емес, Одақтағы ең үздік баспалар қатарына шығарды. Табыс табудың көздерін ашты; еңбек ұйымдастырудың тиімді жолдарын көрсетті; қызметкерлерді ынталандырды. Ең жоғары еңбекақыны қайнарлықтар алды; сыйлық үстіне сыйлық; асханадан тегін тамақтану; Қапшағайда өз демалыс үйі бар. Осы істердің сырын білмек оймен Хайдолла Тілемісовтің жұмыс орнына әдейі бардым. Кіреберіс жайнап тұр. Еденде кілем, есік-терезе, қабырға – бәрі жарқыраған. Хатшы қыздың құрал-саймандары, телефоны, столы – бәрі әдемі. Көп тостырған жоқ, Хайдолла өзі есік ашып кіргізді. Кабинеті министр кабинетінен кем емес, тіпті артық десе де болады. Сапалы, сәнді мебель.

Қымбат диван, кресло, кітап сөресі, оның ішінде өз баспасының өнімдері. Шәй іштік. Көп сөйлестік: - Хайдеке, осының бәрін қайдан білесіз? - Бүкіл тіршілігің осы іске байланысты болған соң, білуің керек. - Басқа директорлар неге мұнша білмейді? - Не деуге болады? Олар да білетін шығар. Дегенмен баспагерлік олардың бас шаруасы емес қой. Біреуі – жазушы, біреуі – аудармашы, біреуі – идеолог, біреуі – журналист. Менің көп жылғы өмірімнің мәні – баспагерлік. Шынын айтқанда баспасыз өмірімді елестете алмаймын. Сол күннен бастап Хайдолланың құлағынан тыныштық кетті. Өз еркінен тыс біздің кеңесші, ақылманымызға айналғанын білмей қалды. Бір жолы: - Баспа шығарған кітаптың бәрі пайда әкеле алмайды. Жақсы, сапалы, керекті кітаптың өзі көп таралмауы мүмкін. Кейде бір кітап он кітапты, тіпті жүз кітапты асырайды. Мәселен, жылда шығатын «Ауыл кеші көңілді» деген ән текстері кітабы – малтапқыш кітап, - деді. Біз де ойландық. Көпшілікке жазылу арқылы тарайтын энциклопедиялық томдар пайда әкелмейді, кеткен шығынды өтесе шүкіршілік етесің. Дайындалып жатқан бір еңбектің аты келіспеді: «Үй шаруашылық энциклопедиясы». Кісіні тартпайды. Көп ізденістен кейін аты табылғандай болды: «Шаңырақ. Үй-тұрмыс энциклопедиясы». Әдемілеп безендірдік. Жақсы суреттер бердік. Осы кітаптың 100.000-дық тиражы қолма-қол тарады. Бірнеше рет басылды. Кітап Ресейге, Өзбекстанға, Қытайға, Түркияға сатылды. Энциклопедияның қаржысы көбейді: қызметкерлер жоғары жалақы, сыйлық алды. Сол кезде бірінші болып қатты қуанған Хайдолла Тілемісов: - Ұстаздан шәкірт озды деген осы. Сендер табыс жөнінен «Қайнардан» асып барасыңдар. Жарайсың, - деді. - Менің профессорым үйреткен ақылдың арқасы ғой. - Қайдағы профессор? Университетте сырттай оқып бітірген адамды профессор деп мақтағанды сенен көрдім. - Профессор, нағыз баспа ісінің профессоры сіз емессіз бе? Мына көрші Қытайда ғылыми баспада 10 жыл істеген редакторға – доцент, 20 жыл істегенге – профессор атағын береді, оны білесіз бе? - Мынауың жақсы дәстүр екен. Сонда анау Мұқан Мамажанов, анау Әбілмәжін Жұмабаев, мына мен шынымен профессор болғанымыз ба? – деп рахаттанып күлген болатын. Әртүрлі іссапарларға да бірге шықтық. Әсіресе Мәскеу қаласында жылда өтетін Халықаралық кітап жәрмеңкесіне көп бардық. Әр баспа көрмеге жеке дайындалады; апаратын кітаптарын іріктейді, жарнамалар жасайды, келімді-кетімді қонақтарға дәм-тұз, арақ-шарап әзірлейді. Сол кезде ең салатанатты павельон, ішіп-жемі ең мол дастархан «Қайнар» баспасыныкі болушы еді. Қазақ кітаптарын басқа тілдерге аудартып бастыру, өзге тілдерден қазақша аудару келісімдері жасалады. Ескі таныстар, байырғы достар бас қосады. Әлемдік кітап шығарудың соңғы жаңалықтарымен

танысасың. Осы кездесулерде Хайдолла Тілемісов кез келген елдің баспагерімен қай мәселе төңірегінде тең сөйлеседі. Бейімбет Майлиннің туғанына 100 жыл толғанына орай Қостанайда өткен тойда Хайдолламен бірге болдық. Сол кездегі облыс әкімі Балташ Тұрсынбаевтың қонақтарды түгел арнаулы автобустарға мінгізгенін жаратпай Ғафу ақын: - Жеңіл мәшине құрып қалған ба? Мақтап жүрген батырың бәрімізді бір қораға қамады ғой, - дегенінде, Хайдолла: - Сабыр ет. Бұл Қостанайдың жағдайы басқа екенін өзің де білесің ғой. Өзімізден өзгелер көп. Солар өрекпімесін деп ойлаған шығар, - деп басу айтты. Бейімбет ауылына жеткенде таңқалмаған кісі қалған жоқ. Мыжырайған жер кепе, құлаған қораларды бір күнде итеріп, күреп тастап, тыңнан ақшаңқан ауыл көтерілген. Кірпіштен салынған үйлер кең аула, қора-жай. Жарқырап тұрған мектеп пен медресені көргенде Хайдолла Ғафу ақынға: - «Волга» мініп келіп, тау-тау ет жеп, шелек-шелек арақ ішіп, ұзақ-ұзақ сөз сөйлеп, түк белгі қалдырмай той өткізген қандай, автобусқа отырып келіп, мынадай шаһар тұрғызылғанын көрген қандай, - дегенде, есті ақын сөзге тоқтап: - Бәрекелді. Әрбір тойдан осындай белгі қала берсе, құдай риза, біз риза, - деді. Қостанайға қайтып келген бетте Хайдолла бірнеше адамды туыстарының үйіне қонаққа шақырды, ішінде мен де бармын. Кең дастархан, ақ пейіл, тамаша отырыс. Әсіресе Ғафу ақын ерекше көңілді отырды. Өзі сүйіп айтатын әндерді тартынбай-ақ салды. Оның ішінде Қасымның «Дариға, сол қызы» да бар. Домбыра Хайдоллаға ұсынылды. Ол әуелі шертпе күй әуендерін тартыңқырап отырды да, артынан ән сала бастады. Бірі-бірінен өткен сұлу әндер, таныс сарындар төгілді. Хайдоллада мұндай биік дауыс, жақсы өнер бар деп тіпті де ойламаған екенмін, таңғалып отырмын. Біраздан кейін көпшілікке беймәлім терме, толғау үлгісіндегі әуездерді сорғалатты. - Ойбай-ау, баспа директорының ішінде бір халық артисі өліп жатыр екен ғой, - дедім. Ғафу жалт қарады: - Сен білмеуші ме едің? Бұл ағаң соғыстан кейінгі жылдарда Қостанай филормониясында әнші болған ғой. Сұлу қыз, сұлу келіншек бәрі соңында жүрген. Ал жүз жігітке қарамаған, паң сұлу қазіргі жеңгеңді Хайдолла осы ғажап әншілігімен жүгендеген, - деп қалды.

2003.

ҚАБЫРҒАЛЫ ҚАЛАМГЕР

Балалық, бозбалалық шағы соғыс кездерінің қылыштан қан тамған қаһарлы, жаралы жылдарымен дөп келген ұрпақ өкілдерінен шыққан қаламгерлердің баршасына ортақ қасиеттер бар: ең алдымен бұлардың

қайсысын алсаң да, өмірдің қара қазанында қайнап піскен; тіршіліктің тас диірменінде әбден тартылған адамдар. Қаламнан өмірге келмеген, өмірден қаламға келген. Шығармаларындағы басты сипат, басты құнар - өмірдің лебі, тіршіліктің бояуы. Онда да оқығаннан тапқан дүниелер емес, өздері көрген, өздері бастан кешірген жайттар. Мысал керек пе? Прозашыны алыңыз: Бердібек Соқпақбаев. «Өлгендер қайтып келмейді». Драмашыны алыңыз – Қалтай Мұхаметжанов. «Көктөбедегі кездесу». Ақынды алыңыз – Қабдыкәрім Ыдырысов. «Әке жолы». Тағы да прозашы: Қалихан Ысқақов. «Қоңыр күз еді». Қабдікәрім Ыдырысов - әкеден ерте айырылған, жесір ана қолына қарап қалған қоң торғай ауылдың жетім баласы. Ауыл кеңес хатшысы; газет қызметкері; баспа қызметкері; Жазушылар Одағының хатшысы; Кітап палатасының директоры; баспа директоры болды. Қабдікәрім Ыдырысов ең алдымен - ақын, Қазақстанның белгілі ақыны. Лорка, Луконин, Гончарды қазақша сөйлеткен талантты аудармашы, публицист. Жиырмадан астам өлең кітаптарының авторы, көрнекті қаламгер. Оның туындыларындағы негізгі сарындар, басты нысаналар, өзіндік ерекшеліктер ақынның дара қаламгерлік тұлғасын көрсетеді. Әр жастағы балаларға арналған ақын өлеңдерінен кішкентайлар психологиясын терең білетіндік байқалды: жаттауға лайық, айтуға жеңіл жырлармен қоса, Қ.Ыдырысов қаламынан қызықты, қысқа драмалық элементтері мол шығармалар туды: олардың көбі қазақ радиосының тұрақты репертуарына кірді; балабақшаларда өскен мыңдаған балалар жаттап айтты. Ауызекі сөйлеу тілінің екпініне жақындық, эпос кестелерін пайдалану, заман ырғағын дөп басу – осы сияқты белгілер ақынның балалар поэзиясындағы туындыларын ерекшелеп тұрады. Азаматтық пафос, публицистикалық леп – Қ.Ыдырысов лирикасындағы басты сарын. Ақынның көптеген өлеңдерін түгел алып, тұтас шолып, жинақтап салмақтағанда, көзге түсетін ерекшелік автордың форма мәселесіндегі еркіндігі, түр ізденістеріне жиі баратындығы. Фольклордағы толғау үлгілері, әлем әдебиетіндегі еркін өлең кестелері ақынға ықпал жасағанын аңғару қиынға түспейді. Ыдырысовтың лирикасындағы ақындық ой түйдек төгіліп, шашыла құйылып, толғау стиліндегі ой ағымымен айтылады: «Мен Ленин десем», «Бақыт туралы әңгіме», «Партиямды жырлаймын», «Қартаймаңдар, қаһармандар» жырлары осы пікірдің айқын дәлелі. Ақын заманымызда болып жатқан әлеуметтік оқиғалар, олардың жеке адам санасында жасаған өзгерістерін тез сезіп, сергек жырлап отырды. Патриоттық рухта жазылған шығармалар қатарында туған жер, өскен орта, бүгінгі Қазақстан туралы «Кең далам», «Менің Қазақстаным», «Семей», «Керекулік достарға», «Алматы», «Сырдария», «Отырар оттары», «Көлсайға барғанда» сияқты өлеңдер поэтикалық қуатымен, идеялық нысанасымен өркештеніп тұрады.

Бір қонып кеткен үйдің иесіне өліп-өшіп, айналып-толғанып шығарма арнайтын, бес күн барып келген жері туралы бес ай жырлайтын өлеңшіліктен Қабдікәрім Ыдырысовтың бойын аулақ салатын кірпияздығы оқырманға ұнайтын. Балтық бойында туған «Латвия жігіттері», «Өлмейтін адам», «Сильвия вальсі» өлеңдерінде әдемі сыр, келісті, дәл табылған форма бар. Қазақ көзімен қарағанда көрінген латыш келбеті бар. Қазақ поэзиясы көкжиегінің кеңеюін көрсететін белгілердің бірі – тақырыптық өріс. Бұрын шетелдерге барған ақындарымыз бірді-екілі өлең, цикл тудырып жүрсе, Қабдыкәрім Ыдырысов араб елдерін аралау сапарынан «Арабстан, армысың!» атты тұтас жүйелі кітап жазып қайтты. Бұл шығарманы оқығанда ежелгі шығыстың ғажап сырларын бөлісесің; араб поэзиясындағы екпін-ырғақ, сарын әуездердің ауыс-күйісін байқайсың, халықаралық аренаға шығып сөйлеген қазақ ақынының дауысын естисің. Шығармашылық эволюция қызық процесс қой, күні бұрын болжап айту қиын. Толғау, тебіреніс үлгісіндегі көлемді өлеңдер жазып жүрген Қ.Ыдырысов «Адамның кейбір кездері» атты кітабында жаңа қырынан, жаңа олжамен көрінді. Поэзияға бүгінгі өміріміздегі тұрмыстық детальдар енді: телефон соғатын қыздар, балкондағы күшік, сіріңке. Бір шоғыр философиялық – сатиралық шығармалар туды. Аттарына назар аударыңыз: «Жүрек», «Бас», «Көз», «Қол», «Аяқ», «Тіл», «Бет». Сәтті өлеңнің ғұмыры ұзақ, ал сәтті ән тексінің ғұмыры одан да ұзақ деуіміз мақұл болмақ. Әуезбен қанаттанған, әнші шырқаған, халық жүрегіне жол тапқан «Баянауыл вальсі», «Қайдасыңдар, достарым?», «Құдалар жыры» - алысқа тартқан туындылар. Балалар поэзиясында, лирикада татымды шығармалар берген Қабдыкәрім Ыдырысов қаламынан «Қайта оянған махаббат», «Жез леген» сияқты балладалар, «Отты күндерде», «Емен», «Әке жолы» секілді поэмадастандар туды. Маңызды тақырыптарға арналған бұл шығармаларда жанр шарттары айрықша ескерілді; ықшамдылыққа, детальға, көркемдікке ерекше көңіл бөлінді. Ақын шығармашылығын жарқыратып көрсеткен, таланттың кемелденгендігін танытқан күрделі туынды «Әке жолы» поэмасы болатын. Бұл дастанда тоталитаризм заманында, жеке адамға табынушылық кезіндегі кейбір трагедиялық оқиғалар суреттелді. Ешқандай жазығы жоқ, адал, таза азамат Ыбырай жала жабылып, ұсталып кетеді. Артында жап-жас әйелі, қаршадай жалғыз ұлы қалады. Негізінен осы фабула төңірегінен поэма сюжеті өріліп шыққан. Дойбы ойнауға кеткен әкесі үйге қайтпай қояды. Бір күн жоқ, екі күн жоқ. Жоқ... Әке мүлде оралмайды. Әкесін іздеп ширыққан ұлдың толғанысынан басталған поэма эпикалық арна мен лирикалық тебіреністің тығыз астасуына құрылған. Аз уақытта бәрі мәлім болады: енді Қимаштан қатар жүрген достары да қаша бастайды, кейбіреуі тіпті мазақ етеді. Бала жүрегін шымшылаған өсек-аяң қаулап барады. Автордың жақсы тапқан, шебер пайдаланған көркем деталі - әке мен бала бірге түскен суреттің ортасынан қақ бөлінуі. Бұл эпизодта бәрі сөйлеп тұр. Қара қылыш, қара жылан секілді сусылдаған қара қайшы сенің де жүрегіңді тіліп бара

жатқандай. Әкесіне ара түсуді сұрап, пионер баланың Сталинге хат жазуы да ерсі емес, сенімді нәрсе. Осы оқиғадан соң ауыл белсендісі Жұман үлкен адамның мазасын неге аласың деп Қимаштың өзін қусыра бастайды. Жазған хаты Москва түгіл, облыс орталығына жетпегенін байғұс бала қайдан білсін. Сол содырлы Жұман басқа сұмдығы аз болғандай, ішіп келіп, түнделетіп есік қағады; шешесіне бірдеңе айтқысы келетін сияқты. Шығармадағы көркемдік табыс – идеяның айқындығында, ақын элегиялық, пессимистік сарынға түсіп кетпей, трагедиялық әуенді, оптимистік рухы мол, реалистік поэма тудырған. Дастан сюжеті елімізде болып жатқан күрделі оқиғалармен тығыз байланысты алынған. Әуелде Қимаш үшін әкеден айрылу дүниенің тозағы болып көрінген, енді міне, ел басына ауыр күн туды – соғыс болып жатыр. Ақын соғыс кезіндегі ел өмірінің сұсты суретін көз алдыңа әкеледі. Қимаштың заводқа кіруі де сенімді. Қиын кезде қол ұшын берген Құрбан аға бейнесі тартымды. Қимаштың әкесін іздеуі – қандастық, туыстық сезімі ретінде ғана емес, ұрпақтар байланысы, толқындар жалғастығы ретінде суреттеледі. Ұрпақтар жалғастығын зорлықпен үзуді автор ашына айыптайды. Көп құбылыстарға бала Қимаштың көзімен қарап, баға береміз. Сұрапыл соғыс бітіп, ер-азамат елге жеңіспен оралды. Біреу жарын, біреу әкесін, біреу ағасын тосып алып жатыр. Әлі де оралған әке жоқ, - Қимаш жылайды, әлі де оралған жар жоқ, - шеше жылайды. Осындай буынды жерлерді дәл ұстаған ақын халыққа қарсы саясаттың рухани өмірімізге келтірген зиянын әшкереледі, жағдай қанша ауыр болғанымен түптің түбінде әділеттің жеңгенін көрсетті. Қабдыкәрім Ыдырысов бүгінгі қабырғалы қаламгерлердің бірі еді. Ең алдымен ол – ақын еді. Сондықтан қауым Қабдыкәрім – ақынды қашанда жыр бәйгесінің алдыңғы легінен, қарауыл төбенің басынан көргісі келетін. Зор салмақ артуға толық қақысы бар еді. Аяқ астынан келген ажал қыршын өмірді қиып түсті.

1978.

СЫНДАРЛЫ СЫН, ОРАМДЫ ОЙ

- Елуге келіпті.

- Кім?

- Серік Қирабаев.

- Қойсаңшы.

- Сенбей тұрсың ба?

- Ойбай-ау, біз қырқыңды алқымдадық. Оған қайдағы елу?

- Рас, елу.

- Ей, білгіш, осыдан жиырма бес жыл бұрын мектепте оқулығын оқыдық емес пе? - Иә, оқыдық. Қазіргілер де оқып жатыр. - Ол кезде өзі жиырманың ішіндегі қылшылдаған жас жігіт екен-ау, ә?

Революциядан бұрын алғашқы үлгілері көріне бастап, совет дәуірінде қалыптасқан қазақ әдебиеттану ғылымы елуінші жылдар ортасында жаңа белеске көтерілген болатын. Ерекше қажырмен еңбек еткен қазақ әдебиетшілері аға буынының өкілдері – Мұхаметжан Қаратаев, Есмағамбет Ысмайылов, Бейсембай Кенжебаев, Темірғали Нұртазин, Мәлік Ғабдуллин негізгі, күрделі еңбектерін осы тұста жазса, сол кездегі жастар Айқын Нұрқатов, Зәки Ахметов, Рахманқұл Бердібаев, Баламер Сахариев, Мүсілім Базарбаев, Әнуар Дербісәлин, Мырзабек Дүйсенов, Евгения Лизунова ғылымдағы алғашқы қадамдарын бастаған. Серік Қирабаев та осы кезде өнімді, жемісті, дарынды буын қатарында зерттеушілік сапарға жол тартты. Елуінші жылдардың ортасында жарияланған «Ғабиден Мұстафин» атты биографиялық очерк жас автордың ғылымдағы тырнақ алдысы бола тұра, шалағай талапкердің шикілі-пісілі дүниесі емес, байсалды, білімді, ойлы әдебиетшінің үлкен жазушы шығармашылығындағы негізгі арналарды дәл ашып, бажайлап талдаған еңбегі еді. Прозамыздың даңқты шебері Ғабиден Мұстафин туралы күні бүгінге дейін жазылған көлемді еңбек – осы ғана. Шынын айтқанда, кемеліне келген ғалым қайта бір қарап, тереңдетіп, ұлғайтса, маңызды монография болайын деп тұрған дүние. Қазақ мәдениетінің тарихында өшпес ізі бар, педагог-жазушы Спандияр Көбеевтің әдеби мұрасын ғылыми тұрғыдан толық зерттеп, тартымды кітап жазу арқылы Серік Қирабаев архив материалдарын қарауға, сирек фактілерді табуға ерінбейтін, жаңа қорытындылар жасауға мол мүмкіндігі бар қабілеттерін көрсетті. Сөйтіп, атақты қаламгерлер туралы екі монографиялық очерк кітаптарын шығарып, ысылып, қалыптасып, әдеби-ғылыми қауымға жақсы танылған зерттеушінің жаңа, күрделі тақырыпқа қауырт бет бұруы толысып, шығармашылық жағынан шеберлене түскенін дәлелдейді. Қазақша екі рет, орысша екі рет (бірі – Алматыда, екіншісі - Москвада) қайта басылған «Сәкен Сейфуллин» атты елеулі монографиясы тұңғыш жарияланғанда Серік Қирабаев отыз бес жаста екен. Сәкеннің кітаптарын, газет, журнал беттеріндегі дүниелерін, Сәкен туралы жазылған материалдарды, проблемаға қатысты теориялық мәні бар ғылыми еңбектерді түгел оқып, сын көзімен ой елегінен өткізіп алып, он екі тарауға бөліп жазған монография көптеген әдеби құбылыстарға баға береді. Бірқыдыру мәдени, тарихи мәселелерді қайтадан, ғылыми объективті тұрғыдан түсіндіреді. Ғалым Сәкеннің шыққан ортасын, әлеуметтік қызметін, шығармашылық сапарын тиянақты көрсете отырып, екінші орайда жалпы әдеби процесті, қоғамдық көркемдік ойдың

дамуын, қазақ әдебиетінде реализм принциптерінің орнығуын, жанрлық формалардың өзгеру жүйесін зерттейді. СССР халықтары әдебиетіндегі Владимир Маяковский, Егише Чаренц, Хамза Хаким-заде Ниязи тәріздес ғажайып шығармашылығымен қатар, өнегелі революциялық өмірі бар Сәкен Сейфуллин туралы Серік Қирабаевтың еңбегі қазір жарияланған, жақсы бағаланған Есмағамбет Ысмайыловтың, Тұрсынбек Кәкішевтің белгілі кітаптарымен қатар әдебиет тануымыздың жаңа, әрі болашағы мол саласы, революция және әдебиет деген ұғымдармен өзектес – Сәкен танудың берік негізін қалады деуге толық хақымыз бар. Тұңғыш әдеби-сын мақалалар жинағы «Өрлеу жолында» (1960) сыншы Қирабаев стилінің, шығармашылық бағытының негізгі ерекшеліктері көрінген. Сол тұста шыға бастаған басқа да қаламгерлердің осы тақылеттес еңбектерімен теориялық, методологиялық деңгейлестігінің үстіне, автор екі проблемаға айрықша мән берді. Бірінші – жалпылық, жинақтаушылық сипаттағы мақалалар, екінші – шығармашылық портрет үлгісіндегі материалдар. Алғашқы топтағы «Совет әдебиеті дүние жүзіндегі ең озық, идеялы, алдыңғы қатарлы әдебиет», «Әдеби сынның партиялық принциптілігі үшін» деген еңбектер кейін бір жүйеге айналса, Ж.Саин, М.Иманжанов, Х.Ерғалиев, Ә.Нұршайықов шығармашылығы туралы мақалалар екінші арнаны құрайды. Араға сегіз жыл салып шыққан «Октябрь және қазақ әдебиеті» атты екінші сын кітабында автор «Әдебиеттің есею жылдары», «Соғыс және әдебиет», «Қазақ поэззиясының елу жылдығы», «Уақыт және қаламгер», «Сыншы еңбегі» деген проблемалық зерттеулерімен қоса, Асқар Тоқмағамбетов, Ғали Орманов, Жұбан Молдағалиев туралы монографиялық этюдтерін енгізген. Сыншы талантының кемелденген шағында туған «Өнер өрісі» (1971) кітабында В.И.Ленин және әдебиет мәселелері, әдебиеттегі Ленин бейнесі, орыс-қазақ әдеби байланыстары зерттелді. Мектепте әдебиетті оқытудың методикалық проблемалары да жан-жақты қаралды. Қазір қазақ сыншыларының аға, орта, жас буыны қажырлы еңбек етіп келеді. Академик-сыншы Мұқаметжан Қаратаевтың таңдамалы үш томдығының шығуы одақтық көлемде ауызға алынған құбылыстардың бірі болды. Әдебиетшілердің бүгінгі әдеби процеске, әдебиеттің теориялық мәселелеріне кең ауқымда бет бұруы – қазіргі тенденция. Сыншы С.Қирабаевтың соңғы еңбектері – осы алуандас бағыттың жақсы дәлелі. Аты дәл табылып қойылған «Әдебиет және дәуір талабы» (1976) кітабына енген мақалалар, зерттеулер бұрын газет-журналдарда басылған, әдеби процеске азды-көпті ықпал еткен, актуальды мәні бар еңбектер. Әсіресе, бірінші бөлімдегі материалдар бүгінгі қазақ әдебиеттануының эстетикалық талғамын, философиялық салмағын, принциптілігін толық дәлелдей алады. Қазір шығып жатқан туындыларды, әсіресе, аты мәлім болып қалған қаламдастар шығармаларын биік талаптар тұрғысынан талдау үстінде, сыншы ілгерілеу кепілі – ізденіс екендігін нақты мысалдармен дәлелдейді.

Серік Қирабаев өзінің сын кітаптарында классиктер М.Шолохов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, І.Жансүгіров, Б.Майлин, қазіргі атақты жазушылар Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, белгілі қаламгерлер С.Бегалин, И.Байзақов, Қ.Аманжолов, сирек сөз етілетін Б.Бұлқышев, М.Дәулетбаев, С.Дайырбеков, С.Шәріпов, Н.Ахметбековтардың шығармашылық портретін жасаған. Қазақ жазушыларының арғы-бергі уақыттардағы көптеген өкілі алған білімі, істеген қызметі жөнінен келгенде – педагог, Ыбырай Алтынсарин, С.Көбеев, Б.Өтетілеуов, С.Торайғыров өз алдына; С.Сейфуллин, М.Әуезов ұзақ жылдар жоғары оқу орындарында қызмет етті; Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, М.Ғабдуллин, Т.Нұртазин, Б.Шалабаев бүкіл қажырлы өмірлерін ұстаздық жолға арнады. Қазір де бірқыдыру жазушы педагогика жұмысында жүр. Соның бірі – Серік Қирабаев. Оның ұстаздық, педагогтық еңбегіндегі орта мектепке, жоғары оқу орнына оқулық жазу жұмыстарын бір мағыналы сала десек, институтта лекция оқу, ғылыми жұмыстарға басшылық етулері – екінші арна. Ұзақ жылдардан бері тұрақты оқулыққа айналған оныншы класқа арналған еңбек авторларының бірі Серік Қирабаев мектеп үшін тағы жақсы іс тындырды. Марқұм академик Қ.Жұмалиев авторлығымен шығып жүрген, енді жаңа талаптар деңгейінде жаңғырту керектігі байқала бастаған тоғызыншы класқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығын, негізгі материалдарды орынды пайдаланып, толықтырып, белгілі ғалымның авторлығын сақтай отырып, қайта жазып шықты. Шәкірт ұстаз еңбегін осылай жалғастырса керек.

ІІІ

- Елуге келіпті.

- Кім?

- Серік Қирабаев.

- О кім?

- Филология ғылымының докторы, профессор, КазПИ-дің қазақ

әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, сыншы, СССР Жазушылар Одағының
мүшесі, Қазақ ССР-інің ғылымға еңбегі сіңген қайраткері.

- Тал түсте осынша келсе, сапары ұзақ жігіт екен, әрдайым жолы

болып, айы оңынан тусын!

1977.

МІНЕЗДІ ЖЫЛДАР

Қалың қарлы, қатты қыстан кейінгі елжіреген кең-қолтық, жаймашуақ көктемнің буымен жан бітіп, жадырап, сай-сала, тау-тастан жөңкіле шапқылаған жазғытұрымғы мың сан бұлақтар іспетті болып, алпысыншы

жылдардың басында Қазақстанның ауыл-аулынан небір өндірдей талапты жас Алматыға ағылған. Бәрінің де қойын дәптерінде - өлең. Әдеби кештер дуылдап өтіп жатады. Көк-қауырсын, балауса жырлар талқыға түседі. Университеттегі әдеби бірлестікте Мұхтар Әуезов өзінің кейінгі ұрпақпен сырласқан рухани, азаматтық өсиетін қалдырған әйгілі сөзін сөйлейді. Дырдуы мол, шулы әдеби ортадан қалыс болған, шет жайлап, қашық жүрген, облыс орталықтарында оқыған жастардың ішінен шығып, кейін белгілі ақын-жазушы деңгейіне көтерілген жастар некен-саяқ. Гурьев пединститутын бітіріп, одан кейін мұғалім, журналист ретінде танылған, Алматыға жетпісінші жылдардың басында келген Фаризаның негізгі әдеби мектебі, ортасы өз бетімен оқу, өз бетімен іздену, талмай талаптану болды. Фариза шығармашылық эволюциясын оның әр жылдары туған поэзиялық туындыларынан айқын көруге болады. Салған жерден көркем, үздік дүниелер берді десек, шындықты аттап, жалған сөйлер едік. Алғашқы балауса жырлар, шәкірттік ізденістер, түрлі еліктеулер ізі сайрап жатыр.

Бес қаруым бойдағы – батыл жырым,
Батылдықпен аралас жатыр мұңым.
Биліктіге жұғысар ебім де жоқ,
Немесе алыс-беріс жақындығым, -

деп басталатын сыр, наз келе-келе поэзияның әлеуметтік-эстетикалық, қоғамдық-көркемдік мұраттарын ашып көрсететін жырлар шоғырына арқау болады.

Зула, менің жыр-күймем, шабыт шегіп!
Жер бетіне ғұмырлы жарық беріп,
Жүректердің құрсауын ағыт келіп,
Зорлықтардың зардабын шеккендерге

Әділеттен сыбаға алып беріп, -

деген жігерлі жолдармен ақынның ішкі сыры, арман мақсаты, қаламгерлік мұраты секілді мына тармақтар сарындас, әуездес жатыр:

Мезгіл-бұршақ жаныңа салып таңба,
Қайратыңнан қайысып, налып қалма,
Сені іздейтін аға бар тарыққанда,
Інілер бар дем берер жабыққанға

Бір ақиқат – бәрібір жоғалмайсың
Жоғалмайтын жоқтаушы халық барда.

Азаматтық, қоғамдық, әлеуметтік көркем тұжырым жалаң публицистикалық шалқу, дидактикалық толғаумен әсте терең ашылмақ емес, қайткен күнде де поэтикалық бейне, тұлғалы образ, сөз суретінің құдіреті

бірінші қатарда, дәлірек айтқанда, ақындық сезім, қаламгерлік идея өзара ажырамас диалектикалық тұтастықтағы шабыттан туса керек.

Мен даланың қызы едім,
Жазығында жатпайтын көз ілер қара.
Жазира менің жанымның өзі де дала,
Асқар көрмеген мен шіркін биік дегенді

Өлшеуші ем сонау аспанның өзімен ғана, -

деген шумақта қаламгердің шыққан, өскен ортасын дәл көрсететін поэтикалық деталь, әдемі образды сурет жатыр. Сол лирикалық кейіпкер өмір көріп, тірлік талқысына түседі, күреседі, алысады, бірде жеңеді, бірде жеңіледі, тіпті кейде түңіліп:

Жалған достар ертең жоқ, бүгін бірге,
Көрмегендей сырт берер – сүріндің бе,
Ісі бітсе, ісі жоқ сеніменен –
Өлдің бе, тірілдің бе? –

деген ащы сыр айтады.

Кейіпкер тағы да ширығады. Оның басында мұң да, қайғы да бар:

Қазық – жұмыс, қазық – үйге байланып,
Жүрегім де майланып.
Бара жатыр менің жаным күн сайын
Қасаңдыққа айналып.

Бұл сөздерде шындық жоқ деп кім айтады? Ақынның беріліп, шабытпен, аса құмарта, кең көсіліп жырлаған табысты тақырыбы махаббат, сүйіспеншілік. Қалыптасқан үлгідегі жырлар алғашқы сезімді, құмарту, елту, құлап жығылу сәттерін бейнелейді. Көбінесе қызыл-жасыл бояу, алабұртқан ағыстар басым жататын өлеңдерге ет үйренген. Ал енді бүгінгі адамның басындағы небір қиюы қашқан шақтар, біреу сүйіп, екіншісі сүймеген, біреу адал, екіншісі опасыз, мансапқор, дәулет-абыройға жетсе де, жүрегі жылу таппаған, сарыла тосып күтумен ғұмыр өткізген жандардың тартысты, драмалы көңіл-күйі, трагедиялық ситуациялар бейнеленеді. Сондайда кейде көзіңе жас үйірілтер мұңлы, кейде өзегіңді өртердей ащы, кейде селт еткізер жігерлі, сан алуан қиянатты жырлар алдыңнан шығады. Сезімін бүркемелеп, шымылдықтың ар жағында ұстаған «жіңішке» жолды қыздарымыздың бүгінгі сезім әлеміндегі байлық, рухани терең толғаныс, сұлулық, әсемдік, келісім мұраттары, адамгершілік нысана биіктігі көңіл тоғайтады. Өткінші тіршілікті қызықтап қалу, дырду рақаты емес, мәңгілік адалдық, тазалық рухы, сүйіспеншілік қадыры деген парасат, әуендері негізгі сарынға, басты әуезге айналады. Лирикалық әйел

кейіпкер әлеуметтік іске көңлі толады, шаңырақ астынан опа табады, сөйтіп бақыт, рақат барлығына иланады:

Туса да қилы-қилы басыма күн,
Осында сан қуанып, тасығаным.
Әйтеуір бір рахат күтетіндей
Мен ылғи ошағыма асығамын, - деп тоқтайды.

Саяси-әлеуметтік тақырыптарды әуелде публицистикалық толғау үлгісі арқылы игерген ақын бірте-бірте философиялық, психологиялық монолог формаларына ауысты. Туған жер, Отан, нақты сурет, бейнелі тіл, көркем тәсілмен суреттейтін болды. Өлең шоғыры тұтас цикл, фрагменттер – осы алуандас поэтикалық формалар мүмкіндігі, жаңа өрістер кәдеге асты. Алғашқыда жыр өзегі Атырау өңірі, Маңқыстау түбегі ғана болса, бірте-бірте Қазақстан атырабы тұтас, түгел сөйлей бастады: Қостанай, Көкшетау, Арал, Жетісу. Ақын поэзиясының интернационалдық рухын оның өз көзімен көрген, шет елдерге арналған татымды шығармалары көтере түсті. Қазіргі замандас, әсіресе балықшылар, мұнайшылар, егіншілер, бір сөзбен айтқанда еңбек адамдарын, оның ішінде жастарды жырлаған «Үйім – менің Отаным», «Революция және мен» циклдері ақынның шығармашылық белесі болып табылады. Осы еңбегі үшін оған Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Әлеуметтік пафос, азаматтық мұраттың анықтығы, көркемдік сипаттар көзге түседі.

Жайнайды дала алыбым,
Жанары – жарқын, жаны – Күн!
Ызғары кетпес әлемге дала
Таратып жатыр бойынан

Жылуы менен жарығын! –

деген тапқыр жолдар бар. Қазіргі адамның көңіл-күйі, сезім әлемі, ішкі дүниесі қат-қабат, шытырман да күрделі. Жүрек жылуы азайып, алыс-беріс, жүріс-тұрыс есепшотқа түскен кездерде жатсырау, суыну, тас бауырлық белең алмақ. Сағыныш, мұң молайып, көзге жас іркілетін, кешегі жастық, балалық аусар күндерді аңсайтын сәттерде оқығың келетін жырлар болады. Атаңа, әжеңе еркелеген кездер, жаздың жылы жаңбыры, қыстың алай-түлей бораны – осыларға ұқсас суреттер еске түседі. Тіпті қайғы-қасіреттің өзін ширақ жеткізетін тірі сөзді аңсайсың. Сондықтан да шығар, Фариза - талант жүрегінен толқып туған шынайы жырлармен ұшырасқанда таза бұлақтан су ішкендей боласың. Бүгінгі поэзияның көркемдік құралдары, стильдік өрнектері, сөз байлығы, тіл кестесі адам жанының небір шетін де нәзік, қараңғы да үрейлі, қажырлы да қайсар рухын дәл, шебер суреттеп көрсетіп беруге мүмкіндік

береді ғой. Өлең толқынының беткі қабатында жататын дидактикалық, публицистикалық, моральдық иірімдер көзге оңай шалынбақ; ал көңілге шоқ боп түсіп, ұзақ маздайтын, әр кезде жан жүйеңді қозғайтын бейнелі суретпен жасалған көркем-эстетикалық ой, сиқырлы, киелі сөз сирек. Балалық шағының жапырағын сұрапыл соғыс өртеп кеткен, біреуі жесір әйел, екіншісі жетім шалдың бауырында өскен буынның өксігі әлі басылған жоқ. Бұл ұрпақтың алдыңғы толқыны өздері немере сүйе бастаса да, ұшқан ұя, туған топыраққа деген махаббат бір мысқал әлсіремейді:

Қырға кеткім келіп тұр бүгін менің,
Жүрек - әлсіз, жүйке – қыл, түрімде – мұң.
Қырға кеткім келіп тұр бүгін менің,
Бір емдесе емдейді жанымды тек

Саумал сүттің исі бар іңірлерім.
Сонда ғана дертіме дауа тауып.
Ашылардай сарайым – үнім, демім, -

деп толқыған монологтың күшейе барып:

Қырға барсам арылып мың күнәдан
Сағыныштың шықтарын іркіп алам –
Жермен бірге мәңгілік қалатындай
Қаным таза, тілім мен жұртым аман

Сарайымды ашшы бір, інілерім,
Тезек исі, жылқы исі бұрқыраған, -

деп аяқталуы өте заңды. Тарихи, белгілі тұлғалар өмірін арқау етіп шығарма тудырудың қалыптасып қалған, тіпті сары жұртқа айналған бір үйреншікті тәсілі – ғұмырнама ізімен, оқиғаларды қуалай баяндай отырып, жөргемдей суреттеу, шола қамтумен нәрлі дүние жасау мүмкіндігі жойылғанын ескермей, тәуекел қайығына мініп, тартып кету қазіргі өнерпаз үшін соқыр сүрлеу екенін жақсы ұғынған ақын жаңа тәжірибе жасайды, әр түрлі ізденістерге барады, шарттылық құралдары, соны поэтикалық формалар мүмкіндігін пайдаланады. Бір ауыл, бір атырап қана білер-білмес есімдер емес, қазақ тарихындағы биік тұлғалар, дара тағдырлар бейнесін суреттеуде ұзын сонар дастан, сылбыр-созалаң поэма санатындағы көлем қуалаған, етек-жеңі жиылмай қалатын, ақындық қуаты аз кебеже қарын, көкжасық дүниелерге бой ұрып кетпей, шымыр формалы, өткір идеялы, сұсты ойлы, ықшам, лаконизм талаптарынан шыққан туындылар шоғырын ақынның берекелі олжалары деп білеміз. Бұл қатарда «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын», «Ақан сері аңыздары», «Поэзия. Махамбет аудармашысымен әңгіме», «Тартады бозбаланы магнитім» секілді шығармаларды бөліп, даралап айтуымыз керек. Сара, Ақан сері, Махамбет, Майра бейнелері жаңа қырынан, тың ракурста көрінеді. Тарихи тұлғаның жарқ ете түскен бір сәті, сезім күйі,

ой толғауы, шыншыл сипаты бар. Әсіресе бұрын әркім барып көрген қастерлі тақырып - Әлия мен Мәншүктің трагедиялық әрі ғажайып тағдырына арналған «Тыңдаңдар, тірі адамдар» сюжетсіз поэмасында еркін көркемдік форма, шарттылық тәсілімен қос боздақтың рухын сөйлету, қазіргі ұрпақпен тілдестіру арқылы жаңа эстетикалық игілік жасалған. Қазіргі қазақ поэзиясындағы идеялық-көркемдік ізденістердің өрісі ұлттық дәстүрлерді ғана шиырлап отырған жоқ, барлау барысында зерттей оқып, үйреніп саналуан интернационалдық мектептерден тәлім алған ақындарымыздың үдете өсірген үлгілері шабыт дүкенінен балқып шыққан мағыналы, құнарлы туындылары туған әдебиетімізді, сөз жоқ, байытып жатыр. Жеті жұрттың тілінің қыртысын айналдырып біліп алмағанмен, аударма негізінде қазақ қаламгерлері әлемдік поэзияның көне, классикалық нұсқаларымен, барлық дәуірдегі барлық елдердің ұлы ақындарының мұрасымен, бүгінгі әдебиеттердегі арналы ізденістер, озық табыстармен түгел танысты десек артық айтқандық емес, ұлттық және интернационалдық ағыстар тоғысуы идеялық, эстетикалық, структуралық сан алуан әуездер, бояулар, сөздер шұғыласын таратты. Бұл ретте біздің өлең аудару мәдениетіміздің аса өрлеп өскенін рухани өміріміздегі маңызды бір құбылыс екенін атап айту дұрыс. Расында негізгі оқиға жүйесін сақтай отырып, көбінесе мазмұнды еркін өрбітетін шығыстың аңыздау – нәзира бағытынан бас тартып, дәлме-дәл, балама, реалистік аударма мектебінің негізін Гете, Байрон, Пушкин, Лермонтов, Крылов, Бунин шығармаларын қазақша сөйлету арқылы салып берген Абай үлгісі терең тамыр жайып отыр. Қатардағы қаражаяу өлеңшілерді айтпай-ақ қояйық, санатта бар жақсы ақындарымыздың бәрі де поэтикалық аударма мектебінен өтті, жасырмау керек, осы тұста еліктеу ағысына түсіп кеткен, әртүрлі көлеңке, әртүрлі сарындарды көшіре қайталап өз үнінен айрылып қалғандар да болды. Ал интернационалдық дәстүрлермен байып, толығып, ақындық нәрлі құнар, көркем игілік тауып, жарыса өсіп, өзін-өзі қамшылап, жаңаша түлеп, биіктей самғаудың үлгісі деп «Омар Һайяммен әңгіме» «Шекспир шындығы», «Вийонның азасы» «Нерудағы наразылық» секілді шығармаларды айтуға болады. Кемел шақта адамның басқан ізге қайта бір көз тастауы, туған ошаққа оралуы болмақ. Сондай тұста ақын қаламынан «Киіз үй», «Оюлар», «Жаулықтар», «Жер ошақ» секілді жүрек тебірентерлік өлеңдер туған.

Далам – менің қазынам, жыр сандығым,
Жыр нәрімен жер балқып, бусанды құм.
Сортаң жердің тұзы бар тамырында
Ашқылтымдау сондықтан жусан жырым, -

деген жолдарда ағынан жарылған сезім мөлдіреп тұр емес пе? Туған ауыл, ата-ана, өскен орта, арман-мақсат туралы бірқыдыру өлеңдердегі сарын-әуендер келе-келе Отан, халық, адамзат хақындағы жырлардың идеясына ұласады. Ұлттық дәстүр арнасындағы көркемдік

кестелер, өлшем-өрнектер әлем поэзиясындағы бояу-сәулелермен, нақышөнермен, сан алуан жаңа эстетикалық сапамен байып, соны көркемдік игілік жасалғанын көреміз. Жеке бастың мұң-шері, оңаша сыры ғана емес, күрескер замандастың, әлеумет қайраткерінің уақыт ауыртпалығын көтере алатын, өзі іс басында отырған азаматтың ойлары, сезімдері – жыр арқауы. Азаматтық-әлеуметтік мұраты айқын бүгінгі күннің жігерлі адамдары – ақынның сүйіп, беріліп, тебірене толғайтын кейіпкерлері. Ақын өлеңдері орыс тіліне сәтті аударылды да, одақ оқырмандарына кеңінен таныла бастады. Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев сынды туған әдебиет ақсақалдары берген баға өз алдына, белгілі орыс жазушысы, ақын Сергей Баруздиннің «Фариза Оңғарсынова поэзиясы қазақ оқырмандарының жүрегін жаулап алды, өз тілінің шеңберінде қалып қоймай, біздің елімізден тыс жерлерге де мәлім болды. Қазір оның өлеңдері көп ұлтты поэтикалық байлығымыздың ажырамас бір бөлігі екеніне мен сенемін» деп жазуы тегін емес деп білеміз. («Дружба народов», 1986, 12). Бүгінде әлеуметтік мағыналы өмір кешіп отырған қазақтың ақын қыздарының шығармаларынан тамаша антология құрастыруға болар еді. Сол арналы дәстүрдің бүгінгі жалғасы, сапалы да құнарлы көрінісі – халқына екі томдық таңдамалы шығармаларын ұсынып отырған Фариза Оңғарсынованың ер мінезді жырлары.

1987.

ӨЛЕҢ ЖОЛЫ КЕСІЛМЕЙДІ

Ақын Төлеужан Исмайылов екеуіміз бір ауданда туған адамдар болғанымызбен, дәм-тұзымыз араласып көргеніміз жоқ, тіпті дәлірек айтқанда, қол ұстасып амандасып, шүйіркелесіп сөйлескен де кісілер емеспіз. Біздер ауылдан Алматыға келген кезде, ол атағы дүрілдеген ақын, ал біздер қолға қалам ұстауға жарай бастаған кезде, ол ауыр дертке ұшырап, азапқа түсіп кетті. Әйтеуір жүздесуге жазбапты. Осы азаматқа обал болды-ау деген бір өкініш іште жүретін. Бірақ оның әдеби мұрасын іздестіріп, жинап кітабын шығарайын деген ой менде болған емес. Ядролық сынауларды тоқтату үшін басталған халықтық қозалыстың бітірген үлкен бір шаруасы 1955 жылы зорлықпен жойылып, тоз-тоз болып, ел-жұрты жан-жаққа шашырап, естеңдіктен айрылған, ата-қоныстары полигон табанында қалған, қазақтың ежелгі құт мекенінің бірі Абыралы ауданының қайтадан 1990 жылы қалпына келтірілуі еді. Уланған су, жаралы тау, дертті топырақ – соған қарамастан, елдің басы қайтадан құрылып, шаңырақ көтере бастады. Халық жоғалғанын іздеді. Арғы замандардағы ұлы бабалары Қаздауысты Қазыбек би, Жанақ ақын, Тәттімбет күйші, кешегі Әміре әнші, Сапарғали жазушы өнерпаздығының бір жалғасы – ақын Төлеужан Исмайылов екенін ұққан жерлестері оның әдеби мұрасын жарыққа шығару қажеттілігін айтып, ынта-пейіл көрсетіп, таршылық, жоқшылыққа

қарамастан, кітап шығынын көтеруді өз мойындарына алып, “Жазушы» баспасына тілек білдіріп, бізге де қолқа салды. Сөйтіп ақынның артында не қалды деген сұраққа жауап іздей бастадық. Ақынның әдеби мұрасы, архивы, қолжазбалары, дүние-мүліктері, кітаптары – бұларды іздестіре бастағанда, әуелде тартымды ешнәрсені қолға іліктіре алмай қиналуға тура келді. Ауыз екі сөз, алып-қашпа қауесет қана сақталған. Оның өзі жүйелі, нақты, дәл емес. Ұстарлық, сенерлік дерек жоқ. Анау айтты. Былай деген секілді, солай сияқты еді деген шығарып салма сөздер. Дегенмен Төлеужан абыройы, атақ-даңқы, әсіресе, қаламдастар, ағадос арасында ұмытылмаған екен, оны білген, араласқан қаламгерлер сыр іріккен жоқ, ойларын қолма-қол айтып тастады, естеліктерін жазып берді. Тахауи АХТАНОВ: “Баспада бірге істедік. Мен – соғыс көрген офицер, ол – университетті енді бітірген қылшылдаған жігіт. Мен көрген ақындардың ішіндегі кесек талант Төлеужан Исмайылов еді. Табиғат берген дарыны өз алдына – мол эрудициясы, терең білімі бар еді. Жанып тұрған от секілді еді, лап етіп көрінді. Бәріміз жалт қарадық. Журналда редактор болып тұрғанымда өлеңдерін бастым, қолдадым. Көп көмектестім. Тапсырмамен талай өлең жаздырдым. Бірақ ауыр тағдырына араша тұрдым деп айта алмаймын. Қазір сөздерін ұмыттым, «Қойлар» деген ұлттық әділетсіздікке қарсы жазылған ғаламат өлеңі бар еді. Өзі жатқа оқитын. Өзгесін айтпағанда, сол бір шығармамен-ақ әдебиет тарихына кіруге қақысы бар деп айта алам. Көз тиді ме, тіл тиді ме, әйтеуір есіл ақын арманда кетті ғой, опат болды ғой”. Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ: «Төлеужан бізден үш-төрт жас үлкен болғанымен, әдебиетке тіпті ерте келді. Бірдан өз дауысын танытты. Қуатты талант еді, берерін толық бере алмай кетті. Алыс ауылда туып өссе де орыс тілін керемет білетініне таң қалушы едік. Аударма жасаған кезімізде, білмейтін сөзімізді Төлеужаннан сұрап білуші едік. Төлеужан қазақшалаған Лермонтовтың “Мцыри” поэмасы – аудармадағы классика”. Балғабек ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ: “Бір жолы Төлеужан редакцияға келіп, құдай екеуімізге сатирик бол деп өнер беріп еді, сен ұстап қалдың, мен ұстай алмай қалдым ғой деп мұңайғаны есімде”. Төлеужан Исмайылов Семей облысы Абыралы ауданында 1932 жылы /кейбір деректер бойынша 1931 жылы/ туған. Әкесі Мұхаметжан колхозға бастық болған, ел ішінде сыйлы, көрнекті азамат, фашистермен шайқасқан ұрыс майданында қаза тапқан. Шешесі Қадиша күні кешеге дейін ұлы Серіктің қолында тұрған. Домбыра тартатын, әншілігі бар кісі. Бұл тұқымда үзілмей келе жатқан өнер бар, түбі ұлы Жанақтан бастау алатын ақындықтың көзі жатыр. Төлеужан талантының табиғатын сол арнадан іздеген дұрыс. Бұрын жақсы үлгеретін балаларды аттата оқыту, бір жылда екі класс бітіру тәртібі де болған. Қайнар орта мектебін сондай жолмен 14-15 жасында аяқтаған зерек, қабілетті, ұшқыр шәкірт – Төлеужан бала күнінен кітапқа құмарлық дағдысын Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөлімінде өзгермес мінезге, айнымас қасиетке айналдырып, ғылымның әр

саласынан, әдебиеттен, эстетикадан, тарихтан көп білім алып, тез өсіп, ерте марқайған, қатарластарынан көш бойы озып кеткен. Мұның үстіне, ең бастысы, сүйегіне туа біткен ақындық таланты бар. Өкінішке орай, ол әдебиет үшін он шақты-ақ жыл еңбек етіп, тіршілігінің қалған он жылында ауыр дертпен, өкпе ауруымен арпалысты. Анасы Қадиша да, інісі Серік те, жары Раушан да, ағайын-туыстары да, дос-жарандары да – ешкім де оны қасірет тырнағынан құтқарып, арашалай алмады. Ақын көзі тірісінде үш-ақ кітабы жарық көрген: «Әлдекімге бір шапалақ» /1958/, «Есіл» /1959/, «Америка трагедиясы» /1962/ – бәрі де отыз жасқа дейін жарияланған дүниелер. Одан кейінгі он жылда, Семей ауруханасында көз жұмған 1972 жылға дейін бірде-бір туындысы басылған жоқ. Азапты дертпен арпалысып, жанын қоярға жер таппай, басын тауға, тасқа соққан, астанаға да, облыс, аудан орталығына да симаған жаралы ақынның соңғы мекені – ауыл, шопан інісі Серіктің, анасы Қадишаның қасы. “Повесть бітіріп, роман бастап еді, көптеген поэзиялық шығармалары бар еді” деген сөздердің аяғында дерек, нақты материал, қолжазба жоқ. Тіпті ел аузында кезінде айтылып жүретін отаршылдыққа қарсы жазылған әйгілі “Қойлар” өлеңінің толық мәтінін таба алмай қойдық. Әділін айтқанда, Төлеужан Исмайылов мұрасын жинастыруға көптеген азаматтар еңбек етті. 1984 жылы жазушы Медеу Сәрсекеев ақынның «Сырымды айтам» жинағын құрастырып шығарды. Бүркіт Ысқақов алғысөз жазды. Өз қолында сақталған бірен-саран материалды бізге берді. Әр түрлі газет-журнал беттерінде бұрын-соңды жарияланған өлеңдерді жинауға Дүйсен Қошқарбеков, Ғаббас Смағұлов, Мұрат Ерденбеков, Төлеуқадыр Нысанов мұрындық болды. Ақын өміріне қатысты жаңа деректер Қалихан Алтынбаев, Боранбай Мауқаев мақалаларында бар. Ақын тағдырының көп шындығы замандас, қаламдас аға-достары Әзілхан Нұршайықов, Жаппар Өмірбеков, Мұзаффар Әлімбаев, Ғафу Қайырбеков естеліктерінде ағынан жарылып, адал айтылған. Ақынның шығармашылық сапарын сатирадан бастауында талант мінезі, қабілет ерекшелігі бар. Өлеңші атаулы жапатармағай, жарыса-жабылып, мадақ, марапат жырларын ат-көпір төгіп жатқан кезде, уақытқа, заманға сес көрсеткендей, ащы кекесін, өткір сынға толы туындылар беру поэзиядағы жаңалық еді. Қазақ әдебиетінде терең арна тауып кете алмай жүрген салаға соны тақырып, тың мазмұн, өзгеше түр әкелген ақын шығармаларына қауым назары бірден ауды. Сталиндік тасқұрсау кезеңде әлеуметтік теңсіздіктерді, отарлық езгіні, адамды қорлауды ашып көрсететін шығармалар беру оңай әрекет емес еді. Лирика жанрларында ақын азаматтық, әлеуметтік, саяси, философиялық ойларға меңзейтін тосын өлшемі, соны мазмұнды өлеңге ерекше ден қойды. Дәстүрлі қазақ жырына орыс, Европа поэзиясындағы өрнектерді, ырғақ, ұйқастың жаңа уәзіндерін енгізу талабына күш салды. Мадақ, терме сарындарына бой алдырмай, мәдениетті поэзияға лайық эстетикалық мұраттарға ерекше көңіл бөлді. Бір сәттік, бір күндік айғақтар емес, ұзақ, ғұмырлық, мәңгілік шындықтар, қайшылықтар туралы толғаныстарға барды. Социалистік, коммунистік идеалдарды бірден-бір

ақиқат деп ұққандықтан, партияны, оның жеке қайраткерлерін, Ленинді мадақтап жазған өлеңдері де бар. Мазмұндық, формалық тәжірибе ізденістерге орасан көп қайрат, жігер жұмсаған ақынның жаңа көркемдік құнарларының айқын көрінісі, зор суреткерлік шабыттан бір-ақ құйыла салған, алтын жүзік іспеттес жұпжұмыр туындысы – әйгілі “Есіл» поэмасы. Қазақ әдебиетінде бұрын да сюжетсіз дастандардың талай тамаша үлгілері бар болса, Төлеужан сол дәстүрді дамыта отырып, мүлде соны, жаңашыл шығарма берді. Ақындық мен планетарлық биікке көтеріліп, ғасырлар, мыңжылдықтарды көз алдынан өткізіп, жүрекжарды сырлар төгеді, толқынды ойлар тербейді, көркемдік уақыт пен кеңістікті игерудегі жаңа поэтикалық бағдарды аңғарамыз. Шабыт үстіндегі ақын ұшаққа мініп, ғарышқа самғап, жер шарын айналып, қазақ даласын шолып, арғы-бергі тағдырлар, тарихтар туралы толғанады. Есіл даласына сүйсіне тебіренеді, ғашық болған татар қызына мұңын шағады. “Бұлтқа маңдайын ұрғылаған болат құс”, “шала үйітілген жыр”, “жастықтың қоңыраулы күймесі”, “өлеңмен құрыш құраған”, “қанатын аққу боп қағатын ән-жыр”, “қыранның қанаты секілді теп-тегіс, Есілдің даласы көлбеген” – осы алуандас жаңа көркемдік жаңалықтар поэма бойында тұнып тұр. Ақын палитрасы сан-алуан бояуға бай, көз қызықтырар неше түрлі сурет салады. “Есіл” – тебіреністі ойларға толы, мың сан әуез, сарынды, зор ақындық шабыттан жаратылған, көкейкесті күй іспеттес, қазақ әдебиетінде мәңгі жасайтын жауһар туынды. Ал «Дала министрі» (“Жылқышы”) поэмасында ақ қар, көк мұзда қайрат етіп жүрген жылқышы қыздың романтикалық тұлғасы сомдалған. Төлеужанның эстетикалық талғамы оның әр кезде, әр тақырыпта жазған әдеби-сын мақалаларынан айқын көрініп жатыр. Елуінші жылдардың басында тағы да қуғын-сүргін күшейіп, зиялыларды, ғалымдарды, жазушыларды жазықсыз қаралап, ұлтшылдық деген кесапат жүйе, жала жабылып, қудалау асқынған, түрмеге тығу бел алған. Дәл осындай кезеңде сатира, сын жазу дегеніңіз қара басыңа пәле тілеп алумен пара-пар еді. Төлеужан әр түрлі рецензия, мақалаларында, негізінен, шығарманың көркемдік кестесіне, тіл-стиліне, мазмұн жаңалығына назар аударады. Дәлді байлам, тиянақты пікірлер бар. Әсіресе Тоқаш Бердияров, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Тұманбай Молдағалиев туралы кезінде тұжырымдалған ойлардың уақыт өткен соң көмескі тартпай, маңызын жоймай, дәл қазір айтылғандай естілуі Төлеужанның терең білімін, биік талғамын, зор сыншылдық қабілетін көрсетсе керек. Бір тұста Садықбек Адамбековтың тұңғыш кітабына пікір айтса, бір тұста Нұрлыбек Баймұратов ақындығына қорытынды баға береді, бір тұста Сейітжан Омаров шығармалары талданады, бір тұста жаңа кинофильмге пікір айтылады – мұның бәрінде эстетикалық көркемдік ойлардың жарқ-жұрқ еткен ұшқыны жатыр. Ақынның әдеби мұрасының тамаша бір саласы – аударма. Үлкен, күрделі, еңбек – американ әдебиетінің классигі Теодор Драйзердің “Америка трагедиясы” романының екінші кітабы. Эпопеялық романның қазақша

реалистік үлгіде көркем тілмен аударылуына ерекше көңіл бөлінген. Бұл еңбек қазақ аударма өнеріндегі әдеби тілімізді байыта түскен, проза да реалистік стилдің қалыптасуына ықпал жасаған шоқтығы биік туындылардың бірі. Көптеген елдердің әр түрлі ақындарын қазақша шебер сөйлете білген Төлеужанның аудармашы ретіндегі құдіретін көрсететін екі күрделі еңбегі бар: бірі – А.С.Пушкиннің “Батыс славян жырлары” шоғыры, екіншісі – М.Ю.Лермонтовтың

“Мцыри” поэмасы. Түпнұсқадағы аса қиын оралымдарға ана тілінде балама таба отырып, дәстүрлі бейнелі ойлау жүйесін күшейту, классикалық шығарманың стильдік-көркемдік кестесіне лайық бояудан жаңылмай, жаңа, соны тіркестер, суреттер жарату, ырғақ, ұйқас, шумақ тыныстарының ерекше кеңдігі мен сонылығы арқылы биік поэзиялық деңгейге көтерілу – осы алуандас қасиеттерімен Төлеужан аудармалары ұлттық ақындық құнар, көркемдік игіліктер қатарына қосылады. Қойын дәптерде қалған соңғы өлеңдерде туған елге сағынып жеткен ақын махаббатының көз жасы мөлдіреп тұр. Тербеле жөнелген қазақы жорға жырға қарық боласың да қаласың. Тебіренген, толқыған жүрек лүпілі анық естіліп тұр. Тарихқа шолу, саясат әуені, сатиралық кекесін сарындарынан тазарған бұлшық еті бұлт-бұлт еткен жүйрік жыр жосып кетеді. Туған жердің суреті, ата-баба рухы тіріліп қоя береді. Ақын осы өлең шоғырында өзінің трагедиялық тағдырын, ауыр дерт қиған қыршын ғұмырын жан-жүйені босатар әсермен, мұңлы да шерлі күймен шертіп береді. Мен сені туған елге берем дедім, Бір соның жас шағына сенем дедім. Аузынан табыл іні, қарындастың Мәңгілік жас рухым – өлеңдерім, – деп болашақпен бір тілдесіп алған ақын: Көзімнен жаңбыр жауғанын Сездің бе, туған тауларым. Баурыңа жетіп лауладым. Қызарып күндей батқалы Өзіңе келдім жатқалы, – деп соңғы сөзін айтып тынады. Дегелең тауының ішінде 1949 жылы тамыз айында тұңғыш рет атом бомбасын жарғанда, Қазақ университетінің үшінші курс студенті Төлеужан Исмайылов ауылда демалыста жатқан болатын. Әскери адамдар бұрын қымыздан басқа ащыны татып көрмеген жас жігітті зорлағандай етіп араққа ауыздандырды, “спирт жүрген жерде сәуле ауруы жүрмейді, алкоголь радиацияны айдап шығады” деген. Сол он жеті жаста өзегін күйдірген жынды су алғашқы он жылда жас қайратты жеңе алмай жүріп-жүріп, артынан күтімсіздіктен тапқан өкпе ауруына қосылып, оны әбден азапқа салып, талантын құртып, әдеби ортадан бездіріп, отбасынан айырып, досжараныан бездіріп, қаңғыртып, аздыртып, ақыры 1972 жылы көрге тығып тынған. Қазақтың талантты ақыны Төлеужан Исмайылов атом сынағының, ядролық жарылыстың аянышты құрбаны екеніне қазір ғана көзіміз жетіп

отыр. Бұрын ғайбаттаушылар: “Өзі кінәлі. Құдай берген сыйды бағаламады. Ұстай алмады. Ақыры қор болып өлді”, – дейтін. Көп көмбенің бетін ашқан ендігі шындық мынау: полигон қасіретіне шалдықпаймын, ұзақ жасаймын, өмірімді сақтап қалам, шабытпен жазылған мәңгілік жырлар тудырам деп қиялдап, шарап буынан медет таппақ болған, ем деп қолданғаны зәһарға айналғанын қайран ақын кеш, өте кеш сезді. Ол кезде қайтар жол кесіліп қалған. Бірақ нағыз өлеңнің жолын еш кесепат қия алмайды ғой. 1992.

ЖҰЛДЫЗДАР ӘЛЕМІ ШОҒЫРЫМЕН ЖАРАТЫЛАДЫ

Екеуміздің арамыз жарты-ақ жыл. Ол мектепті Маңғыстауда бітірсе, мен Шұбартауда бітірдім. 1957 жыл болатын. Жүрегінде оты бар бала атаулы Алматыға жетіп құлайды. Арман, мақсат бәрі Алматыда ғана іске асатын секілді. Медалистерді Совет Одағының кез-келген жоғары оқу орнына емтихансыз қабылдайды. Біз, Шұбартаудан келген үшеуміз де медалиспіз. Қайда, қай мамандыққа түсеміз – таңдасақ болды. Әуелден бір алған бетінен қайтпайтын Мұхтар Мағауин КазГУ-дың филология факультетіне барды. Әдебиетті сүйетінімізге, аздап бірдеңе-сірдеңе жазатынымызға қарамай, Төлен Тілеуханов екеуміз, кейін ауылға барып жұмыс істейміз, өмір көріп барып, жазушы боламыз деген есек дәмемен ауылшаруашылық институтына түстік.

Студенттік күндердің алғашқы айларында бәрі жақсы. Бірте-бірте көңіл суый бастады. Орыс тілінде оқытылатын физика, математика мектептегідей емес, бөтен, жат көрінді. Қол босай қалса, КазГУ-ге тартамыз. Басқа өмір. Жүрегіңе жақын әлем. Оқулары да қызық. Өзгені айтпағанда Әуезовтің өзі сабақ береді екен.

Сөйтіп ауылшаруашылық институтының бірінші курсын бітірербітірместен көңіл лоблып, КазГУ-ге күнде баратын болдым. Жазда қалың конкурстан өтіп, филология факультетінің студенті атандық. Медалистер де емтихан тапсыратын жаңа ереже шыққан. Ол кездегі КазГУ-ді Пушкин заманындағы Лицеймен салыстыруға болар еді. Алдымен Қазақстанның барлық атырабынан шыққан дарынды балалар жалғыз университетке түсу үшін жарысатын. Қай мамандыққа да кем дегенде бір орынға он-он бес талапкер таласады, бармақ басты, көз қысты жоқ, пара беру, жең ұшынан жалғасу кейін шыққан пәле.

Тірі Әуезовті көру ғана емес, дәрісін тыңдау, алдында отырып емтихан тапсыру орасан зор рухани мектеп болатын. Абақты азабын шегіп қазақ халқының бағы үшін, «бұрын жау болып едім, жаздым, жаңылдым, енді түзелем, советке қызмет етем» деп, сырт күштің дүмімен әйгілі, тәубаға келген хатын жазып, түрмеден босаған, отыз жетінің өртінен құдай сақтап, аман қалса да Лениндік сыйлық алғанша басынан құрық, жанынан сырық, төбесінен қиқу кетпеген Мұхтар Әуезов лекцияларында Алаш қайраткерлерін айта алған жоқ, кейде Мағжан өлеңдеріндегі кейбір

сарындарды сынаған болғанмен, сұңғыла студенттер әйгілі академикжазушының қас-қабағынан, дауыс ырғағынан басқа сарындарды сезіп, біліп қоятын.

Дантені – итальянша, Шекспирді – ағылшынша, Гетені – немісше, Гюгоны – французша жатқа оқитын тамаша лектор, Алматыға қудаланып келген жебірей профессор Александр Гербстман бір өзі бір театр дегендей ғажайып лектор еді, ол шахмат композициясы бойынша спорт шебері де болатын.

Қазір көпшілікке енді кеңінен тарай бастаған көне түрік, Ашина, Тоныкөк, Күлтегін, сақ, сармат, ғұн, Мөде тарихи атаулары мен ұғымдарын алғаш санаға сіңірген профессор, жазушы-драматург Мұсатай Ақынжанов. Өздері оқулық авторлары, академиктер Ісмет Кеңесбаев, Мәулен Балақаев тіл тұңғиына бойлатқан.

Әбішпен мені орта мектепті бірге бітірген кластасым Мұхтар Мағауин таныстырды. Өзгені мақтай қоймайтын ол курстасы туралы көп жағымды сөз айтты. Мектепте жүргенде жазғандары аудандық, облыстық, республикалық баспасөзге жарияланған. Тіпті бір жазушының үлкен әдеби ұрлығын да ашқан екен. Өлең жазады, олар да басылған. Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің мақтау грамотасын алған. Қысқасы, екеумізден мықты дегенді сездірді. Іштей сыншыл пікір оянды, «бізден қалай артық?» қызғаныш та жоқ емес. Дәл бүгінгідей көз алдымда. Ашаң, арық, шашына тарақ батпайтын бұйра бас, торсық шекесінің оң жағында оймақтай қалы бар, ақылды, тұнжыр, ұялы жанар, қоңқақ мұрын, қоңыр өнді орта бойлы бала. Бірден тіл табысып кеттік. Менмендік, кісіні менсінбеушілік деген жоқ. Аузын ашса, сөзі төгіліп тұр. Байқап қалдым, бір күлсе жарылып, тіпті қатты күледі екен. Шын күлкі. Міне елу екі жыл болды, шашы ағарды, беті шалбарланды, салмағы ауырлады, қаламгер - қайраткер ретінде үлкен тұлға болып қалыптасты, бірақ қашан, қандай жағдайда, қандай биіктен көрсем де, күн еңкейсе де сол студент Әбіш көз алдымда тұрады. Марқайған, тарлан тартқан, даналыққа жеткен шығар, бірақ өмір күресі, тірлік тартысы, заман ағымы ішкі сарайын, адамдық табиғатын, қалыбын бұзбаған.

Ақ қағазбен қара сия арасындағы майдандағы әрекеті, қаламгер ұстаханасы деген ұзақ, қызық, үлкен әңгіменің өзегі десек, адамдармен қарым - қатынасы жарты ғасыр өзгермеген, бүлінбеген, үнемі кеңдік пен тереңдікке сайған сабыр, байсал, ұстамдылық, басқаны бойымен басып күш көрсетуден іргесі мүлде бөлек, түсіну, ұғыну, титтей жылтырағанды көтере бағалау, әсіресе әлеуметтік істерде асықпау, саспау, әліптің артын бағып, жүз ойланып, мың толғанып барып, шешім шығару қасиеті тәуелсіздік кезеңінде үлкен лауазымды қызметтер атқарған уақытта өзінің де, елдің де көсегесін көгертті. Барлық ой-пікірін дерекке, құжатқа, мәтінге, мұражай материалдарына құратын, қызыл-жасыл бояуы, шалқуы жоқ, асып-төгілмейтін, үнемі бір қалыптағы, тарихилықты, түркілік тұтастықты, қазақтың ұлттық мүдделерін негізгі нысана ететін, кешегі Ахмет, Әлихан, Нәзір, Халел, Міржақыптардың

көзін көрген, Мәскеуде оқыған, Мағжанның сүйікті шәкірті Бейсенбай Кенжебаев бір мектеп болса, әлем әдебиетінің інжу-маржанын бес саусағындай білетін, Әуезовтің классикалық романын орыс тіліне аударушылардың бірі, Гетені түпнұсқадан оқитын, әдебиет құбылыстарын талдаудың, эстетикалық-көркемдік баға берудің сирек маманы, қазақша, орысша екі тілде бірдей кез-келген зиялы аудиторияны ұйытып тастайтын, ғажайып лектор, Ленинград түлегі, профессор Темірғали Нұртазин екінші мектеп еді. КазГУ-дің сол кездегі Әдебиет бірлестігін Жазушылар Одағының бір секциясы, филиалы десе артық емес. «Шағала» деген атпен бірнеше қабырғаны алып тұратын әдеби газет шығардық. Көркем сурет училищесінің студенті Жеңіс Нұрғалиев безендіретін еді. Бұл газет бетіне басылу «Жұлдыз» немесе «Қазақ әдебитіне» жарияланудан оңай болмайтын. Қазір талантты режиссер, жазушы болып танылған Сатыбалды Нарымбетовтың «Тентек» әңгімесі сонда жарияланған. Өзге де авторлар белгілі қаламгерге айналды. Бас редактор Әбіш Кекілбаев еді. Семинар, колловкиум, арнаулы курс, сынақ үстіндегі пікірталас, тартыс дискуссия өз алдына. Әдеби бірлестік отырысында небір қызыл шеке айтыс. Қазақ әдебиеті ғана емес, әлем әдебиеті сөз болады. Ломброзо, Руссо, Шопенгаур, Ницще, Кьеркегор, Кант, Бердяев, Сартр, Сент-бёв, Шагал, Шостакович туралы таласамыз. Нерудің «Индияны ашуын», Сукарноның «Саринасын», И.Буниннің «Қоңыр аллеяларын», жапон романдарын, Есенин өлеңдерін бірімізден-біріміз алып оқимыз. Өз өлеңшілері, өз әңгімешілері шығармаларын талдау үшін айлап кезекке тұрады, көпшілік назарына түсіп, саралауға берудің көркемдік талаптары бар, баспасөзде жариялануы қажет. Мұндай талқылауға келуге кәнігі жазушылардың өзі сескенеді. Өйткені бұл жерде есеп-қисап жоқ, жас максималистер ойдағысын жасырмайды, кезкелген шығармаға әлем әдебитінен анология іздейді, салыстырулар жасалады. Әлі есімде, «Жұлдыз» журналында Әбдіжәміл Нұрпейісовтің жаңа романының алғашқы кітабы жарияланды. «Қан мен тердің» басы болатын. Оқыдық, дайындалдық, талқыладық. Мінезі ауыр, жөпшеңгіге сыр бермейтін салмақты жазушы алғашқыда осылар не айта қояр дегендей шекесінен қарап отырды. Бірте-бірте ауа-райы өзгерді. Шығарма концепциясына, тіліне, композициясына, кейіпкерлерге қатысты дәлелді пікірлер айтылған кезде, қаламгер сасайын деді, тіпті маңдайынан тер шығып кеткен. Бас баяндамашы Әбіш Кекілбаев еді. Мәтіні кейін журналға басылды. Кеңейтілгеннен соң диплом жұмысы ретінде қорғалды. Жас сыншының кітабына бір тарау боп кірді. Қазақ әдебиетіне абырой әкелген трилогияның кейінгі кітаптарында сол студенттер айтқан сын пікірлер ескерілгендігін жазушы өзі де бірнеше рет мойындаған. Жиырмасыншы жылдарда Смағұл Сәдуақасов қойған сұраққа берген жауабы болмаса, Әуезовтің лабораториясына қатысты дерек аз еді. Алдында отырып, сабағын тыңдап, бойымыз үйренгендіктен болар, алдымен ұлы жазушыға үлкен анкета дайындадық, жастар поэзиясы туралы баяндама

жасауға көндірдік. Әуезовтің әдеби өсиеті секілді, кейінгі ұрпаққа бата бергендей болған әйгілі «жыл келгендей жаңалық сеземіз» деген сөзі сонда айтылған. Бұл әдеби бірлестік жұмысының үлкен жеңісі еді. Ол тұста бірлестік басшысы Әбіш Кекілбаев еді. ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарында әдебиетке, өнерге, ғылымға әлеуметтік іске, зор екпінмен аяқ басқан жас буын қазақ руханиятына жаңа мазмұн, еркін рух, биік парасат алып келгендігі, әсіресе, көркем әдебиетте тың жарылыс болғандығы – бүгінде әбден мойындалған ақиқат. Астрономдар дәлелдегендей, жұлдыз әлемдері шоғырымен жаратылатын көрінеді. Сондай құбылыс өнерде де бар. Бұл реттен Әбіш Кекілбайұлының шығармашылық тағдырын, қаламгерлік даңқын, қайраткерлік қажырын өз қатарластарынан жырып алып, оқшау қарауға болмайды. Әбіш – қазақ әдебиетін трагедиялық хикаят, аңыздық-тарихи монументальды романдар үлгілерімен байытқан зор талантты прозашы, аса өнімді публицист-сыншы, тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыруға көп қайрат жұмсаған мемлекет қайраткері, ешкімге көз алартпай, көкірек кермей, бетегеден биік, жусаннан аласа жүретін, басқаның титтей жақсылығын көтере айтуға бейім, жаны дархан, жүрегі жылы адам. Оны тұтас буынның серкесі десе артық емес.

ЖІГЕР

Жыл басында Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің деканы профессор Намазалы Омашевтің елу жасқа толған тойының дастарқанына жиналдық. Кешегі алдымызда отырып, дәріс тыңдаған студентіміз. Енді оның шәкірттерінің де аузына ата сақал біткен. Алды республикалық басылымдардың редакторлары, радиотележурналистер. Үзіліс кезінде көп адамдармен, көптен көрмеген ағайындармен қауқылдасып сөйлесіп жатырмыз. Маңайына жастар үйіріліп, ақар-шақар болып жатқан бір адам – профессор Әбілфайыз Ыдырысов. Ұзақ жылдар ауыр дертпен күресіп, мұндай жиындарға бара бермеуші еді. Қазір өңі жақсы, қимыл-қозғалысы айқын, күш-қуатын қайтадан жинап алған, қунақылық бар. Бір кезде шәкірттері ортаға алып гу-гу әңгіме соғып кетті. Ұстаздарының лекцияны қалай оқығаны, практикаға барғандары, тәжірибе газет шығарғандары, түрлі қалжың сөздері, емтихан алғандағы мінездері, қатал да қыршаңқы деканмен студенттер үшін сөзге келіскендері, жастар кештерінде жеңгеймен қосылып, Төлеген мен Жібек арияларын орындауы – қойшы, әйтеуір, сан алуан өткен күндердің есте қалған елестері тіріліп қоя берді. Ең соңында, ұстаздарының ақпанның аяғы, наурыздың басында жетпіске келетіндігі сөз болып, мақала жазам деушілер көбейіп, өзара таласа бастады. Тіпті басылымдар да белгіленді. “Біз қалыс қаламыз ба?” дегенімізде, жастар жағы: “Сіз бұл кісіні біздей білмейсіз ғой”, – деді. Солай ма еді?

Бірер жыл (1963-1964) менің “Лениншіл жас” газетінің солтүстік облыстар (ол кезде Тың өлкесі деп аталған) бойынша өз тілшісі болғаным бар. Ұшарымды жел, қонарымды сай білетін еркетотаймын, бүгін Көкшеде жүрсем, ертең Баянға тартып кетем. Ерік өзімде. Арқаның өзен-көл, таутасын түгел аралап көру бақытын сыйлаған тамаша жылдар еді. Сондай сапардың бірінде, Қостанай қаласында қонақүйде жатқанмын. Есік қағылды. Мәссаған! “Қазақстан пионері” газетінің редакторы Әбілфайыз Ыдырысов келіп тұр. Сырттай білгеніммен, бұрын ешқандай араласқұраласымыз болмаған кісі. Сыйлайтын азамат, белгілі журналист. Орталық Комитеттің арнаулы бір тапсырмасымен сапарға келген екен. Менің осында екенімді біреулерден естіген. Астында жақсы көлік бар, мүмкіндігім болса мені де ала кетпек. Торғай атырабын, елді, жерді көрсетпек. “Құланның қасуына – мылтықтың басуы” демекші, тілшіге керегінің өзі де осындай сапар, сол күні-ақ тарттық та кеттік. Ағамыз ақкөңіл, әңгімешіл, бауырмал адам болып шықты. Ұзын жолда ата-тегі, балалығы туралы көп әңгіме айтты. Он екі жасында Қостанайға келуі, кейін Алматыда университет бітіруі, газетте істеуі – бәрі сөз болды. Осы сапарда Әбілфайыз Ыдырысов мені Торғайдың ұлы даласымен таныстырып, елді, жерді, адамдарды көрсетіп, көңіл қанжығасын майлап жіберіп еді.

ІІІ

Алпысыншы жылдардың ортасында Алматы зиялы қауымының бас қосатын бір жері – республикалық көпшілік кітапхана болатын. Студенттер, аспиранттар, кандидаттар, докторар, академиктер, өзге жұрт – бәрі үшін небәрі үш-ақ оқу залы бар. Кейде бір орын табу үшін сағаттап тосуға тура келеді. Кейбіреулер оқта-текте бас сұқса, күнде бұл жерден табылатындар да аз емес. Сондай ізденушінің бірі – Қазақ мемлекеттік университетінің оқытушысы Әбілфайыз Ыдырысов. Көбіне көп арнаулы бөлімде жүреді. Қарайтыны – жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы қазақ газеттері. Шаң басқан, сарғайған, тозған тігінділер. Құмырсқаның ізі секілденіп көрінетін, ширатылып жатқан араб әріптері. Кейде ол газеттерді біз де қараймыз. Бірден ажыратып, жедел оқып кету қиын шаруа. Сонда күлеміз: –Біздің басымызды осы батпаққа тығып қойған екі шал: Бекхожин мен Кенжебаевқа болсын обалымыз, – дейміз. – Қазіргі заман тақырыбын берсе, оп-оңай, қиналмай-ақ қорғап кететін едік. Көп жыл еңбек етіп, қиын мезгілдегі баспасөз материалдарын сараптап шыққан Әбілфайыз Ыдырысов тарих ғылымдары бойынша диссертация қорғады. ІV

Осы әңгімелердің басы қайырылғаннан кейін жас редакторлар:

–Ойбай-ау, ағай-ау, Әбекеңді, біздің ұстазымыздың өмірін жақсы

біледі екенсіз ғой.

–Бізге мақала жазып берсеңізші.

–Еңбектерін де білетін боларсыз, – деп ортаға ала берді.

–Оларың рас, еңбектерін де бір кісідей білем.

Бастау көзін отызыншы жылдардан алатын қазақ журналистикасы, баспасөзі туралы Бейсенбай Кенжебаев, Зейнолла Тұрарбеков, сатира жөнінде Темірбек Қожакеев, очерк жөнінде Төлеутай Ыдырысов, Шерияздан Елеукенов кітаптары басылды. Осы қатарда елерлік еңбектер жазған Әбілфайыз Ыдырысов та бар. Ең алдымен, оның “Баспасөзді безендіру ісі” (1966) деп аталатын, кейін әрбір редакцияның күнделікті қолданатын құралына айналып кеткен оқулығын айту керек. Безендіру саясаты: қаріптер және олардың сипаттамасы, көркемдеу үлгілері, газет нөмірінің архитектурасы нақты сараланды. Бұған жалғас шыққан “Редактор мен корректорға көмекші құрал” (Ә.Бектемісовпен бірге) оқулығы бірнеше рет қайта басылды. Мұнда қолжазба, оған қойылатын талаптар, өндіріске даярлау, редакциялау, корректуралық жұмыстар: автор мен редактор қарым-қатынасы, корректорлық белгітаңбалар, оларды қолдану тәсілдері жан-жақты көрсетілді. Ал “Фототерім” (1994) оқулығында фототерімнің ерекшеліктері, бүгіні мен болашағы, текстерді фототерімге әзірлеу, басу, жариялау және олардың технологиясы көрсетіледі. Қысқасы, баспасөзді безендіру, қолжазбаларды даярлау, кітап етіп шығару, полиграфия, терім технологиясына қатысты қазақ тіліндегі негізгі ұғымдарды қалыптастырып, алғашқы бағдарламалар, оқулықтар жазған профессор Әбілфайыз Ыдырысов екендігін ашып айту – әділет болмақ. Мұның үстіне автор “Офсеттік шағын мәшинелер және оларда жұмыс істеу”, “Полиграфия өндірісі” деп аталатын орыс тілінде шыққан монографияларды еркін, жатық тілмен сөйлетіп, қазақ баспагерлерінің күнделікті пайдаланатын кітаптарына айналдырып берді.

Желтоқсан оқиғасынан кейін университеттерде студенттерді, ұстаздарды қудалау, жазалау тарихы – әлі жазылмаған қаралы кітаптардың бірі. Сол тұстағы ауыр салмақты жаңа өркен жастық қайратпен көтеріп кетсе, аға ұрпақтың жүйкесі жұқарды, жүрекке сызат түсті. Профессор Сұлтан Досымбеков, академик Өмірбек Жолдасбеков тәңір бұйыртқан жастарын жасай алмай, Желтоқсан кезіндегі қудалау азаптарының құрбаны болғандығын ашып айту керек.

Университеттегі идеологиялық факультеттің бірі – журналистика бөлімінің төбесінен әңгіртаяқ ойнатып, шәкірттер мен оқытушылар арасынан “жау”, “ұлтшыл” іздеген тіміскілер, ең алдымен партия ұйымының хатшысы Әбілфайыз Ыдырысовты тоқпақтағаны рас. Күнде жиналыс, күнде сілкілеу, күнде айқас. Сол қаралы оқиғалардың кесапаты күндердің бір күнінде күтпеген жерден Әбілфайызды да жыққан. Жүйкеге түскен мың сан ауырлық инсульт жасаған. Мұндай ауыр дерттен кейін кісі қатарына қосылу – екіталай шаруа. Бірнеше жыл қаншеңгелді сырқатпен қайтпай айқасып, ақыры оның өлім демі тырнағынан құтылып, жазу орнына оралып, қаламгерлік қайратына мінген азаматтың қажырына риза боласың. Әсіресе, соңғы үш-төрт жылдың ішінде Әбілфайыз қаламы ерекше жемісті құнарлы, толымды екендігін көрсетті. Бірінің артынан бірі шығып жатқан кітаптар. Мұхтар Әуезовтің туғанына жүз жыл толуына орай жазылған әр түрлі жанрлардағы еңбектердің үлкен бір міні – нақтылық, дәлдік, шындықтың орнын долбар, мадақ, көбік сөздің басып кетуі. Әуезов жоқ, Әуезов туралы ойдан шығарылған бірдеңелер бар; Әуезов жоқ, Әуезов табиғатына келмейтін жасанды бояулар бар; Әуезов жоқ, Әуезовтің күлгін, кісі танымайтын көлеңкесі бар, Әуезов жоқ, автордың өзі бар. Ал, Әбілфайыздың “Әуезовке іңкәрлік” кітабында шындық сөйлеп тұр, болған нақты оқиғалар қаз-қалпында берілген. Ұлы ұстаздың алғашқы дәрісі, ұлы жазушының қудалануы – ұлы қаламгердің бір сөзінің жариялану тарихы, осындай он тарау, оң оқиға. Әуезовтың өз сөздері, өз кескіні. Ал Ыдырысов болса көлеңкеде, көп көрінбейді, көрінсе де елеусіз. Негізгі мақсат: ұлы қазақтың бейнесін ашу. Әділін айтқан дұрыс: Әбілфайыз Ыдырысов қазақ эссеистикасында “Әуезовке іңкәрлік” кітабы арқылы өз ізін қалдырды. Әуезов туралы жақсы кітап жазып, оқырмандар ықыласына бөленген Әбілфайыз шығармашылық шабыт тапты. Соның айқын дәлелі – қолға енді тиген “Таңшолпаны”. Бұл өзі еркін, эссе стилінде жазылған шуақты, жарқын рухты кітап екен. Дәстүрлі әдебиеттану тілімен сөйлегенде, жігіт Алтай мен қыз Таңшолпанның махаббат хикаясы. Соғыстан кейінгі Алматы. Өрттен кейінгі ел өмірі. Таза сезімдер, таза көңілдер. Елуінші жылдар студенттерінің тұрмыс-салты. Сол кезең туралы жазылған С.Шәймерденов, З.Қабдолов, Ә.Нұршайықов романдарын қайталамайтын, жаңа бір сырлы дүние туғандығына қуану керек.

VІІ

Таяуда тағы кездестік. Профессор Әбілфайыз Ыдырысов жазу үстелінде отыр екен. Жақында ғана жарық көрген “Бағдарлама – өркениет өрісі”, “Сыр мен шындық” кітаптарының сүйінші даналарын көріп, дерт тауқыметіне мойымаған, жетпістің жотасына мол қазынамен көтерілген қажырлы қаламгердің толымды істеріне көңіліміз марқайды.

2000.

ТАУДАН ТҮСКЕН АДАМ

Гүл алаңы. «Аққу» кафесі

- Иә. Мен іздедім. Уақытың бар ма? Онда қазір жолығайық. Комсомол мен Мирдың қиылысына жарты сағатта кел. – Арғы сөз естілмей кетті, автомат-телефон сақұр-сұқыр етті де, үзіліп қалды. Ол кезде мен Фурманов пен Ташкент көшелерінің қиылысындағы екі бөлмелі үйде тұрам. Троллейбусқа міндім де айтқан жеріне әп-сәтте жетіп барсам, Бердібек Соқпақбаев күтіп тұр. Көкшіл, сарғыш жолақтары бар шолақ жең көйлек, жеңіл шалбар, қайыс шарқай киген жазушының тығыз қалың бұйра шашының самайына ғана түскен бірер тал ақ болмаса, өзге міні жоқ, қырықтың бел ортасындағы қылшылдаған қылыштай жігіт ағасы ойнақшыған жарау аттай, жүріс-тұрысы сергек, екпінді, батыл. Анық сенбісің дегендей өткір көздерін қанжардай қадап, ай-шайға қаратпай, өзі сөйлеп, дөңгелетіп әкетіп барады. - Мен кеңсе қызметінде қазір жоқ кісімін. Анда-мында не болып жатыр, соған қызықпаймын да, сондықтан көп нәрседен хабарсызбын! Машқар Гумеров деген балалар жазушысы бар, білесің бе? Өзі Башқұртстанда туған, молданың баласы, ұлты татар болғанымен қазақ ауылында өскен, қазақша жазады. Пейілі түзу адам. Жақсылық хабарды анда-санда сол айтып тұрады. Сол кеше телефон соқты. Сүйінші бер дейді. Мақталдың дейді. Жуасың дейді. Бір сөзін ұқсам бұйырмасын. Ақыры түсіндіріп, жеткізіп берді. Жыл қорытындысының жиналысы болған екен ғой. Ондай жиналыстарға кезінде мен де барғам. Шалқақтап Сәбит, ыңыранып Ғабит, ернін жымырып Ғабиден, айқайлап Тахауи, бақайының басына қарап Әбдіжәміл, одыраңдап Олжас келеді. Біздің жазған-сызғанымыздың мазмұнын айтып беруді ғылым санаған, кейбір сөмке сүйреткендерін жанына ертіп, екі қасының арасы қосылардай болып түйлігіп Мүсілім шығады. Осы жиналысқа қатыспаса бірдеңеден құр қалатындай жініккен, жазушылыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын адамдар қаптап кететін. Сұлу әйелдер, сыпа жігіттер, баспагерлер, журналистер, студенттер, пенсионерлер. Әрқайсысын өз орнына шегелеп тастаған, өзгермей, құлаш-құлаш тізімдері бар, соцреализмді мадақтайтын баяндамасын Мұқаметжан баппен, салмақпен оқыса, оның ізін баса шыққан інілері Серік, Зейнолла, Баламер, Рахманқұл, Тұрсынбек саясаттың түбін түсіреді. Бұрын сан рет естіген, талай құлақты жауыр қылған сөздер. Бірер сағат тыңдағаннан кейін, әбден мезі боп, шыға қашқың келеді. Сол уақта бір тентек шығып, өзінің мақталмағанына қарсылық білдіреді, бір тентек шығып, біреудің жағасынан алады. Бір тентектен кейін бір тентек. Шығарма талдау, әдебиетке баға беру жағы азайып, жағаға жармасу жағы кейде бел алып кететін осындай жиналыстардан алыс жүргенді мақұл көрдім. Анау Машқар менің сол мінезімді білмейтіндей, келгенің де жақсы болатын еді, керемет мақталдың, жылдың ең үздік романы деп «Өлгендер қайтып келмейді» аталды. Жылда кітабы шығатын анау тақыр бас прозашы

«Әй, бала, Байтанаев, Жұмақанов, Бақбергенов секілді ағаларыңның шығармаларына соншалықты шүйліктің, сонда шынымен «Өлгендерді» үздік туынды деп санайсың ба» деп баяндамашыны қылқындырғандай болғанды, жас жігіт те таймастың өзі екен: «Әділін айтқанда, «Өлгендер қайтып келмейді» бір жылдың емес, көп жылдың үздік туындысы, кезеңдік шығарма, қазақ прозасының мазмұндық-формалық жаңа үлгісі» деп сөзінен қайтпай, қайта бұрынғыдан бетер өршеленіп кетті дейді Машқар. Осының рас-өтірігін өз аузыңнан естиін, - деп Бердібек бағанадан айтып келе жатқан әңгімесін шорт үзіп бетіме қарағанда, Жазушылар Одағының алдындағы Гүл алаңына айналып жүргенбіз. - Татар досыңыз әдеби жыл қорытындысында болған нәрселерді дұрыс жеткізген, - дедім бұрын жүздесіп, көп сөйлесіп көрмесем де, сырттай шығармалары арқылы ғана таныс талантты ағаның алдында бой сақтап. Бұл сөзге айызы қанбаған Бердібек қайтадан өзі сөйлеп кетті. - Сендер, батыстың қазақтары деймін, бауырмал болатын, біріңнің сөзіңді бірің тастамайтын себептеріңді мен таптым. Алдымен жер жағдайына келейік, іргелеріңде қырық жылғы кегін кешпейтін құба қалмақ, төбесін ойып жатсаң қыңқ етпейтін түрікмен, басы асау башқұрт, ойындағысын іске асыру үшін орта жолдағының бәрін күйретіп отырып бір-екі ғасырда сонау Тынық мұхитты асып, Аляскаға дейін жеткен омырау орыстардың ортасында бірліктерің болмаса бір-ақ күнде түтіп жейтін еді ғой. Бұл тарихи жағы. Орыстың темір тұмылдырығы алдымен батыс қазақтарына келді, сол үшін басқару жүйелері жасалды, шенеунік ауруымен бірінші болып ауырдыңдар, ертерек оқыдыңдар. Бұл саяси жағы. Басқаны айтпағанда, төркіндері алыс, бірақ туыстықтары жоқ қатын-қалаштың өзі барған жерлерінде бір-бірімен апалы-сіңлідей ауыз жаласып жүреді. Жер шалғай, ағайындарың Алматыға екі күннің бірінде келе алмайды, қанша сағынсаң да елге жиі бара алмайсың. Сондықтан батыс қазақтары өзгемізге қарағанда шоқ жүреді, жиын жүреді, кішісі үлкенін тыңдайды, ұнатсын-ұнатпасын бір-бірімен тату. Бұл адамгершілік жағы, - деп қайырғанда, мен алдымен жазушы ағамның тапқырлығына разы болып, іштей ойланып барып тіл қаттым. - Тауып айттыңыз. Бір-ақ қатеңіз бар. - Қате? Қандай қате? - Мен батыстың қазағы емеспін. - Қой-ей, қалай батыстың қазағы емессің? Бас-аяғың түгел Ғали. - Мұның мәнісі былай, Беке. Баяғы «Ақтабан-шұбырындыдан» кейін қазақ есін жиып, бұрынғы мекеніне Арқа, Тарбағатай, Алтайға қайтқан кезде Арғын, Найман, Кереймен қоса Алшын, Үйсіннің де кейбір ұрпақтары жаңа жерлерге бет бұрған. Біреу еліне өкпелеген. Біреу жаңа өріске қызыққан. Сондай шағын көш Жағалбайлы, Қаңлы әулеттері біздің ата-бабаларымызбен Қарқаралы, Дегелеңнен қоныс тепкен. Менің әкемнің шешесі - әжем Рабиға деген кісінің сүйегі Жағалбайлы. Бойы ұзын, тарамыс қара кемпір еді. Ел жұртты аузына қаратқан домбырашы. Тоқсан асып, біз ес білгенде қайтыс болды. Сол жарықтық өзі тапқан ұлдарына Нұрғали, Бекқали, Оразғали, Молдағали, Заманғали деп ат қойғаны аздай, қыздарына Шәбілғали, Аққали

деп жер көкте жоқ, қыз балаға қоймайтын аттарды қойыпты. Немерелері де түгел Ғали: Тұрсынғали, Рымғали, Жеңісқали, Айғали. Менің аға-інілерімнің тұсында ғана Ғалилардан құтылдың, - дей бергенімде, Бердібек ішек-сілесі қатып, айқайлап, мәз болып: - Ойбай-ау, сенің әжең Колхозбек, Совхозбек, Моторбай, Фермахан, Коммуна, Сиез, Мэлстерден асырып жіберіпті ғой, - деп дауысы қатты шығып кеткенде, қасымыздан өтіп бара жатқан бейтаныс адамдар күлкімізге разы болып, қандай уайымсыз кісілер дегендей жалт-жалт қарап қалған. - Мен сені батыстың жігіті деп ойлағам. Лайық болсам да, болмасам да, Тахауи жүрген жерінде мені мақтайды. Бір сөзіне сенсем де, бір сөзіне сенбеймін. Артықтау айтатын шығар досы болған соң деймін. Екінші жағынан қатар жүрген соң бағаламаймыз. Зор дарынды, мол білімді сұрапыл адам. Орысша кетсе, жебірейдің өзін жаңылдырады. Мінбеге шықса, шешендігі қандай. Проза секциясының бастығы сол ғой. Інісіне мені тапсырып, Тахауй мақтатты деп ойладым. Сонда сен өзің сеніп мақтадың ба? – деп Бердібек бетіме бажырайып тұр. Алғашқыдай емес өзіне, айтқан сөздеріне бойым үйреніңкіреп қалған. - Шайнап бергенді ойланбастан қылғытып жұта салатын бала деп ойлағансыз ғой. - Өй, сен түгіл талай бастық көмекшілері оннан, мұннан көшіріп, қиыстырып берген нәрселерді өз бастарынан шыққандай етіп, ойланған, толғанған болып мінбеге шығып, күнде оқып, газетті былай қойғанда, кітап етуді дағды қылып алды. Сөзге иелік, ойға иелік, пікірге иелік жойылып, көзге көрінбейтін, тасада тұрған біреулердің күшімен, дарынымен жасалған көсемдік пайда болды. Миллиондарды қырып тастаған, жердің тегершігін кері айналдырған анау Жезмұрт бар оқығаны діни семинария десек те, барлық сөзін өзі жазған. Қазір қоқиып, кресло мінгеннің дастархан басында айтылатын тосын, өлген кісіге жоқтауын, жиналыстағы баяндамасын дайындап беретін бір-бір құлаққа сыбырлайтын кеңесшісі, құлақкесті құлы бар, - деген Бердібектің басқа жерде айтыла бермейтін, оқыс байламдарын тежемек ниетпен сөзін бөлдім: - Беке, менде оның екеуі де жоқ. Не айтсам да, не жазсам да мына шақша бастан шыққаны. Тағы да әр шөптің басын бір шалып, Гүл алаңын көп айналдық. Жалпақ, үлкен орындықта төбедей болып жазушы Әлжаппар Әбішев қасындағы қазақта аса сирек кездесетін ерекше ұзын бойлы, қасқа бас, белгілі партия тарихшысы Әбді Тұрсынбаевқа зіркілдеп, қолын сермеп, бірдеңелерді өршелене дәлелдеп отыр. Олардың дауы қай дау екенін білетін кісідей Бердібек жұмсақ жымиып күледі, екі шалға, аса жақындамай, қиын замандардың кезінде Әлжекең айтыпты дейтін «Орденді жазушылар бөлек шығып сөйлесейік» деген ұрдажықтау бір әңгімені еске түсіреді. Гүл алаңының ортасындағы граниттен қашалып биік тұғырға орнатылған шойыннан құйылған, аспан зәулім, оң қолын созып, болашақты мегзеп, шабыттанған Ленин ескерткішінің маңайы кептерлерге жем шашқан, улап-шулап жүгірген бүлдіршіндер мекені; одан әрірек, тыныштау

орындықтарда бастары қалтылдаған зейнеттегі кемпір-шалдар, қаға берістеу көлеңкеде әрлі-берлі өткендерде пысқырып та қарамай, бірін-бірі тізелеріне отырғызып, қысылмай құшақтасып, еркін сүйісіп, мауыққан мысықтай көздері жұмылып кеткен ғашықтар. Ағаштары бойлап өскен, сан алуан гүлдері неше түрлі иіс шығарып құлпырған, жиек-жиегінде сылдырып су аққан бұл жер алаң емес, үлкен сквер, кішігірім бақ, қаланың дабыр-дұбыр ушуынан қашып, салқын тыныштық іздеген кәрі-жасты көресің. Әсіресе жолдың арғы бетінде тұрған Жазушылар Одағында, сол ғимаратқа орналасқан газет-журналдарда, баспаларда істейтін қаламгерлер қолдары қалт етсе, біресе жалғыз, біресе топ-топ болып, әңгіме-дүкен құрып, осы маңда жүреді. Бұлардың да өздеріне тән секілді болып кеткен негізгі аймағы бар. Ол бақ шетіндегі қолдан жасалған хауызда екі аққу жүзіп жүретіндіктен «Аққу» аталған, буфетінде түрлі арақ-шарап, сыра, жеңіл-желпі тіске басар, кофе, шай сатылатын кафе. Сексеуілдің шоғына пісетін шашлыктың ет, сарымсақ, бұрыш, түтін исі шығып, алыстан мұрын қыдықтап, ауыздан су ағызып, өзіне тартатын сиқыры бар сияқты. Сыртқа қойылған жеңіл, таза столдарда шоқ-шоқ болып, гу-гу әңгіме соғып отыратын қаламдастар жиі бас қосатын қолайлы, арзан, ауыз жылытып, жүрек жалғайтын бұл нүктеде бәрі оңай, бәрі тез; сарғайтып күткізіп қоятын әрі қымбат ресторан да, ішімдікке тиым салып қойған асханада емес. Соған баратынымызды іштей біліп келем. - Коньяк? Арақ? Шарап? Сыра? Қанша? – деді Бердібек құйрық қалтасынан көнетоздау, әр жері қажалған әмиянын суырып, ішінен ақша алуға бейімделіп. - Өзіңіз? – дедім. - Маған бәрібір ғой. - Бүгін сабағым бар. Елу грамм коньяк алсаңыз жетеді. Жуантық денелі, бет-аузы түгел күліп тұратын буфетші ағамызды таниды екен. Әп-сәтте айтқанымызды алдымызға әкеп қойды. - Ағалық-інілік қатынасымыз ұзағынан сүйіндірсін, - осылай тілек айтқан Бердібек екеуміз бір-бір тал сосисканы енді аузымызға сала бергенде анадай кетіп бара жатқан екеу бізді көріп, алыстан сәлемдесіп, оқыс бұрылып, столымызға рұқсатсыз-ақ отыруға бет алды. Біреуі елуге келсе де, шашына ақ кірмеген, ет алып, май жимаған, қаншырдай қатқан ауыл тазысы секілді, шыжыған ыстықта қатқан қара костюм киіп, ақ көйлекке қызыл галстук таққан, жеп-жеңіл, ширақ, қағылез, белгілі ақын, көбіне ән мәтіндерін жазады. Екіншісінің бойы одан аласа, тор-тор, мыж-мыж қоңыр көйлегін жеңін шиыршықтап түріп алған, шалбарының тізесі шығып кеткен, беттерінің ұшы қызарыңқырап, көздері кілегейленіп, талайдан тарақ көрмеген шаштары жылбысқыланып тұр, әндерін елдің бәрі айтатын композитор десең, білмейтін адам сенбейтіндей. Бізді көргендегі қуаныштары су сепкендей басылды, Бердібек қасымызға отырмаңдар дегендей ишара жасады да, әмияннан суырып көк түсті, шытырлаған үш сомдықты композитордың қолына ұстата салғанда екеуі де қайтадан жадырап, олжаларын жасыра алмай, суатқа құлаған

шөліркеген жылқыларша аяқтарын шапшаң басып буфеттен бір-ақ шықты. Ұмытпасам, ол кезде әлгі ақшаға бір бөтелке арақ келсе керек. Бердібек екеуіміздің танысып, ұзақ жылдар ағалы-інілі кісілердей сыйласып, аралас-құралас жақындасып кетуімізге дәнекер болған жетпіс жетінші жылғы Әдеби жыл қорытындысында жасалған баяндамадағы «Өлгендер қайтып келмейді» романы туралы мәтін «Қазақ әдебиетінде», «Лениншіл жаста», бір жинақта, менің кітабымда басылып шыққан сайын «Аққу» кафесіне барып, қайта-қайта жууға сылтау болды.

Қарыз алу операциясы

Ол тұста қазақ жазушыларына да машина біткен: үлкендер Сәбит, Ғабит, Ғабиден, Әбділда, Мұқаметжан, Бейсенбай, Ғали жеке шопыр ұстаса, Тахауй, Сафуан, Әбдіжәміл, Серіктің тізгіндері өз қолдарында; бұрын көлік алу оқиға секілденсе, енді Еділ бойында итальяндардың көмегімен завод салынып, мекемелерге тізіммен машина бөліне бастағандықтан Жазушылар Одағының мүмкіндігі молайды, тіпті жылына бөлінетін төрт-бес көліктің біреуі кім өтініш жазса, соған тиетін жағдай туған. Сөйтіп біздің қатарластар көлік ала бастады. Бұрын ауылда трактор, жүк машинасына мінген тесік өкпе, қара табандар аса қиналмай жүріп кетті. Қырыққа таяғанда, аяқ-қолдың буын-буыны қатып қалған, икемсіз жігіттер қиналды, көпке дейін үйрене алмай әуреге түсті, қиқалақтады, анда-мында соқты, жол апатын жасады, тіпті астындағы көлікті тоқтата алмай үй қабырғасына соққандар, сасқанынан рульдің өзін сындырып, жұлып алған серілер күлкіге айналды. Айдай алмай жап-жаңа машиналарды құртқан, бауырларына, қайын жұрттарына жарты бағасына, тіпті тегін бере салған. Жігіттер бір жолы осындай қыран-топан күлкі үстінде, шалағай шопырларды мазақтап отырып, Рамазан Тоқтаров екеуімізді әбден ерегістірді, қыза келе біреуі «сендер машина айдасаңдар мен мұрнымды кесіп берейін», екіншісі «бұлар машина мінсе, мен самолет мінем» деп соқты, бәс тігісті, бізді әбден мазақ қылып, ішек-сілелері қатып күліп, орнымыздан тұрмастай қылды. Мұндай мазаққа шыдамаған басымыз, аяқ астынан өршеленіп, олар сөз қарсылығына тоқтамаған соң, қолға қағаз алып, екеуіміз де Жазушылар Одағының басшылығына машина сұрап өтініш жаздық. Малту білмейтін адамды зорлап суға түсіріп жіберген тентек балалар секілді күйге түскен достар мәз. Ар жағы не болады, онда шаруалары жоқ. Ол оқиға ұмытылып кеткендей біраз уақыт өткен. Жазушылар Одағынан телефон соғылды. Екінші хатшы екен. Бұрын жастар газетінде бірге істегенбіз. Мінезі белгілі. Дүңкілдеп тұр: «Өтініш жаздыңдар. Мәселені шештік. Ана дүкеннен күнде телефон. Келіпті көліктерің. Біздің басты қатырмай алмайсыңдар ма барып». Әрі қарай сөйлескен жоқ. Мәссаған, безгелдек деген осы. Бас-аяғы үш-төрт ай өтті ме, өтпеді ме, білмеймін. Ташкент көшесіндегі арнаулы дүкенге жүгіре басып барсам, шынында, менің атыма машина келгелі бірталай уақыт болыпты. Рамазан

сатып алып кеткен. Өз халіме өзім күлем 01 деп аталатын «Жигулидің» ең арзаны бес жарым мың теңге, оны-мұнысы, салығы, басқа шығынын қосқанда кемі алты мың керек. Үйдегі барды тиын-тебенге дейін қалдырмай жинағанда екі мыңнан артпайды. Бірер жүз сом да емес, мыңдаған соманы кім шығара қойсын. Осындайда ойланбастан қол-ұшын беретін сыйлас аға жазушы Нығмет Ғабдуллинге жағдайды айтқанда, «көлік деген өрісіңді кеңейтеді, еркін жүріп, бала-шағаңды тайраңдатып сыртқа шығарып тұрасың, дұрыс болған» деп алды да мың сом берді. Содан кейін жымиып тұрды да: Бұдан көп беруге қазір мүмкіндік жоқ. Ал саған секретімді айтайын. Мен кейде екі адамнан қарыз алам. Мезгілімен қайтарам. Сондықтан екеуі де сұрағанымды беріп тұрады. Кімдер дейсің ғой. Бірі – Сапекең, Сапарғали Бегалин, екіншісі – Бекең, Бердібек Соқпақбаев. Екеуі де кеңсе жұмысын істемейді, үйде. Бұлардан ақшасы көптер бар. Үлкендерден Ғабит, Әбділда, Ілияс, Әбдіжәміл, жастардан Қадыр, Тұманбай. Бірақ бұлардан ала алмайсың. Бердібекпен бірге оқығанбыз, доспыз, Сапекең әкемдей болса да, құрдастай қалжыңдасады. Бұл екеуі өте ұқыпты адамдар, тапқан-таянғандарын Тахауй Олжасқа ұқсап, оңды-солды шашып жүрмейді. Екеуі де көп тілдерге аударылған. Мол тиражбен жиі басылады. Бұларда қашанда ақша бар. Біреуінің кілті Мәкен шешеңде, екіншісінің кілті – Бибігүл жеңгеңде. Сол екеуінің тілін тапсаң, ертең-ақ машинаңа мінесің» деді. Сапарғали Бегалин аталас туысымыз, Дегелеңдегі қыстауларымыз көршілес, әкеммен екеуі бірге өскен, абитуриент күнімде Басарыққа жақын жерде Турксибтен алған ағаш үйінде қонып, кейінгі пәтерлерінің бәріне барып, араласып-құраласып жүреміз. Ғабиден Мұстафин алпысыншы жылдары жүрегі ауырды да, сол кездегі сауда министрі Рымбек Ілияшев көмектесіп, сауда техникумының қасынан, бақ ішінен қолайлы жер берді де, үй салып алып, қалаға түспей, дүниеден өткенше сонда тұрды. Іргесіне екі жазушы көрші боп, олар да үй салды, біреуі – Сапарғали Бегалин, екіншісі – Мұқаметжан Қаратаев. Бұлардың көршілігі, сыйластығы, қалжыңы таратып айтса, ұзақ, қызық әңгіме. Бір таксиді ұстай салып, тарттым. Жазда Сапекеңдер қалада емес, Сауда техникумында, Ғабиденнің қасынан салып алған үйлерінде тұрады. Кісі келгенге Сапекең де, шешеміз де қуанып қалады. Радио, телевизордан бәрін естіп, көріп отырса да, жаңалықтарды сұрайды, алыстағы Абыралы, Дегелең елінің хабарын білгісі келеді, өздеріне таныс біреудің аты айтылса елеңдеп, ол туралы бірдеңелерді айтып, қуанысып кетеді. Хамит, Мәжит, Қасым секілді дарынды ұлдар өсірген Сапекеңнің қасқабағына қарап, аялап бағып отырған Мәкен шешей өте сезімтал адам еді, ар жағындағыны, іштегі ойыңды айтпасаң да, біліп отыратын. Қолы ашық, дастарханы кең болатын. Қайындары Сәбит, Ғабиденмен, әсіресе Сәйділ Талжанов, Қаукен Кенжетаевпен ерекше қалжыңдасып отырып, «қартайдыңыз, аяғыңызды әрең басасыз, Сапекеңе бір жас тоқал әпереміз» дегенде солай жасап жіберетіндей қорқып, Ғабит пен Раяға қайта-қайта қарап, төменшіктеп қалатын.

- Қаладағы үйде от ала келгендей асығушы едің, ішіңдегі бірдеңені айта алмай, алақтап ұзақ отырып қалдың ғой. Бүйімтайың бар секілді ғой, - дегеннен кейін жөнімді айтсам, Сапекең әуелі қалжыңдап, көлік алатындай байлық қайдан келді саған, жүргізе алсаң жақсы, машинаны сағат сайын жем беріп асырау керек, қайда қоясың, гараж бар ма деген сұрақтардың астында қалдырып, бірталай жерге апарып тастады, маған сеніп қарыз беретін түрі көрінбейді. Нығмет анық біледі екен, Мәкен шешей сөзімізді тыңдап бітті де, қап-қара дөңгелек көзін ақсақалына тура қадап, баланың бетінен қақпа, алсын, сұрағанын бер дегенді соттың кесіміндей етіп, нығыздап айтысымен Сапекең бағанағыдай емес жібіп, қаладағы Панфилов пен Калинин көшелерінің қиылысындағы Жинақ кассасына барамыз деп жинала бастады. Бердібекті табу қиынға соқпайды: түстен кейін не Көктөбедегі өзі төбедегі үй дейтін дачасына кетеді, әйтпесе Гүл алаңы, Шоқан немесе Абай ескерткішінің маңайында жүреді. Қасында екі-үш өзінен жастары едәуір үлкен зейнеткер шалдарға күлкілі әңгіме айтып, мәз қылып келе жатқанында, Ленин көшесінде кезіктірдім. Қасындағылармен қоштасты да, көптен көріспегендіктен, сағына амандасып, бауырына тартып, мен бұрын Тахауиден шет жағасын естіп қалған, аспанда бұлт көтерілсе, шатырынан су өтіп кететінін сылтауратып, Бекең үйіне жүгіретін, бір көңілшек келіншек туралы әзіл әңгімені бұрынғыдан да құлпыртып, «бүгін аспан бұлттау болғандықтан сол жайнаң көз тағы көрпеме кіріп алама деп қорқып төбедегі үйіме бара алмай, қалада жүремін» деп қояды. Нығметтен алдым, Сапекеңнен алдым, енді бір секірсем соңғы барьерден де қарғитындай батылдық бітіп, Бердібекке келген шаруамды бөгелмей жеткіздім. Берем, бермеймін деген жоқ. Машина туралы сөйлеп кетті. Алғаш алғаны «Москвич» екен. Әбден мініліп ыңыршағы айналған, ұрылған-соғылған, күтілмеген ескі машинаны жамап-жасқап, жылтыратып бояп, орындықтарын қайта тыстап, жарқыратып қойғанын қайдан білсін. Біресе мотор тарсылдайды, біресе тормоз кетеді, біресе екі өкпесіне тепкілесең де тартпайды, біресе о жері, біресе бұ жері істен шығады, қала ішінде тұрып қалып, әркімге итертесің, шалғай шығып, ауылға бармақ болсаң, жолда қалдырады. Бұрыннан әккішопыр Сафуанның мойнына түскен қамыт болады, жөндету үшін сүйреп апармайтын жері жоқ. Ол кезде өз шопырлығы да шамалы, екі інісінің бірін светофорға қарап отыратын көзілдірік, екіншісін алдынан, арттан, екі тараптан келе жатқан көлікті қарап отыратын көзілдірік етіп әуре қылатынын біліп інілері Сайын мен Әкім қасына отырудан қашады екен. Бұдан кейін: - Осы біздің орыстардың қолынан қару-жарақ жасаудан басқа ештеңе келмейді. Өздері шығарған екен десем, оның өзінің көбі жезмұрт Сталиннің, көзілдірікті Берияның қаһарымен жан беріп, жан алған шпиондарымыздың ұрлап алып жіберген жобалары бойынша істеліпті ғой. Самолетіңнің де, танкіңнің де, ракетаңның да түп төркіні немістікі болып шықты. Тіпті Курчатов, Харитонов, Сахаров жасады дейтін атом, сутегі бомбаларының иесі түбі Германиядан қашып барған жебірей, неміс яки американдық. «Жигули» деп ат қойып алып, бәріміз қазір зырылдатып мініп жүрген

машинаны шығарған итальяндардан айналса етті. «Москвич» қайда, «Жигули» қайда, екеуінің арасы жер мен көктей. Біреуі есек арба, біреуі жел қайық – деп барып тоқтаған Бердібек көлік алу ниетімді қолдап, қарыз беруге келгенде әңгіменің ұзын сорабы мынаған сайды. Өкіметтен ай сайын айлық алмаса да, қатын-баласын бір еркектей бағып отыр; қаламақының арқасы. Табушы өзі болғанмен, билік иесі әйелі – Бибігүл, оның рұқсатынсыз бір тиын ұсталмайды. Олай-былай болып кетуден құдай сақтасын, ертеңгіні ойлайды, қалада өскен әйелі орыстар секілді, тапқан-таянғанды үнемі жинайды, кассада ұстайды, өсімін алады, жазда баратын жер ауыл емес, Ыстықкөл, Кавказ, Қырым, Мәскеу, теңіз, балалар үнемі қастарында, олардың ертеңі, мамандық алып, үй болып кетуіне қаржы жиналады. Сондықтан біреуге қарыз беру – қайтымы жоқ бос шығын саналады. Бірақ тілін тапсаң, Бибігүл де жібімейтін қаратас емес жібиді. Ондай адамдар, сирек, мәселен досым Нығмет Ғабдуллин. Бибігүлдің кранын ашу үшін, Сафуанды не Тахауйді төмендете сөйлеп, Бердібектің артық-жерлерін айту керек. Сонда мәселе оп-оңай шешіледі екен. Аптекадағы жұмысынан шаршап келіп отырса да жеңгеміз Бибігүл оң қабақпен қарсы алды. Төлеби (бұрынғы Комсомол) мен Желтоқсан (бұрынғы Мир) көшелерінің қиылысындағы үш бөлмелі үйлерінде бұрын қыс демей, жаз демей, күн демей, түн демей талай болғанмын. Романын соңғы жылдардың ең үздік шығармасы деген сөзімді дардай ғып жеткізген соң әйелі де разы болып қалған. Сол пейіл қанша жыл өтсе де суыған жоқ. Бұл шаңырақ басқа қазақтардан өзгешелеу өмір сүреді, ол есіктен кіргеннен білініп тұр: дәлізде қалың, шаң жұтқан жол кілемше емес, қағуға жеңіл жөке ме, қамыс па, әйтеуір бір арзан дүниеден тоқылған шағын төсеніш, киім ілгіште бас киім, бой киім, аяқ киім орындары бөлек-бөлек; ұйқы бөлмеден төсек орын, киім салғыштан басқа зат көзге шалынбайды, кітаптары залда тұрады, жазу столы да осында, үшінші бөлмеде ұлдары - Әли мен Мұхтар, екі бұттық гир, он килограмдық гантель, бокс қолғабы бір бұрышта. Қалың-қалың паллас, кілем, қақырайған үлкен, ауыр мебель аз болғандықтан пәтер биік, кең, ауасы мол көрінеді. Терезелер қысы-жазы ашық. Төгілген май, борсыған жуынды, қуырылған-шыжғырылғанның иісінен ада ас бөлмесі де жарқырап, адамды өзіне тәтті дәмі, ақ дастарханымен баурап, келген кісі негізінен сол жерден табылады. Бұл жаппай тазалықтың бір сыры әйелінің аптекарлығында болса, екінші сыры Бердібектің өзі де еш жерге шаң жұқтырмайтын, тап-тұйнақтай, темір тәртіптің адамы. Дастархан қолма-қол әзір болды. Жұмысқа барарда Бердібекке, ұлдарына Бибігүл тамақ әзірлеп кетеді. Өздеріне ғана шағындап, екінші қайтара жылытып ішпейтіндей, тақ-тұқ дайындалған борщ көжелерге әртүрлі демдеуіш сала ма, сілекейіңді жұттырады; бір шелек судың астына от жағып бетіндегі көбігін де алмай пісіріп, сорпасына макарон ба, вермишель ме, жуан кесілген іңкәл ма (қамыр) сала салған бесбармақты бұл үй жемейді. Көбінесе тартылған еттен жасалған манты, котлет, пельмен, шөп салат, қарамық, күріш, бұршақ. Қалай-болса солай бей берекет турамай, дөңгелетіп-

дөңгелетіп кесіп қып-қызыл етіп қуырған картопты жесең тоймайсың. Кішкентай тарелкада колбаса, сыр болады. Қысты күндері қазы-қарта, жылқы еті кесулі. Бағана Бердібек үйреткен тактикаға түсе алмай, қай жағынан келерді білмей, мазасызданып отырғанда, телефон шар ете түсіп, трубканы алған Бибігүл күле қалжыңдасып, қазақша, орысшаны араластырып ұзақ сөйлескеннен кейін дастарханға қайтадан келіп, күйеуіне есеп бергендей болды. - Сафуан досың. «Қожа» молдаванша деді ме, бір тілге аударылыпты, соны жуыңдар дейді. Орысшадан басқа ешбір тілге аударылуға жарамайтын сендердің кітаптарың емес, Бекеңді бәрі жақсы біледі дедім. - Ой, біздің мақтаншақ бәйбіше. Бөс-бөс. - Апай дұрыс айтады. Орыс, француз, украин, литван, латыш, чех тілдеріне тағы кім аударылып еді? Француздар Бекеңді Әуезов пен Мүсіреповпен қатар қойып, классик деп жазған. Канн сыйлығы анау. Басқа кім алды? Бұл кісі қарапайым болғандықтан үндемей жүре береді. Әлгіндей даңқ пен атақ Тахауй мен Сафуанға бітсе, төбемізді жарып жіберер еді, - дегенімде, Бердібек шаруаң оңай бітсін десең, айта түс, айта түс дегенді аңғартып, әйеліне байқатпай бір көзін қысып қойды. - Ты правильно говоришь, - деп ұнатып қалған Бибігүл әңгімені өзі жалғап әкетті. – Бұл шынында өз бағасын өзі білмейді. Ана екі досын алдына салып, оларды көкке көтереді, ылғи мақтайды. Бердібектің шын қадірін білетін інілері Сайын, Әкім, Қалихан, сен. Қырымның Көктөбеліне, Мәскеуге барғанда орыс классиктері Сергей Михайлов, Лев Кассильден тартып Бекең десе өледі. Одақтас республикалардан келгендер мұның алдында құрша жорғалап жүреді. Қазақстанда ғана ескерілмейді. - Неге олай дейсіз? Халықтың ең сүйіп оқитын, кітабы ең көп басылатын, оқушысы ең көп қаламгері ғой. - Онда неге жақсы үй, орден, медаль, лауреаттық бермейді? - Ол үшін өзі де жүгіру керек, онда-мұнда беру керек. Түске дейін үйде сіздің қасыңыздан шықпай, түстен кейін дачасына тартып тұратын жазушыны ұмытып кететін болар, - дегенімде Бердібек бір мырс ете түсіп, сөзге араласты. - Сен де қызықсың. Бұл інің марапат үлестірмейді ғой. Жазушы құдыреті орденде де, лауреаттықта да емес деп қанша айтсам, құлағыңа кірмейді. - Онда Тахауи неге лауреат болады? Сафуан неге орден алады? - Олар бұйырған күні сіздерге де келеді. Сол күн бүгін-ертең болатындай қуанған Бибігүл мұздатқышты ашып: - Мынау бар екен ғой, - деп сыртында балық суреті бар кішкентай банкідегі қара уылдырық әкеп қойды. Шайды қайтадан демдеді. Осы сәтте Бердібек «бас алға» дегендей ишара жасады. Түсіндім. - Беке, «Жигули» қандай машина? - Оны неге сұрадың? Сатып алайын деп пе едің? - Одақтан рұқсат келді.

- Ойбай, онда кешіктірмей ал. «Волгаңды» білмеймін, «Москвичпен» салыстырғанда «Жигули» деген нағыз боз жорға, - дегенде Бибігүл қосылды. - Бекең «Жигули» алғаннан кейін көзіміз ашылды. Соның алдында «Москвич» болған. Қанша шығындандық. Қанша жолда қалдық. Қанша азапқа түстік. Қазір рахат. Бір жағы Семей, бір жағы Нарынқол, бір жағы Ыстықкөл, балаларды салып аламыз да қорықпай кете береміз. Бекең дачасына күнде барады. «Жигули» берсе, ал! Нысананы ататын кездің енді келгенін Бердібек аяғымды басып түсіндірді. Кеттім неде болса: - Машина келіпті. Магазинде дайын тұр. Алайын десем екі мың сом жетпейді, - дедім. Бердібек Бибігүлге, Бибігүл Бердібекке қарады, мен білмейтін бөтен бір тілде сөйлескендей болды, өзара ұғысты-ау шамасы. Алғаш сөйлеген Бибігүл: - Жақсы көретін бір інің емес пе, қиналғанда көмектеспегенде ағалығың қайда? Нығметтерге де бересің ғой, берейін. Айтқан кезімізде қайтарар, - деп күйеуін үгіттегендей күйге түссе, Бердібек көнбейтін кісідей қабағын түйіңкіреп еді, әйелі тағы сөйлеп кетті: - Өсім беретін есептен емес. Күнделікті ұстайтын есепте үнемделіп қалған ақша бар. Содан алып бер. Кассаға қазір барсаңдаршы, - деп ыстық шайды қайтадан құя бастады. Сол қарыз алу операциясын еске түсіріп, ағамыз екеуміз көпке дейін Бибігүлдің тазалығы мен аңқаулығын айтып жүрдік.

Қонаевтың туған күнінде

Сағат он бірдің кезінде негізінен зейнеткерлер және мен секілді қолы бостау адамдар қыдыратын. Мұхтар Әуезов музей-үйінің алдындағы қыста қарға толып қалатын фонтанды енді айнала бергенімде, атымды атап айқайлаған жіңішкелеу таныс дауыс естілді, жалт қарасам – Бекең – Бердібек Соқпақбаев. Өз қатарластары секілді қабат-қабат қалың киіну, әйтпесе ұзын пальто, шұбатылған тон сүйрету дағдысында жоқ, серуенге лайық, адамды тоңдырмайтын да терлетпейтін бойына жақ шолақ куртка, кендір шалбар (джинсы), аяғында көбінесе крассовка, бас киімі де жеңіл, жылы, жүннен жасалған тоқыма. Тез, ширақ жүреді, танымайтын адам зейнеткер деп емес, бокс па, гимнастика ма тренері деп қабылдаса болатындай. Кейде қолында бұтақтан жона салған таяғы болады. Қашанғы дағдысымен қолғабын шешіп, ып-ыстық, жігерлі алақанымен қолымды қатты қысып амандасты да: - Бір қызық оқиға болды, бала, мен саған соны түп-түгел айтып берейін, өзге әңгімеге содан кейін оралармыз, - деп бір күліп қойып, дәл қазір кіріспесе ұмытып қалатындай, асығыс сөйлей бастады. - Осы көшенің бойы мен Комсомол көшесіне дейін бір барып, қайтадан айналып, Шевченкомен енді төмен түсе бергенімде, бір топ жігітке жолығайын. Өзіміздің жігіттер, жазушылар ішіндегі үлкені ыздиған

Балғабек, одан кейін шіренген Сейдахмет, одан кейін томпиған Тұманбай. Бас-аяғыма ұнатпай бір қарап шыққан Балғабек: - Әй, Беке, сенделбай жүріспен қанша туфли тоздырдың екен? – деп қалды. - Қырық жыл бойы тырп етпей шалбардың артын тоздырып, бір босағаны күзетіп отырғанда саған шыққан мүйіз қайсы? Қаттырақ айтып жібердім бе, Балғабек басынан көп сөз асырмайтын, үлкен мансаптағы, ресми қызметтегі адам ғой, қайтарған жауабымды ұнатпай, түйіліңкіреп қалды, оны сезе қойған Сейдахмет сөзге араласып: - Туфли де, шалбар да табылар, жақсы ағалар аман болыңдаршы осы, - деді екеуімізді бітістіргендей. Содан кейін маған қарап: - Беке, бүгін қазақ үшін тамаша, айтулы, ғажап күн ғой, - деді. Мен әуелде бұл сөздің мағынасын түсінбей қалдым. - Қандай күн еді, қаңтардың көп күнінің бірі емес пе? - Бұл дүниеден мүлде аулақ жүретін қайран Бекем-ай, - деп сөзге Тұманбай араласты. – Бүгін Димекеңнің, Қонаевтың туған күні. Құттықтауға бара жатырмыз. Мен аңтарылып тұрып қалдым. Шынында ол датаның маңызын, тарихилығын білмейді екем. Сейдахмет мені қолтықтап, зорлап жетелегендей болып, өздеріне ілестіре бастады. - Жүріңіз. Бірге барамыз. Құттықтаймыз. Ақсақал қуанып қалады – енді екінші қолтықтан Тұманбай алсын. Үйіне барып, туған күнімен құттықтамақ түгіл, өмірімде ол кісіні екі қадам қашықтықтан жақын көрген адам емеспін. Аяқ астынан бүйткенім ешбір қисынға келмейді. Тіпті барған күнде, бейтаныс мынау қайдан жүр деп жақтырмаса, намыстан өлмеймін бе? Жоқ, баруым дұрыс емес деп қарсыласқаныма қарамай, аналар аяқ-қолымды жерге тигізбей, жұрттың бәрі сыртынан жақсы білетін Димекеңнің үйінен бір-ақ шығарды. Күзет тұрады екен. Сақшы жігіт әсем жымиып, басын изеп, өткізіп жіберді. Есік ашық тұр. Дәлізде Димекеңнің өзі қарсы алды. Үстінде сұрша, тығыз матадан тігілген, жағасыз жилет. Анау Ғабиден ағаң үнемі тастамай киіп жүреді ғой, соған ұқсайды. Тамағына дейін түймеленетін қызыл күрең көйлек, қыры сынбаған қара шалбар, түсі кетпеген, сынып, мыжыраймаған туфлиі аяғына құйып қойғандай жарасымды екен. Көңіл-күйі жайдары, жүріс-тұрысы ширақ. Сексенге кірді дейтіндей емес. Мен әр өткен-бері өткен де, балкондарына, терезелеріне қарап, Димекең кем дегенде бірқабатты түгел өзі алып жататын шығар, ең азы он шақты бөлмесі бар болар деп ойлаған сырттай долбарым бекерге шықты. Төрт-ақ бөлме, ондай пәтер Тахауиде де бар. Тек залы ғана үлкен демесең. Бізді кабинетіне қарай өткізді. Қабырғаның барлығында кітап сөресі. Көзім шалып отыр. Дүниенің барлық саласына арналған сан алуан еңбектерді талғаммен, білікпен жинаған. Менің кітапханаға көзімді тігіп, басқа сөзге онша мән бермей отырғанымды сезді білем, Димекең әңгімені жаңа арнаға бұрды.

- Бұрын жұмыс қол тидірмеді ғой. Қазір күндіз-түні сырласым да, мұңдасым да осы кітаптар. Қашан барасың, қанша аласың өз қолыңда. Бұл кітаптар бұлданбайды, ананы айттым, мынаны айттым деп, бәлсінбейді. Барлық сырын ішіне бүгіп, оқырманын күтіп тұра береді. Біздің байлық осы. Бәріңнің де өз қолдарыңмен жазып берген кітаптарың бар. Мен ондай еңбектерді түгел жинап, сөреде сақтаймын. Кітап бермейтін сараң мынау Бердібек, - деген кезде мен іштей ойладым «Үйіңізге бірінші рет жігіттердің зорлығымен әрең келіп отырмын. Алдыңызға барып көргем жоқ. Сонда кітапты қалай берем» - деп. Бір-ақ жұмған ауызды ашпай, әдеп бағып отырмын. Димекең креслодан тұрып, шеттеу сөренің шыны қақпағын сылдыратып ашты да, ішінен бір кітапты суырып алды: - Мынау сенің кітабың, Бердібек. Француз тіліндегі «Менің атым Қожа» Парижге барғанда, Мұхтардың «Абай жолын» және сенің осы кітабыңды сыйлаған, - дегенде басым айналып, құлағым шыңылдап кеткендей болды. Жігіттер: - Кәні, кәні? Көрейікші, - деп барып, аяғында: - Ойбай, Беке, мынау керемет жаңалық қой, жуу керек, - десіп шулап кетті. Кітап қолыма тигенде, қуаныштан қаным тасып, жүрегім дүпілдеп соғып, бетім қызара бастағанын сездім. Ол кезде Алматы түгіл, Мәскеу баспаларының жағдайы аса мәз емес, кітап көбіне қоңырқай, газет қағазына басылады, мұқаба қалың қағаздан, ұзаса картоннан, анда-санда көзі тірі классиктердің қолы маталы, тері мұқабаға әрең жетеді. Қолыма ұстап отырған дүниенің авторы өзім екеніне көзім сенсе де, көңілім сенбей, сәбиін еркелеткен ана іспеттес пейілде кітаптың аппақ сүттей қағазға басылған беттерін парақтап, мұқабасын сипалап, суретші келістіре салған. Алатау торабына, Қожа, Сұлтандар бейнелерін қарап отырыңқырап қалған күйімді аңғарған Димекең: - Өй, Бердібек, жоғалтқан ботасын қайтадан тауып алған інгендей еміреніп отырсың ғой. Бұл кітапты бұрын көрмеп пе едің? - деді. - Шыққанын естігем. Кітапты бірінші көруім. Басқа да аудармалар қолыма тимейді. Шетелден қаламақы да келмейді. Ол жаққа барып алатын Тахауи, Әбдіжәмілдер ғой. - Мен біреудің берген сыйлығын екінші қайтара басқаға берген адам емеспін. Сен қанша қызыққанмен, бұл кітап өз орнына барып тұрсын, - деді үй иесі. Французша «Қожаны» сөредегі орнына қайтадан қойып. Дастарханға жиналдық. Төрде, Димекеңнің қасында Бәйкен Әшімов отыр. Жетпістің жуан ішіне кірсе де, бұрынғы өкімет басқарған кезіндегісіндей көрінді. Қаққан қазықтай, артық-ауыс қимыл жоқ, қасындағыларға да көп тіл қатпайды, қаршығадай қадалып отыр. Қасында борықтай, толық бәйбішесі. Жирен шашты, көк көзді, сопақ бетті, ақсары еркек-әйелдер көзіме көбірек түсті. Қайын жұрты, нағашы жұртынан болар деп топшыладым. Бізбен келгендер бірыңғай кең, еркін отырмыз. Ұзын, жалпақ столға қойылған сан алуан, ішімдік, сусын, ыстық-суық тағам,

балық, уылдырықтың түр-түрі, туралған қазы-қарта, көп-көп салат, шелпек, бауырсақ адамдарды шын пейілмен тосқан ақ ниетті көрсетіп тұр. Түрлері Димекеңнен айнымайтын бес-алты әйелдің бір-екеуі тіпті қартаң, қалғандары да елуді еңсеріп қойған. Інісі академик Асқардың екі ұлы да бір ұядан шыққан тектік сипаттарынан айнымай қалған екен, бәрі де сопақ бастау, атжақты, шүңірек көз, ұзын бойлы. Арнаулы тамада деген болған жоқ. Әркім еркін сөйлеп, тілек айтып отырды. Туған күн иесіне галстук па, көйлек пе, темекі тұтатқыш па, түнде қолға ұстап жүретін қолшам ба, сақал алғыш па, сол секілді кәкір-шүкір, болымсыз бірдеңелер ұсынылып жатты. Қалыптасқан дағды, бұрыннан келе жатқан дәстүр болса керек, сыйлаушы мынау олқы болды-ау деп қымсынбайды, алушы бұл ойыншық секілдіні қайтеміз деп қомсынбайды, екі жағы да мәз. Сыйлықты төгіп тастайтын шығар, аптап алтын, күптеп күміс, уыс-уыс ділда төгілер деп отырған ішкі арам ойым су сепкендей басылды. Әңгіменің негізгі тізгіні Димекеңнің қолында, өткен-кеткенге байланысты көсіледі; қызмет бабындағы оқиғаларды айтады; мен үшін мүлде жұмбақ Сталин, Хрущев, Брежнев туралы айтылғанда аузымды ашып қалсам, Шаяхметов, Оңдасынов, Сатпаев, Әуезовтерге ойысқанда, Нарынқолға келгендей бәрі түсінікті көбіне әзіл-оспақ, күлкілі әңгімелер, анекдот: бүгінгі басшылар туралы бір ауыз сөз жоқ. Димекеңнің анда-санда тұрып, жеке адамдардың қасына барып, иығына қолын салып, еркелеткендей етіп, жылы сөз айтатын мінезі бар екен. Бір кезде жазушылар отырған жерге қарай жүрді. Мен ойлап отырмын: қызмет бабы жоғары Балғабекке, не атын күнде аузынан тастамайтын Сейдахметке, не жаңа ғана қатырып жазылған арнау өлеңін нәшіне келтіріп оқыған Тұманбайға тоқталатын шығар деп. Біреуі де болмады. Екі қолын екі иығыма салды. Алақандары ауыр әрі ыстық екен. Сөйлей бастады. - Бүгінгі менің мынау туған күнге жайған дастарханымдағы ең үлкен адам – Бердібек. Тіпті анық шындықты айтсам, жазушы баласында қазақта Әуезовтен кейін осы үйді көрген ең үлкен жазушы – Бердібек... Бала-бозбала кезімде Қасым Аманжоловтан, қазір Тахауй Ахтановтан, кейінгі інілерімнен естіген ауызша мақтау сөздердің көбін көңіл көтеру үшін айтыла салған көпшік деп қабылдап, артынан ұмытып кететін аңқау басым мына сөздерді естігенде, шошып кеттім. Басқа-басқа, айтып тұрған кеше көсеміміздей көрген – Қонаев. Қатты қысылып, орнымда отыра алмадым. - Ойбай, Димеке, қойыңыз, - деппін сасқанымнан. - Тұра тұрғын інім, мен әлі айтып біткем жоқ. Мен жаңа мұның французшаға аударылған «Қожасын» көрсеттім ғой. Сол бойынша түсірілген фильмі Канн фестивалінде Бас жүлдені жеңіп алған. Білетіндер, менің кинооператор құрдасым Ескендір Тынышпаев айтады. Ол Оскарыңның, тіпті әдебиеттегі Нобеліңнен бірде бір кем емес деп. Мына сөздерді естігенде, буын-буыным босап, тамыр-тамырым түгел иіп, көз алдымнан қызыл-жасыл сәулелер жүре бастағандай болып кетті. - Мен осы классик жазушы Бердібек Соқпақбаев үшін көтеруді сұраймын, - деп оймақтай рюмкасын көтеріп қарап тұр.

Мен арақ, шарап, сыра атаулыны тастағалы қай заман. Оның бәрі ұмытылды. Кеше ғана сылқиып тойып алып, енді бас жазуға асыққан адамның өзіме жақсы белгілі күйіне түстім. Арақ па, коньяк па, виски ме, білмеймін алдымда тұрған бір рюмка ішімдікті, алды-артыма қарамай тарттым да жібердім. Басыма бірден шапты, маңдайдан тер бұрқ ете түсті. Димекең сөзінен кейін назар маған ауды. Алдымен Бәйкен Әшімов сөз жалғады. Әйелі, балалары, немерелері түгел «Қожаны» оқыған. Одан кейін Балтағұлов, Жиенбаев, Аухадиев кетті. Олардың үйінде де «Қожа» бар екен. Киноны көрмеген кісі жоқ боп шықты. Мақтау сөздер құтыртты ма, көптен ауызға алмай кеткен ішімдік желіктірді ме, сөйлегім кеп, сөйлегім кеп қопаңдап, ақыры шыдай алмай, қолымды ербеңдетіп орнымнан атып тұрдым. Менің бірдеңені бүлдіретінімді сезді білем, үш жазушы да жаратпай ала көзбен қарады, сол-ақ екен тіпті құтырып кеттім. - Әрине бұлар менің сөйлегенімді ұнатпайды. Есептері түгел. Атақ десең атақ, мансап десең мансап, үй десең үй – бәрі осыларда, Димекең мен Байекеңнің дәуірі дүрілдеп тұрғанда, талай алдарына барған, сұрағандарын алған, - дегенім де біреу жақтырмай тыжырынып, біреу құптағандай күліп отырды. - Сен неге бармадың, сен неге алмадың? Мына сөз қотырдың аузын жұлып алғандай, қайтадан өрекбіп, ешкімнен рұқсат та сұрамай, тіпті айғайлап, шәңкілдей жөнелдім. - Мен Қазақстан түгіл одан зорғыға да арызданғанмын кезінде. Әділет, шындық бар екен деп. Отыздың ішіндемін онда. Азия-Африка жазушыларының Дүниежүзілік конференциясының атына, Ташкентке жағдайымды айтып, үйсіз-күйсіз жүргенімді көрсетіп телеграмма салам деп өмір бойы пәлеге қалдым емес пе? КГБ-сы да, ЦК-сы да, Жазушылар Одағы да итті қуалағандай соңыма шоқ алып түсіп берсін. Бұрынғы бұрышбұрыштан пәтер жалдап, сылқита сыра ішіп жүрген күндеріме зар боп қалдым. Кітап басылуы да тоқталды. Атым тізімге қосылмайды. Айналайын орыстарым болмаса аштан өлетін едім. Әлгінде бәрің жабыла мақтап жатқан «Қожаны» қорғайтын қазақтан біреу табылмай, Мәскеуде жарияланғаннан кейін көзім аздап ашылды. Бірнеше қайтара басты, көп тілдерге аударды, қалтамды толтырып қаламақы берді, - деп шайқақтап тұрғанымда Димекең сөзімді бөлді: - Әй, Бердібекжан, сен жазушысың, қазақтың «Жыламаған балаға емшек бермейді» деген сөзін жақсы білсең керек. Не кемістігің бар, үйің жоқ па, атағың жоқ па, құрметтен кендемісің? – деп мені сабырға шақырғандай жұмсақ жымиып бәтуаға шақырғандай болды. Мен тағы бұзылып бара жаттым: - Бір әйелім, үш балам, екі бөлмелі үйім, «Жигулиім», бұрын жазған кітаптардан басқа түгім де жоқ. Тіпті ең аяғы кәсіподақ берген мақтау қағаз да бұйырған жоқ. Димекең тағы араласты:

- Менде қазір бір әйелде жоқ, шырағым. Тәуба, бір кісідей өмір сүріп жатырмыз. - Сіз дүрілдеп тұрған шағыңызда қол ұшын берген жоқсыз, бүгін мені мақтап, жүрегімді жара жаздадыңыз. Түгел айтатынымыз өтірік. Барлығы өтірік. Кітап өтірік. Газет өтірік. Адамдар арасындағы қарым-қатынас өтірік. Өтірік, өтірік. Бәрінен жалығып кеттім. - Өй, мына тентек не деп кетті? Бәйкен екеуміз ештеңені ала кеткен жоқсыз ғой. Қалды бәрі. Жарты мыңдай Жазушылар Одағы мүшелері бар екенсіңдер, маған келсеңдер де, Бәйкенге келсеңдер де сұрағандарыңды бердік, нәубез қалған кісі жоқ. Ал енді саған көмек жасай алмасақ, онымыз дұрыс болмаған. Ол қатені қазіргі бастықтар түзейтін шығар, - деп Димекең қайтадан қасыма келіп: - Дүниенің бәрі өтірік емес інім. Дүниеде жақсылық пен жамандық, достық пен опасыздық, қайыр мен қатігездік, ұят пен арсыздық, кедейлік пен байлық, қамқорлық пен озбырлық қатар жүретіндігіне менің көзім әбден жетті. Адам ретінде соны ұға білу аз, көтере білу керек, бауырым, - деп арқамнан қаққанда, мен жылап жібердім. Сірә, мас болып қалған шығармын. Бұдан кейінгі нәрсенің бәрі сағым ішіне кіргендей бұлыңғыр: біреулер тілек айтты, Бибігүл ме, Ермек пе ән салғандай, қалай тарастық, қашан үйге қайттық, біреуі анық есімде жоқ. Ертеңіне бас жазылып, қалпыма келгендей кезде, ана екеуіне қарағанда маған жақын жүретін інім Сейдахметке телефон соғып, жолығайық, далаға шық десем, қыңыратқып қалыпты, «бүлдірдіңіз, бүлдірдіңіз» дей береді. Бірақ ақыры көндірдім. Бағанадан саған айтқан әңгіменің ұмытып қалған кейбір жерлерін маған ұрса отырып, «былай дедіңіз ғой» деп, мойныма қойып берді. Сонымен, бала, мен Димекеңнің аузынан өмірімде естімеген мақтау сөзді естідім және ол кісі де өмірінде естіп көрмеген тентек сөзді естіді, - деп Бердібек сылқ-сылқ күлді.

- Әй, бала, - дейді Бердібек жүзі жадырап. – Мен таяуда бір ғажап жаңалық аштым. - Қандай жаңалық? - Қазақ жастарының тәрбиесін күрт жақсарту әдісі. - Тұтас институттар, өкімет пен партияңыз, ата-аналар, мұғалімдер таба алмай отырғанды сіз тапқаныңызға қуаныштымын, - деймін мысқылдағандай. - Өй, сен қалжыңға айналдырма. Менің тапқан жаңалығым – Абай. - Ақын атамыз ба? - Иә, ақын атамыз, данышпан атамыз Абай. Жасым жетпіске тақап қалды, бұл өмірде кемі мыңдаған кітап оқыған шығармын. - Сіз газет, кітап оқымайсыз ғой. - Ол өтіріктен әбден тойғандықтан шыққан кейінгі он-шақты жылдың қарсылығы ғой. Бұрын қолдан кітап түспеуші еді. - Ал, ашқан жаңалығыңыз Абай болуы қалай?

- Барлық оқушыларды мектепте қамап қойып, күндіз-түні Абайды оқытып, жас қой, милары толық, әбден жаттап алғандай болғанда ғана кәмелеттік аттестат беру керек. - Бұл жаңалығыңызды өндіріске енгізу оңайға соқпайды-ау шамасы. Таудан түскен адам, ақ қар, көк мұз іспеттес, өзі де таза, шығармалары да таза, классикалық туындылар берген қаламгер ағамен пейіліміз, сөзіміз, қалжыңымыз жарасып, қол боста қыдырыстап, реті келгенде қаладағы, таудағы үйлерінде, кафе, ресторанда алла берген ырзықты бөліп жеп, мұңқайғы бөлісіп, шер тарқатып, баз кешкен сол бір бұлаң күндер көзден бұлбұл ұшқалы қашан.

АЛМАТЫНЫ ТАҢҚАЛДЫРҒАН

Абайдың туғанына 125 жыл толуы кеңінен аталып жатты. Ең басты салтанат оның туған жерінде, Шыңғыстауда өтпек. Арнаулы шақыру келді. Университетті бірге бітірген курстас достарға тойды көрсетпек болдым. Үшеуі баруға келісті: «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасары Болат Бодаубаев, жауапты хатшы Мәткәрім Әкімжанов, «Қазақстан пионері» газеті редакторының орынбасары Әміржан Қалиев. Үшеуі Қазақстанның үш атырабынан: біреуі Жамбыл, біреуі Талдықорған, біреуі Қостанай облысынан. Сөйтіп сапарға шықтық. Семейге жету оңай болғанмен, ары қарай көлік қиын. Біз негізгі делегациядан бірер күн бұрын кеткенбіз. Ары ойлап, бері ойлап, облыстық атқару комитетінің төрағасы Екейбай Қашағанов алды кең деген соң, сол кісіге кірдім. Қызыл шырайлы, қимылы ширақ, алтын көзілдірікті елгезек азамат екен. Жөн-жосығымды, семейлік екендігімді, арнаулы қонақтардың тізімінде барлығымды, үш досымды тойға өзім шақырып әкелгенімді айтқанымда, мырс етіп күлді: - Әрбір тобықты өз тарапынан үш кісіден шақыра келсе, қонақтарды қайда сыйдыртамыз? – деп зілсіз әзіл тастады. Бұйымтайымды айта бастағанда, аяғына дейін тыңдамай, сөзімді бөліп: - Тұра тұр. Көп қонақтың ішінде кезінде Мұқаңа – Мұхтар Әуезовке достық қайыры мол болған бір орыс әйел бар екен сол кісіге сыйлық жасау үшін пошымын білу керек болып отыр, - деді. - Зоя Сергеевна Кедрина ма? - Сен оны қайдан білесің? - Аздап білем. Аспирант кезімде Ләйла Мұхтарқызының хатымен барып, үйінде бірер күн қонғаным да бар. - Ойбай-ау, мынау жақсы болды ғой. Кәні, айт. - Толық кісі. - 54-56 жағалы киім кигізсек, сия ма? - Сыйып қалар. Үстінен бір ауыр жүк түскендей қуанып, Екейбай Қашағанов енді менің бетіме күлімсірей қарап:

- Не сұрайсың? – деді. - Қарауылға апаратын көлік керек. Қоңырау соғып, көмекшісін шақырып алды да тапсырма берді. - Күйлі «Волга» тап. Қарауылға барып қайтатын және сол жақта екі күн жүруге жарайтын бензин талонын бер. Бұған төрт журналистің ішіп-жейтін жол азығын қос. Өзіміздің асханадан дәм беріп, шығарып сал. Болды, - деп сөзін бітірді. - Шынында да алды кең, қайырымы мол, жақсы аға шарапатымен аппақ «Волга» мініп, Шыңғыстау қайдасың деп заулатып келеміз. Көмекші де ұстараның жүзіндей лыпып тұрған пысық жігіт екен, тойдырып, ішкізіп, жалқұйрығымыздан сипап, арқамыздан қағып, Шағылға дейін шығарып салып кеткен. Жазғы дала әбден бабына келген, дүние құлпыра жаңғырған ұлы кеңістік құшағына кірдік те кеттік. Әуезов романында бейнеленген жерлерді жігіттер айнытпай танып отыр. Әсіресе Мәткәрім Әкімжанов қарасөздің өзін жатқа соғып жібереді. Күшікбай асуы, Еңлік-Кебек зираты, Орда таулары көзге оттай басылады. Екі-үш жерде тағы ат шалдырып, асыра-асыра тілек айтып, Қарауыл басына жеткенде, буымыз бұрқырап, көңіліміз аспанда жүрген болатын. Қайда түсеміз, кім қарсы алады – мұны ойлаған біз жоқ. Шофердің кеңесімен маңдайшасында «Қонақ үй» деген жазуы таяуда қайта боялған жатаған, жұпыны ғимаратқа келіп тоқтадық. Кеуделеп барып, қонақ үй кезекшісіне жөнімізді айта бастадық. Тәмпіш танау қара қыз көзге ілетін түрі жоқ. Ішіміздегі үлкеніміз Әміржан Қалиев дабдырлап, қызға дауысын көтеріп сөйлей бастады. Тәмпіш танау айылын жияр емес. - Мыңдаған кісі келіп жатыр. Олар бұл үйге тығындасақ та сыймайды. Мына тізімде сіздердің аты-жөндеріңіз жоқ. Сондықтан қабылдай алмаймын, - деп басқа жұмыстарға кірісіп кетті. Шашы қап-қара, түсі қарасұр, ат жақты, сыптығыр, екі жағына сәл шайқалақтап басып келе жатқан қазақ арасында сиректеу кездесетін ұзын бойлы, қырыққа жетсе, енді жеткен көрнекті жігіт бізге амандаспастан қонақ үйдің ішіне кіріп кетті. Дабыр-дүбір дауыс естілді. Әлгі қарасұр кезекшілерге ұрысып жатқан сияқты. - Әрбір көлденең көк атты сендерге билік жүргізсе, не болады? Тізімде бар ма, бар; жоқ па, жоқ. Қайда барса өзі біледі. Әңгіме біз туралы екенін ұқтық та, ішке кірдік. Кезекші қыз шырылдап қоя берді. - Жаңа осы кісілер менің жанымды ала жаздады, - деп шағынып жатыр. Қарасұр жігіт қабағын түйіп, ақыл үйрткендей кейіпке түсті. - Абай той - бір ауылдың, бір ауданның тойы емес. Республикалық, тіпті халықаралық той. Арнаулы өкімет комиссиясы бар. Сол не айтса, бізге заң. Қала емес, аудан орталығы өздеріңіз тауып алыңыздар, - деп айқайлады.

Жөнімізді айта бастағанда, сәл жібігендей болды да, кішкенеден кейін алғашқы әуеніне басты. - Олай болғанда, күні бұрын хабарладыңыздар ма? ЦК - дан,

обкомнан телефон соқтыңыздар ма?

Осы тұста Мәткәрім Әкімжанов шалқасынан түсті: - Әй, Нұрғалиев, еліңде кісі түсіретін беделің болмаса, ит өлген жерден бізді несіне әурелеп ертіп келдің? Ана Қашағанов берген «Волга» тұр ғой, Семейге қайтайық, - деп салды.

Қарасұр жігіт елең ете қалды. - Нұрғалиев? Рымғали Нұрғалиев па? Қашағанов? Облисполком? Енді менің қытығым келді. Әй, Мәткәрім, Болат, Әміржан! Кінә менде, кешіріңдер. Мен бұл Қарауыл басын жақсы білмеймін. Бұл жерде тұрған да, оқыған да жоқпын. Бірер рет қонақ болып кеткенім бар. Абыралыда, Шұбартауда оқығанмын. Сол жақтан көшіп келген біреулер бар шығар. Соларды сұрап тауып алайық. Битке өкпелеп, тонымызды отқа жағамыз ба? Абай тойына келдік қой, - дегенде қарасұр жігіт қолымнан ұстай алды. - Бағанадан жөн-жосығыңызды айтпайсыз ба? Абыралыны да, Шұбартауды да іздемей-ақ қойыңыз, - деп өзгеріп шыға келді. - Абыралыны көрерміз. Шұбартауда мектеп бітіргем. Сондықтан бір Шұбартаудың үйін табам. - Онда біздің үйге баратын болдыңыз. - Қалайша? - Жеңгең Үміт Шұбартаулық. - Асылбеков Нөгербек мұғалімнің қарындасы Үміт апай ма? Ойбайау, жезде болдыңыз ғой.

Жатып атар әзілі бар Болат Бодаубаев:

- Енді далада қалмаспыз. Балдыз бен жезде өлтірмес, - деп кетті.

- Сөзді көбейтпей, бір жерге барып құласақ болды емес пе, - деді

Әміржан Қалиев.

Бұл кезде қарасұр жігіт телефонмен сөйлесуге кірісті. - Хафиз Матаевич! Сыйлы қонақтардың алды келіп те қалыпты. «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері» газеттерінң басшылары, жерлесіміз ғалым-сыншы Рымғали Нұрғалиев, өздері бір қауым адам. Иә, Иә. Бар жағдай жасалады. Қазір үйге апарып қонақ етем. Иә, Иә. Жақсы орын да беріледі. Киіз үйлерде де орын дайын, - деп қарап тұр. - Ал жігіттер, ер шекіспей, бекіспейді. Артық кетсек кешірім сұраймын. Мен Абай аудандық партия комитетінің хатшысы Бәтташ Сыдықовпын. Бірінші хатшы Хафиз Матаев та сіздерге сәлем беруге келіп қалар. Ал қазір біздің үйге барып мына Рекеңнің апасы Үміт ханымның қою шайын ішейік. Жолдан шаршап қалған шығарсыңдар, - деп, әрқайсымызға қарулы, салалы саусақтарын жайып, қолын ұсынды.

Осылай танысқан Бәтташ Сыдықовпен 36 жыл бойғы жезде-балдыз, аға-іні, дос-бауырлық қатынасымызға ешбір жағдайда сызат түспей, балашағамызбен, үй ішімізбен қалтықсыз араластық. Ерекше сыйластық. Сағынышпен көрісіп тұрдық. Абыралы, Шыңғыстау, Шұбартау атырабында жол жүріп-ақ бақтық. Тау-таста, өзен-көлде саяхат кештік. Жаңбырлы, боранды күндерде жолаушы жүрдік. Қонақ үйлерде, киіз үйде, тіпті далада

қондық. Бір төсекте, бір көрпе астында да жаттық. Балалардың тағдырын бірге толғандық. Мерейтойлар өткіздік. Біздің бір-бірімізден бүгіп қалатын сырларымыз жоқ еді. Аңқылдақ еді, таза еді, жомарт еді. Қазақтың ескі билерінен келген, сүйегінде бар шешендік өнері қандай елі десеңші. Шабыты келіп, ол сөйлеп бір кеткенде жас-кәріні түгел таңқалдырып, разы етуші еді.

Алматыда, қазіргі Қаздауысты Қазыбек көшесі мен Мұқан Төлебаев көшелерінің қиылысында, қалалық бақтың жанындағы бес қабатты үйде мен көп жылдар тұрдым. Балаларым туған, өніп-өскен шаңырақ еді. Жас кезде қонақты көп шақырасаң. Сондай сәтті кештердің бірінде біздің дастарханда генерал-лейтенант Ширақбек Қабылбаев, финанс министрі Рымбек Байсейітов, академик Мұқамеджан Қаратаев, профессор Бейсембай Кенжебаев, ақын, Әбділда Тәжібаев зайыптарымен дәм ішіп отырған. Бір жиналысқа Семейден Бәтташ та келген екен. Телефон соқты. Кел дедім, үйде қонақ барын айтқан жоқпын. Бір уақытта Бәтташ жетіп келді. Қонақтармен таныстырдым. Алғаш қысылғандай болғанмен, артынан еркін отырды. Қаққан қазықтай тіп-тік. Жан-жағына жалт-жұлт қараған, сергек күйде. Бір кезде Бәтташқа сөз бердім. Томағасын алған қыран құстай, өңі құбылып даусы дірілдеңкіреп барып, түзеп алды. Алдымен елден, Семейден, Шыңғыстаудан келгенін термелеп, толғап айта бастады.

Жер реттерін, тарихи оқиғаларды баяндағанда, генерал разы болып «Иә, солай иә, солай» деп қояды, академик дыбыс бермей күлімсірегендей ғана болады; профессор разы; ақын ағынан жарылып: «ой, айналайын қалай айтады» деп тамсанады. Бәтташ сол жолы сілтеді. Бір кез Әуезов романының тұтас үзінділерін бір сөзін де бұзбай заулатты; бір кез әйгілі трагедиядағы қаһарлы билер монологын оқыды. Содан кейін барып Алматыға оралып, дастархан басындағы адамдарды жеке-жеке қарасөзбен жырлай бастады. Отырғандардың көз алдына ескі заманның күміс көмей жез таңдай шешені келгендей, бір өзі бір театр қызметін атқарғандай болып, жосыла шапқан Бәтташ импровизациясы бәріне ұнады. Әбділда Тәжібаев орнынан атып тұрды: - Айналайын, азаматым, шешенім, дүлдүлім. Бәрімізді Шыңғыстаудың бесігіне салып тербеттің ғой. Разы болдық қой. Сен Академияға келші. Шешендік өнер жөнінде мен саған тақырып берейін. Қорғатайын, - деді. Кейін Бәтташ екеуміз оңашада сол кешті еске түсіріп күліп жүрдік: «Бұл Бәкең Тәжібаевтың аспиранты да бола жаздаған» деп. Қонаев алдында сөйлеген соң ол жарықтық та ЦК-ға әкетпек болғанын айтып та күліп жүрдік. «Жарықтық, кейде шыбынды зеңбірекпен атасың» десем, сол сөзді көп жұртқа өзі жайды.

КІШІ ТАРМАҚ

ҚОС ҚАСИЕТ

Алматыда 1958 жылы тұсауын кескен қазақ теледидары алғашқы кезде аяғын кібіртік басып, жаңалық хабарлар, деректі фильмдер, концерттер көрсетумен ғана шектеліп, кең шығармашылық өріске шығып, қанатын серпи сермеп кете алмады. Газет-журналға үңіліп, кітап оқып, радио тыңдауға үйренген көпшілік көгілдір айна алдында отыруға машықтанбаған болатын. Сөйтсе де бірте-бірте теледидар қазақ жұртының ынта-ықыласын үйіріп ала бастады. Мұның басты себебінің бірі журналистиканың жаңа саласы – телепублицистикаға жастардың талантты буыны келді. Дикторлар, жүргізушілер, коментаторлар, сценарийшілер, операторлар, режиссерлер жаңа толқыны жаңа өнердің негізін салды. Түп негізі сөз өнеріне, қаламгерлікке ден қойғанмен, теледидардың толып жатқан ерекшеліктері, дара қасиеттері, өз талап, шарттары бар. Ең алдымен экранға шығатын маман адамның түр-түсі, кескін-келбеті келісті болса керек; пұшық, қыли, кем иек, қитар жүретін жер бұл емес; тұтықпа, кекеш, сақау, быдық маңайлай алмайды; дыбыстарды дәл, анық, қатесіз айту, әдеби тіл нормаларына сәйкес сөйлеу талап етіледі; сөз ағымын, тілдің табиғи ырғағын дәл сақтау керек. Бұлар дикторларға ғана емес, экран алдына шығатын барлық журналистерге қойылатын кәсіби қатаң талап. Оны аттап кете алмайсың. Қанын ішіне тартып, біреуге қарап, бүкшиіп, мойнын ішіне алып сүмірейіп, яки көзі алақтап, аспандап, шікірейіп, болмаса жерден жеті қоян тапқандай қылмыңдап, өз-өзінен жымиып, орынсыз ыржақтап, аяқ астынан күліп жіберуге жол жоқ. Шындап келгенде, тележурналист қарасаң көз тойғандай келісті, тыңдасаң адам ұйытарлықтай құнарлы сөз иесі. Қазақ университеті филология факультетін 1964 жылы бітірген Сұлтан Оразалинов аспирантураға түссе, не газет-журнал, баспа редакцияларының біріне жұмысқа тұрса, оның кейінгі тағдыры қалай қалыптасқан болар еді деген жорамал жасамай-ақ қояйық; жас, көрікті, білімді, қабылетті жігіттің қызмет жолын жаңа аяқтанайын деген ұлттық теледидардан бастауы оның адамдық, қаламгерлік тағдырын анықтап берді. Жұмыс қызық. Жас журналист бес жылғы алған білімін жұмсайтын нағыз керекті орынды тапты. Болашақ көрсетілімнің жобасын жасау керек. Сценарий үлгісінде жазылады. Диалог, монолог формаларын игеру қажет. Жұмыс қиын. Хабар күнде жүреді. Сондықтан күнде текст жазылады. Хабар тек сөзден құралмайды. Жұртшылық алдына шығару үшін режиссермен, оператормен келісу керек. Ұжымдық оймен ұласқан тұтастыққа қол жеткізбесең – ұтылғаның. Мың сан адамның алдына шығып көр. Қылп еткеніңді біліп, көріп отырады. Айттың – сөз ұшып кетті. Қайтып түзей алмайсың.

Алпысыншы жылдардың ортасы мен сексенінші жылдардың басындағы қазақ теледидары көрермендері есінде жақсы сақталған суреттер бар. Телеэкранға жайлап басып, орта бойлы, қара шашты, келісті жігіт шығып келе жатады. Бір күліп қойып, ашық, таза үнмен кезекті хабарын яки сұхбатын бастайды. Үлкен көзді, сұлу қыр мұрынды, ат жақты жас азамат сөйлеп отыр. Алдында қағаз жатуы мүмкін, бірақ ол оған анда-санда бір көз тастағаны болмаса, негізінен еркін кетеді. Хабар алдында оқыған-түйген, жиған-қорытқан, жүйелеген-топшылаған нәрселердің бәрін енді ұмытқан секілді, ой-пікірді дәл осы жерде, табан астынан шығарып айтып отырғандай әсер қалдырады. Қолма-қол шыққан тың ой, жаңа тұжырым, соны байлам секілді. Импровизациялық сипат бар. Ескі дәстүр, ақындық мектебінің жаңа бір құбылысы іспетті. Дәл қазір жасалып отырған көрініс. Сөз толғауы да еркін. Дереу жауап. Дереу сұрақ. Дереу жетелеу. Көз алдыңызда шешендік мектебін көргендей боласыз. Алысқа тартып, шұбалтып кетпейді. Мезгілімен, дәл қажетті кезінде түйіп тастап, сәтімен сабақтайды. Келісті жігіт келісті сөзімен келісті көрініс жасап отыр. Бұл бұл ма? Кейде экранда халыққа еңбегімен танылған жазушы Сәбит пе, Ғабит пе, Ғабиден бе, Сапарғали ма, Тахауй ма, Ілияс па, ғалым Әлкей ме, Мұхаметжан ба, Бейсенбай ма, Зәки ме, актер Серке ме, Елубай ма, Шәкен бе, режиссер Асқар ма – біреуі отырар еді. Қасында – Сұлтан. Жас жігіт өнерін сонда көріңіз. Саспайды, абдырамайды. Алдымен қаламгердің шығармашылық жолын, өмір белестерін көрермен есіне бір түсіріп алып, іске кіріседі. Сұрақтан сұрақ туады. Ойдан ой туады. Қонақ тебіреніп сөйлейді. Оны тебірентететін Сұлтанның толғаулары. Сұлтан назары пәс емес, ол кібіртіктемейді, дербес те асқақ сипат бар. Тең сөйлеседі, кейде жаңа нысандарға бастайды; соны тұжырым, тың байлам айтады. Сөйтіп, көрерменнің көз алдында тұлғаны қатыстыра отырып, оны сөйлетіп, әр түрлі жағдайда, ситуацияда көрсетіп, суреттерді, құжаттарды, естеліктерді пайдаланып, соның бәрін өзі қорытып, өзі тиянақтап, Сұлтан Оразалинов қазақ зиялыларының тұтас тобының теледидар бетінде шығармашылық кескінін сомдап алып қалды. Сөз жоқ, бұл үлкен еңбек. Қырғыз Айтматов, құмық Құлиев, авар Ғамзатов, орыс Распутин, өзбек Ариповтармен жүргізген Сұлтан сұхбат-хабарлары қазақ телеөнерінің абыройын кең тарапқа жайған болатын. Ол жасаған әдеби-драмалық телехабарлар сериясы Мәскеуде, Тбилисиде, Кишиневте, Ташкентте, Бішкекте көрсетіліп, қазақ әдебиеті мен өнерін кең аудиторияда насихаттады. Қазақ телевизиясы Сұлтан Оразалинов алғаш мұрындық боп ашқан “Сұхбат”, “Қымызхана”, “Сахна”, “Айтыс”, “Кездесу”, “Шұғыла” циклдары арқылы байыды, жаңа көркемдік-эстетикалық кеңістіктерге шықты. Көптеген әдеби-драмалық хабарлар, сұхбаттар сериясын жасап, телепьесалар жазып, төселгеннен кейін Сұлтан студенттік кезде бастаған бір ізденісін-жазушы Ғабдол Слановтың өмірі мен шығармашылығын арқау еткен зерттеуін тереңдетіп, толықтырып, “Шындық және көркемдік шешім”

деген монографияға ұластырды. Бұл кітапта қазақтың деректі прозасының дамуына, публицистикаға мол еңбек сіңірген қаламгердің шағын жанрдағы туындылары алғаш рет тұтас алынып, кеңінен сараланды. Зерттеуші кезінде қалың оқырманның ықыласына бөленген “Арман ағысы”, “Дөң асқан”, “Жанартау”, “Шалқар”, “Домбыра күйі-ақиық”, “Айқай тас” хикаятромандарын талдау үстінде шығармалардың өмірлік материалы мен көркемдік шындық диалектикасын толымды түрде аша алатын дарынды әдебиетшілік қабылет-қарымын көрсетті. Шынын айтқанда, қазақ прозасының талантты өкілі Ғабдол Сланов мұрасын эстетикалық биік деңгейде саралап, танытқан бұл еңбек Сұлтанды байсалды сыншы ретінде әбден мойындатты. Башқұрт А.Хакимовтың “Қос терек”, “Қилы заман”, орыс Н.Еременконың “Күткен таң” шығармаларын қазақшалау арқылы Сұлтан – телепублицист, теледраматург, сыншы атына аудармашы атағын тағы қосты. Алғы сөзін, мәтінін Сұлтан дайындаған қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланған “Абай елі” альбом-шежіресі көптеген шетелдерге тарады. Сөздік қоры аса бай, бейнелі, кестелі, орамды тіліміздің бірте-бірте өрісі тарылып, тынысы кеміп кеткендігінің көптеген себептері бар еді: отызыншы жылдардағы қолдан жасалған қырғын халық санын ойсырата кемітіп жіберді; алаш ұранды, большевик тілекті демей зиялы қауымды отап тастау; соғыста опат болған жарты миллион боздақ; көшіріп әкелген зауытфабриктердің орнығып қалуы; шешен, неміс, құрт, грек, молдаван, поляк секілді тұтас халықтарды жер аударып алып келу; тың игеру деген науқанды желеу етіп тағы да бөгде ұлыс өкілдерін қаптату; сөйтіп демографиялық әлуеті әбден әлсіреген қазақ халқының ең соңғы ұлттық тірегі іспетті – мектептерді, дәлірек айтқанда, әсіресе Сарыарқа аймағында мыңға жуық мектепті жауып жіберу, тілімізге тиген ауыр соққы болды. Оның үстіне өзгенің жылтырағына әуес, түбі кеңес халқы, тіпті дүние жүзі бір тілде сөйлейді деген коммунистік арандатушы саясатқа сенген жұрт, әсіресе қаладағы қазақтар от басы, ошақ қасында ана тілінен безініп, сәби бесігін өзге тілде тербетті. Шаһарларда қазақ тілі өлді, көше, кеңсе, іс-қағаз орысша сөйледі. Ғылым түгелімен орысшаға көшті. Арал теңізінің сарқылғаны секілді кейіпке түсіп, республика астанасы Алматы қаласында қалған жалғыз қазақ мектебінің өзі орыс мектебімен бір шаңырақ астында өліп-талып әрең күн кешіп отырған кезде, қазір жастары алпыстан асқан, ол уақытта тұңғыштарын жетелеп, қазақ мектебінде оқытпақ болған зиялы қауым, алдарына марқұм Әбу Сәрсенбаевты ұстап, қалалық партия комитетінен көмек сұрай барғанда, фамилиясы қазақша, аты-жөні орысша хатшы көзі бақырайып, зәресі ұшып: “байқаңыздар, жігіттер, бұларың ұлтшылдық болып кетпесін!” деп сақтықпен ескерткені әлі көз алдымда. Сол жетпісінші жылдар басында қазақ мектебіне барғандар қазір отыздың жуан ішінде; білімді, толымды азамат болды; үш тілді қатар – тең меңгерген; елші де, министр де, бизнесмен де, профессор да, сенатор да осы

буыннан шығып жатыр. Болашақ президент те осы буыннан сайланатына сенімім кәміл. Жетпісінші жылдардан кейін қазақ халқы қандай күйлер кешпеді: желтоқсан дауылы, бүкіл ұлтты тұқыртқан, жерге қаратқан күндер, тәуелсіздік алу; азат даму жолына түсу; халық еңбегімен жиналған байлықты қайта бөлу; бай мен кедейдің пайда болуы; түйені түгімен жұтатын алпауыттардың шығуы; қазақ ауылының басына төнген тажал зұлматындай қиыншылық; есеңгіреген экономиканың қайта жандана бастауы; астананың Ақмолаға көшуі - осылардың қатарында айтылатын үлкен бір құбылыс: қазақ тілінің заңды түрде мемлекеттік мәртебе алуы үшін, дамуы мен өрістеуі үшін, іс-қағаздардың, мекеменің, кеңселердің, көшелердің, жарнаманың, бір сөзбен тәуелсіз мемлекет атына заты сай болып, қуыршақ, декорация, өтірік кейіптен, шын мәніндегі азат сипат алу үшін күрес. Осы майданның бел ортасында Тіл комитеті, Тіл департаменті, Ұлттар істері комитеті, Авторлық құқықтар комитеті деп аталған мекемелердің басшысы болған Сұлтан Оразалинов тұрды. Халықтың тарихи жадын өшіріп, коммунистік идеологияны орнықтыру үшін әдейі қойылған Ленин –/181/, Киров /71/, Калинин /53/, Октябрь /105/, Большевик /63/, Социализм /35/, тағы басқа толып жатқан Крупская, Дзержинский, Фабричная, Целинный, Московский, Россия деген секілді елді мекендердің өз атауларын қалпына келтіру үшін көптеген қарсылықты жеңу қажет болатын. Іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізуді айтып қана қоймай орындау міндеті де тұрды. Осындай ауқымды, саяси маңызды, елдік, тәуелсіздік мәртебесін нақты түрде іске асыратын екі жүз елудей тіл басқармаларын құру, олардың ісін нақты жолға қою – мол қажыр, қалың қайратты талап етер шаруа болса, соның бәрін қара нардай белі қайыспай көтеріскен ер-азаматтарымыздың бірі – Сұлтан Оразалинов екені көпшілік мойындаған ақиқат. Тіл саясаты жөніндегі нақты істерді, ғылыми теориялық ойларды тұжырымдайтын, әр түрлі мақала, сұхбат, пікірлердің басын қосқан екі тілде жазылған “Тіл тағдыры – ел тағдыры” кітабы шықты. Осындай қаламгерлік көзқарас тұрғысынан сұрыпталып дайындалған “Жүректің көзі ашылса” бір томдығы да жанрлық байлығымен, мағыналық тереңдігімен, деректі негізімен қалың оқырман көңілінен шығады деп ойлаймыз. Кіндігінен тараған ұрпағы бұл күнде рулы ел болып кеткен, кезінде Мұхтар Әуезов шежіре сырына қанығып, дән ырза болып, шығармасына кейіпкер еткен дуалы ақсақал Оразалының немересі, ел ішінде жомарт жүрегімен танылған анамыз, қолынан талай дәм татып, талай еркелеген аяулы шешеміз Күләннің он баласының ішіндегі ең сүйіктісі, әрі Абай елінің тағлымын алған азаматтың ең бастысы туа бітті қасиеті болар, қырық жылдан астам бірге қатар, дос-жар ғұмыр кешіп келе жатып біреуге әлімжеттік жасап, топыраққа аунатқанын, кесесіп кектеніп, соңына от алып түскен, өзім деп өзеурегенін, мен істедім, мен бітірдім деп кеуде соғып шіренгенін көргеніміз жоқ, оның есесіне өз шаруасын қоя тұрып, басқаның жоғын жоқтап, сұрағанын алып беріп, шашбауын көтеріп, ағынан жарылып, досқа, туысқа, елге, жерге, халыққа қызмет етуден жалықпаған қайрат-

қажыры разы етеді. Мұның атын сөз бен әрекеті, тілегі мен тындырымы, ниеті мен ісі ажырамайтын, ойы мен қимылы бір табандылық дейді; мұның атын ғайбат пен өсектің, күншілдік пен қызғаныштың, арамдық пен аярлықтың маңайын баспайтын адалдық дейді. Құдайға шүкір, Сұлтан бір кісідей мансап тізгінін ұстады, теледидардың бас редакторы, Орталық комитеттің сектор меңгерушісі, баспа директоры, Комитет төрағасы – басы айналып, көзіне ет бітіп, мұрын көтеруге осылардың қай-қайсысы да жетіп жатыр. Қысқасы, бір кісі арман ететіндей мансап биігіне, ұрпақ өсіріп, тамыр жайған аталық биікке Сұлтанды алып шыққан қос қасиет, олардың аты – табандылық һәм адалдық.

2001.

ДЕГДАР

Семей облысы Үржар ауданында орта мектеп директоры болып істейтін бажам Тұрғали Мүшекенов жазғы демалысқа ауылына шақырды. Мектепті орысша бітіріп, орыс ішінде қызмет еткенімен, айрықша қазағуар. Мамандығы математик бола тұра, көп нәрседен хабардар, жан-жақты жігіт. Сырнай, баян, мандолин, домбыра қайсысы қолына тисе, еркін ойнай береді. Жап-жақсы дауысы бар, әсіресе Жүсіпбек мәнеріндегі әуендерді еркін, сүйіп айтады. Тарбағатайдың тау-тасын аралату өз алдына, ең бастысы Алакөл жағасына барып, бірер апта сол жерде жатуға уәделескенбіз. Сол 1973 жылы филология факультетін үздік бітіріп жатқан Болатжан Әбілқасымов деген студенттің Мақаншы жағынан екенін білетін едім. Оны тауып алып, көл жағдайын сұрап едім, шәкіртім қуанып кетті. - Менің әке-шешем көл жағасынан он-он бес шақырым Жарбұлақ ауылында тұрады. Жұмысқа шыққанша ауылға бара жатырмын. Сіздерді күтіп алам. Жақсы болды, бірге демаламыз. Мектептің жүк машинасына киіз үй, екі қой, арақ-шарап, азық-түлік киім-кешекті тиеп, Тұрғалидың ұлдары Қалқаман, Қамбар, менің ұлым Ардақ пен қызым Ләйла және ағамыз Рымбек Байсейітовтің ұлы Мұрат, Тұрғалидың өзі, әйелі Ғазиза, Ләтипа, мен және шофер бар, бір қауым кісі көл жағасына жеттік. Биік жар басында шағын дүкен бар екен, бәрі сатылады: арақ-шарап, нан, шәй, қант, кәмпит, лимонад, ет, колбаса, жеңіл-желпі сырт киім, аяқ киім, иесі әбден қазақ болып кеткен ұйғыр екен. Кірпіштен салынған ешқандай басқа құрылыс жоқ. Көл жағалай анажер, мына жерде ретсіз тігілген итарқа, үйшік, киіз үй жыртылып айрылады. Вагонетка қойғандар да бар. Көкпеңбек алып көлді шығысынан тағадай иіліп

Тарбағатай, Алатау таулары қоршап тұр. Көгала толқындар шайып жатқан Үшарал сорабы айқын көрінеді. Жер ошағымызды қазып, қойымызды сойып, үйімізді тігіп, шағын электр движогын іске қосып, енді есімізді жия бастағанда, бізді Болатжан да іздеп тапты: - Жағада масаға таланып не бар? Жарбұлаққа бізге жүріңіздер, - деп жатып жармасқанына көнгеніміз жоқ. Жұмақ Алакөлдің суында екен. Мөп-мөлдір, тап-таза тұзды су шымшымдап денеңді қуырып, бойыңды сергітеді. Бір сүңгіп шықсаң, құлан таза болып кетесің. Жақсы-еркін малти алмағандықтан, өзгеміз жағадан алысқа бара алмай, кеуделеп қана жүреміз, ақырын-ақырын малтыған боламыз. Болатжан бала күнінен осы көл жағасында өскендіктен ол шалқардың балығы іспеттес: күмп беріп сүңгіп кетеді де, көпке дейін көрінбей, біраз уақыттан соң көз ұшынан бір-ақ шығады, құлаштап та малтиды, шалқалап та малтиды, кілемде жатқандай-ақ су бетінде тып-тыныш демалады, оған құм басып жағада жүргеннен, толқыннан толқынға аунап, суда жүзген әлдеқайда оңай секілді. Жарбұлақта тұратын әке-шешесі момын адамдар екен. Болатжаннан кейін Бақытжан, Бауыржан, Баубек секілді інілері, бірнеше қарындасы бар екен. Әкесі Шайзада ақсары, мұрны пышақтай, аңқылдаған, әңгімешіл адам болып шықты. Ескі әңгімелерді, шежіре сөзді жақсы біледі. Бұлар Найман, Қаракерей, оның ішінде қазақтың ұлы батыры Қабанбайдың тікелей ұрпағы. Бірер үй керей, уақтан келген кірме болмаса, тұтас ауыл түгел Қаракерей Қабанбайдың нәсілі. Бұрын хатқа түспеген Қабанбай туралы жырды Болатжанның нағашысы аулада отырып, кешкі салқында ұзақ жырлап отырды. Қашан біз Алматыға қайтқанымызша Болатжан күндіз-түні қасымызда болды: көп жерді аралатты, Жалаңаш көлге апарды, Барлық арасанды көрсетті, балаларға суда малтудың неше түрін үйретті, балық аулауға машықтандырды, сөйтіп қымбат, жақын бауырымыздай болып кетті.

Атақты партизан, белгілі қоғам қайраткері, жазушы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Әди Шәріпов адамға жақсылықты іздеп жүріп жасайтын кісіліктің иесі еді. Университетті енді ғана бітірген қылқан кескендей жастар Шәкір Ыбыраев, Жанғара Дәдебаев, Құлбек Ергөбеков, Серік Негимов, Болатжан Әбілқасымовты бірден жұмысқа алды. Бұлардың бәрі де кейін ғылым докторы, профессор деңгейіне көтерілді. Кафедра басқарды, декан, проректор, ректор болды. Ал Болатжан Әбілқасымов ұзақ жылдар Әдебиет институтында ғалым хатшылық қызметінде көп жұмыс бітірді. Мәскеуде оқып, орыс фольклорлық ғылымының тамаша мектебінен өтіп, соны методологиялық әдістерді меңгеріп келіп, қазақтың жаңа фольклористика бағытын (С.Қасқабасов, Е.Тұрсынов, Ш.Ибраевтармен бірге) қалыптастырды.

Ғылыми мәні зор көптеген зерттеулер, түрлі жинақтар Болатжан Әбілқасымов редакциясымен басылып шықты. Болатжан қызмет бабында аузы берік, артық сөзі жоқ адам болатын. Ол ғалым хатшылыққа тағайындалғанда өзімізше үлкендігімізді көрсетіп, ақыл айтып жатырмыз: - Бұл қиын жер. Сөз өртеніп лаулап тұрады. Артық-ауыс бірдеңе айтушы болма. Кейін Сейіт Қасқабасов айтады: - Сол кеңесті бекер берген екеміз. Мына бауырың басқа түгіл біздің өзімізге түк айтпайды. Нағыз барлаушы болатын адам екен.

ІІІ

Мұхтар Құл-Мұхамед қызын ұзататын болып, Алматыға тойға бардық. Опера және балет театры қарсысындағы Алматы қонақүйінің астындағы бұрын талай тайраңдап қызықтаған ресторанымыз адам танымастай болып өзгеріп кеткен, әлемдік биік талаптарға жауап беретіндей әшекейленген, алтынмен апталып, күміспен күптелген. Далиған кең зал сәтті бөліктер жасалғандықтан ықшам да қолайлы көрінеді. Тойға келген адам көп: министрлер, депутаттар, журналистер, баспагерлер. Үлкендер жағын танығанмен, орта жастағылар, жастар бейтаныс. Мақаншы тарапынан келген бір топ адамның ортасында отырған Болатжан көзіме оттай басылды. Көріспегенімізге бірталай уақыт болған. Аман-сәлемнен кейін іні-шәкіртім өкпе айта бастады. - Астанаға, университет кафедрасына шәкірттеріңізді жинап алдыңыз. Мені ғана ұмыттыңыз. Кісіге кінә артып, өкпе айтпайтын Болатжанның мына сөзі мені таңқалдырды. - Жер бетіндегі жұмақтың бірі – Алматыны тастап, дүниедегі ең суық астанаға бармайсың ғой. - Ел ауған жаққа бақ ауады. Шақыратын болса, неге бармаймын, барар едім. Ең бастысы денсаулыққа қолайлы жер. Әсіресе жүрегі ауыратын адамға Арқаның желі мен аязы ем деп естимін. Болатжанның инфаркт алғанын білем, сондықтан Астанаға көшу ниеті анық екенін ұқтым. - Егер кафедрада бос орын болып жатса келесің бе? - Бүгін хабар жетсе, ертеңіне барам. Сол сөзден кейін көп уақыт өткен жоқ, 2006 жылдың қыркүйек айында отбасы жағдайына байланысты бір адам Қарағандыға ауысып, профессор вакансиясы босады да, сол орынға Болатжан шақырылып, конкурстан өтті. Барлық жағдай жасалған, жаңадан салынған Студенттер үйінен бір бөлмелі қолайлы пәтер беріліп, жаңа ортада Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында ұстаздық-педагогтық қызмет атқара бастады. Оқу-

әдістемелік жұмыстарды жақсы білетін, бұрын декан болған адам жаңа ортаға тастай батып, судай сіңді. Кафедра мүшелерінің дені Алматыдан келген ескі таныстары, біреуі ұстазы, біреуі курстасы, біреуі қызметтесі, шәкірттері. Магистранттар мен аспиранттарға ғылыми жетекшілік жасады, студенттерге фольклордан лекция оқыды. Әуелде докторлық диссертациялық кеңеске мүше, артынан Бақылау аттестаттау комитетінде сарапшы болды. Университеттің, астананың қоғамдық-мәдени өміріне белсене қатысты. Конференцияларда баяндама жасады. Павлодар, Қарағанды қалаларында өткен ғылыми басқосуларда Болатжан тың пікірлерін, жаңашыл ойларын ортаға салды. Жол азықты мол алып, сапарларда достарының көңілін тауып, аңқылдап, ашық-жарқын, көңілді жүрді. Денсаулығы әбден жақсарып кеткендей көрінген Болатжан 2008 жылдың наурызында аяқ астынан жүрегі қатты ауырып, емханаға түсті. Кафедра мүшелері бір семестр оған салмақ салған жоқ. Сабақтарын бөліп алып өткізді. Ұзақ емделіп, қалпына келгендей болған. Демалысқа шыққан соң «Мерседес» машинасының руліне өзі отырып, Алматыға кеткен еді.

Жығылып, зақымданған аяғыма операция жасағаннан кейін дәрігерлер Алакөлге баруды ұсынды. Асыл су, тұзды су пайдалы деді. Кенже ұлым Ердос, келінім Әсел, немерем Мүслима, әйелім Қадиша, қызым Рабиға – бір машина боп көл жағасына сау ете түстік. Баяғы Алакөл жағасы емес, бәрі өзгерген. Ақша құдіреті мұнда да білгенін істеп жатыр. Қонақүйлер, демалыс орындары, тамаша коттеждер салынған. Жап-жақсы ресторан, кафе, асханалар бар. Алматыдан, Астанадан, Өскеменнен, Семейден, Қарағандыдан құм аңсаған, тұзды су аңсаған адам нөпірі автобус-автобус, машина-машина боп құйылып жатыр. Екі, екі жарым-айға жетер жетпес қызықты, рахатты күндерді көріп қалмақ. Біздің келетінімізді білетін Болатжан, әйелі Элмира, қызы Асылбике, інілері бар, күтіп алып, бір кеш Жарбұлақтағы баяғы әкелерінің үйінде қонақ етті. Анасы тірі екен, жарықтық, осыдан отыз бес жыл бұрынғы ақсақалы Шайзада бар кездегі әңгімелерді, біздің алғаш көлге келгенімізді әңгімелеп отырды. Інісі Баубектің көл жағасында салып қойған бірнеше бөлмелік демалыс ғимараты бар екен, Болатжан бізді соған жайғастырды. Асханасы да қолайлы болып шықты. Болатжандар күндіз бізбен бірге. Наурыздағы сырқаттан кейін тілі күрмелген. Қалыпқа келтіру үшін сөздерді қайталап айтатын жаттығу бар. Басқалар суға түскенде екеуміз көбіне жағада отырамыз. Жаттығу жасаймыз. Бір қызығы Болатжан әсіресе фольклор терминологиясына қатысты сөздерді айқын, дәл, шатаспай айтады: - Миф, табу, метафора, анахронизм... Әрі өткен, бері өткен қазақтар бізге қарап күледі. Екеуміз де күлеміз. Ақын Несіпбек Айтов та үй-ішімен осында екен. Бір жұма ақар-шақар болып бірге жүріп, уайым-қайғысыз күндер өткізіп, құмға аунап, күнге күйіп, көлге

түсіп, аптығымыз басылған соң, біз Астанаға қайттық, Болатжандар Алматыға кетті. Тілі қалпына келіп, жүрегі жазылып, бәрі жақсы болғандай еді.

Профессор Рақымжан Тұрысбек 2009 жылдың 14 наурызында жаңадан алған үйінің қоныс тойын жасап, кафедра мүшелерін қонаққа шақырған. Қолы ашық, мінезі жайлы Жұпар келін құрақ ұшып жүр. Көп әңгіме айтылды. Профессор Құныпия Алпысбаевқа сан алуан ән салдырдық. Болатжан өздерінің үйлену тойларында Құныпияның Үмітжанның бетін ашқанын еске алды, сол кездердің әндерін айтқызды. Бабымен пісірілген тәтті қуырдақты тәбеттене жеді. Біраздан кейін әйелдерді биге шақырды. Екі бетінің ұшы қызарыңқырап, көңілді отырды. Әншейінде көп сөйлемейтін Болатжан ол күні қызық әңгімелер айтты. Терезеден көрініп тұрған университеттің салынып жатқан жаңа үйінен пәтер тисе, сендермен көрші болар едім деген аңсарын да білдірді. Көп отырсақ та, жақсы демалып, разы көңілмен хош айтысып, кешірек тарастық. Түн ортасында қайта-қайта соғылған телефоннан жаманат хабар жетті: - Аға, Болатжаннан айрылып қалдық! - әйелі Элмираның жылаған дауысы. Адалдық үшін қоң етін кесіп беруге дайын, өзегінде титімдей де құрты жоқ, аңқылдаған адал, дегдар азамат, қазақ фольклористика ғылымында жаңа сөз айтқан дарынды ғалым, шәкірт-інім Болатжаннан айрылу жұмыс істеген ортасына, ағайын-туысқанына, бала-шағасына ауыр соққы болды, жүрекке жазылмас жара салды.

БҰҒЫ МҮЙІЗ. БЕС МОЙНАҚ

Қырық жылдан астам уақыт білетін адамың өмірдің алты асқарын артқа тастап, биік белесте тұрғанда ең алдымен оның жасаған еңбегін, қалдырған ізін, адамдық қалпын, азаматтық келбетін айту парыз болмақ.

Қазір Қазақстанға есімі кеңінен мәшһүр Уәлихан Қалижанов көпшілікке ең алдымен журналист-публицист ретінде танылды. Алматы облыстық «Жетісу» газетінен басталған қаламгерлік сапар республикалық балалар («Қазақстан пионері»), жастар («Лениншіл жас»), жалпы ұлттық («Егемен Қазақстан») газеттерінде бас редакторлықпен жалғасты. Үш бірдей республикалық басылымды басқарған жалғыз журналист десек те болады.

Басылым жұмысын идеялық шеберлік тұрғыдан ұйымдастыру, автор тарту, ел өміріндегі көкейкесті мәселені мезгілінде көтеру, материалды бабына келтіріп редакциялау, мол таралымды қаржылай қамтамасыз ету, қаламақы тәртібін сақтау, ең бастысы билік қаһарына ұшырамау, көпшілік алғысына бөлену - бұлардың бәрі бас редактор мойнындағы орындалуы

қиын, ауыр жүк. Сондықтан да талай дарынды редактордың жүрегіне салмақ түсіп, олар өмірмен тіпті ерте қоштасты.

Тиесілі редакторлық қызметпен сабақтастырып, дара шығармашылықты қоса ала жүру ілуде біреудің қолынан ғана келетін қиямет шаруа. Табиғи дарын, табандылық, еңбекшілдік ұштаспаса ештеңе де бітпейді. Күнделікті баспасөзде ұзақ жылдар бойы үздіксіз жарияланған публицистикалық мақалаларының үстіне Уәлихан Қалижанов қаламынан туған «Бейбітшілік туы астында», «Президент» деректі кітаптар, «Сенімен және сенсіз», «Шеңбер» прозалық шығармалар, «Ақмолла», «Қазақ әдебиетіндегі діни ағартушылық ағым» монографиялары, бірнеше аудармасы басылды.

Тұтастай алғанда редактор У.Қалижанов қазақтың жаңа баспасөзінің дамуына, оның еркіндік жолына түсуіне көп еңбек жұмсап, жас буын қаламгерлердің өсіп шығуына қамқорлық етті; көсемсөздің уақыт талабына орай өзгеруіне, соны өрістерге беттеуіне мұрындық болды. Кейде ерекше батыл қадамдар жасады: билікті орындармен ақылдаспай-ақ бір-ақ түнде «Лениншіл жас» атауын «Жас Алаш» деп өзгертіп жіберді; талай шенеуніктердің шиқанын қанатқан Шерхан мен Камалдың хаттарын, басқа да азулы дүниелерді қорықпай басып, ақыры сондай себептер сылтау болып, Бас редакторлықтан кеткені көпшілікке аян.

Редакторлықтан басқа жұмысқа ауысқаннан кейін Уәлихан жүнжіп кетпеді. Ұзақ жылдар жазып жүрген докторлық диссертациясын бітіріп, қорғады. Депутаттық додаға бақандай-бақандай азаматтармен жарысқа түсіп, жеңіп шықты. 1999 жылғы науқанның шет жағасын біз де көрдік. Алматы облысындағы сайлаушылармен кездесуде баспасөздің күші, публицист, редактор беделі, даңқы, абыройы дегеннің не екенін анық ұққанбыз.

Бұдан әрі қарай Уәлихан Қалижанов өміріндегі жаңа белес – депутаттық кезең басталған. Қазір ол республика парламентіндегі ең ысылған, тәжірибелі, маманданған депутаттардың бірі. Шекара, оралман, нарық, отбасы орайында көтерген, шешкен мәселелері оның азаматтық парызын адал орындайтын шын мағынасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері екендігін көрсетеді.

Ағайын туыс, дос-жора, замандастары арасында Уәлиханды ерекшелендіретін бауырмалдылық пен қайырымдылық. Жұмыс орны, мансап дәрежесіне орай құбылып, өзгеру оған жат. Оның маңында мектеп, университетте тапқан достары, қызметке орай ағайынгершілікпен қауышқан сыйластары, інілері, құрдастары, ағалары, тіл тапқан, ұғысқан, құрметтескен, қаумалаған қалың қауым байлығы бар. Мүмкіндігіне орай ол қарайласқан, қол ұшын берген жақын-жуық ағайын-туыстарын былай қойғанда, қаншама көгенкөзге жақсылық жасады.

Кезінде журналист-жазушы Сейдахмет Бердіқұлов көп сырқаттанып, төсек тартып ұзақ жатып қалды. Бала-шағасы, әйелі, қызметтестері, әріптестері көзден таса қалдырмай бақты, жанына дауа іздеді, қолдан келгеннің бәрін жасады. Сол тұста Уәлиханның күн демей түн демей, аға сырқатына ем іздеп, шарқ ұрғанын, артынан барлық дәстүр-салтты сақтап,

жөнелтісуге күш салғанын көргенде, халқымыздың бір белгілі адамының «Уәлихандай інінің алдында Алла бүгін алып кетсе де арман болмас еді» деген сөзін көпшілік естіген болатын.

Бірнеше үйдің ортасында еркелеп өскен жалғыз қыз, Үмітжанмен отасқан Уәлихан оның қарт әке-шешесін ерекше құрметтеп сыйлады. Ноқта, жүген көрмеген қаһарынан хан қаймығатын Арқаның тарпаң шалын Алматыға тілін тауып, көшіріп алып, пайғамбарды күткендей мәпелеп, құрметтегені, кейін ақ жауып арулап о дүниеге аттандырғаны жастарға сабақ боларлық тағылым. Көп бастықтардың кеңсе көлігін әйелдері дүкен аралауға мінсе, Уәлихан машинаға балаларды толтырып алып, бір кездері өзі оқыған № 12 мектепке жылдар бойы тасығанын да көргенбіз. Бір қарағанда ол өмір жолында Ақбозатпен желіп келе жатқандай әсер етеді. Расында да бұл сәтті тағдыр. Емшекте әкеден қалу, енді ержеткенде жалғыз ағадан айырылу – бұлар оңай соққы емес-ті. Ат жалында ойнап, биік мансапқа жеткен шақта, аяқ астынан, жазықсыз соққы жеу талай жігітті есеңгіретіп кетсе, Уәлихан тізгінді тез тартып, бәрін қалпына келтіре білді. Кек алуға болатын еді. Олай жасаған жоқ. Кешіре білу қазақтың жақсы қасиеті деп ұқты. Профессор Бейсенбай Кенжебаевтың қабілетті шәкірт тауып, оған нақты тапсырма беріп, жұмыс істетіп, жетектеп әкететін, әуелі елеусіз сұрақтар қойып, өзіне тартып, білмеген нәрселер үшін қыжыртпай, кешіріммен қарап, нені, қайдан оқитынын түсіндіріп, асықпай жүріп, біртебірте бойын үйретіп, асауды бастықтырғандай етіп, алқам-салқам, қамсыз жүрген, дәрістерде айтылатын нәрселерден басқада көп шаруасы жоқ студентті аз уақытта сынға салып, қызықты ізденіспен қол-аяғын шырмап, зерттеушілікке қарай бағыттап жіберетін ерекше ұстаздық дарыны бар еді. Аудитория, кафедрадағы сабақ, кеңес өз алдына, көше, баулардағы әңгіме, сұхбат профессор үйіндегі жұмыс кабинетінде, дастархан басындағы жылыжылы сұхбаттарға жалғасып, әуелгі ұстаз бен шәкірт келе-келе әке мен бала, аға мен інідей жақындасып кететін. Сол ынтымақтан ғылыми зерттеулер, диссертациялар, кітаптар, мақалалар туып, кейін ол қазақ әдебиетін зерттеудің Бейсенбай Кенжебаев қалыптастырған тарихи мектебі деп аталған болатын. Тез қозғап жіберуге лайық жеңіл-желпі тақырыпты Бейсекең ұсынбаушы еді. Ол кісі ең алдымен болашақ шәкіртін байқап көріп, мінезі қандай, өтірік айта ма, айтпай ма, уәдеге тұра ма, тұрмай ма, сабырлы ма, мақтаншақ па, істі аяғына дейін жеткізе ме, жеткізбей ме, сөйлей біле ме, жаза біле ме, сыр сақтауға қалай, кісі сыртынан сөз айта ма, айтпай ма, өсек таси ма, тасымай ма, мансапқа қалай қарайды, қызмет үшін ғылымды сатып кетпей ме, ең бірінші қазақтың ұлттық мұрағаттарына берік пе, берік емес пе – осыларды анықтап алмай ұлы ұстаз кім көрінгенді иектетпейтін. Сол сынақ мектебінен өткізіп алып, айларға, жылдарға созылатын тәрбиесін бастаушы еді.

Әуелі курс жұмысын, артынан диплом жұмысын жаздырып, бірнеше рет ғылыми конференцияларға қатыстырып, зерттеушілікке жаттықтырып алып, Уәлиханды бұрын ешкім тереңдеп бармаған қазақ, башқұрт, татарға

ортақ ақын Ақмолланы зерттеткен Бейсекең бұл арнаны кейін тереңдетуге болатынын жақсы білген болатын.

Кейін, Уәлиханның докторлық диссертациясын аяқтауға біз мұрындық
болдық.

Дінді апиын, усойқы деп жариялаған жетпіс жылдың ішінде руханияттың мыңжылдық тарихы бар бір тармағына балта шабылды. Иман, обал, сауап, күнә, тәуба, алла, жұмақ, тозақ сияқты мәңгілік ұғымдар қасақана жойылып, оның орнына социализм, коммунизм, интернационализм, жоспар, бесжылдық тәрізді науқанға қызмет ететін жалған ұрандар адам санасына зорлап сіңірілді. Осы бағытта тау-тау кітаптар жазылды, радио қақсап тұрды, теледидар ауыз жапқан жоқ, айлар-жылдарға созылған жиналыстар өтті, күллі мемлекеттік қызмет бір әуенмен зарлады.

Сондай есеңгіреген заманда діннің өркениеттегі орнын айтуға тиым салынып, бұл мәселе зерттеушілер айналып өтетін жабық аралға айналды. Тіпті айтыла қалған күннің өзінде бағыт біреу: дін тек қана жамандалады. Тарихи санадағы, философиядағы, әдебиеттегі, мәдениеттегі діннің орны көрсетілген жоқ. Фольклордан, әдебиеттен алла, пайғамбар, сайтан ұғымдары сызылып отырды. Діни сюжетті шығармалар бастырылмады. Басқаларды былай қойғанда Абай, Ыбырайдың өзіне ауыз салды.

Коммунистік идеология құлағаннан кейінгі жақсы бір бетбұрыс діннің адамзат тарихындағы қызметін, моральдық-тәрбиелік күшін мойындау болды. Осы арнадан келіп, бұрын айтуға тыйым салынған қазақ әдебиетіндегі діни арналар, сарындар, сюжеттер, идеялардың нақты жазушылар шығармаларындағы көріктісін Уәлихан Қалижанов табанды түрде жанжақты, биік теориялық-методологиялық деңгейде зерттеп шығып, филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алды.

Бірыңғай зерттеушілікпен отырған адам емес, ұзақ жылдар республикалық үш басылымды басқарған редактордың жұмысбастылығы, уақыт тапшылығы еңбекті ерте бітіруге көп қиындық келтірді. Әртүрлі кітапханаларда, архивтерде жатқан материалдарды жалғыз Алматы емес, Ресей, Татарстан, Башқұртстан мұражайларынан іздеу, табу, ескі қадым қаріптерімен жазылған дүниелерді ажыратып оқып, пікір қорыту, тұтас әдеби ағымның танымдық, тарихи, эстетикалық бағасын беріп, негізгі ерекшеліктерін көрсетіп, басты-басты белгілерін ажыратып беру үшін көптеген мәтіндік (текстологиялық) талдаулар, компаративистік саралаулар, филологиялық қорытындылар, әлеуметтік тұжырымдар жасалды. Жұмыс нәтижесі студенттерге арналған шағын оқу құралдары, ғылыми мақалалар, көлемді монография түрінде жарық көрді.

Арнаулы ғылыми мекемелерде жан-жақты талқыдан өткен диссертацияның қорғауы да оңай болған жоқ. Бас редактор жазған еңбекке шүйілушілер аз емес еді. Әр дерегіне, әр тұжырымына, тіпті үтір, нүктесіне дейін қадалған. Сондайдың боларын сезіп, кейбір ағаларға құлаққағыс жасағанбыз. Дода десе бүйірі қызып кететін профессор Темірбек Қожакеевке «бұл жолы тізгінді тарта отырсаңыз» деп қалжыңдаған едік. Уәде көпке бармады, әуелде сабырлы отырған Темекең біраздан соң қамшыны бассын,

бір өзі оннан асырып сұрақ қойсын. Кеңестің басқа мүшелері де сұрақты жаудырып жатыр. Әдебиеттегі діни ағым мәселесін бәрі сағынып қалған секілді. Сол мәселені дәл бүгін, осы қорғауда шешіп тастағылары келетін секілді. Дау да көп, сөз де көп. Бірнеше қайтара сөйлеп кеткен шешендер де бар. Ол кезде академиктер Зейнолла Қабдоловтың, Зәки Ахметовтің тұғырдағы шағы. Профессорлар Тұрсынбек Кәкішев, Темірбек Қожакеев шайнасып қалады. Әншейінде екі-үш сағатта дөңгеленіп, төбесі көрініп, нәтижесі шығуға айналатын докторлық диссертация қорғау Уәлиханның тұсында бес-алты сағатқа созылып кетті. Жанкүйерлер қорқа бастады. Жоқ, қауіп бекер екен. Ізденуші әр сұраққа, әр күдікке уәж тапты, орнымен, дәлелмен жауап берді. Жақсы редактордың жақсы зерттеуші екендігін мойындатты. Тізесі дірілдесе дірілдеген шығар, бірақ тұжырымынан жаңылған жоқ. Негізінен, Абай, Ыбырай, Мәшһүр Жүсіп, Нұржан Наушабаев, Ақмолла Мұхамедияров, Шәді Жәңгіров, Шәкәрім Құдайбердиев, Мақыш Қалтаев, Әбубәкір Кердері шығармаларын арқау ете отырып, қазақ әдебиетіндегі ХІХ ғасырдың жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы діни-ағартушылық ағымның қыры мен сырын, негізгі даму сипаттарын айқындап шықты.

Диплом қорғап, университетті бітіргеннен кейін Уәлихан Бейсенбай Кенжебаевты ауылына шақырды. Бұрын да талай сапарға шығарда «Волганы» жарқыратып қоятын Саша бұл жолы да дағдысынан айнымаған. Өйткені Бейсекең, әсіресе Меңжамал шешей тәртіпті, тазалықты жақсы көреді. Осыны біліп алған шофер жігіт алыс жолға шығарда, Бішкек, Ыстықкөлге барарда ерекше дайындықпен кіріседі. Ол бір естен кетпейтін қымбат күндер еді. Бейсекеңнің үлкен қызы Шолпанның күйеуі, Қазақстанның бас прокуроры Мұхтар орта жолда күтіп алып, атасын, енесін, қасында біз секілді ере келгендерді хан келгендей төбесіне көтере күтіп, сыйлайтын. Енді университетті жаңа ғана бітірген жас жігіттің ауылына келе жатырмыз. Кірпияз, тамақты талғап ішетін Бейсекеңнің, өз үйінде көлденең қылшық жатқызбайтын, ыдыс-аяққа, дастарханға титтей кір жұқтырмайтын Меңжамал шешейдің жағдайы не болмақ деп іштей қауіп ойлап келем. Қаскелең, Ұзынағаш, Қарақастекті басып, тау жолымен бөктерлеп отырып, межелі жерге – Жангелді ауылына тез жетіп бардық. Бейсекеңнің жер-су, ел, бұл атыраптың өткен-кеткені, батырлары, ақындары, билері туралы қойған сұрақтарына Уәлихан білгенінше жауап беріп отыр. Түсетін ауылға жақындағанда жас жігіт сәл қобалжып, дауысы өзгеріп: «Аға, мына біз келе жатқан жолдың алғашқы сорабын менің әкем салдырған сияқты. Колхоздастыру кезеңінде бригадир болған екен. Содан бұл жер «Қалижанның жеті қырқасы» атанып кете барыпты» деді. «Еңбектің ұмытылмағаны қандай жақсы» деді де, Бейсекең біразға дейін алыс ойға кетіп, томсарып отырды. Жангелді деген алқам-салқам қазақы көп ауылдың бірі болғанмен, бізді тосып отырған үйдің жарығы бар, ауласы кең, маңайы күл-қоқыстан таза, еңселі, шатырлы шаңырақ екен. Бөрік киген ақсақалы, шаршылы бәйбішесі,

орамалды келіншегі, мұртты жігіті, қара борбай жалаңаяқ баласы бар бірқыдыру адам есік алдынан қарсы алды. Үлкендері төс қағысып амандасып, кішілері сәлем беріп, алыстан екі туып, бір қалған жақындары келгендей қауышып жатыр. Үй иесі соғысқа қатысып, бір қолынан айрылып келген Уәлиханның немерелес ағасы екен. Толықша келген бәйбішесі домаланып, жаны қалмай, қонақтарын күте бастады. Меңжамал шешей жадырап кетті: тап-таза, қабырғалары ағартылған, қырық-елу қонақ сыйып кететіндей кең бөлме, жағалай жерге төселген атлас-жібек көрпе-жастық, бір шеті кетіліп сынбаған ыдыс-аяқ, шәйнек, кесе, ең бастысы өзі арнайы пісіргендей дәм-тағам, артық тұзы, бұрышы жоқ, жаңа сойылған малдың етінен баппен пісірілген туралған ет, котлет қатар қойылған; жеміс-жидек, көкөністің не бір түрі жайнап тұр, құрт, ірімшік ұмыт қалмаған, күрең бауырсақ, тоқаш томпиып тұр; қымыз тіл үйіреді, шұбат бабында. Дәм ішіп, демалғаннан кейін, аяңшылы, жорғасы, желістісі бар бес-алты атқа мініп, бірнеше қыр асып, көпшілік басына барып, ағашқа әлем байлап, тәу ететін Бұғы мүйіз, Бес мойнақ тауының бауырындағы «Әулие бұлаққа» зиярат еткенде Бейсекең: «Осындай айрықша энергиясы болатын қасиетті нүктелер болады. Олар айналасына күш береді, рух қосады. Кезінде ондай жерлердің қасиетін жақсы сезіп, біліп, бақсылар, сопылар, әулиелер, ақындар, жыраулар мекен еткен. Ақан серінің, Шәкәрімнің оңаша қоныстанған жерлері де осындай қуаты бар атыраптар» деп ой тастаған болатын. Түнге қарай Бейсекең үйге қонбай, аулаға төсек салдырып, бір ұстаз, оның екі шәкірті жұлдызды аспанға қарап жатып, ұзақ уақыт сырласып еді. Содан бері қырық жылдай уақыт өтсе де, сол түн менің әлі көз алдымда. Ұлы ұстаз айтқандай Бұғы мүйіз, Бес мойнақ, Әулие бұлақтың сыйқырлы қуаты Уәлиханды өмір бойы қолдап, қоршап, дем беріп келе жатқандай көрінеді.

ҮШ ТОҒЫС

Кеңес дәуірінде еліміздің негізгі ғылыми, әдеби, мәдени күштері республиканың астанасы Алматы қаласында шоғырланып, құнарлы тамырдан сан-алуан бұтақтар өніп шығып, құлашын кеңге жайған болатын. Сол сияқты Әуелбек Қоңыратбаев Қызылордада, Қайым Мұхаметханов Семейде ұзақ жылдар ұстаздық пен ғалымдық еңбекті қатар алып жүріп, түркология, эпос, мәтінтану, Абай айналасындағы ақындарға арналған түбегейлі зерттеулер жасады, дарынды шәкірттердің бірнеше буынын тәрбиеледі. Бәрін тізіп жатпағанмен, екі ұстаздың алдын көріп, өнегесін үйренген жазушы Тынымбай Нұрмағамбетов, сыншы Бақыт Сарбалаев, сыншы-философ Ғарифолла Есім, филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетов еңбектері қазір Қазақстан көлеміне түгел мәшһүр екені анық.

Бұлар да бүгін жер ортасы жасқа келіп, жиған-тергендерін, жазғансызғандарын, тындырған-аяқтағандарын көп талқысына салатын, талдау бағасы айтылатын тіршіліктің биік төбесінің басына шығып отыр. Сол деңгейдегі педагог, ғалым, ұйымдастырушы, профессор Арап Еспенбетовтің өмір жолына көз тастағанда, үш үлкен мәртебелі саланы қатар алып жүрген мағыналы сапарына разы боласың. Соғыс біткен жылы Семей облысының Абай ауданының орталығы Қарауылда дүниеге келген перзент үшін аты алты алаш қазақ түгілі әлемге мәшһүр болған ұлылар – Абай, Шәкәрім, Мұхтар топырағында туып-өсу, сол елдің азаматы болу – қаншалықты абырой мен мәртебе болса, екінші жағынан мойынға түсер салмағы да аз емес парыз еді. Ол 1951-1961 жылдарда Абай ауданының Саржал орта мектебінде оқыды. Халел Ғаббасов, Шәймерден Тоқжігітов сынды заманының көзі ашық, көкірегі ояу дара тұлғалары туған Саржал ауылы жас жеткіншектің талабын ұштай түскені анық. Өйткені, білімге деген құлшынысы бірден байқалған Арап Сіләмұлы оқушы кезінен әр іске беріле араласып, көп ретте өз құрбыластарына үлгі болды. Ауылдағы әдебиетке ебі бар жастардың басын қосатын үйірменің белсенді мүшесі Арап қазақтың төл әдебиетін оқумен шектелмей, орыс және шетел классиктерінің томдарын мектеп қабырғасында құшақтап жүретін. Қаладан жырақта жатқан ауыл баласының өз бетімен ізденіп, кітап оқу арқылы көп нәрсені жетік біліп, жақсы теңгеріп кетуі кейінгі өмір жолына айтарлықтай септігін тигізді. Арап Сіләмұлы 1961-1965 жылдар аралығында Семей педагогикалық институтының тарих-филология факультетінде үздік оқыды. Оның әдебиетке, ғылымға деген талабы осы институтта байқалды. Мұхтар Әуезовтің шәкірті, әрі досы Қайым Мұхамедханұлын ұстаз тұтқан Арап ғылым жолына мықтап бет қойған-ды. Он алты жасар студент институт іргесінде тағы бір қырынан танылды. Ол бозбаланың бойындағы жігерді жаныған спортқа деген ұмтылысы еді. Араптың беріле ойнағаны баскетбол мен аса көңіл қойғаны шахмат болатын. Тек институт көлемінде емес, осы спорт түрлерінен қала, республика деңгейіндегі жарыстарға қатысып, жүлдегер атанды. 1965-1966 жылдары әскерге барып қиын мектепте шыңдалды. Жиырмадан жаңа асқан жасөспірім жігіт 1967 жылы Семей педагогикалық институтына оқытушы болып алынады. Жоғарғы мектепте дәріс оқу жас маманды ғылым жолына жетеледі. Алғашқы оқытушылық тәжірибе жинағаннан кейін Арап 1972-1975 жылдар арасында Қазақ мемлекеттік университеті қазақ әдебиеті кафедрасының аспирантурасында оқыды. Ғылым жолына беттеген жас ізденуші ғылыми орта – Алматы қаласында Б.Кенжебаев сынды ұлы ғалымның тікелей шәкірті болды. ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетін зерттеудің мектебін жасаған филология ғылымдарының докторы, профессор Бейсенбай Кенжебаевтың жетекшілігімен 1975 жылы «Сұлтанмахмұт Торайғыров лирикасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Саналы өмір жолында ұстаздық пен ғалымдықты қатар ұстап, осы екі үлкен арнаны өз дәрежесінде

алып жүре білген А.Еспенбетовтің алғашқы «Сөз - шеберлік жайында» деген мақаласы 1969 жылы жарық көрген. Ғылым жолын Сұлтанмахмұт мұрасын тануға арнаған А.Еспенбетовтің «Сұлтанмахмұт Торайғыров» еңбегі (Алматы, 1973), Б.Кенжебаевпен бірге 1974 жылы «Сұлтанмахмұт Торайғыров. Қазақ және орыс тілдеріндегі библиографиялық көрсеткіші (Алматы, 1974 «Қазақстан») жарық көрді. С.Торайғыров мұрасы негізгі ғылыми-зерттеу нысанасы болғанымен, жас ғалым қазақ әдебиетінің тарихындағы сан-алуан өзекті деген мәселелерге қалам тартты. 70-жылдары шыққан «Замандастар туралы роман», «Бағалы зерттеу», «Қазақ әдебиетінің тарихының мәселелері», «Өнер алды – қызыл тіл», «Жылдар елесі», «Ревизор» (Театр сыны) сияқты мақалалар Араптың сыншылдық дарынын аңғартады. Автор С.Торайғыров мұрасымен қатар, Абай, А.С.Пушкин, Ғ.Тоқай, С.Көбеев, Ш.Тоқжігітов, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, С.Мұқанов, Б.Күлеев, С.Дөнентаев, А.Мұхамедиярұлы, Ш.Құдайбердиев, М.Қалтайұлы, Т.Қасенұлы т.б. сынды әдебиет өкілдері шығармаларын зерттеу нысанына айналдырған. Оның ғылыми танымымен қатар ұстаздық жолы да кеңейе түсті: 19781979 жылдары институтта аға оқытушы, 1979-1991 жылдары доцент, 19831991 жылдары аға ғылыми қызметкер. 80-жылдары А.Еспенбетовтің ғылыми сүрлеу-соқпағы саралана тереңдей түсті. Ол М.Қаратаев, Т.Абдрахманова, Қ.Мұхамедханов, Ш.Сәтбаева, Р.Нұрғали, М.Мағауин еңбектерін талдаған мақалалар жариялады. А.Еспенбетов ғалымдықты ұстаздық жолмен өре қабыстыра білді. Педагогика, методика туралы «Оқу-тәрбие жұмысын жетілдіре берейік», «Студент тәрбиесі», «Басты мақсат-білім сапасы», «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті пәнін оқыту проблемалары» еңбектерінде айтылған ойлар бүгінде өз маңызын жойған жоқ. Ғылым жолында қандай тақырыпқа бармасын Арап бәрібір Сұлтанмахмұт мұрасын тереңдете зерттеуді басты мақсат деп білді. С.Торайғыров мұрасының зерттелмей, ең бір күңгірт тартып жатқан тұстарына айрықша көңіл бөлді. «С.Торайғыров лирикасын зерттеудің кейбір мәселелері», «С.Торайғыров шығармаларының жариялану тарихынан», «Сөз төркінін іздесек», «С.Торайғыров поэзиясының текстологиясы жайлы ойлар», «Реалистік поэма сипаты» сияқты мақалалары сұлтанмахмұттанудың дамуына ықпалын тигізді. Ғалымның ақынның өмірі мен әдеби мұрасы турасындағы өзекті ой-пікірлерін жинақтап тұтастырған «Сұлтанмахмұт Торайғыров» монографиясы 1992 жылы жарық көрді. Алпысыншы жылдардың аяқ шенінен бастап зерттеген тақырыбын жылдар бойы кеңейте түсіп, 1993 жылы «Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармалық өмірбаяны» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Сөйтіп, ұзақ жылдар бойы ғылыми айтыстан гөрі, саяси тәжікенің, біреуді кемітудің, тіпті жазалаудың (проф.Б.Кенжебаев Сұлтанмахмұт туралы зерттеулері үшін жұмыстан шығарылып, көп жылдар қудаланған)

құралына айналған даулы мәселелерді жаңаша көзқараспен, биік теориялық деңгейде нақты методологиялық әдіспен шешіп, дәлді тұжырымдар жасаған, көп жылғы ізденістер қорытындыланды. Тағы ескеретін нәрсе А.Еспенбетовтің тікелей күш салуымен Сұлтанмахмұттың барлық шығармалары жіті көзбен қаралып, тұрақты мәтіндері айқындалып, шығармалар жинағы қайтадан басылды. Ақын мұрасын зерттеп, тану, жариялау осымен тұйықталмайды. Ол С.Торайғыров шығармаларының соңғы екі томдығын құрастырушылардың бірі болды (1993). Сондай-ақ, ақынның «Таныстыру» (поэма), «Жаңа кітап» (мақала), «Айтыс» (поэма), «Жалаңаш баба», «Топырақ», «Жаңа кітап», «Алаш ұраны», «Тұтқындағы Байтұрсынның «Масасына». «Әлиханның Семейге келуі» сияқты шығармалары алғаш рет А.Еспенбетовтің жариялауымен жарыққа шықты. Қазақ әдебиеті тарихы мәселелеріне тереңдеп ден қойған ғалым «Мақыш Қалтайұлының шығармалары», Шәймерден Тоқжігітовтің «Уақыт бедері», Б.Сыдықұлының «Сүйемін туғын тілді...» кітаптарын құрастырып, алғы сөзін жазды. Ұстаздық пен ғалымдықты қатар алып жүрген А.Еспенбетов білікті басшы ретінде де танылды. 1977-78 жылдары Семей педагогикалық институты филология факультеті деканының орынбасары, 1978-1989 жылдары факультет деканы, 1993-1996 жылдары – қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі. Осы жылдары Шәкәрім атындағы Семей педагогикалық инстиутының оқу ісі жөніндегі проректоры, 1996-1998 жылдары Семей мемлекеттік университетінің гуманитарлық факультеттің деканы, ал 1998 жылдан бастап, Семей гуманитарлық институты, қазіргі М.О.Әуезов атындағы Семей университетінің ректоры. Үздіксіз өрлеген өмір баспалдақтарынан А.Еспенбетовтің тек қана ұстаздық, білікті басшылық және ғалымдықты қатар ұстай білген қасиеттерін айрықша атамаса болмайды. Қазақ әдебиеті кафедрасы Арап басқарған кезде әдебиетші мұғалімдер дайындайтын оқу орны ғана емес, Абай, Мұхтар, Шәкәрім туған өлең мен сөз қасиеті дарыған киелі Семей өңірінің әдебиетті насихаттайтын қасиетті ордасына айналды. 1991 жылы Қазақстанда алғаш рет Семей педагогикалық институтында қазақ филологиясы факультеті ашылып, оның деканы А.Еспенбетов болды. Ұлттық мүдде енді ауызға адына бастаған шақта тыңнан соқа салып, іске кірісу оңай дүние емес еді. Бүкіл ел назар тіккен жас шаңыраққа өмір ағысымен аға беру аздық ететінін сезген талапты басшы қазақ мектептерінде араб тілін оқытатын мамандарды дайындауды да қолға алды. Өткен дәуірдегі тек әдебиетіміз ғана емес, тарихымыз, күллі жазусызуымыз араб тілімен байланысты болғандықтан, бұл игілікті іс-арғы тарихымыз бен әдебиетімізді тануға жасалған құнарлы қадам еді.

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік институтының оқу ісі жөніндегі проректоры болған шақта, ең алдымен, студенттер білімінің сапасына, оқытушылардың ғылыми біліктілігіне баса назар аударылды. Нарықтық экономикалық қатынас орнап, 90-жылдардың орта шенінен білім беру жүйесінде мемлекеттік емес оқу орындары ашыла бастады. Тәжірибелі ұстаз, салмақты ғалым, әрі байсалды басшы ретінде Арап Еспенбетов қоғам өзгерістерін таразылай келіп, жаңа уақыт талабына сәйкес білім жүйесін ендіру жолдарын игере білді. 1998 жылы Семей гуманитарлық институты, бүгінде М.О.Әуезов атындағы Семей университеті аталатын Қазақстандағы алдыңғы қатарлы беделді мемлекеттік емес университетін басқарып, бес мыңға тарта маман дайындап шығарды. Бүгінде А.Еспенбетовтің төл шәкірттері де ғылым жолына алғашқы қадамдарын жасады. Ғалымның жетекшілігімен Семей өңірінің ақындары, Абайдың ақындық мектебінің түлектері – Көкбай Жанатайұлы, Әріп Тәңірбергенұлы, ғасыр куәсі – Шәкір Әбенұлының, Төлеу Көбдіковтің өмірі мен әдеби мұралары, М.О.Әуезовтің Семей кезеңдері, Шәкәрім және Гете туралы кандидаттық диссертациялар қорғалды. А.Еспенбетовтің редакторлығымен «Ақындық әлем», «Әріп ақын», «Шындықтан басқа жолға түсе алмаймын», «Т.Көбдіковтің әдеби мұрасы» сияқты қазақ әдебиеті тарихының өзекті мәселелеріне тың пайымдаулар жасаған монографиялар жарық көрді. Бұл А.Еспенбетовтің ғылыми еңбектердің жарық көруіне мұрындық еткен игі істерінің бірі десек, ұстаз ретінде, білім ордасының білікті басшысы ретінде Семей университетінде

өтіліп
отырған
студенттердің,
оқуытушылардың

университетаралық,
қалааралық
және
халықаралық

конференция материалдарының жалпы редакциясын басқарды.
Барлығын тізбектемей-ақ, соңғы шыққан «ХХІ ғасырдың әлеуметтік-
экономикалық және мәдени кеңістіктегі қазіргі ғылым» халықаралық
ғылыми-практикалық конференцияның материалдарын айтса да жетер.

Алдымен туған өңірдегі танылмай келе жатқан тұлғаларға аса мән
берген
ғалымның
жетекшілігімен

Тайыр
Жомартбайұлы,
Уәйіс
Шондыбайұлы,

Әсет
Найманбайұлы

шығармашылығына қатысты тақырыптармен қоса, қазақ әдебиеті тарихындағы ақтаңдақ беттерден саналатын Мақыш Қалтайұлы, Бернияз Күлеев сияқты ақындар мұрасы зерттеліп жатыр. Арап Еспенбетов Қазақстандағы аймақтық әдебиеттануға ерекше ден қойған ғалымдарыдың алдыңғы тобында. А.Еспенбетов – қоғамдық өмірге де белсене араласқан азамат қайраткер. Қалалық ономастика комиссиясының, Республикалық «Абай» журналының және облыстық «Үш анық» газеті редакциясының алқа мүшесі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы докторлық дәреже беру жөніндегі мамандандырылған кеңестің мүшесі. Алаш зиялыларының бесігі болған киелі ортада туып, өсіп, жетілген, өзі оқып, кейін өзгені оқытқан Арап Еспенбетов бойынан әрқашан ағайынға – қамқорлық, ағаға – құрмет, ініге – ізет секілді үш тоғыс қасиеттің бірдей табылатынын ырза көңілмен айта кеткен жөн.

МЕКТЕБІ БАР ҒАЛЫМ

Қазақ филологиясындағы белгілі, беделді, белді ғалым - Мырзатай Серғалиев. Ол ғылымға көлденеңнен қосылған көкатты емес, қазақтың ұлттық университетінде оқып жүріп, дарындылығымен ұстаздар назарына ілігіп, оқытушылыққа қалдырылған. Тіл пәндерімен қоса логикадан дәріс берген сирек мамандардың бірі. Жастай кандидаттық диссертация қорғап, ғылыми ортаға мәлім болған. Ал докторлықты 3 рет қорғаған жалғыз қазақ. Саяси айып кесірінен докторлықты 2 рет қорғаған тарихшы Ермұқан Бекмаханов, қызғаныш пәлесінен докторлықты 2 рет қорғаған тілші Аққал Хасенова бар. Ал Мырзатай Серғалиев 3 рет қорғады. Дарынсыздар, іші тарлар, пәлеқорлар, арыз-жаласынан жапа шекті. Бірақ мойыған жоқ. Денсаулық кетті, шаршады. Бәрібір жеңді. Доктор болды. Профессор толық болды. Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшелігіне сайланды. 30-дан астам ғылым докторлары мен ғылым кандидаттарын тәрбиелеп, өзіндік бағыт, мектеп қалыптастырды. Декан болды. Екі бірдей университетте кафедра басқарды. Тілшілікпен қоса әдебиетші-сыншы, эссеист-жазушы ретінде де танылды. Проф. М.Серғалиевтің түркологияға ерекше үлес болып қосылған синонимияға қатысты күрделі еңбектерін, тіл білімінің өзге де салаларына арналған зерттеу, мақалаларын талдау-таразылау тілші-мамандардың міндеті. Біз тілші һәм әдебиетшінің стиль, стилистика, әдебиет, көркем шығарма орайындағы кейбір еңбегіне қатысты бір-екі ауыз сөз айтайық. Ғалым-тілшінің өнімді еңбек берген бір саласы – синтаксис және стилистика. Бұл ретте оның синтаксистік деривация және синтаксистік синонимия, синтаксистік омонимия мен синтаксистік синонимияның арақатынасы, сұраулы сөйлем мен хабарлы сөйлем синонимдігі, пікір және сұраулы сөйлем, сөйлем мүшелері туралы жаңа мақалаларында айтылған пікірлер мен тұжырымдар сонылығымен, ғылыми дәлелді түйіндерімен ерекшеленеді. Қазақ тіл білімінде ерекше орны бар Ахмет Байтұрсынов, Құдайберген Жұбанов, белгілі тілшілер М.Балақаев, С.Кеңесбаев, С.Жиенбаев, Н.Сауранбаев, А.Ысқақов, Т.Қордабаев, Р.Сыздықова зерттеулерінің маңызын ашып беруде М.Серғалиев мол еңбек сіңірді. Университетте қазақ тілін оқыту, қазіргі термин жасау, баспасөз, теледидар, радио тілі туралы ғалым пікірлері көпшілік көңілінен шығып отыр. Тілші-ғалым ретінде М.Серғалиевтің ерекше ден қойып, тиянақты зерттеген бірқыдыру мәселенің ішіндегі ең өзекті сала – көркем әдебиет тілі, оның ішінде жеке жазушылардың тілі, тіл мәдениеті, стиль және стилистика. Әдебиет табиғатын, оның бейнелілік сипатын терең сезінетін сыншы

Мырзатай тілші көзімен қарағанда басқа әдебиетшілер байқамаған тың құбылыстарды ашады. Дөп басып, дәл айтады. Ой-пікірлері, дәлел тұжырымдары көңілге қона кетеді. Бұл ретте зерттеушінің “Мұхтар Әуезов және көркем шығарма тілі”, “Көркем әдебиет тілі” деген зерттеулеріндегі құнарлы ойлар мен бағалы байламдардың жалпы филологиялық құндылығы мол. Тілші-ғалым нақты материалдар – Ғ.Мүсіреповтің “Ұлпан”, С.Шәймерденовтің “Мезгіл”, Т.Әлімқұловтың “Ақбозат”, Қ.Найманбаевтың “Көкем екеуміз” шығармаларының мәтінін ала отырып, теңеу, метафора, қайталау, көркем бөлшек, диалог табиғатын мінез, бейне жасау шартталаптарына орайластыра ашады, диалекті сөздерді орнымен қолданып, әдеби тілді байыту жолдарын көрсетеді. Ерекше ойлар синонимдік қатарлар түзілісін айқындағанда жоталана түседі. Бұл пікірлерін ғалым Мұхтар Әуезов шығармаларынан алынған сан алуан мысалдармен тиянақтап, ұғындырып береді. Ал сындағы шеберлік, публицистік пафос академик Мұхаметжан Қаратаев еңбектерін талдау кезінде айқындалады. Тілші-ғалымның соңғы шыққан зерттеулерінің бірі – “Мұхтар Әуезов және көркем шығарма тілі” кітабы екі бөлімнен тұрады. Алғашқы “М.Әуезов тіл туралы” деген тарауда ұлы жазушының тіл туралы ойлары, нақты пікірлері жинақтала тұтас қаралады. Әуезовтің бейне жасау үшін, өмір құбылыстарын нақты, дәлді, сенімді беру мақсатымен сөзді қалай қолдану керектігі туралы теориялық талап-тілектері жіктеліп көрсетілген. Ал “М.Әуезовтің тілі туралы” деп аталатын екінші тарауда қаламгердің лексикалық байлығына ерекше мән беріліп, сөз қолданыстың нақты түрлері, теңеу, метафора жасау әдістері, синонимика, инверсия, сөйлем құрылымының әртектілігі, әдеби тілді дамытудың жаңа тәсілдері, түрлі түстерді берудегі амалдар, мақсатты қайталаулар, стилистикалық фигуралар, синтаксистік құрылымдар орайындағы жаңаша пайымдаулар бар. Автордың әртүрлі көркем шығармаларға жазған нақты да дәлді рецензиялары мен кең де кемел ойлы әдеби мақалаларымен жақсы таныс оқырман қолына “Сөз сарасы” кітабын алғанда Мырзатай Серғалиевтің сыншылық дарынын әбден мойындады. Қазіргі қазақ әдебиетінің әңгіме, хикаят, роман жанрларының даму бағдарын нақты шығармалар мәтінін тиянақты талдау арқылы көрсету – бұл кітаптың басты сипаты. Сыншы құбылыстарды реалистікпен бейнелеген шығармаларды зият тұтатынын ашық көрсетеді. Талдау нысанасы: Ә.Әбішев, Б.Соқпақбаев, Ғ.Малдыбаев, М.Шаханов туындылары, алғаш рет соны, тың пікірлер айтылады. Сол сияқты қазақ әдебиеттануы мен сынында сапалы еңбектер берген Б.Кенжебаев, Т.Нұртазин, Б.Шалабаев, С.Талжанов, С.Қирабаев шығармашылығы қаламгерлік портрет үлгісінде сипатталады. Әрбір ғалым-сыншының өмір жолы мен ғылыми еңбектері қатар-тең әңгімеленеді. Қысқа бір көрініс, ситуация, жағдай, езу тартқызар юмор, адамның жақсы мінездерін дәріптеу, үлкенге - құрмет, ініге – ізет – М.Серғалиевтің

эссе үлгісінде жазылған “Өнеге” прозалық кітабының жақсы сапалары. Автордың өзі көлеңкеде тұрады, өзгені мадақтау, құрметтеу басым.

2003.

БАЛА БЕДЕШ, АЗАМАТ БЕДЕЛБАЙ

Көптен көрмеген соң әр нәрсені сұрасып жатырмыз. Ұзақ жылдар Қазақ мемлекеттік университетінің баспаханасын басқарған Айымды ұстаздар қауымы жақсы біледі. Менің кейбір қалжың сөздерімді оғаш көрген біреуі: –Апайды әр жерге апарып тастадыңыз ғой, – деп қалды. –Шырағым-ау, бұл апаң біздің ауылда аспаннан түскен келін атанған. Марқұм Беделбай Көшербаев – менің балалықты бірге өткізген ауылдасым. Мына апаңның күйеуі. Бедеш Мәскеуде оқып жүргенде, бұл сұлу стюардесса болған. Екеуі ұшақ ішінде, аспанда танысқан. Артынан үйленді ғой. Айым енді жадырады: –Тірі болса досыңыз алпысқа келетін еді. Темекеңе, профессор Темірбек Қожакеевке бардым. Сыйлас, дос ағасы еді. Серік Әбдірайымовқа бардым. Іні досы еді. Профессор Александр Кузнецовқа бардым. Бірін-бірі жақсы көретін. Бәрінің басын қосып, Бедешті еске алып, дастарқан жасағым келеді. Ұлы Ермек, қызы Айгүл де осыны қолдады. Кейінгілер білмейді ғой. Баспасөзде бір-екі ауыз болса да, сөз басылса жақсы болар еді, – деді. Осы әңгімеден кейін қолыма қалам алдым. Тайлан-патша заманында Жандарал жолы аталған Семей мен Қарқаралыны қосатын үлкен күретамырдың бойындағы елді мекеннің бірі еді. Маңайы түгел шабындық, қорық, қалың шиінен кісі көрінбейтін, ешқашан жұтты білмейтін құтты өлке болатын. Бурадай шөгіп жатқан Дегелең тауының сай-саласы қайың, шілік, терек, Әулие асудан бастау алып құлайтын Қарабұлақ, Ұзынбұлақтың сулары арналы өзенге бергісіз мол, берекелі. Бұл өңірдің маңайы ұйысқан қалың ел. Ашаршылық, соғыстан кейін қайтадан бас көтерген ауылдың бір кіндігі – Тайландағы көпшілік ат басын тірейтін жер – ұста Жақияның дүкені. Маңайдағы барлық шаруашылықтың темір-терсек, аспап-сайманы осында жөнделеді. Қырық жылғы іс-мәшинесі, самауыр іске қосылып, қайшы-пышақ қайралып, сынған кесеге дейін осында құрсалады. Ат тағаланады, доңғалақ қалпына келеді, арба жүргізіледі. Дүкенде Жақияның балғасының дүрсілі бір тынбаса, үйде менің әкемнің апасы Шәбілдің қара шәйнегі мосыдан бір түспейді. Күндіз-түні келімді-кетімді кісі, оған қабақ шытатын Жақия да емес, Шәбіл де емес. Бір көргенге болмаса ұста дүкеннің іші балаларды қызықтырмайды: шыңылдап ұрылып жатқан төс үстіндегі темірлер, әр түрлі аспаптар: балта, балға, ара, пышақ, бұранда, біз, қайрақ, қызарып жанған көмір шоғы,

көңірсіген иіс, ыстық ауа, ұсталардың денелерінен тамшылаған тер – бәрі қосылып өзінше бір әлем жасайды. Өзгелеріміз есік алдында арбаға, шөп мәшинелеріне мініп ойнағанды ұнатсақ, жалғыз Беделбай ғана дүкен ішіндегі темір-терсекті жағалай береді. Ұсталардың ананы әпер, – мынаны әпер дегеніне жаны қалмай жүгіреді. Қолы-басы, бет-аузы күйелеш-күйелеш болып, екі көзі ғана жылтырап шыға келеді. Сонда әншейінде көп сөйлемейтін Жақия ұста: –Басқаларың кім болсаң ол болыңдар, онда шаруам жоқ. Далада қалмассыңдар. Мынау Көшербайдың күшігі Беделбайым – Бедешім, мен кісі танысам, қара дүкеннің киесін ұстап қалайын деп жүр-ау. Бұл ұлым мен секілді темірдің тілін білетін шебер болады, – деп оның басынан сипап батасын берер еді. 1954 жылы 10 тамызда Семей облысы Абыралы ауданының халқы түгелдей отырған орныдарынан Қарағанды атырабына бір аптаға көшіріліп, Дегелең тауының бауырындағы Балапан жазығында Совет елінің тұңғыш сутегі бомбасы жарылып, сынақтан өткізілді. Жан басына ақша үлестірілді, бөшке-бөшке арақ үйді-үйге бөлінді, әскери шатырлардан қала тұрғызылды. Бұрын өмірі дәмін татпаған консерва, колбаса, шоколад дегендерге бала-шаға қарық болды. Бомба жарылғанда аспанда жаңа күн жасалғандай, әсер қалды, алып саңырауқұлақ көкке көтерілді, жер тітіреп, ауа құбылып, көгалда сағым жөңкілді, жанып жатқан от шалқыды. Жан-жануар ақырзаман келгендей шошынып, кірерге тесік таппай қиналды. Әуелде жұртқа басу айтып, бас-көз болып жүрген әскерилердің өзі бомба жарылған кезде, зәрелері ұшып, құтберекелері кетіп, бір-біріне жалтақ-жалтақ қарап, тілдерін шайнап, тістерін шықырлатып, бастары салбырап, өңдері бозарып, белгісіз күйге түсті. Бұл кезде балаларды құдай жарылқағандай болған еді. Әскери мәшинелердің қорабына, кабинасына мініп алып, шала-шарпы орысшыларының арқасында солдаттармен әмпей-жәмпей. Солардың бел ортасындағы Беделбай жарылыс басталғанда үрейленіп кабинаға кіріп алған Томскіден келген шофер солдатқа: –Ой, шірік! Неменеге қорқасың? Мұндай жарылыс біздің Дегелеңде осыдан бес жыл бұрын болған. Бұл саңырауқұлақты сонда көргеміз, – деген. Көп жерлер әскерилердің атом бомбасын сынайтын арнаулы аумағына айналған соң, 1955 жылдың аяғына қарай Абыралы ауданын таратылып, халықты жан-жаққа бөліп-бөліп көшіре бастады: біреулер Абай, біреулер Жарма, біреулер Шұбартау, біреулер Қу, біреулер Қарқаралы аудандарына көшірілді. Сөйтіп айрандай ұйып отырған қалың ел бөлініп-бөлініп кетті. Бұрынғы Дегелең тауының бауырын, Тайлан атырабын мекен еткен жұрт көршілес Абай ауданының басына, Абай, Бірлік шаруашылықтарына қоныс тепті. Біздер Шұбартау ауданына көштік. Орта мектепті Беделбай Қарауылда аяқтаса, мен Баршатаста бітірдім. Төрт-бес жыл бойы бірбірімізді көрмеген едік. 1960 жылы жазда Семей әуежайында кездестік. Атымды атап біреу анадайдан айқайлап тұр. Беделбай екен. Құшақтаса кеттік. –Иә, қайдан келесің? Алматыда мінгендер ішінде жоқ едің ғой, – дедім.

–Менің Мәскеудің полиграфия институтында оқитынымды естіген жоқсың ба? –Беделбайдың дауысында сәл мақтану бар секілді. –Жер түбіндегі Мәскеуде нең бар? Полиграфияны қайткелі жүрсің? – дедім әдейі тиісе сөйлеп. –Немене Бақтажар Мекішев ағамыздан басқа Абыралы баласы Мәскеуде оқымасын деген заң шығып па еді? Полиграфия – қағаз басатын темір-терсек. Оған баруыма баяғы ұста Жақия атамыздың аузыма түкіргені себепші болған шығар, – деп Беделбай басын кекжитіп күлді. –Жақсы болды ғой. Кейін бірдеңе жаза қалсақ, өзгеге жалынбай саған барамыз, – дедім. Беделбай қолын ұсынып: –Аман-есен бітіріп шықсам, бір баспахана билігі тиер, не жазсаң да бастырып тұруға уәде берем, – деді. Арада екі-үш жыл өткеннен кейін Беделбаймен Алматыда кездестік. Айтқанындай, бір баспаханаға инженер-экономист болып жұмысқа тұрған екен. Бірнеше жыл істеді. Тағы да Мәскеуге барып, аспирантураға түскісі келетінін айтқанда, мен қалжыңдап: –Әріп теретін темір-терсектің де ғылымы бар ма? Соған әуре болып қайтесің? Жалпақ табан жұмысшы болып жүре бермейсің бе, – дегенімде Беделбай: –Сөз теретіндер ғылымы болғанда, техника ғылымы неге болмасын. Терушілердің жұмысын жеңілдету жолдарын көрсететін ұсыныстарым бар, соларды ғылыми түрде дәлелдеп, өндіріске өндіру әдістерін айқындап беретін еңбек жазғым келеді, – деп басалқы жауап берді. Айтқанындай-ақ, Беделбай Мәскеу полиграфия институты аспирантурасында оқып, Қазақстандағы полиграфия саласынан бірінші ғылым кандидаты атанды. Баспа комитеті төрағасының орныбасары болып қызмет істей бастады. Бір күні кабинетіне барсам, мәз-мейрам күліп отыр. Бұрыннан да кішіктігі шамалы, енді мапсаптың желі бар, астам сөйлеп те қалады. –Қатырдым бүгін коллегияда бастықтарымды, – деді сылқылдап. –Не істедің? –Төраға Елеукенов – журналист, орынбасар Скоробогатов – журналист, мен ғана маман полиграфияшы инженер-экономиспін, соңғы сөзді мен айтқаным дұрыс, – деп қатырдым оларды. –Бір жолға сен қатырған екенсің, келсі жолы олар сені қатырады. Орынбасарының өзінен мықты болғанын көтеретін бастық көрген жоқпын. –Қалжыңдап айттым ғой. –Қалжың түбі – шын. Орныңды босатуға дайындала бер. Содан көп уақыт өткен жоқ. Беделбай телефон соғады. –Бірге отырып тамақ ішейік түсте. –Қайда барамыз? –Көк базарға кел. –Басқа жер жоқ па? –Сол маңайға қызметке ауыстым ғой. –Не деп тұрсың?

–ЦК баспасына директордың орынбасары болып бардым. –Зампред емес пе едің? –Баяғы қалжың түбіме жетті білем, – деп Беделбай сылқ-сылқ күледі. Газет-журналдар басылатын үлкен баспаның жұмысын Мәскеуде бірге оқыған екі дос – Әнуарбек Тілеулесов пен Беделбай Көшербаев жолға қойды. Екеуі арадан қыл өтпейтін тату. Біріне-бірі сенеді. Біріне-бірі еркелейді. Беделбайдың елде туыстары, ағасы бар, соларды сағынып, қолы тиген кезде Семей, Шыңғыстау, Абыралы қайдасың деп тартып отырады. Бір күні: –Саған бір сыр айтайыншы. Ел жаққа барып келсем болды, бір жұма бойы бойым көтертпейді. Басым ауырады, қысымым көтеріледі. Әсіресе, Дегелең жақтан аң қағып келгеннен кейін ауыра бастаймын. Сенде сондай жағдай жоқ па? – деді. –Өйтіп қорықсаң барма. Әкеміз-шешеміз, бауырларымыз отырғанда, елге қатынамай қалай өмір сүреміз? Іргедегі қайын-жұртыңнан шықпа. –Шынымды айтсам, сен де теріс секіреді екенсің, – деп ренжіп қалды. 1976 жылдың жазы болатын. Беделбай екеуіміз бала-шағамен Ыстықкөлге барып демаламыз деп уәделесіп қойған болатынбыз. Телефон соқты: –Бір шаруа шығып қалды. Екі-үш күнге елге барып қайтсам. Сен жолазықты молдап дайындай бер. Фрунзе емес, Кеген айналып барайық. Табиғаты керемет, таулары ғажап деп Әнуарбек мақтап отыр. Не сәлем айтасың ағайынға? Жаңа “Москвичпен” кетем. Қасымда ұлым Ермектен басқа ешкім жоқ. Білем, білем. Қатты айдамаймын. Баяғы жүзден аспаймын, – деді. Ең соңғы тілдесуіміз осы болды. Ертеңіне таңға жақын суық хабар жетті. Машинасы өз-өзінен аударылып Беделбай опат болды. Одан бері де жиырма үш жыл өтті. Кейде ойлаймын: жол жақсы, көлік жаңа, күн жарық, кедергі жоқ, мәшине өз-өзінен неге аударылды екен? Жүрек сыздады ма, қысым көтеріліп кетті ме, бас ауырды ма? Кеше ғана сау жүрген атпал азаматтың аяқ астынан мерт болуы қалай? Пәк күндерді Дегелең бауырында бірге өткізген бала Бедештің, еліне танылған Беделбайдың да ажалы полигон кесепатынан келді-ау деп ойлай берем. 1999.

ЖЕТПІСТІҢ ЖЕТЕУІ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 75 жылдығын бүкіл республика тойлады. Филология факультетін біз бітіргелі де бір адамның ғұмыры дерлік 46 жыл өтіпті. Тіл және әдебиет, журналистика деген екі мамандық, екі бөлім болғанмен, көп пән ортақ, бірге оқушы едік. Қазір ойлап отырсам, сол алпыс үшінші жылы бітіргендерден елімізге белгілі көп азамат шығыпты. Олардың ішінде ғылым докторлары Әлімхан Жүнісбеков (тілші), Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Байынқол Қалиев (тілші), ақын, профессор Өтеген Күмісбаев (шығыстанушы), профессор Лазар Керімов (педагог), Әміржан Шалтыков (саясаттанушы), Республикалық,

Халықаралық, облыстық, аудандық газет редакторлары Болат Бодаубаев, Мәткәрім Әкімжанов, Нұриден Мұфтахов, Бақтыбай Далабаев (Орал), Идош Асқаров (Ақтөбе), Мәкен Өсербаева (Талдықорған), Қаһар О., Даян Қ. (Моңғолия), Маман Ементаев, Жұмабай Есекеев (Көкшетау), Байтұрсын Ілияс (Қостанай), Әміржан Қалиев, Әкімжан Оралбаев, Жақсылық Темірбеков, Әнуар Жапаров, ғылым кандидаттары Нарбай Ыбыраев, Назар Қанафин, Ләтипа Ахметова, белгілі кинорежиссер Серік Жармұхамедов. Баспа, мектеп директорлары мұғалімдер, өз алдына, ақын-жазушылар бір төбе: Өтежан Нұрғалиев, Мағираш Сарикова, Өтен Ахметов, Ерғали Ахметов, Құрманбай Толыбаев, Қабыш Жаркенов, Қарауылбек Қазиев, Әлдихан Қалдыбаев, Қоғабай Сәрсекеев, Есенбай Дүйсенбаев, Сәрсенбек Жұмабеков, Жорабай Молдақұлов, бокстан Қазақстан чемпионы Айдарбек Жапсарбаев ... Ұядан бірге ұшқан курстастар туралы мына қысқаша жазба сағыныштың бір тамшысы ғана.

Құрманбайдың реализмі

Қытайдан келген екі курстасымыздың екеуі де қасқа. Құрманбайдың басы сопақ, шашы жұмсақ, ерте түскен, самай шаштары орнында, маңдайынан төбесіне дейін түбіт қасқа. Мінезі салмақты. Қандай қалжың айтсаң да көтереді, кісі көңілін қалдырмайды. Қабыштың басы жалпақ, самай шаштары қатты, қап-қара, маңдайынан төбесіне дейін жарқыраған айна қасқа. Мінезі шырт етпе, басынан сөз асырмайды, кімді болса да жыландай шағып алатын шақар. Құрманбай мүшел жас, Қабыш он шақты жас үлкен болғанына қарамай құрдастай болып кеттік. Екеуі мені туған інілеріндей еркелетеді, достарындай сырласады, туыстарындай жақсы көреді. Екеуі де мен үшін қазына: Қытайдағы жағдай, Шығыс Түркістанның трагедиясы, халықтың әрлі-берлі көшу тарихы, ер-азаматтар, ақын-жазушылар, әнші-күйшілер, өзен-көлдер, тау-ормандар-баршасын майын тамызып әңгімелейді. Әсет өмірі, Шәкәрімнің ұлдары, алаш ардагері Райымжан Мәрсеков, Оспан батыр, Қалыбек Хәкім, Қажығұмар, Омарғазы жазушылар, Нариман аудармашы - бұл төңіректерде айлап айтылған сырлар бар еді. Кейін Қабыш сырттай бөлімге оқуға ауысты, университет бітіргеннен кейін көп жылдар Шұбартау, Үржар, Талдықорған жағында қызмет етті. Бірнеше кітап, оның ішінде «Мұғалімдер» романын бастырды. Ал Құрманбайммен 46 жыл бойы іргеміз де, көңіліміз де бөлінген жоқ. Ол Алматыда Орталық стадион жанында, аэропорт жақта, микроауданда және орталықтағы соңғы үйінде тұрған кездерінде күн демей, түн демей қалаған уақытымызда барып, жеңгеміз Розаның шай-суын, асдәмін еркін ішіп-жеп, қаласақ қона кетіп, ойнап-қунап, әзілдеп, мәз-мейрам болып жүруші едік. Негізінен қалада тәрбиеленген, орыс мектебінде оқыған Роза Құрманбайдың қадірін білді, адал жар, аяулы ана болды; оған жағдай жасады, айтқанынан шыққан жоқ; үлкен ұлдарын Құрманбайдың апасының

бауырына салып берді; ауырып қалған күндерінде Құрманбайды сәбидей күтті, Мира мен Нұратты үкілеп өсірді. Құрманбай табиғатынан дарынды, аса еңбекқор адам еді. Оның бүкіл өмірі оқу-ізденумен, жазу-сызумен өтті. Біреудің алдына түсу, дүние жинау, байлық қуу, кісінің сыртынан ғайбат айту, әлдекіммен ұстасу, кектесу, өш алу дегендерден құлан таза болатын. Адалдық, тазалық, еркіндік, туған халқына махаббат – оның басты қасиеттері еді. Қаламы қозғалмаған күні жоқ. Негізінен реализмді нысана еткен жазушының «Ай күледі», «Балбөбек», «Қайдасың, досым?», «Шынар», «Нар идірген», «Қаныш Сәтпаевтың балалық шағы», «Әсет», «Бабадан қалған бар байлық» сияқты көптеген кітаптары жарияланды. Өлең, дастан тудырды. Ертегі, әңгіме, хикаят, роман жазды. Тарихи-танымдық, этнографиялық, педагогикалық еңбектер берді. Аударма жасады. Әртүрлі кітаптар, күнтізбелер құрастырды. Бұлардың басын қосып шығарса, көп томдық шығармалар жинағы болмақ. Құрманбаймен көп сапарда бірге болдық. Ол өте сергек адам еді. Ұзақ жолда бап талғамайтын қазанат секілді: үш-төрт сағат көз іліндірсе, қунап шыға келеді; асқа кірпияз емес, аздың өзін қанағат етеді; далаға, машина кабинасына қона салуға бар. Берекесіз көп сөйлеп, мазаны алмайды, татымды әңгімемен ауыл-аймақты разы етеді. Менің «Ақбұзау» деп ат қойған «Жигули» машинаммен екі балам-ұлым Ардақ пен қызым Ләйла және Құрманбай бар, 1975 жылы шыжыған шілде айында Алматы – Жамбыл – Шымкент – Түркістандатып сапарға шықтық. Жамбылда Әлдихан Қалдыбаев, Шымкентте Қарауылбек Қазиев күтіп алды. Қызықты кештер, әңгіме-дүкен, тамаша табиғат құшағы, жастық күндер. Одан Ташкент – Самарқан – Бұқара – Хиуа тарттық. Бензиннің тапшы болып тұрған кезі. Құрманбай ұйғырша ұйғырдан артық біледі, өзбекше де сөйлейді. Бірден райкомға тартамыз. Жазушылар Одағының мүшесі деген кішкентай қызыл куәлікті көрсетеді де, кітап жазу үшін саяхаттап жүрміз, жағдай жасаңдар дегенді өзбекшелеп мипаздап айтады. Әр қарай мәселе қолмақол шешіледі: жатар орын, ішер тамақ, құйылар бензин түгел дайын. Әсіресе Самарқан облысының бірінші хатшысы, Социалистік Еңбек Ері Рахимов деген азамат ерекше күтті, түбі Қашқарлық ұйғыр болса керек; Құрманбайдың Шығыс Түркістан туралы әңгімелеріне құрсан болып, бір апта алып қалып, Самарқантты, оның маңайын түгел аралатты, арнаулы демалыс үйіне жатқызды, әрі қарай баратын жерімізге телефон соғып айрықша тапсырды. Сонша құрмет көріп жүрген Құрманбай екеуіміздің аяғымызда бақайларымыз ырсиып тұрған шарқай, үстімізде алабажақ жейде. Көңіл таза, сезім-ақ. Келесі жылы жазда Құрманбай бар, әнші Жәнібек Кәрменов бар. Жолда Талдықорғанда Дәнеш Рақышевта қонақтап, Үржар, Алакөл, АягөзСемейлетіп тағы саяхатқа шықтық. Ғажайып бір ән сапары еді ол. Ғалым, әнші Құныпия Алпысбаевпен Кеген-Нарынқол жағында болдық. Еске түсіріп отырсам, он мың шақырымнан астам жерді Құрманбаймен бір машина ішінде болып өткен екенбіз.

Құрманбай алды-артына бірдей мейірмен қарайтын, адамды кісілігіне қарай сыйлап құрметтейтін көшелі кісі еді. Тағдырлары ұқсас Зия Самади, Жағда Бабалықов, Қабдеш Жұмаділов, бірге қызметтес болған Мұзафар Әлімбаев, Әнуарбек Дүйсенбаев, балалары қатарлас Несіпбек Айтов, Тұрсын Жұртбаевтармен сырлас, дос, ниеттес болатын. Курстастары Құреке деп түгел төбесіне көтеруші еді, тіске басар табылмай қалған қызу шақтарда оның теңбіл-теңбіл, дөңгелек тамшылары мөлдіреген түбі қасқасын рахаттана жалап отыратындар да табылатын. Бала күнінен бірге өскен, Құлжа бойында жастық шақтың қызығына ортақтасқан асыл досы, Әсет мектебін қайта тірілткен, қазақтың қобыз үнді ғажайып әншісі, ішкі сарайы тап-таза, періште мінез Дәнеш екеуінің шығарда жаны ғана бөлек еді. Бұл ғұмыр бойына созылған, қас-қабақтан, түсінісетін, көрмесе сағынып тұратын, ешқашан сызат түспеген тамаша қазақы достық болатын. Қазақстан Жазушыларының соңғы құрылтайында Құрманбай шаршаңқы, жүрісі сылбыр, өңі қуқыл, көңілі жабырқау көрінгенмен, «ал, кеттік» деген шақыруға қарсылық білдірмеді. Сол күні Алматының бір жылауық жаңбыры толассыз жаусын. Оған қараған біз жоқ. Астымызда сүліктей қатқан, есік пен төрдей, былғары орындықты, Германиядан күні кеше ғана келген Қоғабайдың су жаңа «Мерседесі». Түнге қарай орталықтан бас сұғар жер таба алмай, аэропорт, вокзал, Тастақтарды сенделетін баяғы Алматы емес, таяқ тастасаң кафе, казино, ресторан, «кел, іш, же, ойна» деп шамдары жарқырап, шақырып тұр. Зыр етіп, Абай көшесіне түстік те, у-шу, ырду-дырду бір кафеге кіріп кеттік. Одан кейін екінші кафе. Одан кейін үшінші кафе. Әуелде үшеу едік. Кейін басқалар қосылды. Қызу әңгіме: кім мақталды, кім сыйланды, кім кімге дауыс берді. Қызыл кеңірдек. Құрманбайдың сабырлы қалпы. «Алаш» сыйлығын алып тұрған жерінен біреулердің қызғанышынан өтпей қалғаны айтылғанда да былқ еткен жоқ. Түні бойы қыдырдық. Кафе, ресторан жалықтырған соң, менің үйіме, Қоғабайдың үйіне бардық. Атақ, даңқ, күндестік, опасыздық, өмір, өлім, әйел, нәсіл, достық, дұшпандық, кедейлік, байлық, қазақтың тағдыры – бәрі сөз болды. Құрманбай түн ауа көңілденді. Жас кезіндегідей қолын сермеп тастап, қызыл шеке боп айтысты, ешкімге есе теңдік бермей қойды. Таң ата үйіне келгенде әйелі Розаға: - Сен, ұрыспа, мен бүгін ақырғы рет қатты іштім, достарыммен іштім,- деді. Дауысы дірілдеді, көзіне жас келді. Содан кейін мен Құрманбайды көрген жоқпын.

Нұриденнің сатиралық фельетондары

Ол бізден үш-төрт жас үлкен болатын. Жасы ғана емес, түр-тұлғасы, жүріс-тұрысы ауылдан келген біздерге қарағанда өзгеше еді. Қапсағай, арық, бойы ұзын. Шықшыт сүйектері шығыңқы, мұрны үлкен, қоңқақ. Көзі алақандай, үлкен, кісіге суық қарайды. Қайдан тауып алатынын білмейміз, өзгелерде жоқ киім киеді: басында сұр берет, үстінде қара сулық, қолында

қара қолғап, көзінде қара көзілдірік. Сол кезде экранға шыға бастаған италия киноларының кейіпкері секілді. Полицейский ме, детектив пе?

Ауылшаруашылығы жұмысына бару үшін жолға шыққан бетімізде, жүк артатын, мал таситын вагондарға мінер-мінбестен бәрімізді билеп-төстеп кетті. Өзі би, өзі қожа, тізімдеп кезекші жасап, тазалық, тәртіп орнатып, бірден серкеміз болып алды. Совхозға жеткен соң бригадирге айналып, кетті, қанша астық тазартылды, қанша, машина артылды, барлық құжаттарды өзі толтырады, кімге қанша ақша тиесілі өзі шешеді. Адал. Ешкімнің ала жібін аттамайды. Алаламайды. Сөйтіп, астық жинауға барғанда, Нұриден Мұфтаховтың арқасында бірінші курсқа жаңа түскен біздер өмірі қолымызға ұстап көрмеген ақшаға қарық болдық, тіпті сол сомаға костюм-шалбар, етік, алғашқы сағат сатып алынды, одан артылғанын стипендияға қосып талғажау еттік.

Сөйтсек Нұриден университетке дейін Қарағандыда кенші болған, бірталай қиыншылық көрсе де мойымаған қайсар, тісқаққан жігіт екен.

Университеттің жалпы комсомол жиналысы өтіп, Арқаға астық жинауға қатысқан бірталай студенттерге сыйлық беріліп, марапат жасалған кезде, бірінші курс студенті, біздің топтағы Е.Қ. «Тыңды игергені үшін» медаліне ұсынылғандығы айтылғанда, өзгелер аса мән бермесе, Нұриден шоқ басып алғандай, тулап шыға келді, мінберге ұмтылды, «бұл дұрыс емес» деп орнынан түрегеліп айқайлап та жіберді: «мен бұл әділетсіздікті болдырмаймын» деп жұдырығын түйді.

Айтқаны рас екен, Нұриден әрекетті бастады. Е.Қ. қолайсыз бір жағдайға байланысты, алыстағы Маңғыстаудан жедел хабар келіп, ауылына жұмыс бітерден жиырма күндей бұрын қайтқан болатын. Нұриден сол құжатты алғызып, алдымен университет газетіне жазды. Еш қорытынды шыққан жоқ. Жастар газетіне жазды. Нәтиже болған жоқ. Мәскеуге, Жоғары кеңес төралқасына жазды. Ақыры шынында студенттердің жазғы ауылшаруашылық жұмысында толық істемесе де, жаңсақ жолмен медальға ұсынылып кеткен студентке Нұриден қоймай жүріп марапатты бергізбей тастады. Біреулер: «Шындыққа жетті. Азамат екен» десе, біреулер: «Сонша соңына түсіп, өз қалтасынан шыққандай. Қызыл көз пәле екен» деді.

Әдебиет тарихы курсы бойынша жаңа оқытушы - доцент Белгібай Шалабаев аудиторияға кіріп, орындыққа жайғасты. Үстінде бір түсті ақ матадан тігілген жеңі шолақ көйлек, шалбар, аяғында да ақ сандал. Шашы да аппақ. Бұрынғы галстук тағатын, костюм киетін оқытушылардан бөлек. Сабақ оқытуы да басқаша екен. Ұзақ-сонар өз өмірбаянын шолып кетті. Сәкен, Сәбит, Мұхтар, Әлкен, Мұқаметжан Қаратаев, Хамза Есенжановтармен өзін үнемі қатарластыра айтып отырып, қазақ әдебиетшілерінің ішінде Шоқаннан кейін еңбектерін орыс тілінде жазатын екінші әдебиетші екеніне тоқталып, стол үстіне қойған, әр жерінен жібі шығып, өңі кетіп тозыңқырай бастаған жуан, қызыл күрең портфелін ашып, ішінен екі жұқалтаң кітап шығарды. «Қазақ әдебиетін әлемге таныту үшін мен мақсатты түрде орыс тілінде жазам. Сендерді де осы кітаптарыммен орысша оқытатын болам» деді. Содан кейін өз кітабы бойынша диктант

жаздырды. Келесі лекцияға келгенде білдік, төрт-бес студенттен өзгеге екі қойылыпты. Оқытушымыз өз кітабын тақырып-тақырып бойынша бәрімізге бөліп берді. Сөйтіп біз өзімізді өзіміз оқыта бастадық. Негізінен кітаптан көшіріп аламыз да соны оқып береміз. Оқытушымыз анда-санда «Молодец» деп қойып, шалқайып отырады, қате айтқан сөздерді түзетеді, «Осылай әрі білім аласыңдар, әрі орысша үйренесіңдер» дейді. Ол да мәз, бізде мәз.

Бір күні кезек Нұриденге келді. Оның орысшасы бізден көш ілгері. Ешқандай қате жібермейді. Күмпілдетіп, саудыратып оқып жатыр. Оқытушы риза болып, басын изеп отырған. Кенет студенттің қолындағы қалың дәптерден кітаптан жыртылып алынған беттер сау етіп төгіліп, оның бір парағы оқытушы столына барып құласын. Оқытушының көзі бағжаң ете қалып, даусы шаңқ ете түсті: «Қолың барып, менің кітабымды қалай жыртқансың?» деді. «Көшіріп жатуға уақыт болмады, ағай. Мен сатып алдым ғой кітапты» дей бергенде, оқытушы орнынан атып тұрды. «Кітап жыртқан фашист, иттің баласы!» дегенде Нұриден өзін-өзі ұстай алмай, қалшылдап: «Мен комсомолмын. Иттің баласы емеспін. Әкем соғыста өлген. Тіліңізді тартыңыз!» У-шу болды да кетті. Улап-шулап деканатқа бардық. Улап-шулап ғылыми кеңеске бардық. Ақыры басқа оқытушы келді. Бәрімізді бастап жүрген – Нұриден

Университетті бітірген соң, жолдама бойынша жан-жаққа тарадық, Нұриден Алматыда қалу мүмкіндігі болса да, сұранып, өтініп жүріп, ақыры Атыраудың облыстық газетіне кетті. Бітіргенімізге бес жыл толғанда Алматыға жиналдық, біреу сақа тартқан, біреуге қарын біткен, біреу кішігірім бастық, біреу кітап шығарып, Жазушылар Одағына мүше болған, біреу диссертация жазып, кандидат дипломын алған, біреу әлі бойдақ, біреу үш-төрт баланың әкесі, бәрінде де өзгеріс бар, өзгермеген Нұриден ғана, сол сұр берет, қара көзілдірік, қара сулық, қара қолғап, мінезі де баяғыдай: «бес жылда үш адамды соттаттым, бес адамды партиядан шығарттым, он екі адамды жұмыстан қудырдым» деп қарап тұр. «Әділет үшін күрестім. Біреуді мақтап, өтірік очерк жазған жоқпын» деген.

Облыста фельетондармен атағы дүрілдеген Нұриденнің дабыры Алматыға да жетіп, Республиканың бас газетіне арнайы шақырылды. Бұрынғы бұрынғы ма, қылмыстардың бетін ашқан, жемқорлық ініне су құйған, зорлық, әділетсіздікті әшкерелеген материалдарды қарша боратты, жақтастары да, дұшпандыра да көбейді, оған қаймығып жатқан Нұриден жоқ, Қазақстанның қай бұрышына барса да не фельетон, не сын мақала жазып келеді, бетің бар, жүзің бар демейді, құзырлы мекемелерді де, үлкен мансап иелерін де найзалап жібереді, жалғыз өзі әрі милиция, әрі сот, әрі прокуратура секілді, дерек, факт, құжат табуда тұтас тексеру бригадасының қызметін атқарып кеткендей болады. Кейде олқы соқса, қателессе, оны мойындаудан қашпайды. Асанбай Асқаров туралы әуелде жалған деректерге сүйеніп материал, жазса, кейін сол қайраткерді ақтау әрекетінің басында жүрді, Журналист-адвокат қызметін абыроймен атқарды десе болғандай. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Нұриденнің мүмкіндігі тіпті молайды. Бірінші болып заң газетін шығарды. Әділет министрлігінде істеді. Келе-келе

орыс тілінде еркін жазып кетті. Әлеуметтік толғақты ойларды қозғайтын қайраткерге айнала бастағанда, халқына Нұри Мұфтах атымен кеңінен танылған биік белесте, аяқ астынан жол апатынан қазаға ұшырады. Қазақ сатиралық журналистикасының үлкен бір сеңгірі Нұриден Мұфтахов екендігінде ешқандай күмән жоқ.

Қарауылбектің лирикалық прозасы

Біз бесінші курсқа келгенде, филология факультетінің орыс бөліміне Ж. есімді бір қазақ қызы оқуға түсті. Он алты жаста екен, Қызылорда қаласынан, екі тілде бірдей. Ұзын шашын бір бунақ етіп, арқасына тастай салған. Өзі екпінді. Үнемі жүгіріп жүрген секілді. Беті сопақша келген, көзі тостағандай, өңі аққұба. Күлген кезде тістері ақсиып тұрады, бір уыс ұсақ күмісті жарқ еткізіп шашып жібергендей әсер қалдырады. Аз күннен кейін белгілі болды, ауылшаруашылығы ма, политех па, солардың біреуінде оқитын жігіті бар екен. Үлкен қалың көзілдірік киген, еңгезердей дәу қара, қаудырлаған сулық киіп жүреді, онысы жерге сүйретіліп жатады. Виноградов көшесіндегі жатақханада тұрамыз. Есік алдындағы биік теректің жанынан көреміз, этаж арасындағы баспалдақ астынан көреміз, әлгі дәу қараның кең сулығының ішінде үнемі Ж. тұрады. Сүйісіп тұрады. Бәріміз қызғанамыз. Ең алдымен сұлулық десе, ішкен асын жерге қоятын Қарауылбек қызғанады. «Ойпырмай, құжбаннан не тапты екен?» деп басын шайқайды. Таңертең Ж. университетке қарай бұрымы арқасында бұлғандап, бір шекесінде ақ бантигі ағараңдап, жүгіре басып кетіп бара жатады. Аузымыздан суымыз ағып, жабыла соған қараймыз. Бәріміз ғашық болып қалғандаймыз. Екінші семестр басталғанда болса керек, Ж. ақ бантигін тастапты, жүріс-тұрысы бұрынғыдай емес, сабыр тартқан, өңіне мұң кіргендей. Бір күні Ж. жатақханадан көрінбей қалды. Салпаң сулықты құжқараға күйеуге шығып кетіпті. Алдымен Қарауылбектің қабағы қарс айрылды. Бәріміз асылымызды жоғалтқандай күйге түстік. Қарауылбек: «Кетуін кетті ғой. Белгі қалсын. Кәне, бәріміз «Ақ бантик» деген атпен бір-бір әңгіме жазайық» деді. Конкурстық комиссия құрдық. Оншақты әңгіменің ішінен ең үздігі деп Ерғали Ахметов пен Қарауылбек Қазиевтің әңгімелерін мойындадық. Ерғали әңгімесі «Жұлдыздың» жастарға арналған санында басылды. Әдеби қауым өнерге жаңа талант келді деп қуанды. Әлі күнге дейін себебін білмей қайран қаламын, Ерғали сол тамаша әңгімеден кейін мандытып көркем шығарма жазған жоқ, мұғалімдікпен, журналистикамен ұзақ жылдар айналысты, облыстық газет редакторының орынбасары болды. Ал Қарауылбектің жазушылығы сол «Ақ бантиктен» қауырт басталып кетті. Алғашқы әңгімелер жинағы да «Ақ бантик» (1968) аталған еді. Көзі тірісінде «Иманжапырақ» (1975), «Үркер» (1971), «Кемпірқосақ» (1984), «Утренняя роса» (1983), кейін «Ақшуақ» (1988) деген атпен әңгіме, хикаяттар жинағы басылған. Қазқ әдебиетіндегі лирикалық прозаның талантты бір өкілі, тамаша стилист, жастықтың, махаббаттың романтикалық

жыршысы екендігін көрсетіп кеткен дарынды досымыздың мінезі де қызық болатын. Жолаушылап кетті ме, сапарда ма, Қарауылбекті телефонмен таба алмаған соң, барғаннан кейін кездесерміз деп, Шымкентке хабарсыз-ақ тартып отырдым. Орталықтағы қонақүйге жақсылап жайғасқаннан кейін, негізгі келген шаруамды тындырайын деп Әкіш Шаниннің үйіне бірден тартайын. Тоқпақтай ғана жылтыр қара шал айтқан сөздерімді селқос, мән бермей тыңдап алды да, дүрсе қоя берді: «Айтатындарың бәрі өтірік. Амантай Сатаев келген. Қанша материал бердім. Бар жазғаны – бір мақала. Бағыбек Құндақбаев келген. Қанша материал бердім. Бар жазғаны – бір мақала, кітап жазам дейсің. Мен сендерге сенбеймін. Қолда енді қалған дүниелерді ешкімге бермеймін. Кезі келер. Сонда иманы бар біреу Жұмат Шанин туралы жазар». Бүрісіп отырған жұдырықтай шалдың көзі өңменімнен өтіп, дауысы құлағымды жарып жібере жаздады. «Әуре болма, енді келмей-ақ қой» деді кетерімде орнынан да тұрмастан. Қонақүйге қайтып, тамақ ішіп, демалғандай болып отырсам да, көңілкүйім болмай, терезеге қарап тұрған кезімде, біреу келіп оң қолымен көзімді басып тұр. Біле қойдым – Қарауылбек, мұндай исі бар одеколонды бір сепсе, сол ғана себеді. «Қонақүйге түскенің не, масқара, сенің? Менің үйім жоқ деп естіп пе едің?» Аяқ-қолымды жерге тигізбей, қасындағы жігітіне заттарымды, қағаздарымды жинатып, чемоданға салдырды да, бөлмеден итергендей етіп шығарып, көшеде тұрған «Москвич» мәшинесіне мінгізіп алып, үйіне қарай тартты. Әйелі Зоя, шешесі Ермек, екі кішкентай баласы мені көптен күтіп отырғандай қуанысып, қаужаңдап әбігер болды да қалды. Қонақ келетіндей мол дастархан жасап, неше түрлі дәм, жемісті толтырып тастаған. Арақ-шарабы, қымыз-қымыраны, қазы-қартасы – бәрі жыртылып айрылғандай. Кірпіштен салынған, арнаулы жобамен жасалған, негізінен обком қызметкерлері тұратын үш бөлмелі, жайлы, кең қолайлы пәтер алуына облыстық атқару комитетінің төрағасы Жамалбек Шаймерденов көмектескенін, ол кісінің Зояның марқұм папасының досы болғандығын, Зояны өз қызындай көргенін Қарауылбек зор алғыспен, ырза көңілмен айтып отырды. Әкіш шалдың қалай қарсы алғанын естігенде, Қарауылбек бұйра шашын сілкіп тастап, үлкен танауы қоңқайып, шек-сілесі қатып күлді. Ертеңіне базарға алып барды. Бір өзбектен мәнті жегізді. Сондай дәмді болар ма, осы күнге дейін дәмі аузымда. Жеңді білектей қос қазы, жылқының сан етінен, жаясынан алды. Қымыз-қымыран алды. Армян коньягын, орыс арағын, молдован шарабын алды. Соның бәрін машинасына салды да, Әкіш Шаниннің үйіне тартты. Келе салысымен «Мына еттерді қазанға салыңыз» деп жеңгесіне тапсырып болған соң, Әкіш ақсақалдың қасына келіп жайғасты. Бірін-бірі бұрыннан біледі екен. Әңгімелері жарасып тұр. Қария маған онша мән бермей, екеуі көп шүйіркелесті. Шай үстінде бірер рюмка тамақтан өткеннен кейін үшеуіміздің де маңдайымыз тершіп, сөзіміз жараса бастады. Жас қазы, жылқы етінің иісі танауға келе бастағанда Әкіш ақсақалдың әңгімесі тіпті түзелді. Қанша дегенмен Республиканың еңбек

сіңірген артисі емес пе, шыққан ортасы, ата-бабасы, Баянауыл, Семей, Омбы атырабы туралы тарам-тарам тарихты таратып айтып, Жұмат Шанин өміріне келгенде тіпті көсіліп, біреулерден көрген қиянатты, өкімет жасаған репрессияны айтқанда өңі бұзылып, даусы өзгеріп, тұтас бір трагедиялық моноспектакль көрсеткендей болып отырды. Қарауылбектің те түсі бір сұрланып, бір қарайып, сан алуан күйге түсті, өзгеше құбылып отырды. Менің кейін Жұмат Шанин туралы кітап, деректі фильм сценарийін жазуыма мол азық берген сол ұзақ отырыс арада қырық жылдан астам уақыт өтсе де әлі есімнен кетпейді. Қарауылбек студент кезінен ерекше жомарт еді. Ауыл қоңторғай. Елден көп болса, бес-он тиын, бір дорба ет келеді. Бар талғажау – стипендия. Студенттер үшін стипендия алған күн – той. Басқалар дүкеннен тамақ сатып алып, асханаға барып, терлеп-тепшіп жатқанда, Қарауылбек бөлмесін бейтаныс жігіттер басып кетеді: ана институт, ана техникумнен келген. Келгендерге стипендиясын пышақ үстінен қарызға бөліп береді. Басқамыз ондай қадамға бара алмаймыз, қайтармаса ертең аштан өлетіндей қорқамыз. Әр жерден келген жігіттер Қарауылбекті алдамайды, уәделі уақыттарында қайтарады. Кейін облыстық радио-телекомитетті басқарып, жазушы болып қаламақы тауып, «қолына қарға саңғыған» дегендей кезеңде Қарауылбектің жомарттығы тіпті үдеп кетті: Шымкентке жазушы барса, өз үйіне түсіреді, Алматыға сапарға шықса, вагон-ресторанда отырғандардың ақшасын төлейді, Қырымға шығармашылық үйіне барғанда, бір маусымға келгендерге банкет береді, басқа да Атымтай жомарттығы аңызға айналды. Кісі көңілін табуға, алыс-жақынның бәрін сыйлауға асығатын да жүретін. Ғұмырының қысқа болатынын сезді ме екен?

Қоғабайдың қаламгерлігі мен баспагерлігі

Курстас досымыз Қоғабай Сәрсекеев жетпістің желкесіне шыққан мерейтойына дастархан жаятынын айтып, сол қуанышқа қатысуға шақырып жазған хатын алғаннан кейін қазіргі ішіміздегі үлкеніміз, белгілі баспагер, атақты аудармашы Мәткәрім Әкімжанов, көрнекті публицист-жазушы Болат Бодаубаев және мен мерейтой иесіне сыйлық іздеп, Астана дүкендері мен базарларын олай аралап, былай аралап, көпке дейін лайықты ештеңе таба алмай дал болдық: өрнектелген, оюланған, алтын-күміс жіппен әдіптелген талай шапанды жаратпадық; самғап ұшып кетейін деп тұрған бүркіт ұнамады; жер тарпып кісінеген арғымақты алмадық. Елеусіздеу дүкеннің күңгірттеу бұрышында тістері ақсиып, тас арасынан енді шығып, жеміне атылайын деп, атылайын деп жиырыла ұмтыла бастаған қиғаш көз, шұпшұбар барысты шалып қалған Мәткәрім: «Міне, табылды. Нағыз сувенир осы. Қоғашқа ұқсай ма, қалай» деп күліп жіберді де, бізден келісім сұрамастан, кассаға барып, ақшасын төлей бастады. Жол билетін алдық. Тұңғыш атом бомбасы сыналғанына алпыс жыл толуына орай, полигон құрбандарына арналған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысу үшін

Семейге барған күннің ертеңіне аяқ астынан қан қысымы қатты көтеріліп, ауруханадан бір-ақ шығып, Қоғабайдың тойына бара алмадым. Ұзақ күн сарылып төсекте жатқан адамның жолдасы уайым мен қайғы, мұң мен ой, өткен-күткен күндер елесі. Дос қуанышын телефонмен құттықтауға ғана шама келді. Содан кейін жарты ғасырдан артық қатар, бірге сүрген өмір, соның әртүрлі мезеттері еске түсе бастаған. Сүтке тойған қозыдай томпиған, қап-қара қайратты шашын қысқа қырықтырып, тікірейте тараған, бүйрек бет, орта бойлы, қалың қабақты, қағылез бала өзгемізден бөлекшелеу еді. Ауылдан енді келген біздердің үстібасымыз алқам-салқам, олпы-солпы, жүріс-тұрысымыз бошалаң, ол тіпті жинақы, тап-тұйнақтай, үстіне кигені ескі-құсқы емес, бойына шап-шақ, дүкеннен бүгін сатып алғандай дүниелер, білегінде ешқайсымызда жоқ қымбат сағат. Байдың ұлы шығар деп ойлағанбыз. Кейін білдік, әкесі Сәтен соғыста өлген, жетім-жесір әйелдердің қолында өскен тесік-өкпе бала екен ғой. Асханада, той-томалақта, былайғы жүріс-тұрыста қолы ашық, оңдысолды шашып жүреді. Бұл ақшаны қайдан алады десек, ол бізге ұқсап түнге қарай бұрқыратып ұйқы соқпай, бір мекемеде әрі күзетші, әрі отжағушы болып істеп, сол жерде түнімен сабақ оқиды екен ғой. Бір атпалдай азаматтың еңбекақысын алған, оған стипендиясын қосыңыз. Баспасөзде жиі көрініп, қаламақы таба бастады. Жоғарғы курстардың бірінде болса керек, біздер де галстук байлауды үйреніп, венгрдің бе, поляктың ба сырт киімін, чехтың туфлиін киюге жарап қалғанбыз. Қоғабай бұл кезде тіпті ұзап кеткен. Бір күні лекцияға жарқырап келді. Үстінде тіпті профессорлардың өзінде жоқ костюм-шалбар. Қай дүкеннен алғанын сұрасақ үндемейді, жымиып күле береді. Қандай материалдан тігілгенін білгіміз келгенде айтқанын түсінгеміз жоқ, каверкот деді ме, бостон деді ме, әйтеуір біз білмейтін бір мата. Тіпті қыр соңынан қалмай сұрақтың астында қалдырғаннан кейін шындыққа көзіміз жеткендей болдық: мұндай киім осы қалада классик Ғабит Мүсіреповте ғана бар екен, тапсырмамен екі-ақ данасы тігілген, шебері жебірей Мейэр. Университет бітірген соң, дәм-тұз бұйырып, бір жылдан астам Арқа жақта республикалық жастар газетінің тілшісі болып жүргенде, бұрынғы Ақмолада үшінші курста облыстық басылымда Қоғабай тәжірибеден өткен кезде жатқан үйде мен де тұрдым. Төрт бөлмелі, қара қопсылы, жақсы салынған кең үй. Адресі Авдеев көшесі, 38. қазір Шоқан Уәлиханов көшесі, ол үй қазір де бар, бұзылған жоқ. Алпыс төрттің жазғытұрымы еді. Пионер газетінің қызметкері Қоғабай сапарлап келе қалды. Үй иесі бойы ұзын, тарамыс денелі Саттар ағай базарда ет сатады, әйелі толық келген, алтын тістері жарқыраған салтанатты бәйбіше Әмина да сауда жасайды; екеуінің де арғы тегі бай-бағылан болғандығы үйтұрмыстарынан, ішкен-жегендерінен, аралас-құраластарынан көрініп тұрады, қолдары ашық, жомарт. Қоғабай келгенде туған інілерін көргендей қуанып, бір қойды сойып тастады. Анау да олардың іші-бауырына кіріп, елпілдеп тұр.

Үйден шықпай, бір күн – бір түн әңгіме соқтық. Студент күндер, бірге оқығандар, ертең кім боламыз, қалай жүріп, қалай тұрамыз, алда не күтіп тұр, соның бәрін шалып, ақыры аяқ астынан Торғайға тарттық та кеттік. Мен тілшімін. Қайда барам, қайдан жазам, не жазам – бәрібір. Қалай келіскенін білмеймін, Қостанайда бір облыстық мекеме басшысына кіріп, Қоғабай жеңіл машина сұрап алды. Торғайға дейін жер қашық, жол жаман, шаршап шалдығып, түн ортасында әрең жеттік. Тура өз ауылыма келгендей болсам да, білмегенсіп, ондайды көрмегендей, үй-үйдің арасында қабырға іспеттес қаланған қарайғанды көрсетіп: «Was іst das?» – дедім немісшелеп. Қоғабай ойланбастан «Was іst қи» деп салды. Өзі атын айтатын Мәрзия деген шешесі, үлкен екі әжесі бар екен, мен кейін дұрыстап күтпеді деген дау шығарады деп, Қоғабай ескертіп қойды ма, қонақжайлық дәстүрге жығылды ма, білмеймін, түн ортасында қойға бата сұрап, бір малды жайратты да салды. Апталап араладық: шежіре, әңгіме тұнып тұрған аңыз секілді Торғайдың қаласы, адыр-адыр шағылдар, арқырап аққан өзендер, шалқыған көлдер, ол кезде әлі таусыла қоймаған, бастарында қолдан тоқыған торғайы түбіт тақиялы қариялар, кимешекті аналар мол еді. Барлығы да шежіре, барлығы да дана, барлығы да мейірман. Арғы заман, Алаш дәуірі, 16 жыл барлығы ұмытылмаған. Тау-тас, ескі көз, кәрі құлақ бәрі сөйлеп тұр. «Ақаң, Жақаңдарды көп сұрайды екен. Байқасын. Жаман бала емес сияқты. Көктей орылып кетпесін» деп маған жандары ашыған жарықтықтар-ай десейші. Қариялар әулие ғой, біледі екен, орылып кетпесек те, маңдайға жазғанын көрдік қой. Ерте түртінген, тіпті мектепте жүріп, өлең, мақала, күнделік жазған Қоғабайдың алғашқы әңгімелер жинағы ерте шықты. Ол кезде Жазушылар Одағында кеңесші болып істейтін маған келіп көрімдік алғаны, астындағы буфетке барып өзімізше жуғанымыз әлі есте. «Кілт» кітабында бала кезде көргендер, ауыл суреттері, алғашқы сүйіспеншілік әдемі суреттелген болатын. Одан кейін шыққан «Қараша қаздар» жинағында өскен, толыса бастаған байсалды прозашының қолтаңбасы көрінген. Ұзақ жылдар баспасөзде басшылық қызметте болып, өзгелердің жазған-сызғанын түзетіп, өз қағаздарына қарауға мұршасы болмай шаршаңқыраған Қоғабай бір күні жұрттың бәрін таңқалдырып, республикалық газеттегі үлкен мансабын өз еркімен тастап, үйіне кетіп қалды. Ол кезде қазіргі Абылайхан көшесінде, Райымбек көшесінен төмен, вокзалға таяу жерде, шағындау үш бөлмелі үйде тұратын. Араласып тұрамыз, барып жүрем. Жазуды, өз жазуын сағынып қалған екен. Күн демей, түн демей столға отырды. Торғай даласында XІX ғасырдың сексенінші жылдарында басталған оқиғаларды көрсетуден басталатын тарихи роман жаза бастады. Бас кейіпкері халық батыры – әйгілі Амангелді. Бір күні «Жазушы» баспасына барсам, проза редакциясының меңгерушісі Амантай Байтанаев, редакторлар Мағзұм Сүндетов, Рамазан Тоқтаров, Қабдеш Жұмаділов, Жайсаңбек Молдағалиев, Тұтқабай Иманбеков, «Жалынның» редакторы Қуанышбай Құрманғалиев бәрі әбігер, алдағы жылдың тақырыптық жоспарын жасап жатыр екен. Жоғары жақ

революцияны айтатын, коммунист бейнесін көрсететін кесек туынды керек деген қатал нұсқау берген сияқты. Ондай қолжазба таба алмай, не істеуді білмей қиналып отырған үстерінен түстім. Басыма аяқ астынан бір ой келді де, Қоғабай Сәрсекеев болып баспа директорының атына тездетіп өтініш жаздым. Қазақ даласындағы 16 жылды, революцияны, Амангелді Имановты бейнелейтін «Қызыл жалау» атты роман жазып бітірдім. Сол қолжазбаны алдағы жылдың жоспарына енгізуді сұраймын дедім. Аннотациясы қоса тіркелді. Талай қолжазбалар жылдар бойы кезек күтіп, Баспасөз комитетінде ұсталып, немесе Жазушылар Одағында тоқталып, немесе Орталық партия комитетінде кері қайтарылып, ұзақ шырғалаңға түсіп, жазудан гөрі шығаруға көп күш кетсе, құдай оңғарып, саясаттың қышыған жерінен тиетін ат қойылған романның жоспарға енуі де, жариялануы да оңай әрі сәтті болды. Кітап Ғабит Мүсіреповтің қолдап жазған алғы сөзімен «Жалын» баспасынан шықты да, еңбектің бірден бағы жанды. Сәкен Жүнісов қолдады. Оқырман жылы қабылдады. Кейін, уақыт өзгеріп, өз қолы өз аузына еркін жеткен, не айтам десе мүмкіндігі туған кезеңде автор шығарманы қиындықсыз жариялау үшін саясатты бұлдаған «Қызыл жалауды» өзгертіп, «Ақырзаман» деген атпен қайта бастырып шығарды. Газетте, баспада, кітап саудасында ұзақ жылдар істеп, аққаптал болған, баспаханадағы темір-терсек, қағаз, бояу исі бір күн мұрнына бармаса, ішкені ас болмай, ұйқысы келмейтін кәнігі баспагер Қоғабай бұрынғы құрылымдар қаусап, жаңа қатынастар орнай бастаған тоқсаныншы жылдар басында өзгемізге ұқсап, өкіметке жалтақтап, алақан жайып отырып қалмай, батыл бір қадамдарға басты, жиған-тергенін түгел салып жүріп, алқам-салқам, тоз-тозы шыққан, ешкім қарауды қойған, ескі бір баспахананы сатып алғанда, «шатасқан шығар» деп мұрнымызды шүйіргенбіз. Аз уақыттан кейін баспахана жүріп берді, түрлі жарнамалық, әр түрлі сусындардың этикеттері басылған өнімге сұраныс мол болды. Табыс көбейді. Кітап шығару бизнесі өрге басты. Кітап бастыру ісіндегі бизнестің көзін тапты. Кітап бастыру «Сақ» баспа корпорациясының президенті Қоғабай енді бізге шекесінен қарайды. Жазған-сызғандарын жинақтап алдымен қалың екі том етіп шығарған автор, араға көп уақыт салмай «Төрттаған» деген жалпы атпен төрт томдық шығармалар жинағын бастырды. Таяуда мес кітап – «Қазақиясы» шықты. Мерейтойында тұсаукесер өтті. Редактор Қоғабайдың үлкен олжасы, ерлікке парапар еңбегі – Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ» газетін өз қаржысына қайтадан шығара бастауы деп білу керек. Тұңғыш ұлттық газет идеяларын қайта жаңғырту, бүгінгі күндегі қазақ проблемасының шиеленістерін байсалды жазу өз алдына, қаламгер Алаш тақырыбына білек сыбана кірісіп, тарихи деректі, материалдары тың, бірнеше еңбек тудырды, олар академик Салық Зиманов сынды ақылмандардың жақсы ықыласына бөленді. Жаймашуақ, жібек мінезді Қоғабайдың бір қитықса, иіле кетпейтіні де бар, газет тиражына ат салыспадыңдар, мақала жазбайсыңдар деп шалқайса

керек, белгілі қайраткер-қаламгер Хасан Оралтай, ақын Есенбай Дүйсенбайұлы және мені «Қазақ» газетінің алқа мүшелігінен ескертпестен бір-ақ күнде шығарып тастады. Жалпы Қоғабай кез-келген адамның тілін оп-оңай тауып кете береді. Студент кезінде әйгілі профессор Темірғали Нұртазинмен дәлізде қолтықтасып алып, әңгіме соғып жүргенін көріп таңқалсақ, кейін генерал Сағадат Нұрмағамбетов, батырлар Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, Бошай Кітапбаев, ғалымдар Өмірзақ Сұлтанғазин, Манаш Қозыбаевтармен араласқаны әдеттегі жағдай секілді көрінетін. Жазушылардан басы Ғабит болып, жерлестері Қайнекей, Сырбай, Ғафуларды айтпағанда, Тахауи, Сәкен Жүнісов бастаған серілердің, кейінгі буын інілері Оралхан, Жарасқан, Кеңшіліктердің оның дастарханынан дәм татпағаны жоқ шығар.

Әлдиханның балалар әлемі

Басы үлкен, кең маңдайлы, толықша келген, мінезі сабырлы, біртоға қара жігіт салған жерден ұнаған. Үндемей отырып-отырып, кенет дар еткізіп, шелекпен төккендей қылып күліп жібергенде, разы болмай көр. Жамбыл облысы, Шу ауданынан екен. Студент атанып, ауылшаруашылық жұмыстарына, Арқаға астық жинауға барғанда күллі өнерін көрсетті, білмейтін шаруасы жоқ, бригадир қайда жұмсаса да, қарсылық жасамайды, бәрін тындырып келеді. Шаруашылық басшылары да, жолдастары да дән разы. Дала қосында, кешке қарай, алакеуім, апақ-сапақ кезде сабан толтырылған тақтай төсекте теріс қарап жатып бірдеңені күнде шимайлап жататын. Қыздарға, ауылға хат жазатын шығар деп ойлайтынбыз. Сол машығын Әлдихан Қалдыбаев университетке келгеннен кейін тіпті үдетіп жіберді. Не жазады, бізге белгісіз, әйтеуір күнде қолына қалам алады. Төртінші курста оқып жүргенбіз. Бұл кезде кімнің қандай қабілеті барлығы, жазу-сызуға икемі, білім деңгейі, мінез қалпы – бәрі белгілі дәрежеде айқындалып қалған еді. Бір күні жатақханадағы бөлменің есігін тарс еткізіп ашып, дабырлай кірген Әлдиханның қуанышында шек жоқтай көрінген. «Балдырған» журналына барып, балаларға арналған бес-алты әңгімесін көрсеткен екен, редакцияларға олар ұнапты. Бердібек Соқпақбаев: «Сен, бала, жазушы боласың», – депті. Осыны айтқанда Әлдихан қуаныштан айқайлап жіберді, еденді аяғымен теуіп-теуіп қойып, дөңгеленіп билеп кетті. Содан кейін жарты жыл өтті ме, өтпеді ме, Әлдихан бөлмеге тағы айқайлап кірді. «Байғазы, байғазы беріңдер» дейді. Бердібек Соқпақбаевтың тікелей көмегімен «Жазушы» баспасынан кітапшасы шыққан. Үлкен форматпен, әдемі безендіріліп басылған «Көк дөңгелек» атты кітапша. Ол кезде бір-екі ауыз өлеңі, елу жол хабары баспасөзде жарияланса, кеудесіне нан пісіп, есіріп шыға келетін, тіпті ішіп кететін студенттер үшін мына жаңалық айды аспанға шығарғандай болды. Алған қаламақысына достарын разы етіп, бір аптадай тойлағаны болмаса, өзгерген Әлдихан жоқ. Сол баяғы

қалпы. Кешке қарай, төсекке теріс қарап жайғасып, бірдеңені шимайлайды да жатады. Сөйтіп жүріп, 1963 жылы университет аяқтадық. Ол кезде жаңа бітіргендер жолдама қайда берілсе, міндетті түрде сол жерге жұмысқа барады. Әлдихан курстасы Жорабай Молдақұлов екеуі Қызылорда облысы, Арал ауданына орта мектепке мұғалім болып кете барды. Ол жерде ұзақ тұрақтай алмай, әскерге алынып, бұрын университетте арнаулы әскери кафедрада үш жыл офицерлік дайындықтан өткеніне қарамай, шала сауатты, дөрекі, орысшыл командирге қарсы сөз қайтарғаны үшін жазаланып, зорлық көріп, екі жыл бойы аспан айналып жерге түсетін аптапты, шыжыған сол кездегі Совет Одағының оңтүстік шекарасында, арқасынан тұзы шығып, боқмұрын бала-шағалар не көрсе соны көріп, солдат өмірінің қиындығын кешкен Әлдихан сол көргендерін қағазға айнытпай түсіріп, қазақ әдебиетіндегі тосын тақырыпта екі хикаят тудырды. Соғыс кезіндегі әскери өмір туралы әңгіме, хикаят, романдар бір төбе болғанмен, бейбіт кездегі солдаттар туралы шығарма жоқ болса, Әлдихан сол олқының орнын толтырды. Бұл екеуі де реалистік туындылар. Әскери орта, әртүрлі ұлт өкілдері, командирдің неше түрі, ақылдысы, дөрекісі, зорлық, әділетсіздік, тәртіп, қару-жарақ түрлері, киім киіс, жатын орын, сан алуан жаттығулар – осының бәрі университет бітірсе де қатардағы жауынгер болып жүрген дарынды қазақ жігітінің көзімен реалистік тұрғыда нақты бейнеленеді. Әдемі күлкі, юмор мен сатиралық сарын да мол. Негізінен балалар әдебиетінің дарынды өкілі болып танылған Әлдихан Қалдыбаев шығармашылығының бір ерекшелігі – оқиға таңдай білу, мінезді кейіпкер табу. Алғашқы «Көк дөңгелек» әңгімесінің кейіпкері Серікбек жолдасы Мараттың дөңгелегін бопсалап, алдап тартып алып, соны басына киіп шығара алмай азапқа түседі ғой. Сол сияқты «Қос тентек», «Бауыржан деген бала бар», «Рахима» шығармаларынан ерекше мінездерді көреміз. Әдеттегідей жұмсақ бала, жақсы бала, тәртіпті бала емес, мінезді бала, қиқар бала, өжет бала, тентек бала. Қай туындысын алсаң да оқиға бар, әрекет бар, тартыс бар. Сол арқылы сенімді, қызықты бейне жасалады. Оның ішінде ауыл баласы да, қала баласы да жүр. Ескі өмір суреттері, бұрынғы мектеп, қазіргі шаһар тірлігі, жаңа мектеп, мінездерінде, жүріс-тұрыстарында айырма мол, әртүрлі толқын оқушылар, сан қырлы өмір суреттері. Прозашы Қалдыбаев – театр сахнасына қойылған, көп жылдар көрерменді өзіне тартқан бірнеше пьеса жазған белгілі драматург. Пьесаларының ішіндегі биігі, бүкілодақтық байқауда бас жүлде алған «Шаншар атай» комедиясы. Өзге біреу ондай табысқа жетсе көзіне май бітіп, мақтаныштан жарылып кетер еді, ол оған аса мән бермей, бір бүлк етеді де қоя салады. Әлдиханның қаламдастар туралы ілтипаты да бөлекше. Әдеби тұсауын кескен балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев туралы арнайы зерттеу жасады, өзімен жерлес қаламгерлерден Бауыржан Момышұлынан тартып Кәрім Баялиевке дейінгі бірқыдыру жазушылар туралы ағынан жарылып, салмақты пікір айтып, «Көңіл көмбесі» деген тартымды кітап жазды.

Әлдиханның орнықтылығы қызмет бабынан да жақсы аңғарылса керек. Ол қырық жыл бойы табан аудармастан күш-қуатын Жамбыл облыстық газетіне жұмсап, әдеби қызметкерден бас редакторға дейінгі қызметтердің барлығын атқарды, күнделікті журналистиканың отымен кіріп, суымен шыға жүріп, табиғат берген, ананың сүтімен келген жазушылық дарынына опасыздық жасаған жоқ. Соның жақсы бір айғағы – соңғы жылдары жазған «Мен – апамның баласымын» деген роман. Қазір жартылай публицистика, жартылай мемуар, жартылай деректі, жартылай қиялдан туған, жанрлық талаптар сақталмайтын, формалық шекаралары шайылып кеткен, ешкі басты, қой аяқты дегендей дүмбілез шығармалар қаптаған заманда шын, таза проза үлгісімен сағынып көріскендей боласың. Кітапты оқып шыққанда алпысыншы жылдардың басындағы Тараз атырабы, Шу бойы, Жамбыл колхозы, ондағы бір шаруа шаңырағы көз алдыма қайтадан тіріліп келгендей болды. Ауылымыз алыс біздер студент күндерде жазғы каникул кезінде болмаса, үйлерімізге басқа уақытта бара алмайтынбыз. Жақын маңайда тұратын достар шақырады. Соның бірі Әлдихан еді. Кешке пойызға отырсаң, таңертең Шуға жетесің, аржағында ауылы тиіп тұр. Барғаннан кейін білдік, Әлдихан әкесі Қалдыбайды – жезде, анасы Әміржанды – әпке, нағашы апасы Айшаны – ана дейді екен. Біздің ауылда да сондай талай балалар бар, оған таң қалған жоқпыз. Қалдыбай ақсақал алып денелі, тарамыс, ауыл арасында сирек кездесетін, өзгелерден төбесі асып тұратын, алақаны күректей, батыр бітімді кісі екен. Әлдихан мүлде тартпаған, етженді, тіпті толық, ботпиғандау, нағашыларына тартып кеткен сияқты. Қайта ағасы Шәкен әкесіне келеді. Өз рулары Дулат ішінде Шымыр, оның Күнту бұтағы. Бізге Күнту деген сөз қатты ұнап, Әлдиханға әдеби псевдоним етіп ал деп жармастық. Ол күлді де қойды. Жылдың қай уақытында барсақ та сол сүттей ұйыған қазақы шаңырақ бізді өз балаларынан артық күтпесе, кем күткен жоқ. Сол кезде көзбен көргендеріміз, құлақпен естігендеріміз, жүрекпен сезгендеріміз бір бүйірімізді жылытып, жақсы әсер, ұмытылмас сезім болып жата беруші еді. Әлдихан романын оқып шыққан соң сол тәтті мұң, тарқамас сағыныш қайтадан тіріліп шыға келді. Аяғын сындырып алып, төсекке таңылған Әлден (Әлдихан десеңіз де болады) баланың еске түсірулері арқылы берілетін соғыстан кейінгі қазақ ауылының суреті, анықтап айтқанда, Жамбыл атырабы, Шу бойы, Кербұлақ өңірінің кескіні жеткіншектің адал, пәк, таза қабылдауы арқылы көрсетілетін ауыр, жүдеу болғанымен, риясыз, иманды қатынастарға құрылған әке-бала, шеше-бала, күйеу-ене, бала-табиғат, аға-қарындас, жас сүйіспеншілік ұшқыны, еңбек рахаты, ойын қызығы, жақсы ат, жүйрік тазы, балалық арман – осы алуандас сарындар ықшам, жинақы, мәдениетті проза талаптарына орай нақты адамдар бейнелері арқылы суретті күйде, бояулы қанық тілмен, реалистік қалыпта суреттелген. Ең қуаныштысы осыдан қырық-елу жыл бұрын шет жағасын өзің көріп, ішінде болған өмір суреттеріне, жан бітіп, қолын ұстап амандасқан, қатар отырып, дәм ішкен адамдар сөз құдыретімен қайтадан тіріліп келіп, қасыңда жүргендей, әсер қалдырады. Оқиға көбіне автор атынан бірінші жақтан баяндалады, көрсетілетін жағдай зерттеумен

тапқан, архивтен, басқа кітаптардан алынған, естіген, сұрап білген жәйттер емес, өзі сезген, өзі көрген, өзіне бармақ шайнатқан, өзін сүйсіндірген құбылыстар, кейіпкерлері де бұрын қасында жүрген біліс-таныс адамдарды тіпті олардың аты-жөні де аса көп өзгеріске түспейді. Автор осы бағытты барлық шығармаларында берік ұстанып отырады. Қысқасы, Әлдихан Қалдыбаев саналы ғұмырында қазақ балалар әдебиетін дамытуға көп үлес қосқан, соны мысал, ертегі, әңгіме, хикаят, романмен жанрлық түрлерді байытып, есте қалатындай жанды кейіпкерлер арқылы өмір құбылыстарын көркем бейнелеп берген, қарасөздің қабырғалы қайраткері, өзінің айрықша дарынын қалың оқырманға, әдеби қауымға әбден мойындатқан байсалды жазушы екендігін разылықпен айту әділет болмақ.

Есенбайдың сырлы өлеңдері

Әуелде бәрі ақынбыз деп кеуде соққан, жатақханада, аудиторияда, түрлі кештерде таласа тырмысып, жарыса жыр оқитын, бірер жылдан кейін әркім өз орнын таба бастады: біреу журналистикаға, біреу әдебиетке, біреу ғылымға бой ұрып, өлеңшілік адастырып кетті. Ақындықты ұстап қалған жалғыз Есенбай Дүйсенбайұлы ғана. Соған ғана енді өлең оқытамыз. Қыздарға барғанда өзіміз шығарған болып, соның жырларын заулатамыз. «Сенің көзің әдеміден әдемі, жанарыңда шайқалады сұлулықтың әлемі» деп талай сұлуды құлаттық. Курстағы әуелгі жетпіс өлеңшіден қалған жалғыз тұяқ Есенбайды біздің «Кішкентай Абай» деп төбемізге көтеруші едік.

Университет бітіргеннен кейін үй-іші жағдайына байланысты Ақтөбе жаққа кеткен ақын Есенбай мектепте, аудандық, облыстық газеттерде он бес жылдай қызмет істеп, Алматыға жетпісінші жылдардың аяғында оралып, тұрақты тұрып қалды. «Бозала таң, бозторғай», «Ақпейіл», «Біздің толқын», «Ақжелкенді ағыстар», «Ашық хат», «Таң торғайы», «Үш бұлақ», «Санамақ», «Менің жаңа астанам» сияқты поэзиялық кітаптарымен оқырманға кеңінен танылып, әртүрлі сыйлықтар алып, курстастары қойған «Кішкентай Абай» атағын әбден ақтады.

Таяуда жаңа кітабын беріп жіберіпті. «Ұланғайыр» деген атпен «Раритет» баспасынан шыққан жыр кітабы. Таңдамалы десе де болғандай. «Жыр жауһары» сериясымен жарық көрген.

Қазақ пен өлең егіз жаралған деушілердің сөзі рас сияқты. Солай да болар мүмкін. Өйткені сонау ауыз әдебиеті, жыраулар поэзиясынан бастап, бүгінгі жырға дейін небір сұлу да үйлесімді, ұйқасты да ойлы сөздер емінеркін төгілген. Қазақтың бүкіл бітім-болмысы, дүниетанымы мен ой толғамы, салты мен дәстүрі, тұрмысы мен тіршілігі, ғұмыр кешкен кеңістігі, сайын даласы, ата қонысы сол өлеңінің бойына сыйып кеткен сияқты. Дәлірек айтқанда, қазақ поэзиясының бойынан қазақтың иісі аңқып тұрады. Сондай ұлттық табиғи бояуы қанық өлеңдердің авторы – Есенбай Дүйсенбайұлы дер едім. Ақын қалың оқырманнан, әдебиет сүйер қауымнан өзінің әділ бағасын алды.

Есенбай өлеңдерінен нағыз қарапайым қазақы болмысты аңғару қиын емес. Өзімізге таныс, көкірегімізге бұл күндері сағыныш боп орныққан кәдімгі ауыл бейнесі, дала келбеті ақын өлеңдерінің негізгі өзегі. «Бозала таң мен бозторғай» өлеңіндегі тұтас сурет осы ауыл, дала таңының көрінісін көз алдымызға әкеледі. Домбыра-дала қуанған Бозжорға дейтін күй төгіп, Бойжеткен-орман, ну орман Бозала суық бүркеніп.

Міне, қазақ даласының Есенбай кеңістігіндегі бітімі. Ақынның көркемдік танымындағы даланың домбыра эпитетімен кескінделуі соншалықты нанымды. Сол даланың бозжорға дейтін күй төгетіні тіпті шындық. Көкжиек-көл, боз атқа мініп, құйғыта шауып келе жатқан Қуаныш, бозала таңда оянған өмір – мұның бәрі де поэтикалық бітімі жарасымды өрнектер. Табиғаттағы өзгерістер, маусымдардың – қыс пен көктемнің, жаз бен күздің алма-кезек ауысуы сондай қарапайым, сондай тартымды жолдармен беріліп, еріксіз өзіне үйіреді. Ақынның сәуірі: Қаз дауысты аспанның Қанатынан суыл кеп, Кеудесінде жас талдың Жапырақтар уілдеп, - немесе, келесі бір өлеңде: Қарлы қыстың қойнында жаз жаралып, Сәуірлерде сәулелі саздар ағып, Табиғаттың келеді көктемдерін Қаңқылдаған қанатты қаздар алып. деген шумақтармен бейнеленсе, қыркүйектегі сурет, күздің суық лебі өткінші өмірмен қатарластырыла суреттеледі: Қыркүйегің демде қарып барады, Қыр астында шеңбер ағып барады. Жастық шуын белдер алып барады, Жапырақты желдер алып барады.

«Айналдырған алмай қоймас» деп келді... Анау бір қарт дүниеден өтті енді. Ару қызды алып қашты махаббат, Аққу-қаздар алып ұшты көктемді. Табиғаттағы әрбір сәтті қалт еткізбей қағып алатын ақынның қырағы түйсік көзіне шалынған суреттер тізбесі тіптен көп. Ары қарай оқып қарайық: Желдің шөлін басады жаңбыр әні, Махабат та таңды тек таңға ұрады. Өмір деген құмарын бал аралар Гүл ернінен от ішіп қандырады. Болмаса: Ақжақұт аспанынан аунаған нұр,

Сұрасам, берер ме екен тау маған жыр? Айта алмай күдіктенем... Үміт деген Үлпілдек ақша бұлт па жаумаған бір? Ақын табиғат-ананың бір сәт қайталанбас сұлулығын дәлдікпен көрсетеді. Әркім болжай алмайтындай мұндай дәлдік, алдымен, әсемдікті тани және түйсіне білетін ақынның сезімталдығын һәм шеберлігін қажет етеді. Есенбай көзі көріп, танымы қабылдаған суретті оқырманының сезіміне әсер ете отырып жеткізе біледі: Кетті қайда жалтарып, Қараңғылық дірілдеп? Таңдайынан бал тамып, Таң келеді сібірлеп. Туған жер табиғатын ақынның бәрі де жырлады. Әрқайсысы өзінше жырлады. Сол ата қонысты жырлауда ақын ақиқат пен әсемдікті қатар өріп, нақты бейне жасайды, шындық болмысты шырайландырып, поэтикалық бояуын қанықтырады. Есенбай ақын жырлауындағы туған жер, дала болмысы табиғилығымен, қарапайым да әсерлі өрнегімен ерекшеленеді. Бұл сипат Есенбайдың адам өмірінің неше ықылымынан бергі, шешусіз сұрақтарына көңіл бұруынан, адамның ішкі болмысына, жан дүние сырларына үңілуінен, көзі шалған құбылыстарға символикалық астар бере отырып, тың ойды айтуымен танылады. Ақынның талантын таразылайтын басты өлшем – шынайылық десек, сол шындық таза қалпында ашылып, өлең болып төгіледі. Бозала таңды, бозторғайды қайталай жырға қосқан ақынның боз түсті әлемі өз алдына бір арна. Бозала таң, бозторғай ұя салған бозаң, бозбауыр аспан, боздала, Бозінген, Бозжусан, бозбала шақ – бұл поэтикалық қалып Есенбайдың ақындық өрісінің бітім-болмысы. Бозбауыр аспан иіп бір, Рахат жаңбыр құйып тұр. Тобықтай ғана бозторғай Тобылғыдан аласа, Тораңғыдан биік тұр. Толқын-толқын күйіне Тоқсан тарау сыйып тұр. Тылсым тартып дүние Тыңдай берді ұйып қыр. Тағы оқи берсек: Өзіңсіз күндер оза ма, Отырмын тағы ой толғай. Таңымның аты – Бозала, Торғайдың аты – Бозторғай.

Боз бояу тұр ғой көзге ұрып:
Даланың аты – Боздала,
Жігіттің аты – Бозжорға,

Баланың аты – Бозбала.

Шулардан шаршап тозғанда
Жайлауға барсам өзім мен:
Жорғаның аты – Бозжорға,
Күйдің де аты – Бозінген.

Әрі асып бұлттан ақыным,
Аспанда бір сәт көз жұмсаң,
Иіскеп отыратұғын
Дәрінің аты – Бозжусан.

«Бозала таң – бозжорғам», «боз дәурен» деп толғаған ақын «Төрт бояу» өлеңінде боз түсті таңға – тіршіліктің басталған шағына, өмірдің сәбилік кезеңіне тели отырып, бозбаланың ат мініп, ақ жолға бел буған шағын, қызыл іңір мен қараңғы түннің көркемдік ұғымындағы қалпын өмірмен байланыстыра жырлайды. Боз түстен басталып, ақ түске, сосын қызыл... қара түстерге ауысатын уақыт мезеттері мен адам өмірінің кезеңдері сәтті үйлесім тауып, қатар өрілген жырдың әсері тамаша. Бөбек дүниеге келген бозала таң, қызартып, қуырған қызыл іңір, көңіл суынған қараңғы түн... бұдан әрі үміт түнін жамылып үй сыртында бозарып, қыз күткен бозбала сырлы бір әлемге тартады. Сол бояуларды жырға қоса отырып ақын: Көріп тұрып көктегі ала бұлтты, Табиғаттан таптым бір даналықты: Боз, ақ, қызыл һәм қара – төрт бояудан Адамзаттың тағдыры жаралыпты, - деп ой түйеді. «Жауа алмай кеткен бұлттар-ай», «Тамыз тамшылары», «Құмда», «Таңғы жол», «Есіктің алды», т.б. өлеңдер тізбегінде осындай сырлы да сазды суреттер көп-ақ.

Поэзия сұлулық пен ақиқат, шыншылдық пен кіршіксіздік, жақсылық пен парасат жарасымдылығын мұрат тұтқан біртұтас рух майданы десек, әр ақынның өзінің жүрегінде орын алған, санасының қалтарысына қатпарланған танымдық әлемі өлең өнеріне өз өрнегін қалдырады. Ақын жаны – тым нәзік, тым әсерленгіш. Әр ақын өз танымының биігінен дүниеге көз тігеді. Осы тұрғыдан келгенде Есенбай ақынның өзгеге ұқсамас ерекшелігі – поэзиясының ешқандай қолдан жасалған қоспасы, әр жерден құрап-жинап алған жалғандығы жоқ шынайылығы, табиғилығы дер едік. Поэзиялық туындылар қарапайым тілмен айтқанда сезімдер мен түйсіктердің нақты көрінісін көрсететін, сан алуан ағымдар мен сәулелерден туып, өзінің түрлік-пішіндік ерекшелігімен айқындалатын туындылар екені белгілі. Өлеңінің мазмұны далалық бояуға қанық, суретке бай ақын ізденісінің бір қыры осы пішіндік тұрғыда да бай мазмұнды. Дәстүрлі тармақ, қалыптасқан ұйқас шарттарынан өзгеше өрілген мына бір өлеңінің Абай жазғандай, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетіндігі» айтпаса да анық: Ай көрдім, жаңа туған арай көрдім! «Жаңа айда жарылқай көр,

Ескі айда есіркей көр!» -
Ел сөзі еске түсіп қарай бердім.

Өлең техникасын қапысыз меңгеру екінің бірінің қолынан келе бермес. Жаңа түр іздеймін деп, мазмұнын, кейде ұйқасын ақсатып алатын өлеңшілер толып жатыр. Бұл жағынан келгенде Есенбай алдыра да, шалдыра да қоймайды. Қалыпты ұйқастан шығып, бірінші тармақ пен төртінші тармақты жай ұйқастыра салуға болар. Есенбай ұйқасының ішкі үйлесімінің өзі құлпырып тұр. Пішін жаңалығын іздегенде мазмұндық үйлесім желісін бұзбай, төрт аяғын тең басқан, су төгілмес жорғадай әсем жүрісті өлеңді тудырған ақынға риза боласың. Мына бір-екі шумақтан ғана тұратын жапон хайкуларын еске түсіретін (бірақ олардан мүлде бөлек) әсем өлең соған айғақ: Жаңағы талдырмаш таң, Жаңбырлы аспан Жалт етті Жан сусынын қандырмастан.

Әндетпей күміс күн де,
Пүліш-бүлде
Қыр мүлгіп,
Қызыл іңір тұр үстімде.

Үш, яки бес жолдан тұратын хайку, танка сияқты жапон поэзиясының пішіндік түрлері өз бойына күллі суретті сыйдырады. Өздерінше айтқанда, әлемнің кішкентай моделі сияқты. Біз мұны текке айтып отырған жоқпыз. Ұлттық поэзиямыздың көркемдік мүмкіндігінің өрісі барынша кең екеніне сілтеп отырмыз. Жоғарыдағы төрттағанды өлеңде бір қарасаң, табиғаттың құбылмалы сәттік көрінісі, екінші жағынан таңнан басталып, түнмен тәмамдалар уақыт, яғни соған қарай икемделе бейнеленген өмір суреті бар. Ақынның туған жеріне, қимас достарына, қиын тағдырлы әкесіне, аяулы анасына, апасына – баршасына арналған өлеңдері шынайы тебіреністен, шын сағыныштан туған жырлар. Олардың бояу әлемі мен әуенсазын да ақын көкірегінің толғаныс-тебіренісі жасаған, шынайы, табиғи. Өмір мен соған еліткен көңілдің қас-қабағын бағып, тынысын қапы жібермеген аңғарғыштық, сезімталдық бар. Туған жерге деген ыстық сезім, риясыз көңілді қызыл сөзбен емес, жүрекпен жеткізген әсем бір өлеңі осы ойға мегзейді. Жетісудің көктемі Күнде нөсер, көк мекен, Біздің ауыл шөптері Шөлдеп тұрған жоқ па екен?

Осылайша туған Ақтөбесінің жазда жаңбырға зәру екендігін еске алған ақын перзент сол туған далаға деген сағынышын әдемі тілегімен ұштастырады. Алматыға арман қуып келген алаң көңіл бозбаланың көкірегіндегі таусылмас махаббат пен сағыныш еріксіз ауылын еске алдырады.

Ту көтерді жанарым, Туып-өскен жақты аңсап, Жаңбырына қаланың «Жарқамысқа аттан» сап. Жетісудың жаңбырлы шағын, көкорайлы келбетін көре тұрып, ауылындағы аптапты еске алғанда ақын жылы әзілді ұмытпайды. Алматының гүлзары Алатаулы дүр мекен. Біздің ауыл қыздары Күнге күйіп жүр ме екен? Дала – халықтық болмыстың, ықылым заманнан еркіндік пен өрлікке құмар ұлттық рухтың символы болса, дала бауырындағы ауыл – оның қызу да қызықты тіршілікке толы және бір жанды, төл көрінісі. Ауыл - халық рухына бас иіп, соған тәу еткен, кіндігі осынау алтын қазыққа байлаулы қазақ баласының жүрек тереңінде сақтаған қазыналы алтын сандығы. Сол дала, сол ауыл ақынның поэтикалық кеңістігінде сағынышты сазды, кіршіксіз тазалықты, еркіндік пен асқақтықты бойына сіңірген тұрақты көркем болмысқа айналған. «Арғынбай тоғайы», «Сахнасы өмірдің», т.б. өлеңдерін осы сөзіміздің дәлелі етеміз. Ұлттық дәстүрді ардақтап, қазағын қадір тұтқан қай ақын да бір кездегі сән-салтанаты келіскен ауылдағы, дала өміріндегі табиғилыққа, қала өмірінен мүлде бөлек ерекшеліктерге салқын көзбен қарай алмаса керек. Ақын үшін табиғат, оның аясында емін-еркін шалқыған ауыл – ұлттық қанық бояулар қазынасы тәрізді. Жусан иісі, тау самалы, дала аптабы, жөңкіле көшкен бұлттар, қызыл іңір, арайлы таң, қысқы кеш, ұлыған боран, көшіп бара жатқан көктем, сәуірдің жаңбырлы аспаны... Мұның бәрі ақынға шабыт берер, жүрегін тербетіп, қимас сезімге толтырар суреттер. Дарынды ақын Қожа Ахмет Яссауи хикметтерінің үздік аудармасын жасады. Тәжірибелі, талантты редактор қазір қазақтың жүз романын қайта қарап, баспадан шығарғалы жатыр.

Болаттың романтикасы

Артық-ауыс сөз жоқ, мінезі жұмсақ, қақ-соқта ісі болмайтын, қой аузынан шөп алмас момын санап жүрген курстас досымыз аяқ астынан айды аспанға бір-ақ секіртті. Ол кезде екі ауыз өлеңін, не жирыма-отыз жол хабарошарын газет бетіне бастырған жігіттің кеудесіне нан пісіп, Алматыға симай кететін шағы. Жуастан жуан танытып, бүкіл республика оқырманын таңырқатып, “Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы” деген мақаласымен “Лениншіл жастың” бетіне шыға келгенде, бәріміз таң қалдық. Екінші курс студенті көзі тірі классик Ғабиден Мұстафин, белгілі сыншы, жазушы Темірғали Нұртазин шығармаларында орынсыз қолданылған бөгде сөздерді тап басып ажыратып, олардың қазақша баламасын мөлдіретіп тізіп берген. Әділ айтты.

Арада көп уақыт өткен жоқ, сол “Лениншіл жас” өзінің 1959 жылғы 15 июльдегі санында былай деп жазды: “Лениншіл жас” газетінің редакциясы осы жылғы 9 июльдегі санында КазГУ-дің студенті Б.Бодаубаевтың “Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы” деген мақаласын жариялап елеулі қателік жіберді. Мұны Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің бюросы атап көрсетті. Бүгін редакция өзінің мақаласын жариялап отыр”. Сәбеңнің соққысы аз болғандай, журналдар, газеттер “жас ұлтшылды” жапа-тармағай мүйіздеп, есінен тандырды. Болат Шу бойында шөп шауып жүргенде, бұл жағдайды естіген ауылдың бас көтерер үлкендері: “Қарағым, мына газеттердің түрі жаман, сені ертең соттатып жіберуі мүмкін. Бұрынғы ағаларыңнан әулие емессің. Бір амалын ойлану керек. «Сәбит өзі де балашаға өсіріп отырған ақсақалды кісі емес пе, алдына барып жығылып, кешірім сұрасаң, аналарға қойыңдар деп айтар», деген кеңес береді де, Болат Алматыға келіп, Жазушылар одағының есігін аңдиды, ішіне кіруге қорқады, екі-үш күн далада жүреді, бірақ Сәбит Мұқановты кездестіре алмай салы суға кетіп, үйіне қайтып оралады. Ал оқырман қауым қатты қуанған, әдебиет аспанында жаңа жұлдыз болып жанар деп үміттенген Болат Бодаубаев сол алғашқы аяусыз соққылардан соң әдеби сын жазуын пышақ кескендей тыйды да, көп жыл журналистикамен айналыса жүріп, көркем прозаға кештеп келді. Бүгін жазушы Болат Бодаубаевты қалың оқырман жақсы біледі. Тұстас қаламдастары біз де жақсы білеміз. Білгендіктен де шығар, жазушы атынан журналист деген кәсіби мамандығын қоса тіркейміз. Ризашылықпен, сүйінішпен айтамыз. Өйткені, лиро-романтикалық сазда талай көркем әңгіме, повесть ұсынып танылған, талай-талай деректі көркем проза туындылары бар жазушының жан-дүние пернелерін басып, табиғи талантын ашқан факторлардың бірі де осы журналистикаға тән ерекшеліктері. Болат өмірбаяны мен шығармалары, байқап-байқап қарасақ, қатар өріліп отырған сияқты. Ол әдебиетке көлденеңнен емес, өмірдің тура өзінен келген жазушы. Романтика қуып барып, Рудныйда екі жыл жұмыс істеген. Оның басты-басты көркем туындыларында (“Желсіз түнде жарық ай”, “Май жаңбыры”) тазалық, сыршылдық, қаламгерлік көркемдік сипаттарымен бірге қазіргі өмірдің нақты моральдық-этикалық, адамдық-имандық мәселелерінің астасып жүретіні де сондықтан. Еңбек ардагерлері, өнер қайраткерлері туралы кезінде жарық көрген көркем очерктерін, шығармашылық портреттерін қалың оқырман жақсы біледі. Кезінде оның қаламынан туған тіл, әдебиет, мәдениет хақындағы проблемалық мақалалары да игілікті қызмет атқарған еді. Көркем әдебиетке жетпісінші жылдарда түбегейлі ойыса бастаған Болат Бодаубаевтың қаламгерлік көзқарасын, өзіндік дүниетаным қырларын әуел баста сол деректі прозасы мен мақала, эсселері танытқан. Қалың оқырман көңіліне олар берік ұялаған. Көркем әңгіме, повестерінде автор сол бір сыршылдық желілерді, адам жан-дүниесінің сәулелі сұлулығына деген іңкәрлік сезімін жоғалтпай, қай шығармасының да өзекті әуен-ырғағындай айналып-соғып отырады. “Шақырады жол алға” повесіндегі Бақыт, “Желсіз түнде жарық айдағы”

Батталхан, “Жаңбырдан кейіндегі” Аңсағандар әр шығарманың дара кейіпкерлері болғанымен, үндестіріп, белгілі бір арқау желіге байлап тұрған қасиет те сол ар алдындағы тазалық, сұлулыққа іңкәрлік. Мінез-құлқы әрқилы жаңағы кейіпкерлердің өмірдегі мұрат бірлігі, адалдығы, арманшылдығы тіршіліктің сан-қатпарлы қалтарыстарындағы кісілік кейпі, адам баласына деген мейірімдері тұтас тұлғаны көзге елестетердей. Бұл жазушы туындыларының өзекжарды сазын түзеп, құлақкүйін келтіріп отырған көркемдік олжа, құнарының белгісі. Тақырып әрқилы (“Жаңбырдан кейін”, “Қайрақбай ата”, “Талғаттың атасы”, “Нағима”, “Торы биенің қымызы”, т.б. әңгімелері), ондағы сюжеттік бітім мен мінез-құлық көріністері де әрқалай, бірақ соның бәрін жинақтап, бір өзекті арнаға құйып тұрған суреткерлік мұрат-аңсардың айқындығы мен мөлдірлігі. Бұл жазушы қаламының лайықты қасиеті, толымды сипаты. Шағын пікірде қаламдас, қатарлас құрбымыздың бүкіл шығармаларын түгендеп, түстеп жату мүмкін емес. Шарт та емес. Мақсат оның өзіміз байқаған көркемдік суреткерлік ерекшеліктеріне назар аудару. Әйтпесе, тізе берсе Б.Бодаубаевтың көркем шығармалары мен деректі туындыларында қозғалған, сөз болған проблемалар да, тақырып жүйесі де бір қыдыру. Көркемдік ізденіс самғаулары да әрқилы. Соның бәріне ортақ, түйіп айтатын бір белгі – нәзік, кей сәттерде ашық сыршылдықты реалистік прозаның талаптарымен ұштастыра келіп, өмірдің өз сурет, романтикасына барынша жақындай түсетіні. Бүгінде белге шыққан журналист-жазушының әдебиет әлеміндегі үлес өрнегі тек мұнымен шектелмейді. Ол белгілі аудармашы, әдебиетті насихаттаушы. Композитор Еркеғали Рахмадиев туралы жаңа көлемді кітап бітірді. Халқымыздың рухани қазынасының ата-тегі әдебиет мүддесі үшін де, қоғамдық қызметімен де жан сала араласып жүрген қаламдасымыздың шаңқай түсі алдағы ізденіс арналарының кеңдігін, алар асуларының еңселілігін меңзейді.

P.S. Бір факультетте бес жыл бірге оқып, бірге бітірген жетпіс түлектің мінезі, кейінгі тағдыры, жеткен биігі жетпіс бес түрлі ұзақ хикаят іспеттес. Мен соның жетеуін ғана сөз еттім.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙